Қазақ әдебиетінде «Айман — Шолпан» жыры халық арасына көп тараған көлемді шығармалардың бірінен саналады. Халық поэмаларының ішінде бұл шығарманың ерекшелігі — негізгі кейіпкерлері тарихта болған дерегі бар адамдар. Оқиғасы да шындық. Бүгінгі сахналық шығарманың тууына тірек болған түпнұсқадағы негізгі кейіпкерлердің қатарында автор өз тарапынан халық өкілі ретінде Жарас атты күлдіргіні енгізген. Сахналық алғашқы нұсқасы бұдан 26 жыл бұрын Абай атындағы Мемлекеттік опера балет театрының творчестволық тарихының бірінші бетін, тұңғыш шымылдығын ашқанды. Сол кездің өзінде жұртшылықтан биік баға алған Мұхтар Әуезовтың «Айман — Шолпан» комедиясы бүгінгі таңда әдебиетіміздің мақтанышы болып отырған жазушының тезінен қайтадан өтіп жарыққа шығып отыр. Мұнда біз шығарманың бар болмысынан үлкен ғалымның, дәуір тынысын танып, тарихи тамырын дәл басуына ақындық шабыт ұласқан іргелі ірі туындыға куә болдық. Классикалық комедияның үлгісінде оның бар сыр-сипатын сақтай отырып жазылған шығарманың негізгі мақсатын қысқа қайырғанда — халқымыздың өткен дәуірінің мұрат-мүддесіз, берекесіз бейпіл өміріне ащы әжуа, қуатты күлкі семсерімен кесілген қатал үкім демекпіз. Бұл шығарма — бүгінгі заман шығармасы, өйткені бүгінгі адамдар келеңсіз дәуірдің кейіпсіз келбетіне осылай күледі, осылай әжуалайды. Тарих талақ етіп, келмеске жіберген дәуірге айтылар үкім осылай болмақ. Ғылым-білімі жоқтықтан білек күшін тірек еткен, рухани қайыршылықтан мал-мүлікті медет санаған жандардың айналасындағы қыңыр-қисық жәйттер сол заманның өз шежіресіндей көз алдыңыздан өтеді. Таужығар күш жұмсалар жолын таппай, табалдырығынан аспайтын, мұрат-мақсаты мал өрісінен аспайтын сонау бір нәу — етек жандардың күлкіге душар болған қасіретті дәуірі аянышты-ақ. Айызыңыз қана күлесіз, сонымен қабат босқа бейпіл өткен өмір-ай деп қынжыласыз. Сол Жарас айтқан «Опасыз жалған-ай», сол «Заманның алуаны-ай» деген сөздер сіздің де тіліңізге еріксіз оралады. Алар ғибрат, айтылар өкініш те осы жүйеде.
Сонымен біз де «алуан заманның» алуан адамдарымен танысамыз. Мұнда әр кейіпкердің өз бойына лайық нақұрыстығы, есерсоқтығы бар.
М. Әуезов Ш. Айтматов. Қ. Мұхамеджанов
Камал Қармысов
Ә. Әбішев
Ш. Құсайынов
«Еңлік — Кебек». Абыз — Қ. Қуанышбаев.
Р. Абдуллин Абай ролінде.
Б. Момышұлы. Қ. Мұхамеджанов.
Қазақстан жазушыларының VI съезінде. Қонақтармен қазақ жазушылары. Ортада отырған С. Мұқанов.
Қонаққа келген жазушылардың бір тобы.
Қ. Мұхамеджанов. Е. Өмірзақов.
Ғ. Мүсірепов
Қарақалпақ өнерінің онкүндігі. Қ. Мұхамеджанов. А. Тоқмағамбетов. Қ. Тілеубергенов. И. Юсупов. Ж-Аймырзаев.
И. Ножашвили, Қ. Мұхамеджанов, С. Қирабаев, Н. Тихонов, Қ. Ыдырысов.
Фатимат Ғамзатова, Расул Ғамзатов, Қ. Мұхамеджанов, В. Н. Әуезова. М. Әуезов музейінде.
Жас драматургтердің бүкілодақтық кеңесі. Төрде А. Сафронов, оң жағындағы Қ. Мұхамеджанов.
Қ. Кулиев, Мирзо Тұрсын-заде, Қ. Мұхамеджанов, Д. Кугелтинов.
Әрқайсысы өзіне ғана тән ажуа-күлкінің бояуларын танытады. Әңкүдік Басыбар, алаңғасар Арыстан, әулекі Әлібек, ақылы бас амандығынан аспайтын Айман, әке дәулетіне мас, шолжаң ерке Шолпан, малдың құлы Маман, Басыбар жоқта батыр, ол барда көлеңке Құрдас шал, тәлпіш тоқал Теңге, бірі тиынның татына мәз, екіншісі шоқпардың басына мәз әумесер ақындар, «опасыз жалған, құлдыраған қу дәурен» деп заманынан түңіліп, күлкі құлағын бұрай түсетін Жарас сияқты қилы характерлер тоғысып, қияпат күлкіге молықтырады. Мұнда жазушы халық жасаған поэманың кейбір сарыны болмаса, сахналық шығарманы-негізінде тың шешіммен бүгінгі талап тұрғысынан сараптан өткізіп, архитектоникалық құрылысын өзгеше өрген. Әр кейіпкердің бойына шақ пішілген ақын өрнегімен көмкерілген зерделі, сырлы өткір тіл, нысанаға ауытқымай тиетін мерген диалогтер шынайы шебердің өзіндік оқшау, қасиетін танытады. Осындай өрелі шығарма өз құдіретімен театр коллективінің де шын мәнінде творчестволық ынтасын туғызды.
Өткен маусымның бар табысын таразыға салғанда көркемдік шешім режиссерлік, актерлік шеберліктің де шын мәнінде бой көрсеткен еңбегі осы «Айман — Шолпан» комедиясының үстінде.
Театрымыздың талантты жас режиссеры Ә. Мәмбетов аз уақыт ішіндегі жасаған сахналық еңбектерінде әрқилы шығармалармен көрінді. Солардың арасынан ерекше көзге түскен Ранеттің «Адасқан ұлы», «Бөлтірік бөрік астында» постановкалары жас таланттың мол мүмкіншілігіне айғақ болды. Қандай бір жақсы шығарма болса да оның режиссерлік интерпретациясы сай келмесе, құны төмендейтіндігі мәлім. Ал бүгін көріп отырған «Айман — Шолпан» комедиясын сахнаға қойған Мәмбетов өз талантының тағы бір қырын танытты. Жас режиссердің алыс дәуірге сапар шегіп, көптеген тарихи, әдеби мұралармен танысуына тура келді. Тынбай ізденудің нәтижесінде сапары сәтті аяқталып, мол табыспен оралды. Ең алдымен астын сыза айтарымыз, жас режиссер автор мақсатын терең түсініп, әрбір характердің арасалмағын ашып алған да, оның тұтас тұлғаға айналу процесін өзінше сомдап, жүйелі ансамбль құрып, спектакльдің өзінен дәуір образын жасаған.
Режиссер тапқан әр детальдің өзі әдеби шығарманы әрлендіре, сахналық қуатын күшейте түскен. Спектакльдің басталуы мен аяқталуындағы бірлік режиссерлік ойдың, тұтастығын, әрі айқындылығын дәлелдейді. Мизансценалар мен жеке көріністердің өзара жымдасып, қабысуы спектакльдің динамикалық өрбуіне кең жол ашқан. Кейбір спектакльдеріміздегі кездесетін сиырбүйректенуді бұдан аңғару қиын. Автордың айтар үкімі режиссерлік тіл тауып, көрушілеріне қалтқысыз жетіп жатыр.
Академиялық драма театрының қазынасына қосылған қымбатты жаңа жасаудың иелеріне келсек, ең алдымен көзге түсетін Ы. Ноғайбаев атқарған Басыбар кейпі. Өзінің өнер жолында үнемі табыспен келе жатқан талантты артист тағы да жарқ етті. Ноғайбаевтың Басыбары ашуынан аяз, күлкісінен күңгірт тұман түтеп тұрған шын мәніндегі кесек, сом еңбек. Жас талантқа дәуір алшақтығы әсер етпегендей. Даланың даңғой батыры өзінің бар тұлғасымен көрінеді. Талай, тынықты лайлаған, қазан бұзар қара күштің иесі Басыбар ешкімге бет қаратар емес. Қорғағаны аядай шекті, жауласатыны ара ағайыны. Miне заманның туғызған «түлегі» осы. Онда елдің қамы, көздің жасы деген ұғым жоқ. Оның ашуланса, шатынап, әшейінде нұрсыз көзінде ой тұрарлық орын да қалмаған. Даланың әпербақан алып соғының өзі. Оның әрбір қимылы, сөз тастауы осы мінезін дәлелдеп отырады. Батырға тән аңқаулық та аз емес. Бірақ өмірдің өз ағысы бар. Ол қанша ақырып ашу шақырғанмен өскелең өмір алдында дәрменсіз, ақыры жастық жеңеді. Спектакльдің де ұсынар ғибраты осы. Басыбардың алғаш көрінуінен, соңғы күйреуіне дейін біз актердің алақанында боламыз. Оны жазса жадырай күліп, ашу шақырса енді қайтер екен деп отырамыз. Оның әрбір қимыл-әрекетіне селсоқ қарап қалу мүмкін емес. Ол сізді еріксіз жетектеп отырады. Басыбар ролін талай адамдар ойнар, әркім өзінше образ жасар, бірақ Ноғайбаевтың Басыбары театр тарихында сол бояу өрнегімен қалуында күмән жоқ.
Сахнамыздың көптен келе жатқан еңбеккері А. Жолымбетов талай «орта қол» образдар жасаған өнер жолында өз үлесі бар адам. Актер биографиясында сәтті, жақсы баға алған образдар да баршылық. Бірақ соның барлығы бүгінгі Арыстанға салыстыруға келмейді. Арыстан рөлі талантқа түскен ұшқындай актердің өртене шабуына мүмкіншілік берді. Арыстан характерін дәл тапқан Жолымбетов бізді қатты қуантты. Оның әр қимылы күлкіге толы. Батырға лайық мінез де, қызға құмартқан жігітке лайық әбігер, ұяңдық та бар. Бұл да сол заманның туғызған «жемісі». Мұның да тіршілік түйсігі ұшқан ұясына сай. Түсер аңына берер бағасы да осы тұрғыдан. Махаббат деп өртеніп бара жатқан Арыстан жоқ. Олжадан түсті, қыздың қайсысы тисе де, бәрібір. Әрі жас, әрі сұлу, әйтеуір иемдену керек. Міне Жолымбетовтың Арыстанындағы мақсаты осы. Әр сәт шешен сөйлейтін мойынтаулау қимылдары көп күлкі туғызады. Ескеретін жай — сол жиі қайталана берсе мәнін жоғалтып, күлкі тұздығын азайтып алу қаупі барлығын ұмытпаған жөн.
Спектакльдегі назар аударатын негізгі кейіпкерлер Айман мен Шолпан роліндегі екі актриса екі жүйеде көрінді. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисткасы А. Мұсабекованың жалпы талантына біз шек келтірмейміз. Сахна өнеріне қосқан үлесі де мол. Бірақ осы жолы Айман образын шығара алмағандығын мойындауымыз керек. Бұған актрисадан гөрі спектакльдің режиссеры кінәлі. «Біздерді Айман — Шолпан егіз дейді» деген автор сөзі бекер айтылмаған. Мұның өзі қоюшы кісіге жауапкершілік артса керек еді. Өз сыңары Шолпаннан алшақтықты сезінген актриса сахнадағы еркіндіктен айырылды. Оның әр қимыл-әрекетінде, сөз-ән жүйелерінде іштей сенімсіздік мол жатты. Сондықтан да алғашқы күнгі сахнаға шыққан Айман көруші жұртшылықты қанағаттандыра алмады. Бұл тұрғыдан З. Шәріпованың Айманы күткендей, көңілдегідей шықты дей аламыз. Жарас айтқан Айман бойындағы ақылдылық, мінезділік бірден танылады. Оның қайғы қуанышы да, әрі сенімді, әрі орынды көрініп отыр. Алғаш көріністе бай қызына тән асқақтық та, қолға түскендегі дәрменсіз жасықтықта өзара табиғи тамырласып жатыр. Сондықтан да З. Шәріпованың Айманын талантты жасалған татымды еңбек деп танимыз.
Ш. Жандарбекованың Шолпаны да актрисаның биылғы маусымда тапқан жемісі деп ұғамыз. Байдың шолжаң еркесінің ойнақы мінез-құлқы шынайы көрінеді. Қиындық кезеңдерінде де келте ақыл қыздың осы мінезі өзгермейді, бұл, әлбетте, нанымды. Ескерте кететін бір жай қыз қылығының да шегі болса керек, кейде еркелік, еркіндікті баса көрсетем деген ниеттен қас қағу, көз төңкеруді жиілетіп, орынсыз сұқтана берудің қажеті жоқ тәрізді. Мұндай мінез, әсіресе ерке қыздың дәуірінен өтіңкіреген жандарға тән сипат болса керек.
Талантты артист Сүртібаевтың тиынға табынған Әлібегі де әзірше өз мінезін толық таба алмай жүр. Алғашқы екі көріністе ойнақы да өткір басталған образ арнасы соңғы кездесуге сиырқұйымшақтанып, майдаланып кетеді.
Қарт шебер С. Қожамқұловтың Маманбайы — малдың құлы, мақтаныш медеті сол мал ғана, бітеу жанның кейпін көз алдыңызға әкеледі. Өз есуастығынан опық жеген Маманның «Шындасаң, сақалымды алма, қу басымды ал» деп булыға шыққан үні күлкімен қоса аяныш туғызады.
Оқиға кілті болып жүрген Қармысовтың Жарасы — белгілі шеберіміздің үлкен жеңісі. Бұл халық өкілі күлдіргі «о, опасыз жалған, құлдыраған қу дәурен» деген сөздердің әрдайым айтылып жүрсе де, спектакльдің өн бойында әр сәтте, әр мәнмен, әр нақышымен, әр бояуымен құлпыруы — актер шеберлігінің молдығына айғақ.
Басыбардың Құрдас шалы да С. Телғараевтың орындауында аса қызықты болды. Сондай-ақ Теңге (P. Қойшыбаева), Балпық (Е. Өмірзақов), Жантық (М. Сыздықов), өзбек (Қ. Қанғожин) жасаған бейнелері де сәтті, зор ынтадан туған еңбектер.
Спектакльдің көркемдік қасиетін нұрландыра түсетін атақты композиторымыз А. Жұбановтың сазды музыкасы, көкейге қонымды шебер жазылған. Жеке характерлер мен оқиға барысын ашуда шығарманың стиліне сай музыкалық тіл тауып, көп еңбектенгені көрініп тұр.
Шығарманың мақсатына орай дәуірге тән стильде спектакльді көркемдеген В. Ненашевтің еңбегі де бір төбе. Спектакльді жабдықтауда ешқандай алалық жоқ, бәрі халықтық рухта шешілген.
Режиссерге ақыл-кеңес беруде көп енбек сіңірген СССР халық артисі Қ. Қуанышбаевтың қосқан үлесін арнайы атауымыз керек.
Спектакльде өзара орынды қабысып жатқан халық ойындары, әдет-ғұрыптық элементтер өте нанымды, сиымды беріледі. Айта кететін бір сөз: Басыбардың атпен шығуы, қыз қуу көріністерінің қаншалықты қажеті бар екен. Біздіңше, онсыз да күлкіге толы шығарма көруші назарын арзан жайларға аудара беретін тәрізді. Мұны театр басшылары ойлана көрер.
Қорыта айтқанда, театрымыздың репертуарына үлкен бір шығарма қосылды. Өнер тобымыздың, нәрлі еңбегі туды. Талантты жас режиссердің жемісті келешегіне сеніміміз ұлғая түсті. Соған орай бұдан былай қояр талап та ұлғаймақ.
1958
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі