«ҚЫЛ КӨПІР»
Роман
ТАБАЛДЫРЫҚ
Күдік пен үміт арпалысқан түн еді. Ол «Метрополь» мейманханасының ең жайлы люкс нөміріне орналасты. Емен ағаштан қиюласқан есіктегі арыстан бейнелі мыс тұтқадан бастап, кіреберістен төселген жұмсақ, қызылкүрең кілем, әр бөлмеде әшекейлі айналар, меймандар бөлмесіндегі аппақ пианиноға дейін, тек өте сыйлы, жоғары мәртебелі қонаққа ғана арналғанбыз дегендей тәкаппар, маңғаз сыңай танытады.
«Метрополь» әрине, патша заманынан қалған мұра: Мұнда ол кезде, тек шетелдік миллионерлер, алпауыттар, Ресейдің қалың қалталы капиталистері ғана тоқтар еді. Қазір де мұнда көбінесе шетелдік елшілер, дипломаттар түседі.
Мейманхана қызметшілері — есік алдындағы сарыала оқалы киім киінген қарауылынан бастап, үй сыпыратын әйелдеріне дейін тым инабатты бола тұра, «бізді біліп қой» дегендей кердеңдеу келеді екен.
Совнаркомнан Түркістан басшыларын орналастыруға әдейі келген Бонч-Бруевичтің көмекшісі Рысқұловты осы люкс-нөмірге ертіп келгенде, Рысқұлов:
— Мен мұндай үйде тұрып үйренбеген адаммын. Басқа жұпынылау бөлме беріңіз, — дейін деп тұрды да, өзінің тек Рысқұлов қана емес, Түркістан президенті екені есіне түсіп, байтақ бір республиканың атынан келіп тұрғанын ойлап, үндемей қалды.
Рысқұловтың жалғыз шабаданын нөмірге алып кірген қызметші қайтып шыққанда, дәліздегі үй сыпырушы әйел одан:
— Жапонияның премьер-министрі емес пе? — деп сұрады.
— Жоқ, Түркістанның президенті көрінеді, — деді қызметші.
— Ол қандай ел? Сірә, кедей шығар, шабаданы біреу-ақ қой.
— Иә, біреу-ақ. Өзі жеп-жеңіл, — деп қызметші иығын қиқаң еткізіп кете барды.
Әдетте, мұндай ірі қонақтар шабадан көтеріскен қызметшілерге қалтасынан суырып, «шайлық» деп ақша ұстатар еді. Түркістанның президенті ондай рәсімді білмей ме, білсе де сараң ба, әйтеуір ырым жасамады.
Біреуге тиын-тебен ұсынуға қолының икемі жоқ. Тиын-тебен қымбат емес, адамның ары қымбат. Рысқұлов адамдарды кемсіткісі келмейтін.
Жалғыз шабаданды ашып, ішіндегі жалғыз таза костюмді тұтас қабырғаны алып жатқан абажадай гардеробқа іліп қойды. Гардероб ең кемі он шақты костюмге шақ шығар. Жағалай салбыраған киімілгіштері көп екен. Рысқұловтың жалғыз костюмін мұндағы гардеробтың өзі де менсінбегендей кердең кейіп танытады.
Костюмі біреу-ақ болғанмен, кілең ақ бәтес көйлек мұнда көп-ақ еді. Ілгішке жағалай бір-бірден асып қойды. Гардероб көйлекпен толды. Баяғыда әкесі Рысқұл қаһарлана қатты айтқан:
— Тұрар! Жағаңды кірлетпе! — деп.
Сол сөз өмір-бақи миына қашап жазылғандай, ұмытылмай қалды. Рысқұлов таза жағалы көйлек кимей, ешуақытта далаға шыққан емес:
Бір жамандықтың бір жақсылығы бар. Баяғыда Талғар таудың бауырында бұғып қана жатқан Тау-Шілмембет ауылында жүргенде, Рысқұл жалғыз ұлы Тұрарға көп қарайлай қоймайтын. Онысы ұлын жек көргені емес, тұрмыс солай еді ғой. Күні-түні түзде, ат үстінде, бел шешпей жорық кешкен адам баласын мәпелей ала ма?
Алматының көк қақпалы түрмесінде жылға жақын бірге жатқан мезгіл — әке мен баланың жандай жақындасқан кезі еді ғой. Шын мәнінде әкесінің кім екенін Тұрар сонда білген. Әкеден көп сабақты сонда алған. Түрменің ауласын сыпырып, атқорасын тазалап, кілең кір-қоқыспен күн кешкен баланың, әрине, жалғыз ескі көйлегі кірлейді де. Сонда да болса әкесі:
— Тұрар! Жағаңды кірлетпе! — деп ақырғанда, бала жалғыз тік көйлекті күнде жатар алдында жуып қоятын.
Содан шығар, қазір ел басқарып, қайраткер атанған кезде, костюмі бір-екеу-ақ десе, көйлегі көп болатын.
— Тұрар! Жағаңды кірлетпе! — деп әкесі ақырғаннан бері де, міне, он бес жыл өтіпті. Ол кезде Тұрар он жасар бала болса, енді жиырма бестегі ер азамат. Осыдан он бес жыл бұрын, ол Лениннің есімін тұңғыш рет түрмеде, әкесімен бірге отырып, саяси тұтқын Александр Бронников деген орыстан естіген. Сонда енді он бес жылдан кейін Мәскеуге барып, Ленинге кездесемін-ау, екеуден-екеу, жүзбе-жүз әңгімелесем-ау деп, әрине, армандай қойған жоқ шығар.
Енді, міне, жиырмасыншы жылдың мамыр айының ортасында, Кремльдің түбіндегі «Метрополь» мейманханасына түнеп шығып, сәтін салса, бүгін сағат күндізгі он бірде Лениннің өзімен кездеспекші.
Әрине, қанша ерен жүйрік десе де Рысқұлов та пенде: көңілі қобалжулы. Айтар әңгімесінің арқауын қанша пысықтап, ширатып алдым дегеннің өзінде, мәселені неден, қалай бастаудың сәтін ойлап, бейхал бір сәтті бастан кешірді. Алыста, Ташкентте жатып хат арқылы хабарласу бір басқа да, Ленинмен ауызба-ауыз сұхбаттасу мүлде басқа дүние.
Және бұл қол беріп, жай сәлемдесіп қана шығатын шаруа емес. Өте даулы, насырлы іс. Рысқұлов Түркістанға Лениннің өзі арнайы жіберген Түрккомиссиямен айтысып келіп отыр. Анау-мынау ауылдағы айтыс емес, тым күрделі айтыс. Түрккомиссияның мүшелері — әлемге аттары әйгілі аса ірі қайраткерлер, Лениннің серіктері: Фрунзе, Куйбышев, Элиава, Рудзутак, Голощекин...
Осыншама ірі тұлғалармен тіресіп, мейлі бұл қате идея да болар, өз идеясын қорғау, әркімнің қолынан келе бермейтін сұрапыл батылдық.
Жастықтың әсері ғой, жиырма бес жас адамға не істетпейді, тізгінге көнбес асау ғой, арыны қатты ғой дейін десең, жиырма бесінде біреулер әлі оңы мен солын танымай жүргенде, Рысқұлов тым-тым есейіп-ақ кеткен. Мемлекет, халық тағдырын алдын ала көп болжап, бағдарлауға, алысты шолып көруге шамасы жеткен шағы еді. Алысты болжауға оны үйреткен өмірдің өзі болатын.
* * *
Рысқұловтың жиырма бес жасаған өмірінде қанша кеш батып, қанша таң атты — ешкім есептеген емес. Талай таң атқан сияқты. Бірақ бүгінгі таңның жөні бөлек. Бүгінгі таңда ол тым ерте, Мәскеудің аспаны енді-енді бозара бастағанда-ақ тұрды да, жақсылап моншаға түсіп, өте мұқият жуынды. Пәруана діндарлар Меккедегі қасиетті Қағбаға кірерде осылай тазаланатын шығар...
Рысқұловтың Қағбасы — Лениннің кабинеті. Оның табалдырығын адал аттау керек. Ол табалдырықтан аттарда жан-жүрек тазалығы да қажет. Жүрегің, ниетің, ойың кіршіксіз болсын.
Мың болғыр, «Метрополь» мейманханасының қызметшілері тілегіңді емеурініңнен танып, айтқаныңды екі етпей, ісіңді лезде бітіреді. Рысқұловтың қара шевиот костюмін, ақ бәтес көйлегін, қара галстукті қызметші әйел тап-тұйнақтай етіп үтіктеп, пакетке орап әкеліп берді.
Рысқұлов трюмо-айнаның алдында отырып, сақалын қырып, бетін жылы сумен жуып, киіне бастады.
Айнаның алдында қап-қалың шашын тарақтап болып, ақ пианиноның қақпағын ашты. Қаз-қатар тізілген ақ, қара тілшіктерді абайлап саусақпен басып көрді. Пианино сыңғырлап тұр екен. Енді жалғыз саусақтап емес, қос қолды бірден салған кезде, хан сарайындай кең люксті «Полонез» үні кернеп ала жөнелді. Дәлізде жолкілемді сыпырып, тазалап жүрген әйелдер, ары-бері өтіп жатқан адамдар аңырып тұра қалып, люкс нөмірге құлақ түрді.
Сол кезде көрші нөмірден шығып, Низамеддин Ходжаев люкске кірді.
— О, Тұрар, сазың жүдә шырайлы. Дәлізде жұрт тырп етпей тыңдап қалыпты. Көңіл күйің жақсы екен. Сірә, жолымыз болатын шығар.
Рысқұлов пианиноның қақпағын жапты.
— Жұрттың мазасын алған екенмін ғой, байқамай қалыппын. Ал, Низам ака, шабатын аттың жарауы жақсы деген, тамақтанып алайық, — деп Рысқұлов Ходжаевты көрші бөлмеде дайын тұрған дастарқанға шақырды.
* * *
— Сәл, күте тұрасыздар, әлі бес минут уақыт бар, — деп көмекші қабылдау бөлмесінің бұрышында тұрған сандықтай сағатқа қарады. Сағаттың ұзындығы кісі бойынан асады. Маятник тілі баяу ырғалады.
— Отырыңыздар, — деп көмекші диванды нұсқады.
— Ильичте Сталин жолдас бар еді. Бес минуттан кейін шығуға тиіс.
«Саспа, саспа!» — деп Рысқұлов өзін-өзі қанша қайраса да, жүрегінің жиірек соққанын, қара папка ұстаған қолының болар-болмас дірілдегенін байқады. Бұрын қанша бір сын сәттерде бұлай қобалжып көрген емес. Оның үстіне, жанындағы Ходжаевқа көзі түсіп кетіп еді, шықшыты бұлтылдап тұр екен. Не қатты ашуланғанда, не қатты қуанғанда сөйтетін әдеті. Қазір абыржып отырғаны анық. Өмірінде, бәлкім, бір-ақ рет кездесетін оқиға алдында, әрине, толқиды. Өзбектерден көзге түскен қайраткерлердің ішінде шын кедей, жұмысшы табынан шыққан шынайы большевик. Мақта фабрикасының бұрынғы жұмысшысы. Мейлінше шыншыл, адал дос. Рысқұловты туған інісіндей жақсы көреді, Рысқұлов та оны айрықша сыйлайды.
Небәрі бес-ақ минут. Рысқұловтың жиырма бес жыл жасаған өмірі жиналып келіп, осы бес минуттың ішіне сыйып кеткендей. Еміс-еміс ес білген шағынан бастап, көрген-білгенінің бәрі көз алдынан тізіліп, зу-зу етіп өтіп жатты да, ең соңында Қызыл Жебеге мінген әкесі жар басында атын оркиіктей ойнақтатып тұрды да алды.
Аса бір қысылған, басына ауыр сын түскен кезде, әкесі қалайда не түсіне кіреді, не көз алдына оқыстан елестеп, осылайша көлбеңдей береді. Қазір де баласына дем бергісі келгендей, өзеннің арғы жағасында, жар басында, алау ат үстінде бұған жалтақ-жалтақ қарап тұрғандай көрінеді.
Рысқұловтың ышқына қысылатындай жөні бар шығар. Лениннің алдына бара жатыр. Есіктен кіруін кіретін болды. Қайта шығу жолы қалай? Ақылдысың ба, ақымақсың ба, бәрі осы жерде ашылады. Көбінесе осындай ұлы адаммен кездесіп, сұхбаттасуда тағдыр шешіледі. Орыстардың әлгі «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып саладысы» — дәл осы тұс. Кейде ақылды адамдардың өзі бір көргенде онша оңды әсер қалдырмауы мүмкін. Керісінше, жылпостау, жағымпаздау біреулердің бағы жанып кетеді. Ол, әрине, ұлы адамның көрегендігіне, сезімталдығына байланысты. Ал Ленин өте көреген адам. Сөйлесіп отырған кісінің бағасын сөзінен де, көзінен де таниды. Әдетте адамның ішінде не пиғыл жатқанын, ниеті ақ па, қара ма — біліп болмас. Лениннің аса бір алғырлығы — ол кісінің не ойлап отырғанын байқап қояр еді.
Міне, Рысқұлов қазір сол сынға түспек. Арада тура бес минут өткенде, қоңыр былғарымен қапталған есік ың-жыңсыз ашылып, аяғын ың-жыңсыз басып, Сталин шықты. Тіп-тік жирен шашты, қап-қалың тоқпақ мұртты, айбынды ақсары жүзінде шешек дағы бар, сарғыштау қой көздерін сәл қысыңқырап қарайтын кісі екен. Үстіндегі френч, хром етік өзіне жарасып-ақ тұр.
Рысқұлов пен Ходжаев орындарынан тұрды. Сталин алдымен сәлемдесті. Екеуіне барлап бір қарады да, Рысқұловтың қолын бірінші алып, көздерін тіктей қарап:
— Рысқұлов жолдас сізсіз бе? — деп сұрады.
— Иә, менмін, жолдас Сталин.
— Сіз Ходжаев жолдассыз ғой? — деп Низамеддинге бұрылды.
— Иә, жолдас Сталин.
Бұлар сырттай бір-бірін жақсы біледі. Сырттай болса да, жұмыс бабымен ұдайы байланысып тұрған. Сталин Ұлттар мәселелері жөніндегі комиссариаттың халық комиссары. Ал Рысқұлов пен Ходжаев басқарған Мусбюро осы Сталин басқаратын Наркомнацтың Түркістандағы үлкен бір саласы десе де болғандай.
— Владимир Ильич сіздерді күтіп отыр. Көріскенше! Жолдарыңыз болсын.
Осыны айтып, Сталин баяу бұрылып, сыртқы есікке қарай бұрылды.
«Көріскенше» дейді. Әрине, көріседі. Ұлт мәселелерін тікелей басқарып отырған комиссармен кездеспеуге, сөйлеспеуте бола ма? Ал Түркістан ұлт республикаларының ішінде ең ірілерінің бірі ғой.
* * *
Кабинетке алдымен Рысқұлов кірді. Қомақты үлкен үстелді жанай өтіп, бері келе жатқан Ленинді көрді. Егер, әлдеқалай табан астында қарсы алдынан әкесі Рысқұл шыға келсе, кенет не істерін білмей, дағдарып қалар ма еді, қайтер еді... Дәл қазір сондай бір хал басынан өтті. Бірақ дағдарыс лезде өте шығып, бойын билеп алып, Лениннің ұсынған қолын қос қолдап алды. Рысқұловтың көзіне ең алдымен түскені — Лениннің маңдайы еді. Осы уақытқа дейін қанша адаммен кездесті, бірақ мұндай арайлы маңдайды әлі көрген жоқ. Лениннің маңдайы ерекше үлкен екенін ол суреттен де көріп жүр ғой. Бірақ мынау суретте көргеннен мың есе ерекше сияқтанды. Рысқұловқа сол арайлы маңдайдан болар-болмас ғана лыпылдап, нәзік сәуле жанып тұрғандай көрінді.
Лениннің қол алысы жігерлі екен. Ынты-шынтысымен, адал жүрек, ақ пейілімен, риясыз, ашық амандасады екен. Алақанынан бір ыстық леп тыз етіп, Рысқұловтың алақанына өтіп, өн бойын шамалы шарпып өткендей болды.
«Отты жүрек деген осы екен», — деді Рысқұлов. Дінге де, ертекке де сенбейді. Бірақ Лениннің маңдайынан арай сәуле шашырағанын көзі көріп, жүрегінің отты екенін алақанынан сезді.
— Сәлеметсіз бе, Тұрар Рысқұлович!
— Сәлеметсіз бе, Владимир Ильич!
«Жолдас Рысқұлов» демей, «Тұрар Рысқұлович» дегенді өте бір мейірімді лебізбен айтқанда, Рысқұловтың іші жылып сала берді. Бұл жақсылықтың нышаны еді. Ол қандай жақсылық екенін Рысқұлов бағамдап, пайымдап жатқан жоқ. Тек лыпыған сезім өне бойын аралап өтіп, жанын жай таптырғандай болды.
Рысқұлов Лениннің қолын рәсімді мезгілден көбірек ұстап қалғандай ма, қалай, бұл сәтте Низамеддин Ходжаев Лениннен көз алмай, Шығыс дәстүрімен басын иіп, оң қолын жүрегінің тұсына басып, кезек күтіп тұр екен.
— Низамеддин Ходжаевич Ходжаев, ТуркЦИК төрағасының орынбасары, — деп таныстырды оны Рысқұлов.
Алдына кім келсе де, қандай ой, қандай пиғыл, мақсатпен келсе де, Ленин ол адамды ең алдымен өзінің отымен тазартып алады екен. Дүниеде оттан артық таза, оттан артық тазартқыш жоқ. Дүниенің бар тымырсық, қоқыс-қопсығын, ірік-шірігін тек от қана тазарта алады. Дүние дертінің оттан артық емі жоқ. Ленин, сөйтсе, өзі де от жүректі, от арайлы жан екен. Мейірбанды, жас балаша қуанғыш көздерінің құйрығында да бір-бір ұшқын жылтылдайды. Сол мейірімді ұшқынын шашырата қарап:
— А-а, Тұрар Рысқұлович, сіз осындай екенсіз ғой?! — деп балаша таңданды Ленин. — Ойламаңыз, мен сізді білмейді деп. Сіз туралы бәрін де білемін. Түрккомиссиядағы жолдастар сіз туралы айтты да, жазды да. Жақсы жағыңыз да, не деуге болады, жағымсыздау жағыңыз да бізге мәлім. Ал бірақ дәл осындай жап-жас, дәл осындай жігерлі жігіт деп ойламап едім. Сіз болсаңыз, жап-жас екенсіз... Тоқтаңыз, тұрыңыз, мен өзім-ақ айтайын: иә, иә, сіз менен тұп-тура жиырма бес жас кішісіз! Таптым ба? Таптым ғой. Міне, көрдіңіз бе, қандай жассыз!
Күнәдан пәк нәрестедей қуанғаны-ай жарықтықтың. Сол-сол екен, Рысқұловтың тұла бойын шырмап тұрған әлдебір құрсау өзінен-өзі тарқады да кетті. Кәдімгі Ахат атасының алдында отырғандай бір рақат сезімге бөленді. Иә, Ленин Рысқұловтан жиырма бес жас үлкен. Осы таяуда ғана өткен сәуірдің ішінде елуге толды. Партияның тоғызыншы съезі өтіп жатқан мезгіл-ді. Съезд соңына таман бір топ делегаттар ендігі мәжілісті Лениннің елу жасқа толғанына арнайық деп ұсыныс қояды. Бұл ұсынысты бүкіл съезд делегаттары ду қол шапалақтап қуаттайды. Сонда Ленин басын қайта-қайта шайқап, орнынан тұрып, қолын көтеріп:
— Жолдастар, одан да, кәне, «Интернационалды» айтайық, — дейді ғой. Дұрыс-ақ, зал «Интернационалды» күндей күркіретіп айтып шығады. Бірақ бәрібір Ленин туралы делегаттар бірінен соң бірі мінбеге шығып сөйлей бастайды. Сонда Ленин ештеңеге қарамай залдан шығып кетеді. Кабинетіне барып, мен туралы сөзді қысқартыңыздар! — деп телефондап, президиумге хат жазып, мазасы кетеді.
Иә, нағыз ұлы адам өзінің ұлылығы туралы басқа біреулер айтып, марапаттап жатқанын сүймейді. Өйткені ұлы адам өзіне-өзі сенеді. Өзіне-өзі сенбеген ұлысымақтар ғана дәріптеуді, марапаттауды, қолдан ұлы жасатып, қолпаштауды қажетсінеді.
Рысқұлов әлгінде Низамеддин Ходжаевтың көсем алдында бүк түскенін көргенде, «апыр-ай, бекер болды-ау» деп бұрынғыдан бетер қысылып еді. Оңды болғанда, Ленин Ходжаевты тез сүйемелдеп, қолын қысып:
— Мұнда Бұхараның әмірі жоқ, жолдас Ходжаев, — деді, Ходжаев та есті кісі ғой, тез түсіне қойды, қайтып ерсі қылық көрсетпеді.
Рысқұлов сонда осы қазір ғана өзі Ұлы Табалдырықтан аттап, ұлы дүниеге енгенін сезді. Бұған дейінгі өмірінің бәрі — ұзын жол, бұралаңы да, өрі де, ылдиы да, соқпағы да көп шұбалаң жол, оны Ұлы Табалдырыққа жеткізген екен. Ұлы Табалдырықтан аттау үшін адамға дәт керек, үлкен әрі таза pyx керек. Дәтің болмаса, рухың жер бауырлап жатса, ой-санаңда қиқым-сиқым, шөп-шалам, ұсақ-түйек болса, Ұлы Табалдырықтан аттауға адымың жетпес еді.
Ұлы Табалдырықтан аттағандағы мақсат — Рысқұлов өзіне қызмет сұрап келген жоқ, пәтер тілемейді, жалақымды көбейт демейді, атақ-дәреже тілемейді. Ол халық үшін, халықтың тағдырын шешу үшін, Түркістан елін шын бақытқа жеткізу үшін, Ақыл-Ой алыбының алдында тұр.
Рысқұловтың бұл ниетін Ленин бірден сезді. Басқаларға беймәлім, басқалардың өресі жетпес аса бір нәзік, отты сезім арқылы, рентген сәулесіндей түйсік арқылы Ленин Рысқұловтың ішкі жан дүниесін сарагерлікпен аралап шықты.
Демек, Түркістанда Кеңес өкіметі орнап тұрса да, әлі бір кінәраттар бар. Соның себебін, кілтін табу керек болар. Ол үшін Рысқұловты тыңдап көру ләзім.
— Отырыңыз, Тұрар Рысқұлович. Жолдас Ходжаев, отырыңыз.
Ленин лап ете қалған отты қимылымен қолын сермеп, былғары креслоларды меңзеді. Өзі Рысқұловтың қарсысына отырды. Рысқұловпен қатар Ходжаев жайғасты.
Ленин оң қолының шынтағын үстелге сүйеп, жағын таянып, оң көзін сәл қысыңқырап, Рысқұловқа қарады. Көздері нәзік сәуле шашып күлімдеді. Ахат атасының көздері кейде осылай күлімдейтін. Әлдебір шалықтама, елес сияқты бір ұқсастық бар. Әрине, Ленин мен Ахаттың арасы жер мен көктей. Ленин — алып, Ахат — ауылдағы қарапайым қара шал. Рысқұлов іштей жымың етті. Осы Мәскеуге жүрер алдында Ахат Ташкентке келіп, Рысқұловтың үйінде екі-үш күн мейман болды. Әуелі Рысқұловқа ұрсып алды. «Өзің өкіметсің. Сөйте тұра, үйің құрқылтайдың ұясындай ғана. Малың жоқ, тіпті үрерге итің де жоқ. Орыс келін қайда кеткен? Неге шай қайнатып, қызмет қылмайды? Әлгі жаман немең қайда? Орыс келіннен туған Ескендірді айтам. Шөбересін иіскеген адам иманды болады деуші еді, мен де шөбере иіскеп, шын дүниеге аттанар шақта иман жинайын да».
Рысқұловтың Мәскеуге жүретінін біліп:
— Ленинді көресің ғой? — деп сұрады.
— Көремін, ата, сол кісімен жолығуға бара жатырмын, — деді Рысқұлов.
— Әй, әттесі-ай, — деп кенет Ахат шәт-шәлекей болды да қалды.
— Не болды?
— Ленинмен жолығатыныңды білгенімде, ауылдан тым болмаса, қозықарын май, құрт ала келетін едім ғой. Ауылдың дәмін татқаны жақсы еді ғой Лениннің. Қазы-қарта жоқ, әрине. Ондай тұрмысқа әлі жетпесек те, құрт-май табылар еді де.
Өте сирек күлетін Рысқұлов сол жолы көзінен жас аққанша ішек-сілесі қатты.
— Неменеге күлесің! — деп ренжіді Ахат.
— Жәй, әншейін, — деді Рысқұлов атасын ренжітіп алмайын деп. — Күн ыстық, Мәскеуге жеткенше қарындағы май еріп кетпей ме екен?
— Ә, солай ма, — деп Ахат ойланып қалды. — Онда, Тұрар-ау, сол Ленинді шақырсаңшы, ертіп келмейсің бе? Былтыр ашаршылықта сол Лениннің серігі деп бір сақалды орысты ертіп келмеп пе едің ауылға? Аты кім еді?
— Кобозев.
— Иә, Қобызов. Ол келгенде, Ленин де келетін шығар. Былтыр жоқшылықта Қобызовты күте алмай ұятты болып едік, биыл ептеп тоқшылық қой. Сөйт, Тұрар, шақыр біздің ауылға Ленинді.
— Әлдене есіңізге түсіп күлдіңіз ғой, Тұрар Рысқұлович? — деді Ленин. Рысқұлов таң қалды.
— Иә, Владимир Ильич, оныңыз рас. Елде менің бір атам бар, қартайған кісі. Мәскеуге баратынымды біліп, өтініш айтып еді: ауылға Ленинді шақыр деп. Сый-сияпат көрсетпекші.
Ленин жарқылдап, шалқалай түсіп, балаша күлді. Күлгені — шығып келе жатқан күннен сәуле шашырағандай екен.
— Міне, қызық. Қонақжай қарт екен атаңыз. Иә, — деп Ленин лезде орнынан серпіле тұрып, қабырғадағы картаның алдына барды, — Түркістанда болған емеспін. Әрине, барса болар еді. — Ол Түркістанның тұсын алақанымен сипалады. — Кең-байтақ өлке ғой Түркістан.
Ленин бір сәтке қиял қанатын жазып, Түркістанның түкпір-түкпірін аралап кеткендей, карта алдында, бірегей басын оң жағына сәл қисайтып, көзін жұмыңқырап тұрды. Сонда ол Түркістанның аспанмен тілдескен асқар тауларын, таулардан тулап аққан өзендерін, шексіз жазира даласын, сол даладағы шалқар көлдерін, құм басып, қуарып жатқан шөлдерін көрді ме екен?
Ленин арманшыл адам. Адамға табиғат қанат бітірмеген, арман берген. Арман — сол қанаттан да ұшқыр ғой. Арман-қанатқа мінген адам ізгі қасиеттердің қуатымен алысқа ұшады, алысты көреді. Ол самұрық құстың өзі көтеріле алмас биікке шығады. Сол биіктен жер бетіндегі тіршілік оған алақандағыдай анық көрінеді.
Ташкенттің Ескі базарында былтыр Рысқұлов үлкен митингіде сөз сөйледі. Сонда оған ақ сақалды бір қарт:
— Ортақ Рысқұлов, Ленин кім, патша ма? — деп сұрақ қойды.
— Ленин Кеңес үкіметінің басшысы, — деді Рысқұлов.
— Е, онда ол да патша да.
— Жоқ, ол — пайғамбар, — деді Рысқұлов.
Әлі көзі ашылмаған халыққа әбден ұғыныңқы болу үшін пайғамбар деді. Ол діншіл ұғымнан мүлде басқа сипаттама болатын.
— Ә, бәрекелла, а мұның дұрыс жауап. Ленин — пайғамбар, өйткені ол көреген. Халықтың тағдырын алдын ала көре біліп, ұлы харекет жасаған адам, әрине, пайғамбар.
— Айтыңызшы, Тұрар Рысқұлович, жаңағы сіздің атаңыз, әрине, шаруа ғой. Қазіргі жағдайда шаруа деп кімді айтамыз?
Төтеннен қойылған сұрақ еді. Рысқұлов ойланып қалды. Шаруанын қыры-сырын бес саусағындай білсе де, тәпе-тәннен аузына сөз түсіңкіремей күмілжіді де, сәл іркілістен соң, қазіргі шаруаның хал-жайын өз білгенінше анықтап берді. Шаруа деген халықтың басынан, басқасын былай қойғанда, соңғы екі-үш жылдың ішінде көп күйзелістер өтті. Құрғақшылық пен ашаршылық әбден титығына тиді. Шаруаға, диқанға кеңес өкіметінің көмегі өте-мөте керек-ақ.
— Ол көмек қандай формада болмақ, жолдас Рысқұлов?
Ленин креслоға қайта барып отырды. Әңгіме сарыны ресми реңге көшкенде «жолдас Рысқұлов» дейді екен. Рысқұловтың әр сөзіне ден қоя, сәл алға ұмтылыңқырай отырып тыңдады.
— Өзіңізге белгілі, Владимир Ильич, патша отаршылығы кезінде, бүкіл Түркістанда, әсіресе оның Қазақстан бөлігінде шаруалар шұрайлы жерден айрылды. Миллиондаған десятина нәрлі жерді кулактар иемденді. Жетісу, Әулиеата, Шымкент уездерінде, Сырдария бойына бұл саясат өте-мөте қытымыр келді. Бір ғана мысал, Владимир Ильич, 1913 жылға дейін Жетісуда отаршылдар қазақ және қырғыз шаруаларының миллиондаған десятина шұрайлы жерін тартып алып, өздерін тауға, тастаққа түріп тастады. Күнкөрісі қараң болған қазақ-қырғыз 1916 жылы патша мен жергілікті байларға қарсы көтерілді ғой. Ол көтерілісті патша әкімшілігі аса бір қанқұярлықпен басып тастады да, қалған жерді тағы тартып алды. Әне, сол кулактар сол жерді әлі де бауырына басып отыр. Бірінші көмек — сол жерлерді кулактардан алып, шын иесіне қайтару. Екінші көмек — жергілікті шаруа ол жерді өз күшімен игере алмас. Ендеше, шаруаны күш-көлікпен қамтамасыз ету керек. Әне, сонда Кеңес өкіметінің: «Жер — шаруаға» деген ұраны іске асады. Ал біздің жағдайда бұл әзірше тек ұран ғана.
— Иә, — деді Ильич даусын созыңқырап. — Демек кулактар жерді бауырына басып отыр. Ал бай дегеніміз кімдер?
— Бай дегеніміз, Владимир Ильич, кулактардың қазақ туыстары. Олар көбінесе мал ұстайды. Мыңғырған мал солардың қолында. Әлі күнге дейін жалшылары бар. Сол баяғы бай — әлі бай. Сонымен, Владимир Ильич, Түркістан пролетариаты кеңес өкіметі жариялаған теңдікке, бостандыққа, яғни, халықтың тілімен айтқанда, өз қолы өз аузына әлі жете қойған жоқ. Неге дейсіз ғой? Мен бұл жөнінде толық баяндаманы ЦК-ның, ВЦИК-тің атына жолдағанмын. Біріншіден, Түркістандағы алғашқы кеңес өкіметін кейбір шовинист-большевиктер, эсэрлер басқарды. Олар ұлт мәселесінде ойсыраған олқылықтар жіберді. Мен оларды колонизатор коммунистер дер едім. Түрккомиссияның келуімен байланысты істің беті бері қараған сияқты. Бірақ Түрккомиссия «қос өкімет» тудырып отыр. Мәселені ақылдасып, тізе қосып шешуден гөрі, бұйрыққа, әмір айтуға бейім тұрады. Ал Түрккомиссияға Сіз берген нұсқаулар олай емес қой.
Оның үстіне, кеңес аппараттарында әлі де болса патша заманынан қалған шенеуніктер көп. Қақсал колонизаторлар тонын айналдырып киіп, арамызда әлі отыр. Олар істі бүлдірмесе, түзетпейді. Мен сіздің әр секунді алтыннан қымбат уақытыңызды алып неғыламын, Владимир Ильич, менің және жолдастарымның Түркістан туралы жобасы мен ұсынысы ЦК мен ВЦИК-те жатыр. Уақытыңыз жетсе, сонымен танысып, ақ-қарасын, оң-терісін ажыратып берсеңіз. Шындық қой. Сізден Шындық, Әділеттік күтеміз.
Біздің Түркістанда университет жоқ, Владимир Ильич. Ал мектеп деген, әсіресе ұлттар тіліндегі мектеп, бұлт басқан қараңғы түнде, әлдеқалай анда-санда, әрең жылтырап, бір көрініп қалатын жұлдыздар сияқты тым-тым сирек. Патша губернаторлары Түркістан мен Қазақстанда мектеп салудан гөрі, түрме салуға құштар болды. Енді керісінше болғаны жөн шығар.
— Рысқұлов жолдастың айтып отырғанының бәрі дұрыс, Владимир Ильич, — деп Ходжаев қостады.
Ленин түркістандық екі басшыны да құшақтағысы келгендей, қолдарын жайып жіберіп, лезде жиып алды. Жилетінің қалтасына сол қолының саусақтарын сұғып, оң қолымен жағын таянып, сәл қабақ шытқандай болды. Сонда барып Рысқұловтың есіне Лениннің сол қолы иығынан, жауырын тұсынан жаралы екені есіне түсті. Эсер Каплан атқан улы оқтың зардабы әлі де сырқырайтын сияқты. Ал Ленин оны сездіргісі келмейді, кенет күлімсіреп, сөйлеп кетті:
— Университет болады, жолдас Рысқұлов, жолдас Ходжаев. Әлгі сіз айтқан бұлт ашылып, самсаған жұлдыздар сияқты жүздеген мектептер де ашылады. Ол университет, ол мектептер әсем салынуы керек. Сұлу болуы керек. Түрмелер азаяды. Түрмелер мүлде жойылса, әрине, жақсы болар еді. Бірақ әзірше лағынет атқыр капитализмнің, оның психологиясының сарқыншағы үзілгенше түрме де болады. Мұны, Тұрар Рысқұлович, сіз ұмытпастан Луначарскийдің де есіне салыңыз. Ал Сіздің Түркістан республикасының болашақ сипаты туралы жобаңыз жақын күндерде Саяси Бюро мәжілісінде қаралады. Оған дейін ЦК бөлімдерімен, ВЦИК-тегі, Совнарком, Нарконацтағы жолдастармен танысып, әңгімелесіңіздер. Біз әлі көрісеміз, қалайда кездесеміз. Иә, Түркістан мәселелері туралы ЦК мен ВЦИК, Совнарком комиссия құрады... Түркістан... — деп Ленин тағы да картаға қарады. — Шығыс. Иә, Батыс — ақылды, Шығыс — дана. Батыс — кеңістік, Шығыс — тереңдік. Батыс — әрекетшіл, Шығыс — арманшыл. Батыста әлі өркениеттің ұшқыны енді-енді жылтырай бастағанға дейін, жүздеген жыл бұрын Шығыста философияның ұлы-ұлы мектептері болған. Арманшыл, қиялшыл Шығыс. Ояту керек сол Шығысты. Шығыстың ақылына әрекет қосылса, керемет болады. Ал, енді келесі кездескенше сау тұрыңыздар!
Ленин креслодан серпіле түрегеліп, әуелі Рысқұловтың, содан соң Ходжаевтың қолын қысты...
* * *
Болымсыз болбырлар дүниеден көлеңке тәрізді өте кетеді. Тек от кеуделі адамдар ғана дүниенің шырайын кіргізіп, жер бетінің жарасын жазып, өз қызуымен ескі-құсқыны өртеп жіберіп, өртеңнен көкмайса жайқалта алады.
Ресейде революцияның неге жеңгенін Рысқұлов бір марксшілдей білсе де, енді ап-анық сезіп, себеп-салдарын саралап, салалап түсінгендей болды. Ленин сынды от кеуделі пайғамбар тумаса, оның отты, дана миы лауламаса, оның отты үні найзағайша шатырламаса, Ресей көпке дейін ыңырсып, әрі бай, әрі жұрдай кедей қалпында қала бермек еді. Егер от кеуделі Ленин өз тұлғасымен жаңа бір күндей жарқ етпесе, Рысқұловтын тағдыры не болмақ еді?
Рысқұлов бір мезгіл осылай да ойлады. Көп болғанда Ташкенттегі мұғалімдер институтын бітірер еді. «Алаш» газетінің редакторы Көлбай Тоғысов, мүмкін оны қызметке алар еді. Зайсаннан шыққан Көлбай Тоғысов — ерте туған көбегендердің бірі. Тұңғыш қазақ журналистерінің төлбасы десе де болады. 1905 — 1907 жылдардағы революцияның бір сарбазы, патшаның түрмесін де көрді. Содан кейін Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналында қызмет істеді. 1917 жылы «Үш жүз» атты ұсақ буржуазиялық бағыттағы партия құрды. Ташкентте «Алаш» газетін шығарды. Патшаны, байларды, алпауыттарды сынай отырып, «Алаш» партиясының «көсемдерімен» де айқасты. Жалпы демократиялық бағытта болғанмен, пантюркизмді уағыздады.
Ташкентте оқып жүрген жас Тұрар, әрине, Көлбай Тоғысовтың ықпалында біраз болғаны рас.
Бірақ өмір екеуінің жолын екі айырды. Көлбай Тоғысов та Қазан революциясынан кейін, бұрынғы райынан қайтып, большевиктерді төңіректеп, Кеңес жолын ұстанды да, 1918 жылы Омбыда әділет комиссары болып тұрған шағында, ақгвардияшылардың қолынан қаза тапты.
* * *
Ұлы Табалдырықтан енді аттап шығар кезде, Низамеддин Ходжаев бір тапқырлық жасады. Мүмкін, ол тек Ходжаевтың ғана тапқырлығы емес, Ходжаевты туған халықтың қанға сіңген рәсімі шығар.
— Владимир Ильич, біздің Түркістанға келіңіз, жүдә кұрсан боламыз, — деп Ходжаев қолын тағы да кеудесіне басты.
Ильичтің күлімдеген көзі жылт ете қалып, балаша мәз болып, қарқылдай күлді.
— Рақмет, жолдас Ходжаев, рақмет. — Осыны айтып, кенет тағы да картаға көз тігіп, орасан басын сәл қозғап қойды: — Иә, Түркістан. Көруді армандаймын. Түркістан туралы көп оқыдым. Бірақ көзбен көргендей қайдан болсын? Мына қиыншылық құрсауынан құтылып, социализм нығайып, еліміз әлденіп алған соң, несі бар, аралауға да болады. Түркістан... ар жағы Қазақстан... Иә, біз Қырғыз өлкесі деп жүрміз. Айтпақшы, Тұрар Рысқұлович, Сіз қалай ойлайсыз, сібірлік жолдастар бізге шағым айтып, мәселе көтеріп жатыр: «Ертіс бойы түгел Қазақстаннан бөлініп, Сібір өлкесіне қарасын», — дейді. Бұл қалай болады? Осы таяуда олардан делегация да келмекші, қазақтардан да келеді. Сіз қалай ойлайсыз?
— Ертіс бойы ежелгі қазақ жері, Владимир Ильич, — деп Рысқұлов көп ойланбай жауап қатты. — Патша отаршылдығы кезінде көшпенді орыстарды қоныстандырған, яғни Сібір қазақтары, әйгілі атаман Ермактың қандастары ғой. Патша зордан қоныстандырғанына қарапайым орыстар кінәлі емес, әрине.
— Міне, міне, Тұрар Рысқұлович, мәселе осында ғой. Сібірлік жолдастар Ертіс біздікі дейді, қазақтар — біздікі дейді. Ал енді, Қаңтаров дейтін бір жолдас, тіптен солақай соғып, Ертіс бойынан күллі орыстарды көшіру керек деп дауласады.
— Дұрыс емес, — деді Рысқұлов салмақтана түсіп. — Ондай солақайлыққа жол ашылса, біз де айта аламыз: бүкіл Түркістаннан орыс біткенді алып кетіңдер деп. Олай болмайды ғой. Ал бірақ Ертіс өңірі қазақтардікі, демек Қазақстанға қарауы керек, тек орыстарды көшірудің керегі жоқ. Шатақтың көкесі сонда болады. Арты қиын. Егер Кеңес өкіметінің ұлттар теңдігі жөніндегі Декларация бұзылса, осы уақытқа дейін, өкінішке орай, әсіресе бізде бұзылып келеді. Қазақтар мен орыстар көрші-қолаң, ауылдас отырып-ақ жап-жақсы өмір сүре алады. Жалғыз Ертіс бойы емес, бүкіл бұрынғы отаршылдықта болған өлкелерден жалпы орысты емес, шовинистерді әкету керек, жер аударып жіберу керек. Ал іріткісіз жерде орыс пен қазақ ағайынды адамдардай-ақ тату-тәтті тұра береді. Орыстың ішінде оңбағаны жүзден біреу, бәлкім, мыңнан біреу. Менің бала кезімде, әкемнің Қара Иван дейтін досы болды, біздіңше, тамыр. Әкемнің басына ауыр күндер туып, қамауға алынар тұста, алыс-жақын ағайыннан қорған таппай, сол Қара Иванды барып паналап еді. Жандармдар аулымыздың ту-талақайын шығарып, күлін көкке ұшырғанда, сол Қара Иванның жақсылығын көп көрдік. Ондайлар орыста аз емес. Рас, колонизаторлар қалдығы әлі де бар. Халықтарды араздастырып, арасына от салатын солар. Құтылсақ, солардан құтылайық. Ал бірақ ендігі жерде Қазақстанға ішкі Ресейден халықты көптеп аудара берудің де жөні жоқ.
— Рақмет, Тұрар Рысқұлович, — деп Ильич Рысқұловтың көзіне аса бір зейінмен зерделей қарап, қолын қысты.
* * *
Арада аз ғана күн салып, әлгі сол сібір — қазақ дауы Лениннің алдында шешілді. Қабырғада баяғы карта тұрған. Алтай тауларынан бастау алып, ұзыннан-ұзақ созылып-созылып барып, Обь өзеніне құлаған күретамырдай ирелеңдеген тарам-тарам жуан қара сызық — Ертіс дариясы. Қайран Қара Ертіс.
Ертістің ар жағында көрдім сені,
Сырғаңды қайық қылып өткіз мені, —
деген әнді қазақ қай ғасырда шығарды? Атамекен ғой ол! Ертіс пен Еділдің арасы емес пе Қара Бесік?!
Патшаның жөні бір басқа. Озбырлықты оған пешенесіне жазған. Отарлау саясаты — оның басты қаруы.
Ал Кеңес дәуірінде Сібір ревкомы: «Ертіс біздікі! Қазақстанға қарамасын, — деп өктем-өктем әкіреңдегені қай жосық?»
Лениннің кабинетіне алдымен сол Сібір ревкомының өкілі — кеспелтек келген сақалды кісі кірді. Оның шын фамилиясы Соколов еді. Бірақ Лениннен бастап, көп басшы жолдастар «Сибиряк» деп атайтын.
Сәлден соң сұңғақ бойлы, көмірдей қара шашы толқын атқан, қара мұртты, сұлу қазақ қасқая кіріп, сәлем берді. Бұл Қазақстанның жоғын жоқтаушы Қаңтаров деген кісі еді.
— Ал, Сибиряк жолдас, қазақ деген жақсы халықты неге ренжіткіңіз келеді? — деп Ленин Сібір ревкомының өкілін тұтқиылдан «тұтқынға» алып, тырп еткізбей тастады.
Сибиряк жеңіске жететініне күмән келтірмей, айтар сөзін әбден ықтияттап, дайындалып-ақ тұрған. Жаңағы тұтқиыл сұрақтан соң-ақ аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, абдырап қалды.
— Ренжіткен емес... әншейін қазақтар мен Сібір қазақтарының арасында жанжал туып кетпесін деп...
— Сондықтан да олардың арасына шовинистік өрт салу керек пе? — деп Ленин мысқылдай күлді. — Ұлттар арасында араздық тудырудың дәл өзі емес пе Сіздің талабыңыз?
Сибиряк қаба сақалын сипалай береді, қыртыс-қыртыс маңдайынан шып-шып тер шыға бастады.
— Ежелден келе жатқан егесті біржола тыйсақ па деп...
— Неткен сұмдық! — деп Ленин лезде оң қолымен санын бір салды. — Ау, бұл нағыз ұлы державалық Сібір саясатының дәл өзі емес пе? Көкетайым-ау, сіз бұл мәселеге Сібірдің тәкаппар мұнарасынан, тіпті ?Ұлы Иванның мұнарасынан көз қиығыңызды керги тастап тұрсыз ғой. Мүмкін, енді Сізге жетпей тұрғаны Гималай биігі шығар? Тек әйтеуір ағылшындардың дүрбісімен қарай көрмеңіз!
Сибиряктің сілейген жері осы болды. Түсінген адамға Ленин: «Сен немене, Үндістанды екі жүз жыл бойы езгілеп келе жатқан ағылшын ба едің?!» — деп тұр ғой.
Кабинет толы комиссия мүшелері сілтідей тынып, демін іштерінен алғандай.
Ленин кенет Қаңтаровқа бұрылып:
— Ал сіз не айтасыз? — деді.
Қаңтаров орнынан тұрып:
— Не айтайын? Ертісті босатып, ежелгі қазақ жерін қазақтардың өзіне қайтару керек, — деді.
— Сонда Ертіс бойын қоныстанған орыстарды қайтеміз?
— Алтайға қарай көшіру керек, о жақта жер көп, — деп Қаңтаров айылын жияр емес. — Тарихи әділеттік салтанат құрсын!
Ленин сәл жымиып, басын шайқады:
— Тарихи әділеттік! Жоқ, жолдас Қаңтаров, бұл нағыз әділетсіздіктің түрі.
Қаңтаров «қалайша?» — дегендей аңтарылып аузын ашып қалды. Ол тіпті күні кеше қызылкеңірдек болып айтысқан қарсыласы Сибирякқа қарап, көмек тілегендей болды.
«Екеуміз де оңбай соққы жедік, сондағы шешім не болмақ?» — дегендей еді оның көзқарасы. Сибиряк та күні кешегі айтыста ақикөз болған Қаңтаровқа енді бүйрегі бұрып тұрғандай, жұбатарға сөз таба алмай, іштей жаны ашитын сияқты.
Сонда Ленин кабинетті қыран көзбен лезде бір шолып өтіп, еңдігі айтыстың реті жоқ екеніне көзі жетіп:
— Қаңтаров жолдас, қазақтардың бәрі сізше ойламайды. Тарихқа, оның өткеніне, оның болашағына сізден гөрі терең бойлай қарайтын азаматтар қазақтарда да бар. — Ол Рысқұловты көз алдына елестетті. Политбюроның келесі мәжілісінде Түркістан мәселесі қаралатыны есіне түсті. Ол мәселе Сібір мен Қазақстанның шекарасын анықтаудан әлдеқайда күрделі. «Соншалықты ақылды адам, — деді Ленин ішінен, — бірақ о да қателеседі». Қарсылық бар ма?
Сибиряк пен Қаңтаров тағы да бір-біріне қарады. Әуелгі ызғар Лениннің құдіретті жылуынан еріп сала бергендей екен. Екеуі де жымиып барып, бір-бірінің қолын алды. Тіпті Сибиряк Қаңтаровты қапсыра құшақтап, арқасынан қақты.
— Міне, халықтар достығы дегеніміз, — деп Ленин мәжілісті жапты.
* * *
Лениннің кабинетінен шыға бере, Рысқұлов қабылдау бөлмесінде жиылып қалған кісілерді көріп: «Біз, сірә, Ильичтің уақытын көп алып, мына кісілерді күттіріп қойыппыз-ау», — деп бір сәт өзін кінәлі адамдай сезінді.
Әуелі бұрыннан таныс, қызметтес, әрі айтыскер әріптестері Элиава мен Рудзутак орындарынан түрегеліп, Рысқұлов пен Ходжаевтың қолын алып амандасты.
— Тұрар Рысқұлович, жүзіңіз тіпті нұрланып кетіпті. Сірә, жолыңыз болған-ау, — деп күлді Элиава.
— Оныңыз рас, Шалва Зубарович, айымыз оңынан туды десе де болады. Сіздер немене, менің Ильич алдынан сүмірейіп шыққанымды күтіп пе едіңіздер?
— Жоға, Тұрар Рысқұлович, Құдай сақтасын. Ондай ойдан аулақпыз. Иә, айтпақшы, танысып қойыңыздар: Чичерин жолдас, Крестинский жолдас. Түркістан туралы комиссияның мүшелері.
Рысқұлов әуелі Чичеринмен, онан соң Крестинскиймен қол алысты.
Сөйткенше болмай, Фотиева:
— Жолдастар, сіздерді Ильич күтіп отыр, — деді.
Элиава, Чичерин, Рудзутак, Крестинский бірінен соң бірі Лениннің кабинетіңе кіріп бара жатты.
* * *
Рысқұлов пен Ходжаев Кремль сарайынан шыққанда мамыр айының күні маужырап-ақ тұр еді. Әлгінде ғана көктемнің кәусар жаңбыры жауып өткен екен, сирень гүлдеріне тамшы ілініп, ашылған күн сәулесімен жақұттай жарқырап, мың құбыла ойнап тұр. Айнала — биік соборлар. Жауын шайып өткен күмбездері ерекше жалт-жұлт етіп, көздің жауын алғандай. Ходжаев соборларға кезек-кезек қарап, таңдайын қағып:
— Жүдә, ғажайып екен ә, Тұрар, — деді.
Рысқұлов басқа бір ойдың, Ленинмен кездесудің әсерінен әлі арыла алмай келе жатып, Ходжаевтың сөзі санасына кешеуілдеп жетіп:
— А? — деді. — А, соборлар ма? Бұл да жатқан тарих қой, Низам ака. Орыс елінің тұтас тарихы осы соборлармен байланысты. Патшалардың бәрі осы жерде тәж киген. Соңғы патша Екінші Николай да осында таққа отырған. Біздің білетініміз сол Екінші Николай ғой. Көрдік қой оның «қайырымын».
— О кісі Петерборда тұрмады ма?
— Иә, мекені сонда болды, бірақ патшалық таққа отыру рәсімі тек Кремльде өткізілген. Астана қайда болмасын, бірақ Мәскеу — Марказият — кіндік қала. Петербургке астананы көшірген Бірінші Петр ғой. Енді кеңес тұсында ежелгі тарихи әділеттік бойынша, Ленин астананы қайтадан Мәскеуге көшірді.
— Жүдә, ақылды болған екен де, — деп қойды Ходжаев.
АВТОРДАН
Бухгалтердің киіз кітабындай осы бір дәу дәптердің бірінші парағын ашып қойып, екі күн отырдым. Ештеңе жаза алмадым. Ой деген ойқастап, оқыранып, олай да өтеді, бұлай да өтеді. Бірақ қағазға түсіретін құдірет көпке дейін келмеді. Ол Рысқұловтың бейнесі еді. Қарсы алдыма суретін қойып қойдым. Бұл сурет 1923 жылы Рысқұлов Түркістан республикасының Совнаркомы болып тұрған кезде түсірілген. Түрі жап-жас, бармақ мұртының табы ғана білінеді. Көзілдіріктің ар жағындағы көздер қартамыс. Қартамыс та емес, тұңғиық оппа сияқты. Жап-жас болып, көпті көрген көсем көз. Дөп-дөңгелек көзілдіріктің алтын жиегінің жоғары доғасын қап-қара имек қас көмкеріп тұрады. Қастың үсті дөңбек те, сәл жоғарырақ бір сай бар сияқты да қайтадан дөңестеніп ала жөнеледі. Екі шекесі бұлтималы секілді. Шекелігі шығыңқы. Құдай о басында шақтап берген басқа сұрапыл сұңғыла ми симай кетіп, содан бастың формасы өзгеріп, маңдайы мен шекелігі бұлтиыңқырап кеткен тәрізді. Имек қою қара қас пен дауылды күні үдере көшкен қара бұлттай толқындана дүркіреген қара шаштың арасы ойпаң бел жазық маңдай.
Бұл суретте мені таңғалдыратын мүше — ерін. Еркекке бітетін ерін емес, уызына жарыған балпанақтай баланың ерні осындай топ-томпақ, үлбірек болса — болар. Еріннің екі ұшында сәл-пәл білінер бір иірім бар. О да нәрестенің нышанындай. Иегі сүйрік те емес, жалпақта емес, өте бір үйлесімді, сүйкімді. Мен суреттің дөңестеу мұрыннан жоғары жағын қолыммен басып тұрып, ауыз бен иек жағын бөлек қараймын. Бір бетте екі дүние, екі әлем жатқандай. Бірі көп жасаған, мың жасаған ежелгі еврейлердің қартамысы Мафусаилдай да, бірі сүтке тойып алып, бесігінде рақаттанып жатқан сәбидің жайдарман жаратылысындай.
Ақпанның бүгін он алтысы. Таңертең терезеден үңіле қарағанда құз қиясы, қиядағы қырандар ұясына дейін көрініп, төніп тұрған тауды қазір көкала түтін бе, тұман ба — сұрқай бір сұмырай көлбеп алды да, таудың тек сүлдесі ғана қалды. Күн шақырайып, шеке қыздырып, Жазушылардың шығармашылық үйінің төбесінен тамшы үзіліп түседі.
Рысқұловтың суретін ысырып қойып, көк түтін — шымылдық тұтқан тауға тесіле қарап көп отырамын. Әлгінде ғана шыршасының әрбір қылтанағына дейін ап-анық көрініп тұрған тау мұнар-мұнар-мұнарлардан елегізіп қана белгі береді.
— Иә, — дедім мен бір күрсініп, — тауды күн шығар-шықпас таң әлетінде көру керек. Мен кешіктім. Кеш тұрдым ба, кеш тудым ба, менің іздегенім енді мұнар-мұнар-мұнардың ар жағында. Амал не, үңіл сол мұнарға!
Будда дінінің дзен дейтін тармағын пір тұтатын жапонша таудың өзіне емес, әруағына, сүлдесіне қарай-қарай көз бұлдырады. Дзенте сенген байғұс жапон қараңғы үйде қабырғаға қарап, тесіліп, қашан бір елес жарқ еткенше күндер бойы, түндер бойы тізерлеп отырар еді. Менің көз алдымда ешқандай жарқыл жоқ. Көрінен өре түрегелген аруақтардай арбиған теректер ғана, ар жағы көк түтін, қарауытқан тау бөктері. Қарлыға қарқылдаған қарғалар. Құйрығы кір кимешектің етегіндей желбіреп ұшқан сыпсың сауысқан. Басқа құс қалмаған. Бір кезде осы арада қырғауыл пар-пар ұшып, жыртылып-айрылады екен. Қырғауыл қазір түске кіреді. Әріде-әріде, тамтұм кекілік бар деседі. Оны біз көре алмаймыз. «Ұлы тауға шыққан бар ма, ұлар етін жеген бар ма?» деуші еді баяғыда. Ұлар шіркін баяғыда сондай сирек болса, енді не қалды дейсің?
Мұнарлы тауға тесіле қарап отыра берсең, басыңа осындай-осындай, неше алуан бірдеңелер лықсып келе береді, келе береді. Ал іздегенің, зарығып іздегенің жоқ. Келмейді...
«Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген рас па, кім біледі... Әйтеуір, бір сәт Рысқұлов мұнартаудың тасасынан шыға келіп, терезеден бері төніп қарағаны рас. Әлдеқайда, төменгі қабаттан музыка ыңырсыды. Жұлдыздардың сыбырласқаны сияқты бір ғажап үн. Ол періштелер тілі шығар, мен қайдан білейін. Адамдар тілін әрең түсініп жүрген пенде, періштелер сөзін ұғар ма? Рысқұлов өзінің суретіне ұқсайды. Бірақ өңі сүзектен тұрғандай боп-боз. Музыка ыңырсиды. Төменгі қабатта скрипка тартатын адам жоқ. Радио және жоқ. Жазушылар алаң болмасын деп мұндағы нөмірлерге радио тартпаған. Сонда бұл не? Мүмкін, скрипка сазында сөйлеп тұрған Рысқұлов шығар? Ол музыкант болған ғой. Онысын тарихшылар жазбайды. Тек көзін көрген, сегіз жыл бірге тұрған жан жары Әзиза кемпір ғана айтады: «Біздің Тұрар пианинода, мандолинада, скрипкада тамаша ойнайтын», — деп. Әзизаның айтуынша, Рысқұлов «Амур толқындары», Огинскийдің «Полонезі», орыстың «Бродяга» сияқты саздарын ылғи ыңырсыта тартады екен. «Бродяга» — менің әкем ғой», — дейді екен. «Бродяга Байкал переехал» деген менің әкем емегенде, кім?» — дейді екен.
Терезеден Рысқұлов төніп тұр. Менің әлі бір таңба түспеген дәптеріме сұстана қарайды. Үн жоқ. Аузын ашпайды. Міз бақпайды. Ертеде, Италия елінде шығар, бір данышпан мүсінші жас Құдайдың мүсінін ақ мәрмәрдан қашап болып, әлгінің асыл нәсілді тірі адамнан аумай қалғанына өзі де ғажаптанып:
— Ау, сөйлесеңші енді! — деп шыңғырып жіберген екен.
Мәрмәр адам, әрине, сөйлемейді. Рысқұлов әлі мәрмәрдан мүсінделген жоқ. Мәрмәр тұрмақ, гипс те бұйырған жоқ. Терезеден төніп тұрған тек елес шығар. Сонда да:
— Бірдеңе десеңші, — деп үнім әрең шықты.
Музыка ыңырсиды. Рысқұлов ауыз ашпайды. Бірақ мен жұлдыздар сыбырынан бір үн естимін.
Әуелі Рысқұлов маған мысқылдай қарап:
— Байғұс бала, қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап нең бар еді, — дегендей көрінді. Бірақ Рысқұлов мысқылдамаушы еді-ау деймін. Не айтса да әжуасыз, мысқылсыз, адамды қорламай, турасын бір-ақ айтушы еді-ау деймін.
Музыка ыңырсиды. Соның өзі бірте-бірте сөзге айналып бара жатқандай екен. Рысқұловқа қарап едім, міз бақпады. Бірақ сөз анық естіле бастады.
— Байғұс бала... Бала деймін-ау, сен қайдағы бала? Мен ғой қырық үш жасымда қиылдым. Бір тарихшылар мені отыз сегізінші жылы, қырық үш жасында қиылды деп жүр, ал кейбірі: жоқ, Рысқұлов қырық үшінші жылы қырық сегіз жасында өлді дегенді шығарып жүр. Сөйтіп, менің жасымды бес жылға ұзартыпты. Мейлі, соның өзінде де сен, жазушы жолдас, менен қазір бес жас үлкенсің. Сонда қайдан бала боласың? Сен туған отыз екінші жылы мен Кремльде отырушы едім. Сол жолы Сталинге арнайы барып, екі рет елу беттен мәлімет жазып тапсырып едім... Жә, әңгіме онда емес. Әңгіме — сенің мен туралы жеріне жеткізе жазу қай-да-а-а-а? Ал Мұхтар жазар еді. Мұхтар екеуміз дос болатынбыз. Ол менен бір жас кіші еді, мені тарихшылар 1894 жылы туған деп жаңылыс жазады. Менің шын туған жылым — 1896 жыл. Анасының құрсағында жатқан уақытта қазақ бір жасқа есептейді де, мені 1894 жылы 26-желтоқсанда туған деп жаздырған. Иә, сол Мұхтар жазар еді. Ол жазған «Қараш-Қараш» үлкен эпопеяның кіріспесі ғана еді ғой. Мен Ташкентте Совнарком кезінде, ол САГУ-де аспирант еді. Үйге жиі келетін. Күніне түнде бірер сағат уақыт тауып мен бастан кешкен хикаяны айтамын, ол бір қалың қара дәптерге жазып отыратын.
* * *
Мен төртінші бетті жазып болып, басымды көтеріп алсам, тау мұнардан айыға бастапты. Батып бара жатқан ақпан күнінің қызылы шыңдар басын шалыпты. Әлдеқайдан моңғол ән салып тұр. Даусы үш тармақ болып шығады екен. Енді бір кезде шаңқобыз зарлап қоя берді.
Мен Рысқұловтың елесінен айрылып қалдым.
* * *
Келесі күні таңертең тау тағы да асқақтап, айбындана көрінді. Таудың белуарына дейін шахматтың тақтасындай шатыраштап, алма ағаштар отырғызып тастапты. Әрбір шыбығы айқын байқалады. Одан әрі де жыбырлаған үйшіктер ағараңдайды. Дачалар. Таудың төбесіне дейін өрмелеп барады.
Күн тау шоқыларынан сырық бойы көтеріле-ақ, әлгі алма бауларын, дачаларды көк түтін көлбей бастады. Біраздан кейін тәкаппар таудың өзін, көк шілтері шымылдық тұтып қалды.
Не жазарыңды, неден бастарыңды білмей, дағдарып, көк түтінді әлемге әрі-сәрі көз салып, көп отырасың. Жазушының жұмысы — жалғыздың ісі. Бұл іске басқа біреу қол ұшын бере алмайды. Асар шақырып, ұйымдасып бітіре салатын шаруа емес. Жалғыздың ісіне жаратылыс жар болсын. Құдай деп айтуға қорқамыз. Құдай десең — діншілдік. Жаратылыс десең — жат көрмейді. Түптеп келгенде екеуі бір ұғым. Әңгіме терминде. Кейде терминнің өзінен теперіш көріп, таяқ жеуге болады. Рысқұлов сондай хал кешкен. «Түркістан Кеңестік республикасы» деудің орнына «Түрік Кеңестік республикасы» дегенді ұсынды. Сонда «Түркістан» мен «Түрік» арасында асу бермес асқар тау жатқан жоқ. Түркістан — түріктер елі деген ұғым. Алайда «Түркістан» құлаққа майдай жағымды, «Түрік» деген түрпідей тиеді. «Түрік» — ұлттық ұғым бола тұра, ұлтшылдықты елестетеді. «Түркістан» — географиялық атау ретінде ешкімнің қытығына тимейді. Әйтпесе түбірі бір.
Осындай бір қотыраш ойдың оппасына түсіп, малтығып отырғанда, бөлменің тұтас бір қабырғасын алып жатқан терезеден төне қарап, Рысқұлов тағы оралды. Сүзектен тұрғандай боп-боз. Рысқұлов тіршілігінде екі-ақ рет ауырған адам. Бала кезінде сүзекпен ауырған, кейін ер жеткенде 1922 жылы Мәскеуден Орынборға келе жатып, Еділ бойындағы елді аралағанда, аш-арықтардан тағы да сүзек жұқтырып алды. Адам бұл дертпен екінші рет ауырмайды деген заң Рысқұловқа келгенде бұзылып кетті де, екінші рет сүзекпен жығылды... Ол ұзақ әңгіме.
Терезеден төнген Рысқұловқа мен де тесіле қарасам, оның дерті сүзек емес, аштық сияқты. Аштықтан әбден әлсіреген адамның сықпыты. Иірімденіп тұратын әдемі екі ұрты суалған. Бүлдіргендей уылжыған қыз ерін көгерістеніп кеткен. Көзінде — қасірет. Түбінде бір қасық су жылтыраған шыңырау құдық сияқты. «Өмірінің көбі аштық пен арпалыста өтіп еді, өз қу тамағы емес, миллиондаған халықтың, әсіресе қазан ұрмай, қар жаумай, аштыққа қайта-қайта ұрынған қалың қазақтың қамы Рысқұловтың бір басына үйіп-төгілгендей екен. Халқы тоқ. Тоқтықтан ақ түйенің қарны жарылып, тоқ балалар нан лақтырып ойнап жүргенде, жалғыз Рысқұлов аштықтан бұралып тұр.
Иисус Христостың суреті еске түседі. Рысқұлов Иисус Христостың суретін 1906 жылы түрме бастық Приходькомен бірге Кафедрал Соборға кіргенде көрген. Христостың қалың қасіретті көзіне қарап таңғалған. Неткен шексіз азап?! Не үшін?
Христос кім, Рысқұлов кім? Екеуінен нендей ұқсастық іздемекшісің? Сандырақ! Сарғайып ұзақ отырғанда ойыңа нелер келмейді. Сандалма!
ЕСКЕНДІР
Мың тоғыз жүз жиырмасыншы жылдың көктемі Қарақойын халқына рисалат нұрын сеуіп, жақсылық жаршысы бола келгендей. Осыдан дәл бір жыл бұрын қатарынан екі жаз, екі қыс ашаршылық болмағандай, адамдар шөп тамырын қазып, қоңыз теріп жеп кетпегендей, өткен бір сұрапыл сұмдықты лезде ұмыттырып, мамыражай мамыр айы тамылжып тұрған кез еді. Дәу-Баба таудың сай-саласы, шатқал-жықпылдарында балауса көк балақтап, арасында жайылып жүрген мал көрінбей есіріп кетті.
Жәпірейген жаман қотыраш үйдің қорасынан бес-алты тұяқ қой-ешкісін өріске айдап шыққан Ахат таңертең шеңгел шарбақтың түбі балақтап, күлгін-жасыл жапырақ жайып тұрғанын байқады. Даладан қырқып әкеліп шарбаққа тіккен қу шеңгел қайдан көктей қойсын, түбінен өскен басқа шөп шығар деп, түртінектеп, қолымен жұлып көріп еді, бөтен шөп емес, сол қу шеңгелдің өзі екен.
— Иә, көк Тәңірі, — деді Ахат алқаракөк зубәржат аспанға алақанын жайып. — Осы мейіріміңнен айырма! Қу ағашқа дейін көгерген екен, ол сенің рахымың, Тәңірі. Пенделерің пендешілікпен бұл құдіретіңді ұмытып кетсе, кешіре гөр!
Ақбас шың баяғыдай емес, бұлдырап көрінеді. «Бұған да шүкір, — деді Ахат өзіне-өзі күбірлеп. — Тәуба, тәуба. Менің жасыма жеткен де бар. Жетпеген кеп. Тумақ бар, өлмек бар. Әйтеуір жарық дүниеге келген соң — жан тәтті. Жарық сәуле көріп жүре бергің келеді. Құдайтағала қор қылмай алса болғаны. Иә, жаңа шыққан жақсы күн! Абырой бер, амандық бер, ел-жұртты аман қыл. Ұлы жылан жылындағыдай ашаршылығынан сақта. Тәңірі! Енді мені алсаң да арман жоқ. Тандыры кеуіп, құрсағы қурап қалған қара жердің қайтадан көктегенін көрдім. Әлімбек бабамыздан бері жасап келе жатқан мына бәйтеректің жапырағы жамырағанын естідім. Жапырағы қанша болса, ұя салған құс та сонша. Шуылдауын, масайрап сайрауын қарашы.
Ахат құс базарына айналған бәйтерекке қарай аяңдады.
Қаракөк қабыландай керіліп жатқан Дәу-Бабаның жотасынан аса ақбас шыңдар жаңа шығып келе жатқан күн сәулесінен алтын жалатқандай жарқ-жұрқ етті. Ахат алтын тәжді тауға көзін көлегейлеп, көп қарады.
Осы кезде сонадайдан қорбия қозғалып келе жатқан адамды байқап, көзі анық көрмесе де, жүріс-тұрысынан Дәу Омар екенін таныды. Дәу Омар әдейі дыбыс беріп, анадайдан тамағын қырнап, қақырынып алды.
— Ассалаума-әлейкүм, Аха!
— Әлейкүм-әссәлем, Омармысың? Мал-жан, бала-шаға аман ба?
— Шүкір, Аха. Кеше қызыл тарыны сеуіп болдық. Қарақойын жарықтықтың қара аңызына салдық қой. Топырағы әлі баяғыдай, түгін тартсаң майы шығады.
Қара аңызды қодірен басып кеткен екен. Биыл тарыны жаңалап сеппесе де, сол қодіреннің өзі-ақ бітіп қалатындай-ау, сірә.
— Тәуба-тәуба де, Омар, — деп Ахат мына қодарлау інісінің аңқылдақтығын аспан әлемі естіп қоймасын, қырсық шалмасын дегендей ыңырсиды.
— Құда қаласа, астықтың астында қаламыз. Сәуірде сепкен бәһәрі қазірдің өзінде тізеден келеді, тек мал түсірмей, аман өсірсек екен. Елдің ынтасы жаман емес, Аха. Бұл мойынсерік деген жарықтық береке екен ғой.
— Әлбетте, Омар шырағым, — деп Ахат ширай түсті. — Бірлік барда тірлік бар. Бұл айналайын Кеңес өкіметін білмей келіппіз ғой, біріктірді ғой басымызды. Тұрардың айтқаны келді емес пе? Былтыр осы уақытта, әлгі Лениннің Қобызев дейтін досымен бірге келгенде айтты ғой Тұрар: «Әр үйде жеке-жеке тырбанғанды қойыңыздар. Ұйымдасып, ұжымдасып тірлік істеңдер. Бір ауылда бес-алты өгіз болса, әрқайсың әр жаққа тартпай, бірлесіп жер жыртып, бірлесіп егін орып, астықты кейін бәліп алыңдар деп. Сол былтыр емес пе, әрқайсымыздың алдымызға бес-алты тұяқтан мал үлестіріп бергені. Әне, енді соның ретін көріп, жемісін жеп отырмыз.
— Иә, оның рас, — деп күрсінді Дәу Омар. Бұдан бір жыл бұрын, дәл осы уақытта ол Ташкенттің түрмесінде отырған. Шерменде болып, басмашыларға қосылып, шатасып, шақшадай басы шарадай болып, шым-шытырық шырғалаңға түскен. Содан жаңа Ахат айтқан Қобызев (Кобозев) дейтін орыс пен Тұрар түрмеден шығарып алып, ісін анықтап, ақтап шыққан. Успенский дейтін біреу түрмеде наганның дүмімен қарақұсынан ұрып, көзден айрылып еді. Ташкенттің ең тәуір деген дәрігерлері қарап, алты айдан кейін жанары қайта жанған. Содан бері көзілдірік киетін болды. Бұрын Тұрар десе тыжырынып тұратын одыраңбай Дәу Омар, енді Тұрарға өлердей тәнті. Елге келіп, үйіріне қосылып, осындағы мойынсеріктің тұтқасын ұстап, Қарақойын халқын ұйымдастырып жүрген де осы Омар.
— Дауылбай аузымен құс тістеп тұрған кезде, ата-баба мекені Қарақойыннан айрылып, қос қолымызды төбемізге қойып, бет ауған жаққа тентіреп кетіп едік, енді міне, сол жұмақ — қара бесікке қолымыз қайта жетті, — деді Дәу Омар аталы сөз айтып. — Жеткізген әуелі Кеңес өкіметі, содан соң Тұраржан. Енді алтау ала, ырың-жырың болмай, ұйымдасып, осы мойынсеріктің үдесіне жетсек, сірә, қор болмаймыз, Аха.
— Әлбетте, — деп қостады Ахат мына інісінің салауатты сөзіне әрі таңданып, әрі риза болып.
— Ендеше осы ауылдың сенен үлкен тірі аруағы жоқ. Басқамыз түгел бір жеңнен қол шығарғанда, жалғыз бөлініп, бөтегесі жарылып отырған анау Оразбақ. Өзің айтқан Кобызов пен Тұрардың арқасында айықпас кеселден айығып келді. Басқа біреулер болса, оның болыс болған кезіндегі сұмдығы үшін соттап, итжеккенге жіберер еді, а олай емес, қайта Кеңес өкіметі оны айуан болып кеткен жерінен адам қатарына қосты. Бірақ елге оралғалы бір ай шамасы болды, баяғы болыс болғанға дейінгі ку әдетіне басып, үйінен шықпай жатып алды. Бізге өкпелегені ғой. Кімге кім өкпелеуі керек сонда? Осының кесірінен емес пе, мен былтыр атаңа нәлет Ергешке барып қосылам деп шатасқаным.
Е, оның бәрін айта берсең қойқаптағың қозады... Қайтеміз оны, — деп Дәу Омар әлденеден жиіркенгендей жерге бір түкірді. — Өткен-кеткенді ұмытайық. Кезінде не болмады? Өтті-кетті, енді беті аулақ болсын. Менің айтпағым, Аха, сол Оразбақтың бетін бері қаратайық. Мойынсерікке кірсе, тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіт. Керек десе мойынсеріктің бастығы, менің балам Жорабайдың орнын соған-ақ берейік. Қалай қарайсың, бір ақыл тап?
— Жөн сөз айттың, Омар, — деді Ахат қызыл жиек көзін орамалмен мұқият сүртіп болып. — Оразбақтың негізі таза, оны бүлдірген әзәзіл ғой, түлен түртті ғой былтыр. Әлгі Қырбас па еді, Жырбас па еді, солар бүлдірді ғой момын байғұсты. Әрі десе, аурудан қияли болды. Енді дін аман. Қосылсын қатарға. Кешке біздің жаман үйге жиналайық. Сонда бір бәтуаға келерміз, — деп Ахат орнынан тұрғыз дегендей Дәу Омарға арық қолын созды.
Екеуі енді үн-түнсіз шуылдаған бәйтерекке қарады.
— Не көрмеген әулие ағаш, — деді Ахат көзі жасаурап. — Әлібектің көзін көрген... Содан бері дауылды да, сұрапыл сұмдықты да, жадыраған жазды, қаһарлы қысты да көрді. Қасқайып, қажымай тұра береді. Майыспауды, жасымауды осы әулие ағаштан үйренсек керек-ті...
* * *
Былтыр дәл осы уақытта Кобозев пен Рысқұлов Ферғана сапарынан жолай Түлкібасқа тоқтағанда, Оразбақ болыстың небір сойқанын естіп, табанда орнынан алған. «Тұқымы тұздай құрыды», «құртқан өз туысы Тұрар», — десті жұрт. Бірақ Кобозев ақылды кісі ғой, Оразбақтың кеселін көзбен көріп, оны жазалаудың орнына, Мәскеуге емдетуге жіберді. Арада жылға жуық уақыт өтті. Оразбақ сол кеткеннен зым-зия кетті. Сонда Түлкібастың жұрты: «Е, бәсе, сорлыны Сібірге айдап жіберген ғой», — десті. Содан бір күні, осы көктемде, іңір қараңғысында Ұлтуған кемпірдің аңыраған даусын естіп, көршілері:
— «О, сорлы, баласынан жаман хабар келген екен ғой», — деп үйлерінен үрпиісе шығып, Ұлтуғанның жаман құжырасына қарай беттесін. Не дауыс шығарып, «бауырымайлап» жылап баруды білмей, не үн-түнсіз кірудің амалын таппай, Тау-Шілмембеттің амалы таусылған бір заман болды.
Ақыры Ахат жеке кіріп, мән-жайды білуге кетті. Басқалары аңтарылып күтіп қалған.
Ахат кіріп келсе, Ұлтуған тіреудің түбінде зіңгіттей біреуді мойнынан құшақтап, айрылмай, теңселе түсіп, аңырап тұр:
— Жалғанда көрген жалғызым-ау! Сені де көретін күн бар екен-ау! Енді Құдай қу жанымды қазір алса да арманым жоқ...
Ахаттың келіп кіргенін көріп, кемпір енді оны барып бас сала құшақтасын.
— Айналайын, қайынаға-ау, өлгенім тірілді, өшкенім жанды, жарандар-ау, қайдасыңдар? — деп есі шығып, елбе-делбе болсын ғой.
— Сабыр ет, келін. Қуанған да, қорыққан да бірдей деген осы, шырағым. Көзайым болыпсың, қуанышыңды ұзағынан сүйсіндірсін, — деп, көзін көлегейлеп, әлгі зіңгіттей жігітке жақындай берді де, Оразбақты танымады.
«Басқа біреу ме?» — деген ой сумаң етті.
Оразбақ бұрын бет-аузын ақ шүберекпен таңып алып жүруші еді, өмірі шешпейтін. Енді Ахаттың алдында қыр мұрынды, сұлу қара мұртты, әп-әдемі жігіт тұр.
— Оразбақсың ба, шырағым? — деді Ахат әлгі адамның өзіне созған қолын қысып тұрып.
— Ата, танымай қалдың ба, мен Оразбақпын.
Сөйтіп, осыдан біраз шама бұрын, сәуір айының кешінде Оразбақ өз үйіне оралған. Кобозевтың хатымен Мәскеуге барып, ең білгір мамандардың емдеуінде болып, мұрнына пластикалық операция жасатып, қоң етінен мұрын жалғап, баяғы анадан жаңа туған пәк қалпына қайта келген екен.
* * *
Мамырдың әлдеқалай жүрек сыздатқан, көзге көрінбес армандар ағысындай самал лепті, майда қоңыр кеші түсіп, Аспантау шыңдарын шалған қызғылтым бояу семген кезде, Тау-Шілмембет аулының ошақтары әр-әр жерден, жылт-жылт ете бастаған.
Әсіресе Ахат қарияның жерошағы ерекше маздаулы. Көптен бері түтінінің семіз шыққаны осы қайырлы кеш шығар. Қыста туған қоңыр марқа сойылған. Аз ауылдың шал-шауқан, кемпір-сампыр, келін-кепшік, жігіт-желеңі Ахаттың аядай үйіне жинала бастады.
Алдымен Ахаттың өзіндей кәрі самаурынмен шай келді. Ағайынның бас-аяғы жиналып болғанда, бұл дастарқанның ненің құрметіне екенін Ахат өзі түсіндірді.
— Ал, Тау-Шілмембет баласы, көптен бері жақсылыққа, жақсы ырымға бас қоспаппыз. Біздің басымыздан өткен қияметті санай берсек, басымыздағы шашымыз да жетпейді. Әне, содан болар, бір-біріміздің үйімізге бас сұғуымыз сиреп кетіпті. Бүгін сендерді шақырып, дәм татырудың орайы келіп, сәті түсті білем. Арамыздағы арысымыз Оразбақ ұзақ сапардан оралғалы да біраз уақыт болып қалыпты, науқангершілікпен қол тимей кетті білем, үйге шақырып, бір құмған шай берудің сәті келмеп еді. Ештен кеш жақсы, міне, бүгін Оразбақ ортамызда отыр.
Осы жерге жеткенде, Ахат ақ орамалмен көзінің жиегін бір сүртіп, ойланыңқырап отырды да, сөзінің салмақты жағына көшті.
— Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Әрқайсыңның көңілінде бір кірбің бар. Көңілді кірбің тұта берсе кір болады. Ал тәннің кірлегенінен жанның кірлегені көп қиын. Міне, мына маймақ жаман самаурын менімен бірге жасап келеді десе де болады. Түлкібастан Талғарға, Талғардан Мерке, Түлкібасқа қайтып бірге келді. Ішіне тұрған қақ бір-екі елі келетін шығар. Қаққа темір шыдаса шыдар, адам шыдамас. Көңілдің кірін шайып тастаңдар. Өткенде кеткен бір білместік үшін Оразбақты көзге түрте бермеңдер. Тереңірек үңілсең, оның сол әрекеті жаулардың арандатуы екенін, Оразбақ тек сол алдаудың-арбаудың құрбаны болғанын ескерейік. Затында Оразбақ залым емес қой. Ал Оразбақ шырағым, сен де зіл сақтама. Ағайын алдында жүзің шіркеулі де болмасын. Өткен-кеткен бәленің бәрін көрген бір жаман түстей ұмытайық. Әйтпесе елдігіміз қайсы? Қазір бір игілікті іс бастап, ұйым болып, тіршілік етіп жатқан жай бар. Сол көпшілік ісінен еш шет қалма, Оразбақ!
Осы кезде дәу қара тегенемен буы бұрқырап ет те келді. Ел тоқшылыққа енді дегенмен, қызыл көрсе қызықпайтын қазақ жоқ. Жас марқа етінің иісі мұрындарын қытықтап, жұрт қолдарын жуып, шалдар жағы қындарынан бәкісін суырып, саусақтарымен пышақтың жүзін сипап көріп, сілекейлері шұбырған тұс.
Қара шараны Дәу Омар ұстады. Қанша басалқы, бас ие болдым десе де, ас көргенде қасқыр тектіленіп, аһ-аһ деп, алдымен балғын құйрықтан қиялай кесіп алып, өзі бір қылғытып жіберді.
Елжіреп піскен басты Ахаттың алдына қойды. Айнала алқа-қотан отырғандарды көзін сүзе бір шолып өтіп, әркімнің жасына, қадір-қасиетіне қарата етті мүше-мүшесімен үлестіре бастады.
Босаға жақта отырған келін-кепшік, бала-шаға елеусіздеу қалып бара жатқанда, кейбір шыдамсыз балалар шешелерін түрткілеп, қыңқыл-сыңқыл шығарды. Ахат соны байқап, жеткенінше сол балаларға құлақ, құйқа үлестірді. Алақанына құйқа түскен келіндер орындарынан тұрып, қол қусырып, сәлем рәсімін жасап жатты. Үшеу, төртеу ара табақ тартылып, жұрт жаппай басқа дүниені, басқа уайым-қайғыны, күйбің-күйкі тірлікті ұмытып, тамаққа қарады.
Оразбақ өзіне тиген асық жілікті мүжіп болып, асығын алып, өткір бәкімен мұқият тазалап отырған. Есік жақтағы жеңгелері күңкілдесіп, Оразбақ жаққа ұрлана көз тастап қояды. Бұрынғы Оразбақ емес. Реңді, келісті, керіскедей жігіт болыпты. Үстіне кигені мына отырған басқалардың жабайылау, ала-құла шоқпытынан өзгеше. Киім-басы шырыштай, қара костюм, жағасы қатырмалы ақ көйлек, аяғындағы туфлиіне дейін жалтырап тұр. Мұндай туфли киген еркекті бұл елдегілер тұңғыш рет көруі шығар.
Ел етке бір қарқындап, енді сорпа келе бастаған кезде, майлықпен саусақтарын санап сүртіп отырған Шыны шал:
— А, Оразбақ шырақ, әңгіме айта отыр. Көрген-білгенің көп. Мәскеу бардың, Тәшкен бардың, не көрдің, не білдің? Біздің Тұраржан аман ба екен? Мәскеу кетті деп еді, көре алдың ба оны? Елге не айтады? — деп сұрақтың бәрін үйіп-төгіп бір-ақ қойды.
Отырғандар елең етіп, дастарқанның шетін ысырып, аяқтарын созып, ыдыс-аяқтың сылдыр-сылдыры тыйылып, әлдебір ерекше жаңалық айтылатындай құлақтарын түрді. Оразбақтың шешесі Ұлтуған кемпір кимешектің жиегін қайырып, оң құлағын ашып қойды. Ұлтуған кемпір өлгені тірілгендей қуанышты. Қартаң жүзі қыртыс-тыртысы жазылып, қызылшырайланып алыпты. Ол мына ағайын-тумаға дән риза: Оразбақты шетке теппей, бауырына тартты.
Оразбақ кенет не айтарын білмей, қалтасынан аппақ орамал алып, шып-шып терлеген маңдайын сүртті. Өзі тазалаған асықты үйіре береді, үйіре береді.
— Оразбақ шырақ, жаңа Ахат атаң айтты ғой, өткенді еске алып қысылма. Бір мүкіс сенен де, бізден де кеткен шығар. Енесі тепкен құлынның еті ауырмас болар, бізге өкпелеме, бізден сескенбе де, — деп Шыны тағы сөз тастады.
— Не айтайын, сол былтырғы сойқаннан кейін Тұрар мен Кобозев мені Ташкентке алып барды. Ондағы дәрігерлер ары қарап, бері қарап, Мәскеуге бару керек деді. Содан Кобозев хат жазып берді. Тұрар пойызға жәрдемдесті. Мәскеуге он бес күнде жеттім-ау деймін. Жол қиын, әрең бардық. Көп айтса, әңгіме көп. Көріп отырсыңдар, кеселім пышақ кескендей тыйылды. Мұрынды жамап берді. Сол... Қайтарда Ташкентке түстім. Мен келсем, Тұрар Мәскеуге жүрейін деп жатыр екен. Мені көріп қуанып қалды. Жолда Манкентке түсіп, баламды көре кет деді. Айтқанын істеп, Манкентке тоқтап, орыс құдағиымыздың үйіне бардым. Тұрардың Ескендір деген баласын көрдім. Кемпір қудағи да қуанып қалды. Тұрардың туысы да іздеп келеді екен-ау деп, жаны қалмай күтті.
— Ау, ол әлгі орыс келіннен туған бала ма? — деп Дәу Омар шыдай алмай килігіп кетті.
— Иә, орыс әйелінен...
— Кімге тартыпты? Орыс боп кеткен шығар?
— Тұрардың аузынан түсіп қалғандай. Жуырда бір жасқа толады екен. Сүп-сүйкімді.
— Е, айналайын-ай, — деп Ұлтуған ернін сылп еткізді.
— Бауы берік болсын!
— Өмірлі болсын, жәдігер!
— Тұлпардан туған тұяқ қой.
— Шешесі діні басқа демесең, Тұрардан аумайды деп отыр ғой мына Оразбақ.
— Сонда Тұрар қайнымыз бір бөлек, баласы бір бөлек тұра ма? — деп сыбырласты әйелдер жағы.
— Әйелімен ажырасқан дейді ғой.
— Үйбай көтек, онысы несі? Үлкен өкімет те ажыраса ма екен?
— Е, не қылар дейсің, Тұрарға қатын табылмайды деп уайымдап отырсың ба, байғұс?! Жаман биені жабулап құлынын ал деген. Бала қалса болды да.
Дәу Омар осы жерде бір кісілік көрсеткісі келіп, қоқиланып, шалқая түсіп отырды да:
— Оу, ағайын, біз осы ел емеспіз бе? Тау-Шілмембет деген атымыз шулы емес пе? Неге бармаймыз сол Манкентке? Құдағиға, орыс та болса, неге қол беріп, сәлемдесіп, жекжат-жұрат болмаймыз? Баланы неге бауырымызға тартпаймыз? Баланы титтейінен ата-бабасының топырағына аунатып, иістендірмесе, кейін ол жат болып кетеді.
— А, мұның ақыл сөз, Омар, — деп Ахат төсіне салбырап түсіп кеткен басын көтеріп алды. — Орыс құдағиға барып қайтайық. Мына тұрған Манкент қой. Елге шақырайық. Құдаларының ел-жұртын көрсін. Әумиін!
* * *
Бас құда болып Ахат баратын болды.
— Мені аруақтай қаудыратып қайтесіңдер, жастар жағы барсын да, — деп Ахат тартыншақтап көріп еді, Дәу Омар да, Шыны да, Үсіп шал да — бәрі де көнбеді.
— Тұрарды титтейінен мойныңа мінгізіп, Алматыдан Меркеге дейін тістелеп жеткізген сен емес пе едің? Сен бармай кім барады бас құда болып?!
— Мына тұрған Манкент қой, арба жегіп берейік, шаршамайсың.
Не керек, бәрі жабылып шалды көндірді.
Екінші болып Дәу Омар «тізімге» ілінді.
Әрине, жолды, жөн-жосықты, орысша білетін Оразбақ бар.
— Е, осы үшеуің жетесің, қазақкершілікке салып, үйіліп-төгіліп барсаңдар, орыс құдағи шошып кетер, — деп Шыны тізімді тежеді.
— Ойбай, қатындар жағы нейбет қала ма? Ақ жаулықтан да біреу барсын да, — деп Ұлтуған кемпір бүкір белін бекер тікірейтпек болып, бір жұлқынып қалды.
Бірақ «ақ жаулық» елінен лайықты өкіл табылмады, біреуінің өң-басы келісті-ақ, көйлегі ескі, біреуінің емшекте баласы бар. Ұлтуған кемпір бүкір, әрі десе Оразбақ кетіп барады.
Сонымен, үш еркек те жетеді деген ұйғарым болды.
Енді осы үшеуінің киім басы сарапқа салынды. Оразбақтың киімі ине-жіптен жаңа шыққан, ақ күріштей. Сексеннен асқан Ахат та біркиері таза болатын. Небір жаманшылықта үстіне қылаң түсірмейтін мұнтаздай таза шал.
Дәу Омардың үсті-басы олпы-солпылау еді. Ауыл арасында ешкім елемес, ал орыс құдаларға қонаққа барудың жөні бір басқа. Тау-Шілмембет бөтен жерге күлкі бола алмайды. Шыны шал өзі қыста тіктірген түлкі тымағын ұсынып еді, Дәу Омардың қазандай басына батпай қойды. Қара шибарқытпен тысталған қырмызы қызыл түлкіге Дәу Омар қызықса да, амал жоқ, Шыныға қайтып берді.
Оразбақ Мәскеуден ала келген басы артық, күнқағарлы «шәпкесі» бар екен, соны әкеліп көрсетті. Сұр кепка Дәу Омардың басына қона кетті.
— Ой-бу, Құдай сыйлады, құдды қара орыстың өзі болды да қалды, — деп Дәу Омардың кемпірі бетін шымшыды. Дәу Омар айнаға қарап, кепканы бір шекелеп киіп:
— Орыс құдағиға ұнап қалармын, кисем, киейін, — деп келісті. Үстіне ұп-ұзын қылып, Оразбақтың орыс пальтосын киді.
— Ой-бой, мынау нағыз өкіметтің өзі болды ғой, — деп Тау-Шілмембет тегіс мәз болды.
Жолаушылардың жанына ауылдың бала-шағасы түгел жиналды. Дәл бір Көкіректің базарында Ташкенттен келген цирк ойын көрсетіп жатқандай қызықтайды. Көкіректің базарында өзбектің өнерпаз даршылары арқанның үстімен жүріп ойын көрсететін. Мынау да бір тамаша. Тіпті ауылдың иттері де, «бұл не?» дегендей құйрықтарын бұлғаңдатып, балалардың арасына кіріп, салпаң құлақтарын бір көтеріп, бір түсіріп, бастарын қисайта қарап қалған.
— О, жеңеше, абайла! Жәкем орыс ауылға тоқал айттырып бара жатқаннан сау емес, — деп бір қайнысы Дәу Омардың кемпіріне тиісті. — Орыстан тоқал алатын адамның қылығы ғой мынау. Басында — шәпке, жараса қалуын қарашы өзіне.
— Әй кемпір, шынында ұят шығар, әкел өзімнің жаман киіз қалпағымды, — деп Дәу Омар айни беріп еді, кемпірі:
— Қой әрі, жұрт айтты екен деп құбылма. Кие бер сол шәпкені, несі бар. Мәскеуден келген тәбәрік. Жақсы ырым болады. Орыс құдағидың көзіне де жылыұшырарсың. Бірақ әлгі тоқал деген бәлені шыннан көріп жүрме. Әкелсең, жөні түзуін, можантопайын әкел. Мен де бір қу тіршіліктен құтылып, қолымды жылы суға малып отырайын.
— Сандалма! — деп Дәу Омар арбаға бұрылды.
Тау-Шілмембет жиналып, ауылдағы қылқұйрықтың ең тәуір дегенін таңдап, Шынының арбасына жегіп, әбзелін оңдап, арбаның шабағына дейін шүберекпен сулап сүртіп, ұлықтың былқылдақ күймесіндей күйттеді.
Үш азамат арбаға мінді. Делбені Дәу Омар ұстады. Арбаның арт жағында аяғы байлаулы семіз қара тоқты жатыр. Құдағиға сый сол. Арба орнынан қозғала бергенде, Омардың кемпірі кимешегінің қисайып кеткен жиегін жөндеп қойып, байына тапсырма айтты:
— Әй, байғұс-ау, орыстардың ортасына барасың. Тым дарақылана берме. Әлгі арақ ішкізетін бәлесі болады деуші еді, татып қойма қара басып. Шошқаның етін беріп жүрмесін бәле болып.
Дәу Омар екі көзі ежірейіп:
— Оттама, қатын! — деп қамшысын сілтеп кеп қалды.
— Ойбай, Қодар неме, — деп қатынының ерні сылп ете қалды.
— Уа, жолдарың болсын, жолдасың Қыдыр болсын! — деп Тау-Шілмембет жалғыз атты арбаның соңынан қолдарын бұлғады.
* * *
Тоқ торы үш кісі мінген арбаны жеңіл тартып, желе-жортып, пысқырып қойып келеді. Көп ұзамай бұлар Саз-Төбенің басына да көтерілді. Қырқадан ары — Ақсу алқабы, Сайрам сахарасы салтанатты театрдың сахнасындай көсіліп қоя берді. Түлкібас — жердің жәннаты болса, Ақсу-Сайрам дүниенің жұмағы. Шалғыны кісі бойы келерлік бидайықты атырап, жасыл зүмірет теңіздей толқын атады. Түйдек-түйдегімен ұшып-қонып жүрген сарыала қаз. Әне, анау Келтемашат сайының қабағында мыңғырған қой жайылып жатқандай. Жолаушылар жақындай бере, әлгі «қойлар» қорбаң-қорбаң ұмтылып барып, кез қанаттарын кере жайып, жер бауырлай ұшып, әрірек барып қонады. Дуадақтар. Көптен бері дуадақ көрінбей кеткен. Жан-жануар, аң-құс атаулы да нулы жерді мекендейді. Құрғақшылық жылдарда келмей кеткен құс қайта оралыпты. Бұ да береке нышаны.
Жол-жөнекей қаулап өскен көккекіре, қызыл изен, тас мия, адыраспан иісі араласып, аспан асты жанға шипа дәру ауаға бөгіп тұр. Көкірегің қанша қаңсып қалса да, жан сарайыңды ашып, жұлын-жүйкеңді балқытып, қан тамырыңнан еріткен алтын балқып ағып жатқандай, өміріндегі қайғы-қасіреттің бәрін ұмыттырып, таскереңнің өзі көкірегінде бұлбұл сайрап, ән салғысы келеді. Боза жорада ғана аса бір қызғанда «әу» деп қалатын, әйтпесе ән-әуенге әуестігі шамалы Дәу Омардың өзі:
Сайрамсу малдың жайлауы-ай,
Өмірдің бар ма байлауы ай?! —
деп барқыраңқыраған дауыспен айналаны жаңғырықтырып, әнге басты. Бөтен дауыстан үріккен бөдене құс, жол жиегіндегі итқонақтың түбінен «пыр-пыр» көтеріліп, шалғынға барып, сүңгіп кетіп жатты.
— Аха, менде арман жоқ, енді қазір өліп кетсем өкінбеймін, — деп Дәу Омар ағынан жарылып барады. — Былтыр осы уақытта басымды тауға да, тасқа да ұрып, ақыры Оспенскінің (Успенский дегені) түрмесіне түсіп, су қараңғы жатыр едім. Енді қайтып мына мол сәулені көрем деген үміт жоқтың қасы еді... Е, несін айтайын:
Сайрамсу малдың жайлауы-ай,
Өмірдің бар ма байлауы-ай?! Ah!
Ұрпақтар келеді, ұрпақтар кетеді. Ал мына жасыл жәннат жайқалып тұра береді. Бұл қысқа ғұмырда енді қанша жарық күні қалды — ол белгісіз, бірақ мына үш Тау-Шілмембет рақат мұхитын кешіп келе жатты. Әсіресе Дәу Омар ішпей-жемей мас, онсыз да қызылкүрең жүзі албыртып, айрықша нұрға малынып, рисалат нұрын жалынан ұстап, ат қып мінгендей арқалы.
Үш Тау-Шілмембет түс болмай-ақ салып ұрып, Манкент түбіндегі орыс құдағидың үйіне де жетіп келді.
Қанылтыр төбелі ақ үйдің алдында, огородтың арамшөбін жұлып жүрген Елизавета Петровна, арбалы қазақтардың келіп тоқтағанын, арбадан арбаң-құрбаң түсіп жатқанын көріп, үсті-басын қаққылап, қақпаға қарай жақындады. Ол бұл қазақтардың ішінен Оразбақты ғана таныды. Алдымен Оразбақ амандасты. Дәу Омар сонадайдан құшақ жая, қорбаңдай басып келіп:
— Іздірәсте, маржа! — деп сәлем берді.
Ахат көзін қолымен көлегейлеп, бұларға қарап, «біздің Омар да орысшадан құралақан емес екен ғой», — деп қойды.
Оразбақ таныстырып жатыр. Елизавета Петровна сонда барып, жүзіне жылы шырай жүгіріп, Ахаттың қасына өзі келіп:
— Здравствуйте, кум! — деп сәлемдесті.
Ахат басын шұлғи береді. Бар білгені:
— Карашо, карашо, — дейді.
«Е, Тұрардың туысқандары осылар екен ғой. Әдейі іздеп келгені — жақсылық», — деп Елизавета Петровна верандаға дастарқан дайындауға кірісті.
— Пастой, маржа, — деп Дәу Омар тізгінді өз қолына ала бастады. — Баран есть, махан кушэт бутем.
«Орыс құдағи» түсініңкіремей Оразбаққа қарады. Оразбақ мына екі шал қазақ рәсімімен ауылдан қой алып келгенін, енді қазір сойып, бірге отырып дәм татысатынын айтты. Көргенді кісі ғой, Елизавета Петровна қолымен жасқап:
— Зачем, зачем, — деп қиналыс білдірді. — У нас есть чем вас угощать.
Оразбақ айтты.
— Құда жолы, жоралғы солай. Бұл қой сіздің сыбағаңыз.
Ай-шайға қаратпай Дәу Омар арбаның артында жатқан бағланды көтеріп алып, арықтың жағасындағы көгалға ыңқ еткізіп, белбеуімен төрт аяғын буып тастап: «Бісміллә!» — деп қылпылдап тұрған кездікті қынынан алып, бауыздап та жіберді.
Бағанадан бері шынжырын салдырлатып, тыным таппай абалап, жын буып тұрған тік құлақ төбет жас қанның иісін сезіп, үргенін қойып, Дәу Омар жаққа жұтына қарап, құйрығын бұлтаңдатып қалды.
Арықтың ар жағында арқандаулы тұрған баяғы ақ ешкі маңырады. Сөйтсе, Елизавета Петровна ішкі үйден Ескендірді киіндіріп, көтеріп алып шыққан екен. Ақ ешкі, сірә, өзінің осы баланы өз сүтімен асырайтынын сезе ме екен, әлде үйдің иесінен бірдеңе дәмете ме екен — әйтеуір, бала көтеріп, есік алдына шыққан кемпірге қарап, маңырап-маңырап қойды.
— Міне, туысқандарың, — деді Елизавета Петровна қап-қара дудар шашы бұйра-бұйра, топ-толық, балпанақтай баланы көтеріп тұрып. — Құдалар, әрине, мені іздеп келмеген болар, егер осы Ескендір болмаса, айдаладағы бір кемпір кімге керек...
Алдымен қалтаңдап түрегеліп Ахат ұмтылды. Сақал-шашы аппақ селеудей, қасына дейін жалбырап ағарып кеткен шалдың қол созғанын көріп, бала әжесінің бауырына тығыла түсті.
— Е, жәдігер, жатырқайды, — деді Ахат қызыл жиек көзі жасаурап. Сөйтіп, қойнына қолын салып құнжындады. Әбден ақжем болып, түтесі шыққан әмияннан бір көк қағаз суырып алып, құдағиына ұсынды.
— Нет, нет, что вы! — деп кемпір шоршып түсті.
— Алыңыз, — деді Оразбақ орысшалап. — Қазақ рәсімі, алмасаңыз, ақсақал өкпелейді. Бұл көрімдік деген болады.
— Интересно, — деп құдағи ақшаны амалсыз алып, сары сарафанный, қалтасына салды.
Ахат шал құдағиының көрімдікті қабыл алғанына риза болып, кәдімгідей құнжындап қалды.
— Бәу-бәу, келе ғой, — деп аузы бұртиыңқыраған, қабағы түйіліңкіреген балаға арық саусақтарын қыбырлатып тағы созды. Бала: «бұл кім?» — дегендей әжесіне қарады.
— Дедушка, дедушка... Ата-ата, — деді кемпір де баланы — Ахатқа қарай икемдеп ұсына беріп.
Бала «барсам ба, бармасам ба?» деп қабағын түйіңкіреп қарап тұрды да, сәби саусақтарын тарбита созып, қартқа қарай бір ұмтылды. Ахат баланың бал татыған саусағынан сүйіп тұрып:
— Уа, ұрпақ! Тәңірім сені тарлығынан сақтасын! Әкеңнің азабын бермесін, адалдығын берсін! Бабаң Рысқұлдың батырлығын берсін! Әкең сияқты халықтың ұлы бол! — деп қолын жайып, сақалын сипап, батасын бағыштады.
Бір жасқа жетер-жетпес, енді-енді тәй-тәй тұра бастаған бала, мына ақ селеу шалға аңыра қарап-қарап, бір уақытта тістері енді-енді қылтиып шығып келе жатқан қызғылтым иегін ашып, ыржитып күлді.
— О, таныды туысқанын, — деп әжесі қуанды.
Кенет әлдене есіне түскендей, «орыс құдағи» баланы Ахаттың қасына отырғыза салып, веранданың түкпірінде тұрған дәу сары самаурынға ұмтылды.
— Кәрілік деген осы. Үйге құрметті қонақтар келіп жатқанда менің тұрысым мынау.
Сөйтіп, Елизавета Петровна шай қамына кірісті. Бір ғажабы бала оны іздеп, қыңқыл-сыңқыл шығармай, Ахаттың қасында, түкті кілемнің үстінде отыра берді.
Бейкүнә періште. Анасы тірі бола тұра, анасыз өсіп келе жатқан балапан. Әкесі тірі бола тұра, әкесіз өсіп келе жатқан жәдігер. Ақ әжесі мен ақ ешкінің арқасында жетіліп келе жатқан көк желкек. Тірі жетім деуге ауыз бармайды. Жетімдіктен сақтасын сені, Ескендір. Әлі-ақ оралар әкең де, бәлкім шешең де. Заман толқынында жүрген шығар, олар да бір жерде.
Ахат осылай ойлап, томпиып отырған нәрестенің бауырсақтай қолын сипап қояды. Бала сонда шалдың бетіне қарап отырып, селеудей ақ сақалына қол соза талпынады. Қызық көре ме екен... Ахат еміреніп, Ескендірді қолтығының астынан алып, тізесіне отырғызады. Кәрі мұрынға бала мойнының жәннаты жұпары келіп, қадим жүрегі езіліп, ішпей-жемей ғажайып хал кешіп, қараптан қарап отырып мас болады.
Осы кезде марқаны сойып, жіліктеп, мүшелеп болып, қолы-басын жуып, Ахаттың қасына Дәу Омар келіп қонжияды. Оразбақ арбадағы аттың қамытын алып, атыз бойындағы киіздей тұтасып өскен ажырыққа кісендеп қойды. Түлкібастан Сайрамсуға дейін едәуір жол тартып келген торы ат ажырықты аузымен емес, танауымен жейтіндей-ақ қайта-қайта пысқырынып, киіздей қалың отқа бас қойды.
Есіктің алды — гүлзар. Мына Тау-Шілмембет бұрын көрмеген гүлдердің неше алуаны жайқалып, жұпар иісі мұрын жарады. Тегінде Елизавета Петровна бағбан адам. Шымкентте үйі бола тұра, қысы-жазы осы Манкенттегі қонысынан шықпайды. Есік алды қызғылтым раушан, күлгін түсті райхан сияқты гүлдерге тұнып тұр. Одан әрі шағын бақша — картоп гүлдеп, пияз, бадыран, тағы басқа Тау-Шілмембет білмейтін түрлі көкөніс өсіп тұр. Одан әріректе алма, өрік, шабдалы, шие гүлін төгіп, түйін тастаған шақ екен.
— Жаңа өкіметтен бұрын жеріміз бір-екі гектардай еді, — деді үлкен самаурынды алып кірген «орыс құдағи» таушілмембеттіктердің бау-бақшаны тамашалап, таңғалып отырғанын сезіп. — Клевенцов деген бір ешкібас, қаратұяқ неме, Тұрардың үстінен «енесіне жер бөліп берді» деп арыз жазған соң, осы жердің тек жарты гектардайын ғана қалдырып, басқасын өкіметке өткіздім. Бар ермегім — осы бау-бақша. Ескендір екеумізге осы да жетіп жатыр.
Елизавета Петровна құрметті құдаларға деп екі шиша шарап алып келіп қойды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді», бұрынғы ояз бастығының бәйбішесінің дастарқаны ауыл қазақтары үшін әрі таңсық, әрі шырайлы еді. Үй иесі шарапты хрусталь бокалдарға құйды. Ахат алдына да қойдырмай қойды. Мұндай дастарқанның сырын ептеп білетін Оразбақ:
— Жарайды, Елизавета Петровна, бұл кісілерді қинамаңыз. Мен-ақ ауыз тиейін, — деді.
Үй иесі сонда Дәу Омарға тиісті:
— Үлкен кісінікі жөн, сенікі не жорық, — деп Дәу Омарды омыраулап-ақ бақты.
Ақыры Дәу Омар былқылдай бастады.
— Мейлі, Құдай өзі кешірер, пайғамбар да дәмін татқан дейді ғой, арақ емес, таза жүзімнің шырыны көрінеді, құдағи қиылып ұсынғанда, алмағаным болмас, — деп Ахатқа жалтақтап еді, Ахат «мейлің» дегендей басын изеп қойды.
Содан, әне-міне дегенше, шишаның біреуі босады. Көмектесіп жүрген көрші қазақ әйелдер лезде қара бағланның етін буын бұрқырата алып кірді.
Қыза-қыза келе, екі шиша жұмырға жұқта болмай қалды да, Елизавета Петровна шарап сақтайтын подвал-ұраға тағы түсті. Ұйқысы келіп, қыңқылдай бастаған Ескендірді көрші қазақ әйелдердің бірі алдына алып, әлдилеп отыр. Сөйтсе, жалғызілік орыс кемпірдің бала бағуына әр заман-ақ қол ұшын беріп, араласып-құраласып кеткен жаныс, дулаттың әйелдері екен.
— Ескендір біздің жиеншарымыз ғой, мұны бақпай, кімді бағамыз? — дейді баланы балбыратып, ұйықтатып тастаған Ақтамақ деген келіншек.
Бір кездерде Дәу Омар масаң тартып, ауылдың боза жорасында отырғандай-ақ, әу деп ән сала бастады. Баяғы:
Сайрамсу малдың жайлауы-ай,
Өмірдін бармай-оу байлауы-ай...
Мұндай көңілді отырысты көптен бері көрмеген Елизавета Петровна да орысша бір ән салды. Заманында — кімсің — ояздың әйелі болған, тұрмыстан қысаңдық көрмеген бәйбіше, енді шаңырағы құлаған орданың жұртын бағып жалғыз отыр. Бай хабарсыз. Ақ генерал ағылшындарға қосылды деген сыбыс бар еді, ағылшындар болса, Каспий маңайынан аластатылған. Бәлкім, соларға ілесіп, шетел өтіп кетуі де ықтимал. Әйтеуір, тағдыры дүдәмал. Әрине, күйеудің аты күйеу, ол бас ие. Дегенмен генерал әлі ақбоз ат жеккен күйме мініп жүрген дәуренінде Елизавета Петровнаның көңілін талай қалдырған. Жар деген аты болмаса, Елизавета Петровна тек үй шаруашылығындағы бір қызметші әйел санатында еді. Қалған көңіл қандай шуақ түссе де жібімейді. Генералдың жоғалып кеткеніне аса қайғыра қоймайтыны содан. Ал қызы Наталья Алексеевна Рысқұловпен ажырасып, басқа бір қызыл командирге тиіп кеткен. Қазір Одесса жағында көрінеді. Ендігі жалғыз медет сол Натальядан туған Рысқұловтың баласы — Ескендір.
Сол Ескендір болмаса, мына Тау-Шілмембеттің үш кісісі айдаладағы орыстың кемпірін, сірә іздеп келер ме еді? Ал Рысқұлов болса, күндіз-түні жұмыстан бас бұрып көрген жан емес. Баласын анда-санда бір келіп, көріп кеткені болмаса, оны бағып-қағарға әзір оның дәрмені жоқ. Баланың қамынан да қату істер, халықтың ісін мойнына іліп алған.
Бірақ күндердің күнінде ол «уһ» деп, ес жиып, үй-жай болып, Ескендірді өз қолына алып кетсе, әне, мына кемпірдің мүлде жерге қарап қалар кезі сонда болмақ.
Қазір шараптың буымен көңілі босаған егде әйел сол күдігін де меймандарына айтып, бір мезгіл жылап та алды.
Қызулы Дәу Омар желігіп:
— Нешауа, құдағи, біз бар, Түлкібас жақын. Көмектесеміз. Әйтпесе көшіріп аламыз, — деп Елизавета Петровнаның арқасынан қағып-қағып қойды.
— Қайдам, — деп қойды құдағи. — Топырақ маған осы Манкенттен бұйыратын шығар. Ояздың әйелі екенім рас, бірақ ол заман өтті-кетті. Ешкімге зияным жоқ, өз күнімді өзім көріп отырған жанмын. Ауық-ауық Тұрар келіп, хал сұрап тұрады. Келгеннен қашан кеткенінше баласын қолынан тастамайды. Клевенцов сияқты азғындар айтады: «Рысқұлов баласына да қарамайды, халыққа қайдан мейірімі түседі», — деп. Әдейі елге тарасын деп айтады. Ал Тұрар бұл баладан шығарға жаны бөлек. Тым жақсы көргенін мен де жаратпаймын. Біртүрлі қызғанамын. Әкетіп қалса, не болмақ?
Оразбақ осы әңгімені қазақшалағанда Ахат елжіреді: «Апыр-ай, орыс та балажан болады екен-ау. Адамның бәрі адам ғой. Бәрінде де жұдырықтай жүрек бар. Сол жүрегі түскір бәрінде де бірдей мына құдағидікіндей асыл қазынаға толы болар ма еді. Сонда адамзат азбас еді-ау», — деп құдағиына бұрылып, сампылдап сөйледі:
— Ракмет, құдағи, Құдай саған жамандық көрсетпесін. Сен біздің бір тұяқты бағып отырсың. А, ол рақымың текке кетпес. Тұрар іс басты ғой. Қазір Мәскеуде дейді. Сені ренжітпес. Дәм-тұзыңа ризамыз, құдағи. Ұлық орыстардай бізді «жабайы қазақ»деп кемсітпей, шын ықыласыңмен күттің. Нәсілін асыл, жаның таза екен, жарқыным. Ал енді біз күн кешкірмей тұрғанда қайтайық.
— Қоныңыздар, — деді құдағи. — Сіздер келіп, мен де бір серпіліп қалдым. Тағы да келіп тұрыңыздар. Ескендір сіздердікі екені рас. Жиі келіп, иіс сіңіре беріңіздер. Жат болмасқа, жатырқамасқа жақсы.
— Қонсақ, қона салсақ қайтеді? — деп Дәу Омар қынжылғандай болды.
— Тәйт! — деді Ахат. — «Бір күн қонақ — құт, екі күн қонақ — жұт» дегенді білмеуші ме ең?!
Қонақтар атты арбаға жегіп, кері қайтарда, Елизавета Петровна Ескендірді көтеріп далаға шықты. Бір қолында үш бөлек шыныға салған қып-қызыл бірдеңесі бар.
— Мынаны құдағиларға беріңіздер, — деді Елизавета Петровна шыныларды ұсынып.
— Шарап па? — деп Дәу Омар көзі кілегейленді.
— Шырын. Өзім өсірген бүлдіргеннің шырыны. Құдағилар дәм татсын.
— О, тоба! Осы орыстардың білмейтіні жоқ. Бүлдірген деген біздің сай-сайда тұнып тұрмай ма? Біздің қатындар одан мұндай шырын жасау қайда, — деп Дәу Омар әлдеқандай өкініш айтты.
Елизавета Петровна құдалармен қол алысып қоштасты. Құдалар Ескендірдің бетінен сүйді. Бала ернін дүрдитіңкіреп: «Бұлар неге кетіп қалды?» — дегендей қабақ түйді.
Ахат Ескендірдің қолын босатпай:
— Тәңірім өміріңді ұзақ қылсын. Бақытты бол, бауырым балғыным. Сен біздің ұрпақсың. Түсіндің бе? Ұмытпа еліңді! — деді.
— Ой, Аха, үлкен адаммен сөйлескендей болдың ғой. Сен де баласын ғой бірақ... — деп күлді Дәу Омар.
Ахат үн қатпай, күрсінді де қойды. «Бала түсінбейді, әрине. Бірақ менің айтқан тілегімді Құдай құлағына құйып қояр. Нендей тағдыр күтіп тұр нәрестені? Кім білген? Біздің нәсілге тарта ма, жоқ қаны бөтен болып кете ме? Әкесіне тартып азамат бола ма әлде... Кім біледі? Ішінен:
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туса, оңбас деген.
Шешеңнен бір кінәрат шықпаса екен,
Иттің боғы қылшықсыз болмас деген.
Ахат тағы күрсінді. Күн еңкейіп қалған. Алда — Сайрамсу сайы. Әуеде құрқылтай құйқылжып ойнайды. Бұлдырап Алатау асқақтайды. Құдалар үнсіз. Бәрі де бала тағдырының тұңғиығына түсіп кеткендей...
* * *
Туатын түйедей толғатып ыңыранған тұнжыр аспан ақыры ақтарылып тынды. Ақпан айының соңында тағы да қар басып салды. Құйрығы селтеңдеп, қу тамақтың қамымен қалтаңдап ұшқан жаушымшық. Жаушымшық деп аталуы тегін емес. Елде бұрын тары егер еді. Осы шымшық сол тарының жауы болатын. Біз, балалар, қолымызға іші шекем тасқа толы қаңылтыр қалбырды салдырлатып үркітіп, сартылдатып сақпан атар едік. Орыстардың «воробей» дейтіні де осы тектес. Тек орыстар «ұры» десе, егін салған қазақ «жау» депті.
Енді сол жаушымшық шоқитын бір түйір дән іздеп, балконның ернеуіне қайта-қайта келіп қонады... Дүниеден қайтқан адамдардың рухы әлдеқандай бір жәндіктің кеудесіне барып қоныстайды деседі. Қиял шығар. Бірақ дүниеде еш нәрсе, ешқашан, ешқайда, ізсіз-түзсіз жоғалып кетпейді дегенді материалистер де жоққа шығармайды ғой. Сексеуіл жанады — күл болады. Сол күл топыраққа, ауаға сіңеді. Ол мүлде жоғалып кеткен жоқ қой. Мына басып салған қар ертең ериді. Су болады, су — бу болады, қайта жауады. Ол да жоғалмайды. Тәртіп сондай. Қағазға жазылмаған, парламент қабылдамаған тәртіп.
Ендеше, Рысқұлов мүлде ізсіз-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін бе? Мүмкін, мына балконнан бір түйір тамақ іздеп, шыр-шыр еткен шымшық сол болар? Жоқ, мүмкін емес. Рысқұловтың рухы да ірі боларға керек. Жөндеп қара! Әне, анау аулақта Найзақара шыңына айналып кеткен шығар? Жоқ, жөндеп қара! Соның бір қиясына мызғымастан бір бүркіт қатып қалған сияқты. Аш бүркіт! Неге Рысқұловтың айналасын, тіпті елесінің өзін аштық айналдыра береді? Мұнда не сыр бар?
Аш бүркіт бірте-бірте адам кейпіне, терезеге жақындай түсті. Алдыңғы елес сияқты, енді Рысқұловтың дәл өзі, яки аш аруағы менің жаюлы жатқан қағазыма үңілді.
— А, бала, әлі отырсың ба? Отыр, отыр. Тауға тесіліп қара да отыр.Тау тілсіз. Мен де тілсіз. Әйтпесе, көп нәрсе айтар едік...
Төменгі қабаттан татар музыкасы сыңсыды. Мұнда радио жоқ. Үйінен радиоқабылдағыш ала келген жазушылардың бірі шығар. Тәңірі жарылқасын. Не де болса, жан дүниеңді шырылдатып, жүрегіңді сыздататын әуен:
Шәмдәлләрда гинә утлар яна, Гүлжама-а-л,
Житқан қызлар киндер жип иерәлар, Гүлжама-ал...
Энжә-маржан қыздарының құлбауы,
Бик яман сүйгәннәрның булмауы...
Тәңірі дауа болсын. Ғашықтық дертке шипахана жоқ. Шамдалда (люстра) ғана от жанып, бойжеткен қыздар кендір жіп (татарларда қой аз өсетін шығар) иіріп отырса, саусақтары толы інжу-маржан болса, ал бірақ сүйген жігіт келмесе, әрине, осындай мұңлы музыка туады.
Сыңсыған әуен арасынан Рысқұлов сыбырлайды.
— Иә, сонымен, бала, сен менің Ленинмен кездескен кезіме келіп тоқтадың. Әрі қарай кібіртіктеп жүрмей қалғаныңа, міне, тура бір ай болды. Терезеден тауға қарап телміресің де отырасың. Аз өмірді сазарумен өткізсең сансырайсың. Сол жолы біз Низам Ходжаев екеуміз Ленинмен екі сағаттай отырып, әңгімелескеннен соң, Наркомнан Сталинге барып сәлемдестік. Ол біздің Турккомиссиямен айтысымызға қанық екен. Бірақ сыр шашпай, ақыл айтпай, бейтарап қалып танытты. Мұнысы әлі жұмбақтау еді. Әйтпесе, ұлт мәселесін тікелей басқарып отырған адамда бізді жақтайтын, я жақтамайтын бір пікір болу керек қой. Үндемеген адамда үйдей бәле бар. Ол таяуда болатын Политбюроның алдын орағытқысы келмейді. Сол Политбюро біздің дауымызды шешіп береді. Сталин сұсты кісі еді. Жәй күлімсірегеннің өзінен өзегіңді қалтыратар бір ызғар сезілетін. Лениннің алдына қанша қалтырап барсаң да, жүзін көргеннен-ақ жаның жадырап жүре береді, үрей атаулы болмайды. Ал Сталинге қорықпай кіріп, қорғанып шығасың. Бой теңестіре барып, еңсең езілгендей болады. Кеудеңде қырау тұрғандай бір хал кешесің...
Бухарин бір жиналыс өткізіп жатыр екен, бізді қабылдамады. Түркістанды «қуыршақ республика» деп кекетіп жүретіні бізге де естіліп жататын. Сонысынан секем бар еді, ойлағандай болды. Әйтпесе, ізет үшін болса да қолы тиетін уақытты белгілеп, кездесетін сәтке тұру керек еді, оны да айтпады.
Ал енді, қазақшалап айтсақ, сіңбіруге де уақыты жоқ кісі Дзержинский еді ғой. А, ол бірден қабылдады. Ол біздің Турккомиссиямен дауымызды қазбалап жатпады. Басмашылар жағына шұқшиды. Кеңес милициясында жүрген Мадаминбек неге құрбашы болып кетті? Ергешті не түлен түртті? Жүнәидханның халі қалай? Қанша қаруы бар, қанша қолы бар? Оларды жоюдың жолы қалай?
Міне, әңгіме арқауы осы болды да, біз білгенімізше жай-жағдаятты түсіндірдік. Дзержинский Мәскеуде әлі қанша уақыт болатынымызды бізден сұрамай-ақ шамалады да, тағы да кездеспек болды.
Енді неде болса ерінбейік деп барған нарком Луначарскийден тапқан бір олжамыз: Ташкентте университет ашу туралы уәде алдық. Театр жайы, мектеп жайы... Көп әңгіме айтылды. Қоштасарда Луначарский өзі қол қойып, Низам екеумізге екі билет ұсынды.
— Үлкен театр. Бүгін кешке «Демон», соны тамашалаңыздар. Жалпы, Мәскеуде қанша уақыт боласыздар, күн құрғатпай театрға барып тұрыңыздар. Сіздерге тұрақты билет беріледі, — деп өте биязы, өте көргенді мінез танытып қоштасты. «Демон, Демон» десем керек өзімнен өзім күбірлеп. Низам:
— Ләппәй? — деді. — Нәмә дедіңіз?
— Жәй, театрды айтам, былтыр Ташкентте осы «Демон» қойылып жатқанда Наташа келініңіз екеуміз бармақшы болғанбыз. Аяқ астынан Ферғана жүріп кеттім де, «Демонға» бара алмай қалғанбыз. Енді міне, сәті түсті. Бірақ Наташа жоқ.
Сонда Низам бетіме ажырая бір қарады. «Осы-ақ сол бір әйелді ұмытпайды екен?» — деп ренжіді ме, білмеймін.
Ал Наташаны ұмыту... Оны сен жаздың, бала. Әлің жеткенше әділін жаздың. Бірақ оның аты Наталья емес еді ғой. Әлдеқалай шикілік шыға ма деп сақтандың білем. Генералдың қызы деген қырсығы бар. Әйтпесе, оның шын аты Татьяна еді ғой. Татьяна Алексеевна Колосовская! Сенің Наташа, Наталья деп жүргенің сол. Обалы не керек, шамаң жеткен жерге дейін жаздың. Бірақ шын Тұрар мен Татьянадай болу қайда-а-а?! Екеуміздің жан дүниемізде, атар таңдай себезгілеп басталып, алаулаған алау сезімімізді сен тұрмақ, жазушы болсам, мен өзім де жаза алмас едім. Мені музыкант еткен Татьяна еді ғой. Сөз емес, ондай сел сезімді музыка ғана жеткізе алуы ықтимал. Мен өмір дейтін дүниеде көпті көрдім. Жаманшылық жауар бұлттан қалың еді, а жақсылығы да мол болды. Атақ-дәреже, мансап дейсің бе, бір адамға жетіп-артылардай-ақ бұйырды. Бірақ бәрінен де асылы — сол Татьянага деген ынтық, ыстық сезім еді ғой. Сондықтан тағдыр маған тарлық етті дей алмаймын, бауырым.
«Бауырым», — дедім, таңданба, бала. Барлық қазақ менің бауырым ғой. А, бірақ сенің әкең бізге жамағайын, менімен түйдей жасты еді. Қыз алыспайтын елдің азаматы болатын. Түлкібаста жиырмасыншы-отызыншы жылдары бірер рет көрдім. Кілең боздан киініп, ақбоз ат мініп жүретін сырбаз кісі еді. О да Шілмембет, бірақ Тау-Шілмембет емес. Кейін «рыскуловщинаға» о да ілікті. Талайлардың обалына қалдым. «Рыскуловщинаға» таңылып кеткендер көп. Оған, әрине, мен кінәлі емес едім. Рысқұлов мен едім де, «рыскуловщина» — жабысқан жала еді. «Өрлеу», яғни ренессанс дәуірінің Римдегі бір қайраткері Макиавеллиден хабарың бар шығар, «Макиавеллизм» десе, білсе де, білмесе де, жұрт жиіркеніп, мұрнын тыржитады. Албастының иісі аңқып тұрғандай көреді. Ол екіжүзділіктің, ібіліс айлакердің, опасыз оппаның символы сияқты болып кеткен. Сондағы Макиавеллидің бар жазығы — тоз-тоз болып, шілдің қиындай ыдырап кеткен Италия елінің басын біріктіріп, әділетті жаңа қоғам құру еді ғой. «Государь» деген кітап жазып, ондай әділетті қоғамның көсемі қандай болу керек деген сұраққа буржуазиялық дүниенің талабына сай ғаламат жауаптар береді.
Ал феодализмнің қолшоқпарлары халыққа өздері опасыз қатыгез, екіжүзді, озбыр бола тұра, Макиавеллиді оңбаған деп ойбай салып еді, сол байбаламның жаңғырығымен, көп заман, көп адам: «ой, Макиавелли барып тұрған оңбаған» деп қайталап келді. Ау, шынында Макиавелли кім еді? — деп сол тобыр бір сәт ойланбай, біреу айқайласа, соның жаңғырығы болып жүре берген ғой.
Дәл сондай болмаса да, соған сыңарлау бір сойқан маған да жабысқан. Рысқұлов істемеген істі «рыскуловщина» деп алып, Рысқұлов Кеңес аппаратында аса жауапты қызметтерде адал жұмыс істеп жүрген кездің өзінде де, «рыскуловщина» деген лақап таратып лағып жүрді. Бұл өзі айтылмайтын-ақ әңгіме еді, әлгі сенің әкеңнен шығып кетті ғой.
Жалғыз ақбоз атын мініп, ешкімге залалын тигізбей, таза жүріп, таза тұратын шаруа кісі еді. Тәп-тәуір колхозшы болды. Рас, көрші Қырғызстанда көкпар болып жатыр екен десе, жұмысын тастай салып, ақбозын міне салып, тау асып кетеді екен. Керемет шабандоз болатын. Әне, сенің сөйткен әкең — «рыскуловщина». Ал Рысқұловтың ісі, қызметі, саясаты, бәлкім, оның қаперіне де кірмеуі.
Бірді айтып бірге кеттім. Сүлделер осындай болады. Сүлделер тірі адамдар дүниесінің жүйесінен шығып кеткен. Бізде жүйелеп ойлау деген болмайды. Өткен елестен есіңе не түседі, соны айта бересің. Ал өткен өмір елесі — үзік-үзік. Бәрі де тірілер дүниесінде қалған. Бәрі көрген түстей. Ал түс дегеннің өзі құбылмалы болады.
* * *
Нарком Луначарский берген билетпен Рысқұлов пен Ходжаев Үлкен театрдың есігін ашты. Билетті нарком директордың лоджасына жазған екен. Лоджада бұрынырақ келіп жайласқан ұзын бойлы, жазық маңдай, қияқтай жирен мұртты, ақ аралас жирен шоқша сақал, келбетті кісіні Рысқұлов жыға танымаса да, шамалап түстеді. «Нарком Чичерин болар» деп шамалады. Бұрыннан сырттай бірін-бірі білгенмен, жүздесуі тұңғыш. Қатарласып, ізетпен, ибамен сәлемдесіп отыра бергенде, әлгі кісі өзі әбжілдік танытты.
— Сірә, түркістандық боласыздар-ау деймін.
— Дұрыс айтасыз. Рысқұлов, мына кісі — Ходжаев, — деп Рысқұлов қол ұсынды. Саусақтары салалы екен.
— Чичерин. Танысқаныма қуаныштымын. Сіздердің келіп жатқандарыңыздан хабардармын.
— Мен де Чичерин-ay деп шамалап едім.
— Үлкен театрға келгендеріңіз ақыл болған. Мен өзім өте театрал адаммын. Бірақ жиі келіп тұруға мұрша қайда? Уақыт жоқ қой. Осы келістің өзінде қыруар іс жан-жағыңнан қамап, әзер отырасың. Бірақ бұл да керек, жолдас Рысқұлов. Әйтпесе, мүлде қарайып қаласың. Рубинштейн, әрине, Моцарт емес, бірақ маған өте ұнайды. Лермонтовтың «Демонын» таңдап алып, соның рухын музыка тілінде суреттеуі тамаша. Бірақ білгір көрініп қайтемін. Қазір өздеріңіз де тыңдайсыздар ғой. Ал жалпы композиторлардың төресі Моцарт қой. Сіз қалай, жолдас Рысқұлов, музыканы ұнатасыз-ау деймін.
— Ұнатуын тым ұнатамын. Бірақ әлгінде өзіңіз айтқандай, уақыт қайда? Әрі десе, біздің Ташкентте театр, музыка шеберлері Мәскеудегідей емес те. Біз көп нәрседен мешеу қалып жатқан елміз. Әрине, халық ортасы толған өнер. Мен еуропалық мәдениеттің үлгісін айтып отырмын. Біздің Түркістанға театрлар керек, таланттарды табу, оқытып, баулу, Мәскеуге, Петроградқа жіберу — бәрі әлі жаңа-жаңа басталып жатқан тіршілік.
— Дұрыс айтасыз. Бастау керек. Шығыс даналығынан неше алуан дүлдүлдер шықса керек.
Спектакль біткен соң, Чичерин қоштасарда:
— Уақытыңыз болса, кездесейік, жолдас Рысқұлов. Түркістан мәселесі жөнінде Политбюроға жоба жасау комиссиясының құрамында менің де бар екенім сізге белгілі шығар. Әңгімелескеніміз дұрыс болар, — деді.
Чичериннің комиссия құрамында екенін Рысқұлов білмеуші еді.
Ертеңінде таңғы сағат тура тоғызда Рысқұлов Сыртқы істер наркомының кабинетіне кірді. Рысқұловтың ә дегенде көзіне айрықша түскен нәрсе — Чичериннің кабинеті басқа наркомдардікіндей емес, үстелдің үсті, тіпті терезенің алды үйме-жүйме қаптаған кітап, түрлі газеттер. Ағылшын, француз, неміс тілінде шығатын газет, журналдар... Нарком дүниеде не болып жатқанын түк қалдырмай біліп отыратын сияқты.
Чичерин алақандай аялы көздерінен біртүрлі іш тартарлық сәуле шашырап, Рысқұловпен ықыластана амандасып, креслоны ұсынды.
— Әңгіменің ашығы керек, бұл жерде сіз бен біздің арамызда майпаздасып, дипломатияға жүгінудің не қажеті бар? Турасын айтайық. Мен сіздің Политбюрода қаралатын жобаңызбен таныстым. Кейбір мәселеде мен сізбен мүлде келісе алмаймын. Мысалы, сыртқы істер мәселесі. Сіз Түркістан шет елдермен тікелей, дербес дипломатиялық қатынас жасауын талап етесіз. Түркістан республикасы РСФСР құрамында емес пе? Біздің мүддеміз бір емес пе? Шешетін мәселеміз ортақ емес пе? Сіз Түркістанда дербес ұлттық әскер ұстамақсыз. Не үшін? Кімнен қорғану үшін? Түркістанға жан-жақтан жау төнгенде, оны қорғап қалған Қызыл армия емес пе еді? Ендеше бұл талабыңыз да қате болар. Мен мұның бәрін Политбюро мәжілісінде де айта алар едім. Бірақ достарша осылай бір оңаша сырласу да керек. Менің достық кеңесім: Политбюрода бұл мәселелер жөнінде дау көтеріп жатпаңыз. Әділін, ақиқатын Политбюро шешеді, әрине. Қатеңізді мойындағаныңыз жөн. Тек шындық жолы жеңеді. Шындықты ғана айтсаңыз, бәрі де сізді сыйлайтын болады.
Рысқұловтың бір таң қалғаны, Чичериннің жұмыс үстелінің үстіндегі үйме-жүйме қағаздардың арасында бір уыстай ақталмаған сұлы, кәдімгі сұлы тұр екен. Чичерин әңгіме арасында анда-санда әлгі сұлыдан бір дәнін алып, аузына салады да, сәлден соң қылпығын шығарып тастайды.
Әркімнің бір бәсіре әдеті болады. Сондай бір ерекшелігі шығар деп ойлады Рысқұлов. Әлде сұлыны бұлай жеудің әлденендей шипалық қасиеті бар ма екен деп те қойды. Қонағының осы бір дүдәмалын сезген Чичерин, Рысқұловқа аялы көзінің қиығымен бір қарап, әлгі әңгімесін тыйды да:
— Сұлы жегеніме таң қалып отырсыз ба? — деді.
— Жоқ, жәй әдетіңіз шығар. Мысалы, біздің кейбір жолдастар кабинетінде көк шай ішіп отырғанды ұнатады...
— Жоқ, бұл әдет емес, Тұрар Рысқұлович. Бұл — қажеттілік. Тірлік үшін тамақ керек. Ал тамақтың түрі осы. Кремльдің коменданты бізге, наркомдарға, бәлен күнге деп бірнеше қадақ сұрыпталмаған сулы береді. Басқа жағдайы бар, үй-жайы бар наркомдардың әйелдері, не өздері әлгі сұлыны қуырып, одан кофе жасайды немесе ақтап, ботқа жасайды. Ал мен салт басты кісімін. Ондай жағдай менде жоқ. Әрі десе, осылай шикі жеу, тіпті әрі тиімді, әрі дәмді сияқты.
Қалжыңы шығар дейін десе, Чичерин шын пейілімен айтып тұрған сияқты. Бір кез Рысқұлов нарком Цирюпаны есіне алды. Үкіметтің тамақ жөніндегі наркомы Цирюпа бір жолы Лениннің кабинетіндеті мәжілісте отырып, талып қалады. Дереу дәрігер шақыртса:
— Ешқандай ауруы жоқ, әбден ашыққан, — депті дәрігер.
Рысқұлов соны есіне алды да, енді мына Чичериннің сөзіне шын сенді.
Сонда Рысқұлов, Чичерин туралы бұрын білген, естігендерін есіне түсірді. Чичериннің тұқымы Ресейдін ескі дворяндарынан. Тіпті Тамбов губерниясындағы Қарауыл деген жерде осы Чичеринге мұраға қалдырылған ғимарат, дүние-мүлік те бар екен. Соның бәрін тәрк етіп, революция жолына берік түскен. Мұның қалай деген бір жақынына Чичерин былай деп хат жазыпты. «Егерде жұмақ пен тамұқ бар екені рас болса, мен жұмаққа бір-ақ түкіріп, тамұққа барып, бақытсыздардың үлесін бөлісер едім. Тамұқта бақытсыздар қасірет шегіп жатқанда, мен пейіште рақаттанып жүрсем, мен қарғыс атқан оңбаған болар едім...»
Міне, енді Рысқұлов сол Чичериннің алдында отыр. Қарақан басының қамын ойлап, жәннатты жайлап жатудан жиіркеніп, ғазиз басын жандармдардың оғына байлап, талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өткен тарлан революционер.
— Ескі тілде «теос», «хаос» дейтін сөздер бар, — деді Георгий Васильевич Рысқұловқа жымия бір қарап қойып. — Теос — ізгілік, хаос — зұлымдық. Бұл екеуі ежелден, дүние шексіздігіндей шексіздіктен бері арпалысып келеді. Қазір де сол. Арпалыс. Теос жеңген кезде, қарын да тоғаяды. Ал қазір...
Чичерин бір уыс сұлыны үстел үстінен сырғытып, алақанына салып, салмақтап тұрып:
— Бір әңгіме айтайын, — деп сыбырлады. — Осы таяуда ғана «Кремлевка» деп аталатын телефонмен Владимир Ильич сөйлесті.
— Сізге сөгіс жариялаймын, — дейді.
— Не үшін?
— Бір кило күріш жармадан неге бас тарттыңыз?
— Жас балалар ісіп-кеуіп жатқанда тамағымнан қалай өтеді? — деймін.
— Сіздің асқазаныңыз ауырады. Сондықтан сізге рұқсат, өткізіңіз тамағыңыздан! — деп бұйырғандай болды Владимир Ильич. Мен қарсыласып-ақ бақтым. Ақыры жеңді. Көрдіңіз бе, Тұрар Рысқұлович, біздің арамызда Керзондар, Чемберлендер туралы ғана емес, осындай да талас болады, — деп Чичерин әңгімесін күлкіге айналдыра аяқтады.
— Жаңылыспасам, Түркістанда сіз Аштықпен күрес комиссиясын да басқардыңыз о, Тұрар Рысқұлович?
— Иә, Георгий Васильевич.
— Е, онда нарком Чичериннің шикі сұлы жеп отырғаны сізге таң болмаса керек. Аштықтың не екенін білмей тұрып, Аштықпен күрес комиссиясын басқару мүмкін емес.
— «Аштық — апаң емес» деп орыстар бекер айтпайды ғой, Георгий Васильевич. Оның апа емес екенінен хабарымыз бар, — деп сыпайылады Рысқұлов.
— Шынымды айтсам, — деді Чичерин кенет бастапқы әңгімеге қайта бұрылып, — сіздің дербес дипломатия, дербес ұлттық әскер талап етіп жүргеніңізді мен әбден түсінемін. Сіз патшадан зорлық-зомбылық көрдіңіз. Кеңес өкіметі ә дегенде сіздерге сәулесін барынша түсіре қоймады. Республиканы шовинист эсерлер басқарды. Мына сіздің талабыңыздың бәрі содан туындап жатқан салдар.
АВТОРДАН
Бүгін таңертең терезеден күмісбас Аспантау аса айбынды көрінді. Күн жылынар деген үміттің өзінен жүректе қатқан мұз жібігендей болды. Бірақ дала бәрібір сұп-суық еді. Күн шақырайғанмен, қар жіпсімейтін сыңай танытады. Аш торғайлар ары ұшып, бері ұшып, балконның ернеуіне келіп қонады. Анда-санда қатқан-құтқан нан тастайтыным бар, содан дәмелі шығар. Балконды ашуға суықтан жиіркеніңкіреп отырмын. Күдер үзгендей жаушымшықтар үдере ұшып кетті. Сол-сол екен, қайдан келгені белгісіз, балконға Теңбіл торғай келіп қонды. Ол маған тым таныс сияқты. Қайдан көрдім деп ұмытшақ басым біраз аңырып қалғанда, Теңбіл торғай құйқылжыта, тамылжыта сайрап ала жөнелді. Құдай адамға құстың тілін ұғуды бұйыртпаған. Бірақ шыдамың жетіп, сарыла тыңдап отырсаң, бірте-бірте санаңның ұйықтап жатқан сан түкпірі оянып, әлгі құс тілін түсінгендей де боласың.
— Мен Ақсу-Жабағылыдан келдім, — деп сайрайды Теңбіл торғай. — Танымай қалдың ба, мені сен жазып едің ғой, — дейді. — Артур деген бала туралы жазбап па едің, сондағы Теңбіл торғай мен ғой. Жазушы деген бейшара ойлай-ойлай ой оппасына түсіп кетіп, бір кезде өзінің жазғанын өзі ұмытып қала ма, немене?! Сен сонда Артурды Рысқұловтан да жақсы жаздың. Рысқұлов туралы жазу қиын екенін білемін. Өйткені ол өмірде бар адам ғой, сол жаңылыс жазсаң, бәрі көрініп тұрады. Ал өмірде болмаған, өзіңнің қиялыңнан туған Артурға келгенде, сен біршама көсілесің. Баяғыда бір әкім өзінің сарай суретшісінен:
— Не қиын? Аттың суретін салған қиын ба, жоқ аруақтың суретін салған қиын ба? — деп сұрапты.
— Аттың суретін салу қиын, — депті суретші.
— Неге?
— Неге десеңіз, атты жұрттың бәрі көріп жүр. Бір жерінен сәл жаза бассаң, байқап қояды. Ал аруақтың түр-түсі қандай екенін ешкім білмейді. Қалай салсаң да жұрт сене береді.
Артур — аруақ қой, оны жазып, қулық жасадың. Ал енді, жазушы жолдас, сен өзің байқадың ба, байқамадың ба, сол Артур — Тұрардың өзі емес пе? Түптеп келгенде, Теңбіл торғайдың өзі — Рысқұлов емес пе? Ол мен ғой. Танымай қалдың, ә? Өлгендер жер бетінен мүлде жойылып кетеді деген бекер. Өлген адамды бір шұңқырға апарып көме салып, «Бітті! — дейсіңдер. Бекер! Ол қыран болып, қасқыр болып, түлкі болып, міне, мына мен сияқты Теңбіл торғай болып жер бетінде, аспан астында жүре бермек.
Солай, жазушы жолдас. Сен енді менен безінсең де құтыла алмассың. Сен мені жиырма бес жылдан бері іздеп келесің. Түнде түсіңнен, күндіз ойыңнан кетпеймін. Саған тамақ ішіп, ауа жұту қандай қажет болса, Рысқұлов туралы үздіксіз ойлау да сондай қажеттілікке, айықпас дертке айналып кетті. Алдыңда қанша ғұмыр бар — соның бәрінде де мен ойыңнан кетпеспін. Енді мені ойыңнан қуалап шығара алмассың. Өз обалын өзіңе! Рысқұловтың жолы тым-тым ауыр адам. Ол туралы жазудан гөрі, кетпен алып, тау қопарған оңай. Нысанаға мені алған екенсің, енді өле-өлгенше мылтық қаламыңды кезенесің де жүресін.
Алдыңдағы жайнамаздай қағазың аппақ қой. Бір таңба түсіре алмай қиналасың ә, бишара? Сен кеше менің Чичеринмен алғаш кездескенімді біршама тәп-тәуір жаздың, Чичерин шынында оңды адам болған. Көп жыл меньшевиктер ұранын көтерсе де, бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде райынан қайтып, большевиктер жағын қолдаған және сол большевиктер ісіне пәруана берілген кісі еді ғой. Революцияның ең азапты ауыр күндерінің өзінде жаны шорланбай, қатыгезденбей, жұп-жұмсақ, нәзік күйінде, ақын күйінде, кереметтей музыкант күйінде қалды-ау, жарықтық. О да табиғатты керемет жақсы көретін. Тамбов губерниясындағы өзінің Қарауыл селосын, оның ауызбен айтып жеткізгісіз тамаша табиғатын еске алғанда, алақандай-алақандай аялы көздеріне жас үйіріле жаздайтын. Ал мен оған Ақсу-Жабағылыны, Өгем, Шымған, Талғар тауларын бейнелеп беруші едім. Екеуміз кейін мен Мәскеуде, Совнаркомда істегенде, Мәскеу түбіндегі орманға демалыс сайын бірге барар едік. Солай...
Чичерин — патша заманында дәуірлеген, құл салып, байтақ-байтақ жер иемденген, алпауыт дворян тұқымынан шыққан ақсүйек нәсілді еді. Мен болсам, ақ жұлық, қу сирақ кедей жұртынан... Былайша айтқанда, «үрерге иті, сығарға биті» жоқ, жалаңтөс тақыр кедей тұқымы.
Бірақ Чичеринмен қатар отырғанда, мұншама жер мен көктей кереғар қашықтық сезілмейтін. Чечерин дәулет-дәреже дүниесін тәрк етіп, езілгендер еліне өз ықтиярымен, өзінің ұғым сезімімен біржолата көшіп, дворяндар қауымымен атқұйрығын шорт кесіскен кесек жан еді ғой. Сөйтіп, біз езілгендер елінің еңсесін көтеру үшін күресте қоныстас болдық.
Чичерин, Георгий Васильевич, қайран сабаз! Мені шын түсінген, бауырына тартып баулыған ұстаздарымның бірі де бірегейі. Түркістанда мен көп шовинистермен арпалыста орыстың адал ұлы, ғажап революционер Петр Алексеевич Кобозевтен көп жақсылық көрдім. Мәскеуде мені көбінесе қолдап, қорғаған Чичерин болды.
Әу баста үлкен театрда тұңғыш рет қол алысып, содан айнымас дос болып кеттік. Сол жолы ол мені Мәскеуден кетер-кеткенше театрларға бірге алып барып жүрді. Ғажайып өнер өлкесінің небір саңлақтарымен мені Чичерин таныстырды.
Өнер әлемі өз алдына, сол жолы мен Еуропа, Азия, Америка елдерін түгел шарлап, жиһанкез саяхаттан оралғандай болдым. Сыртқы істер наркомы Чичерин бұл әлемдегі барлық мемлекеттер, өкіметтер, үкіметтер қыр-сырын бес саусағындай білетін тұңғиық білімдар кісі дағы, ол мені осы елдердің тарихымен, тәртібімен қолымнан жетектеп жүріп таныстырғандай болды. Иә, Чичеринмен сол жолы бірге болған күндер тұтас бір университет тауысқандай мол ғылым, мол олжа болды. Сенің Чичеринді еске алып, кітабыңа кіргізгенің оңды екен, жазушы бауырым. Ондай адамдар тірілер дүниесінде некен-саяқ кездеседі...
ҚОШ, ТҮРКІСТАН, КӨРІСКЕНШЕ...
Рысқұлов пен Низам Ходжаев Мәскеуден оралғанда, вокзал басында бұл екеуін бүкіл Ташкент қарсы алғандай, қарақұрым халық еді. Табан астында митинг болды. Рысқұлов сөз сөйлеп:
— Құрметті қауым! Байтақ Түркістан! — деп айқай салды. — Ленин сіздерге туысқандық сәлем айтты. «Түрік республикасы» деген қате деді. Бөлінгенді бөрі жейді деді. Түнгі аспандағы жайнап тұрған сансыз жұлдыздарды жиып алып, үлкен бір Ай жасасаң, аспан сұңқиып қалады деді. Солай... Түркістан Кеңестік Социалистік Автономиялық республикасы — РСФСР-дың бір бөлігі. Осы республикаға адал бол, халқым, — деп Рысқұлов сөзін қысқа қайырды.
ТүркЦИК-ке барып, Мәскеу сапарынан соң өзінің президенттік қызметіне қайта кіріскені жөнінде бұйрық жазды.
Бұл арада Түрккомиссия мүшелері де қайта оралды...
Мәскеуде, Лениннің алдында, Политбюрода Түркістан айтысы болмағандай, Ленин бірлікке, татулыққа шақырмағандай, Түрккомиссия әміршіл, бұйрықшыл, өктем күйіне қайта басты.
Рысқұлов президенттіктен кететіні жөнінде арыз берді. «Түрккомиссияның айдауында жүріп жұмыс істей алмаймын» деді. Түрккомиссия сырттай қынжылған пішін танытса да, іштей қуанып қалды. Куйбышев Мәскеуге телеграмма соғуға асықты: «Рысқұлов ерен қайраткер. Әттең, Мәскеуде біраз жұмыс істесе, шынығып, керемет коммунистке айналар еді», — деді.
Айтса-айтқандай, Мәскеу көп кешікпей Рысқұловты шақырып алды. Шақырып алды да, Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары (наркомның) Сталиннің орынбасары етіп бекітті.
Тағдыр жолы — тарпаң. Басына ноқта сыймас Рысқұлов сен болсаң, көріп алайық дегендей, дәл Сталиннің қасына апарып отырғызды. Көп сөзі жоқ, біртоға, тұнжыр-тұйық Сталин сәл күлімсіреп, шегір-сарғыш қырғи көзін қысыңқырап:
— А-а, Түркістанның Шыңғысханы, кел, — деді.
Содан бастап Сталин Рысқұловты Рысқұлов деп, тек ресми жиындарда болмаса, жайшылықта: «Түркістанның Шыңғысханы» деп атап кетті.
* * *
Коминтерннің II Конгресінің шешімі бойынша, 1920 жылғы қыркүйектің бірінде Баку қаласында Шығыс халықтарының бірінші съезі шақырылды.
Рысқұлов осы съезге Түркістанның Сырдария мен Жетісу облыстарынан делегат болып сайланды. Наркомнан Сталин өзінің орынбасары Рысқұловты шақырып алып:
— Бакуге Түркістаннан бір мұсылман әйел баруы керек. Ол сол съезде сөйлей алатын, кеңестік Шығыс әйелдерінің атынан сөйлей алатын сауатты, әрі кедей таптан шыққан болуы керек. Осыны өз міндетіңе аласың, — деді.
Рысқұлов келісті.
Келісуін келіскенмен Сталиннің кабинетінен шыға бере: «ондай мұсылман әйел табан астынан қайдан табыла қоймақ? Уақыт болса тым қысқа. Әуелі Ташкентпен байланысу керек. Одан ондағы басшылар әлгі әйелді тауып, оны пойызбен Мәскеуге жеткізгенше қай заман?»
Рысқұлов Бакудің төрінен бүкіл Шығыс өкілдерінің алдына шығып сөйлеп тұрған Түркістан әйелін көз алдына елестетіп көрмек болды. Көзінің алдында кілең бет-аузын тұмшалаған, паранжа жамылған біркелкі сурет көлбеңдеп тұрды да қойды. Бірінің де түсін түстей алмайды. Түркістанда қаншама жыл қызмет істеп жүріп, мінбеге шығып сөз сөйлеген не өзбек, не түрікмен, не тәжік, не қырғыз әйел затын кездестірмепті. Ондайлар бар да шығар, бірақ...
Кенет Рысқұловтың ойына жарқ етіп, Әулиеата түсе кетті. Иә, иә, аты кім еді? Сол ғой, сол! Баяғы Тайтақайдың қызы. Аты кім еді? Меркедегі Тайтақай ше? Он алтыншы жылы Приходько бастаған жазалау отрядінің Маңыраққа шабуылы кезінде қаза болған Тайтақай-Талбүбінің қызы. О! Күләй!
Шешесін Приходько атып өлтіргенде, солдаттардың қолынан жұлқына қашып шығып, биік жардан Мықан өзеніне қарғыған Күләй! Солдаттар сол жолы оны өлдіге санап қайтқан. Кейін сол Күләй жетім небір тозақтан тірі қалып, Әулиеатаға жетіп, сонда нан пісіретін наубайханаға жұмысқа кірген ғой...
Апыр-ай, қалай ұмытады? Ол баяғы аңқылдап қалған Тайтақайдың қызы ғой. Тайтақай... Тұрар әлі Рысқұлов емес, Қырғызбаев болып жүрген соноу Мерке заманында атасы Қырғызбай оны Маңырақтағы бажасының үйіне мал айдап кел деп жұмсағаны қайда?
Сонда жар басында жарбиған қара лашықтың босағасына сүйеніп тұрып, бейтаныс Тұрарға жымия қараған қыз қайда? Үстіндегі қызылала көйлектің жамау-жамау қомытын көрсетпейін деп, тек есіктен басын шығарып сығалаған он үш-он төрт жасар қыз ше?
Жазалаушы отряд Маңыраққа от қойып өртеп, күлін көкке ұшырып, адамдарын қырып салғанда өлім тырнағынан әрең құтылып, суға кетіп, балыққа жем бола жаздаған қыз ғой ол!
Оны Тұрар енді Қырғызбаев емес, Рысқұлов болып Әулиеата уезін басқарып тұрған он сегізінші жылдың жазында көрді.
Әулиеатаның Атшабар базарында аштыққа қарсы, астықты жасырып отырған бай-кулактарға қарсы үлкен митинг болды. Сонда Рысқұлов сөз сөйлеген. Қарақұрым қалың жұрттың арасынан сытыла-сығыла алға ұмтылып бір қыз шықты да, мінбеге жақындап:
— Тұрар аға! Маған сөз беріңізші, — деді.
— Сөйлей ғой, айналайын. Атың кім?
— Күләй. Сіз мені білесіз. Ұмытып қалғансыз ғой, қазір айтамын, — деп әлгі қыз ылдым-жылдым мінбеге көтерілді. Базардың атшаптырым алаңында сығылысып тұрған халық: «Бұл кім?» — деп сілтідей тынды.
— Мен Меркедегі Маңырақта туғанмын, — деп бастады Күләй. — Тайлақтың қызымын. Әкемді ақтар он алтыншы жылы телеграф бағанасына асып өлтірді. Шешемді атып өлтірді. Бүкіл Маңырақ жер бетінен жойылып кетті. Әйтеуір, әупіріммен аман қалған мен. Қалаға келіп, қазақ, өзбек, орыс қыздарымен бірге наубайханаға жұмысқа кірдім. Қазір нан пісірейік десек ұн жоқ. Жаңа Тұрар аға өте дұрыс айтты. Астықты байлар мен кулактар жасырып, халықты ашаршылыққа арандатып қойды. Оларды аяудың керегі жоқ. Қолынан бермесе, тартып алу керек. Менің айтайын дегенім осы.
— А, жүзіқара! Шоқынған қар! Маңырақта сонда бекер өлтірмеген екен! — деп сақалы шошаңдап, қып-қызыл беті қанға тойған қандаладай тырсылдап тұрған Айбар бай еді.
Бірақ сонда Айбардың ызалы сөзін көпшіліктің айқай-шуы көміп кетті.
— Рас айтады. Қолынан бермесе, жолынан! — деп гуледі қалың нөпір.
Рысқұлов сүйсініп, Күләйдің қолын алып, арқасынан қақты.
— Адам болып қалған екенсің, айналайын. Осы адал жолыңнан айныма, — деді.
— Менің әке-шешемнің көзін көрген өзіңіз ғана бұл арада. Сіздің жолыңызға адал болуға ант ішемін, — деді қыз көзіне жас үйіріле жаздап.
Көп ұзамай Рысқұлов Ташкентке аттанып, қызметі жоғарылап, бұрынғыдан он есе ауыр жұмыспен кып-қызыл оттың ішіне кіріп кетті де, әлгі Тайлақ пен Тайтақайдың қызы қайтып ойына оралған емес.
Енді, міне, Сталиннің әлгіндей кеңесінен кейін, әлдеқалай ғажайыптың күшімен сол әулиеаталық Күләй қыз көз алдына келе қалған.
Рысқұлов жеделдете Ташкентпен байланысып, Нәзір Төреқұловпен сөйлесті. Әулиеатада осындай адам бар, соны мейлінше тездетіп, Мәскеуге аттандыр деді.
Нәзір Төреқұлов бұл кезде Түркістан Компартиясы Уақытша Орталық Комитетінің жауапты хатшысы. Кезінде Рысқұловпен айтысқа түсіп, қиястау жүретін мінезі бар. Әуелі Әулиеатадан табу қиын ғой, осы Ташкенттен-ақ басқа бір әйел табылмай ма деп бұлталақтата бастап еді, Рысқұлов қаталдау кетті.
— Нәзір, сен екеуміз енді ТүркЦИК-тің мәжілісінде отырған жоқпыз ғой. Сөзді қой! Жаңағы мен айтқан адамды қалайда тапқызып, он күннің ішінде Мәскеуге жеткіздір, — деп талас сөзге саңылау қалдырмады.
— Әй, Тұрар-ай, жарайды. Болсын айтқаның. Тек өткенді еске ала берме, — деп жұмсарды Нәзір.
* * *
Ақжал толқындар бірінен бірі туындап, бірін бірі қуалап, қашқаны жеткізбей, қуғаны жете алмай, табандаса тақасып, ақыр соңында талмаусырап келіп, қызғылтым құмды жағаға сылқ етіп құлайды. Әлгібір асқар таудың шоқысындай дүрдиген ақ шуда көбік, енді жыбыр-жыбыр етіп, лезде сөніп, қыз ерніндей қызғылтым жарма құмның жиегін жіпсітіп барып, демде сіңіп кетеді.
Толқын пақыр — сұлу қыздың ернін бір сүюге ынтызарлана арпалысып жетіп, сүйер-сүймес талып түсіп жатқан көзсіз батырлар.
Апшерон түбегінің құмдақ жағалауын Каспий батыр осылайша минут сайын, сағат сайын, айлар бойы, жылдар бойы... тасырлар жүзі, заманалар жүзі сүйіп, сусамыр құмарлықтан арыла алмай келе жатқалы қанша уақыт!
Ешкім де дөп түсіп айта алмайды. Ешбір жан... Бір кезде бұл теңізді Хазар дер еді... Хазар...
Хазардың арты беті — қазақ даласы, түрікмен туыстар. Араны теңіз бөліп жатқаны болмаса, мына әзірбайжан бауырлармен туыс елдер, тілі бір, жыры бір. Қорқыт атамызға дейін бір. Арада — Хазар теңізі. Арғы бетте — қазақтар, түрікмендер, өзбектер, қырғыздар, қарақалпақтар... Бергі бетті әзірбайжан қай заманда мекен еткен? Қап тауына қалай жеткен? Оны бір білсе, — сол Қорқыт атам біледі. Әзірбайжандар Қорқыт атамды пір тұтады. Ал өлімнен қанша қашса да, «қайда барса Қорқыттың көрі» алдынан шығып, ақырдың ақырында талқаны таусылып, топырақ бұйырған жері — Сырдың бойы. Кәдімгі Қорқыт күйін сыңсытып тұратын Сырдың жағасы.
— Қардаш1 Тұрар, еліңді сағындың ба, алысқа қарап көп ойландың ғой? — деп Рысқұловтың иығынан сипап қойды Нариманов.
— А, Нариман аға, оныңыз рас. Түркістаннан аттанғалы да біраз болып қалды, — деді Рысқұлов сараң жымиып. — Теңіздің ар жағы — Түркістан.
— Әрине, — деді Нариманов айдынды қасқа басын сипап қойып, алпамсадай кеудесін теңіздің самалына тосып, палубаның кемерінен ұстап тұрып. — Түркістанда республика басқарып, қып-қызыл айқастың ортасында жүргеніңді білемін. Қиын кезең болды ғой... Енді Мәскеудесің. Өкінбейтін шығарсың.
— Не десе болады, Нариман аға. Әрине, Түркістанда біраз тұра тұрғаным игі еді. Өйткені Түркістанды басқару үшін Түркістанның жанын, жүрегін, өзегін білетін адам керек. Ал мен білуші едім... Кешіріңіз, білуші едім дегенім — мақтанғаным емес, білген де аз — сүюші едім... Бір елді басқару үшін, сол елді ең әуелі анаңдай, атаңдай, яки балаңдай сүю керек қой. Бірақ өкінбеймін. Мәскеу — ұлы мектеп. Сол мектептің дәрісі бойға да, ойға да дәру бола бастады.
— Оның рас.
— Енді ойласам, әрі күлкілі, әрі өкінішті, — Рысқұлов қасын бір керіп теңізге қарады. — Осы өтіп бара жатқан жылдың басында ТүркЦИК-те қатты айтыс болды. Біздің кейбір жолдастар Түрккомиссия мүшелерімен өткір таласта: «Әзірбайжанда «Үммет», «Тұран» ұйымдары бар, прогресшіл, солармен бірлесейік», — деп ұран тастағаны есімде.
— Иә, революцияның ондай бозбала дәурені болған. Бірақ сол «Үммет»,«Тұран» Әзірбайжанда ағылшындарға қарсы күрес кезінде кеп көмек көрсетті, — деді Нариманов.
— Солайы-солай, тек түптің-түбінде бір тудың астына топтасқан абзал шығар, Нариман аға.
— Міне, топтасқан, туысқандық деген осы. Біз бір-бірімізді тек алыстан білуші едік. Енді, міне, бір кеменің үстінде тұрмыз, Тұрар! — деп Нариманов Рысқұловты иығынан ала, қысып-қысып қойды.
Шығыс халықтарының ұлы құрылтайына жер жүзінің түкпір-түкпірінен жиналған делегаттар «Хазар» кемесіне мініп, Каспий теңізіне саяхатқа шыққан. Кеме Баку шаһары тұрған түбекті бір айналып, кері қайтып келе жатыр. Бакудың мұнайлы жағын қап-қара түтін шымылдық тұтып қалғандай. Жоғары-төмен изеңдеп тұрған сансыз алып әткеншектер. Бакудың атақты қара алтынын жер астынан сорып алып жатқан темір тұлғалар. Осы қара алтынға бола кімдер кеңірдегін созбаған. Ең соңғы сұғанақ жау осы көктемде ғана қуылды. Ағылшындар, ағылшындарды қолдап, солардың құлы болған муссаватистер Әзірбайжаннан аласталды. Жаулардан тазарғанына небәрі бес-алты-ақ ай өтсе де, Баку бүгін бүкіл дүние халықтарының өкілдерін төріне шақырып, әлемдік мәселе шешетін орын болып отыр.
Ондай қонақжайлықты ұйымдастырып, керемет қызмет көрсеткен азаматтардың азаматы — Нариман Нариманов. Жұмысы бастан асып-тасып жатса да, бүгін меймандарды серуенге шығарып, сейілтіп, жер танытып, ел танытып келе жатыр.
— Соноу Қытайдан келген делегат еліне барғанда, Бакуде не көрдің десе не дейді? Таныссын әуелі Бакумен. Көрсін өз көздерімен кеңестік Баку қандай екенін. Қалай қарайсың, Тұрар?
— Өтe дұрыс, Нариман аға. Шетелден келгендер былай тұрсын, мына біз ше... «Әзірбайжан — туысқан, туысқан» дейміз, ал шындап танымаймыз. Міне, мына Күләй... Күләй, бері кел, — деп Рысқұлов кемеге ілесе ұшқан шағалаларды қызықтап тұрған жас келіншекті жанына шақырды.
Қара мақпал камзол, ақ шәйі қос етек көйлек киіп, ақ қыжым орамал салған, жәудір көз қазақ қызы қымсына жақындап, Наримановқа қол ұсынды.
— Күләй — Әулиеатадан, — деді Рысқұлов. — Әке-шешесін патша жазалаушылары он алтыншы жылғы көтерілісте өлтіріп еді...
— Әке-шешең сенің мұнша алысқа қанат қаққаныңды көре алмаған екен, — деді Нариманов Күләйдің арқасынан мейірлене қағып. — Күләй съезде сөйлейді ғой, Тұрар Рысқұлович?
— Мен сөйле деймін, Күләй қорқамын дейді.
— Қорықпа. Әлем алдына шығып, патша жендеттері әке-шешеңді қалай өлтіргенін айт. Әлемде әлі әділетсіздіктен күйзелгендер көп. Естісін сөзіңді, көрсін өзіңді.
— Жарайды, Нариман аға, — деп Күләй қара мақпал камзолының седеп түймесін шиыршықтай берді. Аққұба өңін қызғылтым бояу шалып, келтелеу қыр мұрнының ұшы тершіп кетті. Әдемі қара көзін төңкере бір қарап, сабаудай кірпіктері жиі-жиі жыпылықтады.
— Оу, сен, Күләй, менің алдымда бүйтіп сасып, абдырап тұрсын, ертең екі мың адамның алдына шыққанда қалай болады? — Нариман Нариманов Күләйға бір, Рысқұловқа бір қарады.
— Ұялма, Күләй. Баяғы Әулиеата, атшабардың базарын есіңе ал. Сонда сөйлегендей сөйле. — Наримановқа бұрылып:
— Нариман аға, мен білетін Күләй болса, шыннан от пен судан өткен Күләй болса, алып шығады, — деді. — Он жетінші жылы қос өкіметтің кезінде осы Күләй Әулиеата орталығында өткен митингіде сөз сөйлеп, Айбар деген байдың өңешіне отты сөзден балқыған қорғасын құйған.
— О, онда ысылған революционер десеңші, — деп Нариманов күдігі тарап, жадырап ала жөнелді. — Әулиеатада сен тек өз еліңнің байларын жайратсаң, мұнда енді бүкіл дүние жүзінің алпауыт байларына, империалистерге қарсы жалынды сөзбен оқ атасың. Ендеше, қадамың сәтті болсын, Күләй.
Жап-жаңа тып-тынық, айнадай жалтырап жатқан теңіз беті лезде құбылып, жал-жал толқындар бірін-бірі қуалап, кемені шайқай бастады. Қат-қат толқындарға қадалып қарай берсең, шығыс жақтан, буалдыр мұнар арасынан ыңырсып жатқан Иран жағалауы көрінгендей болады. Кеме бетін орталық пристань жаққа бағыттап, Бакудың оңтүстігіне қарай жылжып барады.
Нариманов пен Рысқұловтың жанына сонда ашаң жүзді, қияқ мұртты, қасқабас, өткір жанарлы кісі келіп қосылды.
— Саяхат өте тамаша болды, — деді ол Нариманов пен Рысқұловты қапсыра құшақтап, аңқылдақ желге кеудесін тоса, кең тыныстай.
Бұл түрік коммунисі Мұстафа Субхи еді.
Мұстафа Субхи былтыр күз бен биыл көктемді Коминтерннің өкілі ретінде Түркістанда өткізген. Тұрар Рысқұловпен ағалы-інілі адамдай туысып кетіп еді. Бұлар бір-бірінен ажырасып, көріспегелі үш-төрт айдың ішінде сағынысып, Бакуде бауырлардай қайта табысты. Мұстафа Күләйдің Әулиеатадан келгенін естігенде қуанып кетті.
— Мен сізді Гүлсім апаңызбен таныстырайын. Гүлсім апаңыз Түркиядан келді. Екеуіңіз екі дүниеденсіз. Танысып, сырласыңыздар. Сонда білерсіз біздің Түркияны.
Гүлсім ханум кеменің тұмсық жағына таман палубада тұрған. Мұстафа барып ертіп келді. Көзі баданадай, қыр мұрнының ұшы имектеу, қартаң тартқан қараторы кісі екен.
— Міне, мынау — Тұрар Рысқұлов, мынау — Күләй. Қазақ қардаштар, — деп таныстырды Мұстафа.
— Қазақ кім? — деп сұрады Гүлсім Мұстафадан.
— О да түрік. Түріктердің бір зор тармағы. Түркістан, Қазақстан деген байтақ елде тұрады.
— Кешіріңіздер, білмей қалдым, туыс-қардаш екенсіздер ғой, — деп ыңғайсызданды Гүлсім. — Мен шала сауатты адаммын. Көп нәрсені білмеймін...
— Әйел адамның жасын сұрап жату айып. Дегенмен мен айтайын: Гүлсім жиырма үште, — деп Мұстафа бір сұмдық сыр ашты.
Бұл хабарға Күләй тұрмақ, Рысқұлов пен Нариманов таң қалғанын сезген Мұстафа Субхи:
— Солайы-солай, қардаштар, — деді. — Ағылшындар әке-шешесін, жап-жас күйеуін атып өлтірді. Өзі де бүлдіршіндей жас еді, бір күнде қартайып шыға келді. Озбыр отаршылдар, капиталистер сойқаны осындай. Бұл кісі ертең съезде сол сойқан туралы айтпақшы.
— Тағдырлас екенбіз ғой, Гүлсім, — деп Күләй Гүлсімді икемдеп, бауырына тартты. — Менің де әке-шешем отаршылдар зорлығынан қаза тапқан. Өзім өліп тірілген адаммын. Кел, Гүлсім, ертең осы сырдың бәрін әлем алдында ашайық. Бір-бірімізге бауыр басып достасайық...
— Рақмет, сіңлім! Сені сіңлім дейін. Өйткені менен көп жас көрінесің. Өйткені сен азат елдің адамысың. Түркия жаулардан толық азат болған күні мен де жасарармын. Рақмет.
Бакудің орталық пристаніне таянған ақ кеме талайларды осылай табыстырып, туыстырып, соның құрметіне ұз-а-ақ айқайлап гудок берді.
Кеңестік Әзербайжан ревкомының төрағасы Нариман Нариманов кемедегі делегаттарға:
— Қазір мейманханаға барып, біраз тыныстап, шәйланып алған соң, мархамат, театрға келіп Үзеир Ғаджабековтың «Аршын малалан» атты спектаклін көріп, тамашалаңыздар, — деп ілтифат білдірді.
* * *
Дүние дүние болғалы мұншама елдің басы қосылып көрген емес. Баку бақытты екен. Кекірейген тәкаппар Париж бен Лондонда жер жүзі халықтарының өкілдері жиналып:
— Ей, жарандар! Азаттық алайық! Бақытты болайық! — деп жар салған жоқ.
Күні кеше көшелерінде қан төгілген, ағылшындар мен муссаватистердің, даншактар мен меньшевиктердің тепкісіне шыдамай, жауларын жағадан алып, теңізге лақтырған Баку есін енді-енді жиып болар-болмас, күллі Шығыс дүниесінің екі мың өкілін қабылдап, Шығыс халықтарының бірінші съезін, құрылтайын ашты.
Әзірбайжан Мемлекеттік театрының салтанатты төрінде Зиновьев, Нариманов, Орджоникидзе, Микоян, Стасова, Мұстафа Субхи, Тұрар Рысқұлов...
Делегаттары бар, съезге шақырылған меймандары бар — үш мыңға жуық адам театрдың ішін кернеп, съездің ашылуын орындарынан тұрып, талмай қол соғып қарсы алды.
Съезді бірінші болып Нариман Нариманов құттықтады.
Призидиумнан Рысқұлов залдың бірінші қатарында бірге отырған Сұлтан-Ғалиев пен Әнуар пашаны байқап қалды. Оларды бірден байқамас та ма еді, Сұлтан-Ғалиев Әнуар пашаға еңкейіп, сұқ саусағымен президиумдағы Рысқұловты меңзеп көрсетіп отыр екен. «Не істеп отыр? Не айтты? Әнуар паша бұған неге қадала қарай береді? Жүріс-тұрысы күмәнді адам. Түркияда Мұстафа Кемалмен келісе алмай, өз елінен қашып шығып, осындағы түркі тұқымдастарды біріктірмекке әрекет жасап жүрген сыңайлы. Сондай бір сезік бар. Сөз сұрап президиумға хат жазыпты. Президиум төрағасы Зиновьев алқа мүшелерімен ары ақылдасып, бері ақылдасып, «Әнуар пашаға сөз бермей қоя тұрайық» деген шешімге келген. Ал сол Әнуар паша залда отырып, президиумдағы Рысқұловқа қадалғанында қандай сыр бар? Әнуар паша, әрине, Түркістан республикасының кешегі президентін сырттай біледі. Білмесе, Сұлтан-Ғалиев оған қазір білдіріп, Рысқұловты таныстырып отыр. Рысқұловтың президент кезіндегі кейбір әрекеттерін, айталық, атышулы «Түрік Кеңес республикасы», «Түркі халықтарының коммунистік партиясы» деген идеяларын жеткізіп отырған да болар. Әрине, солай. Өйткені Әнуар паша үшін, мына мыңдаған адамы бар залда, Рысқұловтан басқа жан жоқтай, тек соны-ақ шүңіректеу өткір көздерімен ішіп-жеп, тесіле қарап, оқжыландай арбағысы келіп, сұқтана берді.
Сұлтан-Ғалиев пен Әнуар паша қалай қатар отырып қалғаны да бір кәдік. Әлде бірін-бірі іздеп тапты, әлде кездейсоқ па, о жағы беймәлім. Бірақ екеуі де президиумнан үміткер еді. Екеуі де өтпеді. Сұлтан-Ғалиев наркомнацта Рысқұловтан бұрын істеп келеді. Коллегия мүшесі. Нарком Сталинмен бұрыннан таныс. Ал Рысқұлов наркомнацқа келіп үлгермей жатып, Сталиннің орынбасары болып кетті. Енді мына дүниежүзілік құрылтайда президиумда отырысы анау қасқайып. Түркия болса, Мұстафа Субхиден гөрі, Әнуар пашаны көбірек біледі. Көп шатақпен, қантөгіспен болса да атағы шыққан. Ол кезінде тіпті Кемал пашадан гөрі әйгілеу болатын. Қазір Түркияны Кемал паша дүр сілкіндіріп тұр. Ал мұндағы президиумда Мұстафа Субхи отыр. Әнуар пашаның мына съезге қалай делегат болып келгені де жұмбақ. Бірақ мандаты бар. Сондықтан оны ашықтан-ашық аластауға тағы қиын.
Съезде Коминтерн Атқару Комитетінің құттықтауын Зиновьев оқыды. Коминтерн дегенді тек атын естіп, затын біле бермейтін көп адам енді оның адамзаттың адал досы, жарық дүниеде жақсылықтың жаршысы, езілгенді жебеуші, еңірегенді жұбатушы, есесі кеткеннің есесін жоқтаушы, пәруана қамқоршы екенін түсінді. Түсінді де, Қытайдан, Ираннан, Үндістаннан, Ауғаннан келген делегаттар съезде ағынан жарылып, бір арман-тілектерін ақтарып салды. Түркиядан келген Гүлсімнің тебірене айтқан зарына елжіремеген ел қалмады. Тіпті Гүлсім мінберден түспей жатып, оған бір армян әйел жүгіріп барып, гүл ұсынып, құшақтап тұрып сүйгенде, зал күңіреніп кетті. Түріктер мен армяндардың арасында билеуші пірсіздер салған сойқаннан соң, әлемге әйгілі «армян-түрік кескілесуінен» соң, екі ел арасын патшалар да, небір дүлдүл елшілер де бәтуаға келтіре алмас кезде, мына қарапайым екі әйелдің — түрік пен армян әйелдерінің қауышуы, «Ей, жарандар, елмен ел жауласпас еді, бәлені бастайтын даңғойлар, елдің қанын сүліктей сорған сорақы мен зорақылар. Солардан сақтаныңдар!» — дегендей еді.
Әнуар паша ішін тартып, тыжырынып қалды. Бұл паша да жазықсыз жаппай қырылған армяндардың қанын қолына жұқтырып алған.
Ай, паша, паша. «Киімі жаманды ит қабады, ниеті жаманды Құдай табады». Ішінде қандай жыланның басы қайқаңдап тұрғанын көрсететін айна болар ма еді сонда! Мейман сыйлаған ел бұл ел. Сен меймансың. Ал мейманның ішінде жәһил жылан жатпауы керек қой. Сол жәһилдің көзі емес пе екен, Рысқұловқа қадалып, ішіп-жеп бара жатқан.
Түрік қызы Гүлсім мен армян әйелі құшақтары жазылмай, сахнадан әлі түсе алмай тұрғанда, төрағасы мінберге Күләй Тайлаққызын шақырды.
Рысқұлов селк еткендей болды. «Күләй қайтер екен? Қысылып, сөйлей алмай, қойнынан бөзі, аузынан сөзі түсіп, абыройсыз болмаса екен...»
Жоқ, сахнаға ширақ шықты. «Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды» деуші еді баяғыда Рысқұл жарықтық. Сол рас, Күләй — не көрмеген Күләй? Азынаған ажалдың, үңірейген мылтықтың аузын көрген Күләй...
«Мынасы несі тағы?» Күләй мінберге емес, ана құшақтасып тұрған екі әйелді екі қолымен ұстап алып, залға қарап тұрып:
— Бауырлар! — деп қазақшалап айқай салды. — Мен көп сөйлеп уақыт алмаймын. Менің тағдырым, менің өмірбаяным тура мына Гүлсімдікіндей. Мен Түркістанның Әулиеата шаһарынан келдім. Осыдан небәрі төрт жыл бұрын мен көрген азап пен тозақты, қайғы мен қасіретті енді ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Төрт жыл бұрын біз патша залымның оғынан түп-түгел қырылып кете жаздадық. Зеңбірек пен қарағай сапты найза, айбалта айқасқан заман болды. Сонда патшаның азынаған зеңбірегіне қарсы айбалталы қара халықты көтеріліске бастаған көсем Тұрар Рысқұлов, әне, анау президиумда отыр. Мен болсам, міне, сендердің алдарыңда тұрмын.
Күләйдің сөзі орысшаға, ағылшыншаға, қытайшаға, үндішеге, ауғаншаға аударылған кезде, зал орнынан тұрып кетіп, сахнадағы қол ұстасқан үш әйелді қолдан қолға көтеріп әкетті. Жұрттың селдей тасыған сезімі басылғанша қоңырау сылдырлатып, тым белсенді көрінбес үшін төрағасы: — Үзіліс, — деп дауыстады.
* * *
Анау-мынау аласалар, қой мойынды қортиғандар шоқтығына қолы жете бермейтін Қамбар ата баласы — жылқы малының ішіндегі төресі — ақалтеке болар-ау. Оның үстіне кез келген адамның отырғаны жараса бермейді. Кез келген адам отыра да алмайды. Сәйгүліктің үстіне қолтығынан біреу сүйеп мінгізсе де жүрегі дауаламай, шабысына шыдай алмай, құлап қалады.
Ақалтеке аттың шоқтығындай биік мінбелер болады. Солардың ішіндегі ең биігі, сірә, осы мінбе болар. Өйткені дүние-әлемнің төрт көзі түгел жиналған құрылтайдан асқан жиын жоқ. Ондағы мінбеден биік тау жоқ.
Осы мінбеге Рысқұловтың шығуы жарасып-ақ еді. Баяғы Рысқұл әкесінің Қызыл Жебеге мінгені сияқты, аты иесіне, иесі атына сай, бір-біріне лайық жаратылған, жақсы-жайсаң сияқты-ақ.
Баку атты шаһардағы осы съезде сөйлеген сөз тарих деген тарпаңның тереңінде қалып, заманнан заманға жетсе керек-ті. Әрине, сөздің де сөзі бар. Оны тарих өзі екшеп алады. Сол екшеліп, ерекшелігімен бізге жеткен сөздердің бірі — Тұрар Рысқұловтың сөзі болады. Ол сөз дүние жүзінің сол съездегі өкілдері арқылы дүние жүзінің түкпір-түкпіріне тарап, сан миллион халықтың санасына сәуле болып шашырап, жан дүниесіне күш-қуат болып дарыды. Өйткені сол сөз айтулы шешеннің жүрегінде балқып, шыңдалып шыққан пәрменді, құдіретті сөз еді.
— «Отарлау» деген суық сөздің жөргегінде біз өстік, — деп бастады Рысқұл баласы. Жөткірініп, жөтеліп, бір-бірімен сыбыр-күбір сырласып отырған жұрт сап тыйылып, мына сөздің сарынына мойын соза құлақ салды. Залға жай сөз емес, толғау сарын естілді.
— «Отарлау» деген жалын қанжар кеңірдекке тірелді. Содан халық құлап кетер жарлауытта тұр еді. Шыңырау құздың жиегіне бізді әкеліп тықсырды. «Бөліп ал да билей бер!» — деп патша жарлық шығарды. Бөлшек-бөлшек болған дене өлмей қайтіп шыдар-ды? Көшіп-қонған кең далада туырлықты ел едік. Қанатымыз жылқы болған қылқұйрықты жел едік. Туырлықты дал-дал қылып тілгіледі патша-бай, қылқұйрықтан айырылған соң, ел қайтеді қақсамай?! Халық қалды қаңтарылып, қанаты жоқ, жалы жоқ. Зеңбірекке қарсы тұрар қамшыдан басқа халі жоқ. Зеңбірекпен қамшыласқан он алтыншы жыл еді, қияметтен өтер көпір жіп-жіңішке қыл еді. Жер бетінен құрып кетер кез келгенде сәл-сәл-ақ...
— Отарлау деген суық сөз әлем адамдарының бойын әлі де қарып тұр. Оны тек революция оты ғана жылыта алады. Әне, анау ұлы Үндістанның қасиетті жерін ағылшын отаршылы тағалы етікпен таптап жүр. Әлі күнге дейін жерінің байлығын, үнділердің қанын сорып, тойымсыз аш қасқырдай қаптап жүр. Алыстағы аралда жатқан ағылшынның Үндістанда несі қалды? Нағашысы бар ма еді онда? Зорақы, дарақы империализм сиқы-сықпыты сондай. Олар, сірә, өз ықтиярымен кете қоймас өз аралына. Күллі әлем болып, Үндістанның ұл-қыздарына тілеулес болсақ, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, сонда ғана империализм құйрығын бұтына қысқан иттей болып, қаңсылап қашады. Коминтерн сол күрестің туын көтеріп, сол тудың астына бәріңді де топтастырып отыр. Тіреспесең, күреспесең — қанаушыдан қайыр жоқ. Азаттық үшін алысқанның айыбы жоқ. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген айбынды ұран осындай мақсаттан туған. Барлық әлем кедей-кепшігі, жарлы-жақыбайы, бай-манаптан, отаршылдан қорлық көрген кембағал тап — бір-біріңе қол ұшын бер деген сөз ол. Ол үшін қол ұшын беруден де гөрі, әлгіде ғана құшақтасып, бауырласқан үш әйелдей, апалы-сіңілідей туысу ләзім. Бұл ұлы жиынның мақсаты сол. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп өсиет тастап кеткен менің ұлы атам. Сол өсиетті сәл өзгертіп айтсақ: «Дүние жүзінің езілгендері, есесі кеткен кедейлері біріңді бірің дос көрмесең, қалған істің бәрі бос».
Біздің Түркістан патша заманында отарлаудың ең бір сорақысын көрді. Енді қалың сордан арылу да оңайға түсіп жатқан жоқ. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары билік басына бұрынғы отаршылдардың тонын айналдырып киген, өтірік коммунист болып, ел басқарған «жаңа» отаршылдар келді. Бұлар Лениннің, коммунистердің ісін бұрмалап, Кеңес өкіметінің беделіне таңба түсірмек болды. Империализмді құлатып, өз қолдарың өз ауыздарыңа жеткенде, сендерде де осындай жымысқы әрекеттер болуы әбден ықтимал, содан сақ болыңдар!..
Империализм мен отарлау саясаты ағайынды.
Отарлау деген қорқынышты қорқау сөз.
Отарлау деген сөздің өзі қан сасиды. Отарлау деген сөзден зеңбіректің зіркілі, қамшының ысқырығы, кісендердің сылдыры, түрмелер қақпасының салдыр-күлдірі естіледі.
Отарлау деген сөзден қайғы мен қасіреттің зары сарнайды.
Отарлау деген сөз оқтан да қаһарлы.
Осынау отарлаудан құтылған күні көзің ашылады, басыңа бақ құсы қонады. Ендеше, қол ұстасып, бүкіл халық достасып, империализмнің аранына тас толтыр, қақалған қасқырдай қаңсыласын кәрі қақбас. Империализм құламай таңың атпас. Бір-біріңнің жүрегіңе от жағып, сол алаудан әлем жарқырасын. Жасасын езілген халықтар туыстығы! Жасасын Кеңес өкіметі! Жасасын Коминтерн!
* * *
Рысқұловтың сөзін Әнуар паша ынты-шынтысымен-ақ тыңдады. Құлағына жағымсыздау тиіп жатса да құныға тыңдады. Ана мінбеге өзі шығып, осылай бір алаулап сөйлей алмайтынына өкінді. Рысқұловпен өзін еріксіз салыстырды. «Мен осылай арындап кете алар ма едім?» — деп отыр. Сол сәтте өзін дәрменсіз сезінді. Бұл да талай мінбелерге көтерілген. Бірақ халықты мына қазақ сияқты қанын қыздырып, жанына қанат бітіре алған емес. Бұл туасы шешен адамның айбыны асқақтап, аруағы асып, тау суындай тасып кетеді екен. «Құдай бақыт берген адам екен», — деп іштей қызғанып қалды. Жанындағы Сұлтан-Ғалиевке қарап еді, жүзі бал-бұл жанып, қуанып, қанаттанып отыр екен.
Рысқұлов сөзін тәмәмдап, президиумдаңы орнына барып отырғанда, нөсердей қол шапалақ шуының арасынан Мұстафа Субхидың: «Қардаш!» — деп Тұрарды орнынан тұрып құшақтағанын көрді. Президиум председателі:
— Үзіліс! — дегенде Әнуар паша Сұлтан-Ғалиевке:
— Мені Рысқұловпен таныстырамын деген уағдаңызды ұмытпаған шығарсыз, — деді.
— Жоқ. Қазір ұстайық, — деп Сұлтан-Ғалиев Әнуар пашаны ертіп, президиумдағы Тұрарға қарай беттеді.
Сахнадан өтіп, бір қалтарыста Рысқұловты қуып жетіп:
— Тұрар, біз сені іздеп жүрміз, — Сұлтан-Ғалиев Рысқұловпен еркін сөйлесе алатынын білдіргісі келіп, әдейі «сен» деп тұр. — Мына кісі Түркияның әйгілі қайраткері Әнуар паша. Естуің бар шығар. Өзіңмен сұхбаттасқысы келеді.
— Уақыт тар болса да, сізді тыңдауға әзірмін, — деді Рысқұлов аман-саулықтан соң.
— Сіздің жаңағы тамаша сөзіңіздің әсерінен әлі арыла алмай тұрмын, — деп марапаттай бастады Әнуар паша. — Біздің түрік нәсілінен сіздей ерен қайраткердің шыққанына қуаныштымын. Батыл айттыңыз. Сіздің айтуыңызша, Түркістанда орыстардың отаршыл саясаты әлі созалаңдап тұр ғой, солай ма?
— Мен олай деп айтқан жоқпын, — Рысқұлов бойын жиып ала қойды. Әнуар пашаның белгілі қайраткер екенін еститін. Бірақ дәл мынандай омыраушыл екенін білмеп еді. — Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары эсерлердің арандатуымен ескі сарқыншақ сақталып келгені рас. Отаршылдық бір күнде, бір сағатта тыйылмайды, ол ұзақ та ұлы күресті талап етеді.
— Солай-ақ бола қойсын, — деп жымиған болды Әнуар паша. — Мен Сізді батыр ғой деп ойлап едім. Сөйтсем, өте сақ екенсіз, айтыңызшы, Рысқұлов мырза, Сіз Түркістан президенттігінен өз еркіңізбен кеттіңіз бе? Әлде мәжбүр етті ме?
«Мұны маған неге таңып қойдың?» — дегендей Рысқұлов Сұлтан-Ғалиевқа зілдене қарады.
— Мені ешкім де қуған жоқ. Өз еркіммен кеттім. Менің сіз сияқты Еуропаның таңдаулы университеттерінен дәріс алуға мүмкіндігім болмады. Сондықтан Мәскеуде қызмет істей отырып, білімімді толықтырсам деп едім.
— Өте ақылды айтылған сөз, Рысқұлов мырза, — Әнуар паша Рысқұловтың оңай шағыла салатын «жаңғақ» емес екеніне көзі жетіп, мәймөңкеге көшті. — Білім деген — құдірет. Білімсіз адам — бейшара. Бірақ сіз туасы білім дарыған кісісіз. «Түрік республикасын» құру туралы идея айтқан адамды білімсіз деуге сыя ма? Сіз турки дүниесінің маңдайына біткен жарық жұлдызысыз. Сізге түрік әлемі тағзым етеді. «Көсем біреу болсын, басқалары тіреу болсын» деген. Сіздің идеяңыздың іске асуына бәріміз де көмектесуіміз парыз. Күш біріккен жерде ғана күшті боласың. Түркістанға қайта оралып, игі мақсатыңыздың орындалуына тілек тілеп қана қоймай, көмек беруге біз, түрік патриоттары, қазір дайынбыз...
— Сабыр етіңіз, Әнуар паша, сабыр етіңіз. Тым әріге кетіп қалдыңыз, — Рысқұлов сұхбаттасын судыр сөзден әрең тоқтатты. — Есіңізде болсын, «Түрік республикасы» деген идея іске аспады. Ол әлі толғағы жетпеген мәселе. Бәлкім, біздің келер ұрпақтарымыз іске асыруы мүмкін. Ал әзір... Cay тұрыңыз. — Рысқұлов бұрылып кете бере, Әнуар пашаның басындағы қара шашақты, қызыл шошақ тақияға тұңғыш көзі түскендей, біраз қарап қалды.
Рысқұлов осы қара шашақты, қызыл шошақ тақиялы адамды бұрын бір жерден көрген сияқты. Бірақ Әнуар пашаны тұңғыш рет көріп тұрғаны анық. «А, — деді сәлден кейін. — Мұстафа Шоқаев. Он алтыншы жыл. Ташкент».
Кеңестерге қарсы «Қоқан автономиясы» дегенді құрып, бірер ай тіпті премьер-министр болған адам. Бір сәтке Рысқұлов: «Осының өзі атын өзгертіп алған Мұстафа Шоқаев емес пе?» — деп Әнуар пашаға жалт бұрылып тағы қарады. Жоқ, Шоқаев етжеңді, топ-толық, бүйрек бет, қара кісі болатын. Мынау сидаң, ат жақты, орақ мұрынды...
Жақындасқысы келеді, өз пиғылын таңып қойғысы келеді. Сұлтан-Ғалиев неғып одан құшағы ажырамай қалған?
* * *
Мәскеуте қайтқан бойда Рысқұловты Сталин шақыртып алды. Рысқұловтың съезд жұмысы туралы қысқаша баяндамасын тыңдап тұрып, Сталин трубкасын анда-санда сорып қойып, зілмауыр көздері кірпік қақпай, өзінің орынбасарына қадала қарады. Ақыры тыңдап болып:
— Тұрар, менің хабарларым бойынша, сен съезде тамаша сөйлегенсін. Және съездің жұмысына белсене кіріскенсің. Бұл жақсы. Айтпақшы, түркістандық әйел әсіресе біздің күткендегімізден асып түскен. Бұл да жақсы. Мұның бәрін Зиновьев Владимир Ильичке де айтты. Ильич қуанып қалды. Ол өзі де бұл жөнінде сенімен сөйлесетін болуы керек. Ал енді, осы әдемі әсердің бәрін бұзыңқырап тұрған бір нәрсе бар... Мына бір телеграмма. Түркістандағы ескі «достарың» сенің Түркістан атынан Бакуде сөйлегеніне наразы. Тіпті сені мандатынан айыру керек деген талап қойыпты. Әрине, біз ондай әрекетке бармадық. Сірә, ескі жараның аузын тырнаған сияқтысыз.
Рысқұлов көңілі құлазыңқырап қалды. Ескі «достар» мұны қайда да аңдуын қоймады-ау. Аяқтан шала береді. Әйтеуір, күйе жаққанын тыймады.
Рысқұловтың көңіл күйін байқап қойған Сталин:
— Көңіліңе ауыр алма, — деді. — Саған сенеміз. Ал түркістандықтар қалжыңдаған шығар дейік те қояйық. Ал қалай, Баку ұнады ма?
— Өте ұнады, жолдас Сталин. Тамаша қала, адамдары қандай бауырмал! Нариман Нариманович Сізге сәлем айтты. Біз ол кісімен достасып кеттік.
— Иә, Баку... — Сталин кабинетте теңселіп ары-бері жүріп алды. — Жастық шақтың жасыл аралы.
Ол, сірә, өткен күндерді еске алып, әлденені, әлдекімді сағынғандай, шешек дақты беті нұрланып, ішіне бір сәуле кіріп кеткендей, әдеттеті сұсты кейпі шырайланып, трубканы құшырлана тартты да:
— Бакуге бару — арманым, — деді. — Бірақ әзір бара алмаймын. Наркомнац Сталин бола тұрып, армандаған жерге бара алмаймын. Солай, жолдас Рысқұлов. Мысалы, сен Түркістанға барғың келеді. Әлгі бір айқасқа тағы да араласқың келеді. Жеңіп шыққың келеді. Өйткені жеңіп үйренгенсің. Жеңістің дәмі — апиын сияқты. Бір дәндесең, аңсап тұрасың. Ал бірақ Түркістанға дәл қазір сен де бара алмайсың. Түркістанға ба-ра ал-май-сың. Онда достарың үстіңнен арыз жазып жатыр. Голощекин сенен құтылғанына қуанышты. Айтпақшы, Сабақ Жантоқов деген қандай адам?
— Сабақ Жантоқов? — Рысқұлов ары ойлап, бері ойлап, есіне түсіре алмады. — Ондай адамды білмеймін.
— Білмесең, біліп қой. Голощекиннің оң қолы. Онымен әлі кездесіп қалуың мүмкін ғой. Мүмкін, тар көпірдің үстінде кездесуге тура келер, кім біледі?
Сталиннің ойына найза бойламас. Жұмбағы көп. Дос пейілді сияқты. Жаны ашып тұрған сияқты. Бірақ құшағын айқара аша салмайды. Ары да итермейді. «Жантоқов деген қайдан шықты? Мен онымен тар көпірдің үстінде неге кездесуім керек? Әлгі арыз осының атынан жазылған болды ғой».
— Сонымен, Баку саған ұнады ғой?..
— Ғажайып қала, жолдас Сталин.
— Ал Бакуге сен де ұнағансың. Киров те, Нариманов та, Микоян да сен туралы өте жақсы пікірде екен. Ендеше, бір-біріне ұнағандарды ажырату обал, солай емес пе, жолдас Рысқұлов?..
Рысқұлов Сталинге тіктеп бір қарап алды да:
— Не айтайын дегеніңізді түсініңкіремей тұрмын, жолдас Сталин, — деді.
— Түсінбесең, түсінесің. Сен әлі Мәскеуге оралмай жатып, біз мұнда сенің жұмысың туралы ақылдасып, ақыры сені Бакуге жіберуді ұйғардық. Владимир Ильич те біледі. Рысқұлов үшін пролетарлық Баку — үлкен мектеп деді. Қысқасы, Наркомнацтың Бакудегі өкілі боласың. Сенің революциядағы бай тәжірибең жаудан жаңа ғана тазарған Бакуге керек. Ал Бакудің революцияшыл бай тәжірибесі саған да ауадай қажет. Наркомнац Сталиннің орынбасары ретінде Бакуде тұрасың. Одан ары уақыт көрсетеді. Қалай?
Сталин «қалай?» — деп сұрамай-ақ қойса да болғандай еді. Өйткені сұрақсыз да шешіліп қойған мәселе. Ленин бастап, Сталин қостап осылай шешкен екен, шегінерге жер жоқ. Шегінгісі де келген жоқ. Өйткені Баку бұған бір түрлі жақын туыстай, аяулы қимасындай қымбат екенін енді алыстан сезе бастап еді. Жан-жағын ақжал толқынды теңіз қоршап жатқан Баку, әзірбайжандар өздері әнге қосқанда айтатын «Жан Баку» Рысқұловқа жақын екенін жаны сезді де:
— Қашан жүру керек? — деді.
— Бір апта шамасында, — деді Сталин. — Оған дейін мұндаты жұмыстарыңды ретте. Жолға дайындық жаса. Болса да салт бастысың ғой. Сатан көшіп-қону қиын емес. Айтпақшы, Түркістандағы ұлыңды қолыңа аласың ба? Алғанда, қайтіп бағасың?
— Жоқ, ол әзірше енемнің қолында болады.
— Айтпақшы, Сұлтан-Ғалиев үйленбекші. Тойына шақырған болар.
— Шақырды.
— Ендеше, бірге барамыз.
— Барсақ, барайық, — деп келісті Рысқұлов.
* * *
«Метрополь» мейманханасының қызметкері Рысқұловқа нөмірдің кілтімен қоса бір хат ұсынды. Елден, туғандардан алыста жүргенде хат жарықтық көзге оттай басылып, ыстық көрінеді. Төрт бұрышты, қос мөрлі хатты сипалай, адресіне қарап тұрып-ақ, Шымкент, Манкент деген сөздерден-ақ қайран туған елдің ыстық лебін, шалғындағы пішеннің хош иісін, дермене мен жусанның жаннаты жұпарын сезгендей болды. Манкенттің шырын алма-жүзімі, қауын-қарбызы аңқып тұрғандай әсерден айыға алмай, конвертті ашты.
Хат қайын енесі Елизавета Петровнадан екен. Кеңпейілді, кешірімді қайран Елизавета Петровна! Сендей асыл адамдар болмаса, жердің үсті, аспан асты, тек күнкөріс үшін жүрген бейшара пенделер мекені ғана болар еді. Адамдар арасында асыл дәнекер болмаса ажырасу, араздасу, азып-тозудан көз ашылмас еді. Әлдебір адыр біреу болса, е әдірәм қал, қызымнан ажырасқан бір қазақ кімнің шікәрасы, барыңнан — жоғың дер еді. Ал мына асыл ана мұның жалғыз ұлын — Ескендірін бағып, ескі жұртта жападан-жалғыз отыр. Рысқұлов тек сыпайылық сақтап, анда-санда базарлық деп, азын-аулақ ақша салғаны болмаса, кереметтей көрсетіп жатқан көмегі де шамалы. Рас, Клевенцов әулеті мұны: патшаның құйыршығы, кешегі ояздың қатыны деп көзге түртіп, қудалағанын қойып, тыныштық орнаған сияқты. Ол да болса, Тұрардың арқасы шығар. Алыста жүрсе де айбатынан сескенетін болар, Клевенцовтар әзір тиіспейді.
Қайын енесі сол баяғы бір уайым, бір мұңын қайталайды. Ескендірдің шешесі бөтен біреумен үйлі-жайлы болып кетті. Енді ол қайырылмас. Қашанғы салт басты, сабау қамшылы жүре бересің, Тұрар, — дейді. Ер-азаматқа жалғыз жүру, үйсіз-жайсыз болу жараспайды, — дейді. Ұлың өсіп келеді бауырыңа салып, титтейінен әкелік мейіріміңді сіңірмесең жатбауыр болып кетеді, — дейді. Әйел де табылар, басқа балаларың да болар, бірақ Ескендірдің жөні бөлек. Ол сенің тұла бойың — тұңғышың, ол сенің алғашқы адал махаббатың Наталья Алексеевнадан туған тұлпардың тұяғы. Өзіңнен аумай қалған. Қалай еміренбейсің, қалай сағынбайсың? Әлде мемлекет басқарған адамдар бала сүймесін, балаға иімесін деген заңдарың бар ма?
Бұл кей-кейде осылай бір арындап алмаса, адам ішқұса болатындықтан айтылған сандырақ қой, Тұрар. Көңіліңе ауыр алма. Жұмысбасты екеніңді білемін, сенің қатыгез емес екеніңді де білемін. Бірақ көптен бері ат ізін салмай кеткенің де жөн емес. Айтпақшы, Түлкібастағы туыстарың — Ахат, Дәу Омар, Оразбақ келіп, мейман болып кетті. Ескендірді іздеп келіпті, әйтпесе мені не қылсын? Қой сойып әкеліпті. Құда-жекжат деген жақсы екен. Енді жиі келіп тұрмақшы. Мені ауылға шақырады. Жалғызілікті болғандықтан, әзір үйді тастап шыға алмаймын. Құдаларым жақсы екен. Ә дегенде жатырқаса да, Ескендір оларға тез-ақ үйреніп, қолдарынан түспей қойды. Олар аттанарда бұртиып, өкпелеп қалған сияқтанды. Әне, қандай хал басымыздан өтіп жатыр. Демалыс алсаң, елге кел, Тұрар. Біраз күн ұлыңмен бірге бол...
Хатты қолына ұстаған қалпы креслодан тұрмай, ақ перделі терезеден көз алмай, көпке дейін отырып қалды. Көпке дейін отырғанын хатты қайта бір оқиын дегенде көзі бұлдырап көрмей, қараңғы түскенінен аңғарды. Терезе сырты — арындап жатқан, арлы-берлі ағылып жатқан машина шуы. Алып Мәскеу. Ал мұның ойы — алыста, Аспантаудың бауырында. Орнынан тұрғысы жоқ, шамды да жақпады. Алакөбең оңашада өзінің қат-қат ойына шомыла берді. Алакөбеңде көз алдына көптеген сурет келді. Бұтақтары иір-шиыр алма ағаштар... Арық жағасында арқандаулы тұрған ақ ешкі. Арықтың бер жағында шынжырын сылдырлатқан арлан көк. Есік алдында, тақтайдан соққан орындықта Ескендірді алдына алып отырған орыс кемпір... Елизавета Петровнаның орнына өз шешесі Қалипа марқұмды отырғызып көргісі келді. Қалипаның түр-түсін елестете алмады. Көкірегінде, көкірек көзінде ананың елесі қалмағаны қандай қорлық?! Не деген әділетсіздік?! Рысқұлов кінәлі емес. Қалипа анасы тірі болса, Рысқұлов оны жердің түбіне барса да, өзімен бірге ерте жүрер еді... Қалипаның орнына анасы болған Ізбайша жазған да бұл дүниеде жоқ. Өгей де болса, өз шешесінен кем көрмеуші еді. Аласапыран заманның дауылынан аман шыға алмай арманда кеткен бір бейбақ. Ізбайшаға Ескендірді көтеріп отыру жарасар-ақ еді, тағдыр жазбады.
Енді Ескендір Елизавета Петровнаның бауырында. Ана сүтін ембеген тағы бір Рысқұлов өсіп келеді. Кім болып өседі? Титтей жүрегінің қос қалтасына қандай қасиет ұяламақ? Балаңның жүрегіне сезімнің, адамгершілік пен ізгіліктің інжу-маржанын ұялатамын десең жат қылма, жанында бол. Әкеден жырақ, әкелік мейірімнен ажырап өскен бала, ертең: «Сен кімсің?» — десе не дейсің, Рысқұлов?! Дүниеде не қиын? Ғұмыр атты ұзын жолда тым алысқа кетіп қалып, кенет артыңа бұрылып қарағанда, көз ұшында бала көрінбесе, сол қиын.
Сол көз ұшында көрінбей қалған балаға бір-ақ қарғып жеткісі келгендей, Рысқұлов кенет креслодан атып тұрды.
— Бұл жарамас. Баланы қолға алу керек. Көнсе, Елизавета Петровнаны Мәскеуге көшіріп алу керек. Жоқ, бұл жарамайды, жарамайды, — деп күбірледі. Алыстаты Ескендірге деген сағыныш білінбей-білінбей келіп, енді кеудесін керіп кеп кеткенде, Рысқұлов мына «Метрополь» мейманханасының кең бөлмесінен ауа жетпей тұншығып бара жатқандай, жүгіріп барып, үлкен терезенің жақтауын айқара ашып жіберді. Көшеден лап берген ауа шілтерлі торды лекілдетіп, кеменің желкеніндей қампитып керіп кетті.
Телефон шырылдады. Қараңғыда ақ телефон секеңдеп кеткен сияқты көрінді.
— Да!
— Аман, Тұрар туысқан! — Аздаған акценті бар Фрунзенің даусын тани кетті.
— Михаил Васильевич!
— Иә, иә, мен — Фрунзе. Жасыл жапырақ. Сен айтатын — Жасыл жапырақ қой!
Рысқұловтың іші-бауырына нұр себелегендей елжіреп, тамағына бір түйін тіреліп, көңілі босады. Иә, Рысқұлов Фрунзені ылғи да «Жасыл жапырақ» дейтін. Себебін о баста Фрунзенің өзі түсіндірген. Фрунзе — молдаванша жасыл жапырақ деген ұғым береді. Әуелі соңғы әріп «э» болып жазылар еді, кейін Фрунзе «э» шетелдің фамилиясына ұқсатып жібереді екен деп «е»-ге түзеткен.
— Түркістан саған сәлем айтқан.
— Рақмет, Жасыл жапырақ.
— Мен сені сағындым, шайтан бала. Давай, кел. Мен бүгін келдім. Қызық әңгіме бар. Менікі де — осы гостиница. Жүз бесінші нөмір. Айда, кел, Тұрар!
* * *
Есікті Фрунзенің өзі ашты. «Бөтен нөмірге тап болдым ба!» — деп Рысқұлов тартынып қалып еді, Фрунзе қарқылдап күліп жіберді.
— Оу, Тұрар туысқан, танымай қалдың ғой!
— Өзіміздің өзбек, не тәжік ағайындардың бірі ме деп қалғаным рас, биқасап ала шапан кигеніңізді бірінші рет көріп тұрмын. Өзі құйып қойғандай жарасады екен сізге, Михаил Васильевич.
Екеуі босағада тұрып, құшақтасып көрісті. Фрунзе Рысқұловты жауырынынан қапсыра құшақтаған қалпы төргі бөлмеге беттеді.
— Софья Алексеевнаны балалармен бірге осындағы бір туысқаны үйіне алып кетті. Бірақ хозяйканы жоқтатпауға тырысамын. Екеуміз қазір жақсылап шай ішеміз. Сірә, көк шайды сағынып қалған боларсың, Тұрар.
— Оқасы жоқ, әуре болмаңыз.
— О не дегенің, Тұрар. Біз былайша айтқанда «мальчишник» жасаймыз. Қазақша «бастаңғы» деуші еді ғой. Түркістаннан алтын артып қайтпасам да, шай, науат, өрік-мейіз бар. Мен саған шай келгенше бір сұмдық айтайын, Тұрар, — деп Фрунзе қызметші әйелді шақырып, шайдың қамын табыстады. Үш бөлмеден тұратын үлкен люкс нөмірдің меймандар қабылдайтын бөлмесіне қайта оралып, ала шапанын қаусырына түсіп, Фрунзе Рысқұловқа қарама-қарсы креслоға жайғасты. Оңтүстіктен, ыстық жақтан келгені бірден байқалады: жүзін күн қақтап, тотығып кеткен. Сарғыш тікен шашы мен мұртын Орта Азияның алау күні күйдіріп жібергендей жирен тартыпты. Тек жымиғанда кішірейіп кететін көзі ғана сол баяғы аспан көкшіл қалпында шұғыла шашқандай мейірлі.
— Түркістанда, шынымды айтсам, арғымақ мініп, шапан кигенім рас. Ал енді алтын алғаным жоқ, Тұрар! Имандай шыным. Бірақ Троцкий басқаша ойлапты, — Фрунзе шыдай алмай креслодан тұрып кетіп, ары-бері жүре сөйледі. Көзі ызғарлана бастады. — Біздің пойыз Қазан вокзалына келіп тоқтауы-ақ мұң екен, солдаттар қаптады да кетті. Әуелі пендешілікпен: «Е, Мәскеу бізді салтанатпен қарсы алмақ болған екен ғой, мұнысы артықтау болды-ау, мұндай қошаметтің керегі не?» — деп қалдым. Сөйтсем, салтанатты сап жоқ, музыка да жоқ, солдаттар вагон-вагонға сүңгіп кетті. Пойыз қарулы әскермен қоршаулы.
— Бұл не?
— Айып етпеңіз, жолдас Фрунзе, әскери комиссар Троцкийдің бұйрығы бойынша, пойызды тінтеміз, — дейді командир.
— Ау, не деп тінтесің?
— Бұйрық солай.
— Сұмдық-ай, енді не істерсің! Ал тінте ғой. Бұхар мен Самарқанның, Хиуа мен Қоқанның, Наманған мен Әндіжанның бар байлығын Фрунзе тонап, пойызға тиеп, пойыз байғұс алтыннан белі қайысып, тарта алмай келе жатыр еді, тінте ғой.
Фрунзе қызметші әйел шай алып кіргенде әңгімесін тыя қойды. Үстелге дастарқан жайылып, шайнек пен шыныаяқ қойылғаннан кейін, Фрунзе даяшыға:
— Рақмет, ендігісін өзіміз-ақ жайғастырамыз, — деді. Даяшы шығып кетті.
Фрунзе ауызғы бөлмеге шығып кетіп, шашақты ала қоржын алып шықты. Бір басынан мейіз, бір басынан сары мейіз алып, подносқа салды.
— Міне, базарлық. Туған елдің дәмінен ауыз ти, Тұрар. Көк шаймен жақсы болады. Ал мынау... — Фрунзе айналы шкафтан бір шөлмек алып шықты. — Мынау «Кабернэ» молдаван шарабы. Екеуміз де ішкілікке жоқпыз. Бірақ кездесу құрметіне оймақтай ғана ауыз тиюге болады-ау деп ойлаймын.
— Қиянат болған екен, — деді Рысқұлов шай үстінде.
— Қиянаттың көкесі, — деді Фрунзе. — Троцкийдің талай озбырлығын естіп-білетінмін, ал мынадай оспадарсыз озбырлыққа батылы барғаны... Жә, бұлай қалдыра алмаспыз. Мұның ар жағында не сыр жатқаны белгілі. Фрунзені бір сүріндіру керек болды. Қайткенде де күйе жағып, атына кір келтіру Троцкийге тиімді. Сен білетін шығарсың, Тұрар, совнарком мені Оңтүстік майданның қолбасшысы етіп тағайындап, Түркістаннан шақырып алды ғой. Енді сол Врангельмен шайқас алдында Троцкийдің маған жасаған кесірінің түрі әлгіндей. Ол менің тағайындалуыма мейлінше қарсы ғой. Тек Лениннің күш салуымен Фрунзе тағайындалды, әйтпесе Троцкий жолатқысы жоқ. Әне, мәселе қайда жатыр? Жә, Тұрар, бұл өзің де көріп жүрген құқайың ғой, сен таң қала қоймассың. Кушекиндер саған не істемеді, қандай әрекеттерге бармады? Қиянатшыл адамдардың сыры, әрекеті саған құпия емес. Айтпақшы, Бакуде сөйлеген сөзіңді бұрмалап, үстіңнен арыз түсіріп жатыр деп еді, білетін шығарсың.
— Білгенде қандай, ескі достар ғой, — деп күлді Рысқұлов.
— Ескі достар... — деп Фрунзе мырс етті.
Рысқұлов көк шайды рақаттанып ішті. Қара мейіздің бір түйірін аузына салып, соның әрі ашқылтым, әрі тәтті дәмін алып, қара мейізге сіңген Түркістан күнінің сәулесімен нәрленіп отырғандай рақаттанды. Тіпті маңдайы жіпсіп сала берді.
— Шынымды айтсам, Тұрар, сенің Түркістаннан кетуіңе басты себепкер мен едім, — деді Фрунзе молдаван «Кабернэсін» оймақтай рөмкелерге құйып болып. — Дәл көктемгі өрт-жалында, адам айтқысыз айтыс-тартыста сен жанып кетуің де мүмкін еді. Сені сақтау керек болды. Ленинмен ақылдасқанымда, бұл әрекетті ол кісі де мақұлдады. Саясатты, қызмет бабын былай қойғанда, мен сені туған бауырымдай жақсы көремін. Бұл жағыну емес. Сені мен маған біткен бір мінез — жағына білмейміз... Кәне, сау болайық!
Рөмкелер наздана сыңғырлады. «Кабернэ» шынында да асыл шарап екен. Фрунзе бос рөмкені мықынынан ұстап, тамсанып тұрып:
— Тәңірідей шұғылалы шарап, — деді.
— Ал Саяси Бюро Түркістан мәселесін әділ шешті. Міне, бұл жерде сенің еңбегің зор. Түрккомиссиямен айтыстың. Айтыстан ақиқат туды. Ленин: «Рысқұловтың жобасын қабылдамайық дегенде, Түрккомиссияның жобасын жүз пайыз қабылдайық деген жоқ қой. Түрккомиссияның сен көрсеткен кемшіліктерін Ленин түсініп, сені құптап, Түрккомиссия ұсыныстарына өте мәнді өзгерістер енгізіп барып қабылдады. Міне, бұл Рысқұловты жоққа шығару емес, онымен санасу деген сөз еді. Саяси Бюро мәжілістерінде мен болмасам да, істің егжей-тегжейімен таныспын. Сен баяғы мінезіңе басып, қасарыса ма деп қорқып едім, өте әдептілік, шыдамдылық, көрегендік танытыпсың.
— Саяси Бюрода Ильичтің маған не айтқанын білесіз бе, Жасыл жапырақ? — деді Рысқұлов қара мейіздің бір түйірін алып жатып.
— Сөзбе-сөз қайдан білейін, нобайы белгілі.
— Ендеше, былай. Мені талай-талай марқасқалар иландыра алмаған, мен өз санама сіңіп, содан айрылғым келмеген идеяның алыс сарынын Ленин бір-ақ сөзбен, яғни бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірді. Ол: «Тұрар Рысқұлович, аспандағы көп жұлдыздан үлкен бір Ай жасаудың керегі жоқ», — деді.
Фрунзе алақанын сарт еткізіп, басын шайқады:
— Міне, құдірет! Логиканың, тауып айтылған сөздің зұлпахардай өткірі-ай, шіркін. Өткен көктемде осы мәселе туралы сен екеуміз көп әңгімелестік. Бірақ сен көнбедің. Демек, мен... Ой, құдірет! Әрине, аспандағы жұлдыздарды жиып алып, өңкитіп бір Ай тұрғызсаң, жамыраған, жарқыраған жұлдызы жоқ аспан сұңқиып қалмай ма? Демек, қазақ өзінше, өзбек өзінше, қырғыз, түрікмен өзінше, тәжік өзінше отау-отау болып жарқырасын. Бәрін көмкеріп тұратын көк аспан — ол біздің тұтастығымыз. Ол — Кеңес өкіметі.
— Соның өзінде Ильич тап қазір, табан астында Түркістан республикасын тарат деген жоқ. Мүмкіндік қандай, жағдай қандай, әбден зерттеп болып, жеке-жеке отау тігуді содан кейін бастайық деді ғой.
— Ойланбай, зерттемей қабылдаған асығыс шешім арандатады. Ильич әріден ойлап отыр да. Ал қазіргі жағдайың қалай? Сталинмен істесу қалай екен?
— Жаман емес, Жасыл жапырақ. Жақында Бакуге қайта аттанамын. Наркомнац өкіл етіп жіберіп жатыр.
— Ол да дұрыс. Онда Нариманов бар, Киров бар. Ісің сәтті, жағдайың оңды болар. Айтпақшы, әлі бойдақсың ғой.
— Иә, орысша айтқанда: «соломенный вдовец», — ол бойдақтық емес. Мәскеуге баламды, қайын енемді алдырсам деп едім. Енді Баку шығып тұр.
— Е, балаң өсіп қалған шығар?
Рысқұлов мырс етті:
— Әкесіз өсіп жатқан болар. Екеуміз екі жақта. Жатбауыр, жатырқау осындайдан бола ма деп қорқамын.
Енді Фрунзе ойланып қалды. Сәлден соң:
— Ничего. Түркістанға да ораларсың. Жан-жағыңды жақсылап көр. Ондағы басшылардың халі мәз емес. Нәзір Төреқұловты айтамын. Түбінде Түркістанға сен керексің. Солай, бауырым. Мәскеуде мәңгілік қалады екенмін деп ойлама. Ал аз уақыт көріп-біліп, көкірекке түйіп, байып қайтсаң, Түркістан сені құшағын ашып қарсы алады. Тағдыр сені Троцкийлердің тәлкегінен сақтасын. Ол бір айналдырса, шыр айналдырады. Көрдің бе, мына менің соңыма түсіп алғанын. Ничего, көріп алармыз бәлемді. Ох, оңбаған! Тапқан екен дүниеқоңызды. Өмірі жалғыз шинельмен келе жатқан Фрунзеден ат басындай алтын тауып алмақшы. Әрі-беріден кейін тінтсе, тінтсін. Бірақ ол Дзержинскийдің жұмысы ғой. Троцкийдің не ақысы бар?!
— Жә, Жасыл жапырақ. Қызғаныш деген қызыл ит сонау Каин-Қабылдан қалған. Сенің даңқың жер жарып барады. Сол ғой оның ішін өртейтін. Сенің даңқыңа дақ түсірем деушілерді біздің тілмен айтқанда «дуайпат» дейді. Бұлар қауіпті. Қатерлі жаудан да қауіпті. Ашық жаумен айқастан гөрі жасырын жау жаман. Мысалы, сіз Колчакты талқандадыңыз, басмашыларды күйреттіңіз, амандық болса, Врангельді де жайратасыз. Ал Троцкийлермен қалай күресуге болады? Ашықтан ашық жау емес, ал съезд сайын Ленинмен айқасады, аяқтан шалып қалуға бейім тұрады. Сонда қалай?
Фрунзе тікенек шашына алақанын бір жанып алды:
— Ничего, біздің Түркістанда: «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды құдай табады» демеуші ме еді, Тұрар. Пейілі жаманды өзіміз-ақ табамыз. Өзің айтқандай, сыртқы жауды жайратып алайық...
ЖАНША
Пойыз Самарадан шыға бере-ақ Рысқұловтың көңіл күйі әлдеқалай пәс тартып, біртүрлі самарқаулана берді. Енді алда Ташкент деп тұрғанда, әуелгі алып ұшқан алау сезім суалғандай, ештеңеге зауқы соқпай, тұла бойы салдырап, басы зіл тартып, купедегі тақтай төсекке қисая бергісі келеді.
«Ауырған екенмін. Сүзек жұқтырап алдым. Апыр-ау, бұл сүзектен баяғы бала күнімде бір құлап тұрғаным қайда? Сүзекпен бір ауырған адамға бұл дерт екіншілеп жоламайды деуші еді ғой. Бекер болғаны ма? Баяғы Тау-Шілмембеттің мекені Талғар тауда, Солдат сайының бойындағы жеркепеде, осы сүзектен қатты құлағанымда, әкем байғұс, қалжа үшін қара қой іздеп, сол қара қойдың шатағы ақыры алапат кесір-кесапатқа ұласып кетіп еді. Аяғы Саймасай болыстың өлімімен, әкемнің каторгаға айдалуымен аяқталып еді... Бұл жолғы сүзектің соңы немен бітпек? Ұлы жолдың үстінде құлаған қандай болмақ? Бұл аурумен Ташкентке дейін жете алар ма екенмін? Ауру екенімді білсе, пойыздан түсіріп алады...»
Рысқұл баласы Тұрарды ойда жоқта осындай бір оқыс уайым билеп алды. Күні кеше Мәскеуден Түркістан Совнаркомының төрағасы деген мандат алып шыққан беті. Сағынған Түркістанға аңсарлы арманмен аттанған беті. Көкіректе көп арман, баста толған ой, соның бәрін іске асырмақ болып, асыға аптыққан беті.
Бірақ Рысқұловтың ісі еш кедергісіз жеп-жеңіл жүріп берген емес. Асылы, жеп-жеңіл, оп-оңай құлдыраңдап кететін жұмыс қиналмаған, толғағы піспеген ақылдан шығатын шығар. Нағыз толымды, толағай істер оңай атқарыла салмас.
Мәскеуден аттанардың алдында ғана Сталин шақырды. Содан бір күн бұрын ғана Рысқұлов Сталинмен қоштасып шыққан. Соңғы нұсқаулар, ақыл-кеңес — бәрі де айтылған сияқты еді. Енді тағы не болды?
— Тұрар Рискюлович, тағы бір шаруа шығып тұр, — деді Сталин артық бас әңгімеге бармай. — Өзің білесің, Еділ бойы қатты күйзеліске ұшырады. Қатерлі ауру тарап, халық қалжырап қалды. Жолыңда ғой, біраз күн жолай кідіріп, жергілікті басшылыққа көмек көрсете кет: не зәру, қай жерде аштықпен, аурумен күрес бәсең — соны анықтап, Самарадан хабарлас. Осы өтінішті орындаған соң, әрі қарай Түркістанға сапарың оң болсын. Мұны саған тапсырып отырғанымыз: аштықпен, індетпен күресте сенен тәжірибелі қайраткер аз-ау, сірә. Түркістанның «Помголын» бастан кешірдің ғой әрі десе, «Помголды» аса бір білгірлікпен, үлкен жігер-қайратпен, әрі ерекше жанашырлықпен атқарғаныңды біз ұмытқан жоқпыз. Солай, Рискюлов жолдас!
Әне, Сталиннің сол сөзінен кейін, Рысқұлов жарты ай бойы, Еділ бойындағы елдерді аралап жүрді. Қатерлі індет ауруына ұшыраған халыққа мұнда да қанатымен су себелеген қарлығаштай тыным таппай жұмыс істеді. Ауру өрті әсіресе асқынған жерге қолма-қол жәрдем беру керек кезде, сол арадан тікелей Мәскеумен хабарласып, Сталиннің өзімен сөйлесіп, жай-жапсарды баяндап отырды. Қай жерге қанша дәрігер, қанша қаржы, азық-түлік керек, басқа да қандай төтенше жәрдем керек — бәрін тап-тұйнақтай ұйымдастырып болып, соңғы бекет — Самараға соққан.
Губкомда губерния басшылары жергілікті жағдаймен таныстырды. Індет бұл өлкені де шарпыған. Кеңседегі әңгіме қысқа болды.
— Жәрдемді қолма-қол ұйымдастыру үшін, жағдайды көзбен көріп, қаланы аралап шыққан дұрыс болар, — деп ұсынды Рысқұлов. Жергілікті басшылар бұл ұсынысты қабыл алып, жиналыс тез аяқталды.
Губкомның еңселі үйінің қабырғасына: «Қол алысып амандасуға тыйым салынады!» — деген жазу ірі-ірі әріптермен теріліп, жаппай ілінген. О баста губерния басшыларымен шала-пұла танысқан Рысқұлов, олардың арасынан бір адамға назары ерекше ауа берді. Ол да бұған қарайлай береді. Ресми сөз тәмәмдалғанда ғана, әлгі адам бұған жақындап келіп:
— Тұрар, мені танымадың ба? — деді.
— Шырамытып тұр едім, енді анық таныдым: Әкбар!
— Иә, мен!
Екеуі құшақ жая бір-біріне ұмтылып, қауыша төс соғыстырып, біразға дейін теңселіп тұрып алды.
— Ау, бұларыңыз тәртіп бұзу ғой, — деп қалды басшылардың біреуі.
— Біз қол алысқан жоқпыз ғой, — деді Рысқұлов. — Әкбар менің ескі досым. Көріспегелі қанша...
— Сегіз жыл, — деп жымиды Әкбар. — Он төртінші жылдың күзінде танысқанбыз.
Он төртінші жылы екеуі де балаң жігіт, әлі мұрттары да тебіндемеген балғын бозым еді. Енді Рысқұлов бармақ мұрт қойса, Әкбардікі қияқтай сұлу мұрт болыпты. Бірақ ол Рысқұлов сияқты көзілдірік тақпайды екен. Қараторы жүзі күреңденіп, ерте есейгендіктің табы білінеді. Әкбар губком хатшыларының бірі екен. Ол қаланы аралауда Рысқұловпен бірге болатын болды.
Екеуі бір-бірінен амандық-есендікті қысқа ғана қайырып білісті де, көбінесе аурулар шоғырланған пункттерді аралаумен көп сөйлесуге де мұршалары келмеді. Қаланың ауруханаларында науқастарға орын жетпейді. Кеселханалар аузы-мұрнынан шыға толы. Ең орталық ауруханасына келгенде, Рысқұлов дәлізде жатқан адамдарды көрді. Лықсып, ыңырсып жатыр. Сақтықпен ақ халатқа оранып, ауыз-мұрындарын ақ дәкемен таңып алса да, Рысқұлов күлімсі сасық иісті сезді. Мұндай сойқанның талайын көріп, бастан кешкен Рысқұлов қой. Әулиеатадағы он жетінші жыл, Ташкенттегі он сегізінші жыл. Мұндай ыңырсыған тажал тұзағындағы адамдарды Рысқұлов көп көрді. Бірақ дәл қазір біртүрлі сескенгендей сезім шалықтап өтті. Онысын Әкбарға білдірмеуге тырысты. Әкбар да сыр берер емес. Революция шыңдаған ерлердің бірі ғой. Он төртінші жылдың күзінде Самарадағы ауылшаруашылық институтына соноу Оралтаудан оқуға келіп, Тұрар сияқты бұл да қабылданбай қалған. «Номадтарға егін егуді үйренудің қажеті жоқ. Малын бағып жүре берсін», — деген институт бастығы. Әкбар сонда танысып, тағдырлас болған. Міне, енді жергілікті үкімет басшыларының бірі болыпты. Рысқұлов революция отын Әулиеатада кешсе, бұл әйгілі Чапаев дивизиясында жүріп, революция жауларымен алысыпты.
Ұзыннан ұзақ дәлізде төсек те жетпей, зембілде жатқан бір адамға Рысқұлов сұқтана қарап қалды. Көп аурудың бәріне үңіле бермейсің ғой. Бірақ мынаған Рысқұловтың назарын аударған бір жағдай болды. Зембілдегі ауру адамның қолдарында аппақ жұқа қолғап бар екен. Мұндай аппақ жұқа қолғап киген бір адамды Рысқұлов бұрын бір рет көрген. Бірден есіне түсіре алмай, Әкбарға қарады.
— Соның өзі, — деп сыбырлады Әкбар. — Институттың бастығы. Індеттен бұл да аман қалмапты ғой.
— Ақ қолғап та қорғай алмаған екен, — деді Рысқұлов.
Иә, соның өзі. Шалқасынан жатқан кісінің бурыл шоқша сақалы жоғары қарай шаншылып, селтие қалыпты. Өзі де бұрын сұп-сұр адам, қан-сөлсіз, тасбеттеніп кетіпті. Он төртінші жылы, соноу Түркістанның бір түкпірінен оқу іздеп келген Рысқұловтың меселін қайтарған, үмітін үрлеп өшірген, арманын адыра қалдырған адам алдында жатыр. Емтиханның бәрін беске тапсырса да: «Номад, малыңды бақ», — деп, институтқа қабылдамай қойған бастық. Аппақ жұқа қолғабы сонда да бар еді. Күллі дүние-әлемде бір кісіге ауру жұқпаса, осыған жұқпас еді. Жүріс-тұрысынан, тұла бойынан ақсүйек тектінің лебі есіп тұратын сыпа-сылқым, бұл да небары пенде екен, ендігі жатысы мынау. Зор мен қордың арасы онша алшақ та болмағаны да.
Рысқұлов осылай ойласа да табалаған жоқ. Біреуді табалау, тіпті жауың да болса, табалау мықтылықтың белгісі емес, Әкесі Рысқұл: «Досқа күлкі, дұшпанға таба қылма, Тәңірі!» — деп отырар еді. Бүгін бұл ақ қолғапты, ақсүйек тұқымын табаласа, ертең өзінің алдына келмесіне кімнің көзі жеткен? Рысқұлов Әкбарға сонда:
— Бұлай жатқаны жарамас, амалдап палатаға орналастыру керек. Жаман болсын, жақсы болсын, Ресейдегі үлкен бір оқу орнын басқарған адам. Сондықтан бұған қол ұшын беріп жібергеннен қор болмаспыз, — деді.
Әкбар Рысқұловтың сөзін екі еткен жоқ. Ақ қолғапты адам лезде күтімге алынды.
Рысқұловты Әкбар пойызға шығарып салып, қоштасып қалды. Бауырларша кәдімгідей тебіренісіп айрылысты.
Вагонға мініп, купеге жайғасқан бетте-ақ Рысқұловтың жағдайы сыр бере бастады. «Әлде шаршагандікі болар, біраз тынығып алсам, басылар», — деп жастыққа қисайып, көз іліндіріп көрмекші де болды. Мұның келе жатқанын білетін пойыз бастық құрақ ұшып, тамақ алдырып, бәйек болып-ақ еді. Тамаққа тәбеті шаппады, ешнәрсеге зауқы жоқ, бойы байсал, мең-зең тартып, қошқыл шиедей ерні тұзы шығып, кезере береді. Сонда барып, Рысқұлов сүзектің сырын аңғарып, пойыз бастыққа қатаң тапсырды: купеге ешкім кірмесін, жұқпалы сүзек, енді пойыздағыларға тарап кетсе, сол қиын. Ауруханасы бар келесі бір станциядан мұны түсіріп алып қалсын. Бәрібір Ташкентке дейін жете алмайды.
Ауруханасы бар келесі станция Орынбор еді. Пойыз бастық алдын ала телеграмма соғып, Орынбордағыларды ескертіп үлгірді.
Рысқұлов пойыздан түсіріліп, Орынборда қала берді.
* * *
Ғылымның айтуы бойынша, сүзекпен ауырған адамның миы ғаламат жанталаса жұмыс істейтін көрінеді. Жайшылықта жайбарақат ұйықтап жататын мың-миллион клеткалар оянып, адамның басы әлемге, галактикаға айналады деседі.
Рас та шығар. Өйткені Орынбордың ауруханасында, арнаулы жеке палатада жатқан Рысқұлов, баяғы балапан балалық шағына қайта оралғандай хал кешті. Баяғы апайтөс Талғар таудың баурайы. Айнала заңғар шыңдар, терең сайлар, жап-жасыл бау-бақша, жалтыр мұз, сылдырап аққан күміс бұлақ... Сол күміс бұлаққа бұл кезерген ернін тосып, күміс суды іше береді, іше береді. Бірақ қанша ішсе де шөлі қанбайды. Анандай жерде, жар-қабақта Қызыл Жебе мінген әкесі Рысқұл тұрады да қояды.
— Болсаңшы! — дейді әкесі арыстандай ақырып. — Қашанғы іше бересің?! Күллі Алатаудың барлық бұлағын тауысар болдың ғой. Жүр! — деп зекиді. Бірақ бұл бұлақтан басын ала алмайды.
Сөйтіп жатқанда, кезерген, тұзы шыққан ерні жіпсігендей болады. Ептеп көзін ашады. Бұл енді басқа дүние. Айнала аппақ мата, қарсы алдында ақ киінген жап-жас орыс қызы.
— Пейте, — дейді әлгі қыз күлімсіреп. — Ішіңіз. Апыр-ай, көзіңізді аштыңыз-ау, әйтеуір. Енді қорқыныш артта қалды. Енді оңаласыз, — дейді әлгі қыз.
Рысқұлов түк түсінбейді. Бұл неғылған қыз? Бұл не дүние? Қызыл Жебе мінген әкесі қайда? Күміс бұлақты Солдат сайы қайда? Мынау аппақ әлем не? Артынша аппақ дүние бұлдырап, ақ киінген қыз да мұнарланып, қалың тұман қайта басып, қайта сейіліп, жап-жасыл жаннаты Ақсу-Жабағылыны аралап кетеді. Алдынан ұдайы Теңбіл торғай ұшып отырады. Теңбіл торғай оны шолпанкебіс гүлі өскен, айнала жаңғақ орманы қоршаған алаңқайға алып барады. Алаңқай толы жайылып жүрген ұлар құс, кекілік болып кетеді.
Алаңқайдың ар жағындағы жаңғақ баудың арасынан Қызыл Жебе мінген әкесі тағы шыға келеді. Жетегінде шынжырлы теңбіл барысы бар. Тазы жетектеген аңшылар болушы еді, теңбіл барыс жетектеген аңшыны көргені осы. Әкесі:
— Тұрар! Мін мына теңбіл барысқа! Кетеміз! — деп айқайлайды.
Бірақ мұны тағы да шөл қысады. Ақсу-Жабағылының құздан құлаған сарқырама суының астында тұрып, аузын әлгі сарқырамаға тосады. Іше береді, іше береді. Шөлі, сірә, қанбайды. Жар басынан әкесі айқайлайды. Сарқырама сарыны оның не айтқанын есіттірмей жібереді.
Енді бірде төбеден, сарқыраған судың ар жағынан, Ескендір қол созып жылайды.
— Папа! — деген үні еміс-еміс, талып естіледі.
Біресе әкесі шақырады.
Біресе баласы шақырады.
Ескендірді көрмегелі екі жыл.
Рысқұлды көрмегелі он жеті жыл.
Рысқұлды екеуі де өзеуреп сағынған.
Рысқұлов та екеуін үзіліп-үзіліп, үздігіп сағынған. Кім жақын? Әкесіне бара ма? Баласына бара ма? Қызыл Жебе мінген, теңбіл барыс жетектеген Рысқұл сарқырама судың сол жақ жағасында. Аяғын апыл-тапыл, тәй-тәй басқан Ескендір сарқырама судың он жағында. Сарқырама астында — Рысқұлов. Екі жағына да барғысы келеді. Екі жағы да адам ауызбен айтып жеткізгісіз өңшең ғана асылдар! Рысқұлов екі жарыла алмайды ғой. Қайсысына барады. Сарқырама су астынан шыға да алмайды. Өйткені шөлі қанбайды. Екі қолын екі жағаға созса қайтеді? Сонда әкесі бір қолынан, баласы бір қолынан ұстаса не қылады? Үшеуінің басы біріксе несі кетеді? Тағдыр соны да қимай ма? Рысқұл — Тұрар — Ескендір болып, үшеуінің басы бір қосылса, дүние содан тарылып қала ма? Дүниеге мың-миллиондаған адам сыйып-ақ жүр ғой. Ішінде жақсысы да бар, жаманы да бар, жайсаңы да бар, жауызы да бар — ала-құла әлем шексіз кең емес пе? Ата — Бала — Немере — үшеуі бас қосса, басқа біреулерге жер үстінде орын жетпей қала ма, немене? Жер жетпесе Ата — Бала — Немере мына сарқырама астында-ақ тұра береді. Келіңдер! Келіңдер! Көке! Ескендір! Ескендір!
Тұзы шыға кезерген ерні жіпсігендей болды. Ернінің тұзы кетіп, қайтадан қошқыл шиедей құлпырып шыға келді. Көзін ашып еді, ақ киген қыз күлімсірейді. Аузына күміс қасықпен су тамызып отыр екен.
— Пейте, — деп сыбырлады қыз. — Ішіңіз. Көзіңізді аштыңыз-ау, әйтеуір. Айқайладыңыз. Кім олар? Ой, айтпақшы сізге әзір сөйлеуге болмайды. Шаршап қаласыз. Сөйлемеңіз. Жо-жоқ, суды көп іше беруге де болмайды. Жетеді, жетеді. Тағы да ұйықтап қалыңыз. Міне, біздің мейманымыз осындай тәртіпті, айтқанды істейді. Ұйықтап қалыңыз...
Бұл не? Бұл неғылған қыз? Рысқұлов, қайда жатырсың? Е, міне, Теңбіл торғай да келді. Әне, жол көрсетеді енді сол. Теңбіл торғай Рысқұловты адастырмастан Ақсу-Жабағылыға алып барады. Қызыл Жебе мінген, теңбіл барыс жетектеген Рысқұл әкесі жар басынан белгі береді. Сарқыраманың ар жағынан Ескендір балдырған саусақтарын жайып, қос қолын соза ұмтылады. Ата — Бала — Немере — аспанда жолдары қиюласпайтын, бір-біріне сәулелері арқылы ғана жарқырап тіл қатысатын жұлдыздар сияқты бір-біріне жақындаса алмай, іштей жылап, шырқырайды.
* * *
Шамада жарты айдан кейін Рысқұловтың беті бері қарады. Қылкөпірдің үстінде қалт-құлт етіп көп тұрды. Рысқұлов «канатоходцы» дейтін даршыларды әуелі Мерке базарында, Пішпек шаһарында, одан соң Әулиеата, Ташкент қалаларында көп көріп еді. Бала кезінде ол зау биікте арқанның үстімен ары-бері жүгірген даршылар кейде лықсып, теңселіп кеп кеткенде, жүрегі зу-зу ете қалатын. Әлдеқайдағы даршының өмірі үшін мұның жаны шырылдаушы еді.
Енді өзі, өз басы, тіпті жуан кендір арқан да емес, кәдімгі қыл, шаштың қылындай көпірдің үстінде жарты ай бойы теңселіп тұрды. Табаны сәл тайып, бір жағына қисайса, түпсіз шыңырау, тереңдігі теңдессіз, өлім деген елдің аулына аттанып кете барар еді, бірақ әлі татар тұзы, көрер жарық сәулесі бар екен, бері қарай бұрылды. Кілмиген көз, саудыраған сүлде қалды. Толқын атқан қап-қара, қайсар қара шаш та сиреп кеткен сияқты. «Бастан құлақ садаға», жан аман болса, шаштың сирегені уайым емес. Мұрны да қоңқайып, жоталанып кеткендей екен, өйткені көзілдірік бұрынғыдай нық тұрмай, қолқылдап қалыпты. Арық аттың үстіне байшұбар қазанаттың ерін салғандай.
Ақ киім киіп, анда-санда алыстан елес беріп, күлімсірейтін қыз енді елес емес. Қылаң қызыл шай ұсынған қызды енді анық көрді. Кейбірде келбеті Наташаға да ұқсап кете ме, қалай? Бірақ Наталья Колосовскаядай тәкаппар емес, тым ұяң, ұлпадай жұмсақ сияқты. Үні де өте нәзік.
— Атыңыз кім? — деп тұңғыш рет тіл қатты Рысқұлов.
— Надя, Надежда Константиновна.
— Мен қайда жатырмын? Бұрын бұл үйдің іші аппақ матамен көмкерілген сияқты еді ғой?
— Оныңыз рас. Ол аурухана болатын. Ал қазір Досмұхамбетовтің үйінде жатырсыз.
— Қай Досмұхамбетов?
Осы кезде қастарына еңсегей бойлы ер кісі келді. Қошқар тұмсық, аршын маңдай, ақ шалған селдір қара шашты, ақжарқын жүзді кісі екен, қоңыр дауыспен:
— Жанша Досмұхамбетов, — деп қолын созды. Рысқұлов қолын ұсына қоймады. Тек көзілдіріктің ар жағынан ілмиген көз лезде от салып, қадала қарады.
— Қол алысуға тыйым салынған, — деді сыбырлап Рысқұлов.
— Гигиеналық сақтық болса бір жөн. Саяси сақтық емес пе? — деп Досмұхамбетов сақ-сақ күлді. — Иә, мен Жаншамын. Ел солай атап кеткен. Ал әкемнің қойған аты — Жаһанша. Толымдысы — Жаһаншах. Әкем байғұс, мені әлемнің патшасы болсын десе керек. Әлем тұрмақ қазақтың бір пұшпағы да бұйырмады. Кіші жүз қазақтары мені хан сайлап еді, оны сендер, большевиктер тартып алдыңдар.
Рысқұлов езуі сәл қимылдап, мырс еткендей белгі берді.
— Шыннан хан болғыңыз келе ме?
— Е, несі бар? Кіші жүзге кімдер хан болмаған? Солардың менен артып кеткені жоқ.
Досмұхамбетов сақылдап рақаттана күлді. Күлкісі жасанды да емес, болмысы солай сияқты. Өте ақжарқын, аңқылдақ мінезі сыр жасыруды, қулық сақтауды білмейтін сыңайлы.
— Шын екен деп қалма, Тұрар. «Хан» деп атап кеткен кейуана халық та. Әрі десе, осы лақапты лапылдатып, «Досмұхамбетов өзін-өзі хан сайлатты» деп байбаламдату большевиктерге тиімді болды. Әйтпесе, мен Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы ғана емес пе едім. Хандық қайда? Хандықтың келмеске кеткенін білмейтін мен соншалықты кеще емеспін ғой.
Рысқұлов Досмұхамбетовке «отырыңыз» деген ишара білдіріп, қарсыдағы тозықтау креслоны әлсіз қолымен меңзеді.
— Рақмет, — деп Досмұхамбетов креслоға шалқалай отыра бергенде, ескі неме, сықыр-сықыр ете қалды. Әйтеуір, қақырап кеткен жоқ.
«Креслосы қирап тұрған хан», — деді ішінен Рысқұлов өзі жатқан бөлмені енді ғана көзбен шолып. Бұл жатқан кереуеттің тұсына ою-өрнегі көмескілеу көнетоз кілем ілініпті. Назарға ілінер басқа ештеңе байқалмайды. Өзі аласалау үйдің төбесіне дейін тірелген жалғыз қоңырқай гардероб қойқиып тұр. Ол да ескі. «Бәрі көне».
Рысқұлов «Бәрі көне» дегенде, өзі жатқан ақ кереуеттің бір аяғы ақсақ екенін әлі көрген жоқ. Ақсақ аяқтың орнына кірпіш қалап қойғанын байқаса, «ханның мұнысы қалай?» — деп таңданар еді.
— Бұл үйге тап болғаныңа таңданба, Тұрар, — деді үй иесі Рысқұловтың ойын сұңғылалықпен сезіп қойғандай. — Түркістан Совнаркомының төрағасы жататын үй бұл емес еді, әрине. Түрксовнарком болып тағайындалғаныңды газеттен оқып білдім. Құтты болсын!
— Рақмет.
— Өзіңді қатты ауырып, ессіз-түссіз жатқаныңда Орынбордағы Қазақ үкіметі күтпей, «Кіші жүздің ханы Досмұхамбетов» күтіп жатқаны саған ерсі шығар. Қазақ үкіметінің басшылары осында екеніңді біледі. Олар қамқорлықты аяған жоқ. Ал мұнда келуіңе «кінәлі» мына Наденька. Орынбордың бас ауруханасына түскеннен сені бағып-қаққан осы. Басқа сестралардың қолынан су татпай қойыпсың. Оны өзің сездің бе, сезбедің бе — білмеймін. Содан ауруханада жата бергенше, үйдің тынысы оңды болар деп алып шыққанбыз. Әрі десе, сүзек деген қатерлі ауруды қазақ бұрын қалжамен емдеген. Оны қазіргі медицина біле бермейді. Ал мен болсам, тек заңгер емес, ептеп тәуіптікте өнерім бар. Сүзекке қара қойдың қалжасы керек. Орынбор базарының баяғыдай сәні болмаса да, бір қара қой тауып, соның сорпасын күнде мына Наденьканың қолынан ішіп жаттың. Басқа ешкімнің қолынан нәр татпадың. Ғажап!
— Ғажап, — деп қайталады Рысқұлов жастықтан көтеріле беруге талпынып. Досмұхамбетов Надя екеуі екі жақтап оның жастығын биіктеп, Рысқұловты шалқалата отырғызып қойды. Ақ кереует бебеулеп, сықырлап алды.
— Қара қой дедіңіз бе?
— Иә, қара қой. Сүзекке бірден-бір ем.
Рысқұлов көзін жұмып, қайтадан ұйқылы-ояу, баяғы бір сандырақтау қалпына түскендей, өзінен-өзі күбірлеп, сөйлеп кетті. Ол сонда, соноу бала күнінде де сүзекпен ауырғанын, әкесі Рысқұл қара қой іздеп сандалғанын, ақыры қара қойдың сойқаны Рысқұл әулетінің тағдырын мүлдем төңкеріп жіберген ұлы насырға шапқанын, асықпай-саспай, жырдай қылып айтып шықты.
Досмұхамбетов күректей алақандарын сарт соғып:
— Әне, көрдің бе! Демек, қара қойдың қалжасы сүзекке шипа екенін бұл жақтың қазақтары ғана емес, Алатаудың қазақтары да білген ғой! — деп лепіріңкіреп сөйледі.
— Е-е, оныңыз да дұрыс екен, Жанша аға. Жаһаншах. Бірақ алғашқы қара қойдың сойқаны немен тынғанын білдіңіз. Енді мына қара қойдікі немен аяқталмақ? Сол жұмбақ.
Досмұхамбетов ескі креслоны сықырлата тұрып кетті. Ақ жарқын кейпін кірбің шалғандай жіңішке қияқ мұртын астыңғы ернімен талмап, сояудай саусақтарымен сирек шашын шалқалата қайырып тастады.
— Қаупің сол болса, одан қорықпай-ақ қой. Пәруана большевик Рысқұлов бұрынғы алашордашы Досмұхамбетовтің жетегіне жүре қоймасын жұрттың бәрі біледі. Сені үгіттей қоятын да мен емес. Менің үгітімнен енді дәрмен жоқ. Алашорда әлдеқалай мені қақпанга түсірмек деп күдіктенсең, Тәңірі жарылқасын — жолың әне!
Досмұхамбетов еңгезердей тұлғасымен Надяға шұғыл бұрылды:
— Айтпап па едім, бұл большевиктер адал асыңның өзіне күдіктенеді деп!
Досмұхамбетовтің қатты шыққан даусына есік ашылып, ішке зипа бойлы, ақсары реңді, бекзададай ұстамды, сұлу әйел кірді.
— Не болып қалды?
— Жәй, әншейін, — деп Жаһанша жайдарылана күлді. — Міне, Тұрар, бұл кісі жеңгең болады — Ольга Константиновна, танысып қой.
Ольга Константиновна танадай үлкен көздері мейірлене келіп, жұп-жұмсақ, жып-жылы алақанымен Рысқұловтың қолын сипап қана:
— Құдайға шүкір, енді кешікпей аяғыңыздан тік тұрып кетесіз. Біз алғашқыда қатты сескендік, — деді.
— Ал, Тұрар, саған бұл жеңгең де тек тілеулес емес, нағыз жанашыр болып, қызмет қылды, — деп аңқылдады Досмұхамбетов.
— Жан, — деп Ольга Константиновна күйеуіне әдемі көздерін наздана тастап, өкпелеп қалған қалып танытты. — Сенің осы мінезің-ай, балалы үйдің ұрлығы жатпайды деуші еді, біздің үйдің баласы сен болдың-ау. — Сонан соң Рысқұловқа бұрала бұрылып. — Сеніп қалмаңыз, асырып айтады. Қайдағы өтіп кеткен қызмет, не қиратыппын сонша?! Надянікі бір жөн.
— Рақмет, Ольга Константиновна, — деп Рысқұлов әлсіз үнмен тіл қатты. Оның қабағы жазылып, бетіне шырай кіріп, нұр ойнай бастады.
— Надя сіздің...
— Иә, Надя менің сіңлім. Сіз түскен ауруханада сестра милосердия болып істейді. Сізбен бізді Құдай сол Надя арқылы табыстырды. Әйтпесе, сізді көру, көрмек былай тұрсын, үйімізге мейман ету қайда-а-а...
— Мен де қуаныштымын, — деді Рысқұлов жүзі жыли түсіп. — Сіздер болмасаңыздар, менің күнім әлдеқандай болар еді.
— Е, бәсе, сөйтсейші, — деп Досмұхамбетов кимелей түсті. — Тіпті «жұмбақ» деп өзі жыртық көңілді айырып тастай жаздадың. Заманға, саясатқа көзқарас барда, жай адамгершілік, кәдімгі қазақи туыстық қарым-қатынас деген бар емес пе? Бәлкім, екеуміз екі полюстің адамы шығармыз. Солай-ақ делік. Ал Ильич бөтен полюстің адамы екен деп Плехановпен қол алысып, амандаспай қойған жоқ қой. Жауы болса да оны пірлердің бірінен санамай ма? Тіпті Мәскеуде Ленин ең ардагерлерге арнап соқтырған обелискіде Плехановтың да есімі тұрған жоқ па?
Рысқұлов үн қатпастан, қайтадан түнере бастады. Жарқ етіп шыққан ай лезде қою бұлтқа күмп беріп кіріп кеткендей, жан кіре бастаған көздері кіреукелене қалды.
— Мұндай әңгіменің орны бұл емес қой, Жан, — деп Ольга Константиновна нәркес көздерін төңкеріп қалды. — Көңіліңізге алмаңыз, Тұрар, ағаңыздың мінезі осындай. Ойында не бар, соны сыртқа шығарғанша шыдамай кетеді.
Осы әңгіменің бірінде де бір ауыз тіл қатып, тіс жармаған Надя босаға жақта әңгіме шырайына қарай ақсары өңі біресе албыртып, біресе үркектеп қалып тұр еді.
Бетіне біресе көлеңке түсіп, біресе күн түскендей, не болса да, іштей бір құбылыс бұл қызда да бар тәрізді. Әпкесіне ұқсайды екен. Бірақ әпкесі бұған қарағанда ашық-жарқындау, әм еркіндеу, әдептен де озбайды, бірақ есесін де жібермес. Оқыған, текті отбасыдан екені көрер көз кісі таныр талант болса, көрініп-ақ тұр.
Рысқұлов, Досмұхамбетов сезіктенгендей, күдіктенгені де рас. Түрксовнаркомының төрағасы әлі қызметіне кіріспей жатып, жолай Жанша Досмұхамбетовтің үйінде жарты ай жатып алады. Әрине, мейман болып, ерігіп жатқан жоқ. Жағдай солай болды. Бірақ Рысқұловтың Түркістандағы «ескі достарына» жаңа бір жаланың желеуі табылады ғой. Соноу бір жылы ояздың қызын алды, тап жауымен ауыз жаласты деп максималистер, солшыл эсерлер бұған не көрсетпеді? Аяғы әскери трибуналмен бітпеп пе еді? Егер Түрккомиссия болмағанда сол жолы әлгі «достар» мұны оққа байлап жіберуден тайынған жоқ. Ал «Алашорда» айбынданып, екіленіп тұрған кезде, оған емешегі езілмеген Рысқұлов, енді сол «Алаштың» тоз-тозы шыққан кезде бүйрегі бұра қоймайтынын басшылардың бәрі біледі. Бірақ сумақай, суық сөз жаман. Күйе жағуға ыңғайлы сәт. Күйені жусаң кетеді, бірақ жуып болғанша дақ болып тұратыны бар да. Әйтпесе, Рысқұловтың ғазиз басы не көрмеген?
Жанша Досмұхамбетов туралы Рысқұловтың біраз естіп-білгені бар. Бұрын ол естігені арқылы мұны барып тұрған шынжыр балақ, шұбартөс алпауыт кейпінде елестететін. Баяғы Жәңгір хандардың тұқымы сияқты көретін. Алыстан естіген хабар — жылымықта жауған жентек қар сияқты, жұдырықтай бір түйір жоғарыдан төмен қарай құласа, жол-жөнекей жұмсақ қар жабысып, бір-біріне жамалып, қомақталып, жентектеліп, дөңбектей болып шыға келеді. Мына алдында отырған Досмұхамбетов алпауытқа ұқсамайды. Албырт, алғыр, сірә, батыр тектес. Ежелгі қазақтың кең-мол пішілген дарқан мінезі, аңғал табиғаты, даланың өзеніндей асықпай айдындана ағатын ақылы Еуропаның сарабдал білімділігімен ұштасқаны байқалады. Әрине, тегін адам емес.
Досмұхамбетов әлгі бір адуын мінез танытып алғанын жуып-шайғысы келіп:
— Жә, Тұрар, шамданып қалдың ба? Сені жұрт тік мінез, бірбеткей деуші еді, рас болды ғой. Менің әлгі сөзімді көңіліңе ауыр алмай-ақ қой. Біз бейбақтың күнәміз таудай емес, бірақ енді райдан қайтсаң да, большевиктер сыртқа тебе беретінінен запы болған пендеміз, сәл нәрседен секемшіл, ер батқан жауыр аттай кіржіңдеп қалатынымыз рас, Лениннің өзі қатесін мойындаған, бұрынғы райдан қайтқан буржуазия интеллигенттерін ішке тартыңдар, күшін, білімін пайдаланыңдар деп даналық өсиет айтса да, бергідегі белсенділер бәрібір бізді баяғыдай құқай көреді. Әне, сен де сескеніп қалдың, осыларың дұрыс па?
— Мен сізді жатырқап жатқан жоқпын, Жанша аға, — деп Рысқұлов иігендей болды. — Бірақ оқыста, ойда жоқта, шақырылмаған қонақтай, үйіңіздің төрінде қонжиып жатқаныма таңғаламын. Көлеңкесінен қорыққан қоянжанды кісі мен емес.
— Е, бәсе, — деп Досмұхамбетов ажары базарланып, шаттанып шыға келді. Состиыңқырап тұрған Ольга Константиновна да:
— Құдайға шүкір, сөйтсеңдерші. Кәне, Наденька, дастарқан жай, шай әзірле. Құрметті мейманымыз, Құдай қаласа, енді төсектен тұрады, — деді.
Надя екі беті алаулап ауыз үйге тұра жөнелді.
Рысқұлов күзгі жапырақтай қалт-құлт етіп, әупірімдеп аяғынан тұрды. Үйдің ішінде арлы-берлі жүретін болды. Аяғына міне бастағаны сол екен: «Ал енді мен аттанайынға» басты.
— Оу, батыреке, сүзекті оңай деме, буын-буының бекіп, әл-қуатың қалыбына келгенше жолға шықпа, — деп Досмұхамбетов ақыл айтты. — Былай бір қарасам міз бақпайтын жартас сияқтысың, ал тіршілікте мазасызсың ба деп қалдым. Шыдам керек, «асықпаған арбамен қоян ұстайды» дейді ғой атам қазақ. Менің қайын жұртымда да сол мағыналас бір сөз бар: «Что медленно, то прочно». Ташкентті сағынып қалсаң керек, сірә.
Рысқұлов жымия тұрып, күрсінді.
— Сағынғаным да рас. Әсіресе жалғыз ұлымды сағындым. Әке-шешесіз өсіп келе жатқан тірі жетім сияқты.
— Тірі жетімі несі? Рас, өзің жырақта жүрдің. Шешесі ше?
— Е, Жанша аға, қай-қайдағыны қозғайсыз. Ажырасып кеткенбіз. Сіздің қайын жұртыңыз — менің де қайын жұртым еді ғой...
— Со-о-олай де! — деп Досмұхамбетов қасын керді. — Е-е-е, жөн-жөн. Ау, менің жағдайым бір басқа. Омбыда, өңшең орыстың ішінде көп жыл тұрып, қызмет істеп, мына Ольга жеңгеңе сонда тап болдым. Ал кілең қазақ пен өзбектің, күллі мұсылманның ішінде жүріп, орыс алып саған не жоқ?
Рысқұлов мырс етті.
— О жағын берік ұстансаңыз, Омбыда да мұсылман аз емес-ау: қазағы да, татары да жетіп жатыр. Махаббат ұлт таңдамайтының өзіңіз де білесіз-ау, Жанша аға. «Сүймей алған сұлудан, сүйіп алған сумұрын артық» депті ғой қазағыңыздың өзі. Сірә, жұлдызы ыстық болмаса, Ольга жеңешеме осынша ынтық болар ма едіңіз? Бір көрген адам сіздерді жаңадан қосылған екен деп қалады. Шынымды айтсам, сіздердің бір-біріңізге деген ұлы сезімге мен қызығамын. Біріңізді біріңіз алақандарыңызға салып, мәпелеп отырғыларыңыз келеді. Әне, бұл нағыз бақыт. Біз де, Наталья Алексеевна екеуміз де солаймыз ба деп ойлаушы едім, қызығымыз қысқа болды. Ол енді алыстағы көгілжім сағымдай елес қана.
Досмұхамбетов өткелектің талайын көрген кісі ғой:
— Аласапыранда бір-біріңнен адасып қалған екенсің да, — деді. — Е, тәйірі, әлгі өзің айтқандай, жұлдызы ыстық тағы біреу кездесер әлі. Жассың ғой, жиырма сегіз — нағыз серілік шағы емес пе адамның.
Бұл әңгіме ары қарай өрби берер ме еді, есік ашылып, артынып-тартынып Ольга Константиновна мен Надя кіріп келді. Ольга Константиновна қолындағы себетті еденге қоймай тұрып, Рысқұлов пен Досмұхамбетовке кезек-кезек лезде көз тастап үлгірді.
— Айтысып қалмай, бейбіт отырсыңдар ма, әйтеуір?
— О не дегенің, Оленька? Біз дүниедегі ең қымбат та қызық тақырыпқа әңгімелесіп отырмыз, — деп Досмұхамбетов денесінің ірілігіне қарамай, әбжілдік танытып, орнынан жылдам тұрып, әйелінің қолынан себетті алды.
— Құпия болмаса, ол қандай тақырып? — деп Ольга Константиновна қоңыраудай сыңғырлады.
— О, ол махаббат мәселесі.
— О-о-о! Міне, біздің еркектер қандай ақылды! Шіркін, барлық большевиктер мен алашордашылар тек махаббат туралы ғана айтысса ғой. Дүние сонда мүлде басқаша болар еді.
Бұрынғы жұпынылау дастарқанның үсті құлпырып кетті.
— Тұрар Рысқұловичтің Ташкентті сағынғаны сәл де болса басылар ма екен деп Түркістанның жемісін әкелдік, — деп Ольга Константиновна үстелдің үстіне өрік-мейіз, тіпті екі-үш анар әкеліп қойды. — Бұл деген нағыз витамин ғой, әсіресе сүзектен кейін өте пайдалы, алыңыз, Тұрар Рысқұлович. Жан, ухаживай. Құдайға шүкір, өзбектер Орынборды жеміссіз қалдырмайды.
Рысқұлов қара мейізден бір-бірлеп алып, шай ішіп отырып, қапелімде осы отбасының немен күн көріп отырғанын ойлады. Досмұхамбетов қызметсіз. Надя — медсестра, айлығы белгілі. Ольга Константиновна бір мекемеде машинистка болып істейді екен. Оның да табысы белгілі. Өзі аз айлыққа қарап отырған үйді шығындатып жатырмын-ау деген ойдан маңдайы жіпсіп сала берді. Сонда ол әлгінде ғана Ольга Константиновна ескіден қалған, шешесінен мұра болған білезігін ломбардқа салып, мына тағамды соның ақшасына әкеліп отырғанын білген жоқ.
— О, сізге жақты, терледіңіз, шайды мейізбен іше түсіңіз, — деді Ольга Константиновна.
— Жанша аға, қызмет жағы қалай? Өкімет жұмыс бермеді ме? — деді Рысқұлов әлгі ойдың ұшығынан арыла алмай.
Досмұхамбетов шыныдағы шайын қымызша шайқап отырып, аңқылдап тұрып күліп алды. Ольга Константиновна оған кінәлай қарап қойды.
— Ренжіме, Тұрар, — деді Досмұхамбетов әлі де кеңкілдеп қойып. — Мен өкіметтен жұмыс емес, бір басыма, отбасыма тыныштық тілеймін. «Алашсың» деп түртпектей бермесе екен деймін. Анау Әйтиевтер найзағай сатырлатып, зынданға салып тастамаса, маған сол олжа. Өкіметтен өтінішім болмашы ғана: осындағы нәшірияттан аударуға кітап берсе, тым болмаса. Мен Таргу университетін бітірген адаммын. Орысшам, шүкір, жетеді. Ал қазақшамды өзің тыңдап отырсың. Заңгер болсам да әдебиетіңді бір кісідей білемін. Рас, Дулатов, Аймауытовтар сияқты жазушы емеспін, бірақ көркем аудармаға жараймын, оған сенімдімін. Сейтқалиға бұл жағдайды айтып та едім, көрерміз деген. Сонымен екі қол алдыға симай жүріп жатырмыз. Уақытша шығар деп қоямын. Тыныштық болса, денсаулық болса, бір жөні болар. Аштан өлмеспіз, көштен қалмаспыз. Солай ма, Оленька?
— Солайы — солай. Көп сөйлейсің, Жан. Бір ауыз жауаптың орнына, дүниені қопарып шықтың. «Алашорда» біткен шетіңнен мылжыңсыңдар, даурықпа, ұраншылсыңдар. Содан ғой әне, не онда жоқ, не мұнда жоқ... Ой, — деп Ольга Константиновна алдына ыстық шай төгіп алғандай Рысқұловқа жалт бұрылып: — Кешіріңіз, Құдай үшін, саясат менің немді алған, өмірі мұндай әңгімеге жоқ адам едім, жаман ойлап қалмаңыз, — деп шыр-пыр болды.
Рысқұлов жай жымиды да:
— Сіз дұрыс айттыңыз, Ольга Константиновна, ойнап айтсаңыз да, ойлап айтсаңыз да — сіздікі шындық. Ал саясатқа араласты деп сізді айыптау және артық. Сондықтан абыржымаңыз, — деп түйді.
— Әне, әне, жылдар бойы қойнында жатқан күйеуін «ұлтшылдығы» үшін бір жақтап қоймаған әйелім, аз күннің ішінде большевик Рысқұловтың ықпалында кетті де қалды, — деп Досмұхамбетов аңқылдап күлді. — Ал шын мәніне келсек, қазақтан шыққан большевиктердің ішінде Рысқұловтай нағыз большевик, әй, жоқ-ау. Көп қой, бірақ көбі тым әсіреқызыл. Ал әсіреқызыл солақайларды Ленин де жақтамайды ғой. Ауытқымайтыны, лениндік тура жолдағысы Рысқұлов. Кешір, Тұрар, саған жағынайын дегенім емес. Сен туралы шетелде жүрген Мұстафа Шоқаевтың не жазғанын білесің бе? Әрине, білесің.
— Не жазыпты? — деп Ольга Константиновнаны құмарлық билеп кетті. «Саясатқа араласпайтынын» лезде ұмытты.
— «Рысқұлов — Сталиннің ең сүйкімді еркетайы» деп жазыпты Мұстафа. «Фаворит Сталина», — депті.
— Болса, несі бар? Ол жаман ба?
— Әне, Рысқұловқа бүйрегің тағы бұрды!
Досмұхамбетов әзілқой ма, әлде ішінде қыжылы бар ма, Рысқұлов түсіне алмай дал болды.
— Сөйтіп, менің келіншегімнің басын айналдырдың да қойдың, Тұрар. Сірә, Ташкентке тезірек аттандыру керек шығар сені.
— Сөйтейік, Жанша аға.
— Мен ілесе кетсем қайтесің, Жан?
— Әне, әне, есіттің бе, Тұрар? — Досмұхамбетов шынысын дастарқанға қоя салып, есіне бірдеңе түскендей: — Иә, — деді.
— Осы Нарында Аманғали деген бандит болды. Бандит емес, әрине. «Бандит» деп жүрген қызылдар. Ол байғұс өзі сіңірі шыққан кедей, Кеңес үшін пәруана берілген адам. Байларға қырғидай тиген ғой. Кейін бай тұқымы да қарап жатпай, жала жауып, большевиктерді қарсы қойып, Аманғали түрмеге түседі. Өзімнің өкіметім өзімді жау деп қамаса, онда мен көріп бағайын, — деп қамаудан қашады. Соңына милиция түсіп кеп береді. Ол қорғанып, милицияны өлтіреді. Күнәсі ұлғая береді. Қашанғы қашады, қашқанда қайда барады? Нарынның құмы оған қашанғы пана болады? Не керек, ақыры ұсталады. Мұхсина деген сұлу келіншегі бар екен, айдалып бара жатып, Мұхсинаға былай депті дейді:
Мұхсина мені шыннан сүйесің бе?
Шай көйлек, қара бешпет киесің бе?
Осыдан осы сапар қайтпай қалсам,
Мұхсина, большевикке тиесің бе?
— Ал енді, бұл мысалыңыз, көңіліңізге келмесін, бір жағынан қайғылы, бір жағынан күлкілі, — деді Рысқұлов сау кезіндегі сабасына түскендей, сабырлы үнмен. — Қайғылы болатыны — Аманғали тағдыры аянышты-ақ. Революция толқынына тұншығып кеткен ондай адал, бірақ адасқан адамдар аз емес. Күлкілі болатыны — Мұхсина большевикке тиіп кетті ме, кетпеді ме, білмеймін, оны сіз айтқан жоқсыз...
— Мен де білмеймін, — деп үзді Досмұхамбетов Рысқұловтың сөзін.
— ...Ал мен танысам, Ольга Константиновна, сіздің басыңызға Аманғалидың ноқтасы киілсе, әрине, оның бетін аулақ қылсын, Ольга Константиновна сіздің жолыңызды қырық жыл күтетін жан. Ер азаматқа тағдыр жарды осындайдан-ақ жазсын.
Сол-сол екен, Ольга Константиновнаның шарадай көздері лүпілдеп ала жөнелді, тез теріс айналып кетті.
— Оленька, оның қалай? — деп Досмұхамбетов ыңғайсызданып қалды.
— Құдай тілеуіңізді берсін, Тұрар Рысқұлович... — Ольга Константиновнаның даусы дірілдеп шықты.
Ольга мен Надежда Омбыдағы бір кедейленген ескі интеллигенттің қыздары еді. Тарту университетінің заң факультетін бітірген жас Досмұхамбетов Омбы губерниясына қызметке жіберіліп, сонда көп жыл адвокат болды. Омбы уәлаятына аты шықты. Істі болған орыстардың өзі: «Дайте нам черного адвоката», — деп жалынады екен. «Черный адвокат» өте әділ, әрі мейлінше білімді, әрі алғыр, ауыздыда алдына жан салмаған шешен кісі. Сөйтіп жүріп, Ольгаға үйленіп, отбасы құрғанда, революция басталып кетіп, Досмұхамбетов өзінің туған жері Орал өлкесі, Ордаға қарай көшкен екен. Титтейінен жетім өсіп, өмір деген ұлы жорық жолында талай-талай тауқыметті басынан өткерген Жаһанша Досмұхамбетов дүние екі жарға бөлінгенде «Алаш» партиясының басына ілікті. «Ұлт», «милләт» деген ұрандар толқыны ығыстырып контрреволюция қосына барып қосылды да, Досмұхамбетов қаласын, қаламасын, сол жағында қалды.
«Өзіңіз жоқ-жұтаң жетім өсе тұрып, байшыл «Алашты» неге қаладыңыз?» — деп Рысқұлов сұрамады.
Неге екенін Досмұхамбетов айтпады.
Досмұхамбетов Рысқұловқа тіктеп қарап, әлдене сұрауға оқтала бергенде, онысын сезіп қойған Ольга Константиновна:
— Жан, аурудан жаңа тұра бастаған адамға тыныштық керек, мазасын ала бермесеңші, — деді назды үнмен.
— О не дегеніңіз, Ольга Константиновна, — деп Рысқұлов қарсылық білдірді. — Қайта мен әңгіме сағынып қалыппын. Оның үстіне Жанша аға сынды кісімен әңгіме ауруды да жалықтырмаса керек.
— Біздікі бейбіт әңгіме. Ұрсысып қалады екен деп қауіптенбей-ақ қой. — Досмұхамбетов әйелінің ту сыртынан келіп, иығынан құшақтап, арқасынан қағып қойды.
— Иә, сонымен менің білгім келеді, Тұрар. Қазақстанның жартысын Қырғыз Автономиясы деп жарияладыңдар. Ал сол Қазақстанның жартысы әлі сенің Түркістаныңда. Осы осылай қала бере ме, қайтеді?
— Қазақстан бірігуге тиіс. Екі бөлік бірігіп, бір бүтін болады, — деді Рысқұлов көп ойланып отырмай.
— Сонда қалай, Түркістан кішірейе ме?
— Түркістан деген республика ұзаққа бармайды. Ұлттық нышанына қарай бөлінеді әлі. Өзбек бір бөлек, түрікмен бір бөлек, қырғыз бір бөлек, тәжігі де, — жеке-жеке отау тігеді.
— Об-бәрекелде-е-е! Оу, сонда баяғы сенің түркілі Түркістаның қайда кетті? Түркі тілдес тұтас бір республика бол деп ұран тастағаның қайда? Біз ғой: «Исі қазақ бірігіп, бір ел бол! Соноу Тәуке заманынан бері басы бірікпей, әр жүзге жеке-жеке хан сайлап, жілік-жілік болып жүргенің жетеді, енді басыңды құра!» — деп қақсадық. Ал сен болсаң одан да асып түсіп, «түркі тілдес түгел бол!» — деп жанталастың. Енді келіп, бас-басына — бір-бір отау дейсің. Принцип қайда, батыр-ау?
Рысқұлов — Рысқұлов болып жарық дүниеде қанша өмір сүреді — өмір бойы алдынан шыға беретін сұрапыл сұрақ. Дос та сұрайды, жау да сұрайды. Ұзақ уақыт екі жақ та ұмыта алмас. Өзі көтеріп алып, енді Рысқұлов өзі де құлата алмай жүрген сұрапыл сауал.
Рысқұлов жуық арада үн қата қоймаған соң, Досмұхамбетов оның шабынан түртейін деді ме екен:
— Мәскеу шақырып алып, Түркістаннан қол үздіріп, екі жыл байлап қойып, өзіңді әбден оқытып жіберген-ау, сірә, — деп қатыгез мінез танытты.
Досмұхамбетовтың қыршаңқылау әуезіне ілесіп шаптыға кетпей, Рысқұлов мейлінше сабыр сақтады.
— Түркістаннан тысқары өткен екі жылым маған үлкен университет болғаны да рас, Жанша аға, мен сіз сияқты Тарту университетінде оқи алған жоқпын ғой. — Рысқұлов Досмұхамбетовке шаншыла бір қарап қойды. — Түркілі Түркістан әлі анасының құрсағында жатыр. Дүниеге келуі ерте көрінеді. Дүниеге шала туған баланың келуі де әбес шығар. Мәскеу солай шешті... — Рысқұлов «күресерге дәрмен жоқ» дегендей қолын жайды... — Ленин айтты: «Рысқұлов жолдас, аспандағы толып жатқан жұлдыздарды жиып алып, үлкен бір Ай жасаудың түк қызығы жоқ», — деді. Көгінде бір жұлдызы жоқ, оның есесіне үлкен бір Айы бар аспанды көзге елестетіңізші. Сұңқиып қалмай ма? Оның есесіне сандаған жұлдызы, Айы бар, Күні бар аспан — біртұтас КСРО деген ел болады. Ал енді «Алаштың» ұранына келсек... Жарайды, «Алаш» қазақтың дербес мемлекетін құрды делік. РСФСР-ға да, кейінгі КСРО-ға да енбейді. Жеке мемлекет. Әрине, өте әсерлі. Сонда сол мемлекет қалай өмір сүрмек? Өндірісі, өнеркәсібі жоқ, өндіріс құралы жоқ, білімі жоқ, білім ордасы тағы жоқ, мамандары жоқ, жиырмасыншы ғасырда өмір сүру ол мемлекетке қиын болады ғой. Оу, ағылшындар немесе Жапон бір-ақ асап, қылғыта салмай ма ондай мемлекетті? Патшалық Ресей империясының отарлауынан құтылып, Англия отары болудың несі қызық? Сондықтан әлі піспеген әңгіме екен, алаш азаматтары.
Досмұхамбетов уәж айтуға атырылып отыр еді, Ольга Константиновна жылармандай жалынышты үнмен:
— Милый Жан! Қойшы, Құдай үшін! — деп әдемі екі қолын төсіне басты. — Жаңа ғана келіспедік пе, осы саясатқа бармайық деп. Басқа бір әңгіме табылмай ма, Надя, тамақ пісті ме? Піссе, әкеле ғой, жаным. — Одан соң ер кісілерге бұрылды. — Әне, қара қойдың қалжасы да келеді. Ыстық-ыстық сорпа ішейік. Содан соң тіпті... не десем екен, мен ән салып берейін. Рас, пианиномыз... көшіп-қонып жүргенде бұзылып қалып, жөндеуге өткізіп едік...
— Ломбардқа өткізіп едік деп шыныңды айтсаңшы. Естісін Кеңес өкіметінің үлкен бір өкілі. Оның несін жасырасың, — деп Досмұхамбетов өр мінезге басып, лекілдете күліп алды.
Ольга Константиновна күйеуіне күстәналай қарап қалып, жылап жібере жаздады.
— Жарайды, ренжіме, Оленька. Үйде ескі мандолина бар, сол да жарар. Мүмкін, Тұрардың да өнері бар шығар...
— Мандолина тарта аламын, — деді Рысқұлов күтпеген жерден. Сірә, ерлі-зайыптылардың әлгі бір кірбіңін таратқысы келген шығар. Сорпадан соң, Рысқұлов мандолинаны қолына алып, құлағын келтіріп, шектерін шертіп-шертіп көрді де, кенет керемет бір күйлерді құйқылжытып ала жөнелді. «Амурские волны», «На сопках Маньчжурии», «Бродяга», «Степь да степь», тағысын тағылар кетті. Қазақша «Елім-ай» кетті. Татарша «Тәфтиляу» да тартылды.
— Оу, Тұрар, жатыр ғой сенде, — деп Досмұхамбетов басын шайқап, таңдайын тарс-тарс қақты. — Өкімет болмасаң, жақсы музыкант шығатын-ақ екен сенен.
— Пішпекте оқып жүргенімде техникумда көркемөнерпаздар оркестріне қатыстым. Өңшең орыс балалары балалайка тартады, ортасындағы мандолинашы, солисі мен едім, — деді Рысқұлов, өмірі мақтануды сүймейтін адам, бөтен мінез танытып. Сонан соң:
— Қонақкәде осымен бітті. Енді ауылдың алты ауызынан болсын, — деп Ольгаға қарады.
Ольга Константиновна мандолинаны қолына алып, сүйріктей аппақ саусақтарымен қаз-қатар жезтемір шектерді бір жамыратып өтті. Ақсары реңіне батып бара жатқан күннің қызғылтым бояуы жұққандай бір алау лап-лап ете қалды. Орынбордың қоңыр күзгі кешінде терезеден жез қанат бұлттар көрінді. Ольга даусы барқыт үнмен соноу тереңнен күмбір-күмбір көкірек күмбезінен лықси шалқып, тар бөлменің ішін кернеп кеткендей еді. Ол «Вечерний звон» деген әнді қоңыраулатты.
Вечерний звон,
Вече-е-е-рный зво-о-он,
Как много ду-у-ум
Наводи-и-ит о-о-он...
Әннің қайырмасына қоңырлата, күңіренте Досмұхамбетов қосылды. Тіпті жайшылықта әңгімеге еш араласпайтын, біртоға, ұяңдау жас бойжеткен Надяның өзі сыңғырлаған жіңішке дауыспен қостағанда, үшеуі бірігіп, шіркеу күмбезінің астын күңіренткен керемет хордай, осы әнмен бірге үшеуіне де қанат бітіп, қалың тұман арасында адасқан қаздардай қиқуласып, бейнебір алысқа, белгісіз жыраққа бет алған жандардай, шексіз армандай; мұң мұхитының үстінде қанаттары талып, титтей арал іздегендей, ағыл-тегіл сыр-аңсар төгілді. Неткен сағыныш, нені сағынды? Ән, әсіресе мына үшеуінің үнінде неткен мұң-зарлы...
— «О юных днях...» — деп Ольга даусы биікке шаншыла көтеріліп, дірілдеп шықты:
...в краю родн-о-ом,
Где я люби-и-ил.
Где отчий до-о-ом,
Бом-бом-бо-о-ом, —
деп Досмұхамбетов «бом-бом-бомына» бас қоңыраудың үнін сала, қоңырлата қосылған кезде, Рысқұловтың құлақ жарғағы жарылып кетердей, шың-шың етті. Бұлар жай ән салып отырған жоқ, осы ән арқылы әлдебір елді, әлдебір заманды зарыға еске алып, соның ғаламат суретін салып отыр. Әйелдер жағы туған, өскен жағы Омбыны, Сібірді сағынатын шығар, қатар жүрген тең құрбы, дос-жарандарын аңсайтын болар. Ал Досмұхамбетовтікі қай сағыныш? Кешегі аласапыран екіұдай арпалыс әлетінде адасқанын, адасқақ арман қуғанын, жеңілгенін, енді қай жағаға барып тал қармарын білмей, телегей-теңіз тереңіне бір батып, бір шығып, екі жағаға да жете алмай, қалжырағанын Рысқұловқа сөзбен айтып сендіре алмай, енді құдіретті әнмен нандырғысы келе ме екен?
И многих не-е-ет,
Среди живы-ы-ых.
Когда-то молоды-ы-ых
И весе-е-елы-ы-ых...
Бом-бом-бо-о-ом.
Терезеден нұр тайды, алау бұлттар сұрланып, қарауытып түксие бастады. Бірақ мына тар үйдің іші ән қызуы басылмай, не үйді құлатып, не адамдарды жылататындай шығанға көтерілді де, ақыры Досмұхамбетов еңкілдеп жылап жіберді. Ән кенет тыйылып, Ольга Константиновна шошына түрегеліп, күйеуінің басын кеудесіне қысып, өзінің кішкентай шілтерлі бәтес орамалымен жарының көзін сүртіп, бетінен сүйді.
— Қой, Жан, жылама, көз жасыңды көрсетпе, — деп сыбырлады, Досмұхамбетовті құшағынан өмірі босатпастай қапсырып алып. — Жылама, Жан, жылама, Жаһаншах! — деп үні қаттырақ шығып кетті.
Рысқұлов орындығынан қозғалақтап, жанқалтасынан орамалын алып, көзілдірігін сүрткен болып, шылаулы кірпіктерін де сүйкеп өтті. Абайсызда аһ ұра қатты күрсінді.
* * *
Көп кешікпей Рысқұлов бұл бір жұпыны мекенмен қош айтысып, аттанды. Рысқұловты Ташкентке дейін Надя шығарып салатын болды.
— Жол ұзақ, Тұрар. Өзің қалжырап тұрдың. Жалғыз жүре алмайсың. Қасында сестра болғаны жөн, — деді Досмұхамбетовтер.
Рысқұлов қарсы болған жоқ. Вокзал басында пойыз күтіп тұрғанда, Орынбор шіркеулерінің кешкі қоңыраулары қала үстін күңірентіп ала жөнелді. Ара-арасында мешіт мұнарасынан муәзиннің «аллауки-акпар, аллауки-акпар!» — деген үні, шіркеу қоңырауымен ары-бері тербетіліп, үзік-үзік естіледі.
ҚАЗЫҒҰРТ...
Түрікстан Совнаркомының төрағасы Рысқұловқа елден бір хат келді. Мыжылыңқыраған конверттің сыртына араб әрпімен: «Ташкент. Совнарком. Рысқұловқа» деп жазылыпты. Конверттің астыңғы жағына: «Ахат атаңнан» деп қойыпты.
Рысқұлов өзінен-өзі ұялғандай алақанымен маңдайын сарт еткізді. Дүниеде Ахат деген адам барын ұмытпаса да, есіне жиі түсе бермейтін болған екен. Ұмытқаны ғой... Ұмытпаған да шығар. Бірақ Түркістанға келе салысымен, сүзектен жаңа тұрғанына қарамастан, шеті-шегі жоқ жұмыс деген бір түпсіз теңізге түсті де кетті. Әйтпесе, елден жырақта Мәскеуде, Бакуде өткен жылдарда ол талай рет туған елге бір баруды, Ахатты, Оразбақты, Дәу Омарды, тағы басқа ағайын-туғанды көруді аңсайтын. Енді міне, Ташкентке келді. Келді де бәрін ұмытты. Теңіз толқыны оны өз ыңғайымен ығыстырып, қақпайлап алып, өз қалпына салып алды. Сөйтіп, Түлкібас елі есінен шығып кете жаздағаны рас. Енді соған ренжи отырып, конвертті ашты. Баяғы Ахаттың қолы, арабша Рысқұловты төрт-бес жасында-ақ үйреткен Ахаттың жазуы:
«Ардақты Рысқұл баласы Тұрар. Аман-есен аруақ-Құдай қолдап, Түркістанға қайта оралғаныңды балалар газеттен оқып берді. Тау-Шілмембеттен қалған көзі тірі тұқым жиылып, ақсарыбас атап, құрбандық шалып, тойқана өткізді. Тау-Шілмембетке елден ерекше бөліп беріп жатқан ештеңең болмаса да, біз пақырлар төбеміз көкке жетіп, тақиямызды аспанға лақтырып, өлгеніміз тірілгендей, өшкеніміз жанғандай қатты қуандық. Мен, Ахат атаң, әлі тірімін. Кеудеден жан шықпаған соң, жүре береді екенсің. Алланың аманатын, ай-күні туғанда өзі қайтып алғанша жер басып, қыбырлауға шама бар. Сені жұрт Ленинмен бірге, соның қасында қызмет қылады десті. Артыңнан іздеп табуға менде күш жоқ. Әйтпесе, Ленин екеуіңнің қатар отырғандарыңды бір көргім-ақ келді. Талпындым, кәрі қанат ұша алмады. Тірі пайғамбардың қасында біздің әулеттен Рысқұл баласының отырғанын жаратқан артық көрмесе екен деп дұғаға қостым. Мен кәріңнің қолынан келгені сол болды. Әттең дүние, осы мәртебеңді әкең Рысқұл көрмей кетті. Арман сол. Бірақ рухы сезеді ғой, Тәңірім оның о дүниесін берсін. Сенің тұлпар мініп, ту ұстағаныңа әкеңнің рухы тілеулес емес деймісің. Аруақтар желеп-жебеп, халқың үшін мәртебең биіктеп, абыройың арта берсін. Лажың болса, ата-бабаңның топырағы — біздің Түлкібасқа бір келіп қайт. Тірісінде дұғасымен, өле кетсем рухыммен тілектес атаң, әкең Рысқұлдың ағасы Ахат деген пендеден осы сәлемді қабыл ал».
Рысқұлов хаттың мыж-мыжын алақанымен сипалап, біраз отырды. Ахаттың кәрі алақанымен алақанын айқастырғандай, тілсіз сәлемдескендей, бір ризалық сезімге бөленді. Ел тілеуімен ер көгерер, тілеулестер осылар ғой. Жанкүйері жоқ, тілектесі жоқ басшы қанша құдіретті болса да кемтар. Ондай басшы тек билік күшімен күн көреді.
Рысқұлов екі-үш күнге Түлкібасқа барып қайтпақшы болды. Жолай Манкентке соғады. Ұлын, қайын енесін көреді. Бұл сапарға ол Надяны да ала бармақшы. Өлі мен тірінің арасында жатқанында аузына су тамызған, алапат ыстықтан кезерген ернін сулы мақтамен сүртіп отырған, тіпті дәретіне дейін алдырып, жас балаша мәпелеп баққан Надя, Жанша Досмұхамбетовтың балдызы мұны Орынбордан Ташкентке дейін шығарып салып, Ташкентке келген соң да дәрі-дәрмекті өзі беріп, өзі бағып-қақты ғой. Атақ-даңқы алысқа кетсе де, Рысқұловта осы уақытқа дейін отбасы жоқ. Бұрынғы әйел кеткен, жалғыз бала қайын ене қолында. «Ер-азаматтың қосы түзелмей, ісі түзелмейді» дейтін бар. Бұл бабадан қалған қағиданы Рысқұлов өзі ұмыта бергенмен, тағдыр есіне салғандай, осы Надя тап болды. Сүйдім-күйдімнің ісі емес, бірақ өзіне өлердей беріле қызмет қылып, жанашыр болған жанға енді сауығып болған соң Рысқұлов: «Ал, жарқыным, ауылыңа қайта ғой», — демеді. Надя да: «Мен қайтайын», — деген жоқ. Орынбордан да: «Ау, Надя неге қайтпай жатыр?» — деп тақақтаған ешкім болған жоқ. Күйіп-жанып өлердей ынтызар болған Наташадан не опа тапты? Жеме-жемде оған жардан гөрі, Кеңес өкіметінің қандыбалақ қас жауы, өзінің туған бөлесі подполковник Приходько күйігі басым түсті.
Совнарком төрағасы баяғының губернаторынікіндей кең сарай үйге жоламай, бұрынғы Садовая дейтін көшедегі өз пәтерін алып, Надя екеуі сонда тұрып жатқан. Ол бұрын ТүркЦИК төрағасы кезінде де осы үйді мекендеп еді. Бау-бақшалы, тұйықтау, тыныш көше.
Рысқұлов пен Надя Ташкенттің вокзалына табандары тиер-тиместен-ақ Надяны жұрт Рыскұловтың келіншегі деп қабылдады. Рысқұловты қарсы алуға Түркістан басшылары шыққан екен. Ішінде баяғы Сұлтекең — Сұлтанбек Ходжанов, Санжар Асфандияров, Ораз Жандосов, Файзолла Ходжаев, Акмаль Икрамов бар. Басқалар әліптің артын бағып, әдеп сақтап тұрғанда, Сұлтекең сақпандай сартылдап, саңқылдап ала жөнелді.
— Оу, Тұрар, құсың құтты болсын! Немене, тағы да орыстан алғансың ба? Апыр-ау, осы саған, әйтеуір орыстың қыздары-ақ ыстық көрінеді де тұрады екен. Мейлі, қадамы құтты болсын, оқасы жоқ.
— Сұлтеке, ол... — деп сүзектен тұрған Рысқұлов боп-боз болып, жағдайды түсіндіргенше, Сұлтанбек қайтадан бастырмалата жөнелді.
— Апыр-ай, кінәлағаным емес, көңіліңе ауыр алмашы, мейлі, өзіңе ұнаса болды да. — Соны айтып болмай, Надяға бұрылып, үйіріп ала жөнелді. Орысшалап:
— Атың кім, шырағым? — деді.
— Надя, Надежда Константиновна.
— О, үлкен жеңгемізбен аттас екенсің. Қасиетті есім екен. Сұлтанбек Ходжанов. Қайнағаң боламын.
Бейтаныс адамдардың арасына түскенде, бөтен бір планетаға келгендей болып, Надя екі беті дуылдап, не айтарын білмей қысылды. «Қайнағасы несі? Бұл елде жасы үлкен кісілер осылай танысатын шығар?» — деп ойы он саққа жүгірді.
— Әй, Сұлтеке-ай, бүлдірмесең, жүре алмайсың-ау, — деп Санжар Асфандияров мұртын сипап, сыпайы ғана күліп қойды.
Өзі жолдан қажып келе жатқан Рысқұлов мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп жатпады.
Сұлтанбек Ходжанов айылын жимай, жан-жағын барлап-байқап жатпай, баяғы бір аңқылдақтау, бірақ дарақылау мінезден арылмай, ойындағысын жасыра алмай айта салды.
— Е, мейлі, Тұрар. Сенің Цезарь патшадан нең кем? Тарихта «Цезарь покидает Рим, чтобы завоевать Рим» дейтін бір қанатты сөз бар. Сен де Түркістаннан кетіп едің, Түркістанды қайтадан «жаулап» алдың. Жарайсың, ерім. Бұл нағыз ердің ғана қолынан келеді. Оу, өзіңнің өнің шамалылау ғой...
— Апыр-ой, Сұлтеке, қойсаңызшы енді, — деп Санжар Асфандияров, зиялы, жұмсақ мінез кісі ғой, соның өзі қатуланып кетті. — Тұрар науқастан тұрды, әрі жолдан қажып келе жатыр. Мазасын алмайық та.
Асфандияровпен бетпе-бет келуден тайсақтайтын Сұлтекең:
— Қойдық, ойбай, қойдық, Сәке, — деп кеңк-кеңк күлді.
Екі жылдық айрылысудан кейін, өзінің комиссарларымен Тұрар Рысқұлов Ташкент вокзалының басында осылай табысты.
Ахаттың хатын алғаннан кейін, Рысқұлов үйіне келген соң Надяға:
— Наденька, ертең жол жүреміз, дайындал, — деді.
— Қайда?.. — Надя «Орынборға қайтармақшы ма?» — деп таң қалғандай болды.
— Шымкент уезіне, Манкентке, одан соң Түлкібас дейтін жерге барамыз. Айтып едім ғой, онда ұлым тұрады. Туған-туысқан бар. Солардың тірісіне — сәлем, өлгеніне — бата деген болады.
— Оған не дайындық керек?.. — «Мен дайын» дегендей Надя өзінің сыпайы ғана киім-басына қарады.
— Дегенмен, магазиннен өз қалаған киіміңді ал, әрі ана Мұхсина апайға айтып, сәлемдеме алыңдар. Білесің бе, сәлемдеме, базарлық болады, ауылға құрқол бармайды. Өрік-мейіз, Елизавета Петровнаға бір тәуір көйлек... — деп Рысқұлов Надяға ақша ұсынды. Надя именшектей тұрып, ақшаны алды. Бәрі де бірте-бірте ерлі-зайыпты адамдардың тіршілігіне өзінен-өзі ұқсай берді.
— Енді осы үйдің хозяйкасы сен, ие бол үйіңе, — деді Рысқұлов. Айтуын айтса да: «Сұлтекемнің сандырағы келді ақыры», — деді ішінен.
Надя өте бір жұмсақ, наздылау, ибалы қылықпен келіп, Рысқұловтың мойнынан құшақтап, екі бетінен кезек-кезек, шөп-шөп еткізіп, кең кеудесіне басын тығып, көзін жұмды.
— Дорогой мой, бесценный, — деп сыбырлады.
Рысқұловтың есіне Наташа түсті. Ол да осылай құшақтап сүйіп, тек: «Милый», — деуші еді. Оның сыбырынан жалын атқылағандай болушы еді. Сонда аса сабырлы Рысқұловтың да көкірегі көріктей көтеріліп-басылып, балаша қуанып, ағыл-тегіл асау сезімнің басын тарта алмай қалатын.
Бұл жолы ондай арындап тұрған сайтан сезім кемшін де, тек туған бауырына мейірлене еміренгендей жылылық бар. Ол Надяның сарғылт шашынан сипап, балғын денені бауырына қысты. Осылайша Рысқұлов қосының төбесі шошайғандай болды. Тағдыр шығар, «жазмыштан озмыш жоқ» деген. Алғаны тағы да орыс ағайыннан болды. «Мұны Ташкенттің зиялы қауымы қалай қабылдайды, ел не дейді», — деп ойлап Рысқұлов көп қиналған жоқ. Үйлену — екі адамның, әйтеуір қол ұстаса салуы емес, оның ар жағында елмен қатынас, тіпті көрші-қолаңмен қатынас деген болады. Ол қатынастың дәнекері — әйел. Әйелі орыс деп Рысқұловтың есігін жекжат-жұрат, дос-жаран ашпай қойса, қанша өкімет болсаң да, жеке басыңа сын. Әйел алысты жақындатады, жақынды жаныңдай қадірлі етеді. Әйел алысты қиыр, жақынды жат қылады. Әйел тек аяқ-табақтың айналасы ғана емес. Әне, Сұлтекеңнің үйіндегі Күләнда жеңгей жоқтан — бар, бардан — бал жасайтын нағыз көргенді әйел. Үйінен қонақ, дастарқанынан ас кетпейді. Сол себепті де Сұлтекемнің төңірегіне топ жиылғыш. Үйінің қақпасы айқара ашық. Сұлтекемнің үйі әрі үй, әрі кеңсе сияқты. Мол дастарқан басы үлкен-үлкен түйінді істер шешіліп жататын кішігірім құрылтай сияқты. Ақжарқын, сарамжал Күләнда жеңгей болмаса, кім біледі, Сұлтекемде мұндай мырзалық болар ма еді...
Баяғыда Наташаның тұсында Рысқұловтың үй қызметінде болған татар кемпір Мұхсина Тұрармен туған баласындай жылап көрісті:
— И-и-и, батырем Тұрар, қыр қазлары кебек иыллар үткәш килгәнсең инде. Ходаем хайырлы қадам итсен, — деп сыңсыды. Тамағынан бір байлап алған ақ жаулықтың ұшымен қызыл жиек көкшіл көзін сүртті. — Мин бик сағындым сине, бит. Мунда айттылар қаһар сұққаннар: Рысқұлов инде қайтырға бүлми дип. Мин айта ұларға: кило Рысқұлов! — диим. Рысқұлов қояш кебек, қояшны килтирмеу мөмкен түгел! — диим.
— Е-е, Мұхсина апай, асырып жібергенсіз енді, мен күн сияқты емеспін, кәдімгі адаммын ғой, — деп күледі Рысқұлов.
— Юқ, юқ, оғлым, алай айтырға ярами: мин қояш! Минә, мин кебек фахри инсаннарға, миллотларға. Син бит дәулет кишесе. Ленин билән иптәш бит син. Зур кише.
— Мейлі, Мұхсина апай, мен сіздің бәрәміштеріңізді сағындым. Мына Надя келініңізге үйретіңіз, жәрдемдесіп жіберіңіз.
Надяны айналып-толғанып, шала-пұла орысшалап, толып жатқан мақтау сөз, құтты болсын айтып болып, Рысқұловқа бұрылып:
— Тағын бер русны килтерген син? Мосулман юхмы шул Москоуларда?! — деп күбірледі.
— Ол мұсылманша біледі, Орынбордан ғой. Түсінеді, абайлаңыз, — деді Рысқұлов қорқытып.
Кемпір шынында да:
— Астафри-алла! Ғафу итегез, — деп сасқалақтады. — Урынбурда минен абзый тұра, — деп Надяға жымия қарап, іші жылып қалды.
Мүмкін, татар қызы деуі де. Өйткені Надя:
— Яхшы, яхшы, — деп Орынбордан білетін бірер сөзін айтқанда кемпір оның құрбандығы болып кете жаздап ұршықша зыр жүгіріп, бәрәміш қамына кірісті. Надя Мұхсинаның зыр жүгіргеніне ыңғайсызданып, іске өзі де кірісе жөнелді.
* * *
— Барып қайт, бірақ қасыңа қарулы адам ал, — Рудзутак. — Басмашылардың тамыры әлі үзіліп бітпей тұр. Сақтықта қорлық жоқ.
Рудзутак қоштасарда осылай деп қалды. Ян Эрнестович қазір РКП-ның Орта Азия — СредАзбюро төрағасы. Рудзутактың ұсынысымен Түркістан Совнаркомының төрағасы Тұрар Рысқұлов, СредАзбюро мүшесі болып сайланды. Осыдан екі жыл бұрын Рысқұловтың қос өкпесін қысқан қыспақ енді жоқ. Арқа-басы кеңіп, құлашы кең жайылғандай. Рудзутак сынды ермен жұмыс істесу — ләззатты бейнет. Заман сипаты сауыққан сыңайлы. Кешегі Кушекиндермен арпалыс кезеңі — қатерлі өткел артта қалды. Қиыншылық әлі көп. Соның ең күрделісі — басмашылармен күрес. Бұл күреске Рысқұлов аянбай түсетін сыңайлы. Оған кеше ғана Сталинге жазған хаты куә. «Рудзутакпен тіл табысып, қоян-қолтық іске кірістік. Ең бастысы — басмашыларды жою. Бұл күреске мен де құлшына кірістім», — деп жазды Рысқұлов.
Сонымен, қасына қарулы көмекші алып, Надя екеуі, шопырмен төртеуі Ташкенттің у-шуынан сырғып, теріскейді бетке алғанда, алдыдан сары-жасыл кең дала көсіле берді. Күн қақтап, қаңсық тартқан жусан иісі танауды қытықтағандай. Мұндайға үйренбеген Надя әуеліде түшкіріп-түшкіріп алды. Кедір-бұдыр қара жолда қара машина барын салып бақса да жүріс онша өнбейді. Шоқалақ жүріс қолқаңды түсіре жаздайды. «Тарантаспен-ақ шықпаған екенбіз», — деп өкінгендей болды Рысқұлов. Әрі десе, мұндай үсті ашық жеңіл машинаны тұңғыш көрген дала халқы қандай? Бірінен бірі естіп қалып, аттысы атқа, атсызы өгізге мініп, тіпті жаяу-жалпы жүгіріп, «кереметті» көруге жолға шығып, әуре етті. Тіпті аты жүйріктер жол бойындағы алдыңғы ауылға сүйінші сұрағандай шапқылап жетіп, «керемет» келе жатқанын хабарлап үлгіреді. «Керемет» мініп келе жатқан Рысқұлов екенін біліп қалған біреулер алдағы ауылға тез хабарлап, «жарты патшаны» дұрыстап бір көруге ынтық болып, машинаның алдынан арқан да керілді. Қарулы қарауыл бұл шоғырдан қорқып, наганына жармаспақ болғанда Рысқұлов тыйып тастады.
— Халыққа тасыраң мінез көрсетпе! — деді.
Иә, бұл Ташкенттен Қытайға қарай керілген қара жолдың бойымен қаздай тізіліп, түйелі керуендер өткен. Аттылы, жаяу кімдер жүрмеген? Бірақ мотор мінген, «темір тұлпар» мінген адамның өтуі тұңғыш рет еді. Мұнда таңғалмағанда — қайда таңғаласың?
Түс әлетінде қара машина Қазығұрттың асуына шыққанда, дүние өзгеріп сала берді. Терістік-шығысқа қарай телегей-теңіз бұйра толқын, қат-қат қатпарлы қыраттар көз жетер қиырға дейін көсіліп жатты. Телегей-теңіз тулап-тулап, толқып жатып, бір сәтте міз бақпай, мәңгі-бақи қатып қалған сықылды.
Рысқұлов машинаны тоқтатып, аяқ жазып, жерге түсті. Қазығұрттың биігіне біраз жерге дейін өрмелеп шығып, алқынып қалған Надяға:
— Міне, Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған тау осы, — деді.
— Қайда, қайда? Кемесі қайда? — деп Надя сеніп қалды.
— Қайда болушы еді, төбесінде да.
— Шығайықшы, көрейікші онда, — деп жас келіншек жанып кетті. Рысқұлов оның қылығын әуес көріп, күліп жіберді.
— Аңыз ғой, Наденька. Легенда, — деді.
Надя конфет берем деп бермей алданған нәрестедей, көңілі пәс тартып, аптығы басылып қалғандай болды.
— Нұх пайғамбардың кемесі туралы аңыз әр түрлі. Армяндар Арарат тауының басына тоқтаған дейді. Таяу Шығыстағылар Синай тауының басында деседі. Ал қазақтар Қазығұртты қалап алыпты. Неге — белгісіз? Негізінде бір қасиет бар болар. Байқайсың ба, әне анау асқар шыңдар Талас Алатауының ақыры. Ал басы Қытайда, Шығыс Түркістанда жатыр. Қазығұрт болса, сол Алатаудан домалап түскен бір сынық сияқты. Құтты мекен болар, мыңғырған малдың жайлауы.
Басында Қазығұрттың кеме қалған,
Болмаса кереметі неге қалған?
Төбесінде бір тоқты жатып қалып,
Шопан ата жарықтық содан қалған, —
деп Рысқұлов «Гүлдерайым» әнімен ыңылдатып еді, Надя:
— О, қандай сұлу ән! — деп алақанын шапаттады. — Дауыстап айтшы.
Надяның көңілін қимады ма, әлде шыннан көкірегін әуен кернеді ме, Рысқұлов алдыда толқын-толқын, тас толқын болып жатқан баябан ұлы далаға қасқая қарап, қоңырлата бір шырқады дейсің. Бұл әнге керемет сағыныш, әлдебір арман, аңсарлы әлем сыйып жатқандай еді.
Басында Қазығұрттың кеме қалған,
Болмаса кереметі неге қалған.
Сұлу қыз, көркем жігіт — бәрі сонда,
Япырмау, неге келдім сол арадан?!
Ахау, Гүлдерайым,
Күн мен Айым,
Ұшарға қанатым жоқ,
Неғылайын?!.
— Орысшаға аударшы, — деп қиылды Надя. Рысқұлов мағынасын жеткізгендей болды.
— Иә, қандай аянышты, — деді Надя мұңайғандай кейіппен. — Ұшарға қанат жоқ. Қанатсыз қандай қиын.
— Қалай қанат жоқ? Қанат — ол арман. Арманы сұлу адам — тегі жаман емес. Пейілі таза, көкірегі адал адам ақ тілекті арманға ұмтылады. Ұмтылған мақсатына әйтеуір жетеді. Әне, қанат деген сол, — деп Рысқұлов Надяны иығынан құшақтап, төменге қарай беттеді.
Күн жарықта Манкентке жету керек. Қазығұрт бауырында мотор гүр-гүр етіп оталды.
* * *
Шатырының қамысы қарауытып ескірген, абажадай төртпақ үйдің тұсына қара автомобиль тоқтағанда, әуелі шынжырлы көк төбет арсылдап, ары-бері атырылып, аспанға шапшыды. Өмірі көрмеген қара темір домалап келіп тұра қалғанда, не ат емес, не түйе емес, не сиыр емес, бұл не деп қатты қобалжыды. Иісі де бөтен, жермай саси ма, әлдеқалай бұрын мұрны сезбеген жат иіс. Зәуіде шынжырдан босаса, неде болса тайсалмай қарсы шауып, бассалмақтай жанталаса жұлқынады.
Итінің бұл шабаланғанынан секемденген Елизавета Петровна мына қара суықта иініне бірдеңе ілуге де шамасы келмей, сыртқа көйлекшең атып шықты. Қақпаны ашып қарап еді, әуелі көзіне серейген мылтықты солдат шалынып, жүрегі зуу ете қалды: «Жерді тартып алуға келген Клевенцовтың адамдары ма?» Сол замат машинадан Рысқұлов түсе беріп, беті бері қарағанда:
— Ой, қарағым Тұрар-ай, сен бе едің? Бұлар кім деп зәрем кетті ғой?
— Амансыз ба, мама? — Рысқұлов бұрыл шаш, ақсары, әлі де ажарлы кемпірді бауырына басты.
— Өзің қалайсың, Тұрар? Аман жүрмісің?
— Мама, міне мынау қызыңыз Надежда...
Надя кемпірге бір адым жақындап:
— Здравствуйте, — деп имене бас иді.
Елизавета Петровна бөтен әйелге түйіле қарап біраз тұрды. «Наташадай қайдан болсын», — деді ішінен.
— Амансың ба, қызым. Қадамың құтты болсын. Сен, cipә, Тұрардың келіншегі шығарсың?
Надя қып-қызыл болып, бетін бұрды.
— Иә, мама, Надя екеуміз осы таяуда қосылдық, — деді Тұрар.
— Әрине, әрине. Заңды ғой, жап-жас жігітсің, қашанғы бойдақ жүресің? Наташаның басы бос болса бір жөн. Алдымен кеткен Наташа, сен кінәлі емессің, — деп ақылды кемпір әңгіменің жігін жатқыза, жылы-жылы сөйледі.
Күн бұлттанып, терістіктің ызғарлы желі теректердің қураған жапырағын жамыратып, бойды суық шалғандай болды. Рысқұлов: «Көйлекшең тоңып қалатын болдыңыз-ау», — дегенше, қақпадан біреу баспалап қарап, бері қарай толқын-толқын қара шашын дудыратып, баланың басы көрінді. Үп-үлкен, қап-қара көздері: «Бұлар кім? Кімсіңдер?» — дегендей үнсіз қадалды. Кемпір шешесін іздеп, шығып кеткен шығар, бұл да көйлекшең екен, жақ жүні үрпиіңкіреп кетіпті. Бала жалаңаяқ екен.
Рысқұловтың жаны шырқырап, дауыстап жылайын десе, оның жөнін таппай, үндемеуге тағы тағаты жетпей, қабағы түюлі, үнсіз балаға қос қолын жая ұмтылды.
— Ескендір!
Кемпір: «Жатырқап, бақырып жылап бәле болар ма екен?» — деп күдіктенді.
Рысқұлов баланы қос қолтығының астынан тік көтерген бойда, баласының бетіне үңіле қарады. Әке астында, бала үстіде тұрып, бір-біріне көзбен тілдесті. Абиыр болғанда, бала жылаған жоқ. Бірақ рай да берген жоқ. Қабағын түйген бойда, әлі ләм демеді.
Рысқұлов ұлының жел тоңдырған томпақ бетін бетіне басып, қатты да қалды. Құлағына баланың күрсінген дыбысы келді. Рысқұлов көзінен жас қалай ыршып кеткенін білмей қалды. Көзілдірігі буланып, бұлдырап кетті.
— Пап, папа! — деді Елизавета Петровна немересіне.
Бала сол сазарған қалпы, кішкентай сұқ саусағымен көзілдіріктің алтын жиегін сызғылады. Ол онша қызық еместей, енді Рысқұловтың қоп-қою шашын сипалап көрді. Темірдің аты темір ғой, ол арқылы ешқандай белгі таппағандай, енді шашты сипалағанда, туыстық бір ыстық сезім алақанын жылытқандай, әлдебір түсініксіз түйсікпен, табиғат о баста зердесіне құйып қойған сезіммен, бұл ересек адамның ең жақын жан екенін ұққандықтан ба, әлде Рысқұловтың қайратты шашы нәзік алақанын қытықтады ма, бала жымиғандай болды. Рысқұловтың көзілдірігін саусағымен шұқып:
— Папа, — деді.
— Бейшара, тірі жетім, — деп кенет Елизавета Петровна теріс айналып кетіп, алабажақтау алжапқышының етегімен бетін басты.
Рысқұловтың жүрегі зырқ етті. Баяғыда, Меркенің базарында оған да бір бейтаныс:
— Е, байғұс, тірі жетім, — деп басынан сипағаны есіне сап ете қалды. «Менің тірі жетімдігім зорақылықпен болды. Ал Ескендірдікі не? Неге тірі жетім?» — деп тұрды ішінен Рысқұлов.
— Қой, ішке кірейік, күн суып барады ғой, — деп кемпір кенет қайта жайдарыланып, меймандарды үйге шақырды.
Бұл кезде қара автомобильді көзі шалған тірі жан, айнала орыс, қазақ көршілер жиылып қалған екен.
Жалаңаяқ, жалаңбас, құр көйлекшең баласын Рысқұлов пальтосының түймесін ағытып, бауырына басып тұрған күйі, жиылған жамиғатқа қазақша, орысша амандасып, бас иді. Арасында ара-тұра көзі ашық, сауаттылары, тіпті саясатшылары да бар екен:
— Жолдас Рысқұлов, Түркістанға қайтып келген қадамыңыз құтты болсын! Халқыңызға қандай жақсылық айтасыз?
— Басмашылардан қашан құтыламыз?
— Мектеп ашыла ма?
— «Мойынсерікке» күш-көлік беріле ме? — деп сұрақтың астында алып, ентелеп бара жатыр еді, Елизавета Петровна:
— Ау, бұл жерде съезд ашылып жатқан жоқ қой! Өзі жолдан шаршап келген кісіні алқымынан алғандарың неғылғандарың? — деп реніш білдірді.
Рысқұлов енесіне қарап күліп:
— Мама, олардың сұрақтары өте орынды. Жауапсыз қалдыруға болмайды, — деді. «Е, онда өзің біл», — дегендей кемпір Рысқұловтың қолындағы балаға қол соза беріп еді, Ескендір бұртиып, әкесінің бауырына тығыла түсті.
— Ә, бөтеген түскір, қарашы, тани қалуын. Жақынды ит пен бала таниды деген осы-ay, — деп Елизавета Петровна да көңілі жібігендей, кішкентай немересінің дудар шаш басын ұйпалап-ұйпалап қойды. Үйге кіріп кетіп, өзі үстіне пальто киіп, Ескендірдің ақ қоян бөркін әкеп кигізді. Бұл кезде Рысқұлов жиналған жұртқа:
— Қазір ең басты міндетіміз — басмашылармен күреске аянбай кірісу. Өйткені олардың озбырлығынан жұрт жалығып болды, — деді. — Басмашы болғанда, олардың басшылары қасарысып тұрған. Әйтпесе, сарбаздары зорлықтың күшімен ғана амалсыздан жүр. Зорлықпен басмашы тобырына қосылғандарға өкімет кешірім жасайды. Соны оларға түсіндіре білуіміз керек. Сарбазсыз қалған сардарлары не бітірмек? Олардың күні батты. Құр бекер халықтың обалына қалды. Басмашы қазір бұдан екі-үш жылғы басмашы емес, ондағы алданғандардың да көзі ашылып, кеңес жағына өтіп жатыр. Абырой болғанда, Шымкент уезінде басмашылық жоқ. Оның жұрнағы қазір Ферғанада, Хорезмде ғана.
Ал мектепке келсек, мектеп ашу үшін мұғалім керек. Ташкентте, Шымкентте мұғалімдерді көп даярлауға күш саламыз. Мектеп жер-жердің бәрінде ашылады. Сауатсыздықты жаппай жою — өкіметтің алдында тұрған үлкен борыш.
Енді «Мойынсерікке» күш-көлік... Бұл алдақашан шешілетін іс. Бірақ оны мандытпай отырған жергілікті басшылар. Мұны таяу уақытта жедел қолға алмақшымыз. Алдағы көктемнен бастап, «Мойынсерікке» берілетін жерге лайықтап тұқым, күш-көлік те бөлінеді.
— Жолдас совнарком, — деп жирен сақал, жылтың көз біреу қол көтерді. — Декрет бойынша, өкімет менің жерімді тартып алды. Сөйтіп, жалаңбұттарға берді. Мейлі, солай-ақ делік. Ал сіз совнаркомсыз. Енеңіздің иеленіп отырған жері мұншама! — Ол қос қолын жайып жіберіп, ағаштары жапырағын төккен алмабақты көрсетті. — Бұл қалай? Декрет жалпыға бірдей емес пе?
— Әй, қақбас Клевенцов! — деп шаңқ етті Елизавета Петровна. — Саған да, анау Шымкенттегі ініңе де, бүкіл Клевенцов әулетіне күйік осы жарты гектар бау болса, мен ертең өткіземін, өткіземін өкіметке! Ал не дейсің?
Рысқұлов бір кезде ТуркЦИК мүшесі болған Клевенцовтың туысқанына қарап:
— Қанағаттандыңыз ба? — деді.
— Иә, көрерміз әлі. Құр сөз болып жүрмесін, — деп теріс айналып кетті. Басқалар Рысқұловқа ризалық білдіріп, бір жағынан жолынан бөгегендеріне ыңғайсызданып, кешірім сұрап, рақмет жаудырып, үй-үйіне тарай бастады. Тек қара автомобильді қызықтап, қимаған кір-қожалақтау балалар ғана кеткен жоқ.
Шынжырлы төбет оларға:
— Болды, жетті, қайқайыңдар! — дегендей әлі де арсылдап, сымтемір бойымен шынжырын сылдырлатып, ашулы кейіппен ары-бері теңселіп жүр.
Елизавета Петровна көк төбетке кейіп:
— Не көрінді саған өзіміздің кісілерді танымай қалып?! — деп итті үйшігіне сүйреп кіргізбек еді, төбет құйрығын бұлғаңдатып, иесіне жалынышты көзбен қарап, қипалақтай беріп, дарбазадан кіріп келе жатқан меймандарды көріп, көзі ызғарлана қалып, тағы арсылдады. Кемпір тағы да ұрсып, даусы қатты шыққанда барып, ағаш үйшігіне кіріп кетті.
Меймандар салқын даладан ұядай жып-жылы үйге кіріп, тосылыңқырап тұрғанда, үй иесі ілесі жетіп:
— Отырыңдар, жайғасыңдар, — деп бәйек болды. Бөтен бір дүниеге адасып еніп кеткендей болып тұрған Надяға: — Қызым... атыңыз... иә, Надежда, Наденька, қысылма, өз үйіңдей көр, — деп орындық ұсынды.
Рысқұлов пальтосын шешерде баланы Надя барып ұстай тұрмақшы болып еді, Ескендір бұртия қалып, теріс айналды. Надя қып-қызыл болып, өртеніп кете жаздады. Баланы кемпір өзі көтеріп тұрып:
— Ой, ақымақ, неге жатырқайсың? Мамаң ғой, мама... — деді — Әкеңді ғой тез таныдың. Шешеңді неге танымай қалдың? Бар, бара ғой... — деп баланы Надяға қарай икемдеді. Надя қолын имене созып, Құдайға іштей жалбарынып: «Меселімді қайтара көрме!» — деп тіледі. Балпанақтай сүп-сүйкімді балауса бола тұра, көзі кірпік қақпай секемдене қарайды. Надяның бет-пішінін әбден анықтап алды ма, кім білсін, әлден уақытта барып, жұп-жұмыр, жұп-жұмсақ қолын созды...
Мұны бәрі де жақсылыққа жорыды. Надя балаға бойын үйретуге бар өнерін аямай-ақ салды. Ары-бері әткеншекше теңселіп, бауырына қысты. Бірте-бірте қолтығынан алып, аспандата лақтырды. Бала тіпті сықылықтап күліп те жіберді. Сөйтіп, не керек, жетім қозы бөтен саулыққа бауыр басқандай болды.
Адам шіркін мейірімге зәру. Дүниедеті небір қатыгездік, қаныпезер, тасжүрек, мейірімсіздік сол ана сүтімен қоса мейірлі шуақ, жылы сезім жетіспегендіктен шығатын шығар. Әсіресе нәресте ана сүтімен ауызданбағаны қандай қиянат?! Мына Ескендір ана мейірімі тұрмақ, ана сүтін де ембеді. Шешесі Наташа сұлу назбедеудей сылаңдап, басқа бір жайлаудың қызығымен, «шамаң барда шайқап қал», — деп мұны тастап кетті. Араға жылдар салып, әкесінің келген беті мынау. Бала бейшараны ата салған жолды, ана пішкен тонды көруге жазсын.
Әкесі өткен өкініштің орнын опыра толтырғысы келгендей толғанып, Ескендірдің асты-үстіне түсті. Дегдар бала әбден үйреніп, жатырқаудың жұқанасы да жоғалған кезде, жалғыз ұлын мойнына мінгізді. Тіпті кілемнің үстіне төрттағандап отыра қалып, Ескендірді арқасына қондырып, ат болып, ары-бері шапқылап, тіпті кісінеп те қойды. Бұған бала мәз болып, шегін тарта күлді. Күйеуінің бұл қылығына Надя да күліп қалыпты. «Неткен балажанды! Менен баласы болғанда да осылайша ойнатар ма екен?»
— Тұрар, шаршадың ғой. Енді маған бер, — деп қол созады Надя. Әлгінде ғана сол құшақтан шықса да, бала Надяға қадала қарап, «сен кімсің?» — дегендей томсыраяды.
— Бар, бара ғой. Мама ғой, — дейді Рысқұлов. Бала енді Рысқұловқа қарап, ұзақ қадалады. «Сен кімсің?» Тұрып-тұрып, ақыры қос қолымен әкесінің мойнынан құшақтай алады.
Сонда Рысқұлов енді өле кетсе де арманы жоқ адамдай, мың жасады.
Төсекке жатар шақта, Тұрар мен Надя отырған бөлмеге есік қағып, ұйықтап қалған Ескендірді көтеріп, Елизавета Петровна кіріп келді.
— Кешіріңдер, мына баланы орталарыңа алып жатыңдар, — деді бұрынғы генералша адуындау сөйлеп. — Иіс ала берсін, үйренсін. Байқаймын, сірә, оны алып кетуге келген сыңайларың бар. Сондықтан, амалдаңдар. Екі жастан енді-енді асты ғой. Туасы менің кәрі төсімді аймалап өсіп еді. Менің жамау-жамау жүрегімді жылытып жүрген жалғыз жәдігер осы еді. Жалғыздыққа мен де көндіге берейін... Адам байғұсқа жылылық керек. Әсіресе қартайған шағында... Өзімнің кәрі деміммен өзімді қайтіп жылыта алармын — білмеймін.
Кемпір енді кемсеңдеп, былқ-сылқ еткен балғын баланы кең кереуеттің ортасына жатқызып, шашын сипады.
— Олай демеңіз, мама. Біз сізді жалғыз қалдырмаймыз, — деп Рысқұлов қайын енесін жұбатқан болды.
— Иә, Тұрар шын айтады, бізбен бірге болыңыз, — деп Надя үн қосты. Кереуеттің шетіне ғана шоқиып отырып, Ескендірдің үстіне көрпе жапты.
— Ертең Түлкібастағы құдаларыңызға барамыз. Содан соң біржолата Ташкентке көшіріп аламыз, — деп Рысқұлов қиыннан жол тапқандай, жарқын-жарқын сөйледі.
— Білмеймін. Дүниенің басы — сайран, ақыры — ойран деген осы шығар. — Кемпір үһілеп алды. — Баланы да қимаймын, үйренген тіршілікті тастап, бөтен жерге барғым да келмейді. Әрі десе, Рысқұлов генералдың кемпірін қолына кіргізіп алды деп, әлгі «достарың» тағы да жала жабар. Біздің қарғыс атқан әулетпен туыстасқаның ұдайы алдыңнан кесір болып шыға беретін көрінеді ғой. Ана жылы сайтан алғыр Клевенцов: «Рысқұлов генералдың қызын алды, қайын енесіне өкіметтің жерін берді», — деп әбден қызылкеңірдек болыпты ғой...
* * *
Сол жолы Рысқұлов жас келіншегін, Ескендірді алып, Түлкібасқа да барып қайтты. Тірісіне сәлем берді, өлгендеріне салауат айтты. Төменгі Талас жеріне де соғып, әкесі Рысқұлдың басына барып, дұға оқытып, Ескендірге: «Міне, мұнда Рысқұл атаң жатыр», — демекші еді. Бірақ Ташкентке тез оралу керек болды. Келесі бірде реті түсер деп еді, қу тіршілік ұзын арқан, кең тұсаумен-ақ босатпай қойды. Рысқұлов Түркістан деп аталатын өмірі қысқа республиканы коммунизмге жалғыз өзі сүйреп апаратындай-ақ аянбай бір іске кірісті дейсің. Жалғыз өзі қайдан сүйресін? Соны сезіп, жан-жақта шашырап жүрген ерен мықтыларды Ташкентке жинады. Рысқұлов премьер-министр болып тұрған жұлдызды жылдарда Ташкентке Жанша Досмұхамбетов, Халел Досмұхамбетов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сияқты кілең ығай мен сығайлар жиналды.
Рысқұловтың ең зор арманы — ежелден туыс, түбі бір, тамыры бір Түркістан мен Қазақстанды біріктіру еді. Бұл екеуі бірігіп, бір республика болғанда... «Аздың маңдайында бақ тұрмайды» дейтін түрмедегі Рысқұл. Рысқұлов көбеюді көкседі. Көксегенді Құдай қос көрмесе, бәрі бекер. Бірлік — ірілік. Ал Мәскеу өзінен басқа іріні қалай қояр ма екен?..
«СТАЛИН ҚАТЕЛЕСЕДІ!»
Мәскеуден телеграмма келді. Маусым айының тоғызында Кеңес ашылады депті. Ұлт республикаларының басшылары шақырылады депті. Ұлт мәселесі қаралады депті.
Рысқұлов телеграмманы қайталап оқып шықты да, ойланып қалды. Ұлт мәселесі осыдан небәрі үш ай бұрын он екінші съезде егжей-тегжейлі қаралған жоқ па? Бұл жөнінде нақты қарар қабылданған. Болашақ іске бағыт-бағдар берілген. Қазір жер-жерде сол он екінші съездің материалдары кеңінен талқыланып-ақ жатыр.
Табан астында Кеңес шақырардай тағы не боп қалды?
Ойлан не, ойланба не, бәрібір жолға жиналу керек.
Жиналатын не бар, Рысқұлов артынып-тартынып жүруді жаратпайды: шағын шабаданға сабын, мәсуек, ұстара... салады.
Бірақ обалы не керек, жейдені көп алады. Соноу баяғы Рысқұл әкесінің: «Жағаңды кірлетпе!» — деп зекігені миына қашалып жазылып қалған.
Ал енді Ташкенттен Мәскеуге баратын біраз жолдастары дәу-дәу, қос-қос шабадан көтертеді. Ол не десе, іші толған өрік-мейіз, қазы-қарта. Сонша не көрінді, Мәскеуде ашаршылық жоқ шығар енді. Шығыстың дәмі мәскеуліктерге таңсық көрінеді-міс...
Рысқұловтың жолға дайындалуы жеңіл. Бірақ ой ауыр. Жүк көтергеннен ой көтергеннің азабы он сан есе артық. «Бұл қандай кеңес?» — деп Орталықтағы таныстарымен байланысып еді, олар: «Сұлтан-Ғалиев ұсталды. Түрмеде отыр», — дейді.
Ал енді ойланбай көр.
Иә, Мирсаид Хайдарович Сұлтан-Ғалиев. Толық аты-жөні Мирсаид Хайдарғалиұлы Сұлтан-Ғалиев. Рысқұлов былтыр күзде Түркістан Совнаркомы болып бекітілгенге дейін сол Сұлтан-Ғалиевпен Кремльде бірге қызмет істеді. Рысқұлов Наркомнац Сталиннің орынбасары еді, ал Сұлтан-Ғалиев сол Ұлт істері жөніндегі комиссариаттың коллегия мүшесі болды. Обалы не керек, әріден ойлайтын ақылды адам. Рысқұловтан екі-үш жас үлкендігі бар. Оның үстіне көпті көрген, жастайынан от пен судан көп өтіп, шыңдалған большевик.
Сталинмен тіпті дос десе де болады. Сұлтан-Ғалиев жастайынан Қазаннан Бакуге кетіп, социал-демократтармен істес болып, Сталинмен сол кезден біліс еді. Сталин оны Наркомнацқа алып жүргені де бекер емес. Сол ескі таныс-білістіктің нәтижесі.
Енді қалай? Сталинмен екеуінің арасынан қандай қара мысық өтіп кетті? Әлде... Әлдебір қылмыс істеп қойды ма? Сұлтан-Ғалиев өткенде бір сүріне жаздаған: жазықсыз жапа шеккен бір әйелге ара түсіп, әлгі әйелді қорлаушыны атып тастаған. Сонысы үшін де қамауға алынса керек еді, бірақ Сталин араласып, ОГПУ-ге: «Тимеңдер!» — деп тастаған.
Сөйткен Сталин енді қазір сол Сұлтан-Ғалиевтің түрмеде отырғанын білмеуі мүмкін бе? Білсе, құтқарып алмай ма? Әлде...
Рысқұлов Сұлтан-Ғалиевтен осы таяуда ғана бірінен соң бірі екі хат алды.
Рысқұлов осы екі хат кейін өзіне айып болып тағылатынын қайдан білсін? Кремльде қызметтес болған жолдасыңнан хат алу айып па?
Бірақ Сұлтан-Ғалиев сол хаттардың ішіне бомба орап жіберген шығар? Кеңес өкіметіне қатерлі қауіп төндіретін бір сұмдық бар болар?
Ондай ештеңе сезілмейді. Тек партияның он екінші съезі ұлт еріктілігін біршама кеңейтті, соны дұрыстап іс жүзіне асырайық деген сияқты бірдеңелер бар.
Сұлтан-Ғалиев Рысқұловқа астыртын нұсқау беретіндей дәнеңе байқалмайды. Он екінші съезде қызу айтыс тудырған мәселелерді Рысқұлов осыдан үш-төрт жыл бұрын-ақ көтерген. Ұлт республикасы деген жалаң сөз болмасын, ұлт республикасы деген аяқ-қолы Орталық, яғни Мәскеу арқылы қимылдап тұратын қуыршақ болмасын. Оның да өз көзі, өз аузы, өз қол-аяғы болсын деді.
Сол үшін Түркістан республикасы президенттігінен босап, Мәскеуге, Сталиннің қоластына ауысты.
Иә, солай.
Бәрі өтті-кетті. Бұл хаттардың бас қатыратындай ештеңесі жоқ.
Рысқұлов та пенде ғой. Қайдан білсін, бұл хаттар ОГПУ-дің сұрыптауынан өтіп, ерекше назарға алынып барып, жетіп отырғанын.
Әйтсе де керегі болып қалар деп, екі хатты папкасына сала салды.
Сұлтан-Ғалиев түрмеде отыр деген сөзден сескеніп те қалды. Жүрегі түскір қобалжып барып басылды. Бірақ неге қобалжиды? Кеңес өкіметіне, партияға қарсы істеген жамандығы жоқ. Ондай арам ойдан аулақ.
Түркістанда премьер-министр болғалы жұмысы жаман емес. Ісі ілгері басып тұр. Басмашылардың басы шабылып, тобы ыдырай бастады. Халық жақсылық дәмін татқандай, Кеңес өкіметіне іш тартып, жұмыла жұмыс істеп жатыр. Ашынған қарын тойынып, ашылған етек жабыла бастады. Төтеннен бір ылаң шықпаса, заман осылай өз ырғағымен оза берсе, адам баласы ықылымнан аңсаған ақжарылқап күн туып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын шығар. Иә, кесірінен сақтасын!
Кесірінен сақтасын! Артта талай-талай арпалыс жылдар қалды. Жақсылыққа, жан жадырар жаймашуақ заманға жетсек екен деп, өлермен үмітпен алға мойын созып, қасарысып келе жатқалы қашан. Бейнеттің зейнеті бар демеуші ме еді? Енді келер сол зейнет, заманның шырайы жақсарып келеді. Төтеннен соқпаса...
Төтеннен соғар әлдеқалай зілзала болмаса, топан су қаптап, яки жер сілкінбесе, әлдебір сұрапыл аштық жайлап, оба-індет тарамаса, дәл қазір төтеннен соғар не бар?
Азапты ауыр соғыстар артта қалды... Естияр баладан еңкейген шалға дейін бейнет еңбекке бет қойды. Шаруа қылыш орнына орақ, жұмысшы мылтық орнына балға ұстады. Зейнетке жеткізетін бейнет. Бейнетқор ел еңбектеніп-ақ жатыр.
Рысқұлов қат-қабат жұмыстан сәл-сәтке қолы босаса кітап оқыр, өзі де кітап жазуға отыра қалар. Әне, сонда ой торлайды. Уайымсыз да емес. Күдікшіл болмаса да әлдебір шүбә-кудік елес береді. Болашақ қалай болмақ?
Ленин ауру. Дерті қатты. Тіпті көктемде өткен он екінші съезге де қатыса алмады.
Сұлтан-Ғалиев? Ендігі жерде Рысқұлов үшін бұл есім үп-үлкен сұрақ болып, жүрсе де, тұрса да көз алдында тұрды да қойды. Қамалғаны қалай? Мірсаид Сұлтан-Ғалиев жазықсыз жас әйелді арашалап, зорлықшыл озбырды атып тастағанда да қамалмап еді ғой. Рас, күнәкәрді атып тастады. Бәрібір кім болса да кісі өлімі. Ол үшін қамауға, тексеруге алынуы тиіс. Бірақ Сталин ОГПУ-ге «Сұлтан-Ғалиевке тимеңдер!» — деді де істі тыйып тастады.
Сұлтан-Ғалиев қазір түрмеде отырса, Сталин енді неге босатып алмайды?
Тіпті Рысқұлов жол жүрер алдында, өз дастарқанының басында шай ішіп отырып та осы бір сұрақтың тереңіне сүңгіп кетсе керек, әйелі Надя:
— Тұрар, саған не болған, шайың суып қалды ғой? — дегенде ғана барып, пиалаға қолын созды.
Надяның аяғы ауыр. Жалғызілік. Жанындағы Ескендір қолды-аяққа тұрмай жүгіре береді. Көшеге шығып кетсе... не болады? Адасып кете ме, ат-арба, машина қағып кете ме? Көзден таса қылсаң, әйтеуір бірдеңені бүлдіреді.
Надя Ескендірге бауыр басып қалды. Бала да оны көп жатырқамай, өгей шешеге тез телінді.
Манкенттегі әжесі Елизавета Ескендірді туған әкесінің, келін боп жаңа түскен өгей шешесінің қолына табыстаған. Ескендірді қимай, елжіреп, көп жылады.
Рысқұлов:
— Мама, өйтіп күйіне бергенше, біздің қолымызға көшіп алсаңшы. Манкентте жападан-жалғыз қалай күн көресіз? — деген.
— Ей Тұрар, адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады демеуші ме еді? Біздің орыстар оны: человек предполагает, бог располагает дейді ғой. Менің армандағаным бұл ма еді.. Қызы түскір көз көрмес, құлақ естімес жерге кетті. Сенің сүйіктің Наталья Алексеевнаны айтам... Бір-бірінен айырылған заман. Генерал байдан да айырылдым. Біздің әулеттен бас көтерген Аркадий Приходьконы өзің аттырып тастадың. Енді өлер шақта сенің босағаңды күзетіп қалай отырам? Аруақтар менен адасып қалар. Өлгендердің рухы мені Манкенттен іздейді ғой, өлгендерді адастырмай-ақ генералдың шаңырағын күзетемін. Ал Ескендір болса қайтейін, өз өзегімді жарып шыққандай-ақ болып кетіп еді, немере өз балаңнан да шырын болады екен. Бірақ әкесінің бауырында өссін. Сенен жатбауыр болып кетсе, мен күнәға батармын. Әке мен баланы ажыратып қайтемін?! Әрі десе, мен діндар адаммын. Большевик бастықтың үйінде икона ұстауға болмас. Осы Колосовскийлер әулетіне бола саған таңылмаған бәле-жала онсыз да аз болған жоқ... Бөлек тұрамын. Бірақ Ескендір барда, қол үзіп те кете алмаспын. Келіп-кетіп жүрермін. Манкент онша алыс та жер емес қой.
Қайын енесі осылай деді. Енді Ескендір Надяның жанында қалды. Ал бұл болса, аяғы ауыр. Кесірінен сақтасын, Ескендір жалғыз болмас. Шешеден жалғыз қалса да, әкеден жалғыз болмас. Не іні, не қарындас келер дүниеге. Әлі анасының құрсағында жатқан жанды жарық дүниеде не күтіп тұр — оны бір құдіреттен басқа ешкім де білмейді.
Рысқұлов үйден шығарда бір қолына Ескендірді көтеріп, бір қолымен Надяны бауырына тартып, екеуін кезек-кезек сүйіп, біраз тұрды. Надя орнында Наташа тұрар жөні бар еді, тағдырдың ойыны бойынша, жайдарман, жайсаң сұлу Наташа емес, бұйығы, момын, қарапайым ғана Надя мұның кеудесіне басын басып, үндеместен күрсініп салды. Жай күрсініс пе, әлдеқалай уайымның уыты ма, кім білген? Уайымның да уәжі бар: іштегі бала бір уайым, сырттағы бала екі уайым. Ал ең үлкен уайым — осы бір әп-әдемі, тату-тәтті өмір ұзағынан ба, әлде...
Рысқұловтың етегінен өзі ұстағандай болды. Рысқұлов мұны құлай сүйіп, күйіп-жанып алмаған сынды. Кім біледі, араға әзәзіл түспесе, екеуінің жұбы жазылмастай баянды болар. Әрі десе, Ташкентке туған әпкесі Ольга Константиновна мен жездесі, Жанша, Жаһаншах Досмұхамбетов көшіп келмекші. Енді жалғызсырамас. Туған бауыр, жанындай жақсы жезде — көп медет қой.
* * *
Ташкенттен аттанғанда ми айналдырған ыстық еді. Мәскеуде да оңай емес, күн едәуір қызулы екен. Рысқұлов «Метрополь» мейманханасынан шығарда екі костюмнің қайсысын киерін ойлап, біраз кідірді. Бірі Ташкентте киетін жеп-жеңіл бозғылт еді де, бірі баяғы шевиот қара костюм болатын. Осы қара костюмді киіп, ол Лениннің қабылдауында болған, осы костюмді киіп, он екінші съезге де қатысып, оның биік мінберінен сөз сөйлеген. Сол жолы Орталық Комитет құрамына сайланған. Ол кезде Орталық Комитет санаулы адамнан ғана құралар еді.
Осы киім біртүрлі жақсылық нышанындай көрінді де, ол шевиот костюмге қол созды.
Сағатына қарап еді, Кеңестің ашылуына әлі бір сағаттай уақыт бар екен. «Кремль мына тұрған жер ғой, машина шақыртпай-ақ жаяу тартайын», — деп ойлады. Осы «Метропольге» өзімен бірге келген Акмал Икрамов пен Сұлтанбек Ходжановқа хабарласып, бірге жаяу кетейік демекші болып, телефонға беттей бергенде, ол жеткенше-ақ телефон өзі де безілдеп қоя берді. Тосыннан шар-р еткен дауыстан селк ете жаздап, тұтқаны көтерді.
— Алло, Рысқұлов тыңдап тұр.
— Амансың ба, Тұрар! — деді ар жақтан таныс дауыс қазақшалап. Әуелі Сұлтанбек шығар деп қалған. Сөйтсе, Нәзір Төреқұлов екен.
— Оу, Нәзір, өзің амансың ба? Халің қалай? Үй ішің аман ба? Иә, әбден мәскеулік болып алдыңдар...
Екеуі телефонмен шұрқырасты да қалды.
Төреқұлов қазір Мәскеуде тұрады. Жиырмасыншы жылы Рысқұловпен айтыстан соң, ақыры Орталық Рысқұловты Мәскеуге шақыртып, Түркістанда өкімет түгелдей жаңарып, Нәзір Төреқұлов Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы болып сайланған.
Бірақ бұл қызметте ол ұзақ отырмады. Тұрардың орнына отырған ТүркЦИК төрағасы тәжік Абдолла Рақымбаев, Түрксовнарком төрағасы түрікпен Қайғысыз Атабаев, Орталық Комитеттің жауапты хатшысы Нәзір Төреқұлов үшеуі де бұл биік орындардан бірден алынды. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, кезінде Рысқұловқа қарсы оппозиция құрып жүретін бұл азаматтар да өз жұмыстарында ойсыраған олқылықтар жіберіп қойды. Солардың ішіндегі ең сорақысы — қолға түскен басмашылардың басшыларын босатып жібергендері еді. Мұны Орталық кешпеді де, орындарынан түсірді.
Нәзір Төреқұлов қазір Мәскеуде Шығыс баспасының директоры еді ғой. Жас жазушы Сәбит Мұқанов Нәзірге барып кітабын шығарта алмай, Сталиннің қабылдауына сұранатын кез де, сірә, осы тұс болар...
Тіршілікте, жұмыс бабында, мансаптар жолында не болмайды? Айтыс та, тартыс та болады. Бірақ қысқа өмірді қырқысып өткізгеннен Құдай сақтасын. Жап-жақсы дос-жаран, жап-жақын жамағайын, қандас бауыр, жора-жолдас адамдар бір-бірімен неге ғана ата жаудан жаман қастасып кетеді екен? Адамда аурудың түрі көп. Соның бәрінен жаманы — мансап ауруы болса керек. Мансап жолында айтыссаң айтыс, тартыссаң тартыс, бірақ жауығудың, өштесіп, бет көріспестей болудың не керегі бар? Өсер елдің баласына келіспейтін кесел ғой ол!
Рысқұловтар, Төреқұловтар мұны жақсы білген. Білген де, бір кездегі кикілжіңді ұмытуға тырысқан. Төреқұловтардың қудалауына ұшырап, Мәскеу кеткен Рысқұлов та Орталық сынынан өтіп, енді қазір Түркістанға қайта оралып, Халық Комиссарлар Кеңесін басқарып тұр.
Нәзір Төреқұлов Тұрардың Мәскеуге келгенін біліп, енді өзі телефон соғып, амандық-есендік сұрап жатыр. Көңілінде кек, көкірегінде дық жоқ екенін білдіргені ғой. Дүрдараз болып дүрдиіп, сырттан бұртиып жүрсе, азаматтар басы қосылар ма? Азаматтары алауыз болған елдің берекесі кірер ме? Азаматтары ала тайға мініп, алауыз болып жүрген алаштың соры бес батпан болмай ма?
— Тұрар, телефонмен әңгімеге мейір қанбас. Кеңестен шыққан соң кешке үйге кел, мейман бол. Өткен-кеткенді еске алып екшейік, Түркістан жазушыларынан кімдердің кітабын шығарамыз, соны ақылдасайық, — деп жатыр Төреқұлов.
Қызметте сұлу қыз сияқты, әркім қызығатын шығар. Қызығу сезімі көбінесе ақылды жеңіп кететін шығар. Нәзірдің қызмет бабында қыңырлығын былайырақ ысырып тастап, Рысқұлов оны терең білімі, адамгершілік парасаты үшін жақсы көретін. Төреқұловтың жолы — таспадай түзу жол емес. Әуелі «Қазақ» газетінде қызмет істеп, «алашты» құруға аянбай кіріссе де, кейін қып-қызыл большевикке айналып, әсіре солшыл болып алды. Көп тіл білетін, аса зерделі алғыр азамат.
Әдетте телефонмен ұзақ сөйлесуді қаламайтын Тұрар бұл жолы уақытты қалай оздырып алғанын байқамай қалды.
— Кешір, Нәзір, — деді ол сағатқа көзі түсіп кетіп. — Кеңеске кешігетін түрім бар. Кешке кездесерміз. Сталиннің мінезін білесің ғой, кешіккенді жақтырмайды.
Ол енді Сұлтанбек пен Акмалды іздеуге де мұршасы келмей, мейманханадан шығып, Кремльге асықты. Жайшылықта «Метропольден» төбесі көрініп тұратын Кремль асыққанда тым алыс болар ма...
* * *
Кремльдің Үлкен залының ауыр есігін аша бергенде Сталин Кеңесті ашып, сөз бастап тұр екен. Рысқұлов екі-үш минут кешігіпті.
— Рұқсат па екен? — деді Рысқұлов табалдырықтан аттай беріп. Зал толы халық басын бұрып, бұған жүздеген көз қадала қалды. Қанша батыр болсаң да көптің көзі қадалғаны қиын. Сталин едәуір үнсіз тұрып алды. Ол үндемеген сайын зал да сіресе түсті. Жасыл-сарғыш көздерін сығырайтып, Рысқұловқа сұқтана тұрып-тұрып, әлден кейін барып:
— А-а, Түркістанның Шыңғысханы, төрлет! — деді.
Неге олай деді? Аузынан қалай шығып кетті? Әлде жорта айтты ма? Ешкім білмейді. Бәлкім, Сталиннің өзі де байқамай, зілсіз айта салған шығар. Екеуі Наркомнацта бірге жұмыс істеді. Біреуі — бастық, біреуі — орынбасар болды. Бәлкім, бұрыннан әзіл-қалжыңдары жарасты шығар? Бәлкім, жақсы көргеннен іш тартып айтып тұрған болар?
Ол рас. Рысқұловтың батылдығына, алғыр, шапшаң ойлылығына қарата Сталин оны өз қызметтестері арасында «Шыңғысхан» деп атайтын. Бірақ көпшілік алдында, ресми жиналыста айтқан емес. Екеуінің мөлтек сырын мына қалың көпшілік, кілең ығай мен сығай, бүкіл Одақтан жиналған басшы қызметкерлер біле бере ме? Кекесін деп түсініп қалмас па екен? Айтылған сөз — атылған оқ, енді не де болса айтылып кетті. Әттең, әзіл де болса, ауыздан шықпағаны абзал еді, амал жоқ... Сталин ойланып айтса да, ойланбай айтса да — осы бір жалғыз ауыз келеңсіз сөз кесірге бастамаса неғылсын...
— А-а, Түркістанның Шыңғысханы, төрлет!
— Төрге грузиннің князі отырып қалған екен, маған осы бір жер де жетер, — деп Рысқұлов алға озыңқырап барып, бос орынға жайғасты.
Лезде алай-түлей бір сұрапыл соғып өткендей-ақ, зал сілтідей тына қалды. Сталин десе, деген шығар. Онысы орынсыз көрінсе де, кешірімді болар. Өйткені Сталин — Сталин ғой. Ал Рысқұловтікі қай жүрек жұтқандық? Мүдірместен сарт ете қалды-ау! Айылын да жиған жоқ. Бекер айттым-ау деп қымсыну да білінбейді. Бойын тік, басын шалқақтау ұстап, аспай-саспай барып отырды-ау. Ұлықпен ұстаса кетпей, «Кешіріңіз», — деп басын иіп, бүгіле қалу керек пе еді? Бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалса, жаны тыныш жүрмес пе еді?
Бірақ баяғы-баяғы, басына ноқта симай-ақ кеткен әкесі Рысқұл деген кісі титтей баласының құлағына құйып қойған өсиеті бар ғой:
Шалқайғанға — шалқай,
Пайғамбардың ұлы емес!
Еңкейгенге — еңкей,
Әкеңнен қалған құл емес! —
деп, қай әке балам жаман-жасық болсын деп тілейді дейсің. Әркім-ақ баласына ақыл айтар-ау. Бірақ баланың да баласы бар ғой. Біреуі ақпақұлақ, айтқаныңды қазір ұмытып кетеді; біреуі киіз құлақ, қанша айтсаң да түсінбейді. Ал енді құймақұлақ әке ақылын бір тамшысын да төкпей-шашпай көкірек қалтасына құйып алатын көрінеді. Рысқұлов сол шығар. Сталин болса қайтейін, пайғамбардан туған жоқ қой деген шығар... Әкесі Виссарион Джугаев деген кісі ел қыдырып, әркімнің етігін тігіп күнін көрген кісі еді ғой деген шығар. Не десе де болары болды, бояуы сіңді.
Залдың алдыңғы қатарында отырғандар Сталиннің шешек дақты, ақсары жүзі ду ете қалғанын анық байқады. Сталин қаны бетіне оңайлықпен шапшымайтын кісі еді... Біразға дейін үнсіз тұрып қалды. Қолындағы бір парақ қағаз едәуір діріл қақты. Содан соң барып, бойын тіктеп, оң жақ қасын керіп тұрып, Кеңес жөніндегі сөзін одан ары жалғастыра жөнелді. Бір парақ қағазды сау қолымен тұтып, дімкәс сол қолының сұқ саусағын кезеп қойып орысша сөйлегенде грузинше акценті бұрынғыдан да қоюланғандай әсер қалдырды.
Қаралатын мәселе тым ірі, өте күрделі болатын. Ұлт мәселесі, соның ішінде ұлтшылдармен күрес жолы. Әңгіме өзегі — татар «ұлтшылы» Сұлтан-Ғалиев мәселесі. Сталиннің кіріспесінен кейін, бұл мәселе бойынша Валериан Куйбышев баяндама жасады.
Рысқұловтың баяндама сарынынан байқағаны: Сұлтан-Ғалиев теріс пиғылдағы адам. Кеңес өкіметінің іштегі және тыстағы жауларымен астыртын байланыс жасап тұрған. «Еділ-Орал» деген дербес мемлекет құру жөніндегі идеяныңда авторы Сұлтан-Ғалиев көрінеді. Байқайсыз ба, Кеңес мемлекетінің қақ ортасынан дербес мемлекет құрмақ болған! Қорқынышты ма? Әрине. Сенесің бе, жоқ па? Ақылға сыйымсыз. Мүмкін, жала шығар? Түркістанды Кеңес мемлекетінен бөліп әкетпекші болды деп Рысқұловқа да жала жабылмап па еді? Олай емес екенін Рысқұлов бұлтартпай дәлелдесе де, сол болмаған іс оған әлі таңылып жүрген жоқ па? Кінәсіз кінә оған әлі қанша таңыларын кім біліп болған?
— Сұлтан-Ғалиевтың Зәки Валидовке жазған хаты қолға түсті!
Рысқұловтың іші мұздап қоя берді. Демек Сұлтан-Ғалиевтың хаттары аңдуда болған екен ғой. Сұлтан-Ғалиев Рысқұловқа да екі хат жазып еді ғой. Ендеше, олар да есепте тұрған болды ғой. Куйбышев оны айтатын шығар...
Бірақ Куйбышев оны айтпады.
Зәки Валидов күні кеше Башқұрт автономиялық Кеңестік Социалистік республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған. Қазақстанда «Алашорда» үкіметін құруға тілектес еді. Қазір елден кетіп, Түркияда тұрады. Сұлтан-Ғалиевтың онымен байланысты болуы — ауыр қылмыс. Шын ба, жала ма?
Сұлтан-Ғалиев Рысқұловтан екі-үш жас үлкендігі бар, Башқұртстандағы татарлардан шыққан, аса білімді алғыр адам. Татардың жалынды революционері Молланұр Вахитовпен қол ұстасып Татарстанда Кеңес өкіметін құрған кісі. Молланур оқыста опат болған соң, оның орнына Мәскеудегі Орталық Мұсылман комиссариатының төрағасы, Күншығыс халықтары коммунистік ұйымдары Орталық бюросының төрағасы болды. Таяуда тұтқынға алынғанға дейін Ұлт мәселелері жөніндегі Комиссариаттың коллегия мүшесі еді.
Осы 1923 жылдың 4-мамырында жұмыс орнында отырған жерде тұтқындалған. Тапа-тал түсте, өз кабинетінде.
Оның алдында ғана Сталин оған оңаша отырып:
— Мирсаид, абайла! — деген. — Сенің хаттарынды ОГПУ қолға түсіріпті, — деген.
Сонда қалай? Сталин оған жаны ашығаны ғой! Жаны ашып, бәле-жаладан қорғап сақтандырғаны ғой!
Ал ендеше Сұлтан-Ғалиевты тапа-тал түсте, өз кабинетінде, Кремльде қамауға алуға ОГПУ-дың қалай батылы барған?
Міне, бұл жұмбақ. Үлкен жұмбақ. Болашақ көп жұмбақтардың, сан-сапалақ сойқандардың басы осы болып жүрмесін.
Асылы, әр адам — шешуі жоқ жұмбақ. Есіңізде ме, Абай: «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», — деп ескертпей ме?
Шешендер бірінен соң бірі шығып сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Көбі Сұлтан-Ғалиевке лағынет айтып, қарғыс таңбасын қыздырып, Сұлтан-Ғалиевтың қорғансыз тәніне шыжғыра басып жатыр.
Рысқұловтың көз алдына сонда соноу Талғар таудың шатқалы келе қалды. Жылқышы әкесі Рысқұл басына құрық тимеген асауларды бұғалықтап, қос құлақтан тырп еткізбей ұстап тұрғанда, басқа жігіттер көрікке қып-қызыл боп қызған дөңгелек бас сымтемірді асаудың сауырына быж-ж еткізіп басып кеп қалушы еді. Асау түлік сонда шыңғырып кеп жіберетін. Көңірсіп күйген ет иісі мұрныңды жарып, жүрегіңді айнытатын. Саймасай болыстың кілең мақпал қара, сылаң сұлу жылқысының оң жақ сауырына алма бейнелес таңба түсіп, ырсиып қалатын. Енді ол жылқы жер түбіне кетсе де жоғалмайды. Күйдірген таңба — өмірлік!
Саймасайдың жылқысына бір жігіт таңба салса, мына Сұлтан-Ғалиев міскінге жабыла таңба басып-ақ жатыр. Өле-өлгенше, өмір-бақи, тіпті өлгеннен кейін де өшпейтін таңба.
Апыр-ай, әсіресе сол Сұлтан-Ғалиевпен істес болған, бір нәсілден шыққан Сейд-Fалиев дегеннің өршеленгенін көрсең. Төбе шашың тік тұрып, жағаңды ұстайсың.
Осы Сейд-Fалиев күні кеше Татарстанда қара халықты ұлардай шулатып еді. «Продразверстка» дейтін залым салықты үстемелете салып, кедейсің бе, орташасың ба, байсың ба демей, жаппай қарсы шыққандарды «контра» деп топалаң тиген қойдай қылған. Мұны естіген Сұлтан-Ғалиев Сталинге, тағы басқа бастықтарға айтып, қоймай жүріп Сейд-Ғалиевты орнынан алдырған. Енді сол Сейд-Ғалиев мына Кеңеске қатысып, Сұлтан-Ғалиевты жерден алып, жерге салып тұр.
Сонда мұның кекшілдік, өшпенділік, есеп айырысу екенін Сталин шыннан білмей отыр ма? Сейд-Ғалиевты орнынан алдырған Сұлтан-Ғалиев екенін біле отырып, Сейд-Ғалиевты жер түбінен таптырып алып, мына биік мінберден сайратып қоятын не жөні бар?
Бұл да жұмбақ. Жүре берсең, көре бересің, көргенің көп, Рысқұлов, бірақ көрмегенің әлі алда...
Сейд-Ғалиевтен соң Сұлтан-Ғалиевты айыптауға, «сұлтанғалиевшыларды» аяусыз әшкерелеуте шақырып, өз жерлестері Ибрагимов, Шамиғұлов дегендер сөйледі.
Рысқұлов сонда өзінің жандай жақсы көретін атасы Ахмет Байтұрсыновтың ертеректе жазған бір ауыз өлеңін есіне түсірді. Соноу 1910 жылы Ахмет Қарқаралыда нақақтан, жаладан ұсталып түрмеге түскен ғой. Сонда жазған бір өлеңі құранның сүресіндей жатталып қалыпты.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Осылардың бәрінен де қиын бірақ,
Өз аулымның иттері үріп, қапқаны.
Қайран, Ахаң... Демек әр елде де «өз аулының иттері» бар болғаны ғой.
1920 жылы Тұрар Рысқұлов пен Ахмет Байтұрсынов екеуі бірігіп жазған бір құжат бар. Ол еш жерде жарияланған емес. Бірақ кейін-кейін, заман кері кетерде, әсіресолшыл, догмат тарихшылар табылар да, сол құжатты архивтен суырып алып, «ұлтшылдықтың туы» деп байбаламдап, Рысқұлов пен Байтұрсыновқа қара күйені аямай-ақ жағар...
1920 жылдың күзінде Коминтерннің Конгресі болмақ. Сонда Ленин баяндама жасамақ. Дүниежүзілік көкейкесті мәселелердің мәнін жете білер, кеуделері кең сарай, ақылды деген қайраткерлерге Ленин сол баяндамасының тезистерін жібереді. Мақсат — артығы болса алып, кемі болса толықтырып, ақыл біріктіру. Лениннен артық білімпаз қайда бар?! Бірақ Лениннің өзі де өз серіктерімен ақылдасқан. Жалғыз мен ғана данышпанмын деп кеуде қақпаған.
Сол тезистерін Ленин қазақтардан Байтұрсынов пен Рысқұловқа жіберіп, пікір, кеңес сұраған. Сонда қазақтың екі жайсаңы тізе қосып отырып, Лениннің баяндамасына толықтырма ретінде хат жазған. Түркістан мен Қазақстанда патша отаршылдығының әлі жойылмағанын, халық күштілерден әлі қысым көріп отырғанын жазады. Орталықтан, яғни Мәскеуден келген комиссарлар патшаның генералдарынан аспаса, кем емес, — дейді. «Коммунист-колонизаторлар» дейді. Демек, — дейді Рысқұлов пен Байтұрсынов, — біздің Шығыста айтқандай, «Нәжісті нәжіспен жуып болмайды», — дейді.
Міне, осыдан кейін әсіре белсенді, әкіреңбай тарихшылар, басшылар жерден жеті қоян тапқандай, «әшкерелеу» әрекетіне құлшына кіріспегенде қайтсін? Ал бірақ бұл сөздері үшін Рысқұлов пен Байтұрсыновты Ленин айыптаған жоқ еді.
Қазір Ленин президиумда отырса... Конфуций айтқандай, «қараңғы үйден қара мысық» іздер ме еді мына Кеңес? Сұлтан-Ғалиевты түрмеге тығып қойып, оның тұлыбын ортаға салып, көкпар қылып, отқа салып үйітер ме еді? Ленин ондай сұмдыққа жол бермеуші еді ғой. Сұлтан-Ғалиевтың сыртынан сілікпесін шығарғанша, абақтыда екі көзін жәудіретіп қоймай, осында әкеліп өзін неге сөйлетпейді? Мұндағылар оған нелер сұмдықты танып жатыр. Ал өзі не айтар еді? Тағылған зілмауыр қылмыстарды мойындар ма еді, әлде ышқына жанталасып, адал екенін дәлелдеп айқасқа шығар ма еді? Ендеше, Сталин айқастан неге қорқады?
Бұл да жұмбақ.
Рысқұлов баяндамашы Куйбышевты жақсы біледі. Түркістаннан біледі. Рысқұлов Түркістанның президенті болып тұрғанда, Куйбышев Түрккомиссия мүшесі еді ғой. Ал Рысқұлов сол Түрккомиссиямен аянбай айтысқан адам. Куйбышев оны кейде қолдап, кейде сынап жүрген. Ақырында Мәскеуге хат жолдап, «Рысқұлов аса дарынды адам, оны Мәскеуге алдырып, жұмыс берсе, айтулы коммунист болып шығар еді», — деп те жазды. Демек Рысқұлов аса дарынды, бірақ Мәскеу «тәрбиесінен» өтпесе, бір жаққа қисайып кететін көрінеді.
Әрине, Куйбышев Ленин гвардиясындағы өте көрнекті қайраткер. Ал дәл қазір өзінің шын сөзі емес, әлдекімнің сыбырлағанын қайталап тұрған сияқты. Рысқұловқа солай көрінді.
Осы Кеңесте Фрунзе де сөйледі. Ол да жақсы таныс, тіпті дос десе де болады. Рас, Турккомиссияда жүргенде Фрунзе Рысқұловты аямады. Бірақ кейін екеуі қиыспастай боп кеткен. Фрунзе қазір қайдағы бір «сұлтан-ғалиевшылдық» дегенді шығарып, «партияның ұлт мәселесі жөніндегі XII съезд белгілеген саясатын, ұлт мәселесіндегі кеңшілікті дереу қушита бастаған жоқпыз ба?» — деді. Міне, бұл көрегеннің сөзі еді. Ұлттық республикалардың құқысын қыса бермейік, еркіндігін ауыздықтай бермейік деген еді XII съезд. Арада үш ай өтпей жатып, Сұлтан-Ғалиевты перде қылып, бетке ұстап, «сұлтан-ғалиевшыларды» жер-жерден іздей бастаса, сол ұлттардың бас көтерерлеріне қарсы науқан ашылмақ.
Фрунзе осыны меңзеп тұр. Рысқұлов риза. Әне, мәселе қайда?
Украинадан келген Скрыпник те әріден ойлайтын сұңғыла, білімдар кісі ғой. Әне, ол Фрунзенің ойын ары қарай аша түсті. Ұлт республикалары енді тең құқылы болдық деп тым тайтаңдап кетпес үшін, «Сұлтан-Ғалиев» ісін ойлап тауып, ұлттардың аяқ-қолына кісен салмақшысыңдар! — деп салды.
Кеңес басталғалы бері ешкімді көзге ілмей, мұнда маған тең келетін ешқайсың жоқ дегендей манаурап отырған Троцкийдің өзі Скрыпникті қолдап: «Өте дұрыс айтады!» — деп айқайлады да тына қалды. Ay, кәдімгідей сөз алып, мінберге шығып, әйгілі шешендік тұлпарына мініп, «өте дұрыстың» ар жағында не жатқанын жілік-жілік етіп, таратып жіберсе, Сталиннің «жұмбағы» шешілер де еді ғой. Бірақ Троцкий кесірлі паң қалпында сазарды да қалды. Алыптардың бірінен саналатын Каменев Сталинді қолдайтынын жасырған жоқ. Сталинді қолдау арқылы Каменев пен Зиновьев Троцкийді шетқақпайлатпақ шығар. Ленин қатерлі ауруға шалдықты. Зымияндыққа бойлап, түбіне жеткен кім бар? Сұңғыла, телегей, ақылды адамдардың да есеп-қисабы кейде кесірге айналып кетер ме... Ленин олай-былай боп кетсе, Троцкийдің шоқтығы бәрінен биік, Лениннің орнын сол басып қалады-ау деген іш қауіп Каменев пен Зиновьевті біріктіріп, Сталинді қолдауға мәжбур еткен бе?..
Сонда Сталин айтқанымызға көніп, айдауымызда жүреді, құлақкесті құлымыз болады деп дәмеленді ме екен?..
Лениннің айналасындағы алыптар тобында Сталин айдары жарқырап алға да шықпай, қарасы бұлдырап артта да қалып қоймай, ақырын жүріп, анық басып, мықтылармен қапталдасып, ықтау жаққа ыңғайланып, өршеленіп өңмендемей, қия жарға тіке шаппай, қиялап қана, жолбарысша ың-жыңсыз жылжып келе жатқан. Жалын күдірейтіп, өзін арыстанға балайтын Троцкийлер Сталинді аса менсіне бермейтін. Сталин алдымызды орап кетеді-ау деген қауіп төне қоймаған. Функционер Сталин әлдеқалай алға шығып бара жатса, «тәйт!» — деп тастау қиын емес деп ойлайтын.
Қорымды қия жартас соқпағымен барыс ың-жыңсыз қимылдағанда, бірде-бір қиыршық қозғалмас. Тасыр-тұсыр жүріп, жарда тығылып жатқан, не жайылып жүрген арқарларды күні бұрын үркітіп алмас. Тау барысы жемтігіне тек оңтайлы кезде ғана, нысанаға дөп түсеріне әбден сенген кезде оқша атылып, бір-ақ шапшиды. Сонда қылыш тырнақтан қарсыластың қаны суша шашырайды.
Ал ақылды адамдар соны сезбейді.
Бірақ Ленин сезіп қалған. Сезіп қалған да, төсек тартып жатып, съезге хат жазған. Өз серіктерінің әрқайсысына мінездеме бере келіп, Сталиннен сескенетінін жасырмаған. Билікті түгел қолға алып, күшейіп кетсе, түбі тажал екенін меңзеген. XII съезге Ленин өзі қатысып, съезд жұмысын өзі басқарғанда бүкіл Одақтың жолы сәтті болып, Сталин «бүкіл елдердің ұлы көсемі» болмас та еді. Скрыпник мына Кеңесте көріпкел сөз айтты: «Сұлтан-Ғалиев ісі» дегенді желеулетіп, қисық жолға түсіп кетеміз бе деп қорқамын», — деді.
Троцкий: «Өте дұрыс», — деді де, кекірейді де қалды.
Рысқұлов мұндайда үндемей қалудың реті жоқ екенін сезді. Сөз алып, мінберге көтерілді.
Сөз алардың алдында Сұлтан-Ғалиевпен істес болған кездің бәрін көз алдынан өткізді. Кеңес өкіметіне қарсы, оның көсемдеріне қарсы айтқан бір ауыз сөзін, не бір қылаудай әрекетін сезген емес. Ұлтшылдық әрекеті болды ма? Жоқ сияқты. Рас, ұлттарға, ұлт республикаларына еркіндік, мүмкіндік молырақ берілсін дегенді айтатын, жан-жаққа жазған хаттары да сол сарындас. Ол бірақ Сұлтан-Ғалиевтың өз жанынан шығарған байбалам емес, XII съездің шешімі ғой. XII съездің бәтуасын белсене насихаттаса, несі айып? Ұлттар патша заманында езгіде келді, бұратаналар қорлықтың, зорлықтың, теңсіздіктің неше бір сұмдықтарын бастан кешті. Енді еркіндік керек, республикалар тек Мәскеуге телмірмей, Одақ көлемінде аяғын етік қыспай, өкпесін тес айыл мен тартпа қыспай, еркінірек қимылдасын, ұлт республикалары, тек Мәскеу қилымен ғана аяқ-қолы қимылдайтын қуыршақ болмасын дегенді Рысқұлов та айтқан. Ол айтқаны жанжалмен аяқталған. Рысқұлов ол ойынан әлі де қайтқан жоқ. Онда Сұлтан-Ғалиевтың кебін бұл да киетін шығар?
Әрине, Куйбышев жолдастың баяндамасында айтылған айыптар рас болса, Сұлтан-Ғалиев тым сорақы кеткен. Шетелдік қаскөйлермен байланыс жасап тұрса, қиын екен. Әрине, Куйбышев жолдасқа сенбеске лаж жоқ. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп айтпайтын шығар Куйбышев. Куйбышев нақақтан жала жапса, заманның құрдымға кеткені шығар. Жалғыз Куйбышев пе екен? Осында аса сыйлы кісі Мануильский де Сұлтан-Ғалиевты сілейтіп салды. Сенбейін десең, аса құрметті қайраткерлер. Сенейін десең, Сұлтан-Ғалиевпен екі жылдай бірге жұмыс істеп жүріп, Рысқұлов оның сұмырайлығын қалай сезбеген? Көпе-көрнеу қаскөй жау екенін қалай байқамаған?
Рысқұлов осындай күдіктерін айта келіп:
— Шындыққа көз жеткізу үшін Сұлтан-Ғалиевтың өзін тыңдау керек еді, — деді. — Шыннан шпион болса, аяу жоқ. Ал мына қадірменді Кеңес Сұлтан-Ғалиевтың түсініктемесін өз аузынан естігені жөн еді, — деді.
Бұл әлі ешкім айтпаған сауал, үлкен жұмбақтың шешуші кілті еді. Ал Сталин кілтті түрмеге тығып қойып отыр.
Рысқұловтың бүйректен сирақ шығарғаны Сталинге ұнамай қалды. Ұнамай қалды деу аз, Сталин енді Рысқұловқа жауыға бастады. Оны ол жасырған да жоқ.
Мінберде тұрған Рысқұловқа Сталин жасыл-сарғыш көзін қадап ұзақ қарады. Жалын атқандай сұрапыл суық көз еді. Сталин сонда не ойлады? Ішіне кіріп шыққан ешкім жоқ. Бірақ не ойлаушы еді? Мына бөріні бөлтірік кезінде қылқындыра салу керек еді. Оның сәті де түсіп еді. 1920 жылы Рысқұлов пен Түрккомиссия айтысын Политбюро екі рет қарады ғой. Сонда мұның мойнын астына қайыра салу керек еді. Бірақ Ленин...
Сталин Рысқұловтың алдында сөйлеген түркістандық Акмал Икрамовқа да бір оғын сайлап қойды. Қашан, қалай атылады, оны әзір Сталиннен басқа ешкім білмейді.
Икрамов өзіне бір оқтың сақтаулы екенін сезіп айтты ма, сезбей айтты ма, әлде аузына Құдай салды ма:
— Партияның ұлт саясатына байланысты мәселелер республикада ұшан-теңіз. Съезд салған жолмен жүрейік десек, әлі қолымызда тізгін жоқ. Республиканың қожасы біз емес, Орталық. Осыны Сталинге, яки Каменевке айтайық десек, қорқамыз. Табанда ұстап алып, атып тастай ма деп зәре жоқ, — дегені ғой.
Сталин ызғарлана мырс етті. Бірақ Икрамовқа ол бұ жолы тиіскен жоқ. Сарғыш көз барыс тырнағын көрсетпеді. Ол кім болса соған тырнағын көрсете бермес. Ондай ожар емес. Нысанасында арқарлар тұрғанда, лаққа бола тас домалатып, айналаны дүрліктіріп неғылсын. Әр нәрсе өз кезегімен. Әуелі тас жинап алу керек. Тасты молырақ жинап алсаң, кейін нысананы атқылауға жақсы болады. Ал Икрамов ешқайда кетпейді. Ол айналасы темір тормен қоршалған қорықта жүрген киік шығар.
Рысқұлов бұл Кеңесте мәселе тек Сұлтан-Ғалиевтың жеке басына тіреліп тұрмағанына әбден көзі жетті. Әлгінде біреу «сұлтан-ғалиевшылдардың тамырына балта шабу керек», — деп қалды ғой. Демек бұл үлкен топалаңның түсаукесері ғана. Сондықтан «сұлтан-ғалиевшылдық» деген терминнің өзіне тойтарыс беру керек. Мұны Фрунзе, Скрыпник біршама айтты да. Бұл екеуіне түркістандық Рысқұлов пен Икрамов қосылды. Таразы басы әлі де тең емес. Таразының екінші басында Сталин, Каменев, Мануильский, Зиновьев, Татарстан өкілдері тұр. Бұл топ әлі көбеюі мүмкін. Сталин күнібұрын дайындап қойған шешендер осылармен таусылмаған шығар.
Троцкий болса, бір-ақ рет Скрыпникті қолдап: «Өте дұрыс!» — дегеннен артпады. Троцкийдің Сталинді тұқыртатын тұсы осы сәт еді. Сәтін өткізіп алды. Өзіне-өзі тым сенімді сабазың дәл осы енжарлықтың сазайын кейінірек әбден-ақ тартар-ау. Ой, сонда бармағын шайнайтын шығар. Беделіне сеніп бейқам отырғанда, осал деген жауы оны бес батпан гүрзімен соғып, қара жерге белшесінен батырып жібермесе неғылсын...
Рысқұлов мінберден түсіп, орнына барып отыра бергенде, Сталин астындағы креслоны серпіп тастап, орнынан зілдене түрегелді. Келесі шешенге сөз беретін шығар. Жоқ, келесі шешенді атамас бұрын Рысқұловқа зәрін қадады.
— Біз Рысқұлов жолдастан мұны күтпеп едік, — деп ыңырана тербетілді Сталин. — Рысқұлов дипломатиялық бұлаңқұйрыққа салып кетті. Рысқұлов өзінің Сұлтан-Ғалиевпен сыбайлас, тіпті араларынан қыл өтпес дос екенін, пікір туыс, идеялас екенін айтпай қойды...
Ауыр айып. Сталин мұны айтқанда анау-мынау жеңіл-желпі айтпайды. Қарағай табытқа болат шеге қағып жатқандай, қатыгез, қатал айтады ғой. Жүрегіңді суылдатып, есіңнен тандыра айтады. Бірақ аса әкіреңдеп, дауыс та көтермейді. Жай сөйлеп тұрып-ақ, төбеңнен жасын түсіргендей қылады. Жүйкесі жұқа жанға айтылса, мына сөзден кейін кісінің тілі күрмеліп, абдырап, қойнынан бөзі, аузынан сөзі түсіп, берекесі қашуы әбден ықтимал.
Рысқұловтың тілі күрмеле қоймас, бірақ жүрегі түскір мұздап қоя бергені рас. Икрамов дұрыс айтады: «Сталинге кездесіп, тілдесіп, тілдескен соң қамауға алып, атып тастай ма деп үрей боласың», — деді ғой. Осының өзі Рысқұловты Сұлтан-Ғалиевтың қасына апарып қамап қояйын деп тұрған жоқ па?
Сонда, сол Кеңесте отырған кілең жақсылар мен жайсаңдар, қоғамның бетке ұстар білімділері, ел қамын жеген қайраткерлері, басқасын былай қойғанда, Түркістан мен қазақстандық: Сұлтанбек Ходжанов, Сәкен Сейфуллин, Сейтқали Меңдешев сияқтылар, сонда Рысқұловқа Сталин қаһарын төгіп тұрғанда, осы сот, болашақ орасан опаттың басы болғанын ойлады ма екен?
— Рысқұлов Сұлтан-Ғалиевтен осы таяуда бірінен соң бірі екі хат алғаны бізге белгілі, — деді Сталин. — Немене, бірін бірі сағынып қалған ба сонда? Ол тек сағынышты сәлем хат деп ойлайсыздар ма сонда? Лайым да солай болғай еді.
Сталин мысқылдай да біледі. Бірақ зілді мысқыл. Зіл дегеніңіз пілден де үлкен көрінеді ғой. Сірә, мамонт деп жүргеніміз сол зіл болса керек. Сталиннің мысқылынан сескенбей көр...
— Бірақ біз бәрібір білеміз, Сұлтан-Ғалиев Рысқұловты Орта Азиядағы басмашылар сойқанын өшіріп тастама деп азғырғанын да білеміз. Түркістанды КСРО-дан бөліп ал деп арбағанын да білеміз. Сондықтан Рысқұлов Сұлтан-Ғалиевқа шыннан бүйрегі бұрмайтыны рас болса, онысын дәлелдеп, бар шындықты ашып айтар жері — осы жер еді, амал қанша, өкінішке орай, олай болмай шықты, — деп қынжылғандай болды Сталин.
Бұл енді Рысқұловты түпсіз терең құздың иегіне апарып, тақап қойғаны еді. Енді бір итеріп жіберсе, қош бол, жазған Рысқұлов! Өрт ішінде арпалысқан қысқа өмірің осымен тәмәм. Қаншадасың өзің? Биыл 1923 жылдың жазы болса, әлі жиырма сегізге толмаған екенсің-ау, бейшара.
Залда отырғандардың көбі-ақ Рысқұлов Сұлтан-Ғалиевтың артынан кететін болды деп қойды. Кейбіреуі аяды: «әттең, есіл ер, өзі де қайнап шығып еді, алмас қылыштай өткір еді, ақыры тасқа шабылды-ау», — деді. Бірақ орындарынан атып тұрып, ара түсуге жарамады.
Рысқұловты тек Рысқұлов қана қорғай алады.
Кейбіреулер іштерінен Рысқұловтың жаназасын оқып отырғанда, жұртты қайран қалдырып, Рысқұлов қайтадан орнынан тұрды.
— Түсінікке рұқсат етіңіз, жолдас Сталин.
Сталин жанында отырған Каменевке қарады. Екеуі едәуір шүйіркелесті. Не айтты? Не деп келісті? Ешкім естіген жоқ. Ақыр Сталин басын баяу бұрып:
— Рұқсат, — деді.
Мұндайда досқа да, қасқа да сыр бермеу керек. Мұндайда бүкіл тұлғаң тұрмақ, саусағыңның дірілі де көзге түседі. «Атасына нәлет! Қорықпа, Рысқұлов. Құдай берген жанды Құдай өзі алады. Осы жарық дүниеге келгеніңнің өзі өлшеусіз олжа. Келмей қалсаң қайтер едің? Қазақтың өлшеусіз кең өлкесінің бір пұшпағында туып, зорлықтан, жетімдіктен, аштықтан бір жерде қылжиып қалмай, адам болып, атқа қонып, өзіңнің емес, еліңнің жоғын жоқтап, әрлі-берлі дүниеде өткен патшалардың ішіндегі ең қаһарлысының қарсы алдында қасқайып тұрып сөз сөйлегеніңнің өзі мың бақыт емес пе? Және қарсы сөйлеу... Екінің бірінің қолынан келіп жатқан жоқ. Бұған да тәуба, тәуба...»
— Көп уақыт алмаймын, — деді Рысқұлов мінберге шыққан соң. — Қысқа айтайын. Менің партиядан, Орталық Комитеттен жасырып қалар сырым жоқ. Ойым қандай, сырым қандай, әрқашан ЦК-дан жасырмай, тура бетіне айтатын әдетім бар. Бағым ба, сорым ба, оны білмеймін. Сондықтан әлденені бүгіп қалу, қайбір жерде бұғып қалу, күн райына қарай аунақшып, айлы түнде өз көлеңкесінен өзі қорқатын қояндай хал кешетін мен емес. Өзімді өзім ақтай алмаймын. Сүттен ақ, судан таза періштемін деп те айта алмаймын. Қате кімнен кетпеген, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді біздің халық...
«Ұлт мәселесінің білімпазы, теоретигі Сталиннің өзі де «автономизация» дегенді ойлап тауып, бүкіл халықты РСФСР-та бағындырып, бүкіл ұлттарды жалғыз кнопкамен басқармақ болған. Сөйтіп, Сталиннің өзі де оңбай қателескен. Оны дер кезінде Ленин түзетпегенде, осы күнгі Одақ дегеніміз болар ма еді, жоқ па еді, Құдай білсін!» — деп айтайын деп тұрды да, сәл кідіріп, ақыры айтпады.
Бәлкім, айтып салу керек пе еді, атасына нәлет...
— Рас, менен де мүлт кеткен кез болды. Бірақ Сталин жолдас айтқандай дәл қазір емес, 1920 жылы. Қазір Сұлтан-Ғалиев уағыздап жүрген идеяны мен 1920 жылы айтып едім. Түркістан — біртұтас, ол бөлінбесін деп едім. Өз алдына бір республика болып, Одақ құрамында болсын деп едім. Яғни, өз тізгіні өзінде болсын, шетелмен дипломатиялық қатынас жасасын, өзінің шағын әскері, тіпті өзінің ақшасы болсын деп едім. Түркістанды Одақтан бөліп әкетем деп жанталасқан жоқпын. Бұл жаулардың жаласы. Егер Түркістанда мұндай ерік болмай, Мәскеу оны қос құлағынан тұқыртып басып отырса, мұны көрген Шығыс елдері: Үндістан, Қытай, Иран т. б. бізден шошынады, социализмнен безінеді деп едім. Қуыршақ республика болудан асқан бақытсыздық жоқ деп едім. Мұнымды Түрккомиссиясы ұнатпады, Политбюро қостаған да жоқ, мүлде жоққа да шығарған жоқ. КСРО-ны, яғни республикалар Одағын құрар алдында мен айтқан ұсыныстардың төрттен үші қабылданды, Конституцияға енгізілді. Демек менің пікірім сандырақ болмағаны ғой, жаудық жат пікір де емес.
Мұның бәрі ЦК-ға белгілі. Менің Конституция туралы, Одақ туралы пікірлерім ЦК-ның архивінде жатыр. Күмәнданған адам көруіне болады.
Рысқұлов осылай бір қайырып тастады да, енді Сұлтан-Ғалиев мәселесіне көшті.
— Сталин жолдас мені Сұлтан-Ғалиевпен қосақтап қойғысы келеді. «Идеялас» дегенді айтады. Сұлтан-Ғалиевпен қызметтес болғаным рас. Оның кәсіпқой революционер екені де рас. Революция ісіне 1905 жылдан араласқан адам. Кейін Бакуде көп жыл тұрып, пролетариат көрігінен өткен адам. Ол кездегі Сұлтан-Ғалиевты менен гөрі, Сталин өзі жақсы білсе керек еді. Бакуде бірге болды ғой. Сұлтан-Ғалиев, Сталин және мен Наркомнацта бірге жұмыс істедік. Сталин Сұлтан-Ғалиевты жақсы білмесе, оны жанына алып, жақын жүріп несі бар?
Осыны айтып тұрғанда, Рысқұловтың есіне Сталинмен Сұлтан-Ғалиевтың үйінде бірге болғаны түсті. Сұлтан-Ғалиев үйленіп, той өткізді. Тойға шағын топ, өз туыстары, қызметтес жолдастары келді. Сталин де келді. Той Мірсаид Сұлтан-Ғалиевтың пәтерінде өтті. Келіншегі көркем, сұлу татар қызы екен. Тіпті Сталин онымен биге шығып, көңілді отырды. Осындай бір мөлтек отырыста, дастарқан басында, Сталин адам танығысыздай өзгеріп кетеді екен. Қызметтегі қаталдықтан із қалмағандай өзгереді. Би де билейді, шарапты да ішеді, ептеп ән де айтады. Анекдоттан да құралақан емес. Кәдімгі адам, аңқылдақ дос. Сонда Мірсаид Сұлтан-Ғалиев татарша тамылжытып ән салып еді. Сірә, «Ғалиябану», яки «Сағыну» шығар. Рысқұлов пианинода оны сүйемелдеп отырды.
— О, Тұрар Рысқұлович, сен музыкант екенсің ғой, — деген сонда Сталин креслода трубка тартып отырып.
— Бала күнімде, түрме бастықтың малайы болып жүргенімде, сол бастықтың қызы үйретіп еді, — деді Рысқұлов. Сонда Наташа көз алдына келді. Жүрегі түскір сызда-а-ап барып басылды. Наташа екеуі үйленіп, мынандай той жасай алмады. Тойына Сталиннің өзі қатысып отырған Сұлтан-Ғалиев қандай бақытты! Жас жұбайларға арнап Сталин тост көтерді:
— Қуаныштарың таусылмасын. Бақытты болыңдар! — деді Сталин.
Арада бір-екі жыл өтпей-ақ, сол Сұлтан-Ғалиевқа тілеген бақытты Сталин өз қолымен тартып алғаны несі? Өзі бақыт тілеп, өзі сорлы еткен қандай жан?..
— Ал енді Сұлтан-Ғалиев жазған хаттар туралы... — Рысқұлов қалтасынан екі конверт суырып алып, жоғары көтерді. — Міне Сұлтан-Ғалиевтың хаттары. Не айтады? XII съезд берген ұлт құқыларын дұрыс пайдаланайық дейді. Съезд қабылдаған шешімдер іске дұрыс аспай жатса, оған Орталық өзі кесір етсе, оны алдағы съезде ашып айтайық дейді. Артық айтылған ештеңе жоқ. Мен солай деп ойлаймын. Ау, Орталықсыз біз өз республикамызда, өз бетімізше, тым құрыса газет аша аламыз ба? Сол газетке Орталықтың рұқсатынсыз қосымша бір қызметкер қабылдай аламыз ба? Жоқ! Не деген сұмдық! Сонда біздің қай жеріміз республика?! Біз мақта өсіреміз, мал көп, жүн өндіреміз. Ал енді Мәскеудің рұқсатынсыз сол өзіміз өндірген мақта мен жүннен бір шүйкесін пайдалана аламыз ба? Жоқ! Не деген сұмдық! Ал Сұлтан-Ғалиев болса, осындай сорақылықтан құтылайық дейді. Оның несі айып? Екінші хатында Мәскеу, Ленинград оқу орындарына жергілікті жастарды жіберу туралы... Ал енді мен осы хаттардан Кеңес өкіметін жалп еткізіп құлатып тастайтындай ештеңе сезген жоқпын. Әлде осы ойларында қорқынышты бірдеңе бар ма? Мәселенің айқындығы сонша, оның бәрі өзіме де өте таныс болған соң, мен бұл хаттарға жауап та берген жоқпын. Мұным әрине, этика жағынан дұрыс емес шығар. Хат — ашық, шифрлы емес, жасырын емес, кеңес поштасы арқылы келді. Ал енді Сұлтан-Ғалиевтан мен екі хат алғанымды Сталин жолдас қайдан біледі? Егер біздің әрбір адымымыз, жүрген-тұрғанымыз, әрбір қимылымыз Сталин жолдастың аңдуында болса, жетіскен екенбіз. Күдік қозған жерде — бүлік болады. Ay, бір-бірімізге сенбесеқ, қалай күн көреміз?
Ал енді Сұлтан-Ғалиевтың маған ықпалы туралы: Сұлтан-Ғалиевтың айтқанына көніп, айдауында жүретін мен оның құлақкесті құлы емеспін. Сұлтан-Ғалиевтың жетегінде жүретін мен оның мұрнын тескен тайлағы емеспін. Сұлтан-Ғалиев мені арам іске айдап, азғырған да жоқ. Сондықтан Сталин қателеседі!
Рысқұловтың соңғы сөзі ащы шықты. Бүкіл зал селк еткендей болды. Тіпті бағанадан бері манаурап, ұйқылы-ояу отырған Троцкий де басын шалт көтеріп алды. Жер қозғалса қозғалмайтын Сталиннің өзі де Рысқұлов: «Сталин қателеседі!» — дегенде, «Дай бог», — деп қалды.
Залдағылар гу-гу етіп, абыр-сабыр әңгіме кеулеп кетті. Жұртты тәртіпке шақырып, Каменев қоңырау қақты.
— Ал енді сенім мәселесіне келейік, — деді Рысқұлов сәл тыныстап алған соң. — Сталин жолдастың айтқан мәлімдемесін мен ЦК-ның мәлімдемесі деп қабылдаймын. Егерде ЦК маған қылаудай күдік келтірер болса, онда мен Түркістан АКСР Совнаркомы төрағасы қызметінен қазір кетуге дайынмын. Күдікте жүріп күн көргені құрысын.
Сонда Сталин баяу қозғалып орнынан тұрды. Не айтарын тағатсыздана күткені сонша, залда шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады.
— Рысқұлов жолдас, — деді Сталин. — Сізді ЦК-ға сайлаған XII съезд болатын. Съезд сенгенде, біз сенбеске хақымыз жоқ. Түркістан үкіметін басқару Сізге сеніп тапсырылған екен, атқара беріңіз сол жұмысыңызды...
Зал жамырай қол соғып жіберді. Сірә, әділет аңсаған, жақсылыққа сусаған жұрт болуы керек, қол дүркіреп соғыла берген соң, Каменев тағы да қоңырау қағуға мәжбүр болды.
* * *
Рысқұлов осы асқақ абыроймен мінберден түсіп, орнына барып жайғасса да болар еді. Бірақ кейде шығасыға иесі басшы дейді ғой. Әлде аруақ қыса ма екен? Арқаланып кететін шығар. Каменев қоңырау қағып, жұрт тыншыған кезде тағы сөйледі.
— Рас, Сұлтан-Ғалиев жөнінде қиян-кескі әңгіме жүріп жатыр екен, ендеше әділдіктің аспанын бұлт торламас үшін, әлдеқалай күдік қалмас үшін, сол Сұлтан-Ғалиевты осы Кеңеске неге қатыстырмасқа?! Мына үкімет мүшелері, республика басшылары істің анық-қанығына көзі жетпей жатып, Сұлтан-Ғалиев неге қамауға алынады? Егер ол шын жау болса, осы арада әшкерелеп, абыройын айрандай төгіп, содан кейін неге тұтқындамасқа? Мен өз басым бұған түсінбеймін. Және Сұлтан-Ғалиев жау дегенге сенбеймін.
Ал керек болса. Зал қайтадан гуледі. Сталин Каменевке қарай еңкейді. Каменев те Сталинге қарай құлағын тоса қалды. Екеуі құнжындасып едәуір күбірлесті.
Ақыры Каменев айтты:
— Жолдастар, тынышталыңыздар. Принципінде Сұлтан-Ғалиевты кеңеске алдыруға да болады, — деді. — Бір сағат үзіліс.
* * *
Командирі алдында, екі айдауылы артында, залға Сұлтан-Ғалиев келіп кіргенде, мойнын созып қарамаған адам жоқ. Тіпті алысырақ отырғандар орындарынан түрегеліп қарады.
Сұлтан-Ғалиев мінберге көтерілмей, мінбердің жанына барып тұрды. Рысқұлов өз көзіне өзі сенбегендей, Сұлтан-Ғалиевты танымай қалды. Тіп-тік жүретін адамның жотасы бүкірленіп, еңкіш тартып қалыпты. Жарқылдақ, жайдарман Мірсаид қайда? Жағы суалып, көздері ініне кіріп кеткендей, көзінің айналасын азап таңбасындай айшықтап, қара көлеңке қоршалап алыпты. Киім-басы ықтият, таза болса да кешегі өз костюмі өзіне қолқылдап, біреудің иығынан шешіп алып кигендей, келіспей тұр.
Әурелікке жаралған фәни адам,
Бақ пен сордың арасы — бір-ақ қадам! —
деуші еді баяғыда Ахат атасы. Рысқұловтың есіне сол түсті. Дүние-әлем түгел біле бермейтін Түлкібас дейтін жерде, Күмісбастау атты жұмақ жайда, жәннатта туса да тозақ тіршілігін көп көріп қартайған Ахаттар оқымай-ақ, университет бітірмей-ақ философ қой.
Әурелікке жаралған фәни адам,
Бақ пен сордың арасы — бір-ақ қадам!
Мүмкін, бұл философияның авторы Ахат та емес шығар, одан да бұрын, бағзы заманда айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, бізге жеткен жәдігер шығар. Неде болса, халық даналығы.
Күні кеше Рысқұлов Сталинмен бірге Сұлтан-Ғалиевтың үйлену тойына қатысып еді. Сонда бір адам бақытты болса, ол — Сұлтан-Ғалиев сияқты көрінген. Сталиннің өзі бата беріп, бақытты болыңдар! — деген.
Бақытты қолға ұстап, түсін түстеп, дәмін татқан кім бар? Ол да бір ұшып-қонған құс шығар. Ол да адасып жүретін болар. Адасқан бақ таздың басына, пұшықтың мұрнына барып қонады дейді ғой. Әйтпесе, Сұлтан-Ғалиев сынды азамат мынандай мүсәпір халге түсетін несі бар? Аз күндік бақыт адасқан ғой...
Дәл қазір Сұлтан-Ғалиевтың ақталып кетуіне, өзіне нақақтан тағылған ауыр айыптардан құтылуына, жалынды, адал, ағынан жарылған сөз сөйлеуіне Сұлтан-Ғалиевтың өзінен де гөрі Рысқұлов мүдделі сияқты. Өйткені Сұлтан-Ғалиев енді қайтып орнынан тұра алмай қалса, онда жаппай «сұлтан-ғалиевшыларды» аулау науқаны басталмақ. Ол науқанның иісі аңқып тұр. Әлгінде сөйлеген Мануильскийдін, Орджоникидзенің, тіпті Сталинді ептеп сынаса да, Фрунзенің сөздерінен осы ызғар сезіледі. Ал Куйбышев пен Сталиннің баяндамаларынан сұрапыл сойқан соғып тұр.
Сұлтан-Ғалиев ГПУ тырнағына осыдан бір ай бұрын іліккен. Содан бері ГПУ Сұлтан-Ғалиевты анасынан қайта тудырғандай сыңай бар. Бір кезде алмас болаттай арыс еді, енді қалайыдай жұмсақ, жуасыған сияқты. Тағдырдың ноқтасы қиын, ал Сталиннің ноқтасы одан да орасан, қыл арқаннан да қату. Сталин бір жағынан Сұлтан-Ғалиевқа жаны ашыған болады, екінші жағынан ГПУ-дың қыспағына салып қояды.
Он екінші съезден кейін, іле-шала, Сұлтан-Ғалиев сол съездің ұлттарға берген құқысын талмай уағыздап, аса бір белсенді болды да кетті. Жан-жаққа хат жазды. Рысқұловқа да жазып жүргені сол. Тіпті Лениннің Горькийде жатып, съезге жолдаған хаты жөнінде де жер-жерде айтып жүрген көрінеді. Ал өсиет-хатта Ленин Сталинді басынан сипамайды ғой. Сталин дөрекі, ұлан-ғайыр билікті оның қолына беріп қою келеңсіз, ақыры қиын болады, сондықтан Сталинді генсектен басқа жұмысқа ауыстырудың амалын қарастыру керек деген ғой. Бірақ бұл хат съезге жетпеген. Партия басшылары ғана біліп, Каменев, Зиновьевтердің ақылымен жылы жауып қоя салған.
Ал Сұлтан-Fалиев оны салдыр-гүлдір айтып жүрген. Сталингe бұл ұнай ма, жоқ па? Ақылды болса да, аңқау шығар Сұлтан-Ғалиев... Әлде Сталиннің құдіретін онша бағаламады ма, мән бермеді ме?..
Енді, міне, алдынан шықты. Мінбер жанында мүшкіл халде тұрған Сұлтан-Ғалиевке Сталин президиумнан сұрақ қойды.
— Сұлтан-Ғалиев, сіз осы жылы, он екінші съезден кейін, Башқұрт АКСР Халық ағарту комиссары Әбхамовқа хат жаздыңыз. Рас қой?
— Рас, — деді Сұлтан-Ғалиев үні жердің астынан шыққандай.
— Сол хатты оқып болған соң, тез өртеп жібер деп өтіндіңіз ғой. Рас па?
— Рас.
— Ол хатта өртеп жіберетіндей не жазылып еді, есіңізде ме? — Сталин масаттана мұртын сипап қойды.
— Ол хатта мен Әбхамовқа Зәки Валидимен шифрлы хат арқылы байланыс жаса деп едім.
Сталин залға қарап, Рысқұловты көзімен тінткілеп тауып алып: «Ал, енді қайтесің?» — дегендей қолын жайып жіберді.
Рысқұловтың өрекпіген көңілі су сепкендей басылды. Зәки Валиди шетелге өтіп кеткен адам. Башқұртстанның бұрынғы бастығы. Қазір Түркияда тұрады.
Сталин жеңімпаз болып, масайрап отыр. Сталинте біткен бір қасиет: ол нысанаға алған адамын жермен-жексен етпей тынбайды. Қазір де бұл аз болса, тағы да дегендей, Сұлтан-Ғалиевке бұрылып:
— Айтыңызшы мына қауымға, Иранның саяси қайраткері Тәжі Бакшиға да жасырын хат жазғаныңыз рас па? — деді.
— Рас, — деді Сұлтан-Ғалиев үні булығып.
— Осы әрекеттеріңіз Кеңестің басшы қызметкері ретінде Сізге жарасымды ма?
— Иә, бұл хаттарды мен Кеңес үкіметінің қаперіне салмай, жасырын жазғаным өте қате болды. Мұны мойындаймын.
Сталин әдейілеп Рысқұловқа жымия қарап, тағы да қолын жайды. «Не шара? Енді қайт дейсің?» — деген сыңайлы.
Ол — ол ма, орнынан ырғала түсіп түрегелді де, Сталин тағы сөйледі.
— Әңгіме осымен бітсе керек еді. Бірақ бір нәрсені баса айтқым келеді. Сұлтан-Ғалиев әркім-әркімге жасырын хат жазып, ұсақ-түйек мәнсіз мәселемен айналысқандай әсер қалуы мүмкін. Сұлтан-Ғалиев әрекетінің ар жағында ұлы Тұран идеясы жатқанын әркім аңдай бермейді. Бүкіл түркі тұқымдас халықтарды біріктіріп, баяғы-баяғыда өтіп кеткен Ұлы Түрік қағанатын қайта туғызу ниеті жатыр ар жақта. Тұран Дүниесін тірілту арманы асқақ Сұлтан-Ғалиевта. Мұның атын пантюркизм дейді. Ал пантюркизм дертімен ауырған басқа адамдар да арамызда жоқ емес...
Бұл енді тікелей Рысқұловқа атылған оқ екенін азды-көпті, көзі ашық адамдардың бәрі түсінді. Бәлкім, пантюркист таңбасы Сұлтан-Ғалиевтен гөрі, Рысқұловқа бұрынырақ басылған болар. Оны әлгінде Рысқұловтың өзі де айтты ғой. Түркістанды бөлмей-жармай, тұтас ұстау деген идея әуелі Рысқұловтан басталған. Түркістан біртұтас болса, қазағы, өзбегі, түрікмені, қырғызы, қарақалпағы біртұтас болса, ол алып магнит сияқты басқа түркі тектес башқұрт, татар, әзірбайжан сияқтыларды өзі-ақ тартып алады. Ал Орталық бұдан қатты қорқады. Рысқұлов РСФСР-ден бөлінбейміз деп қанша құлшына мәлімдегенмен, аса ірі Түркістанның басына кейін ноқта симай кетеді ғой. Ал Сталин болса, барлық халықтарды тең құқылы республикалар ретінде емес, баяғы патшалар сияқты губерниялар ретінде басқарғысы келеді. Ол үшін екі тізгін, бір шылбыр, бір қамшы бір-ақ адамның қолында болуы керек. Рас, Сталин: «Бөліп ал да билей бер!» деп ұрандамайды, бірақ сол саясаттан алшақта кетпейді.
Не керек, Сталин қойған ауыр-ауыр кінәларды Сұлтан-Ғалиев түп-түгел мойындап тұр. Мойындап тұрса да, мына күні кешегі қызметтестерінен көзін тайсалтпайды. Жанарын жасырмайды. Ол тіпті бір сәт Рысқұловқа да тіктеп қарап тұрып қалды. Тілмен айта алмағанды адам кейде көзбен айтуға мәжбүр. Сұлтан-Ғалиевтың көзінен сонда Рысқұлов түпсіз терең қасірет аңғарғандай болды. «Кешір, бауырым, осылай демеске шарам жоқ», — дегендей әлгі шексіз қайғылы, қасіретті көз. Рысқұлов байқап қалды: Сұлтан-Ғалиевтың салалы, сүйрік саусақтары барбиып, ісіп кеткендей көрінді. Тынымсыз қалтырайды екен. Бір қолын бір қолымен ұстап тоқтатқысы келгендей еді, тез ажыратып алды, қатты ауыратын сияқты.
Шіркін, сонда неге ғана батылы жетпеді екен?..
— Жолдастар! — десе сонда Сұлтан-Ғалиев саусақтары іскен қос қолын жоғары көтеріп. — Мен сатқын, жау емеспін. Маған нақақтан жапқан жаланы амалсыз мойындауға мәжбүр болдым. Міне, қараңдар! Тырнағымның астына жуалдыз ине жүгіртіп азаптады. Қараңдар! — десе...
Сонда мына қайраткерлер алда өздерін де не күтіп тұрғанын әлдеқалай сезініп, сол сойқанның алдын алар ма еді?.. Сталиннің азап машинасы әлі екпін алмай тұрған кезде қиратар ма еді?..
Сұлтан-Ғалиев ештеңе айтпады.
Апыр-ай... Сол тойда... Сталин, Рысқұлов қатысқан тойда... Әдемі сұлу келіншегі... аты кім еді... Иә, сол сұлу келіншегі Сұлтан-Ғалиевты мойнынан құшақтап тұрып:
Сызылып таң атқанда,
Ал шапақ батқанда
Күзләрім тиксине излила-а-а-р... —
деп сыбызғыдай сыңсытып ән салып еді.
Ағарып таң атқанда,
Қызарып күн батқанда,
сүйгенін қимай, бір сәт көрмесе тура алмайтын сол сұлу енді қандай күйде екен? Енді со сұлу жандай жақсы көретін жарына «тесіктен алақандай тіл қатып» жүр ме екен? Кім айтса да, данышпан айтқан: «Бақ пен сордың бір-бірімен ажырасуы — азап. Оны Рысқұловтан артық түсінетін жан жоқ. Он жасында әкесінен тірідей ажыраса, адасқан бақ енді қонды ма дегенде, заман дауылы соғып, сүйген жардан — Наташадай арудан айрылды. Наташадан қалған жалғыз жәдігер Ескендір дәл қазір есіне түсіп, сағыныш сезімнен іші-бауыры елжіреді. Ескендірді бауырына басқан Надя көз алдында мұңайып тұрды. Бірақ оны онша сағынбаған сияқты. «Аяғы ауыр еді, қандай халде екен?» — деген уайым ғана елес берді.
* * *
Сонымен, Сұлтан-Ғалиевты айдауыл қайтадан алып кетті. Кеңестің аяғына дейін ұстап қажеті жоқ еді. Сұлтан-Ғалиевтың кінәсі ауыр. Оған Кеңестегілердің бәрінің көзі жетті. Сталин жеткізбеске қойған жоқ.
Рысқұлов риза емес. «Сонша бейшара болғаны несі?» — деп ызаланды. Әлгінде: «Мірсаид! Көтер басыңды. Омыртқаң опырылса да, рухың сынбасын, атасына нәлет!» — деп айқай салғысы келді. Бірақ Сұлтан-Ғалиевтың көзіне көзі түскенде, тағдыр оны тас қылып тұмшалап тастағанын көкей көзімен шамалады. «Құдай басқа салмасын», — деп шошынды. Тағы да мінберге атып шығып, ара түсейін десе, амал жоқ, Сұлтан-Ғалиев өз кінәсін өзі мойындап тұр. Кейін-кейін, 1937-38 жылда Вышинский деген прокурор шығар. Сол сойқан: «Тұтқынның өз кінәсін мойындауы — әділеттік салтанаты» деген теориясымақ табар. Бірақ ол Вышинскийдің өзі ойлап тапқан «теория» болмас. Ол «теорияны» Сталин 1923 жылы, маусым айының 9 — 12 күндері-ақ іске асырар. Ал әзір мына Кеңесте отырған басшылар, ақылды болар, болмас, бірақ кілең басшылар болашақ 37 — 38-дің тұсаукесері осы Кеңесте, 1923 жылы басталғанын сезе де бермес.
Бұл алдағы жойқын қуғын-сүргіннің беташары болатын. Тағдыр оның тұңғыш құрбаны ретінде Мірсаид Сұлтан-Ғалиевты таңдапты. Келесі кезек кімдікі?
Бұдан қандай қорытынды болуға керек? Әне, анау Троцкий, Зиновьеві, Каменевы, Бухарины, Рыковы — бәрі әлі төрт көзі түгел отыр ғой, ойланды ма солар бұдан қандай қорытынды шығуы керек екенін? Олар кезінде Ленинге де қарсы келіп, айтысып, тартысып жүрер еді. Бірақ ешқайсысының басындағы шашының бір қылы да қисайған жоқ, отыр ғой бәрі сіресіп. Қарсы келгені үшін оларды отап жіберемін десе, Лениннің құдіреті жетпеді деп ойлайсыз ба? Саяси қарсыластың қанын төгу тек тиранның ғана қолынан келеді. Данышпан көсем ондай озбырлыққа бармайды. Ақылмен жеңеді.
Ал мына төртінші Кеңестен шығатын сабақ: ажалыңнан бұрын өлейін демесең, генсектің алдын кес-кестеме! Сталинді генсек қызметінен басқа жұмысқа ауыстырған жөн деген Лениннің хатын жұртқа жайма! Бір елі аузыңа екі елі қақпақ қой! Он екінші съезд ұлттар құқысын түзеп берді деп, шешең ұл тапқандай айқайлай берме! Әйтпесе, ұлттар тайтаңдап кетеді. Құқышылын. Әліңе қара. Бас-басыңа қожайын болып, әр республика өзін-өзі басқарып, өз қотырын, өзі қасылап кетсе, Орталық, Орталықтағы Сталин не бітіреді? Демократия дейді. Демократияшылын. «Демократия, республика!» — деп өңеші жыртылғанша өзеуреген революционерлер болған. Алысқа бармай-ақ, Францияны алыңыз. Дантон, Марат, Робеспьер дегендері болған сол революцияның. Үшеуі де алып еді. Үшеуі де жанып тұрған жалын еді. Бірақ үлкен өрт кезінде жалынды жалын жұтып қояды екен. Дантон, Марат, Робеспьер бірін-бірі жеп қойды. Олар бірін-бірі жеп қойған соң, кішкентай генерал Наполеон шыға келді...
Сталин дегенмен Наполеонды ұнатады. Соған ұқсағысы келеді. Тарих көшінде кейбір ұқсастықтар бола бермек. Міне, мына отырған тәкаппар, менмен Троцкий... Каменев, Зиновьев, мүмкін Бухарин бәрі бірігіп, сол менменсіген Троцкийді Сталиннің алдына жығып береді. Содан соң барып, әлі де болса қауіпті-ау деген Каменев пен Зиновьевті Бухарин тірсектен қағып, Сталиннің алдына бүк түсіреді. Енді тіресуге жарайды-ау деген Бухаринді жүндес қолмен алқымынан алып, қылқындыра салу Сталин үшін түк қиындыққа түскен жоқ.
Әттең, сонда... Сол төртінші Кеңесте, Скрыпник, Рысқұлов, Икрамовтарды жаңағы Троцкий, Каменев, Зиновьев, Бухарин қолдап кетсе, айқасқа аянбай кіріссе, Сталинді шайқалтуға әлі де болса шама бар еді-ау... Қатерлі дертпен жатса да, Ленин оларды қолдар еді-ау... «Темірді қызған кезінде соқ!» — деген ақыл дәл осы жерде адасып, айдалада қалды.
Сәті кеткен дүниенің беті ары қарайды. Сұлтан-Ғалиев Сталиннің көгеніне жалғыз байланған қозыдай маңырап қалды. Ал сол көгенге, осы отырған көсемдер, көбің көгенделетіндеріңді сол Кеңесте білмедіңдер-ау. Болашағын біле берсе, адамдардың бәрі әулие болып кетпей ме...
ҚЫЗЫЛ БАТЫР
Ленин қайтыс болған 1924 жылдың қаңтарынан кейін, Сталин Түркістан республикасын таратуға белсене кірісті. Сталиннің құлағына «Түркістан», «Түрік» деген сөздер түрпідей тиер еді. Сталин бұларды алмай-бермей жек көретін. Ленин көзін жұмғаны сол-ақ, Түркістан республикасынан Өзбек, Түрікмен, Қырғыз, Тәжік... жеке-жеке отау болып бөлінді де, Түркістандағы қазақтар Қазақстанға қосылды. Патша да бөлмеген Түркістанды Сталин жілік-жілік етіп, бөлшектеп жіберді.
Сөйтіп, премьер-министр Рысқұлов республикасыз қалды. Түркістанды «Түрік республикасы» етемін, оған Қазақстанның Батыс, Шығыс, Орталық, Солтүстігін қосып аламын. Болашақта башқұрттармен, татарлармен, әзірбайжандармен бірігуіміз мүмкін деп жүргенде, Түркістанның төрт қабырғасы төрт жаққа ажырап кетті...
Рысқұлов Мәскеуге қайтадан шақырылды. Сталин оны Коминтернге жіберді. Коминтерн — Моңғолияға жіберді. Аз уақыт ішінде дүние шыр айналды. Надя, Надядан туған кішкентай Софья, жалғыз ұлы Ескендір айдалада қала берді...
Ұлы Сібір. Баяғыда, панасыз бала шағында, әлі «Қырғызбаев» болып жаулардан жасырынып жүрген кезінде қиялында, түсінде көретін Сібір. Кіп-кішкентай баланың үлкен-үлкен жаулары бар еді. Онысы несі? Кіп-кішкентай сәбидің де үлкен-үлкен жаулары бола ма екен? Меркенің мектебінде шәкірт шағында ол мұғалімнен:
— Сібір алыс па? — деп сұрар еді.
Мұғалім таңғалатын. Сібірде несі бар? Несі қалды? Бірақ шәкірт бала бесіктен белі шықпай жатып сұңғыла болып алған, сырын айтпайды. Тек:
— Жаяу адамға Сібір қанша күндік жол? — деп сауал қояды.
Мұғалім ғажап қалатын. Жаяу жүргені қалай? Атты адамның өзі айлар бойы жүреді. Пойыздың өзі әлденеше тәулік бойы тауыса алмас ұлы жол ғой.
Бір кездегі «Қырғызбаев», енді Рысқұлов, сол баяғы қиялшыл баланың аңсарлы арманын орындаған сияқты. Ұлы Сібір жолымен төрт-бес тәулік бойы пойызбен талмай жүріп отырып, Иркутск қаласына да жетіп еді. Пойыз Үркіттің қаласына таянғанда, алдынан әкесі шыға келетіндей, жүрегі түскір едәуір өрекпіді. Баяғыда айдалып кеткен әкесі алдынан:
— Келдің бе, Тұрар?! Көп күттірдің ғой! — деп алпамса құшағын жайып тұрғандай, Рысқұлов көк вагонның терезесінен телміре қарап, көз талдырды. Адам бір нәрсені көп ойлап, қиялдай берсе, сол қиялдың өзіне де сеніп, шын көріп кететін кезі болады. Ал өмірдегі Рысқұлов құрғақ қиялға сенетіндей алаңғасар, алданғыш емес, тым салауатты, тым реалист адам. «Бәле көріп» өскені, желбуаздығы жоқ, ал бірақ аса арманшыл жан еді ғой. Әйтеуір, әкесінен үміткер...
* * *
Сөйтсе, Иркутск вокзалында Тұрар Рысқұловты Губком хатшысы Сорокин күтіп тұр екен. Сібірдің еңгезердей дәу орысы аңқылдап келіп:
— О, жолдас Рысқұлов, хош келдіңіз! Саламатсыз ба? — деп жайдарман амандасты.
— Танысып қойыңыз, менің серігім Хангелдин, — деді Рысқұлов вагоннан қос шабадан көтеріп түсіп келе жатқан сұлу реңді, бойшаң жігітті меңзеп.
Сорокиннің жанындағы кісілер Хангелдиннің қолынан шабадандарды ылдым-жылдым алып, көмектесіп-ақ жіберді.
— Чичерин жолдастың өзі телефон соғып, Сіздің келе жатқаныңызды хабарлады, — деді Сорокин Рысқұловты қолтықтап алып. «Ай, асыл адам ғой, — деді ішінен Рысқұлов. Көз алдына үйме-жүйме кітаптардың, ағылшынша, французша, немісше газеттердің ортасында шикі сұлының дәнін пістедей шағып жеп отырған Наркоминдел Чичерин елестеді. — Бұларға да хабарлап, қамқорлық жасап жатқанын қарашы». Осы ойдан Рысқұлов бір қуат алғандай қабағы ашыла түсіп, жүзі жадырап сала берді.
— Монғолстанға бара жатқаныңызды да со кісі айтты. Ұлы сапар, жолыңыз болсын.
— Рақмет.
— Көлік дайын, жолдас Рысқұлов. Бірақ дәл қазір жолдан тынығыңыз. Содан соң жүрем десеңіз, — машина дайын. Ендігі жерде пойыз жоқ. Бірақ бекет жолы жақсы. Буряттардың үстін басып өтіп, Қияқтыға дейін жетесіз. Шекарадан ары қарай Ұрғаға дейін монғол жолдастар өздері алып кетеді.
— Рақмет. Ал мен бүгін жүрмеймін. Мен сіздің қаланы жақсылап аралап шығуым керек. Мүмкін болса, жолдас Сорокин жағдай жасаңыз, осы қаланың ескі түрмесін көргім келеді.
Алпамсадай Сорокин аңырайып тұрды да:
— Оны қайтесіз? — деді.
— Сол түрмеде менің әкем отырған. Түрме де болса, сонда барып тәуап етемін. Айтпақшы, сол түрменің ескі архивін қараттырыңыз. Мүмкін, әкемнің ісі, суреті табылар.
Сорокин сонда состиып тұрып:
— Сонда әкеңіз қашан...
Енді Сорокин состиғанын қойып, мейірлене беріп:
— Болады, жолдас Рысқұлов, — деді. Вокзал басынан шыққан жеңіл машина қарағайлы, шыршалы қаланы қақ жарып отырып, орталыққа тартты.
— Сонда қалай, жолдас Рысқұлов, әкеңіз патша қаһарына ұшыраған болды ма?
— Иә.
— Да-а-а! Сіз бен біз туыс болып шықпасақ нетті. Менің әкем де Петербургтен айдалып келіп еді, алтыншы емес, бесінші жылы. Шешеміз екеуміз артынан іздеп келіп, осында тұрақтап қалдық.
— Оныңыз да оң болған. Мен әкемнің артынан іздеп келе алмадым. Әкем мені өзімен бірге ала кетпекші еді, "губернатор фон Таубе парман бермеді...
«Егер губернатор фон Таубе сол жолы рұқсат бергенде, — деді ішінен Рысқұлов көшелердің қос қанатына көз сала отырып. — Кім біледі, Ізбайша шешем, Түйметай қарындасым үшеуміз, сол мың тоғыз жүз алтыншы жылдың өзінде көрер едік бұл Иркутскіні. Содан кейін не болар еді? Қалай күн көрер еді? Тірмізік тіршілік үйретер еді де өлмес амалды. Өлмепті ғой мына Сорокин. Біз де осы Сорокин сияқты біржолата сібірлік болып қалар ма едік... Күшала жұтқан күшіктей бір жерде қылжиып қалмасақ, бір амалы болар еді ғой. Оның есесіне көкемді көріп жүрер едік. Көкем қол-аяғы кісендеулі болса да бізді өлтірмес еді. Иә, сөйтіп Сорокин де революционердің баласы болды. Бірақ бұларға рұқсат етіпті. Заң біреу, орындалуы әрқалай. Бірақ мұның әкесі саяси тұтқын болған ғой, каторжанин емес, тек жер аударылған. Ал көкем... өмір бойы аяқ-қолы кісендеулі өтті-ау. Кісен сылдырынан шошып оянған тұп-тұнық тайға, міне, мынау...»
Рысқұловты Марат көшесіндегі «Сибирь» мейманханасына орналастырды. Жайғасып, шай ішіп болған соң, Рысқұлов қаланы аралауға шықты. Марат көшесін қиып өтетін көрші көше Поляк көтерілісшілер атында екен. Қалада не көп, пиязбас шіркеулер көп. Солардың арасында поляктардың католик шіркеуі өзгешелеу. Ағаштан соққан үшкір бас, жадау ғимарат. Одан әpi Аңғара өзені айдынданып, солтүстікке қарай ерекше бір айбынмен ағып жатыр. Рысқұлов машинадан түсіп, өзеннің жағасында үн-түнсіз тұрып қалды. Қаракөк аспан, шығыстан соққан аңқылдақ жел. Осы арада Шығыс Сібір қақпасы басталады. Рысқұлов тынымсыз сарнап аққан ұлы суға қарай-қарай көзі бұлдырады. «Неге сонша аптығып асығады? Ұлы толқын балқыған қорғасындай лықсып жатқаны сұлу-ақ. Бірақ бұл асыққаны — өзінің ақырына асыққаны ғой. Осыдан Жер шетіне жетіп, ұлы су, ұлы мұзға айналады. Бірақ өзен біткеннің бастауы бар, құрдымы бар. Біздің Талас та, Шу да ақыры құрдым құмға сіңіп таусылады. Мынау Мұзды мұхитқа айналады. Мұның осы ағасын көкем де көрді-ау...»
— Тұрар аға, жүрмейміз бе? — деп қалды Хангелдин.
Сонда барып Рысқұлов ой толқындарынан малтып шығып:
— Иә, жүрейік, — деді. — Түрмені көрейік.
Иркутскінің түрмесі қаладан жырағырақ, Байқал жақ бетінде, жарлауыт жағасында екен. Үлкен қамал тәріздес. Тек көк тастан өрілген. Байқал жағасында тұрғаны да тегін емес. Иркутск — патша тұтқындарының соңғы мекені болмаса керек. Аса қауіптілерін Үркіттен де ары айдап, Байқал арқылы Саха еліне, Якутияға жөнелткен. Тұрардың «бүлікшіл» әкесі Рысқұлдың да жолы осы Байқалды басып өткен болар-ау. Бодойбо арты бетте, алыста, алыста...
Баяғы Алматының көк қақпалы түрмесі мұның қасында баланың ойыншығындай-ау. Ал мынаны келістіре соққан екен. Кілең көк тас қой. Зеңбірекпен атқыласаң да шыбын ғұрлы көрмес. Әй, патша жарықтық-ай. Түрме дегенде, түрмеден сарай салғандай. Ежелгі Египеттің перғауындары зәулім пирамида салдырып, тарихта атын қалдырса, патша жарықтық абақты салып, атын шығармақ екен да. Баяғыда бұл «Қырғызбаев» болып оқыған Меркенің мектебі бір алпауыт өзбек байының ескі қора-қопсысы еді де, Мерке түрмесі күйдірген қызыл кірпіштен өрілген ғимарат болатын. Қызыл кірпішіне қызығып-ақ сол түрмеде түнеп шыққың келгендей, біртүрлі тартымды еді. Иә, патша ағзам мектептен гөрі түрме салғанды, соқадан гөрі кісен соққанды ұнататын еді ғой.
Меркеде оқып жүріп, «Қырғызбаев» қызыл кірпіш түрмеге сыртынан телміре қарап: «Сібірде көкем жатқан түрме де осындай ма екен?» — деп ойлайтын. Сөйтсе, көкесі жатқан абақты көк тастан өріліп, іргесін жасыл мүк басқан, зәулім қамал екен...
Түрме архивінен Рысқұлдың іс қағаздары табыла қоймады. Жергілікті басшылар: «Сіз Моңғолиядан қайтып оралғанша тауып қоюға тырысайық», — деп уәде берді.
Сібірге, Сахалинге, Саха еліне каторғаға айдалғандардың аялдамайтыны жоқ болған. Ұлы Сібірдің тоқсан тарау жолдарының торабы осы Үркіт. Рысқұл каторгада жүргенде бұл аймақтың губернаторы генерал Бантыш деген еді. Иркутскіде жан-жаққа айдалатын каторжандардың іс қағазы түгел сол Бантыштың қолынан өткен. Бантыштың архиві қалың, қатпар-қатпар ғой. Оны бірер сағаттың ішінде қопарып, мыңдаған істің ішінен Рысқұлдың қағазын таба қою да оңай емес. Әкемнің суреті табылар ма деп үміт етіп еді, көкейінде көптен жүрген арман еді, — бұйырмады. Әлі де үміт үзбей, «мүмкін, Моңғолиядан қайтар жолда сәті түсер», — деп жұбатты өзін-өзі Рысқұлов.
Патша соқтырған түрменің тас қамалынан ағып түскен көздердің үңгіріндей болып, темір торлы терезелер үңірейді. Солардың бірінен Рысқұл да мына Байқал бетке, ана қаракөк аспанға қараған шығар. Ару Байқал, каторжандардың көз жасынан жаралғандай мөлдір көк, сылаң сұлу әрі мұңлы көлді жағалай көз жетер жердің кемері жап-жасыл, көк ну орман. Жағадағы құж-құж жартастардың қиясына шыққан сояу-сояу қарағайлар сораяды. Құдды бір баяғыда Қызыл Жебеге мініп қаздиған Рысқұл сияқты. Рысқұлов Іле Алатауының шыңдарына таман өрмелеп шыққан шыршалардың ортасында өскен. Орман оған таңсық емес. Бірақ мына жабайы жартас басындағы саяқ қарағайлар, арғы беттен бергі бетке өтe алмай, аңтарылып тұрып қалған каторжандарға ұқсайды. Көкейіне ызыңдап тағы да Салауат әні келді:
Қайтар едім, жолым жоқ,
Сулар буған жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар ем,
Бұғаулады жазмыш қолымды.
Қасындағы адамдар Рысқұловтың оңаша қалғысы келгенін ұқса керек, қу бұтақ жиып, от жағып, қайықшылардан жас балық алып, қазан көтеріп, өз тіршілігімен болып жатты.
— Байқалдың балығынан дәм татпау — күнә, — деп бұл істі бастаған Сорокин еді.
Ал Рысқұлов арғы беттегі жартас басында суға секірейін деп қарайған қарағайдан көз алмайды. Бодойбодан қашқанда әкесі Байқалдан жүзіп өткені анық. Әлгі қарағай талған көзге бірте-бірте адам кейпін елестетіп, Рысқұлға ұқсап бара жатты...
— Маса талап қойған жоқ па, жолдас Рысқұлов? От басына жақынырақ тұрсаңыз, түтіннен маса қорқады, — деп Сорокин жақындағанда, Рысқұлов оған жалт қарап еді, алтын кемер көзілдіріктің ар жағынан бір тамшы, сараң жас, маржандай мөлт етіп, үзіліп түсті.
— Кешіріңіз, — деді Сорокин ыңғайсызданып.
— Әкеме ұқсап кеткені, — деді Рысқұлов та сасыңқырап, әлгі қарағайды қол соза нұсқап. — Өмір бойы ол арғы жағада, мен бергі жағада, бір-бірімізге қол созумен өттік. Арамызды ұдайы дария бөліп жатты. Түсімде де ылғи осылай. Сап болмайтын сағыныш, таусылмайтын арман... Солай, жолдас Сорокин...
Зымыран заман. Мың тоғыз жүз алтыншы жылдан бері арада он сегіз жыл өте шығыпты. Ол кезде Рысқұлов он жаста еді. Енді жиырма сегізге ілігіпті. Он сегіз жыл бойы іздеп келеді. Әкесін іздейді. Енді оның соңғы мекендерінің біріне жетудің орайы келгенде, әкесі тағы да теңіздің ар жағында. Неғылған таусылмас теңіз? Күзді күні мұңая созылған күміс мизамдай сыңсыған бір сағыныш. Сол жіп-жіңішке, күміс мизам Рысқұловтың жүрегіне жалғанып алып, қайда жүрсе қалмастан созыла береді, созыла береді...
* * *
Қияқты — Моңғолстанның Петрограды десе болғандай, Сухэ-Батор мен Чойбалсан құрған моңғолдың халық-революциялық партиясының кіндігі. Мың тоғыз жүз жиырма бірінші жылы монғол революциясы ең алдымен осы жерден басталып, көпті көрген көне даланы тағы да дүрбелең дүбір дүр сілкіндірген.
Қияқтыда Тұрар Рысқұловтың машинасын Монғол премьер-министрінің орынбасары Түмен-Жырғал күтіп тұр екен. Орысша, қытайша үлгілермен салынған кілең ағаш үйлі Қияқтыда біраз тыныстап, әлденген соң, Рысқұлов жанындағы серіктестерімен ежелгі Моңғолстанның жеріне бойлай сүңгіп кете барды. Әуелі Селеңгі өзенін жағалай жүрді. Ойлы-қырлы, жасыл реңді даланы жарып жатқан Селеңгі, жолаушылардың оң жақ қапталын ала, көпке дейін ирелеңдеді. Бірте-бірте сылаң сұлу Селеңгі оңтүстік-батысты сағалап, Алтай тұсына шамалап кетті де, жолаушылар мидай даламен шығыс-түстікке тартқан.
Арыған көзді анда-санда алдандырып, бір қапталдан араттың жатаған жалпақ киіз үйі көрінеді, үй маңайындағы шұратта, сол жатаған киіз үйлерге ұқсас, жатаған жылқы үйірлері кездеседі. Тек түйе жарықтық қана, өзінің Ойсылқара бабасының қанына адалдығын танытып, мұнда да ірілігін, паңдығын сақтап, әр-әр жерде маңқиып-маңқиып тұрады.
Бұл даланың туырлықтай тәніне әлі түрен тимеген.
Дала халықтарының ежелден қанына сіңген сенім бойынша, жерге темір тигізу күнә. Жерге темір қазық қағу — адамның денесіне шеге қағумен бірдей көрінеді. Сонда жердің де жаны болғаны ғой. Оның есесіне бұл далада ат тұяғы тимеген жер жоқ. Aт тұяғымен иленген дала... Сонау Шыңғыс хан заманында, одан бұрын да, одан кейін де... Тіпті Шыңғыс ханның өзі өлгеннен кейін, жерді ағашпен қазып көміп, моласының үстінен он мың жылқы айдап өткізген көрінеді. Әне, ат тұяғымен иледі деген сол.
Шексіз дала. Қазақ даласы сияқты мұнда да боз жусан, түйежантақ; солардың арасынан сойдиып, сойдиып сиырқұйрық пен шырыш кездеседі. Жол бойынан қосаяқтап қаздиып отырған қызыл суыр қоңыраулы күймеге таңдана қарап қалып, кенет бұлт етіп, ініне кіріп кетеді. Суырды моңғолдар тарбаға дейді екен. Оң жақ қапталдан суы тартылған теңіз түбінде қалып қойған желкенді кеме сияқтанып, шоқылы қызғылтым тау көрінеді.
— Мына шоқының аты не? — деп сұрады Рысқұлов Түмен-Жырғалдан.
— О, ол Улан-ямаат — «Арқарлы қызыл» ғой. Тауешкі, арқар көп.
— Тағы қандай аң-құс бар?
— О, хакилдиг көп, орысша не деуші еді? — деп Түмен-Жырғал мүдіріп қалды. — Е, горные куропатки!
— Кекілік! — деп Рысқұловтың даусы қаттырақ шығып кетті.
— Кеклик — хакилдиг. Ұқсайды, — деп күлді Түмен-Жырғал.
— Тағы да гургуул көп.
— Қырғауыл! — Рысқұлов «гургуулдың» қырғауыл екенін лезде тапқанына қуанғандай жайраңдап қалды.
— Тамаша! — деп Түмен-Жырғал да сүйсінді. — Чоно кездеседі. Чоно. Түсінбедіңіз бе — волк.
— А, шона ма? Қасқыр екен ғой. Бізде Шона деген кісі аттары кездеседі. А, қасқыр болды ғой. Енді былай келісейік, Түмен-Жырғал. Біз сөйлескенде орысшадан кейін моңғолшасын да айтып отырыңыз. Көп сөздердің қазақшаға да ұқсастығы бар екен. Бәлкім, моңғолша тезірек үйреніп кетуіме де болатын шығар, — деп Рысқұлов өтініш білдірді. Түмен-Жырғал:
— О, моңғолша үйренгіңіз келсе, мен мұғалім болуға дайын, — деп сүйсінген пейіл танытты. — Мысалы, менің атым — Түмен-Жырғал. — Мың Бақыт деген мағына береді.
— Міне, қызық, — деп Рысқұлов тағы бір жаңалық ашты: — Түмен — бізде мыңнан да көп, сірә, он мың болар, ал жырғал... жырғалу... Иә, бұл — бақытты болу. Бірақ бізде көп қолданыла бермейді. Ескі түркі сөзі.
— Түркі — моңғол, сірә, ұялас тіл.
— Дұрыс айтасыз. Бізге ислам, сіздерге будда діні енгенге дейін, моңғолдар мен түркілер тілі, сірә, тым ұқсас болған шығар. Демек, мен шындап шұғылдансам, моңғолша үйреніп кетуім ғажап емес. Айталық, араттың аулына бара қалдық. Қашанғы тілмаш арқылы түсінісесің.
— Өте дұрыс айтасыз, жолдас Рысқұлов, енді мені тіл сабағының мұғалімі деп есептеңіз. Ал аң аулау шаруасына келсек, кейінірек бір келіп қайтуға болады. Аң аулауға қалай едіңіз, жолдас Рысқұлов?
— Кәнігі аңшы да емеспін. Бірақ сейілге шыққанды ұнатамын. Әкем айтулы аңшы еді. Құралайды көзінен атқан мерген болған.
Ойда жоқта, әңгіме желісімен мизам сағыныш жалғасып, кеудесі тағы шым ете қалды. Рысқұл әкесі туралы елде аңыз болып тараған әңгіме есіне түсті. Сонау Талас Алатауында қалған Ақсу-Жабағылыда, әкесі жігіт шағында, жылқы бағып жүргенде, бір күні жылан арбаған бозторғайды көріп қалады. Бозторғай байғұс шырылдап, аспаннан төмен қарай магнит тартқандай ылдилай береді. Жерде басы қақшиып, қара найзағайдай тілі сумаңдап, қарашұбар жылан ысқырып тұр екен. Бозторғайды әуеден тартып алардай не сиқыры бар? Арбаудың сыры неде? Осылай ойлап тұра берсе, бозторғай енді топ етіп, жыланның аузына түсетін болған соң, мылтығын алып, жыланның қақшиған басын көздеп, басып қалады. Өтірік болса, обалы жұртқа. Жұрт айтады: оқ жыланның екі көзінің ортасынан тиіпті деседі, Әне, әкесі Рысқұл сондай мерген екен...
Мынау марғау моңғол даласында да қалмай қойған қайран елес.
Қара жол бұралаңдап барып, тағы бір өзеннің жағасына шықты.
— Толы дейтін өзен, — деді Түмен-Жырғал. — Бағана көрген Селеңгіге барып құяды. Ал Селеңгі Байқалға барып құяды... Біз бара жатқан Ұрға осы Толының бойында.
Қара жол Толы бойымен ирелеңдеп созылып жатыр. Жан-жақ мидай дала, анда-санда бірлі-жарым шоқы таулар алыстан қарауытады. Тарихты шулатқан моңғол даласы дейтіндей емес, манаурап сұлық түсіп жатқан марғау дүние. Осы дүниеге Рысқұлов келе жатыр. Коминтерн сеніп жіберді. Артта туған ел қалды. Дауылдата дүркіреп өткен жалынды жылдар қалды. Сол дауылдан таймай өткен Рысқұлов, енді мына Моңғолстанда жаңа дүние, жаңа заман бастауға қол ұшын бермек. Азияның қақ ортасында мешеулеп жатқан жалпақ елді жаңа жолға салу оңай емес. Коминтерн көсемдері бұл аса ауыр істі Рысқұловқа тапсырды. Дүние жүзі Коммунистік Интернационалының Атқару Комитеті Рысқұловты тағы да бір орасан қиын сынға салды. Ауыр міндетті абыроймен орындай алса жақсы...
Моңғолстан кертарпалардан кенде емес. Сухэ-Батор сияқты адал перзенттері бар. Сол Сухэнің2 өзі таяуда кенеттен қайтыс болып кетті, есіл ер. Оның ісін жалғастырушылар бар, әрине. Бірақ жау да осал емес. Кеше ғана Рысқұлов Бурят-моңғол жерін кесіп өтті. Кеңес құрамында бола тұра, сол Бурят-моңғолдың өзінде де кеңеске қарсы қауіпті күш бас көтереді. Рысқұлов Бурят-моңғол ұлтшыл-демократтарының көсемі Ринчиноның бір жиналыста сөйлеген сөзін оқығаны бар. «Біз, буряттар, тек біз ғана бүкіл Ресейде жалпы дауыспен сайланған органдарды сақтап қалдық. Өз ортамызда тек біз ғана анархия мен большевиктердің аласапыранына жол бермедік. Енді біз жапондар мен Семеновқа арқа сүйеуіміз керек».
Бурят ұлтшылдарының көсемінің сиқы солай. Бурят — тағы кеңес өкіметін болдырмас үшін, жапондарға жалпақтап, қанқұйлы ақ атаман Семеновқа сүйенбек. Өзі солай болды да. Бірақ жапондар тас-талқаны шығып, қалдығы өз аралына қашты, ал атаман Семенов барон Унгернмен тізе қосып, осы Моңғолстанға өтіп, талай сойқан салғаны бар.
* * *
Мұның бәрі күні кеше болған сойқан. Моңғолстанда революция жеңді дегенмен, өкімет ісіне әлі де дінбасылары, тіпті тек сүлде түрінде болса да Боғдыхан араласып отыр.
Шын мәніндегі халық өкіметін енді құрып, республика жариялау керек. Республиканың конституциясын қабылдау керек. Бұл арада ауыртпалық аз емес. Сол ауыртпалықты моңғол революционерлерімен бірге Рысқұлов көтерісуі керек. Бәлкім, салмақ бұған көбірек түсер де. Ринчинолар Моңғолстанда әлі тірі, олар Рысқұловтың алдынан шығары сөзсіз. Сыры беймәлім, жасырын жатаберісі көп, айлакер жаудың ұрымтал жері қайсы? Олармен алысар қару-жарақ қандай болмақ? Мұның бәрі әлі Рысқұловқа жұмбақ. Жалғыз қаруы — революция ісіне адалдығы, артта қалған айқас жылдардан жинақталған тәжірибе. Рысқұлов бітірген университет — Түркістан революциясы. Ондай университет бітіруді тағдыр әркімнің-ақ маңдайына жазсын. Алаулаған Түркістанның от пен суынан таймай өткен Рысқұлов жас жағынан отызға енді таяса да, күрескер ретінде тарлан тартқан.
Келесі күні Рысқұлов бір қырқадан аса бергенде, ілгеріден қаптаған қалың киіз үйлерді көріп, не үлкен той, не үлкен ас беріп жатыр екен деп қалды.
Бала кезінде қырғыздардан талай естіген «Манас» жырындағы көріністер қазір шындыққа айналып, елес беріп тұрғандай көрінеді. Көкетайдың асына жиналған қарақұрым ел. Өзен жағалай тігілген сансыз үйлер. Айнала жайылған қалың мал. Ары-бері ызғыта шапқылаған жігіттер. Аласа аттар көсіле шапқанда, жермен-жексен болып, жер бауырлап, барысша атылады екен.
Жал-құйрығы күзелген жатаған қос моңғол торы жетілген, жез қоңыраулы күйме тағы бір сары белден асқанда, алдан тағы да қатпар-қатпар қыртыс маңдайлы дала көрінді. Алдан көз тоқтатар бұлдыр таппаған Рысқұлов күйменің ашық терезесінен басын шығарып, артта қалған батысқа қарап еді; батыс жақтың желең бұлты қазтаңдайлана қызғылтым, сарғыш, көгілжім, күлгін тартып, Маргеланның атласындай құлпырып тұр екен. Тағы бір күн батып бара жатты.
Алда — Моңғолия астанасы, артта — бай Сібір, байтақ ел, туған ел, өзін алыс жолға аттандырған Мәскеу. Түркістан Рысқұловты түлетіп ұшырды десе де, нағыз шындалған жері Мәскеу.
Жез қоңырау талмай жырлайды, шексіз жыр. Сол жез қоңырауға аттардың тұяқ дүбірі қосылып, тұтас бір оркестр ұзақ хикая шерткендей. Күймені қаумалай екі қапталынан екі әскер, соңында екі әскер желе жортып келе жатқан. Соғыс тынды десе де, сахараның бұлым-бұлымында бұқпантай кезбелер, Унтерн бандысының талқаны шыққан тозығы топтанып, жол торып жүретіні болады. Сақтықта қорлық жоқ деп Қияқтыдан Рысқұлов күймесіне төрт қарулы солдат ере шыққан.
Түмен-Жырғал мәртебелі қонақ ұзақ жолда жалықпасын деп, көп әңгіме-хикая айтты. Мұны Рысқұлов жалықпай тыңдап, бейтаныс елдің қыр-сырына қана түсіп, бір сөзін де қалт жібермей отыр еді, кенет Түмен-Жырғал:
— Мен сөйлей бердім, мылжың екен деп қалмаңыз, жолдас Рысқұлов, жол қысқарсын дегенім ғой, — деді. — Әдепсіз болып, сізге сөз кезегін бермей қойдым ба? Айтыңызшы, жолдас Рысқұлов, сіз Ленинді, әрине, көрген шығарсыз? Е, бәсе, көрдіңіз ғой. Қандай бақыттысыз? Бізден Ленинге тұңғыш барған Сухэ-Батор еді ғой. Күні кеше ғана еді, енді екеуі де жоқ... Не деген шексіз өкініш! Сондай ерлердің өмірі неге қысқа болады екен? Өзгеге де, өзіне де қайырымы кем кейбіреулер ұзақ жасайды. Ал әлемнің, әр елдің шамшырағындай Ленин, Сухэ-Баторлар аз жасайды, бұл қалай?
— Олар көп жасайды, Түмен-Жырғал, — деп Рысқұлов алыстағы адырлардың ар жағына көз тікті.
* * *
— Міне, бұйырса, Ұрғаға да келіп жеттік, — деді Түмен-Жырғал. — Біздің астанамыз осы, жолдас Рысқұлов. — Мұндай астананы дүние жүзін жүз айналсаңыз да таппайсыз.
Түмен-Жырғал осыны айтып мырс еткенде, Рысқұлов оның төртбұрыштау кексек жүзіне қарап: «мақтанғаны ма, қорсынғаны ма?» — деді. Дегенмен не жалпақтауы жоқ, не тәкаппарлығы жоқ, тура жігіт екенін біледі.
Жерге тарбиыңқырап бітетін жаңғақ ағаштарындай жатаған үйлер көше-көше, орам-орам болып тігіледі екен. Әріректен тас үйлер де көрінеді. Көбісі жалғыз, ара-тұра екі қабат ғимараттар да бар. Қала орталығы Алматыдағы Сауда көшесін еске салғандай. Киіз үйлі көшелерде маңқиып түйелер көрінеді. Кермеде ерттеулі аласа аттар байлаулы тұр. Рысқұловтың бір назар салғаны: аттардың көбінің жалы қырқылған. Рысқұлов білетін жылқылы ауылда тайды ғана күзеуші еді. Мұнда көбі күзеулі. Кәдімгі қылшық жүнді қызыл қой, бөрте лақты ешкі көп екен. Қоңыраулатқан, жан-жағын қарулы солдаттар қоршаған күймені қызықтап, әрі бір тосын жаңалық күткендей, қаланың кәрі-жасы киіз үйлі көшелерге атыла шығып, күймеге қақ жарыла жол ашып, әлдене деп дабырласып қалып жатыр. Адамдар көбінесе сарыала киінеді екен.
Енді бірде қара күйме құйғытып, оюлы қалпақ киген ғажайып ғимараттар тұсынан өтіп бара жатты. Жол-жөнекей көргеннің бәрін ыждағатпен түсіндіріп отырған Түмен-Жырғал:
— Міне, бұл Будда құдай храмдары, — деді. — Моңғолдар бұрын шаман нанымда болғанмен, кейінірек Будданың ламаизм тармағына құлшылық етті ғой. Әлі аралап көресіз, жолдас Рысқұлов, — деп қойды.
Үкімет үйі бүкіл қаладағы үш қабат жалғыз үй екен. Қара күйме соның алдына келіп тоқтағанда, қақпа алдында салтанат құрып, тізіліп тұрған кісілер көрінді. Рысқұлов қолын бірінші алған мол денелі, жалпақ бет, қарасұр кісі:
— Хош келдіңіз, Рысқұлов жолдас! Келген қадамыңызға гүл бітсін! — деді. Бұл премьер-министр Церен-Дорж еді.
Арқар мүйіз, айшықты бөрік киген үш қыз Рысқұловқа күміс тостағанға құйып, иіліп тұрып қымыз ұсынды.
— Ең құрметті қонаққа жол жора, — деді шошақ бөрік киген жап-жас жігіт. Бұл осы кездегі сыртқы істер және соғыс министрі Чойболсан еді.
* * *
Рысқұлов түскен үй жан-жағы дуалмен қоршаулы, шап-шағын, сүйкімді жай екен. Кіре бергеннен иә адыраспан, иә арша иісі екені белгісіз, бір хош иіс мұрынға ұрды. Енді осы елде өтер жыл бойына Рысқұловты қайда барса да осы хош иіс қарсы алар. Бұл Моңғолстанға сонау Үндістаннан Тибет арқылы сіңген ғұрып еді. Арша ұнтағынан жасалған қоңыр шырпыны бұлар «хуж» деп атайды. Оны тұтатқан үйге бәле-жала, ібіліс-ылас жоламас.
Наным солай. Ал шындығында, хуж тұтатқан үйден қолаңсы иісі білінбес, күйе, түрлі құрт-құмырсқа, бақа-шаян мұндай жерден аулақ жүреді.
Рысқұлов тазалықтың бұл түріне сүйсініп қалды. Баяғы жарықтық Ахат атасын еске алды. Балалар тымауратқанда адыраспан тұтатып, үйдің ішін түтіндетуші еді. Сөйтсе, адыраспан, арша сынды қасиетті өсімдіктердің зиянды микробтарды жоятын құдіреті болады екен ғой.
Бұл үйге Рысқұлов пен оның көмекшісі Хангелдинді Түмен-Жырғал өзі әкеліп жайғастырды да, бір қартаңдау моңғол әйелін шақыртып:
— Бұл кісі Эрдэнэ, яғни Ақық, — деді. — Сухэ-Батордың көмекшісі болған Аюштың жесірі. Сізбен көрші тұрады. Енді осы Эрдэнэ сіздердің қызметшіңіз. Тамақ дайындауға бұл кісіден шебер әйел жоқ. Қызметіне тәнті боларсыздар деп сенемін.
Кезінде келісті, көркем әйел болған Эрдэнэ сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес дегендей, келбетті екен. Аққұба шырайлы, қыр мұрын, текті тұқым, артық ауыз сөзі жоқ, әдептен озбайтын, инабатты жан болып шықты. Тек жасы озыңқырап, оның үстіне революция дауылында күйеуінен айырылып, бетін қайғының қат-қат әжімі торлапты. Рысқұлов пен Хангелдинді балаларындай күтіп бақты. Хангелдин қалжыңбастау, ашық-жарқын жігіт еді. Қуақылығына басып:
— Эрдэнэ, біздің қазақтар ағасының әйелін жеңеше дейді. Мен де сізді жеңеше деп жүрейін, — деп әзілге шақырып еді, Эрдэнэ оған күлімсіреп қарады да, бурыл тартқан самай шашын ысырып тұрып:
— Шырағым, менің үлкен ұлым тірі жүрсе, дәл сендей болар еді, қайтейін, әкесімен бірге соғыста өлді. Сен менің қайным емес, ұлым боларсың. Тұрар мырза да менің балам, — деді.
* * *
Көп ұзамай Ұрғада бір үлкен оқиға болды. Соңғы Боғдыхан кенеттен дүние салады. Қанша дегенмен бүкіл мемлекеттің сүлде ханы болып тұрған соң, Боғдыханды жаңа үкімет ақырғы сапарға құрметпен аттандырмақ болады да, Боғдыханды жерлеу рәсіміне Рысқұловты да шақырады. Бүкіл Моңғолстандағы жалғыз сары автомобильді тірісінде марқұм Боғдыхан мінеді екен. Соны үкімет басшылары енді Рысқұловқа жібереді. Боғдыханның машинасы Рысқұловтың үйінің алдына келіп тоқтағанын көріп, бүкіл көрші-қолаң, тұтас орам үйлерінен жүгіріп-жүгіріп далаға шығады. Бұрындары бұл машинаның жанына жолай алмайтын діндарлар бір-бір басып, тайғанақтап келіп, сары темірді о жер, бұ жерінен тәуап етіп, сүйе бастайды. Рысқұлов көмекші комиссарымен қақпадан шыға келгенде, әлгі қауым қалт тұрып, одан соң бүк түсіп, тағзым етеді. Кейбіреулері енді Боғдыхан осы екен деп қалғандай. Рысқұлов бұл қылыққа риза болмай:
— Бұл не? — дейді комиссарға. — Тұрғыз орындарынан.
Комиссар Хангелдин жалынғандай болып бәрін тұрғызып, үйді-үйіне таратады. Бірақ бір бүлдіршіндей жап-жас қыз машинаны айналшақтап кетпей қояды. Соны байқап қалған Рысқұлов:
— Мінгің келсе, отыр, — дейді.
Қыз бала жасқаншақтап барып, машинаға міне бергенде шырқырап бір дауыс шығады. Сөйтсе, Рысқұловтың күтушісі Эрдэнэ әлгі қызға тұра жүгіріп:
— Ойун! Түс қазір, Боғдыханның аруағы ұрады, түс! — деп жанталасады.
Қыз шешесінен қорқып түсе бергенде Рысқұлов:
— Сенің атын Ойун екен ғой, отыра бер, — дейді.
Эрдэнэге қарап:
— Қорықпаңыз, қызыңыз аман-есен оралады, — дейді де, Ойунды қасына отырғызып алып, Боғдыханды жерлеу рәсіміне тартып отырады.
Әне, сонда Рысқұлов Будда храмын тұңғыш рет көреді. Храм Ұрғаның солтүстігін ала дөңдеу тұрған үлкен ғимарат екен. Әуелі қақпа алдында аузынан от шашқан айдаһарлар тұрады. Бұған таңырқаған Рысқұловты Ойун жеңінен тартып:
— Қорықпаңыз. Бұл қағаз айдаһар, — дейді.
Қақпадан ары өтерде, басынан аяғына дейін сап-сары киінген монах Рысқұловтың алдын бөгеп, хуж тұтатады. Рысқұлов хош иіс түтін арасынан ары өткенде, үлкен зал толы кілең сары киінген, кілең тақырбас адамдарды көреді. Ойун оның қолынан қысып ұстап алады. Кілең сарылар тізерлеп отырып алған, алдарында жайнамаздай кітаптар жаюлы. Бәрі қырылдаған, шырылдаған, қырат дауыспен дұға оқып отырады. Ойун сонда Рысқұловтың алақанына қалтасынан бір уыс арпа алып салады. Сыбырлап:
— Шашыңыз, — дейді.
Рысқұлов бұл рәсімді түсініңкіремей тұрғанда қаракөлеңкеден дауыс шығады. Қараса, премьер-министр Церен-Дорж, оның орынбасарлары Чойболсан, Түмен-Жырғал, Дамба-Дорж тағы басқалар тұр екен. Церен-Дорж күлімсіреп бас изейді. Сонда барып Рысқұлов әлгі бір уыс арпаны шашып кеп жібереді. Тақырбас сарылар сонда бұған бұрылып, қос алақан біріктіріп, маңдайларын басып, тағзым етеді. Сонда тағы да Ойун Рысқұловтың қолына бір қорап шишақпақ бере қояды.
— Анау шамдал түбіне қалдырыңыз, — деп сыбырлайды. Рысқұлов оның айтқанын істейді. Монахтар тағы да тағзым етеді.
Рысқұловтың қызметшісі Эрдэнэ қызы Ойун он алтыдан он жетіге шығып бара жатқан балаң қыз еді.
— Ойун деген атың әдемі екен. Оның мағынасы қалай? — деп сұрады қайтар жолда Рысқұлов.
— Атым затыма сай болмауы мүмкін. Ойун — ақыл деген сөз.
— О, неге сай емес? Әбден лайықты ат. Мен сені бұрын көрші тұрып көрмедім ғой. Оқисың ба?
— Ал мен сізді күнде көрем. Біздің үйлерімізді бөліп тұратын дуалдың тесігінен сіз жұмысқа бара жатқанда, сығалап тұрамын. Ұят-ай, — деп қыз бетін алақанымен басты. — Шешем көрсе, сояды ғой. Оқу дейсіз бе? Осындағы орыс мектебін бітіретін шығармын биыл. Біздің үй бұрын Қияқтыда болатын. Әкем сондағы орыс мектебіне берген. Содан Сухэ-Батор әкемді Ұрғаға алдырды. Енді екеуі де жоқ, — деп қыз мұңайып, аялы, қап-қара көзі жасаурады. Әдемі қыр мұрнының ұшы тершіді. Содан соң: «Кешіріңіз», — дегендей Рысқұловқа жәудірей қарап, жымиғанда екі бетіне әп-әдемі ойық ұялады.
— О, сен орысша оқысаң, тамаша ғой. Гимназия бітірген соң не істейсің?
— Білмеймін, бізде жоғары оқу жоқ қой.
— Мәскеуге барасың ба? Оқуға.
Қыздың аққұбаша жүзі лап етіп, қызғылтым тартты. Зайсан тауынан әрі асып батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі оның осы қызғылтым дидарын ерекше бір нұрға малып, толқындандырып жіберді.
— Қайдан болсын, аға! Мені Мәскеуге кім жібереді? Шешем жалғызілік. Жұмыс істеп көмектесу керек қой.
— Шешеңмен сөйлесіп, ақылдасамыз, — деді Рысқұлов. — Тек өзіңнің талабың, ықыласың болса, болды.
Бүкіл Моңғолстандағы жалғыз сары автомобиль киіз үйлі көшелермен жүріп өтіп, Рысқұловтың резиденциясына жақындады. Боғдыханның машинасын көруге құмартқан жұрт үй-үйден жүгіре шығып, шыжаңдай қаптап, қарап қалған. Ойун ыңғайсызданып, бүрісе түсті.
— Басыңды көтеріп отыр, — деді Рысқұлов.
Қақпа алдында Эрдэнэ күтіп тұр екен.
— Қызым-ау, зәремді алдың ғой, бағана өзің кеткеннен бері жолыңа қарай-қарай зарықтым, — деп шешесі Ойунға не ұрсарын білмей, не үнсіз қала алмай наласын айтты.
— Ойунның менімен бірге барғаны жақсы болды, — деді Рысқұлов. — Ол болмаса, мен будданың ырым-жырымын білмей, ұятқа қалғандай екенмін. Ойун менің кеңесшім болды.
— Ол әлі бала ғой, Боғдыханның көлігін мінген сізге жарасады. Ал Ойунды діндарлар, іші тарлар қарғай ма деп қорқамын. Менің бетіне қарап отырған жалғызым — осы қызым. Осы үшін ғана қарайып өмір сүріп жүрмін. Әйтпесе, ерімнің артында қалармын ба мен бейбақ? Біз қорлықты, жоқшылықты көп көрген жандармыз, Тұрар мырза. Жаңа заман орнап, аузымыз асқа енді тигенде, маңдайымыз тасқа тиіп, басиемізден айрылдық. Жаулар қапыда атып кетті. Араға апта салмай, кенеттен Сухэ-Батор қайтыс болды. Сухэ болғанда біз жетімсіремес едік. Қазірғі басшылар да бізге жаман қарамайды. Бірақ Сухэдей қайдан болсын? Шіркін, жайсаң жігіт еді ғой. Сіз оны көрген жоқсыз, ә? Мәскеуде көрмедіңіз бе? Ол Ленинге барды ғой. Әй, бозым жігіт еді. Маңдайымызға сыймай кетті. Біз жерлес едік қой. Еліміз Сібірге, буряттарға жақын. Біз орман моңғолдарымыз. Кәсібіміз — аңшылық еді. Небір аң терілерін бізден қытай көпестері судай тегін алатын. Әй, қаныпезер жауыз көпестер арқамызды биттей тесті ғой. Заман енді оңалса екен, әйтеуір. Тұрар мырза, сізден өтінемін, мына қызды әлгіндей қасыңызға ертіп, еркелете бермеңіз. Ес жоқ қой мұнда. Әрі десе, тіл-көзден, қаңқу сөзден қорқамын.
— Қорықпаңыз, Эрдэнэ. Ойун ақылды қыз. Атын да тауып қойғансыз. Оның болашағы, бұйырса, тамаша болмақ. Оны біз сізбен әлі ақылдасамыз. Ойун оқуы керек. Ал жаңа үкімет сізді қамқорсыз қалдырмайды. Нағыз жаңа өкімет енді орнайды.
* * *
Жан-жақ жатаған қызғылтым таулар. «Біздің Алатаудан мүлде бөлек, — деді ішінен Рысқұлов, — кейбір сілемдері, бәлкім, Қаратаудан елес береді».
Шынында да Түлкібастың терістігі — Құлан, Боралдай таулары осындай жалаңаш келер еді. Бірақ ол сырт көзге ғана болатын. Тұрар көрген Қаратаудың небір шатқал, қойнаулары толы тоғай: долана, ұшқат, жабайы жүзім, жабайы шие, тағы басқа тал-дараққа тұнып тұрар еді. Ал мына моңғол таулары қып-қызыл тас. Бірақ арқар өріп жүреді дейді. Түмен-Жырғал өткен жолғы уәдесінде тұрып, Рысқұловты арқар аулауға алып шыққан. Қастарында Хасар, Дамба дейтін екі әйгілі аңшылары бар. Бұлар Орхон жағасына дейін Боғдыханның сары машинасымен жетті де, өзен бойында отырған бір араттың үйіне машинаны қалдырып, өздері бір-бір ат ерттеп мінді.
Түмен-Жырғал бұдан бұрын қалың-қалың жұмыстың арасында, екі-үш күн тыныс тапқызып, Рысқұловты біраз аймақтармен таныстырып қайтты. Соның бірі Гоби шөлі еді. Атақты Гобидің ұлы да өлі кейпін Рысқұлов сонда көрді. Жабайы түйені де, әйгілі құландарды да сол сапарда жолықтырды.
— Құландар азайып кетті, — деді Түмен-Жырғал мұңайып. — Әсіресе пайдакүнем аңшылар ақыр-тақыр етер болды. Әсіресе құландардың махаббат маусымы — олардың соры. Әккі аңшылар құландардың үйірге түскен кезін аңдиды. Айғырын сол сәтте жайратып, қасасын ғана кесіп алып, қытай алпауыттарына алтынға сатады. Оны жеген адам қартаймайтын көрінеді.
— Не деген сұмдық, — деді Рысқұлов түнеріп. — Не деген қатал жүректер. Қорғау керек қой.
— Республика құрылған соң заң қабылданар.
— Иә, иә, — деді Рысқұлов әлдеқайда алдағы бір істерді ойлап. Әрі десе, өз еліндегі «Ақсақ құлан» аңызы есіне түсті. «Ақсақ құлан» күйін Ахат атасы тартатын. Сонда Рысқұлов Мәскеуден шыққанына екі-үш ай өткенін, ел-жұртты сағынғанын сезді. Мәскеуден шыққалы екі-үш-ақ ай болса, туған елден — Қазақстаннан кеткелі қай заман! Жүрегі сыздап, домбыра үнін үздіге-үздіге аңсағанын аңғарды. Гоби сапары оны осылай тебіренткен.
Енді, міне, «Арқарлы қызыл» тауға келе жатыр, арқар аулаймыз дейді. Аң аулауға зауқы жоқ. Рысқұлов аң аулап жарытпас. Рас, әкесі Рысқұл, Ахат атаның айтуы бойынша, бір жолы бозторғайды арбап, қақшиып тұрған жыланды дәл көзінен атып түсіріпті. Әне, Рысқұл сондай болған. Ал Рысқұлов аң аулаудан гөрі жер көріп, ел аралағанды ұнатады. Араттардың арасында да байы бар, кедейі бар. Бай тобы жаңа өкіметті жақтырмайды, кембағал жағы жаңа заманнан үміткер, Рысқұлов моңғолдардың ұлттық мінезін, әдет-ғұрпын, салт-санасын көбірек білгенді қалайды. Жаңа үкімет өткеннен, қадимнен қалыптасқан тұрмыс ғұрпын, өмір заңын тып-типыл қирата келмеуі керек. Кешегі Түркістанда кеңес өкіметінің алғашқы жылдары әсіреқызыл солақайлардың, максималистердің асыра сілтеуімен ұлттық намысқа тиетін талай сорақы да зорақы қылықтар болды. Әсіреқызыл солақайлар дінді, ескі әдет-ғұрыпты бір күнде жойып, жаңа дәстүрді бір күнде орнатамыз деп халықтың наразылығын тудырды. Көшеде кетіп бара жатқан әйелдердің бетінен паранжасын жұлып тастап, мешіттерді бұзып, жұманамазға барғандарды қудалады. Сөйтсе, соның бәрі дөрекі, тұрпайы тәртіп екен. Кейінірек паранжа өзінен-өзі қалды, жұманамазға пәруана шын діндарлар болмаса, көпшілік бара бермейді. Бәрі де шыдамға, пәрменді тәлім-тәрбиеге, парасатты насихатқа байланысты. Зорақы тәртіппен іс бітпейді. Сонда максималистердің бұл сорақылығына ашына қарсы шыққан Рысқұлов еді. Жолдарында Рысқұлов сияқты пәрменді күш пайда болғанына шыдай алмай, максималистер де оны құртып жіберуге аянбай әрекет жасап бақты. Неше түрлі жалған айып, ғайбат атақ тақты. «Рысқұловщина» дегенді ойлап шығарды. Рысқұловтың өз басының ешқандай қатысы жоқ«рысқұловщинаны» пайдаланып, кейбір жатаберіс тастағыш, теріс пиғылдар Рысқұловты жаманатты етуге тырысты. Иә, бәрі енді артта қалған сойқан соғыстар... Міне, мына Моңғолстан ертең өзінің ұлы құрылтайында Конституция қабылдайды. Оның негізін, жобасын жасасып жатқан осы Рысқұлов. Демек Рысқұлов Моңғолстанға көктен топ ете түсіп, Моңғолстанды білмей, түсінбей жатып, оның Конституциясын жаза бастағаны, абайлап айтқанда, әдепсіздік болар еді. Осыдан тура төрт жыл бұрын Голощекин Түркістанға келе салып, түземдер палауды қолмен жейді екен, бұл жабайылық, қолмен палау жеуге тыйым салынсын деп шатақ шығарған. Соның кебін кимес үшін, Рысқұлов әр күн, әр сағатты бос жібермей, мына елді аралай беруі керек, біле беруі керек, тани беруі керек. Моңғолдың бет-жүзін ғана көріп тоқсынбай, жанын ұғып, көкірегінде не жатқанын білмейінше, моңғол тағдырын шешуге қандай қақың бар?!
Араттың ауылы алыста қалды. Төрт салт атты Орхон өзенін бойлап, «Арқарлы қызылға» қарай беттеген. Рысқұлов артына бұрылып қарап, боз даладан боз үйлерді әрең ажыратты. Сол боз үйлердің дәл ортасына жалғыз сары гүл өскендей екен. Ол Боғдыханның сары автомобилі болатын.
Күз де таяп қалғандай, әбден қураған ақ селеу жел тербеп сылаң қағады. Әуеде әлі бозторғай шырылдайды. Орхон бойы ғана боз даланың көгілдір күретамырындай ирелеңдеп, солтүстікке қарай созылып жатыр. Бұл өзен де Селеңгіге барып құяды. Селеңгі Байқалға барады... Байқалдың арғы бетіндегі жартаста жалғыз қарағай. Мәңгі жасайтын, мәңгі жасыл нар қарағай. Оны Рысқұлов өзінің әкесіне ұқсатты... Қайда барса да әкесі мұның ізімен ілеседі де отырады. Тынжылы жүрек жалғыз балам әлденеге ұрынып қалар деп қорқа ма екен, әйтеуір артынан аңдиды да жүреді. Түркістан мен Қазақстанды былай қойғанда, Мәскеу барды — әкесі көз алдынан кетпей қойды. Сталин Рысқұловты өзінің орынбасары ретінде Әзірбайжанға өкіл етіп жіберді — әкесі соңынан ере жүрді. Тіпті Еуропада да еріп жүрді-ау. Иә, Лениннің тапсырмасымен Сыртқы істер комиссары Чичерин екеуі кеңес делегациясын басқарып, Генуя конференциясына қатысты ғой. Ой, ол бір қиын сапар еді. Антанта алпауыттары, қақсал капиталистер Кеңес үкіметінен баяғы патшаның белшесінен батқан қарыздарын талап етіп, байбалам салған жоқ па?! Сонда Чичеринмен бірге Рысқұлов та қақсал капиталистермен арпалысты-ау. Ақыры бұлар жеңіп шыққан. Патшаның қарызынан кәрі қақсал капиталистер көк тиын да қайтара алған жоқ. Сонда Генуяда Рысқұл Қызыл Жебеге мініп, жалғыз жәдігеріне жігер беріп, түсіне кіріп жүрді ғой. Иә, Рысқұл болмаса Рысқұлов қайдан шығады?..
Рысқұлов моңғол психологиясын түсіну үшін дінін де зерттеді. Будданың әр діндарға қояр бір сұрағы бар екен: «Сен әлі тумай тұрғанда кімге ұқсас едің?» Өзің әлі жарық дүниеге келмесең, кімге ұқсас боларсың? Қиын сұрақ. Қиын ғана емес-ау, қиямет сұрақ! Әкеме ұқсас едім дерсің. Бірақ әкең әлі сені жарық дүниеге сызған жоқ қой... Ол сені тудырмауы да мүмкін еді ғой. Будда басты осылай қатырар. Ал ойла!
Рысқұловтың да жалғыз ұл баласы өсіп келеді. Жәдігер тірі болсын, биыл төртке толды. Мәскеуде қалды. Осыдан бір ай бұрын Рысқұлов оны туған күнімен құттықтап Телеграмма жіберді. Әсіресе жүрегі сыздап сағынғаны — сол Ескендірі.
Ал Ескендір Рысқұловтан аумайды. Шешесі алтын шаш, ақсарының әдемісі еді, содан туған Ескендір қалың бұйра қара шашты, қараторы болып шыға келді. Ал көрген жұрт Рысқұловтың өзін каторжан әкесіне тартқан деседі. Сонда Рысқұлдың өзі ше? Өзі кімге тартқан? Әрине, әкесіне, иә бабасына. Бабасы ше?..
Рысқұлов Ахат атасының айтуы бойынша, он бес атасына дейін, сонау Дулат бабасына дейін білер еді де, Бәйдібек бабасы мен Домалақ анасынан әрі қарай Ахаттың өзі де шатаса беретін. Одан арғы он бес ата, жиырмасыншы, отыз, қырқыншы ата, елуінші ата кім болған? Ал біліп көр! «Сен әлі тумай тұрғанда кімге ұқсас едің?» — деп Будда тегін сұрамайды ғой.
Кенет кәрі домбыраның шегі дың еткендей болды. Рысқұлов әлгі ойлардан оянып, жанындағы жолдастарына қарады. Олар аттарының тізгінін тартып, алдағы бір төбеге қадала қалған екен. «Іздеген арқарлары табылды ма» деп қалды Рысқұлов.
— Мына төбенің тарихын білерсіз, мүмкін, оқыған да шығарсыз, жолдас Рысқұлов, — деді Түмен-Жырғал қамшының сабымен төбені нұсқап. Бұл — атақты Құл-Тегіннің ескерткіші. Тасы құлап жатқан болу керек. Жүріңіз, жақындайық.
— Онда, аттан түсейік, — деді Рысқұлов.
Аттарын аңшы жігіттерге ұстатып, екеуі едәуір қашыққа жаяу адымдады. Үлкен кісілердің бұл аялына аңшылар іштей риза емес. Күн ұзартпай «Арқарлы қызылға» жету керек еді, мыналар...
Иә, Рысқұлов Құл-Тегінді біледі, оқыған. Өзі де тарихтан еңбек жазып жүрген жайы бар. Осы биыл «Қырғызстан» атты кітапшасын баспаға тапсырды. Енді «Қазақстан» атты кітап жазып жүр. Қырғызстан мен Қазақстан туралы жазып жүрген адам тарихты зерттемей жүре ме екен? Бұл екі елдің соноу-соноу өткенін білмей жатып та кісі қолына қалам ала ма екен? Айтпақшы, қырғыздардың ежелгі бір отаны осы арадан қашық та емес қой, Ене-Сайдың басын ала жатқан ел еді ғой бір кезде... Бір кезде.
Ал Құл-Тегін өмір сүрген кезді ғалымдар сегізінші ғасырға жатқызып жүр. Бесінші ғасыр шамасында құрылған Түрік қағанатының жұрнағы сегізінші ғасырда мұхиттың тасып-тасып қайтқан шағы да. Құл-Тегін сол кездің көсемі да.
Төбешіктің үсті қираған тастар қиқымы. Кәдімгі көк тас. Көк жусан, боз жусан, көк тас. Боз жусан басы ызыңдайды: «Кімсіңдер? Не керек сендерге? Тағы да тас атуға келдіңдер ме? Айдалада, тек аспанға, Тәңірге ғана бой созып тұрған тас не жазды сендерге? Атсаңдар арқарларың ана тауда. Тас атып еріккенде не шығады? Не мұратқа жетесіңдер? Мұнда бұдан он екі ғасыр бұрын өмір сүрген батыр жатыр. Ол сендер сияқты арқар атып, қала берді тас атып еріккен емес. Елім деп еңіреген ер еді. Еділден бері Алтай асып созылған ұлы түрік елінің елдігін ойлап, еңіреген ер еді. Түрік елі жан-жақтан түрткі көріп, ішінен де іріткі шығып, теңіздей телегей Ұлы Отан ыдырай бастаған кезде, осы Құл-Тегін Түрік елінің өткенін айтып, кейінгілерге өсиет қалдырып еді. Ыдырамас үшін, бүлінбес, бөлінбес үшін, ерлер қалай болу керек екенін айтып еді. Бөлінгенді бөрі жейді, бөлінбеңдер, — деп еді. Құл-Тегіннің ақ байрағында көк бөрі басының алтын суреті болатын. Бөрілі байрақ оған сонау көк түріктің түбі Тұман ханнан, оның баласы Мөде ханнан қалған. Не білесіңдер сендер? Шіренесіңдер. Тұрақты дүние кімде бар? Шіренген сендер де бір кез жермен-жексен боласыңдар. Сонда бастарыңа біз сияқты боз жусан шығады. Боз жусан мына біз сияқты тілсіз күй тартып, тарих жырын шертіп тұрады әлі...
Құл-Тегін жасаған заманда Шыңғыс ханның әлі елесі де жоқ болатын. Кейін-кейін, көп жүз жыл кейін, осы сендер тұрған жерде, Шыңғыс хан да тұрған. Қанша құдіретті хан болса да, ол да атынан түсіп, төбе басына, яғни оба басына жаяу шыққан. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын, барон Унгерн бұл төбеге атынан түспей шықты. Ат үстінде шіреніп тұрып, әскерлеріне бұйрық берді: «Атыңдар мына жабайылардың тас құдайын, — деді. Mac солдаттар жабылып жатып тасты атқылады. Содан бері біз шошынамыз. «Жабайылар», — деді әлгі барон Унгерн. Құл-Тегіннің тасына түріктің сына жазуы жазылған кезде, сол Унгерннің елі екі қолда қанша саусақ бар екенін әлі санай да білмейтін. Құл-Тегін діңгегі — ежелгі түріктердің тас кітабы. Ежелгілер талай тас кітап қалдырған, бірсыпырасы анау Ене-Сайдың жартастарында әлі сақтаулы. Кім біледі, барон Унгерндер тағы шықса, ол кітаптар да жойылар. Бірақ Унгерндердің моласы да белгісіз қаларың олардың ескерткіші болып, тек қарғыс таңба қаларын есерлер біле ме екен?!»
Боз жусан осылай ызыңдайды. Жусан басымен қоса, ескек жел Рысқұловтың шашын да сипалайды.
Аспанда іртік бұлт қалықтап барады. Ақсұр бұлттардың арасынан қарауытып жалғыз қарақұс көрінеді. Қарақұс ұзақ жасайды. Бірақ қанша ұзақ жасағанмен, ол Құл-Тегіннің құрдасы емес. Құл-Тегіннен бері көп заман өтті. Ол сонда қаншасыншы ата? Мүмкін, Рысқұловтың отызыншы, әлде қырқыншы атасы шығар. «Сен әлі тумай тұрғанда кімге ұқсас едің?» Түркі дүниесінің тұлдырын тұтастырмақ болған Құл-Тегін бұдан он екі ғасыр бұрын өтіп кетіпті ғой.
— Бұл тасты тез арада қамқорлыққа алмаса болмас. Тарих алдында қылмыскер атанамыз, — деді Рысқұлов төрт қырлы ұзын тастың топырақ тұтқан жазуларын тырнағымен тазалап отырып. Ол көне түркі жазуын оқи алмайды. Ондай білімі жоқ. Бірақ шетелдік ғалымдар, бірер орыс оқымыстылары бұл жазуды көшіріп алып, зерттеп жатыр. Әлі бір тұтас тұжырымға келе алмаса да, Құл-Тегін деген кісінің кейінгілерге не айтқысы келгені нобаймен белгілі болған.
Түмен-Жырғал айтты:
— Сөзсіз қамқорлыққа алынады, жолдас Рысқұлов, — деді.
— Егер Еуропада мұндай баға жетпес тас кітап тұрмақ, сынық моншақ табылса да тәбәрік көріп, қанша шулар еді? Біз әлі самарқаумыз, — деп Рысқұлов өкініш айтты.
Бұлардың төбе басында ұзақ тұрып алғанына аңшы жігіттер тыпыршыды. Төменде қаңтарулы қалған төрт ат пысқырынып, шыдамсыздық танытқандай болады.
Аңға асығар Рысқұлов жоқ. Төрт қырлы діңгек тастан айналақтап шыға алмайды. Батыс жақ мұнар-мұнар сағымнан ғаламат теңіз толқындарындай тербеледі. Ақ желкенді кемелер қылт-қылт етіп, бір батып, бір қалқып бара жатқандай елестейді. Ол сірә, Алтай сілемдері шығар. Алтайдың арғы беті — қазақ даласы. Солтүстік жақ жасыл дариядай шалқиды. Алыста-алыста Ене-Сай ағып жатыр. Осы жерден, жасыл дарияның ар жағынан мұз шоқылар көрінгендей елестейді. Жалпы, Рысқұлов Құл-Тегін төбесінің үстінен дүниенің төрт бұрышын түгел көріп тұрғандай, ғажайып бір хал кешті. Шынында да жер шарының кіндік тұсы — осы бір елеусіз төбе сияқты еді.
* * *
1924 жылы 6-қараша күні тура сағат 11-де, яғни моңғолша атағанда, көгілдір тышқан жылы, көгілдір доңыз айында, ақ қоян күні, жылқы сағатында Моңғол Халық Республикасының бірінші ұлы құрылтайы ашылды. Оны премьер-министр Церен-Дорж ашты. Президиумға Джа-Дамба, Бадарху, Коминтерннен Тұрар Рысқұлов, Бурятия совнаркомының төрағасы Ербанов, Кеңес елшісі Васильев, Моңғол халық партия Орталық Комитетінің төрағасы Дамба-Дорж, тағы басқалар сайланды.
Құрылтайды құттықтау үшін Коминтерн Атқару Комитетінің атынан сөз Рысқұловқа берілді. Құрылтай депутаттары Рысқұлов мінбеге көтерілгенде ұзақ қол шапалақтап, содан әрең тынышталғанда, бәрі де аңтарылып, мынау моңғол емес пе өзі, қай тілде сөйлер екен? — деген сұраққа күпті болды. Мінбеде еуропаша киінген, қою қара шашы толқынданған, алтын жиек көзілдірігі жарқылдаған, бармақтай мұрты бар, ажарлы жігіт тұр. Адамға лық толы үлкен залды барлап қалған. Ілуде біреу болмаса, еуропаша киінгендер жоқ, кілең кең қолтық, ұзын жең, желбегей жібек шапан, сырма шапан, қара шапан, ала шапан, сары шапан кигендер. Бәрі де белдерін әлденеше қабаттап, қызыл, көк, сары, қара белбеумен буынып алған, бәрінің дерлік аяқтарында тұмсығы қайқы былғары етік. Моңғолстанның түкпір-түкпірінен келген халық өкілдері осылар. Бәрінің дерлік бастары тақыр, шаш қойғандары бірен-саран. Тіпті біразының басынан тұлым байқалады. Бұл елдің қыры-сырын, дәстүрін білмеген адамға әлдеқалай ерсі көрінуі әбден мүмкін. Ер балаға айдар қою дәстүрі қазақтарда да бар. Бала тіл-көзден аман болсын деген ырым-жырым. Мұны Рысқұлов біледі. Ал енді ересек адамның айдарлы, тұлымы болуы... Сөйтсе, ол ақсүйек тұқым белгісі екен. Ондайдың біреуі президиумде де отыр. Өзі министр. Аты-жөні Цецен хан, яғни Шешен хан, баяғы Шыңғыс ханның тұқымы деседі. Ескіден келе жатқан әдет. Бір күнде жойыла қоймас. Түркістанда паранжа жамылғандар да бірден тыйыла қоймаған ғой.
Президиумның желкесіне Ленин мен Сухэ-Батордың портреттері ілінген. Жан-жағалай қызыл байрақтар тізіліп тұр. Залдың ішінен аршаның түтін иісі аңқиды.
Адамдардың кескін-келбеті тұтастай қарағанда бір тектес: кесек бітімді, шықшытты, дөңгелек жүздер, көбісінің қабағы қалың, қастары керік, қой көздері қысыңқылау. Солардың арасынан, залдың орта шенінде отырған екеу оюлы қара тақия киген, қазақтар екені бірден көзге басылып тұр. Олар Баян-Өлгей және Қобда аймақтарынан келген депутаттар Дәуітбай мен Мырзабай. Екеуі де Рысқұловқа жолығып танысқан болатын. Дәуітбай Моңғолстанда ежелден тұрып жатқан қазақтар тұқымынан екен де, Мырзабай бұл жаққа Қазақстаннан он сегізінші жылы өткен екен.
Мырзабай Рысқұловқа келіп жолыққанда, жанында үш-төрт қазағы бар болатын. Әдеттегідей аман-саулықтан кейін, Мырзабай келген шаруасына тікелей кірісіп, адуындай сөйледі, тіпті қорқыта, бопсалай келді.
— Ал, бала, атыңа сыртыңнан қанықпыз. Түркістанда Кеңес өкіметін орнатысқан большевик екенінді де білеміз. Мына біз өкімет басына большевиктердің келгенін қаламадық та, қасиетті туған жерді тастап, Алтай астық. Большевиктер кетер деп үміттендік, елте қайта оралармыз деген арман таудан да биік еді. Бірақ сендер күн санап күшейіп бара жатқан көрінесіңдер. Топан суындай қаптап келесіңдер. Енді міне, Құдайдың бір қиырында жатқан Моңғолға да жаңа өкімет орнатпақшы болып жатырсыңдар. Бұл да сол кеңес сияқты көрінеді, — деп Мырзабай бір тоқтап, шапанының қалтасынан көлдей көк орамал алып, тершіген жуан мойнын, қызара бөрткен бет-аузын, бурыл мұрт, шоқша сақалын, түп-түгел мұқият сүртіп шығып, ақырында етжеңді қоңқақ мұрнын таңқ-таңқ еткізіп сіңбіріп алды. — Ал енді ертең ұлы құрылтай ашылғалы тұр. Біз моңғолдың қазіргі өкіметінен осы құрылтайда талап етпекшіміз: Баян-аймақ монғолға тәуелді болмасын. Бөлсін бізді. Сен ғой, шырағым, Мәскеуден үлкен өкілеттікпен келген ірі адамсың, біздің осы талабымызды қолда. Сөздің тоқ етері осы.
— Мырзеке, сонда қалай? Жеке мемлекет құрасыз ба? Оған шамаңыз келе ме? Көрпеңізге қарай көсілмейсіз бе?
— Жеке мемлекет десең де болады. Әйтеуір, біз моңғолға бағынбайтын болайық. Үлкен сиырдың арты болғанша, кішкентай қораздың басы бол деген. Егерде, мұнда да коммунистер өкімет басына келмегенде, біз жайбарақат жата беретін едік. Рас, коммунистер моңғолды да жайлаған екен, біз бөлінеміз. Ал бөлмейді екен, Қытай асып, Шығыс Түркістан кетеміз.
— Қытайды да коммунистер билемесіне көзіңіз жете ме? Қазір оларда да коммунистер езілген халықты алпауыттардан азат ету үшін күресіп жатыр.
— Иә, солайы — солай. Қайда барсаң, Қорқыттың көрі. Қытайға симасақ, Үндіні асып, діндес, қандас, туыс Түркияға барып кіреміз.
— Ал Түркияда да коммунистер бар, оны қайтесіз?
Мырзабай қажы Рысқұловқа бағжия қарады. Майлы қысық көздері ызғар шашады. Ақырында амалы таусылып:
— Әйтеуір, сендерден тәуір, шоқынған немелер, — деді.
— Қажеке, адасып жүрсіз, — деді Рысқұлов оны бір түрлі аяғандай жылы раймен сөйлеп. — Бір адасу бар, екі адасу бар, ал өмір бойы адаса беруге болмайды ғой. Баян-аймағы — аймақ болып қала береді, мектеп ана тіліңізде болады, іс-қатынас қағаз ана тіліңізде жүреді. Дініңізге ешкім тиіспейді. Ал бірақ Баян-аймақ Моңғолдың орталық өкіметіне қарайды. Оны ешкім де өзгерте алмайды. Әуелі сіз халқыңыздан сұраңыз, халық сізге еріп, елін, жерін тастап, біресе Қытайға, біресе Үндіге, біресе Түркияға ауып, сіздің соңыңыздан мұрнын тескен тайлақтай ілесіп жүре бере ме екен? Онымен неге санаспайсыз? Коммунист жүрген жерден құқай көретін тек өз жеке басыңыз. Күллі халық сізше ойламайды ғой. Ақылға келіңіз де, бұл мәселені дауға салмай-ақ қойыңыз. Моңғолдың жаңа өкіметі — халықтың өкіметі болады. Одан жаманшылық көрмейсіз, тек ниетіңіз адал, пейіліңіз таза болсын. Жер ауып, тентірей берген жақсылық емес. Ауған деген сөздің өзі жаман. Ауған — азады, ел тозады. Елді аяңыз. Менің айтарым осы.
Мырзабай қажы Рысқұловқа мүлде риза емес. Қайта жауыға қарайды. Оңашада жолықса мерт қылудан тайынбайды. Бұл ниетін жасырмай айтып та салды:
— Әттең, басымнан бақ аунаған заман-ай! Баяғы күнім болса, сен сияқты дудар бас шоқынғандардың шашын бір-бір талдап жұлар едім.
Рысқұлов бұдан арғы әңгіменің қырсыз екенін сезді де:
— Ал, Қажеке, аман-сау болыңыз. Менің уақытым бітті. Ертең құрылтай ашылады. Соған дайындалуым керек, — деп Мырзабай қажының тобын есіктен шығарып салды. Әне, сол Мырзабай қазір бұған шақшия қарап қалыпты.
— Бауырлар, достар! — Рысқұлов кенет арқаланып кетті. Даусы ашық, әрі десе бір түрлі тебірене шықты. Дүйім халық оның сөзі жаттанды, ресми сөз емес, шын сезімнен, шын тілеулестіктен шығып жатқан жақсы лебіз екеніне сенердей баурап алып барады. — Мен сіздерді, құрылтай мүшелерін, сіздер арқылы бүкіл моңғол халқын, Моңғолстанды мекендеген барлық халықтарды III Коминтерн Атқару Комитетінің атынан мына бүгін ашылып отырған ұлы Хұралданымен шын жүректен құттықтап, сіздерге Коминтерннің жалынды сәлемін жеткізіп тұрмын.
Коминтерн дегеніміз — бүкіл жер жүзі коммунистері мен еңбекшілерінің жауынгер штабы. Коминтерннің көкейтесті мақсаты — дүние жүзіндегі езілген халықтарды құлдықтан, жоқшылықтан, кемтарлықтан, кіріптарлықтан құтқару. Қазіргі заманда жер бетінде екі дүние, бір-біріне ымырасыз екі тап өмір сүріп тұр. Бірі — алпауыттар, жебірлер, капиталистер, байлар, яғни қанаушы тап. Екіншісі — езгі көрген, қорлық көрген, зорлық көрген кедей-кепшік, еңбекші ел, яғни қаналушы тап.
«Азаматым, арысым, — деді ішінен күбірлеп Баян-аймақтан келген Дәуітбай депутат. Ол алдыға қарай үздіге, ұмтыла тыңдап қалған. Ол енді қайтып Рысқұловты көре алмайтындай, сондықтан оның әрбір сөзін көкірегіне, әрбір қимылын, түр-түсін көз жанарына құйып алмақшы. Толқынды қара шаш, екі шекелігі шығыңқылау жақы маңдай, келісті керік қара қас, екі қастың арасынан қасарыса түскен жалғыз сызық... Ол сызық тікесінен-тік тегіннен-тегін түспеген болар. Әйнектің ар жағынан көрінсе де көз жанары жалынды екен. Мұрны сәл дөңестеу келсе де, келтелеу. Ұшы томпақтау екен. Мұрнының ұшы томпақтау адамдар жаман пиғылдан таза болады деседі. Суағарында бармақтай қара мұрт бүкіл ажарын ашып тұрғандай жарасымды. Еріндері дүрдік те емес, жымық та емес, топ-толық, асты мен үсті үйлесімді, қып-қызыл екен. Астыңғы ерні үстіңгі ерніне кіріп тұратын біреулер болады. Ондайлар қыршаңқылау, бірақ жігерсіз келеді. Ал үстіңгі ерні астыңғы ерніне кіріп тұратындар болады. Иегі сүйрік те емес, жалпақта емес, рабайымен дөңгелеп біткен екен. Мұндайда айыр иегі қайқы біткендер тоңмойын, қайырымсыз болатын көрінеді. Құлағының сырғалығы жалпақтау, салыңқы екен — жайсаңдығы шығар».
Дәуітбайдың сүйсінгені әсіресе шешеннің өз бойын соншалықты дарқан, тік ұстауында еді. Осыншама халықтың алдында емін-еркін тұрып, көсіле сөз сөйлеу үшін, адам өзінің ақылына, біліміне бек сенімді болу керек-ау. Тағы да болса жат ел, бөтен орта, бөгде тіл. «Апыр-ай, біздің халықтан да бұл заманға лайық ұл туған екен-ау, аман жүр, бауырым, бәле-жаладан, қызғаныштың қызыл отынан, қараулықтың қара найзағайынан сақтасын сені Құдай! Елдің атын шығаратын ер болады. Мына моңғолдардың алдында сен қазір бүкіл кеңестің, оның ішінде қазақтың қандай екенін көрсетіп тұрсың. Саған қарап бұлар сенің халқыңның қандай екенін бағалайды. Мәртебемізді бір көтердің, бауырым!..»
Рысқұловтың бұлай құлаш сермеуі Мырзабай қажыға, әрине, ұнамады. «Бөлінгенді бөрі жейді», — деді-ау, бәтшағар. Сонда біз жетіскеннен бөлініппіз бе? Ертістің бойын ен жайлап жатқан жерімнен осы Рысқұловтар айырды емес пе? Әкесі болысты өлтіріп, қатырғыға кетті дейді. Әттең, дүние, осы Рысқұловтың өзін де әкесінің артынан аяқ-қолын кісендеп айдар ма еді...»
Мырзабай қажы бір мезгіл қиял жетегінде желіп жүріп, Рысқұловтың қатырғыға айдалып бара жатқанын көз алдына елестетті. Анау алтын жиек көзілдірігін жұлып алып, тақалы етікпен тепкілеп, быт-шытын шығарды. Анау толқын қара шашына шеңгелін салып, Мырзабай қажы өзі ат үстінде тұрып, дырылдата сүйреді. Осы шынға айналғандай шықшыты аунақшып, тістерін шықырлатты. Рысқұловқа тіс қайраған қара зұлмат Моңғолияда да бар екен...
— Міне, қазір осы екі дүниенің арасында бітіспес майдан бар, — деп тұр Рысқұлов. — Ымырасыздықтың үлгісін Ұлы Қазан революциясы көрсетті. Бұрынғы патша билеген ұлан-байтақ Ресейде тұратын халықтар азаттық алды. Мына мен өз басым — кешегі шыңы жеткен кедейдің баласымын. Егерде Қазан революциясы болмаса, патшаны құлатып, Кеңес өкіметі орнамаса мен кім болар едім? Мен де әкем сияқты байдың жылқысын бағып, тепкісінде жүрер едім. Сондай қорлыққа шыдамаған әкем болысты өлтіргені үшін соноу жатқан Сібірге айдалды, сүргінге түсті. Мен де соның кебін киер едім... Енді, міне, бүкіл Коминтерн атынан сіздердің алдарыңызда тұрмын. Коминтерн моңғол халқына тек жақсылық, бақыт тілейді. Моңғол халқы өкіметті өз қолына алып, республика болуын қалайды. Ендеше, осы Ұлы Хұралдан сол Республиканы жариялап, өкімет пен үкіметті сайлап, Конституция қабылдайды. Осындай ұлы істе сіздер Коминтерн өсиетіне адал болып, өздеріңіз құратын Республиканың бұл жолда ала-құла болмай, ауызбірлік білдіріп, береке байлығын танытуларыңызға тілектеспін. Алтау ала болса, ауыздағыдан айрылады, төртеу түгел болса, төбедегіні алады. Иә, сәт! Жасасын Моңғол Халық Республикасы! Барлық езілген халықтар бостандық алып, Коминтерн туының астына топтассын!
Ұлы Хұралдан мүшелері түгел түрегеліп, найзағай шатырлағандай ду кернеп:
— Ураай! Ураай! Найрамдал! Найрамдал! — деп ұран тастағанда, Дәуітбай да бір дауыспен:
— Жаса, бауырым! Мың жаса! Жамандық көрме! — деп көзінен жас парлай жөнелді. Бірақ оның даусын: «Ураай! Ураай! Найрамдал!» көміп кетті.
Дәуітбай көршісінің отқа түсетін көбелектей, есі кете тәнті болғанына шыдай алмаған Мырзабай қажы оны шынтағымен бүйірінен қатты түртіп қалды.
— А, қажеке? — деп Дәуітбай түсінбей жалт қарап еді, анау:
— Неменеңе жетісіп отырсың, сорлы, — деп ысылдады.
Дәуітбай есесін жібермей шақ ете қала жаздап барып: «мына маңғұлдар екі қазақ сиыса алмай отыр деп қалар», — деді де, ішінен түйілді.
Бірақ бұл екеуінің көршілері бұлармен шаруасы жоқ, бар ықыласы мінбердегі шешенге ауып кеткен көрінеді. «Найрамдалдап» кең сарайды кернеп тұрып алды. Мырзабай қажы өзегіне өрт түсіп кеткендей, алқымындағы түймесін ағытып, жаялықтай орамалмен бет-аузын сүрте берді, сүрте берді.
Құрылтай басқарушы келесі кісіге сөз берейін деп оқтала бергеніне қарамай, көпшілік залды қақырата көпке дейін қол шапалақтап, ұрандатып тұрып алды.
Ұлы Құрылтайдың алғашқы мәжілісі кештетіп аяқталған соң, жаңа Республика өнерпаздарының ойын-сауығы басталады. Сәл тыныстап, қымыз ішіп, қалағаны шай ішіп, әл-қуаттанған соң, президиум мүшелері залға кіріп, бір қатардан орналасты. Қақ ортада — Рысқұлов, оның оң жағында — премьер-министр Церен-Дорж, сол жағында — сыртқы істер министрі әрі әскери қолбасшы Чойболсан және сол қатарға Сухэ-Батордың жесірі Дичжима, оның жанына Эрдэнэ, қызы Ойун отырды. Эрдэнэ әуелі ыңғайсызданып, сауықтан бас тартып көріп еді, Рысқұлов айтты:
— Сіздің еріңіз тірі болса, бүгін ұлы Құрылтайға қатысып отырар еді, кешке ойын-сауыққа сізді алып барар еді. Ойунды да қалдырмас еді. Ерім жоқ екен деп, жұрт қызығынан құр қалуға бола ма екен? Сухэ-Батордың өзіңіздей жесірі қысылмай-ақ, қымтырылмай-ақ, тіпті мемлекет ісіне араласып жүр. Бүгін құрылтайда сөз сөйлемекші. Бір кезде екеуіңіз бір-біріңізден ажырамайтын аралас-құралас жандар емес пе едіңіздер...
— Е, Тұрар мырза, Дичжима оқыған, көзі ашық әйел ғой. Мені айтсайшы.
Бұл әңгіме таңертең болған. Кешке енді Рысқұловтың көңілін қимай келіп еді, өкімет адамдарымен бір қатарда отырып, Дичжимамен көрісіп, төбесі көкке жеткендей болды.
Бұл өзі Моңғолстанда тұратын ұлттардың, түрлі аймақтардың этнографиялық өнері десе де болғандай еді. Әуелі халқа-моңғолдар өнер көрсетті. Қызыл-жасыл киінген, қыздары бұрымдарын арқар мүйіздендіре орап тастаған, жігіттері шошақ бөрік киген бишілер екен. Бұлардан соң, дүрбіт-моңғолдар, бурят-моңғолдар, ойрат-моңғолдар, торғауыттар, ұранқай, меркіттер шығып, неше алуан қызық-тамаша болды. Бір кезде сауық жаршысы:
— Баян-аймақ, Хобда-аймақ қазақтары! — дегенде Рысқұлов жүрегі бүлк еткенін сезді. «Апыр-ай, бұлар қайтер екен?» — деп іштей тілеулес болып отырғанын өзі де байқамай қалды. Церен-Дорж Рысқұловтың құлағына аузын тақап: «Сіздіқ туыстарыңыз», — деді.
Қобыз ұстаған қыз қос етек ақ жібек көйлек, қызыл камзол, үкілі қызыл тақия киіпті, домбыралы жігіт құндыз қара бөрік, қара бешпет, оқалы жырық балақ шалбармен шықты. Ал зерлі абылай қалпақ киген, сұңғақ бойлы, көркем жігіт, әлгілердің сүйемелдеуімен, сірә, ән салатын болуы керек. Кенет абылай қалпақ аңырата ән салғанда, залдың ішін кернеп, мына зор қоңыр дауысқа үйдің төрт қабырғасы тарлық етіп, ауа дірілдеп кетті...
Сауық аяқталып, халық тысқа шыққанда, түн ортасы ауып, солтүстіктен Темірқазық жарқырап тұр екен.
— Алтын ғадас, — деді Церен-Дорж Рысқұловқа жұлдызды көрсетіп.
* * *
Шамасы бір аптаға созылған Ұлы Құрылтай аяқталуға да таялды. Әр күн, әр мәжіліс талай-талай тартыстармен өтті. Рысқұлов бұл күндердің бір минутын да жібермей, бастан-аяқ қатысып, депутаттарға түсініксіз көп сұрақтарға жауап берді. Мәжіліс сайын дерлік сөз сөйледі. Даулы мәселелердің бәрі Коминтерн өкілі Рысқұлов арқылы шешіліп отырды. Депутаттар тіпті Моңғол Халық Республикасының астанасын не деп атау керек дегенде, бір байламға келе алмай, едәуір айтыс болды. Біреулер айтты: Ұрға деген атының өзі қалсын деді. Ұрға — моңғолша Орда деген мағына бергендей. Баяғыда Боғдыхан көшіп-қонудан жалықса керек, тұрақты бір мекен іздеген. Сонда оған әулие айтты дейді:
— Ордаңды алтын бесіктің ортасына, күміс белдіктің бойына сал, — деп. Алтын бесік дегені Ұрғаны жан-жағынан қоршап жатқан таулар. Күміс белдік — Толы өзені ғой. Біреулер: «Толы өзенінің бойында тұр ғой. — Толы болсын» деді. Енді біреулер: «Моңғол Пекині деп аталсын» деп те ұсыныс айтты. Бұлардың бәрін тыңдап болып, Рысқұлов тағы да сөз алып, орнынан тұрды.
— Моңғол бауырлар! Моңғол халқы — революцияда жеңіске жеткен батыр халық. Ал сол батыр халықтың өкіметі қазір міне, қызыл байрақ көтеріп отыр. Ендеше, астана аты Қызыл Батыр — Ұлан-Батор болсын! — деді.
Ұсыныс дауысқа қойылғанша-ақ дүйім халық орындарынан өре тұрып, қол шапалақтады.
— Ұлан-Батор! Ұлан-Батор!
— Жасасын Ұлан-Батор!
— Ураай Ұлан-Батор! Қызыл-Батыр...
* * *
Қорқытпен, Қорқыт күйлерімен сарындас мына арман ағысындай, арман дариясындай, күйзеле шыққан ғажап үн.
Рысқұлов емірене тыңдап, елжірей беріліп, құлақ түріп қалған. Киіз үйдің туырлығы түрулі, кереге көздерінің ар жағында, екі өркеші екі баладай інгеннің бұйдасын ұстап арат әйелі тұр. Інгеннің иір мойныннан құшақтап, құлағының түбінен қасылайды. қарсы алдында шошақ бөрік киген, көкшіл шапан қызыл күлдәрімен буған күйші, бір тізерлеп, морихурды боздатып отыр. Морихур Қорқыттың қобызынан үлкен, сірә, Еуропаның виоленчель дейтін аспабының көлеміндей бар ма... Морихурдың басы — аттың басы сияқтанып қашалған. Атбасты аспап үні түйенің боздағанын, ботаның жылағанын, желдің азынағанын, дала гүлдерінің тербелгенін, тағы да ботаның жылағанын айнытпай салады. Іңгеннің жанында жас бота ұстаған тағы біреу тұр.
Рысқұлов мал баққан елдің баласы. Малшы өмірі тосын емес. Бірақ іңгеннің алдына тізерлей отырып қобыз тартып, адамдардың жануарға жалынғанын тұңғыш рет көріп отыр. Сонда Түмен-Жырғал айтты:
— Мына іңгеннің ботасы өлген. Ал ана ботаның анасы өлген. Енді сол жетімді мына түйеге телиін десе, бөтен иісті бауырына жолатпайды. Әне, енді адамдар күй тартып, музыка арқылы сөйлесіп көндірмекші, — деді.
Морихур күңіренді, ыңырсыды, боздады. Күйші кейде басын шалқайтып, көгілдір аспанға көзін қадап, көк Тәңіріден медет тілегендей, ырғалып-ырғалып қояды. Арат жетім ботаны іңгеннің емшегіне қарай икемдеп, итермелейді. Бота ұмсына берсе, іңген бір аяғын көтеріп, теуіп жібере жаздайды. Күйші қиналады, ақыры морихур еңіреп-еңіреп, еңкілдеп, ыңырсып, жылауға көшті.
Бір кезде іңген көзін жұмды. Аздап теңселгендей болды. Әйел құлағын, мойнын қасылайды. Еркек ботаны икемдейді. Күйші Морихурды еңіретеді. Ақыры қызыл іңген тұла бойынан тоқ жүгіргендей дір етті де, жай ыңырсыды. Жұмулы көзден жылжып қана жып-жылы жас ақты. Әйел оның жасын сүртіп, көзінен сүйді. Бота кенет ісінген емшекке тұмсығын салып, солқылдата сорып, езуінен көпіршік сүт тамшылап кетті.
Күйші Морихурды көкке көтере түрегеліп:
— О, Көк Тәңірі! Жаратқаныңа, бергеніңе, көрсеткеніңе тәуба, тәуба, тәуба! — деп аспанға көзін шақшитты.
Рысқұлов тұлыпқа иіген сиырды білуші еді. Ал қобыз күйіне иіген іңгенді өз көзімен көріп, шебер табиғаттың, құдіретті күйдің куәсі болды.
Енді бірде іңген өзі бауырына басқан жетім ботаны жанына ілестіріп, өріске қарай бет алды.
Рысқұловтың есіне ерте өлген шешесі Қалипа түсті. Әкесі екінші рет Ізбайша деген қызға үйленіп, кішкентай Тұрар мен құртақандай Түйметай сол жас келіншекке телініп еді. Сол есіне түсті. Кәдімгідей тебіреніп, шексіз құдірет шеберлігіне тәнті болып, өткен-кеткен, жақын жандар рухына іштей сиынып қойды.
Ерлі-зайыпты араттар Рысқұловқа риза болып жатыр. Құтты қонақ екенсіз дейді. Іңгеніміз көптен бері жетім ботаға илікпей, иімей жүр еді дейді. Сіз келіп, Тәңірі сәтін салды дейді.
Рысқұлов соншама ықыласқа ыңғайсызданып: «Жоқ, Рақметті күйшіге айтыңдар. Бұл күйдің құдіреті», — дейді.
Күйші:
— Менің құдіретім болса, менің морихурды талмай тартқаныма үш күн болды. Іңген иімеп еді, сіз келген соң керемет келді, — дейді.
Бұл Рысқұловтың Ұлан-Батордан шығып, елге бет алған беті еді. Кеше күйме кешеуілдетіп жетіп, осы бекетке тоқтаған. Араттар қойын сойып, қолын қусырып, қошаметпен қарсы алған. Енді міне, жаңа таң атып, жаңа күн шықты.
Жаңа ғана таңғы шай ішілген. Жолаушылар енді аттанайын деп тұрғанда, іңген идіру рәсімі басталып кетті де үйдің иесі:
— Сәтке күте тұрыңыздар, — деп қиылды.
Сәті түсіп, іңген иіді. Қырықтың бірі Қыдыр деген. Кім біледі, Рысқұлов Қыдыр шығар? Олай болмаса да араттар соған жорыды. Сөйтіп, ойда жоқта рақметін жаудырды.
Жалпы, моңғол елі, жаңа моңғол үкіметі Рысқұловқа шын алғысын айтып қалды. Осыдан бір жыл бұрын шекарадан Рысқұловты Түмен-Жырғал күтіп алған. Енді сол айнымас дос Рысқұловты өз еліне шығарып салып келе жатыр.
Артта қимас достар қалды. Премьер-министр Церен-Дорж, министр Чойболсан, туған жеңгесіндей болған Эрдэнэ, оның қызы Ойун қалды... Ойунды Мәскеуге барған соң Луначарскиймен келісіп, оқуға шақыртпақ болды. Жалғыз Ойун емес, бір топ моңғол жастарын Мәскеуге оқуға жіберу туралы Церен-Доржбен келісті.
Моңғолстан Рысқұловты ұмытпас. Бір жылда Рысқұлов моңғолдарға көп еңбек сіңірді. Жана өкіметін, жаңа мемлекетін құрысты. Тіпті Қытай барып, Моңғолияның жоғын жоқтап, моңғолдарға пайдалы көп іс тындырды. Жасаған жақсылығы алдынан қайтсын. Ал заман әлдеқалай кері кетсе, лаж жоқ. Алдағыны болжап болмайды. Адамдар алдын болжар көріпкел болса, пендеде бақытсыз жан болмас еді.
Рысқұлов туған елге оралды. Үміт дүниесі. Жақсылықтан дәмелі. Алдыда, туған Отанда не күтіп тұр?..
БҰҒАЛЫҚ
Ақ телефон, қызыл телефон, қара телефон... ағы шырылдаса, қатардағы қарапайым адам болғаны, яки басқа қаладан хабарласып тұрған біреуі. Қызылы — Үкімет адамдары сөйлесетін телефон. Комиссарлар... Айталық Рыков, Чичерин, Молотов, Каганович... Ал қараның жөні бөлек. Қара телефон апталап, айлап үн қатпауы мүмкін. Тіпті жылына бір-ақ рет шырылдаса да аса маңызды, аса... үрейлі. Онымен тек Сталин сөйлеседі.
Ақ телефонмен көбінесе елден келген адамдар: арыз айтушылар, әділеттік іздегендер сөйлеседі. Рысқұловпен кездесуге рұқсат сұрайды. Көбінесе үйдегілер хабарласады. Әйелі Әзиза немесе қайын енесі Әрифа... Кейде Ескендір... Сурет салатын түрлі-түсті қалам тауып бер деп әурелейді. Рысқұлов соноу Қиыр Шығыстағы Якут-Саха елінің мәселелерімен басы қатып отырғанда немесе Қарағанды шахталарын жабдықтау мәселесі жөнінде Донбасс басшыларымен хабарласып жатқанда, Ескендір түрлі-түсті қалам тауып бер дейді. Мүмкін, екінші сыныптың баласы үшін түрлі-түсті қалам Қарағанды шахталарынан кем түспейтін шаруа шығар. Оны да түсіну керек. Енді Кремльдің комендантына өтініш айтуға тура келеді. Кремльдегі қызметкерлерді керек-жарақпен қамтамасыз ететін сол. Ескендірмен сөйлесіп бола бергенде, күтпеген жерден, тосыннан қара телефонның жуан даусы гүж-гүж ете қалды. Қара телефон тектен-текке үн қатпайтын. Қара телефоннан айтылатын сөз Ескендірдің өтініші емес. Қара телефоннан арыз айтылмайды. Бұйрық айтылады. Жай басшының бұйрығы емес... Рысқұлов Құдайдың даусын естіп көрген жоқ. Бірақ қара телефонмен сөйлесетін адам — Құдайдан кем емес...
— Саламатсыз ба, жолдас Сталин! Рысқұлов тыңдап тұр.
Бұрын, соноу жиырмасыншы жылдардың басында Рысқұлов оған «Иосиф Виссарионович» деуші еді, кейде тіпті «Иосиф» дей де салатын. Жақсы еді сол кез. Жақындық бар сияқты еді. Жылылық бар сияқты еді. Енді ол өзгерген. Қазір ол «жолдас Сталин». Тіпті бұрын «Коба» деп жүретін, тіпті кейде «Коба, сен...» — деп жүретін Бухариндер қазір тек «Жолдас Сталин» дейді.
— Тюрар Рыскюлович, маған келіп кетіңіз.
Осыны айтты да, Сталин тұтқаны қойып қойды. Көмекшісі Постов арқылы шақыруына да болатын еді ғой. Өзі тікелей сөйлесіп тұр. Демек, тегін емес. Тегіні несі? Демек...
Баяғыда Ахат атасы айтар еді: Бір үңгір болыпты, кірген іздер бар да, шыққан із жоқ, — деп.
Сталинге бару да соған ұқсаңқырайтын сияқты. Бұрын ондай үрей болмаушы еді, соңғы жылдары қорқыныш пайда бола бастады. Құрбандық көбейіп кетті. Кеше ғана жарқылдап жанында жүргендер бір сәтте ұшты-күйлі жоқ болады да кетеді. Рысқұловтын тікелей бастығы, Совнаркомды Лениннен кейін, 1924 жылдан бері басқарып келе жатқан Рыков бір күнде орнынан алынды. Орнынан алып, жайына қоя берсе мейлі ғой...
Күптілікке жүкті болған заман. Рысқұлов Совнаркомнан шығып, Генсектің кабинетіне қарай беттеді. Арасы жап-жақын, екі-үш минуттік жер. Бірақ зіл-батпан жүк арқалап келе жатқандай, әрбір адымы азап, қалың қылыш тікеннің үстімен жалаңаяқ жүріп келе жатқандай...
...Бірінші қарауыл... Екінші қарауыл... Үшінші қарауыл... Бәрі де қалшиып қатып қалған тас мүсін сияқты. Сұп-сұр. «Кремлевка» дейтін қызылала жолкілем. Қызыл жоса... Қараптан қарап келе жатып, сап-сау келе жатып, басың айналғандай. Сүрініп кетсең, қызыл жоса өзенге сүңгіп кететіндейсің...
Постов — ең соңғы елек. Постовтың көзі көз емес, екі рентген құдық. Сол рентгеннен Сталинге қарай өтетін адамның ішек-қарны, өкпе-бауырлары, жүрегі... түгел көрінетіндей... Басы жап-жалтыр, көгілдір мұз сияқты. Тақырлап қырып тастаған. Рентгеннің айнасындай.
— Жолдас Рысқұлов, кіріңіз.
Постов қалшиып тұрып, қатқыл үн қатты. Одан ары — ап-ауыр есік... Одан ары төрдегі үлкен үстелге дейін төселген кілем. Үлкен үстелдің ар жағында — Өзі. Креслодан тұрған жоқ. Бұрын тұратын. Тұрып келіп, қол беріп амандасатын. Кейде амандық-есендік сұрайтын. Бұрын, иә, соноу жиырмасыншы жылдардың бас шағында, Сталин бастық, Рысқұлов орынбасар кезінде, кейде тіпті әзілдейтін.
— А-а, Түркістанның Шыңғысханы, кел, — дейтін. «Чингисхан» дегенді өте бір баппен, әлдебір рақатпен айтатын. Ұқсағысы келетін шытар. Шіркін, адамның ойын жазып алатын аппарат болса... Сталин не ойлап, не армандағанын біз тек долбарлармыз.
Ал аппарат тарихқа талай сыр ашып берер еді. Сталин арғы-бергі тарихтағы атақты қолбасшылар туралы көп оқитын. Шыңғысхан, Наполеон... Александр Македонский, Цезарь, Ганнибал... Иә, ондай «осалдығы» бар еді. Ал бірақ Шыңғысханды неге Рысқұловқа қиятыны белгісіз. Азиат қой дейтін шығар. Рысқұлов 1925 жылы Моңғолиядан қайтып келгенде, Сталин онымен ұзақ отырып, моңғолдар туралы көп әңгіме айтқызып еді.
— Шыңғысханнан қалған ұрпақ бар ма? — деп сұраған. Рысқұлов білгенінше айтып берді. Сөйтсе, Моңғолстанның дәл өзінде Шыңғыс тұқымынан сілем қалмаған көрінеді, бір-екі тұлым қойғандар Шыңғысхан тұқымымыз десті, о да неғайбіл. Тарихқа қарап тұрса, Шыңғыс тұқымдастардың көбісі қазақ даласында қалған екен. Қазақ хандарының көбі Шыңғыстың ұрпақтары, Абылайға дейін... Абылайдан Шоқанға дейін... Кенесарыға дейін...
— Кенесарыдан кім қалды? — деп сұрады Сталин.
Рысқұлов Садық төрені айтты. Сұлтан Садықтың генерал Черняевтан жеңіліп, жанында өзіне бек берілген он шақты адаммен Қытай өтіп кеткенін, Қытайға өтерде ақбоз аттан түсіп, құбылаға қарап отырып, намаз оқып, мінәжат айтып отырғанда, көзінен парлап аққан жас ақ шалған жирен сақалын жуып кеткенін айтты. Сталин:
— Трогательно, — деді. — Егер Черняевтың зеңбіректерін Садық сұлтанға берсе, не болар еді? — деді. — Зеңбірек пен садақ, — деп, ары-бері теңселіп жүріп алған...
* * *
Сталин креслодан тұрған жоқ. Баяғыдай «Шыңғысхан» деп қалжыңдаған да жоқ. Салқын қабақпен алдындағы креслоны нұсқады. Әлденеге көңілсіз. Осының алдында ғана ұжымдастыру жөніндегі комиссиямен келісе алмапты деп естіген Рысқұлов. Сірә, Рыков айтқан. Сталиннің ұсынған жобасы өтпеген. Комиссия келіспеген. Сталин ұжымдастыруды төтеннен, тұтқиылдан үдере тездету керек, — дейді. Комиссия: жоқ, сабыр сақтайық, асықпайық, — дейді.
Сталин әдетте айтқан ұсынысын өткізбей қоймайтын басшы. Ұсынысы өтпей қалып отырса, ол қандай басшы?!
Сталин Ленин бар кезде өзімдікін өткізем деп өзеурей бермейтін. Ленин рай бермесе, амал жоқ, айлаға салатын, бірақ тікелей озбырлыққа бармас еді. Мысалы, республикаларды «автоматизациялау» жөніндегі ұсынысы кезінде өтпей қалды ғой. Ленин үзілді-кесілді қарсы шықты.
Ал Ленин дүниеден қайтқаннан кейін, Сталин айналасына жолбарыстың тырнағын көрсете бастады. Енді мына 1930 жылдың қарсаңында ол күшіне әбден кіріп, көсем тұлпарына мініп алған кезі еді. Енді оны көсем тұлпарынан жұлып түсірер қауқар кімде бар?
Десе де, әлі де оған қарсы келетіндер бар сияқты. Мәселен, мына комиссия... Әлін білмеген әлек. Сталинге қарсы болмақ!
Сталин аспай-саспай қара трубканы «Алтын жібек» дейтін хош иісті темекіге толтырып, мыртықтау бас бармағымен басып-басып нығыздады. Шишақпақ алып, әуелі шидің ұшын сұқ саусағымен сипалап көрді. Шишақпақ қалайда бір тартқаннан от алуы керек, от алмай қалса, Сталиннің көңілі бұзылып шыға келеді. Мұны Рысқұлов жақсы біледі. Онда тұрған не бар? Бірі тұтанбаса, екіншісі тұтанар. Қорап толы ши ғой.
Сталиннің секемшіл екенін содан-ақ сезуге болады. Секемшілдік, ырымшектікке, тіпті сенімге айналып кеткен сияқты. Енді Рысқұлов ішінен әлгі ши бірден тұтанып кетсе екен деп тіледі. Оның тағдыры осы шырпыға байланысты сияқты.
Ол рас. Кейде адам тағдыры жалғыз шырпыға байланып қалатын кезде болады. Айталық, адам айдаладағы аралда жападан-жалғыз қалған екен делік. Қорапта — жалғыз ши. Оның өзі дымқыл болса ше? Тұтата бергенде әлдебір жынды жел шалқып өтсе ше?..
Сталиннің аузынан сөз тосып отырғанда, ойға қай-қайдағы сұмдықтар оралады. Ақыры Сталин шырпыны қораптың қоңыр қырына серпе тартып кеп қалды. Сталиннің қабағы жазылып жүре бергендей болды. Қабағы жазылып, сәл күлімсіресе, Сталин де сүйкімді...
— Тюрар Рискюлович, сені комиссия құрамына ендірсек деп едік. Қалай қарайсың?
— Қай комиссия, жолдас Сталин?
Сталин «соны да білмейсің бе» дегендей оң қабағын көтеріп алды.
— Ұжымдастыру жөніндегі комиссия.
Рысқұлов мүдіріп қалды. «Жарайды», — деп елпең ете түспегені Сталинге ұнаған жоқ.
— Мен мүше болмаған комиссия кемде-кем. Мақта комиссиясы, коммуналдық шаруашылық... Әлеуметтік... кеше ғана Түрксіб...
— Жә, білемін, — деп үзіп тастады Сталин. — Ал ұ-жым-дас-ты-ру, жолдас Рискюлов, бәрінен де маңызды. Сен алғыр ойлы азаматсың ғой, ұ-жым-дас-ты-ру! Түсіндің бе? Әрі десе, сен ұжымдастыру жүргізудің қарсаңында Еділ бойында, Солтүстік Кавказда болып, бұл мәселені әбден зерттеп қайттың. Бұл өлкелерде колхоз ұйымдастыруға болады деп тұжырым берген де өзің емес пе едің? Рас, онда мерзім жөнінде анық айтпағансың. Ал қазір негізгі мәселе — мерзім. Комиссияның кідіріп, мүдіріп тұрғаны да сол мерзім мәселесіне тіреліп қалуы. Комиссия колхоз ұйымдастыру ісін созбалаңға салмақ. Ең қатерлі қауіп сол. Ырғалып-жырғалып жүріп алсақ колхоз ұйымдастыру ұзап кетпек. Ал ол бізге қазір керек. Түсіндің бе, қазір керек.
Рысқұловтың түсінгені: колхозды жылдамдатуға комиссия аздап болса да қарсылық көрсетеді екен. Енді Рысқұлов сол комиссия құрамына ендірілсе, іс оңына келе қалмақ па? Қалайша? Сонда комиссиядағы басқалардың бәрінен Рысқұлов күшті ме? Міне, бұл түсініксіз.
— Осыған мені қинамай-ақ қойсаңыз, — деді.
Сталин, жер қозғалса қозғалмайтын Сталин креслодан ұшып кете жаздады, қайта отырды да, зілдене қарап, зілдене қарағанда көзі тотияйынданып кететін әдеті, зілдене қарап:
— Ойлан, Рискюлов, — деді.
Несін ойланады? Нені ойлайды? Сталиннің «ойлан» дегені әншейін айтыла салмайды. Не көн, не сөн дегені ғой. Ай, тағдырдың тәлкегі-ай. Тағдырдан күшті, тағдырдан құдіретті не бар екен? Баяғы 1923 жылғы Кеңестегідей зор жиында мінберге қарғып шығып:
— Сталин қателеседі! — деп қасқайып қарап тұрар заман қайда? Ол кезде іс басында болмаса да, Ленин тірі еді. Ол кезде тізгінді өз қолына алмаса да, Троцкий бар еді; Каменев пен Зиновьев Сталинді өздерінің қолбаласындай көретін. Ленин көптің сорына қарай дүниеден ерте өтті. Троцкий екі қолын төбесіне қойып, шетелге қаңғырып кетті. Каменев пен Зиновьев әрі-сәрі. Бүгін бар, ертең жоқ, қаңбақтай қауқарсыз халде қалды. Бухариннің өзін Сталин оқтын-оқтын сілікпесін шығарып алады. Өзіне шамалы қарсы келген Рыковты да қаңғалақтатып қойды.
Сондай-сондай сой тұлғалар тулақ болып кеткенде Рысқұлов кімнің шікәрасы? Азап. Мына тұнжыр кабинеттің бұрыш-бұрышы, түкпір-түкпірінен азап аңызағы азынап тұрғандай. Сталин көзі тотияйынданып, қадала қарап ұзақ отырды. Рысқұлов үн қатпады. Осындайда жанында бір жанашырың отырса, тым болмаса. Дүниеде Сталинмен бетпе-бет, жеке-дара қалған жаман. Жолбарыспен жекпе-жек, оңаша үйде қалғандайсың. Сталиннің еліндегі бір дана ақын ертеде «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген дастан жазған екен. Соның геройы жолбарысты алқымынан алып, қылқындырып, аспанға көтеріп тұрады. Мына жолбарысты алқымынан алып қылқындырар ешкім жоқ. Бұл жай жолбарыс болмас. Кейбір кезде бұл Лермонтовтың Демонына да ұқсап кететіндей. Лермонтов данышпан...
— Мынау менің жобам, — деді Сталин машинкаға басылған екі-үш бет қағазды Рысқұловтың алдына ытқыта тастап. — Оқып шық. Ойлан. Жауабын бер.
Осымен әңгіме аяқталды дегендей, Сталин кнопка-қоңырауға қол созды.
Постов жердің астынан шыға келгендей лезде пайда болды.
— Каганович жолдасты, — деді Сталин.
Рысқұлов әлгі жеп-жеңіл қағазды зіл батпан жүк көтергендей әрең ұстап, орнынан тұрды.
— Көріскенше, жолдас Сталин.
— Көріскенше, Тюрар Рискюлович, десе де, тезірек көріскенше.
Постов қалт тұрып, қалшиып, көзімен ғана шығарып салды.
* * *
Өз кабинетіне келген соң, Рысқұлов бас салып, әлгі Сталиннің жобасына үңілді. Бір рет көз жүгіртіп өтіп, екінші рет әр сөзін шұқшия оқыды. Сталиннің жобасы бойынша, бүкіл елдегі шаруаларды колхозға тарту тез арада өткізілуі керек. Бір жыл, әрі кетсе — бір жарым, екі жыл. Ол үшін колхозға кіретіндер малын колхозға өткізуі керек. Ауыл шаруашылығына жарайтын құрал-сайман: кетпен, күрек, тырма, соқа — бәрі де ортақ мүлік саналсын. Колхозға кіруге ықтиярлы болмағандар жекеменшікшіл жат элемент саналсын. Оларға мемлекет жер бермейді.
Жер бермейді? Сонда қайда барады? Егін салмаса, мал ұстайтын өрісі болмаса, қайда кетеді?
Рысқұлов өз туыстарын ойша колхозға кіргізіп көрді. Түлкібас, Қарақойындағы Дәу Омар... Иә, ол өз еркімен баруы да мүмкін. Тіпті қартайып қалса да сол колхоздың белсендісі, тіпті бастығы болуы мүмкін. Оразбақ. Ол да қарсы болмас. Кеңес өкіметіне өкпесі жоқ шығар. Рас, баяғыда кеңес болысы болып, өзінің дуайпаттығынан орнынан алынған. Бірақ оның осы өкіметке өлгенше риза болар жөні бар: пұшық мұрынын операциялап, қоңынан ет кесіп алып, мұрнын түзеп берді ғой. Ал баяғы Дауылбай тұқымы ше? Олар ат-тонын ала қашуы мүмкін. Баяғыдай бай болмаса да, орта шаруа, шамасы... оның бес-алты жылқысы, үш-төрт сиыр-торпағы, елу-алпыс қой-ешкісі бар-ау. Ал енді Дәу Омар жалғыз атын колхозға өзі жетектеп апарып өткізер, Қорабек бес-алты жылқысын өткізсе, әділдік қайда? Біреу тышқақ лағын өткізеді, біреу бір үйір жылқы өткізеді. Сөйтіп, ол мал бәріне ортақ болады. Бұған Қорабек көне қояр ма екен? Ал мына Сталиннің жобасы заңға айналса, Саяси Бюроның қаулысына айналса, Қорабек көнбегенде қайда барады? Берсе — қолынан, бермесе — зорынан! Мемлекеттік зорлық басталады. Содан соң Қорабектің басы қай сайда қаларын бір Тәңірі өзі біледі.
— Колхозға кіргендер колхоздан өз еркімен шығып кетуге құқығы жоқ, — депті Сталин өз жобасында.
Яғни, колхоздың қарамағына бір түскен екенсің, одан қайтып құтылу жоқ. «Адамның басы — Алланың добы», — деуші еді Ахат баба. Ал енді адамның басы Сталиннің, сталиншілдердің добына айналмақ. Қайда тепсе, солай қарай домалай бермек. Домаламасқа амал жоқ.
— Бұл ұжымдастыру тәртібі техникалық егіс аймақтарына да, мал шаруашылығы аймақтарына да таралсын, — депті Сталин өз жобасында.
Техникалық eгic деп отырғаны — мақта. Яғни, Өзбекстан, Түрікменстан, Қазақстанның оңтүстігі. Мал шаруашылығы — белгілі. Ол алдымен — Қазақстан.
Енді осы сұмдықтың бәрі Рысқұловтың қолымен жасалуы керек.
Бүкіл саналы өмірін халықты азаптан азат етуге арнатан Рысқұлов, енді сол халықты өз қолымен тұншықтыруы керек. Сталин солай бұйырады. Ол Рысқұловқа өз жобасын ұстатып жібергенде, жай оқып шығып, пікіріңді айт, ақыл қос деп отырған жоқ. Мені Саяси Бюрода сөзсіз қолда деп отыр.
Ал Сталин дәл Рысқұловтың қолдауына неге зәру? Басқа адам табылмай қалды ма? Міне, бұл жұмбақ.
Одақта, әсіресе Орта Азия мен Қазақстанда Рысқұловтың беделі өте күшті. Ондағы халық бірдеңе десе, «ау, Рысқұловтың өзі қолдап отырған іс қой» деуге жақсы шығар. Сталиннің зымияндығына найза бойламас. Найза не?! Оның зымияндығы түпсіз. Көп ақылдылар соны байқамай, сол түпсіз оппаға омақаса құлап кетті-ау. Ендігі кезек Рысқұловқа келгені де.
Рысқұловтың алдына тағдыр оқтын-оқтын осындай бір орасан сұрақтар қояды. Баяғыда: «не сүйгенін Натальямен бол, не революциямен бол!» — деп сұмдық таңдау қойды. Ол революция жағында қалды да, Натальядан айрылды. Ал енді: «Не Сталинмен бол, не өмірмен қоштас!» — деп отыр.
Баяғыда, бала кезінде, жыртық үйдің көлеңкесінде қаратабан балаларды жинап алып, Ахат бабаң айтар еді: «Ертеде бір ерен жігіт болыпты. Өзі батыр, өзі мерген, асқан палуан, әйдік азамат екен. Сол бір қызға өлердей ғашық болады. Қыз хас сұлу болса керек. Бірақ аса кесірлі, мекері көрінеді. Жігітке шарт қояды: мені аламын десең, шешеңді өлтіріп, жүрегін әкеліп бер, — дейді. Жігіт шошып кетеді. Бірақ ғашықтық дерті ақылынан айырады. Ақыры шешесін өлтіріп, жүрегін қызға алып келе жатқанда, сүрініп жығылады да, қолындағы жүрек бір бұтаға ілініп қалады. Сонда жүрекке кенеттен тіл бітіп: «Құлыным-ау, қатты құладың-ау, бір жерің ауырып қалған жоқ па? Жарақаттанып қалған жоқсың ба? Тұра ғой құлыным», — деген екен дейді.
Рысқұлов сонда Сталинге бола шешесін өлтірмек пе? Шешесі — халық болар. Өз туған анасы Қалипа марқұм баяғыда бұл Тұрардың үш жасарында-ақ дүниеден өтіп кеткен. Шешесінің елесін Рысқұлов көз алдына келтіре алмайды. Анасыз жетім. Бірақ арлы жетім.
Сталиннің жобасын үшінші рет тағы оқып шықты да, сол Кремльдегі кабинет терезесінен дүниені көзбен шолғандай көп қарады. Не ойлады? Алғаш құрылған колхоздардың біразын көзбен көрді. Еділ бойынан. Орыс деревняларынан. Кедейлері колхоз болуға ықтиярлы-ақ екен. Ұйымдасса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, кәдімгідей ел болып кететін түрі бар. Бірлесіп жер жыртып, бірлесіп егін егіп, қаужаңдасып-ақ жатыр. Жеке-жеке отырғанда бұлардың кейбірі тоқымдай жерін де жырта алмай, соқаға өзін-өзі жеккен мұжықтары да болған. Жалғыз жарым — жарымас. Ал бірлесіп, ұжымдасып тірлік етсе, жер де жыртылады екен, егін де болады екен. Бұл жағынан береке болар түрі бар. Бірақ колхоздың ұйымдасып тапқан табысын мемлекет тартып ала бермесе болғаны.
Колхоз тіршілігіндегі ең қиыны — орта шаруа көрінеді. Бай-кулак кәмпескеленіп, айдалып, сотталып, сүргінге түсті ғой. Оны қойшы. Ал мына орта шаруа дегенің колхозға қарай беттемей тұр. Мысалы, Қорабек сияқтылар ғой. Ішіп-жемі бар, мал-жаны біршама шүкіршілік дегендер қалай ғана ортақ қазанға барып күмп ете түспек? Колхоздан бас тартқан орташаны кулактарға балап, мал-мүлкін күштеп тартып алған жерлер де бар. Ондай губернияларда оқтын-оқтын көтеріліс те шығып жатыр.
Ал енді Сталиннің жобасы сол орташаны колхозға күштеп апаруды құптайды.
Ойлан, Рысқұлов! Сталин «ойлан», — деді ғой.
* * *
Ойланды. Көп ойланды. Кабинеттен шығып, машинаға мініп, Неглинная дейтін көшедегі үйіне қайтар жолда да, машинадан түсіп, үшінші қабаттағы пәтеріне тепкішекпен көтеріліп бара жатқанда да, пәтердің қоңырауын басып, есік ашылғанда да, пальтосын шешіп, ілгішке асқанда да... қолын шайып, дастарқан басына отырғанда да, сәл тыныстап диванға қисайғанда да...
Үй ішіндегілер Рысқұловтың бүгінгі ұсқынын жатырқап, «бұған не болған?», — дегендей, үнсіз-түнсіз, аяқтарын ұшынан басып жүр.
— Папа, қарындаш әкелдің бе? — деп алғаш тіл қатқан Ескендір болды.
Рысқұлов ұмытып кетіпті. Кремльдің комендантына айту керек еді. Енді телефон соғайын деп отырғанда, Сталин шақырды ғой. Ұлының алдында кінәлі болып қалды.
— Ертең, Ескендір, ертең... Бүгін жұмыс басып кетіп, қолым тимеді, — деді Рысқұлов баласын басынан сипап.
Жас келіншек келіп, Ескендірді қолынан жетектеп, былай шығарып, құлағына сыбырлап:
— Папаң шаршап келді, мазасын ала берме, — деді. Ол Рысқұловтың жаңа үйленген әйелі Әзиза еді.
Егер Рысқұлов Сталиннің шартына көнбесе, оны айыптайтын кінәнің бірі осы Әзиза болар. Бұрынғы отбасын тастап, өзінен әлдеқайда жас қызға үйленді, бұл коммуниске, әрі десе, басшы қызметкерге жарасымсыз, жалпы коммунистік моральға жат қылық деп күстәналайтын табылар.
Неге жат қылық? Бұрынғы әйелдерінен ажырасып, өздерінен әлдеқайда жасы кіші қыздарға үйленгендер аз ба? Сталиннің өзі ше? Сталин үйлі-жайлы, балалы болған шағында, Надя Аллилуеваны тұңғыш көрген кезде, Надя әлі мектепке бармаған нәресте екен. Теңіздің жағасында жортақтап ойнап жүріп, суға түсіп, батып кете жаздағанда осы Сталин құтқарып қалыпты. Арада жылда-а-ар өткенде, Сталин талай каторгаларды бастан кешіріп, Сібірден Петербургке оралғанда, Надя енді-енді бойжетіп келе жатқан бүлдіршін болған екен. Сталин сол уыздай қызға үйленіп алды.
...Бухарин де бұрынғы әйелінен ажырасып, жап-жас Ларинаға үйленді.
...Луначарский де бұрынғы отбасын тастап, Кіші театрдың жұлдыздай әртісі, бүлдіршіндей Розенельге қосылды.
Жоқ. Рысқұловқа бұл жағынан кінә таға алмас. Әрі десе, бұрынғы әйелі Надежда Константиновна өз ықтиярымен, бейбіт ажырасты. Кінә артқан жоқ. Соттасып, дүние бөлісіп, быт-шыт болған жоқ. Рысқұлов көп мал-мүлік жинамаған адам. Бірақ азын-аулақ жиған-тергені, пәтер — бәрі де Надеждада қалды.
Надежда Рысқұловтың үстінен арыз да жазбайды, шағынбайды да. Ал енді Сталин тапсырып, ГПУ материал жинаса, Надеждаға соқпай өтпес. Сонда не дейді? Надежда Рысқұловты сонда да қиянатқа қимайтын сияқты. Кім біледі...
Көрші бөлмеде балалардың абыр-сабыры естіледі де, тез тыйылып қалады.
— Тиш-ш-ш, — деген ызғарылау үн тұншығып шығады. Бұл қайын енесі — Әрифа.
Екі ұлы: Рашид, Шәміл үшеуі Алматыдан таяуда келді. Сөйтіп, үйде үш ұл бар. Біреуі Ескендір — өзінің баласы, Рашид пен Шәміл — Әзизаның інілері. Күнде үш бала көрші бөлмені бастарына көтеріп жататын. Бүгін де сол әдеттеріне басайын десе, Әрифа оларды бұғалықтап отыр. Рысқұловтың қас-қабағына қарағаны. Рысқұлов күндегідей жарқылдап келген жоқ. Күнде балаларды жинап алып, хал-жай сұрасып, оқуларын тексеріп, кейде ойнап:
— Кәне, Шәміл, Ескендір екеуің күресіңдерші, — деп, өзі төреші болып, ойынды қыздыра түсетін. Қайын енесіне:
— Апа, қалайсыз? — деп халін сұрайтын.
Бүгін Рысқұлов — бөтен Рысқұлов сияқты...
Рысқұлов өмірінде үшінші рет некелі болды. Біріншісі титтейінен білетін Наталья Алексеевна еді. Адам тағдыры — алмағайыптың ісі. Бала күнінде Тұрар Наташаны жақсы көрсе де, оған үйленем деп армандамаған шығар. Тұрар — түрме бастықтың малайы еді; ал Наташа түрме бастықтың асыранды қызы болатын. Ал шын әкесі Шымкент — Черняев уезінің әкімі еді. Генералдың қызы малай балаға тиеді деп кім ойлаған?
Бірақ тағдыр екен, малай бала Түркістанның төрағасы болып шыға келді. Арада жылдар өткенде сол Түркістан төрағасын генералдың қызы өзі іздеп келіп қосылды. Ол қосылыс шын сезім, әдемі, аяулы сезімнің жемісі болса да, аттың жалы, түйенің қомында асығыс өтті. Екі жақсы қосылуы дүниеде сирек құбылыс. Тағдыр екеуінің бақытын көп көрген шығар, араға саяси сыпсың өсектер кіріп, саяси арандату салдарынан патша генералының қызы кеңес қайраткерімен бірге ғұмырлық жұбай болуға жазбады.
Екеуінің мәңгілікке бергісіз қып-қысқа махаббатының тірі белгісіндей болып дүниеге Ескендір келді. Сол Ескендір қазір он жасқа аяқ басып, туған әкесімен бірге тұрып жатыр. Туған шешесі Наталья сұлу Алексеевнадан тірідей ажыраған жәдігер...
Екінші неке, бұйрық екен, орыс қызы Надямен қиылды. Атақты «алашордашыл» Жанша Досмұхамбетовтың балдызы еді. Ойда жоқта Орынборда танысты да, екеуі бас қосты. Ташкентте Совнарком болып тұрғанда тіпті сол Жанша Досмұхамбетовты Орынбордан көшіріп алды. Екеуі саяси полюстердің екі жағында тұрса да, жақсы жолдас, тату бажа болып еді.
1924 жылы Түркістан республикасы тарап, бөлшек-бөлшек отау болып, сол Түркістанның бұрынғы премьер-министрі Рысқұлов Мәскеуге, Коминтернге шақырылып, тым-тым алыстағы Моңғолияға төтенше өкіл болып кете барды.
Әйелі Надядан Софья атты қыз туды. Надя сол Софьямен қоса Ескендірді де бауырына салып қала берді. Араларын суыстырған жер алыстығы ма, әлде көңіл алыстығы ма, оған қазылық айтар хал жоқ. 1925 жылы Рысқұлов Моңғолиядан оралған соң, Қазақстанға Совнарком болып бармақшы болды. Сол арада тағы да саяси жұлқыс-тартыс салдарынан, Голощекиннің мекерлігінен әрі-сәрі күн кешкен Рысқұлов бір жылдан соң, Совнарком төрағасы Рыковтың орынбасары болып, Мәскеуге қайта оралды. Осындай шытырман шақта Надямен арасы бір үзіліп, бір жалғасқандай жағдай еді.
Өмірде кездейсоқ нәрселердің өзінен заңдылық қалыптаса беретіні белгілі. Егер Рысқұлов орынбасар болмаса, сол орынбасар Түрксіб темір жолының құрылысын бақылап, басқармаса, сөйтіп Алматыға әлденеше рет келмесе... кім біледі, ол Әзизамен кездесер ме еді, кездеспес пе еді? Тағдыр шіркін адамды жүген-құрықсыз-ақ айдауында жүргізіп, айтқанына көндіретін шығар.
Рысқұлов Түрксібті салу ісіне инженер Мұхамеджан Тынышбаевты араластырды. Ол кезде Тынышбаев деген есім «Алашорда» деген ұғымның синонимі сияқты болатын. Рысқұлов Тынышбаевты Түрксіб темір жолын салудың инженері болады дегенде, Голощекин бастаған Қазақстан басшылары әлгі Тынышбаевтан ат-тондарын ала қашты.
— Қалайша?! — деп қалшылдады олар. — Кешегі Алашорданың көсемдерінің бірі, әрі десе, контрреволюциялық Қоқан автономиясы деген үкіметтің премьер-министрі болған Тынышбаев Түрксібке инженер болмақ па? Қасқырға қой бақтырғанды кім көрген? Бұл Рысқұловтың әлі баяғы «уклонистіктен» арыла алмағанының белгісі емес пе? Егер зиянкестік болса ше? Темір жол сол зиянкестіктен апатқа ұшыраса ше? Күдік, күмән қардай борады.
Рысқұлов айтқанын істетті. Тынышбаев өте білімді маман. Оның жобасы бойынша, темір жол қашықтығы қысқара түспек. «Шоқпақ варианты» бойынша, Тынышбаев Түрксібті салып бітіру мерзімін бір жылға кемітпек. Қыруар пайда емес пе?
Ол — ол ма, көп дос-жаран, ағайын-туған Тынышбаевты көрсе, сол қол алыспақ тұрмақ, теріс айналып кетіп жүргенде, Рысқұлов мейманханаға түспей, Тынышбаевтың үйінде жатып алды. Голощекин таудағы дачасын ұсынып еді, одан бас тартты.
Сөйтіп, ГПУ-дың аңдуына қарамай, жұмыстан соң Тынышбаевтың үйіне келіп, демалып отырған бір сәтте қолына бір альбом түсе кетті. Іші толы фотосурет екен. Көбісін танымайды. Танымағандарды Тынышбаевтың жігіт боп қалған ұлы Ескендір (бұл да Ескендір!) таныстырып отырды. Келесі беттен жарқ етіп, екі қыздың суреті шыға келсін! Екеуі де қазақша камзол киген, қос бойжеткен, біріне-бірі бас түйістіріп қалыпты. Егіз туған сияқты. Бір-біріне ұқсас.
— Мыналар егіз бе? — деді Рысқұлов.
— Жоқ, бөле. Шешелері апалы-сіңлілі, — деп түсіндірді Ескендір Тынышбаев.
— Осы Алматыда тұра ма?
— Иә, осы Алматыда.
— Туыстарың ба?
— Қалай десе болады? Екеуінің әкелері папамның жолдастары болған. Мынаусының әкесі Түбек Есенғұлов, мынаусының әкесі Оразғұл Базанов. Екеуі де Қазанда оқыған. Оқу бітіріп қайтқан соң Алматыға Қарақолдан көшіп келген бір татар саудагердің бойжетіп отырған апалы-сіңлілі қыздарына екеуі үйленген де, бір-бірімен енді бажа болған. Сол екеуінен мына Әзиза мен Нәйлә туған.
— Е-е, — деді Рысқұлов суретке қадала түсіп. — Әдемі қыздар екен. Оқи ма?
— Оқиды. Зооветинститутта.
— Екеуі де ме?
— Екеуі де.
— Е-е, — деді Рысқұлов. Содан соң Құдай аузына салды ма: — Әзиза қайсысы? — деді.
— Мынау, — деді Ескендір Тынышбаев оң жақтағысын саусағымен шұқып көрсетіп. — Әкесі былтыр қайтыс болды.
— Шешесі бар ма?
— Бар. Әрифа деген кісі. Екі інісі бар: Рашид пен Шәміл менің достарым.
Альбомдағы басқа суреттердің бәрі жайына қалды. Рысқұлов әлгі екі қыздың бейнесінен көз алмай ұзақ қарады. Ес біліп, қыздарға қырындауға жарап қалған Ескендір Тынышбаев Рысқұловтың бұл қылығына іштей таңғалды. Былай қарасаң, тым ересек, жасы келіп қалған кісі... Рысқұлов сонда қанша жаста екен? Отыздың төртеуі, не бесеуі. Ескендір үшін ұлғайған жас. Бүлдіршіндей жас қыздарға қызығуы ерсі сияқты. Әрі десе, үкімет адамы. Үлкен үкімет. Ересектердің айтуына қарағанда, Қазақстанның өзі сол үкіметке бағынатын көрінеді. Оның үстіне Рысқұловтың отбасы, бала-шағасы бар болса керек-ті.
— Сен мына қызды жақсы танисың ба? — деді Рысқұлов Әзиза дегенін нұсқап.
— Танымағанда ше? — Ескендірдің үнінде мақтаныш лебі бардай. — Бір қалада, бір көшеде тұрамыз ғой. Інілері менің достарым. — Рысқұловты қызықтырған қызды танудың өзі дәреже сияқты көрінді.
Оның үстіне Рысқұлов пен өзі әкесі Мұхамеджан Тынышбаевтың арасындағы бір әңгімеге еріксіз куә болғаны бар.
— Тұрар, осы сен орыстан қызды армансыз-ақ алдың ғой, — деп еді әкесі шай үстінде қалжың сыңайлы сөйлеп. — Енді өз қазағыңнан бір қыз алсаңшы.
Рысқұлов әуелі күліп алды.
— Бойдақ екенім рас, Мұха. Біздей бойдақтарды орыстар «соломенный вдовец» дейді. Надямен бөлек тұрамыз. Бірақ жас болса келіп қалды...
— Ой, тәйірі, со да сөз бе екен? — деп Мұхамеджан Тынышбаев екпіндеп кетті. — Отыз бес деген жігіттің төресі емес пе?! Саған кез келген қазақтың қызы тиеді. Тек ишара білдірсең болғаны.
— Менің өзімді қаламай, үкіметтігімді қалап тиетін қыздың маған керегі жоқ, — деді Рысқұлов зілдене қалып. Одан әрі әңгіме немен тынғанын Ескендір білмейді. Әкесі үлкендердің мұндай әңгімесіне құлақ түре берме дегендей Ескендірді базарға жұмсап жіберді.
Сол жолы үйленуге пейілі бола қоймағандай көрінген Рысқұлов енді мына суреттегі екі қыздың біріне сырттай ғашық болып қалған сыңайлы.
Сол жолы әлдеқалай әлгі альбом қолына түспесе... Әлгі суретті көрмесе... Кім біледі, Тұрар мен Әзизаның жұлдыздары тоғысар ма еді... Тағдыр екен, тоғысты. Екеуінің танысып, түсінісіп, табысуы ұзақ әңгіме... Бұл арада әкелі-балалы Тынышбаевтардың ықпалы, көмегі болмай қалған жоқ. Әзизамен бас қосты. Ақыры не боларын алдын ала білген ешкім жоқ. Шексіз шебер Құдірет адамды солай жаратқан: ешкім болашағын болжай алмас.
Рысқұловтың осы бақытын қызғанғандай Сталин көңілге қаяу салып қойды. «Ойлан, Рысқұлов!» — деді. Енді міне, жас келіншегін күндегідей аймалай алмай, төсекте ойланып жатыр. Онысы Әзизаға тосын көрінді.
— Тұрар, бүгін не болды саған? — деп сыбырлады періштедей жары жанында жатып.
— Бір аса күрделі ауыр жұмыс басты қатырып тұр, — деп Рысқұлов келіншегін шашынан сипалап, тыныштандырмақ болды. — Ештеңе етпес, кәдімгі жұмыс ғой. Ұйықта, Әзиза.
Бірақ өзі ұйықтай алмады.
Көшедегі дабыр-дүбір шу сап болған, үлкен шаһар уһ деп дем алған шақ еді. Оқта-текте ғана, көшеден бірен-саран машина өткенде ғана болмаса, қала құлаққа ұрған танадай. Оның өзі де ГПУ-дің қара машиналары болар... Ол машиналарға сол кездің өзінде-ақ «қара құзғын» деген ат тағылған. Діндарлардың дұғасына: «Құдай «қара құзғыннан» сақтай гөр!» — деген тілек кіре бастаған кез.
«Қара құзғын», жалпы құзғын құстың ұсқыны сүйкімсіз ғой. Құзғын көп жасайды. Момын, бейбіт құстардан әлдеқайда көп жасайды. Сонда зұлымдыққа ізгіліктен көп жасауды жаратылысы о басында бұйырған ба... Құзғын құс жер бетіндегі тұңғыш жендет Қабылдың сүлдесі сияқты. Баяғыда, баяғы болғанда, 1924 жыл ғой, Рысқұлов Моңғолстанда жүргенде, осы Түмен-Жырғалмен бірге елге шығып, бір араттың киіз үйінде отырғанда, тапа-тал түсте сырттан шаң-шұң, айқай-шу естілді. Үйдегілер елең ете қалған, ізінше егде әйел екі жап-жас баланы үйге сүйрелеп кіргізді. Екеуі де аяғы енді-енді шыққан жортпаш балақайлар.
Сөйтсе, әлгі әйел аспаннан құзғын құстың қалықтап жүргенін көріпті. Көре салып, балақайларды үйге қарай ала қашқан.
— Неге? — дейді ғой Рысқұлов бұл әрекетке түсінбей.
— Балақайларға құзғын құстың көлеңкесі түспесін дегені, — деп түсіндірді Түмен-Жырғал. — Көлеңкесі түссе, жаман ырым болады.
Енді міне, арада алты жыл өткенде, мына Мәскеу түнінің құшағында, жас келіншегінің жанында жатқанда, Рысқұловтың есіне сол бір арат үйіндегі оқиға түсті...
Көзі енді ілініп бара жатыр ма еді... Ұйқылы-ояу түс көрді: ұп-ұзын түнек туннель сияқты екен дейді. Қап-қараңғы. Туннель түгел қаз-қатар ілінген дар ағаштары. Дар ағаш басында салбырап тұрған тұзақ арқан. Енді бірде туннель лезде жоқ болып, баяғы Мерке түбіндегі қара жол бойы... жол бойындағы қарағай бағана, бағанаға ілулі тұрған Тайлақ көрінді. Аркадий Приходько, баяғы Наташа сұлудың бөле ағасы, Аркаша асып кеткен Тайлақ. Дарға асып өлтірген адам да сөйлей ме екен, Тайлақ бірдеңе деп былдырлайды. Рысқұлов түсінбейді. Тайлақ қаттырақ, құшырлана былдырлайды...
Рысқұлов ояна кетсе, телефон безектеп шылдыр қағып тұр екен.
Түн ішінде бұл қайсысы? Іргедегі селдір шамды жатып, сағатына қарап еді, түнгі екі екен.
— Алло, бұл кім? — Рысқұлов жақтырмай қатқылдау үн қатты. Түн ішінде шырт ұйқыңды бұзса, қайдан жақтырасың? Беймезгіл дыбыстан жас келіншегі де оянып кетсе керек, төсекте жатып бір аунап түсті.
Рысқұловтың қатқыл үнінен ар жақтағы кісі де тосылып қалғандай біразға дейін тіл қатпады.
— Алло! — Рысқұлов тұтқаны тастай берейін дегенде барып:
— Тюрар Рискюлович, қайырлы түн! — деді ар жақтағы адам.
— Қайырлы түн, Иосиф... ы-ы, жолдас Сталин!
Ұйқылы-ояу іргеге қарап жатқан жас келіншек жылан шағып алғандай, жастықтан басын жұлып алды. Рысқұлов оған жата бер дегендей қолымен ишара етті.
— Тыңдап тұрмын, жолдас Сталин.
— Тюрар Рискюлович, менің білейін дегенім... Мен бір кітап оқып отыр едім... Күндіз кітап оқуға уақыт жоқ қой... Оның үстіне, тым құрыса, сен сияқты мұғалімдер институтында да оқымаған адаммын... «Век живи, век учись» деген бар ғой. Иә, білімді осылайша толықтыруға тура келеді. Иә, әлгі академик Бартольд жазады: ғұндар дәуірі, Ұлы Түрік қағанаты деген болған дейді. Дәл сол жерін оқып отыр едім...
— Қызық екен, Иосиф... иә-иә жолдас Сталин!
— Ө-ө-өте қызық, Тюрар Рискюлович... Сонда деймін-ау, соноу Дунай бойынан Тынық мұхитқа дейін Ұлы Түрік қағанаты болған, ә?
— Солай болған көрінеді...
— Aha, солай болған.
Екеуі едәуір үнсіз қалды. Рысқұлов енді түсінді: бұл арбасу. Бұл — арандату. Бұл, керек болса, бопсалау. Сталиннің бұл тәсілін еміс-еміс еститін. Анастас Иванович Микоян айтып еді Рысқұловқа. Түн ішінде Сталин телефон соғады. — Тыныштық па, Коба? — дейді Микоян. — Тыныштық, — дейді Сталин-Анастас, тек сенен бір сұрайын дегенім: осы сен сол күні, Бакуде, есіңде ме, жиырма алты комиссарды ұстап әкелетін күні, сонда сен қайда болдың?
— Оу, Коба, оны сен білуші едің ғой, — деп Микоян басынан бастап, соноу 1918 жылғы жағдайды түсіндіре бастайды. Сталин оны тыңдамай: «Жа-а-арайды», — дейді де, тұтқаны қоя салады.
Сөйтіп, Микоянды үрейлендіріп қоймақшы. Ал үрей қысқан адам Сталиннің айтқанынан шықпай, айдауында жүреді де қояды.
Рыскұлов Сталиннің шабуылына іштей дайындалып, дәттен айрылып қалмауға тырысты. Дәттен айрылып, абдырасаң-ақ болды, Сталин рақаттанып, аруақтанып кетеді. Адамдар түнгі ләззатты тәтті ұйқыдан, жанындағы жар құшағынан көрер еді. Мына кісі өзі көздеген құрбандығын үрейлендіруден ләззат табатын сыңайлы. Әйтпесе, мұның да жап-жас келіншегі бар — Надя Аллилуева. Жатпай ма тыныш...
Сталиннің өзімен бұлай тұрып сөйлесуге болмайды деді ме, әлде салқын тиіп қалмасын деді ме, Әзиза орнынан тұрып барып, гардеробтан қазақы қара шапанды алып келіп, күйеуінің иығына жапты.
— Сонда деймін-ау, — деді ар жақтан Сталиннің даусы қарлығыңқырап шығып. — Сонда, Тюрар Рискюлович, әлгі сенің «Түрік республикасы» дегенің... Есіңде ме, дәл жиырмасыншы жылы... Иә, сол «Түрік республикасы» дегенің осы Ұлы Түрік қағанатының жаңа моделі емес пе?
Атам замандағы әңгіме. Тағы алдынан шықты! Тағдырың неткен сұрапыл еді, Рысқұлов. Осы сұрақ алдынан анда-санда сумаң етіп шыға келеді. Сұр жыландай суық сұрақ!
Адам қорыққанда да, яки сасқанда да күлетін шығар. Рысқұлов балаша жарқылдап күліп жіберді. Оның әрбір қимылын, әрбір сөзін бағып жатқан жас келіншегі «жақсылық болар» деп қуанып қалды. Тіпті көрші бөлмедегі қайын енесі Әрифа да есіктен баспалап қарап қалды. О да ояу екен.
— О не дегеніңіз, жолдас Сталин! Қайдағы Ұлы Түрік қағанаты?
— Бәсе деймін-ау, қайдағы Ұлы Түрік қағанаты. — Енді Сталиннің кеңк-кеңк күлгені естілді. — Қайырлы түн, Тюрар Рискюлович. Тыныш ұйықта.
Сталин тұтқаны қойып қойды.
Рысқұлов шик-шик еткен өз тұтқасын біразға дейін салбыратып ұстап тұрып-тұрып, жай ғана ұясына қондырды.
* * *
«Тыныш ұйықта», — деді. Мазақтағаны ма? Тыныш ұйықтау қайда! Енді таң атқанша кірпік айқаспас.
Кенет Рысқұловтың жүрегі мұздап сала берді. «Тыныш ұйықтаның» мәнін енді түсінгендей болды. Ай, осы миының шабаны-ай! Ау, «спи спокойно» дегенді өлген адамға айтпаушы ма еді? Терең қазып, тепкілеп көміп болып: «спи спокойно» десіп жататын. Сталин қай мағынада айтты: алаңсыз, уайымсыз ұйықта деді ме? Жоқ, топырағың торқа болсын деді ме?
Алғашқыдай айтқаны болса — өтірік, жәдігөйлік. Қайдан алаңсыз, уайымсыз ұйықтайсың?
Соңғыдай айтқаны болса, шындыққа жақын. Демек...
Жаналғыш жаныңды алмай жатып, жаһаннамға жөнелткені ме?
Heгe? He үшін?
Жедел ұжымдастыруға қарсы болғаны үшін бе? Қарсымын деп әлі кесіп айтқан жоқ қой. Күндіз Сталиннің кабинетінде отырғанда-ақ құрақ ұшып, құлдық ұрып, әлгі қағазға қол қоя салу керек пе еді? Сталин өз ойын іске асырамын десе, Рысқұловқа күні қарап қалған жоқ қой. Сталиннің күні тіпті Саяси Бюроның мүшелеріне де қарап қалған жоқ. Өзі құдай емес пе?
Ұйықтап қалды деген Әзиза күрсініп салды. Әлгі ауыр ойлар лезде сейіліп, Рысқұлов әйеліне қарай бұрылып жатты. Әзиза да мұның бауырына тығыла түсті. Иығы дір-дір етеді. Рысқұлов үңіліп қараса, келіншегі бетін қолымен басып жылап жатыр екен.
— Не болды саған?
— Қорқамын, Тұрар...
— Қорыққаны несі? Неден қорқасың?
Рысқұлов әйелінің жылы жас жылжып аққан бетінен, көзінен сүйіп, жас балаша жұбатып, көрпемен арқасын қымтап, алақанымен жауырынынан қаққылап:
— Қой енді, ұйықта, ұйықтай ғой, — деді.
Әзиза жас шылаған ып-ыстық бетін Рысқұловтың төсіне басып, үн-түнсіз жатып, қайтадан ұйықтап бара жатқанда, иығы тағы да болар-болмас, солқ-солқ етті. Әлдебір жаман түстен шошып оянып, шар ете қалған нәресте жанында жақын адам бар екенін сезген соң қайтадан ұйықтап кететін. Әзиза да сондай хал кешті.
— Қорқамын, — деді.
Жүрегі түскір әлденені сезе ме?
Үрей ме?
Үміт пе?
Үміт пен үрей қатар жүретіні несі?
Рысқұлов таңғы тәтті ұйқыдан дәметіп, ештеңе ойламауға тырысып-ақ еді, бірақ тағы да мұртынан мырс-мырс күліп отырған Сталинді көрді.
* * *
Жанында — Әзиза, көз алдында — Сталин. Түнгі сағат екіде телефон соққаны несі? Тіпті сонау 1906 жылы әкесі Рысқұл екеуі патшаның түрмесінде отырғанда да надзиратель түнгі сағат екіде оятқан емес...
Бұл ненің, нендей сұмдықтың хабары? Қай-қайдағы Ұлы Түрік қағанатын еске салғаны қалай? Пантюркиссің демекші ғой. 1923 жылы төртінші кеңесте Сұлтан-Ғалиевқа да осыны айтқан. Осы айыппен Сұлтан-Ғалиев із-түзсіз кеткен. Ол жолы Рысқұлов Сталиннің қылтікенек бұғалығынан аман қалған. Сталин сонда тікенек бұғалықты бұған да лақтырып көріп еді, Рысқұлов дес бермей құтылып шыққан.
Бүйіріне тығылып, бүрісіп қана ұйықтап кеткен Әзиза ойын бөліп, көрпесін қымтай беріп еді, бәрібір қырсық ой қайтадан Сұлтан-Ғалиевтың аулына қақпалап алып келді. Сұлтан-Ғалиевтың сол сұлу келіншегі... Бақытты еді-ау сол кезде олар. Енді не болды екен? Сол келіншек не күн кешіп жүр екен? Тәңірі мына Әзизаның тағдырын соған ұқсата көрмесін.
Бір жылдай хат жазып жүріп, Қазақстанға қайта-қайта барып жүріп, Әзизадай жұмақ құсын қолына қондырып еді. Шіркін, о да бір келген өмірдің нұрлы шақтары шығар. Егде болмаса да ересек тартқан Рысқұлов шын жігіт заманы, «қайран жиырма бестің» заманын қайтадан бастан өткергендей болды. Ескендір Тынышбаевты жанына ертіп алып, Әзизаны іздеп Алматыдан Көкшетауға да барды. Әзиза сонда практикадан өтіп жүр еді... Әзиза келесі практикасын Украинаның Аскания-Нова деген жерінде өтіп жүргенде, Рысқұлов соңынан іздеп онда да барды... Соншалықты үлкен басымен қырмызыдай қыз соңына ынтызарлана түскені жазмыштың ісі шығар. Жазмыштан озмыш жоқ депті. Өмір бойы жалаңаяқ қызыл тікен кешкен қысқа ғұмырдың ең бір қымбатты кезі де сол шығар. Рысқұловқа сол қызықты да қимай күңкілдескен күншілдер болды-ау... Орталықтағы емес, ауылдан. Жантоқов сияқты Голощекиннің жандайшаптары «Рысқұлов — феодал!», «Рысқұлов — пантюркист!» — деп домалақ арызды Орталыққа боратып жатты. Оның бәрін Сталин бі-ле-еді. Білген соң ғой түн ішінде телефонмен түртпектеп отырғаны. Бірақ жас қызға үйлендің деп кінә арта алмайды. Өйткені ондай «кінә» Сталиннің өз басында да бар. Басты кінә қазір — пантюркизм! Ал Жантоқовтар Рысқұловтың «пантюркист» екенін Сталиннің есіне ұдайы салып отырады.
Осындайда барып есіне баяғы Ахаң түседі. Ахмет Байтұрсынов.
Қинамайды, абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Осылардың бәрінен де сұмдығы —
Өз аулымның иттері үріп, қапқаны —
деді-ау есіл Ахаң.
Сөйткен Ахаң да қазір Ақ теңізде айдауда жүр. Бұрынғыдай араша түсерге... Бұрын бір рет, әлі Сталин күшіне кірмей тұрғанда, соноу жиырмасыншы жылдардың басында Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Ходжанов екеуі ара түсіп, Ахаңды түрмеден суырып алған. Ал қазір заман басқа... Енді Рысқұлов өз басын шырғалаңнан құтқарып алсын.
Бозарып таң да белгі берген сияқты. Көшеде машиналардың да гүрілі көбейе бастады.
Жауапқа дайын болу керек.
Сталин жауап күтеді.
Сталин көп күтуді қаламайды.
Көп болса түске дейін.
Түске дейін Сталин жолдас ұйықтайды.
Түні бойы ұйықтамайды, бірақ түске дейін ұйықтайды. Әдеті сондай.
Таң ағарып атып келе жатқанда Рысқұловтың көзі ілініп кетті. Қанша ұйықтағаны белгісіз. Бәлкім, бес-ақ минут, мүмкін, он бес минут. Бірақ тым келте болды. Сол келте кездің ішінде көп түс көріп үлгерді. Бәрі есінде жоқ. Есінде қалғаны — түрлі-түсті қаламдар. Түрлі-түсті: көк, сары, жасыл, қоңырқызыл, қызғылтым, көгілдір, сарғыш, қоңырқай қаламдар. Аспан мен Жердің арасын тіреп тұр екен. Барлық түрдің қосағы бар сияқты. Мысалы: көк-көгілдір, сары-сарғыш, қызыл-қызғылтым т.с.с. Тек қара түрдің ғана қосағы жоқ — қара жалғыз, қап-қара. Жападан-жалғыз. Қап-қара. Басқа балама жоқ.
Ескендірдің тапсырмасы есіне түсті.
Сталин айтады:
— Рискюлов, давай, қап-қараңғы бөлменің ішінен қап-қара мысықты іздеп тап, — дейді.
Рысқұлов айтады:
— Жолдас Сталин, егер қап-қараңғы бөлменің ішінде қап-қара мысық жоқ болса не істеймін? — дейді.
— Бәрібір іздеп тап! — дейді Сталин.
Сталин бұдан екі жарым мың жыл бұрын жасаған қытай философын қашан, қайда оқып үлгерген?
БАС ТІГУ
I
Рысқұлов кабинетінің терезелері күнгей жаққа шығушы еді. Үстел басында ұзақ сарылып отыра бермей, кей-кейде тұрып кетіп, терезе алдына барады. Ең алдымен көрінетіні — соборлардың алтын сары күмбездері. Әсіресе бұлтсыз күні жарқ етіп, көз қарықтырады. Собор қоңыраулары үнсіз салбырап тұрады. Қоңыраулар үн қатпағалы қашан. Тілін кесіп тастағандай мелшиіп қалған. Көне қоңыраулар... Көне тарих куәлары. Бірақ сөйлемейді. Қоңырауларға әлдеқалай адам тілі бітсе, олар соноу алыс замандар хикаясын әуендетер еді. Қаһарлы Иван Грозный патша... Борис Годунов. Ұлы Бірінші Петр... Әйел патшалар. Ең соңғысы Екінші Николай таққа отырып, тәж кигенде де безілдеген бұл қоңыраулар...
Бұл суреттер Рысқұловтың ойында сол ғана қылаң беріп өте шығады. Аспанда дөңбекшіген сұр бұлттар көшіп жатыр. Қар жауатын шығар. Жаңа қар түссе, Клязьмадағы дачаға барып, Әзизамен шаңғы тебуге шықпақшы. Өйткені ертең демалыс.
Содан соң барып Рысқұловтың көзі Сталин кабинетінің терезесіне түсті. Терезелері қарама-қарсы. Арасы онша қашық та емес. Бір-бірімен терезелерін ашып қойып сөйлесуге де болатындай. Бірақ сөйте тұра, екі ара тым-тым алыс. Дауыс жетпес...
Сталин кабинетінің терезелері сарғыштау перделермен ұдайы тұмшаланып тұрады. Перденің ысырылғанын Рысқұлов бірде-бір рет көрген емес. Дәл осы арадан Сталин терезесін көргелі міне, жеті жылдың жүзі болып барады, бірақ сарғыш перде сол қымтаулы қалпынан бір де айныған емес. Сарғыш перденің ар жағында жарты әлемнің тағдыры шешіліп жатады. Бір адам, он адам, жүз адам, мың адам емес, миллиондаған жандардың бақытты болуы, яки сорлап қалуы сарғыш перденің ар жағына байланысты...
Қыстың қысқа күні ерте еңкейіп, дала күңгірт тартқанда, сарғыш перденің ар жағынан шамдалдар сәулесі себезгілеп белгі береді. Сол шамдалдар кейде түн ортасына дейін сөнбейді. Сталин ашқұрсақ таңнан бастап, түн ортасына дейін талмай жұмыс істей беруге жаралған қажымас жан. Соны көріп, басқа басшылар да аянбайтын болуы керек, өйткені олардың да терезелері самаладай жарқырап тұрады. Молотовтың қабинеті, Катановичтің кабинеті... Кремль аз ұйықтайды. Кремльде мүлгіп тұрған тек соборлар ғана.
Алғашкы кезде Рысқұловтың жас келіншегі бұртиыңқырап, қабағы кірбің тартып жүрді. Рысқұлов үйіне түн ортасында оралады. Түн ішінде ұйқысыраған келіншегі шай қойып жүреді.
— Қызмет деген кешкі сағат алтыға дейін бітпеуші ме еді? — дейді.
— Жұмыстың реті солай болып қалды, Әзюшка, — деп Рысқұлов келіншегінің албыраған алма бетінен сүйіп-сүйіп алады. Жаңа ғана төсектен тұрған сұлу жардың қолаң шашын, жұп-жұмыр мойнынан иіскейді. Емшектен әлі шықпаған нәресте иісі аңқығандай болады да, Рысқұлов ішпей-жемей масаң тартады.
Кейін-кейін Рысқұловтың қызметтен кеш қайтуына Әзиза да көндіккен. Кремльдің жұмыс тәртібі өзінше екеніне оның да көзі жеткен.
Сонда да болса, соңғы бір апта ішінде күйеуі үйге тым-тым кеш оралатын болып жүр. Жөнін сұрайын десе, оның ретін таппайды. Өйткені бұл Рысқұловпен бірге өмір сүріп келе жатқан үшінші жылдың жүзінде Әзиза Тұрардың мінезіне әбден қанықты. Жұмысқа пәруана берілген жан екеніне де сенді. Кейбіреулер сияқты қызметті сылтау етіп, суық жүріспен кетіп қалмайтынын да қалтқысыз біліп болды. Рысқұлов қызметке белшесінен батып жатса да үй іші, отбасы, ошақ қасын, алтын босағасын ықылассыз қалдырған емес. Жас келіншегімен, қолы сәл босаса театрларға барады, демалыс күндері Мәскеу төңірегінің қалың ормандарын аралайды, достарының үйіне қонаққа алып барады, не керек, Әзиза оның аймалауынан кенде емес. Бірақ адамның бір аты — пенде. Пенделікпен кей-кейде көңілге күдік кіргіштейді. Әсіресе осы соңғы аптада...
Міне, Рысқұлов болса, Сталиннің кабинетінің терезесіне қарап сарылғанына, екі көзі төрт болғалы да бір апта...
Осыдан бір жеті бұрын Рысқұловты өтініші бойынша Сталин қабылдады. Біраздан бері көріспеп еді, екеуі хал-жай, амандық-есендік сұрасып, едәуір шүйіркелесті. Сталин тіпті тоқпақ мұрты бүлк етіп:
— Жас келіншегіннің жайы қалай? — деп әзілдеп те қойды.
— Қайдағы жас, Иосиф Виссарионович, қосылғанымызға үш жылдай болып қалды емес пе, — деп Рысқұлов та еркін кетті.
— А, солай ма, күні кеше сияқты еді, зымырап бара жатқан уақыт-ай, — деді Сталин трубкасын уыстап тұрып ойланып қалып. Содан соң бір көзін сәл қысыңқырап, сұрайын ба, сұрамайын ба дегендей, біраз кідіріп барып:
— Балалы болған шығарсыңдар? — деді.
— Жо-о-қ, иә, әйелім екіқабат, ай-күніне жетіп отыр, — деді Рысқұлов ә дегенде мүдіріп барып шешіліп.
— О, онда жақсы екен. Аман-есен босанса, шілдеханада мен үшін де бокал шарап көтер, — деп көңілденіп қалды Сталин.
— Рақмет, Иосиф Виссарионович, аман-есен босанса...
Адамдар арасын дәнекерлеп, әңгімеге шырай беретін сөз осымен тәмәмдалып, енді қатал өмірдің қатыгездеу тілімен сөйлесу басталды.
— Иә, келген шаруаңды айт, менің қабылдауымды қатты талап еттің ғой, — деді Сталин енді сұсты кейпіне қайта оралып. — Алғашқы өтінгеніңде-ақ қабылдар едім, бірақ мүмкіндік болмай қалды. Сәл-пәл күтіп қалдың білем, оған ренжімессің, жағдай солай...
— Менің қадала өтінгенімді кешіріңіз, жолдас Сталин, — деп Рысқұлов та қату пішінге көшті. — Сізге бір күн, бір апта емес, бір сағатқа болса да неғұрлым ертерек кірсем бе деп жанталастым.
Сталиннің оң қолы оқыс ыршып түсіп:
— Не боп қалды соншалықты? — деді.
— Қазақстанда жағдай өте ауыр, жолдас Сталин. Міне, мына хаттың ішінде бәрі айтылған. Бәрін ауызша баяндап, асыл уақытыңызды алып неғыламын. Тек өте-мөте өтінерім: осыны оқып шығыңыз, — Рысқұлов былғары папканың ішінен бір десте қағаз алып, үстелдің үстіне қойды. Бірінші бетінде баспахана әрпімен басылған:
«Тұрар Рысқұлов, РСФСР Совнарком төрағасының орынбасары»
деген жазудан соң мәтін машинкамен басылыпты. Барлығы 33 бет қағаз екен. Сталин осының бәрін оқу керек пе дегендей, десте қағазды саусақтарымен қиясынан бір сындырып өтті.
— Тағы да өтінемін, біреуге сілтей салмай, тек өзіңіз оқып шықсаңыз екен.
Сталин бұл тақақты жақтырмай қалды. Зілді сарғыш көзін сығырайтып, Рысқұловқа бір қарап алды.
— Болды, бір сөзді қайталай берсең қадірі кетеді, — деп бұрқ етті.
Рысқұлов үн қатпады. Тіпті «кешіріңіз» де демеді. Сталин мен Рысқұлов қатынасының шекарасы осы тұс екенін шамалады. Одан әрі асуға болмайды. Сталин басқа біреу болса, әлгіндей өтініштің өзін қатал талапқа балап, шарт ете қалар да еді, десе де Рысқұловқа келгенде ол өзін-өзі сол де болса тежер еді. Қорыққандықтан емес, әрине. Рысқұловты ол өзінше сыйлайтын. Сталин басқаларға қимайтын, қия бермейтін ықыласын бұған қиғанның өзінде де Рысқұлов риза болмай қалды. Өйткені Сталин: «болды», — деп сөйлетпей тастады. Оның дөрекілігіне лайық жауап қатайын десе, оның ретін таппай, жауап қатпайын десе есесі кетіп, Рысқұлов тұнжырап қалды. Әттең, бұл да тіл қатар еді, бірақ ана хаттың тағдырын ойлап тілін тістеді. Амал жоқ. Өзінің бір жәбірленгені бір елдің өмірін сақтап қалар болса, бұл жәбірдің не түріне де көнуге даяр.
Міне, сол бір әңгімеден бері алты күн өтіп, жетінші күн де жетті. Алты жылға, жоқ, алты ғасырға бергісіз алты күн өтті. Рысқұлов өмірінде нелер зарығу, сағына-сағына күту шақтары болды ғой. Ол өмір бойы әлденені күтумен келе жатқан жан. Дүниеде ештеңе күтпеген жаман. Бала шағында Сібірге айдалып кеткен әкесін тосумен тым тез есейді. Әкесінің жолын жылдар бойы тосу оны шыдамдылыққа шыңдады, темірдей төзімге төседі. Асылы, аз өмірдің әр таңын, әр сағатын асыға күту де абзал шығар. Әйтпесе, уайымсыз, күтусіз, сағынусыз өмірде не мән бар... Алдан атар әр таңды, шығыстан шығар әр күнді алтыннан да ардақтап күткен бір жан болса — ол Рысқұлов. Ол күтуге төзімді-ақ.
Бірақ бұ жолы төзбеді. Төзбегенде — не істейді? Сталинге: «Неге жауап бермей жатсың?» — дей алмайды. «Алты күн өтті ғой, менің хатымды әлі оқып бітпедің бе?» — десе жарасар еді, айта алмайды. Міне, күтудің азабы! Әкесін жылдар бойы зарыға аңсағанда да бұлай азаптанбаған.
О, Рысқұлов төзе біледі. Төзгенде қандай?! Осы Әзизасының «иә» деген қып-қысқа бір-ақ сөзін ол бір жылдан аса зарыға күтті. Жүрегі бар болғыр елжірей, шым-шым сыздап, лүп-лүп тыпырлап, сағыныштың күн батардағы қызғылтым сәулесіндей мұңға бөленді. Ақ Самарадағы досы Ақмар айтқан әндегі:
Ақ шапақ атқанда,
Қызарып күн батқанда.
Күзлөрім тик сине излиләр... —
дегеннің дәл өзі болды.
Ғашықты күту — қасиетті, Құдайдай құдіретті сезімнің сәттері ғой. Ондай сәттерді заңғар көктің өзі, көктегі Күн мен Ай, ғашық жұлдыздар қолдасын.
Ал мына күту басқа-а-а... Бұл үрейлі күту... Дәлірек айтқанда, үрей мен үміт. Екеуі екі дүние: біреуі — Түн, біреуі — Күн сияқты. Екеуін де жасай алатын бір-ақ адам. Ол — Сталин. Құдайдан несі кем? Үрейлендірем десе, үрейлендіреді, үміттендірем десе, үміттендіреді. Ол Рысқұловтың хатын тым ұзақ болса да оқып шықты. Оқымауы мүмкін емес. Рысқұлов арзан сөздің адамы емес екенін Сталин біледі. Оның білмейтіні кемде-кем. Бәлкім білмейтіні жоқ та шығар. Ол сонысымен құдіретті. Ол хатты оқыды. Бірақ неге тым-тырыс? Ұнамаса — қаһарланар. Ал Сталин қаһарланса, жарты әлемнің астан-кестеңін шығара алады.
Жалғыз Рысқұлов ол үшін кім? Қоңырауды бір басып қалса бітіп жатыр. Қоңырауды бір басып қалғанда, бір ауыз сөзді кімге айтарына байланысты. Егер Ягодаға: «Ана Совнаркомдағы Рысқұловтың көзін құрт! — десе, бітіп жатыр. Ягода — ОГПУ.
Кешегі өткен Феликс Дзержинскийдің ВЧК-сы бүгінде ОГПУ аталады. Оның бастығы Менжинский деген кісі еді. Дзержинскийдің тікшіл қасиеттерінің жұқанасы сол Менжин-скийде сақталып еді. Бірақ ол қазір дертті. Іс басынан кетті десе де болады. Менжинскийдің қызметін енді оның орынбасары Ягода деген атқарып тұр. Менжинскийдің енді қайтып көтеріле алмасын білген орынбасар қазір тым-тым пысық, тым-тым тілалғыш, тым-тым көзге түскіш. Сталиннің айтқанын екі етпес. Тіпті оның айтқаны дұрыс па, бұрыс па, бір сәт те ойланып жатпас. Айтылды — болды, мүлтіксіз орындар. Бұрын ЧК-ның маңдайшасында Дзержинскийдің қанатты сөзі жазулы тұрар еді: «Чекист! Басың салқын, жүрегің ыстық, қолың таза болсын!»
А, Ягода қазірдің өзінде-ақ қолын жазықсыз қанға былғап алды-ау...
Рысқұловтың хатында Сталинге ұнамайтын, тіпті оның жынына тиетін ауыр-ауыр сөздер бар. «Ау, байтақ еліңнің бір шетін өрт алып жатқанда, кабинеттеріңе шалқақтап кіріп, шалжиып шығатындарың қалай?» — дейтін сияқты Рысқұловтың кейбір сөздері. «Егер КСРО дейтін елдің бір шетіне жау басып кіріп, халқын қырып жатса, әрине, қол қусырып қарап отырмайсыңдар ғой. Қолма-қол соғысқа кірісіп, елдің шекарасын қорғайсыңдар ғой. Ал енді Қазақстанға шеттен жау шапқан жоқ, бірақ халқы қырылып жатыр. Бір ауыл, екі ауыл, тіпті бір аудан, екі аудан болса ештеңе емес, тұтас республика апатқа ұшырады. Құртып бара жатыр. Ал сендердің бұл отырыстарың — қай отырыс?!
Рысқұловтың хатындағы сөздерді кәдімгі иманды жүрек тіліне аударғанда мағынасы осылай болып шығады. Ал оны Сталин түсінбейді емес. Сталин тү-сі-не-е-ді.
Ал түсінді дейік. Ендеше, неге дабыл қақпайды? Наркомдарды неге аяғынан тік тұрғызбайды? Саяси Бюроға шақырып алып: «Қазақстанды қырғыннан құтқарыңдар!» — деп, әдетінше бір-ақ кесіп неге айтпайды?
Рысқұлов Сталиннің терезесіне тесіле қарап тұрып, осы ойға кетеді. Кейде бұл ойлар өзіне де күдікті болып, осы мен бұра тартып бара жатқан жоқпын ба деп сескеніп те қалады. Бірақ ой тежеуге көнбейді. Сұңғыла ой тасқындап келе береді, келе береді. Бұл шақшадай басқа Құдай мұншама шексіз ойды қалай сыйғызған?
Ал бұлай ойламайын десе, Сталиннің пейілі таза, ниеті түзу дейін десе, «ойбай, өлдім!» — деп шыңғырған жан даусына селт етпейді. Бұл қалай? Алты күн өтті, жетінші күн де сур бұлттардың арасынан ауру көздей кіржиіп, ұясына кіріп барады.
Сталиннен хабар жоқ. Телефонның тұтқасын көтеріп:
— Рысқұлов, сенікі дұрыс, яки бұрыс, — деген бір-ақ сөзі жетіп жатыр ғой. Мейлі, телефонның тұтқасын өзі көтермей-ақ қойсын, әлгі қысыр жыландай атырылып тұрған ысқаяқ көмекшісі Постов деген бар емес пе? Соған тапсыра салса да болды ғой.
Ал Постовтың өзімен сөйлесейін десе, о да қауіпті.
— Жолдас Постов, өзіңіз білесіз, осыдан алты күн бұрын мен Сталин жолдаста болғанмын. Хат қалдырып кетіп едім. Соның тағдыры не болды екен? Білмейсіз бе? — деп сұрай салуға болады, әрине. Онда тұрған не бар? Постов сол үшін отырған жоқ па?
Жоқ. Постов қиын. Постов тіпті Сталиннен де қауіптірек. Постов наркомдармен Сталиннің атынан сөйлеседі. Мысалы:
— Жолдас Ягода! Сталин жолдастың тапсырмасы! Рысқұловпен шұғылданыңыз, — десе, бітті. Сталин ондай тапсырма берді ме, бермеді ме, Ягода оны Сталиннің өзінен сұрап, анықтап жатпайды. Тіпті анықтағысы келген күннің өзінде оған батылы бармайды.
— Сен немене, Постовқа сенбейсің бе?! Неге тақақтайсың?
Өстіп қалуы мүмкін ғой. Әбден мүмкін.
Сталинге жолыққан сайын Рысқұлов Постовтың алдынан өтеді. Көзілдірігі дөңес қалың әйнекті. Линза сияқты. Сондықтан көзі кейде тым үлкен, кейде тіпті бітік сияқты боп көрінеді. Көз атаулы жоқ, тек шыны. Екі беті талаурап сыздап тұрған шиқандай, шертіп қалсаң, тарс кетердей болып тұрады. Сұлулықтан, әсемдіктен сезімі нейбет қалмаған, әжептәуір талғамы бар Сталин әлгі беттен қалай жиіркенбейтіні таңғаларлық. Басқа кісі құрып қалған ба?
Сталиннің кабинетіне кірерде, Постов Рысқұловқа тіл қатпай қарап қалады. Көз емес, дөңес шыны қарайды. Мүмкін, ол рентген сияқты бірдеңе шығар. Рысқұловтың бойында қару бар ма, ойында бөтен пиғыл бар ма, соны біліп қоятын бір сұмдық аппарат шығар. Әйтеуір, Рысқұлов Постовтың алдынан өткен сайын тұла бойы түршігіп кетеді.
Рысқұловтың есіне түседі... Ленинге алғаш рет жолыққаны... Ол кезде тым жас еді. Лениннің қабылдауына кірерде, қабылдау бөлмесінде отырғаны есінде. Аздап абыржып еді. Бірақ қорыққан жоқ, қысылды рас. Ленинмен тұңғыш рет кездесерде пайғамбар болсаң да қысыларсың... Сонда Фотиева деген кісінің ақылдысы-ай. Түркістанның жас басшысының абдыраңқырап тұрғанын байқап:
— Саспаңыз, жолдас Рысқұлов. Ильич батыл болғанды ұнатады, еркін ұстаңыз өзіңізді, — деп еді. Және мұны сондайлық бір достық ниетпен, туған апасындай аймалап айтқан сияқты еді. Енді о да бір елес, алыс арман. Жайдарман жақсы сөздерді сағынасың. Ендігі сөздер тек жабырқатуға жаратылғандай, бәрі қатал, бәрі бұйрықтай естіледі.
Жоқ, Постовқа телефон соқпас.
Сонда қандай амал бар? Араға Сулимовты салып көрсе қайтер еді? Сулимов РСФСР Совнаркомының төрағасы, Рыковтан кейін келді. Рыков Сталиннің қаһарына ұшырады. Лениннің барында Сталинмен менсінбей сөйлесетін Рыков енді қуғында жүр. Бұл жарық дүниеде көретін сәулесі, тататын дәмі қашан таусылары ғана белгісіз, әйтпесе келмеске кеткенмен бірдей.
Оның орнына келген Сулимов та біршама тәуір кісі. Рысқұлов айтқанда Қазақстандағы қазіргі жағдайға қанығып, кәдімгідей қабырғасы қайысты. Тіпті күйінді, опынды. Бірақ іске араласа қоймады. Тек:
— Тұрар Рысқұлович, бұл іспен өзің шұғылдан. Мен саған мүмкіндік берейін, — деді орынбасарына.
Рыковтегідей азу Сулимовте жоқ. Сірә, азулы болу да қиын шығар. Азу тісіңді қағып алып, қаңсылатып қоятын қаталдық шығып тұр. Сулимов содан қорқады. Алдында көріп қалғаны бар. Соның кебінін кигісі келмейді.
Ал Молотов ше? Вячеслав Михайлович енжар кісі емес, елгезек. Мінезі де жайлы, зілсіз көрінер. 1926 жылы Рысқұловты Қызылордадан іздеп тауып, телефонмен сөйлескен осы Молотов. Саяси Бюро Рысқұловты Мәскеуге жаңа қызметке шақыру туралы шешім қабылдағанын Рысқұловқа алғаш хабарлаған Молотов. Артынша соның қолы қойылған телеграмма да келді.
Телеграмманы алып, Рысқұлов Голощекинге кірді.
— Міне, Филипп Исаевич, мынандай қағаз келіп тұр, — деді.
Голощекин қиналған болды.
— Сен сияқты қызметкер өзімізге де керек қой. Бір жағынан қуанып тұрмын. Біздің кадр жоғарылап, Одақ басшыларының бірі болып жатса — қуану керек. Бірақ мұнда жергілікті кадрлардың буыны әлі бекімей жатқанда, сен сияқты аса білікті адамның кетіп қалғаны, шынымды айтсам, қабырғама батады.
Рысқұлов ойлады:
«Шыныңды айтып тұрған жоқсың, Филипп Исаевич, аярлық жасап тұрсың. Мен Моңғолиядан қайтқан соң, осыдан алты ай бұрын, Мәскеуден Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы мандатымен келгенде, байбалам салып, Рысқұловтан бас тартқан кім еді? Маған Нығмет Нұрмақовтың да, Тұрар Рысқұловтың да керегі жоқ! — деп от басқандай ойбайлаған кім?»
Рысқұлов кекшілдікке бармады. Бұл ойын дауыстап айтпады.
— Рақмет, Филипп Исаевич, аз уақыт тағы да қызметтес болдық. Енді Мәскеуге жүріп кетуге рұқсат етіңіз. Қоштасқалы келдім, — деді.
Голощекин теке сақалы дірілдеп, кәдімгідей кемсеңдеп келіп, Тұрарды құшақтап қоштасты. Сөйте тұрып, пендешілік танытып:
— Пәтерді кімге қалдырасың? — деді.
Крайкомның бірінші хатшысы пәтерді емес, қызметіңді кімге қалдырасың десе жарасар еді, оны айтпайды. Оны Рысқұлов өзі айтты.
— Пәтерді Сәбит Мұқановқа қалдырдым. Үйсіз-жайсыз қиналып жүр еді. Сол кірсін, — деді.
— А-а, дұрыс, мейлі, мейлі, — деді Голощекин.
— Ал артықтау болса да айтайын, «Еңбекші қазақтың» редакторлығын да соған қалдырсам болар еді, әрине, оны Крайком өзі шешетін мәселе. Сәбит болмаса, Бейімбет Майлин. Ол орынбасарым ғой, істей алады.
Голощекин тыжырынып қалды.
— Жантоқов аузыңа неге түспеді, Тұрар? Ол жақсы журналист, кәсіпқой сыншы емес пе? — деді.
— Жантоқов — жағымпаз. Ол әсіреқызыл. Ол өзінің шыққан тегінен қорқып, безінгені сонша, әйтеуір кеңеске жағыну үшін, әрдайым асыра сілтеуге бейім. Ол қауіпті.
— А-а, — деп аңқиған болды Голощекин, — ондайы бар ма еді? Байқамадым, байқамадым. Өте сыпайы, өте интеллигент жігіт. Мүмкін, мүмкін, бәрі де мүмкін...
Иә, Молотов... Бірақ о да пенде. Әлі оның жанында жатқан жан жарын Сталин халық жауы деп жариялар. Сонда Молотов өз әйелін қорғап бір ауыз сөз айта алмас. Сол Молотов Рыскұловтың жоғын жоқтап, Сталинге батылы барып сөз сөйлей қояр ма екен...
Енді бір сөзі өтеді дейтін кісі Лазарь Каганович. Бірақ Сталиннің алдында ол да именшек. Туған бауырын халық жауы деп жатқанда, о да ара түсе алмай, Сталинге бас шұлғи беруден әрі аса алмас.
Рысқұлов күңіренте күрсініп салды. Күні кеше бар еді-ау сондай ерлер... Сталинге именбей кіріп, батыл-батыл сөйлесе алатын ерлер қайда бүгін?.. Фрунзе жоқ, Куйбышев жоқ, Дзержинский...
Сталин кабинетінің сарғыш перделі терезесінде шамдал жарқ етті. Демек Сталин әлі отыр. Шам жанғанда Рысқұловтың жүрегі бүлк ете қалды. Жақсы нышан. Сәуле шашырады ғой. Жарық сәуленің қымбаты-ай. Жарық сәуле көре алмай кеткендер қанша... Кабинетіне шамдалдар сәулесі төгілгенде Сталиннің көңіл күйі көтеріңкі, мейірлі тартар ма екен? О да ет жүректі адам, о да жоқ-жетім; кемтарлық көрген, халықтың қайғы-мұңын көрген, әділетсіздіктен күрес жолына түсіп, айдаудың, қуғын-сүргіннің, тұтқынның азабын шеккен... Соның бәрі әділет жолы үшін емес пе еді? Енді әділет патшалығын орнату-орнатпау өз қолында тұрған шақта, неге әділет патшасы болмайды? Қазақстандағы миллиондаған адамның күйзелісіне қабырғасын неге қайыстырмайды?
Рысқұлов тәуекел деп тас жұтып, Сталинмен тікелей байланыстыратын қара телефонға қол соза бергенде, кабинет есігі ашылды да, көмекші жігіт:
— Тұрар Рысқұлович, қалалық телефонды алыңызшы, — деді.
— Кім сұрайды? — Рысқұлов оның беймезгіл киліккенін жақтырмай қалды.
— Қазан вокзалының бастығымын дейді.
— Оның менде қандай шаруасы бар?
— Өте керек дейді. Елден қарындасыңыз келсе керек...
— Қарындас?
— Иә.
Рысқұлов әуелі сөйлескісі келмеп еді, енді амал жоқ, ақ телефонға қол созды.
— Рысқұлов тыңдап тұр!
II
Жалпақсаз станциясының басы ыңырсып тұр. Айнала аш-жалаңаш. Бәрі пойыз ториды. Жалпақсазды өрт алғандай, сол өрттен қашқандай, тым-тырақай, жан-жаққа безіп жатқан жұрт. Пойызға ұмтылуға жарамай, вокзал басында қисайып, қылжиып жатқаны қаншама. Біреуді біреуі сүйеп, мүсіркеу кем. Жантәсілім еткендерін арбаға салып, әлдеқайда әкетіп жатқан бірер санитарсымақтар ғана бар. Әлдекім өліп жатса, одан бір пәле жұға кететіндей, адамдар анадайдан айналып өтеді.
Вокзал бастығы да сорлап жүр.
— Кет, кет! — деп қаңғыбас аштарды ары қуады, бері қуады. Бірақ аш адам ештеңеден қорықпайды. Оған бәрібір. Сол вокзал бастығы Түйметайды үйелмелі-сүйелмелі бес баласымен Алматы — Мәскеу пойызына әрең мінгізді. Оның өзінде Рысқұловтың қарындасы екендігін білгендіктен ғана, Рысқұловты сыйлағандықтан ғана. Әйтпесе, Түйметай сияқтылар көп. Оның бәрін вокзал бастық пойызға мінгізе бермейді.
Вокзал бастық — осы Мерке маңының ежелгі орысы — Тимофей Селиванов деген кісі еді. Ол Рысқұловты ертеден, соноу 1916 жылдан білетін. Оның осындағы көтеріліс басшысы болғанын да біледі. Ал Түрксіб салынғанда Тимофей Селиванов аса озат жұмысшы ретінде Рысқұловтың қолынан орден алған.
Енді мына дүрбелең заманда, сол Рысқұловтың туған қарындасы едім деп келген Түйметайдың меселін қайтармай, билет алып беріп, пойызға отырғызды. Әйтпесе, пойызға іліну қайда...
— Әй, бейшара, балаларың тым жас екен. Мәскеуге жеткенше өлтіріп алмасаң жарар еді, — деп, айнала аштардан жасырып, бір бөлке нан, бірнеше түйір піскен картоп берді. — Айрылып қалма, аштар тартып алып, жеп қоймасын, — деп пысықтады.
Түйметай шамасы жеткенше алғысын жаудырды.
— Ауылдағы ағайыннан сен жақын болдың-ау, Тимофей, мың да бір рақмет саған. Орыс та болсаң, туғанымнан кем көрмеспін. Осыдан аман оралсам, жақсылығыңды қайтарармын, — деді.
— Болды, болды. Тірі жүрсек, сол олжа, — деп Тимофей кәдімгідей көңілі босады. — Тұрарға аман-есен жетсең, елдің жағдайын айт. Осындай бір нәубет күн туды біздің елдің басына. Үлкен жерде отыр ғой, қол ұшын берсін еліне.
Жалпақсаз вокзалының бастығы Түйметаймен осылай деп қоштасты.
* * *
Рысқұлов бір топ адамды ұлардай шулатып үйіне алып келгенде, үйдегілер үрпиісіп, шошып қалды. Әуелі үн қатқан қайын енесі Әрифа болатын:
— Бұларың кім тағы да, Тұрар-ау? Қайдағы қайыршыларды қайдан жинап алғансың? — деп ренжіп жатыр.
— Апа, бұлар қайыршылар емес, — деді Рысқұлов іштей ызаланса да сабыр сақтап, қайын енесіне неғұрлым сыпайы сөйлеп. — Мынау менің туған қарындасым Түйметай. Мыналар балалары. Айтып едім ғой, Түйметай деген жалғыз бауырым бар деп. Сол осы.
Әрифа шошынғандай шетіншектеп, қолын ербеңдете:
— Астафаралла! — деді. — Ишанмаймын, Тұрардың қарындасы осындай ма?
Тұрардың жас келіншегі Әзиза шешесінің бүйірінен түртіп қалып, қой дегендей, ернін тістеді. Әрифа:
— Ишанмаймын, — деп даусын бәсеңдетті.
— «Ерді кебенек ішінде таны» деген, әни, бұлар ажалдан қашып келді. Қайырымды болыңыз, — деп Рысқұлов ошарылып тұрған жүдеу жандарға бұрылып, Түйметайдың қолындағы баланы алып:
— Ал, шапаныңды шеш, — деді. Түйметайдың үлкені Нұрбеделге де: — Сен де шешін. Әзиза, сен ана кішкентайларына көмектес. Жайғасып отырған соң, танысып-білісе жатарсыңдар. Тездетіп тамақ бер. Ал менің шұғыл жұмыстарым бар. Тезірек келуге тырысамын. Айтпақшы, Әзиза, бұларды ваннаға шомылдыр. Киімдерін ауыстыр. Ескілерін сыртқа шығарып таста. Өзің білесің ғой...
Осыны айтып, Рысқұлов есікке беттеді. Кетіп бара жатып Түйметайға:
— Ал енді, көз жасыңды көл қыла бермей, тәубаңа кел, жайғасып демал. Осы үй сенікі, — деді.
— Қайдам, — деп Түйметай кемсеңдеді. — Енді ғана көріскенде, бізді тастап қайда кетіп барасың? Мыналарың жатырқап тұр ғой.
— Жатырқамайды. Мынау Әзиза жеңгең біледі. Бар жағдайыңды жасайды. Мен қызметтегі адаммын ғой. Мені жұрт күтіп отыр.
«Жеңгең» дегендегісі уыздай жап-жас келіншек. Түйметай оның шешесіндей. Түйметай қартайып тұрған жоқ. Қартайтқан дүния азабы еді. Жеңгесінің жүзі иманды екен. «Түсі игіден түңілме» дегендей, Түйметай енді мұңайып Әзизаға қарады. Ал ә дегенде шапылдаңқырап, жақтырмай қалған кексе әйелден әлі күдіктенеді. Тілі бөтендеу екен. Бірақ түріне қарап Әзизаның шешесі екенін, өзіне құдағи екенін пайымдады. Кезінде кербез, сұлу болғаны көрініп-ақ тұр.
— Атың кім? — дейді Әзиза шашы, тырнағы өскен, түксиген балаға қарай күлімсіреп.
— Нұрбедел, — деп дүңк етті бала мұрнын тартып қалып. — Қарным ашты.
Бұл баланың сәлем сөзі еді. Бұл оның мына биязы келіншекке: «Мен аш адаммын. Аш бала тоқ баламен ойнамайды. Ат сұрасып, жөн сұрасып, сызылып тұрмай, шын жаның ашыса, өзек жалғар бірдеңе бер» деген тілегі де, талабы да еді.
— Қоя тұр-ей, жүгірмек, қырқына шыдап, біріне шыдамайсың ба? Онсыз да ана кісі бізді жақтырмай тұр, — деп Түйметай Әрифаны нұсқады.
— Олай демеңіз, құдаша. Сен Тұрардың қарындасы болсаң, бізге жат емессің. Әуелі танымай жатқанымыз ғой, — деп райға келді Әрифа. — Ау, аузым аңқиып тұрып қалыппын ғой, шай қояйын. Әй, Рашид, Шамиль, Ескендір, неғып сілейіп тұрсыңдар, үстел дайындап, орындық қойындар. Осы үйде мұнша адамға орындық жетер ме екен? Әй, Әли, осы үй көшіп жатса да сенің былқ етпейтінің-ай!
Әрифа түкпір бөлмеде пианино тыңқылдатып отырған балаға да бір тиісіп кетті.
Рашид, Шамиль дегендері, сөйтсе, Әрифаның балалары, Әзизаның інілері екен. Рашиді он төрт-он бес шамасында. Шамиль Нұрбедел құралпы — он екіде екен. Сол шамадағы Әли деген бала Әзизаның туған бөлесі көрінеді. Мұның бәрін кейін Түйметайға Әрифа айтып берді.
— Ал анау Ескендір, — деді Әрифа кенет сыбырлап қана, — Тұрардың бұрынғы орыс қатынынан қалған. Көрдің бе, құдаша, Тұрардан аумайды.
ІІІ
Рысқұлов Сталинге жолығуға құштар емес. Қызмет бабы болмаса, ісі түспесе, әрірек, аулақ жүрер еді. Алмай-бермей арақатынас сондай. Тағдырдың ісі екен, Рысқұлов 1920 жылдың аяғынан бастап бетпе-бет қызметтес болды. Сталин — нарком, Рысқұлов — орынбасар. Жо-жоқ, Сталин оны қорлап, зорлап, сарсаңға салған емес. Қайта алғашқы кезде қолдап, түркістандық ескі «достардың» бәле-жаласынан қорғаштап та жүрді. Бірақ бауырына да тартпайды, сыртқа да теппейді. Көбіне зілмауыр, ауыр мінезді кісі кейде ақжарқын тартып, ара-тұра әзіл-қалжыңға да барып, Рысқұловты көргенде «А-а, Түркістанның Шыңғысханы» деп қояр еді.
Мұнысы зілсіз әзіл сияқты көрінетін. Сталинге орынбасар болғанда, Рысқұлов небары жиырма бес жаста ғана екен. Күні кешегі ауылдың жалаңаяқ, қу сирақ баласы, бүгін мемлекет қайраткері болғаны — ұшпаққа шығандап шыққанмен бірдей шығар. Осыдан небары үш жыл бұрын қызметін Әулиеата совдепінен бастап, енді бүгін Кремльден бір-ақ шыққаны — аспандағы Айдың өзін ауыздықтап мінгенмен пара-пар болар. Сталин оны осы себепті де «Шыңғысхан» деп қағытатын шығар. А, мүмкін, қағыту емес, сүйсіну ме екен... Онысын күмәнсіз түсіну қиын. Жалпы, Сталинді түсіну қиынның қиыны. Тұла бойы тұнған жұмбақ, күмән сияқты көрінетін де, Рысқұлов одан әлдеқандай белгісіз түйсікпен іштей сақтанып жүретін.
Сұмдық-ай, Түйметай үйелмелі-сүйелмелі бес баласымен бүтін Рысқұловтың үйінде отыр. Қазан вокзалынан өзі барып алып келді. Қазан вокзалы бастығының кабинетіне кіріп барғанда, алба-жұлба бір топ баланың ортасында отырған Түйметайды танымай да қалды. Түйметай екенін анық біліп келмесе, мүлде танымас та еді. Ой, сонда Түйметайдың дауыс қылып аңырағаны-ай! Жаһандағы жалғыз бауырын құшақтап, мұңын шағып, арыз айтып жылағанда, Рысқұлов айнала аң-таң қалып тұрғандардан қысылып-қымтырылуды ұмытып кетті.
— Сорлап қалдық қой, Тұрар-ау! — деп аңырады Түйметай бейбақ. — Құрдымға кеттік қой. Қу Құдайдың қаһары неге бізге ерекше төнді? Не жазып едік, қыл құйрықты, киіз туырлықты бейбіт жүрген жан едік қой! Кімге қиянат қылдық?
— Қой енді, Түйметай, бұл ауыл емес қой, дауыс қылатын. Қарашы жан-жағыңа! Қой енді, — деп сыбырлап, Рысқұлов қарындасын арқасынан қағып, жұбатқан болады. Бірақ Түйметай:
— Қараса қарай берсін! Көрсін Мәскеу біздей бейкүнә бейбақтардың қаңғырып қалғанын.
Хан базардай қалың жұрттың арасында шешесі ағыл-тегіл аңырағанын көріп, Түйметайдың бес баласы бірдей ұлардай шулап қоя берсін.
Вокзал бастығы оларға графиннен су құйып беріп, тіпті үстелінің тартпасынан бір қорап мәмпәси алып, балалардың алақанына салып, бәйек болып-ақ жүр.
Ал Түйметай аңырайды. Ұзақ жол бойы тастүйін болып түйіліп, бес баланы желкесінен тістелеп, өрттен қашқан қасқырдың қаншығындай жанталасумен жүріп мұз болып қатып қалған жүрегі, енді жалғыз бауырын көріп, кенет отала жөнелгендей, сол сорлы жүректен ағыл-тегіл телегей сел тасығандай бір хал кешті.
Тегінде, таудан құлаған селден де жүректен тасыған жан жүйеңнен толқыған сел жаман. Тау басына қар қалың түскен жылы, шілдеде күн ысып, оған нөсер қосылған жылы тілсіз сел лақ ете қалуы таңсық та, таңқаларлық та емес. Ал адамдардың жүрегінен, жан дүниесінен сел қаптауы өте сирек құбылыс. Ол заманға байланысты. Заманды, адамды билеген өктемдікке, зорақылыққа, қорлыққа байланысты. Мына Түйметайдың көзінен парлаған жас сол сұрапыл селдің бір тамшысы ғана...
Сол жылағанда Түйметай жалғыз өз басының қайғысы емес, бүкіл елдің азап-қасіретін, басынан кешкен қорлық-зорлығын арқалап ала келген сияқты еді. Түйметай зары — күллі қазақтың зарындай естілді де, ендігі жерде Рысқұлов сыпайылық сақтап, Сталиннен сарыла хабар күткенді қойды да, беттің арын белге түйіп, шыбын жанды шүберекке түйіп, қаһарлы да қатыгез арыстанның аузына не де болса өзі барып түспек болып, Сталиннің кабинетіне жанпидалықпен тіке тартты.
* * *
— Менімен жолығуға неге сонша өзеуредің? Сірә да мені сағынып қалмаған боларсың, — деп Сталин Рысқұловты қырыстана қарсы алды.
«Жолым болмайтын шығар, — деді ішінен Рысқұлов. — Көңіл хошы жоқ қой». Сталин кейде көңілі түскенде Рысқұловты: «А-а, Түркістанның Шыңғысханы, кел», — деп қалжыңдап қабылдайтын. Бұл жолғы сәлем сөзі қату.
— Шұғыл шаруа, жолдас Сталин.
— Не болып қалды? Жау шаппаған шығар.
Сталин креслодан қимылдамай, зілдене қарап, трубкасына темекі салмаққа, алдындағы алтын зерлі қорапқа қолын баяу созды.
— Жау шапқаннан жаман, жолдас Сталин.
Сталиннің оң қабағы серпіліп кетті де, көсем басын көтеріп, Рысқұловқа жасыл сарғыш көздерін оқша қадады.
— О не?
— Есіңізде болар, жолдас Сталин, менің Сізге жазған екінші хатым... осыдан бір апта бұрын...
— Иә, есімде. Бір апта... бір аптада анықтай салатын жай арыз-құрыз емес қой ол.
— Бір апта тұрмақ, бір күн бір ғасырға барабар. Күн өткен сайын Қазақстанды өрт алып бара жатқан жоқ па?! Халық қырылып жатыр!
Сталин ырғалып барып креслодан тұрды. Қара трубканы бір бұрқ еткізіп, түтінін будақтатты, «Алтын жібек» темекісінің хош иісі аңқып сала берді. Генсек тіпті бір рет түтінді Рысқұловқа қарата шұбалаңдатып жіберді. Абайсызда ма, әдейі ме, өзі ғана біледі.
— Кім қырып жатқан?
Рысқұлов күрсінгендей болды, сәл бөгеліп те қалды. Рас-ay, кім қырып жатқан? Соғыс жоқ, жау шапқан жоқ. Қазақстанның үстіне аспаннан Ай құлап түскен жоқ. Тау қопарылып, жер сілкініп, зілзала соққан жоқ.
— Асқынған асыра сілтеушілік, жолдас Сталин.
Кілем жолдың үстінде ары-бері жай басып жүрген Сталин кілт тоқтай қалды.
— Асыра сілтеушілік айыпталған. Сталин жолдастың «Табыстан бас айналу» атты еңбегін Рысқұлов оқыған болар?!
— Оқыдым, жолдас Сталин. Қайта-қайта оқыдым. Сондықтан да түсіну қиын...
Сталин шыдай алмай сөзді бөліп жіберді:
— Нені? Менің жазғанымды ма?
— Жоқ, жолдас Сталин. Қазақстан басшыларының сұмдық әрекетін. Олар Сіздің жазған мақалаңызды оқыған соң, сол асыра сілтеуді асқындыра түсті деп қорқамын.
— Сонда қалай? Қазақстан басшылығы, айталық, Голощекин, Сталин жолдастың айтқандарын елемей, оған құлақ аспай қойғаны ма? Осылай болады деп сенесің бе?
— Сенгім келмейді. Сенбейін десем, әрекет басқаша. Колхоздастыру жұмысын олар бәйгеге айналдырып жіберген. Кім көбірек колхоз құрады, кім тезірек құрады деп облыспен облыс, ауданмен аудан қырғын жарысқа түскен. Бұл қырғын жарыстың құрбаны болып миллиондаған адам қырылып жатқанын да көрмей, көздеріне қан толып, әлгі жарыстың қызығына мас болып, еліріп, есіріп кеткен сияқты.
Сталин жолбарыс көздерін сығырайтып, Рысқұловтың пиғыл-сырын айтпай-ақ білгісі келгендей тесіле қарады.
— Былай болуы мүмкін бе, Тұрар, айталық, Сталин асыра-сілтеуді айыптап, бүкіл халыққа жария етті. Халық сеніп қалды. Артынша Сталин жер-жердегі басшыларға, әсіресе Қазақстан басшылығына астыртын циркуляр-хат жолдап: «Табыстан бас айналуды» оқып тоқтап қалмаңдар. Қайта қарқынды күшейтіңдер!» — деп нұсқау беруі мүмкін бе? Жұрт осылай деп қалуы мүмкін бе? Сен қалай ойлайсың?
Рыскұловтың өңі қуқыл тартып, маңдайы жіпсіп жүре берді. Сужүрек емес еді, сұмдықтың, сұрқиялықтың, залымдық пен зымияндықтың талай тұзағын талқандап, талай шырмаудан шатаспай шығып еді. Бірақ дәл мынандай сұрапыл сұраққа кездескен емес. Бір сәт ол: «Осы айтып тұрғаны шыны болмаса нетті?» — деді де, тұла бойы түршігіп кетті.
— Мүмкін емес, жолдас Сталин. Олай ойлау кімнің басына келеді?
Сталиннің сірескен беті сәл жылымықтанып, көзі күлімдегендей болды.
— Мен де солай ойлаймын. Мұндай сұмдық кімнің басына келмек? Бірақ жаулар сондай лақап таратуы да мүмкін ғой. Өзің ойлашы, Сталин баспасөз бетінде асыра сілтеу болмасын дейді. Ал жер-жерде керісінше, асыра сілтеу өрши түседі. Сталиннің айтқанына бағынбай жатыр деуге тіл бармайды. Содан шығатын қорытынды, логика бойынша, Сталин астыртын тапсырма беріп отыр деп айыптау жаулар үшін оп-оңай тәсіл. Солай емес пе?
— Тап жаулары солай деуі әбден ықтимал. Ал халық... халық Сізге сенеді, Иосиф Виссарионович.
— Жолдас Сталин де. Соноу жиырмасыншы жылдан бірге жұмыс істеп, аузың қалып алып калған. Әйтсе де, сенің солай деп атауыңа да болады. Сонымен халық сенеді?
— Сенеді, жолдас Сталин.
— Құдайға шүкір. Дай бог.
Бір сәтке Сталин де пенде болып, Рысқұловтың жауабына кәдімгідей іші жылып, оған рахымы түсердей болды. Оның арызын шын ықыласпен тыңдап, өтінішін орындағысы да келді.
Ары-бері ырғалып жүріп, Рысқұловтың неге сонша өзеуреп, неге сонша шырылдап, жанталасқанын ойлады.
Халық қырылып жатыр дейді. Аштан, аштық арқылы тараған індеттен қырылып жатыр дейді. Қазақтар қырылып жатыр дейді. Ол қандай халық? Көшпенді дейді. Малмен күн көреді дейді. Бірде Геродоттан оқығаны есіне түсті. Геродот айтады: Көшпенділердің баспанасы киіз үй, тамағы малдың еті, сүті, киімі малдың терісі, жүні дейді. Қымыз дейтіні болатын көрінеді, көп ішсе мас қылатын көрінеді. Көшіп келе жатқанда әйелдері аттың, түйенің үстінде толғатып, туа беретін көрінеді. Өздері жауынгер халық деседі, ерлерін былай қойғанда, әйелдері, қыздарына дейін қолдарына найза алып, жауға шімірікпей шабады дейді.
Ал енді мына Рысқұлов келеді де, сол «тарихтың атасы» атанған Геродоттың жазып кеткен көшпенділерінің қазіргі ұрпақтары аштан, індеттен қырылып жатыр деп шыр-шыр етеді.
Сталин Рысқұловтың екінші хатын да оқып шықты. Машинкамен басқанда отыз үш бет екен. Ұзақтау, әрине. Көп уақыт алады. Бірақ мылжың сөз жоқ. Бір сөзін де өшіріп тастай алмайсың. Қайта әрі қарай оқығың келіп, ынтыға бересің. Бірақ сұрапыл сұмдық хатты да оқуға адам ынтыға ма екен? Парадокс! Оның несі қызық? Қырылып жатқандар туралы оқу неге қызық? Лoгикасы шын темірдей, қазір Рысқұловтың мына тұрысы қандай болса, сөзі де, ойы да, логикасы да шарболаттай. Және сол шарболатты магниттеп тастаған сияқты. Оқуға тартады да отырады.
Ал осындай адаммен санасу керек пе, жоқ па? Санаспасаң, бұл осал жау емес. Өзіңе тартсаң, серік қылсаң, күшейе түсесің. Бірақ неге осал жау емес? ОГПУ-дың бастығы Ягоданы шақырып алып: «Құрт Рысқұловтың көзін!» — десінші. Бітті. Бит сыққанмен бірдей. Іздері-сұрары да жоқ. Іздеу-сұрау салатын халқы анау, шыбындай қырылып, сансырап жатқан. «Рысқұлов — ұлтшыл, ұлтшыл ғана емес, пантюркист» деген қоңырау баяғыда-ақ сыңғыр қаққан. Негіз жетіп жатыр. Айып іздеп қиналатын жағдай жоқ.
Шырылдайсың, бишара Рысқұлов, шырылдайсың. Мұнша шу шығарып, алқынып, жұлқынып, арпалыспай, ты-ны-ыш жүрсең саған бәле жоламас еді. Отқа ынтызар көбелектей өз қанатын өзі күйдіріп жүрген пәруана. Осыдан ғой, Рысқұловтың үстіне Жантоқовтар «пантюркист, ұлтшыл» деп арыз айдап жататыны.
Иә, қазір Сталиннің қолында Жантоқов дегеннің хаты жатыр. «Рысқұлов Сізге несімен сүйкімді? Рысқұлов соноу бір жылдары Орта Азиядағы «Шуро-и-Исламия» деген партияның мүшесі болғанын білмейсіз ғой. Пантюркизм ауруына шалдыққанынан хабарсыз екенсіз ғой. Әйтпесе, Рысқұловты көтермелей бермес едіңіз...» — дейді.
Сталин тым-тым ұрдажық емес, кім бұл Рысқұловқа осыншама зәрін төгіп, қаһарын тіккен дейді ғой. Оны анықтау Сталин үшін қиын ба екен? Сөйтсе, Жантоқов — мыңғырған бір байдың баласы екен. Әкесі 1928 жылы ірі феодал ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылады. Ал енді Жантоқов жас кезінде Омбыда орысша оқыған, көзі ашық, тызылдаған пысық неме екен, жел қай жақтан тұрғанын біле қойып, дереу туған тегінен безініп шыға келеді ғой. Сөйтіп, Кеңеске жағыну жолында әсіреқызыл болғаны сонша, Голощекиннің сеніміне кіріп алып, соның сойылын соққанда, қазақта алдына жан салмастай, құлақкесті құлындай қызмет етеді.
Тегінен безіну жаңалық емес. Әсіресе төңкеріс кезінде әке мен бала, ата мен іні бір-біріне қарсы келіп, тіпті бір-біріне оқ атысқан оқиғаның тарихта талайы бар. Мәселе, адамның нанымында ғой. Адамның иманында. Жантоқов шын иманымен әсіреқызыл болды ма, жоқ әлде іштей бақай есебі бар ма? Егер Қазан революциясы болмаса, Кеңес өкіметі орнамаса, сол Жантоқов патшаға қарсы, өзінің туған әкесі сияқты шұбартөс, шынжырбалақ байларға қарсы ұрандап ту көтеріп, қол бастап шығар ма еді? Әй, кім білген? «Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қалдың» адамы ғой Жантоқов. Әйтпесе, Рысқұловта алты аласы, бес бересі жоқ. Тіпті онымен бақталас болар, қызғаныш қылар жөні де жоқ.
Бәленің бәрі Голощекиннен шықты емес пе? Рысқұлов ВЦИК-тің сессиясында Қазақстанда тәркілеу мен ұжымдастыру науқанында партия саясатының өрескел бұрмаланып жатқанын сынап сөз сөйлейді ғой. Бұл сөз Голощекинге шаншудай қадалады. «Қап, бәлем!» — демей ме?
Алматыдағы бір жиналыста Жантоқов оның көзіне түседі. Орысшасы лыпып тұрған нағыз шешен. «Байлардың тұқым-тұқиянын түп тамырымен жұлып тастап, қоғамды арамшөптен біржолата тазарту керек!» — деп сайрап тұр. Сонда Голощекин егер логикасы күшті болса: «Ей шырағым, не деп тұрсың? Байларды түп-тамырымен, үрім-бұтағымен құртып жіберсек, сен өзің қалай аман қаласың? Сен өзің шіріген байдың бел баласы емессің бе?» — дер еді ғой. Оны айтпады. Логика басқа жағынан сумаң етті. Жантоқов сияқтылар өз қарақан басының қамы үшін туған әкесін де аямайды. Демек мұндайларды сойыл етіп ұстау керек. Сойыл болғысы келмейді екен, е ботам, өзің әлгінде ғана айттың ғой бай тұқымына балта шабу керек деп. Сен — бай баласы. Ендеше, алғашқы балта сенің тамырыңа шабылады десінші, Жантоқов не істемес екен?
Олай болса, бұл сойыл әнеукүні ВЦИК-те Голощекинге қаһарын төккен Рысқұловқа соғылсын.
Голощекин әуелі Жантоқовтың қызметін көтеріп, Өлкелік комитеттің баспасөз секторын басқартып қойды. Алмақтың да салмағы бар, көп ұзамай Филипп Исаевич Жантоқовтан қарымта талап етті. Бір күні оны кабинетіне шақырып алып, оңаша сөйлесті.
— Сен Рысқұловпен қалайсың? — деп сұрады әуелі. Анау әуелі сұрақтың астарын аңдамай:
— О кісімен ешқандай қатынасым жоқ, — деп шынын айтты.
— Қатынасың бар ма, жоқ па, мәселе онда емес, — деп Голощекин көңілі толмай қалды. — Мәселе — Рысқұловтың саяси платформасында ғой. Ол ежелгі ұлтшыл, пантюркист, сен соны да білмейсің бе?
— Е, о жағы белгілі ғой, Филипп Исаевич, — деп енді қақпайлауға бейімделе берді.
— Ендеше, соны Орталық Комитетке білдіру — біздің парызымыз. Түсінікті ме? — дегенде Голощекиннің бұрын тартқан теке сақалы дір-дір ете қалды.
— Түсіндім, Филипп Исаевич. Тек... — деп Жантоқов тосыла тоқтады.
— Немене, тек?..
— Кімнің атына жазу керек?
— Тіке Сталин жолдастың өзінің атына да! Мен өзім-ақ жазар едім, бірақ Голощекин Рысқұловпен есеп айырысып отыр деп түсінуі мүмкін. Ал сен болсаң мүлде бейтарап адамсың. Түсіндің бе? — Теке сақал тағы да селтең-селтең етті. Даусы — темірді болат арамен кескендей жағымсыз еді. Голощекин «Түсіндің бе?» дегенде даусы сөйтіп шиқылдап шығады екен.
— Түсіндім, түсіндім, — деп Жантоқов тікенек басын шұлғи берді, шұлғи берді.
Ол хат Сталиннің қолында. Әзір қозғаусыз. Тек Сталин Жантоқов туралы астыртын деректер алдырып танысқаны болмаса, бұл мәселе бойынша Рысқұловты мазалаған жоқ. Өзі туралы Сталиннің мәлімет жинаттырғанын Жантоқов та білмейді. Кім біледі, мұның бәрі күндердің күнінде жалғанның жарығына шығар, Рысқұлов та, Жантоқов та бір қылыштың жүзімен оталар... Ал әзір... әзір Қазақстанда қатерлі қаһар үдеп тұр. Сол Жантоқов қой бірақ:
«Жолдас Сталин, Қазақстанда жағдай сұмдық. Аштық аранына ұшырадық. Халық қырылып жатыр. Құтқара көріңіз! — деп хат жазбады-ау, жазбады! Мейлі, Рысқұловты жамандасаң жамандай бер. Көзілдірігің буланып, көз майың еріп кеткенше жаза бер. Ал туған халқыңа бір титтей ішің бұрса қайтер еді? Кәрі атаң, ақ сүтін берген анаң, бауырың, сұлу қыз, көркем жігіт, жас сәби — бәрі-бәрі баудай түсіп, қырылып жатқанын көзілдірікті көзің көріп, қалай ғана дәтің шыдайды? Голощекиннің құлақкесті құлы болғаныңмен, айтқанын істеп, айдауында жүргеніңмен өмірің қанша жасқа ұзармақ? Голощекин берген креслода мәңгі отырамысың? Тумақ бар — өлмек бар. Әйтеуір, бір өлім хақ! Голощекин сенің жаныңды мәңгілік етуге құдіреті келмейді ғой. Ол адамдарға өмір беру үшін емес, өлім беру үшін жаратылған жан. Голощекин құдіретті болса, алдымен өзі өлмес еді ғой, бірақ ол да өледі. Бәрі өледі, тек біреу ерте, біреу кеш. Бір күндік қу тірлік үшін, баянсыз мансап үшін халқыңды, халқыңды қорғар ерді сатпасаң қайтеді, найсап! Қайран ақын:
— Шормандай шолтаңдаған шолақ билер,
Патшаның шекпені үшін елін сатқан! —
деп еді-ау. Шорман елін патшаға сатты. Сен кімге саттың, уа жүзіқара?!
* * *
Сөйтіп, Сталин Қазақстанды қартадан ғана біледі. Картадағы Қазақстан тым — тым үлкен. Осыншама жерді жайлаған халық қандай болуы мүмкін? Қазақтар қандай? Қазақтың біреуі қарсы алдында тұр. Ал біреуінің хаты тартпада жатыр. Біреуі халқы үшін шырылдайды. Ал біреуі сол халқы үшін шырылдағанды өлтіре жамандайды. Екеуі де оқыған. Патша шенеуніктерінің жазуына қарасаң, қазақтар жартылай жабайы. Түркістанның соңғы генерал-губернаторы Куропаткин тіпті: «көшпенді қазақтар өркениетке жету үшін мың жыл керек әлі», — дейді. Жала шығар. Әйтпесе, сондай халықтан мына Рысқұловтай адамдар туа ма?
Асылы, Рысқұловты тек қазақжанды дейтіндер қателеседі. Иә, Сталиннің әлі есінде: жиырмасыншы жылдардың басы еді. Ұлт мәселелері жөніндегі Комиссариаттың бар кезі. Сталин — нарком, Рысқұлов — орынбасар. Осы Рысқұлов сонда, сонау қиыр терістікте жатқан сахалардың жоғын жоқтап, Сталиннің мазасын қайта-қайта алғаны бар. Саха дейтін ел бар екен, оны орыстар Якутия деп кеткен. Аңыз айтады: орыстар тұңғыс-эвенкілерден сұрапты дейді, анау Лена өзенінің арғы бетінде кімдер турады деп. Эвенкілер:
— Яка, яка, — дей беріпті. «Саха» дегенге тілі келметені шығар. Содан орыс ағайын «якут», «Якутия» деп кеткен көрінеді. Тіпті «Лена» деп жүргеніміздің өзі саха тілінде «Оол-ена» болса керек, яғни «Ұлы Ана» ғой. Шіркін, Лена дариясы ұлы десе ұлы ғой. Бергі жағасында тұрып арғы жағасына қарасаң көз жетпейді.
Осы Рысқұлов сахаларға автономия берейік деп қадалған жерден қан алды. Ал саха-якуттердің өз арасында кейбір бетке шығарлары:
— Якутия — патша тұсында Ресей империясының бір губерниясы болып келген, РСФСР құрамында сол губерния күйінде қалсын, — дейді.
Ал Максим Аммосов, Платон Ойунский деген зиялылары автономия керек деседі. Оларды Рысқұлов қолдайды. Губерния емес, облыс емес, автономиялы республика болсын дейді. Ақыры Якут (Саха) Кеңестік Автономиялық республикасын құру туралы ВЦИК-тің жарлығы шығып тынды.
* * *
— Сен мына хаттағы деректердің бәрін қайдан алдың?
Сталин Рысқұловқа жолбарыстың көзіндей шапыраш сарғыш көздерін қадай қалды.
Рысқұлов та пенде. Өте сезімтал. Мына суық көздерден іштей үрей де туады. Бірақ сыр бергісі келмейді. Сталин жолбарыс болғанда, бұл қара қабыланша айыл жимай, сенімді қалпын өзгертпей, аспай-саспай тіл қатты.
— Совнаркомға жергілікті азаматтардан келіп түсіп жатқан хаттар, телеграммалар көп. Әрине, оларға бірден сене салмай тексеру әбден керек. Сол үшін де Қазақстанға, қазақтар қашып барып жансауғалаған Омбыға, Барнауылға, Новосібірге, Түменге, Орынборға, Еділ бойындағы қалаларға уәкілдер жіберілді.
— Сонда, немене, бүкіл Совнарком аппаратын таратып жібергенсің бе?
Байқайды, Сталинге бұл әрекет ұнамайды.
— Жоқ, жолдас Сталин, аппарат орнында. Совнаркомнан төрт-бес адам ғана. Көбісі студенттер. Мәскеу, Ленинградта оқып жүрген қазақ студенттері...
Сталин Рысқұловтың сөзін бөліп жіберді.
— Немене, сонда ол қазақ студенттері мұнда оқу үшін келген бе, жоқ әлде үкіметтің қаржысымен, Рысқұловтың тапсырмасымен ел қыдырып жүру үшін келген бе? Оқу қайда?
— Жоқ, жолдас Сталин, студенттер каникул кезін пайдаланды. Тіпті көбіне қаржыны мен өз қалтамнан бердім. Үкімет қаржысы көп шығын болған жоқ.
Сталин мырс етті:
— Сен қашаннан бері қалтасы қалың бай едің?
Бұл кекесін сұрақ Рысқұловтың жанын қинады. Әділетсіздіктің түрі әр алуан. Сенің кісіге істеген жақсылығыңның өзін өзгертіп, содан бір пәле іздеп тұрғаннан асқан әділетсіздік бар ма екен?!
— Рас, жолдас Сталин, менің байлығым тасып бара жатқан жоқ. Жуырда бір кітапшам шығып еді, соның қаламақысын қидым.
— А-а, қаламақы ма? — Сталин қаратрубкасын бір бұрқ еткізді. «Алтын жібек» темекісінің хош иісі кабинетте қалқып тұр.
— Оқу қайда дедіңіз, жолдас Сталин. Студенттер, әрине, оқуға тиіс. Бірақ халқы қырылып қалса, ол оқу кімге керек?
Кілем үстімен былқ-былқ басып бара жатқан Сталин оқыс бұрылды. Тіпті, жып-жылтыр сафиян етігінің ұлтаны шиқылдап та кетті. Көзі қаһар шашырағандай шаншыла қалды. Айтар сөзі одан да заһарлы болатын шығар. Бірақ бұрылып, бүкшиіңкіреп жай-жай басып, дәу қара үстелге дейін жетіп, трубкасымен хрусталь күлдеуішті тықылдатып тұрып қалды.
— Сонда қалай, біз Қазақстан басшыларына сенеміз бе, жоқ әлде Рысқұловтың студенттеріне сенеміз бе?
— Қазақстан басшылары не дейді?
Қарсы сұрақты Сталин мүлде ұнатпаушы еді. Сталинге сұрақ қоюды жұрт көптен бері ұмытқан. Тіпті Политбюро мүшелерінің өзі оған тіке сұрақ қоюдан қаймығатын. Сталин басын шайқап қалды. Бірақ жауап қатты.
— Мен жақында Голощекин жолдастан хат алдым. Хатында ол жазады: Қазақстанда мен келгенге дейін кеңес өкіметі орнамаған екен дейді. Тіпті мен келгенге дейін Компартия да жұмыс істеп жарытпаған дейді. Қазан революциясы дауылы Қазақстанды жанай өтіпті. Ондай революция рухы сезілмейді. Сондықтан мен өз жұмысымды Қазақстанда «Кіші Қазан революциясын» орнатудан бастап жатырмын дейді. Республикадағы жергілікті кадрлар арасында жікшілдік бар. Сонымен күресемін дейді. Ұжымдастыру оңды жүріп жатыр. Оның қарқынын күшейтіп, көшпенділерді отырықтандырамын дейді.
Осының бәрі қалай әсер етті екен дегендей, Сталин Рысқұловқа бір қырындап тұрып, қиғаштай көз тастады. Рысқұловтың танауы делиіп, тынысы тарыла бастағандай, кіршіксіз ақ көйлектің жағасына сұқ саусағын салып, кеңітейін дегендей керіп тұр екен. Сталин мұны сезбеген болды. Сыңайы: «ширыға түссін» дегендей.
— Голощекин жазады, — деді Сталин әр сөзін нығарлап, бұрай түсіп. — Қазақтар жабайы немесе жартылай жабайы дейді. Сондықтан «культррегерство» ендірмекшімін, халыққа қасықпен тамақ жеуді үйретпекшімін дейді.
«Енді қалай екен?» — деп Рысқұловқа тағы бір көз салып еді, анау талаурап, тарс кетейін деп тұр екен. Сталин мұртынан бүлк етіп бір күлді де, қара трубкасындағы күлді хрусталь күлдеуішке тықылдатып, қаққылап-қаққылап, сарыала құтыдан «Алтын жібек» темекісін саусағымен ширатып қорқордай трубканы қайтадан толтыра бастады.
Арадағы үзілісті пайдаланып қалайын деді ме, әлде шыдамсыздық биледі ме:
— Ал Сіз оған не дейсіз? — деп қалды Рысқұлов.
Сталин қылау түсе бастаған, қайратты, жирен шашты басын баяу бұрып қарады. Содан соң асықпастан, аспай-саспай трубканы тұтатты. «Алтын жібек» түтіні жүрегін сәл-пәл жібіткендей күлімсіреп:
— Өзің не дер едің? — деп Рысқұловқа сығырая қарады. — Егер әлгі хатты Голо-щек-ин маған емес, саған жазса, сен не дер едің? Не деп жауап берер едің?
Рысқұлов не дер еді? Жауабы дап-дайын. Жауаптан қиналып тұрған жоқ. Бірақ айту әдісін ойланып қалды. «Голощекин — оңбаған, жалақор, барып тұрған авантюрист дейін десе, сөз жоқ, Сталинге жақпай қалады. Саяси сұхбат кезінде қызбалыққа жол жоқ. Әр сөзіңді бағып сөйлемесең, басың бәлеге шалынады. Бір жерден ұсталсаң, құтылу қиын.
— Мен не дер едім... — Рысқұлов өзін-өзі тізгіндеп, сабыр сақтайын десе де даусы жарықшақтанып шықты. — Мен не дер едім? — деп үнін түзеп алды. — Мен айтар едім: жолдас Голощекин, өйтіп тұтас бір республикаға жала жаппаңыз. Республикаға сіз келгенге дейін де коммунистер болған. Партия да болған. Республикада кеңес өкіметін орнатуға басшылық жасағандар да солар. Мысалы, мен өзім Ұлы Қазан революциясына дейін-ақ Түркістан мен Қазақстанда большевиктерге қарсы аяусыз террор жүріп тұрған шақта, басымды өлімге тігіп, партия қатарына кірдім. Біз Әулиеата уезінде Кеңес өкіметін орнаттық. Бізге кеңес өкіметін басқа жақтан қалың қол келіп орнатып берген жоқ. Бүкіл Түркістанда, бүкіл Қазақстанда Қазан революциясынан кейін іле-шала өкімет билігін большевиктер өз қолына алды. Ал ол кезде, жолдас Голощекин, сіздің өзіңізді көрмек тұрмақ, атыңызды да естіген емеспіз. Біз Ленин деген есімді естідік. Өзін көрмесек те сөзін ту етіп ұстап, ұран етіп асқақтаттық. Сондықтан, жолдас Голощекин, бұл айтқаныңыз үлкен жала!
Сталин терезеден әлдеқайда қарап тұрып-тұрып:
— Ал «Культррегерство» дегеніне не дер едің? Көшпенділер шынында да әлі өркениеттен алыс екені өтірік емес қой.
— Өркениет дегеннің өзінде көп сұрақ бар, жолдас Голощекин, — дер едім. — Әуелі мәдениетті деп кімді айтамыз? Галстук тағып, шаш қойған адамды ғана ма? Олардың арасынан нелер кәззаптар табылар. Ал оқу жағы болса, әрине, кемістік бар. Бірақ сіз жиі айтатындай, қазақтар жабайы емес! Орысша оқығандар да бар, ал мұсылманша оқығандар — екінің бірі. Әлде мұсылманша оқу өркениетке жатпай ма? Ал қасық, шанышқы дейсіз. Ұялмайсыз ба, Голощекин! Аштан қырылып жатқан халыққа әуелі тамақ тауып беріңіз. Қасық пен шанышқының бір амалы табылар.
— Болдың ба? — деп Сталин терезеден бері бұрылды. — Сен осының бәрін Голощекинге емес, маған айтқандай кіжініп тұрдың-ау... Сен сондайсың, иә... Ал мен не деп жауап жаздым Голощекинге? Білмейсің. Әрине, білмейсің. Мен айттым: «Дәл қазіргі кезеңде, сіздің ұстанып отырған бағытыңыз бірден-бір дұрыс бағыт», — дедім. Мұным қалай?
Рысқұлов ішінен: «Жетістірген екенсің!» — деді.
— Е, ендеше, Голощекин колхоздастыруға құлшына кірісіп жатқаны да содан шығар. Сонда Сталин жолдастың «Табысқа мастану» деген еңбегін жұрт қалай түсінбек?
— Ө-ө-өзің қа-а-лай түсінесің, жолдас Рискюлов?
— Мен әсіреңкі әрекет, асыра сілтеу болмасын деп түсінемін.
— Ал Рискюлов жолдастың 1930 жылы, ұмытпасам, 3-қаңтар күні Саяси Бюроға ұжымдастыруды тез қарқынмен жүргізуге болады деп записка түсіргенін қайда қоямыз? Ал?!
Рысқұлов көзі қарауытып барып, қайрат-қуатын әрең жинап, бойын әрең билеп, ойын түзеді. Мынандай адам алып империяны билеп тұрғаны неткен сорақылық! Неткен жаһаил! Ол записканы зорлап жаздырған өзі емес пе еді? Онда да Сталиннің машинкаға басылған мәтініне қол қойған. Ол енді Рысқұловтың запискасы атаныпты. Мынау сұмдықтан өткен сұмдық жоқ шығар? Бәсе, Рысқұловқа қол қойдыруға неге сонша өзеуреді десе, осындай қияметтің боларын білген екен ғой. Рысқұловтың аузын мүлде буып тастау үшін, күні бұрын ойлаған айла болды ғой. Не деген жәдігөй! Олай деп қазір айта алмайсың. Суға кетіп бара жатқанда қарманатын жалғыз тал бар. Рысқұлов сол зорлап қол қойдырған запискаға өз қолымен қосымша жазған. «Егер көшпенділер малы орталықтандырылар болса, онда Орталық оларға астық берсін, жер өңдейтін, егіншілікпен айналысатын техника, құрал-сайман берсін» деген. Бұл талаптың бірі де орындалған жоқ.
Енді міне, Сталин Рысқұловтың ең талма жерінен оңдырмай соқты. Аяусыз соқты. Ал дау айтып көр! Сталин айтып тұр: «халық қырылып жатыр екен, онда оған Сталинмен бірге сен де кінәлісің», — деп тұр. Сұмдық-ай! Сенің үш ұйықтасаң түсіңе кірмеген сорақы әрекетті саған таңып тұр. Ал ақталып көр!
Халқының қан жылағанын соноу патша заманынан көріп, куәсі болған Рысқұлов; сол халыққа қайтсем қол ұшын беремін деп жастайынан шырылдаған Рысқұлов; алтын сандықтың үстінде отырып, сол сандықтың кілті қолына тимей, өз жеріне, өз байлығына ие бола алмай қорлық көрген еліне еңіреп жүріп жаны ашыған Рысқұлов; соноу Түркістан өкіметі тұсының өзінде жергілікті халықтардың құқысы үшін Кушекиндермен арпалысқан Рысқұлов; «Түркістан, Қазақстан патша отаршылығынан Кеңес тұсында да арылып болған жоқ!» — деп айқасқа түскен Рысқұлов... енді келіп сол халықты бір сәтте сатып кеткен болды ғой! Мұнан асқан масқара, мұнан өткен сатқындық бола ма өмірде?! Мұндай қара таңбаны маңдайға басып, жер үстінде жүргенше, сол қара жер қақ айырылып, неге мына азғын Рысқұловты табан астында жұтып кетпейді?!
— Жолдас Сталин, — деді Рысқұлов есеңгіреген халден айыққандай бойын жиып, — сонда, Қазақстанда жойқын ашаршылықты қолдан ұйымдастырған мен болдым ба?
— Ақылы алғыр азаматсың ғой, — деп Сталиннің тоқпақ мұрты бүлк етті. — Солай болғаны да. Запискада ұжымдастыруды қарқындатайық деген өзің емес пе едің?
— Біріншіден, ол менің запискам емес, Сталин жолдастың жобасының көшірмесі болатын. Сталин жолдас оған қол қоюға мені мәжбүр еткен. Рас қой?
— Запискаға қол қоярда Рискюлов жолдастың басы әлі орнында болатын.
— Рысқұлов қол қоймаса, басы жерге домалап түсетін еді ғой, ә?
Рысқұлов мынандай зорлықтан жаны түршігіп, қаны қарайып кетті де, ақыр ит өлім екен, не де болса тайсалмайын деп тастай бекіді.
Соны сезген Сталин монтаны аяңға көшті.
— Бас жөнінде әңгімені доғарайық, — деді. — Әр адамға бір-ақ бас берілген. Кесілген бастың орнына екінші бас өсіп шықпайды. Әрі десе, адам өмірі мәңгілік емес. Қайтеміз күні бұрын бас кесісіп... Бірақ Саяси Бюро ұжымдастыру туралы қаулы қабылдаса, оған Рысқұловтың да қатысы бар екені — факт. Одан құтыла алмайсың.
— Солай-ақ болсын. Сонда ол қаулыда ұжымдастыру жолында халық жаппай қырылсын деген тармақ жоқ қой! Әрі десе, мен малмен ғана күн көріп отырған халықтың малы ортақ қораға қамалса, сол халыққа астықпен көмек көрсету керек дегенім қайда? Там-тұм астығын да тартып алып, адамдарды қаңғыртып жіберу керек деген жоқпын ғой мен?!
Даусы қаттырақ шыққан Рысқұловқа Сталин адырая бір қарап, ары қарай түкті кілем үстімен мысықша басып жүре берді.
— Рас, қаулыда халық аштан қырылсын деген тармақ жоқ. Бірақ бұл тарихта тұңғыш салынған түрен болғандықтан, біз болжап білмеген, күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Кей жерлерде ұжымдастыру ұсқындыққа ұшырады. Оған кінәлі қаулы емес, жер-жердегі бұрмалаушылық, асыра сілтеушілік...
— Ал мен хатымда соны жазып отырған жоқпын ба? Дұрыстап оқысаңыз, менің айтып отырғаным да дәл осы жағдай.
Сталин бәрін түсінеді, түсінбейтін бәлесі жоқ. Ол кейбір патшалардай кеще емес. Ол ақылсыз болса, ол аңғырт болса, соншама ақылдыларды артқа тастап, ең үлкен мемлекетті жеке-дара басқарып отырар ма еді. Қазір Рысқұловтың жанын қинап тұрса, ол оның топастығынан еме-е-ес. Ақылдылардың бәрі ақпейіл, адал да бола бермес. Сталин ақылдылығында Демонның ақылдылығындай бір сұмдық бар. Демонның арғы тегі ібіліс пе екен? Адам ата мен Хауа ананы азғырып, күнәға батырып, жұмақ жайдан қудырып жіберетін сол ібіліс еді.
Сұлу әйелді сүйіп-құшудан ләззат таппай, сол сұлуды қылқындырып өлтіруден ләззат табатын адамдар болатын көрінеді. Ондай адам бұл қылығының сұрқия-сұмдық екенін біледі, біле тұра, істемеске амалы жоқ, табиғаты солай жаратылған, Құдай қарғаған қаражүрек жан.
Ал Сталин — мысық мінезді адам. Тышқанды бірден жеп қоймай, тышқанмен ойнап отыратын мысықты көргеніңіз бар ма? Босатып қоя береді, тышқан сорлы құтылдым ба деп тұра қашқанда, мысық оны адым аштырмай алдыңғы аяғымен бас салады да, тағы да босатып қоя береді... Содан мысық рақат көреді, масаттанады, өзінің өктемдігін сезіп, содан бір шырын шарап ішкендей болады. Ал тышқан сорлының шыр-шыр еткен жаны мұрнының ұшына келгені мысық үшін қызық, қызыққа мас.
Сталиннің садистігінде осы тектес үрейлі үрдіс мол еді. Бұрынғы кезде, кейбір елдерде, жиырма бірінші желтоқсанға қараған түнде туған баланы, анасының шаранасынан шыға сала, өлтіріп тастайтын қатал заң болған. Неге десе, жиырма бірінші желтоқсан күннің ең қысқарған кезі. Бұл күні бала теңдессіз жауыз болады деген сенім үстемдік құрған.
Ал енді, жиырма екінші желтоқстанға туған баланы, бүкіл ел болып қуана қарсы алады екен. Өйткені, жиырма екінші желтоқсаннан бастап күн ұзара бастайды.
Сталин жиырма бірінші желтоқсанда туған...
Кім біледі, бұл соқыр сенімнің сандырағы шығар? Бірақ жиырма бірінші желтоқсан мен Сталиннің соншама жауыз болуы қабыса кеткені несі? Кездейсоқ бірдеңе болар...
Сталин Рысқұловты қылқындыра беруден саябырлап, жайдарман, бір иманды қалыпқа түсті.
— Жә, Тюрар, тым-тым қызбалана берме, жарайды... Бұл істі Молотов пен Кагановичке тапсырдым. Олар анық-қанығына жетіп, бір тоқтамға келгенде, сенің ұсыныстарыңды Саяси Бюрода қараймыз.
Сталин жадырағанмен Рысқұлов жабырқаулы еді.
— Молотов пен Каганович істің анық-қанығына жеткенше қазақтан не қалар екен? Әрбір күн сан мыңдаған адамды апанға тартып кетіп жатыр, — деді.
— Сен енді бізге қысым жасама, — деп Сталин ызғарсыз өкпелегендей болды.
— Сізге қысым жасар хал қайда менде? Мен өз басым ашығып өліп бара жатсам, Сізге бүйтіп жалынбас едім... Халық қой. Алты миллион халық! Соның қазір жартысы-ақ қалды.
— Әсірелеуге бейімсің, Тюрар, сен санап шыққан жоқсың ғой.
— Сенімді деректер бар, жолдас Сталин. Ауа көшкендер, Ресей орманына дейін жетіп, ағаш қабығын кеміріп жатқан қазақтар, олар да өлген қазақтар...
Сталин тіл қатпастан түнере бастады. Адамның көңілі неге аумалы-төкпелі? Көңіл шіркін неге аунақшып тұрады? Түске дейін күн ашық еді, түс ауа қалың бұлт қаптады. Сірә, жауатын шығар.
Сталин неге үндемейді? Әлде қазақтардың қайғылы халі қабырғасына батты ма? Үлкен империя. Бұл император. Әрине, сөзде, саясат тілінде оның лауызымы басқаша айтылады. Бірақ маңызына, мәніне келгенде бәрібір. Ол император. Бәлкім, солай атаса Сталинге ұнар ма еді? Ол Грозный патшаны, I Петрді жиі-жиі атайтын. Оларды сөз жүзінде сынаған болып, іштей бүйрегі бұрып та тұратын сияқты. Бірақ онысын білдірмейді. Петр басыбайлы шаруаның жонарқасынан үш қабат терісін сыпырып алды деп айыптаған болады. Ал өзі ше? Үш қабат терісін сыпырсаң да тірі қалса, кәнекей. Шыбындай қырылып жатыр ғой. I Петр кезінде де сорлы халық аз шығын болмаған деседі. Бірақ дәл қазіргідей емес-ау. Генсек Сталин дегеннен гөрі, император Сталин деген әбден лайықты болар еді. Император Август, император Цезарь, император Тиберий, император Калигула, император Нерон... император Наполеон... Өткен ғой неше наһандар.
Сталин солардың бәрінің де өткен-кеткенін көп оқыған. Сталинді шаласауатты деп менсінбейтін Троцкийлер мүлде қателеседі. Рим императорларының іс-әрекетін, мінез-құлқын Сталин аса ұната да бермейтін. Мысалы, Калигула дегені құрылтай жиналысына өзі ардақтайтын арғымақ атын мініп келіп, онымен қоймай, сол жылқы баласын консулдармен қатар отырғызып қойыпты дейді. Қалай отырғызған? Арнайы орындық жасаттырған ба? Сірке суына маржан салып, соны ерітіп, езіп ішеді екен дейді. Сталин қанша құдіретті болса да әзір Жоғарғы Кеңестің сессиясына жылқы баласын отырғызған жоқ. Сірке суына маржан ерітіп те ішкен жоқ. Калигула сияқты жалт-жұлт киініп, сал-серілікке де салынбайды. Тұрмысы тым жұпыны. Бірақ Калигула: «Жек көрсе, жек көре берсін. Тек қорықса болғаны», — дейді екен. Сталин осысын құптауы мүмкін. Бірақ бұл жағынан Сталин Калигуладан әлдеқайда ақылды. Қоластындағы халық қашанғы қалтырап отырады? Халық Сталинді сүйетін болсын. Сталинсіз қалай күн көреміз дейтін халге жететін болсын. «Жасасын Сталин!» деген ұран әлі жаппай айтыла қойған жоқ. Бірақ жаппай айтатын болсын. Адамдар Құдайға емес, Сталинге табынатын болсын. Калигула ақымақ. Сталиннің аңсары әріде жатыр. Рас, Калигула сұлу әйелді аймалап отырып: «Мойны қандай әсем! Алайда жендетке: «Кес!» — деуім мұң, осы әсем мойын қиылады да түседі-ау», — дейді екен. Міне, бұл Сталиннің ұғымына әбден келеді. Сталиннің «ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс». Енді мұның бетіне қарсы келер ешкім жоқ. Зиновьев пен Каменев енді оның етігін тазалауға пейіл. Бухарин қайда бармақ? Әне, ақсаусақ ақылмандар қандай күйге түскен?
Енді ғой, мына азиат Тұрар Рысқұлов бұған оқтын-оқтын булығып, дауыс көтереді. Ау, алдағыларды неге көрмейді? Троцкий, Зиновьев, Каменев, Рыков... Кеше ғана Рыковпен бірге жұмыс істеді ғой. Лениннен кейінгі екінші Совнарком. Сол Рыковтың өзі әңкі-тәңкі болып кеткенін көріп сескенбей ме бұл Рысқұлов? Бірақ балапанын арашалай қарақұсқа қарсы шабатын тауықтың айбынын көрген бар ма? Рысқұловта да сондай бір инстинкт бар. Өзге үшін өзін өртке тастап жіберетін ерекше бір қасиет бар. Әйтпесе, бұғып қала тұрса, айтқанды істеп, айдауға көніп жүре берсе, «мыналары сұмдық!» — деп айқай салмай, ақырын жүрсе, өзіне мың есе пайда ғой. Сталинге керегі сол: бетке келмей, бетегеден биік, жусаннан аласа бол.
Ал мына Рысқұлов тыныштық таппай, тызылдап тұр. Осыдан екі жыл бұрынғы записканы есіне салып еді, одан сескенер емес. Басқа біреу жым болар еді, мынау қайта өршеленіп барады.
Рысқұлов Сталиннің осы ойын оқып білгендей:
— Жолдас Сталин, — деді. — Сіз әлгінде запискаға қол қойдың, демек ЦК қаулысына сен де ортақ, ұжымдастыру қисық жолға түсіп кетсе, сен де жауап бересің дедіңіз. Айтыңызшы, сол запискаға мен қол қоймасам, қаулы қабылданбай қалатын ба еді? Ұжымдастыру тоқтап қалатын ба еді?
Сталин күтпеген сұрақ. Сталиннің бетіне қан шапшып, өрттей күреңітіп ала жөнелді. Жатқан жыланның құйрығын Рысқұлов өзі басты. Сталин «Алтын жібек» темекісін трубкаға салайын деп тұрып, соны ұмытып кеткендей, бұған безеріп көп қарады.
— Өзің қалай ойлайсың? — деді ызғарлана.
— Өзім қалай ойлаймын? ЦК-ның қаулысы менің қолымсыз да қабылданар еді. Партия саясаты, Сталин саясаты маған қарап қалған жоқ қой, солай емес пе? Тек, әлі күнге түсінбейтінім: маған зорлап қол қойдыру неге қажет болды? Әлде қазақтарды аштан қыру үшін бұрын жоспарланған дүние ме? Оған кінәліні іздейтіндер табылса, Рысқұловты ұстап беру үшін керек болды ма?
— Сені ұстап беріп, кінәлап жатқан ешкім жоқ қой.
— Иә, әзір жоқ. Ал ел ертең есі кіріп, етегін жиған кезде, кінәліні іздейтіні хақ. Сонда Рысқұловтың бетіне қара күйе жағылмақ.
Сталин ақыры трубкасын толтырып болды. Асықпай тұтатты. Түтіннен жүрегі жібігендей сәл-пәл езу тартты.
— Бәсе-е-е, — деп мекіренді. — Осы сен қазақтардың қырылып жатқанына бола емес, өз атыңа қара күйе жағылатынына бола жанталасып тұрған жоқпысың? А?
— Жоқ! — деді Рысқұлов күмілжімей. — Менің атыма кір жұққаннан тарихтың бір қылы да қисаймайды. Рысқұлов бұл дүниеде болды ма, болмады ма, одан тарихқа келер-кетер ештеңе де жоқ. Ал қазақтардың қырылғанын тарих кешіре алмайды. Әне, мәселе қайда, жолдас Сталин.
Бұл енді, Сталин көтере қоймайтын тым-тым кесірлі сөздер еді. Басқа бір жағдайда Сталин Рысқұловты екі шайнап, бір-ақ жұта салар ма еді, бірақ дәл қазір ол Рысқұловтың жанпидаға бел байлағанын сұңғылалықпен түсінді. Енді Рысқұловтың неден болса да тайынбайтынын, халық қайғысына қаны әбден қарайғанын сезді. Ол өлімнен қорқып тұрған жоқ. Сталин ана дәу үстелдің үстіндегі кнопканы бір басып қалса, ажал кіріп келетінін Рысқұлов білмейді емес. Біледі. Біле тұра тәуекелге бел байлапты. Бұған Сталин сүйсініп те қалған сияқты.
— Тарих туралы бірдеңе айттың-ау, Тұрар. Сонда тарих, мысалы, мен жөнінде не демек?
— Оны дәл қазір болжау қиын. Сіз әлі Кеңес Одағын көп жыл, тым ұзақ уақыт басқарасыз. Сіздің әділ бағаңыз сол ұзақ кезеңнің жемісіне байланысты. Бірақ әрбір басшыға мен император Августың тағдырын тілер едім.
Сталин қалт тұра қалып, таңырқаған пішінмен:
— Иә, император Август қасиетті болған деседі, — деді. — Талай императорлар өткен. Солардың ішінде Август неге ерекше, соны білесің бе?
— Император Август айтқан екен...
— Айта бер, не депті?
Рысқұлов Сталинге қарап, тұтыққандай тұрып қалды.
— Айт.
Рысқұловтың мүдіргені Сталинге ұнамай қалды. «Жанпидаға бел байлағаны бекер болды ма?» — деп алданғандай халде қалды.
— Император Август: «Римді мен қыш қала қалпында қабылдап алып едім, енді мәрмәр шаһар қалдырып бара жатырмын», — депті.
Сталин ойланып қалды. Дегенмен, бұл Рысқұлов та сұңғыла. Тегін емес. О басында Сталин оны «Түркістанның Шыңғыс ханы» деп ойнап айтса да, аузына бұл сөз бекер түспеген. Сталин кеще болып кетпесе, мына Рысқұлов оған:
— Қарамағыңа қалың халықты қабылдап алып едің, артыңда сол қалың халықтың сүйегінен мың-мың мұнара қалдырма, — деп тұр ғой. Иә, бұл жүрекжұтқан. Бұл енді ешқандай жазадан да қорықпайды.
* * *
Рысқұловтың онсыз да хан базардай қалың кісі пәтеріне тағы отбасы қоныс тепті.
Бұл баяғы Оразбақтың өзі, қатыны, бала-шағасы еді. Оразбақ — Молдабектің баласы, Молдабек Рысқұлдың туған інісі еді ғой.
Рысқұлов Сталинмен бірге өткізген ауыр сағаттардан соң кештетіп үйіне келсе, үйдің іші абыр-сабыр. Оразбақ келіп, Тұрарды құшақтап тұрып көрісті. Ұзақ жол жүріп келгендікі ме, әлде өлік иісі сасыған өлкеден жеткендікі ме, әйтеуір, Оразбақтың тұла бойынан жидігендеу, жиренішті иіс шығады. Онсыз да езілген еңсесін езе түскен бұл кездесудің қуанышы шамалы еді. Рысқұлов айтпай-ақ түсінді: бұлар да аштық апанынан қашып шыққандар.
Оразбақтың айтуынша, елде жаппай қырғын басталған. Жергілікті халық үп деп, бір түйір дән таппай отырғанда, Арқа жақтан ауған адамдар одан бетер үрей қаптатса керек. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, ел арасын түрлі ауру жайлап алған.
— Ауылдағы туысқандарың: Ахат бабаң, Дәу Омар атаң сияқтылар да Мәскеу жаққа қашпақшы. Менімен бірге кетпекші еді, пойызға іліне алмай қалды. Мен, әйтеуір, өлермендікпен іліндім, — дейді Оразбақ.
— Олардан бекер айырылғансың, сен болмасаң Ахат қайтіп жол табады? — деп қалды Рысқұлов.
— Ойбу, Тұрар-ай, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кеткен заман емес пе! Қарындасқа қарайлайтын күн қайда?
Рысқұлов Совнаркомның кезекшісіне телефон соқты. «Тез біздің үйге санитарлар жетсін», — деді. Босқындардың мына толқынын дезинфекциядан өткізбесе, үйдегілерге қауіп. Кім біледі, бұлардың нендей ауру жұқтырып алып келгенін. Қайын енесі Әрифаның қабағы түсіп кеткен екен...
Есіктің қоңырауы сылдырады. Әзиза барып есік ашқанда ар жақтан дөңес көзілдірікті еңгезердей кісі:
— Можно? — деп кіріп келді.
Бұл — Рудзутак еді. Рысқұловтармен көрші тұратын. Ян Эрнестович Рудзутак.
Рудзутак!
Так-так-так! —
деп Сәкен Сейфуллин өлеңге қосатын Рудзутак. Түркістан кезеңінен Рысқұловпен қызметтес, ниеттес, жақсы жолдас.
Рудзутак «көзіме қос көрінді ме», — дегендей көзілдірігін сипалады. Үй толы адам, көбінің түр-түсі бөтен. Әсіресе балалар көп. Әрқилы, әр кейіптегі сәбилер. Рудзутак тұрып-тұрып:
— Так, — деді. — Мынау Ескендір, мынау — Шамиль, анау — Рашид... Кешір, Тұрар, басқаларын танымадым...
Рысқұлов қарқылдап күліп жіберді. Сирек күлетін адамның мұнысы сәл ерсілеу де көрінді.
— Ян! Сен білмейсің бе, немене? Бұл — ұжымдастыру. Тек, деревняда ғана емес, Мәскеудің қақ төрінде де сталиндік ұжымдастыруды жеделдеткен қарқынмен ұйымдастырып жатырмыз. Таныс бол, біздің колхоздың жаңа мүшелері: Нұрбедел, Күміскүл, Сейсекүл, Гауһар, Ғалия, Нұрия. Бұлардың бригадирі, яғни шешесі, менің туған қарындасым — Түйметай. Ал мынау екінші бригада, — деп Оразбақ жаққа қолын жайды. — Бригадир — Оразбақ. Орысша айтқанда, двоюродный брат. Яғни, мұның әкесі Молдабек, менің әкем Рысқұл, екеуі бір кісінің — Жылқыайдар деген кісінің балалары. Анау кісі — осы Оразбақтың әйелі, әне ана үш кішкентай осы екеуінің балалары, яғни екінші бригаданың мүшелері. Бізде үшінші бригада бар. Ол — Базановтар бригадасы. Ауылшаруашылық академиясының шәкірті Нәйля Базанова қазір үйде жоқ. Ал анау Әли Базанов — оқушы. Нәйля мен Әлидің шешесі, мына Әрифамен бірге туған, яғни Әзизамен бөле.
Ал төртінші бригада — ол өзіміз, мына Рысқұловтар бригадасы. Так что, Ян Эрнестович, ұжымдастыру бізде үдеген қарқынмен жүріп жатыр. Ертең бес, одан арғы күні ме, тағы да бір топ арыз берушілер елден келіп, біздің колхозға қосылмақ. Қалай, ұнай ма?
Рысқұлов бұл хабарды әзілге айналдырғысы келсе де, ар жағында ашу-ыза жатқанын, тіпті мұнысы әзілден гөрі, кекесінге ұқсап қалғанын, аса зерделі кісі ғой, Рудзутак байқамай қалған жоқ.
— Да-а-а. Демек Қазақстанда ұжымдастыру науқаны аса бір шарықтаған қарқынмен жүріп жатыр екен ғой, — деді.
Әзиза әдеп сақтап, көршіні шайға шақырып еді, Ян Рудзутак Рысқұлов екеуі кабинетке кіріп кетті.
— Осылай, Ян, — деп күрсінді Рысқұлов.
— Да-а-а, — деді Рудзутак.
— Аштықтан қашып келгендер.
— Біздің үйдегілер: «Рысқұлов үйіне кілең бір жүдеген адамдар келіп жатыр», — деген соң, кіріп шығайыншы дегенім ғой. Кештетіп келгенімді кешір, Тұрар.
— Қазақстан байырғы халқынан айырылып бітетін болды, — деді Рысқұлов тістеніп тұрып.
— Ал ондағы еуропалықтар ше?
— Қазақстандағы еуропалықтар егіншілікпен айналысады. Соноу Столыпиннен бері шұрайлы жерлер солардың қолында. Колхоздасу оларға онша ауыр тиіп жатқан жоқ. Рас, арасында колхозға қарсы бас көтергендер жоқ емес. Олар аштан қырылмайды, себебі — қоры бар. Ал мал баққан көшпенді қазақтардың малын жаппай алып еді, бір күндік қоры жоқ сорлылар сорлады да қалды.
— Голощекинмен сөйлестің бе?
— Голощекинмен адам тілінде сөйлесуге болмайды, — деп Рысқұлов жазу үстелінің тартпасын тартып қалып, құндақтаулы жатқан маузерді көрсетті. — Міне, мынау арқылы сөйлесу керек!
Геноцидті ұйымдастырып отырған Голощекин. Сен оны білесің ғой. Адам етіне жерік кәрі сайқал. Оған әсіресе қазақтардың өлігі өте ұнайды.
— Тәуекел деп Сталинге мен де кірсем қайтеді?
— Мың бол, мың болғыр, Ян Эрнестович!
— Рас, Сталин шамданып қалуы да мүмкін. Араласпас іске араласасың деп айыптауы да мүмкін. Бірақ шындық үшін күресу де керек шығар.
— Шындық! Әділет! Кім айтқаны есімде жоқ... Баяғыда біреу: «Справедливость в Риме восхваляется, но бедствует», — деген екен. Бізде де сондай-ау деп қорқамын.
— Ал Достоевский: «Правда выше Некрасова, выше Пушкина, выше России...» — дегені бар ғой, — деп қостады Рудзутак. — Сондықтан шындық үшін, әйтеуір, тұяқ серпу керек қой.
Екеуі де үнсіз отырып қалды. Екеуі де перделі терезеге тесіле қарап, тың тыңдағандай болды. Көрші бөлмелерден күбір-сыбыр естіледі. Әрифа балаларға: «Тиш-ш-ш», — деп булығып жүр. «Үйде бөтен кісі отыр, шуламаңдар», — дегені болар.
— Есіңде ме, Тұрар... Соноу 20-шы жылы.. — деп Рудзутак ыңғайсыздана күмілжіді. — Сол конференцияда мен саған үзілді-кесілді қарсы шығып едім ғой... Енді ойласам, тым әсіреқызыл болған екенмін. Конференция сені түгел қолдап, қол шапалақтап тұрып алғанда, мен ойладым: «Рысқұлов шынында да Түркістанды РСФСР-дан бөліп әкетеді екен» деп.
Рысқұлов бас шұлғып, жай езу тартты.
— Өтіп кеткен әңгіме ғой, Ян. Ол кезде сенікі де — жөн. Өйткені алдымызда үлгі жоқ еді ғой, бәрі тыңнан басталып жатқан. Менің талабым — конституциялық қана талап болатын. Ұлттық республика рас болса, РСФСР құрамына федеративтік құқы бойынша кіргенің рас болса, федерация құрамында бол. Бірақ басыбайлы құл болма. Азын-аулақ өз дербестігің, өз еркіндігің болсын. Сол-ақ қой менің талабым.
— Ал енді Одақ болдық. Бірақ барлық республикалардың тізгіні бір-ақ қолда... — деп қалды Рудзутак. «Сталинде» деп айтуға жасқанды ма, онсыз да түсінікті ғой деді ме, Сталинді аузына алмады.
— Енді мына колхозды құйындатқаны қиын. Украинада да адам шығыны көп деседі...
— Ұжымдастыруды жеделдету туралы қаулыға зорлап отырып маған да қол қойғызған қорлығын айтсаңшы, — деп күйінді Рысқұлов. — Колхоз болса — береке болады, ел молшылыққа белшесінен батады деп сендіргенін қайтерсің? Кім білген мұндай сойқанның соғарын? Өкініштен өзегім өртенеді...
— Сенің қол қойғаныңда тұрған не бар, Тұрар. Сен қол қоймасаң да қаулы қабылданады. Политбюро түгел қол қоймаса да қабылданады. Сталин өзі-ақ шығарады.
— Вот именно! — деп Рысқұлов орнынан түрегеліп кетті. — Дәл осыны айттым ғой мен Сталинге!
— Оған бола күйіне берме. Колхоз деген, оны жау шапқандай тездету деген, Сталиннің ісі екенін жұрттың бәрі біледі.
— Ол рас қой, — деп қыза түсті Рысқұлов. — Бірақ кейін-кейін осы колхоздың шикілігі шығып, оның асығыс болғаны қате екенін айыптап, бір ақылдылар шықпай ма? Сонда мойны құрықтай, өзі сырықтай бір профессорсымақ тұрып: бұған Рысқұлов та кінәлі. Политбюроға записка түсіріп, ұсыныс жасаған сол деп оттамасына кім кепіл? Ал мен бәс тігемін, дәл сол профессорсымақ Сталиннің көзі тірісінде, «сталиндік колхоз құрылысының жеңісі, салтанаты!» — деп алдымен даурығады. Сталиннің көзі тайған күні сол әлгі өзі айтқан жарапазанды өзі жоққа шығарып тағы даурығады!
— Ол рас, — деп Рудзутак өкінішпен басын шайқады.
Екеуі бір-біріне мұң шаққандай көпке дейін отырды. Тіпті көрші бөлмелердегі көп адамның абыр-сабыры да сап тыйылды. Сірә, бәрі де ұйқыға кеткен болар. Қалай жайғасты екен? Әлгіде Әрифа: «Бұлардың бәріне төсек-орынды қайдан табамыз?» — деп аңырып тұрғанын көріп еді Рысқұлов.
— Иә, жағдайың кісі қызығатындай емес, Тұрар, — деді Рудзутак жаны ашыған пішін таныта. — Бір пәтерде — бір колхоз. Әйелің тамаша адам. Дегенмен, бақыттысың, Тұрар. Мұндай әулие әйелді мен көрген емеспін. Егер осыншама аш адам Латвиядан қопарыла көшіп, менің үйіме келсінші, әйелімнің не болып кетерін көз алдыға елестетудің өзі қиын. Азамат, алтын адам Әзизаң сенің. Молодец!
— Оның рас, — деп келісті Рысқұлов. — Бірақ қайын енем біраз жақтырмай, ептеп мінез көрсетіп еді, кейін нәубет жағдайын түсінгеннен кейін, қайта бұл бейшараларға қамқоршы бола бастады.
— Совминдегі жолдастарға айтып, бұларға интернат сияқты бірдеңе ұйымдастыру керек шығар, — деді Рудзутак.
— Мәскеуге қашып келіп жатқандар жалғыз менің туысқандарым ғана емес, Ян. Өз туыстарымды өзім асырауға шамам келеді. Ал Қазан вокзалының басында ыңырсып жатқан қазақтарды барып көрсең сен. Жаның шошиды. Әне, соларға приют ұйымдастырған болдым. Олар күнде шұбап келіп жатыр. Жалғыз Мәскеу ма екен? Саратовта, Тамбовта, Рязаньда жатқандары қанша? Орыс ормандарында қанша қазақтың басы қалғанын ешкім де анық білмейді. Осының бәрі не үшін? Соншама не жазды қазақтар? Қандай қылмысы бар? — Рысқұлов Рудзутакқа жақындай түсіп, сұмдық сыр ашқандай болды: — Осының сыры неде? Сталин Голощекиннің қолымен қазақтарды жойып жіберіп, ұлан-байтақ жерді босатып алмақшы ма деймін.
Рудзутак сескеніп қалды.
— Қой, олай болмас, — деді.
— Лайым да сен айтқандай болсын, — деді Рысқұлов.
* * *
Рысқұлов аз ұйықтап, ерте тұрса, бұдан да бұрын тұрған адам бар екен. Оразбақ киініп алып, бір жаққа кетейін деп жатыр.
— Оу, таң атпай қайда барасың? — деді Рысқұлов.
— Вокзалға барамын. Мүмкін бүгінгі пойызбен Ахат атам келіп түсетін шығар... Тастап кеткеніме өкінемін, — деді Оразбақ мұңайып.
Бір кезде болыс болдым деп, ауыл-аймақты аштан қыра жаздаған Оразбақ, енді сол істегені алдына келгендей хал кешкен. Колхоз белсенділері енді мұның өзінің бірер тұяқ малын, жүрек жалғап отырған соңғы пәтір нанын тартып алып, үй ішімен аштан қырылатын болған соң, Тұрарға жетсем, өлмеспін деп Мәскеуге тартқан ғой. Ахат пойызға іліне алмай қалыпты.
Рысқұлов:
«Әй, Оразбақ! Аштардың азын-аулақ ауқатын тартып алған қандай болады екен? 19-шы жылы болыс болғанында елге істегенің алдыңнан шықты ма?» — дейін деп еді, айтпады. Сол бір әсіреңкілігі үшін жазасын сотсыз-ақ алған. Бір кездегі иттігін бетіне шыжғырып баса берген келіспес те.
— Мен де барар едім, — деді Рысқұлов. — Бірақ Ахат атаның дәл қай күні келетіні белгісіз. Әрі десе, қазір Сталинмен тағы да кездесу... — деді.
— Сен әуре болып қайтесің? Мәскеудің ішінде адасып кететін мен емес, өзім-ақ тындырамын, — деп Оразбақ таңғы шайға да қарамай, Қазан вокзалына кетіп қалды.
Оразбақ шығып кеткен соң да, Рысқұлов көңілі қобалжулы еді. Азап жолынан келе жатқан Ахат қартты өзі шығып қарсы алғанда да болатын еді. Оған үлкен басы кішірейіп кетпес еді. Әрі десе... Әрі десе, сол Ахат Айтұлы 1916 жылы, Рысқұл Сібірге айдалып, Тұрар Приходьконың қолында қалып, шіркеу оқуына берілетін болғанда, сол Ахат кішкентай Тұрарды алып қашып, өрт шалған қалың қамыстан күшігін желкесінен алып шыққан арландай болып, Рысқұлдың жалғыз жәдігерін Мерке асырып жібермеп пе еді?
Егер сонда Тұрар Приходько мырзаның қолында қала берсе, діни семинарияға оқуға берілер еді. Христиан дінінің қазақтан шыққан миссионері болар ма еді? Қазақтарды: «христиан дінінің православие тармағына кіріңдер!» — деп үгіттер ме еді? Кім біледі... Діни семинарияны бітірген Әліби атасы бірақ кейін революционер болып шықты ғой. Тағдырдың жолы сан тарау. Әр істің себебі бар. Сан тарау жолдың қайсысына түсерің сол себепке байланысты. Сол жолы Ахат оны дін оқуынан аман алып қалғаны ақиқат. Сонда Ахат Тұрарды Алматыдан Қордайдың тауына дейін арқалап, одан әрі бір мал айдаушыға аманат айтып: «Меркенің қой базарында Қырғызбай деген делдал бар. Баланы соның қолына тапсыр. Рысқұл деген есіл ердің баласы десең, өзі түсінеді», — деген. Сол Ахат енді Мәскеуден пана іздеп келе жатыр.
* * *
Ашаршылықтың азап жолын көтере алмаған тоқсандағы қартың келе сала ауруханаға түсті. Оны Рысқұлов өзі орналастырды.
— Апыр-ай, ата, баяғыда, есіңізде ме, Талғардан Түлкібасқа көшкенде: «Өлсем, сүйегім ата-бабамның қасында қалсын», — деп едіңіз ғой, — деді Рысқұлов Ахатқа. — Енді сол ата-баба жатқан топырақтан неге бездіңіз?
Ахат кемсеңдеді. Қызыл жиек көзін орамалмен сүртіп:
— Е, Тұрар балам, мен өлімнен қашқан жоқпын, — демігіп. — Түлкібаста аштан өлсем, көмусіз қаламын-ау деп қорықтым. Аштан өлгендерді вокзал басынан жинап алып, аяқтарынан сүйреп арбаға лақтырып салып, айдаладағы сайға апарып тастағанын өзім көрдім. Көмусіз қалған бейбақтың жаны, екі дүниеге де сыймай, мәңгі-бақи шырылдап, қорлық көреді екен, мен содан қорықтым... Енді өлсем де арманым жоқ, сен көмусіз қалдырмассың...
— Қорықпа, — деп жұбатты Рысқұлов. — Әлі-ақ жазылып кетесің. Аштық — уақытша нәубет. Бұл қиыншылықтан да құтыламыз, қамықпа. Мына Оразбақ пен Түйметай немесе біздің үйдегі келінің ыстық сорпа әкеліп тұрады, өзім де келіп тұрамын.
— Мен өліп қалсам, Пернегүлге қарайлас, саған аманат, — деп сыбырлады Ахат.
Сөйтіп, Рысқұловтың «колхозына» жаңа мүшелер «өз еркімен» келіп қосылды.
Рысқұловтың асүйінің плитасынан қазан түспейтін болды.
Кіріп-шыққан кісінің көптігінен Рысқұлов есігі қоңырауының жағы сембейтін болды.
Кіріп-шыққан адамның көптігінен үй ішіндегі дәретхана босамайтын болды.
Төтеннен келген кісіге бұл үйден қолаңса, бөтен иіс те сезіле бастады.
Рысқұлов үйіне күнде дезинфекция жасалатын болды.
ЕКІ ЖҰЛДЫЗ
Рыскұловтың үйіне тағы бір мейман келді. Рысқұлов оған ерекше қуанып қалды. Бұл жөні бөлек қонақ еді. Жандай жақсы көретін тетелес інісі, рухани досы Мұхтар Әуезов телефон соққанда, Рысқұлов жұмысын тастай салып, Совнаркомнан машинаға отырып, вокзал басына жетуге асықты.
Екеуі төс қағысып, құшақтасып көрісті. Тұлта-бітімі бөтен, ажары айдай, кереқарыс маңдай, нәркес көзді Мұхтар бұ жолы жүдеу көрінді.
Түрмеден шыққан беті екен. Рысқұлов істің мән-жайына бұрыннан әбден қанық. Сондықтан «не болды?», «қалай болды?» — деп мазаламай, жолсоқты болған құрметті мейманды бірден үйіне апармақ еді, Мұхтар:
— Тұрар аға, мен бір қонақ үйіне жайғассам жарар, — деді.
— Қазынаның үйінде жата-жата жамбасың сарғаймап па еді, қой «қонақ үйі»дегенді. — Сонан соң шопырға: «Үйге тарт», — деді.
...Жиырма екінші — жиырма үшінші жылдар еді... Байтақ Түркістанның кіндік қаласы Ташкент еді. Рысқұлов Түркістанның премьер-министрі, ал Әуезов — аспирант болатын. Сол жылдары қазақтың ақын-жазушылары, ғалымдары Ташкентке көп жиналды. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамбетов, Жанша Досмұхамбетов... Көп еді олар. Шетінен ірі тұлғалар. Ташкентте аз уақыт ішінде көбінің кітаптары басылып шықты.
Бір күні көмекші:
— Мұхтар Әуезов деген жазушы келіп тұр, — деді.
Рысқұлов бұрын Әуезовті көрмесе де, атына қанық еді. Семейден Орынборға кетіпті дегенді естіген. Ол ойланып жатпай:
— Кірсін, — деді көмекшіге.
Рысқұлов қазақ зиялыларында еркек басымен Мағжан Жұмабаевтың көркіне қызығушы еді, мынау да бір келіскен кескін екен, сүйсініп қалды. Жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері аса бір тектілікті танытқандай, күн шұғылалы жазық маңдай, арыстай азаматпен лезде тіл табысты. Тәңірісі сүйген ұлдың маңдайынан шұғыла шашырап тұрады деуші еді, мынау сондай ілуде бір кездесетін нағыз бозымның өзі екен.
Әуезов сонда өзінің оқу іздеп келгенін, өткен-кеткен хикаяларын балдай тәтті тілмен жеткізген. «Алашордаға» байланысты қуғын-сүргінге де түссе керек... Содан Рысқұлов екеуі сырлас, мұңдас болып кетті. Соның жемісіндей болып, 1927 жылы дүниеге «Қараш-Қараш» келді. Бұл Тұрардың әкесі Рысқұлдың ноқтаға сыймас тағдыры туралы. Рысқұл әулетінің қиямет жолы туралы біртуар шығарма еді.
«Қараш-Қараш» баспадан шыққанда, Рысқұлов Мәскеуде болатын. Кітап қолына тиісімен тырп етпей, тіпті дастарқан басына да бармай, бір деммен оқып шықты. Кітаптың соңғы бетін жауып қойып, өмірі көзінен жас шықпаған Рысқұлов, сонда егіліп жылады-ай келіп. Сөйтсе, өзі шыр етіп дүниеге келгеннен бері, маңдайы тасқа соғыла-соғыла, іштегі құса беріштене берсе керек. Енді сол іштегі сіре-сіре мұзды, мына кітап, құдіретті күннің жылуындай қыздырып, еріткенде, содан сел жүріп кеткендей екен.
Бар оқиға — бастан-аяқ сол 23-жылы Әуезовке өзі айтып берген әңгіме. Бұл айтып отырған, Әуезов қалың қара дәптерте жазып отырған. Ал енді сол айтқаны жазушының көкірек көрігінен өткенде, суреткердің өз сүзгісінен шыққанда, Рысқұловтың қарабайыр әңгімесіне қаламгердің жүрек оты қосылғанда, тас аралас алмастан сан қырлы, сан сәулелі, ғажайып гәуһар мүсінденіп, дүниені таңғалдыру үшін, құдірет күшпен туа қалған екен.
Әуезовтің дара дарынына Рысқұловтың көзі жетіп, тәнті болған. Сондай дарын түрмеге түсіп қалыпты дегенде, қабырғасы қайысқан. Түрме деген дүлей дүниеден ақылдың кенін арашалап алуға амал да іздеген...
Енді, міне, сол түрме деген суық үйден шыға сала, Мұхтар Әуезов ешқайда бұрылмай, тіке Тұрар Рысқұловқа келіп еді ғой.
Әзизаның дәмді шайынан кейін екеуі кабинетке оңаша кетіп, сол отырғаннан таң атқанша отырсын... Екі ойшыл кездескенде әңгіме шіркін әрленіп, өңі кіріп, сөзге жан біткендей, қос құлагер шапқандай, ақыл-ойдың кені ақтарылғандай болмақ қой. Шіркін, сол түнгі әңгімені осы заманның магнитофонына жазып алса ғой. Қағазға түскен сөз қалады, ал екеуара сол әңгімеден не бар?..
Мұхтар жазасыз жапа шеккенін, әкімдер оны «Алашқа» танып, пролеткульт дегенді шығарып, шын талантты танымай, қайдағы дарынсыздар тайраңдап, дарындылардың қанаты қырқылып, жағаға дауыл лақтырған кемедей қайраңдап жатқанын айтты. Пролетариаттан шықпасаң, жазушы емессің. Жарапазан жазса да кедей-кепшіктен шыққандар ғана танылса, күні бүгін көзі тірі жүрсе, граф Лев Толстойлардың халі қалай болар еді? — деді.
Содан әңгіме өзінен өзі қиғаштап, қазақтан шыққан ақын-жазушылардың ортасына қарай ойысты. Әуезов күні кеше ғана республиканың партия газеттеріне түрмеден ашық хат жолдап, мен өткенімнен бездім десе де, қазір Рысқұловқа ағынан жарылып:
— Ахаң — менің пірім, — деді. — Менің пірім Сүйінбай деп Жамбыл деген жырау айтқандай, менің табынатын ағам — Ахмет Байтұрсынов, Ахаңды, Мағжанды жамандап, жала жауып, соттатып жібергендер қазір Алматыда алшаң басып жүр. Мұның өзі тұлпарды есек тепкендей, ерсіден де ерсі қылық болды. Елдігімізге жараспайтын сұмдық.
Большевиктердің белгілі басшыларының бірінің алдында отырғанын ұмытып кеткендей. Рысқұлов та сыр бүкпей, бұ да бір шешілді бүгін... Бір-біріне имандай сенгендіктен шығар, әйтпесе адамдар бір-бірінен сақтанып, екі шоқып, бір қарайтын заман белгі беріп қалған-ақ кез еді ғой. ОГПУ-дің құлағы түрік, құрығы ұзын. Қойнындағы қатыныңа, бауырыңдағы балаңа сыр шашу — қырсыққа шалындыратын бейдау күндердің күңгірт көлеңкесі түсе бастаған.
— Ахаңды мен бұрыннан білуін бір кісідей білсем де, жүзбе-жүз көрісуім жиырмасыншы жылдың жазы еді, — деді Рысқұлов. — Аяулы бір кездер болады ғой, Мұхтар. Сол жиырмасыншы жыл мендегі бір қиын да қызық кезең еді ғой. Түрккомиссиямен айтысып, Мәскеуге келгенбіз. Қасымда Низам Ходжаев деген өзбек бар. Ондағы айтыс-тартыстың сыры саған белгілі, айтып ем ғой бір... Содан, ұмытпасам, сол мамырдың аяқ шені ғой деймін. «Метрополь» мейманханасына түскенбіз. Бір күні фойеде Ахаң отыр екен. Бұрын көрмесем де бірден шамаладым.
— Ассалаумағалейкум, Ақа, — деймін баяғы. Ол да:
— Сен Тұрармысың, шырағым? — деді.
Содан шұрқыраса кеттік. Нөмірге барып, шай алғызып, ақжарқын әңгіме тиегі ағытылды. Алдында Ахаңды түрмеге жауыпты дегенді естіп, Сұлтанбек екеуміз қол қойып, Ленинге телеграмма жібергенбіз. Ақ-қарасын тез шешіп, қылмысы жоқ болса, Ахмет Байтұрсынов тұтқыннан босатылсын деп...
Енді осы таяуда ғана, Лениннің III Интернационал конгресінде жасайтын баяндамасының тезистерін алған едім. Ленин өз тезистерін таңдап-таңдап бірнеше кісіге жіберген екен. Осыны оқып, сын-ескертпе, ұсыныстарыңыз, қосымшаларыңыз болса, жазып жіберіңіз депті. Лениннің тұсында демократияның сондай да ұшқыны болатын. Сөйтсем, әлгі тезисін Ленин Ахаңа да жолдаған екен. Демек, Лениннің ұғымында, Ахаң Лениннің өзіне ақыл қосар ірі фигуралар санатында болғаны ғой. Әңгімеден әңгіме туындап, әлгі тезис сөз болғанда, Ахаң:
— Онда бұл тезистерге байланысты ойымызды екеуміз бірігіп жазсақ қайтеді? — деді.
Содан Ахмет Байтұрсынов пен Тұрар Рысқұловтың «Ленин тезистеріне қосымшалар» детен атышулы еңбек туған. «Атышулы» болатыны — біздің «оппоненттеріміз» әлі күнге дейін сол еңбекті біздің қатеміз ретінде, жөні келсін-келмесін бетімізге баса береді. Лениннің өзі айыптамаған дүниеден қазіргілер қате іздеп арамтер болып, соңымыздан қалмайды.
Мұхтар сәл қозғалақтап, тамағын бір кенеп, етжеңділеу, әдемі мұрнын сипалап қойды. Оның бірдеңе айтқысы келгенін сезіп, Рысқұлов сәл кідірді.
— Сол хатты «атышулы» дегені болмаса, не жазғандарыңызды жөндеп білмейміз, — деп қалды Әуезов.
— Не жазушы едік? Сол баяғы ұлт мәселесі. Ленинге біз былай дедік. Сіз, Владимир Ильич, ұлт бостандығын, ұлт республикасының еркіндігін жарияладыңыз. Ал бірақ біздің Түркістанда жағдай басқаша. Бізді жергілікті өз өкіметіміз емес, тікелей Мәскеу басқарып, екі тізгін, бір шылбыр Мәскеудің қолында, қалай бұрады, солай жүреміз. Өзіңше бір сәл әрекет жасайын десең, Мәскеу: «тәйт!» — дейді, үнің өшеді де қалады. Түркістан республикасы — РСФСР құрамында шақтап болса да өз еркіндігі болсын деп, өз сыртқы істер комиссариатымызды, өз ақшамызды жасайық деп едік, Түркістан бүлініп жатыр деп, Орталықтан «Түрккомиссия» дегенді жібердіңіздер. Түрккомиссия сіздің: «түркістандықтармен түсінісіп, тіл табысып жұмыс істеңдер» деген ақылыңызды былай шыға бере, ұмытып кетіп, Ташкентке келе сала, бас-басына комиссариат ашып алды да, біз далада қалдық. Президент — Фрунзе сияқты, партия басшысы — Голощекин сияқты, әскери комиссар — Куйбышев сияқты, міне осылай кете береді. Біздің жарлығымыз, қаулыларымыз жүрмейді, тек Түрккомиссия бекітіп беруі керек. Ау, сонда дедік, бұлардың баяғы патша генерал-губернаторларынан несі артық? Патшаның генералдары да бір, бұлар да бір. Сонда жарықтық Ахаң: «Нәжісті нәжіспен жуып болмайды» деген сөйлемді қосып жіберді. Мен: «тым қатты кетіп қалмаймыз ба?» — деп едім, көнбеді. Барсын осылай деді. Ондағымыз — бұрынғы патша өкімдерінің, олардың Кеңес тұсындағы қалдықтарының істеп кеткен сойқанын түзеу үшін жіберген қызыл комиссарларының олардан артық жері жоқ дегендегіміз ғой. Дөрекі, әрине. Бірақ Ахаң: «осылай ащы айтсаң есте қалады», — деді. «Ленин тезистеріне қосымшалар» деген хат солай туған.
Ленин шамданбаған сол хатты, ендігі пысықтар қоңырау қылып қағады да жүреді.
— Сөйткен Ахаң, енді Ақ теңізде айдауда жүр, — деп Рысқұлов қолын жайып, шарасыз екенін байқатқандай болды. — Баяғыдағыдай телеграмма жіберіп, құтқарып алатын дәурен жоқ...
Әуезов те сәл қозғалақтап қойып, бұл әңгімені тұтата түсті.
— Елім де еңіреген ер Ахаңдай-ақ болсын. Қалың елдің кінәсі жоқ, әлбетте. Бірақ сол елдің шала оқығандары неге қудалайды Ахаңдарды? Міне, біздің зор қасірет. Алыстан жау шапты дейтін емес, қудалаушы, көре алмаушы, жақыннан жау іздеуші — өзіміздің атқамінерлеріміз.
— Аханның әлгібір атақты өлеңі, қалай еді... соларға арналған ғой, — деп Рысқұлов сол өлеңнің басын есіне түсіре алмай, маңдайын қолымен тіреп отырып қалды.
— Иә, пәлі, ол мынау ғой, — деп Әуезов көмектесіп жіберді.
Қиын емес абақтыға жапқаны,
Қинамайды дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз аулымның иттері үріп, қапқаны.
— Сұмдық қой! — деді Рысқұлов алақанымен санын бір салып қалып. — Өз аулымыздың иттері!
— Былтыр ғана Шәкірімді айдалада атып тастаған өз аулымыздың иті. Мағжанды «ұлтшыл» деп, «пантюркист» деп, «сарыуайымшыл» деп, «феодализмді көксеуші», — деп Әуезов арқасы қозғандай алқына, қайта-қайта жөткіріне сөйлеп кетті. — Айналайын Жүсекем қандай еді, Жүсіпбек Аймауытовты айтамын...
Әуезов, толқығандікі ме, әлде шыннан науқас па, кенет жөтел қысып, қалтасынан орамалын алып, аузын басып, кәдімгідей демігіп қалды.
— Кешіріңіз, аға, — деді көзінің жасын сүртіп.
— Тас түрмеде жатып, денсаулығыңды бұзып алғансың-ау! — деп сезіктенді Рысқұлов.
— Иә, — деді Әуезов, сол қысылғандай. — Өкпеме дақ түскен сияқты. Түрме деген нағашыңның ауылы емес көрінеді, аға.
— Түрменің дәмін он жасында татқан адамға оны түсіндірмей-ақ қой, — деді Рысқұлов жабырқап. — Аурудың алдын алу шарт. Тез емдел.
— Соны өзіңізбен ақылдасайын деп едім, Тұрар аға. Бір жағынан қысылып та отырмын. Елдің жағдайы анау. Жұмыс басыңыздан асып жатқанда, бүкіл елдің тауқыметі зіл болып арқаңызға батып тұрғанда, мен өзімнің пәндауи жағдайымды айтып, әуре еткенім де жарамас.
— Елің қасіретке тұншығып тұр. Оны тас қапаста отырсаң да сезген шығарсың, — деді Рысқұлов жүзін қайғылы көлеңке кіреукелеп. — Бірақ ажал да шаршайтын шығар, не бопты? Алты миллион қазақты ажал тып-типыл ете қоймас. Зұлымдық қақалатын күн жақындап қалды-ау деймін. Сонда қалған қазақтың қапалы көкірегіне сәуле шашатын өзіңдей азамат керек. Жазушысы жоқ ел — жарлы ел. Білесің бе, Франция, Англия, Германия, Ресейде өткен ғасырларға әлемді таңғалдырған жазушылар шыққанда, Польша әдебиеті кенжелеу еді. Ал Адам Мицкевич дүниеге келгеннен кейін, поляктар басқа еуропалық елдермен иық теңестіргендей болып, еңсесі көтеріліп қалды. Көрдің бе, жалғыз Мицкевич... Ал біздің қазаққа Мицкевичтер керек емес деп ойлайсың ба? Ол сен емессің бе, Мұхтар?!
— Пәлі, Тұрар аға, тым асырып жібердіңіз, — деп Әуезов қозғалақтап, қуқыл өңіне қызыл рай жүгіріп, тіпті ай маңдайы жіпсіп кеткендей болды.
— Еліңнің трагедиясы теңдессіз, — деп жалғады ойын Рысқұлов. — Омыртқасы опырылып кеткендей, ал бірақ омыртқа да орнына келер-ау, ең сұмдығы — рухы сынбасын де. Халыққа рух беретін сен, сен сияқты жазушылар. Рухынан айрылған халық, — мүлде өлген халық. Сондықтан сен ең алдымен керексің халыққа. Әттең, сендейлер аз, бірен-саран. Ғабитпен қалайсың?
— Ғабиттің болашағы зор, — деді төтен сұраққа Әуезов. — Арлы азамат. Кейбіреулер сияқты жалтақтап қалған емес, сойылсоғар емес.
— Дұрыс, — деді Рысқұлов нығарлап. — Кейбір жазушы, сыншысымақтар Голощекиннің сойыл соғары боп кеткенде, Ғабит сол Голощекинге тайсалмай қарсы шықты. Міне, бұл ерлік. Мүсірепов енді ештеңе бітірмей-ақ қойса да, сол ерлігінің өзі халықтың көкірегінде жатталып қаларлық.
— Сол Голощекин Ғабит сияқты жас жауқазындарды түп-түгел жуадай солдырып жібермесе неғылсын, — деп Әуезов қаупін айтты.
— Голощекиннің күні таянған шығар. Мен Моңғолияда болдым ғой, Мұхтар. Моңғолдардың арғы-арғы атасы бізбен бір сияқты... Сол моңғолдарда балаға қарақұстың көлеңкесі түскені жаман ырым екен. Моңғолдар одан өлердей қорқады екен. Иә... Голощекиннің өртті көлеңкесі Қазақстанның соншалықты кең даласын шарпып кетті. Енді оның кететін кезі таяп қалды-ау деймін.
— Лайым солай болғай, — деді Әуезов мына әңгімені құныға тыңдап отырып.
— Сонымен, менің тілімді алсаң, өкпе ауруын емдейтін курортқа бар. Асқынбай тұрғанда алдын ал. Мұнда аялдайтын шаруаң болмаса, тез жүріп кеткенің жөн. Қырымда жақсы курорт бар. Жолдамаң менің мойнымда, Мұхтар.
— Алла разы болсын, Тәңірі жарылқасын, Тұрар аға...
— Түрмеде жазу-сызу болмайтынын білемін, енді денсаулығыңды түзеп, әлденіп алған соң кірісесің ғой бір жұмысқа, не жазбақсың?
— Жазатыным бар, Тұрар аға. Басқалары бір төбе, кесірінен сақтаса, жазарым бір төбе. Ол — Абай туралы керемет хикаялар көкірегімде сайрап тұр. Абайдың ар жағында — қазақ, қазақтың бүкіл болмысы тұр. Бұл ғұмырда көретін қанша жарық сәулем бар — бәрін соған арнамақпын, Тұрар аға. Абай — менің Тәңірім, Абай — менің бүкіл өмірімнің мәні, Абай — менің ғашығым. Құдірет о басында кеудеме иненің жасуындай сәуле ұялатқаны рас болса, бәрін сарқып Абайыма бермекшімін.
— Тіршілік болып, сенің сол шығармаңды оқуға жазсын, — деді Рысқұлов. — Абайды Тоғжановтар жау көріп, жат санап жүргенде, сен дос көріп, пір тұтып, оның ұлы аруағын тірілтпек талабыңа гүл бітсін, Мұхтар. Абай сияқты арысы бар елдің — ырысы бар. Абай барда әлем алдында қазақтың жүзі төмен болмайды. Жетесіз жандар соны түсінбейді. Түсіне тұрып қараласа, күнәсі екі есе ауыр. Сол күнәкар сорлылардың күнкөріс үшін арын сатқан құлқыншыл көмейіне құм құятын сен бол, Мұхтар!
— Айтқаныңыз келсін, — деді ырымшылдау Әуезов шын тебіреніп.
— Қазіргі қазақ сыншыларын Абайға көзқарасынан тануға болады. Абай — барометр. Абайды мансұқтаушы — ұлттың шіріген жұмыртқасы. Абайды таныған талант — ұлттың үміті. Үмітсіз шайтан деген. Сен сол үміттің ең жарық жұлдызы болсаң керек-ті. Сенің амандығың — ұлттың байлығы. Абайды, Абай арқылы ұлтты сүйетін Смағұл Садуақасов сияқты арыстардың Голощекин сағын сындырып жіберді. Енді сенің сағың сынбасын.
Көбінесе ашыла бермейтін, тұйықтау Рысқұлов бұл түні бір бауырын жазып, көсіле сөйледі. Тағдыр бір туған бауырлардан кемтарлау қылды. Ағайын-туған аз емес, бірақ бәрі дерлік жербауырлап жүреді. Қанаты қат-қат биікке ұшар біреуі жоқ. Осылайша бір отырып әңгімелесуге жарайтын, арман ақтарысатын, күнбе күнгі күйбің-күйбің қу тірліктен биіктеп, әңгімені әріден тартып айтатыны... жоқ. Мысалы, Оразбақпен осылай отырып, мұң-шер тарқата аласың ба?
Әйтеуір, бар болсын, аман болсын... Ал оған қарап Рысқұлов бауырдан, дос-жараннан ада екен деу тағы обал. Армандас, тілеулес ағайыны әр тарапта бар. Әр ұлтта бар.
Осы Мәскеудегі Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Ходжанов... Өзге ұлттардан кешегі латыш Рудзутак, дағыстандық Қорықмасов, соноу қиыр терістіктен шыққан сахалар Ойунский, Аммосов, өзбектегі Әкмал Икрамов, қырғыздан Абдрахманов, Сталиннің алғашқы құрбандарының бірі болып кеткен, татар Сұлтан-Ғалиев, о, Рысқұлов дос-жараннан кенде емес. Ал енді, оның омақаса құлауын Құдайдан күндіз-түні тілейтіндер де табылады...
Кабинеттің есігін ептеп тықылдатып, қолында подносы бар, Әзиза кіріп келді. Көзі ұйқылы.
— Кешіріңіздер, шай әкелдім, — деп подносты үстелдің үстіне қойды да, жай жымиып тағы да: — Кешіріңіздер, — деді.
— О, пәлі, сіз кешіріңіз... — деп Әуезов не «жеңге» дерін білмей, не табан астында аты аузына түспей, абдыраңқырап қалды. Жеңге деуге қимай ма екен, уыздай жас.
— Жеңгеңнің аты — Әзиза, — деп Рысқұлов демеп жіберді.
— Иә, айтқансыз... түн ұйқыңызды бөлгенімізге кешірім болсын, Әзиза, — деп түзелді Әуезов.
— Оқа емес, Сіз сияқты аса сыйлы мейман күнде келіп жатқан жоқ, — деп Әзиза есікті жауып шығып кетті.
— Бұл өзі ыңғайсыз болды-ау...
— Бағана таныстырдым ғой, женгең осы. Ташкентте көргенім басқа еді-ау деп, таңғалып отырған шығарсың. Ол жеңгең де, Надя, осында, Мәскеуде. Одан Софья деген қызымыз бар. Ерлі-зайыптылар ретінде ажырасқанмен, ең жақын туыстардай араласып тұрамыз, — деп Рысқұлов күдік-күмән қалдырмай әңгімені ашып салды.
— Осы ұмытпасам, Жаһаншах Досмұхамбетовпен бажа едіңіз-ау, — деп қалды Әуезов.
— Дұрыс айтасың, Жанша менің бажам болатын. О да осы маңда. Ә дегенде, Надямен ажырасқанымызды жақтырмай, кінәлап жүрді. Қазір жақсымыз. Сол баяғы адвокатурасымен айналысады.
— Тағдыры қиын адамдардың біреуі сол.
— Аса білімді кісі ғой Жанша. Білімділердің тағдыры оңай болмайды, — деді Рысқұлов Әуезовтің пиаласына шай құйып. — Әсіресе халық үшін қабырғасы қайысатындар көп азап шегеді. Парадокс! Қазіргі біздің Қазақстан кешегі патшалық Ресейдің отары еді ғой. Жанша Досмұхамбетов, Мұхамеджан Тынышбаевтар, тіпті Ахметті, Әлиханды, Міржақыпты, Мағжанды былай қойғанда, міне, сол Жанша мен Мұхамеджандар отаршылдыққа қарсы, азаттық үшін, дербестік үшін күресті. Бұларды Кеңес өкіметі жау көреді. Ал Үндістанның азаттығы үшін күресіп жүрген Махатма Гандиді мадақтайды. Саясат пен моральдің қиыспайтын жері осы. Саясат бір төбенің үстінде, мораль бір төбенің үстінде. Моральсіз, имансыз саясат — сайқал саясат. Бүгінде көп айтылып жүрген халықтар теңдігі, ұлттар бостандығы, тең құқылы Одақ... Ал бірақ Ленин, іс басынан кете бастаған Лениннің тұсында-ақ, одан кейін сталинизм кезінде, мұның бәрі әдіре қалды. Оны қазір Қазақстанның қалпынан көріп отырмыз... Ал Мұхамеджан болса, Кеңес өкіметіне адал қызмет етті. Мен саған айтайын, Мұхтар, Түрксібті салған — Мұхамеджан. Соның асқан инженерлік білімі арқасында, Түрксіб мезгілінен бір жыл бұрын іске қосылды, миллиондаған сом қаржы үнемделді. Ал енді, Кеңеске соншама пайдасы тиген адамды Кеңес өкіметі соттап жібереді. Қазір Воронежде жүр. Неге? Сол баяғы «Алаш!» Кезінде Түрксібке кызметке айтысып жүріп алдырған мен едім, ал енді қазір оған ара түсе алмаймын, айдаудан құтқара алмаймын. Не деген қорлық?!
Рысқұловтың күйінішін аздап болса да басқысы келгендей, Әуезов:
— Оның есесіне тұтас халықты қорғап жатырсыз ғой, — деп қалды.
Рысқұлов та пенде, сәл жібиін деді. Жылы сөзді кім жек көрсін? Тек көлгірсімесе болғаны. Ал Әуезов шындықты айтты.
— Голощекин көп ұзамай кететін шығар, — деді Рысқұлов жадырап. — Бірақ голощекиншілер, өзіміздің голощекиндер қортиып-қортиып отыра бере ме деп қорқамын.
— «Қолынан қайыр бермейтін қортиғандар би болды», — деп Әуезов қостады.
— Қазақстан аспанынан қара бұлт арылар-ау, бірақ Қазақстан тарихында өмірі өшпейтін қара таңба қалып қоятын болды.
— Қазақстан ғана емес, Кеңес өкіметінің өзегінде...
Рысқұлов бас изеді.
— Кеңес Одағына таңба. Оның рас. Әйтпесе, халықты соншама ашаршылыққа ұрындыратындай Кеңес елі мүлде мүшкіл халде де емес. Шетелден қарызға алса да астық тауып беруіне әбден болады. Мен Сталинге о басында айттым: көшпенді қазақтың малын колхоз алады екен, ендеше астықпен қамтамасыз етейік дедім. Орындамады. Қайта қабының түбіндегі қалған-құтқанын да тартып алды.
— Менің бір ұқпайтыным, — деді Мұхтар. — Сталин жолдас ақылды кісі, әйтпесе өзінен күштілерді өңгеріп кетпес еді ғой. Бірақ өте айлакер, ал айлакер болу үшін ақыл керек, айлакер бола тұра, алдағысын неге болжамайды? Алдағы ұрпақ оның жауыздығын әшкерелемей ме?
— Тирандардың ешқайсысы ахиретін ойлап жатпайды. Нерон солай, Калигула солай, Наполеон солай... Олар шексіз мансапқа мас болып, соның мастығымен кейінгісін мансұқ етеді. Тирандардың мастығы баяғы Шыңгысханның Сүбетей баһадүрінің мастығындай ғой. Білетін шығарсың, Сүбетей баһадүр шабуылға шығарда бір ту биенің күретамырын қиып жіберіп, жып-жылы қанды тойғанша сіміріп алады екен. Сонда екі көзі қанталап шыға келеді екен. Ал енді Сүбетейді тоқтатып көр! Тирандарда сондай бір қан сұраған қорқаулық бар. Көздерін қызғылтым шел басып қалатын болуы керек. Біздің Стекен де сол тирандардың сауығын киіп алуға пейілі кеткен. Бірақ олардан бір өзгешелігі — жеке басы дүниеқоңыз емес. Дүние жимайды. Қашан көрсең қоқиып жалғыз френчпен, сол баяғы қырым етікпен жүреді де қояды. Үйінде де жиһаз жоқ. Алтын, күміс, жарқылдаққа құмар емес. Бар құмарлығы — билік.
— Билік болса, байлық не керек?
Екеуі осылайша, енді қайтып кездеспестей, мына алмағайып заманда әлдеқандай күндер болады, армансыз құмардан шығайық дегендей, бір-бірін қимай, таң атқанша отырды. Таңның атқанын олар Мәскеу көшелерінде қысқы аязды сықырлата жүре бастаған трамвайлардың шиқылынан байқады. Рельстің бұрылысында трамвайлардың доңғалақтары шыңғырып-шыңғырып жіберді. Мәскеу — ұлы қала енді ұйқысынан ояна бастайды. Таң атса да, әлі қараңғы. Биік-биік үйлердің шамдары бірінен соң, бірі жарқ-жұрқ ете қалады. Ал Рысқұлов кабинетінің шамы таң атқанша жанып тұрды.
Талай-талай әңгіме-сыр тиегі ағытылды. Біреуі тас қапаста жалғыз отырып, әңгіме аңсап қалған. Біреуі тағдыр қапасының қыспағына түсіп, көптен бері жақын доспен сұхбаттаса алмаған. Сол түні Әуезов Шәкәрім қажының қайғылы тағдырын, арман дариясын кешіп дүниеден өткен Абай данышпанның әрқилы кезеңдерін айтты. Рысқұлов ертеде, Ташкентте оқып жүргенде Көлбай Тегісов деген азаматпен қалай танысқанын, ол құрған «Үш жүздің» тарихын, Мұстафа Шоқаевпен қалай кездескенін айтты.
— Мұстафа Шоқаевты да келер-келер бір ұрпақ зерттеп, байыбына барып түсінуі мүмкін, — деді. — Өте күрделі, өте зерделі ер еді. Адасқаны да ақиқат. Бірақ халық деп жүріп, шетелге қаңғырып кетті ғой, — деді.
— Мұсекең шетелде бір кітап шығарыпты, — деді Рысқұлов күлімсіреп қана. — Жарықтық, маған тиісіпті: Рысқұлов Сталиннің сүйіктісі, фавориты депті. Сталиннің «сүйіктісі» болсам, алты айдан бері алдына қайта-қайта барып, «Қазақстанды аштық ажалынан құтқара гөр!» — деп жалынып, сол алты айдан бері сөзімді өткізе алмай қояр ма едім? Әйтеуір, енді-енді бері қараған сияқты. Қайтадан аунақшып, айнып қалмаса екен деп, күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ, Мұхтар. Бедірейген бедеу аспанға қарап, Көк Тәңірден бір тамшы жаңбыр тілеген бәдәуидей, уақытты өткізіп жатырмыз. Сен аман бол, Мұхтар. Бұл нәубет те өтер-кетер. Бірақ тарихқа жазылмай қала ма деп қорқамын. Халықтың тағдырынан гөрі, қу қарынның қамын көп ойлайтын күнкөрістің құрбандары тарихты бұрмалайды-ау деп қорқамын. Өмір жетсе, осының бәрін, жазушы болмасам да, тарихшы ретінде өзім жазар едім, кім білсін? «Қырғызстан» деген кітабым шықты. Енді «Қазақстан» атты дүние жазсам ба деп едім. Қарттар: «Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» деуші еді. Бұйырса, жазамын. Ал енді бұл тарихтың көркемсөзбен жазылған нұсқасы да болуға керек. Тарих барып тоқтаған жердің аржағын, тылсым жағын көркем әдебиет көре алады. Ал енді бұл саған аманат, Мұхтар. Сенің ғана қолыңнан келеді. Қазақтың басқа қаламгерлерін мансұқтамаймын. Ғабит те, Сәбит те жазар. Ал сен жазсаң, жөні бөлек болар еді. Бұл сұрапыл «Война и мирге» бергісіз ғой. 1812 жылы Ресейді жау шапты. Ал 1932 жылы Қазақстанды сырттан жау шапқан жоқ. Өзімізді өзіміз шаптық. Мұның философиялық, әлеуметтік астары басқа. Мұны бізге Шолохов барып жазып бермейді. Мұны сен жазасың, Мұхтар.
Әуезов басын шайқады.
— Тұрар аға-ай, айтқаныңның бәрі алтындай. Бірақ біз Эзоптың дәуірінен де қиын дәуірде тұрмыз ғой. «Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ» деген мақалдың дәурені өткен.
— Оны білемін ғой, — деп қарсыласты Рысқұлов. — Бірақ сен жаза бер, жаза бер. Заман үнемі осылай болмас. Сталин айтады: социализм аяғынан нық тұрған кезде, централизмнен нағыз демократияның өзіне көшеміз дейді. Сондықтан ұдайы қыспақ бола бермес. Сен жаз, Мұхтар.
Ақылды адамдар да қателеседі. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген қазақтың көне грек философтарынан несі кем?! Рысқұлов Сталинге әлі сенеді. Сталиннің тұла бойына залымдықпен түрпідей түк шығып, қаулап өсіп, қалыңдап бара жатқанын басқа білмесе де Рысқұлов білуі керек қой. Қанша ақылды, сұңғыла білімді дегенмен, қайран қазақтың сенгіш аңқаулығы атавизмдей арылмай, табиғатында қалып қалған.
Әуезов тық-тық жөтеліп, онысын білдірмейін деп жөткірінген болып, орамалмен аузын басып, теріс айналды.
Өзі науқас, жолдан арып келген адамды демалдырмай қинадым ба деп Рысқұлов сезіктенді. Бірақ соны байқап қалған Әуезов бетін бері бұрып, езу тартып:
— Бұл түн — ұмытылмас түн болды. Лұқпан Хәкім айтқандай, мың жасап қалдым, — деді. — Адам баласы мың жыл жасаушы ма еді, тәйірі. Хакім өзі тектес ойлылармен әңгіме-дүкен үстінде өткізген әрбір күнін — бір жылға балаған ғой. Ал нәсіп болса, ұлы нәубет туралы да жазармын. Аяулы Абайымды жазсам, арманым сол. О да қазақтың қатал тағдыры, мол-мол қасиеті мен соры туралы болмақ, аға. Қазақтардың қаналуының бел ортасы.
— Талабыңа таудың ұлылығын берсін, Мұхтар. Қазақ қаналуының көркем эпопеясы керек бізге! — деп Рысқұлов ширыға түсті. — «Қазақстан» туралы кітабыма материал қарастырып жүріп, қолыма Әлихан Бөкейхановтың 1910 жылы Петербургте шыққан үлкен бір жинаққа енген «Қазақтар» атты мақаласына тап болдым. Сонда Бөйкейханов II Думаның депутаты Марков дегеннің сөзін келтіреді. Ол сөзі «Товарищ» дейтін басылымында 1917 жылы жарияланыпты. Сонда депутат Марков не деген деп ойлайсың? Оны ауызбен айтудың өзі сұмдық... — Рысқұлов жазу үстелінің тартпасынан бір қалың көк дәптерді алып, ары-бері ақтарып: — Ә, міне, таптым, — деді. — Міне.
«Киргизы (қазақтар дегені) — потомки орд Чингисхана и Тамерлана и что с ними нужно поступать так, как поступали с краснокожими в Америке».
Рысқұлов көк дәптерді тарс дегізіп жауып, тартпаға қайтадан лақтырып жіберді. Жаңағы оқыған сұмдық сөзге көк дәптер кінәлідей шиіріп тастады.
— Көрдің бе, Мұхтар, сонда сол Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің со-о-ноу замандардағы сойқанына бола, қазіргі қазақтар сорлау керек! Ал сондай залым ой иелерінің қазір жоқ екеніне кім кепіл?
Рысқұлов сол сабасына түсіп, мырс етіп:
— Сталин оқта-текте маған қалжыңдаған болып: «А, Түркістанның Шыңғысханы», — дейтіні бар. Әдепкіде шын қалжыңы шығар деп қалып жүрдім. Енді-енді ойласам, артында зілі бар ма деймін? Көз алдында бір адам шөлден қаталап өлейін деп жатыр делік. Қасында шелек толы суы бар бір кісі отыр делік. Сонда әлгі ол үстінде жатқан байғұсқа бір жұтым су бермегені қалай? Қазақстанға, қазақтарға деген Сталин мен Голощекиннің әрекеті де солай ма... Сондықтан Мұхтар, бір тумақ бар, бір өлмек бар. Тіршілікте зұлымдықпен арпалысып қал. Мен енді соған басымды тіккен адаммын. Арты не болары — бір Тәңірге аян. Көп сөйлеп, мазаңды алдым. Кешір. Енді қайтып мұндай бір жұлдызы жарқыраған сәттер орала ма, жоқ па, қайдан білейін? Келгеніңе, сәлем бергеніңе рақмет. Қаяулы көңіл бір жеңілейіп қалды. Ал енді ертең... ау, ертең деймін, таң атып қалды ғой, бүгін саған жолдама жаздырамын. Қырымға. Келістік қой?
— Келістік, — деп күлді Әуезов.
Осылайша, ойранды отыз екінші жылдың қалың бұлт қаптаған бір түнінде, Екі Жұлдыз таң атқанша жарқырап тұрды.
«ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТПАЙСЫҢ!»
Сталиннің қабылдауында болып, оның кабинетіне кіру — арыстанның апанына қарусыз кірумен бірдей. Қайтадан тірі шығарың, яки өлі шығарың неғайбіл. Сталин өзі атып тастамайды, әрине... Қолында шексіз билік болса, қаһарынан барлық пенде қалтырап тұрса, содан ләззат алатын қасиет тирандарға тән.
Рысқұлов соңғы кезде Сталиннің қабылдауына жиі келетін болды. Бұған жалтыр бас, лай көз көмекші таңғалатын сияқты. Сталиннің оң қолы мен сол қолы іспетті Молотов пен Кагановичтің өздері сирек келетін кабинетке Рысқұловтың қайта-қайта келуі кезекшіге жұмбақ. Сталин оған:
— Рысқұловты шақыр, — дейді. Ол тапсырманы орындайды. Ал Сталин мен Рысқұлов не туралы сөйлеседі, — ол жағы белгісіз. Рысқұлов кіргенде де, шыққанда да сыр бермейді. Бір нәрсе анық: не Рысқұлов жоғарылайды, не жойылады. Көмекші осылай ойлайды.
Ал Рысқұлов үшін бұл көмекшінің тұсынан өту — тозаққа барар жолдағы Цербердің тұсынан өтумен бірдей. Аңызда, діни мифологияда сондай бір төбет бар. Өте қорқынышты.
Бұл жолы да Рысқұловқа лай көзбен сұқтана қарап, көзі көз емес, рентген шамындай бозарып, келушінің үсті-басын тінткілеп шықты. Жоқ, ол қалтаңды, қойны-қоншыңды ақтармайды. Өйтсе тым тұрпайы болар еді. Бұл көзбен тінтеді. Көзінде өңменіңнен өтетін бір сиқыр бар. Амалсыз аза бойың қаза тұрады. Егер шыннан арам ойлы болсаң, егер шыннан Сталинге қаскөйлікпен бара жатсаң, бұл Цербер сенің ол пиғылыңды бірден біліп қоятын сияқты.
Кезекші Рысқұловқа тақыр басын сәл иіп, миығында зәрлі жымиыспен кабинет жақты нұсқады. Сталин көрінді. Аласының өзі асқақтап көрінетіні ғажап. Мұнда да өзекті пенде түсіне бермес бір құдірет бар...
Рысқұлов діндар болмаса да ішінен: «Иә, аруақ, — деді, — қорлықтан, зорлықтан, қатыгездік пен қайырымсыздықтан қырылған миллион қазақтың аруағы қолдай гөр!» — деді. Солай ойласаң, ол аруақтар бар ма, жоқ па, қолдай ма, қолдамай ма, оған көзі жетіп жатқан ешкім жоқ, бірақ көңілге демеу, яғни өзіңді рухтандырғандайсың. Мынандай сәтте, әйтеуір, аждаһа көрген көжектей бұқпайсың, тізең де қалтырамайды. Рухың, жігерің берік болса, аруақ қолдағаны сол шығар.
Құдай оңдағанда, Сталин мұртынан бүлк-бүлк күліп, баяғыша:
— А-а-а, Түркістанның Шыңғысханы, кел! — деді.
О да пенде болып әзілдегісі, көңіл көтергісі келетін шығар... Әлде өзінен әлсізді әжуалап, мысқылдап, содан жаны рақат табатын шығар, кім біледі? Шыңғысханның рөлінде өзі болғысы келсе де, оны неге Рысқұловқа қиятыны белгісіз?
— Сен, байқаймын, тым жүдеп кеттің, — деді Сталин Рысқұловқа тіктеп қарап. — Түнімен ұйқы бетін көрмей, кірпік ілмей шыққан сияқтысың. Немене, ауырып жүрген жоқсын ба?
— Жоқ, жолдас Сталин, денім cay...
— А-а-а, денін cay болғаны жақсы, — деп бұрылып кетіп, қара трубкаға «Алтын жібекті» ширатып сала бастады.
«Осының көріпкелі бар шығар, — деді ішінен Рысқұлов. — Менің түнімен ұйықтамағанымды қайдан біліп қойды? Әлде түрім тым ұсқынсыз ба? Түнімен Мұхтар екеуміздің не туралы әңгімелескенімізді біліп қойса ғой...»
Бірақ Сталин Рысқұловтың түні бойы болашақ ұлы жазушымен бірге отырғанын білмейді. Мүмкін, бұдан былай Рысқұловтың үйі аңдуға алынар, оның үйіне кім келіп, кім кеткені есепшотқа салынар. Ал дәл қазір Рысқұлов үйіндегі «колхоздың» есебінен, түр-түсінен ОГПУ-дін ең ысқаяқ агентінің өзі де жаңылысып қалар еді. Әрине, кеше ғана түрмеден шыққан «Алаштың» адамы жан-жаққа бұрылмай, тікелей Рысқұловқа жолыққаны ОГПУ-дің назарында болуы әбден ықтимал. Бірақ «Елдің иесі, бәрінің тәңірісі бар» деген.
— Білемін, — деді кенет Сталин бұған қырын қарап тұрып. Сөйтті де ар жағын айтпай тұрып алды.
«Нені біледі? — деп Рысқұлов іштей сескеніп қалды.
— Қасқыр орманға қарап ұлығанын қоймайды. Сен де сондайсың. Қазақстан деген қайғыдан қаның қарайып, түсің бұзылып, семіп бара жатырсың. — Осыны айтып Сталин бетін бері бұрды.
— Оныңыз рас, жолдас Сталин.
— Рас болса, бұл істі сағыздай соза бермей, бір жағына шығарайық. Голощекинді кері шақырамыз. Сегіз жылдай отырған екен, жетер енді.
Рысқұловтың өңіне қан жүгірейін деді, бірақ бірден елпеңдей қойған жоқ.
— Жалғыз Голощекиннің кетуімен мәселе шешілмейді ғой, жолдас Сталин.
Сталин Рысқұловқа ызбарлана бір қарады да, бұрылып кетті. Жақтырмай қалды.
— Білемін.
— Білсеңіз, тезірек жәрдем беріңіз.
— Сонда неден бастаймыз?
Рысқұлов: «Хатта бәрі жазулы ғой!» — деп мынаның самарқаулығына қорынса да сабыр сақтады.
— Ең алдымен тездетіп тамақ тауып берейік.
— Одан кейін?
— Аштардың жан-жаққа босып жатқанын тоқтатайық.
— Одан кейін?
— Қытай ауып кеткендерді кері қайтарайық. Оларға жағдай жасайық.
— Тағы да?
— Қазақстанда 1932 жылдың басында қырық миллион мал бар еді. Содан қазір небәрі бес-ақ миллион қалды.
— Немене, сонда өзіміз де бұзаулаймыз ба? Табан астында қалай көбейтеміз?
— Колхоздың малын мемлекетке етке тапсыруды біраз жылға тоқтата тұрайық. Жеке меншік секторда малды көбірек ұстауға рұқсат берейік.
Сталин:
— Стоп! — деді. — Сонда қалай, кулак пен байларды қайтадан қалпына келтіру керек пе?
— Жоқ, — деді Рысқұлов. — Кулак пен бай кісі еңбегін қанаушылар. Ал тұлдыры жоқ қу кедей, екі-үш бас сиыр, он шақты қой ұстаса, одан бай шыға қоймайды. Артық бас малын мемлекетке өткізеді. Ол пайда, жолдас Сталин.
— Тағы да?
— Қазақстанда тым болмаса, тұқымдық қор да жоқ. Көктем болса таяу. Eгiс басталады. Соған дейін Қазақстанға мемлекеттік қордан тұқым босатылсын. Әйтпесе, халық аштықтан арыла алмайды.
— Тағы да.
— Өзіңіз білесіз, жолдас Сталин, мыңдаған қазақ республикадан тысқары облыстарға ауып кетті. Өзбекстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға дейін... Ал РСФСР-дің көптеген облыстарында да талай қазақтар қаңғып жүр. Ішкі Ресей, Астрахан, Орынбор, Челябі, Қорған, Төмен, Омбы, Таулы Алтай, Кемер, тағы басқа жерлерде... Солардың бәрін бірден қайтарып алу қиын ғой. Оларға жергілікті басшылық жағдай жасап, жұмыс тауып берсін. Енді олардың көбі өрт шалған Қазақстанға қайтпай, мүлде қалып та қояр. Қайғылы, әрине.
— Heгe қайғылы? Жаудың жері емес қой. Бәрі — КСРО!
— Оныңыз рас, жолдас Сталин. Бірақ туған топырақтан ажыраған қазақ — түп тамырынан ажыраған қазақ. Ол шашырап кеткен соң, ең алдымен тілінен айрылады. Өйткені соноу Төменге кеткен қазақтарға сол жерден қазақша мектеп ашып бермейді ғой. Ол қазақ енді өз салт-санасынан, әдет-ғұрпынан, төл мәдениетінен айрылады. Сонда не болады?
— Интернационалист болады, — деді Сталин бұл теориясына масаттанғандай, трубкасын жоғары шошайта көтеріп. — КСРО-ны мекендеген халықтар бір кезде бір-ақ тілде сөйлеуге тиіс. Келе-келе дүние жүзіндегі барлық халықтар да бір-ақ тілде сөйлейтін болады. Диалектика заңы солай!
Рысқұлов Сталинмен айтысқа зауқы шаппады. Өз айтқанын құптатып дағдыланған, патшалық диктаттың дәмін алған асқақ адам қазір талас көтермейді. Онымен сөз таластырам деп істі насырға шаптырғаннан не пайда? Мұндайда, аруағыңнан айналып кетейін, Қожанасырдың ақылына жүгінген жөн. Баяғыда Сталин сияқты бір хан Қожанасырды шақыртып алып:
— Ал, Қожеке, есегіңе бес жылдың ішінде оқу үйрет. Бес жылдың ішінде есегің кітап оқи алмаса, басың кесіледі! — депті.
— Құп болады, хан ием, — деп Қожанасыр қол қусыра қалыпты.
Хан алдынан былай шыға бергенде, әлгі әңгімені естігендер Қожекеңе:
— Есіңіз дұрыс па өзі! Келісе салғаныңыз қалай? Ау, есек бес жыл тұрмақ, мың жылда да оқу үйренбейді ғой! — депті дейді.
— Е-е, — деп күледі Қожекем қутыңдап. — Бес жылда не хан өледі, не мен өлемін, иә болмаса есегім өледі.
Рысқұлов Сталиннің мына зорлығына іші қазандай қайнап, шыдай алмай дау айтқысы келсе де, өзін-өзін тыйып тастады.
— Тағы да! — деп Сталин өктем үн қатты.
— Тағы да болғанда былай, жолдас Сталин. Қазақстанда таяу арада халық санағы өткізілсін.
— Несі бар, өткізсек — өткізейік. Одақ көлемінде өткізейік. — Сталин асығыстық жасамадым ба дегендей, өз сөзіне өзі ойланып қалды. Санақ мадақтарлық болмас. Өйткені аштықтан азайған жалғыз қазақтар емес, Украина, Ресейдің кейбір облыстары... Сталин сәл тұнжырап тұрды да:
— Жә, сонымен Голощекин кетеді, — деп әңгіменің бетін бұрып әкетті. — Оның орнына кім лайық?
Осыны айтып, Рысқұловқа көзін сығырайта қарады. Көзін сығырайтқаны — сынағаны. Бұл орыннан Рысқұловтың дәмесі бар ма деп ойлайды? Рысқұлов Қазақстанды басқаруға жарап жатыр. Бірақ аузы күйген үрлеп ішеді. Бір кезде Түркістанды басқарып, теңдік талап етіп, тең терезе талап етіп, Орталықты әуре-сарсаңға салған. Орталықтан барған Түрккомиссиямен айтысып, тас-талқан шатақ шығарып, қатты тулаған. Ол ұмытылмайды.
— Бұрын ғой, жолдас Сталин, жергілікті кадр өсіп-жетілген жоқ деп келдік. Енді таңдауға татитын қазақ қайраткерлері бар, — деді Рысқұлов.
— Өзіңді есептеме, — деді Сталин. — Әңгіменің басын ашып алайық. Сен Одаққа керексің. КСРО — көп ұлтты мемлекет. Орталықта ұлт өкілдері отырғаны — біздің кадр мәселесіндегі ұстанған саясатымыз, и-ә-ә.. Қазақстанға әзір қайтпайсың. Сонда кімдер бар?
Рысқұловтың көңілі пәстеніп, құлазыңқырап қалды. Бірақ «Қарақұстың көлеңкесінен» айығатыны бойына қуат бергендей, сыр білдірмей, жайдары үнмен:
— Нығмет Нұрмақов, — деді. — Көп жылдан бері Орталықта отыр. Үлкен мектептен өтті. Жігерлі қайраткер. Бұра тартып бүлдірері жоқ.
— Нюрма-а-аков, — деп созалаңдатты Сталин. — Ана Жоғарғы Кеңесте, Калининнің қасында отырған Нюрмаков қой?
— Иә.
— Ол жөнінде анекдот бір әңгіме естіп едім. Сен де білетін шығарсың. Голощекин Нюрмаковпен келісе алмай, Қазақстан Совнаркомы төрағалығынан босаттырып, орнына Ораз Исаевты таңдады ғой. Исаев істі қабылдауға барғанда, Нюрмаков:
— А, ақсақ, кел, — депті дейді. Сірә, Исаев сылтып басатын болуы керек, иә. Сонда Исаев:
— Менің аяғымның ақсақ екені рас, ал сен, Нюрмаков, саяси ақсақ адамсың, — депті дейді. Рас па?
— Мүмкін.
— Мүмкін болса, сол сөздің жаны бар. Рас, Мәскеуде шыңдалған шығар. Бірақ ол Исаевпен қалай жұмыс істесе алады? Жаңылмасам, сендерде ғой деймін: «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейтін. Нюрмаковқа бола, Исаевты құрбандыққа шала алмаймыз.
— Олардың бастарын бір қазанға салып пісірудің қажеті жоқ, жолдас Сталин, олардың басы пісіп болған. Балаңдық аурудан арылған. Екеуі бірлесіп жұмыс істесе алады.
— Білмеймін. Өте күмәнданамын, — деп Сталин семіп қалған ауру қолын бұлғаң еткізді. — Сендерде, қазақтарда, ру дей ме, жүз дей ме, бір ауру бар ғой, әйтеуір. Көзіңе мақтағаным емес, біздің еуропалық коммунистер Түркістан мен Қазақстан қайраткерлерінің ішінен сені ерекше атайды, иә... Бірақ сөйткен сенің өзіңді де өз ағайындарың сыйдырмады ғой! «Ходжановщина», «Рыскуловщина», «Мендешевщина», «Сейфуллинщина», тағы қандай «щиналар» бар? Осының бәрі сол ру таласы... Бұл ауру сендерге сүтпен кірген, сүйекпен кетеді.
Рысқұлов іштей пұшайман болып, өзегі өртенді. «Ай, қайран қазекем, ақыры мына Сталинге де табалаттың-ау», — деп күйінді.
— Сондықтан, — деді Сталин енді бұғалық тастап, қылқындырып, — Қазақстанға қалыс адам керек. Қазақтардағы барлық рулардан, барлық жүздерден тысқары тұратын, ешбір руға, ешбір жүзге бүйрегі бұрмайтын, қара қылды қақ жаратын әділ адам керек. Дұрыс па, Рискюлов?
— Дұрыс қой, — деп қиналды Рысқұлов. — Бірақ...
— Не «бірақ»?
— Қазақ республикасы құрылғалы он екі жылдан асып барады. Осы уақытқа дейін республика партия ұйымын бірде-бір қазақ басқарған емес. Бұл ұлт үшін үлкен намыс. Басқалар бізге өз өлкелік комитетін басқаруға жарайтын бір ұл тудырмаған неғылған халық деп бірі күліп, бірі табалайды. Оның үстіне...
Сталин шатынай бастады. Шыдамсызданып:
— Иә, оның үстіне, — деді.
— Оның үстіне алыстан келген кісі жергілікті халықтың тілін білмейді, ұлттың психологиясын, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын білмейді. Сөйтіп, орасан қателікке ұрынады. Оны мына Голощекиннен көріп, көзіміз жетті ғой. Голощекин сегіз жылдың ішінде қазақша сегіз сөз үйренген жоқ. Үндістанды билеуге тағайындалған Англияның губернаторы да бір, Голощекин де бір. Бір айырмашылық — Англияның губернаторы Үндістанның халқын жасанды аштыққа ұрындырып, жартысын қырып тастаған жоқ.
Иә-ә, Рысқұлов тым-тым алысқа кетіп қалды. Мұнша ашық кетпеуі керек еді. Бірақ барды айтып, батыл сөйлейтін қу ауыз бұл жерде де ауыздыққа бой бермей, арындап кетті.
Соноу жиырмасыншы жылдың өзінде Фрунзе, Куйбышевтер Мәскеуге, Орталық Комитетке талай ескертті: Рысқұлов ерен қайраткер, бірақ мінезі бірбеткей деп. Сонысынан басына таяқ та тиді, тыйылатын уақыты да болды. Бірақ қалай арындап кеткенін кейде өзі де байқамай қалатын шығар? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген ғой. Тау-Шілмембеттің ақсақалы Ахат қария інісі Рысқұлға ұдайы:
— Күштімен күреспе, ұлықпен тіреспе, — деп айтып отыратын. Сонда тордағы жолбарыстай шиыршық атқан інісі Рысқұл азуын қайрап, шықшыты бұлтыңдап:
— Шалқайғанға — шалқай, пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге — еңкей, әкеңнен қалған құл емес! — деп шапшитын. Рысқұл мұны айтып қана қоймай, іс жүзіне де асырды. Күштілермен күресті, мықтылармен тіресті. Бір болыстың бетіне түкірді, бір болысты атып өлтірді. Ақыры айдалып кетті. Мына Рысқұлов соны көріп өскен. Шындық үшін жаны шыңғыратын қасиет бала кезден жабысқан. Әкеден оған мұраға байлық қалған жоқ, әкеден мирас болып, тек рухы ғана қалды. Рысқұл рухы, жігері шарболаттай берік кісі еді.
Сталиннің сарғыш көзі тотияйын сепкендей жасылданып, Рысқұловқа ұзақ қарады.
— Сенің ашынатын жөнің бар, — деді күтпеген жерден. — Айталық Грузияны барып бір қазақ басқарып отырса, оған грузиндер қалай қарар еді? Логикаң орынды. Бірақ кім біледі, адамына да байланысты шығар. Тарихта ондай мысал аз емес. Айталық, сенің арғы бабаң қыпшақ Бейбарыс Египетті биледі ғой. Және қалай биледі?! Тағы бір бабаң Бабыр Үндістанды биледі. Және қалай биледі?! Жалайырлар Иранды жүз жыл басқарды. Иә-ә. Ол тарих. Ол өткен тарих...
Рысқұлов Сталиннің ақылының алғырлығына тәнті. Троцкий Сталинді шаласауатты деп күліп, менсінбей келді. Сталин діни семинарияның өзін бітірмей шығып кеткен. Сонда бұл осыншама білімді қайда жүріп жинаған?
— Сол өткен тарихқа оқтын-оқтын көз тастап, асылын алып, сасығын садақа тастау әбден пайдалы, — деді Рысқұлов, — Сіз айтқан Бейбарыс Египетке орасан пайда келтірген қайраткер. Египет қана емес, бүкіл Таяу Шығысты «кресттағушы» дегендердің қырғынынан сақтап қалған орасан тұлға. Ол өзі басқарған елді қырған жоқ, қайта қырғыннан қорғап қалды. Ал Бабыр болса, артында мәңгі өлмес мәдени, тарихи мұралар қалдырды. Жалайырлар моңғолдардың шапқыншылығынан қалған басқыншылар. Олардың Иранға не жақсылық істегенін мен білмеймін.
— Міне-міне, Рысқұлов, өте дұрыс айттың, — деп Сталин қуанып қалған сияқты. — Сенімен айтысудың өзі әрқашан пайдалы. Әйтпесе, мен сенімен осыншама уақыт алдырып, сөз таластырмас едім. Демек Қазақстанға біз Қазақстанның қазақтардың жанын түсінетін, жақсылық жасайтын адам жібереміз.
Сталин трубкалы қолын безеп, сарғыш тістерін көрсете күліп, семік қолымен мұртын сипап қойды. Оның осы күлкісі мен болмашы қимылының өзі, Рысқұловтың жолын буып тастағандай болды. Рысқұлов Қазақстанды басқаруға жарайтын қазақ азаматтары аз емес: Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұлов бар, Сұлтанбек Ходжанов бар, Санжар Асфандияров, Ораз Жандосов, Жалау Мыңбаев, Әбілқайыр Досов, тағысын тағылар толып жатыр деп тағы тіреспекші еді, Сталиннің мына мекірене күліп, мұртын сипағаны соңғы тұжырымдай көрінді. Ендігі ерегес сөздің бәрі — бос сөз болмақ. Рысқұловтың бұл ойын сезіп қалғандай, Сталин:
— Ал қазақ жолдастар рушылдықтың, жікшілдіктің қаншалық зиянды екенін әлі де болса түсінсін. Бәлкім, басқа ұлт өкілі басқара бергеніне намыстанып, бастары бірігер. Рушылдық, жікшілдік аурудан айығар. Әне, сонда республиканы қазақ басқарсын, — деді.
Ол заман қашан келмек? Жүзге бөлінгеніне жүздеген жылдар болды. Бөлінгенді бөрі жейді. Жеп келе жатыр. Үш жүздің хандары үш жаққа тартып, ақырында әркімнен таяқ жеді. Қалмаққа қарсы соғыста ғана бастары біріккендей еді, кейін қайта ыдырады. Бастары бірігу үшін тағы да «Аңырақай» керек пе? Аңырай-аңырай болған жоқ па?
— Сен риза болмай қалдың-ау, Тюрар, — деді Сталин Рысқұловтың тұнжыр түрін байқап, — қазақтарды аштықтан құтқар дедің, жарайды, құтқарамыз. Есіңде болсын, Кеңес Одағында қазір артылып жатқан астық жоқ. Сонда да болса, Қазақстан үшін қарастырамыз. Әлгі айтқан ұсыныс-талаптарыңды іске асырамыз. Голощекинді кетіреміз. Енді не керек? Қанағат қайда?
— Рақмет, Иосиф Виссарионович, — деді Рысқұлов риза екенінің белгісі ретінде «жолдас Сталин» деп қатып қалмай. — Бәріне рақмет. Тек Голощекинді Голощекинмен алмастырмасаңыз болды.
— Әне, риза емессің, — деп Сталин қос қолын жайды. — Риза емессің, тауфиқсыз.
Рысқұловтың көмейіне талай сөздер кептеліп келіп-ақ тұр, бірақ беті бері қараған істі бүлдіріп аламын ба деп тілін тістеді.
— Рақмет тағы да, — деді. — Тек Саяси Бюро шешімі тезірек шығып, тезірек іске асса екен.
Сталин мырс етті.
— Саяси Бюро-о-о, — деп телефонға қолын созды. Кнопканы басып қалды.
— Жолдас Молотов!
Ар жақтан дауыс:
— Тыңдап тұрмын, жолдас Сталин, — деп елпең етті.
— Рысқұловтың ұсыныстарын негізге алып, шешім дайындаңыз... Тез арада.
— Мақұл, жолдас Сталин.
— Бүгіннен бастап іске асырылсын.
— Құп болады, жолдас Сталин.
— Голощекинді Мәскеуге шақырыңыз.
— Командировкаға ма?
— Жоқ! Мүлде!
Сталин тұтқаны қондырғысына сарт дегізіп салып қойып, Рысқұловқа қарады.
— Міне, Саяси Бюро шешімі!
«Саяси Бюро деген — мен, соны да білмедің бе?» — дегендей күстәналай сөйледі.
Рысқұлов білместігіне опынғандай:
— Кешіріңіз, жолдас Сталин, — деп күмілжіді. Сталиннің император екенін ұмытып кеткеніне ренжіп, өзін-өзі кінәлап, даусы бүлініп шықты.
Әңгімелес серігінің ойын оқып қоятын көріпкелдігі бар Сталин:
— Саяси Бюро мәжілісін шақырып, сенің ұсыныстарыңды жан-жақты талқылап, сарапқа, дауысқа салып жатқанға қанша уақыт керек? Асықтырған, ышқына тықыршып тұрған өзің емессің бе, Рискюлов?! — деді.
— Иә, иә, — деп Рысқұлов қостаған болды. Бірақ ойы мүлде алысқа адасып кеткендей еді. «Демократия, Әділет, Азаттық» деген ауылдарды іздеп адасқандай. Қазақстан — РСФСР құрамында егеменді, автономиялы республика. Бірақ өзін-өзі басқара алмайды. Тіпті оның тағдырын РСФСР үкіметі де шеше алмайды. РСФСР-дің бір бастығы Рысқұлов. Не келеді қолынан? Бәрін Орталық шешеді. Орталық үшін Саяси Бюро шешеді. Саяси Бюро үшін Сталин шешеді. Айналып келгенде — бір-ақ адам! Ол құдірет. Сол құдіретін жаңа ғана көрсетті. Телефонның бір кнопкасын басып қалуы мұң. Бір кнопка — миллиондардың тағдыры. Миллиондардың тағдырын түймедей ғана бір кнопкаға бағындырған Сталин ұлы емегенде кім ұлы?! Осы үшін ғана «Жасасын Сталин!» — деп өңешің үзіліп кеткенше айқайлауға әбден болады.
— Жасасын жолдас Сталин! — деп айқайлап жіберді кенет Рысқұлов қолын көтеріп.
Сталин таңғалып, Рысқұловқа состия қарады.
— Ұлы Сталин мәңгі жасасын! — деді Рысқұлов жер қайысқан халықтың алдында мінберден айқайлағандай айқайлап.
— Тюрар, не болды саған?! — деп Сталин састы.
Рысқұлов енді кімнің алдында тұрғанын ұмытқан сияқты.
Ұлы Сталиннің:
— Не болды? — дегенін де естімейтін сияқты.
— Халықтардың ұлы көсемі Сталин жолдас мың жасасын! — деді Рысқұлов Сталин кабинетінің сары шілтерлі терезесінен бүкіл әлемге жар салып.
Бұл дауысқа еліріп, екпіндей басып жалтырбас көмекші кіріп келді. Сталинге қастандық болды ма деп зәресі жоқ.
Жалтырбас көмекшіні көргенде ғана Рысқұлов есін лезде жиып, Сталин мен көмекшіге кезек-кезек қарап:
— Кешіріңіздер, — деді.
— Әртіс, — деп күліп жіберді Сталин.
— Бәріміз де әртіспіз, жолдас Сталин. Дүние — үлкен сахна. Біз сол сахнада жүрген әртістерміз.
— Ендеше, бұл комедияны осымен доғарайық. Сен титықтаған сияқтысың. Демал.
— Бұл комедия емес, трагедия, жолдас Сталин. Сіз бен біз бұл трагедияда басты рөлдерді атқардық.
— Ну, мүлде трагедия деуге келмес. Жарайды, трагикомедия десек қалай болады? — деді Сталин.
— Әдеттегідей сіз әрдайым данышпансыз, жолдас Сталин. Сіздікі дұрыс: трагикомедия!
— Ендеше, сол трагикомедия аяқталды.
— Жоқ, — деп өзеуреді Рысқұлов дес бермей. — Трагикомедияның бірінші бөлімі осымен бітті. Әлі жалғасы бар!
(Төртінші кітаптың соңы)
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі