Қазақ драматургиясы тарихи-революциялық тақырыпқа онша бай емес. Бай болмағанда сол дәуірдің әр кезеңінен қылаң беретін шығармалардың басы баршылық. Бірақ көпшілігі жалпы жобасы, алған бағыты, айтар ойының ниеті дұрыс болғанмен көркемдік шеберлік жағынан өресіз осалдығын танытып жүр. Сол себепті олар театр репертуарына баянды табан тірей алмай әрі барса бір маусымдық (сезон) қана тыныс-тірлік татумен шаруасы бітіп қалатын жәйлері жиі байқалады.
Осылардың ішінде Шымкент драма театрының сахнасынан көрген «Аманкелді» спектаклінің орны өзгеше. Қазақ драматургиясының қазынасына «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқтыны» берген әйгілі жазушы, айтулы драматург Ғабит Мүсіреповтың жұлынды шығармасының бірі осы «Аманкелді».
Спектакльде қазақ халқының батыр ұлы Аманкелді Имановтың ұлт азаттығы мен бостандық жолында жұмсаған қайтпас қайраты мен қажырлы күресін, оған ұлы орыс халқының — Ленин партиясының көмегі мен басшылығын, ұлт азаттық қозғалысының бүкіл Россиялық социалистік революциямен ұштасуын көрсетеді. Театр коллективі шығарманың идеялық және көркемдік дәрежесін көтеруде едәуір еңбек еткен. Шығарманы сахнаға қоюшылар Петр Логинов (Қазақ ССР-не еңбегі сіңген артист Бәйкенов), Михаил Пластунов (артист Ордабаев) арқылы ұлы орыс халқының, большевиктік партияның қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысына, оның басшысы Аманкелдіге ағалық көмегі мен идеялық басшылығын көреді. Спектакльдің жалпы құрылысынан ұлы орыс халқымен таптық тілегі бір қазақ еңбекшілерінің езуші тапқа қарсы білек күшін біріктіріп көтерілуі, бұл ұлы мақсатқа жетуге олардың бірлік достығы және сол дәуірдегі тарихи шындық біркелкі тәуір берілген.
Совет жұртшылығының ұлы дәстүрі, әрбір жаңа шығармаға жоғары талап қойып, оның жақсы орындалуына тілек айту тұрғысынан қарағанда спектакльдің көркемдік жағынан бірсыпыра кемшілігінің барлығын аңғардық. Ең алдымен спектакльдің басталуы өте баяу салқын, сылбыр. Сол дәуірдегі «Теңіздей шайқалып» тасып-төгіліп жатқан революциялық күш, оның қазақ даласына әсері азаттық қозғалысының белгілі бір бөлегі болған тарихи айқастардың дүрбелең шағы, толқын тегеуріні сезілмейді. Шығармадағы терең мағналы диалогтер сахнадағы әрекетпен байланыспай, сырттай сұлу сөз күйінде қала береді. Әрине, бұл жағдай шығарманың идеялық және көркемдік құнын төмендетуге әкеп соғатыны айтпаса да белгілі.
Көрушінің көзіне түсіп, көңіл бөлерліктей іс әрекеттер тек бесінші көріністе Петр Логинов (Бәйкенов), Михаил Пластунов (Ордабаев) көтеріліске тікелей келіп қосылғаннан кейін ғана басталады. Осы тұста өріс алып оқиға қоюлана келеді де ішкі-тысқы әрекеттер көрермен назарын аударады. Алтыншы көрініс Торғай қаласын алу, еңбекші бұқара өзінің сүйікті батыры Аманкелдінің төңірегіне топталуын баяндайды. Кескілескен ұрыс үстінде Тәуке қарт, Жайнақ, қойшы Мұңайтпастар өсіп, шынығады. Спектакльдің аяқ жағында халықтың көптеп күткен арманы — Октябрь таңы атып Қазақстанда совет өкіметін нығайтудағы Аманкелдінің жанқиярлық еңбегі көрсетіледі. Әдетте баяу басталған спектакльдің дами келе ширауынан туатын бір қорытынды — ойынды қоюшы режиссердің де (Ордабаев), артистер коллективінің де шығарманың идеялық көркемдік жағын қазіргі қойылып жүрген дәрежесінен әлдеқайда жоғары көтеруге толық қабілеті бар екендігін байқаймыз.
Ұлт азаттық қозғалысының әлеуметтік мәні Ұлы Октябрь социалистік революциямен ұштасудағы қазақ даласын қамтыған қозғалыстың күші, табан тірескен тап тартыстарының әсері спектакльдің бірінші жартысында артистердің сахнадағы іш әрекеттерінен сезілмей, күңгірт қалып қойды. Шығармаға идеялық өзек болып жатқан ұлы орыс халқы мен қазақ халқының арасындағы достықтың бейнесі Петр Логинов пен Аманкелдінің кездесуі мылтық саудасына айналып, кезек-кезек алақан соғу, құр тамсанумен суреттеліп, бұл кездесудің саяси және шешуші жағы ойдағыдай шықпады. Екі ұлттың туысқандық үлгісін көрсететін шығарманың ең бір түйінді жері болғандықтан, ойынды қоюшы режиссер де, ойнаушы артистер де оның саяси әлеуметтік маңызына мән беруі керек еді.
Ал, жеке образдар мен басты рольдерді атқарған артистердің ойыны жөнінде мынаны айтуымыз керек. Жарқын мақсат көздеп, жаңа жол тауып, ой санасын революциялық идея интернационализм рухы билей бастаған Аманкелдінің бейнесін жасауда Қазақ ССР-не еңбегі сіңген артист Ә. Мұхамедияров елеулі еңбек сіңірген. Артист қияпатқа жаны төзбейтін, болар істі алдына ала болжайтын, көреген көзі ашық, көкірегі сенімді мол қайрат, үлкен сабыр иесі, шешуші кезеңдерді қалт жібермей пайдалана білетін батыр образын жасады. Сонымен қатар артист Мұхамедияровтың әрбір қимылынан өзінің жеке басының қазақтың батыр ұлына деген сүйіспеншілігі сезіледі. Осыдан келіп көрушінің көңілі толарлықтай нанымды, сенімді образ жасалып отыр. Бұл актер үшін үлкен абырой.
Петр Логинов (Бәйкенов), Михаил Пластунов (Ордабаев) өз рольдерін біркелкі тәуір алып келеді. Бұлардың іс әрекеттері байыпты, сөзі орынды және тартымды. Бірақ бұл екеуіне ортақ бір олқылықты айта кетуіміз қажет. Сол байыптылықпен қатар, ысылған күрескерлер бейнесі, олардың қимыл әрекеттерінен іштей де, сырттай да белгілі бір дәрежеде білінбей жатыр. Олардың жан сезімі, ішкі дүниесі, күйініш, сүйініш әлі де болса ұзынды-қысқалы, бір арнаға түспеген. Әсіресе, Петр Логинов (Бәйкенов) орыс халқына тән жан жүйесінен туатын достық сезім, кішіпейілділік, терең ой, тиянақты кесім революция үшін еш құрбандықтан бас тартпайтын табандылықтың, қайсарлықтың бейнесін жеткілікті жасай алмады. Ішкі жан дүниесімен байланыспаған кейбір сыртқы қимылдар образдың өсуіне кедергі келтірді де, көрушінің көңіліне онша қонымды болмады. Сол сияқты Жапар ролін ойнаушы артист Дөненбаев жаудың зұлымдығын рушылдық отын тұтандырудағы зымияндық іс әрекеттерінің толық сырын аша алмады. Басқа рольдерде ойнаушылардың ішінде көрушілерді бірден өзіне тартып, спектакльдің басынан аяғына дейін өсу дәрежесінде болған образ жас артист Қ. Шаниннің орындауындағы Мұңайтпас образы. Жас актер өзін сахнада еркін ұстап, әрбір қимыл, іс әрекетін кейіпкерінің бойына шақ қабілетіне сай пайдаланып, көрініс сайын көрушілерден үміт күттіріп отырды.
Тәуке қарт ролінде ойнаған (А. Шанин), Жайнақ ролінде ойнаған (Досмағамбетов) біркелкі жақсы шыққан. Ақжарқын, адал қарт Тәуке әрқашан Аманкелдінің күйініш-сүйінішіне ортақ әрдайым ақыл беріп, жол көрсетіп отырады. Артист Тәуке қарттың жүріс-тұрысын байсалды шебер береді. Сахнада Жайнақтың атты әскер командиріне, Мұңайтпастың қызыл әскер командирлігіне дейін өсуі өте нанымды көрсетіледі. Спектакльде құрып бара жатқан тап өкілдері Алексей Логинов (Ахметов), алашордашылардан Кенжеқара (Дүйсенов) және байлар мен билердің зымиян дұшпандық іс-әрекеттері дұрыс көрсетілген. Алайда, патшаның қол шоқпары, асқақ әрі қаһарлы, тоғышарлық тілектегі топас генерал-губернатор Фон Эверсманның (Ордабаев) бейнесі өте жеңіл, солғын берілген. Қарама-қарсы күштің жетекші өкілі болғандықтан ол образдың нашар шығуы таптық күрестің тарихи мәнін әлсіретеді. Спектакльде жұртшылық назарын аударатын жағымды образдардың бірі Бану образы (Дүйсенова). Бірақ бұл образ өзінің өсу дәрежесіне жетпей, көпшіліктің көлеңкесінде қалып қойды.
Жалпы спектакль жөнінде оның режиссерлық жағын сөз еткенде айтатынымыз мынау: жалпы өз тарапынан байыта алмаған.
Шығарманың идеялық— көркемдік жағын, автордың ой-шеңберінен шықпай жасау орынды. Бірақ режиссердің міндеті онымен ғана шектелмейді. Ол сонымен қатар жалпы ансамбльге, ойынның даму сатысында белгілі бір дәрежеден түспеуінде жауапты. Спектакльдің жалпы желісінде дәлел төлеусіз мизансценалар жиі кездеседі. Кейде көрермен сырттағы болып жатқан жағдайдан бейхабар қалып отырады. Оның себебі сахнада жүрген кейіпкерлердің өзара органикалық байланысының аздығынан, олардың бет-пішіні, ішкі-тысқы қимылдары сахна сыртында болып жатқан жағдайдан ешбір хабар бермейді. Сонымен қатар сахнаның әр тұсынан жөнсіз оңды-солды жүгірулер, мағнасыз дене қимылдарымен араласып, болып жатқан жағдайдың шын мәнін түсінуге қиындық туғызады. Сондай-ақ театрдың көркемдік жағын басқарушылар мен режиссерларының қатаң есіне алатын бір жағдай сахналық сөз техникасының нашарлығы мен артистердің дикциясының нашарлығы. Актерлердің кейбірі сөзді толық айтпай, соңғы буындарын жұтып қоюы олар үшін үлкен айып, көрермен үшін қиянат. Осының барлығынан келіп шығарманың көркемдігі мен идеялық маңызы төмендейді. Әрине бұл сияқты кемшіліктерді жоюға театр коллективі мен оның артистер тобының толық шамасы келеді. Олай болса мүмкіншілігі болғанынша осы кемшіліктерден ертерек бой тартқан жөн.
Қорыта келгенде айтарымыз: театр коллективі «Аманкелді» пьесасын қою арқылы өз репертуарына үлкен үлес қосқан. Жоғарыда көрсетілген сахнада қоюдағы кейбір кемшіліктерді жойып, шығарманың идеялық және көркемдік жағын онан сайын көтеру театр коллективінің келешектегі абыройлы міндеті.
1952
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі