Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Сонымен бірге А. Байтұрсынұлының ел арасына кеңнен тараған бірнеше әндері де бар: «Аққұм», «Қаракөз», «»Екі жирен», «Қараторғай»т.б. «Қырық мысал» ұлы ағартушының түбірлі, түбегейлі тәрбиелік мақсаты мен мұратынан туған өлеңді шығармалар топтамасы. Кітапқа енген қырық мысал түгелдей атақты орыс ақыны М.АКрыловтан аударылған:
Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа сабыр,
Қомсынып, қоңырайма, құрбыларым,- дей тұрғанмен, осы қырық өлеңнің бәрі де түгелімен тіпті аударма секілді емес.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. «Масада» өзінің өміріндегі ең басты мақсаты ұйқыдағы халқын оятуға жұмсайды.
Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса, десе
Қазағым, елім,
Қайқайған белің,
Сынуға тұр таянып,
Талауда малың,
Қанауда жаның,
Аш көзіңді оянып,
Қанған жоқпа әлі ұйқың
Ұйықтайтын бар не сиқың! - деп қазақтарды тағы да «оянуға» шақырады
«Егіннің бастары» мысалында:
«Елде көп бұл бидайдай адам, — дейді,
Тәкаппар, оны халық, жаман, — дейді.
— Қалпы емес тәккапарлық данышпанның,
Тұтынба бұл мінезді, балам», — дейді. — деп санасы таяз тәкәппар надандардың болатынына қынжылып, сондай адамдардан бойын аулақ ұстауға ақыл – кеңес береді.
«Маймыл мен көзілдірік» мысалында:
Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар,
Маймылша іс ететін көп надандар.
Пайдалы затты орнына жұмсай алмай,
Сөгетін пайдасыз деп жоқ па адамдар?!
Ахмет Байтұрсынов ғылымның жетістігін пайдалана алмағандықтарын, өздерінің білімсіздіктерін, ебедейсіз, икемсіздіктерінен көрмей кінәні басқалардан іздейтіндерді шебер суреттеген.
Бұл мысалда автор тыңдаушылардың жетесіне қазақ «бөлінгенді бөрі жеді» деп бекер айтпағандығын, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатындығын өсиет етіп айтады.
Ат пен есек
Мысалдың соңында:
Бұл сөзден қандай ғибрат алмақ керек?
Мысалы, еткен қайыр бір бәйтерек.
Қайырың біреуге еткен болып терек,
Көрерсің рақатын көлеңкелеп.
Қайырдың ең абзалы бұл дүниеде
- Біреуге қысылғанда жәрдем бермек
Кейбіреу зор бейнетке тап болады,
Кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп.
— деп аяқтайды. Мұнда не нәрсе болса да ақылға салып, ой елегінен өткізіп сабырмен істе, өткен іске өкінгенмен еш нәрсе өзгермейді деп бір ой тастаса, екіншіден біреу сенен қиналып көмек сұрағанда көмектес, ондай күй сенің басыңа түскенде тым кеш болып, «аһ» ұрарсың деп жанашырлыққа, жаныңдағы жолдасыңның жайын ұғуға шақырады
Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. Сондай – ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалардың тақырыбы, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары. ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үшнші санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылып, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттерін ашып көрсеткен. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның
«Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек болмақ Байтұрсынұлы әдебиет тарихының теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек»,А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
Қорытынды.
Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларының негізі идеясы жастарды бүгінгі күнде құр сөз, «таусылмайтын» ақыл – кеңеспен тәрбиелегеннен гөрі, жеке бастың өнегесіне, ғибраттылыққа, қоғамда орын алып жатқан әр қилы құбылыстарға сын көзбен қарап, өзіндік баға бере білуге баулу.
Өз жобамда менің түйген түйінім алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, күшті болуымыз керек. А.Байтұрсынұлы аңсаған егемендіктің құны мен қадірін бағалауымыз, ары қарай дамытуымыз керек! . Осындай зор құрметке ие рухы асқақ атаның атындағы гимназияда білім алатынымды мақтанышпен айта аламын. Өзіме үлкен жауапкершілік жүктеймін осы міндетті абыройлы орындасам деп армандаймын. Әсіресе, оқуымды жақсы оқып, ата –анамның еңбегін ақтап, тәрбие мен қоғамдық іс-шараларға белсене ат салысуды қалаймын. Бұл да болса ата арманының орындалғаны, өзі аңсаған сауатты ұрпақтың өсіп жатқанының куәсі болармын деп ойлаймын.
Жанар Маханбет
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі