(заман суреті)
Мамыражай жаздың басы. Алматының көгілдір аспанында қалықтаған ақша бұлттар күн шуағынан тараған алтын шапақтың көзге көрінбейтін тіндеріне ұзынды-қысқалы етіп байлап қойғандай. Жеңіл қалықтап, тас төбеден ұзап кетпейді. Гүлге оранған гүлзар қала ерекше салтанатқа бөленіп тұр. Қазақтың тағы бір қара шаңырағы іргесін кеңейтіп, отау тіккелі жатыр. Келін түсіру тойына келген көрші апайдың лебізі әңгімеге арқау болды.
«Айналайын, тойға келген жұртымнан! Той құтты болсын!» деп бастаған апай сөзін кілт үзіп, дуылдасқан қонақтар тыңдауға ниетті ме, әлде... деген оймен залды бір шолып өтті. Мейрамхана залы сілтідей тына қалды. Апай дереу осы сәтті пайдаланып «Екі жасқа бақыт тілеуге міндеттіміз, бақытты беру-бермеу бір Алланың қолында. Ал бақытты болудың негізгі шарты, Алланың ризалығына бөлену, содан кейін ата-ененің батасы мен көптің тілеуінің қабыл болуы. Қарағым келінжан, Ақерке, саған да тікелей байланысты десем қателеспеймін! Өйткені мен осы жасқа жеткенше келін де түсірдім, қыз да ұзаттым. Өзім де сен сияқты үлбіреген ақ келін боп босаға аттағанмын бір кезде! Бақытты ғұмыр кештім. Үбірлі-шүбірлі болдым. Енді, сөздің тоқ етеріне оралайын. Бақытты болудың шағын рецепті десек те болады мұны. Абыройлы ақ келін атанып, таңдаған жарыңның адал қосағы болғың келсе, өмірге келер ұрпағыңның бақытын қызықтаған ана болам десең, келген босағаңды пір тұт, айналайын! Жассың, білмейтінің көп. Сол көп сұрақтың жауабын телефондатып немесе күнара жүгіріп өз анаңнан сұрама, қайын енеңнен, Ержанның мамасынан сұра. Өйткені, жаным, бүгінгі көтеріліп отырған шаңырақ — осы ата-енеңнің қара шаңырағынан өрбіген ақ отау. Үй болудың жүгі жеңіл емес. Түтіннің түзу шығуына көп жағдайда Келін-Ене арасындағы татулық себепші екендігін ұмытпа! Екеуара ұғыспаушылық бола қалса, өзгені кінәлама, ене алдында өзің кішірейіп, енеңмен тілтабысуға қадам жаса! Енең де ана. Сенің сүйген жарыңды сенің көңіліңнен шығатындай, сен ғашық болатындай жігіт етіп тәрбиелеген ана жаман болуы мүмкін емес! Ана көңілі қашан да осыны күтеді сенен! Біреудің ақылымен біреу жүрмейді дейміз, дегенмен, осы бата-тілегіме құлақ саларсың, қарағым!» деп, лебізін аяқтады.
Көрші апай айтқан лебіздің әшейіндегі тост көтеруден ерекшелігі жұрт «алып қой, сен неге алмайсың» дескен жоқ. «Рахмет, апай...» дескен, ризалық білдіре жамырасқан дауыстар тұс-тұстан естіліп, оның арты «әр тойда осындай дайын рецептер ұсынылса ғой» деп әзіл-шыны аралас көңілді әңгімеге ұласты.
...Мен қыз ұзатып әкелген құда-құдағиларға жақынырақ жайғасқам. Жиегінде ұсақ гүлі бар көгілдір орамалын келістіріп байлаған бір құдағидың әңгімесіне құлағымды түре отырдым.
...Бата-тілек дегеннен шығады. Жаңылмасам, тоқсаныншы жылдардың ортасына таман болатын... Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы кезең. Мұстафа Өзтүрік бауырымыздың атажұртына оралып, атағы дүр етіп көтерілген кезі еді...
Жалғыз түйір ұлымды қайтсем дені сау, білімді азамат етіп өсірем деп жар құлағым жастыққа тимей жүретін әдетіммен спорттық үйірмелерге жаздырып, дене шынықтыру-спорт залдарына жетелеп, көңілі қалаған спорт түрімен айналысуға мүмкіндік жасап бақтым. Шүкір, талай-талай жарыстарға қатысып «халықаралық жарыста суға жүзуден төрт алтын жүлде алды, жарыстардан олжасыз оралған кезі жоқ. Бүгінде өз отбасын асырап-сақтап, ата көрген оқ жонатынын дәлелдеп жүрген жайы бар. Сол жылдары басымнан кешірген бір оқиға ойыма оралған сайын өкінемін... Әңгіме иесі сөзіне құлақ түріп отырғандарды көзімен бір шолып өтті де орындық шетіне қарай ысырыла жайғасып, терең тыныстап, дем алды да әңгімесін жалғастырды.
Орталық спорт сарайы. Адам лық толы. Мұстафа Өзтүрікпен кездесу өтіп жатқан. Бір сәт Мұстафа «Туған елім деп келдім. Топырағыма, ата-жұртыма аман жеттім, ендігі жерде спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктерім еліме арналады» деген сияқты жүрекжарды сөзін көпшілікке арнап, тізесін бүгіп, басын иді. Қос алақанын кеудесінің тұсына көтере жайып, үлкендерден бата сұрады. Жұрт демін ішіне алып, тым-тырыс. Үн жоқ. Ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей, сілтідей тымған тыныштық. Ешкім ләм-мим деген жоқ. Бата сұраған ел ұланы сыр білдірмей, орнынан тез көтеріліп, әрі қарай кеш рәсімі жалғаса берді. Мен сол сәтте табылса, қара жердің тесігіне тірілей түсердей хал кештім. Біздің қаншалықты дәрежеде ата дәстүрінен, бата-тілектен алыстап, бодандық рухты мойындап кеткенімізді сезіндім. Қазір өкінемін. Сол сәтте қазіргідей басымда жаулығым болмаса да, атып тұрып неге бар білген емеурінімді істемедім, «атаң мүдірсе, қарағым, заманның ағымы осылай болды, мен бе бір анаңмын» деп, неге ғана білгенімше бата бермедім деп қатты өкінемін! Сол жолы Мұстафа бата алса, пәле-жаладан құтылар ма еді, деймін. Сондықтан, үлкеннің алғыс-батасына жетер не бар?.. — деп салиқалы құдағи әңгімесін аяқтады.
Алақан созып сұралған, берілмеген батадан жаман не бар деген ойдан жүрегім мұздап кетті. Қазағымның тойы, қазіргі заманда, шүкір, бата-тілектің ақ жауыны сияқты ғой...
Асаба екі жігіт шырқ үйіріліп, би билетіп, көпшіліктің көңілін көтеруде.
Вальс әуенімен құшақтары жараса қалықтаған, жүздері бал-бұл жанып нұрланған жұп аққудай күйеу жігіт пен ақ желеңі үлпілдей тербетілген қалыңдыққа қарап ойға берілдім. Әсем әуен тербеген зал ішінде айтылған көпшіліктің тілеуі мен ақ баталары көзге көрінбейтін нәзік толқындармен жас жұбайлардың бойын балқыта қонақтап, қос жүректің нәп-нәзік тініне шым-шымдап сіңіп жатқандай көрінді маған. Ылайым солай болғай! Өз ойыммен өзім оқшауланып, «батамен ер көгерер» деп күбірлеп, қос алақаныммен бетімді сипағанымды ешкім байқап қалмады ма дегендей, төңірегіме көз тастадым ақырын ғана.
«Екі жұлдыз... бір аспанда көрдік біз,
Біздер де екеу егіз сәулем, өйткені...»
Тойдың тарқамауын іштей тілеп, сазды әуенмен ырғала тербеліп, өзімнің де бақытты шақтарым есіме түсті.
Көңілімнің түкпірінде «бата бере алмаған» мәңгүрттіктен де арылатын кез жеткеніне тәубешілік еттім!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі