(драма)
Деректерге құрылған үш бөлімді драма
1966 жылы таңдаулы драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде сыйлық алған.
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Ана.
Құрбан — 45 жаста.
Ева Бройер — 27 жаста.
Уәли Хасан — 52 жаста.
Жұман — 47 жаста.
Кәрім — 52 жаста.
Асан — 42 жаста.
Сайып — 47 жаста.
Джон Грэй — 50 жаста.
Фон Штаубе — 54 жаста.
Бекмырза — 41 жаста,
Саруар — 35 жаста.
Байбол — 22 жаста.
Оқиға 1950 жылдардың аяқ шенінде Мюнхенде өтеді.
ТИТР
Тарихта белгілі талай қансоқтаның ұясы болған Мюнхен қаласы жат елдің сан сілімтіктерін бауырына басып отыр. Совет Армиясының құдіретті күшінің арқасында фашизмнің ажал тырнағынан енді босап, еңсесін көтере бастаған Европа елдерінің бұдан бұрын даму сапарындағы тарихы, таңдауы да әр түрлі. Бірі бейбіт өмірді қаласа, енді бірі есін жия, «кеткен есесінің есебін қайыру» қамына кірісе бастаған шақ. Есеп қайыруды аңсап арман етуші кешегі соғыста тарих тартқан «сыбағадан» бас сауғалап аман кетіп, бүгін Герман Федеративтік Республикасының басшы орындарында отырған Гитлердің бұрынғы сыбайластары. Осы кертартпа күштің күре тамырының бірі мұхиттың арғы бетінен тартылып Мюнхеннен мекен-тірек тауын отыр. Ол америка империализмінің қанқұйлы қара күші. Басты құралының бірі — идеологиялық диверсия. Дүние жүзіне үлгі болып отырған совет халықтарының туысқандық бірлігіне шабуыл жасау. Олар осы мақсатта ел-жұртынан безген бұралқыларды, ұры-қары, сатқын-өткіндерді, соғыс ала сапыранында алыста қалып, сергелдеңге ұшыраған шерменделерді қамқорлықтарына алып құрал етуде. Бұлар елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың бас шамасында Мюнхенде қайта табысты. Сол шұбар топтың бірінің түрі мынау.
ЕСІРУ
Алыстағы күй сарыны, кісінеген жылқы үндері. Супер шымылдықта қазақ даласы: Алатаудың көрінісі. Күй сарыны алыстай береді. Оның орнын батыстық эстрадалық үні басты. Шымылдық ашылды. Ойнаған реклама-жарнамалар. Сахна бұлыңғыр, қараңғы. Қара ниет қараңғы ойдан тумақ. Сахна төрінде готика стиліндегі зал силуэті. Беріректе көлеңке кейіптер қаққан қазықтай тұрып қалған. Осы сәтте Уәли ХАсан өте береді. Әлгі қаққан қазықтарға жан біткендей жарыса:
Бәрі. Ассалаума-алейкүм, Түркістанның ұлы мәртебелі атасы...
Уәли. Уағалайкөм-ассалам, мырзалар! Ишлар бабында ма?
Асан. Сізді көрмегелі қанша заман, Уәли ата.
Уәли. Ишлар, ишлар көп, жановлар. (Біреуіне.) Ва, Құрбан мырза, мехманлар келді ме?
Құрбан. Жиналып жатыр, Уәли ата. (Екеуі қолтықтасып зал төріне кетеді.)
Жұман. Бұл келсе тегін болмады, жігіттер.
Асан. Сорлы Орта Азияның әзіргі арқа тұтар көк шуланы осы ғой. Әттең...
Кәрім. Не деген білім десеңізші, неміс те, ағылшын да, американ да мұның алдында қайқаң қағады. Суырыла жөнелгенде, айдынның сұқсұрындай әр тұстан бір қылаң береді-ау, сабазың.
Байбол. Қайтсін-ай, жанын салып жүр-ау.
Бекмырза. Соғыстан кейін Американың түрмесінде осы біраз жатқан жоқ па еді.
Жұман. Ақылдасу үшін қамаған шығар.
Кәрім. Ол да ғажап емес.
Бекмырза. Ағаң Мұстафа Шоқайдың да басын осы мүжіген көрінеді ғой. Соны маған жуырда біреу айтты.
Асан. Енді кім деп едің. Дертім ішімде, кек қайтарар күн қайда. Жауың болса да әзір мұнан мықты жоқ. Түркістан азат етілген күні бұл иттің сыбағасын өзім берем.
Жұман. Байқап сөйле, әне, досы келе жатыр.
Бекмырза. Бұлардың достығы ит пен мысықтай. Өмірлері іштей арбасумен жүрген жоқ па? (Сайып өте береді.)
Асан. Уа, пірадарым, Ұлы Түркістан тарихының тарланы доктор Сайыпқа бір сәлем.
Сайып. Мырзалар! Ахуалдар яхшы ма? Қалай, Асан-ака, шиерлер язып юрмасын?
Асан. Шиер де көп, шеменге айналғаны да бар, оқушы қайда, оқушы! Бар азап сонда емес пе?
Сайып. Қапа болмаңыз, Асан-ака. Бәрі де бабына келеді. Яза бериш керек. Ұлы Түркістан азат етілгенде топламалар шығарамыз. Азияның бірінші шайыры өзін боласың. Лекин жақсы шиерлер эмиграцияда туады. Бунинді білесіңдер ғой. Адам елден жырақ жүргенде сағыныш күшті болады. Алатау, Сарыарқа, Азия құяшы хиял тербейді. Сондай жаннати Түркістанның азапты халін аза тұта жазу керек. (Кете береді.)
Жұман. Айтып тұрғаны дұрыс-ау, не болса да ертерек болса екен. Әбден қажыдық, бармаған жер, баспаған тау қалмады.
Кәрім. Жасыратыны жоқ, елді де сағындық. Түстен шығуды қойды. Көзің ілінді-ақ ауылдан бір-ақ шығасың. Оянсаң баяғы сергелдең.
Асан. Мен сағынбай жүр деймісің? Қазір барсаңдар дар ағашы құрулы... Саспаңдар, жігіттер, большевиктер бастаған мемлекетті құлату қуыршақтың қолын жұлу емес. Әйел де айы, күніне жеткенде босанады.
Құрбан, Уәли, Сайып, Джон Грэй, фон Штаубе шығады.
Бәрі де залға ойысып орналасады. Берідегілер көзге шалынады.
Құрбан орнынан тұрып.
Құрбан. Мырзалар! Мәртебелі мехмандар! Бауырлар, қара көздер! Он жылға таяу күрестің ізі суып, бет-бетімізге тарап кетіп еді әлемнің азаттық туын ұстаған елдердің көмегімен, құдайға шүкір, тағы да бас қосып отырмыз. Сіздердің аттарыңыздан ұлы мәртебелі канцлердің арнаулы өкілі фон Штаубе мырзаға, Америкада жуырда құрылған «Россия халқын большевизмнен азат ету комитетінің» өкілі Джон Грэй мырзаға біздің игі бастамамызға тілектес, ниеттес келгендіктері үшін бүкіл Түркістан халықтарының атынан шын жүректен алғыс айтуға рұқсат етіңіздер!
Бәрі де «рақмет», «нұр жаусын», «алладан қайтсын» деген сөздермен орындарынан тұрып, құрмет көрсетеді!
Құрбан. Мырзалар! Бүгінгі жиналған мақсатымызды баяндауға бұғаудағы Түркістан ұлы перзенті, қажымас қайраткері, барлығымыздың атамыз Уәли Хасанға сөз берілді.
Уәли. Уә, жан-жановлар! Мырзалар! Милли Түркістан номидан бүгін бір хутлук мүбарак іс бастағалы отырмыз. Ендігі жерде біздер... былай істеуіміз керек.
Даусы алыстай береді. Жиында отырғандардың Уәли сөзіне байланысты сыбырмен айтар сырын естиміз.
Байбол. Түсінсем бұйырмасын, мына шал не айтып кетті.
Жұман. Есебін тауып елге жетудің орнына, мынау тағы бір қырсыққа бастағалы тұр ғой, шамасы.
Бекмырза. Баяғы Түркістан легионындағы сандырағыңнан әлі жаңылған жоқ екенсің, ақыры қайыр болса жарар еді.
Сайып. Ендігі оттауды саған бердім. Өз есебім түгел. Тілегім орындалып Түркістанға барсам, кім болатынымды сенсіз де білем.
Асан. Сайрай тұр, Уәли, сайрай тұр әзірше. Бүгінгі таңда сенен беделді ешкім жоқ. Құдай оңдап елге бара қалсақ, кезіңе көк шыбынды үймелетпесем, атым құрысын.
Кәрім. О, қайран дүние-ай, елдегі қатын-бала не халда екен. Сібірде айдауда ма. Тайгада ма, өлі ме, тірі ме, кім білсін. Мына данышпандарымыздың айтуына қарағанда, бәрі құрыды дейді. Тірі болса қатын әлдеқашан байға тиіп кеткен шығар. Екі жасында қалған Серік биыл он жетіге шығады-ау, ә.
Бекмырза. Қырғызымның Алатауы, сені көрер күн бар ма? Уәлиге бәрі бір. Ата мекені осы жақ болып кеткен алаяқ. Түркістан, Түркістан деп сарнағанымен жүрегі бүлк етпейді. Ақымақ болған біздерді айтсайшы!
Саруаp. Белі үзіліп, бөксесі дөңгеленіп-ақ тұр. Әсіресе аяғы, аяғы тамаша. Мені мосье деді-ау, шамасы француз қызы-ау деймін. Мына былшылдан гөрі сонымен ресторанда еткізген бір кеш артық. Аларсың Түркістанды атаңның басы, онан да тайып тұрайын.
Құрбан. Осы жолы тізгінді қолға алсам, кеткен кегімді бір қайтарармын сен кәрі сайтаннан. Кешегі құпия кеңестің жемісі бүгін шыққалы тұр.
Фон Штаубе. Бұл ұйымдардың басты пайдасы, большевизмді құртпай Европада тыныштық болмайтындығына неміс халқының сенімін күшейту. Ақша Американікі, жұмсай берсін, жел беріп желіктіру жағына аянбасақ болады да.
Джон Грей. Мен азиялықтарды жақсы білуші едім. Қарап отырмын, интеллектіден шетінен жұрдай. Ғылым докторы Сайып мырзаның түрі мынау, бет пішінінде ой тұратын орын жоқ. Жылдар бойғы жетекшілері Уәли Хасан да желбуаз демагог. Ішіндегі іске татыры осы Құрбан сияқты, бірақ бұдан ешуақытта мемлекет қайраткері шықпайды. (Уәли даусы қайта келеді.)
Уәли. Әлбетте, біздің бейбақтығымызға қарай Гитлер орасан жеңіліске душар болды. Бірақ Гитлер кеткенмен оның кейбір сардарлары һәм герман халқы кетпеді. Демек большевиктерге қарсы кек кетпеді. (Даусы алыстай береді.)
Асан (өзіне). Мына есерсоқ неміс саясатына ләйлігенше өздеріміз туралы неге айтпайды, жаным-ау.
Жұман (өзіне). Талай істі бастап, іш тастаған байталдай бұралып қалған күндеріміз болып еді, соның кері келмесе жарар еді. (Уәли даусы қайта келеді.)
Уәли. Түркістан тарихы, Түркістан мәдениеті, милли идеямыз, милли түсінігіміз, милли байлығымыз, милли насихатымыз, милли жолымыз, милли иманымыз жәйлі, биік Түркістан тұғырысында әр сағат түсіндірдім. (Су құйып ішеді.)
Құрбан (өзіне). Ез малтаңды.
Асан. О, шіркін-ай, сен болмасаң, әлдеқашан арам өледі екенбіз ғой. (Уәли даусы қайта келеді.)
Уәли. Бүгін бізді құрмет еткен, бізді таныған халықтармен дос болу, оларды да құрмет тұтуды үйреттім.
Джон Грэй (Уәлиге). Уәли мырза, сіздің тарихи роліңізді біздер жақсы білеміз. Әр уақыт жоғары бағалаймыз. (Өзіне.) Оттауын қарашы иттің.
Уәли. Рақмет, Джон Грэй мырза. Сонымен өткен ұрыс уақытында да осында отырғандардың көпшілігі жан пида қызмет көрсеттік. Түркістан легионы қанды шайқастарға қатысты. Өлгендердің жаны жаннаттан болсын, біздің шайқас әлі алда. Miнe бүгін осында отырғандар - өз миллиаттарының нағыз ұлы азат етуші азаматы, арқа сүйер тірегі. Сонымен ресми орындардың көмегінің арқасында дүниеге келгелі отырған «Түрік ели» атты жаңа ұйым мен ұлы Түркістанды азат етуші ұйыммен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Кәрім. Алла тағалам қабыл алсын.
Сайып. Есіл ерім-ай, «кәрі тарланым-ай!»
Бекмырза. Ер түріктің тірі көзі ғой, сарнайды-ақ.
Осы сәтте шам сөніп, сахна айналады.
«Түрік ели» комитетінің болашақ президентінің үйі. Кең бөлмеден төріне, оң жағына екі есік шығады. Бөлме іші европалық стильде жасаулы. Екі телефон бар. Немістің эстрадалық музыкасының үні келіп тұрады. Телефон сылдырайды. Аздан соң оң жақтағы есіктен еріне басып, үй киіміндегі Ева шығады.
Ева (еріне телефон алып). Хелло, хелло, а полковник мырза (кекесін үнде). Сорлы Европаның ендігі тағдырын қаңғырған азиаттар шешетін болыпты ғой. (Сылқ-сылқ күледі.) Сонда, сонда отырсың ба? Жарайды, күтем. (Трубканы қояды.) Ақымақ, тым болмаса, американ офицерінде ақыл бар ма десем, мұның да өзгеден айырмасы шамалы болып шықты. Ақымақтық ұлтына, нәсіліне қарамайды деген рас екен-ау, Европаның ақымағы да, Азияның ақымағы да бәрі бір ақымақ.
Ішке кіріп кетеді. Аздан сон. Джон Грэй кіреді. Қолында машинасының кілті.
Айнаның алдына барады. Ева кірген есіктің кнопкасын басып кейін шегінеді.
Тартымды киінген Ева шығып, мойнына асыла кетеді.
Ева. Полковник мырза, мен сіздің әрдайым әскери киімде жүргеніңізді ұнатам.
Джон Грэй (аймалай көтеріп диванға отырады). Қала толы туристер, менің дәрежемде әскери киіммен көзге түсе берудің Америка үшін пайдасы шамалы. (Айнала қарап.) Қалай, вилла ұнады ма?
Ева. Тамаша, Джо... (Қылымсып.) Бірақ бұл дәуреннің қаншаға баратынын кім білсін.
Джон Грей. Бар байлығымен сенін атыңа жаздырдым. Қай уақытта да иесі сен. «Түрік ели» комитетінің де резиденциясы осы болмақ.
Ева. Менің азиатым туралы ұсынысым ұнады ма?
Джон Грэй (сөзді аударып). «Сорлы Европаның ендігі тағдырын қаңғырған азиаттар шешетін болыпты»,— деп тауып айттың. Неміс әйелдерінің осындай юморын ұнатам.
Ева (ойнақы). Тек юморын ғана ма?
Джон Грэй (аймалай). Жоқ, жоқ, өзін де, өзін де. Ал енді азиатына келсе оны еңбегі көрсетеді. Әзірше бұдан сенімді адамның ыңғайы жоқ сияқты. Әрине, Уәли Хасанның орны өзгеше. Россияның мұсылман шығысында большевизмге қарсы күресте бұдан көп еңбек сіңірген адам кемде-кем. Оның қазіргі арқалаған жүгі Құрбанның президенттігінен де ауыр. Қазір сайлау өтісімен Дюссельдорфқа жүрем. Бір аптада оралам. Байланыс Шмидт арқылы болады. Келісім бойынша бүгіннен бастап осы үйдің иесі де, Түркістан комитетінің жанындағы Американың көзі де, құлағы да өзің. (Портфелінен қағазға қол қойдырып, чек ұсынып.) Міне қай банкіден алатының жазулы. Алғашқы гонорарың (күліп), аз емес-ау деймін.
Ева. Аванс деген жоқ па еді, Джо...
Джон Грэй. Уәде — уәде. Ал енді олардың бар саяси мәслихаттары осында өтеді. Күнделікті тіркеп отыр. Комитет құрамында болатындардың көпшілігіне өз басымның сенімім аз. Құрбан мен Уәли Хасан арасындағы қайшылық есіңде болсын. Президентке деген махаббатың бұрынғыдан да дегендей... Онда да мән бар, фрау.
Ева. Ол жағын маған үйретпей-ақ қой.
Джон Грэй. Маған шын берілгендігіңді бұдан былайғы қызметің көрсетеді. Вашингтонға жіберіліп тұратын баяндамалардың ойдағыдай шығуы енді саған да байланысты.
Ева. Әкем де, жалғыз ағам да Сталинградта қаза тапты... Солардың қаны үшін неден аянамын... Бар меншігіміз шығыс Берлинде қалды... Менің берілгендігім осы емес пе.
Джон Грэй. Меншігіңнің есесін Америка қайтарады. Ал туыстарыңның қаны үшін не істеуді білесін. (Масаттана.) Полковник Джон Грэй әйел тануда қателескен емес, ал қателессем...
Ева. Полковник мырза, сіздің қателеспеуіңізге тілектеспін.
Джон Грэй. (сағатына қарап). Аналар күтіп қалды, о'кей. (Еваның қолынан сүйіп кетеді. Ева жалғыз.)
Ева. Сонымен бүгіннен бастап Америка агенті, атақты тыңшы Ева Бройер іске кірісті. (Қолындағы қағазға қарап) Сонау қасиетсіз үйдегі бес жылдық өмірімде де мен мұнша ақша тапқан жоқ шығармын. (Шалқып, айна алдына барып.) Мынау үйі, қолымда доллар, қойнымда президент, ал оның құшағында агент, тамаша, тамаша! (Сәл ойланып.) Қателессем ар жағын түсінесің деді-ау әлгі. Сонда, сонда қалай, өлесің дегені ме? Жо, жоқ. Мен өлу үшін емес, кек үшін, кек үшін жаралған адаммын. Жарайды, долларды кебініңе орап бердім дегенің ғой сонда... оны да көрерміз.
Кете береді. Шам сөнеді. Сахна айналады. Біз баяғы сайлау жүріп жатқан бұлыңғыр залға қайта ораламыз.
Сөйлеп тұрған фон Штаубенің даусын есітеміз.
Фон Штаубе. Мырзалар, Герман Федеративтік Республикасы сіздердің өткен соғыс уақытындағы неміс халқымен бірлесе большевиктерге қарсы күресте көрсеткен қайраттарыңызды ескеріп, ұлы сеніммен ұлы бастамаларыңызды қуаттап құттықтайды. Герман Федеративтік Республикасы өз территориясындағы қай халықтың болмасын өкілдерінің уақытша қонақ екенін біледі. Оларды большевизм қоршауындағы көптеген ұлттардың нағыз ұлдары деп таниды. Герман өкіметі оларға моральді материалдық көмек көрсетуге әрқашанда дайын. Россия шығысындағы түрік тектес халықтардың мүддесін бүгін дүниеге келген Түркістан комитетінің маңына топтаудың зор саяси әлеуметтік мәні бар. (Даусы алыстай береді.)
Жұман. Баяғы Розенбергтің оң қолы осы емес пе еді?
Байбол. Әйгілі профессор ғой.
Асан. Бұл Германияда шығыстың тарихын бұдан мықты білетіні жоқ. Өзі түрік тіліне судай ағады.
Кәрім. Кейін ұлы Түркістанның канцлері осы болып кетіп жүрмесін. Байқаңдар, жігіттер!
Жұман. Қайдағыны айтпашы, сөз тыңдайық. (Фон Штаубе үні келеді.)
Фон Штаубе. Сіздер үлкен тарихи кезеңде бас қосып отырсыздар. Демек өз ұлттарыңның азаттығы үшін күресе отырып, бүкіл адам баласын коммунизм атты апаттан аман алып қалуға қолғабыс тигізетіндеріңде ешқандай күмән жоқ. Совет Россиясымен тіл тауып тірлік ету, тек есуастың басынан туатын ой. Неміс халқы әрдайым сіздермен бірге, жаңа комитетке оң қадам, ұлы жеңіс тілеймін.
Құрбан. Бауырларым, әкелерің де осындай-ақ қамқорлық етер. Енді Джон Грэй мырза бір-екі ауыз сөз айтпақ.
Бекмырза (өзіне). Әкелерің деп жатыр, түбі әкемізді танытып кетпесе болды.
Джон Грэй. Мырзалар! Азамат Американың бүкіл адамзат баласының алдында үлкен борышы бар. Азаттық, бостандықтың үлгісін дүние жүзіне танытып келе жатқан Америка халқы түр-түсіне, дін-тіліне қарамай, планетамыздағы басқа халықтарды да өзімен тең болса екен деп арман етеді. Америка ешқандай социализмсіз-ақ, байлық-барлық жөнінде бүкіл әлемде бірінші орында. Большевизм бұғауында халықтардың халін көре тұра Америка бейтарап қала алмайды. (Даусы алыстай береді.)
Бекмырза. Бәрін біліп тұрғаны дұрыс екен. Ендеше соғыс кезінде осы Америка Қызыл Армияға неге көмектесті?
Жұман. Түсінсем бұйырмасын.
Асан. Жап аузыңды. (Джон Грэй даусы естілді.)
Джон Грэй. Оларды қару күшімен құтқаруға Америка қорқып отырған жоқ. Бірақ Хиросимадан кейінгі атом қаруының қуаты әлдеқайда өскен шақта құтқарам деп, жазықсыз халықты қырып алу ешқандай гуманистік моральге жатпайтындығын біліп отыр. Мұндағы мақсат - халықтар арасында большевизмге деген наразылықты, сенімсіздікті күшейту, коммунизмнің бос қиял екенін ұғындыру - бүкіл Россияны большевизмнен азат етудің бастамасы. Болашақ ұлы Түркістан мемлекетінің тұңғыш қадамы қайырлы болсын. Америка халқының жалынды сәлемін жолдаймын!
Уәли. Жановлар, мұндай қамқорлықты Түркістан халқы өмір-бақи есінен шығармайды. Осы отырғандарымыз халқымыз атынан ант етеміз десек артық болмас. Солай емес пе, жановлар? (Мақұлдаған дауыстар.)
Сайып. Мырзалар! Уәли ака, азиз достар, жиналған мақсатымызды айтты. Енді Түркістан ұлт комитетінің басшысын сайлау жөнінде қандай фикір бар, соған келісейік. Жұман мырза, сөйлеңіз.
Жұман. Мырзалар! Енді пікір айтуға келсе барлық жәйді осы Европа, арғы Азияның есік-тесігін түгел білетін мұсылман елдеріне де беделі бар Уәли Хасан-ака болса деймін.
Кәрім. Дұрыс, болсын, қолдаймыз.
Байбол. Дұрыс, дұрыс, Уәли ата, Уәли-ака сайлансын.
Уәли. Секин, секин жан-жановлар! Осынша құрмет марапаттарыңа жаныммен рахмет айтамын. Мені қайда жүрсем де жанымда деп есептеңіздер. Сендер қандай халде болсаңдар, мен де сол халде боламын. Мен түркістандықтармен әрдайым бір қазанда қайнаймын. Өйткені...
Фон Штаубе (сөзін бөліп). Уәли мырза, оған біз де сенеміз. Мына өзіңіздің кандидатураңыз жөнінде жұрт не айтады соған кешкеніміз жөн болар деймін.
Сайып. Мырзалар! Уәли-ака бар жүрегін жайып салып отыр. Бірақ ол кісі президент бола алмайды. Алдағы екі-үш жылдың ішінде Иранда, Түркияда, Пакистанда, тағы басқа мұсылман елдерінде бізге тілектес, дем беруші топтарды ұйымдастыру мәселесі Уәли Хасанның мойнында отыр. Соған байланысты...
Байбол. Онда, өзіңіз болыңыз, Сайып мырза!
Сайып. Жоқ, мен де бола алмаймын... Қазір Россияның тарихын, мәдениетін зерттеу институтында көп жұмыстар маған жүктелген. Сондықтан...
Фон Штаубе. Бәрі түсінікті, енді кімді қалайсыздар?
Джон Грэй. Уәли мырза, сіз айтуыңыз керек.
Уәли. Мен өз басым, осы комитеттің президенттігіне ұрыс кезінде большевизмге қарсы көп қайрат көрсеткен бұрынғы Түркістан легионының белгілі басшысының бірі, қазақ халқының әзіз ұлы Құрбан Танабекті ұсынамын.
Саруар (өзіне). Тапқан екенсің әзіз ұлды.
Кәрім. Өзі не айтар екен?
Бекмырза. Бастық болудан қашар деймісің?
Байбол. Тамаша ұсыныс, ішіміздегі ең әлді адам осы шығар деймін.
Асан. Мырзалар! Бүгін зор қуаныш үстінде отырмын. Мен қазір Сарыарқадан алшаң басып, Түркістанға түнеп, Ташкенттің шайханасынан кәйіп шеккендей күйдемін. Азат Түркістанның ертеңгі иелері осы отырған қаракөз сендерсіңдер. Құрбан Танабекұлы болса, халық қамы дегенде көкірегінен жалын атып жүрген еңіреген ердің бірі. Соғыс кезіндегі жігерлі сөздері сабаздарға рух берді. Құрбан үні жалғыз Түркістан уалаяты ғана емес, бүкіл мұсылман елдеріне мағлұм болды. Құрбан тарих алдында өз міндетін терең ұғынатын, адал арман азаматы. Өз басым Уәли Хасан-аканың пікірін қуаттап, қалған өмірімді Түркістан халқының мүддесі үшін Құрбан Танабекұлына қызмет етуге бағыштаймын.
Саруар. Асан мырза, сөзің дұрыс. Өткен бір комитеттерге мүше боламыз деп олары тарқап кетіп, екі жылдай қаңғырып, күн көретін жұмысқа жаңа ғана тұяғымыз ілініп еді...
Құрбан. Шырағым, сені тапқан қызметіңнен ешкім айырмайды.
Асан. Жұрт халық қамын, елдің қамын ойласа, бұл қара басының қамын ойлайды...
Джон Грэй. Сонымен Құрбан Танабекті Түркістан ұлт комитетінің президенті деп танып құттықтаймыз ғой, мырзалар!
Кәрім. Дұрыс, Құрбан болсын.
Бекмырза. Өзара ақылдасып отырады ғой.
Саруаp. Уәли-акадан асып қайда барар дейсің!
Құрбан. Мырзалар! Бауырластар! Қандас қарындастар! Маған зор сенім көрсеткендеріңізге рақмет! Бізге қазір әрбір сағат қымбат. Айтылған ойларды қайталамаймын. Осы тұрғанда менің құлағыма түркістандықтардың үні келеді. Мұндай халде мен тыныш өмір сүре алмаймын. Менің он жылдан аса өмірім Түркістанды азат ету күресіне арналды.
Саруар (өзіне). Онан да, он жыл жезөкшелердің үйін араладым десейші. Етің өлгені сонша, әйелді де содан алдың қарабасып.
Сайып. Қайырлы болсын, Құрбан!
Кәрім. Қай батпаққа сүрінерімізді алла білсін.
Құрбан. Қасық қаным қалғанша бұл бағытымнан таймаймын. Қызмет бабында фон Штаубе мырза мен Джон Грэй мырза өз алдына, келелі мәселелер жайлы Уәли-акамен, Сайып мырзамен ақылдасып отырамын. Оларсыз қадам баспаймын. Сонымен комитет құрамына Уәли Хасан, Сайып, Жұман мырзалар етсін деген ұсыныс бар. Радио, баспасөз жағының қызметкерлері жұмыс барысында белгілерміз деп отырмын.
Асан. Дұрыс, бекітілсін.
Бекмырза. Сонымен сіздерді жаңа өкіметіңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер.
Уәли. Қайырлы қадам! Әмин.
Шуылдап мақұлдаған үндер. Сахна айналады.
Президент Құрбанның үйі. Аздан соң Құрбан кіреді.
Құрбан. Сардары бар да — сарбазы жоқ.
Ханумы бар да — халқы жоқ,
Ошағы бар да — отаны жоқ, сендей президентті кім көріпті әлемде. (Ева кіреді.) Түркістан ұлттық комитет президентінің жұбайы Ева Бройер ханумға жалынды сәлем!
Ева (аса жайдары). Құшақ жайдық, президент мырзаға. Карл Бесіншісінің даңқы арта берсін. Соның жігерін, соның бағын берсін!
Құрбан. Тілегің дұрыс, бірақ Құрбан Бірінші дегенің жөн болар, ханум. Шығыста Карл деген есім болмайды деп талай айтпадым ба.
Ева (ерке назбен). Өзің үшін Құрбан, мен үшін Карл болып қала бересің. Тамаша болды, Қарлуша. Бірақ кеше келістік дегендеріңмен полковник Джон Грэй тағы да Уәли ХАсанды сайлап жібере ме деп сескеніп жүр едім.
Құрбан. О, полковник мен десе, жанын береді. Бар бақыт соның арқасы. Ғажап мейірімді адам өзі.
Ева (екі ұштылау). Солай болу керек. Дегенмен Уәли қалай қарады?
Құрбан. Бүгін жаны қалмай қолдаған болып жатты.
Ева. Бәрібір, оған сенуші болма!
Құрбан. Маған қазір мұның ығына есе беру керек. Бар билікті қолыма алған соң, Түркістанға жеткізбей, желкесін қиям.
Ева. Әзір асығыстық жасама. Мемлекет басында өзің болсаң, қарауыңдағы адамды құртуға қай уақытта болса да үлгересің.
Құрбан. О, данышпаным, ақ періштем менің, оған сөз бар ма, айла жетіп жатыр ғой. (Сағатына қарап.) Дайындал, қазір «Алтын мүйіз» ресторанында бас қосамыз. Онда комитеттің саяси мақсаты жайлы пресс-конференция болады.
Ева. О, падишам, қандай бұйрығыңыз болса да орындауға даярмын.
Құрбан. Әзір күле тұр, Түркістанға азаттық туын тіккен күні басқаша сөйлесерсің.
Ева (ерке назбен). Өзіңді сарғая күткен шығыс сұлуларын көргенде, мен де басқаша сөйлермін дегенің бе бұл!
Құрбан. Періштем-ау, күреске толы өмірімнің куәсі болып жүрген саған жан жетуші ме еді!
Ева. Онда есінде болсын, падишам, бостандық алғанда маған күтуші әйелдердің бесеуі орыс, біреуі азиат қыздарынан болсын. Таңдап алу өз еркімде.
Құрбан (лепіріп). Еркегін де табаныңа салам...
Ева. Ол өз алдына, бірақ әйел құмары әйелді таптағанда ғана тарқайды.
Құрбан. Дегенің болады, періштем, ол жағынан қам жеме.
Ева. Келісті енді, президент мырза, ішке кіріп, киіміңізді өзгерткеніңіз жөн болар. Жауапты жиындардың өзіне лайықты болғаны жақсы.
Құрбан. Міне ақыл, о данышпаным-ай. (Кетеді.)
Ева. Шынына келгенде профессор фон Штаубеден ақылдысы жоқ. «Сен неміс қызысың, алдымен өз халқыңа қызмет ету керек» деді-ау. Ал Джон Грэй мені қорқытқан болады. (Киінген Құрбан шығады.)
Ева (таранып жатып). Міне, президент деп енді айтуға болады. Ұлы істермен қолың тимейді. Сен туралы мемуарды мен жазам.
Құрбан. Мынауың мен күтпеген жаңалық екен, періштем.
Ева. Руть Хандшель Уәли Хасан туралы жаза бастапты, мен одан кеммін бе?
Құрбан. Түркістан халқының жалғыз тірегі менің байым Уәли Хасан деп бастаған шығар.
Ева. Оқығаным, әзірше Уәли Хасанға дейін тиген байларының тарихы.
Құрбан (күліп). Әбден саз болған екен.
Ева. Мемуарды біреу үшін емес, алдымен тарихтың жылы жерінен өзіңе орын алу үшін жазасың дейді Руть Хандшель. Бұған қалай қарайсың?
Құрбан. Ол ерік өзіңде, бірақ Уәли Хасанды масқара ететін бір жағдайды ұмытпа. Ол Рутьке үйлену үшін католиктердің дініне кіріп, шіркеуіне шоқынып, некесін қидырған. Бүкіл мұсылман елінің одан теріс айналуына сол да жетіп жатыр.
Ева. Руть та айтқан-ды. (Кетеді.)
Құрбан. (ойға батып, еліре). Құрбан — президент, президент Құрбан! Саясат дегенің — тарихтың желі, қайдан соғарын алдын ала біліп отыру кере ал тарих — қашан да күштінің құлы. Александр Македонский Шыңғысхан, Темір, Наполеон, Гитлер — осылардың қайсысын тарих ұмытып еді. Олар кезеңінде тарихты ерттеп міне білді. Енді оны түсіре алмайсың. Есіңде болсын, олардың ешқайсысы анасының ішінен әскер ертіп туған жоқ. Сен де, сен де сол дәрежеге жетуің керек... (Құрбан үнсіз бас изейді. Алыстан ана сарыны келеді. Жарық молая береді.)
Ана. Құрбан, Құрбан, балам! Жан-жағына көзіңді ашып тағы бір қарашы! Анау таудың бауыры, сенің әкеңнің асық ойнаған жері. Анау аспан сенің ата-бабаңның аспаны. Осы көлдің жағасы еді-ау, балалық шағыңның өткені, әлі есімде, бір күні суға кетіп қала жаздап, азар-алдамен аман шықтың. Сені тірі деп естігенім рас, кім біледі, ұшқары да шығар. Жат елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол... Адам түгілі, жылқы да өз өрісін аңсайды. Домбыраң қайда, домбыраң?.. О, кіндік қаны тамған қасиетті топыраққа не жетсін... Ішер суыңды арамдама, шомылар көліңді лайлама.
(Ойлана қалған Құрбан, ана ғайып болады. Ева кіреді.)
Ева. Президент мырза, мынау сенің таққа мінген күніңнің ескерткішіне арналған менің атымнан сый. (Құрбанның оң қолының атаусыз саусағына кигізеді.)
Құрбан (аймалай). Рақмет, ханум! Кеттік.
Бұлар шығып кетеді. Телефон ұзақ сылдырайды. Жан жоқ.
Шымылдық
ЕСЕҢГІРЕУ
Арада үш жыл өткен. Құрбан үйінің кең залы. Күңгірт. Құрбан ұйқыда. Алыстан мұңды сарын естіледі. Ол ұйқысырап жатыр.
Құрбан. Жан-жағым сиреп барады. «Кешірім етеміз» деген большевиктердің указы маған пәле болып жабысты. Содан бері иттер қашып кетіп жатыр, кетіп жатыр... Менен қырсық қалмайтын болды-ау. (Алыстан ана үні келгендей болады.) Ана, ана, жанымды жеп-ақ болдың-ау. Тыңдаған сайын зар-запыранға батырасың... Сен болмасаң әлемді әлдеқашан ұмытар едім. Әттең, әттең дүние, орындалса арманым...
Ана. Арманың не, сорлы балам?
Құрбан. Арманым ба, арманым азат ету сендерді.
Ана. Кімнен, неден? Өзің түскен қақпаннан құтылып алсайшы, сорлы бала. Жас кетіп едің жаңылған шығарсың, енді есің кірмеді ме, ел табар уақытың болған жоқ па? Азаттық дейсің-ау, бейшара бала, сол қоршауға түскелі азаттық дегеннің дәмін бір күн татып көрдің бе? Жоқ, жоқ, сол құл болумен күн көріп келесің. Азаттығын анау үйің бе? Ол сенің қай ата-бабаңнан қалып еді. Азаттығың анау достарың ба? Олар дос па саған, әлде басыңды допша тебуге даяр жүр ме? Азаттығың анау жарың ба? Ол жар ма саған, әлде жастығыңның астында жатқан жылан ба? Соған көзің жетті ме, сен сорлының?!
Құрбан (құлағын басып). Жетті, жетті, тыңдамаймын сөзіңді.
Ана. «Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ», сен де бір шіріген жұмыртқа болдың да.
Құрбан. Талай естігенмін. Айтқаным айтқан, қара бет болдың дедің, сол күйіммен кетем. Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді.
Ана. Ақыры ит болған соң өлі-тіріңнен не пайда! (Ананың үні жоғалады, дауысы естілмей қалады.)
Құрбан. Сезімге берілмеу керек. Біздің заманымыз — сезімнің заманы емес. Ақылдың айлаға, ерліктің зорлыққа құл болған заманы. Алған бетіңнен қайтпа, абыржыма, берік бол... Бостандық дегеннің не екенін көрсетем әлі сендерге! (Қара көлеңке, осы сөздерді микрозапиське жазып тұрған Ева. Енді осы айтылғанды түгелдей запись бойынша тыңдаймыз. Орнына қояды да, ұйықтап жатқан Құрбанға келеді.)
Ева (ойнақы). Ұлы падишам, мемлекетіңізде не жаңалықтар бар? Ханымыңызды хабардар етпейсіз бе?
Құрбан. Джон Грэй мырза келмекші еді, жігіттер неғып кешігіп жатыр екен? Жағдай қалай болушы еді, большевиктер шет елге өтіп кеткендердің Отан алдында қандай кінәсі болса да кешіріледі, оралуына есік ашық деп арнаулы комитет құрғалы жағдай онша емес. Өзім сенбеймін, бірақ кейбір жауыздар сенеді.
Ева. Ажал айдаса, бара берсін.
Құрбан. Жоқ, жоқ. Бұлардың енді қалғанына ие болудың айласын табу керек. «Елге қайтам дегендеріңе қарсылық жоқ» деп алдаусыратып сұрап көрейік. Шынымен кетуге бел байлағандары болса, өлігін осы жерден бір-ақ шығарамын.
Ева. Кейін сенен көріп жүрмесін, падишам. Сақтық керек.
Құрбан. Оны өз қолыммен істемеймін ғой... (Лепіріп.) Сенен жақын кімім бар, қара басым қалса да, мен еш жаққа кетпеймін... Листовка, брошюралар шығару үшін деп кеше Джон Грэйден жиырма мың доллар тағы қақтым.
Ева. Байқа, падишам, сезіп қойып жүрмесін, маған ақшадан сенің басың қымбат.
Құрбан. (елжіреп кетіп). Жаным, періштем, мен саған бар шынымды айтайын ба?
Ева (қылымсып). Немене, маған айтпаған шындықтарың да бар ма еді?
Құрбан. Жоқ, жоқ, бері қарашы.
Ева (назданып). Ал қарадық.
Құрбан (сыбырлай). Жасыратыны жоқ Америка қашанғы жемдей берер дейсің. Біз оларға көбіне саясат үшін керекпіз. Әңгіме, екеуміз ез есебімізден жаңылмауымыз керек. Бұлардың бір күні орныңды босат деуі оп-оңай.
Ева (сиқырлана). О падишам, данышпансың-ау, өзім де саған осыны айтайын деп жүр едім. Саясатқа сенім жоқ. Олар қасқыр екен, сен де қасқыр мінезін таныт.
Құрбан. Оның үстіне алдағы сайлауда бәрінің де аузы Уәлиге қарай қисаятын түрі бар.
Ева. Айтпақшы, фрау Руть Хандшель кеше, «біздің Уәли барлық шығысты аралап қайтты. Түркістан комитетінің филиалдарын құрыпты» деп соғып отыр еді-ау.
Құрбан. Үндеме, ішіңде болсын, оның филиалдарының сыры кейін белгілі болады.
Ева (оны кейін айтарсың деген кісіше). Мырзалар күтіп отыр. (Кнопканы басады, жігіттер кіреді.)
Жұман. Президент мырзаға сәлем!
Кәрім. Ева ханумға бас иеміз.
Құрбан. Жайғасыңдар, жігіттер, жайғасыңдар. Саруар қайда жүр, көрінбей кетті.
Жұман. Он шақты күннен бері мен де хабарсызбын.
Кәрім. Боннда бір әйелмен уәдем бар еді, соны әкелемін деп кеткен-ді.
Құрбан (сезіктене). Оған, осы уақытқа дейін не болды екен.
Ева. Дар ағашын сағынған шығар.
Бекмырза. Әрі қарай елге тартып кетті ме деген хаупім бар.
Байбол. Ол да ғажап емес.
Құрбан (сыр бермей). Онда жақсы, жолы болсын. Асан қайда?
Жұман. Тағы да ішіп жүр, келіп қалар.
Ева (Құрбанға). Мемлекеттік құпия болса, менің зияным тимесін. (Кетуге ыңғайланады.)
Құрбан. О не дегенің, ханум?..
Кәрім (іле-шала). Сізден жасырар сыр бар ма, ханум. Шығыс патшаларында келелі істерді сүйікті әйелдерімен бірге шешетін де дәстүр бар.
Құрбан. Тауып кетті. Талай айтып жүрген жоқпын ба?
Ева. Рахмет.
Құрбан. Ал енді іске кірісейік. (Телефон сылдырайды. Құрбан алады.) Хелло, хелло, уағаликумассалам, Уәлп-ака! (Жігіттер бір-біріне қарасады.) Ат-көлік аман келдіңіз бе? Ие, ие, өзім де барайын деп отыр едім. Тамаша, тамаша, сұрамаңыз деймін. Жігіттер ме, бірсыпырасы осында. Мархабат, мархабат, күтеміз. (Трубканы қояды.) Қазір Уәли-ака келеді.
Жұман. Жеткен екен ғой тарланың.
Құрбан. Қайда кетсін, қазығы осында ғой. Кәрім, жаңалығыңды айта бер.
Кәрім. Газетті шығарып жатырмыз. Материал жетіспейді. Сондықтан Сайыптың кітабынан үзінділер жариялап жүрміз.
Құрбан. Ол кітаптың өзі... Жарайды, сендер кейінгі номерді маған қол қоюға әкелмедіңдер ғой.
Ева (кекете). Мүмкін, бар жаңалықты патша біліп отыруы қажет емес деген шығыста жаңа әдет туған шығар.
Бекмырза. Ондай дәстүр бізге жете қойған жоқ, ханум.
Құрбан. Бұл не дегенің, Бекмырза?
Бекмырза. Кешіріңіз, жәй, жеңгемізге айтқан әзіл ғой.
Ева (сиқырлана). Әзілге көп үйір бола бермеңіз, мырза.
Кәрім (бөліп кетіп). Ол номер әлі дайын емес. Қазақстан мен Өзбекстаннан газеттер Сайыпқа кешігіп келді де, оның үстіне біз сұрыптап алатын материалдардың ыңғайы болмады.
Құрбан. Осы сендердің не бітіріп жүргендеріңді білмей-ақ қойдым.
Жұман. Аянып жүрген біз жоқ.
Құрбан. Сен қоя тұр. Ал сосын.
Кәрім. Соңғы газеттерде екі қатын алған бір қазақ туралы фельетоннан басқа дәнеңе жоқ.
Құрбан. Саяси мақалаларын қарадыңдар ма?
Кәрім. Қарағанда қандай. Одан тырнақ ілетін жер таппадық.
Ева. Екі қатын алу деген неткен жабайылық, соның өзін масқаралап жазу керек емес пе?
Жұман. Ева ханум, мұнда екі еркекті қатар жар етудің айыбы жоқ сияқты, шығыста екі қатын алудың да айыбы жоқ. (Ева оқты көзімен бір қарап қалды.) Кешіріңіз.
Құрбан. Жұман, сен әзілді қоя тұр. Радионың халі не болып жатыр?
Жұман. Күнделікті отыз минутымызды зарлатумен келеміз. Бұл жағынан жаңылатын түріміз жоқ. Оның үстіне ауа райы жөнінде хабар қостық.
Ева. Оның қанша қажеті бар?
Құрбан. Оның үлкен мәні болып жүр. Тыңдаушылардан, «бәрін біліп отыр екен» деген пікір туғызу үшін солай жасағанбыз. Бұл хабарды үзбеу керек.
Ева. Дегенмен, ауа райын дәл беру, қайдам...
Жұман. Ол оп-оңай, ханум. Туған жердің ауа райы белгілі ғой. Енді Уәли Хасан келді, барған сапары туралы сөйлесеміз. Бір айға соның сөзі де жетіп жатыр.
Құрбан. Дұрыс, осылай баса бер, тағы не жаңалықтар бар? Ел жақтан дегендей... (Бәріне сыр тарта қарайды.)
Жұман. Менің бір нағашым түрмеде еді, ол да келіпті.
Құрбан. Оны қайдан білдің?
Жұман. Жазушы болатын. Өзіміз алып тұратын газеттерден әңгіме, мақалаларын, жаңа жылдың қарсаңында суретін де көрдім.
Бекмырза. Біздің ағай да аман-сау келіпті.
Құрбан. Ағаң кім еді?
Бекмырза. Бұрын ауатком председателі болып істеген.
Құрбан (іштей ұнатпаса да). Е, тойдың үлкені сендерде екен ғой. Қайырлы болсын. Бірақ естеріңнен шықпайтын бір шындық бар. Олар өз түрмесіндегі адамдарға рахым жасауы мүмкін. Ал біз жақтан кетіп жатқандарға рахым жасайды дегенге өз басым сенбеймін.
Ева. Қаншама хабардар екенімізді қайдам, кезінде сіздер Гитлер армиясында болып, большевиктерге қарсы шайқастыңыздар ғой.
Байбол. Мен легионда болған жоқпын.
Бекмырза. Адам күн үшін не істемейді дейсіз, ханум.
Құрбан (жекіріп). Не оттап отырсың! Күн үшін емес, бостандық үшін, халқың үшін күрестің. Біздің соғыс әлі аяқталған жоқ.
Бекмырза (екі ұшты.) Кешіріңіз, мырза.
Құрбан (ашулы). Осы күнге дейін сендердің саяси сауаттарыңды аша алмай-ақ қойдым-ау. Газетке, сол жақтан естіген радиоға сеніп мәз боласыңдар. Жарайды, оны кейін сөйлесерміз, әңгіме былай, мырзалар! Келесі жылы Венада жастардың дүние жүзілік фестивалы болғалы жатыр. Өткен жиында да бір рет ескертіп едім ғой. Кейбір деректерге сүйенсе сол фестивальға Орта Азия мен Қазақстаннан да көптеген делегация келетін сыңайы бар.
Жұман. Газеттеріне жазып жүр ғой.
Құрбан. Ие, соны айтам. Ал енді арқа сүйеп отырған мемлекеттеріміздің алдында бір көрініп қалатын жер осы. Жарнама, түрлі кітапшалар баспаға әзірленіп жатыр. Ақша жағынан қам жемеңдер, хисап болмайды.
Кәрім. Мынауыңыз бір үлкен жаңалық екен.
Құрбан. Ғажап деймін. Соған Түркістан комитетінің әр ұлтынан бір-екі адамнан жібергелі отырмыз. Баратын адамдардың аты-жөнін көп ұзатпай Джон Грэй мен фон Штаубе мырзаларға тапсыруы керек. Олар да сендерге өздерінің жетекші адамдарын қосады. Венаға барғанда қалай әрекет жасаудың жөн-жосығын айтып, екі-үш ай сіздерді дайындайды.
Бекмырза. Тағы бір үлкен мектеп тұр десеңізші!
Құрбан. Мектеп болғанда қандай. Өз ұйғаруым бойынша, қазақ атынан, Жұман сені, қырғыздан Бекмырза барса деп отырмын. Бір-бір көмекшілерің және бар.
Жұман. Менен басқаның ыңғайы болмады ма?
Ева. Мұндай тарихи миссиядан бас тартуды өз басым түсіне бермеймін. (Ішкі бөлмесіне кетеді.)
Құрбан. Ханум дұрыс айтады. Түркістан халқының келешегіне бізден гөрі неміс әйелінің жаны көбірек аши ма деймін.
Кәрім. Ол да ғажап емес.
Жұман. Бас тартып отырған жоқпын. Бірақ әлгі...
Құрбан. Әңгімені қой, бауырым. Сенің тәжірибең, іскерлігің мол деп отырмыз ғой.
Жұман. Бәріміздің де тәжірибеміз шамалас сияқты еді... Сосын айтам да.
Құрбан. Жұман, сен өзің баламысың, саған қандай сенім көрсетіп отырғанын сеземісің?
Кәрім. Асанды неге жібермейміз, тіл жағынан келгенде содан шеберіміз жоқ қой.
Құрбан. Бұл сапарда тілде тұрған дәнеңе жоқ. Тіл керек болса, бәрі өздерің апаратын кітапша, жарнамаларда жазылады. Бұған, ең алдымен, батыл әрекеттің адамы керек. Оның үстіне Асан ішіп жүретін қасқа емес ие... Бетіне лағып кетуі оп-оңай.
Жұман (күмілжіп). Батыл болған деген жақсы-ау, бірақ анадай жерде өзі... Дегенмен жобасын былай...
Құрбан. Келетіндердің ішінде басым жағы артистер, бірлі жарым жазушы, журналистер болады. Соларға алдымен кітапша, жарнамаларды тарату. Есебін тауып, өздерімен жеке сөйлесу. Мұндағы жұрт қарап жатқан жоқ, соны түсіндіру. Не кере іріткі, лаңды сала отырып, құдай оңын берсе бір-екеуінің басын айналдырып алып қалсаңдар, соның өзі көп жылға азық болар еді.
Жұман. Лаңды сала білерміз-ау, алып қалу жағына келгенде қайдам, ол оңайға түсе қояр ма екен.
Құрбан. Сендер жалғыз емессіңдер деп отырмын ғой. (Евa кіреді.) Жасыратыны жоқ, абыроймен қайтсаңдар адам басы он екі мың доллардан Джон Грэйдің өз қолынан аласыңдар. Сендер жалғыз емессіңдер деп отырмын ғой. Барлық қимыл-әрекеттің тетігі басқа адамда, соның нұсқауымен жүрсеңдер болды.
Ева. Осы үй, барлық жасау-жабдығымен қанша тұратынын білесіңдер ме?
Бекмырза. Оны біз қайдан білейік.
Ева. Не бәрі төрт-ақ мың доллар.
Байбол. Төрт-ақ мың доллар дейсіз бе?
Кәрім. Онда тәуекел деуге болады екен.
Жұман. Ендеше, сен-ақ бастай ғой, қидым бар дәулетін осы дүниенің.
Кәрім. Жоқ, бастауға шамам келмес. Қосшы болуға даярмын. Бірақ басын ашып алайық. Он екі мыңға адам алып қалу кірмейді ғой.
Құрбан. Әрине, адам алып қалуға шаман келсе, он екі мың былай тұрсын ескерткіш орнатпағанмен, соған таяу...
Бекмырза. Ескерткіш өзіне, басқасын бажай келтірсек те жетіп жатқан жоқ па.
Құрбан. Әлбетте, жалпы, жігіттер, аянбаңдар, ақ түйенін қарны жарылғалы тұр.
Жұман (кекете күліп). Өз қарнымыз жарылып жүрмесе деп те қорқам.
Құрбан. Мен үшін емес, өзің үшін, халқың үшін кызмет етесің. Тікелей араласпағанмен, өзім де сол кезде Венада болам.
Ева (еркелей). Мен қайда қалам, падишам?
Құрбан. Сенсіз қадам басармын ба бұл дүниеде?
Жұман. Жарайды, не кермеген, не сұмдықты кешпеген жұмыр бас. Тәуекел, тек нәтиже шықса болды.
Құрбан. Ал енді екінші мәселе. (Осы сәтте сәл қызулау Уәли кіреді. Бәрі құшақтасып амандасады. Уәли қалпағын ілгенде, бұрынғы бурыл шаштың жоқ екенін көреміз. Уәли Еваның қолынан сүйіп, бәрін құшақтап тұрып.)
Уәли. О, жановлар, сендерді қанша сағындым десеңші.
Ева (мысқылдай). Уәли мырза, мұсылмандар сіздің шашыңызға таласып бір талдап бөліп алып қалған ба, қалай?
Уәли. Мұның ғажайып тарихы бар, ханум. Мен барған мұсылман елдері шаш қоймайды. Олардың көзінше құдайдың сүйген құлы көріну үшін шаш та кетті, шарап та қалды. Ең ар жағы темекіні де тастадым. Әй, зорға шыдап жүрдім-ау.
Құрбан. Мұныңыз үлкен ерлік екен.
Уәли. Меккеге барғанда шалғайы жер сызған шапан, мына баста шашақты араб сәлдесі, мешітте намазға ұйып, нағыз хажының өзі боп шыға келдім.
Жұман. Бұдан былай сізді «Уәли хажы» дейміз ғой енді.
Байбол. Бұл бір ғажайып сапар екен.
Уәли. Ондағы фанатиктерді өзіңе тартып сендіру үшін қай айлаға бармады дейсің.
Бекмырза. Әйтеуір сенсе болды ғой.
Уәли. Сенгенде қандай. Бәрі сендердің қамың, халықтың қамы.
Ева. Тамаша, тамаша, Руттаға үйленерде христиан дініне кіріп, католиктердің шеркеуіне бардыңыз, ол жақта қайтадан мұсылман дініне бағындыңыз. Шынында, аллаңызды да, христосты да қабат алдау, ұлы адамдардың ғана қолынан келетін жұмыс. Сізге әрдайым он сапар тілеймін.
Байбол. Жеңгей өкпеден бір-ақ соқты-ау.
Бекмырза. (өзінше). Мына қатын бүлдірді-ау.
Құрбан. (байқа дегендей ишаратпен). Ева ханум, сіз енді...
Ева (бокалдарға шарап құйып, Уәлиге). Сіздің денсаулығыңызға. (Бәрі де жуып-шайып қостай жөнеледі.)
Құрбан. Аман-сау оралуыңызбен.
Жұман. Қайырлы қадамыңыз үшін.
Кәрім. Әрдайым қамқор бола жүріңіз.
Бекмырза. Ер еңбегі үшін.
Байбол. Сәлемет болыңыз.
Уәли. Менің бұл сапарыма аса жоғары баға берген Ева ханумның денсаулығы үшін көтеруге рұқсат етіңіздер. (Бәрі де бас изесіп алып жібереді.) Мұны да әбден сағындым. Шарап жарықтыққа не жетсін. (Еліріп.)
Шіркін шарап, қалған кезде мен өліп,
Дүниеге ләззатіңе кенеліп.
Қабырымнан шығып тұрса хош иісің,
Өткен-кеткен мас болардай еліріп.
(Паузадан кейін)
Омар Хайям... Ева ханум қалай айтса да жарасып жатыр. Мен Түркістан азаттығы үшін, халқым үшін ит болып үруге де даярмын.
Бекмырза (өзінше). Айырмамыз шамалы қалды-ау.
Құрбан. Уәли-ака, мұныңыз енді шамалы...
Ева. Сіз әзілге түсінеді деп айтып едім, қапалансаңыз, қайтып алуыма болады, Уәли мырза.
Уәли. Жо, жоқ, ханым. Шамаңыз дұрыс. Тек біздің Руттаның құлағына тие көрмесін.
Ева. Немене, сапарыңыздың жәйін әйеліңіз білмей ме?
Уәли. Білгенде қандай. Сол жақта хажы күйімде түскен суреттерімнің өзінде есеп жоқ. Бірақ, сіздің маған берген бағаңызды өзіміз-ақ білейік.
Ева. Меніңше, сіздің ит болып үрсем дегеніңізден гөрі, менің берген бағам әлдеқайда сыпайы сияқты.
Жұман (өзінше). Сыпайыңның түрі мынау болса, тәңір жарылқасын.
Құрбан (тоқтау айтқан болып). Ева ханум, сізге не болған.
Байбол. Браво, браво, Ева ханум.
Құрбан (Байболға). Қутыңдайсың қу бала. (Күледі.)
Уәли. Мен сізді түсіндім, Ева ханум (бокалға шарап құйып), бейбітшілі бейбітшілік! Келіңдер, жігіттер, ұлы неміс халқының батыл, өткір әйелдерінің денсаулығына. Ләби ләззати.
Ева. Үлкен рақмет. (Екеуі қол алысып ішіп жібереді.)
Уәли (сөзді басқаға аудара). Енді, достар, бұдан былай Түркістан комитетінің бүкіл мұсылман шығысына аты жайылды дей беріңдер. Түркияда, Ауғанстанда, Иран, Пакистан, Сауд-Аравиясында бізге тілектес жандар көбейіп, елеңдеп-ақ отыр.
Құрбан. Өзіміздің елдерден ешкім бар ма екен?
Уәли. Толып жатыр. Большевиктердің қысымынан қашқандар, Бұхар әмірінің бұрынғы сабаздары, не кере жеткілікті.
Жұман. Олардың бізге қандай пайдасы бар.
Уәли. Ең алдымен өздері шетінен бай. Біздің комитеттің филиалдарын құрдым. Өзіміздің Түркістан легионында болған кейбір жігіттер сонда жүр екен. Бәрі де құшағын жайып қарсы алды. Енді газет-журналдардың тиражын көбейту жөнінде Джон Грэймен келісу керек. Сонымен Түркістанға ту ұстап барар күн жақын.
Құрбан (жасанды қошаметпен). О, ел үшін туған ерім-ай! Еңсем түсіп жүр еді, белімді бір көтеріп тастадыңыз-ау. Жаңа кезең туды дей беріңіздер.
Уәли. Ал өздеріңде ахуаллар қалай?
Құрбан. Өте жақсы, тамаша. Вена фестивалына дайындалып жатырмыз. Әр ұлттан бір екі адамнан жіберуіміз керек. Өзбек ағайыннан кімдер барады. Соны айтсаңыз болды. Аса жауапты сапар екенін білесіз.
Уәли. Өзбектің кейбір зәнталақтары Ресейге кетіп қалды дегенді естідім ғой.
Құрбан. Ондай оңбағандар қазақ, қырғыздан да жеткілікті болып жатыр.
Уәли. Өзбектерден бұл сапарға Әмір Зиятты жіберу керек.
Құрбан. Өзім де солай ойлап отырмын.
Уәли. Болмаса қайыр, сіздерді сағынған соң көріп кетейін, болған істермен хабардар етейін деп келіп едім. Бұл үлкен мәселені Джон Грэй, фон Штаубе мырзалармен ақылдасып шешерміз. Ал, жановлар, менің аман-сау келуіме байланысты бүгін кешке Ева ханумнан бастап, барлығыңызды Рутта ханум шайға шақырады. (Еваның қолын сүйіп) Қайыр, cay болыңыздар.
Ева. Рутта ханумға сәлем! («Қайыр», «қайыр» деп бәрі қоштады.)
Уәли. Жаныммен айтып барамын. Қайыр болмаса. (Кетеді.)
Бекмырза. Не болса о болсын, Ева ханум, қатырдыңыз, жаны шығып кете жаздады.
Құрбан (мақтана). Қазақтың «ердің атын я бабыңды тапқан қатын, я бәйгеден келген атың шығарады» дегені осы емес пе, жігіттер, ә!
Байбол. Адамның абзалы ғой.
Кәрім. Абзалың апанға ұрындырып жүрмесе жарар еді?
Ева. Ол данышпан болса, Руттаға данышпан, маған кім?
Жұман. Бұл алаяқ, талай жерге із тастап қайтқан екен ғой. Оңайлықпен өлмейді сайтан.
Құрбан (құпия айтқан болып). Саспаңдар, ізінің тарихын кейін білесіңдер. Мұның барған жерлерінен маған хаттар келді. (Джон Грэй кіреді. Бәрі орындарынан тұрып құрмет көрсетеді. Еваға сырлы көз тастап қояды.)
Джон Грэй. Мырзалар! Кейінгі кезде өндіріп ештеңе істей алмай жүргендеріңді мойындауларың керек. Америка бай ел болғанмен ай далаға шаша беретін ақшасы жоқ. Сендер үшін өз өкіметімнің алдында мен жауап беремін.
Құрбан. Мырза, аянып жатқан жоқпыз ғой. (Ева рюмкаға виски құйып ұсынады.)
Ева. Полковник мырза, бүгін көңіл күйіңіз онша емес пе, қалай? Сіздің денсаулығыңызға, өмірі шаттық құшағынан шықпауыңыз үшін.
Джон Грэй (жұмсара). Рақмет, фрау Ева, сізге де соны тілеймін. (Рюмканы алады.)
Ева. Келіңдер, мырзалар. Құрбанның да денсаулығыма. Тарихқа «Түрік ели» атты мемлекеттің келуі, оның большевиктермен күресуі бүгін-ертең жеңіске жеткізе қоятын іс емес екені белгілі болар, мырза. Бәріне уақыт, сабыр керек. Мен күйеуім болғандықтан президентті жақтап тұрған жоқпын. Бірақ Құрбан мырзаның елі, халқы үшін жан салып, еңбек етіп жүргеніне көз жұмып қарауға болмайтын шығар.
Джон Грэй. Фрау Ева, мен әйел қауымын тек махаббат, ләззат үшін жаралған деп ұғатын адаммын. Өз басым, сіздің саясатқа араласпауыңызды тілер едім. Саясат деген нәзік сезімді жылуынан айырып, нәрін жояды. Сізді Құрбан мырзаның сүйікті жары, әлгі сендерше не деуші еді, ие, ханум ретінде ғана көргім келеді.
Ева (сиқырлана). Оған да көнді мырза. (Өз бөлмесіне кетеді.)
Джон Грэй (Кәрімге). Шығыс Германиядан қашып келген Совет Армиясының офицері болып сөйлеп жүрген сіз бе?
Кәрім. Сол сұрқылтайыңыз біз боламыз.
Джон Грэй. Дұрыс аудармасымен танысып едім, сөздерің ұнайды.
Байбол. Оны аударған мен.
Джон Грэй. Рақмет! Бірақ сенің Россиядан кеткеніңе де он бес жылдан асты ғой шамасы.
Кәрім. Қырық екінші жылы өткенмін.
Джон Грэй. Бәрі дұрыс-ау, мырзалар. Осынша уақыттың ішінде Россиядан талай туристер тобы келіп қайтты. Олардың арасында сендердің азиаттарың да аз болған жоқ. Не пайда, солардың бірінің басын айналдырып қалдыра алмағандарыңа қатты қынжыламын.
Құрбан. Ол енді, ортақ өкініш, мырза. Осы Вена фестивалынан үлкен нәтиже күтіп отырмыз.
Джон Грэй. Баратын адамдарыңды белгіледіңдер ме?
Жұман. Біреуі мына алдыңызда отырған пақырыңыз.
Джон Грэй. Бұл — сіздерге қойылатын соңғы сын. Осыдан құласаңыздар, маған өкпелемеңіздер. Естеріңізде болсын. Америка үшін, өзіне президент сайлау қиын болғанымен, басқа жерге басшы сайлауы да, оны қуып шығуы да оп-оңай. Сондай президенттердің бірі болып жүрмеңіз, Құрбан мырза!
Құрбан. Бұл міндетті терең ұғынамын, полковник мырза. Бүкіл өмірім осы күрес жолында келе жатқанын білесіз.
Джон Грэй. Білемін. Бірақ адам сенетін өтірік пен сенбейтін өтірікті ажыратуға болады ғой. Сендер Қарағандыда пәлен номерлі шахта құлады, жұрт қырылып қалды деп радио арқылы бір айдай қақсадыңдар. Оны «Голос Америки» да пайдаланып беріп жатты. Дәл сол шахта, ақырында, большевиктер жоспарын асыра орындағаны үшін байге алды.
Байбол. Иә, ондайдың талайы кетті ғой.
Джон Грэй. Әне сонда халқың сенін қай сөзіңе сенеді?
Жұман. Қазақстанның территориясының шамасын өзіңіз білесіз. Халықтың бәрі бір Қарағандыда тұрмайды. Басқа облыстарында тұратындары сенуі мүмкін ғой.
Джон Грэй. Бір есептен бұл да жөн. Бірақ сақ болу керек. Қай өндіріс қандай халде екенін өздері де жасырмай жазып жатады. Әңгіме соны сұрыптап ала білуде. Жуырда Сайыптың «Түркістан 20 ғасырда» деген тамаша кітабын оқып шықтым. Материалдары қандай десеңізші!..
Құрбан. Оны мақтамай-ақ қойыңыз, мырза. Екі-үш қазақ тарихшылары ол кітаптың тас-талқанын шығарды.
Джон Грэй. Оны қайдан білдіңдер?
Құрбан. Қазақ тарихшыларының кітап, мақалаларымен күнделікті танысып отырмыз ғой. Сайыптың атылды, асылды деген адамдарының көбісі тірі, үлкен қызметтерде жүр, сонымен нағыз суайтыңыз Сайыптың өзі. Біздер, әрине, ондай өрескел өтіріктерге бармаймыз. Бірақ немістер сенеді.
Джон Грэй. Сенсе, сене берсін. Бізге де зияны жоқ. Айналып келгенде, бәріңнің мақсаты біреу-ақ. Ал Уәли Хасан шығыс елдерін аралап, тамаша жұмыстар істеп қайтты. Бұл сәтті пайдаланып, басшылық ете білу керек.
Құрбан. Жаңа ғана осында болып кетті. Оның барып қайтқан жерлерінен маған көптеген хаттар түсті. Бәрін өзіңізге тапсырам, кім екенін сонда білесіз.
Джон Грэй. Не жазады сонда?
Құрбан. «Мюнхендегі Түркістан комитетінің қаражат халі нашар деп қайыр сұрауға келген екен, сенбеді бұл алаяқты баяғыдан білеміз. Соғыс кезінде бір сазға отырғызып кеткен»— депті Турциядағы эмигранттар. Басқаларының да пікірі осы төңіректе. Ол жақта дені сау филиал болады дегенге сенбеймін. (Сейфтен бір топ хаттар алып береді.)
Жұман. Уәли Хасанның мұнысы адамгершілікке қайшы келетін қылық екен.
Байбол. Менің «адамның абзалы» деп жүргенім осы ма?
Джон Грэй. О, о, ер түріктің атасы Уәли Хасан, сенімен жақсылап сөйлесу керек екен. (Ева киініп шыққан.)
Ева. Саясатқа араласпа деген полковниктің тілегін орындау үшін, Карл, саған машина әзір керек болмаса серуендеп қайтайын.
Джон Грэй. Фрау, көңіліңізге ауыр алмаңыз, мен шын пейілмен айттым.
Ева. Оған күмәнім жоқ, мырза!
Құрбан. Бара бер, періштем, кешке Уәли шақырғаны есіңде болсын.
Ева (сырлы көз тастап). О'кэй... (Масаңдау Асан кіреді, басқамен жұмысы жоқ, Еваға.)
Қаз омырау, кермиығы қазақтың,
Қойның — жаннат, ернің — емі азаптың.
Құралай көз, нақ сүйері Құрбанның
Шабыты ғой шаршап ішер шараптың!
(Ева мәз болып шығып кетеді.)
Джон Грэй. Түркістанның ұлы ақынына сәлем!
Асан. Қамқоршы мырзам үшін қасық қаным қалғанша. (Лепіріп.) Мен деген үлкен ойдың адамымын, оны өзіңіз білесіз. Осындағы Түркістан революционерлерінің атынан сізге өтініш айтуға рұқсат етіңіз. (Виски құйып алып, тартып жібереді.) Бұл оймен Құрбан мырзаны хабардар еткенмін. Президент мырза рұқсат болса, өзім бастайын.
Құрбан. Айта беріңіз.
Асан. Айтарым мынау. Түркістан комитеті мен мұсылмандарға жақын комитеттерді Алясканың бір пұшпағына көшіру керек. Еуропа, Америкада қаңғып жүрген түркістандықтарды жиямыз. Сол жердегі үлкен радио станциясын пайдаланып, баспа орындарымен дербес Түркістан мемлекетін құруды арман етем. Ғажайып хикаясын сонда көрерсіңдер!
Жұман. Әй, данышпан-ай, әріден тартасың-ау.
Асан. Революциядан кейін сол Аляска пұшпағы үшін, бүкіл Көкшетауды Америкаға басы бүтін беруге осы отырған бәріміз ант етеміз.
Джон Грэй. Асан мырза, мұны Вашингтонмен ақылдасуым керек. Ойыңыздың тамаша екендігінде дау жоқ.
Асан. Монако, Анрорра, Люксембург те дербес мемлекет қой, жинала бастасақ, олардан әлдеқайда асып түсеміз. Оған ешқандай күмәніңіз болмасын.
Джон Грэй. Дұрыс, Асан мырза, түсіндім. Ойланамыз. Сіздерден бір ғана өтініш, мені президент мырзамен бірнеше минут оңаша қалдырсаңыздар. Кетуім керек еді, сосын өздеріңіз сөйлесе бересіздер.
Құрбан. Сыртта шамалы күте тұрыңдар. (Бәрі кетеді.)
Джон Грэй (виски құйып). Мынау ішіп отырғаныңыз Американың арағы. Олай болса жұтқан ауаңыз да Американікі деп есептеңіз. Ал большевиктердің кешірім еттік деген Указынан кейін не болып жатқанын білесіз бе?
Құрбан. Білемін, білемін... Бірсыпыра иттер кетті. Бұлар сенімді.
Джон Грэй. Енді осыларды да мықтап тексеріп, сәл ғана күмәнің болса, өзің білесің ғой, бұл дүниеде кесірі тиетіндерді ана дүниеге кезегімен аттандыра беру керек. Адал, арамын анықтау үшін де айла керек.
Құрбан. Өзім де ашынып жүрмін, уәде осы.
Джон. Грэй. Ал Уәли Хасанды асықпай тексеремін. Қай тесікке кірер екен, көрейін.
Құрбан. Маған соның масқарасын шығарып берсеңіз болды. Өмір бойы құлыңыз болуға даярмын.
Джон Грэй. Жарайды. Вена операциясынан кейін Вашингтонға баяндамаға бірге барамыз. Вена материалдары мен радио жұмысын шұғыл қолға алыңдар. Баратын адамдарыңмен біздің жігіттер кездеседі. (Екі ұшты.) Мықты болыңыз, президент мырза, о'кэй. (кетеді.)
Құрбан (өзінше мақтанып). Уәли, Уәли деп қақсаушы едің, осы жолы араларына мықты сына қаққан шығармын. Маған Уәлидің ажуа болғаны керек. (Ойлана.) Адал-арамын анықтау үшін де айла керек деді-ау. Айла кере айла, тамырын басып көрем бәрінің (Кнопканы басады. Әлгі шыққан жігіттер түгел кіреді.)
Асан (мақтана). Әкесін танытып жібердім-ау, байқадыңдар ма? Үш ұйықтаса түсіне кірмейтін ой айттым ғой.
Құрбан. Әбден саз болды. Ол орындалса, кеттік қой шырқап.
Жұман. Әй білмеймін-ау, осы дайын жерде шабылулары аз емес, Аляскаңа көне қояр ма екен?
Асан. Көнбейтін болған соң айтып отырмын ғой. Оларға біздің осы маңда жүргеніміз тиімді. Европа қазір біз сияқты жалаңаяқтардың жәрмеңкесіне айналып отырған жоқ па. Большевиктердің қас жауы екендігімізге күдік келтірмесін деген ой ғой менікі (бокалдарға құйып), ал кеттік. (Лепіріп.)
Ер түріктің қамқоршысы Құрбанға,
Дүниең түгел, басың аман тұрғанда,
Данышпан жоқ бұл әлемде өзіңдей,
Дос айтса да, қас айтса да иланба.
Құрбан. Асан, әзілді қоя тұр, іске кірісейік.
Асан. Ал кірістік ендеше, қатының һәм өзіңнің денсаулығына. Басқасы қырылып қалса да бәрі бір. Ендігі Адам ата мен Хауа ана екеуің боласыңдар. (Ішіп жібереді.)
Кәрім. Асан, уақытты алмашы (сағатына қарап), үлгірсем жарар еді.
Асан. Неғып мұрныңнан қан кете қалды, он бес минут хабарыңның отыз нұсқасын жазып берейін. Не кере айтшы? Қалақтар аштан қырылып жатыр дейін бе? Оған екеумізден басқа кім сенеді. Өтірікке келгенде тазша бала мен Мюнхаузеннің алдақашан езуін ысып жіберген жоқпыз ба?
Құрбан. (айлаға басып). Жігіттер, оны қоя тұрыңдаршы. Бауырларым, мәселе мынада. Қандас, бауырлас болған соң сендермен аз ғана сырласқым келіп отыр. Кейінгі хабарларға қарағанда, бәріңнің де ағайын-туғандарың бар көрінеді. Көп жылдап бері іштей зар шегіп жүргендерің аз емес. Бірсыпыра жігіттер кетіп қалды. Хәлдерінің не болғанын өздері білсін. Өз басым баяғы алған бетімнен таймаймын, бірақ сендердің де обалдарыңа қалғым келмейді. Кетем дегендеріңе бүгіннен бастап рұқсат етем. Ерік өздеріңде кім не айтады. (Жігіттер өз құлақтарына өздері сенбегендей, бір-біріне қарай береді. Құрбан оларды бағып қалған. Ұзақ үнсіздіктен кейін.)
Жұман. Мен еш жаққа бармаймын. Қуанышым да, қастерім де өзіңізбен өтеді.
Асан. (лепіріп). Міне, азамат. Алаштың ардагері деп осыны айт. Ұмытып барады екенмін ғой. Саруардан сәлем барлығыңа. Сол кеткеннен кетіп бір-ақ шығыпты елден. Хажыдан барғандай-ақ, тамаша қарсы алды деп жазыпты мақтанып. (Бәрі де елең ете қалды.)
Құрбан. (іштей ызысын сездірмей). Мүмкін солай да шығар. Өздерің біліңдер. (Бәрі үнсіз.)
Байбол. (күмілжіп.) құрбан аға, егер рұқсат етсеңіз, менің елге қайтқым келеді.
Кәрім. Онан да көрге қайтқым келеді десеңші, ақымақ. Саруар түрмеден жазып отырған шығар, қайдан білесің.
Құрбан. (жігітке.) Ие, айта бер.
Байбол. Менің Саруардан жаным артық па. Егер өзіңіз... Мен... менің шешем тірі екен. (қалтасынан сурет алып ұсынады. Жұман, Кәрім бекер жасадың дегендей қарайды.)
Құрбан. Иә, иә нағыз қазақ әйелі. Сенің өзің қалайша.
Байбол. Соғыс алдында мен жеті жаста едім, әкем Қаунаста Қызыл Армияның капитаны болып тұрды. Шешем екеуміз сонда қонаққа келген едік. Енді қайтайық деп тұрғанда соғыс басталып кетті де, аласапыранда бір-бірімізден ажырап қалдық. Әкем соғыста өліпті. Шешем тірі екен. Менің одан бергі өмірім осы жақта өтіп жатты.
Асан (елжіреп.) Ие, балапаным-ай, қанатың қатқанда ұяңды іздеп тұрсың-ау, құптаймын (басын ұстап), тек жолың болсын!
Құрбан. Айтып отырмын ғой, кетем дегендеріңе жол ашық.
Байбол. Мұнда те елім деген ердің ері, егеудің сынығы ғана қалады. Мысалы мен қазір не деп барам. (Лепіріп.)
Қайнайды ішім, тыңдайтұғын құлақ жоқ,
Кепті-ау анқам, қанып ішер бұлақ жоқ.
Соры айдаған Сарыарқаның ұлына,
Құзда, шында тұяқ ілер тұрақ жоқ.
Құрбан. Асан, сабыр етші, сен тағы баяғыңа басып бара жатсың.
Асан. Сөздің тазасы мынау. Сендер менен мықты емессіңдер. Халық, Отан деген ең алдымен ақын адамға керек. Халықсыз ақын - қанатсыз қыран. Түркістан азат етілгенше аттап баспаймын. Ал енді мені тыңда, Құрбан, біріншіден, ана қуларын мүйізгектеп, орнымнан тайдырмақ ойы бар. Алдымен соларға тыйым сал. Екіншіден, қатын мені үйден қуып шықты, шамасы дұрыс жасады-ау деймін. Түрік комитеті маған баспана тауып беруі керек. Үшіншіден, Құрбан мырза, мақсатымызға жеткен күні келешек ұрпаққа сен туралы хикаяны кім жазады? Құрбаннаманы Фирдоуси тіріліп келіп жазбайды, мына алдыңда отырған Асан жазады. Сондықтан Венаға мені де жібер, тірі қазақтарды бір көріп қайтамын.
Құрбан. Мынау ішуіңді қоймасаң, Мюнхеннен еш жаққа шықпайсың.
Асан. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсің. Мастығым тарқаса, құлазып жалғыз қалам. Ішсем өзіме өзім бір тайпы ел болып, Сарыарқаны сайрандап жүремін.
Құрбан. Осы сайрандау түбіңе жете ме деп қорқамын.
Асан. Ерік өзіңде, бауырым. Әлі талай пайдам тиер. Үміт үзбе, Құрбан мырза.
Құрбан (Байболға). Ал енді келістік. Жүреріңде соғарсың жолаяқ біздің мойнымызда. Мүмкін тапсырмалар болар, ол жағын да ойлап жүр.
Байбол. Рақмет аға.
Құрбан (бокалдарға құйып). Қалғандарыңа жемісті жұмыс, жеңіс күнін тілеймін. Кетем дегендеріңе оң сапар (Бәрі ішеді.) Жұман, Кәрім, газет, радио материалдарын ертең жеткізіңдер. Венаға баратын материалдармен танысуларың керек. Әзірше қош. Асан, сен кешке соғарсың. (Бәрі де қоштасып шығып кетеді. Құрбан жалғыз.)
Құрбан. Мына жаманды-ай, ә! Қайтам дейді. Енді Құрбан бірде-біріңді тірі жібермес. (Телефонды алып.) Хелло, хелло, Шмидт. Жалпы көңіл-күйлері онша емес. Аңдысып отыруға тура келеді. Аудармашы жігіт ашық айтты. Номері 19 Б ие, ие, әрине ана дүниеге. (Телефонды қояды.) Жол аяғың жасалды, ақымақ! (Сәуле азая береді. Мұңлы қаралы сарын келеді.)
Ана. Құрбан, Құрбан, Құрбан!.. бұл зұлымдыққа да барғаның ба?.. Дүниеде тағы бір адам өлді. Оны да өлтірген адаммын дейді, өз бауырын өлтірді... қалт етпеді-ау қолы. Балаңды өлтірді... Балам өлді... (Қаралы сарын. Есеңгіреген Құрбан шегіне берді.)
Шымылдық
ЕСТЕН ТАНУ
Қайғылы сарындағы музыкадан кейін шымылдық ашылады. Құрбан үйінің біз білетін залы. Стол үстінде баяғышы ішімдіктер ыдысы, бәрі бос. Сәуле күңгірт. Жұман Құрбанды күтіп отыр. Ауыр ойдағы Жұман орнынан тұрып, әрі-бері теңселе басып, өзімен-өзі ақылдасып жүрген тәрізді.
Жұман. Мен бұған бар шынды айтып шатастырдым... Жалған айтсам, сезуі ықтимал еді. Көзді шел, көкіректі зіл басып жүре беріппіз ғой сандалып... Анау Венаға келген жас жауқазын, қобыз үнді, құс таңдайлы ұл мен қызды тәрбиелеген Отанның бүгінгі көркі қандай десеңші... (өзінше ойға батып.)
Аққу едім ay көлдегі-ай,
Сұңқар едім-ау шөлдегі-ай...
Әттең қайран-қу дүние-ай... ей... ей
Қапасында шөлдедім...
Жоқ, жоқ, енді елге жетем өз басым, тәуекелге бел будым. Кәрімнің халі ауыр, оны бұған білдірмеу керек. (Ішкі бөлмеден асығыс басып Құрбан шығады.)
Құрбан. Сонымен өзімді мазақ етіп қуып шықты дедің бе?
Жұман. Жүрген пейішің өзіңе деп әжуа қылды.
Құрбан. Вена сапарында қырып-жоямыз деп едік. қырқылып қайтқаннан саумыз ба?
Жұман. Бәрін баяндадым сізге. Ендігісін өзіңіз біліңіз.
Құрбан. Үш адаммен сөйлестің, аты-жөнін білесің. Енді мені тыңда. Тағы бір үш-төрт адамның атын қос та, кең түрде талдау жасаңдар. Осыны Джон Грэйге тартамыз. Жаныңа Асан мен Кәрімді ал.
Жұман. Өтірік деп жүрмесе.
Құрбан (зекіріп). Қай уақыттан бері шыншыл бола қалдың, есуас! Шынын айтып күн көріп жүрген бір адам тауып берші маған. Олардың қашаннан әдеті, алған информацияларын салыстырады да, түбі шындық екен деп, ақша төлейді.
Жұман. Жарайды, оны жасау оңай ғой.
Құрбан. Бұдан былай радиодан «Қазақстандағы тілшілеріміз хабарлайды» деген атпен сөйлеу керек. «Олар бізге өздерінің атын жария етпеуді өтінді» деп аяқтайсың. Лаңның бұл да бір түрі.Түк бітірмей қайттық десеңдер, күн көруден қалдым дей бер. (Машинаның дауысы естіледі. Джон Грэй кіреді.)
Джон Грэй. Мырзалар, мен асығыспын, ертең Кельнге жүрем. Құрбан мырза, сізді Боннға шақырыпты, сапарыңыз оң болсын.
Құрбан. Сізге де соны тілеймін.
Джон Грэй (Жұманның арқасынан қағып). Жарайсың, жігітім, өте батыл қимылдады деп естідім. Мен келгенше бәрін қағазға түсіріп, дайын отырыңыздар. Венада маңызды қадамдар жасалғандығын хабарлауыма болады ғой.
Құрбан. Болғанда қандай. Біз жіберген листовка кітапшалар жетпей қалыпты.
Жұман (селсоқ). Шынында солай болды.
Джон Грэй (портфелінен қағаз алып). Жүрер алдында тапсырма мынау. Россияның «Победа» атты туристік теплоходының осы маусымдағы маршруты. Қай күндері қай мемлекеттің портында болатындығы жәйлі мәлімет. Онда сендердің азиаттарың да аз болмайтын көрінеді. Бұдан былай бір-екі адамды соған бөлу керек. Бұл операцияны да Жұман мырза басқарса деймін.
Жұман (сендіре). Халқым үшін жан пида, мен әр уақытта дайынмын!
Құрбан. Жұманнан басқа сенімді адамды мен де таппаймын.
Джон Грэй. Уәде осы, көріскенше. (Кетуге ыңғайланады.)
Құрбан (рюмкаға құйып). Оң сапарыңыз үшін. (Үшеуі ішеді.)
Джон Грэй. Сіздерге табыс, табандылық тілеймін, о' кэй. (кетеді.)
Құрбан. Көрдің бе, сеніп бара жатыр. Осы сенімнен айырылмау кере бауырым. (Масаңдау Асан кіреді.)
Асан. (еліріп). Анау фестивальда қазақ делегацияның құрамын, өнерін көріп, бармағымды шайнап қайттым. Сондай бұғаудағы халықтың қалай өскеніне таңдандым. Бәрін де осы бір пісіп тұрған шағында қолға алар ма еді. Қайран дүние-ай! Ғажап деймін, ғажап.
Құрбан. Күнде радиодан тыңдап жүрсің, сонда не тұр?
Асан. Көзбен көргенге не жетсін, Жұман, ә?
Жұман. (селсоқ). Бәрібір емес пе?
Асан. Құрбан мырза, сонда бір жыр туды. Тыңда. (тақпақтай жөнелді.)
Сарыарқа самалыңды сағынамын,
Жеткіз деп тағдырыма табынамын.
Ішім дерт, өзегім өрт,тілімде зәр,
Қай күні бұл азаптан арыламын.
Жетімек бір ұлың жүр өлмей, өшпей,
Тамшыны татқан күн жоқ таңдай кеппей,
Жасаппын, қайран дүние, зор қателі
Бір уыс топырағыңды ала кетпей.
(бір бутылканы алып еді, бос болып шықты.)
Құрбан. (қуат бергенсіп.) қажыма, бауырым. Сарыарқа ертең билігіңде болады. Сарыарқаға кімнің іші ауырмайды. Сарыарқаны кім сағынып, кім аңсамайды. Ол ата-бабамның әруағы қонған жер емес пе еді!
Асан. (ләйли түсіп.) Жоқ, сендер түсінбейсіңдер. Ақын да гүл тәрізді, ол өз халқынан нәр алмай, оның рухын сезбей күн көре алмайды.
Жұман. Шама келмей жатса, амалың қанша. Асан. Жоқ, мен қорқамын, қорқамын, ештеңеге шама келмей, пұшайман болып өтеміз бе деп қорқамын.
Құрбан. Сен осы Венаға барып, большевик болып қайтқаннан саумысың? Бұл қандай сары уайым?
Асан. Менен большевик шықса, сенен римнің императоры да шығады. Бірақ көз ашып қарайтын бір шындық бар. Рас, мен Венадан ойға қалып қайттым. Онда келген қазақтың бірімен сөйлескен жоқпын. Жоқ, жоқ сөйлесіп нем бар. Ал енді, бауырым, біздің өтірік деп жүргеніміздің бәрі рас екен, оған менің көзім жетті.
Құрбан (орнынан атып тұрып). Сен өзің не оттап отырсың?! Мынауың ісімізге іріткі салатын пікір ғой. Сонда пәлен жылғы күрес жолымызды жоққа шығарғың келе ме? (Жекіре.) Не айтып отырғаныңды түсінемісің, күшік?
Асан. Құрбан мырза, қорқытпа. Маған өмір дегеннің көк тиындық құны қалған жоқ. Қазір дені сау ұйқыдан да айрылдым. Көзім ілінсе-ақ алқымымнан бір дүлей күш алып жатқаны. Атып тұрып, айналама қараймын, жан жоқ. Жан жоқ... жан жоқ...
Құрбан. Онда емделу керек.
Жұман. Әрине, емделу кере емделу керек.
Асан. Бізге ем қонудан кеткен, бауырым. (Құрбанға.) Сені жақсы көрем, қайрат-жігеріңді мадақтап Жұманға талай айтқанмын. Рас па, Жұман?
Жұман. Онысы рас.
Құрбан. Соған ақы сұраймысың.
Асан. Жоқ, сабыр ет. Жұман да, мен де өлсек бір молада, шықсақ бір төбеде деген жандармыз.
Жұман. Оған сөз бар ма?
Асан. Өзіміз де ат төбеліндей қалған шақ еді.
Құрбан (сезіктене). Жарайды, жұмыс бастан асып жатыр, кейін.
Асан. Сабыр ет. Оның үстіне Саруар бастаған иттер тағы кетіп қалды. Алдынан жарылқасын.
Құрбан. Неге жер жастанбайды!
Жұман (қостаған болып). Соны айтам-ау.
Асан. Содан кейін «кетем дегендеріңе жол ашық» деп кеңшілік жасаған болдың. Байболға рұқсат берген өзің. Енді кетейін деп жүргенде аттырып жібердің, осының адамдыққа жата ма?!
Құрбан (қалшылдап). Не сандырақ мынауың? Ресторанда американ солдатымен шатасып, тапқан пайдасы емес пе?
Жұман. Біз де солай естіп едік.
Құрбан. Сұра мына Жұманнан.
Асан. Құрбан, сен ол әңгімені жылы жауып қой. Сырымыз мәлім ғой бір-бірімізге. Обал жасадық.
Құрбан. Өз обалы өзіне, елге барғанда да атылады.
Жұман. Оған сөз бар ма?
Асан. Саруарлардың бізге жасаған опасыздығын құптаймын. Бірақ олардың Байболдан бір артықшылығы, атылып кетсе де, өз топырағында жатады.
Құрбан (ашулы). Топырақ-сопырағыңды айтып, миымды ашытпа! Уәли ізіңе түскенде, орныңнан қозғатпап едім, бүгінгі оттап тұрғаның мынау!
Жұман. ады шуды қойыңыз, мырза...
Асан. Ол қамқорлығыңа рахмет! Айтып отырмын ғой, бүгін өлтіріп жіберсең де ерік өзіңде. Бәрібір немістер мен Гетенің қасына қоймайды.
Құрбан. Бітті әңгіме. Есіңді жи! Онан да ақылдасып отырып, Вена сапарын жазып шығыңдар. Жұман өзі түсіндіреді.
Асан. Е, ол үйренген сауда, сүмірейтеміз ғой... ертеңге аз ғана тиын.
Құрбан. Тағы да жұтап қалғансың ба? (Құрбан Асанға ақша береді. ) Тапсырма бір апта ішінде орындалатын болсын.
Жұман. Жарайды. (Асан Жұманды құшақтап.)
Аққу едім-ау, көлдегі-ай,
Сұңқар едім-ау шөлдегі...
(Екеуі кетеді.)
Құрбан. (ойлана, сағатына қарап). Біздің ханум қайда жүр екен осы уақытқа дейін. (Ішке кіріп кетеді. Сахна аз уақыт бос. Кәрім кіреді. Жан-жағына ойлана қарап.)
Кәрім. Құдай ұрып, кешігіп қалғанымды қарашы. Жұман кетіп қалды-ау! Енді қайтсем екен? О, қу дүние, атылып, асылып кетті дегені жалған болды-ау. Вена фестивалында қызымды көрдім. Әнші екен, әнші екен ғой. (Осы сәтте қызының салған «Гауһартас» әні келеді.) Міне, мен кеткенде төрт жаста еді, бүгін дүние жүзінің алдында ән шырқап тұрды. Мен, қасқа маңдай, жақындай алмадым. Таныдым, аумаған шешесі, иегіндегі меңіне дейін баяғы күйі, өзімнің Айшагүлім! Неткен хасірет, шерменде өмір! Туған балама «мен әкеңмін» деп айтуға қуат жетпеді-ау мен сорлыда. Жұман біледі. Құрбанға айтпа деп жалынып едім, қайдан білейін. Бәрібір, бірақ бұған сездірмей кету керек. (Құрбан шығады.)
Құрбан. Кәрім, неғып кешігіп қалдың? Кәрім. Кешіріңіз, кешігіп қалдым.
Құрбан. Мен асығыспын, естідім, Жұман бәрін де баяндады.
Кәрім (өзіне). О залым, бәрін жеткізген екен ғой. (Құрбанға.) Сізге бәрін де... (күмілжіп) айтқан ғой онда.
Құрбан (қадалып). Неге айтпауы керек.
Кәрім (күмілжіп). Енді солай, мырза, көргенім, танығаным рас. Айнымайтын өзі. Радиодан талай тыңдағанда, аттас біреу шығар деп жүре беруші ем, біздің тұқымда өзі әнші жоқ болатын. Нағашыларында бар еді бірақ.
Құрбан (сезіп). Ие, сонымен...
Кәрім (өзіне). Әдейі білмегенсіп тұр. (Құрбанға). Қызымды көрдім деймін. Фестивальға келген екен. Өзі әнші, бәйгінің бірін алды.
Құрбан. Қызың екенін қайдан білдің?
Кәрім. Енді, адам өз баласын танымай ма, мырза?
Құрбан (өтірік қуанған болып). О, бауырым, тойдың үлкені сенде екен ғой. Бұдан артық қуаныш бола ма?
Кәрім. Рақмет, Құрбан мырза, баласын керген де қызық болады екен. (Өзіне.) Бүлдірдім-ау. Жұман айтпаған ғой тәрізі.
Құрбан. Қызыңмен сөйлестің бе?
Кәрім. Ішім қанша елжірегенмен жақындай алмадым. Қиын екен.
Құрбан (жаны ашығансып). Мұның теріс болған. Жұман біле ме бұл жағдайды?
Кәрім. Жоқ, оған айтқан жоқпын.
Құрбан. Жарайсың, азаматым! Кеткің келе ме?
Кәрім. Несін жасырайын, ерік өзіңде, қызым тірі екен, әнші...
Құрбан (арқасынан қағып). Жұманмен ана қағазды бітіріңдер, сосын рұқсат. Бірақ сол жақтағы тілеулес болатындығыңды мойындап кетесің. Жүреріңде ол тапсырмаларды аласың. Енді тісіңнен шығара көрме.
Кәрім (қуанып). Қайта жүрсем де құлыңыз болуға даярмын!
Құрбан. Сенемін. Сендер үшін ғой осында... (Қолын беріп қоштасады. Кәрім кетеді. Құрбан телефонды алып.) Шмидт. Ие. Жиырма бірінші. Кәрім, ұзатпаңдар, ие, жаңа шықты. (Трубканы қойып.) Қызыңның әнін жоқтауына айналдырайын, хайуан! (Азалы хор сарынында шам сөнеді. Аздан соң қайта жанады. Арада бірнеше күндер өткен. Құрбан үйі. Ева Құрбан сөзі жазылған пленканы алып.)
Ева (мысқылмен). Біздің президенттің тарихта қалатын жалынды сөздері бар ғой мұнда. (Құрбан кіреді, бір қолы қалтасында.)
Ева (жалған, жайдары). Президент мырза, бұл қай ашу.
Құрбан (ашулы). Түсіндір маған, не боп жатыр.
Ева (жақындап). Естіген жоқсың ба?
Құрбан. (шегініп). Жақындама, шыныңды айт.
Ева. (сықылықтап күліп). А, а, сен мені жау көріп тұрғаннан саумысың. Қолыңды алшы қалтаңнан. (Құрбан қолында пистолет.) Ақымағым, түкке түсінбейсің. Бізді бұдан он есе тамаша үйге көшіргелі жатыр. (Құрбан пистолетін қояды.)
Құрбан. Уһ,жаным-ай кешір, Ева ханум! Мен әбден үрей астында... адам тегі ақымақ қой. (Сырттан жәйімен Джон Грэй кіреді. Бұл екеуі елжіресіп тұрғанда пистолетті алады. Оны сезген Құрбан жалт бұрылады.)
Ева. Еркек дейді сені де. Жұмсай алмаған қаруды несіне ұстайсың. Атып жібергеніңде, саған тағы бір немістің қатыны табылмас па еді?! Қорқасың, президент мырза, қорқасың!
Джон Грэй. (ашуын сездірмей). А, президент мырза, аман-сау келдіңіз бе?
Құрбан. (жағына). Сіздің бұл жақсылығыңызды өлсем де ұмытпаймын. Көп жаңалықпен келдім.
Джон Грэй. (сыздап). Мен де ұмытпайтын халге жеттім, сізге менің де жаңалығым бар. Мырза, сіз лимонмен шай ішіп көрдіңіз бе?
Ева. Ондайды жанындай жақсы көреді.
Құрбан. (түсінбей). Оның маған не қатысы бар, мырза?
Джон Грэй. Сіз ойланып жауап беріңіз. Лимонның сөлін сығып алған соң қабығын не істейсіз, тастаушы ма едіңіз, әлде...
Құрбан (таңдана). Қабығы?
Джон Грэй. Ие, қабығын деймін, қабығын.
Құрбан. Ал сіз ше, полковник мырза.
Ева (сылқ-сылқ күліп). Тамаша теңеу, Джо. (Құрбан аң-таң.)
Джон Грэй. Менің сұрап тұрғаным, қабығын жейсіз бе, жоқ тастайсыз ба?
Құрбан. Әрине, сөлін сығып алған соң тастайды.
Джон Грэй. Ендеше сол тілегіңді орындадық.
Құрбан. Сонда қалай?
Джон Грэй. Біз де сөлі сарқылған қабықты тастап отырамыз.
Ева (зәрлі). Жана мені атпақшы болды, мына есерсоқ.
Джон Грэй. А, бұл экспрезидентке жараспайтын қылық.
Құрбан. Экс... президент!
Джон Грэй. Ие, экспрезидент.
Құрбан. Неге олай дейсіз.
Джон Грэй. Енді не деймін. Уәли Хасан мен Сайып — шын берілген жандар. Сенің жаныңда маскүнем Асаннан басқа кім қалды?
Құрбан. Жоқ, мұныңыз енді...
Джон Грэй. (портфелінен газет алып). Жұман атты сұрқия қырғыз, қазақ, өзбектердің біразын ертіп, Шығыс Берлиннен бір-ақ шығыпты. Мынау солардың пресс -конференцияда сөйлеген сөзі. Шығардың, Вена сапарынан мынаны (қолын шығарады).
Құрбан (өкінішті). Қап, мынау иттерді-ай.
Джон Грэй. Өзіміз есебімізден жаңылмайық деп едіңіз фрау Еваға, бірақ сіз жаңылдыңыз.
Құрбан (қалшылдап). Мен адал еңбек еттім, аянған жоқпын.
Джон Грэй. Соны ескергендіктен басыңыз өзіңізге олжа!
Ева (телефонды алып). Шмидт, президент тұрған үй босады. Кісілеріңді жібере бер. (Трубканы қойып.) Ақымақтық та алланың берген сыйы, оны да өлшеп жұмсау кере падиша. Ауфидерзейн, кетті Джо.
Джон Грэй. О'кэй, Құрбан мырза. (Евамен қол ұстасып шыға береді. Қайғылы сарын келеді. Аласұра теңселген Құрбан ішкі бөлмеге кіріп кетеді, аздан соң ескі чемодан алып шығады. Сахна айналады, сандалып қалған Құрбан қолындағы сақинаға көзі түседі.)
Құрбан. Тұла бойдағы тұлдырдан қалған жалғыз сен болдың ба, неше күн талшық боларсың. Бір кездегі тау-кен инженері Құрбан Танабековке енді жәшік шегелеу де бұйырмайтын болыпты. (Сақал-шашы өскен, есалаңдау Асан келе жатады.) Азған ақын, тозған талант, бұл да маған сор болды-ау.
Асан. (екілене). Уа, жолбарысым, айбарым, әлсіреген қайратым, қайдасың, Құрбан, қайдасың?
Құрбан. Тағы қайдан іштің?
Асан (еліріп). Мен сенен бүгін сүйінші сұрай келдім.
Құрбан (елең етіп). Ие, не болды сонша?
Асaн. Сенің эксқатының Ева Бройер Джон Грэйді сазға отырғызып, түгелдей тонап, Швейцария ма, Париж бе, әйтеуір біреуіне тайып беріпті. Полковник мырза жынынан айрылған бақсыдай, кімге тиісерін білмей жүр дейді.
Құрбан. Мұның үлкен жаңалық екен. Жақсы, жақсы. Уәлиден не хабарың бар?
Асан. Білмеймін. Кеше Джон Грэйдін табанын жалап бара жатқанын көрдім. (Еліріп.) Сарыарқаның үні келеді құлаққа. Ая, досым, сорлы жанды жылатпа.
Құрбан. Қойшы, жарқыным, жұрт басымен қайғы боп жүргенде.
Асан. (ойлаған болып) Қайғысыз күн болды ма? Арман – анамызға, қайғы-қасірет -қалыңдығымызға айналғалы қашан. (Есінен шатасып.) Жоқ, жоқ, ондай қатынға ескерткіш қою керек. Евa Бройерге ескерткіш...
Құрбан. (шошынып). Мынаған не болған?!
Асан. (лепіріп). Дөңгеленген тұрлауы жоқ дүние... Айтпақшы. Жұман шошқа бізді масқаралап мақала жазыпты.
Құрбан. Ол да жөн. Маған да сүйінші бер, бүгін жұмыстан қуылып отырмыз. Маңдайымызға жәшік шегелеу сыймайтын болды.
Асан. (өзінше еліріп.). Тоқа, тоқта, сабыр ет, не деуші еді. Адам сезімі суалып, қиялы қуара бастағанда тек жаттағанына жабыса береді. Не деуші еді, Абыз не деуші еді.
Құрбан. (мең-зең.) Қойшы енді, қойшы! (Күй сарыны келеді.)
Асан. Сабыр, сабыр Miнe, есіме енді түсті.
Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ,
Ішті жеген жегінің жерге кірер қалпы жоқ,
Барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ,
Көзін алған біз сона, жар салып бастар жалқы жоқ,
Бас кесілген бос кеуде, береке қонар арты жоқ!
Шерменде емей біздер кім, көк тиындық нарқы жоқ!..
Құрбан (ызалы). Сарнамай қара басыңа мекен тауып алсайшы.
Асан.
Не десең де жарасад табалаудың парқы көп,
Барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ.
Құрбан (жындана). Доғар деймін, енді доғар!
Асан (маңдайын сабалай). Барар жерің батпақ сор, барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ... (Әбден есінен адасқан, жанындағы Құрбанды да көрмей.) Құрбан, Құрбан, қайдасың, қайдасың... (Жынданған күйі сенделіп сахна түбіне қарай кетеді. Күңіренген сарынмен қоса Ана шығады.)
Ана. Дүниеге келген сәбидің уыз үніне де, жөргектегі сәбидің алғашқы күлкісіне де куә болатын ана. Ерлікке ана жүрегіндей тебіренер жүре ездікке ана жүрегіндей күйінер жүрек жоқ әлемде! Адам баласына ана алғысынан қымбат, ана қарғысынан ауыр нәрсе жоқ.
Өмірде бақыт та, бақытсыздық та қайталана береді. Дүниеде қайта соқпайтын бір-ақ нәрсе бар. Ол — уақыт. Отан жоқ, халық жоқ деп зар қақтың, оны саған кім айтты... Тіл табысар, ұғысар уақытты өткізіп алдың. Ол уақыт оралмасқа кетті ғой. Енді міне тағдырың табалап кетті, талақ етті.
Жар өледі — төсек жаңғырады. Жалғыз өледі — жара бітеді. Ата-анаң өледі — өзің ата-ана болғанда ол да ұмыт болады. Өмірде ұмыт болмас, естен шықпас, орны толмас бір-ақ нәрсе бар. Ол — Отан, туған халқың. Оны жоғалтсаң... (Қаралы музыка үніне мең-зең Құрбан жоғалады, артқы шымылдық көтеріле бергенде Алатаудың таң алдындағы ғажайып көрінісі. Осының фонында Ана қайтадан пайда болады.)
Ана (залға қарап). Әр сәт таңдарыңыз қайырлы болсын, кештеріңізді кірбің шалмасын, бала-бауырларым! (Музыка «Отан» әнімен аяқталады.)
Шымылдық.
Соңы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі