жазушы Мағира Қожахметова шығармашылығы жайында
Автор шығармаларына назар аударсақ, ол өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарының өзінде-ақ әр адамның бойындағы қасиетіне, ерекшелігіне, даралығына назар аударып қана қоймай, психологиялық талдаулар, пайымдаулар жасай отырып, шығармашылықпен айналысқан жазушы. «Адам-құпия» сол еңбектің жемісі. Әр ұлттың менталитетін басқыншылықпен, саясатпен, мүддемен жойған алып империя шегінді, бірақ ол сепкен дән жемісін беріп үлгергені ақиқат. Дін мен ділден, тілден айырылған дүбәра қалпымызда жаһанданудың қақпасын қағып тұрғанымыз өтірік пе? Екі алып аждаһа — бірі байтақ жердің байлығына сілекейі шұбыра емініп, жын-перінің көшіндей әлем-жәлем жарнама ақпаратымен, енді бірі аузында Алла, қойнында шоқпары бар, дін таратқансып, жүрекке ұялайтын иманның орнына уытталған сандырақтарын ұсынып, саналарға сыналап кіргізуге жанталасу үстінде. Екеуі де жаңа қоғамның қалыптасуына кедергі келтіретін, тіпті, барыңды тартып алудан тайынбайтын жымысқы пиғыл иелері. Тіпті, екеуі бірігіп бір ниетте болуы да мүмкін. Осындай күрделі кезеңде өз ұрпағымыздың санасын уландырмай, қазақтың ел ретінде намысты ұрпақ өсіруі жолында жазушы жұртшылығының қосатын үлесі ұшан-теңіз. Ал ұлт намысын оятуда Мағира Қожахметова шығармаларының орны ерекше.
Айқай-ұранмен құр босқа уақыт өткізіп, біресе биліктің шаужайына жармасып, біресе сырттан келгенге сырымызды беріп, өз бауырымызды өзіміз талап қайда кетіп бара жатырмыз деген заңды сұрақ — жанды сұрақ. Жалына жармастырмайтын қайран уақыт көші талай нәрседен тағы айырарын ойласақ... Түп-тамырыңа үңілмесең, зерделемесең, боқ дүние түгенделіп бітер ме? Осыны меңзейді Мағира шығармалары.
Әрбір сана-сезім иесінің жазушы күйттеп отырған шуақты нұрды сіңіруге талпыныс жасағанын қалаймыз. Бүгін кешіксең, ертең жалына жармастырмайтын уақыт шіркін тағы бір тұтас толқынды жайдақ жағалауда қалдыратынына сенімім кәміл. Толқып соққан шымыр толқынның серпін алар жағалау арнасының биігірек болғаны дұрыс. Буырқанысты, жарға соғатын толқын ғана Оралхан марқұм айтып кеткен «тұнық судың түбіне құрт» жинамайды («Лениншіл жас» газеті, 1991 ж. бір нөмірінде жарияланған мақаладағы теңеуі), тазартады, арылтады, сананы оятып, намысты, білімді, зерделі болуға, өзгелерден кем болмауға шақырады.
Ресми баспасөзді белгілі бір мүддені көздейтін билік органының тілі, үні деп қарайтын болсақ, атынан белгілі болып тұрғанындай, сонау бір жылдары жарық көрген ұлағаты мол, ұстанымы берік «Қазақ елі» басылымы «Елуге толғанға 5 сұрақ» айдарымен ұсынған керемет дерек — газеттің мерейтой иесіне арналған «Мүшелтой» деген беті менің қолыма тиген еді. Сол сапарымда қонақ етіп төр ұсынған, еттен кейін қол сүртуге газет парағын үлестірген қонақжай қазақтың бір шаңырағына айтар алғысым шексіз. Ет жеп, қол сүртпесең газет оқымайсың ба дерсіз, иә, дұрыс сауал.
Кешегі «балапан басына, тұрымтай тұсына» бола жаздаған, материалдық тұрғыдан алғанда өтпелілігін дәлелдеген, рухани тұрғыдан алғанда әлі де болса «а, құдай, артының қайырын бере гөр» деп тілеу тілетіп, жетегінде желдірген кезеңде рух жүдеп, рухани құндылыққа мойын бұруға мұрша келмеген күндерде газет оқымағаным рас еді. Жылт еткен үмітіме леп дарытып, санама сәуле түсірген, жүрегіме болашаққа деген ұшқын сыйлаған осы газеттің бір парағы екендігін есіме алсам...
Әбден ашыққан аша тұяқтының қоршаусыз үйілген бір мая шөпке кезігіп, тұмсығы іліккен тұстан ауызды салып, үңгіп кете беретіні бар. Әлгі ашық алаңға мая үйген шөп иесінің жазатайым көріп қалып, аш хайуанды аш бүйірден айырдың сыртымен қабырғасын опырардай бір періп, «өй, әлекпе келгір» деп қуатыны да заңды көрініс. Оқыстан келген соққыға да елең етуге мұршасы келмей құныға обырланған, түйсігіне қауіп-қатердің сигналы кешеуілдеп барған кезде тығыз үйіліп, өз салмағымен нығыздалып үлгерген маяның орта тұсына дейін бас-масымен омыраулай үңги ендеп үлгерген хайуан енді оқыс тиген соққыдан түйсігі «қаш» деген белгіні төрт аяғына дарытқан жылдамдыққа ілесе алмай, мүйіздің кедергісін осындайда көрмей ме?!
Әдетте, малсақ қазақ хайуанға қатысты «тілі жоқ демесең, бәрін түсінеді» деп керісінше теңеу айтып жатады. Ал, бұл жердегі менің салыстыруым сәтті ме, сәтсіз бе, әйтеуір сол бір дастархандағы жиыннан кейін мен тоқырау мен торығу халде жүрген өзімнің ғайыптан пайда болғандай белгісіз бір күштің жетегіне ілескенінімді сезіндім. Мен сол бір парақ газет бетіне әлі күнге неліктен табынатыныма өзім де түсіне бермейтінмін.
Жан-жануарға тән ашығу — ағзаның мұқтаждығы болса, сана-сезім дарыған екі аяқты пенденің жадап-жүдеуі рух нәрінің түгесілуге айналғанын бір сәтте түйсінген хал еді — менің сол кездегі халім.
Қонақжай үй иесі төрді жағалай отырған қонақтарына «ас ала отырыңыздар» дегенді бастырмалата айтып, әңгіме-дүкен қыза түскен. Дастархан жиналар сәтте келін бала қонақтарға қол сүртуге ұсынған газет беттеріне көзі түсті ме, үй иесі «мынау оқылған газет пе, свежий ғой» дегенде, бәйбішесі, қалжыңға айналдырып «ақшасы төленген газет қой...» деп көз қиығымен отағасына ымдап, газет әперген келінін ыңғайсыздықтан бір құтқарғандай болды. Үй иесі де «иә, иә» демеске шарасы қалмады. Біз болсақ, қонақтар жағы, әлгіні жеңіл әзілге балап, бір күлісіп алдық.
Менің өмірімде, сол күннен, дәлірек айтсам, батыс қазақтарының дағдысымен қонаққа арнап сойылған қойдың сыбаға табаққа түсуі тиіс жілік-мілігі түгел асылып шұңғыл табақтың аузы-мұрнынан шығара ортаға қойылған дәмнен соңғы қол сүрту рәсімінен кейін күрт өзгеріс басталды.
Дәл сол сәтке дейін өзім іштей бар-жоғына күмәнданып жүрген болашағыма ілкі жаңа қадам басқандай көрінемін қазір ойласам. Газет-журнал оқуға мұрша келтірмейтін кеңсенің көп қағазы, саяси тұтқынның күйін кештірген ресми аударма, қоғамдық көліктегі итіс-тартыс түбіңе жететін қала тіршілігі, қымбатшылық, уақытында жалақы алмау, табыс табуда мүмкіндіктің шектеулілігі бәрі-бәрі жабылып келгенде адам өзін тығырыққа тірелгендей сезінеді. Ал осынау мүшкіл хал жылдар бойына созылғанда, жүйке сыр беріп, рух жүдемегенде не қалады?
Иә, сананы тұрмыс билейді. Тұрмыстың күйкі тірлігімен жүргенімде, сонау тоқсаныншы жылдары қыс ішінде ел аралап қайтқан осы бір олжалы сапарымнан кейін де он бес жыл өте шығыпты-ау...
Ол кездегімен салыстырғанда... материалдық тұрғыдан алғанда жаңа қоғамдық қатынастарға қазір халық икемделіп, біразы тұрмыс-тіршіліктің, күнделікті қажеттілікті өтеудің алғышарттарын игеріп, тұрмыс тапшылығын еңсергендей болды. Осы жерде «жә, жетер» дедім өзіме өзім — не айтқың келіп еді осы, пішен үңгіген сиыр ма, етке тойып қол сүрткенің бе, әлде...
...Әңгіме газеттің алақандай бетіндегі ақпараттың түйсікті селт еткізген қуатында еді... Осы жолдарға тақырып болып алынған бес сұрақтың біріншісінде: «... Біздің қазіргі қайыршы хәлімізге нарық кінәлі ме, жоқ әлде сол нарыққа бейімделе алмаған халық кінәлі ме? Әлде...».
Жауап. Мағира Қожахметова:
«1. ... Қандай уақыт, заман кешсін, қандай жағдайды бастан өткерсе де, кез келген адам, халық сол хал-ахуалына лайық. Қазіргі қайыршы халімізге кінәліні айдаладан іздеудің қажеті жоқ. Кәдімгі табиғи даму өткелдерінің бұрын да кездескен, алда әлі талай кездесе беретін сатысы ғой. Рас, бұл үлкен сын. Әркім өз қадірінше тырмысып, біреулер заманның осы желін өз пайдаларына асыруда; екіншілер құйын соққан қаңбақтай адасуда...».
Иә, ойға ой түрткі. Жоғарыда айтқан шөмелені үңгіген ашыққан сиырдан адам баласының айырмашылығы не? Жаратқан ие сана мен сезім иесі етіп ерекше жаратқан адам басына алмағайып заман туған кезде неден торығады, неге адасады? Көкейдегі мазасын алған сұрақтарына жауап іздейді. Қайдан, қалай шешімін тапсам деген ізденіс жолында шалыс қадамдарға, бұрыс бағыттарға баруы да әбден ықтимал. Қай жақтан соққан желдің екпіні өктемдеу болса, сол екпінмен біраз жерге қаңғалақтап барып қалары сөзсіз.
Қаңбақты қаңбақ күйге түсірген айналадағы табиғи құбылыстардың әсері. Сол қаңбақ деген шөп өз жаратылысына тән шөлде өсетін, кез келген өсімдіктің тамыры жете бермейтін тереңнен нәр алатын өсімдік екендігін бір жерден оқығанмын. Жел-құздың, жауын-шашынның, жайылған мал мен жортқан аңның тұяғынан, сан-алуан себептен түп-тамырынан қиылған соң тереңнен алған нәрден қол үзеді де, түп-түбірі - тамырынан қиылып, анау-мынау малдың таңдайы жасқанып, ауыз сала алмайтын, тарбия өскен тікенді ашық жасыл сабақты болмысынан айрылып, бұта-сабағы бүрісіп, жайыла өскен қалпынан сабағының ұштары ішіне қарай қаудиып бүрісе қурап, ақыры желдің екпінімен дала кезіп, басқа пішін, тіпті басқа түр-түске ие болып, домаланып күн кешіп жүре береді екен.
Естеріңізде болса, «сұраған сен ақымақсың ба, сұратқан хан ақымақ па» деген Жиреншеден қалған қаңбақ жайындағы сөз дуалы ауыздан шыққан аңыздардың ішіндегі мәйектісі емес пе еді!?
Тайға таңба бастырғандай табы қалған тоқырау заманының, одан кейінгі өтпелі кезеңнің заңды жалғасы, бөлек қарқынмен, қарқындап емес-ау қарпи келген капитализмнің алғышарттары кім-кімге де аяушылық білдірген жоқ.
Ұлт болмысы мен табиғатына мүлдем жат сауда-саттықты ала келген қайта құру кезеңі қазақты қаңбақ тағдырлас болудан сақта құдай деп тілек тілеткені әркімге-ақ аян. Ұрпақ болашағы мен ел тілегін қоса тілеп жүрген ана атаулының ішіндегі толымды іс-әрекетпен айналысып жүрген, ұрпақ тәрбиесіне, жаңа заманда ұлттық қалыптасу үдерісіне күндіз күлкінің, түнде ұйқының есебінен тыным таппай үлес қосып келе жатқан қазақтың саңылақ қыздарының бірі Мағира апайымызды, қарымды қаламгер десек те, жұртының жоғын түгендеп, жар құлағы жастыққа тиіп көрмеген тынымсыз журналист десек те, бірегей жазушы десек те жарасады. Ол кісіні өз жазғандарымен ойланбауға хақыңды қалдырмайтын әсерлі шығармаларымен бүгінгі жоқты жоқтай жүріп, ертеңнің көшін түгендеп жүрген қамқор ана бейнесінде таныдым өз басым. Болмысы маңғаз адам! Ой ұшқыр болмаса — қалам қауқарсыз. Басқан қадамың да кібіртік болар еді. Ұшқыр ойы биікке самғап-самғап барып, оқиғасы ширығып, шарықтау шегіне жетіп, шешімін таба қоятын шығармалардан айырмашылығы, менің пайымдауымша, Мағира апайдың туындылары оқушысын көкжиектен қол үздірмейді. Оқиға өрбуі шығысы мен батысы, түстігі мен теріскейі көз алдыңда, қара жердің бетінде өрістейді. Әдебиет майданында да, замана көшінде де асығыстыққа бой алдырмайтын, тұнығына күмәнданған суаттың басына ат шалдырмайтын көлікті көштің иесі, түгендеушісі осындай болатынын дәлелдеп тұрған шығармаларын оқығанда көзіңіз жетеді.
Осы мақаланың басында айтып кеткен газет қиындысыннан алған алақандай ақпараттың пәрмені менің хал-жәйімді күрт өзгерткені сол — мен Мағира Қожахметованың кітаптарын, оның шығармашылық даралығына ден қоя оқып шықтым.
Аңғалдық пен қорқақтық табиғатына жат бұл қаламгердің. Кейіпкерлері өр мінезді. Шетінен күрескер. Немен, кіммен? Иә, күнделікті іс тындырғансып, әлдекімнің алдында әлденені дәлелдегенсіп жүріп жағымды кейіпкер атануға тырысатын кешегі советтік тұлғаны немесе мінсіз характер иесін таба алмайсыз, іздемей-ақ қойыңыз. Олар тылсыммен тілсіз тілдесетін, өз бойынан өзін іздеп жүргендер. Сол арқылы оқырманға ой салады. Сол болмыстары арқылы адам-құпия алдымен өз сырына өзі қаныққысы келеді. Тылсым табиғатпен біте қайнасқан өз болмысына әркім өзі үңіледі. Үңілген сайын құпияның сыры тереңдей түсетін әдеті емес пе?
Әр адам өз бойындағы мінін өзі көріп, өзін өзі түзетерлік сана иесі болғанда ғана кінәліні сырттан іздемейді. Аяқты абайлап, ауызды аңдап пайдалануға дағдыланады. Бүгін қазақ атына лайық айбынды ұлт екендігімізді дәлелдеу үшін бізге не жетпейді, не бөгет дегенде, әр қазақ алдымен, өзінің кім екенін зерделеп алса (қиынның қиыны да осы!), қалғаны қиын емес деп батыл айтар едім! М. Қожахметованың туындылары соны меңзеп тұрған жоқ па?
Әуелі өзің. Сосын обал, сауап, қиянаттың ара-жігін ажырату. Одан кейін мақсат, мүдде айқын болса, алмайтын қамал кемде-кем дегенді ұқтым. Ақыл-кеңес айтылмайды шығармаларында. Солай екен дейді. Керегіңді тер де ал! Бұларсыз құр мақтан, атамыз батыр, тегіміз көкбөрі, ұранымыз — пәлен, түген дегенмен, көзіміз жартылай бай-лау-лы-ыы!!!
Мағира апайдың жоғарыда газетке берген сұхбатынан мысалға келтірілген бірер жолдың өзінен-ақ осындай ой түюге болады.
Ауыз әдебиетіне жүгінсек, байқампаз да ақылды келін, қыңыр да қорқақ әке... Келіннің, баланың сөзіне құлдық ұрмасаң да, құлақ ас дегенді мегзейді ертегінің идеясы... Заман — заманында туғандыкі. Қария адамның өмір тәжірибесі көп. Дегенмен, екінің бірі кемеңгерлікке, көсемдікке жетіп қартая алса ғой! Бұлтарыссыз данасөз бар, ол ақыл — жастан дейді.
«Сор құдықтың басына сорға бола қонды атам, жанынан қорқып жалмауызға егеуіңді берді атам» дейтін ертегінің кейіпкері «Кендебай келген күні шешіл, не Кендебай өлген күні шешіл» деп беліне торғын белбеу байлайтын еді ғой. Күндердің бір күні жылқы суарып жүргенінде беліндегі торғын белбеу шешіледі. «Бұл не болды» екен дегенінше болмайды, қарсы алдынан Кендебай шыға келеді... Бұл батырлар жырынан Керқұла атты Кендебай туралы менің бала кезімде шешем айтып берген нұсқаның бір үзіндісі болатын.
Мыстанға тастап кеткен жалғыз ұлынан өзінің жанын садаға етуге қорыққаны — пенденің осал тұсы. Осал болмас еді, ол мыстанның жезтырнағына ілігіп, жаны қысылғанда, жалғызын беріп құтылады. Анамыз осы ертегіні айтқанда, мен жылайтынмын. Кендебайдың күні не болады енді деп, ертегінің жалғасын айтқызбай қоймайтынмын. Күні бойғы тыным таптырмайтын күйбең шаруамен жүріп, бабын табу қиын бақсы енесінің, қызметтен қолы тимейтін күйеуінің, жеті баланың, отын-судың қамымен сіңбіруге мұршасы жоқ шешеміз көзі ұйқыға кеткенінше ертегі айтып жатып өзі бізден бұрын ұйықтап кететін. Ертеңгі күннің кешін асыға күтетінбіз, жаңа ертегімен, бейтаныс кейіпкермен танысуға асығатынбыз.
Ақыры, Кендебай ептілігімен, жүректілігімен мыстаннан да, перінің қызы Бекторыдан да айла-амалын асырып, егеуін алып, Керқұла аты екеуі көрместі көріп, төзбеске төзіп, аман-есен оралады...
Бала кезімде онсыз да шаршап жүрген шешеме «олардың қонған жерінде дүние мүлкін неге шешелері түгендемеген» дейтінмін. Неге екенін қайдам, үбірлі-шүбірлі бір үйлі жанның бар керегін түгендеп, «ел жатқанша жатпай, біз деп тыным таппай» жүретін анашымның болмысына қарап, ана біткеннің міндеті деп өскендігімнен шығар, ана атаулыға артылар жүк бұдан жеңіл болуы мүмкін емес деп түсінетін болсам керек.
М. Қожахметова шығармаларын оқығанда мен жазушы апайымның өз басы қазақ деген үлкен бір шаңырақтың болашаққа бет алған ұлы көшінің түгендеушісі бейнесіндегі шығармашылық иесі екенін түсіндім.
Оған куә көркем әдебиетке қосқан қомақты үлесіне қоса екі бірдей басылымның бас редакторы, шығармашылық жетекшісі. Оның бірі — «Дертке дауа» деген атпен шығатын көпшілікке арналған медициналық, танымдық газеті. Ұраны — Өзіңді — өзің таны! Ал, керек болса! Сөйтеді де сегіз беттік басылымды «Не қажеттің бәрі осы газетте!» деп имандай шынын айтады. Шын айтады. Жіліктеп шағып, талдаудың қажеттігі жоқ, мұнда адам анатомиясынан бастап адамды толғандырып жүрген кез-келген сауалға жауап табуға болатыны айтылады. Сауатты басылым, тартымды басылым. Өзге тілдерде жарық көретін кез келген басылымның алдында ана тілімізде жарық көретін беделді басылымдардың бірі!
Екінші басылым — «Балбұлақ» журналының қай санын қолға алып қарасаңыз да танымдық, тәрбиелік ұстанымы жоғары, көрсем-білсем деген зерделі өркен көкейіне түйіп алатындай әр алуан тақырып баланың қабылдауына лайықты, тартымды әрі оқуға қызғылықты тілмен жазылып, безендірілу көркемдігі жағына да қатты көңіл бөлінген.
Өзге тілде жарық көретін балаларға арналып шығатын кейбір журналдар бос күлкіге негізделгенін көріп жүрміз. Қайда апарып соғар екен осының аяғы деген ойға қалатынымыз да шындық ондайда. Ал, Қазақстанда балаларға арнап жарық көретін басылымдардан байқағаным, көздеген мақсат-мүддесі бар. Оларды шығаруға қатысатын оның авторлары да, безендірушілері де республиканың тұс-тұсынан атсалысып жүрген бүлдіршіндердің өздері екендігін білгенде, тіпті қуандым. Ортақ мүдде, еткен еңбек, күткен нәтиже, сөз жоқ, айшықты журналды республика көлемінде қанша отбасы алдырып оқыса, сонша шаңырақты шаттыққа бөлеп отырғанына көзімізді жеткізді.
«Ел іші — өнер кеніші» дегенді мен де, сіз де ойлап тапқан жоқпыз, халықтан шыққан дана сөз. Халқымыздың өнер, білім, еңбек, спорт саңлақтарымен, дарынды, талапкер бүлдіршіндерімен таныстыра отырып, тарих, тағылым, болашақ мүддесін кіп-кішкентай «Балбұлақ» оқырмандарына жеткізіп отыруды өз мойнына алған. Бір қарағанда сәбилерге арналған басылым болғанмен, жүгі салмақты. Оқылуы жеңіл. Баланы қызықтырмай, үлкенді ойландырмай қоймайтын зерделі басылым.
«Балбұлақ» сияқты бүлдіршіндердің төл басылымы жайында көп айтудың қажеті жоқ, көру, алдырып оқу да жеткілікті.
Болашаққа нық сеніммен қарайтын рухы мықты, жігер оты алаулаған біздің немерелеріміздің рухани кәусар балбұлағы буырқанған ағысынан жаңылмайтынына кәміл сенім артуға болады. Ендеше, түгендеушісі түгел көштің бөлек-салақтан, аңғалдық, қыңырлықтан зардап шекпейтіні де баршаға аян. Жолда кездейсоқ кездескен мыстан да, т.б. ертегі кейіпкеріндей қаскүнемдер де жағаласа алмайтыны ақиқат. Көңілге сенім ұялайды. Ой қорыта келіп, «Балбұлақ» көтерген салмақты жүктің жеңіл болу себебі — оның жұмылдырушысы — Мағира Қожахметова. Осы арқылы да жазушының журналистика саласындағы қалтқысыз шығармашылық талантының, шыңдалған шеберлігінің бір қырын көруге болады.
Ал, кітаптарына қысқаша тоқталсам, «Жападан жалғыз». Неге жападан-жалғыз. Төңірегіндегілер қайда? Жазушының «Жападан-жалғыз» триптихындағы — Нәзік, «Ұзақ атқан таңындағы» — Ұлдай, «Он сегіз шақырымындағы» — Мүгедек әке, «Күй-кісеніндегі» — Ая, «Тотысындағы» Досжан жалғыздар. Бұлар неге жападан-жалғыз. Себеп не?
Жалғыздықтан не табады? Мұнда жалғызсырау басым ба, әлде жалғыздықты пана тұту басым ба? Жалғыздықтан не іздейді? Төңірегіндегілердің айтқанын айтып, істегенін істеп жүретін митың тірлікті місе тұтпағандар — Мағира апа шығармаларының кейіпкерлері трафарет тірліктен безініп, шынайылық іздеушілер. Өздерін, алдымен өздерінің көкейлері нені көксейтінін ұғынғылары келеді дер едім. Мұнда өзгеге ұқсау, жұрттың бәріне ұнауды мансұқ еткен ешкім жоқ. Таба алмайсыз. Өйткені Қожахметова шығармаларындағы кейіпкерлер — қазақ ұлтының өкілдері әр адамға не керек, бүкіл қазаққа не керек деген үлкен есептің формуласын, теңдеуін құруға ұмтылыс жасап жүрген рух иелері.
Бұл толғауы терең ғылыми тұрғыдан ізденуді қажет ететін бір сала деуге болады. Түптің-түбінде, тұтас ұлттың бойындағы қасиеті, ерекшелігі, менталитетін зерттеп, зерделеуді күтеді, оны басқыншылықпен, саясатпен, мүддемен тұншықтырып, жоюға тырысқан алып империя шегінді, бірақ олар сепкен дән жемісін беріп үлгергені ақиқат. Дін мен ділден, тілден айырылған дүбәра қалпымызда жаһанданудың қақпасын қағып тұрғанымыз өтірік пе? Екі алып аждаһа — бірі жын-перінің көшіндей әлем-жәлем жарнама ақпаратымен, енді бірі аузында Алла, қойнында шоқпар — дін таратқансып иманның орнына уытталған сандырақтарын саналарға сыналап кіргізуге жанталас үстінде. Олардың көксегені не?
Ал, біз болсақ, бабамыз батыр, ұранымыз — пәлен де түген, жеріміз байтақ деп айқай-ұранмен біресе биліктің шаужайына жармасып, біресе сырттан келгенге сырымызды беріп, өз бауырымызды өзіміз талап қайда бара жатырмыз. Жалына жармастырмайтын қайран уақыт талай нәрседен тағы айырарын ойласақ...
Өзіңді өзің таны, сол арқылы қазағыңды таны, зерделе!!! Деген байбаламның түбінде жатқан жанайқайын бірлі-жарым осындай шығармалардан ғана кездестіреміз! Түп-тамырыңа үңілмесең, зерделемесең, боқ дүние түгенделіп бітер ме? Осыны меңзейді Мағира шығармалары.
«Адам-құпия» туралы. Мынау ғаламды жаратқанда Аллатағала өзіне ғана сыры мәлім сансыз құпияларымен қоса жаратқан жоқ па еді. Ал адамзат сол құпия сырларына үңіліп, түгенделіп түгесілмейтін қанағатсыз мұқтажын өтеймін деп ал кеп тыраштануда, ал кеп тыраштануда. Әлімсақтан солай. Қанағат жоқ бізде. Құпиясын ашамын деп аспан кезіп, жер үңгіп, атып-жарып, төсін талқан, жеті қат көкті шұрқ-тесік қылып біткенімізді небір ғаламатты өздері бастап берген ғалымдар өздері айдай әлемге жар салып жариялап, аттандап келеді. Бөгде ұлтта «қолтырауынның көз жасы» деген теңеу бар. Адам қолы, адам миы, адам қажеттілігі, адам ойының жемісі. Тылсымнан келіп ешкім ештеңені шашау шығармайды. Табиғаттың өр мінез, төзе-төзе тоздырып бара жатқан соң буырқанысты бұлқыныс танытып, ана жерді сілкіп тастап, мына жерді отпен шарпып, мұхитты көтеріп аждаһа толқындар жолындағысын жалмап, дүниенің бір шалғайын өрт, бір шалғайын топан қаптаса, ол да жаратылыстың тепе-теңдігінің адам қолымен бұзылуының салдары, қарау ниеттердің жер екеш жерді де қайыстырар салмағы деп ойламасқа не шара?
Соның кері, «жасампаз халқымыз...» деп әндетіп жүріп ақыры тоқырап тынған коммунизмге сапарымыздың жолында жаратушы ие асқан шеберлікпен жаратқан ғаламның небір сырына «үңіле» жүріп, сол адамзаттың өзі түңілерліктей небір сойқанды салғанымыздың ащы жемісін — тозыңқырап бара жатқан ұрпақ санасынан, азыңқырап бара жатқан «адамдық қасиеттің» небір ащы жемісін тілімізбен татып жүрміз. Өкініштен өкіріп жылағың келеді. Одан не пайда? Онсыз да Ібілістің тіліне еріп дегенімізді істеп, Адам қателігін өтеуге жұмақтан қуылып, сынақ үшін пейіш мекен — жерді асты-үстіндегі бар байлық, игілігімен бергендегі істегеніміз мынау болса? Сынақ үшін жер басып жүргенімізді ұмыттырған қолдан жасалған қоғамдық дамулардың жеткізген жері осы.
Енді, еліміз егемендік алып, ұлт еңсе көтеріп, өз перзентін ақ киіздің үстінде хан көтерген шағымызда ертегілерде айтылатын зұлым күштің талай зұлматына төтеп берген игі ниетті батыр тұлға — әз ұлтымның өз жолындағы кесапат, айла-зымияндықтың бәрін жеңіп, елін-жерін аман сақтап қалатын уақыты та таяп қалған сияқты. Ол үшін зиялылық, білімдарлық, ой-сананың айқындығы, зерденің оянуы, ұрпақ қамын қалтқысыз ойлау қажет.
Дүниеге көзқарасы азат, өркениеттен үрікпейтін зерделі әрі жаратылысы өзге ұрпақ өсіп келеді. Сөзімді соларға арнағым келеді. Дәл қазір ғаламды ақпараттың күшімен жаулап, сананы ақпарат арқылы еңсеріп, билеуді мақсат тұтқан жойқын майдан жүріп жатыр. Оны сезесің бе, жас ұрпақ! Жылтырағанның бәрі алтын емес. Бояуы қанық, сөзі майда жарнама есіңді алып, бүгін пайдалансаң, ертең ескіріп шыға келетін «сәнсымағын «дамытып, жетілдіруге» келгенде «тойымсыз» брэнд иелері. Киім-бұйымның да, бояудың да оңғақтығында сөз жоқ. Содан келіп, бәсекеге бейім болмыс иесі қалыптасып келеді. Бәрін құртатын бәсеке, онда бар, менде жоқ. Ау, қанағат, қайда қалдың? Бірінен бірі жаңа, бірінен бірі жетік жылтырақ түгендеймін деп, материалдық қажеттілік үстемдік құрған жерде бәрін ақша билеп, бәрін ақша қуған ашкөздік құртып, жайпап бара жатқан жоқ па? Дұрыс пиғылдағы адал ниетті бәсекенің бұған қатысы жоқ.
«Адам-құпия»! Өзіңді өзіңнен ізде. Өз санаңның даму сатысын өзің бағалай отырып, ізде. Қайтсең қу дүниенің құлына айналып кетпек керек, соны ойла. Жер бетіне неге келдің, даму деген не? Тән аманат болғанда, аманатқа қиянат қылып, өз әліміз келмейтін күндіз-түні дедек қақтырған көп қажеттілік ғұмыры түгенделіп түгесілер ме? Өзіңді таны, төңірегіңді құрметте! Тәнге тыным көрсетпей, жанға рахат бола ма? Рух күйзелісі, рухани ашаршылық, торығу меңдеп бара жатқан жоқ па бізді? Қасында жүріп, қол созым жерде жүріп, ана баласына, әке ұлына, ата-әже немересіне зарығып жүрген жоқ па?
Осы бізді билеп кеткен ненің қарқыны, сол қарқынды сәл бәсеңдетсек неден құр қаламыз? Соны бір сәт ойланып көрелікші! Ең жақындарыңа қамқор бол! Сенің көмегіңе кім зәру? Ата-анаң, балаң мен өзіңнің жан-тәнің! Қусаң жетпес, ақыреттің есігі ашылған күні бір тіні де сенімен көрге түспес қу дүниеге құл болып, қылша мойныңды талша иіп, сүйреуде кете берме, дегенді мегземей ме осы туынды?!
Сол құпия ғаламның бір бөлшегін — Адам деген бір бөлшегін ғаламмен байланыстыра, тылсыммен тілдестіре Мағира жазушы зерттеуге талпынған өрнегі мол, өнеге тәлімі зердеңе жолды өзің ашуға тырыспасаң, түйсігіңе талғажау бере қоймайтын күрделі шығарма. Тосын тақырып, соны соқпақ.
Мұндағы идея — әу баста жан мен тәнді тұтастырып жаратса, бұйрықты күні жан көкке, тән жерге тапсырылатын рәсім жайына қалып, кеудеңдегі жаның мен құр сүлдерін сүйреткен тәнің бір-бірінен қу тірлікте бұйрықсыз қол үзіп, байланыстан қалса, рух бойға күш беруден қауқарсыз болса, күйзелістің көкесі сол емес пе? Сана уланып бітпей тұрғанда ойланайықшы, ағайын!
«Қандай күйде отырып жаратушыңды есіңе алсаң, ол да сені сол күйіңде көреді, неге зәру екендігіңді сенен гөрі ол жақсы біледі. Ең қажетіңді береді» деуші еді он үш жасынан бастап тоқсаннан асып көз жұмғанша бес уақыт намазын қаза қылмаған нағашы әжем — бір ұл алты қыздың анасы, топырағың торқа болғыр Өтәлі қызы Рабиға шешем. Мен Мағира апайды көрген сайын сол Рабиға шешемді көргендей боламын. Түр-тұрпаты мен ақсары жүзі, санап сөйлеп, қадап тигізетін тапқырлығы, ең бастысы, келер ұрпақ қамы үшін нар маяның қомына артылар замана жүгін түгендеп жүрген «Балбұлақтың» анасы болғасын ба, әйтеуір бар болмысына басымды иемін. Әр нәрседен, әр сөзден игілік, шапағат, шуақ іздеу де жақсылықтың жолындағы ізгі ниет екеніне сенудің де жақсылыққа бастайтын қуаты бар секілді...
Қалампыр Кенжеғалиқызы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі