I
Ақтаңдақтанып таң да келді, таңмен бірге Батыс Сібірдегі заводқа біз де келдік.
Вагоннен түсіп үлгіргенім де жоқ еді, ит терісін айналдырып киген біреу чемоданыма келіп жармаса түсті де:
— Атым әне тұр, — деп анадай жердегі кереге жал, кашавалы құла атқа қарай бишігімен мезгеп қойды.
— Рахмет... Трамвайға қай жерден мінеді?
Ұнатпай қалды-ау деймін, сырт айналып алып, солғын дауыспен:
— Анау жерде, деді де жүріп кетті.
Соның мезгеуі бойынша вокзалдың сыртындағы көпірден асып едім, трамвай жаңа ғана жүргелі тұр екен, мен де келіп іліктім, трамвай да жүрді.
Қайда тоқтарым әлі белгісіз. Бұл қаладағы жалғыз танысым Ертай, оның да адресін білмеймін. Номерлерде орын болар ма, жоқ па? Нұртазаұлымен таныстығым болмаса да, бара қалсаң кет демес еді-ау, деген оймен келе жатқанымда кондуктор қыз:
— Билет алыңыз, — деді.
— Беріңіз.
Қай жерге шейін? Сол арасын білмей тұрмын, өзіңіз айтып жібермесеңіз.
Шыны ма, ойыны ма деген кісіше қыз бетіме қарап жымиды:
— Қаламыз меймандос, үлкен қала болады. Атыңыздың басы қайтпас, қайда баратын едіңіз?
— Олай болса Нұртазаұлы Жұмабектікіне барайын.
Отырғандардың ортасынан бір жігіт тұрып:
— Нұртазинді мен тауып берейін, — деді.
— Иә, нақ мен болам. Нұртазинді сіз білетін бе едіңіз?
— Ол не дегеніңіз. Нұртазин бізде білікті адам. Жақында сыйға автомобиль алды. Изотовшылардың үйінде тұрады, социалды қаладан түссеңіз Нұртазиннің үйі сол жерде.
Жігіттің айтуымен билет алдым. Трамвай толы адамның ендігі әңгімесі Нұртазин болды.
— Жұмысқа машинамен барып, машинамен қайтады екен, — деді біреу отырып. Өзгелері сөзді осынан өрбітті.
Бір өзінде төрт бөлме үйі бар, антұрған бәрін қайте береді...
— Екеуін саған беремін деп отыр дейді — мыс, күреңнің сүйегін ағартшы байғұсым.
— Апырай, тап былтыр жер қазып жүргенін осы көзіммен көріп едім, өскенде орасан өсті ғой бұл жігіт!
Жұрттың аузынан шыққан осындай бас-аяғы жоқ киме сөздерді құрастырғанымда Нұртазин бұл қаланың өзгеше ардақты адамы екен. Жұрт өзара әңгімелесіп отырса да, «бұл сенің қазағың ғой» дегендей маған қарап қояды. Нұртазинді өз қолыммен жеткізгендей, не машинаны өзім алғандай болып, мен де масаттанып отырмын...
Әңгімемен социалды қалаға жетіппіз. Бағанағы жігіт менімен бірге түсіп, Изотовшылардың үйін көрсетіп жіберді. Терезелерін қызыл бояумен жиектеген, көп балконды, дойбы сызықты төрт қабат сұр үй екен. Есіктеріндегі жазуды жағалай оқып келе жатқанымда, бетінде қорасандағы бар, орысша киінген бір қазақ әйелі үшінші есікке кіріп бара жатты.
Жеңгей, бөгеле тұрсаңыз? — дедім жаңағы әйелге. Бөгелді.
— Нұртазиннің есігі қайсы?
— Осы.
— Сіз де осында тұрасыз ба?
— Мен сол кісінің әйелі болам, — деді күлімсіреп.
Жөнімді айтқан соң үйіне алып кірді. Кішкентай коридордың бойындағы үш есіктен өтіп, төртінші бөлмеге мені қалдырды да, өзі төргі бөлмеге еніп кетті.
Оңаша қалдым. Отырған үйім кабинет сияқты. Көзіме алдымен қабырғадағы сағат түсті, әлі сегіз бола қоймаған екен. Новосібірден тартқан таңертеңгі қоңыр күй радиомен келіп тұр. Кіршіксіз қабырғалар мен электр шамы шағылысып, үй іші күндізгіден де жарық.
Басын ақ шүберекпен қаптап, бір темір кровать қойыпты, кеткенше мен жатармын деп иемденіп отырмын. Көк кленка жапқан ортадағы столды, оның айналасындағы арқалы төрт орындықты көріп жазуға жақсы болды-ау деп, қуанып та қойдым. Чемоданымды үлкен сары шкафтың үстіне қойдым да, терезенің алдына келдім. Үлкендігі қақпадай ақ сырлы терезені ақпен перделеп, алдына әртүрлі гүлдер қойыпты. Төргі қабырғада төрден есікке қарап Лениннің үлкен суреті тұр. Жанымдағы бумен жылынатын пеш тонымды қыздырып бара жатқан соң, шештім де, беті бүркеулі ағаш ілгіштің ішіне апарып іліп, коридор мен бөлменің арасында, жеңгей шыққанша азырақ бой жаздым. Бағанағы есіктердің бірін ашсам, ас пісіретін үй, пеші темір, су бұнда да түтіктен келеді. Сыртқы есікте де машиналы: шынжырлы курчек, баспа қоңырау, жасырын құлып тұр.
Сүйсінгеннен:
— Міне мәдениетті тұрмыс, міне мәдениетті тұрмыс! — деген сөздер аузымнан еріксіз шығып кетті.
Енді білікті адамның өзін көргенше асықпын. Көп кешікпеді, төргі есіктен қара ағаштай қатыңқы, бурыл шаш, қара шұбар жігіт шығып қол ұстасты. Міне, атақты Нұртазаұлы Жұмабек осы кісі. Амандықтан кейін ол көп тіл қатқан жоқ, сөзге кедей, іске бай, тілі шабан, көкірегі жүйрік адам екенін шай келгенше-ақ білдірді. Шай ішіп болғанша оның сараң аузынан шыққан санамалы сөздерді қорытқанымда, түйіні былай болып шығады: он екі жасынан бастап совет өкіметі келгенше орыс құлақтарының жалшысы. Қазақ салтын тіпті аз" біледі. Әкесі Нұртазадан арғы жерді білмейді. Он алтыншы жылы майданда қара жұмыста болады. Ертеректе көшкен елдерге еріп, Батыс Сібірге заводқа келеді. Жер қазу жұмысында жүріп, алдыңғы бәйгіні алады. Мартен цехына ауысқанына жыл толған жоқ. Төрт-бес ай бұнда қара жұмысшы болып жүріп, темір құюшы жұмысына ауысады. Төрт-бес ай осы жұмыста істеп жүріп, отыз төртінші жылы Октябрь мерекесінде завод басқармасынан отыз төрт-алпыс екі номерлі автомобильді сыйға алады.
Бұрын завод көрмеген, қолына күрек пен шоттан өзгені ұстамаған батырақ қара жұмысшының аз уақытта осыншама көтерілуі таңданарлық іс қой.
— Металлургияның жоғарғы техникасын қалай тез үйрендіңіз? — деп сұрақ қойдым Жұмабекке. Осы сөзден талай сыр ашылар деп ойлап едім, Жұмабек қысқа ғана жауап қайырды:
— Адамға ең қымбатты нәрсе ынта. Мен ынталы едім, ынтамды партия мен совет үкіметі іске асырды, — деді.
Жеңгей шайды жиыстыра бастады. Ендігі әңгімені жата-жастана сөйлесерміз деп, қаланы көруге далаға шықтым.
II
Бұйрат, адыр. Қайсыбірінің басын ала тұлымшақтай болып өскен шоқ-шоқ ағаш. Осы бұйрат, адырлардың арасы қолдан ойып алғандай кең алқап. Алқапты қақ жарып өзен ағады. Өзеннің күн батыс жағында бір қалыппен қойғандай, бір қол қалағандай біркелкі үш-төрт қабат қызыл үйлер. Үйлерді неше түрлі балшықпен сылап, неше алуан бояулармен өрнектепті, көктемгі жердей құлпырып тұр.
Оқтай түзу көшені, кестедей шимайлап трамвай жолдары жатыр. Қай мүйістен айналсаң да, қай алаңға көз жіберсең де, салынып жатқан қызыл үйлерді, қазылып жатқан қанауды, орнатылып жатқан бағандарды көресің. Бәрінде топ-топ жұмысшы.
Колхоз базарына келдім, халық құмырысқадай быжынайды. Азық-түлік әкелген колхозшылар екі қатар тұрысқан, ұзындығы тай шаптырым, иін тіреседі.
Көше бойы ерсілі-қарсылы ағылған халық. Құйындай ұшып, алды-артыңнан баспалатып келіп қалған автомобильдер, жылмаң қағып өтіп жатқан трамвайлар, қайтқан қаздай тізбектеліп келіп жатқан колхоз қалашылары, пар атпен бажылдатып жүрген шаруашылар, көшкен елдей қиқулап келе жатқан завод кірекештері — осылар кең көшені тарылтып, еркін жүруге ерік бермей келеді.
Әр үйдің шекесінде желкілдеген қызыл тулар тұр. Оларға баданадай қылып, ақ бояумен совет сайлауының жалынды ұрандарын жазған. Калинин жолдастың суретін ілген. Қызықты көрініске иелей түзіп отырып, бір қалқаға келдім де тірелдім. Қалқа көрме қалқасы екен, қақ ортасында сақтиянға шегелеген күміс шытырдай боп заводтағы білікті адамдардың суреті тұр.
Қала осылайша безенген. Ың-жың көпшілік. Баяғыдай шидем күпі, сірі тон көріне ме, жем дорбасын іліп, көкке қолын жайған жан көріне ме, сендей соқтығысып жүрген қалың топ көріне ме деп, алақтадым, бірде-бірін таппадым. Өңкей кербез, тақиясын шекесіне киген ақжарқын ел, тастан аққан бұлақтай қайнап жатқан өмір.
Қаланың солтүстік жағы қара мұнар. Сол мұнардың ішінде нардай шөгіп бір тау жатыр. Тау бауырында жиектегі өркеш-өркеш қара бұлттай болып темір заводтары көрінеді. Заводтардың ортасында, басынан құс асқысыз биік белі темірмен шандулы, көкке қарап маңқиған қызыл трубалар зорлығы мен күшіне мастанып, мен көктің тіреуімін деп тұрған сықылданады. Бұлардан өрбіген неше алуан бала трубалардың қайсыбірі аузынан жалын шашып, қайсыбірі запырандай сары түтінді лақ-лақ құсып, қайсыбірі жасыл жібек түтінді түтеді де, шүйкелейді. Тас құздардай болып көрінген завод үйлерінің үстіндегі сонау қатар-қатар қара күмбездер, олармен жалғас темір шарбақтың ішіндегі айқыш-ұйқыш алуан трубалар, вагондап төккен тас пен біріне-бірін қоспай, бидайша бытырлап, сусынға ыстықтығы мың сегіз жүз градус газды суша сылқылдатып тұр. Ондаған поезд, мың-мың адам, үлкендігі кедейдің қара лашығындай, ауырлығы он үш мың пұт шойын шөңкелерді екі саусағына іліп алып, көкте қалықтап жүрген крандар — бәрі де бәйек болып, осы трубаларды күтеді екен. Күнше күркіреп аспанда кран қозғалғанда, оған жердегі поездар боташа боздап үн қосады. Қамауда қысылған бу мен газдың сыбызғы күйі, көп балғаның тау солқылдатқан дүрсілі, бұларды көтермелеп тұрған тәрізденеді.
III
Кокс цехына келгенде сағат он екі еді, «бес минуттік кеңес» болып жатыр екен. Көмір күйесімен боялған бір топ адамға қасқа басты, көк тұқыл әлденені дәттеп тұр:
— Кокс, газ, кокс, газ! — дегені құлағыма сарт-сарт тиеді. Сөзбен маңындағы көпті кокстей қоздырып, газдай қайнатып барады.
— Бұл кім? — дедім, отырғандардың бірін түртіп.
— Парторг.
Парторг көп мылжыңдамады, аз сөзді орамды тілімен ойындағысын айтты да:
— Біз домналардың жүрегіміз... жетінші кеңес съезі атындағы өндіріс аттанысында жоспарды орындау қанағат емес, асыра орындау керек! — деп тоқтады.
Бұдан кейін жұмысшылардан шығып — бірі «шиықты» оңды емес деп, бірі «көмірді күлдей қылып уату керек» деп, өңкей маған жат тілдермен сөйлеп жатты. Жақсы ұғына алмаған соң отырғам жоқ.
Смена бастығы дейді жасы жиырма үштер шамасында, қара тұмсық жас маманды жайдақ столына асылып, телефонның трубкасын құлағына іліп тұрғанда кездестірдім. Жөн сұрасқан соң дереу мастер Крушовты маған қосып берді.
Тәпелтек, сіріңке қара Крушов жүйрік тілді адам екен. Аяғы тілінен де шапшаң-ау деймін, аяңына мен борт-борт желіп отырдым. Жақ жаппай кокс машиналарын жыр қылады. Көп жеріне түсінбесем де, анда-санда «да» деп қостап қоям. Үлкен бір бөлмеге ендік. Бөлменің іші тұтас, жалпақ пеш. Пештің тұла бойы тізеше бүгілген жуан түтіктер. Түтіктердің төбесінде топ тақиядай қақпағы бар. Сол қақпақтың бірін Крушов ашып еді, аржағы аппақ от, жарығы көз қаратпайды.
— Міне, осының бәрі кокстен газ қорытып алып тұрған түтіктер. Бұлардың қорытқан газы мынамен шығады, — деп таяғымен жерді сыза жөнелді Крушов. Айтуына қарағанда осы пештен жер астын кеулеп кеткен үлкен труба жатыр. Жер үстінде тағы осы пештен шыққан, темір діңгектерге асулы, шектей шұбалған жуан трубалар, анадай жердегі аспанмен тілдескен биік үйге барып кіріпті. Бұл трубалардың жуандығы сондай, Бейсен сияқты тәпелтек адамдар ішінде жүгіріп жүрерлік. Аспанмен тілдескен жаңағы биік үй, жуан трубалармен барған газды қорытатын химзаводы.
— Шойын тасын майша ерітіп тұрған анау домналарды, болатты суша ағызып жатқан анау мартенді, темірді мүсіндей қылып қалыптап шығарып жатқан анау прокатты — кокспен жемдеп, газбен суарып тұрған біз боламыз, — деп Крушов кеудесін қағып қойды.
— Сіздердің қорегіңіз не?
Темір сатымен жоғарыға қарай алып жүрді. Әлден уақытта далаға шықтық. Дала емес-ау, даладай болып жатқан үйдің үстіне шықтық. Бір жақ жиегі қатар-қатар қойын мойындар, ауыздарынан қызыл жалынды жалақ-жалақ еткізеді. Өзге жиектері темір шарбақ. Бір қабырғасы шыпырлаған темір терезе, екінші қабырғасы шыпырлаған темір есік. Осы үйдің үстінде үлкендігі поездай бір машина — арба жүр. Үйдің төбесі тостағандай толып жатқан темір қақпақ. Қақпақтарды бір жұмысшы келіп ашып кетеді, жаңағы машина келеді де, күлдей көмірді ашылған қақпаққа құяды.
— Міне, біздің қорегіміз көмір. Енді бері жүр.
Үйдің көп есікті қабырға жағындағы темір шарбаққа келіп асылып тұрдық. Жерде, үйді іргелей салған темір жолмен екі үлкен машина арба келеді. Бірі кейінде тұрып қалды да, бірі келе темір есіктің бірін жұлып алды. Сол кезде екіншісі келіп үлкендігі бөренедей темір көсеуін ашылған есікке бойлата тықты.
— Бері жүр, — деді тағы да Крушов.
Екінші қабырғаға келдік. Темір терезенің біріндегі темір астаудан қып-қызыл шоқ темір арбаға құйылып тұр.
— Коксіміз осы. Көмірден кокс, газ, қарамай, тағы толып жатқан пайдалы заттар шығады.
— Коксті темір арба тиеп алды да, анадай жерде түтіктен сауылдап ағып тұрған суға апарып өшірді. Содан кейін бір темірлеген сайға әкелді де төге салды. Сайдан сырғанаған коксті жерге түсірмей, машиналар домнаға қарай әкетіп жатты.
Мұның қызметін бір ғана машина атқарады. Машинаны бірер-ақ адам басқарады. Осылай ету үшін мың-мың адам мынау оттың үйін жасапты, милары қалай жеткен, онан неше алуан тылсымды машиналар орнатыпты, сондағы алатыны кокс, газ. Жейтін тамақ, киетін киім емес, бұл не әуре? Сырын білмекке кокс пен газдың соңынан домнаға қарай мен де аяңдадым.
IV
Домнаның қасында кокс заводы ойыншық. Бір топ қазақ жұмысшылары поезбен келген кокс пен руданы бір шыңырау тесікке төгіп жатыр. Түбіне көз жіберсем байтақ дала, толып жүрген қазақ жұмысшылары. Шыңыраудың түбіне екі вагон кезекпе-кезек түседі. Кокс пен руданы лезде тиеп алады да, басына қарасаң тақияң түсерлік биік трубаның басына жүгіріп шығып, төгіп қайтады. Бір дамыл жоқ.
Осы жерде коммунист Қанайұлы кездесті:
Мынау шыңырау кокс пен руданың жиналатын қорасы. Асты үлкен думан. Осы қорада кокс пен рудаға басқа түрлі заттар қосып, шәрдәрілейді. Анау екі вагон сол шәрдәрілеген кокс пен руданы домнаға мойнынан апарып құйып жүр. Ендігісін домнаның ішіне барып көрейік, — деді Қапайұлы.
Екі үйдің арасына салынған темір көпірден өтіп, домнаға келдік. Тоғыз қанат киіз үй сияқты, дөдегелері көк жалын, баулары бөшкедей жуан шойын трубалар, киіз орнына шойынмен қаптап, білектей шегемен көктеген қара күмбез екен. Бүйіріндегі кішкентай түтіктен ішін көруге сығалап едім, аппақ нұрдан өзге ештеңе көрінбеді. Қапайұлы көздің көлеміндей көк шыныны тесікке қойды да:
— Енді қарап көрші, — деді.
Қарасам іші құртша бырқылдап қайнап жатқан от.
— Сол қайнап жатқандар шойын мен болат, мың сегіз жүз градус ыстықта піседі. Кокс пен газдың қимылы осы, — дейді Қапайұлы.
Бұдан әрі сөйлесуге болмады. Домна тұрған дағарадай үйдің іші айғай-қиқу болып кетті. — Не болып қалды?
— Аузын ашқалы жатыр!
Жүгіріп отырып біз де келдік, табақтай есіктен атқыған үйдей от бізге қарап лап қойды. Тұра қаштым. Сыртқы есікке жеткенімде Қапайұлы етегімнен ұстай құлады. Жазым болған екен десем, күлкіден шегі түйіліп жатыр екен. Мені жетелеп қайтадан алып жүрді. От әлі түтеп тұр, ұйтқып-ұйтқып соғады. Сол от боранының ішінде қолдарына бір-бір темір сойыл, бастарында киіз, кенеп қалқан, көздерінде тостағандай көзілдірік, жеті-сегіз жігіт от боранымен алысып жүр. Темір сойылдарын от атқыған домнаның көмейіне жүгіртіп-жүгіртіп алады. Бір жүгіртуден артыққа жарамай темір сойылдар ағып түсіп жатыр. Оттан екі тарау бұлақ ақты, бұлақтың бірі шойын, бірі боқат. Шойын бұлағымен жағалап отырып, жиекке келгенде, өзімнің жоғарыда жүргенімді сонда білдім. Сонау төменде жылқышылардың қосындай шойын шөңкелерді тіркеп алып, бір поезд тұр. Шойынның бұлағы жоғарыдан саулап келген бетімен темір шөңкелерге сарқырап құйылып жатыр. Шөңкелерін толтырып алып поезд қозғалды.
— Ал, енді соңынан қалма, мартенге кетті, — деді Қапайұлы.
— Анау бұлақты көре алмадым-ау.
— Несіне көресің, олар да осы сияқты шойын шөңкелерге құйылып, тиісті жеріне барады. Тағы да үш домна бар. Төртіншісі жақында бітеді, бәрінің де ісі осы.
— Қазақтар осында қалай көп, қайдан келген, күйлері қалай?
— Үш-төрт мың қазақ жұмысшылары бар, көпшілігі шарт жасасып келгендер ғой. Мынау алыптың құшағында көрмегенімізді көріп отырмыз. Нұртазин қазақтан асты, оны былай қояйын, мен бірінші — домнада гарновойдың көмекшісі едім, онан да жауаптырақ бригаданың бастығына ауыстым, қол астымда өңкей қазақ. Мартенде болат қорытушы Аманжолұлы, прокатта сварщик Әндікейұлы, стрипрде машинист Увашұлы бар. Бұларды бұл заводтың тілі шыққан баласына дейін біледі. Қазақ жұмысшыларының өз алдына клубы ана тілінде мектебі бар. Қазақтар бұл жердің еркесі.
Қапайұлымен қоштасып, поездың соңынан мартенге кеттім.
V
Кереметтің үлкені осында екен. Қорасының ұзындығы сондай, қақпадан тұрып қарасаң, анау мүйістегілер бұлдырап көрінеді. Төбенің бәрі шыны, аспан тәрізді көкпеңбек. Қабырғаларының дені темір, қызыл кірпіш некен-саяқ. Іші майдан, еңбек майданы, сапырылысқан поезд, быжынаған жұмысшы, жоғарыдан шүмектеп құйып тұрған металл бұлақтары. Менің поезымның келгенін көрген соң, сонау ернеуден аяғының тықыры күнше күркіреп, электр оты нажағайша жарқылдап, қара бұлттай бір кран келеді. Поездың тұсына келгенде біраз ойқастап жүрді де, жуандығы бөренедей екі темір ілгекті шөңкелердің біріне шым-шымдап жіберді. Жерден екі жұмысшы ілгекке шөңкені іліп берді. Тақия көтерген құрлы болған жоқ, шыңға алып шығып кетті. Төменнен қарап тұрмын, шыңға шыққан соң біраз күйбеңдеді де, қораның сол жақ қабырғасында, ең жоғарыда үлкендігі киіз үйдей болып тұрған қара құмыраға қарай бет алып жүрді. Тамашасын көруге мен сатыға қарай жүгірдім, сатының алдында бір топ қазақ әйелі істеп жүр екен.
— Іске сәт, — деп өте бергенімде:
— Қайным, тоқта, адастың! — деді, қараторы, сар қарын әйел.
— Адассам жөнге салыңыз!
— Намыстанбайсыз ба?
Бұл уақыттарда заводтың сырын өзімнен артық кім біледі деп жүруші едім, енді тал түсте жолдан адасып мынау әйелдерге күлкі болғаным шынында «намыс» қой, бірақ «намысты» керек жеңді.
— Сіздер теңелген заманда несіне намыстанайын, — дедім.
Құмыра тұрған шыңның басына шыққанда ғана мартен қорасының іші тегіс көрінді. Жердегі дәупас поездар енді тәшкедей-ақ боп қалды. Жаңғырыққан қатты дауыстар солғын естіліп тұрды. Құмыра тұрған жер осындай биік болса да, бұл әлі қораның екінші қабаты екен. Құмырадан жоғары шынылы көк аспан бар. Сол аспанның беті көшкен бұлттай қаптап жүрген крандар. Жерде (екінші қабатта) толып жатқан поезд, электр арбалары, шимай-шимай темір жол. Екінші қабаттағы көріністі елестетуге тіл жетпейді, желден жүйрік ой ғана жетер. Соншама алып, соншама көп машиналардың бәрі мартен пештерінің күтушісі. Жұмыстың осындай көп жерінде қол жұмыс некен-саяқ. Ұсталардың көрігіне шейін машина басады, электр балғасы күрс-күрс соғып тұр. Қай пештің сменада қанша металл бергені, қай бригаданың қанша істегені үлкен тақтаның бетінде жазулы. Цех ішінде салқын зал, қимылсыз дүние жоқ. Мартеннің күшті газы цех ішін қандай қыздырса, анау жоғарыда ұзын қызыл матаға жазылған:
— Жасасын пролетариат үстемдігі!
— Жасасын социализм! деген ұрандар сондай қызықтырып тұр.
Бейсауат жүріс, артық сөзді завод халқы жаратпайтыны есімде.
Цех комитетінің ағасы Сидик жолдасқа осы цехтың ішінде кездескен жерден:
— Біздің қазақтар қалай істейді? — дедім.
— Қалайша сіздің қазақ! — деп шақ ете түсті.
— Жарайды сіздікі-ақ болсын, сонда да қалай істейді?
— Бәсе солай деші. Қазақтарың өте жақсы, бір эксплоатацияның өзінде жүз отыз қазақ бар, сексен тоғызы екпінді. Бір жылда Нұртазин сияқты қаһарман жасап шығардық. Мартендегі болат қорытушы Аманжолұлы Сағит, скрипрдегі кран машинасында Увашұлы Сүлеймен, профорг Тоғжігітұлы... Арысқа салатын ерлеріміз. Бір заманда «қазақ жұмысқа жарамайды» деген антұрғандар болды-ау! — деп сылқ-сылқ күледі Сидик.
Қазақтардың қимылына мастанып, Сидиктің бөлмесінен шыққанда екі қазақ жұмысшысы жолықты.
— Інішегім, қазақ боласың ба? — деді көрген жерден.
— Я, қазақпын.
— Карточка қалады деген рас па?
— Рас.
— Онда кету керек.
— Керектерің нан болса, карточка жоғалған соң нан көбейеді, жалақыларың өсе түседі, неге кетесіңдер?
— Бізге паспорт бермейді.
«Атым сыры өзіме мәлім», бұлар қашып келген кулактар екенін сөздерінің тамыры айтып тұр. Аттарын сұрап едім, айтқан жоқ. Менің қалпымды олар да сезсе керек, жылыстап кетті.
Қораның жоғарғы қабатынан түсіп келе жатқанымда, жерде команда беріп тұрған Нұртазин көрінді. Жиырма тонна көтеретін алып кран ауырлығы елу тонна шойын шөңкеге жүз алпыс тонна болат құйып алып, Нұртазиннің төбесінде қалықтап жүр. Нұртазин ақырып қойып, қолмен ымдады. Жарқылдап, шартылдап жүрген бұлттай, кран шойын шөңкесін ептеп төмендетіп келді де, қатар тұрған төрт қырлы сауыттардың біріне тиер-тиместей болып тоқтады. Шөңкені тұтқасынан ұстай алып, Нұртазин басып-басып қалып еді, от ұшқыны борап, металл шүмектеп құйып берді. Штопрдың тұтқасынан Нұртазин қолын алмай ырғап-ырғап басты, ол бораны түтеп, сұйық металл суша сарқырап ағады. Нұртазиннің маңында отпен алысып жүрген өңкей қазақ. Бұлар бір сағат шамасында жиырма жеті сауытты толтырып, бір поезд жөнелтті.
— Қанша металл әкетті? — дедім Нұртазинге.
— Бір сағатта жеті тонна, есептей беріңіз.
— Көп қой тіпті.
— Бұл бір пештің бір ретте ғана бергені, он бір пеш бар, әрқайсысы кемінде тәулігіне екі рет береді.
VI
Поезд скрипрге кетті, мен төтесінен прокатқа кеп тосып отырмын. Скрипрге барғанша сұйық металдар қатады екен де, сыртындағы сауыттар скрипрде қалып қояды екен. Қып-қызыл ескі болатты сүйреп, бір уақытта поезд келді. Қызыл көрген бүркіттей бір кран көре сала ұмтылды. Келе-ақ слиткелердің бірін (жаңағы келген шойын кесектері. Әрқайсысы жеті тоннадан) бүріп алып, жоғарыдағы от құдықтарына ала жөнелді. От құдықтарының бірі темір қақпағын ашып, әкелген жемді жұтты да, қайтадан жабылды. Екінші бір құдық қақпағын ашқанда, кран қышқашты тұмсығына тығып жіберіп, басқа бір слиткені алып шықты. Жерде бір жабайы арба тұрған, соған әкеліп отырғызды. Жаңағы арба жүгіре жөнеліп, тоқтай қалды да, слиткені лақтырып кеп жіберді. Слитке барып биіктегі белуардан келетін, ұзындығына көз жетпейтін бір жолдың үстіне түсті де, тоңқаңдап жүгіре жөнелді. Тұра қудым. Мына жағымда бетінде темір қалқан, электр отымен темірді киізше турап отырған Әндікейұлына тоқтауға шама болған жоқ. Темір төмпейлерінің бірін аттап, бірінен айналып өтіп домалаған слиткені қуып келем. Слитке көз жаздырып барады. Жол үстінде тұрған, шаңырақтай темір дөңгелекке барғанда слитке екі-үш рет жарқ етті де жоқ болды. Індеттім ғой дедім. Келсем слитке жоқ. Дөңгелек зырылдап айналып тұр, қасында, жолдың үстінде кішкене темір көпір бар, соған шығып қарауылдағанымда, аржағында тағы бір дөңгелек көрінді, содан әрі көз ұшында слитка жарқылдап бара жатты. Арт жағыма қарасам тап жаңағыдай, бір слитке жүгіріп келіп қалыпты. Келген бетімен дөңгелектің қасынан өте бергенде, қысып кеп жіберді де, аржағына шығып тұра жөнелгенде, бауырына тартып алып тағы қысты. Бір жағына шыққанда бұралып, майысыңқырап еді, жолдың екі ернеуінен екі темір көтеріліп, екі жақтан түйгіштегенде, оқтай түзелді. Дон дөкей слиткені осылайша түйгіштеп, қысып, үш минуттың ішінде төрт қырлы қызыл бөрене жасады. Слитке енді бөрене болып жүгірді. Екінші дөңгелек өте бергенде басып-басып қалды. Үш-төрт бөлек болып, құйыршығын кескен кесірткедей, бірінің соңынан бірі жорғалай жөнелді.
VII
Слиткелерді қуалап рельс балкеге жөнелдім. Жолшыбай мені басып озып, осындай слиткелер өтіп жатты. Прокат қорасы мартен қорасынан екі-үш есе үлкен-ау деймін, рельс балкеге шаршап жеттім. Мұнда да барлық жұмысты газ пеші мен крандар атқарады. Жаңағы слиткелерді кран шетінен келіп тістеп алады да, тағы да пешке апарып тығады. Екінші пеште балқып болғандарын тұмсығын тығып жіберіп алып шығады да, жолға әкеп қояды. Жолға түсісімен слиткелер тұра жүгіреді.
Жол аузында тосып тұрған үш дөңгелекке келгенде, мысық көрген тышқандай қалшылдап, дірілдеп тұра қалды. Дөңгелек онысына қараған жоқ, бауырына тартып алып, тышқанша бытырлатты да қоя берді. Қаша жөнелгенде қайырып алып тағы қысты. Бер жағына шыққанда бұралып, өлусіреп қалып еді, сендей екі темір жолдың екі жағынан көтерілді де, ортасына алып түйгіштеп-түйгіштеп, оқтай қып түзетті. Сонан кейін жылп етіп босанды да, дөңгелектің астынан өте шықты. Екінші дөңгелек те осыны істеді. Слитке жіңішкерді, ұзарды, рельс түріне айналды, бірақ, әлі қып-қызыл тынымсыз жүгіруде. Зулап барып үшінші дөңгелектен өтті де, ұзындығы ат арқандай бір оқ жылан боп шыға келді. Басы қайқаңдап, денесі иреңдеп, ысылдап кеп дөңгелектен өтеді, өткен сайын ұзара түседі. Бір уақытта «Сенен-ақ өлдім ғой» дегендей, қайрылмастан жұлдыздай ағып жөнелді. Бірақ, онымен құтыла алған жоқ. Болат қышқаштарын дайындап, жол тосып тұрған екі жұмысшы өте бергенде төрт-бес бөлек қып турады да тастады. Мен келгенде бағанағы қызылдары тарап, кәдімгі рельс бола қалыпты. Осы арада қора-қора толған осындай рельс. Бір шетінен темір қармақтар тартып әкетіп жатыр, әкеткен жеріне барсам бұл жаңағыдан әлдеқайда үлкен қора екен: іші толған жұмысшы, машина, тау-тау рельс. Жұмысшылар суыған рельсті машинаға салып, кедір-бұдырлары болса мінеп, бастарын тесіп, мүсіндей қылып шығарып жатыр. Рельс тиеген поездар бірінен соң бірі осы қорадан шығып кетіп жатыр.
***
Далаға шыққанда түс көріп оянған кісідей болдым. Таңертеңнен бері көрген думандар көзіме елестеп, көңілімнен шықпайды, қорытайын десем икемге келмейді. Сонымен завод басқармасына келдім.
Су электр бөлімінің бастығы Голдобин қалтасынан есеп тақтасын суырып алды да, мынаны айтты.
— Айналасы жиырма бір километр, тереңдігі екі метр көл болса, сол көл біздің алыптың бір-ақ жыл ішуіне жарайды. Болатты қоспағанда алыпты қорытқан бір жылғы шойынынан айналасы он сегіз километр, жалпақтығы жарты метр шойын қорған жасауға болады.
Онда күншығыстан шойын қорған жасауға болады екен ғой!?
— Болса болар, — деп езу тартты Голдобин.
— Малды елдің баласы едің, саған бір цифрды малға айналдырып берейін. Электрдің жылдық күші бір миллиард аттың күшімен барабар, сіздің елдің малы қанша көп болса да, бәрі жиылып осы заводтың бір дөңгелегін қозғай алмағаны ғой.
— Я, солай болғаны. Сіз енді маған бір-ақ нәрсені айтыңыз: бұрын осы алыптың орнында не бар еді?
— Ескен жел, ұшқан құс, жүгірген аңдар ғана бар еді.
Әңгімені осымен бітіріп шыққанымда, Нұртазин де машинасымен келіп тоқтады.
— Көріп болдың ба, завод қалай екен?
— Көріп болдым, машина саған тегін берілмеген екен...
Митка машинаны пәрменінше жіберді. Tac көшемен жұлдыздай ақтық. Көңіл де осы машинадай ағызып келеді.
1934.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі