Өлең, жыр, ақындар

Жырдың ақ бас ағасы

Сәбит Мұқанов туралы эссе «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты естеліктер жинағына, одан соң «Өмір өрнегі» аталған өз кітабыма енгізілді. Бұл кісі туралы әр кезде жазған өлеңдерімді ақындық шығармаларымның үш томдығынан теріп оқуға болады.

Прозашы, драмашы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы Сәбит Мұқанов творчествосы жөнінде пікір білгізген жерім жоқ. Бұл салалардың қайсы бірі жөнінде де көсілте қалам тартуға менің даярлығым болған емес. Оған ендігі жерде тіпті де мүмкіндігім жоқ. Жалғыз-ақ осы мақалада, ақындық творчествосына қарай ойысар алдында, осы тұлғалы прозашының ірілігіне азғана штрихтар арқылы інілік ізет танытып ету өзіме парыздай. Әйтпесе Сәбит прозасы жөнінде жазылған еңбектер өте көп. Сондықтан да одан әлде қайда жеңіп, аз зерттелген поэзиясын төңіректеген жөн болар деп ұйғардым. Же, әуелі әлгі уәде бойынша Сәбең прозасын аз сөзбен сырттай ғана жанап өтелік.

Баяғы Орал, Атырау рабфактарында бірге оқыған достар жатақханадағы тумбаның үсті түгілі ішкі түбіне тықсаң да өзімнің сұраусыз ала беретін, жоғалтып та жіберенн кітаптарым мені де сақтыққа үйретті-ау деймін, оқытушым Зұлқайнар Оразақаевтан аз күнге тіленіп алған «Адасқандарды» кішігірім чемодандай алғашқы басылымындағы «Жұмбақ жалауды» да жастық астындағы қалың төсеніштің тұйығына тұтқындап оқығаным есімде. Олардан алған әсерімнің күш-қуатын қазір аз сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әйтеуір түсімде де көбінше соларда суреттелген өмірдің қалың ортасында жүруші едім. Өзім туған он алтыншы жылдың қазақ даласындағы дүрбелеңі, Ақпан төңкерісінің екі ұдай егес ерегесі мен Ұлы Қазан жеңістері, ауылдың советтену — бәрінің де оңайлықпен орайласпағаны аяныш, қызғаныш, өкініші, мақтаныш дегендей сан қилы сезімдерді көкірегіме көгендеп тастады. Біз бұл кітаптарды саяси сабаққа айналдырдық. Ал, «Есіл», «Балуан шолақ», «Темір тас» романдары қазақ жұртының төңкеріске дейін де қарап жатпағанын, ашына буырқанған отаншылдығын, тағдырлас, қаналған қарапайым жұрттардың достығы суреттелді. Сөйтіп олар біздей жастарға ең алдымен тарих танытты.

Елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік, сондай-ақ мәдени өміріне шұғыл киліккен істерді автордың өзі де аттан түспей атқарысқан еді. Қайтарып берері мол еркін еңбекті, толымды тұрмысты аңсаған ел-жұрт «Уақытша қиыншылықтың» қашанға созыларын да ешкімнен сұрап білуді әдетке айналдырмаған. Тоғаю жолындағы күресте ашығудың өзі бір ғанибет деп мадақталды. Өзіміз, өзіміз емес-ау, халықтар әкесі осылай заңдастырған қағидадан алшақ кету, ол кездегі сыншылардың айтуынша, кітап бойынша мін-тұғын. Осындай жағдайда жазылған «Сырдария» романы Ұлы Отан соғысы жылдардағы тыл патриоттарының ерлік еңбегін жырлады.

Автор бұрынырақтағы кітаптарына кейініректе кері оралып, олардың талайын мүлде өзгертіп, кеңейтіп жазды. «Адасқандар» көлемі жағынан екі есе ұлғайып «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта басылды. Өз басым бұдан автордың қаншалық ұтқанын айтып бере алмаймын, ал «Жұмбақ жалаудың» бір сыдырғы орысша, қазақша өңделіп, жақсарып «Ботакөз» аталғаннан кейінгісі сондай-ақ бұрынғы «Менің мектебім» атанған романның кейінгі кезде «Өмір мектебі» атты трилогияға айналуы Сәбит прозасын ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің өркешін биіктетіп жіберді. «Тыңдағы толқындар» романы мен «Тыңда туған байлық», «Алыптың адымдары» атты дүниелерінде классик жазушы өз деңгейін төмендетпеді деу қиын. Тегінде ол да себепсіз болмаса керек. Жерді беталбатты жүндей түткен жауапсыздық салдарын Сәбит күні бұрын сезбеді деу де қиын. Сәбит Шоқан туралы «Аққан жұлдызды» жазды. Егер ол осы тақырыпқа жобалаған төрт кітапты түгел жарыққа шығарып үлгергенде қазақ әдебиетінде тағы да бір асқар Алатау пайда болмақшы еді. Әттең, оған жақындап келгенде қайран Сәбеңнің өмірі үзіліп қалды. Бірақ, жазып үлгерген жағы да бүгінгі, келешек ұрпаққа — аса қымбат мұра. Жазушы соңғы ауырып жүрген күндерінің өзінде де фольклор мен жазба мұралардан бір кітап бастырып шығарды.

Сәбең прозалары түгелге жуық орыс тіліне, отанымыздағы көптеген басқа халықтар тілдеріне де аударылды. Оларды бірсыпыра шет ел халықтары да өз тілдерінде оқиды. Жоғарыда аталған шығармалардың сахнада қойылып, киноға түсірілгендері де толып жатыр. Ал, ақынның өлең-дастандары мұншалық жан-жақты еркін өрістей алған жоқ, Бұған әрине, поэзия кінәлі емес, автордың бағзы бір кезеңдерде прозаға баса назар аударуынан болса керек. Негізгі тақырыбымыздан сәл ауытқып, еске түсіреріміз осылар ғана. Жә, енді Сәбит Мұқанов есімді үлкен ақынның творчествосы туралы азын-аулақ өз ойымды ортаға тоғытып көрелік.

Сәбеңнің ақындығы жөнінде осыдан отыз бес жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған бір сыдырғы өз ойларым бар екен. «Сырласу» деген атпен жарық көрген бұл мақала әр жылдардағы өлеңдерінің бір томдық таңдамалы жинағы баспадан шығуына орай жазылыпты. Бірақ, өзінің табиғатына қарағанда сол сезім рецензия деуден гөрі өз түсінігімнің сипаттамасына ұқсаңқырайды. Өзінде де сондай бір аңғартпа (оговорка) бар. Оның үстіне газет шыққан күнгі сәске меғдарында телефон арқылы ырзашылық білгізген Сәбең де «Сырласу» деген аттың өзін сол бағытта танығаны есімде.

Енді бүгін Сәбит Мұқановтың жалпы ақындық творчествосы хақында аз-кем ой түйндегелі қолыма қалам ұстағанда алдымда жатқан «Сырласуды» қайтсем екен деп көп ойландым: «Бүгін де айтылар сөздің негізін қамтып жатқан осыны сәл кеңейтсем бе екен? Кеңейту үстінде екінші ұзын өмірі әлдеқашан басталып кеткен авторға көзі тірісінде ұсынған азын-аулақ талап тілегімді алып тастасам ба екен? Сонда үлкен кісімен сырласқаным, соған ол кісінің риясыз көзқарасы, менің сондағы шама-шарқымды қомсынбағаны, бәрі де сызылып қалмай ма?... Сәбеңнің үлкен демей, кіші демей кісі тыңдағыштығының өзі бүгінгі бағзы бір шамшыл, өмірі сын көрмеген жолдастарға ескертпе болмас па?.. Тіпті басқаны қойғанда, «мен сол кездің өзінде өнегелі ақынды мінсіз мінез деген едім» деп, өтірік сәуегейсігенім өзіме жараса қояр ма?.. Ол жолы жаза басқан жерлерім болса, соған көзімнің тірісінде өз аузымнан пәтуа тағайындасам, дұрыс деген түсінігімді әлі де қуаттасам, кейінгіге керегі сол емес пе?.. Қой... негізгі пікірім осы «Сырласуда» жатқаннан кейін соны өз күйінде қалдырайын да, қосымша (поэмалары туралы да) пікірімді соған тіркейін деген байламнан ақыры аса алмадым. Сонымен, 1955 жылғы 10 маусымда жарияланған «Сырласудың» бір үтірін де өзгертпей қайталасақ, ол төмендегіше оқылады.

* * *

Бұл мақала әдеттегі рецензиялардан гөрі, оқушының хатына ақынмен сырласуына бейімірек. Сол себепті Сәбит Мұқановтың өлеңдер жинағына енген барлық өлеңді тізіп, бас-басына баға беру міндетін алмаймыз, —тек ақын творчествосының кейбір негізгі мәселелері жөнінде ғана пікір айтпақпыз.

Сәбит өлеңдерінің осы таңдамалы жинағы баспадан шықты деген хабарды естігенде оны оқуға асыққандар аз емес шығар. Жарыққа жаңа ғана шыққан кітапты оқуға ынтығу әркімнің-ақ басында болады. Бірақ, көптеген оқушының дәл осы жолы асығуына себеп ол болмаса керек. Өйткені мұндағы өлеңдердің дені дерлік жұртшылыққа ертеден таныс. Сонау баяғы бір кезде, халық алғаш рет қара тани бастаған тұста арап әрпімен басылған жырлар да кездеседі. Нақ сол себепті де сол өлеңдермен ұзақ жыл бойы көріспеген ескі достай, дидарласуға ынтық болғандар көп-ау деп ойлаймын.

Әрине, жиырмасыншы жылдарда, одан да бұрын жазылған өлеңдердің бүгінгі көзбен қарасаңыз жетіспейтін жайлары толып жатыр. Олар ең алдымен аса көркем жазыла бермеген. Бірақ, бұл үшін бүгінгі Сәбитті кінәлауға тіпті де болмайды. Ол жырлар өз дәуірінде поэзияның әдемі үлгілері еді. Ал өлең мәдениетіне әдемі үлгілер әкелген авторды қай тұста болса да ол үшін кінәламас болар.

Ескі өлеңдерді қайта бастырғанда оларды мүлде жаңарта редакциялау бүгінгі Сәбиттің қолынан келмейді деп ешкім де айта алмайды. «Ескі өлеңнің: ішкі өміріне бүтіндей «Төңкеріс» жасау оның қолынан әбден келетін еді. Бірақ, өз еңбегін өңдеу дегеннің жөні осы деп, дәл бұлай істеуге болмайды. Ондай жолға қазақ кеңес поэзиясының жүріп өткен ізін сыпырғышпен сипап тастауды көздейтіндер ғана тәуекел дей алады.

Айта берсек, осы ертеректе жазылған жырлардағының кеміс жайлары қазіргі көзге кәрі ананың әжіміндей жылы ұшырайтын да сияқты. Ол тұстағы шығар маларымыз бүгінгі үлкен Сәбитті де, ізін баса келген өзге ақындарды да дүниеге әкелді, жетілдірді десек артық емес. Сондықтан біз ақынның ширек ғасыр бұрын жазылған өлеңдеріне ерекше құрметпен қарап, олардың бағалы жағын айтсақ дейміз.

Алғашқы жырлар туралы бөліп айтудан бұрын кітаптың өне бойындағы бір тұтастықты атап көрсетпей болмайды. Мұнда қайғы-қасіреттің терең түбінен шаттықтың биік шыңына тура тартқан өрлеу бар. Осы өрлеу бойында бұл поэзияның бүкіл азаматтық күрес жолы үзілмей, біріне-бірі жалғасып, дамып жатыр.

Коммунист ақынның бұл кітабын партия туралы шығармалардың жинағы деуге болады. Ұлы күрестеріміздің, даңқты жеңістеріміздің ұйымдастырушысы — Коммунистік партия бұл кітаптың негізгі кейіпкері. Оның ұлылығы нақты оқиғалар, құбылыстар арқылы өлеңнен өлеңге ауысқан сайын толығырақ көріне береді. Кітаптағы әр қайсысы әр кезеңде жазылған жүз елуден астам өлеңнің көпшілігінің өзара тұтастығы, міне, осында ғой деп білеміз.

Ақын поэзиясын қазақ даласында кескілескен тап күресі тудырады, сол шынықтырып, сол өсіреді.

Бір қалыппен өткізіп, талай жылды
Көріме алып кірермін қайғы, мұңды.
Бар ләззатым: бишара қабіріме
Отырып бұлбұл сайрар жазғы тұрғы.

Дүниеге келгеніне қатты өкінетін бишара Шоқпыттардың (соның ішінде Сәбиттің өзі де) бұл сарындас мұңнан ақын бір жола құрып бітуге қалған елді көреді, бір деп қалам ұстағанда-ақ он жеті жасар өлеңші «қой, сен бүйтіп қамықпа, ілгері ұмтыл, талап ет, өжет бол!» деген ұранын көтере келеді.

Өлеңі «тұрпайы, бұдыр тастай» жас қойшының бір дегеннен елді саналы күреске шақыруы сол жылы жеңген төңкерістің жемісі болатын, тарихи күрес ұшқыны жас Сәбит көкірегінен лап етіп тұтанарлық тамызық тапқанды, «қайдан кеп жабысқанын ақын оты» оның өзі де сезіп үлгермей қалған-ды. Міне, осы кезден бастап бұл поэзия ел өмірімен бірге тыныстайды. Бұл жыр жер-суға ие болған, бірақ әлі қолы хат білмейтін елге білім жолын нұсқайды, мал орнына күн кешкен Батсайы, Мүслима, Мәликелердің ендігі жайлары жүзіне бұл жырлардың жаны жылынады, жалынды жас коммунистердің қанқұйлы ақ бандалар, құйыршықтар қолынан өлуі бұл жырды ыза-кектің көз жасымен суарады, күреске белсендіре түседі.

Денедегі ыстық қанды суытпаңдар!
Ұмтылып жетер күнге жуықтаңдар!
Қыр басына шық-тағы кейін қара,
Арманда өлгендерді ұмытпаңдар.

Империализмге жалданған опасыз ұлтшылдар қотандағы төбеттей әр төбенің бауырында шәуілдеп үріп қала береді өмір керуені көшін ілгері тартып кете береді, жырда жыл сияқты алға озады. Ақыры бойын түзеп, бұғанасын бекітіп қалған әсем жыр «Еңбекші қазақ» газетімен бірге ел аралауға шығады. Ақын бұл тұста нені көреді?

Керегемен тербеліп.
Желбірейді Қызыл Ту,
Үй іші толған жалба жең
Кейі күбір, кейі шу.
Газет, журнал жайылған,
Үймелеген оқушы. —
Жалықпашы, қарағым,
Оқышы, інім, оқышы...

Бұлар ақынның баяғы Шоқпыттары «Сиыры үшеу, қозысы, қойы бесеу, екі пар құнан өгізімен ешкілері — әлденешеу» Шоқпыттардың енді өлгісі келмейді, оқудағы баладан жеміс күтіп, өздері де бірдемені білмекке әуестенеді.

Дегенмен «қоғам кемшілігі», «Ел ішіне бақсы емес, дәрігер керегі, байшылдар қылығы әлі де болса көзге айқынырақ ілігіп, бұл тұрғылас мәселелер ақын тақырыбын кеңейте, қаламын үшкірлей түседі, ащы сықақ, юмор керек жерінде өлеңнің құрылысына дейін жаңа леп кіргізеді, диалог өлең дүниеге келеді.

— Мынау қай тап топтанған?

— Менің табым.

— Бұлар не етпек?

— Қарсы алды мейрамдарын.

— Бұл қай мейрам?

— Теңелген күні бүгін.

— Неше жүз жыл құл болған олар жаным.

— Кім құл етті бұларды?

— Бай құл етті.

— Кім бастады, қолдары қалай жетті?

— Білмесең мен айтайын. Бұл құлдарды

Құлдықтан Ленин бабам азат етті.

Бәрінен де жас индустрияның алғашқы перзенттерін көргенде жыр мүлде жаңарып, бүкіл табиғатын өзгертіп сала беретіні қызық (ақын бұл тұста, оқуда, орыс поэзиясынан еркін сусындау дәуірінде, мүмкін ол да өз әсерін тигізген шығар). Бұл пікірді, әсіресе «Қазақстан» атты өлеңге байланысты айтып отырмыз.

Сөйтіп, бұл ақынның жиырмасыншы жылдар мен одан да сәл бұрынырақ жазылған өлеңдері жұртшылыққа кең көлемде танылады, оның өзіне ғана тән ақындық бетін айқындайтын атақты «Сұлушаш» поэмасының өмірге келуін қамтамасыз етеді. Кітапқа енгізілмегендіктен поэмаларға тоқталмаймыз. Шағын мақалада оларды қоса қамту мүмкін де болмас еді.

Шын мәніндегі жақсы жырға, тіпті жасыратыны жоқ, әлі күнге шекті еш бір қазақ кеңес ақыны жасай алмай жүрген өлеңге біз отызыншы, қырқыншы жылдар арасында кездесеміз.

Бұл дәуірде ақын алдына өмір қойған міндет түбірімен өзгерді. «Социалистік құрылыс — ұлы сарай, соған өз қолыңмен қазық қағыс», енді саған Шоқпыттар кездеспейді, ендігі сенің көретінің, шабыттана жырлайтының дүниежүзілік «мәдени бәсекеге» бел байлаған жасампаз, білімді халық дейді өмір оған. Көрнекті қоғам қайраткері ұлы заманымыздың жыршысы өзінің осы масатын барынша жоғары сезінеді.

Мен өзгедей емеспін жалаң әнші,
Мен әншімін егінші, ұста, малшы.
Өндіргіш қол, тапқыр ми менде ғана.
Сондықтан бар табиғат маған жалшы.

Өмір ұсынған, ақын қабыл алған осы талап атақты «Майға сәлем», «Сөз — Советтік Армия», «Я — тысяча», «Колхозды ауыл осындай» жырлары бұлар арқылы үлкен суретші, новатор Сәбиттің өзін тудырады.

Ақын бұларды өзіне дейінгі халықтың мол, саф алтындай қасиетті қазынасын, әсіресе Абай қалдырған мұраны, олармен бірге ұлы орыс поэзиясының тамаша үлгілерін бойына еркін сіңіре отыра. өз заманының шындығын өзінше нақыштайды. Сәбит, өзі айтқандай «Абайша да, Пушкинше де, Маяковскийше де, ешкімше де» жазбайтын, өзінше ғана жазатын кісі. Оған бұл қасиетті талантымен бірге өмір берді.

Күнделікті өмірдегі ғажайып өзгерістер ескірген шындыққа ақын шабытын тұп-тура қарсы аттандырады, осыдан келіп өлең мазмұнында революциялық өрлеу туады. Мұны растайтын екі-үш мысалға тоқталып өтпей болмайды.

Абайдың «Жазғытұры» өлеңі мен Сәбиттің «Майға сәлемі» — екеуі де жылдың бір мезгілі мен елдің сол маусымдағы тіршілігін нағыз шындық тұрғысынан әдемі суреттеген өлеңдер. Бірақ бұлардағы екі шындық бір-бірімен мүлдем келіспейтін қайшылықта. Абайдың көктемге арнай айтқаны:

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер,
Анамыздай жер иіп емізгенде
Бейне әкеңдей үстіне аспан төнер.

Мұнда көктемгі жер мені емізеді деу, табиғаттан рақым күту бар. Сол заманның шындығы да осы болатын. Ал, Сәбиттің көктемге арнап айтқаны:

Қырды қырқып, жолында тасты жарып,
Сен шөлдер деп шөлдерге қаздым арық.
Сұлу су сылдыр қағып, Бетпақ дала
Шөлін кезді, сусында, досым, барып.

Мұнда көктемгі жер мен емізеді, деу табиғаттан рақым күтпеу бар. Бүгінгі заманның шындығы да осы.

Сондай-ақ, Абайдың «Күз» деген өлеңінде егін екпей көшіп жүрген елді қайтқан тырна аспаннан ғана көріп, бөгелмей өтсе, Сәбитте «егінге жолай алмай «күзетушіден», ыза боп тыраулайды тырна қатты».

Сол сияқты нақты адам образы да үлкен өзгерісте ашық бояумен көрініп отырады. Соның бір мысалы «Колхозды ауыл осындайдағы» Кенбай қарт. Шынына келсем, бұл өзі баяғы Шоқпыт. Өзгерген, өскен, дегенше жеткен Шоқпыт. Ендігі әрекет-мақсаты да өзгеше. Сол себепті оның аты да өзгерген.

Өмір шындығынан туған жаңа мазмұн өзіне лайық жаңа түр іздейді. Осыдан өлең табиғатына өзгеріс енгізу талабы туады. С.Мұқанов жолдас осы жайды қазақ совет ақындары арасынан ең бірінші болып ойластырған ақын және жаңалық табу жолындағы барлау жұмыстарының денін табыс ретінде тұрақтандырған ақын. «Ертегі, өлең-жырлардың, шежіренің бай, көркем, сұлу антологиясы» болған Кенбай қарттарға мол мінездеме беру үшін, осындай құрал керек-ақ. Сол сияқты Маяковскийге берілетін рапортта да:

Сен
бастаған полктың
Кім шықпақшы алдына!
Құдық поэзиядан
Патшашыл Спекулянттарды да, —
деу әбден заңды әрі жаңа.

Үлкен ойды жеткізе айту үшін, аса күрделі өлең сөйлемін жасау дегенде бүгінгі ақындық дәуіріміз үшін ең бір тиімді жұмыс.

Табиғаттың тарихында бірінші рет
Түннің қара қылшықты түні түлеп
Түн күндізге айналып, қалғытпады
Түн болса, тынығымпаз миды жүрек.

Осы бір-ақ сөйлемдегі ұғымды қара сөзбен бермек болсақ, оны бір бетке әрең сыйғызуға тура келер еді.

Сәбиттің қырқыншы жылдарда, соғыс жылдарында жазған өзге өлеңдері де («Жүрегімді мандат қып», «Мен кіммін» деп мақтанам», «Кітапхана», «Маршалдың приказы», «Гвардия бауырларға», т. б.) ерекше сөз тілей қоймайды. Өйткені, бұлар жоғарыда сөз болған белгілі жырлардың топырағында өскен бір нәсіл. Рас, бұлар ақынды тақырып жағынан біраз байытады. Әсіресе Отан қорғау тақырыбы осы тұста айрықша мол жырланады.

С.Мұқановтың осы кітабында көзге айқын көрінетін бәрімізге ортақ бір мақтаныш бар. Ол — әр тұста нақты бір науқанға арналған өлеңдердің уақыт озған сайын күнделікті мәнділіктен тарихи мәнділікке ауысып отыратындығы.

«За охрану» — деп жинап
Алған қайран бақыр-ай.

немесе.

Елде оқу аз, кедейлер хат білмейді
Қараны — қара, ақты олар ақ білмейді, —

дейтін жолдар да бір кезде жұртты күреске жұмылдыру мақсатында жазылған болса, енді бұлар өзге мақсатта оқылады. Атап айтқанда, бұлар өз тұсындағы өмір шындығымен таныстыру мақсатында, демек, тарихи материал ретінде оқылады. Осы фактының өзі-ақ «күнделікті (злободневный) өлең» дейтін ұтымды жоққа шығарады. Әрбір жаңа оқиға тудырған жақсы өлең сол оқиғаның куәлігі сипатында өмір сүре алады. Өткен жолы, көтерілген белесі үлкен ұлттық-кеңестік поэзиямыз мұнысымен де беделді.

Сыншылардың кейбірі әдетте мақаланың екінші жартысында кемшіліктерді одан-бұдан теріп алып айту шартты деп түсініп жүр. Біз сол түсінікті құптағалы отырғанымыз жоқ. Егер Мұқанов жолдастың кітабына принципиалды тұрғыда қойылатын талап-тілегіміз болмаса, біздің мақаламыз осы жерде аяқталған да болар еді. Мүмкін онда бұл мақала «Сырласу» деп аталмас та еді. Ең алдымен, автор соңғы кезеңде өзінің осы ірі шаруашылығына дұрыс көзбен қарамай жүр. Тіпті өзге жанрлардағы жұмыстары ақын поэзиясын лабораториядан шеттету есебінен жүргізіп келеді. Бұл жағдай ақынды өлеңмен аз айналастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге көріне көзге тотықтырды. Ақынның өзінің ақындығынан тосырқап қалғандығы соңғы некен саяқ жазылып жүрген өлеңдерінен байқалып отырады. Оның ұсақ мысалдарын тергіштеп жатпай, ақынның Кенбайға дейін келген баянды әрі ылғи өсіп, толысып отыратын кейіпкерлері соңғы өлеңдерде кездеспей жүргенін айтсақ та жеткілікті. Мұқанов Кенбай, Мәликелердің бүгінгі жанын, арманын жете біле бермейді десек, артық кінә емес.

Екіншіден, батыл табылған жаңалықтардың инициаторы бүгін ізденуін қойғаны өкінішті. Өлеңнің бүгінгі өмірімізден үндес үлкен философиясын ашу үшін бізге ең алдымен мол тәжірибе иелерінің, соның ішінде Сәбиттің қатынасы керек. Ал, былтыр ғана жазылған Балтық жырларын Сәбит өлеңі деу қиын. Олар көркем ой қазанында жөнді қорытылмаған, жалаң бақылау материалына бейім, үлкен шабыттың қатынасы сезілмейді.

Бұл тұрғылас өлеңдер мастер Сәбиттің қолынан шыққандығы себепті де басқаға көңілсіз әсерін тигізбей, яғни, өлеңге қойылатын жалпы талапқа нұқсан келтірмей тура алмайды. Осы жағын ескеріп-ақ, бұл автордан бүкіл қазақ совет поэзиясы алдындағы өз жауапкершілігін ерекше сезінгенін тілер едік.

Рас, Кавказ жырлары да соңғы кезде жазылған. Біз оларды жақсы емес дей алмаймыз. Алайда, оның «жақсы емес» өлең жазуға правосы жоғы өз алдына, тіпті жақсы өлең жазу да Сәбит сияқты ақынға аздық етеді. Біз Сәбиттен өте талантты жырлар күтеміз. Алтынды белден шыққан жерден қазғымыз келгені үшін, бізге ешкім де өкпе айтпаса керек. Мұндай талап қойылмайынша, советтік классика әр тұста жетекші, жан-жақты толысып отырмауы ықтимал.

Міне, бұл кітапты оқып шыққанда авторына осындай ырзашылық, осы тұрғылас талап-тілек айтылу заңды сияқты. Үлкен кеме үлкен теңізде жүзуін барған сайын мол көрсете берсе екен.

Бір ауыз сөз кітап шығарушылар туралы. Баспаның мәдениетсіздігі, ондағылардың жауапкершілікті жөнді сезінбеуі жайлы көп айтылса да, сол айтылғандардан тобықтай түйін жасамауы жүйкені құртатын-ақ болды. Емле қатесі көптігі оқушыны ылғи бөгейтіні өз алдына, тіпті сол қателер баспаны идеялық жағынан да бейпіл ауыздыққа ұшыратып тұр. Сәбитте: «Сөзім оқ, үнім найза» болса, баспадан шыққанда «Сөзім жоқ, үнім найза», Сәбитте «Волхов пен Днепрдей асауларды бөгедік» болса, баспадан шыққанда «Колхоз бен Днепрдей асауларды бөгедік» болып өзгерген. Бұған әншейін ағаттық деп қарауды қоятын мезгіл әлде-әлдеқашан жетті. Советтік баспасөздің бас міндеті — қырағылықты жоғары ұстау. Оған ешкімнің нұқсан келтіруіне жол жоқ.

Ендігі аз-кем пікір оның поэмалары хақында болмақ. Соған дейін мына бір жәйттердің басын аша кетейін.

Жоғарыдағы мақаладан азын-аулақ сын оқыдық. Онда, «Автор соңғы кезде өзінің осы ірі шаруашылығына дұрыс көзбен қарамай жүр, тіпті өзге жанрдағы жұмыстары ақын поэзиясын лабораториядан шеттету есебінен жүргізіліп келеді. Бұл жағдай ақынды өлеңмен аз айналыстырып қана қойған жоқ, сонымен бірге көрінер көзге тотықтырды», —делінген ғой. Мұның ақырғы сөйлеміндегі «Көріне көзге тотықтырды» деген тұжырымның әділ еместігіне бүгін көзім анық жетіп отыр. Қай жанрда да ақынша сөйлей білген қаламгердің тотығуы мүмкін еместігін, әрине, Сәбең білуін білді, бірақ дауласқан жоқ. «Негізгі пікірі дұрыс албырт неменің алдында ақталып жатам ба», — дегені шығар. Ал осының алдындағы, артындағы сөйлемдер ол кезде дұрыс айтылған сын болатын. Олардың енді дұрыс болмайтындығы Сәбеңнің дүние салғандығына байланысты емес. Әрине, менің сыным әсер ете қалып еді деп мақтанбаймын. Ал, Сәбеңнің бұдан соңғы жылдарда қыруар поэзия жасағаны әмбеге аян. Басқасын былай қойып, «Жұпархан», «Алдабергенов туралы аңыз» атты роман тектес поэмаларды, философиялық ойға құрылған «Хамитқа жауап» атты жыр туралы толғауын алсақ та жеткілікті. Міне, осы үлкен-үлкен дүниелер біздің сынымыздың бәрін сызып тастады. Ол кісінің өзіне де кейініректе тап осылай деп айтқаным есімде.

Сәбең өз шығармаларының корректурасын қарау жағына келгенде салақ болатын, баспадағылар ол кісінің сенімін ақтай бермейді. Мағынасы тұрпайы түрде өзгеріп кеткен сөздердің екі-үш мысалы «Сырласудың» аяғында да көрсетілген екен. Сондай кемшіліктер соңғы басылымдарда жоқ емес. Он екінші томды ашып жіберсеңіз де, бірінші беттегі «Сұлушаштың» кілтіне, бәріміз жатқа білетін қасиетті прологқа қараңызшы. «Тап қолыма медеу қып ұстар талым» — дейтін сегізінші жолдың бастапқы сөзі«Топ» (группа) болып тұр. Бұл кітаптың ішінде де сүрінетін жepлepіңіз баршылық. Қысқасы, Сәбит жырларының текстологиясын түгендеу алда тұрған жұмыстардың үлкен біреуі екенін ғалымдар ескерсе деймін.

Жә, енді поэмаларына қатысты аз-кем ойларымызға көшелік. Алдын-ала ескертейін, мен ашқалы отырған ешқандай Америка жоқ Мен тіпті жүз бөлмелі Сәбит сарайынан өзіме бөлек қуыс дәметпеймін. Неге?..

Ақын поэзиясының ұзына бойын, көлденең көлбеу, белдеу бойлықтарын зерттеуші сыншылар жетпіс жыл бойы жете шарлады. Осы қыруар жұмыс барысында талай қызықтың куәсі болдық. Мен бұл арада Сәбиттің идеялық тынысына диагноз тағайындау үшін тамырын ұстап көргендердің есептен шығарып тастаймын. Мезгіл мерезі Сәбит атынан садаға!.. Ал, қалғандары ше?.. Қалғандары бұл салада көп күні сарп етті. Олардың жұмыстарын, әзіл-шынын араластыра, натуралды күйге көшіріп айтсақ, олар Сәбит Мұқановты қарсы алдынан, ту сыртынан, қырынан, төбесінен төніп те түгендеп көрді. Жасыратыны жоқ, елпең қағып иегінің астынан қарағандар да болды. «Осы Сәбит — өзі ме, емес пе?!», «Осының өзі мынау төңкеріс тұсында қайта жаратылған Махамбет болмағай?»... «Осы Сәбит Маяковскийдің қазақ поэзиясына көшкен түрі боп жүрмесін?» Мұндай жорамалдар жоғалып, көрініп жүр. Обалы нешік, «Сәбит — өзі емес» деп те ешкім айтпайды. Бірақ салыстырмалы цитаталар әлі ақ ауық-ауық жарысып-жарысып алады. Зерттеу барысында Сәбит поэмаларынан қарасөз (пересказ) жасап, кітап та шығарып жүр бу жұрт... Осы бағыттағы істер нәтижесінде ғалым боп өскендер де, есімі ұмыт қалғандар да баршылық. Мұндай жағдайда қазылар қатарына енгендей менде не қуат болсын?! Менің анық білетінім Сәбиттің тек қана өзі екендігі. Мен оның «ешкімше де» емеспін дейтінін он тоғыз жасымда, сонау 1935 жылы Сәбең Оралға барғанда, өзінің көз алдында бір поэмасынан үзінді оқып тұрған кезімде сезгем десем, оным сәуегейлік емес. Сол кездің өзінде ақын жаратылысының сондай екеніне қарапайым интуициям иландырған. Ендігі менің әншейін бір ақынның эпикалық қуатынан алынған екінші ақынның әсері ғана.

Түрі, түсі, ісі арқылы бірінен бірі бөлек талай адам бейнесін өлеңдерден де көргенбіз. Сол өлеңдер де шытырман ой қозғалысына сізді бір шама тоғытып алмай тоқтамайтын. Ақындық «Мен»-нің өзі де бірде көктем, бірде күз, бірде тұлпар, бірде өгіз болып нақты жұмыс атқаратын. Содан-ақ Сәбиттің ең алдымен лирик емес, ең алдымен эпик ақын екендігін білуші едік. Прозадағы романдарға да ол осыдан шығып барып жүр.

Өз түсінігімізді бүкпесіз ашық айталық, қазақ кеңес поэмасының негізін салушылар санатында интеллигент ақындармен қатар шыққан жалғыз пролетар эпик — осы Сәбит Мұқанов. Ол бірден-ақ табиғатының талабына бақты. Атап айтқанда, ол ерліктің, серіліктің, сұлулықтың бәрінен бұрын бишара Күңшаштың жетім қалған, ар намысы тапталған он үш жасар Балбөпесін көрді, алғашқы дастанын соның көз жасымен суарды. Дәл сол жылы Балбөпені өлмейтін, жұрт қатарлы өмір кешетін жағдайға іліктірді де, өзі оның арғы түп төркініне қарай ат маңдайын түзеді. «Жетім қыз» атты дастанында Күнәйім сұлуды тарих тұңғиығынан бері тартып ала алмаған соң, өмірден әрі қарай — «о дүниеге» жөнелту арқылы қалмақ тұтқынынан босатты. Күнәйім биік жар қабақтан күркіреп жатқан жойқын өзенге секірерде қалмақтар кескен ағасының басын құшақтатып жібереді. Сәбит өзі қатігез тарихқа қанша лағнет айтса да:

Татулық, достық жапсырмақ
Ел мен елдің арасын, —

деген сеніммен қайтты. Өзі өмір сүріп отырған мезгілге қайта оралғанда Сәбит көңілі жай таба қалды дейсіз бе?!. Қайдан-ау...

Менде ақындық жалғыз сөз —
«жалшы» деген! —

деп, айғайын сала, ауылды кеңестендіре бастаған жерге келсе, байдың қаншырдай қатқан жазғытұрғы жарау бурасы жаншып, шайнап тастаған Қарашұнақ, есімді сорлы жалшының сүйеп шашылып жатыр. Сәбит бұл орайда бай тоқалы Гүлжан сұлуды Қарашұнақ баласы Қозыбаққа қосып барып кек алады. Бұл дастан да дүниеге «Батырақ» деген атпен келді.

Араға екі жыл салып, білімін бір тоға толықтырған соң да ақын баяғы беттен қайтқан жоқ. Қазақ кеңес эпикасының асқар шыңы делінген атақты «Сұлушаш» трагедиясынан Сәбең өлеңді роман жасап шықты.

Беу, дариға-ай!.. Еңлік пен Кебектен тым болмаса құндақтаулы шарана қалды деп еді... Ол өсіпті, өніпті деген сөз бар. Қыл құйрығына байлаулы екі жасты тепкілеп өлтірген. Екі шақырым жер шапқылағаннан кейін қан сиіп тоқтаған шу асау да тірі қалған еді... «Әй, айуан-ай, сенен өткен тағылар құлағыңнан бұрап ұстап бұйрық еткен соң, сен қайтейін деп едің?!» — деп, оның да сыртынан талай пенде мүсіркеп қараған шығар. Ал, мынау төрт бейбақтың артында қасқыр жеген торы төбeлдiң төрт қара тұяғынан басқа не қалды? Бұл Сәбитке оңай соқты дейсіз бе?!.. Масқара қаза соңынан қаза қағазға түскен сайын қайран Сәбең ауыр-ауыр күрсініп, қалам ұстаған қолының сыртымен көзін неше дүркін сүрткен де шығар-ақ.. «Шығар-ақ» емес, нақ солай болараның өз аузынан естігенім де бар екен-ау.

Жә, дәл осы араға ойдың негізгі бір түйіншегін қалдыра кетелік. Бұлайша өңкей бір сорлының өмірге өксу үшін келгенін, бейбақтардың түгелдей әрі дегеніне, әрі жасына жетпей өлгенін қазақта бұдан бұрын кім өз жырына өне бойы өзек етіп алды екен?! Жоқ, Сәбиттен бұрын ондай эпик болған жоқ. Жаратылысы жаңашыл (новатор) деген атақ Сәбит Мұқановқа ең әуелі осы үшін беріледі.

«Неше жүз жыл бойына қисапсыз төгілген осынша көз жасы мен қанның сөзсіз сұрауы бар... Соны сұрау, қарымта қайтару Сәбит үлесіне де тиген. Сонда қайтпек, немен қаруланбақ керек? Өзіне дейінгі аһ ұрған абыздың гөй-гөйінен, бақсының зілді-зікірінен, сарнауық тақуа жыршының Тәңірге қылар зарынан Сәбит кәдесіне асқандай не бар?.. Солардан бірдеңе алу керек пе? Жоқ, әлде сыртқы қабығы сыдырылмаған бөренеден де дөрекі, ірі, тастан да ауыр әрі суық, оттан бетер күйдіргі сөздерді өз бетімен термек керек пе? Жоқ, елде? Жалбыр тымақ, Шоқпыт шидем, қазан Тұтқыштарын күрескер адамға айналдыратын сөздің құдіретті құдайын қолдан жарату керек пе?.. Қасіреттің астына от қойғанда ол қарғыс боп қайнау үшін, сосын қанаушы таптың қара жүрегіне дәл даритын жасын жайдың оғы болмақ үшін қаһарлы сөздің қаптаған қара бұлтын жасақтау керек пе?..

Осындағы абыз, бақсы, молда, жырау сөздерінен өзгенің бәрі керек. Сәбит соның бірін қалдырмай өз қажетіне тұтынды. Өзінің формуласымен айтқанда, ол өзіне кеңестік сөзден Армия жасақтады. Болмысынан жаңашыл (новатор) етіп жаратқан да, шын мағынасындағы классик эпик дәрежесіне көтерген де — оның сондай Сәбит бола алғандығы.

Әрине, жаңашылдықта аспаннан алынбайды. Оның да қайнар көзі бар. Ол халық өміріндегі өзгерістерден суыртпақталады. Ал, халық қашан да, қандай өзгеріс тұсында да өзінің болмысынан енеді. Ендеше, халық пен Сәбит, яки дәстүр мен жаңашыл талант жазбай қосарланып осы арадан көрінбес болар ма?.. Мына бір штрихтарға қараңыз. Бір күні Сәбең үйіне барып отырғанда:

— Домбыраңыз ылғи да осы қол созым жердегі журнал қойылатын жатаған столдың үстінде жатады. Соны үнемі шертіп отырасыз ба? — дедім.

— Шерткенде қандай... Бұған ақырындап ән де қосамын. Сөйткенде ұлттық нәр жиналады.

— Өлеңдеріңіз домбырамен термелеп айтуға көне бермейді ғой...

— Мен саған бәрін емес, ұлттық нәрін айтып отырмын. Бұған қоса тағы да еске түсіретін бір жайт. Ел аралағанда кез келген үйдің сыпырылмаған алашасының үстіне отыра кететін, аса таза емес ыдыстағы қымыз-шұбатты да талғамай сіміріп салатын Сәбитті исі қазақ білуші еді. Бұл кісінің дастандары да нақ сондай ел тіліне, ел ұғымына етене жақын жаратылған. Сәбең дастандарында халықтың мақал, мәтел, нақылдары мол естіледі. Сондай-ақ Сәбең сөздері де ел аузында жиі жүреді. «Шыңы тік», «құзы құлдыр», «сылдыр су, сыбырлақ жел» т. б.

Мұқанов дастандары қою оқиғалы келеді деушілер дәл айтады. Оқиғасыз жерді сюжетке ден қойғыш ақынның табиғаты тартпайды. Жоғарыда өлеңі де оқиғалы дегенбіз. Жалпы бар ғой, бұл ақынның ұғымынша, өмірде оқиғадан оқшау орын жоқ. Байқап отырсаңыз Сәбеңнің барлық дастандарында сел қыбыр еткен қимыл дереу бүкіл төңірегін астан-кестен күйге келтіреді. Жаңашыл таланттың дәстүрмен біте қайнасқан жерін, міне дәл сондай тұста әбден көруге болады. Гүлжан тоқал Қозыбаққа қосылып, байды жерге қаратқанда «көгілдір тартып көк күледі, көгала болып шөп күледі». Балбөпе далаға шығып жылағанда айналадағы өсімдік атаулы өздерінің шаштарын жұлады. Алтай өлерде төңірегі түгел өртенеді. Сұлушаш, Күнәйімдер жардан секірерде төмендегі толқындар да, «Қайран сұлу, өксей бермей, өзімізге келші, кезек-кезек тербетіп ұйықтайық та, қайғыңды ұмыттырайық!» дегендей, жүзі суық болса да аяушылық қылады. Ал, қазақ бұл тәсілдерді (приемдарды) қай кезде де жатсынбақ емес.

Эпик Мұқанов өзінің жалт ойнаған қою қорғасын бұлттай бір кезеңін осылай тамамдайды. да, «қара айғырмен жүйткітіп» отырып күнгей беттегі екінші кезеңіне шығады. Жүйріктігі себепті қолды болып, жанжалдың ақырында иесін түрмеге қаматқан құлагер аттай («Құланың құны» дейтін де дастаны бар ғой) «бір кісі мінетін» сәйгүлік емес, «мың кісі мінетін» Сәбит Қара айғырының бітімі бөлек-тұғын. Ол тіпті көсіле шапқанда әр тұяғының ізінде қазан шұңқыр, ор қазылып қалатын тарихтағы Тарғынның Тарланы, Қобыландының Тайбурылы да емес-тұғын. Түркістан мен Сібір арасын жалғастырған Сәбит Қара айғырының ізі бүгін қарасаңыз да «шойын жол» боп мәңгі-бақи жосылып жатыр. «Жүйткі, қара айғырым» дастанының алғашқы оқырмандарын айыра-бөле тани білу керек. Олар аттарына міне-міне паровозбен жарыса шапқан, разъезд сайын вагондардан кітап, мата, қант, чай, «шайтан арба», трактор, жана завод, мойын серік жабдықтарын сатып алғандар болатұғын.

Шыны керек, бұл дастанды әркім өз бетімен оқу дәрежесіне әлі де жете қойған жоқ еді Дегенмен, жоғарыда біз әңгіме еткен жыр кітаптарын қойға сатып алған көшпенділер бұл тұста тұрақты қоныстанып болған. Кешке қарай жұрт жиналған қызыл отауда да бұл дастанды сауаттылар дауыстап оқыған-ды. Ол кезде «Қанды көл» атты Сәбең дастанындағы Малдыбай қолынан қаза болған Әбіл балалары әкесінің қаны төгілген шұрайлы жерге иелік етіп те үлгерген. Бұл шежіре ме?.. Шежіре...

Бұның бәрі жақсы-ау, досым!... Ал, әлгі күнгей бетке шыққанның өзінде көзге ұрып тұрған мына сұмдыққа не дер едіңіз? Бір ғана 1926 жылы үш дастан жазған Сәбит Мұқанов «Қара айғырдан» кейінгі аттай бес жыл бойында дүниеге бірде-бір поэма келтірмеген. Осы тұста жазылған прозаларының өзі де басқа уақыттың тақырыбына тайқып шыққан. Бұл маған бұршақ ұрған бақта бұлбұл сайрамай қалғандай әсер етеді. Қазақ жұртын аштан қырған асыра сілтеудің ұлы трагедиясы қайран ақынның жүрегін жұтатқан да, сол жүректің басынан у боп үнсіз төгілгендей... Бұл шежіре ме... шежіре...

Менің Досжан атам да:

— дүбірді көрсем қозамын,

— Сабыр етіп тұра алмай! — дейтін бір сөз бар еді. Сол кісі айтқандай, әбден толысқан отыз бес жасында, әлгі іш құсадан арылып Қызыл профессураны бітірген шағында, бұрынғыдан да кеңірек дүниеге кеуделеп кіру үшін Сәбит ақын артықша бір дүбір күткен еді. Бүкіл дүниені дүр сілкіндірген Челюскин жорығына арнап поэма жазу конкурсы Сәбит тілегіне сәтімен орайласты. Жарыста бірінші жүлдеге ие болған «Ақ аю» дастаны эпик Сәбиттің дәстүр мен жаңалық бірлігін тағы да бір биігірек сатыға көтерген дәуірін белгілейді. Айуанды адамша сөйлету де ежелгі канон. Қазақ нақылына сүйеніп бір сөзбен айтсақ, бұнда Қара аю Ақ аюға намаз үйретеді. Бұны жұрт табиғат тағылығын адамға табындыру туралы жыр деседі. Әрине, солай. Жалпы цивилизацияға тың маршрут белгіленген жорық жыры деп айтады. Әрине, солай. Тіпті Қара аю мен Ақ аю айтысында хан емес, қара билеген елдің ақ патшалықтарға сесі де бардай. Тап күресінде шыңдалған тарлан ақын бұл шығармасында екі системаның арасын ерекше жіктейді.

Көрпесі мың метр мұз, демі үскірік,
Демінен айдаһардың желі ысқырып.
Ұйықтауға мәңгі, көрпе тұйықталған,
Тұншығып өзі ашпаса, кейде ышқынып,
Маңына жуығанның бетін қарып,
Басындың деп долданып, мұзын жарып,
Құшағына қысып ап, тұншықтырып,
Тереңіне батырып қылған ғарып.

Он жолдан құралатын екі шумақ өлеңде әрең аяқталған осынау аса күрделі сөйлемде саналы түрде қарсылық (басындырмаймын дейтін), әрине, табиғат тарапынан емес. Бұл арада, ақынның айтуынша, «Төңірегі тереңге батырып ғарып қылатын» капитал дүниесіне табиғаттың дүлей күші параллель ғана. Егер менікі қате түсінік болса: «Мұхитта Кремльдей коммунизм Ордасын қаласуға араласты» демес еді ақын. Осы поэмада космосқа шығуды көксеу де, адамның соған шығатынына сену де бар. «Мен әлі айға да мінемін, күнге де мінемін» дейтін жерлері соны аңғартады. Ақынмен келіссең де, келіспесең де оның таным-сенімі осындай.

Жырдың ішкі динамикасы мен сыртқы бітімі мәдениетті поэзия-фольклорлық шеңберге симаған үлгісін осы өлеңнен анық көріп отырмыз. Бұл бізге Сәбит жаңашылдығын қайталап айтқызады. Иә, Сәбитке дейінгі кезеңде оған ұқсас ақын ұшыраспайды.

Міне, осыдан соң ақын жиырма сегіз жыл бойы поэма жанрымен қоштасып, яғни, 1963 жылы жазылған «Жұпарханға» дейін бұл салада қалам тартпай қойды. Мен де өзім эпикалық жанрда әрекеттеніп жүргендіктен, Сәбең осы бағытқа бәлкім бұрылар ой салармын деп сынаған едім ғой.

Жасы алпыстың бесеуіне толып, шашы аппақ қудай болған шағында Сәбең сырт елдерді көбірек аралады. Ұзақ-узақ сапарларда көрген неше түрлі қызықтарын біздерге әр жерде ауызекі әңгімелеп, жол жазбаларын жазудан ауыспайтын секілді еді. «Жұпарханның» қай арада дүниеге келгенін сезбей де қалдық. Сөйтсек, екі жыл бойында жаза жұрт, бір жерін де білгізбеген. Менің мінезім де қызық қой, сол тұстағы бір ел басқару тәсілі жұртқа ұнамаған шолақ белсенді «елден бұрын оқып алыпты» деген соң, «маған да оқытыңызшы», деп қыстырыла қоймадым.

Маусымдық баспадан оқыған үзінділер мені онша үйіртіп әкете алмады. Тым кешігіп оқығандағы әсерім қандай дейсіз ғой?

Кезінде «Жұпархан» хақында пікір білдіргендер жөн қайта алмаған тәрізді. Зерттегіш мамандар оны енді айтса жөн-ақ болар еді. Меніңше, көтеріп тұрған жұп не қарағанда, бұл өзі өлеңмен жазылған романға бейім. Ара-арасында жұрт отыратын әдеттегі қара сөздері өлеңге айналып кеткен хисса деп тануға да болар. Бұл шығармада ұйғыр елінің бастан кешкен тұтас бір дәуірі жатыр, сол тұстағы ұйғыр милләтының образы сомдалған. Осынау тағдыры топырақпен біте қайнасқан егінші жұрттың жүрген жерінде құм да құлпырып жаннат сипатына кешеді деген идея жырдың ұзына бойына өзек болған. Шамсинурдың Жұпар атануы да содан.

Ұйғырдың жігіт-қыздарының бір-біріне махаббаты да өзі өсірген бақ саясында ғана өмір сүре алады, ал ол заңды жат біреуін ұшан-теңіз байлығы да, басқыншылық күші де бұза алмайды. Тұтқындағы Жұпардың өз есіміне «Хан» деген дәрежелі сөз қосылған тұста елу себебі де содан. Сүйікті Жапарына қосыла алмасына көзі жеткен Жұпар Қытай ханына қатын болуды өзінің ғана емес, елімнің арын сату деп түсінді. Егер ер Жапар өз елінде егінге су шығарғалы жүріп қаза болса, Жұпар сұлу ол үшін өзін жыланға әдейі шақтырып өлмеуі де мүмкін еді. Иә, ел бүтіндігі мен махаббат мұраты қашан да егіз. Сол негізде қыз өлсе де, жеңілмей өлді. Сәбең мәселеге бұл жағынан келгенде сұлулықтың құдіретті армия қуатынан осал емес деген тұжырым жасайды.

Арудың ішкі жан сұлулығына берілген бұл сипаттамадан тіпті де кем түспейтін дене сұлулығын суреттеу үшін ақын оған достың емес-ау, дұшпанның көзқарасын пайдаланады. Жұпарды көргенде басы айналып, есінен танып қала жаздаған Қанси хан «Жердің жүзін жылыту үшін жаратылған сұлу екен!» дейді. Осынау бағаның астарында «ата қонысынан қуып шықсаң да, қырылса да жұлдызын жаулатпайтын ел екен» деген ұғым жатыр.

Жұпархан, яғни бұрынғы Шамсинур ешқандай бекзаттан емес, бар болғаны кетпенін иыққа салып, су жағалаған мұраптың қызы. Әу бастан еңбекші таптың жырын жырлаған ақын бұл жағдайды интернационализм идеясымен тұтастырып, екі мұратына бір-ақ жеткен. Жыр жақсы оқылады. Бұрын да еркін ұйқасып отыратын өлең өзінің байырғы қайратынан қайтпаған. Сәбиттік сөздің нормасы да бұзылмаған, шығыс поэзиясына тән табиғат мінезінің ақын көңіл күйімен одақтастығы да «Сұлушаштағыдай» сақталған.

Жасы жағынан біршама шау тартқан Сәбең ақырғы дастанында «Қазақ даласының бүгінгісі мен артта қалдырған жағына қайтадан бір көз жіберіп көрейінші!» дегенді мақсат тұтқан тәрізді. Шығармасына негізгі кейіпкер етіп өмірге бар әрі өзімен тұрғылас адамды сол үшін алғандай. Оның ол тарапқа да, бұл тарапқа да бұрылып жіті қарауына Нұрмолда Алдабергенов өмірінің септігі мол еді. Поэманың «Алдабергенов туралы аңыз» аталуы да тегін емес. «Жарты мыйы қалғыса, жарымы тұрған күзетте» Нұрекең марқұмның аңыз сипатты өмір кешкені рас.

Мұқанов кейіпкерлерінің өрлеу жолымен жұрт отырар болсақ, осы Нұрмолдаңыз тумысында — баяғы Шоқпыттың дәл өзі. Бұл да жетім бала шағында бай қойын баққан кісі. Одан кейін де көп уақыт аузы аққа тиіп жарымаған. Жоғарыдағы бір орайда «бұршақ ұрған бақта сайрамай қалған бұлбұл» жайлы сөз шеті көрініп еді-ay... Мына поэмадағы Нұрмолда сол тұсқа соққанда:

Адамның «ас» дегеннен
Мысық құйрық татқаны,
Күнде «қашан өлем мен?», —
Жан біткеннің айтқаны.
Голощекин антұрған
Осындай халге келтірген.
Күнкөрер күш сарқылған
Айрылды ел түрден, —
демей ме?

Ол кезде «жүрегінің басынан у боп, үнсіз төгілген ақын дертінің енді ашына дыбыс бергені осы емес дей аласыз ба?.. Иә, біз бұны ұрдажықтар кезінде қағазға түспей қалған, іште өртенген жырдың, жанығы деп білеміз. Бұл шежіре ме?.. Шежіре!..

Кейін, басына «жалғанның антологиясын» жинаған Кенбай қарт кезеңіне көтерілгенде Нұрмолданы екі мәрте Ер атануы ғана күтіп тұрған еді. Сәбит енді дала академигінің бұл сатыға биіктеген тұсын да көзімен көрді. Қашанғы қажымас қаһарманының Неру, Хо-Ши-Мин, Фидель Кастролармен жүздесті, есімі жер-жерге кең жайылып, жырға айналған шағында, әрине ол:

Кең жайылған бұл жырға
Дауысымды мен қосайын,
Тарлан тартқан боз жорға
Бүлкілдеп аяқ басайын, —

дейді де, ел, жер жайлы ұғым өркенін ұзаққа созады.

Осынау жерге сан ғасыр
Жүрдің-ау, қазақ, сыя алмай!..
Ұйықтап бай, хан — масыл,
Төбелестің-ау ұялмай!..

Алдабергенов басқарған ұжымшардың ақ шаңқан шаһарына жеткенше. оның келесі күнгі мерей тойына қатысқанға дейін қайран Сәбең осылайша ауыр-ауыр күрсініп үлгерген... Ендігің—елдігің жөніндегі ақын өсиетін тек осының өзінен таратсаң да жетер...

Міне, Сәбит Мұқанов поэмаларынан ерекше қастерлеп, екшеп алған әсерлерім осындай.

Арғы жағынан қандай да болса бір жалғасын тауып жататын биік шыңдар болады. Қазақ кеңес поэзиясында да ондайлар бар. Солардың қайсыбірімен де бой таластыра алатын Мұқановтың ақындық творчествосы дербес тау екені ұтыры келген жердің бәрінде айтылды.» Ал, дербес таудың аласа шоқыларын тек өзінің биігінен ғана көре аласыз. Құзында тұрып құзарын да көресіз. Табиғаттың ондай бітіміне өнер пайғамбарының бірі болмаса бірі түзету енгізді дегенді естімедік.

Біздің білетініміз, Сәбит ақын тауының баурайында қайнар бұлақтарының көзі бітілмейтін өскелең өмір жатыр. Не бір замандардың шебер жаратылған шежіресі де осында.

1990 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз