«ЖҰЛДЫЗ КӨПІР»
роман
«PER ASPERA — AD ASTRA»
«Через тернии — к звездам»
«Азаптардан — жұлдызға жол».Латын сөзі
I
Шеңгел бұтағына ілініп қалған зер қабық қаудырайды. Осыншама қуаңшылыққа қарамай, жылан биыл да түлеген. Несіне жетісіп түлейтіні белгісіз?
— Тұрар, міне әкең... — деді қырық құрақ қаудыр тонды Дәуіт шал. Басындағы түлкі тымақ ескіргені сонша, қотыр мысықтың терісіндей өлі жүні ұйпалақ екен.
Тұрар төмпешікке тесіле қарап, қалт тоқтады. Қасындағы Қабылбек Сармолдаев бір адым кейін қалды.
Шеңгел бұтағына ілініп қалған зер қабық діріл қағып, қаудырайды. Күн қақтап, жел жұлмалаған жылан-жейде әр жерінен жыртылып, өрім-өрім болған екен.
Төмпешік тым жүдеу. Үстіне көктемде шыққан раң шөп алдақашан қурап, ұшып кеткен. Ескірген топырақтың тандыры кеуіп жатыр. Мүрденің бір қапталы ойылып, топырағы ішіне түсіпті. Талай тас қапастың бүйірін жанталаса опырып қашып шыққан қайран Рысқұл бұл ақырет түрмені де тесіп шықпақ болған сияқты.
Жамау тонды Дәуіт пен оның қасындағы ойық-ыстылар Тұрардың мына жыртық мүрдеге соншалықты қадала қарағанынан қысылып, өздерінше ақталмақ:
— Аласапыран заман болды. Зиратты күте алмадық...
Тұрар оларға түнере қарап:
— Шыннан көкемдікі ме? Басқа біреудікімен шатыстырып алған жоқсыздар ма? Белгі қойылмапты ғой, — деді.
— О не дегенің жиеншар, — деп Дәуіт қалбалақтап қалды. — Рысқұл жиеннің жатқан жерін ұмытып не көрініпті бізге? Батырды өзіміз ақ жауып, арулап, осы араға жайғастырғанбыз. Сүйегіне мен өзім түстім. Апырай, Тұрар, саған өтірік, маған шын, денесінде cay жері жоқ жарықтықтың, бәрі жарақаттың тыртығы. Ең соңғы оқ қара санынан тиіп, қағынып кетіпті. Ақыры сол Мерке маңында тиген оқ түбіне жетті есіл ердің.
Осыны айтып, Тұрардың түп нағашысы мүрденің, арғы басына барып, қатқан топырақты саусақтарымен тырмалап жатып, тот басқан бір темірді ырғап-ырғап суырып алды.
— Miнe, белгісі! Апыр-ай, мұным қандай ақыл болған! Бұл болмаса, маған сенбейтін түрің бар ғой, Тұрар. Міне, қанжары. Басына әдейі қойғам. Бұл қанжарды өзі көз жұмғанша қолынан шығармай жатты. «Кісеннен соқтырғам. Сібірден қашқанда кісенімді сындырып, содан соққан қанжарым», — деп жатушы еді жарықтық. «Әкел, мына жаққа іліп қояйын», — десем, «Жоқ, жау келіп қалады», — деп бермейтін.
Тұрар топырақ тұтқан тот қанжарды Дәуіт шалдың қолынан абайлап алып, ақырын ғана ернін тигізді. Бүлдіргендей қызыл ерін мен бармақтай қара мұртқа бірер түйір сұр топырақ жабысып қалды.
Бұл көкесімен көріскені еді. Көкесінің көзін көрген, тірісінде серігі болған қанжарды қасиет тұтып, пәруана мұсылманның құран сүйгеніндей, құрмет көрсеткені еді. Қанжарды енді Тұрардың қолынан Қабылбек алып, сағағынан салмақтап тұрып:
— Ойпыр-ой, ауыр ғой, — деді.
— Ауыр-ауыр, Қабылбек шырағым, — деп Дәуіт шал сөз тамызығын тұтатты. — Біздің, Рысқұл жиен осы зілмауыр темірді oн жыл аяғына салып жүрген. Он жыл! Және одан қанжар соқтырған. Қалай?!
«Қалай?!» дегені қатқыл шықты. Қабылбек:
— Рас, рас, — дей берді. — Мына Тұрар екеуміз бала кезден Меркеде бірге оқыдық, ақсақал. Сонда Тұрар мұғалімнен ұдайы Сахалин, Сібір туралы сұраушы еді. Біз онысын түсінбейтінбіз. Сөйтсек, осындай сыр бар екен ғой.
— Ә, сыр бар, сыр бар. Қалай?! — деп Дәуіт тағы шаңқ ете қалды. Онан соң алысқа, Алатау жаққа көзін сығырайта қарады, — Марқұм, үзілердің алдында жанталасып: «Мылтығым қайда? Қанжарым қайда? Келіп қалды! Келіп қалды!» — деп жан-жағын жасқап, жалын-өрттің ішінде қалғандай арпалысты. Бір сәт талмаусырап кетіп сыбырлады: «Нағашы, Ақсу-Жабағылы, Ақсу-Жабағылы», — дей берді. Сәлден соң: «Мені Ақсу-Жабағылыға апарып жерле», — деп жаутаңдады. Көзіндегі жалыныштан жаным шыр-шыр еткендей болды. Ол тілегін орындай алмадым. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей, шамамның келгені осы болды, Тұрар.
Жамау тонды Дәуіт шал бүк түсіп жатқан бүйірі тесік төмпешікке мұңая қарады.
Ақсу-Жабағылыда Рысқұлдың несі қалды? Неге сонша бір жетуге зар болды? Ақырет мекеніне неге сонша Ақсу-Жабағылыны қалады? Ақырғы арманы екен, о да орындалмаған-ау сонда. Соноу Итжеккенде он жыл жүріп, жалаң аяқ жар кешіп, Қызыл аяқ қар кешіп, тілерсегін кісен қиып, ақбақай болған бұғаулы бозым, онда он алтыншы жылдың Меркедегі ойранынан кейін Төменгі Таласқа тартқанша, жаралы тәнін Ақсу-Жабағылысына қарай неге сүйретпеген?
Зират басында тұрғандардың көкейінде осы сұрақ қалды. Бірақ жауап болмады. Бүк түсіп жатқан жербесік тіл қатпады. Тек айнала тұрған қу шеңгелдің қоңыраушалары былдыр-былдыр, шылдыр-шылдыр ызың қағып, теріскей желдің лебінен баяу ғана тербеледі. Шеңгел бұтағына ілінген жұп-жұқа қабық Жылан жылының жалмауыз жалауындай желбірейді. Бәлкім, Рысқұл да мына Ойық жеріне қабығын ғана қалдырып, өзі сол арман тауы — Ақсу-Жабағылысына кеткен шығар.
Тұрар төмпешік жербесікке телміріп тұрып, әкесінің бет-кейпін, түр-тұлғасын көз алдына келтірмек болды. Бейне көмескілене бастаған екен. Бұлдырай береді. Соңғы рет Сібірге кетерде екі қолы артына қайырылулы, жантайып жатып, мойнын соза, үздіге қарағаны көз алдында анық қалыпты.
Әсіресе Тұрардың есінен кетпес елес — Рысқұлдың Қызыл Жебеге мініп, көкпар тартқаны ғой. Сол сәтті көргені қандай оңды болған. Әкесінің бүкіл қиқар өмірі жиналып, сол бір жұлдызды сәтке татымайтын сияқты. Бүкіл ғұмырының шарықтаған шыңы — сол Қызыл Жебеге тақымы тиген кез. Адамның найзағайды ерттеп мінген бір сәті. Әттең, сол сурет өнер тіліне көшер ме еді! Тұрар суретші болмағанына өкінді. Уақыт мейірімсіз. Көңілдегі көне суретін бірте-бірте көмескілендіре беретін сияқты.
Енді, міне, найзағайды жалынан ұстап мінген адам мына төмпешік дегенге нанғысы да келмейтін сияқты.
Тұрар өз ойын өзі бөліп:
— Қабылбек, сен Ақсу-Жабағылыда болған жоқсың, ә? — деді жолдасына бұрылып.
— Жоқ, бірақ естуім бар.
— Осыдан Ташкентке барған соң, Түркістан үкіметінің алдына мәселе қоймақшымын. Оны мемлекеттік қорыққа айналдырып, қамқорлыққа алу керек.
Дәуіт шалдың кішкентай көзі ақшаң ете қалды.
— Әй, жиеншар, шырағым Тұрар, қамқорлыққа алар болсаң, Таластың халқын ал. Бұ да бір елің. Түп нағашың.
Зираттың шетіне қараң-құраң жиналып, әлдекімді қабірге қойып жатты.
— Ойбай, сорлаған екен ғой, сорлы Сәрсембі өлген екен, — деп Дәуіт кепкен бетін сипады. Жылап тұр, бірақ көзінен жас шықпады. Көзінің айналасы айғыз-айғыз әжім, ылғал біткен сол сызаттардан алдақашан ағып таусылғанға ұқсайды. — Бұ да алғы ішіп, аштан өлді.
Осыны айтып, Дәуіт шал тез өзгерді. Тұрар мен Қабылбекке бұрынғыдай жалбақтамай, қабағы кіртиді. Содан соң Тұрарға қыжырына тік қарап:
— Өткен жылы оязды құлатып, Әулиеата жұртының алдында сайрағаның әлі менің есімде. «Таңың атты, күнің шықты, халқым!» — деп едің сонда. «Енді арқаңды аяз қарымайды, бит теспейді», — деп едің сонда. «Байлардың күні батты, кедейдің таңы атты», — деп едің сонда. Сонда мына сақалымнан саулап аққан жасқа омырауым жуылып еді. Жүйке-жүйке босап, ет жүрегім уылжып, қуаныштан елжіреп едім. Қайда сол уәде еткен жұмағың, Тұрар? Патша құрыды, Керенский кетті, ендігі не? Қарадан туып, төре болып, үстіңе қылау жуытпай тұрысың мынау. Сен, сірә, ашықпассың. Мына Қабылбек мырза да аштан тарықпас. Жаз бойы жан сақтағанымыз жаужұмыр мен алғы еді. Ондайды сен жеп көрмеген шығарсың, Тұрар. Борсық қазып жейтін шөптің тамыры. Алғы ішіп, жаужұмыр жұтып, жаз бойы уланған жұрт енді баудай түсе бастады. Әулиеатада Кеңес өкіметін жариялап жар салғаныңды өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көріп едім. Басқа айтса, сенбес едім. Ал енді не болдық? Халқың қырылып қалса, Кеңес өкіметі кімге керек?
Іргеде ағып жатқан өзен қысыр жыландай, тым жіңішке. Асау Талас деп айтуға келмейді. Жағадағы селдір қамыс тозған тақияның ұйпалақ үкісіндей реңсіз. Әуесінде қарлығаш қалықтамаған, қамысында қырғауыл пырылдамаған, жыңғылынан қоян қашпай қалған сұңқиған дала. Бедеу аспан шаңытады. Шеңгел бұтағында жыланның кебенек терісі қаудырайды.
«Қала басында аштарға арнап асханалар аштырдық. Айбар сияқты азуы алты қарыс тарпаң байлардың қос құлағын басып, шыңғыртып тұрып, артық астығын қазынаға құйып, кембағалға үлестірдік.
Әулиеата аштарды асырайды екен дегенді естіп жоқ-жұтаң ел-елден қалаға қарай ағылды. Соны аңғарып, комиссар-болыстарға тапсырма айттық. Байлардың мал-мүлкінен кедейлерге қарайласу туралы пәрмен берілді.
Бірақ кеңестің жауы астыртын қастандыққа көшіп, байдың малын алудың орнына, кедейдің жалғыз тұяғын тартып әкеткені мәлім болды. Әулиеата уезінің ендігі басшысы мына Қабылбек Сармолдаев. Мен асығыс Ташкент аттанып бара жатырмын. Бүкіл Түркістанға аштықпен күрестің төтенше комиссары болып тағайындалдым. Жалғыз Талас емес, бүкіл байтақ Түркістанның михнаткер комиссары болып тұрмын. Мына көкемнің қабірінің басында ант етемін: халықты аштық апаттан алып қалу үшін жан аямаймын. Артель құрып, күш біріктіріп, егін салып, мал бағып, ортақтасып, қоғамдасып ел болу жағын қарастырамын. Нала болмаңыз, түп нағашы».
Тұрар Дәуіт шалдың шарт-шұрт еткен сұрағына осылай жауап бермек еді, бірақ айтпады. Ашты құр сөзбен асыраудан асқан қорлық жоқ. Тек іс керек, әрекет керек. Ауқат керек. Ендеше, тездетіп Ташкентке тарт.
— Мына қанжарды мен аламын. Көкемнің көзі болсын. Бұдан басқа қалған заттары бар ма, түп нағашы?
— Мылтығы бар еді. Бір қадақ ұнға айырбастап жібердім. Киім-басы жүдеу болатын әкеңнің. Қалтасынан мына бір сақина табылған. Мә, бұ да бір белгі шығар. Рысқұл жиен Сібірде алтын қаздық дегенге, алтын сақина ма деп әркім-әркімге көрсетсем, алтын емес дейді.
— Мұны да маған беріңіз.
Тұрар көзілдірігін нығарлап қойып, сақинада сиқырлы жазу бардай, сонда әкесінің сыры сақтаулы жатқандай, әрі-бері айналдыра қарады. Кәдімгі қара темір, егеуі көшіп, көмескіленіп қалыпты. Тұрар сақинаны аппақ бәтес орамалға орап, қалтасына сала берді.
— Көкем маған мұраға қора-қора қой, үйір-үйір жылқы қалдырмады, түп нағашы. Көкем маған мұраға тек есімін ғана қалдырды. Оның өзінен де айырылып қалып, «Қырғызбаев» болып жүріп, Рысқұлов деген фамилияға әрең жеттім. Сондықтан мына қанжар мен сақина менде болсын. Қанжар — қаталдық. Көкем маған: «Жауыңа қатал бол!» — деген шығар. Сақина — татулық. Көкем маған: «Досыңа адал, тату бол!» — деген шығар. Менде жау да, дос та бар, түп нағашы. Шамаң келсе, көкемнің қабіріне қарайлай жүр. Кейінірек келіп, басына белгі қоярмын. Күмбез тұрғызбаймын, керегі жоқ, бәрібір мәңгілік емес. Сыпатайдың күмбезі де құлап жатыр. Қош, көке! Қош, түп нағашы!
— Оу, жиеншар, бірдеңе десеңші! — деп ышқынып қалды Дәуіт шал күйме соңынан.
— Көп кешікпей жауап болады, — деген дауыс естілді күйме ішінен.
Қос ат жеккен қара күйме қоңырауы бебеулеп жолға шықты. Шеңгел қоңыраулары күйме қоңырауына қош-қош айтысты. Сояу бұтада зер қабық желбірейді.
Ұлы Жылан жылы еді.
II
Рысқұлов Түркістан картасының алдында тұр. Карта ескі болатын. Кауфман заманынан бері ілулі тұрған. Бір өзгермесе — осы карта өзгерместей еді. Біреу өлмесе, генерал-губернатор фон Кауфман өлместей еді. Бірақ «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», — деп Абай айтқан.
Заманы заңғарланған шақта Кауфман да бұл картаның алдында талай тұрған.
Енді — Рысқұлов...
Екеуінің қарасы екі басқа.
Ресей империясының орасан отарлық бөлігі сары бояумен боялған. Неге сары? Күні ыстық, ауасы құрғақ, жері қуаң болғандықтан ба? Бірақ мұнда да жер көгеріп, жасыл желек жамылатын мезгіл болады. Каспийден бастап, шығыстағы Тарбағатай, Қытай шекарасына дейін керіліп жатқан кең дүниеде сары реңді шөлден басқа толып жатқан шұраттар бар. Бірақ карта бояуы сары. Халықтың сары уайым мен ащы запыраны шығар.
1867 жылы тұңғыш рет фон Кауфман билік құра бастаған бұл өлкеге Арал төңірегі, Каспийден бергі Түрікменстан, Үстірт адайлары, Қарақалпақстан, Өзбек елі, Тәжікстан, таулы Қырғыз, байтақ Сырдария губерниясы, Жетісу губерниясы кірер еді.
Рысқұловтың қабағы түйіле қалды. Картада Қазақстанның жартысынан көбі жоқ. «Бөліп ал да, билей бер» деген патша саясатының залымдығын жаңа сезіп тұрғандай, кенет тісі ауырған адамдай бет-әлпеті өзгерді. Жер бетінде қазақ деген халық бар. Оның ғасырлар бойы жаумен жағаласып жүріп мекендеген жері бар. Ал патша келеді де сол қазақтың жерін бөліп-бөліп Арқа мен Алтай жағын «Степной край» деп Омбы генерал-губернаторына бағындырады. Батыс бөлігін Орынбор әкімшілігіне қаратады. Ал Сыр бойы мен Оңтүстік, Жетісу қазақтарын Түркістан генерал-губернаторлығына қосады. «Бөліп ал да, билей бер».
Рысқұлов картадан бармақтай ғана жерді алып жатқан қырғыз еліне қарап, ызалана мырс етті. Патша Қырғыз Алатауының теріскейінде жатқан қырғыздарды Жетісу оязы мен Әулиеата оязына бағындырады да, күнгей қырғыздарды Ферғанаға жыға салады. Ал Түркістанның қақ ортасынан Бұхара мен Хиуа хандықтарын «тәуелсіз» мемлекеттер етіп қояды. Сөйтіп, біртұтас өзбек те жоқ. Бәрі бөлек-бөлек. «Бөліп ал да, билей бер». Бұл залым сөйлемнің төркіні ағылшындардан шыққан: «Рул энд дивайд». Отаршылдықтың жілік майын жұтқан ағылшындардан осы сөзді орыс патшасы қағып алып: «Разделяй и властвуй» деген қағидаға айналдырады. «Бөліп ал да, билей бер».
Рысқұлов алақанымен Әулиеата тұсын сипалап қойды. Құлағына Дәуіт шалдың айқайы келді. «Талас бойына қол ұшыңды бер!» — деп еді. Күні кеше Әулиеатаға Кеңес өкіметін орнатысқан. Бір жылға жетер-жетпес сол Әулиатаны басқарады. Бір жылға жетпесе де, жүз жылға бергісіз. Қуанышы, қасіреті аралас. Қасіреті басым шығар. Аштықпен арпалыс. Солшыл эсерлермен арпалыс. Меньшевиктермен, жергілікті бай, саудагерлермен дамылсыз айқас. Кулактар көтерілісі. Кулактармен арпалыс.
Қасиетті Әулиеата. Күні кеше оның бір түкпірінде топырақ болып томпайып жатқан Рысқұлмен қоштасты. «Көке, сен өмір бойы әділет үшін жағаласып өтіп едің. Әділетті болуға ант етемін», — деді әкесінің қабірі басында.
Ал енді әділетті болып көр. Түркістанның астанасы — Ташкенттің қақ төрі. Алдында — карта. Жаңа өкімет бұған ауыр міндет жүктеді. «Бүкіл Түркістанды аштықтан сақта», — деді. Аштық жайлаған, азап жайлаған Түркістанның қай пұшпағына жедел жету керек? Талас десе, Ферғана қалып барады. Үкімет басшыларымен таласып-тармасып жүріп, жырып алған аз қаржыны Ферғанаға берсең, Сыр бойы ыңырсып тұр. Кулактардың қорлығынан әлі құтыла алмаған Жетісуды қайда қоясың?
Түркістан үкіметінің басшылары бастапқы пәрмен бойынша мұны денсаулық сақтау комиссары етіп тағайындады. Кешегі тар заманда бұл жетім жүрегін сүрелеп, жанталасып жүріп алған білімі әуелі орман-тоғай мамандығы; одан кейін мұғалімдік еді. Әсте дәрігер емес. Ағаштың, тал-дарақтың, бау-бақшаның ауруын емдей алар, ал адамды емдеуді оқымаған. Бірақ денсаулық сақтау комиссары. Егер Түркістан өкіметі Денсаулық сақтау комиссарлығының өзіне тікелей мамандығы жоқ адамды қойса, есіл Түркістанда дәрігерлер қайдан болсын?! Бар болса, мыңға біpey табылар ма екен?
Аз күннен кейін Рысқұлов ТүркЦИК-тің мәжілісінде сөз сөйлеп:
— Қазіргі таңдағы басты апат — аштық, — деді. — Оны жоймай, ешқандай денсаулық сақталмақ емес. Мені денсаулық сақтау комиссары міндетінен босатыңдар. Аштықпен күрес комиссариатын құрыңыздар. Оның комиссары етіп мені тағайындаңыздар, — деді.
Басшылар ойланып қалды. Денсаулық сақтау комиссариаты қай заманда да бола бермек. Аштықпен күрес комиссариаты тоқшылық келген күні керек болмай қалады. Мына жігіт әріден ойламай ма, қалай, — дегендер де болды. Бірақ ұсынысын қабылдады.
Қомақты қара үстелдің бір шетінде күркетауықтай қорбиған телефон шар-шар ете қалды. Рысқұлов карта алдынан бұрылып, тұтқаға қол созды.
— Тыңдап тұрған Рысқұлов.
Ар жақтан ентіккен дауыс орысшалап:
— Жолдас Рысқұлов! Сізді Осипов шұғыл мәжіліске шақырады! — деді.
Рысқұлов қасын кере таңданып, сәл кідіріп барып:
— Қайда? Қайда? — деді.
Ар жақтағы дауыс бұл жолы өктемірек естілді:
— Соғыс комиссары Осипов гарнизонға шақырады. Тез! Басқа комиссарлар күтіп отыр. Шұғыл жағдай!
— Қазір. — Рысқұлов ірі ісектің жілігіндей тұтқаны салмақтап тұрды да, ұясына қондырып, одан қолын айырмаған қалпы қалшиып тұрып қалды. «Мұнысы несі? ТүркЦИК-тің төрағасы Вотинцев шақырса бір сәрі, Түрксовнарком төрағасы Фигельский шақырса бір сәрі, ал комиссарды комиссар өзіне бұйырып шақыра ма екен?».
Көңіліне күдік кірді. Сан-сапалақ ойлар жан-жағынан қамалап келіп тұрып қалды. «Әлде Каспий майданында қатты өзгеріс болып, жау Ташкентке таяп қалды ма? Орынбор майданының шебі бұзылып, Ташкентке төніп келетіндей реті жоқ. Жетісу майданы да жер түбінде. Әлде Ферғана басмашылары басып кірді ме?»
Ташкентке түнде тұңғыш рет жалаңқат жұқалаң қар жауып, арты қалың тұманға айналған. Кабинет іші күңгірт тартқан соң шамдалдар жағылған. Рысқұлов жез қоңырауды сылдырлатқан заматта қара қайыспен қапталған ауыр есік салмақпен ашылып, ар жақтан ашаң жүзді, ақсары жігіт гимнастеркасының етегін тартқылай, белдігін түзей түсіп кіріп келіп, Рысқұловтың тапсырмасын үнсіз тосып, тұрып қалды.
— Маған Вотинцевті жалғастыр.
— Құп болады, Тұрар ака.
Жігіт жалт бұрылып шығып кетті. Қаптама қара есік сабыр сақтап, салмақпен қайта жабылды. Опыр-топыр ойлар қайта оралды. «Осы Осипов дегенді суқаны сүймейтіні несі? Соғыс комиссары. Мен күдіктенетіндей ол сатқын болатын болса, бүкіл қарулы күш соның қолында, лезде талқанымыз шығады-ау. Қой, олай болмас. Вотинцев оны комиссарлыққа танымай тағайындаған жоқ қой».
Осиповтың ұдайы лепіре сөйлейтіні құлағына келді:
— Жауларды аяусыз жою керек! Революция менің пірім, оның жолында қасық қанымды аямаймын! — Ешкім одан ант талап етпесе де ТүркЦИК мәжілісі сайын сөз сарыны осылай келетін. Кім біледі, мінез шығар.
Жуан қайыс белдігін тағы да қыналай түзете-түзете көмекші жігіт қайта кірді. Рысқұлов оның белдікпен алыса бергенін бұрын байқаса да, бұл жолы: «Шалақұрсақ-ау байғұс», — деп ойлады.
— Вотинцев жауaп бермейді, Тұрар ака.
«Бұл қалай болды?» — дегендей, Рысқұлов енді өз телефонына қол созды. Түйетауық телефонның құлағын бұрап-бұрап, Фигельскийді сұрады. Фигельский орнында жоқ болып шықты.
Республиканың екі бірдей басшысы екеуі де орнында жоқ болғаны іштегі бір әлсіз күдікті күшейте түсті де, телефонмен Тұрсынходжаевты сұрағанын өзі де аңғармай қалды.
— А, Тұрар, сенбісің, даусың біртүрлі ғой, тыныштық па? — деді Тұрсынходжаев жарқын-жарқын сөйлеп.
Рысқұлов жағдайды түсіндірді.
Тұрсынходжаев ойланып қалды.
— Осиповке бармай қоя тұр, — деді ол сәлден кейін. — Мен Низаммен хабарласайын. Мүмкін, сол бірдеңе білер. Өзім телефон шылдырлатайын, мақұл ма?
— Мақұл, Сағдулла ака, мен тоса тұрайын, — деп Рысқұлов әуелі ершікті басып, тұтқаны жайлап қана ұясына қондырды. Көз алдына Сағдуллаходжа Тұрсынходжаевтың мұрты елестеп, жымиып қойды. Сағдулланың қап-қара мойыл мұртының екі ұшы ширатылып, өрге шаншылып тұрушы еді: Өмірі сәнді киінетін Сағдулланың ыждаһаттап күткен бір қазынасы осы мұрты болар. Мәжілістерде басынан дөңгелек құндыз бөркін алмайтын. Басқа өзбектер сияқты ала топы кимес еді.
Кушекин алғашқы кезде Тұрсынходжаевтың мәжілісте бөрік киіп отырғанын жақтырмай, бірде қағытып қалғаны бар.
— Жолдас Тұрсынходжаев, мәжілісті сыйласаңыз, бас киіміңізді алып отырыңыз. Ал бас киім шеше алмайтындай кінәрат бар болса, амал жоқ, — деп езуі қат-қабат болып, ыржия күлген.
Сонда Тұрсынходжаев мұрты құлағына жеткенше шаншыла түсіп, басынан құндыз бөркін жұлып алып:
— Жолдас Кушекин, менің басым, сіз ойлағандай таз емес. Шаш деген жетеді. Тіпті әлдекімдерге қарайласуыма да болады, — деп бөркін қолына кигізіп, дөңгелетіп дөңгелетіп қойып еді.
Кушекин өзінің жап-жалтыр басын сипалап, қызғылтым жүзі қанқызыл болып қысылып қалған.
— Аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары жүреді. Сіздікі де, менікі де әзіл болсын, жолдас Кушекин. Кешіріңіз, — деген Тұрсынходжаев ыңғайсыздықты сейілткісі келіп, — Бала жастан бас киіммен отыру әдетке айналған. Мен Крайком, Түркатком сияқты киелі мекемеге бас киімімді емес, аяқ киімімді шешіп кіремін. Калошым босағада қалды. Кір-қоқыс басқа емес, аяққа ілеседі.
— Кім біледі, кейбір жолдастардың басында да кір-қоқыс болуы мүмкін, — деп Кушекин кегін кешіре алмай, зілденіп, күрең-қызыл, жып-жылтыр бетінің алауы қайтып, боп-боз, сөнік көзі мөлие бастаған. Тұрсынходжаев есесін жібергісі келмей, мұртын ширата беріп еді, Рысқұлов:
— Іліксіз, қағытпасыз сөйлесейік, жолдастар, — деп басу айтқан.
Телефонның шар-шар ете қалғаны сонша, түйетауықтай қара қорап селкілдеп кетті. Рысқұлов тұтқаны жұлып алды.
— Тұрар, — деді ар жақтан Тұрсынходжаевтың қатқыл даусы. — Низамиддинді таппадым. Осы тегін емес. Сақ бол. Осиповтен қаупім бар. Мен тағы барлау салып көрейін. Телефон күт.
«Сақ бол, — дейді. — Осиповтен қаупім бар, — дейді. Сонда қалай? Түркаткомның мәжілісі сайын құлшына сөйлеп, Кеңес өкіметі жолында жанын қиып жіберуге дайын тұратын сабаз осы Осипов емес пе еді?».
Рысқұлов телефонға телміріп, мына түйін сұрақтың шешуін содан күткендей, сілейіп тұр. Терезеге көзі түсіп еді, шыңылтыр аяз шыныларына кәдімгідей шілтер тоқып үлгеріпті.
Талғар таудың бауырындағы жеркепе үйдің қырық құрақ жалғыз терезесіне де осындай ақпан аязында нешебір ғажайып суреттер түсіп қалар еді. Таңертең таудан асып, терезеге күн сығалар еді. Күн жарықтықтың бір жақсылығы, тұлдыр кедейсің демейді. Сәулесін әмме жанға: байға да кедейге де бірдей шашыратады. Сонда әлгі аяз салған суреттер алтын жалатқандай құлпырып кетеді. Құрақ терезенің сызықтары қырғауылдың қауырсынындай сан құбылып, таңғажайып әдемі әлем пайда болар еді. Тұрар аласа ағаш төсектен тұрмай, сол суретке қарап көп жататын. Кішкентай Рысқұловтың алғаш көрген сурет галереясы — қырық құрақ жамаулы терезенің қырау суреттері еді. Өгей шешесі Ізбайша баланың әйнектен көз алмай қалшиып жатқанына қарап, таңданып, ернін сылп еткізер еді.
Қазір де шыныдағы шілтер суретке қадалып, әр түрлі ойдың шырмауында тұрғанда, көмекші жігіт кіріп келді. Ақсары жүзі алаулап, бетіне қан жүгіріпті. Артық ауыз сөзі жоқ, әскери адамша тақ-тақ жүрісі біртоға жігіттің бұл жолы орынсыз күлімдегені несі екен?
— Тұрар ака, сіздің қабылдауыңызға бір бикеш келіп отыр.
Мына аязбен бірге аштық қысқан қаһарлы күндерде Рысқұловтың қабылдауым сұраған адамдар көп. Оған таңданатын дәнеңе жоқ. Әлде көмекші Ләзиздің жымыңдауы әсер етті ме, әлде өзінің жүрегі бірдеңе сезді ме, Рысқұловқа бұл хабар ерекше мәнді болып естілді де, абыржып қалды.
— Кім екен? Нe мәселе?
— Өзім айтам дейді. Тікелей өзіңізге.
Ләзиздің көзі тағы күлімдеді.
— Кірсін, — деді Рысқұлов көмекші жігіттің қутыңдағанына түсінбей.
Мойнына көкшіл түлкі салған, басындағы жасыл кәмшат бөріктен төмен қарата бетін бүркеп, қара шілтер түсірген қыпша бел қыз кіріп келгенде, Рысқұлов:
«Бұл аш емес. Мұның арызы басқа болар, — деп ойлады. — Дәу де болса, экспроприацияға ұшыраған бай тұқымы шығар. Мүлкімді қайтар деп арыз айта келген ғой. Мұндайларға қайырымсыз бол, Тұрар!».
— Келіңіз. Мен сізді тыңдап тұрмын, — деді Рысқұлов әйел затын сыйлағандықтан ғана креслоға отырмай, тікесінен тік тұрып.
Жүріс-тұрысы бек жұмсақ, тым биязы, әдемі, сәнді киінген қыз:
— Сәлеметсіз бе, жолдас Рысқұлов, — деп үн қатты. Рысқұлов сәл кідіріп:
— Сәлеметсіз... — деп селқос қостады. «Конфискациядан бәрібір құтылмайсың», — деп қойды ішінен.
— Мені танымадыңыз ә, жолдас Рысқұлов.
— Біздің үлкен Ташкентте кім көп, паранжа жамылған әйел көп. Ал сіз, қателеспесем, еуропалыққа ұқсайсыз. Еуропа әйелінің паранжа жамылғаны жараспайды екен. Кәне, келген шаруаңызды айтыңыз.
Рысқұлов тым қатқылдау, бәлкім, дөрекілеу кетіп қалғанын өзі де сезді. Бірақ әрі-сәрі күдік-күмән көбейіп кеткен сияқты. Әлгі Осиповтың оспадарсыз бұйрығы. Тұрсынходжаевтың кеңесі. Телефонға жалтақтау. Енді мына жұмбақ жан.
— Мен сені бұлай деп ойламап едім, Тұрар. — Қыз даусы дірілдеп кеткендей болды. — Қалай өзгергенсің. Әлде уақыт өзгерткен бе? Сен кішіпейіл едің ғой. Әлде революция қатыгездендіріп жіберген бе?
Осыны айтып, қыз бетіндегі жібек шілтерді басындағы кәмшат бөріктен асыра серпіп ашып тастады. Жарқ етіп аппақ дидарлы, нұрлы жүз сұлу қыздың жәудіреген көкжасыл көздері көрінді. Бір тамшы жас сынаптай ойнақтап, үзіліп түсе жаздап, сабаудай сары кірпігіне әрең ілініп қалыпты. «Мені танымадың-ау» деген наланың нышаны болар, сірә.
Рысқұлов үлкен қара үстелді айналып, үн-түнсіз бері жылжыды. Алыстан толықсып, үздігіп-үздігіп «Полонез» естілді.
— Сен менің көңілімде әлі кішкентай Наташа қалпыңда қалыпсың, — Рысқұлов өз даусының жұмсарып бара жатқанын аңғарды.
— Өзгеріп кетіпсің. Сені де көретін күн болады екен-ау.
Рысқұлов бір-бір басып, қыздың жанына жақындады.
Соноу-соноу бала кезінде, Талғар таудың қапталындағы жеркепе үйіне, әйтеуір бір жазда теңбіл торғай ұшып кіргені бар. Сірә, кепенің есігі ашық қалған болар. Сірә, жабайы құс жеркепеде адамдар тұратынын байқамаған-ау. Бала сонда демін ішінен алып, теңбіл торғайға мысықша жылжып жетіп, қолын соза бергенде, жабайы құс шошып кетіп, ұша жөнелген.
Рысқұлов қыздың нәп-нәзік сүйрік саусақтарын қос қолдап ұстап, ақырын ғана ерніне басты.
— Көп жыл өтті, құдайым-ау, біз көріспегелі қай заман, — деп, әлгі Тұрардың жұмсақ ерні тиген саусақтарымен жігіттің қайратты қара шашын сипағанда, сол қату шаш пен нәзік саусақтардан от шашырағандай, екеуінің бойы да лап-лап ете қалды.
— Сен сонда зым-зия жоқ болдың, Тұрар. Сені іздемеген жеріміз қалмады. Папам полицияны аяғынан тік тұрғызды. Верныйды түгел тінтіп шыққан шығар. Саймасайлар ұрлап әкетті ме деп, Талғар жақты да дүрліктірді. Біраздан кейін сені бәрі де ұмытты. Ал мен ұмыта алмадым, Тұрар...
— Мен де, Наташенька, мен де. Бір кезде сені іздеп бармақшы да болдым, әкеңнен қорықтым.
— Ол кісі опат болған, — деді Наташа көзіне жас үйіріп.
Көкірегіне жұлдыз болып басылған жасыл көзден өппек болып, Рысқұлов емірене ұмсынғанда, телефон шар ете қалды.
Қолына ғайыптан келіп қонған бақыт құсынан айырылып қалатындай, Рысқұлов қызды бір қолынан ұстап тұрып, телефонғa бос қолын созды.
— Рысқұлов тыңдап тұр! Иә, Сағдулла ака, мен тыңдап тұрмын. Не дейді?! Көтеріліс?! Қандай бунт, Осипов?!
Қызды тұтып тұрған қолы еріксіз тұтқаның екінші басына жармасты. Өзінің қолын босатып салғанын қыз да жаманға жорыды. Рысқұловтың түрі лезде өзгеріп, сұрапыл түстеніп кеткенін аңғарып, жап-жаңа ғана мінезі майдай, толықсыған айдай биязы адамның кенет шиыршық ата қалғанынан секем алды.
— Алда, атаңа нәлет сатқын-ай! Мен қазір жетемін, жолдас Тұрсынходжаев! Низамеддинді тап! Станцияға жиналайық. Темір жол жұмысшыларын, Ескі Ташкент тұрғындарын көтеруге кісілер жібер! Мен қазір...
Рысқұлов дәу қара үстелдің тартпасын сілке тартып, сұп-сұр суық маузерді суырып алып, жан қалтасына сала салды. Босағаның оң жақ бұрышында темір бақанға ілулі тұрған қара қайыс пальтосын асығыс киемін деп екінші жеңіне қолын сұға алмай, қайта шешіп, қайта киді.
— Кешір, Наташа. Көріп тұрсың ғой. Жағдай қиын.
— Құдайым-ау, не деген қатыбас уақыт! Жылдар бойы зарығып көргенде, бір ауыз сөзге келтірмеген не деген сұмдық! Соғысқа бара жатсаң, енді қайтып көрісуіміз де екіталай ғой. Тым болмаса, қайдан келдің, халің қалай деп те сұрамадың-ау, Тұрар.
Қыз дәл есіктің көзіне тұрып алып, Рысқұловтың жолын кесті. Әлгі алау сезім, заңғар дүние, бір сәттік керемет кеңшілік кенет тарылып, су сепкендей, айнала қарауыта бастады.
Рысқұлов қызды ренжітпеуге тырысып, иығынан құшып, абайлап қана жолдан ысырып, есіктің жез тұтқасына қол созды.
— Біз жолығамыз, Наташа. Кең-мол отырып, армансыз әңгімелесеміз. Мына оңбаған Осиповтың ойранын көрмейсің бе? Ал қош, көріскенше...
Рысқұловпен бірге ауыз үйге Наташа да шықты. Көмекші Ләзиздің миығындағы қу күлкі лезде лып етіп өшіп, комиссардың әмірін күтіп қалшиды да қалды.
— Қаруың қайда? Жүр соңымнан!
Рысқұлов сыртқы есіктен атырыла шығып бара жатып, артына бұрылып үлгірді. Наташа қара шілтерді бетіне қайтадан түсіріп, көгілдір түлкіні мойнына қымтай орап алған екен.
Түнек бұлт бүркеніп қалған ай сияқты, жаңа ғана жарқырап тұрып, лезде шілтер тұтқаны Рысқұловтың жүрегін жырымдап жібергендей болды. Бірақ аялдауға мұрша жоқ еді. Бұл сағынышты адамның сүйкімді сүйрік саусақтарын сипалап тұрғанда, ту сыртында алай-түлей айқас басталып кетіпті.
Рысқұлов мәрмәр баспалдақтан секіре түсіп бара жатып: «Адресін де сұрап алмадым-ау, — деп қынжылды. — Осы Ташкентте тұра ма, әлде Алматыдан келді ме? Мені неге іздеген? Шыннан ұмытпағаны ма?». Іле-шала тағы бір ой: «Станция басына қалай жетеміз? Қалай топтасамыз? Қару қайда? Атаңа нәлет Осипов! Қарудың бәрі сонда!» — деп келіп килікті. Ілезде: «Қап, Наташаға бір ауыз жылы сөз айта алмадым-ау. Ол кіріп келгенде тым сіресіп, сыздана қалғаным нем? Ұят-ай», — деді. Іле-шала: «Сағдулла мен Низамеддин Ескі Ташкент қауымын көтерсе, станциядан жұмысшыларды көтерсек, «атаңа нәлет Осипов, ойқастарсың әлі!» — деп кіжінді. Ілезде: Жаңағы Наташа қаңғыған оққа кезікпесе неғылсын? Маған қатты ренжіп қалды-ау, сірә? Жөндеп қоштаса да алмай шықтым-ау!». Іле-шала: «ТүркЦИК қоршауда қалса, қалай бұзып шығарамыз? Қоршамай тұрғанда үлгірсек? Тұрсынходжаев Ескі шаһарға жетті ме екен? Низамеддин Ходжаевты тапты ма екен? Әй, сондағы Кушекиннің Низамеддинге шұқшиғаны-ай. Сенбеді-ау, сенбеді. Ал сенген Осипов не істеді? Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында. Ай, данышпан халқым-ай! Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайымнан шөңге суырылар күн қайда? Атаңа нәлет Осипов! Қазақ-қырғыз ашықса ашыға берсін, бір тиын қаржы бөлінбесін, қару-жараққа жұмсалсын деп еді-ау».
Рысқұлов қып-қызыл оттың ішінде кетіп бара жатты.
III
Казарма биік дуалмен қоршалған. Жалғыз казарма ғана емес, жалпы Ташкенттің көп үйлерін дуал қамап тұрады. Тұтас көшелер, толайым махаллалар биік дуалдан паранжа жамылып алған. Өзге дүниеден өзін қорғалап, жан-жағын тұйықтап, қорасын бекітіп отыруға қадим замандардан бергі талай-талай талайлар үйреткен болар, Түркістанның қалалары түгел дерлік дуалмен қымтаулы келер еді.
Тіпті жеке-жарым үйлер, көшелер тұрмақ, қала түгел биік қорғанның ішінде тұрған заман болған. Соның бірі — Ташкент қой. Бірақ Ташкент тас қамалмен қанша қымталғанмен, Шыр-шайпаша генерал Черняевтің зеңбіректеріне түк те төтеп бере алмай, қақпалары шалқалай түсіп, ашылып-ашылып жүре берген.
Казарма губернаторлар дәуірінде күйген қызыл кірпіштен мықтап салынған биік дуалдың құндағында еді. Соғыс комиссары Осипов қарауындағы Ташкент гарнизоны осы казармаға орналасқан.
Қаңтар айының қысқа күні күңгірт тартқанда, комиссар Осипов Түркістан басшыларының орнынан табылғандарын түгел казармаға дабылдата шақырады. «Ойбай, жау келіп қалды, ақылдасайық, әскер дайындығын көзбен көріңіздер, жауынгерлерге сәт сапар тілеп, жігер беріңіздер», — деп сендіреді.
Түркістанды жау қоршап тұрғаны рас. Оны дұшпаннан қорғағаннан артық қандай парыз бар? Комиссарлар шұғыл шаруаларын тастай салып, салып ұрып казармаға жетеді. Жетеді де...
Екі омырауында екі қызыл жұлдыз бар жасыл қақпа екі жаққа алшайып ашыла бергенде, алғаш кірген күйменің ішінде Вотинцев пен Фигельский бар еді. Жол рәсімімен күймеден бірінші болып Вотинцев түсті. Әуелі алагеуім ауланың ішін барлады. Оның ойынша плацалаңға қазір әскерлер тізіліп тұруы керек еді. Соғысқа аттануға сақадай сай тұруы керек еді. Вотинцев сол сап алдында сөз сөйлемек болған. Айтар сөзін жол-жөнекей асығыс жұптап келе жатқан.
«Қызыл қырандар! — деп бастамақшы еді. — Кеңестік Түркістанның басына қауіп төнді, қара бұлт үйірілді. Сол бұлтты түріп тастап, жарқыраған күннің көзін аршитын сендерсіңдер. Қатерлі қорқауларды аяусыз соғыңдар! Жеңіс жолында, пролетариат ісі жолында қасық қан аямаңдар! Кеңес өкіметінің Түркістандағы туы сендердің қолдарында. Сол туды жығып алмаңдар. Сәт сапар!».
Республика президенті осылай демекші еді. Бірақ сап түзеген қырандар көрінбейді. Тұнжыр тұқыш екі-үш адам үн-түнсіз келді де, келеңсіз қылық көрсетіп, мұның екі қолын лезде артына қайырып, кісен салып тастады, қалтасындағы қаруын суырып алды. Ауланың арғы түкпіріне ала жөнелді. Ауыз ашып, «ау, бұларың не», — деуге мұрша келтірген жоқ.
Фигельский де Вотинцевтің кебін киді.
Бұдан соң бірінен кейін бірі тағы да он екі комиссар келеді. Бәрi де қызыл жұлдызды жасыл қақпадан өтеді. Ешқайсысы да соңғы қақпа екенін сезбейді. Қылышын алыстан қайраған қас дұшпаннан қасыңдағы опасыз жаман. Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында. Қайран қазекем...
Ауланың арғы түкпірінде ұзыннан-ұзақ бастырма бар. Ар жағы тас қабырға, бер жағы бастырманы ұстап тұрған қатар-қатар бөрене тіреулер. Қараңғыда Римнің салтанатты сарайларының мәрмәр колонналарындай сәнді көрінеді. Бірақ жақындай берсең, тезек сасиды. Тас қабырғаны жағалай атақыр болатын. Бұл гарнизонный атқорасы еді.
Атқораның тұйық түкпірінде арқаларын тас қабырғаға жапсырып, он төрт комиссар тізіліп тұр. Вотинцев жотасымен қабырғаны итеріп көрді. Жауырынына үшкір тас қадалды. Жотамен итергенге қабырға құламас. Тас дуал қазір Осиповтай қатал, қатыгез.
— Опасыз сатқын Осипов! Енді не күтіп тұрсың? Істер сойқаныңды істемейсің бе? — деп айқай салды он төрттің ішінен біреуі.
Күтірлетіп кеурек жоңышқа жеп тұрған аттар ащы айқайдан осқырынып, бастарын ақырдан көтеріп-көтеріп алды.
— Асықпа, Фоменко! — деді сидаң бойлы, сұлу, сымбатты Осипов екі қолын артына ұстап, ары-бері аршындай жүріп. — Қайда асығасың? Бәрібір кешіктің. ЧК! Сені ЧК-ға бастық етіп қойған қайран, Кеңес өкіметі. Көрдіңдер ғой Кеңес өкіметінің қопал екенін. Енді басқа өкімет, нағыз өкімет болады. Бірақ оны сендер көре алмайсыңдар. Приходько! Қайда қалғандары? Қашанғы күтеміз? — деп Осипов бағанаға ілулі фонарь жарығына қолын созып, сағатына қарады.
Рысқұлов пен Тұрсынходжаев, тағы әлгі кім еді... Низам Ходжаев келмей жатыр.
Рысқұлов дегенде, азық-түлік комиссары Першин еңсесін көтеріп, қозғалақтап қалды. Қартаң тарта бастаған ақ самайлы комиссардың құлағына ызыңдап, алыстан талып: «Алло, алло! Әулиеатадан сөйлеп тұрған большевик Рысқұлов. Уақытша үкімет Ташкентпен телеграф қатынасын үзіп тастады. Темір жол телеграфымен әрең жалғасып тұрмын. Ташкентте не болып жатыр? Бейхабармыз. Қандай бағыт бересіздер? Мен — Рысқұлов!»
Сонда осы Першин: «Жолдас Рысқұлов! Ташкентте Уақытша үкімет құлады. Кеңес өкіметі орнады. Әулиеатада да өкіметті өз қолдарыңызға алыңыздар!» — деп еді.
Демек Рысқұлов та Осипов қазған орға құламақшы екен ғой. Аштықпен күрес комиссары Рысқұлов қызмет бабымен әсіресе Першинмен көп ұшырасар еді. Азық-түлік комиссары Першиннің қамбасы астыққа сіресіп тұрмаған. Қамба тақыр, азық-түлік тақұл-тұқыл Рысқұлов өзі аштан үзіліп бара жатқандай, кейде қаһарланып, кейде жыларман болып, тақыл-тұқыл тамақтың өзін зорлап тартып алғандай болып, аштардың құлқынына салатын.
Першиннің есіне енді түсе береді. ТүркЦИК мәжілісінде соғыс комиссары Осипов Першинді айыптады. Әскерге керек азықты Рысқұловқа бересің деп. Сонда Рысқұлов Першинді қорғап, Осиповтің аузына құм құйған. Оны әрине, Осипов кешіре қоймас.
— Приходько! Рысқұлов қайда? Қашанғы күтеміз?
Осиповтің көзі ақшаң етті.
— Келмей жатыр, иттің баласы. Сол-ақ менің шеңгелімнен шығып кете береді. Он алтыншы жылы Меркеде атылайын деп тұрған жерінен бір құтылып кетіп еді, орайы келген бір сәт осы қазір еді. Қап!
— Жарар, комиссар Рысқұлов бәрібір енді құтылмас. Бүгін болмаса, ертең, Приходько! Баста!
Приходько адъютант ұсынған қайыс кобдишадан санап тұрып он бес патрон алды да,он бесінші патронды қайтадан қобдишаға лақтырайын деп тұрып, ойланып қалды да, әуеге лақтырып жіберіп қақшып алып, мундирінің төс қалтасына салып,түймелеп қойды.
— Бұл ерекше патрон, — деп езуін қисайтты.
«Кімге» — деп ешкім сұрамаса да:
— Рысқұлов үшін, — деп қойды.
Он төрт патронның алғашқы жетеуін қолақпандай маузердің өңешіне бірінен кейін бірін сүңгітті. Екінші маузерге қалған жетеуін салды.
Ажал таянғанын сезген Ботинцев ақырғы сәтте ғайыптан бір көмек келердей алдағы қараң-қараң адамдардың басынан асыра мойнын созып қарады. Күрт-күрт жем жеп тұрған ереуіл әскери аттардан басқаша ештеңе көрінбейді. Кенет «Кушекин арамызда неге жоқ? Успенский қайда?» — деген ой сап ете қалды. Осипов оларды күтпейтін де сияқты. Осиповтың күтіп тұрғаны: Рысқұлов, Тұрсынходжаев, Низам Ходжаев. Өздері жаңа солай деді. Кушекин Вотинцевтің орынбасары ғой, әттең, көмек алып, жетіп келер ме еді. Ерекше бөлім бастығы Успенский бұл жайдан қалай хабарсыз? Неге жетпейді, неге құтқармайды?
Кенет Вотинцев Осиповтың тасасынан сұр пальтоның жағасын көтеріп алған, қаншырдай қатқан адамды әлдекімге ұқсатты. Әскери киімді емес. Кім болды екен? Бұл кім, Құдай-ау? Әне, аузынан қап-қара сигар оты жылтырайды. Стоп! Вотинцевтің қабылдауында болған ағылшын елшісі. Бейли! «Во-тен-цов мырза» деп еді. Апыр-ай, сонда Рысқұлов осы Бейлиге сұмдық бір сөз айтып еді: «Ашғабадтың ар жағындағы ағылшындарды Ташкенттен күтіп алуға келген жоқсыз ба?» — деп төтесінен қойып қалған. Бейли жалаңаяқ шоқ басқандай шар-шар еткен. Рысқұловтың сол күдігін сонда бірден ескерсе ғой Вотинцев.
Тым болмаса бір жанашыр есітер, есітер де Осиповтың кіммен байланысты екенін ел білер деген үмітпен Вотинцев:
— Бейли! — деп айқай салды. — Бейли!
Жағасы көтерулі сұр пальтолы, көзіне баса киген сұр шляпалы адамның қолынан қара сигар жалп етіп жерге түсті де, шоғы қырбық қарға быж етіп тиіп, сөніп қалды.
Артынша Приходьконың оң қолы селт көтеріліп, маузер үні гүрс етті. Бірінші комиссар бүк түсіп, тізесі бүгіле берді...
Қорадағы ереуіл аттар дүр-р-р етіп үріккенде ауыздықтар шақұр-шұқыр сыңғырлап, шылбырлар бырт-бырт үзіліп, бастырманы құлатып кете жаздады. Шылбырын үзгеннен кейін тым адырлары осқырына-пысқырына, кісіней-місіней ойқастап, ашық алаңға шығып кетті. Бірақ көшеге шыға алмас. Анандай зау дуалдан бұлар тұрмақ, Александр Македонскийдің Буцефалы да секіре алмас. Сондықтан Осипов және оның сыбайластары ә дегенде қобалжығанмен, аса саса қойған жоқ. Мылтық даусын көшедегілер естір деп те айылын жимайды. Казармадағы тарс-тұрс атысқа көрші-қолаңның құлағы үйренген. Ұзын атқора бір жағынан мылтық атып жаттығатын тир орнына да жүретін. Мылтық даусы бұл маңайдың халқы үшін үйреншікті тарсыл.
— Бейли! — деген ащы айқай шыққанда-ақ ЧК председателі Фоменконың санасына ТВО1 сарт ете қалды. ТВО-ның барын білсе де, ЧК көпке дейін оның ордасын таба алмай сарсаң еді. Сөйтсе, Бейли тізгінін ұстаған ТВО-ның ең пәрменді өкілінің бірі ТүркЦИК-тің мәжілістерінде ұдайы өзімен қатар отырыпты ғой. Соғыс комиссары Осипов ЧК төрағасы Фоменкомен қатар отыратын.
Фонеменконың өзегі өртеніп кетті. Қос қолы шідерлі болса да, тым құрыса кіндігінен бір тебермін деп Осиповке қарай атылып кеп ыршыды. Оны көріп, ішкі істер комиссары Малков кеудесін алға сүйрей атылды.
Мұны күтпеген Приходько қапелімде келесі оғын айдалаға жіберіп алды.
— Ақымақ! — деді Осипов ызаланып. Тасада тұрған бір бөлімше солдатқа қол бұлғап:
— Ат! — деді.
Қаңқ еткен жеке тарсыл емес, жаппай гүрсіл жамырай шықты да, он торт комиссар бір сәтте жер жастанды.
Қораның іші қан сасығанын сезіп, әскери аттар азан-қазан кісінесіп, бір-бірін сауырымен соққылап, ығы-жығы теңселіп кетті.
Түркістан кеңес өкіметінің басы кесілді. Аттан! ТүркЦИК-ті Түрксовнаркомды, пошта-телеграфты алыңдар. Ферғана — Ергешке, Ашғабат — ағылшындарға, Орынбор — Дутовқа хабар беріңдер! Ура! Ташкентті түгел қолға алыңдар! Аттан!
Осипов ойраны осылай басталды.
Гарнизон түгел қаруға жармасты.
Ташкент көшелеріндегі ақ қарға қызыл қан төгілді. Осипов бірақ Ескі Ташкент пен темір жол барын естен шығарып, мастанып алған кезі еді.
* * *
Ойраннан аман қалған комиссарлар, ТүркЦИК мүшелері, Крайком басшылары, Совнаркомның жауапты қызметкерлері ТүркЦИК төрағасының даладай кең кабинетіне шұғыл жиналған. Бірақ төрағаның өзі жоқ, креслосы бос. Бос креслоны көріп Рысқұловтың көңілі жабырқады. Вотинцев шын лениншіл коммунист еді. Аз ұлттан шыққан жәдігерлерге жаны ашып, қолтығынан демеп жіберуге дайын осы адам болмаса, өзі Түркістан басшыларының қатарын маңайлай алмас па еді...
Бос креслоға барып отыруға ешкімнің қақысы да жоқ, батылы да жетпес. Вотинцевтің орынбасары күні кеше солшыл эсерлерден шыққан Кушекин төраға креслосына тесіле қарап біраз тұрды да, тез тайқыды. Сонда да болса, бос орындықтардың бірін креслоға жақын жылжытып қойып, соған отырды. «Мәжілісті мен басқарамын» деген ниеті содан-ақ белгілі болды.
Бірақ Кушекин қатты қайғыдан қажып, кедерлі кейпі опырылып қалғандай көрінді. Аһылап-үһілеп, сөз бастамай, арсыл-гүрсіл күрсініп отырып алды. Басқалары соның аузын бағып, тыпырши бастады. Кушекин болса, қос қолымен бетін басып алып, жап-жалтыр жұмыртқа басын тұқыртып, төмен қарап отыр. Қылпықсыз сопақ бастың терісі қызғылтым.
Түркістан басшыларының арасына молда да кіріп кеткен сияқты: Низамеддин Ходжаев басын аппақ мәрлімен шандып алған. Низамеддин, әрине, молда емес, әлгі Осиповпен қиян-кескі ұрыста шекесін оқ жырып кеткен. Әлі де тататын дәм-тұзы, көретін жарық сәулесі бар екен, әйтпесе оқ сәл батыңқыраса, ол да құрбан болғандардың тізімінде тұратын еді.
Жарақаты сыздады ма, әлде мына үнсіздік азабы шыдамын тауысты ма, әйтеуір Низамеддиннің шықшыты бұлтылдап кетті. Салбыраңқы мұрты жыбырлағандай болды да, қарама-қарсы отырған Рысқұловқа иегін көтеріп: «Сөйле!» — дегендей ишарат білдірді.
Рысқұлов жан-жағына қарап еді, өзіне қадалған көп көздермен ұшырасты. Низамеддиннің ұсынысын олар да іштей құптаған сияқты. Басшының алдын орап, ықыластың соңында қаларын, Кушекин мұны қырына аларын біле тұра, көп қалауына қарсы келмей, қос қолымен ұзын үстелдің кенерін тірей, орындығын әдейі сықырлата түрегелді. Қимылсыз отырған адамдар арқаларынан ауыр жүк түскендей, қозғалақтай бастады. Кушекин басын көтеріп, Рысқұловқа түйме көкшіл көздерін қаһарлана қадап, «бұл не?» дегендей пішінде қалды. Мәжілісті өзі ашуы керек еді, бірақ енді кешіккенін сезіп, іші-бауыры шоқ түскендей қызып ала жөнелді. «Рысқұлов! Шошаңдамай отыр!» — деп жекіріп тастағысы келді. Бірақ бұл сөздерді үнсіз айтты. Сондықтан да боржыңқыраған қызыл беттегі бұршақтай қара сүйеліне дейін қызарып кетті. Ұйықтап жатып бастығырылғанда адам түсінде ышқына айқайлайды, бірақ үні шықпай қалады. Бір сәтке Кушекин де сондай хал кешті. Әлгі сөздерді дауыстап айта алмайтынына өкінді. Өйткені мына жас комиссар да өзі сияқты президиум мүшесі. Дәрменсіздік долы ашуға айналды да, сол ашуына өзі булығып отыра берді. «Мұның мұндай боларын білгенімде о баста-ақ тұншықтырып тастар едім-ау, — деп өкінді. Марқұм Вотинцевтен болды. Мұны Әулиеатадан алдырған, комиссар тағайындатқан сол. Ә дегенде-ақ лапылдап келді, енді өшіре алмайсың. Алдын орай берейін десең, арыны қатты асау аттай қағып кетеді. Сөзден жеңілмейді, ойдан кенде емес. Қайта ТүркЦИК мәжілістеріндегі көп айтыста мені иықтап кете береді. Жабайы киргизға мұндай дарын қайдан біткен?».
— Жолдастар! — деп Рысқұлов Кушекиннің кіжіншек ойын бөліп жіберді. Рысқұлов қанша сабырлы болса да, алғашқы сөзі дірілдеңкіреп естілді. Бірақ келесі сөздері мүлтіксіз, мүдіріссіз шықты.
— Түркістан революциясы айтып болмас ауыр қазаға ұшырады. Тап жаулары біздің ең табанды жолдастарымызды опат қылды. Опасыз Осипов алдап қолға түсіріп, он төрт комиссарды атып жіберді.
ТүркЦИК төрағасы Вотинцев
Түрксовнарком төрағасы Фигельский
Ташкеңес төрағасы Шумилов
Ташкеңес раисының орынбасары Финкельштейн
Азық-түлік комиссары Першин
Еңбек комиссары Качуринер
Ішкі істер комиссары Малков
ЧК төрағасы Фоменко
Жол-қатынас комиссары Дубицкий
Төтенше әскери сот төрағасы Червяков
Редактор Троицкий
Партиялық жасақ төрағасы Шпильков
Ташисполком мүшесі Гордеев
Ташкент еңбек комиссары Лугин
— Орындарыңыздан тұрыңыздар, жолдастар! Опасыз жау қолынан опат болған қарулас, идеялас, армандас достарымыздың рухын құрметпен еске алайық!
Орындықтар сықырлайды. Бұл сықыр азалы оркестр сияқты. Бәрі де тікелерінен тік тұрып, үнсіз қалған. Бір минут — мәңгілікке ұласқандай көп заман өтті. Осы сәл сәт ішінде бәрі де зілмауыр ойлар ауыртпалығын зарыға көтеріп тұрған. Кушекиннің тізесі дірілдей бастады. Тіпті құлап кететіндей үрей биледі. Өзінің қозғалақтай бергенін ақтамақ болып, қалтасынан орамалын алып, ақ кірпік, көк түйме көздерін сүртеді. Орамалды қалтасына қайта салмақ болады. Дірілдеген қолы қалтаның аузын бірден таппай, өз бөксесін сипалап барып, еріксіз, креслоның арқалығынан ұстай алады.
Рысқұлов Низамеддин Ходжаевтың шықшыты бұлтылдағанын көреді. Оның жанындағы Сағдуллаходжа Тұрсынходжаевтың мұрты өрге шаншылған. Міз бақпайды. Бетінің бір тамыры да бүлк етпейді. Осылайша бір сағат тұра беруге пейіл.
— Отырыңыздар.
Орындықтар тағы сықырлайды. Кушекин бір қанар құм құлағандай, сылқ етіп отыра кетеді.
— Ал біз жауды жеңдік, — деген Рысқұловтың сабырлы даусы құлағына келеді. «Мынау тағы сөйледі-ау», — деп тыржияды.
— Осипов жаралы қаншықтай қаңсылап қашып кетті, — дейді Рысқұлов аспай-саспай. «Осының өзі төраға болғысы келгеннен сау ма?» — деген күдік Кушекинді жегідей жей бастайды. — Тірілердің тіршілігі бар, — дейді Рысқұлов. — Революция тұншыққан жоқ. Алдағы күнді ойлап, іске кірісейік. Мәжілістің ендігі тізгіні өзіңізде, жолдас Кушекин. Еңсеңізді көтеріңіз.
Кушекин өзінің зымиян ойынан ұялғандай, қайта Рысқұловқа риза болғандай, реңі өзгеріп сала берді. Ол тегі Рысқұловтың «еңсеңізді көтеріңіз» деген қорлықты ескертпесін де кешіргендей. Жоқ, байқайды, Рысқұлов раис креслосына ұмтылып тұрған жоқ.
— Кешіріңіздер, — деді Кушекин шырылдап шығатын жіңішке дауыспен. — Біз де ет жүректі пендеміз. — Әлі қалтасына салып үлгермей, уысына мыжып ұстап отырған орамалмен көзін және сүртті. — Революция қанша қаталдық талап еткенмен, қайғы қатты. Қайғы орасан. Шынын айтсам, есеңгіреп қалғанымыз рас. Коммунист Осипов опасыз деген кімнің ойында бар?
— «Осипов» деген сөздің тұсына «коммунист» деген сөзді тіркемей сөйлегеніміз дұрыс, — деп қалды Рысқұлов.
Кушекиннің Рысқұловқа деген әлгібір сезімі лезде өшті.
— Дегенмен, Осипов коммунистер партиясының мүшесі болып жүргенін жасыруға болмайды ғой, — деп Кушекиннің үні тым шырылдап шықты. — Сол себепті де оған бүкіл Түркістан әскери күштерін сеніп тапсырып қойған жоқпыз ба? Марқұм болған адам туралы пікір айту қиын. Бірақ марқұм Вотинцев Осиповке қатты сенді.
Тұрсынходжаев мұртының ұшын шиыршықтап қойды:
— Оған жалғаз Вотинцев емес, бәріміз кінәліміз. ЧК, оның бастығы марқұм Фоменко, ТүркЦИК төрағасының орынбасары сіз, жолдас Кушекин, Ерекше бөлім бастығы сіз, жолдас Успенскиий, бәріміз.
Жаңа ғанa қанды майдан,соғыстан шыққан адамдардың жай-күйін Рысқұлов түсініп отыр. Бәрінің жүйкесі жүндей түтілген. Өмір мен өлім бетпе-бет келген сәттен аман шыққан комиссарлар әңгімені бірден зәру мәселеге тірей алмай, қажаса бергені жақсылық емес.
— Қазіргі жағдай кикілжіңді көтермейді, — деді орнынан тұрмастан. Дереу әрекет жоспарын жасайық. ТүркЦИК сессиясын шақырайық. Түркістанда Кеңес өкіметі бар екенін, оның жойылмағанын танытайық халыққа. Барлық билікті Реввоен-советтің қолына беріп қою туралы Кушекиннің пікірін мен құптамаймын. ТүркЦИК өлген жоқ. Өлсе, оның төрағасы Вотинцев өлді. Түрксовнарком өлген жоқ. Өлсе, оның төрағасы Фигельский өлді. Ал олар қаза болды деп ТүркЦИК пен Түрксовнаркомды қоса жерлей алмаймыз. ЦИК пен Совнарком біздің үлы революцияның жемісі және символы. Түркістанда Кеңес өкіметі орнаған. Ол құлаған жоқ. Ал Реввоенсовет Кеңес өкіметін жоққа шығармауы керек. Реввоенсовет құрыла берсін, бірақ Кеңес өкіметінің өкілеттігін алмасын. Онда халық мұны қате түсінеді.
Кушекиннің ұрты салбырай бастады. Жалпақ иегімен қосарланған әукесі тершіп жылт-жылт етеді. Өзімен ниеттес деген комиссарларды тұқшиып отырып, көзінің болар-болмас қиығымен бір-бір шолып өтті. Солшыл-эсер Успенский қопаңдап-қопаңдап қойды. Қалың жирен мұрты дүрдиіңкіреп тұр екен. Успенский мұны жалғыз қалдырмас. Оның оң жағын ала отырған, Успенскийдің қасында баладай болып көрінетін Нәзір Төреқұловтың қушық, арық иығы қиқаң еткендей болды. «Бұл қанына тартатын шығар, бірақ Рысқұловқа қарсы қоюдың амалын тапса, бұл оңай жау емес». Айтса айтқандай, Успенский жөткірініп алып:
— Дәл қазір тек қана Реввоенсовет! — деп бір-ақ кесті.
— Бізге түскен ауыртпалық Орталыққа, Мәскеуге түспей тұр ма екен? — Рысқұловтың сөзі сақпан атылғандай, ес жидырмай сарт ете қалды. — Ал Орталықты Реввоенсовет басқарып отырған жоқ қой!
Успенский қайтып қарым айтуға жарамады. Төреқұловтың жұқалаң, сұлуша, бидай өңді шырайы лып ете қалып, лып етіп лезде қалпына келді.
Екеуінен де көңілі қалғандай болған Кушекин Рысқұловқа өлердей ызаланып, іші-бауырына тотияйын сепкендей тызылдап кетті. Осы Рысқұловтың қалай комиссар болғанын есіне түсірді. Әуелі бұл Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы еді. Уездік Кеңестер төрағаларының Ташкентте өткізілген алғашқы жиналысында Рысқұлов Түркістан көлемінде жарқ етіп көзге түсті. Ақылына, шешендігіне, біліміне тәнті болған Вотинцев пен Фигельский Рысқұловты денсаулық сақтау комиссары етіп тағайындады. ТүркЦИК-тің көп ұзамай, келесі мәжілісінде Рысқұлов денсаулық сақтау комиссары міндетінен босату туралы арыз берді. Басшылар бұған түсінбей аң-таң болып отырғанда, Рысқұлов тағы бір қағаз ұсынды. Онда: Түркістанды аштық індеті алып барады. Ол жаудан да жаман. Сондықтан Аштықпен күрес комиссариатын құрып, өзін аштықпен күрестің төтенше комиссары етіп тағайындауды өтінді.
Вотинцев пен Фигельский бұл ұсынысты ешқандай қарсылықсыз қабылдады. Рысқұловқа сәлден кейін екінші қызмет жүктелді. РКП(б) Мұсылман бюросы президиумдерінің құрамына ендірілді.
«Иә, бұл солай, лезде алаулап ала жөнелген, бәрімізді жалынымен күйдіріп жібермесе жарар еді», — деп Кушекин опық жеп отыр. — Енді Вотинцев те, Фигельский де жоқ. Рысқұловтың арынын басар кезең де дәл осы шығар.
— Қазіргі аса қиын жағдайда революциялық жұдырық керек, — деді Кушекин ақ кірпіктің ар жағынан кішкене көзін бір жылт еткізіп, қайта жұмып алып. — ТүркЦИК пен Түрксовнарком ондай шымыр болмай шықты. Рысқұлов Орталық дейді. Орталық қайда, біз қайда? Арамызда Дутов жатыр, ар жағында Колчак тұр. Жағдай әрқалай. Сондықтан қазір Түркістанды жаудан сақтап қаларға тек Реввоенсовет қана дәрменді. Қазіргі таңда армияны сақтау — бірінші міндет. Армияны ұстап тұруға, оны асырауға тек Реввоенсовет керек. Реввоенсовет Түркістанды билейтін бірден-бір күш. Және ол қолына барлық билік тиген соң, армияны нығайта алады. Реввоенсовет қаржы табады. Біз қаржыны бір тиынын қалдырмай армияға жұмсауымыз керек.
Кушекин бірте-бірте қызына сөйлеп, тіріліп, тізгінді қолға ала бастады. Реввоенсовет туралы өз пікірін тастүйін етіп тастайын деп, сөзін әрі қарай сабақтай бергенде, ауыз үйден көмекші кіріп, Кушекин жақтырмай тыжырына қараса да, қасына таяп, құлағына сыбырлады.
— Бізде мәжіліс жүріп жатыр ғой, — деп бұрқ етті Кушекин.
— Мәжіліске қатысуым керек дейді, — деп сыбырлады көмекші.
— Онда мәжіліс өзі шешсін, — деп Кушекин қауымға қарады: — Жолдастар, Мәскеуден төтенше комиссар Кобозев келіпті. Біздің мәжіліске қатысуды өтінеді. Қалай қарайсыздар? Мынандай айтыс кезінде...
— Оны дауысқа салып жатудың өзі ұят. Әрине, қатысады. Бізге дәл қазір керегінің өзі сол Мәскеу көмегі емес пе? — деп Рысқұлов арқалана түскендей болды.
Басқалар жамырай қостап кеткен соң, Кушекин орнынан тұрып, есікке қарай өзі жүрді де, Кобозевті босағадан күтіп алды. Жылтың көзін көрсетпей тұрған ақ қас-қабақ лезде ашылып, езуі күлімсіреуден қатпар-қатпар жиырылып шыға келді.
Кобозев гимнастеркелі, хром етікті, жартылай әскери формада екен. Жүріс-тұрысы да, әскери адамның нобайын танытқандай. Өңі жас болса да, сақал-мұртына, шалқайта қайырған күрең қошқыл шашына ақ кіре бастаған. Көзі мейірлі, жанары жылы екен.
Комиссарлардың бәрі тік көтеріліп, шетінен Кобозевпен сәлемдесе бастады.
— Неге телеграмма бермедіңіз? Күтіп алатын едік қой! — деді Кушекин қынжылған кейіппен.
— Оқасы жоқ, — деп күлді Кобозев. — Сіздерде бос уақыт мол деп ойламаймын. Жұмыстарыңыздан бөлгім келмеді. Күтіп алу, шығарып салу салтанатына жоқпын. Ал рұқсат етсеңіздер, қатысып отырайын.
— Оу, әуелі мейманханаға орналасып, демалып алмайсыз ба?
— Рақмет, жолдас Кушекин. Пойызда жарты айдан аса демалғаным да жетеді.
— Онда өзіңіз біліңіз. Біздің жағдайдан хабардар шығарсыз. Ағылшын агенттерінің арандатуымен Осипов опасыздық жасап, он төрт комиссарымызды өлтірді. Сол сойқаннан кейін бірінші жиналып отырғанымыз.
— Мәжілісті жүргізе беріңіз, жолдас Кушекин, мен — тыңдаушы, — деп Кобозев Кушекиннің оң жағын ала, үстелдің шетіне ғана шынтағын таяп, орындыққа жайғасты.
Төтенше комиссардың төтеннен келгені әркімге әр түрлі ой салды. Шынтуайтқа жүгінгенде, бұл Орталықтан келген тұңғыш өкіл. Түркістанда Кеңес өкіметі орнағалы бері Орталықпен оңды қатынас болған жоқ. «Орынбор тығыны» деген майдан Түркістанды Ресейден бөліп тастады да, байланыс тек радиограмма арқылы ғана жүріп тұрған.
Енді міне, Лениннің мандатымен, арып-ашып, майдан шебінен әрең өтіп, тұңғыш төтенше комиссардың келген беті. Бұрқ-сарқ қайнап жатқан, алаулаған Түркістанның жалынына тап болған Кобозевтен жұрттың күтері де көп болатын.
— Бұл мәжілісте өкімет құрылымы сөз болып отыр, — деді Кушекин Кобозевке жиналыс мәнісін түсіндіріп. — Мен және Успенский жолдас, тағы біршама жолдастар ұсыныс қойып отырмыз: өкімет билігі Реввоенсоветке берілуі керек. ТүркЦИК, Түрксовнарком бүгінгі таңда Түркістанды уысында ұстап тұруға дәрменсіз.
— Оған басқа жолдастар қалай қарайды? — деп Кобозев шашын қайырып қойып, кабинетте отырғандарға жағалай жайдарман көз тастап өтті.
Біршама уақыт үнсіздік басты. Кобозев келмегенде Кушекинмен пікір таластыруға әзір отырған комиссарлар қазір тосылып қалған сияқты.
Бұл сыпайылыққа таң қалған Кушекин кеңшілік танытып:
— Ау, айтсаңыздаршы, — деп мыртық саусақты дөңбек алақандарын жайып, езулері қатпар-қатпар жиырыла қалып, ыржия түсті. Рысқұловтың орнынан тұрғанын көріп, әлгі езу бірте-бірте қатпарлары жазылып, енді салбырап бара жатты.
Кобозев Рысқұловқа сақтана қарап, алға ұмсына түсіп, сөзін тосты. Түркістанның жергілікті халықтарынан шыққан тірі коммунисті тұңғыш рет тыңдайын деп отырғаны осы. «Тілмаш арқылы сөйлесер ме екен?» — деп қойды ішінен. Мәскеуден аттанарда Түркістан жайлы біраз деректер алған. Оның тарихы, халқы, халқының мінез-құлқы, әдет-ғұрпы... Бірақ коммунистер жергілікті халықтан әлі жөнді шыға қоймаған деген мәлімет бар.
Өкімет басында да олар аз, тіпті саусақ пен санарлық деп естіген. Түркістанда ең алдымен шешілетін бір мәселе болса, ол осы кадр мәселесі, ұлт мәселесі. Осы жағына баса назар аударыңыз деген Ленин. Ал, Түркістанды түркістандықтар басқаратын күш жоқ, жуық арада болмайды да деген Бухарин. Олар марксизмнен жырақ деген. Ал алыстан тон пішкен бір басқа да, көзбен көріп, құлақпен естіген бір басқа. Рысқұловтың аузынан шыққан әр сөзге, әрбір қимылына бар ықыласымен зейін қоюы осы себепті еді Кобозевтің.
Әуелгі әсері: таңдану сүйсінуге айнала берді. Рысқұлов орысша мүдіріссіз ғана емес, аса мәдениетті, шешен сөйлейді екен. Орысша тіл байлығы Кушекиннен әлдеқайда асып түсіп жатты. Кушекиннің тілі даңғалақтау, дөрекілеу шыққан. Рысқұлов қысылмай, қымтырылмай: «е-е, ы-м» деп ыңқылдап тұрып алмай, еркін көсіледі екен.
— Түркістанда Кеңес өкіметі құлап, билік әскери адамдардың қолына көшіпті деген дақпырттың өзі зиян, — деді Рысқұлов. — Халыққа бұл кері әсер етеді. Жаудың аруағы көтеріледі. Жауға желікпе пайда болады. Қайталап айтам: өлсе — ТүркЦИК-тің төрағасы Вотинцев өлді. ТүркЦИК өлген жоқ, өлсе — Түрксовнаркомның төрағасы Фигельский өлді. Түрксовнарком өлген жоқ. Ендеше, ТүркЦИК пен Түрксовнаркомды жойып жіберіп, Реввоенсоветті ту ғып көтерудің не жөні бар?! Түркістанда Кеңес өкіметі өмір сүріп тұрғанын танысын бүкіл әлем!
Кушекин бір мезгіл сабаудай ақ кірпігін жалп еткізіп, жылтың көздерімен қасындағы Кобозевке тесіле қарады. Өйткені Кобозев Рысқұловқа ден қойғаны сонша, басқа дүниені ұмытып кеткендей көрінді.
Кушекиннің реңі қызғылтым тартты. Іші қалтырай бастады. Кобозев — революционер, ол Дутовпен шайқасып келді, — деді ол қалтырай отырып. — Бірақ біз шошқа тағалап жүріппіз бе? Ташкентте генерал Коровиченкомен соғысқан кім екен? Түркістанда Кеңес өкіметін орнатқан кім екен?».
Кушекин кірпігін ақ көбелектің қанатындай лып еткізіп, Кобозевке тағы қарады. Төтенше комиссардың тозаң тұтқан сақал-шашы өсіп кеткен екен. Қалың қастары ғана түрпі емес, сыпайы. Оның астындағы қоңыр көздері қылаусыз, ызғар із жоқ.
Кушекиннің өзіне екі рет тесіле қарағанын Кобозев сезбей қалған жоқ. Сыр бермеді. Сөйлеп тұрған жігіттің сөзін бөлмеуге тырысып, ішінен тынды. «Жасы нешеде»? — деп ойлады Кобозев. — Сірә, жиырма бесте шығар? Менен он бес жас кіші. Шырайы жеңілтек яки қатал адамның түрі сияқты емес. Кеңдік, тереңдік, биіктік бар. Үш қасиет қабат дарыған бақытты шығар. Әлде алғашқы әсер солай ма? Мұнымен жақынырақ жуысқан жөн болар. Мұншама еркіндік қайдан пайда болған қасиет? Әлде кең далада өскендердің бәрі өзін осылай еркін сезіне ме екен? Ал қасымдағы Кушекин тырсылдап, қыпылдап, сыр алдырып отыр. Жігіттің жігерлі екені көрініп тұр. Тым тіктігі — жауы болмағай. Ал осындай азаматы бар ел кадрға, басшы қайраткерлерге жұтаң дейтіндері не? Марксизмнен алшақ, — деді-ау Бухарин. Мына Рысқұлов сонда қайдан сауатты! Ой-жүйесі, қазіргі жағдаятты біліп пайымдауы, елдің көңіл күйін тануы — бәрі көкейге қонымды ғой. Бұларды біз неге менсінбеуге, шетқақпайлатуға тиіспіз? Жергілікті халыққа сеніңіз, сеніміне ие болыңыз, — деді ғой Ленин. Ал мұнда, мысалы Кушекинде бұларға сенбеушілік бар. Неге? Осылай болып келді ғой. Ғажап!
— Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Көп сөйлеп, уақыт оздырудың реті жоқ. Әрбір минут қымбат. Әрбір минут мыңдаған адамның тағдырын шешеді, — деп тұр Рысқұлов. — Өкімет қандай формада болады деген қысыр дауды қоялық та, ТүркЦИК-ті, Совнаркомды өз орнында қалдырайық. Бірақ бұл өкімет пен үкіметтің алдында бүгінгі таңда интервенциямен күреспен қатар тұрған аса жауапты міндет — аштықпен күрес екенін тағы да талап етіп, қайталап айтамын. Жергілікті, әсіресе көшпенді халық айтып болмас ашаршылыққа ұшырады. Жер бетінен жойылып кету қаупі төніп тұр. Өкімет пен үкіметтің жаңа құрамы, егер революция ісіне шын адал болса, ең алдымен халықты аштық ажалынан құтқарып қалсын! Менің айтарым осы.
Рысқұлов демікпей тоқтап, орнына отырды. Бірақ ол сабырлы болғанмен, кабинет ішіндегі ауа райы сұрапыл боран соғып өткендей, отырғандар бір сұмдық картина көргендей, картина бітіп, шам жарқ еткендей, әлі әлгі қорқынышты жерден айыға алмағандай, мең-зең күйде еді.
Кушекин бұршақтай түйме қалы бар көзінің алды бүлк-бүлк етіп, Кобозевке қарады да:
— Маған рұқсат етсеңіз, — деп даусы діріл қаға шықты.
Кобозев қос иығын қушита қомдап, қол жайды. Осы үнсіз қимылдың өзі-ақ анық жауап еді: «Жиналысты басқарып отырған өзің емес пе?».
— Мәселе былай, жолдас Кобозев, иә, Петр Алексеевич, көріп отырсыз, біздің Түркістанның түзем тұрғындарынан шыққан большевиктер әлі жас. Жастыққа қателесу тән. Мен бұл пікірімді кезінде крайкомда да, ТүркЦИК-те де айтқанмын және Мәскеуге де жазғанмын. Бізді түзем халықтардың өкілдерін басшы қызметке тартпайды деп Орталық айыптайды. Ал ондай кадрлардың әлі піспегеніне көзіңіз жетіп отыр ғой. Міне, Рысқұлов жолдас. Таласпаймын, жалынды жас қайраткер. Ал айтып тұрғаны шала-пұла, кешіріп қоясыз, әрине, — Кушекин езуі гармонша жиырылып күлген болды. — Жан-жағымызды қоршап, алқымнан алып тұрған жау. Орынбор анау, Ферғана анау, Каспий майданы, Жетісу майданы дегендер тұншықтырып тұр. Бізге әскер керек. Әскерге тамақ керек, киім керек, қару керек. Ал Рысқұлов айтады: әскерді қоя тұр, аштан қырылып жатқан көшпенділерді асыра дейді. Ал марксистердің көшпенділер туралы қағидасын білесіз: олар бәрібір жер бетінен жойылып кетуге тиіс, өйткені өмірге бейімсіз. Ендеше Кеңес өкіметінің мүддесі үшін, революцияны сақтап қалу үшін, әскерді нығайтып, жауды жеңейік. Әне, содан кейін шама келгенше аштарға қол ұшын берейік.
Кобозев бурыл сақал басқан иегін уыстап отырды да қалды. Көшпенділер жер бетінен құрып кетуге тиіс деп марксистер қай уақытта айтып жүр? Бәлкім, бухариншілер шығар?
Кобозевті сауатсыз деп ешкім айта алмас. Мың да сегіз жүз тоқсан сегізінші жылдан бері коммунистік партияның мүшесі. Ригада политехника институтын бітірген. Марксизмді бір кісідей-ақ білген. Ал көшпенділер тірілер санатынан шығып қалуға тиіс деген үзілді-кесілді тұжырымды ұшыратқан емес. Ал марксизмді түгел игеріп, бастан-аяқ оқып, зейіндеп шыққан кім бар? Бар ғой. Бірақ аз ғой. Кім біледі, бір жерде айтса, айтқан да болар.
Кобозев осылай марксизмнің ұшан-теңіз қиырына көз жеткізе алмай, Кушекинге қарсы қалай дау айтарын білмей отырғанда, Рысқұлов орнынан тағы тұрды. Байқайды, бұл жолы Рысқұловтың өңі өртеніп бара жатқандай екен. Өзін-өзі тек орасан жігермен жүгендеп тұрғаны сезіледі. Әйтпесе тарс кетпекші.
— Құрметті Кушекин, — деп бастады ол әр сөзін салмақтап. Бірақ нығыз даусы бас білмеген асаудай бұлқынып, ықтиярдан ырықсыз айқайлап кете жаздап тұр. — Сіз күні кеше Түркістанды билеп-төстеген колонизатор генерал-губернатор фон Кауфманнан да асып түстіңіз. Генерал-губернатор Кауфман отаршылдық саясаттың адал құлы болатын. Оның қасында генерал Черняев өзін Наполеон санаушы еді. Ал Кауфман тамақ үстінде мойнына ақ салфетка іліп қойып, бір қолына күміс шанышқы, бір қолына күміс пышақ ұстап отырып, тұтқын түземдерді ондап, жүздеп ату туралы бұйрық бере беретін. Қасында адъютанты тұтқындардың аты-жөнін оқып тұратын, ал генерал:
— Атуға! — деп күміс пышақты қолын сермеп қалып отыратын. Бірақ сөйткен Кауфманның өзі көшпенді түземдерді жер бетінен түгел жойып жіберуге әрекеттенбеген. Жүздеп, мыңдап қырған, бірақ халық ретінде тып-типыл ете алмаған. Ал сіз, Кушекин, РСДРП-ның солшыл эсер тармағынан күні кеше большевиктер қатарына өтіп алып, бүгін күллі марксистер атынан тұтас бір халыққа өлім үкімін шығарғыңыз келеді. Егер сіз айтқандай, көшпенді халық бәрібір жойылар болса, егер олар бақытты күнге жете алмай, бәрібір сүйегі қуарар болса, онда... сол қиырдан қиырға дейін шашылған сүйектің орнына орнаған ӨКІМЕТ кі-мге ке-рр-ек!!! — Соңғы сөздерді айтқанда Рысқұлов ақыры тарс кетіп тынды: ышқына айқайлап жіберді.
Кейбіреулер шошып кетіп, орындарынан түрегелді. Әлдекім Кушекиннің алдындағы графиннен су құйып алып, Рысқұловқа ұсына берді. Ол:
— Рақмет! — деп жымиды да қойды. Сонда барып жұрт тынышталды. Бірақ Низамеддиннің шықшыты аунақшып, бұлтылдай жөнелді. Тұрсынходжаев мұртының ұшын саусағына орап-орап жұлып алатындай көрінді. Кушекиннің көзінің алды жыбырлап ала жөнелді. Көзін сүрткен болып, қолымен бетін көлегейледі. Бірақ сол қолдың өзі тынымсыз діріл қақты.
Кобозев әлгіде азаптана іздеген сұрақтың жауабы соншалықты қарапайым, соншалықты дәл, соншалықты қаһарлы екеніне таң қалды да, Рысқұловқа сөз тастады.
— Айтыңызшы, жолдас Рысқұлов, қазір республикада қанша халық ашаршылыққа ұшырап отыр?
— Сыпайылап, ықшамдап айтқанда бір жарым миллион адам. Бұл әбден шыңына жеткендер. Ал бүгін-ертең бұл цифр еселей бермек.
— Не себеп?
— Себеп: екі жыл қатарынан қуаңшылық. Егін шықпады, жем-шөп және жоқ. Мал қырылды. Сондықтан республиканың ең кедей табы, күні кеше патша заманында жоқшылық көргендер, бүгін ең алдымен ажал құрығына ілініп отыр. Бұл — Кеңес өкіметіне ең тілектес қауым. Ал Кеңес өкіметі оған әзір қол ұшын бере алмай тұр. Сондықтан халықтың сенімінен айырылып қалайық деп тұрмыз, жолдас Кобозев. Әсіресе мал бағып күн көрген халық қатты қаусап тұр. Алғы дейтін улы түбірді қазып жеп қаңғып кетті. Жер-жерде Кеңес өкіметі әлі нығайған жоқ. Жат элементтер тонын айналдырып киіп алып, зиянкестік әрекеттер де жасауда. Елдің наразылығы оларға тиімді. Ал Түркістан өкіметі пәрменді күрес жүргізбей отыр.
— Сіз басқарып отырған помгол2 не тындырды?
— Аштарға арнап Ташкенттен және уезд орталықтарынан тамақтандыру пункттерін ашты. Қолөнер артельдерін ашып, аштарды жұмысқа тарту шарасы жүргізілді.
— Қаржыны кім берді?
— Байлардан алым-салық алу жолымен.
— Тығырықтан шығу жолы қайсы?
— Өкімет тарапынан жедел көмек. Ең жоғы — бір жарым миллион сом. Одан кейін аш кембағалдарды артельге ұйымдастыру. Осы көктемнен қалмай егін салдыру. Құрал-сайман, тұқыммен қамтамасыз ету. Патша заманының саясаты отырықшы елдің егін салуынан гөрі, мақта егуіне мүдделі болды да, астық азайды. Мақта да керек, ондай жағдайда Орталық бізге енді азық-түлікпен көмекке келуі керек.
— Орталық қазір ондай көмек бере алмайды, жолдас Рысқұлов, — деді Кобозев.
— О, оған салсаңыз, Түркістанда коммунизмді қазір орнатып бер дейді, — деп Кушекин Кобозевке қарап қутыңдап қалды.
Кобозев тұңғыш рет түрі сұстанып, жалпақ алақанымен Кушекиннің алдындағы үстелдің үстін сарт еткізіп бір салып қалды да, орнынан тұрды. Комиссарларға Кобозев Кушекиннің бетінен шапалақпен тартып жібергендей болып көрінді.
Рысқұловтың талабы бойынша ТүркЦИК қаулы алды:
1) Барлық совдептерде, кеңес мекемелерінде аштарға көмек мәселесі кезектен тыс, жедел қаралсын.
2) Аштарға көмек көрсету ісіне кедергі жасаған адамдар әскери трибуналға тартылсын.
3) Аштарға көмек үшін республика үкімет қазынасынан 1 миллион сом қаржы бөлінсін.
4) Осы қаулының мүлтіксіз орындалуына совдеп төрағалары тікелей жауап беретін болсын...
IV
Наташа қайтып көрінбей кетті. Рысқұлов көмекші Ләзизден күнде сұрайды.
— Жоқ, ол бикеш келмеді, — дейді Ләзиз.
— Онда сұрау салғыз: Ташкентте Наталья Приходько қайда тұрады?
— Приходько дейсіз бе, Тұрар ака? Ол бикештің фамилиясы басқа сияқты еді ғой... Мен жазып қойып едім-ау, — деп Ләзиз ауыз үйге шығып, өз үстелінде жатқан журналды ашып қарады да қайта кірді.
— Ол бикештің аты-жөні Наталья Колосовская, Тұрар ака.
Рысқұловтың қараторы реңі қуқыл тартқандай болды, Ләзиз өзі әзілге жорып жүргені жай әйел емес екенін сонда түсінді.
— Ко-ло-сов-ска-я?! Қалайша? Сен басқа біреумен шатыстырып тұрған жоқсың ба, Ләзиз? Колосовская деген қайдан шықты?
— Жоқ, бетіне шілтер тұтқан қыз. Мен жақсы білемін, — деп Ләзиз ресми жөнге көшті.
Рысқұлов содан бері дал: «Колосовская болғаны қалай? Әлде күйеуге тиіп, соның фамилиясына көшті ме екен?»
«Колосовская» деген ызың құлағынан кетпей қойды. Көзін жұмса да естіледі, құлағын басса да естіледі. Сөйтсе, оны естіп тұрған құлақ емес, жүрек екен. Ал жүректі қалай бітеп тастайсың?
«Тоқтай тұр, — деді Рысқұлов өзінен-өзі. — Колосовский, Колосовский... Оу, ол кешегі Шымкенттің оязы ғой. Уездной начальник. Қазір қарасын батырып, қашып кеткен. Сонда қалай? Әлде басқа Колосовский ме? Фамилиялас бола береді емес пе?».
Таңсәріден тұра салып, ТүркЦИК-ке барып, ішкі істер комиссарын шақырып алып, Колосовский фамилиялы адамдар туралы мәлімет алдырмаққа бекініп, төсекте бір аунап түсті. Тар темір төсектің пружинасы шиқылдады. Темір төсек жалғыз кісілік еді. Бөлме де тарының қауызындай ғана болатын. Наташа менің бұл бөлмемді қомсынып жүрмес пе екен? — деген күдік келді. — Жарайды, әуелі табылсын. «Ашыққан қарын тойынар, ашылған етек жабылар», — дейтін баяғыда әкесі. Әуелі Наташа қолға қонса, үй-жайдың бір мәнісі болар.
Тұрған жері жаман да емес. Жаңа Ташкенттің ортасы. Үкімет үйіне де жақын. Тыныш қана тұйық көше, Ташкент шілдесінің шырқыраған ыстығында сая болар шынар ағаштар, бау-бақшасы және бар. Бұл арадан губернатор бағы да алыс емес. Губернатор енді келмеске кетсе де, бұрынғы әдет бойынша жұрт әлі губернатор бағы деседі. Наташа екеуі жұмыстан соң шай ішіп алып, бір мезгіл қыдырып қайтқанға қандай! Әрине, дұрыс. Түркістанда Кеңес өкіметі орнағанына екі жыл толса да, генерал-губернатор ескерткіші ауыздықпен алысқан атқа мініп, күллі Түркістанның үстінен қылыш үйіріп, міз бақпастан тұрып алды.
— Ескерткішті құлатайық. Бұл лағынет атқан отаршылдықтың ескерткіші. Көзге шыққан сүйелдей етпей, алып тастайық, — деп Рысқұлов кезінде ұсыныс айтқанда Кушекин көнбей қойған-ды.
— Рысқұлов жолдас, мәдениет ескерткіштерін қирата беру мәдениеттілікке жатпайды. Петроградта тұр ғой ана, Петрдің, Николайдың ескерткіштері. Олар жөнінде петроградтықтардың мынандай өлеңі де бар:
Дурак умного догоняет,
Да Исакий ему мешает, —
яғни, «мыс салт атты» I Петр алдында да, ұрда-жық I Николай артында. Араларын Исакиев соборы бөліп тұрады. Көрдіңіз бе, қатерлі ештеңе де жоқ.
— Е-е, жолдас Кушекин. Петроград бір басқа, Ташкент бір басқа, Ташкент күні кеше отаршылдықты басынан кешкен қала. Бұл генерал Черняевтің шапқыншылығын, генерал фон Кауфманның қаһарын, генерал Куропаткиннің қиямет қиянатын көрген Ташкент. Бүгін азаттық алған Ташкент. Ескерткіш генерал-губернатор қылышын енді кімге үйіріп тұр? Тағы да Түркістанға ма? Келеңсіз, жолдас Кушекин!
Кушекин әлі көнбейді.
Ал Наташа жарқ етіп бұлттан шығып, жарқ етіп қайтадан бұлтқа кіріп кеткендей, жоқ болды.
Губернатор бағы таяу. Наташа жоқ. Кушекин генерал-губернатордың ескерткішін құлатқысы келмейді. Қола генерал қылыш үйіреді. Тарпаң аты Түркістанды таптап кеткісі келеді.
Рысқұлов ұйықтайын деп көзін жұмады. Бірақ Наташаны көреді. Оң жамбасына аунап түседі. Темір төсек баж-баж етеді. «Наташа бұған қалай жатады?». Көзін жұмады. Генерал-губернатордың зор ескерткішін көреді. Қалай құлату керек? Мойнына шынжыр салып тартса, қанша аттың күші керек екен? Динамит қойып жарса, біреулерді жаралап жүрер?!».
Рысқұловтың кірпіктері айқаса бастайды. Буалдыр ұйқы дүниесін кезіп бара жатып, Талғардың күнге шағылысқан шыңын көреді. Енді бірде ол Талғар емес, Аспара екен дейді. Аспара шыңына генерал-губернатор... емес, Кушекин шығып алып, қылышын сермеп тұрады. Рысқұлов төменде тұрып айқайлайды. Қызыл Жебеге мінген әкесі қылыш сермеген адамды итеріп жіберіп құзға құлатады.
— Көке! — деп айқайлап жатып, Рысқұлов оянып кетеді.
* * *
Кабинет терезесінің кемерінде даусын қыраттап қарлығаш сайрап отыр екен. Қағазға үңіліп қалған Рысқұлов әуелі байқаған жоқ. Тек қым-қуыт қызу істің арасында миыңның бір қатпарынан жарқ етіп, әкең елес беріп қалғандай, әкесінің қатқыл қоңыр үні естіліп қалғандай сезілген де, кенет селк етіп, терезе жаққа қараған. Қараса, сыртқа қарай ашылған желдеткіште қарлығаш отыр екен.
— Е, жарықтық, әулие құс, — деді Рысқұлов, алыстан талып жеткен мейманды үркітіп алмайын деп ішінен дем алып. — Құтты көктем ала келгейсің. Ұя салғың келсе — сала ғой. Рас, бұл кабинет келім-кетімі көп, күні тұрмақ, түні де сабырсыз, мазасыз жер. Бірақ саған зияны тимес. Қонысың жайлы болсын, қарлығаш!
Рысқұлов жилетінің қалтасынан шынжырлы швейцар сағатын суырып алып, сырт еткізіп, күміс қақпағын ашып қарады. Жез қоңырауды сылдырлатты. Қаптаулы қалың қара есік салмақпен ашылды да, жіптіктей болып, хром етіктерін сарт еткізіп, көмекші жігіт тұра қалды:
— Ләббай, Тұрар ака?
— Аттарды әзірле, Ләзиз!
— Құп болады, Тұрар ака.
Сол сәттен кейін Ләзиз қайта кіріп:
— Көлік дайын Тұрар ака, — деп хабарлады. Жымиып, даусын жылытып: — Қайда барамыз, Тұрар-ака?
— Ескі Ташкентке. Базарға. Айтпақшы, Ләзиз, сен қарауылдарға ескертіп қой. Мына терезенің алдына көлік тоқтамасын, адамдар топырламасын. Қарлығаш ұя салғалы жүр, — деді.
— Е-е, қарлығаш па? Қарлығаш ұя салған жерге құт қонады. Құтты болсын, Тұрар ака, айтып қоямын қарауылдарға, — деп Ләзиз балаша мәз болып, ресми тәртіпті ұмытып, есіктен тапырақтап шығып жүгіре жөнелді.
Түркістанда ашаршылық қанша кеулеп алғанмен ТүркЦИК-тің атқорасындағы көлік күйлі еді. Екі кісілік трашпенкеге жегілген қос қарагер атырылып ала жөнелді де, Орда өзенінің ағаш көпірін дүбірлетіп өтті. Ар жақтан Көкілташ мешітінің көгілдір күмбездері тәкаппар тартып, кесірленіп, кегжиіп көрінді.
Одан ары Ескі Ташкент базары басталар еді.
Қаланың кейпі ала-құла: құрақ көрпеше сияқты. Орда өзеніне жеткенше Еуропаша салынған көк түңке төбелі үйлер көбірек те, Ордадан ары өткен соң балшықтан домбаздап соққан қиқы-жиқы үйлер, қисық-қыңыр көшелер басталады. Еуропалықтар қаланың бұл қиырын — «азиялық Ташкент» деп атайды. Екі арба бетпе-бет ұшырасса, қақтығыспай өте алмайтын қушық көшеде қос қарагер жегілген трашпенкенің қоңыраулы үнінен хабардар болған аттылы-жаяу дуалға арқаларын сүйеп тұрып жол береді. Баяғы губернатор заманы үйретіп қойған қу әдет бойынша ала шапанды, қара паранжалы пенделер жел жыққан қоғадай жапырылып қалады.
Қол жайып, тостаған тосып, қайыр-садақа тілейтіндері қаншама. Рысқұловтың есіне баяғы Алматының кафедрал соборы түседі. Приходько мырза екеуі баратын собор. Онда да садақа сұрап тұратын кембағалдар көп еді. Жалпы, Тұрар баланың қалтасында онда соқыр тиын да болмайтын. Өзінен қайыр тілегендерден қысылатын.
Енді ғой комиссардың айлығын алады. Мемлекеттің миллиондаған қаржысының тағдырын шешеді. Оны мына көше бойымен уыстап шашып өтсе де құдіреті келеді. Бірақ қазір соқыр тиын қайыр бере алмайды. Әр тиынның орны бар, әрбір тиын ашаршылыққа қарсы атылған оқ орнына жұмсалмақ.
Ескі Ташкентте кез келген көше — базар. Арнайы сауда алаңы болса да, сиырдың ішегіндей шұбатылған көшелердің өн бойында алып-сатпа тіршілік сапырылысып жатады. Оларға тыйым салып, милиция сарсылып бағады. Бірақ сауда құдіреті бір жерін бітесең, екінші жерден атқылап ағып кете береді.
Қоңыраулы қос қарагерді көріп, жасырын нан сатқан, шүберекке орап ет сатқан, самогон сатқан жалдаптар жарықтан қашқан тарақандай, жан-жаққа зытып жөнеледі. Соқыр дуалдағы ін-ініне кіріп, зым-зия болады.
Қоңыраулы қос қарагер алаң басына да жеткен. Мұнда аштарды тамақтандыратын пункттер бар. Рысқұлов соларды аралап көрмек.
Біреудің үйі өртеніп жатса, біреу барып сол өрттің жалынына қойдың басын үйткен көрінеді. Дүние ала-құла. Біреулер бір шайнам нан таба алмай теңселіп жүрсе, біреулер солардың аштығын пайдаланып, түйенің көзіндей күлшеге әкесінің құнын сұрайды.
Республиканың тамағынан жырып алып, аштарға арнап бөлген азық-түліктің өзі кейде қазанға түгел түспей, қайбір жырындылардың жұтқыншағына жүгіріп кетеді. Рысқұлов осы жағын да бір шолып шықпақ.
Ат айдаушы мен қос қарагерді базардың шетінде қалдырып, Рысқұлов Ләзиз екеуі жаяу түсіп, қалың нөпірдің ішін аралап келе жатқан. Базардың заңына дауа жоқ. Әнебір биік өкше етік киген әйел қара түлкі сатып тұр. Сірә, қабының түбі қағылған болар. Еңгезердей ала тақиялы күннің қытымырлығына қарамай, түкті көкірегін ашып тастап, шапа-шот сатқалы жүр. Рысқұлов пен Ләзиздің алдын кес-кестеп:
— Алыңдар, мырзалар, шот сатып алыңдар, жүдә өткір, — деп өңешін созып бағады.
Көзі сығырайған сықсима шал Рысқұловқа қолын көлегейлеп қарап:
— Уа, мырза, мынау сізге лайық тон. Ала қал, — деп қырылдайды. Тоны торғай қамасаң тұрмайтын шұрық тесік. — Мырзалар киетін тон. Арзан берем, ала қал, — деп сықсима шал Рысқұловтың соңынан көпке дейін қалмады. Рысқұлов бір сәтке шалды аяп кетіп, айтқанын беріп құтылғысы да келді.
— Оны қайтесіз, шыннан киесіз бе? — деп таңғалды Ләзиз.
— Құтылайық та мына кісіден.
— Тұрар ака бұларға жанашырлық жарамайды, — деп Ләзиз Рысқұловтың жеңінен тартқылады. Сықсима шал Ләзизді қарғап қалды.
Паранжа салған сабадай әйел:
— Е, жігіттер, шүмек алыңдар. Жас жігіт екенсіңдер, құда қаласа, балаларың көп болады, бала сүйесіңдер, шүмек алыңдар, жақсы ырым болады, — деп айқайлады.
Жанындағы Ләзизді таңғалдырып, Рысқұлов шүмектің біреуін ұстап көрді.
— Оны қайтесіз, Тұрар ака, — деп күлді Ләзиз.
— Қайтушы едім, маған да бала бітетін шығар. Өзіңнің ғой балаларың көп. Менде әлі жоқ. Осы да әділеттік пе?
— Оныңыз рас, Тұрар ака. Үйлену тойын да сағындық. Той бастап, би билеп, бәйге алдын бермеуші едім. Осы кезде той тыйылды. Өзіңіз бастамасаңыз. Бірақ әлгі орыс қызы... әлгі Колосовская. Кім біледі, орыс қызы сіздің балаңызға бұл шүмекті пайдалана қояр ма екен... Олар мұндайға дағдыланбаған ғой.
— Үйретеміз, Ләзиз. Біздің жақта бұл шүмекті қойдың жілігімен жасар еді, ташкенттіктер ағаштан жасайды екен. Мейлі, — деді Рысқұлов.
— Алсаңыз, мына бесікті алыңыз, Тұрар ака. Бұл Ташкенттің базарында сатылмайтын зат жоқ. Бірақ бәрінен асылы, мен білсем, осы бесік, — деді Ләзиз қызыл-жасыл бояғы бар ағаш бесіктің жонарқасын сипалап тұрып. Сатушы екі езуі екі құлағына жеткенше ыржиып:
— Алың, алың. Құтты бесік, қошқардай қос ұлың болады, — деп дүниесін мақтай жөнелді.
Талғар таудың бауырындағы жер үйде ескі бесік болушы еді. Босаға жақта ілулі тұратын. Ол Тұрардың бесігі еді. Өгей шешесі Iзбайша бала көтеремін деп үміттеніп, ырым етіп, сол бесікті жер кепенің іргесінде сақтап еді. Тұрардың содан бері бесік көріп тұрғаны осы.
— Дұрыс айтасың, Ләзиз. Бұл бесікті бұйырса, мен сатып аламын. Біреуін бізге сақтап қойыңыз, — деді сатушыға. Сатушы:
— Жүдә мейлі, — деп жалпақтап қалды.
— Иә, Бахауаддин! Иә, Бахауаддин! А, мырзалар, қайыр-садақаларың болса, диуаналардың пірі Бахауаддинге бағыштаңдар. Құдай тілеулеріңді береді. Мен тілеуқор боламын, — деп орама сәлде салған шауқар бет, ақшел көзді, қаба сақал диуана аяққа оралады. Иығында қоржыны, қолында ақ таяғы, ала шапанды көк күлдәрімен екі-үш орап алыпты.
— Бұрылмаңыз, бұрылмаңыз, соңымыздан қалмайды, — деп Ләзиз Тұрарды қақпайлай берді.
— Балалар, бал аштырыңдар! Алдарыңда не күтіп тұр, бәрін айтып беретін бал, — деп шырылдайды паранжа салған әйел. Алдына жайған ала қаптың үстінде бір уыс ала лобия шашылып жатыр.
Тұрардың есіне сонау Мерке базары түсті. Илья «пайғамбарға» бал аштырып еді. Ильяның теңіз шошқасы оған қораптың ішінен иіскеп-иіскеп суырып алып берген кір-кір қағазда: «Бүкіл өмірің шайқаспен өтеді» деген жазу бар-тын.
«Сол сорлының айтқаны шыннан келгені ме?» — деп таңғалды Рысқұлов. Меркенің базарында Илья «пайғамбарға» бал аштырмаса, Рысқұловтың тағдыры басқаша соқпаққа түсер ме еді? Азаптан ада, можан-томпай, бейбіт өмір сүрер ме еді?
Қайран Мерке. Балалықсыз балалық шағы өткен құт мекен. Меркеде оқымаса, Ақкөз батырмен кездеспесе, он алтыншы жылдың қырғын соғыстарына қатыспаса, Рысқұлов қай қиырдан шығар еді?
Өмірінде кездейсоқ жайлар кездескенмен, соның бәрі сол өмірдің заңдылығына әкеліп сайған сияқты. Жоқ, Илья «пайғамбардың» балы сәуегейлік айтпаса да, Рысқұловтың жолы бәрібір шайқас әлеміне әкеліп соқпай қоймас еді.
Рысқұловтың жүрегі сыздап қойды. Меркені сағынғанын сезді. Төрткүл базары Ескі Ташкенттің мына базарынан басқа дүние болатын. Меркедегі Төрткүл базар — Рысқұлов шайқаскерлігінің тұсауын кескен...
Екеуі осылай келе жатқанда, алдынан келеңсіз жағдай кездесе кетті: сегіз-тоғыз жастардағы қара баланы шошақ буденновкалы милиционер қолынан сүйреп келе жатыр екен. Ол — ол ма, паранжалы әйел онсыз да жүдеу жүгірмекті оңдырмай осқылап, шапалақпен екі беттен кезек-кезек ұрады.
— Тоқта! — деді Рысқұлов милиционерге. — Ұстауын ұстадың. Неге ұрғызасың?
Милиционер Рысқұловты жыға танымаса да, комиссар екенін түр-тұлғасынан, екпінінен байқап, тым жуаси тіл қатты:
— Бала мына әйелдің нанын ұрлапты, жолдас...
— Жолдас Рысқұлов, — деп Ләзиз түзеп жіберді.
Тұтқын бала адамдардың жүзіне қарай алмай, тұқшиып тұр еді, Ләзиздің айтқанын естіп, басын шалт көтеріп алып, жасаураған көздері жалт етіп Рысқұловқа бір қарады да, қайтадан сынық тартты.
Рысқұловтың жүрегі бүлк етті. Еңкейіп тұрып:
— Атың кім? Кімнің баласысың? — деді.
Бала міз бақпай, қара тастай қалшиды.
— Аты кім болушы еді оның? Оның аты ұры! — деп паранжалы әйел бажылдады. Бажылдаған сайын құлағындағы шеңбірек алтын сырға бұлғаң-бұлғаң етеді. — О, Құдай, ақырзаман осы ма? Ұры көбейді. Кеңірдегіңді суырып жей жаздайды. Қандай күнкөріс болады?
Азынаған әйелдің зарына құлақ аспай Рысқұлов баланы тағы айналып-толғанып көріп еді, ештеңе шықпады. Бала жақ ашпады.
— Уақыт өтіп барады, — деп тықыршыды Ләзиз. Нан ұрлаған құртақандай балаға бола, Рысқұловтың осынша әуреге түскеніне риза емес.
— Детдомға апарып тапсыр, — деді Рысқұлов милиционерге қатал қарап. — Ұрғызушы болма. Өзің де ұрма!
Рысқұлов пен Ләзиз бұрылып жүре бергенде, әлгі балаға ғайыптан тіл біткендей:
— Көке! — деп шыр ете қалды.
Рысқұлов жалт қарады. Жақындап жанына келді.
— He дедің?
— Тұрар көке, — деді бала енді сыбырлап.
— Мені қайдан білесің? — Рысқұлов та сыбырлап сұрады.
— Ана жылы Әулиеатада апам екеумізді сіз құтқарып қалғансыз. Атшабар... Мирз-ауф... мен Рысқұлдың баласымын. Атым — Арман. Апам солай деп айт деген.
— Апаңның аты кім?
— Ізбайша.
Ләзиз көмекші Рысқұловтың түрі өзгеріп кеткенін байқап, сескеніп қалды. Ал бұл кезде Рысқұловтың басынан не халдер өтіп жатпады? «Қалайша? Ойықтардың айтуынша, Рысқұл он алтыншы жылдың күзінде Талас бойында дүние салды. Моласын өзі барып көзімен көрді. Ақкөз көтерілісіне қатысқан. Оның алдында Шығыс Сібір каторгасынан қашқан. Ізбайшамен сонау бесінші жылдан кейін кездескен емес. Сонда бұл қайдан Рысқұлдың баласы болады? Ізбайша Рысқұлдың інісі Молдабекке тиіп алған.
— Сен, айналайын, Молдабектің баласы шығарсың? — деді Рысқұлов баланы басынан сипап тұрып.
— Жоқ, — деп қасарды бала, басын шалт шайқап: — Апам айтқан, әкең — Рысқұл, — деп.
— Апаң қайда?
— Білмеймін. Мені Әулиеатада детдомға өткізіп, өзі айтты:
— Рысқұл әкеңді іздеймін. Талас деген жерге барам деп. Coдан кейін келген жоқ. — Баланың аузы қисайып кемсеңдей бастады. Жаңа өзін ұрып-соғып жатқанда безірейіп, міз бақпап еді, енді жылайын деп тұр. Қайран ана!
— Мұнда қалай келдің енді?
— Әулиеатадағы детдомды Шымкентке көшірді. Шымкентте біреулер айтты: Ташкентте Рысқұлов Тұрар деген өкімет бар деп. Апам айтқан: Тұрар сенің көкең деп. Детдомнан қашып кеттім. Сізді қалай табарымды білмей жүр едім. Қарным ашты. Сөйтіп... — деп бала паранжалы әйел жаққа көзінің астымен қарап қойды.
— О тоба! — деді әйел. — Өкіметтің балалары да тентіреп, ұрлық істеп жүреді. Неткен заман — ақырзаман! Басқаларға не жосық!
Детдомнан қашқан баланың қарны ашқан. Аштық оның ілмиген көлеңкесі сияқты. Әулиеатада да, Шымкентте де, Ташкентте де сүмеңдеп соңынан қалмай қойды. Ал Ташкенттің базарында бетіне қалампыр сепкен аппақ тандыр нанның иісінен аш адамның басы айналып, ақылдан айырылар еді. Сатып алар қауқар жоқ. Содан көзі қарайған байғұс бала мына әйелдің себеттегі ақ нанына ілмиген арық қолын созған ғой.
Сөйтсе, ол Түркістанды «сұрап тұрған» әйгілі Рысқұловтың туысы екен. Өте ұят болған. Рысқұлов нан сатқан әйелден кешірім сұрады. Милиционерге айтты:
— Баланы мен алып кетемін. Бірақ бұл үлкен Ташкентте қарны ашып қаңғып жүрген жалғыз осы дейсің бе? Панасыз бала көрсең, детдомға өткіз. Қабылдамаса, маған хабарла. ТүркЦИК. Рысқұлов.
— Құп болад, жолдас Рысқұлов! — Милиционер қолын шекесіне көтеріп қалшиды да қалды.
* * *
Рысқұлов баланы әуелі моншаға апарып шомылдырып, тырнағына дейін өзі алып, шашын қырықтырғанда, байғұс жетім қабығын аршыған жауқазындай жайнап шыға келді.
Содан кейін Рысқұлов Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы Қабылбек Сармолдаевқа телефон соқты.
— Есіңде ме, Қабылбек, ана жылы екеуміз Төменгі Таласта менің әкемнің баласына барып едік қой. Иә-иә, білсең сол Рысқұлдың Ізбайша деген әйелі болған, яғни менің өгей шешем. Сол Ізбайша Рысқұлды іздеп төменгі Талас кетті деген хабар алып отырмын. Сұрастырып, іздеу салып көрші. Табылса — Ташкентке жеткізіңдер.
— Кешір, Тұрар, айтқаныңның бәрін істейін. Бірақ Рысқұлды іздегені қалай? — деп таңданды Қабылбек.
— Оны түсіну қиын, Қабылбек. Мүмкін, күйеуін тірі екен деп естіген шығар. Мүмкін, өлгенін біле тұра, жарының жатқан жерін көргісі келді ме екен, қайдан білейін. Әйтеуір, тірі жүрсе іздеп таптырғаның жөн болар еді, — деп өтінді Рысқұлов. Басқа ретте ресми мәселелерді бұйырып, тапсырып жататын Рысқұлов бұл жолы өз шаруасын тек өтінішпен ғана айтты.
Араға апта салып, Қабылбек Сармолдаев телефон соқты.
— Жақсы хабар айта алмай, қысылып тұрмын, Тұрар.
— Айта бер, қай хабарға да көнбіс қазақпыз, — деді Рысқұлов.
— Өзіңіз айтқан Төменгі Таласқа сұрау салмаған жеріміз жоқ. Ойық-ыстылардың айтуы бойынша, Рысқұлдың моласын құшақтап жатқан бір әйелдің денесі табылыпты. Аты-жөні белгісіз. Ешқандай құжаты жоқ. Содан бұл бишара бір жақыны шығар, тегін емес шығар деп, ойық-ысты әлгі әйелді Рысқұлмен қатар жерлепті. Мен білген хабар осы, Тұрар. Басқа ештеңе айта алмаймын. Көніліңе ауыр алма, жақсылықпен жолығайық, — деді ескі досы Қабылбек Сармолдаев.
* * *
Бала күнде кешке Рысқұлов қызметтен қайтқанда, ағасының аузын бағып, бір жаңалық күтетін. Соны сезген Рысқұлов шай үстінде былай деді:
— Апаң аман екен, Арман. Рысқұл әкеңді тауыпты. Бүгін маған Әулиеатадан хабарлады.
— Қайда? Қайда? Олар қайда? — деп бала ішіп отырған шайын төгіп алды.
Әлде шай төгіп алғанынан жасқанды ма, әлде анамның хабарын толық айт деп жалынды ма, әйтеуір, баланың түрі аянышты болатын.
Арманның алдын орамалмен сүртіп, басынан сипады да, Рысқұлов бір күрсініп, жауап айтты. Не айтарын білмей қиналып қала жаздап, қашанда қиыннан қияға өтетін әдетіне басып, жай ғана күлімсіреп қойды да, Рысқұлдың тар түрмені кеңітіп жіберетін қиялын әңгімеге арқау етіп:
— Олар қазір алыста, Арман, — деді. Көзі жасаурап еді, көзілдірігін тазалаған болып, ақ бәтес орамалмен сүртініп алды. — Басында мәңгі мұз жататын асқар-асқар таулар бар. Ол таулар көк аспанды тіреп тұрады. Сол шыңдарға кейде бұлттар барып қонақтайды. Ал тірі жан оған әлі шығып көрген емес. Тіпті ұлар құстың өзі мұз шыңдардан төмен жайылады. Ал сенің әкең Рысқұл Қызыл Жебе деген тұлпар мініп, ұдайы шың басына шығып жүреді. Жан-жағын заңғар таулар қоршаған аршалы, қарағайлы, жаңғақты орманнан арқар аулайды. Өмірі қуармайтын жасыл алаңда аршадан соққан күркесі бар. Сол күркенің алдында қызғылт қанат теңбіл торғай сайрайды. Таң алдында бұлбұл жырлап, ұлар шулайды.
Рысқұлов алдында отырған балаға көзі түсіп кетіп еді, Алматы түрмесінде Рысқұлдың әңгімесін тыңдаған дәл өзіне ұқсайды екен. Енді Рысқұлдың сол ертегін мына жетім бауырына қайталайды. Ертек айтып отырғанын ұмытып, өз сөзіне өзі нанып, өз қиялына өзі қызығып, қызынып алған екен.
Рысқұловтың айтуына қарағанда, Рысқұл мен Ізбайша ашаршылық болмайтын, күн суымайтын, қайғысыз, қамсыз, дау-дамайсыз, бәлесіз-жаласыз, қырсығы мен қиянаты жоқ; бірін-бірі аяқтан шалмайтын, біріне-бірі ор қазбайтын, арқар мен жолбарыс бірге жайылатын, жәннатты жайда жүріп жатқан көрінеді.
Жетім бала бұл ертекті шын көріп, кішкентай жүрегін сағыныш кернеп:
— Тұрар көке, біз де барайықшы сол жаққа, — деп мұңая қалды.
— Барамыз, Арман, асықпа, — деді Рысқұлов баланы басынан тағы сипап.
— Ия, қашан? — деді бала сенер-сенбесін білмей.
— Әлі көп жыл өтер, әбден қартаямыз, әкең мен шешеңді әбден сағынасың. Сонда барамыз, асықпа, Арман. Ал кәне, төсегіңе жат та ұйықта. Мен бірер сағат кеңсеге барып, жұмыс істеп қайтамын. Ұйықта. — Осыны айтып Рысқұлов түн ішінде ТүркЦИК-ке бармақ болып, киімін киіп, сұр маузерді төс қалтасына сала берді.
Ал Арман түсінде теңбіл торғайды көрді. Теңбіл торғай шыр етіп, балаға жол нұсқағандай, алдына түсіп ұшты да отырды...
Рысқұлов кешке жақын үйге бөтен әйелді ертіп кіргенде, Арман аузын ашып, көзі бақырайып, бейтаныс кісіге қадалып қарады да қалды.
— О-о, сен жалғыз тұрмайды екенсің ғой, Тұрар, — деді бейтаныс әйел Арманның сонша тесіле қарағанынан қысылып. — Саған ұқсайды өзі. Верныйда сен тура осындай едің, Тұрар.
— Мұның аты — Арман. Менің інім. Жақсы бала. — Рысқұлов Арманның қайсар қара шашын ұйпалақтап қойды. — Танысып қой, Арман. Мынау сенің жеңгең Наталья Алексеевна. Енді біз үшеу болдық. Түсіндің бе?
Бала міз баққан жоқ. Аузы сәл әнтек ашылған күйі, сол босаға жақта Наташадан көз алмай қатты да қалды.
— Неге сонша тесірейіп қарайды? — деп Наташа ыңғайсызданды. — Мені жатырқап тұр-ау. Орысша біле ме өзі?
— Білмейді, — деді Рысқұлов. — Ауылда өскен. Детдомнан қашып кеткен. Шын аты Арман. Детдомда Артур деп әлдекімдер жазып жіберіпті.
Наташа ойына әлдеқандай бір ғажайып ой түскендей аңырып, біp саусағын шошайтып тұрды да:
— Тұра тұр, Тұрар. Қалайша сенің інің? Сенің әкең сүргінге кетіп еді ғой. Қайтып келіп пе еді?
— Каторгадан қашып келген екен. Сол қашып-пысып жүргенде пайда болған бала ғой.
— Қазір әкең?..
— Жоқ. Он алтыншы жылғы көтерілісте мерт болған.
— Қандай аянышты, Тұрар. Е, орысша дым білмейді де. Сонан соң екен ғой, мені тосырқап тұрғаны. Ештеңе етпейді. Орысша өзім үйретемін. Ең алғаш біздің үйге келгенде сен де түк орысша білмейтінсің, Тұрар. Енді орысшаны менен жақсы сөйлейсің, Артурды да үйретеміз әлі. Бірақ неге сонша тесіле қарайды? Көзі oт шашады өзінің...
— Әлі-ақ үйреніп кетеді, — деп Рысқұлов Артурға бұрылды. — Тым тесіліп қарай берме. Ұят болады. — Наташаға бұрылып: — Енді бізге бұл жалғыз бөлме тар. Басқармадан қосымша бөлме сұрау керек. Көрші пәтер бос. Соны берер, — деді.
— Комиссар! — Наташа күміс қоңыраудай сыңғыр-сыңғыр күле сөйлеп, тырнағын қыналаған аппақ салалы саусақтарын Рысқұловтың қалың қара шашына сүңгітіп жіберіп, жүзігіне шаш ілініп, қайтып шығара алмай қалды. — Түркістан жұмсаң — жұдырығыңда, ашсаң — алақаныңда. Ал үйіңнің түрі мынау. Бүгін екеуміз қайда жатамыз? Жалғыз төсек. Оның өзі бір кісілік, бала жерге жатып жүр ме? Жарамаған екен. Құдай-ау, маған әлі қадалып тұр. Онысы несі?
Енді Рысқұлов ыңғайсызданды. Есіктің көзінен не былай, не олай жылжымайды.
— Артур айналайын, төсек салып жата ғой. Ұйықтайтын уақыт болды.
Бала ағасына қарсы келмей, әрең дегенде көзін Наташадан тайдырып алып, төмен қарап тұқшиды. Оған мына әдемі келіншек өзін ығыстыра келгендей көрінді. Бала да болса сезіп тұр: бұл үйде бұл артық. Жеңгең болады дейді. Артурға жеңге болу үшін Артурды ұғу керек қой.
Бірақ бұл баяғы Наташа болса, Артурды шетқақпайлатпас. Нәсілдік ауруы ұстамас. Өйткені Рысқұловтың өзін осы Арманның жасында көріп, қор тұтпай, іші бұрып, бірге оқып, бірге тұрып, ақыры бала достық түбі таусылмас, тат баспас тәтті арман, махаббатқа айналған. Рас, Рысқұлов Наташамен бас қосып, үй боламын деп көп үміт етпеген. Тек Наташа есіне түскенде жүрегі елжіреп, әлдеқайда биікке, әсемдік әлеміне қол созатын.
Егер Рысқұлов — Рысқұлов болып, оның есімі Түркістанның үстінде жарқылдап тұрмаса, Наташа оны іздемеуі де мүмкін бе еді? Енді Наташа Рысқұловты өзі іздеп келді де, Рысқұловтың кеудесінде бала шақтан көмулі жатқан бір жасу шоқ тұтанып ала жөнелді. Наташа сол бұрынғы Наташа болса, Артурды кемітпес. Бірақ Артурдың өзі адырайып, жабайы киіктің баласындай бауыр баса алмай тұр.
Ағасы барып Артурдың басын көтеріп еді, бір уыс маржан сау етіп төгілгендей болды. Бала үнсіз жылап тұр екен.
— Не болды, Артур? Неге жылайсың?
— Апам... — деп сыбырлады бала, мұрнын тартып. — Апама қайтам...
— Барасың дедім ғой апаңа. Әзір қоя тұр. Мен не, бөтенмін бе саған? Апам-апам дей қалыпты ғой. Апаңның өзі айтыпты ғой, Тұрар көкеңді тап деп. Ендігің не?
«Ә, рас екен-ау, апам сөйтіп айтып еді-ау» дегендей, бала жасын сүртіп, үн-түнсіз барып, көрпе-төсегін алып, ірге жаққа ұядай етіп салып, қабырғаға қарап, бүк түсіп жатып қалды.
Темір төсектің тұсына Наташа ақ сейсеп тұтып, шымылдық сияқтандырып қойды да, Рысқұловқа қарап қасқия күлді:
— Будуар дайын, менің қымбатты падишаһым, Шаһризадаң қасында.
Рысқұлов темір төсектің жақтауына келіп отырды. Наташа оның мойнына білектерін орай тастап, алдына жығылды. Екеуі осылай үнсіз-түнсіз құшақ жазбай ұзақ сүйісті. Көз жұмулы, көңіл мас сол бір шақта олар ақ сейсептің сыпырылып түсіп қалғанын да байқамапты.
Бір кезде Наташа шошып кетіп, жіңішке даусымен шар ете қалды. Рысқұлов басын Наташаның бетінен бұрып алды.
— Не болды?
— Анау, — деп Наташа жыламсырап Артур жатқан іргені көрсетті.
Бала көрпеден басын шығарып, Наташаға тесірейіп қарап жатыр екен. Рысқұлов үндеместен барып, бауырының басынан сипап, көрпесін қымтады да, білте шамды сөндірді.
Үнсіз қараңғыда ірге жақтан баланың көзі жасыл от шашқандай көрінді.
Рысқұлов ояна кетіп, бауырына тығылып жатқан Наташаның шашын сипады. Төсектен төмен қарай алтын толқын сусылдай төгіліп тұр екен. Рысқұлов басын жастықтан жұлып алып, төсектен төмен сауылдай төгілген алтын толқынға сұқтана қарады. Мұншама баға жетпес қазына түні бойы құшағында жатқанына бір реттен пендешілік жүректен мақтанып, насаттанып та қалды. «Арты жақсылық болғай, насырға шаппаса екен» деп күдік те қылаң берді.
Тар төсекке екі адам еркін симай, Рысқұловтың оң қолы, көрпе сырғып ашық қалған екен, суық қармап, зіл тартып тұр. Оны елегісі келмесе де, жанға әжептәуір батқанын байқайды.
Сол ауырсынған қолымен Наташаның сусыған шашымен ойнап жатып, келіншектің кішкентай сүйкімді құлағының ұшындағы бұршақтай бриллианты бар алтын сырғаға көзі түсті. Құшағында жатқан бай әйел, басқарып отырғаны ашыққан кедей ел. Қырылып жатқаны қанша...
Тағдыр Рысқұловқа дүниенің ойхой қызығын там-тұм ғана бұйыртқан: тұңғыш рет көңілі сүйген сұлу әйел құшағында жатқанның өзін көпсінгендей, Рысқұловты ашаршылық айбыны өкшелей іздеп, қызықты түннің іргесін тінтіп ашып, жалаң сайысқа шақырып тұр. Бриллиант еске соны салды.
Наташаның арайлы көркіне сүйсіне қараса да, көңілін бір көлеңке көлегейлей береді. Екеуінің қосылуы заңды, некелі болса да, осы қызық опасыз, аз күн дәурен сияқты көрінеді. Көкейіне шымырлардың:
Көкала үйрек,
Қанатын сүйреп,
Ұшады-ау Билікөлден
Түйдек-түйдек, —
деген әні оралды.
Әшіркүл, Зейнеп,
Отырмын сөйлеп,
Бұл қызық өтер-кетер
Өйдеп, бүйдеп...
Наташа баяғыда Рысқұловқа аспандағы жұлдыздардың біріндей көрінген. Оны аңсау, армандау болды, ал жетемін деп сене бермейтін.
Сол жұлдыз Рысқұловтың қолына өзі келіп қонды. Бәрі тым оңай, тым жеңіл шешілген сияқты.
Рысқұлов өзінің жиырмадан енді асқан ғұмырының ішінде ешқашан да оңай жеңіске жетіп көрген емес. Жеңістерге жететін, бірақ сол жолда аяусыз тер төгетін, тіпті басын оққа байлаған кездері де болған.
Жеңістің дәмі ылғи да тәтті ғана емес, кермек те келетінін Рысқұлов жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де, мына қойнында жатқан ғажайып қазына — ұйқыда бір көрген тәтті түс сияқты ғажайып болатын сияқты көрінеді.
Және бұл екеуінің қосылуы әзірше жалпақ елге жариясыз жасырындау. Рас, Рысқұлов өзінің үйленетіні жөнінде Крайком мен ТүркЦИК-ті құлақтандырған. Ал той жасамады. Жасамағаны — сараңдығы емес. Кезең сондай еді. Ел аштан қырылып жатқанда, бұл асыр-тасыр той жасап жатса, оба кезіндегі мереке сияқты болар еді де.
Осы таяуда төраға Кушекин төтенше комиссар Кобозевтің Мәскеуден келу құрметіне деп қонақасы бергізді. Дастарқанға қымбат коньяк, алқалы шарап, қырғауыл еті, тіпті бөдененің етіне дейін қойылыпты. Кушекин бар және біраз жолдастар тіпті бейбітшілік пен молшылықтың теңізінде малтығандай, ақ түйенің қарны жарылғандай мамыражай.
Рысқұлов жеңіл шарапқа ернін сәл тигізді де, басқа тағамға қол созбай отырып қалды. Соны байқаған сұңғыла ақылды адам Кобозев:
— Жолдастар, бұл дастарқан менің Түркістанға келу құрметіме емес, «Орынбор тығыны» атылғаны үшін, Орынбор майданында жеңіске жеткеніміздің құрметіне деп бағалайық. Жеңіс құтты болсын, жолдастар! — деп әңгімені әрлендіріп әкетті. — Ендігі жерде Орталық пен Түркістан арасында тығыз байланыс орнайды. Көп кешікпей Фрунзе бастаған майдан Түркістанды жаудан мүлде тазартады. Енді басмашылар да, ағылшындар да, атамандар да бізге аса қауіпті емес. Ендігі қауіп — аштықпен арпалыс. Егер сіздер айып көрмесеңіздер, мына дастарқан үстіндегі мол тағамды аш балаларға үлестіріп берейік. Меніңше, Рысқұлов жолдас та осыны қалайды.
Рысқұлов әрине қалайды. Рысқұлов онсыз да: Адамдар аштан қырылып жатқанда тамақтарыңнан бұл дәм қалай өтеді, найсаптар! — деп айқай салуға әрең шыдап отырған.
Наташамен қосылу тойын өткізе алмайтыны сондықтан. Мұны Наташа да түсінген.
— Тұңғышымыз болғанда екі тойды біріктіріп өткіземіз, — деген ол Рысқұловты құшақтап тұрып.
— Тұңғышымыз туғанда, жер жарылқап, ел тойынып, жеңіс туы желбіреп, береке кірсе — алыс-жақын, ағайын-туған, жора-жолдастың бәрін шақырып той жасаймыз, жұлдызым, — деп Рысқұлов ұйқылы келіншектің үлбіреген ақтамағын иіскеледі. Наташа оянып кетіп, көзін кең ашып, күйеуіне таңдана қарап, кенет атластай жұп-жұмсақ қос білекпен Рысқұловтың мойнынан қапсыра құшақтап, қатты қысып, бауырына тартты. Бірақ тез сытылып, шымылдық міндетін атқарып тұрған ақ сейсепті түріп, арғы ірге жаққа қарап-қарап жатты да:
— Жоқ! — деп шошына айқайлап жіберді.
— Не? — деп Рысқұлов та атып тұрды. Баланың жатқан орны бос екен.
— Артур! — деп дауыстады Рысқұлов.
Жауап болмады.
— Жар дегенде жалғыз қайның, — деді Рысқұлов.
— Сенің бала кезіңнен аумайды. Сол сенің өзің шығарсың, Тұрар? Біресе бала болып кетіп, біресе есейіп көрінетін шығарсың сен? Қорқамын, — деді Наташа.
— Қайдағыны айтпа, — деп күлді Рысқұлов. — Далаға шыққан шығар...
Кушекин көмекшісіне Успенскийді шақыруды бұйырды. Эсер Успенский ТүркЦИК төрағасының орынбасарларының бірі, әрі Ерекше бөлімнің бастығы болатын.
Көп күттірмей-ақ Кушекиннің кабинетіне сұңғақ бойлы, бір аяғын шамалы сылтып басатын, селдіреген бурыл шашын жылмита қайырған, ақсұр түсі суық кісі жорта жымиып:
— Ассалау-мали-кум! — деп кіріп келді. Тіпті еуропалықтардың өзіне әдейілеп мұсылманша амандасушы еді. Бұған сәлемші де, сәлем қабылдаушылар да мәз болып күліп алатын. Бұл жолы Кушекин ләм-мим деместен қызыл шекелі радиограмма қағазын ұсына берді. Онда: «Срочная. Правительственная» деген жазуға Успенскийдің көзі алдымен түсті. Бір рет мәтінді түгел желдірте қарап өтті де, басынан бастап қайтадан әр сөзіне қадалып, тағы оқып шықты. Радиограммада:
«Коммунистердің Орталық Комитеті Түркістан республикасы Кеңестерінің Орталық Атқару Комитетіне және коммунистердің Өлкелік Комитетіне мынаны хабарлайды: VIII съезд қабылдаған Коммунистік партияның программасы негізінде, жұмысшы-шаруалар өкіметінің Шығыстағы саясатының мүдделеріне сай, партияда бар-жоғына қарамай, мұсылман жұмысшы ұйымдарының ұсыныстары бойынша, Түркістанның жергілікті халықтарының өкілдерін халық санына қарай мейлінше тепе-теңдік сақтап, мемлекет басқару ісіне тарту керек.
Өлкелік Мұсылман ұйымдарының келісімінсіз мұсылман қауымының мал-мүлкін реквизициялау тыйылсын, ұлттар араздығын тудыратын әрекеттерден аулақ болыңыздар.
Түркістанның алдыңғы қатарлы революциялық кадрлары, орыс пролетариаты өзінің революциялық парызын өтейді, Орталық өкімет белгілеген шараларды іске асыруға бар мүмкіндікті пайдаланады, оларды жүзеге асыру жолындағы қиындықтарды жеңіп шығады деп сенеміз.
Осы тапсырмалардың орындалу барысы партияның Орталық Комитетіне хабарлансын:
Ленин, Сталин».
Радиограмманы сіз екеумізден басқа ешкім оқыған жоқ, — деді Кушекин екі қолын алдына салып, тұқшиып отырған күйі. — Ал мұндағы жағдайларды Рысқұлов пен Кобозев талап етіп жүргелі қашан. Орталық Комитеттің бұл құжатты Түркістанға арнайы жолдауына қарағанда, Рысқұлов — Кобозевтердің әрекеті болуы да мүмкін. Сірә, хат түсірген болар. Кобозев көпе-көрнеу теріс жолда, Рысқұловтың жетегінде кетті. Бұл екеуін қалайша сүріндіруге болады? Екеуінен де құтылған жөн. Қандай ақыл айтасыз?
— Радиограмманы әзір жарияламай қоя тұру керек. Жарияласақ, Рысқұловта, Кобозев те жалынан ұстатпай кетеді. Бұларға, ең дұрысы, ауыр айыптар тағу керек те, радиограмманы содан кейін жариялату керек, — деді Успенский қысылмай-қымтырылмай.
— Ол айыптарды сіз көз алдыңызға қалай елестетесіз? — деп Кушекин көздері майқабақ астымен сызаттана жылт етіп, басын көтерді.
Менде біраз материалдар бар, — деді Успенский астыңғы ернін саусағымен шұқылай тұрып. — Рысқұловтың бұрынғы ояз Колосовский қызына үйленгенін білетін шығарсыз? Иә. Бұл таптық позицияның шатқаяқтап тұрған шағы. Сол әйелдің бөле ағасы кешегі Осипов оқиғасының бел ортасында жүрген Приходько деген бұрынғы ротмистр. Қазір түрмеде отыр. Рысқұлов өзінің қайын енесіне, яғни патшаның Черняев уезіндегі бұрынғы бастығының әйеліне Манкент учаскесінен жер бергізген. Бұл қалай ұнайды сізге? Түсінесіз бе, бұрынғы ояз Колосовскийдің әйеліне! Ал генерал Колосовский Ашғабад бүлігіне қатысты емес пе?!
Кушекин қуанғаннан екі алақанын былқ еткізіп бір-біріне соқты да, бір-біріне үйкелеп орнынан түрегелді. Жанарына ұшқын пайда болды. Успенскийдің жанына барды, Успенскиймен бой теңестіріп қатар тұру Кушекинге тиімді емес еді. Қасы мен кірпігі ақ көбелек шошып ұшқандай жалп ете қалып:
— Успенский! Сіз данасыз, — деді.
— Түк те даналығы жоқ, кәдімгі жұмыс.
— Қойыңыз, қойыңыз. Қарапайымдылық тек қайыршыларға жарасқан. Тым қарапайым бола бермеңіз. Ал енді мынаны тыңдаңыз: әлгі ротмистр Приходько түрмеден қашатын болсын. Оған Рысқұлов ықпал еткен болсын. Бұл бір. Айтпақшы, осы Рысқұловтың туыстары қай уезде көп?
— Рысқұловтың туыстары барлық жерде де бар.
— Ал дәлірек айтсақ...
— Дәлірек айтсақ, Черняев, яғни Шымкент уезінің Майлыкент болысында әкесі туған. Верный губерниясында өзі туған. Әулиеата уезінің Меркесінде оқыған. Әулиеата Уездік атқару комитетінің төрағасы болған...
— Ол белгілі... Негізі сонда Шымкент, Сайрам жағында болды ғой.
— Түлкібас, Майлыкент болысы, дәлірек айтсақ.
— Айтпақшы, сол Майлыкенттің болыстығына Рысқұловтың жақындарының біреуін сайлаттыруға болмас па екен? Байқап көріңізші. Бұл екі.
— Неге болмасын?! Болдырамыз.
— Міне, осы екі тапсырма орындалса, ар жағын көре жатамыз, Успенский. Сонымен радиограмма әзірше жарияланбайды. Есіңізде болсын: оқыған екеуміз ғана! Сыбыс шығып кетіп жүрмесін. Мұндағы «ұзынқұлақтың» лезде тарап кететінін білесіз ғой. Сау тұрыңыз, Успенский! Жолыңыз болсын!
Кушекиннің топ-толық, тырбық саусақтары Успенскийдің салалы қолына көміліп, көрінбей кетті. Успенский оның былқылдақ қолын қаттырақ қысты.
V
Майлыкент болысы мәңгі өзгерместей көрінетін. Бірақ мәңгілік еш нәрсе жоқ екен. Тіпті Дауылбайдың өзі болыстықтан түскен соң, еш нәрсеге дауа жоқ. Бірақ Дауылбайдың қолынан мөрді оның немере інісі Қорабек алды. Бұл енді Кеңес болысы. Қорабек жөндемдеу, орта шаруа, шіріген бай емес, кедей табына бір табан жақын деген саясат.
Қорабек болыс болғаннан елдің жолы болған жоқ: аштық деген ақикөз ішін тартып ысқырып тұр еді. Аштықтың салдарынан жамиғат арасында әр алуан індет іргеден сығалай бастады. Сол қасіреттің ең бір қаһарлысына баяғы Молдабектің Оразбағы ұшырады, Рысқұл ағасы Сібірге сүргін салысымен-ақ Молдабектің жолы шатты-бұтты болып, шаңырағы шайқалған шағы. Шатысып, туған жеңгесі Ізбайшаға қосылды. Кейін Ізбайша ұшты-күйлі, зым-зия кетті. Молдабек өз масқарасын өзі көтере алмай құсалықтан өлді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен деген заманда, оның өлімі — жыртыссыз, жырғалыссыз, жылаусыз, тым елеусіз өлім болды.
Ал енді Молдабектің Оразбағы Рысқұлдың Тұрарымен түйдей жасты — жиырманың бесеуіне енді шығып еді ғой. Самал түсіп, мұрны сәңкиіп қалды да, құрым киіз төселген құжырадан шыға алмай, қартайған шешенің мойнында масыл болып отырған.
— Қайран, қайнаға болса, таудан аю атып әкеліп, өтін алып берсе, самалың жазылып кетер еді, қайтесің, сорыңа қарай Рысқұл жоқ, — деп шешесі қай-қайдағыны қоздырады. Рысқұлды аңсап айта беретіні — ол болса, Молдабек Ізбайшаны алып адасқан еді деген де дерттің күйік лебін шығарып-шығарып алғандағысы.
Әрі ауру айналдырған, әрі ашыққан Оразбақ үйшігінен шықпай, дүниенің жүзін көрмей, тірі қалуға әрекет те етпей, өлсем өлейін деп, сонау соңғы сапарға бет түзеп, іргеге қарап бүк түсіп жатқан кезі еді.
Сондай сорлы күндердің бірінде шабарман келіп:
— Оразбақ, болыс шақырып жатыр, бол жылдам! — деді. Болыс шақыртқаннан сужүрек болып қалған анасы:
— Оразбақ науқас қой. Неғыласыңдар әурелеп... Баяғы Рысқұл қайнағаның шатағы ма тағы да? — деп без-без етті.
Шабарман шатынай түсті:
— Мен білмеймін. Алып кел деді, алып барам! Оразбақсыз кетпеймін.
— Е, жасаған, жар бола гөр, — деп шешесі байғұс баласының үстіне барын кигізіп, үсті-басын қағып, қағаздай тазалап, Майлыкент болысының ордасына кетіп бара жатқан баласының соңынан көзі талғанша қарап тұрып қалып еді. Кемпір артына бұрылса, топан судан кейін індерінен сүйретіліп шыққан сал суырдай болып, үйлерінің іргесінде Ахат шал, қалтырауық Үсіп, Шыныбек, Дәу Омарлар тұр екен.
— Уа келін, Оразбақты қайда алып кетті? — деп сырылдады Ахат қызылжиек көзін ілмиген саусақтарымен көлегейлеп тұрып.
— Болыс шақырады дейді. Қорқып тұрмын.
— Қорықпа, келін. Тұрар бар ғой.
— Дарияның ар жағында бір сиыр бес тиын дейді. Құрысын, әкелуі иттен қиын дейді. Сол сен сиына беретін Тұрарыңнан мына бізге не пайда? Не жақсылық көрдік? Баяғыда ырғайдай мойныңа салып көтеріп жүруші едің сол Тұрарды. Енді «Ахат тірі ме, өлі ме», — деп те сұрамайды, — деп табалады Дәу Омар.
— Е, жазған Омар, сен сөйтесің, — деп күрсінді Ахат. — Қайдан білейін. Ел билеген оңай емес, сәті түспей жүрген шығар. Тұрар Түркістанды билеп тұр ғой, — деп Ахат үйіне кіріп кетті.
Дәл соның алдында Шымкенттен келген уездік совдептің уәкілі Қорабек болыспен салқын сәлемдесіп болар-болмастан, бірден:
— Мұнда Тұрар Рысқұловтың ең жақын туысы кім? — деп сұрақты төтесінен қойды.
Қорабек ары ойлап, бері ойлап, есіне жөнді ешкімді түсіре алмады. Түсірер де ме еді, Рысқұловтың туыстарын түстеуден гөрі, олардың мына уәкілге неге керек болғанын көбірек ойлап, көңілі алаң, ойы шала шықты. Рысқұл әулеті деген Дауылбай әулеті үшін кісі орнына жүре бермейтін. Сондықтан кім бар, кім жоқ деп мән беріп жатпап еді. Кім жақын екенін ақыры ескі болыс Дауылбай еске әрең-мәрең түсірді.
— Кім бар Рысқұл әулетінде? — деп кергіді Дауылбай шал. — Тозған әулет қой, әйтеуір. Әруақ-Құдайдың қарғысына ұшыраған дей ме, байғұстар. Анау әлгі Тұрар дегені бір жерде нәшәндік дей ме?
— Бір жерде нәшәндік емес, ТүркЦИК төрағасының орынбасары, Мусбюроның төрағасы, Крайком президиумының мүшесі. Бұл аз ба сізге? — деп уездік совдептің уәкілі ескі болысты біраз езгілеп алды. — Онан да ең жақыны кім, тезірек соны айтыңыз!
Ескі болыс Тұрардың кім екенін, әрине, біледі. «Қарадан шығып та хан бола береді екен-ау, тоба, — дейтін ол оңаша ой тербелісінде. — Бұл кәтәржіннің баласы қайда жүріп қатарға қосылып, бас болуға жарап қалды?»
Ескі болыс өзіне-өзі өте қиын сұрақ қояды. Жегенге тоқ, ішкенге мәз болып жүре бергенше, кезінде балаларымды бекер оқытпаған екем де деп опық жеді. «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп», — деп еді-ау атам қазақ. Өзім шығанға шығып отырып алғанша, жан-жағымды биіктетпеген екем де, қысылғанда ықтасын болатын.
Ескі болыс осылай күйзеледі. Ал қазір Совдеп уәкілі алқымынан алғанда қорланса да, бір нәрсеге қуанды, табалай қуанды. Түркістанның тұтқасын ұстап тұрған Тұрар Рысқұловтың да ауыз толтырып айтар туған-туысқаны жоқ екен. Әрине, Тұрарда туысқан көп екенін, исі қазақ қана емес, көптеген өзге халықтар да туысқан екенін пайымдар еді ғой.
Ескі болыс уәкілдің екпінінен еңсесі басылып, кіржиіп отырып:
— Әлгі Молдабектің баласы Оразбақ деген бар. Ең жақыны сол. Былай, шырағым. Рысқұл мен Молдабек бір туған. Молдабектің баласы Оразбақ. Одан жақыны жоқ, — деп еді.
Совдептің уәкілі:
— Шақырт онда сол Оразбақты! — деп бұйырған Қорабек болысқа. — Осы Майлыкент болысының бас көтерер азаматын, ақсақалдарын түгел шақырт!
Мұның бәрі ескі болысқа да, жаңа болыс Қорабекке де жұмбақ көрінсе де, уездің уәкілі пәрмен беріп тұрған соң амал жоқ, ауылнай шабармандарын атқа қондырып, жан-жаққа шаптырды.
Уәкіл болыстың шақырған шайына бармай, бау-бақшаның ішінде, жаңғақ ағаштың түбінде, текеметтің үстіне теріс қарап жатты да, жұрт жиналғанша, ұйқыға кетті. Ұйықтар алдында тапаншасын белінен шешіп алып, жастығының астына тықты.
Түгіне түсінбеген Күмісбастау күбір-күбір күңкілдесуден аса алмаған. Датқалықпен болыстықтың тағы құламаған Күмісбастау ұлықтардың неше алуанын көрген. Бірақ мына уәкілдей қырсығын көріп-білген емес. Кеңес өкіметі орнағалы да екі жылға айналып барады, еш белсенді мұндай тұлданып көрген жоқ.
«Сақтықта қорлық жоқ» деп ескі болыс жаңа болысқа сыбырлап: «Шымкентке кісі шаптыр, Совдептің төрағасына адам жібер. Мына уәкіл соның пәрменімен келіп жатыр ма, әлде өзінше бопсалап жүрген жәдігөй ме?» — деді.
— Бұл уәкіл өз бетінше келіп жатқан жоқ, — деді Қорабек созалаңдата күрсініп. — Совдепте істейтіні рас. Және екі милиция ерткеніне қарағанда, уәкіл екеніне шүбә жоқ. Неде болса, көріп алайық. Көпе-көрнеу қылмысымыз жоқ. Аққа Құдай жақ.
Рысқұловтың туысқанын сұрастыруда не сыр бар? Әлде соның жақынын болыс қоймақ па? Сонда Оразбақты ма? Оған халық көне ме? Ескі болыстың аузына Оразбақ түскені қандай оңды болған. Ол бишара білімсіз екені өз алдына, бет-пішіннен де кем ғой. Ертең Рысқұлов өзі күлкі болады ғой.
Ескі болыс пен жаңа болыс өздерін осылай жұбатып, әліптің артын бақты.
* * *
Күмісбастау еңсесінен ойпаңдағы ауылдар, арал-арал талдарақтар, көгерген егінжай көрінеді. Алыста көлбей түсіп Қаратау жарықтық жатыр. Қаратау мен Алатауды жалғастырып, Боралдай, Құлан, Жабағылы таулары көрініп тұр. Қатарынан екі жыл соққан қуаңшылықтан сансыраған Түлкібас атырабы сүзектен сүлдесі қалған адамдай мең-зең. Жердің жұмағы деген Түлкібастың өзін құрғақшылық ұрып, жапырағы жайқалмай, аңызақ аңырап, тандыры тартылған соң, басқа жерге не шара?
Әйтеуір, шөптің тамырын қазып жесек те өлмеспіз, түстікте тым болмаса шөп табылар деп үміттеніп, Арқадан, ылдидан ауған аштар Түлкібасқа жетіп жығылып, үміті ақталмай, жантақ тамыры да табылмай, талайы жер жастанды.
Мыңда бір тәуба, биылғы көктем шырайлы. Екі жыл қысыр қалған ақ шел аспан биыл балпия буазданып, сәуірде жаңбыр молықты. Өкіметтің көмегімен себілген азын-аулақ егістік зүміреттей жәудіреп тұр. Бірақ ел әлі пісікшілікке ілінген жоқ. Пісікшілікке бір ілінсе, оңалып кететін түрі бар. Жаңа азық піскенше, тым құрыса дүмбіл тартқанша, енді ай шамасы керек шығар. Халық соған шыдаса, соған жетсе. Бір ай...
Болыс шақырады дегенге, ауқат үлестіреді деді ме, кеудесінде шыбын жаны бары қалмады. Ілбітіп балаларын алып келгендері де бар. Болыс, сірә, бәріне бас тартатындай, елдің ақсақалымыз дегендер алдыға қарай ұмтылды.
Жасыл түңкелі, жалпақ ақ үйдің ық жағында, өрігі гүлдеп тұрған баудың ішінде, Майлыкент милләтінің құрылтайы ашылды. Бәрін басқарып, билеп-тестеп тұрған уәкілдің өзі. Бет-аузының қорасан дағы бар, бір шұңқырына бір-бір бұршақ сыйғандай бұж-бұж қара жігіт.
Ал, халайық, қалай, қарның аш па? — деп төтесінен салып, аузын ашқанда жарқырап алтын тісі көрінді.
Төтенше сұраққа аш бола тұра: «Ашпыз», — деп айтар ауыз табылмай қалды.
— Әрине, ашсыңдар, — деп көпшілік үшін уәкілдің өзі жауап берді. — Ал араларыңда тоқтар бар ма?
— Бар ғой, бар ғой, — деген дауыстар елегізіп естілді.
— Әрине, бар. Кешегі бай әлі бай. Байларға жақындар да бар.
— Ал сіздер Түркістан республикасы бойынша аштықпен күрестің төтенше комиссары Тұрар Рысқұлов қол қойған заңды Білесіздер ме? — деп шүйілді уәкіл.
— Жоқ, айналайын, ол қандай заң?
— Әрине, білмейсіздер. Өйткені ол заңды мына Қорабек болыс жасырып отыр. Іс жүзіне асырмай отыр. Ол заңда айтылған: байлардың мал-мүлкі, астығы аштарға үлестіріліп берілсін делінген. Аш-жалаңаштарға барынша көмек көрсетілсін делінген. Соны істеді ме мына болыс?
— Жоқ, бұйырмасын, жоқ! — деп шар ете қалды өз несібесін ұрлатып алғандай бір байғұс.
— Ырымға бұйырмасын!
— Айналайын Тұрар-ай, айтқан-ақ екенсің ғой.
— Елің үшін еңіреген-ақ екенсің ғой!
— Тоқта, шулама түге! — деп айқайлады уәкіл. — Орталық өкіметтің пәрменін орындамай, халыққа қастандық жасаған Қорабек Тайтелиев орнынан алынсын дегендерің қол көтеpiңдер!
— Көтер!
— Көтер! — десіп бірін-бірі түртпектеп, жиылған жұрт түгелге таяу қол шошайтты.
— Бұл заңсыз! — деп Қорабек жаны алқымға келгендей айқай салды.
— Сіздің елді ашықтырғаныңыз заңды ма? — деп уәкіл оны жанды жерден ұстады. — Қолдарыңды түсіріңдер. Қорабектің орнынан алынуына кім қарсы, қол көтеріңдер. Біреу, екеу, үшеу. Ә, міне, Қорабек болыс қорғаған байлар, міне, осылар...
Уәкілдің мына сөзінен соң, әлгі сирек қолдардың өзі лезде құлап қалды.
— Сонымен, Қорабек Тайтелиев қазірден бастап болыс емес. Мөрді тапсырыңыз, Қорабек!
— Жоқ, тапсырмаймын. Бұл заңсыздық. Мен әлі өкіметке шағым айтамын, — деп Қорабек оңай құлағысы келмеді.
— Онда күшпен тартып алып, өзіңді абақтыға жаптырамыз. — Уәкіл екі иығында тұрған екі милиционерге кезек-кезек қарап қойды.
— Ойбай ерегіспе, — деді әккі болған ескі болыс.
Қорабек ішкі қалтасынан мөр емес, өз жүрегін жұлып алып тұрғандай көп қиналды. Ақыры ақ шүберекке оралған мөрді алып та шықты.
Уәкіл оны дөрекілеу жұлып алып, сөмкесіне сала салды да, сөмкені алақанымен сартылдатып тұрып:
— Ал, жамиғат, енді жаңа болыс сайлаймыз. Ел болған соң, сол елді басқаруға лайық ерлер де жоқ емес. Анау болсын, мынау болсын деп дуылдасып, дауысқа салып, шар санап жататын уақыт жоқ. Бізге жедел іске кірісетін, әлгі айтылған өкімет заңын бұлжытпай іске асыратын адам керек. Өзі кедей таптың өкілі болғаны абзал. Ондай адамды уездной совдеп сіздердің ықыластарыңызға ұсынады. Ол бөтен емес, бөгде емес, өз бауырың. Әрі десе, халқымыздың ардагер азаматы, Түркістан республикасының басшысы Тұрар Рысқұлұлының туысы — Оразбақ Молдабекұлы.
— О-о-о! — деген дыбыс жаппай ыңырана шықты. Халық сеңдей соғылысып, екеу-екеу, үшеу-үшеу, гу-гу әңгіме, ию-қию аласапыран болды да кетті. Тіпті аштықтан ыңыршағы айналып, әлі кеткен адамдардың өзі сайлау дегенде делебесі қозып, ауылжақ ауру қалмай, ана ру ананы, мына ру мынаны ауызға ала бастады.
Уәкіл сасайын деді. Шымкентке Ташкенттен арнайы келіп жатқан Успенскийдің тапсырмасын орындай алмай қайтса, абыройдың аллауақпар болғаны. Успенский деген сөз — ТүркЦИК деген сөз. ТүркЦИК болған соң, Успенский өзінің атынан емес, Тұрардың атынан тапсырды ғой. Ал егер бұл істі абыроймен аяқтап шықса, уәкіл Шымкенттен Ташкентке, республикалық өкіметке қолы жетейін деп тұр ғой.
Уәкіл айқайлап жіберді:
— Уа, жәмиғат, халқымыздың сардары Тұрар Рысқұлұлын сыйлағаның Оразбақты да сыйлайсың. Тұрар халық қамын жеп, соның жоғын жоқтаған асыл азамат. Оразбаққа қарсы болғаның — Тұрарға қарсы болғаның. Оған қайтіп дәтің шыдап қарсы шығарсың? Қане, Оразбақ Молдабекұлы, бері кел, бері таман!
Ағайын-туғаннан, жалпы адам атаулыдан іргесін аулақ салып, ел-жұрттан өзін-өзі аластап, жұрт көзіне көріне алмай пұшайман болып, мұрнына түскен құрт жанын да жегідей жеп, тіршілік алданышын талақ тастап, өмірге енжар қарап, үйшігінен шықпай, өлім күтіп жатқан Оразбаққа ойламаған, үш ұйықтаса түсіне кірмеген батпан бақыт басына келіп қонғалы тұрғанда, Оразбақ өзінің әлі адам екенін, тіпті көптің бірі емес, көсемі болайын деп тұрғанын сезінгенде, өзгеріп сала берді. Сәңкі мұрнын таңып тастаған ақ шүберекті түзеңкіреп қойып, ширақ басуға тырысып, тіпті дік-дік етіп, уәкілдің жанына жетіп-ақ барды. Әуелі уәкіл оның кепиетін көріп, сасып қалды. Лезде есін жиып, сыр бермеуге тырысты. Оның қазіргі халі өзеннен өтіп алып, көпірді өртеп жіберген адамның сыңайындай: шегінуге жол жоқ еді.
— Қане, Оразбақ болыс сайлансын дегендерің қол көтеріңдер!
Көз көрсе, жүз ұялар, жұрт жабыла қол көтерді.
— О, аруақ! О, қасиетті бабаларым! Сай-сүйегің сырқырады-ау! Соноу Қоқаннан бері басынан бағы, астынан тағы таймаған қайран Тайтелі әулеті! Бұл қалай болды?! Бұл не заман?! Ақырзаман! — деп Қорабек Алатаудың шыңдарына қарап қос қолын жайып, тізерлеп отыра кетті. Бабалары Алатаудың шыңдарына айналмаса керек, заңғар биіктер селт еткен жоқ.
Аруақты сыйлаған қазақ, Қорабек бабаларды ауызға алғанда кәдімгідей босаңсыды. Әлгіде неге қол көтердік дегендей, Қорабекке қарай алмай, ақырын-ақырын ың-шыңсыз жылжып тарай бастады.
Қорабектің көзінен балқыған қорғасын тамшылап тұрды.
* * *
Сөйтіп, «мата даңқымен бөз өтеді, ата даңқымен қыз өтедінің» кері келіп, ойда жоқта Оразбақ болыс одыраңдап шыға келді.
Ел шулады:
— Елу жыл бойы: Қоқанның тұсында да, Некалайдың тұсында да, Керенскийдің кезінде де, тіпті Кеңес өкіметі келгенде де қолынан туы түспеген Дауылбай әулетінің тақтан құлағаны — ненің нышаны?
— Жақсылық па? Жамандық па?
— Әй, өзі де Сәлік-Сарыға тізесі қатты батып еді: жер аударып, елден бездіріп жіберіп еді, кезекті дүние деген осы. Енді Дауылбай әулетінің топырағын суырып, күлін аспанға ұшырады әлі бұл Сәлік-Сары.
— Түркістанда Тұрар отырғанда, енді Дауылбайдың күні батты.
— Тұрар, Тұрар дейсіңдер. Тұрар әділ болса, аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін деп өзінің татымсыз туысқанын болыс сайлаттыра ма?
— Өшір үніңді, ойбай! Оразбақ естісе оңдырмайды.
— Күні кеше кебісім жатқан жерге жолай алмайтын Оразбақтан бүгін қорқып үнімді өшіргенше, қара жер қақ жарылып өле кеткенімнің өзі артық!
Әйтеуір, таққа қонған соң ақымаққа да атқосшы табылады. Оразбақты марапаттап, қошаметтеп қопаңдағандар да табылды. Оның кебі күні кеше Дауылбай-Тәйтелі әулетінің отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер еді. Қожанасырдан сұрапты дейді: «Қожеке, досыңыз көп пе, қасыңыз кеп пе?» — деп, Қожекең: «Мен тақтан түскен күні белгілі болады», — депті. Сол айтқандай, күні кеше Қорабектің жолында құрбандыққа шалынып кете жаздап жүргендер бүгін жалт беріп шыға келді.
Оразбақтың өз бетінше билік құрмақ тұрмақ, аяқ астындағы айқын жолдан тапа-тал түсте адасып, жөн тауып жүре алмайтынын білетін әккілер лезде аталық міндетін атқарып, жаңа болысқа ақылшы болып шыға келді. Соның бірі — бұрынғы болыс Қорабектің тілмашы Қырбас болатын. Жасына жетпей шашы көк көдедей үлпілдеп қалған, сақал-мұрттан тып-типыл көсе, реңі сырлап қойған қоңыр тақтайдай, дүрдік ерін, таңқы танау, пысықай жігіт еді. Шымкентте бірер жыл оқып, орысшаны үйренген. Атқа мініп жүргенде еңгезердей көрініп, жерге түскенде аласарып қалатын: кеуде тұрқы келіскен де, белден төмен қарай қушитып, маймақ етіп жаратқан. Сондықтан ол қазақ дәстүрі бойынша аттан түсіп амандаспай, кіріптар болмаса, ат үстінде тұрып қол ұсынатын.
Оразбаққа алдымен тілмаш керек, хатшы керек. Оразбақтың орысшасы жоқ. Мұсылманшасы да мардымсыз. Мұсылманшаға баяғыда Ахат ақсақал қанша миына құйса да, үйрете алмай қойған. Сол Ахат Оразбақтың болыс болғанын естігенде қатты ренжіді.
— Ойбай-ау, қуанбайсың ба қайта! Құдай өзі берген бақты басқа тепкен неткенің?! Осы Ахат көкем-ақ кері тартады да тұрады, — деп Дәу Омар жорта бұрқылдаған. Сонда Ахат демігіп, даусы қырылдап отырып:
— Бақ шіркін адасып барып ақымаққа қонса, несіне қуанайын. Оразбақ алдымен Тұрарды, одан соң бүкіл Сәлік-Сарыны ұятқа қалдырар. Мен содан қорқамын. Оразбақ — көз алдымызда өскен Оразбақ қой. Ел билеуге жаратылған адамның пішіні бұлай пішілмесе керек. Құдай қуратып қойған қушық маңдай сорлыға болыс болмақ қайда? Елге күлкі болар қайта, — деп күңіренді.
«Дұрыс-ау, әулиенің сөзіндей-ау сөзің, қу қақбас!» — деп тістенді ішінен Дәу Омар. Дәу Омардың бұл хабарға қуанбай, өтірік қана ырсиятын жөні бар. Сәлік-Сарының ендігі бас көтерерімін деп санайды өзін. Ахат болса, төрінен көрі жақын, баяғыда еді: әне өледі, міне өледі дегені, бірақ қасқырдың тарамысындай жаны сірі екен, әлі келеді, жарықтық. Дәу Омар Сәлік-Сарының басқа еркек кіндігінен өзін ілгері көреді. Ендеше болыстыққа Тұрар адам таппай қалғандай, мына мені көрмей, Оразбақ маңқаны қалағаны несі?! — деп өте қапа болды.
Әрі десе, патша құлады. Керенский кетті, Кеңес өкіметі — кедейлер өкіметі келді дегенге, жаман атқа жайдақ мініп, Көкіректің базарынан ауылға сүйінші сұрап шапқан осы Дәу Омар болатын. Көкірегі ояулықтан емес, білімдар көрегендіктен емес, «кедей өкіметі» дегеннің өз жанына жақын екенін, әйтеуір, бір түйсікпен сезген Омар, жаңа өкіметті қуана қарсы алғаны рас. Дауылбай тағынан құлағанда есіл есек дәме ә деп бас көтерген. Кедейден болыс қойса, мені неге көрмейді дегендей біраз едіреңдеген. Бірақ Дауылбайдың орнына оның жақыны Қорабек отырған соң, ышқынып іш тартып қалған.
Ал енді Қорабек те жойылып, орнына Тұрардың жақынын табу керек болғанда, неге ғана Дәу Омарды көздері көрмегені тым түсініксіз еді. Мұны Дәу Омар тікелей Тұрардың өзінен келген түйткіл деп түсінді. «Қарыс-қарыс, сүйем-сүйемдігін» істеді-ау, сонда Оразбақ пұшық Тұрарға менен гөрі бір табан жақын болды-ау, әй қу дүние-ай! — деп Дәу Омар бас бармағын шайнап, іші әлем-жәлем болып, қызып кетіп еді.
* * *
Оразбақ ә дегеннен өз тізгінін Қырбасқа ұстатты. «Бұрынғы болыстың құйыршығы, сатып кетеді», — деп әркім-әркім сыбырлап еді, олардан Қырбастың өзі өтімді келді. Совдептің уәкілі сайлау жиналысының қорытындысын хаттап, оған жаңа болыс қол қойып, мөр басуы керек еді. Әне, сол бір қиналған шақта Қырбас табыла кетті де, Оразбақты оппадан аман алып шықты.
— Сен Кірбәс, өрніндә кәләсің, — деді оған Оразбақ.
Қырбас әуелі Оразбақты дұрыстап киіндіруден бастады.
— Кеңес өкіметінің болысы бұрынғы болыстар сияқты жабайы-жайдақ киінбейді, — деп еуропаша костюм, ақ шәйі көйлек, оған қара галстук алып берді. Ал басына дөңгелек құндыз бөрік кигізді. Туасы үстіне мұндай шүберек ілмеген Оразбақ киіміне қылау тигізбей, бойын күтетінді шығарды. Аяғындағы хром етіктің жалтырынан адамның суреті көрінетіндей болды.
— Сен аруақты жерден шыққансың. Тегіңе тартқансың. Мынау сенің баяғы Әлімбек батыр бабаңның қылышы, — деп, салаңдатып беліне бір қайқы жатаған байлап берді. Қанша іздесе де алтыатар наган табылмай, содан Оразбақ тақымына құс мылтық басып алды.
Бес қаруы түгелденіп, киім-басы жөнделген соң:
— Ендігі керегі — ақ жаулық. Өзің болыс, өзің бойдақ болсаң, жараспайды. Енді сенің үйіне ұлықтар келіп түсетін болады. Айталық, Ташкенттен Тұрар Рысқұлов келді делік. Қайда түседі? Әрине, болыстың үйіне. Сонда үйінде қатының жоқ болса, немене, біреудің қатынын қарызға ала тұрасың ба? Жоқ, болмайды. Сені аяқтандыру керек. Ол жағын, маған сен, өзім қарастырам, қам жеме, — деді Қырбас. — Ал енді кешегі уәкіл айтқан тапсырманы орындауға кірісу керек. Аштарға жәрдем астық жинау керек. Кімнен аламыз, кімнен бастаймыз — соны ойластырайық.
— Әй, мұның әқыл-ей, — деді Оразбақ разы болып. — Өкіметтің әйткәнін орындау керек.
— Өкімет-өкімет. Аштықпен күрес жөніндегі құжатқа анау-мынау емес, Тұрар Рысқұловтың өзі қол қойып отыр ғой. Саған сеніп, болыс сайлатты. Енді сол сенімді ақтау керек.
— Өнің жөн-ей, Тұрар әйткән соң оріндеу керек, — деп қостады да, Оразбақ кенеттен түлен түрткендей тырқ-тырқ күлді. — Сол Тұрарді кішкентай бәла күнінде тәләй ұрып жілатіп едім. — Осыны айтқан кезде танауының самалдан сау қалған кертпегі көлбақаның желбезегіндей ісініп кетті.
— Е, балалықта не болмайды... Енді мынаны ойласайық, Ореке, — деді Қырбас Оразбақты қақпайлап жөнге салып. — Азық-түлік жиғанда — қазір ешкімде тіреліп тұрған азық та, түлік те жоқ. Там-тұм, тақыл-тұқыл дән, бірер тұяқ әркім-әркімде бар. Өте бір сіңірі шығып, сіркесін сыққандар болмаса, ауқаттылардың бәрін аралаймыз. Алдымен Сәлік-Сарыдан бастаймыз. Неге дейсің ғой. Әуелі өз туысқандарыңнан бастасаң, басқалар жым болады, ауыздарына құм құйылады. Бірдеңе десе: е, сен тұрмақ, өз туысқандарымды да аяған жоқпын, сен кімнің шікәрасы! — деп шыға келесің. Келістік қой, Ореке?
— Келістік-ей. Әкіліңнән әйнәләйін. Әй, әйтпақші әлгіні қошан, — деп Оразбақ тағы тырқ-тырқ күлді.
— Нені? Ә, анау ма? Түсіндім, Ореке. Құдай қаласа болып қалады. Әуелі азық-түлікті бір қарқын жүргізіп алайық. Анау әлгі Нұрлыда ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу бар. Бұйырса, сол сұлу екеуің бір шымылдықтың ішінде... Ойхой, заман-ай.
— Әй-әй, Кірбәс, әлдап күдәй үрмасін-ай. Өзің төндіріп көйдің ғой, тегі. Сұлу дейсің бе-ей? Мені нетіп... кергімей ме, әйтәуір.
— Болысқа көнбей көрсін, — деп қоқиланды Қырбас.
Кесірінен сақтаса, Сәлік-Сары ауылы әне-міне жаңа астыққа ілініп, тіке келген ажал болмаса, өле қоймас. Өле-өле болды ғой. Жиырма түтін Сәлік-Сары жүндей түтіліп, сонау Алматының ар жағынан жиырма бес жылдан соң елге әрең жетіп, енді-енді есі кіріп, етегін жаба бастағанда үлкен жылан тап келіп, ашаршылықпен бірге келген індеттен, қара шешектен әсіресе бала-шаға баудай түсті.
Талғар таудан Түлкібасқа тұңғыш қайтқан Дәу Омар, 1906 жылы Рысқұл сүргінге Сібір кеткен соң, бір-бірлеп, үздік-создық, арып-ашып, әйтеуір туған жерге жетіп жығылған Шыныбек, Қорған, Үсіп... ең соңында Ахат еді. Бұрынғы құрамнан Рысқұл жоқ, Молдабек жоқ, Қуанышбек жоқ. Ал ажалым алдақашан жақын деп өлім ноқтасына мойынұсынып қойған Ахат әлі тірі.
Шықпа, жаным, шықпа деп сай-сайдан жуа теріп, алғы шайып жеп, үркектеп отырған үркердей ауыл — енді Оразбақ болыс ауылы аталды да, Майлыкент болысының кіндігіне айналды. Бардамшылық заман болса, ұлан-асыр той жасайтын жағдай ғой. Оразбақ болыс болғанда, Сәлік-Сары тышқан мұрнын қаната алмады, не керек.
Сөйтіп отырған ауылдан аштар үшін азық-түлік жинау басталған.
Беліне қылыш, мойнына мылтық асынған Оразбақ қасында Қырбас хатшы, милициясы және бар, cay етіп Сәлік-Сарыға жетіп келген. Өгіз жеккен арбалары соңында.
— Оразбақпысың, қарақ? — деп жаман үйдің ығында шүйіркелесіп отырған Ахат пен Үсіп өз қандасын танымай, қалт-құлт етіп орындарынан тізелеріне таянып әрең тұрған. Олар орындарынан тұрғанда Оразбақ аттан түскен жоқ. Қайта астындағы тоқ торының тізгінін жорта жұлқып, аты атырылып тұр екен деп айтсын деп, жануарды жұлмалап зәрезап етті.
— Өкіметтің тәпсірмәсімен жүрміз, — деді Оразбақ ат ойнақтатып, ауыздықпен алысқан болып.
Тоқ торы атырылып тұрған асау болмаса да, иесі тізгінді тарта-тарта езуін жыртар болған соң, көзі ақиланып, осқырынып, өзінше тарпаң мінез шығарған. Қалтаңдаған екі шал торы ат қағып кетпесін деп ығыса-ығыса үйдің іргесіне тіреліп қалған.
— Әштәрта әукәт керек. Әукәттарыңнан бөлісәсіңдер. Кәне, Әхәт әтә, сізден бастаймыз. Өсідән он күн бүрін бір кәп тәрің бар еді ғой. Кәйдә. Сөнің жәртісін бер. Әне әрбәгә әпәріп сал.
Ахат иегі дір-дір етіп, сөйлерге сөз таба алмай, тұтығып қалды.
— Қайдағы бір қап тары, Оразбақ?! Аштарға көмек берер болсаң, алдымен бізге бер, ойбай! Сәлік-Сарыдан өткен кедей ел жоқ бұл атырапта. Өкімет әділ екен, бізге көрсетсін жәрдемін! О несі-әй! Битімді сығып, қанын жалап отырсам, менен тары сұрайды ғой.
— Әтә, менің бөліс бөлгәнімә күәнгәнің өсі ме? Сендер бүйтіп бүлінгенде, бәсқа ел не демек, ә? Сөндә мені ертең әна Көрәбек күсәтіп өкіметтің тәпсірмәсін өріндәмәдің деп өрнімнән әліп тәстәйді. Сөл ме сендерге керегі, ә? Түыскән бөліп жәріткәндәрің өсі ме?! Әй, күдәлыкка келгендей сізілә кәліпсіңдар! Түс әттан! Кір үйге! Әліп шық тәріні! — деп Оразбак нөкерлеріне маңқ-маңқ етті.
Ахат Оразбаққа жақындайын десе, көзі аларған торы ат қыршаңқыланып тісін ақситты. Оразбақ мені естімей тұрған шығар деп Ахат қырылдақ даусын барынша шығарды.
— Әй, Оразбақ талған жүрекке талшық етіп отырған бірер уыс тарыны алуын аларсың. Бірақ беруін кімге бересің? Бізден өткен аш бар ма осы орайда?
— Білмеймін, — деді Оразбақ түкірігі шашырап, — мен өкіметке тәпсірәмін.Өкімет кімге берерін өз біледі. Әштаргә әтала пісіреді. Түрәр солай деген дейді.
— Тұрар олай демейді ғой. Тұрар кедейді тона, қина, қиянат жаса демейді ғой. Олай десе оны менің көз жасым атып кетер. Тұрар — халық үшін Тұрар. Ал халыққа көлденең тұрған күні Тұрар тұғырынан түседі. Ал сені шыннан Тұрар болыс сайлатса, онда жарамаған екен. Онда Құдайдың өзінде де әділеттік жоқ болғаны.
— Әй, кәкбас. Тұрарды тілдеме! — деп Оразбақ маңқ етті.
Манадан бері сазарып, қалш-қалш етіп тұрған Үсіп жерде жатқан күректі ала салып:
— О, шіркін, сенен боқтық естігенше, өлген артық! — деп құлаштап тұрып, Оразбақты бастан ала ұра берген кезде, Қырбас — күректі алқымынан ұстай алды.
— Өйбәй, мәнә кәлтірәуік мені күрекпен үріп өлтіре жәздады-ей! — деп Оразбақ қылышқа жармасты.
— Өкіметтің өкіліне қызмет үстінде қастандық жасағаныңыз үшін сотталып кетесіз, — деп түсіндірді Қырбас Үсіпке.
Қырбас енді Оразбақтың қылышына жармасты. Өзін анық ажалдан сақтап қалғаны үшін Қырбасқа дән риза болған Оразбақ Қырбастың айтқанына тез көніп, қылышты қайтадан қынабына салды.
— Соттасаң-сотта! — деп қалшылдады Үсіп. — Рысқұлдан әулие емеспін. Бірақ Саймасай болысты атып өлтіргені үшін Рысқұлды патша соттап еді, ал енді ақымақ Оразбақты аттан ұрып түсірмек болғаным үшін мені Кеңес өкіметі соттар. Кеңес өкіметі кедейлердің досы деуші еді, мені досым соттаса, өкінішті-ақ. Басқа түкке өкінбеймін мен бейбақ.
Бұлар осылай шаң-шұң болып жатқанда, Оразбақ болыстың жасақтары Ахаттың өлесі кемпірін домалатып тастап, үйден жарты қап тарыны сүйретіп алып шығып, өгіз арбаның үстіне атып ұрды.
Ахат қапқа қарай ұмтылмады. Оған қауқары да қалмаған. Тек дуалға арық арқасын сүйеп тұрған қалпы, сылқ етіп тізесі бүгіліп, сүйретіліп отыра кетті.
— Енді мінә кәлтірәуік иттің үйін тінт! — деп бұйырды Оразбақ.
Үсіптің жатаған жайдақ тамы Оразбақтың қаһарынан қорқып бұға түскендей тым жүдеу көрінді. Дауылбай жаман жау еді, бірақ мынандай сұмдыққа ол да бармаған.
Көкпеңбек аспанда ақтаңдақ бұлттар көшіп барады. Жер бетінде туысқан туысқанды бопсалаған келеңсіз қылықты көріп, бұлттар мұңаятын сияқты. Зипа теректің басы иіліп-иіліп, жапырағы жамырап, жабыла жылап қалған.
Ұлтуған кемпірдің ащы айқайы аспанға шаншыла шықты. Елдің, жұрттың қайғы-қасіретінде, ашыққанында шаруасы болмай, керіліп жатқан маңғаз Дәу-Қара тауының арқасын да аяз қарып, дір-дір ете қалғандай болды. Ананың баланы жоқтап зарлағаны бір басқа да, ананың баланы қарғап зарлағаны мүлде басқа болады екен.
Ұлтуған — Молдабектің бәйбішесі ғой. Басынан неше алуан дәурен өткен. Жақсылықты да, жамандықты да Сәлік-Сарымен бірге бөліскен. Осы елге бүлдіршіндей қыз кезінде келін болып келіп, енді белі бүкір кемпір болған. Ақсақал-көксақал жиналып Молдабекке Ізбайшаны қосқанда, кеудесінде жаны бар ғой, қыздай қосылған өз байын қызғанғаны рас. Ал бірақ Рысқұл қайнағасы үшін қабырғасы қайысқаны және рас. Рысқұлдың жолбарыс туып, оның інісі Молдабектің барақ болғаны құсаландырар. Енді осыдан Рысқұл зәуіде қайта қалса, бұл сорлы не бетін айтады деп байы үшін де қайғымен қан жұтар. «Мейлі, қараңқалғыр. Оразбағым аман болсын, өлмеспін, ер жетсе, соның етегінен ұстап күнелтермін», — деп өзін-өзі жұбатқан.
Сөйтіп сенген Оразбақ бүгін әлдеқалай бақ қонып, дәрежеге жетіп еді, аузым аққа енді тиген шығар деп, бүкір кемпір Құдайға құлшылығын ұрып отырғанда, сол Оразбақ әуелі өз жұрағатына қырғидай тиді.
— О, сорлы балам, лезде көзің шелденіп қалды ма? Көзіңді аш, Оразбақ! — деп күңіренді бүкір кемпір. Неге екені белгісіз, бұл елдің ақ жаулығы көбінесе қартайғанда белін жаза алмай, шала жабылған бәкідей бүктетіліп қалады. Бала туғаннан деседі. Оразбақты туамын деп бүкір болды-ау сонда мына кемпір. — Қолыңды кімге көтердің, байғұс балам, аруақ атып кетпесін. Тілімді ал да, қой, балам. Бірге туған ұялас бауырларыңнан, Сәлік-Сары бабамнан кешірім сұрап жыла, балам.
Бұл кезде болыстың жігіттері Үсіптің жаман үйінің шаңын қағып жатқан. У-шу болып, жайсыз хабар шыққаннан-ақ Дәу Омар жанұшырып, қатын-баласын үйдің бұрыш-бұрышына қарауыл қойып, өзі мал тамның түкпіріндегі ескі ұраға екі қап қызыл тарыны апыл-ғұпыл төге салып, бетін сабанмен жауып, оның үстін қимен бүркемелеп, түк білдірмей, тым-тырыс отырған.
— Енді үйді тінтсе, тінте берсін, — деп өз сақтығына, өз амалына риза болған Дәу Омар.
Үсіптің үйінен тері сыпыраға ораған бір тостаған талқаннан басқа түк те табылмады. Жаман-жұман, ескі-құсқы көрпе-төсек, жүні тықырланған бөстек, көнеден қалып бұл күнде тозығы жетіп, бырт-бырт сына бастатан ораулы шым ши — бәрінің түте-түтесі шықты. Қанша ақтарса да, қанша тінтсе де бір тостаған талқаннан басқа түк табылмады. Жалғыз бүтін, көзтартар зат — Үсіптің қызғылтым гүлді, шап-шағын, шаршы жайнамазы еді.
— Әл ана жәйнамазды, — деді Оразбақ жасақ жігітке.
— Оу, оны қайтесің? Ол жайнамаз ғой, — деп қалтырады Үсіп.
— Кедейлерге тек тәмақ емес, киім де керек, білдің бе? — деп ежірейді Оразбақ.
— Қолыңдағы киім емес, жайнамаз, малғұн!
— Е, жайнамаз болсә ше? Ең болмәғанда біреуге шілғәуға жарайды. Ө несі-ей!
— Жайнамаз шылғау болғанша, сен ұлтарақ болсайшы, шіріген ит!
— Әйтқаным-әйтқан, кедейлерге шілғәу да керек, — деп Оразбақ шиқ-шиқ етіп, мұрнын басып күлген болды.
— Сонда мына мен кіммін? — деп Үсіп Оразбақтың жағасына шапшыды. Қырбас ұстап қалды. — Айт, кіммін мына мен?
— Сен Үсіп кәлтірәуық.
— Жоқ, мен баймын ба, кедеймін бе — соны айт!
— Сен әкмәксің. Ортәларыңнан Оразбақ болыс болып шіккәнда, қуәнып, қуәттаудың орнінә, мәғән кәрсі қол көтерген әкмәксің, бәрің де әкмәксіңдер. Есектің миін жегенсіңдер.
— Ореке, сабыр етіңіз. Осы да жетер. Енді басқа ауылға барайық, — деп басу айтты Қырбас хатшы.
— Сен, Кірбас, не деп тұрсың? Мен бұл әуілді түгел тінтпей тінбәймін. «Тура биде туған жоқ». Біліп қой өсіні! — Оразбақ қоқиланып алды.
«Апырай-ай, бұл істі осы ауылдан бастауды өзім үйретіп едім. Енді өз ақылымен тапқандай болып тұрғанын қарашы. Мынау сұмдық шығар. Туған анасының зарлап жатқаны анау. Оған бүлк етпейді. Мынау сұмдық шығар», — деп Қырбастың өзі түңіле бастады. Ел тонауға келгенде алдына жан салмаған Қырбас жырынды қайырымсыздық жөнінде мына Оразбақпен салыстырғанда жіп есе алмастай болып шықты.
— О, шыққыр көзім, мұны көріп қалай шығып кетпей тұрсың! — деп Ахат жалбыр қастың астында онсыз да көрінбей, тартылған құдық түбіндегі бір қасық судай жылтыраған жанарын жұмып алып, өз маңдайын өзі тоқпақтады. — Бұл Сәлік-Сарының күлін кім суырмады, шаңырағын кім шайқалтпады: Дауылбай да, Саймасай да, Қоқан да, Некәлай да сілкіледі. Ал енді өз күшігім, өзім асыраған, өзімнің Сәлік-Сарымнан туған пұшық итім өзімді қапқанда, қауып қана қоймай, бүкіл ауылдың өлі жүнін жұлып, шаңырағын түсіріп, уығын сындырып жатқанда қалай ғана тірі отырмын, шыққыр көзім, мұны көріп!..
Ахаттың сөзін естіп, апыр-ай, рас-ау деп жатқан жан жоқ. Аруақтың сүлдесіндей шал бұл арызды кімге айтып отырғанын өзі де білмейді. Ал Оразбақ тобы болса, аз ауылдың шетінде, тап берсе, жалт берейін деп едірейіп, үркектеп оқшау тұрған Омар үйіне бет алды.
Дәу Омар басқа Сәлік-Сары сияқты Оразбақты қарғап-сілеп, тілдеген жоқ. Басқалар сияқты қойын алдырып барып қорасын бекітіп тұрған бұл емес. Үйінен ештеме табылмайтынына сенімі бекем.
— А, Оразбақ зекетің болайын, кел, кел, қарақ! Өкіметтің ісі ғой, айыбы жоқ. Қара. Бар болса, өзім-ақ айтқызбай берер едім. Жоқ қой, жоқ. Бұл қартайған, қайраты қайтқан жаман Омар әкеңде не болад? — деп Дәу Омар бүкшеңдеп, қорбиған денесін кішірейтіп көрсетуге тырысты.
— Не боләтінін біз білеміз. Өсі әуілдәгі ішегі мәйлі сенсің ғой. Жәсірәсің. Орәзбәк тәппай қоймәйді, — деп Оразбақ Дәу Омардың жалпаңдаған жағымпаздығына илікпей қойды.
Жалаңдаған жасақ үйді тінтіп те шықты.
— Істікті әлып, үйдің іші-сыртін түгел піскілеп шігіңдәр! — деп бұйырды Оразбақ.
Қыстың күні маядан шөп суыратын істік темірлер үйдің морып тұрған іргесін, тіреудің түбін, пештің түбін, ауыз үйді, бұрыш- бұрышты түгел тескілеп шықты.
Егер астық көмген ұра кез келсе істік темір жерге күмп беріп кіріп кетер еді де, қармағына не сабан, не дән іліндіре шығар еді. Әзір дәнеңе де ілінбей тұр.
Сезікті секірер демекші, Омардың өзі бүлдірді. Қарап тұрмай:
— Айттым ғой! — деп қомпайды. — Бар болса, өзім-ақ беремін.
— Мінәнің әк жүрек бәлшебек бөлә кәлуы-әй, — деп Оразбақты түлен түртті. — Әнә мәл қорасінің әйнәләсін, ішін тегіс шінішкіләп шігіңдер. Бұл дәуде әстік белмәуі мүмкін емес. Дәу Омарда әстік бөлмәсә, суда бәлік те бөлмәйді, — деп Оразбақ өз сөзіне өзі мәз болып күлгенде, пұшық мұрын жарылып бара жатқан соң, тұмсығын алақанымен жаба қойды. Жұрттың бәрі тұнжыр тартып, өлік шығарғандай түнеріп тұрған кезде, тарқылдаған күлкі әзірейлінің күлкісіндей естіледі екен. Тіпті Қырбас екеш Қырбас қысылғаннан маңдайынан суық тер бұрқ етті.
Оразбақ мал қора жақты сілтегенде Дәу Омардың құйқасы шым-шым ете қалып, тұла бойы тітіркеніп, безгек болғандай қалшылдай бастады. Мұнымды Оразбақтар сезіп қояды екен деп өзін-өзі бекем ұстамақ болып еді, сіңірлері тартылғандай сіресті де қалды. Екі көзі көкқасқа көлбақаның тостағындай тасырайып, тас төбесіне шығып бара жатты. Селдір-селкеу мұрты селтиіп, шікірейе берді. «Бұл Оразбақты мұндай боларын білгенімде баяғыда бала күнінде-ақ оңашада алқымнан мытып-мытып өлтіре салатын едім ғой», — деп өкінді Дәу Омар. Намаз оқымайтын, ораза ұстап, ауыз бекітпейтін, Құдайға құлшылығы жоқ ордаңдау мінез Дәу Омар ішінен ал келіп «иә, Құдайлап!» Тәңірге де, аруаққа да мың мәртебе жалбарынып шықты.
Омардың арызы Тәңірінің құлағына шалынып болғанша, мал қораның ішінен шаңқ еткен айқай шықты. Жерге сан рет шаншылып, сопаң етіп бос оралып жүрген істік темірдің қармағына арпаның сары сабаны ілесе шығыпты. Оразбақ жігіттері әлгі жерді қарпып қазып жіберіп, арғы жақтан екі қап тарыны суырып-суырып тартып алды.
Дәу Омар тостақ көзінен аққан жас тарам-тарам болып, Оразбақтың аяғына жығыла кетті. Өзіне адам тәуелді болғанына рақаттанып, ләззат дәмін сезген Оразбақ Дәу Омардың көз жасына қайта көңілі көркейіп, беліндегі қылышты қынабынан суырып алып, тап-тап бергенде Дәу Омар одан мүлде күдер үзіп, енді Оразбақтың бүкір шешесінің кір кимешегінің ұшын сүйіп:
— Айналайын Ұлтуған! Тоқтат мына балаңды! Сенің ғана тіліңді алады, тыңдамаса, емшегіңді көкке сау! Естісін, аруақтар, көрсін қу Құдайдың шыққыр көзі! — деп етегіне оралды.
Ұлтуған онсыз да кірерге жердің жыртығын таппай аңырап тұрған:
— Менде Оразбақ деген бала жоқ. Ондай баланы мен туған жоқпын. Тусам — ақ сүтім атсын! Бездім! Бездім! Бездім! — деп үш қайталап, әжім-әжім аш бетіне тырнақ салып, орып-орып жіберді. Қара қан, кәрі адамның қай жағынан жетісіп табылғаны белгісіз, шапшып ала жөнелді.
— Осының бәрін істетіп отырған анау Тұрар, — деп бажылдаған Дәу Омар көзін жұмып тұрып, әйтеуір Ташкент жақты меңзеді. — Естимісің, Ахат, естимісің, Үсіп! Баяғыда менің әкем Рысқұлды жалғыз тастап, қарайласпай қойған деп бізге істеген қысастығы Тұрардың бұл. Ей, Ахат, сен емес пе ең соны Алматыдан алып қашып, бөлтірігін желкесінен тістелеп алып қашқан кәрі арландай Меркеге әкеліп жеткізген? Енді міне, Оразбақ маңқаның қолымен от көсеп, артымызға істік темір піскілетіп қойғаны. Бірақ та... — деп Дәу Омар қолымен жер тіреп, үш ұмтылып барып, жығылып жатқан жерінен ұшып тұрды. — Бірақ та, бәлем, көр де тұр. Омар да қарап қалмас. Оп-оңай жан беріспес!
Омардың бұл уәдесінде едәуір қауіп жатқанын көңілі мас Оразбақ елеген жоқ. Пісікшілікке екі-үш апта қалғанда, ашаршылықтың обыр көмейіне ең алдымен өз туысқандарын лақтырып тастап, Оразбақ келесі ауылға — Кемербастау жаққа қарай бет алды. Оразбақ келе жатыр десе, жылауық бала жылағанын қоя қоятын заман шарықтады.
— Бұл аз әулеттің берекесін баяғыда әкең Рысқұл шайқап еді, қалғанына сен қадалдың ба, Тұрар?! — деп, Дәу Омар қайта омалып отыра кеткен. Бар бітірген әрекеті — қу тілі еді. Тілінің уын айдаладағы Тұрарға төкті-ай келіп.
Омармен айтысып, е, олай емес, былай деп жатуға Ахат әбден қалжырап, сөз айтуға ауырсынып, мына дүниеге самарқау ғана сықсия қарап, енді не болса — о болсын деп, сансырап қалған. Ақыры Дәу Омардың ойбайы жүйкесін жүдеткен соң:
— Әй, Омар, қойсаңшы, жарқыным! — деп кеудесі сыр-сыр етіп, сөзі естілер-естілмес. — Оразбақты айдап салған Тұрар емес, өзіміз ғой. Соны да білмей отырсың ба?
— Е, біз не жазыппыз ол ит маңқаға?
— Әне, сол маңқалығы оны айуан етіп жіберген. Мұрнына самал түсіп ауырғанда ағайын болып қол ұшын бермедік. Адам екен деп ілтифатқа алмадық. Бары-жоғы бізге байқалмай келді. Әкесі Молдабекке Ізбайшаны қосып, Оразбақты шешесі Ұлтуған екеуін айдалаға қалдырғандай болдық. Мұны ол өле-өлгенше ұмытпайды.
— Мейлі, солай-ақ болсын. Бізден бір білместік кеткен екен делік. Ал болыс сайлатып отырған кім? Айтуға аузың бармайды, ә? Өзіңнің сүйіктің Тұрар. Тұрар болмаса, Оразбақ шірік кімнің шікәрасы? Кімге керек ол маңқа ит?
Өзінің Сәлік-Сарысынан кейін Кемербастауды да жау тигендей шулатып, екі арба құрама астық, екі сауын сиыр, төрт-бес қой-ешкі айдап, кешке қарай Оразбақ пен Қырбас Корниловкаға құлаған.
Кешегі Жаскешу, бүгінгі Корниловка Көкіректің базарымен қоңсылас. Базарға жақын барғанда Қырбас:
— Ореке, бүгінгі қарқын жаман емес. Жиналған астық пен малды хаттап, Шымкентке ертең жөнелтеміз. Бүгін демалатын кез болды. Бізде Құдайдың пендесі. Үйіңе бүгін бармай-ақ қой. Шешең ашулы шығар әлі. Кәрі-құртаңның сандырақ сөзін естіп, құлақ сасытқанша, оңаша демалайық. Қазақ аулының сөзі көп болады, Ореке. Оны менен жақсы білесіз. Орыс тамырларға барып шай-пай ішейік, — деді.
— Шошкәнің етін беріп жүрмесін бәле болып! — деп шошыды Оразбақ.
— Гришканың маржасы қазақтың шошқа жемейтінін біледі, — деп қойды Қырбас. Ішінен: «Мына ашаршылықта шошқа табылса жерсің, сорлы пұшық», — деп қойды.
Гришка бұларды жиен жұрты келгендей жүрегі жарыла қуанып қарсы алды. Бұрын зәуірде Корниловкадан ілуде бір өткенде Оразбақты орыстың балалары тымағын көзіне түсіріп, құйрығынан теуіп, есегін тартып алып, кезек-кезек мініп, әбден әуре етіп, әрең босатушы еді. Мына Гришканы көріп, е орыстың да жақсылары болады екен ғой, — деп пайымдады Оразбақ. Әрі десе, Гришка:
— О, Оразбах! Сеники болыс болған. Якши, якши! — деп арқасынан қаққанда, Оразбақтың төбесі көкке тірелгендей болды.
Қырбас бір қап тарыға үш-төрт шырт-пырт самогон алдырды. Бір қойды сойдырды. Оразбақ: «Бұл қалай?» — деп еді, «Қам жемеңіз, бұл сіздің болыс сайланған құрметіңізге, документтің бәрін өзім оқтай қыламын», — деп Қырбас сөзге келтірмеді.
Сонымен орыс поселкасы Корниловканың қақ төрінде жаңа болыс түнімен той тойлаған. Оның әуелі самогон дәмін алғаны қызық болды. Қыштан жасалған кружкеге құйылған самогонды Гришка алдына қойғанда, Оразбақ қолқаны атқан иісінен секем алып, әрірек ысырып қойып еді, Қырбас пен Гришка екі жақтан ұлардай шуылдап қоя берді. Оның үстіне Гришканың ақ бауырсақтай келіншегі Марфа қосылды. Марфа жанына жақындап келіп, алдына ет араластырған картоп жаркоп қоя бергенде, Оразбақтың сөнік көзі Марфаның төсіне түсіп кетіп, сөнік көзден бір шоқ жылт ете қалғандай болды. Шымшық көз шыт көйлектің ойықша келген омырауынан ақ келіншектің екі емшегі екі шоқыдай едірейіп, тырсылдап тұр екен. Оған қоса күйлеген сары байталдай ұрыншақ па қалай, бөксесімен бірер рет Оразбаққа сүйкеніп өткен сияқты көрінді. Былқ етіп шынтағына бөксе тиген сайын, Оразбақтың тұла бойы ду-ду ете қалатынды шығарды. Бұрын бастан кешіп көрмеген бір қияли хал. Қырбас пен Гришкаға көніңкіремей отыр еді, Марфа келіп:
— Алыңыз, болыс. Сізді құттықтаймыз! — деп мойнынан ақ білекпен құшақтағандай болып, бір қолымен аузына кружкені тосқанда, Оразбақтың берік дәті отқа тосқан бір қасық сары майдай еріп жүре берді. «Осыдан өлсем — өліп кетейін», — деп самогонды тартып-ақ жібергенде, әуелі дем жетпей тұншығып, екі көзі маңдайынан алысқа атылып-атылып кететіндей, шарасынан аунап, аларып бара жатты. Марфа арқасынан қағып, басқа кружкемен суық су жұтқызғанда барып жан шақырып, жап-жаңа костюмнің жеңімен көзінің жасын сүртіп, басын шайқап-шайқап қойды.
— Мінә пәле бөзәдан да әшті мә, кәләй? — деді.
— Боза сөз болып па! — деп Қырбас күлді.
— Үйбәй-әй, ішімді өртеп кетті! — деп Оразбақ қолымен ішін басты.
— Ештеңе етпейді, қазір жақсы болады, — деп Қырбас пен Гриша күліп-күліп қояды. Оразбақ солардың күлкісіне жуанады, мен өліп қалатын болсам, бұлар күлмес еді ғой деп. Айтса-айтқандай, сәлден кейін тұла бойы балқып, құрыс-тырысы жазылып, маңдайы тершіп, бір рақат әлеміне енгендей, кәдімгідей тіріліп, сөзге, күлкіге араласа бастады. Екінші кружкеден кейін, Оразбақ ауылдағы боза өлең есіне түсіп, «әу!» — деді. Майлыкент болысының боза жорасында «әу!» деп ән салмайтын, өз жанынан бір ауыз өлең шығармайтын адам болмайды. Оразбақ та сол «өнерден» құралақан емес екен, Марфаға көңілі қатты құлап, әуелгі өлеңін соған арнады:
— Кәрәгім, әйнәләйін, әйдән әппақ,
Кәсіңнан кете әлмәймін әйнәлақтап.
Әршіндей әскәктәгән әк төсіңе,
Бір жәмән шігә мә деп тәйгәнактап, уәәәй...
— О, Марфа, бұл сізге арналған өлең! — деп қызыңқыраған Қырбас абайламай айтып қалып еді, Марфа ал кеп жабыссын:
— Сөзін орысшалап бер, — деп.
Қырбас орысшалап келе жатып, «аршындай асқақтаған ақ төсіңе, бір жаман шыға ма деп тайғанақтап» дегенін қалай аударарын білмей қиналды. Дәл аударайын десе, әлгі «тайғанақтайтын жаман» Гришка болмақ. Гришка оны білсе, қып-қызыл жанжал шығайын деп тұр. Өйткені Гришка да ықылық атып қалған. Қырбас күмілжіген сайын секем көбейді. Марфа одан бетер қадалды:
— Мен туралы бір жаман сөз айтқан ғой!
— Жоқ, олай емес, қайта оның жақсы теңеуін аудара алмай отырмын, — деп Қырбас терледі.
— Жарайды, Марфа, сіздің денсаулығыңыз үшін, болыстың сізге арналған жақсы өлеңі үшін! — деп Қырбас тағы бір-бірден алдырды.
Енді Гришка мен Марфа қосылып орысша мұңды, соңырасыз созылма әнге басты. Марфа бір қолымен Гришаны, бір қолымен Оразбақты құшақтап, алаулаған жүзін екеуіне кезек-кезек бұрып, солықтап қойып, әнді соза берді. Өмірі әйел баласы бүйтіп аймалап көрмеген Оразбақ отқа қанатын қарыған жынды көбелек құсап, өртеніп кете жаздады. Мұрнының пұшығын таңған ақ шүберектің қисайып кеткенін де ұмытып, Марфаға қарап әукесі салбырап, Құдай ұрды да қалды. Әйелді өзі де құшақтап, кәдімгідей оқырана бастады. Бағына қарай, Гришка басы кеудесіне салбырап, қылжиып қалған екен. Оразбақтың сорақылығын сезген жоқ. Сезсе, баланың басындай жұдырығымен бір ұрса, Оразбақтың миы пұшық мұрнынан атып шығар еді, Қырбас та орындықтың бір жағына қисая бастапты. Оразбақ Марфаны именбей құшақтап, алқызыл шиедей бөртіп тұрған ерніне аузын тақай бергенде, еденге тыраң ете қалды. Әлуетті дүлей қатын екен, бір бұлқынғанда-ақ болысты бөксесімен ұшырып түсірді де, есікті ашып, ауызғы үйге атып шықты. Мұны өзінше жақсылыққа жорыған Оразбақ еңбектеп жүріп, орнынан көтеріліп, «мені оңашаға шақырғаны ғой» деп Марфаның соңынан ауыз үйге тәлтіректеп шықты. Түртінектеп жүріп қолын қияр тұздаған кеспекке тығып алды. Ашылып қалған сыртқы есіктен самал соғып, Оразбақты аулаға шақырғандай аймалады. Оразбақ табалдырыққа сүрініп кетіп, басымен жер сүзе құлап түсіп, бойын әрең жиып алып қараса, жұлдыздар жымыңдап, ай толықсып тұр екен.
— Мәрпә, ә, Мәрпә, — деді Оразбақ қырылдап.
Марфа үн қатпады.
Оразбақ дуалды сипалап, үйдің сыртқы іргесін жағалап жүріп келе жатып, алдынан ағараңдаған бірдеңені көзі шалды. Қуанып кетіп, жүрегі тарс-тарс соқты. «Мені күтіп жатқан Марфа болар» деп еңкейіп, қолымен сипалай беріп еді, былқ ете қалды. Қолды қаттырақ батырғанда, әлгі жатқан қорс етіп, атып тұрып, шыңғырып-шыңғырып жіберіп, тұқшыңдап тұра қашты.
— Бұл әкеңнің... Мәрпә мә, әлде шошкә мә? — деп Оразбақ аңтарылып тұрып-тұрып: — Тоқтә! — деді. Алдынан, көше жақтан Марфа қылымсып, қылаң бергендей көрінді. Оразбақты желік қысты.
— Мәрпә, әй Мәрпә, сен жәксі мәржә, — деп көшеге шықты. Генерал Черняев жүріп өткелі бері жасап келе жатқан зипа теректердің жапырақтары суылдап, арықтан су сылдырады.
— Мәрпәжән, токтә, мен Орәзбәк бөліс, сәгән не керек, бәрін жәсәй әләмін, — деп Оразбақ суылдаған, шуылдаған жапырақтарға қарап еді, аспаннан тағы да жымыңдаған жұлдыздар, тағы да толықсыған ай көрінді. Көшенің бас жағынан қылымсып, қылаңдап Марфа көрінгендей болды.
— Мәрпә, төктә, мен Орәзбек бөліс... — Оразбақ әлгі елеске қарай ентелей түсті. Дауыл шайқаған қайықтай көшенің о бетіне бір, бұ бетіне бір ығып кетіп, сеңдей соғылып келе жатқан Оразбақ Корниловканың бүкіл ит біткенін шуылдатты. Небір алыпсоқ, апайтөс төбеттер болысты жан-жағынан қамалап жүгіргенмен, бассалуға батпай, жанамалап сыбап келеді. Масты ит қаппайды деген сол болса керек. Әрі десе, батырға да жан керек, мас та болса, Оразбақ белінде салаңдаған қылышты қынабынан суырып алып, жан-жағынан қамалаған «жауды» сол қылышпен жасқап келеді. Ит біткен жабыла шабаланған соң, Корниловканың тұрғындары түн ішінде ұйқыларынан оянып, терезелерінен баспалап қарап, кейбірі аяғына қоңылтаяқ пима сұға салып, қосауызын қоса ала-мала, аулаға шығып, сақтықта қорлық жоқ, — деп аспанға қарай тарс-тарс мылтық атып, ұры-қарыға сес қылады. «Аш киргиздар малды ұрлап кетпесін!» — деп, қораларының құлпын барып тексереді. Корниловканың тұрғындары әуелі христосқа, онан кейін қосауызға сыйынады. Ал «аш киргиздар» тұрмақ, сол «аш киргиздардың» болысы Оразбақтың өзінде де қосауыз жоқ. Құс мылтығы Гришканың үйінде қалып қойған. Беліндегі қылыш қынабы — аяғына оралғы. Ол Марфаны іздеп келеді. Күллі әлемнің иті шулап, бүтін дүниедегі қосауыздар тарсылдаса да ол енді ешбір тосқауылға қарамай, Марфаға ұмтылды. Ал Марфа анда-санда елес беріп, көшенің бас жағынан қылмаңдап тұрғандай көрінеді...
Таңертең. Көкіректің жексенбі базарына ағылған жұрт арықтың жағасында сұлап жатқан адамды көріп:
— Е, бишара, бұ да аштан өлген-ау, — деп қалған. Әлдекімдер жанына жақындап барып, жүзін жаппақ болғанда мас болып жатқанын біліп қалып:
— Ойбай, мынау жаңа болыс қой! — деген.
Енді одан жұрт қашқақтай бастаған. Оразбақтың қасынан кетпей, оның аузын бағып, құсығын жалап, жалпаңдап отырған жетім ала күшік қана еді. Мұны көрген Сауытбек ақын:
Болысы біздің елдің қара пұшық,
Жүреді жұртты тонап, арақ ішіп,
Кешегі Көкіректің базарында,
Құсығын жалап отыр ала күшік. —
деп суырып салғанда, бұл өлең лезде шартарапқа ұшты да кетті. Ал бұрынғы болыстар, байлар әулеті оның өңін өзгертіп, өздеріне тиімді етіп, мына пішінде таратты:
Болысы большевиктің қара пұшық,
Елді тонап, жүреді арақ ішіп...
Кешегі Көкіректің базарында,
Құсығын жалап отыр ала күшік...
VI
Адамның жетер жері — жетпіс-сексен,
Содан кейін боларсың жермен-жексен... —
деп баяғыда Ахат домбыраға қосылып осылай жырлаушы еді. Ол кезде оған жетпіс-сексен алыс сияқты көрінетін. Жетпіс-сексенге жету де қиын сияқты еді. Адам байғұстың өмірі тым кірпияз, адам шінжәу. Оның өміріне туа сала тоқсан тоғыз бәле төнеді. Тірлікке келуің бір-ақ рет, ал өле салудың жолдары сан тарау. Сәлік-Сарының талай нәрестелері бір жасқа толар-толмаста шетінейді. Қара шешек деген жау бар. Одан аман өтсең, қызылша, қызамық, көкжөтел деген тажалдар тағы жол тосып тұрады. Дәрігер жоқ, тәуіп емінің сәті кейде түседі, кейде түспейді. Нәресте ауруынан аман өтсең, ересектердің қызылкөз қырсық жауы, сірә, сүзек шығар. Сүзек десе сүзек. Сүзектен сүзіліп тірі қалатындар сирек қой. Ауру атаулының бәріне бой бермей шыққан жаны сірі болсаң да, ашаршылықтың шеңгеліне түссең оңбассың. Жер сілкініп, топан су қаптаса да алдымен кететін адам. Найзағай ойнап, жай түссе де тажал. Адамға адамның қысастығы да толып жатыр. Жердің үсті тарлық қылғандай, бірін-бірі орға итерісіп жататыны болады.
Не керек, адам шіркіннің өміріне қауіп көп. Ахаттың татар тұзы, көрер жарығы бар екен, міне, сексенге де жеткен. Сексендегі аш адамның ұйқысы — өлі мен тірінің арасындай сарсаң сандырақ. Сондай берекесіз ұйқыны түн ішінде әлдекім терезе тоқылдатып бұзған. Орнынан тұрып, иығына тозған жүн шекпен жамылып, аяғына қоңылтаяқ кебіс сұға салып, терезеден сығалап:
— Бұл кім? — деген.
— Мен — Омармын, есік аш, жұмыс бар.
— Жеті түнде не жұмыс? — деп Ахат есікке беттеген.
— Осы бір Құдай қарғап қойған аз ауылдың пірі сияқты болып кеткен жақсы аға едің, саған айтпауға дәтім шыдамады, өзіңмен қоштасқалы келдім, Ахат! — деп Дәу Омар босағаға отыра кетті.
— Не деп тұрсың, Омар жарығым? Қоштасқаның не? — Ахат құлағын қолымен қалқалап, тіссіз ерні бүрісіп, иегі дір-дір етті.
— Әділет іздеймін. Қоқан жағынан Ергеш деген ер шығып, кедейлердің кегін жоқтап, ту көтеріпті. Соған барып қосыламын. Мұнда жүріп, Оразбақтың қорлығын көргенімше, әділет үшін алысып өлгенім артық.
Ахаттың қос иығы бүлк-бүлк етті.
— Мына Алатаудан әрі ассам, Ергештің қолына қосыламын. Кедейдің өкіметі деп кеңірдегімді созып, өңешімді жыртып, құр босқа далақтап жүріппін. Жарылқады, мелдектеп болдық. Енді рақмет. Мен Ергешке ердім.
Дәу Омар Ахат ағасымен қоштасып емес, арыздасқан тәрізді.
— Қу тіршілікте анау дедік, мынау дедік. Артық ауыз сөз айтсам, әлдеқалай тілім тиіп кетсе, кешір, Аха!
— Жас емессің, пайғамбар жасынан асып кеттің. Қайда барасың енді? Баяғыда Талғар таудан осы Түлкібасқа жетуге зарығып едің ғой, енді қайда сандаласың тағы да? — деп Ахат ыңырси сөйлеп, ықылас бермеді.
— Оразбаққа тәуелді болып, соның тепкісін көргенше, аулақта жүріп өлген артық. Бұл бәрібір күн көрсетпейді. Мына баламды да ала кетемін. Біздің қайда кеткенімізді өзіңнен басқа ешкім білмей-ақ қойсын. Енді қайтып көрісеміз бе, көріспейміз бе, Алланың ісі. Сен де ұзатылатын қыздай сызылып отырсың. Менің жолым — неғайбыл. Бұл ит тіршілікте көрісе алмасақ, шын дүниеде көрісуге жазсын Жасаған.
Дәу Омар аруақтай ақ шалды бауырына қысты. Қанша дуайпат, ардын-гүрдің айқайшыл, қодаршалау болса да, туысқан шіркін қиын екен, Ахат Омарды қимай, оның кең құшағынан шыққысы келмей, аш кенедей жабысып қалды. Азбан еркектің қолаңса иісі қаңсық кеңсірігін жарып жібере жаздаса да, жатырқамай қайта исінгендей, бауырластық, ұяластық сезімі оянып, солқылдап тұрып жылады. Баяғыда Алматының көк қақпалы түрмесінің алдында Рысқұлмен осылай қауышып қоштасқаны есіне түсті. Ол соңғы қауышу еді. «Мынау да сондай соңғы құшысу болды-ау», — деп қиналды.
Омар да пенде, ол да жасып, кірпігі жасқа шыланып, атасын арқасынан сипалап жатып, құшағынан әрең ажыратты.
— Жаман да болса, келініңіз ғой, қатыным қалып барады. Егер аштан өлер болса, шамаң келсе, иманын үйіре сал. Ал осы жылдың жүзінде менен бір хабар болмаса, өле-өлгеніңше маған да анда-санда бір мезгіл дұға арнап қой. Сауабы тиеді, — деді Омар даусы дірілдеп. — «Ақыр байдың баласы аштан өлген» деген екен бір бейбақ, ата-бабамыз Әлімбек батырдың заманында, кімсің — Сәлік-Сары едік, енді қырғи тиген торғайдай тоз-тоз болдық. Ұшпаққа шыққан жалғыз ұл бізге қол ұшын бермеді, қайтейік. Әлгі Тұрарды айтамын.
— Тұрарға тіліңді тигізе көрме, жарқыным, — деп Ахат тез қатая қалды. — Тұрар жалғыз Сәлік-Сарының ұлы емес, жалпақ халықтың ұлы.
Ахаттың Тұрарға пәруана берілгеніне риза болмай, Дәу Омар үн-түнсіз бұрылып, табалдырықтан аттады.
«Табалдырықтан биік тау жоқ, ағайыннан артық жау жоқ», — деді ішінен Ахат.
* * *
Қазына үйінің есігі шиқылдап ашылып, шиқылдап жабылатын болып қалыпты. «Топшысы қажалған-ау, завхозға айтып майлаттырып қоятын екен, — деп қойды Рысқұлов. — Ой, дүние-ай, темір екеш темір де май тілейді, адамға не дауа? Кушекин ғой, аштар неге нан сұрайды? — деп ашуланады».
Сол есік бұл жолы шиқылдамай, ың-шыңсыз ашылғанын көріп, Рысқұлов таңданып қалды. Есік бір түрлі қалықтап ашылып, ішке аяқ-қолының кісені сылдырап, Рысқұл кірді. Артурды қолынан жетектеп алыпты. Басында тозығы жетіп, өңі түсіп, қоңырайған баяғы ақ қалпақ, үстінде ескі күпәйке, бұтында мақталы сұр шалбар, аяғында «рабочий» бәтеңке. Сақал-шашы өсік екен. Иығындағы қоржынды табалдырыққа тастай беріп, маңдайының терін күректей қолымен сүртіп тастап, босағаға жүресінен отыра кетті.
— Жоғары шық, көке, жоғары шық, — деп Рысқұлов ары-бері қалбалақтап қалып еді, Рысқұл тырп етпестен босағада отыра берді.
— Артур болмаса, таба алмайтын екенмін. Ташкент деген біздің Үркіт пен Бодойбодан да үлкен ғой, кім біліпті, — деп қойды Рысқұл немқұрайлылау сөйлеп. Сағынған сыңай танытқан жоқ. Құшағын айқара ашып, тұра ұмтылар емес.
— Жәй, әшейін, Артур айтты: сен орыстан келіншек алды деп. Жәй, әшейін құтты болсын айтайын дегенім ғой. Құс құтты болсын, Тұрар. Ештеңеге әуре болмай-ақ қой.
— Мына кісенің не, көке? Сені соттаған патша өкіметі алдақашан құлап еді ғой. Сенің қол-аяғыңнан кісенді әлі алмағаны несі? — деп Рысқұлов әлгі лағынет атқыр шынжырды қолымен бұрап үзіп тастардай тұра ұмтылып еді, жілігіне қорғасын құйып қойғандай қозғала алмады.
— Кісен дейсің бе, Тұрар. Е, бұл үйреншікті нәрсе ғой. Он екі мүшенің біріндей болып сіңісіп кеткен ескі дос қой бұл. Неғыласың, — деп Рысқұл уайым-қайғысыз, немкетті айта салды.
— Е, сөйтіп баяғы түрме бастық Приходьконың қызын алдым де. Жөн-жөн. Екеуің кішкентай күндеріңде бірге кітап оқып отырушы едіңдер... Мына бірдеңені Ізбайша шешең беріп жіберіп еді, ауылдың дәмі ғой, — деп Рысқұл кісендеулі қолымен қоржынды жылжытып қойды. — Айтпақшы, Түйметайды Меркедегі Ботпайдың бір тентегіне күйеуге бердік. Мен Сібірге кеткенде апыл-тапыл аяғы енді шыққан бала еді, енді күйеуге шықты, о Құданың құдіреті. Қыз сайтан деген со да.
Рысқұлов әкесіне жақындай алмай, жақындайын десе аяғы жылжымай, екі адым жерде тұрып егіліп бір, езіліп бір жылады-ау: «Біз де басымыз құралып, баяғыдай шүйіркелесіп, Талғардағы жер кепенің ішінде отырғандағыдай бірге болатын болдық-ау. Қайран көкем менің, не көрмеді сенің мына бурыл басың! Енді бір адам рақат өмірге лайық болса, сен лайықтысың, көке. Бүкіл өмір бойы көрген михнат-бейнетіңнің бар зейнеті енді қайтады, көке. Енді бір-бірімізден ажырамаймыз», — деген тәтті, рақат сезіммен көңілі жібіп, Рысқұловтың көзінен жылжып қана жылы жас ақты.
Біреу ақырын түрткендей болды. Көзін ашып алса, Наташа екен. Қолында ақ бәтес орамалы бар, мұның бетін сүртіп отыр.
— Түсіңде жыладың ғой, не болды? — деді Наташа үстіне төне түсіп, бетін, шашын сипалап.
— Үйге әкем мен Артур келді, — деді Рысқұлов өкінішті үнмен. Әлгінің бәрі түс болғанына біртүрлі әлдекім алдап кеткендей көңілі жүдеп-ақ қалды.
— Екеуін де сағынғансың ғой. Мен бәле болып кірдім-ау осы үйге. Бала қайда жоғалып кетті?
— Рысқұлмен бірге қол ұстасып жүргеніне қарағанда, өліп қалмаса неғылсын, — деп күрсінді Рысқұлов.
— Қой, келіп қалар, сен уайымшыл емес едің ғой, Тұрар, — деп келіншегі оның қалың шашына сүйрік аппақ саусақтарын әрең сүңгітіп, аймалай берді. — Өзің де тым жұмысбасты боп кеттің ғой. Жөндеп іздеу салдырсаң еді. Милиция да жалқау ғой, кейде мұрнының астында болып жатқан сойқанды көрмейді.
Өгем, Шымған тауларынан сызылып таң атып келе жатты. Рысқұлов төсектен тұрып, жуынып, киінуге беттеді.
«Таң атпай жатып, мұнысы несі? — деп төсекте жатқан келіншегі қабағын кіржитті. — Бірақ бұл большевиктер жұмысқа өстіп берілмесе өкіметті ұстап тұра ала ма? Ал әсіресе біздің Тұрар бала кезінен-ақ бейнетқор ғой. Таңның бозаласынан тұрып, түрменің ауласын сыпырып жүрмеуші ме еді. Ойлап тұрсаң, біздің папамызды бұл большевиктердің атып жіберетініндей бар екен ғой. Енді Аркаша сорлыны атып жібереді. Әкемізді өлтірді, енді атамды өлтірсе... сұмдық-ай. Мұны Тұрарға қалай айтамын? Бұл құтқара алар еді. Бірақ діні қатты ғой. Мені сүйгені рас болса, көнер де».
— Тұрар, милый, әлден қайда барасың? Шайыңды ішсеңші. Мен қазір тұрайын.
— Наташенька, әуре болма, өзім-ақ примус қоя саламын, — деп Рысқұлов дәлізге шығып кетті.
«Бұл қызыл комиссарлар сонау көсемінен бастап, бәрі от пен судан өткен. Қара жұмысқа араласудан арланбайды. Ал былай қарасаң, қарадан шыққан демессің. Аристократтық сипаттан да құралақан емес», — деп Наташа темір төсекті сықырлата бір аунап түсті.
— Мен сені әзір үлде мен бүлдеге орай алмаймын. Мен тақыл-тұқыл тұрмыстың адамымын. Ал сен өмірі тұрмыстан тарлық көрмеген жансың. Өкініп жүрмейсің бе? — деген Тұрар.
— Сүйгеніңе қосылсаң, лашықтың өзі пейіш, — деген Наташа.
Әрине, солай. Сүйгеніңе қосылмасаң, алтынмен аптап, күміспен күптеген, інжу-маржанмен баптап, лағыл-гауһармен қаптаған патша сарайларында да қаншама қасірет бар.
Сүйгеніңе қосылсаң, қатықсыз қара судың өзі шекер мен бал. Сүймей алған сұлудан, сүйіп алған сумұрын артық деген.
Бәрі рас.
Бірақ ең асыл мақалдың өзіне де өмірдің ендіретін түзетпелері болады.
Тұрар мен Наташа ә дегенде-ақ сол түзетпелерте, ойламаған кедергілерге кездесті.
Әуелі жетім бала жоғалып кетті. Рысқұловтың іздетпеген жері қалмады. Милиция шарламаған қуыс жоқ. Бірақ Түркістан теңізінің толқынынан иненің жасуындай шөпшекті қалай іздеп табарсың?
Рысқұлов өзін кінәлады: «балаға әкең мен шешең тірі екен деп несі бар? Сол қиялмен әкесі мен шешесін іздеп кетпесе неғылсын».
Наташа да өзін кінәлады: «бұл үйге мен келмесем, бала қашып кетпес еді».
Жетім бала екеуінің көкірегіне де тікен болып қадалып, жүректерін сыздатты да қойды.
Енді келіп, ойда жоқта сол жараның үстіне Аркашаның жанжалы жамалды.
Аркадий Приходько — Меркедегі халық қозғалысын тұншықтырған, қасиетті Мерке топырағын қанға бөктірген қандықол, қатыгез жау. Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің тұсында ротмистрден полковник шеніне дейін көтеріліп, 1916 жылы Мерке қазақтарын қырғаны үшін қасиетті Георгий кресіне ие болған.
Тулаған Түркістанды қайтадан ноқталамақ болып Керенский Орта Азияға генерал Коровиченко бастаған әскер жіберіп еді, қиюы кеткен кер дүние қалпына қайтып келмеді. Коровиченко Түркістанға генерал-губернатор бола алмады.
Полковник Аркадий Приходько генерал Коровиченко қырғынына белсене қатысып, он жетінші жылдың қыркүйегінде Ташкент көтерілісшілерінің қанын тағы төкті. Коровиченко омақаса құлап, мойны астына қайырылған соң, қашып-пысып, біршама уақыт көзден таса болды.
Дүниеде Аркадий Приходько деген офицер болғаны, талай түркістандықтардың қаны соның қолымен төгілгені ұмытылыңқырап бара жатқан кезде, сол кіші Приходько жалғанның жарығына қайта шықты.
Түркістандағы Кеңес үкіметінің соғыс комиссары Осипов опасыздықпен бүлік шығарып, Ташкентте он төрт комиссарды алдап қолға түсіріп, атып жіберген шақта, сол усойқының белді қолшоқпарларының бірі Аркадий Приходько болды.
Екі күнге жуық созылған соғыстан соң, Осипов большевиктерден қашып құтылды да, Приходько қолға түсті.
Осиповтың осқырынып жүргені — ТВО-ның күші еді (Туркестанская военная организация). ТВО басында баяғы кәрі генерал Кондратович қалқайып тұрған. Ал шын мәнінде ТВО-ны қуыршақтай ойнатып отырған ағылшындар, қала берсе американдықтар, бұрынғы құлаған өкіметтің өкілдері, жергілікті байлар мен дінбасылары еді. Олардың ой-арманы бойынша ТВО Осиповтың қолымен Түркістанда Кеңес өкіметін құлатып, буржуазиялық жаңа өкімет құрмақ-тын. Ол өкіметтің тізгінін Ұлыбритания ұстап отырмақ еді. Үндістанды, Иранды, Ауғанстанды өз ықпалына қаратып, күллі Шығыстың байлығын майлы жілікше сорып жатқан кәрі арыстан көптен бері Түркістанның жылы-жұмсағына да қорқау тұмсығын салуды армандаған ғой. Полковник Аркадий Приходько сол қорқау құлқынның құралы да, құрбаны да еді ғой. Енді өлім жазасын күтіп, түрмеде отырған.
* * *
Ташкент аспаны күңіреніп барып, күтір-күтір ете қалды да, бір сәтке дала да, үйдің іші де аппақ болып кетті. Жұмыстан қайтып, іңір шайын ішіп отырған Тұрар мен Наташа екеуінің арасында лапылдап от жанғандай болды да, қас қағым сәт сол құдіретті жарықтан екеуінің де көздері қарығып, бірін-бірі бұлдыр мұнардан әрең көрді.
Рысқұловқа ас дайындап, үйдің ішін күтіп-бағушы Мұхсина кемпір көне қамзолының омырауын қымтай ұстап:
— Бисмилля, бисмилля! Ләй-ляха-иллялаху! — деп үні шығыңқырап кетті.
Орасан найзағай ойқастап өтіп, артынша терезені сабалап, нөсер төгіп жүре берді.
Рысқұлов ішіп отырған шайын қоя салып, терезеге барып жауынға сүйсіне қарады.
— Жауа түс! Жауа түс, жарықтық! — деді қуанғаннан алақандарын бір-біріне ысқылап.
Түркістан аймағына дым тамбай қойғанына қатарынан үш жаз өткен. Соның зардабынан ел ғаламат ашаршылыққа ұшырап, аштық нәубет төнген. Мұны дінбасылар большевиктерте жауып:
— Ақырзаман! — деп байбаламдасып, жау жағадан алғанда, бөрі болып етекке жармасып жатқан.
— Енді егін болады, ел пісікшілікке жетсе екен тезірек, — деді Рысқұлов терезені сабалаған жаңбырға жалбарынғандай кейіпте.
Дастарқан басына Рысқұлов көзі шоқтай жайнап, бетінде нұр ойнап, қуана-қуана оралды. Бірақ Наташа керісінше жабығыңқы еді. Соны лезде байқаған Рысқұлов бәйек болып:
— Наташа, ауырып отырғаннан саусың ба? — деп тіксініп қалды.
— Жоқ, Тұрар, — деді Наташа мұңлы үнмен. — Мен саған бір жайсыз хабар айтуға бата алмай отыр едім.
— Ол не? — деп Рысқұлов қолындағы пиаланы дастарқанға қоя берді. «Артурдың өлгенін айтатын шығар», — деді лезде ішіне шоқ түскендей шошынып.
Наташа ақ шәйі орамалмен мұрнын тартып, көзін сүртті. Біршама тығылып, булығып отырып, ақыры тіл қатты.
— Осы уақытқа дейін сен маған, мен саған Аркаша туралы бір ауыз сөз айтқан емеспіз. Бірақ сен оны мүлде ұмытып кетуің мүмкін емес... Әлде ұмыттың ба?
Рысқұлов бойын жинап алып, шабуылға атылардай, тез сұстанды. Ол шынында да Аркаша Приходьконы ұмытып кеткен сияқты еді. Аркаша Приходько дүниедегі ең әсем әйел Наташаның бөле атасы екені есіне енді түскен сияқты. «Сонда бұл қалай?» — деп, мастықтан жаңа айығып, мас кезінде істеген қылықтарын есіне түсіре алмай қиналып отырған адамның кейпі бар жүзінде.
— Иә, иә, Аркаша... Әрине, білем...
— Білсең, сол Аркаша қазір сенің тұтқының, — деді Наташа енді күйректігін қойып, еңсесін түзеп, дауысы нықтау шығып.
— Қалайша?!
— Ірі-ірі істер арасында, ондай ұсақ-түйек сенің көзіңе іліне бермеуі де мүмкін, — деді Наташа күрсініп алып, жәудіреген көкпеңбек көздерін жалт еткізіп бір қарап. — Өлетін бала көрге жүгіреді деп, сорлы Аркадий әнеу жолғы Осиповтың ойранына қатысып, қолға түсіпті. Мүмкін, қатыспаған да шығар, жала шығар, білмеймін. Қазір түрмеде отыр екен, өлім жазасына кесілетін қауіп бар дейді. Тұрар, жаным, құтқара гөр Аркадийді. Қалай десе де, менің бауырым ғой ол!
Наташа, әлгіде жарқ-жарқ етіп көз қарықтырған найзағайдай лапылдап тұра келіп, күйеуін мойнынан құшақтап, бет-аузынан сүйіп-сүйіп алды.
Рысқұлов ғажап бір хал кешті.
Бұрын Наташаға қашан да, тіпті сонау бұлдырап қалған бала кезден ынтық еді. Бала кезден қалай сүйеді? Жас бала әйел затын сүю дегенді түсіне қоя ма? Бала байғұс сүю дегенді түсінбейді, әлдебір құдіреттің күшімен сезеді. Әйтпесе он жасқа жетпей жатып Беатричеге құлай ғашық болған Данте сүю дегенді түсінді дейсіз бе? Сол шамалас сәби шағында Лермонтов сүю дегенді ақылмен түсінді дейсіз бе? Әлде бұл ғажайып сезім ұлы ақындарға ғана тән шығар?
Ал Рысқұлов ақын емес қой. Ол рас, ақын емес. Өлең жазбаған. Бірақ жақсы жырды, жақсы музыканы құлай сүйетін мінезі бар. Көбінесе көкірегімен үнсіз ән салып отыратыны болады. Үнсіз өлең шығарып отыратыны болады. Пианиноны, домбыра мен мандолинаны шебер тарта алады. Егер заман оны қақпайлап күрескерлік жолға салмаса, Рысқұлов мүмкін не музыкант, не жазушы болар еді.
Мемлекет қайраткерлерінің көбісі-ақ ақын болады да, бірақ ақындығын жариялауға жасқаншақ келеді. Өйткені саяси қайраткерлігінен гөрі, ақындығы көптің бірі ғана болып қалуы мүмкін. Көп ақынның бірі болғаннан гөрі, саяси майданда ірі шыққанның өзі артық та. Ақындық деген жарықтықтың екі ұшпағы бар: бірі — ұлылық, бірі — масқаралық. Ұлы бола алмаған ақын масқара болады. Көп ақылды адамдардың өз ақындығын жасыратыны сондықтан.
Кішкентайынан ынтық болған қызы қазір адамнан гөрі, суретке көбірек ұқсайды. Наташа қазір оған Рембрандттың Саскиясына ұқсап көрінген. Суреттегі сұлуға қызығуға болады, сүйсініп, таңдай қағып, сұқтануға болады. Бірақ ғашықтық тірі жанға арналған.
Нөсер басылған. Аспандағы бұлттар соғыстан соң сиреп қалған қолдай әр-әр жерден селдіреп көрінеді. Батқан күннің қызылы шалған селдір-селдір бұлттар қалжырап, қансырап тұрған тәрізді.
Терезеден көз алып, алдында отырған Наташаға қарап, Рысқұлов:
— Қинама, Наташенька, Аркашаны құтқару қолымнан келмейді. Келген күнде де мен ондай іске бара алмаймын, — деді.
Наташа тірі адамнан гөрі, көркем суретке көбірек ұқсай түсті.
«Саския», — деді ішінен Рысқұлов.
— Мені шын сүйгенің рас болса, барасың, — деді Саскияның суретіне тіл бітіп. — Оны құтқарып жіберу сенің қолыңнан келеді. Құтқар. Милый, аяғыңа жығылайын.
Рысқұлов қиыннан қиын хал кешті. Шай ішкенде жіпсімеген жазық маңдайы, қазір тершіп кетті. Баяғыда Самарға оқу іздеп барып, институтке түсе алмай, сандалып жүргенде жолдас болған Ақмар айтқан «Ғалиябану» есіне түсті:
Ақ атласым житмәдә,
Көмеш қайшым ұтмәдә
Ун беш яштан ғашық булып.
Ғалиябану, сұлуым, иркэм,
Ходаем насиб итмәдә.
Ғалиябануынан айырылып, қанаты қайырылған Халилдің зары: ақ атласы жетпеген, күміс қайшысы өтпеген, он бес жастан ғашық болған Ғалия сұлуды Құдайым нәсіп етпеген.
Дәл қазір аспан мен жердің арасын кернеп, дүниелік сұрақ тұр; не кәззап жау Аркашаны құтқарасың, не бала жастан құлап сүйген Наташадан айырыласың.
— Тұрар, милый, неге үндемейсің? Мені сүйгенің, мені сыйлағаның шын болмады, жай сөз болды ғой. Өзіме де обал жоқ, сен күтпеген жерден өзім келіп етегіңнен ұстадым. Қайдан білейін, қызметтің құлы екеніңді. Менен гөрі, біздің махаббатымыздан гөрі, саған қызмет қымбат. Әрине, титтейінен ұлықтардан қорлық көрген адам өзі де ұлық болғысы келеді. Сол мақсат жолында ол бәрін де құрбан етеді. Осыны да білмедім-ау, мен байғұс...
Сұлу сурет сұрапыл сөздер айтты. Рысқұловтың жүрегіне тікен қадалды.
— Қой, Наташа, не деп кеттің? Мен қызметтің құлы емес, халықтың құлымын. Ал Аркадий Приходько болатын болса, халықтың қас жауы. Ол күні кеше, одан бұрын да халықтың қанын төккен. Егер мен оған ара түсіп, соттан аман алып қалсам, екі дүниеде де оңбаймын. Онда жер бетінде менен қарабет адам жоқ. Онда мені өлгендердің де, тірілердің де қарғысы атады. Басқа не тілесең де — тіле, бірақ бұл тілегіңе мен бара алмаймын. Тіпті ТүркЦИК-тің өзі әлдеқалай Приходьконы ақтап жатса, мен оған қарсы шығамын. Өйткені Аркадий Приходьконың қылмысын менен көп білетін адам жоқ. Солай...
Наташа — сұлу сурет бірте-бірте өшіп, бұлдырап, көрінбей кетті де, ақ полотно ғана қалды.
Наташа кәдімгі қолмен ұстап, көзбен көретін, күлетін, жылайтын, жүретін, тұратын тірі жан емес, бір ғажайып елес, бір көрген әдемі түс сияқты дір-дір етіп барып, мұнар-мұнар сары сағым арасында бұлаңдап кетіп барады. Наташа әдемі, ғажайып түс қана сияқты.
Бір сұңғыла сұрақ: «Приходько тірі болғаннан кеңес өкіметі құлап қалмайды ғой? Босатып-ақ жібермейсің бе? Ағасын өлтірсең, бәле қарындасының жүрегіне мұз қатып қалмай ма? Мұз жүректі әйелдің қасында қалай жатасың?» — деді.
Іңір қараңғысы мен ақшамның арасында сұңғыла сұрақ сұңқылдап, жан-жағынан аш қасқырдай қамалай түсті. Рысқұлов ауа жетпей алқынып бара жатып, бастырылып барып оянғандай.
— Жоқ! — деп орнынан тұра берді.
Әйелі мұңайып отырып қалды.
* * *
Құдай Тағала бір күні қараптан қарап отырып, Ыбырайым пайғамбарды шақырып алды да:
— Балаңды құрбандыққа шал! — деді.
Айтып тұрған Жасаған Иеңнің өзі. Одан өтіп барып арыз айтып, құлдық ұратын ешкім жоқ. Ешкім жоқ.
— Жасаған Ием, жалғыз баламды алғанша, өзімді ал! — демекші еді Ыбырайым. Бірақ айта алмады. Тілі икемге келмей қалды. Пайғамбар да сұңғыла ақылды адам ғой: Құдай Тағаланың ауыз бармас, ой оралмас құрбандықты неге талап етіп отырғанын түсінді: құдіреттің айтқаны біреу, орындалуы да біреу. Бұл ретте екі шешім жоқ. Жасағанның әмірі — жазмыштың сызуы. Жазмыштан озмыш жоқ.
Ыбырайым бозым баланы қолынан жетектеп тауға шықты. Қадим дәуірде бұл тау дүниенің діңгегі еді. Жасағанның ауылына ең жақын жер сол. Күн батуға құлдилап, шығыс қараң-құраң тартып, әлем асты ала-құла болып тұрған кез еді.
Ыбырайым әулие сақалы селкілдеп, тұла бойы дір-дір етіп жылады, жарықтық. Бейкүнә бала аң-таң. Таудың басына шыққанға қуанбай ма екен? Әкесі жылайды.
— Е, бишара балам, тізерлеп отыр, — деді.
Бала қызық көріп, тізерлеп отыра кетті.
— Көзіңді жұм, байғұс балам, — деді.
Бала жасырынбақ ойнап отырғандай, көзін тас қылып жұмды.
— Басыңды жоғары көтеріп, мойныңды соз балам, — деді.
— Әкем қазір бір керемет көрсетпекші-ау, — деді бала басын кегжите беріп.
— Құдайға құлдық айт, балам, — деді.
Құдай аспаннан бір сыйлық тастайтындай көріп, бала: «құлдық, құлдық», — деп жалбарынды.
Әкесі белдіктегі қыннан қылпып тұрған кездікті суырып алып, баланың үлбіреген тамағын сипап керіп, бауыздау жерді іздеді. Баланың қытығы келіп күліп жіберді. Бірақ жұмған көзін ашқан жоқ.
— Қимылдама, балам, — деді.
Бала әне-міне ғажайып кезең келетіндей, соны үркітіп алмайын дегендей, сіресті де қалды.
Әкесі баланың үлбіреген иегін көтеріп, кездікті алқымына тақай бергенде аспан қарш етіп қақ айырылып, Құдай Тағала үн қатты:
— Тоқтат, Ыбырайым! — деді. — Баланы босат. Орнына бір қошақан шал!
Рысқұлов Наташа мен Аркашаның арасында тұрып, осы бір қадим заман оқиғасын еске алды.
Аркашаны босатып жіберу қолынан келер. Сонда Кеңес өкіметінің заһар жауын жақтаған болып шығасың. Күні кеше Ташкентте орасан ойран шығарып, халыққа қарсы оқ атқан, небір бозым комиссарларды қыршынынан қиған залым Приходькомен еріксіз сыбайлас болып шыға келесің. Аркашаны босатсаң, Меркенің топырағында сүйегі әлі шіріп үлгірмеген жүздеген боздақ көрлерінен қаңқа қолдарымен алқымынан алар. Неткен сұмдық! Сондай сұмдыққа барса, Рысқұлов кім болмақ?! Сенің күні кеше Мерке көтерілісін бастағаның, сенің күні кеше патша түрмесінде пенде болып отырғаның, сенің күні кеше қолыңа қызыл Ту алып, Әулиеатада Кеңес өкіметін орнатқаның, сенің бүгін бүкіл Түркістанның кембағалын ажалдан құтқармақ болып, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей өз ата-анаң, өз туған балаң аштан өліп бара жатқандай, жанталасып баққаның, сенің Кеңес өкіметі үшін бір шыбындай жаныңды шүберекке түйіп жүргенің — бәрі-бәрі бір тиын.
Сен егер Аркадий Приходьконы тұтқыннан босатсаң, о дүниеден Рысқұл Қызыл Жебеге мініп келіп, өз қолымен буындырып, шыбын жаныңды шырқыратар. Ол бір-ақ кісілік күші бар сен тұрмақ, аюды да қылқындырып өлтірген.
Солай, Рысқұлов!
Ал Аркашаны босатпаса...
Аркашаны босатпаса, Наташа жоқ.
Не Аркашаны босат та, Наташамен бол.
Не Аркашаны қорғама да, Наташадан айырыл.
Жауды тағдыр Рысқұловқа дәл бүйірден бұйыртқан. Сол баяғы Меркенің базарында Илья «пайғамбардың» айтқаны — айтқан. Бүкіл өмірі әр адым аттаған сайын айқас. Түлен түртіп, сол базарда Илья «пайғамбарға» бал аштыра қояр ма? Әрине, балалық қой. Әрі десе, Ильяның жазуы да сандырақ. Бірақ өмірде кейде жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді.
* * *
Тұрар Рысқұлов Ташкенттегі қызметіне 1918 жылы тамыз айының орта шенінде келді. Әулиеата уездік атқару комитеті төрағалығын Қабылбек Сармолдаевқа өткізді. Уездік өкімет басында болған сегіз-тоғыз айдың ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Әлі атқарылмаған қыруар жұмыс қалды. Бұйрық солай екен, Әулиеатаның талантты басшысын Түркістан өкіметі өзіне шақырды. Рысқұлов бұл кезде небары жиырма үштегі жап-жас жігіт еді, әлі бойдақ, үй-жай, отбасы деген жоқ. Бүкіл Әулиеатаны ұстаған Рысқұлов Ташкентке жалғыз шабаданын көтеріп, жолға шықты. Бұл Вотинцевтің тірі кезі еді. Рысқұловтың уездік емес, республикалық масштабтағы адам екенін таныған президент, оны әуелі денсаулық сақтау комиссары етіп тағайындады.
Вотинцев Рысқұловты өз кабинетінде қабылдап, республиканың сан алуан қиын-қыстау жағдайлары туралы әңгімелесіп отырғанда, ішке хатшы кіріп:
— Ағылшын әскери-дипломатиялық елшісі сіздің қабылдауыңызды өтінеді, — деп хабарлады.
Рысқұлов кетпек болып еді, Вотинцев:
— Отыр, — деді. — Тірі капиталисті көргің келмей ме? Әсіресе оның өзі ағылшын болса... Қызық қой. Отыр, тыңда.
Кабинетке екеу кірді. Бірі сарғыш мундир киген полковник, бірі басына сәлде ораған қара мұрт, қара сақал мұсылман.
— Полковник Френсис Бейли, — деді полковник өзін таныстырып. — Ұлыбританияның Қашқардан келген әскери-дипломатиялық елшісімін.
— Хан Сахиб Ифтекар Ахмед, — деді сәлделі. — Мен тілмашпын.
Полковник — тұманды Альбионнан шыққан ақ нәсілді ағылшыннан гөрі, не түрікке, не ирландыққа, яки ауғандыққа көбірек ұқсайды.
Бірақ сәл кесірлі кескіні мен шолжаңдау сөз сөйлеу мәнері ғана оның отаршыл нәсілдің тұқымы екенін танытып тұрғандай.
— Мистер Вой-тен-цов, — деді полковник әуелі еркетотай бала құсап ернін түріктендіре созып, «Вотинцев» деген фамилияға тілі келмей бүлдіре сөйлеп. — Ұлыбритания үкіметінің атынан жаңа Түркістан үкіметін құттықтауға рұхсат етіңіз.
Хан Сахиб аударып шықты.
— Рақмет, Бейли мырза, — деді ұртына кекесін күлкі ұялаған Иотинцев.
Бейли күйсегенін қоя қойып, біреуге бұрылып қараған түйедей Вотинцевтің алдында отырған Рысқұловқа кекірейе қадалып қалды.
Бейлидің көкейінде тұрған сұрақты айтпай ұққан Вотинцев:
— Таныс болыңыз, Бейли мырза, — деді Рысқұлов жаққа ықылас қойып. — Комиссар Рысқұлов. Түркістан Кеңестік социалистік Республикасы басшыларының бірі. Сондықтан одан жасырын бізде сыр да, сөз де жоқ. Айта беріңіз, құлағымыз сізде.
Көмекші жігіт меймандардың алдына подносқа салып ақ шәйнек, кішкене қызыл-жасыл шыныаяқтар әкеліп қойды, шайды құйып болып, өзі шығып кетті.
— О-о! — деп Бейли қолдарын жая, қасын кере таң қалып: Олл райт! Каа-ро-шо! — деді. — Коммунистік Түркістанда шығыстың ежелгі қонақжайлығы сақталғаны тамаша... Ықыласпен қабылдағаныңызға рақмет, мистер Вой-тен-цов, коммунистер Түркістанын тағы да құттықтаймыз.
— Ал ағылшын генералы Маллесон сіз айтқандай, «коммунистер Түркістанын» басқаша құттықтап жатыр, — деп қалды оқыстан Рысқұлов. Әдеп бойынша Вотинцевтің алдын орамау керек еді. Бірақ мына кесірлі полковниктің көлгірлігіне шыдай алмай кетті.
Полковник түк түсінбеген болып ежірейе қалды.
— Сіз, әрине, білесіз, Бейли мырза, ағылшын генералы Маллесон қарулы күшпен Түркістан республикасының Каспий аймағына басып кірді. Рысқұлов жолдас соны айтып отыр, — деді Нотинцев.
— А-а, — деп аңғалдана қалды Бейли. — Маллесон ба? Ол авантюрист. Ұлыбритания үкіметіне оның ешқандай қатысы жоқ. Оның армиясында бірде-бір ағылшын солдаты жоқ. Болса үнділер, ауғандықтар болар. Маллесон... Оның арандату әрекеті Ұлыбритания үкіметінің пәрменінен туындап жатқан жоқ.
Осыны айтып болып Бейли Рысқұлов жаққа қауіптене бұрылып қойды. «Осы бір қара бүлдіргі болмасын» дегендей көзқарасы.
Оның бұл қарасы Рысқұловтың назарынан тыс қалмады. Тағы бір сұрақ көмейіне тығылып тұрды, бірақ Вотинцевтің алдын орай бермейін деп әдеп сақтады, әрі десе ол сұрақпен Бейлиді мүлде үркітіп алмайын деді. Әйтпесе, айтпақшы еді: «Мистер Бейли, Закаспийде — Маллесон, Сіз — Ташкентте. Сіз Маллесонды Ташкенттен күтіп алмақшысыз ғой?» — деп.
Ал Вотинцевке келіп сәлемдесуден бұрын Бейли Ташкенттегі АҚШ консулы Тредуэлл мырзаға жолығып шыққан. Тредуэлл Түркістанта консул болып Мәскеу арқылы келген. Ал Бейли мүлде басқа тараптан, Қытай тарапынан, Қашқар арқылы келіп отыр. Сондықтан Бейлиге қарағанда Тердуэллдің өкілеттігі мығымырақ. Бейли сезікті. АҚШ консулы Бейлиге біраз сыр айтты. Түркістанда қазір большевиктерге қарсы астыртын жұмыс жүргізіп жатқан елеулі күштің бірі — ТВО. Оның басында бұрынғы патша генералы Кондратович тұр. Оның қазір қашқан ақтардан құралған үш мың әскері бар. Әрі десе он бес мың әскері бар Ергешпен байланысты. Ергеш болатын болса, Ферғанадағы үлкен күш. Күні кеше «Қоқан автономиясы» деген үкіметті басқарған. «Қоқан автономиясы» Түркістанда большевиктерге қарсы құрылған ілдәбай үкімет еді. Бірінші премьер-министр қазақ Мұхамеджан Тынышбаев болды. Көп ұзамай ол орнынан түсті де премьер-министр Мұстафа Шоқаев болды. Мұстафа Шоқаевты итеріп тастап, орнына осы Ергеш отырды. Өзі өмір сүрген төрт-бес айдың ішінде үкімет басына үш премьер-министр келіп, ақырында Қызыл Армияның тегеурініне төтеп бере алмай «Қоқан автономиясы» құлады. Бірақ Ергеш басмашылық жолға түсті де, қол жинай бастады.
Тредуэллдің Бейлиге айтқан Ергеші сол.
— Сіздің ең алғы міндетіңіз — ТВО мен Ергешті қолдау. Соларға көмек көрсету. ТВО мен Ергеш көтерілсе, Маллесонга Ташкентке қарай жол ашылады, — деді Тредуэлл Бейлиге. — Әне сонда Түркістан ақырында Ұлыбританияның Үндістан, Ауғаныстан сияқты колониясы болып шыға келеді, — деп Тредуэлл керемет кеңпейілділік танытты. АҚШ-қа колония керегі жоқтай, тұтас Түркістанды Англияға оп-оңай тартып отырған сияқты.
— Большевик басшыларға барып сәлемдесіп шығыңыз, — деді Тредуэлл Бейлиге қамқорлық айтып. — Кім білген, бір кезде олар отырған кабинетте ең кемі министр болып сіз отырарсыз. Болашақ кабинетіңізбен осы бастан танысып қойғаныңыз нышанға жақсы, — деп, Тредуэлл жұп-жуан қара сигарды бұрқ-бұрқ тартып қойып, қарқ-қарқ күлді.
Міне, енді Бейли Қызыл Түркістан президентінің кабинетінде отыр. Қабырғада ілулі тұрған Карл Маркс пен Лениннің портреттері Бейлидің не ойлап отырғанын біліп қойғандай бұған міз бақпай қарайды. Бейли ол портреттерден көзін тез тайдырып әкетті.
Оның есесіне тірі көздерге ұшырасты. Әсіресе қараторы комиссардың алтын жиек көзілдірігінің ар жағынан өңменінен өтер, қанжардай өткір, қара көздер қарайды. Өте жайсыз көзқарас. Бейли неғұрлым паңсыз, шолжаң сөйлеуге тырысып:
— Кешіріңіз, мистер комиссар, — деп Рысқұловқа тіл қатты. — Сіз орысша таза сөйлегеніңізге қарағанда, сірә, орысша оқыған боларсыз.
— Иә, дұрыс айтасыз, — деді Рысқұлов.
— Балаларын орысша оқыту, тек байлардың ғана қолынан келген ғой. Сіз, сірә, үстем тап отбасынан боларсыз. Оқуды Петербургте тәмәмдадыңыз ба?
Вотинцев мырс-мырс күлді. Бейли шамданып қалғандай болды.
— Көңіліңізге алмаңыз, Бейли мырза, — деді Вотинцев, — әшейін, сұрағыңыз қызықтау. Рысқұлов жолдас сіңірі шыққан кедейдің баласы. Патшаға қарсы шыққаны үшін әкесі Сібірге каторгаға айдалған. Ал Рысқұлов жолдас болса...
— Түрмеде оқып сауатын ашқан, — деп Вотинцев үшін Рысқұлов жауап берді.
— О-о! — деп Бейли қасын керіп, басын жай ғана салмақпен изеді. — Профессионал революционер. Олл райт! Мен жазушы болсам, сіздің өміріңізден роман жазар едім.
— Ондай ықыласыңызға рақмет, мистер Бейли, — деді Рысқұлов реті келген сөзді өлтіріп алмайын деп. — Жазушысы табылса, сіздің осы сапарыңыз да романға бергісіз болар: Үндістан — Иран — Ауған — Синцзянь — Түркістан.
Бейли бордай аппақ болып, бір тамшы қаны қалмай, қуарып бара жатты.
— Менің мұндай маршрутпен жүргенім сізге қайдан белгілі? — деді ол есін жиып алып.
— Логика айтады. Сіз Қашқарға, әрине, Ауған арқылы, Ауғанға — Иран арқылы, ал Иранға Үндістаннан келе аласыз. Генерал Маллесон да Үндістаннан шыққан жоқ па?
— Жоқ, мен ешқандай Маллесонды білмеймін. Менің мақсатым — бейбітшілік мақсат. Жаңа Түркістан мен Англия арасында мейлінше достық қатынас орнату. Түркістан бұған Мәскеу рұқсатынсыз да ықтиярлы деп ойлаймын. — Бейли араша тілегендей Вотинцевке мөлие қарады. Әу бастағы шолжаңдығы лезде тыйылған.
— Жә, келген шаруаңызды айта отырыңыз, — деді Вотинцев әңгіме бағытын өзгертіп.
— Алғашқы тілек. Ұлыбритания жас Түркістаннан мынаны қалайды: Түркістан Германияға мақта сатпаса екен. Мақта деген стратегиялық үлкен күш қой. Мақта беріп Германияны күшейтіп алсаңыздар, ертең Ресейге қайта шабуылдамасын қайдан білесіздер? Ал әзірге Түркістан Ресейден мүлде бөлектене қойған жоқ қой. Әрі десе Түркістан өкіметі мистер Вотинцев қолында.
— Өкімет басында Вотинцев отырғанына меңзеуіңіз бекер, — деді сөз кезегін Вотинцев іліп әкетіп. — Вотинцев бүгін ғана президент. Ертең бұл орынға Түркістан халықтарының ең талантты өкілі отырады. Әрі десе Вотинцев — бүкіл Түркістанның жеке-дара қожасы емес, мұнда ТүркЦИК бар. Соның бір мүшесі мына алдыңызда отырған Рысқұлов. Ал Германияға мақта сату-сатпауды да Вотинцев емес, ТүркЦИК шешеді. Тағы не тілегіңіз бар?
— Ендігі тілек: менің мұндағы дипломаттық жұмысыма тиісті жағдай жасалса болғаны, — деп жуасыды Бейли.
— Бізге келген адал ниетті дипломаттың қай-қайсысына да жағдай жасалады, — деді Вотинцев осымен әңгіме тәмәм дегендей нығарлай сөйлеп.
Пожовник Бейли ұмытып қалмайын дегендей Вотинцевке, онан соң Рысқұловқа тағы бір назар тастады. «Екеуіңнің де басыңды кесіп алар ма еді» деген ойдың жазуы көздерінен жарқ-жұрқ ете қалды. Кешікпей ол бұл ойына жарым-жартылай жетті де.
* * *
Қанның иісі шыққан жерге жер түбінен алдымен құзғын қарға жетеді. Түркістанда қан аз төгілген жоқ, әлі де төгіліп жатыр. Оның көбірек төгілуіне полковник Бейли де себепкер болды. Ә дегеннен-ақ ЧК-ның ізіне түскен. Бейлидің адымы қысқарды. Бірақ жырынды жансыз кеңестік Түркістанның жауларымен ауыз жаласып та үлгірді. ТВО-ның көсемі генерал Кондратовичті тауып алып, жасырын жалғасқан. Кәрі генерал арқылы большевиктердің соғыс комиссары Осиповпен сыбырласып үлгірген.
Осиповке қатты тапсырған: ең алдымен комиссарлардың көзін құрт. Әсіресе Вотинцев пен Рысқұловтың басын ал деп.
Осипов ысылдаған: маған көмек керек. Қару керек, ақша керек, әскер өзімізде бар деген.
Бейли оның айтқанын орындап, генерал Кондратовичке көп ақша берді. Бірақ бәленің бәрі сол ақшадан шықты. Кондратович әлгі мол қаржыға жергілікті халықтан аттар сатып ала бастаған. Он емес, жүз емес, жүздеп, үйір-үйірімен айдаған. ЧК-ның да көзі бар. «Бұл кәрі генерал мұншама жылқыны қайтеді демей ме? Әлде, Кеңестік Түркістанда мың жылқы айдаған бай болғысы келді ме екен? Әрине, контрреволюция әскері үшін жиналған жылқы.
ТВО-ның сөйтіп талқаны шығып, тәмам болған. Бейли бет пердесі ашылып қалар болған соң, қашып-пысып, жасырын жайға көшкен.
ТВО қирағанмен, әупіріммен Осипов аман қалды. ТВО-ның көсемдерінің бірі бола тұра, ол коммунистік билетін төс қалтасында сақтап, Түркістан Кеңестік Республикасының соғыс министрі қызметінде қылшылдап тұрған дәурен еді.
* * *
Ойран салардың алдында комиссар Осипов ерекше бір халге түсіп, ескі аруақтарға сыйынардай болып, діндарлық әдеттен ада жүрсе де, өзінен-өзі теңселіп, Губернатор бағына келді. Қаңтардың аязы шым-шым тістелеген қызғылт сәулелі кеш еді.
1881 жылдың 1-наурызында алыстағы Петербургте патшаны атып өлтірді. Сол-сол екен генерал-губернатор фон Кауфман төсек тартып жатып қалды. 1867 жылдан бері Түркістан тағынан түспей келе жатқан, Түркістанның патшасы атанған губернатор сол жатқаннан тұра алмады. Патша өлімінен кейін, сірә, бұл дүниеде баяндық жоқ, енді өмір сүруде не мағына бар деп біржолата түңілген болу керек. Өлерінің алдында өсиет қалдырады: «Мені осында, яғни Ташкентте жерлеңдер. Бұл жер — нағыз орыстың жері екенін, әрбір орыс бұл жерді жастануға арланбайтынын білсін жұрттың бәрі...» — деп кетті. Өле жатса да отаршылдық мінезден арыла алмай, Түркістан жерін шеңгелдей құлады.
Фон Кауфманды сонда осы бақтың ішіне әкеліп жерледі. Көрге түсірердің алдында епископ псалтырь оқыды. Тіпті бір имам мұсылманша құран оқып зарлады. Құранды орыстың құдайы қабыл ала ма, жоқ па, кім білсін, бірақ мұсылман дінінің қошқарлары мүйіздері сырқырағандай, сәлделерін ұстап, көздерін жұмып, қатты теңселді.
Кейіннен Ташкентте Спасско-Преображенский соборы салынып біткен соң, фон Кауфманның денесін қазып алып, собордың іргесіне қойды. Ал бұрынғы моланың орнына ескерткіш тұрғызылған.
Комиссар Осипов Ташкентке сирек келетін шырт-шырт аязға қарамастан, сол ескерткіштің жанындағы орындыққа шалқалай түсіп, көп отырды.
Не болды? Әлде екі генерал-губернатордың аруағына сиынды ма? Әлде өзін болашақ генерал-губернатордың рөлінде көріп, көз алдына нелер бір ғажайып елестер келді ме?
Осипов Түркістанды билеген генерал-губернаторларды тізбектеп көз алдынан өткізеді, фон Кауфманнан кейін әйгілі Михаил Григорьевич Черняев болды. Бұл Түркістанды жаулап алушы атақты генерал болатын. Бірақ Черняев — бұрынғы Черняев емес еді, бір-екі жыл тұрды да сырқаттанып, генерал-губернаторлықты фон Розенбах дегенге қолдан берді. Асылы Черняев мәрт жігіт болған. Жарты патшалықтың тағын қолдан беру үшін де дәт керек.
Фон Розенбахтан кейін барон Втебский, генерал Духовский, генерал Иванов, генерал Тевяшев, генерал Суботин, генерал Гродеков, генерал Мищенко, генерал Самсонов, ең соңғы генерал Куропаткин келді. Генерал Коровиченко болайын деп бола алмай қалды. Большевиктер кесір жасады.
Осипов Түркістан тарихында он үшінші генерал-губернатор бола ала ма, бола алмай ма, оны бүгінгі түн шешеді. Қаңтардың он тоғызынан жиырмасына ауысып бара жатқан түн.
Бұлтсыз бозғылт аспанның жамбасынан шақшия шаншылып бір жұлдыз көтерілді.
Комиссар Осипов дүр сілкініп орнынан тұрды.
Одан арғы қайғылы жағдай белгілі. Осипов Түркістан республикасының он төрт басшысын атып тастады да, Ташкентте сойқан бастады. Осиповқа дем берушілердің айтуы бойынша, Ташкентті аяз қысқан сол бір қаңтар түніне қарай Орынбордан Дутов, Жетісудан Анненков, Ферғанадан Ергеш, Ашғабадтан ағылшындар жаппай шабуылға шығып, пәрменді біртұтас қимылмен Түркістандағы Кеңес үкіметі құлауы керек еді. Бұл қимылдың шешуші кіндік тұсы осы Осипов болатын. Осипов бүлікті бастауын бастағанмен, уәделі көмек Орынбордан да, Жетісудан да, Ферғанадан да, Ашғабадтан да жедел келе қоймады. Барлық майданда да революция жаулары қан құсып, Қызыл Армия тегеурініне төтеп бере алмай, тоз-тоз болып жатты. Ал Осипов мас-қарапаз қашқын болды да, оның тіректерінің бірі Аркадий Приходько қолға түсті.
* * *
— Соңғы кезде қабағың кірбің, — деді Наташа жұмыстан кеш кайтқан күйеуін күтіп алып, есік ашып тұрып. — Әлде қызметте жағдайсыз нәрселер болып жүр ме?
— Жоқ, — деді Рысқұлов Наташаны бетінен сүйіп. Наташа да осы ықыласқа орай күйеуімен жұмыстан соң кездесіп, есік ашқан сайын, жарының ерніне аппақ бетін тосатын. Рысқұлов осы үлбіреген, нұрланып тұратын бетті тұңғыш рет сүйердей ынтыға, құшырлана өбетін.
— Жоқ, Наташа, қызметте бәрі жақсы. Тек ойымнан Артур шықпай қойды. Бейшара бала шыннан өліп қалды ма? Әйтпесе бір хабары шығатын уақыт болды ғой.
Наташа көзін мұң шалып барып, күрсініп салды.
— Бауыр деген сол, Тұрар. Ал менің халімді түсінбейсің, түсінгің келмейді. Кішкентай Артур саған қандай қымбат болса, Аркаша да маған сондай ғой. Жаның ашып қолыңның ұшын бермедің ғой.
— Артур мен Аркашаны салыстырғаның бекер-ақ. Егер Аркашаның орнында Артур болса, оны трибунал соттауын мен өзім талап етер едім, — деп Рысқұлов Наташаны шашынан сипамақшы еді, Наташа басын жай ғана бұрып әкетті.
Әйелдің кеудесі үнсіз шырылдағандай болды. Кеудедегі бір құса-наланың шарасыз жасы жақұттай жасыл көзден мөлт-мөлт тамып та кетті. Наташа бетін сүртіп, терезеге таянып, далаға қарады. Көктемнің өзі шілдеге бергісіз Ташкенттің күні қыздырған терезенің әйнегінен әлі де жылылық табы білінеді. Өткен жылдардың құрғақшылығында қурап қалған тал-дарақ, мәуе ағаштар өткеннің есесін қайырып алғысы келгендей, биыл әсіре жапырақтап, әсіре шешек жарып, тоқтықтан сыңсып тұр.
Жүрегі түскір шым-шым шаншиды.
Рысқұлов келіншектің сусылдап төмен төгіліп, аш беліне түсіп тұрған ақсары шашынан алақаны күйіп қалатындай ақырын абайлап қана сипалады, Наталья сүп-сүйір саусағымен әйнектің бетін сызғылады. Үндеген жоқ. Жақұттай жасыл көзден жас тамшылап, ашаң қызыл шиедей оймақ еріннің иіріміне барып аялдайды. Наталья әлгі жасты көзден сүртпей, ернінің иірімінен іліп алып тастап тұр.
Әттең дүние, қанаты қайырылған қайран дүние. Еркін көсіліп шарықтауға бір қанатыңды көтере берсең, бір қанатың салбырап қалады. Бір арманға қол жете берсе, бір кесапат көлденең тұрады. Көктен іздегені жерден табылып, көп жыл бойы көкейінен кетпей қойған сүйгені өзі іздеп келгенде, арада айлар өтпей жатып, көңілге қаяу, көкірекке сызат түскені қалай? Жүректің қайта сыздағаны несі? Шыннан Аркаша кесірі кердеңдеп кетпек пе? Сонда Наташа мұны шын сүймегені ме? Шын сүймесе, оны кім қыстайды? Өз еркімен, өз аяғымен келді ғой. Әлде Рысқұловтың өзін емес, мансабын қалап келді ме? Олай дейін десе, Рысқұловтан басқа да лауазымдар бар ғой. Наталья сынды сұлу кімді де болса ынтықтырар. Көкірегінде жұдырықтай ет жүрегі бар еркек оған бір бұрылып, сұқтанбай қарап өте алмас.
Сабаудай қайқы кірпікке ілінген жас наурыз айының жаңа тебіндеген жасыл көгінің ұшына ілініп тұрған таңғы шық сияқты.
Натальяны да түсінуге болады. Қанша жау болса да, бауырдың аты бауыр ғой.
Соны біле тұра Рысқұлов айтты:
— Мен бұл іске араласа алмаймын, — деді.
— Білмеймін, — деді Наташа бұрылмастан алагеуім далаға қарап тұрып, — араласқың да келмейді. Мейлі, сен кіріспей-ақ қой, Тұрар. Бірақ мен басқа амалын қарастырамын.
— Қандай амал ол, Наташа?
— Оны енді өзім білемін, сүйіктім. Большевиктердің бәрінің бірдей жүректері қансып қалмаған шығар. Менің халімді түсініп, арамызда құлақ асатын біреу табылатын шығар, — деді әйелі енді жасын тыйып, көзін сүртіп, еңсесін жиып алып.
Бұл ауыр сөз еді. Рысқұловтың «қаңсыған» жүрегі шым-шым сыздап барып басылды. «Қателесесің, менің жүрегім, сен ойлағандай тас емес», — деп айтуға оқталды да, айтпады. Қарсы дау үдеп кететінін түсінді. Тек:
— Революцияның ең қатерлі жауы Аркадий Приходьконы ешқандай большевик босата алмайды, — деді.
— Көрерміз, — деді келіншегі.
Өкінішті-ақ. Қаптаған қалың топты жалынды сөздерімен талай рет ұйыта, иландыра білген Рысқұлов бұл жолы сүйген жарын сендіре де, көндіре де алмады. Екеуі о баста-ақ, жазмыштан бір-біріне арнап жаратылғандай болса дағы, екеуінің жүрегі де бір-біріне ынтыға соқса дағы, миллион жылда бір рет біріне-бірі жанай өтетін жұлдыздар сияқты екеуінің жолы екі жаққа қиыстап бара жатты.
Жұлдыздар бір-бірімен миллион жылда бір рет жанасып өткенде екеуі бірігуге зарыға ұмтылып, тартылыс күшінің заңына жанұшыра қарсы шығып, тәндерін жаралауға дейін барады. Бірақ арқансыз, белгісіз ұлы күш екі жұлдызды екі жаққа сүйреп алып кетеді. Жұлдыздар жүрегінде жара қалады. Жара әуелі от болып жанады. Бірте-бірте суынып, қатпар-қатпар таулар пайда болады. Біздің жарықтық Жер-Анамыз да миллиард жыл көлемінде әлденеше рет сондай ынтызарлық азабын бастан кешкен. Алатаулар, Қаратаулар махаббат қасіретінің перзенттері.
Рысқұлов пен Колосовская екеуін екі жаққа бір дүлей күш ажыратып әкетіп бара жатты. Ажырамасқа Рысқұловтың бір ғана сөзі жетіп жатыр еді, ол оны айтпады. «Приходько дегенді босатып жіберіңдер!» — деп айтуға құдіреті жетіп тұрса да айтпады. Айтылмаған бір ауыз сөз оны, тек махаббат сарсаңына ғана емес, машақат сарсаңына да салды да қойды.
Адалдығына қарай арамдық алдынан тағы шықты.
Тағдыр оған таңдау ұсынды.
Қайсысын қалайсың? — деді.
Қайсысын қаласа да құрбандыққа ұшырайды.
Революция мүддесі қымбат па?
Сүйген сұлу жарың қымбат па?
Баяғыда Рысқұл әкесі айта беруші еді: «Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі», — деп.
Рысқұлов — жапалақ емес, әрине.
Бірақ орны толмас ойсыраған құрбандықтың болатыны айдан да анық еді.
VII
Ташкентке жаймашуақ көктем көп қонақтамас. Көктемнің өзі мамырға іліге шілдеге бергісіз аптап басталады. Өрік пен алма гүлдеуі бұрқ етіп лезде қозып, аз күн қызықты армансыз шалқып өткізгісі келгендей, сол гүлдер ақтарыла ағыл-тегіл дәурендейді де тез құрсақ көтеріп, аналық жайға ауысып, түгін тастайды.
Рысқұлов пен Кобозев құмалақтай түйін байлаған алма баудың ішін көп аралады.
— Бұл баудың әр алма ағашы маған таныс, Петр Алексеевич, бұған нанасыз ба? — деді Рысқұлов.
Кобозов бурыл шалған сақалын сипалап, көкшіл көздері күлімдеп тұрып:
— Рысқұлов айтса сенеміз де, — деп жымиды. — Онда бұл баққа жиі келетін болғаныңыз ғой.
— Бұл бауда соңғы рет болғанымнан бері төрт жыл өтіп кетіпті. Төрт жыл. Төрт ғасырлыққа татырлықтай.
Рысқұловтың алтын жиек дөңгелек әйнектің ар жағындағы көздері әлдеқайда алысқа қадалып, аулақты шолып кетті.
— Қызық екен, — деді Кобозев.
— Иә, Петр Алексеевич, осыдан төрт жыл бұрын мен осы баудың бағбаны едім.
— Oho, Сіз ең бейбіт жұмыстың маманы болдыңыз ғой онда!
— Оныңыз рас, Петр Алексеевич, менің мамандығым — өте бір иманды мамандық еді. Жерге бір шыбық шаншып, соны мәпелеп өсіріп, мәуесін алған адамды мен сәулетті ғимарат тұрғызған архитектордан, ғұмырлы симфония жазған композитордан кем көрмеймін. Бағбан адам ақынмен ағайындас. Амал не, арпалыс жолына түсіп кеттім де, бау-бақша тіршілігінен қол үзіп қалдым.
— Тұрар Рысқұлович, өкінішіңіз қатты. Сонда қалай, өзіңіз айтқандай, «арпалыс жолын» имансыз деп ойлайсыз ба? — деп күлді Кобозев.
— Жоқ, әрине, Петр Алексеевич, 1915 жылы мен мына Ташкенттегі педагогика институтына оқуға түстім. Институттан гөрі, марксистік үйірмедегі оқуым көбірек болды. Ақша табу үшін өзімнің Пішпекте техникум бітіріп алған мамандығым бойынша осы Қыбырайдағы атақты бай Ташпулат деген кісіге жалға тұрып, бағбан болдым. Ал 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысы басталысымен майданға араластым. Арпалыс жолын қалап алдым.
— Сөйтіп... бағбандықты қойдыңыз.
— Көріп тұрсыз, Петр Алексеевич.
— Сіз жиырма бес десятина жерді ғана емес, бүкіл Түркістанды бау-бақшаға айналдырып жатқаныңызды сезесіз бе, Тұрар Рысқұлович? Сіз енді бас бағбансыз.
— Рақмет, Петр Алексеевич, бірақ мен марапат сүймейтін адаммын.
— Кешіріңіз, Тұрар Рысқұлович. Мен сізден жас жағынан әлдеқайда үлкен адаммын. Көлгірсу менің де әдетімде жоқ. Және сізге жағынайын деген де ниетім емес. Не үшін? Иә, бұл әңгімені қояйық. Ал сонда мына баудың иесі, әлгі сіз айтқан...
— Ташпулат.
— Иә, сол кісі қайда?
— Жер мемлекет меншігіне өткізілген, Ташпулат қашқан. Басмашыларға қосылды деген сөз бар. Ал мұнда қазір жетім балалар пансионатын ұйымдастырғанбыз.
— Бәсе, балалардың шуылдаған даусы шығады. Бұлар кім деймін?
— Әзірше төрт жылдық мектебі бар.
Бұл екеуінің оңаша әңгімесіне араласпай, әдеп сақтаған көмекші жігіт аулақта, алма ағаштың біріне сүйеніп, жан-жағына қарап қойып, наганын тазалап отыр. Көмекші Ләзиз мына екі комиссардың қауіпсіздігіне жауапкер.
Қос комиссар бауды аралап жүріп, енді жан-жағы тұйық, биік шарбақпен қоршалған үлкен үйге бет алғанын көріп, Ләзиз де орнынан қозғалып, наганын жамбас қабына сала-мала комиссарлардың сыртын орай жүрді.
Ташпулат байдың ұдайы жабық тұратын еңселі көк дарбазасы бұл жолы айқара ашулы екен. Көк дарбаза Рысқұловқа әбден таныс. Осы биік қақпаның ар жағында бұрын басқаша тіршілік бар болатын. Ташпулат байдың шаңырағы шайқалмастай, тұғыртасы мызғымастай еді. Еменнен соққан көк дарбазаның ар жағына нәубет атаулы өте алмастай бекем еді-ау.
Бұл да бір орта ғасырдағы Еуропа байларының бекінісіндей жан-жағы қымтаулы, жау ала алмас қамал сияқты еді. Үлкен үй мен әуліжайдың тұрған жері дөңес те, жан-жағы еңіс келеді. Түстік жақ іргесінен Шыршықтың суы Сырдарияға барып қосылуға аптығып, алқынып ағып жатады. Шыршықбасы асқар-асқартаулардан шығады. Талас Алатау, Өгемге айналып, Алайға қарай бұрылған, қысы-жазы жасыл жәннат болып жататын жадыра дүниеден бастау алады. Ташпулат үйі тұрған дөңестен, әсіресе таң мезгілінде Алатау, Алай шыңдары алмас таждың тасындай жарқырап көрініп тұрады.
Сол заңғар таулар қанша тұрса, Ташпулат әулеті де дауыл шайқамай сонша тұратындай көрінер еді-ау.
Енді қазір Ташпулат бай сол таулардың қия-қия тастарын тасалап, бандыларға қосылып, қанжарын қайрап жүр.
Қанжарды ол қолынан келсе, алдымен Рысқұловқа қадар еді. Дүние халі сан қилы. Кім ойлаған? Ташпулат байға уақытша жалға тұрып, бау-бақшасын күтіп жүрген кешегі жарлы студент күндердің күнінде Түркістан басшыларының бірі болып, байлардың жерін экспроприациялау декретіне қол қоятынын Ташпулат қажы қайдан білген.
1915 жылы көктемде Ташпулат байға келіп жалданған екі студент еді. Бірі — қазақ Тұрар Рысқұлов, бірі — өзбек Ләзиз Османов.
Енді екеуі де қожасыз үйдің әулісінде алшаң-алшаң басады. Қастарында Мәскеуден келген төтенше комиссар және бар.
Рысқұлов Кобозевті ұмытып кеткендей өзгеріп сала берді. Комиссарды қарсы алуға аулада тізіліп сапқа тұрған екі жүз баланың ішінен әлдекімді іздегендей әрқайсысының бетіне үңіле қарап келеді. Балаларға кілең көкала жағалы матроска кигізіп қойыпты. Бәрінің шашы тықыр, шетінен күзеп тастапты. Сондықтан болар, бәрі бір қалыптан шыққандай бір-біріне ұқсас.
Пансионаттың бастығы мен тәрбиешілер асып-сасып, кейбіреулерінің жылтыраған мұрындарын өз орамалдарымен сүртіп, жағаларын түзеп, көйлектерінің салбыраған етектерін шалбарландырып-ақ безілдеп жүр. Шалбар деген дөрекі қара сукнодан тігілген екен. Түйенің көн терісіндей қап-қалың. Кейбіреуінің мықынына шақ емес, сыпырылып түсейін деп тұр. Оны бала байғұс ышқырынан ұстап алып, көтеріп тұр.
Рысқұлов бірінші шәкірттің басынан сипай бергенде, бала кірпінің тікенегіндей тікірейген тықыр шаш алақанын тыз еткізді. Ащы тызыл емес, ауыртпайтын, жүрегіңді шым еткізетін мейірлі тызыл. Жоғалып кеткен Артурдың басын сипап тұрғандай көрінеді.
— Қайдан келдің? — деп сұрайды Рысқұлов балаға еңкейіп.
— Арыстан, — дейді бала.
— Сен қайдан келдің, айналайын?
— Ақмешіттен.
— Сен ше?
— Наманганнан.
— Сен?
— Жызақтан.
— Сен?
— Шымбайдан.
— Сен?
— Шаржаудан.
— Сен?
— Әулиеатадан.
Рысқұлов оның бетіне қарайды да, келесі балаға бұрылады. Қайырыла беріп:
— Артур деген баланы білмейсің бе? — дейді.
— Жоқ, — деп бала басын шайқайды.
— Сен?
— Пішпектен.
«Түркістанның төрт бұрышынан түгел жиналған екен-ау. Тұтас Түркістан. Түркістанның болашағы — осылар».
Рысқұлов пансионат бастығына шұғыл бұрылып:
— Пансионатқа ат қойдыңыздар ма? — деді.
— Жоқ, жолдас Рысқұлов... — Күмілжіңкіреп тұрып. — Егер ЦИК қарсы болмаса, Сіз қарсы болмасаңыз, Рысқұлов атындағы пансионат деп атасақ... Өйткені бұл өзі тікелей Сіздің көмегіңізбен ұйымдасты ғой, — деп еді.
— Дұрыс, — деді Кобозев.
— Рақмет, Петр Алексеевич, — деді Рысқұлов. — Енді мені тыңдасаңыздар. Қараңыздаршы, — деп сапта тұрғандарды меңзеді. Үлкен кісілер сапты бастан-аяқ тағы сүзіп шықты. Кілең тұнжыр түстер, кілең ызғарлы көздер, мына дүние бұлар туа салысымен әлденелерін тартып алғандай, әлдекімде өштері кеткендей кіжінісі бар кейпі-келбеттерінде. — Көрдіңіздер ме, — деді Рысқұлов үлкендерге бұрылып, — Түркістан осы. Жаңа мен қайдан келдіңдер деп бекер сұраған жоқпын. Осында Түркістанның төрт көзі түгел: қазағы да бар, өзбегі де бар, қарақалпағы да бар, қырғызы мен түрікмені де бар, орысы да тұр, тәжік те тұр. Тағы кім бар?
— Татар да бар, — деді пансионат директоры.
— Иә, интернационалды біртұтас Түркістан деген осы. Сондықтан менің ұсынысым: пансионат атын «Жас Түркістан» деп қою керек.
«Бұл қалай?» — дегендей Рысқұлов жан-жағына қарады.
— Дұрыс!
— Дұрыс! — десті өзгелері.
— Балалар, бауырларым! — деді Рысқұлов енді назарын жеткіншектерге бұрып, — Сендер қабырғаларың қатпай жатып қарындарың ашты, ата-аналарың ашаршылыққа ұшырады. Оларды сендер ұмытпаңдар. Әрқайсыңның әкең болған, шешең болған. Ұмытпаңдар оларды! Аты-жөнін ұмытпаңдар. Тек өз әкеңнің атымен жазыл. Туған жеріңді, туған ауылыңды, қыстағыңды ұмытпа! Ал ендігі әке-шешең осы пансионат. Отаның да осы. Оның аты — «Жас Түркістан». Ұқтыңдар ма?
— Иә, иә!
— Да, да! — деп шырылдай шыққан дауыстар Шыршық бойынан шырқау биікке көтеріліп, лек-лек тасқындап барып басылды.
Кобозев пен Рысқұлов «Жас Түркістандықтармен» бірге түскі тамаққа отырды. Ташпулат бай үй-жайды молынан пішкен. Екі жүз бала әулісіне түгел сыйып кетеді. Бастырма астында ұзыннан-ұзақ соққан жабайы үстелі, байдың қуыс-қуыс, «ішкәрі, «тышқары» деп аталатын бұлым-бұлым бөлмелері де жетеді.
Бастырма астындағы ұзын үстел әрі тамақтанатын, әрі сабақтанатын сынып есепті.
Аспаз әйел мен оның көмекші балалары қалайы тостағандарға шелектен сорпа құя бастады. Әйел құрметті қонақтарға сорпа берер-бермесін білмей іркіліп еді, Рысқұлов:
— Бізге де, — деп тостаған тосты.
Сорпа дегені қара суға қайнатқан килька балық екен. Кесір болмасын, итке берсе ішкісіз.
Балалардың қалайы қасықтары сақыр-сұқыр, жарқ-жұрқ етіп, қалайы ыдыстағы қалайы түстес судан шынашақтай-шынашақтай балықтарды қайқаң-қайқаң суырып алып шығып жатты. Кейбір зымияндары, үлкендер қайтер екен деп, меймандар жаққа қарайды. Соны аңғарған Рысқұлов пен Кобозев бір-біріне қарап алып, таңдайларын тақылдата тамсанып қойып, әлгі «бал татыған балық сорпасын» сораптай соқты. Тұздалған ащы балықтың ауызды аяздай қарығанына қарамастан, жалап-жұқтап, тіпті тәрелкеде қалған жұғындыны басына көтере жұтып қойды.
Рысқұлов орамалмен аузы-басын сүртіп болып:
— Қалай, балақайлар, тойдыңдар ма? — деп қалды.
Өздерімен бірге мәртебелі меймандардың дастарқандас болғанына риза болған кейбір естілері:
— Тойдық, тойдық, — деді. Көбі томсырайып қалды.
— Шыдаңдар, балақайлар. Аз күнде астық піседі. Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар, айналайындар, шыдаңдар. Оқуларыңды жақсы оқыңдар, — деп орнынан тұрды.
Былай шыға бере пансионат директорына Рысқұлов:
— Мәз емес екен, — деді.
Анау шарасыздық кейіп аңдатып, екі қолын жайды.
— Бары осы, жолдас Рысқұлов. Каспийдің килькасына да шүкіршілік деп отырмыз. Ағарту комиссариатының бергені сол.
— Балаларға тым болмаса көкөніс берсеңізші. Әзірше нан жоқ, ал атқұлақ пен раугаш, шалқан пісті ғой... Мына бөктерлерде не көп, қозықұйрық көп. Жарайды, азық-түлік комиссариатымен өзім сөйлесейін. Көмектесеміз. «Жас Түркістан» пансионаты республика қамқорлығында болуға тиіс, — деді Рысқұлов қоштасарда.
Артур бұлардың арасында жоқ. Оны бұрыннан біледі. Сұрау салдырған. Жоқ болып шыққан. Біле тұра, әйтеуір бір үзілмеген үміт үнсіз іздеп, үнсіз айқайлайды. Артур жауап қатпайды. Рысқұлов үшін мыналардың бәрі Артур. «Аман болыңдар, адам болыңдар!» — деп тіледі. Бірақ бауырдың аты бауыр ғой. Жүрегі бар болғыр сыздап тұрып алды.
Жолға шығар алдында, дөңесте тұрып, Рысқұлов ақбас таулар жаққа тағы да көз қадады. Алыстан мұнартып көрінген таулар жасыл мұхитта жүзіп бара жатқан ақ желкенді кемелердей теңселеді. Мұхит қиырынан ағараңдап көрінген ақ желкендей сағынышты, мұңды әуен қайда бар? Үміт дүниесі сол. Артур сол тауларда жүрген сияқты елестейді Рысқұловқа. Бірақ қай тасынан іздерсің? Бүкіл республикаға сұрау салып таппаған бала көзі тірі болмауы да бір кәдік.
Рысқұлов пен Кобозев қара машинаның арт жағына, шопыр мен Ләзиз көмекші алдыңғы жағына орналасып, пансионатпен қоштасып, ашық автомобиль күрк-күрк етіп орнынан қозғалып, Шыршықты жағалап, қара жолға шыға берген...
Қосарлана атылған мылтық даусы тау төңкерілгендей гүрс-гүрс ете қалды. Қос түтін бұрқ-бұрқ етіп, Шыршықтың арғы бетіндегі қабажал үлкен шынардың тасасынан көлбеді.
Комиссарлардың алда көрер жарық сәулесі бар екен, ысқырық құлақтарының түбінен зу-зу ете шықты.
Енді олар бұғып үлгірген. Нагандарын, маузерлерін шығарып, атыс басталған. Тұрқы бір-ақ тұтам қысқа қарудың оты арғы жағаға жетпей, суға түсіп, шыж-быж етіп жатыр. Соны көрген ағылшын винчестерлі басмашылар қара автомобильді атыстың астына алды. Алдыңғы қалқан әйнек күлпаршасы шығып, оның жаңқалары шопыр мен Ләзиздің бетін жаралап кетті.
— Балонға тимесе екен, — деп қауіп айтты шопыр.
— Ой, оңбаған, адамға тимесе екен де! — деп Ләзиз ысылдады бұғып жатып. — Қой, бүйтіп тұра берсек, бұлар машинаны жаңқаға айналдырады, — деп шопыр газға басты. Машина әлі «тірі» екен, қара жолдың шаңын бұрқыратып, тоңқаңдап ала жөнелді.
Өзеннің арты бетінен үш атты шынар тасасынан шығып, машинамен жарыса шауып, ат үстінен атыса бастады.
Машина жолдан шығып, өзен бойынан бұрыла тартқанда үш салт атты да әрі бұрылып, Алай тауларын бетке алып, жосып бара жатты.
— Пансионаттан не жейді бұл бандылар? — деп қалды қабағы түюлі Кобозев. — Килькаға қызығып жүр деп ойлайсыз ба?
— Ташпулат байға килька керек емес, әрине, — деді Рысқұлов көзін алысқа, Алай жаққа қадай отырып. — Оның ендігі әрекеті — зиянкестік. Балаларға зияны тиіп жүрмесе. Ол қазір ұясын алдырған қасқыр сияқты. Аянбайды да, аямайды да.
— Ташпулат бай екенін қайдан білдіңіз?
— Астындағы атынан таныдым. Атақты жиренқасқа ғой. Ауыздығын жұлқып, жер тарпи беретін әдеті, әлі лақса болмаған екен.
Кобозев Рысқұловқа бағдарлай қарап қалды.
— Қалай ойлайсыз, біздің мұнда екенімізді біліп келді ме, әлде кездейсоқ ұшырасу ма?
— Соны мен де ойлап отырмын. Біліп келуі де мүмкін. Өйткені шынар тасалап, жолдың ұрымтал жерінен күтіп тұрды ғой. Бірақ анық білсе, көп күшпен келіп шабуылдар еді. Машинаны көрген соң ғана қамданды-ау деймін.
Бетін шыны сынығы жырған Ләзиз артына бұрылды:
— Ол бізді күні бұрын білген жоқ. Ол келуге мәжбүр болған. Бұрынғы мекенінде әлденендей қоймасы бар. Соны алып кетуге келген.
— Қандай қоймасы бар?
— Қашанда алып үлгере алмаған қазынасы болуы мүмкін.
Кобозев пен Рысқұлов бір-біріне қарады.
— О да мүмкін, — деді Рысқұлов ойланып отырып.
— Былай болсын, — деді Кобозев тұжырымдай сөйлеп. — Біріншіден, әуліжайға мұқият тексеру жүргізіп, қарауыл қою керек. Екіншіден, Тұрар Рысқұлович, сіз бен бізге Ташкентте отыра беру жарамас. Бұларға қарсы жорық болсын. Отряд жасақтаңыз. Жақсы командир табыңыз. Кешікпей жолға шығайық. ТүркЦИК басшысымен мен өзім келісемін.
VIII
— Теңбіл торғай, мен шаршадым, — деді бала жыларман болып, аузы кемсеңдеп. Түйежапырақтың түбіртегіне сүрініп кетіп, етпетінен құлады. Құлаған қалпы қайта көтерілуге әрекет қылмай, екі қолы жайылған күйі, жапырақтарды қармап жатты да қалды. Мұрнына түйежапырақтың ашқылтым иісі келді. Алаулаған алақандары жердің сызынан рақат тапқандай былдырап қалды.
Шаршаудан гөрі, аштық жаман. Бала түйежапырақтың туырлықтай шетінен жұлып алып аузына салды. Артынша түкіріп тастады: кермек дәм аузын ашутастай қуырып жіберді.
Теңбіл торай шыр-шыр етіп, шолпанкебіс гүлдің басына барып қонды. Қанатын қобыратып, мамығын дүрдитіп, сілкініп-сілкініп қойды. Жан-жағына қарап, жан-жаққа жар салғысы келгендей, аянышты, жалынышты жіңішке үнмен ұзақ шырылдады. Құр шырыл емес, бір сәтте мың құбылған хор қызының үні сияқты еді.
Қауырсыны сәл құлпырған: сары, қызыл, жасыл, көк түсті мамығы кемпірқосақтан жаралған теңбіл торғай:
— Ей, тыңдаңдар, мұнда аш бала жатыр! Бір үзім нан беріңдер, бір жұтым айран беріңдер! Келіңдер! Келіңдер! — деп зар қақты.
Оның тілін түсінген ешкім жоқ. Әрі десе, бала да адамдармен ұшырасқысы келмейді. Аулақ жүреді. Ұстап алып, қайтадан детдомға алып кетеді деп қорқады.
Ал мұның жұмысы қатты. Ол шешесін табуы керек. Жер бетінде не көп — адам көп екен. Ал оған ардақтысы жалғыз-ақ адам. Ол — анасы еді. Мына Теңбіл торғайды оған Құдай жолықтырды. Осыдан айырылып қалмай, шешесін табу керек. Детдом шешесін тауып бере алмас.
Төменде шу-шу еткен дыбыс естіледі. Бала басын көтеріп, сол жаққа қарады. Өзеннің ар жағында жан-жағы биік дуалмен қоршалған көк шатырлы дәу үй тұр. Айналасы бұйра жасыл бау-бақша. Аула ішінде балалар шулайды. Бірін-бірі қуалап ойнайды. Қағаз ашылған кезде топырақ бұрқ ете қалады. Бір-біріне топырақ шашып ойнағандарына қарағанда, қарыны тоқ болмаса да, аш болмау керек.
Бала түйежапырақтан бойы сәл-сәл ғана көрініп тұрып, дәу үйге тесіле қарады. Барғысы келді. Барса қумасын біледі. Бірақ қақпанға түсетінін де біледі. Оның үстіне, Теңбіл торғай шолпанкебіс гүлінің үстінде шоқиып отырып алғанын қойып, гүлден сәл көтеріліп, қанатын дірілдетіп, шыр-шыр етіп тұрды да қойды. Бұл «жүр» дегені. Теңбіл торғайдың бұл тіліне бала түсінген. Дәу үйге ақтық рет бір қарады да, бір басып, екі басып Теңбіл торғайдың соңынан ере берді.
Шолпанкебістің қуысқұлақ гүлдері алтындай сап-сары еді. Бала үзіп алып аузына салғысы келді. Мүмкін, жеуге жарар деді. Теңбіл торғай шар-шар ете қалды. Бала сескеніп, гүлден қолын тартып алды.
Бала бұл гүлдің шолпанкебіс деп аталатынын, оның қызық та қайғылы хикаясы барын білмеуші еді. Шешесін тапса, айтып берер еді, шешесі білмесе, әкесі білер еді. Шешесі айтқан әкең жақсы кісі деп. Оның білмейтіні жоқ деп. Шешесінің айтуынша, әкесі Итжеккенді де көрген.
Шешесі баланың әкесін көп іздеді. Ақыры тауыпты. Енді ол екеуін бала іздеп табуы керек. Баланың бағы бар екен. Теңбіл торғай жолықты. Теңбіл торғайды әкесі мен шешесі жұмсап жіберген болуы керек: бар, Арманды тауып ертіп кел деп. Әуелі оны Рысқұловтың үйінен ертіп шыққан да осы Теңбіл торғай. Теңбіл торғай әкесі мен шешесінің асыранды құсы болу керек. Басқа еш жерде, ешкімде мұндай құс жоқ.
Бала аштықтан басы айналып, көзі қарауытып, құсқысы келді. Бірақ жұмырында құсатын ештеңе жоқ еді. Құрғақ лоқсып, зорықты да күшенгеннен көзінен жас шықты. Көзі жасаурап отырып, жерде өсіп тұрған желкекті көрді. Үзіп алып аузына салды. Тағы үзіп алып, бұралақтап тағы салды. Қойжелкек дүниедегі ең тәтті тамақ сияқты көрінді. Мұндай тәтті дәмді ол комиссар Рысқұловтың үйінен де татқан жоқ. Екі ұртынан көпіріп көк ніл ақты. Бұл жалғанда жоқ тәтті шырын еді. Жетімді Жер-Ананың өзі аяп, мейірімі түсіп, емешегі езіліп, емшегі иіп көк ніл сүтін берген еді.
Баланың уілдеген іші тыншығандай, уанғандай болды. Қойжелкек жолға керек болар деп үзіп-үзіп, қолтығына қыстырды. Сөйтсе, өзектің бойы тұнып тұрған қойжелкек екен. Баланың аш көзі тоғайғандай болды.
Енді бірде бала ұршық басындай аппақ қозықұйрық тауып алды. Қозықұйрық екенін бірден таныды. Өйткені өткен жылы шешесі екеуі Түлкібастан Әулиеатаға жаяу тартқан ұзақ жолда, Қаратаудың жонынан осы қозықұйрық теріп жеп, жандары қалған. Қойжелкектен де қозықұйрық шырын көрінді. Шикідей жесе де дәмді еді. Ақ май асағандай болды.
Бұл кезде Теңбіл торғай да тамағын асырап, шиқ-шиқ ете жүріп, балық көздің дүмбіл дәнін шоқып, ебі келсе кеулі жай масайраған көбелекті қақшып жеп, өзінің тамағын өзі асырап отыр екен.
Баланың әлі ақыл тоқтатпағаны, миының әлі олқы-толқы балқып тұрғаны жақсы болды. Ми піскен сайын адамды уайым сарғайта бастайды. Ақыл тоқтатқан адам — кінәмшіл, насыбай шақшасы табылмай қалса да әлдекімге, тіпті Құдайдың өзіне налып, қала берсе, қатынын боқтап, шекесі тырысып отырады.
Бала әлі ауыр тағдырдың кінәсін кімге артарын білмейді. Ешкімге салар наласы жоқ, тек өлмеу керек екенін ойлайды. Ойламаса да, өлмеуге тырысады.
Ақылы толмаған бала өмірдің тозағын оңай көтереді. Оны көбінесе ақыл емес, сезім жетектейді. Егер бала ақылға салса, Рысқұловтың қолында тұра бермес пе еді, киімі көк, тамағы тоқ, төсегіне дейін ақ сейсеп, Рысқұлов оны оқытпақшы еді. Бір-екі рет тіпті қос арғымақ жеккен былқылдақ пәуескеге де мініп жүрді. Сонда оған жұрттың бәрі қызыға, құрметпен қарады. Ақылға салса, әрине, Ташкентте қалар еді.
Бірақ әлі дүмбіл миды сезім жеңген екен. Ташкенттен бірте-бірте алыстай берді. Алыстай берген сайын алдынан бір жақсылық жарқ ете қалатындай асыға берді. Аш қарынға қарамай, кеудесін тауға сүйеп, табанын қияқ тас тілімдеді.
Бала қаладан ұзаған сайын жер бедері, тал-дарақ, өсімдік, қыбырлаған құрт-құмырсқа, ызыңдаған ара, көк шыбын, шырылдаған бозторғай, сылдыраған шыны бұлақ бұрыннан бір көрген, оқыс оянып кетіп, ұмытып қалған түсі сияқты бола береді. Қашан, қайда көргенін дөп басып есіне түсіре алмады. Баланың миы әлі көк дүмбіл еді.
Мына жасыл бұйра таулардың теріскей бетінде өзі туған ауыл барын бала білмейді. Бар шамалағаны: Рысқұлов айтқан ақ бас шыңдар. Ақ бас шыңдар алыстан, жасыл теңіздің арғы қиырынан қылтиып көрінген ақ желкендердей көлбеп қана байқалады.
Бірде бала бір айналған жерін шыр айналып, бидайықтың шалғынын едәуір шиырлап тастады. Сөйтсе, оның Теңбіл торғай дегені қызыл шұбар түйе көбелек екен. Маусымда көбелек екеш көбелекке дейін құтырады. Ен далада ерігіп жүрген сәнқой неме, қаңғырған баланы көріп, біраз мазақтағысы келгендей алдына түсіп, бұлт-бұлт етіп, бұрыла қашып, теңге жапырақтың қыземшек гүліне жалп етіп қонып, қайта ұшып, көп әуре етті.
Мұны байқаған Теңбіл торғай баланың көз алдына келіп, қанатын қалтыратып шик-шик еткенде ғана, бала көбелек қуғанын қойды.
Кең бидайыққа малтыққан бала тез шаршады. Сонда да кеудесін алға сүйреп, екі қолымен шалғынды ескекше есіп, бір аттап, екі аттап ілгері ұмтылды. Кең бидайық баланы қанша әлсіреткенімен, жұпар иісі уыз ауасын аямай, күш-қуат беріп тұрғандай. Кең бидайықтың жыныс тоғайын топандата атырылып балалы елік алдынан тұра қашты. Бала қорқып қалды. Бірақ аңның өзінен сескеніп зытқанын көріп, қайтадан қайраттанды. Еліктің лағы, нәрестемісің деген, құлағын селтитіп тұрып, балаға жәудірей қарады. Енесі тұяғын тарпып ашуланғанда ғана селк етіп, ыршып түсіп, артына қарай-қарай зымырады.
Лағын ерткен елікті көріп, бала шешесін сабырсыз сағынғанда:
— Апа! — деп айқайлап жіберді. Бала тағы да айқайлайын деп еді, бидайықтың арасынан аулақта тасырлата шауып бара жатқан аттыларды көріп, үнін өшіре қойды. Аттылар да ақ бас шыңдарға қарай шоқытып өтті. Иықтарына асынған мылтықтары көпке дейін шошаң-шошаң етті.
* * *
Баланың кішкентай жүрегі дірілдеп кетті. Мына мылтық асынғандар оның әке-шешесін ұстамаққа бара жатқандай көрінеді. Пәленің бетін қайтарып, әке-шешесіне тезірек хабар бермек үшін бала барын салып, жасыл дарияға малтып келе жатты.
Баланың кенет жан сала жүргеніне Теңбіл торғай таңғалғандай болып, әрі шошынып, баланы сақтандырмаққа әрекеттеніп, алдынан ары-бері ұшып шыр-шыр етті.
— Тоқта, жайырақ жүр, жайырақ жүр.
Бірақ бала түсінбеді.
Адам баласы аң-құстың тілін түсінсе, дүние дидары әлдеқайда ажарлана түсер еді. Адамның тілін адам түсініп болмаған бұл ғаламның қасіретіне қарай, адамды аң мен құстың тілін білуге жазбаған.
Аяғының астынан «пырр» етіп бөдене ұша жөнелгенде ғана бала қалшиып, өкпесі көріктей көтеріліп-басылып, алқынып тұрып қалды. Бөдене зар жылап барып, таяқ тастам жердегі бетегеге жасырынды. Ұя басып жатқан бөдене екен, бала бармақ басындай сепкіл жұмыртқаларды жып-жылы күйінде алақанына салып тұрып, шекесінен шертіп-шертіп, шетінен сіміріп шықты.
Бөдененің келте қанаты енді балаға біткендей, тағы да ұша жөнелді. Ақыры, өкпесі өшіп, мұрнынан қан кетіп, көзі қарауытып барып, көгілжім коңыраугүлді шеңгелдей етпетінен құлап түсті.
Теңбіл торғай ары шырылдады, бері шырылдады. Шолпанкебіс гүліне қонып алып, көкпеңбек аспанға қарап шырылдады.
Көгілдір аспан жүзімен ұлпа бұлттар сырғанап бара жатты. Теңбіл торғайдың зарына олар қарайлаған жоқ. Көгілдір аспан қарауытып, алқаракөк тартты. Жасқаншақтап, жылт-жылт етіп жұлдыздар шықты. Жұлдыздар бірте-бірте батылданып, жамырай жарқырады.
Бірақ олардың арасында Теңбіл торғай іздеп шақырған жұлдыз әлі жоқ еді. Шолпан жұлдыз таң алдында ғана оянады.
Теңбіл торғай Шолпан оянғанша шырылдады. Теңбілдің тілін Шолпан түсінсе керек, кебісін алуға рұқсат етсе керек. Кенет Теңбіл торғай қонып отырған шолпанкебіс гүлі иіліп барып, құлап жатқан баланы көтеріп алып, ұша жөнелді.
Баланы сәске түстің күн сәулесі қытықтап оятты. Қалың жапырақтардың саңылауларынан сығалаған алтын сәуле баланың көзіне шағылысып, әуелі қайда жатқанын бағдарлай алмай, аңырып, алақанымен көзін басты. Көз қарықтырған алтын сәуле Ізбайша апасының күлкісінен шашырап тұрғандай көрінеді. Ізбайша апасы көп күле бермеуші еді, көп күлетін жағдай да жоқ еді. Ал әлдеқалай бір бақытты сәт шалықтап өтіп, күле қалған шақта, оның күлкісінен маржан шашырағандай болатын.
Бала: «апам келіп тұрған жоқ па» деп жүрегі тулап түсті. Алақаны арасынан абайлап қарап еді: күннің алтын жіптей жіңішке сәулелері жапырақтар арасынан шаншыла шашыраған екен. Күн сәулесі бұл шатқалға сәске түсте ғана түсер екен. Жан-жағы аспанға шаншылып тұрған найза шыңдар болатын. Баланың жатқан жерінен қарағанда аспанның аясы шап-шағын, туырлықтай ғана екен. Найза шыңдар уық сияқты да, аспан мақпал көк туырлықтай екен.
Баланың әуелі байқағаны жаңғақ ағашы еді. Жалпақ-жалпақ жапырақтардың арасынан көп түйнектер төніп тұр. Қол созып, біреуін жұлып алып, аузына салып, азуға басып еді: ап-ащы болып шықты. Түкіріп тастап, жан-жағына қарады. Айнала жайылып-жайылып кеткен жаңғақ ағаштары. Рысқұловтың айтқанындай бар екен: жан-жағы асқар тау, айнала тырбық аршалар мен тарбиған жаңғақ ағаштары. Баяғы шолпанкебіс гүлі, баяғы Теңбіл торғай баланың тірілгенін көріп, кішкентай күміс көмейінде хрусталь шарик құбылжып ойнағандай құйқылжыта шырқап-шырқап жіберді.
Бала бір-бір басып, қылдырықтай мойнын созып, Рысқұлов айтқан күркені іздеді.
Шатқалды өрлеп сәл жүрген соң, дәу шынардың түбінен аузы үңірейген күрке көрінді. Бала қуанып кетті. Рысқұлов алдамаған екен. Бір мезгіл бала өкінді де: көкемді ертіп келмегенім-ай деді. Бірақ көкесі мұнда келуге асықпады ғой: әлі қартаямыз, сақал-шашымыз ағарады, содан соң барамыз деді ғой. Демек оның Рысқұл мен Ізбайшаны сағынбағаны да.
Ал бала шыдамады. Баланың ағара қоятын әлі сақалы да шыққан жоқ қой. Сонша ұзақ күтуге тағаты жетпеді. Күркеге жақындаған сайын тұла бойы бір қызып, бір суыды. Апасы қазір мұны көріп, бас салып құшақтап: «айналайын, Арманым!» — деп айқайлап жылап жіберер ме екен? Кешегі бір адыра қалған аштықта сенен мен сорлы адасып, қалдым-ау, — деп аңырап жіберер ме екен? Әкесі мұны көргенде қайтер екен? Таныр ма екен? «О, менің Арманым, жігіт болып қалған екенсің ғой!» — деп қорбаңдап қалар ма екен? Шешесінің айтуы бойынша, Рысқұл әкесі аюдай күшті, қабыландай қаһарлы, жолбарыстай көз ілеспес жылдам. Мұны жерден шүйке жүндей көтеріп алып, бауырына басар ма екен? Қаулап өскен сақал-мұрты тамағын қытықтаса қайтер екен?
Бала да болса, дүмбіл миы қара құмандағы қара судай сақыр-сұқыр қайнап, сан түрлі ой-жорамал жетектеген бала қара күркенің үңірейген қараңғы есігінен баспалап ішке үнілді.
Күркенің іші тұңғиық аспан қуысындай түпсіз болып көрінді. Әуелі баланың көзі үйренбеді. Бірте-бірте қараң-құраң әлденелер белгі берді. Көкірегінің кірін аршыған арша иісінен кейін, күркенің ішінен қолқаны атып, құсық шақырған сасық иіс мүңкіп қоя берді. Бала сескеніп қалды. Әке-шешесін әлдекімдер өлтіріп кетіп, солар жидіп жатқандай көрінді. Бала аштан өліп, жидіп жатқандарды Әулиеатадан, Шымкенттен, Ташкенттен де көрген. Адамдардың аштан қалай өлетінін бала біледі. Біледі.
Қолымен төңіректі сипалап көріп еді, былқ еткен әлденеге тиді. Керме ағашқа іліп қойған ет сияқты. Майы тамшылап тұр. Иіс соныкі болды. Бала үрейден қайтты.
Әлсін-әлсін айнала алакөбеңденіп, күркенің іші көмескі де болса көріне бастады. Тар қуыстың екі іргесінде екі бөстек жатыр екен. Біреуі әкемдікі, біреуі шешемдікі деп шамалады бала. Біреуі арқардың, біреуі әлде аюдың, әлде қабанның терісі сияқты. Бала ол аңдарды жыға танымағандықтан, анықтап ажырата алмады. Бірақ бұл құжырада екі адам тұратынына көзі жетті.
Босаға жақта сырты күйе-күйе ыдыс тұр екен. Ішіне қол салып еді, қолтоқпақтай жілік ілінді. Бала қарны уілдеп тұрғанын сонда сезіп, жілікті аузына қалай апарғанын білмей де қалды.
Бала өзінің шықшытының дыбысынан шошып, ет шайнағанын қоя қойып, әлгі дыбысқа құлақ түрді. Ештеңе естілмеді. Тек шатқалдан алқынып аққан тау суының гүрілі ғана жаңғырып жатты.
Сыртына күйеден қалың қаспақ тұрған ыдыстағы етті едеуір еңсерген соң, барып баланың есіне әке-шешесі қайтадан оралды. «Бұлар қайда жүр екен?» — деп уайымдады. Көптен бері шөптен басқа тамағы болмаған баланың буын-буыны былбырай бастады. Етке тойып, еңсесін көтере алмай, арқар бөстекке қисая кетті. Көзі қонақтап отырған бала қораздың көзіндей кілегейленіп ұйықтап бара жатып, төбеде ілулі тұрған бір десте шайшөпті көрді. Әке-шешесі шайшөп қайнатып ішеді екен ғой. Көзі ілініп бара жатып байқады: күркенің бір қанаты ағаш бағанадан екен де, бір жағы тұтас жартас екен. Сыртын аршаның бұтағымен қымтапты. Майы тамшылаған жаюлы еттің мүңкіс иісі болмаса бұл шайла — нағыз жұмақта тұратындардың мекені сияқты.
Күркенің алдына абайлап басып екеу келді. Жан-жағына қарап, ешкім жоқ екеніне әбден көздері жеткенде барып, жасырағы арқасындағы тауешкіні былқ еткізіп табалдырыққа тастады. Қартаңдауы әлі де болса, жаңғақ тоғай жаққа қарап, сыртта қарауылдап қалды да, жасы аласа есіктен еңкейіп ішке кірді. Қарны ашқан екен, бірден ыдысқа үңілді. Ішінде мүжілген жалаңаш жіліктің жатқанын көріп, «бұл қалай?» дегендей аңқиып қалды да, жан-жағына қарады. Арқар бөстектің үстінде қаннен-қаперсіз пысылдап ұйықтап жатқан баланы көріп, жан даусы шығып айғайлап жіберді.
— Әке!
— О, не?! — деп қартаң кісі мылтығын кезене босағада тұрып қалды.
Дауыстан шошып оянған бала, бөстектен ұшып тұрып, тіл-аузы байланып, сілейіп, үні шықпады. Басы үлкен, бірақ ілмиген арық бала жауға ұқсамайды.
Қартаң кісі сонда да мылтығын кезенгенін қоймай, сақтана басып ішке енді.
— Әй, кімсің өзің? — деп барқ етті.
— Арманмын, — деді бала әкем осы ма деген үмітпен.
— Арманы кім? Кімнің баласысың?
— Мен Арманмын ғой, білмейсіз бе?
— Мынау не деп тұр? Есі дұрыс па? Адам ба, жын-пері ме? Бала қартаң адамды сендіргісі келіп, жан-тәнін сала дәлелдеп бақты.
— Танымай қалдыңыз ба? Мен сіздің балаңызбын ғой. Арман. Мен сізді көп іздедім.
Қартаң адам шыдамы кетіп, күйіп-пісіп:
— Әй, Жорабай, мынау не сандырақтап тұр? Түк түсінсем бұйырмасын, — деп басынан қалпағын жұлып алып, маңдайын, бет-аузын сүртті.
Жорабай иығын қиқаң еткізді. Бірақ әлдекімді есіне түсіре алмай қиналғандай, балаға былай бір, олай бір оқырана қарап шығып:
— Әкеңнің аты кім? — деп қалды.
— Рысқұл, — деді бала айылын жимай. — Міне тұр ғой мынау. Сіз Рысқұлсыз, ә?
Қартаң адамның онсыз да алақ-жұлақ аласы көп бадырақ көзі тас төбесінен шыға жаздады. «Мынау адам емес, аруақ, — деп жорыды. — Рысқұл дейді. Бишараның аруағы мені қуалап жүр ме? Не жазып едім? Уа, Құдай! Не жазығым бар еді?!» — деп күбірледі.
— Әй, жүгірмек, қай Рысқұлды айтып тұрсың? Шешеңнің аты кім?
— Ізбайша.
Қартаң адам мүлде шатасты. Сандырақ дейін десе, атаған адамдары тура келеді.
Бірақ Рысқұлдың Ізбайшадан баласы бар ма еді?
— Е, — деді Жорабай әлден соң. — Оттап тұр. Бүл Молдабектің баласы ғой. Бәсе-е-е!
Енді бала түңіле бастады. Мыналар шыннан бөтен бе деген ойдан ойсырап, іші-бауыры әлем-жәлем болып, жәннаты дүние бір сәтте сәнсіз, сұрықсыз жалмауыздай сұңқиып шыға келді. Бала көңіл енді суый бастады: бәсе, әкесі Рысқұл мына өңкиген үңірек мұрын, бадырақ көз, шалғы мұртты шалдуар шал болмаса керек. Сонда мұны Рысқұлов алдаған болды ғой.
— Жоқ, мен Молдабектің баласы емеспін, Рысқұлдың баласымын. Жәкем қайда? Апам қайда? Олар осында деп еді ғой? Қайда жасырып қойдыңдар? — деп бала шар-шар етіп жылап жібереді.
— Өшір үнін! — деді шал Жорабайға бағжия бір қарап. — Осының бір пәлесі болып жүрмесін. Жасырын жансыздары бар осының, — деп мылтығын кезеніп, жаңғақ тоғайға қадала қарады.
Жорабай баланың аузын баса қойды. Жасырынып жатқан жау белгі бере қоймады.
Сонда барып, Омар мен Жорабай баланы ортаға алып, сұрақ жаудырды.
— Сені мұнда кім жұмсады?
— Ешкім де.
— Онда неғып сандалып жүрсің?
— Жәкем мен апамды іздедім.
— Олар осында деп кім айтты?
— Көкем айтты.
— Көкең кім?
— Тұрар Рысқұлов.
— Оһ, Құдайдың ұрғаны-ай! — деп Омар күңірене күйзеліп, тас қабырғаға арқасын сүйеп отыра кетті. — Қайда барсаң — Қорқыттың көрі! Оразбақ пұшық итті болыс сайлатқызып, бір талатты. Енді Құдайдың қу медиен қураған тауының ішінен де тыныштық бермейін деді-ау бұл Тұрар! Әкесі Рысқұлды өлтірген мен емес едім ғой. Неге түсті сонша соңыма? Мына ес білмейтін күшігін жұмсағаны не сұмдық? Не зымияндық ойлады тағы да? Әй, жуәрмек, шыныңды айтшы, қалай келдің бұл адам аяғы баспаған шайтан шатқалға?
Бала ойының, тілінің жеткенінше бәрі-бәрін бастан-аяқ айтып берді. Рысқұлов әдейі жұмсамағанына көз жеткендей, бірақ көкірегі құрғыр сенбейді.
— Қой, Жорабай, бұл жерден кетейік. Ергеш итке қосылғым жоқ-ақ еді. Ақыры Алланың бұйрығы екен, соған барып паналайық. Мен оның қолы жатқан жерді күнде көріп жүрмін. Жоламай, аулақтан аңдушы едім, енді болмады. Елге де бара алмаймыз, мұнда да қала алмаймыз, — деп Омар төрттағандап жер таянып барып, көкірегін көтеріп, орнынан тұрды.
— Мынаны қайтеміз? — деді Жорабай балаға иегін көтеріп.
— Бұл жынның баласын ала кетеміз. Жалғыз жіберіп болмайды. Жау ертіп келіп, үстімізден түсіруі кәдік. Неде болса Ергештің қолына тапсырайық, ар жағын өздері білсін...
Әкелі-балалы екеуі қоржындарына сырықта жаюлы тұрған етті сықита салып, қанжығаға қара күйе мосыны байлап, атып әкелген тауешкіні алдарына өңгертіп, баланы Жорабайдың артына мінгестіріп, күнгей жақты бетке алып, шатқал қуалап, екі атпен жолға да шығып кетті.
Бала бармаймын деп бақырып-ақ еді, Дәу Омар шапалақпен бір-екі тартып жіберген соң, үні өшті. Енді ол үнсіз жылап келе жатты.
Оң қапталдан да, сол қапталдан да қияқ-қияқ тарғыл тастар түксиді. Баланың бір таң қалғаны: Теңбіл торғай да, шолпанкебіс те ұшты-күйлі жоқ болды. Осындай қысылғанда келмей қойды. Бала оларға қатты өкпеледі. Келіп қалар ма екен деп әлі де үміттеніп, артына бұрылып жалтақ-жалтақ қарады, артында мылтығын ердің қасында көлденең салып, төбедей төңкеріліп Дәу Омар келе жатыр. Даланың жарығына шыққан соң шырамытты. Осы өңкиген шалды бала бұрын бір жерден көрген, бірақ қайда екені есінде жоқ. Мына Жорабай деген баласы да еміс-еміс есінде, Жорабайдың артынан ақырын жылжып түсіп, қашып кетейін десе, артында Дәу Омар келе жатыр. Әкесі мен шешесі мына бұлым-бұлым, қуыс-қуыс шатқалдың бір жерінде жасырынып қалып бара жатқандай:
— Апа! — деп айқайлап жіберді.
— Өшір үніңді! — деп ышқынды Дәу Омар. — Қайдағы апа, сорлы! Сен Рысқұлдың баласымын деп тантыма! Молдабектің баласысың, егер адамның баласы екенің рас болса. Әлі көңілім сенбейді, перімісің деп қорқамын. Рысқұл қайда, біреу қайда? О, қу заман!
Заңғар көктің астында тау қыраны қалықтап, бұлардың төбесінен төніп жүрді де қойды. Жорабайдың алдында өңгерулі жатқан тау тағысын көзі шалған, сірә. Таудың тасыр өзені бұлармен жарысып бұралаңдады да отырды.
Жалғызаяқ тар табан жолда ат екеш ат та абайлап, аяғы таймас үшін санап басып, сақ келеді. Ылғи еңіс болған соң, ер мойнына кетеді. Жорабай шынтағымен баланы бүйірінен түйіп кеп қалады:
— Еңкейме. Шешең маған асылып туып па еді?
— Шалқайып отыр!
Дәу шалдан гөрі, Жорабай ептеп иманжүзді көрінеді. Осы бір шындықты айтар-ау деген үмітпен бала байғұс:
— Ағатай, менің шешем қайда? — дейді. — Ол осы тауда, күркеде деп еді ғой.
— Оттапты! — деп арс етті арттан Дәу Омар.
Бала көңілі қалтырап, қаңтарда қалғандай жүрегі мұздап, аттың үстінен анау сарқырама құзға құлап түскісі келеді. Төбеден қыран шаңқ еткенде аспанға қарап барып ұялағандай, көктің жүзі мейірлі екен, бала іші елжіреп кетті.
* * *
Ташпулат бай Ергештің «нояндарының» бірі еді. Алатаудың күнгей жағын жайлаған Солтүстік Ферғана қауымын Ташпулат бай большевиктерге қарсы көтеруге тиіс. «Қоқан автономиясының бұрынғы райысы Ергеш Қоқаннан айырылғанмен, үмітінен айырылмаған. Кеңесті құлатып, райыс тағына қайта оралу оның арманы.
Ергешті іздеп келе жатқан Дәу Омар Ергешке емес, Ташпулатқа тап болды.
— Өзің қартайып қалыпсың. Бірақ мылтық ұстауға жарасаң болды. Балаңды алып келгенің ақыл болған. Бұл нағыз жауынгер, ал мына боқмұрын кімге керек? — деп Арманды құлағынан бір бұрады. Бала тыжырынып қалды да, жыламады. Тек көмек тілеп Дәу Омарға қарады. Дәу Омар оны қорғамақ ойында жоқ, қайта баланы орға итерді.
— О, Ташпулат мырза, бұның хикаясы қызық. Бұл Ташкенттегі большевик Тұрар Рысқұловтың інісі. Бірақ большевик ағасының үйінен қашып кетіпті. Елін іздеп, тауда адасып жүрген жерінен тауып алдық, — деп жалпаңдады. — Еліміз бір ғой.
— Елің қалай, тыныш па? — деді Ташпулат бай Рысқұловтың інісі дегенге сенер-сенбесін білмей.
— Арқа тыныш болса, арқар ауып несі бар, мырза. Ел бүлініп тұр ғой. Большевик Рысқұлов өзінің жақын туысын болыс сайлаттырып, соның тепкісіне шыдай алмай, енді сізді паналап келіп тұрмын, мырза. Әділеттік іздеп келдім, — деп Дәу Омар опырыла құлап, Ташпулаттың аяғына жығылды.
Рысқұловтың аты қайта-қайта аталғаннан секем алып, Ташпулат тасырая қалды.
— Е, тұр! — деді илікпеген күйі кебісінің тұмсығымен Омарды түртіп қойып. Жағынамын деп жирендіріп алғанын Омар сезбей, Ташпулаттың сықырлақ әміркен мәсісінің қонышын сипалады. Омарға мұндай мәсі өмірі бітпеген. Ташпулатқа жағынып тұрғаны да, әлде мәсіге қызығып тұрғаны да беймәлім. — Қашып кетпесін, байқаңдар, — деп тапсырды Ташпулат нөкерлеріне.
Омар анықтап тұрып енді байқады: Ташпулаттікіндей әміркен мәсі нөкерлерден көрінбеді, киім киістері алабажақтау екен. Бірі басына кір-кір сәлде салған болса, біреулері баяғы Рысқұл құсап киіз қалпақ киіп алыпты. Бұйрасы көзіне түскен сеңсең бөріктілер, дөңгелек телпектілер де бар. Иініне ілгендері де әр түрлі: біреудікі биқасап шапан, біреулердікі сырма шапан, біреулерде түйе жүн шекпен; шапаны, шекпені жоқтар жүнін сыртына қаратып жеңсіз тері көкірекше киіп алыпты. Әсіресе аяқ киімдері кейіпсіз. Қияқ тасты тау тасалаған адамдардың етіктері ақ жұлық, қоңылтақ жыртық кебіс іле салғандары да тұр. Бірақ бір нәрсе бәрінде бірдей су жаңа: ол мылтық, мылтықтары бұрын көрмеген ерекше «ағылшын винчестері» екенін Омар білмейді, тек жарқ-жұрқ еткен сұр болат, суық темірден сескенеді.
Адамдардың ажары түскен, қар жаумай, қазан ұрмай, суық сорған жапырақтай өңдері қарауытып, мыж-мыж болып, сақал-шашы өсіп, мұрты басылмаған. Ташпулат бұларға қарағанда зәйтүн майына қуырған бидайдай быртиып, екі беті алау күрең тартып, жылт-жылт етеді. Бурылы бар мұрты да майлы сияқты.
Омар келгелі Ташпулат ойға көмілді. Бірақ сырын сыртқа шығармайды.
— Бала Рысқұловтың інісі екені рас па? — деп қайталап қадалды.
— Міне, иманым, міне, жаным. Қалп айтсам, осы тұрған жерімде арам қатыр, — деп қарғанды өңкиген Омар.
— Өзіңде сонда Рысқұловтың туысқаны болдың ғой. Солай ма?
— Қайдағы туысқан?! Алыс ағайын. Бірақ қазір жауымнан жаман. Көрсетпеген қорлығы жоқ. Ол туысқан болса, мен тау кезіп, тас жастанып нем бар? Жатпаймын ба өз үйім — өлең төсегімде. Төрімнен көрім жақын шақта мен ерігіп асар ма едім мына асқар тауды!
Омар күйініп айтты. Сөзі әсер етті.
Асқар десе асқарланып, терістікте Алатау жатты. Торғын көк аспанға шаншыла қадалған шыңдар адамдардың шынжау шаруасымен ісі жоқ, тек Тәңірімен тіл қатысардай кегжиіп тұр.
Қадим гректер әдемі ертегілер ойлап шығарған. Ол жөнінде талас жоқ. Олардың айтуы бойынша, құдайлардың көкесі Зевс болған. Зевс Олимп деген тауда тұрады екен. Сөйтсе, ол Олимпке жай пенделер ешкі жаятын көрінеді. Жай төбешік екен. Алатаудың заңғар шыңдары Олимпке қарағанда Құдай мекеніне әлдеқайда көбірек ұқсайды. Бірақ қадим гректер құсап көркем, қиял ойдың қисынын келтіре алмаған шығармыз. Алатаудың ең биігі — Хан-Тәңіріні түркілердің түп атасы Көк Түрік жайлапты деген сөз бар. Осы таудың тағы бір шыңына күлікпен Манас шығыпты деген сөз бар. Ал Құдай тұрыпты дегенді ешкім білмейді.
Тәкаппар тауларға Ташпулат ұзақ қарады. Мына сандалған қазақ осы таудан тектен-текке асып келген жоқ, — деп ойлады, шынында қорлық көрген болу керек. Мына нөкерлерімнің көбі сондай ғой. Олар да Кеңеске өкпелеп, ойдан-қырдан қашқандар.
— Ә, ақымақтар, — деп табалайды енді Ташпулат. — Кедей өкіметі кедейлерді жарылқайды дегенге сеніп, кердеңдедіңдер-ай келіп. Сауап болды. Естідіңдер ме, біздің қасиетті Ферғана ғана емес, қазақтарды да қан қақсатқан большевиктер. Мына қазақтың айтқанын естідіңдер ме? Қатын-баласын асырап отырған жалғыз қап бидайын, Құдайға құлшылық етіп бес рет намаз оқитын жайнамазын тартып алған кеңестер. Ал тартып ал деп тәртіп берген әлгі Рысқұлов. А-а сендер білмейсіңдер ғой Рысқұловты. Ал мен ғой оны баяғыдан білемін. Менің мәуе ағаштарымды күтіп-бағып, тиын-тебен тауып, тентіреп жүруші еді. Әр істі Құдай қылады да, енді сол бау-бақшамды, әулі-жайымды тартып алып, тасыраңдады-ай келіп. Қап!
Ташпулат көзіне дүрбі тосып, күнбатыс жаққа зарыға қарады. Қанша қарағанмен өзінің әулі-жайын көре алмады. Тым алыс еді. Осы дүрбімен әнекүні Рысқұловты жыға таныды. Амал не, атқан оғы дарымады. Машинасының әйнегін қиратты. Оған да шүкір. Жаны шошынып жүрсін. Бәлкім, енді Ташпулаттың әулі-жайына келіп, сайран құрмайтын болар. Қасындагы қаба сақал комиссары да сескенген шығар. Ендігі жерде кездессе, Ташпулат мүлт жібермеуге тырысады. Рысқұлов сияқтылар жер жастанбай, Ташпулат тыныш ұйықтай алмайды. Ал мына жүгермек інісі...
Ташпулат балаға тесіле қарады.
Рысқұлов пен баланың арасынан ұқсастық іздеді. Рысқұловты әнеукүні Шыршықтың бергі жағасында тұрып дүрбімен көрді. Мұрт қойған сияқты ма? Көзілдірігі бар екені анық. Көзілдірігі мұның бағбаны болып жүргенде де бар болатын. Ол он бесінші жыл еді. Содан бері төрт жыл өтті. Көңілінде бұлдыр елес қана қалыпты. Жұмысқа берекелі, тындырымды еді. Торғай тоқ етіп, таң сыз бергеннен тұрып, тіршілікті тындырып тастап, талдың көлеңкесінде отырып, шұқиып арай-арай кітап оқитын. Не кітап деп бұл сұрамапты, не кітап екенін ол айтпапты. Сөйтсе, кілең дін бұзар, большевик кітап екен ғой. Оны білсе, Ташпулат Рысқұловты сол кезде-ақ полицияға ұстап берер еді-ау. Әттеген-ай көп. Егер білсе...
Енді алдағыны ойлау керек. Мына бала бір қажетіне жарап қалуы. Ептеп ұқсайтын сияқты. Қалың қабақ, көзінде қанжардың жүзіндей суық жарқыл бар. Тұнжыр, Рысқұлов та сазарып, көп сөйлемейтін. Інісі дейді, зор комиссардың інісі болса, қаңғырып несі бар? Елін сағыныпты дейді. Елін сағынса Түлкібасқа Ташкенттен сайрап жатқан тура жол бар емес пе? Тауда адасып не жыны бар?
Ташкентте отырған жақын адамдардан астыртын хабар білмек керек. Рысқұловтың інісі жоғалып кеткені рас па, өтірік пе, оны анықтау аса қиынға да түспейді.
* * *
Ташпулат бай большевиктермен тікелей айқасқа шығуға да бейіл емес. Әзірейілдей жек көрсе де, қорқады. Ол мекен-жайын қайтарып алуды көксегенмен, оған дәл қазір қолым жетеді деп ойламайды. Түптің түбінде бір қайтар деп үміттенеді.
Бірақ Шыршықтың жағасында жатқан жайына қайта-қайта ұрланып барғыштауында басқа қасірет жатыр. Шыршықтың бойындағы шынардың тасасында тұрып, ол дүрбімен ұдайы бір ноқатты іздейді. Тарбиған үйдің желкесінде кәрі жаңғақ ағашы бар. Кәрі жаңғақтың түбінде дөңкиген қойтас жатыр. Сол тас орнында ма, жоқ жылжып кетті ме? Оның жанын жеп жатқан қылқұрт сол қойтас. Баяғы замандар тасқынымен таудан көшкен түйетас, қойтас аз емес. Отан біреу тіктеп назар салып, астын тінте қоймас та. Ал сол тасты біреу жылжытпай, өзі бұрын аударғаны оңды болар еді. Сонда ол бұл бүлік шалған Түркістанды талақ етіп, Ергештің де енесін ұрып, Ауған, тіпті Иран, тіпті Үнді асып кетер еді.
Әлденеше оқталды, жете алмады. Сенімді адам да аз. Алтынды көрсе періште де жолдан шығады. Жанындағы жалаңаяқтарта сенбейді. Енді мына аңқау да кіріптар Дәу Омарға оқталып отыруы содан.
Дәу Омар алдына өңгеріп келген киікті Ташпулатқа ә дегенде-ақ тарту еткен. Ташпулат семіз киікке қызықса да сыр бермеген. Киікті көріп, көздері қызып, құлқындарын қаққан нөкерлеріне:
— Тоқта! — деп тыйым салған.
Енді жөн сұрастырып, біраз нәрсенің пердесі түріліп, біраз нәрсе әлі жұмбақ қалған кезде барып, Ташпулат жігіттеріне:
— Ал, кәне Омар аканың киігін қақтаңдар! — деп парман берді.
Сол — сол екен, жаланып тұрған жігіттер лезде қураған киік-отынан тамызық тұтатып, қу аршаның түбіртегін лаулатып, киіктің өзегінен зомбы-таяқ өткізіп, ашамайға тіреп, әтір түтінді алауға әуелі жүнін үйтіп, қанжармен күйген жүннің қағын бір қырып тастап, бүтіндей қақтай бастады.
Жан-жағы жасыл мүк, қызыл қына жамылған жарлауыт тас зүмірет кілем төселген алаңқай, тастан-тасқа кеудесін соққан асау өзен, аласа арша мен биік шынар айқаса ескен ұры шатқал. Ұрыннан жау түсе алмас, ұлы қамал.
Ташпулат сонда да сақтықта қорлық жоқ деп, адыраң нөкерлерін нықырып тастады:
— Отты лапылдатып, жалпылдақ қурай жақпа, аршаның бұтағын жақ, ақымақ!
Аршаның түтіні ауа түстес мөлдір болады. Анша-мұншадан көзге көрінбейді, жау сезбейді. Ташпулат соны айтып тұр.
Обалы не керек, киіктің еті патшалардың дастарқанына ұялмай қоярлықтай, өте дәмді пісірілді. Басқасы — басқа, тамақ дайындауға келгенде бұл ағайындар алдына жан салмас еді.
— Малды қазақ бақсын, жеуін өзбек жесін, — деген мәтелде шындық та, зіл де жатыр.
— А, Омар ака, бізге өстіп ылғи елік атып беріп тұрсаң, біз осылай пісіреміз, — деп ақсиды аузы-басы күйе-күйе болған нөкерлер.
— Қарауылдарға да қалдырыңдар-ей, — деп кейіді Ташпулат құнан киіктің мына жалмауыздардың жұғынына жұқ болмай бара жатқанын жақтырмай.
Ташпулат бұл араны ашылған алба-жұлба тобырды жек көреді, өйткені сенбейді. Жалпы, Ергештің тірлік-әрекетіне де сенбейді. Өйткені бүгін бе, ертең бе, әйтеуір бұл тобыр тоз-тоз болып, ескірген боз көйлектей ыдырап жөнеледі. Мұны Ташпулат біледі. Ағылшын қанша қаруландырғанмен, осы тобыр Кеңес өкіметін құлатады деген уағыз Ташпулаттың кәртәміш көкірегіне қонбайды.
Бұларды асыраудың өзі бір қасірет. Бұлар өзі аштықтан қашып келді, ал бұл жерде тағы ашықса, «атасына нәлет Ергеш пен Ташпулаттың», — деп тайып отырады. Жөнімен кетсе — құлдық, өлтіріп кетпесе де, сондықтан бұлардың тамағын тығындау үшін төңіректегі қышлақтарға түсіп, жазықсыз, бейбіт елді тонау керек. Бір тонарсың, екі тонарсың, сонан соң өзің тоналарсың.
Мұны Ташпулаттың зымиян ойы біледі...
Сондықтан ертелетіп, бұл түлен түрткен Түркістаннан тайған лазым, ол үшін кәрі жаңғақтың түбінде жатқан қойтасқа бір жету арман. Және жедел, өйткені әне-міне Ергештен жаушы жетіп, тағы да бір қанды жорыққа аттандырар.
Ташпулат бай ішінің жыланы сәл де болса тыншыған жасағының әрқайсысына әр түрлі парман беріп, жан-жаққа жұмсады да, Дәу Омармен оңаша қалды.
— Ал, Омар ака, — деді ол бұлталақтатпай, төтесіне көшіп, — сенің адалдығыңа бір сын. Бүгін түнде екеуміз сапарға аттанамыз. Мына екі бала менің жігіттерімнің қолында қалады. Егер айтқанымды орындасаң: кімсің — Омар боласың, ал бөтен ниет танытсаң, өз балаңды анау шынардың анау қисық бұтағына асып өлтіреді. Түсіндің бе?
— Түсіндім, Ташеке, — деп жалпаңдады Омар түк түсінбесе де жапалақ көзінің сабаудай кірпігі жалп-жалп етіп.
* * *
Қызыл күрең қына басқан тарғыл тастан маржан шашып, сарқырап аққан күміс су бала көңілін аударып әкетті де, алба-жұлба тобырдың тіршілігіне қызықпай, биік-биік, сандық-сандық тастарға зарыға қарап отырып қалған. Киіктің құйқасынан оған бір жапырақ тиген. Аштыққа көндіккен көңіл, азды қанағат тұтып, қайтып көзін телміртпеген. Оның задалығын Ташпулат байқамай қалған жоқ. «Бұл күшіктің атасы да осындай, ұсақ-түйектен биік тұратын сырбаз, көзін сатпайтын. Мынасы біздің бәрімізді адам деп отырған жоқ. Ойлағаны мүлде басқа нәрсе».
Сұңғыла Ташпулат баланың көкейін дүрбімен көргендей танып қойған. Баланың жан дүниесі жылап отырғаны рас еді. Ол Теңбіл торғайды сағынды. Бірақ Теңбіл торғай көрген түс сияқты зым-зия. Әлде Дәу Омардан шошыды, әлде мына қанжар қайрап, мылтық тазалаған алабажақ тобырдан үрікті, әйтеуір жоқ.
Бала күркені ойлады. Соған қайтар жолды ойлады. Әке-шешесінен әлі үміт үзбей, олар жоқта күркені Дәу Омар әлдеқалай иемденіп алды деп ойлады. Бала сәті түссе, күркеге оралмақ. Мүмкін, әке-шешесі енді сонда шығар. Өйткені Омар мұнда ғой. Дәу Омардан қорыққаны несі деп бір кез әкесіне ренжіді. Шешесі өтірік айтпаса, әкесі мылтығы бар он солдатты жайратып, аяғындағы зілдей кісенді қолымен қаңылтыр құсатып бір бұрап, сындырып кете барған көрінеді. «Менің мұнда екенімді әкем де, шешем де білмейді, — деп мұңаяды бала. — Әйтпесе мына сұмырайларды сонау сайға сыпыра лақтырып, лақтай бауыздап, мені құтқарып алар еді. Бәлем, Дәу Омар сонда Ташпулаттың аяғын емес, әкемнің аяғын құшақтап жылар еді».
Әлдеқалай әкесі мына жақпар тастардың арасынан баяғыда Саймасайға ақырғандай ақырып шыға келетіндей, бала тауға зарыға қарады. Таудың сарқырама су құлаған қарлы басына таман жалғыз ноқат қыран қалықтап жүрді де қойды. «Қыран неге ылғи жалғыз қалықтайды екен?» «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Сен ағаңды тап», — деуші еді шешесі. Мүмкін, ағасының тілін алғанда дұрыс болатын ба еді? Бірақ әбден қартаямыз, сақал-шашымыз ағарады, содан кейін барамыз деді ғой. Оған дейін бұл қалай шыдайды? Енді не болады? Ағасымен келгенде ғой, мына сілімтіктер мұның құлағынан тартпақ тұрмақ, шекесінен де шерте алмас еді.
Әркімнің өз діттегені, өз уайымы, өз опығы бар. Баланыкі бәрінікінен де алыс, бәрінікінен де өткір, бәрінікінен де ащы.
Шатқалдың күні келте. Ымырт мұнда ерте үйіріледі. Көз байланып, құж-құж тастар біртұтас қарауытып, ара-жігі білінбей түксие түскенде ғана бала байқады: Ташпулат көрінбейді. Дәу Омар да жоқ. Дәу Омардың баласы Жорабайдың қол-аяғы байлаулы. Мылтығына таянған біреу өзіне төне қарап, көз алмай отыр. Бала селк етті.
— Қозғалма, — деді мылтықты адам. — Қашып кетем деп ойлама. Атып тастаймын.
Жорабайдан бұл қалай деп сұрамақшы еді:
— Сөйлеме! — деді мылтықты адам.
Тастан құлаған қасқа судан басқасының бәрі қап-қараңғы. Қыран да көрінбей кеткен. Түн келді де қызыл, жасыл, сары, көк, күлгін, қоңыр бояудың бәрін жұтып жіберді. Бірақ аспаннан жымыңдап жұлдыздар көрінді. Бірте-бірте шатқалдың үсті баданадай жап-жарық жұлдыздарға толып кетті. Бала жұлдыздардың мұншама жақын жерден жарқырағанын бұрын көрген жоқ еді. Жұлдыздың біреуіне қолы іліксе, екіншісінен тағы ұстап, бірте-бірте мына шатқалдың ар жағына аспалы көпір арқылы өтіп кетуге болатын сияқты. Бала аспанға қарай қолын созып көріп еді, ештеңе ілікпеді.
— Тыныш отыр! — деп жекіді мылтықты адам.
— Жұлдыз көпір, — деп сыбырлады бала. — Мені арғы жаққа алып өт. Басқа шатқалдағы жалғыз күркеге жеткіз.
Жұлдыздар оның жанын ұққандай жақындай түсіп, жәудіреп тұрды. Тіпті қол созым жерге түсер еді-ау, мына мылтықты адамнан олар да қорқатын болар.
Бала көзі ілініп, кірпіктері айқасып бара жатып, ән естігендей болды.
— Қайтар едім, жолым жоқ.
Сулар бұған жолымды.
Жұлдыздарға көпір салар ем.
Бұғаулады жазмыш қолымды, —
деді әкесі.
— Жұлдыздарға көпір салар ем, Бұғаулады жазмыш қолымды, — деп әкесінің әніне жұлдыздар сыңсып қосылды.
Жұлдыздар сыңсып, сыңғыр-сыңғыр қоңыраулар біріне-бірі тиіп кетіп, бүкіл әлем асты «Жұлдыз көпір» әнін жырлады.
Сөйтсе, ар жақтағы армандаған күркесіне жете алмай жүрген жалғыз бала емес, әркім-ақ Жұлдыз көпір арқылы аңсарлық жерге жеткісі келеді екен. Аңсарлық жері болмаған адам ән айта алмайды екен, жұлдыздардың сұлулығын байқамайды екен. Олардың көзіне еш заман Теңбіл торғай да көрінбейді екен. Олар шолпанкебіс гүлімен ұша алмайды екен. Олардың атын Бейуайым пенделер дейді екен. Бейуайым пенделерге Жұлдыз көпір жуықтамас. Жұлдыз көпір жуықтамас.
Оңтүстіктегі хас сұлу Ферғананың ыстық лебі есіп тұрса да, шатқал іші бой шіміріктірер салқын еді. Тіпті жақындап-жақындап келгенмен, жұлдыздар да жылыта алмайды. Зорлықтан қарақшы болған қаңғыбастардың аттары пысқырынды. Жартас жақтан ұлар жылап, ұйықтамайды. Күндіз қалықтап жүрген қыран оның қосағын іліп әкеткен шығар. Алыста елік маңырайды, мүмкін күндіз Ташпулаттың нөкерлері қақтап жеген тау тағысының серігі шығар.
Әлемнің бүтіндігі сырттай ғана. Ал ішіне үңілсең, кілең кетіктен тұрады. Көңілі бүтін біреу жоқ. Бала әке-шешесін іздейді. Ташпулат айырылып қалған алтынын аңсайды; Жорабай жорыққа кеткен кәрі әкесін уайымдайды. Жұлдыз екеш жұлдыздың да көңілі кетік. Әйтпесе кебісін жерге түсіріп алған Таң-Шолпан таң алдында неге қалтырайды?
Бала салқын түнде жаурап жатыр. Жаурап жатып көрген түс өңіндегіден де мұңлы келеді. Апасы өзеннің арғы бетінде, бұл бергі бетінде. Апасы қоянның терісінен тіккен көкірекше ұсынады. Бала қолын созса — жетпейді. Әкесі сияқты оның да жолын сулар буған.
Сонда бала жұлдыздарға жалынады: көпір болыңдаршы! — дейді.
Жұлдыздарды адам тілін түсінуге жазбаған.
Шатқалда жұлдыздар жарқырап, тұрғанмен, жазыққа шыға, аспанды ала шарбы бұлт басты. Кетік ай мен жұлдыздар сол бұлттардың арасына сүңгіп кетіп, қайқаң етіп қайта шығып, жасырынбақ ойнап тұр.
Ташпулат ай қараңғы болса екен деп тіледі. Дүниенің түкпір-түкпірін жарық қылуға жарайтын қазынаны алып қайтуға аттанып бара жатқан Ташпулат Құдайдан осы түнге қараңғылық қалап еді. Іштей жылап айтқан мінәжаты Құдайдың құлағына шалынғандай, шарбы бұлт бірте-бірте түнеріп, түйдектеле бастады. Кетік ай дүлей түйдектен көрінбей қалды. Кетік ай сонда жер астында, қараңғыда жатқан алтынды тағы да еске салды. Бұлттың қоюланғанын Ташпулат жақсылыққа жорыған.
Соңына ерген бес-алты нөкерлерден оқшауланып, алға желдірте түскен Ташпулат Дәу Омарға жол-жөнекей кәрі жаңғақ ағаштың соқпағын қайта-қайта тәптіштеп айтып келе жатты. Сансыз ежіктен мезі болған Омар өзінің тәуелді пенде екенін бір замат ұмытып кетіп, Ташпулатқа ожырая қарап:
— Е, ұқтым ғой енді! — деп атының басын кегжең еткізіп, тізгінді тартып қалғанда, тақымындағы қайраулы күрек күңгірт сәуле тартып жарқ етті.
— Саған мылтық жарамайды. Ыңғайсыз. Бір қолыңда күрек, бір қолыңда мылтық, бұл болмайды. Мына наганды аласың. Бұрын ұстап көріп пе ең?
Наганды Дәу Омар баяғыда, Талғарда приставтың қолынан талай көрген.
— Алтыатар, — деді Ташпулат. — Өте бір қатерлі жайт болмаса, дыбысын шығарма.
— Мақұл, иә! — деді Дәу Омар аңшы мылтықтың балапанындай ғана тұқыл тапаншаны қойнына мұп-мұздай қылып тығып жатып. Қойнына жылан кіріп кеткендей тұла бойы тітіркенді. Өзінен өзі атылып, қарнын ақтарып тастайтындай көрінді. Желе жортқан аттың басын тартқыштай берді. Аттың текірегінен наган атылып кетер ме екен деген қаупі бар.
Ташпулат керісінше «тезірек», — деп астындағы торы қасқаға қамшы басты.
Түн ортадан ауа бұлар Шыршық бойындағы дәу шынарға да жеткен еді.
Ар жақтан қарауытып «Жас Түркістан» үйі көрінеді. «Жас Түркістанның» тұрғындары балбырап ұйықтап жатқан кез екен, қыбыр еткен тіршілік білінбейді.
«Атаңа нәлеттер, — деді Ташпулат ішінен. — «Жас Түркістан» деп қойыпты. Әлі «Ұлы Түркістанды» көрерсің. Замана кезек. Мен қайта оралармын әлі».
Бірақ қалай оралатыны бұлдыр.
Бұл сапарға Ташпулат Дәу Омарды әдейі таңдап алды. Омар оған залым емес сияқты көрінді. Шын жапа шеккен, өзін қорғауға дәрменсіз, қулық-сұмдығы жоқ, жақсылап ас берсең, дастарқаныңды аттап кетпей, адал қызмет ететіні аузын ашқаннан аңқылдап көрініп тұр. Омар — арқасынан қағып тамақ бергеннің құлы. Ол кәрі жаңғақ ағаштың түбіндегі байлықты алып қашып кетер емес.
Алып қаша алмайды, өйткені тұтқында баласы отыр. Өз баласын өзі оққа байламас. Табиғи қазақ ондай озбырлыққа бармайды.
Ал егер жазатайым қолға түссе, басқа емес, анау жерде отырған Рысқұловтың туысқаны. Туысқаны басмашылардың қатарында жүр екен деген Рысқұловқа жақсы атақ емес. Ташпулат үшін бұл «дұшпаннан түк тартсаң да пайдамен» бірдей. Көмір күйдіреді, күйдірмесе қаралайды. Ал дұшпанның беделіне дақ түсіру — аз шаруа емес. Басмашылардың қосында Рысқұловтың екі бірдей інісі жатыр, о да нәпаха. Жауға қарсы әрекеттің арамы жоқ.
Әлбетте, ең абзалы — кәрі жаңғақ түбіндегі қазынаны аман-есен алып қайту ғой. Ондай атты күн туса, Ташпулат Рысқұловыңа да, Ергешіңе де пысқырмайды. Одан соң не Бұхар әмірінің қанатының астында болады, не Ауған асады. Асылы, Ауған асқан. Өйткені Бұхардың өзі өзгеріп кетпесіне бұ заманда кепіл жоқ. Әмір Сейдәлімханның өзі осы күнде екі шоқып, бір қарап отыр.
«Ташпулат бай, жай солай, — деді өзіне-өзі. — Құдайым осыдан жол бергей. Ендігі бір үміт осы Түлкібас қазағында».
Кәрі жаңғақ ағашқа өзі барар еді, қақпаннан қорқады. Большевиктердің қандай тор құрып қойғанын қайдан білесің?
Ташпулат соңғы сәтте Дәу Омарды өз туған бауырындай арқасынан қағып:
— Ал, Омар ака, Алла жолыңды берсін. Осыдан олжалы қайтсаң, өле-өлгенше қолыңды алтынға малып өтесің, — деді.
Омардың кәрі жүрегі аттай тулады. Не қорқыныш, не қуаныш екенін түсініп жатпады. Қопалақтап барып, Шыршықтың салқын суына қолқ етіп түсті де кетті. «Я су перісі Сүлеймен, қолдай гөр», — деді, су белуарына келіп, дәу денесін итеріп-итеріп тәлтіректетіп жібергенде екі қолы ербеңдеп барып, етпетінен құлай да жаздады. Күрекпен су түбін тіреп, әрең қалды.
Әлгіде түйдектеле бастаған тұнжыр бұлт қайтадан ыдырап кетті. Бірақ жартыкеш ай батыпты. Адамдардың түнде де қырқысқан, қу дүние үшін алысып-жұлысқан тынымсыз тіршілігін көрмей-ақ қояйын деген шығар, ай батыпты.
Жұлдыздар бұлттан аршылып, айсыз түнде жандана түскен екен. Қылкөпірдің үстінде тұрып, Ташпулат бозбала кезі бір шалықтап өткенін өзі де білмей қалды. Мына нау шынар сол бозбала кезінде бар еді, жарықтық. Ташпулат ол кезде адалырақ еді, қызды ойлайтын, жас бозымның қызық дәуренін ойлайтын. Осы ну шынар түбінде кездесуге уәде байласып, түн ұйқыны қиып, қыз күтетін.
Ай болмаса жұлдыздар бар,
Келгін, еркем, келмей қалма,
деп ыңылдап тұратын.
Қазір ай батып, жұлдыздар жамырай түскен сәтте жігіт кезі оның әлі бұзылмаған шағын еске түсіргісі келгендей, бір жарқ етіп өткенде, Ташпулат өткенді аңсап, өзегі өртенбеді. Ал енді зарыға күткені қыз емес, Дәу Омардың оралуы еді. Дәу Омар темір қобдишаны әрең көтеріп, мықшыңдап келе жатқанын бір көрсе, дүниеде одан артық қызық болмас еді. Қылықты қыз орнына омырайған дәу шалды күткен түн. Дәу Омар олжалы оралса, Ташпулат небір сұлулардың құшағына әлі де жатпақ. Бірақ сол алдан алдамшы көрінген бар жұмағы баяғы-баяғы түнде қыз күткен шақтың бір сәтіне татыр ма?
* * *
— Шыныңды айт, кім жіберді?
— Өзім, өзім, садағаң болайын.
— Өзің болсаң, мұнда не іздеп жүрсің?
— Адасып кеттім, садағаң болайын.
— Адассаң шарбақтан асып түсіп нең бар? Қолындағы күрегің не? Мына алтыатар кімдікі?
— Жалғыз-жарым адам осы заманда қарусыз жүріп бола ма? Өз қаруым, садағаң болайын.
— Қайдан келдің, шыныңды айт?!
— Елден келемін, айналайын, елден. Арызданып, өкіметке келемін.
— Елің қайда? Қай өкіметке барасың?
— Елім — Түлкібас.
Өкіметтен Рысқұловтан басқа ешкімді білмейтін пақыр қатты састы. Аузына сөз түспей тұтығып қалды. Жөтеле берді, көк жөтел қысқандай өңеші үзілгенше жөтелді. Өтірік жөтел жөнді шықпады. Жеңімен көзін сүрткен болды.
Шошақ бөрікті, мұртты солдат шегініп барып, мылтық кезенді.
— Айт шыныңды! Санаймын. Үшке дейін. Бір!
Дәу Омар гүрс етіп жерге құлап кетті. Маңдайын тақтайға тарс еткізіп соғып алды. Ол еденді тақтайлап тастағанды көргені осы.
— Екі!
Дәу Омар қалш-қалш етіп, еңбектеп солдатқа қарай жүрді. Солдат кейін шегінді. Бесатардың оқпанын сақыр-сұқыр қайырды.
Дәу Омар жан алқымға келгенде:
— Рысқұлов, — деді үні қырылдап.
— Не Рысқұлов? Не деп тұрсың өзің?
— Рысқұловқа барамын. Ол менің туысқаным.
Солдат мылтығын тартып алды. Дүмін жерге қойды.
Дәу Омар бір қатерден қалғанына тәуба деді. Құдайға жалынып еді, болмады. Рысқұловты атап шатасқанын сезеді, бірақ атылмасына көзі жетті. Енді осы бетінен қайтпауға бекінді. Ертең бұл әңгіме Рысқұловқа жетер, бәлкім бетпе-бет жүздесер. Жүзі күйер. Бірақ түбі бірге туған ғой. Жамандыққа қимас. Әттең, бала қалды жау қолында, әсіресе Рысқұловтың інісі қалды. Соны білсе, Рысқұлов мұны аяр ма екен? Онда бір себеп табар, әзір аман қалғаны олжа.
Шошақ бөрікті әскер қарауында қалған басқа әскерді дауыстап шақырды. Анау келді.
— Рысқұловтың туысқанымын дейді. Не істейміз?
— Мынау аламаншы ма? Оттапты! Рысқұловтың туысқаны осындай түнде кезген қарақшы болар ма еді? Әй басмашы, сен өйтіп біздің өкіметтің сыйлы басшысын былғама! Білдің бе? Әйтпесе жаңағы жаңғақ ағашына аяғыңнан ілініп қаласың! — деп ежірейді екінші шошақ бас.
Дәу Омар енді қайраттана бастады.
— Әй айналайын, мен өтірік айтсам, алып бар Рысқұловқа. Ал сонда өтірігім шықса, атып тастау қиын емес қой.
— Осының айтып тұрғанының жаны бар. Шынында да Ташкентке жөнелту керек. Біз ұстауын ұстадық, ар жағын өздері білсін.
Қызыләскерлер осылай келісті де, Омарды Ташкентке жөнелтті.
* * *
Дәу Омар ертеде Алматыны көрген. Мерке мен Әулиеата шаһарларын біраз аралаған. Ал Ташкентті көруі тұңғыш еді. Бұрынғы білген қалалары мұның қасында қыстақ сияқты екен. Ташкент туралы ел адамдарынан, жолаушылардан, саудагерлерден талай есітетін. Әттең, бір көрер ме еді деп те қоятын. Ташкентке барсаң алдыңа салып, ыңырантып мал айдап бар. Әне, сонда қадірлісің. Бірақ өмір-бақи Омардың есігінің алдына ең көбі бес ешкіден артық мал бітпей қойды. Соның өзін төлінен өсіріп көбейтейін-ақ дейді. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмейді. Қызылсырап құлқынын қаққан қатын-баланың тіленішті көздерін көргенде, Дәу Омар дәті шыдамай, ешкінің шырмайы барын бақыртып бауыздайды да тастайды. Сирек келетін сондай бір «ақ түйенің қарны жарылған» заманда қатын-баласының көздерінің жайнап шыға келетіні-ай. Дәу Омардың қол тоқпақтай жұдырығынан талай есі танып құлап, көзінің алды көгеріп, ұдайы кіртиіп жүретін қатыны байғұс, ешкі сойылғанда байының бар қорлығын ұмытып кетіп, қара табақты бауыздалған ешкінің тамағына тосып, бір тамшысын төкпей, қанын сарқып алып, дереу шыж-мыж пісіріп, көбелектей ұшып-қонар еді. Балалары дереу жалпылдақ отын жағып, қара ешкінің сирақтарына көсеу сұғып, көсеу жетпегені таяқ сұғып, жалынға үйіте бастайтын.
Соның үлкені, үміт артары Жорабай еді. Ташкенттің үйлеріне таңдана қарап келе жатқан Омар сүрініп кеп кетті. Өзегі үзіле жаздағандай болды. Соңында келе жатқан қызыләскер:
— Көзіңе қара! — деді.
Ташкент шаһарының қилы-қилы кепиетіне таңданып келе жатқанның өзінде, ойынан Жорабай кетпей, жолын кес-кестей берді.
Енді ол Рысқұловпен кездесер сәттің жағдайын жанталаса қаттады. «Ол былай дейді, мен былай деймін...» Ақыр соңында бір байламға келді: «Барлық болған жайды жасырмай айтамын. Жаңылдым, жаздым деймін. Өзімді өлтірсең — өлтір, Жорабайымды құтқар деймін. Жорабайға жаны ауырмаса да өзінің інісі үшін әскер шығартады».
Толып жатқан топандай ойдың ішінен тапқан бір түйір дәні осы болды. Осыны ұмытып қалмайын деп құранның сүресіндей жаттады. Жас кезінде молда «Мұқтасарды» қанша жаттатса да есінде қалмаған, тілі сынбаған, сонысынан қорқады.
«Алдына барғанда асып-сасып абдырап, аузыма сөз түспей қара баспасын», — деп өзін-өзі қайрады.
«Тұрарға тәуелді қылған Құдай!» — деді.
Рысқұлдың осы ұлының бала болғаны Омардың есінде қалмапты, Құданың құдіреті. Бесағашта, баяғыда үйімен үйі іргелес отырып, Тұрардың бала болып ойнағанын байқамапты. Анадан жастайынан жетім қалып, тұнжыраңқы жүретін сәбидің болар-болмас елесі ғана бар есінде. Рас, бір көрініс анық әлі күнге дейін көз алдында. Ол сол Талғардың Басағашына пристав келіп, Тау-Шілмембеттің үш арысын дар аташқа аяғынан асып қойған сәті. Рысқұл Саймасайды атқан күннің ертесі. Пристав сонда Рысқұлдың баласын қардың үстіне жалаңаяқ тұрғызып қойып тергеуге алған. Омар сонда құжыра есігінен баспалап қарап тұрған. Сондағы қасарысқан, жақ ашпаған, қар қарыған аяғын кезек-кезек көтеріп қойып, безірейген көкбет бала көз алдында.
Сол баланы енді ел билейді деп кім ойлаған? Білсе, Омар сол кезде оны мойнына мінгізіп ойнатар еді ғой. Білсе, оның әкесімен үзеңгі ажыратпас еді-ау. Түрмеде жатқанда артынан күнде барар еді-ау. Енді ойласа, бір рет те ат ізін салмаған екен. Ол — ол ма, Тау-Шілмембетті Рысқұлға қарсы қойып, өзеуреп баққан екен. Тау-Шілмембеттің бар пәлесі Рысқұлмен кетсін деп, садақаға шығарған, шіріген жұмыртқаға балаған екен.
«Өткен іске өкінбе» деген екен бұрынғылар. Сойдиып сорыңды қайнатып, алдыңнан шығып тұрса, қалай өкінбессің?
Көз алданғыш. Ойраны шыққан ойды көз алдайды. Өмірі өңі тұрмақ, түсінде көрмеген айшықты, ою-өрнекті ғимаратты көріп:
— Мынау не, шырағым? — деп сұрады қызыләскерден, тұтқын екенін ұмытып кетіп.
— Хурриет үйі, — деді қызыләскер.
Түсінбеді. «Хурриет» — «құдірет» болып естілгендей. «Онда өкімет осы болды ғой», — деді. Тұтқынның түсінбегенін байқаған әскер:
— Азаттық үйі, — деп қазақшалады.
— Рысқұлов осында ма, шырағым?
— Жоқ, келесі көше, — деді әскер.
— Тілеуің бергір, мені соған апар, — деді басқа біреудің қолына түсермін деп қорыққан Омар.
Көп кешікпей ТүркЦИК-тің асқардай айбынды үйі де көрінді.
— Міне, — деді әскер, — келіп те қалдық.
Омардың жүрегі дүрсілдеді. Зәулім үй еңсесін басып жібергендей болды. Мынандай өкіметке қарсы шықпақ болып, басмашыға қосылғаны иттік болғанын сезді. Мынандай өкіметті кім құлата алады деп тәубаға келді.
— Рысқұлов осында ма, шырағым?
— Осында.
Біздің әулеттің де қолы жеткен екен-ау алыстағы Айға, — деді ішінен. Рысқұловты балағаттағаны есіне түсіп, тұла бойы бір суып, бір ысыды.
Мәрмәр баспалдақтың әр тепкішегіне көтерілген сайын шала дұғасын ышқына іштен қайырды: «Бісміллә рахман-рахым, бісміллә рахман-рахым!» — Одан арысын адасып есіне түсіре алмады. «Әлхамдүллә» ма, «хұлху-алла» ма — шатасты.
Бұларды мұздай киінген әскер тоқтатты. Өзін айдап келген әскер оның қасында жабайы көрінді. Өзінің айдауылы жағдайды айтты.
— Рысқұлов қазір мұнда жоқ. Ферғанаға жүріп кеткен. Бір аптадай болып қалды, — деді мұздай әскер.
— Мына... — деп өз айдауылы тоқтап қалды. «Тұтқын» деп айтарын, яғни «кісі» деп айтарын ойлады. — Рысқұлов жолдаспен жолықпақшы. Ерекше жағдай.
Осы кезде мұздай солдат қолын шекесіне шалт көтеріп, тілі байланып қалшиды да қалды. Айдауыл солдат та қолын шекесіне жапсыра салғандай болды.
Есіктен көзі түймедей, қозы қарын, еңкіш адам, жап-жалтыр, қызғылтым басын сол изеп, өрге қарай өте шықты.
— Жолдас Кушекин, — деп сыбырлады мұздай солдат Омардың айдауылына.
Сол сыбырды естіп қойғандай, кілем төселген басқышпен өрге көтеріліп бара жатқан Кушекин, кенет артына бұрылып қарап:
— Бұл неғылған кісілер? — деп сұрады.
— Жолдас Рысқұловты сұрайды.
— А-а, — деп Кушекин көтеріле беріп, қайта бұрылды, — Рысқұлов? «Рысқұловқа келгіштер көп-ак осы, — деді лезде өзіне-өзі. — Әсіресе мұсылмандар. Бұлар Крайкомды емес, ТүркЦИК-ті емес, Рысқұлов басқаратын Мусбюроны біледі. ТүркЦИК-ке келгендері де көбінесе Рысқұловқа барады».
— Қайдан?
Кушекин бір-бір басып, тепкішекпен төмен түсті.
— Білмеймін. Мына қызыләскер алып келді, — деді мұздай солдат.
— Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас Кушекин! — деп айдауыл әскер қолын шекесіне көтерді.
— Ал айт.
Кушекиннің салбыраған қабақ етінің астынан түйме көздері бұрынғыдан бетер кішірейіп, сығырайып, бұршақтай қалы күреңіте түсіп, күлімсіреген кейіппен, мысықтабандап жақындай түсті.
ТүркЦИК басшысының өзі назар аударғанына танауы делдиген айдауыл ойланып жатпай, мектепте тақпақ айтқан баладай тақылдап, бәрін баяндап шықты. Кушекин алақандарын
уқалап, рақаттанғаннан көзі мүлде жұмылып қалды.
* * *
Ташпулат Шатқалға қайтып таң алдында жетті. Борбайлатқан жирен қасқа жануар тоқтаған жерде тілерсегі дір-дір етіп, артқы екі бұтын әрең алшайтып, ышқынып-ышқынып, қан шаптырып жіберді. Таңғы таза саф ауада запыранды иісі әлемді алып кетті.
Аттың халі анандай болғанда, иесінің қалжырауы орасан еді. Еңселі, ірі сүйекті бай аламан шабыспен бүкіл сүйек-сүйегі уатылып, тұла бойы мылжа-мылжа қанталаған етке айналып кеткен сияқты.
Оны екі нөкер аттан аударып әрең түсірді. Арқасын шынар ағаштың діңіне сүйеп, тілі аузына симай кеткен Ташпулат бірер ұрттам су жұтып, сөзге әрең келді. Тамағы қырылдап әуелгі айтқаны:
— Әлгі иттің балалары қашып кеткен жоқ па? — деді.
— Жоқ, тақсыр, қарауылы қатты, — деп жұбатты оны нөкерлері.
— Ит қазақ қолға түсіп қалды.
— Келісінің өзі жүдә күмәнді еді, жансыз болып жүрмесін. Мына күшіктерінің көзін құртайық, — деді нөкерлердің бірі Ташпулатты жұбатпақ болып.
— О-о-о, тоба! — Ташпулат қырылдап барып көзін жұмды. Көзінің айналасы көгістеніп кетіпті. Нөкер сескеніп қалды: күні біткен пенденің көзі естіп ажалкөктеніп кетеді деуші еді.
— Әпенді, сіз сырқатсыз, шайлаға кіріп жатыңыз, мен қазір шай дайындатайын, — деді нөкер қалбалақтап.
— Ол иттің күшіктеріне сақ болыңдар! Тимеңдер! Өз қолыммен бауыздаймын... Қасқыр апаннан суырған бөлтіріктей бауыздаймын... А мүмкін, бауыздамаспын. Әліптің аяғын бағамыз. Қыран шыбын-шіркей ауламайды, ақымақ!
Осыны айтып Ташпулат бай иірімге батқан зілқара тастай тұңғиық ұйқыға кетті.
Бірақ тыныс көпке созылмады. Әуелі қарауыл кернейлетіп белгі бергенде, басмашылар жау келіп қалды деп апыл-ғұпыл қару-жараққа жармасқан. Артынша сырнай тартылды. Сырнай үні — бейбітшілік белгісі. Демек, келе жатқан қонақ адал ниетті болғаны. Сескенсең, керней үнінен сескен. Керней үні шатқал ішін сақтандырғанымен артынан сырнай үні басмашылар шоғырын сабасына түсірді.
Сәл көз шырымын алып, соның өзінен едәуір тыңайып қалған Ташпулат шайладан тысқа шығып, биік мәртебелі Ергеш ханның алдында қол қусырып, бүк түсіп тұрып сәлем берді.
Ергеш хан жеке-дара емес, жанында нөкерлері және бейтаныс, өң-түсі басқа біреулері бар: әлде ағылшын, әлде орыс.
Ергеш таныстырғанда барып білді: дәнін үгітіп алған жүгерінің собығындай қатпасы — ағылшын Бейли мырза болды. Бейли туралы Ташпулаттың хабары бар. Түркістан милләтіне жанашыр адам, мына өзі асынып жүрген винчестер мылтық сол Бейли арқылы келген.
Екіншісін Ергеш: — Аркадий Приходько, ТВО-ның белсенді қайраткерлерінің және кешегі Осипов ойранын ұйымдастырушылардың бірі. Соғыс кезінде большевиктердің қолына түсіп қалып, Ташкенттегі «достардың» арқасында тұтқыннан қашып шыққан беті, — деп таныстырды.
Ергеш, Бейли, Приходько, Ташпулат төртеуі оңаша қалды. Ташпулат шағым айтты:
— Жігіттерді әрең ұстап отырмын. Оларға жұмақты уәде еттік. Бірақ әлі тамұқтан шыға алмай, тығырықта, мына лағынет шатқалға қамалып отырмыз. Айнала алыс-жақын ауыл мен қышлақтарды жортуылдап, жоқ-жұтаңына қарамай, барын тартып алып болдық. Жамиғатқа жақсылық жасаймыз деп жүріп, тонай-тонай жеккөрінішті болдық. Енді ел қаһарланса, қайда барамыз? Қашанғы аламаншы боламыз? Алатын Ташкентті алып тынбаймыз ба? Күн өткен сайын кеңес күшейіп барады. Әлі де күшейе түспей тұрған кезде, неге ұрмаймыз ұрымтал ұтқыр жерден?
Ергеш ханның мұрты жыбырлай бастады. Надан бай мына гяурлердің көзінше оттап отыр. Ташкентті басып алудың оп-оңайын. Баяғы Шырнай-пашаның заманы емес, Ташкентті лезде алатын.
Ергеш хан бір күрсініп алды. Сонда оның қиялында қандай арман қанатсыз ұша алмай мақрұм жатқанын жанындағылар білген жоқ. Ол генерал Черняевтің рөлінде болуды армандар еді. Қоластында екі мың әскері, он екі зеңбірегі ғана бар генерал Черняев, (яғни Шырнай-паша) отыз мың әскері, елу зеңбірегі бар Ташкентті 1865 жылы маусым айының он төртінен он бесіне қарағанда, түнгі сағат он бірге ауғанда, қақпаларын қан қылып, қақырата бұзып кіргені-ай. Сондағы Черняевтің бар шығыны жиырма бес солдат өлген, сексен тоғызы жараланған, жиырма сегізі есеңгіреп қалған. Шырнай-пашаға қарсы тұяқ серпіп, біраз мазалап, қарсылық көрсеткен қырғыз Әлімқұл мен қазақ Садық сұлтан ғана болды. Әлімқұл майдан даласында оқ тиіп, сол жарадан қаза тапты. Садық сұлтан Ташкент құлағаннан кейін де күшігін алдырған арлан бөрідей айналақтап, Черняев, одан кейін Кауфман қолын жиі-жиі шабуылдап, кейде лапылдай төніп, кейде қаша соғысып, көпке дейін мазалады. Ақыры Шығыс Түркістанға асып кетті. Жанында нағыз берілген шап-шағын ғана қол қалса керек. Шығыс Түркістан шекарасына жете бере, Садық сұлтан ақбоз атынан түсіп, өзі тастап келе жатқан Батыс Түркістан жаққа қарап отырып, намаз оқыды дейді. Батып бара жатқан күннің қызылы жирен сақалын жуып аққан көз жасын қызыл сәулеге бояғанда, Садық сұлтанның жанарынан парлап-парлап қан аққандай көрінген.
Ергеш кімнің кебін киеді? Черняевтің жолын бере ме оған тағдыр? Әлде Садық сұлтан сияқты мына қара күйек сақалын қанды жас жуа ма? Бұл ойдың бәрі Ергештің көңілінде қас қағым сәтте жүгіріп өтті де, сол сырдың аузын сығымдап буып, мына барылдақ байға зіл қадады:
— Ташпулат ака, таусылмаңыз. Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаху алейкү-уәссәләм!) жасыл туын жарқыратып, дұшпанға шабар күн жақын. Мына біздің досымыз Бейли мырза жағымды хабар жеткізіп отыр. Орынбордан Дутов шығады. Ашғабад жақтан ағылшын, Хорезмнен Жүнәйд хан, Ферғанада — біз. Мадамин-бек ақымақ, маған қосыла салмай, Колчактан полковник шенін алғанға мақтанып, өзінше қол жинап жүр. Мейлі, большевиктерден гөрі, о да дұрыс.
Есінегісі келгендей аузын майыстырып Бейли мырза сөзге араласты.
— Мистер Ташпулат, сіздің талабыңыз дұрыс. Мен сіздерге жаңа қару-жарақ ала келдім. Менің ұлы мәртебелі королім мен Ұлыбритания үкіметі сіздердің жеңісіңізге өте құштар. Ұлыбритания Түркістанның большевиктерден азат болуы үшін өз көмегін аямайды. Сіз ашулысыз, ақылға жеңдіріңіз.
Бейли есіне бір ерекше жай түскендей, алақандарын сарт еткізіп:
— Олл райт! Айтпақшы, Ергешбайды құттықтап қойыңыз, Ташпулат мырза, — деді. — Ол атақты, алғыр атаман Дутовтың өзінен хат алып отыр. Ергеш мырза, бере тұрыңызшы, тағы бір оқып, қанаттанып қалайық.
Ергеш көк мәуіті френчтің төс қалтасынан ақ жібекке оралған хатты құнтсыздау алып Бейлиге ұсынды. Бейли орысша балдыр-батпақтау болған соң, хатты дауыстап оқуды Приходькоға жүктеді. Дутовтың хатын оқудың өзін дәреже көрген Приходько қоқиланып, дауысын мақамдап ала жөнелді.
Походный атаман всех казачьих войск,, командующий Оренбургской Армией и войсковой атаман Оренбургского казачьего войска № 11г. Омск.
НАЧАЛЬНИКУ
Мусульманского партизанского отряда в Ферганской области Иргаш-баю.
Мне, атаману казачьих войск Российской армии, известно, что Вы, доблестный вождь Ферганских джигитов, будучи верным хранителем интересов России ведете неустанную и упорную борьбу с большевиками, преступно захватившими власть в Туркестане и поправшими право, честь и религию предков всех народов, населяющих Великую Россию.
Время их торжества так же коротко, как время тьмы от заката до восхода солнца, ибо ни один изменник Отчизне и гонитель веры ея не может выдержать ослепительного блеска лучей солнца-правды и свободы, каковъя несут всей России и Фергане верные сыны Родины и ея могущества. Час освобождения России — близок. Русская Армия победоносно приближается к сердцу России — Москве.
Не сегодня — завтра придет поддержка и к Вам со стороны Оренбургских казахов и всего казачества.
В заседении Ваших заслуг перед Родиной и Вашим Краем из-за особые отличия в борьбе с врагами ее — большевиками, произвожу Вас в Сотники с зачислением по Оренбургскому казачьему войску и вручаю Вам свой портрет и боевые подарки, как наихрабрейшему воину в Фергане.
Да поможет Вам Аллах и великий пророк Его Магомет в дальнейшей борьбе с насильниками и хулителями Бога — большевиками, которые дерзнули посягнуть на религию предков, принесли миру голод, нищету и разорение.
Генерал-лейтенант Дутов.
— Қалай, түсіндіңіз бе, Ташпулат мырза?
Ташпулат басын шұлғи-шұлғи тізерлеп тұрып, атластай жылтыр қағаздың бетінен сүйді. Ташпулат саудагер орысша тәп-тәуір білетін. Сауда-саттық бабымен керуен тартып, ертеректе Орынборға да барып қайтқан. Орынбордан магазин, дүние-мүлік дүкенін де аштырған. Қайран заман. Атаман Дутов көмекке келмекші, демек сәті түсіп, аруақ-Құдай қолдаса, Орынбордағы сол дүкен қайта ашылар.
Ташпулат еңсесін көтеріп, орнынан тұрып барып, Ергештің қолын алды. Ергеш солықтау еді.
— Қуанбайсыз ба, Ергеш-бай? — деді Ташпулат.
— Атаман — ақымақ! — деді Ергеш қуанудың орнына. Ташпулат қорқып қалды.
— Колчак анау сүмелек Мадамин-бекке полковник шенін бергенде, мына Дутов мені жүзбасы қылмақшы. Әй, шын ақымақ. Менің он бес мың сарбазым бар. Қайдағы жүзбасы?! Атаманның басы — бас емес, есектің кәлләсі. Ол генерал болса, мен де генерал. Көзін ашып қарасын, азғын атаман.
Енді Бейли сасайын деді. Ергештің парықсыздығына ыза болды. «Бұларда екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мәтел бар еді, сол рас болды-ау. Дутовпен тізе қосып, ортақ жауға күш біріктіріп шабуылдаудың орнына шен-шекпенге өкпелеп, иманы кетіп тұр.
— Сіз онсыз да генералсыз, Ергеш мырза, — деді Бейли. — Ол атақты сізге орыс атаманы қимаса, бұйырса, ағылшын үкіметі қияды. Өтініш хатты өзім жазамын. Ал, Ташпулат мырза, сіз де қапаланбаңыз. Уайымға берілмеңіз. Тәуекел тұлпарынан түспеңіз. Сіз уайымға жеңілсеңіз, ана сарбаздарыңызға не дауа? Олардың алдында мүжілмеңіз. Қайта, қайраттандырыңыз. Атаман Дутовтың сәлем-хатын айтып түсіндіріңіз. Білсін олар қорғансыз емес екенін. Көп ұзамай, жеңіске жетеміз. Ағылшын империясы сіздердің бұл ғазауаткерлігіңізді ұмытпайды. Сіздердің есімдеріңіз тарихқа алтын әріппен жазылады...
Бейли Ташпулатқа көңіл айтып, жұбатып отырғанда Ергештің сұңғыла көңілінен тағы бір жылан жылмаңдап өтті. «Бұл суайт інгіліш елінен, жерінен безіп, жер түбіндегі Түркістаннан не іздейді? Қатын-баласы қайда? Сағынбай ма? Осы мына мен Інглияға барып, мына Ферғананы, қатын-баламды тастап, дарияның ортасында, ғаламның бір қиырында жатқан аралға түсіп: «Мен сендерді корольдің құлдығынан құтқарғалы келдім», — десем не дер еді? Үндістанның інжу-маржанын жалмап жатқан ит інгіліш Түркістанды да түгімен жұта салмақшы ғой. Тұра тұр, әуелі көмектес, тізгін біздің қолға бір тисін. Содан арғысы бола жатады!»
Бейлидің аузы қисаңдай берер ме еді, Ергештің жүрегінің басында шұбар жылан жорғалай берер ме еді, кенет Ташпулат мүлде әдепсіздік танытып, орнынан алақ-жұлақ атып тұрды. Биік мәртебелі меймандар да мұны көріп сасып қалды.
— Не болды, Ташпулат әпенді?
— Бұл жерден кету керек! — деді Ташпулат апыл-ғұпыл. — Түнде бір ит менің қолымнан қашып кетіпті. Ол дұшпанға хабар беріп, жауды үстімізден түсіруі мүмкін.
— Келе сала неге айтпайсың? — деп Ергеш лезде қаһарына мінді. Әлгі мәймөңке жайына қалды. Көзі құтырып, мұрты тікірейіп, дүлейдей түнеріп шыға келді.
— Келе сала жаман хабармен қарсы алуды жөн көрмедім. Әлі де кеш емес. Ол суайт Ташкентке жетіп, ол жақтан қол жеткенше әлі бір палау пісіріп жеуге болады, саспаңыз, жоғары мәртебелі Ергеш мырза, — деп, Ташпулат өзінің ағаттық жасап алғанын жуып-шаймақ болды.
Дегенмен дегбір кетті. Қырық құрау құранды қол жолға жинала бастады.
— Мыналарың кім? — деп состиды Ергеш қол-аяғы байлаулы Жорабай мен кішкене жүдеу баланы байқап қалып.
Ташпулат бұлтара алмай шынын айтты:
— Мына үлкені сол әлгі қашып кеткен қазақтың баласы. Ал мына күшік, рас болса, Рысқұловтың інісі дейді.
— Қай Рысқұловтың???
Келген биік мәртебелі меймандардың үшеуі бірдей бір мезгілде жамырап кетті. Ергеш те, Бейли де, Приходько да.
— Қай Рысқұлов болушы еді? Кәдімгі ТүркЦИК-тің бастығы, Мусбюроның раисы.
— Кәне, кәне, — деп Бейли балаға алдымен жақындап барды. Әлемде сирек кездесетін мақұлық көргендей, таңырқап, о жағына бір, бұ жағына бір шықты. «Рас па?» — дегендей жанындағыларға қарады.
— Дегенмен, ұқсайды, иттің баласы! — деді Приходько сызданып.
— Сіз Рысқұловты жақсы танисыз ба? — Бейли Приходькоға үміттене, өзеурей телміріп қалды.
— Сұрайсыз-ау сіз де, Бейли мырза, Рысқұловты мен тура осындай күнінен білемін, — деп Приходько баланың өсіңкіреген қап-қатты шашынан ұстап, басын өзіне кегжите қарап, бетіне үңілді. — Дәл осы күшік құсап о да бедірейіп тұратын. Мынау соның туысы.
— Ғажап! — деді Бейли екі алақанын сарт соғып. — Бұл Түркістанда жүре берсең, неше түрлі сұмдықтарға кездесесің. Рысқұловты мен де білемін, бірнеше рет кездестім де. Онымен бетпе-бет келу ұнамсыз-ақ. Тұрпайы тип. Мынау шынында да ұқсайды-ей. Сонда мұның не сыры бар? Інісін разведкаға жібергені ме? Бұл боқмұрын не бітіреді? Осы Рысқұловтардың сізге бір жақындығы бар-ау деймін, Приходько мырза? Сізге бұл бала шыннан таныс болуы. Осында не сыр бар, айтыңызшы?
Приходько буынып өлгісі келетін тұс осы еді. Құдайдан осындай сұрақтың болмауын тілейтін. Ал енді сол сұмдық сұрақты дұшпаннан емес, дос санаған ағылшыннан, өзінің арашашысынан естігені қандай азап?!
Приходьконың түсі бұзылып кеткенін сезген Бейли сұм, патша офицерінің намысына тигенін жуып-шаймақ болды:
— Тұнжырамаңыз, Приходько мырза. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген. Егер сіздің сүйікті қарындасыңыз Рысқұловтың әйелі болмағанда, сіздің большевиктер шеңгелінен құтылып шығуыңыз екіталай еді. Успенский мырзаға арыз айтқан қарындасыңызға мың да бір рақмет деңіз. Ал қарындасыңыз Рысқұловтың жары болмаса, Успенский сіздің қашып шығуыңызға жағдай жасамас еді. Мұны да ойлаңыз.
Приходьконың доғалдау басына бұл жақауратпа сөз бірден қона қоймай дал болды. Мына ағылшын мұны кекетіп тұр ма, әлде шыннан Наташаның Рысқұловқа шыққанын құптап тұр ма? Рысқұлов сонда ара түскені ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Әйтеуір Рысқұловқа жүрағаттығы болғандықтан құтылғаны ма? Әлде... әлде Рысқұловқа таңба түсіру үшін шығар? Әрине, солай, шайтан алғыр. Мұны неге бірден аңғармаған?
Приходько кездессе, өз қарындасын буындырып өлтірмекші болған. Енді іші жыли бастады. Қас жауына күйеуге шыққанын кешіретіндей де бір сезім шалықтап өтті. Демек, Наташа Рысқұловқа жанымен қалап бармай, жансыз болып, жанап барған болды ғой. Бәсе, Колосовская сондай болса керек еді. Полковник Колосовский. Уезд бастығы. Шіркін, сол заман-ай...
Өгіздей мөңіреп, керней үні жаназа шығарған имамның дауысындай күңірене естілді. Бәрі сатыр-сұтыр атқа қона бастады.
Тобыр сарбаз топырлап, шатқал аузына қарай лап қойды. Ташпулат атқа қонып болып, айқай салды:
— Баланы маған бер!
Апас-қапаста әлдекім баланы жерден шүйке жүндей жұлып алып, Ташпулаттың алдына қондыра салды.
— Ананы қайтеміз? — деді біреу Жорабайды нұсқап.
Ташпулат жалт қарады. Омардан әлде болса, үміт үзбеген.
Баласын атып тастасам, кесірі тиер деп, мылтыққа ұмтылған қолын қайтадан тартып алды.
— Алдыңа өңгер! — деп бұйырды да, жөнсіз топтың соңынан шауып ала жөнелді.
Ташпулат тұтқындарға алаң болып тұрғанда Ергеш, Бейли, Приходько қарасын үзіп кетіпті. Бай қатты ызаланды: «Ит Ергеш, басыңды доп қылып тебер ме еді!» — деп тістенді.
Алдыңғы жақтан лек-лек мылтық даусы жамырай шықты да, шатқалға төнген құж-құж құздар құлап бара жатқандай, жиһан жүзі күңіреніп, жаңғырық жарып жүре берді.
Арты — тұйық, алды — жау, не де болса жарып өту керек. Ташпулат тобыр сарбаздарына айқай салды:
— Тоқтамай, жарып от!
Бірақ оның сөзі жан баласына зәредей әсер етпей, тобыр топ бір сот қақалып, қаңтарылып тұрды да, тұйыққа қарай кері лықсыды.
— Алға! — деп айқайлады Ташпулат.
Оның өзін таптап кете жаздап кейін шегінген аттылар есі шығып, артта тығырық қамау екені естеріне енді түскендей не ары, не бері емес, ошарылды да қалды.
Алғашқы қалың атыстың түтіні сейілген кезде, кезеңнің үстінде самсап тұрған қол көрінді. Қызыл жалау желбірейді. Қызыл жалаудың түбінен мойылдай қара айғыр мінген комиссар алға шаншыла шығып айқай салды:
— Ей, алданған мұсылмандар! Тыңдаңдар! Бұл келіп тұрған атақты қызыл командир Абдолла Жармұхамедовтың жеңімпаз қолы. Оның есімін барлық басмашы жақсы біледі. Одан құтылған жау жоқ. Ендеше, қарсыласу болмасын! Ағайындар, сендер басмашы емессіңдер! Сендер жаулардың алдауына түскен кембағалсыңдар. Қарсылық көрсетпей, қаруларыңды тастап, бері қарай шыққандарыңа Кеңес өкіметі кешірім жасайды. Өз үйіңе қайтасың. Кеңес саған жер береді. Көктем өтіп, жаз шығып келеді. Басмашы болып, сандалып жүргенше, өз қышлағыңа, өз ауылыңа қайтып, шаруаңа кіріс. Жер өңдеп, егін сал, шөп орып, малыңа азық жина. Кешірім сендерге. Мұны айтып тұрған Түрк-ЦИК төрағасының орынбасары, Мусбюро төрағасы, Крайком президиумының мүшесі Тұрар Рысқұлов! Менің бұл сөзіме Төтенше комиссар Кобозев жолдас куә. Міне, ол кісі!
Астындағы жирен айғырды тебініп алға Кобозев шықты:
— Рысқұлов жолдас рас айтады. Қаруларыңызды тастаңыздар, бәріңізге кешірім болады. Мен мұны Орталық Кеңес Үкіметінің атынан айтып тұрмын!
— Алдасаңдар, ант ұрады! — деді алдыңғы саптан біреу.
— Кеңес өкіметі антына адал.
— Ендеше, кеңестік белсенділер неге бізді жәбірледі? Ақырғы бір қадақ жүгерімізге дейін тартып алды!
— Ол Кеңес емес, кеңес тонын жамылған жаулар. Арандату үшін әдейі жасаған әрекеті. Кеңес өкіметі байларды конфискациялап, дүние-мүлкін кедейлерге, кембағалдарға үлестіріп беру туралы пәрмен еткен. Оны бұрмалап, кедейлерді бізге өшіктіріп жүрген алаяқ жау тұқымы. Сеніңдер бұл сөзге, мұны айтып тұрған мен, Рысқұлов.
— Көке! — деп шар еткен бала даусы шаңқ етті, демде өшті. Ташпулат оның аузын баса қойған.
— Лағынет атсын! Сенбеңдер ол дінсіздің сөзіне! — деп барқырады Ташпулат. Титтей баланың аузын басып, тұншықтырып тұрғаны өздерін тұншықтырғанмен бірдей көрінген сарбаздар қаруларын лақтырып, ойқастап арғы жаққа өте бастады. Алдыңғы бір-екеуі басталуы мұң екен, лезде Ташпулаттың жан-жағы жалаңаштанып қалды.
Қақпанға түскен қасқырдай қыңсылаған Ташпулат суға кеткен тал қармайдының керіне түсіп, баланы кеудесіне қысып алды. Бір қолына алтыатарын алып, нәрестенің шекесіне тіреді:
— Рысқұлов!
Рысқұлов жалт қараған.
— Мынау сенің інің, Рысқұлов! Мені босат. Тоқтаусыз өткізіп жібер! Егер ұстауға әрекет етсең, бауырыңды атып тастаймын. Өзім ана қияға түсіп қашып құтыламын. Әне, сол қиямен Ергеш қашып кетті. Сен оны көрмей қалдың. Қасында інгіліш Бейли мен сенің қайнағаң Приходько да бар. Түсіндің бе менің шартымды?
Рысқұлов сенер-сенбесін білмей, дағдарып қалды.
— Көке! — деп шырылдаған шекесіне алтыатар тірелген бала.
Енді ешқандай күмән қалмады. Бірақ таңғалып, дал болғаны: Арман қайдан жау қолында жүр?
Баланың шекесіне тірелген тажал өз шекелеріне кірген шөңгедей қанша халық, соның бәрі қылкөпірдің үстінде тұрғандай қиын хал кешті. Жүйкесі шыдамаған бір қызыләскер Ташпулаттың баладан озған басын көздеп тұрып, шүріппені басып кеп қалғанда, «Апа!» — деген жіңішке дауыс періштенің үніндей шың-құзды шайқалтып барып, кілт үзілді.
Өзінің атпағанына көзі жеткен Ташпулат былқ-сылқ еткен нәресте денені құшақтап тұрып:
— Жауыздар! Өздерің аттыңдар! Өздерің өлтірдіңдер! Сендерде не пәтуа бар! — деп бақырып жіберді.
Ол өлі денені былқ еткізіп жерге тастай салып, астындағы дір-дір еткен арғымақтың басын жалма-жан кері бұрып, құйғыта жөнелді. Ешкі қияға о баста түспегеніне өкінді. Ергеш ит сол қиямен өтіп кетті. Ескертпеді де. Бұйырса, құтылып кетермін деген сорлы үміттің қанатында ұшып бара жатты. Енді бір бұлым озса, енді сәл шыдаса, енді бір қас қағым озса... Түнгі жорықтан зорыққан арғымақтың адымы тым қысқа сияқты көрінді. Шыда, жануар, барыңды сал! — деп жалынды.
Арттан гүрсілдеп атылған дауыс, сатырлаған шабыс оған енді әсер етпегендей. Тек бұлым айналса, тек қия жолға ілінсе...
Кенет екі жауырынның арасы тыз еткендей болды. Тек бұлым айналса, тек Шыршықтың бойындағы биік шынар неге көрінді? Бойжеткен қыз шашбауы сылдырай ма? Шыңнан өз мекеніне ұшып жетіп қалған ба? Омар қайда? Алтын қайда?
Көзінің алдынан сары жалқын жарқылдады. Бүкіл аспан астынан сап-сары тіллә жауып тұрғандай, қолын созып, алақанын тоспақ болды. Алақандары жайылған күйі арғымақтан құлап бара жатты. Алақаны жаюлы. Әлдене тілейді? Тіленшілікпен өткенін сезген жоқ. Әлі де үміткер, алақаны жаюлы.
Адамдар келіп жетіп, аттарынан түсіп, көзі ашық жатқан Ташпулаттың жанарын жаппақ болып, қабағын түсірмекші еді, жабылмады. Зеңгір көкке қадалып, алақаны жаюлы жатты. Жау да болса, жүзін жасыру парыз. Жауынгерлер жер қаза бастады. Рысқұлов қазылған топырақтан бір шымшым алып, Ташпулаттың жаюлы алақанына абайлап қана апарып салды. Ташпулаттың көздері баяу жұмылып барып, кірпіктері айқасты.
Рысқұлов оның бағбаны болып жүргенде жалақың деп жас жігіттің алақанына қолы қалтырып, жалғыз жарым жетім тиын салатын. Енді оның парызы өтелгендей. Ташпулат дегеніне жетіп, жебір дүниеден тойынып аттанғандай ажары нұрланып жатты. Ешқандай кейіс, өкініш белгісі жоқ. «Осының бәрі не үшін?» — деген жалғыз сұрақ қана аузынан шыға жаздағандай әнтек ашық.
* * *
Бала бишара ішін басып, екі тізесі бауырына жиырылып, бүкшиіп қана жаурап жатқан сияқты еді. Рысқұлов көкіректен қайнап шытып жатқан ыстық жасын тоқтата алмады. «Көке!» деген періште дауыс құлағында емес, жүрегінде шыңылдады да тұрды. Ташпулаттың алтыатарынан емес, қызыләскердің жауға деп атқан оғынан жазатайым кеткені Рысқұловтың жанын қатты күйзелтті. Өзі бауыр басып та үлгірмеген туысының бұл опаты тым сескендіріп, талай өлімді көрген Рысқұловқа шын ажалдың қандай екенін енді аңғартқандай, аңырып қалды.
Осының бәрі бір тымырсық түс сияқты. Баланы алғаш көргені он жетінші жылдың аласапыран ашаршылық күзі. Әулиеатаның шандақ көшесі, одан Атшабардың үн базары; Мирза-ауфтың қорасы, содан биылғы көктем; Ескі Ташкент, нан ұрлаған бала; Қабылбек Сармолдаевтың телефонымен айтқан жауабы; баланың ұшты-күйлі жоғалып кетуі.
Қалың жұрт өзіне назар аударғанын байқап, Рысқұлов қатаймақ болды.
— Жерошақтай ғана шұқыр қазыңдар, — деп қату айтты. Бәрібір беки алмады. Сәлден кейін жер қойнында, Алатаудың жалғыз жақ бетіндегі шатқал аузында мәңгі қалатын жалғыз бауырын бетінен, маңдайынан сипап, тізерлеп отырып алды.
Кобозев шоқша сақалын уыстап, ары-бері жүрді де қойды. Парасатты адам: «Бұл қалай?» — деп Рысқұловтан дәл қазір сұрап жатпады. Оқыс атылған мылтықтың үрей үнінен, тасырлата шапқан аттардың шақылдаған тақаларынан, шаңқылдаған дауыстардан шошынып, жон арқасы дүрдиіп қалған шоқылар сол жатырқау жауға қарау қалпын сақтап, суық беттеніп тұр. Тек аспан маужырап, көгілжім тарта, көлгірсіп қалған.
Атыстан соң ажал болатынын, ажал барда жемтік болатынын білетін қартамыс қарақұстар сонау биіктен жерді торып жүр.
Биіктен аласармайды, төмендесе адамдар ата салатынын сезеді. Адамдар өзін-өзі атып жатқанда, тіпті сәби баланы да сұлатып салғанда, қалбиған қарақұс деген немене! Олар оқ жетпейтін жерде жүреді. Тасыр-тұсырдан арқарлар да аулақ кетеді, ұлар үнін өшіреді. Балалы елік ең алдымен шыңға шығып, безіп кетеді. Тау тәңірісі — теңбіл барыстың өзі құлағын жымырайтып, құйрығымен жер сабалап, шұбартасқа жабысып жатып алады. Адам құдіретінің алдында тіпті құздан құлаған асау өзен де шуын бәсеңдеткен сияқты. Дүние сұрқайланып, жап-жасыл жапырақтар зәйтүн түстеніп, топырақ шалғандай, кішкентай мүрденің шаңы зүмірет әлемін қапқандай, күллі шатқал күлбеттеніп бара жатты.
Рысқұлов көкірегі қарс айырылып, тізесі қалтырап, орнынан тұрды.
Дүниеге неге келіп, неге кетіп бара жатқаны белгісіз осы баланың болмысының өзі неғайбыл. Жұмбақ жан. Бұл өлмеуі керек еді. Тірі жүре бергенде жұмбағы шешілер еді. Рысқұловтың бір байқағаны: бала өте зерделі болатын. Тірі жүріп, жігіт болып өскенде, кім біледі, халқына қадірлі азамат болуы. Қолында аз күн тұрды — балалық, шалалық мінез танытпады. Балалық мінез дегенде, тек әскер белдікке аса құмар еді. Рысқұловтың жалпақ әскер белдігін көкесі үйде жоқта күні бойы, беліне кең болған соң, бір иығынан асыра буынып жүріп, кешке ағасы үйге қайтарда қайтадан орнына іліп қоятын. Бәрібір бір күні Рысқұлов оның белдік асынып жүргенінің үстінен түсті. Бала қатты қысылды.
— Ұнаса, ала ғой, — деді Рысқұлов.
Сонда оның қуанғаны-ай! Ағыл-тегіл қуанғанның өзінде түсі сәл жылып, жымиып қана қойған.
Қазір сол белдік белінде. Беліне шақтап тесік жасап алыпты. Қанша жер сандалып жүрсе де тастамапты. Белдіктің бұрынғы тесіктері мен кейінгі бала жасаған тесіктің арасы кереқарыс және сүйем екен. Бесжұлдызды белдік баланың аш белін екі орап алыпты.
Жерошақтай кішкене мүрдеге баланы саларда, әлгі басмашылар жағынан өткен алашапанды біреу:
— Ау, мұсылман баласы ғой, жуып қояйық та, су жақын ғой, — деді.
Оның жанындағы көк шалмалы қаба сақал:
— Әй, ол шейт қой. Әрі десе, нәресте ғой. Ол періште емес пе? Құдай әркімге-ақ осындай ақ өлім бергей. Мына біз ғой бір күндік өмірде мың күндік күнәға батып жүрген. Біздің күнәмізді жуып тазалауға дарияның суы да жетпейді. Ал баланікі не? Оның жайы — жаннат қой! — деді. — Ал егер мына хакимдер рұқсат етсе, мен бір ауыз ықылас етер едім. Рұқсат па, ортақ Рысқұлов?
Кобозев: «Не деп тұр?» — деп сұрады.
— Мұсылманша фатиха жасамақ, — деді Рысқұлов.
— Несі бар, онда тұрған оғаштық жоқ, — деді Кобозев. Көк сәлделі баланың тұсына келіп, тізерлеп қайырым сұрады. Содан соң, фатиха сүресін аңыратып әкетті. Оның сөзін көп адам түсінген жоқ. Бірақ үніндегі зар мен мұң тек баланың ғана қайғысы, Аллаға да, адамдарға да музыкамен жеткізген арызы сияқты еді:
— Бісмилляһир-Рахманир-Рахим Әл-һамду лилляһи Раббиләлемин Ир-рахманир-Рахим Малики яумид-дин юяки набуду уә юяке нәстейн Иһдинес-Сираатал — мюстаһюме Сираатал — ләзине әнәмте әлейһум ғайрлмағдуу-би әлейкүм уә л-әззаалин! Аумин!
Көк сәлде басын көтеріп алып, қос алақанын аспанға қарата жайып жібергенде, көзінен шаң тұтқан жүзін айғыздап, екі жолақ жас атып кетті.
Осы жерде төтенше комиссар Кобозев жұрт күтпеген бір қылық жасап, о да қолын жайып, батаға қосылды! Мұсылман қауым арасында күбір-күбір сөз жүгіріп, комиссарға бәрі де сүйсіне қарап қалды.
Лезде кішкентай төмпешік пайда болды. Күнгейдің қоңыркүрең топырағы сеңсең қозының терісіндей бұйраланып, құлпыра қалды.
Мұсылмандар жағаларын ұстады. Жаңа Ташпулатты көмген жер шақылдаған тастақ еді: баланың жатқан жері — жұп-жұмсақ, бұйра топырақ.
Рысқұлов бір тақтай таптырып, оған:
«Рысқұлов
Арман-Артур
1911 — 1919 ж.ж.
революция құрбаны» —
деп жазды да, басына бесжұлдызды белдікті іліп, топыраққа қадап қойды.
Қым-қуыт күрес жолында жүрген Рысқұлов өзінің аз күн балалығын жоғалтып алып, әлдеқалай ғажайыптан сол уыз дәуренмен қайта табысқандай болып еді. Енді сол кермек уыз кезеңмен мәңгі қоштасқанын, оны суық жердің қойнына беріп, көңілі мүлде суығанын сезді.
Тастүйін болып түйілді де, қауымиетке қарап:
— Жамиғат! — деп саңқ етті. — Жаңа дүния жолында күрес әлі жүріп жатыр. Бұл күрес құрбандықсыз болмайды. Жақсылық заман өзінен-өзі бейнетсіз келе салмайды. Бұл күресте адасқандар, алданғандар көп. Жау кім? Дос кім? Ажырата танымай, түртінектеп жүргендер көп. Әлгі Ергеш пен Ташпулаттың шеңгеліне түскендер сондай. Сол шеңгелден босанған бауырлар! Адаспа енді! Бейкүнә адасып қалған құрбанның бірі, міне, алдарыңда жатыр. Ол әлі көзі ашылмаған арыстанның баласындай еді, абайсызда орға жығылды. Ол менің бауырым, тап жауының кесірінен шетінеді. Оның әкесі, яғни менің әкем зұлымдықпен, зорлықпен арпалысып өткен адам. Нәресте бейіттің алдында ант етейік: ешқашан ақ жолдан, адалдық пен шындық жолынан таймайық!
— Ант!
— Ант!
— Ант! — деп жаңғырыққан үнге, үш дүркін қалың мылтық дауысы қабаттасты.
— Адамның қаны төгілгенше, беті қызарсын. Сендер, адасқандар, қызарыңдар. Айыптарыңды мойындаңдар. Сендерді жау деп жала жауып, атып тастап, қандарыңды төгуге де болар еді. Бірақ Кеңес ондай озбыр емес. Жау айтқандай, құбыжық-құқай емес. Кеңес сендердің қандарыңды төкпейді. Өйткені беттеріңде иман бар. Иман деген адамгершілік деген сөз. Соны еш заман жоғалтпаңдар. Ал енді қоштасамыз. Абдолла Жармұхамедовтың жаңа жеңімпаз отряды әлгіде қашып кеткен Ергештің есін жиғызбай, тас-талқанын шығарады. Содан кейін сендерді енді қайтып Ергеш те, Ташпулат та мазаламайды. Жолдарың болсын, жамиғат!
Осыны айтып, Рысқұлов Кобозевті ертіп, Абдолла Жармұхамедовтің отрядына қарай беттеді.
— Ортақ Рысқұлов! — деп айқалады көк сәлделі далбақтай жүгіріп.
Рысқұлов сылаң қараның тізгінін тартты.
— Бұ қызыл қаһармандар қатарына қосылуға парман бер! Ергеште кеткен кегіміз бар. Оны өз қолымызбен соқпайынша, өкініш тарамас. Әрі күнәмізді шайқас даласында шайғымыз келеді.
Рысқұлов мән-жайды Кобозевқа түсіндірді.
— Дұрыс, — деді Кобозев. — Сену керек. Егер рұқсат етпесек, сенбегеніміз болады.
— Қалай, Абдолла, қабылдайсың ба? — деп Рысқұлов Жармұхамедовке қарады.
Ай қасқа торы айғыр мінген Абдолла жарқылдап:
— Тұреке, сіз айтсаңыз, қабылдаймыз да. Киімі жаманды ит қабады, ниеті жаманды мына мен табамын. Әлдеқалай болад деп қам жемеңіз. Бірақ әнебір қаудыраған қарттары қатын-баласына қайта берсін. Нағыз жігіттері ілессін. Өзім үйретіп алам, — деп айылын жимай аңқылдады.
Рысқұлов бұрынғы «басмашыларға» қарап:
— Енді командир Абдолла Жармұхамедовтың қарамағында боласыздар. Бұл жау дегенде жасыл найзағай боп түсетін нағыз қолбасшы. Әне, анау омырауындағы жауынгерлік Қызыл Ту орденіне қараңыздар. Оны бүкіл кеңес елі бойынша бірінші алған алғыр командир Блюхер мен мына арыстан Абдолла.
Қарасы молайған отряд алыстай берді.
Рысқұлов артына бұрылып қарап еді: жас қабірдің үстіне шаншыған тақтай ағаш емес, шолпанкебіс гүлін көрді. Оған қонып отырған Теңбіл торғайды көрді. «Менің балаға айтқаным ертек еді ғой!» — деп таң қалды.
Ол сонда барып түсінді. Бала шыдамсыздық жасап, ата-анасын тым ерте іздеп шыққан екен. «Мен кінәлі болдым-ау, неге алдадым бишараны» деп өзегі жанды.
Рысқұлов сонда пендешілікпен: «Осыдан қалт етіп қолым босаса, баланы сонау Төменгі Таластағы әке-шешесінің жанына апарып қоярмын» деп ойлады. Бала алдақашан әкесі мен шешесін тапқанын, құлындай құлдырап, жасыл жайлау жаннатта асыр салып жүргенін комиссар қайдан білсін?!
IX
— Рысқұловты шақырыңдар. Басқа ешқайсыңа еш нәрсе де айтпаймын. Ақыры өлтіреді екенсіңдер, тілімді тістеп өлемін. Маған Рысқұловты ұшырастырыңдар!
Ташкентке келгелі үш күн болды. Үш күннен бері Омар сұрақ астында. Бірақ қанша сауал болмасын, айтатын жауабы әлгі.
— Рысқұловты шақырыңдар!
Тіпті сұрақ тыйылып, жеке камераға апарып, сыртынан құлып салынған кезде де жападан-жалғыз отырып:
— Рысқұловты шақырыңдар! — деп әлсін-әлсін айқай салатынды шығарды.
Бірақ Рысқұловты ешкім шақырмайды. Ферғанаға кеткен, жуықта келмейді дейді. Жападан-жалғыз отырып, Омар ойға қалды: «Осы Тұрар өкімет деген жай лақап шығар. Өкімет болса, орнында, тағында отырмай ма? Өкіметті де қол бала құсатып ayлаққа жұмсап жібере ме екен?»
Жүресінен түсіп, сидиған тізесін құшақтап, сұр қабырғаға қадалып, отырып-отырып, тағы да батпағына малтығады:
«Тұрар өкімет болса, Рысқұлов деген атын естігеннен-ақ сескеніп тұрмай ма басқалар? Қайта мен Рысқұлов деген сайын бұлар өрши түседі. Ал Тұрар өкімет екені жалған болса, Оразбақ пұшықтікі не? Оны қалай қоқаңдатып қойып жүр?».
Қабырғаға қадала-қадала көзі бұлдырай бастайды; қабырға қимылдап, теңселіп тұрғандай болады; итере салса, құлап кететіндей көрінеді. Омар екі-үш ұмтылып, өңкеңдеп барып, қабырғаны иығымен итеріп кеп қалады. Иығы қақсап ауырады, қабырға былқ етпейді.
— Апырай, абақты деген албасты осындай болады екен ғой, — деп ауырған иығын сипалап, аңырайып отырып қалады.
— Табалама, Рысқұл! — деп қолын сермеп кеп қалады. Рысқұлдың жоқ екені есіне түсіп, одан бетер шошиды, «осы мен ақылымнан адаса бастаған жоқпын ба?» — деп өзін-өзі сынай бастайды. Жоқ, ақылы сайрап тұр. Есін білген кезден бастап, жүрген жолының, кездескен адамдарының бәрі көңілінде жаттаулы. Ешбір жаңылыспапты. Ұзыннан ұзақ жол екен, бірақ көңілге мініп шапқанда шолғаң етіп, лезде осы түрмеге келіп тірелді. Соншама ұзақ өмірде есте қаларлық елеулі ештеңе жоқ. Жүретін шым еткізетін бір тәтті қиял, сағыныш мұңға батыратын елес болсайшы... Бұл өзі несіне итшілеп жүре бергенмін?» — деп тұңғыш рет ойға қалды. Біреуге бір қылаудай жақсылық жасамаған қу- құрсақ өмір шығып, енді ақырғы жетер жеріне жақындаған екен. Омар бұл жарық дүние енді басынан басталып қайта келмейтінін ойлады, өмірі зая кеткеніне өкінді. Түрмедегі жалғыздық — ой майданы. Ғұмыр бойларына Омар бір оңаша қалып, өз тіршілігіне өзі бір оқшаудан оқшия қарап, көз салғаны осы еді. Жаңағы Рысқұлдың елес бергенін де енді түсінді. «Табалама, Рысқұл!» — деп абайсызда аузынан қалай шығып кеткенін де енді ұқты. Рысқұл, сөйтсе, түрме мен сүргінде жылдар бойы тұтқын халін кешкенде, бұл Омар бүйірі бір бүлк етпеген екен де. «Соның жазығы осы-ay» деп енді тәубаға келді. Қыстыкүні үңгірінде жым-жырт ұйқыда жатып, абайсызда ақырып қалған аю құсап:
— Рысқұловты шақырыңдар! — деген өз дауысынан өзі селк етті. Неге айтты, неге шақырды? Өзі таңырқады.
Бірақ дәл осы шақыруды күтіп тұрғандай қапастың есігі ашылып, мұны тағы да тергеуге айдап әкетті.
Бұл жолғы тергеудің тәсілі басқаша келді. Камераға қайтіп, қалай кіргенін білмейді.
Бірақ «Жас Түркістанға» кісілер шапты. Қызыләскерлер ерткен ішкі істер комиссары Нысанбаевтың өзі бастап барды. Омардың айтқаны келді: кәрі жаңғақ ағаштың түбіндегі түйе тастың астынан құрым киізге ораған құмыра табылды. Іші толған алтын тіллә. Ташпулаттың жантәсілім сәтінде де көз алдында жалтырап тұрып алған сары алтын.
Комиссар Нысанбаев бір тілләсіне дейін шашау шығармай, куәлердің көзінше бәрін хаттап, актілеп, қазынаға өткізді де, ТүркЦИК төрағасына мәлімет-ақпар жазды: осылай да осылай, Омар тұтқын Ташпулат байдың басмашылар отрядында болған. Ташпулат байдың алтынын алмаққа келген, бірақ алып үлгірмей қолға түскен, солай да солай. Бұл мәліметпен танысқан Кушекин комиссар Нысанбаевқа риза бола тұра, тағы бір сұрақ қойды:
— Тұтқын ұдайы Рысқұловпен кездестіруді талап етеді. Рысқұловтың туысқанымын дейді. Сонда қандай сыр бар?
Нысанбаев ойланды-ойланды, ой түбіне жете алмады, ақыры:
— Бұл сұрақтың жауабы Рысқұлов жолдастың өзі оралған соң табылар, — деді.
Кушекин қанағаттанбай қалды.
— Рысқұловтың туысқаны басмашы болып шығады, Рысқұловтың әйелі патша оязының қызы болып шығады, ол әйелдің ағасы Осипов бүлігіне қатысады, қолға түсіп, кеңес түрмесінен оп-оңай қашып кетеді; Рысқұловтың тағы бір туысқаны Майлыкент-Түлкібаста болыс болып сайланып, Кеңес өкіметінің беделін түсіреді — осының бәрі аз ба?
— Сонда не бұйырасыз? — деді комиссар Нысанбаев Кушекиннің ниетін танып тұрса да.
— Ферғанаға аттанып, Рысқұловты сол жақтан Ташкентке тұтқын ретінде жеткізу керек.
— Ол мүмкін емес, жолдас Кушекин.
— Неге мүмкін емес?
— Ол үшін ТүркЦИК-тің президиумының қаулысы керек. Рысқұлов көптің бірі емес, оп-оңай тұтқындай салатын, ол бірегей.
Кушекиннің қабағы салбырайды.
* * *
Шатқалдан Ақсу-Жабағылыға асудың жолын Жорабай болмаса, басқа адам білмес еді. Жорабай жол бастады. Әкесіне еріп, бір көрген ізінен жас жігіт жаңылмаған екен.
Жорабай ажалы жоқ екен, әупіріммен аман қалды. Бұрынғы басмашылардың бір тобы Абдолла Жармұхамедовтің отрядына қосылып, Ергешке аттанып, кәрі-құртаңды ауылына қайтарды, байлаулы жатқан Жорабай естеріне түсті. Оның тағдырын өздері шеше алмайтын болған соң, Рысқұловқа шындарын айтты.
Жас жігітті Рысқұлов танымады, бірақ жүрегі түскір әлденені сезді ме, жолдан қалмайық деп, ат үстіне тұрса да сәл аялдап, тұтқынмен тіл қатысты.
Сөйлесе келе, бір елден, бір атадан, аталы-інілі болып шықты. Ойлап тұрса, Жорабай да қасиетті Талғар таудың бауырында, Бесағаш, Тау-Шілмембет ауылында туған екен. Жорабай туғанда, Рысқұлов бес-алты жасар бала екен, Омарды жақсы біледі, ал Жорабай есінде қалмапты.
Сұраса келе, Омар хикаясын түгел тыңдайды. Елден неге қашқаны, басмашыларға неге қосылғаны, Ташпулаттың қолына баланың қайдан душар болғаны, бірте-бірте қылаң бере бастайды.
«Омар тау асып, тас басып, басмашыларға қосылып жүрсе, мына таудың теріскей беті де тыныш болмағаны», — деп ойлады. Бәрінен де тосыны: Оразбақтың болыс болып, елді аш битше буып бара жатқаны еді.
Рысқұлов қалың жұмбақтың, шатысқан шиеленістің түйінін шеше алмай дал болып, әрі қатты күдікке тірелді. Содан жанындағы Кобозев пен Назым Ходжаевты Теріскейге өтуге көндіреді.
Ферғана жағдайы белгілі болды, кесірінен сақтаса, Абдолла отряды Ергештің сілесін қатырады. Ал теріскей жатқан Әулиеата уезі мен Шымкент уезінің жағдаятын біліп қайту, Ферғана түйінінен кем соқпас еді.
Әрі десе, ата-баба мекенін бір көру көптен көкейде жүрген тілек еді. Оның үстіне мына Жорабайдың әңгімесінен сескеніп тұрған да жайы бар. Әлдеқалай бір қаскөй тірліктің барын ақылымен емес, көңіл дүрбісімен көріп қалғандай болды да, тау асуға бел байлады. Төтенше комиссардың келісімі болған соң, Ташкентке жағдайды айтып, шабарман аттандырды.
Жорабайды алдыға салып, бес-алты атты араға бір түнеп, Ақсу-Жабағылының аршалы әлеміне де ілігіп еді. Ақсу-Жабағылы жеткен соң, Түлкібас таяқтастам жер сияқты.
Ташкенттен Ферғана асып, Майлыкент болысына келген төтенше комиссар Кобозев пен Түркістан басшысы Рысқұлов қайда тоқтау керек? Әрине, болыстың үйіне. Бұл елдің болысы — Оразбақ.
Бірақ Рысқұлов Жорабайға:
— Бұрынғы болыстың үйіне баста, — деді.
Бұрынғы болыс Дауылбай әулеті. Күмісбастауды жайлаған алпауыт тұқым, бұл күнде биліктен айырылса да байырғы дәулеттен айырылмай, өзге қазақ құсап ашаршылықтың аранына ұрынбай, ашықпай, арымай отыр еді.
Мұндай дәрежелі ұлық келерде алдын ала хабарлар еді, төтеннен сау ете түскен сақыр-сұқыр қару-жарақты жасақты көріп, Дауылбай ауылы шошып қалды.
Рысқұлов Дауылбай жатқан құба киіз үйдің маңдайына ат басын тіреді.
— Ойбай, Рысқұлов келе жатыр, Рысқұлов Тұрар! — дегенді естігенде Дауылбай:
— О, зауал! Ақыры түбіме жеткен осы болар, — деп ішінен өз иманын өзі үйіргендей күбірлей беріп, дегбірі кеткен.
Бірақ Рысқұлов оны атып тастайтын сыңай танытпады. Қайта амандық-есендік жөніне келіп, хал-жай сұрасты. Бірте-бірте бойы үйренген кәрі қақсал:
— Шырағым, Тұрар! Бұрынғының ұлықтары кернейлетіп, шабарман шаптырып, күллі әлемді азыната келер еді және Шымкент жақтан шығатын. Сенің мына келісіңе түсінбей отырмын. Ұрыннан, тым тысқарыдан, тау арасынан cay етіп, тосын түскендерің не сыр? — деп сыпайылады.
— Дәке, жол бұралаң болғанмен көңіл түзу. Сырнай-керней — дарақылық. Ел ашығып, жан шетінен қиналып тұрғанда салтанат жүріс — саудайы жұмыс. Біз іс басты адамдармыз, — деді Рысқұлов жайымен.
«Ә, бұл әкесінен асып туған болды. Сөз саптасы — сақпанның оғындай екен, қанды басын ары тарт, — деп Дауылбай іштей қалтырап қалды. — Әкесі адыр еді, мынау сабырлы сабаз болды, демек бұл аса қауіпті».
— Жөн-жөн, Тұрар балам. Тау асып түскенде, қатты болған қандай іс?
— Болыстықты Оразбаққа кім берді?
— Жаңа өкімет берді, шырағым Тұрар. Дүние кезек. Бұл елге әкімдік, өзің білесің, атадан балаға ауысып Дауылбай тұқымында келген. Енді басыңа бақ қонған шақта, алыстан әулетіңе сәулең шашырап, Сәлік атамның Алсай баласына да билік тиді. Оразбақты болыс сайлатқан өзіңнің шапағатың. Оны менен гөрі, өзің жақсырақ білсең еді...
«Кәрі түлкі шалдырмайды, — деді ішінен Рысқұлов. — Уездік совдептің бастығын шақырту керек». Бұл ойын орысшалап Кобозевке жеткізді. Бұл отырған үйдің иесін таныстырып өтті.
— Бұл орысың кім, шырағым Тұрар? Жаныңа ертіп алған нөкерің бе? — деді Дауылбай аппақ ұлпа мұртын сипап отырып. Бұл түлкі мұрт бір кезде мойылдай қара болатын. Енді сипай-сипай ағарып кеткен сияқты. Дауылбайдың бұл сұрағы көлгірсу емес еді. Сондықтан Кобозевтің лауазымын есіткенде сенерін де, сенбесін де білмеді.
— Лениннің жіберген төтенше өкілі дедің бе, Тұраржан?
Рысқұлов бұрынғы айтқанын растады. Дауылбай қалың көрпешенің үстінде жүресінен түсіп, тізесіне қонақтап, еңкейіп отырған күйі көзін жылт еткізіп, Кобозевке бір қарап қойды.
— Құданың құдіреті екен, енді патшаның атын атасаң пәлеге қаласың, ал сол патшаның әкімдері, сонау Петербордан келген шонжарларын былай қойғанда, осы ояздың нөкерлерінің өзі жарқ еткенде жарқ етіп тұрар еді. Бұл күндегінің өкіметі кенептен басқа киім таппай қалған ба? Ленин де өстіп жүр ме, Тұраржан? — Тағы да тұзақ тастап отыр. Зымияндығына найза бойламайды.
— Дәке, орыстың ұлықтарымен көп дәмдес-тұздас болдыңыз, сол орыстың мына бір мәтелін естіген де боларсыз: «Келген мейманды киіміне қарап күтіп алып, ақылына қарап шығарып салады» дейді. Әңгіме киімде емес қой. Жол киімі осындай болады. Ленин жарқылдаққа әуес емес, бірақ таза киінеді.
Сырлы табақтың сыры кетсе де сыны кетпейді, Дауылбай тақтан түссе де, ел іші қиыншылық болса да, береке белгісін танытып, дәу ақ самаурын кіргізілді. Жол қағып, қаталаған жолаушылар терлеп-тепшіп шай ішуге кірісті.
Бірер шыны таусылып, шөлінің беті қайтқан соң, Кобозев киіз үйдің шаңырағына шалқая қарап, дөдегесін тамашалап, желбау, басқұр сияқтыларды қызықтап отырды. «Көшпенділер мәдениеті жоқ, олар тіршілікке бейімсіз келеді, сондықтан жер бетінен жойылып кетуге тиіс», — деді-ау Кушекин. Ал мынау нағыз өнер туындысы емес пе? Өзі салқын, өзі сарайдай салтанатты. Бірақ мұндай үй бұл көшпенділердің бас-басында бола бермеуі мүмкін. Бәрібір мұны тапқан халық қой».
— Кушайте, кушайте, — деді таза орысшамен Дауылбай Кобозевтің көңілі айдалаға ауып кеткенін байқап.
— Рахмат, рахмат, — деп Кобозев өзбектерден үйренгенін айтып күлді. — Мұнда да солай дей ме? — деп Рысқұловтан сұрады.
— Айырмасы бір-ақ әріп: рақмет деп айтады, — деп Рысқұлов түсінік берді.
— Алып отырыңыздар, дастарқан мәзірін жұқасынбаңыздар. Нәубәтшілік кез. Айтсақ — тағы бәлеге қаласың, әйтпесе, қалай патша құлады, солай нәубет келді ғой. Үш жыл қатарынан қуаң құбыжық елді сансыратып болды. Қалғанын кеңес сыпырды, сонымен, шықпа, жаным, шықпа деп отырған. Тағы да болса, биыл көктем шырайы жаман емес. Арпа басы сары ала болған білем, аш адамдар малша жалмап жатыр ғой, ақыры не боларын?
Айылын жимай отырған атасына Қорабек ала көзімен үнсіз қарап қойды. Бұл орнынан түсіп, билікті Оразбаққа берген болыс. Бағанадан сазарып, үнсіз отыр.
— Арпа басын уқалап жеп жатқан жоқ-жұтаңға сіздің қандай қайырыңыз тиді, Дәке? — деді Рысқұлов.
— Е, Тұраржан, Құдай оңдап, бақ қалап, шығанға шыққан қырансың, жәй сұрайсың ғой, әйтпесе өзің де біліп отырсың: жоқ-жұтаңды Құдай аясын, мен аяғаннан қаншасын құтқарып қалмақпын. Мен барымды аямадым — қаумиет куә. Ал бірақ нәубетке көбірек ұшыраған да мен. Менде де қазір көп қатарлы тіршілік, бұрынғы дәулет те, дәурен де көшкен.
Дауылбай большевик басшыларды мүлде баурап алу әрекетіне тікелей көшті.
— Сенбесең, халықтан сұра, Тұраржан. Сенбесең, Ахат атаңнан сұра. Әуелі Құдай, одан соң мен сақтап қалдым Сәлік ата баласын ашаршылық аждаһасынан. Әсіресе Оразбақ болыс халқыңа қырғидай тиіп, қырып бара жатқанда, тапқан-таянғанымды аштардың тамағына тостым. Туысқаның Омар құсап басмашыларға қашпай, әулетімізден билікті зорлықпен тартып алсаңдар да елмен бірге болып, қиындықты бірге көтерістім. Сонда да жақпаймын кеңестерге. Не жаздым сонша, Николай заманында болыс болдың дейді. Е, мен қайдан білейін, Николай құлап, кеңес келетінін. Бол деді — болдым. Әкең Рысқұлға қиянат жасағаным рас. А бірақ елден бездірген мен емес. Бәрін өз мінезінен тапты. Ояз айтты: Қарақойын құнарлы екен, сол жерді переселендерге бер деп. Мен айтқанын істедім. Әкең елін тау жаққа көшіре салса да болатын еді. Бірақ тәкаппарлығы таудан да биік еді, менімен, тіпті оязбен бой таластырғысы келді; онымен қоймай ағайын елді маған қарсы көтермекші болды. Ол жағынан маған зіл сақтасаң өзің білесің, бірақ Құдай алдында мен ақ. Аққа Құдай жақ. Бүгін сен қудалағанмен, әйтеуір түбінде жұрт мені жақтап шығады.
Түндіктің түстік жақ қиығынан қиялап, сол жақ керегеге сәуле түсіп тұр. Құлан жаққа қараған үйдің есігінен етектегі ел алақандағыдай түгел көрінеді.
Осылай қарай келе жатқан бірен-саран адамдар қараяды. Таяғымен алдын жасқаған аппақ қудай бүкір қартты бір бала жетектеп келеді. Рысқұловтың жүрегі зырқ етті де, ұйып қалған аяғынан ақсаңдай басып, есікке бет алды. Бүкір қарт анадайдан айқайлайды:
— Уа, Рысқұлдың баласы Тұрар келді осы ауылға дегені рас па? Рас болса, Ахат деген адамды тани ма екен, сұраңдаршы?!
Рысқұлов шыдай алмай:
— Аха, мен келдім, міне мен алдыңда тұрған, — деп қарттың бала жетектеген қолын босатып алды. Жалбыраған ақ шуда қастың астынан жанар көрінбейді, тек дымданып, қызыл еттен шыпшып ащы су шықты. Бітеліп қалған қайнар бұлақ сияқты. Рысқұлов құшақтағанда қу сүйек иық дір-дір етті. Булығып үні шықты:
— Алматыны ұмытқан екенсің, балам, Меркені де ұмытқан сияқтысың. Әйтпесе осы уақытқа дейін «елім бар еді-ау» деп бір мойын бұрар едің. Хал-жайың қалай? — деп сұрар едің. Оны істемедің, қайта мойнымызға Оразбақ тәйтікті қыдитып мінгізіп қойдың. Баяғының Ұлтанқұлы дәл өзі болды. Басқаң — басқа, дәл осыңды кешпеймін, Тұрар!
Қарт ентігіп, көкірегі сырылдап, демігіп қалды. Демі түзелгенде барып:
— Ташкентке өзіңді іздеп бармақ едім, дәрмен жоқ. Осы зұлматтың бәрі сенің әміріңмен болып жатыр дегенге бір жағынан сенгім келмейді. Сенбейін десем, талай пәлені көре-көре соқыр болған көзімнің алдында неше сұмдық ойнақ салады.
— Кешір, Аха, — деді бір сұрқиялықты сезген жүрегі мұздап бара жатқан Рысқұлов. — Мен халыққа жамандық жасайтын адамға ұқсаймын ба?
— Қайдам. Өзіме сенуден қалып барамын. Кешегі қой аузынан шөп алмайтын мүсәпір Оразбақ қаныпезер болып шығад деп кім ойлаған? Оны болыс сайлатқанда, ондай залым боларын сен де ойламаған шығарсың.
— Маған сенер ме екенсіз, Аха, қайдан білейін?
— Сенер едім, сені періштедей пәк шағында білгенімнен бері, арада талай жел есіп, талай бұлттар көшті. Заманның райы сені бүлдірмесе де былғаңқырап кетті ме деп қорқамын. Деседе, сұрап тұрсың ғой, сенейін.
— Сенсең, Оразбақты болыс сайлатқан мен емес. Бұл қастандықпен істелген болды. Рысқұловты елге жексұрын етіп көрсету біреулерге өте тиімді. Солай. Шымкенттен совдеп бастығы келуге тиіс. Келіп қалатын уақыты болды. Әне, сонда бәрі анықталады.
Ахаттың ақ селеу қасы желп-желп етіп, қабағын көтеріп, көзін ашып, Рысқұловты дұрыстап көрмек болды, бірақ тұман-тұман, бұлдыр арасынан көрінбейді.
Түлкібасқа Тұрар келіпті деген хабар жер-жерге лезде тараған. Ескі болыстың аулына түсіпті дегенді естіген ел ойланып қалды. «Жоқ, Дауылбай әулетін қайтадан таққа отырғызады», — деді. Неше түрлі болжам пішіліп жатты. Рысқұлов келді дегенде пұшық Оразбақ Көкіректің базарынан қайтып, ес-түсін білмей, үйіне келіп, ұйықтап жатыр еді. Шешесі ары жұлқылады, бері жұлқылады:
— Байғұс-ау, туысқаның келіпті, тұрсаңшы, барып сәлем берсеңші, соның арқасы емес пе, өстіп қарайып адам болып жүргенің, — деді.
— Қай туысқан? — деп Оразбақ келесі жамбасына аунап түсті.
— Тұрар туысқаның, ойбай. Сені қолдайтын басқа қай туысқаның бар еді?
— Тұрар? Ол қайда? — деп Оразбақ лезде есін жиды.
— Кедей деп сенің үйіңе түспей, ескі болыстың үйіне түсіпті.
Оразбақ шошып қалды. «Онысы несі? Барсам ба, бармасам ба? Мені неге шақыртпайды? Өзім жетіп барғаным қалай, шақыртусыз?».
Барар-бармасын болжамаса да, айна алдында тұрып, кірлеу дәкемен мұрнын таңа бастады.
Біреу көрмек үшін, біреу арыз айтпақ үшін, біреу ауқат сұрамақ үшін Рысқұловқа жолығамыз деп ескі болыс аулына ағыла бастады. Ыңыршағы айналған лақса мінген Медеу ақын да жеткен екен, босағадан аттай бере ащы дауыспен айқайлап өлеңдете сәлемдесті.
Көптен бері мұндай жиын болмаған, көптен бері көптің көңілі қаталап қалған. Медеу ақынның марапаттау өлеңіне кеу-кеулеп, жөндеп көтермелей де алмады. Рысқұлов Кобозевке ақын тілегінің мазмұнын жеткізді.
Кобозев таңдайын тақылдатып қойды.
— Жазып алмай, табанда қиыстырып айта береді, ә.
— Бұл біздің қазақ ақындарының ерекшелігі. Мына Медеу ақын бұрын өткен нағыз жайсаң ақындардың соңы ғой. Бұлардың бақыты — табиғи таланты, соры — сауатсыздығы. Жаңа маған арнаған жыры айтқан жерде қалды. Зейінділер жаттап алып, біріне-бірі жеткізе жүреді, халыққа тарайды. Халық қаласа, оны қастерлеп өңдеп, әрлеп, әрі қарай алып кете береді. Әйтпесе ұмытылады. Бәлкім, бұлар өлеңді жаза білсе, соған сүйеніп, табанда қиыстырып шығаруды ұмыта бастауы да.
Қадірлі меймандар отырған бозаң үйдің айналасына қауымиет жиналған. Іргеге құлақ түріп, ақынның үнін естігілері келеді. Әуелі ойлағаны қарын қамы болғанмен, өлең сөздің құдіретіне табына білген жамиғат жым-жырт ұйып, әуенге құлақ салып қалыпты. Бұлар ақынның сөзін бөлмей әдеп сақтап, аш та болса, ажарын жоғалтпай, төзім сауытын киіп алғандар. Ақын да шаршайды, сонда бұлар сөйлемек. Дайындалып отыр.
Олар:
— Иә, жолдас Рысқұлов! — демекші. — Ел басқаруың қайырлы болсын. Бірақ елге қайырым қашан болады?
Әзірше әдеп сақтап, салтанатты бұзбайын дейді. Бұлардың ішінде Рысқұловты білетіндер де бар, білмейтіндер де бар. Білетіндер: баяғы Талғар таудың Бесағашынан Түлкібасқа арып-ашып әрең жеткендер еді: Шыны, Жүсіп, Қорған болатын. Ахат қой бұлардан бұрын жетіп, Тұрар туысқанының оң жағына отырып алыпты.
«Мейлі, — деді Шыны іргеден сығалап. — Мен басқаша сәлемдесемін».
Ақыры Медеу ақын домбырасын керегеге сүйеп, өзі алдындағы сұйық шайға қол соза бергенде, табалдырықтан ішке қарай Шыны аттады:
— Мені танисың ба, Рысқұлдың баласы? Мен Шыны атаң боламын. Апаң аштан өлді, сенімен жасты Қадірім аштан өлді, күні кеше ең кенжем — Жанысбекті де жер қойнына бердім. Кеңес-кеңес дегенге, кеңес өкіметі кедейге жақ дегенге, ентелеп бір соның тілеуін тіледік-ай келіп. А олай болмай шықты, сен басқарған өкімет, Рысқұлдың баласы. Мұндай өкіметке лағынет. Ит те болса, бұдан гөрі кешегі Некалайдың өзі тәуір еді ғой. Ол көпе-көрнеу өліп бара жатқанда, аузындағы бір уыс талқаныңды тартып алмаушы еді ғой. Сендер сөйттіңдер ғой. Не болдық енді?! Отырасың Ташкентте, ойламайсың еліңді! Құрысын бүйткен өкімет!
Шыныны жұрт әрең басты. Тілді түгел түсінбесе де Кобозев не мәселе екенін ұқты. Ұқпағанын Рысқұлов жеткізді.
— Кеңес өкіметіне лағынет айтады, о? Кедей ме? Тақыр кедей ме? Онда қалай? Қай жерден қате жібердік?
— Сіз алғаш келгенде менің Кушекинмен айтысымның үстінен түскенсіз, Петр Алексеевич, есіңізде ме? Міне, содан көп бұрын басталған. Аштарға қолымызды кештеу создық. Одан қалса — арандату, қастандық. Кедейлер наразылығын қоздырып, кеңесті құқай-құбыжық көрсету. Міне, мынау соның типтік элементі. Осында менің бір туысымды болыс сайлапты. Және менің атымнан сайлатыпты. Ал ол өзі кедей — кедейлерге шабуыл жасапты. Нұсқау оған солай берілген. «Асыра сілтеу болмасын — аша тұяқ қалмасын» — міне, жау принципі. О, бұдан сұмдық принцип болмас.
— Қалай-қалай дедіңіз: «асыра сілтеу болмасын?..»
— Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын! Яғни, өкіметтің заңын бұзбау керек, бірақ кедей халқы күн көрерлік тышқақ лақ та қалмауы керек. Демек, асыра сілтеуден де асырып түсіру керек. Әне, сонда халық наразылығы қозады, халық наразылығы қозған жерде, дұшпандардың айы оңынан туады. Міне, мынау Шыны, мынау Ахат өмірі бүйірі томпаймаған кедей. Патша заманында жер ауып, Жетісу асып, жиырма жылдан кейін туған еліне жеткендер. Олар патшаны аңсайтын жандар емес. А бірақ кеңестен гөрі, патша жақсы еді-ау, деп зарлап отыр, әне. Олардың бір туысы баласымен басмашыға қосылған. Оны, Петр Алексеевич, өзіңіз де білесіз, байлығын қорғайын деп жүрген жоқ, кеңес болысы күн көрсетпеген. Ал ол болыс менің бауырым. Міне, мәселе қайда жатыр. Атыма кір жұқтыру әлдекімдерге өте-мөте тиімді.
— Болысты неге шақыртпайсыз? — деді Кобозев. — Көрейік кеңес болысының кереметін.
— Болысты шақыртпаймыз, Петр Алексеевич. Өзі келіп сәлемдеспеді. Қазақ жоралғысы бойынша, мен баруым керек! Өйткені оның әкесі Молдабек қайтыс болған. Мен көңіл айтқан жоқпын.
— А сіздің әкеңіз Рысқұл қайтқанда, ол көңіл айтып па еді?
— Жоқ. Ондай реті келген жоқ.
— Ендеше, сіз елпектей беретін дәнеңе де жоқ. Бұл жерде сіз қалыссыз, Тұрар Рысқұлович. Жұмыс тізгінін мен өз қолыма аламын. Кәне, тез арада болыс осында жетсін! — деді Кобозев есік жақтағы қызыләскерге қарап.
Қызыләскер қалт тұрып, қолын шекесіне апарды. Жалт бұрылып, тысқа шықты. Болыстың үйін сұрады. Ыңыршағы айналған, азған, тозған, көздері іріңдеген, бет-аузы үсіген алмадай домбыққан, іркілдеп іскен адамдар қызыләскерге әрең-әрең қақ жарылып жол берді.
— Болыс келер, Петр Алексеевич, болыс келгенде оны мына анталаған аштарға сойып, етін бөліп бермейміз ғой. Бұларға табанда қандай көмек болады, соны ойластырайық та. Бұл шамасы келіп жеткендері. Жете алмай жатқандары қанша? Мал болып жайылып, шөп теріп жеп жүргендері қанша? Олар бүгін бар, ертең жоқ болуы мүмкін ғой. Сондықтан бүгін қол ұшын беру керек.
— Не ұсынасыз?
— Ұсыныс, мына бұрынғы болыс әулетін конфескалап, азық-түлігін, малын аштарға таратып беру.
Кобозев Рысқұловқа үнсіз қарайды: «дәмін татып отырған жоқпыз ба?» — дегендей.
Әңгімеге Дауылбай өзі араласты.
— Ұсынысың дұрыс, Тұраржан. Бірақ конфескаға жатқызбай-ақ қой. Өз еркіммен беремін. Жаңа астықта бергенім қайтатын болсын.
— Не деп сандалып кетті мына қақбас? — деп осы уақытқа дейін сазарып отырған Қорабек орнынан атып тұрды.
— Әй, ақымақ! Отыр, — деді ағасы ренжіген қабақпен. — Мұрныңның ұшынан арғыны көзің көрмейді. Ертеңгі күніңді ойла! Бүгін өз ықтиярымызбен кедейіне көмектессек, ертең ату жазасынан аман қаласың. Бұл өкіметтің ығына қарай жығыла бер, сорлы. Енді қарсылассаң, арам қатасың.
— Ақылды қарт, — деді Кобозев.
— Көреген, — деді Рысқұлов.
— Міне, сіздің табан астында табу керек деген тілегіңіз орындалды, Тұрар Рысқұлович.
* * *
Дауылбай бір қамба тарының аузын ашып, бір шелектеп аштарға үлестіре бастады.
— Шикідей жеме, сорлы, кеуіп өлесің, — деді ол аузына шикі тары құйған біреуге.
Осы кезде қызыләскер алдына салып, болысты алып келді. Болыс сәнді киінген, аяғында жалтыраған қырым етік, галифелі сұр шалбар, қалың белдік буынған сұр жейде. Қылыш асынған, наган асынған. Басында дөңгелек құндыз бөрік. Тек мұрнын дәкемен таңып тастаған. Аузы қоса таңылған. Маскалы адамдай. Көздері ызалы. Рысқұлов өзі келмей, солдат жіберіп, шақыртып алғанын жақсылыққа жорымаған.
— Амансың ба, Оразбақ, — деді Рысқұлов қол ұсынып. — Бір-бірімізге көңіл айтпағанымызға сен де кінәлі емессің, мен де кінәлі емеспін.
— Сізді болыс сайлаған кім? — деді Кобозев.
— Совдеп.
— Неге кедейлердің ауқатын, малын тартып алдыңыз?
— Нұсқау солай болды. Мен — орындаушы.
— Ал сізге анау Ахат қартты ат десе атасыз ба?
— Жоқ.
— Неге?
— Күнә.
— Ал аштан өлтіру күнә емес пе?
Оразбақ төмен қарады. Беліндегі қылышты, наганды шешіп Кобозевтің алдына тастады. Галифе шалбарының қалтасынан ақ қалташа алып шықты. Ауызындағы бүрме жібін шешті. Мөрді де Кобозевке ұсынды. Бұрылып жүре берді.
— Тоқтаңыз, — деді Кобозев. — Сіз бізбен бірге боласыз. Осыдан Шымкент барамыз. Мүмкін, Ташкентке де қажет боларсыз.
Дауылбай аштарға тары үлестіріп беріп жатты. Кеше ғана соңғы қадақ дәнін Оразбақ тартып алған ауылдас ағайындар жүрек жалғар талғажауға да мәз.
— Рақмет, Тұрар, — деді дорбасына тары салған Ахат қарт. — Сені жамандыққа қимаушы едім, кәрі жүрек алдамаған екен. Ризамын, бауырым. Адал екенсің. Құдай сені әманда ақ жолдан айырмасын. Әумин!
Кобозев пен Рысқұловты Ташкентте құшақ жая қарсы алған адам болмады. Екеуі де астанаға елеусіз, түнделетіп келіп, таңертең ТүркЦИК-те кездеспек болып келісіп, Кобозев өзінің резиденциясына, Рысқұлов үйіне қарай кетті.
Мұхсина кемпір есік ашты:
— И-и-и, Тұраржан, келіп қалдың ба, ат-көлігің аман ба? Көп жүрдің ғой, тегі? — деп жасқаншақтай амандасып, көзі тайқи берді.
Рысқұлов Наташа дыбыс бермегенге таң қалды. Әлдебір жаққа шығып кеткен болар деп жорыды. Салған жерден сұрауға: «И-и-и, бишара, қатынын сағынып қалған екен», — деп ойлайды-ау деп тежелді. Ал Наташаны аңсағаны рас еді. Әлгінде Кобозевті резиденцияға дейін шығарып салмай, үйдің тұсынан түсіп қалғанда да Наташаға асығып еді. Есіктен кіре бас салып, құшақтап, бауырына қысып-қысып сүймекші болатын. Рас, соңғы кезде араларында аздаған кірбің бар-ды. Бірақ бір айға жақын бірін-бірі көрмей, ынтыққан соң, ол кірбіңді Рысқұлов ұмытқан. Наташа да күткен шығар деп ойлаған.
Мұхсина кемпірдің әлденеге кінәлі адамдай көзін жасырып, күмілжи бергені ұнамады. Ұятты қойып:
— Келініңіз қайда, Мұхсина апа? — деді.
Кемпір бір сәт кемсеңдеп, төмен тұқшиып тұрды, басындағы көгілдір шәлісін маңдайына таман түсіріп, бір бетін бүркемелей беріп, кәдімгідей дауыс шығарып:
— И-и-и, Тұраржан, кәйтіп қана айтамын, оны айтқанша кесілгір тілім кесілсейші!
— Не болды. Айт тез! — деп Рысқұлов қорқып кетті. Наташа өлген екен деген ой сап етті.
— Орыс келін кетіп қалды. Шабаданын көтеріп кетті де қалды. — Мұхсина екі бүйірін таянып, көзін тарс жұмып, теңселіп тұрып, кәдімгідей булығып-булығып жылады.
— Тірі кетті ме, әйтеуір?
— Тірі, тірі, Тұраржан.
— Е, онда несіне жоқтап жылайсыз? Келер, Манкенттегі шешесіне кеткен шығар көп болса, оның несіне сонша қиналдыңыз, — деп Рысқұлов күліп жіберді.
Рысқұловтың күлгеніне таңданғандай, Мұхсина кемпір үп-үлкен көздерін шарасынан шығара ашып, тіл-аузы байланды да қалды. Қастарының арасына қойған сүрмесі көз жасы жұғып, езіліп, баттасып қалыпты. Кемпірдің бұл халін Рысқұлов түсіне қойды. Шығыс әйелдерінің, әсіресе Орта Азия әйелдерінің ұғымында, еркектің рұқсатынсыз әйелі үйден кетіп қалу — қожайынды қорлау, масқаралаумен барабар.
Рысқұлов Мұхсинаның арқасынан қағып:
— Еш оқасы жоқ, қиналмаңыз, қайтып келеді, — деді. Айтуын айтса да іші алаулап, көңілі мүлде пәс тартты. Бұл тегін кетіс емес екенін сезді, бірақ сыр білдірмегенсіді.
— И-и-и, Тұраржан, сол әйел сенің садағаң болып неге кетпейді?! Ұят қой, ұят, енді қайттім? Енді не бетімді айттым, — деп қинала-қинала, сары самаурынды көтеріп, дәлізге беттей берді.
Үйдің ортасындағы діңгек тіреудің көлеңкесі қабырғаға ебедейсіздеу түсіп, сорая қалған екен.
— Аркадий Приходько! — деді Рысқұлов көлеңкеге қарап. — Залым ит, сенің кесірің болды-ау осы. Наташаның сөзі есіне түсті: «Жарайды, комиссар, Аркашаны босататын басқа адам іздеймін. Большевиктердің бәрінің жүрегі бірдей қаңсып қалмаған шығар», — деп еді. Приходьконы түрмеден қашырып жіберген Наташа болды ма? Онда сұмдық шығар? Сонда сен, Рысқұлов, кіммен бірге бір төсекте жатқансың? Бұл не тозақ?
Тар үйдің ішін айнала көзбен шолып шықты. Тар төсектің астында сары сафиян шабадан көрінбейді. Бұрыштағы үстелдің үстінде кітаптар қаз-қалпында. Хат жазып қалдырмады ма екен деп қарап еді, ештеңе байқалмады. Студент кезінде кітаптан қырқып алып, рамаға салып қойған Робеспьер суреті қаһарлана қарап тұр. Робеспьерді жаулары қатыгез, қатал, тасжүрек деп кінәлады-ау, ал ол сүйген қызын көргенде дүниедегі нәзік адам болған.
Робеспьер... Рысқұлов ол туралы студент кезінде неге құныға оқып, өмірі істемеген ерсі әдетті істеп, кітапхананың кітабын бүлдіріп, қайшымен Робеспьердің суретін қырқып алғанының себебін енді ойлады. Ол туралы оқығандарын еске түсірді. Францияның бір түкпірінен шыққан, ешкімге белгісіз жас жігіттің жападан-жалғыз, аш-жалаңаш жүріп, өзіне-өзі соқпақ жол салғаны... Халық үшін, революция үшін, өзін-өзі өртеп, өзгеге жылу берген... Жауларын аяусыз қырғаны... Ақыры өз жақындары қолынан қаза тапқаны...
Рысқұлов Робеспьердің басын гильотинге салып кескен сәтін көз алдына елестетті. Тұлабойы дүр-р етті. Робеспьердің денесінен бөлінген бас домалап келіп, осы үйдің бұрышында жатқандай көрінді. Бір-бір басып қараса, Артурға өзі сатып әперген үлкен резинка добы екен.
Үйге самауыр алып кірген Мұхсина кемпір бұрышта қолына доп ұстап, орамалмен көзінің жасын сүртіп, үнсіз өксіп тұрған Рысқұловты көрді.
Мұхсинаның қолынан қайнап тұрған самауыр түсіп кете жаздады. Кемпір шар-шар етіп:
— Қоя ғой, Тұраржан, басыңа бәле шақырма! Көз жасыңды көрсетпе! Қатын кетсе, еркектің сендей сұлтанына қалаған қызың қазір-ақ табылады, — деп жалбарына сөйледі. — Қатынға бола көз жасыңды қор етпе! И-и-и, онысы несі?!
— Мен әйелге бола жылап тұрған жоқпын, Мұхсина апа, — деп күрсінді Рысқұлов. — Біздің жоғалып кеткен Артурды білесің ғой. Е, білсең, сол Артурды жаулар өлтірді, өлтірді...
Кемпірдің шарадай көздері шақшиып маңдайына дейін шығып кетті. Жас кезінде көздері тостағандай көркем болған әйелдің сол жанары әлі де аялы еді.
— И-и-и, ходаем-ем, — Мұхсина бетін басып, теңселіп тұрды-тұрды да, тіреудің түбіне шөкелеп отыра қалып, құбылаға қарап қол жайып, күбірлеп дұға оқыды.
— Нәрестенің періштедей ақ жанын пейіште ете гөр! — деп әжім-әжім бетін сипады.
Шай құйып отырып, кемпір өзіне-өзі күбір-күбір сөйлей берді. Рысқұловқа қараған жоқ, сөзін айдалаға, яки Жасағанның жасырын мекені жаққа бағыштағандай беталды айта берді:
— Үлкендер жауласса бір сәрі. Періштедей балада жаулардың несі бар? Баяғыда менің жалғыз балам үш жасында қара шешектен шетінеді. Содан мен ұрпақсыз, қубас қалдым. О, ходаем, нәрестенің жанын алуға құмар болмай-ақ қойсаң нетеді?
Кемпір кенет Рысқұловқа бұрылып, бетін қиғаштай отырып:
— Құдай саған енді туған бауыр бермес, бірақ бала берер, балаңның біреуін ініңдей көр. Босай берме, босау Рысқұловқа жараспайды, — деді. — Ярами! — деп татаршасын қосып қойды.
Рысқұлов бұл жағдайды жұртқа қалай жариялаудың жайын білмей, ойланып қалды. Органдар арқылы іздеу салдырайын десе, шабаданын алып, әдейі кеткен адам. Ал егер Приходьконың түрмеден қашуы осы Натальямен байланысты болса, қайтпек? Приходько Ергештің бандасына қосылғанын Рысқұлов ТүркЦИК-ке Ферғанадан шабарман арқылы айтып жіберген. Ендігі мәселе ертең шешіледі. Түн ішінде қатыным қашып кетті деп жұртты дүрліктірмеуді дұрыс көрді. Жолдан қалжыраған комиссар ықылассыз шешініп, жетімсіреген төсекке қисая кетті. Наташаның бос орны суық тартты. Әлдеқалай жазатайым өліп айырылса бір жөн, тірідей үңірейген орын үрейлілеу көрінді. Бір сәт бұрынғы әдеті бойынша, жанында жатқан сұлу әйелін құшақтай беремін деп қолы сейсепті сипалап қалды. Сейсептің астынан бірдеңе қытырлағандай болды. Ары-бері сипалап еді, қағаз сияқты сезілді. Сейсепті түріп жіберіп, астынан төрт бүктелген ақ парақ алып шықты. Орнынан атып тұрып, қайтадан шам жағып, жалма-жан көзілдірігін іздеді. Асыққанда, көзілдірік бірден қолына іліне қоймады. Пиджактің қалталарын қағып шықты, үстелдің үстін, терезенің алдын барып қарады, табылмады. Мұндай ұмытшақтығы жоқ еді, бұл қалай деп таң қалды. Қолымен шекесін сипай бергенде, саусағы көзілдірігінің бауына барып тиді. «Мен шаршаған екенмін. Мынау сұмдық шығар» деп көңілі жабырқап қалды.
«Сүйіктім Тұрар!
Осы үйдің табалдырығынан аттап кетерде ақылым айран, ойым ойран болды. Бұл қырсығы көп қысқа ғұмырда сенен артық жар таппасымды білемін. Мен саған енді өз пайдасы үшін, сенің биік мансабың үшін, өзі келіп ұрынған алдамшы, жәдігөй әйел болып көрінермін. Бір есептен, солай деп ойлағаның да жөн. Біржолата көңілің суығаны жақсы. Бірақ мен сені шын жақсы көргенім рас еді. Мүмкін, сенің бала кезіңді, сол жалғансыз, айла-шарғысыз, кіріптар тұтқын, дәрменіз сәби шағыңды білмесем, мен саған бұлай құмартпас та едім. Әйтеуір, Ташкентке сені алғаш іздеп келгенде, көңілім таза, ниетім ақ екеніне, бар болса, Құдай куә. Дегеніне жете берсе, адамдардың бәрі бақытты болып кетпей ме? Онда бақытта құн қала ма? Құдай солай ойлаған болуы керек, мен дегеніме жеттім-ау дей бергенде Аркашаның қырсығы шықты. Ал оған араша түспеуге менің туысқандық дәтім шыдамады. Сен көнбедің. Мен бұл үшін сені айыптамаймын. Сен ардың ала жібін аттай алмадың. Өйтпесең, Рысқұлов боласың ба?! Өйтпесең, осы дәрежеге жете аласың ба? Ал мен осалдық жасадым. Сен Аркашаға қайырымсыз екеніңе көзім жеткен соң, басқа бір бастыққа барып арыздандым. Әйтеуір, Құдай жарылқап, Аркаша ажал тұзағынан құтылды білем, ақыры не боларын болжай алмаймын. Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа сарт ете қалады. Мен сондай хал кештім. Сен енді мені жек көретініңді, кіршіксіз большевик ретінде, тіпті менен жиіркенетініңді сездім. Өйтіп бірге тұрып қайтеміз? Менің саған бәлем жұғатын сияқты. Аркашаның қырсығын пайдаланып, әлдекімдер сені арандататын сияқты. Сондықтан кетуге бел байладым. Қырсығым тимесін. Жолыңды бумайын. Үмітіңді үз. Іздеме. Әуреленбе. Егер басыңа іс түссе, мені қаралай бер. Ер-азаматтың сендей сұлтанына әлі әйел затының асылы кез болар. Содан бақытың ашылсын. Құдай алдында айтар сөзім: сені сүйгенім рас. Бұйырмағаның да рас. Қош, Тұрар!
Наталья».
Ертеңінде ТүрЦИК Кобозев пен Рысқұловтың Ферғана, Шымкент сапары жайлы есебін тыңдады. Кушекин төрағалық етті. Ол баяндама жасап тұрған Рысқұловқа қарап: «Бұл ТүрЦИК-те соңғы сөзің болар, сабазым», — деді ішінен. Ал солшыл эсерлер тобының көсемі, Ерекше бөлімнің бастығы Успенский ТүрЦИК мәжілісі бітісімен Рысқұловты тұтқынға алып трибуналға беру жөніндегі ордерге қол қойып, қалтасында сақтап отырды. Ондай қақпаннан қаперсіз Рысқұлов көсіле сөйлеп, екпін алып тұрған кез еді:
— Ферғана, жер жаннатындай құт мекен болған Ферғана, бұл күнде басмашылар ойран салған, халқы қырылып, қаңғырған жұт мекенге айналды. Heгe? Басмашылардың негізгі бөлігі өзінің туын неге осы Ферғанаға тікті? Осының себебін ашып алмай, біз ешуақытта шындыққа көз жеткізе алмақ емеспіз. Ал ол шындық, жолдастар, мынандай: Ферғанада әзірге Кеңес өкіметі жоқ. Бар болса, тек орыс селоларында ғана бар, ал мұсылман халқына Кеңес өкіметі әлі орнамаған. Олар әлі Николай заманындағы тәртіп бойынша тіршілік етіп жатыр. Баяғы приставтардың, баяғы болыстардың заманынан еш айырмашылығы жоқ. Приставтардың атын комиссарлар деп өзгерткені болмаса, заты бәз-баяғыдай. Ал біздің коммунист жолдастар мұсылман қауымына, оның ішінде кедейлерге де сенбей келген. Керісінше, жергілікті халық та коммунистерге сенбейді. Біздің коммунист деп жүрген кісілеріміз ел арасында патшаның генералдарынша мінез көрсетеді. Ешқандай партиялық жұмыс, ықпал жоқ. Әсіресе Наманган, Әндіжан аудандарында жағдай осындай. Мұсылман қауымын партияға тартпайды, ол — ол ма, қайта кейбір коммунист мұсылмандарды партия жиналыстарына да қатыстырмайды. Мұсылман қауымының, әсіресе кедейлердің мал-мүлкін тартып алып, тіпті өлтіріп, қыруға дейін барған. Біздің солдаттарымыз оларды қорғаудың орнына, өздері тонаушы халіне түскен. Қышлақтан жұрт безіп кеткен. Сонда қайда барады? Әрине, басмашыларға барады. Кеңес өкіметінің өкілдеріміз деп жүргендердің әлгіндей жүгенсіз қылықтарын жау жағы қалай пайдаланған десеңізші! Кеңес өкіметінен пана таппаған байғұстар басмашыларға барып тығылып, қолына қару алып, енді бізге қарсы оқ атып жүр. Мұсылманның кедей қауымы екі оттың ортасында қалған. Бір жағынан Кеңес өкілдері, орыс коммунистері сенбей, шетқақпайлады, екінші жағынан қарақшылар, басмашылар тонайды. Мұсылман қауымы ұлтшыл болып алған. Неге десеңіз, Еуропалық жолдастардың қорлауына ұшыраған. Оларды ұлтшыл етіп отырған өзіміз, жолдастар. Коммунистердің программасы, мына біздің, Кеңес өкіметінің шығарып отырған заңымыз бәрі дұрыс. Бұл программа бойынша өкімет кедейді жақтауы керек. Жарлыларды жарылқауы керек. Ал шындығында қалай? Қанішер Николайдың кезінде кедейдің көрген күні қандай болса, әлі солай, тіпті кей жерлерде одан да өтіп кеткен. Аштықтан, қорлықтан өлгендер қаншама. Айтуға ауыз бармайды. Пролетариаттың үкіметі неге сол пролетариаты осыншама қорлыққа, басмашыларға, Ергешке, Мадаминбекке еруге мәжбүр еттік? Күні кеше: «Жасасын, Кеңес!» — деп қолына қызыл ту алып, қуаныштан жүрегі жарылған жұрт неге бүгін кеңеске қарсы шығып жүр? Кім кінәлі? Түркістан өкіметінің басшылары кінәлі.
Рысқұлов осыны айтып, сәл тыныстады. Жан-жағына көз тастады. Отырған жұрт қозғалақтап қалды. Әлдекім:
— Бәрімізге топырақ шашпай, дәлірек айт! — деп қалды.
Рысқұлов қап-қара шевиот костюмінің қалтасынан аппақ бәтес орамал алып, алтын жиек көзілдіріктің әйнектерін асықпай сүртіп, үндеместен тұрып алды. Бұл тұрыс жұрттың дегбірін алғандай, барлығы да бір-бірімен күбір-күбір, сыбыр-сыбыр сөйлесіп, әлдебір тосын сөз күткендей Рысқұловқа сабырсыз қарайлай берді.
Кушекиннің оң көзінің алды жыбыр-жыбыр ете қалды. Жылтыраған көздерін жанында отырған Успенскийге қадады. Қоқиланыңқырап отырған Успенский Кушекиннің назарын байқап, иығын қиқаң еткізді.
Жұрттың назары өзіне әбден ынтыға ауған кезде, абыр-сабыр басылып, кабинетте шыбынның ызыңы естілген шақта, Рысқұлов көзілдірікті киіп, ішкі тос қалтасынан бүктеулі қатқыл қағаз шығарып, дауыстап оқи бастады:
Түркістан үкіметінің атына РКП Орталық Комитетінің радиограммасы...
Рысқұлов осы жерге бір тоқтап, басын қағаздан шалт көтеріп алып, отырғандарды айнала көзбен тізіп өтті. Кушекин өртеніп бара жатқандай қып-қызыл болып, қопалақтап қалған екен. Успенский ежірейіп, оң қолымен жамбасын сипалай береді. Жамбасында маузер салған қайыс қалға бар. Сол әлде жамбасына батып барады, әлде алақаны қышып, мазасын алып отыр.
— Оқы, Тұрар! — деді Низаметдин Ходжаев шыдамы кетіп.
Радиограмма мәтіні:
РКП Орталық Комитетінің Түркістан үкіметінің атына радиограммасы.
12-шілде 1919 жыл
Коммунистердің Орталық Комитеті Түркістан Республикасы Советтердің Орталық Атқару Комитетіне, Коммунистердің Өлкелік Комитетіне хабарлайды:
VIII съезд қабылдаған Коммунистік партияның программасы негізінде, жұмысшы-шаруа өкіметінің Шығыстағы саясатының мүддесі үшін Түркістанның түпкілікті халқын, партияда бар-жоғына қарамай, мұсылман жұмысшы ұйымдарының ұсынысын қанағат тұтып, мемлекет қайраткерлік ісіне кең түрде тепе-теңдікпен қатыстыру керек.
Өлкелік Мұсылман ұйымдарының ықтиярынсыз мұсылман халқының мал-мүлкін реквизициялау тыйылсын, антагонизм тудыратын қақтығыстардың қандайы болсын қоздырылмасын.
Түркістанның алдыңгы қатарлы революциялық кадрлары, орыс пролетариаты өзінің революциялық борышын ақтайды, Орталық өкімет белгілеген мақсаттарға жету үшін, осы жолдагы қиындықтарды жеңу үшін бар мумкіндіктердің бәрін іске асырады деп сенеміз.
Осы пәрменнің орындалу барысы Коммунистік партияның Орталық Комитетіне хабарлансын.
Ленин, Сталин.
— Ленин, Ста-ли-и-ин, — деді Рысқұлов сүренің соңғы сөзін созып айтқан молдадай созалаңдатып тұрып, Ленин есімін ап-анық саңқ еткізіп айтты. Сталинді соншалықты созып тұрып алғанын көп адам түсінбеді. Бәлкім, Рысқұловтың өзі де түсінбеді.
Радиограмма қағазын қолы жеткен жерге дейін жоғары көтерді.
— Міне! — деді қолын сілкілеп тұрып. — Біздің көптен бері зарыға күткен шындығымыз! Шындық бар! Бар шындық!
Комиссарлар ду қол шапалақтап, орындарынан түрегеліп кетті. Сасқанынан Кушекин де ұмтылып-ұмтылып барып түрегелді.
— Жолдастар, тынышталыңыздар, — деді Рысқұлов радиограмманы әлі жалаудай жоғары көтеріп тұрып. — Ал осы радиограмма қашан келген деп ойлайсыздар? Білмейсіздер. Он екінші шілде күні келген. Ал бүгін қаншасы? Ұмытпасам, айдың аяғы. Сол уақыттан бері хабарсыз жатқанымыз қалай? Мынау радиограмманың Кобозев жолдастың атына келген копиясы. Ал бірінші данасы кімде деп ойлайсыздар? Кушекин жолдастың қалтасында. Кобозев жолдас екеуміз Ферғана сапарынан өткен түнде оралдық. Кобозевке арналған копия болмаса, біз бұл радиограмманың дүниеде барын білмей әлі қанша жүреріміз бір Кушекиннің өзіне ғана аян.
— Дұрыс емес, жала бұл, Рысқұлов, — деп ышқына түрегелді Кушекин. — Мен сендердің Соболевтен, то есть Ферғанадан оралуларыңды күттім. ТүркЦИК пен Совнарком, Крайком, Мусбюро біріккен мәжілісінде бір-ақ жариялауды ойладым.
— ТүркЦИК, Совнарком, Крайком, Мусбюро бәрі де орнында. Оларды Кобозев пен Рысқұлов Ферғанаға арқалап кеткен жоқ қой, — деп Рысқұлов Кушекинді лезде тойтарып тастап, халыққа қарады: — Аспандағы жап-жарық күнді қалтаға, яки үстелдің тартпасына салып, жасырып қоюға болмайтыны сияқты, мына Құжатты да, Лениннің қолы қойылған Құжатты жасырып қоюға болмайды. Бұл Құжаттың нұры Түркістанның түкпір-түкпіріне лезде тарауы керек. Мен әлгіде ғана баяндап өткен Ферғанадағы адам төзгісіз жағдай, жалпы Түркістандағы әділет туының Түркістан төрінде әлі де көтерілмегендігінен туып отыр. Ферғанадағы ауыр жағдайға басқа факторлармен бірге Түркістан басшылары кінәлі деген себебім сол.
— Түркістан басшылары емес, басшысы де! — Низаметдин Ходжаевтың даусы қаттырақ шығып кетті.
Рысқұлов қызбаға қызба жауап бермей, сабырмен ғана:
— Солай-солай, Ходжаев жолдас. Бірақ сол басшының жетегінде мұрнын тескен тайлақтай жүре берген бәріміз де кінәліміз, — деді де, негізгі мәселеге көшті:
— Мен жаңа ғана оқыған радиограмма Кобозев жолдастың қолына бүгін таңертең тиген. Ал оның мән-мағынасын бәріңіз де жақсы түсініп отырсыздар. Бұл радиограмма бойынша біздің партиямыздың Орталық Комитеті Түркістан Коммунистік партиясына, Түркістан үкіметіне дүниежүзілік мәні бар үлкен міндет жүктеп отыр. Бұл міндеттерді дұрыс түсініп, іс жүзінде дұрыс орындау Түркістанның ішкі тіршілігінің мүддесі үшін ғана емес, жалпы Кеңес өкіметінің Шығыстағы саясаты үшін де орасан зор мәні бар. Әлеуметтік революция бір халықтың, яки бір ұлттың ғана мүддесін көздеп қоймайды, ол бүкіл дүние жүзі езілген табының мүддесін діттейді. Езілген пролетариаттың жауынгер органы — III Интернационалдың негізгі кіндік мақсаты тек Батыстың ғана емес, Шытыстың да революциялық күштерін біріктіру. Сонда ғана бір ұлттың бір ұлтты, яки үстем таптың кедей тапты жаншуы түбегейлі жойылмақ. Ресейдің Федеративті Республикасы, мәселеге, міне, осы тұрғыдан келіп отыр. Сондықтан РСФСР-дің әрбір бөлігі де мәселеге, тек өз тұрғысынан ғана емес, жалпы федеративтік, дүниежүзілік проблемалар тұрғысынан қарауы керек. Бұл түпкі мәселенің Түркістанға да қатысы бар, өйткені Түркістан РСФСР-дің бір бөлігі. Ал Түркістан болатын болса, бүкіл Шығыстың қақпасы іспеттес. Түркістан Шығыс пен Россияны жалғастырып тұр. Түркістан — патшалық Ресейдің отары болды. Езілді, қаналды, қорлықты да, зорлықты да көрді. Ал социалистік революция Түркістанға Кеңес өкіметін орнатты. Осының бәріне бүкіл Шығыс көз тігіп отыр. Қайталап айтамын, көз тігіп отыр. Түркістанға Кеңес өкіметін орнатып, коммунистер келді. Енді олар не істер екен? Түркістанның патшадан қорлық көрген, жапа шеккен халқына не берер екен? — деп әрбір қимылын қалт жібермей қарап отыр. Ал біз, Коммунистік партияның саясатын іске асыруға міндетті басшылар не істеп отырмыз? Айтыңыздаршы, не істеп отырмыз?
Соңғы сөзді Рысқұлов ышқыныңқырап айтты. Түркістан басшылары сілтідей тынған.
— Партия айтады, оның Орталық Комитеті айтады: «Коммунистік партияның VIII съезде қабылдаған программасының негізінде жұмысшы-шаруа өкіметінің Шығыстағы саясатының мүддесі үшін, Түркістанның жергілікті халқын мемлекет ісіне кеңінен және халық санына қарай пропорционалды түрде қатыстыру керек, — дейді. Және бұл ретте, олардың партия мүшесі болуы міндетті емес, тек олардың кандидатурасы мұсылман жұмысшы ұйымдары арқылы ұсынылса, жеткілікті» деп отыр. «Мұсылман қауымының мал-мүлкін өлкелік мұсылман ұйымдарының келісімінсіз тартып алу үзілді-кесілді тыйылсын деп отыр. Арада араздық тудыратын алауыздық тыйылсын» деп отыр.
Міне, радиограмма осылай дейді.
Ал біз ше? Біз не істедік? Не істегенімізді жаңа ғана мен Ферғана айнасы арқылы көрсеттім. Ол аз болса, Кобозев жолдас көрсетті. Біздің осынымыз партия саясатын орындағандық па? Жоқ, жолдастар, партия саясаты Түркістанда өрескел бұрмаланды. Өздерін «максималистер», «қарт коммунистер» деп атайтын Түркістан басшылары жергілікті мұсылман халқына (Мұсылман халқы деген ұғым діни тұрғыдан айтылып тұрмағанын өздеріңіз білесіздер. Мұсылман деген ұғым — өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік, татар, ұйғыр, дүнген т.б. деген сөз), иә, мұсылман халқына әлгі «максималистер», «қарт коммунистер» сенімсіздік білдірді. Оған жауап ретінде мұсылман халқы да Түркістан басшыларына, яғни Түркістандағы Кеңес өкіметіне сенбейтін халге жетті.
Әлгі «максималистер» басшысы Кушекин жолдас болып, армяндардың «дашнактарымен» «достасып», олармен қоян-қолтық араласып, қолдарына қару берді. «Басмашылармен» соғысыңдар деді. Ал «дашнактар» қаруланып алған соң, өздерінің Кавказдағы істеген сұмдығы аз болғандай, Ферғанадағы «басмашылармен соғысып жатырмыз» дегенді желеу етіп, бейбіт халықты қырып берді. Бұл жөнінде Кобозев жолдас екеуміздің бұлтартпас фактілеріміз бар.
Ал енді басмашылармен соғысып жүрген біздің кейбір жауынгер отрядтардың әрекетіне назар салыңыз. Бір документ келтірейін.
«Самарқан жауынгер отрядының бұйрығы. Наманган қаласының халқына, 4-сәуір 1919 ж. Наманган қаласы.
...Ферғана облысында және Наманган қаласында Ергеш, Мадамин-бек және басқалардың басшылығымен ойран салып жүрген қарақшылар пролетариаттың өкіметі емес, демек олар сендердің, кедейлердің мүддесін көздемейді, өйткені бұл қарақшылардың құрамы байлардан, орыс капиталистерінен, офицерлерден және басқа оңбағандардан құралған.
Наманганның мұсылман халқына бұйырамын: Араларыңда жасырынып жүрген қарақшыларды дереу ұстап беріңдер. Ескертемін: егер осы бұйрық жарияланғаннан кейін 24 сағаттың ішінде атыс тоқталмаса, қарақшыларды ұстап бермесеңдер, онда барлықтарыңның үйлерің қарақшылармен бірге жер бетінен жойылады.
Мұсылман жолдастар, естеріңде болсын, егер қарсыласа берсеңдер, түп-түгел жойыласыңдар. Сондықтан да 24 сағаттан қалмай, Наманган станциясындағы Самарқан жауынгер отрядының штабына келіссөз жүргізу үшін делегат жіберіңдер. Егер айтқан мерзім ішінде делегат келмесе, бұйрық орындалады, бәрің де жойыласыңдар.
Самарқан жауынгер отрядының командирі Гуща, отряд адъютанты Бусверов».
Міне, Ферғанадағы трагедияның бір түрі. Басмашыларды ұстап бер, ұстап бермесең, ақсың ба, қарасың ба, кінәлісің бе, кінәлі емессің бе, — бәрібір, жер бетінен жойыласың. Бұдан өткен сорақылық бола ма, жолдастар!
Рысқұлов сәл кідіріп барып, өз сұрағына өзі жауап берді: — Болады екен. Және болғанда қандай? Жалалабад ауданында біздің жергілікті өкімет мұсылман халқына сенбестен, кулактарды қаруландырған. Ал қаруланып алған кулактар Кеңес өкіметіне қарсы көтерілген, нәтижесінде тағы да жергілікті мұсылман кедейлері қырылған.
Міне, жолдастар, айта берсе, бұл трагедиялы әңгіме әлі ұзаққа созылады. Уақыттарыңызды да көп алдым, енді тұжырымдайын.
Сонымен, әлгі айтылған картиналардан кейін Түркістанға көз тігіп отырған бүкіл Шығыс не көріп отыр деп ойлайсыздар? Осындай сұмдықтарды көріп отырған Шығыс халықтары: ауғандар, ирандар, үнділер, қытайлар Кеңес өкіметіне іші бұра ма, жоқ па? Коммунистердің ісі адал екеніне сене ме, жоқ па?
Міне, біздің «максималистердің» партияның Орталық Комитетінің саясатын Түркістан тіршілігінде бұрмалап, өз өкіметімізге аса зиян келтірген жері осы. «Максималистер» осы уақытқа дейін партияның ұлт саясатын өрескел бұрмалап, табанға салып, таптап келді. Ал енді мына радиограмма жағдайды күрт өзгертсе керек.
Жаңа сіз «Скоблев, Скоблев» деп қалдыңыз, жолдас Кушекин. Алдымен түрікмендердің Гек-Тепесін, соңыра Ферғананың төл халқын қанға бөктіргені үшін, патша «Ферғана» деген атты жойып, қаланын атын «Скоблев» қойғаны рас. Түркістанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, ТүркЦИК-тің жарлығы бойынша, отаршылдықтың озбыр қанішері Скоблев аты өшіріліп, қалаға қайтадан «Ферғана» аты берілгенін сіз қалайша ұмыттыңыз? Ол аз болғандай «Скоблев» атын қайта жаңғырту туралы астыртын парман бергенсіз. Мұны халықтан несіне жасырасыз? Патша заманының ең залым отаршылын ту етіп көтеру де «максималистер» программасына кіретін болғаны ма? Осының бәрінен кейін сізде және сіздің тобыңызда коммунистіктен не қалды?
— Болдыңыз ба, жолдас Рысқұлов?
Кушекин шын айқасқа ақырғы күшін жинап алғандай, шиыршық атып, ширақ сөйледі.
— Әзірше болдым, — деді Рысқұлов орнына отыра беріп.
— Сіз кінәлап отырған мына біз, максималистер, сізге сенбейміз, Рысқұлов. Әлгі айтқан ертегіңізге де сенбейміз. Неге сенбейтінімізді қазір ТүркЦИК, Крайком, Мусбюро, Совнарком мүшелеріне ТүркЦИК төрағасының орынбасары, Ерекше бөлім бастығы Успенский айтып береді. Сөйлеңіз, жолдас Успенский.
Еңгезердей еңселі Успенский орындықты сатыр-сұтыр серпіп тастап, орнынан атырыла тұрып, қос қолымен жалпақ белдікті қынап, маузердің қабын бір сипап қойды.
— Жолдастар! — деді Успенский қою даусымен гүр етіп. — Байқаймын, бәріңіз де Рысқұловтың сылдыраған сұлу сөздерін ұйып тыңдап қалдыңыздар. Сөйтіп қалуларыңыз да мүмкін. Рысқұлов өзгелерді қаралап, өзі сүттен ақ, судан таза болғысы келеді. Әлгі айтқан айып сөздерінің бәрінің негізі болмағаны былай тұрсын, өзінің астыртын жүргізген әрекеттерінің қаншалықты қауіпті екенін сіздер, тіпті сезіп те отырған жоқсыздар. Рысқұлов — Кеңес өкіметіне жұртты қарсы қою үшін өз туысқанын болыс сайлатып, кедейлердің мал-мүлкін талан-таражға салдырып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Рысқұловтың туысқандары басмашылар қатарында жүр. Рысқұлов олар арқылы басмашылармен байланыс жасап отырады. Рысқұлов патша шенеунігі, Черняев уезінің бұрынғы бастығы генерал Колосовскийдің қызына үйленеді, ол қыздың бөле атасы патша полковнигі Приходько Осиповтың оң қолы болып, Ташкенттегі бунтқа қатысып, біздің комиссарларды атады, тұтқынға алынады. Тұтқыннан оны Рысқұлов босатып, қашырып жібереді. Приходько барып, басмашыларға қосылады. Ағылшын шпионы Бейли екеуі Ферғанада Рысқұловтың тұмсығының астынан тағы қашып кетеді. Рысқұлов өкімет басына өз тамыр-таныстарын жинауға тырысады. Ұлт мәселесі дегенді өз бас пайдасына шешкісі келеді. Өкіметті өз қолына тартып алғысы келеді. Мұның аты бір сөзбен айтқанда: контрреволюция!
Успенский дәу жұдырығымен үстелді қойып қалғанда, отырғандар селк етті. Үстел үстіндегі шыны сауыт шоршып түсіп, ішіндегі көк сия тұқшиыңқырап отырған Кушекиннің бет-аузына, қолына, киіміне шашырап кетті.
Успенский желі шығып кеткен доптай жиырылып, бүк түсіп, дереу орамалымен Кушекиннің үстін сүртіп:
— Кешіріңіз, кешіріңіз... — дей берді.
Кушекин бет-аузын айғыздап, ақ орамалмен сүртіп тұрып:
— Үзіліс, — деді.
Дәлізге шыққанда Кобозев Рысқұловты қолтығынан алып:
— Саспа, бәрі жала, — деді.
— Жала да күйе сияқты, күйдірмейді, бірақ қаралайды, — деді Рысқұлов езу тартып.
Бұлардың жанынан сәл ғана бас изеп Нәзір Төреқұлов өте берді. Анадайдан айқайлап Тұрсынходжаев таянды:
— Мұндай оспадарсыздық қайда бар? Бас көтерер біреу шықса, дереу тобықтан ұрып құлатпақ. Бола қоймас, көнбеспіз, Тұрар! Әй, Низамедин, бұл не қызық? Үндемей қалмайық.
— Әрине, әрине, — деп Низамедин шықшытын бұлтылдатты.
— Әй, Тұрар-ай, патшаның құйыршығының қызын алып нең бар еді, саған басқа қыз табылмады ма? — деп тілін шайнай сөйлеп Сұлтанбек Ходжанов жетті.
Санжар Аспандияров сабырлы, ақылды кісі ғой:
— Сұлтанбек мұндайда да қыршаңқы сөйлейді, — деп қалды.
— Сұлтекең мені су түбіне кетті деп ойлайды ғой, мені су түбіне патша да батыра алмаған. Ал өзімнің Кеңес өкіметім мені қорлатпас, — деді Рысқұлов еңсесін түсірмей, қасқая қарап.
Адамдардың табиғаты қызық. Жаңа ғана Рысқұлов сөйлегенде оның бұлтартпас фактілермен айтқан логикасы күшті, саяси тұғыры мықты баяндамасына бәрі тәнті болған. Бәрі де ішінен, Кушекин революцияға қанша еңбегі сіңгенмен, ескі мінез-құлықтан, отаршылдық әдеттің сарқыншағынан арыла алмаған, жергілікті халықтың арман-тілегін, мұң-мұқтажын біле бермейтін даңғалақтау, даңғазалау адам. Сондықтан оның өкімет басында отыруы ретсіз, — деп отырған. Егер сол кезде дауысқа салып жіберсе, олар ойланбай-ақ, Кушекинді орнынан алуға дайын еді.
Ал енді, әлгі Успенскийдің Рысқұловқа үйіп-төккен айыбынан кейін, оның бәріне түгел сене бермесе де, әркімнің көңілінде бір дақ қалды. Революцияға пәруана берілген адам емес екен ғой деп біреулер іштей ойланып қалса, енді біреулер «контрреволюционер» дегеннен шошып кетіп, Рысқұловтан бойларын аулағырақ сала бастап еді.
Енді бір парасы, мысалы, Сұлтанбек Ходжанов сияқтылары ашықтан-ашық табалап та қалды. «Патшаның құйыршығының қызына үйленіп» дейді-ау, ол қыз туралы ол не біледі? Рысқұловтың оны бала кезден, көктемдегі аспандай жәудір, тап-таза сәби шақтан бері сүйетінін Сұлтанбек не қылсын?
Қайран әкесі Рысқұлдың:
Алыстан жылқы айдадым жиренменен,
Дүние бір қисық жол иреңдеген.
Басқа қызық дегеннің бәрі жалған,
Шын қызығы дүниенің сүйгенменен, —
деген әнін Сұлтанбек естімеген ғой, әлдеқалай елден естігенмен оның түбіріне үңіліп, мәнін ұқпаған ғой.
«Сұлтекең жарықтық жалынды адам, — деді Рысқұлов оның сәл дарақылау күлкісін алыстан құлағы шалып. — Оратор десең — оратор, шешендікті оған Құдай табиғатынан берген, ақкөңіл аңқылдақтығы да бар. Бірақ бір қыңырайып, сыңар езулеп кететін қу мінезі жаман. Ескі ауылдың қазақбайшылығы, топ құрып, жік жасақтап жүретіні жаман. Ер мінезді тіктігі, шіркін, ауыл жақтықтан арылса ғой».
Рысқұлов төңірекке көз салады.
Иә, адамдардың әшейінде бәрі сыпайы-сылаң, сырын біле бермейсің. Кімнің кім екені амалсыз сезілетін бір сәттер болады өмірде. Түркістан қауымының қаймағы іспеттес қайраткерлері қазір кең вестюбльде екеу-екеу, үшеу-үшеу — біреулері топ-топ сөйлесіп, шотырланып тұр да, біреулері арлы-берлі қыдырыстап жүр. Көбісі темекі тартады. Ара-тұра Хыдыр-Алиев сияқты насыбай ататындары да бар. Өзбек ағайындардың ішінде бұл да суырылып шығып келе жатқан талантты қайраткер. Рас, Рысқұловпен қыңыр келе беретіні де бар.
Ташкентке Марыдан таяуда жаңа қызметке ауысқан түрікмен туысқан Қайғысыз Атабаев осындағылардың көбінен ересектеу көрінеді. Бұл әуелі солшыл-эсерлер партиясында жүрді де, Осипов сойқанынан кейін, эсерлерді тастап, большевиктер партиясына кірген. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, анадан туғаннан марксист болмадың деп айыптау, әрине, жосықсыз. Әйтпесе, Кушекиннің өзі әуелі 1905 жылға дейін «Бунд» партиясында болар ма еді? Большевиктер қатарына сол атышулы 1905 жылы кірген. Өзін «ескі коммунист, максималист» санайтыны сондықтан.
Осы топтың ішінде өзінің сымбатымен, ерекше инабаттылығымен, жүріс-тұрыс мәнерінің жұмсақтығымен бірден көз тартар жігіт — бұхаралық Файзолла Ходжаев. Бұхара әлі Түркістан республикасына қосыла қоймаса да, Файзолла Ташкентпен жиі байланысып, Бұхара әмірі Сейд-Әлім ханның тамырын босатып, оның құлау сәтін жақындатып жүрген ердің бірі. Шыққан тегі солай, бай-миллионердің баласы. Мәскеуде, шетелде оқыған. Сөйте тұра, большевиктер идеясын ұстанып, революция жолына біржола берілген азамат. Ұлы революция мүддесі жолында шыққан тегімен ат құйрығын кесіскен адамдар аз болған жоқ. Мысалы, Коллантай патша генералының, дворянның қызы. Сондықтан Файзолла Ходжаевтың Сейд-Әлім ханды емес, большевиктерді жақтап шығуы — уақыттың сарынын тани білген дарынның нышаны еді.
Бұлардың ішінде Рысқұловтың көзіне аса жылы ұшырайтын екі адам бар. Бірі — Қабылбек Сармолдаев, екіншісі — Төреқұл Айтматов. Қабылбекпен соноу бала жастан, Меркеден бір мектепте, бір партада отырып оқып, бірге туғандай болып кеткен. Ол қазір Сырдария губисполкомының төрағасы. Оған Әулиеата, Шымкент, Ақмешіт уездері қарайды. Бұл қызметке ауысқанына екі үш айдай болған. Қабылбек жаңа үзіліске шыға салысымен:
— Оу, Тұрар, мына солшыл-эсер неғылдеп оттап тұр? Жаланың да бір өлшемі болмай ма? Мен сөйлесем қайтеді? — деп абыржыған сыңай танытты.
— Қоя тұр, аптықпа, — деген оған Рысқұлов.
Төреқұл Айтматов — осы көптің ішіндегі бәрінен жасы. Оны Рысқұлов Әулиеатадан білуші еді. Қырғыздың Таласында атышулы Дмитриевка көтерілісі дейтін кулактар көтерілісін Рысқұлов өзі бастап тұншықтырғанда, қызыл жасақшы жастардың жетекшісі осы Төреқұл Айтматов болатын. Әулиеатадан отыз шақырым жоғары тау бетінде, Манас батыр шоқысының түбінде, Шекер дейтін айыл бар. Сол Шекердегі Айтмат Әулиеатаға тартылған темір жолдың жұмысшысы болған көзі ашық адам. Төреқұлды Әулиеатаға апарып оқытқан.
Төреқұл Айтматов бір ғана Рысқұловты, Әулиеатада Кеңес өкіметін ішкі жаудан, кулактар мен байлардан қорғап қалу үшін кеудесін оққа тосқан, революция үшін жанын аямаған Рысқұловты біледі. Рысқұловтың революцияға адал екенін өз көзімен көрген. Енді келіп, мына Түркістан басшылары Кушекин мен Успенский Рысқұловты контрреволюционер деп жарияламақ. Бұл қалай?
Балаң жігіттің көзінен осы тілсіз сұрақты ұққан Рысқұлов Төреқұл Айтматовтың арқасынан қағып:
— Бәріне әлі көзің жетеді, жиен. Таңданбай-ақ қой. Бұл да революция. Ал революция майдансыз болмайды, — деді.
Жез қоңырау сыңғырлады. Қоңырау даусы естілсе, селк ететін әдет Рысқұловтан әлі қалмады. Баяғы әкесінің аяғындағы темір кісен сыңғыры сап етіп құлағына, көз алдына келе қалады. Бірақ лезде бойын жинап, басын көтере ұстап, залға беттеді. Қай кезде де, қай заманда да шындықты ту етіп ұстаған адамның жүзі жарқын, басын тік көтеріп жүреді. Рысқұловқа әлгіде тағылған айыптар қанша ауыр болғанмен еңсесін езе алмады. Мұны көріп Рысқұловтың достары ғана емес, іштей жек көретіндер де сүйсінді. Кушекин киім ауыстырып киіпті. Галстуксіз, кестелі жаға ақ көйлек, сұр пиджак, бетін ысқылап жуғаннан болар, қызара бөртіңкіреп тұр.
Бірінші болып сөзді Кобозев алды.
— Мен білемін, жолдастар қазір сөзді, дұрысырақ айтсақ жауап сөзді Рысқұловтан күтіп отыр. Рысқұловтың жауапқа дайын екеніне менің күмәнім жоқ. Бірақ өзара салғыласып, кінә тағысудан қандай пайда? Біз бұл жерде бір-бірімізге ахиреттің ауыр жазаларын арқалатпай, ең алдымен ел қамын, республика жағдайын, оның тағдырын ойлауымыз керек қой. Әрине, Рысқұлов жолдас баяндаған жағдайдың толық шындық екеніне мен өзім куә. Сондықтан Кушекин, Успенский жолдастар жеке бастың кегі үшін, есеп айырысу үшін арамтер болмай, кеткен кемшілікті қалай тезірек жою жағын ойластырғаны ақыл болар еді деп ойлаймын. Ең алдымен, радиограмманы жедел түрде жариялап, жарыққа шығарып, жер-жерде осыған байланысты жиналыстар өткізіп, партияның ұлт саясатының мән-мағынасын халыққа мейлінше түсіндіру керек.
Мен бұдан біраз уақыт бұрын Мусбюро конференциясында сөйлеп былай деген едім: «Түркістан республикасындағы халықтың 95 пайызы мұсылмандар, тек 5 пайызы ғана орыстар. Ал осы 5 пайызы бүкіл өкіметті өз қолында ұстап отыр. Аздық көптікке үстемдік етіп отыр. Бірақ бұл уақытша жағдай. Мұсылман қауым толысып, жетілген кезде республикалы басқаруды солардың қолына береміз де, оларға біз көмектесіп отырамыз», — деген едім. Одан бері біршама уақыт өтті, мұсылман халықтардың арасынан небір талантты қайраткерлер шықты. Демек, радиограммада айтылғандай, республиканың халықтар санына қарай, пропорционалды түрде басқаратын кез келді. Партия еркін іс жүзіне асыра бастауымыз керек. ТүркЦИК-тің құрамын, Совнарком, Крайком құрамдарын қайта қарауға тура келеді. Және бұл құбылыс губерниялық, уездік, болыстық звеноларда түгел жүргізілуге тиіс. Сондықтан бұл жерде ұсақ-түйек, ырың-жырың әңгімені қойып, түбегейлі мәселелер шешуге кірісейік. Мәселені ТүркЦИК-тен бастаған жөн ғой деп ойлаймын. РСФСР-дің Орталық өкіметінің Төтенше өкілі ретінде барлығыңызға ұсыныс жасаймын: Түркістан өкіметінің басында осы уақытқа дейін Түркістанның негізгі халықтарының бірде-бір өкілі отырмапты. Бұл әділеттілік емес. Бұрын даяр кадр жоқ деген желеу айтып келдік. Ендігіміз тым өрескел. Сондықтан Кушекин жолдасты ТүркЦИК төрағасы міндетінен босатып, орнына президум мүшесі Рысқұлов жолдасты сайлау туралы ұсыныс қоямын.
— Провокация! — деп Кушекин орнынан атып тұрды. Денесі ауыр, орнынан үш ұмтылып әрең тұратын кісінің бұл жолы соншама атырылғаны таңғалдырарлық. Жез қоңырауды үстелдің шетінен шеңгелдеп алып қағып еді, қоңыраудың үні тұтығып, шықпай қалды. Сонда барып Кушекин шеңгелін жазып, қоңырауды төбесіндегі тұтқасынан ұстағанда, сыңғырлап ала жөнелді. — Тынышталыңыздар! Бұл контрреволюция! Өкіметті басып алу деген осы. Бұл үшін трибуналда жауап бересіздер әлі. Кобозев — контра. Рысқұлов қылмысты адам. Екеуінің де ісін трибуналға өткізу керек. Ішкі істер комиссары Нысанбаев! Тұтқындаңыз екеуін де!
— Тұтқындай алмаймын, жолдас Кушекин! — деді комиссар Нысанбаев орнынан ұшып тұрып. — Құқым жоқ. ТүркЦИК-тің шешімін шығарып беріңіз. Сонда тұтқындаймын.
— Не деген масқара! Біз қайда отырмыз? ТуркЦИК қашаннан бері жазалау органы еді! Тоқтатыңыз бұл жүгенсіздікті! — деп Низамеддин Ходжаев қалш-қалш етіп, ұшып тұрды. Оны көріп Сағдулла Тұрсынходжаев көтерілді.
— ТүркЦИК — мына бізбіз. Әуелі дауысқа салыңыз. Сізді кім жақтар екен, жолдас Кушекин? — деді ол зілдене сөйлеп.
— Бұл не, заговор ма, бунт па?! — деп Кушекин булығып бара жатты. — Мені жақтайтын адам табылмайды деп ойлайсыз ба? ТүркЦИК мүшесі Клевенцов, қайдасыз? Сөз Черняев уезінің өкілі, ТүркЦИК мүшесі Клевенцовқа беріледі. Тынышталыңыздар! Тыңдаңыздар! Сіздер қызғыштай қорғайтын Рысқұлов туралы не айтар екен?
Клевенцов — жағы сопақ, шекесі қушық, жұдырықтай басында сирек шашы бар, құлақтары едірейген, ешкібастау кісі еді, орынан ылдым-жылдым тез тұрып, аузы сүйреңдеп ала жөнелді.
— Құрметті жолдастар! Мен, Кушекин жолдас айтқандай Черняев уезіненмін. Былайша айтқанда, Рысқұлов жолдастың жерлесімін десем де болады, — деп мекірене бір күліп алды. Кекесінмен айтқаны білініп қалды. — Ал Черняев уезінің патша кезіндегі бастығы генерал Колосовский екенін барлығыңыз жақсы білесіздер. Сол генералдың туған қызын Рысқұлов алып отыр. Генералдың өзі қазір жоқ, бір деректерге қарағанда, Каспий маңайында, ағылшындарға қосылып, Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасап жүр деген лақап бар. Мейлі, оған Құдай жар болсын. Ал енді Рысқұлов генералдың қызын тегін алды деп ойлайсыз ба? Жо-жоқ, қалыңмал беріп алды. Иә, иә, сенбейсіздер ме?
— Тұрардың әкесінен қалған үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, келе-келе түйе жоқ еді ғой, несін береді?! — деп Сұлтанбек Ходжанов әзіл-шыны аралас қарқ-қарқ күліп алды. Сөйтті де жанында отырған Санжар Аспандияровқа аузын қолымен қалқалап сыбырлады.
— Әй, Тұрар-ай, әйтеуір, ояздың қызын алып не жыны бар, қыз табылмай қалғандай...
Аспандияров қабағын бір көтеріп, жақтырмаған ыңғай танытып, назарын Клевенцовқа бұрды.
— Сұлтеке, сабыр етіңіз, сабыр түбі сары алтын деген, — деп Клевенцов қазақша судай сөйлеп, мақалдап ала жөнелгенде, Кобозев жағасын ұстай таңғалды. — Сұлтеке сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа деген. Рас айтасыз, Рысқұловтың әкесі баласына бай мұра қалдырмаған. Бірақ Рысқұлов амалын тапқан. Генералдың бәйбішесіне, яғни генералшаға, яғни қалыңдықтың шешесіне Рысқұлов не берген деп ойлайсыздар?
Клевенцов көзін жылтың-жылтың еткізіп, жан-жаққа қарап алып, салтанатты үнмен:
— Манкент маңынан жер берген! Вот! Ал қанша жер деп ойлайсыз? Тұп-тура жиырма десятина! Ал жер дегеніміз мемлекет меншігі деп жүрген жоқпыз ба? Лениннің өзі «Жер — шаруаларға!» деп Декларация жариялаған жоқ па? Ал Рысқұлов не істейді? Жерді шаруаға емес, былайша айтқанда, генералдың қатынына береді. Өзінің енесі, былайша айтқанда. Ал бұл, былайша айтқанда, жаңа заманға сай қалыңмалдың жаңа түрі емей, немене, о?
Күржиген Успенский қол соқты. Бірақ оны ешкім қостай қоймады.
— Солай, жолдастар, — деді Клевенцов өзінің шабыттана айтқан сөзіне жұрт енжарлау қарағанына қанағаттанбай. Әлі де бір қайнауы ішінде шығар деп сөзін қайта жалғады. — Ол Манкент маңы бұрын да генерал Колосовкийдің меншігі болатын: Кеңес өкіметі оны генералдан тартып алды, ал Рысқұлов қайтадан қайтарып берді. Көрдіңіз бе, қалай?..
— Әй, Тұрар-ай, ұсталмайтын жерден ұсталасың-ау, — деп күбірлеп Сұлтанбек Ходжанов дәу басын қозғап-қозғап қойып, қос жудырығымен алшысынан түскен сақадай маңдайын тіреп, төмен қарап отыр.
— Бос сөз, — деді Сағдулла Тұрсынходжаев түк болмағандай жайбарақат сөйлеп. — Жерді қазір шаруалар игере алмай жатыр. Күш-көлігі жоқ. Жерді уақытша жалға бере тұру туралы ЦИК-тің декреті бар. Оны Клевенцов шыннан білмей тұр ма? Сол декретке қол қойғандардың бірі Успенский кімге қол соғып отыр қазір? Бос сөз! — деп қолын бір-ақ сілтеді.
Бас көзір етіп ұстап отырған Клевенцовты Тұрсынходжаев бір-ақ сөзбен тойтарып тастағанын көрген Кушекиннің қабағы салбырап түсіп кетті.
Рысқұлов сөз сұрады.
Кушекин «мейлі» дегендей, басын самарқау изеді.
— Жолдастар, менің сөйлемей қоюыма болар еді, мен үшін Тұрсынходжаев жауап беріп те қойды. Дегенмен, көңілдеріңізде түйткіл бар. Генерал Колосовскийдің қызына үйленгенім рас. Оның тарихы ұзақ. Бәрін айтып жатуға уақыт жоқ. Және бәрін айтып жату міндет емес. Әркімнің басқаға айта бермейтін сыры болады. Бәрін басынан бастап айтсам, ол тарих соноу менің түрмеде отырған балалық шағыма, 1905 жылға кетеді. Оны түгел қопарып қайтемін. Бірақ мен генерал қызына үйленгеннен коммунистігім өзгерген жоқ. Дүниенің бар сұмдығын менің басыма үйіп-төгіп жатқан жандар махаббат туралы не біледі? Әлде коммунистерде махаббат сезімі болмайды деп ойлай ма? Ондай ойлайтын кісілер Лениннің Армандқа махаббат, отбасы туралы жазған хаттарын оқығаны, оқып қана қоймай, түп-түгел түсінгені дұрыс болар еді деп ойлаймын. Иә, менің енем Колосовскаяның ЦИК декреті негізінде жазған арызына жер берілсін деп қол қойғаным рас. Колосовская кісі жалдамайды, өзінің екі қолымен тастақ жерді өңдеп, азын-аулақ огород салады, қалған участогі жемісі аз ескі алма ағаштары. Менің енем қазір Клевенцов айтқандай «генералша» емес, орыстың нағыз шаруа әйелі. Оның алақанында күстің табы бар. Ал енді жерді, шын мәнінде, кім бауырына басып отырғанын білгілеріңіз келсе, ол мына — Клевенцов. Ақсу-Сайрам бойының небір жәннеті, шұрайлы жерлерін Клевенцов әулеті Столыпин реакциясы кезінде, жергілікті қазақтарды қырып-жойып, тамтығын тауға, су шықпайтын өрге қарай ысырып, орнын басып алған.
Сіздер, аңғардыңыздар ма, жоқ па, білмеймін? Клевенцов қайта-қайта «Черняев уезі, Черняев уезі» дей береді. Черняевтің соңынан біраздан кейін «Туркестанские ведомости» деген газет былай деп жазды: «Киргиздардың жерін тартып алуға ұялып-қызарудың керегі жоқ. Өйткені бұл жер үшін орыс солдатының қаны төгілген. Ал көшпелі киргиздарға келетін болсақ, олар ерте ме, кеш пе, Лена өзенінің сағасында бір кезде өмір сүрген вогулдардың кебінін киеді. Отаршылдық болмаса, киргиздің жерін алмаса, бұл жабайы өлкеге мәдениет қалай енбек? Бұған дау айтқан адам киргиздардың мәдениеттілігін мойындағаны. Ал киргиздарда мәдениет бар ма? Ол мәдениет бұл жабайыларға славян тұқымының лекілдеп ағылуы арқылы келеді. Мұнда тағы бір жағдай — тарихтың аяусыз қатал заңы бар: өмірге бейім, мәдениетті, дарынды нәсілмен жанасқанда, мешеу жабайы халық не сол өміршең мәдениетті нәсілге сіңісіп кетеді, не жер бетінен жойылып кетеді...». Міне, жолдастар, Клевенцов осындай идеологияның сүтін еміп өскен отаршылдар тұқымынан. Черняев уезіне Шымкент деген тарихи аты қайта берілгеніне қарамай, қасарысып «Черняев, Черняев» деп тұрғанынан-ақ қақсал колонизатордың иісі мүңкіп барады. Ал колонизаторлар қашаннан ұлт кадрларын өсіруге өшіге қарсы болып келген, соның бір айғағын бүгін құлақпен естіп, көзбен көріп отырсыздар. Менің өтінерім: бұл жиынды айқай-сүреңге айналдырмай, мәселенің ақ-қарасына әбден көз жеткізіңіздер. Рысқұлов айыпты болса, оның қандай бір қызметіне қарамай, жазалаңыздар. Болмаса, Клевенцов сияқтыларды ауыздықтаңыздар. Партиялық, кеңестік әділ шешім күтемін. Маған тағылған айыптар өте ауыр, оның анығына жететін комиссия құруды талап етемін. Бұл шиеленіс шешілгенше, менің кандидатурамды төрағалыққа ұсыну ретсіздеу деп санаймын.
— Мен бір нәрсені түсінбеймін, — деп шыдамай кеткен Низамеддин Ходжаев сөз сұрап жатпай-ақ орнынан атып тұрды: — Біз радиограмма талқылау үшін жиналдық па, жоқ, Кобозев пен Рысқұлов жолдастардан жау іздеу үшін жиналдық па? Радиограмманы неге осы уақытқа дейін жасырып келген? Неге жауап бермейді Кушекин мен Успенский?..
Кобозев тағы да айқай-шу шығатынын байқап, әңгімені басқа арнаға бұрды:
— Оған әлгіде Кушекин жолдас жауап берген. Енді шешім қабылдайық: радиограмма баспасөзге жариялансын, жер-жерде талқылансын, іске асырылсын. Екінші Ферғана жағдайы бойынша қаулы қабылдансын: алданып, зорлық көріп басмашыларға қосылғандарға кешірім жасалсын. Оларға көмек көрсетілсін. Азық-түлік, жер берілсін. Ал Рысқұлов пен Кобозевке қойылған кінәларға байланысты комиссия құрылсын. Таяу күндері ТүркЦИК-тің сессиясы шақырылсын.
X
Әкесінің түсіне сирек кіретін болып кеткеніне назаланып жүретін. Әлдеқашан өлген әкеңнің анда-санда түсіңе кіргенінің өзі кәдімгідей қуаныш. Қым-қуыт арпалыстың алыс сапарында жақыныңмен бір кездесіп, сағынышыңды жұбатқандай боласың. Әрине, өңің емес, түсің екені өкінішті, бірақ түстің өзі де медеу. Түстің аты — түс. Ол өлгеніңді тірілтіп, сәл сәтке болса да бірге жүргендей боласың.
Бүгінгі түн ортасына дейін созылған қиян-кескі айтыстан кейін Рысқұловтың түсіне әкесі емес, Кушекин яки Успенский немесе Клевенцов кірсе керек еді. Жоқ, олай емес, әкесі келді.
Әкесі Рысқұл Қызыл Жебеге мінген екен дейді. Талғар таудың Солдат сайында, алма ағаштың ашасында отырған Тұрарды бір қолымен көтеріп, артына отырғызды да Қызыл Жебенің басын Талғардың көк мұз шыңына бұрды. Қиялап келеді, қиялап келеді. Биікте жалтыр шың, төменде — шыңырау шатқал. Әкесі үндемейді, сірә, тілі жоқ. «Бұл неге сөйлемейді? Біз көріспегелі тұтас бір дүние өткен жоқ па? — Көке? Айтсаңшы, Сахалиннен қашан қайттың? — дейді. Әкесі үндемейді. Қызыл Жебе жап-жалтыр мұзбен тіке тартты. Талғардың көк сүңгі шыңы — жалғыз аяқ жолға айналып, аспанға шаншылып кетіп барады, кетіп барады. Алдында қарайған бір бұлдыр жоқ. — Көке-ay, айтсаңшы, қайда барамыз? — Рысқұл үндемейді. Жалтыр мұзды жалғыз аяқ саты жолмен кетіп барады. Кенет мұз сүңгі ұшынан пристав шыға келіп, тарс-тарс дегізіп атады. Әкесіне оқ дарымайды, бірақ Тұрар аттың құйымшағынан сырғып түсіп бара жатады. Әкесі шап беріп, Тұрардың шынашағына ғана қолы ілініп, ұстап қалады. Әкесінің темірдей қатты қолынан шынашағы сырғып шығып кетеді-ау... Тарс-тарс мылтық атылады.
Рысқұлов оянып кетеді. Не болғанын түсіне алмай мең-зең күйде біраз жатады.
Есік шынында да тарсылдап тұр екен.
— Ағатай, біреу есікті ұрып тұр, — деді ербиген жарғақ құлақ құда баласы мұның төсегіне таяп келіп.
— Естідім, Бекей. Бұл кім болды екен, түн ішінде?
Бала шамды жақты. Рысқұлов шалбарын киіп, үстіне жейдесін салып, есікке барады:
— Кім?
— Рысқұлов жолдас, есікті ашыңыз! — деді өктем дауыс. Револьвері жастықтың астында қалып еді. «Алсам ба екен, шынымен атысамыз ба?»
Есіктің күршегін ағытып жіберді.
Олар үшеу екен, үшеуі де нагандарын оқтана кірді.
Чекистер құжаттарын көрсетті. Рысұловты тұтқынға алу туралы ордерді көрсетті. Бәрі дұрыс.
— Қаруыңызды тапсырыңыз.
Револьверді алып берді.
— Киініңіз.
Киіне бастады.
— Жоқ, белдік тақпаңыз.
Қара шевиот шалбарынан қайыс белдікті суырып алды.
— Жоқ, галстук тақпаңыз.
Ақ сызық, қара шәйі галстук ағытылып алынды.
— Жоқ, сақал қыратын аспап алмаңыз. Ұстара алуға болмайды.
— Сақалды немен қырамыз?
— Табылады.
Рысқұлов үрпиіп тұрған жарғақ құлақ құда баласын көрді.
— Қорықпа, Бекей, — деді. — Бұлар әлі көреді кіммен ойнайтынын, Рысқұловпен ойнау оңай болмас. Бірақ ішінен: «Осипов ойранында Вотинцев пен Фигельский осылай кеткен жоқ па?» — деді. Бекейге қарап қазақшалап:
— Кеше үйге келген сақалды орыстың қайда туратынын білесің ғой? — деді. — Осы көшеде, үш үйден кейін. Қазір біз кеткен соң, сол кісіге жет. Мына жағдайды айт.
— Сөйлеспеңіз.
Рысқұловтың балаға не дегенін үшеуі де түсінбеді.
— Мұхсина апаң тамақ беріп тұрар. Ертең келеді ғой. Үрейленбесін. Қорықпа, мен келемін.
— Сөйлеспеңіз! Сөйлеспеңіз, орысша айтыңыз.
— Бала орысша түсінбейді.
— Жүріңіз!
— Кеттік.
Олар Садовая келте көшесін айналып кеткенде, бала екі өкпесін қолына алып, Кобозевтің пәтеріне жеткен. Шала-пұла орысшасымен оқиғаны айтып бола бергенде, тағы да үш-төрт қарулы кісі Садовая келте көшесінің арғы басынан серейіп-серейіп бері қарай келе жатыр еді.
Рысқұловты «қамқорлыққа алуға» төртінші адам қосылған. Ол терезеден қашып кетпесін деп сыртта тұр еді. Алдыда — біреу, артта — біреу, екі бүйірінде — екеу. Ортада — Рысқұлов. Жан-жағы қымтаулы, жан-жағы тұйық. Табан асты қара жер. Ол қақ жарылмас. Тек төбедегі аспан ашық. Құс емес, қанаты жоқ. Аспанның ашықтығынан не пайда? Шеті кемірілген ай көрінеді. Дүние шексіз деген бекер шығар, — деді Рысқұлов тұтқындағы уақытын да бос өткізбей ойға кетіп. — Ай қылтиып жаңа туады, толықси толады. Содан соң қайта бастайды, кеми бастайды. Менің де толысып жеткен жерім осы болғаны ма? Шынымен қайту жолы басталды ма? Успенский Осиповтың әдісіне салса, ай-шай жоқ, атып тастайды. Сот жоқ, тергеу жоқ, шындық жоқ. Бишара Рысқұлов бауыздаған қой сияқты тырп ете алмай кете бергенің бе? Дегенмен Успенский Осипов емес. Трибуналсыз атып тастай алмас. Трибунал, әрине, Успенскийдің, Кушекиннің ықпалында кетер. Бірақ әйтеуір сот аты бар ғой. Рысқұловтың соңы сұрақсыз қалмас. «Рысқұлов қайда?» — деп сұрайтын партия бар. Рысқұловты Ленин біледі, Ста-ал-и-и-н біледі. Рысқұлов пен Кобозевтің дабылы бойынша олар радиограмма жіберген. Демек, Рысқұлов іздеусіз қалмас.
Рысқұлов іздеусіз-сұраусыз қалмас-ау. Бірақ ол өлгеннен кейін өзін-өзі қорғай алмайды ғой. Трибунал өзінің үкімінде оның басына неше түрлі сұмдықты үйіп-төгер: контрреволюционер дер, пантюркист дер, кеңес өкіметін құлатпақшы болды дер. Жабатын жаласы, жағатын күйесі көп қой дұшпанның.
Партия: бұл қалай болды? Рысқұловты неге атып жібердіңдер? — деп сұрағанда шындықты айтар азамат бар ма?
Рысқұловты енді осы ой қинады. Үзеңгі қағысып, кейде керілдесіп жүрген жолдастарын көзбен тізді. Естісі Нәзір Төреқұлов, өте сауатты, шетел тілдерін де біледі, арабша, парсыша, тіпті немісше де үйренген. Сөз жоқ, талант. Бірақ атылған Рысқұловқа ол араша түсе қояр ма екен? Күні кеше Орынборда «Алашорданың» босағасынан сығалап, «Қазақ» газетін шығарысып жүрген Нәзір енді сол кезеңнің «күнәларынан құтылмақ» болып, қайтсем жағынамын деп, «максималистер» аулын жағалап жүретін, ашық айқасқа шықпай, бұғыныңқырап отыратын мінезі бар.
Мұнда ашық айқасқа жалаңтөс шығатын Сұлтанбек Ходжанов қой. Нағыз доданың апайтөс Алпамысы сияқты. Дес бермей кетеді. Бірақ алдында op бар ма, жар бар ма — бас бұра алмай қалады, екпінін тоқтата алмай қалады. Өзінің алдына түсіп кеткен қара көрінсе, күндегіштігі бар, баяғы ауыл әдетінен арыла алмаған: тек өзім болсам дейді. Ал алда қарайып жүретін Рысқұлов еді. Сұлтанбек оның аяғынан шала беруге бейім тұрады.
Рысқұловтың партия алдында адал екенін, халық үшін өз басының қамын жемей, күн-түн демей бейнет кешетінін жастайынан білетін Қабылбек Сармолдаев. Бірақ «максималистер» мен эсерлер оны Рысқұловтың кадры деп қудалайды. Рысқұловтың басы қисайған күні Сармолдаевқа да зобалаң туады. Рысқұловты Әулиеатадан білетін Төреқұл Айтматов әлі жас, оны көбісі әлі баласынады.
Низамеддин Ходжаев пен Сағдулла Тұрсынходжаев... Шындықты бір айтса, осылар айтады. Бұлар Рысқұловты әрдайым қуаттап, сөзін сөйледі. Қалыс қалыңқырап жүрсе де, бір адал адам Санжар Аспандияров.
Егер тұтқыннан аман қалса, ең сенімдісі — Кобозев. Қолында Лениннің мандаты бар адам сол.
Ал Кушекин мен Успенский Кобозевті де осы жолы тұтқындап, атып жіберсе, шындықтың шымылдығы көпке дейін жабылып қалуы мүмкін. Бекей бала оны тапты ма, ескерте алды ма, жоқ па? Ендігі сұрақ осы. Тағдырдың тәлкегі-ай десеңші, Лениннің серігі, Орталық өкіметтің өкілі Кобозевтің өмірі қыл үстінде қылтылдап, өлі болары, тірі болары мұрынбоқ Бекей балаға қарап қалғаннан кейін не шара? Рысқұловтың өзінің де өлі болары, тірі болары осы жаман Бекейге байланысты шығар. Егер ол Кобозевке дер кезінде ескерте алса, Кобозев құтылып кетсе, сөз жоқ, Рысқұловты да құтқаруға тырысады, ал қолға түссе, бәрі бітті.
Кушекин мен Успенский Кобозевті ә дегеннен ұнатпады. Әйтеуір, арандатуға әуес болып алды.
Кобозев Ташкентке алғаш келген соң, біраз күннен кейін оған хабаршы жетеді:
— Сізді әскери гарнизон кездесуге шақырады.
— Бара алмаймын, — деді Кобозев не екенін түсінбей.
— Гарнизон әскері сапқа тізіліп тұр, — дейді хабаршы.
Кобозев ойланып қалды: «Бармасам, менсінбеді деп жүрер» дейді де гарнизонға тартады. Кобозев гарнизонға жақындай бергенде оркестр ойнайды. Әскерлерге Кобозев сәлем береді. Гарнизон түгел саңқ-саңқ етіп, Кобозевқа денсаулық, амандық тілейді. Кобозев олардың алдында қысқаша ғана сөз сөйлеп, революция қорғаны жолында қырағы болуларына тілек білдіреді.
Дұрыс-ақ. Онда тұрған не бар?
Небары сол. Кушекин алады да Мәскеуге телеграмма соғады. Сіздердің төтенше өкіліңіз Кобозев коммунист сияқты емес, патша генералы сияқты. Өзін-өзі марапаттап, гарнизонды тік тұрғызып қойып, парад өткізді дейді. Түркістанға мұндай «генерал» керек емес дейді. Әрине, Мәскеу Кобозевті біледі, бірақ шала көмір күйдірмесе де күйелейді. Ал енді Мәскеумен Кобозев байланысайын десе, бізді жамандайды деп, Кушекин байланысқа рұқсат етпей қояды.
Ташкенттің тас төсеген көшесі айдауылдардың тақасымен тақылдайды. Айдауылдар түн жамылып, Рысқұловты көптің көзінен жасырып әкеле жатқанмен, тақалары тарсылдап Ташкентті ұйқысынан оятқысы келеді.
— Дүрс, дүрс, дүрс... Рыс... Рыс... Рыс-құл-овты ұстады. Рыс... Рыс... Рыс-құл-овты ат-а-ды. Тарс... тарс... Дүрс... дүрс... дүрс...
Күндізгі ми қайнатқан ыстықтан кейін, буындырған кешкі қапырықтан кейін, Ташкенттің самал шалқып, салқын түсіп, тыныс алар, қалың ұйқыға кетер шағы — осы таңсәрінің алдындағы жеті қараңғы.
Тіпті түн баласы тыным көрмейтін «Гранд Отель» мейманханасы да мелшиіп қалып барады.
«Колизей» театрының алдында үлкен жарнама тұр. «Мұз көшкін» спектаклі. Арғы күні Островский «Кедейлік кемістік емес». Жақында — «Демон». Сөзі Лермонтовтікі. Музыкасы Рубинштейндікі. Рысқұлов өткенде Наташамен келісіп, «Демонға» келмекші еді. Кенеттен Ферғанаға кетіп қалады. Ферғанадан оралса Наташа жоқ.
Көшеде бірде-бір жан ұшыраспайды. Оған Рысқұлов таңданбайды. Сағат түнгі он бірден кейін көшеде жүруге болмайтыны туралы Совнарком қаулы шығарғанын Рысқұлов жақсы біледі.
«Колизей» артта қалды. Алдыдан алып атқа мінген генерал-губернатор қылышын көтеріп қарсы алды.
Рысқұловты трибунал емес, генерал-губернатор фон Кауфман қылышпен шауып өлтіретін сияқты. Зәулім қола мүсін жан бітіп, ары-бері қозғалғандай болады.
Рысқұловқа Кауфманның аруағы да кекті. Генералдың ескерткішін құлату керек деп ТуркЦИК-ке Рысқұлов ұсыныс жасаған.
— Қылышын енді кімге сілтеп тұр? — деген.
Кушекин ұрсып, көнбей қойған.
— Мәдени ескерткіштерді құлату — варварлық, жабайылық. Жабайы көшпендінің тұқымы, тегіңе тартып тұрасың. Контра! — деп Рысқұловты жерден алып, жерге салған.
Тарс-тұрс еткен тақалы аяқтар жақындай бергенде, генералдың иығында ұйықтап отырған қарғалар пар-пар етіп, ұша жөнелді. Түн ішінде мазаны алған бұлар кімдер? дегендей бір-екеуі қарқ-қарқ етіп, қараңғыда түртінектеп, қоныс орын іздеп, қалбаң-қалбаң ары-бері ұшып жүрді.
Қарғалар пар-пар етіп ұшқанда, айдауылдар сәл-пәл болса да сасыңқырап қалған. Сонда Рысқұловқа: «қашсам қайтеді» деген ой келді. Қашуға бейімсіз де, бейілсіз де еді. Жай ойлады да қойды. Әкесін еске алды. Жарықтық Ақкөз батыр айтар еді:
— Сенің әкен Рысқұл патшаның он солдатын жалғыз өзі жайратып, қатырғыдан қашқан, — деп.
Кім көріп тұрған дейсің? Рысқұл қанша атаман болса да, он солдатты ойсырату оңай шаруа емес қой. Халық сондай батырды армандайды, сондай болса ғой дейді. Содан Рысқұл он солдатты жапырған болып елге тарап, аңыз бұрынғыдан да гөрі қомпиыңқырап кете барады. Рысқұловтың аяқ-қолында әзір кісен жоқ. Ал Рысқұлдың аяқ-қолында зілмендей кісен болған.
«Жыртитып көз ашқаннан патшаның түрмесінің де дәмін таттым. Енді эсэр Успенскийдің түрмесіне түскелі келе жатырмын. Рысқұл әулетінің маңдайына тағдыр «түрме» деген жазу жазып қойған ба?» — деп қорынды Рысқұлов бір мезгіл.
Диірменде туған тышқанның баласы дүрсілінен қорықпайды, — деп сыбырлағандай болды құлағына әкесі.
Генерал-губернаторлардың бір «тектілігі» — жаңа қалаға, яғни Еуропалық Ташкентке түрме салғызбаған. Түрменің бәрі ескі Ташкентте, яки Азия Ташкентінде.
Сондықтан да төрт айдауыл Рысқұловты ұзақ алып жүрді. Әрине, көлік дұрыс болар еді, Успенский Рысқұловты жаяу айдатып, әдейі қорлағысы келді ме, әйтеуір көлік бергізбеген.
Рысқұловтың көптен бері жаяу жүрмегені енді есіне түсті. Жаман үйреніп алған екен, шаршайын деді. «Ұлылықтан пенделікке дейін бір-ақ қадам» деген Наполеон сөзін еске алды. Өзін Наполеон санамаған, әрине. Бірақ жаяу айдатып, қорлап қойған Успенскийді ішінен балағаттап жатыр.
Алдыдан Шайхан-Тәуір көрінді. Енді түрме де алыс емес. Шайхан-Тәуір тасасынан күмбезі істіктеу, биіктігі он бес-он алты метрдей мазар асқақтайды. Сібірлеп атып келе жатқан таңның ала-көбеңінде мазар сұсты сияқты. Ол әйгілі Төле бидің күмбезі екенін Рысқұлов біледі. Өзінің арғы бабасы екенін де біледі. Баяғы Тәуке ханның тұсында қазақтың үш жүзінің басын қосып, берекелі, бәтуалы ел болуына аянбай қызмет еткен аса ірі қайраткер екенін де біледі. Жоңғар сияқты жауға қарсы тұрарға қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақты біріктіруді, бір ел етуді Төле би Рысқұловтан екі жүз жыл бұрын армандаған, әрекет қылған.
Бірақ қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ тұрмақ, қазақтың өзінің үш жүзінің басын әрең-әрең қабыстырып, Тәуке хан өлгеннен кейін одан да айырылып қалып, Ұлы жүзді ғана билеген, Ташкентте он екі жыл билік құрып, ақырғы талқаны тоқсан үш жасында таусылып, осы Шайхан-Тәуірге қойылып еді ғой.
Рысқұлов Төле бидің күмбезін соноу он бесінші жылы Ташкентке оқу іздеп келгенде әдейі барып көріп еді. Күмбездің маңдайшасындағы арабша «Қарлығаш би» дегенді оқып таңғалған. Сөйтсе, Төле биді мұндағы ел Қарлығаш би деп атайды екен. Демек, қарлығаш құстың қасиеті болғаны да. Өрт шалған халқына қарлығаш сияқты қанатымен су себелеп, шырылдап өткен бір сабаз.
Рысқұлов та ашаршылық алған, өрт шалған халқына қарлығашша қанатымен су себелеп жүргенін, енді міне, әділетсіздік тасыраңдап, қиянат қылышы мойнына төніп, тұтқын болып келе жатқанын Төле би бабасы сезген жоқ. Шошақ бас биік күмбез түксиіп қалып бара жатты. Төле би тіршілігінде өзінің азаматтық парызын ақтап, халық алдындағы қарызын өсімімен өтеп кеткен адам. Кейінгіге кейінгі ұрпақ жауап берсін. Төле би бүгінгінің тірлігіне араласпайды. Солай, Рысқұл баласы Тұрар, Төле бидің туажаты. Өзіңнің қамыңды өзің ойла? Өлген Төле би саған қол созбас.
«Рахат» паркіндегі «Тұран» жазғы кинотеатрының тұсына таянғанда ағаш арасынан қараң-қараң адамдар жүргендей болды да, айдауылдар мылтықтарын кезеніп, өте сақ қимыл танытты.
«Тұран» деген театр барын Кушекин білмей жүр-ау, — деді Рысқұлов. — Білсе, театрдың атын өзгерттірер еді. Тұран деген ертеде ұлы түрік елі еді ғой. Иә, Тұран. Өткен сондай бір ел ер-те-де, ер-те-де... Қай-қайдағыны ойлама, Рысқұлов. Көзіңе қара, ескі қаланың көшесі қисық-қисық ойлы-шұңқырлы. Сүрініп кетсең, айдауылдар табалар. Қай-қайдағы Тұранды ойлама, Тұрар. Аяғыңның астына қара. Жүріп келе жатқан көшең қисық болса да, жүрісіңді түзе, жүруің түзу болсын. Қалғаны тағдырдың ісі. Қалғаны тағдырдың і-с-і-і. Кобозев құтылды ма, тұтылды ма? Құ-тыл-ды ма, тұ-тыл-ды ма?
* * *
Өңі екені де белгісіз, түсі екені де белгісіз. Анда-санда біреу «Рысқұлов Тұрар», — деп айқайлағандай болады. Дауыс талып естіледі. Рысқұлов түс емес екенін түсінді. Койкада киімшең жатқан жерінен түрегеліп отырды. Әлгі дауысты тосып, құлақ түрді.
«Алматының түрмесінен әлдеқайда жақсы, — деді неғайбыл дауысты тосып отырып. — Алматының түрмесі тас еді, мынау — темір. Жан-жағының бәрі темір тор. Зоопарктегі арыстанның торы сияқты. Білектей-білектей жуан темірден соғылған тор. Әрі десе, бір адамдық темір төсегі, жұпыны болса да төсеніші бар.
Алматының түрмесінде жанында Рысқұл болушы еді, Александр деген орыс болушы еді. Мұнда олар жоқ. Рысқұл жалпы жер бетінде жоқ. Александр Бронниковтың тағдыры белгісіз. Өкімет басында отырып, осы уақытқа дейін сұрау салдырмағанына өкінді. Ұяттан лап етіп өртеніп кете жаздады. Түрмеде отырып ұялған адамда иман бар.
Ойын әлгі неғайбыл дауыс бөліп кетті. Ширығып тыңдай қалды:
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңдар!
Анық естіді. Елес емес, шалықтау емес. Анық адамның дауысы.
«Мені тергеуге апаратын шығар. Қазір әкететін шығар. Қазір әкететін шығар».
Едәуір уақыт өтті, — ешкім келген жоқ...
Тағы да:
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңдар!
«Түрменің әкімі қазақ болғаны ма? Қазақша ғой сөзі».
Едәуір уақыт өтті, ешкім келген жоқ. «Әлде шалықтау ма? Шыннан демде-ақ есімнен адаса бастағаным ба?»
Ап-анық:
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңдар!
«Жоқ, бұл түрменің әкімі емес. Әкім бұлай жалынышты үн шығармайды. Мына дауысты мен бұрын қайдан естідім?»
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңда-а-ар!
Соңғы сөзін әуеннің қайырмасындай созыңқырап, мұңға айналдырып, жыламсыратып жіберді. «Міне, жұмбақ. Успенскийдің психологиялық шабуыл үшін әдейі ұйымдастырып қойған концерті ме? Онда не мақсат? Ал дауыс таныс сияқты».
Осындай бір дүдәмал өткен өміріңнің жықпыл-жықпылын, түкпір-түкпірін тінткілейді. Бұрын өткенді ойлап, әрнені еске әдейілеп түсіріп жатуға уақыт жете бермейді. Рысқұловтың жұмыссыз, жайбарақат күні болған емес. Енді міне, Кушекин-Успенский оған жағдай жасап, асықпай ойлануға мүмкіндік беріп қойды. Түрме қол-аяққа түрме, ал ой ойлануға мұнда нағыз еркіндік.
Сонда бұл дауыс кімдікі? Неге боздай береді? Ботасын жоғалтқан інгеннің үніндей боздап шығады. Рысқұловты зарыға шақыртқанында не сыр бар? Кімнің даусы? Рысқұлов жиырма төрт жасаған ғұмырының ішінде талай-талай дауыс естіген шығар. Қайсыбірін есте сақтайсың. Ең алғаш естігені, есінде қалғаны әкесінің даусы еді. Әкесінің даусы қатқылдау болатын. Тістеніңкіреп сөйлейтін. Өмірі солай шығар. Тістенбеске, қату болмасқа амалы қалмағаны ғой. Ахат атасының даусы жұмсақ, майда қоңыр еді. Дауыс көтеріп сөйлегенін естіген емес. Тау-Шілмембет аулындағы басқа адамдардың үні есінде қалмаған сияқты. Жүйрік ой жағалап отырып Меркеге жетті. Қырғызбай атасы, жарықтық, жасқаншақ-ты, ұдайы сыбырлаңқырап, біреу естіп қоймасын дегендей, ұрланып сөйлейтін. Ол үйдегі Салиха апасы керісінше сампылдап тұратын. Салиханың сіңлісі Тайтақай-Талбүбі марқұм да аңқылдап сөйлеуші еді. Тайтақайды Аркадий атып тастады.
«Осы айқайлап жатқан Аркадий Приходько емес пе, бірақ ол осы жерде туса да, қазақша «бельмес» қой? Даусы барқыраңқыраған соныкі сияқты. Аркадий Приходько Рысқұловты іздеп не қылсын? Айтпақшы, Рысқұлов оған күйеу бала емес пе? Әй-әй, Рысқұлов-ай! Сенің де теп-тегіс жерде сүрінетінің бар-ау. Ояздың қызына үйленіп... Сұлтанбек Ходжановтың табалағанындай бар-ау өзі де. Бірақ Сұлтекеңдер Тұрар мен Наташаның хикаясын қайдан білсін? Қайда бармас, нелер көрмес ер жігіт пен ат басы?! Башқұрттағы Ғайса дуананың жыры ғой.
Қайда лә гінә бармас,
Ниләр күрмәс,
Ир егәт вә ат башы...
Рысқұлов он бесінші жылы Ақ Самардың қаласына білім қуып барғанда, өзі сияқты оқу іздеп келген башқұрт баласы Ақмар айтқан Ғайса дуана... О да соноу Әрусәлімде Мария қыздан әкесіз туып, өзін «Құдайдың ұлы» жариялап, дін уағыздаған Ғайсаның жалғасы сияқты. Ғайса пайғамбар да осындай темір түрмеде отырған. Түрме деген жарықтық Ғайса пайғамбардан бұрын жаралған. Библия бойынша, Ғайса айқыш ағашқа шегеленіп өлтірілген. Құран бойынша түрменің түндік тесігінен шығып, аспанға ұшып кеткен.
Рысқұлов өзі отырған түрменің төбесіне қарады. Түндік тесік жоқ екен.
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңда-а-а-р!
Тағы сол дауыс. Боздауық дауыс. Елес емес. Шалықта-а-ау еме-е-с. Бұл тегін еме-е-с.
Әрусәлімнен шыққан Ғайса пайғамбар:
— Біріңді бірің сүй, — дейді. Башқұрттан шыққан Ғайса дуана:
— Қайда бармас, Нелер көрмес,
Ер жігіт пен ат басы, — дейді.
«Біріңді бірің сүй». Ақылды уағыз. Адам баласы біріңді бірің қинама, азапқа салма, өсек айтпа, жалған арыз жазба. Жаулық қылма. Қастандық ойлама. Дұрыс-ақ. Бірақ Аркадий Приходьконы қалай сүйесің? Жауызды қалай жақсы көресің? Кеңес заңының, конституцияның омыртқасын опырып, озбырлыққа барып отырған Успенскийді қалай сүйесің? Аш «киргиздарға», яғни қазақтарға ауқат, ақша берме, қырылса — қырыла берсін деген Кушекинді қалай сүйесің? О, Ғайса пайғамбар! Адамдар бірін-бірі сүю үшін жер бетінде жауыздық, әділетсіздік, көре алмаушылық, қызғаныш, әлдінің әлсізге, үлкеннің кішіге зорлығы, қиянаты жойылуы керек қой. Неге айдаладағы ағылшындар алыстағы Үндістанда жаулап алып, тіліне дейін ұмыттырып, өзінің өктемдігін жүргізеді? Неге? Сонда үнді халқынан гөрі, ағылшындар ардақты ма, немене? Үнділер шәйі шапан киіп жүрген бағзы заманда, ағылшындар өз аралында әлі аңның терісін жамылып, жабайы халде жүрмеп пе еді? «Сүй», — дейді Ғайса пайғамбар. Сонда үнділер ағылшындарды сүюі керек пе? Бізді қорлағандарың үшін, зорлағандарың үшін, тып-типыл тонағандарың үшін рақмет деуі керек пе?
Fайса пайғамбардан гөрі, Ғайса дуананың сөзі Рысқұловтың көңіліне қоныңқырайды. Нелер көрмес, қайда бармас ер жігіт пен ат басы. Кеше ғана Рысқұлов ТүркЦИК-тің президиумында отыр еді, бүгін пенде болып, түрмеде отыр. Жарты сағаттан кейін не күтіп тұрғаны белгісіз? Трибунал не шешіп жатыр? Мұны сұраққа қашан шақырады?
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңда-а-ар!
Ғажап түрме! Айтары жоқ. Рысқұлов қараптан-қарап отырып, ойдан шаршайын деді. Мұндай азапқа салып қойса, Успенскийден арамдық артылмас.
* * *
«Известия ТүркЦИК-а» газеті ертеңінде ЦИК-тің бұйрығын жариялады:
«Орталықтан келген Кобозев шын мәнінде төтенше өкіл болмай шықты. Ол Орталық өкілінің атын жамылып жүрген контр-революционер. Өзінің осы қылмысы ашылып қалғанын білген соң, Кобозев қазір заң алдында жауап беруден қашып, жасырынып жүр. Осы бұйрық арқылы ЦИК мынаны хабарлайды: Кобозевтің қолындағы мандаты мен өкіметтігі бүгіннен бастап дұрыс емес деп танылсын. ЦИК төрағасы Кушекин».
— Міне, Рысқұлов, сіздің сыбайласыңыз, араларыңыздан қыл өтпейтін досыңыз кім болып шыққанын көріңіз, қуаныңыз! — деп Успенский газетті Рысқұловтың алдына жайып салды.
Рысқұловты сұраққа алу үшін Успенский түрмеге өзі келген. Тұтқынды Ташкенттің ішімен ары-бері алып жүруден жасқанған. Сұрақты тек түрмеде, Рысқұловтың өз камерасында алмаққа келген беті. Газеттегі хабар тұтқынға қалай әсер етер екен деп аңдып отыр. Рысқұлов әлгі бұйрықты шұқшия оқымастан жүгіртіп өтті де, газеттің басқа беттерін аударып, о жер бұ жеріне көз сала бастады. Соңғы беттің аяғына нонпорельмен терілген хабарландыруды дауыстап оқып шықты: «Тофилия деген қыз бала жоғалып кетті. Жасы 12-де. Үстінде ақ жағалы торкөз сұр блузасы, көк юбкасы бар. Шашы қысқа қырқылған».
— Иә, Рысқұлов, қыз баланың жоғалып кеткені аянышты. Ал досыңыз Кобозевтің жоғалып кеткеніне не айтасыз? Қайда болуы мүмкін?
— Демек, сіз басқаратын ерекше бөлімнің жұмысы осал, Успенский. — Рысқұлов газеттегі басқа бір материалды оқи бастады.
— «Акрамхан Сұлтан Саидхановтың атына берілген нан карточкасы жоғалған. Жоғалған карточка бойынша нан берілмесін». Міне, бұл да үлкен қайғы, Успенский. Бір отбасы аш қалды. Қалада ұрлық көп.
— Рысқұлов, спектакльді қойыңыз. Менің сұрағыма жауап беріңіз. Кобозев қайда болуы мүмкін?
— «Полторацкий атындағы ауруханада 1-ші полктің солдаты Барбулов қайтыс болды. Аурухана кассасында марқұмның 400 сом ақшасы, никельденген сағаты қалды. Ақша мен сағатты туысқандары келіп алуын сұраймыз». Бұл да қайғылы хабар, Успенский. Түсінесіз бе, Барбулов деген азаматтың орнына туысқандары 400 сом ақша мен бір сағат алып қайтады.
Успенский газетті Рысқұловтың қолынан жұлып алды. Рысқұловтың қолында жыртынды қалып қойды. Успенский сыпайылықты жиыстырып, шабуылға шыққанын сезді.
— Успенский, бекер қызбаланасыз. Кобозевтің қайда екенін түрмеде отырған мен қайдан білемін? Оның менімен ақылдасуға уақыты болған жоқ қой. Менің отырысым мынау. Не үшін отырғанымды да білмеймін.
— А, сіз әлі білмейсіз?
Бұрышта кішкентай үстелде отырған көзілдірікті хатшы Рысқұлов пен Успенскийдің аузынан шыққан сөздерді қақшып алып, қағазға түсіріп отыр.
— Кобозев екеуіңіз әскербасы Сафоновты өз торларыңызға түсіріп, әскер күшімен Ташкентте мемлекеттік төңкеріс жасауға әзірлендіңіздер. Солай ғой? Осиповтың бүлігін қайталағыларыңыз келді. Солай ғой?
— Успенский, сіз іс тексеруші бола алмайсыз. Осындай дөрекі сұрақ бола ма екен? Трибунал қайда? Үш адамнан құрамы бар трибунал қайда? Жауапты мен сонда беремін. Сұрақ қойып әуре болмаңыз.
— Ерекше бөлімнің бастығы сіздің тақияңызға тар келе ме? Трибунал — мына мен!
— Мемлекет — мына мен! — деген баяғыда бір король.
Рысқұловтың айыл жимауында себеп бар. Ондай күшті абайламай Успенскийдің өзі әкеп берді. Газеттегі Кушекиннің бұйрығы Рысқұловты қатты қуантқан. Кобозев құтылып кетіпті. Енді ол қарап жатпайды. Егер Успенский озбырлықпен атып тастамаса, Рысқұлов бұл қапаста көп отырмайды. Айыптаушы мен айыптының арасында әңгіме өнбейтін дауға айналғанда:
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңда-а-а-а-р! — деп ыңырсыған үн шықты.
— Естідіңіз бе? — деді Рысқұлов Успенскийге. — Әрбір жарты сағатта әлдекім мені ылғи шақырттырады. Мұнда не сыр бар деп ойлайсыз?
— Шыннан білмейсіз бе? — деп Успенский таңғалды.
— Шыннан, Успенский.
— Өз туысыңыздың, өз агентіңіздің дауысын қалайша танымай қалдыңыз? Ол басмашылар көсемі. Ергешпен, ағылшын агенті Бейлимен сізді байланыстырып тұратын өз туысыңыз... аты кім еді?.. — деп Успенский хатшыға бұрылды.
— Омар.
— Иә, Омар. Ондай кісі сізге таныс па?
Рысқұлов мандайын сипалап отырды да қалды. «О, соры ашылмаған Омар. Дәу Омар!». Омарды ол көрмегелі он бес жылдай болыпты. Талғардағы Тау-Шілмембет мекені Бесағашта соңғы рет 1905 жылдың басында көрген.
— Мен онымен кездеспегелі он бес жыл болыпты. Ол кезде мүлде бала едім, — деді Рысқұлов өзімен-өзі сөйлескендей.
— Міне, бұл жалған, — деді Успенский.
— Онымен кездесуге бола ма?
— О, оған да уақыт келеді. Оның сіз туралы, басмашылармен байланысыңыз туралы өте құнды мағлұматтары бар. Бұлтартпайтын фактілер. Одан да гөрі уақытты оздырмай, бастапқы сұраққа жауап беріңіз.
— Успенский, біз бала-шаға емес, дап-дардай кісілерміз ғой. Екеуміздің осы отырысымыз шалағайлардың ісі сияқты. Аңғарасыз ба? Тексеру-тексеру сияқты, сот-сот сияқты болуы керек. Ал сіз баяғы эсэрлігіңізге салып, заңды белінен басып жүре бергіңіз келеді. Болмайды ғой ол.
— Болғанның әкесін көрсетермін әлі. Мені эсэр деп мұқата берме. Большевиктердің сатқындығынан эсэрлердің айыбы зор емес. Брестің масқара шартынан хабарыңыз бар ма өзі? Міне, сатқындық деп осыны айтады. Ал бәлені бастап отырған большевиктер. Эсер, яғни социал-революционерлер мұндай қорлықты шартқа қол қоймайды.
— Брест шарты — Лениннің даналығы. Ешқандай сатқындық жоқ.
— Кешіріп қоясыз, Рысқұлов. Сол Лениннің өзі сатқындардың дәу бастығы.
Рысқұловтың басына қан шапшыды. Көзі шоқ жанып, өртеніп бара жатқандай еді. Әдептен шыққанын байқамай да қалды:
— Успенский, сен — сволочь!
Көзілдірікті хатшы мына сөздерді қағазға түсірер-түсірмесін білмей, сәл аңтарылып, басын көтерді. Сондағы көргені: Успенский еңгезердей болып орнынан тұрды. Кобурадағы наганға қол салды. Есікке қарай бір адым кейін шегінді. Койканың жиегінде отырған Рысқұлов та түрегелді. Бір адым алға жылжыды. Успенский наганның құлағын жапырды. Сұқ саусағын шүріппеге тіреді. Ендігі мәселе сұқ саусақта қалды. Успенский сұсты еді. Обалы не керек, айбынды адам. Айыр біткен иегі аузына қарай имиіп, алған бетінен қайтпайтын дүлей мінез танытады.
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңда-а-а-а-р!
Дәу Омардың дауысы күңірене шықты.
Успенский селт етіп құлақ түрді.
— Әне, сенің жаназаңды шығарып жатыр, — деп наганды қолымен Дәу Омардың дауысы шыққан жақты нұсқады.
* * *
Жарғақ құлақ сары бала Кобозевтің көз алдынан кетпей қойды. «Сол тақырбас сары болмағанда мен де Рысқұловтың кебін киетін едім, — деп өзіне-өзі тоба айтты. — Мәскеудің мандатымен келген мені бұлар қашқын халге түсірді. Басқалар не болмақ? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деп еді-ау Рысқұлов. Рысқұлов, әрине, ешкі тұқымдас емес... Бәсе-е-е, Кушекиннің кешегі бір сөзі жаман еді. «ВЦИК-тің қандай құқысы бар болса, ТүркЦИК-тің де сондай құқысы бар», — деді-ау. Сонда ВЦИК-ке бағынбаймын дегені ғой. Бұлар сұмдық шығар... Рысқұлов жазым болмаса еді. Бұлардан бәрін күтуге болады. Атып тастайды да, анау еді, мынау еді деп ақталып шыға келеді. Нысанбаев үйінде болса игі еді-ау...».
Ішкі істер комиссары Грушевая көшесінде тұратын. Кобозев пен Рысқұловтың мекені болған Садоваядан үш кеше төмен. Орталық саналса да бұл жақтың көшелерінде жарық жоқ. Кобозев револьверін қысып ұстап, тас көшені тасырлатпауға тырысып, арық жағалап, асықса да абайлап келеді. Түн ішінде, ай жарықта көлеңкесінен сескеніп қалғанына бір мезгіл қорланды да. Қалтасында құдіретті мандат бола тұра, Ташкенттің көшесінде қашқын халде келе жатқаны қорлық еді.
Әттең, Мәскеу мен Түркістан арасын атаңа нәлет атаман Дутов бөліп тастап, жолды байламағанда, Кушекин-Успенскийлер алдақашан аяқтары аспаннан келер еді, не шара? Мәскеумен радио арқылы шифрлы байланыс жасауға Кушекин тыйым салып тастады. Кобозев енді Мәскеудің Кушекин қолында қалған тұтқын өкілі. Төтенше өкіл!
Кобозев ызалана жерге бір түкірді. Дыбысы да шығып кетті. Әлдекім естіп қалды ма деп, жан-жағына қарады.
Кобозев, абырой болғанда, бұрын бір-ақ рет көрген үйді адаспай тапты. Бұл да күйген қызыл кірпіштен соққан жайдақ үй болатын. Сырты сымтемірмен торланған терезені әуелі саусақтарымен тықылдатты. Ар жағынан ақ перде тұтылған терезе тұсы тырс етпеді. Кобозев, көршілер естіп қала ма деп сескенсе де, терезе шынысын енді револьвер дүмімен тарсылдатты. Сәлден соң ақ перде сәл сырылды, бірақ ар жағынан адам сүлбесі көрінбеді. Тек:
— Кім? Кто? — деген ашулы үн естілді.
«Тегін комиссар емес, тасада тұрып сөйлеседі. Әрине, Құдай сақтанғанды сақтайды», — деп күлді Кобозев.
— Дүйсенбай, мен Кобозевпін.
— Кобозев? Не дейді? Қай Кобозев?
— Кобозев, Петр Алексеевич. Төтенше комиссар.
— Апыр-ай, шыннан Петр Алексеевич! Ғажап!
Нысанбаев терезенің жақтауын ашты.
Жартыкеш ай батып бара жатты. Таң алдында түн қараңғысы бой жасап қоюлана түсті. Теріскей, Келес жақтан лекілдеп самал соғып, Ташкенттің тал-дарағы сарғайған жапырағын жамыратып, сан қырлы қаланы әлди-әлди бесік жырына бөлегендей болады. Не көрмеген Ташкент?! Жарықтық. Құланиек бозалаңда Қарлығаш-Төле бидің шошаяды. Өзінің тағдырлас, замандас, ақылдас, жүректес бауыры Қаз дауысты Қазыбек биді Орта жүз Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет әзіреті күмбезінің астына апарып қойғанда, Ұлы жүздің игілері Төле биді әзіреті Сұлтанның жанына неге апарып қоймаған? Оны мына келе жатқан Кобозев те, комиссар Нысанбаев та білмейді. Оның сырын Рысқұлов біледі. Кіндік қала Ташкенттің тағдырын сол біледі.
* * *
— Рысқұлов, оққағарың бар сенің, жаңа мен шын атып жібере жаздадым. Ана көрші камерада жатқан басмашы туысқаның айқайламағанда, атылып-ақ кетіп едің. Бәрібір, енді оқ дарымайды екен деп ойлама. Револьвер оқтаулы. Оқ ояу. Контраға дегенде бұл дүлей оталмай қалмайды. Кәне, одан да Кобозевтің қайда екенін айт.
Көкшіл диагональдан тіктірген френчтің алқым түймесін ағытып, барлыққан жуан мойнын орамалмен сүртіп болып, револьверді қайтадан қолына алды. Шынжау хатшы Рысқұловтың аузына қарап, іннен тышқан аңдыған аш мысықтай міз бақпай, үнсіз отыр. Рысқұлов ә десе, қақшып алып, қағазға түсіреді.
— Рысқұлов, тағы қайталамаймын: Кобозев қайда?
— Кобозев менімен бір тұрмайды ғой, үйінде болар.
— Үйінде жоқ. Біздің жігіттер барғанда қашып үлгеріпті. Тіпті күлдеуіште қалған темекісінің ұштығы да сөнбепті.
— Оу, сен қызықсың, Успенский. Кобозев темекі тартып үйінде отырғанда, мені айдауылдар түрмеге алып келе жатпады ма? Сонда мен оның қайда қашып кеткенін қайдан білемін? Ойлашы өзің.
Успенский ойланып қалды.
— Ал сен айдауда келе жатқанда, оның өз үйінде отырғанын қайдан білесің? Мүмкін жігіттер оның үйіне сенің үйіңнен бұрын барған шығар.
— Сонда қалай? Кобозевке айдауылдар бұрын барады. Ол кезде мен қаннен-қаперсіз ұйықтап жатамын. Кобозевке мен қай уақытта жолығып, сөйлесіп үлгіремін? Логика қайда?
— Ұстатпайсың. Бұландайсың. — Успенский жөні түзу сөз таппай, әрі тек тұрмай револьвердің аранын өзіне қаратып, үңгіріне үңілді.
— Сенің шындығың мынаның ішінде жатыр, әне. Айтқызамын бәрібір.
Рысқұлов құса болды. Тағдыр бұған тым болмаса ақылды жау да жолықтырмады.
Успенскийдің топастығынан түңілді. Әлдеқалай тағдырдың тәлкегімен шыннан-ақ халықтың күні осы Успенскийлерге қарап қалса, не болмақшы деп шошыды. Алматының түрмесінде әкесі Рысқұл тергеуден қайтып келген сайын:
— Әй, өздері бәле-ай, атасына нәлет! Алдап отырып, бар сырыңды айтқызады, — деп жауының өзіне тәнті болып оралушы еді. — Әсіресе Осташкин дейтін дәуі сырбаз-ақ, — деп губернатордың орынбасарын мақтап отыратын.
«Көкем марқұм отырса, патшаның түрмесінде отырды. Ал Түркістанда, өзім орнатысқан Кеңес өкіметінің түрмесінде өзім отырғаным қай далбаса?».
Осыны ойлағанда Рысқұловтың өзегі өртенеді. «Шындық үшін алысқанның бәрін атып тастай берсе, не береке? ТүркЦИК-тің мәжілісінде жеңілгендер өшін оқпен ала берсе, не болмақ? Осының өзі, әрине, топастықтан. Лениндік принциптен әлі де ауылдың алыстығынан, Успенский, Кушекиндердің әрекеті — марксизмнен мақұрым адамдардың әрекеті. Сөйте тұра, бұлар жергілікті мұсылман халықтарынан шыққан коммунистер марксизмді сезбейді деп даурығады-ау. Осындай доғалдардың обалды озбырлығынан шындыққа қол ұшы ілінбей, өмірімді патша түрмесінен бастап, кеңес түрмесімен аяқтасам, тағдырың неткен аянышты, бишара Рысқұлов! Онда, соноу Меркедегі Қырғызбай атамның бұзауын, қозы-лағын бағып, Қырғызбаев болып, қарын тойса, уайым жоқ, неге жүре бермегенмін, атасына нәлет?! Кеңес өкіметі! Кеңес өкіметі! — деп кеудемді оққа тосып, осыншама үздігетін не бар еді?! Әрине, Кушекин мен Успенский әлі түп-түгел Кеңес өкіметі емес. Мәселе, сол шын Кеңес өкіметінің әлі Түркістанда орнығып болмай жатқанында. Солай, Рысқұлов».
Успенскийді қайтадан түлен түрте бастады. Мына Рысқұловты не сөзден жеңе алмағанына, не атып тастай алмағанына, тым болмаса жұдырық жұмсай алмағанына іштей ыза буып, тұтқынға зәһәрлана тағы бір қарады. Айылын жияр Рысқұлов жоқ: сол баяғы салмақты, сабырлы қалпы. Көзіңе көзі тайсалмай, тайқақсымай тік қарайды. Көзіңді амал жоқ, өзің бұрып әкетесің. Рысқұловтың осы көзқарасы Успенскийді ылғи да кіжіндіретін. Шарасыз, тайқып шығатын. Бұл жолы ол күшті. Рысқұлов пенде. Енді көз тайқитын не жөні бар?!
Успенский көзінен тотияйын тозаңын шашып, әдейі шақшиып қарады. Рысқұловтың аялы қоңыр көзі Успенскийді өзінің тұңғиығына тартып бара жатқандай болды. Успенский шыдай алмай:
— Уһ, көзілдірікті жылан! — деді.
Рысқұлов балаша мәз болып күліп жіберді. Ол өте сирек күлер еді. Шын күлгенде — күлкісі сәбидің күлкісіндей болатын.
— Успенский! Сен Добролюбов деген демократ сыншыны білуің бар ма? Өте әділ, турашыл, батыл сыншы болған.
— Е, білсек-білерміз. Оның бұл жерге қандай қатысы бар?
— Успенский! Сол Добролюбовты жаулары сыртынан көзілдірікті жылан деп мыңқылдасады екен.
— Ал мен сыртыңнан емес, көзіңше айтамын. Көп сандырақты қой, Кобозев қайда?
«Өресі тар-ау, сорлының. Тотыдай бір сұрақты қайталай бергенше, сәл де болса, өзгертіңкіресе қайтеді?»
— Кобозев қайда? — Успенский айқайға басты.
Есік сақыр-сұқыр ете қалды.
— Міне Кобозев! — деп төтенше комиссардың өзі бірінші болып кіріп келді.
Соңынан комиссарлар: Нысанбаев, Тұрсынходжаев, Ходжанов, Аспандияров, Хұсайынов, Сафонов көрінді. Әсіресе Сафоновты көргенде Успенский сазарып сала берді. Сафонов әскер комиссары болатын. Ал әскер бар жерде — күш те бар. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады. Успенскийдің шақшиған көздері бозара бастады.
— Қаруыңызды тапсырыңыз! — деді комиссар Нысанбаев.
— Құқың жоқ! — деді Успенский түнеріп. — Мен ТуркЦИК Президиумының мүшесімін.
— Ал Рысқұлов кім? Оны қандай негізде қамауға алдыңыз? ТуркЦИК — міне! — Ол комиссарларды нұсқады. ТуркЦИК шешімі солай. Рысқұлов жолдас, камерадан шығыңыз. Жоқ, Успенский, енді бұл камерада сіз отыра тұрасыз. Қалғанын сот шешеді. Солай!
Камераның есігі сақыр-сұқыр қайта жабылды.
— Тұра тұрыңыздар, — деді Рысқұлов. — Осында бір адам отыр. Ұдайы дауыстап мені шақырады. Не құпиясы бар, соны білгім келеді. Мүмкін болса, соған соға кетейік.
Үш қақпадан кейінгі темір есік ашылғанда, ар жақтан жағдайсыз, қоймалжың қолаңса иіс мүңк ете қалды. Комиссарлар еріксіз орамалдарын алып, мұрындарын басты. Қаракөбең күңгірт тұрақ, камерадан гөрі, аюдың үңгіріне көбірек ұқсайды. Шынында да тор жақта аю кейіптес бір дәу неме, ары-бері теңселіп отыр екен. Шөкелеп алып, екі қолымен бүйірін таянып, жан-жағына алма-кезек теңселе береді, теңселе береді.
Әлгі адамның аспандата қарағаны әркімге-ақ қорқынышты көрінді. Бұрынғыдай біреу емес, екеу емес, бір топ адам енгенін көзден гөрі, тықырдан сезген тұтқын бір сәт теңселгенін қоя қалып, түк басқан аузын аңқайта ашып, аспандата қарап:
— Рысқұлов Тұрарды шақырыңдар! — деп барқ-барқ ете қалды.
— Мен келдім, Омар аға, мен Тұрармын.
Қорбиған тұтқын дауыс шыққан жаққа оқыс бұрылды. Бірақ адасқақ көздері алайып, Рысқұловты дәл таба алмай, аспандай берді.
— Алдама мен шермендені. Рысқұлов Тұрар керек маған! Алдап қол қойдырмақсыңдар ғой тағы да.
— Мен Тұрармын, Омар аға. Мен Рысқұлдың баласымын. Мен сізді таныдым. Соноу Талғардағы Бесағаштан білемін. Рас, Бесағаштан кейін көрген емес едім. Өзгеріп кетіпсіз.
Тұтқын сенерін-сенбесін білмей аңқайып, тұрақсыз көзі алақ-жұлақ адаса берді.
— Бұл Рысқұлдың баласымын дегендер — періден жаратылған сияқты. Шатқалда да бір жүгермек Рысқұлдың баласы мен деп шатастырған. Әбден анығына жетпей, сену қиын сендерге.
— Онда қайтіп сендірейін? Онда мына менің қасымдағы үлкен кісілер айтсын. Мен шынымен Тұрармын.
— Рас, рас, ақсақал, — деп Нысанбаев қостады.
— О, Тұрар осы ғой, — деп қалды Ходжаев та.
— Мені көрмегелі көп болды, танымай отырсыз ғой, — деді Тұрар шалдың көзінен секем алып.
— Көз болса таныр ма едім, көзді құртты ғой.
— Құртқаны несі? Қалай құртты?
— Қалай құртушы еді! Сен шыннан Тұрар болсаң тұрайын орнымнан. Ойбай! — Шөкелеп отырған адам қолымен жер таянып, ұмтыла беріп, қайта шөгіп қалды. Рысқұлов қолтығынан демеді. Қолаңса иіс қолқасын атып бара жатса да шыдады. Тұтқын төбедей төңкеріліп, әрең түрегелді. Тәлтіректеп, Тұрарды бауырына баспақ болды. Буын-буынынан әл кеткен болар, құлап қала жаздап, салмағын Рысқұловтың иығына сала бергенде, мұндай зілмауырдан Рысқұлов та шайқалақтап, арқасын дымқыл дуалға тіреп барып, әрең жығылмай қалды.
— Мына үңгірде тыныс алар дем жоқ, сыртқа алып шығайық, — деді Кобозев есіктің сыртынан. Екі-үш адам сүйемелдеп жатып, Дәу Омарды ұзын дәлізге алып шықты.
* * *
Қаракөлеңкеде аса білінбеген екен, Дәу Омардың сақал-шашы аппақ қудай болыпты. Піл сүйек неме, ет тайған соң сылынып, арса-арса қаңқасы қалыпты.
— Мені Құдай алар деймісің? Неменеге шыр-пыр боласың, Рысқұл баласы. Онан да менің Жорабай деген балам, сенің әлгі жүгермек інің жау қолында қалып еді. Олардан дерек бар ма? Соны айтшы.
— Жорабай аман-есен, ауылда, Түлкібаста. Ал менің інім шейіт болды.
Дәу Омар «қалай?» — деп сұрамады. Ежіктеп сұрауға қалжырап отыр. Тек болар-болмас ернін жыбырлатып, алақанымен бетін сипады.
— Е, Жорабай ауылда де. Жараде-е-е. Болымсыз туған мырық неме, мені бір іздеп келмеді. Өлгенім не, тірім не — оған бәрібір болған ғой. Ағайын, айналайын, айтқанға бар, дегенге жоқ, Дәу Омарға не болды деп біреуі іздемеді. Аруағыңнан садаға кетейін, Рысқұлдың жағдайын мен бейбақ енді түсіндім. Алматының түрмесінде пенде болып жатқанында, артынан бір бармаппын ғой. Бәлені басыңа түскенде білесің. Басыма түсті, қайтейін? Түсіндім, түсіндім. Кеш мені Рысқұл! Уа, аруақ! Бар болсаң, кеш мен бейбақты!
— Көзіңе не болды, аға, соны айтшы?
Дәу Омар таңырқағандай кең кабинетті алақ-жұлақ айнала қарап шығып, басын шайқады.
— Көрмесем де, байқаймын. Төрелер отыратын үй екен. Тынысым ашылып, арқа-басым кеңігенінен сезіп отырмын. Көз дейсің бе, Тұрар? Көзді құртты. «Рысқұлов сені басмашыларға қосқаны рас па? Ергеш пен ағылшындарға ұштасып, Рысқұловтан ақша апарып бергенің рас па?..». Қойшы, осы сияқты сандырақты төпей берді, төпей берді. Қанша жаман болайын, жалған айтуға жаратылмаған сорлы басым:
— Не оттап тұрсыңдар? Рысқұловты көрген емеспін. Одан ешқандай тапсырма алған емеспін. Басмашыға барсам, әзәзіл айландырып, түлен түртіп, өзім бардым. Бұған Рысқұловтың иненің жасуындай да қатысы жоқ, — деп көнбедім. Содан еңгезердей біреуі, Успенский дегені ғой деймін, тоқпақтай қара мылтықпен қарақұсымнан періп кеп жібергенін білемін, басқасын білмеймін. Есім кіріп, көзімді ашсам, ештеңе көрінбейді. Қап-қараңғы. Е, бұрынғыдан да тастай көрге қамаған екен ғой деп өзімді өзім жұбатып отырғанымда қарауыл келді. Аталасын әкелді. Көрмеймін. — Мә! — деді. Көрмеймін. Құр далбасалап қолымды соза беремін. Ыдысын ұстай алмай, аталасы төгіліп қалды. Содан барып, шын соқыр екенімді сезіп, ақырып жіберсем керек, қарауыл қаша жөнелді. Есікті тарс жапты. Жағдай солай, содан бері көрмеймін.
— Петр Алексеевич, қалай ойлайсыз, бұл жазылатын жара ма? — деп бұрылды Рысқұлов бағанадан бері әңгімені үнсіз тыңдап отырған Кобозевке.
— Дәрігерлерге қарату керек. Қиыны — қиын. Қарақұстан ұрса мидағы көз тамыры кеткен шығар. Ай, айуан-ай, қазір ғой осы иттігінің бәрін өзінің алдына келтірсе қайтер еді, эсэр ит?
— Не дейді? — деді көзін Рысқұловтың басынан асыра қараған Дәу Омар Кобозевтің орысшасына түсінбей.
— Докторға қаратамыз дейді, аға. Сәтін салса, жазылып кетесіз. Ташкентте жақсы дәрігерлер бар.
— Екі дүниеде жамандық көрме, бауырым. Бәсе, Ахат байғұс сені адал деуші еді, рас екен ғой. Біздің ел азып-тозды. Тозған елдің топырағын Оразбақ болыс болып суырғанда, бұл қалай, Рысқұл ұлы Тұрар Оразбақты болыс сайлатқаны несі? — деп сені жек көргенім рас еді. Тұрардың төрелігінен не пайда, туысқанға қайыры жоқ деп едім. Өйтсем, сен туысқанның ғана Тұрары емес, телегей Түркістанның Тұрары екенсің ғой. Сені туған анаңнан, аруағыңнан айналайын, Қалипа жеңешемнен, сені сызған әкеңнен, аруағынан айналайын, Рысқұл бауырымнан айналдым. Сені солардың аруағы қолдай жүрсін, Тұрар. Туған жеріңнің топырағы, туған аспаныңның ай-жұлдызы, қазақтың қара бесігі Қаратаудың киесі жебесін сені. Пәледен, жаладан, қырсықтан, қиянаттан аман бол! Пәлеқор, жалақордың жазасын берсін, Құдай. Мәртебең биіктеп, Түркістанның жұлдызы бол! Мен сияқты адасқан шермендеге жол түзер темірқазық жұлдыз бол, бауырым. Сені бір жолықтырсам деп армандап едім. Жеттім арманыма...
XI
Тарбиған алма ағашының түбіндегі көне скамейкада газет оқып отырған ажарлы ақ келіншек кенет:
— Мама, мама! Мынаны қара, күйеу балаңыз президент болыпты! — деп дауыстап жіберді. Анадай жерде помидордың қызарғанын теріп алып, шелекке жинап жүрген етжеңді қартаң әйел аңыра қарап сәл тұрды да: «Несі бар, қызым, Тұрар президент болса, әбден орынды, құтты болсын! — Басына күн өтпесін деп сәлдеше ораған орамалын қолымен оңдап қойды. — Сен араздасып жүргенде қандай жаңалықтар болып жатыр, көрдің бе?! Жұрт не десе, о десін, шаш ал десе, бас алмайтын, бәрін байыппен істейтін ақылды адам. Біздің кесіріміз тиіп, оның жолына кесе-көлденең тұрып, кесапат болдық па деп қорқушы едім, Құдайға шүкір, оңды болған екен. Президент сайласа, сенгені ғой. Біздің зиянымыз тимегені ғой. Менің нан-тұзым атқыр Клевенцов баяғыда қолымнан талай-талай дәм татып, шырағданнан шыға алмаған жынды көбелектей, біздің үйге қайта-қайта келгіштеп, әкеңнің аяғына жығылып, табалдырығымызды тоздырушы еді. Әкең арқылы осы Сайрамның бойынан қанша жер алмады ол! Одан әрі оның үрім-бұтағы, туысқандары Түлкібастан да шұрайлы жерлерді қазақтардан тартып алды. Құдай біледі деп айтайын, Рысқұл құданың жерін де осылар иемденген. Сөйткен сүмелек Клевенцов басымызға іс түскенде дереу тонын айналдырып киіп, кеңесшіл бола қалып, Тұрарды мұқату үшін араға бізді араластырып, масқарасы шықты ғой. Соның жаласының кесірі тиіп, есіл ер жазықсыз жаза тартар ма екен деп қорқып жүруші едім, ақыры ТүркЦИК-тің бастығы болды де. — Қартаң әйел сөйлеп жүріп, шәркейін сүйретіп, жүйектің басына шықты да, қызының қасына жақындады.
— Енді Клевенцовтардың тамағына тас кептелетін шығар. Сол ешкібастың өзін жазаласа еді. Біздің де тыныштығымызды енді ешкім ала қоймас, Наташенька. Мұндай оқиғаны елеусіз қалдырмас болар. Потребте ескіден қалған бір шарап бар еді, соны алып келейін.
Клевенцов күні кеше ТүркЦИК-те Рысқұловпен айтыста, оның енесін тілге тиек етіп, «генералша» деп атаған әйел қолы-басын жуып, погребке қарай беттеді. Елизавета Петровна — кешегі Черняев оязының әйелі, қазіргі Түркістан президенті Рысқұловтың қайын енесі осы кісі болатын. Наталья қазір осы шешесінің қолында тұрып жатқан. Наталья бұрынғыдай емес, денесі толысқан, жүріс-тұрысы ауырлаған, қыз күніндегі денесіне екі көйлек шығатын кең сарафан киген. Бірақ ақсары жүзі ерекше нұрланып, жасыл-көк көздерінен сәуле шашырап, болашақ ананың нобайын танытып, дидары айрықша арайлана түскен екен. «Туркестанские известия» газетінен ол тағы да төтенше комиссар Кобозевтің Мәскеуге оралғанын, ал Мәскеуден Ташкентке Элиава бастаған Түрккомиссия келе жатқанын оқыды. ТүркЦИК-тің бұрынғы төрағасы Кушекиннің Түркістаннан кеткені, эсэр Успенскийдің тұтқындалғаны туралы хабарларды оқып отырып, өзінің Успенскийдің қабылдауында болғанын, Аркадий Приходькоға кешірім сұрап, арыз айтқанын еске алды. Сонда Успенский үстіңгі ернімен көк тіреп, астыңғы ернімен жер тіреп тұрғандай аса кесірлі кейіпте еді. Дүние оның басынан айналмайтындай көрінген. Сөйтсе, бәрі бекер екен, Успенскийдің өзі де пенде болып, түрмеге түсіпті. Наташа арыз айтуын айтса да, іс оңалар, Аркадийге кешірім болар деп күтпеген. Өйткені Успенский тым кесірлі еді. Бірақ Рысқұловтың әйелі екенін білгенде біртүрлі қутыңдап, алақандарын уқалап:
— Жарайды, мадам, өте ауыр қылмыс. Ешқандай уәде бере алмаймын, — деп шығарып салған.
Сондағы «мадам» дегені Наташаның құлағында қалып қойыпты. «Жолдас», «азамат» деген ресми аттарға берік большевиктердің арасынан «мадам» деген сөзді қолданатын адамның табылғанына таңғалған. Әлде кекесінмен айтты ма деп те күдіктенген. Кейін газеттен Аркадий Приходьконың түрмеден қашқаны туралы хабар оқыды да, «мадам» деген сөздің сырын тек түйсікпен ғана сезгендей болды. Сол Успенскийдің өзінің бір шикілігі бар емес пе деп те күдіктенді. Ондай жағдайда Рысқұловқа бір таяқ тиерін де аңдағандай еді. Сонымен, Ташкенттен бой тасалай тұрғанды жөн көріп, Манкент түбіндегі шешесінің қолына келіп жатқан. Неде болса, Аркадий ажал тұзағынан құтылған екен, енді жер бетінде тірі жүрсе болғаны деп қойған.
Елизавета Петровна подносқа шарап пен екі бокал салып әкелді. Жиналып қалған бір десте «Туркестанские известия» газетінің біреуін алып, подностың астына төседі. Бұрынғы ояз болып тұрған кездегі мол дәулеттен тірнектеп сақтап қалған жұрнақ — хрусталь бокалдарға құйылған шарап, күнгейдің шуағына шағылысып, лағыл тастай құлпырып кетті.
— Өз қолыммен өсірген жүзімнің шырыны еді, бір қуанышты сәтте ашармын деп жүруші едім. Кел, Наташенька, Тұрар үшін, сенің аман-есен босануың үшін, Тұрар екеуіңнің ұрпағың үшін! Екеуіңнің қайтадан тез татуласып кетуің үшін! — деп Елизавета Петровна шарапты көзін жұмып ішіп салды да, шафран сары алманы қарш дегізіп тістеді. Наташа да шарабын алып қойып, шешесі сияқты о да алма тістемек болып, дастарқан есебінде жаюлы газетке қол соза беріп, көзі:
«Атылу жазасына бұйырылды» деген жазуға түсіп кетті. Бос бокалды қолына ұстаған күйі әлгі майда әріппен терілген хабарды оқи бастады.
«Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Осипов ойранының басты белсенділерінің бірі полковник Аркадий Приходько белгісіз жағдайда түрмеден қашқан болатын. Жуырда Наманган түбінде Ергеш бандыларын талқандаған жауынгер Қызыл Ту орденді командир Абдолла Жармұхамбетов А. Приходьконы тұтқынға алып, әскери трибуналға тапсырды. Трибунал А. Приходьконы ату жазасына кесілсін деп үкім шығарды. Бұл үкімді ТүркЦИК төрағасы Т. Рысқұлов бекітті. Үкім жазасы орындалды».
Қызының неге шұқшия қалғанына аса мән бермей отырған шешесі бір кезде Наташаға көзі түсіп кетіп, шошып қалды: қызының көзі шарасынан шығып, талықсып барады екен.
— Наташа, не болды? — дегенше болмай:
— Мама! — деп шыңғырып жіберді. Қолындағы хрусталь күміс подносқа түсіп кетіп, күл-талқаны шықты.
«Толғағы келіп қалды ма? — деген ой сап етіп, шешесі қызын құшақтай алды. Әлі ай-күні жете қоймап еді ғой», — деп тағы шүбәланды.
— Мама, Аркадийді өлтірді! Өлтірді! Қара ана газетке! — деді қызы енді көзінен жас парлап. — Күйеу балаң Рысқұлов...
Елизавета Петровна тез-тез шоқына салып, ескі сары ала халатының жанқалталарын қаққылап, көзілдірік іздеп, қалтыраған қолы қалтаға бірден сұғылмай, тайғанақтай берді. Ақыры қара хабарды да оқып шықты. Қызының басын кеудесіне қысып, сазарып отырып қалды. Ол Аркадийдің өлімінен гөрі, қызының жағдайынан шошынған сыңайы бар. Екі бишара майып болар ма екен? — деп сескеніп, Наташаны жұбатып, тыныштандыруға тырысты.
— Наташенька, қоя ғой, жаным, жарығым менің! Тыныштал кішкене. Саған қатты күйзелуге болмайды, жаным. Тағдыр шығар. Не істерсің, амал қанша? Әкеңнен де тірідей айырылып, өлмей отырмыз ғой. Тағдыр солай шығар. Тыныштал, періштем. Тұла бойың қалтырап бара жатыр ғой, Құдайым-ай! Ей, Жасаған-ай, жар бола гөр! Тыныштал, көгершінім, періштем менің. Мә, мынадан бір жұтшы, жеңіл болар ма екен? — деп анасы байғұс сыңарынан айрылған хрусталь бокалға шарап құйып, Наташаның аузына тосты. Шынында да боп-боз тозған шүберектей болып кеткен бетіне қайтадан шырай кіре бастады:
— Аркадий Иванович, марқұм, туған бөлең, туған ағаң еді. Оны ерекше жақсы көретініңді де білемін, жаным, тыныштал. Бәрі Құдайдан. Екеуің титтейіңнен бірге өстің. Әрине, қиын. Е-е, заман-ай десеңші. Кімсің — Приходько болып, Верныйды дүрілдетіп тұрды. Ақыры Иван Егорович, марқұм, большевиктердің қолынан қаза тапты. Менің әпкем күйіктен өлді. Менің омырауымнан сүт шықпай ауырғанымда, сені емшегін беріп асыраған сол сорлы еді. Баласы Аркадийдің ақыры мынау. Приходьколар әулеті құрып бітті. Бәрінің де рухы салауат болсын. Ақырын берсін. Енді өз жағдайыңды ойла, қызым. Саған қатты күйзелуге жарамайды. Қиналып қаласың, балаға зақым келеді.
— Баласы құрысын, мама. Енді мен Рысқұловтың өзі тұрмақ, құрсағымда жатқан баласын да жек көремін, — деп Наташа бұлқынып-бұлқынып қалғанда, ақсары алтын шашы жан-жаққа шашырап, қобырап кетті.
— Қой деймін, жынданба, ғайбат сөз сөйлеме.
Дәті берік, бәле көрген, қазымыр қартаң әйел қызынан гөрі ақылдырақ екенін аңғартты.
— Рысқұловқа тіліңді тигізбе. Оның орнында сен болсаң, сен де сөйтер едің. Жаудың аты — жау. Аркадий Иванович, марқұм, анау-мынау кәкір-шүкір емес, ірі жау болды. Өзі де қанды көп төкті ғой.
— Олай сөйлеме! — деп қызы тағы жұлқынып, көзі ақиланып, атызданып кетті. Әдемі жәудір жасыл көз тұз түстеніп шыға келді.
— Бұл лағынет заманда кімнің қанын кім төкпей жатыр?! Төксе — ол солдат, ұлықтың бұйрығын орындаушы ғана.
— Тыныштал, күнім, күйзелме. Сен екеуміз түсіне бермейтін талай-талай сұмдық бар дүниеде. Бәрі айналып келіп пешенедегі жазуға байланысты. Пешенесіндегі жазу солай шығар. Марқұмның өзі де басын тауға, тасқа да соғып жүретін жұлымыр еді, сол қу мінезінен тапты ма, кім білсін?
— Мама! Қоямыз ба, жоқ па, Аркадийдің аруағын қорлағанды?!
— Қойдым, қойдым, періштем, енді сөйлемейін.
Шешесі қызын құшақтап, қобыраған боз қырау шалған самай шашын кері ысырып тастап, дымданған көз жанарын мөлдіреген көгілдір аспанға қадады. Аспаннан рисалат нұры жауып тұрғандай, айнала мамыражай. Елизавета Петровна осындай дүние мүлгіген сәтте Құдайтағала дұғаңды есітер деген үмітпен «Псалтырьден» Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың дұғасын күбірлеп айта бастады. Ең соңында үнін қаттырақ шығарып; «Услышь, господи, молитьву мою и внемли гласу моления моего. В день скорби моей взываю к тебе, потому что Ты услышишь меня...» — деп барып қайырды.
Дұғадан қызы тыншығандай болып еді, шеше қолы қызының бүйірі бүлк-бүлк ете қалғанын сезді. Сол-сол екен, Наташа безілдеп ала жөнелді:
— Ай-күні әлі жете қоймап еді. Әлі екі айдан астам кем еді. Бірақ толғақ шындап келді, қатты келді. Елизавета Петровна қызын үйге де жеткізе алмады. Толғақты бишара сол тарбиған алма ағаштың түбінде қалды.
— О, Құдай, не жаздым! — деп қиналғанда Наташа сарафанының омырауын айырып жіберді. Кемпір шәркейіне сүрініп-қабынып, үйге қарай ұмтылып, көрпе-төсек алып келіп, қызын соған жатқызып еді — тыныш табар емес.
— Е, Жасаған, өзің сақта! — деп жалына-жалбарына жүріп, даладағы пешке от жағып, сақтықта қорлық жоқтың кебімен, қазанға су жылытты.
Жақын жерде дәрігер жоқ. Шымкент алыс. Оған дайын тұрған көлік қайда? Қызы жанталасып, төсеніш үстінде домалап, көгеріп бара жатқан соң, ошақ басын тастай беріп, Наташаға жүгірді. Жанына жеткені сол еді:
— Мама, өлдім! — деп шешесінің білегінен ала түскенде, кемпірдің қолын жұлып әкете жаздады.
Нәп-нәзік әйелде мұншама дүлей күш боларын кім білген? Кемпір қызын екі қолтықтың астынан қапсыра көтеріп:
— Мына бұтақтан мықтап ұста, бишара! — деп бұйырды. Тарбиған алма ағаштың астыңғы жуан бұтағына асылған келіншек, енді содан айрылса, жерге өлі құлайтындай, саусақтары без бұтақты бүріп, қатты да қалды. Кемпір келіншектің ішін сипалап, саумалай берді. Ағашқа асылып қалған ақсары әйелдің түсі көкпеңбек болып, көзін тарс жұмып алған.
— Не үшін? Не кінәм үшін, Құдай! — деп шыңғырған дауысынан көксерек төбет те шошып, шынжырын салдыр-гүлдір тасырлатып, әрі-бері жұлқынып, арсылдап қоя берді. Су ағып жатқан арықтың бергі жағында байлаулы тұрған ақ ешкі тосын дауыстан шошып түсіп, көздері ежірең ете қалып, жіп байланған жалбызды түбімен жұлып кетіп, арықтың арғы бетіне секіріп шықты.
— Сәл шыда, күнім, сәл шыда, періштем, — деп анасы да қара сорпа болып жанталасқан. Екіқабат әйел бір өліп, бір тіріліп, әл кеткен қолы без бұтақтан енді сығылып шығып бара жатқанда, бүкіл Сайрам даласы мен тауларын жаңғырықтыра нәрестенің шар-шар еткен дауысы сақпанша атылды.
Тұрардың тұңғышы пысқырынып, тұншығыңқырап барып, жарық дүниеге шарылдай келіп, шараналы күйінде кемпірдің қолынан шығып кетіп, жерге топ ете түсті. Келіншек екі бүктеліп, көрпенің үстіне сылқ ете қалды. Елизавета Петровна сасқанда пышақ таппай, үйдің ішін астан-кестеңін шығарып, қайтадан ошақ басына жүгірді. Қолына ағаш жарған балта ілінді. Балтаның жүзін қазандағы қайнаған суға батырып-батырып алып, ана мен баланы жалғастырып жатқан қанды қызыл шектің астына кеспек қойып, балтамен қиып түсті. Ана мен бала сол сәттен бастап екіге бөлінді.
Сол сәттен бастап, олар енді жеке-жеке тағдырға бағынар. Енді әрқайсысы жеке-жеке дем жұтар. Бала әлі өзінің шала туғанын да білмес. Дүниеге мерзімінен бұрын асығыс келгенін сезбес. Асығыс келіп, асығыс кетпесе, сол олжа. Әйтеуір, ашық аспанның астында, тар құрсақтан шығып, кең дүниенің құшағына енген. Дүние оған кең боларын, кем боларын болжап болмас. Бұған дейін ана мен бала бір дене болса, енді шығарға жан басқа-басқа. Енді оларды махаббат дейтін көзге көрінбес кіндік-ішек жалғастырса керек еді. Әлгі доғал балтаның жүзімен сол көзге көрінбес кіндік-ішек те қиылып кетпесе жарар.
Кемпір:
— Ұл бала, ұл, ұл! — деп жарқылдай қуанды.
Жылы суға шомылдырып, су жаңа аппақ жаялыққа орап, маужырап тынышталған Натальяның жанына абайлап апарып қойды. Көзін шарт жұмып алған жұдырықтай баланың сирек қарын шашы қап-қара, жүзі барлыққан күреңқызыл екен. Наталья жай ғана басын бұрып әкетті. Езу тартқан жоқ, еміренбеді. Тек салқын үнмен:
— Өзінен аумайды екен. Қайта-қайта айта беретін Ескендірі осы, — деді. Шешесі түсінбей:
— Искандер дегені не? — деді.
— Тұрардың тілегі: Ескендір болсын дейтін. Демек, біздіңше, Александр дегені. Баяғыда ол Приходько түрмесінде Александр дейтін Петербург революционерімен бірге әкесі екеуі отырғанын білесің ғой. Соның құрметіне баланың атын Ескендір қой деп Рысқұл аманат айтыпты.
— Петербургтің революционерімен дос болып жүрген біздің Рысқұл құда да оңай емес шығар. Мейлі, сол құданың айтқаны болса, бола қойсын. — Елизавета Петровна нәрестенің бетіне үңіле қарап, басын шайқап-шайқап қойды. — Наташенька, өз бауырыңнан шыққан перзент қой, жөндеп назар салсаңшы.
Наташа қалжыраған қалпы, басын әрең бұрып, балаға көзінің қиығын тана салды.
— Артур сияқты, — деді қиналып.
— Артурың кім тағы?
— Айтып едім ғой, Тұрардың інісі. Мені жек көретін. Ақыры қашып кетті.
Аһ ұрып қатты күрсінді. Көзінен жылжып, самайына қарай үнсіз-түнсіз жас ақты.
— Ох, сорлы Аркаша, ох, сорлы-сорлы... Сенің ақырың осындай болар деп кім ойлаған?
Мынадай оқиға үстінде, тұңғыш перзенті дүниеге келген шақта да қызының басқа жайға қиналғанына шамырқанған ана шарт кетті.
— Жетті, қызым! Күйіне бергеннен не пайда? Соған бола, ай-күніңнен ерте босанып, ажалыңнан бұрын өле жаздадың. Аман-есен, тірі қалғаның олжа. Жан олжа! Соны ойласайшы. Дәрігер жоқ, дәнеңе жоқ, жаңа тіпті үзіліп кетуің мүмкін еді ғой. Шүкіршілік керек. Аркадий марқұмға бір Құдай өзі о дүниеде жақсылығын берсін.
Нәресте әлі қаймағы бұзылмаған сары ала жапырақты даланың ауасын анасының уызынан бұрын жұтып, сол ауаға мас болғандай, ұйықтап қалып еді. Әзір тамақ тілеген жоқ. Құртақандай қарны да ашар. Hәp тілеп, әлі шыңғырар. Туған жердің ауасымен ауызданған жақсы. Бірақ адам баласы тек ауамен ғана қоректенбейді. Оны бала көп кешікпей сезе бастайды. Сонда туған анасының төсі иімей қоятынын, сөйтіп уызға жарымай қалатынын бала әлі білмейді. Ол әлі түк те білмейді. Үлкендердің көп білетінін, сол көп білгені кейде қасірет болып жабысатынынан да түк хабары жоқ.
Оның тұңғыш рет құлағына анасы мен әжесінің даулы әңгімесі, жапырақтардың сыбдыры, Ақсу өзенінің сарылы, көксерек иттің үргені, атыз шетінде арқандаулы тұрған ақ ешкінің маңырағаны шалынған. Бірақ бала олардың ешқайсысын елеген жоқ. Есейгенде де бұл сәттен ойында еш елес қалмас. Дүниеге неге, не үшін келгенін де білмейді. Өйткені ол бұл дүниеге өз еркімен келмеген. Ал оны дүниеге келтіргендер арасында әзір береке болмай тұрған кез.
* * *
Арада қанша күн өтті. Натальяның омырауынан ақ тамбай, ашаршылық жылғы мешел аспандай безірейді де қалды. Шешесі байғұс білген ем-домын істеп, қызының емшегіне таба қыздырып басты. Таудан қазып әкелген «алтын тамырды» қайнатып, соның сөлімен булады, көкемаралдың, киікотының кептіріп алған гүлін езіп жақты, — ештеңе болмады, сүт шықпай қойды.
— Апыр-ай, өзің де ұлым екен деп еміренбейсің ғой, содан шығар сүт шықпай жатқаны, — деп қызына шешесі бір күңкілдеді, екі күңкілдеді, содан ақыры шыдай алмай кеткен Наталья кемпір байғұстың бетінен қауып тастады:
— Мені туғанда сенің де сүтің тыйылып қалған. Мен өлетін болған соң, туған әпкеңнің омырауына салғансың. Сонда, сол марқұм Софья Петровнаның бір емшегін мен, бір емшегін Аркадий еміп өскенбіз. Демек мені тапқанда сен де еміренбеген болдың ғой?!
Елизавета Петровна күйініп басын шайқайды.
— Әй, әй қызым, аямайсың анаңды. Менің сен дегенде шығарға жаным басқа екенін біле тұрып, күйдіресің адамды. Менің жайым басқа еді ғой, омырауыма жаман без түйіндеп, ақыры әкең байғұс Ташкенттен доктор алдырып, мен бейшара пышаққа түскен жоқпын ба? Соны сенің ұмытатын жөнің жоқ еді ғой. Сенікі де сондай сойқан ба деп ойласам, Құдай бетін аулақ қылсын, жаман безің жоқ, міне, бәрі жұп-жұмсақ, шала туған жеті айлық бала тұрмақ, егіз баланы асырайтын әулеті бар омырауыңның. Әлде докторға қаралып қайтасың ба?
— Өзім де соны ойлап жүр едім, — деді қызы шешесінің бұл ұсынысына ішінен қуанып кетіп.
Көп кешікпей Наталья жолға жиналды. Нұқыл қарадан, басына қара шілтерлі қалпақ киді.
— Тұрарға оралсаң қайтеді? Жақсы-жақсы дәрігерлерге қаратар еді, — деп шешесі именшектеп, тағы бір тілегін айтқан. Қызы илікпеді:
— Менің емшектес бауырымды аттырған адамға не деп барамын? Рақмет айта барамын ба? Мен байсыз қалады екен деп қорықпа. Менің басып кеткен ізіме зар болып еңіреген ерлер аз емес. О басында бір қателік кетті, мен сезімнің құлы болдым, енді ақылдың құлы боламын.
Шешесі күрсініп-күрсініп, күйзеле басын шайқады.
— Ақылдың құлы болсаң, жанымызды сақтап отырған Тұрардың етегінен ұстап айырылма. Ол қарайласпаса, біздің күніміз не болады? Мына бір алақандай жерден де айдап шығады ғой бізді. Клевенцовтар аз емес қой, балам.
— Мама, сен бір нәрсені түсінбейсің. Рысқұлов президент болдым екен деп енді сабасына түсе қалмайды. Мен білетін Рысқұлов болса, ол енді бұрынғыдан бетер арпалыс жолына түседі. Сол президенттікте көп отыратынына да күмәнім бар. Өйткені ол ымырасыз адам, ал ымыраға келмейтін, тік жол, бірбет адамдар көпке шыдамайды. Не өзі өртеніп өледі, не біреулер өлтіреді. Екінің бірі. Ал күнкөріс болса, қайтеміз, бір амалы болар. Мен де жұмыс іздермін, яки жібі түзу бір адам табылар. Қам жеме, жалғыз емессің, енді ермегің бар. Баланы бақ. Ескендірдің ендігі анасы сенсің, менен оған енді қайран жоқ. Осы заманда соңынан бала ерткен әйелді кім алады? Мен әлі алдағы күнімді ойлауым керек. Ескендір өліп қалмаса, сенің жақсылығыңды қайтарар. Бұл тұқым — мойнына кісі ақысын артып жүретін тұқым емес. Бергенге — береді, алғаннан — алады. Ақысын алмай тынбайды. Әне, Рысқұлов та ақыры Аркадийді өлтірді ғой. Ал Аркадийге оның қанжары соноу бала күнінде-ақ қайраулы болатын. Солай, Елизавета Петровна...
Сөйтіп, «генералша» Ескендірді бауырына салды. Ақ ешкінің сүтімен асырады. Тағдырда тәлкек сияқты жайлар кездесе береді. Осы Ескендірі — Александр аталғандардың соноу-соноу атасы Александр Македонский, яғни Ескендір Зұлхарнай да осындай нәресте шағында ешкінің сүтін ішіп өскен екен деген лақап бар.
Бала үш-төрт айлығында Елизавета Петровнаға қарап, ыржиып күлетінді шығарды. Оған кемпір байғұстың іші елжірейтін болды.
— Ух ты, басурман, Искандер Турарович, — деп баланы құндағымен қоса жұлмалап ойнап, бауырына қысып-қысып құшырланатынды шығарды.
Балада әзір қайғы-мұң жоқ. Аспаны ашық, жан-жағы жаннатыдай дала, әріректе асқақтаған таулар, Теңбіл торғай шырылдаған, шолпанкебіс гүлдеген ойдым-ойдым жазиралар...
XII
Шалва Зурабович Элиава, Валериан Владимирович Куйбышев, Ян Эрнестович Рудзутак, Михаил Васильевич Фрунзе... Филипп Исаевич Голощекин — ВЦИК пен РСФСР Совнаркомының атынан, Ленин мандатымен келе жатқан Турккомиссиясының құрамы осы. Бұлардың арасында Фрунзеден өзгесі Туркістан өлкесін бұрын көрмеген. Фрунзенің өзі түркістандық, дәлірек айтқанда, жетісулық, одан да дәлірек айтқанда, туған жері Пішпек. Түрккомиссияның алғашқы келген тобының ішінде қазір Фрунзе жоқ. Ол әлі Колчакпен шайқасып жатыр. Ал Куйбышев те қазақ даласында туып өскен. Бірақ Қазақстанның ол жақ беті Түркістан өлкесіне қарамайды. Сол себепті Куйбышев те Түркістанға тұңғыш рет келе жатыр деуге болады.
1919 жылдың сарала күзі — қатарынан екі жыл қатты соққан ашаршылықтың бетін қайтарғандай кез еді. Тура вокзал басында, қалаға шығаберіс бетінде тізіліп есек арбалар тұр. Үйме-үйме қауын-қарбыз, төбе-төбе алма, алмұрт, шабдалы, анар...
Ала тақия, қара тақия кигендер, көк сәлде, ақ сәлде салғандар жан-жақтан айқайлайды:
— Алыңдар! Алма алыңдар! Арзан алма.
— Келіңдер, күләбі қауын жеңдер! Арзан қауын.
— Мына шуылдақтарды тыя тұрсақ қайтеді? Бәрін таратып, милиция қойып қоялық, — деді Тұрсынходжаев.
— Тимеңдер, — деді Рысқұлов. — Келген меймандар Түркістанды, оның астанасы Ташкентті табиғи қалпында көрсін. Бояма болмасын. Қазір көз бояғанмен, ертең-ақ олар өздері көреді.
— Мына есектері тезек тастап, жолды былғап болыпты. Тым құрыса, жүретін жолды тазалатайық.
— Оның дұрыс. Қаланың райысына тапсыр. Станция бастығын шақырып айт, — деп келісті Рысқұлов.
Түркістан басшылары Түрккомиссиясын күтіп алу үшін вокзалдың алдына, перронға шықты. Перронда сырнайшылар, оқушылар тізіліп тұр екен.
Ташкентке пойыз таңсық емес. Бірақ жасыл-сары бау-бақша бұлымынан бұлаң етіп, «отарба» көрінгенде, ташкенттіктер пойызды тұңғыш рет көргендей:
— О-о-о-о! — десті.
Кернейлер мен сырнайлар қарлығып барып, үні ашылып, лекілдеп берді. Биқасап көк шапан, ала тақия киген, күйек сақалды, жалпақ мұрын қара шал жорғалай басып, билеп ала жөнелді. Оның соңынан жігіттер де шықты.
Түрккомиссия Элиава бастап вагоннан шыққан кезде, перрон үсті шат-шадыман күй мен би болатын. Шалва Элиава вагонның тұтқасынан ұстап, баспалдаққа аяғын сала беріп, мына тамашаға таңырқағандай, бір аяғы салбыраған күйі тұрды да қалды. Жанына жақындап келіп, қолын созған Рысқұловты Элиава құшақтай түсіп:
— Жасасын, кеңестік Түркістан! — деп дауыстап жіберді.
Бұйра шашты, тып-тығыз қою қара сақал-мұртты, шағын бойлы Элиавадан соң, еңгезердей ересен денелі, ұзын бойлы, сары шашты Рудзутак, одан соң маңдайы кереқарыс, жайсаң жүзді, шашы дудардай Валериан Куйбышев түсті. Соңын ала кібіртіңкіреп, басқыштың өзіне сидаң аяғын бір салып, бір тартып алып, вагон тұтқасының өзін қолымен сүртіп көріп, содан соң барып ұстап, қабағы кіртиіңкіреп, жылмағай шашты, текесақал Филипп Исаевич Голощекин сазарыңқырап барып, табаны тисе Түркістанның жері ойылып кететіндей, абайлап қана перронға аяқ тіреді.
Рысқұлов ішінен: «Мына кісі ұзақ жолды көтере алмай, сырқаттанып қалғаннан сау ма?» — деп секемденіп қалды. Онымен амандасып тұрып, өзін таныстырып болып, Рысқұлов:
— Қалай, жолдан арыған жоқсыз ба? — деп сұрады.
— Айтпаңыз, жолдас Рысқұлов, азап... азап... — деп Голощекин сидиған салалы саусақтарымен маса жасқағандай, ауаны желпіп-желпіп қойды. Содан соң у да шу перрон үстіне мөлие қарап, аты белгісіз аралдағы жабайы адамдарға тап болғандай, тапжылмай тұрып алды.
Ал бұл кезде Шалва Элиава әлі жалпақ мұрын, күйек сақал, аңқылдақ шалмен жарыса билеп жүр екен. Рас, оның биі шалдікінен қимылы бөлекше; аяқ-қолы қанжардай қадалып, дік-дік етеді екен. Зурнайшылар мен кернейшілер құрметті мейманның өзі билеп кеткеніне керемет мәз болып, музыканы құтырта тартып, лекілдетіп ала жөнелді.
Бұл қызыққа күліп тұрған Куйбышев пен Рудзутакқа әлгі шал билеп келіп, биге шақырып жүр еді, ана екеуі қолдарын кеудесіне басып, ізет көрсетіп, би білмейтіндерін айтты. Жалпақ мұрын шал да кемпірі ұл тапқандай еліріп алған екен, ары-бері ойқастап жүр, Голощекиннің алдынан қоқиланған қораздай шықпай қойды. Голощекин азарда-безер болған адамдай қос қолмен жасқап:
— Нет, нет! — деп безек қақты. Шал да қиқарланып, қайта-қайта «бикезек» тастап, айналдырып алды.
— Жолдас Рысқұлов, Құдай үшін айтыңызшы мынаған бірдеңе, — деп жалынғандай болды Голощекин. Жалпақ мұрын шал Голощекинге көзін қысып қалып, төбесіндеті тақиясын құйқасымен қимыл-қимыл еткізіп қойып:
— Шом дилә, тәуеріш нәшәндік, не нураутса, дә? — деп тепсініп қалып, кеудесін ашып кете барды.
Рысқұлов вагонның тепкішегіне көтеріліп, қолын көтерді. Керней, зурнай пышақ кескендей сап болды. Биші шал омырауы ашылып, пора-порасы шығып терлеп, ентігін баса алмай, аузы аңқайып, Рысқұловқа қарады.
— Жолдастар! Ташкентке Лениннің достары, серіктері келді. Лениннің тапсырмасымен келді. Бұл келіс кешегі патша генералдарының келісінен басқа. Түркістан елін ел етеміз, езілгендердің есесін алып береміз, теңдікке қолын жеткіземіз деп келді. Кешегі патшадан зорлық көрген, қорлық көрген Түркістан үшін бұл зор тарихи оқиға. Түрккомиссиядан біз көп жақсылық күтеміз, көмек күтеміз. Үмітіміз ақталады деп сенеміз. Хош келдіңіздер, құрметті достар! — деп Рысқұлов тепкішектен түсіп, орнын Шалва Элиаваға берді. Элиава жауап сөз сөйледі.
— Бауырлар! — деп Шалва Элиава бұйра шаш басын шалқайтыңқырап шаттана шаңқ етті. — Біз сіздерге, Түркістан халқына Лениннің сәлемін ала келдік. Біз бір-бірімізге сенуіміз керек. Жаңа Рысқұлов жолдас дұрыс айтты: біз патшаның генералдары емеспіз. Патша генералдары Түркістанды жарты ғасыр бойына тонап, сіздердің еңбектеріңізді қанап, бар байлықты сорып келді. Оларға Түркістанның шексіз байлығы, шұрайлы жері керек болды, ал адамдары арзан жұмыс күші ретінде ғана қажет болды. Патша генералдары Түркістан халқын көгертейін деп ойлаған жоқ. Мектептер орнына түрмелер салды. Халықты қараңғылыққа ұстауға барынша ықылас қойды. Ал біз болсақ, Түркістан басшыларымен бірлесе отырып, халықтың әл-қуатын, мәдениетін көтеруге атсалысамыз. Түркістан тізгінін Түркістан халқының өзіне береміз. Жергілікті халықтың әдет-ғұрпын, салтын, дінін сыйлаймыз. Түркістанды ішкі-сыртқы жаулардан қорғауға барынша күш саламыз. Мен Түрккомиссия атынан кеңестік Түркістанға зор әлеуметтік табыс тілеймін, Жасасын революция! Жасасын Түркістан!
Кернейшілер мен зұрнайлар тағы да вокзал басын жаңғырықтырып әкетті. Бағанағы күйек сақал, жалпақ мұрын шал Шалва Элиаваға айқайлап:
— Дат! — деді.
— Не дейді? — деп сұрады Элиава Рысқұловтан.
— Сұрағым бар, рұқсат етіңіз, — дейді.
— Сұрасын.
— Датың болса, айт, — деді Рысқұлов.
— Сіз, ортақ нәшәндік, жаңа біздің әдет-ғұрыптарымызды, салтымызды сыйлаймыз дедіңіз. Және өзіңіз қуанышымызға қосылып би биледіңіз. Бұған біз жүдә құрсан болдық. Ал мына ортақ, атын білмеймін...
— Голощекин.
— Иә, ортақ Колошекин... Колошекин дей ме?.. — деп шал Голощекиннің бетіне бажырая қарады. — Осы жуықта ғана Кушекин деген біреу орнынан алынбап па еді?
— Жоқ, ол басқа, бұл кісі Голощекин.
— А-а, мейлі-мейлі, бірақ осы кісі біздің би билеп, қуанғанымызды, Лениннің достарын шаттана қарсы алғанымызды неге жақтырмай қалды?
— Жақтырады, неге жақтырмасын. Жәй, әншейін жолдан шаршап келген ғой, — деп күліп Рысқұлов шалдың арқасынан қақты.
— Лайым солай болсын, ортақ Рысқұлов. Лайым солай болсын, — деп, шал десе де Голощекинге әлі де сезіктене қарап кете барды.
Меймандар резиденциясына орналасып, демалып алған соң, ТүркЦИК-ке келіп, Рысқұловтың қабылдауында болды. Элиава ресми түрде Лениннің Түркістан коммунистеріне жазған хатын тапсырды.
— Жолдастар! — депті Ленин хатында. — Маған сіздерге Совнарком мен Қорғаныс Кеңесінің төрағасы ретінде емес, партияның мүшесі ретінде хат жолдауға рұқсат етіңіздер.
Түркістан халықтарымен дұрыс қатынас орнатудың қазір РСФСР үшін, әсірелемей айтқанда, орасан зор бүкіл дүниежүзілік тарихи маңызы бар.
Кеңес жұмысшы-шаруа республикасының осы уақытқа дейін қаналып келген әлсіз халықтарға қатынасының бүкіл Азия үшін, дүние жүзінің отарлары үшін, мыңдаған миллион адамдар үшін практикалық маңызы болмақ.
Рысқұлов Элиаваның қолын қысып тұрып:
— Сіздің рұқсатыңызбен бұл хат Түркістан газеттерінде жариялансын, — деді де көмекшісін шақырып алып, — Мына хат «Коммунист», «Туркестанские известия», «Иштракюн», «Ақжол» газеттерінің ертеңгі санында, бірінші беттерге көрнекті етіп жариялансын, — деді.
Элиава Түрккомиссия мүшелерінің міндеттерімен таныстырды. Мысалы, Голощекин жолдас партия құрылысы мәселесімен шұғылданады екен, Куйбышев әскери-соғыс саласымен айналысады.
Рысқұлов Түркістандағы жағдаймен таныстырып өтті. Көптеген қиыншылықтарды атады. Түрккомиссия мүшелерінен нақты және жедел көмек күтетінін білдірді. Мысалы, бүкіл Түркістанда жалғыз мұғалімдер институты бар. Оның өзі Ташкентте. Соны университетке айналдыру мәселесі. Жер-жерде институттар, мектептер ашу мәселесі.
— Түркістанның соңғы генерал-губернаторы Куропаткин мырза бұл елді сауатты ету үшін әлі мың жыл керек деген, — деді Рысқұлов. — Бақытымызға қарай, қазір Куропаткин жоқ, ол келмеске кетті. Бірақ Түркістанның кейбір коммунист басшылары мұндаға дейін сол Куропаткиннен аса ұзай алмай келді. Енді сол қатені түзетіп, тез іске кірісуіміз керек.
— Сіздің айтып отырған мәселеңіз дұрыс, — деп сөзге Голощекин араласты. — Мәдениет жоқ жерді жабайылық жайлайды. Мәдениетті ендіруіміз керек. Мен әлгіде тура базар басында қолымен плов, сіздерде қалай, иә, палау жеп отырғандарды көрдім. Сұмдық қой бұл! Нақты көмек дегенде мен өз міндетіме — Ресейден тездетіп бірер вагон қасық, шанышқы жеткіздіруді мойныма алайын.
Элиава басын шайқады. Куйбышев пен Рудзутак төмен қарап, қызарып кетті.
— Бұл — өнерлі ел, Филипп Исаевич. Қасықтың неше түрін жасай алады. Сіз көмектескіңіз келсе, Ресейден тез арада он мың темір соқа алдырыңыз. Бізге соқа керек. Жер жыртып, егін егіп, елді асырау керек. Сіз бізден мақта сұрап отырсыз, сол мақтаны өсіретін құрал-сайман жеткізіңіз. Егістік мақтаға айналған соң, астық алынбайды, мақтаның есесіне Ресейден астық жеткізіңіз. Халыққа тамақ керек, халық онсыз да екі жыл қатарынан ашаршылыққа ұшырады. Екі миллионға жуық адам қырылды. Оның көпшілігі сіздер әлі қазақ деп өзінің шын атымен атауға дағдыланбаған киргиздар. Жетісу, Әулиеата, Шымкент қазақтарының жері әлі кулактардың қолында. Сіз болып, біз болып, соны қазақтардың өздеріне қайтарып берейік. Оларды егіншілікпен айналысуға машықтандырайық. Ендеше, оларға да құрал-сайман берейік. Кешегі патшаның 16-жылғы жазалау отрядтарының тепкісінен, кулактардың қудалауынан көп қазақтар Қытай асып кетті. Соларды кері қайтарайық. Жер берейік, үй-жай болып орналасуына көмектесейік...
— Сіз мәселені темір соқадан бастап, аяғын үлкен-үлкен саяси-әлеуметтік талаптарға әкеліп тіредіңіз, жолдас Рысқұлов, — деп Голощекин шыдамсыздық танытып алды. — Сіз қазақтар деп отырған киргиздар туралы оқығаным бар. Олар табиғатынан жалқау, еңбекке бейімсіздеу, тек көшіп-қонып, ойын-тоймен күн кешіп, жұт келсе малдан айырылып, қырылып қала беретін халық қой. Халық қырылмас үшін жанталаса білуі керек. Еңбек етуі керек. Ал қазақтар, яки киргиздар еңбекке жоқ. Сондықтан ең алдымен еңбекке баулу керек.
— Сіздің оқығаныңыз, жолдас Голощекин, кешіріңіз, генерал-губернатордың патшаға жылма-жыл жазып тұрған рапорт-есебі болды ғой. Онда сіз әлі қисық айналар залында жүр екенсіз.
Голощекин қызарақтап қалды. Ашу қысқанда сөнік көздеріне қан құйылып кеткендей қызарып шыға келеді екен. Өзін-өзі ұстауға ықтияры жетіңкіремей, жеңілтектік танытып алады екен. Теке сақалы селкілдеңкіреп отырып:
— Сіз де кешіріңіз, жолдас Рысқұлов, — деді, — мен киргиздар жайлы кейбір деректі, сіз айтқандай, генерал-губернаторлардың патшаға жазған ақпарынан емес, осы Түркістанның өз газетінен оқып білдім. «Наша газета» деген сіздің газет болар, сірә. Голощекин әдемі сары сафьян портфельден беторамалдай ғана газет қиындысын екі саусағымен ғана абайлап алып, алдына жайып қойды. Тіпті Түркістанның газетінің өзінен бір залалды микроб жабыса қалатындай мейлінше сақ ұстайды. — Міне, керек десеңіз оқып берейін. Сірә, сіз өз қоластыңызда шығып жатқан газеттерден бейхабар сияқтысыз... Иә, сонымен, «Наша газета» 265-саны. Авторы Г.Агаревский деген. Кім екенін білмеймін. Тақырыбы: «Киргиз интеллигенттеріне».
— Филипп Исаевич, оны Рысқұлов жолдас өзі де біледі ғой, уақыт алмайық, — деп қынжылды Элиава.
— Жо-жоқ, Шалва Зубарович, сабыр етіңіз. Мәселе принципте болып отыр. Тыңдаңыздар, сіздерге де зиян емес. Былай деп жазады: «Мал баққан көшпенділер дейтіндердің бәрі ежелден кедей, бейқам келетіні экономика ғылымының тарихынан белгілі. Олай болмасқа лаж жоқ қой: ғұмыр бойы көшіп жүрсең, қайдан байисың? «Екі кеште — бір жұт» деген ескі мәтелді еске алсақ, көші-қонды кезінде көп нәрсе қирайды, бүлінеді, ал киргиздардың көші-қонында сан жоқ, олар қайдан дәулеттенсін? Ал экономикалық әл-қуаты нашар елде рухани байлықтың болмайтыны да белгілі. Олардың ғылым мен өнер тудыруға жағдайы да жоқ... Көшпенділер отырықшылармен ешуақытта теңесе алмақ емес. Көшпенділер экономика жағынан отырықшыларға тәуелді болады, тіпті құлы болады десе де келеді. Ал экономикалық тәуелділік саяси тәуелділікке әкеліп соғатыны сіздерге белгілі...
— Жарайды, Филипп Исаевич, түсінікті болды ғой, — деп бұл жолы Элиава қатаңдау айтты.
Голощекин қыңбады. Ерегіскен сайын қыңырлана түсетін мінез байқатты. Тұла бойы тарамыстан тұратын адамдардың әдеті. «Тыныш отырыңдар!» — дегендей салалы саусақтарын ербеңдетті. Рысқұлов ойлады: «Саусақтарына қарағанда, осы кісі музыкант емес пе екен? Саусақтары Паганинидікіне ұқсайды. Ал музыка өнерін сүйген адам қатыгез болмаса керек».
— Сәл сабыр, жолдастар, қызығы әлі алда, — деп Голощекин оқуын сабақтай берді: — «Көшпенділердің отырықшылар құптамас ерекше мінездері бар. Көшпенділер үшін адам өмірі қымбат емес. Егер біреуді біреу өлтірсе, құн төлеп құтыла салады. Мал барымталау, қыз алып қашу ерліктің белгісі саналады. Ал мұндай жолмен табылған малдың қадірі аз. Оны төгіп-шашады, ақырында тоналған тозады, тонаған байымайды. Көшпенділер экономикалық яки саяси зауалдар соқпай тұрған кезде әлаулайлап жүре береді. Жер жетеді, таза ауа, күн жылы, шуақ мол. Ал жұмысқа құлықсыздық пен бейқамдықтың жазасын жұт кезінде тартады-ақ: мал қырылады, артынша өздері қырылады.
Мен білгім келеді: ау, киргиз зиялылары! Осы уақытқа дейін не бітіріп келдіңіздер? Арыз, шағым жазғаннан басқа не бітірдіңіздер? Көшпенділерді отырықтандыруға неге күш салмадыңыздар? Патшаны бұл жөнінен кінәлай алмайсыздар. Патша тәртібі — отырықтандыруды талап еткен және соны қолдаған. Жер шұқылап, егін егіп, бос жатқан жерді пайдаланса, ешкім тыйым салған жоқ қой. Заң қайта ондайларға сол жерді бекітіп берер еді. Отырықтану керек пе, керек емес пе деген дау туып жатқанда, сіздер қайда болдыңыздар, киргиз зиялылары? Кеңсе жағалап жүрдіңіздер ме? Ау, тіпті былтыр жұт жалмаңдап келе жатқанда қайда болдыңыздар? Газет бетінде неге дабыл соқпадыңыздар? Қоғамнан, үкіметтен көмек сұрап, үн көтерген қайсыңыз бар?..».
Голощекин кілт үзді де, отырғандарға қарады. Өзінің серіктері мүлде риза емес сияқты. Ал Рысқұлов, сирек күлетін Рысқұлов жымиып отыр екен. «Тістерінің әдемісін-ай, — деді ішінен Голощекин, өзінің ежелгі мамандығы тіс технигі екені есіне түсіп кетіп. — Тістері ірі-ірі маржан сияқты. Мен құсап Сібірге айдалып, қырқұлақпен ауырсаң, Рысқұлов, көрер едім, тістеріңнің қандай боларын». Сөйтті де, өзінің протез тістері орнында ма, жоқ па дегендей жағын уқалап қойды.
— Рақмет, жолдас Голощекин, — деді Рысқұлов жымиғанын қойып, атылатын садақтай ширыға түсіп. — Бұл атышулы мақаланы тағы да еске салғаныңыз үшін рақмет. Оның авторы Түрк-ЦИК-тің бұрынғы төрағасы Кушекин ғой. Агаревский бүркеншік фамилиясы. Бұл мақала Кушекиннің ТуркЦИК президиумы мәжілістерінің бірінде айтылған сөзі десе де болады. Дәл осы газетте менің Кушекинге айтқан жауабым да жарияланған. Уақыттарыңыз болса, рұқсат етіңіздер, мен оны оқып берейін. Міне, газеттің ол нөмірі... — Рысқұлов үстелдің ең астыңғы тартпасынан «Наша газетаның» біреуін суырып алды.
— Кешіріңіз, Тұрар Рысқұлович, өзі сәл ыңғайсыздау болды. Біз сізден оқуды талап етпейміз, — деп Элиава әдеппен ғана қызулы әңгімені аяқтамақ болды.
— Неге, Шалва Зубарович? — Рудзутактың қою даусы естілді. — «А» айтылған соң «Б» да айтылу керек қой. Филипп Исаевич көшпенділер туралы мақала авторымен келісетінін білдіріп отыр. Енді Рысқұлов жолдасты да тыңдайық. Бұл мәселені ашып алғанға жақсы ғой, солай емес пе, Валериан Владимирович?
Куйбышев ақырын ғана арыстан жал басын изеді.
— Оқимын, — деді Рысқұлов алтын жиек көзілдірігін ақ бәтес орамалмен мұқият сүртіп болған соң. — Мақала «Кушекинге жауап» деп аталады. «Кешіккен сауал, жолдас Кушекин. Мұндай сұрақты бұдан екі жыл бұрын қою керек еді. Аштықтың белгісі шыға бастағанда-ақ үн шығару керек еді. Менің Денсаулық сақтау комиссариатынан өз еркіммен босанып, Аштықпен күрестің Орталық комиссиясын тез құруды талап етіп, өзім соған төтенше комиссар болып тағайындалғанымды, аштарды аман алып қалу амалдарын айтып, ТүркЦИК-тің мәжілістерінде талай-талай жанталаса айқай салғанымды, сіз қалай демде ұмытып қалдыңыз? Көшпенділердің күні біткен, олардың бәрібір болашағы жоқ, сондықтан мемлекет қаржысын оларға бөлудің де қажеті жоқ деп сірескен сіз емес пе едіңіз, жолдас Кушекин? Аштар қырылып жатқанда сіз қайда болдыңыз? Олардың жанына жақындауға жиіркеніп, мұрныңызды баса қашқаныңыз қайда? Ауру жұқтырып аламын деп шошынғаныңыз қайда?
Патша заманы дедіңіз-ау, патша қазақтарды, яғни, сіз айтқандай, киргиздарды отырықтандыруға жағдай жасады дедіңіз-ау. Сіз, максималист Кушекин, Столыпин премьер болған кезеңді шыннан ұмыттыңыз ба? Бірінші думаны құлатқан толқынның көбігінен пайда болған Петр Аркадьевич Столыпин премьер болған 1906-1911-жылдар — қаратүнек реакция жылдары деп аталып кеткенін бүкіл сауатты қауым білгенде, сіз қалай білмейсіз? Столыпиннің аграрлық саясатын қалай ұмытасыз? Сулы, нулы, шұрат жерлердің бәрін тартып алып, переселендерге беріп, қазақтарды, яғни сіз айтқандай, киргиздарды қу тақырға, шөлге, тауға, тасқа түріп тастағанын сіз шыннан ұмытып қалдыңыз ба? Сол жерлерге ол бейбақтар мына кеңес заманында да жете алмай отырғанын сіз шыннан білмейсіз бе? Мысалы, Жетісуды, Әулиеатаны, Шымкентті алыңыз. Шұрайлы, сулы жерлерде қазір кімдер отыр?
Көшпенділерде ғылым, білім, мәдениет болуы мүмкін емес дедіңіз-ау. Көшпенділердің жан дүниесі, оның көкірегін жарып шыққан мәңгілік жыр мен музыка туралы сіз не білесіз? Дәл осы халықтың арасынан шыққан бүкіл әлемге әйгілі «Екінші Аристотель» — «Әл-Фараби, аса дарынды ғалымдар, дана ақындар, композиторлар Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Асан Қайғы, Бұхар, Абай, Махамбет, Құрманғазы, Ықылас, тағы басқа толып жатқан жәуһарлар туралы сіз не білесіз?
Жаратылысында бір халық дарынды, басқа бір халық дарынсыз болып тумайды. Қазақ халқында академия, университет, мектеп болмаса, ол оның басқа халықтардан гөрі ақылының аздығынан емес, жолдас Кушекин! Қазақ халқы өзінің тоқсан тарау тарихында қилы-қилы замандар кешті. Жан-жағынан қамалаған жаулармен жаға жыртысып, жерін, елін сақтап қалу қамымен ол академия аша алмады. Көшпенді-көшпенді дей бересіз. Сол көшпенділер отырықшы да бола білген. Бір кезде Сырдың бойы, Талас пен Шудың, Іленің бойы сыңсыған қалалар болған. Олар жер бетінен өзінен-өзі жойылып кеткен жоқ, зілзала яки мұз көшкініне де ұшыраған жоқ. Олардың қалай қирағанынан сіз хабардар болсаңыз керек еді, жолдас Кушекин...».
Рысқұлов газеттен басын оқыс көтеріп алды да, меймандарына қарады:
— Кешіріңіздер, мен сіздерді жалықтырдым білем. Ар жағын оқымай-ақ қояйын.
— Сіз бізді жалықтырған жоқсыз, Тұрар Рысқұлович, — деді Шалва Элиава ризашылық пішінмен, — қайта біраз нәрсеге біздің көзімізді жеткіздіңіз.
— Бәрі де әлгі қасық пен соқадан шығып кетті ғой, — деп жымиды Рысқұлов. — Қалай, Голощекин жолдас, енді соқа бересіз бе? Қасық өзімізден де табылады.
— Иә, иә, менікі әбестік, «культртрегерлік» болған екен, — деп Голощекин сояудай саусақтарын сырт-сырт сындырып, қытырлатып жіберді.
— Ондай-ондай болады, жолдас Голощекин, сізді кінәлау да қиын. Сіз бұл елдің тұрмысын, салт-санасын, психологиясын әлі білмейсіз. Ә дегенде сізге көп нәрселер ерсі көрінуі әбден мүмкін. Қолымен палау жеп отырғандар, әрине, сізге одағай, оғаш көрінеді. Бірақ дәл бүгінгі таңдағы зәрулік тамақты қалай жеуді үйрену емес, сол тамақты қалай табу әрекеті. Осыған көмектесіңіздер. Біз Мусбюроның үшінші және ақырғы конференциясын, өлкелік партия ұйымының бесінші конференциясын өткізуге дайындалып жатырмыз. Мен, өздеріңіз білесіздер, ТүркЦИК-тің төрағасы ғана емес, Мусбюроның да төрағасымын. Мусбюро бір жыл ішінде өзіне жүктелген міндетті атқарып шықты. Енді оны жауып, барлық партиялық басшылықты Крайкомның қолына беретін кез келді. Осы конференциялардың жұмысына сіздер белсене қатысады деп сенемін.
Түрккомиссия мүшелері Рысқұловтың бұл пікіріне қосылатындықтарын айтты. Бірақ алдағы бесінші конференцияның барысында талай айқастың боларын олар әлі аңғара қойған жоқ. Алдарында отырған Рысқұлов қиян-кескі айтыста конференция делегаттарын түгелдей дерлік өз жағына тартып алып, бүкіл конференциядан қолдау тауып, өз ұсынысын өткізіп жіберерін Элиава да, Куйбышев те, Рудзутак та, тіпті Голощекин де әзір сезбейді.
* * *
Рысқұлов шырт ұйқыдан оянып кетті. Әлдекім бүйірінен түртіп-түртіп жібергендей болды. Жан-жағын сипалап еді, Наташаның орны бұрынғыдай бос екен. Жүрегінің тұсы шым-шым етті де басылды. Енді қайтып ұйықтай алмасын білді де, сипалап, жанындағы орындықтан көзілдірігін тауып алды. Ың-шыңсыз киінді де далаға шықты.
Қытымыр аяз жып-жылы төсектен шыққан бетті шымырлатты. Ташкент қанша жылы десе де, қаңтар таңы қату екен. Аулада қырбық қар қыршылдайды. Бақтағы ағаш біткенге ақ қырау тұрып, қыбыр етпей мүлгіп қалған. Әлі таң қараңғысы болса да дүние сүттей ағарып көрінеді. Тек дәу шынардың кейбір бұтақтарына қырау жұқпайтындай, қараң-құраң болып тұр.
Рысқұловтың ұйқысы шайдай ашылып, бойы сергіп сала берді. Оның тірлігін, оның жер басып жүргенін әлемге, мына ұйқы құшағында жатқан бүкіл Ташкентке әйгілегісі келгендей, аяқ астынан қырбық қар қаршылдайды. Иә, Рысқұлов тірі. Рысқұлов жер басып жүр. Жиырма төрт-ақ жасаған жас өмірде ол талай рет өліп кетуі мүмкін еді. Басқаның бәрін қойғанда, бұдан дәл бір жыл бұрын, дәл осындай аязды қаңтар түнінде Осипов он төрт комиссарды атып жіберіп, орасан ойран салды. Рысқұлов сонда ғажайыптан аман қалды. Осипов ойсырап жеңілді, бірақ Рысқұловқа арналған оқ бір мылтықтың оқпанында әлі тығулы жатқан шығар. Ол қашан атылады, Рысқұловтың тыным білмес, дүлей от жүрегін қашан теседі — болжап болмас.
Міне, сол тынышсыз, тынжылы жүрек оны қазір де төсектен беймезгіл тұрғызып, атар таңда тағы бір тәкаппар іске бастап тұр.
Тынышсыз жүрек таңғы тәтті ұйқыны Рысқұловтан тартып алды. Ежелгі әдет. «Оян, Тұрар!» — дер еді әкесі оған Алматының көк қақпалы түрмесінде жатқанда. Титтейінен сүйекке сіңіп қалған сергек ұйқы. Басындағы сұр фуражка аяз шымшылаған құлағын қорғай алмаған соң, сұр шинельдің жағасын көтерді. Кеше ол Мұсылман коммунистерінің III съезінде делегаттардың өтінішімен суретке түсті. Онда да үстінде осы сұр шинель, басында сұр фуражка бар еді. Жүзге тарта делегаттар Мусбюро үйінің алдына шығып, фотографтың оймақтай объективінің ішіне сыйып кетті. Жалғыз үстелдің басында Рысқұлов, Тұрсынходжаев, Низам Ходжанов, Санжар Аспандияров отырды да, басқалар сол төртеуін төңіректеп, алдыңғы қатардағылар жамбастап жатысты. Басқалары сатылардың ең биігінде, екі делегат «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деп арап әрпімен ұран жазылған қызыл матаны керіп ұстап тұрды. Бір делегат Маркстің, бір делегат Лениннің, тағы біреуі Зиновьевтің портреттерін көтеріп алған. Зиновьев Ленинмен жауласып, партияға қарсы шығарын олар әлі білмейді. Уақыт нышанының бірі осы суретте сақталған. Адамдардың көптігіне қарамастан, сурет тас-түйіндей жып-жинақы болып шықты.
Мұсылман коммунистерінің ауызбірлігі осы суреттен ап-айқын көрінгендей. «Неге мұсылман коммунистері?» — деп Рысқұлов сұрақ қойғалы қашан. «Христиан коммунистері деген жоқ қой. Коммунистерді дініне қарап айдарлай ма екен? «Орыс коммунистері» яки «Ресей коммунистері», «неміс коммунистері» яки «Германия коммунистері» демей ме? Демек, біз «мұсылман коммунистері» емес, «түрік коммунистері» болуымыз керек қой. О баста Кушекиндер «мұсылман коммунистері» атаған да, содан баспасөз қағып алып, ауыз үйреніп кеткен.
Иә, сол мұсылман коммунистерінің III съезі кеше бірауыздан қарар қабылдады: «Бұдан былай Түркістан Коммунистік партиясы — Түрік Коммунистік партиясы, Түркістан республикасы — Түрік кеңестік республикасы болып аталсын».
IІІ съездің делегаттары бүгін ашылатын Түркістан коммунистерінің V съезіне түгелдей делегат. V съезд «Мұсылман коммунистері» IІІ съезінің қарарын бекітуге тиіс. Міне, сынға түсер сәт осы. V съезд аталған қарарды бекіте ме, бекітпей тастай ма? Дауысқа салғанда кім жеңеді?
Съезд бүгін таңғы сағат тоғызда ашылды. Ұлт мәселесі жөніндегі баяндамашы Рысқұлов. Оның тезистерімен Түрккомиссия мүшелері таныс. Элиава келісетін сияқты. Голощекин мен Куйбышев екіұдай. Әсіресе Голощекин қипақтай береді. Рысқұловқа үзілді-кесілді қарсы болған Рудзутак.
Ян Эрнеустович Рудзутак жас жағынан Рысқұловтан едәуір үлкен. Сөйте тұра, Рысқұловпен құрдасша қалжыңдасып ашық жарқын жүретін, ағынан жарылып тұратын доспейіл адам. Ал іс мүддесіне келгенде — ымырасыз. Бұлтаңбайға салмай, турасын бір-ақ айтатын кісі. Курляндияда туған латыш, бала күнінен «Сұрқай барон» деген байға жалшы болған. Он алты жасында қалтасында көк тиынсыз, жалшылықтан қашып, Ригаға келіп, көшелерге тас төсеп күн көрген. Бағбан да болған. «Отто Эрбе» деген зауытта жұмысшы да болған. Атышулы 1905 жылдан бастап революция жолына біржолата түскен екен. 1907 жылы тұтқынға алынып, ату жазасына кесіліп тұрған жерінен әупіріммен аман қалған. Қуғын-сүргін, тұтқындардың неше алуан қияметінен өтіп, ақыры өкпе ауруына шалдығыпты.
— Түркістанның ыстығы маған майдай жағады, — деп еді ол Рысқұловқа.
— Сіздің дертіңізді сап тыятын ем табылады. Көктемге дейін тосасыз, сонда мен сізді Шымған, Өгем тауларына жайлауға алып шығып, қымызбен емдеткіземін. Құлантаза жазылып кетесіз, — деген Рысқұлов. Екеуі аз күнде достасып кеткен. Бірақ сөйте тұра, Рудзутак бүгін съезде Рысқұловқа қарсы шығатын ең пәрменді күш. Онысын жасырған жоқ.
— Мейлі, Ян Эрнестович, съезд қалай шешеді, солай болсын, — деп Рысқұлов та иліккен жоқ.
Жаратылысынан шалқақ біткен кең-құлаш кеудесіндегі жұлымыр жүрек жанып бара жатқандай қыз-қыз қайнайды. Сол алау отты саябырсытпақ болып, Рысқұлов аяз тоңазытқан ауаны сіміре жұтады.
Салқын ауа сексеуіл шоғын қозғағандай, ойды оятып, кенет ойына осыдан бір жыл бұрынғы Осипов ойраны түсті. Ол да осындай қаңтар таңы еді. Ташкент көшелері қанға боялған. Он төрт комиссардың қазасы. Вотинцевтің өлімі... Кушекиннің өкімет басына келуі. Кушекин-Успенский саясатымен сайыс. «Отаршыл» коммунистердің ойсырауы. Өкімет басына Рысқұловтың келуі... Рысқұловқа бұл қос өкімет сияқты көрінеді. Түрккомиссия ТүркЦИК-ке тізгін бергісі келмейді. ТүркЦИК тек формальді түрде қалқайып тұрмақ па? Бәрін Орталықтан келген Түрккомиссия атқара бермек пе? Ал Лениннің Түрккомиссияға берген нұсқауы ше? Түрккомиссия РК(б)П Орталық Комитетінің, Кеңес өкіметі мен үкіметінің Түркістандағы өкілі. Ол рас. Ол — кеңес беруші, ақылшы әрі дос. Бірақ ТүркЦИК-тің күнбе-күнгі жұмысына араласа берсе, өз дегенін ғана орындатып отырса, не болады? Тіпті ТүркЦИК-тің сыртынан билік жүргізіп, Республика өкіметін белден басып жүре берсе, не болады? Әрине, келеңсіз көрініс. Міне, бүгін съезде түбегейлі шешілетін мәселе осы.
Есік жай ғана ашылған, іш жақтан құлағы қалқайған, жұқалаң сары бала, әңгелектей доп-домалақ, тақыр басын қылқитып:
— Аға, шай қайнады, — деді.
Рысқұлов әлдеқайда алыстан оралып, бейтаныс жерге топ ете қалғандай, сары балаға «сен кімсің» дегендей сұқтана қарап қалды. Бұрын Рысқұловтың мұнша сұсты түрін байқамаған бала сескеніп, кейін шегіншектейді. Рысқұловтың көзіне бір мезгіл, былтыр Шатқалда шейіт болып кеткен Арман елестеді. Есейіп қалған Арман-Артур есік ашып тұрғандай көрінді. «Соның өзі өң бе еді, түс пе еді?» — деп те бір шүбаланды.
Арман-Артурдың дүниеге келуі де, кетуі де жұмбақ. «Мүмкін сол менің өзім шығармын?».
Рысқұлов сары балаға:
— Қазір барамын. Есікті жап, жаурап қаласың, — деді. Сары бала жылтың етіп, есікті жаба қойды.
Бұл Рысқұловтың қолына өткен күзде келген Бекей бала еді. Оның Ташкентке келуі де бір жыр.
Бірде таңертең дарбаза тықылдады. Рысқұлов әлі қызметке кете қоймаған. Жаңа ғана жуынып, киініп, шайға отырған кезі еді. Сыртқа құлақ түріп:
— Кім болды екен? — деді.
— Ии, қаһар сұққан қайыршы бит, — татар кемпір Мұхсина қолын бір-ақ сілтеді. — Бер де маза берми алар. Ходаем қарғаған аларны. Таң шапақ атпағаш тарсылдатар иңде.
Мұхсина орнынан тұру қаперіне кірмей, шай құйып отыра берді. Бірақ қақпа бүкіл Садовая көшесін жаңғырықтыра тарсылдатты.
— Вот нахалдар! — деп кемпір ашуланды.
— Жоқ, бұл қайыршы емес. — Тұрар орнынан тұрды.
— Шайін де тыныш іштірмилар, отыр инде, китә алар, — деп Мұхсина шыр-пыр болды.
— Қайыршы есікті бұлай қақпайды, олар жасқана жәй қағады, — деп Тұрар көнбей сыртқа беттеді.
Өткен жолы Успенскийдің шабармандары қақпаны осылай қаққаны есіне сап ете қалған. Біреулер тағы да өзін тұтқындай келгендей, шамалы үрей билеген. «Кушекин — Успенский құлап еді ғой. ТүркЦИК төрағасының үйіне бұлайша басып келетін кім болды екен?» Күні кеше ішкі істер комиссары Нысанбаев үйіңізге бір милиционер бөліп, күзет қойдырайын дегенде, Рысқұлов үзілді-кесілді тыйым салған. Енді сонысына опық жегендей де сыңайы бар. Үйден шығып, тепкішектен түсе берді: «Бұл кім?» — деп дауыстамақшы еді, айқайлауға арланды да, асықпай барып, сырғауылды тартып, қақпаның есігін ашты.
Қайыршы дейін десе, қайыршыға ұқсамайды. Ақ полотной кимешек, ақ күндік салған, үстінде барқыт шапаны, аяғында жап-жаңа кебіс-мәсісі, иығында теңкиген ала қоржыны бар әйел, жанында жасы он төрт шамасындағы жылтың көз, қалқан құлақ, қызыл тақиялы баласы бар. Нағыз қазақы ауылдан екені көрініп тұр. Бұл маңайдың адамдары емес. Кимешекті әйел қақпаның ар жағындағы Рысқұловқа қарап тұрып-тұрып, кенет аңырап ала жөнелді. Есіктен бері өтіп, қоржынды жерге тастай салып, Тұрарға құшағын аша ұмтылды.
— О-о-о-у, жалғыз бауырым-оу! Әкеден де, шешеден де емшектес жалғызым-оу! Жалғанда жалғыз жарығым-оу!
Бұл аңырата келген Түйметай екенін Рысқұлов сонда барып білді. Әйтпесе танымай қалған. Бұлардың Талғар таудағы ұясын бұза келген мың тоғыз жүз бесінші жылдан кейін Түйметайды көргені осы. Одан бері де он бес жылдай уақыт өтіп кетіпті. Түйметай үш жастағы қыз еді, Тұрар әкесімен бірге Алматының түрмесінде отырғанда, Түйметай өгей шеше Ізбайшамен бірге Меркеге кеткен. Ал әкесі Сібір айдалып, Тұрар Мерке барғанда, Ізбайша Түйметайды алып Түлкібас асқан. Сонда қайнысы Молдабекке ағайыны зорлап қосқан.
Қыз он алтыға келгенде, Мерке ботпайларының бірі айттырып, ұзатып жіберген...
— О-о-о-у, әкесіз арманда өскен бауырым-оу! Шешесіз өскен шерлі жүрек Тұрарым-оу! Сені де көретін күн бар екен ғой. Сүйеусіз өскен сұлтаным, таяусыз өскен тұлпарым, Тұрарым-оу! Сен мені танымай да қалдың-ау. Мен сенің жалғанда жалғыз бауырың, Түйметай деген жетімің, әркімдердің отымен кіріп, күлімен шығып, күң болып жүріп жетілдім. Жатқан жерің жәннаты болғыр Қалипа анамыздың құрсағынан шыққан жалғыз бауырың Түйметай деген мен едім. Пейіште нұры шалқығыр Қалипа анамыздың түр-түсін де білмеймін, елесін де білмеймін. Әкемнің де бет-жүзін танымай қалдым мен бейбақ. Алаштан шыққан арысым Рысқұлдай әкемнің дидарын білсең, сен білесің, Тұрар-ау. Сені көріп, сол сойқан таудай әкемді көргендей болып мен тұрмын... Неге үндемей мелшиіп қалдың, мен Түйметаймын ғой. Әлде тағдыр сені тасбауыр етіп жіберді ме? Жалғыз бауырың келгенде неге жібімейсің? Туысың емеспін бе?
Бұл Түйметайдың көкірегінде көп жылдан бері тесік таппай бітеліп жатқан зар-мұңы, сағынышы, әрі әке-шешесін жоқтауы еді. Дауыс салып аңырағаны Тұрарға түрпідей тигені де рас. Не қой демеді, не Түйметайға қосылып жыламады, безерді де қалды. Қайта үйден шошып шыққан Мұхсина шар-шар етіп, басу айтқан болды. Әуелі не сұмдық екенін түсінбей, әлдебіреу опат болды ма деп ойлаған кемпір, кейін-кейін бұл келгендер Тұрардың туысы екенін сезген соң:
— Булды-булды, сабыр итегез. Қышқырарға бұлми инде, бұл ауыл түгел, қал бит. Әйдәгіз, үйге кіріңіз, — деп Түйметайдың құшағын Тұрардан әрең айырып, үйге зорлап кіргізгендей болды.
Содан Түйметай бір аптадай жатып, енді елге қайтарында Тұрарға:
— Мына бала менің қайным дедім ғой. Елдегілер саған аманат тапсырды. Еті Тұрардікі, сүйегі біздікі дейді. Оқуға түсірсін дейді. Бізден де біреу-жарым оқу оқып, көзі ашық болса, елге сеп шығар дейді. Байғұсқа Құдай өмір берсін, безілдеп тұрған пысық жуәрмек. Өзі тілалғыш, бір мың болғыр. Осы бала болмаса, мен Ташкентті соноу Меркеден тауып келед деген қайда... Баланы алып қал да, мені масыл қылмай елге қайтар. Төре төркінінің үйіне барып жатып алды деген сөзге қалармын, тіршілік бар, — деді.
Түйметайдың қайнысы Бекей бала Ташкентке осылай тап болып еді.
Рысқұлов оны оқуға орналастырды да, жалғызілік болған соң, өз үйінде қалдырды. Мейлінше тызылдаған пысық Бекей оқуды да үлгереді, зыр жүгіріп базарға да барады, үйдің ішін сыпырып, жинап қояды.
Таңғы ауа бойына қуат құйғандай болды. Түнгі қысқа ұйқыда көрген шым-шытырық түстерін есіне түсірмек еді, бәрі бұлыңғыр бір нәрсе. Тек Әбекең есінде анық сақталыпты. Әбекең екеуі Өгем тауының бір биігінде тұр екен. Бұл арадан басқа биіктер толқын-толқын телегей теңіз болып айбынданып жатыр. Шеті, шегі жоқ. Әбекең құшағын жайып жіберіп, кең дүниені сол құшаққа сыйдырғысы келгендей, ұлы дүниеге ұмтылып тұр екен. Оның не сөйлеп, не айтқаны Рысқұловтың есінде қалмапты.
Ал өңінде Әбубәкір Диваевпен кездескені түгел жадында... Өткен жылдың жазы болатын. Краймусбюро төрағасы Рысқұловтың қабылдауын өтініп, Диваев деген кісі келеді.
— Шынымен Әбубәкір Диваев па? — деп анықтап сұрады Рысқұлов көмекшісінен.
— Иә, өзі.
— Онда күттіріп қойғанымыз әбес болды ғой, — деп Рысқұлов орнынан тұрып, кабинеттің табалдырығынан әйгілі ғалым Әбубәкір Диваевты қарсы алды. Үстіне тік жағалы көксұр френч киген, келісті қасқа маңдай, жарқабақтың астында қаршыға көздері әлі де от шашып тұрған қыр мұрынды, сұлу мұртты, шоқша сақал, мейлінше интеллигент шал:
— Сәләматсыз ба, жолдас Рысқұлов! — деп басын иіп, қол ұсынды. — Сіздің уақытыңыз өте қымбат екенін білемін. Сіз қазір үш бірдей басшылық қызмет атқарасыз: Крайком, ТуркЦИК, Краймусбюро... мен таң қаламын: қалай үлгересіз? Сөйтсем, жап-жас жігіт екенсіз ғой. Әрине, жас адам шаршамайды. Бірақ мемлекеттік жұмыс, оның жөні басқа. Ғафу етіңіз жасыңыз?..
— Жиырма төртке жаңа шықтым.
— Ә, бәрекелді! Біздің Салауат жиырма екісінде генерал болған. Жөн-жөн.
Рысқұлов тосылып қалды. Әңгіме бірден осылай басталып кетеді деп күтпеген. Диваев сөзін тағы тасқындатып алып кетті.
— Мен сіздің мусбюрода болатын күніңізді әдейі аңдып келдім. Крайкомда болатын күніңізде бара алмаймыз. Өйткені коммунист емеспін. Болмайын деп болмағаным жоқ, жасы түскір тым ұлғайып кетті, иә... Мусбюро да партиялық мекеме, бірақ сіз дәл осы қызметте, дәл мына креслода менің өтінішімді тыңдайды деп келдім.
— Айтыңыз, Әбеке, айтыңыз.
— Айтсам, қазір біздің Ташкентте бір-ақ институт бар. Оның өзі толар-толмас. Бұрынғы учительская семинария ғой. Қазір мұғалімдер институты. Түркістан сияқты өлкеге университет керек. Университет! Ол бүкіл Түркістанға ортақ, күллі Орта Азияның білім анасы болуға керек. Яғни — САГУ. Осындай игілікті іс істеп, университет ашып берсеңіз, халқымыз риза. Халық сізге қазірдің өзінде қарыздар. Fаламат жақсылық жасап, елді аштықтан құтқарып жатырсыз.
Сіз енді халық үшін басқа еш нәрсе істемесеңіз де, тек аштық ажалынан алып қалғаныңыз үшін ғана милләт сізді құрметтеп, төбесіне көтеріп, тарихқа алтын әріппен жазып қоюға тиіс. Мен төрімнен көрім жақын шақта тұрған кезде, сізге жағымпазданып, жалпаңдайтын жағдайым жоқ, иман шынымды айтып отырмын. Халық мұны әлдеқалай ұмытып кетсе, тауфихсыздық болар еді, ұмытпайды, сірә.
— Рақмет, Әбеке, — деді Рысқұлов сөзден тағы да тосылыңқырап қалып. — Университет болады. Орталыққа, Ленинге жазамыз. Бірақ дәл бүгін ашылмайды. Мүмкін, келесі — жиырмасыншы жылдан ашылып қалуы. Қазір ашаршылық, жан-жақта — майдан.
— Мен дәл қазір ашып бер демеймін. Дәл қазір негіз де жоқ. Әуелі негіз керек, мамандар керек. Ол біздің Түркістанда жоқ. Бүгінгі күннің қиын-қиын жұмыстарын атқара жүріп, бір мезгіл болашақты да ойлап қойған лазым дегенім ғой. Шал адам ақылгөй келеді. Ғафу етіңіз, шаруам бітті. Сіздің әрбір секундіңіз зәру, уақытыңызды алуға хақым жоқ, — деп Диваев креслодан тұра беріп еді, Рысқұлов:
— Асықпаңыз, Әбеке, — деді. Көмекшісіне қоңырау қағып шақырып, шай сұратты. — Әлгі тілегіңіз орындалады. Мен сізге өкімет атынан уәде беремін. Енді өз жұмысыңыз туралы айтыңыз. Осы сіз ғой, қателеспесем, башқұртсыз. Ал қазақ тілін, әдебиетін, күллі дастан, жырларын қалай игеріп алдыңыз? Мен таңғаламын.
Диваев Рысқұловқа көзін қысыңқырап, сынай қарап қалды да:
— Башқұрт, қазақ деген бір емес пе? Біз түрікпіз ғой, — деді. — Сіз шыннан Ұлы Түрік мемлекетінен бейхабарсыз ба? Ұлы Түрік қағанаты мұхиттай тасыған бір дәуірде. Ал мұхиттың тасуы бар да, қайтуы бар. Түрік қағанаты қайтқан кезде, әр жерде ойдым-ойдым көлдер мен көлшіктер қалған. Соның бірі қазақ, бірі башқұрт, бірі өзбек, бірі қырғыз, бірі сақа, бірі ноғай, бірі түрікмен, бірі малқар, бірі құмық, тағысын тағылар. Ал негіз бір, тілдің ұясы бір. Тіл дегеніміз — анамыздың ақ сүтіндей. Мен мұны несіне айтып отырмын? Ғафу етіңіз, мұның бәрін сіз менен гөрі жақсырақ білуіңіз мүмкін ғой.
— Шынын айтсам, көп білетінім рас. Бірақ сізге жету қайда! Әсіресе тарих терең ғой.
— Өткеніңді ұмытсаң, келешек сені де ұмытады. Айтпақшы, тағы бір өтініш. Мен этнограф-фольклористпін ғой. Халықтың ауыз әдебиетін сіз басқарып отырған өкіметтің газеті «Иштрякюн», «Ұлұғ Түркістан», «Ақжол» тағы басқалары жариялап тұрса, тіпті кітап болып шықса игі еді. Халықтың өз қазынасын өзіне қайтаруға тиісті емеспіз бе?
— Редакторларға парман беріледі, Әбеке.
— Ал сау-саламаттықта болыңыз...
— Тоқтаңыз, Әбеке! Он алтыншы жыл, шілде айы. Қара күйме. Ташкент, Шымкент, Әулиеата, Мерке жолы. Әулиеатадағы керуен-сарай. Ротмистр есіңізде ме?
— Тоқтай тұрыңыз, тоқтай тұрыңыз. Сондағы жап-жас жігіт сізсіз ғой, жолдас Рысқұлов.
— Иә, мен едім. Этнограф-жолаушы сіз едіңіз ғой, Әбеке.
— Айша бибі күмбезі. Сол ауылдың аты әлгі Черняевтің бір офицерінің атында еді той. Голо... Голо...
— Головачевка.
— Иә, Головачевка. Әлі солай атала ма?
— Әлі солай.
— Қиянат қой. Енді сіз өзгертерсіз.
— Әуелі қазақтарға қазақтың шын атын алып берейік, Әбеке. Біз әлі, ұят болғанда, «киргизбіз» ғой.
— Арада небары үш-төрт-ақ жыл. Сонда күймедегі орнын ротмистр тартып алған балаң жігіт үш-төрт жылдан кейін Түркістанды басқарып тұрады деп кім ойлаған?! Ғажап өзгерістер. Революция. Ал cay тұрыңыз, мәртебеңіз өсе берсін.
* * *
Әбубәкір Диваев солай деп кетті. «Біз түрікпіз ғой» дегені Рысқұловтың құлағында бұзылған патефонның табағындай қайта-қайта шыңылдап тұрды да қалды. Патефонның құлағын бұрай салсаң, дауыс өшеді. Ал мына үнді өшіретін айла табылар емес. Рысқұлов ұмытуға тырысып еді, түк шықпады. Диваев мұны керемет қарапайым, керемет сеніммен айтқаны сонша, Рысқұловтың миына қашап тұрып жазып қойғандай жатталды да қалды. Түркістанның президенті өзімен-өзі арпалысқан күндер өтіп жатты. Диваев айтқан Түрік қағанаты қайтып келмес. Ол — абсурд. Ірілік пен бірлік жоқ жерде — ұсақсың. Ал ұсақты әркім ұрып кете береді.
Ал енді кеңес жағдайында ше? — дейді Рысқұлов тынымсыз ойдың толқынына тұншығып. — Енді біз еркіндік алдық емес пе? Декрет бойынша теңдік те бар, еркіндік те бар. Декрет бойынша. Ал іс жүзінде сол Декреттің сәулесін әлдекімдер Түркістанға толық түсірмей, әлі тасалап тұрған сияқты. Оны тасалап қалатын қара құдірет болмаса керек еді. Бірақ күннің өзін де шала бұлт кейде көлегейлеп қалады. Демек, сол шала бұлтты ысырып тастауға тырысу керек, оны қалай біліп, қалай ысырарсың?
Оны Рысқұловтар білген де, күрескен де. Сол күрестің арқасында Кушекин тобы құлады. Ал сол Кушекин идеясын қуаттайтындар Мәскеуде де отырмағанына кім кепіл? Бухарин, мысалы, неге бізді «қуыршақ республика» деп ашықтан-ашық кекетеді? Сол кекесіннің ар жағында бір сұмдық жатқан жоқ па? «Қуыршақ республика», ал Рысқұлов «қуыршақ республиканың», «қуыршақ президенті» болмақ па сонда? Голощекин келіп: «былай істе, былай істе, аяғыңды қия баспа!» — деп желкеңе істік темір піскілеп отырса, әрине «қуыршақ президент» боласың. «Қуыршақ республика» атанып, күлкі болмас үшін, Түрік республикасы атану керек, бөлшектенбей, ірілену керек.
Әйтпеген күнде Рысқұлов «қуыршақ президент» күйінде қалады да, оның қол-аяғын қимылдатып, басын былай бір бұрып, олай бір бұрып отыратын Голощекин болады. Сондықтан бүгінгі конференцияда Рысқұлов жеңіп шығуға тиіс. Тек солай!
Рысқұлов қораның түкпіріне таман барып, беті қатқылдау қарды қос қолымен көсіп-көсіп, тазасын қос уыстап алып, аяз сүйген бетін ысқылап-ысқылап жіберді. Қараторы өңіне іштен бір жалын теуіп, дидары нұрланып сала берді.
* * *
Рысқұлов екі-үш жаңғақ шағып, қант орнына тістелеп отырып, шайды қою құйғызып, екі шынысын ішті де, екі қолын үстелге тіреп, дастарқандағы тандыр нан, мұздаған ет, піскен жұмыртқаға қадала қарап, тұнжырап бір пәс отырды да орнынан жұлқына тұра берді.
Бала сескеніп қалды: «Бір ісім ұнамай қалды ма?»
— Тамақ алмадыңыз ғой, — деп состиды.
— Е, құда, шабатын аттың жарауы жақсы. Тоқ ат барлығып қалады. Осы да жетеді, — деп Рысқұлов сары баланың тақыр басын сипады. Бала сол алақаннан шақшадай басы балқып бара жатқандай ыржиып күлді:
— Түскі тамаққа Мұхсина апай не дайындасын, аға?
— Түскі тамақ дейсің бе? Әуре болмаңдар. Түскі тамаққа бір бұйырғаны болар.
Конференция тұп-тура сағат тоғызда басталды. Оны Крайком, Турккомиссия, Мусбюро, Крайинбюро ұсыныстары бойынша Рысқұлов ашты. Президиумге Рысқұлов, Шакиров, Алиев, Н.Ходжаев, Домбровский, Голощекин жолдастар сайлансын деген ұсыныс түсті. Екінші жақтан қарсы ұсыныс шықты. Әлгі ұсынылғандарға қоса Тұрсынходжаевтың, Вройдоның, Вакстың, Соловьевтың, Купердің, Рудзутактың аттары аталды.
Не керек, едәуір айтыстан кейін, көпшілік дауыспен президиумға Рысқұлов, Домбровский, Н. Ходжаев, Шакиров, Алиев, Голощекин өтті.
Рысқұлов сайланған кісілерді президиумға шақырды.
Залдың алдыңғы қатарынан Валериан Куйбышев, Ян Рудзутак, Шалва Элиава орын алды. Үстелдер, орындықтар әлі сықыр-сықыр, абыр-сабыр әңгіме үзіле қоймады. Рысқұлов залға қасқая қарап тұрып қалып еді, оның үнсіз тұрғанының өзін ескерту деп түсінген қаумиет лезде пышақ кескендей сап тыйылды да, ләм-мимсіз бір тылсым тыныштық, зілдей ауыр салмағымен еңсені басып тұрып алды. Шыбын болса ызыңы естілер еді, қаңтарда қайдан шыбын болсын, зың еткен дыбыс жоқ. Тұмау тигендердің өзі жөтеліп-жөткірінуге бата алмай, буынып бара жатқан бір кез еді.
Рысқұлов осы бір тырсылдаған тыныштықты бірауық әдейі шым-шым ұстап тұрды да, азалы да қаһарлы үнмен:
— Осыдан тұп-тура он бес жыл бұрын, 1905 жылы 9-қаңтар күні, яғни жаңаша стильмен 22-қантар күні Петербург, яғни Петроград көшелерінде пролетариат қаны судай төгілді, — деп бір тоқтады. — Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын, яғни 1919 жылдың 20-қаңтарына қараған таңда Осипов біздің ең таңдаулы он төрт комиссарымызды дуалға тұрғызып қойып, аттырып жіберді. Қасиетті Ташкент көшелері қанға боялды. Тұрыңыздар орындарыңыздан! Революция құрбандарының қасиетті рухын құрметтеп, бір минут үн шығармай қалыңыздар! Олардың жарқын бейнесін үн-түнсіз еске түсіріңіздер!
Түрккомиссия мүшелері бір-біріне қарады. Конференция жұмысын жүргізу үшін күні бұрын даярланған сценарийде бұл элемент жоқ еді, Рысқұлов өзінше кетті. Бірақ Түрккомиссия бұл тапқырлыққа тәнті болды.
Небары бір-ақ минут. Кейде сол бір минуттың ішіне жылдар сыйып кетеді. Әркім-ақ ойға шомды. Революция жолының небір сұрапыл соқпақтары көз алдарына зымырап-зымырап келе қалды. Жетісу мен Адайдан, Әулиеата мен Ашғабадтан, Шымкент пен Ферғанадан, Ақмешіт пен Самарқаннан, Пішпек пен Оштан, Нүкіс пен Шалқардан келген делегаттар революция дауылынан жаңа ғана шығып, конференция залына енді ғана еніп тұрғандай әсер кешті.
Рысқұловтың ишарасымен делегаттар орындарына отырды. Көбінің қиюы қашыңқыраған ескі орындықтардың біразға дейін сықыр-сықыры басылмады.
Рысқұлов бірінші сөзді Мұстафа Субхиге берді. Жасы қырықты алқымдап қалған, қасқабастау, қалың мұртты, дөңбек мұрын, шымыр денелі, бірақ өңі жүдеу Мұстафа Субхи Коминтерн атынан Мәскеуден келген Түркия коммунисі еді. Ол келген екі-үш айдың ішінде Рысқұлов екеуі талай рет кездесіп, көп әңгіме шертіскен. Содан бері бірі Алматы маңында, бірі Анадолыда туғаны болмаса, екеуі ағалы-інілі адамдардай бауыр басып кетіп еді. Түркия коммунистерінің халі мүшкіл-тін. Қаусаған Осман империясының соңғы сұлтаны коммунистердің соңына шырақ алып түсіп, туған елден тұрақ таптырмады. Соның бірі — Мұстафа Субхи де, бірі — ақиық ақын Назым Хикмет еді.
— Түркістандық қаны бір, тілі бір, тілегі бір бауырларға қазіргі таңда жалаңаяқ от кешіп жүрген түркиялық туысқан коммунистерден жалынды сәлем! — Мұстафа Субхи залға, сонан соң президиумге басын иді. Залдың іші шапалақ даусынан жарылып кете жаздады. — Марксизм идеясы Түркияны да кезіп жүр. Осман Түркиясы күйзелістің шыңына жетті. Империализм мен монархия езгісінен Түркия түріктері сансырап болды. Бұл шыңыраудан шығу үшін Түркия коммунистері от пен суды кешіп, халықты қарулы күреске көтеруге әрекет үстінде. Түркістандағы революция бізге үлгі. Түркістан революциясының сәулесі Түркияны да жарық етпек. Ұлы Қазан революциясының шапағатты әсерімен онда қазір Мұстафа Кемел Ататүрік бастаған қозғалыс монархияны жойып, конституциялы республика орнату үшін қан төгіп жатыр. Мұстафа Ататүрік ержүрек түрік жауынгерлерін бастап, қазір Стамбұлдың іргесінде тұр. Соңғы сұлтанның құлайтын күні жақын. Ағылшын отаршыларын туған елімізден түріп шығатын күн таяу. Рас, Мұстафа Кемел Ататүріктің өкіметі — буржуазиялық тәртіптің өкіметі. Біз, Түркия коммунистері, қасірет кешкен Түркияға социализм орнату үшін күресеміз. Біз сіздерден үйренеміз, туғандар. Социалистік революцияның шұғыласы түнек басқан бүкіл Шығысты жарқыратар әлі! Сіздердің конференцияңызға зор табыс тілеймін, бауырлар!
Делегаттар қол шапалақтап, орындарынан тұрып кетті. Мұстафа Субхи мінбеден түсіп барып, Рысқұловтың қолын алып, қапсыра құшып, төсіне төс түйістірді. Зал шапалақтан бұрқ-сарқ қайнап, жаңғырығы далаға да естіліп тұрды.
Рысқұлов делегаттар атынан Субхиге рақмет айтып, Түркия коммунистеріне әділет жолында табыс тіледі. «Мұстафа Кемел Ататүрікке сәлем айтыңыз», — дейін деп тұрды да, айтпады. Мұстафа Ататүріктің Түркияны жаулардан тазартып, халық көсемі болғаны Рысқұловқа ұнайды-ақ. Қиын-қыстау жағдайда кеңес еліне қол созып, коммунистерден, Лениннен көмек сұрағаны да ақылдылық екенін Рысқұлов түсінеді. Бірақ Ататүрік өз еліндегі коммунистерге емешегі езіле қоймайтын. Ол монархияға, отаршыларға түскен найзағай да, Субхилерге де жайсыз.
Төрағалық тізгін Низамеддин Ходжаевтың қолына тиді де, ол:
— Ұлт мәселесі және ұлттар секциялары жөнінде баяндама жасау үшін сөз Тұрар Рысқұловқа берілді! — деп айқайлап айтты. Делегаттар қол соғып, орындарынан тұрып кетіп еді, президиумда отырған Голощекин жан-жағына қарап, жалғыз өзі қалғанына ыңғайсызданып, кіржің ете түскендей болды да, ырғатылып барып өзі де түрегелді.
Бұл екі арада Рысқұлов мінбеге шығып, аппақ бәтес орамалмен көзілдірігін мұқият сүртіп, тазалап тұрды. Ақыры зал тынышталған кезде, мінбе түбіндегі түкпірде отырған стенографисткаларға бұрылып:
— Мүмкіндігінше дәлме-дәл жазып отыруға тырысыңыздар. Менің қолымдағы қағазға сеніп қалмаңыздар, — деп ескертіп алды.
Соның өзінен-ақ делегаттар: «Не айтар екен? — деп ынтыға түсті. Біреу-міреу сыбырлап-күбірлесе «тыныш!» — деп көз аларта зекіп тастап, есіл-дерті мінбеге ауды.
Айтса-айтқандай, Рысқұлов қағазға қарап шұқшимай, адамдарды арбап алғысы келгендей, залға жанарын қадап, әуелі текіректегендей жай бастап, бірте-бірте бауырын жазып, арындап ала жөнелді.
Түркістан халқының басынан өткен ауыр халдер, патша отаршылдығы, үстем тап тепкіні, халықтың азаттық арманы, ақыры... Қазан революциясының таңы — Рысқұлов баяндамасының жолбасы еді.
Бірақ халық тарихи бір формациядан екінші формацияға бір күннің ішінде көше салмайды. Кеңес өкіметі орнағанмен, бұрынғы езілген халық бірден жылы суға қолын мала қойған жоқ. Жоқшылық, жорықшылық, ашаршылық азаптарын бастан кешіріп жатыр. Түркістан республикасын басқарған алғашқы коммунистер, солшыл эсерлер байырғы Түркістанның төл халқының қамын ойламайды. Төл халық кешегі патша шенеуніктері мен бүгінгі кеңес белсенділерінің арасын алғашқы кезде ажырата алмай сорлады. Ондай келеңсіз көрініс әлі де қылаң беріп қалады. Ұлт саясаты Түркістанда өрескел бұрмаланып жүр. Басқаны айтпағанда, ұлт мәселесі жөнінде РК(б)П Орталық Комитетінің радиограммасын Кушекин мен Успенский кезінде жарияламастан, жасырып қойып отырды. Мұндай сұмдыққа қарсы шыққан Рысқұлов пен Кобозевты «контра» деп трибунал арқылы атқызып тастай жаздады. Ақыры Кушекин мен Успенский Түркістаннан қуылды. Оларға қоса шовинистік иісі мүңкіп тұрған біраз қызметкерлер аластатылды.
Рысқұлов тамағы құрғап бара жатқанын сезді. Тамағы құрысып құрғаса-ақ болды, «р» орнына «л» түсіп кетіп, тілі кібіртіктей бастайды. «Мені Сұлтанбекке ұқсады демесін» деп Рысқұлов мұндайда стақандағы шайға қол созады... Қызыл Жебенің шабысынан жел ызыңдап, жер солқылдап жатқан сәтте, қызынып, іштей қиқулап отырған жұрт, сол жүйріктің кенет кілт тоқтағанын көріп, аңырайып аң-таң қалған бір сәт еді.
Бала кезінде Тұрардың тамағында баспасы бар болатын. Сәл суық тисе, денесі қызып, тамағы қырылдап шыға келетін. Ахат атасы бір күні баланың басын екі тізесінің арасына қысып алып, аузын ашып, саусағын көмейіне тығып жіберіп, барлығып тұрған баспаны мыжып-мыжып тастаған. Аузынан ірің аралас қан аққан. Ахат оның тамағын көкемарал қайнағымен қайта-қайта шайғызған. Бірақ бала кезінде біртоға, көп сөйлемейтін Рысқұлов, есейе келе көпшілік алдына шығып, сарнай-сарнай сөз сөйлеуге мәжбүр болды да (тағдыр шығар), сондайда тамағы кенет кеуіп қала беретінді шығарды. Адам жаратылысында оның денесінде артық-ауыс мүше болмаса керек, тамақ безінің де атқаратын өз қызметі болады екен, ол тамақ құрғатпай, ылғалдап тұрады екен. Рысқұловта ол жоқ...
— Мұның бір себебі, — деді Рысқұлов сөзін сабақтап, — Түркістан Компартиясы Крайкомның осалдығы. Крайком дәрменсіз. Өздеріңіз білесіздер, Крайком үш тармақты: «Крайкомның өзі, мұсылман бюросы, шетел коммунистерінің (чех, венгер, неміс т.б.) бюросы. Мусбюроға күллі Түркістандағы мұсылман қауымынан шыққан коммунистер қарайды. Бұл — Түркістандағы коммунистердің тоқсан бес пайызы. Сондықтан да сол тоқсан бес пайыз Крайкомды емес, Мусбюроны таниды. Мұны біздің Орталықтан келген кейбір жолдастар, яғни Түрккомиссия: Мусбюро Крайкомға бағынбай кеткен, өзінің өкілеттігін арттырып жіберген деп айыпқа балайды. Ал Мусбюроны мен басқарамын, демек мені айыптайды. Сөйтіп, Түркістанда Коммунистік партияның үш орталығы, үш комитеті өмір сүріп келеді. Формальді түрде басшылық Крайкомда болғанымен, үш комитет дербес тұрып жатыр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Бұл қырсықты біржола жою үшін, үш тармақты біріктіріп, пәрменді біртұтас Крайком құру керек. Біртұтас Коммунистік партия болсын!..
Элиава алдымен қол соғып жіберді. Оны басқалар да қостап ала жөнелді. Голощекин тіпті сексеуілдің жігеріндей қолдарын тұңғыш рет аямай шапалақтады.
Партиялық біртұтастық жолында Рысқұлов өзі басқарып отырған өте пәрменді комитеті — өлкелік мұсылман бюросын — Мусбюроны құрбан етуге дайын. Мусбюроны жойып, Крайкомды күшейту идеясы Голощекинге де, Куйбышевке де, Элиаваға да, Рудзутакқа да қатты ұнады.
Бірақ келесі бір сәтте бұлар ептеп секем ала бастады. Рысқұлов біртұтас коммунистік орталық болуын талап етті де, ізінше ол партияның атын «Түрік коммунистік партиясы» болсын деп ұран тастады. «Түркістан — Түрік кеңестік республикасы» деп аталсын деді.
— Түркістанның өзі «түрік елі» деген сөз емес пе?» «Түркістан» сізге несімен ұнамайды? — деп айқай салды әлдекім.
Рысқұлов бұл сұрақты күткен. Бірақ кім қоярын білмеп еді? Баяғы «досы» Клевенцов екен. Жауап беруге дайын болса да, баяндаманы белортасынан үзіп тастап, беймезгіл сұраққа жауап беру керек пе, жоқ па? — дегендей Президиумға қарады.
— Сұраққа жауап соңынан беріледі! — деп Низамеддин Ходжаев Клевенцовты тыйып тастады.
Тегі, Клевенцов шошаңдамай тұра тұрғанда да болатын еді. Әйтпесе, баяндаманың арғы жағы әлгі сұраққа егжей-тегжейлі, негізделген жауап еді ғой.
«Түркістан» деген ұғым бізге отаршылдықпен бірге келген. Қазіргі шекарасындағы Түркістанды генерал-губернатор фон Кауфман құрған. Түркістан өлкесі фон Кауфманның, одан кейін билік құрған он екі генерал-губернатордың патшалығы. Оның шекарасынан тысқары жерде көптеген түркі халықтары тұрады. Басқаларын айтпағанда, мына іргелес жатқан «Киргизский край» дегеніміз — Қазақстан. Онда қазақтар тұрады. Патша заманында да, ұятымызға орай, әлі де «киргизы» деп жүргеніміз — қазақтар. Ал сол қазақтардың жартысына жуығы Түркістанда да, жартысынан көбі «Киргизский крайда». Ұятымызға орай, біз әлі күнге дейін сол халыққа патша тартып алған төл атын да қайтарып бере алмай жүрміз. Ал енді сонда қалай болады? Әлгі қазақтар жарымы Түркістанда, жарымы «Киргизский крайда» жүре бере ме?
Жоқ, бірігуі тиіс. Ол үшін Түркістан емес, Түрік республикасы керек. Қазақтар да — түріктер.
Сол «Киргизский крайда» тұратын қазақтар туралы тіпті мына біздің кеңес дәуірінде кеңес газеті не деп жазғанын білесіздер мс? Сіздер «Известия ТүркЦИК-а» деген газетті оқитын боларсыздар? Әрине, оқисыздар. Ал енді, әлдекім емес, сол газеттің бас редакторы, Свешников не деп жазады? Тыңдаңыздар, өте қызық әм қайғылы: «Киргиз даласын алғашқы қоғам дәуіріндегідей жабайы киргиздар мекендейді. Соңғы статистикалық есеп бойынша, олардың саны 12-15 миллионның арасында ауытқып тұрады... Сахаралы, көшпенді, мал бағып, егін еккен киргиз пролетариаты нағыз жабайының өзі. Олардың тіл құрамында мал шаруашылығына немесе ауылшаруашылығына байланысты бір жүз немесе екі жүз ғана сөз бар». («Известия ТүркЦИК-а», сәрсенбі, 30-сәуір 1919 жыл.).
Мінеки, еуропаша мәдениет алған, жоғары білімді, білгір Свешниковтың сөзі. Бұл тек Свешниковтың сөзі емес. Свешников редактор болып тұрған кездегі Түркістан басшылары Кушекин мен Успенскийлердің, Гержоттардың сөзі.
— Масқара! — деді залдан Сұлтанбек Ходжанов айқай салып.
— Масқара болса, сол «тілінде жүз-ақ сөзі бар жабайы киргиздардың», яғни түркі тұқымдас туысқандарыңыздың Түркістандағы туыстарымен бірігуіне неге қарсы боласыз? — деп Сұлтанбектің арынын бір басып тастап, Рысқұлов сөзін әрі қарай жалғады. — «Тілі жоқ» сол «киргиздар» дүние әлемінде теңдесі аз ауыз әдебиетін туғызды, дүние жүзінде теңдесі аз музыкалық мұра қалдырды. Сенбесеңіз, бөтен халықтардың өкілдері, оқымысты-ғалымдар Затаевич пен Диваевтан, орыс зиялылары Потанин мен Дальден сұраңыздар. Соңғы екеуі қазақтар туралы жазып қалдырған тарихи еңбектерінен сұраңыздар! Қазақтар хақында, жалпы түркі тұқымдас халықтар хақында ойы түзіктер Кушекиндер, Успенскийлер, Свешниковтар емес; Дальдер, Потаниндер. Тіл құрамында жүз-ақ сөзі бар халықтан Цицерондар, Демосфендер шығар ма еді?! Бұл менің ойдан шығарып тұрған қисыным емес, қазақ халқы аса дарынды, олардың арасында нағыз Цицерондар, Демосфендер жиі кездеседі деп өткен ғасырда жазып кеткен поляк Янушкевич.
Ал бізде әлі күнге дейін Свешниковтің сарынымен соғатын, Свешниковше пайымдағыш қайраткерлер аз емес. Міне, бұл нағыз масқара!
Сайып келгенде бұның бәрін неге айтып тұрмын? Біз көп заман бойы зорлық, қорлық көрген халықпыз. Енді еңсемізді көтеріп, ел қатарына қосылатын күн туды. Біздің Түркістан компартиясының көпшілік мүшелері — төл халықтың өкілдері. Олар тек Мусбюроны біледі. Мусбюроны бүгінен бастап жауып отырмыз. Әлі сана-сезімі маркстік биік ілім деңгейіне көтеріліп жетілмеген мұсылман коммунистерін, жалпы қауымды Мусбюро жойылды деп үркітіп алмас үшін, Түрік компартиясы дегеніміз өте тиімді болады. Әрі десе, шетелдік Шығыс халықтары біздің шын мәнінде теңдік алатынымызға сенеді. Сөйтіп, олар да, тіпті мына іргеміздегі бұхаралықтар мен хиуалықтар да өз елдерінде Кеңес өкіметін орнатуға асығады. Жалаң мың насихаттан осындай нақты көрнекті бір насихат артық. Естеріңізде болсын, біз кеңестік Ресейдің ірі бір бөлігіміз. Бірақ әсте «қуыршақ республика» болғымыз келмейтінін Орталық өкілдері адамгершілікпен, гуманистікпен түсінеді және қолдайды деп сенеміз...
Рудзутак шығып сөйлеп, Рысқұлов идеясына үзілді-кесілді қарсы шықты.
— Коммунистік партияға ұлтшылдықты ендіруге болмайды, — деді. — Халықтар ұлттық байланысына қарап емес, таптық туыстығына қарап одақтасуы керек. Мысалы, орыстар шығып алып: «Күллі славяндар, бірігіңдер!» — деп жатса, жараса ма? Әрине, ол ұлтшылдық, славянофильдік болар еді. Ал марксшілдердің туында: «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» — деп жазылған. Осы тұрғыдан алғанда Тұрар Рысқұловтың ұраны — ұлтшылдық ұран. Біз бұл қағидамен келісе алмаймыз.
Айтыс айқасқа бергісіз болды. Рысқұлов таңертең қос жаңғақтың дәнегі мен қос пиала шай ішіп, тым сыпайы шыққанына өкінді. Жарғақ құлақ, тақыр бас сары баланы есіне алды. Конференцияның бұрқ-сарқ қайнап, қызғаны сонша, үзіліс жариялауға да мұрша келмей кетті. Ақыры мәселе дауысқа келіп тірелді.
Мәселені дауысқа салғанда, басым көпшілік Рысқұловтың ұранын қолдап, қол көтерді де, Рысқұлов ап-айқын жеңіп шықты. Элиава, Куйбышев, тіпті Голощекин де, көпшілікке қосылды. Тек Голощекин Рысқұловтың ұранына қол көтере тұра, ұсыныс айтты.
— Түркістан Компартиясы V конференциясының Рысқұлов жобасы бойынша қабылдаған қаулысын РК(б)П Орталық Комитеті мен ВЦИК бекіткенше, республика жалауына «Түрік Кеңестік Республикасы» деп жазылмай қоя тұрсын, — деді.
Рудзутак илікпей қойды. Бірақ конференция жабылғанда, Рудзутак Рысқұловты көп дауыс алуымен құттықтап:
— Кәне, Тұрар, бір-екі партия бильярд ойнасақ қайтеді? — деді.
— Мақұл, Ян Эрнестович, — деп Рысқұлов жарқылдап келіп, еңгезердей Рудзутактың қолын алды.
* * *
Түркістанның кіндік қаласы — Ташкентке Фрунзенің өзінен бұрын жер жарып даңқы жеткен. Сол даңқтың ізін ала атышулы қолбасшының өзі келе жатқан. Колчактың бел омыртқасын сындырған Фрунзе. Дутовтың тұмсығын талқандаған Фрунзе. Бұзылық пен Бүгірслан, Бүгілме мен Белебай, Оңтүстік Орал таулары, Ақ Еділ толқындары — қолбасшының жұлдызы жанған жерлер артта белес-белес даңқ сатылары болып қалды.
Пойыз Түркістан шаһарынан өтіп, Арысқа жақындағанда, Фрунзе терезеден арқырап шапқан ашаң жасыл даланы көрді. Темір жолдың жарлауыт жағасында әлі кір басқан қар жатыр. Қары кеткен жерден шоқ-шоқ болып күлгін таңдай бәйшешек көрінеді. Фрунзенің кеудесі дүрсілдеп ала жөнелді. Күмбір-күмбір күй естілгендей болды. Даланың төсін дүбірлетіп, қалың қол шауып бара жатқандай әсер шалықтап өтті. Бір топ бала қырда бәйшешек уыстаған қолдарын көтеріп тұр екен. Солардың арасынан Фрунзе өзін, өзінің балалық шағын іздегендей терезеден басын шығарып, қол бұлғады.
«Бәйшешек терген бала кезім сендердің араларыңда жүрген жоқ па?» — деп айқайлағысы келді. Аты әлемге әйгілі қолбасшы екенін ұмытып кеткен сияқты. Ол дәл қазір қиян-кескі майдан сұрапылын, дұшпанның озбырлығын, соғыс комиссары Троцкийдің қиянатын — бәрін-бәрін ұмытқан.
— Түсіңіз бір түрлі нұрланып кеттіңіз ғой, Михаил Васильевич, — деп Фурманов Фрунзенің бетіне таңдана қарап қалды.
— Бұл Түркістан ғой. Митяй, мені дүниеге келтірген өлке ғой, — деп Фрунзе айқайлап жіберді.
Қырқада қол бұлғап, бәйшешек терген балалар қалды. Киімдері жүдеу-жұқа, жалаңаяқ балақайлар. Олар Фрунзе келе жатқанын білген жоқ. Бірақ пойыз көрсе, алыстан қол бұлғап, қош алатын әдеттері. Паровоз оларға сәлемдескендей ұзақ айқайлайды.
Пойыздың бұл келуі Түркістанды қылғындырып тұрған құрсауды үзіп жібергендей болды. «Түркістанға Фрунзе келе жатыр» дегенді естіген соң, Ферғанадағы басмашылар, Ашғабадтағы ағылшындар, Жетісудағы Анненков бандасы бір-бір қалшылдап қалып еді. Пойыздың бұл келуін Түркістан үкіметінің басшылары, Түрккомиссия мүшелері, комиссарлар, күллі Ташкент күтіп тұрған.
Вокзалға пойыз таяна бере, оркестр гүрс етті. Вагонның баспалдағында тұрып, Фрунзе ең алдымен Куйбышевті таныды. Басы ерекше үлкен, шашы толқын-толқын еңгезердей Валериан Владимирович сонадайдан көзге түсті. Дөңгелек сақал қоятын, шақпақ денелі Шалва Элиава да көзге оттай басылды. Көз таныстардың ішінен қаншырдай қатып, теке сақал Филипп Голощекин де көрініп қалды. Бұлар Ленин мандатымен келген Түрккомиссияның мүшелері еді.
Перронда күтушілердің бәрінен бір адым ілгері тұрғанына қарағанда, көмірдей қара шашты, қара мұртты, алтын жиек, дөп-дөңгелек көзілдірік киген, арыстан жал басы сәл кегжиіңкіреген, кеудесі керіңкі, тәкаппарлау қараторы кісіні, сірә, Рысқұлов-ау деп шамалады.
Фрунзе Рысқұловты бұрын көрмеп еді. Бірақ ол турасында жақсы да, жаман да лебіздер естіген. Кейбір «деректерге» қарағанда, Рысқұлов «тақыр бас, жылмаңдап тұрған жылпос, әзәзілдей айлакер, қолын кеудесіне басып бүк түсіп, иіліп тұратын мүттайым» болу керек еді. Мынау оған ұқсамайды. Алыстан жеткен сипаттамаларға қарап Фрунзе ТуркЦИК төрағасы жөнінде бір ұдай пікірге келе алмай, не де болса, «жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деп түйіп еді.
Енді, міне, көрісті. Бір-бірінің қолын қатты қысты. Бойы Фрунзеден сәл аласалау болғанмен, Рысқұловтың денесі шымыр, қолы қарулы екен.
Михаил Васильевич өзінің ескі достары Куйбышевпен, Элиавамен құшақтасып көрісті. Голощекиннің тек қолын алды да, тез Рысқұловқа бұрылып:
— Міне, мен туған Түркістанымдамын! — деп қолдарын шаттана жайып жіберді. Сол құшаққа Түркістанды түгел сыйдырып, құшақтаған тәрізді.
— Жолдан шаршаған шығарсыз, жүре сөйлесейік, Михаил Васильевич, — деп Рысқұлов перронның іргесінде тізіліп тұрған автомобильдердің алдыңғысын меңзеді.
Машиналар орнынан қозғала бергенде, оркестр үні үзілді. Екінші машинада келе жатқан Филипп Голощекин қатарындағы Куйбышевке шапшаң бұрылды:
— Рысқұлов бұл жерде де алдымызды орап кетті, — деп тыжырынды.
— Филипп Исаевич, енді қалай ойлайсыз? Сіздіңше, Фрунзе бізбен бірге бір машинада болып, Рысқұлов жалғыз қайтуы керек пе еді? — деп алдыда отырған Шалва Элиава артына бұрылып қарады. Голошекиннің шоқырайып тұрған тізесін сол қолымен басып-басып қойды. — Қорықпаңыз, Фрунзені пантюркистке айналдыру қиын. Әрі десе, Рысқұловтың өзі де сіз ойлағандай, қызылкөз пантюркист емес.
— Ол мүмкін емес, — деп Элиаваны Куйбышев қолдады. — Мұсылман коммунистерінің ішінде аса таланттысы Рысқұлов. Мұны көрмеуге болмайды. Рас, ұлттық мотивтерге көбірек ден қойып кететін осалдығы да бар.
— Онда кешегі партконференцияда оның жақтастары белең алып кеткенін немен түсіндіресіз? — деп Голощекин машинаның іргесіне тығыла түсті. Элиаваға да, Куйбышевке де өкпелеген түрі бар.
— Ол әлі шешілетін мәселе. Фрунзе келді. Бәріміз бас қосып, ақылдасып шешетін мәселе, — деп Элиава Голощекиннің тізесін тағы да басып қоймакшы еді, анау ұзын аяқтарын тас шегірткенің аяғындай сарт еткізіп, жиып ала қойды. Элиава күліп жіберді:
— Бала сияқтысыз, Филипп Исаевич, тез өкпелейсіз. От пен судан өткен революционер де сөйте ме екен? Уақыт сізді тым қаталдандырып, тым сезіктенгіш етіп жіберген.
— Иә, иә, айта түсіңіз Шалва Зубарович, — деп Голощекин сақалы селкілдеді. — Мен сезіктенгіш болмасам, Екінші Николай ендігі тұтқыннан құтылып, өзінің тілеулестерінің ортасында отырар еді. Ал Екінші Николайдың тілеулестері жоқ деп ойлайсыз ба?
— Оның рас, Филипп Исаевич, Николай патша десе, әлі етегі жасқа толып еңірейтіндер бар. Ал Түркістан жағдайы бір басқа. Түркістан басшыларымен тіл табыса білу керек деген Ленин қағидасын ұмытпаған жөн, жолдас Голощекин, — деп Элиава қатқылдау қайтарып тастады.
* * *
— Сөйтіп, екеуміз тіптен жақын жерлес болып шықтық-ау, Тұрар. Мен Пішпекте туып, Верныйда өстім. — Фрунзе Рысқұловқа жымия қарағанда көздерінің айналасы қобызша жиырылып, қайратты қысқа шашы тікірейе түсті. — Мен гимназияда оқып жүрген кезде, Тұрар, сен Талғарда болдың-ау, сонда. Жаңағы әңгімеңе қарағанда, Верный түрмесіне 1905 жылдың басында түскенсің. Ол кезде мен Петербургте едім.
— Әрине, «қанды жексенбіні» көрдіңіз...
— Көргенде қандай! Сол сойқанның арасынан өзім аман шыққанмен, жаным жаралы еді. Жатақханаға келе сала алыстағы анама хат жазғаным есімде: «Мама, сенің менен басқа Костя сынды ұлың және қыздарың бар. Тоғызыншы қаңтарда аққан қанның ақысы бар. Тәуекелге бел байладым. Мақсат айқын. Жан-тәніммен революцияға берілдім. Мен туралы қандай хабар естісең де таңғалма. Мен таңдап алған жолдың соқпағы көп...» — деп жазғаным есімде.
— Ал дәл сол кезде менің әкем Саймасай болысты атып өлтіріп, түрмеге түсті, — деп Рысқұлов үлкен үстелді айналып, Фрунзенің қарсысына келіп отырды. — Саймасай болыс өзіңіз білетін губернатор фон Таубенің ең жақын досы еді.
Фрунзе кенет Рысқұловқа бағжия қарап қалды.
— Фон Таубе дедің бе?! — деп даусы оқыс шығып кетті. — Әрине, білем! Фон Таубе. Ол сенің әкеңді Сахалинге айдаса, менің әкемді аса алысқа айдамаған. Білесің бе қай жер екенін? Ал тапшы кәне?
Рысқұлов ойланып қалды. Қабырғаға ілулі тұрған Түркістанның картасына қарады. Карта ескі еді. Генерал-губернатор Куропаткиннен қалған карта болатын. Рысқұловтың ендірген өзгерісі — Түркістанды қызыл қарындашпен қолдан бояп қойған еді.
— Әкеңіз Пішпекте тұрса, әрі десе фон Таубе оны алысқа айдамаса... Верный ма? Әулиеата ма?
Рысқұлов бұл жұмбақтың шешуін таппай, тек иығын қозғап қойды.
— Таппадың, Тұрар, таппадың! — деп Фрунзе жас балаша мәз болды. — Әлгіде өзің айтқан Мерке ше?
— Мерке?!
— Иә, Мерке. Соның дәл өзі.
— Апыр-ай, Меркеге де жер аударады екен-ау. — Рысқұлов жалма-жан айдай жазық маңдайын алақанымен баса қойды, — Мен не деп отырмын? Әрине, жер аударады! Менің мұғалімім Андреев деген кісі Петербургтен Меркеге жер аударылған.
— Ә-ә, көрдің бе? Петербургтен! Ал Пішпек деген Меркеге тиіп тұр ғой...
— Қызық екен.
— Қызығы шамалы, Тұрар Рысқұлович, — деп Фрунзе сәл мұңайып қалды. Көкшіл көздерін мұнар басты. Жасаураған да сияқты. Орнынан тұрып кетіп, терезе жаққа барды. Нәл қаққан етігінен кабинеттің едені сықырлады. Гимнастеркасын қынай буған жалпақ белдікке саусақтарын сұғып жіберіп, үстелден есікке дейін, есіктен үстелге дейін теңселіп жүрді де қойды. Еден сықырлайды. Генерал-губернатор Куропаткин дәуірінде бұл еденде кілем жатушы еді. Рысқұлов оны детдомға бергізіп жіберген.
Фрунзе теңселіп жүре береді, кілемсіз еден сықырлайды. Орнынан Рысқұлов та тұрды. Дәл қазір Ташкентте, ТуркЦИК төрағасының кабинетінде тұрғаны болмаса, ой-санасы бала Тұрардың астанасы — Мерке шаһарын аралап кетіп еді.
Фрунзе Рысқұловқа бетпе-бет келіп:
— Менің әкемнің қабірі Меркеде жатыр, — деп сыбырлады.
— Бірінші рет естіп тұрмын, Михаил Васильевич...
— Әрине, бірінші рет естисің. Оны кім біледі? Меркенің іргесіндегі зиратта белгісіз жатқан бір қабір. Басындағы ағаш кресі де тозған шығар. «Василий Михайлович Фрунзе» деген жазуы да өшіп қалмаса нетсін.
Рысқұловтың жүрегі бүлк ете қалды. Тұла бойын бір дүлей соғып өте шыққандай болды. «Талас бойында, Ойық даласында менің әкем Рысқұл да белгісіз бір молада жатыр-ау... Басына белгі қоя алмаған жалғыз ұлдан не қайыр?!»
Рысқұловтың реңі өзгергенін байқаған Фрунзе оны өзінше түсінді.
— Әрине, бірінші рет естідің. Мен ешкімді де кінәламаймын. Әкелер рухы бізді кешіреді. Өйткені біз революцияның әділет жолында жүрдік.
— Әкелер рухы азаланбаса жарар еді, — деп Рысқұлов арқасынан зілмауыр жүк түскендей жеңілейіп қалды.
— Бәрі де әлгі фон Таубеден шығып кетті ғой, — деп Фрунзе жайдары қалпына түсе бастады. — Сол фон Таубе Жетісудың губернаторы болып тұрған заманында, бір күні Пішпекке келеді күймесін қоңыраулатып. Қаланы аралап жүріп, ауруханаға көз салады. Қараса, кейбір койкаларда орыстармен аралас қырғыздар да жатыр екен. Губернатор қасқыр көрген ешкідей ежірейіп, шошып кетеді.
— Мыналар кім? — деп айқайды салады.
Аурухананың дәрігері менің әкем болатын.
— Бұлар қырғыздар, жоғары мәртебелі мырза, — дейді ол. — Ауру қырғыздар.
— Жоғалт көздерін! — деп ақырды губернатор. — Аурухананы малқораға айналдырып жібергенсіңдер!
— Олар да адам ғой, жоғары мәртебелі мырза, — дейді әкем.
— Ендеше, өзің жоғал!
Сөйтіп, Меркеге айдап жібереді. Ал Меркенің ол кезде қандай екенін өзің білесің, Тұрар Рысқұлович. Көрдің бе, сөйтіп екеуміздің әкеміз де губернатордың тепкісінен жапа шеккен. Тегінде губернатордың қырына оңай адам ілікпейді ғой.
— Рас айтасыз, Михаил Васильевич, панасыз қырғыздарға жаны ашып, ара түсу де ерлік. Әлі күнге дейін біздің кейбір коммунист жолдастардың қолынан келмейтін ерлік.
Екеуі де үнсіз. Екеуі де әкелерін көз алдарына келтіріп, алысқа, артта қалған жылдардың ар жағына көз тігіп отырған сияқты.
Сәлден соң Фрунзе тіл қатты:
— Талай майданда болдым. Бір рет әкем Василий Михайлович көз алдыма тұрып алды. Уфаны алар алдындағы жанталас. Ақтардың самолеті түйіліп келіп, бомба тастап өткенде, астымдағы атымның күл-талқаны шығып, өзім соның астында қалдым, құлағымнан қан кетті. Сол қолымнан жан кетті. Сонда әкемді көрдім...
— Сіз таң қалмаңыз, Михаил Васильевич, осындай хал менің басымнан да өтіп еді. Рас, сіздікіндей 1919 жылы емес, 1916 жылы Мерке түбінде, патшаға қарсы көтеріліс кезінде. Атыма оқ тиіп, аяғым астында қалып, қолға түстім...
Фрунзе айтты:
— Мерке түбінде... Мерке түбінде менің әкем қалды. Белгісіз жатса сол жаман.
Рысқұловтың кеудесі бүлк етті:
— «Белгісіз жатса, сол жаман. Талас бойы, Ойық даласы...»
Рысқұловтың да көңілсіз ойға кеткенін байқаған Фрунзе кенет жайдарыланды:
— Иә, жерлес, — деді қазақша-қырғызшаны араластырып. — Meн әлі қазақ пен қырғыз тілін мүлде ұмытқан жоқпын. Сонымен, аруақтардың құлағын біраз шулаттық. Осы да жетер. Ал енді қазіргі тіршілікке келелік. Голощекиннің айтып жүргені не?
— Келсек, келейік! — деп Рысқұлов ТуркЦИК төрағасының креслосына барып шалқақтай отырды да, Фрунзенің көзіне тура қарап, мүлде салмақтана, сазара түсті.
Рысқұловтың бір қасиеті де, бір қасіреті де осы тәкаппар тіктігінде еді.
— Сіздің «Түрік халықтарының коммунистік партиясы», «Түрік кеңестік автономиялық республикасы» дегеніңіз, менімше, қате атаулар, Тұрар Рысқұлович.
Фрунзенің маңдайы жиырылып, қысқа қырқылған қайсар шашы тікірейе түсті. Көкшілдеу көзінде ызғар болмаса да, өңменнен өтіп, тесірейе қарады. Рысқұлов міз бақпаған соң, көздерін басқа жаққа аударып әкетті. «Жаңа ғана екеуміз егіз туған балаларлардай еміреніп отыр едік, лезде жауыққандай болдық-ау. Мынау қиын адам ғой», — деді ішінен Фрунзе.
— Әрине, революционерлер де қателеседі, Тұрар Рысқұлович, әңгіме сол қатені мойындап, тез түзетуде ғой. Қателеспейтін адам жоқ. Мысалы, мен өз басым... Тіпті еске алудың өзі ұят, — Фрунзенің екі бетіне лып-лып етіп қызыл рең жүгіріп, тікен шашты басын шайқап-шайқап қойды. — Немесе Валериан Куйбышевті алайық. Брест шарты жөнінде Лениннің өзіне қарсы шықты-ау... Енді ойласам, осы күнге дейін көңілім әлем-жәлем бұзылып, бетім дуылдап қоя береді. Осы Валериан Куйбышев Брест шартына қарсы «солшыл коммунистердің» қолын қойдырып, құжат жинады ғой. Қызды-қыздымен қолымды мен де қойып жібердім. Ұят-ай! Лениннің саясатын түсінбей, жалған намыс жетегінде желігіп кетіппіз де. Біздің партияның ең қарт мүшелерінің бірі Голощекиннің өзі де оңбай сүрінді ғой. VIII съезд кезінде Троцкий «Военная оппозиция» дегенді домбаздап, Ленинге қарсы шыққаны есіңізде ме? Бұл «оппозицияның» жоспары бойынша, біртұтас уставы бар армия ұстап керегі жоқ еді. Көрдіңіз бе, сұмдықтың төркіні қайда жатқанын? Уставқа бағынған біртұтас армия болмаса, кеңес өкіметінің халі не болар еді? Ал Троцкийдің осы «Военная оппозициясын» Голощекин жақтап, жағасы жыртылған жоқ па? Қатесін кейін, әрине, мойындады. Көріп отырсыз, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ екен. Мәселе қатені дер кезінде түзетуде. Солай, Тұрар Рысқұлович, ойланыңыз. Достық ниетпен, сыр бүкпей шынымды айтып отырмын.
— Михаил Васильевич, мен де сыр бүкпей, шынымды айтайын, тек түсінуге тырысыңыз. Мен қателескен жоқпын. Әлгі айтып отырған термин мәселесі — жалғыз мен емес, Мусбюроның үшінші конференциясы қабылдаған шешім, Түрккомиссия мүшелері мақұлдаған, келіскен шешім. Ал енді Фрунзе келіп, соның бәрін жоққа шығарғаны қалай болар екен?
Енді Фрунзеге Рысқұлов тесіле қарады. Фрунзе мырс етіп, басын шайқап қойды. Тіпті креслодан тұрып кетіп, ары-бері жүре бастады.
— Ол рас, — деді Фрунзе сәлден соң. — Екі бірдей конференция сізді қуаттап шыққаны рас. Дегенмен, қарсы шыққандар да жоқ емес екен. Түрккомиссияның мүшелері де көнген, келіскен. Элиава сізді толық қуаттапты. Куйбышев те келісіпті. Голощекин біраз қипақтаса керек. Бірақ ақырына дейін шыдас бере алмапты. Ал Рудзутак қасарыса қарсы болыпты. Егер Рудзутак екеуіңіз дос екеніңізді еске алсақ, оның қарсы болуы мүлде тегін емес. Міне, көрдіңіз бе, бұл мәселеде сізбен келіспейтін жалғыз Фрунзе ғана емес екен. Шынына келсек, — деп Фрунзе бір көзін қысыңқырап, қуақылана сөйледі. — Шынына келсек, Рысқұловтың мысы басып кеткен. Жо-жоқ, дұрыс түсініңіз. Фрунзе басқалардың бәрінен ақылдырақ, яки батылырақ болғаннан сізге қарсы шығып отырған жоқ. Неге екенін білмеймін, сіз мені дұрыс түсінесіз деген бір түрлі сенімім бар. Әлде жерлестігімізден бе екен. Әлде тағдырлас болғандықтан ба?.. Сізге шындықты айтуға батылым жетіп отыр. Басқа жолдастарға осы жақындық, сыршылдық жетіспеген-ау деймін. Кейбір мәселелерді тек конференциялардың мінбесі арқылы емес, осылай оңаша сырласу арқылы да шешуге болады. Сонымен, «ТҮРІК» деген термин неге керек?
Рысқұлов бір түрлі мұңайғандай күрсініп салды. «Мұның да босаңситын кезі болады екен-ау?» — деп қойды Фрунзе.
— Сіз менің орнымда болсаңыз, түсінер едіңіз, Михаил Васильевич, — деді Рысқұлов қайтадан қатайып алып. — «Түрік» деген сөздің кейбір жолдастарға неге түрпідей естілетіні түсінікті де, түсініксіз де. Осы сөз жүрген жерде пантюркизм тіріліп кететіндей көрінеді кейбіреулерге. Ал байыбында мүлде олай емес қой. Түркістан жерін түркі халықтары мекендейді. Ол тарихи шындық. Қазіргі өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, башқұрт, татар, әзірбайжан, ұйғыр деп жүргендеріміздің бәрі түптеп келгенде — түріктер. Ептеген жергілікті ерекшеліктері болмаса, тіл де бір. Тіл бір жерде ұлттық сана да бір. Ал ұлттық сана жүрген жерде, теңдік сезімі деген де бірге жүреді. Мұны Ленин «Ұлттар және автономизация» туралы мәселеге» деген хатында әділ айтқан. Мәселен, ондаған жылдар бойы патша отаршылдығының тепкісінде келген ұлттық теңдік туралы сезімінің, арманының қандай болатынын отарлық қанау көрмеген ұлттардың өкілдері мына біздерше сезінбейді. Бізді түсіну үшін қан жылап, қанауда жүріп көру керек. Біз басқа ірі-ірі ұлттармен тереземіз тең болғанын армандаймыз. Иық тірестіріп, күш салыстыру үшін емес, әрине. Бізді күштілер үнемі кемсітіп келді. Ұлттық кемсіну сезімінің қандай қорлық сезім екенін сіз білесіз бе? Осыдан төрт-ақ жыл бұрын Түркістанның соңғы генерал-губернаторы Куропаткин заң жариялады. Ол заң бойынша, жергілікті түркі халықтарының адамдары орыстың әкімін көргенде басы жерге жеткенше иілуге тиіс болды. Күймеде, яки басқа көлікте ол байғұстар орыс адамына ұшып тұрып, орын беруге тиіс болды. Егер орыс адамы ол байғұстарды жәбірлеп, ұрып-соғып жатса, қарсыласпауға тиіс болды. Бассауғалап, бүгежектеген, жалтақ болған, қарғыс таңбасы басылған, қасам атқан қу өмір! Әне, Михаил Васильевич, сол сорлылық сезімнен бұл халықтар әлі де арылып болған жоқ. Сол қорлық, бүгежек сезімнен арылу үшін де біз ірі-ірі ұлттармен тең тұруымыз керек. Ол үшін қазақ, қырғыз, өзбек тағысын тағылар болмай, бүкіл түркі тілдестер біртұтас болуымыз керек. Азғантай елдің маңдайында ырыс тұрмайды, азғантай ел алысқа құлаш ұра алмайды. Қысқа жіп күрмеуге келмейді. Бұл мәселенің бір жағы, — деп Рысқұлов Фрунзеге барлай көз тастады. Әлгі айтқанының оған қандай әсер еткенін байқағысы келген болар. Фрунзе сыр бермей сазарды. Тек:
— Екінші жағы не? — деп қалды.
— Екінші жағы бұдан да күрделірек, әрі маңыздырақ. Түркістан республикасының географиялық орналасуы аса ерекше. Бұл бүкіл Шығыстың қақпасы тәрізді. Еуропаға «терезе» ашып алғаннан кейін I Петр Шығысқа да «терезе» оюды ойлаған ғой. Сондықтан да Орта Азияға экспедиция жіберген. Иә, мұның бәрі сізге белгілі, Михаил Васильевич. Бә-ә-әрі де сі-і-ізге бел-гілі. Ал енді Шығыстың аузында тұрған Түркістан басына коммунистер келді. Бүкіл Шығыс қолына дүрбі алып қарап отыр. Коммунистер не істер екен деп. Бүкіл Шығыстың бетін бері қарату үшін не істеу керек?
— Не істеу керек? — Фрунзенің басы еріксіз кегжең ете қалды.
— Шығысты үркітіп алмау керек. Ал біздің кейбір коммунистер — «максималистер» алғашқы кезеңде ойсыраған олқылықтар жіберіп алды. Оны сіз білесіз. Сондықтан қайталап айтып жатпаймын. Тек айтарым: Түрік Кеңес республикасы болып тұрса, Шығыс шынымен бізге іш бұрады. Ал мұның өзі көп жеңіс. Әрі десе, біз қазір Мусбюроны жаптық. Ал Шығыс бұрын Мусбюроны танитын. Мусбюроның жабылуын Шығыс теріс түсінбес үшін де, енді Түркістанда кеңестердің әділ ісін дүние-әлем тану үшін де Түрік республикасы керек. Сөз жоқ, РСФСР құрамында. Тек солай! Біз әуелі дербес бөлініп кетуге дейін ұлттар еркіндігін жарияладық. Мен оның қай кезең, қай жағдайда тиімді-тиімсіз екенін жақсы білемін. Ал сөйте тұра, Сталиннің «автономизациясына» дейін шегіну, әрине, келеңсіз жағдай болар еді. Көрдіңіз бе, Михаил Васильевич, ұлт мәселесінің теоретигі саналып жүрген Сталиннің өзі қалай қателеседі? Біздің де қателесуіміз мүмкін. Бірақ қазіргі кезеңде ең дұрысы — Түрік Кеңес республикасы. Бұдан шошымау керек. Мен бір кезде күннің батысынан күннің шығысына дейін өркен жайған Түрік қағанаттығын әсте армандап отырған жоқпын. «Тұрар Тұран дәуірін аңсайды», — деп кейбір жолдастар бекер айтады. Әр дәуірдің келбеті басқа-басқа, оны түсінбейтін мен емес. Ұлы Түрік қағанаттығы да, Тұран дәуірі де келмеске кеткен тарихи бір кезеңдер. Бірақ түркі халықтары тоз-тоз болып, басы бірікпей кетсін деу де қате.
Фрунзе қабағын түйіп, тұнжырап, жұдырықтарын қосақтап, үстелді жай ғана қойғылап-қойғылап қойып отыр екен.
Рысқұлов барлап алды да:
— Немене, ұнамай ма? — деді. Фрунзе жұдырықтарын жазып, жайдарылана күлді.
— Жоқ, Тұрар Рысқұлович, тек біз бір-бірімізді түсінбейміз-ау деп қорқамын.
— Өте өкінішті. Түркі халықтарының халін Түркістанда туып-өскен сіз түсінбегенде, Витебск губерниясында туған Голощекин түсінеді деп мүлде ойламаймын. Оның үстіне сіз отаршы отбасында емес, патшадан қуғын көрген кедей отбасында тудыңыз, қаналған, қиянат көрген, қырсық шалған халықтың психологиясын, арман-тілегін сіз қалайша ұқпайсыз? Біз де еңсемізді көтеріп, ел болғымыз келеді, озық елдермен тереземіз тең болғымыз келеді. Осы да қате ме? Біздің жүрегімізге отаршылдықтың тікені қадалған. Сіз Қызыл тікенді, шеңгелді далада жалаңаяқ жүріп көрдіңіз бе? Көрдіңіз. Табанға тікен кіргенде, кейде суырайын десең, ұшы алынып, түбірі қалып қояды. Сөйтіп ол шіріп, іріңдейді. Кеңес өкіметі біздің жүрегіміздегі тікенді суырмақ болды. Бірақ тұқылы алынып, түбірі қалып қойды. Әлі түгел тазалап болған жоқ. Отаршылдық озбырлығын кешкен біздің жүрегіміз әлі сыздайды. Сіз осыны да сезбейсіз бе?
— Мен Түркістанда туғаным рас. Осы өлкенің ауасын жұтып, суын ішіп өскенім де рас. Бірақ Түркістандағы түркі дейтін халықты мен білмеймін. Мен қырғыздарды, қазақтарды, өзбектерді, түрікмендерді, тәжіктерді білемін. Айтпақшы, тәжіктер түркі тілінде сөйлемейді ғой.
Рысқұлов көзілдірігі жалт етіп, басын шалт көтеріп алды. Тосын сұрақ еді. Сәл кідірді. Іле:
— Оныңыз рас, Михаил Васильевич. Тәжіктер — парсы тілдес халық. Түрік республикасы көлемінде оларға автономиялық облыс беруге біз дайынбыз.
Енді Фрунзе басын кегжең еткізді:
— Ал тәжіктер автономиялы облыс емес, жеке республика болғысы келсе ше?
— Түрік республикасынан бөлініп шығамыз деушілерге қарсылық жоқ. Ал бірақ кеше Мусбюро конференциясында да, Өлкелік V конференцияда да тәжік өкілдері мұндай мәселе көтерген жоқ, қайта біздің программаны толық қуаттады.
Фрунзе қос қолымен шүйделі басын қысып ұстап, тұнжырап отырып қалды. Бұл кім, алдында отырған адам? Шыннан ниеті бұзық адам ба? Шыннан қауіпті ме? Олай болса, революцияның, таптың қас жауы ретінде неге көзін жоймасқа? Теңіз толқынына былқ етпей қасқайып тұра беретін қара жартас сияқты неткен дүлей күш, неткен шыдамы берік, жігері шарболат қайсар жан? Ақылсыз, құр дүлей деп айта алмайсың. Қайта ақылы асқақ. Бұл шыннан жау болса, өте қиын-ақ. Ал революция пәруанасы болса, ондай революция бақытты. «Түркістанда туып-өскен сіз түсінбегенде...» — деді-ау. Ол рас. Мен мұны түсінуге тиіспін. Қалай, қай жағынан? Кенет Фрунзенің көз алдына соноу алыс Верныйдың Губернатор көшесінде көрген бір сұмдығы келе қалды. Ерлер гимназиясы Губернатор көшесінде болатын. Дәл гимназия қарсысында Губернатор бағы бар еді. Тәкаппар жасыл емендері асқақтаған сол бақ жан-жағынан биік шойын шарбақпен қоршаулы тұрар еді. Жай ғана шарбақ емес, әрбір қарыс сайын сояудай-сояудай істік темірлері аспанға шаншылып тұратын. Төрт жағында төрт қақпасы бар болатын. Әр қақпаның маңдайшасында: «Иттер мен киргиздарға кіруге рұқсат жоқ» деген жазуы бар тақталар қағулы тұратын.
Бір күні сабақтан шығып, енді қайда барсақ екен, Алматинка өзеніне кетсек пе, әлде тауға тартсақ па екен деп, Фрунзе өзінің достарымен парктің алдында тұрғанда, көшеден сақ-сақ еткен дыбыс естілді. Қараса, бөркін шекесіне киген салт атты қазақ, тас төселген Губернатор көшесінің қақ ортасымен, тағалы аттың тұяғын тарсылдатып, салып ұрып келеді екен. Парктің қақпасы ашық тұрғанын көріп қалып, тізгінді тартып алып, атының басын кегжең еткізіп, бақ ішіне арындата кіре бергенде, ар жағынан мылтығын кезеніп, қабасақал дәу казак шыға келді.
— Постой, скотина! Қайда?
— Ой, тамыр, пішен базарға барамын.
— Сен білмейді, что-ли, бұл парк тұрмақ, Губернатор көшесімен ат мінген, түйе мінген, есек мінген киргиздардың жүруіне болмайтынын.
— Е, қайдан білейін, бәрі Құдайдың жері емес пе?
— Көрсетемін мен саған Құдайдың жерін!
Қабасақал үскірік шалып кеп қалды. Шіркеу жақтан қылышы салпаңдап, санын соғып, едірең мұрт урядник жетіп келді. Аттың шаужайынан ұстап тұрған қабасақалдан істің мән-жайын сұрап жатпай-ақ, урядник наганының қабын сипалай:
— Түс аттан, оңбаған! — деп ақырды салт аттыға.
— Оу, мен сенің құдаң емеспін аттан түсетін, асығыс шаруам бар, е бұ жермен жүруге болмаса, басқа жолға түсейін, жібер, — деп салт атты шылбырды қабасақалдың қолынан жұлқып қалып еді, дәу неме босатпады.
Ары тарт, бері тарттан аттың басы кегжең-кегжең етіп, көзі оқшия бастады.
— А, сен әлі өкіметтің өкілін тыңдағың келмейді! — деп урядник наганды қабынан суырып алды. Бір қолымен салт аттының шалғайына жармасып, жұлқып-жұлқып қалды. Салт атты қозғала қоймады. Қайта қамшысын ыңғайлап ұстап:
— Қоя бер! — деп айбат шекті.
Салт атты урядникпен әлек болып жатқанда, қабасақал бәкімен тартпаны қырқып жіберді де урядникке:
— Тарт! — деп салт аттының ту сыртынан ер-тоқымымен қоса қопара итеріп тастады. Екеулеген күшке шыдай алмай, салт атты жерге сүйретіле құлады. Жерде жатқан «киргизді» есін жидырмай ана екеуі бет-аузына қарамай тепкілей бастады.
— Жүріңдер, мынау сұмдық қой! — деді сонда Фрунзе жолдастарына. Бір топ гимназистердің жүгіріп жеткенінен сескенген урядник:
— Мырзалар, әрі жүріңіздер, бұл жерде ешқандай қызық жоқ, — деп «киргизді» тепкілеуін қоя тұрды.
— Өкімет адамының бүйтіп жабайылыққа барғаны ұят емес пе, мұныңыз қалай? Босатыңыз оны. Мүмкін, ол қала тәртібін білмейтін шығар, қырдан келғен шығар. Бір жолға түсіндіріп, ұрмай-соқпай-ақ босатып жібермейсіз бе? — деді Фрунзе.
Аузы-басы қанап, орнынан тұрып, етегін қаққылады. Анадай жерге ұшып түскен бөркін алып, басына киді.
— Мырзалар, гимназист екендеріңді көріп тұрмын. Басбұзар киргизға ара түскендерің үшін басшыларың бастарыңнан сипай қоймас, аулақ жүріңдер! — Урядник қоқилана қалды. Салт атты ер-тоқымын көтеріп, қабасақалдың қолындағы шылбырды тартып еді, қабасақал:
— Атты бермеймін, айып төлейсің, сонан соң аласың атты, — деді. Күйіп кеткен жолаушы ер-тоқымды аттың үстіне лақтыра салып, қамшымен қабасақалды бастан ала тартып кеп жіберді. Қабасақалдың шекесінен қара қан бұрқ ете түсті.
— Міне, бұл соттың ісі! Енді түрмеде шірисің, айуан! — деп урядник наганын кезенді...
Қазір Рысқұловтың алдында отырып, Фрунзе осы бір жайды еске алды. Бірақ ол зорлық-зомбылық келмеске кетті ғой деді өзіне-өзі. Кеңес өкіметі енді ондай қиянатқа жол бермейді. Мұны Рысқұлов та түсінеді. Бірақ психологияны жаңа заманға бірден ыңғайлау оңай емес. Қарғыс атқыр ескінің елесі Рысқұловтың есінен шықпай тұрғаны сондықтан. Мұны мен, әрине, түсінемін. Бірақ ұлт мәселесі бұл жолмен шешілмейтінін бұл түсінбесе амал не? Әйтеуір, түркі тұқымдастар іріленіп, күшті болса екен дегеніне көне қою қате ғой. Бұл пантюркизмге тартатын жол ғой. Оған үлкен тосқауыл керек.
Рысқұлов дәл қазір Фрунзенің соноу алыс Алматыны оймен аралап қайтқанын білген жоқ. Бірақ қолбасшының кекшіл көздерін мұң шалғанын байқады. Рысқұлов тағы біраз қасарысса, Фрунзе илігетін сияқты көрінді.
— Ал түптің түбіне келсек, тіпті ұлтқа бөліп жатудың керегі жоқ, — деді Рысқұлов үнін жұмсартып. — Бізге бірлік, бірлік арқылы ірілік керек. Өзіңіз білесіз, күні кешеге дейін республикада коммунистер партиясы үш ұдай болып келді: Мусбюро (оны мен басқардым), крайком, шетелдік коммунистер секциясы. Крайком ұйтқы бола алмады. Беделі қалмады. Көпшілік, тіпті Шығыс елдері де Мусбюроны мойындап, тек соны ғана таныды. Ал бұл келеңсіз жайт екенін түсініп, үш тармақты біріктіріп, крайком беделін көтеру жөнінде мәселені бірінші көтерген мен болатынмын. Ақыры солай болды да. Кешегі V конференция солай шешті. Демек біртұтас партия бар, оны өзбектікі деп, қырғыздікі, қазақтікі деп бөлшектемейміз ғой.
— Сондықтан да «түрік» дегеніңіз түсініксіз. Ұсақ ұлттардан безіп, ірі ұлт болуға ұмтылуыңыз жұмбақ. — Фрунзенің көзі қайтадан қатулана бастады.
— Оны мен әлгінде ғана түсіндірдім ғой. — Енді Рысқұловтың даусы қатая түсті. — Бүкіл Шығыс алдында «түрік» дегеніміз — жарнама. Шығысты сіз социализмге мылтықпен айдап әкеле алмайсыз. Шығысты социализмге, Кеңеске қарай икемдейтін Түркістан, ондағы түркі халықтары. Егер сіз сол түркі халықтарының бірігуіне жол беріп, өзге ірі халықтармен терезесін тең етсеңіз, Шығыс, сөз жоқ, сізге тәнті болады. Тәнті болады да кеңеске қарай қол созады.
— Ол рас та шығар. Бірақ мен «түрік» яки «түркі» деген халықты Түркістанда бар деп білмеймін. Мен бала кезден қырғызды, қазақты, өзбекті білемін.
— Сол айтып отырғандарыңыздың бәрі де Түрік дейтін ұлттың жаңқалары екенін түсінгіңіз келмейтіні өкінішті. Тарихты түсінгіңіз келмейтіні қалай, Фрунзе жолдас? Тарих сізге Колчак емес қой тас-талқанын шығарып жүре беретін.
Фрунзе күліп жіберді. Көздерінен сәуле шашырап, жанарының айналасын ұсақ әжім тұта қалды. Орнынан тұрып келіп, Рысқұловтың иығына қолын салды.
— Ал бірақ, Тұрар Рысқұлович, сіздің Нәзір Төреқұлов туысқаныңыз өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжікті осы дәл бүгін жеке-жеке республика етіп, шекараларын бөлуді талап етеді. Бұған қалай қарайсыз?
— Күдікпен қараймын. Нәзірлер бір күндік ұранның адамдары. Тыз етпе жүйріктер. Сіз айтып отырған Нәзір 1917 жылдың күзі мен 1918 жылдың басында Орынборда «Қазақ» газетінің редакциясында істеді. «Қазақ» газеті «Алашорда» партиясының тіліне айналған. Сонда Нәзір бүкіл Қазақстандағы қазақтарға «Түсі бірге Түркістанға қосылайық» деп ұран тастағандардың қатарында еді. Енді келіп, дәл қазір Түркістанды бөлшектеп, жеке-жеке республикалар болуын талап етеді. Бір күндік ұран деген осы... Мәселенің төркіні әріде-е-е жатыр... Жарар, Михаил Васильевич, сіз мені, мен сізді иландыра алмадық. Бірақ мен өз пікірімде қаламын. Ал сіз қаласаңыз, тағы да конференция шақыртайық. Көпшілік шешсін. Көпшілік маған:
— Рысқұлов, сенікі қате! — десе, мен көндім.
— Е, жоқ! Он күнде бір конференция шақырып отыруға жағдай көтермейді. Голощекин дұрыс істеген: сізбен келісуін келіскен де ақырғы шешімді, яғни сіздің ұсынысыңыздың бекітілуін РК(б)П Орталық Комитетінің, ВЦИК-тен күткен. Соны біз де күтейік. Орталық не дер екен...
— Күтсек — күтейік! Ең дұрысы: Ленинмен көзбе-көз отырып шешкен абзал. Ленин не айтса, соған тоқтау керек. Ал енді, Михаил Васильевич, түркі халықтарының өнерін тамашалаңыз. Осындағы студенттер концерт беріп, түскен қаржыны аш халықты асырауға бермекші. Жүріңіз, Михаил Васильевич...
* * *
Наурыз әлі шыға қоймай, сәуір әлі туа қоймай тұрса да, Ташкент көктем құшағында еді. Шымған тауынан кешке қарай салқын самал лекілдеп, күндізгі қапырықты сыпырып-сиырып алып кетіп, тыныс кеңейген кез. Терек, қайындардың сырғалары салбырап, мәжнүн талдар иіліп, ашаң жасыл жапырағы зүміреттей жайнап, бір қуаныш, бір мұңның арасында үн-түнсіз тербеледі. Губернатор паркіндегі зау шынарлар ара-тұра бөтен дарақтардың арасынан бұтақтарын өткізіп жіберіп, бүкіл паркті, тіпті күллі аспанды қаусырғысы келгендей, құлашын кеңге жайып, алыптығын танытып тұр.
Парк төріндегі ашық эстрада жақтан керней даусы тымық кешті жаңғырықтырып, қала халқын мазасыз халге салды. «Әлдекім үйленді ме? Көптен бері үзіліп қалған керней үні қайта шықты ғой», — деп көше-көшемен жұрт ағылып, Губернатор бағына жеткенше асыққан.
Ащы керней үнінен парктің ағаштарына қонақтап үйренген ұзақ-қарғалар да мазасызданды. Пар-пар етіп, үдере көтеріліп, іңір қараңғылығында қайда барарын білмей улап-шулап, уда шу болды.
Парк қақпасының алдында Рысқұлов пен Фрунзені сарғыштау толқын шашы маңдайына түскен, ашаң жүзді, әдемі жігіт күтіп алды.
— Ғани Мұратбаев — Түркістан комсомолының жетекшісі, — деп таныстырды Рысқұлов жігітті Фрунзеге. — Бүгінгі кешті ұйымдастырып жүрген осы Ғани.
Өрім жігіт жалт етіп қарап, Фрунзенің қолын алды.
— Жүріңіздер, — деп Мұратбаев аталарын эстрада жаққа бастап жүрді. — Кәне, жол беріңіздер!
Мұратбаевтың ескертуімен қақ жарылып, жол ашқан халық Рысқұлов пен Фрунзені бірі танып, бірі танымады. Сыбыр-сыбыр көбейді.
— Рысқұлов! Рысқұлов!
— Кәне, кәне!
— Қасындағы кім?
— Ол атақты батыр Фрунзе.
— Фрунзе? Рас па?
Бұлар эстрада алдына жеткенше шыжандай адам Рысқұлов пен Фрунзенің келгенінен бәрі хабардар болып, көргісі келіп, мойындарын созып, алға кимелеп, бірін-бірі таптап кете жаздап, маза кете бастады. Әлдекім:
— Жасасын Фрунзе!
— Жасасын Рысқұлов! — деп айқай салды.
Айқай-шу, ұран көбейді.
Фрунзе сәл қысылыңқырап:
— Қайдан біліп қойды? Әлде біздің келетінімізді күні бұрын хабарлап па еді? — деді.
— Жақсының аты елге өзінен бұрын жетеді. Халық арнайы хабарсыз-ақ танып, құрметтеп тұр ғой, — деді Рысқұлов. Іле Мұратбаевқа қарап:
— Бастаңдар, — деді.
Мұратбаев бастырмалы эстрадаға тез көтеріліп, әлі де ұрандап тұрған халыққа қолын созды. Айқай-шу басыла қоймады. Мұратбаев дауыстап:
— Мемлекетіміздің аса көрнекті қайраткерлері Фрунзе мен Рысқұлов жолдастарға жалынды сәлем! — деді.
— Сәлем! Сәлем! — деген үн Ташкентті дүр сілкіндіріп өтті.
Орындық жеткендері отырып, жетпегендері иінтіресіп түрегеп тұр.
— Сіздердің алдарыңызға қазір Түркістанның өнерлі студент жастары шығады, — деді Мұратбаев. — Сонымен қатар, Түркістанда гастрольде жүрген туысқан Қазан татарларының «Сәяр» ансамблінің өнерін тамашалайсыздар. Бұл интернационалдық концерттен түскен қаржы аштыққа ұшыраған халыққа көмекке беріледі...
Бірінші болып өзбектер биледі. Жігіті мен қызы. Жігіті ала тақия, белін күлдәрімен буған биқасап шапан, қызы сары ала атлас көйлек, тілерсегіне жеткенше қызыл ала атлас штан киген. Дағарашы музыканы таңқылдата бергенде-ақ қыз бен жігіт мың бұралып, лыпылдай жөнелген.
Рысқұлов Фрунзеге сыбырлап:
— Қыз болып билеп жүргенге зер салыңыз, — деді.
Фрунзе қадала қарап, отырып-отырып:
— Несі бар, өте әдемі, биязы билейді, — деді.
— Қыз болып билеп жүрген жігіт қой.
— Ә, солай ма? Айтпасаңыз, ойыма да келмес еді. Ой, қу-ай, аумайды ғой қыздан!
— Эстрадаға нағыз өзбек қызы шықса, жақсы-ақ болар еді. Бірақ әзірше қиын. Паранжаға қарсы күрес жүргізіп жатырмыз. Дін, ескі әдет пәрмені әлі күшті.
Келесі топ тәжік биін биледі.
— Сіз түркі тұқымға жатқызбайтын тәжіктер осылар. Әлгі өзбектер биінен не айырмашылығы бар?
Фрунзе үндеген жоқ. Тек би біткенде қолын қатты соқты.
Жүнін көзіне түсіре сеңсең бөрік киген түрікмендер де биге басты. Тек аппақ айыр қалпақты қырғыз жігіті құйқылжытып қомұз тартты.
— Міне, бұл менің нағыз жерлесім, — деп Фрунзе қомданып қойды. Қомұзшы жігіт жұртқа қарап, тағзым етіп, иілгенде Фрунзе қолын бұрынғыдан да қаттырақ соқты.
Қырғыз кеткен соң шымылдық жабылып қалып, сәлден соң қайта шылды. Сахнада молаға ұқсас төмпешік пайда болыпты. Жұрт «мұнысы несі?» — деп түсіне алмай, аң-таң болып тұрғанда, эстраданың арғы бетінен аңыраған ащы да зор дауыс кернейден де қатты естіліп, ақбоз атты біреу сахнаға шауып шықты.
Халық гу етті. Асау ақбоз үрке жаздап, тірсектері дір-дір етіп, ауыздықпен алысып, шыр айнала бергенде, сахна қапталынан екі жігіт жүгіріп шығып, атты тізгінінен, шылбырынан ала берді. Ал аңыраған салт атты ер үстінінен аунай түсіп, сахна ортасындағы тілсіз төмпешікті құшақтап құлап, тұңғиық терең, жүрек жұлқыр құдіретті әнге басты.
О, Зәуреш, сенің үшін елден келдім,
Баяғы өзің көрген жерден келдім.
Сен неге мен келгенде тебіренбейсің?
Иіскеп бір сүйейін-ау деген едім... ай...
Рысқұлов Фрунзеге түсіндірмек болып, ән мазмұнын орысшалай бастап еді, Фрунзе:
— Білемін, білемін, түсінемін, — деді. Рысқұловқа Фрунзенің даусы дірілдегендей болып естілді.
Не керек алмас қылыш қын болмаса,
Өтірік неге керек шын болмаса.
Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш,
Басыңды бір көтерші-ай тым болмаса...
Тілерсектен қан кешіп, өлімнің неше түрін көрген ұлы қолбасшы галифе қалтасынан орамал алып, мұртын сипаған болып, білдіртпегенсіп, көзін сүртті.
Рысқұлов ойлады: «Менің жиналыста, айтыста қызылкеңірдек болып, жүз рет сөйлегенімнен, мына жүрек жеген бір-ақ ән әлдеқайда құдіретті-ау».
Шексіз, шетсіз үн Ташкент аспанының астын тітірентіп, демі таусылмастай, әрі елжіреп, әрі еңіреп, әр жүректі тілімдеп тұрып алды.
— Ой, бауыр-ем! — деп әлдекім қалыңның ішінен ышқына айқайлап жіберді. Бүкіл халық ішінен тынып, тығылып-тығылып, үнсіз жылап тұрды.
Әлден уақытта барып, әнші бауырын көтеріп, орнынан тұрып, халыққа қарап тәжім етті. Саңқ-саңқ етіп сөйлеп кетті:
— Мен осы «Зәурешті» аштықтан, обадан, сүзектен қырылғaн бауырлар рухына бағыштадым. Енді бізге аштық, оба, сүзек сияқты тажалдар жоламайды. Өйткені Кеңес өкіметі халықты қорғайтын болады. Ендігі жерде мен сіздерге тек қуаныш әнін, ғашықтар әнін ғана айтатын боламын.
Жап-жас жігіттің тұла бойынан шоқ шашырап тұрғандай еді. Жаңа ғана дүйім жұртты жылатып алып, енді бірте-бірте сол бейбақтың жүзін жадыратты.
Ауылдан мен шықтым, күн де батты
Бозжорға ат, жамандатқыр, ішін тартты.
Боларын бір сұмдықтың біліп едім,
Ауылы қалқатайдың қашықтапты...
Ала шапандар, биқасап шапандар, сырмалы қара шапандар, түрікмен сеңсең бөріктер, ала тақиялар, айыр ақ қалпақтар, дөңгелек бұйра бөріктер, ақ сәлде, көк сәлделілер жапырыла қол соқты. Кирпростың шәкірті Құрманбек Жандарбековтің «Зәуреш» пен «Бозжорға атынан» соң сөз «Сәярға» берілді.
«Сәяр» ансамблінің жетекшісі Исмағұл Рәми дөңгелек қара тақия киіп шығып, көпшілікке тағзым етіп, татар әртістерін таныстырды: Гүлсім Болгарская, Ғабделбәри Файзуллин-Болгарский, Мәрфуға Мұртазина, Валиулла Мұртазин, Корим Тинчурин, Ғабдолла Камал, Ғабдолла Карим, Сара Байкина, Зәки Баязитов, Ғабдрахман Мангушев.
— Шоқынған татарлар ма? Болгарскийі қалай? — деп сыбырлады Фрунзе.
— Жоқ, Михаил Васильевич, бұлар да өз тарихын ұмытпауды ойлайды. Болгар, яғни Бұлғар мемлекеті болған баяғыда. Еділ бойын жайлаған. Соны меңзеп тұрған фамилия ғой, — деді Рысқұлов. — Ірі болуды кім аңсамайды? Бұлғар — кезінде кемел мемлекет болған.
«Осы бір детальдің өзімен де өз идеясын шегелеп жатыр. Не деген бас?» — деді ішінен Фрунзе.
Бұл арада «Сәяр» Ташкент түнін ән мен биге бөледі. «Ғалия-бану», «Сағыну»,«Сарман», «Тәфтиляу», «Өмірзая», «Гүлжамал», «Мәрфуға» бірінен бірі өтердей, өзекті өртеп, жанды жалынға орап, дүниенің уайымын ұмыттырып, арман әлеміне, сүйіспеншілік, махаббат еліне шақырады. Иінтірескен, өзге өмірді ұмытып, тек сахнаға мойын созған жүздеген жан татар өнер шеберлерін шетінен қайта-қайта шақырып, осы бір тәтті кезең таусылып қалмаса екен деп үздігіп, меймандарды жібермеуге тырысты.
Бірақ ләззаттың да шегі бар, әрі десе сирек те келте кездесетін бақытты шақ қожырар шақ та туды. Исмағұл Рәми шығып, Түркістан, Ташкент халқына рақмет айтты. «Сәяр» түгел қосылып, «Салағыш» әніне салып, халықпен қоштасты:
«Салағыш, Салағыш!
Мин китәм жырақларға,
Бағырем, хуш! Бағырем, хуш!»
— Түсінікті ме? — деді Рысқұлов Фрунзеге.
— Түсінікті. Өзіміздің «хош» қой. Тек «бағырем» не?
— Бауырым, яғни туысқаным, бір туысқаным, қарындасым, қардашым, емшектесім...
Фрунзе: «Тағы да өз идеясын шегеледі», — деді ішінен.
Концерт бітіп, Рысқұлов пен Фрунзе қоштасарда, Фрунзе:
— Айтыңызшы, Тұрар Рысқұлович, қазақтардың көп қырылғаны рас па? — деді.
— Рас, Михаил Васильевич, отырықшы ел өйтіп-бүйтіп жер сауады, сауда-саттықпен айналысады. Ал мал баққан қазақ екі жыл қатарынан соққан ашаршылық соғысынан сансырап кетті. Бір ғана Перовск уезінде Гержот миллионға жуық қазақты қырды.
Фрунзе Рысқұловқа көңіл айтқандай, үнсіз ғана қос қолдап иығынан құшақтап, тез бұрылды да қайта-қайта жөткірініп кете барды. Соңынан қарауыл солдат қараңдайды.
* * *
Фрунзе жаңа ғана көріп-тыңдаған концерттің әсерінен әлі айыға алмай келіп, үстел басына отырды. Қолына қаламұш алып, шыны дәуіттегі сияға бір батырып, неден бастарын ойлап, ақ қағазға тесіле қарады. Ақ қағазға тесіле берсең, не жазарыңды сол сыбырлап айтатын сияқты. Қаламұш әуелі кібіртіктеп барып, көсіліп жүре берді.
«Қымбатты Владимир Ильич! — деп бастады Фрунзе Ленинге арнаған осы хатын. — Оралдан Ташкентке келгеніме де біршама уақыт болып қалыпты. Менен бұрын мұнда Түрккомиссияның басқа мүшелері келгенін өзіңіз білесіз. Элиава, Рудзутак, Куйбышев, Голощекин жолдастар едәуір жұмыс атқарып үлгеріпті. Туркістандағы жағдай күрделі де әрқилы. Ағылшындардың тіміскі әрекеті, басмашылардың озбырлығы, Жетісудағы кулактар мен ақтардың сойқаны Түркістандағы тіршілікті қиындатып тұр. Бірақ біз бұл қиындықты көп кешікпей жеңіп шығатынымызға сенімім мол.
Бұдан гөрі күрделірек қиындық — Түркістандағы мұсылман қауымынан шыққан коммунист басшылармен тіл табысу. Бұл ретте біз тығырыққа тіреліп тұрмыз...
Мұндағы, Түркістандағы, мұсылман коммунистерінің ішінен екеуін айрықша атауға болады. Біріншісі — өзбектерден Тұрсынходжаев, екіншісі — қазақтардан Рысқұлов. Рысқұлов ақылдылығымен қоса, аса ірі де бай мінездің адамы. Мұнда Рысқұлов және оның тобы өте белгілі. Басқалардың бәрінен де Рысқұлов ерекше ақылды. Оның тобында іскер адам көп. Рысқұлов халыққа әбден танымал, ал бұлай деп Атабаев пен Төреқұлов жөнінде айтуға болмас еді.
Тұрар Рысқұлов — партия қайраткерлерінің ішінде аса үздіктерінің бірі. Түркістанда Кеңес өкіметі мен коммунистік партияның даму тарихындағы тұтас бір дәуір Рысқұловтың есімімен тікелей байланысты. Рысқұлов жолдастың есімі — төңірегіне партия қызметкерлерінің белгілі бөлігі топтасқан жалау, ту сияқты. Қажымас қайрат-жігері, аса ірі ұйымдастырушылық дарыны бар, принциптеріне мейлінше берік, бірбеткей Рысқұлов халық арасында мол беделге ие болып, аты аңызға айналды. Марксизмді тәп-тәуір меңгерген, білімді десең білімді, шешен десең шешен.
Сөйте тұра, ұлттық мотивтерге іші бұра береді. Міне, маған қолыма қалам алдырып, Сізге хат жаздырып отырған да осы жағдай. Таяуда болып өткен Түркістан Коммунистік партиясының бесінші конференциясында (ол кезде мен Түркістанға әлі келмеген едім) Рысқұлов біздің ісімізге зиянды ұсыныс жасап, ол ұсынысын конференция арқылы өткізіп жіберген.
Ең қиыны — Рысқұловтың сол қауіпті ұсынысын конференция түгелге жуық қолдап, қуаттаған. Тіпті біздің Түрккомиссияның мүшелері де, Рудзутактан басқасы, Рысқұловтың жетегінде кеткен. Егер біздің революция от-жалынында шыныққан аса белгілі қайраткерлеріміз Элиава, Куйбышев, Голощекин жолдастар Рысқұловтың айтқанына бас шұлғи берген болса, онда Рысқұловтың қандай пәрменді, сесті, логикасы темірдей берік, бетқаратпас қайраткер екенін өзіңіз де түсіне бересіз.
Ал оның «ұсынысы» дегеннің мәніне келетін болсақ, осындай дәті берік, ақылды адамның, іштей адал коммунист басшының көпе-көрнеу қатесіне қынжылмасқа болмайды. Ол Түркістан орнына «Түрік кеңестік партиясы», «Түрік кеңестік республикасы» дегенді шығарып, ұлтшылдық, бәлкім, тіпті пантүріктік жолға түсіп отыр. Рысқұловтың имандай сеніміне қарағанда, өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен т. б. түркі тұқымдас халықтардың бәрі бір-ақ ұлт, яғни түрік... Мұның ар жағы неге апарып соғарын өзіңіз білесіз. Мен Рысқұловтың бұл қатесін бетіне айтып, түсіндірген болдым. Бірақ ол илікпеді. Оны сөзбен жеңу қиынның қиыны. Енді міне, бізбен келіспеген соң, Мәскеуге аттанып, Сізбен жүздесіп, өз идеяларын сарабыңызға салмақшы. Ендігі мәселе өзіңізге байланысты, Владимир Ильич!
Коммунистік сәлеммен Фрунзе».
* * *
Перронға Рысқұлов, Низам Ходжаев алдымен шықты. Оларды шығарып салуға Сағдулла Тұрсынходжаев, Санжар Асфандияров, Файзолла Ходжаев, Әкмәл Икрамов, Қабылбек Сарымолдаев келген екен. Рысқұлов перронға шыққан соң, шығарып сала келушілердің арасынан Нәзір Төреқұловты, Сұлтекеңді — Сұлтанбек Ходжановты іздеп еді, олар көрінбеді.
Бұлардың соңын ала Мәскеуге жүретіндердің екінші тобы келіп жетті. Олар Элиава мен Рудзутак еді. Аттандырып салуға Фрунзе, Куйбышев, Голощекин келіпті.
— Демек, жүретін болдыңыздар ғой, — деді Фрунзе Рысқұловтың қолын алып тұрып.
— Солай болды.
— Менімше, Элиава, Рудзутак бәріңіз бір вагонда болғандарыңыз дұрыс еді-ау.
— Өзі де солай. Егер олар қаласа, бір вагондамыз, — деді Рысқұлов.
— Бәсе, өзім де солай сеніп едім, — деп Фрунзе Рысқұлов пен Рудзутакты қоса құшақтап тұрды. — Екеуіңіз — екі полюс сияқты болып тұрғандарыңызбен араларыңызды ажыратпас арқау барына сенемін.
Рысқұлов Фрунзені зейінмен тыңдай тұрса да, көзі басқа бір жаққа қадалғандай болды. Аздан соң:
— Кешіріңіз, — деп Фрунзенің құшағынан сытылып шығып, перронның шетіне қарай кете барды. Перронның тақтай төсеген едені бітер жерден әрірек, қарағай бағанаға байлаулы ер-тоқымды, әбзелді бір сұлу ат тұр екен, Рысқұлов соған жақындап барып, жүгенін ұстай бергенде, ат басын кегжең еткізіп, тыпырши берді. Рысқұлов аттың мойнын шапаттап, жалынан сипаған соң, жануар тыншығандай болды. Рысқұлов оның жүнін қасылап, тұмсығынан сипалады. Аттың мойны салбырап, көзін жұмды. Тұмсығын Рысқұловтың омырауына үйкегендей болды. Сол кезде Рысқұлов аттың мойнына бетін басып, мелшиіп тұрды да қалды.
Перрондағылар аң-таң. Пойыз жүретін уақыт болды. Рысқұлов аттың мойнынан бетін ажыратар емес.
— Міне, нағыз киргиз, бұлар аттың үстінде туған ғой, — деп ыржиды Голощекин. — Рас айтам, бір жерде оқығаным бар.
— Сіздің оқығаныңыз бар, ал менің көргенім бар, — деп Фрунзе жақтырмай қалды. — Біріншіден, Филипп Исаевич, киргиз емес, қазақ. Екіншіден, осы қазақ, мен білсем, бұл атты танып тұр. Әкесі туралы маған айтқан бір әңгімесінде Тұрар суреттеген ат осындай сұлу, сүліктей мал болатын. Бұл, сірә, соны таныды.
— О-о, — деп Голощекин есесін қайтармақ болды, — Рысқұловтың әкесінің заманындағы жүйрік ат әлі тірі деп ойлайсыз ба? Сіз де қызық екенсіз, Михаил Васильевич.
— Голощекин жолдас, — деді Фрунзе ресми мақамға түсіп. — Нағыз ереуіл, қазанаттар тұқымсыз кетпейді. Тұрар Рысқұлдың баласы екені рас болса, сол Рысқұл мінген тұлпар аттың тұқымы неге болмауға тиіс?
Осы кезде вокзалдың ресторанынан құндыз бөрік, шибарқыт камзол, шоқайма көк етік киген бір қазақ қонышын қамшылай шығып, өзінің атына жабысып тұрған бөтен адамды көріп:
— Әй, бұл қайсың? — деп алға теңселе басып ұмтылған. Қамшысын сығымдап ұстай ұмтылған. Жақындап барып, әлгі адамның ұры емес екеніне көзі жеткендей болған соң:
— Саған не керек? — деген.
Рысқұлов аттың иесіне қарап тұрып:
— Айтыңызшы, бұл аттың тегін білесіз бе? — деді.
Масаң адам ойланып қалды.
— Білмеймін, әйтеуір Әулиеатадан ба, Меркеден бе, жоқ-жоқ, Алматыдан, иә, иә, Алматыдан. Нағашыларымыздан қалап әкелген. Әй, оны неге сұрадың? Мал ұрлатып па едің?
— Иә, — деді Рысқұлов бір күрсініп. — Баяғыда Қызыл Жебе деген керемет ат болған. Сол ма деп қалдым. Бәлкім, соның тұқымы шығар, кім біледі?
— Жолдас Рысқұлов! Жолдас Рысқұлов! Пойыз, пойыз! — деп айқайлады перрондағылар.
Масаң қазақ «Рысқұлов, Рысқұлов» дегенді естіп:
— Ойбай, бауырым, сен шыннан Тұрарсың ба? — деді.
— Иә, мен Тұрармын. Әкем Рысқұлдың тұлпары Қызыл Жебе еді. Қош-сау бол.
Масаң қазақ аузы аңқайып тұрып-тұрып, бір уақыт Рысқұловтың соңынан бір сүрініп, бір қабынып тұра жүгірді.
— Тоқта, Тұрар! Міне кет Қызыл Жебеңді, міне кет, бауырым.
Бұл кезде Рысқұлов көк вагонның үзеңгісіне аяғын сала берген. Артына бұрылып, әлгі қазаққа:
— Қай ауылдансың? — деп айқайлады.
Паровоз өкіріп-өкіріп жіберді.
Әлгінің не айтқанын Рысқұлов есіте алмады...
Пойыз Ташкенттен сытылып, қазақтың кең даласына шығып, көсіліп ала жөнелгенде, терезе алдында тұрған Рысқұловтың жанына Элиава келді.
— Тұрар Рысқұлович, сіз бұрын бұл жолмен жолаушы жүріп пе едіңіз?
Рысқұлов басқа дүниеден оралғандай, Элиаваның бетіне бағдарлаңқырай қарап:
— Иә, жүрдім. Алғаш 1915 жылы осы жолмен Самараға бардым. Оқу іздеп... Сондағы ауылшаруашылық институтына түспекші едім.
— Түстіңіз бе?
— Жоқ. Емтиханның бәрін үздік тапсырдым. Пішпек орман техникумын бітіргенім туралы аттестат та кілең үздік баға еді. Институтқа қабылдану жөнінде бұйрық беруге келгенде, ректор менің құжатымның шекесіне: «Мал баққан номад баласына егін шаруашылығымен айналысудың керегі жоқ», — деп жазып жіберіпті.
— Иә, содан? — Элиава Рысқұловты енді танығандай ентелей түсті.
— Содан не болушы еді, ректорға көзбе-көз жолықпақшы болып, қабылдауын үш күн күттім — қабылдамады. Ақыры кабинетінен шығатын кезді аңдыдым. Дәлізде алдын орап:
— Мен өзіңіз айтқан номад баласымын. Соноу жердің түбінен Самараға әрең жетіп едім. Оқуға қабылдаңыз, — дедім.
Ректор алтын шынжыр баулы көзілдірігін ақ қолғапты қолымен түзеп киіп, бетіме үңіле қарап тұрып:
— Еліңе қайт, жігітім, сенің халқың егін салмайды, мал бағады. Малыңды бағып жүре бер, — деді.
— Кешіріңіз, қазір біздің елде де егіншілікпен айналысады. Білмеуші ме едіңіз? Столыпин реакциясынан кейін жерге егін салу бізде де жанданды.
— Е, жігітім, ондағы егін салушылар — Ресейден барғандар. Ендеше, солар айналыса берсін. Сен малыңа бар, — деп сыпайы ғана арқамнан қақты да, жүре берді. Жүріп бара жатып, ақ қолғабын екінші қолымен қағып-қағып қойды. Әңгіме сонымен тәмәм болды, Шалва Зубарович.
Элиава күрсінді.
— Сонымен кері қайтып кеттіңіз бе?
— Қайтайын десем, қалтада соқыр тиын жоқ. Орыс тілінен менен емтихан алған мұғалім, әлі атын ұмытқан жоқпын, Виктор Васильевич Болотников деген кісі ректордың қылығына қатты ашуланды. Сөйтсем, орыстың ұлығы орыстардың өзін де тыңдамайды екен, Болотников ректорға сөзін өткізе алмады. Ақыры ақылын айтты:
— Қаржың жоқ болса, пристаньға бар да жүкші бол. Жарты ай, бір айда қаржы жинап, еліңе қайт, — деді.
Ақмар дейтін башқұрт жігіті екеуіміз, о да номад ретінде оқуға қабылданбаған, пристаньға барып, Еділ кемелерінде жүк түсіріп, жүк тиеп, бір ай шамасында жұмыс істеп, содан түскен тиынға билет алып, Ташкентке әрең жеткенмін... — Рысқұлов сөзін айтып бітірмей:
— Ананы қараңыз! — деп дауыстап жіберді.
— О не? — Элиава Рысқұлов нұсқаған далаға жалт қарады.
Әлгіде Ташкент вокзалында жолыққан құндыз бөрікті қазақ қызыл айғырды көсілтіп, пойызбен жарысып келеді екен. Қызылдың жал-құйрығы тұлпардың тұрқымен бірдей шаншылып, үстіндегі адам жал құшып, соңында бұрқ-бұрқ еткен шұбалаңқы шаң қалып, атқан оқтай зымырайды. Шабандоз құндыз бөркін қолына алып, пойыз жаққа қолын бұлғайды. Жұрттың у-шуына купеден Рудзутак та шығып, салт аттыны көріп:
— Мынау бағанағы вокзал басындағы адам ғой, — деді.
— Әй, рақмет, бауырым, ер екен, енді түсіндім, — деп Элиава сүйсінді. Пойызбен жарысқан қазақты машинист те байқаған екен, озаңдатып, паровоздан ұзақ гудок берді.
Құрығанда он километрдей оқша зулаған қызыл айғыр бірте-бірте қалыңқырай берді. Салт атты құндыз бөркін озып бара жатқан пойызға созды.
— Тұрар Рысқұлович, сіз бақыттысыз, — деді Рудзутак. — Мына қазақ сізді осынша жерге дейін шығарып салды ғой.
Рысқұлов масаттанудың орнына біртүрлі мұңайған сыңай танытты:
— Қызыл Жебеден тағы да көз жаздым, Ян Эрнестович.
— Қызыл Жебе сіз өзіңіз ғой. Жаңағы қалып қойған тек сіздің көлеңкеңіз ғана. Түркістаннан шығып, Мәскеуге заулап бара жатқан Қызыл Жебе — міне, сіз... әлі биікке атыласыз.
— Оны сіз бен біздің Ленин алдында кездесетін сәтіміз шешеді. Биікке атылу, яки құлдилап құзға құлау — бәрі де Ленин алдында белгілі болады.
— Оныңыз рас, Тұрар Рысқұлович, Ленин біздің айтысымызды әділ анықтары хақ.
— Жолдастар, шай дайын, купеге кірейік, — деп Шалва Элиава Рысқұлов пен Рудзутакты құшағы жеткенше қапсырып, дастарқан басына қарай икемдеді...
(Үшінші кітаптың соңы)
МАЗМҰНЫ
Жұлдыз көпір (Үшінші кітап) 2
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі