Бәйгесін шаппай алған бір жүйрік бар. Жалына ешкімді жармастырып көрмеген ол жүйріктің аты — уақыт. Уақыттың тағы бір қасиеті — емшілігі. Есі бүтін елдің бәрі әлдеқашан мойындап қойған осы қағиданы Сарқыт әлі күнге мойындай алмай жүр. Сол уақыт-емшінің өзі жаза алмай жүрген ауру — Сарқыттың тәнін де, жанын да жаулап алған сырқат.
«Жазылмайтын ауру болмайды, емделмейтін науқас болады. Науқастың емделуге ниеті мен емнің қонатынына қалтқысыз сенімінің болуы басты шарт» деген тұжырым осыдан дәлірек айтылмайтын сөз.
...Жол апшысын бірде қуырып, бірде қуыра алмай, көрінген бекетке бір тоқтап, асай-мүсейлерін тексертіп, ыдыс-аяғын суға толтырған күйелеш пойыз шойын жолдың рельстеріне доңғалақтарының жігінен тайып кетпеуін бір аманаттап қойып, күнбатысты бетке алып заулап келе жатқанына бүгін үшінші күн.
Сарқыт өз ойымен өзі. Желісі үзілмеген ой шіркіннің бұл көзі ұйқыға кеткенше кірпігін күзетісіп, әр таңда мұның ұйқыдан оянуын күтіп қасында екі елі тапжылмай келе жатқан айнымас серігіне айналғалы да үшінші күн.
...Сәлімі емге де, емшіге де, дәстүрлі медицинаға да ден қоймап еді. Сенбеді. Ақыры аңдыған жау алмай қоймайдының кері келген. Кім білсін? Кім білсін, қу тірлік шаршатты ма, жүйкелетіп?
Адам атын алып өмірге келгелі пешенесіне бірыңғай міндеттілік қана жазылып қойған Сәлімі бұл пәниден діңкелеп өтіп еді-ау. Әбден титығына жетіп шаршады. «Өмір сүру — қанаушылыққа көну, мойынсұну» дейтін өзі кейде.
Тірлігінде ешкімнің ала жібін аттамаған ақеділ жанның ала жібін ерсілі-қарсылы сабылған аяқтардың астында қалдырған пендешілікке не дерсің?! Сәлімінің еңбегі еш, тұзы сор болып өте шыққан өмірін ойласа, жанын қоярға жер таба алмайды Сарқыт! Қолындағы биліктің делебесін әлдінің шоқпарына айналдырған есіріктерге есесін кетірген қу тірліктен өстіп өш алғаны ма екен, әлде, байғұс шіркіннің?.. Әйтеуір, Сәлім өз өмірінің соңғы жылдарында бойындағы кеселден айығуға зауықсыз тірлік кешкені Сарқытқа аян...
Екеуінің қол ұстасып ерлі-зайыпты өмір сүріп, қатар кешкен күндері Сарқыттың жадында жаңғырады да тұрады. Мұның онсыз да күйіктен зардап шегіп жүрген көкірегін тырналайды да жатады. Көмескі тартты-ау деген бір сәті болсайшы. Япыр-ау, жер бетінде басынан бағы ұшқан жесірлердің бәріне тән дағды ма екен бұл?
«Сәлімді де шаршатқан қу дүние-ау, кімге опа бергендейсің» деп таусылады кейде Сарқыт! «Сәлімді де...» Сәлім... сонда ол, шаршамайтындай, кім еді. Ол да ет пен сүйектен жаратылмап па еді? Жаратылды ғой. Дегенмен, бұл білетін Сәлімнің адамға да, құдайға да, жерге де, көкке де көзқарасы түзу, бағдары әрдайым айқын еді ғой. Бір сөзбен айтқанда, дүниетанымы қалтқысыз еді. Әр нәрсені өз атымен атайтын, әр құбылысқа саралап барып баға беретін шектен тыс сабырлы да салқынқанды Сәлімін қайыспас қара нарға балап жүргенінде бұған өмірдің ащысы тұщырақ, тәттісі тәттірек көрініпті. Әлде, бәріне кінәлі сол түзу көзқарасы болды ма?
Е-е-ей, дүние-ай десейші, думанды да нулы қала астанада думан-додамен өте шыққан жастық шақ-ай! Бейнеттің жүгін ауырсынбай көтерткен қайран күндері айықпас ой тұманынан шығарғысы жоқ мұны. Өзі де шыққысы келмейтін тәрізді ме...
Сүт кенжесі — кіші қызы қайта-қайта қақсап жүріп, дәрігердің қабылдауына жаздырған анасын. Дәрігер әйел иманы жүрегіне ұялаған жылы жүзді адам екен. Қазіргі кезде қабылдауға кезекте екі сағат уақытыңды өткізіп, Аллалап әзер кіргеніңде бетіңе тура қарауға мұршасы келмей (әлде дәті бармай) өзі де әбден титықтаған терапевтер тап бір ауру сенің күнделікті атқарып жүрген міндетті жұмысыңдай, дағдылы әдетпен тапсырма берген қожайынша қолыңа топ дәрі алатын нұсқама қағазды ұстата беріп, «келесі кім, кіріңіз!» деп, басын көтеріп қарамаған күйі сыртына сенің аты-жөнің, мекен-тұрағың ұқыптап жазылған кәртішкеңнің беттерін сойдақтата толтырып отыра беретін. Тіпті сенің «сау болыңыз» деген ілтипатың өз аузыңнан шығып, өз құлағыңнан басқа дыбыс қабылдайтын тетіктің жоқтығына «көзі жеткен соң» дәрігердің кабинетінен өзіңмен қабаттаса сытылып шығады. Осы тойғаныңмен дәріхана орналасқан түкпірге қарай жылыстайсың...Сарқыттың сол дәрі-дәрмекті де уақтылы қабылдап қарық қылғаны шамалы-ау. Балаларының көңілін аулаған болып, сатып алатын әйтеуір...
...Ал, мына қабылдау Сарқытқа қатты әсер етті. Әдеттегіше «кезектің соңы кім» деп сұрағанынан кейін көп уақыт өтпей кабинетке кірді. Өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмей дағдарып қалды. Орта жастағы дәрігердің Сарқыттың жүзіне тіке қараған жанарынан бір жылылық ұшқынын сезді. «Отырыңыз» деді бұған сыпайы да жұмсақ дауыспен. Стол үсті жып-жинақы, қабырғадағы сөре-шкафтан Сарқыттың кәртішкесін аса ұқыптылықпен алып, ықшам қимылдап орнына отыруға ыңғайланған дәрігер науқастан әлдебір жақсы лебіз еститіндей жылы жымиып, жүзіне зер сала қарап қарсы алды.
Кіші-гірім романның көлеміндей мұның кәртішкесін әр жеріне үңіле бір шолып шығуға көп уақыт жұмсамады. Зертханадан келген қорытындыларды дауыстап оқып, әлденені жылдамдата жазып отырды, бар ынтасы өзі берген сұрақтарға Сарқыттың аузынан шыққан мардымсыз жауапта.
«Ішкі ағзаларыңыз қабыныңқырап тұр екен, жүйкеңіз әлсіреп, титықтаған. Бауырдың жұмысы нашарлапты. Үйіңізде кикілжің немесе ұрыс-керіс жиі болып тұра ма? Немесе балаларыңыз тілазар ма? Әлде жұмысбасты болып, демалуды мүлдем ұмытқансыз ба? Тұла-бойыңыз жүйкеге түскен салмақтан сіресіп-ақ тұр екен. Иммунитетті көтеру қажет. Әйтпесе, дәрі-дәрмектің күшімен емдеп жазу қиынға соғады.». Бұл — дәрігердің айтқандары.
...Иә, бәрі дұрыс. Ағзаларының әлсірегені рас. Отырған жерінде ұйықтап қалатын әдет тапты. Жүйкесінің титықтағаны да белгілі. Бетіне қарағанның бәрін шаншу көреді. Толассыз ой топанын кешуге жаратылған жанға айналғалы дүниені өз бояуымен қабылдауды ұмытты емес пе?!..
Үйде кикілжің немесе ұрыс-керіс дегенің, Алла сақтасын, атымен жоқ. Балалар өсіп-өніп, өз алдына күндерін өздері көріп жүр. Жүйкені босаңсыту қолдан келмей жүргені рас-ақ енді.
Көңіл-күйін балаларына сездірмеуге-ақ тырысады. Дегенмен, бір күн, бір ай болса бір сәрі. Жылдар өтті арада. Ойдан айығу оңай болса, бір жағына шығатын кезі болды емес пе? Өткен күннің елесінен екі елі ажырамайды. Мұның санасын жаулап алған қайдағы бір түйдек-түйдек қара қошқыл бұлттай зілдей ауыр ой тізбектерімен селбесіп күн кешу дағдысына айналып алды. Оған да көндігіп кеткен Сарқыт өзінің күннен күнге төңірегіндегі әлеміш тірліктің түс-өңін де, ыстық-суығын да сезініп селт етпейтін көнтеріленіп бара жатқанын сезді.
...Ал, сол күні дәрігердің қабылдауынан кейін Сарқыт үйге тұңғыш рет жеңілденіп оралған. Бөлме терезесінен түскен күннің өткір шуағы шыжғырып, шыдатпай бара жатқанын сезіп, түрулі тұрған ысырмалы жабындыны түсірген. Кітап жиналған шеткі бөлмеде құмыраларда шала-жансар өсіп тұрған гүлдердің топырағын ауыстырып, жаңа өскіндерін қайта отырғызды. Кейбіреуін балконға шығарып қойды. Қамқор қолдың ұшын тигізуін күтіп тұрғандай, сұрғылт тартқан үй іші әп-сәтте әрленіп шыға келді.
Сәлім жиі тыңдайтын Аманқостың орындауындағы терме жазылған күйтабақты ойнатып, әуеннің жетегінде тағы да ой бодауына кетіп бара жатқанын сезген Сарқыт өзін-өзі дереу қолға алды. Көптен көңіл аудармай, айшықты да бедерлі суреті бар өзінің бір кездегі ең аяулы мүлкі саналған сервизін үстел үстіне түгел шығарып, бір-бірлеп жуып-шайды. Осы сәт мұның ойына балаларының кішкене кезіндегі тәтті қылықтары оралып, ыңылдап ән айта бастағанын сезбей де қалды...
Жұмысынан келісімен шешесінің күнделікті не тындырғанын тәптіштеп жүретін кенже қызы мұның сол күнгі әрекетіне есі кете қуанды... Анасының алыс ауылдағы жиен сіңлісінің ұзатылу тойына барып-қайтуын қолқалап, жолға өзі шығарып салды. Жол билетін әдейі пойызға алған. Ондағы ойы жол бойы зеріккен жолаушылар бір-бірімен шүйіркелеседі. Анасының көңілі бөлінер деген үміті... еді.
... Белі буылған екі жуан папкіге сықастыра толтырып, соңғы нүктесіне дейін мұқият тексерілген кандидаттық жұмысының дап-дайын жобасын Сәлім үйге көтеріп әкелген күнгі жағдайын тілмен айтқызбай-ақ өңінен ұққан.
Кешкі әңгіме үстінде мән-жайды қысқа ғана түсіндірді... «Ет комбинатындағы таныстармен сөйлестім. Өндіріске барып, мамандығым бойынша жұмыс істеймін» деген. Сонда да болса Сарқыт Сәлімнің сегіз жылын биохимия кафедрасының адам мүрдесінен жасалған препаратпен жұмыс істейтін сасық зертханасында өткізген ғылыми еңбегіне іші удай ашып, шыбын жаны шырқырап еді. «Алдарына барып, ақылдасқан болсайшы. Мүмкін әңгіменің ашығын айтар. Ғылыммен дәл бұлай ат-құйрығын үзіскеннен кімнің несі кетер дейсің??» дегенінде, бұған «Мен өтірік көлгірси алмаймын. Өздері де біліп отыр кімнің кім екенін. Ешкімнің жолын кеспедім. Біреуге қиянат жасаған жерім жоқ. Еңбегім адал, олай болса, мен неге олардың алдында басымды июім керек?» деген болатын. Тағы бір орайы келгенде оның асыл мұрат-мақсатының орта жолда қаңтарылып қалғанына көне алмай Сарқыт былай деген: «Мен барып сөйлесейін. Ректорға кірейін». «Иә, сонда не демексің?» дейді. «Шынымды айтамын. Ғылыми жұмысы дайын, жәрдем беріп, қорғауға шығарыңыздар деймін» деген бұл. «Өздері білмей отыр дейсің бе? Оларға басқа нәрсе керек. Не ақша, не...» әр жағын ашып айтпады. Бұл тосылып қалды...
Күні кеше ғана сияқты еді. Сәлім екеуі Алматыға арман арқалап келгенінде дөңгеленген дүние еш мінсіз болып көрініп еді. Жүректе — қалау, арман. Алда — қол создырған ұлы мақсаттары. Мойымай еңбек етсе, білім қуса — алмайтын қамалдары, аспайтын асулары жоқтай көрініп еді-ау...
Асау ағысты өзеннің арнасында еркін жүзе беретіндей көрінген. Өмір заңы аяусыз да қатал екен. Сарқыт жуырда бір телехабардан мөп-мөлдір өзен суында ағысқа ілесіп еркін сайрандаған шүпірлеген үйірлі балықтың ағысқа қарсы жүзген жыртқыш су мақұлығының арсыз аранына кездейсоқ тоғытылып кете барғанын көріп, өмірдің еш жерде жазылмаған қатыгез заңына тағы да көзі жетті. ...Бала кезінде шешесінің балық қабыршақтағанын қызықтап, қасында отырғанда көрген мынадай оқиға есіне түсті. Үлкен шортанның қарнын жарғанда ішінен шырыш-шырыш болып шыға келген қылдыбай шортанды көріп бұл шошып кетті. Шешесі әлгі үлкен балықтың қарнынан шыққан шортанның өзін қызық үшін жарып көрсе, оның ішінен шабақ шықты. Сарқыт түсінбей «баласы ма?» деген. Шешесі күліп жіберді. «Балық шабақтарын уылдырық шашып көбейтеді. Мынау тірілей жұтқан жемдері ғой» деген...
Қайда барса да, тіпті бірауық көңілін сергітпек болып теледидарға көз салса да күйбең тірліктің күйелеш қазандығын жағалаған пендешіліктің, озбырлықтың мысалымен бетпе-бет келе берген. Сонсоң теледидарды да ермекке айналдырғысы жоқ...
Қасарысудан қары талып, жігері құмға айналуға шақ қалды. Тістенген күйі айлап-апталап ешкімге ләм деп жақ ашпаған күндері болды. Кейде балаларының бұған еркелеп: «Неге үндемейсің?..Тілі шықпаған баладай жәудірегенше, бірдеңе деп күлдірсеңші бізді, әкем бардағыдай!!.» дегеніне ыңғайсыздана, өзі де күліп жіберетін. Балаларын үйді-үйіне шығарып салғаннан кейін ой-бесік құндағына қайта бөленеді...
«Емші ауруды емдеп жазу үшін науқастың емделуге ниеттенуі және ем қонатынына қалтқысыз сенуі — шарт». Сарқыт бұған сене алмай-ақ келеді...
Купедегі тыныштықты бұзған екеудің дабыр-дұбырынан ой желісі үзілген Сарқыт үш күнгі ұзақ жол да межелі жерге жақындағанын түсінді. Сарқыт оны-мұныларын жинастырып, жылдамдығын бәсеңдеткен пойыз вагонының ашық терезесінен туған жердің тұнық ауасын еркін сіміре жұтты. Кеудесін кере кең тыныстады. Көңілі алып-ұшып, жан-жағына қарап, жас балаша қуанды. Жүрегін кернеген қуаныш сезімін, мәз-майрам масайраған көңіл күйін тұңғыш рет біреумен бөліскісі келді. Туған ауылының саф ауасынан, күн көзінің шуағынан бойына тараған пәрменді де нәзік бір күш оның еңсесін езген ауыр ойдан серпілдіп, құрсаудан босатқандай болды. Тұла-бойы батпан зілден арылып, арылып емес-ау, аршылып шыққандай болды. Көңіл-күйі қауызын жаңа жарған дала гүліндей жайнап сала берді. Төңірегіне өзге әлемнен оралған адамша көзі тоймай, ынтық та ынтызар іңкәр сезіммен жымия қарағанын өзі байқамады.
Сарқыт тәубе дегенді іштей күбірлеп, жаймашуақ қалпында жеңіл адымдап, перронда қарсы алушылардың арасында тұрған әпкесіне қарай құшақ жая ұмтылды.
Аспан аясы ортақ болғанымен, топырақ таңдайтын табанның сезімталдығына шүбә келтіре алармысыз...
Асылтайдың әжесінің бизнесі
Асылтайдың әжесі кербез кемпір. Жасында сиыр-миыр, қой-ешкі дегенмен ісі болмаған. Күйеуі атақты жылқы зауытында зоотехник болды. Қазір, міне, Асылтайы биыл он беске толады. Бұл туғалы Аллаға шүкір, Мәскеуге төркініне қатынағандай емін-еркін келіп қайтады, «бизнесін» биыл, қызы «докторски» қорғаған соң доғарды...
Үлкендердің «жастық дәурен демде өтер, аққан судай» деп отыратыны қате болмай шықты. Бірақ әлі де жол жүру, тіпті Мәскеуге жалғыз келіп-кету оған түк емес!
Жалғыз қызы Алматайды үлде мен бүлдеге бөлеп өсірді. Мәскеуде оқып жатқан қызы соңғы курста «денсаулығыма байланысты академ алғалы жатырмын» дегесін, шыдап жата алмай, ұшып жетіп еді. Әкесі де ілесе келмекші болған, іші бірнәрсені сезгендей, «жол-пұлды үнем қылайық, Алматайға қаражат керек болып қалар» деп, өзі келген.
Мұндай абырой болар ма. Ер адам, әрі бұлардың заманы басқа, қазіргілердің заманы бөлек дегендей... Оның үстіне қырықтан асқан шағында көрген жаман немесі, жалғыз демей-ақ қояйын, жалқы бала болған соң бетінен қақпай өсірген қыздары еді...
Самолеттен түскесін, такси жалдап жатақханасына келген-ді. Ана жылы бірінші курсты бітірген каникулда Алматайымен ілесіп келіп жаз бойы үйінде жатқан бадырақ көз Лима алдынан шыққан.
«Апашкілеп» жүріп, қолындағы сөмкілерін ішке орналастырып, Алматай жатқан ауруханаға алып келген... «Құлынымдап, құлдығымдап» ерні жыбыр-жыбыр етіп тәубесі мен шүкірінен аузы босамай, бадырақ Лиманың артынан томпаңдап ере берген...
Зәулім шарбаққа кірген соң біраз жүріп, есігі қай жағында еді деген бұған Лима «терезесі мына жақта» деп, көп қабатты сұр үйдің бұрышын айнала берді. Бұл ілесіп келеді. Қызының жоғары жақтан шыққан «Мамоч-ка-а-а-лаған» даусына жалт қарап, «қарғашым, кішкентайым, өңі құп-қу екен» деп, сол екі арада оған көрсетпей, көзін сығып алды. Қандай аурухана, қай жері аурып қалды деп те сұрамапты-ау, жол бойы. «Тәубе, тәубе, тұмау-сұмау-дағы деп, қызының терезеден қарап тұрғанына да шүкіршілік» дегенінше болмады, «апашка» деп екі қолының сұқ саусақтарын бірдей жоғары қарата шошайтып мәз-майрам болған Лиманың жүзіне қарап, аң-таң қалған бұл екінші қабаттың айнадай жарқыраған үлкен терезесінен қарап тұрған Алматайының қолындағы құндақтаулы шарананы көргенде жоғары қараған бойы сілейді де қалды...
— Мама, бүгін бізді шығарады..., — қызының жылап тұрғанын енді көрді.
— Әрине, балам, әрине, — дей берді...
ЫМГУ-дың жатақханасы сапырылысқан жастар. Шеттерінен көңілді. Сабақ оқып, кітап тасынып, бас қатырып жүрген біреуін көрмейсің. Дәлізге шыққан бұған бәрі күліп амандасады. Құдды бәрі Жылғасайдан кеше келген сияқты. Алматайдың мамасын бәрі танитындай. Әлде бадырақ Лима сырттай айтып, бәріне таныстырып үлгерді ме екен деп ойлады. Кейбірінің тілін түсінбек түгілі, қай елдің қара домалақтары екенін ажырата да алмайды екен. Әйтеуір, «хэл-лэу», «дғасьте» дегендеріне мәз.
...Есік алдында біраз байырқап жүрді де Алматайы балаға медбике келеді деген соң сыртқа шығып, әрі-бері жүрді. Жақын маңдағы бір аялдамадан троллейбусқа отырды. «Нан дүкендері алыс болмас, күлше әкеліп (көрші келіншекке сауғызып жүрген сары құнажынның кілегейін ала келгені дұрыс болыпты), майсөк жасап, кілегеймен шай берейін, сүті молығады» деп, өзіне өзі іштей риза болып отырғанында есіне өткен-кеткен оралып... Лиманың шешесі де кезінде ЫМГУ-дың түлегі құсайды. Соңғы курста байғұс қыз Ливаннан келген өзіндей студент жігіттің етегінен ұстадым деп жүргенінде... Екінің бірі біздің қазақтың жігіті дейсің бе? Олардың елінде «ұрпағым жетім болмасын» деген қағида болмай шығады. Содан... содан жаңа туған Лимасын жатақхана вахтерлары — жалғызбасты жергілікті әжейлер кезекшіліктен тыс уақыттарында кезек-кезек бағып өсірген көрінеді. Көз алдарында университетке түсіп, озат студент атанған, өз ата-анасынан еш дерек білмейтін, сонысына қарамай кішіпейіл де есті қыз Светаны — Лиманың анасын адамгершілігі, әсіресе жалғызлікті осындай үлкен кісілерге деген ерекше ілтипаты үшін бәрі жақсы көрген құсайды. Адам тағдыры қызық қой. Ақыры, кандидаттығын қорғап, шетелге тағлымдамаға барып келгенде, болашақ жарын со жақтан кезіктіріп, ақыры сонысымен қол ұстасып, шетелге кете барады. Лима кезінде мұның анасын қамқорлаған Александра шешейдің немересіндей болып бауыр басып кетеді де, соның қасында Мәскеуде қала береді. Бүгінде шешесі мұхиттың арғы жағында, Мәскеуге келгенінде Александра шешей мен қызына қаражат, сәлем-сауқатты үйіп-төгіп әкеледі... Кезінде балалар үйінде тәрбиеленген жалғыз басты Саша әжейге Лима көктен түскен демеушідей көңіліне медет. Бір-біріне сүйеніш...
Терезеден нан дүкенін көрсем түсіп қалармын дегені демде есінен шығып кеткенін қарашы!..
Оймақтай аузын ерін-мерінімен дөңгелетіп алқызыл далаппен айқырта бояп алған кондуктор шикіл сары қақсап, ойын үзбегенде... «коне-еечная, конечная» деп, бұған қарап тұр екен. Сасқалақтап, нан іздеп шыққанын да ұмытып қалды. «Ыптарая конешная где?» деді жөпелдемде аузына өзге сөз түспей... Онысы «қарсы бағытқа, келген жағына қарай жүре ме» дегені гой, анау «қызыл ерін» міңгір етті де, астыңғы ернін әнтек қисайтып, бұған тыжырына бір қарап, троллейбустың ашық есігінен шығып кетті.
Анадай жерге барып темекісін тұтатқан «қызыл ерін» күжірейген жауырымен-ақ жақтырмаған пиғылын танытып, мұнымен ісі де болған жоқ, дөңкиіп, түтінін будақтата өліп-өшіп шылымын шегіп тұра берді.
— Әдірем қал, бүкіл Мәскеуді жаяу араласам да жөн сұрайтын бір қазақ табармын-ақ, — деп, жан-жағына қарап келе жатып, «ВДНХ» деген жазуы бар зәулім де добалдай сырық-бағандардың алдында жағалай отырған бақалшылардың ішінен қаптан гөрі шағындау, дорбадан қомақты ақ қапшық пен екі жүз граммдық мөлшерлегіш стаканды қатар қойып сауда жасап тұрған қалың қасты қараторы жігіттің қасына келіп:
— Семічке один стакан, — деп, орысшасын «түзетіңкіреп», рублін ұсына беріп еді, анау:
— Тате, пісте менде емес, анау қатарда, — дегені.
— Құдай өлтірсін бе мені, айымның оңынан туатынын білгем! — деп, әлгі сатушы қалың қасты жігітті шап беріп құшақтай алмасы бар ма... Ол байғұс сасқалақтап:
— Тате, сіз мені... — дей беріп еді, бұл енді оны шөпілдетіп алма-кезек екі бетінен сүйе бастады. Жігіт аң-таң. Содан екеуі жөн сұрассын...
— Тате, менің сатып тұрғаным, әмбе..., қи, — деді ыңғайсызданып.
— Қиы несі, Мәсквәда тезек қалап, пеш жағатын үй бар ма?
— Тәте, удо-бре-ния, гүл өсіруге алады. Былай ғой, енді... Мен студентпін. Қарным ашқанда үйден ақша сұратқанша деп... Бірінші курсты бітірген жылы «цветочныйға» кіре қалсам, қала кісілерінің «бөлмеде, балконда өсіретін гүлге тыңайтқыш ретінде ұсақ малдың қураған қиы таптырмайтын тыңайтқыш. Оны Қазақстанға барғанда естігем» деп бір-біріне айтып жатқанын құлағым шалып қалғаны. Тап бір Мәскеуде үйім бардай, гүл өсіретін кісіше әңгімелеріне араласа кеттім. Жергілікті халықтың өкілі азиялық тұрқымды соншалықты жақтырмай тұрса да, өз тілдерінде таза сөйлеп, «бөтен ойымның» жоқтығына көздері жеткендей болып, сәл ғана іштартты. Содан әлгі екі жүзтаныстың қай маңда тұратынын өздеріне білдірмей жобалап біліп алдым да, «бизнесімді» бастауға ниеттендім.
Кезекті каникулдан соң қышлақтан қайтарда шағын қорапшаға қойдың кепкен құмалағын салып ала келейін. Жатақханаға апармадым. Бір күнге сақтау камерасына қалдырып, төрт-бес стақан «тыңайтқышты» әлгі жобамен есімде қалған кварталға апарып, гүл дүкенге жақын жердегі жер асты өткел жолының езуіне бақалшылардың қасына тұра қап, орысшаны бұзыңқырап, «мақтай» жөнелейін. Жұрт жұмыстан тарап жатқан, күн жарық кез, бірлі-жарым адам бұрылып қарады да, бағасын сұрады. Әнеукүні гүл дүкендегі пакетке салынған тыңайтқыштардан бес есе кем бағаға ұсақ пакетке салынған, «мақтау қағаз» жапсырмалары бар тауарды демде өткіздім де, нан, шайымды алып жатақханаға оралдым...
— Е-ее, — Алматайдың мамасының аузы ашылып қалды. Нан дүкеннен демде оралармын деп аз уақытқа шыққанын да, қазір Мәскеудің қай түкпірінде тұрғанын да ұмытып, бір сәт басына пайдалы ой орала кетсін... «Қабаттасып қайтем, студент шіркіннің бизнесіне ортақтасу қиянат, кәнкүрентті кім жақсы көреді, әлде Мәскеудің етек-жеңі кең, басқа бір шалғайынан орын көздейін» деп іштей ойға беріліп тұрғанында, жігіттің:
— Қазір диплом жазып жатырмын, құда қаласа, екі айда қорғап, еліме ораламын, — дегенін естігенде, жігітпен дереу қоштаса бастады.
— Ә, әлгі, атың кім еді?
— Фазил...
— Иә, иә. Сен маған мынаны айта ғой. ЫМГУ-дың жатақханасына не көлік апарады?
Жігіт әлгінде тәтесінің өзі түскен троллейбус жақты нұсқады.
— Әдірам ғана қала қойсын, осымен-ақ жетіп алайын, мен жақтырмаған екен деп кәндөктірін ауыстырмас, тәжікелесіп онда нем бар-ей, — деп өзіне өзі күбірлеп, алдыңғы орынға теріс қарап жайғасқан «болашақ бизнесмен» кемпір «бизнес жоспарын» ойша құруға, әзірше ешкімге тіс жармауға бекінді іштей.
Сондағы құрған бизнес жоспардың жобасы мынау болатын.
«Өнімнің өзіндік құны — тегін, қойдың құмалағын теріп-ақ алады қора-қопсыдан;
Шығындары — Алматайына енді ұшақпен емес, пойызбен жиі келіп тұрады (жолақыны шығынға санамайды, өйткені, титімдей немересіне шал онсыз да жібереді, барған соң тілін табады-ақ! Қайда безеді дейсің, жүдә?), целлофан пакеттер аса қымбат емес;
Тәуекел фактілері — жолда езіліп, күбірге айналғандарын арзанырақ бағамен сатады;
Таза пайдасы 100 пайыз өзінде қалады, өйткені шикізатты тікелей өзі табады, делдалсыз;
Таза кірісі — таза пайдамен теңбе-тең десе болады!».
Суперский!!! Асылтайым ырысты нәресте екен, тіпә-тіпә, деп Алматайының сәбиі көз алдына келіп, түсетін аялдамадан тағы асып кете жаздаған «болашақ бизнесмен» троллейбустан түсе салып, жан-жағына көзін көлегейлеп «Хлеб» деген маңдайшасы бар үйге қарай құнжың қағып, томпаңдай жөнелген...
Содан бері де он бес жыл зырлап өте шығыпты!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі