Жастайынан Сыр бойының әйгілі кітаби ақындары Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіптер, Шернияздың Омары, Кердары Әубәкір, Талқы Базар, Даңмұрындардың шығармаларын жаттап өскен, кейбірімен сұхбаттас, сырлас болған, бұл күндері атақты Асқар ақын атанған Тоқмағамбетовтың тұңғыш «Ленин суретіне» деген өлеңінің жарық көргеніне биыл отыз жыл болып, өзі елуге келіп отыр.
Елу жылғы өмір өңіріне көз жіберсек небір творчестволық табысқа толы, сүйсінерлік сәтті шақтардың тамаша сырларының барлығын аңғарады екенбіз. Сол елу жылдың отыз жылдан аса уақытында Отанымыздың өмірімен үзеңгілес үздіксіз біте қайнасып табысымызға да, тартысымызға да, жемісімізге де, жеңісімізге де үні араласып келе жатқан ақын Асқарды көреміз.
Социалистік құрылыстың алғашқы дәуірінде Отан өмірінің жаршысындай түлей ұшқан жас баланың бітіндеп нәзік үні күшейе, қаламы қатая, ой өрісі кеңіп, шеберлігі шыңдала, өзіндік стиль, өзіндік сөз ернегі, өзіндік ой өзегі, өзіндік ақындық беті бар дәрежеге жетіп отыр. Әрине, бұл сияқты творчествоның қиын-қыстау шатқалынан табыспен өту, көп ізденудің, терең толғанудың ғана жемісі деп ұққан жөн.
Большевик баулып түлеткен,
Тас түйін тастай түлектен, —
дегендердің бірі сол Асқардың өзі болатын-ды. Асқар өмірінің хроникалық жағына зер салсақ былай болып шықпақ. Асқар 1905 жылы Тереңөзек ауданында туады. Бала кезінде ауыл молдасынан ескіше хат таниды. Совет өкіметі тұсында ауылдық мектепте, Ташкенттегі су шаруашылығы техникумында, Москвадағы журналистер институтында оқиды. Асқар жазу жұмысына араласқалы бері республикалық, облыстық газет, журналдарда, Жазушылар одағында жауапты қызметте істеп келді. Miнe, осы сырттай баяндалған елу жас құшағындағы біз тізбектеген жылдарда бір үлкен арналы жол, асулы кезеңдер бар. Ол азамат ақынның жолы, тамаша табыстарға толы кезеңдері. Жоғарыда еске алған Асқар творчествосының тырнақалды тұңғышы бірінші рет 1925 жылы баспа көрген «Ленин суретіне» деген қысқаша өлеңі, жылы сезіммен жас қаламның жалынды лебіне толы жаңа ғана бүршік атып келе жатқан ал қызыл гүлдің алғашқы хош иісі еді. Кейін құлпырған көңілді көктемі мен жайдары жазы ілесе келген Асқардың творчестволық таңы осылай атқан-ды. Шынында Асқар поэзия дүниесіне тартына тапырақтамай жалтақ нәрсіздіктен аулақ, кең тыныс, өрелі ой, бедері мол тіл бояуларымен келді. Өзіне де, өзгеге де бақыт әкелген Ұлы Октябрьді алғашқы адымынан бастап:
Байды жығып, жерге тығып,
Еңбекшінің көзін ашты Октябрь,
Білім алдым, тәрбие алдым мінекей,
Мені жуған, мені туған,
Дәл кешегі Октябрь, —
деп жырлаған Асқар сөзі бүкіл елінің, халқының атынан айтылғандай әсер етеді. Осы кездерден бастап, Қазақстанның бар баспа газет, журналдарында Асқардың өлеңдері, сықақ, фельетондары жиі шыға бастайды. Совет дәуіріндегі әрбір келелі өзгерістерден Асқардың үн қоспай отырғаны жоқ десек асыра айтқандық болмайды. Асқар өміріміздегі маңызды мәселелерді кезінде тез қамтып, жырлай біледі. Әрі орынды, көркемдік жағынан көңілге қонымды, сәтке сай жазылған Асқар өлеңдері-халық арасына тез тарап кететіндігі де осыдан ба деп ұғамыз. Жиырмадан аса шығармалар жинағын берген ақын еңбегіне зер салып бақсақ әралуан тақырыптарды қамтығандығын, өміріміздегі ірілі-уақты жәйттарға кезінде нысанасына дәл тигізе, мән, баға бергендігін көреміз. Кедейлердің артелі ұйымдасқан кезеңін:
Жалынып байдан көлік сұрамай-ақ,
Жер өңдеу артелін біз сұранайық,
Тұқым да, көлік те бар, трактор бар
Бірігіп ұйым ашып біз алайық,
Күлісіп сыртқа шықты есік ашты,
Артельге тегіс берді ықыласты,
Бұрынғы ырым-жырым бірі де жоқ;
Наурыз күн артель аштық деп тарқасыпты.
Міні байлардан іргесін ашып, көз алдында тірлік қамына көшкен кедейлердің дәл сол кездегі қалпын баяндайды. Наурыз мейрамының жаңа мазмұн, мүддесін айтады. Енді ұлы көсемге деген халықтың махаббатын жырлай отырып бірлікке үгіттейді.
Ленин кім, көсеміңді айыра біл,
Олжаңды берме ешкімге тұр еңбекшіл,
Ұйымдас, жалшы, шаруа, басыңды қос,
Өкіметтің қорғанын соқ, жаса жыл-жыл.
Лениннің өзі өлді, ісі бізде
Тас болат тұрмыз мәңгі күшіміз зор, —
деп, жігер бере берекелі еңбекке шақырады. Кезінде комсомол ақын аталған Асқар жастар өмірін көп жырлағандардың бірі. Жастарды білімге тарту, еңбекке баулу негізгі тақырыбы болған Асқар комсомолдардың одақтың оныншы съезінде өлеңмен сөз сөйлегені де бар. Совет өкіметі орнағаннан кейін қазақ әйелдерінің теңдігі салтанат құрды. Сол ескі әдеттің шырмауындағыларды әшкерелеуге арналған «Фатиманың хаты», «Ағасының қарындасына хаты» атты өлеңінде:
Қарағым Фатима,
Жолықтым хатыңа
Мұныңды хатқа орап
Жолдапсың атыма.
Еңіреме, жасыма...
Алармын қасыма...
Қамықпа қайғырып,
Мен күйем қайғыңа
Тоқал боп жүрем деп
Мен барда ойға алма, —
деп басталатын өлең, кезінде екі адамның басы қосылған жерде әнге салып айтылатын жырға айналады. Сол кездегі ескі мен жаңаның арасындағы тартыстың бір көрінісі осы хаттарда айқын ашылады. Ата мен бала арасындағы көзқарастың қайшылығы да бар бойымен көрінеді.
Асқар шығармаларын түр, жанр жағынан түптей жүйеленістіре келгенде негізгі төрт салаға бөлу шарт. Ол — лирикалары, екінші — поэмалары, үшінші — сықақ-фельетондары, төртінші — проза жанры жэне драматургия жанрында жазғандары. Ақын шығармаларының арқауы Ұлы Октябрь революциясының жеңісі, Лениннің образы, партиямыздың жеңімпаз саясатын жыр ету, өмірі де, өңірі де өзгерген ауыл-село тұрмысын, жастардың бақытты өмірін паш ету болады. Асқар творчествосының екінші бір салалы тарауы, совет тұсындағы қазақ қыздарының теңдік алу жолдарында, комсомол — жастардың ескі әдет-ғұрыпқа қарсы күресін қуанышты жігермен тұшына жырлау.
Алғашқы дәуірде жазылған «Қызыл әскер жыры», «Тап қорғаны», «Комсомолдық серт», «Оқушы» сияқты өлең-жырлары Асқардың ұзақ шырқап барарлық тегеуірінді серпін, табиғи талант иесі екендігін аңғартып-ақ тастаған еді. Осы сәттері Отаныма, халқыма деген ақынның шексіз махаббаты:
Асқартау айнала
Қорғанмын табыма
Тап үшін төгілсе,
Ризамын қаныма, —
деп өзінің бар күш-қуатымен, жан күйімен мейірлене жырланады. Отанның өрлеу қарқынымен, ұлы дүбірімен ақын қиялының қауырсыны қата, шабыт шалымы ұлғая түсті. Ақын кейінгі кезеңде өмірдің қалыптасқан күйкі күйін қайта құру, табиғаттың тапжылмас долы күшін жүгендеген совет халқының алып тұлғасын жырлайды. Бірінші бесжылдықтың алғашқы жемісінің бірі Түрксібті салған жаңа дүние жасаушы жұмыскердің ерлік еңбегін:
Қырдан асып, белді басып,
Жолды салған қандай ер.
Ол қайратты, ол қажырлы,
Қайтпас қайсар жұмыскер, —
деп бейнелейді.
Асқар шығармаларында Отан қорғау ерлік тақырыбын жырлау «Күшті болса көкте кім?» атты лирикалық толғауынан бастап «Партиялық маршрут» атты поэмаға әкеліп соқты. Отанымыздың жерде де, көкте де күшті жеңілмес алып екендігін жоғарғы мақтаныш сезіммен, толқынды серпінмен жырлайды. Бұл тақырып әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде Асқар творчествосынан мол орын алды. «Жеңіс бұйрығы», «Маршалдар шықты майданға», «Ажалды жеңген алыптар», «Сүйген жарға», «Күт мені», «Мұнай бер» атты толғау лирикалары соғыс дәуірінің сан сырлы шындық оқиғаларын қантөгіс майдандағы қаһарман ұлдар мен тылдағы қажырлы халық арасындағы мызғымас достықты, шынайы махаббатты суреттейді. Асқардың әсіресе «Мұнай бер» — деген толғау жыры Ембі мұнайшылары туралы терең тебіреністен туған үгіт жыры болумен бірге, халқымыздың патриоттық сезімін әруақтандыра келіп, жалынды леп, қажымас қайрат иесі екендігін көрсететін көрнекті туынды. Майдан мен тыл еңбекшілерінің бірлігі неден көрінді дей келіп:
Табаны тасты тасқа ұрып
Танктер өрсін десеңдер,
Мылжалап басып бастырып
Фашистер өлсін десеңдер,
Аса бір күшті айбармен,
Ажалды соқсын десеңдер,
Қаңтардан қатты ызғармен
Тажалды құртсын десеңдер,
Тепкісінен жау қирап,
Моласын тапсын десеңдер,
Тез танкке — мұнай бер,
Соны Сізден сұрайды ел, —
деп, жеңіс күнін жақындатудың бір кілті сендерде жатыр дейді ақын. Еңбекші қауымды жұмылдыруда ұрандай әсер еткен «Мұнай бер» толғауы Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзиямыздың шоқтығы биік тұратын шығармаларының бірі екендігінде дау болмасқа тиіс.
Асқар лирикаларының көпшілігі әнмен айтылады. Бұл үлкен шеберліктен туған жеміс. Асқар әрдайым халық өлеңдерінің әсерін сақтай отырып, орыстың осы күнгі әнге текст жазатын ақындарынан үлгі-тәлім алды. Ол үлгі-тәлім тек еліктеу шеңберінде қалмай, қазақтың өлең ырғағының кейбір ерекшелігіне бағындырыла, іштей бай, көңілге де, сезімге де қонымды шығып отырады. Асылында Асқардың тіл шеберлігі халықтың фольклор тілімен астасып жатады да, бүгінгі бояумен құлпырып, ұйқас жағы жымдасып сәл ғана орамдарымен әрі ұғымды, қонымды, көркем, бай, мазмұнды келеді. Демек, орыс поэзиясы арқылы кірген жаңа ырғақ іштей үндесу, екпін, сарын жағы айтушы қазақ жастарына кедергісіз, жатық шығады. Асқардың ақындық шеберлігінің бұл да бір қыры.
Кең табиғат байлығын поэзия тілі арқылы суреттеу ақын қиялының қаншалықты қуатты, қаншалықты кең шеңберлі екендігін де көрсетеді. Ол әрине тек қана сырттай суреттеу емес, белгілі бір оқиға тұтастай туысып, адамның жан дүниесіне, сезім күйіне, психологиялық қақтығыстарға қабыстырыла суреттелсе ғана нанымды, көркем, әсерлі болып шықпақ. Ақын жаны табиғатпен сырласа білуі шарт. Бұл тұрғыдан Асқардың шеберлігі мол. Табиғат жалаң емес, адам әрекетіне, адам тіршілігіне, оны қоршаған болмысқа байланыстыра суреттеледі. «Алтын ошақ» атты өлеңі Асқар лирикаларының тәуірінің бірінен саналады. Онда ақын:
Алтайдың жері де алтын, көлі де алтын,
Алтайдың басы байтақ, бауыры салқын.
Алтайдың алтынды алып алқымына
Қол салды, қойнын ашты менің халқым, —
деп табиғат байлығын меңгерген ерлік еңбекті елестетеді. Табиғатты, оның бар тұлғасында шат, көңіл көтеретін күйде суреттеу Асқар поэмаларында жиі, әрі жарасымды кездеседі. Мысалы «Партиялық маршрут» поэмасында самолеттің ұшар алдындағы аспан әлемін:
Жарқырап бұлтсыз ауа, әдемі көк,
Алыстан арпалысқан дауыл да жоқ.
Төңкерген күміс керсен сықылданып,
Шеңберсіз жатыр аспан шұп-шұбар боп
Көгілдір көбігімен көкті шарлап,
Тегене, теңбіл теңіз жатыр сел жоқ,
Кім күліп, кім қуанбас мұндай күнге
Тек күндік ешбір жерден әлі тіл жоқ, —
дейді Асқар. Қандай тамаша бай көрініс. Ұшар алдындағы ұшқыштардың да көңіл күйіне, ер талабына осы көріністе өз дәрежесінде шабыт сенім бермей ме. Асқар жиырмаға таяу поэмалар жазды. Бұлардың ішінде басқаларынан шоктығы биік тұрған «Берлин көшесінде», «Қараңғы түнде», «Партиялық маршрут», «Айтылмаған әңгіме» поэмалары. Бұл шығармаларға көркемдігі болсын, терең мазмұны мен идеялық жағы болсын, көп дау айтылмайды. Ақын творчествосындағы белгілі белестер осы поэмалар.
«Әдебиет және искусство» журналында жарияланған «Айтылмаған әңгіме» поэмасы колхоздарымызда овощ дақылдарын кең өрістету, ондағы кейбір кертартпа басшылардың жайы айтылады. Бұл Асқардың кейінгі жылдардағы ірі шығармасынын бірі. Асқар өзінің творчестволық жолында көптеген әңгіме, очерктер жазды. Ол очерк, әңгімелер өзінің көркемдігі мен тамаша тұжырымды, тиянақты, түйінді ойларымен, Асқардың шебер журналист екендігін көрсетеді. Бұл Асқардың күні бүгінге дейінгі қол үзбей келе жатқан төл жанры.
Драматургия саласында Асқар ескілік пен жаңалықтың арасындағы тартысты суреттейтін «Екі заң», ислам дінін әшкерелеуге арналған «Әзірет сұлтан» пьесаларын жазды. Уақытында бұл шығармалар республикалық театрларда жүріп, жоғары бағаға ие болды. Әсіресе «Әзірет сұлтан» пьесасы күні бүгінге дейін актуальдығын жоғалтқан жоқ. Бірақ, автордың аздап қол тигізуін күтуде.
Қазақ совет әдебиетінде сатира жанрына бой ұрып, дамытып келе жатқан тек қана Асқар. Асқардың фельетондары, күлкі-сықақ әңгімелері өзінін өткірлігімен, мәнді көркемдігімен, улы сықағымен, ауыр әжуасымен оқушысына өте қонымды да тартымды. Асқар фельетондарының аты кейде өзінің мазмұны мен өткір идеясын айқындап тұрады. «Өзара сынның сойылы», «Шоқыдағы ұйқы», «Сөмкелі сорпақпайлар», «Сүмелек қайнаға», «Салдыр-мөлдір Дүмшебай», «Құлқын туралы құпия сыр», тағы басқалары өзара сынды мықты қолданып жазылған. Мазмұнына тілі сай өткір фельетондар Асқар алып отырған ұнамсыз кейіпкерінің бейнесін айнытпай түсіреді.
Айтайын сөзге құлақ сал,
Құпия сыр ғып құлқынды.
Құлқын атты бір құзғын,
Құбылды күнде мың түрлі
Түн жамылып ту жылқы,
Нелер бағлан үйтулі
Нелер кілем тоқулы,
Нелер заттар сүртулі,
Қара көк бұйра елтірі,
Қатар тізіп бұл тұрды.
Құндыз жаға, түлкі ішік
Ол да тоқсан құлпырды.
Метрлеген бастондар,
Пар-парымен костюмдар
Сілкіп тастап құлпырды.
Жоқ боп жатты құлқынға
«Балта кеспес мұртымды
Болып алдым» — деп тағы,
Сөйлеп қояд лепіріп,
Істегенім былтырғы.
Міні, осы үзіндінің өзінен, сіздің көз алдыңыздан құлқын құлдарының жанды бейнесі өтеді. Мұндайдың сиқы да, сыры да мәлім. Осы рәуіштес сықақ сын шығармаларымен басқаны сақтандырса, екінші жағынан өмірде кейде қызмет бабында кездесетін жат, жексұрын қылықтарға аяусыз соққы береді. Асқар сатирасы әрдайым өз нысанасына дәл тиіп, мүлтіксіз түйреп жатады.
Асқардың сатиралық шығармаларының бір саласы халықаралық тақырыптарға арналған. «Арыстанға еліктеген мысық» (Наполеонға еліктеген Гитлерді сықақтау), «Өліктер жолында», «Қыл көпір», «Трумэннің қонақтары», тағы басқа фельетондарында Асқар сұрқия фашистермен қазіргі империалистердің бет пердесін жырта, суайттық әрекетінің сырын аша, топастығын әшкерелей жазады. Трумэннің саясатының сиқын:
Трумэннің «Ақ үйінде»
Шыбын-шіркей, бүрге отыр
Қақ төрінде қандала
Биттер олармен бірге отыр.
Бәрі шілтиіп, шікірейе қалыпты,
Масаның мұрты тікірейе қалыпты.
Тамағын қырнап жөтеліп қояды,
Тұмсығын көкке көтеріп қояды,
Сыпайы сұлу, жылы шыраймен
Күлімдеп көзі жұмсақ раймен,
Трумэн тұрып сөз алды,
Бірінші бокалды өзі алды, —
деп суреттей келгенде, әлгі отырған жәндіктің бәрі достық, бірлікке кезек тост көтерді де, ақырында қып-қызыл мас күйлерінде самолетке тиеледі. Шетінен қолға түседі. Жаны алқымға келгенде жәндіктердің ойын:
Сонда ғана бұлар сұмдықтың сырын түсінген де болар
Бар даусымен атой салды:
— Чуманың әкесі «Ақ үйде» қалды.
— Ол кім? — дегенге
— Трумэн! — десті.
Труудың артына
Қыру мінгесті, —
деп аяқтайды. Осылайша шыбын-шіркей арқылы-ақ Америка империалистерінің ресми саясатының аржағындағы арам пиғылдары әшкереленеді. Осылайша халықаралық саяси сатирада да Асқардың өткірлігі, қырағылығы көрінеді.
«Елу — ердің жасы» дейді халық, мереке үсті болса да, бір-екі ауыз сын айтуға тура келеді. Асқардың барлық шығармалары мінсіз мөлдір, төрт аяғы тең жорға десек орынсыз асыра мақтағандық болар еді. Ақын творчествосында анда-санда кей шығармаларында бой көрсетіп қоятын бір кемшілік — автордың сөздің сыртқы бояуына құмарта, ұйқас жетегіне бой алдырып, нысана еткен тақырыбының мазмұнын сұйылтып алатыны бар. Сондай-ақ поэмаларында табиғат суреттері, жәй детальдар тамаша көркемдік тапқанмен адам образын жасауда, психология ашуда тым сырдаңдық жасайды. Осының өзі оқиға-сюжет құрудағы олақтыққа әкеліп соғады. Бұл тектес кемшіліктен құтылуға Асқардың ақындық таланты мол жетеді. Тек ұқыптылық керек.
Асқар творчестволық толысу үстінде. Ұшқыр қиял, шалымды шабыт иесі ақынның берері әлі мол. Онан талап-талғамына сай талай құнды көркем шығармалар күтеді.
1955
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі