Өзіңді өзің танысаң,
Жаратқан иеңді де танисың.Мұхаммед пайғамбар
Ұланғайыр сары даланы иемденген Шыңғыс хан төрт баласының ішінде Жошыны жақсы көре тұра, әкелік сыншылығы өз алдына, билік ұстағанның биігіректен барлайтын әдетіне бағып, Жошыдан өзінің бақталасын да көрмеуші ме еді. Мұрагерлеріне енші бөлгенде Жошыға қазақ жерінің зерлі белбеуіндей жалпақ сары дала — Қазақ даласының Ткіндігі атанған Сарыарқа тиесілі болғанын дерекнама растайды. Осынау кең сахараның төрі Ұлытауда дүниеге келген қазақ зиялыларының көшін жалғастырушылардың бел ортасында өз орнын алған Ғайнижамал есімді намысты қыз кіндік қаны тамған өлкесін «Ұлытау... қазақ тарихының талай ғасырына куә болған, қазақтың басын біріктірген әз Тәукені осы Ұлытау баурайында ақ киізге отырғызып, хан көтерген, айбарлы Абылайдың жайлауы болған, Кенеханның жорық жолдарына айналған, ер Едігенің өз тілегімен денесі биігіне жерленген, Асан ата «Жерұйығы» атап, бәйбішесі Танаға топырақтың осы жерден бұйыруын қалаған, Жошы жатқан, Ақсақ Темірдің ізі қалған» деп дәріптей жөнеліп, оңайлықпен тежеле алмай тебіренетін киелі топырақ Ұлытаудың бір сілемі Өркеш тауының баурайындағы атажұртына деген махаббатын паш етуден еш жалықпайды.
...Осы Өркештің баурайында қайыңды тоғай ішіндегі айнадай бетін тұңғиық деген ғажап өсімдіктің ақ, алқызыл реңді гүлдері перделей жауып жататын көркіне көз тоймас көлдің жағасында өтті балалық шағы! Әсерлі табиғаты мен аялы алақанында әлдилеп өсірген туған жерін Сөз жүзінде мақтан тұтып қана қоймайды, Ұлытауын ұлықтаған бір журналист еңбегімен танылса, соның бірегейі саналып, тарихтың көмескі тартқан тұстарын қағып-сілкіп, айшықты өрнегімен таспаға жаңғыртып түсірген еңбегінің бірі де бірегейі де саналатын «Ұлытау... Ғасырлар үні» деректі фильмі Ғайнижамал Байғарақызының шығармашылығындағы орны ерекше туынды!
Есіне алса...
Ұлытау жайында кинотаспа жасау ниетімен жолға шықтық... Түсірілім кезінде ЮНЕСКО ұйымдастырған «Кіші жібек жолы» керуенімен жолымыздың қиысуы біздің адал ниетіміздің жаратқан ием тарапынан да құптау алғандығының айғағы секілді. Сол керуен фильмнің өнбойында ғасырлар тоғысуының символындай сән-салтанатты тізбегімен көз қуантады. Осы көркем көріністің жүрек шымырлатар әсерін көрерменге жеткізе алдық-ау деймін. Сәттіліктің нышаны... Деректі фильм көркемдігімен қатар тарих тағылымдарын өзек етуімен де құнды. Домбауыл мазары қазақ даласына ислам келмей тұрып бой көтерген тәрізді. Қазақ жерінде Домбауыл мазары бірнешеу дейді. Оның да сырына үңіліп, анық-қанығын көне тарихтың құм белдеулерін ашатын кез алда. Ерден мазарының қыш кірпішін бұздырып әкеліп үй салған кісінің өртеніп кеткен үйі, Қараменденің ер-тоқымын сұратқан жауынгердің көкейіндегі ойын әкесінің тап басуы, Алаша ханның мазары, Ерденнің мазарын көтерген хас шебер Сералы жайындағы хикая... Ақсақ Темір жорығындағы Алтын шоқыға қатысты оқиға да жалпы айтқанда, Жезқазған өңірінде ізі қалған ғұлама ғалымдар жайындағы естеліктерде болсын, тарихи көркем дүниелерде болсын, ауыз толтыра, айызын қандыра айтылған, қалам қарымы жеткенінше талай саңлақ жазушы ағалар майын тамыза, шырайын келтіре жазған, жаза де беретін шоқтығы биік тарихы аңыздардың бірегейі. Өйткені көргенінен, естігенінен әркімнің алар әсері әр түрлі. Көру бар да, түйсіну бар. Сондықтан 1936 жылы Эрмитажға алынып, кейін сәтті күн туғанда егеменді елімізге қайтарылған таңбалы тастың тарихы әлі талайды тамсандырар құнды дерек, мәйекті аңыз. «Ақмешіт» әулие тауындағы үңгірдің қасиеті жайлы әңгімелер де тарих беттеріне үңілтіп, баурай түседі. Оған деректі фильмнің дыбыстық әрленуін қосыңыз. Құлаққа жағымды әрі көрерменін ғасырлар қойнауына, тарих иіріміне баурап, жан-дүниеңді байыта түседі.
Ел-жұртын сағынып барған бір сапарында қаршадай қызға сол өңірдегі кәрі көз, көне құлақ қариялардың дуалы аузымен айтылған батасы теріс кетпегенге ұқсайды. Ұлытау жайлы деректі дүниені тамашалаған аталары сол өңірден түлеп ұшқан түлектерге, атап айтқанда қазақтың айтулы ұлдары Камал мен Төрегелдіге қаратып «Атақтарың дардай, еңбектерің де ұланғайыр, дегенмен, туған өлкені паш еткен Ғайнижамалдың еңбегі биігірек!» деп бағалағанынан артық баға жоқ екен, ойлап қараса! Мәртебесін өсірген оның еңбегінің ел назарына ілініп, бағалануы еді... Ұланғайыр қазақ даласынан Ұлытауды ғана бөліп алып дәріптеумен тынған екен деп ойлау жөнсіз болар еді, Көкшенің талай саңлақ серісін дүниеге әкелген «Серілер елін» де деректі дүние арқылы мадақтаған Ғайнижамал көкжиегін сағым көмкерген сары дала, тау-тасын алалап көрген емес.
Қазақы қаны бар кино -, тележурналист маманның қолтаңбасы айшықты өрнектелген, жоғары бағасын әділ алған фильмдердің бірі — «Ұлытау... Ғасырлар үні» туындысы 1991-ші жылы Саратов кинофестивалінің жүлдесін иемденді. Жезқазған өлкетану мұражайының директоры Бахтияр Қожахметов деген азамат деректі түсірілім авторына «Ұлытау» жайында түсірілген таспаны он үш рет қатарынан тамашалағанда да туған өлкенің, тау-тасының баға жетпес қадіріне бас ие отырып, мерейленіп, көрген үстіне көре түскісі келгенін айтып қоңырау шалғанында, толқығанын жасыра алмаған Ғайнижамал табанын қасиетті топырағына тіреп, ұлы мақсат жолына өрлеген жастық жылдарын сағынышпен еске алады...
«Өніп-өспейтін дән болмайды, топырағын тауып көктесе» деген сөз Ұлытаудың баурайында, асыл топырақта шыр етіп дүниеге келген таланттардың қай-қайсысына да арналып айтылса керек.
Адам бойына дарыған туабітті талантының көзін ашып, талабына нұр жауғызатын да төңірегіндегі жанашыр, қолдаушы адамдар. Қатарластарынан ерекшеленіп тұратын, талабы да, қабілеті де көзге ерте түскен кішкентай немересі Ғайнижамал «маған хатшының қызы болғаным үшін мұғалімдер бестік баға қояды» деп құрбыларының сөз еткеніне намыстанып, үйге жылап келгенде, «Сен сабаққа дайындалып барғаның рас па? Олай болса, мұғалімнің саған өте жақсы баға қоюы да дұрыс емес пе? Ал, өздерінен дараланып, оза шапқан жүйрікті сөз қылатын әдеті бар қазақ кеше де, бүгін де, ертең де болмай қоймайды, ендеше сен олар үшін жауапты емессің. Сен өз міндетіңді адал орындап, бөгде сөзге құлақ аспа!» деген әжесінің сөзін өмірде де, еңбекте де берік ұстанымға айналдырған Ғайнижамалдың зерделі де ойлы болып есеймеуге хақысы жоқ еді. «Кім болам десе, сол болу, ұлы адамның ісі, қолынан келгені ғана болу әр адамның ісі» деген қағиданы да ойлап тапқан қазақ, тегі, намыс жануға келгенде алдына жан салмайтын қасиет иесі ғой.
Өз тегінен сөз қозғап, «ел бастаған ерге бай, сөз бастаған шешенімен даңқы шыққан, қол бастаған батырлар туғызған Найман атаның Сарғалдақ елінің қызымын. Бала кезімнен алдымда үлгі тұтар әкем Байғара Тұрсынбаев — аудандық партия комитетінің идеологиялық хатшысы болды. Өте әділ, ақылды әрі сауатты жан еді. Сондықтан да кішкентай кезімнен аудандық, республикалық газет-журналдардан бастап «Правда» газеті мен «Советская культура», «Литературная газета» сияқты басылымдардың бәрін оқып өстім. Қазақтың белгілі журналист-жазушысы, өнертанушы, мемлекет қайраткері Камал Смайыловтың тұлғасы мамандық таңдау сәтінде менің бағдаршым, үлгі еткен адамым болды. «Камал көкем сияқты атақты журналист боламын. Әділеттің ақ сөзін сөйлеймін» деген мақсатым жолында табандылық пен еңбекқорлықты тірек тұттым. Арман жетегінде Алматыға келіп, 1976-шы жылы сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік унтверситеті, бүгінде Әл Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Журналист мамандығын алып шықтым...» деген сұхбаты арқылы осы қасиетті де қадірлі мамандықтың иесі болу үшін алғашқы өмір баспалдағының сәтті де мақсатты болғанын аңғартады.
Оқу бітірген жылы дарынды қаламгер, білікті басшы Қалтай Мұхамеджановтың қарамағына «Жаңа фильм» — «Новый фильм» журналына редакторлық қызметке алындым. Содан соң Мемлекеттік Кинематография комитетінде, «Қазақтелефильм» студиясында редакторлық қызметтер атқардым. Шығармашылық жемісті кезең — 1985-1995 жылдар аралығында «Қазақтелефильм» студиясында редактор, сценарист, режиссер қызметін атқара жүріп, сексенге жуық деректі фильмдер мен мультфильмдер жасауға қатысқаным мамандығымды барынша игеріп, жемісін татқан жылдарым деп айтар едім. Өнердің осы саласында құлашты кең жая талпынып, ізденіс, еңбек, шығармашылық нәтижелеріне қол жеткізгенім — өмірдегі айқын сүрлеу-соқпағымды кейінгілерге қалыптастырып кеткен ізім деп те батыл айта аламын.
Мен кино саласына еңбекке алғаш араласқан кездері қазіргідей еркін шығармашылық серпіліс болмайтын. Кеңестік идея аясында бірсарынды, бірінен бірі айнымайтын фильм-концерттер түсіріле беретін. Әбден көз үйренген дағдылы жанр қанша сапалы, қызғылықты болғанмен, көрермендерді таптаурын болған бірсыдырғы туындылар жалықтырып жіберетіні рас та. Бірақ, сол заманның ұстанымымен әркім өз ойын шарықтата, еркін самғай алатын қанатты қиялға кең өріс берілмейтін. Дегенмен, мен өз шығармашылық қарымымды байқамақ ниетпен батыл ұсынысымды енгіздім. Әлгі таптаурын сүрлеуден шығып, фильм-концерттердің орнына нақты еңбек адамы, өнер, шығармашылық иелері жайында монолог, портреттер жасауға кірістім. Бұл менің алғашқы шығармашылық жетістіктерім болды.
Осы әңгіменің басында аталған деректі фильмдер менің шығармашылық жолымдағы алған асуларым, жиған қазынам, ұлттың өнер тарихына қосқан үлесім деп те батыл айта аламын. Адам рухының биіктеуі, өсуі оның жан-дүниесінің қажеттілігімен, сол қажеттілікті қалай өтей алатындығымен өлшенуі тиіс деп ойлаймын. Тұла бойында қазақтың қаны бар өз елінің перзенті ғана кіндік қаны тамған топырағының, дүниеге іңгәлап келгенде алғаш тыныстаған, бойыңа дем берген саф ауаның қадір-қасиетіне қайткенде жетпек? Туған жерін, елін сүйе білгенде ғана. Мен де өз елім Қазақстанымды, оның тау-тасын, кедір-бұдырын, топырағында сыр боп тұнған ата-баба тарихын, өз ұлтым қазағымды, оның шырғалаңды өмір соқпағын, асыл қасиеттерін, небір жәбір-жапа шеккізген бұралаң жолдарын, қиындықтар мен сын сағаттарда алған сабағын, қалыптасқан дағдысын, жоғалтқан, сақтап қалған, кейінгіге мұра боп қалар қадірлісін шығармашылығымның бастауы — қайнар көзі әрі таусылмайтын өзегі етіп алдым.
Өшпейтін, көмескіленбейтін, тарихтың қойнау-қатпарынан іздеген жанға менмұндалап тұратын ең ізгі тақырып мен үшін осы. Өнерді, білімді, еңбекті қастерлеген өз ұлтымның аяулы перзенттерінің бейнесін сомдап, халық мақтанышына айналдырғаным, еңбегімнің ақталғаны дер едім.
Шәкірт тәрбиесі адамды үнемі ізденіс үстінде жүруге, ойдың тоқырамауына көмектеседі. Өйткені, ұстаз болу — ұлағатты болу. Қызым мен ұлым екеуі де журналистік мамандықты таңдады. Ізбасар ұрпақтарым аман-есен, немере сүйген әже болудың жөнң бөлек. Қызым Айнұр Асанова журналист, «Асыл арна» каналының белді қызметкері. Өзінің «Islam kids», «Хочу знать» және «Милосердие» деген авторлық бағдарламалары бар. Ұлым Алмаз Асан редактор-аудармашы, экономист, «Қазақ Университеті» баспасының директоры. Тіпті, тұңғыш немерем Нұрасхан «Асыл арна» каналының тележүргізушісі. Мен үйде де, жұмыста да маман даярлаумен шұғылданып жүрген адаммын.
Теориялық әрі тәжірибелік құралдармен жабдықталған өз шеберханам бар. Оқу бағдарламасы жүйеленген. Жастарды тәрбиелеу, ұрпаққа үлгі болу да абыройлы, мақсатты, нәтижелі іс. Жақсы орта, өнер мен білім ошағы — Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының болашағы зор. Кейінгі жылдары ашылған магистратура, докторантура талантты да талапты жастардың білімін жетілдіріп, қазіргі заман ғылымына сай болуға талпындыратыны сөзсіз.
Иә, Ғайнижамал Байғарақызы ел болашағының рухани қазынасының кілтін ұстайтын ұлт ұрпағын тәрбиелеп жатыр.
Ел боламыз десек, ең алдымен ақпарат көзін өзіміздің халықтық рухқа бұруымыз керек. Шәкірттеріміздің сауатты, жігерлі, мықты мамандар болып шығуы жолында тер төгіп, еңбек ету аса абыройлы да жауапкершілігі мол жұмыс. Өмірде кімді үлгі тұтар замандасың, еңбегіңді елейтін ортаң, сенің білгеніңді үйренгісі келіп талпынатын талапты шәкірттерің болғанда ғана көңілің өседі. Өнеге қалдыру үшін берілген өмірді зая кетірмеуге тырысу оңай нәрсе емес. «Талаптыға нұр жауар» деген сөз мәйегі бар. Бірақ, жалғыз талап емес, талмай іздену, кедергілермен күресу, табандылық таныту, жасық болмау, міне осылар адамды мақсатына бастайтын да, арманыңа қол жеткізетін де қасиеттер...
Күні кеше білім ордасы — қасиетті қара шаңыраққа жүрек лүпіліне арман-аңсарын сыйғызып Ұлытаудан ұшып келген қарлығаштың балапанындай ғана Ғайнижамал, ҚазМУ-дің табалдырығынан имене аттап, журналист мамандығын алып шыққанда алғаш есігін жүрексіне ашқан кино-телевизия саласында бүгінде өзі білдей білікті маман, тәлімі мол мамандық иесі, ұлағатты ұстаз, ғалым! Өнер-білімді кие тұтқан екі бірдей ұл-қыздың аяулы анасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры. Кешегі он жеті жасар арманшыл бойжеткен бүгін талай-талай саңлақтың өнер жолында қанаттарын қатайтып, қияларға самғата ұшырып жүр.
Шыққан биігіңіз, жеткен мәртебеңіз баянды бақ тұғырына айналсын, сіздей ұстазға еліктеген шәкірттің алары мол дегім келеді! Ұстанымы жақсының үлгісі де кісі қызығарлықтай екенін білетін ел мен жұрт мерейтойыңызға қоса қуанады деп сеніммен айта аламын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі