Сонау «Сандуғаш» жыр жинағынан бастап барлық жыр сүйер қауымның ықыласына бөленген ақын Фариза Оңғарсынова қазір кемел шағында. Осынау салихалы жыр жолында ақынның қаншалықты мазасыз күндері мен түндері өтті десеңізші! Ақынның жырларының оқушы қауымының нәзік жүрегін баурап алғанына да жиырма жылдан астам уақыт болыпты. Оның өлеңдері дәуірмен тыныстас, тіршілігімен ұғымдас.
Сондықтан болар Қазақ әдебиетінің дарынды классигі Ғабит аға ақын Фариза Оңғарсынованың зергерлік сөз қуатына шексіз ырзалығымен нық тұжырым айтқан еді.
Фариза Оңғарсынованың асқақ та, адуынды жырлары адам жүрегін дүр сілкіндірсе, философиялық иірімдері кімді де терең ой мен тебіреніске түсірмей қалған емес. Фариза Оңғарсынова — заманымыздың көрнекті ақыны. Оның жырлары туған даланың табиғаты секілді, бірде сұрапыл қаһарлы да, бірде жаймашуақ, кейде ұланғайыр шетсіз де шексіз. Оның әр сөзі, әр шумағы тіршілік үстінде, серпінді қимыл үстінде болады. Оның жырлары алған объектісін ашып айтқан тақырыбы төңірегінде белгілі бір рамканың өлшеулі көлемінде шектеліп қалмайды. Оның әрбір өлеңінің тұлпардай аяқ сілтесінің өзі өзгеше бөлек, өзгеше ұғымды да, өзгеше ұтымды да, өзгеше серпінді де, өзгеше иірімді де, өзгеше мұңды да, өзгеше етене де.
Жырлар керек,
жетелейтін қиялдай бал арманға,
от ойнатар мұң тұнған жанарларға.
Қиянаттан күрсінсе батыр-уақыт
Махамбетше турайтын қақыратып,
Айбалта жыр керек-ақ адамдарға.
Жырлар керек
жаурағанда сездірмес жел екпінін,
дірілдетер жаныңның ерек гүлін.
Бір-біріне ұмтылған алыс жүріп,
жүректерді кететін табыстырып
мөлдір жыр да, мұң жыр да керек бүгін, —
дейді ақын. Бұл үлкен жүректі, дарынды ақынның алға қойған биік мұраттары секілді. Бұл тебіреністі оқығаннан кейін кім де болса өз тіршілік харакетін бір шолып өтпей, алдына ірі мақсат қоймай және ойланбай қала алмайды. Ал, осы қасиет Фариза Оңғарсынованың әдеттегідей «Сұхбат» жинағындағы бар өлеңдеріне тән деп айтсақ артық болмаған болар еді.
Күндер зулап, дүниеден жыл көшеді,
жыл көшеді — сәбиден тұлға өседі.
Бір ақиқат сен барда, дарқан дала,
жоғалмайды қазақтың жыр нөсері — деп тебіренеді ақын. Бұл өлеңді мәнерлеп талдағанның өзінде, қандай талдаудан да өлеңнің иірімі әлдеқайда биік те, әлдеқайда серпінді де, әлдеқайда өткір де. Ал, философиялық тұжырымы тереңге тартқан десек қателеспесек керек.
Ақын жырларының көпшілігі даланың осы заманғы болмыс бітімі, оның өткені мен болашағы жайлы. Бәрі де оқушы қауымның нәзік жүрегін тербеп, далаға деген сүйіспеншілігін оятады.
Сарыарқа сал көрікті сайын далам!
Қалмайды сен тұрғанда Айыңда мән.
Кеудеңнен ғасырларға көз жүгіртіп,
биік пен аласаны айырды адам, — дейді ақын.
Осындай дауылды екпін өлеңнің басынан аяғына дейін үсті-үстіне үдемесе бір де бәсеңдемейді. Өлеңде қаншалықты асқақтық, қаншалықты төкпе-шешендік бір-бірімен қабысып, зергерлігіне еріксіз бас игізіп тебірендіреді десеңізші!
Мезгіл — бұршақ жаныңа салып таңба,
қайратыңнан қайысып налып қалма.
Сені іздейтін аға бар тарыққанда,
інілер бар дем берер жабыққанға.
Бір ақиқат — бәрібір жоғалмайсың
жоғалмайтын жоқтаушың халық барда!
Тіршілік тауқыметінен қажығанда, немесе көңіліңнің құлазыған шағында осы өлең ойыңа оралса, торыққан жаның серпіліп, шар болаттай ширығып шыға келерің хақ. Осы сәтте пендешілік күйкіліктен саған жасаған ұсақ тосқауыл да, қиянат та түкке тұрғысыз болып қала береді.
Фариза Оңғарсынова — үлкен суреткерлігімен қоса дауылпаз төкпе ақын. Ол жазғанда найзағайлы аспандай от оранып, бар қаһарымен селдетіп өте шығады.
Тірлігімде —
талай сендім, қайтадан тағы атылдым.
тылсым нәрін тамсадым қара түннің.
Күлге айналар сәттерде ұшқындатты
менің сансыз жанашыр аға-кұрбым.
Сол ниеттен қуат ап таң атырдым.
Осы нөсерлі өлеңнің өзінде адам бойына сіңірер қаншалықты қуат жатыр десеңізші, сезімі ұшқыр, қазіргі адамның жанына қанат бітіріп, жігерін жанып дүр сілкіндіреді.
Тыңда, тыныш дүние,
менің алаңдарымның думанды үнін.
Алау туға малынған қырлар бүгін.
Той-салтанат үстінде өлкем менің —
революцияның — менің де — туған күнім.
Туған күні
әділет пен еркін шат ғұмыр-бақыт,
әнім асқақ әуенді, жырым жақұт!
Бас, оркестр, жеңісті марштарға
тұла бойын дүниенің шымырлатып!
Революцияның туған күні — Ақынның да, халықтың да, әділеттің де, еркіндіктің де, теңдіктің де, бақыттың туған күні деп жырлайды. Одан ары ақын:
Алқызыл алаңдардан
менің асқақ айбынды тарайды үнім,
бостандықтың паш етіп ән-айбынын.
Революциялық жеңістер салтанаты
түн түнекке шашады арай нұрын! — деп, қазіргі дүниеде революцияның бар жерде нұрын шашып жатқанын асқақтата жырлайды.
Фариза Оңғарсынованың «Сұхбат» жинағына кірген бар жыры жүрекке жігер құятын, адам баласына қанат бітіретін жырлардың жиынтығы десек, артық емес.
Қару десе тияды бұлақ та үнін.
Мылтық, бомба қажетсіз! Бірақ бүгін
тек қарусыз қалмасын асыл жырлар.
Қазіргі заманда бүкіл адамзаттың үрейін алып отырған қарулардан да қуатты тап осындай жырлар қажет.
Оқушы қауымның Фариза Оңғарсынованың жыр жинағы ғана емес, әр өлеңін асыға күтетіні сондықтан болар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі