(Үш перделі комедия)
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Садық — жасы 56-да. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары.
Әсия — әйелі, 50 жаста.
Сардар — Садықтың ағасы, жасы 58-де, жылқышы.
Кенжегүл — Сардардың әйелі, 54 жаста.
Алмас — Сардардың баласы, 19 жаста.
Хайдарбек — тоғышар, алаяқ, 27 жаста.
Телефон — әр жастың өкілі болып бір адам ойнайды.
Оқиға алдыңғы күні өткен.
ПРОСЦЕНИУМ
Көңілді музыка. Сардардың тақырыбы болуы кере аяқтала бергенде төсінде бірнеше орден-медальдары бар Сардар шығады.
Сардар (залға). Уа, армысыңдар, ағайын! Басымнан өткен осы хикаяны өзіміздің елден шыққан газетші балаға баяндап едім, көп жасағыр, тасқа бастырып өңдеп дегендей, басына өзінің атын қойып жіберген екен. Сайып келгенде жазушы деген жерден қаза ма„ өзіміз көмектеспесек және болмайды. Шынына келсем, жанынан қосқаны жоқтың қасы, айтқанымнан алшақ кетпепті. Алдымен сонысына қуандым. Өйткені кейбіреулері қарғаны қырап, сауысқанды сұңқар деп жосылтқанда төбе шашың тік тұрады. Жасыратыны жоқ, асқан сауатым болмаса да ликбезден қалған соқыршам бар, оны-мұны оқып жүремін. Ал енді біздің үйге барайық.
Кетеді.
БІРІНШІ АКТ
Көңілді музыкамен қабаттаса шымылдық ашылады. Ертеңгілік уақыт, Сардардың үйінің қонақ жайы. Оң жақта верандаға шығатын есі төрде тағы екі есік бар. Этажеркада әр түрлі кітаптар оқитын адамдардың сыңайын танытады. Стол үстінде газет-журналдар. Ауыл көлеміндегі мәдениетті үй екенін аңғару онша қиын емес. Веранда жақтан үй киімінде Сардар кіреді, радиоқабылдағышты бұрайды.
Радио. Сіздердің тыңдағандарыңыз Қазақ ССР-ы Жоғарғы және арнаулы білім министрлігінің бөлім мең Қуатов жолдастың «Талапкерге есік ашық» деген мақаласы.
Сардар. Қап, құдай-ай, өтіп кетті-ау, «Талапкерге есік ашық» деуіне қарағанда ниеті жақсы екен өзінің.
Радиодан. Енді би музыкаларынан концерт тыңдаңыздар.
Сардар. Тәңір жарылқасын. Маған жетпей тұрған сол ма еді. (Радионы сөндіреді.) О, заман-ай, баяғыда құлағынан сүйреп жүріп зорлап оқытушы еді, енді жұрт жетектеп барып, жер боп қайтып жатыр.
Сыртта шай қамында жүрген Кенжегүл кіреді.
Кенжегүл (ашулы). Биыл осы баланы оқуға түсірмей көр, әлегіңді аспаннан шығармасам, атым құрысын.
Сардар (залға). Міне, біздің әйелдің аяқ алысы осылай келеді. (Кенжегүлге.) Оразамызды ашып алайық, көк соққан. Аш қарындағы ұрыста мән болмайды. Фашистен қаймықпаған жүрек қатынға келгенде қалтырап қоя береді.
Кенжегүл. Немене, фашистің бәрі сенің қатының ба еді, о несі маған.
Сардар. Дұрыс айтасың, олар сенен осал болатын.
Кенжегүл. Не десең о де, бұл үйде не сен тұрасың, не мен тұрам — айтқаным айтқан.
Сардар. Баласы оқуға түспегендер ажыраса берсе, бұл колхоз алдақашан еркектер колхозы, әйелдер колхозы болып екіге бөлініп отыратын еді.
Кенжегүл. Қылжақты қойып, менің де бір ақылымды алатын кезің болған шығар.
Сардар. Соғыстағы төрт жылды былай қойғанда осы сақал-шаш сенің ақылыңмен ағарған жоқ па?
Кенжегүл. Халық қатарында жүргенің Кенжегүлдің арқасы емес пе?
Сардар. Ойдайт деген, сен болмағанда маған жылқышылық та бұйырмайды екен-ау, ә?
Кенжегүл. Райком болайын деп тұрғаныңда қолыңнан қағып па едім?
Сардар. Ондайға шамам келсе, саған үйленіп нем бар.
Кенжегүл. Райком біткеннің әйелі хор қызы болған соң қапы қалған екенсің ғой, сорлы-ай.
Сардар. Хор қызы емес, шығар. Бірақ мәдениетті ғой.
Кенжегүл. О, шіркін-ай, өзің мәдениетке малынып маужырап жүр едің.
Сардар. Өзі солай екен-ау. Жеңілді бәйбіше. (Төргі үйді нұсқап.) Құда баланы оятайын ба?
Кенжегүл. Түнімен шам сөнгісі жоқ. Кешегі айтқандарды жазып шықты шамасы.
Сардар. Балаңмен сөйлестің бе?
Кенжегүл. Қырсықтығы өзіңнен айнымай қалған. Мен үшін біреуге қолқа салушы болсаңдар, өмірі оқымай кетсем де аттап баспаймын», — деп отыр.
Сардар. Онысының да жөні бар.
Кенжегүл. Алдымен сенің өзіңді қара басады ғой. Көнбесе көндір. (Кете береді.)
Сардар (мұртынан күліп). Мақұл, мұныңа да көндік. (Төргі есіктен сығалап қарайды.) Бұрқыратып жазып-ақ тастаған екен сабаз. (Кейін шегініп, залға.) Өзіне оқу өтіп кеткен қу-ау деймін. Институттың ортан белінен кеттім дейді. Дүниенің төрт бұрышынан білмейтіні жоқ. (Ойланып.) Қазақтың қонақжәйлігі дұрыс-ау, бірақ, қонағыңның бар айтқанына бас изей беру науқасы менде де бар. Бір реті келер, әзірше көне тұрам да. (Кенжегүл дөңгелек үстелді кіргізіп шай асын дайындай береді.)
Кенжегүл. Барған соң туған інің ғой, Төрежанға, маған сездірмеген болып айт. Қонақ шақырам қой кере қысқа соғым керек деп осы үйдің малынан жыл сайын еншісін алумен келеді. Енді есебін тауып қол ұшын беретін жері келді.
Сардар. Сенің көзіңше-ақ айтайын.
Кенжегүл. Сөйтсең сөйт. Сенің де осы жолы жиналысқа шақырылғанын Алмасжанның сапарына сай келіп тұр. Арнайы келді деп сені ешкім айыптамас. Бақандай мекемені басқарып отыр, былтыр өз баласын түсірді, ендігі назарын бізге салсын.
Сардар (ойланып). Алмас өз алдына... (Мән бере.) Оған айтарым басқаша, мен оның кім екенін біліп қайтам.
Іштен трусишең, мойнында сүлгі, жуынатын сабын,
пасталарын алып Хайдарбек шығады.
Кенжегүл (түсінбей). Тоба қазығына таяп айт.
Хайдарбек. Қайырлы таң, ақсақалдар!
Сардар. Қалай, құда бала, жәй жатып жақсы тұрдыңыз ба?
Хайдарбек. Сұрамаңыз деймін, жарықтық даланың ауасына не жетсін бір ғажайып түстер көріп.
Хайдарбек верандаға шығып кетіп, әртүрлі зарядкалар жасайды.
Іштегі енеуі қарап, таңданғандай кейіп танытады.
Сардар. Жанның қадірін біледі екен сабаз.
Кенжегүл. Даланың баласы қалаға құмар, қаланың баласы далаға құмар. Екі жақтап еміндіріп қойған тәңір-ай. (Бір бутылка арақ қояды.)
Сардар. (Хайдарбекті иегімен нұсқап). Мынау ұзаққа сілтейтін сиқы бар. (Дастарқанға қарап.) Таңдайым кеуіп отырғаны...
Кенжегүл. Құлқыныңды құрт тесіп бара жатса құйып іш. (Арақты алдына қояды).
Сардар. Ой, көк соққан, шайды айтам. (Сырттан Хайдарбек кіріп, төрге өтіп кетеді де, үй киімімен қайта шығады.)
Хайдарбек. Айталық, Аристотель дейтін кісі, ақсақал, терезесі жабық бір үйде жатып, азанда басы мең-зең болып тұрыпты. Далаға шығады. Әрі-бері жүреді, денесі жеңілдеп сауыға бастайды. Жалма-жан жұмыс кабинетіне кіріп: «Таза ауа — жан азығы» — деп жазған екен.
Сардар (қошеметтеп). Жарықтық-ай, ә? Қалай тамаша айтқан. Шайға отырайық. Қазақ па өзі?
Хайдарбек. Жоқ, ойбай ежелгі Грецияның бір данышпаны.
Сардар (абыржып). Көп оқымаған соң шатастыра береміз, шырағым.
Кенжегүл (Сардарға іштей намыстанып жуып-шайып, шай ұсынып.) Құда бала, шай алыңыз. (Сардарға.) Құйсайшы анауыңды!
Сардар. Шырағым Хайдарбе сый-сияпатыңды кеше көрдің. Әрі шапқылап, бері шапқылап коньяк таба алмай күшті ақбергенге басып жатырмыз. Әлі талай келерсің. (Арақ құяды.)
Хайдарбек. Айталық, ақсақал, коньяк дегеніңіздің өзі относительный дүние. Соның көбінен осы арағыңыз тәуір, мұның арғы атасы нан ғой. Қызылынан жеңгейге...
Кенжегүл. Рақмет, айналайын, ағаң серік болар.
Кеше сый қонақтың меселі қайтпасын деп бір ұрттап едім, түнімен төңбекшіп шықтым.
Хайдарбек. Жастай үйренбегесін, әрине қиын. (Рюмканы алып.) Ақсақал, айталық, Хаким Лұқпан деген кісі өз заманындағы біреуге интервью беріпті. Жасыңыз нешеде деген сұраққа биыл аттай мың жасқа шықтым дейді отырады да. Қалайша, мұныңыз ұшқары цифр дейді анау. Жоқ, ұшқары емес. Мен жақсы көретін достарыммен отырған әрбір кешті — бір жасқа санадым деген екен.
Сардар. Жарықтық-ай, ә?...
Хайдарбек. Сол айтқандай-ақ кешегі отырыстың өзі маған бір жасқа парапар.
Сардар. Дін оқуынан да біраз жерге барғансың-ау шамасы, құда бала. Дәл осы Хаким Лұқпанның әңгімесін біздің совхоздың дүмше молдасы Құдаш аузынан тастамайды.
Хайдарбек. Ол дінге байланысты емес, ақсақал... Қысқасы, осы тосты дастарқанның шамшырағы, талапкердің анасы сіздің жұбайыңыз мына отырған жеңгейдің денсаулығына алып қоюға рұқсат етіңіз.
Кенжегүл. Көп жаса, шырағым.
Сардар. Рақмет, ал, алыңыз. (Екеуі де ішіп жібереді.)
Хайдарбек (шай алып, закусить етіп). Көрдіңіз бе, ақсақал, қарақұсым мен екі шекемді бір соқыр тышқан кезек кеміріп жүр еді, ініне ақ құйғасын тұра қашты. Мұның құдіреті сонда жатыр ғой.
Сардар (күліп). Арақ айналып кетейіннің ондайда шипалы екені рас.
Кенжегүл. Түнімен ұйқы да көрген жоқсыз-ау деймін.
Хайдарбек. Айталық, мысалы біздерде шабыт деген болады. Оның қай шашыңның түбінен шапшып шыға келетінін аңғару қиын. Түнде сіздің институт ректорына арнаған хатыңыз сондай шабыт үстінде жазылды.
Сардар. Ал енді, құда, осы хат, тағы басқа тірліктің бірде-бірін Алмас білмеуі керек. Баланың өзін тапқанмен адам мінезін тапқан ба. Кесірлігін ат тартып жүре алмайды. Өз күшіммен түспесем қайтып келем, кіріспеңдер, деп зар қағады.
Хайдарбек. Әрине, онысы балалық. Кейде алтын медальмен бітіргендердің аяғы аспаннан келіп жатқанын қайдан білсін.
Кенжегүл. Шырағым-ау, ондай медальдан не қайран?
Хайдарбек. Мен өзім мұндайға сын көзімен қарайтын адаммын. Басыңның ішінде медаль болмаған соң бәрі бекер.
Сардар. Басында бар болған соң бермеуші ме еді сол медальды?
Хайдарбек. Солайына солай ғой.... Мен бірақ... әңгіме онда емес. Алмасты орналастырып алсақ, басқада не шаруамыз бар.
Кенжегүл. Айтқаныңыз келсін, құда.
Хайдарбек (Сардарға). Тағы бірді құйып жіберіңіз, мен түндегі жазғанымды сіздерге оқып берейін. (Ішке кете береді.)
Сардар. Құйғанда қандай.
Кенжегүл (сыбырлап). Шалғайынан мықтап ұста, танысы жетерлік көрінеді.
Сардар (сенбей, кекете). Айтуына қарағанда мықтының өзі сияқты, қайдан білейін.
Кенжегүл (сыбырлап). Кеше бір сөзінде әлгі сабақ алатындарға қаражат керек екенін де сездірді. Ақшасы құрысын, аяма.
Сардар. Бәйбіше, пара дегенді суқаным сүймейді.
Кенжегүл. Алып үйренген адам сенің суқаныңа пысқырмас та.
Сардар. «Біздің бала бәрін беске тапсырып өз күшімен оқуға түсті» деп лепіріп жүрген Оспан, биыл баласы қайтып келген соң басқаша сарнайтынды шығарды. Анада Сәкеңнің тойында мас болып: «Бұл итке мың сом шығарып едім, бәрі далаға кетті», — деп маңдайын төбелеп отыр.
Кенжегүл. Осында да оңдырып оқыған бала емес еді ғой. Шайымды қайта дайындайын. Бар, костюміңді киіп келіп отырсайшы. (Шығып кетеді.)
Сардар (өзіне-өзі). Атасының басы пара берермін. Онан да өлгенім артық. Баламның бетіне не деп қараймын. (Төргі есікке кіріп кетеді.)
Бірнеше парақ жазылған қағазды алып Хайдарбек шығады.
Хайдарбек (өзіне-өзі). Гәбің ішіңде болсын, Хайдарбе шеңгелді мықтап салатын сүбе осы жер. Колхозшылар байып кетті деген рас екен. Кеше шал қызып отырып «келер жылы өзіңізді жеке меншік «Волгамен» алдырамын» деді-ау. Мұның артында «қанша қазына жатқанын сеземісіңдер? (Шәйнегін алып Кенжегүл кіреді.) Жеңгей, кеше мен сізге... бір туралы...
Кенжегүл (сыбырлап). Есімде, есімде. Ол жағынан қам жемеңіз. Бәрін өзім реттеймін. Біздің шалға сенім жоқ. Баласымен екеуінің топырағын бір жерден алған.
Хайдарбек. Менің өзіме көк тиынның керегі жоқ, жеңгей. Бірақ жасыратын не бар, алаған қолым береген деп қазаққа айтқызған мен емес. Кейде көмекейінен өтпесе, көзі байланып, көңілінен шықпасаң, тілі байланып қалатындар кездеседі. Сол үшін ғой баяғы, шамасын айттым ғой деймін. Өзі төрт адам.
Кенжегүл. Біреу ғой.
Хайдарбек. Ие, бір мың...
Сол сәтте ордендер, медальдар тағылған костюмін киіп Сардар шығады. Кенжегүл мен Хайдарбек абыржып қалады. Соңғы сөзін естіп қалды ма деген қауіппен сөзін өзгертеді.
Хайдарбек. Мың да бір рақмет тұз-дәміңізге, жеңгей. (Кенжегүл сездірмейін дегендей шай құя береді.)
Сардар. Дастарқан жиылмай жатып бұл қай алғыс?
Хайдарбек. Кешегі сыйға ризалығымды айтам да. (Сөзді бұрып, Сардардың кеудесіне қарап.) Біразын қаққан екенсіз, ақсақал.
Сардар. Бұл не дегенің, шырағым?
Хайдарбек. Неше фашист өлтірдіңіз, құдайшылығыңызды айтыңызшы.
Сардар. Санап жатқан кім бар. Екі рет жараланып, бір рет контузин болып қайттым ғой, шүкір...
Хайдарбек (қағаздарын ыңғайлап). Жеңгей, сіз де тыңдаңыз. Ордендеріңіздің аты-жөнін де енгізгенмін. Кешегі өзіңіздің қарадүрсін айтқандарыңызды әдеби тілмен түгелдей қағаз бетіне түсірдім.
Сардар. Хош, сонда не боп шықты?
Хайдарбек (рюмканы нұсқап). Айталық, мынаны бір алып жіберсек. (Соғыстырып алады.)
Кенжегүл. Шай іше отырыңыз.
Хайдарбек. Өзі қырық градусқа іле-шала ыстық шайдың пайдасы шамалы. Ал кеттім. (Оқиды.) «Институт ректоры Байманов жолдасқа. «Коммунизм» атындағы колхоздың атақты жылқышысы Сардар Оспановтан».
Сардар. Атақты дегенді алып таста, шырағым.
Кенжегүл. Анау ақ медальды былтыр сол үшін бергім жоқ ма?
Хайдарбек. Бәсе десеңізші. (Қарап.) «За трудовую доблесть» қой.
Сардар. Мұның енді атақты дегенге қаншама себі тиетінін кім білсін.
Хайдарбек. Кете берсін, ақсақал, бәрібір олар тексеріп жатпайды.
Сардар. Әй, қайдам...
Хайдарбек (оқып). «Осы колхоз құрылғалы бері еңбек етіп келем. Партиялық стажым отыз жыл. Өкімет пен партияның ауыл шаруашылығын өркендетудегі қаулы-қарарларын талмай орындау арқасында жыл сайын табыстан-табысқа жетудемін».
Сардар. Тап осы жерлерің тым ысқаяқтау емес пе?
Хайдарбек. Әуелі осылай саяси жағын мықтап алу керек.
Кенжегүл. Соғысқа қатысқаны қайда?
Хайдарбек. Сабыр ете тұрыңыз. Бәрі бар. (Оқиды.) «Ұлы Отан соғысына дейін қатардағы егіс бригадирлігінен колхоз председательдігіне дейін көтерілдім».
Кенжегүл (мақтаныш сезіммен сол дәуір есіне түсе.) Бір жарым жыл болды.
Хайдарбек. Жылын көрсетпеймін. Мұнда да саясат бар.
Сардар. Тым саясатқа сүйрей бермеші, жарқыным.
Хайдарбек. Өзім де сөйттім. (Оқиды.) «Бейбіт еңбектегі елімізге күрек тісіне дейін қаруланған зұлым жау қорқау қасқырша түн жамылып отан шекарасынан аттаған күні ертеңіне...»
Кенжегүл. Жарықтық ақын дегеннің тілі-ай!
Сардар (бөліп). Соғыс басталған соң үш айдан кейін әскерге шақырылдық қой...
Хайдарбек (реніш білдіре). Ақсақал, сіз енді... Тағы бір құйып жіберіңізші. (Сардар құяды.) Соғыста болғаныңыз анық па, анық, қай күні аттанғаныңызда кімнің не жұмысы бар? Ертеңіне деп баса беремін. (Қағып салып.) Мұндай хаттар адамның сезіміне тие, патриоттық рухта жазылуы керек. (Қызыңқырап.) Құдай біледі, журналистика дегеннен мұрныңызға исі келер ме екен. Кешіріңіз, әрине...
Сардар (басын изеп). Дегенмен былай... тым...
Хайдарбек. Так...(Лепіре оқиды.) «Отан шекарасын аттаған күннің ертеңіне... (Сардарға...) Жауды айтам. (Оқиды.) ...Ертеңіне буырқанып-бұрсанып, мұздай темір құрсанып...» Тағы бір беті қалып қойыпты ғой... (Ішке жүгіріп кетеді.)
Сардар (Кенжегүлге). Мынау түнімен ләйліп отырып жазған ғой.
Кенжегүл. Өзіңнің қолыңнан келмеген соң тыныш отыр былай. (Хайдарбек кіреді.)
Хайдарбек. Так... (Оқиды.) Мұздай темір құрсанып...
Сардар. Шырағым, мен Қобланды емеспін ғой...
Хайдарбек. Айталық, енді біз тарихи шындыққа келейік. Біле-білсеңіз Қобланды сіздің жаныңызда жіп есе алмайды. Сіз социализмді қорғадыңыз, ол ше?.. Вот, мәселе қайда жатыр. Ол найзаның заманы, сіз оқ пен өртте шайқастыңыз.
Кенжегүл (күрсініп). Құдай сақтады ғой, әйтеуір.
Хайдарбек. Міне білетін адамның сөзі.
Сардар (ендігі қарсылықтан дәнеңе шықпайтынын мойындап). Хош, сосын не болды...
Хайдарбек (оқып). ...Құрсанып майдан қайдасың деп тарттым. Смоленскідегі соғыста он бес фашисті жалғыз жайратқаным үшін тұңғыш рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым, екі күннен кейін жараландым.
Сардар. Тәңір жарылқасын, айналайын, соның санын айтпай-ақ қойшы. Олардың кімнің оғынан өлгенін кім білсін. Әйтеуір, сол деревняны ауыр шайқаспен босаттық. Өзімізден де шығып аз болмаған сол жолы.
Хайдарбек. Ақсақал, осынша орден, медальды қоян аулағаныңызға берген жоқ шығар?
Кенжегүл. Бәсе деймін-ау, оқыған кісі білген соң жиып отыр да.
Сардар. Дегенмен, асыра сілтеудің орны бола қояр ма екен.
Хайдарбек. Қаншама тәжірибеңіз болғанымен цифр дегеннің құдіретінен бейхабарсыз ба деп қалдым. Отан соғысының батыры Жапақов төрт жүз елу фашист өлтірді деп жазды ғой кезінде.
Сардар. Қайдам, машинаның фарымен қармастырып қыра беретін дара құйрыққа ұқсамаушы еді ол иттер.
Кенжегүл. Жартысы рас болса да бір колхоздың адамына таяу екен.
Хайдарбек. Өзіміз тірі фашист көрген жоқпыз. Оқығанымызды айтам.
Сардар. Хош, мұныңа да көндік.
Хайдарбек. Та қай жерге келіп едік?
Сардар (екі ұшты ұғымда)... жараландым.
Хайдарбек (оқиды)... жараландым. Жарам жазылар-жазылмастан сұранып қайтадан Харьков шайқасына барып қойып кеттім де, «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен наградталдым.
Сардар. Ал енді біз бәріміз де пендеміз. Жарасы жазылмай соғысқа сұрағандарды өзім көрген жоқпын. Қайта...
Хайдарбек. Отанға деген шексіз махаббат белгісін осылай танытар болар.
Кенжегүл. Япыр-ай десеңізші.
Сардар. Отан үшін соғысқанымызда дау жоқ қой, бірақ...
Кенжегүл. Сен енді киліге бермеші, түгелдей оқып шықсын.
Хайдарбек. «Атақты Адам Мицкевичтің Отаны — Польшаны босату шайқасында «Үшінші дәрежелі Даңқ» орденімен наградталдым. Үлкен қалаларды босатқаным үшін бес медаль және бар.
Сардар. Адам Мешкевич кім деп сұрай қалса не деймін.
Хайдарбек. Мына өзіміздей ақын. Мешкевич емес, Мицкевич. (Оқиды.) Қанқұйлы фашистерді өзінің ұясында талқандауға қатыстым. Жаудың күлін көкке ұшырып...
Сардар. Мына жазуыңа қарағанда осы соғыста менен басқа адамдар жұлдыз санап жүрген бе, қалай, шырағым?
Кенжегүл. Жұртта нең бар. Өзің туралы емес пе.
Хайдарбек. Айталық, сіз нағашыңызға сәлем хат жазып отырған жоқсыз, ресми мекемеге, ресми қағаз жіберу дейді мұны. Асылында мұндай хаттар осындай көтеріңкі духта жазылуы шарт деген Рабиндранат Тагор.
Сардар (түсінбесе де). Ойбай, қойдың ендеше.
Хайдарбек (оқиды). «Жаудың күлін көкке ұшырып, елге жеңіспен оралдым да, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру майданына, яғни тынымсыз еңбек майданына, екі білегімді сыбанып кірістім де кеттім!» (Сардарға.) Тағы бірді, нетіп...
Сардар (құйып жатып). Бұл жолы мен ішпей-ақ қояйын.
Хайдарбек. Айталық, «нанға май жағып жесең қарның ашпайды, жалғыз ішкен арақ батпайды», — деген біздің бір ақын.
Сардар (кекете). Айтқан-ақ екен сабазың. Болмас енді. (Алып жібереді.)
Xайдарбек (қағазына қарап). Екі білекті сыбанып дедік пе?
Сардар. Япыр-ай, тым...
Кенжегүл. Қой деймін енді, өмірі ауызға түспейтін тамаша сөздер. Ақынның аты ақын емес пе. Оқи беріңіз, құда.
Хайдарбек (ризалық сезімде). Құдағи, комплимент деп ойламаңыз, бір шындықтың бетін ашуға мәжбүр етіп тұрсыз.
Кенжегүл (шошына). Астапыралла, не боп қалды?
Сардар (жекіп). Бүлдіресің дедім ғой. Осындай іске әйел араласпаса екен. Бар қазан-аяғы да!
Хайдарбек. Жо... жоқ... Қайта наоборот. (Кенжегүлге.) Сіздің тіл өнеріне деген талғампаздығыңыздың аса жоғары дәрежеде екеніне көзім жеткеніне өзімді ең бақытты жандардың біріне санауға рұқсат етіңіз.
Кенжегүл (масаттана, Сардарға). Ал керек болса. Қазан-аяққа енді қайсымыз барар екеміз?
Сардар. Қап, көзді ашып жұмғанша мына қатынның бағасының аспанға бір-ақ шыққанын қарашы?..
Хайдарбек (масаңдығы сезіледі). Айталық, сізге, ақсақал, бәленбай жыл бір шаңырақтың астында тұрғаныңызда құдағидың әдеби әсері тимегеніне таңданам.
Кенжегүл (бел алып). Бұл өмірі менің тілімді алмайды ғой.
Хайдарбек (басын шайқап). Коммунист басыңызбен туған әйеліңіздің тілін алмайсыз, ә? Айталық, ақсақал, сіздің ғұмырыңыздағы салмағы зор қателіктің ең ауыры осы ма деп топшылаймын. Әйел теңдігі үшін совет өкіметі қаншама күресті. (Еліріп). Марксизм әйелдер жөнінде ие айтты. Алдымен соған келейік. Мен мұнан саяси вывод шығаруым керек.
Сардар. Шырағым, мені саясат жағына көп сүйреме дедім ғой.
Хайдарбек. А как же, саясатсыз аттап басып көріңізші. Мировой саясаттың үлкені үйдегі саясат, мен махаббатыма кездескенде қандай саясат қолданатынымды уже алдақашан ойластырып қойған адаммын.
Кенжегүл (қызып қалғанын сезіп). Кішкене ыстық сүт ішесіз бе?
Хайдарбек (ыржиып). Мені бұзау дейсіз бе? Кешіріңіз, әрине.
Сардар (әйеліне қабағын шытып). Бар, болдыр тамағыңды.
Хайдарбек. Нет, нет, тамақ өз алдына. Отыра беріңіз, жеңгей. Ақсақал, айталық сіздің әйелдер жөніндегі көзқарасыңыз, махаббат мәселесін алайық...
Сардар (шыдамай). Тәңір жарылқасын шырағым...
Хайдарбек. Сәл сабыр етіңіз, ақсақал. Мысалы Маркс, то есть Энгельс «Семья — мемлекет» деген данышпандық еңбегінде махаббат жөнінде...
Сардар. Алдымен мынауыңды оқып болшы, жарқыным.
Хайдарбек (қағазға қарап жыпылықтап). А, а, қай жеріне келіп едік?
Кенжегүл. «Екі білекті сыбанып».
Хайдарбек. Та так... «Екі білекті сыбанып... вообщим сізге Энгельстің еңбегін оқу керек... Так... так... Екі білекті сыбанып. Aha, вот, вот... (Оқиды.) «Кірістім де кеттім. Алдымен қой фермасына бастық болдым. Жастар өсті дегендей, кейінірек шопан болып, қазір жылқышылық дәрежеге қайта көтерілдім».
Сардар. Дәрежеге көтерілдім демей-ақ қазір жылқышымын дей салшы.
Хайдарбек. Құдағи, сіз қалай қарайсыз? Это важно.
Кенжегүл. Осы жазғаныңыз дұрыс-ау деп отырмын. Қойдан гөрі жылқының өлім-жітімі аз, қысқа да шыдамды дегендей.
Сардар. Құдай тас төбеңнен ұрсын, көк соққан.
Хайдарбек. Э-э-э... осторожно, ақсақал. Өз басым мал шаруашылығының өркендеу жүйесімен жіті таныс болмасам да, жылды бағу деген жатқан романтика, жауапты, құрметті деп танитын адаммын. (Ойлана.) Жылқы бағу — романтика. (Жалма-жан қойын блокнотын алып белгі соғады.) Жылқы туралы бір өлең толғап тастау керек екен. «Жылқы — романтика».
Сардар. Солай-ақ болсын. (Оқыңыз дегендей иек қағады.)
Хайдарбек (оқып). Мал шаруашылығына тигізген ұшан-теңіз еңбегім үшін...
Сардар (күйіп кетіп). Қайдағы ұшан-теңіз, қайдағы ұшан-теңіз?..
Хайдарбек. Жоқ, ақсақал, бір тамшысына да тимеймін. Өзімнің аса тебіреніп шабыт үстінде шалқи отырып жазған жерім бұл.
Кенжегүл. Оқи беріңіз. (Сардар оған алая бір қарап қояды.)
Хайдарбек. «Ұшан-теңіз еңбегімнің арқасында еңбекте үздік шыққаным үшін медальмен наградталдым». (Сардардың төсіндегі медалын көрсетеді.) «Өткен жылы Ұлы Отанымыздың айбынды астанасы, сүйікті Москвадағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің бүкілодақтық көрмесіне қатысудан рухтанып қайтып, жаңа жігермен жылқы бағып жатырмын».
Сардар (өзіне-өзі). Былшылыңа болайын, сабазым.
Хайдарбек (шала естіп). Сіздің бөлмеуіңізді творчество адамы ретінде өтінемін.
Кенжегүл. Күйгелек сорлы, шыдасайшы, жақындап қалды ғой.
Хайдарбек (Кенжегүлге). Орынды замечание деп ұғынамын. (Оқи береді.) «Кейінгі екі-үш жыл бойы көрші совхоздың жылқышысы Қазтуғановпен социалистік жарысқа түсіп көтеріңкі міндеттемелер алып келемін. Соның арқасында көрсеткішім жыл сайын жоғарылап барады». (Иегімен рюмканы нұсқайды..)
Сардар (мысқылмен). Құда бала, өзіңіз де жоғарылап кетпесеңіз.
Кенжегүл (ұнатпай). Байқап сөйлесейші.
Хайдарбек. Ол жағынан қам жемеңіз, ақсақал. (Оқиды.) «Үлкен балам он жылдықты бітіргелі шопан. Биыл төрт жыл. Міндеттемесін жыл сайын артығымен орындап жүр. Осы уақыттың ішінде оның отарынан тұмсығы қанаған тоқты жоқ. Әуелі өзіме жәрдемші еді. Сонымен бір үйден екі малшымыз. Кіші балам да екі жыл қой бақты. Енді қазір менің бір балам институт бітіруі керек. Өкіметке сондық еңбек сіңірдім деп білем».
Сардар. Әңгіменің о баста тоқ етері осы еді ғой.
Хайдарбек. Почтамен жібересіз бе, жоқ мен алып кетейін бе? Міне жеріне қол қоясыз. (Береді.)
Сардар. Почтамен жіберген жөн.
Кенжегүл. Қолма-қол тапсырғанға не жетсін, құда бала ауызша және айтады.
Хайдарбек. Ол жағын өздеріңіз біліңіздер.
Сардар. Жоқ өзім апарам.
Хайдарбек. Бұл да жөн. (Мән бере.) Қағаздың аты қағаз, бұған сеніп қол қусырып отыра беруге және болмайды.
Сардар. Мұныңа да түсіндім.
Кенжегүл (Хайдарбекке сездірме дегендей басын шайқап). Мынадағы сөздерге жүрек түгіл тас еритін шығар.
Хайдарбек (лепіре). Сіздерден аяған өнерді ит жесін. Ағайынға осылай пайдам тимесе, тірі жүріп керегі не.
Сардар. Рақмет, көп жаса, шырағым. Бәйбіше, тамағыңды болдыр. (Кенжегүл шыға береді.)
Хайдарбек. Сәке, сіз мені жақсы біле бермейсіз. Туған ініңіз Садықтың да талай баяндамасы мына алдыңызда отырған Хайдарбектің қолынан шығып жүр.
Сардар. Солай болар, солай болар. Кешіріңіз мені. (Қағазды алып ішке кіріп кетеді. Хайдарбек ыңылдап отырып әлгі рюмканы қағып салып, орнына тағы құйып қояды.)
Хайдарбек (ыңылдап).
Бойында Арыстың
Өзіңмен таныстым.
Жайқалған гүлдей...
Жоқ, жоқ, өзім собственный шығарғанымды айтам.
Бойында Таластың
Өзіңмен жанастым.
Сылдырап судай кеттің сен,
Кемсеңдеп қалдым мен...
Күлкі еді бетіңде
Құз жардың шетінде...
Кенжегүл кіреді. Төргі үйдің есігінен қарап, жасыра ұсынады.
Кенжегүл (сыбырлап). Кешегі өзіңіз айтқан біреу. Енді әуелі құдай, сосын өзіңіз, орнымен жұмсап дегендей...
Хайдарбек (ақшаны алып жатып, сол әуенде).
Айтпаңыз ар жағын,
Қайтарам қалғанын...
Кенжегүл (Сардар кірген бөлмені нұсқап). Сезе көрмесін, мінезін білесіз ғой. (Кетеді.)
Хайдарбек. Түйені түгімен,
Арбаны жүгімен,
Жұтатын кездер болады,
Есебін тапқанда...
(Салмақтап көріп.) Сүбе дедім ғой. Міне, бір түн жазған үш бет хаттың гонорары... (Ақшасын жайғастыру үшін ішке кіріп кетеді.)
Сардар шығып, өзіне-өзі). Мұндай хат жазып масқара болғанша, реті келсе, ауызша айтқаным абзал. (Есіктен кіре берген Кенжегүл естіп тұр.) Мына хатты жазған адамның баласы да оның тұрған жоқ шығар демесіне кім кепіл олардың.
Кенжегүл. Тағы бірдеңеге қобалжып тұрсың ба?
Сардар. Жай әшейін. (Әдейі.) Тамаша жазған-ау деймін, бәйбіше. Өзі қызыңқырап қалған жоқ па?
Кенжегүл. Бұлар қызғанмен мас болмайтын көрінеді, ана балан, келе жатыр. Тіл ауыз тасқа. (Іштен Хайдарбек шығады. Көңілі көтеріңкі.) Құда бала, Алмас сезе көрмесін. (Кетеді.)
Хайдарбек. Менің ішімде түлкі тұншығып, арыстан арам өліп жата береді, құдағи.
Алмас кіреді.
Хайдарбек. Абитуриенту привет!
Алмас. Тағы да түнімен өлең жаздыңыз-ау деймін.
Хайдарбек. Қолдан одан басқа не келіп жатыр.
Алмас. Мұнан артық бақыт барма, ағасы.
Хайдарбек. Документтерің кетті ғой?
Алмас. Әлдеқашан. Қайта-қайта сұрай беруіңіз қызық. Мен папама айтып едім, осы институт дегенді қояйық, мал бағу қолынан келген адамға аспан бағу келмей ме, ұшқыштардың мектебіне барайын деп едім ғой.
Хайдарбек (қыза шалқып). Бұл, әрине, жастық, романтика. Бұлтты бауырдай тіліп, көк аспанның төсінде көсілте серуен салған жақсы. Бірақ мен өзім ұнатпаймын. Алматыға осы жерден екі жарым сағат ұшамыз, соның өзінде зерігіп, шыдамым таусылады.
Сардар (сынай). Мұныкі балалық. Ата-бабаң самолет айдамай-ақ еткен бұл дүниеден.
Алмас (рюмкаларды нұсқап). Сол кісілер арақ та ішпей кетті деген қауесет бар, бірақ сіздер... (Күлкі.)
Хайдарбек. Один ноль в пользу Алмаса.
Сардар (басын шайқап). Жауабын өзіңіз бермесеңіз, мен жығылдым.
Хайдарбек (лепіре). Мәселен айталық. Хаким Лұқпан деген кісі, то есть оны қоя тұрайықшы, мәгәрки біздің бабаларымыздың кезінде осы арақ болса, құдайға шүкір нағыз маскүнем солар болар еді.
Алмас. Сіздер солардың кеткен есесін қайырып жүр екенсіңдер ғой, шамасы?
Хайдарбек. Сен енді сөзді бөлме. О заманда бұл күндегідей завод-фабрика, колхоз-совхоз, жоспар, міндеттеме жоқ, жатып алып іше берген арақ ата-бабамыздың түбіне жететін еді. Өзің нешедесің?
Алмас. Он тоғызға шықтым.
Хайдарбек. Вот, сен менен сегіз жас кішісің. Мынау ағаң жиырма жетіні желкелегенше талайды көрген. Бір емес екі институттың есігін айқара ашып, енді заочно бітіргелі жүр.
Алмас. Екеуін де ме?
Хайдарбек. Пока біреуін.
Сардар (кекете). Көрдің бе, осындай ағалардан үлгі алу керек.
Алмас (мырс етіп). Әрине, әрине. Бір институт маңдайға сыйса ризамыз.
Хайдарбек (сөзін жалғап). Арақты Секең шығармайды, Хайдарбектің ішкені болмаса қалай дайындалатынынан хабары жоқ. Деме өкімет шығарады. Біз оны реализовать етеміз. То есть ішеміз. Білген адамға сауда орындарына көмектесу деп осыны айтады. Солай емес пе, Сәке?
Сардар. Қайдам, әйтеуір қонаққа қойған тамағыңның жетегіне арақ жүрмесе алдына жыланның еті келгендей жиырылып қалады-ау, жарықтықтар.
Хайдарбек (мақтана). А как же, «шампансыз мереке жоқ, арақсыз береке жоқ» деп едім бір үлкен отырыста.
Алмас (кекетіп). Мынауыңыз аяқ-қолы балғадай мақал ғой.
Хайдарбек. Бұл жөніндегі ұстазым бар.
Сардар. Ұстазыңыз кім болса да тауып айтылған.
Хайдарбек. Шүкір, дара сөзден дамыр илеп жүрміз ғой. (Лепіре.) Облыс орталығында мені білмейтін жан жоқ. Өз көзқарасымша, ақынды оқу-білім туғызбайды, талант туғызады. Махамбет гимназия бітірген жоқ. Абайдың да оқып қарық қылғаны шамалы. Жамбыл болса қағазға бармағын басумен кетті. Көрдіңіз бе, әңгіме талантта.
Алмас. Көп оқудан бойындағы таланты жоғалып кетті дегенді де естімедім-ау.
Сардар (ұнатпай). Сен ағаңның алдында...
Хайдарбек. Жоқ, дұрыс айтады. Сәке, тағы бір құйып жіберіңізші, Алмастың денсаулығына деп былай...
Алмас. (күліп). Мен біреудің денсаулығы үшін өз денсаулығын құрбан етушілерге таң қалам. Жалпы менің денсаулығым жақсы, ағасы.
Хайдарбек. Оны білем ғой, сапарыңның сәті үшін.
Сардар. Табылған сөз. (Құяды, Алмасқа «тыныш отыр» деген ишарат білдіреді.)
Алмас. Рахмет (Ішке кіріп кетеді.)
Сардар (жуып-шайып). Баланың кішісі болған соң тік мінездеу өсті. Қайдағы жайдағыны оқиды өзі. Шешесімен екеуміздің аузымызды аштырмайды.
Хайдарбек. Жасырмай айтсам осындай өткір, өр мінез ұнайды. Алмас, бері шығып кетші. (Алмас шығады.) Мен былай сенің сапарың үшін дедім ғой. Мақтану дегенді жаным иттің етінен жек көретін адаммын. Бірақ бір фактыны айтпай кетсем орынсыз болар деймін. Былтыр жазушылар біздің облысты аралады ғой. Екі-үш күннен кейін қаланың жанындағы «Жеңіс» совхозында кездесу болды. Сонда сізге өтірік маған шын, қазіргі қазақ әдебиетінің аспаны маған өз қолымен ет асатты. Өмірімдегі үлкен өкінішім сол, әшейінде аяққа оралып жүретін фотографтардың бірде-бірі түсіре алмағаны. Өзімнен де бар. Олай болатынын білсем, алдын ала ақшасын төлеп бір фотографты жетектеп жүремін ғой.
Сардар. Әттегене-ай десеңші.
Хайдарбек. Атамаңыз, өкінішті. Қысқасы, мынау ауыз сол үлкен кісінің қолы тиген ауыз. Сондықтан, бауырым Алмас, мені осал адамның қатарынан іздей бермеңіз.
Алмас. Кешіріңіз, ағасы. Сіздің былтырғы бірінші майға жазған өлеңіңізді облыстық газеттен осы үйдегілердің бәріне оқып бердім. Бірақ содан кейін ешнәрсе көре алмадым-ау.
Хайдарбек. Ақын жолының ауыр екендігін дәлелдеп жатпаймын. Дегенмен майда өлеңдермен шығу қиын. Ақын танылу үшін бір-екі сүйекті поэмалар жазып тастамаса тағы болмайтын болды. Қазір соның үстінде отырмын.
Алмас. Жаңағы әдебиеттің аспаны деген үлкен кісіңіз өзіңіз туралы ештеңе деді ме?
Хайдарбек. Дегенде қандай, мен ол кісінің алдында екі-үш термені домбырамен сілтеп-сілтеп алдым ғой. Жанында ішкіштеу бір ақын бар екен, мүлгіп тыңдап отырды да, шамасы, менің сөзім өзінен басым болды-ау деймін: «Әй, бала, оттама!» — деп қолын бір сілтеді де, жастыққа қисая кетті. Үлкен кісі тұрды да: «Мұның өзі мінезі солай, дұрыс, баса бер», — демесі бар ма. Ал көсілт келіп, ал көсілт келіп, бір кезде қарасам әбден ұйып тыңдаған үлкен кісі де ұйықтап кетіпті. Жұрт енді доғар деген соң үндемей домбыраны іргеге қойдым да кейін шегіндім. Бір сәтте әлгі кісі көзін ашып алып менің өзіме: «Мына жерде отырған бала қайда?» — демесін бе? «Мен ғой ақсақал!»— дедім. «Сен екеніңді біліп отырмын, жаңа міне жерде отыр едің ғой»,— деді үлкен кісі.
Сардар. Қызып қалған ғой шамасы.
Хайдарбек. Жоқ, жарытып ішпейді. Сол жерде отырып біздің бір ағайын: «Ақсақал, жасыңыз үлкен дуалы ауызсыз, мына баладан бірдеде шыға ма?»— деді. «Бойында бар қасиет ақындық болса, шықпай қайда барады. Әңгіме сол ұшқынның...» — дей бергенінде аудан басшылары сау етіп кіріп келді де, сөзді бөліп кеткені.
Алмас (күліп). Сол пікіріңіздің аяғын жазып жіберіңіз деп хабарласпайсыз ба?
Хайдарбек. «Құрғақ қасық ауыз жыртады», — дегендей, құр хаттан пайда жоқ. Мына поэмам біткен соң қоса жіберейін деп отырмын.
Сардар. Ол да жөн, ол да жөн. О кісі бір ауыз сөз айтса, кетіп жатырсың ғой шырқап.
Хайдарбек. Ал, Сәке, мен мұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Жалпы жас талап Алмастың сапарына байланысты құлағында жүрсін деймін де баяғы.
Алмас. Одан сізге не пайда?
Хайдарбек. Мәселе пайдада емес. Жарайды, ал кетейін, Сәке. (Алмас әкесіне қарайды, ол ауыз тиеді де қояды. Хайдарбек алып жібереді.)
Сардар (Хайдарбектің ішкеніне мәз болып). Нар жолында жүк далмайды деген осы.
Хайдарбек (басын бір шұлғып қойып). Ие, әңгіме пайдада емес дедім, дегенім деген.
Осы кезде Кенжегүл кіреді.
Кенжегүл. Алмас, сені сыртта достарың күтіп тұр.
Хайдарбек. Сабыр, сабыр, Алмас, Дос дегеннің өзін де таңдай білу шарт. Шортан болып суға, аққу болып көкке, шаян болып жерге тартатын достардан сақ болу керек. Ол үшін өз салмағыңды жоғалтпа. Әңгіме пайдада емес дейтін сол. Жеңеше, сіз сөзге түсінетін адамсыз ғой. Мына Алмасқа айтыңыз, тап осыдан профессор шықпаса, мен мұрнымды кесіп берейін. Оған сенбесеңіз басым да даяр.
Кенжегүл. Бәрінен аулақ, тек айтқаныңыз келсін, құда. Ал енді қол жуып тамаққа дегендей.
Сардар (ыңғайлай беріп). Ие, сүйтейік енді. (Өзі де орнынан тұрып.)
Хайдарбек. Бұл құлақ қоятын мәселе. (Бәрі де бөлмеден шыға береді.)
Алмас (жалғыз). Біздің үйдің соншама қошеметке малып жатқаны енді белгілі болды. Институтта оқығандардың түрі мынау болса өкініш жоқ. (Кетеді.)
Аздан соң қол жуып асқа дайындалған Хайдарбек пен Сардар кіреді.
Сардар стол үстін ыңғайлай береді.
Хайдарбек (мас). Бұл кездегі жастармен сөйлесу қиын деп Лұқпан Хаким айтқан екен, шынында ақын. Бізді жаңа ғана екі ноль етіп ұтып кетті. Но нечауа, жастарға бой бере қоймаспыз. Домбыраңызды әкеліңізші.
Сардар. Ay, енді қазір тамақ келеді ғой.
Хайдарбек. Домбыраның тамаққа ешуақытта кедергісі болған емес. (Сардар ішке өтіп домбыра алып келеді.)
Сардар (домбыраны у сына беріп). Дегенмен астан кейін. (Хайдарбек тыңдамай домбыраны қағып-қағып жібереді.)
Хайдарбек (масаң, Алмасқа).
Ойланарсың сен әлі,
Ойланарсың жассың ғой.
Он тоғыздың буына
Өздерінше массың ғой.
(Сардар аң-таң қарап қалған.)
Шымылдық
ПРОСЦЕНИУМ
Қуаныш-үмітке толы сапар сазын айқындар музыка. Әрі-бері өтіп жатқан автобустардың жалпы сарыны келіп тұрғанына қарағанда жолдың үсті болса керек. Сардар шығады.
Сардар. Мен жиналысқа, бір жағы Алмастың қамы, далаға бара жатырмын. Машинамыз бензин колонкасына тоқтаған соң сіздерге соға кетейін деп едім. Хайдарбектің біздің ауылдан аттанғанына бір жетіден асты. Одан бұрын Алмас кеткен. Артынып-тартынып келе жатқан Кенжегүл екеуміз баяғы. Естеріңде болсын, әйеліңді ертіп сапарға шыққаннан гөрі шеңгел арқалап шыққан әлдеқайда рахат. Амал жоқ, жас уақытымызда әйел теңдігі деп өңешімізді жыртқан өзіміз. Енді міне жемісін тауыса алатын түріміз жоқ. Мен бір оның тұңғыш баласы сияқты ақыл айтып, үйден шыққалы құлақтың етін жеумен келеді. Менен төрт жас кіші екенімен ісі жоқ, көк соққанның. (Машинасының Сардарды шақырған сигналы келеді.) Ал кеттік. (Кетеді.)
ЕКІНШІ АКТ
Хайдарбек айла-шарғысынан хабар музыка болса шіркін. Шымылдық ашылғанда облыс орталығындағы Садықтың үйіне тап боламыз. Үй жасауы мәдениетті көрінеді. Кең бөлменің бұрышындағы үлкен жазу столында телефон, қобыраған көп қағаздың ортасында Хайдарбек отыр. Әбден шаршаған қалпы байқалады. Еріне орнынан тұрып, шыбын қаға бастайды.
Xайдарбек. Қанаттыда шыбыннан жексұрын бар деп білмеймін. (Соғып қалады. Осы кезде телефон зарлап қоя береді.)
Хайдарбек (трубканы алып). Аллау!
Телефонда. Хайдарбекпісің?
Хайдарбек. Ие, тыңдап тұрған сол мықтыңыз.
Телефонда. Мен Сәлім ғой.
Хайдарбек. Сәлім болсаң қайтейін, айта бер.
Телефонда. Сен былай серьезно тыңдасайшы.
Хайдарбек. Осыдан артық телефонның бауына асылып өл деймісің?
Телефонда. Өл деймісіңді айтпашы. Әңгіме былай. Сенің мына институт мұғалімдерімен байланысың тәуір еді ғой.
Хайдарбек. Оны саған кім айтты?
Телефонда. Қойшы енді, білеміз ғой.
Хайдарбек. Осы қазақты «білеміз ғой» құртады. Өзіне пайдалы нәрсенің біреуін «білмеймін» деп айтпайды. Ие, сосын?
Телефонда. О жағын қоя тұршы.
Хайдарбек. Мм... болсын.
Телефонда. Біздің бір ағайын совхоз директоры еді ғой. Сол кісі баласын әкелген екен.
Хайдарбек. Совхоз директоры деймісің? (Трубканы басып, залға.) Ондай тым сауатты адамдарға жуымау керек. (Телефонға.) Ал совхоз директоры болса ше?
Телефонда. Ие, өзінде, шүкір, ақша деген жетеді. Ал енді күшті салатын жерің осы. Бір-екі мың дегенге кірпік қақпайды.
Хайдарбек. Әй, шырағым, әй дегеніме кешіресің конечно, мені кім деп отырсың? Жолдастар үшін өткен жылы екі рет кіріскенім рас. Мен ондай кәсіптің адамы емеспін.
Телефон. Япыр-ай, Хайдар-ай, мен енді өзімнің қолымнан келмеген соң жалынып тұрмын ғой.
Хайдарбек. Жарқыным, сен былай қиғаштауыңды қой, пожалуйста. Айтып отырмын ғой, ондай мәселеден мен аулақпын. Даже сендердің газеттеріңе осындаймен айналысатындар туралы фельетон жазбақ ойымда бар.
Телефонда. Оны жаза жатарсың, бәрібір біздің отделге әкелесің ғой. Осы жолы қол ұшын бір беріп жібер, мұндай май шелпек кездесе бермес.
Хайдарбек. Жо... жоқ... қинама. Мұндайдың арасында жүру алкоголизммен тең дүние, бір бастап кетсең тоқтай алмайсың. Қойдым дедім, қойдым, все. Сау болыңыз. (Трубканы іліп, ерсілі-қарсылы қоразданып жүреді.) Көрдіңіз бе, жұрттың оқуға түсетін кезінде менің бағам аспандай береді. Кешіріңіздер, Сардардың үйінде дұрыстап таныса алмадым. Шамалы қағыңқырап жібердім бе, ол кінә менен болды. Түрімді көріп отырсыңдар, жаман жігіт емес сияқтымын. Несін жасырайын, бір кезде аудан орталығындағы қыздардың бәрі десем, сенбей сорлатасыңдар, әйтеуір қақ жартысы «менің жарым осы болса екен деп «аһ» ұрғанда көкірегінен ақ жалын аттырған Хайдарбегің алдарыңызда тұр. Түп нағашым жырау болыпты, соған қарағанда мен де осал жердей шықпаған екенмін. «Көктөбе» совхозының вальсінің текстін жазған мен. (Телефон сылдырайды, алады.) Алау, ал тыңдадық.
Телефонда. Хайдекең бе екен?
Хайдарбек. Дәл өзі. Бұ кім екен «екелеп» еңсесі түсіп тұрған?
Телефонда. Мен Жортан ініңіз ғой. Біздің елден менің бір ағайынымның баласы...
Хайдарбек. Түсінікті... түсінікті... Жортеке.
Телефонда. Тиын-тебені де баршылық.
Xайдарбек. Баланың басында не бар екен.
Телефон. Жаман бітірмеген, негізі төрт пен бес. Сенудің өзі...
Хайдарбек. Айналып кетейін, менен аулақ жүріңдер.
Телефонда. Сіздің бүгін настроениеніз...
Хайдарбек. Онда жұмысың болмасын, вот и все. Қойдым дедім, қойдым. (Трубканы іледі.) Қаладағы таныс адамдардан аулақ жүру керек. Онсыз да жетіп жатыр. Солай емес пе. Ие, сонымен «өсер адамға өріс керек» дегендей, кешіріңіздер, бұл менің өзім шығарған мақал. «Өсер адамға өріс керек» не, өсер адамға өріс керек дедім де, облыс орталығындағы туған апайдың үйінен, то есть осы үйден бір-ақ шықтым. Алматыдағы КазГу-дың екі курсын төңкеріп тастап, өмір зерттеу мақсатымен сырттан оқуға ауысып, облыстың халық творчествосы үйінде жүріп жатырмын. Міне, екі күн болды, жездейдің баяндамасымен бас қатып отыр. Амал жоқ, бұл да творчество. Зәуеден бастық бола қалсақ, өзіміз де осылай сілтейміз ғой. (Телефон сылдырайды, алады.) Ие, тыңдадық.
Телефонда. (шалдың үні). Хайдарбек шырағым, үй ішің аман ба, келін, бала-шағаң дендері сау ма?
Хайдарбек. Қайдағы келін, бала-шаға?
Телефон. Балам, әлі жассың, бәрі алда. Мен мына...
Хайдарбек. Не айтпақ едіңіз?
Телефон. Сыртыңнан атыңды естіп жүрміз, шырағым. Әкең менімен құрдас еді марқұм. Құлын тайдай тебісіп өстік қой, о дүние-ай.
Хайдарбек. Бәрі жөн екен. Сосын?
Телефон. Мен Есенжол әкең ғой. Ініңді алып келіп едім, ақыл, білімнен гөрі ақша шешен сөйлейді деген соң ол жағын да қамтамасыз еттім.
Хайдарбек. Ақсақал, мен...
Телефон. Тұра тұр, ана жақтағы малдың басында кемпірден басқа жан жоқ. Мен ертеңнен қалмай қайтуым керек. Ініңді қолынан жетекте, алақанына ақшасын салам, не қылсаң о қыл. Менің тапсырмам осы. Өз еңбегің де далаға кетпес, тақымыңа арнаған тайым және бар.
Хайдарбек (трубканы басып). Әттең, қыруар дүние... Тәуекел. (Трубкаға.) Фамилиясы кім дейсіз?
Телефонда. Есенжолов Сағынтай. Жаратылыс бөлімі, тоғызыншы группа көрінеді.
Хайдарбек. Ертең сағат онда институт алдынан тосыңыздар.
Телефон. Жарайды, мақұл, айналайын, көп жаса.
Хайдарбек. Сау болыңыз. (Трубканы қояды.) Қанша жасайтынымды құдай білсін. Май шелпек деп осыны айт. Қаланың қу аяқтары арқылы жалғасқаннан гөрі осыдан абзалы жоқ. Мұндайда көлденең куәдан қауіпті нәрсе болмайды. Та так. (Бүктеулі газетпен стол үстіне жақындай берді де, қайта шегінді.) Қап, мынау ит тағы ұшып кетті-ау. Шыбынның да алаяғы болады деген рас екен ғой. (Аңдап басып терезе алдына жақындайды.) Жанбасқа енді келген шығарсың. Иманыңды үйіре бер, өлген жерің осы болар. (Соғып қалғанда терезе алдындағы ваза ұшып сынады.) Жастығын ала кетті-ау жайрағыр. (Сынған ыдыстың сыңғырына Әсия шығады. Хайдарбек еденге қарап.)
Хайдарбек. Ойбай-ау, әлі өлмепті.
Әсия (ренжіп). Шыбын десе не науқасың бар осы сенің?
Хайдарбек. Науқастан аулақ болу үшін шыбынның көзін жою керек.
Әсия. Шыбын басы бір ыдыстан сындырып тұрсаң жетістірдің ғой бізді.
Хайдарбек. Шыбынды жерге ыдыс қойма дейді медицина деген ғылым. (Соғып қалады.) Міне, сеспен датты деген осы, көрдің бе?
Әсия (ваза сынығын жинап). Туған күніме Сағираның әкелген подаркасы еді.
Хайдарбек. Ендеше бұл вазаның арманы жоқ. Облыс орталығындағы тоқтыдай шыбынның түбіне жетті де жүре берді.
Әсия. Подарка деп отырмын ғой мен саған.
Хайдарбек. Мұның өмірінің қысқалығына қарағанда, онша елжіреп әкелген подарка болмады. Туған күн талай айналып келеді, өз өміріңіздің ұзақтығын тілеңіз. «Шыны сынса бақыт, шыбын өлсе денсаулық» деген Жақайым Жетес би.
Әсия. Отызға келгенше оңбай жүргенің осы қылжақбас қыршаңқы тілің ғой сенің.
Хайдарбек. Алдымен отызға үш жыл бар деп бір қойыңыз, екіншіден, адам мінезі жыл сайын өзгеріп тұрса, масқара ғой. Оның атын құбылмалы кесіртке, яғни хамелеон дейді әдебиетте. (Ұмтыла беріп.) Әне, тағы біреу жүр.
Әсия. Қойшы енді, тағы бірдеде қиратарсың. Басқаны қарық қылдың да, енді шыбын аулау қалды ма?
Хайдарбек (мән бере). Шыбын әулеті деген білген адамға осал дүние емес, туыс болған соң саған айтып тұрмын мұны.
Әсия. Ойпыр-ай сенің осы...
Хайдарбек. Сабыр, сабыр, шыбынның да бойына шақ ақыл, айласы бар. Ол адамның мінезіне сай үйір болады. Жәйлі орынды табуда шыбыннан шебер мақлұқат кемде-кем. Аяғы алтау демесеңіз, екі аяқтыны еркін билеп кететіндер де бар. Нағыз бір есерсоғы болмаса, бетіне келіп қонбайды. Қазан-аяқ арқылы-ақ жұмысын бітіріп жүре береді.
Әсия. Не деп барады мынау, жаным-ау.
Хайдарбек (тыңдамай). Ол әуелі терезеден қарайды саңлау іздейді, есігіңіз ашылар сәтін күтіп жүреді. Ашылды ма, ішке кіреді. Тура терге тартпайды, сыпайылық сақтап, алдымен босағаға қонады. Сіз оған назар аудармайсыз. Енді еті үйренген соң дастарқаныңыздан бір-ақ көресіз. Қанағаттандым-ау деген кезде төріңізге барып дем алады. Мінезіңізді зерттейді, соған сай тірлік жасайды. Желкеңізден қарап отырады. Сіз оған шыбын деп қарайсыз, аздан соң ол сізді шыбын деп санайды.
Әсия. Не айтып кеттің, он екі жыл оқығанда жеткенің осы ма?
Хайдарбек. Он бес жыл оқыған шыбындарды да көргенбіз.
Әсия. Не дейді мынау, бұл қай сандырағың?
Хайдарбек. Бірақ олардың айырмасы, аяғы екеу болады.
Әсия. Құдайдың қайдағы жоғын айтпашы.
Хайдарбек. Мына шыбындар үйіңде барыңды шірітеді, алдын алсаң бұдан құтылу оңай. Ал енді екі аяқты шыбын арынды шірітеді. Өйткені ол — оқыған шыбын. Сенімен қол ұстасып жүретіндері де бар, кейбірі, өзіңмен дастарқандас. Міні бұл философияның атын хайдаризм дейді.
Әсия. Мұндай сөздеріңе түсінбеймін. Онан да жездеңе ақыл айт. Ана баланы оқуға қайтадан орналастырсын, әйтпесе әскерге алып кетеді.
Хайдарбек. Пожалуйста. Емтихан басталғанша балаңыз келе ме, мәселе сонда.
Әсия. Келу кере хабар жібергенбіз.
Хайдарбек. Шүкір, ақыл шіркін баршылық қой. Маған тек тыңдайтын құлақ болса бітіп жатыр. Ненің құлағы болса да бәрі бір. Асылында ақыл айтуға келгенде қазақ ешкімнен сорлы емес. Орындалуын құдайыңыздың өзі білсін.
Әсия. Сен орындалатын етіп айт.
Хайдарбек (терезеге ұмтылып). Әне, тағы біреуі келді, алдына тағы бір ваза қойшы.
Әсия. Денің сау ма?
Хайдарбек. О не дегеніңіз? Сонда мына шыбын төлеусіз кете бермек пе, бұл фанидан?
Әсия. Сен осы кейде әп-әдемі адам сияқты да, кейде бетіне лағып кететінді қайдан шығарғансың?
Хайдарбек. Бұл — творчестволық процесс. Мен Қуандық, Садықбе Қалтайларды қаңғыртып жіберетін комедия жазайын деп жүрмін. Аты «Шыбындар шайқасы» — көрген жұрттың күлкіден қуығы жарылып жатсын жайрап.
Хайдарбектің соңғы сөзін ішкі есігінен тыңдап тұрған Садық шығады.
Садық (үй киімінде). Слушай, Хайдар, аз ғана халқыңды аясайшы. Оның үстіне мына қуық дегенің операцияға көнбейтін мүше көрінеді.
Әсия (күліп). Япыр-ай десеңші.
Хайдарбек (өзінше мәз). Кешіріңіз, Сәке, бір де ноль сіздің пайдаңызға. Туыс болған соң қиын, тәтеммен сырласқаным ғой баяғы. (Телефон сылдырайды. Хайдарбек алады.)
Хайдарбек. Алау, Хайдарбекпін. (Аналардың көзінше сөйлескісі келмей.) Шырағым, ауылдан келмек түгіл аспаннан түссең де Хайдарбек жоқ. Ол кісіні іздеп мұнда звандамаңыз. (Трубканы қоя салады.)
Әсия. Ұят емес пе, мұның не?
Хайдарбек. Баяғы оқуға түсушілер. Институттың ректоры мендей-ақ дамыл бермейді. Қолымнан келсе осы үйдің баласын орналастырып алмаймын ба?
Садық. Дұрыс, адал жүрген жақсы.
Әсия. Адалдыққа кім қарсы. Бірақ биыл балаңды кәйтсең де оқуға кіргізесің. (Хайдарға баста дегендей ишарат етеді.)
Хайдарбек. Осынша беделмен тағы бір ұмтылып көруге болатын шығар.
Садық. Слушай, әкенің беделі балаға білім болса... былтыр беттен басқандай күйге айдадыңдар. Түсірдім, шығып қалды, кім кінәлі?
Әсия. Әскерге алып кетеді ғой.
Садық. Слушай, әскер түгілі оның әкесі қан майданда да болған. Экспедицияның бастығы кеше келіп кетті. Тамаша жұмыс істеп жүрген көрінеді. Геологический экспедициядан ешкімді алмайды. Ақылы кіргенде оқу табылады.
Хайдарбек (Әсияға көзін қысып). Жарайды енді, кейін ақылдасамыз. (Телефон сылдырайды, Хайдарбек алады.) Алау, а, ие, сізді тыңдап тұрған жергілікті жазушы Хайдарбе естуіңіз жоқ болса, кейін біле жатарсыз. Сәкеңді ме?
Әсия. Үй тірлігіне келгенде сен-ақ...
Садық. Слушай, алдымен қоғам қамы, содан кейін барып үй шаруасы.
Хайдарбек. Телефон күтіп қалды. (Садық телефонды алады.)
Әсия. Айттым ғой бәрін қиратып жүрген осы.
Садық (телефонда). Алау, а, сау-саламат. Келін, бала-шаға аман да, алдағы совещание өткен соң жүремін ғой.
Әсия. Жүрерсің атаңның басы.
Хайдарбек (Әсияға үндеме дегендей). Бастығының помощнигімен сөйлесіп жатыр.
Садық (телефонда). Әлгі купертания деген жабысып, а, а, басымның купертанциясы бар деймін. Оның өзі баста болатын науқас көрінеді ғой. (Жан-жағынан мүсіркеу тілегендей қарайды.)
Әсия. Неше түрлі аурудың аты шығып жүр ғой.
Садық (телефонда). Дәрігер дегендеріңіздің кәсібіне түсіне бермейтін адаммын. Табаным ауырады десең, тіліңді көрсет, басым ауырады десең башбайыңды көрсет дейтіні бар ғой бұлардың. Бұл жағындағы сауатым әлімсақтағы қалпынан ауған жоқ. Ие, досымша баяндаманы мен жасаймын. (Даусы да, қалпы да өзгеріп сала береді.) Үйіне соң дейсіз бе, телефонда ыңғайсыз болмас па? Қазір, жарайды.
Әсия. Әне, мұның жорғасы енді осылай өзгереді. (Әсия ішке кіріп кетеді. Хайдарбек шыбынмен әуре.)
Садық (маңғаздықтан нышан жоқ, телефонды қойып, қайта соғады, даусы да жылы, жуас). Анау, келін бе екен? Үй іші, балалар аман ба шырағым? Мәкең бар ма екен. Телефон соқсын деген екен. Содан енді ие, ие, сүйте қойыңыз. (Хайдарға дыбыс шығарма деп ымдайды.) Ие, Мәке, мен ғой. Жетіде тұрдым деймісіз? (Желкесін қасып.) Япыр-ай, сіз былай дем алу дегенді атымен ұмыттыңыз-ау. Қайран қалам, не деген энергия, сіздің отпускіге бармағаныңыздың өзіне екі жыл болып қалды ғой.
Хайдарбек (өзіне). Бәсе, өзі бәрін есептеп жүреді, өйтпесе күн көре алмайды ғой.
Садық (телефонда). Халық үшін денсаулығыңыздың қаншалықты қымбат екенін ойлайтын күніңіз бола ма? Біз арам өлсек те келер-кетері шамалы.
Хайдарбек. Қоғам үшін құрбан болу деген осы. Қалай-қалай шаң тастайды? Ертең сол орнынан түссе, амандаспай кетеді.
Садық. Мына сіздердің денсаулығыңыздың. Кешіріңіз, енді баяндаманың ие, ие... Сізден асырып не айта қоярмын... Жергілікті фактілер дейсіз бе? Жарайды, Мәке, жарайды, Мәке... Жарайды, Мәке...
Хайдарбек. Мынаумен жолдас болса, қу деп жүрген түлкінің өзі аштан өледі.
Садық. Жарайды, Мәке... Жарайды, Мәке... Саяси шапкасы дайын. Жарайды, Мәке... Енді былай өзіңіздің денсаулығыңызды нетіп дегендей... Жарайды, Мәке... Ден сау... (Телефон үзіледі, бұл да қоя салады.) Нешауа, алдымен трубканы өзі қойды. (Баяғы қалпына түсіп.) Міне, қоғам жұмысы кеңірдектен келіп тұрғанда. (Әсия шығады.) Сендер келіп килігесіңдер.
Әсия. Совет өкіметін жалғыз өзің орнатқандай боласың да жүресің.
Садық. Сөзінің түрін көрдің бе, слушай, Хайдарбе сенің саяси сауатың бар, мен алдымен қоғамды ойлауым керек пе жоқ...
Хайдарбек. Принципіне келгенде қоғамды ойлау басты парыз деп ұғамын.
Садық. Ал керек болса.
Әсия. Қазақтың сендей азаматтары екі жағын да бітіріп жүрген жоқ па, жұрттың байы...
Садық. Слушай, ұсталатын жерге енді келдің. Мен ең алдымен жауапты қызметкермін, сосын жаңағы сен айтқан азаматпын. Үшінші этапта барып байың болып шығам...
Әсия. Өз балаңа өзіңнің...
Садық. Мен баламның келешегін ойламайды дегенге кім сенеді. Қазір жұрттың көк желкесіне дейін көз, тұла бойының бәрі құлақ болып кеткен. «Садық қызмет бабын пайдаланып баласын екінші рет оқуға түсірді» деген өсек ертең ду ете қалсын, жеп отырған наннан да айрылып, қош бол коммунизм деп о дүниеге тартып беруім мүмкін.
Хайдарбек. Шынында бұл кісінің бір қатаң сөгістен асатын денсаулығы жоқ менің байқауымша.
Садық. Міне білетін адамның сөзі. Тіс-тырнақтап жинаған аз ғана беделге кірбең түсірмей, жұртқа жек көрінішті болмай, қабақ шыттырмай пенсияға шығу менің де ойымда бар... Кейде айтпайтынды айтқызасыңдар.
Әсия. Мен қойдым, беті аулақ... Енді айтарым жеңешем мен қайнаға келе жатыр. Алмасқа осында бол десем көнбей жатақханаға кетті. Тым болмаса соларға қол ұшын беріңдер, ұятты. Соғым-сауқаттың бәрін солардан алып отырмыз.
Садық. Ә, мұның миға қонатын сөз. Енді оның есебін табатын Хайдарбек бар.
Хайдарбек. Сіз тарапынан да бір звонок кере әрине.
Садық. Сушай, бәйбіше. (Көзілдірігін киіп, әйелін бүгін көргендей). Сен енді мешат етпе. Біз баяндамаға отырайық. (Телефон сылдырайды. Хайдарбек алады. Әсия кетеді.)
Хайдарбек (даусын өзгерте.) Хайдарбек жоқ. Алматыға кетіп қалған. Кеше көрсеңіз, бүгін кетті. (Телефонның серіппесіне трубканы сүйеп қояды.) Маза бермес. Іске кірісейік. (Екеуі стол үстіндегі қағазға жақындайды.)
Садық. Түгел қарап шықтың ғой?
Хайдарбек. Қарадым, бірінен бірі айнымайтын баяндамалар.
Садық. Жиналыс сайын жаңалық аша берсең жан қала ма. Әңгіме факті қайталанбау керек. Бас баяндаманы Мәкен жасайды, менікі қосымша ғой. Қалалық актив емес, қарапайым малшылар, ауыл шаруашылығының адамдары, желдірте тартамыз да.
Хайдарбек. Сонда осы баяндамалардан құрастырамыз ғой.
Садық. Әлбетте. Бұлардың саяси шапкалары шамалас болу кере байқадың ба?
Хайдарбек. Пленумдардың аты-жөні болмаса, шамаңыз шама. (Мысқылдап.) Былай сұрыптаса, байқаймын, жуан бір кітап шығатын түрі бар.
Садық (түсінбей). Кейінгі жиырма жыл бойы трибунадан түспей келе жатқан жоқ па жездең. Ол былай тұрсын, басшыларымыздан естіген рахметіміздің өзі боталы түйеден бағалы, бауырым.
Хайдарбек (қағаздарды нұсқап). Ал енді мыналардан алатынымызды алайық.
Садық. Сушай, осыдан үш жыл бұрын малшылардың слетінде жасалған біреуі бар еді, бергілерін қоя тұр, алдымен соны тапшы. Соған свежи фактілерді...
Хайдарбек (ақтарыстырып). Мынау ғой.
Садық (қарап). Дәл өзі. (Ыңылдап оқиды.) Мм... облыстың комитетінің... ымм... пленумының шешімдерін іске асыруда... Ммм... м... м... рухтанған еңбекшілер... м... м... 1913 жылы осы облыста бірде-бір трактор жоқ еді, м... енді қазір пәленбай мың... революцияға дейін қойдың орта салмағы.
Хайдарбек. Тап сол кезде кім өлшеді екен қойды?
Садық. Иә, бұл жері шамалы нелеу кеткен екен... Мм... бұ жерін өшірейін... (Оқиды.) Мм... м... халықтың әл-ауқатын мәдени дәрежесі... м... пәленбай мектеп, кітапхана.. қызыл мүйіш, автоклуб... м... (Ойланып.) 1913 жылы облыста бірде-бір телевизор... мм...
Хайдарбек. Тракторларыңыз дұрыс шығар, ал енді телевизор ол кезде дүние жүзілік жоқ қой.
Садық. Солай ма еді өзі, осы жолы қоссам ба деп едім. Сәті түспеді.
Хайдарбек. Бастықтарыңыз баяғы баяндамаңды қайталап тұрсың демесе...
Садық. Ой, қарағым-ай, ол кездегі бастықтар әлдеқашан кетті ғой. Ал малшылардың құлағында не қалды дейсің. (Оқиды.) Мм... м... облысымызда ірі дара малды бордақылау... өткен жылғыдан пәлен процент... мм (Хайдарбекке) сушай, ана қағазда өткен жылғы мен биылғы данныйлар бар, соны мына жерлеріне қондыру керек... (Оқиды.) Мм... Биязы жүнді қойлардың мм... жүні өткен жылғыдан қой басына... мм... 25 грамнан артты. (Көз әйнегінің сабын тістеп ойланып қалады.) Сушай, осы жылқы мен түйе түбімізге жететін болды. Қанша көтеріңкі міндеттеме алсақ та орындалмайды. Қазақ дегеніңіз де қызық халық, жылқының етін жемесе ши қотыр болатындай-ақ есебін тауып жыл сайын үй басына бір жылқыны төңкеріп тастайды да отырады.
Xайдарбек (мысқылдап). Халықтың әл-ауқаты көтерілді деп өзіңіз айтып отырған жоқсыз ба?
Садық. Жоспарға зияны тиетін әл-ауқаты дұрысын.
Хайдарбек. Қазы сіздің үйден де арылмайды ғой?
Садық. Сушай, ол жағы енді... бізді қойшы.. мен туысымнан алам дегендей...
Хайдарбек. Бәрібір емес пе?
Садық (өз ойының соңында). Жоқ, ол былайынша айтқанда. Сушай, мен қайран қалам. Осы Алматыға барсақ ғалым дегеннен аяқ алып жүре алмайсың. Ал енді солар түйені жиі боталатып, жылқыны егіз таптырудың ретін елу жылдың ішінде таба алмағанына ренжисің. Мысалы, сиырға да сол керек.
Хайдарбек (мысқылдап). Осыны баяндамаңызда айта кетсеңіз қайтеді?
Садық. Мұны Мәкеңмен ақылдасқан жөн. Мұндай ойлар үлкен, үлкен ауыздан айтылуы керек. (Қайтадан қағазына қарап оқи бастайды.) Так., мм., м... Құс шаруашылығы... еті... жұмыртқа... так... бұл жағы түгел... м... м... та шошқа... мм... (Өзіне-өзі.) Шошқа байғұстың обалына не кере шұбыртып-ақ жатады... Осы күнге дейін шошқаларың нашар дегенді естіген жоқпыз. Әр жылы артығымен орындалады. (Өзіне-өзі.) Пайғамбарлардың ішіндегі бір берекесізі осы Мұхамед пайғамбар-ау деймін, о баста атамыздың асы шошқа болғанда ғой, жылқының тұмсығына ешкім шертпейді. Қазір жер қайысып жусап жатпас па. Май. м... м... Май... нешауа... Сүт... (Өзіне-өзі.) Осы біздің сиырлардың емшегін сайтан сорып кете ме, қайдам. Екі жылдан бері оңбай келеміз. Дегенмен өткен жылғыдан тәуір дей салайық. Цифр көрінбесін тек. (Оқиды.) Так... мм.. міндеттер... так... міндеттер белгілі ғой...
Хайдарбек. Бәрін де қолдан жазамыз ба деп едім, мынауыңыз оңай сауда болды, Сәке.
Садық. Сушай, тұра тұр... (Ойланып.) Осы «советский народ семимильными шагами» — дегенді қалай аударып жүр. Соны бір жеріне қыстыру керек екен. Кейінгі кезде көп айтылып жүр ғой.
Хайдарбек (ойланып). Япыр-ау, соны қалай аударушы еді. Бір справочникте көргенім бар, сонда миль деген сөз теңіздің шақырымы. Жер бетімен есептегенде әр миль бір жарым шақырымның төңірегінен шығады. Дәлірек айтқанда бір миль 1600 метр. Сонда семь миліңіз болады 11 шақырым 700 метр, метрін қойып он бір шақырымның өзін алайық.
Садық. Сушай, сен оны майдаламай жетеудің айналасынан келтірші.
Хайдарбек. Ay, енді қазақ тілінде километрді шақырым дейді. Ал миль дегенге балама жоқ. 1913 жылға дейін қазақта кеме түгілі дені сау қайық та болған жоқ, оны өзіңіз білесіз.
Садық. Сонда мұны қалай дейміз. Сені жазушы дейді, бір сөйлемді аудара алмай, қалай күн көресің, шырағым-ау?
Хайдарбек (ойланып). Советский народ семимильными шагами дейсіз, ә? Миль... миль... Бәрібір, мен шақырыммен тартамын.
Садық. Сонда қалай демексің?
Хайдарбек. Совет халды әр қайсысы он бір шақырымдық алып адыммен...
Садық. Сушай, мынауыңды естіген құлақ бір жылға дейін келмейтін шығар.
Хайдарбек. Енді қалай демексіз? Мен бұдан артық аудара алмаймын. Жеті мильдік адыммен десеңіз өзіңіз біліңіз.
Садық (ойланып). «Алып адым» дегенің маған ұнайды. Бірақ жетеуді қайда қоярымды білмей отырмын. (Қуанып.) Айтпақшы, кеңсеге звондап газет подшивкасын дайындасын дейін. Қазір барып өзім әкелем.
Xайдарбек. Ие, ие, сонша арам тер болғанша... «Социалистік Қазақстаннан» алайық.
Садық (телефон соғады). Алау, Садық қой. Маған «Социалистік Қазақстанның» биылғы, былтырғы подшивкасын дайындап қойшы, шырағым. Секретарь қыз кетпесін. (Шошып.) Не дейт, қап, жарайды. Жауабыңыз орынды, машинаны жібер. (Трубканы қояды.)
Хайдарбек. Не боп қалды.
Садық (абыржып). Ойбай, мыналарды тездет. Басқа машинистка табу керек. (Жалма-жан киіне бастайды.) Қырсықты қарашы.
Хайдарбек. Цифрларды қондыру оңай ғой.
Садық. Ана қағазда обкомның соңғы пленумында қаралған мәселелер бар, бір тұсында оны да еске сала кету керек.
Хайдарбек. Сонша неге абыржып кеттіңіз, Сәке?
Садық. Әлгі секретарь-машинисткам екіқабат еді ғой, босануға басқа күн таппағандай бүгін азанда роддомға түсіпті. (Әсия киінген, шығып бара жатады.)
Әсия. Мен магазинге барып келейін.
Садық (Әсияның кеткенін аңғармай). Қатын, енді қонақтарды мен келгенше өзің... Кім біледі, бастықтар ұстап қала ма... А, шығып кеткен екен ғой.
Хайдарбек (қағаздарға әлгі цифрларды қондыра). Япыр-ай, Сәке, сонша абыржып не бар?
Садық. Сушай, бөтен машинистка болса ескісін бастырды деп жұртқа жайып жүрмесе деймін де баяғы.
Хайдарбек. Мен өзіміздің Дом творчествоның машинисткасына бастырып берем, ол адам өлтіріп жатсаң да жұмысы жоқ, «Ахау керімге» салып жүре беретін кісі.
Садық. Онда саз болды. Мен кеттім. (Кетеді.)
Хайдарбек (күліп). Сенің цифрыңның саудасы жеңіл. Оңаша далғанда өз жұмысымды бітіріп алайын. (Телефонды алып, номерлерін тереді де, даусын өзгертіп.) Алло... Маған проректорды қосыңызшы... Облисполкомнан... Бұл председательдің приемныйынан. Сізге Сардаров Алмас деген баланың документі тапсырылған шығар. Жазып алыңыз. Сардаров Алмас. Соны үлкен кісі өзі айтуға білесіз ғой. Мен жәрдемшісімін... Ертең үлкен кісімен командировкаға жүреміз. Сол енді қатеріңізде сақталсын, кейін ұят боп жүрмесін. Результатын кейін өзім сұраймын. Сау болыңыз. (Телефонды қояды.) Міне, шаруа бітіп жатыр. Өткен жылы да осындай үлкендердің атымен төрт баланы тоғытып жібергенбіз. Иттің біреуі алғашқы семестрде-ақ тоңқалаң асты. Үшеуі көзі жайнап оқып жатыр. Мұндайда алған ақшаның мұрты шағылмай өз қалтаңда қалады. Енді анау тиыны өз алдына тай мінгізем деген әкейдің баласын... (Ойланып.) Кімнің атынан жылжытсам екен? Ертең кездескеннен кейін кірісермін бұған. (Тағы да телефон соғылады.)
Хайдарбек. Алау, ие, мен ғой.
Телефон. Байназармын, халің қалай?
Хайдарбек. Бестен жоғары баға болса ол да менікі.
Телефон. Мұның қуанарлық жәйт екен.
Хайдарбек. Сен саппас қайдан жүрсің?
Телефон. Ауданнан кеше келдім. Аз ғана жазғандарым бар еді, соны былай...
Хайдарбек. Облыстың Халық творчествосы Үйінің тілге тиек етер тұлдыры мен екенін білесің. Әкеле бер. Анау-мынау өлеңнің мұртын қағып, ұртын басуға өзімнің де шамам келеді.
Телефон. Аздап ұйқас жағына...
Хайдарбек. Айналайын, сенің поэзиядағы новатортсва дегеннен хабарын бар ма?
Телефон. Новогаттан келген кім еді?
Xайдарбек. Албасты бассын. Новобогат ауданында қай қалыңдығың қалып еді, новатортсва деймін.
Телефон. Жаң түсіндім кешіріңіз.
Хайдарбек. Түсінсең былай: мұнда мазмұн деген тұнып тұрады да, әлгі ұйқас атаулың көп бидайдың ішіндегі жалғыз арпадай әр жерден бір қылтиып, бір-біріне алыстан бас изеседі. Сонда екі ортада өлген арыстанның жотасындай көлбеп мазмұн жатады. Ұқтың ба. Жарайды, әдебиет бірлестігінің алдағы мәжілісінде бұл туралы тереңдей түсермін.
Телефон. Ал енді сен мені тыңда. Өзіңмен вечерде кездесетін, оң жағыңда отырды ғой, қайта-қайта биледіңдер ғой.
Хайдарбек (тамсанып). Сары құба ма, то есть, ақ құба ма, Сәуле ғой аты?
Телефон. Сол саған өліп жүрген көрінеді.
Хайдарбек (қуана.) Қойшы, әй, маған ғашық па?
Телефон. Хайдарбек дегенді жүрегінің жалынына орап айтып жүр.
Хайдарбек. Қойшы-ай... тамаша ғой... мынау. Әй, сонда мен осы...
Телефон. Енді келбетті де құдай берген өзіне.
Хайдарбек (тамсана). Анау шашты да буыршынның өркешіндей әшекейлеп біраз жерге жіберген өзі.
Телефон. «Өлең жазатын адамға қыздар үйір болады» деп анада бір айтып едім ғой.
Хайдарбек. Тіл-аузым тасқа, сен көзі ашық әулиесің. Анау кеуде, анау шаш... Бірақ шаш деген жарықтық қыздардың көркі еді, қазір бөркіне айналып кетті ғой.
Телефон. Бәрібір шашынан шылбыр еспейсің, ал ұмтыл енді.
Хайдарбек. Әй, қойшы-ай, саппас, әй, көп айта бермеші, жүрегім нашар. Жақсы, ертең кеңседе кездесерміз. (Трубканы қойып, басын шайқап.) Сары қыз маған ғашық дейді. Ғажап... Бүлк етпе, Хайдар, той түгілі үй орманды малындыратын маусымдасың. Пора, пора, дорогой, үйлен... Қалғанын көре жатарсың. (Ойланып.) Түсімде мынау иығыма, жоқ, мынау иығыма екен ғой, бір сары торғай келіп қонып жүр еді, адыры Сәуле болды да шықты. Түс түлкінің тезегі дейді, надан қазақ, айналып кетейін диалектика мұны да жоққа шығарды. (Керіліп.) Шортты знайт, бір бақ қысып жүр ме, түсімде ылғи жақсылық көрем. (Ойланып.) Шаш деген жарықтық қыздардың көркі еді, енді бөркіме айналып кетті, — дедім-ау. Жаным-ау, мынау қарапайым адамның аузынан шығатын сөз емес қой. Әлде Мұзафар Әлімбаевтан ауысып, аузыма түсіп кетті ме. Менің ондай да науқасым бар. Жоқ, өзімдікі шығар. (Телефон сылдырайды.)
Хайдарбек. Алау, ие ол кісі жоқ. (Трубканы қояды.) Мынаны бітіріп тастайын (Баяндамаға үңіліп, екінші қағаздардан цифрын қарайды, анда-санда дауыстап қондырып жатады.) Та өткен жылғысы мынау биыл үшінші кварталдың табысына... Та так... Сиыр.. так... жылқы... қой... шошқа... құстар... Сиыр... так... жылқы... түйе... қой... шошқа... құстар... жұмыртқа... ет-май... жүн... сүтті... шамамен жібер деді ғой... Мына жерлерін өзімен ақылдасу керек.
Артынып-тартынып Сардар мен Кенжегүл кіреді.
Хайдарбек (орнынан ұшып тұрып). Ассалаумағалайкүм, ат-көлік аман, келдіңіздер ме?
Сардар. Алейкасалам. Қайда көрсем де қағаздан бас алмайсыз.
Хайдарбек. Ал төрлетіңіздер. Тірлік солай, тірлік солай, ақсақал.
Кенжегүл. Ау, бұл үйдің адамдары қайда екен?
Хайдарбек. Келініңіз магазинде, Сәкең шаруасында, бәрі де қазір келеді.
Кенжегүл. Біздің баланың халі қалай, құда?
Хайдарбек. О жағынан қам жемеңіз.
Сардар. Тағы бір чемодан бар еді ғой. (Сыртқа шығып кетеді.)
Кенжегүл. Әйтеуір реттедіңіз бе?
Хайдарбек (есік жаққа қарап сыбырлап). Өзіңіз берген біреуді көмекейлеріне тастап жібердім. Енді орындамай көрсін, аяқтары аспаннан келеді...
Кенжегүл. Айтқаның келсін, құда.
Шымылдық
ПРОСЦЕНИУМ
Сардар. Мен облыс түгілі Алматының жиналысына да талай қатысқан адаммын. Осы сапарда ініммен ренжісіп қалсам, сіздерден алдын ала кешірім сұраймын. Ал Алмас туралы қамым жоқ. Баланың қалағаны біледі. Қысқасы, құсты тұсап тоқтата алмайсың — қанаты бар, өзен теріс ақпайды — сағасы бар. (Кетеді.)
ҮШІНШІ АКТ
Музыка үніндегі мажорлық екпін аздан кейін минорлық сарынға айналады. Бұл осы актыда болар оқиғаның кілті. Біз тағы да Садықтың үйінде кездесеміз. Түс мезгілі. Арада бірнеше күндер өтеді. Үй ішінде бір көңілсіздік бар. Радиола түскі концерт «Су тасушы» («Водовозды») әнін айтып жатыр. Әннің ортан белінде іштен Хайдарбек шығады. Радионы бұрап тоқтатады.
Хайдарбек. Мұндай қойыртпақ өлең өз қолымнан да келеді. (Ойланып.) Есенжоловты реттедік. Тай тақымда дей беріңдер... Анау, анау... ол да икемге келді. Институттың мұғалімдері мені көрсе тұра қашады, сонысына түсінбеймін. Басқа жағынан бітіріп жатқанымды қайдан білсін олар. Сәуленің тойын дүрілдеткенде бір-ақ білесіңдер. Ал енді осы екі ағайынды жігіттің арасында бір ұнамсыз күйді аңғарып жүрмін. Соларды былай жалтартып, қақтығысқа келтірмеу керек. Ағасының мінезі жаман. Екі ортада шыбын өледінің кері болмасын.
Әсия шығады. Сыр тарта.
Апасы, осы ағайындар былай...
Әсия. Жеңешемде ешнәрсе жоқ, ақкөңіл, алдыр-салдыр адам ғой. Қайнаға бірдеңеге ренжулі ме, қайдам. Кеше сен жоқта бір әңгімелер басталып кетті де, кісілер келіп қалып абиыр болды. Қайнаға жездеңдей емес, бетің бар, жүзің бар демей тура кететін адам. Айтпақшы сағат үшке кеңсеге келсін деп бастығың звонит етті.
Хайдарбек. Барам ғой. Ертең Сәкең баяндама жасайды, жауапты мәселе. Қайнағаңызды өйтіп-бүйтіп жуасытпаса болмас.
Әсия. О жағын өзің біл. Не екенін білмеймін, әйтеуір бір ашу бар.
Сырттан Кенжегүл кіреді.
Кенжегүл. Әлгі балаларға былай көйлек-көнше шай-қант дегендей соған екеуміз барып қайтсақ қайтеді?
Әсия. Мен дайын.
Хайдарбек (сыр тарта). Шалыңыз не қып...
Кенжегүл. Ой, оның әрдайым қыңыр жүретін әдеті ғой. Содан басқа адам әке болмағандай-ақ, балам не ойласа сол болады дейді де отырады.
Хайдарбек. Алмас жөнінен нешауа, все в порядке.
Кенжегүл. Рақмет, шырағым, осы бала бір орналасса екен.
Хайдарбек. Қам жемеңіз дедім ғой.
Әсия. Ал енді біз магазиндерге барып келе қояйық. (Хайдарбекке.) Қайнаға келсе, сен үйдесің ғой. Тамақты асып қойдым. (Әсия мен Кенжегүл кете береді.)
Хайдарбек. Үйдемін. Жоқ, бұл шалды ертегі әзілмен біраз жерге шырқап тастайын. Өзі көп нәрсеге баладай сенеді. Маған ұнайтыны сол.
Сардар кіреді.
Сардар. Біздің бәйбіше бір жаққа кеткен бе?
Хайдарбек. Сәке, әнеукүнгі хатты жіберіп пе едіңіз?
Сардар (салқын). Хат қайда қашар дейсің...
Хайдарбек (сезіктене). О не дегеніңіз.
Сардар. Ие, басқа не сауал.
Хайдарбек (қулыққа басып). Сәке, мен сізді өз әкемдей сыйлайтын адамның бірімін.
Сардар. Оныңа рахмет, шырағым. Садық түске келе ме? (Орындыққа отырады.)
Хайдарбек. Келуі керек... (Түлкі бұлтаққа салып.) Сәке, осы сіз түске сенесіз бе?
Сардар. Қайдам.
Хайдарбек. Түс жоруға қалайсыз? Мен бір нәрсеге қуанып жүрмін бүгін.
Сардар (мән бермей). Айта бер.
Хайдарбек (лепіре). Тақға жадын көрдім. Айдалада бір шың жартас екен деймін. Соның ұшар басында дүниенің төрт бұрышын шолып тұрмын.
Сардар. Дұрыс-ақ.
Хайдарбек. Бір кезде жартастың етегіне қарасам, төменде біреу тырмысып, өрмелеп-өрмелеп келе жатыр.
Сардар (әдейі елеген болып). Япыр-ай, ол кім екен?
Хайдарбек. Мен оған мән бермей тағы да әлемді шолып кеттім. Сәлден соң әлгі төменнен «Хайдарбек» деген біреудің қарлыққан даусы келді құлаққа. Жалт қарасам, өрмелеген адам аяғымның астына келіп қалыпты. Қолыңды беріп жіберші» деді бір маңғаз денелі кісі.
Сардар. Қолыңды бердің бе?
Xайдарбек. А как же, тартып жаныма отырғыздым
Сардар. Сауап болған екен.
Хайдарбек. Содан, арқасындағы бір жәшік ақ қағазды шешіп: «Балам, мынаны саған әкеліп едім», — деп тастай бермесі бар ма.
Сардар (әдейі). Япыр-ай, мынау бір жақсылықтың нышаны ғой.
Хайдарбек. Өзі борша-борша терге түскен әбден. Сардар. Шың басына бір жәшік қағаз арқалап шығу оңай ма?
Хайдарбек. Былай бетіне анықтап қараймын, кім дейсіз ғой енді сіз ақырында.
Сардар. Ал дедік... (Бетіне ажырая қарайды.) Хайдарбек. Кәдімгі өзіміздің Абай, ақын Абай, Құнанбайдың Абайы.
Сардар (шыдамай орнынан тұрып кетіп, өзіне-өзі). Абай да алжыған екен сенің түсіңе енсе. (Хайдарбекке.) Ие, содан?
Хайдарбек. Осы шың басынан мына қағаздарды толтырмай түспе, деді де ғайып болды. Содан:
Тәңірім-ау, қағаз салған ағаш жәші
Оны да толтырармыз болса нәсіп, —
деп өлеңдетіп жатып оянып кеттім.
Сардар (ызасын бүге). Енді ақын болмаған нең қалды?
Хайдарбек. Рахмет, Сәке, рахмет, өзім де осыны айтар деп отыр едім.
Сардар (салқын үнде). Сен өзің бері қарашы.
Хайдарбек (Сардардың түсінің өзгешелігінен шошына). Ал, қарағанда не?
Сардар. Мені кім деп жүрсің өзіңше?
Хайдарбек (үні жуасып). Құда, туыс, ағайын қалай көретінімді жаңа айттым ғой.
Сардар. Қазақтың «үш жыл мал баққаннан ақыл сұрама» деген қарғыс атқан мақалын жамылып, мені ақмақ еткің келеді. Мен жүз жыл мал бақсам да, ақылымнан адаспаймын.
Xайдарбек (жалтара). Ау, Сәке, бұл не дегеніңіз, мен сізді өзімнің...
Сардар (жекіріп). Тәйт әрі... Әнеугүні қонақ деген атыңды сыйлап шыдадым. Жездең мен келіннен ұятты, өзіңе кетерде айтайын деп едім, отты айналған көбелектей өзің бастадың.
Хайдарбек (үнінде жалбарыну бар). Ay, Сәке енді сіз ашуды былай... мені білесіз ғой...
Сардар. Доғар. Өзің деліқұл болған соң айналаңдағының бәрін де деліқұл санайсың-ау, шамасы.
Хайдарбек (ақырғы күшін жиып). Сіз мені оскарбить етпеңіз... Ол үшін жауап бересіз.
Сардар (төс қалтасындағы баяғы хатты алып). Мынадан артық оскарбит бола ма? (Жыртып-жыртып алдына лақтырады.) Міне оның жауабы. Осы хат ректордың қолына түскенде мені кім дені сау адам деп ойлайды?
Хайдарбек. Бәрібір Алмас оқуға түседі.
Сардар. Оны білдім. Рақмет. Ректоры «үлкен кісілер тапсырып еді, балаңыз түседі» деді. Бірақ саған ерегіскен соң баланың айтқанына көндім. Барлық документін алып военкоматқа апарып, самолеттің училищесіне бергенмін. Шүкір, денсаулығы жақсы еді, бүгін жаратып алды. Төрт күннен кейін Саратовқа жүреді.
Хайдарбек. Бұл неткен сұмдық? (Айналып кетіп, өзіне-өзі.) Жеңгей ақша бергенін айтып қойды ма екен? (Көк беттене.) Бәрібір мен сіздің қолыңыздан көк тиын алған жоқпын.
Сардар. Мен саған ақша алдың деп отырмын ба? Саған пара беріп мені жын соғып па?
Хайдарбек (өзіне-өзі). Онда нешауа, өз обалдарың өздеріңе. (Сардарға.) Еш кеткен еңбегім-ай.
Сардар. Сен енді жас емессің. Жаным ашып айтам. Адал пейіліңмен кіріскеніңе рахмет дедім ғой жаңа. Бірақ бәрінен де өз арымды таза ұстауға тырысатын адаммын. «Балаңды оқуға түсірдім» деп ертеңіне желкеме мінетініңді барған күні-ақ көзіңнен танығанмын.
Хайдарбек (жігерлене). Ақсақал, тыңдаған сайын өкшелей бермеңіз. «Барып жағдайларын біл, биыл Алмас оқуға келсін» деген келініңіз.
Сардар. Келініме мың да бір рахмет.
Хайдарбек. Кейін дауласа беретін болсаңдар, мен бәрін өткізгенмін.
Сардар. Жоқ, сен міндетіңді өтедің. Ал ішімдегі бір запыран осы еді, шығарып болдым. Бұл әңгіменің болғанын екеуміз-ақ білейік...
Хайдарбек (нығарлап). Сізге де рахмет. Бұл әңгімеге бұдан былай қандай жағдайда болса да оралмасқа ант етейік. Мейлі, кісі өлімі болсын, бір ауыз бұл тақырыпқа тіс жармайық. Ойлан дегеніңізді әкенің балаға берген сабағы деп ұғамын.
Сардар. Tic жарып оралмасқа міне қолым. (Екеуі қол алысады.) Баланың жайын қатынға түсіндіре жатам. Алдыратын болғаныңды да айтам.
Хайдарбек. Соны сендіре айтыңыз, құдағи ренжіп қалмасын. Өйткені мен шек келтірмеңіз дегенмін.
Сардар. Еңбегіңе құдағиың риза болады. Ол жағына күманданба.
Хайдарбек (жердегі хаттың жыртындысын жиып, көлгірси). Менің келешектегі шығармамның бір кейіпкері боларсыз деп сенем.
Сардар. Қазақтың мендей дидар шалдары аз дейсің бе, шырағым.
Хайдарбек. Дегенмен мен үшін сіздің орныңыз бөлек болып тұрғаны.
Сардар (күліп). Зәуеде жаза қалсаң өзіңді де ұмытпа, құда бала.
Хайдарбек (қуана). Сөз жоқ, орындалады, ақсақал.
Магазиннен алған заттарымен Кенжегүл мен Әсия кіреді.
Хайдарбек қипақтап Сардарға қарайды.
Сардар (жайдары). Мұндағы жұртқа бірдеңе қалдырсайшы, қаланы көшіріп кеткің келе ме, бәйбіше-ау?!
Кенжегүл. Мұның көзіне мен түйме алсам, түйедей көрінетін әдеті. (Әкелгендерін төргі үйге алып кетеді.)
Әсия. Қайнаға, шөлдеп қалған жоқсыз ба? Қазір шай дайындап жіберейін. (Стол үстін ыңғайластырады.)
Сардар. Жоқ, айналайын. (Көзін қысып.) Хайдарбек екеуміз әңгімені соғып рахаттанып отырмыз.
Әсия. Сен әлгі кеңсеңнен қалып қойма, қайта-қайта тапсырып жатыр еді. (Сыртқа шығып кетеді.)
Хайдарбек. (сағатына қарап). Айтпақшы мен кетейін (Мән бере.) Ақсақал, ендігісін өзіңіз дегендей...
Сардар (көзін қысып). Жолың болсын! (Хайдар кетеді.) Санасында саңлау болса, енді ойланар.
Кенжегүл шығады.
Кенжегүл. Ауылға барған соң «Балаңның оқуға түскен тойын жаса» — деп жұрт мазаны алатынын білесің. Соған өзімізде жоқтан қағыстырып біразын алдым кешеден бері.
Сардар (сездірмей). Сол тойыңды қазір бастасақ қайтеді, бәйбіше? Балаң бүгіннен бастап оқуға түсті.
Кенжегүл (қуанышы қойнына сыймай). Шын айтасың ба?
Сардар. Саған өмірі өтірік айтып көріп пе едім?
Кенжегүл (жүгіріп). Айналып кетейін әлгі келін қайда, ақ түйенің қарны жарылды. Әлгі нелерің қайда, өзім көмектесейін. (Әсия кіреді, оны құшақтап алады.) Айналайын-ау, айналайын, бәрі сенің арқаң ғой.
Әсия. Не боп қалды, жеңеше-ау, не боп қалды?
Сардар (мұртынан күліп). Үндеме, келін, қазір бәрін білесіңдер.
Кенжегүл (қуаныштан не істеп, не қоярын білмей). Төрежан неге кешігіп жатыр?
Әсия. Баяндама деп басы қатады да жүреді оның. Әне, өзі де келді.
Кенжегүл (кіре берген Садықты құшақтап). Төрежан-ау, сүйінші Алмас түсті.
Садық. Қайырлы болсын, бірақ емтихан әлі аяқталған жоқ емес пе, жеңеше?
Кенжегүл. Бітсін, бітпесін, әкесі айтып отыр ғой.
Садық (Сардарға). Сәке, рас па?
Сардар. Бәрі рас, ал шайға отырайықшы. (Әсия мен Кенжегүл шай дайындайды.)
Садық. Тамаша! (Ішке кіріп кетеді.)
Кенжегүл (абыржып). Әлгі бутылкаларын қайда қойып едім? (Асығыс екінші бөлмеге кетеді. Үй киімін киіп Садық шығады.)
Сардар (Садыққа). Не айтсам да жеңгеңнің көзінше мені қостап отыр.
Садық. Ол не сондай-ақ?
Сардар. Қазір білесің.
Кенжегүл бір құшақ әр түрлі бутылкалар алып шығады.
Садық. Жеңеше-ау, мынаның бәрі...
Кенжегүл. Әй, тәуекел. Алмасжан үшін өзім де қызылдан ішіп жіберем.
Сардар. Бүгін бәрің де ақтан ішесіңдер.
Садық. Дұрыс, дұрыс көндік.
Әсия. Ал, жеңеше, мықты бол. Қайнаға маған жеңілдік жасар.
Сардар. Айналайын, не де болса жеңгеңмен бірге көр.
Кенжегүл (Әсияға). Ешнәрсе етпес, қызылдан ауыз тиейік.
Сардар. Айтып отырмын ғой, ақ ішесіңдер. Бәйбіше, сен ақ ішпесең, балаңды оқудан шығарып тастаймын.
Кенжегүл. Ойбай, онда у болса да ішем. (Рюмкаларға Сардар арақ құяды.)
Сардар. Бір тамшы қалдырмай ішесіңдер.
Әсия (шай құйып жатып). Қайнаға маған жеңілдік етіңіз.
Сардар. Дәнеңе етпейді, қарағым, жеңгеңнен қалма.
Садық. Дұрыс, дұрыс, алып жібер.
Сардар. Ал, алыңдар. Алмасжанның оқуының қадамы сәтті болуы үшін.
Кенжегүл (алып жатып). Құдай, өзің кешір. (Бәрі алғанша Сардар қарап отырады.)
Сардар. Балам үшін іштім десең кешірмей не бопты құдайға. (Кенжегүл көзін жұмып тартып жібереді. Бәрі де ішеді.)
Кенжегүл (түшіркене). Аллай, сақтай көр, ішімде біреу от алып қашып бара ма...
Сардар. Енді біреуін ішсең қашып бара жатқан тоқтайды.
Садық. Сүйтеді, жеңеше, сүйтеді.
Кенжегүл. Қой, Төрежан, енді болмас.
Әсия. Жеңеше, ыстық шай алыңыз. (Сардар тағы құяды. Кенжегүл аңғармай қалады.)
Сардар (Садыққа көзін қысып). Ентіккен сабаның пұшпағы шешіліп кеткенде табалдырыққа дейін шапшитыны бар ғой, сол неге ұқсайды?
Садық (түсінбей). Ол енді өзі...
Сардар. Осы күні аспанда ізінде шұбатылған айран арқаны бар... бір самолеттер ұшып жүреді ғой.
Кенжегүл. Аллай-ай, бір ғажап, өзін күмістен жасайды-ау деймін, ізі ақ айранданып тартқанда жаның түршігеді. (Көзін жыпылықтатып.) Қарап отырып күлкім келгені несі... Мына құрғырың...
Сардар. Жаңағы самолетті айтсайшы онан да.
Кенжегүл. Құдай біледі, соның ішіндегі адам дүниенің жау жүрегі шығар...
Сардар (Садыққа көзін қысып). Сондай жау жүрек ұл тапқан біздің бәйбішенің денсаулығына... Ал өзің де алып қой.
Кенжегүл (түсінбей ішіп жіберіп). Ойбай-ау, мені не қара басты, тағы іштім-ау? (Садық пен Әсия біріне бірі қарайды.)
Садық (Сардарға). Мен шамасы...
Сардар (Кенжегүлге). Сол жау жүрек балаң үш жылдан кейін күміс самолетпен ауылға келеді.
Кенжегүл (көзін жыпылықтатып). Не дейді, не дейт?..
Сардар. Алмас Сардаровты ұшқыштар училищесіне қабылдады.
Садық. Бұл қалай болғаны сонда. Институт қайда?
Сардар. «Өзі де жаман оқымаған екен, оның үстіне үлкен кісі тапсырып еді, қайтсек те аламыз» деп еді, өзім болмадым. Шамасы, сен збандаған болуың керек?
Садық. Жоқ, мен телефон соққан жоқпын.
Сардар. Ендеше үлкен кісісі Хайдарбек болды.
Кенжегүл (Әсияға). Келін, біздің шал не деп отыр, мен мас болып қалдым ба?
Сардар. Балаң күміс самолет айдайтын ұшқыш болады деймін.
Кенжегүл. Қайдағы бәлені айтпашы, құда бала өзі біледі, мұның қартайғанша әзілі қалмайды. Келін, басым айналып кетті, мені апарып жатқызшы.
Сардар. Сенімен әзілдесіп өлейін деп отыр едім, көк соққан, о несі-ай...
Әсия. Кәне, жеңеше. (Қолтығынан көтереді.)
Кенжегүл (әзер тұрып). Аулым көшіп қонады-ау, Белтұрғанға-ей... (Кете береді.)
Сардар. Есің кіргенде көшіп-қонарсың. Қызып байқамай отыр, әйтпесе шу шығарады.
Садық. Мұныңыз бекер болды ма деймін.
Сардар. Жоқ, бекер емес. Алдымен баланың тілегі сол. Оның үстіне «інісінің арқасы, тамыр-таныс» деген ел есегі де маған жеңіл тимейді. Өз күшімен бұзып-жарып кірмеген соң, бәрі бекер.
Садық. Жақында бір кісі «мына пара деген бітеу жараға айналып барады, енді ол оқу орындарын да жайлап келеді» деді.
Сардар. Ондай сұмдықты естігенімізге көп болды.
Садық. Ол кісі миға кіретін үлкен бір қауіп айтты. Астанада да, облыс орталығында да оқуға көбіне беделді қызметкерлердің көше таптап жүрген әумесер балаларын алып жүрміз. Олар бес жыл бойы ілініп-салынып, онда да әке беделінің арқасында зорға бітіреді. Я маман, я надан емес, әрі-сері бірдеңелер шығып жатыр. Шын мәнінде бұл болашаққа жасалып отырған зорлық, қиянат. Оқитын ынталылар жаңағы лобатрястардың кесірінен тыс далып келеді. Кейінгі кездегі осы науқас интеллигенцияның келешегіне қауіппен қарауға мәжбүр етеді»,— деді.
Сардар. Міне, нағыз әділ адамның сөзі: кеше қонақтарың келіп бұзып кетті, менің де айтарым осы төңіректе. Мысалы, басшылардан ғана дені сау бала туып, малшыдан есерсоқ туады деп саған кім айтты?
Садық. Ондай деп ешкім айтпайды.
Сардар. Айтқанда қандай, «малшы болу бақыт» деп газеттеріңде жылда жазасың. Осы елу жылдың ішінде сен сияқтылардың біреуінің баласы далаға барып қой бақты ма? Малшы болу шын бақыт болса, неге жібермейсің балаңды?
Садық. Былтыр әйелдің айтқанымен Мұратты оқуға түсіргеніме осы күнге дейін ұялам. Қазір экспедицияда адам болып жүр. Енді арам өлсем де кіріспеймін. Бұл жағынан адалмын.
Сардар. Сенің ұялғаныңнан не пайда, жұртты ұялта алмасаң, адалдығыңнан не пайда, арамды әшкерелей алмасаң. Адам баласы үшін білім-өнер деген бәйге емес пе. Кейбіреуің сол бәйгеге аттың орнына есек қосып жүрсіңдер... Сол есекпен қай қырдан аспақсың? Басқаны былай қояйық, сенің де облыстың мекемелерді басқарғаныңа пәленбай жыл болды. Сен неге ойламайсың осыны?
Садық (жалтарып). Бұл жағы маған қарамайды ғой.
Сардар. Сөз болғаныңа, көшеде бір адам өлейін деп жатса, біздің мекемеден емес деп қарамай кетесің бе?
Садық. Япыр-ай, Сәке, сізге не болған өзі?
Сардар. Мен мұнда Алмас үшін келген жоқпын. Әбден ширығып жүргенімде жиналыстарына шақырдыңдар. Ертең баяндамаңды тыңдаймын ғой. Бірақ бүгін білгім келеді сенің кім екеніңді.
Садық (күліп). Өз туысыңызды танымай отырсыз ба?
Сардар. Танимын. Сені маған туыс ететін сенің барлық жаладан аулақ жүретін адалдығың. Бірақ ел басқарған, халық сенген адамға бұл аз. Ондай адалдық әр пәнденің басында болады.
Садық. Енді не қыл дейсіз маған?
Сардар. Көп жылдан бері өзің отырған мекемені алайық. Талай жиналыста малдың басын пәленге жеткізу керек деп сілтеп тұрасың. Ал енді жанның басын пәленге жеткізу керек деген сезді сенен естімей келем. Малды бағатын адам ғой, шырағым-ау. Менің көз алдымда Саданбайдың пәлен баласы өлді. Және бәрі сәби кезінде жел-құзбен кетіп жатыр. Сардар шал айтты екен деп сенің балаң ертең қой бағуға бара қоймас. Сенің-ақ балаң жердің кіндігін тірейтін болсын... Ал жаңағы Саданбай балалары тірі болса, тым болмаса бір-екеуі малшы болады ғой. Орталықтан немесе басқа бөлімшеден дәрігер келем дегенше жұрт өлігінің жетісін беріп жатады. Сондайды көргенде көзіме сен елестейсің, кірерге жер таппаймын. Мал басын айтқанда, жан басын неге ойламайсың дейтінім сол менің.
Садық. Осы мына медицина кадры деген-ақ жүйкелетіп болды.
Сардар. Әңгіме жалғыз сонда ғана ма екен? Алдымен жайылым мен қыстаудағы үй-жайға байланысты. Жас баланың өкпесіне суық тиді бітті. Мынау шығарып жатқан киіз үйлеріңнің сүйегі бір кешуден қалмайды. Туырлықтары бір жаңбырдан кейін іріп кетеді. Соны неге көрмейсің? Февральдың азынаған желінде анадай үйлермен балаңды жетектеп көшіп жүрші, әулие екенсің. Осы күнге дейін өкімет пен партия тарапынан малшыға жағдай жасағаны үшін сөгіс алған бір адамды көрген жоқпын. Өкімет пен партия қаншама қаражат бөледі, даулы алады, сендейлерге сенеді, іске асырады дейді, адыры не? Сонда ана мекемеде сен не бітіріп отырсың?
Садық. Шама келгенше тырысып жатырмыз ғой.
Сардар. Жоқ сен тырысып жүрген жоқсың, қасыңда мен жауап берем, ожауға ол жауап берсін деп бүрісіп жүрсің. Айналып келгенде халыққа жауап бергің келмейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Алматыда үлкен басшылар да, үлкен басымен Сәбит Мұқанов та малшының жағдайын айтып зар қақты. Өзің тыңдадың. Содан бері не істедім дей аласың? Жиырма жыл алға қарашы, өзің мал өседі, бұдан екі есе болуы мүмкін, ал малшы өспейді, сосын мал қырылады. Мүмкін, жиырма жылдан кейін еттің орнына резеңке жеп, костюмнің орнына қаңылтыр киетін шығарсыңдар?
Садық. Ойпыр-ай, Сәке-ай, осындай әңгіменің сізге керегі не? Бұл жағдай бізден бұрын да болған, бізден де болар.
Сардар. Міне, екеуміздің жолымыздың айрылатын жері осы. Мен қартайғандықтан айтып отырған жоқпын, қаным қарайған соң айтып отырмын.
Садық (арақ құйып). Бәріміз де коммуниспіз ғой, қойсаңызшы буынсыз жерге пышақ ұрмай.
Сардар. Күні бойы айтып отырғаным буынсыз екен ғой. Тәңірім сендей коммунистен сақтасын. Жалақыны сен аласың, жауапты малшы береді. Күнелткен көлеңкең қайырлы болсын!
Садық. Мұндай наразылықтарды жүрегіңіз дауаласа, менің бастығыма айтыңыз, сол кісіден команда болсын.
Сардар. Тапқан екенсің су жүректі. Сенің бастығың аспаннан түскен жоқ, ол да әйелден туған шығар. Мұншалықты майдаланып кеткенің, қалған өмірімнің қасіреті болмаса жарар еді. Бастығың ертең болады ғой. Сен сөйлеп болғаннан кейін осының барлығын жиналыста айтамын. Сосын мені бастығың бар, өзің бар, жылқышылықтан босатыңдар. (Теңселіп жүріп кетеді. Телефон сылдырлайды.)
Садық. Алау, ие, мен, далалық милициядан?
Телефон. Біздің былтырдан бері таба алмай жүргеніміз Хайдарбек Жанаев еді. Сіздің үйіңізден алып кетуге ұят, қызмет орнына шақыртып алып әкелдік.
Садық. Ие, ол не қылмыс жасап қойыпты?
Телефон. Үлкен кісілердің атын пайдаланып екі жылдан бері оқуға түсушілерден пара алып жүргендігі анықталып отыр. Сондықтан тергеу біткенше бізде болады. Сізге звонда деген өтінішімен хабарлап тұрмын.
Садық. Пайдаланған аттарында мен жоқ па екенмін?
Телефон. Тергеу енді ғана басталды. Әзір белгісіз. Сау болыңыз.
Садық (трубканы қойып). Келіскен екенбіз.
Сардар. Не болды?
Садық. Хайдарбек оқуға түсушілерден пара алған дей ме, милицияда отырған көрінеді.
Сардар. Пара? (Басын шайқап.) Е-е, түсімде Абаймен кездестім деп еді, ақыры алып кеткен екен ғой.
Садық (ойланып). Ертең баяндама, ағадан жеген таяқтың түрі мынау. Балдыздың батпағы анау. (Басын шайқап.) Өзіме де сол керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі