Бұл, әлемге аты әйгілі, өз сөзімен айтқанда, «Мұхаңның рухани перзенті» Шыңғыс Айтматовтың соңғы айдын ішінде бесінші рет хабарласуы. Өз мерекесі болардай қуанышы қойнына сыймай жүрген. Шыңғыс бар шаруасын жиып қойған сияқты. Осы қарсаңындағы шетелдік сапарын да Мұхаңның сексен жылдық мерекесіне байланысты кейінге қалдырыпты. Бар істің басы-қасында мен жүргендей телефонмен хабарласқан сайын тәптіштеп сұрап жатады. Бұл жолы:
— Ay, батыр-екесі, Мұхаңның тойы осы айдың жиырма сегізінде болады — демедің бе, бүгін хат алдым, жиырма үшінде екен ғой. Немене, мені келмесін деген ойың бар ма, — деп әзіл аралас даудан бастады.
— Мен де кеше білдім, бүгін телефон соққалы отыр едім, қанша адам келесіңдер, — дедім.
— Сауал болғаныңа, Мұхаң мерекесі тек қазақтардың мерекесі деп саған кім айтты. Бүкіл Манастың әулеті көтеріліп барсақ та еркіміз, шүкір қазақ, ағайынның жері де, дастарханы да кең. Санаулы бару қонаққа ғана жарасады. Біз бауыр емеспіз бе?
Мен жеңілдім.
...Бүгінде күздің суық сұрғылт қабатына шырайын бермей ашық ажарымен Алматы күні шыққалы қашан. Сергек тартқан ұйқының төлеуін кітап оқумен толтыру менің ғана салтым емес шығар. Бұрын журналдағы нұсқасымен таныс болсам да әдебиетіміздің бүгінгі ақсақалының бірі Әбділда Тәжібаевтың «Жылдар, ойлар» кітабын қарап отырмын. Мұндағы, алдағы ағалары, тұрғыластары жәйлі естеліктерде Мұхаңа мол орын берілген. Шәкірттің ұстазға деген ізгі ілтифатының, достықтан азаматтық махаббатқа айналған үлгісін көріп қуанам. Тағы да Мұхаңның үнін естігендей елігіп, жүрекке ұялаған қимыл келбеті көз алдыма келіп сөзін тыңдап отырғандай күйге түсем.
Ақын мінер арғымақтың айыл-тартпасын берік бекітіп бетіне жан қаратпай жүрген Әбділда жиырма бес жасында өзінен аттай мүшел жасы үлкен ағасы, Мұхаңмен тұңғыш рет дидарласыпты. Сол күннен бастап әлгі адуын ақынымыз «шәкірттік» халге түсіпті. Бұған дейінгі ағаттықтарын аңғарыпты. Мұхаңның сілтеуімен іздену, оқу сапары басталыпты. Ағаның арқасында сырттай жарасымы өз алдына, іштей игілігі мол ойлар түйіпті. «Сен қырдың, сен шырқадың» деп арқадан қағудан гөрі ағаның ақылы, айтқан сыны көп болыпты. Сақалымен емес, жемісті жылдарының сапасымен жетпіске құрық көтеріп келе жатқан қордалы ақын Әбділда осылай ағынан жарылып, ақтарыла сыр шертіпті. Кейде өзі отырған безбен басын тым төменшіктетіп жіберсе де, естелік жазушыларымыздың көпшілігінде бола бермейтін ақ пейіл, әділ қазылық мінез танытыпты. Бұған қуанбасқа не шара!
Шындап келгенде әдебиет атаулының ұлттық ұғымынан, мөлдек мақтанынан шығып әлде қашан бүкіл адамзаттық рухани қазынаның меншігіне айналып кеткен Mұхтар Әуезов творчествосы, оның азаматтық келбеті суреткерлік сыры жәйлі осы кезге дейін қанша жазылғанмен келешек ұрпаққа үлгі-нұсқа болатыны айтылмаған сөз, ашылмаған ақиқат, жұмбақ жәйіттер көп сияқты. Себебі содан ба Мұхаң шығармаларын оқыған сайын жаңа бір тың ойлардың көмбесіне кездесіп отырасың. Сол ойлардың бір жүйесімен кеткенде, Мұхаң, маған өзінің жазушылық жолында өнерге ден қойғандардың бәрінің басынан өтетін «балаңдық», «шәкірттік» кезеңді кешпеген тәрізді болады да тұрады.
Әлбетте, әдебиет алқасына Мұхтар Әуезов ә дегеннен-ақ ұлылықтың тәжін киіп шықты деген ұшқары пікірден аулақпын. Ол тәж қашан, қай шығармамен келгені баршаға белгілі. Мен мұнда оқудағы «шәкірттік» пен өнердегі «шәкірттіктің» арасына әдейі шек қойып айтып отырмын. Оқудағы шәкірттік десеңіз ол шәкірттің семинарияны бітіруіне әлі екі жыл бар. Сол кезде жиырмаға енді беттеген Мұхаң әйгілі «Еңлік—Кебекті» жазады. Шығарманың композициялық үйлесімі, драмалық архитектоникасы, найзағайдай шабысқан диалог құдіреті, тартыс төңірегіндегі кейіпкерлердің мінез-құлқындағы даралық пен шек-шекара бәрі келіп Шекспир қазыналарының деңгейінде туады.
Мұхаңнан кейінгі осы жанрмен айналысқан үлкен-кішіміз күні бүгінге дейін арғы-бергі тақырыпты шарлағанда, әлгі айтқан қасиеттері сайма-сай драмалық шығарма жаздық па? Өз басым ойлана отырып, жоқ дегенді мойындауға мәжбүрмін. Біз былай қалайық, ал енді дәл сол кезде қазақ топырағында Мұхаң алар үлгі түгілі осы жанрдан белгі жоқ еді ғой. Сонда бұл не керемет!..
Көп жұмбақтың бірі, сөз төркінін түптей келгенде көз жететін айнымас бір шындық — Мұхаңның дарын зердесін табиғат о баста жомарт пішкен екен. Сәтіне сай келгенде Абайдың назы мен шері, ашуы мен ызасы тебіндеген киелі өңірде балалық шағы өтеді. Кейуана әженің әлдиіне жалғас ертегі аңыз, кәрі құлақ ата жадындағы хисса-хикаялармен үндес әліппесі Абай өлеңдерінен басталып қара танып, медресе көреді. Арап, парсы, түркі әдебиеттерінің тамаша үлгілерін тыс-тырнақтай жиып сақтап келген Әуез атаның мөлдек мүлкі қара сандық тола кітапқа қол салады.
Оның үстіне әлемдік тарихтың өзгеру — өсу процесінде не аласысы, не бересісі болмай талай бедеу ғасырларды басынан кешкен сал бөксе сахараның елінде, оның бір-бірімен жат үйірдей тебіскен содыр-сойқан мінезі мен даңғаза тірлігіне күнде куә болып, зерделі жас ерте есейеді, бейуақ түлейді.
Семейдегі бес жылдық орыс мектебі, одан кейінгі семинария қабырғасындағы жылдарда Европа, орыс әдебиетінің бай қазынасын ашады. Арғы-бергі тарих, саясат, социология, философия, география, экономика, жаратылыс тану, бүкіл қоғами, ғылымдар жүйелерімен түбегейлі шұғылданады. Омбыдан кейінгі қоры мол Семейдегі, бір кездері Абай атасы сусындаған кітапхана, жігіт Мұхтардың жиі отыратын мекеніне айналады, Бар зейін -жігерімен құлшына ұмтылып, құлай іздене, оқи-тоқи жүрген осы шақтарында бір-біріменен астарлас-тамырлас ғылым салалары түйісе келе болашақ жазушының зердесіне ақаусыз дарып, қапысыз қаланып, берік; негіз табады. Сана сәулесі нұрлана, парасат парқын таниды. Білім мен талант табысады. Қиялға қанат, талапқа топшы бітеді. Ұшқынының жалыны, дарынның дауылымен шарпысады. Өткен-кеткен тарихтағы шы-найы суреткерлердің бәрі өз заманының сақ сарапшысы, өзіне дейінгі мен болашақтың аралық алтын көпірі болғандығына Мұхтардың көзі анық жетеді. Түбі бағдары сол болса шын өнер өкілі арқалар жүктің салмағын да сезеді.
Ендігі гәп, неден бастау керек? Сөз жоқ Мұхаң туасы ақын адам, ол бар шығармасының рухынан сезіледі. Олай болса неге өлеңмен шеру тартпады екен, әлде Абай атасының ақындық аруағынан именді ме, оны кім білсін. Бірақ ол кезде де «Абай тұрғанда өлеңде нем бар» деп қорғалап жүрген, «мәрттер» аз болатын. Ал енді, мекені бар меншікті театр былай тұрсын, тым болмаса көшпелі труппасы жоқ халыққа драма жазып несі бар еді. Бұл «жар басындағы жантақты жаннан кешкен нар жейдінің» кебі болмасын. Сәл ойланайықшы.
Менімше, көреген суреткер осы драманы жазарда екі түрлі мақсат көздеген.
Бірінші: сауаты жоқ болғанмен сауығы басылмайтын ел салты бар. «Ау жардан» бастап алтыбақанға дейін, ән-күйден бастап ұзақ хисса жырларды құлақ қақпай ұйып тыңдау ел үрдісі. Бұл халық бар қасиетті басына тепкенмен, ән мен сөзді қашанда қатты қадірлейтін. Қазір өлең атаулыны ілеуде бір қара танитыны болмаса, жалпылама оқитын халі жоқ. Ол кезде ұлы Абайдың өзі де бар қазаққа мәшһүр бола қоймаған. Айт пен тойға, сауық-сайранға о бастан құмар халықтың тобымен басы қосылып, қызықтайтыны мүмкін осы болар. Бұл, көргені аз, көңілі шөл елді өнердің соны түрімен ойға тартудың, көкірек көзін ашудың бір төте жолы болар деген мақсат.
Бірінші мақсат — дегеніне жетті. Мұхаң халық психологиясының тамырын дәл таныпты. Бұған «Еңлік — Кебек» 1917 жылы майда Абай ауылында алғаш рет қанаттас тігілген қос киіз үйде қойылып, онда жүзден аса көрермен болғанын айтсақ та жеткілікті. Оған қосымша, Мұхтар Әуезов драматургиясын алғаш арнайы зерттеген жас ғалым Р. Нұрғалиевтің жазуынша, сол күні елу тиыннан билет сатылып, жиналған елу төрт сом елу тиын, автордың тұңғыш қаламақысы, Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жіберіліпті деген дерек және бар.
Екінші: саяси сергек, дүние жүзілік тарихи құбылыстан хабары мол Мұхаң, 1905 жылғы орыс революциясының ақыбетінен, қазақ-қазақ болғалы тұңғыш тұяқ серпіген, он алтыншы жыл оқиғасынан, кешегі Февраль революциясынан кейінгі ахуалдан, Ресейде, әйтеуір бір әлеуметтік шешімін таппай толастап тоқтамас дүбірлі дүрбелең жайдың қазақ, қауымын да қағажу қалдырмайтынын білді.
Суы кепкен сайдың бөрге тасындай басы бірікпей жатқан бұл халыққа, сан ғасыр қоғамдық дамуындағы құяң қимылынан бой жазып, елдігін ескеріп, еңсе көтеріп тұтас ұлттық сипат алар күн туса, ең алдымен безінер қылығы қайсы, қарғыс айтар кесепаты не деген cayал тұрды.
Әлеуметтік тұрғысы әлжуаз, қоғамдық санасы сәбилік дәрежедегі халықтың замандар бойы қанына, жік-білігіне сары судай сіңген рулық тайталастан асқан бейбақтығы болып па? Батыры да осы ру намысының құрбаны, аруы да осы ру намысының құрбаны. Ел болдым деп ең мықтағанда жүзге барып тіреледі, онда да пәлен жүздің ақыны, түген жүздің батыры деп есіре елеуреп бірін-бірі шабақтап-тамақтап, ақыры есебін тауып іргесін ашып алады. Халықтық қам, ұлттық ұйытқы ойлау арғы-бергі құлқын құлы хандардың, содыр сұлтандардың, көк езу билердің, даңғой батырлардың түсіне кіріп те шыққан емес. «Жүлде алсаң жүзіңмен, у ішсең руыңмен» деген бетпақ мақалды сахраның сайқы-мазақ саясатының туы етіп ұстап, шаян құйрық, сиыр бүйректеніп отырған елде не береке бар. Сондықтан автор осы қарсаңда, тағдыры сақалды биде, тапқаны сойылды байда, саяси тұсауы кесілмей, шаш етектен сергелдең сор қамаған халықтың мұң-зарын, көксеген мұратын арқалана сөйлеуді өзіне азаматтық борыш, суреткерлік парыз тұтты. Бүгін өзі тарихқа айналып отырған Мұхтар Әуезов тарихтың табалдырығын да осылай аттауды өзіне лайық, жөн көрді.
Жоғарыда айтылған ойларды ұғындыру талабында жазушы ұзаққа сілтемейді, беріден келте қайырмайды. Сол өңірдің өзіне құлақ сіңді өлең-жыр, әңгіме-сырға айналып кеткен «Еңлік — Кебектің» жан түршігерлік қанды оқиғасын алады. Енді ел қамын, ер тағдырын ойланды деген дуалы ауыздардың сол кездегі әлеуметтік әлпетін тану үшін шығарманың билер сахнасындағы көрінісіне сәл ғана зер салайықшы.
Е с п е м б е т (ызғарланып). Уай, тобықтының баласы, матай-тобықты болып тұрған күніңде атыстың, шабыстың, араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Toбықты, шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың. Ата қонысынан іргесін аудардың. Ел-жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде ай дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Енді міне шарпуыңды матайдан асырып, найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат сауырына салып әкетіп отыр. Ағайын, ұзында өшті, қысқада кекті емессің. Бітім сұрап кісі салсам бақайыңнан келтірмейсің, мына найманда алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса оныңды айт. Әйтпесе мен тобықтының коңсысы емеспін, мынауыңа кесігіңді айт. (Көбей қамшысын тастайды).
Ж о м а р т. Сөйле, Кебей.
К ө б е й. Еспембет, сөзің шын. Ұзындыда өшті, қысқада кекті ағайын емеспін. Найманның елдігіне істеп отырған жаулығым болса аруақ құдайға тобықты шет болатыны шын. Матай мен тобықтының билігіне бұл елдің қайсысы себеп болды? Мен оны қазбаймын, даудың қарасын көбейтемін деп құлындағы сақау, құнандағы тісеуді осы сөздің үстіне әкеліп үйгенің лайықсыз. Maтай қой аузынан шөп алмайтын момын ел болып отырғанда бұл сөзің сияды. Тентектік ылғи тобықтыдан шығады дерсің, бірақ сол матай мен қалған найман неге жауласады? Бүгінгі найманмен шиеленістіріп отырған сылтауды алсам, ол ел таразысын аңдамаған албырт жастардың шалалығы. Рас, тентек болса тобықтының тентегі, иесіз демеймін, ағайын жолымен бітісейік, билікті маған бергенің шын болса мен айтайын. Жалғыз-ақ түбір сөзді түйінді сөз қылғанымыздың лайығы жоқ.
Ж о м а р т. Сөйле, Еспембет.
Е с п е м б е т. Көбей, мен билікті саған айтқызсам, өз ойдағымнан асырып түсіреді деп айтқызам. Егер есі-дертің менің дауымды жасытпақ болсаң, жайдақтап, жадағайлатпақ болсаң мен билікті айтқызбаймын. (Қатты.)
Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын. Шолақ байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асып отырсың сен. (Көбейге сөз береді).
К ө б е й. Еспембет, кедергі неден болды деп отырсың, мен саған бұл дауың орайсыз деп отырғам жоқ. Екі елдің сөзін екеуміз ұстап кездескен соң дәнекер болатын жағын қарастырайық дейім. Болмаса қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой. Жақпаса билігіңді өзің айт. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң мен билік айтпаймын. Тағы айтарым, тобықтының азды-көптігін сарапқа салар жер — бұл емес. Көп болғанда кімнің басы кімнің қанжығасында жүреді? Тобықтының найманға істеген ерлік -өктемін көргенім жоқ, керіс неге керек (тым-тырыс).
Е с п е м б е т. Олай болса сенің қырмызыдай талдап шығарған сөзіңе мен ере алмадым. Менің билігіме тобықты баласы тоқтайтын болсаң өз тентегің ана — Кебек, қыз атамның аруағына қастық қылған менің тентегім, екеуін шығарып бер былай. Мойнына арқан таққызып өз қолымнан өлтіремін (тым-тырыс), қазір етем осыны. Әкел, ұстат қолыма...
...Көнбейтін болсаң арам алыс алашпын. Оразаның түбіне мақсым жетер, азған елдің түбіне тақсыр жетер. (Қатты.) Тобықты, сені аялағаным жеткен. Бұдан артық менен бітім іздеме! Бұл айтқаныма көнбейтін болсаң, екінші сөзім — тағы бір берер таңдауым — тура тұрысатын жеріңді айт, менің қолым жасанып дайын отыр. Тобықтының жығасы жығылмайды екен ғой бұл... Көрдім, күттім, ал міне жауабымды қазір бер (тым-тырыс).
Жауап белгілі, сөзінде тұрлау, табанында бұдыры жоқ билер ырғасы келіп иек артпаға тірелді. Ендігі талқы тобықты билерінің өздерінде қалды. Асырып айтам, батырып айтам деген Қараменденің арғы-бергіні орағыта ойқастап тартқан тіл кермесі Еспембетке дарымай қалған. Заман азды, заң тозды деп шаң боратқанмен онан да ештеңе шығар емес. Ендігі сөз тізгіні Қеңгірбайда, Кеңгірбай кесімі белгілі. Бір-біріне үрпиісіп. доң айбат шегіп басылған билер қылығы бұған мәлім. Ежелден бой үйренген Әнет бабаның салған жолы жатыр. Аруаққа шек келтірмеймін деп Кеңгірбай ескі әдісіне басты. Араша түсер жанашыр ағайын табан астында жатқа айналды, Бауыр дегендері бетін теріске бұрып алды. «Безбүйрек» Еспембеттің дегені болды, қауымдас, білектес ел бол деп еңіреген ақылгөй данышпан абыз болса:
Береке жоқ, байлау жоқ,
Ерім, қайтып күн көрер.
Бәріңнің де нәрің жоқ,
Елім қайтып күн көрер, —
деп түңіле толғаумен қалды. Басқасы тіл безеп, сөз саптауынан бітім таппай ажалға адамын шығарып бере салды. Бәрінің құрбандық еткені қыршын Еңлік пен Кебек. Әделеттеп бет жуған, күдер үзген, тас үңгір мәңгі мекеніне айналған Абыздың:
Әреке деген көк ауру,
Сені тияр талқы жоқ.
Ішті жеген жегінің,
Жерге кірер қалпы жоқ.
Барар бетің батпақ сор,
Күн түзерер тарпы жоқ, —
деген қобыз сарыны мен қоса өрілген сарнау гөй-гөйі сай сүйегіңді сырқыратады...
Бақсақ «Безбүйрек» жалғыз Еспембет емес екен. Екелесе келгенде еңсе таныта алмайтын безбүйректер де табылды. Намысың да, ерлігің де әншейін әркімнің бас баққан күн көрісінің айла-шарғысы екен. Сондықтан да Кебектің Еспембетке «Ей, сотқар бай, ұлып-ұлып табысыпсыңдар ғой бөрідей, табысарда сойған көкқасқаң, елдің ұлы-қызы біз болдық қой! Көк бөрі демей не дейін, қан сорпамды ішпесең көңілдерің көншімес. Лағнет болсын сендерге. Бірақ сені қарғасам да қарғамаймын сорлы елімді. Ер қадірін білер сол ел, елден шыққан не білер! Сонда менің қанымды қарғыс етіп басар сенің маңдайыңа! Мә, білгеніңді істей бер» — деген сөздері сол заманның ел-ер тағдырын шешетін би білгірлеріне айтылған халық үкіміндей естіледі. Ел кінәлі емесін, ел етегін басып, еңсесін көтертпей отырған мына қорқау шұбар топ кінәлі екенін Кебек біледі. Бірақ амалы қанша. Айқаса түскен қос арыс бұл дүниеден сапар кешті. «Тас бауырлар» айдалаға тастап кеткен сәби жетімек Жапал қойшының қолында шырылдап қала берді. Көз жасыммен сақалымды төсей арашаға түсіп аман алып қалам деген Абыз қан-қазаның үстінен шыққанда «Ата!.. Атамын мен аңыраған! Мен ата, сен немере! Бауырыңдағы шаранасы кеппестен шырылдап қалған шөбере! Бауырым өрт, үнім зар! Бауырым өрт, бетім жас... Ата, немере, шөбереміз — үш зарлық! Ел олар емес, ел бізбіз, ұлым, жан балам! Қара тастай қатал күндер ішінде туар, келер біздей толқын-толқын ата, бала, немере.., алып кетсін, жазықсыздар аттарын сақтай өтсін... Ақтай өтсін арыстарым арманын...» Жадыңда тұт жасыма!.. Жадыңда тұт «жасыма» де, ес кіргенде (баланы нұсқап) бауырыңа... Бүгін мен өсиет еткендей, өсиет ет сен оған, шағың жетіп өлерде! Жадыңда тұт «жасыма» десін арғыларға, ұрпаққа, жадыңда тұт жасыма, ұлым, елім, шермендем!..» дейді өксік аралас өсиетпен келер қауымға үміт артқан әзиз ақыл иесі қария.
Осылайша ой толғаған кемеңгер жазушы арғы заманның мінезге айналып кеткен қазақ даласындағы ру мен ру, жүз бен жүз арасындағы қарым-қатынастың бас мінін ашына әшкерелеп, жаңа дәуірге бет бұрар ұрпақтың бүйрегінде осы кесел бұғып қалмасын мұрат тұтады, бұл кесепаттан адал, ада болудың жолын көздейді.
Енді, Мұхаң, трагедияның бүкіл болмысындағы айтылған ой-сырларын бекіте түсу мақсатымен «Еңлік — Кебек» Абай ауылында қойылғаннан кейін көп ұзамай «Сары-Арқа» газетінде жарияланған «Адамдық негізі — Әйел» деген мақаласында былай дейді: «Барша дүниедегі пайда мақтан әуел басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем деген жол. Бұл инсаният яғни адамдық жолы». Көрдіңіз бе, шығарманың идеялық көген басы да, көксеген мүддесі де баршаға ортақ адамгершілікті аңсаған осы ойлардан өрбиді екен.
Міне, содан бері 60 жыл. Тұңғыш ұлттық театр Абай ауылындағы көріністен тоғыз жыл өткен соң шымылдығын осы «Еңлік — Кебекпен» Қызылорда қаласында ашты. Қаншама артистер буынын былай қойғанда ұлттық драматургиямыз осы шығармамен бірге өсіп, үлгі тұта талай сыннан өтті. Күні бүгінге дейін «Еңлік — Кебекті» сахнадан тамсана көріп, таңдай қағып шығудан танбаймыз. Соған қарап, кейде, Мұхаңның ұлылығының алғаш нышаны осы шығарманың үстінде де қылаң берді ме деп ойлаймын.
Мұхаңның драма жанрындағы мол мұрасын зерттеу, таратып талдау әдеби ғылым саласында енді ғана қолға алынып келеді. Өз басым прозасында болсын, драмаларында болсын, ой өресі өз алдына, тіл жағына келгенде, сөздің химиясын, қуатын, әрқилы атомдық салмағын Мұхаңдай білген кісі әзір біздің әдебиетте бар деп ойламаймын. Meн үшін Мұхаң шығармалары дербес жатқан тіл академиясы. Мысал керек болса кез келген бетін ашып қарай беруіңізге болады.
Әлем әдебиеті мен өнер тарихындағы білімдарлығы сол жиырмасыншы жылдардағы әңгіме повестерінің мүсін бітіміндегі жазушылық мәдениеттің өзінен-ақ байқалса, жалпы қоғамдық ғылымдардың бар саласынан тереңдігі публицистикалық мақалаларынан, зерттеу еңбектерінен мен мұндалап тұратыны бар.
Мұхаңның әдеби қырағылығы да ғажап еді. Өмірінің әсіресе кейінгі жиырма жылында Одақ әрі барса әлем көлемінде Әуезов араласпаған әдеби мәселелер кемде-кем. Дүние жүзілік әдеби процестің дамуына көз сала отырып, Советтік ұлт әдебиеттеріне қатаң назар аударатын. Оның көрнекті өкілдерінен Әуезов баяндамаларында, зерттеу мақалаларында әділ де орынды бағасын алмағаны шамалы. Арғы-бергі орыс әдебиетінің табыстарын таразылағанда да, драматургия теориясы мен аударма теорияларының алқалы айтыстарында да Әуезов пікірі өтімді жататын.
Мұхаңдағы бір ғаламат қасиет, талант тегін айнытпай тануында еді. Осы күнгі әдебиеттің ірі тұлғалары Шыңғыс Айтматовты да, Расул Ғамзатовты да алғаш «ашқан» Мұхтар Әуезов. Ал өз әдебиетімізге келгенде де сақтығы Құнанбайдай — кірпік қақпай бағып отыратын. Жілігі татыр дүние көрсе ертеңіне жариялай, айта, жаза жүретін. Meн әдебиет пен өнердің сәл ғана табысының өзіне Мұхаңдай қуанатын, жылы сөзге Мұхаңдай жомарт адамды көрмей келем. Осыдан біраз уақыт бұрын өзіміздің талантты жас жазушылардың бірі Сайын Мұратбеков:
— Сіздер қандай бақыттысыздар. Мұхаңды көрдіңіздер, сөзін тыңдадыңыздар, — деді күрсініп. Бұл күрсініс Мұхаңның әлгі қасиеттерін аңсап арман етуден туған еді.
Ие, бауырым, дұрыс айтасың, Мұхаңдай ұлы адамның біздің әдебиеттің басында тұрғаны бәрімізге ортақ бақыт, халық бақыты. Бізді дүние жүзі Әуезовтың әдебиеті дейді. Бұл әрқайсымызға жауапкершілік артатын ұғым, «Әдебиетімізді Әуезов көтерген биіктен төмендетіп алмайық» деймін мен, Т, Ахтановтың бұдан он жыл бұрын қауіп ойлап айтқан сөзін қайталап. Осы сөз есіме түскенде мереке күні сарыуайымға салынғым келмейді, бірақ мереке де міндет артады бәрімізге. Соны ойлағанда кейде жүк ауырлап, жер бауырлап келе жатқан жоқпыз ба деп те қалам. Тек беті аулақ әйтеуір. Талантты жас қауым келе жатыр — көңілге соны медет тұтам.
Міне, бүгін сан ғасырлар өресінде ізі көмескі, үні әлсіз халқымызды әлемге танытып көркем шежіресін жасап берген Мұхтар Омарханұлы Әуезовті мақтан ете отырып, осындай өнерпаздан бүкіл шарапат мейірімін аямай, мәпелеп, аталық қамқорлықпен өсірген Ұлы Лениндік партиямызға, ортақ Отанымызға бәріміз де борышкер екенімізді тағы да еске алғым келіп еді.
Сентябрь, 1977
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі