«Ғалыммен дос болсаң — ақылың артар, залыммен дос болсаң — басың қатар», - дегендей, әңгіменің түп-төркіні қайда жатқанын түсінген боларсыздар. Ендеше, аса көрнекті ғалым, Еуропа-Азия арасындағы сахараның байлық пен мәдениет көзін ашқан саяхатшы, ұлтымыздың әдет-ғұрпын ұрпаққа ұластырған этнограф, туған топырағы мен халқы үшін қажеттіліктің тамыр-тұлғасын тапқан тарихшы, көркем сөздің зергері, дарынды қалам қайраткері, он қолынан өнер тамған, қазақтан шыққан тұңғыш суретші, бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы— Шоқан Уалихановтың, орыстың телегей-теңіз білім иесі М.Ф.Достоевскиймен достығы және арадағы хаттары жайлы сөз қозғамақпын.
Өздеріңіз білетіндей Шоқан өзгелерден ерекше көзге түсетін мәдениетті, білімді адам болды. Онымен жүздескен кез-келген жан асқан зерек білімділігі мен аса сымбатты түр-тұлғасына сүйінбей тұра алмайтын-ды. Сондай жандардың бірі орыс оқығаны Федр Достоевский еді. Оған дәлел Достоевскийдің Шоқанға жазған мына бір хаты: «Сіздің хатыңызды, мейірімді досым, Александр Николаевич табыстады.
Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Мен де сізге риясыз шындықты айтайын, мен де сізге ғашық болып қалдым. Құдай біледі, қалай ғана осылай болғанын білмеймін. Мен ешқашан да, тіпті өзімнің туған бауырыма да сізге дегендей жақындықты сезінген емеспін. Бұл жерде талай жәйтті тәптіштеп түсіндіруге де болар еді, бірақ сізді көзіңізше мақтап керегі не?! Ал сіз, қымбатты менің Уәлиханым, ешбір дәлелсіз-ақ менің сөзімнің шындығына сенесіз ғой. Бұл тақырыпқа он кітап арнасаңыз да ештеңе жаза алмас едім: сезім мен ынтызарлық дегеніңізді түсіндіруге тіл жетер ме!…»
14желтоқсан,1856жыл. Семей.
Бұл достық Шоқанның он тоғыз жасында басталған. Достоевскийдің Шоқаннан он төрт-он бес жастай үлкендігі бар бола тұра осынау дарынды жасқа бірден құлай жығылып, екеуі тез тіл табысады. Алайда бұл таныстықтың мәңгілік аңызға айналатындай-ақ ұлы достыққа жалғасатынын кім білген?! Тарихшылар Р.Б.Сүлейменов пен В.А.Мойсеев өздерінің «Шоқан Уәлиханов- шығыстанушы» атты зерттеулерінде былай дейді: «Олардың бір-біріне деген ілтипаты қимас достыққа ұласты, бұл достыққа, олардың жас айырмашылығына қарамастан, екеуі де өмірінің соңғы күндеріне адал болды. Тарих Ф.М.Достоевскийдің саналы өмірін жаңа бастаған әлі жас жігіт Ш.Ш.Уәлихановқа жазған сүйіспеншілік пен туысқандық, достық сезімге толы жан тебірентерлік хаттарын бізге жеткізді». Ия, расында бұл достықтың айқын бейнесі – екеуінің жер-жерде жүріп бір-біріне жазған хаттары еді. Меніңше бұл ірі тұлғалардың хаттары – қазақ эпистолярлық публицистикасының тамаша үлгілері десем артық айтпаған болар едім. Ендеше тілге тиек еткен хаттарға кезек берейік:
Шоқан 1856 жылдың 5-ші желтоқсанында жазған хатында: «Омбының толып жатқан өсек-аяңы, өмірі бітпейтін алакөздігі, мені әбден жирентіп болды, мен шынымен-ақ осы жерден біржолата кеткім келеді. Бұл туралы қалай ойлайсың, кеңес берші Федор Михайлович, қайтсем тәуір болар екен» – деп жазады. Байқағандарыңыздай Шоқан Федор Михайловичке жазған хаттарында тартынбай өзінің жан-сырын ақтара білген. Ал енді Достоевскийдің жауабына мән беріңізші.
«Құрметті досым, сіздің хатыңызды маған Александр Николаевич әкеліп тапсырды. Сіз сондай сүйкімді, жылы сөзбен жазыпсыз, хатыңызды оқығанда өзіңізді көргендей болдым. Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ендеше мен туралап айтайын, мен сізді жанымдай жақсы көремін. Мен Сізді жақсы көргендей ешуақытта да ешкімді де, керек десе туған аға-інімді де жақсы көрген емеспін, мұның себебін құдай білсін…Сіз менен өзіңіздің қызметіңіз жөнінде ақыл сұрапсыз. Менің ойымша: істеп жүрген жұмыстарыңызды тастай көрмеңіз. Сіздің материалдарыңыз көп. Қазақ даласы жайлы мақала жазыңыз…Сізге Омбыда да, Петербургте де жұрт назар аударар еді. Осы күні қолыңызда бар материалдармен Сіз География қоғамын өзіңізге көңіл аудартқан болар едіңіз де, сөйтіп өз Отаныңызға ерекше пайдалы болар едіңіз. Мәселен, қазақ даласының не екенін, оның маңызын және өз халқыңыздың Россияға қандай қатысы бар екенін Россия халқына түсіндіріп беруші ең бірінші қазақ болу дегеннің өзі нағыз ұлы мақсат емес пе, ең ардақты іс емес пе, оның бер жағында орыстар арасында өз Отаныңыздың ағарту жолындағы іздеушісі болуыңыздың өзі қандай игілікті іс. Европаша толық білім алған ең бірінші қазақ екеніңіз есіңізде болсын. Оның үстіне тағдыр Сізге адамгершілік қасиеттер беріп, Сізді асқан тамаша адам етіп шығарды. Соңдықтан Сізге артта қалуға болмайды. Алған бетіңізден қайтпаңыз, алға ұмтыла беріңіз, керек жерінде тіпті қулық та жасап жіберіңіз. Ал осының бәрі де мүмкін нәрселер, оған кәміл сеніңіз» – деп жазады Семей қаласынан, 1856 жылдың 14-ші желтоқсанында. Достоевскийдің бұл хатында нағыз адал достың кеңесі жазылған-ды . Онда ешқандай жалғандық жоқ. Және жоғарыда айтқанымдай хатқа мән берсеңіздер, бір ерекшелік, он төрт жастай кіші болса да Достоевский ылғи Шоқанға «сіз» деп сөйлегендігі. Алайда, Шоқан болса өзінен үлкен достарына кілең «сен» деп сөйлеген. Тегінде, онда да мән бар болар.
Шоқан мен Достоевскийдің жазысқан хаттарынан екеуінің де орасан зор білім иелері екенін, екеуін де ылғи саясат, ғылым, барша әлемдік деңгейдегі жалпыазаматтық проблемалардың толғантқанын көреміз. Көңілді құлазытар бір дүние Шоқан Уалихановтың маңдайына отыз жыл ғана өмірдің бұйырғаны. Егерде ұлы тұлғамыз тым болмағанда жарты ғасыр өмір сүргенде, осындай жанашыр, білімді достарымен бірге талай құнды еңбектер қалдырары сөзсіз еді. Бірақта Шоқан аз ғана ғұмырында туған халқын білім мен ғылымға сүйреп, ағартушылықпен айналысты. Сырқаты меңдесе де мойымай, қомақты зерттеулер жазып, ірі шығыстанушы болып қалыптасты. Ал сіз білесіз бе, Шоқанның ең басты арманы өз халқының, яғни қазақ елінің мәңгілік еркін,азат болуы еді?!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ «Журналистика» факултеті, 1-курс студенті Байназарова Аружан
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі