Ташкент. 1920 жыл. Май айының орта шені. «Шығыс халықтарының сауық кеші» деп аталатын тәжік, түркмен, өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының өкілдері қатысқан олимпиада аяқталды. Төреші комиссияның қорытындысында бірінші бәйге Ташкенттегі қазақ-қырғыз педагогикалық институтының студенті Құрманбек Жандарбековке берілсін деп ұйғарды.
Олимпиадаға хор коллективтері, жеке әншілер, музыканттар, бишілер молынан қатысқан болатын. Құрманбек өзі жеке ән салумен қатар сексен адамнан құралған хордың көркемдік жағын басқарушысы әрі дирижері болып қатысты. Бұл кезде Құрманбек небәрі он алты жаста-ақ болатын-ды. Албырт бала жігітке бірінші бәйге алу үлкен шабыт берді. Енді Құрманбек Ташкенттегі оқу орындарындағы қырғыз, қазақ жастарының арасында бірнеше үйірмелер ұйымдастырып, оларға өзі тікелей басшылық жасайды, бір жағынан оқытушы тауып алып музыка теориясымен шұғылданады. 1921 жылы екінші рет «Шығыс халықтарының сауық кеші» болғанда Құрманбек екінші бәйгеге ие болды. Бірінші бәйгені Кари Якубов (Өзбек ССР-нің халық артисі) алды. Жазғы демалыс уақытында 1923 жылы Құрманбек Кари Якубов, башқұрттың белгілі әншісі Али Мұхаметовпен бірге Мерке, Әулиеата (Жамбыл) қалаларын концертпен аралайды. 1925 жылы Құрманбек институтты бітіріп Шымкент қаласындағы партия-совет мектебінің меңгерушісі болып істейді. Губком комсомолдың сұрауы бойынша бірнеше концерттер береді. 1925 жылғы июнь айындағы бір афишада Құрманбектің орындауында 101 әннің аты жазылған. Бұл туралы Құрманбек былай дейді:
«Мен 1918 жылы Ташкентке бірінші рет оқуға барғанымда бір қазақ жігітіне кездестім. Менің оқуға түсуіме сол жігіт көп көмек көрсетті. Түсінбеген сабақтарымды түсіндіріп ұзақ уақыт жәрдем беріп жүрді. Сабақ оқудан жалыққан сәттерімізде ол менен өзінің жәрдем көрсеткендігі үшін «жалақы» сұрайтын. Алатын «жалақысы» ақша емес «Сәулем-ай» деген ән еді. Екеуміз Ташкенттің кадет корпусының шығыс бетіндегі мұнарасына шығып алып, мен «Сәулем-айды» салғанда мүлги тыңдап отырып қайта-қайта айтқызатын да, «Бүгінгі жалақымды алдым, жүр енді сабақ оқиық деуші» еді. Сауатты, талантты жігіт бүкіл Орта Азия мен Қазақстанда комсомол ұйымдарының қалыптасуына көп еңбек сіңірген көрнекті жас қайраткер Ғани Мұратбаев болатын. Отты, адал жанды, мейірбан жігіт еді. 1925 жылы Москвада Ғани қайтыс болды. Сондай сүйікті досыма ескерткіш орнатуға қаржы жинау үшін сатиралық әңгімелер айтатын Әлішер Бейсенов (кейін партия-совет органдарында жауапты қызметтерде болған, дербес пенсионер) екеуіміз концерт ұйымдастырғанбыз. Сонда мен айтатын 101 әннің аты афишада жазылған. Бір жүз бір әнді бір кеште айту мүмкін еместігі мәлім. Бірақ сол кеште алпысқа таяуы айтылды».
1925 жылдың аяқ шенінде Пішпек (Фрунзе) губкомында Құрманбек қызметте жүргенде «Енбекші қазақ» газетінің 398 санында «Қызылорда қаласында қазақтың ұлттық театры құрылғалы жатыр, соған Құрманбек Жандарбекұлының тез арада келуі керек» деген хабарландыруды оқиды. Жасынан арман еткен мақсатына жету жолы енді ашылғандай болды. Құрманбек Қызылордаға жетуге асығады. Ұзамай губкомның ұйғаруы бойынша, оның үстіне Қазақ ССР Оқу Халық Комиссариатының шақыру қағазын алып, Қызылордаға келеді. Қостанайдан Серке Қожамқұлов, Семейден Қалыбек Қуанышбаев, атақты әнші Әміре Қашаубаев, суырыпсалма ақын Иса Байзақов, Қапан Бадыров, тағы басқа артистер тұңғыш профессионалдық ұлттық театр құрады. Осы күннен бастап Құрманбектің өнердің ұзақ жолындағы сәтті сапары басталады. Театр жұмысын жүйеге түсіру жолына жан-тәнімен кіріседі. Әнші, актер, режиссер, биші Құрманбек ұзамай халықтың сүйікті адамына айналады. Драма театрында Құрманбек сегіз жылдай қызмет істейді. Театр сахнасында қойылған шығармалардың көбісінде басты рольдерде ойнайды. 1928 — 1929 «Князь сирень» кинофильміне түсуге барғанда Құрманбек Мемлекеттік кинематография институтының актер дайындау бөлімінде оқиды. Жұртшылық Құрманбекті «Аманкелді», «Жамбыл» кинокартиналары арқылы да біледі. Құрманбек Алматы консерваториясында режиссер әрі киноактерлер дайындайтын мектептің көркемдік жағын басқарды. Негізінде Құрманбектің өнер саласында творчествосының ең өзекті жағы тікелей театрмен байланысты. Кейінгі жиырма жылдан аса творчестволық жолы опера театрымен біте қайнасып келеді. Опера театрының тырнақалды спектаклі «Айман — Шолпанды» сахнаға қойған режиссері, әрі басты рөлі Көтібарды ойнаған да Құрманбек болатын. Қазақтың опера театрының белді кезеңдерінен саналатын «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Гвардия, алға», «Абай», «Біржан — Сара», «Қыз Жібек» операларын сахнаға қойған режиссер де — Құрманбек.
Режиссер-Жандарбековте талантты адамдарға тән өзіндік өрнек бояу, өнерге деген терең сезімді сүйіспеншіліктен туған тіл бар. Кемеңгер ақын «Абай» операсының сахналық көрінісі Жандарбековтың режиссерлік қабілетінің зор екендігін аңғартты. Бұл операдағы Абайдан бастап ең кішкене образдарға дейін терең шешімдер тапты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреатын алған «Біржан — Сара» операсы Жандарбеков-режиссердің тамаша талант иесі екенін ашып кетті.
Құрманбектің актерлық лабораториясына кірсек шын шебердің қолынан шыңдала өрілген небір тамаша адам портреттеріне көзіңіз түседі. Оның режиссерлық-вокальдық дарындылығын былай қойғанда, тамаша артист екендігін атап өтпекпіз. Оның жасаған сахналық образдары әрқайсысы әр дәуірдің, әр таптың, әр мүдденің адамдары. Психологиясы, өмірдегі орны, әлеуметтік көзқарасы әрқилы. Сонан келгенде Құрманбектің орындауында олардың бәрі терең реалистік шешімдер тауып, толық қанды тұлғасымен көрінеді. Көтібар, Бекежан, Жалбыр, Ер Тарғын, тағы басқа толып жатқан біріне-бірі ешбір ұқсамайтын кесек бейнелердің алғашқы «авторы» Құрманбек болатын. бұл образдар Құрманбек творчествосының актерлық саласындағы отты, салтанатты шақтарында жасалған. Кейінгі кездері творчествосының басым жағы режиссура, театрдың ұйымдастыру мәселелеріне арналып жүр. Өзінін елу жасқа толуына байланысты бұрынғы өзі жасаған образдарға қайта оралды. Соның бірі «Қыз Жібек» операсындағы — Бекежан.
1936 жылы Москвадағы Қазақ өнерінің онкүндігінде Бекежан ролінде ойнаған Құрманбек туралы орталық баспасөз беттерінде көптеген тамаша мақтаулы пікірлер бар. Сол кездің өзінде Құрманбектің сахнадағы актерлық шеберлігін атап көрсеткен еді. Шынында, Бекежан образында Құрманбектің актерлық шеберлігінің жан-жақтылығы айқын көрінеді.
Бекежан құрсаулы заманның қандыбалақ қарақшысы, іштей қайшылығы мол, шытырманды, күрделі образ. Құрманбек сахнаға шыға келгеннен-ақ оның әрбір қозғалысы, сөз саптауы, «берсең, қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген озбыр, арын арамзалыққа азық етіп жүрген найзасының ұшын, білегінің күшін айлакерлік зымияндықпен жұмсайтын дүлей зұлымдықтың иесі болып көрінеді. Оның Жібекке жұтына қарап, таусыла айтқан сөздері шынайы махаббат сезімімен емес, қиядан қылт етсе қағып түсетін қысқа құмарлықтың құлы болған адамның сөзі. Оны ол өзі де жасырмайды. Мұнымен қабат Бекежан бойында пасық тәкаппарлық та бар.
Қанды қолмын, жасырман,
Құс ұшырман басымнан.
Қаны тамған қанжармын,
Қыз алдында бас ұрман,
Ұсынсаң қолы жетпейтін,
Ханға лайық басым бар.
Төрге сүйреп шығарам,
Ерге лайық басым бар,
Өрге сүйреп шығарам, —
деп Қыз Жібектің алдында көкірек ұрып текірек қағады. Құрманбек осы сәттері әрбір сөзін салмақтап, бояуын Құлпырта, сөздің іштей логикалық астарына сай қимылымен Бекежан образының жан-жақты сырын аша түседі. Құрманбек өз Бекежанын Жібекті көндірмеймін деген пікірден аулақ ұстайды. Сахнадағы өзін қоршаған әрбір адамның қимылын өзінше бағалайды. Сырттай жасанды сыпайылығын, іштей озбырлығы бұзып тұрады. Көбіне қауырт қимылдары, өткір көзқарас, шапшаң жауап, шалт әрекеттері мол, дала барлаған жыртқыш жолбарыстай етіп көрсетеді. Бекежан Дүрияға:
Мен бір оқыс адырмын,
Сыпайы өскен шадырмын.
Қойсаң қайтер, қарағым,
Соқтығып кетсем. байқамай
Үзіліп кетіп жүрмесін
Үлбіреп тұрған сағағың, —
дегенде де Жібек пен Дүрияға кезек қарап «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегенге мегзейді. Бекежан үшін дегені болмаса, Жібектің сағағын үзуі де қиын емес. Оны Құрманбек көзқарасымен де, қимылымен де баяндайды. Құрманбектің Бекежаны әрбір қақтығыста өз күшін көрсетіп қалуға тырысады. Мұның бәрі Бекежанның әлеуметтік кейпін айқындай түседі. Жібектен ойлағаным орындалар деп сырттай сенгенмен, іштей қаупі күшті. Өктемдігін де, қайтпайтындығын да қанша жанамалап ескерткенмен, Жібектен тілегіне сай жауап ала алмай, «көрермін кезінде» деп жедел басып шығып кетеді. Сәлден кейін қайта оралып, әлде бір сұмдықты сезгендей, «не болды десем екен ә?» деуіне, Дүрияның «не ойласаң сол болды» деген сөзі шоқ басып алғандай тиеді. Кернеген ашу ащы дауыс аралас оқыс қимылмен көрінеді. Жана ғана Төлегенмен кездесіп шаттық көңіл күйінде тұрған Жібектің «Бекежан» деген жайдары жайлы үнін естігенде күлімдей түсіп, сәт үміт шырмауында тұрады да, Жібек «қуаныш үстіне келдің, құтты болсын айт» деп сөзін аяқтай бергенде қайта түнеріп:
Жоқ, құт болмас, Жібек, жұт болар
Кеудеңе қара құс қонар,
Тірі болса Бекежан
Жүрегіңе шер толар.
Тоқтай тұр, Жібек, тоқтай тұр,
Көзіңнің жасы көл болар
Қанмен жуып тойыңды,
Тойыңда салып ойынды
Сені алмасам маған серт
Кездесе қалсам жолыңда.
Арман еткен ойыңды,
Ала алмасам маған серт!
Қорлағаның мен екен
Күні-түні жортармын
Алдымен соны құртармын! —
деген сөздері жауыздың жалын атқан кегінен туған серт байламындай естіледі. Дүлей күш қараниет қаһарына мініп, қанды қанжарын тәу етіп сертке белін бекем буып шығып кетеді.
Базарбай ауылына келгенде де кек жолындағы кейпін өзгертпейді. Жұрт тигізе алмай тұрған жамбыны дөңгелей жөнеліп атып түсіргенде де Төлеген жаққа мардамси қарайды. Көрдің бе, сенің де мойның осылай үзілер деген кісіше иек қағады. Сәби жанды Қарлығаш жамбы бәйгесін ұсынғанда қазақ ғұрпына жат қасиетсіздікпен қайырып тастайды. Сыйлық алу емес — сынасу құрмет көру емес — қыр көрсету, деген кісіше, Төлеген мен Жібек алдында кездесуді уәде етіп сөз байласады. Бұл уәде арам ойдың алғашқы сатысы ғана еді.
... Қособаның маңы. Жақпарлы жартасты сахнаның ортасына таяу үстінде садағына басын сүйеген Бекежан тұр. Үлкен ойда. Ішін алау-жалау өртеген кек жалыны шеменге айналған тәрізді. Жол тосып, жан тонап әккі болған алаяқтың сырттай көрінісінің өзінен-ақ ішкі сыры аңғартылғандай. Іштей арпалыстың өз нысанасы бар. Әлі жұрт Бекежанның жүзін көрген жоқ. Бірақ сол тұрыстың өзінде оның көзге шалынар-шалынбас елеусіз қимылдары қайнаған кектің шөккен ұясындай көрінеді. Бұл тек қана тұрыс емес. Ой мүддесін көрушіге, сол сыртқы бейнесімен баяндап тұрған шебер актердің үнсіз тілдесуі. Театр тілінде «актердің сыртпен ойнауы» деп осыны айтады, Әріректегі биік жартаста көп тобырдан қалған жалғыз жігіт тұр. Жібек алдында кездесем деген Бекежан уәдесінің орны, Қособаның шатқалына айналған. Кек уытын жаяр ұтырлы жері де осы. Оркестр аспаптарынан шыққан баяу үнмен Бекежан басын көтереді. Оның қанды көзінде аздаған жабырқау бар. Көп тобыр кетті, енді қалған жалғыз жігіт ол да кетіп қалуы ғажап емес, сонда ол не істемек. Жібек алдына айбармен бару оның мақсаты еді. Осы бір жегідей жеген ойдан мұңды үнмен:
Шеңгелдеп қызыл қанға боялған қол,
Алдын қия жатқан жалғыз-ақ жол.
Кек қайтпас, қан жаламай талас бітпес
Бекежан, ойланбай-ақ таңдарың сол,
Күн қараң қолыңнан іс келмегенде
Көрерміз жан бергенде сен де, мен де?
Мен емес тая соғар тайталаста
Қанды қол тая соқпас сермегенде, —
деп шеккен кектің ақырғы шешімін айтады. Төлеген де келе жатады. Қан жалайтын кезең таяу, Бекежан осы сәтте азығына кездескен аш бөрідей жалт беріп жартасты паналайды. Жолдастарымен қоштасып тұрған Төлегенге садағын кезей бергенде, жанындағы жігіт уәдесін еске түсіреді. Оны да тыңдамай қайта кезегенде «олай болса мен сені атам» деген жігіт сөзі шаншудай қадалып амалсыздан әділетке бас иеді, енді айланың жолы ғана қалды. Жасанды жайдарылықпен Төлегенді қарсы алады. Бірақ іштей қанды қақпаны құрулы, Төлегенмен дос болайық деп құшақтасқанда да оның көзінен кек ұшқыны көрінеді. Бекежанның әрбір қимылы есепті, жалғыз жігітін ат даярлауға жібереді. Шабар алдындағы жолбарыстай Төлегеннің әрбір қимылынан көз айырмайды. Қыбын тауып қан жалатпақ. Реті келді. Адал жүрек Төлеген арбауда тұрып, Бекежанның садағын алып бермекші бола бергенде, қанды қанжар қапысын тапты. Кек уыты жайылды. Бекежан аздап шегініп, қанжарын қынына салып жатып, ісіне риза болғандай масаттана «Бітті жұмыс, қайтты кек, қарға, құзғын жатсын жеп» дейді де, жедел басып кете барады. Осы сахнадағы құбылмалы көріністерімен, Құрманбек Бекежан образын шарықтау шегіне жеткізіп кетеді.
...Бекежан тоятын алған жыртқыштай соңғы актіде тағы шығады. Бұл шығыс Жібекке берген серттің «салтанат» құрған шағы. Жібек алдына алғашында айламен келсе де, ол ұзаққа созылмайды. Келген мақсаты ежелгі ойын орындау. Төлеген өлді. Енді Жібекке өзі ие. Еркін басып, пасық ерлігін мақтаныш ете, Төлегенді өлтіргендігін баяндайды. Бекежан соңғы ариясында:
Айттым ғой ерегес бір іс істетті,
Түбіне Төлегеннің намыс жетті.
Атыста, айдалада жекпе-жекте
Төлеген қайтпайтұғын сапар шекті, —
дей келіп, сақылдай күлуі Бекежанның адамға тән сезім мейірімінен қаншалықты жұрдай екендігін ашып, жексұрындығының шексіздігін айқындайды. Бұл сәтте Бекежан үшін адам өлімі ойыншық, адам қайғысы қуаныштай болып көрінеді. Міне, феодалдық дәуірдің озбыр өкілінің бейнесі, Құрманбектің орындауында кесек кейпімен осылай көрінді.
Қорыта айтқанда, дауысы тарлан ашып, жасы егде тартса да, сахналық шеберліктен Құрманбектің еңсесі биік жатқандығын аңғардық.
Ұлы орыс халқының өткен және бүгінгі опера сахнасының өкілдері, дарынды дауыс иесі болумен қатар, тамаша артистер, сахна шеберлері. Құрманбекте бұл қасиет мол. Біздің опера артистері Құрманбек ойындарынан үлгі алып, үйренсе деген игі тілегіміз де бар.
Үлкен табиғи, дарынды, жарқын темперамент, өнер атаулыға құмарта берілген Құрманбек Жандарбековтың театр тарихымызда таразысы басым, үлесі мол жатады. Оның сан-салалы творчествосының отыз жылғы жемісі, талай тамаша табыстың сырын баурына басып жатыр. Мұның өзі аудара қарап, ақтара тексеруді, ғылыми жүйеге салуды талап етеді, ол алдағы кезек күтіп отырған зор міндет. Құрманбек өнер саласындағы сіңірген еңбегі үшін 1934 жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, 1936 жылы Қазақ ССР-нің халық артисі, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальдармен наградталды. 1949 жылы «Біржан — Сара» постановкасы үшін СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Коммунистік партияның мүшесі, көркемөнеріміздің көрнекті қайраткері Құрманбек Жандарбеков жолдас ұзақ өмір кешіп, Отан игілігіне еңбек сіңіре түседі, әлі талай тамаша шығармалар береді деген сенімдеміз. Құрманбек творчество адамдарына тән талантты тапқырлық, шеңбері кен, ұшқыр қиялдың иесі. Сеніміміз сөзсіз ақталады.
1955
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі