Өлең, жыр, ақындар

Қызыл жебе. V кітап

Қызыл жебе. I кітап

Қызыл жебе. II кітап

Қызыл жебе. III кітап

Қызыл жебе. IV кітап

«ТАМҰҚ»

Роман

СОҢҒЫ СӘУЛЕ

Пойыз ежелгі қыпшақтар даласының жазығынан шығып, таулы өлкенің етегіне келіп ілікті. Жер бедері өзгере бастады. Вагонның, купесіндегі тымырсық ауа да жұпар аңқығандай ақ пейілденіп сала берді.

Қасиетті Кавказ өз болмысынан белгі берді. Баяғы батырлардың басынан түсіп қалған дулығадай шоқылар тізбегі көрінді.

— Бештау, — деді Рысқұлов.

— Кәне, — деп, келіншегі Рысқұловпен басын түйістіре терезеге үңілді.

Әзиза Кавказбен сырттай таныс. Лермонтовты көп оқыған, Бештау дегенде құлағы елең ете қалғаны да сондықтан.

Зымырап келе жатқан пойыз емес, заулап қашып бара жатқан телеграф бағаналары мен көгілдір шырша ағаштары сияқты. Ашық терезеден шырша жұпары аралас кермек жусан иісі де бұрқ ете қалды.

— Әне, анау көрінгені Машук, — деді Рысқұлов шығыстан мұнарта қарайған мұңды тауды нұсқап.

— Дуэль сонда болған, ә? — деп Әзиза жас балаша таңданды.

Кітаптан оқығанды көзбен көрген, әрине, әсерлі. Жас келіншек бейтаныс сезімге бөленіп, бұрын құлақпен естіп, кітаптан оқығанды көзбен көргеніне бір қуанса, сол қым-қуыт қызықты да қайғылы оқиғаларды өзі бастан кешкендей бір мұңайды.

Әзиза еріксіз күрсініп еді, күйеуі оны шашынан сипап:

— Шаршаған жоқсың ба? Жақындап қалдық, кешікпей келеміз, — деп көңілін көтермек болды. Келіншегі аяғы ауырлап қалған шақ еді. Бұйырса, екінші баланын анасы болмақшы. Мәскеу түбіндегі саяжай да тыныш-ақ еді, бірақ осы жолы Әзиза Тұрардан қалғысы келмей, мені де ала кет деп жалынғандай өтінді. Рысқұловтың:

— Аяғың ауыр ғой, жол алыс, қиналып қаласың ғой, — дегеніне көнбеді.

— Өтінемін, Тұрар, осы жолы мені де ала кет, — деп қиылды.

Дәрігерлер қарсылық білдірген жоқ. Қайта:

— Мұндай кезде Кавказдың ауасы қасқалдақтың қанындай қажет, — деп Рысқұловтың өзін үгіттеді. — Құрсақтағы нәресте де таза, шипалы ауа тілейді, — деп кеңес берді.

Сөйтіп 1937 жылдың мамыр айының бел ортасында Рысқұлов демалыс алып, «Москва-Кисловодск» пойызына келіншегін отырғызып, курортқа тартып еді ғой.

Мәскеудегі пәтерінде бір «колхоз» адам қалды: қайын енесі Әрифа; Әрифаның балалары Рәшит пен Шәміл; Әзизаның бөлелері Нәйлә мен Әли Базановтар; Тұрардың қарындасы Түйметай, оның бір топ балалары... Пәтер иесіз емес, пәтерге сыймағандары Клязьма өзенінің бойында, орман ішіндегі саяжайда тұрады, Тұрар мем Әзизаның тұла бойы тұңғышы-үш Сәуле күтімсіз болмас. Оны бағып-қағушылар көп-ақ. Тұрардың бірінші әйелінен туған Ескендір тірі болсын, ер-азамат болып, он жетіге шықты. Екінші некеден туған Софья да... Майя да ес жиған балғындар. Солардың бәрінің, қолдан қолға түсірмей ермек ететіндері-үш жасар Сәуле...

«Үйдегілер не бон қалады» дейтіндей уайым жоқ, енді, Құдай қаласа, жақсылап бір демалуға болады.

Жақсылап бір демалатын жөні бар. Жұмыстан шаршамайды. Жұмысқа Рысқұловтан көнбіс адам жоқ. Бірақ әсіресе биыл жүйкеден шаршаған сыңайлы. Жүйкеден... жүйкеден шаршаған жаман. Жоқ, мұны қоңаштап, тынышын алып, мазалап, соңына түсіп қудалап жатқан ешкім жоқ. Әр-әр жерден «ұстап кетіпті», «алып кетіпті» деген хабар ызғырық тигенмен, бұл сескенетін дәнеңе жоқ. Қайта нарком Ежовтың өзі, мұны көрген сайын, басын иіп амандасып, хал-жай сұрасып, жампаңдап қалады.Тіпті осы таяуда ғана, Кремльде кездесе кетіп:

— Тұрар Рысқұлович, бауырым-ау, жерлесім-ау, халіңіз қалай? Демалыс қашан? Қайда барып демалмақсыз? — деп асты-үстіне түскендей болған.-Осы бір лағнет алғыр жұмыстан бас бұра алмаймын. Әйтпесе өзімнің Қазақстаныма барып, Ертістің суына бір түсуді армандаймын, — деп мұңын шаққандай болған.

Ертісті атағаны-бір кезде Семей губкомында істегенін меңзегені. «Қазақстаным» дегенде емешегі езіледі. Шыннан сеніп қаласың. Сенбесіңе лаж жоқ: кішірек сұрғылт көздері мөлие қалады; шап-шақ, пәкене бойлы, арық адам, етжеңді, палуан тұлғалы Рысқұловтың алдында жас баладай жасқаншақтап, тым әдеп сақтап, тым кішіпейіл бола қалады.

Ал сөйткен Ежовтан небір қошқар мүйізді ығай мен сығайлардың өзі ығып жүреді. Әлдеқалай сезіктенетін шығар, әйтпесе несіне қорқады...

Ежовтан сескену Рысқұловтың қаперіне кірмеген. Тіпті онымен тым-тым еркін сөйлесетін. Тіпті онымен түйенің үстінде отырып сөйлескендей сөйлесетін. Кінәсі жоқтығына сенгендіктен шығар. «Ұйқым тыныш болсын десең, арың таза болсын» деген екен бір ойшыл. Арының тазалығы шығар, Рысқұлов Ежовты көргенде, әлдекімдер сияқты жүрегі зырқ ете қалмайтын.

Бірақ... айнала ызғырық соғып тұрғандай. Есік-терезесі жабық үйдің өзінен үскірік ұрып тұрғандай, біртүрлі жайсыздық байқалады. Жайсыздық өз үйінде емес, үлкен үйде. Үлкен үйі-бүкіл ел ғой. Үлкен үйден, қап-қара түннің өзінде қара мысық іздеу деген бірдеңе шықты. Тіпті қара мысық жоқ болған күннің өзінде де, іздей бер деген сезік сыздап тұр. Ел аман, жұрт тынышта бұл неғылған сезік? Не жаман-сыздауық жаман. Жарылмай-жазылмайды.

Осыдан бір апта бұрын, Рысқұлов көсемнің өзін керген. Көсем әдеттегідей:

— А-а, Чингиз-хан, хал қалай? — деген. Рысқұлов демалысқа шығып, Кисловодскіге баратынын айтқан.

— А-а, Кис — ло — вод-ск, — деген көсем,-өте дұр — р-рыс. Кисловодск... Білесің бе, Тюрар, кавказдықтар Кисловодск туралы не айтатынын? Білмейсің. Кавказдықтар айтады: «Кисловодскіде кедей адам бай болады, ауру адам cay болады»! Көрдің бе, қалай?

Көсем сонда жасыл-сарғыш көздерін сығырайтып тұрып:

— О, оңтүстік! — деген.-Білесің бе, Тюрар, оңтүстік туралы бір ақынның не айтқанын? Білмейсің. Кім еді?.. Мэй... жоқ, Фэт... жоқ, Надсон... Жоқ, Тютчев, иә, Тютчев:

О, этот юг, о, эта Ницца!

Как их блеск меня тревожит!

Жизнь, как подстреленная птица,

Подняться хочет и не может...

— Қалай?

Рысқұлов сонда бұл өлеңді оқымағанына ыңғайсызданған. Оқымақ тұрмақ, әлгіде көсем атаған ақындардың көбін білмейді екен. Көсем мұның бәрін қайдан біледі? Рысқұлов Маяковскийді, Демьян Бедныйды, ептеп Есенинді оқыған. Ал әлгі...

— Көрдің бе, қалай? — деп Рысқұловтың ойын бөлген көсем. — Өмір шіркін оқ тиіп, қанатынан қайырылған құстай талпынады, а бірақ ұша алмайды. Мысалы, мына мен, — деген көсем, — оңтүстікке барғым келеді-бара алмаймын. Неге? Білмейсің. Жағдай солай.

«Көсем бара алмаған оңтүстікке менің бара жатқаным қалай?» — деп қалған Рысқұлов.

Соны сезіп қойғандай көсем күлімсіреп:

— Жолың болсын, Тюрар, демалып қайт, — деген. — Қасиетті Кавказ саған қуат берсін.

— Айтқаныңыз келсін, — деп қуанып қалған Рысқұлов. Көсем лезде:

— Осы жұрт оңтүстікке неге құштар? Неге терістікке бармасқа. Мені терістік тартып тұрады — деген. Ойланып тұрып-тұрып, — Бәлкім, терістікте каторгада болғандығымнан шығар. Кейде Туруханға.барғым келеді Сен ше, Тюрар? — деген. Лезде: — Жә, бөтен ойлап қалма, қалжың ғой, — деген.

Көсемнің Туруханға барғысы келеді. Баяғыша айдауда жүрген жері ғой. Онда көсем кәдімгі пенде еді. Көптің бірі еді. Пенде болған соң, әрі жас жігіт болған соң, одан да пендешілік өткен шығар. Рысқұловтың достары сыбырлап айтады: көсемнің Сібірде әйелі болған дейді, одан баласы қалған дейді.

Несі бар?.. Онда тұрған сөкеттік жоқ. Сөкеттік болар еді, егер өзіңнің беліңнен шыққан баладан безіп кетсең. Біле тұра, безіп кетсең. Көсем бір жолы, ертеректе, Голощекинді жерден алып, жерге салғанын Рысқұлов біледі. Голощекин де айдауда болған ғой. Сұлу келіншегі Берта да айдауда бірге жүрген. Сүп-сүйкімді ұл баласы да болыпты. Бірақ сұлу Бертаны да, сүйкімді нәрестені де тастап, Голощекин айдаудан қашып кеткен. Берта азып-тозып, ақыры жіңішке аурудан өлген.

Көсем соны Голощекиннің бетіне басқан ғой. Адамгершілігің жоқ дегені де. Имансызсың дегені де. Бірақ сонда Голощекин көсемге: өзің ше? — дей алмапты. Әйтпесе Туруханда көсемнің де баласы қалғанын Голощекин білсе керек-ті. Біле тұра, үндей алмапты. Желге қарсы дәрет сындырып болмайды ғой. Көсемнің басынан асыра сөз айтпақ қайда?

Сөйтіп, көсемнің Туруханға барғысы келеді. Шыны ма? Шын болса, ол қиын емес қой. Кесем үшін қиын ба? Шыннан барғысы келсе, баяғыда айдауда жүрген жерін көргісі келсе-несі бар, бәрі өз қолында тұрған жоқ па? Айырпланмен барамын десе де, пойызбен барамын десе, тіпті ұлы өзенге дейін жетіп алып, кемемен барамын десе де-бәрі дайын емес пе? Тіпті жұмысы басынан асып, қолы тимейтін халге жетсе, Турухандағы баланы алдыруға да болады ғой. Рас, онда біраз ши шығуы да мүмкін. Ол бала ендігі үлкен азамат шығар. Көсем өзінің жас келіншегіне:

— Қымбаттым, танысып қой, мынау менің Сібірде қалған балам еді, — деп тұрса, жас келіншек:

— Қайдағы балаң? — деп шошып кетсе қиын ғой.

Бірақ көсемге о да кешірімді болар еді. Адам баласының басынан не өтіп, не кетпейді? Рысқұловтың да баласы бар. Тұңғыш әйелінен. Рысқұлов сол баланы екінші әйелінің бауырына салды. Обалы не, өз анасынан кем емес еді. Тағдыр екен, Рысқұлов екінші әйелімен де жұлдызы жараспай, осы Әзизаға үйленген соң, әлгі жалғыз ұлын бүлдіршіндей жас келіншегіне таныстырып:

— Мынау сенің ұлың болады, аты Ескендір, — деді.

Рас, ол кезде Әзиза жиырмаға толар-толмас, ал Ескендір есі кіріп, ер жетіп қалған кезі еді. Әзиза оны кеудесінен итерген жоқ.

Рысқұлов пен Әзизаның жас айырмашылығы едәуір. Он-он бес жастай болар. Ал көсем өз келіншегінен кө-ө-өп үлкен көрінеді... Ертеде, сонау патша заманында, көсем отыздан асқан жігіт ағасы шағында, Петербургтегі Аллилуев деген тілеулес кісінің үйіне революциялық жолмен қарым-қатынаста болған ғой. Аллилуевтар отбасымен бірге Балтық теңізінің жағалауына серуенге барған көрінеді. Сонда Аллилуевтың аяғы жаңа шыққан жортпаш, кішкентай қызы жағада ойнап жүріп, суға кетіп қалыпты. Толқын тартып әкеткен ғой. Жұрт абыр-сабыр сасып, есі кетіп қалғанда, Кобо Джугашвили ойланбастан, теңізге қойып кетіп, кішкентай сәбиді судан алып шыққан ғой. Сол нәресте өзінің болашақ жары екенін ол сонда білді дейсің бе?

***

Пойыз салып ұрып, Есен-Тоқа курортына да жақындап қалды. Бұл Кисловодскіге барар жолдағы соңғы бекет. Қаз бауыр бұлттap будағының арасынан аспанмен тілдескен ақбас шыңдар анда-санда бір көрінеді. Алып ақ бураның өркешіндей қос өркеш-Эльбрус болатын. Ілуде бір көрінеді.

Есен-Тоқа бола тұра, пойыз тоқтаған бекет үйінің маңдайшасына «Ессентуки» деп жазылыпты. Қай тілде екені белгісіз? Не деген сөз екенін жергілікті қарашайлар да айта алмайды. Немісше ме, немене? Қарт қарашайлар біледі, әрине. Баяғы-баяғыда Шыңғыс ханның жорығы болғанын, Шыңғыс хан Қап тауын да алғанын қарт қарашайлар біледі. Оның көп ноян қолбасшыларының бірі Есен-Тоқа осы өңірді жайлағанын да білуі ықтимал. Бірақ Есен-Тоқаны «Ессентуки» етіп жіберу әлдекімдерге тиімді. Басқыншылардың ежелгі әдісі. Келер ұрпақ ата — баба тарихынан адасып қалуы үшін, тарихын, жер — су атын өзгертіп,шатастырып, ұмыттыpып жіберу керек. Бұл амалды отаршылардың бәрі жақсы меңгерген, Көңілі ояу, көзі ашықтар болмаса, е-е, Ессентуки екен ғой дейді де жүре береді.

Рысқұлов Кисловодскіге бұрын да талай келген. Соның бірінде осы Есен — Тоқаға экскурсия ұйымдастырылды.Рысқұлов та қатысып осы жердің шипалы суынан дәм татқан, арасан су үйшігінің қабырғасындағы жазуға көзі түсіп еді, онда бұл дәру суды ашқан патша солдаттары деп бадырайтып таңбалап қойыпты. Сонда қалай, патша солдаттары Кавказды жаулап алғанға дейін, мұндағы байырғы халық, мұның шипалы су екенін білмеген бе? Отаршылардың көп абсурдтарының бір парасы осылай болып келеді.

Рысқұлов келіншегіне осыны айтты. Әзиза балаша қиылып:

— Экскурсияға келеміз ә, Тұрар? — деді.

— Әрине, келеміз.

— Лермонтов жүрген жерлерді көрсем деймін.

— Бәріне де барамыз: Пятигорскідегі үйіне де, жекпе-жек атысқа шыққан жеріне де — бәріне барамыз, — деп Рысқұлов келіншегін бауырына тартты. Жолсоқты болған Әзиза күйеуінің төсіне басын салып, көзін жұмып, күрсініп қойды. Рысқұлов оның қолаң шашын сипап, жұп-жұмыр, аппақ тамағынан иіскеледі.

Сырттан біреу бақыласа, бұл екеуін жаңадан қосылған қыз бен жігіт дерліктей. Күнбе-күнгі қу тіршілікте: таңертең тұра салып, жуынып, киініп, шәй іше салып, жұмысқа жөнеуде, одан кештің бір кезінде от басы-ошағына қайта оралып, тағы да тамақ ішіп, үй ішінің әжік-күжік әңгімесінен кейін ұйқыға жатып, күндер соңынан күндер, айлар соңынан айлар, жылдар жылжи беріп, жасынды, өміріңді үн-түнсіз жымқыра ұрлап жатқанда, жанындағы жарыңның бар қадір-қасиетін, бар болмысын жете бағалай бермеуің де мүмкін ғой.

Ал мына үш күндік ұзын жолдың бойында, келіншегімен екеуден екеу, бетпе-бет купеде қалғанда, Рысқұлов Әзизаға жаңа ғана қосылғандай, оның балғын әсемдігін, оның алақан тызылдатқан қолаң шашын, оның қулық-сұмдықсыз жәудір көзін енді ғана, бар жан-тәнімен сезінгендей, құданың құдіреті, өз әйеліне езі сүқтана түсті. Оның үстіне кейбір әйел затының екіқабат кезінде ерекше нұрланатын бір шағы болады. Оның жүзінен ішіндегі нәрестенің де пәк дидары қоса нұр төккендей, бір тәннен екі жанның иманы қосарлана сәуле шашқандай, аса бір айдарлы ажар пайда болады. Адам ойы албырт: алып ұшып, әлемді шарпиды. Рысқұлов оқыстан: осыншама баға жетпес асыл қазынадан әлдеқалай айырылып қалсам, не болам? — деп те ойлады. Не болатынын болжай алмады? Бетін аулақ қылсын деді де қойды. Әрі десе, мұндай сүйкімсіз суық ойдан мына Кавказ қыраттары, анау төменде пойыз жолмен жарысып аққан Құм өзені ажыратып алғандай еді. Өзен бойы бұйра тал, ар жағы құлама жар, жар басын қалықтап ұшқан қырандар Рысқұловты қайдағы бір қаңғыма қара уайымнан сейілтті де, ол келіншегін бауырына қыса түсті.

— Тұрар, саған не болған? — деп келіншегі таң қалды. — Қыса берме, бөпені тұншықтырасың, — деп жымиып қойды.

Пойыз шатқал бойын қуалап, тау ішіне қарай сүңги берді. Көрші купелерде абыр-сабыр қозғалаң байқалады. Бұлардың есігін абайлап тықылдатып, жолсерік басын қылтита қарап:

— Дайындалыңыздар, Кисловодск, — деді.

Жол мұраты-жету. Сәтін салса, бұл мақсат та орындалды. Жұрт аңсаған жұмақ, осы. Кисловодск. Нарзан суы. Батырлар сусыны. Мұнда күн нұры да ерекше деседі. Алланың нұры деседі. Жаратқан құдірет-Көк Тәңірі бар болса, ол осы жердің аспанында деседі. Көк Тәңірінің көзі түскен пенде қорлық-зорлық, қайғы-қасірет көрмейді деседі. Деседі, деседі. Лайым солай болғай.

***

Санаторийдің бас дәрігері бурыл шоқша сақалды, шынжырлы көзілдірігі бар, иманжүзді кісі еді. Таңертең кеңсесіне келе сала, ақ желбегейін киіп, қан қысымын өлшейтін асай-мүсейін қалтасына салып, сыртқа беттеді. Бас дәрігерге арыз айтып келушілер көп. Ауыз бөлмеде едәуір жұрт жиналып қалған екен:

— Жолдастар, мен он-он бес минуттен соң ораламын, — деп қос қапталын сандал ағашы көмкерген жалғыз аяқ соқпаққа түсіп алып қырдағы ақ шаңқан үлкен үйге беттеді. Ол үкімет мүшелері түсетін ерекше күтімдегі корпус еді.

Бас дәрігер Рысқұлов жатқан үйдің есігін абайлап қақты.

— Да, да, — деген қоңыр дауыс естілді ар жақтан.

— Тұрар Рысқұлович, қайырлы таң! Құдай үшін, кешіріңіз. Сіздерді ертерек мазалап жіберген жоқпын ба?

— О не дегеніңіз, Вадим Петрович, біз ұйқыбасарлар емеспіз. Мен тіпті далаға шығып, бір сағаттай жүріп те келдім, — деді Рысқұлов бас дәрігерді жайдарылана қарсы алып.

— О, тамаша, тамаша! Сіз менің аты-жөнімді есіңізде сақтап, қалғансыз ілтипатыңызға рахмет, Тұрар Рысқұлович.

— Не бопты ұмытып? Сіздей ізгі жанды қалай есте сақтамасқа...

— Рахмет, рахмет, Тұрар Рысқұлович. Кәне, мына орындыққа отыра қалыңыз. Бір сағат таңғы жүрістен кейін қаныңыз қалай қайнап тұр екен өлшеп жіберейік. Иә, айтпақшы, ханымыңыздың хәлі қалай? Ұйқысы тыныш болды ма?

— Құдайға шүкір, Вадим Петрович, жақсы ұйықтады.

Бас дәрігер Рысқұловтың, білегін қара матамен орап тастап, құлағына аспабын іліп, томпақ сары резіңкесін пысылдата бастады. Жалпақ сағаттай дөңгелек айнаның астындағы тілшік қалт — қалт етіп, жортақтап ала жөнелді.

— Отлично, Тұрар Рысқұлович! Бозбала балғын жастың қан қысымындай екен. Жүз жасайсыз!

— Рахмет, Вадим Петрович, көп жасауды өзім де армандаймын Бірақ адам алжып кетпей, күш-қуаты, ақыл-ойы бойында болса.

— Болады, болады, Тұрар Рысқұлович. Сіз байқаймын, темекі шекпейсіз, шарап жағына да үйірсоқ емессіз-ау деймін.

— Өтe сирек. Тек бір ерекше жағдайларда ғана.

— Сіздерде қымыз бар. Қымыз қасиетті сусын. Құдайлардың сусыны.

— Оныңыз рас, Вадим Петрович, бірақ өкінішке орай, Мәскеуде қымыз жоқ. Ал Қазақстан-алыс.

— Өкінішті, өкінішті, — деп бас дәрігер бурыл шашты дудар басын шайқап қойды.-Ничего, мұндағы нарзан қымыздан кем емес. Былай, Тұрар Рысқұлович, өзіңізді өзіңіз сендіріңіз: нарзан ішіп тұрғанда, қымыз ішіп тұрмын деп ойлаңыз. Ал енді, періштедей келіншегіңіздің тамырын өлшейік. Тұрды ма екен?..

Рысқұлов ішкі бөлмеге кіріп, сәл кідіріп, Әзизаны ертіп шықты. Жүріс-тұрысы сәл ауыр тартқаны болмаса, өңі бал-бұл жайнап тұр екен. Бас дәрігер:

— Божественно, божественно! — деп өзімен-өзі сөйлесіп кеткендей, күбірлей жүріп, Әзизаның қан қысымын анықтады.

— Ал, періштедей сұлуым, сәл-сәл артықтау... қан қысымын айтамын. Үйде отыра бермеңіз, періштем, далаға шығыңыз. Coнаy жер түбінен не үшін келдіңіз? Ауа жұтыңыз. Бұл жерге келген кедей адам бай болады, ауру адам cay болады, кәрі кісі жасарады.

— Қалай, қалай? — деді Рысқұлов аң-таң қалған пішінмен. Бас дәрігер:

— Кедей-бай, ауру-cay, кәрі-жас болады, — деп қайталап шықты.

— Ғажап, — деді Рысқұлов. — Оны маған бір үл-ке-е-ен адам айтып еді.

— А, үлкен кісілер дана болады, Тұрар Рысқұлович, демек, мен өтірік айтпағаным ғой. Ал сіздер өздеріңіз де жассыздар, сіздерге баюдың да керегі жоқ шығар. Ал денсаулық ешуақытта ешкімге масыл болып көрген емес. Ал мен кеттім, қымбаттыларым, жұрт күтіп отыр.

— Рахмет, — деп жымиды Әзиза.

— Көріскенше, періштем, — деп бас дәрігер Әзизаның балғын саусағынан сүйді.

Рысқұлов бас дәрігерді сыртқы есікке дейін шығарып салды. Баспалдақтан түсе бергенде, бас дәрігер қалт тоқтай қалып, Рысқұловқа сыбырлап қана:

— Анау коттеджде Голощекин тұрады, — деп көшенің арғы бетіндегі көгілдір ағаш үйді көрсетті. — Сіз ол кісімен таныс шығарсыз, Тұрар Рысқұлович!

— Өтe, таныспыз, Вадим Петрович, — деді Рысқұлов сазара қалып. — Иә, біз өте таныспыз. Қалайша таныс болмасқа: ол — Филипп Исаевич қой!

***

Курорттың бір қызығы-суат басы. Түтіктелген нарзан бұлақ. Айналасы атшаптырым алып бастырманың астында ондаған шүмек бар.Әр шүмекке жүздеген адам кезекке тұрады. Әркімнің қолында бір-бір тосақ. Әсіресе әйелдер жағы бұл суатқа су ішу үшін ғана емес, өздерінің сәнді көйлектерін көрсетіп қалу үшін де келетін сияқты. Көйлектен кейінгі көрсетер қазынасы-тостақ.Тостақтың неше түрі бар. Иір тұмсық тостақ; сырлы, оюлы тостақ; алтын жиекті тостақ; көгілдір тостақ; ақ фарфор тостақ;кішкентай құмыра тостақ. Бәрінде де алтын жалатқан: «Кисловодск, 1937» деген жазуы бар.

Рысқұловтар да құр қол емес. Әзизаның қолында әшекейлі ақ фосфаp тостақ. Рысқұловта аспан түстес, көгілдір құмыра тостақ.

Әзиза күйеуі шүмекпен құйып әкелген «зәм-зәмді» абайлап ұстап «бісміллә» деп ұрттады. Үйде бес уақыт намаз оқитын Әрифа шешесі бар. Содан жұққан «бісміллә». Шекері жоқ, балы жоқ, аса ерекше дәмі де жоқ, кәдімгі су... сияқты көрінді. Соны байқап Рысқұлов:

— Үндеме, әлі үйреніп алған соң, ішкің келе беретін боласың. — деп қойды.

Бұлар қалың нөпір арасынан шеткерірек шығып, нарзанның дәмін алып, бір-бір ұрттап тұрғанда, қолқылдақ боз кенеп костюмді қартаңдау кісі кібіртіктеп келе жатып, қырлы стакандағы суы шайқалып кетіп, пиджагінің өңіріне, шалбарына төгіп алды.

— Черт побери, — деді әлгі кісі сексеуілдей салалы саусақтарымен пиджагінің омырауын қаққыламақ болып. Қырсық шалғанда қолтығында атжалманның үлкендігіндей, көзі қара моншақтай күшік бар екен. Бірақ ергежейлінің жасын анықтау қиын. Күшік екенін, ересек екенін айырып болмайды. Әйтеуір, жүні тып-тықыр. Құлағы тікшиіп тұр.

Рысқұлов тани кетті. Оқыстан денесі түршіккендей болды. Қателеспепті, дәл өзі. Бүкшиіңкіреп қалыпты. Жалғыз.

Байқамағансып, бұрылып кете беруге де болушы еді: сағынып жүрген жоқ, ежелден егескен жау: нағашысы да емес, құдасы да емес, несі бар қолындағы суын төгіп алып, қалтаңдап тұрған шалда... Бірақ шыдай алмады.

— Филипп Исаевич! Сізсіз бе? Саламатсыз ба?

Шал, біреу ұрлығын керіп қойғандай, тыжырына бұрылды. Қарсы алдында тұрған адамды көрген бойда селк ете қалғандай болды да, лезде бойын жиып: — О, Тұр-аар Рысқұлович, — деп ерні икемге келмей, кемсендеп кеткендей еді.

— Амансыз ба, Филипп Исаевич, мұнда қашан келіп қалдыңыз?

Қол алысты. Қолы сұп-суық, сексеуілдің жігеріндей қап-қатты.

— Он шақты күн болды, Тұрар Рысқұлович. Өзіңіз, сірә, жаңа келген тәріздісіз.

— Иә, Филипп Исаевич, кеше кешінде келдік. Міне, мынау менің әйелім, танысып қойыңыз. Аты-Әзиза.

— Го — ло — ще-кин, — деп өз фамилиясын өзі әрең есіне түсіргендей бөліп-бөліп айтты. Сөйтіп тұрып, жас келіншекке сұқтанғандай сүзіле қарады. Әлденені есіне түсіре алмай тұрғандай:

— Мен сізді Ташкентте көрдім бе, көрмедім бе? — деді. «Қайдағы Ташкент?» дегендей Әзиза Тұрарға қарады.

— Жок, Филипп Исаевич, Әзизаны Ташкентте көре алған жоқсыз. Айтпағыңыз менің бірінші әйелім Наталья Алексеевна ғой?

— Бәсе, бәсе, ұқсамайды. Иә, көп жыл өтіп кетті ғой. Тұра тұрыңыз... — Голощекин ұзын саусақтарын біртіндеп бүге бастады. — Он жеті жыл! Иә, тура он жеті жыл. Зулап бара жатқан заман-ай...

— Оныңыз рас, Филипп Исаевич, содан бері де он жеті жыл өте шығыпты.

— Онда сіз тым жас едіңіз, Тұрар Рысқұлович, тым арынды, асау едіңіз.

— Асауды жуасыттыңыздар ғой, Филипп Исаевич, — деп күлді Рысқұлов.

— Білмеймін, білмеймін, құрметтім, жуаси қалған сіз бе екенсіз... — Голощекин абайлап, бір-бір ұрттап тұрған суына оқыс шашалып қалып, қолы-басы, бурыл теке сақалы дір-дір етіп, ұзақ жөтелді.

Рысқұлов оның шынтағынан демеді. Сарыбауыр, қара күшік жаутаң-жаутаң етті.

— Далаға, ауаға шығайық, Филипп Исаевич, — деді.

Дермен шатыс хош иісі бұрқыраған күзеулі ағаштардың арасындағы сәкіге жайғасып, Голощекин кенеп шалбарының қалтасынан бет орамалын алып, аузы-басын, жасаураған көзін мұқият сүртті.

Келіншегі жеңінен тартқан со,, Рысқұлов кетпекке ыңғай танытып:

— Көріскенше, Филипп Исаевич, — деп еді, қарт кісі өкпелеп қалды:

— Немене, жүз жылда бір көріскенде бес минут уақытыңызды қимадыңыз ба?

Амал жоқ, келіншегі жақтырмаса да, Рысқұлов сәкіге отыра кетті. Процедура бар еді, әйелім ауырып тұр еді деп сылтау айтуға да болады. Бірақ, ғажап, кейде адам ежелгі дұшпанымен де сағынысып қалғандай болады. Голощекиннің кездейсоқ кездесуі анау бір алау шақты еске түсірді.От оранған, отызға жетпей орда бұзған: Голощекин, Фрунзе, Куйбышев сияқты азуларын айға білеген алыптармен айқасқан Түркістан тұсы Рысқұлов үшін аса ыстық, әм аяулы. Сондағы жауын көру де бір құмарлық сияқты.

Әзиза амалсыздан сәкінің құймышағына ғана әрең ілініп, оқшау отырды. Біреуді жек көргенін жасыра алмайтын осындай «осалдығы» бар. Голощекинді әлгінде көргеннен — ақ іштей тыжырынып қалды. Оның үстіне аңқаусып, Тұрардың бұрын басқа әйелі болғанын жымысқылап еске салғаны-бұл адамның әккі, бәлеқор екенінен белгі беріп, жас келіншек одан жиіркеніп шыға келді.

Әзиза Голощекинмен сырттай әбден таныс. О, таныс болмағанда ше? Әлі күнге дейін Қазақстанда оның атын атаса, жылаған бала жылағанын қоя қояды. Оның аты аталғанда, үнсіз күліп, жадырап тұрған гүлдің өзі жиырыла қалады. Голощекин қырып салған адамдардың сүйегінен тыңайған жерге шыққан шөп екеш шөпке дейін, оның атына тым-тым сезімтал. «Голощекин» дегенде, аруақтардың да сүйектері сырқырап кететін шығар, соны сезген гүлдер де жиырыла қалатын болар.

Сөйткен Голощекинмен енді Рысқұлов кәдімгідей қол алысты. Онымен қоймай, жайғасып тұрып қатар отырды. Қан сасыған кәрі қақбаспен қалай қатар отырады? Әзизаның жыны келеді...

— Қартайып барамын, Тұрар, — деді Голощекин, біртүрлі мұңын шаққандай болып, Рысқұловқа ең жақын адамындай сырын ашып. — Қартайғанда жалғыздықта жаман... Ұйқы нашар, — деді селдіреп қалған бурыл шашын селтеңдетіп, басын шайқап, — Мәскеудің даңғазалы шуынан кейін, мына Кавказдың бір қуысында жан тыныштық бола ма десем, мұнда да ұйқым келмейді.

— Дәрі қабылдап көрдіңіз бе? — деді Рысқұлов. Голощекин қолын ербеңдетті.

— Ұйықтататын дәрі береді, әсер етпейді, — деп онсыз да жіңішке даусы тым шіңкілдеп кетті.

Рысқұлов оны не деп жұбатарын білмеді? Жердегі жаннат-Кисловодскідеде ұйқыдан безіп, жаны жай таппаса, шынында да обал ғой.

— Ұйқы келмегені мейлі ғой, — деп кемсеңдегендей болды Филипп Исаевич.-Ең сұмдығы мынау ғой, Тұрар: көзім ілініп бара жатқандай болады-қуанып қаламын; көзім іліне бере... түс көргендей боламын. Ылғи да бір музейлерді аралап жүремін. Музейдегі неше түрлі кәдімгі әп-әдемі заттар кенет... скелет, қаңқа... адам қаңқалары болып алып, би билеп, қарқ — қарқ күле бастайды. Күлгені сонша, сол рабайсыз, орасан қарқылдан шошып оянып кетем. Ояна келсем — сұп-суық қара терге малынып жатам. Ауыстырайын десем, артық сейсеп жоқ. Өз терімнен өзім жиіркеніп, кейде таң атқанша сілейіп, түрегеп отырамын...

Мына қорқынышты әңгімеден Рысқұловтың тұла бойы мұздап бара жатқандай болады. Рысқұлов бала сияқты. Ал Голощекин балаға үрейлі ертек айтып отырған сияқты.

— Және, — дейді жарықшақ жағымсыз үнмен Филипп Исаевич,-бір рет, екі рет болса шыдайсың-ау. Ал күнде-күнде, айлар бойы, жылдар бойы осы бір сұмдықтан арыла алмасаң-не істейсің?! Күндіз, әйтеуір анау-мынаумен алданарсың-ау. Айналаң -адамдар, бір мезгіл серуендейсің, асханаға барасың, суға барасың. Ал қалай іңір қараңғысы түседі-солай мазам май ішкендей болады. Түн баласы мен үшін-тозақ. Алда, көзім іліне қалса, түсімде не көретінімді күні бұрын білем. Білем де-зәрем қалмайды. Қасымда ешкім жоқ. Әне күні бас дәрігерге айттым: мені екі кісілік палатаға, біреудің қасына жатқыз деп. Бірақ кім шыдайды, қорылдайтын бәлем тағы бар.

Рысқұлов таң калды. «Аруақ шын болғаны ғой!»

Рысқұловты екі ұдай сезім қинады: «Байғұс, қартайғанда алжиын деген екен ғой». «Е, бәлем, аруақтар алқымыңнан алған екен, ә!»

Адам баласын, тіпті дұшпаны болса да табалауға жоқ еді, табалайын демейді — ау бірақ Голощекин өзін-өзі әшкерелеп отыр. Дегенмен «Кіші Октябрьдің» авторында сезім деген бар екен. Сезім болмаса, сол сезім қатты әсер етпесе, түсіне өліктер кірмес еді. Абадан алып даланың о қиырынан бұ қиырына дейін шашылған өліктер...

Рысқұлов Голощекиннің есіне «Кіші Октябрьді» салмақшы еді Филипп Исаевич әлдеқалай түйсікпен соны сезе қойғандай, кенет:

— Жандосовты көрген жоқсыз ба? — деді.

— Жоқ. Қай Жандосов?

— Кәдімгі Ораз Жандосов ше, — Голощекин Рысқұловқа күстәналай қарады. — Мәскеуден Кремльден шықпай отырып алып, өз жерлесіңізді ұмытып кеткенсіз бе?

— Е, ол осында ма екен?

— Осында күнде көремін. Су басында кездесіп қаламыз. Қасында татар қатыны бар. Ух, мен көзімен атып жібере жаздайды, тілі де удай сол қатынның... Мен не жаздым? — Голощекин көсеудей қолдарын жайып жіберді. — Не жаздым? Жандосовқа тиіскен жоқпын.. Бюро мүшесі болды. Рас, айтысып қалатынбыз. Онда тұрған не бар екен? Қатын араласатын шаруа емес қой... Демек, сіздер бір-біріңізбен хабарласып тұрмайтын болдыңыздар ғой. Мен ойлағанын: бірі Алматыдан, бірі Мәскеуден бір мезгілге келісіп, Кисловодскіде тоқайласпақ болған екен ғой деп. Бүгін көрінбейді өздері. Әлде, процедура ма екен...

Әзиза тыпырши бастады. Бір тұрып, бір отырды. Кетейік дегені Рысқұлов: «Көріскенше, Филипп Исаевич», — дей берейін десе, Филипп Исаевич тағы бір әңгімені бастап жібереді. Ол сөйлеп отырғанда тұрып жүре беру-сөлекет. Қас дұшпанның алдында да дөрекілік жүрмейді.

— Бәрі ауылдан шығады, — деді Голощекин қырлы стакандағы нарзанның соңғы тамшысын сарқып ішіп, сақал-мұртын бет орамалмен тәптіштей сүртіп. — Ұмытпасам, жиырма алтыншы жылы ғой деймін. Иә, жиырма алтының шілдесі шығар, Қызылордадан, дәлірек айтсам, Жосалыдан шығып, Қарсақпайға аттандық. Машинамен, әрине. Қасымда ГПУ — дің бастығы, фамилиясы кім еді? Өзі бір маскүнем еді... Менің көмекшім... Тағы әлгі жазушы... кім еді? My, му, Муканов. Иә, сол! О басында ерткім келмеп еді, бірақ пайдасы тиді. Ол болмағанда... Мидай дала. Бір жан жоқ. Айнала құм. Тырбық баялыш. Тақыр. Менің машинам құмға тығылып қалса, алдымызда жол салып келе жатқан жүк машинасы сүйреп шығарады. Күн ыстық. Шөлдей береміз. Не керек, ақыры адастық. Су таусылды. Машина сусыз жүрмейді. Ұлы сөзде ұят жоқ, радиаторға кіші дәрет те сындырдық. Өлетін болдық. Содан, әлгі жазушы машинаның төбесіне шығып алып, жан-жаққа ұзақ қарады. Бүл не бітірер екен деп біз отырмыз. Ақыры күннің батысына қарай жаяу тартты да кетті. Біз шөлдеп, ыңырсып, оның бары-жоғын ұмытып та кеттік. Шопыр күрек алып, құмды қазып көрді. Түк жоқ. Су жоқ. ГПУ оған:

— Иттің баласы, біздің көрімізді қазып жатырсың ба? — деп ұрсып тастады. Өзі мас. Мас болатыны: бізде арақ бар. Су жоқ, арақ бар. Арақ шел басады деп, әлгі ГПУ бөтелкенің аузынан анда-санда ұрттап-ұрттап қояды. Маған да ұсынып еді, ішпедім. Ішім өртеніп өлермін деп қорықтым. Бір кезде ГПУ:

— Ойбай, крокодил! — деп жан даусы шықты. Тапаншасын ала салып, тарс-тарс атып жіберді. Сөйтсек, ешкіемер екен. Көмекшім айтты:

— Бұған қос көріне бастады. Бізді де атып тастар. Наганын тартып алайық, — деді. Екеулеп жатып наганын тартып алдық. Өзі де әлсіз екен, былқ-сылқ етіп, құлап қалды. Енді қайттік? Күн кешкіріп барады.

Не керек, күн батып бара жатқан тұстан бір уақытта атты адамдар көрінді. Е, Құдай бере гөр дедік. Киргиздар келді. Орталарында-жазушы. Торсықпен су ала келіпті, қымыз ала келіпті. Не керек, тірі қалдық. Машинаға су құйып, от алдырып, түн ішінде, әлгі киргиздардың ауылына барып қондық. Аты не еді? Көл, көл. Әйтеуір, бірнәрсе көл. Африкадағы Сахара сияқты, мұнда да құм арасында оазис-көкшұрай болады екен. Сол ауыл бізді ажалдан алып қалды.

— Ал сол ауыл отыз екінші жылы түп-түгел жер бетінен жойылып кетті, — деп Рысқұлов сұп-сұр болып орнынан сілкіне тұрды, — Сіздің айтып отырғаныңыз-Мақпал көл! Бұл әңгімені маған Сәбитте айтқан. Сізді ажалдан аман алып қалған сол ауыл «Кіші Октябрьден» кейін түп-түгел аштан қырылды. Жүр, Әзиза! Сау тұрыңыз, Филипп Исаевич...

***

Люкске кірер-кірмес, Әзиза лоқсып, ваннаға тұра жүгірді. Лоқсығын әрең басып, шүмектен су ағызып, бет-аузын, қолын қайта — қайта шайды.

— Не боп қалды? — деп Рысқұлов мазасызданды.

— Ештеңе болған жоқ, Тұрар, — деді келіншегі, әлгі лоқсудан бет — аузының қызылы әлі басылмай. — Жаңағы шалмен енді мені кездестіре көрме. Өтінемін. Содан құсқым келді.

— Е, о байғұстың не жазығы бар?..

— Сұрама,Тұрар, одан да қолыңды сабындап тұрып әбден жу. Мә, орамал.

Рысқұлов келіншегінің айтқанына көніп, қолын мұқият жуды, мұқият сүртті.

— Ол өте кірпияз,мұнтаздай таза жүретін кісі. Неге сонша жиіркендің?.. — деді Рысқұлов келіншегін күстаналап.

Әзиза қаусырма айна алдында бетін опалап отыр еді, қолындағы бір шүйке мақтаны қоя салып, күйеуіне бұрылды.

— Сен өте ақылды адамсың Тұрар. Ол шалды менен мың есе жақсы білесің Тұла бойын құлғана-мерез басып кеткенін біле тұрып, оған неге қол бересің? Оның қолы қанға шіріген қол ғой!

Келіншегі бүйтіп көтерілмеуші еді, даусы былай қатты шығып көрген емес. Рысқұлов таң қалып, жанына келіп, шашынан сипап:

— Қой, Әзизаш, сен бүйтіп қызбаланба. Бөпеге зиян болады, — деп әйелінің қалған құрсағын аймалады.

— Ақ көңіл аңғалағым менің, — деп Әзиза сонда күйеуінің мойнынан құшақтап, жаңадан ғашық болғандай, құшырлана сүйіп-сүйіп алды.

Ақырғы рет сүйісердей ажырамады. Рысқұлов таңданып қалды.

***

Сөйтіп отырғанда, телефон шылдырлады.

— Бұлар енді жер түбіне кетсең де маза бермес, — деп Әзиза телефонға жақтырмай қарап, күйеуінің мойнынан қолын амалсыз ажыратқандай болды.

— Рысқұлов тыңдап тұр, — деді Тұрар кеңсе әдеті бойынша.

— Тұрар! Амансың ба, бауырым!

Ораз Жандосов.

— Оу, Оразбысың! Амансыңдар ма? Бұл телефонды қайдан тауып алдыңдар?

— Іздеген адам табады. Келгендеріңді ешкімге білдірмей жасырынып жатсаңдар да таптық, — деп Жандосов қарқ-қарқ күліп алды.-Білесің бе, Тұрар, мұнда екендеріңді кім айтқанын? Филипп Исаевич.

— Иә, әлгінде нарзан басында кездескенбіз, — деді Рысқұлов.

— Біз де нарзан басында жолықтық онымен. Сендерге өкпелеп қалған сыңайлы. «Мені жалғыз тастап кетті. Сөйлескісі келмейді», — деп бұрқылдап отыр.

— Шал болғанда бәріміз сөйтер ме екенбіз? Дереу естелік айтып, мыжып отырып алады. Оған уақыт жоқ. Процедура, кабинеттен кабинетке жүгіру басталады ғой енді.

— Фатима сөйлесемін дейді, Тұрар.

Телефоннан әйел даусы естілді.

— Тұрар мырза, амансыз ба? Мен Фатима ғой. Ұмытқан жоқсыз ба? Келіншегің қайда? Ол абысынымызбен тек сырттай таныспыз. Елге алып та келмейсіз. Келіншегіңізді қыз күнінде білуші едім. Мені танымайтын да шығар. Ал енді кешке қарай келіңіздер біздің мекенімізге.

— Рахмет, Фатима. Процедурадан өтіп алайық. Уақыт бар ғой. Барамыз, — деді Рысқұлов.

— Онда кешке біздің үйде болыңдар, — деп Ораз да қайталады.

— Жарайды, Ораз, кешке дейін, — деп Рысқұлов телефонның тұтқасын қойып қойды.

***

Бірақ олар бүл кеште бірге бола алмады. «Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» деген рас шығар. Дәл Рысқұловтар орналасқан корпуске Дағыстан бастығы Қорықмасов та түскен екен. Коридорда сол жолыға кетсін.

— О, қардаш Тұрар, — деп бас салып құшақтап, қауышты да қалды.

Дағыстанды мекендеген көп халыктың бірі-құмықтар.

Қазақтарға тіптен жақын. Тіл жағынан«алыстығы» ноғайлардай — ақ шығар. Тілмаш керек емес, тілмашы несі, тіпті мақал — мәтелдеріне дейін бірдей. Қарақалпақтардай жақын. Жан-жақта шашырап жүрген бауырлар ғой.

Қорықмасов сол кішкентай құмықтан шыққан қайраткер. Рысқұловпен көптен таныс, тіпті жақын дос. Аңқылдап қалған ақ пейіл, ашық мінез, тұла бойынан ер көңілі есіп тұрған жан еді.

— Тұрар сені Құдай өзі жолықтырды. Мұндай сәті түспес. Есіңде ме өткен жылы Мәскеуде айтқаның: Кавказды көп көрдім, бірақ Шәмілдің соғысқан жерлерін көрмедім дегенің. Есіңде ме?

— Иә, иә, Гуниб тауы туралы көп естіп, көп оқыдым. Бірақ көрген емес едім — деп Рысқұлов шынын айтты.

— Ендеше — кеттік. Машина дайын,күтіп тұр. Ем — дом алсаң, сонда қонамыз. Әйтпесе, түнделетіп кайтып келеміз.

— Қайдам, — деді Рысқұлов бірден келісе алмай,-әйелімнің аяғы ауырлау еді. Мұндай жолды көтере алар ма екен...

Сол кезде есікті кілттеп, Әзизаның өзі де келе жатыр еді.

— Міне, танысып қойыңдар. Бұл менің әйелім Әзиза.

— Қорықмасов, — деп амандасты қыран қабақ бейтаныс жігіт.

Қорықмасов әскери адамша етіктерінің өкшесін сарт еткізіп, басын иіп, тағзым етті.

— Бұл жігіт бізді қонаққа шақырады, Әзиза. Бірақ алыстау. Дағыстанға, Шәміл соғысқан жерлерге. Сен шаршап қаласың ба деп қорқамын.

— Қорықмасов шақырса несіне қорқамыз, — деп кенет Әзиза бір ерлік көрсетті. — Шәміл ғой ол! Хаджи-Мұрат! Толстойды оқығанмын. Соны көзбен көру ғажап қой!

— Жандосовтарды қайтеміз? Олар кешке шақырып қойып еді ғой,

— Телефонда. Айт түсіндіріп. Осылай да осылай. Біз күнде көрісеміз. Ал Дағыстанға барудың сәті күнде түсе бермейді.

— Ой, гөзәл! Ой, молодец! — деп Қорықмасов Әзизаның батылдығына тәнті болып, қуанып кетті.

Сөйтіп, ойламаған жерден Рысқұловтар бүкіл Кавказ теріскейін бойлап өтетін сапарға шықты. Жол бойы-Бештау; Қабарда-Малқар астанасы Нальчик; осетиндердің кіндік қаласы-Владикавказ-Дзауджикау; чечен-ингуштер орталығы-Грозный жатыр. Одан әрі-Дағыстан, Владикавказ, Грозный деген аттарының өзінен-ақ өткендегі қырғын соғыстың, аяусыз арпалыстың, зеңбіректер зіркілінің, озбыр сорақылықтың, күштілер өктемдігінің ызғары әлі де бой түршіктіріп тұрғандай. Патша империясы зеңбіректің күшімен кімдерді бағындырмаған, кімдерді отарламаған? Бағынбауға бас тігіп, жан пидаға тәуекел деп, отыз жыл бойы құрыш құрсанған патша әскерімен соғыс салған Шәміл пайғамбардан несі кем?! Ендеше пайғамбардың ғазауат мекеніне тағзым етіп кайту парыз. Рысқұловтар осылай шешкен.

***

Рысқұловтар тұрған корпус пен Жандосовтар орналасқан үйдің арасында парк бар еді. Ағаш-атаның неше алуан түрі осында. Жүз жылдық шынардан бастап, емен де, қарағай да, арша да, шырша да осы паркте. Қолаң шашы төбесінен төмен қарай төгілген арудай мәжнүн тал да осында. Кешкі ауамен хош иіс Кисловодскіні елітіп тұрады. Гүлдің неше алуаны құлпырған шақ. Ауру адам жазылмасқа амал жоқтай.

Сол паркті кесіп етіп, Рысқұлов Әзизасымен Жандосовтың үйіне келді.

— О, қашақтар келдіңдер ме? — деп Ораз меймандарды қуана қарсы алды. — Фатима, қонақтар келді. Қайдасың?

— Сіздерге өкпелеп қалдық. Кеше күтіп едік, — деп Фатима наз айтты.

— Кешіріңіздер, сәті түсіп тұрған сапардан бас тарта алмадық. Ал айыбымыз мойнымызда, — деп Рысқұлов ақталды.

— И — и-и, сез бик матур келіншек булгансыз инде. Ораз, қара бұл Әзизаға, — деп Фатима Әзизаны айналып-толғанды. — Мен сені кішкентай күніңнен білемін ғой Анаң Әрифаны өте жақсы білемін. Әрифа аман ба?

— Әй, Фатима, Әзиза татар емес қой, неменеге татаршалап кеттің, — деп күлді Ораз.

— Е, Әзиза татар болмаса, шешесі татар. Әзиза татардың жиені. Қара мұны, — деп Фатима көнер емес.

— Әзиза менің қарындасым. Шапыраштының қызы. Оның әкесі Түбек марқұм менің ағам, — деп Ораз беріспеді.

Сонымен, Әзизаға талас біраз жерге барып, бұлар шәйға отырды

— Бұл Алматы емес, тамақтың неше түрін істейтін. Курорт енді. Барына риза боласыздар, — деп қойды Фатима.

— Алматыдан басқа жерде арақ та жоқ па еді? Шығар ана бөтелкені, — деді Жандосов.

Коньяктан Әзизаға да оймақтай рюмкаға құйып еді, Әзиза алмады.

— Оу, туыстар бас қосқанда, тым болмаса, ауыз ти енді, — деп Ораз қыстап еді, Рысқұлов қысылып отырған әйеліне араша түсіп:

— Қинама, Ораз, Әзизаның аяғы ауыр ғой, — деді.

— И — ии, Құдайым, құтты болсын, сіңлім, аман-есен босан, — деп Фатима, енді Әзизаға аса бір ілтифатпен көңілі түсіп, алдына шәй қойып, торт кесіп, шабдалы ұсынып, бәйек болды да қалды. — Бұл, бұйырса, екінші сәби болар?

— Иә, Сәуле деген тұңғышымыз бар, үш жаста. Жаңа өзің айтқан Әрифа апамыздың қолында қалды, — деді Рысқұлов.

— Қызымды сағынып кеттім, — деп Әзиза дастархан басында тұңғыш рет тіл қатты. Жанындағылар ду күлді.

— Үйден шықпай жатып сағынсаң, әлі жиырма төрт күн бар, оған қайтіп шыдайсың, — деп Ораз мәз болды. Әзиза қызарып, қысыла түсті.

— Ұялма, аппағым, ал, тамақ ал. Құрсағыңдағы сәбиге де тамақ керек, — деп Фатима жаны жай таппады.

— Ал сапарларың қалай болды? Не көріп, не білдіңдер? — деп Жандосов меймандарын әңгімеге шақырды. — Дағыстан қандай екен?

— Дағыстанды түгел аралаған кім бар,тек Гунибтен қайттық, — деді Рысқұлов. — Шәмілдің орыстармен соғысқан жері.

— Е, батыр бабама барып қайттым де. Сонша жерден іздеп барғаныңа аруағы риза шығар.

— Аруақ сезер-сезбес, бірақ өзіміз өкінбейміз. Солай ма, Әзизаш?

Әзиза жүзін төмен салып, басын изеп қойды.

— Қорықмасовты білесің ғой, естуің бар шығар. Ұлты құмық. Өте алғыр жігіт. Сол ғой қоярда-қоймастан алып барған.

— Дағыстанның Шәмілі болса, біздің Кенесарымыз бар. О да Шәмілден кем соғыспаған, — деп Жандосов қозғалақтап қойды.

— Кенесарыда бір кемістік бар, кемістік қана емес-ау, таудай күнәсі бар. Тыныш жатқан қырғызды бекер шапты, — деп Рысқұлов тұнжырап қалды. Сол патша әскерімен шайқасқан қалпында қалғанда, ол Шәмілдей ұлы болар еді. Өз қандасы-туысқан қырғызға қырғын салғаны-жазылмас жара. Қазақ пен қырғыздың туыстығына, тұтастығына дақ түсірген сызат. Ұрпақтар ұмыта алмас ұят жұмыс болды.

— Оның рас, Тұрар. Өзің білесің, біздің елдің малшылары жаз жайлауға шыққанда, қырғыздың қойшыларымен қоңсы отырады. Қой сойып, қымыз сапырып, бірін-бірі қонаққа шақырады. Ат шаптырып, көкпар тартып, той-томалағын бірге өткізеді. Сондай бір тойда, бір аңқау қазақ, қымызға қызара бөртіп отырып, қойдың тоқпан жілігін мүжіп болып:

— Қырғыздың қойының жілігі қырғыздың жерінде жатсын, — деп иығынан асыра лақтырып жіберіпті. Абайламай сөйлеген ауырмай өледінің кері ғой енді.

Сонда бір қырғыз отырып:

— Е, қазақ туған, өз қойымыздың жілігі не қылар дейсің? Бұ қырғыздың жерінде қойдың жілігінен де ауыр сүйектер жатқан жоқ па?! — депті.

Рысқұлов басын шайқап отырып қалды. Әйелдер жағы бүл сөзге түсінбеді. Фатима:

— Ол не екен сөйтсе? — деп сұрады.

— Не болушы ед. Кенесары мен Наурызбайдың сүйегін айтады дағы, баяғы.

— Ал енді, — деді Рысқұлов шыны аяқтан шәй ұрттап, — осы оқиғаға байланысты біздің кейбір ағайындар Сыпатай батырды айыптайды. Бекер-ақ, Сыпатай Кенесарының о бастағы ниетіне қосылып, қостаған. Кенесары о баста қырғызбен соғыспаймын, қырғызбен қосылып, орыспен соғысамын деген ғой. Бірақ айтқаны бола коймай, патша әкімдерінің ықпалынан шыға алмаған қырғыз манаптары Кенекеме қол ұшын бере қоймаған. Ақылды ашу жеңіп, Кенесары қырғызды қыра бастағанын керіп, қатыгездігінен шошыған Сыпатай:

— Хан ием, сен ертең Арқаға қайтып кетесің, ал мен осында қаламын. Мәңгілік көрші, туысқан халықпен қан төгісіп, өмірбақи жауласып өтер жайым жоқ. Біз қырғызбен туыспыз, әрі іргелес отырған елміз. Мен қолымды алып кетемін, хан ием. Хош! — деген ғой. Сөйтіп, он мың қолды кері алып кеткен. Бұл сатқындыққа жатпайды, үлкен адамгершілік, бейбітшіл қасиетке жатады. Осыны түсінбей, жалған намыстың жетегінде жүрген, кәдімгідей оқыған азаматтарды көргенде, жаным күйеді.

— Ондай — ондай қаңғырма қаңқуды мен де есіттім, — деп қостады Жандосов, — Әрине, Кенесары аса ірі қайраткер. Ол ұмытылмайды. Бірақ бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні тағы бар ғой. Ол да бір жаралы жолбарыс қой. Алдырған албырт. Зеңбірекке найзамен, садақпен қарсы шыққан Жалаңтөс батыр ғой. «Жалаңаш барып жауға шап, бір Алла өзі біледі ажалымыз қайданды» деген екен баяғыда бір ақын. Мен кинодан көремін. Америкадағы үндістер зеңбірекке қарсы садақ атып соғысады. Дәл біздің қазақтар сияқты.

— Мен ондай соғысқа 1916 жылы өзім қатысып, Мерке түбінде өз көзіммен көргенмін. Кеше Гунибте болғанда, Шәміл соғысқан аңғарларды көргенде, сол Мерке шайқасы есіме түсті, — деп қалды Рысқұлов. — Әттең, шіркін, адам жүз жыл жасайтын болса, одан кем болмаса. Сонда мен Меркеде қаны судай төгілген қазақтарға ескерткіш орнағанын көрер ме едім? Кеше Гуниб тауының басында тұрып «Дәл осы жерде Шәміл шайқастарына арналған панорамада ескерткіш тұрар ма еді, — деп ойладым. — Бір жағында генерал Ермоловтың әскерлері, бір жағында Шәміл сарбаздары.

— И — и — и, тамаққа қарасаңдаршы, суып қалды ғой, — деп Фатима абыржыды.

— Фәке, жылдар бойы көріспей, дидарласпай, сағынысып кездескенде әңгіме де керек, — деп Жандосов әйелін тыныштандырды.

— Сағынысып жүргенде, әлгі Голощекин қақбас болмаса, біз бұлардың келген-кеткенін де білмей қалар ма едік, кім біледі, — деп Фатима бір қағытып қалды.

— Голощекинге риза болып қалған екенсің, рахмет айттың ба, — деп күлді Жандосов. Фатима:

— Шәйға шақырсам ба деп едім өзін, — дегенде, көбінесе үнсіз отырған Әзиза ал жат та кеп күлсін. Күлкісін тыя алсашы.

— Неменеге күлесің, кайын сіңлім? — деп Фатима күлкіні жанықтыра түсті.

— Қой сойып, бас ұстатсақ қайтеді? — деп Жандосов құтыртты. Көңіл жадыратқан әп-әдемі күлкіден соң, еркектер жағы қыңырлау, қыртысты әңгімеге ойысты. Голощекин басқарған сегіз жыл ішінде Қазақстанның басынан өткен нелер зұлмат заманға екеуі кезек-кезек сапар шегіп кете берді. Бұл неліктен? Қазақстанға Голощекин қалай келді? Таңдау неге соған түсті? Жеке адамның қоғамдағы, тарихтағы, тағдырдағы рөлі деген не?

— Айталық, Қазақстанға сонда Сталин Голощекинді емес, басқа біреуді жіберсе, айталық, Кировты, не Куйбышевті, яки казіргі Мирзоянды, не Орджоникидзені жіберсе қандай болар еді? Қазақстан соншалықты оңбай ойсырамас па еді? — деп Жандосов салмағы зілмауыр әңгіменің шетін шығарды. — Ақыры қазақ азаматтарына сенбеді, яки сенгісі келмеді. Ендеше, Голощекиннен басқа біреу бұйырмады ма?

Рысқұлов тыңдап отырып-отырып, мырс етті.

— Әрине, Ораз, жеке адамның іс-әрекетіне көп нәрсе байланысты. Голощекиннен басқа, әлгі сен атаған азаматтардың біреуі келсе-жағдай сәл басқашалау болуы да мүмкін еді. Бірақ, — деп күрсінді Рысқұлов, — саясат біреу ғой. Ол Сталиннен өрбіген саясат. Ол жаппай коллективтендіру. Ол-жеделдету. Әлгілердің қай-қайсысы да сол саясатты жүргізер еді. Мысалы, Украинаны Голощекин басқарған жоқ. Бірақ онда да халық қырылып қалды. Украин халқының көптігінен білінбей отыр. Әйтпесе, онда да қазақтардан кем қырылған жоқ. Голощекин-Сталин қолшоқпарларының ішіндегі ең зілмауыр гүрзісі, жалаң қылышы болып шықты. Қазақтың өте-мөте көп қырылуы, сөз жоқ, соның аса солақай әрекетімен байланысты.

— Ал енді зауал қайда? Бір адамды өлтірмек тұрмақ, шекесін жарсаң сотталасың. Миллионды қырған Голощекинге неге сот жоқ?

— Ол үшін балтаның жүзін ғана емес, сабын да соттау керек. Голощекин-балтаның жүзі болса, сабы-Сталин. Оны қайтеміз? Оны қайтіп соттайсың? Сот болады. Бірақ соңынан... со — ңы-нан. Оны біз кереміз бе, көрмейміз бе-беймәлім. Бірақ келер ұрпақ ұмытпайды.

— Не деп кеттіңдер, ойбай!-Фатима шошынып қалды. Терезенің пердесі түсірулі тұрса да кейбір саңырауларын қымтап қойды. — Басқа бірдеңе айтсаңдаршы, қарақтарым-ау.

— Сталин-айдаһарға айналды. Ол рас, — деді Жандосов әйелінің үрейіне мән бермей. — Айналасының бәрін жалмап, жайпап барады. Көнекөз большевиктердің көбін жұтып жіберді.

— Голощекин де көнекөз большевик қой. Оны неге жұтпайды? деп жаңа ғана қорқып отырған Фатима батылданып әңгімеге қалай араласқанын өзі білмей қалды.

Ақ көңіл, ашық мінезді Фатиманың бұл қылығына сүйсінді ме сирек жымиятын Рысқұлов, тіпті күліп жіберді. Сонан соң барып, байсалданып:

— Фатима — ау, Голощекин Сталиннің бетіне қарсы келмейді ғой. Қарсы келсінші, не істер екен? — деді.

Фатима дастарханның шетін алақанымен сипалап, төмен қарап отырып қалды.

— Бір нәрсе айтайын дедің-ау, Фатима, — деді аңғарымпаздық танытты.

— Жоқ, әншейін... Құдай бетін аулақ қылсын... Әйтпесе,жұрт сізді де Сталиннің жағасын талай рет жыртқан деседі ғой. Қай жылы, әйтеуір ертеректе: «Сталин қателеседі!» — деп дүйім жұрт алдында абыройын айрандай төгіпсіз ғой.

— Қойшы-ей, Фатима, сен де қайдағы әңгімені айтады екенсің. Одан бері он бес жыл өтіп кетті, Сталин соны есіне сақтап жүр дейсің бе? Сақтаса, осы уақытқа дейін аяп жүр дейсің бе?

— Лайым солай болсын, кешіріңіз, — деп сыбырлады Фатима.

***

Ертесіне түске дейін ем — дом: тіс дәрігері, құлақ — тамақ — мұрын дәрігері, тағысын тағы, толып жатқан процедуралардан өтіп болған соң, тамақ ішіп, біраз тынығып, Рысқұлов келіншегін ертіп, серуенге шықты.

Курорттың сыртына тама «Большое седло» дейтін қырат болушы еді, соған дейін асықпай, аяңдап жүріп қайтты. Рысқұлов бұл жақта таң атар-атпас бір келіп кеткен. Соңғы кезде қарны шығыңқырып, салмағы асып бара жатқан соң, арықтаймын деп, көп қыдырып, көп жүруге әдеттенген.

«Большое седлодан» қайтып келе жатқан жолда «Махаббат пен мекерілік» деген кафе бар еді. Рысқұлов кенет келіншегіне:

— Әзиза, жүр мынаған кірейік, — деп күтпеген жерден ұсыныс айтты.

Әзиза таң қалды. Бұрын ресторанға шақырып көрмеген. Мүмкін уақыты да болмаған шығар. Тек, үлкен мерекелердің, небір мәртебелі, шетелдік меймандарды қабылдау құрметіне арналған Кремльдегі банкеттерге барғаны болмаса, Әзиза осы уақытқа дейін күйеуімен бірге ресторанға бас сұғып көрген емес.

Енді күйеуінің бетіне күлімсірей қарап тұрып:

— Кірсек, кірейік, — деді.

Күн әлі кешкіре қоймаған ба, кафеде жұрт аз екен. Қоңқақ мұрын кавказдық жігіт пен бір ақсары шаш қыз отыр. Қауқылдасып үш-төрт еркек нарт ойнап отыр.

Даяшы Рысқұловтарды бір оңашалау түкпірге жайғастырды.

— Не бұйырасыз? — деп бәйек бола қалды.

— Біз тамақ ішпейміз, — деді Рысқұлов, — бір шөлмек шампан, соған шақтап шоколад әкеліңіз.

Бір-бір бокал алтынсары, асыл шампан екеуін де масаңдатып қойғандай... Екеуі де жаңадан танысып, бір-біріне ынтығып жүрген қыз бен жігіттей... Рысқұлов ерсілеу қылық көрсетіп, Әзизаның қолын, одан соң шашын сипалады.

— Тұрар, саған не болған, ұят қой, — деп қысылды Әзиза жан-жағына қарап.

— Неге ұят болсын, жаным? Мен сенің алдында кінәлімін, Әзизаш. Осы уақытқа дейін сенің қадіріңді біліңкіремей келдім бе, қайдам? Жылдар жылжып өтіп барады, ал мен сені тотықұстай торға қамап қойсам керек. Жас болып, сұлу болып не қызық көрдің сен? Жарамаған екен.

Осыны айтып, Рысқұлов бокалды тағы көтеріп, сыңғыр-сыңғыр хрустальға құйып, шампаннан ұрттап болып, Әзизаны құшақтап, ернінен сүйді.

Әзиза алаулап барып:

— Тұрар-ау, бүгін біртүрлісің ғой тегі, не болды? — деп балаша жымиып қойды.

— Жұмыс, жұмыс, жұмыс деп жүрегімізді жүн басып кетіпті, жүрек емес, киіз, атасына нәлет. — Рысқұлов баяғы әкесінше дүр сілкініп кеткендей еді. — Жанымда перизаттай жарым барын да байқай бермеймін. Қалайша топастанып кеткенмін. Күндіз-түні жұмысқа берілгенде, Сталин менің басыма алтыннан ескерткіш қоя ма, атасына нәлет...

— Ойбай, ақырын, — деді Әзиза шошынып. — Үлкен кісіде нең бар, атын атама бұл жерде... Одан да, Тұрар, осы кафенің аты неге «Махаббат пен мекерілік» — соны айтшы. Бұрын да келіп жүрдің ғой, естіген шығарсың.

— Естімек тұрмақ, көргенмін. Ертең, ертең таң атсыншы, апарып көрсетемін. Алыс емес. Анау,  — Рысқұлов үй ішінен тау көрініп тұрғандай — ақ қолымен меңзеді, — шатқалдың ішінде бір ғимарат тұр. Бір жағы-терең құз. Түпсіз шыңырау. Баяғыда бір кедей жігіт, мүмкін, қарашай, әлде шеркеш пе екен, бір ханның қызына ғашық болады. Жігітті қыз да құлай сүйеді. Бірақ хан қызын кедейге беруші ме еді? Екеуінің амалы құриды. Қыз басқа біреуге ұзатылмақ. Сонда қыз бен жігіт әлгі шатқалдағы қамалда ақырғы рет кездесіп, бір-біріне ант береді. Екеуі де әлгі қамалдан терең шыңырауға құлап өлмекші болады. Есіңде ме, Әзизаш, Абай айтушы еді ғой:

Етімді шал сипаған күрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға, —

деп. Сол айтқандай, басқа күйеуге тигенше, мен өлейін дейді қыз. Сенсіз тірі жүргенше, мен де өлейін дейді жігіт. Екеуі қол алысып, саусақтарын қанжардың ұшымен шертіп, қан шығарып, алақандарына жағып, ақырғы рет құшақтасып, сүйісіп, заңғар аспанға, аспан тіреген тауларға соңғы рет көз қадап, содан құздың жиегіне келеді. Қол ұстасып келеді. Ең соңғы сәтте қыз:

— Еркексің ғой сен алдымен сен секір, артыңнан мен... — дейді қиылып.

Алаңғасар жігіт:

— Ал, жаным, енді екеуміз о дүниенің жұмағында жолығайық, — деп секіріп кетеді. Шыңырау түбіне барып гүрс етігі құлағаны құлаққа еміс-еміс естіледі.

— Ал қыз ше? — деді шыдамаған Әзиза. Рысқұлов бокалды ернінен айырмай, шампанды сыздықтатып, ұзақ отырып алды.

— Қыз ше? — деді Әзиза төзімі таусылып.

— Қыз тірі қалды, — деді Рысқұлов баяу ғана.

— Секірмеген бе сонда? — деді Әзиза әлденеден алданғандай абыржып.

— Секірмегені де.

— Опасыз, — деді Әзиза кішкентай жұдырығымен үстелдің шетін бір ұрып.

— Әне, жаным, содан бері әлгі тас ғимараттың атын «Махаббат пен мекерілік» деп атайды. «Мекерілік» деген сөзді сен білесің ғой. Білмейсің бе? Коварство. Қулық, сұмдық, зымияндық. Жаңа өзің айтқандай, опасыздық. Қазақта мақал да бар. «Бір қатынның мекерілігі қырық есекке жүк болар» деген.

— Сонда, мына біз отырған кафе де мекері ме? Құрысын, кетейік, Тұрар, — деп Әзиза әй-шәйға қарамай, орнынан тұра бастады.

— Қоя тұр, ақшасын төлейік, — деп даяшыны шақырды. Даяшыға: — Тағы бір шампан беріңіз. Бірақ аузын ашпай әкеліңіз.

— Оны қайтесің, Тұрар? Алмай-ақ қойшы, — деп қиылды Әзиза.

— Жоқ, Әзюшка, оны сен босанғанда, кішкентайдың құрметіне ашамыз, — деп Рысқұлов көнбей қойды.

— Кішкентай аман-есен дүниеге келсе, шампан деген Мәскеуде де толып тұрған жоқ па? Жүк қылып жүреміз бе соны?!

— Бүгін бір жақсы күн. Ырымшыл болмасам да ырым болсын, — деп Рысқұлов дес бермеді.

Олар кафеден шығып, жұпар иісті, көкшіл шырша аллеясымен қайтып келе жатқанда, бұлтарыстан Голощекин шыға келді. Бұрылып кетуге лаж болмай қалды. Әп-әдемі кеш еді. Күн тау қиясынан асып кетіп, батыстан қылтиып жаңа туған ай көрініп еді. Рысқұлов баяғыда Ахат атасы үйреткендей:

Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі айда есіркеп,

Жана айда жарылқа, —

деп іштен күбірлеп айтуға үлгірмей де қалды. Қарсы алдында әруақтай ербиіп, Голощекин тұрып алды.

— А, жас жұбайлар, қайырлы кеш, қайырлы кеш, жақсы жандар. Қалай демалып жатырсыздар? Кешкі серуенге шыққан екенсіздер, — деп шіңкілдектеу даусы мазаны май ішкендей қылды.

— Рахмет, Филипп Исаевич, өзіңіз қалайсыз, — деп Рысқұлов амалсыз сыпайыланды. — Ұйқыңыз қалай?

— Ой, құрып кетсін, сұрамаңыз. Ұйқы қашты, — деп Голощекин қолын ербеңдетті. — Кошмар. Одни кошмары.

— Ештеңе етпес, таза ауада көбірек жүрсеңіз, жүйке жөніне келеді, — деп жұбатты Рысқұлов.

— Жүндей түтілген жүйке ғой. Қарғыс атқыр патша не көрсетпеді? Патшаны құлатып, жаңа заман орнатамыз деп біз не көрмедік? Шет елге безіп кеттік, түрмеге түстік, айдауда жүрдік. Сіздер, жастар, оны қайдан білесіздер? Біз орнатқан жаңа өкіметке жан қиналмай, отыра-отыра қалдыңыздар. Жүйке. — Голощекин жан-жағына қарап алып,-Ильич те жүйкеден кетті ғой, — деп сыбырлады. — Айтпақшы, Ленинді атқан Фанни Каплам екеніне сіз сенесіз бе, Тұрар Рысқұлович?

Әзиза тықырши бастады. Қойылған сұраққа жауап бермей кетіп қалу, тағы ыңғайсыз.

— Ресми хабар солай. Сенбегеңде қайтеміз, — деп күлді Рысқұлов.

— Міне, міне. Ресми хабар. Ал сіз сол Фанни Каплан ату жазасына кесіліп, артынша ол үкім ұзақ мерзім тұтқынмен алмастырылды дегенге сенесіз бе?

Рысқұлов мына тосын сұрақтардан тосылып:

— Сенбегенде қайда барамыз? — деп құтылды.

— Міне, міне. Сенбегенде... — Голощекин жан-жағына тінткілей көз тастап, аузын қолымен көлегейлеп:

— Фанни Капланды сол 18-ші жылдың өзінде-ақ, Кремльдің ішінде атып тастаған.

— Қойыңызшы, Кремльдің ішінде де адам атушы ма еді?

— Міне, міне. Әңгіме қайда жатыр? Именно Кремльдің ішінде. Кремльдің түкпірінде. Кремльдің коменданты өзі атқан.

— Естімеген едім, кешіріңіз...

Рысқұлов әйелінің көңіліне қарап, «сау тұрыңыз, көріскенше» демекші еді, Голощекин шоңайнаның тікенегіндей жабысты да қалды:

— Ал Ленинді атқан мүлде Каплан емес. Лениннің шопыры Гильдің айтуынша, Каплан машинаның артында тұрған. Яғни, Ленинге қарама-қарсы. Каплан атса, оқ кеудеден тию керек қой. Ал екі оқтың екеуі де Ильичтің арқасынан атылған. Бұған не дейсіз?

— Е, ол енді тергеушілердің, экспертизаның, соттың ісі. Біз қайдан білейік? — деді Рысқұлов кетпекке ыңғай білдіріп.

— Вот молодец, именно тергеушілердің ісі... соттың ісі. Тергеушілерге әлі жұмыс көп, өте көп, Тұрар Рысқұлович. — Осы кезде, Голощекиннің көздері шыныдай қатты да қалды. Мұны картаң кісінің мінезіне балады да, Рысқұлов:

— Жақсы, Филипп Исаевич, сау болыңыз, — деді.

— Сау болыңыз, Тұрар Рысқұлович. — Однако, зайыбыңыз тым жас. М-м... Сау тұрыңыз. Енді кездесіп, әңгімелескенше... қашан?

— Олай демеңіз, Филипп Исаевич, күнде кездесерміз. Бір көшенің арғы беті, бергі беті, — деген болды Рысқұлов.

— Кім білген, кім білген? Жастар қарттардың мылжың әңгімесінен қашқақтап жүреді. Оның үстіне адамдар, бар болғаны адамдар ғана. Пайғамбар емес. Міне, кеш түсті, ымырт үйірілді. Ал таң атқанша не боларын пайғамбарлар да білмей қалуы мүмкін? Мысалы, мен... ұйқы жоқ. Иә, кешіріңіз жолыңыздан қалдырдым. Жолыңыз болсын, Тұрар Рысқұлович.

Рысқұловтар құтылдық па, құтылмадық па деп, аллея бойлап ұзай бергенде, арттан тағы да дауыс шықты.

— А, айтпақшы, Тұрар Рысқұлович...

Амал жоқ, бұрылуға тура келді. Қарамай кетіп қалған әдепсіздік болар еді.

— Тұрар Рысқұлович, сіз білесіз бе, сол Фанни Капланның туған сіңлісі сіздің Отаныңызда-Әулиеатада...

— Білмеймін! — деп Рысқұловтың даусы қатқыл шықты. Мұнысы дұрыс па, бұрыс па — ойланып жатқан жоқ. Бұл сөз өзінен-өзі оқыстан шығып кетті.

— А-а, — деп аңырды Голощекин. Теке сақалын ұшынан ұстап, аңтарылып тұрып, тағы да:

— Тұрар Рысқұлович, осы Рыков ұсталды деген рас па? — деп қалды.

— Оны кім айтты? — деді Рысқұлов шошыңқырап.

— Кім айтушы еді, жұрт айтады?! Қымбаттым, бұл курорт дегенің емделіп, демалатын жер ғана емес, бұл нағыз «ұзынқұлақ» ордасы.

Қазақстанды сегіз жыл билеп, үйреніп қайтқан екі-үш сөзінің біреуі «ұзынқұлақ» еді, соны қыстырды.

Әзиза Рысқұловтың жеңінен тартқылады.

— Кешіріңіз, — деді Рысқұлов бұрыла беріп.

— Оқасы жоқ, Тұрар Рысқұлович...

Голощекин Рысқұловқа соңғы рет тағы да көз қиығын салды. Кемсеңдегендей көрініп кетті.

Соңғы рет көз тастағанда, көзінде бір аяныш байқалғандай болды ма? Әлде қартаң адамдар өзін-өзі аяп, жастарға жаутаңдап қарағыш бола ма екен? Баяғыда сонау Түлкібаста, Қарақойында бір тойқана болып, жұрт боза ішіп, өлең айтып көңілді отырғанда, Оразбек кіріп келіп,маңқылдап ән саламын деп қоймапты. Сонда біреу айтқан екен: әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылда — ау деп. Сол айтқандай, әп-әдемі басталған жақсы күн еді, ойда жоқта Голощекин жолықты да, кірпияз көңіл шіркін, іріген қымырандай бұзылды да қалды.

— Құдай қайдан кездестірді, — деп қабағын шытты Әзиза үйге кіре бере. — Бұл қақбас қайда істейді өзі? Пенсиядама?

— Госарбитраж.

— О не тағы? Сот па?

— Соттың ағайыны. Қалай десем екен, айталық, екі мекеме айтысып қалды. Біріне-бірінің берешегі болады не шарт бұзылады. Әне соның төрелігін осы кісі айтады. Ол, сен ойлағандай, онша кәрі кісі емес,Сталинмен түйдей жасты. 1879 жылғы. Өзінің түрі сондай, кәрі сияқты.

Жаман қой ісегінде қартаяды деуші еді.

— Ой, сен оны қайдан білесің, — деп Рысқұлов күліп жіберді.

— Е, білмегенде ше, жаман-жақсы ветврач деген атым бар емес не? Алматыда зооветте оқып жүргенде, тәжірибені малшы ауылда өтетінбіз. Сонда естіген шығармын. Папам менімен тек қазақша сөйлесетін. Мен оған:

— Қазанда бес жыл оқып, қазақшаны қалай ұмытып қалмағансыз? — десем, ол: — Қазанда да қазақша сөйлейтіндер толып жатыр Татар тілі-туысқан тіл емес пе,-деуші еді. Содан соң, оның өзі де зоовет бітірген, мал атауларының бәрін қазақша түсіндіріп отыратын.

— Сені зооветке түсіріп жүрген әкей екен ғой.

— Иә, түсірді. Бірақ әлі аяқтаған жоқпын. Мен қатарлы түскендер-аспирантурада жүр.

— Бұл енді Рысқұловқа айтылған наз еді. Алматы зооветіне туған бөлесі Нәйлә Базанова екеуі бірге түскен. Сол Нәйлә қазір Мәскеуде аспирантурада, осы Рысқұловтың қолында жатып оқиды. Ал Әзиза үйлі-баранды болып қалды.

— Ренжіме, Әзиза. Оқуды да тәмәмдарсың. Аман болайықшы, — деді Рысқұлов байқаусызда күрсініп.

— Үйдегілер не боп жатыр екен? Телефонға тапсырыс берсең қайтеді, Тұрар, — деді Әзиза да әлденеге үні жүдеңкіреп.

— Жарайды, — деп Рысқұлов телефон тұрған кабинетке кірді. Люкс болған сон мұнда жеке телефон да бар еді. Обалы не керек, өкімет басшыларға жағдайды жасаған-ақ. Ал қалалық телефонға барсаң, кезекте сыңсып тұрған халық Айнала айқай-шу. Ал Рысқұлов өйтіп кезек күтпей-ақ, «правительственное» деген каналмен-ақ кез келген қаламен сөйлесе береді.

Рысқұлов қалааралық кезекшіге тапсырыс беріп, тұтқаны құлағына тосып, жауап күтті. Сәлден соң станциядағы әйел даусы:

— Кешіріңіз, Мәскеудегі нөмір жауап бермейді, — деді.

— Қалайша... мүмкін емес, тағы да тексеріп көріңіз, — деді Рысқұлов аң-таң қалып.

— Не дейді? Жауап бермегені қалай? — деп Әзиза да үрпиіп қалды.

— Жауап бермейді, — деп қайталады станция.

— Онда басқа телефонды қосыңыз, — деп Рысқұлов саяжайының нөмірін айтты.

— Бәрі бірдей саяжайға көшіп кетуі мүмкін емес қой, — деп Әзиза дегбірсізденді.

— Бұл нөмір де жауап бермейді, — деді станция сірескен дауыспен.

— Сәлден кейін екі нөмірді де қайталап тексеріп көріңіз, — деп Рысқұлов трубканы қондырғыға қоя салды. Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне үнсіз қарап біраз тұрды.

— Қорқамын, шамды жақшы, — деді Әзиза.

Үйдің іші әлі алакөбеңдеу болса да шам жағылды. Қанша айтқанмен жарықта бір құдірет бар. Әзиза үрейден арылғандай болды. Рысқұлов оның басын төсіне қойып, жұп-жұмсақ қолаң шашын саусағымен тарақтады.

Рысқұловтың үйін көршілері «колхоз» деп кеткен ғой. Әрифадан бастап, оның балалары, Түйметай мен оның бір қора баласы, Ескендір, Сәуле, апалы-інілі Базановтар-бір қора жан. Бәрі бірдей Яуза бойындағы саяжайға үдере көшіп кетуі мүмкін бе? Үйде бірлі -жарымы қалса керек еді. Әлде тарс ұйқыға кеткен бе? Мүмкін емес. Мұнда кеш жаңа түсті. Мәскеуде әлі жарық қой. Мейлі, үй жауап бермей-ақ қойсын, саяжайдағы телефонға не болған?

Ойда жоқта басқа едәуір уайым түсті.

— Мен үйде-ақ қалатын жөнім бар еді, — деп алдымен Әзиза мазасызданды. — Сәулеге бірдеңе болып қалды ма? Басқасы басқа, апам үйден бір адым аттап шықпаушы еді ғой.

— Жарайды енді, далаға шығып кеткен шығар. Не телефонның тұтқасын балалар дұрыс қоймаған шығар. — Рысқұлов әйелін тыныштандырмақ болады. Бірақ өзінің көңілі бей-жай.

Шыдамай станцияға тағы да сұрау салды. Екі телефонның екеуі де алмайды деп қайталады станция. Есіне көрші Рудзутактың үйі түсіп кетті. Станцияға тағы да хабарласып, Рудзутактың телефон нөмірін берді. Біздің үйдің адамдары қайда? — деп көршілерден сұрамақ.

— Номер не отвечает, — деп станция төбеден қойып қалғандай қылып, сарт еткізді.

— Біздікі-біздікі. Ал Рудзутактың телефонына қандай қырсық тиеді?

Рысқұлов креслоға отыра кетті де, маңдайын қолымен тіреп, мелшиді де қалды. Көз алдына алдымен Ескендір келді.Отқа, суға, машинаның астына түсіп кетеді дейтін бала емес, соқталдай жігіт болды. Он жетіге толды. Тәңірі сойқанынан сақтасын, өте зерек, алғыр болып өсіп келеді. Оқуы да жақсы. Чкалов сияқты ұшқыш боламын. Әйпесе заңгер боламын дейді. Баяғыда Рысқұловтың өзі де заңгер бола жаздаған. Мерке тергеушісінің кеңсесінде істеп, заң деген бұралаңы, қиыр-шиыры, әділеті, қиянаты аралас ауылдың дәмін біраз татқан. Сонда, тіпті бала екен ғой. Он екі — он үш жасы ғой.

— Сәуле байғұс, примуске бара беруші еді, отқа түсіп кетіп, күйіп қалды ма? деп қиналды Әзиза. Рысқұлов басын көтеріп алды.

— А — а, Сәулешка... Апам бар ғой, көз жазып қалмас. Қайдағы жайдағаны уайымдай берме.

— Осылайша қараңғы түнмен бірге қаптаған қалың уайым қоса келді.Үш бірдей телефонның жауап бермей қойғаны — жойқын жұмбақ. Ал уайымдамай көр.

Не де болса, таң атсын. Құдай сақтасын. Таң атқан соң бәрі қалпына келеді, — жұбатты Рысқұлов әйелін.

— Ертерек жатып, атқан соң біржолата кетіп қалайықшы. Ұнамайды маған бұл курорт, — деп Әзиза тыңнан тағы да бір қылық шығарды.

Кавказға алып келіп, ел көрсетіп, жер көрсетіп, көңілін көтеріп, жақсылық жасамақшы еді Рысқұлов. Әрі десе, екіқабат әйелге Кисловодскінің ауасы өте пайдалы деп еді дәрігер. Ендігі жағдай мынау болды. Келмей жатып кетейік дейді. Бәрі де телефонның кесірінен. Таң атар, телефонда үн қатар, бір сәттік көңіл кірбіңіне бола шамаданды буып-түйе бастау жарамас деп ойлады Рысқұлов. Шыққан күнмен бірге көңіл де жадырар. Үлкен адамдар да нәресте сияқты. Жылай салады, артынша күле салады. Қанша қартайды деген адамдардың өзінде де балалық мінезден бір жұқана қалады. Балалық әлем-үлкендердің шыққан тегі ғой. Ешкім де тегіне тартпай тұрмайды. Шыққан тегің кім? — деп сұрағанда, шыққан тегім-балалық шақ деген екен бір жазушы. «Утро вечера мудренее» деген де бар. «Таңғы нәсіп Тәңірден» дейді қазақ. Таң атсын. Тезірек атсын.

Тау шатқалындағы түннің түнеріп, түксие келетіні болады. Әрі десе, биіктегі мұзарттың ызғары жаз да болса, белгі беріп, түн әлеті салқын тартады.

Содан ба екен, Әзиза безгек тигендей қалшылдай берді. Түн салқыны эсер етті дейін десең, бұдан бұрын ұйықтап жатып, ыстықтап, көрпені ысырып тастай беретін.

Рысқұлов жаураған келіншегін бауырына қысты. Осыдан құшағын жазса, біржолата айырылып қалатындай, Әзиза да күйеуін мойнынан құшақтап, әлсін-әлсін дір-дір етіп, қатты да қалды. Бірін-бірі өмір бойы қия алмайтын жар құшағы ғана осылай қапсырылатын шығар. Жар құшағының жалынына шарпылмаған жан, мен де адаммын, мен де өмір сүрдім дегені далбаса. Ол әйтеуір күн көру. Дүниеге неге келдім, неге кеттім? — деп ойлап жатпайтын жетесіздердің жетім тіршілігі.

— Қой, енді дірілдей берме, — деп Рысқұлов келіншегінің иығын көрпемен қымтады, — Тыныштал. Ұйықтап қал.

— Сәуле, — деп сыбырлады Әзиза.

— Әлден сағынып қалғансың ғой. Таң атсын, бір хабар алып, қайтсақ тіпті қайтып та кетерміз. Бәрібір мұндай демалыста береке болмайды.

— «Махаббат пен мекерілік» мұнарасына бармаймыз ба? — деді алданған баладай болып Әзиза.

— Ой, жаным менің. Өзің ғой Мәскеуге қайтамыз деп әлден мазаны алған. Мұнараға ертең-ақ алып барамын. Арнайы экскурсия бар шығар, жоқ болса, бас дәрігердің машинасын сұраймыз. Барамыз да қайтамыз. Сол да сөз боп па?

Рысқұлов Әзизаны балаша аймалап, бесіктегі сәбиді тербетіп жатқандай еді.

— Ұйықта, Әзиза, ұйықтап қал. Сонда бәрін де ұмытасың. Әдемі түс көресің. Мен жақсы түс көріп жатқанда оянып кетсем, өкініп қаламын. Көпке дейін сол түсімді еске түсіріп, қия алмай жатамын.

Терезенің алды жарқ-жарқ етті. Сірә, алыстағы найзағай елесі шығар. Аулақтан Құм өзенінің бір сарынды сарыны естіледі. Бір күшік шәу-шәу етті. Сірә, Голощекиннің қандені болар. Дүние түн құшағында. Дүниені жаратқан Құдірет әлдилеп тұр. Жаратқан Құдірет үшін дүние деген бар болғаны сәби ғана ғой. Ол үшін Кавказының өзі бір қиыршық құм сияқты. Кавказың не, бүкіл Жер шарының өзі Құдірет үшін бір түйір тарыдай ғана ғой. Ал адамдар көппіз дейді. Адамнан ақылды ешкім жоқ дейді, адамнан күшті ешкім жоқ дейді. Сөйтіп, бір-бірімен күш сынасады. Бірімен-бірі жауығады. Бәрі үстемдік, өктемдік үшін. Өйткені үстем болса-билік болады. Билік болса-күшті болады. Сол үшін де бірін-бірі тобықтан қағып, тоңқалаң асырып жатады. Сөйтіп жүрген пенделер небары пенде екенін, бәрі жиылып бірақ тарының қауызына тығылып өмір сүріп,туып, өліп, қайта туып, кайта елін жатқанын мойындағысы келмейді.

Рысқұлов ұйықтай алмады. Әзиза ұйықтап кетті. Жас бала сияқты: пысылдайды. Демі жұмсақ, жып-жылы. Бүл дем алып жатқан жалғыз Әзиза емес, оның құрсағындағы болашақ адамның суреті дем алып жатыр. Қазақтар өлген адамға жаназа шығарғанда жасына бір жас қосады. «Мысалы, мен, — деді Рысқұлов ойланып жатып, — биыл қысқа аман жетсем, қырық екі жасқа келемін. Ал әлдеқалай ажалым жетсе, ауылда болсам, жаназамды қырық үште деп шығарар еді. Өйткені ананың құрсағында жатқан мерзімді бір жылға балайды».

Сондықтан, деді Рысқұлов, қазір менің жанымда біреу емес, екі адам жатыр. Екеуі де жандай жақын.

— Қанденді... қақбас, — деді Әзиза ұйықтап жатып.

Сірә, түс көріп жатыр. Түсі, сірә, әдемі де емес. «Қанденді қақбасты» көрсе-көңілсіз. Ертең «Махаббат пен мекерілік» мұнарасына апару керек, — деді Рысқұлов. — Біраз күн өткен соң, Теберті мен Домбайға алып бару керек. Көрсін. Онда қарашай дейтін жақсы халық тұрады. Біздің туыстар. Құздан құлаған Құман өзенінің сарқырамасын көрсін. Тіпті анау жазықта жатқан ноғай ауылына да барып кайтуға болады. Қазақ-ноғай, Ноғайлы бір ғой. Жырлары да бір, тілі де бір...

Голощекиннің қандені шығар, тағы да күшік шәуілдеді. «Голощекин ұйқысы келмеген сон, далада қыдырып жүрген болар» деді Рысқұлов. Үңіліп сағатқа қарап еді, түнгі екіден асып барады екен. «Сорлыға обал-ақ болған, — деді Рысқұлов Голощекинді ойлап. — Ұйқыбазар ауруына шалдықса, азапқа түскені ғой. Әй, өзі де көрмегенді көрсетті ғой елге. Зауалы о дүниеде, тозақта қайтады деуші еді. О дүниені күтпей-ақ, тірісінде тартып жүрмесін зауалын. Ешқандай ем-дом қонбаса, тіпті Кисловодскінің зәмзәм ауасы мен суы да шипа болмаса, сол зауал соққаны да...

Рысқұлов та көзі ілініп, ұйықтап бара жатты... Өңмен түстің арасы... Кілең ақ кимешекті кемпірлер: арасында Дәу Омардың Ұлтуғаны бар, өзінің өгей шешесі Ізбайша бар, Қырғызбайдың кемпірі бар, бір қора кемпір. Рысқұлов өзі жоғары қабаттан түсіп келе жатыр, олар жоғары көтеріліп бара жатыр.-Саған дауыс бергелі бара жатырмыз, — дейді Қырғызбайдың кемпірі сампылдап. Дәл қай ауыл екені белгісіз: әлде Талғар, әлде Мерке, әлде Түлкібас. Бірақ ауыл дейін десе, коп қабатты еңселі үй.

Тарс деп мылтық атылғандай болды. Күшік шәуілдегендей болды. Голощекин түн ішінде курортта жүріп кімге мылтық атады? Тағы да тарс-тарс ете қалды. Рысқұлов тұла бойы қалшылдап, жүрегі мұздап барып... оянды.

Есікті әлдекім қағып тұр екен. Үстел шамын жағып, сағатқа қарады: тура үш. Ұйқысы келмей, сандалып келген Голощекин бе деді әуелі әлгі түстің әсерінен айыға алмай.

Шалбарын, көйлегін киіп барып:

— Кім? — деді.

— Аш! НКВД!

ТҰТҚЫН

Тым болмаса таң да атпады. Жарық сәулені тағы бір көрмеді. Мұрша бермеді. Бұлардың түн ішінде келетіні несі екен?

Еңгезердей екеу кіріп келді. Арттарында тағы біреу бар. Ол үйге енуге бата алмай, абыржып тұрған сияқты. Сөйтсе, ол бас дәрігер Вадим Петрович екен. Шырт ұйқыда жатқан жерінен мыналар оятып алып, осында еріксіз ертіп келген. «Понятой» деген керек екен. Заңның ол қай қайырымдылығы екенін кім білсін, сірә, куә сияқты бірдеңе болар?

Рысқұловты қалай тұтқындайды, заттарын қағазға қалай тізеді-соның куәгері болар, сірә?

Соңынан қақшиып тағы біреу кірді. Шамасы, ол сыртта, терезе алдында қалса керек. Егер Рысқұлов терезеден шығып қашар болса, сол арада адым аштырмай ұстап алуға дайын тұрған сақшы болды. Дайындығының күштілігі сонша, тапаншасын қолына ұстап алыпты. Алдыңғы екеуі қаруларын кобурынан суырмаған

— Азамат Рысқұлов, сіз тұтқындалдыңыз, — деді алғаш үн қатқан безеу бет, жирен сары.

— Не үшін? — деді Рысқұлов сабыр сақтамақ болып. Сұрағының орынсыз екенін біледі. Неге орынсыз? Не үшін тұтқындалатынын білу айып па? Сұрақ орынсыз емес. Бірақ ол сұрақты мына әзірейілдерге қою орынсыз. Бұлар бәрібір айтпайды. Ертеректе, 1919 жылы Ташкентте эсэр Успенскийдің жендеттері де Рысқұловты тұтқындағанда, Рысқұлов:

— Не үшін? — деген. Жендеттер:

— Бара көресің, — деген. Мыналар да қазір:

— Бара көресің, — деді.

Арада он сегіз жыл өтіпті. Сұрақта сол, жауап та сол.

Бірақ о жолы Успенскийдің оғынан комиссар Кобозев құтқарып қалған. Енді кім құтқармақ? Енді кімің бар, Рысқұлов?

Тұтқындаушы гимнастеркасының төс қалтасынан алып, ордерді көрсетті.

— Кімнің қолы? — деді Рысқұлов.

— Вышинскийдің өз қолы, тұтқындау ордері № 161, 21-мамыр 1937 жыл, — деді анау масаттанғандай, бас прокурордың қолы қойылған ордерді төс қалтасына салып жүргенін дәреже тұтып.

Тек сонда ғана Әзизаның:

— Тұрар! — деген ащы даусы шығып кетті. Тұтқындаушылар селк-селк ете қалды. Олар Рысқұлов жалғыз емес, жанында әйелі бар екенін әбден біле тұра, мұнда екінші адамның тұрғанын енді ғана көргендей тосын үрпиісіп, еріксіз кобурларын сипалады.

Әзиза мына келгендердің жамандық хабар екенін білсе де, әлі де әлдеқалай әбестік шығар деген үмітпен тіл қатпастан шыдап тұрған. Тек Вышинскийдің атын естігенде барып, сол үміт оты жалп етіп, өшіп қалғандай болды да, жан даусы шығып, тағы да:

— Тұрар! Шын ба? — деп шыңғырып жіберді.

Осыған дейін Рысқұловқа тура қарай алмай, әлгілердің артына тығылып тұрған «понятой» дәрігер екені енді есіне түскендей, Әзизаға тұра ұмтылып:

— Қойыңыз. Сізге қатты толғануға болмайды, — деп бәйек болды. — Қымбаттым, баланы аяңыз, — сіздің жағдайда сабыр сақтаған жөн.

— Ой, Вадим Петрович! Бұл не сұмдық? Рысқұловты тұтқындау деген не сұмдық?

Енді әйелін тыныштандыруға Рысқұловтың өзі кірісті.

— Әзиза, ақылың бар еді ғой. Айқайлама, бұларды айқаймен ала алмайсың. Вадим Петрович дұрыс айтады: ішіндегі нәрестені ая. Зақым келеді. Сабыр ет, дәлелде Рысқұловтың жары ойбайшыл, осал әйел емес екенін. Шыда!

— Шыдайын десем, шыдатпай тұр ғой, Тұрар-ау, не жаздық, кімнің ала жібін аттадық? Бәсе, телефон үн қатпай, тілі кесіліп қалғанынан қорқып ем...

— Не разговаривать! — деп арс етті безеу бет.

— Әне, енді біздің де тілімізді кеспекші, — деп Әзиза дес бермеді. — Осы Кеңес өкіметіне сенен адал адам жоқ еді ғой, Тұрар-ау, не болдық?!

— Молчать!

— Жолдас капитан! Әйел кісімен бұлай дөрекі сөйлесу жарамайды, — деді Рысқұлов зілдене.

— Мен сізге жолдас емеспін! — деп тарс кетті безеу бет. — Азамат деп сөйлеңіз. Жә, киініңіз.

Сонан сон серіктеріне иегін көтеріп қалды. Олар қарғы бауы босатылған бөрібасарлардай лап қойып, үстелдің тартпаларын, шкафтың ішін, туалеттің ішін тінте бастады.

— Белдік тақпаңыз!

— «Дәл Успенскийдің жендеттерінің айтқаны — деді ішінен Рысқұлов, — Осы Успенский қайта тіріліп кетіп, өкіметті басып алған жоқ па екен?»

— Галстук тақпаңыз!

«Құдды өзі. Ұқсамасаң-тумағыр».

— Ұстара алмаңыз!

Рысқұловқа бұл бұйрық та таныс. Сонда да жорта:

— Сақал-мұртты қайтеміз? — деді.

— О, қам жемеңіз. Ақы-пұлсыз шаштараз табылады, — деп ызғарлана мырс етті безеу бет.

Осыдан он сегіз жыл бұрын,Ташкенттің Садовая көшесіндегі үйінде тұтқындалғанда да, Успенский мен Кушекиннің жендеттері де дәл осындай жауап берген. Тарих қайталанбайды дегені қайда? Бекер сөз. Бәрі де қайталанады. Күн шығады, күн батады,, күн қайта шығады...Жаз келеді,қыс түседі,қайтадан жаз келеді...

Тінтушілердің ең үлкен «олжасы»-жазу үстелінің тартпасынан табылған пистолет «Браунинг» болды. Пистолетті бірінің қолынан бірі алып, көріп, нөмірін тексеріп, қағазға түсіріп, қаттап ерекше қастерледі. Патрондарын түгендеді. № 240658. Патроны-7.

Рысқұлов сезікті болса, осы пистолетті жастығының астына тығып жатып, мыналарды шетінен жайратып салуға жарар еді. Мүмкін, құтылып кетуге де... Бірақ қайда? Иранға ма, Түркияға ма... Кеттi ғой кезінде Мұстафа Шоқай, Зэки Уәлиди...

Сол пистолеттен басқа айрықша көзге түсе қояр зат табыла қойған жоқ. «Лейка»дейтін фотоаппарат қатталды. «Өзі ірі өкімет, бола тұра, фотоаппарат бұған неге қажет?» дегендей күдікті көрінді Бірақ Кисловодскіде мемлекеттік, яки әскери құпияға жататын нүктелер жоқ...

— Мұнымен әуестігіңіз бар ма еді? — деп сұрады безеу бет.

— Бала кезден, — деп асырыңқырып жіберді. Әйтпесе бала кезінде оған фотоаппарат қайда? Рас, Мерке мен Пішпектің базарындағы суретшілерден көріп, қызықса қызыққан шығар, бірақ ол кезде қолына ұстап көрді ме екен?

Жазу үстелінің бір тартпасынан бір бума қолжазба шықты. Безеу бет бірінші бетін тесіле оқып көрді. «Қазақстан» деп жазылыпты.

— Өзіңіздің еңбегіңіз бе?

— Иә, өзімдікі.

— Неге «Кеңестік Қазақстан» емес?

— Кеңес орнағанға дейін де Қазақстан болған. Тарихи еңбек. Тарих терең.

— Жарайды. Қандай тарих екенін анықтайтын адамдар бар.Жаз протоколға, — деді безеу бет қаттаушыға: — «Қазақстан». Қолжазба. 650 бет.

Рысқұлов бұл ортада киініп те болды. Бір қиналған жері: оң аяғы туфлиге симай — ақ қойғаны. Сырты жылтырақ әдемі әміркен қара туфли еді. Өз аяғына шап — шақ болатын. Не көрінгені белгісіз-сыймайды. Әлде мыналардың қырау құрсанған ызғарынан былғары да тырысып, жиырылып қала ма екен-белгісіз. Айдауылдардың біреуі шкафтан санаторийдің өтпес, доғал пышағын алып берді. Рысқұлов оған бір, пышаққа бір қарап, басын шайқады. Сөйтті де еденді тепкілеп-тепкілеп, аяғын әрең сыйдырды. Қайысы да, тігісі де мықты-ақ екен, әйтпесе мына күшке шыдас бермей қақырап-ақ кететін реті бар еді.

— Өзіңіз үлкен бастықсыз, өзіңізге шақ аяқ киім табылмаған ба? — деп қағытты безеу бет үстел үстіндегі аманат кітапшасына қол соза беріп.

— Шап-шақ еді ғой, — деп Рысқұловтың орнына Әзиза тіл қатты. Осы мамыр мерекесінің алдында ғана мұны Рысқұловқа өзі әкеліп сыйлаған.

— Так. Жаз, — деді безеу бет стол шетінде шоқиып, заттарды қаттап отырған көмекшісіне. — Рысқұлов Тұрар Рысқұлович атына жазылған аманат кітапшасы 888 сом. Интересно, кілең сегіз. Сегіз деген сан ненің символы екенін білесіз бе? — деді кенет алдымен Рысқұловқа қарап, одан соң Әзизаға оқталып.

— Білемін, — деді Рысқұлов мынаның қылжақ қыла бастағанына ыза болып, — махаббат нышаны.

— Онда сізде махаббат үл-кеен болғаны ғой.

— Сізге де сондай үл-кееен махаббат тілеймін.

— Рахмет. Так. Мынау нақты ақша. Селезнев! Сана!

— 315 сом, жолдас майор, — деп так етті Селезнев.

— Дегенмен аздау. Курортқа бұдан гөрі көбірек ақшамен келуге де болушы еді, — деді майор.-Жаз. 315 сом.

— Киім-кешегіне тимеңдер. Тағы не бар?

— Мына біреу, жолдас майор, — деді бір айдауыл ауыз үй жақтан шампан алып шығып.

— А, шампан. Ақсүйектердің ішімдігі. Жаз. 1 бөтелке шампан.

— Тиме оған! — деп Әзиза кенет атырылып барып, айдауылдың қолынан шампанды жұлып алды.

— Бізді бұл мырзалар сараң екен деп қалар, бере сал, — деді Рысқұлов әйеліне.

— Жоқ, бермеймін. Сен мыналардың тырнағынан құтылып, үйге келгенде ашамын.

Рысқұлов уәж айта алмай қалды. Бұл сойқанда шампан түгіл бас кетпекші. Әзиза болса, әлі үміткер. Асыл Әзиза, үмітің үзілмесін. Күндіз ғана осы шампанды Рысқұлов жақсы ниетке арнап алып еді, сен босанып, нәресте дүниеге келгенде ашамыз деп еді. Бұйырмаған екен де. Ырым еткені қырын кетті. Тұрарды қазір мыналар алып кетеді. Әзиза қалады, әлі жарық дүниеге келмеген бала қалады. Тумай жатып, жарық сәуле көрмей жатып, тағдыр тәлкегіне ұшырардай не жазығы бар еді,ол бейшараның?

Айдауылдар бәрін қаттап, қағаздап, сол қағазға дір-дір еткен бас дәрігер байғұсқа қол қойғызып:

— Ал кеттік, — деді.

Шын сорлағанын енді ғана, түп — тұңғиығына дейін сезгендей, Әзиза айқай салды.

— Мені де ала кетіңдер! Мені де қоса қамаңдар!

— Нельзя! — деді безеу бет Әзизаны кеудесінен итеріп. — Остовайтесь»

Табалдырықтан аттап тұрып, Рысқұлов артына бұрылды:

Рысқұловтың жары екеніңді ұмытпа, Әзиза! Гүлдей нәзік едің, енді тастай берік бол! Ана Вадим Петрович ертең билет алуға көмектесер, дереу үйге қайт. Үйде жолығайық...

— Бар айтарың сол-ақ па, Тұрар-ау?

Әзиза кеуделеп алға ұмтылды. Бірақ бұл әйел көшені баж — бұж қылады-ау деп сескенген айдауылдар бар күшін сала, алдын кескестеді. Айтсаңшы мен бейбаққа: не істеймін? Қайтіп күн көремін? Бала-шағаңды, анау аңырап адыра қалған «колхозыңды» не қыламын?

— Шыда. Уайымға салынба. Үгітілме. Жасыма. Жазмыштан озмыш жоқ. Басқа салғанды көресің. Үмітің сөнбесін. Мен көп кешікпей қайтармын... Балаларды бауырыңа бас. Ескендір ер жетті, енді өлмес. Софья мен Майяны жетімсіретпе. Түйметайға сәлем айт. Балаларын тентіретпесін. Елге әзір қайтпасын. Сол фабрикадағы жұмысын істей берсін...

— Хватить! Целую поэму запел, — деп безеу бет майор Рысқұловтың иығынан итеріп қалды. Бұл бірінші қол жұмсау еді. Әйелінің көзінше итергеніне қорланған Рысқұлов:

— Руки! — деп зекіп, майорды иығымен қағып жіберді.

— Е, ондай асау болсаң, тұсау табылады, — деп үйден шыққан соң, майор екі айдауылға Рысқұловтың екі қолын артына қайырып, сарт дегізіп кісен салды да тастады.

Әзизаны көшеге шығармай, іште қалдырды.

Рысқұлов артына бұрылып қарай бергенде, жон арқасынан әлеуетті жұдырық тиді де, етпеттеп құлай жаздап, бойын түзей бере, көшенің бергі бетіндегі көк үйдің ашық терезесінен басын шығарып қарап тұрған Голощекинді көргендей болды. Көзі бұлдырап, анық тани алмады. Сөйтсе, жана жығыла жаздағанда көзілдірігі ұшып кеткен екен.

— Тоқтай тұрыңдар, көзілдірігім, — деді.

— Адаспайсың, жайлы орынға аман жеткіземіз, саспа, — деді безеу бет.

***

Вокзалға жақындағанда:

— Тоқта, — деді безеу бет. Сөйтті де, Рысқұловтың сол қолындағы кісенді ағыттырып, оң қолындағысын аштырмады. Сол қолдың кісенін айдауылдардың жәй киінген біреуінің білегіне салғызды. Сөйтіп, Рысқұлов пен айдауыл қосақталды да қалды. Бұл қай тамашасы деп ойлады Рысқұлов.

Сөйтсе, вокзал басы жап-жарық, шамдары самаладай екен. Ығы-жығы адамдар. Атақты курорт болған соң біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Таныстар кездесе кетуі мүмкін. Ал Рысқұлов белгілі адам. Газеттерде суреті де шығып тұрады. Кеңселерде портреті де ілінген кез болған. Сондықтан оның екі қолын артына қайырып, кісендеп алып жүруді безеу бет ыңғайсыз көрген. Әлде біреулер, кім біледі, араша түсіп, айқай-шу шығуы да мүмкін деп ойлады.

Енді Рысқұлов езінің ажырамас «досымен» қатар жүріп келе жатыр. Екеуінің қолы кісенмен жалғасып тұрғаны көрінбесін деп кісеннің үстіне плащ іле салды.

Москва пойызы жүруге әлі біраз уақыт бар екен. Теміржол милициясының бөлмесіне барып жайғасты.

Рысқұловтың он аяғы қақсап ауырып қоя берді. Аяғының үсті күп болып, күмпиіп ісіп бара жатқандай көрінді.

— Айдауыл азамат, аяғым шыдатпай барады, — деді. Еңкейіп жалғыз қолымен туфлиді әрең суырып алды.

— Енді қайтадан қайтіп киесің? Сыймай қалады ғой, — деді серігі не жаны ашығаны, не ренжігені белгісіз?

Ренжитін де жөні бар. Мына Рысқұловқа еріксіз қосақталды да қалды. Айдауыл дегені болмаса, бұл да тұтқын. Безеу бетпен ана екінші айдауыл ресторанға ма, буфетке ме, кетті бір жаққа.

Ал бұл болса қолы Рысқұловпен қоса кісендеулі, милицияның тақтай сәкісінде отырды да қалды.

Әлгілер шынында да тамақтанып алыпты. Қолдарында бөтелке — бөтелке сыра, қағазға ораған пирожкилері бар.

— Кәне, Дима, оразаңды аш, — деп безеу бет Рысқұловтың серігіне сыра ашып, алдына пирожки қойды. Дима жалғыз қолмен капуста қамырды арпадай асап, сырадан қылғытып — қылғытып алды.

Ал жиналайық, — деді бөлмеден шығып кетіп, қайта оралған безеу бет пойыз жүруге он-ақ минут қалды.

Ауырған аяғы тыншып, жаны кіргендей еді, енді туфлиге қайта сұғарда, кәне, сыйсашы.

Безе бет ашуланды. Димаға ұрысты.

— Аяқ киімін шешуге неге рұхсат бердің? Мүмкін,сен мұндай қайырымдылықпен оның кісенін де шешіп жіберерсің!

«Аяғыңдағы етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда? Деген ғой бұрынғылар. Дана ғой, шіркін. Аяқ киім қысса, қан тамырлары жаншылып, қан жүрмей тырсылдап, аяқтан жан кете бастайды екен де, шыбының шырқырап қоя береді екен. Бұрын қыспаған туфли, енді неге сыймай қалғанына Рысқұловтың ақылы жетпей — ақ қойды. Құдайдың бұл қай қысастығы? Сыймайды, тепкіледі сыймайды.

Безеу бет «бол, болдың» астына алып әкіреңдейді.

Рысқұлов кісендес серігіне:

— Пышағың бар ма? — деді.

— Рұқсат па, жолдас майор? — деп Дима бастығына қарады.

— Тоқта, өзім-ақ, — деп безеу бет Диманың белдігіндегі қыннан қанжар суырып алып, Рысқұловтың қырсық туфлиін үстінен тіліп кеп жіберді. Сонда барып сорлы аяқ туфлиге әрең сыйды. Несіне жетісіп семіре қалғанын кім білсін, сәтсіз сапарда оң аяғы ісінді де кетті

***

Әзірейіл түннің құрсау құшағында қалған Әзиза аңырап ары жылады, бері жылады. Жападан — жалғыз жылағанда пенде кімге налығады? Кім тыңдап жатыр? Кімнің жаны ашиды? Елде байы өлген қатын шашын жайып аңыраса, оған басу айтып «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін істейді. Қой, шырағым, бекем бол!» — деп жұбатады. О да болса медеу.

Ал Тұрар әзір өлген жок, тірідей алып кетті. Кеудесін жан баласына бастырмаған, халқына қадірлі, аяулы азаматты әлдекімдер қорлап, зорлап айдады да жөнелді. Кеше ол «Махаббат пен мекерілік» дегенді қайдан шығарды? Әзәзіл аузына салды ма, не болды? Енді сол махаббат жолында құрбан болған жігіт Тұрар сияқты көрінді де, опасыздықпен тірі қалып қалған Әзиза өзі сияқтанып, осы ой көкейінен кетпей, жанын жегідей жей берді.

Тұрар тұтқын болып, өзі бостандықта қалып қойғаны мекерілік, опасыздық сынды бірдеңе емес пе деп, өзінен-өзі жиіркенді. Неде болса, бірге кету керек еді? Жендеттер бір-екі рет жекіп, көкірегімнен итерді екен деп, жігерім жасып қала бергенім қалай болды? Рас, Тұрар тірі кетті, кебін киіп кеткен жоқ, кебенек киіп кетті. Бірақ мінезі шарт, тіктеу еді, әлгі жендеттердің қорлауына төзбей, қарсы келсе, ана безеу бет атып тастай салудан тайынбайтын нойыс көрінеді. Атып тастап, оны Тұрардың өзіне жаба салу қиын емес. Қашып кетпекші болды, содан соң амалсыз аттық десе, үлкен жендеттер үндемей, құптай салуы да мүмкін ғой.

Осы ой басына келуі мұң екен, Әзиза егіліп отыра бергенін қойып, дүр сілкініп, орнынан атып тұрып, далаға жүгіріп шығып, вокзал жаққа тұра ұмтылды. Тас көшеде кетіп бара жатып:

— Тұрар! — деп айқай салды.

Қос өкпесін қолына алып, алба-дұлба болып, алқын-жұлқын жетіп келсе, Мәскеудің пойызы кетіп қалыпты. Мәлімет бюросы солай деді.

— Тұтқынды да алып кетті ме? — деп сұрады Әзиза.

— Қайдағы тұтқын? — деді мәліметші әйел түсінбей. Әзиза не айтарын білмей тосылып қалды.

— Тұрар Рысқұлов, — деді мүмкін білетін шығар деген үмітпен. Мәліметші әйел мынаның есі дұрыс па өзі дегендей тандана қарады да, бюроның терезесін тарс жапты.

Солай, Әзиза Түбекқызы, енді алдыңнан терезелер, есіктер осылай тарс-тарс жабыла береді. Көнесің. Басқа түссе-баспақшыл деген осы. Совнаркомның әйелімін деген кердеңіңді енді ешкім көтермейді. Келеке боласың. «Халық жауының қатыны» деген жаманат жабысар. Сыртыңнан саусақтарын шошайтар. Кеше ғана бақытты едің, бүгін сорлап қалдың. Бақ пен сордың арасы-бір-ақ қадам. Үстіңгі ерніңмен көк тіреп, астыңғы ерніңмен жер тіреп, шылымыңды күннің көзінен тұтатып алсаң іл масаттанба! Сәл сәттен кейін не боларың Құдіреттің қолында.

Айнала ығы-жығы, сендей соғылысқан адам. Бұлар да Әзизадай сорлы ма екен? Бей-жай жүрген біреуі жоқ. Басында сұр шляпасы, үстінде сұр макентошы бар, көзілдірікті, бармақ мұртты кісіні көргендерің бар ма? Жанында жендеттері жүр еді, олар оны ұрып-соғып, қорлап бара жатқан жоқ па? Жарандар-ау, айналайындар-ау, көздеріңе сондай пендежан түскен жоқ па?

Ешкім бұған назар салмады. Іштей шыңғырған үнін де естімеді. Қайта қол арбамен жүк тасыған бір жаман:

— Дорогу! Брюхатая корова! — деп қорлап кетті.

Мәскеуге келесі пойыз кешке жүреді екен. Касса алдында ұзыннан — ұзақ тізілген жұрт. Жан қалтасын сипалап еді, ақшасы құрғыр ақ сөмкемен люксте қалып кетіпті. Сонда да есін жиып, кезектің соңы кім деп сұрап алып, қартаңдау бір орыс әйелге:

— Мен қазір келемін, сізден кейін кісі бар деп айта салыңызшы, — деп өтінді.

— Жарайды, қызым, жарайды, — деп кемпір жалпақтады.

Келген ізімен алқынып кері қайтты. Таң атып, күн шығып, курортшылар нарзан бұлаққа құлап бара жатыр. Қолдарында сол әшекейлі тостақтар. Жадыраған күн, жайбарақат заман, уайым-қайғы деген атымен жоқ, барлығы да не деген бақытты жан?! Адыра қалғыр Ащыбұлақ әтір сасиды. Жұпардан жаратылған жаннат жай Рысқұловтарға неге жауықтың? Неге жайсыз болдың? Бірер тамшы суынды аядың ба? Мың-мың адам ішіп-ақ жатыр той шипа суыңнан. Солардың ішінде садақасы біз болдық па? Не жаздық, неңді алдық біз сенің, Ащыбұлақ?!

Айналып өтейін десең, айдаланың жолы жоқ. Табан астында жүзіқара жандай, беті шіркеуленіп, жұрт көзіне түспейін деген тілек пайда болды. Адам өлтірмей, ұрлық істемей, кісі ақысын жемей, жайдан-жай жүріп, адамдардан именшек, күбіжік мінез шыға келді. Әзиза тіпті Жандосовтар кездесіп қалар ма екен деп қуыстанды. Бұл қалада ең таныс, ең етжақын дейтін сол Жандосовтар ғой. Енді солармен жүздесудің өзіне еріксіз тыйым салынғандай. Қазір барса, Жандосов ер мінезді жігіт қой, бұдан көмегін аямас еді, кезексіз билет алып, пойызға салып жіберер еді, бірақ... әлдене тежеді де тұрды. Кесіріміз тиіп кетпесін деген санасыз түйсік пе екен, бір белгісіз, аты жоқ сезім билеп алды да, Жандосовтарға жолығудың жөні жоқ деп шешті.

Ешкімге із-түзін білдірмей кетіп қалғысы келді. Қарсы жолыкқан адамның бетіне қарамайды, жанынан адамдар ағылып өтіп жатыр. Біреулер мұның соңынан бұрылып та қараған сияқты. Танитын шығар. Мейлі. Бұл танымайды. Бұл ешкімді де танымайды. Ендігі жерде мына қуанышқа мелдектеп тұрған курорт бұған жат. Із-түсіз, ләм-мимсіз кету керек. Ойлап қалсын жұрт: Рысқұловтар періштелер сияқты ғайып болған екен деп. Лермонтовтың Демоны-Дәу Перісі әкетіп қалған екен десін. Дәу Пері осы өлкеде ұшып жүрген ғой. Тамара сұлуды аямаған Дәу Пері кімді аясын? Дәу Періге де адамдардың әркімі емес, татымдысы, ақылдысы керек көрінеді ғой. Ақылды адамдар азап үшін жаратылған. Білімді адамдар қасірет үшін жаралған. Мұны баяғыда-баяғыда Ұлы Кітап айтып қойған: көп ақылдан-көп қайғы деген, көп білімнен-көп қасірет деген.

Онысы несі десе, білімді, ақылды адам мына дүниенің кем-кетігін, ірік-шірігін, арамдығы мен әділетсіздігін басқалардан бұрын сезіп, бұрын біліп қояды екен ғой. Ал ондайлар ел басқарғандарға ұнамайды екен. Патшалар, императорлар, корольдер, перғауындар халқының жуас, момын болғанын қалайды екен. Жуас түйе жүндегенге жақсы ғой. Шатақ, бүлік білімділерден шығады деп қорқады екен.

Бірақ пенденің қай ойлағаны болып жатыр? Елде, сонау алыс Қазақстанда, ағайынды Түлкібас пен Жуалыда айтар еді:

Көшіп жатыр ауылым, қонып жатыр,

Қай айтқаны пенденің болып жатыр?

Қырқасына қырықтың шықсақ тағы

Арман шіркін кеудеде толып жатыр. —

деп.

Сол айтқандай, Әзизаның танитын ешкім кездеспесе екен деген соңғы тілегі де орындалмады. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады депті ғой. Сол айтқаны рас екен, тура қарсы алдынан:

— Ay, періштем, неге жалғыз жүрсің? — деген жағымсыз қырылдақ үн шықты, қараса Голощекин екен. Тұла бойы қорқынышқа үйреніп, еті өліп қалса да қазір селк ете қалды. Текесақалға қасіретті көзден зәр шашып, үн қатпастан өте шықты. Голощекин оның артынан бұрылып қарап:

— Аянышты, өте аянышты. Мұндай сұлу жападан-жалғыз... — деп бірдеңені міңгірлеп қалды.

Ақ сөмкесі орнында екен. Екеуі екі шамаданмен келіп еді. Қазір екеуін бірдей көтере алмас. Оны-мұны, киім-кешекті бір шамаданға, Тұрардікіне сыйыстырмақ болды. Тұрардың пижамын, көйлектерін салды. Көйлектерді салар бұрын кезек-кезек иіскелеп, иесіз қалған жейделерді көз жасымен бөктірді. Тұрардың сабынмен жуылатын көйлектері, енді Әзизаның көз жасымен жуылды.

Әр көйлегін кеудесіне қысып, көз жасына шылап отыра берер ме еді, есіне вокзалдағы касса түсті. Билет ала алмай, кешкі пойызға ілінбей қалса, қайғы үстіне қайғы жамалмақ. Лезде қатайып, өз шамаданын теуіп-теуіп, итеріп тастап, Тұрардың Германиядан әкелген қалың қайыс шамаданын буып-түйіп бола бергенде, шампан есіне түсті. Түнде жендеттерден тартып алып қалып еді. Тастап кетуге қимайды. Тұрардан қалған тұмардай көрінді де, шамаданға оны да салды. Бар жүгі бір-ақ қолдық болса да зілдей ауыр екен, мықшындап үйден шықты. Вокзал едәуір жер, дайын тұрған көлік те жоқ. Мықшындап қапталға түсті. Ә дегенше, қара терге малшынып шыға келді. Шамаданы да, киім-кешегі де қараң қалсын деп тастап кеткісі де келді. Дүниедегі ең жақын адамнан айырылғанда, көди-сөди шүберектен айырылып, өлмеспін деді. Бірақ бәрі Тұрардың көзі еді, дәті шыдамады. Екі басып, бір тоқтап, жылжи берді. Қасында Тұрар болса, зілбатпан шамадан тұрмақ, бір мысқал жүк көтерткізбес еді. Құрсағындағы балаға зақым келеді деп, артық қимыл жасатпас еді. Жандай жақын адамың асты-үстіңе түсіп, тым-тым бәйек бола бергені де Құдайдың құдіретіне қарсы іс пе екен? Әр адам өз азабын өзі көтеріп өткені жөн шығар. Біреудің арқасында біреу тым-тым шолжаңдап, тайтаңдап кетпеуі керек шығар. Тұрармен бірге тұрған аз жылдар ішінде жаны қиналып көрмеген екен. Масыл да болмаған, бірақ маңдайы жіпсіп, ауыр жұмыс та істемеген. Енді мынау соның жазығы шығар. Отқа саламын десе де, суға саламын десе де, Жаратушы Құдіреттің еркінде. Басына Құдіреттің ноқтасы сыймас пенде жоқ.

Бір басып, бір тоқтап, пора-порасы шығып келе жатып, тұсына қара автомобильдің келіп тоқтай қалғанын да байқамапты. Машина сигнал бергенде ғана бұрылып қарады. Әуелі НКВД-нің «қара қарғасы» ма деп жүрегі зу етті. Сөйтсе, Вадим Петрович екен.

— Жаным-ау, мұныңыз қалай? Бірауыз айтсаңыз қайтеді? Жұрттың бәрі жау емес қой, — деп бұрқылдап, қартаң кісі шамаданды машинаға салды. Қолтықтап Әзизаны отырғызды.

— Сіздің жағдайыңызда мынадай жүк көтеру-көпе-көрнеу ажалдың өзі ғой. Әлде түнде аналармен бірге болғаныма бола, мені де жек көріп кеттіңіз бе? Маған бұйырды ғой, не істейін...

— Рахмет, Вадим Петрович, сізге кесірім тиіп кетер деп ойладым...

— Оның үлкен адамгершілік, қызым, қилы заман, кім біледі? Бірақ сені ғаріп халде қалдыру еш ақылға сыймайды. Ешнәрсені уайымдама. Сабыр сақта. Пойызға өзім отырғызам.

Әзизаны сәкіге жайғастырып, билет қамына бас дәрігердің өзі кетті. Қозғалмай отыр деп кетті. «Е, дүние әлі қаңсып қалмаған екен ғой», — деп Әзизаның іші жылығандай болды. Мүмкін, мейірімді, әділ адамдар Тұрарды да құтқарар деп үміт оты шалықтап өтті.

Сол-сол екен, жаңа ғана көңілді ән салып тұрған радио: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!» — деп сампылдай жөнелді. Вокзал алаңына ілінген дәу ақ шелектей немеге жұрт еріксіз құлақ түрді. «Ұлы көсем Сталин жолдастың дана басшылығымен адымдап алға басқан социалистік құрылыстың аяғынан шалып құлатқысы келетін жымысқы жаулардың тағы да бір тобы әшкереленіп, тұтқындалды! — деді радио лепіре түсіп. — Троцкистер: Зиновьев, Каменев, Бухарин, Рыков бастаған жексұрын жаулар тиісті жазасын алады. Бұл жазадан ұлтшыл троцкистер Рысқұлов, Икрамов, Файзуллаев, Нұрмақов, Исаев тағы басқалары да құтылмайды. Халық жауларына өлім келсін! Опасыз оңбағандарды дер кезінде әшкерелеп, қолға түсірген нарком Ежовтың болаттай қолы мұқалмасын!»

Радио қайтадан музыкалатып ала жөнелді. Қолында билеті бар, Вадим Петрович қайтып келсе, Әзиза орындықтың үстінде ес-түссіз талып жатыр екен...

***

Бас жағында «вагонзак» деген темір құрсаулы, тор көз терезелері, қара вагоны бар «Кисловодск-Москва» жолаушылар пойызы бұл кезде Кавказдан алыстап, бұрын «печенегтер» — «половцылар», түркі әлемі Қыпшақтар даласы деп атаған жазықпен салып ұрып келе жатты.

«Вагонзак» дегені-«вагон заключенных» дегені болса керек. Яғни, тұтқындар вагоны. Қарауылы сақ. Қара паровоз. Қара вагон. Содан кейін почта вагон. Содан соң барып, кәдімгідей көз тартатын көк вагондар. Көк вагондағылар бостандықтың адамдары. Құдайдың сүйген құлдары. Бірақ кім біледі... Бостандықта жүрсе де тағдыр — талайына риза еместер толып жатыр. Өзі дүниеге келгенше адамдар түк білмейді, ешнәрседен бейхабар. Ал жарық дүниеге келе салысымен, адам болып жаратылғанын әлдекімге міндет қылып, әлек-шәлек талап-тілегін ала келеді. Әңгімені бер-берден бастайды. Әуелі тамақ тілейді, жөргек тілейді. Ә дегенмен жайлы ғұмырды жақсы көреді. Жаялығы жайсыз болсыншы-жаңа туған жас бала не істер екен? Екі аяғыңды бір етікке тығады. Сөйте-сөйте, атпалдай азамат болады. Бір жұтым қара су мен бір үзім қара нанды қанағат тұтар біреуін көрмейсің. Кедей байға жетсем дейді, бай Құдайға жетсем дейді. Кедейдің бай болғысы келетіні миға қонады, құлаққа кіреді. Ал байдың Құдай болғысы келетіні сұмды-ы-ық! Барлық пәленің бәрі осыдан туындайды, осыдан өрбиді, есіреді. Есірік жама-а-ап. Оған Құдіреттің зауалы ғана тосқауыл.

Сонымен, «Кисловодск-Москва» пойызы, бақыттысы бар, бақытсызы бар, тұтқыны бар, азаты бар-мың қаралы адамды ежелгі Қыпшақ-Құман даласымен ағызып алып келе жатты.

1937 жыл еді. Көктем еді. Мамырдың соңғы күндерінің бірі еді. Көктен маужырап төгіліп тұрған рисалат нұры еді. Дала дегеніңіз гүл-шешек жамылып, бойжеткен қалыңдықтай жасанып: бозторғайлар масайрап, әлем шаттыққа бөленгендей шақ. Бірақ мұның бәрін Рысқұлов көре алмайды. Вагонның тор көз терезесі соқыр. Дала көрінбейді. Безеу бет көрші купеде. Оның терезесі жарық. Рысқұловтың қасындағы қарауыл сол баяғы Дима. Вагон дөңгелектерінің сақыр-сұқыры өмірі таусылмайды. Сол сақыр-сұқырымен жарысып Рысқұлов ой кешеді. Ойда бір жүйе жоқ. Әуелі: Неге? Не үшін? — деген сұңғыла сұрақтың жауабын іздейді-таба алмайды. Курортта қалған екіқабат әйелі анау. Енді өз басы тағдырдың жазғанын көрер-ау, әйеліне, үй ішіне, бала-шаға, туған-туысқандарына тыныштық берсе екен.

Пойыз оқтын-оқтын тоқтайды. Сірә, станция болар. Сырттан адамдардың даусы естіледі. Радио, музыка ойнап тұрады. Мұны сыртқа шығармайды.

Дима да сөйлемейді. Оған тұтқынмен сөйлесуге рұқсат етілмеген. Осы арасы жұмбақ. Тұтқынды қашырып алмай, айырылып қалмай, сақ отырсаң болды емес пе? Ал сөйлесең сөйлесе бер. Әрине, сөйлескің келсе. Жоқ, сөйлесуге болмайды.

Түрме қарауылы, тұтқын қарауылы сезімтал келмеуі керек. Қайырым, мейірім дегенді білмеу керек. Егер сезімтал, мейірімді болсаң, тұтқындардың да неше түрлі сиқырлары бар, сөзбен арбап, ерітетіндері бар, жаныңды елжіретіп, жылататындары бар. Сөйтіп, арбап, құтылып кететіндері бар. Сондықтан, қарауыл қара тастай қатал болуға тиіс. Айталық, қазір Рысқұлов сөйлеп кеп берсе, бұл тыңдаса, Рысқұловтың айыпты емес екеніне көзі жетсе, пенде ғой, жаны ашып, босатып жіберуі де мүмкін ғой. Бірақ Димадан құтылғанмен, қара вагон-қара жартастай... Бұл баяғы Рысқұл батыр іргесін пышақтың ұшымен тесіп, қашып кететін Алматының абақтысы емес.

Тұтқынға түсіп, қапас қамақта отырған адам не ойлайды? Әрине, өз тағдырын ойлайды. Әзірге Рысқұлов өз тағдырын болжай алмайды. Кешікпей Мәскеуге жеткізеді. Әрине, НКВД. Әрине, Ежов. Бұған қандай айып тағылады? Одан бұл қалай құтылады? Беймәлім.

Әрине, тұтқын өзінен сон, ең жақын адамдарын ойлайды. Айдалада жападан-жалғыз қалып қалған Әзизасын ойлағанда, өзегі өртеніп, демігіп, ауа жетпей алқына бастайды. Өмірі қиыншылық көрмеген жас келіншек басынан қандай хал кешіп отыр екен? Пойызға билет ала алды ма екен? Әлдекімдер жәбірлеп, қорламаса игі еді. Үлкен үрей. Ойша неше саққа сандалуға болады. Сөйте-сөйте адам ойы ой мен қырды кезіп жүріп, бір сәтке қайғы-қасіретті ұмыттырып, жасыл жайлау, жайдарман елге де жеткізеді... Әзизамен алғаш қалай кездескені есіне түседі...

Сол жылы Әзиза Көкшетауда практикада жүр екен. Мұхамеджан Тынышбаев ақылға кенен кісі ғой. Түрксібті салу Комитетінің бастығы Рысқұлов болғанда, бас инженер Тынышбаев. Голощекин Тынышбаевты жолатқысы келмеген. Алаш Орда дейді, советке жау дейді, күні кеше Қоқан автономиясын басқарған дейді. Сылтау көп. Рысқұлов оған: қолынан іс келетін буржуазиялық интеллигенцияны Кеңес ісіне тарту керек деп Ленин өзі айтқан. Сен, Голощекин, немене Лениннен әулиесін бе? Түрксібке Кеңес үкіметі атынан жауап беретін мен. Сондықтан, кіммен жұмыс істесем-өзім шешемін. Бас инженер Тынышбаев болады! — деп шорт кескен.

Сөйтіп, Түрксіб ісі алға басып жатты. Рысқұлов Мәскеуден Алматыға келгенде, үкімет үйіне түспей, Тынышбаевтың үйіне түседі. Онысы республика басшыларына ұнамайды. Астыртын ОГПУ аңдиды. Рысқұловтың жүрген — тұрғаны, қайда барғаны, кіммен сөйлескені-бәрі аңдулы. Аңдыса-аңди берсін. Рысқұлов жаудың ісін істеп жүрген жоқ. Сондықтан жүріс-тұрысы еркін, жүзі жарқын. Бір күні шәй үстінде Мұхамеджан Тынышбаев:

— Ал, Тұрар, құлақ салсаң, бір сөз айтайын, — дейді.

— Айтыңыз, Мұха, — дейді Рысқұлов інілік ізет сақтап.

— Айтсам, ер жігіттің қосы түзелмей, ісі түзелмейді. Сенде бәрі бар: Құдай берген ақыл-ой, таудай талант, биік мансап-бәрі жетеді. Бірақ мен Мәскеуге жолым түскенде, Рысқұловтың үйін көрейінші деп бара алмаймын. Неге? Сенде отан жоқ. Отан-от басы, ошақ қасы. Мың жерден өкімет болғаныңмен, дос-жараның жарқылдап отырып, шәй ішетін үйің болмаса-бәрі бекер. Бәлкім, бүл европалықтарға жарасатын шығар. Ал біз азиатпыз, оның ішінде қазақпыз. Меймансыз қай қазақты керіп едің?.. Мұның бәрін айтып отырғаным: орыстан ала-ала болдың ғой, енді бір қазақ қызына үйлен. Ақыры ана Надежда маржаңмен жұлдызың жараспай, бөлек тұрады екенсіңдер.

Рысқұловтың қабағы түксиіңкіреді. Жақтырмай қалды. Ішінен орысшалап: «Вот лезет в твою душу, как в свой собственный карман» деп қойды.

— Бұл енді, Мұха, әр азаматтың өз ісі, — деді.

— Өзің біл, Тұрар, біздікі достық ықылас, — деп Тынышбаевтың да көңілі қалып қалғандай болды.

Рысқұлов та сезімтал, жақсы ағаның жанашырлық пікіріне ілтипатпен құлақ салған жөн еді, ренжітіп алдым-ау деп іштей қынжылды да:

— Қыз айттыратын қыршын жастан өтіп кеттік қой, Мұха, — деп жұмсарды.

— Тек! — деді Тынышбаев. — Саған тиген қазақтың қызы Құдайына боз қасқа атар. Өзін емеурін танытсаң болғаны. Ар жағын бізге сал.

— Оу, Мұха, сонда сіз — Шеге, мен — Төлеген болып ел аралап, қыз таңдаймыз ба? — деп күлді Рысқұлов.

— О жағынан қам жеме, Тұрар. Осы Алматыда, біздің бір танысымыздың Ай мен Күндей қызы бар. Оқыған, зиялы отбасы. Қыздың әкесі кезінде Қазанда оқыған, түбі мына Ұзынағаштан шыққан, Айқым-Шапырашты Түбек Есенқұлов деген кісі. Ал қыздың шешесі Әрифа деген татар қызы.

— Сірә, Қазаннан алып қайтқан ғой?

— Жоқ, осы мына өзіміздің Қарақолда ірі татар саудагері тұрған. Кейін Алматыға көшіп келген. Апалы-сіңлілі екі қызы болған. Екеуі де бойжеткен. Екеуі де ерен сұлу. Содан сол Қазаннан екі қазақ жігіті зоовет институтын бітіріп келе қалмай ма? О кездегі оқу бітіргендер, өзің білесің, формамен жүреді. Иықтары, түймелері сары ала. Біреуі жаңағы айтқан Түбек Есенқұлов, екіншісі Оразқұл Базанов. Хикаясы көп әнгіме, қысқасын айтқанда, екеуі әлгі татардың екі қызына үйленеді. Алматыда ұлан-асыр той болады. Енді сол Түбектен Әзиза деген қыз, Оразкүл-ден Нәйлә деген екі қыз бой жетіп отыр. Екеуі де осындағы малдәрігерлік институтында оқиды. Бірінен бірі өткен сұлу. Оқыған десең оқыған. Оқығанда, қаланың тікбақай қыздары емес, өте көргенді, текті жандар. Ал қалағаныңды ал. Неғыл дейсің?!

— Не дейін? Көрмей-білмей... Әрі десе, тым жас екен. Айман мен Шолпанға қол созған Көтібар көкем сияқты болып...

— Бұл ағаң сені оғаш іске итермелемейді, — деп Тынышбаев дес бермеді. — Отыздың ішіндегі қылшылдаған жігіт те өзін Көтібарға теңей ме екен? «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал». Мәскеуде тағы бір маржаға тап болсаң, Қазақстаннан мүлде қол үзіп қалуың да мүмкін...

Рысқұлов мейлі де демеді, жоқ та демеді, күмілжіңкіреп, отырып қалды. Адамның осал кезі осындайда. Дәл қазір қазықты қаттырақ қақсаң, қара тас болса да кіріп кетеді. Көпті керген әккі Тынышбаев:

— Әй, Ескендір! — деп көрші бөлмедегі баласын шақырды.

Мұның да баласының аты Ескендір, жиырмаларға жуық бозым жігіт. Мұрты тебіндеген, сұңғақ бойлы, келісті азамат. Алматыға әлі сіңісе қоймаған кино өнерімен әуестеніп жүрген жайы бар.

— Не, көке? — деп жетіп келді.

— Әкелші, әлгі альбомды.

Жігіт жымың етті де, лезде альбомды әкеліп алдарына қойды.

— Міне, мынау Түбек Есенқұлов, — деді Тынышбаев, — былғыр ғана дүние салды. Ерен жігіт еді...

Суретте әскери киім сияқты форма киген көркем жігіт, өзі өлсе де, тірі адамдай бұларға үнсіз қадала қалды.

— Мына қасындағысы-Әрифа. Түбектің ханымы. Ақ желек жамылған, аса көрікті кісі екен.

— Бұлар біздің жақындарымыз ғой. Сондықтан суреттерін өздері сыйлаған. Ал енді... қыздарды көресің, — деп Тынышбаев альбомның келесі бетін ашты.

Мөлдіреген екі қыз бас түйістіріп отырып түскен екен суретке. Бір-біріне өте ұқсас. Туған бөлелер ғой. Киімдері татарша мен қазақшаның қосындысындай, бірақ көркем.

— Мынаусы Әзиза, мынаусы-Нәйлә, — деді Тынышбаев саусағымен меңзеп.

Шынында да екеуі бірінен бірі өтеді, аса ажарлы періштелер.

— Ау, Мұха, бұларыңыз мына маған емес, ана Ескендірге тең, жап-жас балалар ғой.

— Өзіңді өзің төмендетпе, Тұрар. Сені төмендеткісі, мұқатқысы келетіндер өзіңсіз-ақ табылады. Осыдан тәуекел деп көрші, көнбесе-әкел қолыңды. Мен сені жаманшылыққа итермелемеймін ғой. Оған көзің жеткен шығар...

Рысқұлов әсте көзсіз ожар емес, бірақ дәл қазір ойынпаздардың құмарлығындай бір сезім биледі де:

— Е, енді бұл деген жансыз сурет емес пе, — деді.

— Ойбай, емеурін білдірсең болды-үйге шақырып, әлгі... әй, Ескендір! Сенің туған күнің қашан еді? Той-томалақ сияқты бір кеш өткізіп, соған шақыра саламыз.

— Ой, көке, менің туған күнім әлі қайда, күзде ғой, — деп Ескендір күлді.

— Ал мына қыздарды үйге қонаққа қалай шақырамыз?

— Е, олар алыста, — деді Ескендір, — біреуі Көкшетауда, біреуі... Украинада практикада жүр.

— Мәссаған. Енді қайттік, — деп Тынышбаев қынжылып қалды.

Беті бері қараған бұл іс ойламаған жерден оқыс бұрылып, теріс айналғандай болды.

— Қашан қайтады олар?

— Ой, көке, кеше ғана кетті ғой, ең кемі екі айсыз келе қояр ма екен, — деді Ескендір енді мәселенің аса маңызды екенін түсініп. Содан соң, сәл кідіріп:

— Несі бар, Көкшетауға барып қайтуға да болады, — деді. Құдай аузына салды ма, кім білсін, Көкшетау деді.

— Аға келіссе, мен ілесіп жүрейін.

Бұған қалай қарайсың дегендей, Тынышбаев Рысқұловқа бұрылды.

Рысқұлов ойланып қалды. Көкшетауды бұрын көрмеп еді, сыртынан құмар еді. Көңілінде ертегідей ғажайып ел еді. Жұмысбасты адам. Түрксіб тіршілігімен Қазақстанға келген сәті. Мұндай сәт орала бере ме? Қызды қойшы... Жерді көріп қайтқан да жөн. Атағы жер жарған Көкшені көріп қайту-текке уақытты ұттыру ғана емес шығар. Әрі десе, бұйрық жүрсе... кім біледі... Жатқанға жан жуымас, жүргенге жөргем ілесер.

— Жарайды, — деді Рысқұлов.

***

Купенің есігін серпіп ашып, безеу бет кіріп келді. Масаңдау. Көңілді.

— Қалай, Дима, қонағыңның іші пысқан жоқ па? — деп қарауыл мен тұтқынға қарама қарсы отырды.

— Тамақтан бас тартты, — деді қарауыл.

— Неге, мүмкін біздің тамағымызды менсінбейтін шығар, — деп қағытты безеу бет. — Ал, азамат Рысқұлов, неге бас тарттыңыз?

Рысқұлов жаңа ғана әдемі дүние арасында жүр еді. Ол әлгіде ғана, Алатаудан шығып, Көкшетауға аттанып бара жатыр еді. Тұтқын жалғыздықтан жалығып еледі деп бекер айтады. Тұтқын ой теңізінде жүзе білетін тұтқын болса, жалықпақ емес. Адам өз ойымен өзін жұбатуға да болады, жылатуға да болады.

— Мен сізден сұрап тұрмын, неге тамақ ішпейсіз?

Рысқұлов безеу бетке шаншыла қарады да:

— Тәбетім жоқ, — деді.

«Тұтқындағы император ғана осындай тәкаппар болады» деп қойды безеу бет.

— Мейлі, әлі сұрап ішетін боласыз. Еркіңіз білсін. Біздің міндет-сізді есен-сау тиісті орынға тапсыру. Онда сізді маңдайыңыздан сипаса-өздері біледі. Айтпақшы, — деді безеу бет сыңар езулей күліп, — Сіздің досыңыз Қорықмасов та қолға түсті. Осы вагонда. Минеральные Воды станциясынан отырды.

— Менің досым екенін қайдан білесіз?

Безеу бет мырс етті:

— Біз бәрін білеміз. Бізге бекер менсінбей қарайсыз. Гунибке барып, Шәмілдің аруағына сиынып, анттасқан Қорықмасов екеуіңіз емес пе едіңіз...

— Қандай ант?

— Қандай ант екенін тиісті жерінде өзіңіз айтасыз.

Безеу бет айтарын айтып алып, артынан өкініп қалды. Мастығы лезде тарқап кеткендей, лезде қуқыл тартты. Бұл тергеуші емес. Бұл тұтқындаушы. Әрі десе, «вагонзакта» кім бар, кім жоғын жариялауға да тиісті емес. Ақылы артынан кіріп, қипақтап қалды.

— Сол Қорықмасовты осы купеге әкелуге болмас па екен, — деді Рысқұлов әдейі.

— Оны сағынсаңыз, әлі кездесудің сәті түседі ғой деп ойлаймын. Дима, тырп етуші болма!

Безеу бет осыны айтып, купенің есігін тарс жауып, кетіп қалды.

Пойыз дөңгелегі сарнайды. Таусылмайтын неткен ұзақ жол. Мезгіл күндіз бе, түн бе -белгісіз? Тұтқын мен түн-түнек некелескендей. Тұтқын тек түнекті ғана сезеді, түнекті ғана аймалайды, тұтқынның әйелі-түнек. Енді осыған көн, дағдылан, Рысқұлов. Енді қайтып сүйген жарың, алған жарың Әзиза Түбекқызын аймалайсың ба, жоқ па-бір Тәңірінің ісі. Енді сен түнек құшағындасың. Қараңғы қара қапас саған ынтық болды, амал не? Қорықпа. Анаң Қалипа марқұмның құрсағында жатқаныңда да осындай қараңғы болатын. Жарық дүниеде қырық жыл жасапсың. Жарық дүниеге келгеніңе тәуба қыл. Келмей қалсаң қайтер едің? Азды-көпті дәурен кештің. Қарадан шығып хан болғандай дәрежеге жеттің. Көп жандар жабы мінгенде, сен ақбоздан арғымақ міндің. Бірақ ол да жағы түкті жылқы айуан. Бір түнде-ақ ақбоздан аударылып түстің. Алтын-күміс әбзелді арғымағын адастырды. Ақ некелі асыл жарың артта, Қап тауының бір қойнауында аңырап қалды. Бұ да болса, Тәңірінің жазуы шығар, тәуба қыл. Ендігі жарың-сайқал түнек. Қараңғы қапасқа да түртінектеп үйренерсің. Тек, егілме, мүжіле берме. Қайрат қыл. Алда әлі тозақ деген сынақ тұр. Сталин саған құрығын көптен үйірген. Ноқтасын үзе беріп нең бар ед?! Енді құрығын салды. Қылқындырмаса болғаны.

***

Арасына он екі сағат салып, екі жолаушы пойызы Кисловодскіден бірінен сон, бірі Мәскеуге келді. Мәскеуде де сирень гүлдеп, терістік самалымен айналаға хош иіс жайылып тұрған мейірлі шақ екен.

Алдыңғы пойыздың «вагонзагінен» түскен Рысқұлов, жап-жарық сәулеге көзі қарығып, жарық сәуледен шошынғандай, жанарын қолымен баса калды. Сонда барып көзілдіріксіз екені есіне түсті. Қараңғыда көзілдіріктің түкке керегі жоқ екен.

Жарық әлемді жатырқау қас-қағым сәтке ғана созылды. «Вагонзактан» түсе салысымен, айдауылдар оны перрон жиегінде әзір тұрған қара машинаға тықты да жіберді. Қара машинаның іші қараңғы екен. Көзі жай тапқандай болды. Орыстар «черный ворон» деп атап кеткен машинаның артқы есігі кайта ашылды да жарық сәуле жанталаса, әлдекіммен бірге таласа-тармаса жарқ етті де, есік тарс жабылып, қайтадан түнек түсті. Мұнда терезе деген болмайды екен.

Әлгі соңғы кірген Қорықмасов-ау деп шамалады Рысқұлов. Енді оқталып, өзінен хабар берейін деп еді, соны сезіп қойғандай, қарауыл:

— Не разговаривать! — деп бұйыра шолақ қайырды.

Кай көшемен қайда келе жатқаны белгісіз. Дүние-дүние ме, әлде, жансыз қуыс па — белгісіз? Рысқұлов әуелі осы өзім бармын ба дегендей, кісенсіз бос қолымен бет-аузын сипалап еді, тікенектей болып сақал өсіпті. Бұрынғы бармақ мұртының айналасы да тікірейіп, тікен шыққандай екен. Кішкентай Сәуле әкесінің алдында отырып, бет-аузын сипалап, бармақ мұртты саусағымен түртіп көріп: «Ой!» — деп қолын лезде тартып алып, ішек-сілесі қата, сыңғыр-сыңғыр күлуші еді... Енді көрсе... қорқып кететін шығар. Енді көрсе...

***

Келесі пойыз түнделетіп келді. Әзиза зілдей шамаданды сүйрелеп жүріп, таксиге отырып, үйіне тартты. Таксидің шопырына:

— Орталық. Ногин бульвары, 25, — деді.

Өз үйі, өз ұясы. Үй толы жан. Кейде шаршайтын. Бірақ аз күн аулақта жүріп, сағынып қалыпты. Такси үйге жақындаған сайын жүрегі лүпілдей түсті. Құдайдан: «Тұрар үйде отырса екен» деп тіледі. Шіркін-ай, қазір бұл үшінші қабатқа көтеріліп, № 48 пәтер қонырауының түймесін басқанда есік ашылып кеп кетіп... алдынан Тұрар шыға келсе... Бұл мойнынан құшақтап тұрып, солығын баса алмай еңкілдеп бір жыласа... Кішкентай Сәуле: «Мама!» — деп титтей саусағын шошайтып, бұған қарай жортақтап жүгірсе... Қызын бауырына басып, омырауын көз жасымен қол қылса... «Неге жылайсың?» — деп әділетсіздіктен, үлкендердің үрейлі өмірінен бейхабар сәби состиып таң қалса... Анасы Эрифа: «И-й, қызем, жылама, бәрі де өтті-кетті. Қаһар суққаннар Тұрарны напрасно арестовать иткәннар. Инде извинение сұрадылар», — деп тұрса... Ескендір, Рәшид, Шәміл, Әли-бәрі-бәрі мұны қоршап алып, құшақтаса... Содан бәрі де улап-шулап, дастарқан басына отырып, Әрифаның шәк-шәгімен рахаттанып, шәй ішсе... Бұл сонда күйеуіне қарап: — Тұрар-ау, не болды, айтсаңшы, дес.е. Тұрар сүйкімді күліп отырып: — Е, бір оңбағандар үстімнен арыз жазыпты. Мен Ежов арқылы Сталинмен бір ауыз сөйлесуім мұң екен, Ежов: жаңылдық, жаздық, кешіре гөр, — деп босатып жіберді десе... Бұл:-Голощекин қақбас емес пе? — деп сұраса, Тұрар: — Е, о да бар, басқалары да қарап жатпапты, Қазақстаннан да табылыпты десе...

О, дүние-ай... Арман-қиял не демейді? Айтқанындай, үшінші қабатқа да көтерілді. Жүрегі түскір жүрек емес, асау аттың тұяғындай, мұның кеудесін дүрс-дүрс тепкілейді. Алқына түсіп, ағараңдап әрең көрінген түймені басты... үн жоқ. Баж-баж еткізіп қатарынан қайта-қайта басты. Үн жоқ. Тырс еткен жан жоқ. Подъездің жайшылықта жарқырап тұратын шамы да кілмиіп қалыпты. Енді барып байқады: есіктің құлпы тұсынан тілдей-тілдей қағазды айқыш-ұйқыш крештей жапсырып, мөрлеп тастапты. Жүрегі мұ — ұ-ұз болып, құйқасы шымырлап барып, екі тізесі өзінен-өзі бүгіліп, бүк түсті де қалды...

...Қанша уақыт өткенін білмейді, есі кірсе керек, көзін ашса, екі милиционер мұның бетіне үңіліп қарап түр екен.

— Менің үйім қайда? — деді үні шығар-шықпас.

— Бұл үйге мөр басылған. Ашуға болмайды, — деді бір милиционер.

— Менің балаларым, кәрі анам қайда?

— Олар, сірә, таныстарыңыздың үйінде болар.

— Менің күйеуім қайда?

— Күйеуіңіз тергеуде.

— Ол қай жерде?

— Ішкі түрмеде.

— Ішкі түрме деген не? Ішкі, сыртқы деген түрме бола ма екен?

— Болады. Ішкі түрме деген НКВД-ның өз ішінде.

— Лубянка ма? — Иә.

— Мені онда кіргізе ме?

— НКВД-нің бюросына барып, арыз жазып, рұқсат сұрасаңыз, мүмкін, жолықтыруы.

— Сендер неге келдіңдер?

— Біз мөрленген үйлерді күзетеміз.

— Үйлер... үйлері қалай? Менің ғана үйім емес пе?

— Жоқ, қарсы есікке қараңыз, о да мөрленулі.

— Рудзутак?!.

***

— Кел, — деді Надежда Константиновна, — кір енді. Неғып тұрсың босағада? Өзіміз де күтіп отырмыз сені...

Қанша айтқанмен, күндес қой. Тұрардың бұрынғы әйелі. Табалайтын шығар деді. Күлін шашып, етегін ашып күлетін шығар деді. Мені тастап алған нақ сүйері сен едің, енді не болдың деп айта ма деп қорықты. Біреудің сорынан біреу бақыт тапқан қандай болады екен? Жас едің, сұлу едің, сұлулығыңды суға езіп іш енді деп айта ма деп жасқанды.

Бірақ алдырған албырт, анасының қойнын ашады.

Бұрын көрмеген күндесінін есігін қақты. Есік қағардан бұрын, ары жүр десе қайтем деп кеп ойланды. Ақыры, мен бейбаққа ендігі жерде бетмоншағым үзіліп тұрған жараспас деп, тәуекелге басты. Жоқ, күндесі кеудесінен итерген жоқ. Кір, үйге кір деп тұр.

— Біздің адамдар осы үйде ме?

— Осы үйде. Осы үйде болмағанда қайда барады? Жүр енді. Сәулесі аурудан тұрғандай азып қалыпты. Бала да болса, бәлені сезе ме екен, Әзиза оны бас салып құшақтағанда, кішкентай Сәуле күрсініп салды. Әзиза солқылдап жылап, дауыс қыла бергенде, шешесі Әрифа:

— Дауыс қылма! Ярами! — деп қаһарланды.

Тұрардың Надеждадан туған қызы Соня да, одан бұрынғы Наташадан туған ұлы Ескендір де... кішкентай Майя да үрпиісіп, жап-жас бала жүректеріне үрей ұя салып, әлде бір беймәлім ойлағандай, әлден қартайып қалғандай, беттерінен қызыл тайып, боп-боз болып, әлден әжім түсіп қалғандай, мезгілсіз шыққан бәйшешекті қайырымсыз қатал үсік ұрғандай солыңқы екен.

Екі үйдің арасындағы дәнекер-Ескендір еді. Ескендір кішкентайынан, соноу Ташкентте осы Надежданың, Рысқұловша айтқанда, Наденьканың қолында өсті.

Тағдыр екен, Надяға Құдай қос күндес берді. Алғашқысын, атақты сұлу Наталья Алексеевнаны Надя көрген жоқ. Бірақ одан туған Ескендірді бауырына басты. Кейінгі күндесі, міне, енді алдында отыр. Бұрын:

— Жана шешең қандай екен? — деп сұрайтын Ескендірден.

— Жақсы, — дейтін Ескендір.

— Бізге көптен бері келмей кеткенін содан екен ғой, — деп ептеп қызғаныш білдіретін Надя.

— Қойшы, мама, мен сені жақсы көремін, — деуші еді, есі кіріп қалған Ескендір.

Надежда Константиновна Тұрардан да гөрі, осы Ескендірді қызғанатын сияқты еді.

Осы Ескендір өз шешесін көрмесе де, шешеден кенде болған жоқ. Әжесі Елизавета Петровна оны жөргегінен бағып-кақты. Өгей шешесі Надежда Константиновна оны қолынан жетектеп жүріп өсірді. Кіші өгей шешесі Әзиза Түбекқызы оны шекесінен шертіп көрген емес.

Бұлардың үстіне тағы бір ана Ескендірге шуақты мейірімін мол төкті. Ол-Ольга Константиновна еді. Надежданың туған апасы, Жанша Досмағамбетовтың жан жары. Воронеж айдауынан кейін Досмағамбетов те Москвадан баспана тапқан, қуғын-сүргіннен сәл саябырлаған тұсы еді. Бұлардың үйіне де Ескендір жиі барып тұрушы еді.

— А, Ескендір батыр, кел, — дер еді Жанша Досмағамбетов. — Әкең қалай, аман ба? — дейтін. — Жұмысы көп, қолы тимейді, көріспегелі көп болды, — дейтін.

Ал Ольга Константиновна баланың асты-үстіне түсіп, бәйек болып, асының дәмдісін аузына тосатын. Құдіреттің ісі шығар, Жанша екеуінен бала жок. Неге екенін кім білсін, осы Ескендір әлдеқалай адасып қалған өз балалары сияқты көрінетін де, екеуі де Ескендірді айналып-толғанатын. Ескендір үйлеріне келгенде, соноу Ташкентте өткен жайма-шуақ аз жылдардың жылылығы ілесе келгендей, ерлі-зайыпты екеуі де қаяулы көңілдері шәйдай ашылатын. Ол Тұрар Рысқұлов Түркістан Совнаркомы болған кез еді.

Бір жолы Ольга Константиновна Ескендірге матрос көйлек кигізді. Өздері жалақысы аз, кембағал адамдар «өкіметтің» баласына көйлек сыйлағаны жараса ма, жараспай ма, бірақ матрос форма Ескендірді қызықтырушы-ақ еді. Қуанып кетті.

— Нарком әкеңнен байғазы сұра, — деп қалды Ольга, Ескендірдің үстіне құйып қойғандай жараса кеткен матросканы сипап тұрып. Онысына Ескендір аса түсіне алған жоқ. Тек Жанша Досмағамбетов:

— Оля, үлкендердің ісіне баланын қанша қатысы бар? — деп күстаналағандай болды.

Сіңлісінен ажырасқалы бері, Ольга Константиновна Рысқұловты ұнатпайтын. Мұнысы заңды да шығар. Бірақ «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» дегендей, Надя мен Тұрардың тұзының жараспағанына кім кінәлі? Ол енді екі адамның өзі ісі. Айналып келгенде, жазмыш солай. Әйтпесе, соноу жиырма екінші жылы, қызыл Түркістанның басшысы Тұрар Рысқұлов, Орынбордағы «алаш» көсемі Жанша Досмағамбетовтың үйіне қалай тап болған? Жол-жөнекей Наденькамен қалай тағдырласқан?

Осының бәрінде жұмбағы көп өмір жатыр. Біз құмырсқа тіршілігінен не білеміз? Адамдардың да қым-қуыт, қыбыр-жыбыр күйбеңінен аңғарып жатқанымыз аз. Адам жанынан хабарымыз бар ма? Дүниедегі қасірет атаулы сол адам жанының құпиялылығында жатқан жоқ па екен...

Міне, тағдыр шіркін тарының қауызындай тар пәтерге әкеліп, Рысқұловтың бұрынғы әйелі мен соңғы әйелін түйістірді. Бұрынғы әйелі Софья-Соня дейтін қызымен біржарым бөлмелік пәтерде тұрғанда, соңғы әйелі Әзиза алты бөлмелі ақ ордада өмір сүріп жатты. Бір күннің ішінде қара дауыл ақ орданы құлатты да, Әзиза бұта паналаған торғайдай, Надяның тар құжырасына келіп тығылды.

Сол Әзизаны енді күндесі Надяның өз сіңлісіндей қағып-баққаны адам баласы таңғаларлық іс.

— Байғұс-ау, ай-күніңе жетіп қалған екенсің ғой? Енді қиналып, қобалжи берме. Ішіндегі нәрестеге обал болады. Тыныштал, — деп Әзизаны жуындырып-шайындырып, астына жұмсақ төсек салып, алдына дәмді ас қойды. Одан Әзизаның жаны тынши қойған жоқ:

— Лубянкаға барып қайтамын, — деп тыпыршыды.

— Лубянка саған құшағын айқара ашып тұрған жоқ. Құрсағындағы балаға тыныштық бер, — деп Надя басу айтты.

— Сонда артынан іздер-сұрары жоқ бейшара болғаны ма Тұрардың?-Әзиза қайтадан қамыға бастап еді, күндесі:

— Енді Тұрарға бір Құдайдан басқа ешкім де көмектесе алмайды, — деп күрсінді.-Ойлап қалма, мен Тұрарға қысастық жасап отыр екен деп. Бірақ мен білетін болсам, бұл істе екеуміздің қолымыздан түк те келмейді.

— Сонда не, адамдардың бәрі қатыгез болып кетті ме? Кеше ғана Тұрар, Тұрар деп жүретін Ворошилов қайда? Молотов қайда? Әрі-беріден кейін Тұрардың ұсталғанын Сталин біле ме екен өзі, әй, білмейді-ау, білсе-босаттырар еді. Жок, мен ізденемін, барамын, — деп Әзиза байыз таппады.

— Өзің біл, бірақ баланы өлтіріп аласың, зорыға берме.

— Бір қора жанды үйден шығарып тастағаны мынау... Ол үйдің мүлкі қайда?

— Қой, қызым, бас аман болса, дүниесі садаға, — деп шешесі Әрифа басу айтты. — Тұрар аман құтылса, дүние қайда кетер дейсің? Ал Тұрардың ісі шынымен қиындаса, расында да, бір қора жан қайда барып қорғалаймыз? Надя бізді қашанғы күтеді? Алматыға қайту керек пе? Білмеймін, қызым, қартайғанда мұндай сұмдық көрсет деп тілемедім Құдайдан.

— Апа, көңіл жетсе, орын жетеді. Мен сіздерді ауырсынады деп ойлап қалмаңыз, — деп ықылас айтты Надя.

***

Тәңірі туғаннан сала ма, тумағаннан сала ма-бұ да жарық дүниенің бір құпиясы. Бәлесі жұғады, аулақ, аулақ десе, Надяға кім кінә қоя алар еді? Адам жанына үңіліп көр де таң қала бер.

Жамандық жалғыз жүрмейді, жұт жеті ағайынды деген рас екен. Надя үйінің қоңырауы шырылдады. Есік ашылғанда ар жағынан:

— Наденька, жан дегенде жалғыз бауырым! — деп шашы бурыл тартқан, сұңғақ бойлы, сыры кетсе де сыны кетпеген, ажарлы Ольга Константиновна кіріп келді. — Жаншадан тағы айырылдым. «Қара қарғаға» салып алып кетті.

Сіңлісін құшақтап тұрып, үй толы қазақтарды көрді. Ескендірден басқасын танымаса да шамалады.

— Тұрар да ма? — деп айқайлап жіберді.

— Иә, Тұрарды да ұстады. Курортта жүрген жерінен. Ана кісі-енесі, анау ай-күніне, әне-міне босанайын деп отырған-әйелі.

Ештеңеге түсінбей әркімге бір жаутаң-жаутаң қарап, шешесінің қолтығына тығылып тұрған Сәуле...

— Апыр-ау, ақырзаман келген шығар, — деді Ольга Константиновна аққұба өңі сұрланып. -Менің байым «ежелгі жау», «Алаш Орда», ал нағыз большевик Рысқұловта несі бар?! Әлде «Алаш» аз болып, большевиктер өзін-өзі жей бастады ма?

Надяға қарағанда өктемдеу, өр мінезділеу кісі еді, Сталиннен бастап Ежовқа дейін біраз заһарын төгіп алды. Надя оған:

— Қой, Оля, естіп қойса... — дейберіп еді:

— Естісін, әлгінде Жаншаны әкеткенде де айттым. Әдейі айттым, — деп әпкесі дес бермей кетті. — Мені де алып кетсін деп айттым. Бірақ мені тұтқындамады, оңбағандар.

— Мына Рысқұловтар үйсіз қалды, — деді Надя жай ғана. — Сенің үйінді алып қоймаса жарар еді...

— Не деп отырсың, сорлы?! Маған енді үй не керек?! Алатын заттарын алды. Жаншаның жазбаларын, жазу машинкасына дейін алып кетті. Енді ол үйді өртеп жіберсе де болады. Май құйып өзім-ақ өртеймін де, өзім де түрмеге түсемін. Ендігі өмір маған не керек? Oh, Жанша! О, Жаһан-Шах! — деп Ольга Константиновна кенеттен аңырап ала жөнелді. Оған қосылып Әзиза жылады. Қой-қоймен әрең отыр екен, небары екі-ақ күнде пенде болып, мүсәпір халге түскенін айтып жылады. Мұндай сұмдықты көрмеген Сәуле шар-шар етіп, шошып кетті.

— Әй, баланы қорқыттыңдар, хуатит! — деп Әрифа қайратқа мінді. — Байларың әзір тірі ғой, неге жамандық шақырасыңдар, о бастарыңа көрінгірлер! — деді.

Ольга лезде тыйылып:

— Рас, бабы мы, — деді.

Ол Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінде машинистка болып істеуші еді. Кеңсе жолдарынан аздап хабары бар адам. Ары-бері әңгімеден соң, тұтқындармен қалай жолығудың амалын қарастырды. Әзизаны НКВД-ға ертіп апаратын болды.

— Досмағамбетовтің түрмеге түскені бұл бір емес, талай құқайды көрген. Құдай жар болса, босанар. Ал Рысқұловтың жолы оныкінен гөрі жеңіл болса керек. Ізденейік, — деді.

— Надяның мына қуықтай үйінде күн көре алмассыңдар, менің пәтерім қаңырап бос тұр, соған көшіңдер, — деді Рысқұловтарға.

Сол екі арада Нұрбеделін ертіп, Түйметай да жетті. Бұл да тозақ отына талай түсіп, піскен адам. Аңырап жылаған да жоқ, ойбайына да басқан жоқ. Басқа түскен нәубет тас-түйіндей бекітсе керек, көңілі босаған Әзизаға:

— Әруақ-Құдай жақсылығын берсін. Әліптің артын бағайық. Жылама, кебенек киген келеді, кебін киген өледі. Тұрар кебенекпен кетті ғой, — деді.

Таяуда ғана ол жұмыс істеп жүрген тігін фабрикасы оған пәтер берген. Тұрардың панасыз қалған отбасын о да өз үйіне шақырды.

Жайшылықта бүйтіп басы қосыла бермейтін өр нәсілдің адамдарын осындай бір ауыртпалық біріктіріп, туысқаны да, туыспағаны да жан бауыр болып, қатыгез қаталдыққа қарсы тұрғандай еді.

Тасыр-тұсыр трамвай өтті. Таяудағы мектептен барабан үні естілді. Аядай үйде аспан астын кернеуге жарайтын қайғы-уайым барын сезбегендей «ең бақытты» Кеңес елінде тіршілік қыз-қыз қайнап жатты.

ТЕРГЕУ

Мәскеудің қақ ортасында, Кремльден алыс та емес, дөңестеу алаңда түксиген сұп-сұр үй тұрады. Кремльге әлдеқалай кіруін мүмкін, ал мұнда өз еркімен бейтарап бір жан кіре алмайды. Бұл үйдің есіктерінен, терезелерінен шыбынның кіріп-шығуы да мүмкін емес. Шыбын екеш шыбынға да күдікпен қарайды.

Мәскеудің қандай бір үйі болмасын, бәрінің шатырына көгершін ұя салып, емін-еркін ұшып-қонып жүреді. Бұл қалада бұл құс атаулы мәскеуліктермен бірге тіркеуге тұрған сияқты. Көгершінді ешкім жатырқамайды.

Сол көгершін, тек мына сүр тас үйге ғана ұя салмайды. Ұя салмақ тұрмақ, маңайына жоламайды. Адамнан гөрі, жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң, құрт-құмырсқа сезімтал дейді ғой. Топан суы қаптарын, зілзала боларын адам алдын ала білмейді, ал әлгілер біледі. Мысалы, өткен ғасырдағы бір зор зілзала алдында, біреудің иті үйінде ұйықтап жатқан жас нәрестені көйлегінен тістеп ала қашыпты. Итім құтырған екен деп иесі мылтығын ала жүгіріпті. Артынша аяғының астындағы қара жер теңселіп ала жөнеледі...

Сүр тас үйдің сұсынан қорқа ма, әлде бұл үйдің адамдары құсты улайтын бірдеңе сеуіп тастаған ба, әйтеуір бұған көгершіндердің жоламайтыны рас.

Бұл үйдің қызметкерлері, бәлкім, көгершіндерден қауіптенетін де шығар. Өйткені көгершін хат тасушы қызметін де атқаратын көрінеді ғой. Тылсым құпиядан жаралған тас үйден сыртқа бір түйір сыбыс та, дыбыс та шықпауы керек. Марқұм Феликс Дзержинский іргетасын қалаған ЧК, ол дүниеден қайтқалы бері мың есе есіп, өнерленіп, канаты қат-қат болып қалыңдап, қаһарлы мекемеге айналғаны сонша, одан қорықпайтын, одан сескенбейтін, Сталиннен басқа, бірде-бір жан жоқ. Мейлің кім болсаң ол бол, маған десең, Сталиннің оң қолы бол, бәрібір, сүр тас үйді көргенде, жүрегі зырқ етпей қалмайды. Міне, осы үйдің астындағы зынданға Рысқұлов түскелі бір апта өтті. Подвалды зындан демегенде не дейміз? Подвал болғанда да иір-шиыр, шытырман жолдары, дәліздері көп. Дәліз шамы өлегізіп, сықсиып тұрады. Айнала мұздай сүр тас. Мұншама тас тауы жоқ Мәскеудің қай жерінен табыла берген?

Бірақ таңғалатын не бар? Бір түйір тасы жоқ еспе, ұлпа құмның арасына баяғының перғауындары соноу алыстағы Асуаннан үйдей-үйдей тас тасып, соны қашап, таудай -таудай пирамидалар тұрғызған ғой. Бұдан бес мың жыл бұрын. Пойызы жоқ, тракторы жоқ, экскаваторы, бульдозері, краны жоқ сол кезде әлгіндей болғанда, мына мотор заманында бір үйдің астын-үстін тастан өруі киын болып па, тәйірі?

Сол подвалда НКВД-нің Ішкі түрмесі деген орналасқан, Бұхардың әмірінен несі кем: үстіңгі жағы салтанатты Сарай, асты-зындан.

Шамада бір аптадан соң, айдауыл Рысқұловты зынданнан шығарып, екінші қабаттағы тергеушінің бөлмесіне жеткізді.

Бөлменің жарығынан Рысқұловтың көзілдіріксіз жарымжан көзі қарығып, төрдегі үстелді, үстел басында отырған адамның сұлбасын ғана көрді.

— Отырыңыз, — деді әлгі адам.

Рысқұлов түртінектеп, шамалап барып, қолымен сипалап тауып, орындыққа отырды.

— Немене, көзіңіз нашар ма?-Әйелше жіңішкелеу дауыстың, бұл тұңғыш сұрағы.

— Көзілдірігімді жоғалтып алдым, — деді Рысқұлов.

— Жарамаған екен, — деді әлгі, сөйтіп қонырау қақты. Кіріп келген адамға:

— Барсуков, азамат Рысқұловтың көзілдірігін әкеліп бер.

— Құп болады.

Арада бес минут өтпей, Барсуков Рысқұловқа көзілдірігін ұсынды. Рысқұлов сипалап, ары-бері төңкеріп қарады. Өзінікі сияқты. Құлағына іліп еді, жанары жарқ ете қалды.

— Көрдіңіз бе, көзілдірігіңізге дейін жоғалмаған, — деді үстел басындағы жұқалтаң сары кісі. — Танысып қояйық: тергеуші Нейман. Мен тергеуші, сіз жауапкер.

Есіңізде ме, азамат Рысқұлов, камерада жатқаныңызға қанша күн болды?

— Алты... иә, алты күн.

— Дұрыс. Ал сол алты күн бойы сізді неге жауапқа шақырмаған?

— Оны мен білмеймін.

— Білмейсіз. Әрине, білмейсіз. Бірақ әріректен ойласаңыз-білесіз. Егер сізді сол Кисловодскіден келген бойда менің алдыма алып келсе, сіз:

— Қандай правоң бар? Мені Ежовқа жолықтыр! Сталинмен жолықтыр! — деп тулар едіңіз, рас па?

— Сол талапты әлі де қоя аламын. Ежов өзі де біліп отырған шығар. Ал Сталин жолдаспен хабарласуымды қамтамасыз етуіңізді талап етемін, жолдас Ней... Нейман.

— Азамат тергеуші. Түсіндіңіз бе, мен сіз үшін бұдан былай «азамат тергеуші».

— Иә, замат тер — геу-ші.

— Демек алты күн сізге аз болған. Адам өзінің жағдайын түсініп-білу үшін алты күн жеткілікті еді-ау. Сіз оптимист екенсіз. Алты күн жалғыздықта адам күйрей бастайды. Өзінің тұтқын екенін, бейшара екенін әбден сезеді. Ал сіз... рас костюміңіз ұйпалақтаныпты, шалбардың қыры кетіпті. Сірә, тас төсек үстінде аунақши бергенсіз ғой. Жағаңыз кірлепті... Сақалыңыз...

— Жетті! — деді Рысқұлов қалшылдаңқырап.

Рысқұловты кемсітіп, намысын қорлап, жігерін жасыту үшін бір-ақ сөз жетіп жатыр. Ол — жағаң кір екен деген сөз. Баяғыда-баяғыда, Алматының түрмесінде әкесі Рысқұл екеуі жатқанда, әкесі Тұрарға:

— Тұрар! Жағанды кірлетпе! — деп ақырып қалатын.

Содан бері Конституцияны да, партия уставын да оқыды. Оқымақ тұрмақ, соларды жазуға өзі де қатысты. Бұлжытпай орындады. Бірақ солардың бәрінен биік, құдыретті Жарғы — әкесінің әлгі:

— Жағанды кірлетпе! — деген бұйрығы еді. Өмірде нелер жоқшылық, жетімдік көрсе де, содан бері көйлегінің жағасын кірлетіп көрген емес еді. Ал енді мына неме, бұған жағаң кірлепті дейді. Не деген қорлық? Демек әкесі Рысқұлдың аманат-бұйрығын бұзған болды ғой.

Тергеуші мұның бірін де білген жоқ. Бірақ қорлағанын сезді, айыпкер боп алдында отырған адамды қорлай салу ол үшін түк емес. Бұған әбден бойы үйреніп, кәдімгі әдетіне айналып кеткен. Қорлау, жәбірлеу... одан зоры, одан да сорақысы жетіп жатыр. Рысқұловтың бетіне күлімсіреп қарап, отырып-отырып, таңдайын тақ еткізіп, басын шайқады.

— Мінезіңіз бар екен, — деді.

— Менен сіз жауап алмақшысыз ғой?

— Иә.

— Мен сізге жауап бермеймін.

— Неге?

— Жауап беруге дайын емеспін.

— Қандай дайындық керек.

— Моншаға түсіп, қырынып, таза көйлек киюім керек. Үсті-басымды жөндеуім керек.

— Сөйлейтін сіздің көйлегіңіз емес, тіліңіз ғой.

— Жаңа ғана мені кемсіттіңіз, қорсынып отырып жауап бере алмаймын.

Нейман адыраңдап қалған әкіреңбай болмаса керек, ойланып қалды. Содан соң қоңырауды басып жіберіп:

— Барсуков! — деді. Барсуков жетіп келді.

— Тұтқынды жақсылап моншаға түсіріп, шаштаразға алып барып, қырындырып, таза көйлек бер. Ұқтың ба? Тез орында.

— Құп болады!

***

Арада бір сағат шамасы өткенде Барсуков тұтқынды қайтып алып келді. Нейман аңқиды да қалды: қарсы алдында мүлде басқа адам тұр. Керіскедей келісті, қара шевиот костюмі де зауыттан жаңа шыққандай. Көйлегінің жағасы аппақ. Тек галстугі жоқ. Жетпей тұрған бір ғана деталь. Егер галстугі болса, мұны көзге тұтқын деп емес, баяғы совнарком деп елестетуге болар еді. Сонда кім тергеуші, кім айыпкер екенін ажырата да алмастай екен. «Иә, бұл қатты жаңғақ, — деді ішінен Нейман. — Әрине, өзін кінәлі санамайды. Өзін кінәлі санаса, ендігі жүні жығылып, күйбеңдеп қалар еді».

Нейман алдындағы адамның тегін емес екенін сезді. Егер алғашқы келген бетте әңгіме басталып кеткенде, бұл сөз жоқ, Рысқұловты қорлауын қоймас еді. Енді, амал жоқ, аңдысып сөйлесесің. Көз алдында бейшара тұтқын емес, кәдімгідей дәрежелі адам тұрады.

— Сонымен, қарсы болмасаңыз, жұмысымызды бастайық, — деді Нейман. — Мен сұрақ қоямын, сіз жауап бересіз. Ең алдымен шамалы ғана формализм. Фамилияңыз, атыңыз, әкеңіздің аты?

Рысқұлов: «Осы да сұрақ па?» дегендей оқыс қарады.

— Сіз шыңнан менің кім екенімді білмейсіз бе?

— Білемін. Бірақ протокол осыны талап етеді. Өз аузыңыздан шыққаны жөн.

Рысқұлов қитығыңқырап біраз отырды да, ақылға салып, майда-шүйдеге бола ерегісе бермейін деді.

— Рысқұлов Тұрар Рысқұлович.

— Туған жылыңыз, айы, күні. Туған жеріңіз?

Нейман ақ қағазға Рысқұловтың аузынан шыққан сөзді қақшып алып, жазып отыр. Шапшаң жазады екен.

— 1894 жыл, 26-желтоқсан. Верный уезі, Шығыс-Талғар болысы, Тау-Шілмембет ауылы.

— Ұлтыңыз?

— Қазақ.

— Шыққан тегіңіз?

— Кедей шаруа.

— Төңкеріске дейінгі кәсібіңіз.

— Жұмысшы. Бағбан.

— Төңкерістен кейін?

— Қызметкер.

— Біліміңіз.

— Аяқталмаған жоғары білім.

— Партиялығыңыз?

— 1917 жылғы қыркүйектен большевиктер партиясының мүшесімін.

— Отбасы жағдайыңыз?

— Үйленгенмін. Төрт балам бар.

— Шетелдерде тұратын туыстарыңыз бар ма?

— Жоқ.

— Туыстарыңыздан сотталғандар бар ма?

— 1906 жылы әкем сотталған.

Нейман қаламсапты сиясауыттың жиегіне сүйеп қойды да, папирос тұтатып, шылым қорабын Рысқұловқа ұсынды.

— Рахмет, шылым шекпеймін.

— 1906 жыл, — деді Нейман үйдің төбесіне қарап, аузынан түтін бұрқырап.

Темекісін күлдеуішке салып, мыжғылап өшірді де:

— Оқып шығыңыз да, астына қол қойыңыз, — деп әлгі протоколды Рысқұловқа ұсынды. Рысқұлов оқыды, бәрі дұрыс. «Т.Рысқұлов» деп қолын қойды.

— Бүгінгі жұмыс осымен бітті, — деді Нейман.

— Қалайша? Менің білгім келеді, азамат тергеуші, мен не үшін отырмын?

— О, ол ұзақ әңгіме.

— Қысқартып, бір сөзбен айтқанда?

— Қысқартып, бір сөзбен айтқанда дейсіз бе? Асықпасаңыз қайтеді? Қазір алдын ала тергеу жүргізіледі. Ал қаулы содан соң қабылданады. Не үшін тұтқындалғаныңыз сол қаулыда айтылады.

— Бізде: «Әкесі өлгенді де естіртеді» деген мәтел бар. Оның несін созбақтап, әспеттей бересіз. Айта салыңыз. Мысалы, мені қамауға алу үшін де мотив керек кой. Қандай күдікпен қамауға алдыңыз? Адам өлтірдім бе? Қазына тонадым ба? Жоқ, болмаса диверсия жасадым ба? Әлде пара алдым ба?

Нейман екі қолын алдына салып, саусақтарын айқастырып, жымиып күлді. Соны да білмейсің бе? — деген сыңайлы. — Ақылсыз емессің. Ірі қайраткер болдың. Алды-артыңа қарамайсың ба? Алдыңдағы Рыков қайда? Бухарин қайда? Жерлестерің Акмал Икрамов пен Файзолла Ходжаев, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Ходжанов қайда? Наивный, что ли? — Бірақ дауыстап:

— Асықпаңыз. Әр нәрсе өз мезгілімен, — деді.

— Мен сіз ойлағандай, «наивный» емеспін, — деді кенет Рысқұлов. Нейман шошып қалды. «Менің ойымды оқып отыр ма?»

— Мен бәрін де біліп отырмын. Бірақ сіздердің тағатын айыптарыңызға менің ешқандай қатысым жоқ. Ғаламат жала жабылмақшы. Сондықтан да мен қорғануға тиіспін. Мені қорғайтын жалғыз Сталин жолдас. Сталинге хат жазуға және оны өз қолына тигізуге жағдай жасаңыз. Бұл менің азаматтық правом.

— Жазғыңыз келсе-жазыңыз. Бірақ «өз қолына тигізуге» кепілдік бере алмаймын. Өйткені мен Сталин жолдаспен көзбе-көз кездеспеймін.

— Онда Ежов арқылы. Ежов мені жақсы біледі.

— Ендеше, Ежов жолдастың өз атына жазыңыз. Нейман Рысқұловқа бір парақ қағаз, қалам ұсынды. Рысқұлов қаламды ұстап, сәл ойланды да жаза бастады.

Ішкі істер халық комиссары Ежов Николай Ивановичке

Николай Иванович! Мені сіздің қызметкерлеріңіз 21-мамыр түнінде Кисловодскіде тұтқындап, Москваға әкеліп, түрмеге салды. Сіз мені жақсы білесіз. Совет өкіметіне адал қызмет еткенім Сізге аян. Мүмкін, әлдекімдердің жапқан жала, жаққан күйесіне сеніп қалған шығарсыз. Мені өзіңіз қабылдап, ақиқатқа көз жеткізуіңізді сұраймын және менің түрмеде екенімнен Сталин жолдасты хабардар етуіңізді өтінемін.

Т. Рысқұлов.

Қағазды Нейманға қарай жылжытты. Нейман қадалып оқып шықты.

— Орысша өте сауатты жазады екенсіз, — деді.-Қолыңыз да ап-анық, тайға таңба басқандай екен.

— Бала күннен жиған-терген дегендей. Аса білімді болмасақ та, барымыз осы. Ал енді сізден бір сұрайын дегенім: мұнда жатқалы да біраз күн өтті. Кисловодскіде менің әйелім қалып еді, аяғы ауыр еді. Оның тағдырынан не білесіз?

— Иә, өзім де айтайын деп едім. Осыдан үш күн бұрын екі әйел сізге жолығуға рұқсат сұрады. Біреуі сіздің әйеліңіз, сірә, қазақ болуы керек. Екіншісі орыс әйел. Жанша Досмағамбетовті білесіз бе?

— Әрине, білемін.

— Ендеше, соның әйелі.

— Ольга Константиновна!

— Дәл өзі. Таң қалдыңыз ғой. Оның да күйеуі осында.

— Таңғаларлық нәрселер көбейіп тұр ғой. Ал сонда әйеліммен жолығуға рұқсат болмағаны ма?

— Әзірше. Тағы қандай тілегіңіз бар?

— Тілек болғанда... Менің кітабымның қолжазбасын сіздің қызметкерлеріңіз алған еді. Сол жоғалып кетпесе жарар еді.

— Білемін. Тарихи еңбек қой. Жоғалтпаймыз. Ол қолжазба туралы әлі әңгімелесеміз.

— Көп жыл тірнектеп материал жинап, түнде ұйықтамай, көз майын тауысып жазған дүнием еді, шашылып, жоғалып кетпесе дегенім ғой.

Рысқұловты айдауыл камераға қайта әкеліп жапты. Темір есіктегі темір құлып сақыр-сұқыр етті де тынды. Камераның ортасында тұрып, жан-жағына қарады. Жабық темір есіктен басқа төрт қабырға тұтас сұр бетон. Терезе жоқ. Төбеде торлап тастаған шам елегізіп тұр. Тақта төсек. Босаға жақтағы бұрышта «параша» дегені тұр. Ол дәрет сындыратын шелек. Басқа түк жоқ. Әр қабырғасы төрт қадам. Көрден гөрі сәл кеңірек.

Тақтаға қисайды да ойға қалды. Енді оның ойдан басқа жолдасы жоқ. Әзиза, әйтеуір, аман-есен жеткен екен. Ал Ольга Константиновна... Бұрынғы қайынбикесі. Жанша... бұрынғы бажасы. Қайран Жанша. Оған да құрық түскен екен. Оған құрық қайта-қайта түсе береді. Өмірінің ширегі түрмеде өткен шығар. О басында түрмемен алысып, адвокат болуды қалап еді. Ақыры түрме жеңетін түрі бар.

Соноу 1922 жылдың күзінен кейін, Рысқұлов пен Досмағамбетовті тағдыр туысқан етті. Бұйрық екен, екеуі бажа болды. Содан 1923 жылы Рысқұлов Жаншаны Орынбордан Ташкентке көшіріп алды. О, 1923 жыл. Рысқұлов Түркістанның Совнаркомы. Кімдерді шақырмады сонда ол Ташкентке. Жанша Досмағамбетов, Халел Досмағамбетов, Мағжан Жұмабаев, Әубәкір Диваев... Мұхтар Әуезов... Кілең ығай мен сығайлар. Кілең білімділер, зор таланттар. Санжар Асфандияров тағы бар.

— Біздің Түркістанға қарынның тоқтығы ғана жеткіліксіз. Біздің Түркістан рухани байлыққа да молығуы керек,-дер еді Рысқұлов. Ақындар, жазушылар, ғалымдар, әншілер, жыршылар... осының бәрі енді-енді тамыр байлап, қаулап өсіп келе жатқанда, Сталин жолдас, Ленин өле салысымен, оның өлі денесі суымай жатып, Түркістанды таратып, бөлшек-бөлшек етуді жедел қолға алды да, республика жыртысқа айналып кетті... «Бөліп ал да билей берді» Сталин патшадан асырып жіберді. Ал Рысқұлов Түркістан республикасына Қазақстанның батысын, терістігін, шығысын қоспақ еді...

Енді Жанша да осында көрінеді. Сол 1923 жылы бұлар бір үйдің адамдарындай, дастарқан басында ұдайы бірге болар еді. Жаншаның балдызы, Рысқұловтың әйелі Надя босанып, Софья атты қыз дүниеге келді. Сондағы тойхана...

Бәрі-бәрі көз алдында. Жанша бұрыннан атағы жер жарған адам, Ташкентте өте сыйлы болды. Оны жұрт қазақтан шыққан Плевако десетін. Федор Плевако патша заманының аты аңызға айналған адвокаты ғой. Осы Досмағамбетовтің жерлесі әрі жиені десе де болады. Оның өзі бір роман.

Федор Плеваконың әкесі бір орыс әкімінің қолында малайлықта жүрген қазақ қызымен көңіл қосады ғой. Орынбор маңында. Бірақ некелеспеген көрінеді. Әкесі Плевак деген латыш екен. Қазақ қызы одан үш бала табады. Бірақ бәріне айналадағылар «заңсыз» деп қарайды, келеке қылады. Отырса-опақ, тұрса-сопақ. Малай қазақ қызын орыс қожайын шоқындырып, Екатерина деп атаған екен. Сол сормандай Екатерина тағы да төртінші бала табады ғой. Келемежден кекірік атқан адамдар бұл қазақтың малай қызы болашақ ұлы адам туғанын қайдан білсін? Білсе, күлмес еді. Болашақ ұлы адамның анасын қорламас еді. Бірақ адамдар көбінесе адасады ғой. Адамдар адаспаса, заман әр кезде де түзу болмай ма?

...Сөйтіп, сорлы ана бұл баласын өзенге тастап өлтірмек болып, жөргекке орап алып бара жатқан жерінен иманды біреу кездесе кетіп, бейкүнә нәрестені аман алып қалады... Кейін сол бала аты әлемге әйгілі Федор Плевако болып шығады. «Плевак» деген ыңғайсыздау сөз болған соң, ол заңдастырып жүріп, фамилиясына «о» қостырып, Плевако болған ғой. Кейін-кейін өзінің жарық дүниеге келмей жатып, өліп қала жаздағанын білгенде, Федор Плевако өзінің қазақ анасын айыптамаған. Қайта алақанына салып, аялап отырады екен.

Ал сол Плеваконың нағашысы Жанша Досмағамбетов те кезінде аты күллі Сібір жұртына тараған айтулы адвокат еді. Жарықтық Жанша Тұрарға өткен-кеткен хикаясын айтып отырып:

— Білесің бе, Тұрар, бірінші рет сот алдында жаламен айыпталған адамды қорғауға барғанымда, үстімде фрак та жоқ еді. Ал сотқа адвокаттың фраксыз баруы — ісінің теріс кетуімен бірдей. Бірақ мен сол процесті жеңіп шығып, алғашқы қаламақыма фрак сатып алдым,-дер еді.

Сөйткен Жанша Досмағамбетовтің өзіне қазір адвокат керек. Әрине, бұлар енді бұрынғы жарасының аузын тырнап қанатады. Әрине, «Алаш» дейді. Сен соның көсемісің дейді. «Алаш» алдақашан кешірілгенін, Лениннің өзі оған кешірім жасағанын есепке алмайды. Әлде есепке алар ма екен? Тәрізі жаман, алмайды-ау. Әйтпесе, Жаншаға бұрын да сот болғанын, одан ақталғанын бұлар білмей отырған жок қой. Тегіннен тегін қайтадан ұстамайды ғой.

Рысқұлов сонда, тақыр тақта үстінде жатып, баяғы Орынбордың кешін еске алды. Жаншаның жұпыны құжырасы еді. Қызарып барып, күн батқан кеш болатын. Жанша мен Ольга қосылып, «Вечерний звон»-«Кешкі қоңырауды» айтқан іңір шақ. Армандар айдынында жүзген қос аққу. Жұптары жазылмастай еді. «Қозы Көрпеш, Баяндай бір молада өлсем-ау» деген ән осыларға бағышталған сияқты еді.

Ақыры жұптары жазылыпты. Сыңарынан айырылған Ольга Константиновна тас қапастағы Жаншаны көруге келіпті. Жолықтырмапты. Қос аққу бірі жазым болса, екіншісі де-құсадан өледі деуші еді. Қос аққу. Жанша мен Ольга. Бірін-бірі аймаламаса отыра алмаушы еді. Енді қайтпек? Енді не болады? Тәңірі ісі-тәлкек.

Тәңірі ісі-тәлкек. Адамның басы-Алланың добы. Қалай тебеді, солай домалайды. Әйтпесе, бірін-бірі алақанына салып отырғандарды ажыратып несі бар?

Мүмкін, Тәңірге тиіспеу керек шығар. Дүниені бүлдіріп жатқам Тәңірінің тәрбиесінен шығып, құдайсыз болып кеткен адамдар болар. Ал ондайларға: «Тәйт, малғұн!» — деуге жарамаса, Тәңірінің құдіреті қайда? Әділет аттаған, қиянат қылған қара жүректерді неге тәубаға келтірмейді?

Мүмкін, жәбір көрген жанға Тәңірі қуат берер, көкірегіне нұр себелетіп; отты тіл, орақ ауыз беріп, өзін-өзі ақтауына септесер?

Жанша Досмағамбетов, талай жазықсыздарды жазадан аман алып шыққан айтулы шешен, айбарлы адвокат-Жанша Досмағамбетов өзін-өзі қорғап шығар?

Омбыда ол баяғыда кінәсіз қараланған орыс әйелін сотта арашалап сөз сөйлегенде, жұрттың бәрі, тіпті соттың өзі де солқылдап жылаған деседі. Айдаладағы әлдебір әйелді солай жанын салып қорғағанда, Жанша Досмағамбетов өз басына тажал төнгенде, өзін-өзі қалай қорғамас екен? Сөз береді ғой, сөйлейтін болар. Бірақ мына Жоғарғы соттың Әскери Коллегиясының бастығы, бас сот Ульрих. Жанша Досмағамбетов өзін-өзі қорғап сөйлегенде, сол Ульрих солқылдап жылай қояр ма екен? Әне, мәселе қайда? Бас айыптаушы, яғни бас прокурор Вышинский жүрегі елжіреп, көңілі босай қояр ма екен?

Ульрихте, Вышинский де анадан, адамнан туған. Анадан жаңа туғанда адамдардың бәрі бірдей. Мүмкін, адамның анасы заманы шығар. Заман қалай қақпайлайды, солай қарай қайырылып, ықтияры өзінде болмай сорлай ма екен?

Заманына қарай қоғамы болар ма? Адамдар коғамы. Қоғам-тобыр ма? Сиыр да тобыр, кой да тобыр. Бір табын сиырды ұзын қамшылы бір адам жат десе жусатады, тұр десе өргізеді. Оның аты бақташы. Мәселе-бақташыда.

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған» деуші еді Рысқұл марқұм. Сол жол бұралаңдап жүріп, Ольга Константиновна мен Әзизаны біріктіріп, түрменің терезесіне үңілдіріпті. Үңіліп күйеулерін іздейді. Күйеулер көрінбейді. Көрсетпейді. Жолатпайды. Ольга Әзизаға жол көрсеткен болды ғой. Мұндай сұмдықты туасы көрмеген Әзиза байғұс, әйтпесе, өз бетінше Лубянкаға жол таба ала ма?

— Менің сіңлімді тастап, сені алғанда Рысқұловтың мүйізінің қарағайдай болғаны қайсы? — деп Ольга теріс айналса, Әзизаның қолынан не келер еді? Бетегесі бытырлап, сексеуілі сатырлап, даланы өрт алғанда, ақбөкен мен қасқыр бірге қашатын көрінеді. Басқа түскен ортақ нәубет араздасқанды, ажырасқанды жақындатады. Әйтпесе, Әзиза Рысқұловтың табалдырығын аттағалы бері Ольга да, Жанша да Тұрармен хабарласқанды сап тыйған. Енді міне, сол Ольга Әзизаны қолынан жетектеп, тас түрменің бұлым-бұлым бұралаң қыстарын түртінектеп, күйеулерін таба алмай жүр.

Тас қапастағы жалғыз жанның жарық сәулесі-басындағы ойы дегенмен, ойлануға да дағды керек. Өмір бақи әрекеттің, ірі-ірі қимылдың ішінде жүрмесе, көңілі көншімейтін Рысқұлов мына жатыстан жалығып, ішқұса бола бастады. Не кітап, газет оқи алмайды, не жазу жаза алмайды. Тым құрыса, қағаз бен қалам берсе... Нағыз жазу жазатын жер түрме болар. Неше толқын ойлар жосылып жатыр. Құмдауыт жағаға келіп жығылып жатқан ақжал толқындар қанша соққыласа да құмда із қала ма? Мына қағазсыз-қаламсыз ой да сол сияқты.

Рысқұлов өсіп кеткен тырнағымен қабырғаны тырнап көрді. Сұр бетонда із қалған жоқ, ал тырнағы жыртылып, жырымданып қалды. Тырнақтан басқа қаруы жоқ. Оның өзі тас қабырғаға болмашы із салуға да жарамайды.

Жата берсе, жаншыла беретініне көзі жетті де, төрт қадам шаршы камераны айналып жүре берді, жүре берді. Басы айналып, тақтаға барып құлағанша жүре берді...

Тергеушінің алдына екінші рет алып келді. Нейман орнынан түрегеліп барып, қайта отырды. Рысқұловтың сақалы тағы өсіп кетіпті, жағасы тағы да кір шалғандай екен. Кір қайдан жұғады? Шахтаға түсіп жатқан жоқ. Кетпен шауып, орақ орып, жер қазып жатқан жоқ. Тәулігіне екі-үш рет қана ашылатын темір есіктен басқа саңылауы жоқ тас камераға шаң-тозаң қайдан кіреді?

Костюмі де мыжылыпты. Рысқұловтың өңі сүзектен тұрғандай екен. Ол алғашқы талабын тағы қойды.

— Моншаға түсіп, іш киім ауыстырмай, сақал-мұртты алдырмай, ешкіммен сөйлесе алмаймын, — деді.

Жирен шашын бір жағына қарай жылмита қайырған, дәл жұтқыншағының тұсында құмалақтай қалы бар Нейман, Рысқұловқа бала күнінде Тау-Шілмембет ауылының көгенінен көрген жағал лақты еске түсіреді. Жағал лақтың алқымында бармақтай түймесі болушы еді, төбелінен бастап, жон арқасы, алқымының жүні қып-қызыл да, басқа жағы қара болатын. Ондайды қазақ жағал дейді. Мына қызыл шашты, мойнында қоңыр қалы бар, қара костюмді Нейман Рысқұловқа кенеттен сол алыстағы ауылды елестеткені ғой.

— Бұл тілегіңізді орындай алмаймын, — деді Нейман бұл жолы салқын қабақтанытып.

— Неге?

— Ереже солай.

— Өткен жолы ше?

— Өткен жолы бір рет ереже бұздық, со да жетеді.

Нейман ар жағын айтпады. Айтқанда, Рысқұлов Нейманның үстінен қарайтын Глебов деген бастық бар екенін, сол Глебов өткен жолы Рысқұловқа жасаған «мырзалығы» үшін, Нейманға ескерту жасағанын білер еді. Мұндағылар сыр шашпайды, сыр шашса, ол ЧК бола ма? Мұндағылар сыр тартады. «Досье» жинайды. Сен туралы небір деректерді досье дейді. Айталық, бұл кеңседе Рысқұлов туралы қандай досье барын Рысқұлов білмейді, ал мұндағылар біледі.

Адам туғанда екі иығына екі періште қонады дейді. Оң иығындағы періште адамның оң істерін, сол иығындағы періште теріс қылықтарын хатқа тізіп отырады екен. Содан ахиретке барғанда адамның жамандығы мен жақсылығын таразыға салып өлшейді екен. Жамандығың коп болса-тамұққа тарт, жақсылығың көп болса-жұмаққа жөнел.

Әділ ғой. Ал мұнда да солай ма? Кім біледі? Солай ма, солай емес пе-тергеу дейтін театр көрсетеді.

Нейман сазарып отырып:

— Ал бастаймыз. Мен сұраймын, сіз тек шындықты айтасыз, — деді.

— Шіркеу сияқты болды ғой, — деді Рысқұлов мырс етіп.

— Иә, солай десе де болады. Шіркеуде тек шындық айтылады.

— Шіркеу шындық айтқаның үшін күнәңді кешіреді. Ал күнәсі жок адам не айтады?

Нейман қабақ шытты.

— Тергеуші сіз емес, мен. Маған бұдан былай сұрақ қоймаңыз.

Нейман қағазын жайып, қаламын қолына алды.

— Мәселені 1915 жылдан бастаймыз. 1915 жылы қайда болдыңыз?

— Ташкентте.

— Не істедіңіз?

— Мұғалімдер институтында оқыдым. Сабақтан қол бос уақытта, Ташпулат деген бай өзбектің бау-бақшасын күтіп, бағбан болдым. Көмектесетін туыстың жоқтығынан.

— Одан басқа не істедіңіз?

— Басқа не істейін? Оқу оқып, жұмыс істеген адамның басқа шаруаға қолы тие ме?

— Көлбай Тоғысов дегенді білесіз бе?

— Білемін.

— Оның «Үш жүз» деген партиясын да білесіз ғой?

— Естідім, бірақ оған қатысым жоқ.

— Қатысыңыз жоқ?

— Жоқ.

— Жарайды. Міне, бұл жерде жалған айттыңыз. Ал Мунавар Кары дегенді білесіз бе?

— Естідім.

— Оның «Иттихад ва Таракки» деген партиясын білесіз бе?

— Естуім бар.

— Естуіңіз бар. Естіп қана қойған жоқсыз. Тікелей қатыстыңыз. «Иттихад ва Таракки» деген қалай аударылады?

— «Бірлік пен өрлеу».

— Оны қайдан білесіз?

— Ондық сауатым бар.

— «Шуро-и-иеламия» деген не? Қалай аударылады?

— «Ислам кеңесі».

— Ол да партия ғой?-Иә.

— Мүше болдыңыз ғой?

— Жоқ.

— «Иттихад ва Таракки» партиясының түпкі мақсаты?

— Білмеймін.

— Білесің! — Енді Нейман «сіз» деп сыпайылағанды қойып, «сенге» көшті. — Білесің. Әбден білесің. Оның түпкі мақсаты — Жапонияның қолдауымен Түркі-Татар мемлекетін құру еді ғой. Қалайша ұмыттың?

— Мен мұндай арандатушы сұрақтарға жауап беруден бас тартамын.

— Бас тарта бер. Бірақ бәрібір мойындайсың. Ал партияның Орталық Комитетінің мүшесі болған Файзолла Ходжаев біздің қолымызда. Мойныңа қойып береді. Куәларың көп. Қашып құтыла алмайсың. Әуелі ең жақын достарың Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қайғысыз Атабаев, Юсуп Абдрахманов, Нығмет Нұрмақов қойып береді.

Рысқұлов көзін жұмып, қайда отырғанын ұмытқандай, ойға малтығып қалды. Қайран Ахаң тағы түскен екен ғой темір торға. Арыстанды тек темір торға қамап ұстайды. Ахаң бұған жала жаппас. Олай болуы мүмкін емес. Ахандай асылзада туа бермес. Ол мұны оққа байламайды. Жалған! Бірақ цирктегі найсаптар арыстанды да айтқанына көндіріп, айдауына жүргізеді-ау. Тіпті жұртты алдап, кейбір сайқал циркші басын арыстанның аузына да тығады. Сонда көрермендер таң қалып, қол шапалақтайды. Батырлығына сүйсінеді. О, сорлылар! Алданғанын білмейді. Арыстанның азу тісін қағып алып тастағанын олар білмейді. Азу тісі жоқ арыстан-арыстан ба?

— Ал?

Рысқұлов көзін ашып алды. Дүниеде не жаман-өзіңнің ақ екеніңді дәлелдей алмайтының жаман. Дәлеліңнің бәрі айдалаға кетіп, оны ұғар құлақ, түсінер жүрек болмағаны азап. Рысқұлов сол азап батпағының тереңіне батқанын сезді. Бірақ үміт өлмейді ғой, үміт өлген жерде адамды тірі екен деме.

— Азамат тергеуші, — деді Рысқұлов түрменің тіліне көндіге бастап.-Мен сізге әнеукүні бір тілек айтып, қолыңызға хат беріп едім. Меселімді қайтармай қабылдап алып едіңіз. Иманды екен деп іштей сүйсіндім де. Сол хатым Ежовтың қолына тиді ме?

Нейман енді шауып бара жатып, алдынан бір ор кездесіп, оқыс тоқтаған аттай оқыранып қалды. Әлгінде ескертті: маған сұрақ қойма деп. Оған пысқырмады. Сұрақ қойып отыр. Керісінше, мұның сұрағын жауапсыз қалдырды. Дегенмен, бірдеңесі бар, мысы басып кететіндей... Глебов ескертті: оның үлкен-үлкен кызметте болғанының бәрін ұмыт деп. Колхоздың қамбасынан картоп ұрлаған мұжықтан жауапты қалай алар едің, солай ал деп. Қазір:

— Сұрақ қойма! Менің сұрағыма жауап бер! Жалтарма! — деп үстелді жұдырығымен қойып қалғысы келді де, әлдене тежеп калды. Оның орнына: — Көмекшісіне тапсырдым. Одан арғысын білмеймін, — деді.

Шындығында, Ежовтың көмекшісінен бұрын, Глебовқа, өзінің тікелей бөлім бастығына көрсеткен. Глебов Рысқұловтың Ежовқа жазған хатын оқып шығып: «Вот нахал!» — деген. Артынша: «Мейлі, көмекшісіне бер. Николай Иванович бір рахаттанып қалсын», — деді.

Тұтқынның арызын оқығаннан Ежов неге рахаттануға керек? Нейман ойланып қалған. Мұндағылардың бәрі Ежовқа еліктеуге тырысады. Жүріс-тұрысына дейін, сөз сөйлеу мәнеріне дейін...

Нейман шамданып отыр. Өзінің осалдығына өзі ыза. Бұл сұрақ қояды, ал Рысқұлов әңгімені бұрып, айдалаға алып кетеді. Ал бүгінгі сұрақ-жауаптың протоколын Глебов күтіп отыр. Глебовқа не бетін айтады? Оның алдына таңбасыз ақ қағазды апарып қоймақ па?

— Кәне, сұраққа жауап беріңіз, — деді Нейман. Қайтадан «сізге» көшіп кеткенін кеш андап қалды. Одан бетер ызаланды.

— Мен айттым ғой: арандатқан сұрақтарға жауап бермеймін.

— Жақсылықпен жауап бермесеңіз, сізді не күтіп тұрғанын сезесіз бе?

Тағы да «сіз». Аузынан қалай шығып кеткенін сезбей қалатын не жыны бар? Өз сөзіне өзі ие бола алмайтындай не Құдай ұрды?

— Сеземін, — деді Рысқұлов айылын жимай.

— Жете сезінбей отырсың, — Бұл жолы сөзі дұрыс шықты. — Сезінсең бүйтіп кергімес едің. Бірақ ескертемін: қор боласыз. — Қайтадан «сіз». Шайтан алғыр. Мынаның бір сиқыры бар ма?

Глебов айтады: картоп ұрлаған мұжықтай көр дейді. Ал мынаның айылын жимай отырысы мынау. Сақал-шашы өсіп, киімі де мыж-тыж болып қалса да әлі төредей. Ақылына, сөз сөйлеу жүйесіне, өзін-өзі тік ұстасына, тұп-тұнық тұңғиық көзіне қарап отырып, қайтіп мұнымен мұжықша сөйлесесің. Мүмкін, Глебов өзі сөйлесіп көрер. Онда: Нейман, сен тұтқыннан жауап алуға жарамайсың. Сенің орның бұл емес, бар, шошқа бақ десе-не болмақ?

— Сонымен, не де... әлгі «Иттихад ва Таракки». Түрік-Татар мемлекеті. Есіңізге түсіріңіз. Жапония протекциясы. Рас қой? Қатыстыңыз ғой?

— Сандырақ.

Нейман жұдырығымен үстелді қойып қалды. Сия сауыттың жиегіндегі қалам жерге ұшып түсті. Қор қылғанда, Нейман әлгі қаламды еденнен өзі көтеріп алды. Артынша өзіне-өзі тағы ашуланды: «Неге анаған көтертпедім? Алып бер ана қаламұшты! — десем, ол міз бақпай отырып алса...»

Одан ары не болмақ, қол жұмсамақ па?

О басында заңды ойлап шығарғандар-даналар. Соноу тұңғыш рет «юстиция» дегеннен бастап, заң ізгілікке қызмет етуге тиіс еді. «Юстиция» дегеніңіз Әділет деген сөз ғой. Мәскеу университетінде ақ сақалды профессорлар Нейманның басына осы ұғымды құйып-ақ баққан. Сөйтсе, профессорлардың лекциясы бір басқа екен де, тікелей жұмыс бір басқа екен. Дәл қазіргідей, Глебовтың тапсырмасындай жұмыс істеу университетте бес жыл оқып, әптер-тәптер әуре болудың түкке қажеті жоқ екен.

Ал қараңыз, Рысқұлов жаңа «сандырақ» деп баттитып салды. Сандырақ екені рас, оны Нейман да біледі. Бірақ тапсырма осыны қайтсең де мойындат дейді. Мойындату үшін заңды белден басып, зорлыққа бару керек. Зорлықпен мойындату керек. Ал профессорлар бұлай оқытқан жоқ. Ал зорлағанның өзінде мойындамаса ше? Одан бетер зорлай түс. Сөйтіп, жендетке айнал. Диплом саған сол үшін берілген.

Рысқұловпен алғашқы тәжіке осындай бір ойға да қалдырды. Нейман оңай жеңіс болмайтынын түсінді. Шындығында кім тұтқын? Рысқұлов па? Нейман ба?

Шындықты сезе тұрып, әділетсіздікке бару-үлкен тұтқынның қамытын кию екенін сезіну де қиын, сондықтан да жаның топастана береді.

«Қарсы сұрақ қоймаңыз» деп ескертсе де Рысқұлов Нейманға тағы сауал берді:

— Мен сізге жауап беруге тиісті емеспін. Біріншіден, мен большевиктер партиясының мүшесімін. Мені тұтқынға алу үшін, Устав бойынша, заңды түрде партиядан шығару керек. Бір. Екіншіден, мен ВЦИК-тің мүшесімін. ВЦИК сессиясы мені мүшеліктен шығармай тұрып, мені қамауға алуға ешкімнің де қақысы жоқ. Айтыңызшы, мені қамауға алуға қандай Заң бар?

Нейман тосылып қалды. Партия мүшесі, ВЦИК мүшесі. Олардан шығармай тұрып, тұтқындауға болмайтынын Нейман да біледі. Бірақ формальды түрде болса да, Рысқұлов партиядан, ВЦИК-тен шығарылды деген қағаз бар ма, жоқ па-оны білмейді. Тек тістеніп тұрып:

— О жағынан қам жемеңіз. Сізді тұтқындауға ордер берілді ме, берілді. Ар жағы қиын емес. Сіз алдақашан партиядан да, ВЦИК-тен шығып қалғансыз, — деді.

— Мені сыртымнан шығара алмайды. Ондай Заң жоқ

— Заң жөнінде мұндағылар сізден ақыл сұрай қояр ма екен?

— Менің тағы бір өтінішім бар.

— Айтыңыз, — деді Нейман ықылассыз.

— Маған орталық газеттерді беріп тұрса болар еді.

— Оны қайтесіз?

— Оқимын.

— Не үшін?

— Кеңес өкіметі орнында ма, жоқ па-соны білу үшін.

Нейманның сарғыш көзі шақшиып кетті.

— Не сандырақтап тұрсыз?! — Дереу сөзбе-сөз қағазға түсірді.

— Сандырақ емес, күдік. Кеңес өкіметі үшін бар ғұмырын сарп еткен адамдар шетінен қамауға алынып жатса, сонда көңілге күдік кіре ме, жоқ па?

Нейман жауап берген жоқ. Рысқұловтың аузынан шыққан сөзді қағазға түсіріп болып:

— Енді мынаған қол қойыңыз, — деді.

***

Камераға қайтып келген соң Рысқұлов әлгі Нейманның айтқандарын сөзбе-сөз еске түсіруге тырысты. «Иттихад ва Таракки» дегенді әкеліп жапсырмақшы. Мунавар Кары дегенді талай естіген, бірақ сөйлескен адамы емес. Бұл не сандырақ сонда? Осыдан екі-үш жыл бұрын алыста, Москвада жатқан бұған Алматыдағы Жантоқов деген біреу республикалық газет арқылы тиіскен. Рысқұлов баяғыда «Шуро-и-исламия» партиясының мүшесі болған деп сандалыпты. Оған Рысқұлов сол газеттің өзі арқылы жақсылап тұрып жауап берген. Ал «Иттихад ва Таракки» дегенді, тіпті жалақор Жантоқовтың өзі де атамап еді. Енді алғашқы улы оқ болып сол қадалып тұр.

Рысқұлов тас қапаста осылай отыра берсін. Ойлансын. Ойлауға ешкім тыйым сала алмайды. Ал дәл сол мезгілде Сталин өзінің уәзірлерін шақырып алып, бәріне бір-ақ сұрақ қойды:

— Еге — е-ер, Жапония бізге соғы — ы-ыс аша қалса, сонда — а-а... жапондардан корейлерді қалай айырамыз?

Уәзірлері ойланып қалды. Ворошилов, Молотов, Каганович, Калинин, Берия, Ежов... Сұрақтың астары түсінікті. Қиыр Шығыста, кеңес жерінде де корейлер тұрады. Егер жапон соғысса, жапондарға түр-түсі ұқсас корейлерді абайламай атып аламыз ба деп қауіптеніп отырған жоқ Сталин. Корейлер жапондарға қосылып кетер деп отыр ғой. Жапонға да, корейге де араласы жоқ, олардың тілін де, дінін де, арман-тілегін де, қайғы -қуанышын да білмейтін уәзірлер тұқшиысып қалды. Сонда Берия шошаң етіп:

— Жапондардан корейлерді айыру оп-оңай, — дейді.

— Қалай? — дейді Көсем.

— Корейлерді көтере көшіріп жіберу керек.

— Қайда?

— Кавказға емес, әрине, Қазақстанға!

***

Тергеуге үшінші рет шақырылды. Бұл жолы Нейман жалғыз емес екен. Жанында қасқабас полковник отыр. «Төртінші бөлімнің бастығы Глебов», — деп таныстырды өзін. Үні өктем. Басынын қасқалығы болмаса, баяғы Ташкенттегі Успенскийге ұқсастығы көп екен. Бетіне біз тықсаң батпайтын, беті-бет емес, көн жапсырып қойғандай, жап-жалпақ, айыр иек. Мұрны қоңқақ. Көзілдіріктің ар жағынан жылан көз ызғар шашады. Нейман мұның қасында иманжүзді екен.

Успенский марқұм, Түркістан республикасында Ерекше бөлімнің бастығы болатын. Рысқұловқа істемеген бәлесі қалмаған Кушекин екеуі қосылып алып, көп қорлық көрсеткен. Ақыры өзі әшкереленіп, атылып кетіп еді.

Одан бері де он сегіз жыл өткен екен. Кім біледі... атылды деген Успенский әлдеқалай тірі қалып, енді Рысқұловтың алдынан шығып отырмасын. Он сегіз жылдың ішінде адам пішіні өзгеріп, шашы түсіп, қасқа бола салу қиын емес-ті. Фамилиясы... Фамилиясын өзгертіп алып жүргендер аз ба? Көсемнен бастап, көсемдерден бастап...

Жылан көз міз бақпастан, кірпік қақпастан Рысқұловқа ұзақ қарап, үнсіз отырды. Едәуір уақыт осылай үнсіз сұқ қадап болған соң:

— Ал, айыпкер, айтыңызшы, сіз неге менің көмекшім Нейманға жауап бергіңіз келмейді? — деді.

Енді Глебовқа Рысқұлов тесіле қарады. Үн қатпастан, көздер мен көздер арбасып көп отырды. Глебовтың көзі-атылатын мылтықтың аузындай сұп-суық, Рысқұловтың көзі — түпсіз терең азап пен қасірет тұңғиығы. Кінәлі көз болса-қипақтап кетер еді, шыдай алмай тайқақсып, жыпылықтар еді. Тұңғиыққа тас тастап жібермесең осылай мызғымай, ұлы қасіреттің уытын шашып, қара тас болса да жүрегіңді шымырлатар түрі бар. Глебов шыдай алмай:

— Айтыңыз! — деп арс етті.

Қабаған итке тас лақтырсаң өршелене түседі. Мұны Рысқұлов бала күнінде талай көрген. Көрші ауылдағы Нұрсалы деген кісінің иті абалап тұра ұмтылғанда, басқа балалар бытырай зытып берді, бұл тапжылмай тұрып қалды. Итте де иман жоқ екен, тайсалмай тура бетіне шапшығанда бұл қос қолымен ақсиған азудан алып, қасарысты да қалды. Сөйтіп, сол алақанының қалың еті жалбырап шыға келді. Ахат атасы киіз күйдіріп басып, жол — жапырақ таңып, жалбыз тағып, әрең жазып алып еді. Содан алақанында ұзыннан-ұзақ тыртық қалды. Алақанның сызығы — адамның тағдыры, өмір жолы десіп жатады. Ол сызық туасы бітеді. Сол туасы біткен сызыққа қабаған иттің өткір тісінің тыртығы қосылды. Бұ да болса нышан шығар. Бұл ғұмырда Рысқұловқа қабаған төбеттер көп кездесті. Көп қапты. Енді мына Глебов...

— Айтыңыз! — деп арс етті.

— Мен араңдатқан сұраққа жауап бермеймін, — деді Рысқұлов сабырмен.

— Сіз, мүмкін, бізді менсінбейтін шығарсыз, мүмкін, біз сіздің тақияңызға тар келетін шығармыз? Мүмкін, сіз Мемлекеттік айыптаушы Вышинский жолдастың өзі жауап алғанын қалайтын шығарсыз? Асықпаңыз. Вышинский жолдас сізді ұмытқан жоқ. Уақыт келеді. Ал біздікі-алдын ала тергеу. Түсіндіңіз бе? Алдын ала тергеу. Предварительное следствие!

Глебов жауап күтіп, безірейді де қалды.

— Мен әуелі не үшін тұтқындалғанымды білгім келеді. Маған қандай айып, қандай кінә тағылмақшы? — Рысқұлов та жауап күтті.

Глебов басын шайқап, бір езулей мырс етті де:

Сендердің бәрің бір қалыптан шыққан сияқтысыңдар. Сіздің пікірлес, рухани туысыңыз Рыков та дәл осылай деп еді. «Не үшін? Қандай кінәм үшін?» Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Рыков та осында отыр. Білетін шығарсыз. Не үшін отыр?

Мен білетін Рыков адал адам. Лениннің серігі. Одан жау іздеу-қараңғы үйден қара мысық іздеу, тіпті сол мысық мүлде жоқ болса да...

— Оһо! — деді Глебов қасын керіп. — Сіз философиямен де айналысады екенсіз ғой. Жөн-жөн. Ал осында Бухарин де отыр. Нышинский жолдастың сөзімен айтқанда, «түлкі мен шошқаның дүбәрасы». Міне, сол «түлкі мен шошқаның дүбәрасы» да жауап алған сайын Гегельден соғады да отырады. Біз Гегельдің кім екенін білмейтіндей. Білеміз Гегельді. Буржуазияның асыранды төбеті. Ал сіз болсаңыз, азиат екеніңізді танытып, Конфуцийдің әруағын қозғап отырсыз. Білімдеріңді көрсеткілерің келеді. Сол білімді адал іске, Сталин жолдас бастап орнатқан социализм ісіне жұмсасаңдар ғой. Ал сендер сол орасан күшпен орнатылған социализмді құлатуға тырысып, жанталасып жүрсіңдер.

— Түсінікті болды, — деді Рысқұлов.

— Не түсінікті?

— Менің не үшін отырғанымды айтып қойдыңыз. Ал енді бұл, кешіріңіз, азамат тергеуші, нағыз барып тұрған сандырақ. Рысқұлов, мына Рысқұлов, бүкіл саналы өмірін социализм үшін сарп еткен Рысқұлов, енді сол социализмді құлатпақ па?!

— Ол аз болса, КСРО-ны құлатып, Орта Азия мен Қазақстанда «Ұлы Түркістанды» орнатпақ. Ол аз болса, баяғы-баяғы ұлы Тұран мемлекетін қайта құрмақ. Дәл түстім бе?

Глебов өзінің тапқырлығына өзі мәз болып, кеңк-кеңк күлді. Жанында қағаз жазып отырған жылмақай жирен шаш Нейман, төрең соқыр болса, бір көзіңді қысып отыр дегендей, о да күлді де:

— Рас-ау, — деп қойды.

Ал Рысқұловтың санасын қайғы бұлты қаптады. Мыналар мына түрімен істің байыбына барып, ақ пен қараны ажыратып, әділдікке жүгінетін түрі жоқ. Жөн білетін, білімі жетік, жан-жақты толғай алатын адамдар болса бір жөн. Тапсырмамен, дайын сұрақ, дайын қалыппен келіп отырған орындаушылар. Ал дәлел — деп көр ақ, адал екеніңді. Күні кеше Бухарин кім еді? Лениннің өзі санасқан сардар еді. Енді мына тексіздер оны түлкі мен шошқаның некесінен туған дүбәра деп отыр. Сонда кімді аяйды бұлар? Қай заманда туып, қай заманға кез болғансың, Рысқұлов? Кедерлі кер заман осы ма?..

Глебов-Нейман емес. Глебов дүлей. Алдына Рысқұловты екі рет шақырып алып, екі рет түк өндіре алмаған Нейманды жерден алып, жерге салды. «Салаға» деді. Сірә, шаласың, әлжуазсың дегені шығар. Сол кездегі, Ягода мен Ежов тұсындағы тергеушілер дің тілінде, яғни жаргонында «қысыр сиырды идіру» деген ұғым бар еді. «Сен қысыр сиыр тұрмақ, бұзаулы сиырдың өзін сауа алмайсың», — деп ұрысты. Енді сол «қысыр сиырды» қалай сауу керек екенін көрсетпек боп өзі келген түрі еді. Бірақ өзі де оңдырып ештеңе «сауа» алмай отыр. Нейманға таба болатын болдым-ау деп іштей ызаланып отыр.

— Сіз, айыпкер Рысқұлов, әлгінде Рыков адал деп қалдыңыз-ау. Ленин сенген серігі дедіңіз. Шыннан солай ойлайсыз ба, жоқ, әлде « бөрік кигеннің намысы бір» деп, Совнаркомда бірге істеген соң қимайсыз ба?

— Мен 1926 жылдан бастап, Рыков Совнаркомнан жазықсыз кеткенге дейін бірге жұмыс істедім. Лениндік гвардияның нағыз тарланы деп таныдым. Осы айтқанымнан қайтпаймын.

Глебов зымияндана басын шайқады.

— Ай-ай, адамдар-ай, қалай ғана адасады, — деп аяды. — Айыпкер Рысқұлов, сіз Рыковтан бұрын емес, кейін тұтқындалдыңыз. Не себептен екенін аңғарасыз ба?

Рысқұловтың өзегі мұздап қоя берді. «Мынау не қоңырсытып отыр, шыннан...»

Глебов психолог еді, Рысқұловтың өңінің өзгергенін байқап қойды.

— Иә, иә, дұрыс күдіктеніп отырсыз. Рыков алғашқы жауаптың өзінде-ақ сыбайласы, серігі ретінде сізді атады.

— Серігі болғаным рас... Онда тұрған не бар?

Глебов салалы саусағын кезеп:

— Өйтіп монтаны бола қалмаңыз. Әңгіме-Кеңес өкіметіне қастандық жөніндегі серіктік туралы. Қарай гөр, білмегенсуін.

Жүрегі түскір бір жамандықты сезеді. Бірақ көңілді қайтіп сендіресің? Ақылды қайтіп адастырасың? Ақылға сыймайды ғой. Осы ойын жеткізбек боп, Рысқұлов:

— Сонда қалай, азамат тергеуші, Рыков патша жандармдарынан азап көріп, бір шыбындай жанын шүберекке түйіп жүріп, азаттық үшін арпалысып жүріп, Кеңес өкіметін орнатысады. Айталық, мен де... Сонда қалай, өзіміз орнатқан өкіметті өзіміз құлатпақпыз ба?

Глебов бұл сұраққа дайын көрінеді.

— Бәрің солай сайрайсыңдар. Зиновьев пен Каменев Қазан төңкерісіне қарсы болған. Енді олар да сендер сияқты безектейді. Кеңес өкіметін орнатысып едік, не жазығымыз бар деп жылағанда етегіне жас толады. Айла-шарғы. Бәрібір құтыла алмайсыңдар. Ең жақын деген досын Рыков сені сыбайласым деп отырғанда, қайда, қалай қашып құтыласың? Одан да езе бермей іске көшейік.

— Рыков мені жау деп атауы мүмкін емес. Және оның досы жалғыз мен емес.

— О! — деп қолын шошайтты Глебов. — Өте дұрыс. Жалғыз досы сен емес, толып жатыр.

— Кімдер сонда? — деп Рысқұлов шапшыды.

— Көп. Бухарин, Томский, Раковский, Крестинский, Ходжаев, Икрамов, Атабаев, Нұрмақов... Көп. Мен сізге айтайын: Рыков пен Бухарин шатаспаған, шатастырмаған жер жоқ. Соноу Қиыр Шығыстан Қиыр Батысқа дейін. Спрут! Ондайды білуші ме едіңіз? Спрут-теңіз алпауыты. Толып жатқан аяғы бар. Сол аяқтарымен жұрттың бәрін жалмап, матап алған. Отан, партия сеніп берген билікті олар солай пайдаланған. Көксегендері — капитализм.

— Онда кезінде капитализммен неге күрескен?

— Көзбояушы жалған күрескерлер. Кәне, сонымен тікелей шаруамызға кіріселік. Өткен жолы сізге «Иттихад ва таракки» партиясындағы рөліңіз туралы сұрақ қойылған. Айтыңыз.

— Азамат тергеуші, бір нәрсенің басын ашып алайық: мен бір-ақ партияны білемін. Ол — коммунистер партиясы. Бұл партияға мен 1917 жылы қыркүйек айында кірдім. Дәл сол кезде басымды қатерге тігіп, оққа байладым. Бүкіл елдегі сияқты сол кезде Әулиеатада да коммунистерге қарсы террор құтырынып тұрған болатын. Соған қарамай, большевиктер қатарында болып, Әулиеатада Кеңес өкіметін құру әрекетін басқардым. Әулиеатада Кеңес өкіметін орнатып, оның басшыларының бірі болдым. Содан бері бұл жолдан тайған емеспін. Ал енді болмаған істі болды деп, маған қайдағы бір «Иттихадты» әкеліп таңуыңыз заң алдында да, ар алдында да күнә. Сондықтан бұл сұрақты қайталамауыңызды өтінемін. Глебов қызыл папкадан бірнеше парақ қағазды суырып алды да, соңғы парағын Рысқұловтың алдына жылжытып қойды.

— Айыпкер Рысқұлов, парақтың ең соңына көз салыңыз. Танисыз ба? Кімнің қолы?

Рысқұлов бірден таныды.

— Ходжаевтың қолы.

— Ходжаевтар көп қой. Қай Ходжаев?

— Файзолла.

— Өте дұрыс. — Глебов көкірек кере сөйледі.-Ал сол Файзолла Ходжаев айтады. 1918 жылдан бастап Мунавар Кары бастаған «Иттихад ва Таракки» партиясының Орталық Комитетіне мен (яғни Ф. Ходжаев), Заки Валиди, Тұрар Рысқұлов мүше болдық дейді. Негізгі мақсат Түркі-Татар мемлекетін құру еді дейді. Бұл мақсатта біздің демеушіміз Жапония мен Түркия болды дейді. Кейін Англия да көмектеспекші еді дейді. Түркиядан бұл іске Энвер Паша тікелей араласты дейді. Солай. Сондықтан ойдан шығарып, жала жауып, біз қиянат жасағандай көргеніңіз бекер. Біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Файзолла Ходжаевтың өзі айтып отыр. Текке сіресе бермей, икемге келіңіз. Дәлел — бұлтартпайтын дәлел.

— Ал мен сенбеймін, — деді Рысқұлов терлеп кеткен көзілдірігін алып, пиджагінің жеңімен сүртіп отырып (Бұл түрмеде тұтқынға беторамал ұстатпайды. Беторамалға буынып қалуы мүмкін дейді). — Сенбеймін. Файзолла Ходжаев болмаған нәрсені айтуы мүмкін емес. Файзолла Ходжаев ертеректе Бұхарада «жәдидтер» партиясында болғаны рас, ал «Иттихадта» болған емес.

Глебов алдындағы қағаздарды бүріп алып, сілкіледі.

— Мынау не? Саған ойыншық па? Файзолла Ходжаевтың қолын өзін танып отырсың ғой. Тағы не керек?

— Файзолла Ходжаевтың өзі керек. Өз аузынан естімейінше, мына қағазыңызға сенбеймін.

— Мынау дүлей шығар, — деп Глебов орнынан тұрып кетті. «Мені кінәлап едің» дегендей Нейман да қозғалақтап қалды.

Глебов жемтікке түсетін қарақұстай қалбайып, Рысқұловтың алдынан бір шығып, артынан бір шығып, қолдарын бір-біріне сарт-сарт соққылайды. Рингке шығарда боксшылар осылайша қоразданар еді. «Не болар екен?» — дегендей, Нейман қипақтай бастады.

Нейман, негізі, бұл кәсіпке адасып келген адам. Юрист екені рас. Университет бітіргені де рас. Бірақ университет айыпкерге қол жұмса деп оқытқан емес. Қайта қол жұмсаушыларды айыпта деп үйреткен. Глебов басқа тұтқындарға істегенін Рысқұловқа да істейтін болды-ау деп ішінен қыпылықтап отыр.

— Жалпы, сенікі де дұрыс, — деп жұмсарды кенет Глебов. — Күнәні айыпкермен беттестіру керек. Ол заңның аксиомасы.

Кенет кілт тоқтады:

— Бірақ, одан бір нәрсе өзгереді екен деп ойлама! Сағынсаң, Ходжаевпен де кездесесің. Сонда Ходжаев көзіңді шұқып тұрып, мойнына қойып береді. Ходжаев сенен гөрі, әлдеқайда ақылды. Сен сияқты қасарыспай-ақ, бұлталаққа салмай-ақ, бәрін мойындады. Неге? Өйткені НКВД құдіретті күш екенін, пролетариат диктатурасының жауларына қатыгез екенін біледі. Оның қырағы көзінен ешнәрсе де жасырып қалуға болмайтынын сезеді. Сен сияқты сезімсіз емес. Демек, ағынан жарылып, бар шындықты айтады да, ауыр да болса айыбын, жазасын жеңілдетеді.

Рысқұлов үндемеді. Сөзім әсер еткен шығар деді ме, Глебов тағы да түйіндей түсті:

— Түсінемісің, Рысқұлов, жазасын жеңілдетеді. Жаза қанша ауыр болса, бар шындықты жасырмай жайып салғаны үшін, сот соны ескереді. Соны сен де ойлан, Рысқұлов. Өкіметте өте ірі тұлға болғаның рас. Сол іріліктен мына халге бірден құлағаның, әрине, өте қиын. Ал ірі болып үйреніп қалған адамға бишаралық халге түсу оңай емес. Көндіге алмайсың. Намысың жібермейді. Бірақ амал не? Қазір мәселе бір-ақ нәрсеге тіреліп тұр: не өмір, не өлім? Өлім болғанда қорлық өлім. Мәңгі-бақи қара таңбалы өлім. Үрім — бұтағың, ұрпақтарыңа қара таңба. Айтпақшы, сенде бір ұл, үш қыз бар ғой. Соларды ойла! — Бұрылып, Рысқұловқа бір қарап алды. Өз сөзінен өзі ләззат тапқандай әрі қарай жалғады. Ал Файзолла Ходжаев әріден ойлайды. Өзі, әрине, сотталады. Бірақ өмірі сақталуы мүмкін. Оның есесіне, туған — туысқандарына, балаларына азап ауыртпалығы азырақ түсетін болады. Сот мұны ескерусіз қалдырмайды.

— Айтып болдыңыз ба? — деді кенет Рысқұлов басын көтеріп алып.

— Әзірше.

— Ендеше бұл үгіт насихатыңыздан түкте шықпайды. Болмаған істі болды деп айта алмаймын. Маған десең қазір атып жібер. Қалай ғана, өмірі маңайынан жүріп көрмеген қайдағы бір «Иттихадты» қалай ғана мойындауға тиістімін?! Мынау сұмдық қой, сізге біреу: «Тыр жалаңаш шешін де үстіңе боқ жағып ал, сөйт те далаға шық», — десе, көнесіз бе? А?

Рысқұловтың көзіне жарқыл пайда болды. Оты өлегізімепті. Күлдің астында қып-қызыл шоқ жатыр екен. Жарқ ете түсті, Глебов сескеніп қалды. Тайқақсып барып, орнына отырды. Онысын ерсі көргендей қайтадан тұрды. Рысқұловқа таяп келіп, саусағымен көзілдірігін шұқыды:

— Көзің жаман, Рысқұлов, — деді.

Рысқұлов Глебовтың қолын қағып жіберді. Әрине, қате болды.

***

Біреу иығынан жұлқығанда ғана есін жиып, көзін ашты. Бірақ алдында өңкиіп тұрған адамның бет-жүзін айыра алмай, еріксіз көзін сипалап еді, көзілдірігі жоқ екен. Көзілдірік орнына қолына жылбысқы бірдеңе жабысты. Көзінің алды қол тигізбей сыздап ауырды.

— Тірімісің-ей? — деді алдындағы дәу пері гүрілдеп. — Ал, атауыңды іш.-Осыны айтты да дәу пері табуреткаға қалайы табақша қойып, есікті салдыр-гүлдір жауып шығып кетті.

Қалайы табақ сәл-пәл ағараңдайды. Қолын созып, сипалап керіп еді, табақ жып-жылы екен. Сол жылылықты сезген саусақтары. бүкіл денесі тірілгендей болды. Өлтіре, оңдырмай соққан екен. Ауырмаған жері жоқ. Табақшаны абайлап ерніне тақап еді, ерні ашып ала жөнелді. Аузын да бұзған болды ғой. Ерні, қайран Рысқұловтың үлбірек қызыл ерні көнектей болып ісіп кетіпті. Табақты табуреткаға қайта қойып, саусағымен ернін сипалады. Мұның ерніне домбаздап бірдеңе жапсырып қойғандай дөңкиіп тұр. Ауырсынады. Қырыққа келгенше қызылы кетпеген қайран Рысқұловтың ерні. Бұл ерін жандай жақын сұлу әйелді ғана сүюге жаратылған сияқты еді. Жас сәбидің ерніндей жұп-жұмсақ, бейкүнә періштедей еді...

Енді не болды? Енді не істейді? Кімге барып шағынады? Арызы кімге жетеді? Ежовқа хат жазып еді-жауап жоқ. Сталин... Сталинге жетсе ғой арызы. Қанша қатал десе де, есіне алар еді.

Бірге отырып, бірге тұрып жүріп еді ғой. Баяғы Сұлтан — Ғалиевтың тойында дастарқандас болғаны қайда? Сұлтан-Ғалиев?

Рысқұлов елес көргендей орнынан тұра беріп еді, өзегі тартылып қалғандай, бауыры жаздырмай, тақтаға қайтадан құлап түсті. Іші-бауырын езіп тастаған ба? Бауырын жаза алмады. Бүрісіп жатып еді, ептеп ауырғаны қойғандай болды.

Сұлтан-Ғалиев. Осыдан он төрт жыл бұрын. 1923 жылдың шілде айы. Иә. Шілде айы. Сонда оны соққыға осылай жыққан екем ғой. Сонда ол сорлыға айтпасты айтқызған екен ғой.

Демек Рысқұлов, сен сол Сұлтан-Ғалиевтың осыдан он төрт жыл бұрын көрген сұмдығын енді көріп отыр екенсің ғой. Ал Осыдан он төрт жыл бұрын сол Төртінші Кеңесте сен Сұлтан-Ғалиевтың міскін халін көріп: «жігерсіз» деп ренжіп едің. Сталинге қасқайып қарсы тұрмады деп іштей күстаналап едің. Ал өзің Сталинге:

— Сталин қателеседі! — деп айбар шегіп едің. Тіпті әдеттегі «жолдас» деген үйреншікті сөзді де қоспай айттың-ау. Есінде ме? Е, есіңде болса, соның жазыры деген осы болады. Сталинге айбар шегіп... Тағы да болса бағың бар екен. Он төрт жыл бойы бостандықта жүріпсің. Мына қиямет-қайымның сыңарындай заманда он төрт жыл түрмесіз тұру деген сөз үлкен олжа ғой. Ендеше, шүкір де, тәуба де.

Тәуба? Сонда Сұлтан-Ғалиев сияқты жоқ нәрсені, болмаған қылмысты мойындау керек пе? Атасына нәлет!

Бала болған. Бала болып, ауылдың жүгірмектері сияқты «әкеңді», «шешеңді» деген боқтауды аузына алмапты. Сүтінен дарымаған, сүйегіне сіңбеген сөз. Ал бірақ «Атасына нәлет!» — деп құшырланып, ілуде бір айтып қалатын әдеті бар. Әкесінен жұққан. Сөйтсе, әкесі марқұм, мына сұм дүниенің қорлығына, ақикөз әділетсіздігіне шыдай алмай кетеді екен ғой. Шыдай алмай, кеуде кернеген кектен тым болмаса аздап леп шығарарда: «Атасына нәлет!» — дейді екен де. Оның өзін де атылған оқтай сарт еткізіп, қысқа қайырар еді. Әйтпесе, дұрысы: «Атасына нәлеті» ғой, жоқ, ол «і» деген жұмсақ үнін алып тастап, «нәлет» деп сақ ете қалатын.

Жарайды. Сұлтан-Ғалиев ертеде, тым ертеде өткен-кеткен. Тірісін де, өлісін де білдірмей жіберді. Бірақ «Сұлтан-Ғалиевщина» деген әлі тірі. Сірә, есіріп тұрған шығар. Осы «щинамен» әлі талайларды жылататын шығар.

Сұлтан-Ғалиевтың Фатима атты аса сұлу келіншегі бар еді. Сол тойда... үйлену тойында аппақ үлде мен бүлдеге оранған Фатима хордың қызындай көрініп еді. Оған Сталиннің өзі де қызыққан сияқты көрінген. «Мир-Саид, сен бақыттысың», — деп еді, сонда ол Сұлтан -Ғалиевке.

Рысқұлов қимылдауға әрекет жасап еді, ішегі үзіліп кеткендей іші түйнеп қоя берді. Осындай қорлықта жатқанда Сұлтан-Ғалиевтың қашанғы үйлену тойы есіне түскеніне таң қалды. Өткенді еске алған-немді алған деді. Одан да мына қорлық халіңді ойласаңшы. Не амал бар? Бір нәрсе анық. Егер Глебовтың айтқанына көніп, айдауыңда жүре берсең-мынандай өлімші күйге түспейтін көрінесін. Өзіңді-өзің аямай, өзіңе-өзің қайдағы бәленің бәрін жаба бер. Не жазса-соған қол қоя бер, басынды шұлғи бер. Жаның қалады, байғұс.

Қараңғы қапаста, көзілдіріксіз бұлыңғыр дүниеде ана бұрыштан әлдекім сыбырлап: «Жаның қалады, байғұс», — деп тұрғандай. Рысқұлов сезіктеніп тың тыңдады. Сыбырлаған үн естілмейді. Көзін сығырайтып, бұрыш-бұрышқа қарады. Бұлдыраған парашадан басқа ештеңе белгі бермейді. Камераның төбесіне қарап еді: темір тордың ішінен сықсиып кішкентай шам көрінді. Ілмиіп тұр. Оның өзіне темір тұмылдырық кигізіп қойған. Кішкентай сәуленің өзін қамап қойған. Қамауға келгенде бұлардың өнері асқан. Жарық сәулеге дейін тұтқындап тастапты. Тесіліп қарай берсең кәдімгідей жан-жағына жіп-жіңішке кірпіктей сәуле шашыратады. Кәдімгідей құлпырып ойнайды. Кейде кемпірқосақ болып, жасыл-қызыл, сары-көк түстеніп жайраңдайды.

Ендігі жерде Рысқұловтың табынатын Күні осы бір ілмиген нәзік сәуле болмақ. Жарық беріп те жарытпайды. Бірақ тас еден қайсы, тас қайсы, тас қабырғалар қай тұста-содан хабар береді. «Тас қапшық» деп аталатын бұл мекен Тамұқтың табалдырығы ғана болатын. Тор-алда.

ЕСКЕНДІР

Класс алдағы мемлекеттік емтиханға дайындалып жатқан кез еді. Тарих пәнінің мұғалімі шәкірттерін тағы бір пысықтап, дайындықтарын байқап тұрған.

Сонымен, ұлы француз революциясының көсемдері кімдер? — деп сұрады бетін әжім басқан, бурыл шашын желкесіне түйген, қап-қара көздерін әлдебір мұң кіреукелеген кішкентай әйел Элеонора Давидовна. — Кәне, кім айтады?

Екі-үш бала қол көтерді.

— Аз, аз, — деді мұғалім класты күстаналап. — Ал Рысқұлов, кәне, сен айта қойшы.

Ескендір Рысқұлов партаның қақпағын қайырып, орнынан түрегеліп, құдды әкесінің шашындай қайратты, қалың қара шашын қолымен қайырып қойып, жауап берді:

— Ұлы француз революциясының көсемдері: Марат, Дантон, Робеспьер.

— Дұрыс, — деді мұғалім. Бірақ «дұрыс» дегеннен басқа ештеңе айтпай, Ескендірге біртүрлі мұңая қарап, тұрып қалды. Ескендірдің әкесі түрмеде отыр. Оны мұғалім біледі. Жұрттың бері біледі. Өйткені газеттер жабыла жазып жатыр. «Жау» деп жатыр. Ал мынау сол «жаудың» баласы. Өте жақсы оқып, алтын медаль алатын кандидаттар қатарында жүрген. Енді бұған алтын медаль бұйырмауы да мүмкін. Мектеп директоры таяуда педсовет өткізіп, «халық жауларының» балаларына қатал болуды ескертті.

— Тағы не айтасың, Ескіндір? — деді, Элеонора Давидовна шәкіртінің соңғы сөзін тыңдап тұрғандай қайғылы үнмен.

— Тағы айтарым: бұл үш көсем бірін-бірі жалмап қойды, — деді Ескендір Рысқұлов. — Дантон мен Робеспьер Маратты құлатты. Келесі кезекте Робеспьер Дантонды өлтірді. Ақыр соңында Робеспьердің өз басы гильотинаға түсті. Бұлар осылай бірін-бірі жайратып жатқанда, кішкентай генерал Наполеон Бонапарт шыға келді.

— Жарайды, отыр, — деді мұғалім баланың жауабын асығыс тоқтатып. Неге сескенгені белгісіз.

Элеонора Давидовна өңі өзгеріп, кәдімгідей қорқып қалды. Неге екенін, тек шамалауға болады. Тарих кейде бір-біріне ұқсап жатады. Айталық, дәл қазір КСРО деген ұлы елде де сондай бір жағдай болып жатқан жоқ па екен? Ленинді өз ажалынан өлді деп жүр. Күмәнді болса да, мейлі, солай-ақ болсын. Зиновьев пен Каменов қосылып, Троцкийді елден аластатып жіберді. Ал Бухарин Зиновьев пен Каменевты тобықтан қағып түсірді. Сөйткен Бухарин енді тас қапаста отыр. Солардың, сол арқарлардың көлеңкесінде елеусіз ғана жүретін, аласа бойлы сүр шинельді адам...

Осылай ойлаудың өзі қорқынышты. Онсыз да өзінен-өзі абдырап тұрған мұғалім кенет есік серпе ашылып, алқын-жұлқын болып директордың өзі кіріп келгенде, мүлде тілі байланып қалғандай болды.

— Элеонора Давидовна, кешіріңіз, — деді сасқалақтаған директор қоңқақ мұрнының үстіндегі көзілдірігі секеңдеп. — Рысқұловты сабақтан босатыңыз. Керек...

Содан соң директор мелшиіп қалған мұғалімнің рұқсатын күтпей-ақ, Ескендірге қарап:

— Кәне, Рысқұлов, жүре ғой. Портфеліңді де ала жүр, — деді.

Класс, үрей жайлаған класс, жым-жырт. Бұлар есі кіріп қалған балалар. Бәрін де түсініп қойды. Ескендірмен парталас қыз оның қолын ғана сипалады. Сөз айта алмады.

Тек кластан шығарда ғана, Ескендір Рысқұлов артына бұрылып қарап, он жыл бірге оқыған жолдастарына үн-түнсіз қол бұлғады. Содан соң кластың қабырғасында ілулі тұрған Сталиннің суретіне қарады. Сталин азиялық бір кішкентай қызды құшақтап, күлімсіреп тұратын. Өзгермейтін. Ұдайы күлімсіреп тұратын. Мына отырғандардың бәрі қиялдап, кішкентай Мамлакат дейтін қыздың орнында мен болар ма едім деп армандайтын. Сталин барда кеңес елінде бірде-бір баланы ешкім шекесінен шертпейді. Кеңес балаларынан бақытты ешкім жоқ.

Содан қайтып Ескендір үйге оралған жоқ. Үй дейтін үйі де жоқ қой. Сол баяғы өгей шешесі Надежда Константиновнаның пәтерін паналап қалмап па еді? Надяның тар құжырасына бәрі бірдей сыймайтын болған соң, Әзиза шешесімен, Сәулесімен Түйметайдың үйін жағалады. Бұта қорғалаған торғайдай әркім әр жаққа кетті.

Ал Ескендір болса... сол Глебовтың алдынан бір-ақ шықты. Глебов бірден дүрсе қоя бермей, әуелі жылы-жылы сөйлесті.

— Сабағың қалай? — деп қойды. — Мектеп бітірген соң қайда бармақсың? — дегенді айтты. Тіпті: — Чекист болғың келмей ме? — деп те сұрады.

— Менен чекист шыға қояр ма екен, — деді бала қабағы салбырап. Есі кіріп қалған ғой, тегін келіп отырмағанын түсінеді.

— Неге? Неге сенен чекист шықпасқа? — Глебов «Казбек» папиросын алып тұтатты. — Шегесің бе? — деп қорапты Ескендірге қарай жылжытты.

— Жоқ, темекі шекпеймін.

— Ал айтшы, неге сенен чекист шықпайды?

— Оны өзіңіз де біліп отырсыз ғой. Менің әкем ұсталды емес пе?

— Иә, оны білеміз, білгендіктен де айтып отырмын. Түсінесің бе?

— Жоқ, түсінбедім.

— Түсінбесең, айтайын, — деп Глебов түтінді будақтатып, балаға қарай үрлеп жіберді. — Павлик Морозовты естуің бар ғой.

— Иә.

— Сендерге мұғалімдерін айтты ма оның кім екенін?

— Айтты. Өзім де білемін. Ол туралы оқығанмын.

— Өте дұрыс. Қалай ойлайсың, Павлик Морозовтың әрекеті дұрыс па, дұрыс емес пе?

— Әрине, дұрыс.

— Молодец! Әрбір совет пионері, комсомолы, әрбір кеңес азаматы Павлик Морозовтай адал, ақжүрек болса, жолында әкесін де аямаған. Павлик Морозов кеңес жастарының шамшырағы. Ал енді сен... — Глебов Ескендірге мейірлене қарап, күліп қойды. — Сен Павлик Морозовтан қай жерің кем?

— Сонда не істеуім керек? — деді бала әңгіменің бұраңдағанынан сезіктеніп.

— Өзің байқамайсың ба? Жаңа өзің айттың ғой, әкем ұсталды деп, — Глебов Ескендірге тікшие қалды.

Мұндай сорды бұрын көрмеген көкөрім бозбала айдаһар алдындағы көжектей бір уыс болып, бүрісе бастады.

Жарайды. Павлик Морозов болса, әкесінің колхозға зиянкестік жасап, астық жасырғанын әшкереледі. Бір есептен дұрыс та шығар. Колхоздың мүлкі-ортақ мүлік. Ортақ қазынаға суық қолын сұққан оңбайды. Сорлайды. Ал мына Ескендір өз әкесінің қай ұрлығын айтып әшкерелемек? Ақыры батылы жетіп:

— Менің әкем не үшін ұсталды? — деді.

— Міне, міне, балақай, қызық әңгімеге енді келдік, — деп Глебов алақандарын уқалап қойды. — Бәсе, не үшін ұсталды? Айтшы, Искандер, әкең Тұрар Рысқұловты өте жақсы көресің бе?

— Менде әке біреу-ақ қой. Қалай жақсы көрмеймін?

— Демек өте жақсы көресің. Ол сенің туған шешенді тастап кеткенін білесің бе?

— Тастап кеткен жоқ.

— Е, енді қалай? Туған шешенді білесің бе өзің?

— Білмеймін.

— А?

— Әжем Елизавета Петровна айтқан: шешең өзі кінәлі, әкеңнің жазығы жоқ деген.

— Соған сеніп қалдың ғой. Ал сен әжең, кім дедің? Иә, Елизавета Петровна ояздың әйелі екенін білесің бе?

— Білмеймін. — Бала тұқшиып жерге қарады.

— Хм, — деді Глебов басын шайқап, — Сонда Тұрар Рысқұлов өзінің жалғыз ұлынан өткен-кеткен істі жасырғаны ма? Білмесең, біліп қой, балақай, сенің әлгі әжең, генерал Колосовский деген Шымкенттің оязы болған, соның әйелі. Сенің туған шешең Наталья сол ояздың қызы. Ал ояздың қызына үйленген Рысқұлов сол патша генералының жесіріне заңсыз жер беріп, бау-бақша беріп, тіпті кеңес өкіметінің тұсында да шалқақтатып қойған. Сенің әкеңнің сол жақсылығы үшін ол кемпір Рысқұловты мақтай ма, жоқ даттай ма? Әрине, мақтайды. Туған қызының ар-намысынан гөрі, оған дүние-мүлік қымбат. Әне, капитализмнің қалдығы.

— Қорламаңыз менің әжемді! Ол ешкімді қанаған жоқ. Өле-өлгенше өз күнін өзі көрді. Ол капиталист емес.

— Oho, — деді Глебов қасын көтеріп. Ішінен: «Ох, ты, бөрінің бөлтірігі!» — деп қойды. -Жарайды, көңіліңе алмай-ақ қой. Сонымен, әкең түрмеде отыр. Не үшін отырғанын білмейсің. Айтшы, Искандар, үйлеріңе келім-кетім кісілер көп болушы ма еді?

— Әрине, көп.

— Мысалы.

— Оның қайсыбірі есте тұрады. Елден келетіндер, осындағы студенттер. Бірақ мен олардың бірде-бірін танымаймын.

— Танымайсың. Мейлі. Ал олар әкеңмен не туралы әңгімелесуші еді?

— Оны мен қайдан білейін? Үлкендердің әңгімесіне араласпаймын.

— Дұрыс. Оның әдептілік, әрине. Дегенмен, өздерің дастарқан басында шүйіркелесіп отырғанда сол келіп-кеткен адамдар туралы, айталық студенттер туралы әкең не айтушы еді?

— Сірә, көмек сұрайтын шығар. Әкем Қазақстан постпредствосына телефон соғып, студенттерге ақшалай көмек көрсетіңдер деп жататын.

— Дұрыс қой. Студенттер тарығатын шығар. Олардың аты-жөні есінде қалған шығар?

— Жоқ, есімде жоқ. Мен әдейі құлақ түріп тыңдаған емеспін.

— Жарайды. Ал енді қонақтардың бәрі арыз айтып, көмек сұрап келмеген шығар. Елден келгендердің ішінде үлкен бастықтар да болған шығар?

— Әрине, болды. Мен Файзолла ағайды, Әкмал ағайды жақсы білемін.

— Яғни, Файзолла Ходжаев, Әкмал Икрамов қой?

— Солай.

— Дұрыс-ыс. Ал олар әкеңмен не туралы әңгімелесуші еді? Есінде жоқ па?

— Олардың әңгімесіне араласқан емеспін.

— Әрине, араласпайсың. Бірақ жандарынан ары-бері өткенде, не дастарқан басында естіп қалуың мүмкін ғой. Айталық, олар шетелдер туралы әңгімелесуі мүмкін. Өйткені олар үлкен бастықтар ғой. Қалайша ғана Германиядағы фашистер туралы, яки Жапонияның Қытайға озбырлығы туралы айтпай отырулары мүмкін? Бұл туралы үлкендер тұрмақ, мектептегі оқушылар арасында да айтылады ғой.

Бала ойланып қалды.

— Есіңе түсірші.

Бала басын шайқады.

— Жоқ, есімде жоқ.

— Хм... — Глебов қос қолымен үстелдің жақтауын шіреп тұрып, орнынан көтерілді. Мына «мұрынбоқпен» осыншама уақытты босқа кетіріп, тәжікелесіп отырғаным неғылғаным дегендей, өзін өзі күстаналады.

— Есіңе түсіресің, иттің баласы!

Ескендір селк ете қалды. Жасы он жетіге толғанша жан адам оған «иттің баласы» деп көрмеген. Тосын болды. Күтпеген жерден біреу жүрегіне қанжар сұғып алғандай, сол қанжарды жүрегінен суырып тастауға жанталасқандай:

— Қорламаңыз! — деп даусы дірілдеп, орнынан әрі үрейлене, әрі ызалана, қорғаншақтай түрегелді.

ТЕРГЕУ

Үйреншікті орнында орындық жоқ. Бөлменің бір бұрышында тұрған шығар деп Рысқұлов жан-жағына қарады. Төрде, үстел басында Глебов отыр. Екі-үш адым жерде, кішірек үстелдің жанында-Нейман. Нейман енді тергеуші емес, хатшы ретінде қалған сыңайлы. Глебов не айтады, Рысқұлов не дейді-соны қағазға түсіріп отыруға тиісті.

Арқалықсыз орындық тұрушы еді... жоқ. Рысқұлов алданған баладай аңырып қалды.

— Стоять! — деді Глебов. — Орындық берілмейді. Жұмсақ креслода отыра-отыра құйрықтарын жалпайып кеткен. Түрегеп тұрған пайдалы. Қабырғаға сүйенуге болмайды. Берірек, берірек жақында. Немене, сужүрек болып қалғансың ба? Асау едің ғой. Әлгі жабайы жылқы сияқты. Сендер жақта ғой деймін сол жылқы. Пржевальский жылқысын айтамын.

— Тарпаң Мустанг, — деп түзетті Рысқұлов. — Ол жаққа Пржевальский жылқы айдап барған жоқ. Пржевальскийден жүз мың жыл бұрын жайылып жүрген жабайы жылқы.

— Ұлтшылдықтың уына миың шылқылдап тұр, ә?!

— Оның қай жері ұлтшылдық? Шындық қой. Пржевальский барып ұрығын таратқан жоқ.

— Жә, жетті! Одан да сен мынаны айт: Германияға қай жылы бардың?

— 1922 жылы.

— Не үшін?

— Балаларды оқуға түсіру үшін.

— Немене балаларды оқыту үшін КСРО-да оқу орны жетпей қалды ма?

— Іскер мамандар дайындау керек болды.

— Сонда қалай, Совет елінде іскер мамандар дайындай алмай ма?

— Батыста тәжірибе мол.

— Демек, Батыстан үйрену керек болғаны ғой?

— Пайдалы істі үйрену керек. Ұлы Петрдің өзі де Батыстан бастаған.

— Оһо! Ұлы Петр болғың келген екен ғой. Браво! Браво! Оқуға қанша бала түсірдің?

— Алпыс.

— Бәpi де қазақтар ма?

— Жоқ, қазағы да, өзбегі де, тәжігі де, қырғызы да, түрікмені де бар. Түркістанның төрт көзі түгел.

— Төрт көзі түгел қайтты ма?

— Түгел ғой деймін. Өйткені мен бұл екі арада Түркістаннан алыстап, Моңғолия асып кеттім, одан Мәскеу...

— Демек, өзің қамқорлық жасап, Германияға апарып оқуға түсірген студенттердің арғы тағдырын білмейсің?

— Неге? Біразын білемін. Қазір олар ірі-ірі мамандар...

— Ал елге қайтпай қалғаны бар ма?

Рысқұлов әлденені есіне түсіргендей ойланып қалды.

— Білмеймін.

— Білмейсің?

— Білмеймін.

— Ә, залым. Білмей қалуын. Вели Каюм қайда?

— Вели Каюм? — Рысқұлов осыдан он бес жыл бұрын өзі бастап, немістер еліне ертіп апарған өрімдей алпыс жастың ішінен Вели Каюмды ойша іздеп, азаптана іздеп, есіне түсіре алмай қойды.

Көп ойланса басы сыздап, ауыратынды шығарды. Басының ісігі әлі қайтпаған. Басы шойындай ап-ауыр. Қиналып коп ойланса сынып кете жаздайды.

— Иә, Вели Каюм!

Глебов қатты айқайласа, мұның шекесі шын ете қалады.

— Есімде қалмапты.

Рысқұловтың көнектей болып ісіп кеткен еріндері икемге келмейді. Әрең сөйлейді. Сөзі тұншығып, су ұрттап алып сөйлегендей, былдыр-былдыр естіледі.

— А-а, есінде қалмаған. Жөн-жөн. Есінді түзеу керек. Есіңе сонда түседі. Рысқұлов, сен монтаны бола қалма. Сенің зымияндығыңа найза бойламайды. Бәленің бәрін жүз жыл бұрын ойлайсың. Сонау 1922 жылдың өзінде сен Германияға шпиондардың ұрығын сепкенсің. Соның бірі Вели Каюм. Сен сонымен байланыс жасап тұрасың.

Қасқабас полковник шіреніп орнынан тұрды. Жалпақ белдігіне қос қолының саусақтарын қыстырып алып, хром етігі жалтырап, үстелден бері шықты. Рысқұлов оның жақындағанынан жақсылық күтіп тұрған жоқ. Соққы жейтінін сезеді. Азап. Азапқа өзін-өзі іштей дайындады. Көп болса, өткен жолғыдай ұратын шығар. Анау тағалы етігімен тебетін шығар. Шыда деді, жанды жерден тиіп, кеудеден шыбын шықпаса болды, басқасы түк те емес деді. Дегенмен, қасқабас полковник бетпе-бет таяп келгенде тұла бойы дір етіп, сәл сәтке түршіккендей болды. Тергеушінің демі де білінді. Аузынан ашқылтым, жағымсыздау иіс шығады. Сірә, арақ ішіп, ащы капуста, не тұздалған қияр шайнаған болуы керек. Рысқұлов еріксіз басын кегжитіп алды. Пендеге шікәмшілдік не керек? Пенде басымен жиіркеншек. Соны сезе қойғандай, Глебов та жазасын берді-ау. Рысқұлов басын кегжиткенде иегінің астын ала дәу жұдырықпен періп кеп жіберіп еді, байғұстың басы қабырғаға сарт ете қалды. Шүйдесінен соғылды. Онсыз да буалдыр жанар қарауытып қоя берді. «Ештеңе етпейді, — деді ішінен. — Шыда, шыда».

Жақсы бар, жаман бар. Тұщы бар, ащы бар. Тағдыр саған екеуін де аямай-ақ берген. Шыда. Тозақта бұдан да зоры болатын көрінеді. Адам сол тозаққа шыдайды дейді. Несі бар, бұл әлі тозақ емес шығар. Шыда, қайран Рысқұлов. Бірақ адалдығың үшін қайыры азаптан болар болса, адалдық не керек? Дүниеде қиянаттан асқан озбырлық бар ма екен? Сен ақсың, оныңды өзің жақсы білесің. Бірақ сен қарасың дейді. Сен ақ екеніңді дәлелдей алмайсың. Дәлелдейсің, әрине. Бірақ сенің ақ екеніңді біле тұра, білгісі келмесе қалай болады? Оның атын не дейді? Міне, дүниедегі сұрапыл сұрақ!

— Айт, сатқын төбет! Вели Каюмнен қандай хабар алып тұрасын? Кім арқылы байланыс жасайсың?

— Вели Каюм? Қайдағы Вели Каюм?

— Вели Каюм! Сен 1922 жылы Берлинге апарып тастап кеткен Вели Каюм. Түркістанды Германияға қаншаға сатпақ болдың, айуан? Айт! Фон Розенбергтен қанша хат алдың, айт?

— Фон Розенберг? Ол кім ол?

— Білмегенси қалады, оңбаған! Мә! Мә! Мә!

Рысқұлов еденге құлап түскеннен кейін де Глебов оны тепкілегенін қойған жоқ. Қарсылығы жоқ, қаруы жоқ адамды былш-былш тепкілеген сайын жаны рахаттанып бара жатқандай, Глебов жаныға түсті.

Нейман шыдай алмай, терезенің алдына барып, теріс қарап тұрды.

Егер Глебов, қызыл бет, қасқабас Глебов қолына қазір пышақ алып, Рықұловтың қолын бір бөлек, аяғын бір бөлек кесіп алып қанын сорғалатып, етін жеп отырса, түк те таң қалудың керегі жоқ. Дүниеде осындай да адамжегіш адамдар болады. Олар әйел сүюден, бала сүюден еш ләззат таппайды.

Олар адам етін жеуден, яки ұрып-соғудан, адамды мейлінше қорлаудан рахат табады. Адамзат сорлының осындай да сорты болады. НКВД Глебовты қалай тапқан десеші?

Бірақ қазір Глебовтың құмары қанбай тұр. Глебов өз құрбанының жаны азапқа түскеніне сүйсінеді. Ол үшін тұтқын шыңғыруы керек, ыңырсуы керек, жылауы керек, жалынып-жалбарынуы керек, Глебовтың аяғына жығылуы керек. Қанша тепкілеп жатса да, Рысқұлов оның бірін де істемеді. Қыңқ деп дыбыс шығармайды. Жансыздан жаралған тұлып қап сияқты.

Рысқұловпен тағдырлас болған, қазір де көрші камераларда жатқан тұтқындардың көбінің осал жері-олар мына қорлыққа шыдамайды. Рас, шыдағанынша шыдайды, бірақ көп ұзамай рухы сынып, шыдамның бел омыртқасы күйрейді де, Глебовтар салтанат құрып, жеңіске жетеді. Жауды әшкерелеп, қылмысын «мойындатқан» сайын Глебовтың шені өсе береді. Ол осы таяуда ғана полковник болды. Ендігі арманы генерал болу. Арман да арақ сияқты-алдандырып, санаңды уландырып, адамды тәубасынан жаңылдырып, тойымсыздыққа жетелейді. Глебов генерал да болар. Ал содан кейін: болдым, толдым деп, тоқтар ма екен? Жоқ! Одан ары ол Ежовтың орнын армандамасына кім кепіл? Егер Ежовтың орнына ертең Глебов отыра қалса, оған да таңданудың керегі жоқ. Егер Глебов сонымен тоқтап, «қанағат» десе...

Дүниенің дүние болып дөңгеленіп тұруы-қанағатта. Бірақ көп адамдар қанағатты білмейді. Содан да барып қазақтар: «Кедей байға жетсем дейді, бай Құдайға жетсем дейді» деген мақал шығарған. «Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» дегенді де қазекем айтқан. Қанағатсыз жан Құдайдың мансабын армандайды. Дүниеден талай-талай патшалар, императорлар өтті. Талай Нерондар кетті. Қолы жетпеген жері жоқ, бәрін де алды. Бірақ Құдайдың орнын ала алған жоқ. Айналып келгенде, солардың бәрі жендеттер. Ендеше, Глебовтан несі артық? Глебов-жендет.

Жендет Глебов Рысқұловты местей қылып тепкілеп-тепкілеп, ақыры өзінің сілесі қатып, орнына барып отырды да, Нейманға:

— Су әкел! — деп ақырып қалды.

Шөлдеп қалыпты. Қаншама күш кетті. Шахта астынан қайламен көмір қазғандай қалжырап калды. Бірақ Рысқұловты ұрып, тепкілегеннен гөрі, көмір қазған әлдеқайда пайдалы. Қайла қатты тисе, тас көмір қақырап түсе береді. Ал Рысқұлов...

— Әкетіңдер! — деп айқайлады Глебов.

Ар жақтан есік ашылып, екі айдауыл кіріп келіп, Рысқұловты қап көтергендей көтеріп алып кетті. Тірі ме, өліп калды ма деп, біреуі еңкейіп бетіне қараған да жоқ. Жағаңды ұстап, таңдай қағып, таң қалатын несі бар? Жендеттер Сократты да аямаған. Сократ адамзаттың ары ғой. Соны да қиянат қылған. Оған да өкіметке қарсы шықтың деген. Өкіметті құлатпақшы болдың деген. Ақыры өлім жазасына бұйырған. Достары Сократқа: «Қашып кет, көмектесейік», — дейді ғой. Сонда Сократ: «Немене, ол жақта адам өлмей ме екен?» — деген.« — Неге өлмесін, өледі ғой». — Онда айырма қайсы? Түрмеде өл не, қашып кетіп өл не, бәрібір емес пе?»

Жендеттер Сократқа у беріп өлтірді.

Солай. Жендеттер қай заманда да қатыгез. Бірақ солардың бәрі жиылып, Лубянкадағы жендеттерге жеткен жоқ... Адамды азаптауға келгенде, Лубянкадағы жендеттер, тек баяғы жуан-жуандардың бір әдісін қолдана алмай жүр. Жуан-жуандар қолға түскен тұтқынды ұрып-ұрып қана қоймайды. Шашын ұстарамен тақырлап сыпырады да жаңа сойылған түйенің көн терісімен басын кепештеп, айдалаға, шөлге, шілденің шақырайған күнінің астына апарып тастайды. Көн кеуіп, кепеш тартылады. Ал адам сорлының шашы өспей тұрмайды. Өсейін десе тас боп қатқан көн теріні тесіп өте алмайды. Содан қайырылып барып, адамның бас сүйегін тесіп өсетін көрінеді. Сонда барып, адам ақылынан адасады. Адасқаны сонша, өзінің атын да, туған әкесін де, шешесін де ұмытады. Құлақ кесті құл болады, асыранды итте де ес болуы мүмкін. Ал әлгі мәңгүртте ит құрлы ес болмайды.

Егер Лубянкадағы жендеттер осы тәсілді үйренсе, кез келген адамды мәңгүрт қылып, мәселені оп-оңай шешер еді. Мәселен, Глебов Рысқұловқа:

— Түркияның шпионымын де, — десе, ол ойланбастан:

— Түркияның шпионымын, — дер еді.

— Жапонияның шпионымын де, — десе,

— Жапонияның шпионымын, — дер еді. Германияның шпионымын, — дейсалар еді. «Апыр-ай, айттым-ау», — деп қынжылып, қысылмас еді. Өйткені мәңгүртке бәрібір.

Адамдарды мәңгүрт жасаудың бұл тәсілін НКВД білмейді деп айту да қиын. Оның білмейтіні жердің астында. Мүмкін, ол бұл әдісті әлсіз, әлжуаз санауы. Одан да сорақы, сойқандары бар емесіне кімнің көзі жетеді? Батыстың бір газеті Гитлер өз жауларын жазалау үшін, НКВД — нің тәсілін үйреніп жүр деп бекер жазбаған шығар. Қандышеңгел қатыгез Гитлердің өзі үйренсе... онда Глбовтарға ақыл айтып керегі не?

***

— Гуниб тауына шығып алып, Қорықмасов екеуің Шамильдің әруағына арнап дұға қылғандарың рас қой? — Глебов бұл жолы күтпеген қырдан соқты.

— Шамильді еске алғанымыз рас, бірақ дұға оқыған жоқпыз. Білмесек, несін оқимыз?

— Мұсылман емессіңдер ме? Неге білмейсіңдер?

— Біз орыстанған мұсылмандармыз. Дұға білмейміз.

— Міне, тағы да жалған айттың, Рысқұлов. Сен тіпті Түркістанда

— Мұсылман партиясы», «Мұсбюро» дегенді де құрған жок па едің? Сол үшін Сталин жолдастың өзі саған жазбаша ескерту жасамап на еді?

— Дұрысы: РКП(б)-ның мұсылман бюросы. Ол коммунистер партиясы. Оның дінге қатысы жоқ.

— Ал Түрік партиясы ше? Сен құрған Түрік партиясы, Түркі Республикасы-ол не?

Рысқұловтың алдынан сан рет шыққан сұрақ. Сан рет түсінік те берген. Түсіндіре алмайды. Түсінгісі келмейді. Түркістанды түрік тілдес халықтар мекендейді. Түрік деген атаудан неге қорқасыңдар дейді. Түсінбейді. Түрік деген қазіргі Түркия емес. Қазіргі Түркия сол баяғыда өткен Ұлы Түрік мемлекетінің бір сынығы ғана. Ұлы Түрік мемлекеті-өлген бура. Өлі бураның бас сүйегінен тірі атаңдар неге үркеді? Түсінбейді.

Түсіндіре алмайды. Түрік деген сөз бәріне құбыжық көрінеді.

— Солай атау керек болды, — деді Рысқұлов біртүрлі құлазып.

— Жөн-жөн, — деп Глебов құнжындап қалды. Бұл Рысқұловтан алған тұңғыш «оң» жауабы еді. Нейман да асығыс жазып, қағазға түсіріп жатты. — Ал, алғашқы әңгімеге қайта оралайық.

Гуниб тауының басында Қорықмасов екеуің Шамильдің аруағын атап тұрып, не деп анттастыңдар?

— Анты несі? Қандай ант? Біз бозбала Герцен мен Огарев емеспіз ғой, Воробьев тауына шығып алып, патшаны құлатайық, елге бостандық алып берейік деп анттасатын.

Глебов өз сұрағына өзі өкініп қалғандай болды. Қайдағы Герцен мен Огарев туралы сайрап кеткен Рысқұловтың тапқырлығынан өзінің өресі төмен екенін амалсыз мойындап, пұшайман хал кешкендей Нейманға қарады. Ал Нейман білімді. Ол жауапқа ішінен сүйсініп, күлімсіреп қойды. Алғырлыққа алғырлық таныта алмаған жендет, әрине, ашуға басады. Ол өшін дүлейлікпен алады.

— Сен өйтіп бұлталақтатпа, кәззап! Сонда, Гуниб тауында Түркия жаққа қарап тұрып, қол жайғандарың қайда? Түркия арқылы Англия мен Германияға сыйынып, Кеңес өкіметіне қарсы жасырын әрекет жасамақ болғандарың қайда? Ол не, ант емес пе?

— Сандырақ! — деді Рысқұлов. Глебов өңкиіп түрегелді.

— Ұра бер! — деді Рысқұлов. — Ұрғаннан басқа қолыңнан не келеді?

— Қателесесің, Рысқұлов, — деді Глебов кенет мырс етіп. — Саған енді қол былғамаймын. Біліп қой. Бірақ басқа амал табылады. Әбден табылады. — Шақыр Қорықмасовты! — деп айдауылға арс етті.

Енді Рысқұлов тосылды. «Бұл ит Қорыкмасовты сындырған екен ғой, — деді. — О да баяғы Сұлтан-Ғалиев сияқты сынған екен ғой. Соның аузымен мені кінәламақ қой. Қайран Қорықмасов».

Қолы кісендеулі Қорықмасов кірді. Қорықмасов екенін күні бұрын білмесе, Рысқұлов оны танымас еді. Ал Қорықмасов Рысқұловпен беттесуге келе жатқанын білмесе керек, бір дегеннен тани алмады. Тосылып тұрып-тұрып, әлден уақыттан соң:

— О, Тұрар! Бауырым, армысың, — деді. — Сені де қорлапты ғой, көпей оғылдары.

— Молчать! — деді Глебов. — Жабайылар тілінде сөйлесуге рұқсат жоқ.

Қорықмасов Нейманға бұрылып:

— Мына сөзін жазып қойыңыз, — деді. — «Жабайылар тілінде сөйлесуге рұқсат жоқ!»

— Молчать!

Глебов үстелдің үстіндегі папкадан қағаз алды. Оқи бастады:

«Биыл, яғни 1937 жылы 20-мамырда Рысқұлов екеуміз имам 11 Шамиль орыстармен соғысқан жерлерді араладық. Сапар соңында исі түрік нәсілдерін астыртын біріктіруге Шамиль аруағы алдында ант берістік. Сөйтіп, Шамиль жете алмаған мақсатқа біз жетуге сөз байластық... Тергеу барысында осы айтқанымды растап, қол қоямын. Қорықмасов!»

Глебов парақты Қорықмасовтың көз алдына жақындатып:

— Сенің қолың ғой? — деді.

— Менің өлігімнің қолы, — деп Қорықмасов кеудесін көріктей керіп, қасқая қалды. — Мені өлтіріп, ес-түсімнен тандырып қойдырған қол.

— Қорықмасов! — деп ыржиды Глебов қолапайсыздау қимылдап. — Өлген адам қол қоя ала ма? Не деп тұрсың?

— Сенбе, Тұрар! Бұлар әлі саған да солай қол қойдырып, сорыңды қайнатып, сорпаңды ішіп, соған мас болады. Сенбе, Тұрар!

— Сенбеймін, — деп сыбырлады Рысқұлов.

— Әкет!- — деп айқайлады Глебов.

Айдауылдар Қорықмасовты білегінен тарта бергенде, Қорықмасов құмық пен қазаққа ортақ жырды зарлана аңыратты:

Арғымақтай асау ерлерге

Әзірейіл бұғалық салғанда,

Аялы қолдарын жайып,

Айыр тізеден жүгініп,

Жаратқанға тілеу тілеп жалбарынса —

Болжалды күннен оза алмас.

Тәңір жазған жазудан

Тақта отырған патша да болса оза алмас...

Әзірейіл азу тісті, аш көзді

Бос қайтар ма жан алуға келген сон,

Дүниеде еш өкінішім қалмады,

Жыламаңыз маған енді өлген соң...

— Әкет! — деп ақырды Глебов.

Қорықмасов Рысқұловпен осылай бақұл бол айтысты. Осылай қоштасты. Атадан асыл туған азамат екен, айылын жимады. Рысқұловқа бұл сабақ болды. Арғымақтай асау ерлер. Әзірейіл бұғалықтады. Дүниеде бәрі де өлшеулі. Әсіресе өмір өлшеулі. Өлшеулі өмір біткен соң Тәңіріге қанша жалынсаң да талқаның таусылады. Тәңірі қол жайып жалбарынғанның бәрінің арызын орындай берсе, Тәңірі бола ма?! Жалпақшешей жалпаңдаған бірдеңе болады дағы.

Рысқұлов Қорықмасовтың жыр қоштасуына жырмен жауап бере алмағанына өкінді. Мына жендеттер: «Хош, қайыр!» — деуге де мұрша бермеді. Қорықмасов Рысқұловты «әшкерелеуге» жарамайтын болған соң,тез алып кетті. «Жабайылардың»тілінде жыр төгіп, азаптың өзін поэзияға айналдырып жіберген Қорықмасов қолшоқпар бола қоймасына Глебовтың көзі жетті.

Глебов Рысқұловты тырп еткізбей, дәлелдермен матап тастау үшін, куәлерді көбірек шақырмақшы еді, енді ойланып қалды. Файзолла Ходжаевпен беттестірмекші еді, Рыковпен жүздестірмекші еді. Қорықмасов бұл жоспарын бұзып кетті. Ходжаев та, Рыков та Қорықмасовша өз қолдарынан бас тартып, Рысқұловты жасытудың орнына дем беріп, рухтандырып кетсе-одан не пайда?

Куәлар көп. Куәларды қойдай тоғытуға болады. Әкмал Икрамов, Қайғысыз Атабаев, Сұлтанбек Хожанов, Ораз Жандосов, Нәзір Төреқұлов, Нығмет Нұрмақов, тағы басқалары толып жатыр. Бір сәтке Глебов солардың бәрін мұрнынан тізіп қойып, бір дауыспен, хормен:

— Рысқұлов-жау!-дегізіп жамыратқысы келді.

— Рысқұлов-шпион! — деуге еуропалықтар да жетіп жатыр: Бухарин, Рыков, Рудзутак...

Өз ойы өзіне біраз желік берсе де, Глебов мұның бәрін сыпырып тастап, тың әдіске баспақ болды. Мұның бәрі Рысқұловтың бетін тырнауға жарайтын біреу болса-ол Алматыдағы Жантоқов.

Глебов алдында жатқан қағазға «Жантоков!» деп жуан етіп жазды да, Рысқұловты Нейманға қалдырып, өзі кабинеттен шығып кетті. Шығып бара жатып:

— Не тілегі бар екен, сұра, — деді.

Нейман бастықтың айтқанын орындаушы. Глебов-бастық. Мемлекеттік Қауіпсіздік Бас Басқармасының төртінші бөлімінің бастығы. Ал Нейман-оперуполномоченный. Егер Глебовтай қатал, қатыгез болса, нағыз өсетін кезі осы түс. Мансапқорлар, шенқұмарлар осындай бір аласапыран кезінде, дауылды толқын шағында толқынмен бірге көбік боп көтерілген шөп-шаламша тез көтеріледі. Тек шөп-шалам болуға жара.

***

— Не тілегі бар екен, сұра,- — деген тапсырманың астарында не жатқанын түсіне алмай, Нейман аңырып біраз отырды. Үнсіз отыра беру тағы жарамайды. Ақыры шәкірттік парызбен:

— Не тілегіңіз бар? — деді.

Рысқұлов Нейманды аяғандай жәй ғана мырс етті. Сені мен менің обалым осындай кезеңге тап қылған тағдырға деді. Жендет болуға табиғаты тартпайтын бұл жігіттен не тілемек?

— Менің Ежовқа жазған хатымнан жауап болмады, — деді Рысқұлов, неге жауап болмайтынына енді көзі жетсе де.

Нейман иығын қиқаң еткізді. Нейман қайдан білсін? Глебовқа тапсыруын тапсырған. Одан арғысы бұған беймәлім.

— Әрине, оны сіз білмейсіз, — деді Рысқұлов оның шарасыздығына өзі кінәлі болғандай. — Тілек. Тілек жолы қиылды ғой. Әйткенмен, кім білген? Мүмкін болса, маған қағаз-қалам беріңіз. Қызыма хат жазайын деп едім.

— Бұл мүмкін, — деп Нейман Рысқұловқа орындық ұсынды.

Үстіндегі баяғы шевиот костюмі умаждалған, көйлегінің жағасы кірлеген, сақал-шашы бұрқырап гүлдегендей бурылданған Рысқұлов бір парақ қағазға қадалып отырды да, хатын бастады.

«Айналайын, алтыным Соня! (Надядан туған қызының аты София еді ғой, соны еркелетіп Соня, Сонечка деуші еді). Мамаң екеуіңе сәлем жолдап отырмын. Денсаулығың қалай? Оқуды қалай аяқтадың? Ескендір сендермен хабарласып тұратын шығар. Менен қам жемеңдер. Партия не десе, сол болады. Менің денім cay. Ақылды бол, айналайын. Оқуыңды жақсы оқы. Әрине, тұрмыстан тарығарсыңдар. Әзірше менен қайран жоқ. Бірдеңе етіп амалдай тұрыңдар, шыдаңдар.

Сонечка! Сенің музыка мектебін тастамауыңды қалар едім. Пианино үшін ақы төлеу де оңай емес, бірақ әзірше амалдап ұстай тұрыңдар. Таза ауаға шықпай, қалада қамалып қалғаның да жаныма батады. Бірақ мұндай халге душар болған жалғыз сен емес, бүкіл Рысқұловтар әулеті ғой, амал қанша... Қалада кәрі-жасы бар мыңдаған адамдар тұрып жатыр ғой. Қайткенде де мамаң екеуің тым құрыса, паркке барып жүріңдер. Үйден шықпай тұмшаланып қалмаңдар. Мамаңның халі қалай? Денсаулығы мәз емес еді ғой. Басқа жұмысқа ауысқан жоқ па ?

Айналайын Сонечка! Сен маған егжей-тегжейін айтып хат жаза гөр. Әрине, бейсеубет бөтен сөздің керегі жоқ. Үй іші, отбасының жағдайын жаз. Aдрес: КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариаты. 590 «а» бөлме. Б.И. Нейман жолдасқа. Ал ол болса хатыңды оқып, маған тапсырады. Сондықтан конверттің сыртына соның фамилиясын жаз. Емтиханда қандай сабақтан, қандай баға алғаныңды, музыка сабағынан не алғаныңды жаз! Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Демалысқа шығар алдында сендерге барып, шаш қырқатын машинканы алып кетіп едім. Егер Селезнев сұрай қалса, машинканы папам әкеткен дерсің.

Ағаң Ескендірмен көрісіп тұрыңдар. Ал, қызым, аман бол! Тәңірі саған жар болсын! Мамаңа сәлем айт.

I. VII. Папа.

Парақты бүктеп, сыртына: «Мәскеу, Кропоткин көшесі, 17-үй, 61-пәтер. С.Т. Рысқұловаға» деп жазды.

Нейман хатты оқып шықты. Біреудің хатын оқу әдептілік емес, тіпті қылмыс. Бірақ бұл мекеме Заң дегенге пысқырмайды. Қайта Нейманның танысқаны дұрыс. Басы артық сөз айтылмауға керек. Мысалы, Рысқұлов жанындай жақсы көретін перзентіне: халім нашар. Глебов деген жендет бар. Ұдайы ұрып, есімнен тандырып тастайды, — деп жазса, не болмақ? Ұят қой. Өлім ғой. Ол қызға мұғалімдер сағат сайын: совет адамдарынан бақытты ешкім жоқ, — деп жақтары талғанша айтпаушы ма еді. Кеңестің заңы ең әділ заң. Оған дүниеде заң жетпейді демеуші ме еді.

Ендеше, түрмедегі ондай-ондай «майда-шүйдені» сыпсыңдатып сыртқа шығармау керек.

Нейман хатты қарап шығып, жағын таянып отырып қалды. Бұл неғылған адам, Рысқұлов? Не істесе де, не десе де партияныкі әділ дейді. Шыны ма? Сонда өзін кінәлі санағаны ма? Мынаны Глебов оқыса-қылмысыңды мойындадың демей ме. Егер Рысқұлов өз қызына пианиноны жалға ақы төлеп алып берсе, пианиноны басы бүтін сатып алуға ақшасы жетпегені ме? Ескендір деген ұлын жазыпты. Қызына Ескендірмен кездесіп тұр депті. Білмейді ғой сорлы, сол Ескендірінің қазір осы түрмеде отырғанын. Мүмкін, жаңа Глебов соның камерасына кеткен шығар. Спектакльдің көкесі әлі алда. Оны да білмейді мына Рысқұлов.

Қырсық шалған не деген әулет бұл Рысқұловтар! 1906 жылы Рысқұл он жасар баласымен бірге Алматының түрмесіне отырамын. Ал 1937 жылы Тұрар Рысқұлов өзінің он жеті жасар баласымен бірге Мәскеудің түрмесіне түседі. Пешенелеріне түрме деген таңба жазылған неғылған әулет...

***

Тұтқындалғалы бері тұңғыш рет түсінде Әзизасын көрді. Түрмесіз, тергеушісіз, айдауылсыз еркін дүние екен дейді. Көкшетауда жүр екен. Сірә, жұмақ шығар. Аспаны көгілдірдің көгілдірі, аппақ ұлпа бұлттары да жұп-жұмсақ. Алыстан-алыстан сағымданып, көк теңіз төсінде жүзген ғажайып кеме сияқтанып Көкше көрінеді. Әзиза екеуі қатарласып сол Көкшеге ұшып келе жатыр екен. Жан-жағын ақша бұлттар қоршап алып, бұларды қорғап келе жатқан екен дейді. Ақша бұлттар кәдімгідей қызғылт қанат періштелер болып кетеді.

— Біз адамбыз ғой, қалай ұшып келеміз, адамдар ұшпаушы еді ғой, — дейді Әзиза.

— Бізді періштелер қаумалап келеді. Олар-махаббат киесі, біздің тілеулестеріміз, — дейді Тұрар.

Олар Көкшеге жетіп, Оқжетпеске қонбақшы болғанда алдарынан дәу қара пері шығып, Әзизаны Тұрардан тартып алмақшы болады. Әзизамен қатарласа ұшып, құлағына: — Рысқұловқа қосылма, ол сенен бұрын бірнеше әйел тастаған. Әрбіреуінен бір-екі баласы бар, сорлайсың, — деп азғырады.

Қызғылт қанат көгілдір періштелер қара дәу әзәзілді қумақ болады. Жан-жағынан шүйіліп, шоқыса да қара дәу әзәзіл:

— Сені мен Кавказ тауына алып ұшамын, жұмақта тұратын боласың, — деп арбайды.

— Көкшеден артық жұмақ жоқ! — деп шырылдайды періштелер. Бір періште Тұрардың қолына пайғамбардың қылышы-зұлфухарды ұстата береді. Тұрар зұлфухармен дәу қара әзәзілді шауып өлтіреді. Көк аспан, көгілдір Көкшені махаббат жырына бөлеп, періштелер ғарыш әнін салады.

Рысқұлов оянып кетіп, әлгібір шырындай тәтті түстің әсерінен: «апыр-ай, адам түрмеде жатып та бақытты болады екен-ау!» — деп таң қалды.

Өң мен түстің айырмасы не? Түс те өмір емес пе?! Түс те өмір болар болса, Рысқұлов тағы да бір бақытты сәтті бастан өткерді. Ой, түс түлкінің боғы-дүр дейтіндер бар. Сонда он дегеннің өзі түс емес пе? Адам туады. Арада әжік-күжік әуремен біраз дәурен кешеді. Адам өледі. Туу мен өлудің арасын өмір деп қойыпты. Өлім деген құдіреттің алдында адам: не көрдім, не білдім деп ойлануға шамасы келер болса, қандай қорытындыға келер еді? Бүкіл өмірің бір көрген түстей-ақ болып қысқармай ма? Кең дүние дегенің бір тарынын қауызындай ғана болып тарылмай ма? Ендеше, сол алдамшы ғұмыр дегеннің көбі не, азы не-бәрібір.

Ал жарайды. Жаңа ғана Рысқұлов Әзизасын қолынан ұстап, қызғылт қанат көгілдір періштелермен бірге соноу алыстағы Көкшенің үстінде ұшып жүрді. Рас қой? Ал тәні, екі жарым айдан бері су тимей кірлеген тәні, Глебовтың таяғынан көк ала болған денесі мына тас камерада жатты. Сонда көгілдір Көкше аспанының астында сайран салған немене?

Міне, мәселе қайда жатыр!

Тән деген бар. Ол кәдімгі Глебовтың таяғынан ауыратын дене: аяқ-қол, бас, құлақ, көз, мұрын, тағы басқа кәкір-шүкір.

Ал жан деген бар дейді. Адам өлгенде тәннен бөлініп ұшады дейді. Әлгінде ғана Көкшені аралап қайтқан сол жан шығар? Сәл сәтке Рысқұлов өлген шығар, жаны азаттық алып, түрмеден шығып, есінде ертектей болып, алтын арман ағысындай болып, өмірбақи көкірегінде күншуақ болып жатталып қалған Көкшені аралаған шығар.

Ал кәдімгі сұм өмірде Рысқұлов баяғыда, яғни 1930 жылы сұлу Көкшеге барғаны рас. Сол жақта практикада жүрген Әзиза сұлуды іздеп барғаны рас. Сыртынан ғашық болып, отыздан асқан шағында да жастықтың жалауын жықпай, жаны сүйген жас қызды Алматыдан іздеп барып, тапқаны да ерлік қой. — Е, қойшы соны, — дейсалса, алақанына Әзизадай ақ періште қонар ма еді.

Рысқұлов жеңістің дәмін көп татқан адам. Ал бірақ сол жолы Әзизаны іздеп сапарға шыққан күндер мен Көкшеге келіп Әзизаны көріп, оған өз сезімін айтып, бозбалаша қызба әуреге түскен күндері мен түндеріне бұл дүниеде ештеңе тең келмейді.

Көкшетау әкімдері Рысқұлов келіпті дегенге шәт-шәлегей болып, әрі сескеніп, әрі құрмет тұтып, асты-үстіне түскен. Ол кезде Рысқұловтың портреті көсемдердің портреттерімен бірге кеңселердің, мектептердің қабырғаларына ілінетін. Рысқұлов атында колхоздар, мектептер бар болатын.

Сөйтсе, Рысқұлов облыс басшыларымен шаруасы жоқ, олардың бәйектігінен азарда-безер болып, қыз іздеп жүр.

Ол да бір дәурен. Кейін бұл жайды Голощекин естіп: «Тоже мне государственный деятель», — деп күлді дейді. Государственный деятель қаһар шашып, қақайып қалсын, жар сүймесін, ғашық болмасын деген бар ма? Сондай-сондай пасық ойлы, сасық пиғылды, пыш-пыш өсекті, қатып қалған партиялық тәртіпті тәрк етіп, сол қалыптасқан қоғамдық қағидалардан қарғып өтіп, сүйгеніне қол созу да зор ерлік, өмірде қайталана бермес бал дәурен.

Сол жолы, Түрксібті салып жатқанда, Мұхамеджан Тынышбаевпен істес болмаса, достаспаса, өкіметтің резиденциясын қалдырып, Мұхаңның үйіне түспесе, сол арада Мұхаң дәнекер болып, баласы Ескендірді араға салып әрекеттемесе, Рысқұлов Әзизаға жолығар ма еді?

Көп адамдар өз жарын жанамалай өтіп жүріп те таба алмайды. Құдай қосқандар ғана қиыспас жар болады. Рысқұловтың маңдайына о басында Әзизадай жарық жұлдыз жазылған екен, кеш те болса-жолықты. Аз жыл бірге дәурен кешті. Оған да шүкір. Әзиза жолықпаса, басқа әлдекім тап болар еді, кім біледі?

Сөйтіп бүл түнде, әлде таң алдында Рысқұлов ғажайып түс көрді. Көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. Адам-пендеге бақытты болу үшін, көп те керек емес қой. Небары түстің өзіне байып калды. Адам көңілін Глебов та, тас камера да бұғалықтай алмас екен.

Содан Рысқұлов мұны жақсы ырымға жорыды. Аспанда періштелермен бірге, Әзизамен бірге ұшып жүру-жақсылық деп қойды. Қара дәуді пайғамбардың зұлфухарымен шауып тастағаны қандай онды болды. Зұлымдық жеңіледі екен, мен жеңеді екенмін деп кәдімгідей сеніп қалды.

Қараңғы қапаста бір үміт шоғы жылтырады. Сол шоқ өшіп қалмаса екен деп аруақтарға жалбарынды. Баяғыда өтіп кеткен, есіне сирек алатын Домалақ анасына сиынды. Осы кезге дейін қып-қызыл коммунист болып, аруаққа сиынбағанына өкінді.

ЕСКЕНДІР

Камераның темір есігіндегі қара құлып салдыр-гүлдір етті де, әлгінде аспандап ұшып жүрген Рысқұлов кәдімгі қара жерге топ ете қалды. Тап-тар тас қапаста отырғанын есіне салып, қара құлыптың кілті шақыр-шұқыр шиқылдап, әрең ашылғандай болды. Майлап қойса қайтеді. Темір екеш темір де май тілейді.

Қызық болғанда, кіп-кішкентай камераға Глебов пен Нейман өздері келді. Қасында жендеттері бар. Темір есік ашық қалды да, адамдардың сұлбасын танитындай селдір сәуле түсті. Жалғыз орындыққа Глебов жайғасты да басқалары босағада тұрып қалды.

— Жағдайың жаман көрінбейді, Рысқұлов, — деді Глебов сәлем сөздің орнына.

Әлгі әдемі түстен рухтанып қалған Рысқұлов шынында да ширақ еді. Бірақ жауап қатқан жоқ.

— Сені әуре етпейік деп өзіміз келдік, — деді Глебов кеңпейілденіп. — Үйіне келсе, үйдей өкпеңді ұмыт деген. Өткендегі азырақ түсініспестікті ұмытып, жөн әңгімеге көшейік. Кәне, сонымен, бұл жолы жапондар туралы сыр шертісейік. Жиырма төрт, жиырма бесінші жылдары Моңғолияда болдың. Рас қой?

— Рас.

— Не тапсырмамен?

Рысқұлов мырс етті. Осындай да сұрақ бола ма екен? Текке уақыт алу үшін бе? Моңғолияға не тапсырмамен барғанын Глебов шыннан білмей ме?

— Коминтерн атқару комитетінің тапсырмасымен Кеңестік үлгідегі жаңа Моңғол өкіметін құрысу мақсатымен.

— Оны білеміз, — деді Глебов шыдамы кете бастап. Өйткені бір кісілік тар қапаста ол отырып көрмеген. Өкпесі қысыла бастады. Бұрыштағы парашаның иісі де қолқаны алып бара жатыр. Тіпті Глебов мұңда келгеніне өкініп те калды. Бірақ мақсатқа жету жолында мұндай «құрбандыққа» шыдау да керек шығар.

— Білсеңіз сол. Тұңғыш рет бүкіл монғолдық Ұлы Құрылтай өтті. Соны ұйымдастыруға атсалыстым. Ұлы Құрылтай Моңғол Халық Республикасын жариялады, әне, соған бағдаршы болдым.

Моңғол Халық Республикасының Конституциясы қабылданды. Соны жазуға көп күш жұмсадым...

— Жә, болды. Бәрін істеген сен екенсің ғой. Әйтпесе Моңғолияның беті бері қарамайтын болғаны да.

Олай болуы да мүмкін еді. Өйткені жаңа Моңғолияға қарсылар да табылды. Моңғолияның астанасын Қызыл Батыр-Ұлан Батор деп атауға ұсыныс жасаған да мен.

Жетті. Желпіне берме, — деп Глебов орнынан тұрып, орындықты теуіп кеп жіберді. Қу ағаштың жазығы не? Парашаның қаласына барып құлады. — Сен өйтіп Монғолияны жарылқамай-ақ қой. Онан да сол Моңғолияны Қазақстанмен, Түркістанмен қоса Жапонияға қалай сатпақ болғаныңды айт.

— Қазақстан мен Түркістанның басын ауыртпа, — деді Рысқұлов жана жаланың төніп келе жатқанын бірден сезіп. — Ал Моңғолияны Жапонияға сатқысы келгендер шынында болған. Ал мына мен солармен күрескенмін. Екеуі екі басқа әнгіме.

— Міне, бұл екіжүзді суайттың сөзі, — Глебов мекірене күліп қойды. — Айталық, шынында да Коминтерн сені Моңғолияға игі істер үшін жіберді делік. Ал сен сол Моңғолиядан әрі өтіп, Қытайға не үшін бардын? 1924 жылы қазан айының оны мен он үші арасында қайда болдың? Есіңнен шыға қоймаған шығар?

— Иә, рас. ОГПУ-дің адамдары жұмысты жаман істемейді. Сол күндері Маньчжурияның шекарасында болғаным рас. Қасымда Моңғолияның премьер-министрі Церен-Дорж, әскери және сыртқы істер министрі Чойбалсан болғаны да рас. Бірақ біз Моңғолияны Жапонияға сату үшін емес, болашақ Монғол Халық Республикасының шекарасын қауіпсіздендіру үшін бардық.

— Үлкен-үлкен есімдерді атадың. Бірақ олар саған қорған бола қояр ма екен? Церен-Дорж қазір дәл өзің сияқты түрмеде отыр. Ал сені де, Церен-Доржды да әшкерелеуші Чойбалсан өкімет басында. Чойбалсан әшкерелесе, қайда барып құтылмақшысың, сорлы. Осыны ойладың ба?

Сорлы дегені өтіп кетті. Тіпті жетім бала болып, кісі есігінде жүргенде де естімеген қорлық сөз. Бұл Рысқұловтардың намысына тиіп, шыдамнан шығарамын деген арам пиғылың болса, осылай тілде. Қазір де Рысқұлов сабыр тізгінінен айырылып қалып:

— Куәгерің Чойбалсан екен, алдыр сол Чойбалсанды, мойныма қойып берсін, — деді.

Глебов жексұрындау дауыспен қарқылдап тұрып күлді. Қарсыласты жеңудің, жүйкесін жүндей түтудің бір пасық амалы-дарақы күлкі. Глебов онымен де қоймай тағы да:

— О, сорлы, — деді, — Чойбалсан кім, сен кім? Чойбалсанның бір ауыз сөзі жетіп жатыр. Ол оны айтты да. «Рысқұлов дегендерің Жапонияның шпионы, мен оны білемін», — деді. Солай деп Кремльдің өзінде айтқан. Ал оның Кремльде кіммен сөйлесетінін сен білуге тиіссің.

— Ол мүмкін емес, — деп Рысқұлов дау айтпақ болды. Бұл дауының далбаса екеніне, дау айтып, жөн сөз айтып, мынаны иліктіре алмайтынына, жала дегеннің шегі жоқ, түпсіз екеніне енді көзі жетіп, жігері құм болды. — Онда Чойбалсанның өзі де шпион. Өйткені Қытай шекарасында бірге жүріп, бірге тұрдық.

Асылы мұндайда тілді тістеп, мылқау болып қалғанның өзі артық. Қазір Рысқұлов шын айтса да, ашумен айтқан бір сөзі таяқ болып тиіп, басына сарт ете қалды.

— Әб, бәлем, — деді Глебов қуанып кетіп, — енді сен тәуелсіз бір мемлекеттің, бізге дос мемлекеттің басшысына тіл тигіздің бе? Нейман! Жазып қой! Басқаның бәрін сызып тастағанда, тек осы сөзін үшін ғана атыласың, иттің баласы!

Глебов әуелі «иттің баласы» деп Рысқұловтың ұлы Ескендірді тілдеп еді, енді өзін боқтады. Мұндай қорлыққа Ескендір шыдамаған жерде әкесі қайдан шыдасын!

— Әкеме тіл тигізбе, сволочь! — деп Рысқұлов қайда отырғаны есінен шығып, шапши түсті.

Сол-сол екен, Глебовтың көзі тұзданып, екі беті талақтай ісініп, терісіне сыймай тырсыңдап, сөз айта алмай тұтығып тұрып-тұрып:

— Б — б-баста! — деді босаға жақтағыларға ақырып қалып.

Сол-сол екен, қарсы камераның есігі жүйкеңді жұлып жегендей шықырлап барып ашылды. Глебов Рысқұловты тақтадан ұшырып түсірді де, жендеттердің көмегімен дырылдата сүйреп, есіктің табалдырығына алып келді. Қарсы камерадан да көкпардай тартқылап әлдекімді есіктің көзіне жеткізді. Әлгінің басы салбырап, жүзі көрінбейді. Екі қолтығынан екі жендет сүйемесе өз аяғынан тұра алатын түрі жоқ.

— Бетін көрсет! — деп ақырды Глебов қарсы камерадағыларға. Жендеттің жүндес қолы тұтқынның ұзын шашын уыстап тұрып, кері тартып қалғанда, кегжең етіп, әлгі пенденің басы жоғары көтерілді. Көнектей болып ісіп кеткен беттегі көздер көрінбей жұмылып қалған. Әлпеті адам танымастай.

— Танисың ба? — деді Глебов Рысқұловты бүйірден түйіп қалып. — Өз баланды өзің танымай не көрінді саған кәззап!

— Ес-кен-дір!-Бұл Рысқұловтың жан даусы еді. Өлі екені белгісіз, тірі екені белгісіз тұлып сияқты денеге кенет жан біткендей қыбыр-қыбыр қимылдап барып:

— Папа... — деген үн елегізіп естілді. Барбиып ісініп, бір-біріне желімденіп қалған еріндері әрең қозғалғандай болды.

— Мына иттер сені не күйге салған, құлыным!

Рысқұлов ышқына ұмтылғанда жендеттердің әлуетті қолдары да шыдас бермей, Рысқұловтан ажырап қалды.

Екеуінің арасы екі-ақ адым еді. Екі араны тас дәліз бөліп тұрушы еді. Бір адамның денесін қақ бөліп, екі жартыны екі тас камераға қамаған екен. Енді сол қақ бөлінген екі жарты бір бүтін болып, қайта қабысайын дегенде, тасжүректер әл бермей, Рыскұловты кері сүйреп әкетті.

Адам неге ақ аю сияқты болмайды екен? Сірескен көк мұз, ақ кардың үстінде екі аю кездесіп қалады. Біреуі әкесі, біреуі баласы. Бірақ екеуі бір-біріне маңқиысып қарап тұрып-тұрып, екеуі екі жаққа ажырап кете барады. Енді қайтып бұлар мына шексіз-шетсіз мұз дүниесінде кездесе ме, кездеспей ме-белгісіз? Бірін бірі іздемейді де, сағынбайды да. Табиғат қатал дүниеде қатал жаратқан хайуанат.

Ал Рысқұлов дәл қазір атып жіберсе де, Ескендірін, шала-жапсар болған Ескендірін бір құшақтап, бауырына баспақшы еді, қатыгез дүние қос көрмеді. Ол-ол ма, жендеттер Рысқұловтың көзінше баланы тозақ отына шыжғыра бастады. Бұдан гөрі, Рысқұловты бірден атып-ақ тастағаны да онды болар еді. Бірақ жендеттер одан ләззат ала алмас. Адам баласы қоғамында садизм деген ұғым бар. Адамды адамның азаптауынан жаны рахатқа бататын сұмдықты солай деп атайды. Біреу әйел сүйгеннен ләззат алады, біреу арақ ішіп, наша тартып рахат табады. Ал садист найсап адамды неғұрлым ерекше азаптаса, соған сүйсінеді. Глебовтap сол тұқымнан еді.

Глебов енді Ескендірдің қасына өзі барды.

— Айтшы, Ескендір, ақылың бар ғой, мынау әкең немістер мен жапондардың шпионы екені рас қой, ә? — деп аярлана қалды. Бала тілі күрмеуге келмей:

— Па-па, не дейді мыналар, рас па? — деп әрең үн қатты.

— Сенбе, Ескендір! Сенбе, бауырым! Сенбе, балам! — Рысқұлов әр сөзін ышқына, ең ақырғы сөзіндей өзеурей сөйледі.

— Мен саған сенемін, па-па...

Сол-сол екен, Глебов иек қағып қалып еді, алпамсадай жендеттер Ескендірдің қолын бұрап, тырнақтарының астына ине сұққылай бастады...

Баланың беті ніл тартып, көкпеңбек болып, су жұтып, тұншыққандай болып тұрды да:

— Па... — деп шыңғырғанда тас меңіреу қапастың өзі қақ жарылғандай, азап шеккен адам емес, дүн-дүниені жаратқан Құдайдың өзі қорланғандай, қорқаулардың өзін қорқытардай үрейлі естілді.

— Глебов! Баланы қой, мені азапта, жалбарынамын, — деп жалынды Рысқұлов. Ол енді қанша бұлқынса да қимылдай алмас қолдар құрсауында қалған.

— Ә, солай ма, бәлем! — деп ыржия сүйсінді Глебов. — Сені әлі бұлбұлдай сайратамын, сайқал сайтан. Кеңес өкіметімен ойнаған қандай болады екен, көрсетейін саған.

— Глебов! Сен де әке шығарсың. Сенде де бала бар шығар. Адам едік қой, азаптама баланы, жалбарынамын, Глебов.

— Иә, мен де әкемін, менде де бала бар. Бірақ біз Кеңес өкіметін құлатып, жауларға сатылғымыз келген жоқ. Бұл-бұл ма, Рысқұлов, бұл әлі гүлдің шешегі ғана, тікенегі әлі алда...

Соны айтып Глебов қызметкерлеріне:

— Иттің баласының шалбарын түсіріңдер! — деп бұйырды. — Қарап тұр, Рысқұлов, көрейін қалай қасарысатыныңды!

Баланың әбиүрі ашылды. Оған қарсылық та білдірген жоқ. Сірә, есінен танған шығар.

— Еще коммунист называется! — деп ызаланды Глебов. — Баласын мұсылмандатқан. Сүндетке отырғызған. Көрдіңдер ме? Ой оңбаған. Сөйте тұрып, панисламист, пантюркист емеспін дейді. Аяр неме!-Жендеттеріне қарап: — Бастаңдар! — деді.

Жендеттер баланың балғын үрпіне ши жүгірте бастады. Баладан ышқынған бір дыбыс естілді де, үні өшті.

Рысқұлов ауа жетпей алқынып, жүрегін ұстап қалды. Дүние астын-үстін көшіп бара жатқандай, аяғының асты теңселіп, көзі қарауытып, басы айналып жүре берді. Жендеттер оның бетіне су шашты. Дәрігер шақырып, укол салдырды.

Рысқұловтың дес бермес асау жүрегі ақырында әлсіреген екен. Анасы Қалипа марқұмның құрсағында жатқан кезден бастап-ақ соққан жүрек бір сәтке тынбай, үзбей соғып келе жатса, оның өзінде көбінесе жанталаса, алқына соқса, темір екеш темір тозады, ал мұның ет жүрегі шаршамай қайтеді? Жасы қырық үшке қараған екен. Қырық үш жыл бойы қызыл тікен кешкен арпалыс өмір, одан қала берсе, мына Лубянка тамұғы, одан қала берсе, өзіңнен туған жас баланың мынандай азабын көру, бір адамның арқасы көтере алатын жүк емес қой. Қайта Рысқұловтың жаны сірі екен: жаңағыдай сұмдықтан соң, жүрек қабы жарылып кетуі де ғажап емес еді ғой.

— Глебов, — деді Рысқұлов көзін ашып, есі кірген соң, — баланың түк жазығы жоқ, обал деген бар, обалын тартасың, күнәға батпа.

Глебов, екі беті алаулап, қан көрген қасқа төбеттей жалаңдап, көзілдірігіне дейін терлеп кетіпті.

— Сүйінші, Рысқұлов! — деді ол дарақылана күліп. — Әйелің босанды. Қасында болып, Кисловодскіден әкелген шампанды өзің ашпағаның өкінішті, әрине.

Рысқұлов бір сәтке азап атаулының бәрін ұмытқандай болды. Кәдімгідей әлденіп, жанарына жарқыл пайда болып:

— Қашан, қайда? — деді.

— Осы жана ғана хабар жетті. Бір өкініштісі, үйінде емес. Енді сенде үй жоқ екенін білетін шығарсың. Бутырка түрмесінде. Қайын енең де сонда.

— Сонда қалай, олар да жау ма?

— Өзің қалай ойлайсың?

— Олардың жазығы жоқ.

— Сонда өзің ғана жазықты болғаның ғой?

— Глебов, мен-ақ жазықты болайын. Босат баламды да, әйелімді де, қайын енемді де. Олардың қылаудай да қылмысы жоқ. Сөйте ғой, адамгершіліктен мүлде ада болмаған шығармыз.

Глебов масаттанып, қоқиланып қалды. Дес бермес асаудың өзін бұғалықтады. Енді Ежов мұның бұл еңбегін лайықтап бағаламай көрсін. Өзіне орынбасар етіп алмай көрсін. Мансаптың мастығы-алтынның буындай аяр. Мансап үшін Глебов туған әкесін, туған анасын да, тіпті баласын да аямайды. Бүгін-полковник, ертең генерал болады.

Бұл кезде қарсы камераның темір есігі жабылған, өлісі де белгісіз, тірі екені де белгісіз, Ескендір есіктің ар жағында қалды. Жүрегі суылдап, жаны шырқыраған Рысқұлов:

— Ескендір! — деп айқайлады, үні қарлығып шықты. Дыбыс болмады.

— Ескендір, ұлым менің, жалғызым менің! — деп қырылдады Рысқұлов.

— Неге жалғыз? Сенде бала көп қой. Міне, бүгін тағы бірі дүниеге келді. Әп-әдемі қыз бала.

— Ескендір ұлдан жалғыз ғой, — деп сыбырлады Рысқұлов.

— Феодал ты, однако! — деп Глебов қағытты, — Сонымен жаңағы сұмдық қайталанбасын десең, қылмысыңды мойындап, протоколға қол қой, Рысқұлов. Осы ойнағанымыз жетер.

— Қай қылмысты айтасың, Глебов?

— Өзінде білесің ғой, ақылың бар, жөнге кел. Әуелі кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаған ұлтшыл пантүрік ұйымының басшысы екеніңді мойында. Соған қол кой. Арғы жағын одан ары жалғастыра береміз.

— Ондай ұйым болған жоқ қой, Глебов. Болмаған нәрсені қалай болды деймін.

— Өзін біл. Жаңағы-жаңағы ма? Одан да зорын көремін десең, қол қоймай-ақ қой.

— Глебов, мен ойланайын, есіме түсірейін, ал әзір мені мына баламның камерасына қама. Не болмаса Ескендірді менің камерама алдыр. Өлсе-өлігін көрейін, өлмесе біразырақ қасында болайын. Тағдыр Рысқұловтар пешенесіне солай жазған шығар: баяғыда мен де әкеммен бірге бір камерада жатып едім. Енді бір сәтке мен де баламмен бірге болайын. Өтінемін сенен...

Глебов, жеңімпаз Глебов бір мезгіл кеңпейіл болғысы келді ме, жоқ әлде шыннан көңілі жібіді ме, Рысқұловтың бұл тілегін орындап, Ескендірді Рысқұловтың камерасына алдырды да, есікке күшейтілген қарауыл қойып, өз кабинетіне кетті. Жұмысы қатты, жұмыстан о да шаршайды, біраз тыныққысы келген шығар, сөйтіп үзіліс жариялады. Жоғарғы қабатқа көтеріліп, киімін шешіп, жаңбырлы суға шомылды. Өзінің тыр жалаңаш денесіне көз салды. Көз алдына Ескендір келді. Сүндеттелген. Ескендір сүндеттелген. «Ух, басурман» деді. Өзінікі бүрік еді. Бүрігін түріп, қызарып тұрған үрпіне үңілді. Ойша ши жүгіртіп көрді де, тұла бойы түршігіп, дір ете калды да, өзіне өзі «дурак» деді. Бір сәт сезімге берілгені үшін, өзін-өзі қатты күстаналады. Аяушылық сезімді аластап тастамақ болып, суды сарылдата ағызып, үсті-басын жөкемен ысқылай берді, ысқылай берді. Құдай тазартпаса, өзін-өзі тазарта алмайтынымен ісі жоқ. Ақ сейсепке оранып отырып, салқын сыра ішті. Жаны кіріп, рахаттанып отырғанда, көмекші келіп: «Ежов жолдас шақырып жатыр», — деді.

***

Ескендірді алдына алып, былқ-сылқ еткен басын құшақтап, маңдайынан, бетінен сүйіп, шашын сипалап, аймалап, өбектеп, асты-үстіне түсіп, жаны қалмады. Ескендір ұзақ талмаусырады. Тек Рысқұлов баласының көбесі сөгілген тырнақтарын сипалап сүйгенде ғана, Ескендір ыңырсып, кірпігі қимылдап, көзін ашқандай болды.

— Мен үшін тозаққа түстің, ұлым, кешір мені.

Ескендірдің кезерген, домбыққан, көнектей ерні қыбырлады. Не айтқанын әкесі ести алмады.

— Мені естіп жатырсың ба, ұлым? — деді Рысқұлов. Баласының кірпігі мен ерні қимылдады- — Естісең, тыңда. Екеумізді бұлай бірге отырғыза бермес. Әлгі жендеттер кешікпей келер де, бізді ажыратар. Соңдықтан тыңдап қал: мен жау емеспін. Бәрі жала. Бірақ менің тірі жүргенім-әлдекімдерге тиімсіз. Өмір деген хайуандар дүниесінен де қатал. Өзім өшкеніме өкінбеймін, бірақ жазықсыздан жазықсыз сендерді азапқа салдым. Жаныма сол батады. Тыңдап жатырмысың, Ескеңдір? — Баланың қанталаған ерні тағы қыбырлады. — Мені тірі қалдыруы неғайбыл. Тәрізі солай. Тек протоколға менің қолым қойылмай тұр. Сол үшін мына иттер жанталасып жатыр. Осы уақытқа дейін шыдап келдім. Бірақ сені азаптағанына шыдай алмаймын. Сені азаптан құтқару үшін, енді неге болса да қол қойып, мойныма ала беремін. Бұлар сені ғана емес, Әзизаны да, Әрифаны да қамап қойыпты. Әзиза босаныпты. Кішкентай қарындасың бар көрінеді. Түрмеде туған сорлы. Сені қамаған бұлар Рашидті де, Шәмілді де тұтқындаған шығар. Осыншама бейкүнәлардың не жазығы бар? Бәріңді тозаққа салып қойғанша, мен құрбан болайын. Сонда сеңдерді тірі қалдырар. — Рысқұлов алқынып, өкпесі қысылғандай деміге жөтеліп, сөзін жалғады: — Ескендір, бауырым, саған жақсы әке бола алмадым, білем! Кеш мені!

Ескендір ыңырсыды. Не ойлағанын айта алмайды. Ажал аузынан қайтқан, бәлкім, әлі ажал аузында жатқан ұлына Рысқұлов ұзын-сонар әңгіме айтып текке әуре болып отыр ма? Бірақ айтпасқа амал жок. Енді кайтып тағдыр бұлардың басын қоса ма, жоқ па-беймәлім? Қайтсе де қазір айтып қалуы керек. Баланың санасына жетпесе, тым құрыса мына тас меңіреу қабырғалар естісін.

— Ескендір, бауырым, ұлым, мен өмір бойы әділдік үшін күрестім. Күштілері әлсіздерін езгілеген қиянатпен алыстым. Ұлы халық кіші халықтарды жұтып жіберетін қорқаулықпен арпалыстым. Айлакерлер аңқауларды алдайтын қулық-сұмдыққа қарсы шықтым. Әкелері балаларын пайғамбардай көріп, балалары әкелерін Құдайдай құрметтейтін қоғамды аңсадым. Менің ұраным: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме!» еді, менің құраным: «Өзіне тілемегенді өзгеге де тілеме» еді. Қайтейін, Құдай қос көрмеді ме, міне, енді осы ақ жол дегенім кері жол болып, замана түсі сұрапыл тартты. Дос дегенім қас болды, алтын дегенім тас болды. Бұл да бір өтпеді кезең шығар. Дүние түзелер. Сен әлі жассың ғой. Мына қанды шеңгелден құтылсаң, алдыңнан жарық әлем жарқырар. Сонда мына сорлы әкеңді есіңе аянышпен алғайсың. Мен туралы шындықтың бетін шаң басар, тозаң тұрар, қат-қабат топырақтың астында қалар. Сол шындықты аршып алып, менің кінәсіз күйіп кеткенімді кейінгілерге жариялағайсың. Әрифа анамызды білмеймін, Әзиза тірі қалар, Әзизаны, бауыр-қарындастарыңды қанатыңның астына ала жүр. Атамекенің, алтын бесігің-Қазақстан. Одан тамырың үзіліп қалмасын. Қаңбақ дейтін шөп болады, қауқиған шар сияқты, тамыры осал болады. Жел тұрғанда тамыры үзіліп, домалай береді. Ұшарын жел біледі, қонарын сай біледі. Қаңбақта Отан болмайды. Сондайынан сақтасын. Отаның Қазақстан, Ескендір, естідің бе?!

Баласының кірпігі қимылдап, ерні қыбырлады. Тырнағына қан қатқан қолымен әлсіз ғана әкесінің қолын сипалады. Сонда Рысқұлов жаны шырқырап, өкіріп-өкіріп жылап жіберді. Іші-бауыры елжіреп, дәл қазір ажал жетсе де Тәңіріге риза пейілмен шала-жансар ұлын құшақтап, тасбауыр тағдырына тәуба айтты. Жаралы қол, жаралы жанды сипалап, аймалағаны — Тәңірінің тартуы ғой! О, бейбақ Рысқұлов, сенің жарақат жаныңды бұлайша ешкім де аялаған жоқ. Мына қасірет қамақ, зарлы заманда жартыкеш жаныңды өбектеген адамның табылғаны-бейіштің төріне шыққаннан артық көрінді.

Қасиетсіз ұлдан сақтасын, Құдайым.

Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген... —

дегендей, Ескендір жаман ұл шықса, ана Глебовтың сойылын соғып, Павлик Морозов болып, мына көрген қорлықтан гөрі, әкесін сатып құтылар еді. Ескендір адал туған ардақ екен. Рысқұловтың жүрегі соған елжіреді. О, дүние-ай, сонда Рысқұлов, өзгелерді жек көргеннен емес, осы жолы Құдайдан, тек Ескендірдің тілеуін тіледі. Рысқұлдан ұл туған бұл жалғыз еді, бұдан туған ұл Ескендір жалғыз. «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар» деуші еді. Енді осыны тірі қыла гөр деп тіледі. Бұл кетсе-Рысқұловтар әулетінің тұқымы үзілгендей шығар. Қыз баласы біраз бар, оларын да жанындай жақсы көреді. Бірақ олардан тараған ұрпақ Рысқұлов болып жалғасар-жалғаспас, кім білед? Құдай ұлдан сала ма, қыздан сала ма, әр нәрсе иманына қарай. Бірақ қазір көз алдында жатқан ұл бала амандығы үшін басым кетсе өкінбен деп бекінді Рысқұлов. Ескендірді құтқару жолында бәле-жаланың бәрін өзіне жапсырып алмаққа бел байлады.

***

Ежов еңгезердей Глебовтың иығынан ғана келгендей еді. Қалшиып қалған Глебовтың кепиетіне амалсыз басын көтеріп, төменнен жоғары қарайды. Тұздай көзі тұнжыр. Оқ жыланның көзіндей сұп-суық. Кірпік қақпайды. Кірпігі де жоқтың қасы. Бұл енді Ежов. Мәттакам Ягоданың орнына келген Ежов. Қазір Ягоданың өзі де тұтқын. Талай-талай кінәсіз жандарды зар илеткен Ягода, енді өзі де қан құсып, зар жылап отыр. Бұл заңдылық па, не сонда? Адамға істеген қысастығың, жауыздығың алдыңнан шығатыны болғаны ғой. Егер өмір заңы табиғат заңынан туындайтын болса, мұнысы әділ. Табиғатта бәрі де тәртіппен қалыптасқан. Тәртіп бұзылған жерде, табиғат кек алмай қоймайды. Бұл ретте, Ягоданың бейшара халге түскені заңды дейік. Ал Рысқұловтікі немене? Демек, адамдар өмірінде заңдылық ала-құла, тіпті ала қол.

Ежов ежірейіп қарайды. Глебов жылан арбағандай ісініп барады. Басының айтақыр қызғылтым қасқасынаң шып-шып мөлдіреп, бөртіп тер шықты. Қолын көтеріп, терін сүртуге де шамасы жоқ. Арбау азабына түсіп, мелшиді де қалды. Тұтқындардың алдында айбарлы, алпамсадай Глебов қазір өзінен мансабы үлкеннің алдында айдаһар көрген көжектей дір-дір етеді.

Глебовтың бұл азабынан Ежовтың жаны рахат тапқандай. Кіп-кішкентай болып, үп-үлкен адамды қалшылдатып қойған қандай ләззат!

Ол Глебовты үн-түнсіз-ақ осылай үрейге салып қойып, көпке дейін тіл қатпады. Неге шақырдыңыз деп анау сұрамады. Бүлдіріп аламын ба деп қорқады. Ежовқа ұнамай қалу-құрып кетумен бара-бар. Не қызметтен төмендейсің, не түрмеден бір-ақ шығасың. Ягодадан әулие емессің. Ал Глебов болса өсуді аңсайды. Полковниктен генерал болғысы келеді, одан әріден де үміткер. Құдай қай жерімнен ұрып қалды деп тұр. Түрлі күдік, сан сұрақ. Не жазып қалдым деп іштей бір азапқа түсті. Аузымнан арақ пен сыраның иісі шығып тұр ма деп демін ішінен алады. Дем алмауға, ауа жұтпауға болмайды.

Ақырында барып-барып, Ежов:

— Рысқұлов? — деді жай ғана, — Рысқұлов.

Сөзінің аяғын да айтпайды, тек «Рысқұлов» дейді. Шын ақымақ болмаса, Глебов оны емеурінінен-ақ түсінуі керек. Түсінді де:

— Рысқұловтың шаруасы бітуге таяу, — деді аптығып.

— Қол, — деді Ежов міз бақпай, — қол.

— Әлі қол қойған жоқ, бірақ бүгін қояды, Николай Иванович.

— Қанша ай.

Ежов сұрақ лебімен де айтпайды. Тек жай ғана «қанша ай» дейді. Мұны Глебов түсініңкіремей сасқалақтап калды.

— Не қанша ай, Николай Иванович?

Ежовтың көзі ақшыл тартты.

— Рысқұловтан қылаудай жөнді жауап ала алмағаныңа неше ай болды, оңбаған?

Ә, бұ жолы Ежовтың даусы ащы шықты. Шаңқ ете қалды.

— Рысқұлов, Рысқұлов... — деп Глебов тұтығып қалды.

— Не Рысқұлов, Рысқұлов?

— Оны сіз білмейсіз ғой.

— Оңбаған. Мен бе Рысқұловты білмейтін?!

Ежов қорланып қалды. Сұп-сұр адамның беті боз топырақтанып кетті.

— Мен оның мінезін айтамын, — деп ақталды Глебов.

— Бұл мекемеде мінез деген болмайды, Глебов! Бұл мекемеде тек мойындау болады. Осыған да өнерің жетпеді ме? Біз сені не үшін жоғарылаттық? Рас, Қорықмасовты, Ходжаевты, Нұрмақовты «жуасыттың». Сол үшін жоғарылаттық. Бірақ мына істі бітірмесең бұрынғы кызметіңнің бәрі зая кетеді.

— Амалын таптым, Николай Иванович. Рысқұловты баласымен кездестірдік. Енді көнетін сияқты. Көнеді, Николай Иванович.

— Білемін, — деді Ежов кірпік қақпастан. — Баласымен екеуін бір камераға жайғастырып қойғаныңды да білемін. Ал айта ғойшы, әкесі мен баласын бір камерада ұстасын деген қай уставта, қай ережеде бар?

Глебовты қара басып қалды: ондай ереже жоқ.

— Бұл өзі әулеттік дәстүр көрінеді, Николай Иванович, — деп ыржиды сасқанынан Глебов.

— Қайдағы әулеттік дәстүр?

— Осы Рысқұлов бала кезінде әкесімен бірге түрмеде бір камерада отырыпты.

— Қай кезде?

— Сірә, патша заманында.

— Ал онда айта қойшы, Глебов, патшаға қарсы болғандар кеңес өкіметіне қарсы бола ма?

Глебов тосылып қалды.

— Айт.

— Болатын болғаны ғой, Николай Иванович. Троцкий де, Зиновьев те, Бухарин де, Рыков та патшаға қарсы болған. Бірақ Кеңес өкіметіне де қарсы. Мұндайларды аспан да, жер де қабылдамайды.

— Мұның рас, Глебов.

Глебов өзінің тапқырлығына риза болып, іштей іріленіп қалды.

— Сен Дантені оқиды екенсің ғой, Глебов?

— Тамұқтың ұңғыл-шұңғылын білу керек қой, Николай Иванович.

— Сеніңше Рысқұлов қазір тамұқта отыр деп ойлайсың ба?

— Тамұқтан да ары. Оның көзінше баласын қинадық. Рысқұловтың жаны шырылдап, шығып кете жаздады. Тіпті дәрігер шақырттық.

— Ал сол шырылдаған жаны қазір жұмақты жайлағандай рахатқа батқанын білесің бе?

— Қалайша?

— Баласы қасында болса, оны аймалап сүюдің өзі оған пейіштің төрінен артық.

— Оларды ажырату тіпті де қиын емес.

— Солай, Глебов. Азаптың ең үлкені-зарықтыру. Бірін-бірі сүйетін адамдарды зарықтырып, аңсатып қою. Бар! Жоғал!

— Әке, — деді Ескендір әрең сыбырлап. Папа демеді, әке деді.

— Не құлыным?-Рысқұлов жыбырлаған ерінге құлақ тосты. Баласының маңдайы тершіді. Рысқұлов оны алақанымен сипап сүртті.

— Не, Ескендір, не айтқың, келді?

— Көнбе.

— Неге?

— Адал бол-саң, көн-бе.

— Сені, сендерді азаптап өлтіреді ғой, құлыным.

— Өл — тір — мей-ді. Аз — ап-тай бер-сін.

Рысқұлов өз ұлының мұнша беріктігіне таң қалды. Өзі де өжет еді, ал мына Ескендір өзінен өткен шарболат болды. Жайшылықта білінбейді екен. Ұлы ер-азамат болып, есі кіріп, озбырлыққа, қорлыққа шыдамай, оған жан-тәнімен қарсы қасиеттің иесі болған екен.

— Сенсіз, сендерсіз өмір маған не керек? Сендерді айуандардың аузында қалдырып, тірі жүргенде мен қай ұшпаққа шығамын? Бәрібір бұлар енді мені сындырмай тынбайды.

Қарауылдар темір есіктің оймақтай тесігінен сығалап, қарап-қарап қояды. Қарауыл қатулы, қарауыл сақ.

Рысқұлов баласының басын абайлап тақтаға сүйеп қойып, есікке барып, қарауылды шақырды.

— Не? — деп жекірді оймақтай тесіктен көзі жылтылдаған сақшы.

— Бала талықсып жатыр, су беріңдер.

Қарауыл есікті ашып, бүйірі қабысқан қалайы кружкені ұсынды. Мұнысына да рахмет. Рысқұлов Ескендірдің басын көтеріп, кружкені ерніне тақады. Домбыққан дөңбек ерін көндіге қоймады. Дымқыл тиген соң, қан қатқан ерін бірте-бірте жіпсігендей болды да, сызықтап бірер тамшы су таңдайына әрең жетті. Рысқұлов қоярда-қоймастан тағы да тамшылатты. Ескендірдің көзі ашылайын деді. Судан шамалы жұтып, уһ деді. Қанша өлімші етсе де жас емес пе, беті бері қарап, тіріле бастады.

Суды сыздықтатып түгелге жуық ішкізгенде Ескендір басын көтерді.

— Әке, бұлар менен Павлик Морозов жасағысы келді, көріп тұрсың ғой, мен көнбедім. Сен де шыда.

Бар сөзі осы болды. Көп сөйлеуге әл-дәрмен жоқ. Рысқұлов баласының басын кеудесіне қысып, шашының әрбір талынан сүйіп, мұндай адал перзент бергеніңе тәуба деп тағдырына тауфих етті.

— Мен өз әкемді көргендей болып отырмын, Ескендір, — деді, — Рысқұл атаңды айтамын. Сол 1906 жылы ол екеуміз осындай тас камерада бірге отырғанда, ол мені құдды сен сияқты қайраушы еді. Осы уақытқа дейін менің мұқалмай келгенім сол қайрақтың қаттылығынан шығар. Қайрақ қатты болса, пышақ өткір болады. Енді міне, сен де мені қайрап отырсың. Әкемдейсің. Рысқұл өзі жоқ болса да көзі бар. Мың рахмет, ұлым. Ақылыма азық, бойыма қуат, жүрегіме жігер бергеніңе рахмет. Әйтпесе, мен әлгі Глебов иттің айтқанына көнейін деп едім. Мені ол төбет мұқалта алмас, бірақ сындырар. Сен аман қалсаң екен, Құдайым-ай. Сен тірі қалсаң Рысқұлдың рухы да, Тұрардың рухы да сөнбес еді. Ал сен жоқ болсаң, есіл Рысқұл да, мен де жоқпын. Тауыс-тәмәм.

Рысқұлов баласын бауырына қыса түсті. Осы қауышу арқылы өз жүрегін, өз жанын ауыстырып бергісі келгендей, құшағын жазбады.

— Мен осыдан мерт болсам, сен аман қалсаң, мен сенің көзің арқылы арайлап атқан танды, басын арай шалған асқар тауды, жасыл орманды, заңғар көкті, құдіретті күнді көрермін. Сен аман қалсаң, Ескендір, әйтеуір бір кезде Қазақстанға қайт. Алатауға қара. Түлкібас -Жуалы деген ел бар. Ол сенің ата-бабаңның бесігі. Ақсу-Жабағылы деген жер бар. Аршасын иіске. Әулие-Ата, Мерке деген шаһарларға тағзым ет. Ол менің балалық, жастық ғұмыр кешкен мекенім. Талғар деген апайтөс таудың бауырына барып түне. Ол менің кіндік қаным тамған жұрт. Сонда менің рухым да сенімен бірге болып, дүниедегі ең асыл, қымбат мекендерді көріп, мейірім қанар.

— Ескендір, естимісің, осыдан тірі қалсаң, Талас деген жерді тап. Таласты білмейтін қазақ жоқ-Бірақ екі Талас бар.

Бірі жоғарғы Талас, ол қырғыздың Таласы. Бірі төменгі Талас, ол қазақтікі. Әне, сол төменгі Таласта атаң Рысқұлдың сүйегі жатыр. 1918 жылы өзім барып, моласын көрдім. Қасымда Қабылбек Сарымолдаев деген жігіт бар еді. Сол жолы әкемнің басына белгі орнатамын деп уәде беріп кетіп едім. Мен мәңгілік өлмейтіндей, мен еш заман жаманшылық көрмейтіндей, әне-міне деп жүргенде өлшеулі өмір шіркін майшамның білтесіндей таусылып қалған екен. Байқамаппын.

— Ескендір, естимісің, ұлым? Мен өзімді Кеңес өкіметінің тірегіндей көріп, мен болмасам, кеңес өкіметі құлап қалатындай көріп, жұмыстан бас бұра алмаппын. Әйтпесе, сол Әулие-Ата, Таластың тұсынан бастап, Түрксіб темір жолын да салдырдым. Сонда бірер күн уақыт тауып, Рысқұлдың басына белгі орнаттыруға құдіретім жетер еді ғой. Жоқ, Рысқұлдың моласына тас қоюдан гөрі, социализмнің мұнарасын аспанға дейін көтеру мұрат болды. Баяғы Вавилонның мұнарасын салғандай едік. Бұл мақсатта біз бәрін де: аруақты да, баланы да, жарды да ұмыттық. Сөйткен социализмнің маған көрсеткені, міне, мынау...

— Ескендір, естіп жатсаң, саған айтар арызым бар. Сол Рысқұлдың жатқан жерін тауып ал. Оның көзін көрген, моласын білген кәрі-құртаң әлі бар. Қабылбек Сарымолдаев дегенді жолықтырсаң, жол көрсетер еді. Бірақ мына нәубеттен Қабылбек аман қалар деймісің. Сұрай-сұрай, табарсың. Атаңның басына белгі қоя сал. Тасына:

«Басына Құдайдан басқаның ноқтасы сыймаған Рысқұл Жылқыайдар» — деп жаздырып қой. Аруағы риза болып, сені қолдап жүреді. Ұрпағым, ұрығым деп тебіренеді. Одан жаман болмайсың.

— Ескендір, естіп жатырсың ба?

Ескендір ыңыранып, бас изегендей болды да, қолын тақымына таяп, аяғы дір-дір етіп, тітіркенді. Сірә, үрпі ауырған. Жаналғыштар оның үрпін шабақтап тастады. Адам тәнінің ең нәзік жері-үрпі ғой. Үрпіні шабақтағаннан гөрі, бас сүйегіңнің қақпағын алып, миыңды шабақтаған әлдеқайда жеңіл. Үрпіңді қорлағаны-зәузатыңды, үрім-бұтағыңды қорлағаны. Бірақ жендеттің саған бүгін істегені, ертең өзінің алдынан шығады деседі. Бірақ оны жендеттер білмейді, білгісі келмейді.

— Ескендір, тыңда, балам. Мен сенің айтқан ақылыңды алып, бойыма тұмар қылып тағамын да, Глебовтың протоколына қол қоймаймын. Сеземін: қол қойсам да өлтіреді, қоймасам да өлтіреді. Бұлардың сыңайы солай. «Жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі». Әлдеқалай тірі қалсам, оны көрермін, өле кетсем-тағдырдың бір уыс талқаны таусылғаны. Сонда сен, Ескендір, менің белгісіз қалған мүрдемді іздеп табарсың. Егер денемді өртеп жібермесе, сүйегім қалады ғой. Сүйек көпке дейін шірімейді. Соны таба алсаң, саудыратып қапқа салып, аузын тігіп, Таласқа, Рысқұлдың жанына апарып қой. Рысқұл Ақсу-Жабағылыда жатқанды армандаушы еді, тағдыр екен, Талас даласындағы шеңгелдің арасында жатыр. Мен одан несіне бөлінейін. Шеңгел болса-шеңгел болсын. Шенгел де ғұмыры зәрлі, әм зарлы өсімдік. Күздің күні жел тұрғанда қоңырауларының мұңлы ән салғанын естісең. Өмірдің өз реквиемі сол. Мені жерлерде музыка тартылмас.

Музыканың керегі жок. Шеңгел қоңыраулары бәрін де айтып жеткізеді. Күзгі шеңгел қоңыраулары. Совнарком болып сорайып барып солғанша, сенің ішінде кой бағып жүрсемші.

Ен дала, есіл дала, сенен алыстап кеткендегі тапқаным осы ма? Қай мұратқа жетіп жығылдым. Есіл дала, арман тау, қалды-ау бәрі...

Рысқұлов осалдық жасап, баласына көз жасын көрсетіп алды. Ескендірдің басын тізесіне алып отырып, өзінен-өзі көз жасы ырбиып кеткенін байқамай қалды. Бір тамшы жас Ескендірдің бетіне тамып кеткенде, баласы таңғалып, көзін ашып, әкесіне қарады да:

— Әке, жылама! — деді.

Рысқұлов ыңғайсызданып, ұялып қалатын жағдай емес. Өмір мен өлім арпалысып тұрғанда ұялып-қызарудың жөні қайсы?

— Неткен әділетсіздік! — деп Рысқұлов күйіп кетті. — Не жазығым бар еді? Болмағанды болды деп, істемегенімді істеді деп... Түркияның, Жапонияның, Германияның шпионы екенмін. О, атасына нәлеттер! Бұл не қорлау?! Рысқұлов-шпион! Не деген жала! Күйелегісі келсе, қаралағысы келсе, басқа бір желеу табуға да болады ғой. Бәрінен де шпион дегені күйдіреді. Әлде күйдіру үшін, жүйкеңді мүжіп жеу үшін әдейі қорлай ма екен?

— Құдайдың өзі де пайғамбарларды сынаққа алады екен ғой. Білуші едің ғой. Ибрайым пайғамбардың өзін күйзелтіп, Құдай одан баланды құрбандыққа шал деп талап етпеуші ме еді. Ибрайым Құдайдың айтқанын екі етпей, жалғыз ұлың пышақпен бауыздайын деп енді оқтала бергенде, Құдайдан парман келіп: — Тоқтат! — демеуші ме еді. — Баланы бауыздама, бір қошақан шала сал! — демеуші ме еді. Иов пайғамбарды да қанша азапқа салды. Ақыры адалдығына көзі жетіп, Құдай оларды жарылқаушы ма еді. Кім біледі... біз де сондай шығармыз.

— Мұның бәрін бала күнінде марқұм әжең Елизавета Петровна үйреткен ғой саған. Солай болса игі еді... Егер қазіргі Құдай

Сталин болса, ол менің адалдығымды сынау үшін осындай азапқа салып қойса, онда ондай Құдайдың атасына нәлет! Ал шын Құдірет, шын Құдай бар болып, соның сынағында жатсам, онда мен шындық үшін бәріне де көнер едім. Бірақ ондай қайдан болсың...

— Жылама дедің, Ескендір. Жарайды, көзімнің жасын тыярмын. Ал қан жылаған жүрегімнің жасын қалай тоқтатайын? Шешесі босанып, түрмеде жатса, құйтақандай Сәуле қайда қалды? Әжесі де түрмеде. Соня байғұс не болды екен? Ақы төлеп, жалға алған пианиносын да алып қойған шығар? Оған мен хат жазып едім, қолына тиді ме екен? Сабағыңды жақсы оқы, пианиноны тастама деп едім...

— Әке, — деді Ескендір басын көтеріп, өз бойына өзі ие болғандай әл кіріп, даусы жігерленіп. — Әке, уайымшыл екенсің ғой.

Рысқұлов бір мезгіл: «Мынау өзі мейірімсіз боп қалған ба?» — деп ойлады. Өзгеден мейірімсіздік көрген жан қатыгез болады. Сонда Ескендір қарындастарының халін ұмытқаны ма? Шешеден бөлек болса да, әкеден бір туған емес пе?!

— Мен балажанмын ғой, Ескендір. Соняны, Сәулені қалай аямасқа? Майя... Мен жұмыстан келгенде алдымнан құлдыраңдап жүгіріп шығатын. Сәуле... қалай енді?

— Әке, оның бәрін ойлап, күйзеле берсең, ұзаққа бармайсың, күйрек боласың. Күйрек болсаң, ана Глебов оп-оңай сындырады. «Шпион» екеніңді мойындайсың. Сонда сен аяп, емешегің езілген Соня, Майя, Сәуле өмір бойы «шпионның» қыздары атанып жүргені жақсы ма? Солай ғой? Дүниеге түрмеде туып келгені тағы бар.

— Не деп кеттің, құлыным! Енді қайттім? Не істеймін сонда?

— Мойындама. Жана мені олар азаптағанда есіңнен танып, бәрін мойындап, қол қоюға шақ қалдың. Мойындаймын, қол қоямын деп уәде де бердің. Осалдық осындай болады. Мойындама. Болды.

— Айту оңай, құлыным, сені тірідей сойып, іреп жатса, мен безірейіп тұруым керек пе?!

— Безірейіп қал. Сонда олар мақсатына жете алмай, жеңіледі. Рухани жеңіледі. Жанна Д' Арк сөйткен. Оны өртеп жіберсе де бәрін жеңді.

Осы кезде дәлізден тасыр-тұсыр дыбыс естілді. Әзірейілдер тобы жақындап қалды.

Адамға ажал төнгенде жаналғыш Әзірейіл тасырлатпай-ақ, айналасын азан-қазан қылмай-ақ, ың-жыңсыз келеді де, керегін алып кете береді ғой.

Ал енді мына Әзірейілдің қаңғыр-құңғыр, салдыр-сұлдыр салып, тасыраңдап келе жатқанын сезіну өте ауыр-ақ. Әке мен бала, қылыштамаса ажырамастай, жабысты да қалды. «Өлімнен қорықпа, — дейді бұрынғы бір ақсақал, — өлгенше ғана қорқынышты, өлген соң ештеңе де сезбейсің, түк те қорқынышты емес». Солайы солай-ау, бірақ қанша батыр тусаң да, ажал жарықтықтың түсі суық. Азап одан да еткен.

Әке мен баланың үрейлі көздері есікке қадалды. Темір есік қыңсылап, қиналып барып ашылды. Глебов пен серіктері: тұтқындар не істеп отыр екен? — дегендей есік көзінде тосылып тұрып қалып еді. Әке мен бала дауылдан ықтағандай біріне-бірі жабысып, көздері үрейлене жылтылдап, міз бақпай қалыпты.

Глебов ыза мен ашуға булығып, өле жаздап келе жатқан. Осы Рысқұловтарға бола Ежовтың өзінен сөгіс естіді. Өсемін деп жүргенде өшіп қала жаздады. Мейірім бұған не керек? Мейірімділік мұның несін алған?

— Әкет иттің баласын! — деп ақырды ол жендеттерге.

Еңгезердей екеу ішке кіріп, Ескендірді Рысқұловтың бауырынан көкпарша жұлып алды да дырылдатып сүйрете жөнелді. Ұмтыла берген Рысқұловты біреуі көкірегінен теуіп кеп жіберіп құлатты.

— Ес-кен-діррр! — деген зарлы үн дірілдеп, тас қабырғаларда көпке дейін жаңғырығып тұрып алды.

***

Рысқұловтың бұрынғы әйелі Надя, Надежда Константиновна Лубянкадан шақыру қағазын алғанда кәдімгідей үрейленіп қалды. Рысқұловтың жан-жағын түгел сыпырып жатқанда бұл: «Алдақашан ажырасып кеткен әйелде несі бар?» деп ойлайтын. Сөйтсе, қателесіпті. Глебов бұғалықты бұған да тастады.

Кеше ғана Надя өзінің Бутырка түрмесінде жатқан күндесі Әзизаға жолығып, тамақ апарып берген. Жаңа босанған анаға қалжа керек. Түрме қалжаламайды. Түрме сұлының суын ғана береді. Ал Надя Әзизаға қара қойдың қалжасы болмаса да, семіз тауықтың еті мен сорпасын апарып еді. Әзиза содан едәуір әлденіп қалды.

— Сәуле не болды? — деп сұрады Әзиза.

— Сәулеңді детдомға өткізіп жіберіпті, — деп Надя көзіне жас алды.

— Тұрардан не хабар?

— Ештеңе білмеймін, Ескендір екеуі бірге көрінеді. Бар білетінім сол.

— Бізді біраздан сон этаппен айдайтын көрінеді. Сонда емшектегі баланды ажыратамыз деп ескертіп қойды. Күн бұрын біліп,күдер үзгенде жақсы. Соты біте салысымен этаппен жөнелтетін сияқты. Сен, Надя, бізге бола тұзаққа түсіп жүрме. Кесіріміз тиіп, сені де сергелдеңге салмасын. Бұдан былай маған келмей-ақ қой. Ал мына дәм-тұзыңа мың да бір рахмет. Жақсылығың Құдайдан қайтсын, — деп Әзиза күндесіне рахмет жаудырды. Түрме адамды қатайта ма екен, бұрынғыдай жылап-сықтап, Құдайға шағым айтып зарлаған жоқ.

Сол Надя енді айыр иек, қасқабас полковник Глебовтың алдында отыр. Полковник миды қатырып қай-қайдағыны көп сұрады. Ата тегінен бастап түк қалдырған жоқ. Қайда туғаны, қайда өскені, Рысқұловқа қалай жолыққаны...

Алды-артын орап, қамап келіп, сұрақтың тірелген жері:

— Рысқұловпен неге ажырастыңыз? — болды.

— Тағдыр солай шығар.

— Сіз «тағдыр-пағдырды» қойыңыз. Нақты себебін айтыңыз.

— Нақты себебі сол, Тұрар 1924 жылы Моңғолияға кетті. Бір жылдан астам уақыт көріспедік. Араға әзәзіл араласты. Тұрар енді саған оралмайды. Жас өміріңді өксітпе деді. Алданып қалдым... Мұны біреулер Тұрарға да жеткізіпті. Ол қайтып келгеннен кейін ың -жынсыз ажырастық. Бірақ ол туған қызы Софьядан қол үзген емес.

— Ал енді, мынаны тыңда, — деді Глебов алақандарын уқалап, — Сен Ташкентте қалғанда, кейін Мәскеуге көшкенде, Рысқұлов Моңғолияда етегіне намаз оқып жүрді деп ойлайсың ба? Сол Моңғолияда оның Ойун атты монгол қызымен тұрғанын шыннан білмейсің бе? Кейін сол Ойунды Мәскеуге алдырып, оқуға түсіргенін де білмейсің бе? Сол Ойун Рысқұловтан қыз бала тапқанын да білмейсің бе?

— Білмеймін. Білгім де келмейді, — деп Надя бұл әңгімені жақтырмаған қабақ танытты.

— Сонда деймін-ау, — деп өзеуреді Глебов. — Рысқұлов күнәға белшесінен батса да оған кешірімді. Ал сен тірідей «жесір» қалып, аздап ойнап-күлсең, оның кешірімсіз. Осы да әділеттік пе?!

— Оған төреші-бір Құдайдың өзі, — деді Надя сабырмен ғана сыпайылық сақтап. — Адамдардың күнәсіне адам төреші бола алмайды. Өйткені күнәсіз пенде жоқ.

Глебов не айтарын білмей тосылып қалды. Сен де күнәкарсың деп тұр ғой. «Мына Рысқұловтың талақ тастаған қатыны қалай-қалай сөйлейді», — деп, әңгіменің өңін өзгертті.

— Рас-ау, Рысқұлов сізге жат адам. Көмегі де шамалы. Әйтпесе, туған қызы Сонечкаға бір пианино сатып алып беруге мүмкіндігі бар ғой. Ал Сонечка пианиноны жалға алады.

— Жалдың ақысын әкесі төлеп тұрды, — деді Надя. Қайран әйел заты. Мұны айтпай-ақ қоюға да болады ғой. Глебов осы сөзге жармаса кетті.

— Жарылқаған екен. Жас әйелімен курортқа барады. Ал Соняға түрмеден жазған хатында: «Шешеңнің денсаулығы мәз емес еді...» — деп өтірік жан ашыған болады.

— Ол қайдағы хат? — деп таңданды Надя, — Қайдағы хатты айтып отырсыз?

Глебов артық кеткеніне өкінді. Рысқұлов түрмеде жатып, қызы Софьяға хат жазады екен, бірақ ол хаты Софьяға жетпей, «Рысқұловтың ісі» деген қалың папканың ішіне сүңгіп кетеді екен. Бұл сырды Глебовтың өзі айтып қойды. Мұны Ежов білсе кешірмейді.

— Жә, бұл басқа әңгіме. Енді негізгі мәселеге көшейік. Рысқұловпен бірге тұрған кезіңізде оның кеңес өкіметіне қарсы қандай әрекеттерін байқадыңыз-соны жасырмай-жаппай түгел айтыңыз. Сол арқылы сіз социалистік Отанға көмектесесіз. Оны біздің өкімет елеусіз қалдырмайды. Сізге лайықты қызмет, үй-жай беріледі. Қызыңыз қалаған музыка оқуына түсе алады. Тек, дұрыс түсініңіз: бұл Отан игілігі үшін керек. Рысқұлов сізді қорлады, енді есесін алатын кез келді.

Глебовтың «лекциясынан» кейін Надя қараптан-қарап отырып, солқылдап бір жылады дерсің.

Глебов жақтырмай:

— Ей, қатын, неге жылайсың? — деді. Надя солығын баса алмай, орамалмен бет-аузын сүртіп, мүсәпір үнмен:

— Жәй әшейін, Құдайдың осыншама қиянатқа салғанына қорланамын, — дегені ғой. Дұрыс қой. Көңіліндегісін жасырмай, бүркемей айтты.

— Сені қорлаған Құдай да емес, біз де емес, Рысқұлов. Айт соның зиянкестік әрекеттерін. Сонда қорлық сезімнен арыласың. Сен ғой оған 1922 жылдың күзінде қосылдың. Ал айтшы, жездең Жанша Досмұхамбетов пен Рысқұлов не туралы әңгімелесуші еді? Естімеуің, білмеуің мүмкін емес қой екеуінің жымысқы әрекеттерін.

— Естідім, білдім, — деді кенет Надя ширығып.

— Айт, онда, — деп Глебов қуанып қалды.

— Айтсам, ол екеуі өнерді өлердей жақсы көруші еді. Рысқұлов мандолина тартатын, Жанша оған қосылып ән салатын. Оған менің әпкем Ольга Константиновна қосылатын. Ой, керемет кештер еді ғой сол...

— Сонда ол қандай әндер?

— Қандай болушы еді, адамға канат бітіріп, аспанға шарықтатып алып кететін ғаламат әндер.

— Мысалы?

— Мысалы, «Кешкі қоңырау», «Тәптиләу», «Айнамкөз...»

— Жарайды. Жақсы екен, — деп үзді Глебов. — Ay, енді ол екеуі ұдайы ән сала бермейді ғой. Ара-тұра өмір туралы, заман туралы шүйіркелеспей ме екен. Екеуі де саясаттың адамдары. Сонда олар ел басқарып отырғандар туралы айтпауы мүмкін емес кой. А?

— Азамат тергеуші, — деді Надя қолын кеудесіне басып.-Мені бекерге қинайсыз. Мен саясаттан мүлде аулақ адаммын. Сондықтан Рысқұлов кіммен не туралы сөйлесті-оған мән беріп, зер салып көрген емеспін. Сондықтан болмағанды болды деп, естімегенімді естідім деп Құдайға күнәкар болар жайым жоқ. Өтінемін сізден, қинамаңыз мені. Әрі десе, Рысқұловпен іргеміз ажырасқалы да көп заман өтіп кетті ғой.

— Міне, мұның жалған, — деп Глебов шақшия қалды. — Өтірік! Рысқұловтан іргең аулақ болса, оның отбасын неге үйіңе кіргіздің? Жас әйелінің соңынан түрмеге барып, тамақ тасып жүргеніңді біз білмейді дейсің бе? Неге аярланасың арсыз қатын? Намыс қайда? Өзің ұлы орыс нәсілінен бола тұра, байшыл-феодал Рысқұловтың көп қатынының бірі болуға, тіпті күңі болуға пейілсің. Осы да ақылға сыя ма?

Надя қайтадан қапаланып, көзіне жас алды. Беторамалын уыстап отырып, тіл қатты.

— Азамат тергеуші, адамның, айтқаны болмайды, Құдайдың дегені болады. Рысқұловқа тисем, маңдайдағы жазу шығар. Бірақ мен өкінбеймін. Ал ажырассақ — о да тағдырдың ісі. Соған бола, басына күн туғанда Рысқұловтың отбасына қол ұшын бермесем-менің «ұлы орыс нәсілінен» екенім қайда? Оның несі намыс. Нәсіл ауруына шалдықсақ-жетіскен екенбіз...

— Болды! — деп Глебов жазықсыз әйелді бетінен шапалақпен салып кеп жіберді.

Жалғанда жалғыз жары болған Рысқұловтан жемеген шапалақты қайдағы бір қанішерден жегені жанға батып, Надя байы өлген қатындай дауыс қылып, боздап ала жөнелді.

***

Сонда Рысқұлов пен Ескендір Тынышбаев Алматыдан шығып, Семей асып, Барнауылдатып, Жаңасібірді айналып, одан Солтүстік Қазақстанның астанасы Петропавл-Қызылжарға соғып, Көкшетауға осындай бір Магелланның жолымен жетіп еді-ау. Бір тәуірі-Рысқұловтың жарқ-жарқ еткен жеке вагоны бар. Тамақ тоқ. Рысқұлов Мәскеуден «Востоккиноның» «командировкасымен» келе жатыр.

Рысқұловтың вагоны Көкшетау вокзалының басында, тұйық жолда тұр. Күн жауын, жер лайсаң, асфальт жоқ, тілерсектен батпақ. Аяғындағы туфлиін аяса да Ескендір амал жоқ, жорыққа шықты. Рысқұлов вагонда қалды. Ескендір әлгі қызды ал кеп ізде. Сұрай-сұрай тапты-ау. Сөйтсе, бір татардың үйінде пәтер жалдап тұрады екен. Қыз үйде жоқ екен. Кешікпей келіп қалар деп үміттендірді үй иесі. Ескендір далаға шығып, көше бойын көзімен тінтіп, а Құдайлап тұрғанда, тілеуіңді бергір Әзиза жарқ етіп, бір бұрыштан шыға келді. Аяғында резіңке етік. Резіңке етіксіз жүру мүмкін емес.

— Мұнда қайдан жүрсің? — деп таң қалды Әзиза.

— Сені айттыра келдім.

— Кімге, өзіңе ме?

— Жоқ, үлке-е-ен кісі.

— Кім ол «үлке-е-ен» кісі?

— Жүр, көресің.

— Осы түріммен бе?

— Алтын батпақ ішінде де жалтырайды.

Әуелі Әзиза біраз тулап бақты. Ескендірге: — Біреуді жарылқамай-ақ, алдымен өзің үйленіп алмайсың ба? — деп күстана айтты.

Ескендір едәуір састы. Соноу Алматыдан алты күн жүріп жеткенде, мына қыз бұлданып, шынымен көнбей қойса, ұят болды-ау деп қысылды. Өлердегі сөзін айтып жатып, Әзизаны үйден алып шықты-ау, әйтеуір.

Бағы ма, соры ма, Әзиза тәуекел деп Ескендірге ілесті. Сол жолы ер-тоқымын бауырына алып туласа, аулақ жүр десе, Рысқұловпен көрісуге көнбей қойса, кім біледі, Әзизаның өмірі мүлде басқа арнаға түсер ме еді, отыз жетінің қаһарына ұшырамай, басқаша, мамыражай, тыныш ғұмыр кешер ме еді... Сол жолы... Көкшетауға практикаға Нәйлә келіп, бұл Украинаға кеткенде ше... Сол жолы Украинаға практикаға кеткен Нәйлә кейін — кімсің-академик Базанова болып асқақтамады ма... Нәйлә академик атанған кезде, Әзиза Алжир дейтін елде не көрмеді?! Тағдыр деген тас маңдай жазу, солай шығар...

Не десең, о де, әйтеуір сол жаңбырлы жаздың кешінде, Ескендір Тынышбаев Әзиза Түбекқызын Көкшетау станциясында, оқшау жолда, жеке-дара, жарқырап тұрған Тұрар Рысқұловтың вагонына әкеліп ендірді.

Тұйықта тұрған вагонның баспалдағына аяқ артудың өзі киын болды. Күміспен қаптағандай никельдеп тастаған аппақ тұтқа, кілем, сандал мен емен ағаштан қиылған қабырға, айнала жарқ-жұрқ еткен айна... төбеде құлпырма күлімкөз шамдалдар...

Әуелі кірерін кіріп алып, қалай қайтып шығып кетудің амалын білмей, Әзиза басы айналып қалғандай болды. Жұлығынан батпақ етікпен мына кілемді қалай баспақ? Артынан итермелеп, жүр-жүрлеген Ескендір болмаса, кері қарай тұра кеп қашпақ. Ескендір оның есін жиғызғандай:

— Етігіңді шеш те, туфлиіңді киіп ада сал, — деді.

Рысқұлов та тағатсыздана күтіп отыр екен, шіренбей-ақ, бәйек қағып алдарынан шықты. Мейман қыздың плащын өзі алып, іліп қойды. Аса бір ілтипатпен өтініп, Әзизаны купеге шақырды. Рысқұловтың вагоны өзге вагондарға ұқсамайды екен. Мынау кәдімгі үй сияқты. Ас үйі, асханасы, жатын жері, қонақ бөлмесі, тіпті бильярдына дейін болады екен. Қайда қарасаң да арқалығы биік креслолар. Отыра берсең былқ етіп, сүңгіп кетесің. Былқылдақ диван, мамық төсек...

Рысқұлов та дәуренді сүрсе керек. Рас, өз үйінде емес, қызметіндегі кабинетінде емес, әсіресе осы Түрксібті басқарғалы бері. 1926 жылы Рыковке орынбасар болды.

Ал Рыков болса, марқұм Лениннің орнында отыр ғой. Рысқұлов патша кезінде басталып, Әулие-Атаға жетер-жетпес тоқтап қалған темір жол құрылысын ары қарай жалғастыруды ұсынды. Бұл жол бітсе, орасан байлықтың күретамыры болатынын дәлелдеді. Рыков ақылды кісі еді, Сталинді көндірді. Көндіріп қана қойған жоқ, жол құрылысына қыруар қаражат бөлдірді. Соның бәрін Рысқұловтың қолына аса беделді өкілеттікпен бірге тапсырды. Рысқұловқа жеке вагон Рыковтың пәрменімен берілді. Еңбегіне қарай ембегі деді. Рысқұловтың еңбегі зор еді.

Еңбегің қанша зор болса да, осы бір жөнсіз жарқылдақ вагон саған керек пе еді, Рысқұлов? Жөнсіз жарқылдақты жақтырмаушы едің ғой. Әкең Рысқұл мінбеген вагон, бабаң Жылқыайдар түсінде де көрмеген вагон. Арғы ата-бабаларын Қарақұл, Әлімбек, Алсай-Сары,-Сәлік-Шілмембет-Бекболат-Шымыр-Дулат-Бәйдібек; қасиетті анаң -Домалақ естіп-білмеген вагон. Арғы-бергі әулетіңнен мұндай астын-үстін айналап тастаған үйде кім тұрған?

Бәрін Құдай қылат та... Әйтпесе, мамық төсек, құс жастық пен тас төсектің арасы бір-ақ қадам болғаны ма?

Әурелікке жаралған фәни адам,

Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам, —

деуші еді ғой баяғылар. Осындай-осындай асыл сөздердің бәрі баяғыда айтылған. Бұрынғы ата-бабалар бүгінгі мәңгүрт ұрпақтарынан анағұрлым ақылды болған-ау, сірә.

Әсіре қызылға қызықпаушы едің-ау, Рысқұлов. Төле би бабаң айтты деген сөз бар еді: «Жеттім деген жығылар, толдым деген төгілер», — деген. Болдым-толдым деген жаман. Аяз атаң айтқан жолмен жүре берсең көр болмас едің ғой. «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» дегені қайда әулие атаңның. Ол кісі хан болғанда да босағасына жаман шапанын іліп қойыпты ғой. Ал сен, Рысқұлов, мына алтынмен аптап, күміспен күптеп тастаған вагонның маңдайшасына баяғы «Қырғызбаев Тұрар» болып жүргендегі жыртық жейдеңді неге іліп қоймағансың? Отыздың ортасына келгенде, он сегіздегі қызды іздеп, қызметіңді тастап, Көкшеге келгеніңе жол болсын. Айбының артық екен, ешкімге дес бермеген, бас имеген сұлу қыз алдыңа өзі келгені-ай.

Ішпей-жемей тоятын әдемі үстелдің үстіне аппақ дастарқан жайылды. Үстел үстіне Әзиза Түбекқызы туасы көрмеген тағамдар қойылды. Кекіліктің еті дейсің бе, балғын бұзаудың еті дейсің бе, алтын түстес апельсин, банан дегенді Әзиза кітаптан оқығаны болмаса, көзбен көріп отырғаны осы. Шоколадтың шырыны да осында. Алтын түстес шампан, жеңіл шарап, өте қымбат коньяк та бар екен. Оны Ескендірден басқасы ішкен жоқ. Арақ көрінбейді. Арақты Рысқұлов жек көруші еді.

Тамақтан дәм татып, бірер бокал шампан ішілген соң, Ескендір: «Қазір келем», — деп жылдам шығып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Вагонда бір қызметші мен Тұрар, Әзиза екеуі-ақ қалды. Қыз әуелі бұл оңашалықтан сескенген. Сөйтсе, онысы бекер екен, Рысқұлов қыздың үй ішін, күн көрісін, оқуын әсіресе тәптіштеп сұрады. Қазанда оқу бітірген, қазақ зиялылары алғашқы қарлығаштарының бірі әкесі Түбек Есенғұлов марқұм болып кетіпті. Анасы Әрифа екі қыз, екі ұлмен қалыпты. Тұңғышы осы Әзиза екен. Інілері Рәшит пен Шәміл, сіңлісі Нәдия әлі мектеп оқушылары көрінеді. Сонымен, әлі іске жарап тұрған азаматы жоқ, жетімектеу отбасы шалақұрсақ қоңыртөбел күн кешіп, бір Құдайдың рақымына қарап қалған сыңайлы.

— Енді осы оқуды тезірек бітіріп, жұмыс істеп, шешем, екі інім мен сіңліме қарайлассам... — деді қыз мұңайыңқырап. — Әйтпесе, Рәшит оқуын тастап, қара жұмысқа тұрам дейді. Оқуын тастап кетсе обал ғой, — деп қойды.

Сонда Рысқұлов бір үйге әке орнына әке болғысы келген мына жап-жас қыздың талабына Құдайдай табынып, тәнті болды. Бұл қызда Құдай берген көрік қана емес, үлкен адамгершілік мінез, иманға бай қасиет бар екенін сезіп, ынтық көңілі лапылдай түсті.

Өзі жасында жоқшылықты, жетімдікті көп көрген адам, мына қыздың жағдайын түсінеді. Қыз оған кедейшілігін айтып шағынып отырған жоқ, бір көрген адамнан көмек те тілеп отырған жоқ. Үлкен кісі жағдай сұрап отырған соң, жасырмай шынын айтқаны. Сонда Рысқұлов бұларға қалай қол ұшын берем деп ойлады. Әй-шәй жоқ, мен сендерге жәрдем беремін деп айтса, әсіреңкілік болады.

— Ағай, мен сізден қайыр тілеген жоқпын, — десе, не бетін айтады.

Рас, Рысқұлов қызмет басында отырғанда мың-мыңдаған адамға көмегі тиді. Әлі күнге дейін студенттер, кемтарлар, бұған арыз айтып, жәрдем тілеп жатады. Алды ашық адам олардың бетін қайтарған емес. Кім көп, Рысқұловтан жақсылық көрдік дегендер көп.

Ал мына жағдай бір басқа. Бұл жол жіңішке, өте нәзік жол. «Маған ти, бай боласың» дей ме. Оспадарсыздық. Ожар қылық. Асылы, итке сүйек тастағаның жақсылық емес, сол сүйекті итпен бөліскенің жақсылық. Ал қалай бөліседі? Мәселе осында.

Басқаша айтқанда, бар болып, бай болып, кемтардың, яки жоқ-жұтаңның алақанына бір уыс талқан салғаның асып кеткен қайырымдылық емес. Өзің аш отырып, қолындағы жарты жапырақ нанды өзіндей аш пендемен бөліскенің адамгершілік. Шын жақсылық сол деседі. Рысқұлов қазір жарқ-жұрқ еткен вагонда отырғанмен, ол оның өз жекеменшігі емес, мемлекеттігі. Ал өзінде асып-тасып бара жатқан байлық та жоқ. Сол қолда барының өзінен мына қызға: «Мә, шырағым, студент екенсің» деп қалай ұсынады. Рабайсыз әрекет.

Жас шағынан аралары алшақтау ер кісі мен бүлдіршіндей қыздың арасын не жалғамақ? Қандай дәнекер бар? Ол тек көңіл шығар. Ол тек сезім шығар. Сенің өкіметтігің, сенің дүниең бұл күрделі іске дәнекер бола алмайды. Қыз болса, әлі есік көрмеген, бесік көрген. Ал Рысқұлов бір емес, екі әйелмен отандасқан кісі. Оны қайтіп жасырады? Жасыруға келмейді. Екеуінен екі бала бар, бірі ұл, бірі кыз бала. Көкірек шіркін текірек тепкенмен, осындай-осындай оспақтар тосқауыл емес пе? Ал Мұхаң, Мұхамеджан Тынышбаев: «Саған тиген қазақтың қызының маңдайының ырысы бес елі» деп дес бермейді.

Пойызбен пәленбай күн жүріп, алыстан ат арытып, арындап келген көңіл дәл қазір осыны ойлағанда: «Менің мұным қай желіккенім?» — дегізгендей де болды.

Бірақ қыз мұны көріп, шошып кетіп, шоршып түскен жоқ. Өте инабатты. Өте көргенді. Әдептен озбай, дарақыланбай, бірақ бұйығы болып, сөзден де тосылмай, шешіліп әңгіме айтып, сұрағына қарай жауабын беріп, өз қадірін өзі сақтап отыр.

— Шырағым, Әзиза, міне екеуміз түн жамылып оңаша отырмыз, — деді Рысқұлов жеңіл шарап құйылған хрусталь бокалды қолына ұстап. — Менің кім екенімді де білмейсіз. Сөйте тұра, жатсынбай, жатырқамай келіп, дастарқанымнан дәм татып отырғаныңызға дән ризамын. Тәңірім, сізге ылғи да жақсылық беріп, жарылқай гөрсін. Сіз үшін! — деп бокал түйістіргенде, хрустальдар сыңғыр-сыңғыр ән салғандай болды.

— Кешіріңіз, мен сізді білемін, — деді кенет Әзиза. — Әкем марқұм, ұдайы аузынан тастамай айтып отыратын.

Қазақтан шыкқан нағыз қайраткер деп сүйсініп, бауырымыз ғой деп мақтанатын. Сізді көргеніме, дәмдес болғаныма мен де қуаныштымын.

— Ой, жаным, мың жаса, көп рахмет!-Жақсы сөзге жан семіреді. Рысқұлов лезде қанаттанып, жабырқаулау көңілі жадырап, аруақтанып шыға келді. Адам байғұстың бақытты бола салуы үшін көп те керек емес қой. Қырық құрау көңілді жамай салса-соған мәз. «Мені білген, соны балаларына айтып, құлағына салған әкеңнен, әкеңнің аруағынан айналайын!» — деді ішінен. — «Әттең, сол Түбекең тірі болса ғой», — деп те қойды. Шарапты тіпті бұл жолы түбіне дейін алып жібергенін де байқамай қалды. Ал Әзиза болса, бокалға ернін тигізіп қана, ханнан туған ханзададай болып, сыланып отыр.

— Алмадыңыз ғой.

— Ішпеуші едім, аға, ренжімеңіз.

Рысқұлов әлдекімдер сияқты өңмеңдеп: «ал-алға» басқан жоқ. Зорлыққа жаны қас еді. Осы отырғанның өзіне жаны жадырап, көңілі шала мас еді. Сонда да ырымын жасап, шампаннан қыздың бокалына жаңалап бір-ер тамызып қойып еді, енді бокалды Әзиза көтеріп:

— Аға, сый-сияпатыңызға, үлкен басыңызды кішірейтіп, мен сияқты елеусіз ғана, қатардағы бір қарындасыңызды мұнша күтіп, құрметтегеніңізге көп рахмет. Мына ғұмырда әлі де көрер сәулелі күндеріңіз мол болсын. Әрдайым жолыңыз оң болсын. Сіз үшін, аға, — деді.

Рысқұлов орнынан түрегеліп кетті.

— Ризамын, жаным, — деді.

Темір есіктің құлыбы салдыр-гүлдір етті. Рысқұлов көгілдір Көкшетаудан, жарқ-жұрқ еткен вагонның мамық креслосынан тас еденге бір-ақ құлап түсті. Көзін сипалап еді, алақаны жып-жылы жасқа шыланып шыға келді...

***

Бұл жолы олар Рысқұловты ұрған жоқ, соққан жоқ. Тек бір тас қараңғы қуықтай құдыққа түсірді де, темір қақпағын жауып қойды. Рысқұлов құдыққа кептеліп қалды. Тіпті мойнын бұрып, басын қозғалтуға да шамасы келмеді. Сәлден соң, дәл төбесі мұздай бір тамшыдан тыз ете қалды. Мірдің оғындай, сұп-суық тамшы тағы да тырс етті. Үшінші, төртінші, бесінші тамшы... Бір мақау сағат тырс-тырс етіп, дәл төбесінен, төбесіндегі орайдан ұрды да тұрды. Әуелі тұлабойы түршігіп кетсе де, бұдан өлмеспін деп ойлаған. Кейін-кейін бір сарынды жалғыз ғана тамшыдан зұлмат күшті сұрапыл соқты. Жалғыз тамшы. Көлемі көз жасындай ғана. Салмағы грамға да жетпес. Бірте-бірте сол тамшы гүрзіден де күшті сойқан соққыға айналды. Аяғы ала жіппен буылып, бауыздалайын деп жатқан лақ та тыпырлайды. Ал мұның тыпырлауға мұршасы жоқ. Әлдеқандай түйсікпен, қолын көтеріп, алақанымен басын бүркемек болып еді, кептеуден қолын шығара алмады.

Сөйтсе, кептеу құдықты да біреу әдейі ойлап тапқан екен. Адамды құдыққа тікесінен тік тастап жібергеннен кейін, ұраның қабырғалары қусырылып, пендені қол-аяғын, мойнын, басын тырп еткізбей қысып, құндақтап қояды екен.

Әр елде, әр заманда адамды азапқа салудың неше алуан түрін ойлап тапқан. Адамның Алла-Құдірет берген ақыл-ойы адамды жарылқауға емес, жазалап, азаптауға ауып кеткен сияқты. Кінәлі деп тапқан кісісін бағанға байлап қойып, астынан от жағып өртейтіндер бар. Ұрлық-қарлық қылғанды әуелі бір саусағын, қылмысты қайталаса, екінші саусағын, тағы қайталаса, бүкіл қолын шауып тастайтындар бар. Адамды терең зынданға тастап, аюға, арыстанға, жолбарысқа талататындар бар. Жерге қазық қағып, қазықты үшкірлеп, соған адамды артымен отырғызып, зомбылайтындар бар. Адамның екі қолын екі аттың, екі аяғын екі аттың құйрығына байлап, төрт атты төрт жаққа айдап паршалайтындар бар... Тағысын тағылар. Толып жатыр.

Ал адамды жарылқаудың түрлері қайсы? Есіңе бірден түсе де қоймайды.

Лубянканың жендеттері мына тамшы тәсілін өздері ойлап тапты ма, жок, әлде бұрыннан бар амал ма-оны Рысқұлов қайдан білсін. Бірақ шамада он-он бес минут өткеннен кейін шыдай алмай, шыңғырып жіберді. Небары он бес минут, небары құйтақандай, құмырсқадай тамшы. Соған да адам төзбей ме екен? Соған бола дардай кісі шыңғырып жібере ме екен? Бостандықта жүрген бейқам сорлы солай ойлайды. Кім де болсаң басына оны бермей-ақ қойсын. Өзіңе тілемегенді өзгеге де тілеме деген Ұлы Кітапта. Ал Лубянканың женденттері Ұлы Кітапты жек көреді. Жамандық қылғанға жақсылық қыл дейді Ұлы Кітап. Ал атам қазақ тас пен ұрғанды аспен ұр дейді. Шындық қай жақта?

Әуелгі тамшы Рысқұловтың төбесіне мұп-мұздай болып, инедей қадалған. Мұздай тамшылардан ә дегенде басы да мұзға айнала бастаған. Қорғасындай ауырлаған. Егер құдық-қалып тіреп тұрмаса, ол бас ендігі кеудесіне сылқ құлап түсер еді. Құдық-қалып тіреп тұр. Рысқұловтың әлі сөне қоймаған санасы сезеді: миы да мұздап, қата бастағанда миының қылдай нәзік тамырлары шытыр-шытыр сынып жатқандай көрінді. Көзі шатынап, шарасынан шығып бара жатқандай қан қақсап ауырып, көз тамырын біреу қышқашпен тартып, суырып жатқандай болды. Солқылдата суырды. Екі шекесі, маңдайы тырсылдап, бас сүйекті кернеп кеткен ми, енді сүйекті сындырып, атылып шығатын сияқтанды. Аязды түнде, шелектегі су, мұзға айналып, темір шелекті кернеп кеткені сыман.

Ми мұздап, сана сөніп, сезім өліп, кеудеден шыбын ұшып кеткендей, дүние-әлем қап-қараңғы тартып, еш жерінің ауырған-сыздағанын да сезбей, тұла бойы сіресіп, серейе бастаған тұста, миынан бір иненің жасуындай от жылт ете қалды. Сөніп-сөніп барып, қайтадан жылт етті де, бірте-бірте ұлғайып, сол шоқтан от тұтанып, алауға айналғандай басы ысып ала жөнелді. Ыстығы сонша, енді Рысқұловтың кайта тірілген санасы әлгі мұздай тамшыны аңсап шыға келді. Бірақ мұздай тамшы әлі де сол бір сарынмен тырс-тырс ұрып тұрған. Мұздай тамшы лапылдаған отқа айналды. Бір тозақ келесі тозаққа ұласты. Мұздап өлген қиын ба, өртеніп өлген қиын ба?

Өлім қиын емес, өлімді күткен қиын. Рысқұлов сол қиынның қиянына шықты. Құдайдан өлім тіледі. Бірақ адам итжанды деген рас екен, жаны шыға қоймады. Қыздырған табаға салып, шыжғырғаннан жаман хал кешті. Үрпіне біреу қып-қызыл, қызған темір басқандай шыбын жаны шырқырады. Бұл еркек байғұстың жыныс мүшесі неге нәзік жаратылған? Жарық дүниеге бала тудыратын, тұқым тарататын құдіретті күш емес пе еді. Сөйтсе, сол шіркін суыққа да, ыстыққа да шыдамай алдымен сорлайды екен.

Рысқұлов, сірә, жан даусы шығып, айқайлаған шығар. Бірақ оны өзі білмейді. Өзінде ес-ақыл қалған жоқ, ми өртеніп жатқанда қайдағы ақыл?! Жалғыз бір жарқ ете қалған ой: жендеттер Ескендірдің үрпіне ши жүгірткенде жаны осылай қиналған екен-ау деген тәрізді бір түйсік. Сорлы әке, өзі тозақ отына шыжғырылып тұрып та баласын ұмыта алмаса керек. Ал ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед-ғалайссалам:

«Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң тағы да анаңа, содан кейін барып атаңа жақсылық жаса!» — дейді. Солайы солай ғой, ананың жөні тым бөлек. Ал Ескендірдің анасы артына бір қайырылып қарамай, балам бар екен-ау демей, ізім-қайым ғайып болған жоқ па? Әлде қарадан жаратылған қара бала деді ме екен. Онда Рысқұловты өзі іздеп келіп неге тиген? Дүниеде біз білмейтін сансыз жұмбақ толып жатыр.

Ал мына тамшылаған суық судан от оранған әке байғұстың өлер шағында да көз алдына Ескендір елестейді. Ендеше, әкенің де әкесі бар, шешенің де шешесі бар шығар. Бәрі де айналып-айналып келгенде, иманға байланысты қасиет болар. Өртеніп өлер шағында сол қасиеттің қылтиып белгі бергені-ай...

Өрт-жалынға шыдай алмай алас ұрды. «Алас ұрды» деген өтірік сөз. Кептеу құдықта алас ұруға шамасы қайда?! Аласапыран болған миы ғана. Миының мың миллиард клеткалары, бәлкім, бұрын өмір бойы тырп етпей, ұйықтап жатқан клеткалары оттан шошып оянып, бырс-бырс етіп, күйіп кетіп жатқандай болды. Егер адамның басындағы мың миллиард клетка түгел тірі болып, тіршілік істесе, адам Құдай болатын көрінеді. Онда оның білмейтіні жоқ, онда оның қолынан келмейтіні жок. Бірақ адамдардың бәрі Құдай болып кетпес үшін, соншама клеткалардың шамалысы ғана қызмет қылатын сияқты.

Енді мына дүлей өрттен Рысқұловтың миы ботқа болып, бұрқ-бұрқ қайнаған кезде, санасына сан түрлі сурет көрініс берді. Талғар таудың баурайындағы топалаң көкпардың ішінен жарқ етіп, Рысқұл көрінді. Жаратылыстан көкжал көк бөрі болып туған Рысқұл көкпарды тулақ құрлы көрмей, өзгелерден жұлып алып, тақымына басқан кезде, небір палуан жігіттер әлгі серкені тартып ала алмады. Бір кезде Қызыл Жебе додадан оқша атылып шықты да, адырнасын аямай тартқан садақтың жебесіндей заулап ала жөнелгенде, ауа суылдап, жебе ысқырып бара жатқандай болды.

Бұл елесті Рысқұлов ұмытып қала жаздаған екен. Енді мына миы өртеніп бара жатқанда, сол суретті сақтаған клетка оянып кетіп, тұтқын сорлының көз алдынан ғажайып сурет сүрен салып, заулап өтті. Сонда алды-артына қарамай зымырап бара жатқан көк бөрі Рысқұлдың соңынан тұтқын:

— Көке! — деп шырылдап қоя берді.

Сол-сол екен, Рысқұловтың миының қайнағаны сап тыйылды да, қайтадан көзінің алды қырауланып, тұла бойы көк мұз құрсанып, сіресіп, серейіп, әуелі тырнақтарынан, бармақтарынан жан кете бастады. Әлгіде ғана бұрқ-сарқ қайнаған миы қытырлап, мұз қатқан көдедей сырт-сырт етіп, мың миллиард клетка енді шыныдай шытырлап, күйреп жатты да, Рысқұлов қап-қараңғы, түпсіз тұңғиыққа батып кете барды.

Сол кезде, сырттан бақылап тұрған жендет кранды бұрап, тaмшыны тoқтaтты дa, құдықтaн Pыcқұлoвтың дeнeciн cyыpып aлды.

ӨМІРЗАЯ

Бүгін де күні бойы тас тасыды. Ақ теңіздің ортасында өзге дүниеден адасып қалған осы тақыр аралда не көп-тас көп. Жүздеген тұтқын тасиды, сонда да таусылмайды.

Сол тастан тұтқындардың бір бөлігі ұзыннан-ұзақ қора сияқты үй салып жатыр. Мұңда кірпіш болмайды. Бәрін тастан салып жатыр.

Мына тұрғызып жатқаны, рас болса, түрме. Түрменің үйлері мұңда көп, бір қалашық. Бірақ жетпейтін көрінеді. Өйткені жаңа тұтқындар кемемен лек-легімен келіп жатыр. Жаңа түрме салу керек.

Мұндағы бастық: өкіметке масыл болмаймыз, тұтқындар өздерін өздері асырайды депті. Сөйтіп, аралдың едәуір жерін трактормен жыртқызып тастады. Жыртқызғаны бар болсын, топырағынан тасы көп екен. Бастық екі жеп биге шықпақ болды. Егістік жердің тасын теріп тазарту керек. Әрі десе, сол тастан үй салып, түрме жасау керек. Әйтпесе, материктен, ұлы жерден, кемемен кірпіш тасып, машақат боласың.

Мұны ойлап тапқан лагерь бастығы Николай Борисович Пьянков Берияның өзінен алғыс алған көрінеді. Газет оқығандар Пьянков орден алыпты десіп жүр.

Пьянков-зор денелі, аю тұлғалас адам. Қорбиып жүрісінің өзі жерді дірілдеткендей. Бет-аузы, шоң мұрны қып-қызыл болып, бөртіп жүреді. Шекесіндегі қиғаш тыртық әсіресе шодырайып тұрады. Жуан мойнына дейін қып-қызыл. Қыстың қырық градус қақаған шағында да бөкебай салмайды. Қара тонының түймесін ағытып тастап, алшаң-алшаң басқанда, аралдың бұдан басқа құдайы жоқ екенін бірден біле бересің. Оны Пьянков өзі да мақтана айтады. «Көктегі Құдай бір Құдай, аралдағы замы Николай!» — деп тұздаған қиярдай барбиған сұқ саусағын шошайтып қояды. Дәу бас тек денесімен бірге бұрылады. Мойны өз бетінше бұрылуға келмейді. Жабайы қабан сияқты.

Бір ғалым: адамның мінез-құлқы, бет-әлпеті жеген тамағына, әсіресе етке тікелей байланысты деп өзінше жаңалық ашыпты. Мүмкін, рас та шығар. Пьянков та шошқаның тоң майын жейді. Қара нанмен қосып, бұралақтап ұрады. Әрине, айғыр стакан арақтан соң. Оған қосатыны, тек пияз иісі, шошқа майының иісі мүңкіп тұрады.

Әлбетте, Пьянков аралдың әкімі болғанда, оның орынбасарлары, көмекшілері де көп. Бәрі бірдей Пьянковтай зор болмағанымен, кілең әйдіктер. Олар да сол Пьянковқа ұқсағысы келеді. Ол қалай киінсе, қалай жүріп-тұрса, құзырындағылар да солай жүруге тырысады.

Лагерьдегілер кәдімгі колхоздағыдай бригада-бригадаға бөлінген. Әрқайсысының бригадирлері бар. Ескендірдің бригадирі Холкин деген еді. Кирилл Трифонович. Бұл да еңгезердей. Бұл да шоң мұрын. Бірақ көзі бітіктеу. Бітік болса да ызғарлы, тұз көз. Шашын «бокспен» қойдырады. Еңбегінде ғана кекілі бар. Басқа жағы тықыр. Көк тықыр бас желкесіне қарай қатпар-қатпар болып барып жығылады.

Міне, осы Холкин Ескендірдің бригадирі. Бригадада Ескендірден басқа қырық тоғыз адам бар. Яғни, Ескендірмен елу адам. Ішіндегі ең жасы осы Ескендір. Мұны ұстағанда жасы он жетіде еді, енді Құдай аман қойса, он сегізге шықты. Он сегізінде әкесі Рысқұлов ел басқарып еді, бұл, тағдыр екен, алыстағы аралға айдауға кетіп, күндіз-түні тас тасып жүр. Жадау топырақтың арасында не көп-тас көп, үй орнындай жерді бүгін тазалап кетсең, ертең сол жердің бетіне қайтадан тас шығып жатады. Тағы тазалайсың, тағы шығады. Құдайдың құдіреті шығар, әйтпесе тас дегенің қайта-қайта шыға беретін сұңғыла шөп емес. Соноу — со-ноу алыста қалған, өзі шыр етіп дүниеге келген Сайрам суда, Манкент маңында өзбек шал қауын егетін. Қауындыққа кейбір жылы сұңғыла шөп шығатын. Сол сұп-сұр сұңғыла шөпті қанша жұлып тастаса да қайтадан қылтиып шыға беретін. Сөйтіп қауынды аздырып, ауруға шалдықтырушы еді.

Мына тастар да сондай. Таусылмайды. Тауыса алмайсың Мұнысы бір жағынан Пьянков үшін жақсы да болды. Құрылыс материал іздеп әуре болмайды. Тасты бір-біріне қалап түрмені сала бер, сала бер. Түрме дегенде, түрме де емес. Айдаудағылар тұратын жатақхана. Малқора тәріздес. Тастан салынған соң, өмірі жылынбайды. Әйтеуір, баспана. Отыз-қырық адам бір қораға қамалады. Нар дейтіні болады. Пойыздағыдай ұш қатардан келеді. Тұтқындар астыңғы, не ортадағы қатарға таласады. Оны әлі жеткендер алады. Әлі жетпегендер ең жоғарысына өрмелеп жатқаны.

Түрме дегенде, бұл аралдың өзі түрме. Бұл аралдан қашып кете алмайсың. Ең жақын жағалауға дейін жүз шақырым. Оған қайықсыз, кемесіз ешкім де жете алмайды. Ал жағадағы қайықтардың қарауылы күшті. Жақындасаң-ақ атып тастайды. Ол үшін жауапқа да тартылмайды.

Айнала ақшулаң теңіз. Сондықтан да Ақ теңіз деп атаған. Жанына жақындап барсаң — қаракөк. Алыстан шулан тартып жатады. Ал дауылды күндері аппақ ақ көбікке айналады.

Өкімет құлыпсыз түрмені осылай ойлап тапқан. Бұл жағынан кеңес өкіметі жаналық ашқан жоқ, әрине. Мұхит пен теңіз ортасындағы аралдарға тұтқындарды апарып тастау әрбір елде ежелден-ақ бар. Аты әлемге әйгілі Наполеонның өзін Атлант мұхитындағы Әулие Елена аралына апарып тастаған ағылшындар еді. Әулие Елена аралы да мына Жетім Шағала аралындай жалаңаш, төңірегі түнерген, түксиген арал көрінеді, жарықтық.

Ескендір мектепте жүргенде Наполеон туралы көп оқитын. Әсіресе Пушкиннің Наполеонға арнаған өлеңін жаттап алып, мақамына келтіре, күңіренте айтқанда, мұғалім апай Элеонора Давидовна көзіне жас ала жаздайтын. Әсіресе мына бір шумақты тебірене айтар еді:

Одна скала, гробница славы...

Там погружалась в хладный сон.

Воспоминания величавы

Там угасал Наполеон.

Мұнда да, Ақ теңізде де түнерген жартастар, тұнжыр теңіз. Тұнжыраған түпсіз теңіз бүктетіліп, ыңыранып жатып, қабағы қатулы қара жартасты қауып алып, жұтып жібергісі келгендей ызаланып жатады. Ыңыранып, жатып-жатып, кей-кейде дауыл көтерілгенде қара жартасқа шапшиды-ай келіп. Жартас сонда шайқалып кеткендей болады. Бұл тек алдамшы көрініс. Әйтпесе' жартас былқ етпейді. Тек кеудесі еу-еу болып, әжімдерінде ақ көбіктер бірінен соң бірі жыбырлап, сөніп жатады.

Неге Жетім Шағала? Құдай бір-біріне байланыстырып, бір-біріне тәуелді етіп қойған дүние. Шағалалар мына қара жартасқа ұя салады. Дауылды күндері арпылдаған толқын тым асқақтаса, сол ұяларды жұтып жібереді. Сондықтан шағала байғұс, ұясын толқын жетпейтін биікке салуға тырысады. Теңіз бір жағынан оған жау, бір жағынан-дос. Теңізсіз шағаланың күні жоқ. Теңіз шағаланы асырайды. Майда шабақ балықтарын ұстап жейді. Ал қыстың күні теңіз сіресіп, мұз құрсауға оранғанда шағалалардың қайда кететінін білмейсің.

Ескендір шағалаларға қызығады. Неге осындай құс болмадым екен деп армандайды. Құс болса... Әкесі Тұрар да елін сағынатын шығар, сол Мәскеуде, хан сарайындай үйде тұрып-ақ, кейде қолына мандолина алып, ыңылдап өлең айтар еді. Ескендір қазақшаға онша жетік болмаса да әкесінің әніне құлақ салып, сөзін де түсінер еді.

Басында Қазығұрттың кеме қалған,

Болмаса кереметі неге қалған?

Сұлу кыз, көркем жігіт бәрі сонда,

Апыр-ау, неге келдім сол арадан?!

Ахау, Гүлдер — айым

Күн мен айым,

Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын, —

деуші еді әкесі. Сонда, кейде көзіне шіпілдеп жас та келіп қалатын. Сөйтсе, соның бәрі сағыныш екен ғой. Үп-үлкен бастық болғанымен, кәдімгі Рысқұлов басымен оның да қанаты жоқ екен ғой. Ұшарға канаты жоқ...

Ал мына дүлей теңіздің ортасындағы тас аралда қалған баласы ше? Әкеде болмаған қанат балада болушы ма еді?!

Бала жүдеді. Баланы тас сорып қойды. Тас пен Холкиннің добалдай жұдырығы.

Бала байғұс, қара жұмысқа жоқ еді. Титтейінен дағдыланбаған, өмірі маңдай жіпсіп, қол күшімен күн көрмеген жан мына тозаққа шыдайтын халі жоқ. Бұған Рысқұлов та кінәлі шығар. Ұдайы ат үстінде жүріп, ұлының тәрбиесіне уақыты жете бермеген де шығар. Баланы жастан, қатынды бастан депті ғой бабаларымыз. Баласы сәби шағында Рысқұлов ылғи да сыртта жүрді. Ташкент деді, Мәскеу деді, Баку деді, Моңғолстан деді. Кейін-кейін барып, тек Әзизаның тұсында ғана қосы түзеліп, түтіні түзу шыға бастап еді.

Содан осы Ескендір ақсаусақтау болып қалған. Бұғанасы бекімей, қабырғасы қатпай жатып, бірден Жетім Шағаланың тасына түскен қандай?

Холкин таң шырай бермей жатып, бригаданы айқайлап тұрғызар еді. Тұтқындар қаракөбеңде апыл-ғұпыл асыға бастайды. Ағаш нарлар сықырлайды. Үшінші қабатта жататын Ескендір шошып оянса да, ұйқысын қимай жата бергісі келеді. Ересектер киініп болғанда ғана, бұл нардан аяғын салбыратып, есінеп отырады. Мұны көзі шалып қалған Холкин оны аяғынан сүйреп, жерге құлатып түсіреді. Ал кеп тепкілей бастайды.

— Сволочь! — дейді аузын толтырып, рахаттана боқтап, — Азиат! — дейді. — Жалқау, жабайы ит, — дейді. Холкин өзі шошқаның майын шикідей жеп жүргенде, Ескендір күміс қасықпен ішіп, зәйтүн майына қуырылған кекілік етін алтын жиек, көкшіл фаянс табақтан жегенін білмейді. Сөйте тұра, жабайы дейді. — Ух, нацмен! — дейді. «Нацмен» дегені-национальное меньшинство. Ескендір «ұлы» орыстың туған жиені екенімен де жұмысы жоқ. Орыстың жиені едім деп ол айтпайды. Ондай жағымпаздыққа Құдай жаратпаған тұқым. Әйтпесе, сондай туыстығын бұлдап, жәмпеңдеп, жарамсақтанып, онысымен қоймай, қазақты жамандап күн көріп жүргендер қаншама.

Содан Холкин балаға таңғы тамақты бергізбей жұмысқа салады. Төсектен тез тұрмағаны үшін берген жазасының түрі сол. Жалғыз дөңгелегі бар «тачка» дегені болады. Сол тачкаға тасты үйме ғып салып, балаға: «ал, айда» дейді.

Тачканы ойдан қырға қарай, үй салынатын жерге жеткізу керек. Тас шығып жатқан жер ойпаңда. Жалғызаяқ бұралаң жолда тачкасы түскір, бұлтың-бұлтың етіп, қисайып кете береді. Тачканың қос сабы болады. Қос қолдап, кеудеңді алға салып, ілгері итергенде, тачка сені кері итереді. Қарулы қол, әлуетті қайрат болмаса, тачка сені құлатып, өзіңді таптап өтуден тайынбайды.

Сол күні Ескендір екі барып келуге жарады. Үшіншіде әл-дәрмен кете бастады. Тачка бұлталақтап, сабы баланын өзін әрі-бері шайқалақтатып, жөнге көнбей, қырсық шала берді. Сөйтіп келе жатқанда, бірер тас домалап түсіп те қалды. Өліп бара жатсаң да тас түсірмеуің керек. Холкиннің бұйрығының бір түрі осы. Жолға тас түсірмей жеткіз. Түсіп қалған тасты тачкаға қайта салу мүмкін емес. Ол үшін тачканың сабын жерге қойып, қолды босату керек қой. Ал жерге қояйын десең, тачкадағы тастың бәрі ақтарылып, қол арбаның өзі төмен қарай зытады. Міне, мәселе қайда!

Баланың маңдайынан аққан тер мойнына қарай ағылады. Теңіз жақтан соққан өкпек жел, әлгі терді лезде қатырады. Енді тер мен желдің арпалысы басталады. Тер аққанын қоймайды, жел қаққанын қоймайды. Екі ортада адам деген бишара пенденің жаны шырқырайды. Құдай сорлатқанда, тоқтап тұрып қалуға тағы болмайды. Өйткені артыңнан қаздай тізіліп келе жатқан басқа тұтқындар бар. Ал жалғыз табан жол біреу-ақ. Айналып өте алмайсың. Жан-жағың жақпар-жақпар шоқалақ. Тачка жүрмейді. Бір адам жолда тоқтап қалса, соңындағы басқалардың бәрі тоқтайды. Ал бұл жағдайды Холкин көрмей қалмайды. Көреді. Бітік көз болса да көреді.

Солтүстіктің аспаны түнеріп тұрады. Холкин одан да түнеріңкі. Оңтүстікте, Ескендірдің туған жерінде алдақашан жаз шығып, өрік пісейін деп қалған. Мұнда мұздың көбесі енді-енді ғана сөгіліп, тоңы енді-енді ғана жіби бастаған. Жалғызаяқ жолдың жиегіндегі тастардың арасынан қылтиып-қылтиып, ілмиіп қана бірен-саран көкшіл гүл көрінеді. Бәйшешек сияқты. Бірақ бәйшешектен гөрі сүйріктеу.

Анадайдан айқайлап, Холкин жақындап келгенде, әлгі әлжуаз уыз гүлдер оның етігінің жалпақ табанының астында мыжылып қалды. Алпамсадай неме, келе сала, Ескендірді жағасынан алып, тоқпақтай жұдырығымен түгі үрпиген жақтан ала періп кеп жібергенде, бала жолдың жиегіндегі мүк басқан тасқа қалпақтай ұшып түсті. Арттағылар у-шу. Сол-сол екен, иесіз қалған тачка тасымен қоса төмен қарай домалап барып, келесі тачкаға соқтығыссын. Оның адамы құлап қалсын. Ол барып арттағы адамға ұрынғанда, ол да тачкасынан айырылып қалсын. Не керек, қараптан-карап тұрып, қаздай тізілген қатар ұмар-жұмар жайрасын. Оны көріп, Холкин енді ашуын тырнадан алған тазыдай, ал кеп тепкілесін Ескендірді.

Айнала дүние түнерген дүлей, тұтасқан мұз болса да адамдардың бәрі тілсіз тасқа айналып кетпеген шығар, екі-үшеуі жүгіріп келіп, балаға араша түсті. Оған Холкин екіленіп кетті:

— Ах, вы, мать твою... Халық жаулары! Бунт! Бунт па бұл! — деп, ал кеп долдансын. Әлгі екі-үшеуді жан-жаққа тулақтай лақтырып тастады. Өзі күшті-ақ. Күшті болмаса, мұндай жерге бастық болу қайда? Әрі десе, арақ пен доңыз майының буы бар.

Қапсағай келген, мосқалдау бір кісі, өзі орысқа ұқсаңқыраса да, орысшасы мүкістеу шығып:

— Азамат бастық, аясаңшы, бұл жас бала ғой, — деді.

— Ая дейді, кімді аяймын? Халыктың жауы Рысқұловтың баласын ба? Сен білесің бе оның не істегенін? Жолдас Сталиннің өзіне қарсы шыққан. Рыковпен бірігіп, жолдас Сталинге қастандық жасамақ болған! — деп Холкин аузынан түкірігі шашырап кетті. — Ал сен, оңбаған Фаткулин, сен де жаусың. Ух, ты, сволочь — Сұлтан-Ғалиевщина! Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Қара мұны жаны аши қалуын.

Фаткулин айтарға сөз таппағандай аузы аңқиды да калды, «Рысқұлов» деді ол ішінен күбірлеп. Көрмеген, бірақ көп естіген. Сұлтан-Ғалиев екеуі Сталиннің орынбасарлары десетін. Екеуі дос екен десетін. «Ей, міскін бишара бала, — деді ішінен.-Сен Тұлпардың тұяғы екенсің ғой».

Бала соны естіп қойғандай, сол іштей жанашырлықтан бойына әл-қуат біткендей, төрттағандап орнынан тұра беріп еді, Холкин ызалана ышқынып, ту сыртынан теуіп кеп жіберді. Айнала тұрғандар: «Аһ!» — деді. Бірақ ешкім араша түсе алмады. Орындарынан қозғалмады.

Ескендір енді бетін бері бұрды: жүзінде балалықтан белгі қалмапты. Бетінің түгі тікірейіп кеткен, тым қаһарлы көрінді. Енді өлетін шығар деген бала орнынан бір-ақ қарғып, ширақ тұрды. Жерден бір кесек тасты қолына қыса түрегелген екен, шапшып барып, Холкинді беттен салды-ай кеп. Пілдей ауыр Холкин ырғалып барып, гүрс етіп, құлап түсті. Айнала тұрған тұтқыңдар тағы да: «Аһ!» — деді. Бірсыпырасы бәледен аулақ деп қаша жөнелді. Дереу тачкаларына жармасып, төгіліп қалған тастарын теріп, сала бастады. Ал Фаткулин Ескендірге:

— Бекер болды, — деді.

— Мейлі, — деді Ескендір. — Енді маған бәрібір. Рахмет сізге, — деді. — Екі дүниеде де ұмытпаймын.

***

— Рысқұлов, сен балаңның қазір қайда екенін білесің бе? — деді Глебов «Беломор» папиросының қорабын қаққылап, қақпағын ашып, ішінен бір талын суырып алып.

— Білемін, — деді Рысқұлов саспастан, — сенің тамұғында. Ежовтың темір тырнағында.

— Қателесесің, Рысқұлов, — деп Глебов езуін қисайта күліп, сол езудің қисайып тұрған жеріне папирос қыстырды.

Рысқұловтың іші қалтырап кетті. «Өлтірген екен ғой», — деді, бірақ сыр бермей, табуретканың бір бұрышында ғана сіресіп отырды. Табуреткаға құйрығыңды ілінер-ілінбес қана қойып, шоқиып отырасың, жайғасып отыру жоқ. Ал мұның қияпат екенін бастан кешкен ғана біледі.

Глебов папиростың қорабын сілкіледі.

— Білмедің, Рысқұлов. Сенің миың шаршаған екен. Алғыр едің, сұңғыла едің. Енді айни бастапсың.

Әлгі қораппен ойнап, тағы да құйқылжыды. Ары-бері шайқады.

— Міне, мұнда, мынаның ішінде, — деп қорапты Рысқұловтың мұрнының ұшына тигізіп-тигізіп қойды. Мұрнына темекінің иісі келді.

Рысқұлов түсінбеді. Шынында да миы топастанған шығар. Ескендір қораптың ішінде. Ол не дегені? Өлтіріп, өртеп жіберіп, күлін салып алды ма? Алғашқыда жүрегі түскір су-у ете қалса да, енді бәріне де көндіккендей енжар қалып сақтады. Өмірде әкеге бала өсиет айтқан бар ма? Балаға әке өсиет айтар еді, ал Ескендір болса Рысқұловқа: «Әке, ештеңені мойындама», — деді. Бұл оның ақырғы сөзі, яғни өсиеті. Рысқұлов баланың жанын сақтап қалу үшін Глебовтың қағазына қол қоя жаздады. Ұлы айтты: «Өлтірсе өлтірсін, бірақ қол қойма!» — деді. Рысқұлов содан бері талай өліп, талай тірілді, бірақ қол қоймады.

— Білмедің, Рысқұлов, міне мына жерде, оқы, — деп папиростың жазуын көрсетті Глебов.

— Бе — ло — мор — ка-нал, — деді Рысқұлов шала сауатты адамдай ежелеп оқып.

— Молодец! — деді Глебов қуанып кетіп. — Осы сен дегенмен сауаттысың-ей. Әкең әліпті таяқ деп білмеген, бабаң суқараңғы. Осы сен оқуды қайдан үйреніп жүрсің-ей? Кім үйреткен саған?

— Болған жақсы адамдар. Түрмеде үйрендім.

— Бәсе, бәсе. Сені, тек түрме ғана түзейді. Жөргегің жеркепе, тұрағың-түрме. Сөйте тұра, билікке таласасың. Рыковпен ауыз жаласып, Сталин жолдасты құлатқың келді. Рыков-Сталиннің орнына, сен Түркістанға ұлы хан болғың келеді. Солай ғой? Айт, шыныңды!

— Сандырақ, — деді Рысқұлов селқос қана.

— Жапония ше?

— Сандырақ, — деді Рысқұлов есінегісі келгендей.

— Германия шe?

— Ода.

— Түркия ше?

Рысқұлов бұ жолы үндемеді.

1921 жылы мұсылман коммунистердің Мәскеудегі жиналысында осы Рысқұлов: «Түркия азаттық үшін арпалысып жатыр. Мұстафа Кемәлдың жолы-ақ жол, әділет жолы», — деп еді. Сөйткен Мұстафа Кемәл енді Ататүрік атанды. Азаттық үшін арпалысып, жауларын жеңіп, түріктердің әруағын асырып, өз алдына тәуелсіз, егемен мемлекет құрған адамда да арман бар ма екен? Рысқұлов біртүрлі мұңайып, терезеге қарады. Ататүріктің бақытына қызықты ма, әлде оған бір кезде тілеулес болғанын ризалықпен сезінді ме тастай түйілген адам енді елжірей бастады.

Глебов шыдай алмай, Рысқұловтың ту сыртынан келіп, папиростың шоғын төбесіне басып кеп қалды. Рысқұловтың бір кездегі киіздей қалың шашы бұл күнде селдіреп, сиреп еді. Шоқ төбесін күйдіріп түсті. Бірақ ол селт етпей, отыра берді. Глебов ызаланып:

— Тьфу, дьявол! — деді де, қоңырау шалып, айдауылды шақырып, ақырып қалды:

— Әкет!

***

Камераға кіріп, тас төсекке жантайып жатып, төбесінің күйіп қалған жерін саусағымен сипалап көрді. Удай ашыды. Ашытқаны қорлық емес. Рысқұловтың төбесіне адам айуанының темекі тұқылын басып, мыжғылап өшіргені қорлық. Бірақ бұған Рысқұлов аса қорынған жоқ. Не көрмеген бас? Неге шыдамаған төбе? Осыдан үш күн бұрын бұл төбеге сұп-суық зәрдей тамшы да тамшылатып қойды. Содан, ақыры Рысқұлов үш күн бойы ес-түсінен айырылып жатты. Жаны неткен сірі еді. Таудағы тасжарған тұқымынан жаралған шығар. Глебовтың келесі сынағының түрі-жаңағы. Төбесіне темекінің шоғын басып өшірді. Бірақ сөйтіп тұрып, Рысқұловтың рухын жандандырып та кетті. Оны Глебов өзі сезген жоқ.

Рысқұловтың жар дегенде жалғыз ұл баласы тірі екен. Ақ теңізге айдаған екен. Ақ теңізден ана бір жылы Онега көліне дейін канал қазғанда, айдаудағы адамдар шыбындай қырылған. Ескендірді, әрине, курортқа алып барған жоқ. Азапқа алып барды. Бірақ мына тас камерадан тәуір болар. Мүмкін, жаны тірі қалар. Әйтеуір, үміт өлмейді. Үміт өлгенде Рысқұлов та өледі.

Рысқұлов енді Әзизаны ойлады, жаңа туған нәрестені ойлады. Бұрын олар есіне түскенде өзегі өртеніп кетуші еді. Енді өйтпейтін болыпты. Оларды азапқа салуын салады, бірақ атып тастамас. Рысқұлов солай ойлайды. Содан кейін, көз алдына Сәулесі келеді. Сүп-сүйкімді томпиған бишара. Енді не болар екен? Түйметайдың қолында қалған шығар. Әлде Әрифа алып қалды ма? Алпыстағы кемпірді қамамайтын шығар. Сол бірдеңе етіп өлтірмес. Софья ғой, өз шешесінің қолында... Иә, Рысқұлов. Ұяң бұзылды. Дауыл соқты. Қара дауыл... Кенет көз алдына Қызыл Жебе мінген Рысқұл тұра қалып:

— Тұрар! Көтер басынды! — деп зекіді.

ӘЗИЗА

Мәскеуден шыққан пойыз әуелі, сірә, Рязань қаласына тоқтады. Түн іші еді, тор терезеден өлегізіген фонарьлар, ары-бері жүгірген адамдардың сұлбасы ғана көрінеді. Әзизаның құлағына: «Рязань, Рязань» деген дауыстар «Рюзань, Рюзань» болып естіледі. Шешесі Әрифа: «Юризан буйлары» деген ән айтушы еді. Сол Юризан емес пе екен деп те ойлады. Орыс тілін жетік білетін сияқты-ақ еді, бірақ «Рязань» дегеннің мағынасы не екен деп ары ойлап, бері ойлап ақыры таба алмады. Тұтқындағы әйелге оның не керегі болды екен?

Бірақ адам тұтқында болғанмен, темір торлы сасық қызыл вагонда шөп-шалам төсеніштің үстінде жатқанмен, ой тұтқындалмайды. Ойды ешкім кісендей алмайды. Өкіметтің ең осал жері сол. Өкімет соған ызаланатын болар. Ойды тұтқындап өшіру үшін, алдымен адамды өлтіру керек. Әне, содан барады да өкімет өз адамдарын өлтіре береді. Өкімет ойдан жаман қорқады. Қарауында кілең ойлай білмейтін мәңгүрттер болса, өкімет мақсатына жетіп, мерейі үстем болар еді. Бір жаманы-түрмедегілер де ойлай біледі.

Міне, өкімет тұтқындарының бірі Әзиза да ойлап келе жатыр. Қайдағы-жайдағы «Рязань» деген сөздің шығу тегін таба алмай миы қатты. Юризанмен түбірлес емес пе екен деп шубәланды. Оның оған қанша зәру болғанын бір Құдайдың өзі біледі. Одан да, байғұс-ау, өз халіңді ойласаңшы. Мына жатысың не жатыс? Тесік-тесігінен жел құтырынған жыртық вагон. Жайшылықта мал таситын вагон. Енді сол мал вагонда толған адам. Төсеніші иістенген ескі шөп. Әзизаның бауырында алты айлық баласы. Суық тимесін деп кеудесіне қыса түседі. Киім-басы жұқа, тұтқын әйелде қайбір жылу болады. Әйтеуір, әзірге соғып тұрған соң, осында бір жылы леп бар шығар деп кішкентай тірі жанды жүрегінің тұсына қатты қысып алады. Ал жүрек мұздап қалса не болады?

Жүрек мұздап қалса, бауырыңдағы бала да мұздап өледі. Қол тоқпақтай мұзға айналады. Содан соң, ой да тоқтайды...

Қайдағы Рязаньді қайтесің?! Одан да Рысқұлов не болды-соны ойла! Бірақ, Әзиза оны ойлай-ойлай шаршаған. Тағдыр қосқан қосағы өлі ме, тірі ме-білмейді. Ой, дүние-ай десеңші. Кімсің-Рысқұлов, кімсің-Рысқұловтың әйелі Әзиза сұлу еді...

Әурелікке жаралған фәни адам,

Бақ пен сордың арасы-бір-ақ қадам, —

деуші еді Рысқұлов. Ол оны өз әкесі Рысқұлдан естіген, Рыскұл өз әкесі Жылқыайдардан... сөйте-сөйте ар жағы, арғы атасы әз Төле биге дейін, бәлкім, одан да ары жалғаса береді. Демек баянды бақыт жоқ. Байлық деген не, бақыт деген не, бала деген не? — деп сұрады дейді әз Төле биден.

— Байлық-алақандағы мұз,

Бақыт-ұзатылатын қыз,

Бала-артында қалатын із, —

депті дейді әз Төле.

Әзиза кеше ғана бақытты еді, кеше ғана Кремльдің қақпасынан ары-бері сұраусыз өтуші еді... Ендігі жатысы мынау. Рысқұлов оны ұшпаққа да шығарды. Рысқұлов оны азап аранына да түсірді. «Әкемнің өлерін білсем, бір уыс талқанға айырбастап жіберер едім» деген екен, баяғыда бір бейбақ. Сол айтқандай, заман бұлайша сайқалданып шыға келерін кім білген...

Рысқұлов тірі сияқты көрінеді. Ондай адамды кім өлімге қияды? Көп болса, соттаған шығар. Көп болса, Сібірге айдаған шығар. Бәлкім, ол да осы пойызбен келе жатқан болар...

Үміт шіркін, ой шіркін осылай өрбиді. Әзиза жан-жағына қарайды. Жан-жағы ығы-жығы адам. Бәрі-әйелдер. Басқа-басқа, осыншама әйел жау болғанда, Кеңес өкіметіне шынында да хауіп төнгені рас та шығар.

Іргесінде, вагонның қабырғасында қабысып Күләнда жатыр. Ірге жаққа әдейі жатқан. Әзизаға:

— Әй, сорлығар, емшекте балаң бар. Ірге жақтан суық соғады, мен жатайын, аз да болса, қалқан шығармын, — деген.

Бұл Күләнда. Сұлтанбек Хожановтың жан жары. Бұл да сонау ұшпақтан мына тамұққа құлап түскен міскін.

— Бізді қайда алып бара жатыр? — деп сұрайды Әзиза.

— Сен де сұрайсың-ау, мен қайдан білейін, — дейді Әзизадан гөрі кекселеу Күләнда. — Көп болса, Магаданға алып барар, одан ары Америка асырып жібермесе, қайда апарады? Магаданда да ел тұрады дейді ғой.

Ташкентте тұрса да, Мәскеуде тұрса да күндіз-түні үйінен қонақ үзілмейтін, соның бәрін атқарып, қазаны оттан түспейтін қайран Күләнда:

— Әй, сорлығар, жылама, өй, әздек неме. Байымыздың арқасында біраз дәурен сүрдік. Бір аштықтың бір тоқтығы бар. Тоқтықтың да аштығы бар. Азар болса, соның қарымы шығар. Неге жылайсың, өй, көзің аққыр? Ер-азаматтар кебін киіп кеткен жоқ, кебенек киіп кетті ғой. Соларға кесірің тиеді, жылама! — дейді. Артынша Әзизаны құшақтап, өзі де өксиді. Содан соң, аяғын ауылдың әніне ұластырып:

Сұлтанбек-ау, Тұрар-ау,

Тауда ұшқан ұлар-ау.

Алыс кетіп барамыз,

Жайды кім бар сұрар-ау, аһ, —

дейді.

Әзиза одан бетер солқылдайды.

— Ойбу, жұбатамын деп жылатып алдым-ау, қой Әзиза, сабыр қыл, — дейді. — Жылай берме, емшегің суалып қалады, қызынды өлтіріп аласың.

Осы Күләнда, сөйтіп үлесіне тиген шишақпақ қорабындай қара нанның жартысын Әзизаға береді. — Емшегің суалып қалмасын, сорлы, — дейді. Оны да Құдай осы Әзиза мен емшектегі алты айлық нәрестесі өліп қалмасын деп жолсерік қылған шығар. Тіпті әлдеқалай басқа вагонға бөлініп кетсе де, Әзизаның күні не боларын ешкім болжай алмасты. Өзің тойып отырып, итке сүйек тастағаның қайырымдылық емес, өзің аш отырып, итпен сүйек бөліскенің қайырымдылық.

Вагонның тор терезесінен, жыртық-тесігінен таң атып келе жатқанның белгісі білінеді. Біреулер: Волга, Волга десті. Сөйтсе, пойыз Еділге де келіп қалған екен. Анасы Әрифа «Ақ Идел, Ақ Идел» деп ұдайы ыңылдап ән салар еді. Сол Ак Идел осы болды. Әзиза әлі мұзы сөгілмеген өзенге тесіктен сығалап қарағанмен, шалқып аққан Еділді көре алмады. Сол-сол екен, Қазан, Қазан деген дауыстар естілді. Бұл Қазан да анасының айтуынан таныс. Әкесі барып, Әрифаны алып, аз күн қызық дәурен сүрген. Ерте кетіп қалды. Ерте кеткені де дұрыс болған шығар. Әйтпесе, мына нәубетке алдымен ілінетіндердің бірі сол еді. Өйткені оқыған ғой. Жоғары білімді. Ал оқыған, көзі ашықтар өкіметке қауіпті. Бәрін қынадай қырып жатыр.

Артында жан жары Әрифа, ұлдары Рәшид пен Шәміл, қыздары Әзиза мен Нәдия қалды. Қазір Әрифада, Рәшид пен Шәміл де түрмеде. Нәдия белгісіз. Әйтеуір, Әзизаның білетіні — түрмеге түспеген тек Нәдия болатын. Бәлкім, ендігі оны да ұстаған шығар.

Қазанның вокзалынан, пойыздың тұтқын вагонынан қала көрінбейді. Сыртқа шығармайды. Вагонның іші адамдардың иіс-қонысынан сасып кетті. Ертелі-кеш бір келіп, тұтқындарға өлмес тамақ үлестіретін қарауыл милиционерлердің өзі мұрындарын басып тұрады. Бірақ пенде неге көнбейді, тұтқындарға бұл иіс аса білінбейді.

Бір кезде вагонның сырғыма есігі сақыр-сұқыр сырылдап ашылды да, сырттан екі айдауыл ішке бір әйелді итеріп кіргізіп жіберді де, есік сырылдап қайта жабылды. Сол бір сәтте сырттан енген суық ауа тұтқындарға жұмақтың лебіндей боп сезілді. Бір-ақ сәт.

Айдауылдар итеріп жіберген әйел еденде жатқан біреулерге сүрініп, құлап түсті. Қатындар бажылдап, көзің жоқ па деп оны тағы итеріп тастады. Әлгі байғұс, ығыса -ығыса Күләнда мен Әзизаның қасына жетіп құлады. Күләнда оны қолтығынан сүйеп, өзі ығысып, жанынан орын берді. Бейтаныс әйел вагонның қараңғылығына көзі үйренейін деген шығар, жан-жағына қарады. Тілі байланып қалғандай, шошынып, ә дегенде сөйлей де алмады.

— Бұл Қазан ба? — деп Күләнда оны сөзге тартты. Бейтаныс әйел Күләнданың бетіне сескене қарап:

— Ие, ие, Қазан. Қаһар сұққан Қазан, — деді кекештеніп.

Сөйтсе, бұл Татарстан Совнаркомының қатыны екен. Аты Нәфиса екен. Байын бес ай бұрын ұстап, Мәскеуге әкеткен. Өзін таяуда тұтқындаған екен, енді міне...

— Қая барабыз, қая? — дейді байғұс.

— Қайда баратынымызды біз де білмейміз, — деп Күләнда жауап берді.

— Сез мұсылман қатыны бұларсыз? — дейді Нәфиса.

— Иә, — дейді Күләнда. — Орыстанған мұсылманбыз.

Әзизаның бөбегі ыңырсып қана жылай бастайды. Ауру адамның ыңырсуы. Жөндеп жылауға да шамасы келмейтін болар.

— И-и, бұл кешенің бәләкәй малайы бар? — дейді көзі шарасынан шыға жаздаған Нәфиса.

— Бар, бар, — дейді Күләнда. — Анасынан сүт шықпайды. Аш.

Сөйтсе, Нәфисаның да тоғыз айлық ер баласы бар екен. Оны өзімен бірге алдырмапты. Бөбегімен бірге келе жатқан Әзизаға қызыққан сыңайлы.

— Сез бақытлы, — дейді Әзизаға. — Минем малайым қалдылар, әниімде...

— Мен емес, сен бақыттысың, — дейді Әзиза. — Мына менің қызым аштан өледі, сенің балаң өлмейді. Анаңның қолында қалса, өлтірмейді ғой. Менің анам да түрмеде.

Кенет Нәфиса Әзизаның кішкентайына қол созып, алдына алып, омырауын аша бастады.

— Емшегім сыздай береді, сүті бар шығар, — деді.

Әзизаның қызы қыңқылдай бастап еді, сүттің иісін сезіп, тынши қалды да бөтен әйелдің төсіне басын тықты.

Осылайша тұтқындар пойызы қасиетті Орал таудың беліне шығып, Свердлов дейтін қаладан да өтті. Мағжан болса айтар еді:

Ұзын Орал-күн мен түннің арасы,

Арғы жағы жын-шайтанның ордасы,

Бергі жағы ер түріктің даласы, —

деп.

Пойыз сол ер Түріктің даласына ентелей беттеді. Жолда талай орман, дала, қала қалды. Сөйтіп, қазіргі Қазақстанның шекарасына ілігіп, Петропавловск-Қызылжар қаласына келіп тоқтады.

Сұңғыла Күләнда, оқу, білімі биік болмаса да, табиғи алғырлығы арқасында, енді осы жерде тағдыр дейтін тақсыреттің бір тармағы шешілетінін аңғарды.

— Әй, сорлығарлар, — деді ол Әзиза мен Нәфисаға. — Құдайға жалбарынып көріңдер. Осыдан пойыз тіке Сібірге тартса-құрыдық. Онда тірі қайтуымыз екіталай. Ал оңға бұрылса-Қазақстанда қаламыз. Қанша дегенмен ел ғой-өлмеспіз.

Содан ол отыра қалып, дұға оқысын. Пойыз да ұзақ тұрып алды. Күләнданың Құдайға жалбарынуы да ұзаққа созылды. Бір дұғаны-«Әлхамдүны» қайталай бере ме, әлде соншалықты көп біле ме-ол жағы ана екеуіне белгісіз. Пойыздың бел темірлері сақыр-сұқыр, вагон ары-бері ырғатыла береді.

Зарықтырып барып, бір кезде қызыл пойыз қозғалды-ау. Оның қалай тартарын аңдып тұрған бұл үшеуі ғана емес, бүкіл вагон екен, бір кезде әйелдер, әсіресе орыстар жағы:

— Қазақстанға кеттік, — деп шу ете қалды. Біреулері:

— Қазақстан-шөл дала, қурап өлеміз, — деп күңіренді.

— Сібірде тоңып өлер едік қой, — десті біреулері. Ал Күләнда мойнына жүн орамалын салып:

— Иә, Көк Тәңірі! Иә, аруақ! Ақ жол бере гөр! — деп еңіреп жіберді. Діні қаттылау, жігерлі әйел Қазақстанда не күтіп тұрғанын білмесе де, әйтеуір туған топырақ қой деп, алдынан бір иненің жасуындай сәуле жылтырағандай іші жылып сала берді. Әзиза мен Нәфиса оны қосыла құшақтап, қосыла жылап, Жасағанға жалбарынды.

Қазақ даласы да әлі қар жамылып жатыр екен. Ойдым-ойдым орманы бар, ара-тұра шоғыр-шоғыр, аласа үйлі ауыл көрінеді. Есіктерінің алдында ерттеулі тұрған аттар. Бірде пойыз жолдың қапталынан тазы ерткен, түлкі тымақты, салт атты қазақ көрінгенде, Күләнда:

— Бауырым-ай! — деп айқайлап жіберді. Салт атты атының басын іркіп, пойызға қарады. Бірақ оның ішінде кім барын, қандай қайғы, қандай қасірет барын сезбей, аңырып тұрды да, атын тебініп, борт-борт желіп кете барды.

— Осындай елден, осыншама жерден Мәскеуге кетіп неміз бар еді, — деп өкінді Күләнда. — Қызмет деді, өкімет деді бас иелеріміз. Тіпті сенің Тұрарың мен менің Сұлтанбегім бір кезде, Ташкентте айтысып қалып та жүрді. Ойбу, сорлылар-ай десеңші. Одан да әлгі тазы ерткен қазақ құсап, елде жүре берсеші.

Орыстың қатындары қосылып алып:

— Бродяга Байкал переехал... — деп зарлы әнге басты. Аратұра дабырласып, баяғы декабристердің әйелдерін еске алды.

— Солар сияқты қайсар болу керек, — деді біреуі.

— Олар Сібірге байларының артынан барса, алтын менен күміске малынып барған. Сен жәлептің нең бар, жалаңбұт сорлы, — деді екіншісі.

Олардың дау-дамайын тыңдап отырып-отырып, Нәфиса:

— И-и, ұятсыздар, яман сүз айталар, — деп бетін бұрып әкетті. — Қарыйсың, қарыйсың, интеллигент кібік еще.

Онысы рас. Бұлардың арасында қара шаруаның қатыны жоқ. Бәрі де ірі-ірі қызметкерлердің, оқымыстылардың, қайраткерлердің әйелдері. Яки, өздері оқымысты немесе ақын-жазушы, әртіс.

Сталин мен Ежов қоғамның басын кесіп алып, құр денесін қалдырды. Бассыздарды басқару оңай. Басы жұмыс істейтін ақылды адам хауіпті. Ақылынан айырылған коғам не болмақ?! Алда не күтіп тұр? Айнала аппақ қар. Дүние бұлыңғыр, мұнар, мұнар, мұнар заман.

Әзиза қалжырап барып, ұйықтап кетіп еді, түсіне түсініксіз әлденелер кірді: бұлттың ішінде ұшып жүр екен дейді. Дауыл соғып, ұшырып әкеткен дейді. Үздігіп-үздігіп жерге түскісі келеді, түсе алмайды. Жерде Сәуле қалып барады: мама, мама! — деп шырылдайды. Кіп-кішкентай, топ-томпақ қолдарын созады. Бір уақытта шарт етіп, найзағай соққандай болды да, Әзиза оянып кетті. Сөйтсе, пойыз солқ етіп тоқтаған екен. Вагондар бір-біріне соқтығысып қалған екен. Орыс қатындар:

— Бревна везет, что ли, — деп бұрқылдасты.

Әзиза мәңгіріп отырып, бір мезгіл терезеге үңіліп еді:

— Ай! — деп айқайлап жіберді.

— Не болды, байғұс-ау, — деп Күләнда жалт қарады. Әзиза ернін тістелеп, өксіп жылаған даусым шығып кетпесін дегендей аузын басып, тұншығып:

— Көк — ше-тау, — деді.

Қараса-вокзал екен, қызыл үйдің төбесінде: «Көкшетау-Кокчетав» деген жазуы бар.

— Е, жарықтық, Көкше, — деді Күләнда әулие көргендей қолын қусырып, басын иіп. — Жынданайын дегенсің бе, неге сонша бақырдың — деп Әзизаға ұрысты. Әзиза сазарып, үндемей қалды. Күләнда өкпелетіп алдым ба деп, лезде мейірленіп:

— Қой, Әзиза, әшейін айтам, елді сағынғансың ғой, — деді.

Кішкентай Рида қыңқылдады. Әзиза таскерең болғандай оған назар да салмады. Жылаған баланы Нәфиса көтеріп алды. Тас меңіреу қалпында көп отырды. Терезеден көз алмайды. Тек пойыз жүре бергенде ғана, еңкілдеп те еңіреп кеп жіберді. Күләнда басынан сипады. Орыс қатындар оқшиысып:

— Что с ней? — деді.

Нәфиса түкке түсінбесе де, көңілі босап:

— И-и, ғазиз баш, ғариб мискин, — деп қойды.

Вагонда бауырласып алты тәулік жол жүргенде, Нәфиса Әзизаның кім екенін білген. Рысқұловты естіген екен. Оның Сұлтан-Ғалиевпен дос-жаран болғанын білгенде, Әзизамен тіпті апалы-сіңлідей болып кетті.

Пойыз Көкшетаудан ұзап кеткенде ғана, Әзиза Риданы өз қолына алып:

— Сол кезден қалған бір жапырақ белгі мынау, — деп қойды.

— Не болды, айтсаңшы, — деп Күләнда тіл қатқанда барып, соноу бір кезде, 1930 жылы Рысқұловпен тұңғыш рет осы Көкшетауда, тұп-тура жанағы вокзал басында, тұйықта тұрған люкс-вагонның ішінде танысқанын айтып, сыр шертті. Тіпті Рысқұловтың сондағы кейбір мінезін суреттеп, күліп те жіберді.

Түкке түсінбеген орыс қатындар Әзизаның біресе жылап, біресе күлгенін көріп, бір-біріне қарасып, біреуі тіпті саусағымен өз басын нұқып та қойды.

Әзиза арада «жеңгетай» жүрген Ескендір Тынышбаевтың небір қылықтарын еске түсіріп, мәз болды.

— Қай Тынышбаев? — деп қалды Күләнда.

— Мұхамеджан Тынышбаев. Ескендір соның баласы.

Күләнда ол кісіні жақсы танитын болып шықты.

Үш нәрсе арсыз: ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз. Орыстар мұны білмей ме, Әзизаның күлгеніне таң қалады. Бірақ өздері де біресе жылайды, қосылып өлең айтады, сақылықтасып күледі. Тұтқындар пойызында осындай өмір әзірше ешкімді де өлтірместен, ақырында Ақмола деген қалаға да әкеп жеткізді-ау. Вокзалдардың бәрі бір-біріне ұқсас. «Ақмола-Акмолинск» деген жазуы болмаса, мынау да Көкшетаудың вокзалындай. Пойыз ыңқ етіп тоқтаған соң, сыртта дабыр-дүбір көбейді. Шошақ буденновкалар көбейді. Репродуктор даусы саңқылдап тұр. Радио концерт беріп жатыр. Тіпті осы пойызды бүкіл халық болып күткендей, перрон басы гу-гу. Бұл не екен деп, тұтқындар терезеге үңіледі. Бірақ гүл алып шыққан ешкім жоқ. Арсылдаған овчарка иттерімен алысып тұрған милиция. Бір уақытта сырғыма жалпақ есік ашылып кетті де, сырттан бір зілман дауыс:

— Шығындар! — деді.

Сатысы жоқ мал вагоннан әйелдер бірін-бірі сүйемелдеп, қарғып түсе бастады. Таза ауаға үйренбеген байғұстардың басы айналғандай болды. Күн әлі едәуір суық екен. Барын үстіне іліп, бастарын шандып алған әруақ сияқты тұтқындарды сапқа тұрғызып, мылтық кезенген, арпылдақ ит жетектеген айдауылдар тізбекті вокзалдың ішіне кіргізбей, шетке алып шықты. Оқшаулау бір сары үйдің маңдайшасында «АЛЖИР штабы» деген жазу бар екен. Топырлатып соған кіргізді.

— АЛЖИР-і несі? — деп күңкілдесті тұтқындар.

— Африкада Алжир деген ел бар, соған әкететін шығар, — деді бір еврей әйел.

— Онда Сібір айналдырмай-ақ, Мәскеуден ары неге әкетпеді, — деп біреу шүбәланды.

— Суықтан суырып алып, ыстыққа шыжғырмақшы, — деп бір әйел ашу шақырды.

— Не разговаривать! — деп арс етті бастық. Әлгі ашушаң әйел:

— Азамат бастық, сұрауға рұқсат етіңіз? — деді. Бастық оған ызғарлана қарап:

— Ал сұра, — деді.

— Айтыңызшы, бізді Африкаға айдайтындарыңыз рас па?

— Оттама! Қайдағы Африка? — деді анау түсін жылытпай.

— Онда бұл қай Алжир?

— Ақымақ, — деді бастық, — АЛЖИР-Акмолинский лагерь жен изменников родины. Түсіндің бе?

— Сонда біз осы қалада қаламыз ба? — деп қоймады әлгі батыл әйел.

— Молчать, сука! Тым көп білгің келеді. Енді бір сөз айтсаң, карцерге салдырамын.

Сонымен, «суканың» жағы семді. Тұтқындарды бір-бірлеп ішкі бөлмеге кіргізіп жатты.

Аяғы талған Әзиза баласын бауырына қысып, суық қабырғаға сүйеніп, тізесін бүгіп отыра бергені сол еді:

— Рысқұлова, — деп айқайлады қолында қағазы бар милиционер.

— Мен...

— Кір ішке!

Бөлменің іші жып-жылы екен. Төрдегі үстел басында екі еркек, бір әйел отыр. Әйел де милиция порымында. Еркектің біреуі қазақ сияқты. Басы жап-жалтыр. Қалқаң құлақ. Шап-шағын. Қасында дәу орыс отыр. Төрдегі қабырғада — Ленин мен Сталиннің суреті. Қаптал қабырғада-Дзержинский мен Ежовтың портреті. Қарсы қапталда — «Халық жауларына-өлім» деген үлкен жазу тұр. Есік жақ қабырғадағы плакатта-буденновка киген, кіжінген чекист бір қолында винтовка, бір қолымен «халық жауын» қылқындырып түр. Чекист зор, ал «халық жауының» үлкендігі-күшіктей-ақ.

— Рысқұлова Әзиза Түбековна, — деді жұмыртқа бас қазақ алдындағы қағазды оқып. — Дұрыс па?

— Дұрыс, — деді Әзиза.

— Қолыңдағы кімнің баласы?

— Өзімнің балам.

— Фамилиясы кім?

— Рысқұлова.

— Аты?

— Рида.

— Әкесінің аты.

— Тұрар.

Дәу орыс қозғалақтап:

— Тот самый, — деді. Жұмыртқа бас:

— Дәл өзі, — деді. Содан соң, Әзизаға қарап:

— Нәрестеге обал ғой, фамилиясын өзгертпейсің бе? — деді жаны ашыған болып.

— Неге? — деді Әзиза шоқ басқандай.

— Бұл байғұс бала ертең өседі, халық жауының фамилиясын алып жүргені ауыр болады, қорланады ғой. Маңдайына қарғыс таңбасын басып қойғандай...

Әзиза әлдеқалай әруақтанып кетті. Кімнің алдында тұрғанын да ұмытқандай. Тергеуші қазақты тұңғыш рет көріп, іші бұратын шығар деп үміттеніп еді, жаны ашыған түрі мынау.

— Ал мен айтсам, Рысқұловтың фамилиясын алып жүру зор мақтаныш, — деді Әзиза арқаланып. Әйел чекист тыжырынып:

— Ишь ты, — деді.

— Жә, өйтіп қызбаланбаңыз, — деді қазақ чекист бас терісіне дейін қызғылтым тартып. — Аяғанды білмесең, аңырап қаласың. Қызыңды детдомға өткіземіз.

— Жоқ! — деп шыңғырып жіберді Әзиза. — Мен тірімін ғой. Мені өлтірсеңдер, сонда өткізіңдер!

— Айқайлама! — деп қызғылтым бас чекист ақырып қалды. Қатын дауысты неме, үні шаңқ етті.

— Тумай жатып мұның не жазығы бар, ағатай-ау.

— Орысша сөйле! — деп шіңкілдеді қазақ чекист. — Жазығы сол-халық жауының тұқымы. Кәмелетке жеткен соң, бұл да түрмеге алынады. Білмейсің бе? Үкім солай.

— Құдайдан қорықсаңдаршы...

— Болды! Сенен басқа да кезек күтіп тұрғандар көп. Хабарлаймын. АЛЖИР-де боласың. Мамандығың бар ма?

— Ба-а-ар.

— Қандай?

— Ма-а-ал дәр-і-ге-рі...

— Как раз, — деп қалды дәу орыс.

— АЛЖИР-де мал фермасы бар. Сен керексің. Ал ана балаңды мына кісіге тапсыр, — деп әйел чекисті көрсетті. — Полина Карповна, қызын алып, Осакаровка детдомына өткізесіз.

— Құп болады, — деп Полина Карповна орнынан түрегелді.

— Бермеймін! — деп Әзизаның жан даусы шықты. Чекист әйел Әзизаны шапалақпен беттен тартып-тартып жіберді де, құндақты оның қолынан жұлып алды. Мұндай соққы күтпеген Әзиза әуелі есеңгіреп, содан сон баласына қолын соза ұмтылды.

— Айналайындар-ау, аясаңдаршы! Байымды алдыңдар, анамды, бауырларымды, тұнғыш қызымды да алдыңдар... Ескендір-Шурикті де алдыңдар. Жалғыз жапырақ кішкентай нәрестені де қимайсыңдар ма-а-а...

Алты айлық Рида түрмеде туып, бәле көрген емес пе, беті ересек адамдай әжімді, көзін мұң басып, аузы кемсеңдеп, тырбаңдап, кішкентай ғана арық қолын әлсіз созып, жылауға да шамасы келмей, мәліш қозы маңырағандай, жай ғана ыңырсыды.

***

Тұтқын әйелдерді Ақмоладан АЛЖИР-ге жаяу айдады. Чекистер мен милиционерлер біреулері шанаға, біреулері атқа мінген. Қыс бойы жатып, нығыздалған қасат кар күн сәл-пәл жылыған соң, солқылдай бастаған. Содан да жүру қиын. Қардан бір аяғыңды суырып ала берсең, келесі аяғын күмп етіп, түсіп кетеді. Жүріс баяу. Бәрі де бір ізбен ілбіп келеді. Әсіресе із салушыға қиын. Сондықтан айдауыл алдыңғы адамды кезек-кезек алмастырып отырады. Із салар кезек Нәфисаға жеткенде, кешегі Татарстан Совнаркомының қатыны көпке шыдамай құлап қалды. Аяғындағысы жұқа етік екен, байғұс, тойға барамын деп ойлады ма, үйінен қыстық етік те киіп шықпапты. Бәлкім, шамасын келтірмеген де шығар. Құлап қалған Нәфисаны айдауылдар шанаға лақтырып тастады.

Кезек Күләндаға келгенде ол онша шаршамаса да, Нәфиса құсатып шанаға салар ма екен деп, бір жағына қисайып барып, құлай кетіп еді, айдауыл аямастан мылтықтың дүмімен періп-періп жіберіп, қолтығынан жұлқып түрегелтті. Күләнданың ізімен келе жатқан Әзиза шыдай алмай:

— Әй, көргенсіз, ұрма! — деп айқайлады-ай. Кең дала. Дауыс ешбір тосқауыл көрмей алысқа-алысқа кетті. Әзиза Әзизаға ұқсамайды. Бұрынғыдай жылауық емес. Айдауыл:

— Ух ты, бля... — деп бұған да ұмтыла бергенде, Әзиза қарулы ғой:

— Мә саған бля... — деп айдауылды көкірегінен періп кеп жіберіп еді, анау қар үстіне тыраң етіп, құлап түсті. Мұны көрген тырнадай тізбек, орысы бар, қазағы, еврейі бар-барлық әйел ал кеп күлсін. Құдай күлкі бермей қойса, адам жарылып өлер еді. О дүниедегі тозақты көріп қайтқан ешкім жоқ, бірақ, рас болса, тозақта да адамдар бір-біріне от шашып ойнап, күле беретін көрінеді.

Бірақ бұл жарық жалғанда күлкі аз да, жылау көп. Мүмкін, жаратылыс солай ма? Неге әйтпесе анасының құрсағынан шыққанда бала күліп шықпайды, жылап шығады? Бұл дүниеге келгеніне ренжігендей сыңай танытады. Анасынан күліп туған бір бала бар ма? Әзір ондайды ешкім естіген де, көрген де жоқ.

Әйелдердің әлгі қыран күлкісі ұзаққа бармады. Аяғы аспаннан келіп құлап қалған айдауыл үстінің қарын қаға-маға қайта тұрды. Жерден винтовкасын көтеріп алды. Әзизаға қарай кезене бергенде жұрт шу ете қалды. Аттың үстінде келе жатқан ұлық чекист:

— Бобров! Перестань баловаться! — деп айқайлады. — Одан да ол асау қатынды алдына қой. Осыдан АЛЖИР-ге жеткенше жол салсын. Көрейік күшін.

Әзиза тырна тізбектің алдына шықты. Малтығып келеді. Қарайған бар ма деп мойнын созады. Қардан биік шоқ-шоқ қарағаннан басқа қарайған көрінбейді. Аспанға үңіліп еді, о да үңірейіп тұр. Суық бұлт түксиеді. Аспанды бұлт басқанда Құдай Жердің бетін қалай көреді? Қарғыс атқыр қара бұлт. Ол болмаса Құдай мына күнәсіз Әзизаның осыншама қорлық көргенін байқап қалып, мейірімі түсер еді...

Алдыға үздігіп қадала қарай берген соң, көзі бұлдырай бастады. Шоқ-шоқ қараған жайылып жүрген қой сияқты болып кетеді. Кейде шоқы-шоқы биік тау тәрізді боп көрінеді. Мәскеу түбіндегі Клязьма орманында шаңғы теуіп үйренгені қандай оңды болған. Көпке дейін шыдап бақты. Қасарысып келеді. Көзінен от жарқылдағандай. Артынша мұнарлана бастады. Мұнар сағым арасынан әлдекім бұған қарсы құшақ жая, теңіз кешіп жүзіп келе жатыр. Жақындап қалды. Құшағын айқара жайып келе жатыр. Толқын-толқын қара шашы желбіреп келе жатыр. Алтын жиек көзілдірігі жарқ — жұрқ етеді.

— Тұра — а-ар!!!

Әзиза қос қолын алдыға соза, кеуек ауаны қармап, етпетінен қулап түсті.

ТҰРАР

Мұрнына қарағай шайырының иісі келді. Мұрны әлі де иіс сезеді екен. Адамның қара тастан айырмашылығы сезімталдығында ғой. Ал түрме бастықтары тұтқынды сол сезімнен айыруға неге сонша жанын салады? Сезімнен айырса-илеуге оңай. Айтқанына көндіре береді. «Кінәсін» мойындаттыра береді.

Ал Рысқұлов ойлайды: ақырғы мақсаты ату болса, жанды қинамай-ақ атып тастай салмай ма? Кім көріп жатыр? Кім араша түсіп жатыр? Ойбай, Рысқұловты тұтқындап, азаптап жатыр екен деп шырылдап, іздеу салған, сұрау салған бір жан бар ма? Бар болса бар шығар, бірақ оны Рысқұлов білмейді. Қаншама жанға жақсылық жасады, біреуі алдынан шығып, араша түспегені ме...

Мен мынаған қол ұшын бердім, мынаны қатерден құтқарып қалдым, мынаған жәрдемдестім деп Рысқұлов өзі айтпайды, осыдан осы жолы өле кетсе, соңынан ешкім де айтпайды. Ал сонда қазақтың: осы жақсылығың алдыңнан қайтсын, Алладан қайтсын деп жататыны қайда? Бәрі бекер болғаны ма? Бір емес, екі емес, миллионды көпе-көрнеу аштықтың аранынан сонау төңкеріс жылдары құтқарды. Отыз бір, отыз екі, отыз үштің қызыл қырғынында Сталиндей айдаһардың аран аузына түсіп кетуге пейіл болып шырылдап, қазақты құтқара гөр деп хат та жазды, ауызба-ауыз да айтты.

Кімдерге қызмет қылмады? Соноу Қиыр терістіктегі Саха бауырлар автономия сұрады. Сталинді көндіріп, автономия алып берді. Қырғыздардың республика болуына барын салып бақты. Кәне, сонда көрген жақсылығы.

Мәскеудегі Кен институтынан бір қазақ шәкіртін оқудан, комсомолдан қуып жатыр екен. Ашаң жүзді, сидаң бойлы, биязы жігіт екен. Барар жері, басар тауы баяғы, Рысқұлов. Осылай да осылай, оқудан шығарды.

— Не үшін?

— Әкең ірі саудагер болған дейді.

— Оны кім айтыпты?

— Сөйтіп Алматыдан арыз түсіпті.

— Тексерді ме?

— Жоқ.

Рысқұлов, Совнаркомның бір бастығы Рысқұлов, телефонның құлағын көтереді. Рысқұловтың бір телефон соққаны бір тағдыр, яки мың тағдыр.

— Алло, — дейді институт директоры.

— Мен Рысқұловпын. Ана жігітке тиіспеңіз. Мен оның әкесін білемін. Әкесі ірі саудагер емес, сол ірі саудагердің қол астында қызметші болып жүрген қатардағы қарапайым адам еді. Баланы оқуға қайтып алыңыз.

— Құп болады, жолдас Рысқұлов.

Әне, Рысқұловтың бір ауыз сөзі адам тағдырын қалай-қалай шешеді. Ә, бәлкім, сол студент оқудан шығып кете берсе не болар еді... Ә, бәлкім, ол енді институт тәмәмдап, кейінірек ел билейтін ірі қайраткер болар. Кім біледі? Сонда сол қайраткер Рысқұловты есіне алар ма екен, әуелі. Кейін-кейін мемуар жазарда Рысқұлов деген азамат өтіп еді. Соның маған осындай бір шарапаты тиіп еді деп бір ауыз жылы сөзін қияр ма екен. А мұның бәрі кісілікке, үлкен парасатқа байланысты.

Ал әзір әзірейілден арашалар ешкім жоқ...

Мұрнына қарағайдың иісі келеді. Қарадан шыққан төре боп, ел басқарып тұрғанда, Мәскеу түбіндегі Яуза деген өзен бойындағы саяжайында монша болушы еді. Кілең қарағайдан соққан сол моншаға кіргенде осындай құдіретті хош-күрең иіс аңқып тұрар еді. Аңқанды ашып, сарайыңды алтын суымен суарғандай болар еді.

Өзін бір мезгіл сол моншада отырғандай сезінді. Біртүрлі рахат хал кешті. Сәл сәттен соң, санасы қалыбына келіп, камерада отырғанына әбден көзі жетті, көңілі су сепкендей басылды. Шайыр иісі өзі жатқан қарағай төсектен шығады екен.

Сонда ол ауық-ауық, санасы адасқақ болып, есі ауысып кете беретінін аңғарды. Жынданып кетудің алды болмаса неғылсын деп қауіптенді. Жігерін жасытпай, қайрауға қайрат қылды. Жігер сынса-рух сынады. Мәңгүрттің бір белгісі сол.

Қарағай иісі қуат бергендей болды.

— Ей, қасиетті қарағай! Қарсы бұтақ бітетін қайсарлығыңнан бер, — деп тіледі. — Өміріңнің ұзақтығынан бер деп айта алмаймын. Мәңгі жасыл жастығыңнан бер деп те айта алмаймын. Ол Құдайдың ісі. Тек қайсарлығыңнан берсең болғаны. Мына иттер мені жасытып, майыстыра алмас болсын. Сынсам да майыспай шорт сынайын. Рысқұлов қарағай төсекке етпетінен түсіп, төсекті алақанымен сипалап, осылай күбірледі.

— Ей, қасиетті қарағай! Адамдар сенен салтанатты сарай да салады, адам қамайтын абақты да салады. Адамдар сенен нәрестеге арнап бесік те соғады, өлікке арнап табытта соғады. Ас ішетін қасық та, адам өлтіретін найзаның сабы да сенен жасалады. Жақсылығың мен жамандығың егіз. Жамандыққа сенін жазығың жоқ. Адамдар солай ойлап тапқан. Енді менің тұтқындық төсегім болдың. Табытым бола алар ма екенсің. НКВД атылғандарды табытқа салып көмер ме екен... Егер НКВД атылғандардың бәрін табытқа салып көмер болса, өкіметтің қазынасының белі қайқаңдап қалмай ма? Ондай шығынға бара қоймас. Әй, сол табытқа салды не, салмады не-бәрібір емес пе?! Өлген адамға бәрібір. Табыт-мабыт тірілердің тыраштығы. Табыт сенін денеңді мәңгі сақтамайды. О да шіриді. Бәрінің ақыры-топырақ. Кәдімгі жәй топырақ. Сол топырақты басып жүріп, сол топырақты жыртып, егін егіп жүріп, соның бір заманда тірі адамның денесі болғанын адамдар ойланып жатпайтыны жаман. Топырақтан жаралған-топыраққа айналмақ! Одан басқа жол жоқ. Кейбір елдерде өлген адамды өртеп жіберіп, күлін суға, ауаға шашып жатады. Ешқайда қашып құтыла алмайсың. Бәрібір жерге түсесің, топыраққа қосыласың. Сондықтан да бұрынғы монғолдар көр қазып, әуре болып жатпаған. Өлгендерді апарып тастайтын арнайы сайы, жырасы болады. Сонда жатып, жермен-жексен болып, топырақпен қауышады. Адам тәнін солай тауысады. Мұны Рысқұлов Моңғолстанда көрген.

Ал жан ше? Жанның жөні бір басқа. Оның жұмбағы көп. Жұмбақты шешкен ешкім жоқ. О дүние деген бар дейді. Шын дүние сол деседі. Рысқұловтың мына қазір бастан кешіп жатқанының бәрі Жалған дүние көрінеді. Шын дүние әділетті сияқты. Бәле-жала, қиянат, қараулық, арамдық атаулыға жол жок, қарауыл күшті көрінеді. Ал Жалған дүниеде қарауылдың өзіне қарауыл керек. Сонымен, Шын дүние жақсы сияқты. Бірақ соны барып, оз көзімен көріп, қайтып келген ешкім жоқ. Бар трагедия сонда. Әйтпесе адамдар ажалмен арпалысып, өлімнен қорқып несі бар? Мына Рысқұлов сыңайлы итқорлық көрмей, Құдай-Құдай деп сол Шын дүниеге жөней бермей ме? Мәселе қайда?

Рысқұлов қарағай төсекте оң жамбасына аунап түсті. Рахат. Глебов суға тұншығып өлгендей үн қатпайды. Сұраққа шақырғанды қойды. Ешкім мазаламайды. Осындайда ойланбағанда қайда ойланасың? Жалған дүниең мен Шын дүниеңді ойлай бер, Рысқұлов. Рахат... Ай, сонда Рысқұлов өзінің жауларынан кегін ойша бір алды-ау дейсің...

Баяғыда-баяғыда, Талғар таудың бауырында, Бесағаштың басында, Солдат сайдың қабағында, қураған арша алауының көмескі сәулесіне ақ сақалы шағылысып отырып, Ахат атасы айтар еді:

— Әзірейіл деген болады, — деп, — Ханға да, қараға да қарамайды. Құдайдан әмір болған күні келіп, жаныңды алады. Жаныңды о дүниеге алып барып, тергеуге салады. Жалған дүниеде істеген жақсылығын мен жамандық таразының екі басына түседі. Жақсылығын көп болса, пейішке кіресін. Жамандығың басым болса, тозаққа айдайды...

Арша ағашы шытырлап жанады. Хош иісті түтіні мұрныңды қытықтайды. Алау басындағы балалар Ахат атанын әңгімесін тыңдағанмен, түсіне бермейді. Бала Тұрар сонда түсінбеген әңгіме енді ересек Тұрардың ойын билеген үлкен сұраққа айналды.

Әсет-жан, осы аурудан өлем білем,

Алланың аманатын берем білем, —

деп Кемпірбай қыран айтқандай, Рысқұлов бұл түрмеден шықпас сыңайлы. Әкесі Рысқұл қайта-қайта түсіне кіріп, атқа мінгес деп, үзенгісін босата бергеніне қарағанда, бұл жарық дүниедегі талқаны таусылатын да түрі бар. Сонда жанның тәннен бөлініп ұшатыны шын ба, қиял ма? Мәселе қайда? Ал жан тәннен бөлінді делік. Ал иә пейішіне, иә тозағына түсті делік. Сонда сол Шын дүниеде де өмір өлшеулі ме екен, әлде мәңгілік пе? Егер өлшеулі болса, сол Шын дүниеден өзге тағы да басқа дүние бар ма? Міне, сұрақ.

Иса пайғамбар әлі оралған жоқ. Ораламын деп кетіп еді... Әрусәлім қаласының жанындағы Голгоф тауының басында оны жаулары кірешке шегелеп өлтіріп, өлігін тас табытқа салып, тас қақпақпен бастырып тастап еді... Сол түні таңға жақын Иса пайғамбар тас қақпаны ысырып шығып, аспанға ұшып кетті. Адам тұрмақ піл көтере алмас қақпаны қалай ысырды, міне, екі мың жылға жақындады, әлі ешкім білмейді. Бұл да ұлы жұмбақ. Аңыз дейін десең, бұл «аңызға» адамзаттың үштен бірі сенеді. Ал Иса пайғамбардың бұл Жалған дүниеде жасағаны рас. Мухаммед пайғамбар оны ұстаз тұтқаны рас. Бірі — христиан дінінің әкесі, бірі-мұсылман дінінің әкесі. Екі діннің қаны қосылмайтындай.

Ал өсиеті бір. Ең ізгі өсиеттер. Жақыныңды өлтірме. Жамандықтан аулақ бол, жақсылыққа жақын бол. Ұрлық қылма, қиянат қылма. Таза жүр, таза тұр. Қаріп-қасерді, жетім-жесірді ая...

Адамға-адам бол дегеннен басқа, бөтен пиғылы жоқ. Адамға жақсылықтан басқа тілері жоқ. Пиғылы пасық, ниеті қарау, ісі бұзық жандарды түзу жолға салмақ болған. Құдай жолына салмақ болған. Сөйткен Иса пайғамбарды әзәзіл азғырған адамдар көпе-көрнеу өлімге қиып жіберді. Бірақ ол бұзылған дүниені түзеймін, күнәға белшесінен батқан жер бетіне қайта оралып, ұлы Сот құрамын, жердің жүзін ластан арылтып, тазартамын деп еді, әлі жок... Діндарлар әлі күтеді, дінсіздер толып жатыр.

«Шын» дүние дегеніне Қарағанда, онда тек шындық үстем болатын шығар. Мына Жалған дүниеде жала жабылып, зәбір көргендер Шын дүниеде әділдікке жететін шығар. О, сонда Тұрар Рысқұлов талай-талай залымдармен есеп айырысар еді... Сталин Шын дүниеге сенер ме екен? Діни семинарияда оқыған кісі ғой... Бірақ береке таптырмаған. О, сонда, Шын дүниеде Сталинмен кездесер күн туса... Бірақ Сталин әзір өлмейді ғой. Ол ұзақ жасайтын шығар. Мейлі. Көп болса жүз жыл жасар. Қазір қаншада өзі? Өткен ғасырдан — жиырма бір жыл, бұл ғасырдан отыз жеті жыл — 21 +37 = 58.

Рысқұлов есепке жүйрік еді. Енді ежіктеп жатып, Сталиннің жасын әрең шығарды.

Әлі елу сегізде. Көп болса, жүз жасар. Өлгендер асықпайды. Қайда асығады? Сталин өлгендер сапына, әйтеуір бір келеді. Сонда...

Сонда не боларын көз алдына елестете алмай, Рысқұлов сол жамбасына тағы бір аунап түсті. Қарағай иісі елес берді. Демек иіс қабілеті әлі топастанбаған.

Сталин мұны атқызатын түрі бар. Түрі бұзық. Әлдеқалай әлмеғайыптан бір құдірет араша түспесе, Рысқұловты өлтіреді. Оған көзі жетті. Өлгеннен соң Сталинді күтіп жатады. Қанша болса да күтеді... Ay, Шын дүниеге Сталин келгенше, Рысқұлов Ленинмен неге кездеспейді? Иә, десеңші. Ол жарықтық, Шын дүниенің «ескі» тұрғыны емес пе? Ал кездесті делік. Сонда Рысқұловтың Ленинге қоятын кінәсі бар ма?

Рысқұлов енді оң жамбасына аунап түсті. Оны да місе тұтпай, басын көтеріп, төсектен аяғын салбыратып отырды. Ленин туралы жатып ойлау жарамас. Ленинді бір кезде пайғамбар деген Рысқұловтың өзі еді ғой. Ескі Ташкент базарында жұрт одан: Ленин кім деп сұраған. Көсем дейін деп еді, Сталин де көсем, Троцкий де көсем, Бухарин де көсем. Содан Ташкенттің қарапайым халқына түсінікті болсын деп:

— Ленин-пайғамбар! — деп айқай салған осы Рысқұлов. Сөйтіп еді, түсінікті болды да шықты. Кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар алақайлап қол соқты. Тобырдың арасынан біреу кеңірдегін соза айқайлап:

— Ленин мұсылман ба, кәпір ме? — деп оқ тескендей сұрақ қойды. Ал мықты болсаң, жауап беріп көр! Мұндайда ойланып, ыңыранып, ыңқылдап, мыңқылдап тұрып алсаң -оңбайсың. Даладағы тобыр-залдағы тыңдаушылар емес. Тобырдың заңы қатал. Рысқұлов сонда қатты састы. Бірақ сыр бермеді. Ленин-мұсылман десе өтірік айтады, кәпір десе бәлеге қалады.

— Ленин-кедейлердің, кембағалдардың досы. Ол адамдарды дініне қарай бөлмейді. Оған орыс та, өзбек те, қазақ та бәрібір. Адамдардың бәрін Құдай жаратқан. Сондықтан Ленин үшін ұлттардың бәрі бірдей.

— Әб-бәракәлла, бәракәлла!-десті жұрт. Бірақ әлгі ала тақия кеңірдегін соза түсіп, жауапқа қанағаттанбағанын айқайлап айтайын деп еді, қалың тобыр оның үнін өшіріп жіберді. Сөйтіп, Рысқұлов бір қатерден құтылды. Сұрақтан құтыларсың-ау, ал өз арыңнан қалай құтыларсың? Жаңа тура сұраққа тура жауап бере алмай, жалтарып кетті. Шындыққа жүгінсе-Ленин мұсылман дінін де, христиан дінін де талқандады. Яғни, дінсіз, Құдайсыз. Ал әлгі тобырға солай деп айтып көр. Тобыр сенің Рысқұлов екеніңе қарамайды.

Қош, Рысқұлов сөйтіп, Ленинді пайғамбар деді. Жұртты сендірді. Бірақ соған сенді ме? Иә, сенді. Ленин әуелі, тіпті Қазан төңкерісіне дейін: ұлттар өз тағдырын өзі шешсін, өз билігіне өздері қожа болсын! — деп ұран тастағанда, Рысқұлов: міне, пайғамбар деді. Тіпті Қазан төңкерісінен кейін Финляндияға азаттық беріп жібергенде де: о, сөзінде тұрады екен деді. Содан дәметіп қалған Рысқұлов Түркістан мен Қазақстанның тәуелсіздігін дауласын. Дауласа-дауласа 1920 жылы мамыр айында ақыры Лениннің алдына да жетті -ау, әйтеуір.

Ленин Рысқұловты туған бауырындай жарқылдап, аңқылдап қарсы алсын. Қанша батыл болса да алғашында именшектеп тұрған Рысқұлов мынандай ақжарқын адамды көріп, жолым болады екен деп, қуанып қалсын. Әрберден соң, келген шаруасын бірден баяндай алмай, айдаладағы әңгіменің жетегінде кетсін. Ленин одан емтихан алғандай, Түркістанда шаруа, дихан деп кімді айтамыз? Молдаларды қалай құртамыз? деген сияқты алдамшы сұрақтармен сиқырлап тастады. Әрине, сиқыры бар. Алдына неге келіп, неге кеткеніңді сезбей қаласың. Ә дегенде, Рысқұлов түйедей шаруамен келіп, түймедей пайда таппай, Лениннің арбауына мәз болып, құралақан шықты. Лениннің кабинетінен шығып, «Метрополь» мейманханасына оралып, диванға қисайып жатып, әлгі кездесудің нәтижесін ой таразысына салып, өзін-өзі қайрап: «ақымақ болма, алданба!» — деп түйілді.

Лениннің алдына тағы барды. Барды да әуелі Түркістан мен Қазақстанды біріктіру мәселесін қойды. Түркістан-егемен болуын, тіпті тәуелсіз болуын талап етті. Мәскеуден жіберілген «Түріккомиссия» деген қызыл комиссарларды, яғни: Фрунзені, Куйбышевті, Голощекинді, тағы басқаларын Түркістаннан қайтарып алуды талап етті.

— Неге? — деді Ленин.

— Олар сол баяғы патшаның генерал-губернаторлары сияқты. Кеудемсоқ. Жергілікті басшыларды, ТуркЦИК-тің өзін көзге ілмейді. Әкіреңдеп билік айтады. Бұлардың отаршылардан қандай айырмашылығы бар? — дейді Рысқұлов. — Түркістанға ақ патшаның орнына қызыл патша келіп, бәз-баяғыша билеп-төстеп жатқанын көріп-біліп отырған бүкіл Шығыс бұдан кейін, Кеңес өкіметіне қайтіп бүйрегі бұрады? Бұл дейтінің социализм идеясының беделін түсіріп, Шығысты, яғни Үндістанды, Иранды, Ауғанды, тағы басқаларын социализмнен безіндіру.

— Иә, мәселе, үлкен мәселе, — деп Ленин дөң маңдайлы басын қисайта қалған. — Жарайды, әкетайым, мұны Политбюроға мәселе дайындайтын комиссия құрайық. Түркістан туралы сіздің Жобаңызды да Политбюрода талқылайық. Түріккомиссияны да тыңдайық. Солай ғой, әкетайым? Жөні сол емес пе? Ә, солай, солай. Ендеше, Рысқұлов, әкетайым, бұл атүсті асығыс шешетін мәселе емес, ө — ө — т-е үл — ке-ен, ө — ө — өт-е маңызды мәселені ақылмен, сабырмен шешейік.

Рысқұлов қу қарағай төсектің үстіне қайтадан қисайды.

Түркістан дауының шиеленіскені сонша, Политбюро дардай басымен үш рет жиналды. Мүйіздері қарағайдай-қарағайдай көсемдер, жап-жас Рысқұловпен үш күн бойы айтысты. Сонда Рысқұлов не дейді? Түркістан (Қазақстанды қоса) империяның отары болып, сіңірі шыққан ел. Егер социалистік төңкеріс шын мәнінде социалистік болса, езілген елдерге бостандық берсін. Ленин жолдастың бұрынғы ұрандары да осылай болатын. Ендеше, сол ұран орындалсын. Түркістан саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан дербес, тәуелсіз ел болсын. Өз әскері болсын, өз шекарасы болсын. Шетелдермен дербес дипломатиялық қатынас жасасын. Ал РСФСР-ден біз қол үзбейік. Бірімізге -біріміз жәрдемдесейік. Сіздегі жоқты бізден алыңыздар, мысалы, мақта, мал. Біздегі жоқты сізден алайық, мысалы, техника, түрлі тауарлар. Әділі осы емес пе? Бірімізге -біріміз көз алартпайық. Тарих алдындағы әділеттік осы болады. Әйтпесе социалистік гуманизм дегеннің бәрі бекер, шетел, оның ішінде Шығыс социализмге сенбейді.

Шырқыраған шындықты Рысқұлов осылай айтып жанталасады. Бірақ марқасқалар марғау. Онда Түркістан Қазақстанымен қоса әлдекімдерге жем болып кетеді-міс. Сірә, Сталин айтқан шығар. Ағылшындар андып жүр деді. Түркия да cay емес деді. Түркия десе, Сталиннің денесіндегі жүннің бәрі түрпиіп шыға келеді, не бәлесі барын кім біледі? Түрік дүниесіне жаны қас. Онысын, тіпті кейде, жасыра алмай да қалады. Ленин Мұстафа Кемәлға қол ұшын берейік дегенде, Сталин іштей тынып, жақтырмады.

Сонымен не керек, ақыры Ленин шешім шығарды.

— Рысқұловтың жобасы қабылданбасын, кері қайтарылсын, — деді.

— Түріккомиссияның жобасы кейбір түзетулермен қабылдансын, — деді.

Деді! Мәс-саған: «Әкетайым, көкетайым!» Әне, Рысқұловтың көңілі «пайғамбардан» сонда қалған. Енді кімге барып шағынады? Құдды Сәбит Дөнентайұлының мысалындай. Бозторғай қырғидың үстінен арыз айтып қаршығаға барса, қаршыға қаз-үйректі қырып салып, құс әлемін шулатып жүр. Бүркітке барса, белшесінен қанға батып ол отыр.

Ендігі бір нәзік үміт Коминтернде шығар. Дәл сол 1920 жылдың жазында Коммунистік Интернационалдың II Конгресіне дайындық жүріп жатты. Ленин баяндамашы. Баяндамасының тезистерін ұлт өкілдеріне де жіберіпті. Пікір білмек. Мұнысы — демократия. Пікірді Қазақстандағы Ахмет Байтұрсыновтан, Түркістандағы Тұрар Рысқұловтан білмекші болыпты. Демократия!

Ахмет Байтұрсынов пен Тұрар Рысқұлов сол пікірді бірігіп жазсын. Бірігіп жазсақ, салмақтырақ болар деген шығар. Жазғанда не дейді? Қымбатты Владимир Ильич, ұлт мәселесі оңбай тұр дейді. Кешегі отар елдер сол отар күйінде қалды дейді. Кешегі патша генералдарының орнына енді большевик генералдары келіп, елді тоздырып, алқымнан алып бара жатыр дейді. «Боқты сідікпен жуып болмайды» дейді.

Ленин хаттың осы жерін оқығанда:

— Тьфу, азиаты! — деп мұрнын басып, тыжырынған көрінеді. Өзінде Азияның қаны жоқтай. Тыжырынса тыжырына берсін, шындық солай ғой. Біреуі ақ, біреуі қызыл болғанмен, генералдың аты-генерал.

Ленин бұл екі арыстың айтқан ескертпелерін ескермеді. Коминтерн үмітті ақтамады.

Енді барар жер, басар тау жоқ.

Ендігі Сот-бір Құдай ғана.

Ленин Құдайдың алдына әлдеқашан барған.

Рысқұлов та кешікпей баратын шығар.

Сәті түссе, екеуі Жаратқан Құдіреттің алдында кездесетін шығар. Сонда Рысқұлов не дейді, Ленин не дейді?

— Владимир Ильич, сіз сол жолы Түркістанды тұзаққа салып кеттіңіз.

— Тұрар Рысқұлович, әкетайым-ау, о не дегеніңіз, төңкерісшіл Түркістан Ресейден мүлде қол үзіп кетуіне жол жоқ еді ғой. Сіз әкетайым, Түрік республикасы, Түрік компартиясы дегенді шығардыңыз. Марксизмге мүлде жат. Соныңыз үшін ғана, Сталин сізді жазаға ұсынды. Ал мен құтқарып қалдым. Мәскеуге шақыртып, биік мәртебелі қызмет бергіздім. Әйтпесе, Сталиннің алғашқы құрбаны Сұлтан-Ғалиев емес, сіз болатын едіңіз.

— Сұлтан-Ғалиевқа неге араша түспедіңіз?

— Әкетайым-ау, ауырып қалдым. Сұлтан-Ғалиевты талапайлап талқыға салғанын мен тіпті білген де жоқпын. Білесіз ғой, мен Горки деген жерде ажалмен арпалысып жаттым. Иә, тым өкінішті-ақ...

— Жарайды, ол солай-ақ болсын. Ал Зәки Валидиді неге қорғамадыңыз? Ол кезде сіз cay едіңіз ғой.

— А — а-а, Зәки Валиди... Ө — т-е талантты башқұрт еді, шайтан алғыр. Есімде, есімде... бір хаты есімде: «Владимир Ильич, түбінде опық жеп жүрмеңіз». Иә, осылай ғой деймін. Осы мәндес бір хаты болған. Опық, Зәки көреген екен. Опық көп, Тұрар, әкетайым, опық деген жетіп жатыр.

— Зәки әлі тірі. Жалған дүниеде жүр.

— А — а-а, солай ма. Тірі болсын, тірі болсын. Иә, иә, ол, айтпақшы, шетелге қашып кетіп еді-ау... Әлгі хатты ол сонда жазған. Сонда жазған...

— Егер шындық дәлірек болсын десеңіз, Зәки Сізге: « Аса құрметті Владимир Ильич! Сақ болыңыз, бәлкім, қатерлі қателердің бастау-бұлағында Сіз өзіңіз тұрған шығарсыз», — деп жазып еді ғой.

— А — а-а, солай ма? Мүмкін, мүмкін. Мен ол кезде науқас едім ғой. Сіз ұмытпапсыз, Тұрар Рысқұлович... ұмытпапсыз... А — а-а, оны сіз қайдан білесіз? Хат маған ғана арналған ғой.

— Сізге арналғанмен, Сіздің науқас екеніңізді біліп, Зәки ол хаттың көшірмесін өзінің достарына да жолдаған.

— Солай ма... Сонда мен қандай қателердің басында тұрыппын, әкетай?

— Ұлт мәселесін аумақ-саумаққа айналдырдыңыз, Владимир Ильич. Сіз өзіңіз: «Башқұрттар ұлы орыстарға сенбейді, өйткені ұлы орыстар башқұрттарға Қарағанда мәдениеттілеу, ал сол мәдениет-тілігін башқұрттарды тонауға арнады. Соңдықтан башқұрттар үшін ұлы орыстар «қанаушы», «тонаушы». Бұл бағамен келіспеуге болмайды, бұл зорлықпен күресу керек» дедіңіз. Өте әділ айттыңыз.

Ал сөйте тұра, 1919 жылы 20 наурызда башқұрттарға автономиялы азаттық беру жөніндегі Келісімге Сіз, Сталин және Зәки Валиди қол қоя тұрып, арада он төрт ай өткен соң, 1920 жылы 19-мамыр күні осы Келісімнің күшін жойып, байғұс башқұрттарды қайтадан ұлы орыстың табанына салып бердіңіз. Аумақ-саумақ емей, бұл не сонда?

— Ох, сайтан алғыр, рас-ей, шынында да өте өрескел болған, ө-т-е өрескел болған.

— Өрескел іс толып жатыр, Владимир Ильич. Сіз Түркістандағы өкіліңіз Иоффеге айтқан өсиетіңіз есіңізде ме?

— Иоффе? Не деппін оған?

— «Біздің барлық ұлы саясатымыз үшін түземдердің сеніміне ие болу өте маңызды: үш есе, төрт есе маңызды: біздер империалистер емес екенімізді дәлелдеуіміз керек, мұндай сұмдыққа біз жол бермейміз...» — дедіңіз. Рас қой?

— Рас-ей, сайтан алғыр.

— Ал іс жүзінде қандай болды?

— Иә, қандай болды?

— Іс жүзінде сіз Түркістанның заңды өкіметінің үстінен ұлы орыс өкіметін орнатып қойдыңыз. Түркістанның заңды президенті мен болсам, менің үстімнен Фрунзені, Куйбышевті, Голощекинді, Томскийді, тағы кімдер еді, Рудзутакты, Бокийды қоқырайтып қойдыңыз. Ақыры мен президенттіктен, жалпы Түркістаннан кетуге мәжбүр болдым. Осы ма сіздердің «империалистер» болмағаныңыз?

— Әкетайым-ау, империализмнің ымырасыз қас жауы мына мен сонда империалист болғаным ба?

— Өкінішке орай, империалистердің бас көсемі болдыңыз.

— Қалайша?

— Оны сізге 1920 жылы қыркүйекте тағы да сол Зәки Валиди жазған. Ашық жазған. Есіңізге салайын, мазмұны былай: Владимир Ильич, шығыс халықтарына Орталықтың көзқарасы-шовинистердің көзқарасы. Түркістаннан Рысқұловты, Башқұртстаннан Валидиді зорлап кетірдіңіз-шығыста жоқ таптық күресті жасанды түрде қоздырдыңыз. Сөйтіп, ұлтшыл Рысқұлов пен Валидиді кетіру арқылы орыс шовинизміне адал құл болар кадрларды ұлттар арасынан жасанды түрде өсіріп, солардың қолымен ұлттарды қанайтын көсеу жасадыңыз. Бірақ біліп қойыңыз, Владимир Ильич, осы құйтырқының құрбаны өзіңіз болып жүрмегейсіз.-Міне, Зәкидің сізге хаты.

Солай, Владимир Ильич, сіз өмір бойы империализммен, ұлы орыстың шовинизмімен күрестіңіз. Сөйте тұра, өзіңіз империалист, шовинист болғаныңызды байқамай қалдыңыз. Міне, трагедия. Сіз майда халықтарға, олардан булығып шыққан қайраткерлерге астамдықпен құл ретінде қарадыңыз. Сенбесеңіз, Сұлтан-Ғалиевты тыңдаңыз. 1923 жылы мамырда Сталин Сұлтан-Ғалиевты түрмеге салды. Сонда отырып ол Орталық Бақылау Комиссиясына, Сталинге, Троцкийге хат жазды. «Мен кіммін? — дейді Сұлтан -Ғалиев.-Коммунист, революционермін бе, әлде саяси сатқын, арандатқыш албастымын ба?.. Мен құлдықтың құрсағынан шықтым. Қаналғандардың ішіндегі қаналған халықтан шықтым. Иә, мен революционермін, бірақ құл-революционермін. Мен бүкіл өмір бойы азаттыққа ұмтылдым. Бірақ бүкіл өмір бойы құлдық сезімнен арыла алмадым... Қазан төңкерісінен кейін азат шығармын деп ойладым. Бірақ маған бәрібір Құлсың деді».

Көрдіңіз бе, Владимир Ильич, Сұлтан-Ғалиев сияқты аса ірі тұлғаның өзі Кеңес өкіметі тұсында да өзін-өзі Құл сезінсе, өзгелерге не жорық?

Ал Сталин Сұлтан-Ғалиевтың соңына неге шырақ алып түсті, соны білесіз бе?

— Жоқ, әкетайым.

— Ендеше, тыңдаңыз. Сіз жалған дүниеден қайтар алдында, сол Горкиде жатып, Өсиетнама жаздырдыңыз. Бұл өте құпия құжат еді. Өсиетнамада сіз өз уәзірлеріңіздің біразына сипаттама бердіңіз. Троцкий, Бухарин, Каменев, Зиновьев, Сталин... туралы. Сталин шексіз билікті қолына алды, осынысы насырға шаппаса екен. Әрі десе, дөрекі, мейрімсіз, қатал дедіңіз. Міне, бұл жерде сіз пайғамбарсыз. Бұл хатты сіз съезге арнасаңыз да, сіздің уәзірлеріңіз оны халықтан, күллі коммунистерден жасырып қалды. Ал Сұлтан-Ғалиев мұны жер-жерде айтып жүрді. Одан кейін оны Сталин оңдырсын ба? Айналып келгенде, Сұлтан-Ғалиев сіздің идеяңыздың құрбандығы. Бәлкім, сіз тірі болғанда Сұлтан-Ғалиевты Сталиннің қудалауынан қорғап қалар ма едіңіз...

— Иә, егер мен тірі болғанда...

— Сұлтан-Ғалиевтың мен туралы Сталинге не жазғанын білесіз бе?

— Айта беріңіз.

— Рысқұловты Түркістаннан бекер кетірдіңдер. Ол Түркістанды тәуелсіз етпек болғанда, бүкіл Шығыстың қамын ойлады. Түркістан құлдықтан азат болса, бүкіл Шығыс соның үлгісіне еліктейді деп ойлады. Ал сіздер «пантюркизм», Тұран орнайды деп қорықтыңыздар. Тұран болса несі бар еді. Түркістан, Қазақстан, Қашқария, Хиуа, Бұхара, Ауған мен Персияның түркі бөлігі бәрі бірігер еді. Социализм үшін бұл қауіпті емес еді. Бұл орыс ұлтшылдығына қауіпті, батыс еуропалық капитализм үшін қауіпті, ал революция үшін түк те қауіпті емес еді. Рысқұловты Түркістаннан кетірдіңдер. Ал содан не пайда таптыңдар? Оның орнына орыстар келді, яғни баяғы отаршылар келді. Түркістанның шаруасы күйзелді, экономикасы шатқаяқтап кетті. Нәтижесінде басмашылар бас көтерді. Басмашы деген ол тек байлар ғана емес, Кеңес өкіметінен қорлық көрген нағыз кедейлер. Демек Түркістандағы социализм ісіне орасан зиян келді. Міне, Орталықтың «көрегендігі». Сұлтан-Ғалиев осылай дейді, Владимир Ильич.

— Сөйте тура, ол әлі тірі ғой.

— Тірі болатын. Бірақ 37-нің зұлматынан құтылмас.

Қу қарағай төсекте жатып алып, Рысқұлов анау-мынау, әлдеқандай Глебов сияқты сұмырай емес, Лениннің өзімен сөйлесіп, оған шындықты бетіне басқанына кәдімгідей жеңілейіп, кәдімгідей қуанып қалды. Глебов құрып кетті. Мұны мазалағанды қойды. Бәлкім, шаршаған шығар. Оның да күні күн емес. Болмағанды болды дегізу керек, істемегенді істедім дегізу керек. Бәрі керісінше келу керек. Бәрі де Құдайдың ісіне қарама-қарсы. Құдайсыз болудың өзінен де адам азатын шығар. Құдайға сенбесең, сені кім жаратты? Дүниені кім жаратты? Дүние-әлемде неге тәртіп орнаған? Неге ұдайы қар жауып, қыс болып тұрып алмайды? Немесе неге ұдайы жаз болып, шілде шақырайып тұрып алмайды? Бәрі кезекті, бірінен соң бірі кезегімен келіп-кетіп жатқан тіршілік. Бұл тәртіпті орнатқан кім? Атана нәлет Глебов емес қой.

Рысқұлов көзі ілініп, ұйықтап кетеді. Түсінде тағы да Көкшетауды көреді. Көгілдір қол жағасында Әзиза екеуі қол ұстасып, ну қарағайдың арасына кіріп кетеді. Қарағайдың иісіне мас болады. Мәңгі жасыл қарағай бұларға әл-қуат беріп, жасарта түседі. Қарағайдың өзінен медет алған бұлар енді мәңгі қартаймайды. Ешқашан ауырмайды. Өйткені қайсар қарағайдың өзінен шипа алған. Олар енді қарағайдың басына ұя салып, құсқа айналады. Құрысын бақталас, бақас адамдар өмірі. Олар енді қыран болып ғұмыр кешеді. Өмірге қырандар келтіреді...

Кенет жақпар тастың қиясынан Қызыл Жебе мінген Рысқұл шыға айқай салады:

— Тұрар! Мінгес артыма!

ӨМІРЗАЯ

Содан сол Холкинді таспен ұрып жыққан сойқаннан кейін, Ескендірді Пьянков тас зынданға қаматты. Әрине, сотсыз, тергеусіз атып тастай салуға да болатын еді, неге екені белгісіз, сұп-суық тас қапасқа қамады, балаң жігіт бір тәулікке де шыдаған жоқ: қызуы көтеріліп, алаулап, ажалдай суық абақтыда алаулап, өртеніп бара жатты. Лагерьдің емшісі келіп, ес-тұсынан айырылып жатқан Ескендірді лазаретке алдырды. Қос өкпе қолқамен бірге қабынып, қап-қара болып, үсіп кеткен екен.

Лагерьдің емшісі Пьянковқа: енді бұл адам қатарына қосылмайды, өліп қалмай тұрғанда еліне қайтарып жіберейік, — деді. Пьянков қарқ-қарқ күліп алды да: қайда өлгені бәрібір емес пе, оны соноу Мәскеуге кім апарады? «Жетім Шағалаға» да тыңайтқыш керек, — деді.

Топырақ пендеге туған жерден бұйырсын деген ұғым бар. Пьянковта ондай ұғым жоқ. Қу сүйегің саудырап қайда қалады-оған бәрібір. Империялық сана адамды отансыздыққа баулиды. Мысалы, осы Ескендірдің атасы Рысқұл баяғыда Бодойбодан қашқанда, тек бостандық тілеген жоқ. Ноқталы басқа бір өлім, өле кетсем-өлігім туған жерде қалсын деп тіледі Құдайдан. Арманы-Ақсу-Жабағылы еді, оған жете алмағанмен, нағашы жұрты-Таластан мәңгі мекен тапты. Осыдан бір ай бұрын туған әкесі Тұрар Ескендірге өсиет арыз айтып, сүйегімді тапсаң, Рысқұлдың қасына апарып қой деді. Үміт шіркін не дегізбейді. Жалғанда жалғыз ұлы Ескеңдірдің мұндай халге түсетінін Рысқұлов қайдан білсін? Әлі жас қой, бірдеңе етіп, тырмысып-тырбанып ажал құрығынан құтылып кетер деп үміт етіп еді. Енді сол Ескендір құлақ естіп, көз көрмеген Жетім Шағала деген кішкентай аралда қалып барады...

Ал Пьянковта отан жоқ. Оған бәрібір. Қарны тойса-сол жер отан. Отаннан тамыры үзіліп қалған.

***

Емханаға Ескендірді іздеп келіп, көңілін сұраған жалғыз жан Мирхайдар Фаткулин болды. Жанында жақының жоқта, жер түбіндегі алақандай аралда ажалмен арпалысып жатқанында, жанашыр біреу табылып, халің қалай деп бір ауыз сұрағаны-дүниенің бар байлығына бергісіз олжа.

— Хәллар нишек, Умырзая, — деді Фаткулин екі иінінен дем алып, екі беті алаулап жатқан Ескендірден.

— Халді көріп тұрсыз ғой, Мир — Хай-дар а — ғ-а, — дейді ентігіп, дем жетпей жатқан Ескендір. — Умырзая дегеніңіз не, Мир-Хай-дар а-ғ-а?

— И-и, куз нұрым, не десем екен, умырзая ол орысша-подснежник.

— А-а, бәйшешек, — дейді Ескендір қазақшалап.

— Умырзая тұғырысында бізде, татарларда жыр бар.

— Айтыңызшы, Мир-Хай-дар а-ғ-а.

— Ул бик монлы, сине расстроить итәргә булми.

— Айтыңыз, маған мұңлы музыка ұнайды. Өйткені өмір солай.

— Яри, куз нурым, айтиын.

Фаткулин терезеге қарап, көзін жұмып, жайлап бастайды.

Боз катлавы эрегач, жир өстенә

Умырзая чыға, қарағыз,

Умырзая чыға,

Умырзая калка

Умырзая суза сабағын.

Боз катлавы кебек көнкүрештән

Чығасым ла килә тизрәк,

Умырзая кебек,

Умырзая кебек,

Умырзая кебек тиз үрләп...

Умырзая бик тиз үсеп чыға

Бик аз ғана яши, тураеп,

Умырзая бик тиз Башын асқа ия,

Умырзая сула моңаеп...

Юк, мин яшар идем озақ, озақ,

Минем килми алай буласым:

Умырзая кебек,

Умырзая кебек,

Умырзая кебек суласым...

Фаткулиннің даусы пәс, жарықшақтау болғанмен, шын сезімнен шығып, өзінің де кеудесіне мұз боп қатып жатқан көңіл жібіп шырқағанда, дүниеде бұдан асқан әнші жоқтай көрінді. Ескендір әлгі әннің сөздеріне көбінесе түсіне алмады. Бірақ бәйшешек туралы болған соң, ән ырғағының өзі-ақ оның тағдырын айтып бергендей болды. Яғни, көктем шығып, тоң жіби бастағаннан-ақ, жер бетіне қылтиып бәйшешек шығады. Оның өмірге ынтызарлығы сонша, тез өсіп, сабағы тез ұзарады. Мұзды тоң секілді күнкөрістен мен де тезірек құтылғым келеді дейді әнші. Бәйшешек сияқты тез-тез құтылғым келеді дейді. Бірақ бәйшешек байғұс, тез-тез өсуге асыққанмен, ғұмыры қысқа, мұңайып тез солады дейді. Жок, мен бәйшешек сияқты тез-тез солғым келмейді, мен ұзақ-ұзақ өмір сүргім келеді дейді.

Жөтел қысып, ентігіп жатып, Ескендір әннің соңғы жолдарын әнмен қайталамақ болды.

Юк. мин яшар идем озақ, озақ,

Минем килми алай буласым:

Умырзая кебек,

Умырзая кебек,

Умырзая кебек суласым...

— Жоқ, Мир-Хай-дар аға, мен өмірзая сияқты тез солғым келмейді.

— Дұрыс, дұрыс, бауырым, сенің организмің жас. Ауруды жеңесің, көз нұрым. Айығып кетесің. Тек аурумен күресе біл, — деп Фаткулин қуат берген болды.

— Әніңізге көп рахмет, Мир-Хай-дар а-ғ-а. Осыдан қайтып қайырлы күндер туса, Әрифа апам түрмеден шықса, Рысқұловтар қайтадан бір бас қоссақ, мен сіздің осы әніңізді айтып берем. Әрифа апам бәрін түсіндіреді.

— Ол кім-Әрифа?

— Тұрар Рысқұловтың қайын енесі.

— О да түрмеде ме?

— Иә.

— О, қаһар соққан қатыгез заман! Хуш Искандер. Менің мұнда екенімді біліп қойса, Холкин оңдырмас. Сен одан біздің бәріміздің кегімізді алып бердің, Искандер. Бірақ жаны сірі екен, қайтадан жұмысқа шықты. Бұрынғыдай емес, жуасып қалған сияқты. Рахмет саған, Искандер...

***

Ескендірдің сүйегімен Жетім Шағаланы тыңайтпақ болған сол Пьянков лазаретке ентігіп, емпең басып, өзі келсін. Емшіге:

— Ескендір Рысқұловты тез жолға дайында! — деді.

— Не боп қалды?

— Білмеймін. Мәскеуден пәрмен келді, алып келіңдер дейді. Ескендірді арбаға мінгізіп, пароходқа алып бара жатқан жолда, ылдидан өрге тас тасушылар ошарыла тұрып, оқшиыса қарап қалды. Біреуі:

— Бастықты ұрып жықсаң елге қайтарады екен ғой, — деді.

— Еліне қайтара ма, әлде материкке алып барып ата ма? — деді басқа біреуі.

Сүлдесі сынық Ескендір әлсіз қолын көтеріп, қоштасу ишарасын жасады. Холкинді ұрып, карцерге түсіп, қос өкпеден айырылмағанда осылардың арасында жүре беретін бе еді... Аз күн тағдырлас болған талайсыз бауырларына қимас көңіл танытты. Көптің арасынан әлгі татар кісісін іздеді.

— Мирхайдар аға, — деп шырылдады. — Мирхайдар Фаткулин!

Мирхайдар тачканың сабынан қолын босата алмай, амалы құрып, кеудесін алға сүйреп, мойнын созып:

— Хуш, Искандер! Бағырем, хуш! — деді.-Рухлар сақласын, ходаем сақласын сине, ғиззатлем! Әтиіне кургәш сәлем айтырсын...

Ескендір «әтиін» — әкесін көре ме, көрмей ме, Тұрар Рысқұлов тірі ме, өлі ме-онымен жұмысы жоқ. Бәрі де үміт дүниесі ғой. Кеудеден жан шықпайынша, үміт дүниесі өлмейді екен. Еш заман көзге көрінбейтін, оқ өтпейтін, отқа күймейтін, мәңгі жоғалмайтын Жан деген құдірет кеудеңнен қош деп ұшпасын. Жан ұшса-Тән тулақ.

***

Глебов Рысқұловтың АЙЫПТАУ қорытындысын шығарып, бәрін хаттап та қойған. Тек соны мойындаймын деп Рысқұлов қол қойса болды. Оны Ежов құптайды. Вышинский қол қояды. Ульрих үкім шығарады. Айыптау қорытындысы негізінен жеті тармақтан тұрады.

Бірінші. Рысқұлов 1919 жылдан «Иттихат ва Тарраки» ұйымында болды.

Екінші. Энвер Паша және Зәки Валидовпен байланыста болды. Басмашыларға жәрдемдесті. 1921 жыл.

Үшінші. Қазақстан, Орта Азия, Закавказ, Қырым, Башқұртстан, Татарстанды КСРО-дан бөліп әкетпек болды. Сөйтіп, буржуазиялық-ұлтшыл мемлекет құрып, оны Германия, Жапония және Түркия боданына бермек болды.

Төртінші. Рысқұлов Рыковпен бірікті.

Бесінші. Сталин, Молотов, Ворошилов, Каганович жолдастарға қастандық жасамақ болды.

Алтыншы. Германияның шпионы. 1923 жыл.

Жетінші. Түркияның шпионы.

Мұның өзі РСФСР Қылмыс кодексінің 58-1, а, 58-2, 58-8, 58-11-статьяларына жататын қылмыс. Осы статьялар бекітілсе, Рысқұловқа Ату жазасынан басқа жаза жоқ.

1934 жылғы 1-желтоқсанда қабылданған Заң бойынша, бұл қылмысты іс КСРО Жоғарғы Кеңесі Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының қарауына жатады. Әскери Коллегияның Торағасы армвоенюрист Ульрих.

Коллегияның құрамында Ульрихтен басқа бригвоенюрист Зарянов, I рангалы военюрист Кандыбин, I рангалы военюрист Костюшко, КСРО Прокурорының орынбасары Рогинский бар.

Рысқұловтың тағдыры осы бесеуінің қолында. Адамның тағдырын адамға қаратып қою қиянат. Адамды Алла жаратты, ендеше оның тағдырын Алланың өзі шешсе керек еді. А, мүмкін, Жаратқан Құдірет Рысқұловтың тағдырын шешуді осы бесеуіне тапсырған шығар. Жаратқан Құдіреттің ықтиярынсыз ешнәрсе болмайды дейтіні қайда?

Сот жабық болатын болды. Куәлар шақырылмайды. Айыпталушы адвокат жалдай алмайды. Әскери сотта адвокат болмағаны ғой. Сонымен, Рысқұловты қорғаса, тек бір Құдай ғана қорғайды. Одан кейін өзін-өзі ғана қорғайды. Басқа ешкім жоқ.

Бірақ соттың ісі созылып тұр. Себебі-болмашы ғана бір ілік. Алдын ала тергеу протоколына Рысқұлов қол қоюы керек. Глебовтың осы арада заңның тәртібін сақтай қалуы түсініксіз. Лубянкада он ай отырғызып, соншама сансыз сұрақ қойып, том-том сұрақ-жауап жазылғанда, сол томдардың әр парағының аяғында Рысқұловтың қолы тұруы тиіс екен. Ал оған ол қолын қоймайды. Үзілді-кесілді бас тартады. Глебов оны суға да салады, отқа да салады, адам жанын қинаудың қанша амалы бар-бәрін істейді, бірақ тұтқын қол қоймайды.

Ақырғы мақсат біреу. Рысқұловтың көзін құрту. Ендеше, оның қол қоюының қанша құны бар? Оны кім тексеріп жатыр? Соттың заңдылығын, тергеудің әділдігін таразылап жатқан кім бар? Рысқұловтың қолын қолдан жасай салу қиын емес. Оны қай экспертиза зерттеп жатыр? Сорақы соттың осы бір жерде «әділеттік» сақтап, ыздия қалуы ақылға қонбайды -ақ.

Сонымен, Глебов ақырғы шабуылдардың біріне шыққан. Рысқұловты кабинетіне алдырып, қойылған айыптарды пысықтап, ал енді осыны мойындайсың ба? — дейді ғой. Жауаптың орнына Рысқұлов:

— Мен Лениннің өзімен сөйлестім, — деді. Глебов жалт қарап, Рысқұловтың бетіне үңілді: «Ақыры алжасқан екен» деді.

— Не? Не? Не сандырақтап отырсың? Қайдағы Ленин?

— Иә, кәдімгі Владимир Ильич. Ол менің сұрақтарыма жауап бере алмай, қиналып қалды.

— Не сұрақ қойып едің?

— Владимир Ильич, сіз әуелі ұлттар бостандығы туралы ұран тастадыңыз. Ұлттар өз тағдырын өздері шешсін дедіңіз. Кейін жеме-жемге келгенде бұл уәдеңізден тайқып кеттіңіз. Оныңыз қалай? — дедім.

— Ол не деді?

— Ол былай ғой, әкетай-ау, енді былай... — дейбереді.

— Оңбаған, енді ұлы әруаққа тіл тигізуге шықтың ба? — деп ашуланды Глебов.

— Жоқ, азамат тергеуші, мен болған әңгімені айтып отырмын.

— Сандалма! Ленин 1924 жылы қайтыс болған. Өкінішке орай, сен әлі тірісің. Өлген адаммен қалай сөйлесесің?

— Жоқ, қателесесіз азамат тергеуші. Өлетін адамның тәні ғана, ал жан өлмейді. Анау мавзолейде жатқан Лениннің сарғайып, қураған тәні ғана, ал жаны...

— Жетті, оңбаған мракобес!

— Мракобес мен емес, сізсіз, азамат тергеуші. Сіз Шын дүниені білмейсіз.

— Ендеше, сол «Шын» дүниені сағынып тұрсаң, кешікпей барасың.

— Ол рас, азамат тергеуші, сіз де барасыз. Сіз де өлесіз.

Глебов селк ете қалды. Глебов талай адамды өлімге өз қолымен аттандырса да, осы өзім де өлемін-ау деген ой басына келмепті. Сол «өлім» деген суық сөз енді жүрегіне оқтай қадалды. Неге сескенді? Демек бұл да небары ажалды адам ғана екен ғой. Әмірі жүріп, құдіреті үстем болып тұрғанда, пенде шіркін, Құдайды ұмытады. Өзін өлмейтіндей санайды. Міне, бұл надандықтың шыңы. Ал надандық билеген заман-соры қалың заман.

— Солай, азамат тергеуші.

— Оттама.

— Оның несі оттау? Шындық қой. Әлде сіз өлмейсіз бе? Құдайдан «өлмейсің» деген кепілдік алып па едіңіз?

— Жоқ.-Глебовтың аузынан еріксіз шығып кетті.

— Әне, көрдіңіз бе, ондай кепілдігіңіз жоқ. Ендеше, сіз бен біз әлі Шын дүниеде кездесеміз. Мені бүгін атып тастарсыз, не ертең... Бәрібір. Ал содан кейін мен Шын дүниеде сізді күтіп жатамын. Асықпаймын. Жанталасып өлмеуге тырысарсыз. Енді кем болса елу жыл жасарсыз. Мейлі жүз жыл болсын. Мен асықпаймын. Әйтеуір, бір келесіз. Әне, сонда...

— Сонда не болады?

— Сонда мына маған істеген адам айтқысыз айуандығыңыздың бәрі алдыңыздан шығады.

— Хм-м, — Глебов «Беломорканал» папиросының қорабын түбінен шертіп жіберіп, бір талын алып, шырпы тұтатты. Қолы кәдімгідей дірілдеді. Бұл пенде. Небары кәдімгі ажалды пенде. Ажал туралы шындап ойға қалған сыңайлы.

Сонымен бірге, ол Рысқұловтың сөз саптауына тан қалды. Бұрын мұндай емес-тін. Ленинмен сөйлескені несі? Сандырақтап отыр дейін десе, сөзінің қисыны бар. Бірақ Ленинмен сөйлесу... қисынға келмейді. «Шын» дүние дегенді шығарыпты. Мұнысы да қайран қалдырады. А, бәлкім, бұл «жақсылықтың» нышаны шығар. Енді бұған құжатқа қол қойдыру оңай болар.

— Сөйтіп, Рысқұлов, екеуміз біраз мылжыңдасып алдық. Енді іске көшейік. Міне, мына протоколға қол қоясың, — деп Глебов түптелген том-том үш кітапты көрсетті.

— А — а-а, — деді Рысқұлов ол кітаптарға селқос қарап. — Яғни, Рысқұлов үш бірдей мемлекеттің шпионы. Кеңес өкіметін құлатпақ болды. Бұл жөнінде Рыковпен сыбайлас. Көсемдердің көзін жоймақ болды, яғни терроршы. Ұлы Тұран мемлекетін құрмақ болды, тағысын тағылар. Осы ғой. Оны мен мойындап қол қоюым керек. Осы ғой?

— Осы.

— Жарайды, Глебов. Мен қояйын. Бірақ сен Ақ теңіздегі баламды алдыр. Ескендір Рысқұловты осында алдыр. Бір корейін. Бір-ақ рет. Әйелім Әзизаны, басқа балаларымды қинамаңдар. Олардың ешқандай жазығы жоқ. Мен қол қояйын, бірақ баламды бір көрсет. Содан соң, неге болса да мен дайын.

Негізінде талабы дұрыс. Рас, НКВД тұтқындармен тәжікелеспейді. Дегенмен қатыгез заңнан да саңылау табуға болады. НКВД үшін алыстағы жатқан баланы алдыру қиын емес.

Рас, Рысқұловты тағы да азаптауға болады. Есінен мүлде адастыруға да құдірет жетеді. Өзі де адасуға бейім тұрған сияқты. Бірақ Глебов жалыққан сияқты. Ол Рысқұловқа:

— Жарайды, — деді.

***

Ескендірдің Ақ теңізден оралуы осындай себептен еді. Бірақ ол әкесіне жолыға алмады. Рысқұловтың ақырғы арманы орындалмады.

«Халық жауларының» тізімі оқтын-оқтын Сталиннің алдында жататын. Әрине, «халық жауларының» қошқарлары. Бүкіл Одақ бойынша миллиондаған «жау» болса, оның бәрін Сталин қалай оқып отырады. 1937 жылы ұсталғандар түрмелерде әлі отыр. Міне, 1938 жылдың күзі болды, әлі жаза жоқ. Ұзаққа созылған бұл неғылған тергеу, неғылған сот?!

Сталиннің көңіл күйі пәс еді. Болмашы нәрседен көңілі бейжай болды. Дәу қара трубкасын тұтата бергенде, трубка тарс ете қалды да, от шоршып, мұртының ұшын жалап өтті. Кәдімгідей күйген жүннің қоңырсық иісі шықты.

Неге екені белгісіз. Әлде, «Золотое руно» темекісінің ішіне біреу оқ-дәрі қосып қойған ба? Әлдеқалай араласып кетті ме? Бұл не? Қастандық па? Мүмкін, біреу оқ атты ма?

Басы жап-жалтыр көмекшінің зәресі кетті. Сталин шегетін темекіні дереу зерттеуге алдырды. Табан астында Ежовты шақырттырды. Сөйтіп «темекі ісі» басталды да кетті. Ол темекі қайдан әкелінеді, кім дайындайды, Кремльге кім жеткізеді, кімнің қолынан, кімнің тексеруінен өтеді-тұтас тізбек қатаң тергеуге түсетін болды. Құда қаласа, құрбандық мол болады.

Мұрттың ұшы үйтілді екен деп тіршілік тоқтап қалмайды. Сталин құсаланып жатып алмайды. Ежовты қасына алып, «халық жауларының» қошқарларының тізімін қолына қалам алып отырып, қайта қарап шықты. Троцкий шет елде. Зиновьев отыр. Каменев отыр. Томский отыр. Бухарин отыр. Рыков, Рудзутак отыр. Сокольников, Чубарь, Радек дейтіндер отыр.

«Нацмендер»деген тізімге келіп еді, ең басында Рысқұлов тұр. Сұлтан-Ғалиев, Файзолла Ходжаев, Икрамов, Атабаев, Қожанов... осылай тізбектеліп кете береді екен.

Сталин Рысқұловтың тұсына қара қаламды батырыңқырап біраз отырды. Ендігі мәселе сол қалам қалай қисаяды: сұрақ қоя ма (?), әлде үшкір таңба (Ү) қоя ма-соған тіреліп тұр. Сұрақ белгісін қойса, әлі тергеу созыла түседі. Үшкір таңба қойылса-бүл өмірдегі талқаны таусылды деген сөз. Үшкір танба (Ү) садақ жебесінін ұшы ғой. Сол жебе жүрекке қадалмақ.

Сталин үйітілген мұртын сипады. Сарғыш көзі қысылыңқырап, қоңыр қайыспен қапталған дәу есікке қадалды. Есіктен Рысқұлов кіріп келетіндей, сонда Сталин оған: «А, Түркістанның Шыңғыс ханы, төрлет», — дейтіндей. Рысқұлов оған: «Оқасы жоқ, төрге грузиннің кінәзі отырып қалған екен, оқасы жоқ», — дейтіндей, ұзақ қарады. Бір кезде болып еді, сондай қақтығыс. Бір ойды бір ой жетелейді. Кенет Сталиннің құлағына: «Сталин қателеседі!» деген ащы сөз саңқ етіп жеткендей болды. Сондай да бір қақтығыс болғаны рас еді. Нахал, Рысқұлов, нахал. Тым құрыса, «Сталин жолдас» деуге болады ғой. Жоқ, түйеден түскендей қылып «Сталин» дейді. Рас, ол кезде, 1923 жылы, Сталиннің атына «жолдас» деген сөзді қоспай сөйлейтіндер баршылық еді. Троцкий оны тіпті көзіне ілмейтін сияқты болатын. Каменев өте жұмсақ кісі еді. Иосиф Виссарионович дейтін. Бухарин кесірлі, мақтаншақтау еді. Сталинмен ол да санаса бермейтін. Мейлі, бұлар революцияның тарландары ғой. Оларға кешірімді де шығар. Ал Рысқұловқа не жоқ? Жасы да кіші. Нахал. О, ол не демеді: «Түрік республикасы! » деді ғой. Дербес мемлекет құрып, жеке-дара басқарып отырмақшы болды ғой. «Түрік» дейді. Көрсетейін саған түрікті! «Түбі бірге түріктер, бірігіңдер!» деді ғой. Біз «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп ұран тастасақ, ол «Түбі бірге түріктер, бір болыңдар!»деп қыңырайды. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Білеміз түріктерді. Әлемнің күн шығысынан күн батысына дейін мұхиттай тасыған. Түрік емес халықтарды тасыраңдап басынған. Шыңғыс ханды монғол дегенмен, түбі түрік тектес еді... Бірақ Көк Түріктің жиған-тергенін шайқап кетті. Кейінірек Ақсақ Темір, Баязит, Тоқтамыс бірін-бірі жеп қойды. Олар бірін-бірі жұтып қойғаны абзал болды. Егер бұл үшеуі бірігіп қимылдағанда, дүние жүзінің картасы қазір мүлде басқа сипатта болар еді... Мына Рысқұлов солардың қатесін түзетпек. Қырық құрақ түрікті қайта құрамақ. Бұл ма, бұл мына тізімдегілердің бәрінен де қауіпті. Ол тіпті бір кезде Мұстафа Кемәлға да қол созды ғой. Енді сөйткен Мұстафа Кемәл-АТАТҮРІК атанды.

Егер Рысқұлов Ататүрікпен жалғасса не болмақ?

Сталин тізімдегі Рысқұловтың тұсына қаламын қадап тұрып, қап-қара қылып, баттитып «Ү» белгісін соқты. Сұр жебенің үшкір ұшын салды.

Тіршілікте, баяғыда да, беріге дейін де Сталин Рысқұловпен қызмет бабында, тойларда сыпайылық сақтап, тіпті әзілдесіп, тіпті қалжыңдасып, тіпті қақтығысып жүруші еді. Бірін-бірі өлімге қимас сияқты еді. Бірақ САЯСАТ деген сайтанның ісі кейде, көбінесе сайқал мінезді. Саясаткерде жеме-жемге келгенде, мейірімнен гөрі, қаталдық, қатыгездік үстем болады. Әсіресе Сталин сияқты саясаткер кімді аясын...

***

Глебов Ежовтан тағы да таяқ жеді. Ежовтың алдынан ол тышқаннан қорыққан пілдей болып, тапыраңдап, осқырынып шықты. Өткен жолғыдай емес, Рысқұловтың «сандырағын» тыңдап, алқам-салқам шалжиып отырған жоқ. Әуелі пистолетін суырып алды. Рысқұловтың шекесіне сұп-суық қарудың ұшы қадалды. Ай-шай жоқ:

— Қол қой, иттің баласы! — деді.

Әуелі қару суық, қаруды тіреп тұрған адам суық, ал осы екеуінің әрекетімен келейін деп тұрған ажал одан да суық. Рысқұлов бұл Лубянканы мекендегелі бері өлім туралы талай-талай ойлады. Ойлай-ойлай тіпті сол ойға еті, жүйкесі үйреніп кеткендей де сияқты. «Өлемін-ау» дегенде бұрынғыдай тұла бойы түршікпейтін болды. «Ноқталы басқа-бір өлім» деген бар. Соған бойды да, ойды да дағдыландыру керек. Өлімнің ешқандай да қорқынышты емес екенін мойындау лазым. Сонда жеңіл болады. Қиналмайсың. Өлген адамға ешкім үкім жүргізе алмайды. Өлім сонымен күшті. Тірілердің иттігін, пасықтығын, сатқындығын, қорқаулығын, сорақылығын, қиянатшылдығын көзіне де ілмей, жайсаң қалпында, арыстай боп, сулап түсіп, жата береді. Міне, пандық, міне, тәкаппарлық. Өлген адам қор емес, тәкаппар. Ол Сталинді де, Ежовты да менсінбейді. Сонда түптің түбінде кім ұтылады? Ал Глебов-бишара. Әтештің ауызындағы шегіртке. Бар болғаны-палач.

Глебов міз бақпай қалған Рысқұловтың шекесін пистолеттің шолақ ұшымен нұқып -нұқып жіберді. Шекесі шығыңқы еді. Пистолеттің ауызынан дөңгеленіп із қалды.

— Уәде қайда? — деді Рысқұлов шімірікпей.

— Қандай уәде, хайуан?

— Бала қайда?

— Қайдағы бала?

— Ескендір Рысқұлов.

— А-а, мен соған бола сөгіс естідім, оңбаған!

Глебов ызаланып жерге бір түкірді.

— Балаң осында. Бірақ оны Ақ теңізге қайта айдайтын шығар.

— Жолықтырамын деп едің ғой?

— Алдымен протоколға қол қой, одан кейін көреміз.

— Баламды көрмей-қоймаймын.

— Сен небары сотталушы қылмыскерсің. Ал кылмыскер талап қоя алмайды, түсінсеңші, бишара!

— Мен алдымен адаммын ғой. Сотта да соңғы тілек деген болмаушы ма еді?

— А, оның рас, оны сол сотта айтасың. Сот болу үшін, мына алдын ала тергеудің протоколына қол қой.

Рысқұлов тілі байланғандай сілейді де қалды. Глебовқа қос көрінбесе, Рысқұловтың көзі біресе қылиланып, біресе ақиланып тұрғандай елестеді. Пистолетпен нұқып еді, селт етпеді. Ежовтың тапсырмасы бар. Істі бітіру керек. Ежов та қызық. Формализм не керек? Протоколды Вышинскийге бекіттіріп, сотқа тапсыра салмай ма?

Жок, өйтуге болмайды. Вышинский Рысқұловтың қолынсыз істі бекітпейді. Ол әділ болғандығынан емес. Ежовпен іштей бақталас. Қазір Ежовтың аты дүрілдеп тұр. Дүние жүзі біледі. Ежов десе, жарты дүние жапырылып жығылады. Ал Вышинскийді біреу біліп, біреу білмейді. Егер Ежовтың ісінен қыл-қыбыр шығып жатса, оны Вышинский пайдаланып, аяғынан шалуы ықтимал.

«Ну что ж, — деді Глебов өзіне-өзі. — Ен ақырғы амал қалды». Содан соң, меңіреу тартқан Рысқұлов саңырау деп ойлады ма, қатты айқайлап:

— Рысқұлов, сен ауырып қалыпсың, дәрігерге қарату керек. Емханаға барасың, — деді.

Рысқұлов тіл қатпады.

Есіктен еңгезердей екі айдауыл келіп, Рысқұловты ішкі түрменің емханасына алып кетті.

***

Дәрігерден гөрі қасапшыға ұқсайтын, ақ халаты кірлеу, мұрны қолақпандай түкіс біреу Рысқұловтың қан қысымын өлшеген болды. Шешіндіріп, өкпесін, жүрегін тыңдаған болды. Кәпірдің тырнағы өскен, қолы да күс-күс, дәрігердің қолындай емес. Сөйтіп, медсестраға бірдеңе-бірдеңе деп тапсырма берді. Медсестра Рысқұловтың көк тамырына укол салды. Бар ем-дом сонымен бітті де, Рысқұлов айдауылдармен бірге Глебовтың кабинетіне қайта оралды.

Сол-сол екен, өзі бұрын талай азап шегіп, қорлықтың неше түрлісін шеккен кабинет бұл жолы бұған баяғы өзінің Совнаркомдағы кабинетіндей болып көрінсін. Көзіне оттай басылды-ау. Ай-шай жоқ, Глебовтың креслосына барып отырып алды. Глебов аяғының ұшынан басып, құрақ ұшып жүр. Көмекшісі сияқты. Шіркін, дүние өзгеріп сала берді. Көңілі көкке көтерілгендей. Глебов сүп-сүйкімді. Еденге әлдеқалай су төгілген екен. Ой, айдын-шалқар көл сияқты, айналасына ақбоз үйлер тігілген, шұрқыраған үйір-үйір жылқы, бір — бірімен тебісіп, шайнасып жатқан айғырлар...

Адам сорлы өмір бойы жұмақты іздеумен өтеді. Сөйтсе, жұмақ... оп-оңай жерде екен. Айнала-жайсаң жандар. Біреуге біреудің қысастығы жоқ. Дүние кең. Қыспақ жоқ. Астындағы-кресло емес, яки Қазығұрттың төрі, яки Талғар шыңы, жоқ, Хан-Тәңірі. Айқайлап ән салды. Ойқастатып, Қызыл Жебе мініп, Рысқұл да жетті. Биікте, тақта отырған патша баласына қол бұлғайды. «Мінгес Қызыл Жебеге!» — дейді. Сүп-сүйкімді, биязы Глебов: «Тұрар Рысқұлович, мына қаулыларға қол қойыңыз. Бәрі тексерілген. Қатесі жоқ», — деп қолын кеудесіне басып, бүк түсе қалыпты. Не деген көп қаулы. Иә, мынау Түрксіб туралы... Мынау Дағыстан автономиясы туралы. Мына бет-Қырғызстан автономиясы, мына бет-Якутия автономиясы. Мынау Қарағанды шахталарына қосымша қаржы болу туралы...

— Тұрар Рысқұлович, у вас же отличный, каллиграфический почерк. Что ж вы так... Подпишитесь по-аккуратнее, — дейді Глебов жалынышты үнмен.

Рысқұлов әр «қаулының» астына қолын айбақ-сайбақ қойып отыр еді ғой. Глебов сорлы содан қорқады. Не деген таусылмайтын көп қаулы. А-а, мынау Әзиза ғой! Неғып тұрсың, Әзиза. Жақындасаңшы бері. Қолындағы қызың ба? Атын кім қойдың?

Рида? Е, жақсы екен. Артына тығылып тұрған кім? Сәуле? Ей, Сәулеша, келе ғой, келе ғой. О, жаным әшейін, кішкентай күнім менің. Ескендір қайда? Үйленді? Қойшы-ей? Құтты болсын. Әжесінің қолында? Елизавета Петровна ма? Е, ол тірі ме еді? Шешесі? Наталья ма? Ол келіп пе? Келген екен ғой. Жоғалып кетіп еді. Наташа! Ах, кербез сұлу Наташа... Глебов, подожди. Көрмей тұрсың ба, Наташа ғой мынау. Жена моя. Әзиза ма? Әзиза, келші, жаным. Өкпелеп қалдың ба? Ну, Глебов, подожди, не торопи. Надя ма?Тоже моя жена. Хорошенькая. Майя! Маечка! Пианинаң бар ма? Жоқ. Глебов! Достань Маечке пианино. Достанешь. Ну, вот хорошо. А это кто еще? Сталин? Чего тебе надо?! Тебе, что, трон нужен? Богом хочешь быть? Трон на Хан-Тенгри? Пошел ты, жалкий пес! Загубил Султан-Галиева? Загубил.

Осы жерде Глебов шошып кетіп, Рысқұловтың аузын баса қалды. Біреу естіп қойған жоқ па деп, алақтап жан-жағына қарады. Құмырадан жынды шығарып алып, енді қайтып кіргізе алмай қор болды. Рысқұлов есін жисын деді ме, бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберді.

— Ну Глебов, не ласкай. Ну, что ты так угодничаешь? Я тебе не девушка. Не лезь, не лезь! — Шыбын шаққан құрлы көрмеді. — Ну, что Сталин, загубил Ильича? Загубил. Теперь хочешь быть Богом? Бог не на Хан-Тенгри, а на Гималаях. Иди туда, если Он уступит тебе свой трон, иди. Ну, Глебов, не приставай. Хватит. Ишь, как щенок лезет. А ты, Сталин, ступай. Что? Турки? Какие турки? Ну, что тебе все мерещатся турки? Түріктер қызыңның қойнынан шықты ма? Нең бар түріктерде?! Кто? Магжан? Воспевал турков? Ты его тоже загубил? Да? Ах, ты, людоед! Я пантюркист? Кто сказал? Жантоков? Голощекин? Ах, старый козел! Уничтожил царскую семью, съел половину казахов, вместе с тобой Сталин, теперь за меня... Сталин! Как ты сожрал три миллиона казахов? Как ты не подавился? Поделился с Голощекиным? Ну, да, поделился. Как? Как? Казахи совсем не годились для роли долговечного исторического народа? Это твоя теория? Что? Что? Тебе нужна была территория? И поэтому уничтожить казахов? Бог ошибался, создавая казахов? И ты намеревался исправить эту ошибку?

Глебов буынып өле жаздады. Бірақ Рысқұловтың арының тоқтатуға шамасы келмеді. Шыдай алмай шылым тұтатып еді, Рысқұлов атып тұра келді.

— Пожар! Пожар! — деп айқай салды. — Мировой пожар! Горит Рейхстаг! А это ты, Георгий! Привет, дружище! Ада, мыс тобой отдыхали в Крыму. Помню, помню. Слушай, Димитров! Я тебе из Лубянки писал письмо. Не дошло? Что? Сталин перехватил? И обвинил тебя, что ты связан с Рыскуловым? Ах, дерьмо! Мешок дерьма!

Глебов шыдай алмай Рысқұловты пистолеттің дүмімен құлақ шекеден бір ұрып құлатты.

***

Консилиум Ескендір Рысқұловтың көп болса бір-ақ апталық өмірі қалды деп шешті. Қос өкпесі де іркілдеп іріп кеткен. Оны емдеп жазатын ешқандай құдірет жоқ. Сондықтан, деді консилиум, баланы түрмеге қайта салудың ешқандай реті жоқ. Егер туған-туысқаны бар болса, солардың қолына берген жөн. Аурухана оған енді керек емес. Әрі десе, мұнда онсыз да орын жетпей жатыр. Баланы шығарып жіберген дұрыс.

Ауруына байланысты деп Ескендірді тұтқыннан босату үкімі шығарылды.

— Сені өз қолына алатын кімің бар? — деп сұрағанда Ескендір кімді атауды білмей қиналды. Кім қалды? Әкесі, егер тірі болса, түрмеде. Әзиза айдауда. Түйметайдың не болғанын білмейді. Надя? Бір cay қалған сол шығар. Бірақ «халық жауын» ол қабылдар ма екен.

— Менің әкемнен басқа ешкімім жок, — деді Ескендір. — Ол өзі де түрмеде. Мені соның қасына апарып қамаңыздар.

Түрме басшылары:

— Жоқ, ол болмайды, ол мүмкін емес, — деп шешті.

— Онда мені Ақ теңізге апарып тастаңыздар.

— Онда бір нәрсең қалып кетіп пе еді? Мына дерт сол Ақ теңізден тапқан олжаң ғой.

— Өлген адамға «Жетім Шағала» жақсы мекен.

— «Жетім Шағала» жұмақ емес шығар.

— «Жетім Шағалада» өмірзая өседі.

— «Өмірзая»? Ол не?

— Бәйшешек. Подснежник.

— А-а. Бәйшешек барлық жерде өседі.

— «Жетім Шағаланың» бәйшешегі өзгеше.

— Несімен?

— Умырзая бик тиз үсеп чыға,

Бик аз ғына яши, тураеп,

Умырзая бик тиз

Башын асқа ия,

Умырзая сула моңаеп.

Жөтеліп-жөтеліп, ентігіп-ентігіп әрең айтты. Әнімен айтты.

— Бұл әнді қайдан білесің?

— Сонда бір жақсы адам үйретті.

— Татар болды ғой.

— Иә.

— «Жетім Шағалада» сенсіз де мұң көп. Кәне, кім бар сені қолына алатын?

Ескендір Рысқұлов көп ойланды. Кім бар? Әкесі Қазақстанға жет деп еді. Онда қай туысқан бар? Есіне ешкімді түсіре алмады. Түлкібас деуші еді. Кейде Түркібас дер еді. Неге дегенде, о басында Түркібас еді, кейін-кейін Түлкібас деп кеткен. «Л» мен «Р»-дың сөйтіп шатасып жүретіні болады. Әйтпесе «Тараз» емес, «Талас» деуші еді әкесі. Төменгі Таласқа бар. Сонда бабаң Рысқұл жатыр деп еді, әкесі. Мүмкін, соған жеткізіп салар.

— Мені Төменгі Таласқа апарып тастаңыздар, — деді Ескендір.

— Ол қай жер?

— Қазақстанда.

— Онда кімің бар?

— Бабам бар. Дедушка. Рысқұл аты.

— Шақыртсақ, сені келіп алып кете ала ма?

— Жоқ, ол өлген.

— Е, бала, сен не, Чеховтың Ванькасы болайын дедің бе? «Деревне. Дедушке». Солай ғой?

Ескендір ұзақ жөтелді. Езуінен қанды көбік көрінді.

***

Есінде ештеңе жоқ. Мең-зең. Пистолеттің дүмі тиген жер томпайып ісіп қалыпты. Соны қолымен сипалады. Бұл қайдан ісіп жүр? Есіне ештеңе түспейді. Әлде соншама ұзақ ұйықтап қалған ба? Денесі дене емес, құр сүлде. Әлде өліп тірілгені ме? Әлгі өлгенде жан бөлініп, Шын дүниеге барады дегені қайда? Шын дүниені кере алмады. Тіпті елес те жоқ. Бұл қалай? Жүрегіне май кілкігендей көңілі мүлде бей-жай. Бұл қайдан пайда болды деп шекесіндегі ісікті тағы сипалады. Сыздап ауырады. Әлде төсектен құлап түсті ме? Есінде жоқ.

Әлде Глебов тағы соққылады ма? Онда білер еді ғой. Жоқ, біраздан бері Глебов қол жұмсаған жоқ. Глебовты көрмегелі бері қанша күн өтті? Бүгін қай күн? Қай ай? Әлде талай жылдар өтіп кетті ме? Мынау өзі Лубянка ма, жоқ әлде басқа түрме ме?

Жан-жағына қарайды: баяғы сол тор көз соқыр терезе. Баяғы сол тұмшаланған жарымжан шам. Босағада-параша. Жалғыз орындық. Басқа ештеңе жоқ. Сол қарағай төсек. Қарағай иісі сезілмейді. Түк те түсініксіз...

Сөйтіп отырғанда айдауыл келіп есікті ашты.

— Жүр, — деді.

Рысқұлов жүре алсашы. Қисалаңдап құлай береді. Аяғының буындары былқ-сылқ, жер тіреп тұра алмайды. Айдауылдың сүйемелдеуімен үстіңгі қабатқа әрен шықты-ау.

Үйреншікті кабинетте, Глебовтың орнында бұл жолы Нейман отыр.

— Отыр, — деді. Үні қатқылдау.

— Оқы, — деп бір парақ қағаз ұсынды. Рысқұлов бұрандасы жоғалып, бір көзі түсіп қала беретін көзілдірігін қолымен ұстап, қағазға үңілді.

Айыптау қорытындысы

деп жазылыпты. Одан жоғары оң шекесіне:

Бекітемін: Вышинский

деп қол қойылыпты.

Айыптау қорытындысы жеті тармақтан тұрады екен. Сол баяғы «Иттихат», Энвер Паша мен Зәки Валиди. Қазақстан, Орта Азия, Кавказ сырты, Қырым, Башқұртстан, Татарстан елдерін КСРО-дан бөліп алу; оларды Германия, Жапония және Түркия боданы ету; Рыковпен байланыс; Сталин, Молотов, Ворошилов, Кагановичке қарсы террор ұйымдастырмақ әрекет; Германияның шпионы, Түркияның шпионы. Бәлендей-бәлендей статьялар бойынша іс КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясына тапсырылсын...

Рысқұлов Нейманға қарап:

— Мен протоколға қол қойған жоқпын. Мына қорытынды заңсыз, — деді.

Нейман мырс етіп, амалсыз адамдай қолын жайды.

— Өкінішті, әрине. Бірақ қол қойыпсыз.

— Қашан?

— Оны мен білмеймін. Тергеуші Глебов қой.

— Глебов қайда? Менің қолымды өзінше қоя салған ғой. Бұл подлог!

— Глебов енді басқа кызметте. Ол жоғарылап кетті. Оның орнында әзірше мына менмін.

— Сіз көптен бері көрінбей кетіп едіңіз ғой?

— Иә, іссапарда болдым. Білесіз бе, қайда?

— Қайда?

— Қазақстанда.

— М-м. Менің ісім бойынша шығар?

— Бір жағынан о да бар. Сондағы әріптестерге көмектестім.

— Мұндай сырды мен сияқты тұтқынға айтуға бола ма? Нейман қызарақтап қалды.

— Сіз сыр шашпайсыз.

— Рахмет сеніміңізге.

— Жантоқовты білесіз ғой.

— Иә... Білемін.

— Сол сізден кешірім өтінді.

— Қалайша?

— Ол ату жазасына бұйырылды.

— Ол да...

— Иә, ол да ХАЛЫҚ ЖАУЫ. Сізге бекер жала жаптым деп өкінді.

— Демек мен ақпын ғой?

— Жоқ.

— Неге?

— Кінәларыңызды өзіңіз мойындап отырсыз.

— Қалай? Мен мойындаған жоқпын.

Нейман том-том дәптерлерді алып, Рысқұловтың алдына тақады.

— Мынау сіздің қолыңыз ғой?

— Иә-ә... ұқсайды. Бірақ...

— Не бірақ?

— Мен қол қоюдан бас тартқанмын. Мынау... Менің қолым емес. Айбақ — сайбақ қой!

— Жөндеп қараңыз. Сіздікі. Рас, ыждағатсыз, ықылассыз қоя бергенсіз. Әйтпесе, сіздікі. Міне, мына беттерде қолыңыз түп-түзу.

Әрбір беттің соңында «Т. Рысқұлов» деп тұр. Асыққанда айбақтатып осылай қоя беретіні рас. Сонда бұл қалай? Бір бет, екі бет есте қалмауы мүмкін-ақ болсын. Екі жүз алпыс үш бетке қол қойғаны қалайша есінде қалмайды?

— Солай, азамат айыпталушы. Енді сотты күтесіз, — деді Нейман.

— А-а...

— Не айтайын деп едіңіз?

— Жантоқов...

— Иә, Жантоқов.

— Ол қалайша... Иә, ол маған жапқан жаласын мойындағаны есепке алынбай ма?

— Алынар ма еді, кім біледі, егер сіз өзіңіз айыбыңызды мойындамасаңыз,

— Мен, мүмкін, ауырған шығармын. Ақыл-есім түзу болмаған шығар.

— Оны дәрігер, экспертиза анықтауы керек еді. Енді кеш. Қазір есіңіз дұрыс. Сап-саусыз. Денсаулығыңызда ауытқу болды деген анықтама жоқ. Міне, делода жоқ. Демек, ештеңемен дәлелдей алмайсыз.

— Адам өзіне-өзі әдейі қастандық жасап, тезірек өлгісі келуі де мүмкін ғой. Меңде де... Сондай кезен болған шығар. Өзіме өзім не бәленің бәрін үйіп-төге берген шығармын. Бұл есепке алынбай ма?

Нейман бойын тіктеп алды:

— Вышинский жолдас Заңға еш жерде жоқ жана теория енгізді. Яғни: АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ МОЙЫНДАУЫ-ӘДІЛЕТТІҢ САЛТАНАТЫ. Міне, білдіңіз бе? Бұл жаңа ТЕОРИЯ.

***

«Адамның күні адаммен». Осында мұхиттай терең сыр жатыр. Ғасырлардың елегінен өткен сөз. Сөйтіп барып, біз ғаріпке жеткен сөз. Мына аласапыран заманда осының растығына тағы бір дәлел болды.

Жендеттер Ескендірді тұтқындауын тұтқындап алып, енді қалай құтыларын білмей бастары қатты. Әрине, көшеге шығарып тастау немесе түрменің ауруханасында шіріту олар үшін қиын да емес. Бірақ Ежовтың аузынан шығып қалған бір ауыз сөз олар үшін заң.. Жақындарының қолына табыс етіңдер деген. Жанашырлықпен айтылмаған шығар. Мейірім, қайырым деген ұғым Ежовқа жат. Әйтеуір, масылдан құтыла салғысы келген ғой. Сонымен, НКВД-нің қолы ұзын. Рысқұловқа жанасты алыс-жақын адамдардың бәрінің тізімі бар. Олардың бірен-сараны болмаса, бәрі де түрмеде. Түрмеден аман қалған Жанша Досмұхамбетовтың жұбайы Ольга Константиновна бар еді. НКВД соған хабар жеткізді. Осындай да осындай, Ескендір Рысқұловты алып кетіңіз.

Былай қарасан, Ескендір Ольганың екі туып, бір қалғаны емес. Егер Ескендір туған сіңлісі Надяның баласы болса, бір сәрі. Рысқұловтың Надядан бұрынғы қатыны Наталья Колосовскаядан туған бала ғой. Яғни, Надяның күндесінен. Мұндайда Ольга Константиновна: мен ондай баланы білмеймін, аулақ жүрсін десе, ешкім де кінәлай алмас еді. Бірақ Ольга адамда жөні бөлек жан еді. Бір сөзге келмей Ескендірді қабылдап алды. Сіңлісі Надяға телефон соқты.

— Наденька, Шурик вернулся! — деп сүйінші сұрағандай да болды.

Алаш-Орда көсемдерінің бірі Жанша Досмұхамбетовтың жиған-терген жиһазы дегенше ескіден қалған жалғыз кереуеті бар еді. Оның өзі көне заманның көзіндей піл сүйекті тектес ақ кереует болатын. Айыбы, бір аяғы жоқ еді, оның орнына кірпіш қалап қойыпты.

Қалуға ма, Воронеж бе, әйтеуір біреуінде, көп жыл жер аударылған Алаш-Орда «ханы» Жанша ақыры Мәскеуге келіп, осы бір екі бөлмелі пәтерге тұрақтаған. Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» романын қазақшадан орысшаға аударып, оны осы Ольга машинкаға өз қолымен басып, Жанша баспаға апарып тапсырып еді. Ақшасын әне-міне аламыз-ау деп жүргенде, Жаншаны НКВД алып кетті. Сол кеткеннен ұшты-күйді хабарсыз. Ольга аударманың ақысынан дәметіп баспаға барып еді, қолжазба жоқ болып шықты. НКВД құрығы мұнда да жеткен сыңайлы.

Сөйтіп, күнкөрісі шықпа жаным, шықпа болып отырған Ольганың бар байлығы-ақ кереуеттің үстіне Ескендір Рысқұлов сулай түсіп жатып алсын.

Қос өкпеден тырнақтай қалғанша тыным таппай, жөтеліп жатты. Екі беті алаулап, көзі оттай жайнап, жарық жалғанның соңғы сәулесін сіміріп, жанталасқан сәт келді. Апалы-сіңлілі Ольга мен Надя оның асты-үстіне түсіп, аузына су тамызып, ақтық қызметтен аянбады. Рысқұловқа екеуінің де өкпесі қара қазандай болса да, оның жалғыз жәдігері аз күн дәуреннен соң, бұл дүниеден өтерде, Ольга мен Надя өткен-кеткен өкінішті ұмытып, жандары мына міскіннің жанымен жалғасып, осының жанымен бірге шығардай шырылдады.

— Шурикті тірі қалдыра гөр, — деп Құдайға жалбарынып-ақ бақты. Бірақ олардың арызы Құдайдың құлағына жеткен жоқ. Ескендір шаштың бір қылына ғана ілініп тұрғандай, үзілуге жақын қалды. Соның өзінде есінен бір танған жоқ, тынымсыз жөтелдің ара-арасында ентігіп, екі иығынан дем алып, сөйлеп жатты. «Жетім Шағаладағы» өткен өмірді қиссадай қылып айтып берді. Мирхайдар татар туралы аса бір асқан сезіммен тебіренді. Оның «Өмірзаясын» ыңылдап айтты. Өмірде бұдан артық ән жоқ деді. Өйткені ол өзі туралы еді. Көктемде жердің тоңы жібісімен бәйшешек қылтиып шығады. Тіпті қардың астында жатып та шыға беретіні болады. Соншалықты асығады байғұс. Неге асығады, тез өсіп, тез өлу үшін бе? «Өмірзая» Ескендірге арналған ән. Мұны шығарған қандай данышпан?! Демек, Ескендір сияқты қыршын кеткендер бұрын да аз болмағаны ғой. Тағдыр солай болған соң, не өкініш?!

Қайран Ескендір. Гүлдеп шешек атқанда үсіп ұрып, ызғар соққан бишара. А оның бұл азаптан құтылып кетуіне де болатын еді-ау. Глебов айтты ғой Павлик Морозов туралы. Соның тілін алғанда, тірі қалатын еді. Бірақ туған әкесіне жала жауып, оны өлімге қиып жіберіп, жер бетінде қайтіп жүреді.

Рас болса, адамның денесі-адамның киімі ғана көрінеді. Адам өлді дегені-киімінің ғана тозғаны. Ал жан өлмейді. Жан не адам бейнесінде, не бір жәндік, не бір өсімдік бейнесінде жер бетіне қайта оралады. Ескендірдің жаны, сірә, өмірзая-бәйшешек болып оралар. Онда тағы да тез солады. Бірақ жылда, жылда қайтадан шыға береді.

Ескендір ешқандай жанталасқан жоқ. Қың деп қиналғанын да білдірмеді. Тек бір сәтке бой жасағандай болды. Тіпті жастықтан басын көтеріп, көңілденіп, қасында отырған екі әйелді үміттендіріп те қойды. Надя қуанып:

— Құдайға шүкір, беті бері қарады, — деді. Бәлені көп көрген Ольга үндеген жоқ. Ол ақырғы сәт екенін сезді. Надяны ауыз үйге шақырып, сыбырлап:

— Байғұс-ау, дайындалайық, — деді.

Надя үрпиіп, қорқып қалды.

Ескендір ың-жыңсыз жатып, жай ғана жүріп кетті. Тек бетінің қызылы оңып, бозарып қалды. Күлімсіреп жатқан бойы дүниеден өтті.

Екі әйел оны Мәскеу зираттарының біріне қоймақшы еді. Ольга айтты:

— Ваганьков зиратында Ғани Мұратбаев жатыр, соның қасына қояйық, — деді.

Сөйтсе, оған рұқсат жоқ екен. Оған да өлген адамның атақ-даңқы болуы керек екен. Ал Ескендір болса «халық жауы». Ақыры крематорий дегенге түсті байғұс бала. Жерден топырақ та бұйырмады. Топырақ бұйырғанда моласына жылда өмірзая өсіп шығатын ба еді. Крематория оның кішкентай құмыраға салынған бір уыс күлін алып берді. Екі әйел құмыраның бүйіріне:

«Ескендір Тұрарұлы Рысқұлов. 1920-1938» деп жаздырды да, крематорий қабырғасының бір қуысына апарып қойды.

Сөйтіп, Өмірзая жыры таусылды.

ТҰРАР

Қатты ұйықтап қалған екен. Өмір таусылып, өлім есік қағып тұрғанда бұл қайдағы ұйқы? Кілең ақ қайыңның ішінде жүр. Көктем екен дейді. Бірақ қай жердің қайыңы? Мәскеу түбіндегі Яуза орманында осындай ақ қайыңдар болушы еді. Сол ма? Жоқ, Көкшенің Бурабайы ма? Әлде Талғар, әлде Ақсу-Жабағылы ма? Кілең зипа бойлы, сылаң қаққан сұлу қайындар. Жапырақтары нәзік, ашаң жасыл. Бір қайыңның бүйірінен жас тамшылап тұр. Әлдекім жаралап кеткен екен. Кәдімгі адам көзінің жасы сияқты мөп-мөлдір. Жапырақтар сыбдыр-сыбдыр сыбырласады. Ал мынау үнсіз жылайды.

Сөйтіп тұрғанда, әлгі қайың лезде Әзиза болып шыға келеді. Рысқұлов жүрегі тарсылдап, қуанып қалады. Бірақ Әзиза қуанбайды. Бұған қарай құшақ жая ұмтылмайды. Қартайып, бетін әжім басып, шашы ағарып кетіпті.

— Әзиза, неге мұңаясың? — дейді Рысқұлов. Жақындайын десе, орнынан қозғала алмайды. Әзиза үн қатпайды. Арада түсініксіз бір көріністер өтеді де, Әзиза қайтадан қайыңға айналып кетеді. Рысқұлов кілең ақ қайыңның арасынан шыға алмай әлі жүр. Әзиза есінен шығып кетті. Әлдеқандай құстар шырылдап ән салады. Әлдебір құс тынбастан біреуді шақырады. Жағы сембейді. Үнінде жалыныш, сағыныш сарыны бар. Бұл да мұңлы.

Кенет аяғының астынан бәйшешек көрінеді. Абайламай өзі басып кетіпті. Еңкейіп бәйшешекті түзетпек болады. Бірақ сабағы сынып қалған екен, қылжиып қайта құлайды. Кенет дауыл тұрып, орман шуылдайды. Ақ қайындар бүгіліп-бүгіліп, жапырақтары жамырап қоя береді. Рысқұлов орманнан жол таба алмай, қалай қарай жүрерін біле алмай, азынаған у-шудан үрейленіп барып, оянып кетеді.

— Тұтқын Рысқұлов, на выход! — деді айдауыл. Түннің қай мезгілі? Белгісіз.

— Сағат қанша? — деп сұрады Рысқұлов.

— Түн ортасы болды, — деді айдауыл.

Түн ортасында тергеуге алып бара ма? Айтпақшы, тергеу бітті ғой. Түн ортасында, тек атуға алып баратын шығар. Өлімнен қорықпа, өлім түк те қорқынышты емес деп өзін-өзі қанша қайрап, бойын үйреттім дегенмен, тұңғыш рет жүрегі су-у-у етіп, тұла бойы қалтырап қоя берді. Сілейіп тұрып калды. Тек айдауыл мылтықтың ұшымен итергенде ғана, ілбіп басып, алға жылжыды. Қанша айтқанмен, талай айлар бойы мекені болған, көп күн азап шеккен, қаншама ойлар мұхитын кешкен камера ғой, артына бұрылып қарағай төсекке қарады. Тұмшаланған әлсіз шамға қарады. Олардан басқа ешкімі жоқ. Басқа кіммен қоштасады? Ешкімі жоқ. Жүздеген, мыңдаған адамдарды білуші еді, біреуі жоқ. Құдайдан басқа ешкім жоқ. Ал Құдайдың қалауы осы болса-көнбесіңе не шара...

***

Кәдімгідей үлкен залдың іші жап-жарық екен. Мұндай жарықты көптен бері көрмеген Рысқұловтың көзі қарықты. Қос айдауылдың қақпалауымен тұтқынның орнына әрең тауып барып отырды. Көзі үйреніп, жан-жағына қарап еді, залда қатар-қатар орындықтар бар екен. Бірақ онда жан баласы жоқ. Tөp жаққа қарап еді: президиум үстелі қызыл мәуітімен қапталып о да бос түр. Президиум тұсына КСРО Гербі ілініпті. Терезелер қызыл перделі.

Рысқұлов сотқа келгенін түсінді. Сот емес, трибунал. Соттың рәсімі көп. Адвокат деген болады, айыптаушы прокурор деген болады. Куәлар шақырылады. Мұнда ешкім жоқ. Бірақ кейінірек келетін шығар.

Кенет жер астынан шыққандай бір дауыс:

— Встать! Суд идет, — деді. Орнынан тұратын Рысқұловтан басқа ешкім жоқ. Қос айдауыл қос қапталында онсыз да қақшиып тұрған.

Түкпірдегі есіктен аласа бойлы, жалтырбас кірді. Генерал формасы бар. Оның соңынан бірінен соң бірі тізіліп, төрт адам кірді. Бәрі де әскери формада.

Жалтырбасы армвоенюрист Ульрихтың өзі екен. Ол қақ ортада. Әлдекімдер том-том қағаздарды әкеліп қойды. Рысқұлов ол томдарды таныды. Он айлық тергеудің жемісі. Автор-Глебов. Бірақ бұл арада Глебовтың өзі жоқ. Вышинский де жоқ, Ежов та жоқ. Олар өз міндеттерінен құтылған. Олар енді басқа тұтқындармен әуре. Қамалған жалғыз Рысқұлов емес қой. Бірақ мұның соты жеке өтпек. Жанында екі айдауыл. Алдында-бес генерал.

Әскери коллегияның төрағасы Ульрих формальді түрде Рысқұловтан өмірбаянын сұрады. Рысқұлов жауап берді.

Ульрих Рысқұловтың қандай қылмысы барын тізіп шықты. Сол баяғы Вышинский бекіткен Айыптау қорытындысындағы жеті тармақ.

— Осы қылмыстарыңызды мойындайсыз ба? — деп сұрақ қойды Ульрих.

— Жок, мойындамаймын, — деді Рысқұлов.

— Қалайша? — деп Ульрих көзілдірік астынан Рысқұловқа шұқшия қарады. — Мұнда мойындаған қолыңыз тұр ғой, — деп папкаларды алақанымен ұрғылап қойды.

— Маған қолды қалай қойдырғанын білмеймін. Сірә, есімнен тандырса керек.

— Өйтіп кеңес тергеу орнына жала жаппаңыз, — деді I рангалы военюрист Костюшко.

— Мен кеңес өкіметі үшін кеудемді оққа тосқан адаммын. Менің кеңес өкіметіне қарсы істеген қастандығым жоқ, — деді Рысқұлов әлі де әлденеден үміттеніп.

— Сеңдердің бәрін солай сайрайсыңдар, — деді Вышинскийдің орынбасары Рогинский. — Сендер Вышинский жолдастың сөзімен айтқанда, екі аяқты айуансыңдар.

— Айыпталушы Рысқұлов, сізбенен тәжікелесіп отыратын уақыт емес. Түн ортасынан ауды. Бар болса, соңғы сөзіңізді айтыңыз, — деді Ульрих жексұрындау күлімсіреп.

— Менің кінәм жоқ! Жоқ! Жоқ! — деп айқайлап жіберді Рысқұлов. Бірақ оны мына меңіреу зал менен меңіреу әскери коллегиядан басқа ешкім естімеді.

— Бұлардың бәрі сөйтеді, — деді Костюшко.

Сот «кеңесу» үшін залдан шығып кетті. «Кеңесу» үшін. Мұндай формализм не керек...

Рысқұлов орындықты сықырлатып қозғалақтай берсе керек, айдауылдың біреуі иығынан түртіп:

— Тыныш отыр, — деді.

Өзі емес, ойы ғой тыныштық таптырмай бара жатқан. «Кеңесуге» кетті. Ә, бәлкім, ішінде бір имандысы табылып: «Ау, жолдастар, мұнымыз әділетсіздік қой. Рысқұлов айыбын мойындамады ғой», — дейтін шығар. Ә, білкім, атуға емес, айдауға кесім қабылдар. Ендігі ой осы төңіректен ұзаған жоқ. Рысқұловты ой қыспағында қалдырып қинамай, әскери коллегия қаздай тізіліп, лезде кайта оралды. Олар енді креслоларына отырған да жоқ. Ульрих бірден үкімді оқыды.

«КСРО атынан КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы мына құрамда:

АРМВОЕНЮРИСТ УЛЬРИХ,

БРИГВОЕНЮРИСТ ЗАРЯНОВ,

I РАНГАЛЫ ВОЕНЮРИСТ КАНДЫБИН,

I РАНГАЛЫ ВОЕНЮРИСТ КОСТЮШКО,

КСРО ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ РОГИНСКИЙ

ҮКІМ ШЫҒАРДЫ.

МӘСКЕУ КАЛАСЫ, 8-АҚПАН

1938 ЖЫЛЫ.

Жабық сот мәжілісі.

ҚАРАЛДЫ: РЫСҚҰЛОВ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВИЧТЫҢ ІСІ. 1894 ЖЫЛЫ ТУҒАН. РСФСР СОВНАРКОМ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ОРЫНБАСАРЫ. РСФСР КЫЛМЫС КОДЕКСІНІҢ 58- 1а, 58-2, 58-8, 58-1 1 СТАТЬЯЛАРЫ БОЙЫНША БЕЛГІЛЕНГЕН КЫЛМЫСТАРЫ БОЙЫНША...

Үкім шығарды:

РЫСҚҰЛОВ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВИЧ ЖАЗАНЫҢ ЕҢ АУЫР ТҮРІ-АТУҒА КЕСІЛСІН.

YKІM ӨЗГЕРМЕЙДІ, ҚАЙТА ҚАРАУҒА ЖАТПАЙДЫ».

Сот небары он төрт-ақ минутке созылды. Тергеу қанша ұзақ болса, сот сонша қысқа болды.

Үкімнің көшірмесін Рысқұловтың қолына ұстатты. Рысқұлов залдан шығып бара жатқан Ульрихтың соңынан: — Азамат Төрағасы! — деп айқайлады. Ульрих қайырылып қарады.

— Бұлардың бәрі сөйтеді. Енді жалынып бәле болады, — деді Костюшко.

Дегенмен Ульрих Рысқұловқа:

— Не айтасыз? — деді.

— Азамат төрағасы, ақырғы тілегім: мен жуынып алайын, — деді.

— Жуынғанмен сыртың тазарады, ал пиғылды қайтесің? — деді Костюшко.

— Да, пусть, — Ульрих қолын сілтеді. Айдауылдарға:

— Шомылдырыңдар, — деді.

***

Көптен бері жылы су тимеген денесі кәдімгідей жіпсіп, тіпті маңдайынан шып-шып тер шықты. Рысқұлов сол жіпсіген денесін сабындап, ысқылап жуынды. Жүрегінде суыл жоқ, қорыққаны, үрей буғаны білінбейді. Жылы суы, мұздай суы бар, сабыны бар ванна, түрме ваннасы — Рысқұловтың бұл жарық дүниеден соңғы көрген рахаты болды. Өз денесіне өзі таңқалады. Тек шандыр ғана қалыпты. Ілмиіп арықтапты. Қолының қары, аяғының саны салбырап, тоқсандағы кәрі адамдай сиықсыз көрінді. Рысқұлов өз түрінен өзі жерігендей болды. Тозған екенсің ғой, сорлы, — деді. «Киімі» тозған екен. «Киімін» сыпырып тастайтын кез келген екен. Бірақ жүректегі көзге ілінбес, көрінбес жан орнында.

***

Рысқұлов сөйтіп өзін-өзі арулады. Өзін-өзі жумаса, мұның сүйегіне кім түседі, кім жуындырады? Өз иманын өзі үйірді. Әйтпесе, мұның иманын кім үйіреді? Жаназасын кім шығарады? Кімге қарызбын? — деп ойлады. Алыс-жақын адамдардың бәрін көз алдынан өткізді. Ешкімге қарыз емес сияқты. Ал қарыз болғанда қайтеді? Оны қалай өтейді? Өтеуге мүмкіндігі жоқ қой.

Бұл дүниеде кімге қарыздар? Әрине, алдымен, ең алдымен анасы Қалипа марқұмға қарыздар. Бірақ бұл дүниеден тым ерте өтіп кеткен анасының қарызынан қалай құтылмақ? Ары ойлап, бері ойласа, анасына арнап ас та бермепті. Құран түсірмепті. Әжелерің Қалипа деген кісі деп балаларына да үйретпепті. Мұның бәрі, әрине, Қалипаны өзі де тым-тым аз білгендігінен шығар. Қалипа қайтыс болғанда, Тұрар небары төртке жаңа шығып еді-ау...

Өзгесің деп өзегінен теппей өсірген өгей шешесі Ізбайшаға қарыздар. Ізбайша да бақытсыз. Аласапыранда адасып қалды.

Әрине, әкесі Рысқұлға қарыздар. Тым болмаса, оның адасқан моласына белгі де қойдырмапты. Әрине, кінәлі.

Алматыдан Қордайға дейін арқасына салып, Меркеге шығарып салып, Саймасай болыс кегі үшін қанға-қан дегендердің құрығынан құтқарып қалған Ахат атасына қарыздар.

Өкіметтің қуғынынан жасырып, «Қырғызбаев» деп өз фамилиясын берген Меркедегі Қырғызбай атасына қарыздар. Оның адуынды әм шексіз мейірбан кемпірі Салихаға қарыздар.

Ойлап тұрса, Рысқұлов екі аяғы аспаннан салбырап түсе қалмаған екен. Мейірімді адамдардың арқасында жоқтан бар болған екен. Енді міне, солардың қарызынан құтыла алмай кетіп барады. Бәлкім, Шын дүние бар екені рас болса, сонда құтылар.

А, бәлкім... Рысқұлов осы қарыздың бәрінен осы өмірде-ақ құтылған шығар. Он сегізінші-он тоғызыншы жылдары; отыз екі-отыз үшінші жылдары миллиондаған адамды кеңес өкіметі әдейі ұйымдастырған аштық ажалының тырнағынан құтқарып қалып еді ғой. Мүмкін, осы есепке алынар...

Атуға жаналғыштар қазір келе ме, әлде бір сағаттан кейін келе ме-белгісіз. Уақытын айтқан жоқ.

Ату қорқынышты емес. Оқ тиер, тыз етер. Оны сезесің бе, сезбейсің бе-Құдай білсін. Атуға дейінгі сәт қиын. Күту қиын. Ажал жарықтық, қанша дегенмен түсі суық. Ойламайын десең де үрей қинайды. Үрейсіз адам жоқ. Өлімнің мәні де сонда шығар. Сонысымен қадірлі де болар. Адамдар өлімнен қорықпаса, мына былғаныш дүниеде не болар еді? Одан бетер былығар еді.

О басында адамдар өлімнен қорықпайтын да заман болыпты деседі. Содан адамдар есіріп, жердің бетін ластап жіберіпті. Дүниеде есірік көбейіп, қылмысқа толып, әлем сасып кетсе керек. Сонда құдіретіңнен айналайын Құдай олардан үміт үзіп, жер бетінен жойып жіберуді ойлапты. Нұх пайғамбарға әмір беріп, кеме жасатып, сол кемеге тірі жан атаулыны жыныс бойынша бір жұптан мінгіз депті. Кемеге мінгендер ғана, болашақ, таза тұқым үшін тірі қалып, басқалардың бәрін топан суы қаптап өлтіріпті.

Жаналғыштар неге кешікті? Өз ажалымен өлгендерге Әзірейіл көзге көрінбей келеді екен. Ал Рысқұловтың Әзірейілі көзге көрініп келуі керек. Көзге көрініп келгені қиын.

Камера, тас камера, тас қапас меңіреу. Оған арызың өтпейді. Шіркін, Құдірет бұған күш берсе, темір торды жұлқып сындырып, терезеден ұшып шықса, Құдірет бұған МИҒРАЖ кереметін көрсетсе... МИҒРАЖ тек пайғамбарларға ғана бұйырған. Рысқұлов пайғамбар емес, небары кәдімгі пенде. Миғраж кереметімен Иса пайғамбар көрден шығып, көкке ұшып кеткен. Мухаммед пайғамбар миғраж күшімен Пыраққа мініп, аспанға ұшып, Жәбірейілмен тілдесіп, Алланың әмірін Жерге жеткізген Расул.

Жоқ, Рысқұлов тас қапастан шыға алмайды. Миғраж оған бұйырмаған. Кез келгеннің бәрі Миғраж күшімен ғарышқа ұшып кете берсе, миғражда қасиет қала ма?

Ендігі бір қолынан келгені, Рысқұлов өзін-өзі қайрады: үрей болып қалтырама, әлдекімдер сияқты бақырып бажылдама. Ажалды сабырмен күтіп алудың өзі абырой. Жаналғыштардың алдында абыройыңды төкпе. Қорықпа! Көп болса, пистолетпен атар. Қас-қағым сәт шыдасаң-бәрі бітеді. Бір Рысқұлов осылай дейді.

Екінші Рысқұлов: көгілдір аспанды, жарық күнді қайтіп қиясың? Өзің қасиет тұтқан қайсар қарағайды, ақбозым қайынды қалай қиясың? Жалған-жалған дегенмен, құрт-құмырсқасына дейін қымбат қой. Сені туған елің, жерің бар ғой, қаһар мен қайғы қамаған Қазақстанды, өзің басын қоспақ болған Түркістанды-Тұранды қалай қалдырасың? — деді.

Шіркін-ай, ой дүние-ай, Түркістан түгел болғанда Рысқұлов бұл қасіретті шегер ме еді. Топырағы да бұйырмаған, тарыдай шашыраған талапай Түркістан!

Дүние кезек деуші еді. Ер түріктің тарыдай шашыраған тамтығы қайта бір бірігіп, қайта бір қайраттанып, қанатын керіп, көкке бір самғар күн туар ма екен? Көк берінің алтын басы жалтылдап, көгілдір туы желкілдеп, көк түріктің аруағы тіріліп, әлем алдында қасқайып тұрар заман қашан келерсің?

О дүние-ай, сонда мен қайта тірілсем! Сол күнді бір көрсем. Керөлең мен Орхон суындай, Ертіс пен Еділ толқынындай аңырап аққан армандарым-ай. Шынымен-ақ адыра қалдыңдар-ау. Менің текті бабаларым-Күлтегін мен Тоныкөк, Тұман хан мен Мөде хан... Есім хан мен Қасым хан, Тәуекел мен Тәуке хан... қайдасыңдар? Сендерді алған сұм ажал мен бейбақты құрығынан құтқарар ма?! Ел деп, жер деп еңіреген ерлерім, жандарың жаннатта болсын, нұрларың пейіште шалқысын. Мына мендей пендеге медет беріңдер. Ажал алдында қуат пен шыдам беріңдер.

Тұлпар тектес Түркістан! Сенің басыңнан адасып ұшқан бақ басыңа қайта келіп қонар болса, менің рухым Құдіреттің нұрына шомылар. Сенің басыңа қайта келіп қонған бақты бақталас-бақастығымен, күншіл, қиянатшылдығымен үркітіп жібермесе екен надандар мен жамандар. Қызғаныш пен күншілдік, ұя бұзған рушылдық түбімізге жетті ғой. Келер ұрпаққа сол сасық мұра кесірін тигізбесе екен.

Қиянат пен қысастықтан мен дүниеден кетермін. Қазақтың, жалпы түрік нәсілдің бар жамандығы бізбен бірге жоғалып, дүниеге адал да асқақ, бауырмал да батыр, ақылды да тәкаппар ұрпақ келсе екен. Түрік әлемі тұтас болса екен.

***

Арқаның ақ бораны соқты. Әуелі жаяу боран еді. Бұрыннан жатқан қасаң кардың үстімен сырғанақтап, сылаңдап, сусылдап мың сан ақ жыландар ойқастап, ойнақ салғандай еді. Артынан терістіктің желі қатая түсті де аспан мен жердің арасы ақ түтекпен тұтасып кетті. «Арқанын ақ мылтығы» деген осы.

Мұндайда «АЛЖИР» ақ кебін оранған елікке айналады. Әйтеуір, тіршілік бар екенін анда-санда тарс етіп, атылған мылтық дауысынан білесің. Бұл енді қарауыл. Биік мұнарада тұра тын қарауыл. Оның да күні күн емес. Тері тұлыпқа қанша орандым дегенмен, мұндай сұрапыл соққанда қарауылда тұру екі азап.

Бірі-азынаған боран болса, екіншісі қорқыныш. Пейілі бұзық тұтқындар лагерьден осындайда қашады.

Қашқанда қайда барары белгісіз. Айнала ақ теңіз. Белуардан күртік қар. Әрі құтырып тұрған боран. Тұншығып-ақ өлесің. Бірақ лагерьден бір сәт құтылып, еркіндікке шыққанды асыл арман ететіндер аз емес. Азаттық үшін неге болса да бас тігетіндер табылады.

Лагерьді айнала қоршаған шарбақтың әр бұрышында сопақтау ағаш үйшік турады. Ол үйшік темір тағандардың үстінде, биікте. Сол арадан бүкіл лагерь алақаныңдағыдай көрінеді. Алыстан қарағанда, әлгі үйшіктер тікесінен тік қойған табыттар сияқты боп та елестейді. Төрт бұрышта төрт прожектор түнде аждаһаның көзіндей бағжияды. Оның жарығынан қыбырлаған құмырсқа да көрінердей.

Бірақ мына ақтүтек боранда прожектор да ақ шел басқан ауру көздей әлсірейді. Сол қорқынышты. Қарауылдар мұндайда қашқынды байқамай қалуы мүмкін. Содан қорыққан қарауылдар кезек-кезек, анда-санда, гүрс-гүрс мылтық атып қояды. Онысы бір жағынан «біз ояумыз, біз сақпыз» деген белгі. Ақ дауыл үдей түседі. Қарауылдардың «табыт» үйшіктері сықырлайды. Прожекторлар шайқалып, әлсіз сәуле жанталаса билеп тұрады.

Үш қабат нар төсектер қатар-қатар тізілген сасық барақтың іші қалың ұйқыға кеткен шақ. Құлқын сәріден ел орынға отырғанша тынбай жұмыс істейтін «халық жауларының қатындары» сұлай түсіп, сілейіп қатып қалғандай шырын ұйқының кезі. Бұлар үшін осы бір сәттен артық жаннат жоқ.

Тек Әзиза қайта-қайта шошып оянып, шошып оянып кете берді. Түсінде неше түрлі құбыжық көреді. Біресе ақ боранның арасында жалғыз өзі қалып, айнала ұлыған қасқырлар қамап алады. Жерде қарайып жатқан ағаш екен, сонымен қорғанайын деп еңкейіп ала бергенде, әлгі ағаш шірік болып шығады. Қолына ілінбей іріп кетеді. Қасқырлар жақындай түсіп, тап-тап береді. Әзиза «Тұрар!» — деп айқайлап, оянып кетеді. Астыңғы қабатта жатқан Күләнда:

— Әй, сорлығар, немене, жаман түс көрдің бе? Жөнделіп, жайланып жат, — деп сыбырлайды.

Енді көзі іліне бергенде, үйдей қара бұқа Тұрарды сүзейін деп тұрғанын көріп, тағы да бақырып оянады.

Әлгі Күләнда тағы да:

— Байғұс-ау, не болды саған? Шошына бердің ғой, — деп сыбырлайды. Дауыстауға болмайды. Басқа қатындар оянып кетсе, бетіңді тырнайды.

Әзиза:

— Тұрар, — дейді.

— Немене, Тұрар?

— Бүгін Тұрарға бірдеңе болды, — дейді Әзиза.

— Тек, жағыңа жылан жұмыртқалағыр. Түс қой ол. Түс түлкінің боғы деген, тыныш жат. Түсімде Сұлтанбегімді мен де көремін. Олар қайбір жетіскен дейсің. Көрген түстің бәрін көңіліңе ала берме. Ұйықта. Әлгі әзірейіл келіп, оятып, жұмысқа айдайтын уақыт та таяп қалды. Тыныш жат...

Бірақ Әзиза ұйықтай алмайды.

***

Көзге көрініп келер ажалды күтіп жатқан адам нені аңсауы мүмкін? Әрине, қу өмірді аңсайды. Ал Рысқұлов бір жұтым қымызды аңсады. Бір-ақ жұтым. Қазақстанға көптен бері бармаған адам қымыздың дәмін де ұмытып кетеді ғой. Бұл да ұмытып кеткен. Ал енді мына айтып келер ажалдың алдында сол ұмытылған қымыз қайдан ғана есіне түскені ғажап. Жолбарыстың жүрегіне жерік болған әйелдей бір жұтым қымызды тілегені сонша, орнынан тұрып барып, темір есікті тоқпақтағысы келді. Артынша: бұл лағнет атқыр Лубянкада қымыз қайдан болсын деп ойлады. Лубянка тұрмақ, бүкіл Мәскеуден бір жұтым қымыз табылар ма екен.

Бұл енді өмірді қимай аласұрғаны сияқты. Қымыз дегені өмірдің синонимі сияқты. Есіне соноу 1925 жылдың көктемі түсті. Моңғолстан. Ешкілі тау. Айдаладағы араттың үйі. Көк шалғындағы тапал жылқылар, бие сауған монгол келіншек. Араттың жап-жалпақ киіз үйі. Әне қымызды монғол жолдасы Түмен-Жырғал екеуі сонда ішкен.

Енді мына жарық дүниемен мәңгі қоштасар шақта, есіне Талғар тау емес, Ақсу-Жабағылы емес, Аспара-Мерке емес, Көгілдір Көкше де емес, қай-қайдағы Ешкілі тау түскені несі?

Иә, сонда Ешкілі таудан қымыз ішіп аттанып, Орхон бойындағы бабаларының басына барған. Күлтегін мен Тоныкөктің ескерткішін көрген. Тастағы сына жазуларды оқи алмай өкінген.

Содан сәл кейін, Ұлан-Баторға оралғанда, Ринчино оған жала жапты. Ринчино моңғол басшыларына: Рысқұлов-айтулы пантюркист, сонысы үшін Ленин мен Сталиннен таяқта жеді. Бірақ пантюркистігін әлі қоймай, кеше көне Көк Түріктердің ескерткішіне барып зиярат етіп, дұға оқып қайтты.

Өзі панмонголизмге қарсы бола тұрып, пантюркизмді қоздырмақ деп соқты. Қайда барса да қарсы жау табыла кетеді. Рысқұловқа алыстағы Моңғолстанда да маза бере қоймады. Мәскеу Рысқұловты Коминтерннің өкілі етіп жібере отырып, соңына Ринчиноны салып қойды. Осындай аңдысқан, арпалысқан далбаса тіршіліктің атасына нәлет дейін десе де, бір жұтым қымызды аңсайды. Ой, қу дүниенің тәттісі-ай. Сөйткен дүние, бір кем дүние, мың кем дүние Рысқұловтың атау кересіне бір кесе қымызды да қимады. Егер Қазақстанда атылса, бұл атаукере бұйырар ма еді, кім біледі, бірақ елден топырақта бұйырмайтын болды. Бәлкім, мұның моласына әруақ сыйлаған әлдекім туған жердің бір уыс топырағын әкеліп шашар еді, әттең Рысқұловқа мола да бұйырмайды ғой. Сүйегінің қайда қалғанын ешкім білмей сорлайды той. Сол қайғы.

Көкірегі қызған темір басқандай ашиды. Сол ашыған кеудесін сипалаған сайын, төс қалтасындағы қағаз қатырлайды. Бұл Әскери Коллегияның үкі-і-мі. Ө-ө-өл-і-і-м жазасына кескен ү-ү-үк-і-і-ім. Бойтұмардай қылып, төс қалтасына төрт бүктеп салып қойды. Өлім жазасы туралы үкім қағазды қолыңа ұстатқаны қандай азап. Айтпай-ақ, абайсызда-ақ атып тастай салуға болады ғой. Кім тексеріп жатыр. Жоқ, сен атыласың деп күні бұрын әйгілеп, оның куәлігін қолыңа ұстатады. Садизм деген салдақының бір түрі. Қатал түрі.

Рысқұлов сол үкім-қағазды көрге өзімен бірге ала кеткісі келді. Бірақ жерге көмгенде киімді шешіп алмас па екен деп те уайымдады. Әлде крематорияға салып өртеп жібере ме? Әттең, бұл қағазды шірімейтін құтыға салып сақтаса... Ондай құты қайдан табылмақ? Қағаз шіри ме, шірімей ме деп көп ойланды. Темір екеш темір де шіриді, қағазға не дауа?..

***

Рысқұлов машинкаға орысшалап басылған үкім қағазды төрт бүктеп, оны тағы да екі бүктеп, төрт бұрышты тұмардай етіп, төс қалтасына қайта салды. Бірақ оған да көңілі көншімей, қайтып алды. Қағаз шірімеуі керек. Өзінің өлгенінен гөрі, осы қағаздың шірігені қабырғасына қатты бататын сияқты, қараптан қарап отырып, тым әбігерге түсті. Мұны қалайда сақтаудың қамын ойлап, әбден әуре болды. Қаптап қоятын, шірімейтін зат жоқ. Өлім күтіп отырған адамның уайымы басқа болса керек еді, Рысқұлов жарықтық, басқа дүниенің бәрін ұмытып, әлгі үкімді, өлім үкімін қасиетті құрандай қастерлеп, ерніне тигізіп, маңдайына басып, тәуеп етті. Сірә, ақылынан адасты ма, онысы несі дейтіндей әбес қылық болды.

Үкім қағазды орайтын бір тұлдыр жоқ екенін білсе де, тас камераның ішін қайта-қайта тінткіледі. Тас қабырға, тас еден, бұрыштағы параша, төбедегі сықсима шам, қу қарағай төсек, жалғыз орындықтан басқа лыпа жоқ. Түрменің кенеп шалбары мен кенеп көйлегін сипалап қойды. Кенеп те шіриді. Баяғыда (бір жыл толмаса да баяғыдай ғой) Әзиза сыйлыққа деп сатып әперген әміркен туфлидің сынарын алып, ары-бері қарады. Қайысы таза, сырты сырлы-осы шірімес деп ойлады.

Ертеде-ертеде, бала күнінде сүзекпен қатты ауырып тұрғанда, Ахат атасы бір жапырақ сары қағазға арабша дуға жазып, оны қара былғарымен қаптап тігіп, ала жіптен бау тағып, Тұрардың мойнына іліп қойып еді. Кейін сол тұмарды Меркенің интернатында оқып жүргенде, Кузьминканың балаларымен бір төбелесте ала жібі үзіліп кетіп, жоғалтып алды. Кім біледі, сол тұмар мойнынан үзіліп түспей, осы уақытқа дейін жүре бергенде, Рысқұлов мұндай бәлеге ұшырамас па еді...

Әміркен туфлидің былғарысын жыртып алмақ болып, езуінен тартқылап көріп еді — көнбеді. Кесіп алуға пышақ, бәкі жоқ. Ондайды түрмеде ұстатқызбайды. Туфлидің езуін айыра алмағанына қарағанда, қолынан күш те кеткен болуы керек. Оның үстіне Рысқұлов мұны киіп, көп жүріп жатқан да жоқ қой, туфли өңі түссе де, әлі жаңа еді. Бүтін туфлиді жыртып, бүлдіру, обал да сияқты. Бірақ өзі өлер болса, туфлидің не керегі бар?

Сөйтіп, ол ақыры түрменің кенеп көйлегінің бір жеңін жартылай жыртып алмақ болды. Ойына перғауындар туралы оқығаны түсті. Ертеде, Мысырда бұл дүниеден қайтқан перғауынды бальзамдап, оны кендір кенепке қат-қаттап орап, табытқа салып, содан соң барып, алтын саркофагпен қаптайды екен. Перғауынның кебініне жібек мата табылмай қалды дейсіз бе, кендір кенепті бекер таңдамаған шығар.

Түрменің көйлегі тірмізік екен: сол жақ жеңінің ұшын тартқылап көріп еді, жыртыла қоймады. Содан көйлекті шешіп алып, қос қолдап жатып, төрт елідей жерін жыртып алды. Үкім қағазды қастерлеп тұрып, соған орап, төс қалтасына салып, сипалап қойды. Томпайып, білініп қалмасын деп сескенді. Енді көпке дейін шірімес деп үміттенді.

Өле-өлгенше үзілмейтін сорлы үміт. Саған да рахмет. Сол үміт болмаса, адам кім? Адамның басқа жан-жануардан айырмашылығы да сол үмітте шығар. Ату жазасына кесілгені айдай аян болса да әлі ойлайды. Әлі-і де-е үміттенеді. Әлдебір ғайыптан қайырым, мейірім күтіп, үкім өзгеріп қалар ма деп те елегізиді. «Мың бір түннің» ғажайыптарында, кейбір романдарда адамды дарға аспақ болып, мойнына тұзақ салып тұрған сәтте де кейде патша үкімді жойып, өлімнің сұп-суық өңі өзгеріп сала бермеуші ме еді? Адам ажалдан құтылып кетуші еді ғой.

Бірақ меңіреу тас камера тырс етпейді.

Даладан, кең дүниеден мұнда дыбыс жетпейді.

Ұйқы арсыз. Осыншама үрейдің, ажалдың аузында отырса да Рысқұлов мызғып кеткен екен. Әкесі Рысқұл келіп, камераның темір есігін тоқпақтап тұр.

— Оян, Тұрар! — деп айқай салды. — Жүр, кетеміз, атасына нәлет! — деді.

Сөйткенше болмай, темір есік шақыр-шұқыр ашылды да, Рысқұлов оянып кетті. Жүрегі түскір зу-у-у етіп, тарс-тарс соғып, ауызына тығылды. Айдауылдар келген екен.

— Шық! — деді.

Рысқұлов тас камераға аңырып, айнала қарады да темір есіктің табалдырығынан аттады. Әкесі әлгінде ғана: «Жүр, кетеміз, атасына нәлет!» — деді. Ап-анық айтты. Сол дауыс құлағында әлі тұр. «Мың бір түннің» ғажайыбы келмеді. Ғайыптан ешкім құтқармады, үкім өзгермеді. Бұған көзі әбден жетті. Бірақ қорқыныш жоқ, үрей жоқ. Әкесінің әлгі «атасына нәлет!» дегені бұл жалған, алдамшы дүниені балағаттағаны шығар. Сол қуат болды. Бір ауыз сөз дәт беріп, буыны бекіді. Енді өлмеді-ау деген сұрапыл сезімнің өзі өліп қалған тәрізді.

О дүние рас болар. Әйтпесе, әкесі қайдан жүр. Түс дейін десең, айтқаны келді ғой. Рысқұл: «жүр!» деп ақырып еді, Тұрар жүріп келеді. Рас, әзірше алдында бір адам, екі жағында екі адам, артында екеу. Барлығы бесеу. Бұл бесеудің қайсысы атар екен? Әлде бәрі жабылып ата ма?

Аш ішектей бұралаңы көп тас коридор. Едәуір уақыт жүріп, тағы бір қабат құлдилап, зынданға түскен сияқты. Соңғы қадамдар ғана қалған шығар. Қайран Тұрар, анаңнан туып, тәй-тәй басқалы бері бұл сұм дүниеде қанша кадам жүрдің екен? Сол таусылмастай көрінген ұзақ жол қасам ұрғандай, біреу жұлынын жұлғандай кілт үзілейін десе керек. Енді қанша қадам калды? Таусылмады ғой, атасына нәлет! Түлкінің ініндей ирелендеп бітпейтін неткен ұзақ коридор.

Рысқұлов кеудесін сипалап қойды. Орама қағаз қытырлады. Енді осыны біліп қалмаса екен. Құлағы шыңылдады, ыңырсыған, сыңсыған бір әуен жанын жайландырғандай болды. Дүние өзі оны қимай, қоштасқандай зарлы. Жоқтау сияқты. Кейбіреулер зарлы әуенді неге жақтырмайды? Сезімі топастар шығар. Әйтпесе, дүниенің көбі зар ғой, жоқтау ғой.

Өлімнің сауабы-жоқтау. Жоқтауды марқұмның рухы сезіп, риза болады. «Ойбай-ойбай!» — деп бақырған обал. Қолыңнан келсе, ойбайламай келістіріп жоқтау айт. Марқұмның тіршілікте істеген жақсылығын айт. Жоқтау да өнер. Өнеріңмен өліні де, тіріні де тебірент. Әне, сол сауап. Бірақ Рысқұловты кім жоқтайды? Жоқтаусыз қалған қайран ер...

Жоғалған көп, табылған аз. Сол жоғалғанның бірі сенсін, Тұрар, бауырым. Бұл зар баяғыда өзің көрген Керөлең мен Орхонның ағысы сияқты. Баяғы бабаларыңның тас мүсіндерінің қасында тұрып, сол ағыстың армандар ағысының әуезіне құлақ салып едің ғой. Мынау соның сарыны ғой. Керөлең мен Орхон, Ертіс пен Еділ, Әмудария мен Сырдария, Іле мен Шу сенің де рухыңды тербетіп осылай мәңгі аға берер. Жасыма, атасына нәлет! Сені әлі дүниенің өзі жоқтайды. Мыналар қазір мылтық кезенгенде қалтырама! Ұлы бабаларыңнан артық емессің. Атса-атсын! Малғұндар кішкентай бір күнді, жарық күнді атып түсіргенін байқамай қалсын. О, жендеттер! Рысқұлов атылған соң, дүниедегі жылу сәл де болса кеміп қалатынын сезбейсіңдер ғой. Сезбейсіңдер. Дүниенің қайғысы ол. Мынау құлақтағы әуен сол. Әттең дариға! Адам атылған соң да осы ғажайып әуенді естіп жатар болса. Әкесі Рысқұл баяғы-баяғыша, Бодойбоның алтын кенінен қашқанда, Ақсу-Жабағылының аршасының түбіне жетіп өлгенді армандап еді. Неге десе, ол Отаны екен ғой. Арша түбінде қалған сүйек шірімейді деседі. Сол арманға әкесі де, баласы да жете алмаса не шара! Мына құлақты шыңылдатқан сол арман зары ғой. Осыны түсіне алмағандар шын бейшара. Кеуек кеуде.

Жазмыштан озмыш жоқ. Жазмышын осылай болды, Тұрар. Жан дүниеңді түсініп жатқан жан жоқ қасында. Қасындағылар-қара тас. Етіктерінің нәлі сақ-сақ етеді. Сен жалғызсың — Өкініші көп өткінші дүние деген осы. Өкінішпен өтіп бара жатқан сен ғана емес. Дәл осы дәлізбен әлгінде ғана құмықтың ұлы Қорықмасов өтті. Алдымен сені атпай, оны атқаны несі. Екеуін Гуниб тауының басында тұрып, Шәмілдің аруағына сиынып:

Аруағың қолдап,

Жолбарысың жебесін! —

деп қол жайып едіңдер. Қайда сол аруақ?! Неге қолдамайды? Әлде адасып қалды ма? Әлде Лубянканың терең зынданын таба алмай қалды ма? Ажал шындап келгенде аруақта адасады.

Ал әкең шақырып кетті. Әкең сені жер түбінен де тауып жетті. Жамандық ойламаған шығар. Мына сұмпайы, сұрықсыз, сайқал дүниенің мазағынан сені тезірек құтқарғысы келген шығар. Бұл жолы әкең Рысқұл әзірейілдің ісін құптады-ау. Мына былғаныш, әділетсіз дүниеден сені асыға алып шықпақшы болды-ау. Тек үрейге бой алдырма! Атасына нәлет! Мына жендеттер сенін қорқып, қалтырап, кемсеңдеп, қыңсылағаныннан ләззат алады. Бұйыртпа оларға ондай салдақы ләззатты! Шаман келсе, бетіне түкір. Олар сол сесіңнен-ақ сескеніп, көп ұзамай өздері де өледі.

Осы бір оқыс оймен Рысқұлов артына бұрылып еді, көзінің жанары өлегізіген жендет:

— Бұрылма! — деп арс етті.

Рысқұлов, көр болғанда, тілі таңдайына жабысып, былш еткізіп түкірерге бір түйір дымқыл да таппай қалды.

Мұны да Құдай қос көрмеді.

Құдай қос көрсе, мұны тым құрыса, мына зынданда атқызбай-ақ, орыста не көп-орман көп, орманға апарып атқанда, тым болмаса, аспанға қарап, қолын жайып:

— У а, Тәңірі, бір шыбындай жанымды қабыл ал! — деп соңғы рет үн қатар еді ғой. Мына қапаста ондай арызды айт не, айтпа не — Құдайдың құлағына жетпейді. Бір түйір қорғасын оқтын, өтеміне бір түйір түкірік те таппады-не шара?

Осы өкінішпен тас тұйыққа келіп тірелгенін байқамай да қалды. Тас қабырғаға шақ етіп, алдымен көзілдірігі соғылды. Онсыз да шегесі босаған бір шынысы еденге түсіп, күл-талқаны шықты.

— На счастье, — деді жендеттердің бірі.

Оған ешкім күлген жоқ. Өлім алдында жендеттер де қобалжып, қалжың-малжыңға зауқы соқпайды.

Рысқұловтың бетін бері бұрып, жон арқасын қабырғаға тіреп қойды.

— Көзін таңайық па? — деп сұрады Кіші Жендет Үлкен Жендеттен.

— Да он и так слепой, — деп мырс етті Үлкен Жендет. «Слепой» екені рас еді. Көзілдірігінің бір көзі түсіп қалған соң, екі көзі екі түрлі көріп, басы айналғандай болды.

— Снимите ему очки! — деді Үлкен Жендет.

— Они теперь ему ни к чему, — деп келісті Кіші Жендет.

Кіші Жендет Рысқұловтың алтын жиекті көзілдірігін сыпырып алып, кейін шегініп кетті. Енді Рысқұловтың бұл дүниеқор былғаныш дүниеден алып бара жатқан еш нәрсесі жоқ.

— Откройте ему рот! — деді Үлкен Жендет. Кіші Жендет қайтып барып, Рысқұловтың шықшытын қысып тұрып, аузын аштырды.

— Посмотри хорошенько-нет ли золотых зубов?

Өлегізіген соқыр шамның сәулесінен жөнді көре алмай, Кіші Жендет Рысқұловтың иегін көтеріп, езуін саусағымен көріп, ары-бері үңілді.

— Алтын тіс жоқ. Тістері түп-түгел, қасқырдың тісіндей, шайтан алғыр, — деді Кіші Жендет.

— Эти азиаты и есть волки, — деп қалды Үлкен Жендет. — Сызмальства мясо жрут. Кіші Жендет езуіне саусағын салып көргеннен болар, Рысқұловтың аузы түкірікке толып-ақ кетті. Жендеттің бетіне былш еткізіп түкіріп кеп жібергенде, әлгі сорлы екі көзін алақанымен басып, әз болды да қалды. Өшін алмақ болып, Рысқұловты ішінен бір тепті.

— Назад! — деп ақырды Үлкен Жендет Кіші Жендетке.

Қаһарына қарағанда, ұзақ жыр таусылатын сыңайлы. Рысқұлов бір түрлі жеңілейіп қалды. Жендеттің бетіне келістіре түкіргені бүкіл иттікке, күллі опасыздыққа, жалған дүниенің опасыздығына түкіргені еді. Сонысына өзі де риза болды. Жендеттің тепкенін елеген де жоқ. Аузында алтын тіс болмағаны қандай оңды еді. Әйтпесе, мына иттер алтын тісті жұлқылап әуреге салар еді. Мейлі, таза кетіп барады. Ит дүниеден сабақты ине де алып бара жатқан жоқ. Мына кенеп көйлек пен шалбар, сірә, кебіні болар. Ал аяғындағы әміркен туфлиін біреуі шешіп алар. Әзиза алып беріп еді, енді бір жендетке бұйырар. Оқасы жоқ, ит жалғанда еш нәрсенің опасы жоқ.

Үлкен Жендет өзгелерді он қадамдай кейін шегіндіріп, сапқа тұрғызды. Барлығы да нагандарының құлағын сырт-сұрт қайырып, шүріппеге сұқ саусақтарын салып, команда күтіп тұрды. Үлкен Жендет оқ үнемдейін деген шығар, барлығына түгел атқызбай, Рысқұлов бетіне түкіріп жәбірлеген Кіші Жендетке:

— Черныш! Бір адым алға! — деп бұйырды.

Тапалтақ Черныш селк етіп, теңселе жаздап, алға жылжыды. Көзі қысықтау, бет-әлпеті таза орыс деуге де келмейтін, қоңырқай түсті, қотыр бет біреу. Бірақ жалпы орыста таза орыс бар деу де қиын. Орыспен кімнің қаны араласпаған?

— Ат! — деген бұйрық естілгенде Черныш тағы селк етті. Үлкен Жендет содан секем алды ма, әлде мұндайдағы рәсім есіне түсті ме:

— Отставить, — деді.

Мұндайда, әдетте соттың үкімі оқылады. Үлкен Жендет қалтасынан қағаз суырып алды. Алайда сықсима шамнан жарытып сәуле тамбаған соң, үкімді оқып жатпай-ақ:

— Халық жауы Рысқұлов атылсын! — деп бұйырды. Үлкен Жендет біресе: «стрелять!», біресе: «отставить» деп тұрғанда, Рысқұловтың көз алдына соңғы суреттер келді.

Бүкіл ғұмыры қас қағым сәтке сыйып, жүйткіп өте шықты да, ең соңында Қызыл Жебесі тыпыршыған әкесі Рысқұл тұрды да қалды. Үлкен Жендет «отставить!» дегенде, сорлы соңғы үміт тағы да жылт етті. Мүмкін, әбден үрей етіп, қорқытқаны шығар, атпайтын шығар... Онысы әурешілік. Ол тағы алданды. Бүкір наган өзіне қадалғанын буалдыр арасынан көзі шалып қалды. Бірақ бірден атылмады. Өйткені Рысқұловтың түкірігі көзін бітеп тастаған ба, Черныш та жөнді көре алмай, дәлдеп көздей алмай, шамалы іркіліп қалды. Неге атпайсың деп ұрса ма деп, әйтеуір шүріппені басты-ау...

Наган тарс етті-Рысқұлов құламады. Оқ оң құлағының сырғалығын ғана жұлып түсті. Сырғалықтан қан сорғалады. Жаны шықпай жатып, қан шықты.

Сақетер тиді саныма,

Сақсырым толды қаныма, —

дер еді көнедегі жауынгер жырау. Ол тағы да:

Жапанда жалғыз қалып барамын,

Жанымда бір туғанның жоғынан, —

дейді ғой.

Жапанда Рысқұлов жалғыз қалды. Обал болды-ау деп аяған жан болмады. Қайта Үлкен Жендет, байғұс Чернышты:

— Тфу, идиот! — деп бетіне бір түкіріп, итеріп жіберді де, оның орнына өзі тұрды. Бір емес, екі түкірік жеген Черныш ұтылды ма, ұтты ма? Бұл үлкен мәселе. Құдайдың: «Өлтірме!» — деген өсиеті рас болса, Черныш өлтірген жоқ. Шын дүние рас болса, Черныштың күнәсі жеңілдеді. Ал бұл дүниеде не күтіп тұрғаны белгісіз? Үлкен Жендет оны, сірә аямас. Түкірумен құтылып кетсе-мол олжа.

Өз денесінен қан шыққанын көрген соң Рысқұловтан дегбір кеткендей болды. Әуелгі батылдығы, тәуекел деп тас жұтып, бекінгені сетінегендей болды. Тіпті:

— Аяңдар, — деп дауыстап та жібере жаздады. Шын сорлы сонда болар еді, Құдай абырой бергенде санасы тез сауығып: «Сабыр, сабыр, атасына нәлет!» — деді. Бұл оның санамен айтқан соңғы сөзі еді. Браунинг тағы тарс еткенін естіді ме, естімеді ме... еш жері ауырған да жоқ, ауырса ауырған да шығар, бірақ оны сезген жоқ. Көзінен бір от жарқ етті де, шыр-ыл-да-а-ап ұшып, бұл-дыра-ап барып, жоқ болды. Ар жағы... ар жағы тып-тыныш. Жарық та жоқ, түнек те жоқ. Мүмкін, көзінен жарқ етіп ұшқан жан шығар. Жан кеудеден ұшады деген бекер болар. Сірә, көзден ұшатын сыңайлы.

Дүние теңселген жоқ, теңіз шайқалған жоқ. Құланиектеніп тағы бір таң атып келе жатты. Бар болғаны бір піл бір құмырсқаны басып кеткендей әпенделеу әлеміш әлем сол баяғы баз қалпында қала берді.

Екі жендет Рысқұловтың былқ-сылқ еткен өлі бойынан жылуы кетпеген денесін қанар қапқа салды да, қабырғадағы тесік науаға сырғытып, итеріп жіберді. Өлік салған қапты сырттағылар қағып алып, үсті жабық машинаға лақтырып тастады. Лақтырса лақтыра берсін, атасына нәлет! Енді оны сезіп жатқан Рысқұлов жоқ.

Қаңылтырмен қапталған науаның қақпағы қайта жабылды. Қаңылтыры жалтырап кетіпті. Қажала-қажала жылтыр болған ғой. Неге, немен қажалды екен?

Баяғыда, патша заманында Лубянканың бұл зынданы бір кірәшан (крещенный) татар саудагерінің дүние-мүлік сақтайтын қоймасы болған екен. Сол мүлікті сыртқа қап-қабымен осы науа арқылы шығарып, қап-қабымен осы науа арқылы ішке кіргізеді екен. Шоқынған татар болса да ісі әлдеқайда иманды.

Ал енді Кеңес өкіметінің ЧК-сы мен НКВД-сы бұл науа арқылы атылған адамдардың өлігін шығарады. Кірәшан татардың мүлкі көп қажады ма, әлде өліктер көп қажады ма, науа жап-жалтыр.

АВТОРДАН

«Социалистік Қазақстан» газетінің жас әдеби қызметкерімін. Секретариатта ретушер Ким деген қартаңдау кісі бар. Бір күні кіріп барсам-бір ескі суреттің бетін үшкір пышақпен қырнап отыр екен. Үңіліп қарадым.

— Сто, не узнаешь? — деді Ким ағай. «Что, не узнаешь» дегені.

— Нет, — дедім.

— Рисыкулов, — деді Ким. Жүрегім шым ете қалды.

Газеттің нөмірі шыққаннан кейін осы суретті (оригинал -түпнұсқасын) маған бересіз бе деп жалындым.

— Не снаю, — деп тұқшыңдап отырып-отырып,-ладно, ладно, только никому не покасывай, — деді.

Суреттің бетін біреу бұрын тырнап бүлдірген екен. Ким соны жамап-жасқап, ретуштап отыр.

— Заль, заль, белила нету, — деді. «Жаль, жаль, белила нету» дегені. Ақ бояу іздеп отыр. Әрлеп, ақтамақшы.

Рысқұлов туралы дүниенің түкпір-түкпірінен тірнектеп жинаған материалдарымның төлбасы осы сурет болды. 1960 жыл еді.

СОҢҒЫ ТҮЙІННІҢ БІР БАЙЛАМЫ

Бас прокурор Руденко демократтау көрінді. Басын изеп амандасып, Әзизаға:

— Отырыңыз, — деп орындықты көрсетіп, сыпайы мінез танытты.

— Он күн күтіп, алдыңызға әрең кірдім, — деді Әзиза.

— Иә, оныңыз рас. Кезінде репрессияға ұшырағандардың ісін қайта қарау-қол байлау.

— Мен шындықты, тек сіздің аузыңыздан естиін деп келдім. Тұрар Рысқұловтың қырық үшінші жылы өлгені рас па, жоқ әлде одан бұрын атылды ма?

— Әзиза Түбековна, Рысқұлов 1943 жылы өз ажалынан қайтыс болды. Кешіріңіз, бұл, әрине, сізді жұбата қоймас. Бірақ шындық солай.

— Сол уақытқа дейін ол қайда жүрген? Түрмеде ме, әлде айдауда ма?

— Иә, сұрағыңыз дұрыс, Әзиза Түбековна. Ол айдауда болған.

— Қай жерде?

Руденко мұңая қалғандай қол жайып:

— Таңғалмаңыз: Қазақстанда, — деді.

— Қазақстанда? Оның қай жерінде?

Руденко енді жымиған болды.

— Қайтыс боларының алдында ол Қостанай даласында екен...

— Қостанай? Онда лагерь бар ма?

— Сірә, бар болғаны ғой, Әзиза Түбековна. Сенбесеңіз, міне куәлік қағаз...

Руденко машинкамен басылған, мөрлі, гербілі бір парақ қалыңдау қағазды ұстата берді.

Военная Коллегия Верховного Суда СССР

13 июля 1956 г.

№ НР-0014/56

Москва, ул. Воровского, д. 13.

Турар Рыскулов, отбывая наказание, умер 19 апреля 1943 года от паралича сердца... № 43/13-5194531 с/о МВД СССР. Сообщено о смерти в ОАГС г. Москвы.

— Иә, Әзиза Тұраровна, то есть, извините, Түбековна, менің көмекшілерім сізге дұрыс айтқан, ал сіз оларға сенбедіңіз. Міне, документ...

Құдай-ау, сонда Қостанай мен Ақмоланың арасы тиіп тұр ғой! Онда екенін білгенде Әзиза ұшып жететін еді ғой. Бұл не деген сұмдық?! Не деген тасжүрек дүние?! Әзизаны көп болса атып тастар еді де. Атылмай көп жасағаннан гөрі, Тұрарын бір көріп, атылып кеткеннің өзі мың есе артық еді ғой. Ай, қатыбас, қақбас тағдыр!

Руденконың көмекшісі: Тұрар Рысқұлов 1943 жылы өлген дегенде міз бақпай безерген Әзиза, енді мына Бас Прокурордың алдында отырып, ал кеп ботадай боздасын.

Руденко қоңырау басып, көмекшісіне су алдырып ішкізіп, Әзизаны кабинетінен, әйтеуір әрең дегенде шығарып салды.

Көмекшінің бөлмесінде есін жиып алған соң, Әзиза Руденкоға қайта кірмек болды.

— Бәрі түсінікті болды ғой, енді сізді қабылдамайды, — деді көмекші.

— Маған Рысқұловтың заттарын қайтарсын, соны айтамын, — деді Әзиза.

— Өкінішке орай, ешқандай заты жоқ, — деді көмекші. — Біз сұрау салғанбыз.

— Қалай жоқ? Оны Кисловодскіде тұтқынға алғанда, жазып жатқан кітабының қолжазбасы бар болатын. Фотоаппараты бар болатын. Сағаты бар болатын. Партбилеті, куәлігі бар болатын. Неге жоқ? Қаламдары бар болатын...

Бұл сөзге көмекші күлмесе де, мырс етті.

— Қайдағы қаламды айтасыз, — деді.

Сол-сол екен, Әзизаның көп-көп заманнан бері қордаланып, қат-қат жиналып жатқан ашу-ызасының кереметтей кегінің, шер-шеменінің аузы ашылып, жанартаудай бұлқына бір атқылады дейсің...

— Әй, қарабет! Не деп тұрсың?! «Қайдағы қаламың» не? Мен сендейді Рысқұлов бір ұстаған қаламның ұштығына да теңгермеймін. Білдің бе?! Тауып бер. Заң алдында талап етемін. Рысқұловтың өзін ізсіз-түзсіз құртып жібергендерің үшін, Құдай алдында жауап бересіңдер. Ал ол ұстаған түймедей бір зат табылса, оны мен дүниенің бар алтынына айырбастамай, тұмар етіп, тағып жүремін. Сол үшін керек!

Айқай-шуға адамдар жиналып қалды.

— Кіргіз мені Бас Прокурорға! Маған Рысқұловтың қайда қалғанын, сүйегі қайда жатқанын айтсын.

— Оны ешкім де білмейді, — деді көмекші, жыларман болып жуасып. — Құдай үшін, кешіріңіз.

— Неге ешкім білмейді? Міне, қағазда өлген күніне дейін жазулы тұр ғой.

Жирен — қызыл шашы селдіреп, бурыл шалған бір кісі Әзизаның қолындағы қағазды алып, қарап тұрып, түсі қуарып, басын шайқағандай болды. Бірақ сыр бермеді.

Бұл баяғы тергеуші Нейман еді.

СОҢҒЫ ТҮЙІН

АВТОРДЫҢ РЫСҚҰЛОВПЕН ҚОШТАСУЫ

Қош, Тұрар, бауырым, көкем менің! Мен сізге дәл қазір алпыстан жаңа асқан жасымның жартысын арнадым. Отыз жыл бойы сізбенен қол ұстасып, бірге жүріп, бірге тұрдым. Отыз жыл бойы жан дүниемді, ой-санамды билеп, ұзақ сапарға жол бастадыңыз. Ол аса қиын жол еді.

Біреулер айтты: бұл жолға бекер түстің, жете алмайсың деді.

Біреулер айтты: қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе бекер байлайсың деді.

Біреулер айтты: шеті жоқ, шегі жоқ мұхитқа түсіп кеттің-ау, байғұс, батып кетпесең жарар еді деді.

Олардың айтқаны рас еді. Мен көп малтығып, көп тұншықтым. Жағалауға жете алмай, батып кетуім әбден ықтимал еді. Бірақ, Тұрар көке, өзіңіз алып шықтыңыз. Сіздің жұлқар рухыңыз алып шықты.

Бұл кітап сіздің зәулім тұлғаңызға лайық деп айта алмаймын. Қолымнан келгені осы болды, көке. Құдай шақтап берген күш-қуаттан, шағын таланттан аса алмадым...

Асылық айтып, Құдайға күнәкар болмайын. Құдайдың мұнысына да мың да бір тәуба. Маған осынша ғұмыр беріп, жарық сәуле көрсетіп, қолыма қалам ұстатқанына шүкір. Өлтіре саламын десе, Құдайға ештеңе емес.

Менің марқұм анам Айша ертеректе «Қызыл Жебенің» бірінші кітабы шыққанда:

— Сен Рысқұлов туралы кітап жазды дейді ғой, — деді.

— Иә, — дедім мен.

— Сенің әкең Мұртазаны «Рысқұлшына» («Рысқұловщина» дегені) деп ұстап әкетіп еді, сол ма?

— Сол.

Айша кимешегінің астынан қолын шығарып, кіртиіп жасаураған көзін сүртіп, мыс сақиналарын сипалап отырып:

— Одан да өз әкеңді жазбайсың ба, — деді жай ғана.

Көрдіңіз бе, қалай? Ол да өзінше Әзиза сияқты. Сібірдің бір түкпірінде, баяғыда сүйегі қурап қалған Мұртазасын өле-өлгенше сағынып өтті.

Сіз туралы «хамсаны» мен сол жазықсыз жапа шеккен әкемнің аруағына да бағыштаймын, Тұрар көке.

«Хамса» жолы жеңіл болды дей алмаймын. Жазу қиын. Жазғаныңды басып шығару одан да қиын. Журналға жарияланып жатқан жерінен тұтқындалып, жарық көрмей қалған кезі де болды. Өлген бураның басынан тірі атандар жаман үркіп, осқырынып, оқалақтап, тайраңдады.

— Рысқұлов-пантюркист!-десті.

— Рысқұлов туралы роман жазып жүрген автор-неопантюркист! — деді.

Мен кек сақтамадым. Оларды Құдай кешсін.

Мен торыққан кезде, Сіздің рухыңыз әл-қуат берді, Тұрар көке. Мен Сізді түсімде көретін болдым. Қолымнан жетектеп алып, тасжарғанның бұтағынан ұстап, өрге қарай тартқылағаныңыз есімнен кетпейді. Қателеспесем, иә Талғар тау, иә Аспара тау, иә Ақсу-Жабағылының аршалы қия беткейі еді. — Қияға шығып не бар? — деймін. — Жүр, — дейсіз. — Теңбіл Торғайды көрсетемін, — дейсіз. — Шолпан Кебісті көрсетемін,-дейсіз. О, ол бір ғажайып дүние еді: найза шындары көз жетпес көкке барып тірелген таулар, айнала жаңғақ ағаштары, зау теректер, зипа шынар, бұтақтарында жыбырлаған құс ұялары. Құдайдың жұмақ жаратқан дүниесі. Маңқиған маңғаз маралдар еш нәрседен үрікпейді. Жолбарысы мен елігі бірге жайылған жадыра әлем. Киікотының хош иісінен бас айналады. Тобышақ тамырын кемірген қозыдай қызыл суырлар бізден қорықпай, сақ-сақ күледі. Үлкендігі ұшақтай самрұқ қалықтап жүр. Тұрар көке, адамдар неге көрінбейді? — деймін мен. — Адамдар келсе, мұншама кереметтен тұлдыр қалар ма еді, — дейсіз Сіз. — Әне Теңбіл Торғай!

Ойдым-ойдым, көгілдір, қызғылтым, күлгін түсті Теңбіл Торғай Сіздің алақаныңызға келіп қонады. Тамылжыта сайрап қоя береді. Оның тілін Сіз ғана түсінесіз. — Міне, Шолпан Кебіс! Шынында да әдемі, сары алтын жалатқан жұмақ гүлі жалт-жұлт етеді.

Кәдімгі таң алдында туатын Шолпан жұлдыз сұлулықтың, махаббаттың киесі көрінеді. Оны еуропалықтар Венера, Стелла дейді, Аврора дейді. Біздің түрік дүниесі Шолпан, Чулпан, Чолпон, Зуһра деседі ғой. Сол Шолпан бірде аяғындағы алтын кебісін абайламай жерге түсіріп алыпты. Содан мына Ақсу-Жабағылыда Шолпан Кебіс атты өте әдемі, өте нәзік, жәудір көз гүл өседі.

Тұрар көке, Сіз сонда, сол Шолпан Кебісті аймалап көп тұрдыңыз. Тан құланиектене, найза шыңдар сұлбасы сұстана көрінгенде, сол шындардың үстінен шаншыла жарқырап, Шолпан жұлдыз туған еді. Сіз соған сұқтана қарап қалдыңыз. Шатқалда мен бұрын көріп, естімеген ғажайып құстар сайрап, дүние-әлемді керемет әуенге бөледі. Тіпті, тәкаппар найза шыңдардың өзі теңселіп, тебіреніп кеткендей еді. Мен соған таң қалып, он бойымды бір ғажайып сиқыр билеп, масаң болып тұрғанда, Сіздің кенет қайда кетіп қалғаныңызды да байқамаппын. Сіз де жоқсыз, Шолпан Кебіс те жоқ, Теңбіл Торғай да жоқ.

— Көке! — деп шыңғыра айқайлап жіберіп барып, оянып кеттім. Сізді қайтып көре алмадым.

Мен шетсіз, шексіз дүниеде, сөйтіп жападан-жалғыз қалдым. Енді қайтып кездесеміз бе, жоқ па-білмеймін? Алпыстан асқан жас мынау. Жарық дүниенің сәулесі әлі қанша бұйырады-болжаусыз. Таң мақшарда Алла, Құдірет, Шексіз Шебер Құдірет, Шексіз Дүние-Әлемді Жаратқан Құдірет, Шексіз, Телегей Ақыл-Ой-Көк Тәңірі бізді о дүниеде көрісуге жазсын! Жаныңыз Жаннатта болып, нұрыңыз Пейіште шалқысын! Біз пақырды Әруағыңыз қолдап, Жолбарысыңыз жебей жүрсін! ӘУМИН.

(Бесінші кітаптың соңы.)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз