Өлең, жыр, ақындар

Құдағи келіпті

(Үш перделі, бес суретті комедия)

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Сәрсен — колхоз бастығы, өр көңіл, мақтаншақтау адам, жасы елулердің шамасында.
Дауылбай — сиыршы, ақ көңіл, адал, мылжың, жасы алпыстарда.
Сұңғат — колхоздағы партия ұйымының секретары.
Марфуға — орыс тілінің мұғалимасы.
Кеңес — мектеп директоры, жас жігіт.
Фатима — Сұңғаттың үлкен шешесі.
Қымбат — Сұңғаттың жақын жеңгесі, адуындау, өткір кісі, жасы елулерге тақау, ажары таймаған, еңбек адамы.
Айша — Марфуғаның шешесі, құдағи, жасы елулерге тақау, шолжаңдау кісі.
Арыстан — кәсіпсіз тоғышар.
Шәріп — шофер, қағылез, пысық жігіт.

Оқиға үш күннің ішінде өтеді.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

БІРІНШІ СУРЕТ

Просцениум

Көңілді музыка. Аздан соң сахнаның сол жағынан Айша мен Арыстан шығады. Екеуі де өз дәрежелерінде мәдениетті қауымның өкілін танытпақ ниетінде киінген. Бірақ оғаш жайлары, татымсыз талғамдары бірден сезілуі шарт. Арыстан жіңішке мұрт қойған. Басында қатырма ақ қалпақ, арқасында рюкза қолында чемодан, Айшаның қолындағы тор қалта толған алма, тағы басқа заттар.

Арыстан рюкза чемоданын жерге қояды.

Арыстан (маңдайын сүртіп жатып). Ох, беда, кішкене демалайықшы. (Чемоданды нұсқап.) Жеңеше, мынаның ішіне тас салғансыз ба? Ап-ауыр бір пәле.

Айша (күрсініп). Қызы құрғырдың кәкір-шүкір заты ғой, «байға тигеннің жөні солай» деп алды-артына қарамай тартқан жоқ па бетбақ.

Арыстан (Жасанды байсалдылықпен). Да, «махаббат деген дүниеге қаратпайды» деп едім бір кезде, рас болып шыққанын қараңызшы.

Айша (ұнатпай). Шырағым, сенің де нақыл сөздерің таусылмайды екен.

Арыстан (мақтана). Нақыл сөз ақылды бастан туады деген бір оқымысты, жеңешесі. Шүкір, бас жағы баршылық қой... (Кенет залға қарап.) Мәссаған, мұнда бәрі жиналып қалыпты ғой! (Нұсқап.) Әне бір отырғаны Марфуға емес пе?

Айша (елегізіп). Кәне, кәне!

Арыстан. Әне, ана қатарда.

Айша (көзімен шолып). Жоқ, ол емес, осында болса мені көргенде тұра жүгірер еді ғой.

Арыстан. Дегенмен аздап ұқсайды екен. Ал, жеңеше, Марфуғаның Сұңғатқа, тағы басқаларға көз қылып бізбен бірге жүрмеймін деуі мүмкін.

Айша. Неге жүрмейді. «Мамусямды сағындым, кеткім келеді» деп хат жазыпты деген өзің емес пе?

Арыстан. Сол хаттың маған келгенін айтпа деген едім ғой, Сұңғат ренжиді.

Айша. Оны айтып жынды дейсің бе?

Арыстан. Солай болсын. (Залды шолып.) Сұңғат та келмеген бе? Бұларда қонақтың алдынан шығу деген мәдениет болмайды екен-ау, ә?

Айша (зілді). Алар қызын алды, енді мәдениетті қайтсін.

Арыстан. Ондайға, ради бога, мені қоса көрмеңіз, жеңешесі!

Айша. «Поездан түскен соң заготзерноға барсаңыздар, біздің колхоздың машиналары кездеседі» депті бетсіздер. Сұрашы мыналардан, заготзерносы қайда екен.

Арыстан (залдағы біреуді нұсқап). Айтып жіберіңізші, туысқан, заготзерноға қалай барамыз? (Айшаға.) Үндемейді ғой мыналар, жеңешесі-ау!

Айша (ызалы). Әдейі айтпай отыр. Жұрт жалғыз қызына жете алмай жүрсе, бұларға ойын керек. Көрсетермін мен сендерге ойынды.

Арыстан. Қараңызшы әне біреуі күледі.

Айша (ашына). Қайтейін, бұл күлкіге душар еткен Марфуға. Бай таппағандай қаладан далаға қашып, сандалтып қойғаны мынау. (Залға ашулы.) Күлгендерің бастарыңа келсін, ал ендеше!

Арыстан. Исключительно дұрыс айтасыз, жеңешесі.

Айша. Жоқ-ау! Тіптен нервіме тиеді.

Сахнаның он. жағынан Шәріп шығады.

Шәріп (өзіне-өзі). Шамасы осылар болу керек. (Оларға.) Сәлемет боларсыздар? «Айнакөл» колхозының қонақтары сіздер емес пе?

Арыстан. Мүмкін, біз болармыз, туысқан.

Айша (залға қарап). Қарсы алуға жіберген адамының түріне қараңдар, қап бәлем-ай, бір көрінерсіңдер көзіме. (Шәріпке.) Шоферсыз ғой шамасы?

Шәріп. Дәл түстіңіз... Вокзалға соға кел деп еді Сұңғат.

Айша (ызалы). Аузына алғанына да шүкір! Өздері қайда?

Шәріп. Аудан орталығындағы совещаниеге кеткен.

Арыстан (кекетіп). Келген қонақтар қайда кетеді дейсің. Солай ма, туысқан?

Шәріп (бұл да кекетіп). Дұрыс айтасыз, туысқан!

Айша (ашулы). Несі дұрыс, шырағым-ау, не ұлы, не қызы шықпайды алдымыздан, бұл не мазақтары, әлде еліңнің салты осылай ма еді?

Шәріп. Сол ауылдың ұлы мен, ал қыздарын да, салтын да барған соң көрерсіз. Жұмыстың қауырт кезі ғой бұл.

Арыстан. Қыздар көп пе, бауырым?

Шәріп (кекетіп). Тізімі үйде қалып қойып еді.

Арыстан (өзіне-өзі). Қарай гөр тілін. (Шәріпке.) Машинаң легковой ма, туысқан?

Шәріп (кекетіп). Жоқ, грузовой, туысқан. Кабинаға бұл кісі отырады. Сіз үстінде боласыз.

Арыстан. Жетістік қой онда, жолы қандай?

Шәріп. Орташа.

Арыстан. Орташаңнан қорқам, туысқан, шамасы шаңға батырамын дейсің-ау, ә?

Шәріп. Оны уақытында көрерсіз. (Айшаға.) Ал, жүрейік шешей.

Айша (шошынып). Қайдағы шешей, өзің орта жасқа келген баласың.

Шәріп (абыржып). Кешіріңіз онда, енді не дейін, қарындас деуге... Өзім әрі бала, әрі орта жасқа келсем...

Айша (шап ете). Ауыл жігіттерінің осы қылжақбастығын ұнатпаймын. Өзің ішіп алғаннан саумысың, жеңгей десең тіліңе түйнеме шыға ма?

Шәріп. Кешіріңіз, жеңгей, орта жасқа келсем де, арақ дегеннің дәмін татып көрген жоқпын.

Арыстан (басын шайқап). Ай-ай-ай! Балақай! Неткен қараңғылық, ә? Арақ деген шабыттың бензині ғой, жаным-ау!

Шәріп. Ондай бензинмен апатқа ұшырап жатқандар аз емес. (Айшаның заттарын алып жүре береді.)

Арыстан (нұсқап). Туысқан, мына чемоданды да...

Шәріп. Әкеліңіз.

Арыстан (чемоданды беріп жатып). Жар бола көр, Геркулес, Прометей, Зевс, сахараға саяхат басталды. (Бәрі кете береді, Арыстанның сырттағы машинаға көзі түсіп) Жаным-ау, машинаның үсті тола бөшкелер ғой.

Шәріп. Бәрі бос бөшкелер, арасында сізге де орын табылмады.

Шымылдық ашылады. Сұңғаттың үйінін орталық бөлмесі. Оң жақ ас бөлмеге, сол жақ жатар бөлмеге шығатын есік. Бөлме іші қала үлгісімен жиналған. Қабырғада сағат, кітап жиналған кең шкаф, радиоқабылдағыш, телефон. Бөлменің ортасында ас ішетін үлкен стол. Қымбат кіреді.

Қымбат (ас үй жаққа дауыстап). Патым-ау, қайдасың, он екі жұмыстың бірі біткен жоқ әлі.

Ac үйден Фатима шығады, екі білегі түрулі, қамыр илеп жатқан тәрізі аңғарылады.

Фатима. Пышаққа түс дейсің бе енді? Жүрміз ғой таң атқалы тыным таппай.

Қымбат (нан тақтайды беріп жатып). Бірінші рет келуі дұрыстап күтіп алайық та, «мінезі шәлкестеу» деп естіп, шаңымызды аспаннан шығарып жүрер.

Фатима. Шаң шығарып көрсін, жанын қоса шығарайын. Құдағи емес, құдай келетіндей, о несі екен-ай маған.

Қымбат. Астапыралла, құдай, бишараны қайтесің.

Фатима. Жоқ-ау, мүлде келін түсіріп, құдағилы болған жалғыз сендей-ақ, әбден әбігерімді алдың ғой.

Қымбат. Келген қонақтың еркелігі болады, сенің тілің жаман, шәлкім-шалыс келіп, масқара қылма дегенім ғой, әшейін.

Фатима. Міндетсінбей өзі тыныш отырса, нем бар, қызымды бердім деп қыр көрсететін болса, көріп алайын. Марфуғасы Айдарымнан артық патшаға тиюші ме еді.

Қымбат. Сұңғатжан туыс болған соң саған қадірлі, әркімнің өз баласы өзіне базар.

Фатима. Базары болса, өмірі байға бермей отырмай ма? Бет алдына жалпақтамай сен де, орныңды біліп отыр.

Қымбат. Шәһәрлі жердің адамы міншіл келеді ғой, соны айтам да.

Фатима. Міншіл болар сайтаны да жоқ, баяғыда біз де бес-алты ай қалада тұрып көргенбіз. (Сұңғат кіреді, ауданнан келген беті.)

Сұңғат. Ay, екі мықты, ұрысып тұрғаннан саумысыңдар?

Фатима. Мына шешең де жынымды келтіріп маған ақыл айтып жатыр.

Сұңғат (әзілдеп). Әй, апа-ай, сіз де жеңешемнің жынын шақыра береді екенсіз. Келе жатқан кісінің де өз жыны өзіне жеткілікті. Сондықтан сендердің жындарың әзір дем ала тұрсын.

Қымбат (Фатимаға). Айттым ғой, байқа деп. (Сұңғатқа.) Станцияға соқтың ба?

Сұңғат. Жоқ, қол тимей, ауданнан жаңа ғана босадым.

Қымбат. Мұның сәл орынсыздау болған екен, балам.

Фатима. Орынсыз дәнеңесі де жоқ, құрдай қатынап жатқан машина, жетер ілесіп.

Сұңғат. Шәріпке тапсырғанмын, барған шығар. Марфуға қайда?

Қымбат. Оқушылармен қырық қабат жинауға кетіпті. Өзі бүгін әлде неге абыржулы.

Фатима. Шешесі келетін болған соң, қуанып жүр де. (Кетеді.)

Сұңғат (ойланып). Қайдан білейін, мезгілсіз уақытта келе жатыр ғой, әйтеуір. (Кеңес кіреді.)

Кеңес. Сәкең келді ме?

Сұңғат. Жоқ. Менің байқауымша ол кісі сенің интернатқа арнаған дүниеңе ауыз салғалы отыр.

Кеңес. Ол бола қоймас... Шалды есебін тауып көндірерміз...

Сұңғат. Қайдам, өзің болмасаң мен айта-айта шаршадым.

Кеңес. Ол өзі мақтаншақтау адам... Колхоздың тарихын жазудан бастаймыз ғой баяғы. (Фатима кіреді.)

Фатима. Кеңес шырағым, сені колхоздың тарихын жазып жүр деп мәз боламыз, енді неше жыл жазасың? (Сұңғатқа.) Сексеуіл жарып бере ғой. (Сұңғат кетеді.)

Кеңес. Отыз жылдан аса өмір кешкен колхоздың тарихын бір жылда жазып шығу оңай емес, жеңгей. Оның үстіне бала оқыту және бар.

Фатима. Былтыр облыстан келген сылыңғыр қара, екі күн жүргеннің өзінде, «Айнакөл жүгерішілері» деп бір газеттің бетін толтырып жазған жоқ па? Ішінде айран көз қайнағаның да суреті бар.

Кеңес. Оның атын мақала дейді, ал мен кітап жазып жүрмін, бір жерінде сіздің де суретіңізді бергіземін.

Фатима. Менің суретім болса несі бар. Осы колхозда қартайдық қой...

Кеңес. Бүлк етпеңіз, жеңеше! Еңбегіңіз еш кетпес. «Сұңғат кіреді.)

Сұңғат. Жеңеше бұйрығыңыз орындалды.

Фатима. Е, сөйтіп қолқабыс тигізсеңдерші.

Кеңес. Әжем қайда, көрінбейді?

Фатима. Кеше клубта құдай жоқ деп баяндама жасапсың, соған ренжіп келді кемпір.

Кеңес. Өзіңіз ренжіген жоқсыз ба?

Фатима. Мен құдайдың жоқ екенін баяғыдан-ақ білгенмін. (Қымбат шығады.)

Қымбат (Кеңеске). Денің сау ма, шырағым? (Фатимаға.) Қамырың ашып кетті.

Фатима. Әзір ашымас, Марфуға илеген қамыр су татып тұр екен. Тұз салуды да ұмытып кетіпті. Қайта иледім.

Қымбат. Не дейді, бетім-ау! Тағы бүлдірген бе?

Сұңғат. Еш нәрсе етпес, мамасы келе жатқан соң абыржып жүр де.

Фатима. Тамаққа тұз салмайтын әдеті ме, өткен жолы да сөйтіп бір масқара қылып еді.

Кеңес. Үй шаруасына жас қой әлі.

Фатима. Он жетімізде түсіп, бір үйлі жанды меңгеріп-ақ отырдық ой. Жас дегенше, салақ десеңші. (Ac үйге кете береді.)

Сұңғат. Жарайды, түймедейді түйедей қыла бермеңдерші. (Үстінде жұмыс киімі, ашулы Марфуға кіреді.)

Марфуға (сырт киімін. шешіп жатып). Надоело, бәрі дұрыс шықпайды.

Сұңғат. Не боп қалды?

Марфуға. Барлық балалар қашып кетті. (Булығып.) Сосын, сосын шолақ бригадир ұрсады, иә, «Балаларды дені сау біреуің басқарып келмейсің бе» деді.

Сұңғат. Ол қағып кеткен өткен жолы: «Марфуға молодец, оқушыларды ұйымдастырғыш» деп мақтап жүр еді ғой.

Марфуға. Да, мақтады. Даже «сегіз тонна капуста жинады» деп газетке жазды, бүгін не болды? Стыдно...

Кеңес. Кім бастап жүр сонда.

Марфуға. Ана алтыншы класта оқитын Айдаровтың ұрысқақ шешесі келді. Ие, сөйтіп баласына: «Базарға барамыз, жүр»,- деді. Мен: «Бармайды» деп едім: «Колхозды сен көгертпей-ақ қой, алдымен өзіңді жөнге салып ал»,- деп айқайлап баласын алып кетті... (Жыламсырап.) Сосын, сосын бәрі кетті. И мен де кеттім.

Қымбат (арқасынан қағып). Ренжіме, қалқам. (Сұңғатқа.) Сол өсекші немені тайраңдатып қойдыңдар әбден.

Марфуға (Сұңғат пен Кеңеске). Маған мораль оқығанша, сол қатынға неге айтпайсыңдар. (Булығып ішке кетеді, артынша Қымбат кетеді.)

Кеңес (ойланып). Марфуғаның айтып тұрғаны да жөн. Балалардың әдеті емес пе, бірі кеткен соң бәрі тайған ғой.

Сұңғат (бөліп). Өзі екі ойлы болып жүргенде... Оның үстіне шешесі келе жатыр...

Кеңес. Түсінем, бауырым, түсінем. Оған былай жасайық, осы мына даулы мәселелер бар ғой, соған Марфуғаны тартайық. Өзінің пайдалы адам екенін сезінсе, ойланар... әңгіме жауапкершілікте... Шақыршы өзін. (Сұңғат ішке кіріп кетеді. Кеңес өзіне-өзі.) Осы Марфуға кетіп қалып масқара қылмаса жарар еді. Өзі ақкөңіл, тым жақсы адам. Әттең, дүние-ай! (Сұңғат пен Марфуға шығады.)

Марфуға (Кеңеске). Тағы маған мораль оқиын деп пе едің?

Кеңес. Мораль емес, Марфуға, балалардың бір күн жұмыстан кетіп қалғаны ештеңе етпес. (Мән бере.) Біз екеуімізге байланысты одан да үлкен істер тұр.

Сұңғат. Алдымен соны келісіп алайық.

Марфуға. Не туралы?

Сұңғат. Жасыратыны жоқ, бүгін ауданда мал қораларының дайындығы жөнінде әңгіме болды. Біздің сауын сиырлардың қорасы нашар! Соған биылғы оқушылардың күшімен құйған кесектеріңді колхозға бересіңдер де, ендігі жылы интернатты колхоз күшімен саламыз. Сәкен келгенше осыны айтумен болды... Қалай қарайсыңдар?

Кеңес. Марфуға, сен не айтасың?

Марфуға. И правильно. Ет, май, корова — бұл проблема!

Кеңес. Жоқ, Мәке, басқа лаж табу керек.

Марфуға. Какой лаж? Мал қырылса, спорт зал кімге керек. Скажи пожалуйста!

Дауылбай кіреді.

Дауылбай. Үлкейдіңдер ме, балалар! Дауылбай даусыз жүрмейді, көп сөйлейді деп күледі... Кейбір қулар мені мылжың дейтін де көрінеді. Күлсе, күле берсін, десе дей берсін, тағы дау айта келдім!

Кеңес. Не боп қалды ақсақал!

Дауылбай. (Сұңғатқа). Дауым саған, шырағым! Түбіміз бір туыс едік. Ол өз алдына, адам болдың, ат арқасына міндің, оған мың қатта шүкір! Анау сауын сиырларды бағатын мен...

Кеңес. Е-е, дау төркіні таныс болды ғой!

Дауылбай. Таныс болса сол, қылышын сүйретіп қыс келеді. Оны ойлаған басшың қайсы! Бәрі буаз мал, бірі шығын болса, таяқ Дауылбайға тиеді... Көрші колхозбен жарысқа түсіп, етектей-етектей қағазға қол қойдың, жұмыс сонымен біткені ме? Дауылбайдың әкесінен қалған мал емес, колхоздың малы, жауапкершілік қайда? Ойлансын деп алдарыңнан етуге келдім, болмаса жоғарыға жазам, ондық сауатым бар!

Сәрсен кіреді.

Сәрсен. Салаумағалейкүм, Дәуке!

Дауылбай. Әлейкүмсәлем.

Сәрсен (Сұңғат пен Кеңеске). Шырақтарым-ау, сақалды басымызбен күттіріп қойдыңдар ғой.

Сұңғат. Кешіріңіз, Сәке, Дәкең келіп қалды...

Дауылбай (Сәрсенге). Жақсы келдің, менен үлкен емессің, сақал силағыш болсаң мені тыңда! Ана сиыр қораны қайтпексің! Жиналыста сөйлегенде алдыңа жан салмайсың!

Сәрсен (абыржып). Дәке-ау! Оны былайша нетіп, ойланып жатырмыз ғой!

Дауылбай. Қашанғы ойланасың!

Сәрсен. Бүгін соны осында жігіттермен, былай нетіп ақылдасайық деп ем, өзі былайша айтқанда не ғой... Дәке-ау!

Дауылбай. Сен, жаным, түлкі бұлтағыңды қой... Айтқаным орындалмайды екен, малыңа не бол деймін де кемпірімді қолынан жетектеп шыға келем. Екі қолға бір жұмыс осы колхозда табылады... Қартайсам да қарауыл болуға жараймын. Ана қой фермаға барам, жатамын шіреніп, сонда не қыласың?

Сұңғат. Дәке таусылмай тұра тұрыңыз!

Дауылбай. Кемпірім де ашулы, оны жібергенімде сендерді түгел түтіп жейтін еді, менен гөрі тізелі ғой ол антұрған.

Сәрсен. Сіздің де салмағыңыз аз болып тұрған жоқ, Дәке! Өзі ақылдасқанда, былай, жігіттер. Марфуға шырағым, сен де тыңда. Ал енді колхоз өздеріңдікі, абырой да сендердікі... Өздерің келгелі колхозға жаңа бір леп, қуат пайда болғандай жайы бар! Оны жұрттың бәрі айтып жүр. Әрі ойланып, бері ойланып, бағана Сұңғат екеуіміз ақылдасып едік. Бір жағы қой, бір жағы егіні, сиыр қораға биыл мұрша келмей қалғанын көріп отырсыздар!

Дауылбай. Мұрша дегенше, салғырттық десейші. Өйткені сендер...

Сәрсен. Япыр-ай, Дәке! Сөзге қонақ беріңізші кішкене. Мың сан жұмыс...

Дауылбай. Біз де баяғыда бастық болып көргенбіз, жыл сайын выговор алып-ақ орындап жүруші едік қой! Әбден өздерің әй дейтін әже, қой дейтін...

Сәрсен (сөзін бөліп). Ол кез бен бұл кез тең емес қой, Дәке-ау! Қазір колхоздың шаруасы ұлғайды. Демек жұмыс та көбейді деген сөз. Сонымен айтайын дегенім, төрт көздерің түгел отырғанда! (Марфуғадан көмек тілегендей қарап.) Міне биыл Марфуға балаларымызға орысша үйретіп оқытқаны былай тұрсын, оларды ұйымдастырып еңбекке де баулып отыр. Осының бәрі қуаныш емес пе?

Дауылбай. Тоқ етеріңді айтшы, жарқыным! Тым созып барасың.

Сәрсен (жалтара). Тоқ етерін айтқанда, ендігі жылы құс фермасын ұйымдастырамыз, общим, ол ой да Марфуғажаннан шықты...

Дауылбай. Бәрі дұрыс, әуелі биылғы жұмысты бітіріп берші...

Сәрсен. Япыр-ай! Дәке-ай! Осы әдетіңіз-ай! Жайшылықта ақылдасатын істі...

Дауылбай. Жайшылық күтер мұршам жоқ! Басқарма жиналысы қашан болады өзі, дайындалып келіп сөйлейін деп жүрмін. Сонда қайда қашып құтылар екенсіңдер, көрейін сендерді...

Сәрсен. Төрт көздерің түгел. Мен айтсам былай, мынау мектеп балалары Кеңестің басқаруымен бір игі ниетпен 70 мыңдай кесек құйды. Оларыңа осы тұрған бәріңе рахмет, тамаша бастама. Жана айттым, колхоз өздеріңдікі. Сол кесекті... (Кеңеске қарап.) Кеңес, енді сен жөн білетін азаматсың, әрі мектеп директорысың, сенің айтқаныңнан ешкім шықпайды. Ие, сол кесекті колхозға берсең... Келесі жылы өзім құрылысшыларға құйдырып, интернатыңды заказ қылып салдырып берем. Бұған не айтасыңдар?

Марфуға. По моему, Сәрсен аға абсолютно дұрыс айтады.

Кеңес. Сонда біздің жаз бойғы еңбегіміз босқа кеткені ме?

Марфуға. Как босқа кетеді, дело в том...

Сұңғат (бөліп.) Марфуға сен қоя тұршы, шынында да, ойланайық, басқа бір жол қарастырайық!

Марфуға (ашулы). Сен всегда маған қарсы шығасың.

Сәрсен (жалынышты). Басқа ненің жолы бар жаным-ау, енді...

Дауылбай. Маған мал қора салып берсеңдер болды, әйтпесе, ауданға, облысқа, сонау әлгі Алматыға...

Кеңес (Дауылбайдың сөзін бөліп). Мен бұл жағдайдың шет жағасын естігенмін, Сәке! Біздің оқушылар мен мұғалімдер коллективі де бір қауым ел. Осында Марфуғамен екеуіміз-ақ. Қазір кесім айта алмаймын, бұл бір. Екіншіден, өз басыма келсем, бұл ойыңызға түгелдей қарсымын. Ал малшылар болса, жайлауы да, қыстауы да әp жерде. Оқуға тартылмай қалған балалардың саны өзіңізге белгілі. Бұл интернаттың жоқтығынан туып отырған жағдай.

Сәрсен. Бәрінің туыстары осы орталықта бар. Бір жылша соларда жатып оқи тұрады да.

Кеңес. Жатып оқып жүрген балалардың бәрі нашар оқиды үйлерінде оларды ешкім қадағаламайды. Жылқышы Хасеннің баласы екі жыл болды бір класта отыр.

Дауылбай. Тумай кеткір, тартқан екен ғой нәсіліне. Әкесі де Шұбар молдадан екі жыл оқып, әліпті таяқ деп білмей кетіп еді.

Кеңес (күліп). Әңгіме онда емес, ақсақал! Күнделікті қадағалап отырса, жақсы оқымайтын бала жоқ. Қала берді біздің мектептің бастамасы ауданға, әрі барса облысқа белгілі болып отыр. Енді бүгін ел-қауымға масқара болар жайымыз жоқ.

Сәрсен. Осы колхозға сенің менен жаның кем ашымайды. Тарихын жазып жүрсің, оныңа рахмет. Кейінгі он бес жылда азды-көпті еңбегіміз бар, оны өзің білесің. Енді не ақыл бересің, абырой айрандай төгілгелі тұр.

Кеңес. Колхозға сіңірген еңбегіңіздің ұшан-теңіз екені бар қауымға мәлім. Олай болса жұрт айта жүрегіндей тағы бір ерлік жасаңыз! (Сұңғатқа қарап көзін қысады.)

Сәрсен. Ол не сонда?

Кеңес. Сіздің қазіргі үйіңіз тағы бір екі жыл тұруға жарайды, солай емес пе!

Сәрсен. Жоқ, шырағым, мына сөзіңнің төркіні жаман екен.

Сұңғат. Сабыр етіңіз, тыңдайық, Сәке!

Кеңес. Қазір үй салғалы жатырсыз. Кесе барлық жабдығы дайын. Соны түгелдей мал қорасына беріңіз де, ендігі жылы колхоздың есебінен үй салып алыңыз!

Сәрсен (бәріне жәрдем тілегендей қарап.) Япыр-ай, шырағым-ай, мынауың қиянат қой барып тұрған.

Марфуға (Кеңеске ренжіп). Ты тоже советчик!

Сұңғат. Меніңше, Сәке, ойлану керек қой деймін.

Марфуға. Смотри, тағы қарсы шықты.

Сәрсен (ашулы). Ойланатын түгі жоқ. Көне алмаймын, өз еңбегімнің рахатын көретін уақыт жеткен шығар, балаларға үй салып берейін деп едім, ол да көрініпті ғой көздеріңе. Рақмет сыйлағандарыңа! (Ойланып отырып қалады.)

Дауылбай. Мен кіріспейін деп едім, шырақтарым! Бірақ обал болмасын. Сәрсенді мен жақсы көріп отырған жоқпын. Ал әділдігіне жүгінсе сендердікі қиянат. Осы колхоз құрылғалы отына күйіп, суығына тоңып келе жатқан адамның бірі осы Сәрсен. Құдай бақ берді, бастық болды, ол да өз алдына.

Сұңғат. Оны құдай берген жоқ, халықтың сенімі, адал еңбегінің нәтижесі.

Дауылбай. Шырағым, ауыз үйреніп кеткен соң айта саламыз, әйтпесе сол құдайыңнан жақсылық көрген мен де жоқ. Ал енді сендер балалыққа салмаңдар! «Кеңеспен пішкен тон келте болмайды» дейді халық. Алдымен ауыз бірлік керек. Жаңағы интернаттарың ба, ойын залдарың ба, бір жыл шыдаса, ештеңесі кетпейді... Шиеттей бала-шағасы бар... Үй салғаны орынды...

Сәрсен (күйініп). Фундаментін құйып қойды ғой ол қараң қалғырдың.

Кеңес. Фундаментті ешкім көшіріп алып кетпейді ғой, Сәке-ау! Ендігі жылы да соның үстіне салуға болады.

Марфуға (өкініп). Ай-ай-ай, қандай сен все таки, Кеңес бездушныйсың!

Сәрсен. Сені көмекші бола ма десем, кері тартатын болдың-ау, қарағым! Мен көнбей отырғанда, жеңгең жолатар ма? (Кеңеске.) Ертең кешке актив жиналысын шақырам, дегенмен көнерсің, мектеп те осы колхозға қарайды... Ойлан, байлауым осы... Мына Дәкең де айтып отыр, үлкенді сыйлайтын болсаңдар, ұғар құлаққа жеткілікті болды-ау деймін. Жиналысты бүгін шақырар ем, құдағилар келе жатыр дейді, қарбалас болмасын. (Дауылбайға.) Дәке, менімен жүріңіз, кеңседе шаруа бар, Марфуға шырағым, сау бол! (Кетеді. Қымбат шығады.)

Қымбат (Марфуғаға). Келінжан, шайыңды әкеле ғой, әлі тамақ ішкен жоқсыңдар! (Марфуға далаға шығып кетеді.)

Сұңғат (Кеңеске). Байқайсың ба, Марфуға бастықты мақтап отыр. Ойлан...

Кеңес. Марфуғаны өзім көндірем. (Аң-таң. Түсі үрейленген Марфуға кіреді, қолында кесе, шәйне Фатима шығады.)

Фатима. Келінжан, демдей ғой шайыңды.

Марфуға (күмілжіп). Самауырында су жоқ екен, мен шоқ салсам... (Фатиманың қолындағы кесе түсіп кетеді.)

Фатима (шошына, жайлап). Ағып кетіп пе?

Марфуға (бетін баса). Жоқ, еріп кетіпті...

(Ішкі үйге кетеді, бәрі бір-біріне қарап қалады.)

Қымбат. Алла-ай, қайырлы шығын ете гөр!

Шымылдық

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

ЕКІНШІ СУРЕТ

Просцениум

Музыка. Аздан соң сахнаның оң жағынан Айша мен Арыстан шығады. Арыстанның басындағы жеңіл қалпағы жоқ. Шашы дударланып кеткен, қолында чемодан.

Айша (кіре бере көрермендерге қарап). Жаным-ау, мыналар әлі отыр ғой, соңымыздан қалар емес тегі...

Арыстан (басы бұлғалақтап, чемоданның үстіне отыра кетеді). Бұларға ойын керек. Нет, друзья, сендер күлетін жай емес.

Айша (Арыстанға). Жарқыным-ау, үсті-басың не боп кеткен?

Арыстан. Ох, трагедия, мұндай жолда машина мінгеннен, өмір бойы жаяу жүрген артық қой. (Үстіндегі сатпақ-сатпақ киімдеріне көзі түсіп, көрермендерге мұңая қарап.) Не боп кеткенмін... Күлмеңдер, достар! Мықты болсаңдар алпыс шақырым бойы ойлы-қырлы жолда, орнында тұрмайтын май бөшкелермен алысып көріңдер... Ол үшін героический выдержка керек. (Айшаға.) Айнаң бар ма, жеңеше! (Айша айнасын ұсынады.) Кабинада отырған атыңыз болмаса, сіз де оңып тұрған жоқсыз.

Айша. Не дейді, бетім-ау, әкел бері айнаны.

Арыстан. Қазір. (Айнаға қарап.) Вот это да! Сахара сазамызды берген екен. (Айнаны Айшаға береді.)

Айша (айнаны алып қаранып). Е, көрмегенің көп екен, Айша, жалғыз қыздың арқасында тапқан дәулет бұл. Қайтейін-ау, қайтейін, қайсы бірін айтайын деген екен-ау біреу!

Арыстан (үсті-басын жөндеп жатып). Ұмытпасам, осы сөзді Некрасов айтқан болу керек.

Айша (кекетіп). Оқыған сен білмесең біз әйтеуір бір қазақ айтты деп жүре береміз. Красиновың қазақша біледі екен ғой онда.

Бет-аузын сүртіп, қағынады. Шәріп шығады.

Арыстан (Шәріпті байқамай). Красинов емес, Некрасов деген орыс ақыны болған, революциядан екі жыл бұрын өлді, марқұм.

Шәріп (күліп). Революциядан екі жыл бұрын дейсіз бе?

Арыстан (сөзді басқа жаққа аударып). Сен, жігіт, «шляпам ұшып кетті» деп айқай салғанда тоқтамадың, төлейсің енді.

Шәріп. Айып менен, естімедім. Бас болса, қалпақ табылар! Ал жүрейі анау көрінген Сұңғаттың үйі, өздері де шығып келе жатыр екен.

Айша. Сабыр ет, шырағым, аздап адам қалпына келіп алайық. (Үсті-басын жөндей береді.)

Арыстан (Шәріпке). Мұнда киім тазалайтын химчистка бар ма?

Шәріп. Жоқ...

Арыстан. Май бөшкелерің қатырды, енді қайттым, монша бар ма?

Шәріп. Ол бар.

Арыстан. Слава богу. To есть, құдайға шүкір, парикмахерский ше?

Шәріп. Келер жылы ұйымдастырмақ ойымыз бар!

Арыстан. Оны күтсек маймыл болып кетеміз ғой, туысқан-ау!

Шәріп (кекетіп). Сіз қазір де... то есть, бізде әзір маймыл болып жүрген адам жоқ.

Арыстан. Достым, тілің өзі шатақтау ма деймін.

Шәріп (қысылып). Жай сөз ғой.

Арыстан. Ең аз дегенде үш миллион шаң микробын жұтқан шығармын. Ауырып қалмасам жарар еді.

Айша. Бензиннің исі ме, менің де басым ауырып барады.

Арыстан. Бензин деген чепуха, екі рет пенициллинмен укол салса кетеді, ал микробтың аты микроб, одан құдай түгіл, алланың өзі де сақтамайды.

Шәріп (кекетіп). Дұрыс айтасыз, екеуіне де киын. Дегенмен емделіп бағасыз да. Ал енді жүрейік. (Бәрі кетеді.)

Шымылдық ашылады. Сұңғаттың үйінің верандасы. Алыстан көл көрінеді. Сахнада ешкім жоқ. Аздан соң бір сетка помидор, капуста алып, ентіге басып Дауылбай кіреді. Ешкім көрінбеген соң айқайлап:

Дауылбай. Уа, қайсың барсың? (Қымбат шығады.)

Қымбат. Тау қопарып келгендей не у-шу!

Дауылбай. Жеңеше-ау, бұдан артық өл деймісің.

Қымбат. Не боп қалды сондай-ақ!

Дауылбай. Завсклад қуды табаны күректей бір сағат күттім. Кешегі жиналған помидорлар мен капусталарды қалаға жіберіп қойыпты. Құдағи келе жатқанда і иі і ала ма? Содан әлгі екі өкпемді қолыма алып, егіс басына барып жеткенім ғой осы.

Қымбат (капуста мен помидорды нұсқап). Осы құрғырды шөп-шалам деуші еді келін келгелі үйдің басты тамағына айналып барады.

Дауылбай. Бүлк етпе, женеше, келіннің қадамы құтты болады. Үйтілген тауықтай пештің түбінде жатушы едің, енді мынау болский керуеттің үстінде шіренесің. Жұрттың бәрі сенің үйіңнен үлгі алады. Байқайсың ба, келін келгенде, «шашы аспанға қарай өскен екен» деп күлген ыржақайлардың аузына құм құйыла бастады. Орысшаға судай келін кімде бар.

Қымбат. Шүкір құдайға, халық аузына қақпақ қойып бола ма, көре алмаған жұрт ие демейді. Бірақ әлі сенбеймін...

Дауылбай. Тағы не боп қалды?

Қымбат (сыбырлай). Әлгі бүлік Патшайым бар емес пе? Сол бүгін баласын жердің басынан қалаға ертіп кетіпті. Содан капуста жинауға барған балалар бет-бетіне қашыпты. Бағана соған бұлқан-талқан болып келді. Өзі тік аяқтау өскен бала емес пе, әлі жерсінбей жүр-ау.

Дауылбай. Ол саудагер неменің әлдеқашан әкесін таныту керек еді. Өтірік-өсекті қаулатады да жүреді.

Қымбат. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ.

Кетеді. Дауылбай сыртқы киімін шешіп іліп жатады.

Фатима шығады.

Фатима. Немене, дүрліктіріп жатқаның?

Дауылбай. Па-па, біздің құрдас құлпырып кетіпті ғой!

Фатима (әзілдеп). Құрдас болмай жерге кір, мен жесір қалғалы қашан, ат ізін салуға да жарамадың.

Дауылбай. Ойбай, соққан-ау, айтпайсың, ба кезінде.

Фатима. Әмеңгерім осы деп, құрықты саған салайын деп едім, бірақ сен жігерсіздің тұра қашатыныңды білемін ғой!

Дауылбай. Кім біледі, қашпағанда болар едім.

Фатима. Нәзираны қайтесің?

Дауылбай. Оның да жөн екен-ау! Ол қағып кеткен мені тірідей үйітеді ғой.

Фатима. Айттым ғой сенде жүрек бар ма? Нәзира одырая бір қараса, жылан арбаған торғайдай бүрісесің де қаласың.

Дауылбай. Әй, сауатың жоқ-ау, Фатима, тең праволы болған соң, сөйтпей қайтеді. Бірақ кейде тыныш отыр деп жекитінім бар.

Фатима (кекетіп). Япыр-ай, өзің де жүрек жұтқан екенсің!

Дауылбай. Сөйтпесе болмайды өзі...

Қымбат шығады.

Фатима (Қымбатқа). Бәрі дайын. Қеңестің үйінің самаурынын алдырдым. Алдымен шай мен қуырдақ береміз, етті кейініректе дайындасақ болады.

Қымбат. Дұрыс-ақ.

Фатима. Осы құдайдың күнінің ыстығында арақ, шарап ішпес, қымыз жөн болар.

Қымбат. Кім біледі, әйтеуір, бәрі дайын болсын да.

Дауылбай. Фатима, сауатың жоқ десем болмайсың, арақ ауа райына қарап ешуақытта да ішілген емес.

Фатима. О, құлқыныңа құрт түскір, өзіңді ойлап тұр екенсің ғой.

Дауылбай. Қорықпай-ақ қой, серік табылар, айтпақшы, домбыра алдыңдар ма?

Фатима. Домбыра тартатын кім бар? Саған оқтау да жарайды.

Қымбат. Әулеттегі сақалдыдан үлкені сен, шоқ басқан тауықтай шошаңдамай, былай бас-көз бола отыр. Көп сөйлеп кететінің бар, ол жағына да сақ бол.

Дауылбай. Жарайды, жеңеше. Шынында да балаларды күлдіру үшін, әйтпесе...

Фатима. Анадағыдай асыра сілтеу болмасын, бір жұтым арақ қалмасыныңа бассаң, әбден масқара болғаның.

Дауылбай. Қойшы әрі, жынды дейсің бе, оны айтып. (Кетеді.)

Қымбат (Фатимаға). Балта-пышақ, тегеш апарып бер анаған.

(Кетеді)

Фатима. Қазір... (Ас үй жақтан Қымбат айтқан заттарды алып өтеді. Аздан соң қайта оралып.) Жеңеше, тез шық, келіп қалды. (Қымбат шығады.)

Қымбат. Иә, жаратқан, құтты қадам ете гөр.

Фатима екеуі шығады. Аздан соң Айша, Арыстан, Сұңғат, Марфуға,

Кеңес, Шәріптер кіреді. Шәріп заттарды алып ішкі үйге кетеді.

Фатима (қонақтарға). Ал ішке кіріңіздер. (Шәріп ішкі үйден орындықтар алып шығады.)

Айша (айнала сынап қарап). Қоныстарыңыз құтты болсын, құдағи.

Қымбат. Айтқаның келсін шырағым. Ат-көлік аман жеттіңіздер. Құданың, ол жақтағы ағайындардың дендері сау ма?

Айша. Бәрі сәлем айтып жатыр.

Қымбат. Саламат болсын.

Арыстан (бір дорба алманы Марфуғаға ұсынып). Маро, мынау біздің үйден бес кило алма, бес тонна сәлемі және бар. (Шолан жақтан екі білегі түрулі Дауылбай шығады.)

Дауылбай. О, құдағи келіп қалыпты ғой. (Қолдасып амандасады.) Қалай, аман-сау жеттіңіздер ме? Құда пақуат па?

Айша. Шүкір. Сәлем айтып жатыр.

Сұңғат (Айшаға). Бауыздау құдаңыз Дауылбай ақсақал осы кісі.

Арыстан (шошынып). Как так бауыздау! Не айтып тұрсың сен?

Сұңғат. Оны кейін түсінесің.

Айша. Онда өкпемді, құда өзіңе айтармын. Балалар жөн-жоба білмесін дейі сізге не болған? Өліп-талып зорға жетті тым болмаса бірің шықсаңдар нетті алдымыздан!

Қымбат. Айыптымыз құдағи.

Фатима (Қымбатты етегінен тартып). Үйге келгенде үйдей өкпеңді айтпа деген, құдағи, соған мұрша болып жатыр ма?

Айша (шап ете қалып). Сіз кім едіңіз?

Фатима. Туыс болғанның бірі едік.

Дауылбай (Фатимаға сөйлеме дегендей ишарат білдірді). Жоқ, құдағидың айтып отырғаны орынды. Осы кезде мына жұмыс дегеннің қауырт кезі, содан шыға алмай, өзі, мына балалар да баяғы... Енді айып бізден, бірақ бауыр тартып келген екенсіз, өкпені әзірше қоя тұрсақ құдағи. Ал енді ішке кіріңіздер, шешініп, былай жайғасып дегендей. (Қымбат бастап ішке қарай беттеді.)

Айша (орнынан тұра беріп). Мемлекет жұмысына біздің келуіміз кедергі болған екен ғой... (Кете береді.)

Дауылбай. Ойбай, атай көрмеңіз, сіздің әншейін... (Қымбат, Айша, Марфуға, Сұңғат ішке кіреді. Фатима қазандыққа кетеді).

Сұңғат (Дауылбайға). Құдағиыңыз жағадан ала келді ғой.

Дауылбай. Тырп етпе, шырағым. Бәрі орынды деп бас изеуден басқаны қою керек. Шынында да станцияға ешқайсымыздың бармағанымыз әнтек болды. (Көйлекшең Арыстан шығады.)

Арыстан (Сұңғатқа). Но друзья, зорға жеттік қой!

Сұңғат. Ие, астанаңда не жаңалық бар? Өз тіршілігің қалай?

Арыстан. Өткен жазда Аргентинский ансамбль «Танго» келіп қайтты. Просто класс. Үш күн подряд бардым.

Сұңғат (кекетіп). Мынауың бір орынды жұмыс болған екен.

Дауылбай (бас-аяғына қарап). Не қызмет істейсің, шырағым?

Арыстан (күмілжіп). Қызмет дейсіз бе, әзір демалыстамын.

Сұңғат. Оқу не болды?

Арыстан. Биыл университетке түспек ой бар. Сол прямой өздеріңмен ақылдасып, көмек сұрап келдім. Кейін айтам.

Дауылбай. И-ә, әлі оқитын бала екенсің ғой. (Дауылбай шолан жаққа кетеді.)

Шәріп. Сонда бірінші курсынан түсесіз бе?

Арыстан. Иә, отыз жетіге келгенше ала береді. (Шәріпті нұсқап.) Мына жігітің маған шляпа должен.

Сұңғат (мысқылдап). Шляпа біздің колхозда табылмас. Бәрі қызмет істейді.

Арыстан. Опять сен баяғыңа бастың ба? (Ренжіп.) Сағынып келгенде сыйлау деген болмай ма?

Шәріп. Ренжімеңіз, ағасы, тауып берем дедім ғой.

Сұңғат (арқасынан қағып). Әзіл ғой (Шәріпке). Барып, Сәрсен ағаға келсін деші. (Шәріп кетеді. Сыр тартып.) Айша апайдың настроениесі қалай?

Арыстан. Бүгін бе, ертең бе, ол кісі құпия кеңесті бастайтын шығар. Мәселе о местожительстве Марфуға. Келу мақсаты да сол.

Сұңғат (ойланып). Не, ол белгілі жай. Өзің қай жағында боласың?

Арыстан. Мен баяғы нейтралитет.

Сұңғат. Солай де, әрине, бәрі біздің Мароға байланысты. Өзі шешеді.

Арыстан. Бұл енді... конечно өзі білесің. Алматы дегенде, это же город...

Сұңғат. Оны сенсіз де білем.

Арыстан. Мен айтам, бұл жерде скука деймін.

Сұңғат. Бездельниктерге, сөз жоқ, скука, ал жұмыс адамына қызық көп. Клуб бар, кино бар. Қой, бұл үгітің бізге дарымайды, онан да жуын, шайға отырайық.

Қолынан жетектеп сыртқа алып кете береді. Фатима, оған қарсы Дауылбай шығады.

Дауылбай. Жолбарысым-ай, айқаса түсе жаздадың-ау!

Фатима. Ой, су жүрек. Монтаңдап алдына түсе жөнелгенің не ей, жынымды келтіріп?

Дауылбай. Сый қонақпен сыпайы болған жөн. Асылы әйел сөйлегенде ығына есе бермесең, дүниенің қараң қалғаны. Бәрін дайындап қойдым, қазанға сала берсе де болады.

Фатима. Жоқ-ау, шіренеді келіп, қайбір маған бауыры елжіреп отыр.

Дауылбай. Қой деймін, көк соққан, келін ренжіп жүрер.

Фатима. Ешкімнен алты аласым, бес бересім жоқ. Сөйлесем сендердің, Айдарлымның абыройы үшін сөйлеймін.

Дауылбай. Қырып-жойып бара жатса, көмекке шақырамыз, шыдай тұршы әзір, ел-жұрттан ұят-ты.

Фатима. Басынбасын, аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ. Бар, бір шелек су әкеліп бер. (Кете береді.)

Дауылбай. Мұнда ма, иман жоқ. (Сүлгі алып Кеңес шығады.) Қазандық жаққа су керек дей ме, әлгі Фатима. Жаңағы балалар қайда екен?

Кеңес. Шелек қайда, мен-ақ ала келейін. (Дауылбай шоланнан шелек алып береді. Кеңес алып кетеді.)

Дауылбай (сүйсініп). Көп жаса, мың бол, шырағым. Япыр-ай, осы баланың мінезі-ай!

Кетеді. Жеңіл киіммен Айша шығады, қасында Марфуға бар.

Айша. Әлгі жуынатын жерлерің қайда?

Марфуға (шолан жаққа қарай). Осында, или көлге барып жуынуға да болады.

Айша. Көліңе барар халім жоқ. (Марфуғаға). Ақ борықтай бала едің, мына қалпыңмен үш-төрт жылда негр болып шығарсың. (Кеңес кіреді.)

Кеңес (күліп). Өмір бойы осында тұрған адамдардың бірде-бірінен негр шықпапты, құдағи, соған қарағанда Марфуғадан да негр шыға қоймас. Солай ма, Марфуға.

Марфуға (шешесін аймалай). Конечно. Мамам всегда қараны ұнатпайды. Ал мен наоборот...

Айша (Кеңеске қарап, Марфуғаға). Былтыр сендерден барған бала осы емес пе?

Кеңес. Танымай қалғаныңызды аңғардым, сол мен болам.

Айша. Бәсе, Марфуғаны қорғай сөйлегеніңнен-ақ сезіп отырмын.

Марфуға (шешесіне еркелеп). Ох, мама, сондай сағындым, папам неге келмеді.

Айша. Жұмыстан қолы тиген бе оның.

Кеңес (сөзді бұрып). Марфуға колхоздың таңдаулы адамдарының бірі болды.

Марфуға. Не совсем.

Айша (Марфуғаға). Білем, білем. Реңіңнен-ақ байқап отырмын. (Дауылбай кіреді.)

Дауылбай. Уа, құдағи, ата мекеніміз осы. Колхоз құрылған соң, екі жылдан кейін Сұңғат келді дүниеге. Енді міне колхоздың ортан қолдай басшысының бірі болып отыр. Шүкір, әйтеуір, Марфуғажан да осы үйдің ырысына келді. Қадамы құтты болды. Тіршілікте одан артық не кере құдағи. Әлі есімде, колхоз бастық кезім...

Айша. Қазір де бастықсыз ба?

Дауылбай (күмілжіп). Жоқ, қазір басқа шаруаны басқарам. (Сөзді бұрып.) Ие, айтайын дегенім-ау! Соғыс кезі болатын. Ауданда бір бюро болып содан келе жатырмын. Алдым түн, астымда жүйрік көк арғымағым бар, күн қақаған суық. Ол кезде қасқыр көп болатын, бағана бір төбенің тұсынан өткен шығарсыздар, содан сол тұсқа түн ортасы ауа жеткен екенмін. Қолымда сегіз өрім бұзау тіс, тобылғы сапты қамшы. Басқа қару дегеннен ештеңе жоқ. Тымақ бауын шешіп, құлақ тігіп келем, қапталдай ұлып келе жатқан қасқыр да бір кезде алдымнан орағытып асып барды да, жолдың ортасына отыра қалды. Тебініп сол қамшыны оңтайлап жақындай бердім.

Осы кезде Фатима шығады.

Фатима. Сол жақындаған жеріңде тұра ғой. Ал, құдағи, қол жуып, ішке кірсеңіздер, шай дайын. (Дауылбайға.) Сен қасқырыңды ертең соғарсың.

Дауылбай (қызараңдап, ұялып). Бұл енді өстеді, байы құрдас еді менімен... (Айша, Марфуға қол жууға кетеді Фатимаға.) Сен оңбайсың, кісінің аптарихасын түсіріп...

Фатима. Қиналмай-ақ қой, сол қасқырыңды бұлар кеткенше он шақты рет айтарсың... (Арыстан, Сұңғат кіреді.) Ал, ішке кіріңдер. (Айша, Арыстан, Кеңес, Фатима бәрі ішке кіреді.)

Дауылбай (Сұңғатқа жәйімен). Құдағидың жүрісі суыт көрінеді, ешнәрсе сездің бе?

Сұңғат (мұңайып). Сезгені сол — Марфуғаны алып кетуге келіпті.

Дауылбай. Бәсе, ойда жоқта келуін жақсылыққа жорымап едім. (Сәрсен кіреді.)

Сұңғат. Сәке, кешіктіңіз ғой...

Сәрсен. Қызмет бабы, шырағым, қызмет бабы. (Дауылбайға.) Дәке, құдағиыңыз келіп, мәре-сәре болып жатырсыздар ма?

Дауылбай. Шүкір әйтеуір (басын қасып ойлана). Сәрсен шырағым, қораның дауы өз алдына, ел ағасы деген атың бар, сенен жасырар сыр жоқ.

Сәрсен (Сұңғатқа). О немене, сондай-ақ?

Сұңғат (мұңайып). Дәкең айтсын.

Дауылбай. Марфуға келініңіз кетіп қалар қаупі бар. Шешесі сол үшін келіпті.

Сәрсен (шошынып). Не дейді, жаным-ау! Сәрсен ағаштан адам жасай алмай жүрсе, жоқ, болмас. Құдағидың ол әзіліне көне қоймаспыз. Колхоздың әр мүшесіне мен жауаптымын.

Сұңғат. Бұған дипломатия керек.

Сәрсен (сынай қарап). Сен жігіттің де мінезің ұнамай жүр. (Әзілге шаптырып.) Қайтсем екен, ә! Марфуғаға «жолың болсын» десем ғой, халің не болар екен, бала.

Сұңғат (күліп). Ерік өзіңде, Сәке!

Дауылбай (Сәрсенге). Әзілді қойыңдар, азаматтар.

Сәрсен (ойлана). Былай болсын, құдағидың өзі бастамай, түк білмеген адамша жүре беріңдер. Бастаған кезде, сайысқа өзім түсем. (Сұңғатқа.) Ал сен қора жәйін Кеңеске ұғындыра бер...

Сұңғат (күмілжіп). Сәке, ұғындырғанда өзі...

Іштен Фатима шығып бөліп кетеді.

Фатима. Ay, ағайындар, ішке кіріңдер. (Дауылбайға.) Сенің-ақ сөзің таусылмайды. Сабыныңды езесің де тұрасың.

Дауылбай. Сен құдай соққан, өлсең де Дауылбайдың кесірінен өлдім дейтін шығарсың.

Фатима. Тәйт әрі, сенің кесіріңнен малдан басқа не өлуші еді.

Сәрсен (ішке беттей беріп). Опыр-ай, жеңгей бір шалып өтті-ау! (Сұңғат, Сәрсен ішке кіреді.)

Дауылбай (Фатимаға). Сен бе сен, бастықтың көзінше.

Фатима. Болды, болды, салғыласпа!

Итермелеп ішке алып кетеді. Сырттан қол жуған Айша келе жатады,

Марфуға ішке кіріп кетеді.

Айша (өзіне-өзі). Е-е, байқадым. Баламның назары төмен, Арыстанның айтқаны рас болды. (Ішке кете береді.)

Шымылдық.

ҮШІНШІ СУРЕТ

Колхоз кеңсесі. Кеңсенің төрінде Сәрсен қайта-қайта телефон соғып,

ауданды ала алмай отыр. Аздан сон. Дауылбай кіреді.

Сәрсен (орнынан тұрып, қолын алады). Төрлетіңіз, Дәке! (Сәрсен аса биязы үнмен.) Қалай, үй іштеріңіз аман, бәйбішеңіз қуатты ма?

Дауылбай. Шүкір әйтеуір, шырағым! Ал, енді саған ел ағасы деп келіп отырмын. Қораның дауы өз алдына, әлгі Марфуға жайын айтып едім ғой, соған енді былай...

Сәрсен. Ол жағынан қам жемеңіз. Несін жасырайын, кеше жастарға айтқан сөзіңіз төбемді көкке тигізді. Келініңізге «Дәкең сүйдеді» деп айтып бардым, ол да риза, мәз болып жатыр. Кеше құдағилар біздің үйде болды. Құдағиымыз келісті адам екен. Марфуға жөнінде әзір сөз болмады... Сонда қораның дауы тағы қозғалып. Ол кісі маған жақтасып, Сұңғатқа біраз ақыл айтты. Сұңғат та көніп қалды-ау деймін.

Дауылбай. Көнбей енді қайда барушы еді...

Сәрсен. Қазір актив жиналысы болады. Сонда сөйлеп шығыңыз. Мені сіз жақтамағанда кім жақтайды. Жастардың жетегіне кете беретін жайым жоқ. Әттең, құдағи колхозға мүше емес. Әйтпесе шақырар едім, Марфуғамен қосылып сөйлеп берсе, көрер едім аналардың күшін, Марфуға болса, мен жағында. Жаңа шақырттым, келеді.

Дауылбай (маңғазданып). Мен сөйлеуге дайындалған жоқ едім. Сөйтсе де бір нәрсе дермін, интернат керек деген олардың сөзі де миға қонады. Ал, енді мына...

Сәрсен. Ойбай, атай көрмеңіз. «Бір жыл шыдасаңдар, ешнәрсе етпес» деген өзіңіз ғой. Мұндай мәселеде принципиальный болған жөн.

Дауылбай. Принципиальді болғанда өзі... «Су жүйесін, сөз иесін табады» дегендей, олар да қарысып отырып алса қиын ғой.

Сәрсен. Дәке-ау, сіз де екі сөйлейді екенсіз ғой.

Дауылбай (лепіріп). Жоқ, мен өлсем де сол айтқанымнан қайтпаймын. Маған сиыр қора керек пе? Керек! Оны енді сенің үйіде арнаған кесектен салу ретсіз болар. (Телефон сылдырлайды. Сәрсен трубканы алады. Дауылбай блокнотын алып, бір нәрселер жазып отырады.)

Сәрсен. Аллоу! Алло! Бұл қайдан, ие «Айнакөл» колхозы. Мен тыңдап отырмын. Ә, Жәке, сіз бе, халыңыз жақсы ма? Мен де звондап, ала алмай отыр ем. Үй іші, бала-шаға аман ба? Шүкір... Ауданыңызда не жаңалық бар... А, ие, ие... как раз сол мәселені бүгін актив жиналысында қарағалы жатырмыз. Аудан бойынша біздің жалпы көрсеткішіміз жаман емес, сол мал қора жағы қинап тұр. Ол былай, осында оқушылар біраз кесек құйған. Интернат саламыз деп, соны қарызға алғалы отырмын. Әлбетте жастар қарсыласатын түрі бар. Ал енді сіздер мені поддержать етсеңіздер болды ғой... Ие, ие... Біріншінің де құлағына салып қойыңыз. Бәрі оқыған, білгір жастар емес пе, жаяу көкпарға салып тұрып алады. Біздің сиыршы Дәкеңді білесіз ғой, бұл жағына сол кісі қайрат көрсетіп жүр. Ол кісің бе, Дәкеңді айтасыз ба? (Дауылбайға көзін қысып қойып.) Ие, ол кісінің көрсеткіші жақсы. Биыл ұсынамыз. (Дауылбай иығын қомдап мақтанып қояды.) Өзім хабарлаймын, бүгін шешеміз. Қайыр, сау болыңыз! (Дауылбайға.) Райкомнан ғой, сізді сұрап жатыр. Қысқа дайындық жайлы сұрады да баяғы. (Мән беріп.) Сізді биыл ішіңіз білсін...

Дауылбай. Е, солай десеңізші, ал енді мен аздап сөйлеуге дайындалып келейін.

Кетеді. Осы кезде Сұңғат пен Кеңес кіреді.

Сәрсен. Жақсы келдіңіздер. Өзара келісіп алайық. Ең алдымен, жастар, мен сендерге өкпелімін. Жиналыс болса-ақ Сәкен солай, Сәкен былай деп бедел түсіретіндерің бар. Бүгін содан сақ болыңдар. «Сәке» дегендерің құрысын, әбден иығыма мініп алдыңдар.

Кеңес. Сәке, алдын ала бет қайтарудың шабуылы ма бұл?

Сәрсен. Жоқ, жалпы ескертіп жатырмын.

Сұңғат. Бұдан екі ай бұрын бюрода уәде бердіңіз, мен сол кезде ескерттім сізге, тыңдамадыңыз.

Сәрсен. Шырағым, сендермен тіл табармын деген үміт сол кезде де болған.

Кеңес. Сонда адам тағдырынан мал тағдыры қымбат болғаны ма?

Сәрсен. Айналайын Кеңес, мені мұндай иіріміңе салма. Әрине, бізде адам қымбат. Бірлі-жарым бала бір жылша оқымаса, ешнәрсе ойсырай қоймас, өзіміз де жиырмаға тақағанда сауат ашқанбыз. Ал мал қырылса, мына сорлы ағаң сөгіспен аман қалса арман жоқ, билеттен айрылу, бастан айрылғанмен тең. Партияның қадірін қайдан білейін деп едіңдер, жассыңдар ғой әлі.

Кеңес. Партияның қадірін білсеңіз, алдамаңыз, орындаңыз уәдеңізді.

Сәрсен. Оқыған қуларға дауа жоқ деген рас екен-ау! Көрдің бе ұстаған жерін. Партия бізге әке, шырағым, оның алдында аздап еркелейміз, орындалмай қалатын уәде жоқ, әңгіме уақытында ғана.

Сұңғат. Партияны әке деп ұқсаңыз, мен сол партийный осында жіберген өкілімін, сондықтан мені тыңдаңыз.

Сәрсен. Жаным-ау, немене, мені Особиахим жіберді деп отырсың ба? Мені де партия қойған осы орынға. Сен де менімен бірдей жауап бересің колхозға, сен де тыңда мені. Менің ойлап отырғаным осы колхоздың қамы, мемлекет қамы. Қара басымның қамы емес. (Дауылбай кіреді.) Міне, Дәкең келді. Бір қора сиырға осы кісі жауап береді. сөйлесіп көріңдер тағы да.

Дауылбай (қалтасынан блокнотын алып). Қазір, енді мен айтайын, құлақ түріңдер. (Қағазын ақтарып, ерекше позада.) «Жолдастар! Малың күйлі болса, бақташың сыйлы болады, малың арық болса, көргенің тамұқ болады». Бұл менің өзімнің сөздерім, осылай бастаймын.

Сұңғат (сағатына қарап). Аға, қысқарақ.

Сәрсен. Сөзін бөлме. (Айта бер дегендей басын илейді.)

Дауылбай. Қысқа болғанда былай еді, жолдастар! Кеше де айттым сендерге. Өмірімде бірде-бір малшының «Қорамыз артық салынып масқара болып жатырмыз» деген сөзін де, газетке жазған мақаласын да оқыған жоқпын. Ондайды оқысаңдар, сендер айтыңдар. Бұл бір деңіз. Сақылдаған сары аязда қазы, қартаға тойып, бұйырған арағыңды сіміріп, бір түн далада отыршы, бәрібір қатып өлесің. Шөбі мол болғанымен, қорасы жоқ мал да сол сияқты. Мұны екі деңіз. Былтыр Қатира қасқа іш тастап кетті. Қатира деп сауатын қасқа сиырды айтам. Сонда ол жүрегіне жүгері жақтағандықтан болған жоқ, суықтан болды. Мұны үш деңіз. Қой фермаларына қамқорлықтарың аз емес. Сонда сиырдың еті мен майы арам ба? Біздің қатынның қой фермасына ауысайық деп жүргені тегін емес, ол бір нәрсені сезеді.

Кеңес. Ақсақал, ұзаққа сілтедіңіз ғой.

Сәрсен. Бөлме деймін, Кеңес!

Дауылбай. Сөз берген екенсіздер, тыңдаңдар!

Сұңғат. Айта беріңіз.

Дауылбай. Жиналыста да осыны қайталаймын. Ие, сонымен қай жерге тоқтап едім...

Кеңес. Қой фермасына...

Дауылбай. Ие, сол қой фермасына біздің қатын барайық деді. Әрине, мен өмірі қатынның айтқанын істемеймін. Біраз тыңдамай жүремін. Бірақ үш-төрт күннен кейін көніп қалатын науқасым және бар. Мұны төрт деңіз.

Сұңғат. Аға, енді ол жағын...

Дауылбай. Сөзімді бөлмеңдер, сен парторг болғанда көрген пайдам не? Өткен жылы бір сиыр арам өлді деп сөгіс бергіздің. Ажалы жетсе, адам да еледі. Ал, енді биыл айтқанымды орындамасаңдар, райкомнан бәріңе бір-бір сөгіс алып берем. Бұл өзі нешінші болды.

Кеңес. Бесінші.

Дауылбай. Былтыр лай көлге қыстаған сиырлардың көктемде басына мені қойдыңыздар. Жайылымға шыққанда «Қызылтаңның» сиыршысы Жамансарының Шілдебайымен кездесіп жүрдім. Алдындағы сиырлардың түгін тартсаң майы шығады. Бәрі курортқа барып келгендей. Ал менің сиырым ше, шетінен пері соғып кеткендей, үдірейген құйымшақтарына бір шелек су сияды. Шүкір, биыл бәрі қонды. Енді қора салыңдар, ескі қора іске аспайды деп зарлағаным қашан. Мұны алты деңіздер.

Сәрсен. Міне, сөздің тазасы.

Дауылбай. «Табанкөлге» Шағыр бағатын сиырларға қора салдыңдар, рақмет, оның халі жақсы. Ал, мен баққан сиырларды жаратып, бәйгеге қосқалы жүрсіңдер ме? Бұл жеті деңіз. (Блокнотын ақтарып.) Алты метр кездеме, екі қадақ шәй. Ә, бұл қатынның тапсырмасы екен ғой...

Сұңғат. Болдыңыз ба, аға?

Дауылбай. Жоқ әлі, тыңдаңдар... Сонда менің айтайын дегенім не? Қорытындым, сиыр қора керек. (Блокнотын жабады.)

Кеңес. Ол белгілі ғой. Сіздіңше, осы уақытқа дейін болмауына кім жауапты?

Дауылбай. Оны өздерің айтыңдар. Менің білетінім, әйтеуір, сиырлар жауапты емес.

Сәрсен. Дәке-ау, сонымен пікіріңізді айтыңыз?

Дауылбай. Манадан бері айтқаным пікір емес пе? Ә, әңгіме, не, жолдастар! Енді не жасау керек деген сұрақ туады ғой. Ол мынау: мектептің жанындағы жиналған кесекті фермаға жеткізу керек те, қораға кірісу керек. («Уһ» деп отыра беріп Сәрсенге.) Папиросыңды әкел... (Сәрсен темекісі мен шырпысын ұсынады.)

Сәрсен. Міне ақыл, ендігі жылы сендердің де істерің орнына келеді.

Кеңес. Мұндай ақылға біз көне алмаспыз, ақсақал.

Дауылбай. Мейілдерің, жігіттер, ескі қорамен сиырларды қырып аламыз, сосын Дауылбайға сөгіс бермек түгіл түрмеге салсаңдар да орны толмайды. Менің білетінім осы.

Сұңғат. Сол кешегі Кеңес айтқан вариант болуы керек.

Марфуға кіреді.

Марфуға. Опять дауласып жатырсыңдар ма? Клубта жұрт күтіп отыр ғой.

Сәрсен (Марфуғадан көмек тілегендей). Қазір, Марфуғажан, жақсы келдің, мыналар мені сол баяғы.

Марфуға. Вот жиналысқа барамыз, мен бәріне қарсы сөйлеймін. Интернат потом.

Кеңес. Марфуға, саған не болған?

Марфуға. Как не болған, приличный үй салуға қарсы боласыңдар ма? Интернатқа пока бір класты босату керек и все.

Сәрсен. О, ақылыңнан айналайын. Осы өзіңді биыл басқарма мүшесіне сайлатпасам ба бәлем.

Кеңес. Марфуға, сен килікпей тұра тұршы.

Марфуға. А что, мен коллективке мүше емеспін бе?

Сәрсен. Шырағым Кеңес, келісіп алайық. Мектеп колхоздікі, о жағын да ескер. Ішіп отырғанымыз бір келдің суы, илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы.

Кеңес. Мен айтқанымнан қайтпаймын. Сынық кірпіш бермеймін. Интернат кере басқа айтарым жоқ.

Дауылбай. Мен де айтқанымнан қайтпаймын. Маған сиыр қора керек. Ол биыл болмайды екен, өздерің ие болыңдар деймін де, қатын айтқандай, қой фермасына кетем. Немесе жұмысқа шықпай жатып алам.

Кеңес. Жүріңдер, жұрт күтіп қалды, қалған дау сонда болсын. Кім дұрыс, кім бұрыс, көрерміз.

Сәрсен. Шырағым, босқа тіреспе. Мен бар өмірімді осы колхозға берген адаммын. Екі қабырғамды Отан үшін майдан даласында жоғалттым. Әуелі мендей Отанға еңбек сіңіріңдер, сосын жағаласа жатарсыңдар.

Сұңғат. Бұл сезіңіз әбден орынды. Отан үшін берген екі қабырғаңыздан алпыс мың кесек қымбат емес шығар. Жүріңдер, кеттік клубқа.

Дауылбай (серпіліп орнынан тұра беріп). Ойпырым-ай, мына жастар іштен шалмаса нетті... (Басын шайқап.) Су жүйесін, сөз иесін...

Бәрі сыпырылып шыға береді. Сәрсен қабырғасын ұстап, айналып тұрып қалады.

Сәрсен. Мына бала не деп кетті? (Жайымен қайталап.) Отан үшін берген екі қабырғаңыздан алпыс мың кесек қымбат емес...

Басын ұстап отыра кетеді.

Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

ТӨРТІНШІ СУРЕТ

Сұңғаттың үйінің алғашқы көріністегі бөлмесі. Сахнада Айша мен Марфуға.

Айша ұзақ сөйлеген тәрізді. Тоқтап қалады.

Айша. Менің айтарым осы. Шеше деп тыңдайтын болсаң, осы жолы еріп жүресің.

Марфуға (күмілжіп). Мама, мен тыңдаймын, ойланамын тағы да.

Айша. Не ойланатының бар? Әлі де өмір бойы осында болғың келе ме?

Марфуға (біраз үнсіз). Ну, ал кетейін... Сұңғат бармайды... Мен оны люблю...

Айша. О, любовьта басың қалғыр, миың әбден ашыған-ау, балам.

Арыстан шығады.

Арыстан. Құпия кеңес бітпеген бе әлі, табысты болуына тілектеспін. (Кете береді.)

Айша. Тоқтай тұршы, шырағым. Сенің ақылың бар ғой, түсіндірші мына милау қызға.

Арыстан. Келгелі сіз түсіндіре алмағанда, менің бір айтқаныма көне қояр ма екен.

Марфуға (серпіліп). Знаешь, Арыстан. (Біраз ойланып.) Сен кіріспе, өзім білем.

Арыстан (Айшаға). Көрдіңіз бе, бірінші удардан нокаут түстім. «Семья мәселесі — үлкен проблема» деген едім бір кезде, сол анық болып шықты.

Айша. Шырағым-ай, сен де бір түсініксіз жансың-ау!

Арыстан. Дұрыс айтасыз, жеңеше, адам деген сложная машина. Мысалы, Марфуғаны осындай жағдайға көнеді деп кім ойлаған!

Айша. Оның рас.

Арыстан. Әрине, әңгіме махаббатта. «Махаббат деген өсімді қалада да, далада да өсе береді» деп Менделеев деген оқымысты айтқан екен.

Марфуға (күліп). Ол химик қой...

Арыстан. Химикте жүрек жоқ дейсің бе?..

Айша (ашынып). «Марожан не ғып жүр екен» деп әкеңде де ұйқы жоқ. Мен қайбір жетіскеннен келді дейсің. Сен айтқандай, Сұңғатжан жақсы көрсе, көп болса жарты жылдан кейін өзі жетеді. Дәл осылай болып шықпаса, әкел қолыңды. Тіптен хабарсыз қала берсе, ол жағын тағы көрерміз. Солай емес пе, Арыстан?

Арыстан. Конечно. Бала күнімде менің мамам да екі рет ажырасып, екі рет қайта қосылған.

Айша (байқамай). Әне көрдің бе? (Есін жия.) Жоқ, оның беті аулақ. Шүкір, аяққа тұсау болар әзір бөпелерің жоқ. Тәуекел де, балам. Жердің үстімен келіп, астымен қайтпайын. Жағдайың болмай бара жатса, қайтып әкелуге де уәде берем.

Арыстан. Па-па, ана жарықтық ақыл мен махаббаттың қазынасы деген едім. Енді болмас, Марфуға, решительный болған жөн.

Марфуға (ауыр ойда). Жарайды, сонда...

Айша (іле сыбырлап). Айналсын, мамасы ақылынан, керекті заттарды ыңғайлап қой. Қазір аузыңды ашпа, ертең жүрерде бір-ақ білсін. Қалғанын өзіме жібер.

Арыстан. Міне, сөздің тазасы. (Марфуғаға.) Бірақ менің тапсырмамды ұмытпа.

Марфуға (оған мән бермей, ойлана). Хорошо, кетем...

Шешесі құшақтайды, осы сәтте Қымбат шығады.

Айша (сездірмеуге тырысып). Құдағи, мына Марфуғаны қалаға барып, демалып қайтсын деп ем, Фатима құдағиымыз да айқаса түсті менімен. Ол өйтіп мәдениетсіздігін маған көрсетпесін.

Марфуға (ренжіп). Мама, сізге не болған?

Айша. Тыныш отыр, кіріспе!

Қымбат. Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық дейді, шырағым! Ол да бір өзің сияқтанған, не деп барам, ойбай, оның да мінезі дегенім ғой, шатақтау, еркелеу.

Айша. Еркелейтін мен оның байы емеспін.

Фатима шығады.

Фатима. Құдағи, кеше қате айтсам кешіріңіз, ал енді, бүгін тілімді қыздырмай-ақ қойыңыз!

Арыстан. Пардон, әйелдер көтерілісіне қатысуды жаным жек көреді, шайқастарыңыздың жеңіспен аяқталуына тілектестік білдіріп, кетуге рұқсат етіңіздер. (Реверанс жасап шығып кетеді.)

Фатима. Құдайым, осы біреуді қайдан душар еткенін білмеймін.

Айша (Фатимаға). Сонша жердей келгенде қызыма ақыл айтуға қарсымысың.

Қымбат (тоқтау айтып). Шырақтарым, екеуің де менен жастарың кіші. Фатима, сен де қой. Балалардың арасына кіріспейік. Келін өзі не дейді, соның айтқаны болсын. Тұз-дәмі жарасып отырған жәйі бар. Өз баламнан кем көрсем, мені де құдай табар.

Фатима (Айшаға). Құдағи, ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі деген бар. (Кете береді.)

Айша. Есі кеткен. Мен бе есі кеткен? (Марфуғаға.) Талаттың ғой мына жұртқа, еңбегім қайтты асыраған. (Жылайды.)

Қымбат. Бетім-ау, мұныңыз не? Әй, төбеңнен ұрғыр Фатима-ай, сенің тіліңнен-ақ табатын болдым-ау! (Сыртқа қарап.) Әне, балалар келе жатыр, ұятты, ішке кіріңіз.

Марфуға. Жігіттер келе жатыр.

Айша (көзін жалма-жан сүртіп). Жігіттер! Онда... (Орнынан тұрып Қымбаттың сүйеуімен ішке кіреді.)

Марфуға (жалғыз). Интересно, несіне жылайды... (Ойланып.) На самом деле кететін болдым... қалай болар екен, ә! Сұңғат ше, ол ешуақытта бармайды, а, мүмкін, келеді?.. Мамам жылайды... да, ол мама ғой, сосын жылайды... Сұңғаттың мамасы да жақсы, душевная... Нет, все, кетем...

Арыстан кіреді.

Арыстан. Майдан даласында орлеан қызы Жанна д'Арктің өзі қалыпты ғой. Айналайын Маро, Сұңғатқа айттың ба?

Марфуға. Жоқ, әне келе жатыр, өзің айт.

Сұңғат (сезіктеніп). Неғып жүдеп тұрсың?

Марфуға. Как жүдеп тұрсың? Абсолютно. Не болды?

Сұңғат. Әрі күтті бері күтті үйіне кетіп қалыпты. Сонымен басқарма жиналысы болмады. Шал ойлануға бет алған болу керек.

Марфуға (мән бере). Ойлануға... (Жәймен кете береді).

Арыстан. Ал, достар, біз енді ұзамай жүреміз. Марфуғаға тапсырып едім, әлі айтпапты?

Сұңғат. Нені?

Арыстан. Менің келген мақсатым, бір жағынан, сендерді сағындым, екінші жағынан, справка керек.

Сұңғат. Осында келіп қайтты деген бе?

Арыстан. Жоқ, маған университетке түсуге справка керек.

Сұңғат. Денсаулығың туралы ма?

Арыстан. Маған осы колхозда екі жыл жұмыс істеді деген бір жапырақ қағаз болса болады.

Сұңғат. Егер справка керек болса, екі жыл жақсылап тұрып қызмет істейсің, сосын аласың. Онда да қызметіңе қарай. Сен сағынып келген емес, байқаймын қылмысқа итерейін деп келген екенсің ғой.

Арыстан. Оның несі қылмыс. Бумага и все. Кім тексеріп жатыр?

Сұңғат. Ол бумага емес, документ. Мемлекетті алдау деп осыны айтады.

Арыстан. (ренжіп). Сендерді туыс, дос дейді, чепуха қағазға қынжыласыңдар.

Сұңғат. Чепуха болса неге іздеп келдің?

Арыстан. Бәрібір мен мұнда қала алмаймын. Денсаулығым көтермейді.

Сұңғат. Қалмасаң, жолың болсын. Саған жалынып отырған біз жоқ.

Арыстан (қолын бір сілтеп). Ладно, сендерсіз де есебін табармын.

Іштен аһлап-уһлеп Айша шығады.

Айша (Арыстанға). Ай, шырағым, жинал, жұмысың бітсе?! Кеттік. Келмегенім колхоз болсын. Ал, Марфуға. (Бәрі абыржып қалады.)

Марфуға (келе құшақтап). Мама, сізге не болған?

Айша. Мамаңды жер жұтсын, ал ендеше!

Арыстан. Сәл ертерек болар.

Сұңғат (абыржып). Апажан-ау, біз не жаздық? Сабыр етіңізші!

Айша. Әне бір қатын жеңгең бе, немене өзі, оскарбит етті мені. (Сұңғат ішке кіріп кетеді.) Сабыр ете алмаймын, кетем мен. Сөз естуге келген жоқпын.

Арыстан (кекете). Бұл кісі сөйтеді. Сабыр ете алмайды.

Марфуға. Арыстан, перестань, мама, успокойся.

Дауылбай кіреді.

Айша (Дауылбайға). Құрдас, келініңіз мені оскарбит етті. Мен өзі мекіренім бар адаммын, нервничит етсем, ұстап қалады. (Ыңқылдап, әлсірегендей қалыпты аңғартады.) Су, бір жұтым су!

Дауылбай (абыржып, басын келіп сүйейді). Не дейді, жаным-ау, мына Фатимада ес жоқ екен ғой өзі, ойбай-ау, мынау масқара ғой тал түсте. Жиналысы құрысын, жаныңызда отырмаған екенмін өзім. (Марфуға бір стакан су әкеліп ішкізеді.) Дәрі-дәрмек бар ма үйде?

Арыстан (өзіне-өзі). Басталды трагедия.

Қымбат шығады.

Қымбат (абыржулы). Енді не бетімді айтайын.

Іштен Фатима, Сұңғат шығады.

Сұңғат (Фатимаға кешірім сұра дегендей ишарат білдіріп). Жеңеше, сіз бала болғансыз ба, немене бұл?

Фатима. Бала болып жынды дейсің бе? Кешірім сұра дедіңдер, сұрайық. Әуелі шамалы есін жиып алсын.

Дауылбай (Фатимаға). Сен бе сен, арам өлтіресің жұртты.

Фатима (кекетіп). Басында отырсың ғой, ешкім арам өлмес.

Марфуға (ренжіп). Жеңеше, сіз енді мамамды...

Фатима. Айналайын Марфуға, сен ренжімеші, астам сөз айтсам, аузыма құм. Тек «біз де бір тайпы елміз, айтқаныңыз бола қоймас» деп едім, жұлынып ала жөнелді.

Сұңғат (көзін қысып). Қалай дегенмен жеңешем айыпты.

Айша (басын көтеріп). Уһ, жүрегім-ай!

Арыстан. Көрдіңіз бе, егер денсаулығы жақсы болса, екі-үш күн свободно ұрсысуға жарар еді.

Айша (Арыстанға). Шырағым, сен неңе жетісіп күлесің?

Арыстан. Пардон, жеңеше, күлкі денсаулықтың тірегі деген атақты кім еді, әлгі. Ұмытып қалдым.

Сұңғат (кекетіп). Өзің шығар айтқан.

Арыстан. Шамасы, солай болуы мүмкін. Ес жинасаңыз, енді жүрейі жеңгей, мына жігіттермен менің де жұмысым сәтті аяқталды, яғни келіссөз, өзара ұғыспау, қырғи қабақ жағдайда өтті.

Дауылбай. Жүру деген болмайды. Бүгін кеш біздің үйде боласыздар. Қалғанын содан кейін ақылдасармыз.

Айша (Фатиманы нұсқап). Мынау әйел де сіздің үйге бара ма?

Дауылбай (байқамай). Әрине. (Кенет өзгеріп.) Жоқ, жоқ, бармайды, бармайды...

Фатима. Құдағи, астам сезім болса кешіріңіз. Марфуғаның көңіліне келмесін деп отырмын. Сізге қолайсыз болса, мен ол үйге бармай-ақ қояйын. Міне, қолым.

Марфуға. Мама, давай мир.

Дауылбай. Құдағи, бір ашуыңызды беріңіз енді. Басы мен болып, балалар өтініп отыр ғой. (Айша көнбейді.)

Сұңғат (мақтап). Апа, мінезіңіз мұндай қатал емес еді ғой?

Айша. (жуасып). Болмас енді, мен онша кекшіл адам емеспін. Омы мына балалар біледі.

Қымбат. Дұрыс айтасың, құдағи, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген.

Фатима. Мен де кекшіл емеспін, ер шекіспей бекіспейді, татулыққа не жетсін.

Арыстан. Вот это другое дело. Міне, жазып алатын сөз. (Блокнотын алып жазған болады.)

Фатима. Осы бала киліге берді-ау. (Айша екеуі қол алысады. Бәрі ризалық сезім білдіреді.)

Қымбат. Құдайым ұзағынан сүйіндіре көр. Фатима, шайыңды болдыр. Кәне, ішке кірейік. (Бәрі ішке кіре береді. Марфуға мұңайып Сұңғатқа қарап қалады. Лирикалы сазды музыка. Айша сезіктенгендей.)

Айша (ішке қарай бара жатып). Маро, жүр бері!

Марфуға. Қазір, мама. (Айша кетеді. Марфуға Сұңғатқа жақындап, кеудесіне басын қойып.) Сұңғати дорогой...

Сұңғат (сезіктене елжірей, басынан сипап). Не, жаным, басың ауыра ма?

Марфуға (күмілжіп). Нет, басым ауырмайды...

Сұңғат (аймалай). Сезем, ол не? Айта бер, қысылма!

Марфуға (күмілжіп). Сезсең, Сұңғатқа... Мен сені де, әжені де, бәріңді де сүйем. (Серпіле.) Есіңде ме, мен баяғыда еш уақытта кетпеймін деп едім, бірақ та мамусям келді... Папамды да сағындым... Сен аспирантураға барам деп едің ғой.

Сұңғат. Мен аспирантураға әзір бармаймын, Маро. (Жігерлене.) Апай келгеннен-ақ бір сұмдықтың боларын білгенмін... Сен үшін мен қандай болса да қарсы аламын... Өзің-ақ ойлашы, Маро! Келгенде қандай еді қазір қандай болдық... Сен өзің адамдары жақсы екен деген жоқсың ба? Сол жақсы адамдарды неге тастап кетем дейсің. Сені жұрт жақсы көреді, сыйлайды... Оны бағалау керек емес пе? Ол өз алдына, ал мені қайтесің...

Марфуға (ойлана). Мен бәріне түсінем, Сұңғатик... Кейбіреулер маған күледі... Оқушылар кейде тілімді алмайды, оның үстіне...

Сұңғат (сөзін бөліп). Қазір саған ешкім де күлмейді... Әуелі өздерін жөндеп алсын. Рас, келген жылы сенің кейбір балалығыңа, киім киісіңе, жүріс-тұрысыңа күлген шығар... Ал жаныңның тазалығына бәрінің көзі жетті. Сен өзіңнің жақсы екеніңді көрсеттің ғой... Еңбек істеген адамға ешкім күлмейді... Сен баяғы Марфуға емессің. Ол есіңде болсын...

Марфуға. Есімде болғанда білесің бе, Сұңғати мамам айтады, маған папам қаладан да жұмыс тауып береді. Мен бәрібір қайда болсам да жұмыс істеймін... Бірақ сен жоқта мен қалай, Сұңғатик...

Сұңғат (жігерлене). Ендеше апама айт, жүз жыртыспайық туған анаң, асырады, сақтады, онысына рақмет. Енді сен менің жарымсың... Менен еш жаққа кетпейсің, жібермеймін... Менің ашуыма тисе, ренжітіп алармын... (Аймалап.) «Маромды еш жаққа жібермеймін деп отыр» де!

Осы сәтте Айша шығады.

Айша (жекіре). Помню, біріңді-бірің бүгін көрдіңдер ме? Жүр бері! (Марфуғаны қолынан ұстап алып кете береді.)

Марфуға (булығып). Сұңғати мен кетем...

Айша (жұлып алғандай). Ал, ендеше.

Сұңғат (ұмтыла беріп). Маро, апа! (Айша қолын бір-ақ сілтеп, Марфуғаны алып ішке кіріп кетеді.) Түсінікті болды. Марфуға әбден бел байлаған екен. (Ойланып.) Енді қайттім... Шынымен, кетіп қалмақ па? Жоқ, ол мені... сүймеуші ме еді. Маған қазір Марфуғадан қымбат, Марфуғадан жақын адам жоқ. Жұрт оның кейбір ебедейсіз қалпына күледі. Күле берсін. Ал мен үшін соның өзінде бір жылылық бар, балалық бар... Немене, мен философияға түсіп кеттім бе... Онан да Марфуғаны алып қалудың қамын қарастыру керек. Ол қалай?

Шымылдық.

БЕСІНШІ СУРЕТ

Көңілді музыка. Сұңғат үйінің верандасы. Қонақтар кетуге дайындалып

жатқан тәрізді. Ерсілі-қарсылы жүріс асығыстықты аңғартады.

Аздан соң Дауылбай кіреді. Оған қарсы Сұңғат шығады.

Дауылбай. Япыр-ай, балалар-ай, Сәрсенді ақыр жеңген екенсіңдер. Кешеден бері бар кесегін екі машинамен фермаға тасытып жатыр. Мұның не десем, «Сәрсен үй салмаса өлмес, Отанға берген қабырғамнан қымбат емес» деп шіренеді.

Сұңғат (ауыр ойда). Қимылға басқан екен ғой. Бір түнде өзгеріп шыққанына таңым бар. Жиналысқа келмей қалғаннан бір сойқан боларын білген едім.

Дауылбай. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген, сенің сөзіңнің салмағына шыдамады-ау деймін, шамасы. Қонақтар жүргелі жатыр ма?

Сұңғат. Енемізге біраз болыңдар деп еді курортқа путевкам бар деп көнбей қойды. Оның көнбегені...

Дауылбай. Қоңы тәуір көрініп еді, бірақ әлгі мекіренім дей ме, мекенім дей ме, соған қарағанда, ем қонбайтын бір нәрсе ме деп қалдым.

Арыстан мен Шәріп кіреді.

Шәріп (Арыстанға). Туысқан, қарыздар боп қалмайын деп қалпақ сатып әкелдім.

Арыстан (қуанып). Ну молодец! Размері қандай?

Сұңғат. Киіп көрсейші. (Арыстан алып киіп көреді.)

Арыстан. Мынауың, жаным, үлкендеу екен.

Шәріп. Әлі басыңыз өсетін шығар.

Сұңғат (кекетіп). Арыстан осы бастың ішіндегіні қайда қоярын білмей жүр. Бұдан өссе сұмдық қой.

Арыстан. Абсолютно дұрыс айтасың. Нечауа, бір қабат газет салып реттерміз.

Қымбат шығады. Арыстан ішке кетеді.

Қымбат (жыламсырап). Мен бір қай жарыған сорлы едім, ақыр кететін болды, бәрін жинастырып жәшігіне салды.

Сұңғат (мұңайып). Сабыр етіңіз, әже! Кеңес пен Сәрсен балалармен қоштасып кет деп шақырыпты. Қазір келеді, өзім де біраз айтқанмын.

Қымбат. Тыңдамаған соң, айтқаннан не пайда?

Шәріп. Олай болса машина бұзылып қалды деп отырып аламын.

Сұңғат (күліп). Көңіліңе рақмет, бірақ оның көмегі болмас. (Ойлана.) Кетіп қалған күнде де Марфуғаның қайтып келуіне сенемін.

Қымбат (күйініп). Жаным-ау, ел-жұртқа не бетімізбен қараймыз.

Сұңғат. Ел-жұрттікі емес, келін сіздікі. Маған да жеңіл тиіп тұрған жоқ... Сендер бара тұрыңдар, өзі келе жатыр. (Қымбат қазандық жаққа кетеді. Шәріп сыртқа шығып кетеді.) Шынымен кетіп қалуға бет алғаны ма! (Басын ұстап.) Шыда, Сұңғат, шыда, ақырына дейін шыда. Әйтеуір вокзалға апаратын мен ғой... Қазір ұрыс-керіс болса ұят. Айқай шығару - әлсіздіктің белгісі... Әжеме де қиын болды-ау! Кеңес те, Сәрсен де айтып баққан шығар! Бірақ мені тыңдамағанда оларды қайтсін! (Залға қарап.) Япыр-ай, кетіп қалады, ә! (Ауыр ойда Марфуға кіреді.) Маро! Сен мені шынымен сүйеді деп ойлаушы едім... Бақсам, олай емес екен...

Марфуға (ойлана). Неге олай емес, менің орнымда сен болсаң қайтер едің?

Сұңғат (абыржып). Мен бе, мен... Мама, жолын болсын, қайда болса да Сұңғатыммен бірге болам дер едім.

Марфуға. Ал, сен мені сүйсең, бәрібір келесің...

Сұңғат. Ә, солай ма, онда жолың болсын... (Ойлана.) Мен бар өтінішімді айттым, Маро, ендігісін өзің біл.

Марфуға (сынай қарап). Провожать етесің бе?

Сұңғат (елжіреп). Сүйгендігімнен ғана шығарып салуға барамын...

Марфуға. Рақмет, дорогой...

Екеуі қол ұстасып, ішке кіріп кетеді. Дауылбай мен Фатима шығады.

Дауылбай. Фатима, ешнәрсе сездің бе?

Фатима. Тіпті миым ашып кетті.

Дауылбай. Келіннің қабағын ұнатпай жүрмін.

Фатима. Егер шынымен кететін сыңай білдірсе, құдағимен бір шайқасып қалам. Әбден азары өтті. Ақыл айтып, ел болыңдар деудің орнына, желіктіріп, көрдің бе, істеп жүргенін.

Дауылбай. Сабыр, сабыр, Пәке...

Ішке кіріп кетеді. Фатима қазандыққа кетеді. Аздан соң Арыстан екі чемодан алып шығады. Қайтадан ішке кіреді. Айша мен Марфуға шығады. Марфуға ауыр ойда.

Айша (Марфуғаға). Заттарыңды түгел салдың ба?

Марфуға (мұңды). Салдым. (Шешесін аймалап.) Мамуся... Мен... Мен бар ғой... Үш күннің ішінде Сұңғатиктен сонша алыстап кеттім. Просто тяжело...

Айша (жұбатып). Былай шыққан соң бәрі ұмыт болады... Бол, тез, әлгі Арыстан қайда?

Марфуға (батылдана). Вот көресің, ұмыт болмайды. Мама, жаңа мектептегі балалар маған не айтты, білесің бе?..

Айша (жалтара). Баланың сөзін сөз деп... О, несі-ай, маған.

Марфуға (ойлана). Знаешь, мама, мені бәрі жақсы көреді... Сұңғатиктің мамасы да жақсы... Сұңғатик само сабой... Ал, оқушылар да... Сәрсен аға... Кеңес... қазір мен жұмыс істеймін. Нет, мама, мен бұрынғы Марфуға емеспін...

Айша (жекіре). Миымды ашытпа, саған не жау тиіп тұр. Жолай айтарсың, аттап шығайықшы әуелі осы жердей... (Ішке қарай айқайлап.) Арыстан!

Арыстан шығады.

Арыстан. Не болды?

Марфуға (батылдана, чемоданын ішкі үйдің есігіне жақындатып). Все, мен кетпеймін, мамуся...

Арыстан (таңдана). Маро! Что сен... (Чемоданға ұмтыла береді.)

Марфуға (зілді). Не трогай...

Айша. (аң-таң). Мынаны жын соққан ба? (Айқайлап.) ІІІашыңнан сүйреп әкетем, сен арам қатқырды... (Ұмтыла береді.)

Марфуға (ышқынып). Мама... (Айқай-шуға іштегілер шығады.)

Дауылбай. Бұл ненің дауы?..

Арыстан. Марфуғаның дауы.

Айша (ашына). Сен бетпақ бүйтерің бар, неге ақымақ қыласың мені... Жағдайым нашар деп неге хат жазасың?.. (Қалтасынан хат алып ұсынады.)

Марфуға (сергіп). Мен бе, кімге? Қандай хат? (Бәрі аң-таң.)

Арыстан (абыржып). Жеңеше!

Айша. Мына Арыстанға сондай хат салдырған мен бе саған. (Бәрі Арыстанға қарап қалған.)

Марфуға (таңдана, Арыстанға жақындап). Ах, солай ма? Менен еще справка сұрайсың. Мен не только саған, мамама сирек хат жазам.

Арыстан (есеңгіреп). Жеңеше, уәде қайда? Мен справка үшін...

Айша. Өйткен уәдең құрысын. Жүгермек келгір...

Фатима. Жер жұтсын десейші, жер жұтқырды.

Марфуға (шешесіне жақындап). Мамуся, мен ондай хат жазған жоқпын, кешір... (Шешесін құшақтайды.)

Фатима. Көргеннен-ақ суқаным сүймеп еді осы баланы.

Дауылбай. Бәсе, біздің балалардан тұқымы өзгешелеу ме деп едім, айтқаным келді де тұрды.

Арыстан (есеңгіреп). Жеңеше, кетпейміз бе енді...

Айша (ашына). Қараң батсын, қараң батқыр. Сауатсыз әйелді алып, әуре-сарсаңға салып, күлкі еткеніңе мәз болып кете бер, бұдан былай алдай алмассың. Ендігі жолды өзім де табармын, жоғал...

Марфуға Сұңғатты аймалайды, Шымылдық жайымен жабыла береді. Шымылдық жабылған соң, сенделе басып, қолында рюкзағы бар Арыстан шығады. Залдағыларға телміре қарап.

Арыстан (есеңгіреп). Қай жолмен келіп едім. Айтыңдаршы, туыстар, қай жолмен келіп едім, қай жолмен... Айтпайсыңдар, ә? (Қолын бір сілтеп, беті ауған жаққа жүріп кетеді.)

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз