Жуырда Жамбылдың облыстық драма театрының сахнасынан С. Мұқановтың «Ботакөз» романының желісімен жазылған жаңа пьесасы бой көрсете бастады. Күрделі прозалық шығармалардың сахна тіліне айналуы драматургиямызда кенже қалып келе жатқан сала.
Бұл тектес әрбір сахналық шығарма сәтті шыққан шақта көрушісінен де, оқушысынан да қуаныш сезімін туғызатынында дау болмасқа тиіс. Қазақ драматургиясының тарихына зер салсақ Абай романынан кейінгі сахналық тілге түскен «Ботакөз» романы екендігін аңғарады екенбіз. Игі талаптың талғамға сай аяқталуы сөз жоқ зор табыс болмақ. Ол драматургиямыз бен театр репертуарының шеңбері кеңейе түсуіне өз ықпалын тигізеді. «Ботакөз» пьесасы туралы сөз болғанда, әсіресе Жамбыл жұртшылығы мақтаныш ететін бір жай шығарма авторының бірі және сахнаға қоюшы режиссері да осы облыстан шыққан жас талапкер Т. Дүйсебаев екендігінде. Дүйсебаев Ташкенттегі театр және көркемөнер институтын бұдан үш жылға ғана бұрын бітірген жас режиссер. «Ботакөз» Дүйсебаевтың драматургия дүниесіне тұңғыш жасап отырған барлау сапары. Екінші автор Қарағанды театрының бас режиссері А. Ходорев. Творчестволық ынтымақтан туған еңбектің жемісті аяқталғанына көруші жұртшылықтың шығарманы жылы шыраймен қабылдауының өзі айғақ бола алады.
Енді шығарманың тууына себеп болған романдағы оқиғаларды авторлар қалай меңгерді. Оның сахналық көрінісі қандай дәрежеде соған келейік.
«Ботакөз» қазақ прозасында идеялық көркемдік жағынан мығым, шоқтығы биік шығарманың бірі. Ол дәлелдеп жатуды қажет те етпейді. Мұндағы оқиға қазақ тарихының кезеңді дәуірлері — Патшалық Россияның Қазақстанды отарлау саясаты, 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі, Ұлы Октябрь революциясының дауылы, сол кездердегі тегеуірінді халық қозғалысы, Қазақстанда совет өкіметінің орнауы сияқты ірі-ірі белестермен байланысып, қым-қиғаш оқиғалармен ұштасып жатады. Нақтылы тарихи өмірге құрылған шығарманың сахналық тілге түсуінің зор маңызы да алғашқы қалам ұрған авторлар үшін қиындығы да осында жатыр. Айта кететін бір жай ірі полотнолы прозалық шығармалардан сахнаға лайықты пьеса жазушыға талаппен тың тақырыпқа пьеса жазушыға қойылатын талаппен бара бар екендігі. Өйткені, сахна заңы біреу, екеуіне де ортақ заң. Романда кең табиғат құбылыстары, психологиялық қақтығыстар, кең суретті баяндаулар арқылы көрінетін сала-сала болып жатқан оқиға өрісінен сахнада баяу ашылатын, адам характерін жинақтап, драмалық арқауды берік құрып, оқиғаның түйінді сәттерін сұрыптап алып, жұртшылыққа ұсыну көп-көп еңбек сіңіруді, ұқыптылықты, әрі барса шынайы шеберлікті тілейді.
Бұл жағдайда драматургке кездесетін екі түрлі қиыншылық бар. Біріншіден роман авторының негізгі ой-өзегін, көздеген мақсатын, тартыс түйінін тауып, шығармадан драмалық динамикалық, түрде дамитын адам характерлерін табу болса, екіншіден сол драмалық қақтығыстан туатын негізгі шығарма идеясын сахналық тіл арқылы айқындап, жұртшылыққа жеткізе білуде. Авторлардың еңбегіне осы тұрғыдан қарасақ пьесаның сәтті жазылғандығын аңғарамыз. Мұнда романдағы оқиғалар түгелдей қамтылған деуге толық болады «Ботакөз» пьесасының сәтті шығуының басты себебінің бірі — авторларының сахна заңын терең түсінуімен астасып жатыр. «Ботакөз» біз көріп отырған қалпында романнан жасалған инсценировкаға ұқсағанмен көбіне роман желісі бойынша жазылған драмаға бейім жатыр. Дүйсебаев пен Ходоревтің еңбегінің құндылығы да осы салада. Сахнаға қоюшы режиссер Дүйсебаев шығарманың негізгі идеясын жан-жақты аша, әрбір творчество адамына тән өз бояуы, түсінігі, түйсігі бар екендігін байқатты. Сәтті-сәтті мизансценалар, жау мен жағымды адамдар арасында негізгі тартыстар да шындық шеңберінде шешіледі. Спектакльде режиссерлық ансамбль, ой тұтастығы бар. Тек қана Совдептің кеңсесіндегі көрініс, ең ақырғы, қызыл әскерлердің сахнаға шығатын көрінісі әлі де еңбек сіңіруді керек етеді. Бұл сахналарда динамикалық даму логикалық, байланыс әлсіз жатыр. Жеке қақтығыстар да баяу. Спектакльдің жалпы өрісіне де кері әсерін тигізіп тұр. Режиссер Т. Дүйсебаев осы жағын ойлана түскені жөн.
Шымылдық ашылғанда өзімізге көптен таныс адал жанды, ақ ниетті, өзінің сәбилік дәуірінен есейе келе әділдік пен зұлымдықтың ара салмағын айыра білетін бостандық аңсаған қазақтың жас қызы Ботакөз көз алдымызда. Ол орыстың ұлы классиктері мен батыстың алдыңғы қатарлы жазушылардың шығармаларын оқып, Абай поэзиясынан нәр алған, ерлік рухта тәрбиеленген жан. Ол өзінің адал махаббаты, бас бостандығы үшін күрескен сол кездегі қазақ қыздарының жиынтық бейнесі. Ол келешектің кілті өз қолында болатындығына кәміл сенетін, ол тек күрес арқылы іске асатынын айқын біледі. Ботакөз ролін ойнаушы актрисаның үлкен жауапкершілігін, терең түсінгендігін, әрбір деталь үшін ұқыптылығын талап ететін де осы принцип.
Біз актриса А. Ниязбекованың орындауында Ботакөзге тән сипат, жалынды жігер, мұқалмас қайрат, албырт махаббат иесі екендігін Асқармен алғаш кездесу сәтінде бірден аңғарамыз. Оның Пушкин, Лермонтов, Байрон, Абай шығармаларын елге жатқа оқуы Ботакөздің өрісі кең, ой парасатынан хабар береді. Қызға тән қылық, нәзік наз, махаббаттың ұшқыны сыпайы да, сүйкімді көрінеді. Бірақ бұл сәт қана. Актриса Ниязбекова тиімді құрған образдың арқауы кейінгі сахналарда тарқатылып, бояуы солғын тарта, алғашқы сезім толқындарынан қол үзе, жасандылық жолына түсе бастайды. Әрине актриса ойынында терең түсінік әлі де болса қалыптаспаған. Образдың бірте-бірте былай жүдеушілікке ұшырауы көрушілерді қынжылтады.
Асылында адам баласының басындағы махаббат сезімдері орынсыз құшақ жайып, бекер күрсініп, несие наз, жасанды әрекеттерімен көрінбейді ғой. Жаным, күнім деп айтқан сөздердің әртүрлі бояулары болмай ма. Махаббаттың қуанышы, күйініші, көктемі, жазы болмай ма. Ең әуелі іштен тебірене туған жылы сезім жасқа тән жалынды от керек. Ерлікке де, бақытқа да бастайтын жүрек күші, махаббат күші емес пе. Әсіресе Ботакөз сияқты саналы, оқыған қыздардың махаббат сезімінің өз поэзиясы бар емес пе. Осы тұрғыдан актриса да, режиссер де әлі ойлана түскені жөн. Бұдан актриса Ниязбекованың ойыны бастан-аяқ сәтсіз деген пікірден аулақпыз. Бұл алғашқы көргендегі ескертпелеріміз ғана.
Спектакльдегі күрделі образ, оқиғаның негізгі түйінінің бірі Асқар басында жатыр. Ол түнерген қазақ даласына білім шырағын жағушы, бостандық үшін күрестің қозғаушысы, Ленин еңбектерімен қаруланған көзі ашық, көкірегі сара адам. Қара дүрсін қозғалыстың қол шоқпары емес, барлығын ой елегінен өткізіп, байыпты батыл қимылдайтын күрескер. Жауапты роль жас актер М.Бәкеновке жүктелген. Іздену жолындағы кейбір табыстарын ескере отыра актерге айтатын төмендегідей тілегіміз бар. Біріншіден — күрес жолында шыныққан Асқардың толыққанды бейнесі әзір сахнада жоқ. Кей сәттері актер тек автор текстін айтуымен ғана шектелуде. Асқардың күйініш, сүйініші, көрген қиын-қыстау кезеңдерден алған сабағы нақтылы көрінбейді. Оның көпшілікке айтқан сөздерінде қолбасшыға тән жалын жоқ, жансыз айтылады. Революционерлерге тән көрегендігі, екінші сатыдағы кейіпкерлердің көлеңкесінде қалып қояды. Сол қозғалыстағы халықтың жетекшісі, жөн сілтеушісі екендігіне М. Бәкеновтың орындауында сене қою қиын. Ең аржағы Ботакөзге деген махаббаты да өзінің табиғи қалпында емес, жасанды, жалған сырт қимылдарда құрылған. Актерде сахнада еркіндік жағы әлсіз. Сахнадағы жүріс-тұрыс әлі де бір жүйеге түспеген. Спектакльде Асқар бейнесі әлі де актер ойыны арқылы толық шешімін таппаған. Негізгі кейіпкердің бұл қалыпта көрінуі спектакльдің, көркемдігіне де кері әсерін тигізбей тұрған жоқ.
Ұтымды, сәтті шыққан образдың бірі — М. Жұмағұловтың орындауындағы Амантай. Актер дала жолбарысы, алып қайрат иесі, ар-намысы үшін ақырғы демі қалғанша күресетін әділ, адал жанды Амантайдың бейнесін өмірге тән бояуымен көрсете білді. Оның әрбір сөзі салмақты, жауға зілі, досқа жылы шырайы сезіліп отырады. Бірақ түрмедегі сахнасына дейін барлық қақтығыста тамаша дамып келе жатқан образдан кейінгі көріністерде актер алшақ қалатын сәттері бар.
Итбай баласы Сарыбас өліп бара жатқан өз табының «белді» өкілінің бірі. Онда таланған мал кегі, өлген әке кегінің бәрі сайып келгенде күні батып бара жатқан тап кегіне барып тіреледі. Актер С. Абулғазиннен сахнаға бірінші шыққаннан-ақ жауға тән жексұрын әрекеттерінің бәрін көресіз. Оның адамгершілік ардан, адамға тән мейірімнен құралақан екендігі бірден сезіледі. Жас баланы шырқыратып, анасын тұтқынға алып айдап кетерде қарсылық білдірген қарт ананы ату көрінісінде актер С. Абулғазин жау бейнесін шарықтау шегіне жеткізеді.
Қазақ даласын аш қасқырдай кезген қанды қол тап жауы барар жері, кірер көрін таба алмай жүрген патша дәуірінің сілімтігі Алексей өмірінің ақырғы сағатына дейін өз ойын іске асыру үшін күреседі. Талантты актер Ш. Сәкиев зұлым жаудың озбырлығына да, Ботакөзді игеру жолындағы лас әрекеттеріне, өмір шындығына тән бояулар таба білген. Ботакөзді тұтқынға алу, Көкшеде кездесу көріністерінде күйреген жау дүниесінің зымиян өкілі өзінің толыққанды қалпында көрінеді. Сөз жоқ актердің творчестволық биографиясында Алексей бейнесі ең бір сәтті шыққан образ болып қалмақ.
Актер К. Табановтың орындауындағы Қожантай Итбай есігіндегі қарғылы күшік. Күні үшін ол қандай зұлымдықтан да болса бас тартпайды. Арын да, жанын да тірлігі үшін құрбан етіп жүрген топастың кей әрекеті көрушіден күлкі туғызса, кей сәтте жиреніш сезімін туғызады. Актер образдың жан-жақты сырын айқын аша, Асан үйіндегі Алексейлермен келген Қожантаймен түрмеге тыңшы ретінде қамалған Қожантайдың кейпін үздіксіз даму жолында көрсетеді.
Ботакөздің ағасы Темірбек актер Ж. Шүлембаевтың орындауында өзінің жанды бейнесін тапқан. Итбайды балтамен шабардағы әрбір әрекеті, кекке суарылған өктем сөзі халық атынан айтылған қатал үкімдей естіледі. Кек жолында бостандық аңсаған Темірбектің қажырын түрме азабы да мұқата алмайды. Темірбек Шүлембаевтың бұл сахнадағы өлім жазасын мойнына алудағы кейпі де көрушіні қатаң сүйсіндіреді. «Анам баласыз емес, қарындасым ағасыз емес, Итбайды өлтірген — мен, дарға асылсам — мен асылуым керек» деген сөздер жауынгерге тән қатал жігермен, мұңайған достарына қайрат бере айтылады. Бір көрініп кететін Ботакөздің шешесі К. Батырғалиеваның ойынымен анаға тән жүректің жылы сезіміне толы. Рақым — Қ. Қайсабаев, Кошкин — С. Үмбетбаев, Шығанақ — Қ. Қасымов, Серегин: — Қ. Халықов жасаған образдар ұзақ уақыт көруші есінде қалатын сәтті шыққандарынан саналады. Спектакльдің көркемдік тұтастығына да көп әсерін тигізіп тұрған осы бейнелердің сәтті шығуы. Спектакльді жабдықтаған суретші М. Иванецкийдің еңбектері шығарманың идеясын ашуға көп көмегі тиеді. Сол дәуірдегі ою, өрнек барлығы нанымды көрсетілген. Жалпы актерлерге айтатын ортақ тілек сахналық сөзді сөйлей білу жайында. Кейбір актерлардың дикциясының нашарлығы сонша тыңдаушыға не сөйлеп тұрғаны белгісіз болып қалады. Бұл ойланатын жай. Спектакльдің музыкасы нашар. Бір-екі ауыз сөз пьесаның тілі жайында. Сахнадағы адам характерлері әрдайым тіл арқылы шешілмек. Автордың көздеген мақсаты сол арқылы орындалмақ. Әсіресе драма театрында тілдің, сөз шұрайының қаншалықты қымбат екенін баяндап жатудың қажеті шамалы. Сондықтан диалогтердегі характерді байытатын, өрнегімен де, ойымен де салқындық байқататын бөгде сөз бұралқы орамдардан тазарту керек. Сонда ға-на сәтті шыққан туындының ажары нұрлана бермек.
1955
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі