«...По программе кафедры Гизатулла Мендыханов совместно с ассистентом, в то время Министром Мясной и молочной промышленности КазССР Яковом Ивановичем Костиным и сотрудниками Всесоюзного научно-исследовательского института маслодельной и сыродельной промышленности (г. Москва) изучали казахский курт. Курт был получен в виде таблеток, порошка. Сублимированный курт был дан космонавтам. Они в космосе наслаждались казахским куртом. Об этом было хорошо напечатано в московской газете «Социалистическая индустрия». Гизатулла вместе с другими исследователями за разработку нового состава полученного курта получил авторское свидетельство СССР.
Сеитов Зулхарнай, Заслуженный деятель науки Казахской ССР, доктор биологических наук, профессор, Лауреат высшей независимой общенациональной премии
«Платиновый Тарлан» (естеліктен үзінді)
Басқаны қойшы, ғарышкерлерге не қажет екендігін, оның ішінде олардың ас-суына қатысты біз — қарапайым көпшілік дым да білмейтін кезеңде Отан игілігі үшін «кеңестік кіршіксіз» болашақ коммунизм адамы болып өмір сүргеніміздің өзі — біздің өміртарихымыз.
Қасиетті жеріміздің киесі болар, ата-баба көксеген асыл мұрат болар, әйтеуір қазақ елінің азаматы деген мерейлі де мәртебелі атқа ие болып, ел дәулетіне, ұрпақ қызығына кенеліп зейнеткерлік жасқа жеткеніме тәубе қыла отырып, көкейден өшпей жүрген орындалмаған бір арман жайлы асыл қазынаға балап келген жан сырымды бөліскім келді.
«... Жан-жарым! Өзіңсіз күндер өтіп жатыр. Тағдыр менің бақ-талайыма осыны үлес қылса, менде не шара бар дейсің. Кісіге мұң шағып, жәутеңдегім келмейді, бар сырымды ақ қағаз, қара сиямен бөлістім...
Иә, біз жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының арман қуған жастары едік. Адал еңбектен басқа үлгі-өнеге көрмеген, көсегесі көгерген екі отбасында тәрбие алдық. Біреудің ала жібін аттау деген ұғым бізге, сондықтан да қалай жат болса, біздің де ала жібіміз көлденең көк аттының аяғының астында қалар-ау деген ойдан ада, алаңсыз едік...
Менің өмірлік жарым Меңдіханов Ғизатолла Мұхамбетқалиұлы 1940 жылдың 17 наурызында қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Сафоновка селосында дүниеге келген. Әкесі Меңдіханов Мұхамбетқали 1911 жылы Ботақан советінде дүниеге келген, руы — Жанбол Қызылқұрты. Қазіргі ата қоныстары атанған Сафон селосына 1940 жылы көшіп келген екен. Көп жылдар балық шаруашылығында есеп-қисап саласында жұмыс істеп, адал еңбегімен, адамгершілігімен еліне, жұртына сыйлы азамат болған. Анасы Мұқсина Биқашқызы 1914 жылы ол кісі де Ботақан ауыл советінде дүниеге келген екен.
Алты бала өсіріп-тәрбиелеген, ел-жұртына, құда-жекжатына сыйлы әрі құрметті отбасынан шыққан Ғизатолла Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы ел басына түскен ауыртпалықты бұғанасы қатпай жатып сезініп өскен ұрпақтардың өкілі болатын.
Ұрпағының болашағын ойлаған ата-ана балаларының білім алуына жол сілтеп, қолдарынан келген көмегін аяған жоқ. Ғизатолла орта мектепті бітіргеннен кейін Гурьев қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны 1962 жылы зоотехник-мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Оқу бітірген жас маман әскер қатарына шақырылып, Шадринск горнизонында әскери міндетін өтейді.
Ғылымға, оның ішінде биохимия саласына үлес қосу жолында аямай тер төккен азаматтың, сұқ көз, суық қолдың араласуынан заманында запы көріп, еңбек нәтижесіне қолы жетпей кеткен есіл ердің ғылымға сіңірген еңбегі жайында ол туралы жазылып, жинақ болып шыққан естеліктен үзінді келтіруді жөн көрдім.
Ол кісінің ғылыми жетекшісі Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор, «Платиновый Тарлан» жоғары тәуелсіз жалпыұлттық сыйлығының иегері З.С.Сейітов былай деп еске алыпты: «Гизатуллу из научного работника я перевел работать ассистентом кафедры. За преподавательскую работу он взялся очень серьезно и с уважением. Но в ректорат кто-то донес, что на кафедру химии приняли преподавателя, не имеющего химического образования. Я по этому поводу имел неприятные разговоры с ректором института и вынужден был Гизатуллу вновь перевести на должность научного работника.».
Иә, сонымен ғылыми қызметкер бола жүріп, сол кездегі мал дәрігерлігі институтының биоорганика және биохимия кафедрасында сегіз жыл ғылыми зерттеуін жүргізіп еді. Ол заманда көрінген орыстың жеркепесін жалдай жүріп, тұмыстың тауқыметімен арпалыса жүріп, еңбек еттік, білім алдық, балалы-шағалы болдық. Тұрмыстың қиындығына мойымаған себебіміз — алдымызда асыл арман, толған үміт болатын. Сол арманның қанаты қырқылады-ау, сол үміттер бырт-бырт үзіледі ау, жігеріміз күйреп, маңдайымыз тасқа аяусыз соғылады-ау деген титтей де күдік болмапты...
Бір естелік иесі сол кездегі қызметтес азамат қазір профессор Мұхамбетәлиев Қаратай Мүтәнұлы былай деп еске алар еді: «Мен сонау 70-ші жылдардың орта кезінде бұрынғы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітіріп, жолдамамен Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының философия кафедрасына жас маман ретінде жұмысқа келгенімде аға буын қатарына жақындап қалған Ғизекең осы институттың биохимия кафедрасында қызмет ететін.
Ғизекеңнің оқу-ағарту ісі туралы сөз қозғасам, жоғарыда айтып өткенімдей, осы институт қабырғасындағы қызметінен өндірістік-шаруашылық салаға (Алматы ет-консерві комбинатына) ауысқанға дейін ғылыми-лабораториялық зерттеу жұмысы мен студенттерге білім беру жұмысын ұштастыра отырып, үздіксіз еңбек етті. Оның лабораториялық зерттеулерінің нәтижесі сол кездегі аспиранттар мен оқытушы әріптестері үшін таптырмас алтын қорға айналған ғылыми жетістіктер болды. Бие сүтінің құрамын зерттеп, жаңа қасиеттерін ашуға үлес қосты. Мәскеулік әріптестерімен бірлесіп қазақтың ұлттық тағамдарының бірі - құртты жаңа технологиямен өндірістік тәсілде жасап шығаруда да еңбегі елеулі. Сол еңбегінің арқасында авторлық куәлік алды. Осы өнім ғарышкерлердің дастархан мәзіріне енгізілген құнарлы тағам ретінде бағаланады. Ғизатолла жүргізген ғылыми зерттеулерінің жетістіктері арқасында кейбіреулер ғылым кандидаты, ал бір-екеуі ғылым докторы атақтарына ие болды.
Ғизекеңнің дәріскерлік жұмыстағы ұқыптылығына, тиянақтылығына, жоғары жауапкершілігі мен біліктілігіне бәріміз тәнті болатын едік.
Ғизекеңнің ғылыми қызметкер ретіндегі тұлғалық болмысынан сөз қозғайтын болсақ, ол қоғамдық еңбек кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар қайраткер болатын. Ол кезде қоғамдық ғылымдар кафедрасының оқытушыларының ұйымдастыруымен институт қызметкерлерінің арасында партиялық-саяси сабақ өткізілетін. Мен жүргізген оқыту тобында осы Ғизекең де болған еді. Ол әрбір сабақ барысында белсенділігімен, өзінің көзқарасымен дараланып тұрушы еді. Осындай сабақ барысында екеуміз жиі-жиі кездесіп, пікір алмасып тұратынбыз. Сөйтіп, бір-бірімізге жақын, жақсы жолдас болып кеттік. Ол қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына белсене атсалысатын. Жауапкершілігі мен ұқыптылығын бұл тұрғыдан да танытып үлгерген азамат еді.
Адами қасиеттеріне келетін болсақ, қара қылды қақ жарған әділ, әрі шындықты үнемі қолдаушы еді. Өзіне өзі және төңірегіндегілерге де талап қоя білетін парасаттылығымен дараланатын. Ұсақ сөзге құлақ аспайтын ірілігін жақын араласқандардың қай-қайсысы да біледі. Оның қарапайым пенде ретіндегі азаматтығын ар-намыс, адами парыз, ұлтжандылық, елінсүйгіштік қасиеттерді топтастыра білген қайталанбас дара тұлға деуге болады.
Институттан басқа жұмысқа ауысқаннан кейін де кездескен тұстарымыз болды. Оның ұлтжандылығының бір куәсі болғаным, 86-шы жылғы оқиға кезінде зиялы қауым өкілдерінің бірі ретінде жастарға тағылған айыптауларға қабырғасы қайыса уайымдайтын, бізбен студенттердің тағдырына жаны аши сырласатын.
Асыл азаматтың кісілік мінезі кішіге деген қамқорлық істері арқылы көрініс тапты. Өз әулетін былай қойғанда, таныстары мен елдегі көрші-көлем, құда-жекжаттардың оқуға келген балаларын қамқорлап, тіпті талай студент олардың үйлерінде жатып оқығаны есімде.
Ол шын мәніндегі «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттердің алдыңғысы еді. Заманның ыңғайына ілескен орыс тілді әріптестерінен көшілгері білімді азамат болатын. Өзінің туған тілінде шешен сөйлейтін, көп оқитын. Сол кездегі мемлекеттік дәрежеге ие болған орыс тілін де құрметтеген, шын мәніндегі сауаттылығы, зиялылығы төңірегіне үлгі еді.
Кейін бір кездескенімізде ресми аудармамен, медицина саласындағы аудармаға қатысып жүргенін тілге тиек еткен. Олар «Фармация» АҚ құжаттамалары, Диабеттер қауымдастығының танымдық құралдары еді.
Ғизекең өмірінің «күншуақты» кезеңдерінде де, «көлеңкелі» сәттерінде де өзін өзі ұстай білді: шалқақтаған да, еңсесін түсірген де жоқ, өмірінің мәні адал еңбекте деп білген адамның бойынан тағы бір өнерін — олардың отбасында болғанымызда ағаштан түйін түйген шеберлігін көріп таң қалдық.
Өз қолымен жасаған үй жиһаздары ұлтын сүйген, ұлтының тұрмыс-дағдысын қастерлеген, туған халқының өнерін, ою-өрнегін жаңа заманға өзінің қолынан шыққан бұйымдары арқылы дәріптеген, балаларына игілікті ескерткішке қалдырған сол жиһаздары жақсының көзіндей тамсандырмай қоймайды. Жұбайы Қалампырмен бірге отбасын бала тәрбиесінде де, ұлттық мұраны қастерлеуде де үлгілі отбасы дәрежесіне жеткізгеніне куә болдық...» деген болатын.
Ғылыми жетекшісі З.С.Сейітов өз естелігінде тағы да «Гизатулла вместе с одним доктором исследовал химический состав и физико-химические свойства кобыльего молока. Научная работа проводилась на базе конефермы Панфиловского совхоза Талгарского района. Совхоз являлся хозяйством Совета Министров Казахской ССР, был передовым по всем показателям. Лошади на ферме были элитными, кобылы высокодойные. Дойка кобыл проводилась в течении всего года при помощи электрического дойного аппарата. В совхозе вырабатывали кумыс высокого качества, которым снабжались работники ЦК Компартии Казахстана, Совета Министров, Призидиума Верховного Совета Республики и другие высокопоставленные чиновники. Гизатулла глубоко исследовал состав кобыльего молока, впервые установил состав белков молока кобыл. Он вместе с доктором доказал, что казеин кобыльего молока состоит из четырех белковых компонентов, а его сывороточные белки также гетерогенны, подразделяются на три фракции. Кроме того, они изучали белки трансферрина сыворотки крови кобыл в зависимости от породы и продуктивности животных. Но, к сожалению отношения между Гизатуллой и доктором не сложились по вине последнего. Исследовательские работы не были доведены до конца.» деп жазған екен.
Міне, адал еңбектің бағасы берілмеген, «адалдығы көрініп тұрар болса... бәйгесін шаппай бергізетін» Айбергеновтердің аздығынан ғылым бәйгесі жолында Батыраштың балтасынан мерт болған бір Құлагердің тағдыры осындай еді... Жүйрігіне шоқпар сілтеу базбіреу атанған тексіз қазаққа оңай да шығар, ал ғылымның ұлттық дәстүрдің озығы атанған — тұрмыс-салтқа қатысты, құндылығы шексіз ұлттық тағам — бие сүтін зерттеу жолындағы бір қазақ азаматының жолын кесіп, еңбегін еш еткендердің сол қасиетті де киелі ғылымның дәрежесіне қол жеткізген өзге ұлт өкілі емес, қазақ азаматтары болғаны қандай өкінішті! Әр істің де бақида сұрауы бар, амалнамаға түскен жазу өшіруге келмейтінін пенде шіркіннің ескермейтіні тіпті өкінішті-ақ...
Биохимия ғылымы саласында біраз еңбектеніп, тер төккенімен, әлдеқандай себептермен қыруар ғылыми зерттеулері мен ізденістері қорғалмай қала берген...
Оның өзі таңдап алған тақырыбы бойынша ғылымға қосқан үлесі «Қымыз және шұбат» деген жинақта атап өтілді.
Осы жылдардағы тағы бір елеулі еңбегі ел игілігіне арналып еді. Бұл тәсілмен жасалған өнім ғарышкерлерге тағам ретінде рұқсат етілгенін естігенде, қайран азаматтың ғылымдағы еңбегі еш болған екен деп қатты қынжылыс танытты дос-жараны.
Құрт-ірімшік өндірудің жаңа тәсілін тапқан ғалымдардың ішінде аты-жөні жазылған, Кеңес үкіметі тұсында КСРО Өнертабыс жаңалықтарын мемлекеттік тіркеу тізілімінде 1977 жылы 21 қаңтарда тіркелген КСРО уәкілетті органы «Государственный Комитет Совета Министров СССР по делам изобретений и открытий» деген құзырлы мекеме берген № 557784 авторлық куәлігі сақтаулы.
Ғылымнан шеттетілген соң мал дәрігерлігі саласында Алматы ет комбинатында, ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істеп, қатарынан қалған жоқ. Өмірдегі өз ұстанымы, азаматтық арының темірқазығы — адал еңбек етуден, таза табыспен отбасын асырау дағдысынан алшақтаған емес. Бұған дос-жарандары, көрші-көлемі куә. Біреудің ала жібін аттамай, жалған сөз, жасанды қылық дегенге жуымай өткен өмірі куә. Алдап-арбау, көлгірсу дегенді білмейтін. Ағынан жарылып тұратын ашық мінезі — ер жігіттің көркі болатын. Өйткені, алған тәрбиесі, ұшқан ұясы осындай еді!
...Мен ол кісімен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің бесінші курсында сырттай оқып, «Қайнар» баспасында жұмыс істеп жүрген кезімде танысқанмын.
Әлі есімде...
Қонақтықта кездейсоқ танысып, жөн сұрастық. «Қайнар» баспасына өндірістік-ғылыми тақырыптан авторлар ұжымы даярлаған қолжазба өткізіп едік, сол қолжазбаның қандай сатыда дайын болғанын біліп бере аласыз ба?» деген өтініш айтты. Телефонын жазып берді, менің де телефонымды жазып алды. Сөз арасында қайда тұратынымды сұрастырып, Құрманғазы көшесіндегі біздің жатақханамен тұспа-тұс Мединституттың жатақханасында туған інісі тұратынын, анда-санда өзі барып тұратынын айтқан еді.
Сол бір көктемнің жаймашуақ күнін, танысқан сәтімізді әлі күнге дейін қайта-қайта көз алдымнан өткізіп, есіме аламын. Кей уақытта есімнен ешбір шықпайтын сәттері де болады. Уақыттың жылдамдығына қайран қаламын. Ол күні мен тағдырымда маңдайыма жазылған адамға жолыққанымды білген жоқпын. Ал сол кездердің көрінісін көз алдымнан өткізе отырып, Ғизекең болашағының жоспарына алғашқы жобаны осы сәтте құра бастағанына көзім жетеді.
Баспаның өндірістік бөлімінен әлгі қолжазбаның баспаханада теріліп жатқанын біліп, жерлес ағайыма хабарын айттым. Осы айтылған қолжазба біздің болашақ тағдырымыздың дәнекеріне айналарын мен сезбеп едім. Мен ҚазМУ-дің бесінші курсында сырттай оқимын. Дипломға әлі бір жылдан астам уақыт бар. Әкеміздің «Жоғары білім алып, дипломға ие болмайынша, тұрмыс құруға асықпаңдар. Адам өмірде өзіне өзі нық сенімді болғанда ғана тұрмыстың қызығы алаңсыз болады» деп, санамызға сіңіріп айтқан ақылынан бұлжымай өмір сүріп жатқан кезім болатын. Осы ұстанымды өмірімнің ұранына айналдырып алған менің ойымша тұрмыс құру екінші кезектегі жоспар еді. Ал ол кісі болса, отыздан асқан, өмірден көрген-түйгені бар, ғылым жолында еңбек етіп жүрген салмақты әрі жан-жағына да, өзіне де талап қоя білетін дәрежеге жеткен, жүріс-тұрысы қалыптасқан адам еді...
Бір күні жұмыстан қайтып келе жатқанымда жатақхана алдында жерлес ағайымды көріп, амандастық, інісіне келіп қайтып бара жатыр екен... Содан бастап, мен жұмыстан қайтқан уақытымда ағайдың «інісіне келіп қайтып бара жатқан» сәттері жиілей түсті. Бір күні осындай «кездейсоқ» жолығудың бірінде «Ғылыми шаруалармен Ленинград қаласына іссапарға бара жатырмын» дегені бар.
Осыдан біраз күн өткен соң ағайым жұмысқа телефон соғып, іссапардан қайтып оралғанын айтып, аздап базарлық ала келіп едім, деп қонаққа келуімді өтінді. Мен ыңғайсызданып, оның үстіне жете таныс болмаған соң, елпең ете қоймадым. Бірнеше күн өткеннен кейін әлгі өтінішін қайталап, тағы телефон соқты. Жерлес әрі аға болған соң, қайта-қайта өтініш айтқызып, қонаққа баруға бұлданғандай болдым ба деп, ұялғанымнан құрбым Сарқыт (Ысқақова Сарқыт — белгілі журналист, өмірден ерте өтті, от-жалынды, қайраткер журналист еді марқұм) екеуміз баратынымызды айттым. Өзі Абай даңғылы мен Дзержинский көшесінің қиылысынан күтіп алды. Көрші бөлмеден Айша есімді аспирант қызды шақырып, «жерлес қарындастарым» деп бізбен таныстырып, «ішпейміз» дегенімізді тыңдамай, шампан атып, тілектер айтылды. Сол отырыста өзінің өмірі, ата-анасы, үй-іші деген сияқты әңгімелерді басымырақ айтып отырды. «Институт бітіргеннен кейін ауылға барып жұмысқа тұрғанын, үйленіп, Алматыға ғылыми ұсыныспен қайта оралғанын, ауылда ата-анасының қолында бес жасар қыз баласы бар екенін, келіншегі жол апатынан қайтыс болғанын» есіне алып, біраз үнсіздік орнады.
Осы жолы байқағаным, адам өмірінің қыр-сырын бекер ашпайды ғой. Оның үстіне Айша екеуі қатты қалжыңдасады екен. Жерлес болған соң бізді болашақ жеңгемізбен таныстырып отырғаны ғой деген ой келді. Айша да бізге қарағанда жасы үлкен болғанмен, аңғалдау, ашық-жарқын адам екен, бірақ бір-бірінің қалжыңын жақсы көтереді. Сонымен, әңгіме-дүкен жалғасып, Сарқыт өлең оқыды. Ағамыз да Тұманбай жырларынан үзінді оқып, жарасымды әңгімемен тарқастық.
Күндер өтіп жатты. Ол уақытта Алматыдағы жаңалықтардың ең жаңасына құлағымыз елеңдеп жүретін кезіміз. Ағамыздың «Ленинградтан «Мюзик-холл» келіпті, концертке барайық» деген ұсынысынан басталып, ара-тұра мәдени демалыс кештері жиілей түсті. «Қазақстан» қонақ үйінің астындағы «қызыл» зал, «жасыл» залы бар мейрамханаларда дәм татқызып, құрбыларыммен бірге сыйласып, күндер өтіп жатты. Ортақ тақырыпқа әңгіме айтып, қай уақытта да ашық-жарқын мінезімен менің жерлес ағайым құрбыларыма ұнай бастады.
Сол күндердің бірінде, еңбек демалысын алып, ауылға баратынын айтты. Ауылдан қайтқанда біз тұратын жатақханаға келіп, ауылдың дәмін дастарханымызға ұсынды — жаңадан тұздалып, кептірілген қаракөз балығын (вобла), өз анасының қолымен тортасы айырылған сары май алып келіпті. Мен қысылып, қасымдағы қыздардан ыңғайсызданып отырдым, өйткені жерлес ағайым үй-ішіне мені сырттай таныстырып келгенін жасырмады. Ауылдың дәмін татып, шай ішілді.
Мен шығарып салуға бірге шықтым. Мечников көшесінің бойында сәл аялдап, бірдеңе айтқысы келіп оқталғанын сездім. Егер қарсы болмасам, құда түсуге кісі жібергісі келетінін айтты. Мен болсам, «уәде беруге асықтырмаңыз, ойланайын» дедім.
Сонымен анда-санда кездесіп, әңгімелесіп тұрдық. Жалпы ер азамат ретінде сыйласуға таптырмайтын адам болғанымен, жас айырмашылығы, өмірден көрген-түйгені менен көбірек болғасын ба, мен сөзімді беруге жүрексініп жүрдім.
Осы жылы жазда кезекті еңбек демалысымда ауылға бардым. Анама әңгіменің шет жағасын айтып көрдім. Анам байғұс қатты ойланды, тіл қатпады. Үнсіздік орнады. Мен ыңғайсыздансам да анамның жауабын күттім. Екі күннен кейін Киров совхозында тұратын, ата-анамыздың жас кездерінде көрші болып, жақын араласқан Хабира апаймен ол кісілердің туыс екенін естігеннен кейін, мамам мені ертіп, Хабира апайдың үйіне қыдырып барып қайттық. Ондағы ойы болашақ құдалары жайында білгісі келгені ғой. Өзінің уайымын да жасырмаған секілді. Сонымен не дейін, үйге келген соң әңгіме ашығына көшті, әкеме жай-жапсарды түсіндірдік. Анам өзінің құп алмай отырғанын жасырған жоқ: «өзің үй шаруасына пысық емессің, әрі ол жан-жағына талап қойғыш адам екен, жасы болса ересек. Бірге тұрып кете алмасаңдар не болады» деген күдігін жасыра алмай, сылап-сипап дегендей біршама әңгіме айтты.
Әкем ойланғаннан кейін: «Қызымның таңдауымен келісемін. Болашақ мамандығын таңдағанда да өз шешімін лайық көрген. Мен қарсы тұрмаймын. Құдаларды күтіп алуға келісім беремін» деді. Сонымен, менің болашақ қайын атам — папам қасына ағайыны Әти ағаны ертіп келіп құда түсіп, екі жақ тойдың уақытын белгілеген...
Екеуміз бірге кешкен дәуреннің тұп-тұнық сыры еді бұл.
Иә... Бала-шағаңнан, отбасыңнан кейінгі аңсарың ауып тұратын бар асыл арманың — туған жерге бір барып қайту еді-ау... Сен үшін өмірдің мәні ортайған кез болмаған сияқты. Олай дейтінім, Алматыға мақсат тұтып келген ғылымдағы жолың үлкен тосқауылға тап келгеннен кейін сен биліктің қолындағы күшке әлің келмейтінін түсіндің, ондай іске бейшараланып, ешкімнің алдында кішірейген жоқсың. Еңсеңді түсірмедің. Сен үшін адал еңбек, өзіңнің азаматтық арың мен тазалығың бірінші орында тұрды. Аласарғың келмеді. Әділет бір Алладан екенін білетінсің, шүбәсіз сенетінсің. Сол сеніміңнен айныған емессің. Алладан басқаның алдында аласарып көрмеген еңсеңді биік ұстап, рухыңды ешкімге таптатпай пәни жалғаннан озып едің...
Өтпелі кезең атанған сонау бір қиын жылдардың өзінде бес күнге болса да елге, Қиғаш өңіріне бір барып келетінсің. Қаражат тапшы, күнкөріс қиын кезде де бұл сапардан сені тоқтатуға менің ешқандай құдіретім жеткен емес. Шынымды айтсам, бөгет болғым келмейтін. Алтын бесік — туған жердің тартылыс күшін өзім де қатты мойындайтынымды жасыра алмаймын. Дүние, байлық дегенің оның қасында түкке тұрмайтын біз үшін...
Шарықтаған арман әні заңғар биікте, сонау көкте..., әуеде әлі қалықтап тұрғандай. Сол бір асқарға қанат серметкен, қияға өрлеткен арман тұғыры бос тұрғандай көрінеді маған. Оның ғылымдағы діттеген биігінен бөгде біреу орын алғанымен, сол несібенің кімге тиесілі екендігін бір Алла біледі ғой...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі