Қазақстанда тұрғын үй құрылысы көрсеткіші мен салыну жылдамдығы жыл санап артып келеді. Сәйкесінше, жыл сайын пайдалануға берілетін шаршы метрлер де көбейіп жатыр. Бұл әр адамның баспаналы болуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Мысалы, биылғы қаңтар мен тамыз айлары аралығында ел бойынша 8,9 миллион шаршы метр үй пайдалануға берілді.
Тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы да былтырғымен салыстырғанда едәуір артқан, яғни 22,7%-ға. Бұл көрсеткішті жоғары деп атауға мүмкіндік беретін нәрсе – пандемия. Пандемия кезінде әлемдегі, елдегі бизнестің көп бөлігі тұрып қалды. Инфляция өсті. Инвестиция құю мөлшері де азайды. Осындай факторларға қарамастан, тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайған. 2021 жылы тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржы мөлшері – 1 триллион 349,5 миллиард теңге.
Бөлінген қаржы көп болып, пәтерлер саны артқанымен, қолданысқа берілетін баспаналардың 1 шаршы метрінің бағасы да өсіп жатыр. Мысалы, 2020 жылы елдегі 1 шаршы метр үішн орташа баға 297 мың теңге болған. Ал биыл бұл баға 320 000 теңгеге дейін жетті. Қазір Елордадан орташа шаршы метрдегі (37-47 шаршы метр арасы) 1-бөлмелі пәтерді жөндеу жұмыстарынсыз 17-18, кейде тіпті 21-22 миллион теңгеге сатып алуға болады. Бұған жөндеу жұмыстарын қосатын болса, аталған бағаға 3-4 миллион теңге қосу керек. Сонда қорытынды баға 21-26 миллион теңге арасында болады деген сөз. Бұл – астана орталығында, жақсы жерде орналасқан тұрғын үйлер бағасы. Алайда өзге аудандарда орналасқан үйлердің де бағасы орташа бағамен бірдей деуге болады.
Былтырғы жылы және одан бұрын пәтер бағасы бұдан арзандау болады. Пәтер бағасының қымбаттауына баспана алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған қаржыны алу да себепші. Одан бөлек, құрылыс материалдарының қымбаттауы да пәтер бағасының өсуіне әкеледі. Тұрғын үй салу кезінде қолданылатын құрылыс материалдарының 54%-ы шетелден әкелінеді, ал 46%-ы өз елімізде өндіріледі. Шетелдік құрылыс материалдарының көп болуы да баспана бағасының қымбаттауына айтарлықтай әсер ететінін осы көрсеткіш дәлелдейді. Шетелде, тіпті отандық өндірушілерде баға өскен сайын, құрылыс компаниялары да 1 шаршы метр үшін бағаны өсіруге мәжбүр болады. Ал осындай мәжбүрлі әрекетті жасамас үшін бірқатар шаралар қабылдау керек. Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұрынғы басшысы Сұлтанбек Сүгірбаев құрылыс саласы министрлігі болуы керек деп есептейді. Ал қазір елдің құрылыс істеріне жауапты комитет Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. «Егер жеке министрлік болса, бағаны тұрақтандыруға және өзге де түйткілді мәселелерді шешуге, заңдар мен құжаттарды реттеуге мүмкіндік туады», дейді Сұлтанбек Сүгірбаев.
Халық ала алатын, халыққа берілетін баспана санының артқаны, әрине, жақсы. Бірақ сан мен сапа бір-біріне сай болса, одан да жақсы.
Қазір урбанизациялау процесі елде қарқынды жүріп жатыр. Урбанизацияның болғаны, қалаларымыздың дамығаны, мегаполистерге айналғаны жақсы. Алайда халықтың бәрінің қалада бұруы да біздің елімізге, географиялық жағдайымызға тиімсіз. Себебі біздің жеріміз кең әрі шұрайлы. Біз ауыр өнеркәсіппен қоса, табиғи тағам өнеркәсібін де өркендете аламыз. Ал ол үшін ауыл мен ауыл еңбегі қажет. Азаматтардың бәрі қалада өмір сүретін болса, бұл идеяны жүзеге асыру қиынға соғады. Тағам өнеркәсібі дамитын болса, экономикамыз да әртараптанады. Қазір де әртарапты екені белгілі. Бірақ көп бөлігін мұнай мен газ өнеркәсібі құрап тұрғанын айту керек. Ал егер салалардың барлығы бір деңгейде болатын болса, экономиканы тұрақты ету және дағдарыстарға төтеп бере алатындай деңгейге жеткізу оңайырақ болады.
Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік департаменті 2050 жылға қарай Қазақстанда урбанизация деңгейі 69,1%-ға жетеді деп отыр. Бұл ауылдардың саны едәуір азаятынын білдіреді. Сол кезде жоғарыда айтылған жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан тек санға, тек урбанизацияға ұмтыла бермей, түрлі саладағы, түрлі өмірлік жағдайдағы сапаға да мән беру керек. Сонда ғана өркениетті ел болуға болады.
Тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргені жақсы. Бірақ сан сапаға әсер етпесе болғаны. Оған қоса, сан – сапа – баға көрсеткіштері бір-біріне сай болса – қуаныш. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысын, қалаға көшіп келетін халық санын есептегенде саналы көзқараспен қарап, болашақты ойлаған дұрыс. Себебі табиғат Ана берген байлықты сауатты да саналы қолданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Одан бөлек, тұрғын үйлерді тек қаладан емес, ауылдық жерлерден де салған дұрыс деп санаймыз. Бұл тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Әсем ТАҢАТАР ЕҰУ журналистика факультеті студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі