Шоқан Уалихановты көбіміз қазақтың көрнекті ғалымы, географ, тарихшы және демократ ағартушы ретінде білеміз. Бірақ шынымды айтсам, публицист екенін де білмеппін. Қағаз бетіне түсірген небір құнды мақалалары бар. Мақалалары күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Алайда белгілі бір мақаласын ғаламтордан бір іздегеннен оңай таба қоймайсыз. “Сахарадағы мұсылманшылық туралы” атты мақаласы назарымды аудартты. Себебі публицист бұл мақаласында әйел теңдігі мәселесіне тоқталады. Ол кәмелетке толмаған қазақ қызын тұрмысқа беруге, балаларды тумай жатып атастыруға, күштеуге наразы екенін білдіреді. Бүгінде әңгiмесiн «Он бесiмде келiн болып түстiм...» деп бастайтын көнекөз әжелеріміз аз емес. Расында, бұрын қыз баласы ерте жастан білдей әулетке келін болып, өзге үйдің тәртібіне бой ұсынып, бабын тапқан. Әлі оң-солын толық танып білмеген жасөспірім қазақ қызының бөтен шаңырақтың табалдырығын аттағаны қаншалықты дұрыс? Өз заманында Шоқан атамыздың бұл мәселені де бей-жәй қалдырмағаны орынды деп ойлаймын. Әмеңгерлік және жесірлік жөнінде де сөз қозғайды.
Жалпы Шоқанның публицист болуына бала кезінен бергі үлкен ынтасы, өз халқы, қазақтың ауыз әдебиеті жасаған халықтық публицистикасы әсер еткен. Мақалаларының басым көпшілігін орыс тілінде жазған екен, дегенмен ана тілді жазбаларын да бізге мұра етіп қалдырған. Өзіне орыстың демократиялық публицистикасын үлгі тұтқан. Публицист Шоқанның қоғамда маңызы бар қозғаған мәселелерінің тізімі толассыз. Соның ішінде қазақ тіліне қатысты да ойын жеткізген. Қазақ тілінің өзіндік қосымша төл дыбыстарын таңбалау қажет деген ұсыныс айтады. “Қазақ тілі- түркі тілдерінің ішіндегі ең жақсысы” деген сөзінен ана тіліне деген жанашырлықты сезгендей болдым. Қазіргі таңда тіліміз жөнінде, оның латын әліпбиімен ауысу мүмкіндігі жөнінде мәселелер көтерілді. Шоқан Уалиханов сол кездің өзінде-ақ тілімізге қатысты дүниелерді алға тартқан. Сонымен қатар бұл тұлғаның журналистикаға деген көзқарасы және қызығушылығы бір бөлек. Оның пікірлерінен бұл саланың маңыздылығын жоғары бағалағанын аңғаруға болады.
Ғалым Шоқан қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ойсана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Ол өзінің саналы ғұмырында қазақ халқының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, пайдасын ойлап, зарын зарлаған дара тұлға. Оған публицисттік қыры және мақалалары айтарлықтай дәлел бола алады.
Есенгелдиева Айгерім
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі