Пьеса
БIРІНШI АКТ
1-КАРТИНА
Қысқы кеш. Мәдениет үйі. Колхоз жиналысы. Қызу айтыс. Перде ашылғанда Жомарт сөйлеп тұрады. .
Жомарт. Жақаң кем өлшеп, қанағат қылады. Қанағаты кейін тартады. Өскелең тілек кең өлшеп, алға тартады, Алға, жолдастар, тек алға!
Мәмет. Әуелі, Жақып асқан белдерге қара, шырақ!
Баймақан. Жақып бір кезде асқан болса, енді қақпан болды.
Бейсен. Арындама, алдың жар!
Жақып. Сабыр, сабыр!
Жомарт. Бейсен мен Мәмет түсінбей отыр. Жақан да, колхозы да жақсы. Бірақ, онан да өткен жақсы бар, — «Қап тауынан» әрі де талай-талай жерлер бар. Көз жеткеннен ой аспаса, кең дүние тар-дағы. Міне менің ойым, (қабырғаға апарып суретпен жасалған үш бөлек жоспар іледі. Әуелі бірін көрсетіп). Еңбек пен жыр. Есебін таппаған еңбек құмға құйған су. Есебін тапсаң жер ана, ие береді, ие береді. Еңбек күтсең жерді күт. Күтсең Мичурин, Вильяме, Лысенкоше күт. Егер биыл ауыспалы егіске кірісіп, агрономияны толық қолдансаң, гектарынан жиырма бес-отыз центнер астық аламыз? Еңбекті, жерді пайдалануда олақтық әлі көп. Еңбек өнімін өршітуге бөгет әлі көп. Сондықтан, мен Жақаңа емес, оның шарқы жоспарына қарсымын.
Жақып. Тойғанға тоқты еті топырақ. Асқанға аспан да аласа.
Мәмет. Баһ! Зілғараның сөзі де зіл.
Жомарт. Қанағат түбі — тоқырау. Талап түбі — шарықтау, Жәке.
Баймақан. Асып түсті.
Жомарт (екінші жоспарды көрсетіп). Мынау сиырлар — Орлов, семинтал, қырдың қызылдары. Күніне 25—30 литрден сүт береді. Ал мынау қазақы сиыр. Ең жарылқағанда 10—15 литр ғана береді. Қараңыздаршы, жүз жабайының бергенін, анау асыл нәсілдердің жиырма бесі ғана беріп тұр. Артық сүт іш жара ма, малды асылдандыру жағы жоспарда неге жоқ?
Жәнібек. Бір сұрау. Қазақ «сиыр-миыр» дейді. «Миыры» не сонда?
Жомарт (ойланып қалып). Қазақшаны менен өзің тәуір білерсің.
Жәнібек. Жаңа ғана білдім, сиыры — анау дәулер екен де, «миыры» біздің қораштар екен. (Біразы күліп жібереді.)
Жақып. Сабыр, сабыр. Арақ мастығынан қиял мастығы күштірек.
Жомарт. Болғаннан болашағымыз да күштірек. Менің жоспарымның үшінші саласы — электр. Байлықтың, мәдениеттің шыңына шығар күн жетті. (Жоспарды көрсетіп.) Міне, үйлер түгіл көшелер де жарқырап тұр. Балға өзі соғылады, сиыр өзі сауылады, тамақ пісіру, су тарту, диірмен тарту, ағаш тілу, молотилка, триер сияқты машиналарды айналдыру — бәрі электр қуатымен істеледі. Радио, телефон арқылы жұмыс даласымен ауызба-ауыз сөйлесіп отырамыз. Осының бәрі жылында мыңдаған жұмыс сағатын, жүздеген жұмыс күнін үнемдетеді. Ол үнем колхозды миллионер етеді.
Баймағамбет. Шошқаға электр бересіңдер ме, шошқаға?
Жомарт. Береміз.
Баймағамбет. Сол, әлгі, кинода көргендей берсең. болады. Шошқа да бір теңелсін.
Жақып. Коммунизм лезде-ақ жасалады. (Көпшілігі күліп жібереді.)
Жомарт (қызып.) Білем, Жақаң үшін күлдіңіздер. Мүмкін, Жақаң үшін менің ойымды құрбан да етерсіздер. Сонда да жоспарымды жоғары көтерем. Ол жоспардың күші озық идеяның күші, жеңетініне берік сенемін.
Председатель. Тағы кім сөйлейді? (Пауза.) Сөйлеп қалыңдар!
Дос. Сөз жеткілікті болды, өзің түйсеңші Жақып.
Біреу. Я, сөйлеп бақты жұрт.
Алма. (қысылып Жәнібекті түрткілеп). Дауысқа салады енді, салғызба, сөйле, тағы сөйле!
Жәнібек. Өзің неге сөйлемейсің?
Алма. Жәкеме қарсы қалай сөйлеймін, тұр деймін, тұр! (Өзіне.) Бүктейді-ау енді, бүктейді. (Дауыстап.) Жәке, қаулыны ертеңге қалдырса қайтеді, екі жақ пікірді армансыз ойлансын жұрт.
Жақып. Ойдың бәрі айтылған тәрізді. Мен ойланып та, сөйлеп те болғанмын. Ей Жомарт! Мен биыл елу бестемін. Жасымның он жеті жылын осы колхозда, оның он бес жылын осы орында өткіздім. Сен бізге жаңадан келген жассың, білмейсің. О баста отыз үй еді бұл колхоз, екі жүзге жетті. Отыз гектар егетін еді, екі мыңға жетті. Отыз үйде отыз қара болатын, он мыңнан асты. Бекер ме осы?
Жомарт. Рас.
Жақып: Жалаңаш дала еді бұл жерлер, зәулім ағаштар өсті. Үйлері іншік еді, шағаладай ақ қала, мына сияқты көркем клуб жасалды. Бекер ме осы?
Жомарт. Рас.
Жақып. Бәрінен де адам өзгерісі тамаша. Қандай қиындықтар өтті бастан!. . Жұрт қазір төселіп алды. Бір кезде көкіман — Ахмет, бұл күнде колхоздың алды — стахановшы Ахмет болды. Мен-дағы ақылы өзіме жетпеген надан едім, сауатым ашылды. Колхозым алдыңғы қатарда тұр. Сондағы Жанат, Алма сияқты жұдырықтай балалар, оқумен ер жетіп, қазір топ бастауға жарады. Бекер ме осы?
Жомарт. Рас.
Жақып. Мұның бәрі рас болса, енді менің кем өлшеп, кейін тартқаным қайсы?
Жомарт. Бәрін өткенмен ғана өлшейсіз, келешекпен де өлшеңіз.
Жақып. Келісе алмайды екенбіз, шырақ, кеп шешсін.
Председатель. Аудан нұсқаған, басқарма бекіткен жоспарды қолдайтының қол көтер! (Көпшілік.) Жомарт жоспарын қолдайтының қол көтер! (Азшылық.) Басқарма жоспары қабылданды. Жиналыс жабылды. (Көпшілік тарайды, Жомарт, Жақып қалады.)
Жомарт. Жақа, көңіліңізге келмесін мен ауданға барам. Бұл қаулы бекімейді.
Жақып. Бара бер, бар. (Шығып кетеді.)
Жомарт (артынан терезеден қарап). Зілғара десе Зілғара. Әттең, сылыр ма еді көз шелін. Терең тамыр бәйтерек, төңкеріп тастау оңай ма, игеніңе көнер ме! (Ауыр ойда тұрады, Алма келеді.)
Алма. Қаның тасып, бетіңе шыққан ба?
Жомарт. Ой жеңілді, қан қайнамай қайтеді.
Алма. Соған-ақ па?
Жомарт. Ой салмағын көтергенде білерсің.
Алма. Өзгенің бәрі ойсыз деп пе ең?
Жомарт. Өзгенің бәрі мендей жығылып жатыр ма? Осы колхозда Жанат пен сендей салмағым болса да, көрер едім аржағын. Бетте әзір бедел жоқ.
Алма. Беделді кісі сұрап ала ма?
Жомарт. Білем, ақтап алады. Кейде, ақтағанша шаш ағарады. Уақыт қымбат бәрінен. Әйтпесе, сен жиырма бесті іске беріп, жетпіс бесте-ақ жар сүймес пе ең.
Алма (сақ-сақ күліп). Есебін тап, екеуін де жіберме.
Жомарт. Оқып жүргенде ойым менің ерке еді. Өмір белін төмпешіктей аттап жүрдім. Енді міне, келгеніме жыл толған жоқ, өмір өрі күн санап биіктей түседі.
Алма. Тіпті жақсы, өрлей-өрлей биіктей бересің.
Жомарт. Биіктерсің, алқынып та бір тұрарсың сол өрде.
Алма. Енді қайтесің?
Жомарт. Ауданға барам.
Алма. Пу! Жәкемді аудан жеңіп бере ме?
Жомарт. Ауданнан жеңілсем облысқа барам.
Алма. Жәкемді жеңе алмағанда, бүкіл колхозды, ауданды жеңу оңай ма?
Жомарт. Тіпті болмаса жөнімді табармын.
Алма. Не дейсің?!.
Жомарт. Аудан көп. Қала, колхоз көп. Біріне жарамаса, біріне жарар жоспарым, кетем.
Алма. Осылай ма еді серт? Колхозды жаңа сатыға көтереміз, қала мәдениетіне жеткіземіз деп келіп ек қой?
Жомарт. Рас, сен жаңа бір-ақ ауыз сөз айтуға жарадың. Жанат қарасын да көрсетпеді. Енді кімге сүйенем? Сонда кетуден басқа не қалды?
Алма. Кетпейсің, Жомарт, кетпейсің!
Жомарт. Ермеймін десеңші одан да.
Алма. Ермеймін де, жібермейміз де. Ойлашы өзің жанымдай жақын Жанатты, өзім жайнатқан мынау клубты, ата-анамның қабірі, балалық шағым қалған бұл колхозды қалай тастап кетем?
Жомарт. Өзіңді сонша аяғанда, мені де бір мүсіркемеймісің?
Алма. Сені өзімнен әрі аяп тұрмын. Бір амал да тауып тұрмын.
Жомарт. Соныңды айтшы.
Алма. Жәкем Жанаттан аспайды. Жанат менен аспайды, көндірем.
Жомарт. Түбінде Жақыптан Жанар қиын, Алочка.
Алма. Маған оңай.
Жомарт. Жоқ, ол әкесіне болысады.
Алма. Ту, Жанаттың сырын әлі білмейсің. Ол әділ ғой. Тамаша ақылды ғой. Көндірем. Честное слово, өзім көндірем. (Кетіп қалады, Ұрқия келеді.)
Ұрқия. Қайным-ау, екі қызбен де әмпейсің, қайсысын алғалы жүрсін?
Жомарт. Жәй, ойын ғой жеңеше.
Ұрқия. Жасырма, жасырма. Бәріміз де ойнап жүріп түскенбіз тұзаққа.
Жомарт. Ал, сіз қайсысын лайықтар едіңіз?
Ұрқия. Қолыңа қонса Жанатты қамты. Көркі, оқуы бәрі сай.
Жомарт. Алманың оқуы аз ба, көркі кем бе?
Ұрқия. Өзің қыз танымайтын жігіт екенсің. Алмаң Жанатқа астар бола ала ма? Былай-былай қиқаңдаған, секеңдегеннен басқа несі бар? Бұл колхоз бастығы Жақып болып Жанаттың қабағына қарайды, шырағым. (Жомарт үндемей шығып кетеді.) Адыра қал, тұмсығын көтереді. Сен алмасаң байсыз қалар Жанат. (Мотор дауысы естіледі. Есжан мен Сатан енеді.)
Есжан. Бейсекеңнің долысы есенсіз бе?
Ұрқия. Қой шырағым, соқтық па.
Есжан. Қойдық, қойдық. Қиын болмаса біздің мәшинеге міне салып, Жақаңды алып келіңізші.
Ұрқия. Несі қиын. Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады. (Кетеді.)
Есжан. Айттым ғой, таптан асқан долы.
Сатан. Керегі не тесе қалжыңдап.
Есжан. Ауданымыздың мақтаны-ау, осы колхоз! Шал мықты!
Сатан. Осал жері де бар. Кейде тым ауыр.
Есжан. Чапаевтың председателі ше? Лыпып тұрған жоқ па?
Сатан. Я, айтқанды орындайды.
Есжан. Бұнда айтқызбай істейтін осы Жақан мен «Жданов» тың Балқыбегі ғой.
Сатан. Балқыбек кейде көз алдайды. Әрқайсысының бойында бір кемшілік бар. Көрсетумен толығады. Тек кезінде көрсете білу керек. (Жақып енеді.)
Есжан. Жатып қалған жоқ па едіңіз?
Жақып. Жату қайда. Жиылыстан кейін колхозды шолып жүр едім. Машина келіп қалды.
Есжан. Ал, жиылыс немен тарады?
Жақып. Жаңа жылдың жоспарын қарады, жүз сиырдан жүз бұзау, жүз биеден жүз құлын, жүз саулықтан жүз қырық қозы алмақпыз. Егісті биыл екі жүз гектар артық егетін болдық. Гектарына он бес центнер есептеп отырмыз.
Есжан. Бәрекелді, тіпті установкадан асып барасыздар ғой.
Жақып. Ассақ та, «кем өлшеп, кейін тартыппыз». Айыптап жатыр.
Есжан. Кім?
Жақып. Білгіштер.
Есжан. Дәу де болса Жомарт шығар.
Жақып. Баймақан мен Ахметтің де делебесі қозып жүр.
Есжан. (Сатанға). Шатақ жігіт боп барады Жомарт. Сынауға шебер, өз ісін әлі көрсеткен жоқ, кейде тіпті танауын шүйіреді.
Сатан. Не деп шүйіреді?
Есжан. Өзінен артық ешкім білмейді.
Сатан. Солай ма?
Есжан. Қиқаңын қоймаса айтарсыз, Жақа, есебі де табылар.
Сатан. Шақырыңызшы өзін, сөйлесейік.
Жақып. Келіп қалар, ізденіп отырған. Үйге барып әңгімелеселік. (Орнынан тұрады.)
Сатан. Рахмет, Жәке.
Жақып. Бұл қалай?
Сатан. Мына жақтан келе жатыр едік, ауданға жете қонбақпыз. (Жомарт кіреді.)
Жақып. Онда маған рұқсат етерсіздер?
Сатан. Рұқсат.
Жомарт. Жақсы келдіңіздер ғой.
Есжан. Я, сен де жақсы келдің, ал, сөйле!
Жомарт (жоспарларын ұсынып). Сөзім осында. Жақаң дауысты көп алса да, жоспарды, кем алды. (Есжан бір-бір қарап қалады.)
Есжан. Қысқаша мазмұнын айтшы.
Жомарт. Цифрдан қысқа айта алам ба?
Есжан. Ей шырағым, жүз биеден жүз құлын, жүз сиырдан жүз бұзау алса, енді не қыл дейсің Жақыпқа?
Жомарт. Сан жағынан дауым жоқ, сапа қайда? Сол жүздің жиырма бесі сапалы болса, сапасыз жүздің бергенін беріп тұр. Жер байлығын да толық меңгере алмай келеміз. Агроминимум емес енді, агромаксимум керек. Ауыспайтын егістен ауыспалы егіске көшу керек. Теміртау, Қарағанды қасымызда. Жоғары вольтті электр линиясын тартсақ, еңбек өнімі, ел тұрмысы алға кеткелі тұр.
Есжан. Жолдас агроном, коммунизм идеясын біздің елде бала да біледі. Өмірге, мүмкіндікке жақындай сөйле.
Жомарт. Осының бәрі мүмкіндік.
Есжан. Бәрі бастағы байлық.
Жомарт. Меніңше, нағыз байлық, нағыз кедейлік әуелі басқа қонады.
Есжан. Тағы қандай байлық бар басыңызда?
Жомарт. Огород шаруашылығы бізде жоқтың қасы. Елу гектар семіз жер тек шөп қана беріп келеді. Шөпті егіп алуға да болады. Егер оны огородқа пайдалансақ, жүз мыңдаған кірістер кіріп жатыр.
Есжан. Тағы!
Жомарт. Ағаш әзір колхоз ішінде ғана. Даламыз жалаңаш. Сусыз егін шықпайтыны мәлім. Қаншама су сай, жырамен босқа кетіп жатыр. Қаншама қарды жел әкетіп жатыр. Eгiс даласына ағаш егуге, тоған байлауға кірісуіміз керек.
Есжан. Осының бәрі бір жылдың жұмысы ма?
Жомарт. Я, бір жылдың, бәлки он айдың.
Есжан. Сіздің сірә, установка дегеннен хабарыңыз бар ма?
Жомарт. Әбден.
Есжан. Ендеше, Жақаң жоспары сол! (Тұрып кетеді.)
Жомарт. Қалғанды теңеу бар еді де, озғанды теңеу жоқ еді бізде. Түсінбедім.
Сатан. Сіздің жоспарды орындағанда, Жақаң жоспарындағы мал саны қанша кемиді?
Жомарт. Кемімейді.
Сатан. Асыл тұқымды малдар, техникалық жабдықтар алуға қанша ақша кетеді?
Жомарт. Жарты миллион кетеді.
Сатан. Ол ақша бар ма қолда?
Жомарт. Жоқ, бірақ, табуға болады.
Есжан (басын шайқап). Табуға болады!
Сатан. Бұл жұмыстың бәріне колхоздың адам күші жетпейді ғой, оны қайтесіз?
Жомарт. Я, жетіңкіремейді. Сол үшін электрді тез жеткіземіз, қазынадан тағы біраз машина аламыз.
Сатан. Соғыс кезінде соғыс тілегіне қалыптасқан өндірістер қайта құрылып болған жоқ әлі. Мүмкін күткен көмегіңіз болмас.
Жомарт. Күткен көмек болмасын, жоспардың жартысы орындалсын дейік. Сол жартының өзі Жақаңның бүтінінен асып кетеді.
Сатан. Ойыңыз жаңа екен. Біз де ойланайық. Жоспарыңызды маған қалдыра тұрыңыз.
Жомарт. Жарайды. (Шығып кетеді.)
Есжан. Байқадыңыз ба? Қыр көрсетіп кетті. Құрғақ қиялға құмар жігіт. Тентек, тіпті тентек.
Сатан. Көп жаңалықтар бар жоспарында, ойлау, зерттеу керек.
Есжан. Бас қатыратын не бар, партия, үкімет ойлап жатыр. Біз тек орындауды білейік.
Сатан. Орындау ғана емес, өзің де ойлан, ізден деп жатыр партия.
Шымылдық.
2-КАРТИНА
Жақыптың үйі. Үш бөлме. Жанат өз бөлмесінде. Орталық бөлме үлкен, бос, қазақша кілем, киіз жайылған. Жақып бөлмесінің есігі жабық. Далаға шығатын есік орталық бөлмеде.
Жиналыстан қайтқан Бейсен мен Ырысжан сөйлей кіреді.
Бейсен. Адам деген тойған соң құдайын ұмытады. Баймақанға істеген жақсылықты Жақаң тірі жанға істеген жоқ. Өзгесін не қыласың, соғыстан қайтқанда отыз бұт астық, бір бұзаулы сиыр берді-aу.
Ырысжан. Колхоз қайсыңа бермеді?
Бейсен. Ендеше бергендеріңді ақтады. Сасық күзенше шақылдаған жоқ па.
Ырысжан. Ештеңе етпес. Жиында артық, кем сөз бола береді.
Бейсен. Көрерсің түптеп келгенде олардың ойы басқа.
Ырысжан. Я, сонда?
Бейсен. Жомарт председатель, Баймақан орынбасар болмақ та.
Ырысжан. Жә, Баймақанмен өштігің белгілі.
Бейсен. Не өшім бар онда?
Ырысжан. Бетіңе айтайын, жұмысқа салғыртсың. Ол оған шыдамайды.
Бейсен. Пәле! Соның сөзін, мау дей ме екем. Ол барған соғысқа мен де барғам. (Сұқ қолының ұшын көрсетіп.) Мына саусақ немісте қалған. Пленде болғам жоқ. Бай-құлақ емеспін. Не қылады маған?
Ырысжан. Қорықпасаң да ауыр сөз жүргізбе үстінен.
Бейсен. Ойбай-ау, енді жап-жаңа көзіңше айтты ғой, Жақып аяққа кісен болды деді ғой.
Ырысжан. Айта берсін. «Сөз қуса пәлеге жолығады, жол қуса қазынаға жолығады». Араздық арзан, татулық қымбат, Бейсен. Аузың жеңіл, тас сал. Ағайынды атыстырайын демесең де, кейде аңқау сөйлейсің.
Бейсен. Қалай сөйлесем де сөзім өрге баспайды, әйтеуір.
Ырысжан. Оны білгенің де жақсы.
Бейсен. Ендеше қысыр әңгімеге көштім. Әлібайдың әлгі хабарсыз кеткен баласынан хат келді.
Ырысжан. Алда, бишара-ай, я?
Бейсен. Аман көрінеді. Қайтатын түрі бар.
Ырысжан. Балжанның жүрегі неғып жарылмады екен?
Бейсен. Жарылмаса да есі қалған жоқ. Сақтап жүрген бір қарын майы бар екен, жарты бөтелке арақ пен бір килосын бір-ақ жедім.
Ырысжан. Ертең кіріп шығайыншы.
Бейсен. Торғайдың қызы қолына қайтып келіпті-ау.
Ырысжан. Е, жайсыз деген.
Бейсен. Ақметтің бір сиыры шығып кетіп, таба алмай жүр. Бүгін жиналысқа да келмеді. Қайтпаған ғой, сірә.
Ырысжан. Қай Ақмет?
Бейсен. Кәдімгі бай Ақмет.
Ырысжан. Сиырлары жақсы еді, қасқыр жазым қылмағай-ақта.
Бейсен. Айтпақшы, Баймақанның қатыны екі қабат екен-ау! Біздің қатыннан құрт сұрапты.
Ырысжан. Ту, антұрған! Қайдағыны қайдан есіте бересің, соны несіне айттың.
Бейсен. Япырау енді, өтірік емес, қайбат емес, несі бар, бұ да жаңалық. (Жанат өз бөлмесінде екпіндете пианино ойнайды. Ән салады. Әңгіме үзіледі. «Арман» атты ән. Музыкасы композитор Хамидидікі.)
Уай, арман сен ақша бұлт жүзген көкте,
Тоймадым қарай-қарай ерте-кеште.
Жалғанда сенен сұлу бар ма десем
Бар адам дауыстайды «жоқ!» деп әсте.
Шіркін арман
Естіп пәрмен
Шақырады биікке.
Қалман-қалман
Өрге талман
Биікте көңілім, биікте.
Ырысжан. Қажыған ғой, қарағым. Серігіп алайын дегені бұл. Күндіз-түні қағазға қадалады. Көзін жейді-ау.
Бейсен. Жанатжанды құтты орнына қашан қондырамыз?
Ырысжан. Дайындап қойған орның суып бара ма?
Бейсен. Соның көңілі Алмада ма деймін.
Ырысжан. Кімнің?
Бейсен. Жомартты айтам.
Ырысжан. Тағы нені шығарды.
Бейсен. Мен бәрін естіп жүрем. Біздің қатынның айтуынша Алма иемденіп алыпты Жомартты.
Ырысжан. Иемденсе иемденсін, нең бар жастарда?
Бейсен. Түсінбей отырсың, Ырысжан, Жанат көнсе Жомарттың аузына құм құйылады. Мына айтыстың да үні өшеді.
Ырысжан. Алма біздің бөтеніміз бе? Қолымызда өскен жетім бала, жалғыз Жанаттың серігі, досы. Екеуінің шығарда жаны басқа. Мен ғана естиін мұныңды. Жанат естісе осы үнге бас сұғудан қаласын. (Санына бір нұқиды. Бейсеннің көзі Жанат жаңа қарап бір алақ етеді. Бөлмесінен Жанат шығады).
Жанат. Жәкем әлі қайтпаған ба?
Ырысжан. Оның жұмысы біте ме?
Жанат. Жиналыс тарап па еді?
Ырысжан. Алдақашан тараған.
Жанат. Мен әңгімелеріңізді бөліп жібердім-ау.
Бейсен. Жоқ, қарағым. (Орнынан тұрады.)
Жанат. Отырыңыз, Бейсеке, тыңдағалы келдім.
Бейсен. Көп отырып қалдым, қарағым. Қатынның мінезі шәлкес, қайтайын. (Шығып кетеді.)
Жанат. (шешесін иегінен қағып, еркелей аймалап). Демалсаңшы.
ЬІрысжан. Өзің де демал, қарағым. Оқудың түбіне кім жеткен.
Жанат. Рас, жеткізер емес, aпa. Барған сайын тереңдеп барады.
Ырысжан. Тіпті көп оқу бұзып та жібереді.
Жанат (күліп). Бұзық оқу бұзады, апа. Мен түзігін оқып жүрмін. Уайымдама, бар, дем алшы.
Ырысжан. Я, әлгі бишара мылжыңдап жіпсіз ұстады. (Бөлмесіне кетеді. Алма кіреді.)
Алма. Ештеңе естідің бе, Жанат?
Жанат. Жоқ.
Алма. Жиналыстан кейін Жомартты адам аяйтын, ішім елжіреп кетті.
Жанат. Оған не болды?
Алма. Құлады, Жәкем құлатты.
Жанат. Жәкем емес, көпшілік шығар.
Алма. Көп Жәкемнен аса алмады, сен әділін айт, Жаночка. Түпсіз терең жігіт екен, жаңа ғана бойладым.
Жанат. Я, ол іскер жігіт.
Алма. Ол сұлу емес, сүйкімді. Осал емес, берік, топас емес, өткір. Солай емес пе, Жанат?
Жанат. Я, ірі жан нәзікті, нәзік жан іріні сүйеді, Заты адам өзінде жоғын іздейді. Сенің жаның нәзік қой, Алочка!
Алма. Жоқ, мен әншейін айтам.
Жанат. Мен де жай айтып отырмын.
Алма. Жоспарын қолдайық. Оқысаң бойды алады, оқышы өзің. Нағыз поэма.
Жанат. Солай ма?
Алма. Мен әкеп берейін, әкелейін бе, әкелейін бе?
Жанат. Әкелсең әкел. (Алма асығыс шыға жөнеледі.) Ақ көңілді нәзік жан. Ауыртуға сені қол батпас. Қатал тағдыр қайрап жатыр қылышын, тән кесерін, тас кесерін кім білсін. (Ауыр ойда, басын ұстап отырғанда Жақып енеді).
Жақып. Балам, бір жерің ауыра ма?
Жанат. Жоқ, әншейін.
Жақып. Жастық әперші. (Жантаяды.)
Жанат. Көп кешіктіңіз ғой.
Жақып. Жиналыстан кейін Сатан мен Есжан келіп, бөгеліп қалдым. Кемпірді шақыр. Отырыңдар, оңаша бір кеңесейік. (Үшеуі бас қоса бергенде Ақмет кіреді.)
Ақмет. Кеш жарық.
Жақып. Жоғарыла.
Ақмет. Жанатжан, бөлмеңе бара тұр. Мен мынамен еркін сөйлескелі келдім. (Жанат кетеді.)
Жақып. Сөйле, байеке.
Ақмет. Бүйткен байлығы бар болсын. Азаптың үлкені сол боп барады.
Жақып. Қалайша?
Ақмет. Бір сиырым шығып кетіп, іздей-іздей әбден шаршадым.
Жақып. Табылды ма?
Ақмет. Жоқ, табылмаса мейлі. Мұрның ғана құрғыр қу сасық, не іздеп кетті екен, ә? Малдың да ақымағы толып жатыр. Соған бола жарты күн жұмысым қалды. Қазір жарты күн ондай он сасыққа тұрады.
Жақып (үлкен денесін селкілдете күліп). Айуанға да өкпе жүре ме?
Ақмет. Біле білсең бұл саған айтылған өкпе.
Жақып. Байыса бір әлек, байымаса екі әлек, қалай жағарсың бұл жұртқа.
Ақмет. Ей тоқта! Түсінбей күліп отырсың. Рас, жақсы басқардың, колхоз алға кетті. Бірақ байлық баяғы Итбайда да болатын. Сол рақатын көріп пе еді?
Жақып. Көрмесең өзіңнен көр.
Ақмет. Сенен көрем.
Жақып. Жаным-ау, енді отымды жағып, асымды салып бер деймісің?
Ақмет. Міне, міне, білмегенің, осы.
Жақып. Ал, білсең айта ғой.
Ақмет. Айтайын, сақтық кассаға ақша саламыз, керегінде аламыз. Бағу сұрамайды, өрт, жұт, ұры алмайды. Біздің фермалар осындай бірдемені неге ойламайды? Жеке меншік малды да бақсын, ақысын алсын.
Жақып. Сөйтіп, Жомарт екеуің коммунизмге бір-ақ секірмексің ғой.
Ақмет. Секірсе несі бар! Ата-бабаңнан келе жатқан жеке меншіктің әуресінен құтыласың. Колхоз дегенді мен бірлескен өнімді еңбек деп түсінем. Жеке меншік сол еңбекті жеп жатыр.
Жақып. Байқа, Жомартқа еріп шатың айрылар.
Ақмет. Я, Жомартпен бүгін армансыз айтысыпсың. Жеңіпсің. Жеңгеніңе қуанып келмедім, кейін келдім. Ол менің сорғалаған терімді сүртіп, электр бермек қолыма. Сен, мына шаш ағарса да, бұт балғаны тастама дейсің қолымнан. Ол, осындағы мөжеңке сиырлардан менің сиырымдай балабай сиыр жасамақ. Сен мөжеңкеңнен айрылма дейсің елге. Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады. Адастың, Жақып. Адаспа, қайт! Тұнжырама, аш қабағыңды!
Жақып. Болдың ба?
Ақмет. Айта бер!
Жақып. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген еді. Көтермегенін көрдім. Дәулетті сен көтере ме деп едім, көтермегеніңді көрдім. Не шатып отырсың! Коммунизмді бүгін орнат демекпісің? Әлде мені өмірге жаңа келген бала деп білемісің? Сендер көргенді мен алдақашан көргем, сендер білгенді алдақашан білгем. Колхоз көші тура бара жатыр. Он сегіз жылғы артқа қара, қанша кеткенің сонда көрінеді. Кім сонда сенің үйіңе ат басын бұрып еді? Ал, бүгін бұрған екен, осынша көкуің не? Желе жортып-ақ келеміз, арындама, жайыласың. Одан да белдер басқан бөкен желісті айт.
Ақмет. Е-е-е, бір жыл туып, бірге өссем де, білмеппін. Майысса да сынбайтын болат па десем, морт кетер шойын екен ғой.
Ырысжан. Бетім-ау, өмірі екеуі шай деспей келіп мұнысы несі! Ойындарың ба, шындарың ба?
Жақып. Қайсысы болса да ойдағысы ғой.
Ақмет. Рас. Қош, кезеңді жерде тағы кездесерміз.
Ырысжан. Отыр, ей, көкіман, отыра түс.
Ақмет. Сендей бір кемпір үйде де күтіп отыр. (Шығып кетеді. Ұзақ пауза. Жанат келіп аң-таң болып тұр).
Жақып. Балам, шаршадың ба?
Жанат. Жоқ, Жәке.
Жақып. Бері келші. (Жанат келіп қасына отырады. Жақып біраз шашынан сипап, маңдайынан иіскейді.) Әркім етектен ала бастады. Жас болса келіп қалды. Алысуға әл жете ме? Бас сауғаға ар жете ме? Ақыл жастан, балам сен не айтасың? Көпті көрген кемпір, сен не айтасың? Кеңеселік.
Жанат. Етектен алушы кім? Не үшін алады? Жаке, мен осы арасына түсінбей отырмын.
Ырысжан. Жанатжан-ау, не естіп жүргенсің? Жомарт пен Баймақан еді. Ақмет тағы қосылды ғой.
Жанат. Қояр кінәсі не?
Ырысжан. Кінәсі жоқ. Бірі бастық, бірі орынбасар болғысы келеді дейді.
Жанат. Көп сайласа бола берсін. Оған бола тартыстың, намыстың керегі не?
Жақып (басын көтеріп). Теріс беттеп барасыңдар. Менікі шен таласы емес, егер жұрттың көздегені председательдік болса, мен күзетші - ақ бола салам.
Жанат. Енді не талас?
Жақып. Талас басқада. Көзімнің қарашығы Жанатжан, сені қандай тілесем, осы колхозды сондай тілеген едім, тәрбиелеген едім. Міне, бүгін бұ да пісіп толып тұр. Зәуреде сен теңіңді, не дұрыс жолыңды таппай ренжітсең, аталық ақымды кешу маған өте қиын. Колхоз тізгінін сыналмаған, сенімсіз қолға ұстату одан да қиын. Іш осыған ашиды. Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп. Сыншының бәрі мінші ме, жеудің бәрі енші ме? Қабылдай беруге болмайды. Қабылдамасаң тартысады. Менікі мансап қамы емес, жарғақ құлақ жастыққа тимей, жалындаған еңбекпен жасалған осынау жаңа дүние, жаңа ауылдың қамы, балам.
Жанат (жымиып қана күліп қояды).
Жақып. Адасып барам ба әлде?
Жанат. Адасқан жоқсыз, айта беріңіз. Бірақ тіпті сақ, тіпті қызғаншақ боп кеткенсіз бе, қалай?
Жақып. Болса болар. Еңбегімнің бұл жанған шағы. Сондықтан, ол еңбекке, еріксіз сақ, еріксіз қызғаншақпын. (Жоспар қолтығында ораулы Алма кіреді.) Отыра қал, балам.
Жанат. Колхозыңыз колхоз, еліңіз ел, неге тарықтыңыз осынша. Әлде жиналыста сын қатты болды ма?
Жақып. Сынды жаңа көріп жүрміз бе, сынның сыны бар да.
Жанат. Жұрт не деді?
Жақып. Жұрт дұрыс айтты. Дұрыс шешті. Бірақ Жомарт, Баймақандар «кем өлшеп, кейін тартасың» деді. Қолдарынан келсе бұзбақ көптің қаулысын. Ірітпек бірлікті.
Жанат. Дұрыс қаулы бұзыла ма, шын бірлік іри ме, Жәке?
Жақып. Жәкеңе ауыры ол емес. Ірімейді, бұзылмайды. «Кем өлшеп, кейін тартасың» дегені батады. Жаным-ау, көзі ашық жігіттер көрмей ме? Әлде көргісі келмей ме?
Жанат. Сақ, қызғаншақ болғаныңыз жарасып тұр. Мен дүниені көбінесе кітаппен танып келем. Сіз қолмен ұстап, көзбен көрдіңіз. Мүмкін, менікі жаңсақ болар. Әйтсе де, бір нәрсені есіңізге салам.
Жақып. Айта бер, қарғам.
Жанат. Сіз колхоздың бірінші дәуірін — социализм дәуірін атқарып келесіз. Коммунизм дәуірінің жаңалығын сезе алмасаңыз, «кем өлшеп, кейін тартуыңыз» сөзсіз. Алдымен осыған сақ бола көріңіз.
Жақып (мұрнынан мырс етіп). Сонда Жомарт пен Баймақандар ғана жасамақ па коммунизмді?
Алма. Олардың жоспары тіпті әдемі ғой, Жәке. Неге ұнамайды сізге.
Жақып. Балам, қиялилардың да ойы әдемі. Ал, осы облыста осыдан артық қай колхоз әдемі?
Жанат. Олар асыра сілтеп жүр ме? Әлде мезгілі жеткен жаңалық па? Маған әлі мәлім емес. Рұқсат етсеңіз жоспарымен танысайын да, төреші болайын сіздерге.
Жақып. Тым ақ көңілсің, Жанатжан. Әкесімен айтысып, баласына жүгінген бар ма?
Жанат (күліп). Әділдік пен алғырлықтың алмайтыны жоқ дейтініңіз қайда. Одан да әділдігің, алғырлығың жете ме десеңізші?
Жақып. Аһ, солай екен-ау! Ендеше көрсет қабілетіңді, Жанатжан, көрсет! (Ырысжан екеуі кетеді.)
Алма. Тіпті тамаша нәрсе. Сурет, диаграммалар, өзі суретші деймін. Есеп, түсініктер. Тез қарап шық.
Жанат. Міне отырам. (Бөлмесіне енеді. Ұрқия кіреді.)
Ұрқия. Оңаша отыр екенсің, жақсы болды.
Алма (екі жақтағы есікті ымдап). Ақырын, ұйықтап жатыр. Жұмыс істеп отыр.
Ұрқия. Шырағым-ау, құрдасың емес. Айдарда нең бар?
Алма. Не деп келесіз, жеңеше?
Ұрқия. Кеше Жәнібек екеуің кімге күліп тұрдың?
Алма (ойланып қалып). Жәнібек тұрған жер күлкісіз бола ма? Қайдан білейін.
Ұрқия. Ұмыта қалған екенсің, шырағым, есіңе салайын. Ағатайыма күлмеңдер. Жәмила ағайымнан жиырма - ақ жас кіші. Ана сүті аузындағы қыз емес, келіншек ол. Жас қатын алғанның несі сөлекет?! Ұрлап алған жоқ, зорлап алған жоқ, тапа - тал түсте, соғыс кезінде той жасап-ақ алған.
Алма. Жеңеше-ау, маған несіне таусыласың. Жәнібекке айтсаңызшы.
Ұрқия. Сен күліп, қостап тұрдың сонда.
Алма. Бұдан былай күлмейін, қостамайын, разысыз ба?
Ұрқия. Ырзамын.
Жанат (есіктен). Алма, келіп кетші!
Ұрқия. Қорқам Жәнібектен. Сенбеймін Жәмилаға. Көздері ойнақы, сөздері ойнаңқы. Осы қыз Жәнібекпен, Жанат Жомартпен болса, бәрі түгел. Тек қасақы құдай бірін олай, бірін былай қасақана шатастырып отыр. (Алма қайта шығады.)
Алма. Жәнібек сайтан күлдірмей қоя ма. Енді жарылып кетсем де күлмеспін. Сөйтіп, тастайық, жеңеше, ә?
Ұрқия. Тастайық. Сол Жәнібектің өзі алтын сақадай неме. Колхоздың бар малын сол билейді. Қалжыңдарың жарасқан сияқты, біржолата етегін неге ұстамайсың, шырағым.
Алма. Бұл әңгімені де тастайық, дайындығым жоқ.
Ұрқия. Бұған не дайындық керек? Керіліп жүргенде қағып әкетеді біреу.
Алма. Қағып әкетсе, әкетсін. Өкінбеймін.
Ұрқия. Байқа, шырағым. Көңіліңде Жомарт болса, Жанатпен тайталасып қайтесің. Бір жігіт түгілі, бір ауданды өзіне қаратып баратқан қыз ол. (Алма үндемей тұрып қалады.) Ойлан, шырағым, отырып қалдым, қайтайын. Мені шығарып сал. (Екеуі де кетеді. Әлден уақытта, қолында жоспар, бөлмесінен Жанат сөйлеп шығады.)
Жанат. Алма! Шығып кеткен бе, тамаша пікір! Шалқыған идея, шалқыған өмір жатыр. Бәрі есептелген, дұрыс есептелген. Неткен алғыр ой! Білем, ол ақылды. Сүйкімді. Ол жүректі де жандыра біледі. Тек жұбата білмейді. Неге мақтаймын осынша?! Әкем көңілін қалдырғанда, өзімді бір жұбатты ма? Бірақ, кесілді ме осы үміт? Алма кеседі, Алма! Бір төсекте жатып, сенімен қалай тартысамын. Тартыспасқа қалай шыдармын! Ах, сана деген бір күш бар, бәрі соған бағынады. Санасыз жүрек қашан да сұм нәпсіге табынады! Көндіру керек Жәкемді! (Жақыптың есігіне ұмтылып келіп тоқталып қалады.) Қатты еді мінезі, бетім қайта ма? «Зәуре теңіңді, не дұрыс жолыңды таппай ренжітсең, аталық ақымды кешу қиын» деді-ау, жаңа. Ол не дегені? Жомарттан сақтандырғаны болса, құрыса түседі де?. . Өмір сыры сынап екен. Жәкем, Алма, Жомарт ең жақыным деуші ем, ең ауыр қинаушым да осылар болды-ау? (Ұзақ ойланып жүріп.) Таптым, таптым! Төреші мен болғанша, партия болсын!
Шымылдық.
ЕКIНШI АКТ
3-КАРТИНА
Райком секретарының кабинеті. Кабинеттің есігі жабулы. Алдындағы бөлме көрінеді. Ешкім жоқ. Қарауытып Жақып енеді.
Жақып. Жан жоқ қой, тамаққа тараған ба? (Есжан енеді).
Есжан. Е-е-е, қош келдіңіз, Жақа! Мал-жан, ауыл-аймақ тегіс аман ба?
Жақып. Шүкір, амандық.
Есжан. Ал, жұмыс қалай?
Жақып. Жүріп жатыр.
Есжан. Ремонт бітті ме?
Жақып. Бітті. Есжан. Тұқым ше?
Жақып. Тұқымды да тазартып, дайындап қойдық.
Есжан. Көлік не күйде?
Жақып. Көлік күйлі, жем де тұр.
Есжан. Бәрекелді, Жақа! Енді, бір бой жазуға шыққан екенсіз. Бүгін осында әнші Жүсіпбек келмек. Концерт береді. Көріп қайтыңыз рақаттанып.
Жақып. Өз концертім өзімде.
Есжан. Ә, не боп қалды?
Жақып. Әлі естімеп пе едің?
Есжан. Түк естігем жоқ. Колхозда төрт күн жүріп жаңа ғана келдім. Онда да бюроға келдім.
Жақып. Естімесең тағы Жомарт, тағы топ. Жоспар дауы бас алғызбай қойды. Үкіметтің, көптің дегенін қолдайсың, менің дегенімді қолда дейді. Қасарысып едім, жас неме басымнан күш алып кетті. Мертігіп келдім. Тән мертігі емес, жан мертігі. Бір менікі емес, бәріміздікі.
Есжан. Сонымен, Жомарт жоспары өтіп-ақ кетті ме? Кім өткізіп жүр?
Жақып. Коммунисі бар, комсомолы бар, бес кісі қол қойып, райком бюросына арыз беріпті. Ішінде біздің Жанат та бар.
Есжан. Жанат та бар?!
Жақып (күрсініп). Я, сонымен біз де бюроға келіп отырмыз. Ұйтқы бұзылды. Алалық ошақ басына да келді. Ендігі сөз сіздердікі.
Есжан. Ақметті құтыртып, жеке меншікке шабуыл жасап жүрген де сол. Баймақанды құтыртып, «темір тәртіп, темір тәртіп» дегізетін сол. Қандай колхоз еді! Осылар келді де, кетті маза. Оның аузына қарамаса болмайды. Қайғырмаңыз, Жақа, бұл сізді басынғаны емес, бізді, колхоз көпшілігін басынғаны. Көрерсіз, бәлем шоқ басқан тайлақтай болар!
Жақып. Тым жаншып тастамаңдар. Жастар ғой, албырт қой, тек ауыздықтау керек.
Есжан. Жүріңіз, үй жаққа бара тұрайық. (Шыға бергенде Сатан кездеседі.)
Сатан. Келіп қалдыңыз ба, Жақа? Бюро басталғанша бой жылытып тыныға тұрыңыз. Есжан, сен бері кел. (Жақып кетеді. Екеуі кабинетке кіреді. Штор ашылады, не қабырға көтеріледі, кабинеттің іші көрінеді).
Есжан. Мынау «Аманкелді» бүлініп жатыр екен ғой. Тәртіпке шақыру керек, мықтап шақыру керек. Жомарт деген Жақып түгіл өзімізді кеудесімен соғуға айналды. Үкіметті, партияны, көпшілікті тыңдаудан қалды совсем.
Сатан. Бұған қандай дәлелдер бар?
Есжан. Үкімет, партия халық сыйлаған колхозбен бірге жасасып келе жатқан Жақыпқа неге тыныштық бермейді? Өзіміздің нұсқауымызбен жасалған жоспарға неге қарсы? Қой дедік. Неге өршеленеді осынша?
Сатан. Егер сенім деген мықты болса, жалғыз адам тау қопарудан тайынбайды.
Есжан. Несіне сенеді? Несі бар сенетін?
Сатан. Рас, ол жас адам. Жақыптай арқасына көп жылдарды, бай колхозды арқалап тұрған жоқ. Ойына, келешегіне қарауымыз керек.
Есжан. Маған партияның, көптің ойы ғана қымбат. Оларға қарсы шыққан ойды жаншудан басқа жоқ. Жаншу керек.
Сатан. Дұрыс айтасың. Бірақ, қарсылық пен жаңалықты айыра білейік. Алға тартқан жаңа ой қарсылық па? Жақып жеткеннен, біз жеткеннен аспа, ойлама, деп айтқан жоқ партия. Қайта ас, ойлан, ізден деп жатыр. . Жомарт асса неге қарсылық болады?
Есжан. Оның қызыл сөзі маған да мәлім. Не істеді сол, не істеді айтшы?
Сатан (жоспарды көрсетіп). Мынау іс емес пе? Үлкен жоспар, үлкен істің жетекшісі.
Есжан. Өзің шынымен мақұлдамақпысың! Өзгеріп қапсың ғой?
Сатан. Я, өзгердім. Шын мақұлдаймын.
Есжан. Кеше Жақыпты, бүгін Жомартты, ертең тағы біреуді мақұлдай берсек басшылықта не бедел қалады?
Сатан. Самалюбие жақсы, себелюбие жаман. Сен жаманын ұстап отырсың-ау деймін. Жаманы — «біз жеңілгеніміз бе?» деп тұр? Жақсысы — «біз көрмегенді Жомарт көрсе, не шамы бар?» деп тұр. Мен соңғысын ұстаймын. Бір сүріндік, екі сүрінудің керегі не? Құлауға ма? Өз мінін өзі біліп, түзеуде ердің ісі. Бес кісі арыз беріп отыр, бүгінгі бюрода қаралатын бірінші мәселе, осы «Аманкелді» колхозы жайында.
Есжан. Бұл мәселеде мен сені қостай алмаймын. Жомартқа еріп асыра сілтемекпісің? Жақып жоспары, облыстың, өзіміздің установкамызбен жасалғаны қайда? Мүмкіндік дегендердің бәрін есептеп едік қой сонда. Бұл жерде жеке бастың намысы емес, табандылық пен табансыздық көрініп тұр. Мен установканы бұза алмаймын.
Сатан. Бес жылдық жоспарды төрт жылда орындасақ, партия установка бұзылды деп ұрыспайды, қайта рахмет айтады.
Есжан. Егер орындамасақ қайтер еді? Оны да ойлау керек. Сөз үлкен болғанша іс үлкен болсын. Алысқа қарап алақтап, аяқ астын көрмеген жығылады. Жомарт көргенді, сен көргенді, мен де көріп отырмын. Жығылғым келмейді. Ауылды электрлендіру, малды асылдандыру, ауыспалы егіс бір жылдың жұмысы емес, біртіндеп істелетін, бірнеше жылдың жұмысы. Қарқынның да шегі бар, шектен асып барасыңдар. Егер, жаңа установка алып отырсаң көрсет. Әйтпесе, осынша өктеудің қызбалықтың керегі қанша?
Сатан. Есжан, сен екі сөздің бірінде установка деп қоймайсың. Бірақ, соның өзін жақсы ұғынбапсың. Алексей Стаханов, Шығанақ Берсиевтер, ешбір установкасыз, бұйрықсыз-ақ жер жүзілік рекордтар жасады. Теңіздей терең халық ішінде алмастай асыл ойлар жатыр. Установка соны көре біл, ала біл деп тұр. Көруге қырағылық, алуға батылдық керек. Міне осыны іздейік.
Есжан. Сен іздеген де, тапқан да сияқтысың. Сірә, таба алмай жүрген мен ғана болсам керек. Пікірім өтпесе, аудан тағдырына ортақтаспасам несіне отырмын бұл арада.
Сатан. Өтімді пікір ғана етеді. Пікірдің дәрежеңнен кем түссе кімге өкпелейсің. Рас, адалсың, аянбай істейсің. Бірақ, ойлану, іздену аз. Ел өсіп барады. Өскен елге жалаң әкімшілік — бойға қорлық. Басшылық қасиеті айқайда емес, алғырлықта. Мынау орын бізге еншіге емес, сынға берілген. Сынға! (Пауза.) Сынасам десең сен де сал пікіріңді бюроға.
Есжан. Жарайды, бюро шешсін. (Кабинет жабылады, алдыңғы бөлме көрінеді, Жанат, Жомарт, Баймақандар енеді.)
Жомарт. Ерте келіп қалдық па?
Баймақан. Ертеден кеш жаман.
Жомарт. Тым ерте де жақсы емес.
Жанат. Бәрі мезгілінде жақсы. Қарап отырғанша Жәнібек пен Алманы тауып алмаймыз ба?
Жомарт. Екеуі де хабарланған. Осы жерден табысады.
Жанат. Жәкем қайда жүр екен? Япыр-ай, беттесуге бет шыдай ма?
Жомарт. Сонша, біз не істеген кісі. Бәріміз партия мүшесі, партия алдында пікір алысамыз. Оның не айып-шамы бар?
Жанат. Рас, көп арманын көме алмадық. Бірақ, қарттың — қарттық, атаның — аталық үстеме мінездері де бар көрінеді. Соған көлденең келіп қалған тәріздіміз.
Баймақан. Осындай тым майлы сөздердің керегі не! Әр-беріден соң жүрекке тиеді.
Жанат. Тым майсыз болса жүрек қарайтады. Оны да ойла!
Жомарт. Қарт келгенде күдіреймей, томсармай, бұрынғыдай қарсы алайық. Жеңерміз, жеңілерміз. Бірақ еңбегі сіңген адам ғой, құрметтеуіміз керек. Бұл ойсаң мықты кісі! Мен бір жоспар орындала қалмады деп жаным шығып жүр. Оның орындағанының өзі қанша! Қыруар жұмыстар істеген. Соны біз жойғалы тұрған сияқтымыз оған. Сонда да тертеден шыға бір шамданбайды-ау сабаз. Мұндай әке мақтан ғой балаға. (Жәнібек кіреді.) Жоғарыла, балуан.
Баймақан. Несі балуан, Жәнібектің бір кісі жыққанын көргем жоқ әлі.
Жомарт. Ісіне балуан, оның үстіне боксер. Жұдырықтасып, не қол қысып көрші, кәне.
Жанат. Қой, Баймақанды ұнтап тастар.
Жәнібек. Жә-жә, көпшіктерің өз астыңа. Ертең бізге мал керек пе, сірә?
Жомарт. Е. керек.
Жәнібек. Керек болса, осынша ат сабылтар ма кісі! Ерте шығып, жәй жүріп келсеңдер іштерің жарыла ма? (Күлкі.)
Баймақан. Осы малдан туған!
Жәнібек. Маңырамаңыз! Көліктері су емес май.
Жомарт. Жәкеңдікі дұрыс, Жәкеңдікі дұрыс.
Баймақан. Құтыртыңдар, құтыртыңдар!
Жәнібек. Мұрныңды быт-шыт қылып жіберейін бе осы? «Темір тәртіп, темір тәртіп» деп қоймайсың. Ат сабылтқан да «темір тәртіп» пе? (Қолтығында ораған қағаз, қолында көтерген бумасы бар Алма енеді.) Келді, тағы бір бүгелік.
Алма. Соқтықпай тұра алмайсың-ау.
Жәнібек. Баймақаннан сотқар емеспін, о да сиып жүр ғой.
Алма. Сенің тілің қыршаңқы.
Жәнібек. Қышыманың бәрі бірдей жаман емес, кейде жан саясы.
Баймақан. Сенікі дәу де болса сиырдың қышымасы. Ол қауіпті.
Жәнібек. Мал жайын білмейсіз, маңырамаңыз деймін.
Алма (шегі қатып). «Маңырамасы» маңырама. Аяғыңдағы «ыңызы» не осының?
Жомарт. Сыпайы жұрнақ. Тілшілерге жана тақырып. (Күлкі.)
Алма. Осы екеуі айтысып жүргені, неге бір төбелеспейді?
Жәнібек. Жаныңа жағар еді, ә? Мыналарың не?
Алма. Соқтықпа, соқтықпа!
Жәнібек. Жел емес шығар, шығып кететін. Көрейік.
Алма. Ол аккардион.
Жәнібек. Бюрода да аккардион тартпақпысыз?
Алма. Беталды лақпа. Бірсыпыра жастар осыған құмар. Қобыратпа, ол шахмат, дойбы. Бұлар мандалин, скрипка жабдықтары.
Жәнібек. Ал, мынау?
Алма. Ноталар. Одан да мынаны қара! Біздің колхоздың өсуін көрсететін диаграмма. Әдейі жасаттым художникке. (Бәрі қарап тұрады.)
Жәнібек. Түрің жаман сен қыздың. Ақшаны клубқа салып құртарсың. (Жақып енеді.)
Жақып (Алманың алғандарын үнсіз қарап шығып). Ұқыптысың-ау, Алмажан. (Жәнібекке.) Семинар бітті ме?
Жәнібек. Бітті. Бір зоотехниктен кем түспепсіз, Жақа.
Жақып. Айдар көздеріңе түсті ме? Есебі не болды екен?
Жәнібек. «Мынаған өткіздім» деп бас бармағы шошайып жүрген.
Жақып. Баймағамбет құмар болған торайын алып па?
Жәнібек. Алыпты. Көзі тайғанда мен ұрлап тығып қойдым. Дәуде болса іздеп жүр соны. О да қайтады менімен.
Жақып (Баймақанға). Анау қыраттағы егін жайдың қары әлі жұқа көрінеді. Қалыңдата түсерсіңдер.
Баймақан. Ол Бейсен соққанның учаскесі ғой. Әттең, әскерде қолыма бір түспеді, не керек!
Жақып (Жәнібекке). Суатты кеңірек ойыпсыңдар, мал түсіп қалмасын. Қыс биыл қатты болар, күн құлақтанып, жел терісінен шығыпты. Отардағы малдың қамын ойлау керек. (Қоңырау).
Жәрдемші қыз (кабинетке кіріп шығып). Кіріңіздер, бюро басталады. (Бәрі кіреді. Жанат пен Алма тұрып қалады. Қысылған, ұялған, батылдары жетпей тұрған түрі бар). Кіріңіздер. (Жанат амалсыз кіреді, Алма қалады). Сіз неге енбейсіз?
Алма. Мен кіре алмаймын. Өмірі Жәкеме қарсы сөйлеген емес едім. Дәтім шыдамайды. «Ауырып кетті» деңізші. Сатан ағаға. Сөзім сөз, арызым арыз, бірақ, жоқ жазып берейін. (Жазып береді де, зытып кетеді. Жәрдемші қыз хатты беріп шығады. Қолында бос қапшық, Баймағамбет енеді.)
Баймағамбет. Ассалаумағалейком! Амансың ба, шырағым? Біздің балуан осында ма?
Жәрдемші қ ы з. Балуаныңыз кім?
Баймағамбет. Өзіміздің әлгі, зоотехникті айтам.
Жәрдемші қыз. А, Жәнібек пе, осында. Тоса тұрыңыз.
Баймағамбет. Тоспасқа амалым жоқ. Соның көлігіне ілесіп қайтпақ едім. Басқарма болып жатыр ма, шырағым?
Жәрдемші қыз. Болып жатыр. Басқарма емес, бюро деңіз, басқарма колхозда болады ғой.
Баймағамбет. Оқасы жоқ.
Жәрдемші қыз. Сіздің колхоз айтысып жатыр ғой, қай жағындасыз?
Баймағамбет. Мен бе?
Жәрдемші қыз. Я, сіз?
Баймағамбет. Апыр-ау, мен осы қай жағында екенмін? (Ойланып.) Мұның екі жағы да жақсы ғой. Оһ, мен енді Жомарт жағында екенмін. Шошқаға электр керек. (Кейін отырып таңдайын қағып қояды. Далада балалардың сызтырық ойыншығының даусы естіледі. Елең етіп терезеге барып, далаға да шығып кетеді. Тағы естіледі сызғырық, тағы сонысын қайталайды Баймағамбет.)
Жәрдемші қыз. Сіздің мазаңыз неге кетіп отыр?
Баймағамбет. Қас пен көздің арасында бір торайдан айрылдым, шырағым.
Жәрдемші қыз. Тоқтаңыз (сақылдап күліп). Ол балалар емес пе, сызғырық ойнап жүрген?
Баймағамбет. Апыр-ау, торайдың дауысы сияқты ғой.
Жәрдемші қыз. Сызғырықтың дауысы. Манадан соған әуре екенсіз.
Баймағамбет. Ә? Қап, торайдың төресі еді. Ат-түйедей қалап алып едім.
Жәрдемші қыз. Қалай айрылып қалғансыз?
Баймағамбет. Осы қас пен көздің арасында айрылдым, қарағым. Мына қапқа салып, аузын мықтап-ақ байлағам. Жібі міне, дәретханаға кіріп қана шықтым, сол екі арада қаптың аузы шешіліп қапты. Шығып кеткенін, алып кеткенін біле алмай, дал болып отырғаным. Бармаған жерім жоқ сұрау салған болдым.
Жәрдемші қыз. Сізде шошқадан көп нәрсе жоқ. Бір торайға осынша қамығасыз.
Баймағамбет. Бұл бір бөлек тұқым еді. Өсірейін деп едім. (Жантас енеді.)
Жантас. Жолшыбай егін жайдың қарын көрем деп, бөгеліп қалғаным.
Жәрдемші қыз. Енді неге отырсыз?
Жантас. Кіруге бола ма?
Жәрдемші қыз (күліп). Міне қызық. Кіріңіз.
Баймағамбет. Тұра тұр, торай көзіңе түсті ме?
Жантас. Бөгемеші, Бәке! Торайға сұрау салу ұят-тағы.
Баймағамбет. О, тоба! Шошқаны менен басқасы әлі мал демейді. (Жантас кіре бергенде бюродағылар шыға бастайды.) Ал, немен тынды?
Жәнібек (Жантасқа). Айтып жібер. Жуан ортасында болдың ғой.
Жантас. Ой, қойшы!
Жәнібек. Жаңа жоспар қабылданды. Бәке.
Баймағамбет. Әйтеуір, көңілде қаяу қалған жоқ па?
Жәнібек. Қаяуыңыз не, құлпырып шықты бәрі.
Баймағамбет. Мен манағы торайдан айрылдым.
Жәнібек. Қайырын берсін, Бәке. Айтпақшы, бір торай қаланың шетінде шыңғырып, шапқылап жүр деп еді.
Баймағамбет. Ой, сол болды. Үсіп қалмағай-ақ! (Асығыс Жәнібек екеуі шығып кетеді. Жомарт, Жантас, Баймақандар кетеді. Кабинеттен Жанат пен Жақып шығады.)
Жақып. Жанатжан, көңілім саған қарайып қалып еді, енді ағарып келеді. Алыстан көріпсің ақ тұйғыным. Тағы да қарашы не көрінеді! Жәкең не қыларын білмей отыр. Көнбейді көңіл, көнбеске тағы болмайды.
Жанат. Көнсеңіз де, көнбесеңіз де абырой алар ма екенсіз?
Жақып. Япырай, солай ма?
Жанат. Көнген күнде Жомарт жоспарын басқару қиын. Ғылымға негізделген жоспар. Көнбесеңіз одан да қиын. Бюро бекітіп отыр.
Жақып. Енді қайттік?
Жанат. Осы абройлы кезде басқа бір қызметке ауысқаныңыз жөн болар.
Жақып. Темір де тозады, тозған шығармыз. Жарылқаса жаңаны да көрелік. Арыз жаз, балам, босанам. Демалмағалы он бес жыл, демалам. (Алдыңғы бөлме жабылады. Кабинет көрінеді. Сатан мен Есжан ғана отыр.)
Сатан. Ал, Есжан, бюро Жомартты қостады. Енді бұл жоспар орындалмаса Жақып үшеуміз айыпты.
Есжан. Көрерміз.
Сатан. Жомарт, Жақып екеуі де суы қатты адамдар. Бюродан кейін де сиыса алар ма екен осылар?
Есжан. Сиыса алмайды.
Сатан. Сиыса алмаса, жұмыс ақсайды.
Есжан. Ақсайды. Көріп отырмын, сөз жоқ құлайды.
Сатан. Құлатпау керек.
Есжан. Құлатпаймын десең, біреуін басқа колхозға ауыстыр.
Сатан. Қайыссын?
Есжан. Қашаннан келе жатқан Жақыпты ауыстырып болмас.
Сатан. Жомарттың жоспарын қабылдап, өзін қуамыз ба сонда? (Есжан үндемейді. Болмайды. Әзірге екеуі де қозғалмасын. Бірақ, мықты секретарь берелік. Жантас бейшара екі нардың арасына түскен шыбын сияқты боп қалды. Босатайық оны, обал.
Есжан. Баймақан болады да онда.
Сатан. Тым қызба.
Есжан. Кәрібай ше?
Сатан. Тым жуас. Балтабек қайтер екен?
Есжан. Білімі шағын, өресі жетпей қалады. Жанат қалай? Бірақ, о да бір философия жатқан. Жастық қылмай ма?
Сатан. Міне дұрыс айттың. Жастығы, философтығы кемдік емес. Өмірге жақсы араласып жүр. Көне ме, соны айт. Саяси оқуды басқарады, мектепте орыс тілінен сабақ береді. Оның үстіне аспирантураға дайындалып жүр деп есітем.
Есжан. Біз жүктесек көнбегенде қайтеді.
Сатан. Ойлап, есептеп жүктеу керек. (Жәрдемші қыз енеді.) Жанат пен Жақыпты шақырыңызшы. (Екеуі де ісіреді. Жақып арызын береді.)
Жақып. Бұл үйден ішіме бүкпе сақтап кеткен емен. Жомарт жоспарына көзім әлі жеткен жоқ. Қараңғыда сипалап, қанша алысқа барамын. Жас болса келіп қалды, сырт буын тарттық. Тайғаққа салып тайдырмаңдар мені. Көңілге қарамаңдар. Жеткен екен көздерің, жоспарымен қоса өзін де көтер. Председатель енді мен емес, Жомарт болу керек. Тілегім осы. (Бәрі ойланып қалады.)
Сатан. Жақа, бұл ашумен шыққан сөз бе, ақылмен шыққан сөз бе?
Жақып. Қайсысы болса да шын сөз.
Сатан. Сен не айтасың? (Есжан иығын қисаңдатып, алақанын жаяды.) Сіз не айтасыз?
Жанат. Жәкем шын айтады. Дұрыс айтады. Жаңа біраз ақылдасып ек.
Сатан. Дұрыс. Жәке, бұ да білгендік екен. Біздің қарсылығымыз жоқ. Бірақ көпшілік шешетін мәселе ғой. Колхозшылардың жиналысына салармыз.
Жақып. Тағы да бар айтарым.
Сатан. Айтыңыз.
Жақып. Бірің балам, бірің қожам, бірің досым — естеріңде болсын, жалындаған жас шағымда, жалындаған жас өкіметті бірге орнатысқан марқұм Фрунзе, Куйбышевтерді де көрген мына көз. Енді осы көз сендерге қатал сыншы! Егер, мәпелеп өсірген колхозым құламақ түгіл, қисайса мынау сіңір қол жағаларыңда! Кесіп тастамасаң жазылмайды! Болдым. (Шығып кетеді.)
Сатан. Осындай адамдарды бастау, басалқы айту оңай ма! Жанат, сондықтан, сіз партияға көмектесіңіз. Партияны жаңа күшпен, жаңа оймен еселеп отырмаса, партия бола алмайды дейді Ленин.
Жанат. Не көмек сұрайсыз?
Сатан. Сізді өз колхозыңыздағы партия бюросының секретарьлығына ұсынсақ деген ой бар.
Жанат. Бола алам ба?
Сатан. Неге бола алмайсыз?
Жанат. Тәжірибем, білімім шағын.
Сатан. Білім, тәжірибе істе ғана байиды.
Жанат. Партия оқуын, мектепті қайтем? Сырттан аспирантураға дайындалып жүр едім, үлгерем бе бәріне?
Сатан. Істей тұрыңыз. Ауырлап баратса көрерміз.
Жанат. (ойланып). Жарайды. Бірақ, өте қиын жағдайда істеуге тура келіп тұр. Өзіңіз айтпақшы, сол адамдарды оңай ма басқару. Тек, жәрдем етіңіз, Сатан аға.
Сатан. Ол біздің басы ашық міндетіміз. Сізге қазір айтарым, алдымен адамдарды тани біліңіз. Жомарт өте талантты жігіт. Бірақ, өз «білімі» көбірек, «көп біледі» азырақ. Осының көбін азайтып, азын көбейту керек. Жақсы Жақыптың жаман болуы ғажап емес, сақ болыңыз. Шама келгенше жамандықтан қорғаңыз. Баймақан тым тез, еркіне көп жібермеңіз, өңменінен де көп итермеңіз. Өте пайдалы адам, болат қанжар сияқты. Стахановшы Ақмет үлкен мәселе көтерген көрінеді. Оған, қазір жауап беру қиын. Ақылдасып шешерміз.
Есжан. Баймағамбет. Дос, Мәмбеттер, ескі қазақша айтқанда колхоздың құты. Солардың пікірін көбірек тыңдағайсыз.
Сатан. Дұрыс айтады. Ал, бізге айтарыңыз бар ма?
Жанат. Менің айтарымды да айтып қойдыңыздар.
Сатан. Қалған мәселені партия жиналысында шешерміз. Рұқсат. (Жанат қоштасып шығып кетеді.) Байқаған шығарсын бізге түскен салмақты да.
Есжан. Е, байқамай. Бірақ, біздікі, әйтеуір, басшылық жағы ғой. Орындайтын өздері.
Сатан. Әйтеуір басшылық аздық қылады.
Есжан. Конкретно ойласармыз тағы да.
Сатан. Қашаңғы ойласамыз. Менде дайын ой да бар.
Есжан. Бәрекелді, тіпті жақсы!
Сатан. Жомарт орасан бір күшті ескермеген. Біздің халықтың әдетіне айналып бара жатқан өзара социалистік көмек дегенді есептемеген: Өз колхозының күшіне ғана сеніпті. Енді үлкен жоспарын амалсыз кішірейтеді. Кішірейтпеу керек.
Есжан. Ол сөйтеді, өзіне ғана сенеді, өзі біледі.
Сатан. Өзіне сену жақсы қасиет. Өзінен басқа күшті көрмеу жаман қасиет. Оған социалистік көмек ұйымдастыру біздің міндетіміз. Есжан жолдас.
Есжан. Сонда, қандай көмек?
Сатан. Алдымен электр құралдары, маман жұмысшылар керек, демеді ме Жомарт. Ол бұларды завод директорымен саудаласып, сатып алмақ. Біз, екі заводтың горкомы арқылы арзан, әрі шапшаң аламыз. Колхозға бұл қала көмегін ұйымдастыру менің міндетім болсын.
Есжан. Оның жоспары ауыл көмегіне де зәру, жол жұмысы қол күшті көп тілейді. Ол жолмен жалғыз «Аманкелді» ғана емес, басқа колхоздар да пайдаланады. Сондықтан көрші колхоздардан бір-бір күндік социалиста көмек ұйымдастыру керек. Бұл көмекті мен ұйымдастырайын.
Сатан. Бәрекелді, табылған ақыл. Әзірге осымен тоқталайық. Бүгін «Аманкелді» колхозында болған іс ертең барлық колхоздарға жайылады деп түсінуіміз керек.
Есжан. Әрине, әрине!
Сатан (Есжан кетіп бара жатқанда). Бөгелші, біздің бұл ойымызды «Аманкелді» колхозы білмесін.
Есжан. Я-я: Сыртқы күшке сеніп, өз күшін салғырт жинауы мүмкін.
Сатан. Және «біз ұйымдастырдық» дегенше, «өздері ұйымдастырды» деу қандай жарасымды. Сонда социалиста көмек шын халық дәстүріне айналады.
Есжан. Түсінікті. Жақып деген өте беделді адам. Колхозшылар одан оңайлықпен айрылмайды. Жомартты председательдікке өткізу үшін екеуміздің біреуміз баруымыз керек.
Сатан. Бұл совет жұмысы ғой. Жиналысты өзің барып өткіз.
Есжан. Жарайды. (Кетеді.)
Сатан. (телефонда). Теміртауды беріңіз. Теміртау, Теміртау! Горкомды беріңіз. Горком, горком. . . А, горком ба. . .
Шымылдық.
ҮШІНШІ АКТ
4-КАРТИНА
Қыс. Колхоз басқармасы. Председательдің кабинеті. Көк шұға жапқан ұзын стол. Оның басында көлденең председатель столы. Жұмсақ диван. Радио қабылдағыш, Төселген жаңа дорожка, кілем. Есік, терезелерде кестелі перде. Ауыз бөлмеде хатшы қыздың столы, диван, қабырға сағат. «Партбюро» деген жазуы бар есік көрініп тұрады. Ұрқиядан басқа жан жоқ. Ол үй-ішін жиыстырып жүр.
Ұрқия. Е-е-е. Білсін жұрт, білсін, Жақыптың қадірін! Былқ етпейтін нар еді ғой. Шалқып жатқан көл еді ғой. . . Жаңа бастықтың беті жаман. Тықсырып барады, тықсырып барады. Тағы не деп келер екен. (Айдар енеді, көзінде көзілдірік.)
Айдар. Кемпір жоқ па әлі?
Ұрқия. Жоқ әлі.
Айдар. Бейсен бүгін маған келіп кетсін.
Ұрқия. Бастық қашан келеді, ағатай?
Айдар. Сағат алтыға басқарма мүшелерін жина депті ғой.
Ұрқия. Келместен жатып-ақ?
Айдар. Я, маған еңбек күннің есебін дайын қылсын деп бұйырыпты.
Ұрқия (елең етіп). Еңбек күнді де тексере ме?
Айдар. Тексеретін болғаны.
Ұрқия. Мына сыпырғы, пол жуғышты есептеп жүрген де сол ма. Өзің бе, ағатай?
Айдар. Сол. Бір қап, бір сыпырғы үш күннен аспайтын. Ұрқия клубты ғана біліп, конторға қадам баспайтын. Ол оның бәрін есептеген.
Ұрқия. Өзі Бейсенді жек көреді дейді, ә?
Айдар. Жақыппен араз болған соң, әлбетте жек көреді.
Ұрқия. Онда сізді де жақсы көрмес.
Айда р. Мен қорықпаймын. Есеп түгел. Бейсенге де не қылады?
Ұрқия. Тіпті, Бейсен сияқтыларға сот жоқ деген рас па?
Айдар. Әрине. Ол Отан соғысының еркесі. (Баймақан енеді. Әскер тәртібімен қол көтереді.)
Баймақан. Есенсіздер ме? Жомарт келмеді ме?
Айдар. Күтіп отырмын, кешікпей келеді.
Баймақан. Правление алтыда ғой? (Сағатына қарап.) Ертерек әзір.
Ұрқия (өзіне). Шекірейуін!
Баймақан. (Жан-жағына қаранып.) Мүлде басқаша тәртіп. (Кабинетке қарап.) Генералша тұрады шайтан. Жолдас бухгалтер! Жақып неге осылай мәдениетті ұстамаған?
Айдар. Жақып қазақы кісі. Жомарт интеллигент.
Баймақан. Демек, екеуі екі сорт. Ал, Бейсен үшінші сорт.
Ұрқия (айнала беріп). Апа дыпы, рапа қапал.
Баймақан. Жолдас уборщица, не дедіңіз?
Ұрқия. Түсінбесең қой.
Баймақан. Менің шаруам бар сізде.
Айдар. Қазір. (Кейінірек қалып.) Баймақанға жаңа не дедің, Ұрқия?
Ұрқия. Апа дыпы, рапа қапал дедім.
Айдар. Ол не сөз?
Ұрқия. Адыра қал дегенім.
Айдар. Дұрыс екен. (Шығып кетеді.)
Ұрқия. Адыра қал. Бұ да Жақып пен Бейсенді басынды енді. Бұл жұртқа тіпті жақпайсың. Жақыптан жақсы бар ма? Бетім-ай, әнеугі жиналыста Жанатқа дейін қарсы қол көтерді-ау. Есіл Жақып түсті де қалды. Енді Жомарт жақсы. Тұра тұр, жақсың мынау болса, жан теріңді шығарар. (Жәмила кіреді. Машинкасын жайып, жұмыс столына отырады.)
Жәмила. Болдыңыз ба?
Ұрқия. Болдым.
Жәмила. Жомарт көп жұмыс бітіріп қайтса керек, жеңеше. Іскер жігіт ә?
Ұрқия. Көп жатты ғой, келді ме өзі?
Жәмила. Келген жоқ. Жанатқа хат жазыпты.
Ұрқия. Жанатқа хат жазып па? (Басын изеп.) Е-е-е! Келмей жатып елді несіне шақырдың?
Жәмила. Шақыр деген соң шақырдым. Ол өте аккуратный, келем деген уақытында келеді.
Ұрқия. Бұрынғыдай емес. Жаңа бастық ауырлатты жұмысты.
Жәмила. Қойыңызшы тіпті, қанша ауыр?
Ұрқия. Бетім-ау, екі кісінің жұмысын жалғыз істеп жүргем жоқ па? Конторды мен жинаушы ма едім?
Жәмила. Мен осы арада отыратын ба едім? Бұ да қосымша қызмет. Осылай жұмыс уақытын тығыздамаса бола ма?
Ұрқия. Ой, Жақып жазған нар еді ғой, көл еді той. Енді клубты жинастыруға кеттім. (Кетеді, Айдар енеді.)
Айдар. Кемпір, сен бұрын кетсең де, менен кеш келдің-ау?
Жәмила. Фермеге бөгеліп қалдым.
Айдар. Е, онда нең бар?
Жәмила. Жәнібекке Жомарттың тапсырмалары бар еді.
Айдар. Тапсырмаларды сонда көбірек таситын болдың-ау, кемпір.
Жәмила. Ол не деген сөз?
Айдар (арқаға қағып). Жәй сөз, кемпір, жәй сөз. Әлгі қағаздарды берші. (Басылған қағаздарын алып шығып бара жатқанда Жәнібек кіреді, Айдар қайта оралып қипақтап тұрып қалады.)
Жәнібек. Жомарт жоқ қой әлі. Құпияларыңыздың үстінен шықтым ба?
Айдар. Жо-жоқ. Келе бер. (Шығып кетеді. Бірақ, баспалап тыңдап жүреді.)
Жәнібек. Дегенмен, жаңағы кісінің бірдемесі қалды сізде. Алақтауы жаман.
Жәмила. Қалса, алар. Ауыл арасы жақын ғой.
Жәнібек. Кемпір «дейтіні қалай? Әлі тілдігіңді де жалаған жоқсың.
Жәмила. Сүйгенін «шұнағым» демей ме?
Жәнібек. Сонда сүйгені не дейді екен?
Жәмила (күліп). Қыршыным дейді де.
Жәнібек. «Етімді шал сипаған құрт жесін» деп, «жартастан қыз құлапты терең құзға». Онда бекер-ақ құлаған екен бейшара.
Жәмила. Құтқарса, жігіт қайда қалған сонда? (Айдар кіреді).
Айдар. Әңгімені қоя тұр, кемпір. Бас мынаны, бас. (Шығып кетеді.)
Жәнібек. Қыз-келіншек көмек сұраса жігіт дайын. Шалға ма, шабаққа ма жем болғысы келсе ондай қыздың өз обалы өзіне.
Жәмила. Ендеше, Алмадан көмегіңді аямассың.
Жәнібек. Қателесіп жүрсіздер. Алма маған зәру емес.
Айдар (тағы кіріп). Мынаны да баса сал. (Шығып кетеді.)
Жәнібек. Мына кісінің мазасы кетті ғой, кетейін, көңілге медеу етейін, орамалын тасташы. Қағалмасам маған серт, тастамасаң саған серт.
Жәмила. Жә-жә, болды. Жанатқа бар, іздеп отырған. (Жәнібек Жанаттың бөлмесіне енеді. Айдар тағы келеді.)
Айдар (қалталарын тінтіп тұрып). Орамалым жоғалған-ау, бере тұршы орамалыңды?
Жәмила. Мен де жоғалтыппын.
Айдар. Екеуміз де жоғалтқанбыз ба? Оқасы жоқ, кемпір, сенің бес жылдығың жақындап келеді. Осы бастан айтып қой.
Жәмила. Не айтамын?
Айдар. Саған сыйлыққа не алайын, кімдерді шақырамыз? Соғыс кезінде тартынбағанда, енді тартынады деп ойлама.
Жәмила. Әлі бірсыпыра уақыт бар ғой, ақылдасармыз. (Айдар кетеді. Жомарт енеді. Орындықтарға қарап.)
Жомарт. Бұлар неге қиқы-жиқы?
Жәмила. Ұрқия ғой. . . жуғанда. . . (Түзей бастайды.)
Жомарт. Қозғамаңыз, өзі түзесін! (Жәмила Ұрқияны шақырып келіп түзеттіреді.)
Жомарт. Әр нәрсе өз орнында болу керек. Бара беріңіз (Ұрқия кетеді.) Кеңсе ішіне сіз жауапты. Салақтығыңызды енді қайтып көрсете көрмеңіз, басқарма мүшелері хабарланды ма?
Жәмила. Хабарланды.
Жомарт. Жақып ше?
Жәмила. Ол кісі аңға кетіп қалыпты.
Жомарт. Қап. Есебін алып бухгалтер келсін. (Айдар енеді.)
Айдар. Ат-көлік аман ба, шырақ? Олжалы деп есіттім, қайырлы болсын. Өңің сынық қой, көзің қарыққан ба, ұйқынікі ме?
Жомарт. Ұйқынікі шығар.
Айдар. Жолдан келген соң біраз тынығу керек еді.
Жомарт. Колхозшылардың қазынасы ғой еңбек күн. Кәне, көрейікші.
Айдар. Көр, шырақ, көр. Председательдің оқымысты болғаны рақат-тағы.
Жомарт. Таза, тәртіпті көрінеді.
Айдар (масаттанып). Он үш жыл бойында бір замечание алған емеспін.
Жомарт (столынан бір папке алады. Айдардың құты қаша бастайды.) Мынау дұрыс па?
Айдар. Кәне, дұрыс шығар. Дұрыс.
Жомарт. Сіз ерте уақытта болыстарға писарь болдыңыз, ә?
Айдар. Амалсыздан болдық қой, шырақ.
Жомарт. Менің онда жұмысым аз. Бухгалтерлік біліміңіз бар ма?
Айдар. Жоқ еді, жүре келе үйрендім.
Жомарт. Мынаған мен күмәндімін. Негізгі документін көрсетіңізші.
Айдар. Қазір, міне. Негізгі документтер тәртіпті емес, шырақ. Бригадир, есепші дегендер қалай болса солай жаза салады. Осыларды тәртіпке салам деп-ақ шаш ағарды.
Жомарт (кір, ұйпалақ қағаздарды ақтарып отырып). Кім өшіріп, түзете берген осынша?
Айдаp. Өздері, шырақ, өздері.
Жомарт. Айдеке, кім түзетсе де Бейсенге мынау еңбек күн көп. Шынын айтыңыз?
Айдар. Жо-жо-жо! Күдіктенбе, шырақ, документ бойынша солай.
Жомарт. Ендеше, ол документке де, сізге де күмәндімін.
Айдар. Қалай? Онда қалай болғаны?
Жомарт. Не қалайы бар. Сенбеген соң қызметтен босатылады.
Айдар. Райфо, Райзо, басқармасыз-ақ па?
Жомарт. Мен босатсам, бәрі босатады. (Қағаздарды тартпаға салады. Айдар кетеді. Ақмет кіреді.)
Ақмет. А, бала, ат-көлік аман ба! Олжалы қайтыпсың қайырлы болсын. Ол жайында қазір айтасың ғой. Ал, мен жайында не айтасың?
Жомарт. Малды фермаға бергенде сіздің мақсатыңыз не осы?
Ақмет. Жеке меншік жұтып жатқан ысырап еңбекті колхоз қорына қоссам деймін.
Жомарт. Жеке меншік жойылсын дейсіз бе?
Ақмет. Тіпті жойылсын дер едім. Оған әнтек болмай тұр. Ал жойылмаған күнде орынсыз азап, ысырап еңбек кімге керек? Колхоздың мыңын ондаған адам барады. Колхозшылардың жүзін жүздеген адам неге барады? Оны да ферма бақсын. Қанша алса да ала берсін ақысын. Біз алаңдамай бар еңбегімізді колхозға беріп тұрайық.
Жомарт. Япырай, осы мәселе созылып кетті-ау өзі. (Ойлап.) Тәуекел, қосыңыз фермеге! Неде болса, өз жауапкершілігіме алдым. Ақы жайын кейін сөйлесерміз.
Ақмет. Ой, айналайын сенен. Жақыпқа өткізе алмай әбден діңкем құрып еді. Жомартжан, тағы бір әңгіме бар.
Жомарт. Я.
Ақмет. МТС-тың бір ескі тракторы былтырдан беpi іске жарамай босқа жатыр. Соны мен іске жаратар едім. Нормаға қоспай, берер ме екен?
Жомарт. Неге бермейді! Тот жегенше, егін жесін. Алып берем, түзетіңіз.
Ақмет. Тек алып беруді біл. (Баймақан, Жәнібек, Баймағамбет, Жанат енеді.)
Жомарт. Басқарма мәжілісі ашық, жолдастар, мен өте қысқа сөйлеймін. Жаңа жоспарды қабылдау күресі біткен, енді орындайтын іс қана керек. Облыстан асыл текті малдар, екі жүз машина алатын болдық. Заявка берілді. Шарт жасалды. Ақша жоқ, қайдан табамыз?Баймақан. Жолдас председатель, тәртіп бойынша шарт, заявкалардан бұрын басқармамен келісіп алу керек еді ғой?
Жомарт. Басқарма сенеді маған.
Жанат. Председатель ақша жөнінде де ойлаған болар?
Жомарт. Я, ойлаған. Он бас шошқа, ақаулы малдан он бес ірі қара бордақыласақ, оны Қарағандыға апарып сойып, колхоз саудасын істесек, сомдар жүздеп емес, мыңдап кіреді.
Баймағамбет. Шырағым, салмақты шошқаға аударыпсың-ау. Ет салығы тағы бар. Шығын келсе маған келеді, о, тоба!
Жомарт. Көбейте, семірте берсеңіз, шығынды көтере береді.
Жәнібек. Шошқаны қойшы. . . Малға қолың батыңқырап кетіпті.
Баймағамбет. Мынау, өзі қалай сөйлейді? Шошқа малдан кем бе? Менің бір шошқам сенің бес қойыңа тұрады.
Жомарт. Орынды сараңдық та жақсы. Орынсыз мырзалық та жаман. Мемлекет жиырма тоғыз асыл нәсілді мал беріп отырғанда, біз өзіміздің отыз шақты кәрі құртақымызды қимасақ, бұл бәрінен жаман. Мал басы кемімейді, жолдастар. Қайта сапасы артады.
Ақмет. Кемімесе не бар тартылатын, сату керек те, алу керек.
Баймағамбет. Оқасы жоқ. Онда мен қойдым.
Жомарт. Дауысқа салам. Кім қостайды. (Бәрі қол көтереді.) Теміртау қанша алсақ та электр беретін болды. Бірақ, аз алғалы отырмыз.
Баймақан. Себеп?
Жомарт. Техникалық жабдықтан маман жұмысшылар қиын боп тұр. Сондықтан, біз биыл электр шамын ғана жағып, үлкен жоспардың орындалуын келесі жылға қалдырсақ. Келесі жылдың қара жұмыстарын биыл бітіріп қойсақ.
Баймақан. Шамға керосин де жарайды. Электр алдымен колхоз өндірісіне керек. Биыл керек.
Жомарт. Білеміз, Баймақан жолдас. Оған мүмкіндік жібермей жатыр.
Баймақан. Жо-о-оқ! Әлі де батылдық жетпей жатыр. Армансыз талқыланып, есептеліп бюро бекіткен план неге толық орындалмайды?
Жәнібек. Баймақанға оң, терісі бір.
Жомарт. Дауысқа қоям.
Ақмет. Бөгеле тұр. Балға мен көрікті қайтсең де биыл электрлендір, шығынын, тіпті өзім көтеруге бармын.
Баймағамбет. Шошқаны ұмытпаңдар-ау, шошқаны!
Жәнібек. Ферма тұрғанда шошқаны айтады ғой.
Жомарт. Әр қайсыңыз өзіңізге тартып кеттіңіз. Мүмкіндігі болғанша үлкен жоспарды биыл орындауға тырысайық. Бірақ, сенім аз. Ал, алдымен электрді келтіруге қаулы алайық. Дауысқа қоям. Кім қостайды? (Бәрі қол көтереді.)
Баймақан. Мен өз пікірімде қалам.
Жомарт. Тас жол салу. Электр жолын тарту, егіс даласына ағаш егу, көктем егісі, егіс болғанда ауыспалы егіс, отардан, Қарағандыдан мал келтіру — бәрі қарбалас бір мезгілдің жұмыстары. Біз осыған күшті дәл есептеп, дұрыс бөлуіміз керек.
Жәнібек. Қалай бөлсек те бұған күш жетпейді.
Жомарт. Жеткіземіз. Жеткізу үшін алдымен жұмыс уақытын жұмыспен тығыздаймыз. Бұрынғы аз, енді көптің істегенін істейді. Норма өседі. Әр қайсының бригадасында артық жүрген адамдар бар. Соны қазір айтыңдар.
Жәнібек. Менде артық адам жоқ. Өзіме жетпей жатыр.
Баймағамбет. Менде де жоқ, қарағым.
Баймақан. Сонда менде ғана болғаны ма? Астық, байлығын жасамайынша, байлық жоқ. Мен кісі бермек түгілі малшылардан кісі алғым келеді.
Жәнібек. Малсыз да күн жоқ. Мен сенен Бейсенді алғым келеді.
Баймақан. Жолдас председатель, мынаны тәртіпке шақырыңыз. Неге азғырады менің кісімді.
Жанат. Мен сіздерге түсінбей отырмын. Бұл қай қарсылық? Жетпегенді жеткізу үшін ойлап, есептеп, «менен мынаны ал» деудің орнына «бер» дейсіздер. Жомартқа да түсінбедім. Жұмыс уақытын тығыздау, норманы өсіру, өскен норманы орындау — бүгінгі күннің әліппесі. Мұны әркім біледі. Ал, сол міндетті іске асыру жолындағы тапқырлық қайда? Басқа піспегенді ортаға салып керегі не?
Баймағамбет. Оқасы жоқ, шырағым. Жұдырықтай басқа бәрі сыя бере ме?
Жомарт. Басқа піспесе үлкен жоспар үшін несіне күрестік. Менің есебім дайын. Колхозда ең азы бір адам қалмай аттану керек. Бұл бірінші шарт. Сонда, малдағы ауыстыруға болмайтын кей бір қызметтегі адамдарды қоспағанда жүз елу адам бар. Оның жүзін Ақаң басқарып, жол жұмысын қолына алса, бір жұмада бітіреді. Бірақ, дайындыққа осы бастан кіріссе ғана бітіреді.
Ақмет. Мен тұрдым осыған. Жолды маған қойып бер.
Жомарт. Төрт жүз столба шұңқырын қазу керек. Жиырма адам күніне бестен қазса, төрт-ақ күнде бітіреді. Тек Баймақан басқарсын.
Баймақан. Болмайды. Біресе егіске, біресе электрге саласың. Тұрақтылық қайда?
Жомарт. Сабыр ет. Жұмыс тағдырын дайындық шешеді. Бұған да дайындық керек.
Баймақан. Ал, егісті қайтесің, егісті?
Жомарт. Машина, МТС егеді. Жантасқа жиырма адам қоссақ болғаны.
Жәнібек. Мал сатуға, мал әкелуге кісі қайда?
Жомарт. Оны сен басқарасың. Қасыңа он адам ал.
Баймақан. Жүз елу адамың бөлініп болды. Огородты, егіс даласына ағаш егуді қойдық па?
Жомарт. Сабыр ет. Сен әскери адамсын ғой. «Маневр» дегенге түсінерсің. Бұл жерде де маневр керек. Электрдің қара жұмыстары, жол жұмыстары бір жұмадан аспайды. Содан кейін ол адамдарды огородқа, басқа жұмыстарға саламыз. (Пауза. Бәрі ойланып қалады.)
Баймағамбет. Апыр-ау, осының бәріне де адам жеткені ме?! Бұрын бұдан азға қалай жетпеген?!
Жанат. Есеп дұрыс қой деймін.
Ақмет. Маған да ұнап қалды.
Жомарт. Дауысқа қоям. Кім қостайды. (Бәрі қол көтереді.) Дұрыс есеп дұрыс орындалмаса, теріске шығады. Өскен норма еңбек әдісін тапқанда ғана орындалады. Қиындық әлі алда, жолдастар. Жуырда бір сыр ашылды. Бухгалтер Айдар кейбір адамдарға артық күн жазып жүріпті. Менімше ондай бухгалтерді ұстауға болмайды.
Баймақан. Ондай колхозшыны да ұстауға болмайды.
Жанат. Кімге жазған?
Жомарт. Бейсенге жазғаны анық. Басқаларын зерттей алмадым.
Ақмет. Зерттеу керек. Өтірік еңбек көбейсе, шын еңбекте құн қала ма?
Баймақан. Айдар мен Бейсенді табанда соттау керек.
Жәнібек. Сенікі тек соттау-ау!
Жанат. Жолдастар, асығыс қорытынды жасамайық. Анықтай түсу керек.
Жомарт. Олай болса толық зерттеп, тиісті шарасын қолдануға маған тапсырыңыздар.
Жәнібек. Ақмет. Дұрысы сол.
Баймақан. Дұрыс емес! Не бар былқылдайтын, соттау керек екеуін де, созған соң суып кетеді.
Жомарт. Дауысқа қоям. Баймақанды кім қолдайды? (Баймақан ғана қол көтереді.) Менің ұсынысымды? (Қалғанның бәрі көтереді.) Мәжіліс жабылды.
Баймақан. ЬІмырашылдық бұларың.
Баймағамбет. Оқасы жоқ.
Жомарт. Жанат пен Баймақан екеуің қалшы. (Екеуі қалады. Басқасы тарайды.)
Жомарт. Сен неге алып қаша бересің осы?
Баймақан. Сен неге тартпақтай бересің?
Жомарт. Атап айт.
Баймақан. Үлкен планды қиындықтан қорқып кіші планға түсірмексің. Ұрыны, жалқауды аядың. Колхоз уставын бұрмалап, өз уставыңды шығарып барасың. Сендер айтқан «мүмкіндікті» мен де білем. Мүмкіндік деген біздің желдей ескен еркіміз. Ол ерікті сылбыр темпі, шұбалаң тәртіп ұстап тұра алмайды. Соғыс бұлты көк жиектен тағы қылтыңдады. Соғыс темпі, соғыс тәртібі керек еңбекке.
Жомарт. Болдың ба?
Баймақан. Болдым.
Жомарт. Іш пыстырған сылбырлыққа шыдап болмаса, шамадан тысқары шапшаңдыққа да шыдап болмайды. «Соғыс, темір тәртіп, желдей ерік» деп өзеурейсің келіп. Соғыс ылғи штурма ма? Темір тәртіп ылғи соттау ма? Егер менің еркіме жіберсе, сонау Марстың да бетін колхозға толтырар едім. Қолың түгіл ойың жетпейтін биік бар. «Желдей ерікті» желдіктеп мінген жұртшылық бар. Сандалма! Өмірге бойла. Дұрыс есептеп, шебер орында. Енді қайтып шаужайдан алатын болсаң жұлқысуға шыдап ал!
Баймақан. Қорқытпа, қорқытпа! Болат танк, тонна бомбаны да көргем!
Жанат. Қойыңдар! Ол күшті екеуің де іске жұмса! Баймақан, саған айту жеткен сияқты. Өзіңе ендігі керегі Партия талқысы болса, қазір шақырам бюроны!
Баймақан. Солай ма? Есім енгелі әскер қатарында болдым. Көргенім тек әскер өмірі. Желбегей түгіл белбеуім босаса жүре алмаймын. Оң аяқты сол аяқтан бұрын баса алмаймын. Бейпіл дүниенің маған бәрі сөлекет. Тастай түйініп, қарыштап баспай, отты, суды белшеден кешіп өтпей көргенім жоқ жеңгенді. Көп сөз, құлаш қаулы емес, аз сөз, қатал үн еді, сонда күш берген. Қайда сол жан шынықтырған темір тәртіп, қайда? Жоқ қой, жоқ! (Ашуға булығып шығып кетеді.)
Жомарт. Міне, ылғи алып қашады. Бүлдіреді, ауыстырам.
Жанат (ойланып). Әлі де шыдау керек, шіркіннің жаны таза, ойы ұшқыр екен!
Жомарт. Жақып сылбыр, Баймақан ұшқыр. Бірін теже, бірін сүйре. Бұл не сөз? Тартыншақ пен ұрыншақтың арасында күн өте ме, осылай?
Жанат (зілдене). Мінін көріп безгенше, мініп алып түзеу керек. Басшылықтың бас міндеті осы болар. Тым өрсің Жомарт. «Өзім білемін көп». Азайту керек.
Жомарт. Мінезің маған түсініксіз болып барады, Жанат. Біресе қостайсың, біресе қарсыласасың. Тек жеке бастың кінәсін көп басына аудара көрме?
Жанат. Бұл сөзіңе мен де түсінбедім. Өз тілегімді көп тілегінен жоғары қойған жерім бар ма? Егер мен де қалтқы бар десең, оныңды ашып айт.
Жомарт (айта алмай күлімдеп, кідіріп қалады). Сақтандырғаным ғой әншейін. Қөңіл шіркінді жат түгіл, жақынның да көбі көре бермейді. Жаңағының бәрі жақын адамдар. Жан-жаққа тартпады ма? Екеуміз екі жаққа тартсақ не береке қалады. Бірлік керек, бірлік!
Жанат. Көңіл бірлігі келісіммен болмайды, Жомарт, өзінен-өзі қосылады. Өзінен-өзі айырылысады. Бірақ, бізді айыратын себептер бар ма екен? Сен ойлаған себеп айыруға әлсіз бе деймін.
Жомарт. Тек әлсіз болсын. Осы бірлік ірімесін. (Қол ұстасады.)
Шымылдық.
5-КАРТИНА
Жанат пен Алманың бөлмесі. Жанат пианино ойнап отыр. Алма оған теріс қарап отыр. Жай басып Жақыптың енгенін екеуі де байқаған жоқ. Жақып олардың қабағын байқап өтті.
Жақып. Алмажан, қабағың неге салыңқы. (Екі қыз орнынан ұшып тұрады.)
Алма. Жай.
Жақып. Мыналарың бір тәуір ән сияқты ғой. Екеуің қосылып баяғының қызыңдай шырқашы бір. Ішім пысты. (Екі қыз пианиноға қосылып ән айтады. Әннің аты «Аққу», музыкасы композитор Хамидидікі.)
Күн құшқан айдын көлде екі аққу,
Қаңқылдап қанатымен сабалар су,
Таранып, қаранады жан-жағына,
Сұлуды тасалама көк торғын бу.
Ішінде қалың қамыс отыр мерген,
Оғынан өткір көзін көп кезеген.
Қос аққу қобалжиды сыбдырынан
Дариға нысанасы кімде екен?
Жақып. Бәрекелді, бір жасап қалдым, қарақтарым. (Екеуін екі қолтығына ала отырып.) Достық деген сөзге түсініңдер. Алмажанның әке-шешесі дос болатын бізбен. Ажал жетіп біріміз бұрын кетерміз, кейін қалғанымыз қос бүлдіршінді, қос көздің қарашығындай күтерміз деген едік. Біз жеттік сол сертке. Сендер әлі сында. Қайсың бұзсаң достықты, соған марқұмның аруағы да, мен де күңіренермін. Достық деген қиын сөз. Жеңілге балап алмаңдар. (Екеуін де арқаға қағып, өз бөлмесіне кетеді.)
Алма. Неге айтты бұл сөзді?
Жанат. Бірдемені сезіп айтқан секілді.
Алма. Қалай айтса да тауып айтты, ә?
Жанат (күрсіне). Я, достық деген қиын сөз. Досың кейде дұшпанша қинайды. Мектепке баратын уақыт бопты. (Киіне бастайды.)
Алма. Сен қиналдың-ау, Жаночка!
Жанат. Достың берген азабы, дұшпанның берген рахатынан жайлырақ.
Алма. Сол азапты мен тартайын, берші маған?
Жанат. Сен нәзіксің ғой, Алочка. Көтере алмассың (Шығып кетеді.)
Алма (ауыр ойда). Рас, бәрі рас. . . Жанаттың жаңағы өңі де, сөзі де бөлек. «Жанаттың менде көңілі бар» деп Жомарт бір кезде өзі айтқан. Ұрқияға дейін біледі. Жәкем жаңа айтты. . . Бекер, бәрі бекер, Жанат алдамайды, «жай жақсы көрем» деген. Жомарт алдамайды — «Сені сүйем» деген. . . Бірақ, алғашқы кезде мен жасырдым ғой олардан. Жасырғам жоқ, ұялдым ғой. Олар да ұялып жүр ме, әлде?. . Қызғаныш оты барлық оттан күшті екен. Достық деген барлық күштен күшті екен! Екеуін бірден көтеріп, қалай тұрмын жарылмай!. . Сенем достық күшіне! Сенем махаббат күшіне!. . . (Қыздар бөлмесі жабылады. Жақыптың бөлмесі ашылады.)
Жақып. Күні бұрын сездіріп қой балаға. Алманы ренжітсе, мені де ренжіткені: қабағы келіспейді Алманың.
Ырысжан. Не сездіретіні бар, Жанатжан бәріне түсінеді.
Жақып. Жомарт енді бүлікті үй ішіне салайын деді ме?
Ырысжан. Қойшы тәйірі! Жас болып көрмеп пе ең. (Пауза. Мәмет енеді. Пимасын, сырт киімін тастап, төрге шығады. Жақып күліп жібереді.)
Жақып. Түрін. Тонаудан шыққан тәрізді.
Мәмет. Төрге пимамен шықсам мәдениетсіз, тонсыз шықсам тоналған дейсің. Сені не десем екен?! Сойыл тиген жараң бар ма, тауып жатқан балаң бар ма? Бұл қай жатыс мезгілсіз?
Жақып. Демалып жатырмын. Елім жайлауға қонған. Түнде тоқылдатып, күндіз тақылдасаң да Жақып сенен аяғын жия алмас.
Мәмет. Ей, паң болсаң, паң Нұрмағамбеттей-ақ шығарсын. Оны да көргем. Қыздырма аузымды, тоқылдағым колхоз айбары, желім түгіл ығымнан жүре алмайды дұшпан. Тақылдасам тілім найза, түйреп тастап отырам, ал, Жақып мығым болса жұдырықтай Жомарттан қалай жығылған? Жақып егер мығым болса, мына тұрған мес күрең қалай қысыр қалған?
Жақып (Ырысжанға). Мына соққанның сөзі ащы шықты ғой.
Ырысжан. Табаладың-ау, бес сақал.
Мәмет. Я, табалап отырмын. (Күрсінеді.) Сақалым бес тал болса, тұстасым да бесеу-ақ қалып еді. Сол бесеудің ішінен атқа мінген жалғыз Жақып құлағанда жерім де, терім де кеңіп қалды.
Жақып. Жұбатқандарың ба бұл? Мені ойлағанша, мен жасаған істі ойлаңдар! Ол кемімесе, мен де кемімеймін.
Бейсен. Ойбай, Жаңа келдің бе? Сабап кетті, сабап! Шанаға сүйретіп сабады. Қарға домалатып сабады. Қолыңда өлем, рұқсат бер. (Даладан Жанат, бөлмесінен Алма келеді жүгіріп.)
Жанат. Кім Бейсеке, кім?
Бейсен. Жалғыз бастық, жаңа бастық, сұм бастық. Қолында өлем деген соң қолында өлем!
Жақып. Е, құрғыр, өлсең қайда қалдың! Сабыр ет! Сонша сабағанда бір дақ түспегені ме?
Бейсен. Әні-әні нанбайды маған! Арашалаған Жақыпты да көрермін, деді ғой! Ол да осының растығына!
Жақып. Қалай сабалып жүрсін, соны айт!
Бейсен. Жәнібектің жанына отырып «Октябрьге» бара жатыр едім. . .
Жақып. «Октябрьде» нең бар?
Бейсен. Бөлем, жиеншарым бар емес пе? Амандығын біліп, аунап-қунап қайтайын деп едім, жолда кездесіп, кейін алып қайтты. Дәл өзен жағасына жете бергенде, сексен шана мұз оясын деді де, шанасына сүйретіп-сүйретіп, ойдан төмен домалатып жіберді. Бір сағат талып жаттым.
Жақып. Түсінікті. Мұз оюдан шыққан екен ғой жанжал.
Бейсен. Жоқ, ойбай Жақыпты жақтайсың, сөз айдайсың, арамтамақ дейді. Соны құтыртқан сен, Жанатжан, сен!
Жақып. Жә! Нең бар Жанатта. (Жанат шығып кетеді. Алма ере кетеді.)
Бейсен. Баймақан деген соңымнан қалмай қойды. Жаңа осы есік алдында кездесіп, «сен бөгеген жердің қары неге жұқа» деп ақырады. Қарды боратқан, жерді жаратқан мен бе? «Арам безін сылып тастаймын» деп ақырады? Неге ақырады? Ол барған соғысқа мен де бардым. Бай-құлақ емеспін, піленде болғам жоқ. Мына саусақ немістерде қалды. Қорықпаймын тіпті! Мықты болса елу үй Сармантайды қуып көрсін.
Мәмет. Бейсен, сен соғыста болған жоқсың ғой. Бер жақта қара жұмыста жүрген жоқпысың.
Бейсен. Ойбай-ау, бәрібір емес пе? Әйтеуір мына саусақ немістің қырсығынан кетті.
Мәмет. Бұрын қанша малы бар деуші еді жұрт. Енді қанша еңбеккүні бар, дейді. Істеу керек. Құдайға шүкір, денің сау. Қартайып тұрған жоқсын.
Бейсен. Өкімет белгілеген норманы орындасам, не әкесінің құны бар менде?
Ырысжан. Артық тапсаң ішіңді жара ма?
Бейсен. Әрі-беріден соң, жұртта болса болады маған. Жұрттың тілеуін тілеймін. Бейсен баяғыдан жұрт үстінде келеді.
Жақып. Жұртқа сіңірген еңбегің де белгілі, сене берме көп.
Бейсен. Осы колхозда екі жүз үй бар. Үй басы қыстай бір қонсам да жетіп жатыр. (Есік қағады біреуі.)
Мәмет. Бұл қайсысы? Бала ма ойнаған?
Ырысжан. Айдар шығар, қала тәртібін сақтап тұрған. (Есік ашады. Айдар енеді, тұнжырап отырады.)
Айдар. Қашан келдіңіз?
Жақып. Түнде. Жомарт не бітіріп келді?
Айдар. Әзірге отыз қара сататын болып келіпті.
Мәмет. А, не дейді, жаным-ау!
Айдар. Бұл тек бастамасы.
Ырысжан. Тым көбірек екен.
Жақып. Тырнақтап жинаған мал, тобымен кететін болды ма?
Айдар. Адам қалса неғылсын, мал құдайы.
Жақып. Тұмандатпай айтшы, айтатын болсаң?
Айдар. Мені бүгін қызметтен қуды. Ертең Бейсен екеумізді соттамақ.
Жақып. Не қылмайсың деп?
Айдар. Сенбеймін, ұрысыңдар дейді. Өңкей ұры ұстап отырыппыз, Жақа! Сақалымның ағында естімегенді естіп келдім. Күшігінен асыраған итті де қуа ма? Ақ көңілім қарайып, талабым тапталып, жер боп келдім! Сен бәйтерек болғанда біз бұтағың едік, қырқып жатыр мынау! Тамырыңды қопармай тоқтайтын түрі көрінбейді. Лақ құрлы бақырма, өле бер десең оныңды айт. Әйтпесе, тебіренетін күн жетті. (Ұрқия енеді, қасында бір әйел.)
Ұрқия. Жұмыс ауырлап кетті, Жәке. Конторды тағы маған жүктеді. Алмайын десем, ақ қала соғуға жіберетін, бүйідей тиді мынауың!
Әйел. Мені контордан босатып, сол қар ұстауға жіберді.
Жақып. Жә, қатырмаңдар басымды. Жұмыстарыңа бар. (Бәрі шығып кетеді). Ести-ести құлақ сасыды, қайнай-қайнай қан суалды.
Мәмет. Тарылма, Жақып, шыдау керек.
Жақып. Малыңа құрық, басыңа сырық ойнатса, шыдамдылық ездік-тағы. Сүттей ұйыған колхоз, маңыраған дәулет еді. Лезде ойранын шығарды. Енді немді қорғап жасқанам. Аузың жаман деме, осының сарыны баяғы зиянкестерге бара жатыр.
Мәмет. Қой, тым қатты кеттің, Жақып.
Жақып. Былжырамашы, мұрныңа не жақса да білмейсің.
Мәмет. Кәрі жының қозған екен. Қазір сөйлеп болмас саған, болмас. (Киініп шығып кетеді. Жанат, Алма келеді.)
Жанат. Бейсекеңнің айтқаны бекер екен, Жәке! Байқаусызда шананың қанаты қағып кетіп, ойдан төмен домалағаны рас. Өзгесінің бәрі мұз оюға бармаудың ұрлықтарын асқа түсірудің қамы болу керек.
Алма. Рас, Жәке, осының бәрі рас!
Жақып. Айдар, Бейсендер ұрлық қылса, баяғыдан бері қолы бос, тапқан екен ұрыны!
Жанат. Жәке, ақтамаңыз.
Жақып. Ақтаймын! (Қолын сермеп тастап.) Тыңдамаймын сөзіңді! Бетің белгілі енді! Шыдамаймын бұдан әрі. Мен жиған адам қуғында. Мен жиған мал базарда. Бар сенгенім сен едің, «әкең үйін жау шапса, жабығына қолды бірге сал!» деп, сен де келдің міне. (Ырысжанға.) Әкел киімімді. Айтқанмын, өтілгенмін бәрінен.
Енді, мына қол тайынбайды ешкімнен. Орталық Комитетке дейін барамын. (Жанат жылап жібереді.)
Ырысжан. Бейшара-ау не болды саған! «Алжыған айғыр құлынын шайнайды» деген осы ма? Жалғыз Жанатқа соқтыққаны несі. Аулақ Жанаттан, аулақ. Келіп-келіп жеткен жерің осы болса, қала бер! Жастар өз қызығын өзі жасайды. Салма сіңір шеңгеліңді. Жұлма көктей! Бәріміз де талпына еңбектей ер жеткенбіз. Неге қараясың, осынша!? Ата жолын бұзғанды тыйсаң әуелі өзіңді тый. Қай атаң салып кетіп еді колхоз жолын.
Алма. Жәке! Жанат екеумізді екі көзімнің қарашығы дейтініңіз қайда? Біз қарашық болғанда, сіз дене едіңіз ғой. Дене бұзылса құр қарашық не болмақ?! Қойыңыз. Жәкетай, қойыңыз. Дәл осы жолы ашу биледі сізді. Қосылмаймын мұныңызға, өмірі қарсы айтқаным осы шығар. Ойлаңызшы!
Жанат. Ақылды Жәке, адасып барасың! Алдын шыңырау, жібермеймін! Өзің тәрбиелеген баладан, өзіңді тәрбиелеген партиядан жақының кім? Айтып кет! Мен қазір сол екеуінің де атынан сөйлеп тұрмын. Ұры Айдар, жалқау Бейсен бе, бізден жақының?! Әлде ертең жоқ, бүгінгі дырду ма еді, қуғаның!? Жаңа жоспарды ұғыну керек еді, не ұғынғанша шыдау керек еді. Енді күреске шықпақсыз. Кіммен күресесіз? Ойлаңыз! Кім қалды қасыңызда? Оны да ойлаңыз. (Ұзақ пауза.)
Жақып (ойланып, бәсеңдеп). Апыр-ай, шын адастым ба? Ашу тұрған жерде ақыл тұрмайтын еді. Ерліктің алды өз ашуын, өз қорқынышын жеңген болар. Жарайды, тағы да шыдап көрейін. (Алма, Жанат, Жақыптың мойнына барып жабысады.)
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ АКТ
6-КАРТИНА
Көктем. Өзен жағасы. Жомарт, Жанат палаткада ойланып, мәліметтер қорытып отыр.
Жомарт. Жұмыс ауырлап бара жатыр. Кешегі күннің нормасы тоқсан процент орындалды. Күніне оннан жоғалта берсе не қалады.
Жанат. Қалыптасқанша сол болып жатқан шығар.
Жомарт. Олақтық деген қалмайды әйтеуір.
Жанат. Оған, тек салақтық қосылмасын.
Жомарт. Біріміз егіншілерге, біріміз электршіге барып қайтайық.
Жанат. Бүгін Сатан келеді ғой. Штабта болу керек. (Алманың дауысы естіледі. «Арманды» айтып келе жатыр. Өлеңін бітіре шатырға енеді.)
Жомарт. Сөйле, Алма!
Алма. Сегізінші, тоғызыншы участкеге концерт беpiп қайттым. Жарысқа түскен екен. Төртінші участке бүгін баяу барады.
Жомарт. Кеше алда еді ғой.
Алма. Өзеннен алыстаған соң құм тасу қиындапты.
Жомарт. Ақаң оған не шара қолданды?
Алма. Басқа учаскелерден көлік ауыстырып жатыр.
Жомарт. Дұрыс істеген. Ақаң есебін табады.
Жанат. Оныншы, он бірінші участкелерге концерт бермепсің. Кеше газет те алмапты ғой.
Алма. Участке көп, үлгіре алмадық, кешірек барсақ жатып қапты.
Жанат. Жұмысшы жұрт жатпай, сені күтіп отыра ма? Участкелер өзара түгіл, дүние жүзінде не боп жатқанын күнбе-күн біліп отыру керек.
Алма. Ертең солардан бастайын. Айтпақшы Баймақан төтемен тартып барады.
Жомарт. Қалайша?
Алма. Білмеймін, қаққан қазықтарың бір жақта қалып қойыпты.
Жомарт. Бүлдірді-ау мынау. Өзім бармасам болмас. (Орнынан тұрады.)
Алма. Өзі келеді қазір.
Дауыстар. Рекорд! Рекорд! Жамантік үш есе, Асайын бес есе артық орындады. Үшінші, төртінші, бесінші участкелер түйісті.
Ақмет. Жамантікті, Асайынды тапқан шешесінен айналайын. Қазір өзім барам. Каток салам, каток! Бас, басыңдар! (Шатырға жүгіріп енеді.) Естідіңдер ме? Сымсыз телеграмма алдым. Біздің жолшылар еңсеріп барады Жамантік пен Асайын бірден рекорд жасады.
Бірі үш есе, бірі бес есе орындапты. Үш учаскенің арасы түйісіп қапты. Ха-ха-ха, қазір катокты жіберем.
Жомарт. Сымсыз телеграммаңыз не?
Ақмет. Мына дәдең жасаған телеграмма. Бірден бірге дауыспен жеткізіп, жолдың өн бойымен ауызша сөйлеп отырмын бүгін, ал, кеттім. Каток салам жолға. (Тура жөнеледі, Баймақан енеді.)
Жомарт. Шығады Ақаңнан!
Баймақан. Жолдас председатель, столба орнату, шұқыр қазу жұмыстары төрт күнде бітер емес, соған келдім.
Жомарт. Неге?
Баймақан. Жиырма адамның сегізі үшеуден-ақ қазып отыр. Норма бесеу.
Жомарт. Артық орындаушылар қайда?
Баймақан. Олар төртеу. Сегіздің кемтігін толтыра ала ма? Жер саз, көлік те орындай алмай жатыр. Тағы үш пар өгіз керек.
Жомарт. Есің дұрыс па, қайдан табам?
Баймақан. Онда жұмыстың срогын ұзарт. Жаман атағы маған қалады.
Жомарт. Атамаңыз. (Ойланып.) Таптым! Таптым! Мына жерде, жолға тас тасып жүрген алты арбада он сегіз адам, алты пар өгіз бар. Соның тоғыз адамын, үш пар өгізін ал.
Жанат. Онда жолды бөгегенің бе?
Баймақан. Байқа, жолдың стратегиялық маңызы бар.
Жомарт. Байқадым. Жол да бөгелмейді, еңбек өнімі де кемімейді. . .
Жанат. Қалайша?
Жомарт. Үш арбаны жөнелтіп жіберіп, ол келгенше бос үш арбаны толтырып қойса, алты арба, үш пар өгізбен жүріп тұрады. Сонда тоғыз адам, үш пар көлік босап қалады.
Жанат. Дұрыс есеп, табылған ақыл.
Баймақан. Жігітсін! (Баймағамбет енеді.) Міне келді, орындамаушының бірі.
Баймағамбет. Жаңа күн жазбаймын дегенсің. Әдейі соны айтқалы келдім. Сырттан айтса өсек болады.
Жомарт. Норманы орындай алмай жатырсыз ба?
Баймағамбет. Білмеймін, шырағым. Норма көп пе, жасым көп пе, әйтеуір, екі шұқыр мойнымда.
Жомарт. Екеуі де көбірек шығар.
Баймағамбет. Соны мына шіркін білмейді. Апыр-ау, аянады дей ме, мені!
Баймақан. Аянбасаңыз, орындаңыз. Әскерде біз мұндай шұқырды он-ақ минутта қазып тастайтынбыз.
Баймағамбет. О, тоба осы мені солдат деп тұр-ау, сірә?
Жомарт. Бәкең барын аямайды. Бара беріңіз, Бәке! Күн жазылады.
Баймағамбет. Е, бәсе! (Шығып кетеді.)
Жанат. Баймақан! Инженерлік планды бұзуға кім рұқсат берді?
Баймақан. Жаумен бетпе-бет келіп қалғанда, әр солдат өзіне-өзі командир болады. Жұмыспен бетпе-бет келгенде де, әр жұмысшы өзі инженер болу керек. Сондықтан, мен инженерді аздап түзеттім. Төтелей тартып, елу столба, жүз жұмыс сағатын үнемдемекпін.
Жомарт. Ол төтені біз де көргенбіз. Су үймелейтін ойпаттан қашып, әдейі, айналма қыратпен тартқамыз. Сенің үнемің екі есе зиян салады.
Баймақан. Салмайды, жолдас председатель! Калинин фронтында одан жаман ойпаттарға да столба орнатқамыз.
Жанат. Фронтта көп жұмыс уақытша істеледі. Ал, мына столбаларды келесі жылда қайта орнатамыз ба? Дұрыс, Баймақан. Шектен шыққан еркіндік бұл.
Баймақан. Апыр-ау, сонда. . .
Жанат. Сөз бітті! Бар, қатеңді түзет. (Баймақан кетеді.)
Алма (ауыл жаққа тесіле қарап). Анау Жәкем емес пе?
Жанат. Жәкем, Жәкем.
Жомарт. Я, сол кісі.
Жанат. Япыр-ай тағы бір жанжал шығара ма? Тегін келе жатқан жоқ! (Жақып келеді, қасында Дос, Мәмет, Ырысжан, тағы екі-үш кемпір-шалы бар. Бәрі құнтиып, жұмыс киімдерін киген.)
Жақып. Амансыңдар ма, балалар! Іске сәт! (Пауза.)
Демалыста жүріп байқамаппын, жұрт тік көтеріліп кетіп қапты. Мен жалғыз қаппын. Жалғызға демалыстың да сәні жоқ екен. Күштерің көп, жассыңдар. Білімдерің көп, оқығансыңдар. Бірақ, беделдерің аз, жаңа көріндіңдер, тәжірибелерің аз, жаңа кірістіңдер. Мына кетпенмен қиратқалы келгем жоқ. «Көп түкірсе көлге сеп», сепке келдім. Азын-аулақ беделім, тәжірибем бар, оны да бергелі келдім. Дегенім деген, көзім әлі ештемеге жеткен жоқ, көп ауқымынан қалмайын, қисайтып бара жатсаңдар қырқысайын деп те келдім.
Дос. Жақып иығына кетпен сала жөнелгенде, мына біреудің қолыма қалай түскенін білмеймін, мен де жөнелдім соңынан. Бізді көріп мыналар да шұбады. Ауылда жан қалған жоқ. Бәрі уыстарыңда. Ал жетіп қалыңдар мұратқа! (Алма, Жанат, қуанғандарынан көздеріне жас алыс, Жақыпты, Досты, Ырысжанды, аймалай бастайды.)
Алма. Бәсе, осылай болса керек, Жәкем! Осылай болса керек, Досекем! Түп қазық сен ғой, aпa! Құдай біледі, сен ғой осы ойға салған.
Жақып. Отырмалық. Егін жайға ағаш егу жағын бізге бер! Шетімізден маманбыз.
Жомарт. Ой, бәрекелді! Жаңа ғана айтып отыр едік.
Жақып. Ендеше, біз тарттық.
Алма. Мен де барам, Жәке. (Киініп, ат жүргішті ала далаға шығады. Бір кетіп, бір келіп, қыпақтап кете алмай жүреді.)
Жанат. Алочка-ау, әлі жүрмісің?
Алма. Aт жүргішім қалып қойыпты.
Жанат. Қолыңдағы не?
Алма. Байқамаппын-ау! Кеттім, кеттім. (Жүгіре жөнеледі. Баймақан келеді.)
Баймақан. Ақмет шатақ адам екен, бұйрық жазып берші, бермей жатыр. (Жомарт хат жазып отырғанда бақыра Бейсен кіреді.)
Бейсен. Құдай төбеден соқты, соқты!
Жомарт. Не боп қалды?!
Бейсен (хатты ұстата беріп). Айдар отыз мың сом ақшамен қашып кетті. (Бәрінің қабағы жабылып кетеді. Үн жоқ.)
Жомарт. Сол итке рахым қылмайын деп едім.
Жанат. Қайтейін, зарлап отырып алды.
Жомарт. Сонда-ақ айттым ғой, әйелге тән жұмсақтық бұл.
Жанат. Япырай, шын-ақ жылаған тәрізді еді. Өтірік жас та шығады екен, көзден.
Баймақан. Келді ме, айтқаным? Жауды аяған жаралы қалады деген. Табан астында соттау керек дегенім қайда? Сол үшін менің өзімді соттай жаздадыңдар! Ертең мынау қашады. Бұған қайсың жауапты? Айтып қой!
Бейсен (қамшымен жер сабалап). Күйдірме, өзі күйіп отырған жанымды! Күйдірме! Мені баяғы Бейсен деймісің! Сұра Балуаннан! Күнде арқамнан қағады. Көрерсің, келісімен мені әлі көтереді. Ал, неге қалмайсың қыр соңымнан! Бай-құлақпын ба, сонша! Сен болған соғыста мен де болғам. (Жалғыз саусағын шошайтып.) Мынаны борышыма бергем жоқ, немістерде қалды. Көрші міне өзің көрші! Көр деймін!
Баймақан. Сен қашан соғысып едің! Жап аузыңды!
Бейсен. (тайлығып). О, маяу! (Баймақан хатты алып шығып кетеді.)
Жанат. Не бітірдіңіздер?
Бейсен. Жанатжан-ай, осы иттің қырсығы болмаса, бәрін жайғастырып ек қой. Апарған малды бес жердей дүкен ашып, сойып сатқанбыз. Қарағандыны мүлде қан сасытып жібердік. Сүбе майы былай-былай еттерді кесіп-кесіп таразыға тастай берем. Олар ақшаны бұрқыратып маған тастай береді. Балуан мен Айдар санап алып, қап-қап қылып, балқаға таси береді. Бір жағынан күжбан-күжбан айғыр, бұқа сиырларды Мәжиттің қорасына тоғыта бердік. Әлгі электрдің де шырым-бұрымдарын жинап алғанбыз. Тек екі машина ғана қалып еді. Балуан соның соңында жүргенде, Айдакең басып алып жытып-ақ кеткені.
Жанат. Жәмила қайда?
Бейсен. Ол қашқан жоқ. Балуанның қасында. Ал, енді мені бөгемеңдер. Балуан алласын анда, ақбарын мұнда айт, деген.
Жомарт. Қолда ақша бар ма?
Бейсен. Екі машинаны алмай, ол мың жылда қайтпайды. (Ақмет енеді. Еңсесі түскен.)
Ақмет. Е, сен неғып жүрсің?
Бейсен. Құдай төбеден соқты, Ақа! Айдар отыз мыңды алып қашып кетті.
Ақмет. Ақметті, ендеше, қос қолдап соқты.
Жомарт. Тағы не?
Ақмет. Катокты апарып салып едім, жарамай қалды. Қыстай оны дайындаған өз еңбегім де, мынау қыруар елдің еңбегі де текке кетті.
Жомарт. Жүрмей ме? Сынып қалды ма?
Ақмет. Жүргенін қайтейін ол итті. Әлі де жеңіл екен. Таптаған жерге жүкті арбаларды салып байқап едім? Тіліп-тіліп кетті.
Жомарт. Ауырлатуға болмай ма?
Ақмет. Қорғасын құймаса, темір сыналайтын жері қалған жоқ. Іштеме шықпайды.
Жанат. Тез заводқа кісі шаптыру керек.
Ақмет. Шаптырған кісіңе ұстата берер. Ол келгенше ағылып жатқан жұртты қалай ұстап отырасың? Тас-талқан қылып, бүлдіріп кетеді жолды. Е-е, Ақмет, келіп, келіп тоңқалаң асқаның осы ма. Бұған дейін пайдам асса, енді зияным асты Айдардан. (Жантас енеді.)
Жантас. Трактордың бірін Есжан ұрсып-ұрсып қайтарып жіберді.
Жомарт. Қайсысын?
Жантас. Әлгі өзіміз түзеткен тракторды.
Жомарт. Ақан түзеткен трактор ма? Онда несі бар?
Жантас. Білмеймін. Егіске енді көлік, адам керек. Ойлаңдар. (Шығып кетеді.)
Ақмет. Мына Есжан қағынып кеткен шығар!
Жомарт. Япыр-ай, ойлауға да уақыт бермеді-ау, баспалатып. (Дағдарыс.)
Бейсен. Кешігіп қалдым-ау. Балуан жанымды көзіме көрсетеді ғой.
Жомарт. Ақшаны қайттік бұл?
Ақмет. Қанша ақша керек?
Жомарт. Он бес мың болса, қалғаны өзімізден табылады, депті.
Ақмет. Соған бола жұмыс тастап, ат қинап келер ме? Қастарыңдағы Зылиқадан ала салмайсыңдар ма?
Бейсен. Ақау, Зылиқаңыз аузын қу шөппен сүртеді. Қайдан білейін.
Ақмет. Жаз, Жанатжан! Былшылдамай он бес мың сом берсін. Колхозбен енші қосқан соң, осылай қосалық.
Жанат. Сыпайырақ жазайын, Ақа!
Ақмет. Бері әкелші, жас күйеуше қылымсып тұра алман. (Өзі жазып.) Әй, Зылиқа! Былшылдамай, мынаған он бес мың сом бер. Сол. Мә, жөнел! (Бейсен кетіп бара жатқанда.) Ей, тоқта! Малды фермаға өткізгенімді әзір айтпай тұра тұр. Құрысып қалады.
Бейсен. Өткізіп қойдыңыз ба? Әттеген-ай, бағып-қағуға өзім көмектесетін едім.
Ақмет. Көмегіңмен колхозды жарылқа, бар! (Бейсен кеткен соң.) Қап, бекер айттым: Жаңағы өзі бүлдіреді!
Жомарт. Рақмет, Ақа! Ақшаңызды кешіктірмей қайырамыз. (Жанатқа.) Ал, «өзім білемді» азайттым. Көп біледі. Табыңдар ақылын! (Жанат үндемейді, үшеуі томсарып отырғанда Сатан кіреді.)
Сатан. Қынжыласыңдар, жұмыс қиындады ма?
Ақмет. Қиындағанда қандай!
Сатан (күліп). Я, катогіңіздің жайын көрдік. Бірақ заводтан бір екі машина келеді, сізді іздеп.
Ақмет. Ә, не қылған машина?
Сатан. Жол таптайтын машина, шақыртқан боларсыз, сақтанып.
Ақмет (ойланып). Білдім, білдім! Ха-ха-ха! Ой, шырағым өзің екенсің ғой бәрін реттеп жүрген.
Сатан. Сіздің катогіңіздің түкке жарамағанын мен қайдан білем?
Ақмет. Көргенсің істеп жатқанда. Сонда жымиып, күліп кетіп едің, біліп кеткен де екенсің ғой. Бірақ, айтып кету керек еді.
Сатан. Катогіңізге сене қоймасам да, талабыңызға сүйсінгем сонда. Талапты басуға жарамайды. Баяғыда сіз «шайтан арба» жасайын дегенде, сізді діннен шығарыпты жұрт. Бүгін сіз ремонттаған тракторды көріп қайран қалдым.
Ақмет. Айтпақшы, ол тракторды Есжан неге алып қойды?
Сатан. Бір мәнісі бар шығар. (Ақмет кетеді. Жанатқа, Жомартқа бұрылып.) Жақаңды кетпенге салғансыздар ма?
Жомарт. Өзі сұранды.
Сатан. Өзінің қара күші көп пе, беделі, тәжірибесі көп пе?
Жомарт. Әрине, беделі, тәжірибесі көп.
Сатан. Көбін алмай, азын неге алғансыздар?
Жомарт (Жанатқа). Тіпті, ойға келмепті-ау.
Сатан. Енді ойға келсе, Жақаң да штабта отыруы керек. Ағаш егу басшылығы Досекеңнен асатын көрінбейді. (Есжан мен Жақып енеді.)
Есжан. Әбден сілем қатты. Өзің жүрмесең бір жұмыс бітпейді. Бұрмалай бастайды. Келгенің жақсы болды, көзіңмен көрген екенсің әйтеуір. (Былай алып шығып.) Орындалды. Сексен адам, он жеті көлік көмекке келді қазір.
Сатан. Жақсы болды, мыналар қысылып отыр еді. (Жомартқа.) Сіздер биыл ауыспалы егісті де кең қолданыпсыздар. Жұмыстың беті жаман көрінбейді. Оныншы тракторды қалай алғансыздар. Бөлінгені тоғыз еді ғой?
Жомарт. Істен шыққан екен, өзіміз іске жараттық.
Сатан. Іске жаратуыңыз жақсы, меншіктенуіңіз жақсы емес.
Жомарт. Директор өзі берген.
Сатан. МТС мемлекет мүлкі. Сол өзі бергені үшін директор жауапқа тартылады.
Жомарт. Жазығы көмектескені ме?
Сатан. Көмек аз ба? Беретін кезін ондай директорсыз-ақ біледі, өкімет. Біреудің сыбағасына қиянат жасағансыздар, жарамайды.
Есжан. Май бидай директордан дәндеп, енді уставка қол салды, бұл жігіт. Ақметтің малы фермаға алыныпты.
Сатан (Жанатқа). Мен айтып едім ғой, сізге!
Жанат (күмілжіп). Мен де айтқам. Жомарт тыңдамапты.
Есжан. Көрсетші маған, жеке меншік малды фермаға бақсын деген тармақты? Көрсетші, жеке меншік жойылсын деген заңды? Әрбір «өзім білемнің» арты осыған соғады. Көреміз енді кім білгенін!
Жомарт. Есжан жолдас! Ақырудың қажеті қанша. Баяғының батырағы мен қожасы емеспіз? Еркін ойлап, еркін істеуге қақымыз бар. Жеке мүдде, көп мүддесіне қайшы келмесе де, қарсы тұр деген сөз жоқ уставта. Ал, жеке меншікті жойды деп тым асыра сілтеп отырсыз.
Есжан. Ақмет! Ақмет мәселесінің ақыры қайда соғарын білемісің?
Жомарт. Білем, Коммунизмге соғады.
Есжан. А-а! Ақмет тілегі — көп тілегі демекпісің? Олай болса, көрсет көптің қаулысын.
Жомарт. «Көп-көп» дей бергенше, көптің өзгерісін көре білу керек. Оның да алды, арты бар. Ақмет соны көрсетіп тұр. Нөсер алдында нажағай ойнайды. Көп алдында көсем пікір ойнайды, маған осы пікір қымбат. Расы, сізге ондай пікір ұнамайды.
Жанат (Жомартқа). Қой деймін, не керек айтысып.
Жомарт. Қойғызып отыр ма!
Есжан (Сатанға). Значит, бұл кісі көсем пікірге ғана бағынады. Біз бүгін партия жиналысында, өзіміздің «мешеу» пікірімізді-ақ айтып көрерміз, ә?
Жақып. Сөз ушығып барады, ушықпай тұрып айтайын. Талас тек Ақмет жайында болса, болар іс болып қалыпты. Сол Көкіман мұратына жетсін, қозғамаңдар. Бәрібір, ол тыныштық бермейді. Ол безген малдан колхоз неге безеді? Егер талас көп жайында болса, көп Ақметтің ізіне сия ма? Мұны әбден ойлану керек. Түбінде осыны партия мен өкімет шеше ме деймін.
Сатан (ұзақ ойланып). Я, тек партия мен өкімет қана шешеді. Жеткізелік бұл фактыны. Оған дейін мәселе осы қалпында тұра тұрсын. Сіздер электрдің үлкен жоспарын кішірейтпексіздер ме?
Жомарт. Электр жабдықтары, маман жұмысшылар жетпейді ғой.
Сатан. Егер, жетсе?
Жомарт. Ой-бой, онда диірмен, көрік үй, ағаш, темір мастерскойлары, жер суару, радио, телефон. . .
Жанат. Молотилка, триерлер бәрі электр қуатына көшеді. .
Сатан. Ендеше, соған дайын болыңдар. Бәрі табылады.
Жомарт (ойланып қалып). Япыр-ай, мүмкін емес-ау!
Сатан. Әбден мүмкін! Алып Қарағанды, алып Теміртау социалистік көмекке келеді. Сіз бәрін есептегенде, бұл көмектерді есептемегенсіз.
Жомарт (қуанып, қолын қысып). Рахмет, Сатан аға! Рахмет! (Ақмет енеді.)
Ақмет. «Жданов», «Чапаев», колхоздары көмекке келе жатыр! Уайымдама, Жомарт! Енді ойнақтап өтетін болдық. (Балқыбек, Қасым енеді.)
Балқыбек. О, іске сәт! Елу кісі он көліктен бір күндік көмекке келдім. Жомарт әлі жас, әй, Көкіман сенікі не? Осындай ұлы істі ұрлап істей ме? «Ау, ағайын» деген бір ауыз сөзің қайда? Жақыппен таласасың-ау, тағы!
Ақмет. Жол жорғаңа сала берме. Ақмет алдымен өзіне сенеді. Балқыбек, Жақып ағайынға сенеді. Өзінде қауқар болмаса, ағайынның бергені неге жеткізеді.
Балқыбек Көңіл риза болады да. Мұжық мінез антұрған, сен білемісің оны.
Ақмет. Қуын! Жорғасын! Бүгін елуді берсе, ертең жүзді сұрағалы отыр. Біздің Зілғара да ұттырмайды. Әзірге елуді сала тұрайын деген ғой қалтаға. (Күледі.)
Балқыбек Сағын қарашы, социалистік көмекке де сығалап қарайды.
Қасым. Я, көрші отырған соң біз де қала алмадық. Отыз кісі, жеті көлік әкелдім, Жомарт. Жай өзіңе мәлім, бір күннен артық ұстама.
Жомарт. Одан артық керегі де жоқ. Рақмет, Қасым. Қарыздармыз.
Жанат. Рахмет, көп рахмет, қарыздармыз сіздерге.
Сатан. Жақындық, әзіл, социалистік көмектеріңіз қандай жарасымды. Тек, осыны мықтап ұстаңыздар. Жомарт пен Жанат қарыздармыз деді. Ақаң қарыздың қарасын да байқаған болар.
Ақмет. Я, секретарьдің емеурінін де байқап қалдым. (Күледі.) Ал, жұмысқа келсеңдер, отырмаңдар. Көліктерің, адамдарың қайда? Көрсетіңдер? (Балқыбекке.) Дәл сенің көлігің мен адамыңды жатып ішкендей қып жіберермін. (Күліп, дауыстап шығып кетеді. Сатан, Жанат, Жақып, Жомарт, Есжан қалады.)
Сатан. Міне, социалистік көмек шын халық дәстүріне айналды деген осы!
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ АКТ
7-КАРТИНА
Жаз. Егінді дала. Ағаш арасындағы электрлі, зейнетті колхоз ауылының бейнесі. Сахна төрінде көрік үйі. Жомарт, Алма колхоз жаққа қарап тұр.
Жомарт. Табиғат барын бүгін мақтана көрсетіп тұр екен. Қандай әдемі кеш. Тып-тыныш, маужырауын қарашы.
Алма. Тыныш тұр ма? Желі қытықтап, жапырақтары сыбырлап тұрған жоқ па?
Жомарт. Соның бәрін сезгенде жүрек сырын да сезерсің. Байқашы, не деп тұр, қазір менің жүрегім?
Алма. Кәне. (Ұстап көріп.) Бірдеме деп былдырлайды. Түсінбесем тулайды, тентек екен жүрегің.
Жомарт. Түсінсең де түсінбей, тулатып қойып күлесін. Жұмбақ күлесін. Жұмбақтарды - шешкенше уақыт өтіп барады. Асығам, Алочка, асығам. Мені қинап рақат тапсаң қинай бер, әйтпесе, созбиданың керегі не.
Алма. Сабыр, сабыр. Тым қызба. Суынарсың, тынарсың. (Жанат келеді.)
Жомарт. Жоспар көңілдегідей-ақ орындалды. Үлкен адам үлкен істе көрінеді ғой. Осы жұмыста Сатан тіпті әсем көрінді, ә?
Жанат. Қарсы болған Жәкем мен Есжанңың өзі тамаша істеген жоқ па?
Алма. Бәрінен де завод жұмысшылары — электршілерді айтсаңшы. Бір-бір демалыс күндерінен, осынша жұмыс жасап беріп кетті.
Жомарт. Олар болмағанда отырып-ек. Менің енді уайымым басқа!
Жанат. Басқа болғанда не?
Жомарт. Сонау қиыр далада он мыңнан аса мал жатыр. Отыздан аса адам жатыр. Соларға осындай жағдай жасамай, ішкен ас бойға тарай ма?
Жанат. Қалай жасамақсың?
Жомарт. Алдымен аспан қатынасын, жер қатынасын, радио байланысын күшейту керек. Сонан соң, электр де барады.
Алма. Ту, тағы жұмыс, план, философия. Басқа сөз біткен бе?
Жомарт. Қандай сөз?
Алма. Мысалы: достық, махаббат, жастық лирикалары.
Жомарт. Лирика тек соларда ғана ма. Нағыз лирика еңбекте. Достық, махаббат атасы да еңбек. Тіпті адамның өзін адам еткен де еңбек.
Алма. Оны мен де білем. Жалтармай жауап бер. Достық пен махаббаттың айырмасы не осы?
Жомарт. Махаббат болған жерде достық та болады. Достық болған жерде махаббат бола бермейді.
Ұрқия (мал қорасынан шығып). Бетім-ау, екеуін бірдей құшақтап жүр ғой. (Үстіндегі ақ халатын жөндеп қойып.) Енді, қай жерімнен мін табар екен! (Жомартқа келіп.) Телефонға шақырады. (Жомарт кетеді.)
Жанат. Ұрқия-ау, өзің аққудай екенсің ғой.
Ұрқия. Киімді мен күтіп кием, Жанатжан. Қыз кезімде көйлегімді айына бір-ақ жуушы ем.
Жанар (күліп). Енді, тек жиірек жуа көріңіз.
Ұрқия. Білем, сауыншы сүттей ақ болады. (Кетеді. Алма, Жанат оңаша қалады.)
Жанат. Жомарт тауып айтты-ау деймін. Достық болған жерде махаббат бола бермейді. Болса сиыса да бермейді. Сынасса қайсысы жеңеді, Алочка?
Алма. Достық. Жоқ махаббат. Жоқ достық.
Жанат. Я, достық. Бірақ, сана деген бір күш бар, бәрі соған бағынады. Санасыз көңіл тек нәпсіге табынады. Сана сарғайтады, нәпсі семіртеді. Қайсысы артық Алочка?
Алма. Сарғайса да сана артық та.
Жанат (Алманы құшақтап, басын кеудесіне басып). Осынша ақылды, осынша сүйкімді болып туармысың. Бәрінен де сен артық. Сен сарғайма сәулем. Егер мен жігіт болсам, сені ғана тыңдар ем.
Жомарт (естіп қалып). Онда мен қателеспеген екем. (Екі қызды құшақтап.) Сатандар келе жатыр, кеңсе жаққа баралық. (Үшеуі де кетеді. Ұрқия шығады.)
Ұрқия. Бейсеке-ay Бейсеке, мына сорлының құлағы керең боп кеткен бе? Жүр, тез жүр, балуан шақырады.
Бейсен (қолында біз, қайыс). Ат-тұрмандарымды жамап отыр ем. Немене?
Ұрқия. Білмеймін, Жомартпен оңаша сөйлесті, әйтеуір.
Бейсен. Ойпырмай, Баймақан соққанның қарамағына қайта жіберіп қоя ма? (Жәнібек шығады.) Балуан жай шақырдың ба? Кешегі үзілген ат-тұрман, міне су жаңа болды.
Жәнібек (оңаша алып шығып). Айдар ұсталыпты. Осында әкеліп соттайды, енді. Шыныңызды айтыңыз, жектіктес болдыңыз ба, сірә?
Бейсен. «Еңбек күніңді көбейттім, пайдаласпыз» деді. «Жарайды» дедім. Бірақ, ұсталып қалдық. Тамақтан өтпеді. Құдай ақыны, осыдан басқам болса, не деп ант ішейін, балуан.
Жәнібек. Болмағаны жақсы екен. Болса тескен тау өтіп кететін едіңіз.
Бейсен. Ойпырмай, мынаны да керек қылмайды, ә? (Саусағын шошайтады.)
Жәнібек. Ұрлық оның енесін ұрып жібереді. Сізге енді өтініш айтам.
Бейсен. Айт, балуан, айт!
Жәнібек. Көп маңырағанша, көп істеңіз.
Бейсен. Дұрыс.
Жәнібек. Бай-құлақ емеспін, Отан соғысында болдым, саусағымды бердім дегенді бұдан былай естіртпеңіз.
Бейсен. Бекер ме? Міне мұқылы ғана қалды ғой.
Жәнібек. Оған бола еңбеккүн жазылмайды және ол саусақтың қайда қалғанын білеміз ғой.
Бейсен. Дұрыс.
Жәнібек. Ат үстіне, мал ішіне құмар едіңіз. Тілегіңіз орындалды, мә! (Бір қағазды ұстата береді.) Қарамағыңызда жүз бие екі ай сауылады. Орта есеппен әр бие күніне он литр сүт береді.
Бейсен. Жер, от, күн ұзақ, тәуекел.
Жәнібек. Сол сүттен, құлындарды жүдетпей, жүз бес мың сом шығарасыз, бес мыңы өзіңізге, сауыншыларға.
Бейсен (жымыңдап). Өзіме, сауыншыларға.
Жәнібек. Бұл тапсырманың ең азы, бірі орындалмаса да Баймақанның қарамағына қайта жіберем.
Бейсен. Атай көрме, балуан. Атай көрме. Желкемнің шұқыры көрсін, Баймақанды.
Жәнібек. Барыңыз, іске кірісіңіз. Жылқы бүгін көк бұлаққа көшкен шығар.
Бейсен. Ұрқияны қайтем?
Жәнібек. Ұрқия ай Ұрқия, бері келші, бері кел. . .
Ұрқия. Немене, қолым тимей жатыр еді. . .
Бейсен. Айдекең ұсталыпты. Осында әкеліп соттайды, дейді.
Ұрқия (көзіне жас алып). Қайран ағайым-ай!
Бейсен. Оқасы жок, жас қатын жетті түбіне. Жылама, жыламашы! Мен жоғарыладым ғой, Ұрқия. Міне! (Қағазын көрсетіп.) Қарамағымда жүз бие болады. Сапырулы қымыз, семіз ет, жүр кеттік! Мал аман болып, жоспар орындалса ақшаның астында қаламыз.
Ұрқия. Бармаймын, мен де жоғарыладым.
Бейсен. Сиыр сауғанша, қызара бөртіп бие саусаңшы.
Ұрқия. Қой әрі, электрсіз сауа алмаймын.
Бейсен. Әй, қай ата-бабаң электрмен сауып еді? Құтырып кетесің-ау, кейде.
Ұрқия. Жә-жә. Бармаймын деген соң бармаймын. (Тұра жөнеледі.)
Бейсен. Жаным-ау түсінсеңші, баяғыдан бері долы Ұрқия, жалқау Бейсен атанғанымыз жетер. Көтеріп отыр ғой. Бес мың сом сыйлығы тағы бар.
Ұрқия. Электрсіз сауа алмаймын деген соң, сауа алмаймын. Бес мың сом сыйлық берсе бір тиынын шығармай маған алып кел. (Кетіп қалады.)
Бейсен. Дүниеде долы қатынның қолына, Баймақанның қолына түспе. Қызы құрғырдың бәрі қылымсып тұрады, долы қатын қайдан шығады осы. (Кетіп қалады. Дос, Жәнібек, Мәмет, Баймағамбет, тағы басқалар даурыға шығады.)
Мәмет. Құлыны тайдай, тайы аттай болар жануардың. Пай-пай азуы таяқтай екен. Мойны сала құлаш. Сағағы үзіліп тұр. Құшақ кеуде, қоян жон, құйрық түбі де әлді-ақ екен.
Дос. Осы қалпында жүзіктің көзінен өтіп кетер. Құлын мүшесі бұзылмаған екен.
Мәмет. Маған сүлік қарадан, теке жаумытың көбірек ұнады.
Жәнібек. Өзіңіз айта беретін «Көр-ұғлының» «ғайраты» бар емес пе? Соның тегі ол.
Мәмет. Қойшы!
Жәнібек. Құдай ақына, Мәке! Бұның бірі желісті, бірі жүйрік. Оған қазақы жылқының беріктігін қосқанда тұлпар болып шығады.
Мәмет. Болар, болар.
Жәнібек. Жаңа бұқа, жаңа сиырлар қалай?
Мәмет. Арыстан деуге жалы жоқ. Жайын сынды мол дене қара малға да біте береді екен-ау!
Дос. Бұқа болсаң солай бол.
Мәмет. Жаңағы сиырлар жиырма-отыз түгілі, елу литрде беріп салар. Емшегі қарыс сүйем, бұты толған сүт қой жарықтықтың.
Дос. Әне бір көк сиыр үрпін ашып тұр. Бүгін бұзаулайды, байқаңдар.
Жәнібек. Соның аты «Марта», Досеке.
Мәмет. Сұбықан алла, адам сияқты ат қойған!
Жәнібек. Паспорттары да бар.
Мәмет. Тіпті паш-парттап тастаған ба?
Жәнібек. Ұрқия!
Ұрқия (Жүгіріп келіп, танауын мақтана тартып, резеңке түтіктерді көрсетеді). Өзіміз енді электрмен сауамыз сиырды. Міне, көріңіздер.
Мәмет. Малдың желіні шошымас па екен?
Ұрқия. Жоға, тәйірі! Қайта сүтті көп береді. Бірнеше қатынның сауғанын, өзіміз жалғыз сауамыз енді. Үстіміз қандай таза болса, сүтіміз де сондай таза болатын шығар.
Мәмет. Жаным-ау, мынау Ұрқия локтр болып кеткен бе?
Ұрқия. Оқысаңыз сіз де боласыз. Оқытқан жоқ па, бізді. (Кетеді.)
Баймағамбет. Менің шошқа қорам мал қорасынан кем бе? Шошқаның электрін өзім қаздым. Электр шамы, әне біреулері. . .
Жәнібек. Винтиляция, градусник.
Баймағамбет. Я, бәрі бар. Бұдан былай торайды мынамен еміземіз. (Басына резеңке орнатқан бутылканы көрсетіп тұрып, аузына салып қалады. Ду күлкі.)
Мәмет. Бар болғыр, бала болдың ба?
Баймағамбет. Көрсеткенім-дағы, тіпті жеркенетіні жоқ, тап-таза. Міне көрші. (Мәметтің аузына тақайды.)
Мәмет. Тарт әрі. (Түкіріп тастайды.)
Ақмет. Ей, былш еткізбей, анау түкіргішке түкірсейші.
Мәмет. Құдай тоба. Не десем екен осы Көкіманды.
Ақмет. Тазалық теріс пе, Досеке!
Д о с (жымыңдап). Қаршыға, бүркіт тазалыққа, қарақұс, күшіген өлексеге үйір.
Ақмет (қарқ-қарқ күліп). Қарияның сөзін ұғып ал, бес сақал!
Дос. Уа, Ақмет, тыңда! Бүркітімді алып сонау биіктің басына шыққанда, жалған менің табанымда жататын. Бүгін дәл сондай көңіл күйі келіп тұр. Байқасам, алтынды Майөзек, көмірлі Қарағанды, Теміртау, осынау Қаранұра — талай заман сырын ішіне бүгіп жатыпты. Енді ғана ақтарылды. Соларды жайлаған қазақ та ақтарылды. «Қонақ аз отырып, көп сынайды», мен бір қонақ, бұл заманға, атым ерттеулі тұр. Айтып кетейін. «Елу жылда ел жаңа» деуші еді. Осы қазақ отыз жылда-ақ жаңарды. Қайнап жатыр өмір, қайнап жатыр!
Ақмет. Досеке, сол қаттырақ қайнаса екен.
Мәмет. Ақырын Көкіман. Шымырлап қайнаса бабымен піседі. (Сатан, Жомарт, Жақып, Жанат, Алмалар келеді.)
Сатан. Қырман ферма басына келген бе?
Жомарт. Бұл енді қырман емес, мал азығының фабрикасы. Сондықтан, машиналар мал қорасына жақын тұруы керек. Мал азығы да бұдан былай машинамен беріледі.
Сатан. Бұ да дайын ғой.
Жомарт. Көргендеріңіздің бәрі дайын. Жұмысшыларды таратпай тұрып, электр инженерімен қарап шыққанбыз, бәрін актымен қабылдадық.
Сатан. Орыс кулактарының шошқасын көп бақтыңыз ғой, Бәке! Осы шошқалардан қалай еді?
Баймағамбет. Шошқаның жүйрігі, жорғасы бола ма, шырағым. Кулак шошқалары майлы келетін. Енді одан біздікі асты. Мына тұрмысты шошқа түгілі, кулақтың өзі көрген емес. (Күлкі.)
Сатан. Ақаңның көрігін көрейік.
Ақмет. Көріңіздер. (Көрік үйінің есігін ашады.)
Жомарт (көрік үйінде телефонда). Станция, электр станциясын беріңіз. Бұл кім? Тұрғанбай ма? Ток жібер. Барлық колхозға жібер. (Колхоз қаласы жарқырап кетеді, Көріктен от борап жатыр. Электр балғасы ұрып тұр. . .)
Сатан (Жомарттың, Жанаттың қолын ұстап). Құтты болсын жеңістеріңіз! Мынау бораған от, біздің өмір. Ертең бұдан да күшті борайды. Мынау жарқыраған нұр, Ленин нұры. Ертең бұдан да күшті жарқырайды. Тек бәсеңдеп қала көрмеңіздер!
Жомарт. Бүгін миллиондық ғана болдық. Электр бұдан әрі бүкіл егіс даласына, отардағы сонау, байтақ мал даласына жайылса, миллиардтық болмай немене. Енді соған көмектесіңіздер!
Жақып. Ей, әлеумет! Мен бірсыпыра үндемей келдім. Енді үндемеске болмас. Толдым деуші ем, ол ыдысымның тарлығы екен. Болдым деуші ем, ол білімімнің аздығы екен. Мынау сәулетті дүние еріксіз мойындатты. Кел, сен жеңгеніңе мақтанарсың, азаматым, мен жеңілгеніме -ақ мақтанам. Тек, жеңе бер, осылай. (Жомартпен қол алысады. Бәрі қошеметтеп қол соғады.)
Шымылдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі