(Ескі өмірден бір елес)
Бейсекей көсіліп қалғанда, аяғы қара лашықтың табалдырығына барып тірелді. Оңдалып жатқан болып басын көтергенде, шекесін лашықтың уығына соқты. Тайтері төсегін алақанымен бір-екі сипап тастап, терімен тыстаған, тер сіңіп ысқаяқталған, кірі бесбаттам жастығын аударып салды. Содан кейін салдама тонын айқара жамылып, аяғын тұйықтай, шалқасынан жатқанда, кеудесі емшегіне дейін ашық қалған еді.
Құдай, дүниеңді бермедің, енді ақыретіңді бер, — деді де ауыр күрсінді. Бұл сөзді айтары айтса да, жүрегі түршігіп, аузы кемсеңдеп кетті. Көзінен меруерттей екі жас ытып шығып, ыс шалған ақ сақалына барып тығылды.
— Тәубе, тәубе! — деді, тағы да өзінен өзі. Ләйләһа иллалла, мұхаммәден рәсуліалла, ит дүние-ай, «күпір» қылдың-ау, кешір, бір жалғыз! — деп еңкілдегенде дағдылы жөтелі келіп қыса бастады.
Бұл жөтел Ардақтың есігінде жүргенде жабысып, жиырма бес жылдан бері жолдас болып келе жатса да, төсек тартып жатқан емес еді. Биыл жазғытұры су тасығанда Ардақтың бір үйір қысырағы өзеннің аржағында қалып қойып, елу бес жастағы Бейсекей сең-сеңнің арасымен малтып отырып, өзеннің аржағына өткен болатын. Содан кеудесін суық ұстап, жатып алатынды шығарды. Бейсекейден ұйқы қашқалы бүгін екі күн. Кеудесінің қысуы жиілеп, жөтел күшейе түсті. Екі күннен бері Бейсекей өзін бұл дүниенің адамымын деуді қойған. Ес барында үй ішімен арыздасып қоюға да оқталған болатын. Бірақ күні бұрын үрейлерін қашырмайыншы деген оймен тоқталған еді. Жөтелдің қазіргі қысуы жанына қатты батты. Жөтелден соң да көпке дейін алқынып, маңдайынан шыққан терді, сақалына шашыраған сары қақырықтың дабын көйлегінің ескісімен сүртіп отырды...
Есік алдынан күн шашырап шығып келеді. Қара лашықтың жыртығынан күн нұры құйыла бастады, Бейсекей күнде бұл уақытта тысқа шығып отыратын, бүгін көңілі соқса да, қозғалуды денесі сүймеген соң, орнында отырып-ақ лашықтың жыртығынан сыртқы дүниеге көз жіберді. Оң жақ тұсындағы үлкендеу тесіктен қарағанда, Мырзабектің күнге шағылысқан тоғыз қанат ақ үйіне көзін тосты. Ақ үйдің түндігі жабық, киіз есігі түрулі, күн сәулесі үй ішіне әлі енген жоқ. Үйдегілер қараңғыда, таңертеңгі тұнық ауаны жұтып, қор-қор етіп ұйықтап жатыр. Ақ үйдің оң жағынан, қонақтар үшін тігілген алты қанат боз үй тым-тырыс. Екі үйдің арасындағы көрме арқанда байлаған аттар көрінбейді. Екі үйдің жанында бір-бірден екі қара пауеске тұр. Тақасқан үш торы атты қонақтардың атшысы ауылдың сыртына апарып өрелеп, боз үйдің жанындағы пәуескеге келіп қайыра жатты.
Бұл көріністерге ешбір күйінішсіз, сүйінішсіз, басқа дүниенің адамындай қарап отырған Бейсекей, атшыны, боз үйдің жанындағы пәуескені көргенде ойы елең ете түсті. «Бұл атшы мен пәуеске түнде келген Алдиярдыкі ғой, Алдияр көп оқыған жігіт. Бектікке, байлыққа құмар адам емес. Қара қылды қақ жаратын әділ, барлық қазақты бір кісінің баласындай көреді, зорлық оның дұспаны, әзілдік досы, елім деп еңіреген ер...» деуші еді Мырзабек... Оңғарым есігінде екі жыл жүргенде бір тиын алған жоқ, не сөзге, не ақыға жете алмай барам. Боржықтың онысын Алдиярға айтсам, мойнын бұрғызбай «бер» дер еді-ау, деген ой жұбанышы Бейсекейдің дертін әжептәуір бөлді. Осы ойға елігіп, ол орнынан да қозғалды, бірақ, тұруға халі келген жоқ. Қуатсыз талап қайтқан соң, уайымды ой туды:
— Боржықтың бұл қиянатын Мырзабекке талай айтпап па едім! Алғашқы кезде ол маған ашып жауап бермесе де, «әуре болмай қойшы соны!» деді ғой. Қарғаның көзін қарға шоқи ма, есігінде он жыл жүргенде, бұл маған не барқадар таптырып отыр?! Боржықты Мырзабек сүйейді. Алдияр Мырзабектің қайнағасы, әрі досы. Менікі құр есек дәме ғой! — деп Бейсекей ойын бекітті де, ақ үйдің сол жағындағы бес қанат қоңыр үйге көзін аударды.
Қоңыр үй Мырзабектің ас үйі. Бұл үйдің түндігі күн шықпай-ақ ашылған. Қарасұр келіншек жұлдыз бардан тұрып, әлі дамыл көрген жоқ. Сиырды сауып, өргізді, қой өрісімен қозыларды ағытып, бұзаулардың басжібін түріп айдап салды. Екі кісілеп көтеретін ақ самауырды үйден бір өзі көтеріп шығып, әне жалынын да лапылдатып қойды. Енді жеңді түріп тастап, ыдыс-аяқтарды жууға кірісті. Байдың дүрбиген төбеттері жуынды аңдып төніп тұр. Мына жағынан «апалап» еңбектеген жас баласы да келді. Баланы бетінен бір сүйіп, төбеттерді бір жасқап, екі шелекті алды да, келіншек суға жөнелді...
Балаға ыдыс-аяқтар еркін тиіп, армансыз былғанған еді, иттер бет-аузын жалай берген соң, жерошаққа қарай тартты. Ақ самауырдың қасына келгенде бала шыр ете түсті, шүмекті бұрап қалған екен, қашуды білген жоқ, ыстық суға күйіп шырылдады да жатты.
Баланың ащы даусы Бейсекейдің ауруын бөліп жіберді. Бала шыр еткенде Бейсекей ұмтылып қалды да:
— Бақытсыз сорлы, қайтейін, мен де сендей қуатсызбын! — деп ыңылдай түсті.
Мырзабектің келіншегі Қанымкүл бұл кезде тысқа шыққан. Шырылдап жатқан баланы самауырдан былай сүйреп тастап:
— Әй, кербез қатын, балаң өлді! — деді қоңыр үйге ызбармен қарап тұрып. Бұл екі арада суды алып, келіншек те жетті. Ол бажылдап жылаған жоқ. Баланы көтеpiп, бауырына қысты да, күйген жеріне тұз бүркіп, орай бастады. Шапанын бүркеніп, шәйнегін көтеріп, тізе бүкпей тұрған Қанымкүл:
— Бұл сенің кесірің! — деді келіншекке.
Қанымкүлдің салмақпен айтқан сөзі келіншектің жүрегіне мұздай тиді. Қарақат көзінен жас мөлт етіп екі тамғаннан кейін жеңімен көзін сүртті де:
— Сіз осы сөзді неге айта бересіз, араға от жағып жүрген кім!? — деп Қанымкүлге қадала қарады.
— Мен кісі тіліне ермеймін. Сен әліңе қарамай қырымпозақсың.
— Далба-дұлба болып жүргім келмейді. Ескі де болса киімімнен шоқ шықпаса екен деймін. Өз кіріме сабын сүртіп жатқам жоқ, ылғи сіздің кірдің бағзамасына салам. Су арзан ғой, қазан-ошаққа көп араласқан соң, бетімді жиі жуатыным рас...
— Мен оларыңды айтып тұрғаным жоқ. Ыртың-жыртыңға тым үйірсің соны айтам...
Қанымкүлдің «ыртың-жыртың» деген сөзі, келіншектің бетіне қара май жаға салғандай болды. Келіншектің күйеуі өлгелі жыл толған жоқ. Онан қалған жалғыз көз — мынау бір жасар бала. Баланы бауырына қысып, сүйгенде өлген күйеуін көзіне бір елестететін. Оның жан берер алдында «екі сорлы өлмес күндеріңді көрерсіңдер» деген сөзіне:
— Көзіме көк шыбын үймелегенше қарағымның ержетуін күтіп, орныңды күзетем, — деп еңіреген болатын келіншек. Баласын сүйіп, күйеуін көзіне елестеткенде «міне көр, мен әлі уәдемдемін» дегендей, адалдығына бір масаттанатын еді. Қанымкүлдің «ыртың-жыртыңды» айтқан тілі, сол ардақты адалдыққа шошқа тұмсығын тығып алғаннан бір де кейін болған жоқ. Келіншек аз мүдіріп, ой теңізіне бір сүңгіп шыққан соң:
— «Ыртың-жыртың» менің не теңім. Ұрысқан кісідей елдің бәріне қалай тіл қатпай жүрейін! — деп ауыр күрсінді. Қанымкүл сөзді көп созбады. Көзін қиғаштап қарап тұрып:
— Сенен кесіп алса қан шықпас! — деді де жүріп кетті. Көрсе-қызар мырзасына күдіктенген сайын осылай бір таптап кететін әдеті оның.
Келіншек баланы уатумен болды. Солқылдамады, дыбысын шығармады, мөлдір қара көзінен сұрша бетіне бұршақтай жастар домалап, төмен қарап теңселді де отырды. Сол теңселумен өзін де, кеудесіне қысқан баланы да уатып отырған сияқты еді ол.
Бейсекей қара лашықтың жыртығынан, қадалып отырса да, Қанымкүл мен келіншектің сөзін естімеді, естігісі де келмеді. Бірақ, әңгіменің ұзын-ырғасын, немен аяқталғанын ой жорумен-ақ шешіп:
— Жоқтыққа шараң не, көнбегенде қайтесің бейбақ! — деп қамыққан келіншекті мүсіркеді ішінен. Нахақтан күйген жанға Бейсекейдің салған азасы сол болды. Одан кейін ол, басқа көріністерге көз тоқтатып, ой бөліп тұрған жоқ. Пұшық арбасының дөңгелегін сыналап жатқан Жекебайды да, сүтке мәйек салып жатқан Ырысжанды да, өре құрып, құрт жайып жүрген Қойбаланы да көрді. Қоймен бірге қыбырлап, бел асқан солтақ Жантақты да, жабу астында шашы будырап қор-қор ұйықтап жатқан қой күзетшісі Боқайды да көрді. Түні бойы қызды ауылдың итін абалатып, таңертең мені көріңдер дегендей, су жағасында жалаңаш сомпиып тұрған Бөлекбайдың мырзашылығын да көзі шалды. Біріне де кідірген жоқ. Өзенді бойлап, көк шалғынды пыс-пыс орып бара жатқан сиырларды көргенде, көк сиыры есіне түсті. Есік алдындағы көк арда, отқа жіберілмей, қазықты шыр айналып тұрғанын сонда ғана білді.
Көк сиыр таңертең сауылмай кеткен. Күнде көк арбамен алысып, көк сиырдың желініне кенеше жабысатын Үндекей қайтпай жатыр. «Ол жатпақ емес, қайтпақты, кешігуі тегін болмауы керек, дәуде болса сәті түскен шығар» — деп Бейсекей ішінен жорып отырғанда, домалақ қара келіншек, қолтығына қысқан ақ нәрсесі бар, екі ауылдың арасында жебелей басып келе жатқан боп елестеп тұрды. Бейсекейдің көңілінде елестеген қара келіншек, үлкен баласы Оңғардың әйелі Үндекей еді. Үндекейді Бейсекей қоярда-қоймай, кеше іңірде Балтабай аулындағы Сәдудікіне жіберген. Сәду осы маңдағы елдің жүн-жұрқа, тері-терсегін, ине-жіп сияқты қиқым бақалдармен-ақ жинап алатын, бір тиынның нәрсесіне үш тиын қойып сататын, саудасы қатты шолақ саудагер. Ол сөзге еніп, баққа «таласпаса» да біреудің бірдемесін тартып алмаса да, діні қатты, тілі тәтті, пайдасын жақсы білетін адам. Қолындағы азды-көпті әлекей-шүлекейлері оны бірқатар елге, әсіресе, қатын-қалаш, кедейлерге таныстырып болған. Біздің Бейсекейдің көзімен қарағанда, Сәду кішіпейіл, ешкімге зорлық істемейтін, мейірбан, сонысына қарай құдай беpiп келе жатқан адам еді. Аздан бері Бейсекейдің көңілі Сәдуден де торығып шықты.
Бейсекей өмірінде басы сәждеге тиген адам емес қой.
Онымен құдайды жек көрмейді. Ораза ұстайтын, ғұсыл құйынатын, кейде «құдай бір, пайғамбар ақ лаилаһа иллалла, мұхамбеден рәсулалла» дегенде барлық күнәдан тазарғандай болып, осыны үйреткен Тәшекең хазіреттің аруағына бірді бағыштап жіберетін.
Бейсекейдің бар білетін дұғасы да, діні де, құдайға көрсеткен құлшылығы да сол-ақ. Осы Бейсекейге ойламаған жерден бір теке лақ орала түсті. Сол маңда Қазанғап деген қарақазан, ешкісі көп, ауқаты тәуір адам болатын. Оның кемпір шешесі бар еді, Бейсекей әлдеқалай сол үйге бір күні келе қалса, кемпір «жүрегім» деп лоқсып, көзі аларып кетіп барады екен. Үйде ешкім жоқ. Бейсекей жүгіріп барып, басын ұстайды да, иман айтқансып аузын жыбырлата береді. Кемпірдің жаны шыққан соң, балалары келіп, иман айтып отырған Бейсекейді көріпті. Сол кемпірдің жаназасында Бейсекей болған да емес, аузын жыбырлатқаны болмаса, жөнді «иман» айтқан да емес, кемпірін өздеріне тастап тайып тұрған болатын. Сонда да підияға байлаған ешкінің лағы:
Әжеме иман айтқан Бейсекейге берілсін, — депті Қазанғап.
Ешкіні жаназаға шығарған молдадан Сәду сатып алып, лақ соңынан еріп кете барады.
Күзге айналғанда Бейсекейден сұрамай-ақ, Сәду лақтың басын қырқып алыпты. Міне, соған бір жыл толды. Сәду бермеймін деген емес. Алғашқы кезде құнын ал деп, удай товарларын Бейсекейдің алдына салды. Бейсекей лағын сұрады. Бір жылдан кейін лағыңды-ақ алшы, — деді. Бейсекей бұған көнбеді. Өйткені, лақ серкеш шықты. Бейсекей бұл өмірінде құлын үшін ат, тайынша үшін сиыр, лақ үшін ешкі төлеп, өсіммен құрыған адам. «Елдің аласысы өскенде, менікі қалай өспейді» дейтін ол өзінше. Ақырында күштілердікі ғана өсетініне көзі жетіп, лақтың өзін олжа көрген. Үндекейді Сәдудікіне сол лақ үшін бір кебіндік кездеме бола ма деп жіберген болатын. Бейсекейдің ойына Үндекеймен бірге оның қолтығында елестеген ақ нәрсе, Сәдуден серкеш үшін алған алты-жеті кез Самарқанның сүзгі бөзі түскен еді.
Бейсекей осылай ойлап отырғанда, ол ойының орнынан шығатындығына көзі жеткен жоқ. Ойын ұшықтамай-ақ жатқысы келді. Жатып еді, босағада кетік шарамен орта бөксе болып тұрған көк сиырдың айранына көзі түсті. Соған қарап тамсанып, телмірген көзін алмастан жатты да:
— Балалар, шалап бер! — деді.
Оң жақта Бейсекеймен құшақтаса, бойы ендемегендіктен, аяғын бауырына алып, тұяқ серппей Оңғар жатыр. Сол жақта бүк түсіп, сілекейі шұбырып Өмірзақ жатыр. Екеуі де қатып қалыпты, шырт ұйқыда. Бейсекей тағы да бірер дауыстаған еді, тұрмаған соң, басынан түртіп екеуін де оятып алды. Оңғар ұйқысын аша алмай, тыр-тыр қасынып отырғанда. Өмірзақ өлі суға айранды шалаптап әкеліп, әкесіне ұсынды.
— Қарағым, құрышым! — деді, сол кезде Бейсекей сусынды қолы дірілдеп ұстап жатып. Саптаяқ толы ақ шалапты басына көтерген соң, сұлқ жатты. Көзі жаудырап екі баласына кезек-кезек қарады. Бірдеме айтпақ, бірақ, батылы бармады, айтпасқа тағы болмады, сондықтан ол сөзін былай бастады:
— Жалғыз сиырдың бұзауы жіберілмепті ғой, Оңғаржан, жіберсеңші!
Оңғар бұзауды жіберіп жатқанда, Өмірзақты маңдайынан иіскеп, басынан сипап:
— Құлыным, сен құраннан ештеме білесің бе? — деді. Өмірзақ үндеген жоқ. Өйткені ол, қыстай оқығанда әліпбиден азар шығып, «әбжәттің» ежесіне ғана түскен. Бейсекей соның өзін бірқатар оқу көріп, Өмірзағым басыма құран шығаруға жарады, деп жүретін.
— Қарағым-ау, молдаң сені зерек дейтіні қайда?!
— Берген сабағының бәрін білем, бірақ, өзі жұмсап, көз ашырмайды.
— Жұмсай берсін-ау, иман үйретпеген!.. — деп, Бейсекей молдаға кейіді. Өмірзақты оқуға бергенде бәрекелді-ай, бір молда болып шықсын деген ой Бейсекейде болған емес, оған тек иман айтуға жараса болғаны, содан кейін өзі көріп жүретін, таяу жердегі байдың біріне жалдап, Өмірзақты да жалшылыққа баулымақ-ты. Бейсекей кісі есігінде отыз бес жыл жүріп, ескі заманның тоңмойын, ұзын сойыл, ұр да жық байымен де дәмдес болды. Сұм заманның Мырзабек сияқты «тиын санаған» удай зәрлі байымен де дәмдес болды. Жалшылық оның қанына сіңген, өмірдің ащы құйқасын тоя жеген адам. Сөйте тұра, жанындай көретін кенжесі Өмірзақты:
«Арғы нағашылары батыр еді, осының көзінде бір от бар» деп жүретін. Жұмыстан шаршап, лашығына тыныстауға келгенде, кеудесіне мініп, шу-шулап маза бермейтін ерке Өмірзақты жалшылықтың ауыр тепкісіне амалсыз қиған еді. Қазір ол ойынан айнып қалыпты. Жалаң бұл емес-ау, өміріне сыртына шығармаған сырларын шығарғалы жатыр. Өйткені, ол бұл дүниеден кетуіне көзім жетті, енді пендеге пенде емеспін, ойымды именбей айта алам, өмірдің бергенін көңілдің әділ таразысына тарта алам, бұнымды қалып бара жатқан мынay қос қалқама білгізіп кетем деп жатыр. Осыған бекіген Бейсекей, Оңғар бұзауды жіберіп келісімен-ақ:
— Балалар! — деді, даусын көтеріңкіреп. Екі баласы бетіне қарады.
— Мен ұзамаспын, есім барында өсиет айтамын!
Оңғардың көзі жасқа толды. Бейсекейдің өзіне де ауыр тиді, іші елжіресе де, ауру дене көзге жас жиып бере алмады. Оған ең қиыны осы сөзді естірту екен, бұдан кейін көп бөгелген жоқ. Балаларына аталық ақысын кешті, дұға қылып тұруды тапсырды, не байлауға дейін айтты. Содан кейін, «қоштасқанның бәрі өле бермейді» деп жұбатты. Балалары бұған әжептәуір жұбанса да, Бейсекей ұсынған мойнын өлімнен тартқан жоқ:
Көкірек ауруы сөйлетіп отырып әкетеді, — деді ішінен. Сондықтан ол, ойындағысын айтып бітіргісі келді де тұрды.
— Ал, енді, — деп өсиетін ұстай бастады бір уақытта, — шырақтарым, мынау Мырзабек қолдан сығып алған бала еді. Әкесінің тұсында он жыл, өзінің тұсында бес жыл, осы есікте, мен табан аумай он бес жыл малай болдым. Талай малай бар ғой, әй, мендей адалы жоқ шығар, жоқ!.. Өзгесін айтып не қылайын, осындай болып жатқанда, шіркін есіктен бір қарап кетсейші! Тым құрығанда, сусыннан тарықтырмайтын жөні бар емес пе, сол малда менің еңбегім аз емес еді!..
...Бұл, тиын уыстап туған сұм заманның баласы, іргесі құтсыз, бұл есікке айналысқан адамға шыр біткенін көрген емен. Қанша жаман десек те, Боржықтар дәл мұндай емес-ті, көңілі түскендер арс етіп, ілігетін жері болатын. Мынаның басқан-тұрғаны есеп. Есеп шот дегенде біз түгіл боржық та зар қақпай ма... Шырақтарым «есің барда ел тап» деген, бұның іргесінен кету керек. Екі қолға бір жұмыс қайдан да болса табылар, — дегенде, Бейсекейдің сөзін жөтел бөліп әкетті. Жиі-жиі, тық-тық жөтеле бастады. Шалқасынан жатып лықсытып жібергенде, босағаға барып былш ететін сары қақырық, бұл жолы сақалына жабыса түсті. Дем алысы жиілеп, тынысы тарылыққырағандай болды. Аяғын қозғап байқап еді, сұп-суық екен. Қолдарының басы да салқындапты. Бұл ненің белгісі екенін қасындағы екі баласы сезген жоқ. Оңғар бешпентін шешіп, әкесінің аяғын орады. Өмірзақ тағы да сусын беріп, аузын сүртті. Көпті көрген Бейсекей «жақындап келеді» деді ішінен. Сөйтті де, аузын жыбырлата берді. Жөтел саябырлаған кезде өсиетін қайта айтты:
— Солай, шырақтарым, орын табыңдар. Мен тұрғанда сендерге қиын болатын еді. Енді жеңілейдіңдер. Жанға жайлы жер болса, қыры не, ойы не. Бір зауыт бар дейді, күні атты жолаушы айтты ғой. Наны тоқ, рахмет алмайды деседі. Сендер білмейсіңдер, өзіміздің елде жүргенімде Медеу дейтін менімен жолдас болған бір жігіт солай қарай қаңғырып кетіп еді, осы күні сол жап-жақсы болып отыр дейді. Былтыр Бодаубектер барғанда үйінен бөлке нан мен шай беріпті... Шырағым, сонда кетіңдер, кетпесең, жалғыз сиырдың өзінен айрыласық.
Бейсекейдің сөзін жөтел тағы да бөлді. Бұл жөтелден кейін оның даусы бәсеңдей берді. Маңдайынан жылтыраған суық терге балалары қатты үмітті еді. Оңғар шолақ тонын шешіп алып, әкесінің үстіне жапқанда, әкесі жай ғана езу тартып күлді:
— Жап, жаным, жап! — деді Өмірзақтан көз алмай жатып, содан кейін Оңғарға қарап баяу дауыспен:
— Сен қатқан бұғанасың ғой, Өмірзағым әлі жас, тепкі көтере алмайды. Бірер жыл сүйреп қара, одан әрі ол саған салмағын салмас. Көремісің көзінен от жанып тұр... Келін бишара кешікті-ау... — деп жатып, Бейсекейдің үні өше қалды. Екі бала жалт қараса аузын ашып, кірпік қақпастан, қара лашықтың төбесіне қарап жатыр.
— Әке! — деді Өмірзақ шошыған жүрекпен. Жауап қайтпады, Оңғар еңіреп қоя берді. Өмірзақ ыза буған кісідей ісініп, атасының бетіне телмірді де отырды.
Үндекей де жетті. Лашыққа тақалғанда тұра қалып, тыңдай-тыңдай келген еді, табалдырықтан аттамастан Бейсекейдің аяғын құша жығылды. Іштің қаулаған өртін, көздің селдей жасы өшіре алмады. Үндекей сонсоң басын көтеріп, бүйірін таянып отырып аңырай бастады:
Бүйірі шығып көрмеген,
Бейнеттен өзгені білмеген,
Езу тартып күлмеген,
Келмеске кетті сорлы атам.
1938.
Мазмұны
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі