Өлең, жыр, ақындар

Сахна сыны «Еңлік — Кебек»

Таңбалы тар заманда халық басындағы қайғылы күйлердің бір көрінісін баяндайтын мұң-зары мол мұраның бірі-екі жас Еңлік пен Кебек туралы тарихи аңыз. Әрқилы, жыр, аңыз, поэма нұсқалары екі ғасырдай бойы халық санасында қоныс тепкен Еңлік пен Кебек туралы хикаяның қайта туып өмір кеше бастауы халқымыздың тарихындағы үлкен ұлы кезеңмен байланысты. Ол, қазіргі кексе тартқан әлемге әйгілі тамаша талант иесі Мұхтар Әуезовтың қаламынан жалын атқан жас шағында яғни жиырма жасында 1917 жылы дүниеге келді. Сол сәттері қойшының күресінен баспана тауып, ел жүрегіндегі ескі жараны қозғаған «Еңлік — Кебек» трагедиясы. 1926 жылы ұлттық театр құрылып, тұңғыш шымылдығы ашылғанда, қазақ өнерінің қазіргі қара шаңырағы академиялық драма театрының бесігінде алғашқы «әлдиін» тыңдаған-ды.

«Еңлік — Кебек» түптеп келгенде тарихи аңыздың сүрлеуі ғана алынып творчестволық ізденуден туған автордың басы ашық төл шығармасы. Феодалдық қытымыр заманның келеңсіз құрылысын, қатігез жексұрын қалпын әшкерелейтін шығармадағы кең пішілген кесек бейнелердің әрекеті дәуір шежіресіндей көз алдымыздан өтеді. Ұзақ жылдар сахналарымызда жүрген «Еңлік — Кебектің» қазақ драматургиясында тарихи орны да ерекше. Бүгінгі әдебиетіміздің дербес жанрына айналған, драматургиямыздың алғашқы темір қазығы да осы «Еңлік — Кебек» болатын.

Сонау бір балғын шақта торланған кестеге қырық жылдан кейін қайта оралу жазушы өмірінде сирек кездесетін мақтанышты жайлар. Әдебиет дүниесіне табиғи талантымен еркін келіп, проза саласында миуалы өpic танытқан ұлы суретші, эстетикалық көзқарасы қалыптасқан үлкен ғалымның қазақ драматургиясында да мол үлесі бар.

Мұхтар Әуезовтың қаламынан туған жиырмадан аса драмалық дүниелердің ішіндегі мықты шығармасының бірі осы «Еңлік — Кебек» трагедиясы. Бұрынғы нұсқасында идеялық көркемдік жағынан онша оғаштық болмаса да соңғы өңдеуде автор шығарманы іштей байытып жеке кейіпкердің әлеуметтік үнін айқындай, ақаулы жерлеріне жаңа сыр тартып, күдікті, көмескі-ау деп тапқанын бүгінгі күн тұрғысынан қайта қарап шыққан. Ескі нұсқада Абыз тек сарнау «көріп кел әулие» белгісіз бір жұмбақ күйде болса, қазір адалдық қорғанышы, дәуірінде жетім тартып бара жатқан әділеттің айғағындай болып көрінеді. Бұрын күлкі мен келекенің нысанасы болған Жапал қойшы халық өкілі ретінде Еңлік пен Кебектің қайғылы халіне ортақ дәрмені аз болғанмен дәнекер болуға жан салған жағымды кейіпке енген. Сондай-ақ, басқа кейіпкерлерінде ара салмағы айқындалып, мүдде-мақсаттарымен жеке дараланған.

Шығармада «өз күшігін өзі жеген қасқырдай» заман кейпі жесір дауы, ру тартысы, қиянат қайшылықтар бар шындығымен танылады. Бөрі көрсе бірігіп, ас көрсе араздасатын қазақ даласында ғасырлар бойы салтанат құрған «ақсақалдықтың» шырқы бұзылып, көбесі босағандығына да куә боламыз. Кесепат, қырсығымен кер кеткен заманның кері азу қорқауларының қолынан дегеніне жете алмай қаза тапқан қос қыршын Еңлік пен Кебектің аянышты халі тебірендірмей тұрмайды Драматургиялық желісі берік тартылған тұтас оқиға түйіні «Адам тағдыры — халық тағдыры» деген байлауды аңғартады. Автор шығармада тәлім аларлық сөз өнерінің тамаша үлгісімен қазақ тілінің берекелі қазынасын алдымызға тартады. Тұнық тереңнің түбінен терілген маржандай зерделі ойдан туған құнарлы сөз тізбектері құлақ құрышын қандыра, хош иісімен бойыңды балқытады. Сүйсіне айтсаң шоқтығың шығар, кектене айтсаң айызың қанар мақал-мәтелге айналып кетерлік сөз орамдары шығарманың басынан аяғына дейін жайылып жатыр. Осындай асыл қазынаның қайта жаңғырып сахнада көрінуі театр коллективтерінің ғана қуанышы емес, жалпы мәдени өміріміздегі зор табыс деп ұғамыз.

Шығармадағы шынайы өмір, дәуір шындығымен астасып, адам жанының қилы сырын баяндау творчестволық, коллективтен шабыт тудырмай қоймайды, «Еңлік — Кебек» сахнада самарқау тарта бастаған кәрі тарландардың да бүйірін қыздырып, белін бір көтеріп тастаса, жас буындардың да жүрегінен өз жалынын тауып игеріп әкетті. Спектакльді қоюшы режиссерлар да жалған жалтылдан аулақ автор ойын өрістетіп шығармадағы әрбір кейіпкердің тамырын дәл тауып бойларына тән бояулармен ішкі дүниесін аша, қазақ халқының ескі өміріне сәтті де байыпты барлау жасаған. Ұтымды мизансценалар өзара жымдасып жадағай-шалғай әрекетсіз, логикалық тұрғыдан берік тұтасып спектакльде ансамбль бірлігі сақталған.

Жеке орындаушыларға келсек алғысөзді Абызға береміз. Сөз бергенде Абыздың ақсақалдығы, ақылгөйлігі үшін немесе алпыспен айқасқан актер жасымен санасқандықтан емес, жұртшылығымызға танылған тамаша сахна суретшісі Қалыбек Қуанышбаевтың талантына тағы да тәнті болғандығымыздан береміз.

...Сахна төрінде заман зарын қобыздың қос шегінен төніп отырған қарт баба нысан Абыз (Қ, Қуанышбаев) сырласын да, мұңдасын да осы бір зарлы үннен тапқандай ауыр күрсініп қобызына тіл қатты. Аппақ қудай ағарған сақал мен шаш, әжім басқан инабатты жүз, мейірім төккен ойлы көз талай өмір талқысының тақсіретін тартқандай өз кесімін айтып отыр.

Тұнығым лай болды,
Уа, тұнығым лай болды
Қуғыншым құмай болды
Құтылар қайран жоқ,
Сор қамар сыңай болды.
Алданар жоқ, арман көп
Кәрің қайтіп күн көрер.
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтіп күн көрер,
Барары жоқ, байлау жоқ
Ерім қайтіп күн көрер.
Бәрінің де нәрі жоқ
Елім қайтіп күн көрер...

Күйіне күрсіну аралас айтылған осы сөздер қарт ақылгөйдің тұрмыстан түйген, заман қалпынан түңіле аз уақытына берген бағасы. Аяқ жетер жерде Абызға бас иіп ақыл сұрамайтын пенде кем де кем. Кек қуған батыр да, дау қуған би де, бәрі де Абыз алдынан өтеді. Тау арасындағы лашықта адамгершіліктің бар қасиетін бойына жиған қарт баба қаймығары жоқ, бар шындықты бетке айтып отырады. Көбейлер, келіп Матай бетін қайтарғанды мақтан ете бастағанда, Абыз — Қуанышбаев тағы бір бүліншіліктің боларын сезгендей сырт айналады. Қажыған қайрат, қайтқан бет, ел бірлігі, ер тірлігін аңсаған жаралы жан кері қобызына таянып үнсіз қапты. Оның көз алдына қайырымсыз басшы бастаған заманның қаралғы көші түпсіз тұңғиыққа тартып бара жатқандай. Жүз жабырқау тартқан, «әділет қайда, әділет, күнәкері кім оның» деп іштей зар шеккен жанның қамыққан көңілі мен қансыраған жүрегінің, хабаршысындай қарт сақалы сәл ғана діріл қағады. Абыз бетін байқаған билер айыбын мойнына алғандай иіліп ізет білдіреді де, хош айтысып шығып кетеді. Аз үнсіз отырған Абыз ой сарабынан өткізген аз байлауын қайғылы сарынмен:

Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ,
Ішті жеген жегінің, жерге кірер қалпы жоқ.
Барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ, —

деп баяндайды. Бұл ойшыл ақын жанының жалынан туған ел мұңындай естіледі. Кек қуып жаусыраған Есенге рай бермеген Абыз Кебектің дос көңіліне сүйсіне жүзі жадырап қамқор ақыл береді. «Ұрынар-ау жас қыршын» деген қауіп те бар ойында. Ақ ниет, адал жанымен Кебекке тілек айтқан қарт бабаны келесі көріністе тағы кездестіреміз. Міне, билер сайысы бітіспей аяқталды. Еңлік пен Кебек тағдыры шешілді, оларды енді ажал күтіп тұр. Өктем баса кірген Абыз ашу-ыза аралас айыптап сөйлегенмен тыңдар құлақ, сезер жүрек қалмаған жұртта. «Ерінің жаны, бөрінің аузына түскен сұмдық заман» дейді ашынған Абыз. Түңілудің ақырғы түйіні шешілді. Абыз ендігі үміт талшығын найман жұртынан іздеуге жедел басып шығып кетеді. Зұлымдық құрбаны болған қос қыршынға (соңғы көріністе) ақ шапанын айқара жапқан Абызға қаралы қаза қайрат бергендей өлмес, өшпес әділдіктің сырын күңірене, толғап келешек ұрпаққа тапсырады.

Абыздың қатал заманға айтқан үкімі, кейінгіге өсиеті қазір іске асты. Абыз арманы орындалды. Әділет салтанат құрды. Қорыта келгенде, Қалыбек Қуанышбаевтың Абызы тетігі жоқ терең парасатты ойдың иесі, адамға деген мейірім махаббаттың ұясы, арман әділеттің балама бейнесі, автордың философиялық ойымен астарласқан жанды рең тапқан монументальды образ. Қазақ театрының тарихынан ерекше орын алатын даусыз ескерткіш.

Спектакльде талай тосқауылдан өтіп әбден әккі болған кәрі түлкі Қараменде (артист А. Нұрбеков) сырттай бақсақ жазықсызға жаны ауыратындай қамқоршы көрінеді. Себі тиер деп Кебектің арқа сүйеп шақыртқаны да осы. Сүттен ақ, судан таза болғансып білтелі ойын білдірмей өткізетін айлалы сұмның мүләйім кейпін актер қалтқысыз ұққан. Ол кемеңгерсіп екі биге мін таға сөйлегенмен бітісіп бауырласыңдар деп елжіреп те отырған жоқ. Сақалды сыйлау адыра қалып, сап түзеген қол қадірлі екендігін Қараменде білгеннен дауға өз басы ғана келген. Бұл да бір Кеңгірбайға кезінде кеткен есенің бықсыған қоламтасы сөнбегендігін сездіреді. Қараменденің «Шық найманның қарсысына» деген үнінде Кеңгірбайды қайрау мен табалаудың табы жатыр.

Қисық-қыңырлығымен аты шыққан Еспембет (С.Қожамқұлов) жан сала тірескенмен салмағы өзіне түскенде тайқып шығатын табансыздығын да аңғартады.

Осы шұбар топтан ерекше назар аударатын К. Әділшиновтың Көбейі. Тобықтының Майталман су төгілмес жорғасы алғыр шешеннің кейпін актер байсалды ой иесі сөз сайысының талай көрінісін көрген әрі ақылды, әрі зымиян қу етіп көрсетеді. Шешуші кезеңге келгенде Көбейдің де ақылы өз басынан аспай тоқтап қалады. Актер бөгде қимыл, бос даурықпадан аулақ Көбейдің сөз сүрлеуін құлпырта ұтымды штрихтармен мінсіз мүсін жасаған.

«Еңлік — Кебекте» бір қуанарлық жай қарт буындар мен ең жас буындардың ортақ тіл тауып, бір оркестр құрамындай тұтаса туысып кеткендігі. Жас артистердің бойынан әрқайсысының өзіне тән жеке қасиеттерін, ойын, мәнерлерінде бір-біріне ұқсамауларын байқадық. Кейіпкер характерін жасаудағы әдіс, автор текстінің астарына ой жігерін, соған сай, әрекет, әлеуметтік ой іздеу, дәуір рухын сақтауға ынталану сияқты көп-көп қуанышты көріністерге тап болдық. Әрине бұл жақсы өнеге алған әсер топтың нышаны.

Осылардың бірі Кебек ролінде ойнаған Ы. Ноғайбаев. Сан жағынан Ы. Ноғайбаев жасаған кейіпкерлер көп емес. Бірақ сол азының өзі сахнада барынша шыншылдығымен көрініп жүр. Мектеп қабырғасында көбінесе Горький драматургиясында тәрбиеленгендікпен тапқан зор қасиет осы болу керек. Бұл жолы Ы. Ноғайбаев қазақтың өткен өмірін суреттейтін шығармамен бірінші рет кездесіп отыр. Есен автор материалында да жан-жақты сыр тапқан тамаша образ. Есен батыр, батыр болғанда да ол пасық айланың батыры емес. Дұшпанына мейлінше әділ қара күштің иесі. Оның екі мақсаты бар. Жесірін «жатқа» жібермеу, бұрын Кебекке кеткен кекті қайтару, оның ұраны да осы. Есен өз заманының әдет ғұрпының құлы. Еңліктің өзіне тең еместігін сезсе де оны намыс жібермейді. Батырға тән аңқаулық та, сенгіштік те бар. Алғаш Абызбен кездескен Есен-Ы. Ноғайбаев өзінің бар шынын ақтан жарылып баяндайды. Абыздан беті қайтқанмен өз сертінен таймайды. Батырлар дәстүрін мықты сақтаған Есеннің арманы жаумен жекпе-жек кездесу. Оның сахнадағы сөлекет жүріс-тұрысы. Еңліктің Кебекке кездескендегі ебедейсіз қимылдары, сәт сайын құлпырып отырған тіл дауыс бояулары жас актердің ойнауындағы өз нақыстарымен кемеліне келген кесек бейнеге айналды. Оның сахнадағы сөлекет жүріс-тұрысы. Еңліктің-Кебекке Есен образының бұлай сәтті шығуы жас актердің образдың нәрі мен іштей етене бауырласып кеткендігінде жатыр. Есен арқылы жас актер талантының бізге белгісіз тағы бір қырына куә болдық.

Шығарманың негізгі кілті, аса жауапты образ — Еңлік. Актриса Б. Римова мен Ш. Жандарбекованың ойындарында әрбір творчество адамдарына тең өзіндік өрнек бояу бар. Образдың өн бойын екеуі екі жүйеде меңгеріп, құяр арнасы бір, теңдігі мен махаббаты үшін күрес. Негізгі нысана осы.

Б. Римова бірінші көріністен-ақ табиғатпен тілдескен кең дүниенің еркесі.«Тау тағысы көк шұлан» Құралайды көзге атқан мерген. Оның еркекше киініп шірене садақ тартуы ерге лайық кейіп береді. Онда жауға қарсы білек те, жар сүйетін жүрек те бар. Туған жерге деген махаббаты да шексіз. Ел-жұртымен қоштасу көрінісіндегі трагедиялық сазда айтылған ән жан-жүйеңді босатады. Ат құйрығын кесіп, азаттық аңсаған қыз бұл жолдан тайынар емес. Өр тілектің иесі. Автор текстіне ел аңызына зер салсақ Еңлік осы жүйелес болуы керек.

Ш. Жандарбекованың өзінше түсініп, өз ой сарабынан өткізген Еңлігі де бізге жат емес. Еңлік бағдарлас көп қызды ойнаған талантты актриса бұл жолы да мол мүмкіншілігін танытады. Оның Баяны, Шіріні, Ақтоқтысы да Еңлік рәуіштес келеді де тағдырларында кейбір ұқсастық бар. Әрине бұдан Еңлік солардың көшірмесі деген ұғым тумасқа керек. Көп ізденуден туған Еңліктің сахнадағы көрінісі батырлық кейіптен гөрі нәзік лирикамен үштасады. Қызға тән қылық, махаббат сезім дүниесі басым жатады.

Кебек (Н. Жантурин) кезі келгенде Тобықтының жоғын жоқтап, сойылын соққан батыр. Заман ғұрпының көбі оған жат. Сүйгенін алуға қандай қиыншылыққа болса да қарсы тұруға бар. Тау кезіп таяныш таппаған Кебек тұйықтан шығар жол таба алмайды. Қорған тұтқан елі де одан бой тартады. Ақырында Кебек лажсыз қолға түседі. Актерге жаман ойнадың деп дау айту да қиын. Бірақ әлі де ұяңдық бар сияқты. «Сауық құрам, ән сүйем, саят құрам, аң сүйем, жар сүйем» деген Кебектің әлі де болса осы мінездері жетіспейді.

Жапал қойшы роліндегі ең жас артист Т. Жайлыбековтың зор табысын атамасқа амалымыз жоқ. Оның сахнадағы әрбір көрінісі қырғын күлкі туғызумен бірге, жұртшылықтың сый-құрметіне ие болды. Жасқа тән қағылез мінезі Еңліктің Кебекке деген қамқор көңілі өз бойына шақ арман-тілегі әр қимыл әрекетінен өмірлік өзек тауып жатыр.

Режиссерлердің көп еңбек еткендерін жоғарыда атап өттік. Бірақ кейбір мизансценалар оғаш көзге түседі. Билер сайысындағы екі бидің босағадағы қолайсыз мінбеде отырып, таласқан қоразша бірі аузын жауып үлгірмей екіншісінің тарпа бас салуы онша орынды емес. Олар айтарын дайындап келсе де, сөз аңғарын байыптай аңдыса отырып, байсалды сөйлеуі керек емес пе. Сол сияқты Еңлік пен Кебектің бір-бірінің атын естігенде садақтары қолдарынан түсіп кетуі талай шығармаларда кездесіп, ысқаяқ болған әдістер. Жапалдың Еңлік пен Кебек сөйлесіп тұрғанда жартастың о жағынан бір, бұл жағынан бір, шығып жылтың қағып жұрт назарын аудара беруінде қаншалықты мән бар. Жапалдың қоржынды тасты қайта-қайта құшақтай сүйе беруі де онша терең ойға құрылмаған дүние. Әрине мұның бәрі тілек ретінде, орындалуы да, өңделуі де оңай жайлар. Спектакльді жабдықтаған суретші В. В. Голубовичтің де еңбегі зор. Табиғат көрінісін бай да көркем берген. Композитор Д. Мапусин кейіпкерлердің характеріне, психологиялық жан-жүйесіне тән әндерді қазақтың музыкасынан іріктеп ала білген.

Қорыта келгенде, айтарымыз «Еңлік — Кебек», Ұлы Октябрьдің құрдасы, сол тудырған төл сахнада қайта көрінуі актердің де, театр коллективінің де қырық жылдық той алдындағы жұртшылыққа ұсынған тартуы.

1957


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз