Адамзатқа тән игі-ізгі бар қасиет бір бойынан табылатын данышпан Ленин туралы әдебиет пен өнердің бар саласында басталған Лениниана — қалам қайраткерлері үшін де таусылмас, әсте толас таппас тақырып. Ленин бір дәуірдің еншісі емес. Ол жеңімпаз болашақтың да иесі. Ленин туралы тебірену бір дәуірдің таланттарының ғана тірлігі емес, ол бар данышпандықтың шешімінде де шек жоқ. Адам қауымы тұрғанда данышпан бар ғасырдың ұлы, бар ғасырдың мақтанышы бола бермек. Олай болса, Ленин өмірін сөз етер әр шығармада Ленинге тән көркемдік шындықты жазған жазушыдан бақытты кім бар дейсіз.
Бұл сапарда көптеген әдеби шығармаларда бүгінгі таңда еңсесі биік тұрған үлкен талант иесі Лениндік сыйлықтың лауреаты Н. Погодиннің трилогиясы. Сонау «Мылтықты адамнан» басталған сәтті қадамның екінші сатысы бұдан ширек ғасыр бұрын дүниеге келген, біз бүгін сөз еткелі отырған «Кремль куранттары».
Кеше ғана астанамыздың қадірлі қонағы, совет театрының әлемге әйгілі үлгі ұстаз тұтарлық реалистік өнердің ұйтқысының талантты тобы бай, берекелі қазынасының қақпасын ашты. Жұртшылығымыздың асыға, аңсай күткен мәдени мерекесі ұлы Лениннің сахналық бейнесімен дидарласудан басталды.
Әлем сан қилы гармония тапқан сырлы үндерге толы. Соның баршасынан биік, баршасынан әуезді, баршасынан сұлу сазды, қанша тыңдасаң да құлақ құрышы қанбас бір үн бар. Ол үн — сенің бір жеңісіңнің жетекшісі. Бар қуанышыңа ортақ. Ол үн — сенің жан серігіңе, өмір өзегіңе, тірлік тынысыңа айналған киелі үн — Кремль курантының үні. Ол тарихтың бір кезде байланған тілінің қайта тіл қатқан үні. Ол дәуір үні, сенің болашағыңның берік сақшысы — ұлы Лениннің үні. Бұл шығарманың идеялық арқауы да осы. Ұлы Ленин арманының бір кілті де осында жатыр.
Ленин бастаған жұмысшы табының революциясы адам қоғамының тарихында тұңғыш жеңіске ие болды. Тарихтың кәрі сүрлеуінен жаңа жол шықты. Дүниеге жаңа қоғам жаңа мемлекет — социалистік мемлекет келді. Жеңіс қолда, барар бағыт та белгілі. Алғашқы адымды неден бастау керек? Болашаққа барар жолдың алғашқы қадамын ойлайтын кім? Ол — Ленин.
«Мылтықты адамның» кезіндегі найзағайлы дауыл басылған. Жанталаса арпалысқан ішкі жаудың шаңырағы шарт сынып, ошағы ойран болған. Сыртқы жаулардың да беті қайта бастаған шақ. Сырт көзбен қарағанда бейбіт өмірдің салтанат құрған дәуірі. Бірақ хал қиын. Революцияның жеңісі өз алдына. Енді жемісін өсіру керек. Жеміс иесі — халық. Оның қазіргі халі қандай? Шымылдық ашылысымен біз Қызыл алаңның бір шетіндегі қайнаған базарға тап боламыз. Сеңдей соғысқан жүдеу жұрт. Саудагерлер. Панасыз жетімдер. Дін дүмшелері. Еліне қайтып бара жатқан солдат. Қалта аңдыған ұры-қары, алаяқ сұмпайылардың небір түрінің тоқайласқан жері. Базардың ең бір бағалы малы қуыршақ, ескі құсқылар. Базар кейпі мәз емес. Атақты инженер Забелин бар дүниені талақ етіп, үзілген үмітінің соңғы талшығын базардан іздеп жүр. Бұл сол кездегі халдің бір ғана көрінісі. Анық аянышты көрініс. Ұлы Ленин жолымен бүгін дүние жүзілік ұлы державаға айналған Отанымыздың бай шежіресінің алғашқы беттері осындай екен. Осы бір қоңыр көңілсіз күйдің тақ ортасында Ленин.
Ленин туралы көп жазылған шығармалардан Н. Погодин еңбектерінің ерекшелігі — Ленин трилогияның өн бойында, халық ортасында. Драматург тарихи шындық осы екен деп Ленинді өзінің саяси жауларымен шайқастырмайды. Автор Ленинді әр сәт қалың бұқара өкілдерінің арасында көреді. Ленин мен халық — егіз ұғым. Ленин бірде Смольныйдағы солдаттар арасында, бірде шаруалар арасында, міне, түннің уағында ой құшағындағы Ленин матрос Рыбаковпен әңгімелесіп жүр. Ең аржағы қайыршы кемпір де Ленинмен кездескенде өз «философиясын» жайып салды. Лениннің ұлылығының да бір қыры қандай адам болмасын сонымен тіл тауып, оны терең ұға білуінде. Адам баласының бар болмысын қалт жібермей тануда Ленин көрегендігінде шек жоқ. Лениннің сахналық бейнесін жасаудағы көп қиындықтың бір жүйесі осында жатыр. Оның үстіне Ленин образы әрбір жеке адамның жүрегінде, сана-көзінде, өзінше қайталанбас оңаша қалыптасқан образ.
Міне, біз бүгін сахнада СССР халық артисі, Лениндік сыйлықтың лауреаты Б. А. Смирновты Ленин бейнесінде көргенде, аяулы адаммен жүзбе-жүз кездескендей сезім құшағында болдық. Б. Смирновтың портреттік ұқсастығы, Ленинге тән қимыл қозғалыстың дәлдігімен бірге, данышпанның шексіз ой парасаты мен адуын арманынан хабар алдық. Баяғыдан жанымызда жүрген «Шындықтың өзіндей шынайы» деген анықтамаға көз жеткендей болды.
Ленин қара шаруа Чудновтың үйінде. Аңнан құралақан қайтыпты. Бұл түрлі кино картиналардан көзге қанық қимыл ма? Жоқ, өзгеше. Көңілге ұялаған қимыл. Жүрегің алабұртып, әр сөзін аңдып, қалт жібергің келмейді. Иә, осылай еді-ау дегендей әр қозғалысына іштей бас изейсің. «Біздер бір қадақ келетін құс атып алу үшін бір қадақ оқ-дәрі жұмсайтын атақты мергендеріміз» деп әзілдейді Ленин Сөз қарапайым, жылы юморға толы. Бұл әзіл Ленинге тән әзіл сияқты. Анау орыс пешінің үстінде отырған балаларға көзі түсіп, үйіріле қалды. Олармен өзінше айтысып, мәз-мейрам болып тұр. Жасанды байсалдылық, жадағай кербездік Ленинге жат. Балалармен шүйіркелесу де — Ленинге тән қасиет. Лениннің балалармен түскен көп суреттері былай тұрсын, Н. К. Крупская талай жазған жоқ па еді! Ленин — Смирновтың қырағы назарына ілінбейтін дүние жоқ. Ең аржағы сықсима шам да әңгімеге араласып кетеді. Шалт қимыл, шағын сөйлемдермен астасып жатқан көзқарасында үздіксіз бір ойдың табы бар. Ол үзілмейтін ұзақ дүниені шарлап жүрген ой. Ленин ойы — келешек таразысы. Әсіресе, түн ішінде трамвайшылармен кездескен әңгімесінде олардың революция туралы түсінігін іштей бағалай отырып, ойға шомып кеткен Ленин Кремль сағатын қалай жөндеуді әңгіме етеді. Осы сәттегі әңгіме сағат жайлы болғанмен, Лениннің әр сөзінде, дауыс екпінінде, бояу -бедерінде ендігі Россияның бар механизмін жөндеу міндеті тұр деген астарлы ойдың ұшығын аңғару қиын емес. Ленин — Смирнов кіммен сөйлессе де революциялық идеяның халық санасына қаншалықты әсер етіп келе жатқанын бағалау, барлау үстінде болады. Адам мінезінің психологиясының, түйсік-түсінігінің бірде-бір құбылысы Ленин назарына ілінбей қалмайды.
Бұл спектакльдің шарықтау шегін Лениннің инженер Забелинмен әңгімесінде көреміз. Алғашқы картиналардағы әркіммен кездесу, Кремль сағаты жөніндегі арманмен астасқан тамаша ойлар енді келіп мемлекет басшысының алдына қойған негізгі мақсатының бетін ашады. Лениннің болашаққа деген зор сенімі, ұшқыр қиялы сол кездегі мешеу тірліктің бәрін баса көктеп, Россияны электрлендіру жоспарын қолға алуды ұсынады. Жоқшылық, жүдеушіліктен құтылар жолдың бірі тек осы екендігіне іштей бекінген. Ленин инженер Забелинді шақыртады. Өзін әлдеқашан бұл қоғамға керексіз жанға санаған инженер «мен социализмге сенбеймін» деп бір-ақ қайырады. Ленин революциялық көзқарасыңды өзгерт деп оны үгіттеуден аулақ «жау болсаң оныңды айт, жұмыс керек болса оныңды айт» деп мәселені тура қояды. Забелин өз ісінің көрнекті маманы. Ленин ең алдымен оның іскерлігін бағалайды. Өзінің жаны сүйетін жұмысын ұсынады. Ең ақырында Ленин мінезінің турашылдығы оған ой салады. Бұл көріністерде Ленин — Смирнов қайнаған қажыр, тынымсыз терең ойдың иесі. Бар мүдде дүниеге келген жас мемлекеттің өміршеңдігін әлемге паш ету. Шапшаң қимыл, нысанаға дәл тиіп жатқан ойлы сөздер ұлы Лениннің даналық аспанында ойнаған ақыл парасатының найзағайынан туып жатқандай сезіледі.
Спектакльдегі тартымды сомдалған образ СССР халық артисі Б. Ливановтың Забелині. Инженер Забелиннің қайта көтерілуі, алғашқы көріністердегі айнала болмысқа көзқарасы ішкі психологиялық қайшылықтардың сан сырлы бояуын танытады. Ол — ой еңбегінің адамы. Өзінің бұрынғы әлеуметтік ортасында да орны өзгеше болған. «Зиялы қауымның кемесін теңіз қарақшылары тонағаннан кейін» ол бәріне мойын ұсынған. Забелинде де мақсат бар еді. Амал не, ол орны толмас қиялға айналды. Енді ғана Ленинмен кездескеннен кейінгі іштей арпалыс оны тұңғиықтан жарық дүниеге тартты. Көп толғаныс үстінде өзінің бұл қоғамға да керек екеніне көзі жетті. Ливановтың Забелині аса қызғылықты, күрделі, қалыптанған, мінсіз монумент болып шықты. Көруші жұртшылықты қатты риза етті.
РСФСР-дің еңбегі сіңген артисі Л. Золотухиннің Рыбаковы да өзінің турашыл мінезі, әділ мейірбан жүрегімен танылды. Аса бір бояулы, әсерлі көрініс Забелин үйіндегі шұбар топ. Бұл бір кездері Забелин араласқан қауымның өкілдері. Осы бір квартет революциядан кейінгі орыстың орта қауымның көңіл күйін айнытпай баян етеді. Сол дәуірдің бұл да бір ғажайып көрінісі.
РСФСР-дің халық артисі С. Пилявская Забелиннің жұбайының басындағы қиын жайды аса бір нәзік сезіммен жеткізеді. Қызы болса Рыбаковқа қосылмақ. Оған күйеуі қарсы. Ал күйеудің тағдыры не болары тағы белгісіз. Екі оттың ортасындағы әйел қасіреті кезеңнің көңілсіз көлеңкесіндей көз алдыңыздан өтеді.
Асылында, МХАТ коллективінің бір спектакльге қатысқан тобының әрқайсысына жекелеп баға беру де қиын. Әсіресе, осы «Кремль куранттарына» қатысқан топ бір нотаны жалған жібермес, тамаша оркестр сияқты. Бұл табыс артистерден гөрі көбіне режиссерлердің еңбегінен туса керек. Спектакльдің алғашқы режиссер — авторының бірі В. И. Немирович-Данченко болса, кейінгі редакциясын қойғандар — М. Кнебль, И. Раевский, В. Марков сияқты көрнекті режиссерлер. Спектакльдің ансамбльдік тұтастығымен сол дәуір рухының бүгінгі күнмен үндесіп жатуының өзі жоғарыда аталған режиссерлердің еңбегі.
Барлық орындаушылардың талантына бас ие отырып, бір-екі «әттеген-айымызды» айта кетуді жөн көрдік. Драматургиялық материалға қарағанда Забелиннің қызы Машаның (артиска М. Анастасьева) жүгі аз емес. Бірақ Рыбаковтың кабинетінде тым тәуір басталған қыз басындағы драма кейінгі көріністерде психологиялық өріс таба алмады. Ең аржағы өзінің үй ішіндегі болып жатқан аласапыранға да күйзелген Машаны көре алмадық. Осындай өкпені сахна өнерінің шебері СССР халық артисі М. Прудкинге де айтпақпыз. Ленинмен кездескен шетел жазушысы сөз жүйесіне қарағанда ағылшын жазушысы Герберт Уэльстің прообразы. Ол Ленинмен кездескенше әйгілі болған жазушының бірі. Ол, әрине, Россиядағы революцияның жеңісін құттықтауға келген жоқ. Бар мақсаты «ұлы арманшылды» жүзбе-жүз көріп, тілдесіп кету. Әңгімесін «Маркске қарсы кітап жазбақпын» деп бастаған ол, Ленинмен айтысында да тым жеңіл кетеді. Айтқанына да, естігеніне де мән беріп отырған жазушы жоқ. Жазушыдан гөрі ысқаяқ жентелмен, әлдебір туристерді көзге елестетеді. Шынына келгенде Ленинмен кездесу ол үшін оңай емес. Сондықтан ол айтар сөзінің өлшем мағнасын салмақтандыра, алған жауабына да мән беріп, іштей байсалды кейіп көрсетсе, сенімдірек болар еді демекпіз.
Әлбетте, өткінші кейіпкерлердің орындалуына бұл айтқан назымыз жалпы спектакльден алған үлкен рухани әсерімізге нұқсан келтіре алмайды. Бұл ойлар, жақсы болған соң, бәрі бірдей болса екен деген тілектен туып отыр. «Кремль куранттарының» үнінен алған әсеріміз осы.
1965
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі