Бізде бұрын Алматы киностудиясы шығарған фильмдерді сөз еткенде «Жас өнеріміздің жаңа табысы» деген айдарды алдымен тағып алып, көзге түскен кемшілігіне де сол «жас қойды» желеу етіп жауырды жаба тоқи салатынбыз-ды. Оның да мүмкін өз кезеңінде себі болған шығар. Сөйтіп жүргенімізде өз арамыздан талантты бір топтың өскенін аңғармай қалыппыз.
Қазір Бүкілодақтық экранға шыққан «Біз Жетісуданбыз» деген көркем суретті фильмді сонау атақты «Мосфильм», «Ленфильмдер» шығарып жүрген еңбектерге теңеп көрсек, солардың ең тәуірімен терезесі тепе-тең демесек те, құйысқан қағысуға жарап қалғанына қуанбасқа болмайды. Енді Алматы киностудиясы «жастық» деген «жамылғысын» сыпырып, «есейдік, кәмілеттік аттестат алдық» деуге толық праволы.
Тарихи революциялық тақырыпқа арналған кино шығармаларының тамаша үлгілерінен тәлім ала отырып, «Біз Жетісуданбыз» фильмінің режиссерлары С. Қожықов пен А. Очкин өз тараптарынан жаңа, мол әдіс тапқан. Мұнда ең алдымен кейінгі кездері осы тақырыптас шығармаларда машыққа айналып кеткен атыс, шабыс, кейіпкерлердің көп сөзділігі, көңілден қоныс таппайтын жасанды жалаң батырлықтары, орынсыз айқай-шу жоқ деуге болады. Көрушілерді де осы жәйттер әбден мезі еткен-ді. Бұл фильмде қарапайым адам тағдыры, оның ішкі дүниесінің өзгеру факторы, сырттай болып жатқан өмірдің көп құбылысына қарым-қатынасы, оянуы, өзін тануы, саяси үлкен қозғалысқа келіп араласуы сөз болады. Негізгі табысы — оның бәрі зәредей жасандылықтан аулақ, өзінің табиғи диалектикалық сезім шындығымен өрбіп отырады. Жағымды кейіпкерлердің де өмір тануы, мінез-құлықтары өзгеше, дара. Тағдыры сабақтас жатқан үш солдаттың өмірі үш арнаға сайғанмен, қайта келіп тоғысады. Өйткені олардың аңсағаны, мұрат еткені бір. Ол жалпы халық мүддесімен ұштасып, содан тірек, сүйеу табады.
Егер біз солдат өмірін майданға аттану, соғыста аман қалу, еліне оралу деген үш компоненттен құралады десек, фильм соның ең соңғысы — солдаттың оралудан кейінгі өмірін баяндайды. Әдетте көп шығармаларда майдан өртін көрген адам келісімен-ақ «көсем» болып шыға келсе, мұнда үлкен заңдылықпен астасып жатқан шындық бар. Нартай, Әзім, Павелдің оралғаннан кейінгі өмірі де біріне-бірі ұқсамайды. Міне, үшеуі үш жаққа үйлеріне кетті. Ауыл мен ананың ыстық құшағын сағынып Нартай келеді. Қуаныштан туған әнде де шек жоқ. Шаршау, шалдығу деген оған жат. Желе-жортып ауылына жақындады. Әсем Жетісудың табиғат сыйға тартқан сұлулығы қалпынша тұрғанмен елден, ауылдан ұсқын қашқан. 1916 жылдың дауылы ойрандап кеткен. Бала анаға, ана балаға деген зарлы күндердің ізі қаңыраған, қираған үйлерде ғана қалыпты. Ауылдан оқшау жазық далада өлген жылқының қаңқасы жатыр. Мүмкін ол ел үшін еңіреген бір ердің қанаты шығар. Айқаста оққа ұшып омақаса құлапты. Иесі қайда, оны кім білсін аянышты-ақ көрініс. Әлдеқашан иесіз қалған ауыл сұрқына жүрегі суына Нартай өз үйіне келді. Бұл үйде де тіршілік белгісі әлдеқашан жоғалған. Аңсап күткен ғазиз ана жоқ. Нартайдың қуанышты көңілі құлазып сала береді. Неткен мейірімсіз еді тағдыр. Анадан қалған ескерткіштей ілулі ұршық көрінеді. Қандай ыстық сол бір түкке тұрғысыз дүние. Ананың серігі еді-ау бір кезде бұл ұршық. Сондықтан да ол Нартай үшін баға жетпес қазына. Нартайдың үмітіндей үзіліп ол да жерге түсті. Ендігі жолы не болмақ. Осы бір шынайы суреттер көрушіні толқытпай қоймайды. Қанша қайғы, қанша қасірет, қанша поэзиялық серпін, қанша өмір жатыр осының өзінде. Қасірет құшағындағы Нартай босып кеткен ел-жұртын аралай жүгіріп келеді. Алыстан көңілді музыка естіледі. Соған бет бұрды. Той жасап жатқан Сармолда, дала жыртқышы бүлінген елден жемтігін тауыпты. Күшігендей мөлиіп молдасы, байғыздай қақсап жырауы отыр. Босқан елдің жұртының сұрқы анау, күнәкарлердің көңілді күйі мынау, қандай тамаша контраст.
Павел да үйіне жетті. Мұны да қарсы алған қуаныш шамалы. Баспанасынан қуылған, жабыққан жар, науқас бала — үйдегі өмірдің түрі осы, Әзім де арманына жеткен тәрізді. Қаздай тізіліп жеті бала жатыр. Олардың қорғаны аштықтан қалжыраған ана ғана. Бәрін де аман көрді, Әзім қуанышында шек жоқ. Ол аштық, жалаңаштықты ойлайтын емес. Бауырларын тірі көргеніне мәз. Жүзі аталық шексіз мейірімге толы, әр баласының бетінен бір сүйіп, бір-бір түйір қантты алдарына қойып жатыр. Ең соңғысына жетпей қалды. Кедейлік, қол қысқа. Кішкентай ғана деталь көп сырдың куәсі. Міне, үш солдаттың оралғаннан кейінгі өмірі осылай басталады. Әрқайсысының қайғысы да, қуанышы да өзгеше жатыр. Егер Павел революция жолына дайындықпен төте келсе, Нартайдың бұл жолды тануына барып ұштасады. «Мен үшін соғыс біткен жоқ» деген Нартай әзірше өз бас қамын ойласа, 16 жылғы болған оқиғаны естіп барып «бұл қорлықты көргенше өлген артық» мынау қаңыраған елдің жұрты үшін, жетімнің көз жасы үшін, күнәсіздің қаны үшін кек алу керек, халықты көтеру керек» дегенге белді бекем буады.
Ал Әзім ше? Әзімге әзір мұның бәрі жат. «Алланың арқасында» балалары, үй-іші аман болса болды, итшілеп күн көрер, аштық та, жалаңаштық та, кемшілік те Әзімнің түсінігінше «құдайдың ісі — көну керек». Өлмес қамды өзінше бес уақыт намазбен де таппақ. Бақса намаздан нан тауып, құлшылық етуден киім киіп жатқан Әзімнің үйі жоқ. Сонда да болса Әзім қайтар емес бетінен. Күн көрістің лажын крест жасап сатқан баласына да лағнат айтудан танбайды. Мұндай «күнәдан» өзін өлтіруге де дайын. Осы Әзімнің оянуының өзі тамаша бір стихиядан туады. Нан үшін жүгірген баланы ат таптап өлтірді. Оны осы өлімге айдаған кім? Күні-түні құлшылық еткен Әзімді аштан қатырып, жылқыға нан жегізіп қойған құдайдың өзі де құдайдан безген екен. Әзім кегі осылай кеш туады.
Фильмдегі негізгі жүкті алып жүретін үш жағымды кейіпкердің бейнесі осындай күрделі психологиялық күйзелістер мен қиян-кескі қайшылықтардың үстінде шыңдалып барып мұратына жетеді.
«Біз Жетісуданбыздағы» үлкен бір өзекті идея халықтар достығы. Халықтар достығы көрші отырудан, діни сенімнің бірлігінен немесе ұран, үгіттің қуатынан емес, ең алдымен тағдыр мен таланның бірлігінен туатындығы дәлелденеді. Үш солдатты да қол ұстатып, дос еткен, шабуылда да, шегіністе де бір жүрген орыс, қазақ, украин, ұйғырлардың білегін біріктірген, жүрегін ұғындырған мүдде, мақсаттың, тағдыр-таланның бірлігі. Шынайы достықтың тууының себептері де міне осы.
Фильмнің бастан-аяқ құрылысы, үлкен революциялық серпінге толы. Тарихи шындықтың көп көрінісін, фильм режиссерлары бүгінгі суреткердің ойшыл көзінен өткізіп, мазмұн жағынан байыта түскендігі байқалады. Революция тек қана қантөгіспен болмайды, онда халық тегеуіріні басты қуат деген қағиданы ұстанған суреткерлер, бізге халық қайратының тамаша үлгісін ұсынды.
Осы фильмде бәрінен оқшау, сом, берік жасалған образ — халық образы. Фильмнің өн бойында халық бейнесі, халықтың көңіл-күйі, ашу-ызасы, сүйініш-күйініші бірінші планда көрінеді. Революциялық тақырыпқа арналған фильмдердің алғашқыларында көріне бастаған халық бейнесі жасыратыны жоқ кейінгі жиырма жылдың ішінде көрінбей кетіп еді. Осы фильмдегі шебер жасалған халық образы бүкіл совет кинематографиясының бүгінгі таңдағы табысы десек асыра бағалағандық болмас еді. Арсеналға лап қойған халық көрінісі мен шегінген халық көрінісін алыңызшы. Шегіністің өзі үлкен қамалдай шексіз күш-қуатты байқатпай ма? Қайсыбір кадрды алмаңыз халық араласқан көріністер түгелдей мінсіз деуге болады. Сондықтан да болу керек, әдетте оқшау көрінетін жау жағының өкілдері көлеңкелеп қалған. Оны кемшілік деп санауға болмайды қайта үлкен жетістік. Өйткені революцияның бар қуатын қолына алған халықтың үстем күшінің алдында азғана шұбар топтың қанша жанталасқанмен халі белгілі. Ал негізгі үш кейіпкердің бейнесі дараланып көрінсе де, олардың халықпен тығыз байланысы бар шындығымен танылады. Олар халықсыз қанатсыз құспен тең. Оқиғаның желісі осыны аңғартады.
Шытырман оқиғаны шебер қиыстыруда фильм режиссерларының үлкен мәдениеті мен кинематографияның «тілін» игерудегі мол мүмкіншіліктерін атамасқа болмайды. Біз бұл фильмде киноның тілімен көп ойды, поэзиялық серпінді, адам жанының тылсым сырларын беруге еркіндік бар екенін аңғардық. Оның сыры адамның жан дауылын сөзсіз әрекет, қимыл суреттермен берілуінде. Мысалы, адам баласындағы пәк сезімнің бірі ба-лаға деген махаббат болса, Әзімнің үйіне келгендегі көріністі алыңызшы. Бір ауыз сөз жоқ, әр баласын бір сүйіп мейірленген ата жүзіндегі екі-үш минутқа созылған құбылыста қаншама оқиға, жан күйзелістері жатыр.
Егер Әзім балаларын оятып алып, әрқайсысымен сөйлесе бастаса азан-қазан шудан басқа ешнәрсе болмас еді. Ал мына көріністе тіл жеткізе алмайтын қаншама сезім күйлері ойнайды. Немесе Райхан мен Нартайды қуып келе жатқан көрінісін алыңыз.
Махаббат күші қандай тілсіз берілген. Райхан мен Нартайдың жан дауылы тек әрекет, қимыл құбылыспен беріледі. Ши аралап, жан ұшырып келе жатқан ғашық, пен жаралы жанның көңіл күйі кімге түсініксіз. Осы көріністердің өзін кергенде махаббат симфониясын тыңдағандай боласыз. Демек, кино техникасы қимыл суреттермен де, адам жанын шешен сөйлете біледі. Бұл жағын меңгеру жас режиссерлердің табысы. Екінші бір шеберлік-паралельней монтажда жатыр. Кесек-кесек оқиғаларды контрасқа құрып, қайтадан апарып обобщение жасап отыру да үлкен өнерден туса керек. Фильм көркемдігіне көп еңбегі сіңген оператор Тынышбаевтың Жетісу табиғатын түсірудегі поэзиялық сезім күйіне толы сұлу көріністері талант иесінің шабытты еңбегінің жемісі. Сәтіне сай әр эпизод өз сән-салтанатымен көрінеді. Бас оператор Тынышбаевтың табиғат әсемдігін түсінудегі тамаша талғамын, ізденгіш суреткер екендігін осы фильмнің өзі дәлелдеп отыр. Фильмді көркемдеген бас суретші Құлахмет Қожықовтың да еңбегі бір төбе. Босқын елдің жұрты, той жабдықтарындағы ұлттық киім-кешек үй жасауларындағы детальдар бәрі дәуір шындығымен қабысып жатыр.
Ал, жеке орындаушыларға келсек, ең алдымен Әзім образын жасаған Ә. Шәмиевтің таланты жан-жақты екендігі осы жолы мол көрініс берді. Актердің әрбір қимылының өзі сөздің шындығымен қабысып жатады да, көп жерде жан жүйеңді билеп кететін ғажайып психологиялық толғаныстармен Әзім басындағы шытырман қайшылықтарды шегіне жеткізе баяндайды. Фанатик Әзімнің революция жолына, стихиялық жолмен келуінде ешқандай ақау жоқ.
К. Қожабековтың Нартайы да жас актердің жақсы меңгерген образы. Нартайдың қайсар бір беттілігі өте нанымды шығады. Сармолда — Қ. Жандарбеков, Павел Р. Карнович — Волуа, Александр Козиров, Б. Охрамеев образдары да сәтті еңбектің нәтижесі. Революция механигі аталатын Лосов, талантты артисіміз Н. Жантуриннің орындауында жан дүниесі жасандылау, қораш шықты. Райхан роліндегі Б. Нашарбекова, келешек үміт күттіретін, тәрбиелей түссе, бұл салада жемісті еңбек ететін актриса. Ат айдаушы Өтеп — К. Алдоңғаровтың орындауында тым тәуір, өзіндік характері бар кейіпкер. Шығарманың көркемдік қуатын әрлендіре түсетін. С. Мұқаметжанов пен Н. Круковтың музыкасы. Композиторлар фильмнің рухына сай күйлі тіл тапқан.
Әлбетте, қуанып отырған үлкен еңбегімізде де ақаулы жерлер жоқ емес. Біз оның басты күнәкәрі сценаристер дер едік. Сценарияның бұрын бізге таныс нұсқасында бүгінгі көрген фильмнің еміс-еміс ізі ғана болатын. Үңіле қарасақ режиссерлар қанша күш салғанмен сценарийдың, сол жөргегінде пайда болған үлкен науқасы, соқталы тартыстың босаңдығы кейде білініп қалады. Бірақ режиссерлардың шеберлігінің арқасында үлкен оқиға дүрмегінде халық образының жасалуы сценарийдың осы бір кемшілігін жеңілдетіп отырған тәрізді. Екінші Райхан мен Сармолданың үйлену тойын оқиғаның аяғына дейін созуда режиссерлардың мақсаты Сармолданың зымияндығын көрсету болса, бұл ақталмай қалған. Әрине бұл айтылғандар үлкен шығарманың құнын түсіре алмайды. Оның үстіне бұл фильмнің негізгі жасаушылары ұлт кадрлары екендігін айтсақ, Қазақстанда Совет өкіметін орнатқан большевик партиясына, бізді осындай дәрежеге жеткізген ұлы Лениннің ұлт саясатына, күнделікті қамқоршымыз Коммунистік партияға деген сүйіспеншілік арта түседі.
Табысты еңбектің тұсында туған бір пікірді айта кеткіміз келеді. Ол студияның аты жайында. Алматы киностудиясы деген сөз — кең-байтақ республиканың бүгінгі таңдағы алатын орнына сай келмейді, ұғым жағынан шеңбері тар және біздегі тәуір деген шығармалар шет елдерге де көрініп жүргені мәлім. Кейбір республикалар өзінің киностудияларына ат қойғаны сияқты біз де Алматы киностудиясын «Қазахфильм» деп атасақ ұғым жағынан да, міндет, мақсат жағынан да тиімді болар еді.
1959
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі