Драматургия тек Қазақстанда ғана емес бүкіл Одак көлемінде баяулықтан бой ала алмай келе жатқан жанр. Оның басты себептерін біреулер жанрдың қиындығынан іздесе, екіншісі осы жанрдың теориялық жағына көп ойыса береді. Демек осының екеуінде де әділет бар.
Рас драматургия қиын жанр. Бұл талас тудырмайтын шындық. Мың сан айтылып, мың сан дәлелденіп, өрелі ой-пікірінен тірек тапқан шындық. Асылында өнердің, әдебиеттің қай саласында болмасын жеңіл жанр бар ма? Әрине жоқ. Әңгіме, сол әр жанрдың табиғатын терең ұғуда, шеберлікті шыңдаумен көп еңбектену әрі барса, талантта. Біз бұл мақаламызда драматургияның баршаға мәлім, ерекшеліктерінің сыр-сипатын баяндап, осыған байланысты бүкіл теорияның төңірегінде әңгіме айтқалы отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз кейінгі кездері туған драмалық шығармалар бүгінгі өмір талабына сай келіп отыр ма, олардың сахналық көрінісі қандай деген сұрақтарға жауап іздеу.
Жазушы-драматургты көркем суретші десек, оның өмірден алған фактылардан үйренуі, үлгі-өнеге сабағынан туған еңбегіне жанды рең, ажар беретін театр. Театр драматургтің — екінші университеті. Гоголь айтқандай бар дауысымен сөйлейтін, бар тұлғасымен көрінетін, ой-пікірін, мақсат-мүддесін халыққа жеткізетін кафедрасы.
Қазақстан жағдайында драматургияның күрт түсіп кетуінің бір себебі, авторлардың театр сахнасынан алшақ кетуімен болса, екінші себебі өміріміздің сан-саласындағы еңбек процесін зерттеу орнына бірбеткей кабинеттік творчествоға мойын ұсынып, тар шеңберінен шыға алмай қалуында дер едік. Ұзақ жылдар бойы үзілісте болған байланысты қайта жалғастырудың автор үшін де, театр коллективі үшін де зор мәні бар екендігін көрдік. Бірақ театрмен істес болудың да өзіне тән ерекшелігі — амал-әдісі, жол-жүйесі бар. Бір автор бар, өз еңбегімен театр коллективіне ой сала, режиссер-актерлардың қиялын қозғап, қызықтыра, ынталандыра барады. Өмір шындығынан жазылған шығармасымен театр коллективін белеске көтеріп, өнімді еңбекке шақырады. Ондай авторлар бізде саусақпен санағандай. Екінші бір авторлар бар, шығармасын сұйық оқиғаға, сырдаң ойға құрып, театрды көп бейнетке душар етеді. Репертуардың жұтаңдығынан театр шығарманың шикілі-пісілі, бір қайнауы ішінде екенін біле тұра лажсыздан автормен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мәжбүр болған жағдайда театрдың талабына шыдамай тайқып кеткен авторлар да болды. Жас драматургтер Адамбеков, Райымқұлов, Дүзенов, Есенберлин жолдастар осы күйге ұшырады.
Қазір ipi романдардың желісімен пьеса жазудың алғашқы адымдары көріне бастады. Күрделі прозалық шығармалардың сахна тіліне түсуі драматургиямызда кенже қалған сала. Кешегі күнге дейін «Абай жолы» романы бойынша жасалған спектакльден басқа болған да емес. Өткен жылы Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романы бойынша жас режиссер Т. Дүйсебаев, Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы бойынша А. Байтанаев пьеса жазды. Мұндай игі талаптың тілекке сай аяқталуы сөз жоқ зор табыс болмақ. Мұның өзі драматургиямыз бен театр репертуарының шеңбері кеңейе түсуіне өз ықпалын тигізеді. «Ботакөз» жұртшылығымызға көптен таныс, бай оқиғалы романдардың бірі. Мұндағы оқиғалар патшалық Россияның Қазақстанды отарлау саясатының бел алған аяқ шені, 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі, Ұлы Октябрь революциясының дауылы, Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы сияқты ірі-ірі тарихи белестермен ұласып жатыр. Сахналық тілге түскен шығарманың зор маңызы да алғашқы қалам ұрған авторлар үшін қиындығы осында. Айта кететін бір жай ірі полотнолы шығарма желісімен сахнаға лайықтап пьеса жазуға қойылатын талап — тыңнан пьеса жазуға қойылатын талаппен барабар екендігінде.
«Әдебиет және искусство» 1956 жылғы үшінші номерінде Әбділда Тәжібаевтың «Майра» атты пьесасы жарияланды. Әнші-композитор Майраның өнеріне арналған бұл шығарманың автор творчествосындағы ерекше орнын былай қойғанда қазақ драматургиясының кейінгі жылдардағы зор табысы болып саналмақ. Шығарманың идеялық өзегі Октябрь революциясы, Майраның халықпен байланысы, өмір кешкен ортасы, сол кездегі қала өмірі, дала феодалдарының қазақтың алашордашыл интеллигенттерінің кейпі шығармада өзінің бар шындығымен көрінеді. Майра төңірегінде жанталаса арпалысқан дала жуандары. Нәпсі құлы, Стамбул шәкірті Дүрбіттің рухани қайыршылығы қым-қиғаш тартыс үстінде әшкерелейтін, автордың драматургиядағы шеберлік әдісін аңғартады. Алған нысанасына дәл тиіп жатқан сапалы ойдан туған мерген диалог орамдары мол. Шығарманың архитектоникалық құрылысы өз нақысымен көрікті. «Оттан жаралған Майраның мінезі, тілі, өткірлігі, бас бостандығы үшін күресі тартыс үстінде шынайы да шебер бейнелеген. Соған сай революционер Барбардың образы қазақ драматургиясына тұңғыш келген қадірлі қонақ романтикалық серпін, поэзиялық сазға толы.
Кейде, автор Майраға тек қана замандастарына, кейінгі бізге ғана белгілі мінез-құлық емес, осы Майра бойына бағы заманнан халық санасына сіңген қазақ әйелдері: Ақжүніс, Қыз Жібек, Құртқа, Назым, алдында ғана өткен Сара апасының мінезінің ғажайып ерлік, ерлік қасиеттері мен ақыл парасатын жинақтай берді-ау деген ойлар туады. Ежелден еркін сахара әйелдерінің діни соқыр сенімнен аулақ, ермен тең, ерегіскенде одан артып түскен мінездері байқалады. Осы тұстан өзек дегенде Майра маған кешегі Ұлы Отан соғысында әлемге әйгілі болған Әлия мен Мәншүктің рухани анасындай көрінеді. Майра туралы жазылған шығарма арнайы оралып жан-жақты талдауды керек етеді дейтінім де содан.
***
Ә. Әбішевтің бүгінгі күннің тақырыбына бүкіл халықтық зейнетке айналып отырған жүгері егу, мал азығын байытуға арналған «Күншілдігі» театрымыздың елеулі спектаклінің бірі болып отыр. Автор пьесаны сахналық өмірге енгізгенше аз еңбек сіңірмеді. Театр коллектив мен тынбай-талмай қызмет істеді. Соның нәтижесінде бұрынғы нұсқаларынан шығарма әлдеқайда өзгеріп, сүйсінерліктей еңбек болып шықты.
Автор күншілдіктің, мансапқорлықтың өміріміздегі ауыр кесел екендігін оның жеке бас арасындағы кірбең ғана емес, қоғамға үлкен зиян екендігін баяндайды. Қажырлы қайрат иесі, игі еңбек үстіндегі халқымыздың арасында капитализмнің қалдығы санасында жетім бауырдай жабысып келе жатқан кейбір мансапқор тоғышарлардың бары рас. Олар біреуді сәтті ісінің үстінде сүріндіруге, жалған дос болып жүріп жаныңды жегідей жеуге, күйінішіңді қуанышыңдай көруге даяр. Күйкі жанды күдікшіл, күншіл адам өзгенің табысын өз бойына жарастыруға жасанды жағымды қасиетін кез келген сәтте көрсетіп қалуға тырысады. Өз мақсатына жету жолында қандай пасықтықтан да, жауыздықтан да болса бас тартпайды. Мемлекет мүддесін өз құлқынының тұрғысынан шешіп алдап-арбаумен абырой-атаққа ие болуды ғана көздейді. Олар өзімнің шыққан төбем биік, керегем сайлы, жастығым жайлы болса екен деген тілекте ғана.
Әлжаппар Әбішевтің «Күншілдік» атты пьесасы адал жанды совет адамдарының арасында осындай жат мінездерді тіршілігіне талшық етіп жүрген кейбір жексұрындарды да әшкерелеуге, оларға жирене қарауға, кезі келсе кешірім етпеуге арналған. Шығарманың тәрбиелік мәні де, құндылығы да осы салада жатыр.
...1953 жыл август айы. «Көсеге» колхозына келген жас агроном Мерей Дәуленов Тағылы даласына жүгері егудің тәжірибесін жасайды. Тәжірибе нәтижелі болып, бұл жерге бітік өсетіндігін анықтайды. Бірақ ауданның бас агрономы Келиман Келдекбаев көп жылғы шөп өсіру мақсатымен Мерейдің бұл ниетін жоққа шығармақшы болады. Бұл жаңалықты бұрын аңғармағанына күйініп, Мерейді есебін тауып сүріндіруге әрекет жасайды. Мақсаты, жүгері туралы өзі диссертация қорғап, ғылыми атаққа ие болу. Мерейдің үстінен аудандық газетке басуға әйелі Салхияға он сегіз малшының атынан домалақ арыз жазғызады. Райкомның бірінші секретары Бурабай Балтабаевты да жетегіне ертіп Мерейге қарсы қояды.
Драматургияда адам характерлері, оның іс-әрекеті тартыстан туады. Сол арқылы өсіп отырады. Әрбір образ да өзінің шарықтау шегіне осы өзекті желіс арқылы ғана барып жетпек. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің психологиялық күйі де осы тұрғыдан байқалмақ. Олай болса драмалық тартыстың өзі бәрінен де нанымды болуы шарт. Ал бұл пьесадағы конфликт өте осал. Драматург үлкен тақырыпқа барғанмен өзінің осы игі мақсатын өрістету жолында драмалық конфликтіні әлсіз құрған.
Асылында Әбішевтің кейінгі шығармаларында жасанды жайлар, жалған образдар бір пьесадан екінші пьесаға көшіп, әбден орын теуіп алған. Автордың қаламы да осы бір қолайсыз жайға төселіп бара жатқан сияқты. Сондықтан да автор типтік жағдайда типтік образдар жасаймын деп талпынса, өмір шындығына молырақ зер салып осындай ойдан құраған жасанды ситуациялардан ертерек бой тежегені жөн.
Ал енді шығарма сахналық тілге түскенде біраз жақсарған, режиссерлік жүйесіне келсек пьеса драмалық жанрдан комедияға қарай бейімделген, оқиға күлкі аралас күйде жеңіл көшіп отырады. Сәтті-сәтті ұтымды мизансценалар да бар.
Перде ашылған кезде жаңа салынған үйдің қонақ бөлмесі толы кісі. Дастарқан үсті түрлі тағам-ішімдіктер. Сахнаның орта шенінде екі кемпір ән салып отыр. Дәулен қарт ол екеуінің жетекшісіндей түрегеліп, ән ырғағына өзінше ұйып, басшылық еткендей болып тұр. Ән аяқталғанда бәрі қол шапалақтап мәз-майрам. Бұл ауданның бас агрономы Келиман Келдекбаевтың жаңа үй алған тойы. Тойда Мерейдің әкесі, «Көсеге» колхозының қойшысы Дәулен қарт, оның жұбайы Айжан, үш қыздың анасы Қалипа кемпір, райком секретары Бурабай Балтабаев, ағайынды үш қыз: Салхия, Назгүл, Дәмеш, «Оян» колхозының қойшысы, он жылдықты бітірген жас жігіт Жалау бар. Miнe, оқиға кейіпкерлері түгелдей көз алдымызда. Осы адал ниетті адамдардың арасында арам шөптей селтиген шөкімдей шұбар топ жүр. Ол мансапқор, айлалы сұм Келиман Келдекбаев, оның әйелі қуыс кеуде, кем ақыл, сәнді киім мен сауық қуалаған желбуаз тәлпіш Салхия, «сылқым», батыл істерден бас сауғалап жүрген Бурабай Балтабаевтар Күншілдіктің уытты ұясындай көрінетін де осылар.
Сондай-ақ Дәулен қарттың ролінде ойнап жүрген театрдағы ең жас артист Т. Жайлыбеков үміт күттіретін талантты жастардың бірі. Ол Дәулен образын көңілге қонымды сахналық шындық шеңберінде жап-жақсы ойнап жүр. Ал театрға келгелі бұл жігіт Дәуленмен қосқанда төртінші шалдың ролінде ойнап отыр. Енді бесінші шалды ойнағанда Жайлыбеков бұрынғы шалдарына қол салып өзін-өзі ұрлауға мәжбүр болмайтынына кім сенеді? Актерді бұлай тәрбиелеуге болмайды. Бұл сияқты әдіс артистердің ынта-жігерін шағып ығыр қылады. Осы жайттарды асқындырмай театрдың бас режиссері ертерек ескергені жөн.
Артистка Ш. Жандарбекованың өсу жолын алайық. Соңғы кездері Жандарбекова өз талантының әртүрлі қырын көрсетіп келеді. Сәби сезімді жас қыз Параска («Елең — алаңдағы махаббат»), нәзік лирикаға толы таза жанды Шірін («Фархад — Шірін»), мейірбан күтуші әже («Шындық жақсы, бақыт онан да артық») — осылардың әрқайсысы әр дүние, бір-біріне ұқсамайтын кесек образдар. Бұлардың бәрі актрисаның өнер жолындағы сәтті шыққан елеулі табыстары, міне, бүгін сөз етіп отырған «Күншілдіктегі» ерке, тәлпіш Салхия қандай сәтті шығып отыр. Актриса бұл образды жасауда да біраз ізденген. Үй жасауы мен соңғы модалардан басқа арманы жоқ, шала-шарпы сауатымен күйеуіне «көмектесіп» жүрген есуас тоғышарды көргенде Жандарбекованың мол мүмкіншілігі бар екендігіне ақиқат көзіңіз жетеді.
Бұл кемшіліктер спектакльдің қазіргі кейпіне нұқсан келтіріп тұрғаны да анық. Ол кемшіліктер еске алынса спектакльдің көркемдік құны көтеріле түспек.
Қазақ халқының тарихында өлмес-өшпес мұра қалдырған Шоқан, Ыбырай, Абай туралы шығармалар бүкіл халықтық мүдде, оған қойылар талап та, тілек те өте зор. Орыс мәдениетінің «алтын ғасыр» атанған XIX ғaсыры туғызған Белинский, Чернышевский, Добролюбов сияқты әйгілі ұлдарының еңбектерінен нәр, өнеге алған Шоқан ағартушылық бағыттан демократиялық дәрежеге дейін көтерілді. Шоқанның қоғамдық, әлеуметтік әрі барса саяси бағыты, жазған еңбектерінің негізгі өзегі өз дәуіріндегі орыстың ұлы адамдарының пікірімен тамырлас жатыр. Ол тарих тынысын жіті аңғарып, халқының сыздай соққан жүрегіне ем іздеді. Орыс армиясының офицері, атақты саяхатшы, тарихшы, этнограф, суретші, музыкант Шоқан өз халқының сана-сезімі оянып, меңіреу дәуірдің түні түріліп, таңы атып келе жатқандағы алғашқы Шолпан жұлдызы болды. Шоқан алдыңғы қатарлы орыс қауымы туғызған Европалық үлгідегі ғалым болумен қатар өз өлкесінің ұлы патриоты болды. Ол өз халқынан басқа да езілген халықтар атынан сөйледі. Алғыр ақыл, зерделі зейін сан қырлы талантының жалынына жалынып, Шоқанның жас өмірі арманда кетті. Кейінгіге оның мол мұра, іргелі еңбектері ғана қалды. Шоқан арманы орындалды. Бүгін өнер білімінің алуан тарауын игеріп, еңселі ел қатарындағы қазақ халқы тарих төріндегі кемеңгер ұлының атын зор сүйіспеншілікпен есіне алып, қадір-қасиет тұтып, мақтаныш етеді.
Шоқан туралы жазған ғылыми еңбектерге, әдеби шығармаларға да қызыға қарайтынымыз да, биік талаптар қоятынымыз да сол зор сүйіспеншіліктен туған тілек деп ұғамыз.
Ескере кететін бір жай, ірі тарихи тұлғалардың өміріне арналған шығармаларды жазуда заман кейпі, ол өмір кешкен орта әлеуметтік құбылыстар бар шындығымен кең көрінуі шарт. Бас кейіпкердің өмірін қамти отыра оның көзқарасының қалыптасуы, ой-санасының өсуі осы өреде көрінбек. Бұл көбінесе романға қойылатын талап. Оның тамаша үлгісі Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романдары. Әрине, сахналық шығармаларға да қойылатын талап осы рәуіштес, бірақ орындалуы өзгеше болмақ. Өйткені бас-аяғы 60-70 беттік қағазға ойып, екі-үш сағаттық сахналық көріністен аспайтын еңбектен Шоқан сияқты дарын иелерінің бар өмірін қамтып, сан қырлы ерен талантының сырын ашып, мінсіз мүсін жасай қою оңайға түспейді. Асылында драмалық шығарма адам өмірінің түйінді қысқа кезеңіне, шытырман, шырғалаң тартысқа құрылған сайын ұта бермек қой.
Біріншіден, Дуров, Семенов-Тяньшанский, Ерден, Сұлтанғазы образдары әлі эскиз қалпында. Мұндай достарға сүйсінерлік, мұндай жауларға күйінерлік, жан тебірентерлік ешқандай сезім тумайды. Тарихи тақырыптарға жазылған шығармадағы адамдар тарихта белгілі болғандықтан олардың өміріндегі фактілердің де көркем шындық табуы шарт емес пе. Дуров қаншама Марксті айтқанмен, Маркстің идеясынан әлдеқайда жырақ жатқан адам. Және марксизм ол кездері Ресейде әлі тамырын жаймаған уақыт. «Коммунистік манифест» 1809 жылы орыс тіліне аударылған жоқ па? Маркстің атын да, еңбегін де әйгілі еткен бірінші Коммунистік интернационал 1864 жылы құрылған еді ғой.
Рас, петрашевскийлердің қоғамы құрылған жылы, Маркстің бүкіл әлемге әйгілі «Барлық елдердің, пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран негізгі саяси әлеуметтік идеялық қазығы болған «Коммунистік манифест» 1848 жылы неміс тілінде жарық көрді. Зиялы қауымның арнаулы мектебінен өткен петрашевскийлердің кейбірі бұл еңбектің түн нұсқасымен таныс болуы да ғажап емес. Бірақ бұл «қоғамның» қайраткерлері көп ұзамай өзара екі топқа бөлініп, бірі қара бұқараның бас бостандығын көздесе, екінші тобы Ресейдің экономикалық дамуы помещиктердің мүддесін қорғағанда ғана алға басады деген бағытта болды. Плещеев, Ахшарумов, Дуровтардың өз шығармаларында уағыздағаны да осы емес пе еді. Бұлардың ісі Ресейдің дәл сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайында демократиялық-прогрестік бағыттағы құбылыс болып көрінгенімен пролетариаттың әлеуметтік төңкерістегі гегемондық ролін тану дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Сондықтан олар Маркстің революциялық теориясынан гөрі социалистік утопистік теорияларға бейім жатты.
Екіншіден, автордың Панаеваның үйін көрсеткендегі ойы Шоқанның орыс демократтармен байланысын дәлелдеу. Оған біз де қарсы емеспіз. Шығармадағы оқиға желісі ширатылып келгенде Панаева мен Катерина ұзақ сонарға түсіп, ысқаяқ сөздермен саясатты оңды-солды өсіп отырғандығы онша ұтымды көрінбейді. Бұл сахнада әрекет жоқ, сөз көп. Сол сияқты Шоқанның патшамен кездесуі тарихи дәлдіктен гөрі долбарға жақын.
Үшіншіден, пьесаның тілінде, сөйлем жүйесінде орысша құрылған орамдар жиі кездеседі. Мысалы «мен сондай сүйемін», «Он бірінші сағат», «себебіммен және салдарыммен», «қасқырдан кем аш емеспін», «өркендеген өмір», «далада неткен көркемдік» сияқты ажарсыз сөз тізбектері кездесіп отырады. Сондай-ақ Шоқан диалогтерінде сырдаңдық сезіледі. Шоқанға жарасар алып соққандай өткір мысқыл әжуа, оның интеллектуальды өресін танытар зерделі ойдан туатын ақылды сөздер жоқтың қасы. Табысты деген еңбектің таразысын жеңілдетіп, көркемдігіне кері әсерін тигізіп тұрған да осы жайлар.
Өте сәтті шыққан образдың бірі — «дүниенің кілтін ұстаған» сәудегер Малтабар (Қожамқұлов). Актер өзіне тән қарапайымдықпен кішкене рольді майда штрихтармен байыта, тамұқты да, ұжмақты да, арды да, абыройды да ақшасына табындырған сұмпайы сәудегердің образын көз алдымызға әкеледі. Дәрменсіз құлқынның құлы болған пасық жанды Малтабар Айжанды ақшаға сатып алмақ. Әйел мәселесіне келгенде онда саналы ой деген жоқ, тек соқыр сезім ғана бар. Айжанға ашыққан аюша тарпа ұмтыла бергенде біреудің келе жатқанын сезіп сахнаның екінші жағына тығылып, өз үрейін жасырып, Айжанға «қорықпа, қорықпа» деп басалқы айтады. Қуыс кеуде Малтабар көрермендерге қарап қолын шапақтап «ай десе — ауызы, күн десе — көзі» деп күлімдегенде көбелек ұстаған есалаңның «қуанышты» кейпіне енеді.
Талантты актриса Ш. Жандарбекова Катеринаның бірінші көріністегі қалыптасып келе жатқан образын одан әрі қарай дамыта алмады. Қимыл-әрекеттері де таныс үлгілер тәрізді. Сыңар иықтап бұрылу, шалт әрекет, шапшаң сөзділікке бой ұру бар. Катерина сияқты өзі айтқан XIX ғасырдағы орыстың қыздарын еске алсақ бұлай болмайды-ау деген күдік туады. Ең алдымен Катерина зиялы қыздардың институтында оқитын ақсүйектің қызы. Ол жоғары қауымның мәдениет үлгісінен тәрбие алған. Ондай қыздар сыпайы-сырбаздығымен, асқан әдептілікпен танылады. Нәзік қимыл-қылығы, биязы мінезділігін қандай қауым ортасында жүрсе де жоймаса керек. Көзі ашық әулие бола қалып, бөтен, бөгде адамдардың ортасында бар дауысымен нағашысын жерден алып, жерден салып жатуы Катеринадай қызға тән сипат бола қояр ма екен?
Бізде сахналық интерпретациясын теріс түсініп жүрген образдың бірі А. Жолымбетовтың орындауындағы Фридерикс. Ол Батыс Сібірдің губернаторы, тіс қаққан зымиянның бірі. Үлкен айла-амалдың иесі. Автор материалы осыны дәлелдейді. Ал «жұртты күлдірсем болды» деген мақсатпен актердің оны жарымес етіп көрсетуінің қанша қажеті бар. Дауысын жүз құбылтып, пәтуасыз қимылдармен бар күшті күлкі туғызуға жұмсау актердің өзін де қинамай ма? Образдың ұлттық ерекшелігін ұғуға тырысқан жөн.
Автор басты кейіпкері Тәуекелді қиын-қыстау асулы кедергілерден өткізеді. Тәуекелдің ерлігіне де, тапқырлық табандылығына да кәміл сенеміз. Тәуекел халық өкілі. Оның халықпен тығыз байланысының өзі жеңілмейтін күш екендігін дәлелдейді. Оның арқа сүйері де, ақылшысы да халық. Сол сияқты Шатшәлекейдің қатыгез зұлымдығы да, Далбасаның ақымақ есуастығы да, хан уәзірлерінің есерсоқ есалаңдығы да шынайы. Әр кейіпкерде дараланған тіл бар. Асылында Қ. Сатыбалдин тілге бай драматург. Жүйелі диалогтар аз ғана сөзбен адам характерін ашып тастайды.
Осындай сәтті еңбектің кемшілігі де жоқ емес. Ол кемшілік неде? Біріншіден, қалың оқиға тұтас дамымай кейде көтеріліп барып, күрт түсіп желі үзіліп кетіп отырады. Екінші басты геройымыз Аягөздің шығармадағы әрекеті нәрсіз де қансыз, ол көбіне сырттай жүр, іштей жігер, құтылуға талпыну, тартысқа тікелей араласып, тәуекел мақсатына үн қосу жағынан нашар. Әйтеуір мені жеңгенің, аларсың» дегендей суық қандылық басым. Қапан тілге бай бола тұра кей жерде дәуірге тән орамдарын таппай, кейіпкерлерін бері сүйреп бүгінгіше сөйлетіп жібереді.
Аягөзді (артистка Т. Қосыбаева) алғаш Шатшәлекейдің тұтқынында көреміз. Қапастағы тотыдай Аягөз Қосубаева құтылуға жол таппай сарсылған ой соңында. Оның сәл шытынған қабағында ауыр қайғының, үрей қорқыныштың ізі жатыр. Бұл қапастан құтылудың жолы қайда. Аласұрған Аягөз Қосубаева у ішуге де даяр, тек тағының тырнағынан азат болса болды. Осы жанталас ретінде інісін көрген Аягөз, қуаныш құшағында. Тетелесті өлтірем деген Шатшәлекейге жалбарына ара түскен Аягөздің аянышты жүзі биік трагедиялық сазға дейін көтеріледі. Осылай әрекетке бай сәтті құрылған образдың өзегі кейінгі көріністерде автордың сараңдығына тап болып жүдеу тарта береді.
Автор Шатшәлекей мен Далбаса ханды біріне-бірін ұқсатпай, екеуін екі дүниенің адамы етіп шебер берген еді. Олардың қимыл-құлқы да өзгеше. Далбаса ақымақ бола тұра айлакерлікке талпынған келте ақылды кесепат болса, Шатшәлекей жексұрын жауыз адамға тән мейірім шапағаттан құралақан қанішер қарақшының өзі.
Далбаса ханды (артист Е. Өмірзақов) комедиялық жүйеде шешкен. Оның топастығын жеткізе әжуалайды. Киік аулап жүрген Далбаса садақты қалай ұстай білмесе де, өзін асқан мергенге санайды. Оның мансапқорлығы да бар, бақталасы Шатшәлекейді құрту ниетінде, сол үшін ол Тәуекелді пайдаланады. Шатшәлекей шабылды, олжа мол, қолға түскен қыз-келіншектер де бар. Мұны естіген Далбаса қаусап тұрған қалпына қарамай, жымыңдай түседі. Аягөзді алдырады. Сұмпайыны шығарып жіберіп, көзі күлімдеп мен сені сүйемін деген емеурінмен Аягөзге жампаң қағады. Шымылдыққа енгізіп кекештене «қарақат көзі қандай тамаша» деп тамсана көрерменге қарағанда дәмесі зор дәрменсіз сүлденің кейпі, күлкі туғызбай қоймайды. Уәдесіп, шартын мың құбылтып отырса да хан бір-ақ айтады деп өзін-өзі әшкерелеумен болады.
Қазір совет әдебиеті мен өнер қайраткерлерінің алдында үлкен міндеттер тұр. Ол — бүгінгі өміріміздегі қозғаушы күш, алып адамдарымыздың заманымызға тән типтік тұлғасын жасау. Сайып келгенде әдебиеттің бар жанрына, бар саласына қойылатын ортақ талап — халқымызды социалистік санада тәрбиелеу жолында жақсы үлгі ете білу, жатты әшкерелей білу. Мұны айтуға оңай болғанмен өмір кешіп отырған заманымыздың сыр-сипатын терең ұғыну көп еңбектенуді, талай ащы тер төгуді талап етеді. Бұл салада қазақ драматургиясы партия, халық алдындағы борышын өтеуде белсенділік көрсететін уақытты әлдеқашан жетті деп білеміз.
1936
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі