БІРІНШІ КІТАП
(роман — диалогия)
— Сен қайдан келдің? — дегенде, бір данышпан:
— Мен балалықтың елінен келдім, — деген екен.
Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ.
Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды.
Мен де солардың бірімін.
Анамның аты Айша еді.
Аз ба, көп пе — алпыстан астым.
Аз ба, көп пе — ірілі-уақты кітап жаздым.
«Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады.
Парижде болдым — Париж түсіме кірмеді.
Мысырда болдым — Мысыр түсіме кірмеді.
Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым.
Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым — олар да түсіме кірмеді.
Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым — оны да түсімде көрмедім.
Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.
Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.
Түсімде ылғи туған үйімді керемін.
Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза түсіме сирек кіреді, өйткені ол кеткенде, мен бес-ақ жаста едім. Елесі еміс-еміс қана.
Егде тартқанда бүгін көргенің ертең естен шығады.
Ал енді бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде. Ендеше, текке күшене бермей, соны неге жазбаймын? Ата-бабамның, Айшаның аруағы жар бола көр!» — деп қолыма қалам алдым.
БОЗАЛА ТАҢ
Анасының құрсағынан шыға салып, алғаш көргенін есіне сақтап қалатындар бар дейді. «Мен туғанда үйдің іші қып-қызыл еді», — деп айтыпты дейді біреулер.
Білмеймін. Өз басым ондай алғыр данышпан емес екенім анық. Өйткені: Есім қай уақытта кірді, тұңғыш рет көрген-білгенімнен есімде не қалды?» — деп, ары үңілем, бері үңілем, ештеңе таппаймын. Үш жас, төрт жас — бәрі бұлдыр, бұлыңғыр. Тек, Әйнек апам мені арқасына көтеріп келе жатқанда, бір аяғымның калошы түсіп қалып, кемпір байғұс келе жатқан ізімен қайта қайтып әлгі түсіп қалған калошты іздегені еміс-еміс есімде. Әйнек апамның арқасына жармасқаныма қарағанда, әлі өз бетіммен еркін жүгіріп кете алмайтын кезім болуы керек.
Ал Мұртазаның Гришка дейтін орыспен сөйлескенін анық білемін. Біздің үйдің күншығыс жақ қабырғасы. Мұртазаның үстінде өңірін қара шибарқытпен көмкерген жосалы сары тон, басында дәл сондай теріден тігілген телпек. Оның жиегі қара қозының елтірісі. Сақалы сарыдан қызғылттау.
Қасында — Гришка. Мұртаза қойтастың үстіңде отыр. Гришка түрегеп түр. Сірә, көктемнің әлі дүмбіл кезі болар. Өйткені күншуаққа сүйсініп, тамға арқамды сүйеп, мен де шоқиып отырмын.
Гришка — ұста. Ағаш ұстасы. Біздің үйдің алдындағы Әміреқұлдың үйі қазір ұстахана. Күнбатыс жақ бөлмесі ағаш ұстаханасы, күншығыс жақ бөлмесі — темір ұстаханасы. Бір жағында — Гришка, бір жағында — Нәметқұл.
Қазіргі әңгіме сол Нәметқұл туралы екенін шамалаймын. Мен әдейі тыңдамасам керек, бірақ жанында екі үлкен кісі сөйлесіп отырса, құлағыңды қалай тығындап қоясың. Гришка қазақшаға судай. Гришка айтады:
— Нәметқұлдың Зылиқасы өлгелі бір жылдан асып барады. Нәзипа дейтін қызы да шетінеп кетті. Баласы Байбосын екеуі ғана. Енді бірдеңе істемесек болмайды, Мүреке.
— Оның рас, — дейді Мұртаза. — Мен де көптен ойлап жүрмін. Мына қырғыз жақта менің Нұралы дейтін жездем бар. Сол айтады, біздің ауылда байы өлген, басы бос бір әйел бар. Нәметқұлға қол келеді дейді.
— Онда, тездетіп сөз салыңыз, обал болды, — дейді Гришка.
Ал енді, осы Гришканың бір ұл, бір қызы бар. Ұлы менен үлкендеу, аты — Гришка. Орыстар қызық. Әкесі Гришка, баласы да Гришка. Немене, ат жетпей ме? Айша осыны айтып еді, Мұртаза:
— Әкесі атым өшіп қалмасын деп, баласына өз атын береді, — деді. Атым өшіп қалмасын дейді, ә? Әліме қарамай, мен: «Мұртаза ше? Ондай уайымы жоқ па? Менің атым онда неге Барсхан? Неге мені де Мұртаза деп атамаған?» — деймін.
Кейін-кейін, Мұртаза дүниеден өткеннен көп кейін, мен бұл сұрақты Айшаға айтып едім, ол:
— Сен барда, Батырхан барда Мұртазаның аты өшпейді, — деді. Heгe екенін білмеймін, Құрмашты атамады.
Гришканың қызының аты — Наташа. Менімен жасты. Ағаш ұстаханаға барғанымда, үлкен Гришка ұзын тақтайды сүргілеп, үскілеп жатады. Содан шиыршықталып жіп-жіңішке жаңқа ұшып түседі. Оны Наташа сап-сары шашына байлап, әшекейленіп алады. Менің басыма да орап қояды да, сықылықтап күледі.
Содан соң, кіші Гришка, Наташа, мен — үшеуміз Бердімбет сайының қабағына барып, шытыргүл тереміз, жабайы үпілмәліктің қырмызы гүлін, меңдуананың қауашағын жұлып аламыз. Меңдуананың күлгін гүліне көк көбелек қонып отырады. Соны ұстамақшы боламыз. Көбелек ұшып кетеді. Айда кеп қуамыз. Ұстатпай, қисалаңдап ұшады. Біз де қисалаңдап жүгіріп жүріп, кейде құлап қаламыз. Сайдың табанында күмістей жарқырап ағып жатқан бұлаққа барамыз. Бірақ көбелек жеткізбейді. Сөйтсек, оларда канат бар, бізде канат жоқ екен. Адамға Құдай бәрін бергенде, қанат бермегені қалай? Оны несіне аяды екен? Біз түсінбейтін жұмбақ көп.
Қазір таңғаламын. Сонда біз сол төрт-бес жасар орыс пен қазақтың балалары қай тілде сөйлестік екен? Түк те есімде жоқ. Менің орысша білмейтінім анық. Ана орыстың балалары да қазақша біле қоймаса керек. Сонда қалай түсіністік. Ғажап. Бірақ ертеден кешке дейін бірге ойнайтынымыз зайыр есімде.
Сірә, төрт-бес жастағы балалар бірін-бірі тілсіз-ақ түсінетін ерекше бір қасиет бар болса керек. Өсе келе үлкендер сол қасиеттен .айырылып қалып, «Менің тілім, сенің тілің» деп, дауласкер дертке ұшырайды екен ғой...
Гришкалар бір түнде ұшты-күйді жоқ болды. Әкемнен сұрап едім;
— Көрші ауылға көшіп кетті, — деді.
Сөйтіп, үрпек сары бас достарымнан айырылып, кәдімгі мұрынбоқ қарадомалақтардың арасына барып қосылдым. Жападан-жалғыз жүре алмайсың ғой.
Енді шамаласам, сол 1937жылдың бірінші мамыры болуы керек, Мұртаза мені көрші ауылға ертіп барды. Мейрам екен. Ондай мейрамды бірінші рет көруім-ау деймін. Халық қарақұрым.Бәрі қызыл-жасыл киінген сияқты. Бір әсем дүние. Ән-күй. Балуандардың күресін де сонда көрдім. Ат бәйгесі болды — ау деймін. Адамдар ақ түйенің қарны жарылғандай мәз-мейрам.
Содан кенет... әлгі шыжандай көптің ішінен Кіші Гришканы көзім шалып қалсын. Оны байқамас та ма едім, не көп-бала көп. Бірақ шашынан таныдым. Көп қараторғайдың арасына бір ақбас торғай кіріп кеткендей ғой. Қолымнан ұстап тұрған Мұртаза әлденеге назары ауып, менің қалай сытылып шығып кеткенімді байқамай қалды-ау деймін.
Құлдыраңдап отырып ақбас балаға барайын. Ол да таныды.Қуанып кетті. Қолымнан қысып ұстап алып шықты. Сөйтсем, сары шашты адамдар көп екен. Тілдерін түк түсінбеймін. Әсіресе әйелдері қызыл-ала киініп, асыр салып билеп жүр. Біреу дарылдата созып, қобдиша сияқты бірдеңе тартып отыр. Бір орыс әйел:
— О, баранчук, хорош, хорош! — деп, маған дөп — дөңгелек тәтті нан берді. Тәттілері көп екен. Айша тігіп берген помази көк көйлектің төс қалтасына әлгі әйел кәмпитті толтыра салды. Тағы салатын еді, басқа қалтам жоқ екен. Шалбарымды сипаласам, бітеу, қалтасы жоқ.
Содан Кіші Гришка екеуіміз қол ұстасып бармаған, араламаған жеріміз жоқ. Бір орыс тұмылдырықтаған қоңыр аю жетектеп, оны ойнатып жүр екен. Аю біресе адам сияқты қос аяқтап түрегеледі, біресе көктің үстіне домалап, басымен жер тіреп, тоңқайып тұрып, аунап түседі. Мұндай қызықты көрмеген басым, әлгінің қасынан шыға алсамшы. Бірақ жақындауға қорқамын. Кіші Гришка қорықпайды екен, жанына барып кәмпит беріп еді, аю қағып салды, басын иіп, тізесін бүкті. Рақмет дегені болса керек. Ал кеп күлейік. Дүниеде күлкі жақсы. Кім күлсе ол күлсін: қазақ па, орыс па, бірден түсінесің. Мына көп орыстың, бір-біріне не айтып, не қойып жатқанынан дәнеңе де ұққан жоқпын. Күлгендерін бірден түсіндім. Күлкіге тілмаш керек емес екенін баланын шала миымен-ақ біліп қойдым.
Сөйтіп, дүн-дүниені ұмытып, аюдың қызығына беріліп тұрғанда, жұрт тарай бастапты. Әкем тұрған жерге жүгіріп барсам, — жоқ! Ал кеп бақырайын. Әлдекімдер:
— Әй, мынау кімнің баласы? Адасып қалған ғой, — десті.
— Кімнің баласысың?.. — біреулер еңкейіп бетіме үңіледі.
— Мұртазаның...
— Әкең жаңа сені іздеп жүрген, — деді біреу. Енді біреу жан-жаққа қарап:
— Әне! Әкең анау бір топ кісінің ішінде болар, — деп күншығысқа, біздің ауылға кетіп бара жатқандарды көрсетті.
Бақырып, Тәңіртауды басыма көтеріп, әлемді жаңғырықтырып жүгіріп келемін. Жолда бір солқылдақ жас шыбық жатыр екен, соны іліп ала салып, безілдеп келемін. Ақыры, қуып жеттім. Кілең үлкен кісілер екен: Мелдехан, Пешен, Байжұман, Әліпбай, Мұса, Шақалақ және менің әкем Мұртаза.
Келе сала, ал кеп әкемнің арқасына кішкентай жұдырығыммен түйгіштейін. Шыбын шаққан құрлы көрмейді. Жанындағылар бірдеңені айтып келе жатыр. Одан бетер ыза болып, мәсісінің қонышын шыбықпен ұрып келемін, ұрып келемін, бақырып келемін. Бір уақытта Мелдехан ғой деймін, маған бұрылып:
— Тәйт! — деді.
Мелдехан менің әкемнен үлкен. Көлкілдеген көкала сақалы бар. Басында-ақ қалпақ. Ауы күйектей ақ дамбал киіп, аяғына қоңылтақ кебіс іле салған.
— Тәйт! — деді. — Сені Мұртаза мойнына алабұршақ салып, қорасанға қой айтып, әулиеге мал айтып, Құдайдан тілеп алса да! Әңгіменің шырқын бұздың ғой!
Кіп-кішкентай балаға дап-дардай кісінің соншалықты сөгіс айтқаны несі дегендей, басқалар тосылып қалды. Мен мына ашулы адамнан құтқар дегендей әкеме қарадым. Жаңа мені тастап кеткені аздай, енді де араша түспес пе екен дегендеймін.
Мұртаза мырс етіп:
— Молдеке, бұл Барсханды Құдайдан жылап жүріп тілеп алғаным рас, — деді. Сөйтті де қолымнан енді ажырамастай қысып ұстап, жетектеп алды. Екеуміз деп-демде достасып кеттік.
Мұртаза көп сөйлемейтін кісі. Кайтып мен туралы әңгіме болған жоқ. Үлкендер өздерінше езге тақырыпқа кешті.
Арт жақтан елеңдеткен дауыс естіледі. Бұрылып қарасақ, I өшкен, оның інісі Кәрібай, Оспаналы, Төреқұл сияқты сол кездегі «жастар» жағы екен.
— Мына қулар орыстың арағына тойып алыпты-ау, — деді Пешен.
Бір кезде, олардың араларында шу шығып, төбелес басталды білем: Тәшкен өз бауыры Кәрібайды көкпарша сүйрейді. Оспаналы мен Төреғұл жағаласқандай болды.
Пешен айқайлап:
Қойыңдар-ей! — деді. Мелдехан:
— Қайтесің, мас жындылар сөз түсінуші ме еді, — деді.
Сөйтіп, өз ауылымызға да жеттік.
Менің өз әкеммен бірге тойға барғаным осылай аяқталды. Ол мені бұрын да талай жерге жетектеп, көтеріп барған шығар. бірақ оларынан елес жоқ.
Сол жылы қыста әлгі тойдан бірге қайтқан жетеудің алтауы ұсталды. Біреуі олардың үстінен арыз жазған болып шықты. Жетеуден-біреу. Алтауын бірдей итжеккенге айдатып жіберді. Айтпақшы, алтаудың ішінен Байжұман қырғыздың тауына қашып құтылды.
Кейін-кейін сол 1937 жылғы бірінші мамырдың тойы есіме қайта-қайта орала берді. Әкеммен бірге ілесіп барған той. Бір түсінбегенім: Мұртаза мені Құдайдан тілеп алады. Сөйте тұра, мені неге орыстардың ортасында тастап кетті? Іздеген көрінеді. Бірақ таппай, менсіз неге ауылға қайтып бара жатты?
Әлде менің көп ұзамай әкесіз қалатынымды сезді ме екен? Әкесіз қалғанда бос болмасын, болбырақ болмасын. Өз бетінше жол тауып көрсін, ащының дәмін осы бастан татып, мына мейірімі аз, қаталдығы мол дүниеге осы бастан көндіге берсін деді ме екен?
Егер осылай ойласа, ол ойын мен жүз есе орындадым. Мұртазаның қонышын шыбықпен сабалап, шыңғырып жылаған шолжаң еркелігім-көктемде гүлден-гүлге қонып, тайраңдап, сайраңдаған көбелектің лезде көз жұмғанындай, ерте солды.
Еңбек пен азап ештеңе емес. Жазықсыз жаладан коп жарақаттандым. Арпалыстан жағам талай жыртылды. Мұртаза мені шынымен шынықтырғысы келсе, ол үміті ақталды. Шыңыраудан шыққандай халдемін. Тірмізік екенмін. Қасқырдың тарамысынан жаралғандай тырмысып әлі тірі жүріп келемін...
ҚЫРАУ ҚАНАТ БАЛАПАН
Қарны тоқ, қайғысы жоқ, киімі бүтін бес жасар ойын баласына қыстың кешкі аязы қызық та болуы мүмкін. Бес жасар баланың миы әлі нүкте түспеген ақ қағаздай. Әсерлі оқиға, сұлу сурет сол аппақ қағазға өшпестей жазылып қалар.
Әлі есімде: темір ұста үйінін іргесінде асық ойнаған балалардың арасында мен де бармын. Батқан күннің қызылы Талас Алатауының қарлы шыңдарын балқытып жібергендей еді. Теріскейдегі Қаратаудың үстінде қызғылт көгілдір құстар түйдек-түйдегімен қалқып тұрғандай екен. Құстар емес, бұлттар екенін сеземін. Қошқаратаға қонақтаған қоқиқаздар секілді.
Таулар балқып жатса да, жылуы жоқ. Алаулаған бетіңді сүйер шымыр аяз тек біздің Жуалыда, Мыңбұлақта ғана болады деседі.
Балалардың ересегі Сейсенбай маған болысып, мен ұтылып қалсам да асықтарымды өзіме қайтартқызып береді. Менен үлкен бола тұра, балалар менен ығатын сияқты. Онысы несі екен?
Көз байланып, қас қарая ойын бітіп, үйді-үйімізге тараймыз. Темір ұстаның жәпірейген үйінің алдында үйме-жүйме соқалар, темір тырмалар ғана қалады. Олардың үйі осы, олар жаурамайды.
Не көрінгенін білмеймін, аузымнан аяздың буы бұрқырап, үйге жүгіріп кіріппін. Айша тұтатқан жетілік шырағданның бүйірі томпайған шынысына түкіріп кеп жіберіппін. Жетілік шиша шырт етіп, шытынасын да қалсын. Жетілік білтедегі момақан от теңселіп, шалықтап барып, әйтеуір, өшпей тірі қалды. Бірақ керосин түтінінің иісі мүңк ете түсті.
Бұл сорақы, сорлы ісімді көріп қойған Айша үн-түн жоқ, онсыз да аяздан тырсылдап тұрған құлағымның сырғалығын қолымен қыршып алғандай болды. Құлағым тыз етті. Қанап қалыпты. Ал кеп бақырайын.
Дауысымды естіп, далада жүрген Мұртаза келді. Құлағымнан қан ағып тұрғанын көріп, Айшаға ал кеп ұрыссын. Ар жағы не болғанын білмеймін, мен ұйықтап қалсам керек.
Түн ортасы болар, мен Айшаның айқайынан ояндым. Елегзіген шынысыз шамның сәулесімен сорайып-сорайып бөтен біреулер көрінеді. Олар Мұртазаны итеріп-итеріп, алдарына салып алып кетті. Айша айқайлап арттарынан шықты. Дірдек қағып мен де шықтым. Серейіп-серейіп үш-төрт адам сай жаққа қарай кетіп бара жатыр. Сайдағы көпір сықырлады. Айша сайдың қабағына дейін қалмай барып еді, Мұртазаның,даусын анық естідім.
— Қайт! Балалар қорқып қалады! — деді.
Түнгі аяз бұл күнгі дауысты қайталап шыққандай болды. Сықыр — сықыр дыбыс алыстап, Айшаның аяғының астындағы қар ғана қаршылдайды.
Айша есіктің алдындағы ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап:
— О, Жаратқан басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? — деді.
Толықсып тұрған Ай бір аунап түскендей болды.
Мен лезде есейіп шыға келдім.
Енді мені қорғайтын Әке жоқ екенін сұңғылалықпен сезіп қойған сияқты едім.
Жаңа ғана жарқырап тұрған Ай бұлттың ішіне сүңгіп кетті де жетімдіктің алғашқы дәмін татқандай болдым.
Қорбиып қараңғы түн жан-жақтан қаптап келе жатты.
Айша мені жетім қалған үйге жетектеп кіргізді.
1937-жыл жалмауыз жыл еді.
Қанатына қырау қатқан жас балапан мен едім.
Енді асықтан ұтыла беретін болдым. Бұрынғыша ешкім болыспайды.
БІР ТАРЫНЫҢ ҚАУЫЗЫ
Арада екі-үш күн өткеннен кейін, «халық жауларының» қатын, бала-шағасы улап-шулап, отыз жетінің желтоқсанында, Шақпақ желі борасындатып ұрып тұрғанда, сол ызғырыққа кеудемізді тосып, Борандының түрмесіне бардық.
Айша мені ала барды. Құрмаш пен Батырхан үйде қалды. Түрме дегені — жан-жағын милиция қоршап тұрған ат қора сияқты, кірпішек, шатырлы үй екен. Одан бұрын Борандыда арнайы түрме болмаса керек, өйткені айналасына қорған соғып, темір тікенмен қоршап үлгермепті.
Милиция деген — ұзын сұр шинель, төбесі сиырдың емшегіндей шошақ баскиімді, жүздері мұздай суық, мылтықтары үшкір найзалы адамдар болады екен. Неге екені белгісіз, бәрінің көздері іріндеген, беттері көгеріп, көлкілдеп тұрған сияқты. Мүмкін, «халық жауларын» қырағы қарауылдап, күндіз-түні ұйқы көрмейтін шығар.
Мыңбұлақтан ғана емес, басқа жақтан да кел тендер болар, әйтеуір, шыжандай ыңырсыған халық.
Соған қарағанда, Жуалы ауданы бойынша «халық жаулары» аз болмаса керек. Тұтқындарды бір көріп, тіл қатысып қалуға жиналғандар:
— Әулиеатаға апаратын көрінеді бұларды, — дейді әлдекім сыбырлап.
— Қарасудың бойына апарып атады дейді.
— Тек! Сібірге итаппен айдайтын көрінеді.
— А, Құдай, өзің жар бола көр!
Осындай сыбыр-күбір сөзден бес жасар бала болсам да, менің кішкентай ғана жүрегім мұздап бара жатқандай.
Түрменің жалғыз есігі бар екен. Есіктің түйе көзіндей тесігі бар екен. Мың көз жиналып, сол жалғыз көзге қадалады. Жалғыз көздің ар жағында үйме-жүйме тіршілік барын сезгендейсің.
Өйткені әлгі тесіктен саусақтар қылтыңдайды. Саусақтан басқа еш нәрсе сыймайды ғой. Тұтқындар бармақтарын неге шығарады? «Саусағымызды таниды» дей ме екен. Далбаса ғой. Әйтпесе, адамды жалғыз саусағынан қалай танисың?
Қамақтағылар мына азаттықта тұрғандарды мазақтағандай көрінеді. Мазақтамайды ғой, бірақ әлгі әнтек әрекеттері соған ұқсас.
Әлде, мына ашық аспан астында тұрған біздерден медет тілеп, әйтеуір, бір жәрдем күте ме екен? Суға кеткен пенде соңғы рет судан қолын шошайтады емес пе? Бұлар да сол сияқты шығар.
Кейде саусақ көрінбей кетеді де, жалғыз тесіктен жалғыз көз жылтырағандай болады. Бір сеніп, бір жылтырайды. Содан шамалағанда, тұтқындар тез-тез ауысып, әлгі тесіктен кезек-кезек сыртта тұрғандарға көз салатын болуы керек.
Тұншыққан, шуылдаған дауыстар естілгендей ме? Абақтының қабырғасы қалың, дауыстар бізге анық жетпейді.
Әркім оз жақынын атап, шақыртып, арыздасып, қоштасатын шығар. Бірақ оны естіп, түсініп жатқан ешкім жоқ.
— Жәкең осының ішінде, — деді Айша мені жеңімнен тартып.
— Неғып? — деймін мен.
— Білмеймін.
— Барайын ба? — Мен Айшаның бетіне қараймын. Ол мылтықтарын көлденең ұстап, қалшиып қалған милиционерлерге қарайды Қарауыл сақ Әлдекім бір қадым ілгері аттаса, мылтықпен кеудесінен тастайды. Бәрі бері қарап тұр.
Біздің алдымызда тұрған ұзын бойлы, ірің көз милиционер темекі тұтатып, тұқшиып еңкейе бергенде, мен құлдыраңдап жүгіріп отырып, түрменің есігіндегі тесікке де жеттім. Бірақ бойым жетпей өкшемді көтеріп,тесікке мойнымды созып:
— Жәке,Жәке! деп шырылдадым.
— Ай Мұртаза! Ау, Мұртаза! Балаң келіп тұр, — деген дауыс іштен тұншығып шықты.
— Былай тұр, былай! Мұртазаға жол беріңдер!
Соған қарағанда, Мұртаза есікке жақын жерде емес болуы керек Жетті!
— Барсхан! Барсхан! Сенсің бе?
— Иә, Жәке.
— Айналайын.
— Үйге жүр, Жәке. Айша жылады. Айшаға ұрыспашы.
— Жыламасын, мә! — Әкем маған шиыршықталған қағаз ұсынды. Сол кезде иығымнан біреу бүркіттей бүріп алып, лақтырып кеп жіберді Анадай жердегі күресін күртік қарға басым кіріп,құлап түстім. Әлдекімдер мені орнымнан тұрғызып, үсті-басымды қаққылады. Ақ қоян құлақшынымның қарын тазартты.
Жылама, азамат екенсің!
Жылаған жоқпын, — деймін мен.
Айша келіп, тізерлеп отыра қалып, бет-аузыма жабысқан қарды қолымен тазалап, бетін бетіме басып, тұла бойы дір-дір етіп солқылдады. Аузыма сұқ саусағын салып, таңдайымды езгіледі. Қорқыныштан құтқарғаны.
— Жылама, — дедім мен әлгінде әлдекімнің өзіме айтқан сөзін қайталап.
Милиционерлер қаһарланды.
— Әйда, кетіңдер! — деп, мылтықтарының дүмімен жұртты кеудесінен ұрғылап, ығыстыра бастады.
— Тараңдар! Тараңдар! Әйтпесе, атамыз, — деп қорқытты.
Бір рет аспанға мылтық та атылды. Түтіні бұрқ етті. Жұрт шу етті. Аждаһа келе жатса қорықпайтын қазақ, мылтық даусы шыққан соң, бет-бетімен ыдырап кетті.
Біз ауылға қайттық. Былай шыққан соң, кішкентай уысыма қатты қысып алған әлгі шиыршық қағазды Айшаға бердім. Айша қағаздың шиыршығын жазып еді, ішінен төрт ине шықты. Киім тігетін машинаның инесі. Жұрт аң-таң. Қағазда жазу жоқ.
— Сонда бұл инені Мұртаза қайдан алған? — деді біреу.
— Мұнда бір мән бар шығар? — деді біреу.
— Қандай мән?
Айша айтты:
— Өткен жексенбіде базарға барып еді, сонда сатып алып, ұмытып қалтасында кеткен ғой, — деді.
Үйімізде Күнікей әжемізден қалған «Zinger» машинасы бар еді...
Жол-жөнекей тал-дарақтың басында бүріскен торғайлар отыр. Адамдардың қасіретіне олар да ортақтасқандай. Бір әйел (кім екенін ұмыттым): «Туған ел, енді есен бол-ай, — деп әндетті. Өлеңі әннен гөрі, жоқтау сияқты зарлы естілді.
«Тек» деп тастады басқа біреу.
— Мұртазаның ине бергені несі? — деді біреу. — Мұнда мән бар.
Қандай мән екені әлі түсініксіз?
САУСАҚ СОРҒЫШ БАЛА
Ол туған отыз жетінші жылдың. сарша тамызы еміс-еміс есімде. Мен бес жасқа толар-толмас кезім еді. Мыңбұлақ сайларының басын ала киіз үйлерін тігіп, ел егін орағына кіріскен шақ қой деймін.
Осы Батырхан сол киіз үйде дүниеге келді. Жадыраған жаз, жайдары жандар құтты болсын айтып, келіп-кетіп жатты білем.
Әйтеуір, жақсылық күндер екенін сеземін.
Артынша күз келді, қыс түсті. Жаздың ағыл-тегіл қуанышты күндері көзден бұл-бұл ұшты. Мұртаза тұтқындалды.
Сол түннің ертесіне Айша емшектегі баланы:
— Енді сен де адам болар ма екенсің? — деп аңырай жылап, омырауынан жұлып алып, төсекке тастай салғаны, ана сүтіне тоймай қалған сәбидің, әлде Айшаға, әлде заманға, әлде тағдырға риза болмай, шар-шар еткені көз алдымда, құлағымда.
Содан, сол бала қайтып aнa сүтіне жарыған жоқ-ау деймін. Айшаны күнде таңертең жұмысқа айдап кетеді. «Емізулі балаң бар ғой, сен жұмыстан қала ғой» деп есіркеп жатқан Тасбет жоқ.
Баланың күні-алты жасқа аяқ басқан маған, төртке қарай қадам басқан Құрмашқа қарап қалды. Бізге қараған күн қайбір, оңған
Баланың аяғы шықпай қалды. Бір жасқа толды, үшке қарай кетті — тәй — тәй басып тұра алмады. Еңбектеп,төрт аяқтап жүреді, көбінесе шоқиып отырады. Отырады да қолының қос саусағын сора береді. Шидей саусақтары ақжем болып кетеді.
Бір күні әлгі бала жерге домалап, әй бір шарылдап жыласын. Бала бағатын кісінің сықпыты — мен. Мен не біліп жатырмын. Шырылдап, көгеріп бара жатқан соң, көтеріп алып ұстаханаға, Нәметқұл көкеме жүгірдім.
Нәметқұл — ұзын бойлы, ажарлы, аса сабырлы кісі еді. Батырханның ішін басып көрді, аузын ашып көрді. Ақжем болған шидей саусақтарын санап шықты. Саусағын біреу кесіп алып, содан жылағандай-ақ. Содан құйрығын сипап, сирағын сипап байқады. Тамырын ұстады.
— Не жеп еді? — деп шермиген қарнын басып көрді.
Не жегенін мен қайдан білейін, қолына не іліксе — соны жейді дағы. Бізде бір уыс талқаннан басқа, бір тостаған айраннан басқа не бар дейсің.
Содан баланың башпайларын қарады. Башпайларының арасын ашып көрді де:
— Оппой, құдай-ай! — деп күйінді Нәметқұл.
Быжынаған ақ құрт.
Қозының құйрығын құрттағандай, қолына іскек алып, әлгі құрттарды тере бастады. Қалай теріп болды, солай баланың шарылдағаны басылып, жаны жай тапты.
Жұмыстан қайтқан Айша бізді көріп бұрылды.
— Батырханның башпайы құрттап кетіпті, жеңеше, — деді Нәметқұл. Айша арқаланып шыға келді:
— Кетерінде Мұртаза айтып еді: «ана екеуін итшілеп жеткізерсің, емшектегіңді, әй, білмеймін», — деп. Әулие екен де, айтқаны келді ғой. Әлі мешел. Мұны бағып-қағатын мен бейбақтың түрі мынау. Балаға қара деп сеніп тапсырған жүгірмек Барсханның түрі-анау. Қарамай қаңғырып кетеді.
Айша маған тұра ұмтылды. Мен ұстатпай ыршып түсемін.
— Әй, бәлем, барасың үйге. Сонда ма, сонда...
Нәметқұл сабырмен:
— Жеңеше, Барсхан әлі ойын баласы ғой, оған несіне ұрсасың. Оның өзіне біреу қарау керек қой, — дейді.
Айша жүрелеп отыра кетіп, Батырханды көтеріп алып, әлдеқашан семіп қалған омырауына баланың басын басып:
— Ай, Мырза аға-ай, мен ұрсайын деп ұрсады дейсің бе? Күйемін ғой, күйініп кетемін ғой. Әйтпесе, ұрсып нем бар Барсханды! — дейді.
Десе де, ұрысқан тұрмақ, ұрғанның көкесі кейінірек болды.
Әлде, отыз тоғыз, әлде, отыз сегізінші жыл шығар. Жаздай бізді сол Нәметқұл асырады-ау деймін. Әйтеуір, есімде ерекше қалғаны: көріктің қоламта шоғына жұмыртқа пісіріп береді. Тауықтың жұмыртқасын әуелі шүберекке орайды. Сөйтеді де ыстық күлге, қоламтаға кеміп тастайды. Сәлден соң, әлгіні ашып, шүберектің күлін қағып, піскен тұқымды аршып, ағын маған, сары уызын Батырханға береді.
Батырхан көбінесе Нәметқұлдың қасында қалады, мен балалармен ойнап кетемін. Кейде Батырханды арқама көтеріп, балалардың соңынан жүгіріп, Дошанай атамның үйінің жанындағы әуітке барамын.
Әуіт дегеніңіз — кәдімгі бөгет. Таласбай бұлақтың суы көп. Соны бөгеп, әуіт салған. Қазіргі тілмен айтқанда: «водохранилище». Әуіт толғанда, астындағы қуырдым шым тығынын ағытып, содан атқылаған сумен қызылша суғарады, тары суғарады.
Ал әуіт толғанда, айдынды қол пайда болады, тіпті шоқ-шоқ талдар, қоғалар судың астында қалады. Жап-жас балаларға бұдан артық қандай қызық керек. Әйда кеп шомыламыз.
Шомылғанда басқа балалар сияқты емес, жүзуге шорқақпын. Үйрене алмай-ақ қойдым. Өсер, Жолдасбек сияқтылар сайдың бергі бетінен арғы бетіне балықша жүзеді. Маған Құдай оны бұйыртпады.
Оның есесіне, «демалмас» ойынында алдыма жан салмаймын. Оның мәнісі: кім судың астында дем алмай көп жатады — сол ұтады. Ұтқанда не, ұтылған бала ұтқан баланы әуіт бөгетінің үстімен ары бір, бері бір арқасына көтеріп алып өтеді. Сол-ақ. Бірақ намысы жаман. Ұтқан бала ұтылғанның арқасына мініп алып: «Айда, есегім, шап, шап!» — деп екі аяғымен қос өкпеден тепкілеп, қорлайды ғой. Кейде содан қып-қызыл төбелесте шығып кетеді.
Кеңес дейтін «төреші» екі баланы «бір, екі, үш!» — деп суға сүңгітеді. Бақаларша тарбаң етіп сүңгисің де, су түбіндегі қоғадан қос қолдан ұстап алып, жата бересің. Дем алмайсың. Дем алсаң — аузыңа су кетеді. Сырттағы төрешілер санап тұрады. Кім бұрын шығады — сол ұтылады. Ал мен жата беремін. Тіпті су астында көзімді ашып жатамын. Қозғалып,тербетіліп тұрған қоғаны көремін. Су асты ну орман. Қым-қуыт тіршілік. Қоғалардың ара-арасында қылтың-қылтың етіп үйір-үйірімен жүзіп жүрген итбалықтарды көремін. Мүмкін, ықыласым соған ауатын шығар, мүмкін ашық көзден ауа кіретін шығар, шыдай беремін. Сырттан күңгір-күңгір дауыстар естіледі. Біреу:
— Өліп қалған шығар, — дегендей болды. Сонда барып қолымды қоғадан босатып,су бетіне қалқып шығамын. Балалар шу етіп, қол шапалақтайды.
— Осы сен түтікпен дем алып жататын шығарсың? — дейді жеңілген Жолдасбек.
— Қайдағы түтік? Түтік болса судың бетінен қылтиып көрініп тұрмай ма? деп бой бермеймін.
Жолдасбек тапалдығы болмаса, менен үлкен. Үлкендігін істеп, маған «есек» болғысы келмейді. Мен көнбеймін. Аяғында жұдырыққа жүгінеміз.
Сөйтіп, бір дәп-дәле болып жатқанда, өзіме етене таныс ащы айқай естілді. Құдай қай жақтан айдап әкелгенін білмеймін: Айша адуындап жақындап қалыпты. Қолында — Батырхан. Сөйтсем, кеш болып, Айша жұмыстан қайтқан екен.
Қашан, бағана-а-а Батырханды арқама көтеріп келіп, сайдың (яғни көлдің) жағасындағы көгалға отырғызып:
— Қимылдама, — деп кеткенмін.
Бір-екі қарағанымда шоқиып отырған болатын. Сөйтсем, төрт аяқтап еңбектеп, құйрығымен жылжып, судың жағасына жетіп қалған екен ғой. Айша келіп жеткенде, Батырхан жартылай судың ішінде жатыр екен. Енді бірер жылжыса, тереңіне түсіп кетпек екен. Ал тереңіне түйе бойламас.
Қашып үлгермедім. Қашып кетер едім, Жолдасбек қырсық ұстап қалды.
Қолымнан қарыстырып ұстаған қалпы, Айша Бердімбет сайындағы Жалбыз қайнарға алып келіп,Батырханды жалбыздың түбіне отырғыза салып, мені тұқшитып қойып, басымды суға ал кеп батырсын, ал кеп батырсын.
— Суда басың қалса, ал тұншық! Суға Батырхан батқанша, сен батып ел! Ал! Ал!
Сайдың арғы қабағынан Қамқа айқайлады.
— Айша! Ау, Айша! Қойсаңшы, байғұс-ай. Тиме деп ем ғой Барсханға. Ұрма деп ем ғой. Қоя ғой, жарқыным.
Айша Батырханды көтеріп үйге кетіп қалды.
Суға салып қойып сабағанда безірейіп жыламап едім, енді жартыкеш Айға қарап отырып аңырадым-ай кеп.
Айдан басқа мұң шағатын кімім бар?
Жаны ашитын Қамқа — мешел. Арашалап, Айшаға ұрсатын Мұртаза... о да жоқ. Айдың менсіз де қасіреті көп шығар. Мұңаяды. Тіл қатпайды.
БАҚА ЖҰТҚАН ЖЫЛАН
Дүниенің дидары сан қилы. Түгел білігі болған ешкім жоқ. Әлде сағым, әлде сынап. Аспараның мұздақ тауынан сырғанағандай, қайда барып құлайтынын беймәлім. Мысалы, Мұртаза. Талас Алатауының баурайында дүниеге келіп, Қиыр Шығыстың ну орманының, бір түп қарағайының қасында сүйегі қалады деп кім ойлаған?
Дүние шіркін кілең арманнан жаралған сыман. Арманына түгел жеткен кім бар дейсің?
Құрт-құмырсқа, бақа-шаян — бәрі де өмір сүргісі, тірі болғысы келеді. А, бәлкім, осыларда да арман бар шығар. Біз не білеміз, құмырсқаны басып, шымшықты шырылдатып, ұясынан жұмыртқасын алып, яки балапан ұстап, обалға батамыз. Бәрі де бекер екен де.
Балалық шығар.
Таласбай бұлақтың суындағы көкқасқа бақаларды садақпен атып, таспен ұрып, талайын өлтіріп ек. Әттесі-ай!
Мұны еске алғаным, сол бақаның аянышты халін өз көзіммен көріп шошыдым да, қайтып бақа баласына қиянат жасамауға ант етіп едім...
Сол баяғы Айша мені Жалбыз бұлаққа салып сабағаннан кейін, ертесіне тағы сол Батырханды бағып, үйде ары отырдым, бері отырдым.
Айша қызылшаға кетерінде қатты тапсырды: «Осыдан үйден шықсаң мына баланы тастап кетіп қалсаң, кешегі-кешегі ме,көресіні көресің! — деді де шалап құйған шишасын дорбаға салып алып кете барды.
Ары отырдым, бері отырдым. Бала ыңырсып жылағандай болды. Далаға о да шыққысы келген шығар. Ақыры тәуекел деп, көтеріп алып, сыртқа шықтым-ау.
Таласбай бұлақ жақтан шуылдаған дауыс талып естіледі.Шыдамадым. Баланы арқама лақтыра салдым.О да әккі боп алған: құлап қалмайын деп мойнымнан боп-боз саусақты қолдарымен қысып ұстап алды. Бердімбет сайынан өттік, Салби сайынан өттік. Салбидың қабаған жаман иті шәуілдеп қалды. Ақыры Таласбай бұлаққа да жеттік.
Балалар: Өсер, Жолдасбек, Аманбай,Сұрапалды, Тілепалды, Сүлеймен әуіт басында асыр салып ойнап жүр екен. Қайран заман-ай. Әлі соғыс жоқ кез ғой. Жандарына жақындап барып, Батырханды арқамнан түсіріп, жерге шоқитып отырғызып, өзім де жүрелеп отырмын. Аналарға қосылып ойнауға шама жоқ. Бала тағы да суға түсіп кете ме деп қорқамын.
Олар мен жаққа оқшиып-оқшиып қарап неге келмейді дегендей состиысты да қайтадан шолп-шолп еткізіп, көлге сүңгіп кетті. Тағы да сол «демалмас» ойынан бастады.
Қарап отырмын. Жолдасбек арам қайта-қайта ұта береді. Сыртта кеңес «бір, екі, үш » — деп санап тұрады. Жолдасбек суға сүңгиді де сәлден кейін қайқаң етіп қайта шығады. Мен болсам судың астында жата берер едім, мынау тез шығады. Бәрібір ұтады. «Ой, арам» — деймін. Қасыма Аманбай келді: «Жүр, сен болмасаң, анау бізді құртатын болды» — дейді — Сонша жұмсақ,қыздай сызылған бауырмал бала еді. Кейін Алматыда Ауылшаруашылық институтын Өсер екеуі бірге бітіріп, Ақтөбе облысына агроном болып барып, жазда найзағай түсіп өлді.(Жаны жаннатта болсын!) Қолахан деген әкесі Мұртазамен жасты еді. Біртоға кісі болатын. Мені көрсе, басымнан сипап қана қоятын. Тасбет, Жуанқұлдар сияқты боқтамайтын.
Аманбай «жүр», — дейді. Мен иығымды қиқаң еткізіп үндемеймін. «Жүр, Барсхан», — дейді. Тұқшиып отыра беремін. Біледі. Кеше Айша келіп, мені ұрып-ұрып, алдына салып айдап кеткенін де біледі. Түсінгендей болады да, ойынға қайта барып қосылады. Суға сүңгиді, тез қайта шығады. Өкпесі шыдамайтын шығар. Мен болсам қоғадан ұстап алып, жата берер едім. Қоғадан ұстауды білмейтін болар, қайқаң етіп қайта шығады. Арық сіліңгір қара бала еді. Жолдасбек арам артынан шығады. Ұтады. Тапал, тығыншықтай. Аманбайға асылып мініп алады. Арық бала қайқаңдап көтере алмайды.
Көпірден ары көтеріп өтеді, бері көтеріп өтеді. Жолдасбек арам өкпесінен ары тепкілейді, бері тепкілейді: «Жүр есегім», — деп қорлайды.
Шыдамай, Батырханға: «Қозғалмай отыр!» — деп, мен барамын.
Жолдасбек арамға: «Жүр, ал кеттік, давай!» — деймін. «Давайды» Евгеньевкадағы орыстың балаларынан естігенмін. Үш-төртеуі, кілең секпіл бет, жирен шаш балалар бәрі жабылып мені ұрғанда, «давай, давай», — дейтін.
Кеңес танауы делдиіп, о да «давай», — дейді. Суға қойып кетеміз. Су астында қоғаның түбінен ұстап, тастай қатып, көзімді ашып жатып, Кеңестің «Бір, екі, үш... отыз, қырық, елу...» — дегенін күңгір-күңгір естіп жатамын. Балалар шу еткенін де естимін. Ол, Жолдасбек, шыдай алмай судан шығып кеткенін де сеземін. Әдейі шатақ шығармасын деп шыдап жата беремін. «Жүз!» — дегенде, асықпай шығамын.
— Арам! — дейді Жолдасбек. — Сенің бір бәлең бар! — дейді.
Мен:
— Әй, оңбаған, мен тағы бір жүзге дейін жата берер едім, Батырханға бола ерте шықтым, — деп, бала отырған жаққа қараймын. Бала шоқиып отыр. Бұрын балалар жаққа қарап қойып отыратын. Бұл жолы бедірейіп, бір түп жалбыздың түбіне қарап, қатыпты да қалыпты. Артынша шар етіп даусы шықты. «Не болды?» — деп жүгіріп бардым. Қарамайды. Шидей сұқ саусағын шошайтып, жалбыздың түбін көрсетеді. Қарадым да, тұла бойым дір етіп, Батырханды кері сүйрей шегініп кеттім.
Шұп-шұбар, қара ала жылан бүктеліп жатыр. Көзі елегізіп, аузы арандай ашылып, мүлгіп жатыр. Аузында — көкқасқа бақа...
Бақаның басы көрінеді, басқа жағы жыланның аузына кіріп кеткен. Жылан көзі әлде жұмулы, әлде ашық, ыңыранғандай, ирелеңдеп қояды. Бақаның көзі шарасынан шығып барады. Шиқ-шиқ еткендей, әлсіз дауыс шығады.
Ойынды қойып, балалар бәрі жиналып қалды. Бәрі үрпиісіп, бақа жұтқан жыланды көріп, шегіншектеп барады. Содан шошыды білем, жылан жиырылып, жалбыздың арасына ирелеңдеп, шегіне берді. Бірден жұтуға шамасы жоқ. Бақа аузында.
Жанына жолауға ешкім батпайды.
Не күш, не құдірет екенін өзім де білмеймін. Жалаң аяқпын. Сол жалаң аяқпен басынан ала теуіп кеп қалдым.Бақа аузынан атып шықты. Жылан шиыршық атып, жиырылып, шапшып бір секірді де, ақырын жылжып, сусып барып, суға сүңгіп кетті. Көкқасқа бақа сәл-пәл қозғалғандай болды да, тырп етпей, жер бауырлап, қозғала алмай жатып қалды. Жылан сорып қойған екен. Бәрібір өліп қалды. Көз алдымда өлді. Бірінші рет өлікті көргенім сол. Өтірік. Оның алдында өзіміз садақпен, рогаткамен атып, таспен ұрып, талай өлтіргенбіз. Бірақ мына өліс мүлдем басқа еді.
Кейін, кейін күштінің әлсізді қалай қорлайтынын талай көрдім. Көрген сайын қарашұбар жылан менен көкқасқа бақа көз алдыма келе қалды. Ұмыта алмаймын
Дүние әлі солай. Өзгерген жоқ. Тек күс-күс жарылып кеткен, жарасына топырақ тығылып қалған өкшесімен әділетсіздікті теуіп кеп жіберетін адам табылмайды. Баяғыдай батырлық менде де жоқ.
НОХА
Мамыт атамның Орха, Ноха, Қорғанбай деген үш ұлы бар. Әсем, Гүлзейнеп, Седепкүл, Олжагүл деген төрт қызы бар. Бәрінің анасы — Арзыкүл апам.
Бұл үй — балалы үй, шынында да базар еді. Мамыт атам қатал, түкістеу көрінгенмен, бір ата Тоқсанбайдың бас көтерері, дәулетінен бөліп бермесе де медет тұтатын панамыз сияқты. Бірақ бөліп беретін дәулеті де шамалы.
Әкем өзі қолымен соққан мектепке барғым келеді. Бұл, сірә, 1940 жыл болар. Алыста, беймәлім Сібірде Мұртаза қайтыс болды деп қара хабар келген жыл. Айша бетін айғыздап, қара жамылған жыл. Мен сегізге толар-толмас жыл.
Сірә, бірінші қыркүйек шығар, мектепке лек-легімен ағылған балалардың тобына қосылып, мен де бардым. Мұғалім мені қабылдамай, қайтарып жіберді. «Жасың толған жоқ», — деді ме, әйтеуір, кластан шығарып жіберді. Есімде, 1937 жылы Мұртазаны тұтқындарда осы мұғалім «понятой» болған. Кейін ойласам, мені «халық жауының» баласы деген екен ғой. Оны мен білмеймін. Жылап үйге қайтып келе жатыр едім, алдымнан Ноха көкем шыға келді.
— Кім тиді?
— Ешкім...
— Енді неге жылайсың?
— Ағай мектепке алмай қойды.
— Қай ағай?
— Анау, анау...
Мен атын атай алмадым. Булығып-булығып, сөйлей де алмадым.
— Жүр, — деді Ноха басымнан сипап.
Жолдағы сайдан өте бере, құм қайнарынан шымырлап шығып жатқан бастауға алып барып, өз қолымен беті-қолымды жақсылап жуды. Сірә, қожалақтау болсам керек. Өзінің қалтасынан беторамалын алып, бет-аузымды ысқылап сүртті. Өсіңкіреп кеткен шашымды сулап, өз тарағымен түзетіп қойды.
Қолымнан қысып ұстап, класқа алып кірді. Қарабұжырлау жуан мұғаліммен сөйлесіп жатыр. Не жөнінде екенін аса ұққан жоқпын. Біраз айтыстан кейін мұғалім мені аса жақтырмай:
— Анау артқы партаға барып отыр, — деді.
Не дәптерім, не қаламым жоқ, мен тұңғыш рет шәкірт ретінде партаға барып отырдым.
Сөйтсем, Ноха көкем комсомолдың бастығы екен. Мұғалім, сірә, директор да болар, Ноханың айтқанымен санаспай тұра алмайды екен.
Ертеңіне Ноха көкем маған Бурныйдан Әліппе кітап, бірнеше дәптер, қара қалам, түрлі түсті қарындаш әкеп берді.
Айша оларды салатын сөмкені матадан тігіп берді.
Сірә, 1941 жылдың күзі болар, Ноханы әскерге алды. Маңдайы жарқыраған, жүзі нұр шашқан, сұлу жігіт еді. Мамыт атам сақалы көз жасына боялып жылады. Ол кісінің жасығанын көргенім — сол.
Артынша Орханы да әкетті. Opxa соның алдында ғана Фин соғысында болып қайтқан. Ал бұл жолы Мамыт атам өкіріп-өкіріп жылады.
Екі ұлының да енді қайтып оралмасын сезгендей, жер сабалап жылады.
Соңғы хат Нохадан Курляндия соғысынан келді.
Қайтып хабар болған жоқ.
Осы күні қолымда бел ортасынан жыртылған суреті бар. Солдат киімі бар, Сірә, адамның жайсаңы осындай-ақ болар.
Маған қарайды да тұрады. Тіл жоқ.
Мен алпыстан асып, егде тарттым.
Ол әлі жап-жас, уыз жас.
Үйленген де жоқ
Ұрпағы да жоқ.
Тым болмаса, қағазда аты қалсын деп әңгімеме қостым.
Сонау бір туысқандық мейіріміне сәл де болса қайтарған, қолымнан келген жақсылығым осы ғана.
Алла иманыңды салауат қылсын, көке
ҚАМҚА
Сөйтіп қара ешкі өрістен қайтпай қалды. Әлдеқалай басқа біреудің қорасына кіріп кетті ме деп, Айша екеуміз әр сайдың жағасында үркердей-үркердей болып, шоқиып-шоқиып отырған ауылдың үйді-үйін түк қалдырмай аралап шықтық. Табылмады.
Жартыкеш Ай көрінді. Айша Айға мұңын шаққандай аспанға қарап тұрып:
— А, Құдай! Шиеттей үш жетімге шынымен рахымың түспеді ме? Не жазып еді олар саған?! — деп кемсеңдеді.
Ай тіл қатпады. Айдың ілмиген әлсіз сәулесінен Айшаның көзінен аққан жас жылт — жылт ете қалды.
Сонда барып қара ешкінің қайғысы ақырзамандай ауыр екенін сезіп, жүрегім суылдап қоя берді.
Он жасқа қараған кезім еді. Соғыстың екінші жылға аунаған шағы болатын.
Таңертең мал өріске шығарда, Айша мені ертіп алып, қара ешкіні іздеуге тағы бет алды. Әр үйден екі-үштен қой-ешкі селдіреп шықты. Көк есекке мінген, жалпақ мұрын Ералы шал оларды топтап, өріске бет алды.
— Қара ешкі қайда? — деп, Айша одан да сұраған. Қазір тағы да:
— Қайнаға-ау, қара ешкіні жер жұтып кетті ме? Қайда қалды? — деп сұрады.
— Апыр-ай, ә! Табылмады ма? — деп қара шал сасқалақтады.
— Енді қайттік?..
Сайдың арғы қабағындағы үйдің жанынан:
— Айша, ау, Айша! — деген әлсіз дауыс естілді.
Аласа тамның есігінің алдында, аласа орындықта Қамқа отыр екен. Аяғы көне шапанмен ораулы.
Қамқа мешел. Мен ес білгелі мешел. Күннің көзі жылт етті болды, есіктің алдына шығып, мелшиеді де отырады. Онда да келіні Мүнира көтеріп әкеліп отырғызады. Қамқалардың үйі сайдың күншығыс жақ бетінде, біздің үй күнбатыс жақ бетінде.
— Айша, кешелі бері не іздеп жүрсің? — деді Қамқа семіп қалған қолымен кіртиген шүңірек көзін көлегейлеп.
— Е, әже-ай, Мұртазаның сүйегін іздеп жүр дейсіз бе? Қара ешкіні іздеп жүрмін, — деді Айша аһылап.
— Ой жазған-ай, тіліңнің ащысы-ай, — деп Қамқа кіртиді.
— Менің тілім ащы болмай, қайдан тұщы болсын. Әне-міне лақтайды деп отырған жалғыз ешкі жоғалды. Туса, балалардың таңдайы жіби ме деп жүруші едім... Бұлар ақ көрмегелі қашан?!
Қамқа:
— Оһ, жалған-ай! — деп күрсінді. — Ақыр байдың баласы ашықты деген не сұмдық? Енең Күнікей бай қатын атанып, бір елді асырап еді. Жолан Жаныстың қызы еді. Бердімбет байдың жесірі еді. Сенің байың Мұртаза ақбоз ат мініп, қайда той, қайда көкпар — сонда жүрген сері еді. Енді солардың ұрпағы бір қасық ағарғанға зар дегенге кім сенеді...
— Әй, әже, әдірам қалған қайдағы байлықты айтпашы сол. Мүнира кетіп қалды ма қызылшаға?
— Иә, жаңа ғана кетті ғой, мені отырғызып...
— Мен де кеттім. Әлгі Тасбет тағы да әке-шешемнен боқтап, әлегімді шығарар, — деді Айша.
Тасбеті — бригадир.
Мүнира — Қамқаның келіні. Баласы жоқ. Байы Мұсаны Мұртазалармен бірге ұстап әкеткен. Мешел кемпірді баласындай бағады. Түзге баладай көтеріп барып отырғызады. Бірақ Құдай бала бермеген. Осындай әйелге бала бермегені не деген әділетсіздік? Баласы — сексеннен асқан сал кемпір, Күнде далаға көтеріп шығарып, есіктің алдына отырғызып, өзі колхоздың жұмысына кетеді. Таң азаннан қас қарая бір-ақ келеді. Қамқа бір орында тапжылмай отырады.
Қазір де отыр. Тау жаққа қарап отыр.
— Қара ешкіні кебенек алды. Енді іздейтін шама жоқ. Кеттім қызылшаға, — деді Айша Мен Қамқаның қасында қалдым.Кетерінде Айша арқамнан нұқып қалып:
— Ана үйде қалған балаларға қара! — деді. Қамқа:
— Айша, Барсханды арқасынан ұрма! — деді.
Мені аяған кемпірдің қасына барып отырдым. Қурайдай жеп — жеңіл алақанымен басымнан сипалады. Басымнан ыстық күн өткендей шым-шым ете қалды.
Кемпір әлгі салмақсыз, жеп-жеңіл қолын басымнан алып, кіртиген көзін көлегейлеп, тау жаққа қарады. Мен де қарадым. Тескей қара шұбар. Дөңкиген түйетастар. Ойдым-ойдым изен, тобылғы, Ар жағы — аспанға шаншылған асқар таулар.
Әлден уақыттан соң Қамқа:
— Әй, Барсхан, — деді. — Қарашы, сенің көзің өткір ғой. Анау қара жолдың ар жағында сонау қарайған тобылғының түбінде бірдеме қимылдай ма, жоқ әлде маған қос көріне ме?.. Көзім жетпейді ғой менің.
Қараймын. Иә, әр жерде тобылғы қараяды. Бірақ қимылдаған ештеңе көрмеймін.
— Көрдің бе? — дейді Қамқа.
— Жоқ, — деймін.
— Анау Манас жаққа қара.
Манас шыңы мелшиіп тұр. Одан бері қарай алашұбар. Әр қарайған тобылғының түбіне көз тігемін. Қимылдаған еш нәрсе сезілмейді.
— Көрінбейді, әже.
— Көрінеді. Мен көріп отырмын. Құдай біледі, сол сенің қара ешкің. Лақтап қалған-ау деймін. Баршы, барып келші.
— Ой, әже, алыс қой. Ештеңе көрінбейді.
— Бар, бара ғой, нең кетеді.
Қара жолдың өзіне дейін бір-екі шақырым. Қарайған тобылғы шоқтары одан да алыс.
Лаж жоқ, Қамқаның, айтқанына сенбесем де, сөзін жерге тастамай кете бардым. Не көп, топ-топ тобылғы көп. Жүріп келемін. Пыр-пыр етіп бозторғайлар ұшады. Дүр етіп бұлдырық үрке жөнеледі. Жалаң аяққа шошқатікен кіріп кетіп, удай ашытады. Қамқа мені алдағаны несі деймін. Мен көрмегенде, оның, кәрі көзі нені көріп жарытады деймін.
Көңілім бұзылып, ауылға қайтпақшы да болдым. Оның үстіне Айша үйдегі балаларға қара деп кеткен. Үйде қарындасым мен інім бар. Естері кіріп қалған, әрине. Бірақ бас иесі — мен. Оның үстіне Тасбет бригадир кеше маған қырманға кел, тас бастырасың деп кеткен. Тас бастырғаны: қырлы-қырлы дәу таспен бидай бастырамыз. Жалғыз ат жеккен тасты бидай бауларының үстімен дүңк-дүңк айналдыра береміз... Кейде басым айналып, аттан құлап түсіп те қалатынмын.
Бармасаң тағы пәле.
— Ой, әкеңнің... — дейді Тасбет бригадир. — Халық жауының баласы, — дейді, — сен де жаусың, — дейді. Содан қорқып, ауылға қайтқым келеді. Кенет әлдене мекіренгендей болды. Дыбыс шыққан жаққа жалт қарасам, тарбиған дәу тобылғының түбінде қара ешкім тұр. Әуелі шайтан ба деп қорқып кеттім. Жоқ, өзіміздің кара ешкі. Мені көріп тағы да мекіреніп қойды. Жүгіріп барсам, кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді екі лағы бар екен. Екеуі де жағал екен. Қуанғаннан екеуін де құшақтап алып, ауылға қарай тұра жүгірдім. Лақтардың жібек жүні бетімді қытықтайды, екеуі де уыз сасиды.
Кешке Айша үрпиген үш балаға уыз пісіріп беріп отырып:
— Е, Жаратқан, мұныңа да тәуба-тәуба! — деді.
— Айша десе, — деймін мен, — Қамқа әжемнің көзі көрмейді ғой, қалай біліп қойды?
— Қамқа әжең әулие ғой, аруақтары көреді.
— Әулие болса, Мұсаны неге қайтарып алмайды?
— Сталиннің дию-перілері одан да күшті. Жібермей тұр ғой.
Терезеден Жартыкеш Ай сығалайды. Бізді көріп жаны жай тапқандай, бұлтқа кіріп кетеді.
Айша менің арқамнан сипалап:
— Сен өкпелеме, енді сені арқаңнан ұрмаймын, — дейді. — Қамқа әжең айтты ғой, арқаңнан ұрмаймын.
ҮШ ЕШКІНІҢ ҚАЙҒЫСЫ
О, сіздер біздің Жуалының боранын білмейсіздер ғой. Дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберетін боран — сол. 1943 жылдың ақпанында сол сұрапыл қаһарланды. Әр сайдың басында бүрісіп-бүрісіп отырған үйлер бір-біріне бара алмай қалды. Шақпақ тауы неге долданды — бір Жаратушыдан басқа жан білмейді, Орха, Ноха деген екі арысын бірдей соғысқа жіберген Мамыт шалдың өзі бұл азапқа шыдай алмай:
— Мұндай сұмдықты көргенше, сол соғысқа мен де кеткенім дұрыс еді ғой! — депті дейді.
Қара нардай қайыспас қартыңның өзі солай деген соң, әлі әлжуаз, жап-жас үш балалы жесір Айшаның күні не болмақ?
Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде демеуші ме еді.
Жазда жоғалып табылған қара ешкінің егіз жағал лақтары кәдімгідей шыбыш болды.
Айша:
— Құдай бұйыртса, келер жазда сүтке жаримыз, — деп қоюшы еді.
Енді сол ешкілер аш. Ала жаздай колхоздың жұмысында күндіз-түні жүрген Айшаның анда-санда түнделетіп, арқалап алып келіп, түкпір тамға жинаған шөбі ақыр-тақыр ада болды. Жем жоқ. Жем табылса, өзіміз жемекшіміз. Ұраға ұрлап тыққан екі-үш қап қант қызылшасы бар еді, оны өзіміз шоққа пісіріп қорек қылып отырмыз.
Азынап бақырған ешкілердің азабына шыдай алмай Айша әлгі қызылшадан там-тұм талғажау етіп, турап береді.
Жұмырларына жұқ болмайды. Тағы да бақырады. О, аш ешкінің, бақырғанын Құдай сізге естіртпей-ақ қойсын. Ал ешкі албастыдан айнымайды: сақалдары сапсиып, көздері шақшиып, адамның өзіне шапшиын деп тұрады. Еуропалықтар шайтан суретін ешкі бейнесінде салатыны тегін емес болуы керек.
Қатарынан алты күн соққан ақ, боран жетінші түнге қарағанда тыншиын деді. Тіпті аспан тесіліп, сол аспаннан қораланып, ауpy көздей кілмиіп, Ай көрінеді.
Сонда Айша төсекте жатқан маған:
— Тұр! — деді. — Киін! — деді.
Айшаның ашуын сіздер білмейсіздер. Арланынан айырылған қасқыр — құртқа да бір, Айша да бір.
Екеуміз екі қап, екі арқан алып, далаға шықтық. Жым-жырт. Тіпті иттер де үрмейді. Ақ кебін жамылған аш ауыл.
Қара жолдың үстінде, төскейде колхоздың жалғыз маясы бар. Жазда Молдарайым шал жоталап жинаған мая ғой. Бұл төңіректе Молдарайымнан асқан шебер маяшы жоқ. Тіпті бұзуға көзің қимайды.
Сәтін салса, қар қатқыл екен. Апта бойы соққан сұрапыл дауыл қарды нығыздап, таптап тастапты. Әйтсе де, анда-санда күртікке күмп беріп, омбылап қаламыз.
Бұл Айшаға ұнамайды.
— Із қалатын болды-ау, — деп қояды. Аңшы қуып, артында құралайы қалып қойған ақбөкендей бұрылып, маған қарап-қарап қояды.
— Менің ізіммен жүр, — дейді. — Қос із түспесін, — дейді.
Ал Айшаның адымы ұзын. Айша — бойшаң. Жас келін боп түскенде, зипа бойлы қыз екен. Әкеміз Мұртаза жарықтық, жаның жаннатта болғыр, тапалдау кісі еді. Құрдастары:
— Ана қатыныңды кәйтіп сабайсың-ей? Сені екі бүктеп, көтеріп алып кететін көрінеді ғой, — деп күледі екен. Иә, Айша қарулы. Өзі жесір әрі әлжуаз болса, қайтіп күн көреді бұл заманда?
Сондықтан Айшаның адымына менің адымым жетпейді. Аяғымды алшаң тастап, әрең ілесемін. Маяға жеткенше, қара сорпа болып терледім.
Мая кеміріліп, кеуектеніп қалған екен. Кеуегіне қар кептеліпті. Алдымен сол қарды қолымызбен әрең аршып, өліп-талып, таза шөпке де жеттік-ау. Шөпті қолмен суырып, қанар қапқа тыққыштап жатырмыз.
Жарықтық біздің Төскейдің шөбі-ай... Қозы қарынға құйып пісірген уыздай екен. Амал жоқ, мал емессің, әйтпесе асап-асап жегің келеді. Хош иіс бұрқ ете қалды. Қақаған қыс емес, жайраңдаған жаз оралды. Киікоты аралас бидайық пен майлы шытыр, көдесі мен қызыл изені, иіс майлы қылшасы мен жусаны, қызыл жоңышқасы, гүлқайыр мен көкемаралы сол қалпында тірі күніндегідей сиқырлы. Әттең, шама жетсе, маяны түгел көтеріп әкетсе...
Маяның осы қуысына жата қалып, тырп етпестен ұйықтасаң ғой, шіркін... Бірақ Айша айтты:
— Арқаңды әкел! — деді.
Екі қапты аяғымызбен тепкілеп,нығыздап толтырып, арқанмен шандып тастадық. Бір қапты Айша менің арқама салып, кеудемді.арқанның ұшымен таңып тастады. Өз қабын бұйым ғұрлы көрмей, оз арқасына лақтыра салды.
Сөйтіп, келген ізбен кері қайттық. Алты күн соққан ақ боран аз болғандай, Айша:
— Борасындатып, ізімізді көміп кетсе жақсы болар еді, — деді.
Сөйтіп, аспанға қарады. Қораланған Ай мұңайып тұр екен. Аспанда Ай мұңайса, жерде жыбырлаған біз пақырға не шара? Бір Құдай өзі жар болсын. Тасбеттің қаһарынан сақтасын.
Тасбет біліп қойса, Айшаны, бәлкім, мені де соттап жібереді. Онсыз да «халық жауы» деген қара таңбамыз бар.
Өткен жазда Сартай дейтін өлесі шал сотталып кетті. Өзі Бауыржанның (Момышұлының) жақын туысы еді.
Бар жазығы-жалғыз есегін жаздай Тасбет алып қойып, элеваторға бидай тасытқан ғой. Сартай:
— Нe менің есегім құрымады, не осы өкімет құрымады, — деген ғой. Күйінген де. Тасбет милицияға айтып, айдатты да жіберді. Содан бері ұшты-күйді жоқ.
Дәл қазір оз басымда үрей жоқ, жадыраған жаздың бір қап нұрын арқалап келе жатқан адам уайымсыз болады екен. Ал Айша қорқады. Қайта-қайта Айға қарайды.
АЙ ШУАҚ ТҮНДЕР
Ақпанның ақ бура бораны болдырып, жынынан айырылған бақсыдай басылған соң, аспан ашылып, пердесіз терезеден Ай сәулeci себезгілеп тұратын болды. Екі қап шөп келгелі, ешкілер бақырып жылағанын қойды. Ұйқымыз тыншиын деді. Бәрібір түн ұзақ.
Сонда үш жетімін ұйықтату үшін, Айша неше алуан ертегі, қиссаларды айтады. Біз үшін бұл бір қадір түндері — Алланың ақ нұры жауған түндер. Анда-санда Айша осылай өзгереді. Ұзақ түнде бізге әр түрлі әңгіме айту арқылы өзі де азаптан арылып, уайымы жеңілдеп қалатын сияқты.
Біздің үлкен апамыздың, яғни Мұртазаның әпкесі Нұралы деген Көксайдың қырғызына ұзатылғанын (оны өзі де соқыр еңсесінен естіген. Әкеміз Мұртазаның анасы Күнікейдің күндесі кейін соқыр болып қалған екен) жыр қылып айтқанда, біз демімізді ішімізден алып тыңдар едік. Бай қырғыздар екен. Манас шыңына таман жетіп, жайлауға шығады екен. Майдантал дей ме. Өгізқорған дей ме... Ол жайлауды өзі көрмесе де, Айша жұмақ төріндей қылып айтады. Жайлауға қырғыздар атпен, түйемен, өгізбен, қодаспен көшеді екен. Үсті — шың, асты — құз, жалғыз аяқ бұралаң жол болады екен. Сонда қырғыздар:
— О, қоқи, қассақ келіннің көзін байлағалы, басы айналып, құзға құлап кетет, — деп, үлкен апамыздың көзін орамалмен таңып тастайды екен.
Не керек, неше түрлі қызықтарды айтып-айтып келіп, ақыры:
— Сол қырғыздар әкелерің барда жиі-жиі келіп тұрушы еді, қатынағанды қойды, — деп күрсінді Айша. — Әбдібек, Сусар деген жиендеріміз болушы еді. Әбдібек әскерге кеткен көрінеді. Сәнәмбүбі деген келіншегі болатын. Қырғыз — Ата жарықтық, (Нұралы жездеміз) қартайып қалды ғой. Жүріп тұруы қиындаған шығар, — деп қойды.
— Ұйқыларың келген жоқ па-ей? — дейді Айша.
— Жоқ, жоқ, айтшы, апа, тағы да, — деп өтінеді қарындасым Құрмаш. Інім Батырхан үндемейді, ұйықтап қалса керек.
Сонда Айша өзінің балалық бал дәуреніне сапар шегеді. Көз алдына Қаратаудың астында жатқан Бурылтау келеді. Бурылтаудың баурайын мекендеген Есей байдың ауылын көреді. Тұлымшағы селтиген бүлдіршін қыз өз құрбыларымен бірге тастан-тасқа секіріп, кекіліктің жұмыртқасын іздеп жүреді. Қызығына түсіп кеткені сонша, тым биікке шығып алып, қыздар енді төмен түсе алмай жылайды екен. Биікке бәрінен де бұрын шыққыш Айша көрінеді. Қия тастан түсе алмай жылаған қыздарды төмендегі ауылдағылар көріп, әрең түсіріп алады екен.
— Есей әкеміз, жарықтық, алты ағайынды болыпты, — дейді Айша, — Матай, Сасай, Есей, Нұрабай, Қарақұл... а, Құдай, біреуі есімнен шығып қалыпты. А, Татай! Не Матайы, не Сасайы Меккеге барып, содан қайтпай қалған, пейіштің төрінде деседі.
Әкеміз Есейдің үш әйелі болыпты. Біріншісі — осы біздің ауылдағы Дошанай атаның әпкесі Теңгеқыз деген кісі еді, жарықтық. Одан Сүттібек, Ауагүл деген балалары болады. Сүттібектен Төлен нағашыларың. Ол қазір соғыста, е, Жаратқан, жар бола гөр жалғызға...
Екінші әйел — менің шешем Құлыхан, Бектөбе деген жердегі Сіргелілердің ішіне сіңбе Алшының қызы. Құлыханның шешесі Тұрған ханым деген кісі, иә, аруағыңнан айналайын, ірі көріпкел, тәуіп кісі екен.
Есейдің Құлыханнан үш баласы бармыз: мен — Айша, Рахман, Зиба.
Шешем Құлыханның бауырлары әлі сол Бектөбеде тұрады. Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай... Е, оларды да көрмегелі көп заман болды. Мұртаза барда бәрі де келіп-кетіп жүруші еді. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей болып кетті ғой Мұртаза «халық жауы» дегеннен бәрі қорқатын шығар.
Сонда Мұртаза халықтың бәріне қарсы шыққан ба? — деймін мен шыдай алмай.
— Қайдағы қарсы шыққан, ойбай! Байдың баласы дейді, Тротске дейді, Рысқұлшина дейді — жабам десе, жаласы көп.
— Тротске, Рысқұлша деген не?
— Е, мен қайдан білейін, Сталинге қарсы дей ме... — Кенет Айша даусы өзгеріп:
— Тыныш жат, аузыңнан шығарушы болма мұндай сөзді! — деп жекіп тастады.
— Қойшы оны, онан да баяғы қыз күніңді айтшы, — деп әңгімені жөнге салады қарындасым.
Айша әлгі ашуын ұмытып, күліп алып, қызын басынан сипалап, қайтадан бал дәурен ауылына аттанады.
— Сүттібек көкемнің үйіндегі жеңешем Анаргүл қызық кісі еді.жаның жаннатта болғыр. Өзін он төрт, он бес жасында алып келген екен. Сірә, сонда менен сәл — ақ үлкен. Бала ғой әлі. Бізбен бірге ойнап кетеді. Тауға шығып сағыз тереміз. Тауға шықсақ, ылди жақ алақандағыдай ап — анық көрінеді. Сонда әлгі жеңешем түйетастың үстіне шоқиып алып, ылди жаққа қарап жылап отырады:
— Тастөбе — Көлқайнар-ау... — деп алысқа қарап аңырайды. Сөйтсек, Тастөбе — Көлқайнар — өзінін туған ауылы екен. Жанбай — Жаныстың елі екен. Сөйтсек, Құдай-ай, жап-жақын жер екен! Айша күледі. Айша күлсе, біз де жадыраймыз.
— Жеңеше, неге жылайсың деймін? — дейді Айша.
— Ауылымды сағындым... Ауылыңның қадірін ұзатылғанда білесің, — дейді жеңешем. Сол айтқандай-ақ, — деп күрсінді Айша — көп ұзамай-ақ мен де ұзатылып, Бурылдың тауын сағынып жүрдім ғой, ah! Бұйрық екен, осы Мұртаза айттырып келген жоқ па...
— Қызық болды өзі, — деді күліп Айша. — Құдайға тоба, мұндай да болады екен-ау. Мұртазаның бір қарындасын Сүттібек ағам алған. Ол бейшара қайтыс болып кеткеннен кейін ғой, әлгі «Тастөбе — Көлқайнар — ауды» алып жүргені. Енді Сүттібектің қарындасын Мұртаза алмақшы. Сонда айырбас па — немене өзі? — Айша ернін сылп еткізіп қойды, — Содан, тағдыр екен, он алты жасымда осы елге келін боп келдім ғой. Мұртаза менен бұрын екі peт үйленген екен. Біріншісі — мына Жаңабайдағы баяғы Байзақ датқаның тұқымы, Қабылбек болыстың қарындасы. Ерте қайтыс болған, марқұм. Тағы да сол ауылдан бір қыз алған екен. Оны бала таппадың деп қоя берген бе, әйтеуір, бір бәлесі бар...
Бурылтаудың Қыршындысынан таңертең аттандық. Бүкіл Байтана шығарып салған. Жар-жар. Астымда ер-тоқым, құйысқанына дейін күмістен, зермен жабулап тастаған ақбоз ат. Жолда Күйіктің асуы деген болады екен. Сонда бір аялдап, тағы жүріп келеміз. Қалжыңбас күйеу жолдастар. Осы Жолдасбектің әкесі Сапа деген кісі, жатқан жерің жаннат болғыр. Мұртаза екеуі ажырамас дос еді. Екеуі де боз киініп, боз ат мініп жүретін. Сол бар, тағы көп кісі. Күн бесінде Теріс өзенінен өттік. Сөйтсек, алдымыздан қаптап қарсы алған ел... ең алдымен мені құшақтап сүйіп, сүйемелдеп жүрген — Баян жеңешем. Күн бата осы Мыңбұлаққа да келіп жеттік қой... Ай, заман-ай, ай, арман-ай!..
Айша үндемей қалды. Жөтелгісі келгендей түйіліп-түйіліп, денесі селк-селк етіп, бір уақытта дауыстап жылап жіберді.
Үрпиісіп қалдық.
— Қой. апа, қой, жылама, — деп, Құрмаш қайта естиярлық танытты.
Ай сәулесі көрінбей кетті. Үй төбесіндегі қамыс ызыңдады. Тағы да жел көтерілсе керек. Тағы да боран болатын шығар. Бораны таусылмайтын неғылған жер. Әлде Айшаны қамыстың ызыңымен жұбатқысы келген періштелер, әлде аруақтар...
Айша біздің көрпемізді қымтап, басымыздан сипап:
— Болды. Ұйықтаңдар, — деді.
НАУРЫЗКӨК
Ертеңіне ағыл-тегіл боп қар еріді. Түнде үй төбесіндегі босаттың қамысын ызыңдатқан Алтынкүрек желі екен. Желдің аты — Алтынкүрек. Адамдарды қан қақсатқан, ызғарлы суықпен сүйегін сырқыратқан дүлей дию сияқты сиықсыз қысты бір түнде жайратып салатын Алтынкүрек. Қарды ғана ысырмай, адамдардың еңсесін езген қайғы-мұңды да аршығысы кеп, уайымыңды жеңілдететін Алтынкүрек.
Осы бip жылы жел періштелердің қанат қағысынан есетін сияқты.Қара ниет диюлардың улы тырнағынан адам бейшараны арашалайтын ізгілік күш қой. Айша айтады, диюлар мен періштeлеp ылғи соғысады деп. Әйтпесе, мен қайдан білейін. Диюын да, періштесін де көрген емеспін. Көзге көрінбей соғысатын ол қандай күштер?..
Атпақшы, сол күні Наурызкөк келді. Айша айтты:
— Аман келдің бе, әулием? Ұяң бұзылмасын, балапандарың қанаттасын! — деді.
Кәдімгі шымшықтың үлкендігіндей ғана құсқа да өстіп табынады екен-ау. Елден қысы — жазы кетпейтін кәдімгі бұзық, тірмізік шымшықтан басқа. Наурызкөк — моп-момақан. Екі көзі моншақтай қап-қара, көгілдір аспан түстес, сүп-сүйкімді, Періште екені рас та шығар. Күшті болу үшін дәу болу, қаһарлы болу шарт емес те шығар. Айталық, Черчилльдің қасында Махатма Ганди кіп-кішкентай ғой. Черчилль сияқты әскери мундир де кимейді. Сигар да тартпайды. Коньяк та ішпейді. Пистолет те асынбайды. Тіпті тыр жалаңаш десе де болады. Беліне байлаған лыпадан басқа тұлдыры жоқ. Қару-жарағы жоқ. Біреуге ищай деп жаман сөз айтпайды. Қабақ шытып, қатуланбайды да. Ал сөйте тұра, бір оқ шығармастан Черчилльдерді жеңді ғой.
Наурызкөк — жақсылықтың нышаны екен.
Сол түні Айша кешегі әңгімені жалғастырды. Оған себепші болған тағы да Құрмаш еді. Аз ғана тақыл-тұқыл тамағымызды ішіп, шырағданды сөндіріп, ұйқыға жатамыз. Ерте жатқаннан соң ба ұйқы келмей қояды. Ерте жатпайын десең, жермай жоқ. Жермайды үнемдеу керек. Жермайсыз шырағдан жанбайды. Біреулер тоңмайға білте салып жағып жүр. Оған тоңмай қайда? Тоңмай табылса, қара көже ішіп неміз бар? Қатпаймыз ба сол көжеге.
ЭЛЬЗА — КІШКЕНТАЙ ПЕРІШТЕ
Адамның басы — Алланың добы» деген, қалай қарай тепсе, солай қарай домалайтын көрінеді.
1941 жылдың. жазынан бастап, дүние астан-кестен болғандай, адамдар Батысқа ағылып жатты. Олар әскерлер еді. Батыстан Шығысқа қарай да жүйткіген пойыздар көп. Біздің Мыңбұлақтан ылдида, Теріс өзенінің бойындағы теміржол алақандағыдай анық көрінеді. Байқаймыз, пойыздар жиіледі.
Солардың бірі Боранды бекетіне тоқтап, «жер ауғандарды» түсіріп тастапты.Оны үлкендерден естідік.«Кімдер екен,кімдер екен?» — деп ауыл қазағы сұрамай тұра ма? «Немістер екен», — десті біреулер. «Немісі несі? Соғыс бізге де жетіп қалды ма?» — деп шошынды қарапайым ел.
Оның жауабын көп кешікпей өз құлағымызбен естіп, өз көзімізбен көрдік.
Біздің ауылға сатылы арба, жәшік арбамен тізіліп қош келді.
Бәрімізді мектепке жинады.
Жиналысты ауданнан келген қайыс пальтолы уәкіл ашты. Төрде колхоз бастық, сельсовет, тағы бір ұзын бойлы кісі отыр, түрі орыс сияқты.
Уәкіл айтты:
— Жолдас колхозшылар! Бүгін ауылдарыңызға жиырма үй немісті көшіріп әкелдік, — деді.
— Немісі несі? — деп, Сапарбай ата шошынып қалды.
— Неміспен соғысып жатқан жоқпыз ба? — деп, бір бүйірден Әліқұл ата тіл қатты. Уәкіл:
— Шуламаңыздар! Жолдас колхозшылар! Бұлар басқа немістер. Жо-жоқ, фашистер емес. Өзіміздің Волга бойынан көшкендер.
— Немене, Еділді шапты ма?
— Онда фәшістер Қазақстанға жетіп қалғаны ма?
Сұрақ көбейді. Уәкіл қысылды. Қайыс пальтоның қалтасынан беторамалын алып, маңдайын сүрткіледі.
— Жоқ, — деді уәкіл, — фашистер Волга бойына жете алмайды, жетпей желкесі қиылады.
— Онда Еділдегі немістерді неге жер аударады? Уәкілдің қиналған жері осы болды. Немістерді Сталиннің бұйрығымен көшіріп жатыр деп айта алмайды. Айтса, басы кетеді. Енді уәкіл өктемдікке басты:
— Жолдас колхозшылар! Үкімет пен партияның ісіне шүбә келтірмеңіздер. Немене, үкімет пен партияның саясатына қарсы шығасыңдар ма?!
Жұрт жым болды. Уәкіл де сабасына түсіп:
— Сөз көшіп келген неміс ағайындардың атынан Отто Бауэрге беріледі, — деді.
Қайрабай шал жанындағы біреуге:
— Отта, бауыр, дей ме? — деп сыбырлады.
Неміс орысша сөйлесе де, біз түк түсінген жоқпыз. Уәкіл түсіндірді.
— Отто Бауэр жолдас айтады: осындай қиын шақта орталарыңыздан орын беріп, немістерді қабыл алғандарыңызға рахмет айтады. Немістер іскер, жұмыс десе жұлқынып тұрған халық дейді. Колхозға көп көмегі болады, қандай жұмыс болса да қашпайды дейді.
Отто Бауэр — бетінде қорасан дағы бар, ұзын бойлы, еңгезердей кісі екен, уәкілдің қазақша аудармасын түсінбесе де басын шұлғып тұрды. Күлімсіреп қояды. Уәкілдің тілмаштығын күшейткісі келгендей:
— Арбайт, арбайт, работа, работа, — деп қойды. Сонымен жиналыс тарқады. Тарқар алдында кімнің үйіне кім кіреді, соның тізімі оқылды. Оны Жуанқұл бастық жариялады. Тізімді оқып тұрып, бір жерінде:
— Бердімбетова Айшаға — Вольф Анна, екі қызы бар — Эмма, Эльза, — деді.
Сөйтіп, Эммасы мен Эльзасын алып, Анна біздің үйге келді. Эммасы менен үлкендеу, Эльзасы әлі аяғы шықпаған нәресте екен. Оны Анна көтеріп келді. Бір қолында қызы, бір қолында қарала орамалға буған түйіншегі бар. Эммасының қолында да бір түйіншек бар. Бар байлығы — сол.
Кейін-кейін Анна айтады ғой: тәп-тәуір дәулетіміз, сиырларымыз, шошқаларымыз, үйрек-қаз, тауықтарымыз бар еді деп. Бәрі қалған. Бір түннің ішінде әскер келіп, апай-топай пойызға,қызыл вагонға салған. Енді жеткен жері осы — біздің Мыңбұлақ. Оның ішінде біздің қоржын үй.
Қоржын үйдің бір жағында — өзіміз, екінші басында шөп, тезек , жалғыз сиыр, бір-екі ешкі. Ортадағы ауыз үйде де отын тағы басқа кәкір-шүкір орналасқан.
Айша айтты:
— Бір бөлмеде бірге тұрамын десең, міне, ана бөлменің бір қуысын жөндеп аламын десең, оны өзің білесің, — деді Аннаға.
Оның тілін түсініп жатқан Анна жоқ. Бірақ мылқау жандарша ыммен — ақ түсініскен сияқты. Анна:
— Гут, гут, — деді.
Сөйтіп, менің немісше бірінші үйренген сөзім — «гут».
Анна сарғыш қолаң шашты, ажарлы әйел еді, үлкен қызы да өзіне тартқан, жасына қарамай аяқ-қолы балғадай,денесі ірі екен. Ал кіші қызы өте шінжәу, ілмиіп қана қалған, шала-жансар. Бұрыннан солай ма, әлде пойыздағы ұзақ жолды көтере алмай .ауырып қалған ба, о жағын біле бермеймін. Жылауық та емес, Бірақ ыңырсиды, езу тартып күлгенді білмейді. Әлі ес білмеген сәби болса да, жасыл-сарғыштау кезінде қаптаған қасірет, бозғылт аспандай терең мұң жатыр.
Соғыстың бірінші жылы ғой. Дастарқанымыз әлі қурамаған кез. Қонақтарымызға дәм бердік. Содан соң Анна ай-шайға қарамай іске кірісті. Мал тұратын бөлменің бір бүйірін тазалап, араға ағаштан, Айшаның баулап-баулап қойған жусан отынынан қоршау салып алды. Тауықтың күркесіндей бөлек бір бөлме болып шыға келді. Бөлме ішіндегі бөлме.
Аннаның байын әскерге алған екен. Кейін ойлаймын ғой. Әскерге алса... соғыста. Немістерге, фашист немістерге қарсы соғысады. Неміс бола тұрса да. Демек оған сенгені. Сенсе, неге үйін жер аударып жібереді?
Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы көп. Дүние о басында түп-түзу, дұрыс жаратылса керек. Бірақ кейін-кейін күштілер шыққан,әлсіздер шыққан. Әділетсіздік содан туған. Шын әділет — тепе-тендік. Адамдардың бәрі тең болуы керек. Ал адамдарда ондай теңдік бар ма? Біреу семіз, біреу арық. Әлемнің терезесі тең емес. Біреудікі биік, біреудікі аласа, ал біреудің терезесі шынысыз, қозы қарын ғана қампаяды. Ендеше, шын әділет еш уақытта, еш заманда да болмақ емес. Қазіргі әділет, әділет деп жүргеніміз — соның жұрнағы ғана.
Сол жұқаның да жұлыны жұлынған.
Әділеттіктен аттап өтетін, беттің арынан таспа тіліп, түйіндеп тастайтын саясат дейтін сайқал бар. Саясат — көбінесе тақ үшін талас. Тақ дегеніміз — күш. Күшті болу үшін таққа таласқандар туған әке-шеше, құрсақтас бауырын да аямайтынын тарих талмай көрсетті, көрсетіп те жатыр, көрсете де береді.
Таққа таластың ар жағында аран жатыр. Аран ашылады. Қазақтың: «кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді» дегені содан қалған. Араны ашылған патша әлемді алсам дейді. Әлемді Құдайдан басқа ешкім ала алмайды. Содан барып соғыс шығады. Ал соғыс дегеніңіз қып-қызыл қан, қаптаған түпсіз-түмен қасірет. Патшалар жауласады, халық қырылады.
Сол қасіреттің бір түйірі мына біздің үйдің бір түкпіріне келіп қонақтады.
Аз күнде-ақ Анна дегеніңіз Айшамен бұрынғыдай ыммен емес, қазақша сөйлейтін болып алды. Эммасы да алғыр екен, біз де онымен түсінісіп кеттік. Жалғыз тіл қатпайтын — Эльза. Оның тілі — тілсіз ыңырсу. Сүтте бердік, қаймақта бердік, барымызды аузына тостық, бірақ...
Бір күні таңертең біздің бөлмеге Анна келіп, Айшадан:
— Бұл ауылдың зираты қайда? — деп сұрады.
— Зираты несі? — деп шошып кеткен Айша.
— Эльза... — деп, Анна бетін басты.
Үрпиісіп, орнымыздан өре түрегелдік.
Айналасы қоршалмаған жадау ғана жетім зират Бердімбет сайының бас жағында, қара жолдың үстінде.
Анада жиналыста сөйлеген Бауэр келді, бір-екі неміс келді. Өздерінше бірдеңе-бірдеңе сөйлесті. Біз түсінбейміз. Түсінгенім: «мусульман, мусульман» дегендері ғана.
Не керек, Эльзаны зираттың дәл езіне емес, одан төменірек, Бердімбет сайының қабағынан ошақтай ғана жер қазып, соған көме салды. Қызыл құмырсқаның илеуіндей ғана төбешік ақ қардың ортасында қарауытып қалды. Аппақ дүниенің бетіне біткен бір түйір тарыдай ғана мең.
Ал жалпы, «аппақ дүние» деген осы бір егей бала сияқты оқшау ауылға болмаса, жалпы әлемге жараспайды. Жалпы дүниенің беті дәп-дәле. Айғыз-айғыз қан.
Бауэр, тағы басқа ер-азамат немістер бір күнде көрінбей кетті.
— Қайда кетті? — десек,
— Трудармияға алып кетті, — деді.
Қайтіп оларды көрген жоқпыз.
Ал қалған немістер күн жылына бере өздеріне жертөледен болса да баспана соғып, қазақтардың «қоржын» тамдарынан бөлініп шықты.
Көп жыл өткеннен кейін, ұдайы сыртта жүріп, елге барсам, «неміс көше» деген пайда болыпты. Үйлері әдемі, сүйкімді. Бау-бақшасы бар. Шетінен ауқатты. Анна қартайыпты. Эмма сондағы бір тызылдап тұрған пысық неміске тұрмысқа шығыпты. Өзі магазин ұстайды екен, қисық көз күйеуі қамбашы екен. Билеп тұр. Үйіне шақырып, шай берді. Эмманың бір бөтелке арағын іштік.
— Гут, гут, зер, гут, — дедім.
Ешкімге қиянаты жоқ, өтірік-өсекке, мақтанға, кеудемсоққа бармайтын, зорлық-зомбылықты сүймейтін, тек өзінің адалдығына, тек өзінің маңдай тері мен табан ақысына сүйенетін мейірімді жандар.
Ал енді осылардың әлдеқайда алыстағы қандастары қалайша дүниені шат-шәлекей қылғаны мүлде түсініксіз.
МҰСЫЛМАНДЫҚТЫҢ БЕЛПСІ
Жаратқан Құдірет, Жасаған Ием о басында Адам Ата мен Хауа Ананы дүниеге келтірген де, бұл ұлы ата-анамыздың тал бойында бір мін болмаған. Артығы да жоқ, кемі де жоқ. Адам баласы шексіз шебер Құдіреттің күшімен, шексіз даналығымен жаратылған. Адамның мүсінінен қандай мін табасыз? Құлағы артық па? Қолы, аяғы артық па? Бәрі-бәрі орын-орнында тұр.
Адамның жаратылысы дүние-әлемнің жаратылысындай мүлтіксіз қиюласқан. Қазір инженер деп жүргендеріміз машина жасайды, сағат жасайды. Қырып-жою құралдарын жасауда мол табысқа жетті. Ал бірақ Адамды жасау үлгісі бар болса да, адамды жасай алмайды. Роботтың жаны жоқ, сезімі жоқ. Қуана білмейді, қайғыра білмейді, армандай алмайды.
Ендеше, Құдайдан құдіретті ешкім де, еш нәрсе де жоқ. Ал енді, келе-келе, адамдар адамның жаратылысынан, мүсінінен кемшілік тауыпты. Адамзаттың бәрі емес, едәуір бөлігі.
Сөйтсе, олардың ойынша, еркек адамның мүшелерінде, дәлдеп айтқанда, бір ғана мүшесінде, тағы да дәлірек айтқанда, еркектік белгісінде құйтақандай кінарат бар екен. Еркектік белгі бүрік екен. Бүрік етіп тұрған — тырнақтай ғана тері екен.
Сол тырнақтай теріні өткір ұстарамен шертіп жіберіп, кесіп тастаса, сауап болады екен. Әйтпесе, үлкен күнә! Ол күнәнің жазасын әсіресе о дүниеге барғанда қатты тартатын көрінесің. О дүниеде мәңгі-бақи тозақта ойбайлағанша, осы дүниеде-ақ тыз етпе бір ауырғанға шыдасаң — мойнындағы зіл батпан қарыздан құтылғаның.
Айша осыны қатты уайымдайды екен. Қиын болғанда, Мыңбұлақта бала «піштіретін» маман жоқ. Бұрын заман тынышта, Түркістан жақтан жылда бір келіп, «піштіру» науқанын жүргізіп, мал жинап қайтатын Қара қожа да келмей қойды.
Мұртазасы болса, Айшаға уайым түспес еді. Баласын сүндеттету — әкенің парызы. Бірақ Мұртазаның міндетін Айша өз мойнына жүктеп алған. Тағдыр солай ұйғарды. Көнбеске амал жоқ.
Бердімбет сайының сәні кетіп, гүлдер солып, көбелек қуған қарлығаш ұшпай, оның орнына шұбатылып мизам ұшқан шақ. Сірә, қырық екіншінің қоңыр күзі.
Қырсық қара биеден қалған бурыл тайдың үстінде бір жамбастап, сайдың ажырық отына жайылып жүрген жылқыға қарап, сүлесоқ отырғанымда, ойда жоқта алқын-жұлқын Айша жетіп келді.
— Әй, Барсхан, әйда, жүр үйге, — деді.
— Не болып қалды?
— Кейін айтам, жүр, жүр.
— Жылқыны қайтем?
— Тасбет бригәт қазір басқа адам жібереді.
Айшаның айтқанын істемей көр. О, оны сіздер білмейсіздер. Ол бурыл тайдың үстінде жарбиып отырған мен тұрмақ, зіңгіттей Тасбет маңқаның өзін аттың үстінен түсірген. Тасбеттің өзінен де бар. Дереу тілдейді. Атаңа нәлет дейді. Құлақтың қатыны дейді. Халық жауының қатыны дейді. Айша бір шыдайды, екі шыдайды, тіптен болмаған соң, Қызыл қырманның басында, шаршы топтың көзінше Тасбетті аттың үстінен тулақтай жұлып түсірген ғой. Тасбет сотқа бермекші болыпты. Ел жиылып, қой-қойлап әрең басыпты.
Үйге келген соң Айша дәу қара қазанға су жылытып, мені әбден шомылдырды. Қара сабынды аяған жоқ. Бөз де болса, таза көйлек кигізді. Әлі күн жылы еді, сонда да құрақ сары күпәйкемді, ақ қоян құлақшынымды кигізді.
Не екенін түсінбеймін, қарындасым мен інім де аң-таң. Сірә, мені тойға барады десе керек, біз де барайықшы деп қыңқылдасты.
Айша оларға «тәйт» деп тастады.
Әлдеқалай қашып кетпесін дегендей, қолымнан қысып ұстап алып, дедектетіп, талай сайлардан етіп, басқарманың үйіне жетті.
Жуанқұл бастықты күнде қарғап-сілеп, иттің етінен жек көруші еді, енді мұнысы несі деп түсінбедім.
Үйге кірсек, қауқылдасып шалдар отыр, сампылдасып кемпірлер отыр. Мені көріп бәрі де:
— О, Барсхан келді, Барсхан келді! — деп, дәл бір Барсхан емес, Бауыржан келгендей дуылдасты.
Сөйтсем, төрде қаз-қатар болып, тізіліп көп бала жатыр: Қорғанбай, Боранбай, Қуанышбай, Аманбай, Өсер, Тілепалды, Сүлеймен...
Сүйек қажаған сиырдай, ауыздарына құрт салып, малжандасып жатыр.
Біле қойдым. «Піштіреді» екен. Айшаның қолынан жұлқынып шығып тұра қашайын деп едім, шыға алмадым. «Босат», — деп ышқынып едім, үй толы адам:
— Ой, Барсхан батыр ғой!
— Ой, ол жазда элеваторға бидай тасығанда Евгеньевканың бұзық балаларымен қорықпай төбелескен!
— Ой, ол Салбидің қабаған итінің жағын айырып тастаған! — деп, мені мақтайды — ай шетінен.
Қашып кетуге бет қалмады. Амал жоқ, қаздай тізілгендердің қатарына мен де барып жаттым.
Қырғыздан келген «хирург» небір күлдіргі әңгіме айтып, шаруасын да тындырып жүр. Сол әңгімесін тыңдап жатып, менің де «шаруамның» біткенін байқамай қалыппын. Тек киіз күйдіріп басқаны жаныма қатты батты білем, қырғыз «хирургты» айқайлап боқтап жіберіппін. Өйтпесе «хирург» бола ма:
— О, батыр екенсің, тентек екенсің да, — деп күлді.
Көзім түсіп кетіп еді, Айша жылап тұр екен. Кім біледі, қарызынан құтылғанына қуанғаны шығар: «Баламды кәпір қылдырдың-ау» деп, енді оған түсінде Мұртаза налымайтын болар, рухы риза болған шығар. Айша аруақтан ғана қорқады.
ҚОҢЫРАУЛЫ ЕЛІКТЕР
— Баяғыда, баяғыда — а-а... — деп әндетіп, созалаңдатып бастайды әңгімесін Айша. — Ерте-ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...
Осы жерде тоқтап қалады. Түн ұзақ. Оны Айша әңгімемен қысқартады. Бәріміз төсектеміз.
Биыл біздің үйде бес адам бар: Айша, мен, Барсхан, Құрмаш, Батырхан, Машан.
Машан — жиеніміз. Мұртазаның қарындасы Әдияның баласы. Әкесі Қадырды 1938 жылы «халық жауы» деп Әулиеатаның түбінде, Қарасудың бойындағы жарқабақта атып жіберген. Қадыр, Пірнә, Қасымбек — бәрі де Андреевкадағы шанышқылылар. Жапонияның «шпиондары» екен. Үшеуін де атып тастады. Өйтпегенде, Жапония Қазақстанды әлдеқашан басып алатын екен.
Сол «шпиондардың» ауылында мектеп төрт-ақ кластық. Ал біздің ауылда жеті кластық. Өз Андреевкасында төртіншіні бітірген Машан енді қайда барып оқиды? Борандыда — он жылдық. Ол алыс. Әрине, біздің үйде жүріп оқиды. Андреевка шанышқылылары төртті бітірген балаларының бәрін біздің мектепке берді. Бәрінің жекжат — жұраты бар. Құли — Шілмембет пен Шанышқылыда бір-бірімен қыз алыспаған үй кемде-кем. Содан бері нағашылы-жиенді болып кеткен.
Оқу басталар күзде Әдия әпкем Машанды ертіп келді. Айшаға:
— Мына Машан осы үйде жатып оқиды. Ауырсынба. Жағдайларыңды білем. Шамам келгенше үн, картоп әкеп тастармын, — деді.
Айша:
— Машанға бола бөлек қазан аспаймыз ғой. Қатықсыз қара көжені балалармен бөліп ішер, о не дегенің, — деді қайын-сіңілісіне.
Машанның келгені жақсы болды. Екеуміз құлын-тайдай тебісіп жатамыз. Төбелесіп те қаламыз, татуласамыз. Аға орнына аға еді.
Әне, сол Машан Айша әңгімені бастай берігі, кідіріп қалғанда:
— Апа, не болды? Айтсаңшы, — деп ынтыға түседі. Айша ән салатындай тамағын кенеп алып, сөзін жалғастырады.
— Осы біздің Мыңбұлақта ит мұрны батпас қалың қара орман болады екен. Емен осында, қызыл қайын да осында, арша, шынарға дейін шығады. Қазір ғой азғындап әр жерде қарағаш пен терек қалғаны. Оның өзін отқа жағып құртып болдық.
Сол орманның ішінде не жоқ: құйқылжыған кұс, сандуғаш, сары торғай, жаннат торғай, теңбіл торғай толып жатыр. Нағыз құс базары екен. Әрбір бұтақтың бойы быжынаған ұя. Емен мен шынардың басын қаршыға мекендейді. Не деген пейіш десеңші! Қаршыға мен сандуғаш бір орманда қоңсы қонады.
Оны айтасың, аю ше? Орман іші толған қой бүлдірген. Аю адамға ұқсап, қос аяқтап тұрып, әлгі бүлдіргенді қолымен теріп жейді екен.
Ал ең қызығы: анадай жерде үрікпей, қорықпай еліктер жайылып жүреді. Жан-жануар біткеннің әдемісі. Мойындарында күміс қоңырау сыңғырлайды. Ал енді сол еліктерді біреу атса — сол адам өлді дей бер.
Жазғы шілдеде Түркістан жақтан ба, Түлкібас жақтан ба, жаз жайлауға хан ордасы көшіп келеді екен. Осы біздің Мыңбұлаққа. Ақ ордасын орнатып, сырнайлатып-кернейлетіп, сауық-сайран өмір сүреді.
Хан әсіресе еліктерді жақсы көреді екен. Мойындарына күміс қоңырау тақтырып қояды екен. Оларды өз қолынан жем беріп, сылап-сипап мәпелейді. Құдіреті күшті, сиқыры бар шығар, әйтпесе жабайы елік қасына адам баласын жолата ма?
Сөйтіп жүргенде, бір аңшы бір елікті садақпен атып алыпты. Бірақ сорлы ұсталып қалыпты. Ханның қарауылдары көп қой. Хан жарлық шығарған екен: кімде-кім елікті атса дарға асылады деп. Әлгі аңшы ол жарлықты естімеген бе, естісе де елемеген бе, әйтеуір, түлен түрткен ғой.
Ханның жарлығы бар. Хан екі сөйлемейді. Хан қаһарланды. Аңшы дарға асылатын болады. Халық жиналады. Ханның жендеттері аңшының мойнына қыл шылбыр салады. Айыпкер аңшының астындағы дөңбекті енді алып жатқан кезде:
— Хан ием! Дат! — деп шыңғырған дауыс шырқырап шығады. Халықтың арасынан бір бүлдіршіндей жап-жас қыз жүгіріп шығып, тақта отырған ханның алдына барып, етпетінен құлап, ханның аяғын құшақтайды.
Хан:
— Бұл қайсың?! — деп қаһарланып, әлгі қыздың иегінен көтеріп қараса, құдая тоба, хордың қызы! Ай десе — аузы, күн десе — көзі. Мұндай нұрлы әйел затын бұрын көрмеген хан тілі байланғандай есі кетіп, мелшиіп отырады да қалады. Жарты әлемге жарлығы жүрген, дүниені қалтыратқан құдіретті хан мына сәтте дәрмені кетіп, хан екенін ұмытып, есі шығады.
Айша осы жерде кілт тоқтап, басын көтеріп, біз жаққа қарап қояды. Ұйықтап қалған жоқ па деген шығар. Терезеден Ай қиғаштап, алакөбең сәулесі әлі түсіп тұр.
Машан жастықтан басын жұлып алып:
— Апа, не болды? — дейді.
— Әшейін, сендер ұйықтап қалған жоқ па деп...
— Жоқ, ұйықтамаймыз, айта беріңіз.
— Мен қайбір айтқыш дейсің, баяғыда естігенім ғой.
Баяғыда естігені... Оны баяғыдан да бұрын басқа біреу естіп, енді біздің құлағымызға тиді. Ұрпақтан-ұрпақ осылай бір-біріне аманат қылып, мирас етіп қалдыра бермесе, небір асылдар адасып қалмай ма? Енді ойласам, Айшаның сондағы айтқаны сонау көне түрік дәуіріне, Ұлы Түрік қағанаты заманына кетеді. Мың жылдың ар жағында жатыр.
— Сөйтіп, қыз «дат, хан ием!» — дейді деп сабақтайды Айша.
— Датыңды айт, — дейді хан.
— Айтсам, мына пенде менің әкем еді, — деп, дар ағашта тұрған аңшыны көрсетеді. — Мен сенің күңің болайын, әкемді өлтірме. Елікті ол еріккеннен өлтірген емес. «Сенің жазығың жоқ, балаларымның азығы жоқ», — деп атты.
Жиналған жұрт аңтарылып, «а, құдайлап» қалады.
Хан есін жиып, қауымға қарап:
— Уа, халқым, естідің ғой мына перизаттың айтқанын. Не істейін? — дейді. Халық. шу етіп:
— Босат, босат әкесін!
— Сауабын аласың!
— Мойныңа қан жүктеме! — деседі.
— Халық қаласа — хан жалғыз түйесін сояды. Айтқандарың болсын. Бірақ, — деп хан жендеттеріне қарайды. — Бірақ бұл адам менің жарлығымнан аттап елікті өлтірді. Сол елікті көздеп атқан бір көзін ойып тастаңдар. Садақ тартқан бір қолын шауып тастаңдар!
Қыз:
— Хан ием, ол бізді, шиеттей бала-шағасын, аң аулап асыраушы еді, енді қайтіп күн көреміз? — дейді.
Хан:
— Ханның қайын атасы аштан өлмес. Мен сені аламын. Күңім емес ханымым боласың, — депті дейді.
Сөйтіп, қызының ақылдылығы мен сұлулығының арқасында әкесі тірі қалыпты дейді. Қыз ханым атанып, ханға адал жар, әрі ақылманы болып, халыққа пана болып, бақытты өмір сүріпті.
Машан:
— Апа, тағы айтшы, — деп қолқалайды.
— Қанағат, жиен бала, қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар, — деді Айша, — ертең де түн ұзақ, сонда айтармын. Ал әзір ұйықтаңдар. Таңертең сабаққа барасыңдар.
* * *
Сөйтіп, бұл Мыңбұлақта ханның жазғы «резиденциясы» болған. Ақ Орда тігілген. Қай жерге тікті екен? А... бәлкім, осы біздің үй тұрған жер хан ордасының орны шығар, а? Өйткені біздің үй — Тәңіртауға қараған ең шеткі үй. Өзі өрлеуіт жерде түр. Хан ордасын ойпауытқа тікпейді ғой. Және Мыңбұлақтың ішіндегі ең сұлуы, ең мөлдірі — біздің Жалбызбұлақ. Оның суы кәусар. Айналасына жалбыз иісі аңқып, әлі күнге дейін бүлдірген өседі. Жазда бұлбұл сайрайды.
Айша суға жұмсағанда, шелекті жаныма қойып, мөлдір көзді қайнарға қарап, шөкелеп көп отырып қаламын. Сайдың қабағынан Айша айқайлап:
— Барсхан, неғып отырсың? Су перінің қызы басыңды дуалап қойды ма? Қайт! — дегенде, шелекті әрең көтеріп, сайды қиялап, жалғыз аяқ жолмен асыға жүгіріп, алқынып қаламын.
Елден ерте кетіп, Әулиеатаның интернатында оқып жүргенде де, Мәскеуге барып оқығанда да... ылғи түсіме осы кәусар бұлақ кіреді. Етпеттеп жата қалып, суына бас қоямын. Бірақ шөлім қанбайды. Іше беремін, іше беремін, шөлім қанбайды. Оянып кетсем — аузым кеуіп, тілім таңдайыма жабысып қалған сияқты болады. Тұра салып, кранның суынан ішсем, әлгі түсімдегідей емес, хлор мен саз татады. Интернаттың шиқылдақ темір төсегіне қайтадан құлай кетіп, мақта тыққан жастыққа бетімді басып жатқанда, жастық суланып қалады.
Енді көзім ілініп кетсе, Тәңіртаудың бөктері, қызыл изенді, тобылғылы төскей, сол төскейден төменірек біздің ақ үй көрінеді. Ылдида жатқан теміржолдан, пойыздан секіріп, сол ақ үйге қарай белуардан көк шөп кешіп, асығып бара жатамын.
Жақындаған сайын ақ үй ажарлана береді, асқақтай береді, жарқырап көрінеді. Небір асыл тастармен көмкеріп тастаған Алтын Орда екен деймін. Апыр-ау, біздің үй мұндай емес еді ғой деймін. Мойнына күміс қоңырау таққан еліктің лағы алдымнан билеп, еркелеп шығады. Оған интернаттың іші «балшық» кәмпитін беремін. Базарлығым — сол.
Одан бері де қырық-елу жыл өтіп кетті. Бәрібір, әлі солай. Әлгі түстен айыға алмаймын. Сол баяғы мен тұрған үйден қазір жұрнақ та жоқ. Соқамен айдап, әуелі қызылша, одан кейін картоп егіп тастаған. Бір белгі жоқ-ау, бір белгі жоқ. Есіктің алдында Мұртаза демалып отыратын дәу қойтас болушы еді, о да көрінбейді. «К-700» оны да уатып жіберген бе, білмеймін.
Ал бірақ менің түсім бұл шындықты мойындамайды. Алдымда дәйім Ақ Орда, кейде Алтын Орда тұрады. Қағанат дәуірлеп тұрған кезде, Түрік ханына саяжай болған жер.
Сырдың бір сүлейі:
Адамзат — келер, келер, жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.
Құдая, иманымды салауат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер? —
деп еді.
Жүзге келермін. келмеспін, Алланың ісі. Алланың қарызға берген өмірін ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір қайтарарың хақ.
Сонда, шіркін, менің қабірім сол Ақ Орданың түбінде қалса... Қара орман шулап тұрса... Күміс қоңыраулы еліктер жайылып жүрсе... Қабірімде шыққан бір түп сәмбі талына сандуғаш қонып, Ай сәулесі астында мәңгі-мәңгі махаббат жырын жырлап тұрса... Ой, дүние-ай десеңші!
ЖАЛАҢАШ ҚАСҚЫР
Қасқырдың жүні қалың, киіздей тығыз. Қасқырдан ішік кигендер некен-саяқ. Әркімнің қолы жете бермейді. Бар болса да жастарға кигізбейді. Күйдіріп жібереді дейді. Жас бозбала, жігіт-желең кисе, әтек болып қалатын көрінеді. Тұқым тамырлары өртеніп кетеді екен де.
Қасқыр жазда түлейді. Киімін ол да жеңілдетеді. Ал қыста қырық градус аязыңа бүлк етпей жорта беретін көк бөрің — осы. Аңшылар оны осы кезде аулайды.
Қасқыр затын адамдар жек көреді. Көбі қорқады,тіптен бәрі қорқады. Малын жеп қояды, содан өштеседі. Ал адам мал жемей ме? Жейді. Оны ешкім күстәналамайды.
Қасқырдың адамнан өзгешелігі — адам бәрін жей береді. Шөп-шаламды да азық қылады. Тіпті бақа-шаян жейтін ел де бар. Ал қасқыр шөп жей алмайды. Тек емдік үшін өте сирек дәру шөптерді қажағаны болмаса, шөп атаулыны аузына алмайды. Ал әлдеқалай ауырса — тек асыл тамырды ғана татады. Өзін-өзі емдемесе, қасқырды кім емдейді?! Табиғат солай жаратқан.
Қасқыр тек етпен ғана қоректенеді. Су ішеді. Арақ ішпейді. Ол Құдайдан шекер мен бал сұрап жатқан жоқ. Ананас пен банан талап етпейді. Оның бәрі адамдардың ермегі. Қасқыр адамдар сияқты тойымсыз, тәуфихсыз емес. Бөрі баласын жұрт: «қорқау, қомағай» деп ғайбаттайды. Бәрі бекер. Қомағайлық, қорқаулық алдымен адамға тән.
Құдай солай жаратты. Оған бөрі баласы кінәлі ме? Амал жоқ, ет керек, еттен басқа қорегі жоқ.
Қасқырды жамандап жатқандарды көргенде, мен ішімнен:
— Уа, қасиетті киеміз, бұл пенделерді кешіре гөр, — деп отырамын.
Көк Бөрі біздің қасиетті киеміз ғой. Көк Түрік заманында көк байраққа алтындап, Көк Бөрінің басын салып қояды екен. Сол тегін деп пе едіңіз?! Тегін емес қой. Қазіргі көк байрағымызға:
— Бөрінің басын салайық, — деп ұсынғанымда, кәдімгідей ақылды, биік дәрежелі, лауазымды адамдар күлді:
— Ай, осы жазушылар-ай, қайдағы жоқты айтады, — деді. Амал не, көп айтса, көнесің дағы. Мейлі, келер ұрпақ бізден гөрі парасаттырақ болса, түзетіп алар.
«Бұл не айтпақшы?» — дейсіз ғой. Айтпағым, кешегі әңгіменің жалғасы. Құдайдың өлшеп берген өмірінің тағы бір күні өтті. Тағы бір түн келді.
Жоқ-жұтаңдай тамағымызды ішіп, Машан екеуміз уқит-суқит, шала-шарпы сабаққа дайындалған болып, төсегімізге жатамыз. Ерте жатсаң — түн ұзақ. Ұйықтамай отыра берсек — жермайды жеп қоямыз. Жермай іздеп, Айша тракторшыларды жағалап, жалынып жүргені. Қазір трактор да тоқтаған. Дала — аяз. Жатпағанда не істейміз?
Ары тартып, бері тартып, Машан екеуміз бір көрпеге таласып, көз байлана бере, сырыққа қонақтайтын тауықтар сияқты бір-бірімізді итерісіп, әйтеуір, бір кезде тынышталамыз:
Машан:
— Апа, — дейді. Айша:
— Ау, жиен бала, — дейді.
— Кешегідей әңгіме айтыңызшы.
— Нені айта берем беталды?
— Иә, кешегі хан жақсы кісі екен ғой.
— Жақсысы жақсы ғой, — деді Айша күрсініп. — Залымдығы да жетеді.
— О, не? — Машан басын көтеріп алады. Хан залым дегенге сенгісі келмеген шығар.
— Ақыры, қоймадың ғой, — деп, Айша ықылассыздау бастайды.
— Кеше сол хан қоңырау таққан еліктерді жақсы көреді екен деп ем ғой. Жарықтық елік те бір ерекше сұлу жануар, әсіресе лағының көзінің жәудірегенін көрсең. Хан да сұлуға құмар шығар. Сұлулықты, әсемдікті, әдеміні сүймеген патша қатыгез, қан-құмар келетін көрінеді.
Содан, сол қарауылдар көздің қарашығындай қоритын еліктің біреуін түнде қасқыр жеп кетіпті. Хан ордасы жау шапқандай аласапыран.
Қарауыл қанша күшті болса да, ормандағы ағаш сайын бір-бір қарауыл қойса да, тағы бір елік жоғалып кетеді.
Хан қаһарланып:
— Тірідей ұстап әкеліңдер! — деп бұйырады. Нөкерлер:
— Қасқырдың апанын кім біледі? — деп жар салады. Сонда қарадан біреу тұрып:
— Е, ханның қайын атасы аңшы емес пе? Білсе — сол біледі, — дейді.
Бір көзі ойылған, бір қолы шабылған қайын ата:
— Баяғыда білуші ем, — дейді.
— Білсең — баста, жол көрсет, — дейді нөкерлер.
Арланның апаны жайдақ жерде болушы ма еді, аңшылар атқа қонып, тазыларын жалақтатып, тауға қарай тартады. Керегетастың ар жағындағы Қорымтасқа жортады.
Семіз елікті жарып жеген арлан, әлгі мол етті сіңіріп, тарғыл жартастың астындағы үңгірінде ұйықтап жатса керек. Апанына жақындап қалған аттылардың дүбірін естіп, бір бәленің боларын сезіп, атып тұрып, аттыларға ызғарлана бір қарап алып, Қорымға желе жортып жөнеледі. Аңшылар қиқулап, қуып келеді. Бірақ сусыма, тайғанақ тастан аттары жүре алмай қалады. Енді арланның соңына тазылар түседі. Бүркітшілер қырандарының томағасын сыпырады.
Не керек, бүкіл әлем жиналып жатып, әлгі арланды тірідей ауылға алып келіп, ханның алдына тастайды. Аяқтары қыл шылбырмен матаулы. Аузын да қайыспен құрсаулап тастапты. Ақсия да алмайды. Тек ызадан от тұтанған көздері ғана аласұрады. Керіскедей тұрқы есік пен төрдей екен. Аяқтары — Нәметқұлдың балғасындай.
— Қай балғасы? — деймін шыдай алмай. Өйткені ұстаханада балғаның түр-түрі барын мен жақсы білемін ғой. — Шеге соғатыны ма, таға қағатыны ма, жоқ болмаса арбаның дөңгелектеріне құрсау соғатыны ма?
— Тыныш жатшы-ей, тақылдамай, — деп, Машан мені шынтағымен түйіп қалды.
— Ең үлкені, — дейді Айша. — Содан хан айтады:
— Мұның терісін тірідей сыпырыңдар! — дейді.
Хан айтты болды. «Оу, тақсыр, қалай тірідей сыпырамыз? — деп сұрау жоқ. О кезде де неше түрлі қасапшылар бар шығар. Тірі қасқырға пышақ салып, терісін сыпырғанда, әлгі арлан бір қыңқ етпеді дейді ғой. Тек, шоқ шашқан көздерінен бірер тамшы жас шықса керек. Не деген жаны сірі десеңші!
Қасқырды қасапшылар жалаңаштап, туырлықтай терісін тірідей сыпырып болған соң, хан:
— Енді аузын, аяғын шешіп, қоя беріңдер! — депті.
Хан айтты — бітті.
Арлан қаны шыққан жалаңаш етіне шөп-шалам, қиыршық тас жабысып, орнынан әрең тұрды дейді. Жанына жаман батса да артқы аяқтарымен шоқиып отыра қалып, алдыңғы екі аяғымен жер тipeп, хан отырған таққа қарап қойып, содан соң қан толы көзін жұмып алып, тұмсығын көкке көтеріп, әй бір ұлыды дейді. Адамдардың тұла бойы қаза болып, шыдай алмай, құлақтарын басты дейді.
Көк Бөрі баласы ит сияқты адамға жарамсақтана алмайды. Ол үрмейді де, қыңсылап жыламайды да. Тек, Көктегі Тәңірге ғана мұңын шағады. Соған ғана бағынады. Әйтпесе, адамдар қасқырды асырап, қолға үйретпек боп талай әуреге түскен. Бірақ одан түк те шықпаған.
Жалаңаш қасқыр жалаң еті дір-дір етіп, безгек қағып, Көкке қарап зарлана ұлығанда, жұмулы көзден қан тамшылады дейді.
Мұндай азалы зарға шыдай алмай, хан тағынан тұрып кетіпті. Патшаға да шүкіршілік, тәуба керек қой.
Әлде содан ба, әлде басқа себептен бе — кім біледі, бір Тәңірден басқа ешкім білмейді. Әйтеуір, содан соң-ақ әлгі айбынды асқақ хан билеген елдің әлемді жарқыратқан Күні бешінге, ақшамға қарай құлдырай береді деседі.
Ал болды, ұйықтаңдар!
Айша үндемей қалды. «Тағы айтшы» деп, Машан да қолқалай алмады. Көпке дейін ұйқы да келмеді. Әлден уақыттан соң, тереземізден Ай да ауып кетті. Үйдің ішін ап-ауыр, зілдей қараңғылық басты да қалды. Жайшылықта шынтақтасып, тебісіп жататын екеуміз бір-бірімізге тығыла түстік. Құрмаш пен Батырхан екеуі екі жақтан Айшаға жабысып қалған сияқты.
ӘМІРЕҚҰЛ
Сөйтіп, мен, Айшаның айтуы бойынша, 1932 жылы қыркүйектің 28-де дүниеге келген екенмін. Біздің ауылда сол жылы туған төрт-бес қана бала бар екенбіз. Қолаханның Аманбайы, Әбіштің Сүлеймені, Мамыттың Седепкүлі... Тағы біреуін ұмыттым. Солардың ішінде қазір, яғни XX ғасырдың аяғында, жарық дүниеде жүрген жалғыз мен. Қазір ауылда 1932 жылы туған менен басқа ешкім жоқ.
Қалай өлмей қалғанымды құдіреті күшті бір Алла өзі біледі.
Сонда елден ерекше біздің үй қиыншылық көрмеген бе?
Айша айтады:
— Мұртаза, оның аталас інілері Әміреқұл, Нәметқұл, Сұлтан үшеуі жасырып көмген бір қап бидайы бар екен, соны ашып алуға шамалары келмейді ғой. Аңдыған ақыран (охрана, қарауыл, аңдушы дегені). Олар — кешегі кедейлер. Сенің Күнікей апаң асыраған кедейлер. О, аруағыңнан айналайын, Жолан — Жаныстың қызы, ұлы Төле бидің ұрпағы — Күнікей ханым бүкіл елді асыраған екен. Жетім-жесірге басына үй, алдына мал салып берген.
Оның жақсылығын иманы барлар әлі жыр қылып, жылап тұрып айтады.
Біріақ қазір байды кім мақтайды, құртып жіберді ғой.
Әлгі «ақырандардың» ішінде осы мына Тасбет те бар. Саған екіқабат кезімде ащы сүр етке жерік болдым. Сүр қайда-а-а? Содан пияз жей беріппін. Ащы пияз ауқат бола ма? Құсып, лоқсып, өліп қала жаздаймын.
Иә, сөйтіп мен — Барсхан — анамның құрсағында жатқанда-ақ ащының дәмін татып жетілгенмін. Өйткені құрсақтағы шарана ана немен қоректенсе, ода сонымен қоректенеді.
Мені сыртымнан «сұсты», «жауқабақ» деп, тағы бірдеңе деп, сыртымнан сөз қылады. Көрер едім ғой оларды, менің көргенімді көрсе... Тумай жатып ащыменен уланса... А, бәлкім, мені шешектен аман алып қалған ащы пияз шығар...
— Сөйтіп жүргенде, — дейді Айша, — келер жылы, яғни 1933 жылы Мұртазаны Түлкібастың түрмесіне қамап тастады. Жиырма сегізінші жылғы кәмпескеден қалған-құтқанды тағы сыпырып әкетті. Бердімбет сайының қабағына көміп, аман алып қалған алты қинат ақбоз үй бар еді, шіріп кетер деп кейін Мұртаза мен Әміреқұл аршып алған. Соны да алды.
— Әй, Барсхан, сен Әміреқұл көкеңді білесің бе, айтпақшы? Ойбу, Құдай-ай, қайдан білесің? Онда бір-ақ жаста едің ғой. Әміреқұлдың баласы Медетхан да бір жаста. Екеуің түйдей жасты едіңдер ғой...
Әміреқұл — Мұртазаның туған інісі. Шіркін, еркекте мұндай бозым жігіт болды ма екен. Сенің әкеңдей емес, бойшаң еді. Сұлулығында есеп жоқ. Ай, көркем жігіт еді... Құдай жанын жаннатта қыла гөр.
Айтып едім ғой. Мұртазаның әпкесін Нұралы деген қырғыз алған деп. Осы Әміреқұл сол әпкесінің артынан көп барады екен. Жақсы көрген болуы керек. Әлде пешенедегі жазуы шығар, сол қырғыз жаққа барғыштап жүріп, Шарбан деген қызға ғашық болады.
Не керек, сол Шарбанды Әміреқұл алып қашып келсін. Артынан адыраңдап қырғыздар қуып келсін. Арада жанжал шығып кете жаздап, әйтеуір, әрең басылған.
Бір жылдан кейін балалы болды. Атын Медетхан қойды. Содан 1933 жыл келді. Әкеңді Түлкібастың түрмесіне қамап қойды. Әміреқұл артынан барып жүрді. Сөйтіп жүргенде, бір күні ауданнан Анарбай деген уәкіл келді, ауылдың старшыны Кешенді ертіп алып, Әміреқұлдың үйіне түседі. (Үй қазіргі темір ұстаның орны болатын.)
Әміреқұлға:
— Кәне, күміс ерді бер! — дейді.
— Бермеймін, — дейді Әміреқұл.
— Неге? — дейді зорақылар.
— Ол әкем Бердімбеттен қалған көз, ескерткіш.
— Әкең Бердімбет бай болған ғой. Сен байдың баласысың ғой. Онда ағаң Мұртазаның қасына барып жатасың! — дейді белсенділер.
— Маған десең атып таста, тірі тұрғанымда бермеймін, — дейді Әміреқұл. — Әкем Бердімбет осы ер-тоқымға мініп, анам Күнікейді сонау Төле би ауылынан алып қайтқан. Бұл — тарих, бұл — ескерткіш, түсіндіңдер ме?
Түсіну қайда, ауданнан келген уәкіл, қасында милисасы бар, старшын — бәрі жабылып, Әміреқұлды соққыға жығып, күміс ер-тоқымды тартып әкетеді.
Тұқымдарыңа біткен мінез бе, білмеймін, сол заманда күміс ер-тоқым тұрмақ, адам қынадай қырылып жатқан заманда, күштіменен күреспей-ақ қою керек пе еді... Ақыры намыстан, күйіктен Әміреқұл бейшара өртеніп кетті. Қападан, қайғыдан өлді...
Мұртаза сол жылы түрмеден шығып келді. Осы қазір соғыста жүрген Бауыржан, ол кезде ауданда бір өкімет болып істейді екен, әкесі Момыш атамыз, жарықтық, Мұртазаны жанындай жақсы көруші еді, кішкентай күнінде Бауыржанды артына мінгестіріп келіп, ылғи да біздің үйге түсіп, қымыз ішіп кетіп тұрушы еді... Сол Бауыржан кейін ер жетіп, қызметке араласып, Мұртазаны абақтыдан шығарып алды.
Әміреқұл қайтыс болғанда, жесірі Шарбан, әйел біткеннің ажарлысы, сұлу Шарбан жынданып кете жаздады. Әміреқұлдың өлгеніне сенбей, Сәрсенбай қайнағасына жалынып, Әміреқұлдың мүрдесін қаздырып (бізден жасырып) көріпті. Көрді ашып қараса, Әміреқұлдың қияқтай сұлу мұрты жидіп түсіп қалған екен. Әне, содан кейін көңілі суыған...
Ағайын әмеңгерлік жолымен Шарбанды Мұртазаға қоспақшы болды. Мен де сорлы екенмін, көнбедім. Сөйткен Мұртазаның менің қасымда қалғаны кәне? Қызғанғаның — қызыл итке... Оның үстіне Мұртаза байдың баласы деген қоңырауы бар, қос қатын алды деп тағы бәле жаба ма... Не керек, елден жесір кетті, жетім бала кетті. Сүйекке таңба болды. Жесір мен жетім ерден кетсе де, елден кетпеуші еді. Заман кері кетті...
Түн ортасы болған шығар. Шұбар қораз шақырды. Аулақта Мамыт атаның төрткөз иті ұзақ ұлыды. Айша:
— Е, өз басыңа көрінгір, — деді итке.
Кім біледі, сол түні не Орха, не Ноха оққа ұшқан шығар. Мамыт атамның бұл екі баласы да соғыстан қайтпай қалды.
Мен әлі баламын. Бірақ әлгі Әміреқұл әңгімесінен кейін зіл қорғасын ойлар қамалап, көпке дейін ұйықтай алмаймын.
Тау жаққа қараған жалғыз терезеден Ай сығалайды:
«Ұйықта, бала, әлі көрер көресің алда» дегендей болады...
ҚЫРҒЫЗ АТА
Айша айта беретін Қырғыз атаны да көрдім. Күздің қара суығы еді. Ұмытпасам, 1942 жыл. Мен, бұйыртса, он жастамын. Кәдімгідей азаматпын. Өйткені Тасбет бригадир маған бала деп қарамайды, ұдайы жұмысқа салады. Мысалы, жақында ғана Жақаш екеуміз сүдігер жырттық. Әрине, Жақаш менен үлкен, Әбдімомын дейтін әкесі бар. Өте тақуа кісі, үлкен ғұлама сияқты. Мұндай зиялы адамды қалай қамап қоймағаны түсініксіз? Тәуір киінген, таза жүрген, елдің көркі боларлық адамдардың бәрі ұсталып кетті ғой. Адам сияқты өз беделіңді бекем ұстап, басыңды тік көтеріп жүрсең — «халық жауысың» ғой. «Халық жауы» атанбас үшін, алба-жұлбалау, ақымақтау, өз ойы, өз пайымы жоқ мәңгүрт болуың керек.
Бірді айтып, бірге кетіп барамын. Сөйтіп, біздің үйге, көптен бері қонақ келмеген үйге, сонау Көксайдан Қырғыз ата келді. Бүкшиіңкіреп қалған қарт екен. Сақал-мұрты аппақ қудай. Көзінің жиектері қызарып, жасаурап тұрады екен.
Біздің бәрімізді құшақтап, сүйіп, «қағылайын, қағылайын» деп жатыр. «Айналайын, айналайын» дегені.
Мұртаза мен Әміреқұлдың туған әпкесін алған жездеміз осы кісі. Тозыңқырап, әр жеріне жамау түскен сары тонын шешіп, басында сондай тіккен телпегін шешіп, төрге шығып отырды. Айша құрақ ұшып қуанып, көрпеше төсеп, жанына жастық тастады.
Айша шыр айналып, қазанға су құйып, ошаққа тезек салып, тынбай жүр. Аузы да тынбайды. Ананы сұрайды, мынаны сұрайды. Мен біріне түсініп, біріне түсінбеймін. Менің міндетім — тезірек самаурынды қайнату. Самаурынға жаңқа салып, ағаш салып, қолым тимей жүргенмен, құлағым бос қой. Құлақ ағаш жармайды, құлақтың міндеті — тыңдау. Қырғыздың кейбір сөздеріне түсінбесем де тұспалдаймын. Түсінгенім: әскерге кеткен Әбдібектен хабар жоқ. Әуелі Аягөз деген жерден бір хат келген екен. Ол Қазақстанның жері көрінеді. Одан соң, Новосібір деген жерден келіпті. Содан кейін, Мәскеуге қарай бет алдық деген екен, қайтып хабар жоқ.
Менің сауатым ашылып қалған. Аздап картаны да білемін. Жиеніміз Әбдібектің жүрген жолы айналма жол. Мәскеуге қырғыздың Маймағынан немесе біздің Борандыдан тік теміржол бар емес пе? Аягөз, Новосібірді айналғаны түсініксіз. Менің ұғуымша, Аягөзде де, Новосібірде де соғыс жоқ. Соғыс Мәскеу жақта.
— Айша келін қарағым, жағдай ошондай болып тұрат, — деп күрсінді Қырғыз ата.
— Е, жезде, бір Құдай өзі жар болсын. Аруақ қолдаса, тірі жүрген шығар, — деп жұбатқан болды Айша.
Шәй ішіп отырмыз. Дастарқан жүдеу. Жарты таба нан. Айша көзінің қарашығындай сандыққа салып, сақтап жүретін кішкентай қозы қарын майдан бір қасық қана алып, мейманның алдына қойды. Оны менің көзім тесіп барады. Таба нанға май жағып жеу деген — арман. Қарындасым мен інім де жетісіп отырған жоқ. Бірақ шыдаймыз. Айшаның айбарынан қорқамыз.
Қырғыз ата наннан кішкентай-кішкентай үш үзіп сындырып, оған май жағады. Құдай тілеуіңді беріп, Әбдібегің аман келгір, Қырғыз ата әлгі үш үзікті үшеуімізге ұсынады. Арық қолы дірілдейді. Біз Айшаға қараймыз. Айша бізге қабағын түйіп, астыңғы ернін жымқырады. «Алмаңдар» дегені. Өзі:
— О, жездеке, бұлар тоқ қой, әлгінде ғана ауқат ішкен. Сіз алыс жолдан келдіңіз, өзіңіз алыңыз, — дейді.
Қырғыз ата тыңдамай, бізге әлгі асылдарын тықпалап:
— Е, қағылайын, алғыла, — дейді.
Аламыз, ақырын-ақырын, аз-аздап тістеп, жей бастаймыз. О, дүниеде бұдан тәтті тамақ бола қоймас. Әлде, Қырғыз атаның қолының сиқыры бар ма, мұндай шырын нанды сары алтындай сақтап, дәмін ұзағырақ татқымыз келеді. Қайран, қозы қарынның майы-ай! Өзі ешкінің сүтінен пісірілген май, ақшыл, сәл көкшілдеу ме, қалай... Майды қозы қарынға салып, Айша оны қапшықтағы ұнның ішіне тығып, сандыққа салып қояды. Сандықтың кілтін бұрымының ұшына байлап алады. Сандықтың кілті — Айшаның шашбауы.
ІІІәй ішіп, Қырғыз атамның көк есегіне кәшек (шөптің қалдығы) салайын деп далаға шықсам, бір топ бала темір ұста алдында тұр екен.
— Бері кел, — деп шақырды. Бәрі де менен үлкен, ересек балалар. Айттым ғой, бұл ауылда менімен жасты ешкім жоқ деп. Бір — екеуі бар, олар арғы жақта, Таласбай бұлақтың басында.
Бардым. Аталас ағаларым: Сейсенбай, Дүйсенбай, Боранбай, Қорғанбай екен.
— Үйлеріңе кім келді? — деді ең үлкені Сейсенбай.
— Қырғыз ата келді, — дедім мен біртүрлі мақтанғандай. Сірә, біздің үйге де мейман келеді деп кісімсінгім келген болуы керек. Мұртаза кеткелі бері біздің үйдің есігін ашатын адам сиреді ғой.
— Жездең ғой ол сенің, — дейді Боранбай мысқылдап. — Құлағынан тартпадың ба?
— Кәрі кісіні де құлағынан тарта ма екен? — деп қарсыласа кетемін.
— Қарай гөр өзін! Тартпағанда ше. Жезде болған соң, құлағынан тартып ойнайды да, — деп мазақтағандай болды Боранбай.
— Ей, былжырама, — деп, ең үлкеніміз Сейсенбай Боранбайды тыйып тастады. — Сенен кіші болса да Барсхан дұрыс айтады, кәрі кісімен де құлағын тартып ойнаушы ма еді, есің дұрыс па өзіңнің?!
Сөйтіп, Сейсенбай менің арқамнан сипалап тұрып:
— Қырғыз атаңның қабында не бар екен? — деді жай ғана.
— Білмеймін. Шөп сияқты бірдеңе, — дедім мен. Шынында да, Қырғыз ата көк есегінен теңдеген екі қап бірдеңе түсіріп, үйге кіргізіп қойған.
— Темекі емес пе? — деді Сейсенбай.
— Болса, болар, қаптың аузын ашып көрген жоқпын ғой.
— Ендеше, мә, — деп, Сейсенбай қалтасынан бір уыс асық шығарып алақаныма сала салды. Байыдым да қалдым. Өзімде бір шүкей де жоқ еді. Ұдайы ұтылып қала берем.
Бұлар бұрынғыдай мен ұтылғанда асығымды қайтарып бермейтін болды. Неге екенін білмеймін? Бұрын мұндай емес еді.
Маған жалынғандай болып жүруші еді. Әйтеуір, бәрі де айныды. Кейін-кейін ойласам: Мұртаза «халық жауы» болған екен ғой...
— Енді, — деді Сейсенбай, — қазір үйіңе бар да, Қырғыз атаңа да, Айшаға да көрсетпей, сол темекіден қалтаңа толтырып салып, алып келе ғой.
Әлгінде ғана басымнан сипап, бетімнен сүйіп, қайта-қайта аймалаған атамның темекісін қалай ұрлаймын? Ұят қой. Бірақ мына асық...
Екіойлы болып тұрғанымды сезіп Сейсенбай:
— Мә, мынаны ал, — деді. — Қорғасын құйған сақа.
Менің ұтылып қала беретінім: сақам жаман ғой. Қорғасын құйған сақа! О, ол менің арманым ғой.
Үйге жүгіріп барып, ауыз тамда тұрған қаптың аузын шешіп, қос қалтама сап-сары темекі жапырақтарын толтыра салып, қаптың аузын қайтадан байлап қойдым. Темекі ащы екен, түшкіріп-түшкіріп жібердім. Ішкі есікті ашып, Құрмаш қарады:
— Не істеп жүрсің? — деді қас қылғандай.
— Аузыңды жап, — деп жұдырығымды көрсетіп, тысқа атып шықтым.
Жүгіріп балаларға келдім. Сейсенбай қуанып кетті. Қалтамдағыны қағып алды. Сөйтіп, төртеуі газет жыртып, соған темекіні орап, шылымды бұрқырата бастады. Маған да сорғызды. Жөтеліп, қақалып өліп қала жаздадым. Сонда Сейсенбайдың інісі Дүйсенбай кісілік айтып, «Барсхан әлі жас қой, неғыласыңдар», — деді.
Ертеңіне Қырғыз ата Борандының базарына барып, темекісін сатып, оның ақшасына дәсері қап жүгері алыпты. Қайтарда біздің үйге түсіп, әлгі жүгеріден бір табақтай тастап кетті. Қоштасарда Айша:
— Жездеке-ау, келіп тұрсаңызшы. Мыналар болса шиеттей жас, біз жалғыз қалдық қой, — деді.
— Қағылайын, Айша келін, келіп тұрар едім, қартайып қалдым. Шамам жетсе қарап жатпаспын, — деді Қырғыз ата жиегі қып-қызыл көзі жасаурап.
— Медетханды көрсеңіз, бетінен сүйіп қойыңыз, — деп Айша көңілі босады.
Қырғыз ата көк есекке мініп, Манас тауын бетке алып кете барды.
Мен Медетханды көргім келді. Ол, шынында да, мына қиын заманда бір тірек сияқты сезілді. Мен бір жасымда айырылған алыстағы туысқан. Мұртазаның інісі Әміреқұлдың жалғыз баласы. Енді Мұртаза да жоқ, Әміреқұл да жоқ. Мен көрмеген Медетхан қырғыз елінде. Қазақтың баласы қырғызға кетіп адасқан заман.
Қара жолдың үстінде жалғыз қарайған бірте-бірте көрінбей кетті.
БІР ҚАЛТА ТЕМЕКІ
Ұмытпасам, Қырғыз ата сол баяғы көк есекпен тағы бір рет келді. Бірақ Борандының базарына бармастан екі қап темекісін біздің үйге тастап кетті.
— Қағылайын, келін, — деді Айшаға, — бұ темекі өзіңе аманат. Шамаң келсе, астыққа айырбастарсың. Тәуір болсам, келесі бір жолы алып кетермін.
Сөйтсе, ауырған екен. Қарт адамдар ауырса, тезірек өз үйіне жеткісі келеді. Түзде жүріп олай-бұлай боп кетсем, қиын болар деп қауіптенетін шығар.
Бұл енді қыстың күні шығар. Сол жолы Қырғыз ата құлжаның асығын әкеп берді. Кәдімгі тауда жүретін арқардың құлжасының асығы. Сиырдың топайына жете — ғабыл.
— Ошоны саға Мамытбек жиенін саламдаға берді, — деді Қырғыз ата. Мамытбек соғысқа кеткен Әбдібектің баласы, Қырғыз атаның немересі.
Мақтанып, асық ойнағыштардың арасына барайын. О кезде мен мақтанатын шақ тым сирек болатын. Рас, өзімнен үлкен балалармен аяусыз төбелесте, әйтеуір, таяқ жесем де, көбінесе жеңіп шығушы едім. Ішімнен соған мақтанатынмын. Басқа не бар? Бірақ күнде төбелесе бермейсің ғой.
Асықшылар құлжамды көріп таң қалысты. Алдап алмақшы да болды, Жуанқұл бастықтың баласы бір таба нан да бермекші болды. Нан жемегелі қай заман? Ұдайы қызылша пісіріп жейміз. Айша қос уыс бидай қуырып, үшеуімізге теңдей бөліп береді. Сол дәнді ауызға бір — ақ салмай, бір — бір талдан қытырлатып, неғұрлым ұзағырақ тауысуға тырысамыз. Ал нан деген сөздің өзінен басың айналып, көзің қарауытады. Бір таба нан — зор байлық.
Көнбей қойдым.
Сонда бастықтың баласы Тілепалды басқа балаларға нан беріп (көбі мен сияқты аш қой), бәрін маған жауықтырып, жабылып жатып, құлжамды тартып алды.
Мұны, Құдай тілеуіңді бергір Сейсенбай көріп қалып, бастықтың баласын бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберіп, құлжамды қайтып алып берді.
Бірақ есесіне әскерге бір жыл бұрын алынды.
Ұмытпасам, сол 1942 жылдың желтоқсаны болар, темір ұста дүкенінің алдына кілең қатын-қалаш, шал-кемпір жиналып қалды. Жел тұрып, жаяу борасын соғып тұрған. Бүрсеңдеп біз балақайлар да тұрамыз.
Сөйтсе, төрт-бес бозбаланы қос ат жеккен шанаға мінгізіп, Борандыға алып бармақшы екен. Ауданнан келген военком өзі жеке ат мінген. Шанада менің аталас немере ағам Махан, менің әкеммен бірге отыз жетінші жылы ұсталып кеткен Мелдеханның баласы Рәсілхан, шеткі ауылдан Бейсенбек, оқымаған агроном шал Әбдікәрімнің баласы Тұрар, тұтықпа шал Әлімқұлдың баласы Күзембай, осы елдің жиені боп сіңіп кеткен Кәмет және әнеугүні құлжамды қайтарып берген Сейсенбай бар.
— Ойбай-ау, Сейсенбай әскер жасына келіп қап па еді, — деп күбірлескен ел.
Әркім-әркім әлгілердің дорбасына бір-бір түйіншек: біреу құртын, біреу талқанын тықпалап жатыр.
— Оу, бізді өкімет асырайды енді, өздерің күн көріңдер, — дейді шанадағылар.
Айша сонда Сейсенбайдың қойнына бір қалта темекі тықты.
— Қош, мырза бала, аруақ, Құдай қолдап, Алла жар болып, аман қайт, — деді.
— Рахмет, жеңеше, — деп, Сейсенбайдың көзі жасаурап кетті.
Айшаның оған беретін басқа ештеңесі жоқ еді. Қырғыз атаның темекісі сөйтіп майданға қарай кетті.
Кәмет жиен әнші еді, гармоньға қосылып ән салды. Бір — екі-ақ жолы есімде қалыпты:
Әлде қайтар, әлде кайтпас
Туған елге ғазиз бас...
Әйелдердің бәрі аңырап жылап жіберді.
Кәмет, шынында да, қайтпай қалды.
Көп ұзамай жел қатайып, боран үдей бастады. Военком асықтырып, қиыспай тұрған жұртты атпен омыраулап таратып, шанаға жеккен қос атты қамшымен тартып-тартып жіберді.
Зымыраған шананы ақ түтек лезде жұтты да кетті.
ШЫРАҚ
Көп ұзамай ауылға Бауыржан келді. Өзінен бұрын бізге оның даңқы жеткен. Бізде радио жоқ. Бірақ тоғыз үйлі Тоқсанбай баласынан жалғыз Мамыт атамның үйінде ғана газет бар. Сірә, әскерге кеткен Орха мен Ноха дейтін балалары жаздырып қалдырған болар. «Социалистік Қазақстан» дейтін газеттің тігіндісі қабырғада ілулі тұрады. Соның бір санында, бірінші бетте Бауыржанның суреті басылып шықты. Оны қиып алып, төрге іліп қойыпты. Біз, кішкентай балалар. сол суретке тесіліп кеп қараймыз. Орха мен Нохадан кейінгі Қорғанбай бізге қарағанда сауатты. Сол сөзін оқып береді. Түсінгеніміз: Москва деген қаланы неміс фашистерінен аман алып қалған — осы біздің ағамыз, кәдімгі Момыш атамыздың баласы Бауыржан екен.
Кішкентай кеудемізді кәдімгідей мақтаныш сезім кернейді. Біз де тезірек өсіп, әскерге барып, жауды жайратып, Бауыржан көкеміз сияқты герой болғымыз келеді...
Сөйтіп жүргенде, батыр көкеміздің өзі келе жатыр деген хабар жетті. Бәріміз: тайлы-таяғымызбен, кәрі-құртаң, бала-шаға — қыбырлаған жанның бәрі мектептің жанына жиналдық. Жалғыз жиналыс орны — сол. Клуб деген о кезде жоқ.
Сол кездегі он жасар баланың қазір алпыстан асқанда есінде не қалды? Соны жиып-теріп, көз алдыма келтіріп отырмын.
Жұрттың көзі батыста. Алыстан-алыстан, ақ қар жамылған алқаптың ар жағынан қарауытып Евгеньевканың тал-дарағы елес береді. Одан ары — Боранды, Бурное. Ауданның орталығы. Батыр сол жақтан келсе керек. Күн ашық болса да, аяз қатты. Бүрсеңдеп тұрмыз. Алатау жарықтық бүгін ерекше асқақ. Әзі өсірген қыранына о да мақтанып тұрғандай. Борандының ар жағындағы Құлан тауы да ақ теңізге ақ желкен көтерген кемедей боп көрінеді. Мүмкін, Батыр сол кемемен жүзіп келе жатқан шығар.
Жоқ, атпен келе жатыр екен. Бір топ атты Үсен сайынан қайқаң етіп, қаптап шыға келді.
Қалың оппа қардан бойы биік тек қызыл изен. Шоқ изеннің дәнін теріп жеп отырған суықбас молда торғайлар пыр етіп, ұша жөнелді. Аттылар таяп қалды.
Мектепке жақын жерде, боран қармен бітеп тастаған ор бар еді. Аттылардың біреуі — Жуанқұл бастық сол орды айналып өтпек болып, аттың басын өрге қарай бұрды. Басқалары соған ілесті. Кілең қайыс пальто кигендер. Сірә, бәрі де өкіметтер болуы керек.
Тек, апайтөс көк айғырға мінген біреу бұрылмастан қалып қойды. Оның киімі де қайыс пальтолардан өзгеше. Жағасын, өңірін елтірімен көмкерген сұлу сұр пальтосы бар екен. Басында әскери фуражка. Мына аязда құлағы қалай жаурамайды? Ең алдымен таң қалғанымыз сол болды. Немене, мына құлақшын киген ығай мен сығайлар оған жылы баскиім тауып бере алмаған ба?
Көк айғырға мінген, әскери фуражкалы адам басқалардан бөлек қалып қойды да, тізгінін тартып еді, аттың басы кегжең етті. Содан тебініп кеп қалып еді, көк айғыр, жануар, көзі алан етіп, ақшиып, ышқына қарғып кетті де, қар бітеген ордың бер жағына топ ете түсті.
Жұрт:
— Аруақ! — деп шу ете қалды.
Бауыржан батыр осы екен. Жақын жерден байқадық: жылтыраған хром етігінің өкшесінде шпор дейтін темірі бар екен. Тебініп кеп қалғанда, көк айғыр содан ышқынған екен.
Басқалары ордың басын орағытып, біраз уақыттан кейін жетті.
— Ассалаумағалейкум, халқым! — деп саңқ етті Бауыржан.
Жұрт әлсіз ғана жамырады.
Әскердегі батальонның саңқ-саңқ еткен тақ-тұқ сәлеміне үйренген Батыр риза болмай қалған сыңайлы.
— Немене, үндерің жердің астынан шыққандай?! —-деп жекіді.
— Қарағым-ау!
— Құлыным-ау!
— Арысым-ау! — деп, әркім әр тұстан жамырап жатыр.
— Аман-есен келдің бе?
— Аруақ — Құдай қолдап, аяқ-қолың сау оралдың ба?
Мектептің қайбір оңған кең залы бар, жұрттың көбі сыймай, ауыз үйде тұрды.
Батыр төрде тұрып сөз сөйледі. Түсінгенім: жаудың беті қайтқанмен, әлі түрі жаман. Қасарысқан, қиян-кескі соғыс әлі қырғын көрінеді. Бірақ біз жеңеді екенбіз. Өйткені біздің ісіміз адал көрінеді. Әсіресе қазақтар, қырғыздар ерекше батыр сияқты.
— Сондай жаужүрек батыр ұлдар туғандарың үшін, аяулы аналар, ардақты әкелер, сендерге мың да бір рақмет! — деді Батыр.
Қол соқтық.
— Ал енді, мен майданнан мүлде қайтқан жоқпын, — деді Батыр.
— Аз күн демалыс алып келдім. Мен майданда жүргенде, әкем Момыш қайтыс болыпты. Соған құран оқиын деп келдім.
Содан соң көптің ішінен біреуді іздегендей, үп-үлкен шоқтай көздері жарқ-жұрқ етті.
— Дошанай! Дошанай көке, қайдасың! — деді. Басында қазандай дөңгелек қара бөркі бар, аппақ қудай сақалы көлкілдеген Дошанай атамыз:
— Мен, мен мұндамын, Бәужан қарағым, — деп, даусы дірілдеп, орнынан әрең тұрды.
— Бауырын Момыш өлгенде, басына құран оқымапсың, оның қалай? — деп ақырды Бауыржан.
— Қатты боран болды, қарағым, ауыл арасы едәуір, үйден шыға алмай қалдым, табан аяқ боп қалдым, Бәужан қарағым, кешір мен бейбақты, — деп, Дошанай атам еңкілдеп жылап жіберді.
Ол кезде өлген адамға құран оқып, дұға қылатын заман ба? Құран оқығаныңды көрсе, ана Жуанқұлдар табанда түрмеге апарып тықпай ма? Мына Батыр соны да білмей ме? Қайыс тондылардың қабағы түсіп кетті. Бірақ Батырға үндей алмайды.
— Білемін, Дошанай көке, кінә сенде емес, мыналарда! — деп, Батыр сабаудай сұқ саусағын қайыс тондыларға қадады.
— Иә, иә, сөйтші, Бәужан қарағым, соларға айтып қойшы, — деп Дошанайдың айызы қанғандай құнжыңдап, қуанып қалды.
Қайыс тондылар қаймығып, төмен қарады.
Біз ойлаушы ек: дүниеде Жуанқұлдан үлкен үкімет жоқ деп. Сөйтсек, Жуанқұл аждаһа көрген көжектей бүрісті де қалды.
Содан соң есімде қалғаны: Қарақас дейтін анамыз Батырдың өзіне айқайлап:
— Әй, Бауыржан, өзің көріп тұрсың, осы мына алдындағы адамдардың арасында атпал азамат бар ма? — деді. — Кілең өлесі шал-кемпір мен жесір-жетімдер. Heгe ақырасың бізге?! Көріктей сөнген көңілімізді көтере ме десек, сонау соғыста жүрген боздақтарымыздың хабарын айтып қуанта ма десек.
Қарақас қанша қасқыр болса да басын шайқап, көзін тас жұмып, астыңғы ернін қымқырып, үнсіз уілдегендей болды. Жұрт шошына тына қалды.
Қарақас қайтадан қаһарланды:
— Осы ауылдан кеткен Сатылған мен Сәрсеқазы қайда, Исақұл мен Әділхан қайда? Ана Мамыттың Орхасы мен Нохасы қайда? Тере берсе толып жатыр, не хабар білесің солардан?
Батыр:
— Ы — ы-ы, — деп ыңыранды. Галифе шалбарының қалтасынан темекінің құтысын шығарды. Сірә, «Қазбек» деген папирос болар. Папиросты шарт тұтатып, түтінді аузынан будақ-будақ шығарды. Сірә, өрге көтерілерде түтіні будақ-будақ атқитын қара паровоздай ғаламат күш түскен болуы керек. Содан соң айбынданып:
— Бүйтіп сендердің алдарыңда тұрғанша, қақаған оқтың өтінде, қаптаған жаудың бетінде тұрғаным жақсы еді, — деді.
— Сұрапыл сұрақ қойдың, Қарақас жеңеше, — деді. — Соғыста, сонау Балтық теңізі мен Қара теңіздің арасына дейін созылған соғыста мың-миллион әскер бар. Осы ауылдан ғана аттанған бір топ Құли — Шілмембет бір жерде жүрген жоқпыз, жан-жаққа шашырап кеткенбіз. Аман болса, жүрген шығар, аруақ — Құдайға сиын, Қарақас. Ақмеңтай батырдың, Домалақ анаңның, Бәйдібек бабаңның аруағына сиын, Қарақас! Қапаланба, Қарақас! Бар жамандықтың бір жақсылығы бар. Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді. Кебенек киіп кетіп еді ғой балаларың, үмітсіз шайтан деген, Қарақас!
Батыр бұрынғыдай емес, жібіді. Ортаға шықты. Кемпірлер жағы оның пошымы бөтен венгеркесінің етегінен сүйіп, көздерін сүртіп, тәу етіп жатыр. Батыр жүдеу балалардың басынан сипап шықты. Менің де басыма алақаны тиді, басым тыз ете қалды. Сірә, алақанының оты бар шығар.
Менің тұсымнан өтіп бара жатып, жанымда тұрған Айшаға қарады:
— Оу, жеңеше, амансың ба? — Состиып тұрып: — Солдаттың шинелін киіп алыпсың ғой, — деді.
— Кебенек деген осы, Шырақ, — деді Айша. — Ағаңды мыналар баяғыда-ақ жалмаған, — деп, қайыс тондыларды меңзеді. — Сонымен қоймай әлі бізді «халық жауы» деп қорлайды. Қайда барып күн көреміз, Шырақ?!
Батыр Айшаны арқасынан қағып: «Шыда! Мына балаңды өлтіріп алма», — деді.
Аттылар батысқа кетті. Алдарынан қияқтанған Ай көрінді. Айша мені жетектеп алды. Үйге қайттық.
— Жарықтық Момыш ата осы баласын ертіп келіп, біздің үйден қымыз ішуші еді, — деді.
Қымыз дегенді мен біле бермеймін. Ес білмеген кезде татсам татқан шығармын... Бір кезде болған дейді...
ҚЫРҒИ МЕН ҚҰЛАДЫН
Мен көрік басамын. Көрік үлкен, өгіздің терісінен жасалған, жел толса — зілдей ауыр. Жел толып, көмірі жанған отты үрлеп, жалындата түседі. Қып-қызыл көмір шоққа Нәметқұл көкем тістеуікпен соқаның тісін салып балқытып, шоғын шашыратып суырып алып, темір төске төсеп, балғамен ұрып өткірлейді. Қып-қызыл темір қамырша иленіп, балға қалай ұрса, солай жаншылып, бірте-бірте сұрлана береді. Оны Нәметқұл тістеуікпен бөшкедегі суға быж еткізіп тастай салады да, екінші тісті қолға алады.
Екінші тіс шоқта балқып жатады. Ол жақсы пісуі үшін, мен тынбай көрік басамын. Қарым талып, шаршаймын. Тер одан да кетеді, бұдан да кетеді. Нәметқұл үндемейді. Сәл тыныстаса қайтеді. Оның да маңдайынан, бет-аузынан тер саулайды.
«Тердің моншада шыққаннан гөрі, осындай орасан еңбекпен шыққаны пайдалы» — дейді Нәметқұл.
Онысы рас та шығар.
Ақ егіс орылып біткен. Енді тары қалды. Тары да пісті. Әне-міне, орақ түседі. Колхоз сүдігер жырта бастады. Әне, соқаның тісі соған керек. Зауыттан келіп жатқан тіс жоқ. Бәрін Нәметқұл өзі соғады. Оны соғысқа алмай жүргені де содан шығар. Ол соғысқа кетсе, колхоз темір құралсыз тұралап қалар.
Нәметқұл келесі тісті бөшкедегі суға лақтырып тастап, жеңімен маңдайын, бет-аузын сүртіп, айқара ашық есіктен далаға қарады. Анадайда біздің үй көрінеді. Одан ары алқапта қызыл изен басын иіп, желмен тербеліп тұр. Нәметқұл далаға шығып, аспанға қарады, батыс жаққа қарап біраз тұрды.
Ішке қайта кіріп:
— Барсхан, — деді.
— Не, көке?
— Болды. Дүкенді жабамыз, — деді. Қып-қызыл шоқты күлмен көміп тастады. Көнетоз бешпетін киді. Мен қуанып кеттім.
— Не істейміз, көке?
— Бөдене аулаймыз. Күнді көрдің бе? Желтең. Шақпақтан соғып тұр. Әлі күшейеді. Нағыз бөдене ұстайтын кез.
Қара жолдың үстіне, тастаққа егілген тары алқабына қарай тарттық.
Тары піскен қыркүйек айы. Қырғи келген кез. Мұны Нәметқұл көкем айтады. Қыркүйекте қырғи келеді дейді. Бұған дейін қайда жүрген?
«Қыркүйек» — «қырғиек» емес пе екен? Неге бұл уақытқа келеді десе, тарыға жаушымшық өлердей өш. Жаушымшық шоқыған тарының сояуы басы салбырамай, қауызы ғана қаңырап, репеті кетіп, қаңқиып тұрады.
Дәл сол кезде қырғи келсе, жаушымшық тарыға жоламай безіп кетеді. Бұл елдің тарыны басқа дақылдан гөрі кеш егіп, әдейі қыркүйекте пісетіндей етіп себетіні содан.
Мұны да маған Нәметқұл айтады.
Ауылдың сыртына, қара жолдың үстіне шығамыз. Сайдың басында күйген кірпіштің үйіндісі жатыр. Бір кезде бұл қара жолмен пошта жүрген дейді Нәметқұл. Әрбір жиырма бес шақырым сайын бекет болған. Бекетті патша қызыл кірпіштен соққан. Енді пойыз шыққалы бері қара жолдан сән кеткен, бекет үйі құлаған. Кірпішін әркім-әркім пеш салуға талап әкеткен. Енді үйіндісі ғана жатыр.
Аспан тұнжыр. Жел уілдеп, қураған сиырқұйрықтың басы ызыңдайды. Піскен мияның дәні сылдырайды. Даланың өзі композитор. Дала музыка тартып тұр.
Аңызақтың үстінде қалбиып дәу қарақұс ұшып жүр.
— Көке, анау бүркіт пе? — деп сұраймын Нәметқұлдан.
— Қайдағы, — деп күледі ол.
— Лашын ба?
— Жоға. Лашын бұл жерден боқ жей ме?
— Қаршыға ма?
— Лашын, қаршыға-көлі көп, сулы, нулы жерде болады. Қаз-үйрегі мол жерде жүреді.
— Иә, Жуантайдың үйрегі бар ғой.
Нәметқұл күледі.
— Жуантайдың сай суына аунаған екі-үш үйрегін қаршыға не қылады? Қаршыға мен лашынға жүздеген үйрек-қаз керек. Шетінен қырып салады.
Шетінен қырып салып не керегі бар? Бір-екеуін жеп тойып алса, тоба қылмай ма?!
— Ал енді мынау не? — деймін, төбемізде асықпай айналып, қанатын анда-санда, қалбаң-қалбаң қағып қойып жүрген қарақұстан көз алмай:
— Ол — құладын, — деп күрсінеді Нәметқұл.
Неге күрсінеді?
Сөйтсе, құладын-құс тышқан аулайды екен. Тышқаншылаған күйкі тіршілік.
Біздің тіршілікке ұқсайды. Құлашты кең жайып, биікке самғап, дүниені дүр сілкіндіре алмайтын келте қадам.
Нәметқұл оқыса, зор ғалым болар еді. Темірден неше түрлі құрал шығарады. Көктемде су тасып, адамдар сайдан өте алмай қалғанда, Нәметқұл екі сырықты екі аяғына жалғап алып, қандай терең су болса да кешіп өте береді. Сырықтан аяқ жасап алу кімнің қолынан келеді? Қалай құлап кетпейді — ешкім білмейді.
Біз тары тербеліп тұрған тақтаға да жеттік. Басы иіліп, желмен тербеліп, теңіздей толқиды. Енді орып алмаса, төгіліп қалайын деп тұр. Орып, бастырған соң, біздің қамбамызға түсу қай-да-а-а. Бәрін сыпырып-сиырып, өкіметке өткіземіз.
Соғыстағы солдаттарға тары өте қолайлы ас көрінеді. Ботқа пісіреді.
Ал біздің ауылдың қатындары там-тұмдап, қалталап, дорбалап алады ғой, әрине. Жандарын шүберекке түйіп жүріп алады. Сөйтіп, қыстың күні оны қайнатып, қуырып, келіге түйіп, сок қылады. Майсөк жесең — жұмақта жүргендей боласың. Кейбіреулер боза ашытады. Бозасын ішсең — қардың үстінде ұйықтасаң да үсімейсің.
Нәметқұл көкем тарының үстіндегі атызды жағалап келеді. Қалың тарының ішіне кірмейді. Атыздың бойына тарының шашырандысымен бірге итқонақ балықкөз өскен. Түп-түп көде көрінеді.
Желге қарсы жүріп келеміз, Желді күні бөдене ықтап, бұғып жатады екен. Нәметқұл жерден көз алмайды. Көзімен әрбір тал шөптің түбін тінткілеп келеді.
Бір уақытта артында келе жатқан маған қолын көтеріп, белгі берді. Үндеме дегені шығар. Жүрегім дүрсілдеп, тұрдым да қалдым. Нәметқұл бір түп көдені айналып кете бергенде көрдім: топ-томпақ, әдемі, қызғылтым түсті бөдене Нәметқұл арбап қойғандай, ол қалай жүрсе, солай бұрыла береді. Нәметқұл екі-үш айналды. Бөдене де бір орнында Нәметқұлға көзін қадап, дөңгелене берді. Бір уақытта, көкем бөдененің қарсы алдынан келіп, бас салды. Ұстап алды. Ғажап!
— Неге ұшып кетпеді? Неге қашпады? Көріп жатты ғой, — деймін.
— Бізді мал екен деп қалды, — деді Нәметқұл.
— Ал бірден ұстап алмай, айнала бергеніңіз қалай?
— Мен айналсам, о да айналады. Содан басы айналып, ұшуға шамасы келмей қалады. Қарсы алдынан келмесең, ұшып кетеді.
Кішкентай жүрегі дүрс-дүрс етеді, жып-жылы.
Нәметқұл:
— Қораз екен, — деді. Сөйтті де менің көйлегімнің етегін шалбарыма тереңірек сұғып, омырауымды ашып, бөденені менің қарныма сүңгітіп жіберді. Бөдене тапырлап қытығымды келтірді.
— Ештеңе етпейді, қазір тыншиды, — деді Нәметқұл. — Көйлегіңнің етегі ышқырыңнан шығып кетпесін.
Сөйтті де атызға бойлап, ары қарай тағы да көзімен жер тінткілеп кете барды.
Бөденеден айырылып қалмайын деп, көйлегімнің сыртынан сипалап қоямын.
Жел қатайды. Шақпақ тауының басы қарауытып алыпты. Көйлекшең бойым тоңазиын деп еді, жұдырықтай құстың жылуы әсер етті ме, жаурағанымды сезбей де қалдым.
Енді мен де өз бетімше бағымды сынап көрмекші болып, тарыны жиектеп келемін. Әлден уақыттан кейін көріп қалдым: көзі бақырайып, маған тесіле қарап, қарсы алдымда жатыр. Өзім сасып қалдым да, үстіне құлай кеттім. Астымда қалған сияқты еді, тұрып қарасам — түк жоқ. Ұшып кетіпті. Ол аз болса, жаңа жығылғанда ышқырым ысырылып, көйлегім түріліп, қойнымдағы бөдене де шығып кетіпті. Өкінгеннен жылап жібердім. Нәметқұл көкеме не бетімді айттым? Бет жоқ.
Алыстан о да байқап қалған екен. Қасыма келді. Не болды деп сұраған да жоқ. Ышқырымды жөндеп, үн-түнсіз өз қойнынан екі бөдене шығарып, менің көйлегіме салды. Басымнан сипап қойды.
— Өсте-өсте үйренесің, — деді.
Ай, заман-ай десеңші! Көп кешікпей Нәметқұлды да әскерге алды. Бұл ұста ғой, колхоз тіршілігінің тұтқасын ұстап тұрған осы ғой деген жоқ. Мен ұстазсыз қалдым.
Келесі көктем де келді. Мамыр айында тары мен жоңышқалықта бытпылдақтап бөдене сайрайды. Тағы да күз келді. Мен бөдене ұстауға шықтым. Бірақ біреуін де ұстай алмадым. Нәметқұлдың өнері маған қонбады. Сол жолы ол мені әдейі ертіп шығып еді. Көрсін, үйренсін деп еді. Бірақ мен нашар шәкірт екенмін. Жолым болмады. Бөдене маған алдырмады.
Былтырғы құладын әлі ұшып жүр. Анда-санда, қалбаң-қалбаң етіп қойып, екі көзімен жер тесіп, арпасы орылған аңызды айналады да жүреді. Тышқан одан гөрі ақылдырақ па, әлде айлалы ма, құладын құстың жерге құлап, мақұлық ұстағанын көрмедім. Оның есесіне зымырап ұшқан қырғидың бөдене жүнін бұрқыратып, дәп-дәлесін шығаратынын көрдім.
Қырғиды жек көріп кеттім. Қызғаныштан да емес. Зорлықшыл, мейірімсіздігіне, тойымсыздығына бола.
Құладын құсқа жаным ашыды. Неге екенін білмеймін? Мүмкін, тағдырлас шығармыз.
Мына қияметі мен қиындығы көп дүниеге ебедейсіз жаратылған жандар болармыз. Ай, құладын, құладын...
КИІЗ ДОП
Пайғамбар жасына жақындасам да, кейде менің бала болып кеткім келеді. Өзім құралпы, өзімнен кіші, көңілі жақын жандармен алысып-жұлысып, күресіп, белдесіп ойнағым келеді. Кейде тіпті ауылға барғанда, кішкентай балалармен кәдімгідей асыққа таласқым да кеп кетеді.
Мұным қалай деп өзіме-өзім тыйым саламын. Бірақ кейде өз құрбы-құрдастарыммен қалай алыса түскенімді байқамай қаламын.
Жатып алып ойласам: мұның бәрі өмір заңының бұзылуынан екен. Өмір заңы: бала-бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешіру керек. Егер балалық дәуренің шала болса, сол жетіспей қалған сыбағаңды кейін есейгенде аңсап тұрасың. Ал жалпы, қай жаста болсаң да кей-кейде бала болып, балалық шаққа оралғанның ерсілігі жоқ па деймін. Сәби шағын мүлде ұмытып кеткендер, артына бұрылып бір қарамағандар — тегін білмес топастар ма деп қаламын. Олар туған анасын да, Отанын да тез ұмытып кететін опасыздар сияқтанады да тұрады.
Сорымызға қарай, балалық шағымыз соғыс жылдарына тап болды. Сол шақтың өзінде де, өзегіміз талып жүрсе де, анда-санда біз де ойнайтынбыз.
Ойынымыздың түрі — киіз доп. Немесе қашпа доп. Ол былай: көктемнің көк өзегі өтіп, майысып мамыр айы келеді. Мамырдың аяғын ала сиырлар түлей бастайды. Көкке тойғаны ғой. Дәл сол кезде зеңгі баба баласы құтыра бастайды. Таңертең жайбарақат еріне басып, бұзауын қимай артына мойнын бұрып, мөңіреп қойып өріске кеткен мал сәске түс кезінде жын қаққандай, құйрықтарын шаншып алып, көздері алара ақшиып, жолыңда не кездессе де соның бәрін жапырып, жайпап, ошақтағы қазанды төңкеріп, қайнап тұрған самаурынды құлатып, кейбіреудің қара лашығын таптап, тас-талқаныңызды шығаратын.
Сөйтсе, оқалақ, оқыра деген болады екен. Жылқының бөгелегі болса, сиырдың оқалағы бар. Оқалақ сиырдың құйрығы жетпес жон арқасын шағады екен де, сол жон арқаға тұқым тастап кетеді екен. Оқалақ шаққанға шыдай алмай, сиыр сорлы жынданбай ма. Көп ұзамай, әлгі ұрық құртқа айналады да, сиырдың арқасын жыбырлатады ғой. Ал шыдап көр. Сол құрттан қайтадан оқалақ оқыра ұшып шығады. Залымын көрмейсіз бе? Әйтпесе, ұяны сиырдың не құйрығы, не тілі жететін жерге салмай ма? Жоқ, дәл жон арқадан. Кәдімгі қара шыбыннан сәл ғана үлкен, титімдей жауыз үп-үлкен ірі қараны осынша зорлағаны, аркасын тесіп, жайлы, майлы жерге ұялап, жұмыртқалағаны таңғажайып.
Қош. Ал енді сиырдың сол шақтағы құтқарушы досы бізбіз. Оқалақтаған сиырды ұстап алып, сипап-сипап, арқасындағы өлі жүнін жұламыз, бармақтай болып бөртіп-бөртіп тұрған жонын саусақпен сығып, бырт-бырт еткізіп, аппақ құрт шығарамыз. Сиыр сүйсінеді. Құртты терген сайын көзін жұмып, мөлиеді де қалады. Есесіне бізге өлі жүнін береді.
Ал енді ол жүнді неғыласың дейсіз ғой. О, ол жүннен шекпен тоқымаймыз, киіз де бастырмаймыз. Ол жүннен қолдың басындай доп жасаймыз.
Оның өз технологиясы бар. Өлі жүнді ыстық суға малып алып, қос қолдап уқалай берсең, басы бірігеді. Үстемелеп тағы жүн қосып уқаласаң, біраздан соң, доп болып шыға келеді. Қол доп. Салмақтырақ болуы үшін, өзегіне тас салып қойсаң, тіптен әйбат.
Ол допқа таяқ керек. Құдайға шүкір, сол кезде Мыңбұлақтың бойында, әлі әдемі сәмбі талдың тамтығы бар болатын. Содан тұмсығы қайқы бір-бір таяқ кесіп аламыз. Содан соң — ойын дайын.
Осы күні ойласам, ол ойынымыз — кекірігі азған бай ел Америкада «гольф» дейтіннің сыңары сияқты. Ортадан бір шұңқыр қазып қойып, әлгі киіз допты алыстан ұрып, соған түсіру керек. Кім түсірсе, сол ұтады, кім түсіре алмаса, белгілі бір мәреге дейін қашуы керек. Ұтқан бала қашқан баланы доппен қадап ұрып дәл тигізсе — екі есе ұтады. «Қашпа доп» деген — сол. Ойынның одан басқа түрлері бар еді — ұмытыппын. Қазіргі ауылдың балалары оны білмейді. Допты жүннен жасауды да білмейді. Өйткені резеңке доп деген шықты.
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар», — деп, Айша талай айтты. Асықты да ойнадым — ұтылып қалдым. Допты да ойнадым — ұтылып қалдым. Допты ойнап жүргенімде, не сиырды бұзау еміп қояды, не жәутік Батырхан отқа түсіп кете жаздайды. Әйтеуір, қырсығым көп.
Сені көп ренжіткен сол бір шала-пұла ойынымды, кейде айтқаныңнан шығып, сені қиналтқан әсіреңкілігімді кешіре гөр, Айша.
Қанша қиын болса да, қанша зұлмат өтсе де, енді міне, сол кездерді сағынамын. Сөйтсем, Айша, сенің ұрысқаның маған майдай жағады екен ғой. Соны да сағынамын. Үзіліп-үзіліп... Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды екен ғой.
ҚАРА АРПА
Қайдан шыққанын, қайдан әкелгенін біз қайдан білейік, әйтеуір, біздің колхоздың қамбасында қара арпа пайда болды. Шамасы, үкімет берген болар. Соғыс кезінде әлдеқайдан қара арпа тауып беріп жүрген үкімет те осал емес.
Бірақ бастық айтты: «Бұдан ешкімге бір түйір дән берілмейді. Бұл — тұқым!» — деді.
Сөйтті де қамбашыға сенбей, Әбіш атамды қарауыл қойды. Қарауылға да қарауыл керек екен, Әбіштің қасына жәрбитіп мені отырғызып қойды. Мен сонда Павлик Морозов болуым керек. Әбіш атам әлдеқалай ақсақ қамбашы Оспаналымен «ауыз жаласып» кетсе, мен оларды әшкерелеуім керек.
Бір қызығы, қарауылдар қамбаның сыртынан қорымайды, ішінде отырады. Сыртымыздан құлыптап кетеді. Қыстың күні күн суық, сірә содан болар. Мен қайдан білейін?
Айша Жуанқұл бастыққа:
— Жұдырықтай баланы түнгі жұмысқа қойғаның не? — деп жақтырмап еді, бастық:
— Әй, «халық жауының» қатыны, аузыңды жап! — деді.
«Халық жауы» деген сөз шыққан жерде, қайран Айшаның аузына құлып салынады да қалады. Тілін тістеп, үндей алмады.
Қамбаның іші қараңғы. Әрине, суық. Әбіш атам көнетоз түлкі тымағының құлағын түсіріп, бауын байлап алған. Тымақтай көне тоны бар. Аяғында байпақты пұшық калош. Мен де осал емеспін: басымда Айша өзі тігіп берген ақ қоян құлақшын. Аяғымда Айша сыртын қара матамен сырып тіккен киіз байпақ. Үстімде сырмалы күпәйке. Сол сияқты құрап тігілген мақталы шалбар. Тері қолғабым тағы бар.
Әбіш атамның құлағы тосаңдау. Оның үстіне жұпыны түлкі тымағын баса киіп, бауын байлап қойған, айқайлап сөйлемесең, естімейді. Шоң мұрын, қысық көз, сақал-мұрты бурыл, ұзын бойлы, бірақ бүкіш кісі. Таяғын ұдайы арқасына салып тіреуіш етіп, екі бүктеліп жүреді. Саған бірдеңе айтардың алдында үн-түнсіз, өз-өзінен кеңкілдеп күледі. Қазір қараңғыда ол күлгенін көрмейсің, бірақ сезесің. Маған қарап, сірә, күліп отыр.
— Ә, қызталақ, жаураған жоқсың ба? — дейді.
— Жоқ, ата, — деймін.
— Е-е-е, — дейді.
Одан ары үн жоқ. Сірә, тұрымтайдай баламен не туралы әңгіме бастауды білмей отырған шығар. Мен де қайбір тақылдап тұрған дейсің, сөзге жоқпын.
— Бастық енді еңбеккүнді екеумізге бөліп жаза ма? — дейді басқа сөз таппаған керең қарт.
— Білмеймін, — деймін дауыстап. — Еңбеккүн жазды не, жазбады не — бәрібір емес пе?
— Е, неге?
— Бәрібір ештеңе бермейді ғой.
Атамның үнсіз күлгенін сеземін. Соңынан:
— Сенікі рас ей, қызталақ, — дейді.
Кейін ойласам, әңгіме еңбеккүнде емес, ол менен еңбеккүнді қызғанып отырған жоқ. Мәселе басқада екен...
Үлкен ұлы Қайып әскерге кеткен. Хабар жоқ. Үйінен шықпайтын қара кемпір (Құдай иманын берсін, атын ұмыттым) ине жұтқандай ішін басып, бұралып отырады. Дімкәс. Менімен жасты Сүлеймені о да ілмиген, боп-боз. Үнемі тық-тық жөтеледі. Сонда бүкіл үйде бас көтерер мына бүкір шал ғой. Әулие шатыс адам, тәуіпшілігі бар. Сонда үйдегі екі масылды бірдеңе етіп асырауы керек қой. Әсіресе Сүлейменге күшті тамақ керек. Ал үйінде бір уыс қара талқаны болмаса, өкпе ауруы қайдан жазылады.
Ал Әбіш әкесі бар қамба қара арпаның қасында отыр. Қос уыс алса, әлгі міскіндеріне талғажау, бірақ қарауыл —-Павлик Морозов бар. Ол кезде менің қызметім Павлик Морозов екенін қайдан білейін. Білсем... алпыс үйлі адыр маутанға қара арпаны қап-қабымен таратып жіберер едім. Ақыры «халық жауының» баласымын. «Халық жауының» баласы халыққа жақсылық жасар еді. Қайдан білейін.
Бірақ бәрібір мен Павлик Морозов емеспін!
Қараңғы қамбада қамалып, үнсіз отыра берген де қиын болар, Әбіш атам:
— Әңгіме айт-ей, Барсхан, — деді. Құнжың етіп, иығымды қиқаңдатып:
— Не айтамын, өзіңіз айтыңыз, — деймін.
Шал тағы да күледі. Не дер екен деп біраз отырдым, үндемейді. Шыдай алмай:
— Ата, — деймін.
— А-а? — деді созалаңдатып.
— Мұртаза шыннан жау ма?
Шал шошып кеткендей:
— Кім айтты? — деді.
— Кім айтушы еді, Жуанқұл бастық, Тасбет бригадир айтып жүр ғой.
Байқаймын, күлгенін қойды. «А-а-а» деп бір жері ауырғандай толғатып отырып алды.
— Мұртазадай бозым жігіт қайда-а-а, — деді. «Бозым» дегенін онша түсіне бермеймін.
— Айтыңызшы, қандай кісі еді? — деймін.
— Оттапты! — дейді Әбіш үні қаттырақ шығып.
— Кім?
— Әлгілер... Солар күні кеше сенің әкеңнен, әсіресе әжеңнен (жаны жаннатта болғыр), әжең Күнікей бәйбішеден көп қайыр көрген жандар. О-о-о, — дейді Әбіш ішінен жалын атқандай. — Қайда енді ондай адамдар! Күнікей бәйбіше — Жолан Жаныстың қызы еді. Төле бидің ұрпағы. Бердімбет жәкем (Құдай иманын салауат етсін) ерте марқұм болды да, Күнікей бәйбіше осы бүкіл Маутан, Шектібай, Күшпан баласын асырап қалды ғой. Бердімбет бай кісі еді... Сол малды Күнікей бәйбіше осы Мыңбұлақтың бар баласынан аяған жоқ. Күнікей — Мұртазаның, Әмірқұлдың анасы ғой. Айша шешең айта ма саған соны?
— Айша ол әжемді көрмепті ғой.
— Е, бәсе, солай екен-ау, Айша келін боп кейін түсті. Сенің әкең Мұртаза, Мұртазаның әкесі — Бердімбет, Бердімбеттің әкесі Үкібас, Үкібастың әкесі — Тоқсанбай... Түсіндің бе? Тоқсанбайдың төрт баласы бар: Үкібас, Шоқыбас, Үсіп, Жылтыр. Қош, Тоқсанбай, Тоғамбай, Арықбай, Бәйтік — Маттың баласы. Мат — Маутанның баласы. Түсіндің бе? Мына мен Тоғамбайдың баласы, сен Тоқсанбайдан тарайсың. Түсіндің бе?
— Түсіндім, ата.
— Түсінсең айтшы, кәне!
Мен Мұртазадан бастап, тақпақтап шықтым.
— Ой, айналайын, ақылдым, — деп, Әбіш мені құшақтап, арқамнан қағып-қағып қойды.
Енді бұл атам Маутаннан ары қарай ұзақ жолға түседі. Маутан — Шахаман — Құли — Шілмембет — Бекболат — Шымыр — Дулат... Сонау Бәйдібекке барып тіреледі. Домалақ ана туралы хикая кетеді...
Ұйықтап қалсам керек, сықыр-сықыр, сылдыр-сылдыр, сыбыр-күбірден оянғандаймын. Қамбаның құлпы ашылған сияқты, әлдекімдер қараң-құраң жүрген сияқты. Ұйқым ашылмайды, өң мен түстің арасы. «Павлик Морозов» екенім есіме түскендей. Қара арпаны біреулер арбаға тиеп артып жатқандай. Айқайлағым келеді. Үнім шықпайды. Қайтадан ұйықтап қалыппын.
Таң ата үйге келсем, Айшаның қабағы ашық. Қарындасым мен інім де қутыңдасып қалыпты. Құрмаш қол диірмен тартып отыр. Қарасам — қара арпа!
Өзі қара болса да, талқаны аппақ!
Кейін-кейін, Айша айтады ғой: сол түні Оспаналы қамбашы, Айша, Сүлеймен үшеуі барып, қамбаны ашып, бір-екі пұттай қара арпа алса керек. Құдай абырой бергенде, Жуанқұл бастық сезген жоқ.
Қара арпа, ақ талқан — тағзым саған.
ҚАРА АРПА, ҚАРА БИЕ
Қамбадағы қара арпаны көктемде қара жолдың үстіне, зираттың іргесіне септік. Жалғыз ЧТЗ тракторына ат, егіз соқалар көмектесті. Мен өгіз соқаға шықтым.
Енді, міне, сол арпа дүмбіл болып пісейін деді. Үздігіп жеткен жаңа астық. Әр жерде ойдым-ойдым аралдай болып сарғая бастады.
Үздіккенде де жаман болады. Мен жылқы бағамын. Жылқы қайырған болып барып, арпаның масағынан үзіп-үзіп алып, әлгінің уыз дәнін шикідей сорамын. Әлі үгітіп, дәнін қауызынан ажыратуға келмейді, сондықтан қылпығымен ауызға салып, шайнап-шайнап сорғаннан басқа амал жоқ. О да болса тамаққа талшық.
Арпаны мен ғана емес, колхоздың қамыттан қажыған аттары да жақсы көреді. Сәл көз жазып қалсаң, жайқалып тұрған егінге тап-тап береді.
Әсіресе қара бие жаман. Өзінің өзге жылқыдан тұрпаты бөлек: тұрқы ұзын, мойны құрықтай, шоқтығы биік, бітімі келісті-ақ.
Соғыс басталған жылы Қаратауда атты әскер тұрған көрінеді. Осы бие сол әскерден қашқан «дезертир» деседі. Әйтеуір, біздің колхозға сіңіп қалды. Өзі былтыр бір рет құлындады. Онысы биыл тай болды. Менің мініп жүргенім — сол бурыл тай. Әкесі — колхоз бастық мінетін сол көк айғыр. Көк пен қарадан бурыл шығатын көрінеді.
Қара бие жалғанның бұзығы. Үлкендер «бұл бәле көрген» деседі. Басқа аттар мәнжубас, айтқаныңа көнеді, айдағаныңа жүреді. Ал қара бие...
Көзімізді ала беріп, арпаның ішіне кіріп кетеді. Ал енді қайыруға көнсеші. Мені баласына ма, залым, білмеймін. Жанына жақындасаң құлағын жымқырып, қосаяқтап тебе бастайды. Менің астымдағы ат өзінің құлыны ғой, бірақ оны да аямайды. Алдынан келсең — тістейді, артына шықсаң — тебеді. Қолымда ұзын шыбығым бар (қамшы қайда!). Оны місе тұтпайды, ұрғаныңды шыбын құрлы көрмейді. Айдамасаң, арпаны жайпап бара жатыр. Бастық керсе, мен құрыдым.
Осылайша екі оттың ортасында жүргенде, арпа да пісейін деп қалды-ау.
Бердімбет сайының басында жылқыны сазға жайып, бурыл тайдың үстінде жәрбиіп отыр едім, қасыма Қорғанбай келді. Қолында дорбасы бар, дорбаның ішінен қолорақтың ұшы қылтиып көрінеді.
— Сен, — деді ол маған, — жан-жақты қарап тұр. Охран яки бастық көрінсе, жылқы қайырған болып, қатты айқайла.
Сөйтті де арпаның қалың ортасына кіріп кетіп, масақты қол орақпен қырқып ала бастады. Мамыт Жәкемнің баласы. Мамыт жәкем өйтіп-бүйтіп даладан мал тауып келеді. Бұлар соншалықты аш та емес. Оларға қарағанда, біздің үй үп деп отыр ғой. Айша қызылшадан қас қарая бір-ақ келеді. Үйде екі бала аш отыр. Мына пісіп қалған арпаға Қорғанбай қол салғанда, менікі не тұрыс?
Жылқының бас-аяғын жинап, сайдың табанына үйіріп тастап, бурыл тайды талға байлап, арпаға мен де сүңгіп кеттім... Көйлегімді шешіп алып, соны дорба қылып, арпаның масағын қолмен жұлып, соған тықпыштап жатырмын. Орақ болмаса киын екен, масақ алақанымды қиып кетті.
Көйлегімнің қарны кәдімгідей қампайып қалды. Бұл ашкөз болған жаман. Қанағат деп қайтып кетсем, еш бәле жоқ еді. Тағы да, тағы да... дей бергенде...
Қайдан шыққаны белгісіз, көк айғырды алқындыра арындатып, колхоз бастық Жуанқұл дәу перідей төніп келді.
— А, атаңа нәлет контра! — деп, қамшының астына алды кетті, алды кетті...
Сөйтіп, Қорғанбай екеуміз қолға түстік. Алдына салып, аттың бауырына алып, дедектетіп қуалап отырып, колхоздың қамбасына әкеліп қамады да тастады.
Жолда келе жатып бір байқағаным: қара бие біз масақ қырыққан жерге жақын қаздиып тұр екен. Колхоз бастық алыстан соны көріп келіп, біздің ұрлығымыздың үстінен түскен болды.
Қамбаның іші қараңғы. Өзі қаңырап бос тұр. Біздің қарнымыз қабырғамызға жабысып қалса, қамбаның қарны да қабысып қалған. Қамба тоқ болмай, қарын тоқ болмайды. Бұл — анық ашаршылықтың нышаны.
Қараңғыда түртінектеп, Қорғанбай екеуміз үн-түнсіз біраз тұрдық. Әлден соң ол:
— Оңбаған, сенің кесірің, — деді. Маған айтты.
— Мен неғылдым?
— Саған айттым ғой қарап тұр деп!
— Мен де...
— Енді екеуміз де түрмеде шіриміз. Әкеңнің түрмеде өлгені аз еді. енді өзің де сонда шірисің.
Қорғанбай мұны айтқанша, мені ұрғаны жақсы еді. «Түрме» деген сөз — мен үшін адамды өлтіретін жер. Түрмеден тірі қайтыпты дегенді әлі естімеген кезім.
Қамбаның қараңғылығымен қоса қат-қат уайым қалыңдай түсті. Бидай ұрладың деп былтыр көрші ауылдан бір әйелді соттап жіберген. Жап-жас балалары қалды, байы соғыста еді. Соған да қараған жоқ. Заң жаман, заман жаман.
Қой, қашу керек. Қамбаның қабырғасы қалың, есігі бекем. Мұны соғыстан бұрын ауылдың атпал азаматтары соққан. Сондықтан мықты. Қашып шығатын терезесі де жоқ. Ауа кірсін деп қойған қуыры төбеде. Ол биік.
Қашқанда қайда барасың? Шанышқылыдағы Әдия әпкемнің ауылына ма? Ол жерден де ұстап алады. Әдия әпкемнің күйеуі Қадырды да отыз жетінші жылы ұстап алып, Әулиеатада атып жіберген.
Көксайдағы Қырғыз атаның үйіне ме? Қырғыз ата айтатын Манас шыңына шығып кету керек шығар...
Түрлі ойлар, қиялдар...
Қай уақыт екені де белгісіз. Қорғанбай дорбасын басына жастанып, қорылдап ұйықтап қалды.
Әйелдің айқайлаған даусы талып естіледі. Есікке барып, құлағымды тосып тұрмын.Таныдым: Айша ғой. Айшаның даусы. Мені іздеп жүр. Демек кеш батып, Айша қызылшадан қайтқан ғой.
— Барс-ха-а-ан... Барс-ха-а-ан...
Кешкі айқай Тәңіртауға шағылып, жаңғырығып бара жатқандай.
Қатар-қатар жарысып жатқан сайларды жағалай шоқ-шоқ болып отырған ауыл, Айшаның айғайын түгел естіген шығар-ау. Бірақ біздің қамбада қамаулы жатқанымызды Жуанқұл бастықтан басқа ешкім білмесе керек. Бір білсе — Қамқа кемпір білер, ол көріпкел ғой. Айша одан Барсханды көрдің бе деп сұрауы әбден ықтимал. Өйткені кейде мен Қамқа кемпірді үйіне көтеріп кіргізетінмін. Күні бойы далада, аласа орындықта отырады ғой. Келіні жұмыстан қайтқанша. Кейде келіні Мүнира жұмыстан тым кешігіп, көз байланғанда ғана оралады. Сондайда Қамқа әлсіз даусымен үн қатып, мені шақырады. Менің есітетін жерде жүргенімді сезеді. Өзі шүйке жүндей жеп-жеңіл, мен көтере аламын. Ол тұрмақ Бурныйдың элеваторына бір қапшық бидайды есекпен тасып, оны элеватордың сатысымен биіктегі бункерге де көтеріп шыға аламын. Рас, кейде тәлтіректеп, қапшықпен бірге биіктен құлап қала жаздаймын. Әйтеуір, Құдай сақтап, аруақ қолдайтын шығар. Ал мүмкін, Қамқа кемпірдің батасы дем беретін шығар.
Өйткені Қамқа мені жұмсаған сайын:
— Құдай саған әл-қуат берсін, қайсарлық берсін, ғұмыр берсін, құлыным! — деп, шидей арық саусақтары, арық алақандарын жайып бата беретін.
Күндіз Жуанқұл бізді қамбаға айдап, балағаттап, боқтап бара жатқанын Қамқа естіп қалуы да мүмкін. Айша сұраса, айтар.
Айша сұрайды ғой. Үйді-үйге кіріп сұрайды. Ал қазір айқайлап тұр. Тарғыл тастар арасында балапанын жоғалтып алған ұлардай талмай шақырады. Ұлар да бір мұңлық құс. Адамдар атып ала берген соң, екі аяқты жыртқыш жете алмайтын биікке, таудың қар жататын белдеуіне дейін шығып кеткен. Соның өзінде де жаулары бар. Қарны ашса, теңбіл терілі қар барысы да алмайды. Әсіресе бүркіт қиын. Балапанын алып кетеді. Сонда сорлы ұлар ананың зарлағанын естісең...
Ал Қорғанбайды ешкім іздеп жатқан жоқ. Ол ұйқысын қандырып алып, анда-санда:
— Атаңа нәлет, Жуанқұл! — деп қояды. — Шыннан сотқа берер ме екен, — дейді.
Мен есікті тоқпақтап:
— Мен мұндамын, — деп шырылдаймын.
Бірақ оны Айша естімейді. Шәуілдеп иттер үреді.
Қарын аш. Оның үстіне қараңғы қамбаның іші дымқыл, салқын. Мен масақты жерге төгіп тастап, көйлегімді киіп алдым.
Масақты ауызға салып шайнаймын. Сөлін жұтып, қылпығын түкіріп тастаймын. Әйтеуір, тамақ...
— Атаңа нәлет, Жуанқұл, шыннан соттата ма, — дейді Қорғанбай. — Осынша кешіккеніне қарағанда, ауданға барып милиса алып келер ме екен?
Мен милисадан қорқамын. Әкейді алып кеткен — солар. Олар әкеткен адам қайтпайды. Білемін. Енді мен де үйге қайтпайтын шығармын. Сонда Айшаның күні не болады, үйдегі екі баланың күні не болады? Бесіктен беліміз шықпай жатып, қасіретке батып, қайғы ойлаған жанбыз. Қамқа айтқандай, Құдай өзі қуат беріп, қайсар жаратпаса, өле салу оп-оңай.
Айша мені шақырып, айқайлап жүр. Даусы біресе жақындап, біресе алыстайды. Осыдан босасам, Айшаны, екі бауырымды алып, Талас Алатауының шыңына шығып кетсек пе екен. Ұлар құс сияқты.
Мен қамбаның есігін тепкілеп, тоқпақтаймын. Есіктің көздей тесігінен қылтиып жаңа туған Айдың қияғы көрінеді. Айшадан естігенімді ішімнен қайталап:
— Иә, Құдай, жаңа Айда жарылқа, ескі Айда есірке, — дедім.
Жарылқай ма, жоқ па — беймәлім?
АЛАҚАНДАҒЫ АЙ ТАҢБА
Иттің де ақылдысы, ақымағы бар. Тектісі, тексізі бар. Кісінің жақсы, жаманын ит пен бала таниды деген рас. Бірақ иттің бәрі емес. Адамдардың арасында бұзығы, қара ниеттісі, ұсақшыл қырттары бар сияқты, итте де небір тәсірсіздері бар. Жалпы, ит тұқымы адамға адал берілген хайуан екені рас. Бірақ «иттің етінен жек көремін», «иттің баласы», «сен итсің» сияқты балағат сөздер сол иттің тұтас затынан емес, жамандарынан туындаған болуы керек.
Мамырдың жадыраған жақсы күні еді. Әдеттегідей ауыл балалары бас шығарып қалған арпаны арам шөптен тазалауға шығамыз. Оны «отақ» дейді. Яғни, арам шөпті отайды. Ал арам мия арпадан аз емес. Оның бәрін отап шығу... азап.
Бастығымыз Қайрақбай дейтін қартаң көсе кісі. Бір топ жас балаға бір әумесерлеу көсе шал бастық.
Құданың құдіреті, сол шал көп баланың ішінде өзі де бала болып кете ме деймін. Өйтпесе ол бізге басшы да бола алмайтын шығар.
Бидайдың арасына мия деген шығады. Мияның жасымықтай дәні болады. Әне, сол-ау. Мияның дәні араласқан бидай улы. Оны жеген өледі.
Қолымызда бір-бір өткір пышақ болады.
Командиріміз Қайрақбай егін басына барған соң, балаларды қаз-қатар тізіп қойып:
— Ал, батырларым, алға! Фашистердің басын қырқыңдар! — деп бұйрық береді.
Біз уралап лап қоямыз. Күрдек мияның басын ұшырып түсіреміз. Кейбір «батырлардың» көзсіздігі сонша, миямен қоса арпаның масағын да қырқып жібереді. Бір тақта егістің басынан аяғына кім бұрын шықса, сол — «герой».
Әуелі аптыққанмен, күн қыза келе шаршай бастаймыз. «Герой» болу оңай емес. Тақта ұзақ. Біреу бұрын, біреу кейін — тақтаның аяғына да жетеміз.
Енді кері қайту керек. Кері қайтқанда балалар барын салады. Өйткені, тақта басында әркім үйінен алып келген айран-шалабы, бірер үзім наны бар. Соны жылып кетпесін деп шөмеленің астына тығып қойғанбыз. Соған жету — пейішке жеткенмен бірдей.
Ақыры, жетеміз-ау. Сонда Қайрақбай командир:
— Әтбой! — дейді.
Онысы — демалыс дегені.
Қолымыз көк иілденіп, мия сасиды. Оны жуып жатқан біз жоқ, айран-шалапқа лап қоямыз.
Жан шақырып, көзімізге нұр біте бастаған кезде, Қайрақбай командир:
— Әй, қыздар, сендер ана шөмелеге барыңдар, — деп, тұлымшағы селтиген қыздарды қуып жібереді. Кілең ер балалар қалады.
— Мен сендерге қызық әңгіме айтамын, — дейді. — Мен өліп қалсам, оны сендерге кім айтады, — дейді.
Біз аузымыз аңқайып, мұрнымыз таңқайып, Қайрақбай қартқа қараса қаламыз.
Ал кеп боғауыз әңгіменің неше түрін жібереді-ай. Қиқылдап, шиқылдап күлеміз. Шаршағанымыз лезде ұмытылады.
Өзін қартпын-ау, иман керек-ау, баладан ұят-ау деген жоқ. О да бала. Әйтпесе, бет-бетімізбен қашып кететін шығармыз.
Тәрбиенің түрі— осы. Тәрбие берер тәсірлілер соғыста жүр. Бәрін қынадай қырқып алып кеткен. Ауылда қалған Қайрақбайдың сықпыты мынау.
Бірақ ауылда қалған шал-шауқанның бәрі Қайрақбай сияқты екен деп ойлап қалмаңыз...
Құлан тауынан асып барып күн батты. Бірақ Талас Алатауының шыңдары бізге көрінбей кеткен күн сәулесіне әлі оранып тұр. Шыңдарға қарағанда біз құрт-құмырсқадай ғана пендеміз. Тәкаппар таулар біздің әбден қалжырап, үйге қайтқымыз келгенін сезбейді. Қатал шал Қайрақбай ақырында:
— Әтбой! — деді.
Ел сыртындағы шырыш пен шоңайна тікен басып кеткен жадау зиратты айналып өтіп, бәріміз үркіп ұшқан бұлдырықтай құлдыраңдап, ауылға қарай тұра жүгірдік. Тұйық сайдың басындағы Салбидің үйінің тұсынан өте бергенде, қорасынан ала төбет абалап атып шықты. Балалар жан-жаққа, тым-тырақай қаша жөнелді.
Мен қалшиып тұрдым да қалдым. Бұл менің өзгелерден өзгеше батырлығым емес, сірә, ебедейсіздігім шығар.
Ит деген иесінің үйін, қорасын қорымай ма. Салбидің үйіне қастандық жасайын деген пиғылым жоқ. Ендеше, ала барақ жаман иттің менде несі бар.
Ит оны ойланып жатқан жоқ. Қара тұмсығы тыржиып, тістері ақсиып, тыныш тұрған мені келіп бас салды. Әуелі онсыз да шеттік тікен жырып қанталаған балтырымды алып түсті. Тірі жан емеспін бе, сол қолыммен тұмсығынан ұстай беріп едім, ақсиған, ақ қанжардай азу тісі алақанымды жалбыратып жарып өтті. Оң қолымдағы дорбада мия кескен пышақ бар еді, қапелімде суырып ала алмай, дорбамен итті бастан сабалап-ақ жатырмын.
Ақыры, үйдің иесі ме, әйтеуір, біреулер иттен ажыратып алды. Оны мен шала-пұла білемін. Өйткені балтырдан да, алақаннан да қан саулап ала жөнелді.
Сірә, балалар айтқан болуы керек, айқайын салып Айша жетті. Салбидің тұқым-тұқиянын қалдырмай қарғап-сілеп, жермен-жексен қылды. Кіржиген бүкіш Салби үндей алмай, үйіне кіріп кетті.
Айша менің қанымды тыя алмай, басындағы көне орамалдың шетін дар еткізіп жыртып, сонымен алақанымды орады. Еті ырсиып, жалбырап қалған екен. Тағы да дар еткізіп, бір жыртып, балтырымды байлады. Одан соң мені жерден тулақтай жұлып алып арқасына салып, сайды кешіп өтіп, Әбіш шалдың үйіне апарды.
Құдай оңдап, Әбіш ата үйінде екен. Бұл әлгі Салбиден де өткен бүкір. Бұл елдің қарттары неге бүкшиіп қалады? Әлде, қу тірлік бұл жақта тым-тым ауыр ма...
Әбіштің қара кемпірі күйбеңдеп жүріп, шишасыз жермай шамды жақты. Айша:
— Елдің баласы аман-есен. Қайнаға-ау, Құдай бізді қай жағымыздан қарғады. Бұл қағынғыр Барсхан тумай жатып әкесін жалмады. Көп баланың ішінен не пәлеге осы ұрынады. Не жаздық? — деп аһылайды.
— Қой, қарағым келін. Олай деме, — дейді құлағы тосаң Әбіш даусын әндете созып. — Әкесін адамдар жалмады. Баланың жазығы не...
Сөйтіп, жараларыма киіз күйдіріп басты. Қоңырсыған еттің күйік иісі қолқаны атты. Әбіш ата мені тірідей пісіріп жатты.
— Өй, айналайын, Мұртаза інімнің тұяғы. Батыр ғой, жылаған жоқ-ей, қың демеді ғой, ой, азамат! — деп қояды.
Үнсіз кеңк-кеңк күлгендей, әлде үһілегендей, аяқ-қолымды әлденемен шандып жатып:
— Иттің қапқанынан Құдай сақтар, балам. Адамның қапқанынан сақтасын. Әкеңді адамдар қапты ғой... — дейді.
Содан соң іңір қараңғысында далаға шығарып, мені күнбатысқа қаратып қойып, күңірене күбірлеп дұға оқыды. Дұға әуеніне ұйып тұрғанымда, байқаусызда бетіме сұп-суық суды шашып кеп жіберді.
— Кет, бәле, кет. Алас-алас! — деді. Сөйтіп, мені бәледен ұшықтады.
Айша мені арқалап үйге қайтты. Есік алдында, қараңғыда үрпиісіп, Құрмаш пен Батырхан бізді тосып тұр екен. Екеуі де жас еді, екеуі де аш еді...
Содан бері сол қолымның алақанында ай таңба қалды. Жаңа туған айдың қиығындай-ақ таңба. Әлі бар. Сол алақаныма абайсызда болмаса, әдейілеп қарай бермеймін. Қарасам болды, арзымаған азапты жылдар көз алдыма көлбең ете кетеді.
ҚЫРЫҚ ЖІЛІК
Пияш апамыздың ала сиыры жоғалып кетті. Ұшты-күйді жоқ. Пияш пен оның қызы Жібек іздемеген жері қалмады. Біз де қосылып іздедік. Біреулер айтты: «Осы Ақсай, Көксай жағында әскерден қашқандар тығылып жатады. Солар алып кетті», — деді.
Мына аласапыранда Ақсай мен Көксайға кім барады? Барғанда апайтөс аңғарлардың қай түкпірін тінтігендейсің? Тіпті тапқанның өзінде, ерні жалақ, жұқалаң сары кемпір мен біз сияқты жәутік балалар қай қарақшыға қауқар қылғандай...
Жалғыз кемпір, жалғыз қыз. Жалғыз ұл әскерде, соғыста. Тірі екені, өлі екені белгісіз.
Қыс қатты болды. Жалғыз сиырды кемпір мен қыз сол қыстан әрең алып шыққан.
Өздеріңде үй дейтін үй де жоқ. Сайдың жарқабағында Нәметқұл дейтін ұстаның үйіне жапсарластыра салынған жеркепеде тұратын. Бір кемпір, бір қыз, бір сиыр, бір мәшке ит.
Кемпір ұрысқақтау, бажылдақтау еді, жарықтық. Бірақ кейде бізді үңгір үйіне шақырып алып, бір-бір құрттан үлестіріп:
— Махан аға аман-есен келсін деп айтыңдар, — дейтін. Біз қосыла шулап:
— Махан аға аман-есен қайтып келсін, — деп жамыраймыз. Бала пәк, оның тілегін Құдай есітеді деп сенетін болуы керек. Әйтпесе, үлкендерге өйтіп дәм татқызбайды.
Сонда жеркепе, үңгір үй бізге қызық көрінетін. Қап-қараңғы. Ыстан қап-қара болған қамыс төбе. Ортада жалғыз ағаш тіреу-діңгек. Оған көп шеге қағылған, түрлі түйіншек, дорба, шипа шөп: адыраспан, киікоты, көкемарал, қылша — бәрі сонда ілулі тұрады.
Ал енді, осы Пияш пен Жібек о бастан, осылай тұяғы тарамысына ілінген сорлы деп ойламаңыздар. О, ақыр байдың баласы аштан өлген деген бар.
...Сайдың арғы бетінде айналасы атшаптырым дуалдың, жұрнағы жатады. Оған жазда көк қарға, құрқылтай, жау шымшық, молда торғай, әйтеуір, құс атаулы быжынап ұя салады. Ордалы жылан да сол ескі дуалдың іргесінде. Жапалақ пен байғыз да.
Әне бір кезде сол дуалдың ішінде керемет керуен-сарай болған. Үй иесі Ұзын Дембай атақты бай саудагер болған. Мына жағы Қытай, мына жағы Хиуа, Үргенішке дейін керуен тартқан. Бәйбішесі бала таппай, осы Пияшты тоқал алып, Пияштан бір ұл, бір қыз туды. Ұлы Махан (Маханбет) — әскерге кетті. Қызы Жібек — мынау. Екеуі де бәйбішенің бауырында өскен. Айша айтады, ұзын қайнағаның байлығы сонша, осы Жібектің жаялық-жөргегіне дейін шәйі матадан болыпты. Үш-төрт жасарында Әндіжаннан әкелген құлпырма атлас көйлек кигізіп қояды екен.
Менің шамамда, бұл НЭП-тің тұсы болар. Кейін-кейін дүниенің тас-талқаны шығып, дүние енді бетін емес, көтін көрсеткен ғой. Кәмпеске, тәркілеу, колхоз, ұлы зұлмат, ашаршылық, отыз жеті, енді міне, соғыс. Неғылған соғыс, не үшін соғыс? Жердің түбіндегі, айдала, алыс Қиырдағы соғысқа қазақтың қандай қатысы бар, оны біз білмейміз, әйтеуір, азамат атаулыны көгенге тізіп, көзден таса қылды. Соның бірі осы үңгір үйдің ұлы — Махан. Наурыздың аяғын ала күн жылып, «алтынкүрек» жүріп, сайдың күнгей жақ қабағы ашылып, көк қылтиған соң, қаусаған мал қалтаң-құлтаң етіп жайылымға шыққан.
Сол-сол екен, Пияштың ала сиыры жым-жылас жоқ болды да кетті.
Кім айтқанын білмеймін, кәрілердің біреуі, мүмкін, Қамқа шығар, сірә, Қамқа болуы керек:
— Е, пенде, сиырыңды қардың астынан ізде, — депті Пияшқа.
Содан сай-сайдың, Мыңбұлақтың сала-саласын тінтіп ала жөнелейік. Жазықтағы, күнгейдің қалың қарын «алтынкүрек» сыпырып алып кеткенмен, сол сайлардың батыс жақ қабағын бәйшешек шығып, ұшып кеткенше, қалың күртік басып, жатып алады. Бұл енді қыстағы борандардан қалған сарқыт. Әбден күн жылынғанша, бірте-бірте мүжіліп, кірлеп барып, әрең кетеді.
Бердімбет сайдың басын ала, бір бала шар-шар етіп, айқай салады. Ұмытпасам, Өсер ғой деймін. Жүгіріп бардық. Тұтас сіресіп жатқан қардың қара қазан аузындай жері үңірейіп жатыр екен. Аулақта тұрып, мойнымызды қылқита созып-созып қараймын. Үңірейген үңгірден ештеңе көрінбейді. Жақындайық десек, қар ойылып, өзіміз түсіп кетеді екенбіз деп қорқамыз.
Содан у-шу болып тұрғанымызды көріп, үлкендер де келіп қалды. Пияш пен Жібек те келді.
— Дәу де болса, сиырың осыған түсіп кеткен, — деді біреу. Сірә, Қалпақбай қарт шығар.
— Енді қайттік?
Үлкендер солай шешкен шығар, бір кезде тайлы-таяғымызбен қолымызға бір-бір күрек алып, әлгі қабақтағы үңгірдің дәл тұсынан, төменгі сай табаннан жол сала бастадық.
Дәл бір Маймақтауын тесіп, Түрксібтің темір жолын салып жатқандаймыз. Туннель тесіп жатырмыз.
Сөйтсек, бір қызығы, сірескен қабақ қардың, асты кеуек екен. Қар үстінен емес, астынан ериді екен. Кеуекке кіріп кетсек, үстімізден су тамшылаған бір ғажап дүние. Тіпті кәдімгідей дүрдиіп қоразгүл де өсіп қалыпты. Әтештің айдарындай айдары бар ала шұбар гүлді қоразгүл дейді.
Қамқа әулиенің айтқаны рас екен. Ақыры, сиыр табылды. Тоғызымыз жабылып тоқты жыққан батырмыз дегендей, бәріміз жиылып жатып, сиырды сүйреп, табанға түсірдік.
Өліп қалыпты. Пияш пен Жібек дауыс қылып, ал кеп жыласын. Жұрт не дерін білмей, үрпиісіп тұр. Не деп жұбатасың? Бетіне қарап отырған жалғыз қара жайраған соң, бұл екеуіне қой, жылама, деп айтудың өзі қиын. Не амал бар?
Шіркін, сол кездің әйелдері-ай! Азамат орнына азамат та болды. Ақыл-ес айтар ақылман да болды. Отқа да түсті, суға да түсті. Бірақ бүк түсіп, белі сынбады. Егер олар сынғанда, елде ешкім қалмас еді.
Сонда Баян тұрып:
— Қой, жеңеше, жылама, соғыста жүрген балаңа көрінбесін, жылама! — деді. — Мен бірдеңе білсем, бұл жануар — адал. Суда өлген мал адал десетін. Молда қайнағаны шақырайық. Үкімін сол айтсын, — деді.
«Молда қайнағасы» — Дошанай шал.
Бөркін қазандай қылып, аппақ сақалы белуарынан түсіп, Дошанай атамыз да келді. Сұлап жатқан сиырды ары-бері көрді де:
— Бұл әлі бауыздауға келетін мал. Бұл — адал, — деді. Сөйтті де шөкелеп отырып дұға оқыды. Бәріміз отыра қалып, әлдебір құдіреттен медет, қайыр тілеп, алақан жайдық.
Ералы атамыз беліндегі пышағын суырып алып, ала сиырды алқымынан орып-орып жіберді. Кәдімгідей қан шықты. Сірә, өлгеніне көп те болмаған-ау.
Жұрт «үһ» дегендей болды. Өйткені көңілде күдік, секем қалмау керек қой.
Сонда Баян апамыз тағы бір тапқырлық жасады.
— Ал енді, бұл адал мал екен. Көнсеңдер, мұны төрт ата Маутан баласы төрт аяғын бөліп алайық. Әр аяғын әр ата өзінше тағы бөліп алады. Сонда бұл қырық жілік болады. Сөйтіп, қырық үй бұл сиырдың орнына тұяқ тұрғызайық, — деді.
Қызылсыраған халық әуелі «дұрыс, дұрыс» деп көне кетті. Артынан: сиыр орнына сиырды қалай тұрғызамыз деп ойланып қалды. Апарып сататын іліп алары тағы жоқ. Бәрі «үп» деп отыр.
Ақыры, «қырық жыл қырғын болса да, қиыспайды туысқан», «көп түкірсе көл деген», Пияшқа бұзаулы сиыр алып беруге бәтуаласты.
Ала сиырдың ішінен бұзау шықты. «Мұны қайтеміз?» «Жеуге бола ма?» деп тұрғанда, Ералы шал: «Бұл менің сыбағам болсын, қуырып жеймін», — деді.
Заман қанша қаһарлы, қатыгез, тасбауыр болса да, сол кездегі адамдар, Жуанқұл сияқты бірлі-жарымы болмаса, мейірімді, бауырмал еді. Жуанқұл сонда мына жиынның басына келіп: «Оу, не болды?» — деуге де жарамады. Үйінде арақ ішіп, мас болып жатыр екен. «Қайтеміз?» — деп ақыл сұрай барған адамды «кет» деп қуып шығыпты.
Арада талай-талай жыл өтті. Сол кездегі жас бала мына мен де алпыстан астым. Махан майданнан қайтып, Рәзия дейтін татар қызына үйленіп, тоғыз баланың әкесі болып, дүниеден өтті. Пияш та қартайып қайтты. Махан мен Рәзия көп баланың қызығын көре алмай, жас кетті.
Жандарың жаннатта болсын.
Сонда бір қызықты, мүмкін, қызықта емес шығар, әйтеуір, бір таң қаларлық нәрсені көрдім. Әлгі Пияштың ала сиыры қырық жілік болып, әр үйдің қазанына түскен соң, сүйек-саяғын далаға шығарып тастамай ма?!
Бір күні өрістен қайтқан сиырлар өкіріп-бақырып, бір жерге жинала қалды. Бәрінің басы салбырап, жер тарпып мөңірейді. Жай мөңіреу емес, азалы үн, азан-қазан.
Біраздан соң бәрі лезде үйді-үйіне тарап кетті. Мен әлгі сиырлар топтанып мөңіреген жерге барсам, жас сүйек — сиырдың тоқпан жілігі екен. Пияштың ала сиырының жілігі.
Сонда сиырлар да өлген бауырын жоқтап жылайтын болғаны ма? Басқа мал неге ондай емес? Сиырды топас, сасық дейтіні қайда?
Бұл дүниенің біз білмейтін жұмбағы көп.
«Қарақағаз» деген қаһарлы сөз шықты.
«Мыңбұлақтың» әр жерінен анда-санда «ойбай, бауырымдаған» үрейлі үн естіліп, шал-шауқан, кемпір-сампыр, бала-шаға әлгі жерге жиналып қалып, азан-қазан болады.
Әлде сиырлар адамдардан үйренеді ме екен...
СҮДІГЕРДЕ ИЗЕН ЬІЗЬІҢДАЙДЫ
Сүдігерде изен мия ызыңдайды.
Егер мия у болмай, жеуге жараса, біз ашықпас едік. Күрдек бас мия жасымықтан үлкен, топ-толық дәнін көтере алмай, жерге жеткенше еңкейіп қалыпты. Ал Шақпақтың желі тұрғанда, күрдек бас мия, қызыл изен ызыңдайды. Бір-бірімен жарысып ебелек домалайды.
Суық тиіп ауырғалы бері басымды көтеріп, терезеге қарап отырғаным бүгін. Кеше Айша қызыл жантақ қайнатып, соның суын ішкізгелі бері тәуір болғандығым. Бірақ төсектен тұрып кетер дәрмен жоқ. Тұрсам да бәрібір далаға шыға алмас едім.
Айша таңертең:
— Жалаңаяқ қалып ауырдың ғой, Барсхан. Сенен аяғанды ит жесін. Өтсе — жалғыз тоқтыны сатып, саған бәтеңке қарастырайын, — деп базарға кеткен.
Күн бесіннен ауып, терезе алдындағы сүдігер қарауыта түскендей болды. Айша әлі жоқ.
Кешегі күншуақты қоңыр күзде сүдігерді Жақаш екеуіміз жыртқанбыз. Жақаш маған қарағанда ересектеу, бойы да ұзын. Бригадир әдейі қосқа бір кішкентайдың қасына бір ересектеу бала қойған ғой. Онысы ақыл болған. Әйтпесе, мен өліп қалар едім...
Менің соқам алдында, Жақаштікі артта болатын. Менің соқама жегілген екі тарғыл өгіз-соқамен жер жыртудың чемпиондары. Жақаштікі — екі қызыл өгіз. Біреуінің мүйізі сынық.
Мен соқаның жалтыраған екі тісінің арасына аяғымды тіреп, шоқиып отырғанды ұнатушы едім. Жап-жалтыр, өткір тістер қопарған қыртыс топырақ қара бұйраланып, шексіз қара су ағып жатқандай. Ұзақ қарап отыра берсең басың айналады.
Әлдене тырылдағандай, әлде тыраулағандай болды. «О не?» — деп жан-жағыма қарап едім — бөтен нәрсе көрінбеді. «Айырплан ба?» — деп аспанға шалқайып едім: екі қатар нүкте сызық көрінді де, екеуінің алдыңғы ұшы бірігіп кетіп, сәлден кейін жалғыз нүкте жеке-дара сақа шықты. Содан үшкіл пайда болды. Тырналар.
Жақаш екеуіміз жыртып жатқан сүдігердің үстінде біраз аялдағандай болды да, Аспан таудың Шоқыбас шыңына бет түзеді. «Енді көрінбей кететін болды-ау» дегенімше, сақа-нүкте Манас шоқысына қарай бұрылды. Бірте-бірте ылдилай Маймақ, Күркүресу тауын сауырлап, Күйік асуының тұсынан аунап түсіп, Қаратауды жебелеп көп ұшты. Батыстағы Боралдай, Құлан, Шақпақ тауларын айналып өтіп, қайтадан біздің сүдігердің үстін күннен көлегейлеп сәл тұрды да, тура батысты бетке алып, тыраулап ұшып кете барды.
Сонда барып «А-а-ай!» — деп айқайлап жібергенім есімде...
Сөйтсем, тырналар дегенім адамдар сияқты елестеп кеткен екен. Сақа — нүкте — Орха көкем. Ол фин соғысында болып оралған. Соғыс көрген деп алдына қойған шығар. Үшкіл сызықты суретке салса мынадай болады.
Ноха! Сияқұл!
Сұлтан! Жиренбай!
Нәметқұл! Төреқұл!
Сейсенбай! Өскен!
Байбосын! Сәмбет!
Махан! Қайып!
Нұралы! Рәсілхан!
Найын! Бейшенбек!
Кәмет! Тұрарбек!
Өскенбай! Сайлау!
Поштақұл! Қожагелді!
Тәшкен! Сайлаубек!
Тоққұлы! Жарқынбек!
Егемберді! Сыпабек!
Алдаберген! Күзембай!
Құдайберген! Әнуарбек!
Ержан! Сәрсеқазы!
Таутана! Орынбек!
Тарбақай! Кәрібай!
Керімбай!
«А-й-ай!» — деп айқайлап жібергенім есімде... Одан әрі, сірә: «Мені де ала кетіңдер!» — деп айқайласам керек, бірақ үнім шықты ма, шықпады ма — білмеймін. «Мені де...» — деп қол созып тұра бергенімде, қос өгіз қолымдағы жыландай ысқырған қамшыдан қорықты ма, білмеймін, әйтеуір, оқыс бұрылып, бораздадан шығып кетіп, мен соқаның екі тісінің арасынан құлап түсіппін...
Әбүйір болғанда, Жақаш көріп қалып, айқай салып, екі тарғыл өгізді әрең тоқтатып, мені екі тістің арасына кептеліп қалған жерімнен шығарып алды. Аузы-мұрныма қара топырақ тығылып, енді болмаса тұншығып өлетін екенмін.
Жақаш әуелі:
— Ей, болбыраған боқмұрын, қараптан қарап отырып өліп қала жаздағаның не-ей?! — деп әбден жерден алып, жерге салды.
Ақыры отыра қалып, қара топырақты қобырата шашып жіберіп, солқылдап жылады.
— Саған соқа айдатып қойған соғыс оңбас, сені маған серік қылған шолақ бригадир оңбас. Ей, болбырақ боқмұрын!
Егер сол жолы Жақаш болмаса, яки көрмей қалса, мен бүйтіп қалқайып, терезеден сүдігерге қарап отырмас едім. Мені сол жолы топырақ көміп қалғанда, ешкім таба алмас та ма еді?..
Осылай ойлауым мұң екен, өзімді өзім аяп, жападан-жалғыз отырып, жылағым келді. Қоңыр күзде өзім жыртқан сүдігер сұлқ түсіп жатыр, тек соқа жыртпай кеткен мия мен изен ызыңдайды. Теп-тегіс қылпықсыз сүдігерде аядай жер арал болып, миясы мен изені қырқылмай аман қалған.
Мылтық даусы гүрс етті. Жалт қарап, терезеге үңілдім. Сүдігерден басқа ештеңе көрінбеп еді, кенет сүдігердің жал-жал топырағын малти кешіп, артына қарай-қарай Ақжол қашып барады.
Жүрегім зу ете қалды. Ақжол қылмысты сияқты. Ол ұзай түскенде құтылып та кететін еді. Бірақ ол сүдігерге малтыққандай тоқтай қалып, артына бұрылып қарады. Оны қудалаушы адам ұратынын, әрине, біледі. Білмесе, қашпас еді ғой. Ал сол адам өлтіретінін Ақжол қайдан білсін. Өлім бар деп ойына да кірмеген шығар. Сондықтан ол енді қудалаушы адамның таяғы жетпес-ау деген жерге барып, артына бұрылып қарады. Көзқарасы кінәлі еді. Содан да бір сұмдық істегенін сезе қойдым.
Енді сүдігердің шетіне шыққан адам сұлбасы да көрінді. Жуанқұл көрші галифе шалбарлы аяғын алшайтып қойып, мылтықтың дүміне басын қисайтып, әбден көздеді.
— Қаш, — деп айқай салғанымша, мылтық гүрс етті...
*∙*∙*
Ақжолды жазда Евгеньевкадан алып келіп едім. Шынын айтсам, өзі ілесіп келді. Борандының элеваторына бидай тапсырып, шаңқай түсте бір топ бала ауылға қайтқанбыз. Арасындағы ең кішісі мен едім. Астымдағы көк тайқар да қашыр сияқты шабан неме, арам қатқыр. Басқалардың көлігі әсіресе ауылға қайтарда есіре жөнеледі. Бірінен бірі қалғысы келмей, қосаяқ қағып аңдыздайды.
Менен басқалары ызу-қызу, қиқу салып, топтана қарауытып, қара жолдың шаңын бұрқылдатып, ұзап кетті. Көптің аты — көп. Көпке ешкім тиіспейді. Евгеньевканың әккі балалары жалғыз-жарымды ториды. Серіктерім мені жалғыз тастап кетейін демеген де шығар, бірақ қалың шаңның арасынан кім бар, кім жоғын байқамай қалған да болар. Не десе де мен жалғыз қалдым. Қашыр тектес тайқарды қаншама қамшыласам да, жүрісі өнбей, дүние өртеніп бара жатса да мимырт жүрістен танбайды.
Төбесіндегі қамысы қарауытып, тозып кеткен маяжон үйдің бұрышынан айнала беріп, ауылдың жолына енді түсейін дегенде, көк тайқардың әдеттегі салпаң құлағы тікшие қалып, жалт бергені. Басына жаман тонды айналдыра жамылып, үйдің тасасынан бір бала шыға келгенде, тайқар үрейлене үркіп, оқыс бұрылғанда, үстінен ұшып түстім. Аузы-басымның шаңын сүртіп, орнымнан тұрып болғанша, Евгеньевканың қағынды келгірлері көк тайқарға ит қосып қуалап, мәз бола қалыпты.
Егделеу бір әйел қамысы тозған маяжон үйден шығып, әлгі мені жәбірлеушілерге бажылдап, қарғыс жаудырған сияқты.
Не айтып айқайлағанын онша түсінбесем де, әйтеуір, маған пана болып тұрғанын сезіп, ішім жылып қалды. Өзге тұрмақ, өз шешеңнен айналайын деген сөзді сирек еститін заманда бейтаныс адамның сені аяп, араша түскеніне көңілім босаңсып, көкіректе қатып жатқан көп қоя мына бір жылудан еріп ала жөнелгендей, еңіреп жылағым келді.
— Болды. Сенікі үлкен бала. Қорықпа. Олар енді саған ұрмайды, — деп жұбатты әлгі егде әйел үсті-басымның шаңын қағып, жерде жатқан кенеп дорбаны қолыма ұстатып. Шұбар ала алжапқышының астына күс-күс қолын жасырып:
— Бедные, — деді.
Онысын мен түсінбедім. Рақмет айтуды да білмей, ауылға қарай кете бардым. Арам қатқыр көк тайқар алды-артына қарамай ауылға қашып кетті. Үстімде бала бар еді-ау деп қарамады.
Евгеньевканың тағы бір қамыс шатырлы шеткі үйінің тұсынан өте бергенімде, ажырық тұтқан арықтың ішінен бір бітік көз күшік тырмысып, тырбаңдап жатып жолға шығып, жанары жылт-жылт мөлиіп, құйрығын бұлғаңдатты.
— Күшкә, күшкә, — дедім кетіп бара жатып. Неге айттым, өзім де білмеймін. Сол-сол екен, әлгі жәрбиген жаман күшік құлдыраңдап маған ілесе берді...
Евгеньевкадан былай ұзап шыққан соң, бір терең сай кездеседі. Әдетте бір топ бала сол сайға түсіп, бұлақ суына жуынып-шайынып, таңертең үйден ала шыққан там-тұм тамағымызды бидайдан босаған қапшықтың үстіне жайып, әлденіп алатынбыз.
Бұл жолы мен жалғызбын. Ербиіп, жападан-жалғыз отырып тамақ жегім келмейді. Үйге тезірек жетсем деймін. Дегенмен жалбыз бүркенген бұлаққа етпеттеп еңкейіп, мұздай судан сіміріп болып, енді түрегеле берсем, артымда шоқиып әлгі көкқасқа күшік отыр. Менің таңдана қарап қалғаныма жауап бергендей тез тұрып, құйрығын бұлғаңдатты. Қызғылтым нәзік тілін шығарып, жаланып қойды.
— Е, байғұс, бір нәрсенің иісін сезген екенсің ғой, — деп дорбадағы жарты таба нан мен қос жұмыртқаны шығарып, алдымен өзім наннан бір тістеп, содан соң барып көк қасқа күшікке бір үзімін тастадым. Лезде қақшып алып, шайнар-шайнамас бір-ақ қылғытып, басын қисайта қалып, тағы мөлиді. Енді оған жұмыртқаның бір түйірін тастап ем, шайнамай жұта салды. Бірақ қызғылт тілімен сүп-сүйрік дымқыл қара тұмсығын жалай берді, жалай берді. Мұнысы маған ұнаған болуы керек, жұмыртқаның қалғанын түгел тастай салдым. Ол өзбектердің аңшы иттерінің жоңышқа арасынан бөденені бас салғанындай, қақшып түсті.
Кейіннен ойлаймын: менің қателескен жерім — күшікке жұмыртқа тастау болды.
Не керек, сайдың арғы қабағына шығып, ауылдың борпылдақ қара жолына түскенде де, күшік соңымнан қалмады.
— Қайт! — деп бір-екі рет жекіп едім, әлгі неме қаймығып, сәл шегінді де, шоқиып отыра қалып, мұңая қарағанда, шыдамадым.
— Мейлі, жүрсе жүре берсін, — дедім. Әйтсе де Евгеньевка жаққа бұрылып көз салсам, күшік жоқтаған ешкім көрінбеді.
* * *
Үйге таяп қалғанда, бөрте лағын жетектеп, аузынан түспейтін махорка шылымын бұрқыратып, Хадиша кездесті.
— Барсхан-ау, мынауы не сұмдық? — деді ол көкқасқаға ернін шығара, менсінбей қарап.
— Евгеньевкадан өзі ілесіп қалмай қойды, — дедім, ұрлады демесін деп ақтала сөйлеп.
— Сенің үйіңнің жуындысы біздің Майлыаяққа енді бұйырмайды десеңші, — деп Хадиша аузынан түтінді зеңбірек атқыза шығарып, қасын керіп қойды. — Мейлі, ит жарықтық жеті қазынаның бірі дейді ғой, атын Ақжол қой, соғыстағы боздақтар аман келіп, жолдары ақ болсын.
Хадиша шылымын кебісімен таптап өшіріп, көкқасқаға енді сынай қарап:
— Тұмсығы біздей екен кәпірдің, не түлкі алатын тазы болады, не кәззап ұры болады, — деді. Тіпті күшіктің артқы бір аяғын тарбитып көтеріп те көрді. Күшік байғұс, әуелі жағымпазданып, құйрығын бұлғаңдатып, көзі жылтың-жылтың етіп, еркелеген болып еді, көтеріп абыройын ашқанда, қыңсылап, тартыншақтап, менен көмек күткендей, маған қарап жаутаңдай берді.
Хадиша қолына бірдеңе жұғып қалғандай, алақанын бір-біріне үйкелеп тұрып:
— Қарай гөр өзін — төбет екен, — деді. — Дүбәра ма, қалай? Жоқ, тазы, тазы...
Хадиша жеңешем, сөйтіп мені дал қылып, ойға қалдырып кетті. Біресе тазы, біресе ұры, біресе дүбәра дейді. Көңіліме күдік алсам да тазы дегеніне сенгім келіп, өзімше бір үміттеніп те қалдым.
* * *
Үмітімнің түрі — осы таяуда Керегетаста көрген түлкінің баласы. Керегетастағы тракторшыларға жалғыз өгіз жеккен арбамен су тасып, түс ауа ауылға қайтар жолда, қызыл изен қалың өскен ойпаңнан бір түлкінің баласы жылт ете қалған. Есім кетіп, арбадан аунап түсіп, ұзын қамшымды серт ұстап, тұра кеп қуайын. Дәл иегімнің астынан ат басындай алтын қашқандай, ышқына жүгіргенім сонша, ә дегенде түлкі кәдімгідей қорқып, қос құлағын жымқыра зытты. Едәуір ұзап кетіп, құлағын біресе тікшитіп, біресе жымқырып, шоқиып отыра қалып, қиқ-қиқ күлгендей болды. Дәме шіркін қиын екен, енді ұрып алатындай барымды салып бағайын. Түлкі орнынан ыршып түсіп, дөңгеленіп ала жөнелді де, бұрылып тағы қарады.
Аузы-басын қисаңдатып, мазақтап тұрғандай көрінеді. Енді оны ұстап алудан күдер үзе бастасам да мына ыржаңдап күлгендей күйігіне шыдай алмай, ентіге ентелей тағы бір ышқындым. Даусым да ащы шығып кетті.
Түлкі бұлаң етіп, изеннің қалыңына қарай бұралаң тартқанда, алдымыздан пырдай болып бозғылт балапандар жан-жаққа шашырап жорғалай жөнелді.
Әлі қанаттанбаған бұлдырық балапандары болды. Қанаты қатайған күннің өзінде бұлдырық аспандап алысқа ұша алмайды. Мына қу түлкінің қызыл изен алабын жағалап жүргені де осы әдемі құстың әлегі шығар. Дүниеде бұлдырық етінен тәтті дәм бар дейсің бе?
Мен түлкіні ұстай алмадым, бірақ оның аранынан бұлдырықтарды сақтап қалдым-ау деймін. Түлкі аңдып жүргенін олар көрді ғой, ендігі амалын өздері табар.
Айдалада, көз ұшында қалған арбама салбырап әрең жеттім.
* * *
Әлгі Хадишаның сөзінен кейін кәдімгідей үміттеніп, Ақжолды өзімше баптауға кіріскен болдым. Арманым: Ақжол қысқа дейін өссе, оны алғашқы қарда қансонарға, Керетасқа, қызыл изенді ойпаңға алып бармақшымын баяғы. Сөйтіп, қызыл түлкіден өшімді алмақшымын. Тек Ақжол дүбәра болмай, тазы болып шықса ғой...
* * *
Мылтық тарс етті. Таңертең, Айшаның:
— Орныңнан қозғалма. Бүркеніп жат, буын-буыныңды буып алған суық термен шығады. Тер қатып қалмасын, шошаңдамай тыныш жат, — деп қатаң ескерткені енді далада қалды. Жалаң аяқ, жалаң бас, жейде-дамбалшаң, алба-далба болып үйден атып шығып, сүдігерге қарай сүріне-қабына жүгірдім-ау... Барсам, Ақжол күзде өзім салған бораздаға құлап, артқы сол аяғы сүйретіліп жатыр. Алға жылжиын деп біраз тырмысқан-ақ екен. Жаралы аяғын жия алмай, жыламсырап ыңырсиды. Мені көргенде көзі жаутаңдап, қыңсылағаны үдеді. Әлдене дейді, бірақ түсінбеймін. Түсінетін не бар, мұңын шаққаны шығар. Дереу көтеріп алып, қанын сорғалатып үйге алып келе жатқанда, алдымнан кәдімгі Хадиша:
— О, қуратқан қу құдай! Енді көрсетпегені осы ма еді, — деп гөй-гөйлеп қарсы алды. — Өзің төсек тартып жатқанда бұл не сұмдығың? Итте нең бар, ойбай. Ит тұрмақ әкеңнің қайда қалғанын білмейсің... — Ол кенет оқшия қалып:
— Ойбу, қараң қалғыр-ай, мына байғұстың аяғы сіңіріне ілініп қалыпты ғой, обал-ай, — деп күшікті өзі көтеріп, мені желкелеп үйге кіргізді. — Жат, ойбай, көрпеге оран!
— Жеңеше, — деп алқымыма өксік тығылып, әрең сөйледім.
— Не?
— Енді Ақжол түлкі ала алмайтын болды ғой...
— Алда тәңірі-ай, арманын-ай мынаның. Алады, неге алмайды? Қазір мен Кенжекүл кемпірді шақырып келейін.
Емдейді ғой... Жазылып кетер. Көп болса, Ахмет ұста сияқты бір аяғы жоқ болар...
Кіршеңдеу жаулығының астынан бурыл шашы будаланып, үйге Кенжегүл кіріп келді. Ақжолды көріп дереу іске кірісті.
— Басын тізеңмен басып тұр! — деп бұйырды соңынан кірген Хадишаға. Хадиша: «Қауып алмасын», — деп Ақжолдың басына бұрышта жатқан бос қапты жапты да, тізесімен емес, қолымен басты.
Тәуіп кемпір еркектерше белдігіне тағып жүретін қайыс қыннан кездігін суырып алды. Кездіксіз жүрмейді: дәрі шөптің тамырын қырқады, қызыл жантақ отайды, адыраспан кеседі.
— Байғұс-ау, аяғын шынымен кесіп тастайсың ба? — деді Хадиша Кенжегүлдің ойын біле қойып.
— Кеспегенде ше?
— Таңып қойса бітіп кетпес пе екен?
— Сүйегі талқандалған. Мен сынықшы емеспін, шөппен емдеуді ғана білемін.
Кенжекүл кездікпен жалғыз сіңірді қия бергенде, Хадиша көзін тарс жұмып, теріс айналып:
— Ахмет ұстаның ағаш аяғындай аяқ жалғауға болмас па екен? — деді. Кенжекүл оған алара қарап:
— Оны қайтейін деп едің? — деді.
— Әшейін, Барсхан мұны түлкіге салмақшы еді ғой, енді үш аяқтап түлкі алушы ма еді, — деді Хадиша менің кеудеме арман ұялатқанына енді өзі кінәлі адамдай басыла сөйлеп. Кенет даусын өрекпітіп, арқаланып кеткендей:
— Қараң қалғыр түге, керман сұм біздің ер-азаматтарымызды атып, аяқ-қолынан айырады. Мұнда болса Жуанқұл жұмыртқамды жеп қойды деп итті атып, аяқсыз қалдырады. Атқыш болса, соғысқа барып, фашисті неге атпайды? — деп Ақжолды атқан колхоз бастыққа кіжінді.
Кенжекүл Ақжолдың шолтиып қалған тұқыл аяғына киіз күйдіріп басқанда, күшік байғұс, баж-баж етіп бұлқынды. Бірақ Хадиша оны тырп еткізбей басып тұрған, Ақжол әлі әлсіз ғой, босана алмады. Кенжекүл оның тұтқыл аяғын таңып тастады.
Жуанқұлдың Ақжолды неге атқанын енді түсініп жатырмын. Ақжол оның тауық қорасына кіріп кетіп, жұмыртқасын жейді екен ғой. Оны Хадиша да біледі екен ғой. О баста жұмыртқамен ауыздандырған өзім кінәлі екенмін да...
Көп ұзамай қар да жауар. Қызыл изенді ойпаңда қызыл түлкі алғашқы қарға аунап құлпыра түсер. Енді үш аяқты Акжолмен оны қалай аулаймын? Акжол пештің түбінде алдыңғы екі аяғына басын салып, көзін бір ашып, бір жұмып, сораң жасы ып-ыстық қара тұмсығына дейін сорғалай ағып жатыр. Түлкі қуа алмайтынына ол да өкінетін сияқты.
Терезе сыртында сүдігер қараяды.
Сүдігерде күрдек бас мия мен қызыл изен ызыңдайды.
АЙША О ДҮНИЕЛІК БАЛАЛАРЫН УАЙЫМДАЙДЫ
Егер шашы ұзын әйелдердің жарысын, казіргі тілмен айтқанда «конкурсын» өткізсе, біздің Айша бәрінен де озып шығар еді. Ең құрығанда Мыңбұлақ көлемінде.
Білектей-білектей қос бұрымы тілерсегіне түсер еді. Мұртаза барда біздің үйдің қызметінде жүретін Әйнек әжеміз Айшаның шашын тарасып, бұрымдарын өріп, шолпысын тағып береді екен. Әйтпесе, Айша жалғыз өзі ол шашқа ие бола алмас екен.
Мұртаза кеткен соң, ең жақын деген ағайын да, бірен-саран Құдайға қарағаны болмаса, бірте-бірте алыстай бастады. Әйнек әжеміз де қартайды. Енді Айша өз шашымен өзі алысатын болды. Баяғыдай «шаштарын бес күн тарап, он күн өретін» заман қайда?
Тілерсекке түскен қос бұрым Айшаның көркі болса, енді азабына айналды. Таң азаннан тұрып қызылшаға кеткеннен, күн батқанда бір-ақ келетін Айшаның шаш баптайтын халі бар ма?
Қызылша алқабына жеткенше жалғыз аяқ пішен теңізін кесіп өтеді. Сонда Айшаның бұрымына ошаған мен түйежапырақтың тікендері жабысып тұрып қалады. Оны теріп, ажыратып алу бір қиямет.
Бір күні жұмыстан кайтқан соң, Айша қара қазанға суды толтырып, жылытты. Суды Бердімбет сайынан таситын — мен. От жағып, жылытатын — Құрмаш. Айшаның үш баласы үшеулеп жатып, ошағанын теріп, бұрымын әрең тарқаттық-ау.
Мен қолбақырмен Айшаның басына су құйып тұрмын.
Айша сахарлы қара сабынмен шашын сабындап бола алмай жатыр. Шашының ұш жағын Құрмаш ұстап тұрмаса, жерге төгіліп кетеді. Жуып болуына бір қазан су әрең жетті-ау.
— Қараң қалғырдың шашын анау Аннаның шашындай шорт кесіп тастасам ба екен? — дейді Айша. Аннасы біздің үйде тұрған неміс әйелі.
— Кеспей-ақ, бұрымыңды шұбар мұғалім сияқты төбеңе түйіп алмайсың ба? — дейді Құрмаш.
— Тәйт әрі!
Енді мұншама шашты тарау деген де ақырет екен. Қадақтап сатқан сары майдың ақшасына алған мүйіз тарақ шыдамай, тістері бырт-бырт сынып кете береді. Бір бұрымын Айша өзі, бір бұрымын Құрмаш тарайды.
— Құдай маған мұншама шаш бергенше, бармақтай бақ берсеші, — дейді Айша, тарақ тісіне ілініп түскен уыс-уыс шашты бір талына дейін қалдырмай мұқият жинап, шүйкелеп орап отырып. — Әй, бірақ өзі де сирейтін шығар. Баудай түсіп жатыр ғой. Мына сұм заман қойсын ба?!
Сонда мен қалың шаштың сиреуіне «сұм заманның» қанша қатысы бар екенін түсіне қоймадым. Сөйтсем, адам өзі тозбайын десе де, жазмыштан озбайды екен ғой. Тарпаң тағдыр табанына адамды бір салмасын. Бір салса, тас керең боп, айқайласаң да арызыңды есітпейді.
Айша Құрмаш екеуі қос бұрымды өріп болып, ұштарын баяғыдай шолпымен емес, жай көк шүберекпен түйіндеді. Тарқатылып кетпесін деп.
Тарақтың тісіне ілініп түскен шашты Айша уыстап отырып, әбден шүйкеледі. Сол қобыраған күйінде сыпыра салса қайтеді? Жоқ, әлі шиыршықтап отыр. Сиырдың түлек жүнінен біздің киіз доп жасайтынымыз сияқты, қос алақанымен әлгі өлі шашты әбден нығарлады.
Содан соң, сабы күйген дәу қара пышақты алып, табалдырықтың түбін қаза бастады. Едәуір тереңдетіп барып, әлгі түйіншек шашты шұқырға салып, қайтадан өзінің сабымен таптады-ай келіп.
Құрмаш:
— Апа, бұл неғылғаның? — деді.
Айша біраз үндемей, әлгі топырақты енді алақанымен таптап отырып:
— Менің сендерден басқа да балаларым бар ғой, — деді даусы дірілдеңкіреп. — Үшеуі де нәресте кетті. Құттыбай, Елтай, Сәткүлді айтам. А-а-аһ! Мұртазаны алары бар Құдай тым болмаса, соларды тірі қалдырғанда, мұншама мұз тақырға отырмас па едік. Маңдайға сыймай кетті, қайтейін...
Басын көтеріп, бізге қарап:
— Ойбу, сорлы басым-ай, қайдағы-жайдағыны айтқанша, Құдайдан сендердің өмірлеріңді тілесемші, — деп түрегелді.
Ұлдан гөрі қыз бала пайымдырақ келетін шығар, Құрмаш қоймады.
— Сол өліп қалған үш баланың мына сен көміп тастаған шашқа қандай қатысы бар?
— Әйел баласы шашын беталды тастамас болар, — деді Айша. — Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» — деп шыр айналып шырылдайды екен. Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен.
Әне, сондықтан шашты көміп таста. Далаға тастасақ, жел ұшырып немесе құс ұя салып, әйтеуір, бір себептен отқа күйсе, о дүниелік нәрестенің обалына қаласың.
Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұ дүниедегі біз сияқты пәндалар не бітіріп жүрміз? Не жақсылық жасадық анамызға?!
Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында бір мәшке итті машина басып кетті. Жаңадан күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған. Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға қарсы ұмтылған.
— Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар тұлға! — дер еді Айша...
Ана қарызынан қалай құтыламыз?!
«ЖІЛІГІМДІ ЖАҒАЙЫН...»
Дүние өртеніп жатса да, қырық үшінші жылдың қысы жылымай-ақ қойды. Жылығаны не, қақап тұр. Мен мектепке де бара алмай қалдым. Қарындасым да бара алмайды. Белуардан кар. Тобанаяқпыз. Інім ғой, тіпті үйден шықпайды. Өзі мешел.
Енді бәріміз мешел болдық. Айша Кавказдан жер аударылып келген қарашайлардан көргенін істеп, өгіздің шикі терісінен шошақбас шоқай тігіп беріп еді, о да тозды. Су тисе былжырап, жайынның аузындай жайылып кетеді екен.
Үйден шыға алмасақ шықпай-ақ қояйық, сол үй жылы болса екен. Азынап тұр ғой. Колхоздың таусылмайтын азапты жұмысының ара-арасында Айшаның там-тұмдап жиған отыны таусылды. Жарықтық, жұмыстан қайтарда жол-жөнекей есекмия, кекіре, сора орып, арқанмен таңып, арқалап келе жатар еді. Ала арқан иығын қиып, қанталап тұрғанын талай көрдім. Кекіреніп ащы иісі қолқасын қауып, тынысы тарылып, үні бітіп, есіктің көзіне отыра кетіп қырылдап:
— Су, су, — дер еді.
Енді арқалап жиған отын таусылды. Қыс ұзап кетті. От жағылмаған пештің қуыры ішін тартып, уілдейді. Сыртта боран ұлыса, іштен оған пештің уілі қосылып, ақырзаман азан шақырғандай болады. Менің балалық шағымның «джаз», «рок» музыкасы боранның ұлуы мен пеш қуырының уілінен құралған. Біреулер қазір мені:
— Неге мұңды, минор музыканы ұнатасың? — деп кінәлайды. Не дейін? Өмірбаянымды айтып жатам ба?
Амал таусылды. Әкеміз салған үйдің боғат қамысын суырып жаға бастадық. Ол қамысты суыра берсең, үйдің төбесі құлайды. Оның үстіне қырық жылдан бері сүрленген сары қамыс лап етіп жанып, жалп етіп тез сөнеді. Қазандағы қара суды да қайната алмайды.
Баяғы бабалардан қалған сырлы, оюлы кебеже болушы еді. Айша соны бір қап қиға айырбастады. Ол өзі бір өнерлі қолдан шыққан асыл сүйекті, әдемі кебеже еді. Амал не, қазір болса, мұражай көркі болатын қымбат жәдігер... Бір қап қиды қаншаға жеткізерсің, о да бітті.
Бір күні Айша ауыз үйде жиюлы тұрған киіз үйдің бір керегесін сүйреп әкелді. Алты қанат еді. Бұл киіз үй кезінде кәмпескеленген екен. Өкімет ісіне араласа бастаған балаң жігіт-Бауыржан Момышұлы арашалап алып қалып, әкеме қайтарып берген екен.
Сөйткен Бауыржан қазір соғыста жүр. Ал Мұртазаның сүйегі Сібірдің бір қарағайының түбінде қалды.
Кебежеден айырылғанына аһылап жүрген Айша, енді мүлде қатты күйзелді. Керегені сүйреп әкелуін әкелсе де, балтаны қолына алып, шабуға көзі қимай, басын шайқап көп тұрды.
Үш бала үрпиісіп біз тұрмыз. Ербиіп қасында тұрып неміз бар еді. Айша енді бұрылып бізге қарап:
— А-а, тумай жатып әкесін жалмаған жалмауыздар! — деді. — Сендер болмасаңдар, мен әлдеқашан біреудің етегінен ұстап, мұндай қорлық көрмес едім. Сендер, сендер, сендер!.. — деп, жер тоқпақтап отыра кетті. Ағыл-тегіл жылады. Інім қорыққанынан бақырып жіберді. Қарындасым кішкентай да болса есті, сабырлы еді, Айшаны құшақтап, көзінің жасын сүртті.
Мұртазаны жендеттер алып кеткен кезде, Айша жиырма сегіз жаста екен. Мұртазадан қаралы хабар келгеннен кейін, ауылдың ақсақал-көксақалы жиналып, Айшаны немере қайнысы Нәметқұл ұстаға қоспақшы да болыпты. Оны біз білмейміз ғой. Баламыз. Ақсақал — көксақалдар айтыпты: «Шырағым, Мұртаза енді қайтып келмейді. Мына үйелмелі-сүйелмелі үш жетімнің тағдырын ойла. Соларға қамқор болатын бірден-бір жанашырың, — осы Нәметқұл», — депті.
Айша айтыпты деседі:
— Құдай өзі берген жанын өзі алады. Бұл үшеуі талқаны таусылған күні өлсе, өледі де. Өлсе Мұртазадан жаны артық дейсіңдер ме! Біреуге өгей бала болып оңдырмайды. Әсіресе ана Барсханның мінезі жаман. Өгей әкеге көндіге алмас. Бөріден қалған бөлтірік қой, өгей әкелі ете алмаймын, неде болса тәуелді болмай өссін депті, — дейді. Нәметқұл да көнбепті. Ағамның төсегін қорлай алмаймын депті.
Енді сол Нәметқұл да соғыста. Соғысқа дейін қолғабысы тиетіні — рас екен.
Қазір мына Айша осыны меңзеп, Мұртазадан қара хабар жаңа келгендей, өз бетін өзі жырта жаздады. Жосамен сырлаған, түйенің таспасымен көктеген сұлу керегені көлденең сұлатып тастап, балтамен шаба берейін деп оқталып, қайтадан сылқ етіп, отыра кетіп:
— О, Құдай, Бердімбеттей атамнан қалған, Күнікейдей енемнен қалған, Мұртазадай бозымнан қалған баға жетпес қазынаны отқа жаққанша, мына қу сирағымды неге жақпаймын? — деп, бір аяғын созып жіберіп, сирағын жалаңаштады. — Сирағымды жағайын!
Оң, қолын балтаға соза бергенде, үш жетімек үшеулеп жабылып, балтаның үстіне жата қалдық.
Енді біздің үстімізге Айша құлады. Үшеуімізді қапсыра құшақтап, сұр шинельдің етегімен үстімізді қымтап:
— А-а, қаһарлы дауылда қалған байғұс балапандар, — деп, басымыздан сипады. — Қанаттарың қатпады ғой. Соған жеткізсем, өлсем де өкінбес едім...
Боран басылып, аспан ашылайын деді ме, терезеден ауру көздей Ай көрінді.
Сөйтіп, сол алты керегенің екеуін пышақпен жаңқалап жатып, қырық төртінші жылдың кешіккен көктеміне де іліктік-ау. Айша айтты:
— Заман түзеліп кетсе, бізге ана қалған төрт қанаты да жетеді. Кім біледі, сәмбі тал табылса, кейін екі қанатын қосып алармыз. Алты қанат ақ боз үй тігетін Бердімбет бай бабаңның, Күнікейдей анаңның дәурені қайтып келмес. Құдай қалғанына береке берсін, — деді.
Бірақ Құдай оны да көп көрді. Қырық төртіншінің көктемі ақсүйек ашаршылық ала келді. Айша:
— Ана үш жетім аштан өлсе, обалы саған. Талғажау бірдеңе бер, — деп, Жуанқұл бастыққа барған екен, Жуанқұл діңкілдеп ашуланып, артынан:
— Онда киіз үйіңді бер. Тракторшылар төске шығып, егін салады. Соларға сая бола тұрсын. Кейін өзіңе қайтарамын, — депті.
Амал жоқ, балалар аштан ісіп өлетін болған соң, Айша үйді Жуанқұлға беріп, бір қапшық қызыл бидай алады.
Жуанқұл үйді қайтармады. Тракторшыларға өгіз арбамен су таси барғанымда, жұмыртқадай аппақ үй көзіме оттай басылды. Қарасам, үйдің етегін қара ала, сары ала май басып қалыпты. Тракторшылар май-май қолдарын ақ киізге сүрте береді екен.
Оларға тамақ пісіруші салпы етек, қара қатын ақ туырлықтың бір шетін пышақпен кесіп, қазанға бидай қуыратын бұлғауыш жасап алыпты. Ошақтың басында отырған жерінде бұлғауышты қолынан жұлып алып, алысқа-алысқа, құлашым жететін жерге, қызыл изеннің арасына лақтырып жібердім. Қара қатын бетіме қарап тұрып-тұрып:
— О, жуадай солғыр жүгірмек, күшәла жеп алғансың ба, әлде жын ұрды ма?! — деді. Түк түсінген жоқ.
ЖЕЗ ЕЛІК ПЕН КҮМІС ҚАСҚЫР
Бұрын ылғи да Шоңқараның диірменіне барушы едік. Бұл жолы Айша:
— Ақсайдағы Мағымбек қайнағаның диірменіне барамыз, —-деді. «Неге?» — деп мен сұрамадым. Бірақ бұл сұрақтың көкейімде тұрғанын білген Айша себебін айтты:
— Шоңқарадағы неміс диірменші «қалда» деп көп бидайымызды алып қояды. Мағымбек қайнаға көз көрген ғой, Мұртазаны жақсы көруші еді, бізден «қалда» алмайтын шығар, — деді.
Түсінік бере кетейін: Айшаның «Мағымбек» дегені, шынында, Сағымбек. Қайнағаның атын тура атамайтын тәртіп бар. Айша сол әдептен озбайды. Ал «қалда» дегені — диірменшінің ұн тартып бергені үшін алатын ақысы.
Дәсері деп отырғаным: жарты қаптан жоғары, толы қаптан төмен. Айша қаптың аузын шуда жіппен жуалдыз инемен қос қабаттап тігіп тастаған.
Ақ үйдің ақысына алған, аялап алақанға салған бар байлығымыз осы.
Сонымен, дәсері қап бидайды есектің үстіне жаймалап салып, арқанмен таңып тастап, «бисміллә» деп жолға шықтық. Біз алыстап кеткенше, Құрмаш пен Батырхан үйдің артынан бізге қарады да тұрды.
Тіке түстікке тартып, Ақсайдың аузына сүңгіп барамыз. Бұрынғы даңғыл жол жоқ. Шөп басып кеткен сілемі ғана жатыр.
Арт жаққа бұрылып қарасам, едәуір өрлеп кетіппіз. Мыңбұлақтың өзі ылдида қалыпты. Әйтпесе, төмендегі темір жолға, Теріс өзенге қарағанда Мыңбұлақ та өp ғой. Сөйткен Мыңбұлақ қазір ылдилап қалды. Ауылдың ең бергі шетінен ағараңдап біздің үй көрінеді. Алыстан ағарып көзге оттай басылады. Қайран менің ақ үйім.
Мыңбұлақ пен Ақсай аңғарының арасын «Төс» дейді. Ауылдағылар: «Арпаны биыл Төске салдық», «Малды биыл Төске шығардық», — деп жатады.
Ал сол Төсті сіз осындай көктемде көрсеңіз ғой. Сәуірдің ортасы — мамырдың басы. Басқа еш жерде жоқ, тек біздің Жуалыда ғана өсетін қызғалдақ теңізін кешер едіңіз. Тұқымы бөлек. Жаратылысы басқа. Арасында алтын түстес сарғалдағы да бар. Күлгін көгі де кездеседі. Әрине, бәрінен де көбі қырмызы қызылы ғой.
Қырмызы қызыл қызғалдақ! Балалық шақтың жалауы. Бірінші Мамыр мерекесіне қызыл жалау орнына біз десте-десте қызғалдақ алып шығатынбыз.
Өзек толы ақ көбелек, көк көбелек, сары көбелек, қызыл көбелек, шұбар көбелек — бәрі гүлден-гүлге секеңдеп, жетісіп-ақ жүр. Гүл шырынын солардан қызғанғандай бал аралары үрей тудыра ызыңдайды. Біздің көк есек құйрығын көтеріп, тезек тастап еді, қара қоңыз лезде қаптап кетті.
Қызғалдақтар әсіресе өзекке көп шығады. Өзек толы шалғын. Жуасы қалың. Мен сол өзекке жүгіріп түсіп, жуа теріп келемін. Бір уысын өзіме қалдырып, бір уысын Айшаға беремін. О, біздің жуа да өзгеше, ауқат десе де болады. Әттең, айран жоқ, айранға турап жесең — зәйтүн майына қуырған бөдене етін жегендей боласың.
Бөдене демекші, айнала толған — бытпылдық! Жоңышқа едәуір көтеріліп, бірінші ораққа әне-міне ілінейін деп тұр. Іші толған бөдене. Қоразы мен мекиені кезек-кезек сайрайды. Сірә, махаббат маусымы болар. Бірақ менің уайымым: бұл бөденелер махаббатқа мас болып, ақырын ойламай ма деп қаламын. Ақырын ойласа, мына жоңышқаның ішіне жұмыртқа салып, балапан баспауы керек қой. Әйтпесе, ертең Есен мылқау мен Қазы шұбар ат жеккен косилкамен жоңышқаны жапыра орғанда, бөдене сорлының не балапаны, не жұмыртқасы пышаққа түсіп қалмай ма?!
Мен осыны уайымдаймын. Ал бөденелердің ойында ондай уайым жоқ. Мәз-мәйрам. Шетінен мас.
Ауылдан көп алыстап кетсек те, мұнда да қайқаңдап ұшып қарлығаш жүр. Балапан үшін, қу тамақ үшін бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ.
Көк есек көзін жұмып, мыртыңдай басып, кібіртіктеп келеді. Өр ғой. Өрге қарай жүру қиын.
Айша ыңылдап ән салған сияқты. Мен анда-мында жүгіріп, біресе жуа теріп, біресе жауқазын қазып, қызығып кетіп қызғалдақ жұлып жүрмін.
Айша:
— Жауқазынды жұла берме. Келесі жылы қызғалдақ шықпай қалады, — дейді.
— Иә, жауқазын тәтті ғой, — деймін мен.
— Е, Барсхан, тәтті болсаң, жеп қояды; ащы болсаң, түкіріп тастайды, — дейді Айша күрсініп.
Сонда қандай болу керек? Дәмсіз, сөлсіз болу керек пе? Ара-тұра шағыр тікен кездеседі. Ойлаймын: шағыр тікен сияқты болу керек деп. Мал жоламайды. Жеуге жарамайды. Ал бірақ дәрі. Неше алуан ауруды жұлып түседі. Әдісін Әбіш атам біледі.
Не көп, шырыш көп. Алқымы уға толы әбжылан сияқты ысқырып тұр. Шырышты да мал жемейді.
Сидиып-сидиып, сары үлбірек жамылып, сиырқұйрық қаптап кетіпті. Бұл енді, сайрауық сары торғай қонатын тұрақ болудан басқаға жарамайды. Көп дегенде, қурағанда отын болар.
Аяғымды шеттік тікен жырып қанатады. Біздің аяқ-жалаң аяқ. Өзі қанайды — өзі тыйылады. Әлпештеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ шеттік тікен ащы, атаңа нәлет! Шеттік тікеннен де өлмейсің. Мұндағы дүлей — шошқа тікен ғой. Құдай содан сақтасын. Кіргенде кірш ете қалады ғой. Табанын жалаған күшік құсап қаңсылап қаласың.
Мақтаған Төсінің бәрін тікен басып кеткен бе немене деп қалмаңыз. Жаныма батқан соң айтамын. Әйтпесе, Төстің мамықтай жұмсақ жерлері де көп. Жап-жасыл мүк басқан өзекпен жүріп отырсаң — жаннаттың төрінде жүргендей боласың.
Айша ыңылдайды, көк есек пысқырынады. Келе жатқан бетіміз — Ақсайдың аузы. Кенет Айша:
— Әй, Барсхан, — деді.
— Не?
— Сен осы келе жатқан Төсіміз бір кездегі Бердімбет бабаңның жайлауы екенін білмейсің, ә?
— Е, қайдан білейін. Колхоздікі дейді ғой.
— Колхоз кейін болды ғой... Бұрын анау Керегетас, сонау Үңгіртас, мына Төс — бәрі бабаңдікі болатын. Мұндағыға дейін, кәмпеске келгенге дейін, біз де жайлауға шығып, ақ үй тігетінбіз.
Өз жайлауына қонып, өзінің ақ отауын тіккен сенде де арман жоқ, Айша. Мына біз, мына мен не көрдім, атасына нәлет!
Бір ой келді де: «Тәуба де», — деді.
«Тәуба!» — дедім. Қарын ашқанда жейтін көк жуа бергеніне тәуба. Көк зеңгір аспан жерге құлап кетпесін деп тіреуіш қылып қойған Тәңіртауды көрсеткеніңе тәуба! Найзаның ұшындай өткір Манас шыңын көрсеткеніңе тәуба!
Айша айтады: осы Манас шыңының төбесінде Манастың күлік атының қазығы бар дейді. Бұл шың қазір үшкір болып тұрғанмен, басына шықсаң жайлау дейді. Жаугершілікте Манас халқын бастап, сол шыңға шығып кеткен дейді.
Оның бәрін Айша қайдан біледі десем, оған қырғыздағы Сусар апамыз айтады екен. Сусар апамыз бізге жиен екен. Баяғыда басына мың қабаттап күндік салған Сусарды мен көргенмін. Қырғыз келіншектерінің, бәйбішелерінің кимешегі қызық. Жұқа ақ бәтесті қат-қат қабаттап, бастарына орай береді. Аршыған ақ пияздың қабатындай.
Манас түстік — шығыс жағымызда. Оның бер жағы Көксай. Біздің Бердімбет пен Күнікей ханымнан туған Гүлдана апамызды алған бай қырғыз Нұралы хан осы Көксайды жайлайды екен. Ақсайды Бердімбет бай жайлайды. Қырғыз бен қазақ байлары солай құдаласқан. Бай мен бай құда болып, араларында жорға жүрген. Енді сол байлардың азып-тозған ұрпақтарының арасында анда-санда дорба жүреді.
Айша осыны айтып «аһ, дүние!» — деп күрсінгенде, Тәңіртау теңселгендей болады.
Заманында жаз жайлауға шығып, ақ отау тіккен Айшада арман жоқ дегенім бекер екен. Айшаның көкірегі толған арман. Кеудесіне сыймай кетеді. Анда-санда «аһ!» — дегенде көкірегі қарс айырылып, Жанартау атқылап шығады.
Жүгіріп кетіп, жуа теріп келген мені Айша ұстап алып, қалтасындағы орамалымен менің аузымды сүртеді. Жуаны жей берсең, екі езуің көк нілденіп қалады.
Ақсайдың аузына жақындаған сайын тобылғы қалыңдап, ылдидағыдай шипая емес, жуандап бара жатыр. Бір түбінің өзі отау орнындай тарбиып, жайылып кеткен.
«Шіркін, бәкі болса, қамшы сап кесіп алар ма еді» деп келе жатқам. Мұртазадан қалған күміс сап бәкі бар еді, оны Айша тығып тастаған. Ұстатпайды. Қамшы сапқа жарайтын түзу, жуан бұтағын сындырып алуға өте қатты, күш жетпейді. Енді қайтсем екен деп келе жатқанда, тарбиған тобылғының түбінен бірдеңе атып тұрып, аспанға бір-ақ ырғып, зыта жөнелді. Жалқын сары алтын ағып өткендей болды. Елік екен! Артынан құлдыраңдап лағы безіп берді. Елік анадай жерге барып, танауы желп-желп етіп тоқтап, артына бұрылып, лағын күтіп алды.
Елік тобылғының түбінен шапшып кеп қалғанда, мен шалқамнан түсе жаздадым. Заты жуас көк есек жалт бұрылып кеткенде, үстіндегі қап түсіп қала жаздады. Тағы да болса, Айша арқанмен таңып тастағаны жақсы болған екен, құлаған жоқ, сәл ауыңқырап кетті. Сол қапты түзетісіп, Айшаға септесудің орнына, мен әлгі лақ ерткен еліктің соңынан тұра жүгіріппін.
Елік жеткізуші ме еді! Жаңа туған лағының өзі шегірткедей ыршиды. Бір қияқ тасқа оң аяғымның бас бармағы тіреліп, етпетімнен түстім.
Айша келіп тұрғызып алды. Оңбай құладым.
— Әй, сенің де балалығың қалмады-ау, Барсхан. Қасқыр боп кеткенсің бе, тегі. Елік саған ұстатушы ма еді.
— Ұстатпай кетті, — дедім, — сәл болмағанда ұстап алатын едім, құлап қалдым.
Бас бармағымның тырнағы көгеріп кетіпті. Қанап қалыпты. Айша оны орамалмен таңып жатып:
— Лағы өссін, кейін ұстайсың, — деді.
— Қайтіп? — деймін. — Не мылтығым жоқ, не атым жоқ. Жаяу қайтіп ұстаймы-ы-ын!
— Мойныңа садақ ілесің.
Ақбоз атқа мінесің.
Құмай тазы жайында,
Сондай да дәурен сүресің, —
деп әндетті Айша.
«Әлди, әлди» айтқан сияқты. Сомадай болған мені «Әлди, бөпем» деп жұбатқан түрі.
Айша кейде осындай. Мейірімі түседі. Кейде суға салып сабайды. Құдайым Айшаның көңілін көл қылсын.
Қазір көңілі шалқар сияқты. Мүмкін, Төскейдің арша сасыған жұпар ауасы, әуедегі бозторғайдың шырылы, бөдененің бытпылдығы, сары торғайдың сарнауық әні — бәрі-бәрі Айшаға Алланың рахым-шапағатын мол себелеген шығар, бұ жолы ұрыспады. Мұндай кәусар ауаны үзіп-жұлқып жұтпай, сіміре беру керек саумал қымыз сияқты.
Тау талының түбіне үңілсең — қозықұйрық. Біразын теріп алдым. Қозықұйрық — адалы, саңырауқұлақ — арамы. Оны білем. Аштық үйреткен.
Ақсайдың, төріне жақындаған сайын жер төсенген аласа арша, тікенегіне дейін гүлдеген шырғанақ, күреңқызыл тобылғы жиілей түсті. Бәрінен де жаннаттың хош иісі бұрқырайды.
Баяғыда Бердімбет бабамыз осы жаз жайлауында қала бермей, Мыңбұлаққа неге қыстау салған?
Әй, бірақ Мыңбұлақтың да жөні бөлек қой. Аяқ аттаған сайын мөлдір бұлақ атқылап жатқан жерді қайдан табасың?!
Көк тіреген таулардың ақ қар, көк мұз жамылған шыңдары көрінбей кетті. Біз Ақсайдың алқымына тірелдік. Таудың ішіне кіргенде биіктігі білінбейді. Тау алыстаған сайын биіктейді.
Қалың бұйра талдың ішінен үй көрінеді. Диірмен осы, үлкендігі біздің көк есегіміздей алпауыт ала төбет, оның нөкерлері — дүрегей ит пен бір мәшке қосыла «аттандап» алдымыздан шықты. Артынша дөңгелек бөркі басында, көлкілдеген көкала сақалды, ұзын бойлы кісі көрініп, иттерге:
— Кет! — деп тастады.
Диірменші Сағымбек («Мағымбек») Айшаны танып, амандасып, жай сұрасып жатыр.
— Жақсыдан қалған жәдігер, — деп, менің маңдайымнан иіскеп, басымнан сипап-сипап қойды. Ішім жылып қалды. Бірақ «диірмені қайда?»
Диірментас дүрсілдемейді. Диірментасқа құлаған су сарқырамайды. Шоңқараның диірмені болса, гүрсілдеп-дүрсілдеп, алыстан айқайлап тұрар еді. Мынау... үндемейді.
Айша жағдайды айтып жатыр.
— Бердімбет пен Мұртазадан қалған ақбоз үйді бастық тартып алып, ақысына мына бір десте бидай берді, — деп, есектің үстіндегі ала қапты сұқ саусағымен нұқып қойды. — Шоңқараның, диірменшісі өзі аз бидайдың біразын қалдаға алып қоя ма деп қорыққаннан, жер шалғайлау болса да, бір күн жұмыстан сұранып, өзіне келдім, қайнаға. Жақсы атасына сәлем берсін деп, мына Барсханды да ерте келдім.
— Ой, бәрекелді, сәлемші болсаң, дәу жігіт бол, Алла-Құдай, аруақтар жар болып, бағың ашылсын, шырағым. Аман бол! Тірі жүрсең, әлі алтын аяқтан ас ішерсің, — деп, Сағымбек атам тағы мені айналып-толғанды. Қуанып қалдым. Сипалағанды ит те жақсы көреді. Мен адаммын ғой.
Бірақ Сағымбек атам артынша жайсыздау хабар айтты.
— Айналайын Айша келін-ау, алыстан әдейілеп келгенде, бұл диірмені құрғыр тоқтап тұр ғой...
— Немене, бұзылып қалды ма?
— Жоға, бұзылып бәле көрініп пе... Тартатын астық жоқ. Мына көкөзек көктемде ұн тартатын кімде астық бар дейсің. Ылдидағылар сірә да келмейді. Ал мына біздің «Сталин жол» бар бидайын баяғыда ұн қылып алған. Енді ешкімде дән жоқ. Сонымен диірменді жығып тастадым.
— Қап, — деді Айша кіртиіп. — Сонша жерден әуре боп...
— Біліп тұрмын, шырағым, тарт десең, тартып берейін. Менің түгім кетпейді. Қазір суды қайырамын да, диірменді жүргізіп беремін. Бірақ өзі аз бидайыңның жартысы диірменнің көмейінде қалып қояды. Оны айдап шығу үшін, артынан тағы бірер қап бидай салу керек. Ол жоқ.
Көңілсіз әңгіме үзіліп қалғанда, дарбазаның алдында жем іздеп құрқылдап жүрген екі-үш тауықтың үні естілді.
Сонда менің көз алдыма Шоңқара диірмені келді. Оның айдын суында неміс диірменшінің үйрек-қаздары қаптап жүреді. Ауласында тұмсығы салбыраған түйетауықтар... шыңғырған торайлар, қорсылдаған мегежіндер...
Ал мұнда болса, екі-үш тауық жем таба алмай шұрқырайды. Қазақтың тауығына дейін ебедейсіз бе... Былайырақ көгалға шықса, құрт-құмырсқа, шұбалшын, көбелек деген қаптап жүрген жоқ па, соны теріп жесе қайтеді. Е, ол үшін жүгіру керек, көбелек оңайлықпен ұстатпайды...
Кенет Сағымбек атам қалбалақтап:
— Ойбу, бұл не боп бара жатырмыз, — деді жалпақ алақанымен санын бір салып қалып. — Үйге жүр дегенді ұмытып кетіппін ғой. Ал келін, а-а-а, Барсхан балам, кәне, үйге кіріңдер, — деп, дөң қабақта тұрған тоқал тамға қарай жол бастады.
Белі босасын деп, есектің үстіндегі қапты жерге түсіріп қойдық. Диірменшінің үйіне кіріп шәй іштік. Бәйбіше үндемейтін, біртоға кісі екен. Әлде тауда жалғыз үй тұрғаннан кейін, сөйлесетін ешкім болмай, адам кісікиік боп қала ма екен... Осыдан шамада екі-үш шақырым батысқа қарай шағын ауыл да бар. Оларды «Ақсай-Құли» немесе «Адыр Құли» деп атайды. Жаңаша: «Сталин жол» колхозы. «Адыр» болатыны-шетінен боза салады. Тары боза — арақ емес, бірақ шараптан жырақ емес. Онша-мұнша шарап құрлы шамасы бар.
Әрі тамақ, әрі сусын, әрі шарап орнына жүреді. Оған тойып алған «Ақсай-Құлилар» адыр болмағанда қайтеді.
Үндемес бәйбіше шайдан кейін бізге бір-бір зерен тостаған боза ұсынды. Жалғыз үй отырып, бұлар да боза салады екен.
Аузыма бір жұтым қымыз, яки бір қасық боза тисе болды — бет-аузым алаулап шыға келеді.
— Келін, айналайын Айша, — деді Сағымбек айыпты адамдай үні бәсеңдеп. — Бидайыңды тартып бермегеніме өкпелеме. Айттым ғой себебін. Ал егер біле білсең, — деді бір құпия сыр ашатын адамша, — бидайыңды дәу диірменге тартқызба. Үйіңде қол диірмен бар ма?
— Екі-үш үйге бір қол диірмен бар ғой, — деді Айша.
— Е, сол қол диірмен жақсы. Үлкен диірмен қанша айтқанмен бидайды күйдіріп жібереді. Маңызын кетіреді. Ал қол диірменге тартқан үн мен су диірменге тартқан ұнның нанын салыстырып көрші. Біз өзіміз, су диірменші бола тұра, нанды қол диірменнің ұнынан пісіреміз. Сұрашы мына жеңгеңнен, — деп, бәйбішесіне қарап қойды.
Бәйбішесі қиғаштап отырып:
— Рас қой, — дей салды.
— Ендігі айтарым: баяғыда сол Борандының базарында балаларға бір киім-кешек сатып алайын деп тұрғанымда, ақшам жетпей қалып, Құдай тілеуіңді бергір, Мұртаза кездесе кетіп, содан елу сом қарыз алып едім. Сол кездегі елу сом қайда-а-а! Көп ақша ғой. Сол қарыз мойнымда әлі сүйретіліп жүр. Жаның жаннатта болғыр, Мұртазаның өзі жоқ енді, Құдай айдап мына баласы Барсхан келді, әлгі қарызымды қайтарғаным болсын: бір дәсері қап тары берейін, соны ала кетіңдер, — деді. — Бір жағы Барсханға кигізген кәстөм — шалбарым болсын. Баяғы кез болса, астына тай мінгізетін — ақ жөнім бар. Қайтейін, қол қысқалау...
...Көк есектің жүгі, сөйтіп екі есе ауырлады. Белі майысыңқырап, мықшиып қалды. Айша Сағымбек атам екеуі екі қапты айқастыра салып, ала арқанмен айқыш-ұйқыш мықтап таңып тастады.
— Ылдиға қарай жол жеңіл болады, әлі-ақ барып қаласыңдар, — деді Сағымбек шал бізді шығарып салып тұрып.
Алып тасауыздың іші лезде күңгірт тартты. Кеш болып қалған екен-ау десем, тасауыздан шыққан соң қарасам, күн әлі ерте сияқты. Тек аспанды үлпілдек ұшпа бұлттар қаптап кетіпті. Күн еңкейген сәтте, алыстағы Қошқарата, Боралдай, Құлан тауларының үстіне қонақтаған бұлттар ғажайып қызғылтым, қызыл күлгін бояуға малынды. Артыма бұрылып, Тәңіртауға қарап едім: дүние-әлем жанартаудан жаңа жаратылғандай алып айдаһар жалындап жатыр екен. Жанартаудың жалыны бізді де шарпып, өртеп жіберердей біртүрлі үрейлі екен.
Жағырапиядан сабақ беретін мұғалім: дүниеде Гималайдан биік тау жоқ дейді. Мен сенбеймін: дүниеде Тәңіртаудан заңғары жоқ. Мықты болса, ГималайғаТәңірінің атын неге бермеген... Батыста Жабағылы тұсында қан қызыл Күн ұясына батып бара жатқанда, шығыстан құп-қу болып, өңі қашып қуарған Ай көрінді. Күннің батып бара жатқанына күйзелгендей, үн-түнсіз іштен күңіренгендей қалпы бар.
Аспандағы қан қызыл ірең бірте-бірте жұмсарып, қызғылтым шәйі орамалдар желбіреді. Боралдайдың Ұзын Тұра, Қысқа Тұра тұсына көзім түсіп еді, таңғалғаннан даусым шығып кетті.
— Не? — деді Айша маған бұрылып. Саусағымды шошайтып:
— Ста-а-алин, — деппін.
— Астапыр-алла! — деп Айша жағасын ұстады.
Сәлден соң, Сталин бейнесі бұзылып, бұлт ыдырап кетті.
Оның есесіне бірте-бірте жез елік пайда бола бастады. Жез лағы тағы бар. Шапшып шауып барады. Соңына күміс қасқыр түсті.
Түк түсінсем бұйырмасын, әлгі қасқыр өзім екенмін деймін. Түсім ғой десем, есектің үстіндегі қаптың түбінен ұстап жүріп келе жатырмын. Оллаһи-биллаһи — мен! Бірақ мына есектің үстіндегі қаптан ұстап, Айшамен қатар жүріп келе жатқанымдағы ақиқат.
Қасқыр да мен, мен де — мен! Екі бөлекпін. Жерде де келе жатырмын, аспанда да елік қуып барамын. Миым шатысып кетті. Үйге қалай келіп қалғанымызды да білмеймін. Үйге кіре бергенде, артыма бұрылып қарап едім, күміс қасқыр Шоңғардың бұзылған ескі үйінің орнында шоқиып отыр екен.
— Неғып тұрсың? — деді Айша. — Қапты көтерісіп жібер!
Одан арғысы есімде жоқ. Мен ес-түссіз үш күн ауырып жатыппын.
ЖОЛАН-ЖАНЫСТЫҢ ҚЫЗЫ
Бұл әңгімеде мен жеті жылға шегініс жасамақшымын. Қазір ғой қырық төртінші жылдың көктемі. Ал әңгіме ойранды отыз жетінің күзіндегі бір оқиға туралы.
Сары ала күздің таңы есінеп-есінеп алып атқанда, Айша колхоздың қызылшасына кетеді. Қызылша дегенді бұл аймақ естіп-білмеген. Бірақ Мыңбұлақтың қара бұйра топырағына осы дақылдың тұқымы түсуі мұң екен, дүркіреп ала жөнелді. Қызылша ат басындай болып өсті. Агрономы — ауылдың оқымаған ақсақалы Әбдікәрім деген кісі. Көкала болған сақалы желбіреген, кеудесі керіскедей, қызылшырайлы, ірі кісі еді, мына ат басындай қызылшаны өзі толғатып тапқандай, айдарынан жел есіп, Құдайы беріп тұрған кез. Ауданнан, облыстан бастықтар келіп, оқымаған агрономды арқасынан қаққанда, жарықтық дем ала алмай, жарылып кете жаздайды.
Бес жасқа толар-толмас кезім шығар, Айшаға түс әлетінде айран алып барамын. Қызылша басы қызық-думан сияқты көрінеді. Қызыл-жасыл қыз-келіншек тәтті тамырды тазалап, тау-тау қылып үйіп жатыр. Жаманшылықтан белгі жоқ, тамағы тоқ. Әр жерден әуендетіп ән салғандар, сыңғырлаған күміс күлкі. Әрі еңбек, әрі театр.
Сол қызықтың үстіне тағы бір «әртіс» келіп қосылды. Ол Боранды бекет жақтан келді. Жетегінде құйрығы тегенедей дәу көк қошқары бар. Келе қыз-келіншекке қырғидай тиді дейсің. Сөйтсе, балдыздары көрінеді. Қыздар шыңғырады, кейде бәрі жабылып, әлгі жезденің қойны-қонышын тінткілеп, ақшасын да, шақшасын да тонап алады. Қыран-топан қызықтың көкесі осы. Театр дегенді білмейтін елге бұдан артық театр не керек?!
Сөйтсе, бұл атақты Қадыр «тентек» екен. Осы елге күйеу. Дәлірек айтқанда, Мұртазаның туған қарындасы Әдия дейтін әпкемізді алған. Боранды бекеттің базарынан қайтқан беті екен. Ауылы осыдан бес шақырым күншығыста, анау қырғыздың шекарасында жатқан Шоңқара. Оны орыс-қазақ қазір Андреевка дейді. Шымыр, шанышқылы, орыс дейтін елдер аралас отырады.
Балдыздарымен ойнап-күліп, құмардан шыққан соң жездеміз мені көріп қалып, шақырып алып, қыздардың талауынан қалған бірер мәмпәси кәмпитті маған береді. Бұрын көрген — көрмегенім есімде жоқ, бірақ бұл адам осы маған қатты ұнады.
— Біздің ауылға барасың ба? — деді.
— Барамын, — деппін ойланбай.
— Жүр, ендеше, кеттік, — деп, қолыма шыбық берді, — мына қошқарды айда. Кешке осының, асығын саған алып беремін, — деді. Айшамен сөйлесіп біраз тұрды. Сірә, мені алып кететінін айтқан болуы керек.
Сонымен, жалғыз аяқ жолға түстік. Алдыда Қадыр жездем, ортада көк қошқар, соңында — мен. Талай сайлардан, сылдырлап аққан сулардан өттік. Бұзылып, дуалдары қалған ескі жұрттың тұсынан өтіп бара жатқанда жездем:
— Мынау біздің ескі қонысымыз. Менің әкем Ошпанқұл байдың ордасы, — деді.
Ескі дуалдардың үстіне тізіліп қарғалар отыр.
— Осының бір жерінде әкем жасырған алтын жатыр, — деді жездем, қураған шоңайна, тікен басып кеткен үйінділер тұсында тоқтап тұрып. — Қайда екені белгісіз?
Алтын дегеннің не екенін біле бермеймін, бірақ өте қызық бірдеңе сияқты елестеп:
— Онда іздейік те, — деймін.
Қадыр айдалада қарқылдап күлгенде, дуалда отырған қарғалар қалбаң-қалбаң ұша жөнелді.
— Бір білсе, осылар біледі. Бірақ бұл арамдар айтпайды, — деді Қадыр ұшқан қарғалардың соңынан сазара қарап тұрып.
Сөйтсе, осыдан он шақты жыл бұрын байларды кәмпескелеу, тәркілеу деген болыпты. Байлар дүние-мүлкін жасырыпты, жасырмағанын өкімет тартып алыпты. Байларды қамап, алысқа-алысқа жер аударыпты. Ошпанқұл бай оз ажалынан қайтты ма, жоқ айдалып кетті ме, оны маған Қадыр айтқан жоқ, сұрауға менің өрем де жеткен жоқ. Ал Қадырдың өзі Мұртаза сияқты түрмеге отырып шығыпты. Бір ұл, бір қызын детдомға өткізіп жіберіпті. Кейін оларды таба алмай қалыпты. Ең көңілді, ең бақытты сияқты көрінген Қадырдың өзінде қанша қайғы жатыр...
* * *
Сонымен, Шоңқараға да жеттік. Суы сарқырап, ақ көбігі атқылаған диірменнің тұсынан да өттік. О, бұл диірменді алда мен әлі талай көремін. Болашақта «Мылтықсыз майдан» атты романымның бір геройы осы Шоңқара диірмені болады.
Ал әзір мен роман дегенді де, кітап жазу дегенді де білмеймін. Білетінім: Шоңқара сайының батыс жағындағы жатаған балшық үйлер, айналасы тап-тақыр, тастақ. Сайдың шығыс жақ беті қалың орман, шошақ, маяжон төбелі ақ үйлер. Ғажайып шаһар сияқты. Ол жақта көбінесе орыстар, немістер тұрады екен. Тастақта отырған шанышқылылар, яғни найзалылар. Бір кезде найзагер болса болған шығар, ал мен бес жаста көрген шанышқылылар ауылы — Америкадағы қызыл терілі үндістердің резервациясы сияқты еді.
Мені құшақтап, бетімнен сүйіп, айналып-толғанған ақсары ажарлы әйел — Мұртазаның туған қарындасы, менің әпкем Әдия екен.
«Ал, құда бала», — деп, алдыма бір тостаған алқоры қойған бүкіш қара кемпір, Қадырдың шешесі, Әдияның енесі Оразкүл екен. Маған суреті бар кітаптарын көрсетіп, қасымнан шықпай, айналшақтап қалған он жасар шамасындағы бала, Қадыр мен Әдияның детдомнан аман қалған жалғыз ұлы Машан екен.
Уылжыған тәтті алқорыны жеп, кітаптың суреттерін көріп отырғанымда, қабырғасы жұқа, күрке сияқты үйдің сыртынан жездем мен әпкемнің ұрысқан даусы шықты. Екеуі кәдімгідей сөзге келіп жатыр. Не екенін түсінбеймін. Бүкіш қара кемпір мен алдансын деді ме, әлде шын мейірі ме — сандықтан жаңғақ алып берді.
Ұрыстың себебі мен екенмін. Әдия Қадырға: «баланы неге ертіп келдің» деп шатақ шығарады. Әпкем мені жек көреді екен ғой деп шамалаймын.
Сөйтсем, менің бұл үйге бірінші рет келуім екен. «Құда бала» дәрежесінде мен бұл үйге тұңғыш рет келгеннен соң, кәстөм-шалбар, көйлек киіп, ат мініп қайтуым керек екен. Бір кездегі шалқыған бай үйдің қазір кәстөм-шалбар кигізіп, ат мінгізуге қауқары қалмапты, Соған қорланған бір кездегі байдың қызы, байдың келіні Әдия әпкем намыстанбай ма? Ойында еш дақ жоқ, ақкөңіл, аңқылдақ күйеуі Қадырға: бұл қай жындылығың, артын неге ойламайсың деп, қиғылықты салмай ма?
Тұла бойы тұнған намыстан жаралған қайран қазақ. Намысы мол, айласы аз, бағы да сол, соры да сол.
Шәй ішіп, тамақтанып болған соң, Машан мені сайдың арғы бетіндегі алмалы ауылға алып барды. Бұрын алма жеп жүрсем де, алманың ағаш басында өсетінін көргенім сол шығар. Бәрі қызық, ғажайып бөтен дүние. Қызыққаным сонша, қып-қызыл, сиқырлы сұлу жеміске балалықпен қол созсам керек. Шарбақтың ар жағынан қасқыр сияқты тік құлақ, көк төбет арсылдап қоя берсін. Іле-шала шашы қып-қызыл, сепкіл бет, бөтен пішінді бала мен білмейтін тілде бірдеңе-бірдеңе деп айқайласын. Артынан қызыл ала белдемше таңған, жирен шашты әйел шығып, қызыл шаш балаға ұрыссын. Сөйтіп, Машанның дорбасына толтырып алма салып берсін.
Бұл менің орыс дейтін елдің ауылын бірінші рет көруім еді. Үйлері шошақ болады екен, төбесін қамыспен жабады екен. Қоралары тап-таза. Біздің ауылдағыдай есік алдында үйіліп жатқан күл, тезек, қоқыс көрінбейді. Балпаңдап қалған үйрек дейтін құс асырайды екен. Қаңқылдаған қаздары болады екен. Ата қаз ашушаң, бөтен балаға мойнын созып тура кеп ұмтылады екен. Белдемшелі, жирен шаш әйел өзінің сепкіл бет баласын ұрсып, қуып жібергендей, ата қазды да қуып жіберді. Ішім жылып, жақсы көріп қалдым. Бірақ ауладан бір түрлі жағымсыз иіс шығады. Сөйтсе, шошқа деген болады екен. Жалғандағы жаман иіс соныкі көрінеді.
Жездем мен әпкемнің үйінде қанша күн жүргенім есімде жоқ, бірақ ауылды қатты сағынып кеткенімді білемін. Оразкүл кемпір мен Машан мен жалықпасын деп бар ықыластарын салады-ақ: жаңғақ береді, алма, алқоры деген көп. Машан бар асықтарын алып, алдыма жайып салды. Бірақ ауылымды, үйімді сағынғаным сонша, Машанның асықтарын көйлегімнің ішіне сыйғанынша салып алып, ауыл қайдасың деп зытып беріппін.
Қадыр жездемнің қошқарын айдасып келген жолға түсіп, күнбатыс жақты бетке алып, жүгіре берсем керек. Екі ауылдың арасында ел жоқ. Тек терең-терең сайлар, жетім қалған дуалдар. Жездем: «алтын көмген» деген сайдың табанына түскенде өкпем өшіп, шаршағанымды сезіп, етпеттеп жата қалып, мөлдір бұлақтан сіміре бергенімді, қарныма Машанның асықтары батқанын білемін.
Содан бұлақ басындағы жалбыздың иісіне мас болып, тұруға да, жүруге де ерініп, қисая кетсем керек. Одан арғысы белгісіз, қатып ұйықтап қалыппын.
Біреулер дабыр-дабыр сөйлеген сияқты, мен жерден көтеріліп, ұшып бара жатқан сияқтымын. Бір кезде көзімді ашып қарасам, Әдия әпкем мені көтеріп алыпты. Қасында — Машан...
Менің қашқанымды, жалғызаяқ жолға түсіп алып зытқанымды Оразкүл кемпір көріп қойса керек. Бірақ сексендегі кемпір мені қуып жете алмайды ғой. Содан: «Ойбай, құда бала кетіп қалды» деп байбалам салмай ма?! Әдия әпкем мен Машан өкпелерін қолына алып қумай ма?!
Сөйтіп, шанышқылылардың ауылына қайтып келдім. Айдалада ұйықтап қалғанымды естіп, Оразкүл кемпір жеті нан құдайы атап, күн батар шақта мені сумен ұшықтады.
Ертесіне Әдия әпкем мені диірменге ертіп барып, біздің ауылдан келген Нәметқұл дейтін кісіге табыстады.
Нәметқұл диірменге атты арбамен келген екен. Бидайынан ұн тартып, қаптарын арбаға артып, мені жанына отырғызып алып, ауылға аттанды.
Басқа жолмен, сайлары жоқ қара жолмен кеттік. Бір сайдың басындағы төмпешікте зират бар екен. Зираттың тұсынан өтіп бара жатқанда, Нәметқұл арбаны тоқтатып, жерге түсіп, шөкелеп отырып дұға оқыды. Одан соң бір төмпешіктің түбінде ағарып жатқан жілікті алып, ары-бері үңіле қарап, сынып қалатын шыны құсатып абайлап ұстап, әлгі төмпешіктің бүйіріндегі тесікке тастап, күректей алақандарымен топырақ үйді.
Ол жілік моладан қалай шығып кеткен — ақылым жетпейді. Бірақ енді зират көрсем, Нәметқұл есіме түсетін болды.
Соның алдында ғана, мен туған отыз екінші жылы адамдар көп қырылған деседі. Көбісі көмусіз қалған деседі. Сондай сорлының бірі ме, кім білсін?
Нәметқұлдың сол ісі, қураған жілікті аялап күбірлегені, қастерлеп көмгені көз алдымнан кетпейді. Адам адамның есінде мәңгі қалу үшін, үлкен ерліктің керегі жоқ шығар. Мәңгілікке татитын бір әрекет жетіп жатыр.
Әйтпесе, осы жолмен басқа адамдар өтпеді дейсің бе? Олар әлгі сүйекті көрмеді дейсің бе...
Жаның жаннатта болсын, Нәметқұл көке. Әкей «халық жауы» болып кеткеннен кейін, үрпек балапандай үш баланы үрейлендіріп, Айша өз бетін өзі жұлып, қанатып, аңырағаннан кейін, әскерге кеткенше, осы Нәметқұл мені басымнан талай сипады. Заманы соғыс болған соң, баланың ойыны да соғыс болса керек. Қаңылтырдан ұш жасап, қамыс жебе басына кигізіп, садақ тартушы еді. Сонда бір баланың жебесі менің сол қабағыма қадалды да қалды. Нәметқұл темір ұста дүкенінен атып шығып, шырқыраған мені көтеріп алып, садақтың оғын қабағымнан суырып тұрып: «Құдай сақтапты, көзіңнен айырыла жаздапсың ғой», — деп, емдеп-домдағаны есімде.
Сол жақ қас пен көздің, арасындағы тыртық сол «соғыстың» таңбасы.
Сонымен, қырық төртінші жылдың көктемі. Қадыр жездемнің көк қошқарын айдасып, мен Шанышқылы ауылына алғаш барғаннан бері, арада жеті жыл өте шықты. Енді мен бес жасар, шала есті ерке бала емес, жеті жыл ішінде талай бәле көрген, он екі жасар жүгермекпін.
Осыдан жеті жыл бұрын маған көне сандықтан жаңғақ алып беретін бүкір кемпір Оразкүл қазір біздің үйде. Үш баланың бастығы — сол. Мұртазадан қалған үш жетім сол бүкір кемпірдің айтқанын істеп, айдауында жүреміз.
Ол былай болды: Қаратаудың ар жағында, Бурылтаудың арғы бетінде Айшаның төркіні болады екен. Айшаның туған шешесі Құлыхан деген кісі (жаны жаннатта болсын) дүниеден өтіпті. Сондай сұмдық хабар алған соң, Айша (не көрмеген Айша) әуелі жылап-сықтаса да, кенет тас-түйін боп түйіліпті де, Шанышқылы ауылына барып, осы Оразкүл кемпірді алып келді. Қасына Дошанай молданы ертіп алып, төркініне жүріп кетті.
Қанша қиын болса да, заман қанша ауыр десе де, туған анасы қайтқанда, төркініне барып бата оқытуға жарамаса Айша — Айша бола ма?!
Сөйтіп, Айша орнына бүкір кемпір Оразкүл қалды. Енді ойласам, сол кезде айналамызда екі-үш күн бізге қарайласа тұратын, ағайын-туған қалмаған екен ғой. Тұрымтай тұсымен, балапан басымен кеткен заман.
Оразкүл анамыздың айтқанын істейміз. Он жасар Құрмаш қурай теріп, отын дайындайды. Мен терең сайдан су тасимын. Жетіге жеткен Батырхан әлжуаз, беске дейін жүре алмай мешел болған аурушаң неме, жұмысқа жарамайды.
Немен күн көріп, немен тамақтанғанымыз есімде жоқ. Есімде қалғаны, күн бата салысымен тауықтар сияқты біз де жертөсекке қаз-қатар жатып алып, Оразкүл кемпірдің әңгімесін тыңдаймыз. Бәлкім, қара қазанға қара су құйып, тас қайнатқаннан басқа ештеңесі жоқ біздерге азық болған сол бүкір кемпірдің ұзақ-ұзақ әңгімесі шығар.
— Мына Ақсайдың аузынан ары Ақсу-Жабағылы деген ел басталады. Сол Ақсу-Жабағылының арғы беті — менің төркінім болады, — деп сарнай бастайды Оразкүл кемпір. — Оның қасында мына тау тау ма, — деп, түн қараңғысында біздің үйдің желкесіндегі Алатауды меңзеп жатқандай болады. — Біздің ауыл жердің жаннаты ғой, шіркін. Шыңдары аспанды тіреп тұрады. Ақ көбік өзендері атты адамды жаңқа құрлы көрмей ағызып әкетеді.
Біздің үйдің желкесіндегі Талас Алатауын «тау ма» деп кемсіткені көңіліме келсе де, бүкір кемпірдің төркіндерінің отанына қызығамын.
— О, біздің Ақсу-Жабағылыда не жоқ, — деп, бізді қызықтыра түседі Оразкүл, — ну орман, арша, ақ қайың, қызыл қайың, шашын жайған сәмбі тал, жүз жылдық зипа шынар — бәрі бар. Арасында аюлар өріп жүреді. Арқарлар мен таутеке, киіктер Қарынбайдың малы көрінеді. Ұлар мен кекілік сайрағанда, тау жаңғырады. Солардың бәрінен де биікте, қарлы шыңдарда теңбіл барыс болады.
— Барысты сіз көрдіңіз бе? — деймін мен шыдай алмай.
— Көрдім. Әкем жарықтық аңшы еді. Бір барысты торға салып, тірідей алып келгені есімде. Дүниеде мұндай сұлу, мұндай паң, тәкаппар аң болмас.
— Оны қайттіңіздер, асырадыңыздар ма?
— Асырауға көнбейді ғой. Есімде қалмапты, біреуге беріп жіберді-ау деймін, — дейді кемпір білмегеніне кешірім сұрағандай.
— Әкем Жолан-Жаныс еді. Біздің елді Жолан-Жаныс дейді. Жолан деген кісі Төле би деген әулие кісінің баласы екен. Жоланнан тараған ел көп қазір. Ойбу, айтпақшы, сенің үлкен әжең Күнікей, ой аруағыңнан айналайын, Жолан — Жаныстың қызы ғой, менің әпкем. Сен оны көрген жоқсың ғой, қайдан көресің, мында тудың ғой. Күнікей — Мұртазаның анасы. Күнікейден Әбдімомын, атын ұмыттым, қырғызға кеткен бір қыз, Әміреқұл, біздің келін Әдия туған. Әдия, Сәния егіз екен. Сәниясы кішкентайында шетінеп кеткен. Әне, Әдия әпкең кімнен туған. Сөйтіп, әкең Мұртаза Жолан-Жанысқа жиен болғанда, сен жиеншар боласың, — дейді көрпемді қымтап қойып, Оразкүл апам.
Құрмаш қарындасым мен Батырхан ұйықтап қалған. Менің ұйқым келмейді. Оразкүл апамның әңгімесін тыңдай берсем деймін. Оразкүл айтқан Төле би, Жолан-Жаныс елі — ғажайыптар елі сияқты елестейді. Әсіресе теңбіл барыс кейін-кейін, талай-талай түсіме кіреді. Теңбіл барысқа мініп алған бабаларымды көремін. Мен де мінер ме едім деп армандаймын.
Оразкүл әңгімесі үзілсе, қарнымның шұрылдап ашып жатқанын, өзегім талып, үзілгендей болғанын лезде сеземін. Ал Оразкүл сөйлегенде, онымды ұмытқандай боламын.
Оразкүл кемпір соны білгендей, әңгімесін соза береді. Мен Ақсу-Жабағылыға жетіп, Шатқалдағы жаңғақ орманын аралап жүремін. Кілең қара мақпал, жабайы жылқыларды көремін. Төле би заманынан қалған, содан жабайы боп өсіп-өнген тарпаң тағылар. Қаз мойын, қамыс құлақ, қара айғыр маған оқыранып келіп, жұп-жұмсақ ернімен алақанымды жыбырлатады. Мойнын иіп, тақтайдай жап-жазық арқасын меңзейді. Мен атлас жүнді, жұп-жұмсақ аттың арқасына қарғып мініп аламын.
Қара айғыр шатқалды жаңғырықтыра кісінеп алып, бір-ақ қарғып аспанға шығып, ұшып ала жөнелді. Төменнен:
— Түс, түс! — деп Айша айқайлайды.
— Қайда, қайда? — деп Құрмаш пен Батырхан қол созады.
— Қайт, қайт, енді ұрыспаймын, «халық жауының баласы» демеймін, — деп Жуанқұл бастық жалынады.
— Ұш, балам, ұш! Астыңдағы ат емес, аруақ. Ата-бабаңның аруағы. Сені аруақ қолдады, балам, арманыңа жет! — деп, Қамқа кемпір қол жаяды.
— Әй, тентек, түс көріп жатырсың ба? — деп, Оразкүл апам сыбырлайды. Не түс екенін, не өң екенін білмей, ғажайып ертегілер елі мен аш-жалаңаш азынаған азаптар елінің арасында мен жатамын.
Осындай түнді сыйға тартқан Оразкүл апам о дүниеде пейіштің төрінде болғай...
Сендей адам жаннаттан жай тапса жарасар, Жолан-Жаныстың қызы, отыз жетінің қысында атылып кеткен Қадыр жездемнің асыл анасы...
АҚҚЫЗ
Күн батып, қас қарайғанда, жылқыны Қуанышбайға өткізіп, үйге қайттым. Қуанышбай менен гөрі ересектеу. Түнгі кезекке сол шығады. Әкесі Сұлтан әскерде. Ақтамақ дейтін өгей шешесінің қолында тұрады. Өз анасы ұлы ашаршылықта кеткен көрінеді. Ал Ақтамақтың бұрынғы күйеуі Бегалы да аштан өлген. Сөйтіп, Сұлтан әйелден, Ақтамақ күйеуден айырылған ғой. Сұлтан Бегалының жақын інісі екен. Тағдыр шығар, «екі жарты-бір бүтін» демекші, ағайын болып Ақтамақты Сұлтанға қосқан екен.
Қайран қазекем, сұрапыл сойқаннан сансырап шықса да, жесірін ерден кетсе, елден кетірмеуге тырысқан. Сұлтан сіңірі шыққан кедей еді. Әлі есімде: қыстың күні жаман, жалғыз көрпесін жамылып жүретін. Ақтамақ Сұлтаннан Науат дейтін бір қыз тапты. Бейшара бүкір еді. Омыртқасы жарақаттанып, тумай жатып мүгедек болып қалды. Жанары ботаның көзіндей жәудіреп, адам көрсе бір жәрдем тілегендей жаутаң-жаутаң еткенде, жаның шырылдап, жүрегің жылағандай боласың...
Қуанышбай жылқыны санап болып:
— Қайта бер, — деді. Жаз болса да жаурап тұрғандай, жағы үрпиген, жүдеу. «Әкесіз жетім — арсыз жетім, шешесіз жетім-шерлі жетім» деген рас болар. Шешенің, яғни Айшаның барына тәуба!
Бірақ Құдай сол Айшаның өзін көп көре жаздады.
Үйге келсем, есіктің алдында Айша қос қолымен маңдайын тіреп, жүресінен отыр. Қасында қара құман ұстап Құрмаш тұр.
— Апам ауырып қалды, — деді.
Есіктің көзінде ербиіп тұрған Батырхан жыламсырайды. Соның алдында ғана Айша қызылшадан қайтыпты. Есіктің алдына жете бере құлап түсіпті.
Құрмашқа:
— Су, су, — десе керек.
Содан су іше-іше, артынша қатты қиналып құсыпты.
Енді «үһ» деп маңдайын тіреп отырған кезі екен.
— Барсхан, келдің бе? — деді ыңырсып.
— Келдім ғой...
— Басым жарылып барады. Мыналардан гөрі қолыңның әлі бар ғой, қысып жіберші.
Күш деген, Құдайға шүкір бар, мектепте күрескенде, өзімнен екі жас үлкен Кеңес деген баланы алып ұрғанда, ол оң қолымен жер таянып жығылғанда шынтағы шығып кетіп, жұрт сынықшы іздеп машақат болған.
Не көрмеген Айшаның басы?! Қолаң шашынан күнсіген иіс шығады. Күні бойы далада, қызылша дейтін келімсек дақылды бір-бірлеп талдап, жекелеп мәпелесе, шақырайған аспанның астында күнсімегенде қайтеді!
— Болмады, — деді Айша, — тәуіп атаға жүгір.
Тәуіп ата — кәдімгі Әбіш ата. Сайға түсіп, сайдан өтіп, Салбидің қабаған ала итін шәуілдетіп, Әбіш атаға жеттім.
— Апырай-а, қараңғы түсіп кетті, көзім нашар еді, — деп, Әбіш ата қиналыңқырады.
— Ештеңе етпейді, ата, мен жетектеп жүремін.
— Е-е, қызталақ, болмас, болмас, барсам, барайын.
Мұрны қоңқиған бүкір шалды қолынан жетектеп келе жатып, көзім түсіп кетті: жанында шақырайған жалғыз жұлдызы бар жаңа Ай туған екен. Ішімнен: «Е, айналайын, Жаңа туған Ай, Айшаны аман қыла гөр!» — деп тіледім.
Ол кезде қулық, сұмдық дегенді білмеген шығармын. Шын тілегім еді.
Тәуіп ата Айшаның білек тамырын ұстап, көзін шарт жұмып алып көп отырды. Басын шайқап, таңдай қаққандай болды.
— Қаның тасып тұр, келін, — деді. — Тебісі қатты. Оқыс қимылдама. Қозғалмай жат, — деді тағы да.
— Ем-домы бола ма-а-а, — деді Айша әрең сөйлеп. — Мен кетіп қалсам, мына үш үрпек балапан не бола-а-ад?
— Құдай сақтасын, келін. Бәрі де Құдайдың ісі. Ем-дом... ым-м-м, қан алу керек шығар, қайдан білейін, менің қолымнан келмейді. Қырғыздағы Шекер айылда бір емші бар, Қадыркүл деген. Сол қан алады.
— Дошанай ше? — деді Айша.
— Дошекеңді білмедім, ол үшкіріп, дем салмаса, қан алғанын білмеймін.
— Тәуіп қайнаға! Мен олай-бұлай боп кетсем, мына үшеуін Әулиеата жақтағы, Бектөбе деген жердегі менің нағашыларыма тапсырыңдар. Сәли, Қали... Бөпетай, Сатай. Білетін шығарсыз?
— Ойбай, білемін, баяғы заман түзуде, Мұртаза барда, келіп жүруші еді ғой.
— Иә-ә, Мұртаза барда... бәрі келетін...
Әбіш ата күбірлеп дұға оқыды. Біз түсінбейміз. Әлдекімге жалынатын сияқты, жалбарынатын сияқты. Анда-санда «сүф, сүф!» — дейді.
— А, келін, Аллаға сиын, сәтін салса, саябыр болар. Тек тыныш, қозғалмай жат. Айтпақшы... сүлік салса қайтер екен?
— Сүлік дейсіз бе? Түн ішінде оны қайдан табамыз? Ілгеріде Старшын қайнағаның балтырына сүлік салғанын көріп едім.
Айшаның «Старшын қайнағасы» — Шоңғар дейтін атамыз. Сейсенбай, Дүйсенбайдың әкесі. Патша заманында ма, әлде кеңестің алғашқы жылдарында ма, старшина болған кісі. Кейін кәмпескеге түсіп, әкімдердің соққысына жығылып, о да құсадан кетті.
Сонымен, сүлік деген уайым шықты. Өзіміздің Жалбыз бұлақтан күнде көріп жүрген сүлік қой.
Әбіш атаны үйіне апарып тастап қайтып келе жатып, Жалбыз бұлаққа бұрылайын.
Жаңа Ай батып кеткен. Оның есесіне жұлдыздар жамырай шығыпты. Терең сайдың іші түпсіз сияқты үңірейіп көрінеді.
Түн ішінде неғып жүрсің дегендей бақалар шуылдады. Бұлақты жағалап, қайнар көзді діттеп келе жатқанымда, жағадағы бір-екі бақа қарғып-қарғып суға түсті. Сәл қорқып та қалдым. Қарсы алдымнан пыр-р етіп, екі шіл шырылдап ұшып кетті. Енді қайдан сая табамыз дегендей. Қараңғыда қайда барады? Бекер үркіттім. Мен тимес едім ғой. Бекер қорқады.
Қайнардың көзіне тақай бергенімде, сайдың қабағындағы баяғы аштан өлген Бегалы тамының бұзылған дуалынан жарқырап қос от көрінді. Тұра кеп қашайын деп тұр едім, әлгі екі от кенет сөніп қалды. Дәл сол жерден қалбаңдап бірдеңе ұшқандай болды. Байғыз екен. Күндіз ұйықтап, түнде тірілетін неме.
Жалбыз бұлақтың қайнар көзіне жетіп, иісі аңқыған жалбызды қолыммен қайырып, суға үңілсем, сәл-сәл ғана жылтырайды. Сәл-сәл ғана сыбырлайды. Сүлік әдетте жасыл масаты мүк басқан жағасына жақын жерде, майда құмда ирелеңдеп жататын. Қолымды салып көрдім. Бірдеңе ілінгендей болды. Алып қарасам, жамбасқұрт екен. Оны есекқұрт деп те атайды. Түр-тұрпаты бүкшиген сұр есекке ұқсайды. Бір жамбастап жүзеді.
Түн ішінде тап-таза қайнарды лайлағаным болмаса, сүлік қолыма түспеді.
Бірер түп жалбыз жұлып алып, мұп-мұздай суға батырып-батырып алып, қабақтан өрмелеп үйге қайттым. Жалбызды Айшаның маңдайына бастым. Сүйсінгендей болды.
— Барсхан, сенен басқа кім қалды таяныш болатын? — деп, Айша кемсеңдеді. — Таянайын десем, әлі буыны қатпаған солқылдақ шыбықсың...
— Қойшы, — деймін. — Мен өсіп қалдым ғой. Военком айтты ғой.
— Военкомның тіл — аузы тасқа, — деді Айша.
Құдайдың қандай құдірет екенін білмесем де, ояна салып одан медет тілеп, Айша жазылып қалды ма деп қасына барсам, әдемі ақсұрша жүзі адам танымастай қарауытып, барбиып ісініп кетіпті. Айқайлап жібере жаздап, ұйықтап жатқан екі бауырымды шошытпайын деп, өзімді әрең тыйдым. Айшаның маңдайына алақанымды басып көріп едім, шеке тамыры бадырайып, қатты тепсініп, лыпылдап тұр екен. Тәуіп болмасам да біле қойдым. Жүрегім білді. Суылдап ала жөнелді.
Үйден жалаң аяқ, жалаң бас атып шығып, Бердімбет сайынан ағып өтіп, Салбидің итін шабалаңдырып, Тұйық сайдан алқынып өтіп, Таласбай сайдың арғы қабағында, әуіт көлдің жағасында тұрған Дошанай молданың үйіне сүріне-жығыла жеттім-ау.
— Айша, Айша-а-а, — деп жылап жібердім.
— Не болды?
— Не, не?
— Тез, тез, ата!
Ақ дамбал, ақ жейделі күйінде, жалаң аяғын көбісіне сұға салып, ақ сақалы желбіреп, Дошанай шал, жарықтық, құстай ұшып, маған жеткізбей, таудан басқа таянары жоқ, оқшау тұрған біздің үйге лезде жетті. Сексенге келген кісінің мұндай орасан күшін мен бұрын да, кейін де көре алмадым. Сірә, бізге беймәлім күш қолтығынан алып ұшырған шығар. Біз бейшара, ол не күш екенін біле бермейміз ғой. Жайшылықта екі аттап, бір тұратын, қолынан таяғын тастамайтын қарт адамға мұншама әл-ауқатты кім береді?
Айша көзін әрең ашып, Дошанайды таныды.
— На-ға-шы, — деді сыбырлап. Бір нәрсе айтқысы келді, бірақ молда:
— Сөйлеме, Айша, сөйлеме, — деп безілдеді. Жарықтық өзі жардай ірі кісі болса да, даусы жіңішке еді. Сөйтіп, тамырын ұстады. Ұзақ ұстады. Босатқан кезде, Айшаның қолы сылқ ете қалды. Құрмаш жылап жіберді, оны көріп Батырхан да аңырап жіберді. Дошанай ашуланып:
— Тәйт! Дыбыс шығарма,дұға оқимын, — деді. Содан соң біз білмейтін, біз түсінбейтін тілде, әдемі, әуезді үнмен бір сарнады дейсің. Сай-сүйегіңді сырқыратып, әрі елжіретіп әкеткендей әуезге басты.
Не дегені бізге түсініксіз. Бірақ жүрекке шым-шым еніп, шымырлатып барады. Үміт отын үрлеген бір жылы леп ескендей болады. Бірақ маған түсініксіз. Дошанай атам Айшаны ажалдан құтқармақ болып жанталасып бір Құдайға жалбарынып отыр ма, әлде... иман үйіріп отыр ма? Өйткені Айша қыбыр етпейді. Шыдай алмай, Айшаның қолына қолымды создым, білегі жылы сияқты.
Өзім молдадан қорықсам да сипап отырмын. Атама қарасам, көзінен жас шығып кеткен екен. Дүниені ұмытып, мүлде бөтен әлемде отырғандай. Тек үні зарлана, боздаған аруана тектес тартады.
Сол кезде, есіктің табалдырығына сүріне-қабына Әбіш атам кіріп келді. Ұзын таяғын босағаға сүйеп, Дошанайдың қасына тізерледі. Бізге елжірей қарап, күлімсіреді. Қатулануды, ашулануды білмейтін кісі еді, жарықтық. Күлімсірегеніне қарап, менің ішім жылып қалды.
Жаманшылықта кісі күлімсіремейді ғой. Ендеше, арты жақсы болатын шығар. Қиын-қыстау сәтте, осындай үміттің өзі де дәтке қуат.
Артынша сырттан біреу айқайлады. Далаға жүгіріп шықсам, астындағы торы атын ойнақтатып Тасбет бригадир тұр екен. Мұрнынан сөйлейтін еді.
— Әй, шешеңді... иттің баласы! Жұмыс кәйдә? Түске дейін жұмысқа бармай ұйықтайтын сен бәяғы бәйдің бәләсімін деп ойләйсің ба?! — Қамшымен салып жіберді. Жон арқамды қылышпен тіліп түскендей болды. Безірейіп:
— Бармаймын жұмысқа! Шешем қатты ауырып жатыр, — дедім.
— Ә-ә, шешең де жүміскә шікпәді мә? Контрә! Әдейі бүнт жәсәпсіңдәр ғой. Көрсетейін мен сендерге бүнтты, — деп, Тасбет аттың шылбырын үйдің боғатына іле салып, қорбаңдап үйге кірді.
Екі ағасын, ұзынынан түсіп жатқан Айшаны көріп, арыны бірден басылды. Амал жоқ, ағаларына қолдың ұшын созып, амандасқан болды.
Дошекең:
— Айша қатты сырқат. Көріп тұрсың ғой, — деді.
— Иә, иә, шырағым, келіннің кеселі қиын, — деді Әбіш атам да. Тасбет:
— Кәлкоздың жүмісі... Кізілшәні шәп басып кетті. Адам жетпейді... — деп мыңқылдады.
— Құдайдың ісіне не шара? Әйтпесе, осы колхоздың жұмысынан Айша аянып жүрген жоқ қой. Жұмыс, жұмыс деп зорығып кетіпті. Қаны тасып құлапты. Біздің қолымыздан не келеді, — деп, Дошанай қолын жайып, шарасыз пішін білдірді. — Мұндай қатерлі сырқатты бір жазса, Аққыз жазар еді, ол алыста.
— Әккіз кеше Поштақұлдың үйіне келді ғой, — деп қалды Тасбет.
— А, — деп, құлағы тосаңдау Әбіш орнынан атып тұрды. — А, Құдай, бере гөр. Бейшара келіннің көрер жарық сәулесі бар шығар. — Маған қарап:
— Әй, Барсхан, тез ұш! Аққыз апаңды алып кел! — деді.
Аққыздың кім екенін мен білмеймін. Кейін білсем, ол осы елдің қызы екен. Соғыста жүрген Поштақұлдың апасы екен. Қошқарата жаққа күйеуге шыққан екен. Енді төркінінің үйіне келіпті.
Поштақұлдың үйі Дошанай атамның үйінің жанында. Тек, Таласбай сайдың бергі қабағында.
Далаға атып шығып, Тасбеттің торы атына қарап ойланып қалдым. Мініп кетсем не қылады? Қарттардың айтуына қарағанда, Аққыз — қартаң кісі. Мен жеткенше, Айшаның жағдайы не болады? Тәуекел!
Атқа қарғып міндім. Тәуекелімнің тағы бір түрі: әлгінде Тасбеттің мені қамшымен ұрғаны. Әрі десе, бұл торы ат — біздің үйдікі. Жұрт оны «Бердімбет торы» дейді. Бердімбет — менің бабам ғой. Бай болған. Колхоз басталғанда, торыны коллективке алып қойған. Мұртаза: «Әкемнен қалған жалғыз белгі болсын, басқасын бердім ғой, торыны қалдырыңдар», — деген екен, өзіне бәле болып жабысыпты.
«Бердімбет торыға» мініп, Бердімбет сайынан өте бергенімде, біздің үйдің есігінің алдынан айқай шықты. Бұрылып қарасам Тасбет екен.
Тарта бердім. Азар болса, тағы да ұрар...
Поштақұлдың жаман тамында, қараңғылау үйде, күндігі шаңырақтай, өзі керіскедей, келбетті, сұсты кемпір отыр екен.
Поштақұлдың қатыны Тойсын үйде жоқ. Сірә, қызылшаға кеткен. Тойсын бала таппаған. Үйде Аққыздан басқа жан жоқ.
Кемпір аты-жөнімді сұрады.
— Е, айналайын, Мұртазаның баласы екенсің ғой. «Орнында бар — оңалар» деген. Азамат боп қапсың ғой.
Әңгімені ұзартпай, асығып жағдайды айттым.
— Дошанай атам мен Әбіш атам да біздің үйде, — дедім.
Аққыз бір сөзге келмей, жадау үйдің, жаман есігінің ілгегін сала салып, атқа мінді. Құлыптамады. Құлып салатындай бұл құжырада қымбат мүлік те жоқ.
Аққыздың көзінше Тасбет маған ештеңе дей алмады. Тек ала көзімен атып жібере жаздап, жұдырығын түйді:
— Жілкі егінге түссе, күрисің бала, жүмісіңә бәр, — деді. Өшін «Бердімбет торыдан» алғандай, жануарды қамшылап-қамшылап, қызылша жаққа шаба жөнелді.
* * *
Кешке қарай ел орнына отырар шақта, көрші-қолаң, жанашыр жан біздің үйге жиналды. Көрші дегенде, ол кезде біздің ауыл қазіргідей бір-біріне сүйкеніп, бір көшенің бойына тығылып отырмайды. Үйлер бір-бірінен алшақ, аралары оқ бойы жерде тұрады. Біздің үйге ең таяу дегені — Баянның үйі. Күйеуі Байділда әскерге алынып, артынша қайтып келді. Пойызда сүзекпен ауырған екен. Тастап кетіпті. Үйіне келе салып қайтыс болды.
Сөйтіп, Баян бес баламен жесір қалды. Тұңғышы Боранбай менен екі-үш жас үлкен, Гүлайна деген қызы менімен жасты шығар, одан кейін Қаржаубай менің інім Батырханмен жасты, Күләнда, Күлия деген үйелмелі-сүйелмелі жортпаш екі қызы тағы бар.
Бұлар түгел келді. Оңғарбай, Мамыт, Шоңғар тұқымдары, сайдың арғы бетінен Пияш, Жібек, тағы көп адам жиналып, осы ауылдағы ең тәуір дейтін біздің үйдің өзіне сыймай кетті.
Төрде — Дошанай, Әбіш, Оңғарбай, Мамыт аталарым. Ата болғанда, Мұртазамен бірге туған емес, аталастар. Ортада Айша жатыр. Жанында Аққыз отыр. Әуелі Дошанай құраннан ұзақ-сонар аяттар оқыды. Содан соң Аққыз үлкен-кіші демей, бәріне бас киім кигізіп, жаулық салдырды.
Оның алдында Аққыз, шалдар дәрет алып, ақшам шағында намаз оқыды. Жайшылықта жайдары, ақкөніл, аңқылдақ Аққыз кенет өзгеріп, қаһарланып шыға келді. Қолына сылдырмақ таяғын алды. Басынан дағарадай ақ күндігін алып тастады, кимешегін де шешіп тастады. Бурыл шашы жалбырады. Жұрттың бәріне бас киім кигізіп, жалаңбас жан қалдырмай, ал өзі шашын жайып жібергені мүлде түсініксіз. Құдай кешірсін, боранды ұзақ түндерде Айша айтатын ертектегі Жезтырнақ бейнелес боп шыға келді. Айшаны шыр айналып, сылдырмақ таяғымен жер тоқпақтап: «Сұбыхан Алла, сұбыхан Алла!» — дегенде, аузынан жалын атқылады. «Сұбыхан Алла!» деген жеріне Дошанай мен Әбіш қосылып қайталайды.
Аққыз ақырып аспанға шапшығанда, біздің үйдің төбесіне дейін қарғиды. Үйіміз биік, еңселі-ақ еді. Соның өзін місе тұтпай, тамның төбесін тесіп шығып, Иса пайғамбардың соңынан аспанға ұшатындай қарғиды. Әлде сол Иса пайғамбардан медет тілей ме екен? Әлдекімдерді атап, жәрдем күтетінін айтады. Мен естімеген есімдердің талайы аталды. Есімде қалғаны: Домалақ Ана деді, Бәйдібек баба деді, Баба Түкті Шашты Әзіз деді, Арыстан баб, Түркістан баб, Сайрам баб деді. Әулие Ата-бабамыз, Айша бибі — анамыз деді.
Дүние мүлде өзгеріп, мына отырған адамдар мүлде бөтен, өзге әлемнен келген қонақтар сияқты көрінді маған. Аққыз — Аққыз емес, аспанда, ғарышта ұшып жүрген бейтаныс құдірет күш сияқты. Сірә, Аққыздың өзі де қазір өзін ұмытқан тәрізді. Аққызбын мен, адаммын мен, кәдімгі пендемін мен деп ойламайтын сияқты. А, бәлкім, сол сәтте ол, шынында да Аққыз емес шығар.
Біз не білеміз? Шынында да, Жаратқан Құдіреттің, Жасаған Иемнің елшісі шығар.
Ал Айша ше? Айшаның талақтай ісінген бетіне шырай кіргендей болды. Кірпігі қимылдап, көзін ашты. Дошанай бір білегінен, Әбіш бір білегінен ұстап, құнжыңдасып, бір-біріне бас изесіп қалды. Аққыздың зікірі түн ортасына дейін созылды-ау деймін. Содан соң «үһ» деп, жаны жай тапқандай, тұла бойы сірескен, «аруақ қысқан» құрыс-тырысы жазылғандай, жайдары қалпына түсті.
Терлеп-тепшіп шай ішті. Кимешегін, күндігін қайта киді. Кәдімгі Аққыз сипатына қайта түсті.
Ақ орамалымен аузы-басын сүртініп болып, қолына қалақтай қара қобызын алды.
— Иә, Қорқыт Ата, қолдай гөр! — деп, қыл қияқты қыл ішекке салып кеп жіберді.
Дүние тағы да төңкеріліп түсті. Ауылымызда Дәуіт деген кісі ғана қобыз тартады екен деп естігенбіз, бірақ ешкім жоқта жалғыз өзі тартады екен, өз құлағыммен естіген емеспін.
Содан болар, мынау үн, мына сарын тағы да аспанның, Көк Тәңірдің үніндей болып көрінді. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, мен өмірі ұмыта алмаспын. Сол құдірет құлағымда әлі түр.
* * *
Кейін-кейін ат жалын тартып мініп, азды-көпті кісі санатына қосылғанда, сірә, әулие бабамыз Ибн-Сина кітабынан оқыдым ғой деймін: «Емшінің, үш қаруы бар: біріншісі — дәрі, екіншісі — пышақ, үшіншісі — сөз», — депті. Сонау алыста бұлдырап қалған сойқан сәтте, Аққыз Айшаны дәрімен емес, қандауыр пышақпен де емес, сөзбен, жүрекпен емдеген екен. Жаның жаннатта болсын, қайран Аққыз апам.
ӨСКЕНБАЙ
Дүниенің жаратылысында жазық жоқ, мүкісі жоқ. Дүниені бүлдіретін — өзіміз. Ең ақылды жаратылған жан — ол адам. Ақылды азапқа айналдырған да — адам. Жаратылыста жазық жоқ.
Ол рас, күн бұзылады, күн түнереді.
Артынан ашылады ғой.
Біздің Мыңбұлақта сондай.
Мыңбұлақтың үстін сіресіп бұлт басып тұрады да, анда-санда арасынан жылт етіп күн көрінеді.
Күннің құдіретін сонда түсінесің.
Түсі суық сұр бұлт қаптаған күз еді. Мен жылқыны еңіске айдап, арпаның аңызына жайып, өзім бурыл тайдың үстіне шоқиып, ылдидан, станса жақтан келетін сүрлеу жолдың бойына, мына сұрқай дүниеге сүлесоқ қарап отырмын. Төменде, Теріс өзенінің бер жағында, темір жолмен пойыздар арлы-берлі етіп жатыр. Паровоздың боздаған үні талып естіледі. Батысқа қарай кеткені көбірек боздайтын сияқты. Кейін-кейін шамаласам, батысқа қарай сол пойыздармен кілең боздақтар соғысқа аттанып бара жатады екен ғой.
Батысқа қарай жүйткігендердің түтіні будақ-будақ атқылайды. Сірә, жүгі ауыр болар. Әй, ауыр-ау. «Бәрі де — майданға!» деген ұран шыққан шақ. Тіпті жазда Борандының элеваторына есекпен бидай тасығанымызда, Тасбет бригадир кілең жас балалардың алдындағы Мамыт атамның қолына жалпақ тақтайда:
«Бәрі де — майданға!» деген жазуы бар таяқ ұстатып қойған.
Сонда Мамыт атам менен:
— Мынауың не деген жазу? — деп сұраған.
— «Бәрі де — майданға!» деген жазу, ата.
— Осы мені неге алмайды сол майданға?! — деп, Мамыт атам астындағы көк есекті қамшымен тартып-тартып жібергені есімде.
Сол соғысқа адал қызмет еткеннен басқа есектің жазығы не?
Иә, сонымен, әлгі пойыздарға қарап, құлазып отырғанымда, ылдидан қос ат жеккен арба көрінді. Борандыдан келе жатыр. Байқаймын, жүрісі тым жылдам. Арбакештер өрге қарай бұлай жылдам жүрмеуші еді. Мынаның қарқыны қатты. «Бұл кім екен?» деп ынтыға түсемін.
Алыстан-ақ танып қойдым. Шұбар Тілеміс! Кәдімгі май тасығыш Тілеміс атам ғой, жарықтық.
Апыр-ай, заман-ай. Енді қазір ойласам, қызық. Сол соғыстың қақап тұрған шағында жермай (керосин), қарамай бар еді. Әйтеуір, бар болатын. Оны Борандыдан қос ат жеккен арбамен бөшкелетіп Тілеміс атам таситын.
Енді мына 1994 жылы, мен осы әңгімені жазып отырған кезде, сол Мыңбұлақта, сол Борандыда қолдарына шелек, кәністір ұстап, бензин сұрап, қайыршы болып кеткен халық
Ау, бірді айтып, бірге кетіппін.
Әлгі арба жақындай түсті. Байқаймын, Тілеміс атам жалғыз емес. Жанында боз киімді біреу бар сияқты. Май арбаның алдына екі-ақ адам сияды, Жермайлы бөшкенің үстіне отыра алмайсың ғой.
Енесінен айырылып, мүлгіп, мұңайып тұрған бурыл тайды тебініп қалып, арбаға қарай жүрдім. «Енесінен айырылып» дегенімнің себебі бар. Осы жақында ғана ауданнан военком келді. Қасында екі әскері бар.
Жылқы Бердімбет сайдың аяғында жатқан. Бурыл тайды шылбырынан ұстап, сайдың қабағында мен де жатқам. Кенет бір топ атты сау ете қалды. Қорқып қалдым. Атып тұрып, тайыма қарғып міндім. Ай-шай жоқ, әлгі әскерлер жылқыға жаудай тиді.
— Әй-әй Күдә? Күдә? — деп айқайлаймын.
Мені адам ғұрлы көрмейді.
Военкомды танимын. Қыста менің ағаларым: Махан, Сейсенбай, Рәсілхан, Бейсенбек, Тұрар, Күзембай, Кәметтерді шанаға салып алып кеткен осы болатын.
Военком өзбек шатыс көркем жігіт. Менің айқайлап, ойбайлағаныма қарқ-қарқ күледі, мәз болады. Мен қайғырсам, ол шаттанады. Мұнысы несі — түк түсінбеймін.
Жылқыны айдап әкетеді екен деп зәрем ұшты. Қолымда солқылдақ сәмбі шыбықтан басқа қаруым да жоқ. Қалай соғысамын? Бар қаруым — айқайым. Ойбайды салып шырылдап жүрмін.
Бір кезде военком күлгенін қойып, астындағы асау торыны омыраулатып мені қуып жетті.
— Жылама, ақымақ бала!
— Тиме! Тиме жылқыға! Нілзә! Нілзә! — Бар орысшам сол.
— Ей, біз сенің жылқыңа тимейміз, — деді военком түсін жылытып.
Тимесеңіз, аналар неге қуып жүр? Бұл — колхоздікі! Түсінесіз бе, колхоздікі. Бастық мені өлтіреді!
— Өлтірмейді. Бастықтың рұқсаты бар. Бір-ақ жылқы аламыз. Анау — қашаған қара бие.
Қолын шошайтып көрсетті. Рас. екен, әскер қара биенің соңында жүр. Қара бие ұстатар ма еді? Беткейге шығып, зымырап ала жөнелді. Жүйткігенде жануар құлағын жымитып, құйрығын шаншып алады. Өзі де есік пен төрдей келісті еді. Екі әскер қуып барады. Бірақ қара бие шаңына да ілестірмеді.
Басқа жылқы үрпиісіп-үрпиісіп, құлақтарын қайшылап қойып, бәледен құтылғанына шүкір дегендей осқырынып, пысқырынып алып, қайтадан тынышталып, ажырыққа бас қойды.
— Сен бала, саспа, — деді военком. — Ол қара бие — әскердікі. Қашып кеткен, «дезертир». Ол колхоздікі емес. Бірақ сен молодец! Сақ екенсің. Әскерге сендей жігіттер керек. Жасың қаншада?
— Он...
— Өтірік айтпа!
— Рас.
— Үлкен сияқтысың.
Содан соң военком ойланып қалды. Бір түрлі мұңайғандай болды. Тіпті көзі жасаурағандай да көрінді. Бәлкім, өзінің көзі сондай шығар.
— Ай, заман-ай, — деді. — Жыламай тамақ ішпейтін балаға дейін тез есейіп кетті, — деді өзіне-өзі.
— Оқу қайда? Оқисың, ба өзің?
— Оқимын.
— Қай класта?
— Биыл төртінші.
— Онда неғып мектепке бармадың?
— Бастық мұғалімнен сұрап алды.
— Тфу! — деді военком. Орысшалап тағы да бірдеңе айтты. Одан соң бас-аяғымды тағы шолып тұрып:
— Неге жалаңаяқсың? Күн суық қой, — деді.
Жалаңаяқ екенім енді есіме түсіп, бәшпайларымды бурыл тайдың қолтығына жасырмақ боп, қыса түстім. Бурыл тайдың жүні жып-жылы.
— Бәтеңкем бар. Үйде.
— Неге кимейсің?
— Әлден кисем тозып қалады. Қар түскенде киемін.
— Әкең бар ма?
— Жоқ.
— Шешең қайда?
— Жұмыста.
Енді военком галифе шалбарының қалтасынан аппақ орамалын суырып алды. Жөтеліп, пысқырынып, көзін, бет-аузын қайта-қайта сүртті.
Осы кезде қасымызға көк айғыр мінген Жуанқұл бастықтың өзі келді. Военкомға жалпаңдап:
— Ана арам ұстатпай жүр ме? — деді.
— Ұстатпайды, — деді военком алыста ары-бері ойқастап шапқандарға қарап.
— Енді қайттік?
— Ауылдың әлді жігіттері болса... — военком кілт тоқтады. Ауылдың әлді жігіттерін өзі сыпырып алып кеткені есіне түскендей.
Бастық маған шүйілді:
— Әй, шешеңді... нағып шәниіп тұрсың? Бар, ұстаспайсың ба?
— Өй, екі әскер жүйрік аттарымен жете алмағанда, жаман таймен мен қалай жетем?!
— Тілін қарашы, тілің кесілгір!
Военком біздің бастыққа зілдене көз тастады.
— Жуеке, бұл бала молодец! Дұрыс айтады, ілмиген таймен қайтіп жетеді. Одан да астыңыздағы айғырды беріңіз. Көмектессін.
Бастық абыржып қалды. Военкомға рабайсыз ыржиып, сарғайған сирек тістері ырсиып күлген болды.
— Бұл айғырдың басы қатты. Бала немені тастап кетіп жүрсе, жазым болады той.
— Өй, аттан жығылып не бопты?! Былтыр қырғызға барып, бәйгеде жүлде алғаным қайда? — деппін қарап тұрмай қағынып.
— Өзі жылқышы болса, ұдайы ат үстінде жүрсе, неге жығылады, — деп военком нығарлай түсті. — Болмаса, өзіңіз көмектесіңіз ана екеуіне.
Бастық қара биені қуалап, далаңдап шапқысы келмеді ме, әлде мені құласа құласын деді ме, әйтеуір, төңкеріліп аттан түсті.
— Мә, шешеңді.
— Өй, боқтама! — деймін, көк айғырдың үзеңгісіне аяғым жетпей тарбаңдап жатып.
— Өзің оттама! — деп, бастық мені атқа қолтығымнан көтеріп мінгізді.
— Үзеңгінің таралғысын қысқартып беріңізші.
— Қап, мына контраның кесірін-ай!
— «Контра» дегені несі? — деді военком.
— Е, «халық жауының» баласы дегенім ғой.
Военком сазарып қалды.
Бауын қысқартып, жалаңаяқ қара табанды үзеңгіге шірене тіреп алған соң, қайыс тізгінді келте ұстап, бастықтың қамшысына қол создым.
Бергісі келмей, ықылассыз ұсынды.
Қайран, Көк айғыр, Тарлан ғой. Қазанат қой. Үстіне бір мінсем деп армандаушы едім. Көк айғырға Жуанқұлдан басқа ешкімнің тақымы тиіп көрген емес. Өтірік айтыппын-ау, тек былтыр қыста Бауыржан көкем елге келгенде сол мінген. Ай, сонда Көк айғырдың ордан қарғығаны-ай!
Екі әскер, орыс па, немене, аттың үстінде қопаң-қопаң етіп, ерден құйрықтарын көтеріп-көтеріп қойып шабады екен. Аттары да, өздері де болдырып, салпаңдап қалыпты. Қара бие оларды қылжақ қылғандай, бұлаң қағып, назданып, мойнын бұлғаңдатып, басын шұлғып қойып, бұлталаққа салып жүр.
Мені көріп, оқыс тоқтап, одырайып сәл тұрды да, тіке тауға қарай тартты. Қырғызды кесіп, Алатаудан асып, қарамды батырайын деген шығар. Әбден әккі. «Бәле көрген». Бірақ оның сырын мен біраз біліп қалғанмын. Қорлығы да көп өткен. Соған бола қолға түсіп, колхоздың қамбасына бір түн қамалып та шыққанмын.
Әскерде бұйрыққа үйренген бе, кім білсін, әйтеуір, бұйрық дауыстан сескенеді. Әскерде, тек бұйрық қой.
Көк айғыр да оған ерегісіп, көсіле түсті. Мен:
— Қайт! Қайт! — деп бар даусыммен саңқылдап келемін.
Айттым ғой, қара биеге ақырмасаң, болмайды. Ал ана әскерлер оны білмейді.
Көзімнен жас парлады. Көк айғырдың құлағының түбі тершіді. Шабысы үдеді, ауа тымық болса да, құлағымнан жел уілдеді. Қуып жете бере, қара биені дойыр қамшымен тартып-тартып жібергенде, кіржіңдеп, артқы аяғымен теппекші де болды. Бірақ омыраулы Көк Айғырдың мысы басты ма, әлде менің айқайым әсер етті ме, қара бие бұралаңдап барып, кері бұрылды. Аруақтар жар болған шығар, әлгі жануар кәдімгідей жуасып, алдыма түсіп алып, жылқыға қарай жылыстады.
Жылқы жануар ақылды ғой: құтылмасын білген шығар. Адамның құрығы ұзын, әсіресе заманның құрығы ұзын, заманды ол түсінбес, ал адамнан құтылмасын білгендей бұлтақсыз жүріп отырды.
Екі әскер алыста салпаңдап келе жатқанда, мен қара биені жылқыға қайта әкеліп қостым. Қосып қана қоймау керек, енді ұстау керек. Ұстауға менің шамам келмейді.
Жуанқұл бастық:
— Бәрін қораға айда! Қораға, — деп айқайлады.
Сөйтіп, далада жүрген жылқыны ауылдағы атқораға апарып қамадық.
Қара биенің мойнына арқан оралды. Әлгі екі әскер қара биені тұрғызып қойып, бойын, тұрқын, шоқтығын метрлеп өлшеді. Қызық: бұрынғы әскердің малы ғой. Қаратауда қашып кеткен. Содан бері өзгеріп қалды дей ме екен. Несіне өлшейді?
Сонымен, қара биені бір әскер жетектеп, бір әскер артынан айдап, военком бастап, Боранды жаққа кете барды.
Военком кетерінде мені мақтады. Тағы да:
— Молодец! — деді. — Әттең, әлі баласың, әйтпесе жақсы солдат болар едің, — деді. Бастық:
— Е, бұл соғысқа бүгін жіберсең де бара береді, — деді.
— Мұнда сізге де жұмыс істейтін адам керек, — деді военком. — Бот, өзіңді жіберсе болады.
Бастық қорқып, селк етті.
— Мен соғысқа жарамаймын ғой, — деп мүләйім бола қалды. — Кемтармын ғой. Бір көзім...
Жуанқұлдың сол көзінің ақшелі бар еді. Ақшиып тұратын.
— Как раз, — деді военком. — Мылтық атқанда бір көзін қысып атады. Білесің ғой.
— Қой, шырағым, қалжыңың шығар, — деді Жуанқұл, шыннан қорқа бастады.
Военком қарқылдап күлді.
Қара бие жолдан былай бір, былай бір шығып, ойқастап, мойнындағы жуан арқанды жұлқылап көрді. Алдындағы әскер арқанды тартып барады. Артындағы әскер қамшымен сауырдан сабалап барады. Менің шыбығымды шыбын шаққан ғұрлы көрмейтін. Қара бие солдаттың дырау қамшысы тиген сайын қайқаңдайды.
Менің астымдағы бурыл тай құлағын тікшитіп, енесі кеткен жаққа тесіле қарап біраз тұрды да, қарнын қампита бір күрсініп, мойнын төмен салып, ажырыққа бас қойды.
Шешесінен айырылғанын біле ме екен? Білсе, неге жұлқынып, артынан шаппайды? Неге кісінеп жыламайды? Бір күрсінді де тынды.
А, бәлкім, осынікі дұрыс та шығар. Жақын адамдар бір-бірінен айырылса — күйік. Қайғыдан, қасіреттен құса болып, өзегіне өрт түседі. Одан не пайда? «Жазмыштан озмыш жоқ» екенін біле тұра, адамдар қайғыдан бүгіліп қалады. Одан не түседі?
Қара биенің шыңғырған даусы талып естілді. Сол кезде барып, «әттеген-ай» дедім. Әлгі қопаңдаған екі солдатқа ұстатпай кеткенде, мен қуып жүріп, қайырып келіп нем бар еді. Жайшылықта «жауым» болса да, дәл қазір қара биені аяп кеттім. Военкомның айтқанына қарағанда, қара биені соғысқа әкетеді. Атты әскер үшін емес. Атты әскер бұл соғысқа жарамай қалыпты. Оққа, снарядқа тез ұшатын көрінеді. Енді жылқы баласын зеңбірекке жегетін көрінеді.
— Соғыс бітсе, қара бие ауылға қайта ма? — деп сұрадым военкомнан.
— Әуелі адамдар қайтып алсын да, — деді ол шырт түкіріп. — Қара бие солардың садақасы боп, құрбандыққа жараса да жетіп жатыр.
Онда біздің «Мыңбұлақ» құрбандықты мол берді. Азаматтар аман-сау түгел қайтып келсе екен.
*∙*∙*
...Иә, сонымен, енесінен айырылған бурыл тайды тебініп қалып, арбаға қарай жүрдім.
Таныдым! Тілеміс атаның жанында отырған Өскенбай көкем екен. Бурыл тайдан аунап түсіп, тұра ұмтылғанда, мен күткендей, Өскенбай арбадан қарғып түсе қоймады. Ақсия күліп: «Айналайын, айналайын, Барсхансың ба?» — деп, арбаның үстінен еңкейіп, қолын созып, бетімнен сүйді.
Сөйтсем, арбадан қарғып түсе алмайды екен. Жанында екі балдақ жатыр. Қамқа кемпірдің балдағы сияқты. Тек, мыналардың ұшында резеңке «калошы» бар екен.
Тілеміс ата:
— Әй, қызталақ, шап ауылға! Сүйінші сұра! — деді.
Бурыл тайға қарғып мініп, ауылға, Дошанай атамның үйіне қарай ағыза жөнелдім.
Пәшира апам ауыз үйде әупілдекше кекіріп қойып, бір самауыр шайды бір өзі ішіп отыр екен. Жарықтық, «жүрегімнің басы топтанып тұр» деп ылғи шай ішіп отырушы еді. Қайта-қайта «әуп, әуп» деп кекіре беретін. Сөйтсе, оның жүрекке түк қатысы жоқ, асқазаны ауырады екен ғой. Дошанай атам молда болса да, оның емін таппаған.
— Пәшира aпa! Сүйінші! Сүйінші!
Биік табалдырықтан аттай беремін деп, мен құлап қалдым.
Жанында жатқан кебісіне шалынып, Пәшира апам құлап қалды. Абырой болғанда, самауыр құлаған жоқ.
Сөйткенше болған жоқ, Тілеміс атамның май арбасы да жетті. Жан-жақтан, лезде кәрі-жасы бар, едәуір қауым жиналып қалды.
— Жалғызым-ау! Өскенбай-оу! Аман-есен жеттің бе! — деп, Пәшира аңырап барып, арбадан әлі түспей отырған баласын бас салды.
— О неші? Балашы аман-есен келгенде, өштіп аңый-ай ма екен? Тек — деп, Сақау шешем Пәшираны итеріп тастап, Өскенбайға қарай өзі ұмтылды.
Сақау шешемнің Айымқыз деген әдемі аты бар екенін бұл кезде өзінен басқа ешкім де білмейді. Жарықтық келбеті келісті-ақ, аққұбашаның сұлуы еді. Қартайса да сыны кетпеген қасиетті кісі. Бірақ Құдай қылса — не амал, тілі сақау. Содан жұрттың бәрі оны Сақау кемпір дейді. Оған ол намыстанбайды.
Ал оның баласы Есен...
Бұл басқа әңгіме.
Бәрі амандасып болған соң, енді жұрт аңтарылып, Өскенбайдың түсуін күтті. Неге түспей отыр? — деп, таң қалысты.
Сонда Тілеміс:
— Жаралы ғой, жаралы, — деді. — Сүйеп жіберейік, — деді, өзі арбаны артынан айналып келіп, әуелі екі балдақты тік тұрғызып, оны Өскенбайдың қос қолтығына қыстырды. Сөйтіп, өзі икемдеп, сүйемелдеп жіберді. Сұр шинельдің арқасына бөшкенің қара майы жұғып қалыпты. Жаралы әскер қанша білдірмейін десе де, жанына қатты батты білем, көзін шарт жұмып, «м-м-м» дегендей болды.
Мұны көріп, Пәшира апам қайтадан дауысқа бассын:
— Бозбала біткеннің бозымы едің ғой, құлын-е-е-ем! Не болған? Не күйге түсірген сені қараң қалғырлар!
— Тек! — деді Сақау кемпір шаңқ етіп. — Тійі келгеніне қуанбайшың ба, шорлы ғай!
Қос балдаққа сүйеніп, жерге түскенде түсінікті болды: белі бүкшиіп қалған екен. Аяғында солдат бәтеңке. Бізге қызық көрінгені: сирағын қарасұр қатпа матамен қаттап тұрып орап тастапты. Сөйтсе, оны «обмотка» дейді екен. Етіктің қонышы орнына жүреді екен. Өкімет миллион-миллион әскердің бас-басына қайдан етік тауып бере берсін.
Басындағы жәпірейген сарғылт телпекті «пилотка» дейді екен. Маңдайында қызыл жұлдызы бар.
Маған бәрінен де жалпақ қайыс белдігі ұнады. Кейін сол белдікті Өскенбай маған сыйлағанда, төбем көкке жетіп, ұшпаққа бір жеткенім-ай! Әкем Мұртаза Сібірден тіріліп келгендей қуандым-ay! Адам бейшараны қуанту үшін көп нәрсе де керек емес екен ғой. Көңіл жетсе, бәрі жетеді екен ғой.
— Сүйіншіңе, — деді Өскенбай жарқылдап күліп.
Пәшира апамның маған сүйіншіге беретін несі бар? Өскенбай оны сезген болса керек.
Дошанай атам болса, екі калошын қоңылтаяқ киіп, көрші Өреке ауылында көкжөтел қысқан бір баланы емдеуге кеткен екен. Пәшира апам маған:
— Айналайын, Барсхан, Өрекеге барып, атаңды алып келе ғой, — деді. — Абайла, байғұс қуанғаннан кәрі жүрегі жарылып кетіп жүрмесін.
Кешке жұмыстан қайтқан қатын-қалаш, бала-шаға — бәрі Дошанай атамның үйіне жиналды. Ауыл аш отырса да, кәдімгідей той болды. Ай, шіркін, сондағы ауылдың бауырмалдығы-ай. Әркім үйінен барын алып келді: біреу құртын, біреу талқанын, біреу сүтін... Біледі ғой, Дошанай бозқасқа сойып тастамайтынын. Сояр еді — жоқ қой.
Тойханаға біздің Айша да келді. Бұл үй Айшаны Жиенқыз дейтін. Сөйтсем, Дошанайдың әпкесін Есей бай алған екен. Бірақ Айша одан тумаған, Есейдің екінші әйелі (жаның жаннатта болғыр) Құлыханнан туған. Айша сонда да «Жиенқыз».
Айша Өскенбаймен өзгеше амандасты. Басқа қатындар сияқты: «Ой, айналайын, қол-аяғың ама-сау келдің бе?» — деп жалпаңдамай, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түспей, аспай-саспай, әндетіп сәлем берді. Құданың құдіреті, қол-аяғы сау солдатты өкімет ауылына қайтарушы ма еді. Қып-қызыл майдан кезінде. Айша осыны ескертті. Менің есімде қалғаны бір-ақ шумағы:
— Өскенбай, қайным әрі нағашым-ай,
Жігіттің жаннат ішік жағасындай.
Қияметтің қырғынынан тірі келді,
Батыр болып Бауыржан ағасындай,
Тағы біраз айтты. Жарақатың жазылар, жаныңның қалғаны олжа, — деді.
Басқалары: «Қайран Айша, көптен бері ән салмай, үні естілмей кетіп еді, жатыр екен ғой, бар екен ғой өнері», — десіп, қауқылдасып, күлісіп, мәз-мейрам болды.
Сөйтсем, біздің Айша әрі ақын, әрі әнші екен. Ес білгелі естігенім осы. Заманның түзуірек кезінде, Мұртаза барда, жиын-тойда, боза жорада айтысқа түскен екен.
Мен ес білгелі, Айша алты батпан ауыртпалық астында қалып, ән-думан әдіра кеткен екен.
Үйге кеш оралдық. Түңгі аспан ашық, жұлдыздар самсап, Ай толықсып тұрды.
Мыңбұлақтан бүгін бұлт арылды.
ЕСЕН
Көктемде Айша Дошанай атаммен бірге Әулиеата жақтағы төркініне барып, туған анасы Құлыханға бата оқуға кеткенін жазып едім ғой. Оразгүл апам бізбен бірге болған шақ.
Со жолы Айша бір қара құнажын жетектеп келді. Төркіндері емес, бергі Бектөбедегі алшын нағашылары беріпті. Сәли, Қали, Бөпетай. Сатай. Мұртазаның бабындағы кезінде жақсылығын көп көрген кісі екен.
Сол Мұртаза жаламен жазықсыз кетіп, жиен қызы Айша жесір қалып, біз, жиеншарлары жетім қалған заманда, сол баяғы жақсылықтың тамызығы болсын десе керек, нағашыларымыз Айшаға бір қара жетектетіп жіберіпті.
Бірақ: «Теңіздің ар жағында бір сиыр сексен тиын дейді, құрысын, әкелуі иттен қиын дейді» дегендей, Айша мен Дошанай араға бір қонып, сол құнажынды ауылға әрең жеткізіпті.
Есігіміздің алдына қара біткеніне алақайлап қуанып, әлгіні күндіз-түні құйрығынан ұстап жүріп бағып-қағамыз. Бұзауласа, аузымыз аққа жариды-ау деп армандаймыз.
Сөйтіп жүргенде, бір күні адыраңдап Тасбет жетіп келді.
— Не?
— Сиіріңді кәлхоздің корәсінә әліп бәр!
— Неге?
— Мал дөктір тексереді. Мәл әуруі шігіпті.
Жарайды. Біз қорқатын не бар? Сиырымыз жұнттай. Тіфә! Тіфә! Ауруы жоқ.
Айша бұйдасынан жетектеп, мен артынан айдап алып бардық. Сөйтсек, ауылдың Зеңгібабасының бәрі осында екен.
Шетінен мөңірейді. Күнде өріске шығатын мал мына қылыққа түсінбей, «бұл қалай?» дегендей азан-қазан.
Сары сатала ақ халат кигенсіген, халаттың астында сарғыш кителі бар, галифе шалбарлы, хром етігі сықыр-сықыр еткен, қорасан бетті бір кісі, иелері жетектеген сиырларды кезек-кезегімен қарап, тізбектен өткізіп жатыр. Сиырдың өкпесін тыңдайды, тілін көреді, сілекейін тексереді.
Сөйтсе, сиыр малында «ящур» дейтін дерт болады екен. Оны қазақ «қарасан» дей ме, не дейді, әлгі «қарасан келгір» дегені сол екен.
Мына «дөктір» Дүйімбай дейтін шұбар сол аурудың маманы-мыс.
Айша айтатын: «Әкеңнің үстінен арыз жазып, жала жапқандардың ішінде Дүйімбай дейтін сұмырай да бар», — деп. Айша оны маған несіне айтады, ол кезде түсінбеймін. Кейін-кейін байқасам, құлағына сіңе берсін, тым болмаса, өшін алар, әкесінің құны сұраусыз кетпесін дейді екен ғой. Дүйімбайдан мен қайбір өш алып жетістіремін, қағазға атын жазғаннан басқа өш алу қолымнан келмейді. Ағайын арасында да сондай-сондай алапестер болғанын ұрпақ білсін.
Сонымен, кезек бізге де келді. Қара құнажынымыз дөнежін болайын деп тұрған шақ. Құдайға шүкір, үстінен шыбын тайып жығылғандай семіз.
Дүйімбай ары қарады, бері қарады: қабырғасын, сүбесін саусағымен шұқып көрді. Басқалардікі құсатып аузын ашып, тілін суырып көрген жоқ. Салған жерден Айшаға:
— Әй, қатын, сиырың ауру, — деді.
— Тәйт, сандалма! — деп Айша ашуланды.
— Сандалмасаң сандалма! — деп, Дүйімбай да дүрдиіп шыға келді. — Сиырыңды өлтіріп, түгін қалдырмай жерге көміп тастаймыз. Ауру таратады.
— Ойбай, Құдай, ендігі көрсетпеген қорлығың осы ма еді! — Айша Дүйімбайды омырауымен қағып тастап, сиырды жетектеп былай шыға берейін деп еді, еркек емес пе, «дөктір» сиырдың бұйдасына жармасты.
Айша ары тартты, Дүйімбай бері тартты. Қара сиырдың көзі аларып, басын бұлғаңдатты. Айша ала жіпті босата салып, «фельдшердің» жағасынан ала түсті. Енді Дүйімбай да жіптен айырылып, Айшаны өңменінен періп-періп қалды. Еркек емес пе, қолының әлі едәуір болар, Айша тәлтіректеп, әрең-әрең құламай қалды. Әлгіні көріп мен қалай тұрамын?! Дүйімбайды ту сыртынан барып, көк желкесінен ала түстім. «Бұл не пәле?» — дегендей, Дүйімбай артына бұрылып қарап, артынан тістей қатып, сілеусіндей жабысып тұрған бала екенін білген соң, тұла бойымен кілт бұрылып, сілкініп кеп қалды да, мені лақтырып жіберді. Құлап жатқан жерімнен мені біреу көтеріп алды. Қарасам, Есен мылқау екен. Жағының түгі тікірейіп кетіпті. Алдында жазып ем ғой, Сақау кемпір деген апамыз бар деп. Шын аты — Айымқыз. Есен-соның баласы. Баяғы соғысқа кеткен Махан, Сейсенбай, Рәсілхан, Күзембай, Тұрарлардың тұстасы. Соғысқа бұ да кететін еді, тіл-аузы, құлағы жоқ болғандықтан, әскерге алмаған.
Есенде үн жоқ, тіл жоқ. Дүйімбайдың алдына барды, мені меңзеп көрсетті. Айшаны нұсқап көрсетті. Қос қолын жайды, иегін көтерді. Сірә, бұлар саған не жазды дегені болар. Сөйтті де қос қолын Дүйімбайдың алқымына салды да жіберді Дүйімбай шалқалап, екі қолы екі жағына кетіп, көзі шарасынан шыға аларып, бетінің шұбары көрінбей, қызара бөртіп, барлығып бара жатты.
Жұрт шу ете қалды. Сиырларын тастай салып, қатын-қалаш, шал-шауқан — бәрі жабылып, Есеннің қолын Дүйімбайдың алқымынан ажырата алсашы. «Мылқаудың астына түспе, соқырдың қолына түспе» деген рас екен.
Есен өзі сидаң тарамыстай арық. Соншама дүлей күш қай жерінен шығатыны таң қаларлық. Құдай абиыр бергенде, Сақау апамыз жүгіріп келіп, баласына ымдап, қолын түрлі-түрлі ербеңдетіп, саусақтарын ойнатып, біз білмейтін тілде сөйлесті де, Есен басын шайқап-шайқап қойып, «дөктірдің» алқымынан сексеуілдің жігеріндей саусақтарын әрең ажыратып алды.
Шалқасынан құлап жатқан Дүйімбайдың бетіне әлдекімдер су бүрікті. Дүйімбай көзін ашты. Орнынан әрең тұрып, галифесін қаққылады.
Сонда деймін-ау, кейін ойлаймын, Есен соғысқа қатыспаса да, елде жүрген фашистің біреуін о дүниеге аттандыра жаздады. Шын соғысты. Он екі мүшесі сау базбіреулер қауымға, қоғамға жебір. Мысалы, Дүйімбай. Жетім-жесірдің сау малын ауру деп тартып алмақшы болды. Құдірет, әлде табиғат кейде әділетсіз. Адал жанды мүгедек етіп, арамдарды еркелетіп қояды. А, бірақ кім біледі, шын мүгедек Есен емес, Дүйімбай шығар.
Кейін-кейін мен университет бітіріп, қызметке тұрып, демалысқа ауылға келгенімде, Бурный — Борандының базарында Дүйекеңді көріп қалдым. Сәлемдестім. Әуеліде танымады. Қартайыпты. Басына қазақы сеңсең бөрік киіпті. Баяғы «Сталин фуражка», сарғыш китель, хром етік, галифелі шалбар жоқ. Қазақы кебіс-мәсі, ұзын қара плащ киіпті. Таяқ ұстапты. Таяғының басына алашұбар тәспі ораулы тұр. Сөйтсе, молда болған екен. Жанындағы кісілер:
— О, Дүйеке, танымадың ба, Барсхан ғой, баяғы Мұртаза рахметінің баласы, — деді.
Дүйімбай таяғының ұшымен жер шұқылады. Бірақ кешір, шырағым деген жоқ.
— Аман-сау жүрсің бе, балам, — деп ернін жыбырлатты. Оған да шүкір.
ЖАЛАҚСАРЫ ФИНАГЕНТ
Осы көпірдің астынан өткен сайын Байжұман жәкем есіме түседі. «Көпірдің астынан өткені несі?» деп қаларсыз. Әдетте көпірдің астынан емес, үстінен өтеді ғой. Бұл енді темір жол. Боранды бекет темір жолының астында атты арба, машина өтетін тесік бар. Соны жұрт «көпір» деп кеткен. Кейде көпшілік те сондай бір қате түсінікке көндігіп кетеді де, сөздің түбіріне мән бере бермейді.
Баяғыда Байжұман жәкеміз сатылы арбаға үйіп тұрып шөп артып, Борандының базарына бара жатқан ғой. Аттардың божысын баласы Көшкенбайға ұстатып, өзі шоқиып, үйме шөптің үстіне шығып отырған.
Жәкеміздің қателескен жері осы. 1937 жылы Мыңбұлақ ауылының бас көтерерін қынадай қырқып әкеткенде, Байжекең қырғызға қашып кетіп, аман қалған. «Қызыл қырғыннан» аман қалуға ақылы жеткенде, көпірден таяқ жегені өкінішті-ақ.
Шөпті қайбір жетіскеннен сатады дейсің. Кемпірге шәй керек, қызға көйлек керек... Әйтеуір, Құдай қырсығына айдап шыққан ғой.
Содан темір жолға да жетеді. Темір жолдың астынан өтер жер еңісте. Еңіске қарай арба екпіндеп ала жөнелмей ме? Баласы әкесіне: «Ойбай, жата қал», — дегенше болмай, арба темір жолдың астына сүнгіп кетеді. Жәкеміз шөптің үстіне етпеттеп жата бергенше болмай, арба сықырлатып туннельден арғы бетке өте шығады. Баласы аттарды тоқтатып, арбаның үстіне қараса, әкесі ес-түссіз жатыр екен. Темір жолдың қаптама көк цементі Байжұманның мақталы шапанын дал-дал қылып, жон арқасының терісін шелдеп, сыпырып түсіпті.
Емханада екі ай жатып шыққан соң, үйіне оралған Байжекең айтты дейді: «Жоқ арқамның терісін сыпырғанша, қос басымның бір басын қағып түсіргені жақсы еді», — деп.
Желкесінен жоғары қос қолдай бір ісігі бар еді. Содан жұрт оны «Қосбас» атайтын. Жай тымақ, тақия оның басына сыймас еді, өзіне арнайы сопақ баскиім тіктіретін.
Осы оқиғадан кейін, Жуалының басшылары жоғарғы өкіметтен рұқсат сұрайды: темір жолдың астынан өтетін үңгір жолдың табанын жарты метр тереңдетейік деп. Рұқсат етпей қойды. Бұл мәселені тегі Мәскеудің өзі, ондағы Темір жол министрлігі шешеді екен, ондағылар: «Тәйт!» — деп еді, ешкім тиісе алмады.
Сонымен, сол «көпір» әлі сондай.
Жақында ғана, Әулиеатадан Мыңбұлаққа бара жатып, машинамен әлгі «көпірден» өтерде: «Байжұман жәке, Құдай иманыңды берсін», — деп бетімді сипадым.
Машина өрге қарай тырмыса бергенде, тапалтақ тамның тұсында, жолдың жағасында отырған кісіні шырамытып, шопырға:
— Тоқта! — дедім.
Машина тоқтай қалғанда, әлгі кісі келіні ұл тапқандай қуанып, құнжыңдап:
— Кел, кел, — деп айқайлады.
Дәл осы жерде, баяғыда, біздің бала күнімізде, Орынбай дейтін ақсақал кісі екі балдағын екі жағына қойып, темекі сатып отырар еді. Қырғыз атамның темекісін Айша осы Орынбайға әкеліп тастаушы еді. Сол сатып беретін. Жарықтық, сампылдап сөйлейтін аңқылдақ, адал кісі еді.
Айша:
— Өзіңе аманат. Өзімдікі емес, кісінікі, — десе, Орынбай:
— Ой, Айша, өзгеден жесем де, сенен жемеймін ғой. Жесем, о дүниеде Мұртазаның бетін қайтып көремін, — дейді екен, жарықтық.
Сондай да таза адамдар болған. Болған.
Ал мына қазір отырған кісі мүлдем басқа. Ол Орынбай емес, бірақ, құданың құдіреті, бұ да темекі сатып отыр. Орынбайдың темекісінен өзгешелігі: түрлі-түрлі сигарет, көбісі шетелдікі. Дорбаға салып, стақандап сатып отырған махоркасы да бар.
— Кел, кел, сигарет ал: мальбора бар, сөберен де бар...
Сірә, менің кім екенімді таныған жоқ. Кім екенімді мен де айтқан жоқпын. Бірақ мен таныдым.
Қатты өзгеріп, қартайыпты. Әлі ішеді екен: арақ сасиды. Қалтырауық болыпты.
* * *
Мен ес біліп, он екіге аяқ басқан кез. Қырық төрттің көктемі еді. Ұмытуға болмайтын көктем. Әсіресе осы көктемде ашыққандар көбейді. Қылтиып жуа шықты. Жуа теріп жейік десек, Айша:
— Күн күркіремей, ауыздарыңа салушы болмаңдар! — деп, маған, Құрмашқа, Батырханға қатты ескертті.
— Неге, неге? — деп қыңқылдап едік, Айша:
— Уы бар, сеспей қатасыңдар! — деді.
Күннің күркіреуінің жуа уына қандай қатысы бар, оны біз түсінбейміз. Енді күн қашан бұлттанып, қашан күркірер екен деп аспанға қарап телміретінді шығардық. Қасақана аспан шайдай ашық, көгілдір. Жәудіреп, мөлдірейді де тұрады. Жер бетінен жаманшылық атаулы аласталғандай мамыражай.
Шыдай алмай, қартаң құлақ қазып жейміз. Қартаң құлақ дегеніміз жабайы редиска сияқты бірдеңе. Кейінірек содан шоңайна деген тікен өсіп шығады. Құдайдың рахымы шығар, қартаң құлақтың уы жоқ сияқты. Бар болса да, біз тірмізік шығармыз.
Өстіп, бір ыңыршағымыз айналып отырғанда, біздің оқшау үйге ойқастатып, ат ойнатып біреу келді. Басында «Сталин фуражке». Галифе шалбар, сары гимнастерка. Белінде бес елі белдік. Иығында қайыс баумен асынған қайыс сөмке.
— Шешең қайда? — деп шаңқ етті әлгі шикіл сары. Орыс па деп қалсам, қазақша сайрап тұр.
— Жұмыста.
— Неге налог төлемейсіңдер? — Даусы жіп-жіңішке, бірақ удай ащы екен. Қатын дауыс неме екен.
— О не? — дедім мен түсінбей.
— О шешеңді... — Шикіл сары аттың үстінен еңкейіп, сірә, мені ұрмақ болып, қолын соза беріп еді, ыршып түсіп ұстатпадым. Анау ауа қармап, аттан аударылып қала жаздап, тізгін тартып, бойын әрең тіктеді. Сірә, мас болуы керек.
— Қара, мұның білмей қалуын. Налогты білмейсің бе?! — Көзі көкшіл екен, ежірейіп кетті, — Салық! О, орысша оқымаған надан!
Е, салық екен ғой. Салықты білемін. Салықшы басқа болатын. Талай келген. Айшаны талай зарлатқан. Ол басқа еді. Мынау...
Салық не екенін қысқы ұзақ түндерде Айша бізге тәптіштеп түсіндіретін.
— Баяғыда, — дейді Айша, — Қоқан деген патша болыпты. Біздің ел сол патшаға бағынады екен. Бағынышты елге Қоқан салық салады екен. Оның салықшылары ел аралап жүріп:
— Ойма тазға — он теңге, қырма тазға — қырық теңге! — деп жар салады екен.
— Сонда шашы барлар салық төлемей ме? — деймін мен. Айша күледі. Иә, Алла осылай күлдіре көр. Ол күлсе, жадау жанымыз жадырап қалады. Күліп алады да, Айша:
— Неғылған, — дейді. — Жан салық, мал салық, жер салық, тағы да не еді, әлгі, ұмытып қалдым... Әйтеуір, тұлдыр қалдырмаған ғой. Жан басына салық салған. Ең соңында, — дейді Айша, — қыз салық деген шығыпты. Бір ауылдан жылына Қоқанға бір қыз беріп тұрған. Ал енді шатақ осыдан шыққан. Патшаның мейманасы тасып, Құдайды ұмытып, араны ашылған ғой. Араны ашылған жаман. Содан мына біздің Жаңабай Шымырдағы Байзақ датқа қол жинап, Қоқанмен соғысқан дейді ғой. Ақыры, Қоқан Байзақ датқаны қолға түсіріп, зеңбіректің аузына таңып қойып, аспанға атып жіберген дейді. Жанын жаннатта болғыр, Байзақ қолы-қол, аяғы-аяқ, жерге бөлек-бөлек түссе керек. Жұрт солай дейді ғой, мен қайдан білейін...
Бұл — Айшаның айтқаны.
Ал мен кейін өсе келе, оқығаным бар, тоқығаным бар, ойлап қарасам, салықтың тарихы адамзат тарихымен тетелес көрінеді. Аллатағала Адам Ата, Хауа Ананы жаратқаннан кейін, олардың балалары Абыл, Қабыл өсіп жетілмей ме. Абылы мал бағыпты, Қабылы жер шұқылап, бау-бақша, көкөніс өсіріпті. Жаратқан Құдірет, Жасаған Ием немелерінің жемісін жеп көргісі келіп, өзіне шақырыпты дейді. Абыл қойын жетектеп барады, Қабыл қауын-қарбызын алып барады. Сонда Жаратқан Құдіретке қойдың еті көбірек ұнаса керек. Абылды қайта-қайта мақтай беріпті. Қабылға аса назар салмапты. Қызғаныштың қара найзағайы тұла бойын кернеген Қабыл қайтып келе жатып, Абылды таспен ұрып өлтіріпті. Содан бері адамзат аспанынан Қабылдың қызғаныш бұлты арылмайтын көрінеді.
Әне, алғашқы салықтың әлегі сондай. Сыпайы салықтың түп атасы қайда жатыр?!
Ал енді, кейін тарих пәнінен тақылдап «бес» алып жүргенде ұққаным: Петр бірінші деген патша сақал қойғандарға да салық салыпты. Қызық. Сақалдан қандай табыс бар? Салық табыс бар жерден алынуы керек қой. Боярлар дей ме, помещиктер дей ме, шаруа байғұсқа қаз салық, торай салық салады екен. Сірә, ақылай төлей алмаса керек. Содан қаздарын қаңқылдатып, торайларын қорсылдатып, қожайынның қорасын толтыра берген ғой.
Күні кешегі большевик заманында бойдақ салық, қубас салық дегенді өз көзімізбен көрдік. Бойдағы мейлі. Үйленбегені үшін өзі кінәлі. Ал енді қубас салық дегені — көтенсіздік. Ешқандай иманға келмейді ғой. Марқұм, Оралхан Бөкей, жаның жаннатта болғыр, бірінші әйелінен бала көрмей, өмірінің ақырғы үш-төрт жылына дейін перзентсіз болғаны үшін салық төлеп, жалақы айлық алған сайын: «О, Алла, менің жазығым не? Салықты маған бала бермеген сен төлемейсің бе?!» — деуші еді.
Ай, тәлкек тағдыр-ай, екінші әйелінен бала сүйіп, қубас салықтан енді құтылдым ба дегенде...
Сонымен, сонда мен 1944 жылдың ашөзек көктемінде, әлгі шикіл сарыдан: «Налог деген не?» — деп сұраппын. «Налог» дегеннің не екенін онда мен қайдан білейін? Мектепте орыс тілінен оқытатын мұғалім жоқ. Өзім жуа теріп жеуді аңсап, зарығып тұрмын.
Аттан түспей, әлгі сары Сталин фуражкасын бір шекесіне қоқырайтып, жалпақ ернін тілімен жалап тұрып:
— Үйіңде арақ бар ма-ей? — деді.
— Қайдағы арақ? Арақ тұрмақ айран да жоқ.
— Шешеңе айт, шешеңді... Кешке келем. Так, май, жұмыртқа, жүн салық, жан салық, подоходный салық. Бәрін дайындап қойсын.
Сөйтті де атын тебініп, қамшымен сауырына салып қалып, Әбіш атамның ауылына қарай шаба жөнелді. Қайыс дорбасы салпаң-салпаң етеді.
Қаны шығып жарылған ернін тілімен жалай бергені көз алдымнан кетпей, қарап тұрып жүрегім айныды. Құсқым келді. Мүмкін, қарным уілдеп, ішегім шұрылдағаннан шығар. Көзім қарауытып, шауып бара жатқан жалақ сары бұлдырап қана көрінді.
Қызық. Біздің ауылда Қуанышбайдың ғана ерні жалақ. Ол түсінікті. Өзі жетім. Өгей шешесі өзінен туған Наушарбанды жетектеп, төркін жағына көшіп кетті. Қуанышбай жалғыз қалды. Жылқы бағады, шөп тасиды, жер жыртады. Шаң қауып, тозаң жұтады. Ал әсіреңкі сарыға не жоқ? Бұл неден зарығып, ерні жарылады?
Айтқанындай, ымырт жабыла, жұмыстан қайтқан Айша бір құмған шәйді алдына ала бергенде, әлгі сары жан алғыштай жетіп келді.
— Жеңеше, — деді масаң сары көңілді үнмен, — салық төлемепсің.
Сөйтіп, қайыс дорбасының қақпағын ашып, қара мұқабалы қалың дәптерді суырып алды.
— Так, так. А, міне: Бердімбетова Айша. Алты кило сары май. Отыз кило ет. Жүз жұмыртқа. Он кило жүн. — Содан соң, шегір көзі күлімдеп, — Еще бір шиша ар-а-ақ, — деп қыңсылады.
— Арақ та өкіметтің салығы ма? — деді Айша жақтырмай,
— Өзің біл, жеңеше, ішің білсін, әлуай. — Содан соң, ызғарлана қалып, — Білемін, түсінемін, — үйдің ішін тінткілей қарап: — Әлгінің бәрін бірден төлей алмайсың. Отсрочка. Біртіндеп төлейсің. Бір шиша арақ.
— Ай, шырағым, бұл үйде Мұртаза барда да арақ болған емес. Не деп тұрсың өзің?
— Сенің үйіңде болмаса, Жетпісбайдың үйінде бар, содан ал. Қазір төлей алмасаң, қарызға ал.
— Қарызын қайтіп төлеймін? Жетпісбай шал қарызға арағын көрінген адамға бере бермейді. Менің төлей алмайтынымды біледі.
Жалақ сарының шегір көзі ақшаң етті. Қамшысымен етігінің қонышын сарт еткізді.
— Онда салықты төле! Өкіметпен ойнама. Соғыс. Жеңіс жақын. Жеңіске тезірек жету үшін, өкіметке жәрдем керек. Салықты табанда төлеу керек.
— Берерімді бәрін беріп болғанмын. Қысты күні ана сенің алдыңда болған финагент Мұртазадан қалған жайнамазды да тартып әкеткен. Оны қайтесің десем, әскерге шұлғауға жарайды деді. Басқа не бар, іліп алар ештеңе қалмады. Жалғыз сиыр әлі бұзаулаған жоқ. Тусын. Сосын майыңды төлеймін. Екі ешкінің жүнін қырқып берейін. Тауық туса, жұмыртқаңды да төлейін. Ал енді етке менің езімді соймасаң, етке өткізер малым жоқ.
— Табасың!
— Қайдан табамын, шырағым? Үй өртеніп болған соң от та сөнеді ғой. Өйткені жанатын ештеңе қалмайды. Бәрін тауысып болдыңдар ғой. Енді салықта тыйылмай ма?
— Міне, бұл фашистерге жақ адамның сөзі. Демек жауды жеңуге жәрдемдескің келмейді. Ладно. Онда өкпелеме, ертең милиция ертіп келемін.
Милициядан үрейіміз ұшып қалған. Мен, қарындасым, інім, — бәріміз қосылып ұлардай шуладық.
— Өшір үніңді! — деді Айша бізге. — Тексіз немеге бола көз жасыңды қор қылма. Әкесі жаман еді. Ондай әкеден қандай текті бала туады деп едің. — Одан соң финагентке каһарлана бұрылды: — Әй, жалақ, әкелсең әкел милисаңды! Мені еттің өтеміне алсын. Мына баланы (мені көрсетіп) майдың орнына алсын. Мына қызды (Құрмашты көрсетіп) жүннің орнына алсын. Мына жәутікті (Батырханды көрсетіп) жұмыртқаның орнына алсын. Ертіп кел!
Финагент сасайын деді. Мастығы тарқап, қамшысын бүктеп мытып ұстап, шегіншектегендей болды.
— Олай сөйле-е-е-меңіз, — деп «сізге» көшті.
— Енді қалай сөйлеуім керек? Қара суды қайнатып май түсірмесем, май жоқ. Мыналардың (бізді көрсетіп) көз жасын тосып, тостағанға құйып, арақ орнына бермесем — арақ жоқ. Іш осылардың көз жасын. Ол — арақтан ащы. Әйда, сонда мас боласың, кәйіп қыласың.
— Тіліңе шоқ түскір, тілің қандай улы еді! — деп, финагент есікті тарс жауып, шығып кетті. Үрей қамаған үйде біз қалдық. Есі кіріп қалған Құрмаш:
— Апа, неге сонша ашуландың? Бәле болатын болды ғой, — деді.
Әлі арыны басылып болмаған Айша:
— Құдай берген жанды — Құдай алады. Бізге жанды Құдай қарызға берген. Қарыздың сүрегі («срок» дегені) қашан бітеді, сонда барып өлеміз. Қорқа-қорқа болдық қой, қараң қалғыр, — деді.
* * *
Мынау сол финагент. Орынбай шалдікі сияқты мұның да екі жағында екі балдақ жатыр. Сірә, сол қырық төрт-қырық бестің қысында, ауданға бара жатқан жолда, қатты боран соғып, адасып, екі аяғы үсіп кетіпті. Өзі де қатып қалатын екен, қойнындағы бір шиша арақ жанын сақтап қалыпты.
Мені танымады. Шетелдік машинамен жүрген өкімет деп, бір қызыл қорапты ұсынды.
— «Мальбородан» да мына «Сөберен» жақсы, — деп қалды.
Темекіні қойып кетсем де, әлгіні қалтама салып, ақшасын төледім.
Содан соң Мыңбұлаққа жеткенше, финагент көз алдымда тұрды да алды.
ТҰРЫМТАЙ
Мадақтасаң да, қарғасаң да Жарық Дүние деген — осы. Жарық Дүниеге ешкім өз еркімен келмейді. Тағдыр айдап келе қалса, оған ата-анасы, жанашыр, жақындары қуанады. Шамасы келсе, тойхана жасайды. Бесік тойы, тұсаукесер тойы, тағы-тағылар өмір бойы жалғасып барып, Жаназамен тәмәм-тауыс болады.
Бірақ Олжабек туғанда, ешкім қуанбапты...
Бесік тойы мен Жаназаның арасы. Тал бесік пен Жер бесіктің арасы. Ол аралықты өлшеп білген ешкім жоқ. Қар кетер-кетпестен, мысалы, біздің Мыңбұлаққа, қабаққа, күнгей жаққа, қылтиып-қылтиып бәйшешек шығады. Бір аптадан кейін жоқ! Сәуірдің ортасын ала, төскейде құлпырма қырмызы қызғалдақ жаннаттың отындай жарқырап, жайнап тұрады. Сәуір бітісімен, ол да солады.
Әлем тұрғысынан алғанда, адам өмірі де сондай-ақ. Қып-қысқа. Миллиардты миллиардқа көбейткенде, триллионды триллионға көбейткенде таусылмайтын уақыт, адам байғұсқа неге сонша қытымырлық, пәстік жасағанын кім білсін?
Тым көп жасаған да жақсылық емес шығар. Әр нәрсенің басталуы бар, аяқталуы бар. Басталусыз, аяқталусыз, тек Тәңірі ғана, яғни, Алла, бір Құдай.
Ауылымызда Тұрымтай дейтін бір қыз бар еді. Менен төрт-бес жас үлкен. Бірақ, неге екенін білмеймін, сол тапалтақ, қара домалақ қыз, біздің класта, бізбен бірге оқыды. Есімде қалғаны, апайымыз оны жек көретін. Отырған партасына келіп, дәптеріне үңіледі-ұрсады, тақтаға шығарады-ұрсады. Сөйтсек, үшінші ме, төртінші ме, есімде жоқ, бір класта үш-төрт жыл бойы жылжымай қала беріпті ғой. Оны біздің қуып жетіп, бізбен бірге оқитыны сондықтан екен.
Апайымыз — сұқсырдай бетінде шұбар дағы бар, басынан ақ қыжым орамалын тастамайтын, тым таза, тақуа тақілеттес кісі еді. Өзі Әулиеата жақтан көшіп келген. Әштай дейтін күйеуі әскерге алынып, бізбен бірге оқитын кішкентай қызы екеуі ғана, Салбидің бе, Шахалақтың ба, әйтеуір, біреуінің үйінің бір бұрышында тұратын.
Апайымыздың аты — Седен еді, шайтан алғыр кішкентай, бүлдіршіндей қызының есімі — Әсем еді.
Әсем десе — Әсем еді-ау...
Мектептің жанында Мұса бауы дейтін бау бар. Баяғы менің әкеммен бірге сотталатын Мұса. Әулие Қамқаның баласы, Мүнираның байы.
Сабақтан шыққан соң ба, әлде үзіліс кезінде ме, балалар жүгіріп-жүгіріп, сол бауға кіріп кетеміз. Әсіресе сәмбі талдың арасы жып-жылы ұя сияқты. Ұя бәрімізге жетеді.
Содан әлгі сабақ білмейтін мылқау қара қызға лезде тіл бітеді, Тұрымтайды айтамын. Дереу өзгеріп шыға келеді. Класта топастанып түк білмей отыратын неме, мына жерге келген соң бәрімізге бастық бола қалады. «Үйшік-үйшік» дегенді шығарады. Ойынның бір түрі.
— Ал, тұра қалыңдар. «Үйшік-үйшік», — дейді де, бір қыз бір бала; бір қыз бір баладан қол ұстатады.
Біз түсіне бермейміз. Түсінген Жолдасбек сияқты қулар жымың-жымың етеді.
Сөйтсек, әлгі Тұрымтай бәріміздің «шешеміз» болып, ер балаларын үйлендіріп, қыздарын ұзатады екен. Оның да өз күйеуі болуға тиіс, яғни, біздің «әкеміз». «Күйеуі» кім екені дәл қазір есімде қалмапты. Менен шамалы үлкенірек біреу шығар.
«Шешеміз» маған мұғалім апайдың қызы Әсемді «қосады». Оны өзім де жақсы көруші едім. Тек сырттай, әйтпесе мұғалімнің қызы деп жолай бермейсің. Менің түсінігімде мұғалім де бастық. Ал бастық атаулыдан зәрезап болып қалған жағдай бар. Сондықтан, қазір несібеме Әсем тигеніне әрі қуанып, әрі қорқып тұрмын. Қорқатын бір себебім: Әсем басқа қыздардай емес, киім киісі, жүріс-тұрысы бөлек. Өзі сабақты үздік оқиды. Бетінің ақтығы ерекше, сірә. мәрмәр тақылеттес, ұшында қызылы бар. Ал сәл түріктеу ерні шиедей қып-қызыл. Көзі еліктің лағының көзіндей жәудіреп тұрады.
Мінезі тым ашық. Сәл тәлпіштеу. Мұғалім қызына ол мінез жарасатын да шығар. Ауылдың қой мінезді, жуас «шүйкебасы» болса, жасқанбас едім. Оларды тұлымшағынан тартып талай шыңғыртқанмын. Ал мынау...
Мен состиып тұрып қалсам керек. Жайдарман, жарқын жүзді қыз қолымнан тартып, үйшігімізге алып барады. Жан-жағыма қарасам, бәрі де ез «үйлеріне» кіріп кетіпті.
Бұл ағашты бір жерде «Мәжнүнтал» десе, тағы бір елде «Өрімтал» дейді. Біздің сәмбі солардың туысқаны. Бұтасы түзу, шыбығы солқылдақ. Пісте жасыл жапырақтары жұпар шашып тұрғандай хош иісті.
Ал енді сол сәмбілердің түбіне түйежапырақ шығады. Әр жапырағы қойдың терісіндей. Бір-бірімен айқасып, тұтасып қалғанда, киіз үйдің туырлығындай. Астына кіріп кетсең-дайын шатыр. Жаңбыр да өтпейді. Кермек, ащы иісі болмаса, хан сарайындай. Тек талға қонған құстар саңғып тастаған. Содан жасыл жапырақтар ала шұбар.
Сөйтсем, «хан сарайын» жасаулау керек екен. Әсем айтты:
— Мына жерде сандық тұрады, мына жерде кебеже тұрады. Ортаға от жағамыз. Айтпақшы, сен қарап тұрмай қурай теріп кел, — деп, өзі үйдің ішін сыпыра бастады.
«Шыны ма», — деп, сенер-сенбесімді білмей аңқайып тұрғанымда, әлгі «келіншегім» аяғымен жерді тепсініп қалып:
— Неғып тұрсың? Сендей болбыраққа тигенімше, Жолдасбекке шыққаным жақсы еді.
Мен ойын екенін, шын екенін түсіне алмасам да, Жолдасбек дегені жүрегіме найзадай қадалады. Жолдасбек пысық дегені ғой. Көрсетейін мен пысықты.
Ата кеп жөнелдім. Ішім қайнап барады. Баудың қураған бұталарын сатыр-сұтыр сындырып, қолыма жаңқа кіріп кеткеніне қарамай, отынды құшағыма сыймастай қылып үйдім-ай келіп.
— Мә, — деп, әкеліп тастай салып едім, «үйіміздің» ішін түгел басып қалды. Сандық қоятын орын да, кебеже қоятын жер де, асадал қадайтын жер де қалмады.
Қыз таң қалғандай, бетіме ұзақ қарады. Тершіп кеткен бет-аузымды қалтасынан тап-таза орамал алып, сүртіп-сүртіп қойды. Ешкімнен мұндай ықылас көрмеген басым, іш-бауырым елжіреп, жылап жібере жаздадым.
Жаңқа жырып кеткен алақанымды ұстап, тікен қалып қойған жоқ па екен деп үңілді. Содан соң қалақайдың жапырағын жұлып алып, қанаған жеріне басып еді, алақаным ашып, дуылдап қоя берді.
— Намысың бар екен, — деп, қыз бетімнен шөп еткізіп бір сүйді. Сүюге сүюмен жауап беру керек пе деп бата алмай тұрғанымда, қоңырау зарлап қоя берді.
— Ұялшақ, — деді де, қыз еліктің лағындай бір-ақ секіріп, мектепке қарай ұша жөнелді.
Келесі көктемде ғой деймін, біз кластан класқа көштік. Бірақ арамызда Тұрымтай көрінбей қалды. Соңғы кезде бізді «үйшік-үйшікке» де шақырмай, өзінше тұйықталып, мұрнының үсті қара дақпен ноқталанып, біртүрлі болып кетіп еді. Мұғалім апай оған бұрынғыдай ұрыспай, тақтаға да шақырмай, қыздың ноқталы бетіне ұзақ қарап, басын шайқап қоятын.
Оның не айтпақшы болғанын біз қайдан білейік? Сөйтсек... байғұс қыз сорлап қалған екен. Ерте көктемде туып, күзге қарай шыбыш жасына жетпей, қарны қампиып қалатын ұрғашы лақтар болушы еді...
Тұрымтайды құлақ естімейтін, көз көрмейтін алысқа ұзатып жіберіпті деп естідік. Мойынқұм дей ме, немене?
Айша:
— Жөргегінен қағынған сорлы қар, — деді. — Обалың заманға, — деді.
Басқа ештеңе білмейміз.
Тұрымтайдың кемпір-шал, әке-шешесінің қолында жас нәресте қалды. Ер бала екен. Атын — Олжабек қойыпты. Ә дегенде жан баласына көрсетпей асыраса да, тірі адамды қайтып жасырасың?! Олжабек ер жетті. Жігіт болды. Кемпір-шалды сол асырады. Тұрымтай дүниеде бар ма, жоқ па — ешкім білмейтін. Жұрт мүлде ұмытып кеткен.
Кейін шешесі қаза болғанда келіпті. Қанша дегенмен, анасы ғой. Айналайын, ағайын қызық қой. Баяғыда ғой, Тұрымтай осы елде жүре берсе, адымын аштырмай, табалай берер еді. Небір дерттің бәрін жазатын ұлы уақыт екен. Араға жылдар салып, Тұрымтай ауылға келгенде, шал-кемпір, жеңгелері — бәрі де онымен құшақтасып көрісіп, төбесіне көтергендей, жақын аталастар кезек-кезек үйлеріне шақырып, мейман қылды.
Тұрымтаймен сәлемдеспеген тек Олжабек дейді. Мұзды мұхиттағы ақ аюдың баласына ұқсап, туған анасына түксиіп бір қарап тұрып, бұрылып, мал жайлауға кетіп қалыпты. Танымаған шығар. Әрине, танымайды. Бірақ іші құрғыр сезеді ғой. Сезеді. Бірақ перзенттік сезім жоқ. Сезім өлген.
Ол үшін кімді кінәлайды? Жетім қозы тасбауыр. Соғыстан қалған сорлы тұяқ. Әке жоқ, шеше де жоқ. Бірақ екеуі де тірі.
Тұрымтай Мойынқұмға қайтарда қатты жылады дейді. Бәрібір қайтып кетіпті. Өйткені өлген шалынан тоғыз бала қалған екен. Олжабекті қосса, он болар еді. Бірақ қосарын да білмейді, қоспасын да білмейді.
САНДУҒАШ САНДЫҚ
Қазақтың басты байлығы — мал. Малдың басын құрап, көзін тауып, ерінбей-жалықпай еңбек еткендер бай болды. Еңбекпенен құт келеді. Құт келген үйден жұт кетеді.
Бірақ құт пен жұт — күн мен түн сияқты көне күндес. Бірін-бірі кейде жығып, кейде жығылып, аңдысып келе жатқан жуыспас, туыспас құбылыс.
Бабамыз Бердімбет бай мен арғы анамыз Күнікей бәйбіше құт қонған жандар екен. Жұтқа ұшырады ма, ұшырамады ма-о жағы маған беймәлім.
Бірақ селдіреген байлықтың шетін жас бозбала әкеміз Мұртаза мен оның інісі Әміреқұл көрсе керек. Міне, бұлар шын жұтқа ұшырады. Табиғаттың толағай, толайым жұты емес. Жо-жоқ. Дөрекі, зорақы жұт.
Бірінші рет — Кеңес өкіметі орнаған жылы бір сыпырған. Екінші рет — жиырма сегізінші жылы басталған кәмпеске. Бұл жолы тәркілеу тұлдыр қалдырмай кеткен де, әкеміз жүген ұстап, қара жаяу қалған. Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам деген сонда болған.
Дегенмен үрлеп ішіп, шайқап төккен байлықтың сарқыт-сарқыншағын мен өз көзіммен көріп, өз қолыммен ұстадым. Соңғысын өз қолыммен қираттым. Ол былай болды.
Мұртаза мен Әміреқұл соңғы кәмпеске жалмауыз шегірткедей жайпап келе жатқанда, бір киіз үйді, бір әбдірені (сандықты), бір кебежені, бір тігін мәшинесін Бегалының бұзылған қорасының іргесіне көміп, жасырып үлгеріпті.
Мал болса, жерге көміп жасыра алмас едің. Көрдіңіз бе, дүние-жиһазды басқа елдердің байлары неге көп жиятынын? Мысалы, жанымызда отырған өзбек байлары малды мыңдап, мыңғыртып бақпайды. Тіллә! Тіллә, яғни алтын жинайды. Әуелі — жай салады. Бау-бақша өсіреді. «Сарт байыса, там салады, қазақ байыса, қатын алады» деген сөз содан қалған.
Сонымен, әлгі бізге, Айша мен үш жетімге мирасқа қалған алты қанат ақ киіз үй, былғарымен оюлап қаптаған кебеже, киім тігетін аяқ мәшине және зерлі әсем сандық не болды дейсіз ғой?..
Киіз үйді Жуанқұл тартып алып, тракторшыларға қос тігіп беріп, ақ киізді қара май тулаққа айналдырды. Кебежені Айша жан қысылғанда бір қап тезекке айырбастады.
Ендігі қалғаны — зер сандық пен аяқ мәшине. Мәшинені Айша шөптің арасына құрым киізге орап, тығып тастайды. Бізге көйлек-көншек тігерде ғана, түнделетіп шығарады. Ал сандық төрде тұр. Бірақ жарқыратып қоймайды. Оны да көнетоз алашамен жабулап, жасырған болады.
Киіз үйден басқасын, Ұзын Дембай деген бай саудагер атамыз баяғыша Ресейден ба, әлде Хиуа, Бұхардан ба — алыстан алып келген. Өйткені ол жаққа Бердімбет байдың малын айдап барып сатқан ғой.
Мені қызықтыратын — сандық еді. Алашаны түріп қойып, бетіндегі түрлі-түрлі оюларына, суреттеріне, зер жалатқан сызықтарына қарап, саусағыммен сипалап отырар едім. Әсіресе кішкентай кезімде. Сондықтан бетіндегі ою, суреттерден түсінгенім: өсімдіктің жасыл жапырақтары, сол жапырақтар арасындағы кішкентай әдемі құстар. Кейін ойласам; сірә, бұлбұл болар.
Ал кілт бұралғанда шығатын саз — сол бұлбұл үні.
Сандықтың сыртқы әдемілігінен өзге тағы бір сыры бар. Мен білмеген, мен еш жерден естімеген күй тартады. Айша кілт салып ашқанда ғана, құлаққа жағымды нәзік музыка ойнап сала береді. Бірақ кілт менің қолыма тимейді. Тие қалса, сол сиқырлы музыканы тыңдап отыра берер едім. Кілті де үлкен, басын оюлап тастаған, тістері қисық-қыңырлау. Оны Айша бұрымының ұшына байлап жүреді. Айшаның қазіргі шолпысы — сол кілт.
Бұрын бұл сандықтың ішінде қымбат заттар сақталған шығар. Оны мен көрмедім. Менің көргенім: қазір бұл сандықтың ішінде азын-аулақ құрт бар. Содан кейін тәтті бар. Қант дейтін қант емес, науат дейтін науат емес. Екеуінің арасындағы дүбәра. Бірақ шырын.
Күзде қызылша жиын-теріні біткенде, колхоз еңбекақыға бір қапшықтың дәресіндей құмшекер берген. Құрғақ құмшекерді шайға сала бергеннен гөрі, тиімді деп, бұл ауылдың қатындары, әлгі құмшекерді қазандағы сүтке салып қайнатып, қатырып алады. Яғни, қатырма шекер. Сірә, бұл үнемді, тиімді болса керек. Оны сандыққа салып қояды. Айшаның кілтті бізге ұстатпайтыны сондықтан.
Сандықтың тек суретіне ғана емес, сиқырлы күйіне ғана емес, әсіресе ішіндегі тәттісіне құмармын.
Шіркін, сол әбдіре сақталғанда, қазір ол ең беделді мұражайдың сәні болуға жарар еді. Амал не... Кім білген оның қадірін. Бабамнан қалған көз еді деп, ата тегіңді ұмытпас едің ғой. Ата тегін ұмытқан имансыз мәңгүрттер қайдан шығады? Атадан қалған мұраны қастерлемеуден шығады. Бірақ біздің заман, біздің мектеп, біздің университет бізге білім беруден гөрі, сол ата-бабаны мүлдем ұмыттырып жіберуге тырысып-ақ бақты ғой.
Шатақ сандықтан емес, сандықтың ішіндегі қанттан шықты. (Егер «қант» деуге жараса). Сол баяғы Мұса тоғайы. Тамыздың аяғы. Тал — дарақ ұзатылатын қыздардай сыланып, жасыл желегін желбіреткен кез.
Каникулге шығардың алды. Каникулде басқа жердің балалары сияқты пионер лагеріне бармаймыз. Лагерь дегеннің не екенін де білмейміз. Біз колхоздың жұмысына барамыз. Тасбеттің қамшысының астында қаламыз.
Сірә, балалар ақылдың тасқындығынан емес, тірі жан түйсігінің түртпегімен, «біз әлі баламыз ғой, балаға тән заңдылықпен ойын ойнайық та» деген тығылма түйсік арқылы Мұса тоғайға жиналғанбыз.
Кейін ойласам, бұл бабалардың бабалары бізге қалдырған өсиеттің бір түрі екен. Ойын арқылы: «сен болашақ азаматсың, от басыңның иесісің немесе алтын діңгегісің, болашақ анасың, болашақ әкесің» деген ұғым білдіреді екен. Әсіресе қыз бала жағы бетегеден бойы аспай жатып, неге шиден қуыршақ жасап, оны киіндіріп, оған сүт беріп, ұйықтатып, неге сонша әлек болады? Ол мұның ойын екенін ұмытып кетіп, ынты-шынтысымен, жан-тәнімен беріліп істейді. Үш-төрт жастағы қыз балаға мұндай түйсікті кім береді?
Күркешеміз түйежапырақ. Бүлдіршіндей әдемі Әсем иман — жапыраққа топырақ илеп, «нан» пісіреді. Меңдуананың қауашағын тазалап, тостаған жасайды. «Шәй» дайын, «нан» дайын.
— Қап, қант болмай тұрғаны-ай, — дейді Әсем.
— Міне, құмшекер, — деймін мен арықтан бір уыс құм әкеліп.
Әсем қолымды қағып жіберді. Құм бетіме шашырады.
— Осындай да шекер бола ма екен? — деді.
— Е, неге болмайды? Сенің «нан» деп пісіргенің балшық, «шәй» дегенің — жай су. Сонда құм неге шекер емес?
— Тәттінің жөні бөлек. Ол шын тәтті болуы керек.
Сонда ойыма сарт ете түсті: оу, біздің сандықта тәтті бар ғой. Аздап, әшейін ойын үшін аздап алсам, Айша сезе қоймас. Бірақ кілт жоқ қой. Кілт Айшаның бұрымының ұшында. Өзі қызылшада. Дәл қазір жұдырықтай бір қант сындырып әкелсем, мына қыздың алдында кәдімгідей кісі болып қалар едім-ау.
Жанымда тұрған бір түп меңдуананың қауашағын үзіп алып, қақпағын ашып, ішіндегі әлі піспеген дүмбілез дәнін алақаныма салып:
— Міне, шекер! — дедім Әсемге жерден жеті қоян тапқандай.
Қыз бетіме қарап тұрды да, өз саусағымен өз шекесін бұрғылап:
— Есің дұрыс па? Меңдуана — у ғой, — деді.
Аздаған абыройдан әбден айырылып қалғандаймын. Енді бұл қыз мені жек көріп кетсе, Жолдасбек арам қутыңдап қолына түсіріп алуы оп-оңай.
Жолдасбекті ойлағанда, ішіме шоқ түсіп кеткендей селк еттім. Бұл асау қызға қайтсем жағамын?
Тәуекел!
— Мен қазір... — деп, үйіме қарай тұра жүгірдім. Абырой болғанда, Құрмаш пен Батырхан Баянның үйі жағында жүр екен.
Келе салып, бір жуан шеге тауып алып, алашаны түріп тастап, сандықтың кілттігіне әлгі темірді сұғып жіберіп, ары-бері ырғап көрейін. Шеге музыкалы тілшілікке тиіп, сыңғыр-сыңғыр етеді, бірақ нағыз кілт салғандағыдай сайрамайды. Шеге бір кедергіге тірелгендей болады, бірақ одан ары жылжымайды.
Ай, қара терге түстім-ау. Мұса тоғайға құрқол кайтып бару мен үшін өліммен тең. Әсем: «Неге кеттің, неге келдің?» — деп сұраса, не деймін?
Сандықтың аузын балтамен ұрып, талқандағым келіп кетті. Онда шын өлгенім. Айша тірі болса, кешке үйге келеді.
Жүгіріп барып, қобдишадан кемпірауыз тістеуікті алып, шегені сонымен бұрай бастадым. Күйші тілшік «зың-зың» етті де, бір кезде бірдеңе шарт етіп, сынды да кетті. Шегені тағы салып, ары-бері ырғып едім, дыбыс жоқ. Бұрынғыдай сыңғырламайды.
Сөйтсем, сорлы басым, сандуғаш сандықтың тілін жұлып алыппын. Болат тілшік сынып кетіпті. Сандуғаш мәңгі-бақи үнсіз қалды. Сайрамайды.
Ойында нем бар? Қызда нем бар өле алмай жүріп?!
Сандықтың тілі емес, өзімнің тілім жұлынғандай болып, сол қызға кайтып бір ауыз сөз айта алмадым. Өсе келе де сол мінезім қалмады-ау деймін. Әйел баласына сөз айтуға келгенде, ойымдағы небір әдемі сурет, әсем теңеу аузымнан шыққанда қожырап, әсерсіз, әрсіз, өңсіз, өлі балықтай былқ-сылқ етеді де қалады.
Сандуғаш сандықтың жазыры шығар...
ШОЛАҚ СИЯҚҰЛ
Көктемнің көкөзегі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Қой Мүрделі сайдың басында, ақ шидің арасында жайылып жатыр.
Шолақ Сияқұл екеуміз ескі томарлардың үстінде шоқиып-шоқиып отырмыз. Арқамызда — Тәңіртау, алдымызда — Қаратау. Қаратаудың бер жағында, Теріс өзенін бойлап пойыз кетіп барады. Ылдидағы пойыз өрдегі бізге жұлдызқұрт сияқты болып көрінеді. Жүрісі мимырт сияқты. Кім біледі, пойыз да зорығатын шығар. Жүгі ауыр ғой.
Шолақ Сияқұлдың көзі жасаурап тұрады. Ылғи, үнемі жасаурап тұрғандықтан, дәйім де жас жуып тұрғаннан болар, көздері жәудір. Сәбидің жанары сияқты тап-таза. Жалғыз қолымен төс қалтасынан мүйіз шақшасын алады. Қос саусағымен шашақты қайыс тығынын суырып, шақшаның сүйір басын астыңғы ерніне тақап тұрып, насыбай салады. Жалғыз қолмен шақшаны қайта тығындап, қайтадан көне гимнастерканың төс қалтасына салып, түймелеп, орнында ма дегендей алақанымен сипалап қояды.
Содан соң күлімсіреп, сақал-мұртын сипап:
— Осы пойыз болмаса, мен елге жете алмас едім, — дейді.
— Соғыс сонда сонша алыста ма? — деймін мен Шолақ Сияқұлдың әңгімені өзі бастағанына қуанып.
— О-о, — дейді Шолақ Сияқұл, — жердің түбі. Мысалы, мен Лейлінградтың түбінен қайттым. (Ленинград дегені). Лейлінградтан осы біздің Боранды-Бурныйға дейін тура бір ай жүрдік қой.
— Онда әлі соғыс болып жатыр ма?
— Қайда?
— Ленинградта?
— Лейлінградтан пәшістерді қудық қой тырқыратып. Сол қуып бара жатқанда Волху (Волхов дегені) деген жерде маған снаряд тиді ғой.
Осыны айтып, Сияқұл сол қолымен оң қолының орнын сипалайды. Қол орнына гимнастерканың қуыс жеңін уыстады.
— Осы қолым сонда қалды.
— Снаряд деген қандай болады?
Шолақ Сияқұлдың жәудір көзі шақшиыңқырап, сұстанып шыға келді.
— Снаряд? Не десем екен? Кәдімгі келісап бар ма? Дәл соның басындай.
— Апыр-ай, тағы да болса талқандап кетпеген екен, — деймін әрі таң қалып, әрі үрейленіп. Шолақ Сияқұл маған қарайды. Содан соң шарбы бұлт шалықтаған көкпеңбек аспанға қарайды.
— Әуелі Құдай. одан соң аруақ сақтады ғой, — деп ескі зират жаққа бұрылады.
Осы сайдың басында ескі зират бар. «Мүрделі сай» деп атайтыны сондықтан. Онда Сияқұлдың әкесі, бабасы жатыр. Менің бабам Бердімбет те, әжем Күнікей де сонда. Бұрын олардың басында арабша жазуы бар көк тас болады екен. Кейін топырақ басып қалды ма, әлде бір имансыз алып кетті ме — жоғалып кетіпті.
— Снаряд тиердің, алдында окопта жатып түс көрдім, — деді Шолақ Сияқұл. — Түсімде бір ақ шолақ қасқыр арс етіп шапшып, оң қолымды жұлқылап жатқанда, әкем келіп қорқауды таяқпен ұрып, мені ажыратып алды. Содан окопта сыз өтсе де қатты ұйықтап қалған екенмін, шошып ояндым. Әлгі түсімді түсіне алмай, мең-зең болып біраз отырдым. Сол-сол екен: «Атака!» — деген айқай шықты. Атып-атып тұрдық. Окоптан шыға салып, «уралап» ұшып барамыз. Адам айтып болмас аласапыран. Жан-жағымдағы солдаттар мұрттай ұшып құлап жатыр. Бұрылып қарауға да мұрша жоқ. «Е, Алла!», «Иә, Аруақ!» — деп, салып ұрып келе жатқанда, көзімнің оты жарқ ете қалғанын білемін. Ары қарай түк есімде жоқ. Сөйтсем, госпитальдан бір-ақ шығыппын...
Шолақ Сияқұл шақшаға тағы қол салды. Насыбайын атып алып, қап-қара сақал-мұртын тағы сипап қойып:
— Әні, інішек, менің бүйтіп жәрбиіп сенің қасыңда отырғаным: әуелі Құдай, одан кейін аруақтың арқасы, — деп жалғыз қолымен менің шашымды ұйпалақтап қойды, — Жаңа өзің айтқандай, әлгі снаряд сәл кеудеме таман тисе, талқандап-ақ кетер еді ғой. Жоқ, содан сәл бұрын марқұм әкем аян берді: оң қол кетті, жан қалды.
Шолақ Сияқұлға көмекші (сақманшы) болғаныма ризамын. Тасбет Сияқұлға қой қоздар кезде сақманшы болады деп мені мектептен сұрап алған. Айша:
— Осы сенен басқа бала құрып қалып па?! — деп арқаланып келе жатты да, артынша:
— Мейлі, барсаң бара ғой. Шолақ Мияқұл сені ренжітпес. Қойдың сүтін ішіп, ішегің ағарар, — деді.
Бұл ауылдың әйелдері қайнаға, қайындарының атын өстіп бұрмалап айтатын әдеті. Сияқұл десе ұят, Мияқұл десе жарасады.
Айтса айтқандай, қойды өрісте католекке сауып, от жағып, тас қыздырып, қызған тасты сүті бар католекке баж еткізіп тастап жібереміз. Сәл суытып, Шолақ Сияқұл екеуміз кезек-кезек ішеміз. Нансыз болса да тамақ.
— Соғыстан оң қолдың орнына осы католекті байлап қайттым, — деп қояды Шолақ.
Жамырай, жаппай туып жатқан қой жоқ. Күніне үш-төртеуі қоздайды. Соған сақ болсаң болды, басқа алып бара жатқан жұмыс шамалы.
Бір күні:
— Аға, сізге орден бермеді-ау? — дедім қарап отырмай. Баламын ғой, әйтпесе ондай сұрақ дуайтпаттау ғой. Жарасының аузын тырнайын деген ниетім жоқ, бірақ абайламай аузымнан шығып кетті.
Шолақ Сияқұл жасаурап тұратын мөлдір қара көздерін Қаратауға қадады. Үндемей отырды да:
— Інішек, соғыста байтал түгіл бас қайғы. Орденге ұсынған көрінеді. Кәмәндір айтқан, сен геройсың деп. Бірақ мен соның соңына түспеппін, тегі.
— Сұрау салсақ қайтеді? Ұсынса, сізге орден жазылған да шығар. Адасып қалған шығар. Ондайлар аз ба?
Шолақ Сияқұл әуелі сақалы шошаңдап күліп жіберді. Лезде күлкісін тыя қойып, бетіме үңіле қарады.
— Әй, осы сен бірдеңе білесің-ей, — деді. — Оқуың қалай өзі? Хат жаза аласың ба?
— Е, хат жаза алмай не бопты? Биыл бесін бітірейін деп қалдым ғой, — дедім мен шамданыңқырап.
— Е, бәсе, Мұртаза көкем молда кісі еді ғой. Әсіресе Әміреқұл ағамыз, ой, қыса оқығанда, шіркі-і-ін, майын тамызушы еді-ау. Сен соларға тартқансың ғой. Ай, айтпақшы, хат жазсақ қайтеді?
— Қайда?
— Өкіметке.
— Сталиннің өзіне ме?
— Стәлін жолдастың қолы тие бермес. Осы орденнің бастығы Кәлінін деуші еді ғой. Соған. Қалай? Жаза аласың ба?
— Жаза аламын. Тек сіз айтып отырыңыз.
— Онда жарайды. Болса болар, болмаса біздің неміз кетіпті. А? Жазып көрейік.
Сонымен, күн бесін ауа қойды айдап, жаңа туған қозыларды салпаң құлақ көк есекке артып алып, қораға қайттық. Әпуза жеңгеміз:
— Бүгін ерте қайттыңдар ғой. Мен күн әлі ерте шығар деп отқа шәйнек қоймап едім, — деп, қазан-аяқ қамына кірісті.
Шолақ Сияқұлдың екінші класта оқып жүрген Сейіткерім деген баласының дәптерінің қақ ортасынан екі парақты ажыратып алып, хат жазуға кірістік. Екеуіміз аласа, дөңгелек үстелдің басында отырмыз. Шыны сауытта іріңкіреп кеткен кек сия бар екен. Ручканың перосы «86» екен. Қағазды тырнап жазады. Соны жөнге келтіріп біраз отырдық. Терезесі көздей, ыс басқан аласа үйдің іші қараңғы тартқан соң, Әпуза шишасыз шырағданды бықсытып, сықситып жағып қойды. Түтіні қолқаны қабады. Әпуза:
— Немене, екеуің тегі ыздиыса қалыпсыңдар, — деп қағытты.
— Бар, бар. Барпылдамай өз ісіңді біл, — деп, Шолақ Сияқұл шаруа алдында сызданып алды.
Шолақ Сияқұл соғыстан қайтқан селдір-саяқ солдаттардың бірі ғой. Алдымен белі бүкшиіп Өскенбай келді, одан соң бармақтары сексеуілдің жігеріндей бырысып-тырысып Сәмбет келді. Контужин алып, Төреқұл келді. Тізесінің қақпағын оқ тескен оң аяғы бүгілмей, серейіп Жорабек келді. Әсіресе соның жүрісі қызық: алдымен оң аяғын серейтіп, жаны жоқ бөтен заттай лақтырып алға тастайды, сол аяғы оны содан кейін барып қуып жетеді.
Қағаз-қаламды дайындап, Сияқұл не айтса соны жазайын деп мен отырмын. Ол қуыс жеңін сол қолымен уыстап алып:
— Жаз, — деді. — Аса қадірлі, алтыннан ардақты, күмістен салмақты Кәлінін жолдас!
— О кісі қазақша түсіне ме? — дедім мен күмәнданып.
— О, ол кісілер барлық тілді біледі ғой, әйтпесе патша бола ма?!
Ішімнен: «Шыннан біле ме екен?» десем де, Сияқұлдың айтқанын бұлжытпай қағазға түсірдім.
Сияқұл жазуыма үңіліп қарады да:
— Қолың жақсы сияқты. Оқышы, кәне, — деді.
Мен оқып бердім. Айтқанын сөзбе-сөз қағып алғаныма риза болғандай, жалғыз қолымен арқамнан қағып қойды. Бұл менің бірінші алған «қаламақым».
— Ары қарай, — деді Сияқұл тамағын қырнап, жөткірініп алып. — Мен майданнан қайтқан солдатпын. Аты-жөнім: Асанов Сияқұл. Дәкументте солай. Бірақ қазір мені ауылдағылар «Шолақ Сияқұл» дейді. Heгe дейсіз ғой? Неге десеңіз, мен мың да тоғыз жүз қырық бірінші жылы армияға алынып, майданға аттандым. Тілерсектен қан кешіп жүріп соғыстым. Айтпақшы, сіздің атыңыздағы қала түбінде, демек Кәлінін қаласының түбінде айқасқа түстім. Санын дәлдеп айта алмаймын, талай пәшісті жер жастандырып, жаһаннамға аттандырдым. Содан Лейлінград түбінде, Волху майданында қатты шайқас болып, сол жерде оңбай жараландым. Он қолымды снәрәт жұлып кетті. Сөйтіп, автомат ататын, грәнәт лақтыратын қолдан айырылып, шүкімәйт болып қалдым.
Осы жерде менің қаламұшым қағазға тіреліп қалды.
— Не болды? Жазбай қалды ма? — деді Сияқұл.
— Шүкімәйт деген не?
Сияқұл көзі жасаурап, жалғыз қолымен қап-қара шоқша сақалын саумалап, күлді.
— Ой, мен сені білгіш пе десем... шүкімәйтті білмейсің бе? Қасқырдың асығы ғой.
— Иә, біз қойдың, ешкісін асығымен, кейде сиырдың топайымен ойнаймыз ғой. Қасқырдың асығын көрген емеспін.
— Көрмесең, қасқырдың асығы жартыкеш болады, алшы жағы бар, тәуке жағы жоқ, — Міне, мына мен сияқты. Бір қолым бар, бір қолым жоқ. Содан мен де жартыкеш болып көрінемін. Байқамайсың ба?
— Бос жеңіңізді жан қалтаңызға тығып жүрмесеңіз, байқалмайды.
— Жеңі құрғыр желбірей берген соң тығамын дағы, әйтпесе сән үшін дейсің бе. Кәне, ары қарай тарт. Қай жерге тоқтап едік?
— «Шүкімәйт болып қалдым».
— Иә, содан мені енді соғысқа жарамайсың деп еліме қайтарды. Елім — Қазақстан, бұрынғы Әулиеата, қазіргі Жамбыл облысы, бұрынғы Түлкібас, қазіргі Жуалы ауданы, бұрынғы Мыңбұлақ, қазіргі Талапты колхозы. Мен кетерде үлкен кәмәндір айтқан: «Сен, Асанов, ерлік көрсеттің, батыр екенсің, орденге ұсынамын», — деп.
Аса құрметті, қадірменді ақсақалымыз Кәлінін жолдас! Менің сол орденім қайда болды екен? Ауылдағы балалар менің орденім бар десем, сенбейді. Көзіме айтпаса да, сыртымнан: Асанов Сияқұл бір қолын берсе де, бір орден ала алмапты ғой деп күледі. Сондықтан егер мүмкін болса, менің орденімді Жуалы военкоматына жіберсеңіз екен. Шынында да, менің бір қолым бір орденге татымағаны ма? Осы намыс өлтіріп барады. Мен түсімде екі қолым бүтін, ұдайы соғыста жүремін. Ал оянып кетсем — оң қолым жоқ! Сипалаймын — жоқ.
Қазір елге келген соң да қарап жатқан жоқпын.
Жалғыз қолмен қой баққан қиын, әрине. Осы өткен қыста қасқыр шапты. Жалғыз қолмен жуан таяқпен бастан ұрып, әлгі қасқырды соғып алдым. Соны көріп ауылдағылар: «Сен шынымен батыр екенсің, пәшістерді қырғаның, орден алғаның рас екен», — деді. Рас дейін десем, омырауымда орден жоқ.
Аса құрметті Кәлінін жолдас! Менің осы өтінішімді аяқсыз қалдырмасаңыз екен. Деніңіз сау болып, Стәлін жолдастың басшылығымен жүз жасауыңызға тілектес — майдангер Асанов Сияқұл. 4-сәуір, 1944 жыл.
— Басынан бастап оқып шықшы, — деді Сияқұл.
Мен мектепте тақпақ айтқандай тақылдатып оқып бердім.
Сияқұл көзі күлімдеп, қуанып, риза болды.
— Әй, Әпуза, шәй әкел! — деп айқайлады.
* * *
Сол жылы күзде тағдыр мені туған ауылдан жел айдаған қаңбақтай ұшырып алып кетті. Арада көп жыл өтіп, мен студент болып жүргенімде, жазда демалыс алып, ауылға келдім. Шолақ Сияқұл қой баққанын қойып, пенсияға шығыпты. Мен келді дегенді естіп, әдейілеп іздеп келді. Жалғыз қолымен мені қапсыра құшақтап, тұла бойы дір-дір етіп, көкірегі сырылдап, көпке дейін ажырамай тұрып алды. Сол жақ жан қалтасынан кіршеңдеу орамал алып, жасаураған көзін сүртті.
Отырдық. Хал-жай сұрастық. Бір кездегі қап-қара сақал-шашына ақ кіріп, бурыл тартыпты. Қайта-қайта: «Айналайын, інішек» дей береді. Шәй ішіп болған соң шаруасын айтты.
— Інішек, баяғы екеуіміз Кәлінінге жазған хат есіңде ме? — деді.
— Иә, есімде.
— Есіңде болса, сол хатқа жауап болмады. Борандыдағы поштаға өз қолыммен зәкәзнәй қылып-ақ салып едім, қызынды... жауап болмады. Көп ұзамай Кәлінін өліп қалды деп естідім. Сірә, сонда сенің айтқаның рас болды-ау деймін, қазақша хатты түсінбеген шығар. Қош. Мейлі, ол өтті-кетті. Енді жағдай мынадай болып тұр, інішек. Пенсияға шықтым ғой. О басында бірінші группа деп берген. Енді осы біраз күн бұрын қайтадан кәмесия қарап, екінші группаға түсіріп тастады. Осы жайды айтып, қазіргі бастық Вәрәшіловке арыз айтсам ба деп едім. Сен оқуың жүйрік қой, өзің Мәскеуде оқисың. Бұл жолы қазақша емес, орысша жазсаң, Құдай бұйыртса, бірдеңе шығады-ау деймін. Енді орысшаға әбден жетік болдың ғой. Хат жазып бер.
— Жарайды, — деп, қолыма баяғыдай емес, автоқалам, әдемі ақ қағаз алып:
— Ал айта беріңіз, — дедім.
— Оу, інішек, мен орысша айта алмаймын ғой.
— Қазақша айта беріңіз, мен орысшаға аударып жазамын.
— Онда «бісміллә» деп баста. «Аса құрметті, алтыннан ардақты, күмістен салмақты Вәрәшілов жолдас! Жаздың ба? Мен Асанов Сияқұл, Волху майданында ерлік көрсетіп, соғысып жүріп, оң қолымнан айырылдым. Оң қолымның топшысынан тұқылы ғана қалған. Кәмесия бірінші группа берген. Енді жақында жаңа кәмесия шығып, қолымды қайта қарап, сәнтіметрлеп өлшеп, екінші группаға түсіріп тастады. Сонда қалай? Менің снәрәд жұлған қолым, енді мен қартайғанда, қайтадан өсіп шығып жатыр дей ме екен, қызыңды...»
— Оу, Сәке, Ворошилов жолдасқа мұндай боғауыз сөз жазуға болмайды, — деймін мен автоқаламды қоя салып.
— А-а, солай ма? Қайдан білейін қызыңды... ауыз қалып алып кеткен ғой. Әйтпесе, боқтағаным емес бұл.
— Жарайды. Ары қарай айта беріңіз.
— «Солай, Вәрәшілов жолдас. Топшысына таяп жұлынған оң қолымның тұқылы, әсіресе күн бұлттанса, әлі күнге дейін сырқырап, қақсап ауырады. Ал біздің Жуалының ауа райын өзіңіз білесіз ғой, жиі-жиі қабағы қарс жабылып қалады...»
— Оу, Сәке, Ворошилов жолдас Жуалының ауа райын қайдан біледі? «Білесіз ғой» дейсіз. Қайдан біледі?
— А-а, солай ма? Патша болғаннан кейін бәрін көріп-біліп отыратын шығар дегенім ғой. Онда ол жерін жазбай-ақ қой. Жаз ары қарай: «Аса құрметті Вәрәшілов жолдас! Біздің военкоматты Мәскеуге шақырып алып ұрсыңыз. Батыр майдангер Асанов Сияқұлды неге ренжітесің деп мәшкесін беріңіз. Миың бар ма өзіңнің деңіз, Волху майданында қалған, алдақашан шіріп кеткен көл, Асанов Сияқұлға тіріліп келіп, қайта біткен жоқ қой деңіз. Тіпті, анау шанышқылы Әзімханның қолы сияқты шынтағынан қырқылса, протез салып алар еді. Ал Асанов Сияқұлдың қолы протез жалғауға келмейді ғой деңіз. Ай, бір ұялсын, қызыңды... военкомат.
— Оу, Сәке, тағы...
— А-а... онысын жазбай-ақ қой. «Сонымен, менің арыз жазып айтарым: маған бірінші группамды қайтарып берсін. Айтпақшы, баяғыда, сол Волху майданында кәмәндір маған орден беріледі деген. Сол орденнен әлі хабар жоқ. Осы арызым Кәлінінге жазған бұрынғы хатымдай жауапсыз қалмасын. Жауап бермеп еді, Кәлінін өлді де қалды. Сіз де...»
— Оу, Сәке, өйтіп айтуға болмайды.
— А-а... солай ма? Қайдан білейін, қыз... Қойдым, қойдым. Осымен хат тәмәм.
* * *
Ақыры, орденді де ала алмай, «бірінші группасын» да ала алмай, нағыз жауынгер, батыр майдангер Асанов Сияқұл дүниеден өтті. Анда-санда Мыңбұлаққа барғанда көңілім Шолақ Сияқұлды іздейді. Енді ешкім маған хатта жаздырмайды. Бәрі сауатты. Әңгімелесіп, сыр айтатын да адам сиреді...
АЙ ТОЛҒАНДА АБАЙ БОЛ
Ақыл деген асылды Құдай адамдарға тең үлестірмеген. Өмірді де теңдей етіп бермеген. Марқұм болғандар бәрі бірдей бір тиянақты, айталық, бәрі бірдей жетпіске жетіп өлмейді ғой. Біреу ерте, біреу кеш дегендей. Тіпті дүниеге келер-келмес кетіп қалатындар бар, жүзге жетіп жығылатын бар.
Ақыл да сондай: біреуде аз, біреуде көп. Ал басым көбінікі — орташа. Ақылы тым көптер де, тым аздар да, орташалар үшін қалыптан тысқары. Ақылы көптер де жынды, ақылы тым аздар да жынды. Орташалардың ұғымы сондай. Орташалар басым көпшілік болғандықтан, олардың пікірі үстем. Көп қорқытады, терең батырады. Ғылыми тілмен айтқанда: «аномалия». Яғни, халыққа дағдылы қалыптан шығып кеткен. Алла-Тағала адамдардың бәрінің басына ноқтаны бір қалыптан шығарған да, ал сол бастың ішіндегі миды әрқилы жаратқан.
Біздің ауылда да сондай бір «аномальный» адам болды. Жексенбай әулетінен еді. Бұл әулет тұқымы мол, әулетті ата. Тек соғысқа дейін. Соғыстан кейін...
Солардың бірі — Иса атты бозым жігіт еді. Иса бізге есептен сабақ берді. Сонда ол көп болса техникум, яки училище бітірген шығар. Институтта оқымаған. Ал есепке келгенде, Эйнштейн дер едім. Ол Эйнштейннің кім екенін де білмеуі мүмкін. Бірақ сол ұлы адамның туысы сияқты.
Бізге шамалы-ақ уақыт сабақ берді. Әйтеуір, өз басым одан жарты-ақ жылдай оқыдым. Бесінші класта. Егер оныншыны түгел соның алдынан оқып шыққанымда, мен де математик болар ма едім, кім біледі...
Ол программа, бағдарлама дегенді мойындамайтын. Оқыту тәсілі, әдістемесі мүлде басқа. Мысалы, мені тақтаға шақырады:
— Мұртаза баласы Барсхан! Тақтаға! — дейді.
Шығамын. Қаршыға көз, бүркіт тұмсық, сұсты кісі. Ұзын бойлы. Бір қырым артық еті жоқ, сымдай тартылған, сұлу адам. Бірақ сұсты.
— Қай жылы, қай күні туылдың? — дейді бірінші сұрағы.
— Мың тоғыз жүз отыз екінші жылы, жиырма сегізінші қыркүйек, — деймін мен.
— Қай сағатта?
— Оны білмеймін.
— Білмейсің. Әкең сауатты кісі болатын. Жылың, айың, күнің дұрыс. Бірақ сағатын, минутын жазбаған. Қазақ секунд, минут, сағат тұрмақ, күнге де, айға да, жылға да мән бере бермейді. Кеңістік пен еркіндіктің арқасы. Мейлі, сағатты шартты түрде алайық. Айталық, Айша жеңгеміз мың тоғыз жүз отыз екінші жылы, қыркүйектің жиырма сегізі күні, кешкі сағат жетіден жеті минут өткенде босанды делік. Ал, — деп маған шұқшияды, көздері кірпік қақпайды. — Дәл осы қазір қай жыл, қай ай, қай күн, қай сағат, қай минут?
— Дәл қазір, — деп терезеге қараймын, балаларға қараймын. Олар жым-жырт. Тырс етпейді. Басқа мұғалімнің сабағында шошаңдап отыратын немелер қазір құлаққа ұрған танадай. — Дәл қазір мың тоғыз жүз қырық төртінші жыл, жиырма сегізінші сәуір... Сағатын, минутын білмеймін. Сағатым жоқ — деп білегімді көрсетемін.
— Жарайды. Сағатың жоқ. Ал жалпы қолға сағат тақпаған жақсы, — дейді Иса мұғалім.
— Сағат таққан қолдың неге ұқсайтынын білесіңдер ме? — деп балаларға қарайды. Ешкім жауап бермейді. — Білмесеңдер, сағат таққан қол, қарғыбау таққан итке ұқсайды. Жарайды, — деп маған бұрылады. — Ал Мұртаза баласы Барсхан, сен туған мың тоғыз жүз отыз екінші жыл, жиырма сегізінші қыркүйек күнгі, кешкі сағат жетіден жеті минут өткеннен бері, қанша жыл, қанша ай, қанша күн, қанша сағат, қанша минут өтті? Міне, дәл қазір!
Ал шығарып көр! Табан астында минуты, сағаты, күні тұрмақ, жылын бірден айту қиын. Ішімнен мың тоғыз жүз қырық төрттен мың тоғыз жүз отыз екіні алғанда...»
— Он екі жыл... — деймін.
Мұғалім басын шайқап, терезеден Тәңіртауға, одан да асыра аспанға қарайды. Менің осы мұғалімге таң қалатыным: ұдайы аспанға қарап, өзінше аузы жыбырлап, өзінен-өзі күбірлеп, көзге көрінбес әлдекімдермен сөйлесіп жүреді. Міне, қазір де аспанға қарады. Бір шөкім бұлт жоқ, бір ноқаты жоқ көкпеңбек аспаннан не көреді?
Партада отырған балалар да қағаздарына бірдеңе жазып:
— Он екі.
— Он екі!
— Барсхан дұрыс айтты, — деп жамырайды. Мұғалім терезеден кері бұрылады.
— Неліктен бәрің бір қалыптан шыққансыңдар? — деп күйзелгендей болады. — Қайдағы он екі?! Бұл, — деп мені сұқ саусағымен иығымнан түртіп қалады, — жиырма сегізінші қыркүйекте туған. Ал қазір жиырма сегізінші сәуір! Бұл он екі жасқа толуы үшін әлі бақандай бес ай бар! Бес айда бақандай жүз елу күн бар. Әрине, жалпы отыз күннен алғанда. Ал жүз елу күнде — үш мың алты жүз сағат бар. Үш мың алты жүз сағатта — екі жүз он алты мың минут бар: екі жүз он алты мың минутта — он екі миллион тоғыз жүз алпыс мың секунд бар. Дұрыс па?
Иса мұғалім балаларға қарайды. Олар көздері жыпылықтап, саусақтарымен партаның жиегін ысқылай береді. Біреуі де жауап берген жоқ. Ал Иса мұғалім болса, жаңағы ми қатырар есептің бәрін ойланбастан, он секундтің ішінде айтып шықты.
Әлі аң-таңмын. Осы күні компьютер дейтін шықты. Ол кезде оның өзі тұрмақ, аты да жоқ. Сонда құдіреті күшті Құдай Иса мұғалімнің басын компьютер етіп жаратқан ба? Бұл қандай алғырлық? Алғырлық деген сөз аз. Оның аты бөлек. Оны дәл жеткізетін сез де жоқ болуы мүмкін.
Сөйтіп, есеп мұғалімі біздің әуселемізді, өремізді байқады да:
— Ертеңге тапсырма, — деді. — Әрқайсың өз туған күнін, сағатыңнан бастап, ертеңгі сабақ басталар минутіне дейін есеп шығарып келіңдер. Секундін тапсырмай-ақ қояйын, — деп аяды.
Сөйтті де, қоңырау соғылғанға қарамастан, кластан шығып кетті. Онда журнал деген болмайды. Балалардың аты-жөнін, қайсысы сабаққа қатысты, қайсысы қатыспады, арада ай өтсе де жатқа біледі. Кімге, қандай баға қойды — оның бәрін журналсыз-ақ біледі.
Состиып-состиып біз қалдық.
— Мынау бір пәле болды ғой, — деп, Жолдасбек тәмпіш мұрнын тартып, әлден қиналды. Тапсырма қиын, мұғалім қатал. Орындамасқа, ойланбасқа шама жоқ.
— Осыны неге әскерге алмайды екен, — деп, Жолдасбек тағы бір мысық тілеу айтты. Қиналған шығар.
Қиналғанымыз рас. Есепті мен шығара алмадым. Мұғалімнің айтуынша, менің он екі жасқа толуыма әлі бес ай бар екен. Сол бес айдың қанша күн, қанша сағат, қанша минут, қанша секунды бар екенін өзі айтып берді. Ал енді он бір жыл жеті айда қанша күн, қанша сағат, қанша минут, қанша секунд бар — оған миым жетпеді. Қағазды ары шимайладым, бері шимайладым, ақыры, басыма біреу сансыз ине сұққандай, бір темірді бір темірге үйкеп, шиқылдатып жатқандай, қағаздан да, қаламнан да жерініп, жек көріп, орнымнан тұрып кеттім.
Ертесіне мұғалім:
— Кәне, тапсырманы қайсың орындадың? — дегенде, қол көтерген біреу де болған жоқ. Бәріміз төмен қарап шұқшидық та қалдық.
Мұғалім өз басын өзі қос қолымен қысып, қалшылдап бара жатқандай көрінді.
— Мұртаза баласы Барсхан! Сен де ме? — деп маған қасіретке толы көзімен қадала қарады. Мен орнымнан тұрдым:
— Ағай, шығара алмадым. Басым ауырып кетті, — деп шынымды айттым.
— Сенің де басың ауыра ма? — деп, енді мені аяп кеткендей болды.
— Есебіне жете алмадым. Әсіресе минуттары мен секундтарына келгенде, көзімнің алдында от ойнақтап, миымды біреу инемен шабақтағандай болды.
— Ағай, мұндай есеп программада жоқ қой, кітапта да жоқ. Адамның миы жетпейтін түпсіз терең, — деп Жолдасбек пысық шықты.
Иса мұғалімнің имектеу құс мұрнының танауы біресе балықтың желбезегіндей тырсылдап, біресе желі шыққан бүйендей қусырылды.
— Адамның миына жала жаппа! — деді мұғалім ышқынып, Жолдасбекке заһар шаша қарап. — Әркімнің құдайы адамның басында. Ми миллиардтаған клеткадан тұрады. Солардың тым құрыса, мыңнан бірі жұмыс істесе, әрқайсың бас-басыңа пайғамбар болар едіңдер. Құдай бас болғанда, сол бас сорлатып, ми клеткаларын түгел оятпайды. Ми клеткаларымыз ұйқыдан түгел оянса, біз қазіргідей хайуанат қатарынан бір-ақ адым алда жүрмей, ғарышта, басқа планеталарда жүрер едік. Онда анау батыстағыдай жабайылар соғысы болмас еді. Соғыс салу, адамдардың бірін-бірі өлтіруі, қан төгуі — сол жабайылықтан. Неге жабайы? Өйткені адам миының клеткалары түгел жұмыс істемейді. Сендер де оятпайсыңдар миларыңның клеткаларын! — деп, Иса мұғалім шыңғырып жіберді. — Оңбаған, жалқаулар! Мысалы, Мұртаза баласы Барсхан... Өз туған секундынан бастап, дәл қазіргі секундтқа дейін, қанша секунд екенін есептеп шығара алмайды. Не деген сұмдық! Әлі тас дәуірінде жүр. — Енді маған жақындап келіп: — Сен туған секундтан бері, тоқсан тоғыз триллион... Оп-оңай.
Мен қазір Иса мұғалім сонда айтқан цифрлардың құйрығын ұмытып қалдым. Менің миым ұстап қалатын сан емес! Сонда Жолдасбек:
— Ағай, басқа планетада адамдар бар ма? — деп әңгіменің арнасын басқа сайға бұрып жіберді. Қу ғой.
Неге екенін біз қайдан білейік, мұғалім селк ете қалып, Жолдасбекке оқты көздерімен қарап алып:
— Бар, — деді. — Бір ғана планетада емес. Көбінде бар. Олар бізге бір кезде келеді. А, бәлкім, келіп те жүрген шығар. Мен солардың келуін аңсаймын. Мен олармен түсімде сөйлесіп, өңімде іздеймін. Мен солардың арасында өмір сүргім келеді. Мына сендер сияқты есектің миын жегендердің арасында жүру азап! Жалпы, жер бетіндегі адам дегендердің ортасында өмір сүру — азаптың азабы. Бірін-бірі өлтіру, бірін-бірі тонау, бірін-бірі алдау, бірін-бірі көре алмау, бірін-бірі ғайбаттау, бірінің үстінен бірі жамандап, жала жауып, арыз жазу... тілдеу, қандай жиіркенішті?! Сондықтан мен басқа планеталардың адамдарын үздіге-үздіге күтемін. Әсіресе Ай толғанда ұйықтамай, далаға шығып, аспанға қараймын да жүремін. Олар Жерге Ай толғанда ұшып келеді. Түсімде айтқан: Ай толғанда барамыз деп. Сондықтан ұйықтап, қара басып қалмайын деп сақ жүремін, олар келгенде мен ұйықтап қалып, жолыға алмасам — онда өлгенім. Қалайда кездестіруім керек! Айтуым керек оларға: Жер бетінде тәртіп жоқ. Әділдік жоқ деп. Билікке, байлыққа таласқан озбырлар көп деп. Иман жоқ. Қан төккіш қарақшылар көп деп. Жер бетіндегі тағы, тағы толып жатқан жиіркенішті лас қылықтарды оларға түсіндіруім керек. Бәлкім, олар Жер бетіндегі адамдарды жөнге салар, иманды қылар. Айуандық мінез өзгеріп, Жер бетіндегі адамдар ақылды болар. Мен оларды сағынып, аңсап күтемін.
Сөйтіп, біздің Иса мұғалім Жолдасбекке ашуланамын деп, біздің ойымыз тұрмақ, түсімізге кірмеген сырын айтып қойды.
Бірақ ол сырын біз аса түсінген жоқпыз. Басқа планетада адамдар бар дегені де сенімсіз. Бар болғанда да олар жерге қалай жетеді? Жеткенде де Иса олармен қай тілде сөйлеседі? Басқа планеталықтар Жер бетіндегі адамдарды қалай тәртіпке салмақшы? Мысалы, бізде де, фашистерде де бомба бар, снаряд бар, автомат бар. Олар бізді қалай жеңеді?
Осының бәрін мен Иса ағайдан келесі жолы сұраймын ғой деп жүргенімде, мұғалім аудандағы емханаға түсіп қалыпты. Сол екі ортада күз келді. Біздің үй Әулиеата жаққа көшіп кетті де, мен интернатта, институтта көп жыл жүріп, Иса мұғалімді қайтып көре алмадым.
Ауылға бір келгенімде:
— Иса Қызылордада, — деді.
— Онда неғып жүр? — десем.
— Жындыханада, — деді.
Жүрегіме біреу жуалдыз сұғып алғандай шаншып, сыздап барып басылды.
Енді бір келгенімде:
— Иса қайтыс болған, — деді.
Ішімнен қатты қайғырдым. Әлі жап-жас еді ғой. Ол жындыханада жататындай, сонда жатып қайтыс болатындай емес еді ғой. Біз сияқты пенделерден артық білгені үшін, бізден жүз есе, мың есе асыра ойлай алатыны үшін де адамды жынды дейтіні несі?
Шынында да, біз әлі топас шығармыз. Иса мұғалім сол топастықтың құрбаны шығар. Өйткені қабақтай басымыз толған ми бола тұра, соның төрт-ақ пайызы іске қосылып, басқа жағы ұйықтап жатады екен ғой.
Иса соның бәрін оятпақшы болды. Оны жұрт жынды деді. Мен ойлаймын: оны ақылы ауысқандар ауруханасына әдейі тығып тастады. Ол басқа планетадан келгендерге Жер бетіндегі адамдардың неше алуан сұмдықтарын айтып қоймасын деп. Жер бетіндегі әділетсіз тәртіп өзгермесін деп. Ай толғанда, Иса жындыхана төсегінде қол-аяғы таңулы жатыпты. Далаға шыға алмай қалыпты. Өзі баяғыда айтқан: оларға жолыға алмасам — өлемін деп.
Исаны біздің адамдар әдейі өлтірді. Былғаныш дүниені басқа әлем алдында әшкерелемесін деп. Әшкерелесе — әлекке қаласың.
Бірақ басқа планеталықтар біздің жерге бәрібір келеді. Сонда Иса тіріледі. Келгендер тірілтіп алады. Олардың қолынан бәрі келеді.
Бәрібір әшкере боламыз.
ШАҚПАҚТАС
«Соңғы ши», — деді Айша.
Сөйтіп, соңғы ши екенін растағысы келгендей, әлгі қоңыр бас, бір тал шөпті жоғары шошайтып көрсетті.
Біз үшеуміз: мен, Құрмаш, Батырхан. — Айшаның бас бармағы мен сұқ саусағына қыстырылып тұрған «әулиеге» табынғандай болып, талмай қарадық. Бәлкім, сол сәтте ол бізге әулиеден де артық көрінген шығар.
Бір тал ши. Ол — құдірет. Тұзымыз таусылып қалып еді, тұзсыз тамақ тамақ емес. Бірақ одан өлмейсің. Үн таусылғалы қашан. Бірақ одан да өлмейді екенсің. Өйткені ұрада қызылша бар. Көп емес, бірақ әзір бар.
Ал от сөніп қалса ше? Шишақпақ, кәдімгі кішкентай қораптағы шишақпақ таусылып қалса ше? Сірә, бұл қасірет болуы керек. Өйткені Айша бізге еш уақытта ұн таусылып қалды, тұз таусылып қалды деп ескерткен емес. Ал жалғыз шиді жоғары көтеріп тұрып көрсетті. Шишақпақ деген Мәшүрдіннің магазинінде толып тұрар еді. Мәшүрдін соғысқа кетті. Магазин жабық тұр. Әйтеуір бір кезде дүкен ашылар. Бірақ Мәшүрдін енді қайта келмейді. Оны Құдай орыстың жерін жаудан қорғап, сол жердің топырағын тыңайту үшін жаратқан.
Оны орыстар есінде сақтай ма, сақтамай ма, ол — иманның ісі. Өйткені қазір анда-санда елге, Мыңбұлаққа барғанда байқаймын: «осы ауылда Мәшүрдін деген азамат болып еді, дүкен ұстап еді» деп ешкім айтпайды. «Өлдің, Мамай, қор болдың».
Айша әлгі шиді пештің аузына апарып, қораптың қырына тақап, тұтанбай қалмаса екен деп Құдайдан іштей тілегендей, тізерлеп біраз отырды.
Кеш батып, үйдің іші қара көлеңке тартқан кез еді. Біз де бәле көргенбіз ғой, Айшаның уайымын айтпай-ақ түсініп, құдіреттің, Құдайдың не екенін білмесек те, тұтанса екен деп, а құдайлап тұрдық.
Ақыры, от жарқ етті. Пештегі тамызыққа тиіп, жыбыр-жыбыр, шытыр-шытыр етіп барып, лаулап ала жөнелді.
«Ал енді осы отты өшіріп алмайық», — деді Айша.
Сонда қалай, үздіксіз отын жаға береміз бе? Оған отын шақ келе ме?
Айшаның жазда колхоздың қой қорасынан сыпырып алған бір қап қиы бар болатын. Шешеміз сол қидың қос уыстайын жанған шоқтың астына көміп, күлін таптап, үстін табамен бастырып тастады.
Таңертең табаны алып, күлді аршып қараса, астында асыл тастай, лағыл тастай қызарып шоқ жатыр. От пеште емес, өзіміздің жүрегімізде маздағандай қуанып кеттік. Құдайдың мұнысына да шүкір. Қидың күші. Кәдімгі моп-момақан қойдың құдіреті. Етін, сүтін, жүнін, терісін былай қойғанда, қиына дейін, құмалағына дейін асыл екен ғой, жарықтық Шопан Ата!
Ал енді кейбіреулер жақтырмаған топас адамын «баран» дейді. Қандай әділетсіздік, қандай қасиетсіздік?! Десе, дей берсін, оны мадақ ретінде қабылдап, Шопан Ата баласын кие тұтып, әлгі қойды қорлаушының өзін пүшәйман ету керек. Сондықтан біреу саған «баран» десе, сен оған «спәсибә» де. Ақымақ болмаса, түсінеді. «Қойдың сүті — қорғасын, қойды сөккен — оңбасын!»
Отымыз осылайша көпке дейін үзілген жоқ. Ши сұрап, шоқ сұрап, ешкімге алақан жаймадық. Бірақ қаптағы қи азайып бара жатыр.
Апыр-ай, мына созалаң соғыста, адамнан бастап бәрі құрдымға кеткендей құрыған заманда, тым болмаса, кәдімгі күкірт, (біреулер «кеуірт» дейді, енді бір жерде «оттық» дейді, тіпті «шпішке» дейтіндер де бар, ал Мыңбұлақ, «шишақпақ» дейді) кім не десе, о десін, сол күкірттің зар қылғанын айтсаңшы. о, тоба!
Сөйтсе, білгіштер айтады, сонау соғыста дүниенің тас-талқанын шығарып жатқан сол күкірт көрінеді. Күкірттен оқ-дәрі жасайды. Минаның жарылатыны да содан. Мұндай күшті болар ма! Кәдімгі сасық күкірт. Дүн-дүниені сасытып болды.
О басында оқ-дәріні ойлап тапқан адам, о дүниеде тозақ отына түсті ме екен, не болды екен? Бәленің бәрі содан тарады ғой. Оқ-дәрі болмаса, Еуропаның қанғыбас қарақшылары Американың байырғы тұрғындары — үндістерді, жүз миллион үндісті қырып тастай алар ма еді? Оқ-дәрі болмаса, садақпен, найзамен қаруланған Кенесарыны патшаның әскерлері жеңе алар ма еді? Зіркілдеген зеңбірекке садақтан жебе тартқан қайран қазақ.
Ойлап отырсаң, бәрі күкірттің кесірінен.
Жоқ. Ойлай түссең, күкіртте жазық жоқ. Күкіртті ажал құралына айналдырған адам ақымақ, әрі жауыз.
Оттығымыз сөніп қалмаса екен деп, а құдайлап жүргенімізде, бір түні үйіміздің боғат қамысы ызыңдап, терезе сыртында жазда гүлдеп, қыста қурап қалған қарасора мен алабота суылдап, пештің кернейі уілдеп қоя берді. Бәрі қосылып, әлем оркестрі жиһан күйін талмай күңірентті. Кейде маған Тәңіртау бораннан төңкеріліп, дөңбекшіп, жаралы динозаврдай аунақшып, өкіріп, бақырып жатқандай көрінеді.
Әттең, ол кезде әнді, күйді, жиналыстардағы көпірме көп сөзді жазып алатын техникалық құрал бізде жоқ еді. Енді ғой, үйде диктофон, магнитофон деген неменің екі-үшеуі жатыр. Бірақ бұрынғыдай боран да жоқ. Тіпті пештің уілдейтін қуыры да жоқ-ау деймін. О, тоба! Егер сол қырық үшінші жылғы боран жырын жазып алғанда, талантты композитор табылса, сәл-пәл әрлеп, ғаламдық ғарыш симфониясын тудырар еді. Бетховен жайына қалар еді. Періштелер мен диюлар қосылып, әлде арпалысып ән салған түн де өтіп, таң атты. Таңның атқанын терезенің ағараңдағанынан да аңғардық. Ақ түтектен басқа ештеңе көрінген жоқ. Боран ұрып тұр.
Боран басылмапты деп төсекке бұғып жата бермейсің. Тірі адамның тіршілігі бар. Жалғыз сиырға шөп салып, су беріп, астын тазалау керек. Өзіміз де оразамызды ашсақ деген үмітіміз бар.
Дүниеде үміттің үзілгені жаман. Бұрынғы көрген құқайымыздың бәрі айналайын екен. Айша пештің темір қақпағын ашып, ішіндегі төңкерілген табаны шығарып, күлді көсеумен ары-бері аршып еді, күндегідей қып-қызыл шоқ, лағыл тас көрінбейді. Бәрі сұп-суық, сұп-сұр күл! Тамызық от жоқ! Лағыл тасты түндегі сақылдаған, бақырған, шыңғырған диюлар ұрлап алып кетіпті!
Тұңғыш рет үйімізден от үзілді.
— Түнде мына қурап қалғыр қуырдың уілдесі жаман еді, отты тартып әкетіпті ғой, — деді Айша пештің қуыры сыртқа шығатын төбеге қарап.
Айша астыңғы ернін тістелеп, басын шайқады. Айша басын тектен-текке шайқамайды. Оны мен, біле-е-емін. Әсіресе астыңғы ернін тістесе-қи-ы-ын.
Нәметқұл ұста соғып берген көсеуді күлге тағы салды. Күлді тағы ары-бері аударып көрді. Түк жоқ. Сыртта боран ішін тартып, ышқына соқты білем, өйткені қуырдан соққан жел күлді пештің аузынан бұрқ еткізді. Айшаның аузы-басын күл қауып қалды.
Айша пештің қақпағын тарс еткізіп жапты да, көсеуді лақтырып жіберді. Көсеудің басындағы шығыршығы сылдырлады. Қайран Нәметқұл көкем! Көсеуден жай шымшуыр жасай салмай, сабының ұшына сәндеп шығыршық салып қоятынын қайтерсің. Қазір қайда, қай майданда жүр екен? Тірі ме екен?!
Көз алдыма Нәметқұл келе қалып, темір ұста дүкенінің көрігін басып тұрғандаймын. Мен көрікті басқан сайын шоқ шашырап, қып-қызыл от ойнайды. Қайда сол ойнақтаған от?
О, отты сағыну қи-ы-ын.
— Әй, — деді маған Айша. — Айдалада ай қараған адамдай неғып тұрсың? Киін. Баянның үйіне бар. Oт әкел!
Терезеге қараймын. Ақ түтектен ештеңе көрінбейді. Далаға шығамын-ау деп ойлауым мұң екен, тұла бойым түршігіп, мұздап қоя берді.
— Боран басылатын шығар, содан кейін... — деп міңгірлей бастап едім, Айша:
— Бай баласы — байға ұқсайды, байланбаған тайға ұқсайды деп тұрмысың? Сендей кезінде шолжаңдаса — әкең Мұртаза шолжаңдаған шығар. Өйткені ол — бай баласы. Ал саған не жоқ?! Сен қай байдың баласы? Мына жалмауыз заманда ту деген мен емес саған. Бол, жылдам!
Айша осы жерде қателесті. Мені осы заманда туған өзі емес пе? Мен өз еркіммен, өз ықтиярыммен келіппін бе бұл заманға?
Бірақ Айшамен салғыласуға болмайды, тілімді тістеп, тысқа шықтым. Қолыма шоқ салатын қақандоз алып едім, Айша:
— Әй, қақандоздағы от тұрмақ, мына боран өзіңді ұшырып кетеді. Шелек ал, үстін таптап, табамен бастыр, — деді.
Сыртқы есіктің көзін үрінді қар басып қалыпты. Сыртқы есіктің ішке қарай ашылатыны қандай жақсы болған. Сыртқа қарай ашылар болса, қамалып қалатын едік. Әйткенмен, біздің осы үйді ақылды адамдар соққан.
Әуелі есіктің көзіндегі қарды күрекпен әрең ашып алып, күресін үйме қардан тепкішек жасап, ақтаудың үстіне шыққандай болдым. Кәдімгідей еңсегей үйіміз аласарып, жан-жағын тау-тау қар басып қалыпты.
Баянның үйі біздің үйдің батыс жағында. Шамада, жүз елу-екі жүз метрдей жер. Боран сол жақтан ұрып тұр. Ыққа қарай жүрсең бірсәрі. Ал енді жұлқына соққан жынды боранға қарсы жүру азап. Басыңды тұқшитып, иығыңа тығасың. Екі көзіңді жұмып аласың. Оқша атқылаған қар көз аштырмайды. Құдай абырой бергенде, Айшаның қолы өнерлі. Аққоян құлақшынымның бауын алқымдап байлап, мойнымды Айша тоқыған бөкебаймен шаңдып алғанмын. Үстімде Айша өзі тіккен сары құрақ мақталы күпәйке. Құданың құдіреті, осы кезде сары құрақ мата көбейген. Сөйтсе, соғыста жүрген солдаттардың киімінен қалған сарқыт екен ғой. Матаның қалған қиықтарын құрап, соны кәдімгідей метрлеп сатады екен. Біздің Борандының базарына да жеткен екен. Күзде Айша жұмыртқа сатып, май сатып, әйтеуір, әрекеттеп, сол құрақ матадан бір күпәйке тігіп берген. (Үйде өзіміздің «Zinger» деген машинамыз бар ғой). Шалбар да мақталы. Киіздің сыртын матамен қаптап, сырмалап байпақ тігіп берген. Байпақтың сыртында пұшық калош. Қолымда — тері қолғап.
Суықтан үсіп өлер жайым жоқ. Бірақ боран адым аштырмайды. Бетіме пытырлап оқ тиіп жатқандай тыз-тыз етеді. Майдандағыдан несі кем?
Ақ бораннан адасып кетер ем, адассаң, сонда өлесің. Бағыма қарай, Баянның үйі от жағып жатыр-ау деймін: мұрныма түтін иісі келеді. Ақ түтекте мұрынға қармен бірге араласып кірген түтін иісінен артықты жалғанда сезген емеспін. Кейін-кейін «Красная Москвадан» бастап, француз духиына дейін иіскеп көрдім, бірақ боранды күнгі қой қиының түтінінің иісіне дүниеде еш жұпар тең келмейді.
Сол түтін мені адастырмай, Баянның үйіне алып барды.
Өлгенде әрең жеттім-ау. Біздің үйге ең жақын көрші — осы Баян. Одан ары Қаратайдың үйі, оның қарсысында — Дүйсенбайдың үйі. Тағы бір сайдың ар жағында Мамыт атамның үйі, одан әрірек Оңғарбай атамның үйі. Ал шығыс жағымызда, Бердімбет сайдың арғы жағында ел көп. Бірақ мына боранда терең сайдан өту қиямет.
Баянның үйі есігін әрең ашты. Есікті тақылдатып ұрып тұрған адам екенін, боран екенін айыру қиын шығар. Мұндай ақ дауылда дені дұрыс адамдар далаға шықпай өз үйлерінде отырады. Сондықтан біреу-міреу келеді деп күтпеген де болар, әйтеуір, сықырлауық есікті тоқылдатып, аузы-мұрныма сұғанақтана тығылған қарға тұншығып ұзақ тұрдым.
Әлден уақыттан кейін ауыз үйден:
— Бұл кім? — деп сұрады. Боранбайдың даусы. Баянның тұңғышы. Менен үш-төрт жас үлкен.
Бұрын бұл елде есік қаққан адамнан «бұл кім?» деп сұрамаушы еді. Сірә, менің мына келісім шектен тысқары болуы керек.
— Мен — Барсхан.
Есік ашылды. Ауыз үйге бұрқ етіп, боран менімен ілесе кірді. Түрімнен шошып кеткен болуы керек, Боранбай:
— Адасып жүрсің бе, қайдан жүрсің? — деп қойны-қонышыма сіресе тығылып қалған қарды сілкілеп түсіре бастады. Қарды қағып, аяғымды тазалап ішке кірдім.
Даладан кейін, мынау шағын бөлме пейіш сияқты көрінді. Жып-жылы екен. Пеште от жанып тұр, сірә, көң жақса керек.
— Ойбу, байғұс бала, үсіп кете жаздапсың ғой, неғып жүрсің? — деп Баян бәйек болды.
Құс мұрыны болмаса, түсі жылы, сөзі майда кісі еді, жарықтық.
— Отқа жіберді, — дедім мен аузым икемге келіңкіремей.
— Апыр-ай, Айша да жүрек жұтқан екен, осындай жұдырықтай баланы жұмсап, — деді Баян.
— Отымыз өшіп қалыпты, оттық жоқ, — дедім мен «жұдырықтай бала» дегенге намыстанып, өзімді өзім болбыратпай ұстауға тырысып. Он бірдегі бала да жұдырықтай бола ма екен. Менен жасы үлкен болса да, бойы тапал Боранбай шығар «жұдырықтай».
Барлығы: Баян, балалары Күләйна, Қаржаубай, Күләндә, Күлия — бәрі жабылып, бір ағаш табақтан, ағаш қасықпен быламық ішіп отыр екен. Әдейі аңдып келгендей ыңғайсызданып қалдым. Өйткені бәрі — шешесі шегіртке тістеп әкелген қарлығаштың балаларына ұқсап, бәрі мойындарын созып, маған тесіле қарап қалыпты.
Баян:
— Кел, Барсхан, быламық іш, — деді. — Былайырақ отыр, — деп Қаржаубайды ығыстырып, маған орын ұсынды.
— Жаңа үйден көже іштім, рақмет, — деп, орнымнан қозғала қоймадым.
— Оттарың өшіп қалса, көжеге қайдан тоя қалдың? Отыр! — деді Баян бұйыра сөйлеп. Сөйлегенде, қураған ағашқа жасыл жапырақ бітірердей сөзі мамық, жұмсақ, жып-жылы болушы еді, бұл жолы үні қатаң шықты. Өтірігімді ұнатпаған болса керек.
Быламық май қатқан, дәмді екен, бірер қасық ұрттап, тағы іше түскім келсе де, аузымды алақаныммен сүртіп, орнымнан тұрдым. Айшаның: «Сұғанақ болма!» — дегені миыма сарт ете қалды.
Шелекке қи шоқтан тамызық салып, Айша айтқандай үстін табамен бастырып, далаға шықтым.
Баянның үйін айнала беріп, ықтан шыққаным сол екен, гу-у-у еткен жел шелекті қолымнан жұлып әкетті. Қаңбақтай домаланып ала жөнелді. Қарға малтығып, артынан қуып келемін. Жон арқамнан жел итеріп, дедектетіп, өзімді ұшырып барады. Құдай ұрып, құрыған жерім осы болды. Шелекті әрең ұстадым: таба да жоқ, шоқ та жоқ, қар тығылып қалыпты.
Баянның үйіне тағы қайтып баруға бет жоқ. Шоғын аямас-ау, бірақ өлім ғой. Боранбай мысқылшыл, елге жаяды. Қыздары да күледі. Баян: «Бұл кімге тартып осынша болбырақ болған?» — дейді ғой. Ішінен «Әкең жақсы еді, шеше де ширақ, саған не болған?» — деуі мүмкін ғой.
Қу шелекті өз үйімнің дәл алдына қарға бойлата шаншыдым да, жон арқамнан итерген желдің ырқына көніп, дедектеп,
Бердімбет сайдың, ар жағына бір-ақ шықтым. Не өлемін, не от алып қайтамын, атасына нәлет!
Сайдың арғы бетінде, бір тоғай шидің тасасында, Сәрсенбай атамыздың кішкентай үйі жәрбиіп тұрады.
Сәрсенбай — біздің ағайынымыз. Баяғыда Бердімбет байдың жылқысын баққан, Әйнек деген апамыз Күнікей бәйбішенің қызметінде жүрген. Мұртаза кеткен соң, бұрынғыдай жақындығы жоқ. Мен түсіне бермейтін бір себебі бар. Сәрсенбай әмеңгер болғысы келген дей ме, Айшаны алмақшы болған дей ме... Айша оған: «О, оңбаған Ұлтанқұл!» — десе керек.
Содан қайтып Сәрсенбай біздің үйге жоламайды екен.
Бірақ Әйнек апамыз, жарықтық, бір жапырақ, қағілез кісі еді. Анда-санда үйге келіп: «Айналайын мырзаға-ау, кебін киген жоқ едің, кебенек киіп кетіп ен, қайда ғана кеттің-ау, аһ!» — деп аңырап алатын. Мен ес білмейтін екі-үш жасар кезімде, Айша Құрмашқа аяғы ауырлап жүргенде, осы Әйнек мені арқасынан түсірмей көтеріп жүреді екен. Енді мүлде жат адамдар сияқтымыз.
Мына аласапыран — ақырзаман боранда бұл үйге келмес едім, бірақ амалым қалмады.
Сәрсенбай атам терезенің алдында етік жамап отыр екен. Бойжеткен екі қызы: Бибігүл мен Тұйғын біреуі ұршық иіріп, біреуі шұлық тоқып отыр. Соғыстағы әскерге деп. Әйнектен басқасы маған ләм деген жоқ. Әйнек:
— Ойбу, үсіп кетіпсің ғой, отқа жақын отыр, — деп, пештің жанынан орын ұсынды. Мен отырмай, шаруамды айттым. Осылай да осылай, үйде от жоқ. Менің шаруам Сәрсенбай атама арналса да, ол естімеген болып, аузына намдалған жібі бар жуалдызды тістеп алып, етіктің табанына біз тығып, тұқшыңдап отыра берді.
Әйнек жұдырықтай бір уыс кемпір болса да, шалына әлі әмірі жүретін болуы керек:
— Тек! Онысы несі? Мына Барсхан азаптың аузынан келіп тұр ғой. Айдауға кеткен әкесінің жақсылығын көп көріп ең ғой, не көрінді сонша, бер оттықты! — деді.
Сәрсенбай етікті лақтырып тастап, тістеуік, балға, шеге салған қобдишаны алып, сақұр-сұқыр араластырып, арасынан асықтай бір шақпақ тас, содан соң орақ тістің басын, қара андыздың сабағын алып, кемпіріне берді, кемпір маған берді.
Одан от шығаратын қандай амал бар, оны қырсық шал айтқан жоқ. Мейлі, мынаусына да рақмет. Миы болса, өзі тапсын амалын деген шығар.
Таңертең кеткеннен түс әлетінде үйге әрең жеттім. Түс екенін, әлде кеш екенін ажыратып болмас, арсылдаған ақ мылтық.
Үйге кірсем, Айша қалың киініп, мені іздеуге шыққалы жатыр екен. Сірә, өлді деген болуы керек. Құрмаш пен Батырхан мені өліп қалды ма деген соң, жылап отыр екен.
Айша ұрса ма деп едім, ұрыспады. Қайта үсті-басымды шешіндіріп, үсіп кеткен бетімді сипалап, кеудесіне басты.
Тіпті «от қайда?» — деп сұраған да жоқ.
Сонда мен Сәрсенбай шал берген аппақ шақпақ тасты, болат соққышты, қара андызды алып, шақпақ тасты болаттың қырымен шақ-шақ еткізіп ұрғылап едім, жарқ-жұрқ етіп, шоқ шашырады. Бірақ қара андыз тұтанбады. Қара андыздың тұқылын тасқа тақай түсіп, қысып ұстап, тағы шағып едім, тамызықтан түтін бұрқ етті. Абайлап үрлеп көріп едім, көздей болып, қып-қызыл от ойнап шыға келді.
Айша, Құрмаш, Батырхан үшеуі бас салып мені құшақтап, айда кеп аймаласын.
Сыртта түнек тұрса да біздің оқшау, жалғыз үйге Алланың ақ нұры жауғандай, үйдің іші, тіпті түкпірдегі ұраға дейін жарқырап кеткендей болды.
Тасты аяғымызбен таптап жүрміз. Таста жан жоқ деседі. Таста тамыр жоқ деп ғайбаттайды. Сандырақ! Таста от бар. От болса жаны бар. Жаным бар деп жүрген адамдардан артық. Өйткені адам кеудесіндегі от мың күн жанып, бір күн өшеді. Ал тастың тамырындағы от мәңгілік. Бірақ ол менмұндалап айқайламайды. Адамдар сияқты мақтанбайды. Таулардың өзі, тіпті қазір бораннан көрінбей тұрған Манас шыңның өзі, бүкіл Тәңіртаудың өзі От перзенті. Жердің ішек-қарны ақтарылып, от болып бұрқылдағанда таулар туған.
Ал мына Сәрсенбай берген асықтай тас — біздің Шақпақ тауымыздың бір қиыршығы. Оны Тәңір біз өлмесін деп жаратқан. Бірақ біз ұмытып кете береміз. Рақметіміз жоқ, тәуба — тауфиғымыз жоқ...
АРҒЫМАҚ МІНГЕН ATАЛАР
Олар маған ертегілер елінен келген алып батырлар, яки Баба Түкті Шашты Әзіздің туысқандары сияқты болып көрінді. Әйтеуір, күнбе-күнгі көріп жүрген көз үйреншік адамдарына ұқсамайды.
Жаз маусымы аяқталып, колхоз астығын жиып-теріп, Борандының тойымсыз элеваторының өңешіне құйып болған кез. Элеваторға бидай тасудан босаған соң, мені Тасбет қайтадан жылқыға шығарды. Баяғы бурыл тай бұл күнде құнан болып, сұлу мүсінді сәйгүлік тартып келе жатқан. Тасбет қызығып өзі мініп жүрді. Баяғы Бердімбетторы қартайды.
Тасбет бригадирге мен:
— Ақыры, жылқыға жіберсеңіз, өзімнің бурыл тайымды беріңіз, — дедім.
Сөйтіп ем, Тасбет тулап шыға келді:
— Әй, жуәрмек, бурыл сенің әкеңнің кәлгән мәл мә? Мін әнә бәбәңнән кәлгән Бердімбетторыға! — деді.
Бердімбетторы бабамнан қалғаны рас. Колхозға өтіп кеткені болмаса, баяғы бай бабамның көзі. Мейлі дедім.
Жарықтық жылқы баласы да жақсы адамдар сияқты. Адамның адал досы, серігі, қанаты болған соң, оған да Құдай адамның орта жасындай жас берсе ғой. Бірақ пенделердің орта жасымен салыстырғанда Қамбар ата баласы аз жасайды. Дер шағы — бесті шыққаннан бастап, он, ары кетсе он беске дейін. Одан ары қартайып, небір тұлпарлар тұғырынан түсе бастайды. Адамзат — келер, келер жүзге келер десе, жылқы жарықтық, ары кетсе жиырма бес, отыз жасар. Олар некен-саяқ. Онда да қорлық көрмей, қамыт кимей, арда өскендері ғана.
Ал Бердімбетторы не көрмеді? Бір кезде кәдімгідей қадірі бар ат белсенділер міне-міне жауыр да болды, қамыт киіп, қосқа да түсті, Тасбеттің тас тақымы батып талай жыл жүрді. Енді әбден қалжырап біткенде маған бұйырды.
Атта тіл жоқ. Әйтпесе торыдан:
— Неге Бердімбетторы аталдың? Бердімбетті көрдің бе? — деп сұрар едім. Ұлы анамыз Күнікей бәйбішені ше? — деп сұрар едім.
Жылқыны арпаның аңызына жіберіп, өзім торыдан түсіп, ауыздығын алып, оты қалыңдау, ажырық аралас, арпа масағы молдау шөмелеге жетектеп келіп, өзім арпа сабанға жата кетемін. Аспанға қарап жатырмын.
Бердімбетторы маған риза болғандай, қайта-қайта пысқырынып қойып, ажырықпен араластырып, арпаның масағын күртілдетті-ай келіп. Тасбет мініп жүргенде мұндай еркіндік қай-да-а-а. Түсте үйіне шәй ішуге келгенде де қақшиып қаңтарулы тұратын.
Бұл адам баласы қызық. Колхоз дедік, барлық мал-мүлік бәрімізге ортақ дедік. Сонда да тышқаншылап, әркім өз ініне тартқылайды. Бір қалта бидай, бір бау шөп болса да өз үйіне жеткізгенше жан дәрмен. Жеке меншік психология Адам Ата, Хауа Ана мен Абыл, Қабылдан бері қалыптасқан. Сол қалыпта түскен тірлікті большевиктер бір жылда быт-шыт қылып, қызыл қырғын орнатып, колхоз құрды. Мысалы, маған мына колхоздың жылқысының бәрі бірдей. Әйтеуір, тапсырып, міндет артып қойған соң бағасың. Бақпасаң құрисың.
Бірақ бар жылқының ішінде маған Бердімбетторы ыстық көрінеді. Менің жеке меншігім емес, бұл да колхоздікі. Әйтсе де мұны ерекше ықыласпен мәпелегім келіп тұрады. Беталды міне бермей, ауыздығын алып, арқасын суытып, тартпасын босатып, жемді жерге қоя беремін. Сөйтсем, жеке меншік дегеннен «жеріп» өсіп келе жатқан менің өзімде де, сол қан деген қасиеттен жұққан сарқыт бар.
Арпаны комбайн Нәметқұл көкем әскерге кетпей тұрғанда балалардың шашын тап-тақыр қылып алғандай, сыпырып кеткен. Сонда да там-тұм масағы, әсіресе шөмеледе қалып қойған. Кейде тіпті сабанмен бірге бүнкерден дән де төгіліп қалады. Оны мен топырағымен, топанымен араластырып, дорбама салып аламын. Кім біледі биылғы қыстың қандай боларын? Өткен қыстан өлмей әрең шықтық. Көктемде жуа теріп, борсық сияқты жауқазынның тамырын қазып жеп, Қаратаудан қойшылар алып келген жаужұмырды талғажау етіп, жанымызды сақтадық. Әйтеуір, жаз келіп, пісікке ілініп, жүрегімізді жалғадық. Өткен қыс пен көктемнің сұмдығынан үрей болып қалған басым, жерде дән жатса да теріп алып, дорбама сала беремін. Арпа жарықтықтың масағы күйрек; бидайдай емес, дәні тез төгіліп қалады. Сондықтан, одан масақ теріп жарымайсың.
Сөйте тұра, дорбадағы арпадан уыстап алып, Бердімбетторыға асатамын. Қатқылдау ернімен алақанымды қытықтап, жалап-жұқтап қояды. Бір кезде менің қолымнан жеген жемге тойып қалғандай, оттағанын қойып, ішін тартып, көзін жұмып, тым-тырыс болады. О да мен құсап, баяғы балалық — құлын шағын сағынып, есіне алып тұратын шығар.
Кәрі торы мүлгиді. Жұмулы көзі іріңдегендей, оған шыбындар үймелейді. Бірақ оны торы ат кірпігін жыпылықтатып ұшырған болады.
Арпаның шөмелесіне шалқалай жатып аспанға қараймын. Ала шарбы бұлттар Шығысқа қарай тізбектеліп көшіп барады. Бұлтқа шекара, тосқауыл жоқ,. Мүмкін, бұл бұлт сонау Атлант мұхитынан шығып, қансыраған Еуропаның үстінен өтіп, ұлы майданның түтінімен араласып, біздің жерге де жеткен шығар. Майданда бұл бұлтты Нәметқұл көкем, Орха мен Ноха көкелерім, Махан мен Сейсенбай ағаларым көріп: «Бұлттар, елге сәлем айта барыңдар. Барсхан деген бауырымыз бар еді, тірі жүрсе, соған ерекше сәлем айтыңдар. Далада жүрсе, төбесіне тоқтаңдар!» — деді ме екен.
Үміт пен қиял ғой. Әйтпесе, бұлттар менің тұсыма тоқтаған да жоқ, сәлем де айтқан жоқ. Баяу қалқып, керуендей көшіп барады. Ала бұлттың ар жағынан ойдым-ойдым болып, көкшіл аспан көрінді. Айнымайтын сол ғана. Мені көрсе, сол аспан ғана көреді. Шексіз аспан — Шексіз Құдіреттің көзі. Осыншама орасан көз болмаса, Жаратқан Алла жердің бетіндегі қыбыр-жыбыр тіршілікті қалт жібермей қалай қамтиды? Сірә, Жасаған Иемнің оң көзінің бір қиығы маған да түсті-ау деймін.
Өйткені...
Тастақтау жолдың үстінен дүбірлеген ат тұяғы естілді. Басымды көтеріп алып қарасам: серейген-серейген еңселі екі атқа мінген қос жолаушы келе жатыр екен. Орнымнан тұрдым. Балағыма жабысқан арпаның топанын қағып, торы аттын ауыздығын салдым. Жолда келе жатқан еңгезердей екі атқа торы да оқшия қарап, салбыраңқы кәрі құлақтарын тікшитпекші болып еді, құлақтары түскір оған көніңкіремей, сәл-пәл қозғалақтады да, қайтадан солып қалды.
Салтанатты салт аттыларға таяп:
— Ассалаумағалейкум! — деп даусымды шығарыңқырап сәлем бердім.
— Әлейкуме-ассалам, — деді түйеден биік ала айғыр мінген, толықтау кісі, бір көзін қысыңқырап тұрып.
— Аман бол, балам, — деді көзі күлімсіреген қара шал.
Екеуі бір-бірінен аумайды. Тек, біреуі толықтау, біреуі ашаңдау. Сақалдары аппақ. Екеуі де күлімсірейді, күлімсірегенде жүздерінен нұр шашырағандай сүйкімді. Өздерінен де гөрі, мені астарындағы аттары қызықтырып барады. Әскерге кеткен Қара бие сияқты тұрқы ұзын, шоқтығы биік. Сірә, үзеңгісіне менің аяғым жетпес.
Екі жолаушы да көздері күлімсіреп, маған тамашалай қарап қалыпты. «Менің түр-тұрпатыма күліп тұр ма?» деп сезіктеніп, өзімнің үсті-басыма көз салсам: жалаңаяқ екенмін. Онда тұрған не бар? Әлі күн жылы, әне, қарлығаштар ұшып жүр, одан да биікте құрқылтайлар әуені әрі-бері сызғылап, зымырайды. Демек әлі ызғарлы күз бен қыстың ауылы алыста. Тек, көк бомази шалбарымның балағы жырым-жырым. Онда тұрған не бар? Жылқы баққан бала немене, сал-серілерше киінуі керек пе?»
Өзіме өзім осылай дедім де, үлкендерден үйренгенімді білдіріп:
— Жолдарыңыз болсын, — деп қойдым.
— Әлей болсын, жарығым, — деді қартаңдау, арық, қараторысы.
— Әй, осы сен Айшаның баласы емессің бе? — деді бір көзін қысыңқырап, аузы ашылыңқырап, күлімсіреп тұрған толықтауы.
Бүкіл тұла бойымнан әлдебір белгісіз дүлей ұрып өткендей ду-у ете қалды. Әкемді атамай, шешемді айтқаны таңдандырды. Мен сәл күмілжіп:
— Иә, Мұртазаның баласымын, Айша — менің шешем, — дедім.
— Ой, айналайын, — деп толықтауы жардай биік ала аттан аунап түсті. Қорбиып келіп, мені бас салып құшақтап, бетімнен, маңдайымнан ары да сүйді, бері де сүйді. — Қайран, Мұртазаның титімдей тұяғы, — деп, көзінің жасын сүртті.
— А, а, — деп екінші жолаушы да аттан түсіп, менің күс-күстеу қолымды алып, емірене сүйіп, арқамнан қағып, басымнан сипады. — Кішкентай жиеншар.
Кім екендерін жыға танымасам да, енді ішім сезді, бұлар Айша айта беретін Сәли мен Қали нағашыларымыз болды-ау, сірә.
— Сіздер Сәли ата мен Қали ата... — дей беріп едім, толықтауы:
— Ой, айналайын, қайдан танып қойдың? — деп елжіреді.
— Баланың жүрегі сезіп тұр ғой, — деді үлкені де емірене қалып.
— Мынау — Сәли атаң, — деді толықтауы, — мен — Қали атаң боламын.
Мен ес білгелі мені бұлайша аймалап, бұлайша еміреніп сүйген ешкім есімде жоқ. Тек, шанышқылыдағы Әдия әпкем ғана, анда-санда біздің үйге келгенде, қалтасынан жалғыз кәмпит шығарып беріп:
— Кел-ей, Айшаға тартып кеткен жаман неме, — деп, мені бауырына қысып-қысып қоятын. — Мұртаза көкеме тартсаң ғой, аппақ, сұлу болар едің. Е, мұрныңнан айналайын, жалпайып тұрған...
Сонда мен Әдия әпкемнің бетіне қарап қаламын. Әкемнің туған қарындасы ғой. Мүмкін, Мұртазаға ұқсайтын шығар. Мұртазаның түр-түсі есімде сақталмапты. Өзімше Әдияға сақал-мұрт бітіремін. Басынан аппақ күндігін алып тастап, Мұртазаның дөңгелек тері телпегін кигіземін. Шамада әкем осындай: ақсары, қыр мұрынды, жирен сақалды...
Сөйтсем, мен шешеме тартып кеткен екенмін. Мына Қали нағашым мені сол Айшаға ұқсастығымнан шырамытып тұр екен. Өйткені Мұртазаның баласымысың демей, Айшаның баласы емессің бе? — деп сұрады ғой. Қан деген қасиет сездіріп тұрған шығар.
Мынадай қадірменді қонақтар келгенде, қалай шыдап тұрасың? Тез Айшаға хабарлау керек!
— Айша қызылшада, анау талдың ар жағында, — деп Өреке жақты көрсеттім. — Мен шақырып келейін. Бригадир босатса, қазір келеді. Сіздер... Анау өрде тұрған ақ үй — біздің үй. Бара беріңіздер. Мен қазір... — деп, Бердімбетторыға қарғып міндім.
— Үйде біреу бар ма? — деді Қали атам.
— Бар. Құрмаш бар. Батырхан бар, — дедім оларды бір үлкен кісілерге балап. Көңілім тасып, асыра сілтеңкіреп тұрмын. Әйтпесе, жаңа біздің қотыраштау тамымызды «анау... ақ үй» дегенім артықтау. Рас, алыстан ағарып көрінеді. Жанына барсаң, әр жерінің әгі түсіп қалған, қарақотырлау. Баяғыда әлі арнайы мектеп салынбай тұрған кезде, біздің отбасымызды Шоңғардың ескі тамына көшіріп, біздің үйді мектеп етіпті. Сыртын сонда ақтаса керек. Кейін мектепке арнап жай салынғаннан соң, өз үйімізге қайта көшіппіз. Оны мен біле бермеймін. Қалай болғанда да бүкіл Талаптыда қазіргі мектептен кейінгі ақ үй — біздің үй.
Кәрі лақса атты қамшылап келемін. Менің қуанышымды сезгендей, қайран торы да әлінше аянбай-ақ, қосаяқ қақты.
Жанына жақындай бергенде, Айша:
— Не болды-ей? Балалар аман ба? — деп, қызылша тазалап отырған жерінен пышағын қолынан тастамай ұшып тұрды. Жанындағы басқа әйелдер де үрпиісіп қалды.
— Аман, аман... — Ентігіп тұрмын.
— Енді не болды? Өлген әкең тіріліп келді ме?
— Сә... Сәли, Қали ата... аталарым келді.
Айшаның жүзі найзағай шағылысқандай жарқ ете қалды.
Қызылшашы қатындар Айшадан:
— О кім?
— Кімің еді, байғұс-ау? — деп жан-жақтан жамырады.
— Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар. Бізді де іздейтін жан табылғаны ғой. Сәли, Қали — менің нағашыларым, — деді Айша. Мұны айтқанда біртүрлі масаттанып қалды.
Айша селебедей ұзын пышағын қызылшаның жапырағына сүртіп, топырағын тазалап, дорбаға салды, қатындарға:
— Мен кеттім-ей. Тасбет келсе, айтыңдар, алыстан адыр-адыр таулардан, бұдыр-бұдыр белдерден асып, нағашылары іздеп келген деп. Енді Тасбет көп болса, мені көшіріп жіберер. Көшірсе — мейлі, — деді.
Құдай аузына салды ма, кім біледі...
Мен Айшаға:
— Атқа мінесің бе? — деп едім:
— Сенің атыңнан өзім бұрын жетемін, — деп, қызылшаның жиегіне шығып, ирелең жалғызаяқ жолға да түспей, қызыл тікенді, шоңайналы, тастақтау қырқамен тіке тартты.
Бір кезде Айшаның білектей-білектей қос бұрымы тілерсегіне дейін түседі екен. Әлі де ұзын. Екі бұрымды қосақтап, ортасында «сандуғаш сандықтың» кілті байлаулы тұр. Сол кілттің салмағымен Айша адымдаған сайын, бұрымдары теңселіп келеді. Арт жағынан мен оны көріп келемін. Бір мезгіл Айша артына бұрылып:
— Әй, Барсхан, мені тұтқындаған айдауыл құсамай алдыма түс, — деді. — Не қатарласып жүр.
Айша осылай деп айтқалы бері арада қанша жыл өтті — мен біреудің артынан жүре алмаймын. Озып та кеткім келмейді, тек қатарлассам болғаны.
— Жеттім деген жығылады, толдым деген төгіледі, — деуші еді Айша.
Заң — закон, кодекстердің талайын оқып, талайын бастан өткеріп, ұзын жолдың алдамшы гүлі аралас тікенегін кешіп жүріп келемін, жүріп келемін... Бірақ ешбір кодекс менің көкірегіме әлгі Айша айтқан мақалдай қонған емес. «Жеттім-жетілдім» деп жетіскен де жерім жоқ, «болдым-толдым» деп далиған да емеспін. Айшадан да көп бұрын әулие анамыз өзінің күндесінен туған балаға:
— Ағарып алдыма түспе, қарайып артымда қалма, — деген екен.
Кодекстің көкесі — осы.
Айшаның өз нағашыларымен қалай көріскенін несіне айтайын. Бәрібір тап басып, дәл бере алмаймын, тек айтарым: қос нағашы, бір жиен қыз — үшеуі құшақтасып, тіпті бастары түйісіп, көпке дейін ажыраса алмай тұрды. Әлде сағыныш, әлде зар, көкіректегі көп сырлар осылай айтылатын шығар.
Бұлар көріспеген төрт-бес жылдың ішінде не өтіп, не кетпеген. Дүниеден Мұртаза өтті. Айшаның туған анасы, мына Сәли мен Қалидың туған апасы (әпкесі) Құлыхан; Айшаның туған бауыры, Сәли мен Қалидың жиені Рахман қаза болды.
Үшеуі де аһыласып-уһілесіп біраз отырды. Айша маған:
— Әй, Барсхан, құмғанмен су әкел, — деді.
Қолдарына су құйдым. Жас аққан көздерін шайды.
Содан соң Сәли мен Қали кезек-кезек құран оқыды. Бірінен бірі өткен, жүрегінде қатып қалған шеменді жібітіп, елжіретіп жібергендей сиқырлы дұға. «Мен өлгенде, басыма дұға осылай оқылса» деп армандатар сияқты. Осындай әуезді дұғадан кейін, өлгендер тіріліп келер сияқты.
Үйімізге бір емес, екі Қыдыр ата келгендей, берекеміз кірді де қалды. Нағашыларымыздың қоржынында сары мейіз, қара мейіз, кәмпит бар екен. Бұл Айша көңілденгені сонша: маған, Құрмашқа, Батырханға сол базарлықтан уыстап-уыстап берді. Құдайымыз жарылқады. От басына құт қонды.
Бүйіріне патшалардың суреті салынған самаурынға от қойылды. Айша бұл самаурынды киізге орап, тығып тастап еді. Өзіміз шәйді шәугімге қайнатып ішетінбіз. Бұл жолы Айша сол өзіміз көре бермейтін самаурынды шығарды. Бірақ жүдеу дастарқанның басында, есекке күміс ер салып, зермен жабулағандай жараспай тұрды. Самаурын соншалықты сәнді. Ал дастарқанда пәтір наннан басқа ештеңе жоқ. Тағы да болса, Әулиеатадан келген қоржындағы мейіз бен кәмпит әбүйірімізді жапты.
Қали атам орысша да сауатты білем: самаурынның бүйіріндегі суреттерге сығырая қарап отырып:
— Атаңа нәлет, Николай, ішкізіп едің қант пен шәй, — деп мырс етті.
Патшаны мақтау үшін, алдымен нәлеттеп алмаса болмайды екен, заман осындай болған ғой.
Кейін білдім, сары самаурынның айналы бүйірінде едірейісіп тұрған сақал-мұрттылар: Александр патшалар мен Николай патшалар екен. Соңғы патшаны құлатқан — біздің большевиктер екен. Соңғы патшаны қатын, бала-шағасымен қосып қырып тастағандардың бірі Голощекин деген жендет, осыдан он жыл бұрын ғана Қазақстаннан кеткен екен. Соған дейін, сегіз жыл бойы, Қазақстанға патша болып, қазақтарды қойдай қырып, сергелдеңге салған екен.
Сары самаурынның сыры сондай. Оны біз қайдан білейік? Қали атам болмаса, жәй сурет екен деп мән бермейтінбіз. Патшалар әлдеқашан құрыған. Ал біздің үйде бейнелері әлі тұр. Мұны ақи көз белсенділер көрсе, сорымызды сорпа қайнатқандай қылар екен...
Шәйдан кейін меймандар жүрмекші болды. Айша жыламсырап:
— Бұларың қалай? Бас иесі жоқ үй дегендерің бе? Тым құрыса, тышқан мұрнын да қаната алмадым. Қона кетсеңдер болмай ма? — деп ренжіп қалды.
Қали:
— Е, Айшажан, заманында сенін әкең Есей байдың малын үйірімен айдап жедік, Мұртазаның да сый-сияпатын көрдік. Мал соймады екен деп саған кінә қойсақ, бізді аруақтар атар. Мына Жуалы ауданының бастығына келіп едік, біздің ауылда, өзің білесің, мал өрісі тар. Соған мына Тәңіртаудың бір қуысынан жайлау сұрай келдік, шаруа тығыз, — деді. — Аман — есен екеніңді көрдік. «Орнында бар — оңалар». Мына жаман немелерің де өсер. Заман құрығы тым қылқындырып бара жатса, хабарлас, бір амалын табармыз.
Басқа да көп сөздер айтылды, бәрі есімде жоқ.
Бұл қырық үшінші жылдың қыркүйегі еді.
Олар бізді құшақтап сүйіп, қош айтысып, арғымақ аттарына қонып, аудан орталығына қарай бет алғанда, қаралары үзіліп кеткенше арттарынан қарап тұрдық.
Айша:
— Бізге де Құдайдың оң көзі түскен екен, бізді де іздейтін жанашыр бар екен. Тәуба, тәуба! Құдая шүкір! — деді.
Бізді онша аялап, еркелете бермейтін Айша бұл жолы үш баласын бірдей құшағына сыйдырып жіберді.
Балапандарын құзғын құстан қорғаған мекиендей қорбиып қалды.
КӨКАЛА ҮЙРЕК
Ұйқым келмеді.
Ұйықтайын десем, өзегім талып барады. Өзек деген не? Ішек-қарын түсінікті. Қазір уілдеп, удай ашып жатқан да сол ішек — қарын. Ал адам ағзасында «өзек» деген мүше жоқ. Татар мұғалім әндерін тыңдасаң екі сөзінің бірінде:
Сине уйлап сағынғанда
Узелелер узегем...
деп қиылады да тұрады.
«Ас — адамның арқауы», — дейді қазақ. Адам ағзасында «арқау» деген мүше жоқ. Рас, өрмекте арқау бар. Ауылдың кемпірлері өрмек тоқығанда талай көргенмін. Арқау болмаса, алаша тоқылмайды.
Ендеше, өзек те сол арқау сияқты ұғым болды ғой. Адамды адам етіп, екі аяғынан тұрғызып, бойын тік көтеріп тұрған сол арқау немесе өзек, яғни-ас.
Қызылшаның құр өзін жей берсең, аузың көбіктеніп кетеді, кенеуі аз. Қызылшаға жылқы семіреді, оның өзінде де сұлымен, жоңышқамен қосып берсең. Құр қызылша жегізе берсең, тышқақ болады.
Кешкі тамаққа Айша бізге қасық басындай бір-бір тілім қызылша беріп еді... енді, міне, түн ортасында — «үзелеләр узегем».
Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Менің өзегімнің, үзілгені аштықтан. Ал біздің ауылға әлдеқайдан мұғалім болып келген көкшіл көз, дөңгелек жүз, қараторы қыз «үзіледі өзегім» десе, оның мәні басқа. О, ол басқа мән.
Әскерден Әнуарбек келген. Маңдайының ырысы бес елі екен, қан теңізін кешіп қайтып келді. Менің ағам Нохамен бірге кетіп еді. Ноха жоқ, Әнуарбек бар. «Қырық жыл қырғын болса, ажалды өледі». Ажалы жоқ — елге оралады. Оралды да әлгі татар қызына: «узелеләр узегем» дегізді де қойды.
О, өйтіп үзілген өзектен айналып кетесің ғой. Құрбандығы боласың ғой.
Ал мен бейбақ өзегімнің талып бара жатқаны бір шайнам нанның жоқтығынан. Жүрегім айнып, құсқым келеді. Құсатын түк жоқ, асқазан тақыр. Қаспағы да қалмаған сияқты. Ішімнен жылап ары жаттым, бері жаттым. Айша — ортада, Құрмаш пен Батырхан — екі бүйірінде. Үшеуінде — бір көрпе. Басымды көтеріп қарасам, олар менен гөрі бақыттырақ: ұйықтап қалыпты.
Батырхан арагідік, анда-санда көзін аша алмай, енесінің емшегін іздеген күшіктей қыңсылайды. Бірдеңе деп былдырлайды. Түс көріп жатқан шығар. Аш баланың түсіне не кіруі мүмкін? Жарқ-жұрқ етіп, әлем-жәлем болып, қызыл-жасыл жамылып өте шыққан жаз кіруі мүмкін. Қартаң құлақ пен жауқазынның тамырын қазып жеп, бүлдірген теріп, қымыздық пен рауат сорсақ та жақсы еді сол жаз. Шытыр аралас балық көздің дәні қандай тәтті еді..
Көрген түстей болып, алыстан арғымақ мінген аталар келіп, лезде олар да кайтып кетіп еді.
Сол көрініс — алданыш. Көзіме елестеп біраз жаттым. «Қысылсаңдар — хабарласыңдар» деген. Әулие тақілеттес ақсақалды аталар алдамайтын шығар. Түр-тұрпатына қарасаң Жерұйықтан шыққандай, келбеттері келісті. Ол елде ашаршылық жоқ сияқты, неге сонда мені мінгестіре кетпеді деп жатырмын.
Терезеден Ай көрінді, ортасынан ауған ғой. Алыстағы Ай арғымақ мінген алыстағы аталар сияқты: жүзі жылы, аяйды, бірақ жылуы жоқ. Құр аяныш — ауқат емес. Соны білген қазақ: «Мың сіз — бізден — бір шыж-быж артық» деген. Шыж-быж еткізіп қуырдақ жер күн қайда!
Әй! Тоқта!
Тәпе-тән ойдан басымды көтеріп алдым. Ұйықтап жатқандарға қарадым. Оларды Ай әлдилей ме, ұйқылары тыныш. Дыбыс шығармай киініп, есіктің ілгегін сылдырлатпай ашып далаға шықтым. Ауыз тамда жатқан қара сиыр «пыс-с» деді.
Далаға шықсам — аяз. Ақ қоян құлақшынымның тамақ бауын байлап, жүріп бердім. Аяғымның астындағы қар мауыққан мысықтай баж-баж етеді. Осы бажылды естіп, арғы беттегі Салбидің саққұлақ қабаған барағы әуп-әуп етті. Өткен жылы менің алақанымды ырситып, ай таңба салып берген ит қой. Оныкі ит өмір. Ал мына қыстың аязды түнінде жападан-жалғыз далбасалап келе жатқан менің өмірім қай өмір?
Аспан ашық. Қуарған Ай. Айнала жымыңдасқан жұлдыздар. Неменесіне жетісіп жымыңдасады? Менің мына оспадарсыз жүрісіме күле ме? Егер аспандағы жұлдыздар жер бетінен кешіп кеткен жандардың рухтары екен: рас болса, онда олар мені қайта мүсіркемес пе? Өлген адамдардың жаны жұлдыздарға айналса, олардың ортасында Мұртаза да бар шығар. Сонда оныкі қай күліс? Аруақ, Құдай бар деген қайда? Әлде Мұртазаның аруағы әлсіз бе? А, бәлкім, Мұртаза аруаққа айналмаған шығар? Тірі жүрген шығар? «Өлді» деп өкімет әдейі бізді жүдетіп, жүндей түтіп қойған шығар. «Халық жауын» жазалардың бір амалы осы болар? «Халық жауын» сұраққа алғанда өтірікті шын деп мойындату үшін, әуелі сол тұтқынның ең етбауыр жақындарының жанын қинайтын көрінеді ғой.
Сөйткен шығар. Әйтпесе, Мұртаза аруаққа айналып, мына жұлдыздардың арасында тұрған болса, менің мына түрімді көріп, күлудің орнына жылап жібермей ме?
Жылайды ғой, жыламасқа не шара? Мені Тәңірден тілеп алған өзі емес пе еді?
Жұлдыздарға тағы қараймын: сақ-сақ күліп, кейбіреуі шақшиьш, от кірпіктерінен шоқ шашырап, жан-жаққа шаншылып тұр.
Жоқ. Мұртаза бұлардың арасында жоқ. Ол да мен сияқты өзегі талып, Сібір тайгасының арасында аң аулап, ашығып жүрген шығар, мына мен сияқты.
Бұл менің аң аулауға шыққан түрім. Түн ішінде, сары аязда. Жұлдыздар жымыңдап, Ай қуарғанда.
Мұңды Мыңбұлақта баяғы Түрік халқының заманындағыдай аң аулайтын ну орман жоқ. Қоңыраулы еліктер де жоқ. Сонда немді ауламақпын?
Жазда суға толып тұратын әуіттің түбінде, енді жылтыраған көлшік қалған. Қазір оған мұз қатқан, бірақ ортасында көздей жері қатпайды. Бәлкім, сол көздей жердің астында қайнар бар болар, өйткені буы шығып жатады. Сол көздей көлшікте үш үйрек жүреді. Жабайы емес. Жабайы үйрек бұл қыста Жуалыда не жесін? Өзің иә адам, иә аяз жеп қоймаса.
Асыранды үш үйрек. Жұбантайдың байлығы. Молдарайым деген қарт жездеміз бар. Осы елге күйеу. Төменгі Қыршындыдан көшіп келген, баяғы ашаршылықта. Яғни, мен туған жылы. Содан осында тұрақтап қалған, бір көзі жұмылып жүретін, еңсегей бойлы, ірі кісі еді, жарықтық.
Жазда колхоздың маясын да салатын сол, қырмандағы қызылды суыратын да сол. Әсіресе мая салғаны — өнер. Мысырдағы перғауын пирамидаларындай түп-түзу. Сонда ол өзі сорлайды, бізді де зорлайды. Өгіз жеккен сатылы арбамен шөп тасып, маяға жеткіземіз ғой. Арбадағы шөпті айырмен шаншып көтеріп, мая үстінде тұрған Молдарайымға ұсынамыз. Ол өз айырымен әлгіні лезде іліп алады. Ал мая биіктей түскен сайын азап. Биікке қолымыз жетпейді, біз тырбанып, өкшемізді көтеріп, шөп ілген айырды көкке көтереміз, жетпейді. Біздің қолымыз жетпеген жерге Молдарайымның өзі еңкейеді. Бір рет (еңкейе беріп) биік маяның жиегінен құлап түсіп, сатылы арбаның доңғалағына соғылып, шекесін жарып алғаны да бар. Сонда да қоймай, қайтадан маяның төбесіне өрмелеп шықты-ау. Ай, айналайын-ай, жаның жаннатта ғана жай тапқан шығар. Бұл опасыз дүниеде бәтуасыз басшылардан азаптан басқа алғыс алып көрмедің ғой.
Міне, осы Молдарайымның Жұбантай дейтін жалғыз ұлы, Қымбат, Сымбат, Бектай, Шамшай дейтін қыздары, Рысқұл дейтін кемпірі бар. Рысқұл — осы елдің қызы. Сонда Жұбантай жиен ғой. Әлдебір кеселден әскерге бармай қалған. Жүріс-тұрысы шырттай. Киім киісі мұнтаздай. Аяғындағы етігі, жата қалып қарасаң, өз жүзіңді көретіндей, айнадай. Соғыс кезінде де осындай сылқым болады екен да. Әйтпесе, басқа жұрт алба-жұлба, көрден шыққандай алқам-салқам.
Осы Жұбантай бұл ауылдың рәсіміне жоқ қылық танытып, үйрек асырады. Әлде Евгеньевкадағы орыстардан көргені ме? Әуіт үйінің жанында. Жаздай су бар, Құдайға шүкір. Ал қыста... қыста үйректі далада бекер қалдырған. Жұбантайдың үйректері далада қалмаса, мен мына қарғыс атқан аязды түнде сыртқа шықпас едім, ниетім де бұзылмас еді. Жаманшылыққа жуымас па едім, кім біледі? Бірақ бір білгіш: «Дүниедегі ең қорқынышты төңкеріс — қарын төңкеріс» деген екен. Қарның құрылдап, ішегің шұрылдап тұрса, көрер едім әуселенді...
Сайға түсіп, көлшікке жақындасам, тоқымдай ғана ойықта үш үйрек бір-біріне тығылып, мойындарын қайырып, қанаттарының астына тығып, ұйықтап отыр екен. Аспандағы аз болғандай, жұлдыздар сұп-суық судан да жымыңдасты. Күлсең күле бер, азар болса кейін, мен өлгеннен кейін жаныңнан орын бермей қоярсың!
Кардың сықырынан үйректер оянып кетіп, қозғалақтап, қыр-р, қыр-р етті. Құстың тілін білмеймін, дегенмен жақсы сөз емес. Оны сеземін. Тағы да болса үркіп, барқ-барқ еткен жоқ. Барқылдап байбалам салса, кім біледі, Жұбантай естіп қояр ма еді?
Енді оларға таяп бару қиын болды. Алыстан тұрып қол созып едім, қолым жетпеді. Ұстап алу қиын, өйткені үйректер ойықтан секіріп шыға алмайды, мына түнде шыққысы да келмейді.
Қайтер екен деп, тағы да сырғанап, мысықтабандап жақындай бергенімде, жұқалтаң мұз шыны сынғандай шыр етті де, судың ішіне күмп ете түстім. Үйректер енді шыннан үркіп, қанаттарын қағып, көлшікті сабалап, бетіме су шашыратты.
Болары — болды, бояуы сіңді. Ішіндегі ірілеуін бас салып ұстап, тырмысып жатып жағаға шықтым. Абырой болғанда, құс баласы бажылдамады.
Су-су болып, үйге қарай қарды қаршылдатып, зытып келем. Есіктің алдына жете бергенімде, алдымнан аруақтай ербиіп біреу шықты. Айша екен. Жүрегім зу-у-у ете қалды.
— А, жақсыдан жаман туған құлбарақ! Тура қазір жаныңның барында апарып таста! Кешегі ер Мұртазаның баласы жаман Жұбантайдың үйрегін ұрлапты, ұры деген атқа қаласың, сорлы!
— Иә, былтыр дәл осындай қыста өзің бастап, маядан маған шөп ұрлатқан өзің емес пе едің?
— Ол — колхоздың шөбі, ақымақ! Мынау — кісінікі. Обал болады.
Айшамен айтысып оңбайсың, — Қайтадан апарып тастадым, үйіріне қосылған көкала үйрек қыр-қыр етіп, қуанып қалды.
Айша қайтып ұрысқан жоқ. Су-су киімімді шешіндіріп, тісім тісіме сақылдап соғылып, тұла бойым жидек қаққандай дір-дір етіп, қалшылдаған мені төсегіме жатқызып, көрпемді қымтап, үстіме тағы да өз шинелін жауып қойды. Мені әлдилегендей:
Қоңыр қаз, үйрек
Қанатын сүйреп.
Ұшады Билікөлден
Түйдек-түйдек а-а-ай, —
деп ыңылдап, басымнан сипады.
Бойым жылып, балбырап ұйықтап кетіппін. Түсімде Билікөлді көрдім. Айшаның төркін жағы ғой. Жадыраған жаз екен-ау деймін. Көл бетінде, нар қамыстың ар жағында үйрек пен қаз жыртылып-айырылады. Қолымда қаршығам бар. Ақбоз атым астымда... қарын ашты деген ойыма кіріп шықпайды. Жайдармен дүние. Мұндай дүниені қайтып қиясың...
Шын жұмақ Билікөлде.
АЙЛЫ ТҮН, АРЫҚТА СУ САП ТЫЙЫЛДЫ
Май тоңғысыз жылы түн. Таудан салқын самал алып келетін Ақсайдың аңқылдақ желі де тыныстаған. Дүн-дүние мүлги қалғаны соншалық — құрғақ топырақтың суды қалай сіміріп жатқанына дейін естіледі. Сіміріп емес, сүйісіп жатқан секілді. Шөп-шөп ете қалады, шолп-шолп ете қалады.
Су мен жердің сүйіскенінен ләззат тауып, мас болған зауза қоңыз оқтай атылып, маңдайыңа тарс етіп тиеді де, өзі сеспей құлайды. Есеңгіреп біраз жатып, қайтадан ұшып кетеді.
Аспаннан біреу жерге қалбаң еткізіп, бір жаман тұмақты лақтырып жібергендей болады. Мен қорқып қаламын.
Айша:
— Қорықпа. Тышқан аулап жүрген үкі ғой, — дейді.
Түн ішінде, ініңде ұйықтап жатпай, тышқанға не жоқ. Қараңғыда титімдей тышқанды аспанда жүріп, үкі қалай көреді?
Түн дегенмен, жұрт ұйқыда дегенмен, түннің де тіршілігі тынымсыз сияқты.
Міне, біз де тынбай тары суарып жүрміз. Айша екеуіміз.
Биыл колхоз бастық, сельсовет жиналыс ашып, әр сайдың басында отырған ауыл үйлерін бір жерге жиып, көшеге қоныстандырмақ болған. Әрбір үйге жер тіліп берген. Бізге жер көшенің ең аяғынан тиді. Жері тастақ екен. Соқамен өрен жырттық. Тары салдық.
Тарының тұқымын әрең таптық. Бір тостаған тарыны Жолболды деген атамыз берді. Жаны жаннатта болсын. Түбіміз соноу арғы атадан қосылады.
Тұқымды тауып келген — мен. Кәрі кісілер мені көрсе, Мұртаза есіне түсетін болар. Ал олар кезінде Мұртазадан көп жақсылық көрген адамдар. Сондықтан мен тұқым сұрай барғанда, алақаныма тас салған жоқ, ас салды. Тас салғандарды да талай көрдім.
Тұқымды жерге сепкен — Айша. Қос тостаған тарыны талай жерге жеткізді. Шымшық жеп кетпесін деп, жерді қолмен тырмалап тастадық. Жерде дымқыл барда қосқұлақтанып, жап-жасыл зүміреттей болып жайнап шықты. Жас сәби шағында бәрі сүйкімді.
— Құдай қаласа, екі тостаған тұқымнан екі батпан тары аламыз, — деді Айша.
Артынша күн ысып кетті, әлгі балапан тары тез шөлдеді. Суарайын десек, су кезегі тимеді. «Тентек» деп аталған көшенің ең аяғындамыз. Бастағылар су ішіп болғанша, тарымыз қурап, ұшып кететін түрі бар. Жайнап тұрған жасыл тары құлағы бүрісіп, өлімсіреп солды да қалды. Енді сәл кешіксе — бітті: еңбегіміз еш, тұзымыз сор.
Айша, әйтеуір, мұрапқа әке-көке деп жалынып жүріп, түнгі судың кезегін сұрап алды. Оның өзі түн ортасынан ауа келді.
Бұл баяғы Таласбай бұлақтың суы. Әуіт салып, тоған салып, бұлақтың суын жиып, «көлшіктеп», содан қасықтап қана болып алатын қасқалдақтың қаны бұл.
Көшенің басынан түскен су аяғына жеткенше, яғни біздің тақтаға жеткенше қай заман?! Өйткені арықтың өзі шөлдеп қалған. Әуелі арық қанып болмай, егінге су жоқ. Содан сол көз жасындай мөлдіреп, Ай сәулесімен арқасына алтын-күміс жалатқан жыландай жылжып су да келді.
Құлақты байлап, тарыға бұруымыз мұң екен, бірін-бірі үздіге-үздіге сағынысқан Жер мен Су аймаласып, топырақ толқып, жер балқып кеткендей болды.
О, Жаратқан Құдірет! Біз, білімсіз бейбақтар, «жансыз» деп жүрген Жер мен Суды қалай ғана бір-біріне ынтық қылғансың?! Жер жарықтық балбырап, ыңыранып жатты. Су жарықтық, әлдебір ғажайып ән салды. Алдымызда өткен асыл данышпан:
Су — атасы,
Жер — анасы,
Нан — баласы, — деп тегін айтпаған.
Атасы мен Анасы табысты. Енді Нан болады, енді аштан өлмейміз. Енді тентіремейміз. Байытпасаң-байытпа, тілентпеші, Жаратқан!
Айша осылай деп күбірледі. Мен ішімнен қайталадым. Рас болса, Құдай сыбырлағанды да естиді дейді.
Кенет арықтағы су сап тыйылды.
Жер мен Су сыбырласып, сықылықтасқанын қоя қойды.
Мұны көрген түнгі әнші шекшек мұңлы шырылына басты. Шекшек бұл емес, әрине. Бірақ дәл қазір Жер мен Судың айырылысқан қасіретін көріп жырлаған жыры жүректі сыздатқандай еді.
— Біреу суды жолдан байлап алды, — деді Айша кешенің бас жағына қаһарлана қарап. — Қараң қалғыр, қайсың болсаңда мына кетпенмен қабақтай басыңды қақ жарамын!
Осыны айтып, Айша балағын түріп, кетпенді иығына салып, арықты бойлап кете барды. Артына бұрылып:
— Барсхан, ұйықтап қалма, су келсе, құлақты бұзып кетпесін, — деді.
Жалғыз қалдым. Жаңа көше. Жақын жерде үй де жоқ. Үй салып алғандар, тек көшенің бас жағында. Шама-шарқы келген үш-төртеу ғана, қалғандары киіз үй тігіп, күрке құрып, жертөле қазып алғандар. Жаңа көшені соғыс бітіп, азаматтар аман-есен оралғанда салмай ма екен?! Шал мен кемпір, бала-шаға қайдан үй сала алады? «Тентек көше» атанғаны содан ғой. Демек бұны зорлап бастаған бастықтар тентек қой.
Осыны ойлап, арықтың құрғақ жеріне түсіп, жантайып жатырмын. Шекшек шырылы тынбайды. Алыста, жоғары жақта иттер абалады.
Сірә, Айшаға абалаған сияқты. Айша суды жығып әкеледі, Сонда Жер мен Су қайта қауышып, мәңгі-мәңгі махаббат жырын жырлайды. Оған шекшек қосылады.
Осыны ойлап жатып, ұйықтап кетіппін.
Жағасы жайқалған ну орман, шалқар өзенге түсіп, жүзіп бара жатырмын. Неге екенін білмеймін, киімімді шешпеппін. Орманда құйрықтары салақұлаш, қанаттары қызыл-жасыл неше түрлі құстар ұшып, мені қоршап алып, мен бұрын естімеген әсем әнді құйқылжытады.
Өзен бірте-бірте кеңейіп, теңізге айналып бара жатады. Теңіз кешіп қайда барамын? Беймәлім, бұлдыр дүние. Жағадан әлдекім қол бұлғап, айқайлайды. «Кетпе, кетпе, қайт» — дейді.
Айша мені сілкілеп-сілкілеп, әрең оятса керек. Есім кіріп, енді байқадым: үсті-басым су-су. Айша жыққан су екпіндеп келіп, құлақты бұзып кетіп, менің үстімнен лықсып асып кеткен екен. Енді болмаса, тұншығып қалғандай екенмін.
Айша сонда Айға қарап:
— О, Тәңірі, бұл Барсханды ақыры жетім қыларың бар, неге пысық қып жаратпадың?! Мына түрімен бір күні не суға батып, не отқа түсіп өледі ғой, Құдай-ау. Неге сонша болбыр жараттың бұл жетімді?! — деп аңырады.
— Неге? — дедім мен де Айға телміріп, дүниеге неге бұлай жаратылғаныма өзім де таңғалып, қолымды жайып.
ШАЛДАР ЫСҚЫРАДЫ
Адамдар «әділет», «әділ» деген сөзді көп айтады. Көп баланың атын Әділ, Әділет деп қояды. Дұры-ы-ы-с.
Талай пайғамбар әділеттік үшін күресті. Тіпті Иса пайғамбар сол турашылдық жолында құрбан болды.
Бірақ тарихқа бағамдап қара-а-ап тұрсаң, патшалар, тирандар жеңеді, пайғамбарлар жеңіледі.
Сонда... сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімдікі қиянат, кімдікі шындық дегенді түйткілсіз таразыға тартып, ақиқат адал кесім айтатын ең ұлы сот қайда?
Қалың халықты бастап келе жатқан Пайғамбар әлдеқалай сүрініп кетсе, артындағы қалың қауым қоғадай жапырылып құлайды екен. Егер Пайғамбардың өзі сүрінер болса, қара халыққа не дауа? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демеуші ме еді.
*∙*∙*
Шаң-шұң шатақ шығатындай күн емес еді. Күннің түк кінәсі жоқ. Шаңқай түске жақын қалған. Рас, күн ыси бастаған. Дегенмен ми қайнататындай емес. Біздің Мыңбұлақта ми қайнататын күн сирек. Күн қанша құдіретті, қанша әлуетті болса да біздің Тәңіртаудың ақ басын сыйлайды. Шындаса тауды да балқытып жіберер еді, бірақ Тәңіртаудың ақ басын сыйлайды.
Сөйтсе де, менің басым Тәңіртаудың ақ басы емес. Шақшадай ғана, шамалы бас. Айналайын деді. Өзің, өзің мінген арық атың айнала берсе, айнала берсе, бас айнымай қайтеді. Бір емес, екі емес, жүз рет, мың рет, бас айналайын дегенде ұмытып қаласың а, бәлкім, миллион рет, миллиард, триллион, биллион рет... дециллион...
Қашан Молдарайым немесе Әліқұл шал айырымен бидайды ары-бері аударып көріп:
— Болды, — дегенге шейін.
Мұндайда, айналма жұмысты, айталық Мысырда, дәл өзі емес, Мысырдың жанындағы феллахтарда, яғни дизандардың ауылында құдықтан су тартатын шығырды айналдыру үшін жалғыз өркеш түйенің, яғни нардың көзін таңып тастайды екен. Басы айналып, миы шайқалып кетпес үшін.
Ал менің көзімді ешкім байламайды, арық аттың да көзін ешкім таңып тастамайды.
Бір қызығы — феллахтың түйесінде жәрбиіп мен сияқты бала отырмайды. Ешкім де отырмайды. Түйе өзінен-өзі айнала береді. Көзін қара шүберекпен таңып қояды. Дүн-дүниені жақтырмай паңданып, басын аспанға кегжитіп, айнала береді.
Сонда ол біздің аттардан ақылды ма? Өзінен-өзі айнала береді.
Не бұл амалды біз білмейміз. Не біздің басымыз Мысыр түбіндегі феллахтың жалғыз өркеш түйесінің басынан да мықты.
Рас, Мысырда күн Мыңбұлақтағыдан екі өте ыстық. Сонда да қырмандағы адамдар: қатындар, шалдар, балалар, қыздар сабан маяның көлеңкесінде отырады. Қарап отырмай кей қатындар:
Жуалы — малдың, жайлауы,
Өмірдің барма-ау байлауы-а-ай, —
деп әндетеді.
Сабан маяның көлеңкесі менің басыма түспейді. Нақ төбемдегі орайымды алақаныммен басып көремін. Әлі жұмыртқа пісіруге жарамайды, бірақ алақанымды ысытады. Демек «өмірдің байлауы» жоқ, — деймін арық аттың үстінде бір жамбастап отырып, түзу отыра берсең құйрығың, ойылып қалады. Өзі де ойылып қалған. Әуелі күлдіреп, жалқықтанып, артынан қабыршықтанады. Сонда бір қышиды-ау дейсің. Аттың үстінде кәдімгі кісідей боп отырып, көтіңді көтеріп, артыңды қасылай берген де ыңғайсыз. Қанша дегенмен, қырман басында ел бар, қыздар бар... Шұбар мұғалім апайдың тәмпіш мұрын, алма бет, тәлпіш қызы да осында жүр. Амалын тауып, мая салған болып, маяның үстіне шығып алап, бір келіншекке қутың-қутың етіп, шиқ-шиқ күліп қойып Жолдасбек те жүр.
Сондықтан аттың ерсіз қырқа арқасында ұдайы түзу отыру мүмкін емес. Бір жамбасыңнан бір жамбасыңа кезек-кезек ауысып отырасың. Бәрібір құйрығың қотыр-қотыр, қышиды, құрығыр. Қасиын десең — ұят...
Мұндайда ұялмайтын бір-ақ адам бар. Ол — Тасбет. Әлгі маяның түбіне барып о да жантаяды. Үлкен бар, кіші бар, келін-кепшік, бала-шаға бар демейді. Мұқтаждық қысқанда тарқ еткізіп жел жібере салады. Жантайып жатып, бір аяғын көтеріп, тарқ еткізеді. Шалдар жағы тыжырынады. Үндемейді. Қыз-келіншектер кенет бомба жарылғандай: «Ойбай!» — деп, тым-тырақай тұра қашады. Жеңгелері, қатар құрбылары күледі.
Ал Айша тілін тістеп қарап отырмай:
Ақыры мылтық атқыш мергенсің, осы өкімет сені әскерге неге алмайды? Жауды жайратып салар едің, — дейді.
Қатындар қарқылдап күледі. Тасбет міз бақпайды. Басы сол иығына жабысып жата береді. Бірақ осыдан соң ол Айшаны қайдан жақтырсын?!
Былтыр дәл осы қырманның басында Тасбет мас болып келіп, әлденені сылтау етіп, үйге артын үйкеген қотыр түйедей тиісіп, тыныш жүрген Айшаны ал да кеп боқтаған. Қамшы сілтеген. «Халық жауының қатыны», «Кулактың қатыны» — тағы-тағы, сондай-сондай, жын-құсығын аямай төксе керек.
Айша ары шыдайды, бері шыдайды. Анау қоймайды.
— Қойсаңшы-ей, бар болғыр, — деп, ақсақалдар айтса да көнбейді. Құмырадай басы сол иығына жабысып алып, (әскерге алмайтын себебі сол), екілене түседі. Mac қой. Оның үстіне бұрыннан қыжылы бар. Түсінік солай: «халық жауы». Асқазан қыжылдай берсе, запыранға айналмай ма? Демек соны төгу керек.
Ақыры қоймаған соң, Айша Тасбетті аттың үстінен бір-ақ жұлып түсірген екен. Жағасынан алып.
Жұрт шу етіп, әрең ажыратып, Тасбеттің талқаны шығайын деп жатқан жерінен арашалап алыпты.
«Сотқа беремін» деп одыраңдаған екен. Мастығы тараған соң ақылы кіріп, өз кінәсін сезіп, әрі қырман басындағы куәлардан сескеніп, арыз жазбапты.
Бірақ запыран аши түспесе, кемімеген. Аңысын андып жүрген. Соның оңтайы енді келген. Айшаның әлгі сөзінен кейін, әйелдердің мазақ күлкісінен кейін:
— Мен сәғән көрсетейін әскерге кәләй алғанді! — деп орнынан тұрған. Әлі талтүстің аптабы қайтпаса да:
— Қәне, тұр, түге! Кәрә бүләрді, жәтісін! — деп, қоқиланып шыға келген.
Сол қырық төртінші жылы Мыңбұлақтың егіні жайқалып жақсы шықты. Бидай оратын лабогрейка үлгермей жатыр. Орылғанын сатылы арбалар қырманға тасып сабылады. Орылған бидайды біз таспен бастырамыз. Біз дегенім: мен және Сүлеймен. Мені әлі буыны бекімеген деп, Сүлейменді де жас деп, әрі дімкәс деп «жеңіл» жұмысқа жеккен. «Жеңіл» жұмыстың түрі жаңағы: бас айналу.
Мұның мәнісі: қырман болатын теп-тегіс жердің әуелі шөбін кетпенмен қырқып алады. Баланың басындағы шашты ұстарамен қырып алғандай. Содан соң ол жерге су жібереді. Суарып болған соң, сәл дегдітіп, таспен таптайды. Қырман теп-тегіс, тақтайдай қатты болады. Соған орылған бидайды жайып тастаған соң, қырлы тасты дүңкілдетіп, ат жегіп айнала береміз, айнала береміз.
Бидай қалың жатқанда, қырлы тастың дыбысы онша білінбейді. Бара-бара бидай дүрдиіп жатқанын қойып, тапталады. Сонда барып, қырлы тас жырын жырлайды. Дүңкілдей бастайды. Дүңк, дүңк, дүңк...
«Дүңк-дүңкті» мың рет, миллион, ал бәлкім, миллиард, триллион, биллион, бәлкім дециллион рет естисің. Молдарайым немесе Әліқұл: «Болды» дегенге дейін. Басың бас емес, киіз доп сияқты болып қалады. Аттан аунап түсесің. Топанның үстіне топ ете түсесің. Сабан иісі аңқиды. Қолыңменен аршып көрсең — ар жағынан қызып маржан көрінеді. Көзің қызығады. Уыстап алып, алақаныңа салып, топанын үрлеп-үрлеп, аузыңа салып шайнасаң, шикі қамырдың дәмі білінеді. Шикі қамыр тісіңе жабысып қалады.
Қызыл маржанды енді Молдарайым мен Әліқұл ағаш тырмамен тырмалап, сабанынан ажыратып, қалақтай ағаш күрекпен суыра бастайды. Әрине, жел болса. Жел болмаса, кәдімгідей ысқырады. Сақалдары сапсиған қарт адамдардың ысқырғаны қызық, әрі ерсі. Бала болса бірсәрі. Шалдар ысқырады.
Әсіресе Молдарайым ысқырғыш. Әліқұл ысқырайын десе, ерні қақ-қақ жарылып кеткен. Қан шығып тұрады. Оған иманжапырақ жапсырып қояды. О да ысқырады, бірақ көже үрлегендей бір нәрсе. Өзі сары кісі, жарықтық. Күнге күйгенде қызарып кетеді. Молдарайым оның жездесі. Рыскүл апамыз Әліқұлдың әпкесі. Інісі Нұралы майданда. Молдарайым ысқырады. Кейде, үйде абайламай ысқырып қалсам, Айша:
— Ысқырма, жел тұрады, — деуші еді. Сол рас болды.
Құданың құдіреті, жел тұрады. Ысқырса жетіп келетін үйреншікті ереуіл аттары сияқты. Әлгі ысқырық желдің өзін жетектеп жеткендей. О, тоба!
Содан, шалдарың топанды аспанға, күннің көзіне қарай күрекпен лақтырады. Қылпығы, топаны желмен ұшып кетіп, Қызыл маржан жерге суылдап қайта түседі. Аспаннан жауған қызыл маржанға алақанымды тосып тұрамын. Шалдар қой демейді. «Қой, былай тұр» демейді. Ұрыспайды. Азабым үшін алған сыйлығым сол. Аспаннан жауған қызыл маржан алақанымды қытықтайды. Бір уысын жыртық шалбарымның қалтасына салып алып, бір-бір дәннен аузыма салып шайнап жүремін. Шикі, бірақ бәрібір тәтті.
Бұл кезде Жолдасбек маяға сабан жиған болып, әлгі бір әдемі келіншекпен сықылықтасып, бірін-бірі итерісіп, маядан домалап құлап түскен болып, абайсызда құшақтасып қалады. Әшейін, абайсызда.
Мен басым айналғалы әлі айықпай, олардың ойынына бейжай қарап, аңқиып аузымды ашып тұрамын. Аузым қамыр сасиды. Шикі бидай шайнадым ғой.
Әлгі келіншек маған:
— Кел-ей бері, состиып тұра бермей. Мына бәледен құтқаршы мені, — деп, Жолдасбекті итерген болып, мені шақырады.
Бармаймын. Аузым қамыр сасиды. Ыңғайсыз.
Жолдасбек менен екі-үш жас үлкен. Сонда да менімен бір класта оқиды. Оқуы орташа. Мен — ударник. Бірақ мектептегі оқу мен өмірдегі оқу — екеуі екі басқа. Пысығын көрмейсің бе кәпірдің, тызылдап тұр.
Мен теріс айналып кетіп қалдым. Артымнан шиқ-шиқ күлкі естілді. Қайырылмадым. Мүмкін, маған күлген шығар.
Қарамадым.
Сүлеймен маяның көлеңкесіне көсіле түсіп жатып қалыпты. Тық-тық жетеледі. Жолдасбек сияқты күліп-ойнауға оның да зауқы жоқ. Ол енді менімен түйдей жасты. Тық-тық жөтеледі. Бөтен жөтел. Тық-тық, тық-тық. Санаса ғой. Миллион, а, бәлкім, миллиард, триллион, биллион, а, бәлкім, дециллион... Оған «болды» деп айтатын ешкім жоқ. Оны айтатын Құдай ғана.
Маяның түбіне тығып қойған дорбамды алып қасына барамын. Ағаш тостағанмен шалап ұсынамын. Сүлеймен басын тез көтеріп, маяға арқасын сүйеп отырып, шалаптан ұрттайды. Сімірмейді. Сімірсе, шашалып қалады. «Тық-тық» келіп қалуы мүмкін. Жөтелсе, шашалып қалады. Сақ. Өте сақ. Тез ұрттайды. Тез жұтады.
Отыз екінші жылы туғандар — тозақ отынан шыққандар емес пе?! Ендеше, Құдай оларға жеңілдік жасаса қайтеді. Сүлейменге кесел жапсырмай-ақ қойса қайтеді. Жабысып қалған кесел. Арылмайды. Арылар ма еді, күтім жоқ. Әкесі керең Әбіш шал. Шешесі де сырқатшыл кемпір. Шал әкесі тәуіп. Басқа балалар тұмауратып қалса, жазады. Шөп қайнатып береді, үшкіреді, әйтеуір, жазады. Ал өз баласын, өз туған баласын жаза алмайды, ем қонбайды.
Шіркін, қымыз болса. Қымыздан жазылар еді. Айша айтады. Айша ғана емес, татар мұғалима да айтты ғой. Әдебиеттен сабақ беретін Ғалия ше. Сол айтады: «Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың өзі туберкулезден қымыз ішіп емделген», — дейді. Қымыз үшін сонау Туладан Башқұртстанға, біздің ауылға келген дейді. Ғалия апай айтады. Ауылы Башқұртстанда болды ғой. Әрине, туған ауылы. Мыңбұлаққа қалай келген? Құдай да шебер ғой. Әнуарбекке қоспақшы ғой. Әскерден Әнуарбек келді, Ноха келмеді. Екеуі бірге кетіп еді...
Мына менің қасымда көк шалап жұтып отырған Сүлейменнің ағасы Қайып та әскерге кеткен. Келген жоқ, тым болмаса Қайып келсе, Сүлейменді қалаға апарып емдетер еді. Ауылда емші жоқ. Оның үстіне Тасбет жұмысқа салады. Сүлеймен:
— Кеселмін, бармаймын, — десе болар еді, бірақ айтпайды.
— Үйде жата бергенше, адамдардың арасында жүргенім жақсы, — дейді. Оған не дерсің? Досқа тиген оқ — қойныңа түскен шоқ. Сүлеймен тық-тық жөтелсе, менің де жаным шиқылдағандай болады. «Ойда сиыр мөңіресе, тауда арқардың мүйізі сырқырайды» деген рас қой, шіркін.
Қанша абайлап ішем десе де көк шалапқа Сүлеймен шашалып қалды. Жөтел қысты. Екі қолымен екі өкпесін басып тұрып, еңкейіп-еңкейіп, екі көзін жұмып алып, қиналып-қиналып жөтелді. Қан жақсы. Көрінбей тұрғанда жақсы. Қан көрінсе жа-а-а-ман.
Түйіршік түскен соң «уһ» деп дем алды. Еңсесін көтерді. Маяға шалқалай жатты. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Мөлдір моншақ сияқты.
Боз көйлегімнің. жеңімен маңдайын сүрттім. Орамалмен сүртер едім, орамал жоқ қой. Мұғалима апайдың қызы, тәмпіш мұрын тәлпіш қызы өзінің кішкентай, бір жапырақ, қызғылтым, кестелі орамалымен, сон-о-оу бір күні менің бетімді сүрткені сияқты сүртер едім, орамалым жоқ. Жеңіммен сүрттім.
Ойымнан қымыз кетпей қойды. Бірер жұтым қымыз болса, Сүлейменнің жөтелі тыйылар еді. Дзоттың алқымына гранат тығылар еді. Татар мұғалима Ғалия айтады ғой: фашистердің дзотына Сұлтан Баймағамбетов деген батыр гранат лақтырып, кеудесін тосып, үнін өшірген деп. Жөтелдің үні — фашистердің пулеметі. Оның үнін өшіретін — бір жұтым қымыз — гранат.
Ойыма сап ете түсті: Жуанқұлдың үйінде қымыз бар! Колхоздың екі-үш биесін Тазагүл апамыз сауады. Қымыз ашытады. Бірақ бір тамшысын қалдырмай, Жуанқұлдың қатыны қопарып алып кетеді. Оны жұрттың бәрі біледі, білсе де үндемейді. Колхоздың қымызы — колхозшыларға ортақ қой. Солай емес пе? Бірақ басқалар татып алмайды. Жуанқұлдың үйі ішеді.
Мейлі, ішсе іше берсін. Басқамыз дәметпейміз. Мына Сүлейменге ғана, басқамыз емес, маған да емес, мына Сүлейменге ғана, бірер жұтым берсе, Жуанқұлды жер жұтып кетпейді ғой.
Басы айналса да, тұяғы тарамысына ілініп титықтаса да, аттар қу құлқынды ұмытпайды. Өзімдікін, шәлтиген шабдардың ауыздығын салып, қолыма дүңгіршегімді алып, үстіне қарғып міндім. Шабдар: «Мұнысы несі, тыныс қайда?» дегендей кіржің етті. «Нешауа, қарның әлі қампияр, ренжіме, Шабдар», — дедім де, ешкімге, еш нәрсе демей, анадайдағы ауылға жөнеп бердім. Мені аңдып отырғандай, артымнан қисық Тасбет:
— Әй, әй, кәйда? Кәйт, кәйт! — деді.
Қарамадым. Салып ұрып, Жуанқұлдың үйіне келдім. Есектей дәу, ала маңтөбет маңқ-маңқ етіп үріп еді, үйден Жуанқұлдың қатыны шықты. Сықпытына қарасаң, иті де тоқ, қатыны да қарынды.
— Не боп қалды? — деді сарықарын бәйбіше. Менің бұл келісім тосын. Өйткені бұл үйге жылында бір аса мәжбүрлік болмаса жоламаймын. Былтыр Батырхан ауырғанда тәуіп айтты: жылқының іш майымен ішін сылау керек деп. Жылқының іш майы қайда?! О жарықтықта жоқты айтады. Бар болса, Жуанқұлдың үйіндегі жеңешемде болар деген далбаса үміт қой, баяғы. Жуанқұл сонда «әйда, кет, атаңа нәлет!» — деп қуып шыққан.
Қазір Жуанқұл жұмыста шығар, ауданға кеткен шығар, жеңешем «жоқ» деп айтпас деген дәмемен келдім ғой. Жеңешеме: осылай да осылай, Әбіш шалдың Сүлеймені қан құсты, бір тостаған қымыз керек деп едім, обалы не, Тәңір жарылқағыр жеңешем:
— Қазір, — деп дүңгіршегімді алып, найқала басып үйіне кіріп кетті.
Қуанып қалдым. Бұрын бұларды жек көргенім бекер екен-ау дедім. Бұларда да мейірім бар екен-ау дедім. «Қырық жыл қырғын болса да қиыспайды туысқан» деген рас екен-ау дедім. Со кезде әупілдек ала маңтөбетке де: «күшкә, күшкә» деп қойып едім, о да жуан құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізді. Итіне дейін жақсы көріп тұрмын. Енді Сүлейменге Мекеден зәмзәм суын алып баратын болдым-ау деп ішімнен мақтанып, масаттанып тұрмын. Мұнымды көріп, Тасбет те жібитін шығар, боқтамайтын шығар деп қоямын.
Қымыз шайқалып төгіліп қалмасын деп, дүңгіршегімді оң қолыммен жоғары көтеріп, бастықтың үйінен былай шыға бергенімде, аудан жақтан көк айғырды алқындырып Жуанқұл шыға келді. Ауылға қарай атпен шаппайды деуші еді, жаман болады, жаман хабар әкелгенде немесе біреу қаза болса, соның үйіне ғана қарай «ой, бауырымдап» шабады деуші еді... Мынау шауып келді. Аттың үстінде арлы-берлі аунақшиды, бірақ құламайды. «Мас» дедім ішімнен. Көрінбей кетіп қалайын деп, көрмеген, байқамаған болып, атымды тебініп жүре беріп едім, қырсық шалмай тұра ма:
— Әй, әкеңнің аузы... тоқта! — деді. Дәл бір мен оның қатынының қойнынан шыққандай.
— Тоқта, контра! — деді ышқынып.
Тас төбемнен біреу қос қолдап соққандай, есеңгіреп тоқтадым. Адуындап, жаман атымды жапыра жаздап жақындағанда, жамандық көрмегір, Көк айғырдың езуін жырып жібере жаздап, тізгін тартты.
— Қолыңдағы немене?
— Қы-қы...қы-мы-ыз. — Қорыққаннан тұтықпа болып қалдым.
— Кім берді?
— Жеңешем берді.
— Оһ, жеңешеңді!.. — Дойыр қамшымен дүңгіршекті періп жіберіп еді, дүңгіршек қолымнан шығып кетіп, қаңқ етіп ұшып түсті. Дүниедегі ең асыл нәр, ең асыл ақ ақтарылды да қалды. Обалы кімге? Ақты төкпейді деуші еді. Ақырын:
— Обал болды-ау, — дедім.
— Жоғал көзіме көрінбей! Жұмыс қайда?! — деп арс етті.
Екі беті талақтай. Екі көзі, айтпақшы, жалғыз көзі қып-қызыл.
Соқыр көзінің ақ шеліне дейін қызарған сияқты. Пері ғой. Дәу пері. Періге не деп болады, жалғанда мұндай қорлық көрмеспін. Алыса түссем бе екен деп жаман ой да келді. Бірақ қайда — а--ан. Дүлей ғой, дүлей.
Ай, ит тағдыр-ай, дүңгіршекті ұрғанша, сол күрзімен өзімді жон арқамнан ұрғаны жақсы еді ғой. Дүңгіршекті ұрарын білсем, тастай қатып, қатты ұстар едім ғой. Білмей қалдым, әттеген-ай... Басқа-басқа, қасиетті қымызды ұрғаны несі? Осыдан кейін де сол қасиет Жуанқұлды қалай соқпас екен. Онда бәрі бекер болды ғой.
Астымдағы атымның мойны салбырап кетті. Теп-тегіс жерден сүріншек. Мұндай емес еді, қайта-қайта сүрінеді. Әлгі зорлықтан бұ да қорынған болса керек.
Жадырап тұрған жаз да жайында қалды. Асқақтап тұрған Тәңіртауда сиықсыз қиқы-жиқы. Ажарсыз. «Тіпу», — дедім. Апай-төстеніп, аспанды тіреп тұрғанын қайтейін, түк панасы жоқ. Қыста бораннан қорғай алмайды, қысылғанда қол ұшын бере алмайды. Бастық дәу болса, тау одан да дәу. «Тәйт!» — десе қайтеді? Жаңағыдай дуайпат әділетсіздікті көргенде неге төңкеріліп кетпейді? Неге күңіренбейді? Осы мына жер бетіндегі сұрқия сұмдықтың, сойқан соғыстың, күштілердің әлсіздерге әкіреңдеуінің бәрі осы таулардың үнсіздігінен. Мелшиеді де тұрады. Әлде Ұлыларда тіл жоқ па? Ұлыларға тіл бітсе — алапестер аласталып, заман түзелер еді.
Ай, Тәңіртау, Тәңіртау, саған да ұят болды-ау...
Атым сөлбірейіп, өзім сүмірейіп, қырманға қайтып келсем, молотилканың жанында Айша аңырап отыр. Қасындағы қатындар қой-қойлайды. Батырханға бір нәрсе боп қалған екен деп, жүрегім тас төбемнен бір-ақ шықты.
Аттан түсе-мүсе, жанына жүгіріп барып:
— Не болды? — дедім құшақтай алып. Қатындар:
— Әшейін.
— Әшейін, — десті көңілсіздеу ғана.
Бұлар молотилка басында, қырманның келесі шетінде еді. Колхозда жалғыз молотилка бар. Соның алқымына осы екі-үш қатын кезек-кезек бау-бау масақ тастап тұрады. Бұл енді біздің тас бастырғанымыздан да жаман. Молотилканың алқымынан топан борап тұрады. Аузы-мұрнын шаңдып алады мына байғұстар: Айша, Дүйсенбайдың кіші шешесі Мәрзия және Жәлі. Айырмен молотилканың алқымына кезек-кезек бау лақтырады. Паровоздың оттығына көмір лақтырғандай. Молотилканың алқымынан қарамай иісі аралас топан бұрқылдайды. Бұдан шыққан бидайдың дәмі басқа. Бәрі бір жердің бидайы ғой. Ал біз, Сүлеймен екеуміз таспен басқан бидай тап-таза, дәмі де өзге.
Айшаның қарамай аралас тозаң топаны тұтқан беті айғызданып кетіпті. Көзінен шыққан жас жылғалап ағады. Сүртейін десем, орамалым жоқ, жеңіммен сүртіп тұрып:
— Не болды, айтсаңшы, — деймін.
— Ай, Барсхан, Барсхан! Не жаздық бұл қу Құдайға! Ана Тасбет түп-тұқиянымыздан түк қалдырмай қорлады ғой, ойбай, қорлады ғой, — деп жұдырығымен жерді қойып-қойып қалды. Тасбет үшін жер кінәлідей. Кінәлі болса, кінәлі шығар. Тасбеттерді астына тартып кетпей ме, әйтпесе.
— Сен жаңа атқа мініп қайда кетіп қалып едің? Балаң — бұзық, рұқсатсыз кетіп қалды, жұмысты тоқтатты, зиянкес, — деп осында мені жерден алып, жерге салды ғой, Тасбет. Мыналар көріп тұр ғой, — деп қасындағыларды меңзеді. — Әке-шешеден, ата-бабадан түк қалдырған жоқ. Әлдеқашан, айдалада сүйегі қурап қалған Мұртазаны да қорлады. Қолақпандай қылып анаусын саптады. Онысын жұлып алып, қолқасына тығайын десем, мыналар жібермеді, — деп, тағы да қасындағыларды нұсқады. — Оның үстіне былтыр да боқтағанда, аттың үстінен жұлып алып, тепкілеп едім, соны да ұмытпапты. «Соттатамын, өзіңді де, балаңды да, байыңның артынан жіберем», — дейді. Қайтеміз, Барсхан?
Көкірегімді бір дүлей кернеп кетті. Не екенін білмеймін? Көзімнің алды бұлдырап, түк көрінбей кетті. Жалғыз анам зар жылайды. Күлгенін, қуанғанын көргенім аз. Ол күлсе — күн күлгендей жарасады. Бірақ күлгенінен зарлағаны көп. Неге? Қашанғы қорлана береді? Менен медет күткендей болды ғой, маған шағынды ғой. Бұрын да талай қорлық көргенде маған бүйтіп шағынбайтын. Онда менікі не тұрыс?
Жүгіріп барып, Молдарайымның бес ақалы айырын ала салып, маяның түбінде шалжиып, басы қисайып, ұйқылы-ояу мүлгіп отырған Тасбетке тұра жүгіріппін. Байқаусызда қапы қалмасын деген оймен:
— Тасбет! — деп ақырып жіберіппін. Сөйтсем, даусым ақыруға жарап қапты, қанша дегенмен он екіге толайын дедім ғой.
Селк етті. Бағжаң етіп, көзі ашылды. Бес ақалы айырды қос қолдап ұсынған күйі, кеуде тұсын ала періп кеп қалып ем, жантайып, жалтарып үлгерді. Бес ақалы айыр маяға бойлай кіріп кетті.
Сол арада адамдар: Молдарайым, Әліқұл, Сүлеймен, Жолдасбек тағы басқалары лезде жиналып қапты. Айырды маядан қайта суыра беріп едім, бәрі бас салды. Бесақаны тастай салып, Тасбеттің алқымына қол салдым білем. Бәрі маған тағы жабылды. Ажыратып алды. Сонда да бұлқынып-бұлқынып, араларынан шыға бергенімде, қайдан келгенін білмеймін, мұғалима апайдың алмабет қызы:
— Болмайды, болмайды, — деп шырылдады. Шыр-шыр етіп, қолын ербеңдетті.
Сол екі арада молотилка басындағы әйелдер де жетті. Айша:
— Барсхан, балам, қоя ғой. Бар екенсің. Тәуба, тәуба Құдайға! Менен туған ұл бар екен. Менің қорғаным бар екен, жұртым! Енді өлмейді екенмін, — деді.
Бұл арада есін жиып алған Тасбет: «Әй, Әйша! Бұрын аяп жүр едім. Енді соттәләсің! Әнә кәшәмәр бәлән дә соттәләді. Міне, мына кәлік куә, — деді.
Боқтамайды, бірақ бопсалайды. Жуасып қалған сияқты, бірақ қорқытты. Зілдей ғып айтты. Бұл жай қорқыту емес. Атына мініп, кетіп қалды.
Кешке үйде отырғанда, Айша:
— Ана Тасбет аямайтын сияқты. Мені соттата қоймас. Қол жұмсаған жоқпын ғой. Сенің сойқаныңды бәрі көрді. Көзден таса бола тұрсаң қайтеді, — деді.
— Қайда?
— Сәли, Қали аталарыңның ауылына.
Сәли, Қали — былтыр арғымақ мініп келген аталар. Өзім де ылғи ойлап, сағынып жүруші едім. «Қысылсаңдар — хабарласыңдар», — деп кетіп еді.
— Қалай жетемін, олардың қайда екенін де, қалай баруды да білмеймін ғой, — деймін Айшаға.
— Қорғанбайдың нағашы апасы келіпті. Ертең қайтады. Соған ілес. Тура Бектөбеге барады, — деді Айша. Бектөбе — Сәли, Қалидың ауылы. Әулиеатаның түбінде дейді.
Амал жоқ, қашқын болдым.
ҚАРАТАУДЫҢ «КҮЙІК» ДЕГЕН АСУЫ БАР
Жеңіл машина жақсы жүріп берсе, біздің Мыңбұлақтан Әулиеатаға дейін бір сағат жол. Бір-ақ сағат.
Ал 1944 жылдың жазында мен сол «Мыңбұлақтан» Әулиеатаға дейін екі күн бойы жүрдім.
Он екі жасқа толар-толмас өмірімде бұл менің ең ұзақ сапарға тұңғыш шығуым еді. «Мыңбұлақтан» көп ұзағанда аудан орталығы Боранды — Бурныйға есекпен бидай тасыдым. Құлқыны құдықтай элеваторға. Одан кейін Шоңқараның диірменіне, Андреевкадағы әпкем Әдияның үйіне бардым.
Рас, былтыр Арзыгүл апама ілесіп, Қырғыздың Шекер, Аршагүл айылдарына бардым. Болды.
Айша былтырғыдай тағы да Оңғарбай атаның көк әңгісін сұрап алды. Торғай тоқ еткен бозала таңда, Шоқай апа екеуіміз Мыңбұлақтан Теріске тіке тарттық. Бұл-жолсыз жол. Арба жүре алмайды. Есектің бір артықшылығы жол таңдамайды. Сондықтан тіке тарттық.
Теріс өзенінің көктемгі қарқыны басылып, таяз тартқан кезі екен, қиналмай өттік. Одан ары Ащының алқабымен алқынып көп жүрдік. Ащының биігіне көтерілгенде, артыма бұрылып қарап едім, әуелі жалтырап, күміс жыландай ирелеңдеп жатқан Терісті көрдім. Одан ары найзаның ұшындай шаншылып Манас шыңы көрінді. Оның батыс жағын ала жатқан доғалдай шың Көксай екенін шамаладым. Одан да батыстағы, әрине, біздің Ақсай деп қойдым, Ақсайдың аңғарынан төменірек өз ауылымды — Мыңбұлақты іздедім. Жарықтық, жатыр екен. Үркердей боп үрпиіп. Шақпақтау желінін өтінде қалған торғайдай, жүні қобырап, қорғансыз қалған мына дәл өзім сияқты көрінді. «Мені тастап қайда барасың, Барсхан? — дегендей. — Қайт, Барсхан, менде туып, менде өстің. Кәусар бұлақ суларын іштің. Кетпе, Барсхан, кетпе. Қанатың әлі жас қой, қанатың әлі қатая қойған жоқ қой. Қанатың талады ғой. Қайт, Барсхан, қайт», — деді маған Мыңбұлақ.
Оң жағыма бұрылып қарай бергенімді байқап, Шоқай апа:
— Немене, ауылыңды әлден сағынып қалдың ба? — деді.
Тұнжырап:
— Қайтқым келеді, — дедім.
— Ойбу, ұяттағы-ай, — деп , Шоқай апа бетін шымшыды. — Атпалдай бригадирді ұрып қорқытқаныңа қарағанда, мен сені есі кіріп қалған ересек десем, әлі бала екенсің ғой. Қой, түс есектен, сусындап алайық.
Түстік. Жапырағы сарғайып, қурай бастаған сасырдың түбіне есектердің үстіндегі көпшікті алып, шоқиып отырып, айран-шалап іштік. Шоқай апам бір үзім нан ұсынды. Арпаның ұны аралас, қылпығы көп екен. Сонда да балдай тәтті, жарықтық.
— Немене, Айша апаңды сағындың ба? — деді Шоқай апа тағы да тілі шығып. Жол бойы үндеген жоқ болатын. Сонысына қарап, мені жақтырмай келе жатыр ма деп ойладым.
Мен жауап қатпай, алыста қалған ауылға қарап отырмын. Біз Қаратаудың қырқасына көтерілсек те, Тәңіртау әлі биік. Бауырында жүргенде байқамайды екенмін, әйтпесе ұзыннан-ұзақ керіліп жатқан кербез, тым тәкаппар, тым асқақ екен. Айшаның әні есіме түсті.
Тәңіртау, мен қайтейін биігіңді,
Мерген болып атпадым киігіңді.
Он алтымда қосылған есіл ерім,
Қайда барып тартамын күйігіңді-ай.
Қайда барып тартамын күйігіңді-ай, —
деп қыстың қысқа күнінде әскердегілерге деп жүн иіріп, шұлық тоқып отырып, осыны айтушы еді Айша. Онысын онша түсіне бермеуші едім. Сөйтсем, ол са-ғы-на-ды-ы-ы екен ғой.
О, қасиетті сары алтындай сағыныш... Сен болмасаң, адамдар, тіпті туған ана, туған бала, бір-бірінің қадірін білер ме еді, білмес пе еді?
Өлең шығарғым келді Өскенбайға ұқсап. Соғыстан қайтқан бүкір Өскенбай өлең жазады. Қызға арнап. Сірә, мұғалима қызға ғой деймін. Ол өлеңін тасушы — мен. Өйткені ол маған ғана сенеді. Екеуміз доспыз ғой. Маған әскери белдігін де берген. Ажалдың аузынан қайтқан, сұрапыл сұмдықты көрген ер азамат пен кішкентай оқушы баланың достығын сендер білмейсіңдер. Мектепте Өскенбай бізге әскер сабағын үйретті. Сонда деймін-ау, әлгі мұғалім қызға арналған өлеңін өзі-ақ бере салмай ма? Жоқ, маған тапсырады. Онысы несі екен?
Қыз бәрібір басқа біреуге тиді. Өлең тілін түсінбейтін бәле шығар. Жүрегі дірілдемейтін, елжіремейтін топас болар. Әлде... Өскенбайды кемсінді ме? Керіскедей келісті жігіт, жарқылдап күлгені қандай. Әттең... Бүкіштікті ол Құдайдан тілеп алған жоқ. Бомба түскен блиндаждың белағашы белімді басып қалсын деп, кімге жалыныпты ол?!
Сонымен, өлең шығарғым келді. Тәңіртауға, Мыңбұлаққа Қаратаудың қырқасынан қарап отырып. Қасымда қарқарадай күндігі бар қара кемпір. Сасырдың сояу сабағын күрт-күрт кемірген екі есек, біреуі — әңгі, біреуі — мәш. Анда-санда қасыласып қояды. Екі араға өлең-хат тасымай-ақ бірін-бірі жақсы көретін шығар. Қасыласады.
Өлең ұйқасын таппай, не айтарымды да білмей, қиналып ары отырдым, бері отырдым. Айран-шалапты ішіп, нанды жеп болдық. Қасымдағы Шоқай апа сәл мүлгіп отыр ма деймін.
Әй, өлең шығарудың қиыны-ай! Біздің елден шыққан бір ақын қыз өзінің тырнақалды тұңғыш өлеңін:
О, шопандар, шопандар!
Атқа мініп қопаңдар, —
деп бастаған екен.
Тым болмаса, сол сияқты бірдеңе де ойыма оралмайды. Айша болса, табанда суырып салар еді-ау деймін.
Кенет Шоқай апа көзін ашып алып: «Жүр, балам, Құдай қаласа, Күйіктің асуына да жақын қалдық. Күйіктен ассақ, түнделетіп бірдеңе етіп жетерміз», — деді.
Жүріп келеміз. Ойымнан өлең шығару кетпейді. Мектепте тақпақ айтқаным болмаса, өзім өлең шығарамын деп үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Енді өлең ұйқастырғым келеді. «Қаратаудың басынан көш келеді» дейін десем, көш жоқ. Ербиісіп екі есекке мінген бір кемпір, бір бала. Екі есектің біреуі — әңгі, біреуі — мәш. Әңгі — еркегі, мәш — ұрғашысы. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп қоямын ішімнен. Бірақ өзімдікі емес. Басқа біреудің өлеңін ұрлауға болмайтынын маған ол кезде ешкім айтпаса да, әйтеуір, жақсы қылық емес екенін сеземін. Былтыр Қорғанбай екеуміз бір уыс қара арпа ұрлаймыз деп, Жуанқұлдың абақтысына отырып шыққанбыз. Ұрлық жақсы емес, оны білемін, білдірді. Ал біреудің өлеңін ұрлағанды абақтыға қамай ма екен? Оны білмеймін. Қызық, ә? Шыннан қамай ма екен?
Күйіктің асуына қарай еңкейе берген кезде, кенет артыма бұрылып қарасам: Тәңіртау да жоқ, Мыңбұлақ та жоқ, тек ала шарбы бұлты бар аспан ғана. Жан-жағыма қарасам: жақпар-жақпар, құж-құж құржиып жатқан тастар. Жүрегім дір-дір етіп, үзілі-і-іп бара жатқандай, көңілім жама-а-ан қобалжып қоя берді.
Сірә, кемсеңдесем керек, оны өзім де сезбей қалдым. Соны байқаған Шоқай апа:
— Не болды? Басың айналды ма? — деді.
— Ауыл... ауыл көрінбей қалды ғой...
— Қой, қарағым, ауыл қайда қашады дейсің. Ауылың орнында, ауыл қашпайды, адам қашады. Аһ, дүние! — деп күрсінді Шоқай aпa.
* * *
Енді, міне, мына заманда кейде «Волгамен», кейде «Вольвомен» жүйткіп, Күйік асуынан тасыраңдап ары да өтемін, бері де өтемін. Кешіре гөр, қасиетті Қаратау! Бірақ дәл сол арада, дәл Күйіктен еңіске түсе берісте, Тәңіртау көрінбей тасада қалған кезде, артыма ылғи да бұрыламын. Бұрыламын да: есекке мініп ербиіп, жан-жағына жатырқай қарап, жалғызсырап, бұтағынан жел жұлған жапырақтай жаутаң қаққан жетімек баланы көріп, мына зымыран машинаны тоқтата алмай, тоқтата алсам, сол сормаңдайды мінгізе кетсем деп, өзімнен өзім айнимын. Есі — басым сау, бірақ әлгі елес елеңдейді де, көлбеңдейді де тұрады.
* * *
Сөйтіп, Тәңіртауды да көзден тасалай алатын құдірет бар екен. Күйіктің бұралаң-бұлтың, бұдыр-бұдыр жолымен мықшыңдап табанға да түстік. Сылдыр қағып су ағып жатыр екен. Жағасында топ-топ бұйра талдар еседі екен. Есектен түсіп, су іштік. Шоқай апа дәрет алып, намаз оқыды. Сірә, намаздыгер шығар. Әлде намазшам. Асу іші күңгірт. Төңірек түксиеді. Кішкентай көлшікте шіл жүр. Қиқ-қиқ етіп, мен көрмеген, түсі бөтен тағы бір құс шыр айналып ұшады.
— Шоқай апа, мынау қандай құс? — деймін.
— Қызғыш қой, балам, — дейді, жайнамаз орнына жайған орамалын бүктеп тұрып.
Қызғыш! Ол Махамбет қой! Ақын ғой! Батыр ғой! Мектепте Ғалия апай жаттатқан.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің,
Ел қорыған мен едім.
Сен де айырылдың көліңнен,
Мен де айырылдым елімнен.
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні,
Мені елден айырған
Хан Жәңгірдің екпіні.
Білемін. Әлі ұмытқан жоқпын. Ғалия апай маған «бес» қойған. «Батырдың өзіндей етіп, екпіндеп айтады екенсің», — деп мақтаған, батырдың айтқанын ол қайдан естіген?..
О, шіркін, өлең шығарсаң, осылай шығар. Осылайша шығарсаң ғой. «Мені елден айырған — хан Жәңгірдің екпіні». Өй, мынау мен сияқты ғой. Бірақ мен... Махамбет емеспін. Тасбет — Жәңгір емес. Әттең, менен бұрын шығарып қойыпты ғой. Дегенмен хан Жәңгірдің орнына Тасбетті қойып көрсем, Махамбет — өзім.
«Мені елден айырған — бригадир Тасбеттің екпіні...»
Келмейді. Өлеңге ұқсамайды. Буыны артық па, немене?
Күйіктің аузынан шыға бере, тақтайдай тегіс дала, оқтай түзу жол басталды. Сол қол жақтан тағы бір тау көрінді. Қаратауға қарағанда көгілдір сияқты ма...
— Шоқай апа, мынау қандай тау? — деймін.
— Бурыл ғой, Бурылтау. Сен мені «Шоқай, Шоқай» дей бересің. Ауылыңдағы қатындардан естігенің ғой. Менің атым — Бибісара. Шоқай — менің елімнің, руымның аты. «Шоқай» деме, Бибісара де. Бибі апа десең де болады.
— А-а, — дедім.
Бибісара деген әп-әдемі аты бар екен. Бәсе, осындай жақсы кісіге «Шоқай» деп ат қоя ма екен? Бірақ қазекем ажал тырнағынан аман болсын деп, тіл-көзден аман болсын деп, баласының атын «Мыржық», «Мырқымбай» деп те қоя берген ғой. Балалары шетіней берген соң, зәрезап болған да. Әйтпесе, осы бетте Шоқай датқа деген кісі өтіпті. Халқына қадірлі болғаны сонша, Саудакент деген шаһарда оған үлкен күмбез тұрғызыпты. Асылы, мәселе атында емес, затында шығар. Шәуілдек жаман итінің атын «Бөрібасар» деп қойғаннан не пайда? Мысалы, менің атым — Барсхан. Сонда барс болып, ер жүрек болып, елді таң қалдырғаным қайсы? Өзі қисық, өзі маңқа Тасбет бригадирден қашып келе жатқан жоқпын ба?!
Тоқта! «Мені елден айырған — бригадир Тасбеттің екпіні». Келмейді. Біріншіден, Махамбетке жиендік жасау. Екіншіден, бір буыны артық. Сонда қалай десем екен? Ақындардың аузына сөзді Құдай өзі салатын шығар. Мен сияқты ышқынып, күшеніп-тышанып ақын бола алмассың. Дегенмен «ұра берсе, Құдай да өледі» дегендей, ойлана берсең, тырыса берсең, бір далбаса туатын да сияқты. Сондағы тапқаным:
Тәңіртаудың бауыры —
Менің туған ауылым.
Сонда туып, сонда өстім,
Сонда менің бауырым.
Оңып тұрған жоқ. «Бауыр» деген сөз екі рет қайталанады. Біріншісін «сауыры» деп өзгертсе қайтеді? Жарайды. Ары қарай:
Мен елімнен жас кеттім,
Асуын асып Күйіктің.
Кесірінен Тасбеттің,
Қуғынынан сол иттің...
«Міне, бұл өлеңге ұқсайды», — деп қойдым. Махамбеттің де лебі бар. Бірақ ұрлық емес. Өз өлеңім! Ұмытып қалмайын деп, күбірлеп қайталап келемін. Шоқай aпa, а, айтпақшы, Бибісара, Бибі апа бетіме қарап:
— Балам, бірдеңе дедің бе? — деді. Ұялып қалып:
— Жоға, әшейін тақпақ қой, — дей салдым.
Ойым бөлініп кетті. Жауайын деп келе жатқан бұлтты жел айдап кетті. Әйтпесе, бұл өлеңге Жуанқұлды да қоспақшы едім. «Атаңа нәлет Жуанқұл, бастық емес, бәлесің» деген сияқты.
Бірақ бұл тағы да Махамбет. Дегенмен осының айналасынан бірдеңе табуға болады деймін.
«Мыңбұлақтың» адамдары кілең жауыз екен демесін деп, жақсыларын: Өскенбайды, Есенді, Әбішті, Дошанайды, Қамқаны, өзімнің анам Айшаны да қоспақшы едім, оған ебім келмеді. Әрі десе, батып бара жатқан күннің қызылы Бурылтауды құлпыртып, Жанартауға айналдырып жібергендей көрінді.
Сонда, сонау боранды түндерде Айша айтқан жыр — әңгіме көз алдыма келді. Мына Бурылтаудың арғы бетінде Айша туған ауыл бар. Үйрек-қазы түйдек-түйдек ұшқан Билікөл бар. Айша Мыңбұлаққа келін болып түсерде осы жолмен, жаңағы Күйік асуымен өтті ғой. Қасында Мұртаза, жанында жора-жолдастары, зермен жабулаған, күміс жүгендері сыңғырлаған ақбоз жүйрік аттар бүлкілі. Қызыл-жасыл киінген жігіт-желең, қыз-қырқын, әзілкеш жеңгелер. Әнге басып Күйіктен, Қаратаудан асып барады... Алдарынан Тәңіртау қарсы алады. Ой, заман-ай...
Енді, міне, сөйткен Айша мен Мұртазаның Құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы Барсхан астына әңгі есек мініп, шала таныс бір кемпірге ілесіп, беймәлім, бейтаныс елге кетіп барады. Танитыным: бір сәтке, бір-ақ көрген Сәли мен Қали деген қарттар ғана. Айшаның нағашылары.
Ымырт жабыла, алдымыздан жасырынбақ ойнағандай жылт-жылт етіп оттар көрінді. Көлігіміз қалжырады. Әсіресе Бибі апамның астындағы қаба жүнді қара мәш қайта-қайта сүріне бастады. Пыс-пыс етеді. Пысқырына береді. Мимырттап жүріп, қарауытқан ауыл шетіне де іліндік-ау.
— Айша-Бибі, — деді Бибісара-уа, аруағыңнан айналайын, Айша-Бибі анамыз! Аруағыңыз қолдасын. Біздей мүсәпірге пана бол! Содан соң, маған:
— Әулие анаң Айша-Бибінің қасына түнейміз. Мына ауылда түн ішінде кімнің есігін қағып жүреміз, — деді.
Жолдан бұрылып, ауыл шетіндегі төбешікке, қарайған мазарға қарай бет алдық.
Есектеріміздің аяғын тұсап, үстіндегі көпшіктерін алып, ойпандағы ажырықта қалдырып, өзіміз өрмелеп мазардың жанына келдік. Екеу ғана. Біреуінің — биігінің бір жақ қабырғасы опырылып құлап қалыпты. Үңірейіп үрей тудырғандай.
— Имансыздар! — деп ызғарлана күбірледі Бибісара көпшіктерді мазардың күншығыс жақ бетіндегі қабырғаның түбіне төсей беріп.
— Не, Бибі апа? — дедім.
— Е, шырағым, — деді де үндемеді. Қоржынынан қауашақ алып, маған ағаш тостағанға айран-шалап құйып берді. — Нан таусылды, шыда, — деді. — Құдай қаласа, ертең сәскеде ауылға да жетеміз.
— Әлі алыс па?
— Сәл көз шырымын алып, аттансақ, алдымызда Асадан өтеміз. Содан соң, алыс емес.
— Бибі апа, — дедім әлгі күдік түрткілеп.
— Не балам?
— Кім «имансыздар?»
— Е, балам, мынау әулие мазарды бұзғандарды айтам.
— Неғып?
— Қышын алып пеш соға ма, сарай сала ма... Құдайдан, ұлы аруақтан безген ғой. Біліп қой, балам, мына қабырғаның ар жағында Ұлы Анаң жатыр — Айша-Бибі.
— Неғып?
— Неғып, неғыбы несі? Талқаны таусылған да. Баяғы-баяғы заманда өткен кісі ғой. Әулие болған. Жат, балам, бұл ұзақ әңгіме. Әулие анаңа сиынып жат. Мен намаз оқып алайын, — деп күйбеңдеп жайнамаз-орамалын алып, құбыла жаққа, Айша-Бибі Ана жаққа қарап, дұға оқып көп отырды.
Мен қарап жатқан күншығыстан кенет қылтиып қызылкүрең от шықты. Жартастың ар жағынан асылып бір керемет бойлай берді. Ай екен. Кейін білсем, ол Тектұрмас тауынан көтерілген екен. Ай да қызыл болады екен-ау деймін. Бұл жақтың Айы басқа ма деймін. Сөйтіп жатып, қалжырасам керек, тұяқ серіппей ұйықтап қалыппын. Түсімде Тәңіртаудың бір бүйірін Жуанқұл мен Тасбет үңгілеп жатыр екен деймін.
— Тауды неге бұзасыңдар? — десем,
— Қой қора саламыз, — дейді.
— Тау құлайтын болды ғой, тимеңдер!
— Ә, әтәңә нәләт, жәудің бәләсі! Кәлкөздің ісіне кәрсі, — дейді Тасбет.
— Соттау керек! — деп гүрілдейді Жуанқұл.
Кенет бір ақша бұлт тау шыңынан шыға келіп, Жуанқұл мен Тасбетті ұшырып ала жөнелді. Сәлден соң Бибісара мені оятып алды.
— Түс көрдің бе, балам?
Мен айтып бердім.
— Ұлы Анаң қолдайды екен. Басыңды ій, балам, — деді.
СӘЛИ, ҚАЛИ, БӨПЕТАЙ, САТАЙ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Есектеріміз кәдімгідей тынығып қалған екен, томпаңдап жүріп берді. Айша-Бибі анамыздың мазарына басымызды иіп аттандық. Бибісара апа:
— Балам, бұл ауылдан әлі талай өтерсің. Ары өткенде де, бері өткенде де Айша-Бибі анаңа тағзым ет. Жамандық көрмейсің, — деді. — Аруағы күшті ғой жарықтықтың.
— Аруағы күшті болса, мұның қышын бұзып алғандарды неге ұрмайды?
Бибісара бетіме таңырқай қарады:
— Ұрса — ұрған шығар, балам, әлі ұратын да шығар. Әйтеуір, оңдырмайды. Ұрпағына дейін ұрады, — деп қату айтты.
Менің анамның аты да Айша. Бірақ «Бибісі» жоқ. Бәлкім, анамның атын осы әулиені еске алып қойған шығар. Бұл әулие анамыз неге өзінің аттасына көз қырын салмайды, неге азабынан арылдырмайды, оны қорлаушыларды неге жазаламайды? Бала да болсам, осындай сұрақтар тілімнің ұшында тұрды. Бибісараға айтайын деп ойладым да тоқталдым. Әуелгі сұрағымды жақтырмай қалған сыңайлы.
Әулие анамыз топастардан, имансыздардан өзін-өзі қорғай алмаса, алыстағы (мен үшін алыс), Тәңіртаудың бауырындағы қызылшаны тау суымен суғарамын деп қызыл сирақ болған Айшаны қалайша қорғамақ?
Бұл сұрақтың күпірлік екенін ол кезде мен біле бермеймін. Тек өз Айшам қорғансыз екені есіме түскенде ет-жүрегім езіліп, артыма бұрылып, ішімнен:
— Иә, әулие ана Айша-Бибі! Менің Айша апама пана бола гөр! — деп тіледім.
Сөйтсем, есектеріміз Аса өзенін жалдап кешіп келе жатыр екен. Кейін білсем, Аса дегеніңіз біздің Теріс екен. Біздің Теріс өзені жарықтық ылғи күншығысқа қасқая тартып отырып, Маймақ тауының тұсына таярда Қырғыздың Күркіреу өзенімен құшақтасады екен де, екеуі бірігіп, ылдиға, солтүстікке қарай құлайды екен. Оны Аса деп қойыпты. Сірә, Асау болуы керек. Бірі Шақпақтан, бірі Манастан шыққан екі тау суы қосылған соң о баста жойқын болған ғой. Содан Асау атанған шығар. Еріншек қазақ толық айтуға да ерініп, ыңыранып Аса дей салған ғой.
Сонымен, киелі Терісті екі рет кешіп өттік.
Жап-жазық жасыл саздың терістігінен ауыл көрінді.
— Құдай қаласа, келдік, — деді Бибісара. — Әлі өсерсің, жетілерсің, балам. Сонда, сонау Тәңіртаудан бері қарай сапарда екі күн жолдас болған Бибісара деген апаңды ұмытып кетпей, анда-санда есіңе алғайсың. Бибісараны ұмытсаң да, Шоқайды ұмытпассың.
Кәрі кісілер қызық. Оны менің ұмытқанымда, ұмытпағанымда не тұр? Келер-кетер не бар? Дүниеге келдің, кеттің. А, бірақ мүлде із-түзсіз, сен дүниеге мүлде келмегендей, жер басып жүрмегендей, ешкім есіне де алмай, анда-санда атыңды да атамай, мүлде ұмытылып кету де қиын шығар. Адам шіркін о дүниеде де тірілерден бірдеңе, тым құрыса, жақсы лебіз дәмететін болуы керек. А, бәлкім, о дүниеде де есеп-қисап бар болар. Жарық дүниедегілер өлген адам туралы жақсы айтты ма, жаман айтты ма — есепке алатын шығар. Ұпай жинайтын шығар. Сол ұпайға қарап марқұмның о дүниедегі жағдайы жасалатын шығар...
Көшенің басынан кіре бергенде, астымдағы көк есек әңкілдеп тұрып ақырсын-ай келіп! Бүкіл көшенің ұзына бойында бір-біріне іргелесе, бір-біріне жаналай, тығылыса отырған Ошақты, Қоралас, Сіргелі, Алшын ауылына:
— Ей, жараңдар! Кім келе жатқанына қараңдар! Барсхан келе жатыр! — деп жар салғандай әңкілдеді-ай, ар-рам.
Ыңғайсызданып, басына шыбықпен тартып-тартып жібердім. Бұл елден сүйінші сұрайтындай мен қайбір ханзада. Аяғымда қыстың күні киетін бақабас жаман бәтеңке. Құйрығы мен тізесіне жамау түскен түсі белгісіз бомази шалбар, көйлегім де келісіп тұрмаса керек. Түнде шешпей жатқандықтан мыжылып, бырысып-тырысып қалған без көйлек. Қорғанбайдың апасынан Айша сұрап алып берген қисық кепке.
Тал-дарақтан көрініңкіремей тұрған аласалау үйдің тұсына келіп тоқтадық. Бибісара апа есектен түсуді қиынсынды ма, көлікте тұрып:
— Кім бар-оу? — деп айқайлады. Кішкентай мәшке ит шәуілдеді. Үйдің ар жағынан, жүгерінің арасынан кетпенін сүйретіп, бір қолымен көзін көлеңкелетіп қарт кісі шықты. Әрең таныдым: былтыр көрген Сәли атам! Былтыр төредей еді. Қазір... Жақындап келіп:
— Ә-ә, Бибісарасың ба? — деді. Содан соң маған үңілді. Әңгіден аунап түсіп:
— Ассалаумаәләйкум, ата! — деп қолымды ала жүгірдім.
— Жиеншарыңды алып келдім, — деді Бибісара.
— Е, е. Жиеншар. Ә, ә. Таныдым. О, айналайын! — деп, мені құшақтай алды.
Көк есекті талға байлап, үйге кірдік.
— О кім? — деген дауыс іш жақтан барылдаңқырап өктем шықты.
— Жиеен, жиен, жиеншар... — деді атам мүдіріп. Сірә, атымды ұмытыңқырап қалса керек.
Далада күн шыжып жарқырап тұрса да, үйдің іші күңгірт, терезелерін тұмшалап тастапты. Оң жақ іргеде денесі қомақтылау бір кексе әйел төсектегі балаға тостағанмен бірдеңе ішкізіп отыр. Үсті-басыма тінткілей қарап алды да, төсектегі балаға қарай қайта бұрылды. «Қай жиеншар?» — деп сұраған да жоқ.
Атам маған бір қарап, төсек жаққа бір қарап, кібіртіктеп қалды. Сәлден соң:
— Әй, қатын! — деп керең адамға айқайлағандай, балғамен темір төсті соққандай шаңқ етті. — Айшаның баласы алыстан келді. Шөлдеп келді. Тұр, сусын бер.
Табалдырықтан аттамай жатып, шал мен кемпірді кикілжіңге салып қойдым ба деп мен қыбыжықтадым.
Кексе әйел маған енді ықыластана қарап:
— Е, айналайын, апаң аман ба? — деп орнынан ауырлау тұрды-ау.
— Аман. Бәріңізге сәлем айтты, — дедім. Өзімнен гөрі, сөзім әсер етті білем:
— Е, қайран Айша, сәлемет болсын, — деп бақырауықтау апам (әлі атын білмеймін) бұрышта тұрған күбіні піспекпен пісіп-пісіп жіберіп, ағаш зереге ашыған көже құйып берді.
Ашытқан жүгері көже екен, көзімді жұмып сіміріп салғанда көзім шырақтай ашылып, қаракөлеңке үйдің іші жап-жарық болып сала берді.
Біздің Мыңбұлақта күн салқын шығар, жүгері піспейді, дүмбіл күйінде қалады. Сөйтсем, жүгері деген балдай тәтті болады екен. Әйтеуір, қазір маған солай көрінді.
— Қазір шәй қоямын, — деді жуан апам. Бұл сөзді құптағандай Сәли атам көзі күлімдеп, қутыңдап қалған сияқты. Мені таныстыра түспек оймен:
— Бұл — Айшаның баласы, а-а-а, Барсхан! — деді менің атым есіне түскеніне қуанып кетіп, даусы шығыңқырап. — Айша менің туған апам Құлыханның қызы ғой. Айтып ем ғой, ұмытып қалдың ба? — деді кемпіріне. — Құлыхандай апамнан қалған тұяқ.
— Е-е, айтқансың, — деді жуан апам аузы балпылдаңқырап. — Бұрын көрмеген соң біліңкіремей қалдым. Баласы адам боп қалыпты ғой байғұстың. — «Байғұс» дегенін жақтырмасам да, үндемей тілімді тістей алдым. Айшаға «байғұс» деген жараспайды. Байғұс — ол күнін көре алмай жүрген, қолынан түк келмейтін мүсәпір жан. Айша қайда, біреу қайда! Мен осылай ойлаймын. Мен үшін Айшадан асқан асқақ, ақылды адам жоқ. Айша болмаса, мен осылай тірі жүріп, тау асып, тас басамын ба?
Төсекте жатқан балаға көзім түсіп еді, тесірейіп маған қарап жатыр екен. Екі көзі шоқтай. Кірпік қақпайды. Мен тетелес, менен кішілеу шығар.
— Бұл — Қуаныш, — деді Сәли атам менің балаға қарап қалғанымды байқап. — Нағашың. Сенімен қатар шығар. Сен қаншадасың?
— Мен енді бір айдан кейін он екіге толамын, — дедім Иса мұғалімнің дәлдігіне үйренген басым.
— Е, мүшелге шығады екенсің ғой. Мүшеліңнен аман өт. Ал Қуаныш онға шықты ма? Ондасың ба, ей, Қуантай?
Көзі жарқ ете қалып:
— Бұйырса, — деді Қуаныш. Үні ересек адамның үніндей ірі. «Бұйырса» дегенінде де бір бәле бар. Тегін емес.
Бес жасында ма, одан да жасырақ кезінде ме, ойнап жүріп үйдің төбесінен құлап кетіп, белі бүкшиіп, құныс болып қалыпты. Содан бері төсек тартып жатады екен. Ем-дом қонбайды. Ол кездегі емшілер дәрменсіз бе, гипске салып түзеткенді білмеген бе, әйтеуір, төсек тартып қалған.
Құдай сондайынан сақтасын. Әйтпесе, таудан да, тастан да құладым. Аттан да, есектен де құладым. Көк қарғаның жұмыртқасын аламын деп, жарқабақтан құзға құлап түскен күнім де болды. Тәуба, тәуба, әзірге аманмын. Әзірге.
Ал енді жаңа Сәли атам: «Мүшеліңнен аман өт» деп қалды. Оны мен ойланбаппын. Сөйтсем, мүшел деген әрбір он екі жылда қайталанып тұрады екен. Алғашқы мүшел — он үш көрінеді. Мүшел сайын бір қатерден өтеді екенсің. Сөйтсем, сол бірінші «қылкөпірге» мен таяп қалыппын. Нендей қатер? Ойлансам да, уайым жоқ. Айша айтқан: «Құдай өзі берген жанын өзі алады. Оны алдын ала ешкім де білмейді», — деп.
Бірақ мына Қуаныштың: «Бұйырса» дегені — уайым. Қартамыс болған қарт адамның сөзіндей. Дені сау адам ажалды ойлай бермейді, өмірі өлместей көрінеді. Ал ауру адамға, ұзақ кесел қысқан адамға, ажалдың апаны елестеп тұратын болар. Ұзақ кеселдің адамын тек үміт қана сақтайды. «Бұйырса» деген сөзде үміт те бар, күдік те бар. Қайсысы жеңеді, сонысы алады.
Еркек дауысты жуан кемпірдің аты — Зүбәйда екен. Зүбәйда апа дастарқан жайды. Шәугіммен шәй әкелді. Дастарқанға бір таба нан әкеліп қойды. Нанның түсі бөлектеу көрінді. Сап-сары екен. Сөйтсем, жүгері нан екен. Сәли атам қысқа ғана дұға оқып, бетін сипап «бісміллә» деп, әлгі нанды қолына алып, үзіп-үзіп қойды. Байқағаным: нан үзілмеді, сынды. Үгітіліп, оп-оңай сынды. Мен сілекейім ағып, үздігіп бара жатсам да атамнан бұрын қол созбай, жағымды қарыстырып, тістеніп отырмын. Айша: «Сұғанақ болма!» — деген.
Сәли атам күлімсіреп бетіме қарап: «Ал, балам», — дегенде, мен молдау бір үзігін алып, қанша сыпайы болайын десем де аузыма апарып, қарпыңқырап жібердім. Жарықтық шайнауға да келмей, өзінен-өзі еріп қоя берді. Тәтті екен, шырын екен. Байқаймын, Сәли атам әлі жемей, маған сол күлімсіреген қалпы қара-а-ап отыр екен. Қомағайланып кеткенімді сезіп, қысылып қалдым. Сөйтсем, төсектегі баланың да, шәй құйып отырған Зүбәйданың да көздері менде екен. Түйіліңкіреп қалып, шашала жаздап, шәй ұрттап құтылдым. Абыройым айрандай төгіле жаздады. Енді бұдан былай аузыма асты бұралақтап салмауға ант бердім. "Түйілген көзім жасаурап кетсе керек, байқамай жеңіммен сүрте салдым. Оны да кеш аңғардым. Беторамалым жоқ қой. Мұндайда өзінің кішкентай кестелі орамалымен менің бетімді сүртетін алмабет, тәмпіш мұрын, тәлпіш қыз қайда?! Қалды ғой алыста, Тәңіртаудың бауырында. Лезде қайтқым келді. Ауылымды сағыны-ы-ып кеттім.
Енді қайтып дастарқанға қол созбадым. Зүбәйда апа барпылдаған дауыспен: «Ой, жалған-ай, аһ! — деп, Нәметқұл ұстаның көрігіндей күрсінді. — Ал, жиен шырақ. Ұялма. Жол азабын көріп келдің ғой», — деп, кенет өзінен-өзі өксігін баса алмай, жаулығының ұшымен көзін басып, бырқ дегізіп мұрнын сүртті.
Сілейіп не істерімді білмей қалдым.
Сәли атам үндемейді, басы салбырап, аппақ қудай сақалы кеудесіне құлады.
Менің келгенімді ауырсынып қалды ма?
Әлде мұның алдында біреулер қазаға ұшыраған ба?
Айшаның нағашыларының ауылында жұмақ бар, арғымақ мінген әулиедей аталар бар десем... Мұнда да мұнар-мұнар мұң, бұлардың да көздерінде қасірет...
Күн ыстықта мақталы қара шибарқыт камзол киген қара кемпір бір тізерлеп отырған қалпы жер шұқылап, тұқшиды да қалды.
Төсектегі бала кірпік қақпайды. Менен көз алмайды. Сәлден кейін бала даусы сақпандай сақ етіп:
— Ата, — деді.
Мүлгіген болып отырған Сәли атам басын көтеріп алып:
— Ау, Қуантай, — деп көзі қайтадан күлімдеді.
— Мына бала Шертай көкеме ұқсайды ә?
— Қайсы? — деп қарт маған оқыс бұрылды. Мені жаңа көргендей бетіме қарап-қарап:
— Ұқсайды ғой. Аумайды. Шертай мұның нағашысы ғой. Тартқан ғой нағашысына! — Шал қуанып кетті.
Сөйтсем, Сәли атамның бұрын марқұм болған бәйбішесінен екі ұл, бір қыз туған екен. Үлкені — Сейітжан. Қазір бір жерде, ауданда ма, милиция бастығы көрінеді. Қызы Майдаш қалада тұрады екен. Одан кейінгі Шертай... осыдан біраз жыл бұрын ат жалын тартып мініп, енді ер жетіп келе жатқанда, өкпе ауруынан қыршын кетіпті. Зүбәйда екінші әйелі екен. Одан туған — Қуаныш. Жатысы анау.
Әке мен бала арасындағы жаңағы бірер сөзден кейін Зүбәйда аттың басын қоя берді: аңырап ала жөнелді. Шертайды жас күнінде бауырына салып баққан екен. Бәйбіше ертерек қайтыс болған.
— Маңдайыма сыймай кеткен, менің қу маңдайыма сыймай кеткен жолбарысым-о-о-оу... Шертайжан-оу, Мына жиен бала кіріп келгенде, сен екен деп қалып ем, Қуантай да сөйтіп ойлапты ғо-о-ой...
— Қой! — деді атам. — Барқырама! Бәле шақырма! О, өз басыңа көрінгір! — деп еді, кемпір мұрны бырқ-бырқ етіп барып, жым болды.
— Шертайға ұқсаса несі бар, — деп сабасына түсті Сәли атам. — Қан ғой, қан. Құлыхан — менің туған әпкем. Одан Айша туды. Айшадан Барсхан туды. Менен — Шертай. Әрі-беріден кейін аттарына дейін ұқсас. Барыс деген — Шер деген сөз. Шер дегенің — барыс. Құдай ұйқастырған, ұқсастырған. Әйтпесе, біз аттарын әдейілеп олай қойған жоқпыз ғой, Шердің орнына Барс келді. — Кемпіріне қарап: — Қуанбайсың ба қайта. Өлгенің тірілді деген осы, — деп нығарлады.
Зүбәйда бір қолымен жер таянып, ауыр денесін әрең көтеріп, орнынан зорға тұрды.
— Әлгі Маржан жұмыста. Қой, қазанға бірдеңе салайын, — деп үйден шығып кетті.
Мен әлі сілейіп отырмын. Сонда қалай? Сонда мен өліп тірілген болдым ба? Мен көрмеген, мен білмеген Шертай деген бозым болыпты. Ерте қиылыпты. Енді соны мыналар қайтып келді деп отыр. Мыңбұлақтағы үйіміздің алдына, үйінді тезектің жанына, көктемде ұйысып, жылда шырмауық шығады. Күзде қурап қалады. Көктемде қайта шығады. Адамдар да сондай шығар.
* * *
Сәли атам кешке мені Қали үйіне алып барды. Қали атам жұмыстан жаңа келген екен. Былтыр біздің Мыңбұлаққа мініп барған қарақасқа акалтеке есігінің алдында байлаулы тұр екен. Бойы үймен бірдей-ау, шіркін. Жанынан өтіп бара жатқанда: «Сені қайдан көрдім?» дегендей, тостағандай көздерін төңкеріп, маған бір қарап қойды.
Қали атамның мұндай арғымаққа мініп жүрген себебі — колхоз бастықтың орынбасары көрінеді. Бастық бір әйел екен. Соған жәрдемші есепті. «Неге Қали атам бастық емес, неге әйел бастық?» — деп қойдым ішімнен.
Қали атам мені бірден таныды.
— О, айналайын Барсхан, жігіт болып қалыпсың ғой, — деп, бас салып құшақтады. Бір көзін қысыңқырап, басымды қос қолдап ұстап, бетімнен, маңдайымнан сүйіп жатыр. — Азамат болды деген осы. Сонау Жуалыдан іздеп келдің, ә, бізді!
— Біздің жиеніміз Барсхан, — деді аң-таң қалып тұрған әйеліне. Сөйтсе, ол Қали атамның бәйбішесі Қалатай апа екен. Бетінде шешек дағы бар, қызылшырайлы, жылы жүзді кісі екен.
— Е, айналайын, елің аман ба, шешең аман ба? — деп, о да асты-үстіме түсіп жатыр. Аузына саусағын салып, аңырайып, тұлымшағы селтиіп, бір кішкентай қыз түр. Бұл осылардың жалғыз перзенті — Әзиза екен. Қартайғанда көрген жәдігер. Мұндайда алыстан келген мейман кішкентай балаға базарлық деп кәмпит ұстатар еді. Ол менде жоқ. Ұят болды. Өйткені әке-шешесі мені айналып-толғанып жатқан соң, тұлымшағы селтиген, топ-томпақ кішкентай қыз маған тесіле қарап қалып еді. Сонда, қолына қуыршақ па, бірдеңе ұстата салсам ғой. Дүниеде баланы қуантқаннан артық қандай жақсылық бар? Базарлық байлық емес, дәнекер. Енді қолымда сол дәнекердің жоқтығынан мына қыз мені жатырқап, томсырайып тұр.
Қалатай апам төрге көрпеше салды. Сәли атам, Қали атам, мен енді жайғаса бергенде:
— Ассалаумаәлейкум! — деп, екі кісі кіріп келді. Бірінен бірі өткен шырайлы, көздері нұрлы, сақал-шашы бурыл, сахаба тақылеттес, үсті-басы тап-таза, тақуа.
«Бөпетай мен Сатай!» — дедім ішімнен. Айшаның айтуы бойынша, олар осындай ажарлы болуға тиіс.
— Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал алдынан шығар болар, — деген ашаң жүзділеуі сөз бастап. — Алыстан жиеншар келді деген соң, сәлем берейік дедік.
Мұндай құрметті өмірі көрмеген басым қатты састым. Қолдарын алып, амандасқаным болмаса, мыңқылдап, жөнді сөйлей де алмай қалдым.
Төрде төртеуі қатар отырғанда — төрт шадияр отырғандай келісті еді. Сол сурет есімнен кетпейді. Әттең, ол кезде қолымда қазіргідей фотоаппарат, телеаппарат жоқ. Сондағы айтқан сөздері қандай. Жазып алатын магнитофон, диктофон дегенді ол кезде атымен білмеймін ғой. Өрттей өкініш. Енді, тек елес. Көкірегіме басылып қалған сурет көмескілене бастады. Сөздері де есімде шала-шарпы ғана қалған.
Төртеуі отырып алып, Қалатай апамның шәйін ішіп отырып, әңгімені менен тартып тарихқа кетті-ау деймін.
Оның ішінде менің әкем Мұртаза жиі айтылады. Бөпетай атамның айтуынша, Мұртаза екеуі Әулиеатаның Балпық сарайына түсіп, атақты Керімбай болыстың қасында отырып, қымыз ішкен көрінеді. Әулиеатаны ояз билесе, Керімбай одан артық болмаса, кем емес көрінеді. Содан Керімбайдың ерлігі, пәрмені, айбынынын асқақтығы айтылады. Арқаға атпен бара жатқанда, Шу бойындағы ну, нар қамыстың арасынан жолбарыс шыға келгенде, аттардың қалш-қалш етіп, сиіп-сиіп жібергені; Керімбай, екі көзі жарқыраған шарадай, ақырып кеп қалғанда, жолбарыс көзін тайдырып әкетіп, мысықтай жер бауырлап, шегіншектеп кеткені... Қаратаудағы әйгілі Мақұлбектің теңдесі жоқ атақты қара атын Керімбай қалай тартып алғаны... Арада сойқан соғыс бола жаздап, ақыры қара ат Керімбайға опа бермей, бағы тайып, шабыстап қалғаны...
— Әне, сенің әкең Мұртаза сондай болған, — деп, Бөпетай атам енді маған бурылды. — Керімбайдың өзімен қатар отырған. Керімбаймен қатар отырмақ тұрмақ, ол отырған үйдің есігінен сығалап қарауға батпайтын жұрт онда. Әкең онда бозбала шағы. Ақбоз киініп, ақбоз ат мініп жүретін. Екеуіміз талай бірге болып, талай жерді араладық қой. Ай, жалған дүние... — деп аяқтады Бөпетай атам.
Сатай атам әңгімеге араласпаса да ықыластана тыңдап, аялы, әдемі, сүйкімді көздері жарқ-жұрқ етіп, керек жерінде аңқылдап күліп қойып отырды. Күлкісінде титтей жасандылық жоқ. Адамды көзінен тануға болады дейді. Ол рас. Бірақ күлкісінен де тануға болады. Кейбіреулер өтірік күледі. Өтірік күлкі — жаны кіршең, пейілі пәс адамдарға Құдай өзі басып қойған қара таңба.
— А-а, — деді Қали атам бір көзін қысыңқырап қойып, дөңгелек сақалын қисық бас бармақты саусақтарымен иегінің астын ала қасылап. — Сондай адамзаттың баласы енді біздің қасымызда отыр.
Төртеуі де енді: «шыннан сол Мұртазаның баласы ма?» дегендей маған бұрылды. Әкем әлгіндей болғанда, мен мырың болмайын деп бойымды тіктедім. Басымды көтердім. Бұл менің төрт нағашыға берген үнсіз жауабым.
— Бұл жиен бүлдіріпті, — деді Сәли атам көзі мейірлене, күлімсіреген күйі.
— Е, не болды? — десті бәрі.
Ең қиын жері осы болар. Әжептәуір абиырмен отырғанымда, Сәли атам мені әшкерелейін деді. Елде болған жағдайды күндіз айтып ем ғой оған. Қайдан білейін ол сырымды шаршы топтың ортасында жайып салатынын. Болары-болды, сабыр сақтайын деп күбіжіктемедім.
— Ауылындағы бригадирді ұрыпты. Әлгі ақымақ бригадир Айшаға күн көрсетпейтін көрінеді «халық жауы» деп. Соған шыдай алмай, мына батыр біреуді жазым қыла жаздапты. О да сорлы екен, шынашақтай баланы соттатамын деп ауданға шапқылапты. Сөйтіп, бізді паналап келген түрі мынау...
— Оттапты, — деді Қали атам айылын жимай. — Мен Сейітжанға айтамын. Ол Жуалының милициясын біледі. — Қорықпа! — Мені бауырына тартып, шашымды ұйпалап, еркелетіп қойды.
— Міне, нағыз батыр, — деп, тұңғыш рет әңгімеге араласты Сатай атам.
— Аруағыңнан айналайын, Тұрған анамыздың қаны бар ғой Барсханда, — деп, Қали атам Тұрған анасын көріп тұрғандай алысқа қарады. Мен білсін, түсінсін деп:
— Сенің шешең Айша болғанда, Айшаның шешесі — Құлыхан. Ал Құлыхан осы отырған бәріміздің бауырымыз. Бәріміз Тұрған анадан туғанбыз. Тұрған ана — аса көріпкел, үлкен дәрігер, әулие кісі болатын. Сондай анаңның аруағы қолдасын сені, Барсхан! — деді.
Төрт шадияр қолдарын жайып: «Әумин!» — деді.
* * *
Сөйтіп, мен нағашыларымның үйлеріне кезек-кезек қонып жүрдім. Қабақ шытқан біреуі жоқ. Бөпетай атамның үйіндегі Адас апам да құрақ ұшып, құрдай жорғалайды. Соншалықты мен ненің шікірәсі? Айшаның, Мұртазаның құрметі шығар. Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық деген осы болар. Сәли, Қали, Бөпетай, Сатайлардың ең үлкен ағасы Жүніс дейтін кісі болған екен. Ол марқұмның бәйбішесі Шолпан апа қырғыздың қызы екен. О да үйіне шақырды. Үйінде бойжеткен Оңал деген қызы бар екен. Бұрымдары тілерсегіне түседі. Өзі әсем. Бірақ қолында, бетінде ақтаңдақ бар. Содан қорланады.
Кейін-кейін ондай ақтаңдағы барлардың талайын көрдім. Өзін көр тұтқан ешқайсысы жоқ. Ал Шолпанның мына бойжетіп, отырыңқырап қалған қызы жұрт көзіне көрінбейді, үйінен шықпайды. Намысқой. Отырып алып кітап оқи береді. Менен: ананы оқыдың ба, мынаны оқыдың ба деп сұрайды. Мен кітабы тұрмақ, атын естімеген жазушыларым. Тұңғыш рет «Жұмбақ жалауды» сол үйден көрдім. Бастап оқып едім, бас ала алмай байландым да қалдым. Ғабиден Мұстафин деген жазушы бар екен. «Өмір мен өлім» деген шағын, сұр мұқабалы кітабын да қопарып тастадым. Бір орыстың «Порт-Артур» деген кітабын да аудармадан тауыстым. Әсіресе Ғабдол Сланов деген жазушының «Арман ағысы», «Дөң асқан» деген кітабын екі рет қайталадым-ау деймін. Сахи, Таңат дейтіндері бар екен. Солар сияқты болсам-ау деп қойдым. Жаман адамдармен жауласып, құм ішін кезіп, көк бөрідей жортуылда жүргендер өзім сияқты көрінді.
Кітаптарды бірінен соң бірін қылғытқанымды көрген соң Оңал мені жақсы көріп қалды. Махан, Әшірбек деген ағалары әскерге кетіпті. Махан соғыс басталарда Брест дейтін қалада екен. Хабар жоқ. Әшірбектен хат келіп тұрған екен, соңғы жыл одан да хабар үзіліпті.
Қайда барсам да алдымнан бір үміт пен күдіктің жағаласып жатқанын көремін. Мынау үй де сондай. Кәрі кемпір, бойжеткен қыз. Күліп, жарқылдап отырған болады. Сәлден соң, көздерін қасірет торы қамалайды.
Бір күні Оңал:
— Әй, Барсхан, қой көрмеген, қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер дегендей, кітап көрмегенсің бе, немене, бала болып, далаға шығып, сен де ойнасаңшы, — деді.
— Ешкімді танымаймын, кіммен ойнаймын? — деймін.
Оның үстіне мен енді ойын баласы емеспін. Ауылда болсам, Тасбет маған элеваторға бидай тасытып қояр еді. Енді ойласам, мына жүрісім ерсі. Елдің бәрі жұмыста. Мен бөтен елде жүріп, күндіз-түні кітап оқимын. Әрі десе, Оңғарбай атамның көк есегін мініп кеттім. Элеваторға бидай таситын басты көлік сол еді. Өзім қашқаныммен қоймай, есекті міне кеткенім... екі есе зиянкестік пе, қалай? Тасбет сотқа мұны да айтады ғой. Қайтайын десем-ұят, қиын.
Сөйтіп жүргенде, әлгі әңгі бәрін бүлдірді. Сәли атамның жүгерісінің аяқ жағына, арықтың ар жағына арқандап қоятынмын. Бір күні құтырды, арам қатқыр. Басқа біреудің жүгерісінің жанына бір мәш пайда болған екен. О да арқандаулы. Аласа ғана есек екен. Оңғарбай атамның көк айғыры соны көріп азынасын-ай келіп. Мені тулақ құрлы көрмей, арқанымен қоса сүйреп алып кетті. Етпетімнен құлап, ажырап қалдым.
Мен орнымнан тұрып, соңынан қуып жете бергенше болмай, әлгі арам сұр есекке асылды-ай келіп. Анау да сорлы екен, олай-бұлай бұлталақтап қашқанды білмей, қыбыжықтап, құйрығын шыжбыңдатып, аузын қайшылап тұра қалды. Көк әңгі барып асылғанда, белі үзіліп кете жаздап, сүріне жаздап, жүгерінің ішіне кіріп кетіп, ойранды салды дейсің.
Сол-сол екен, арғы беткейдегі құжыра үйден бір бала жүгіріп шықты. Келе менің жағамнан ала түсті. Не орыс екенін білмеймін, не қазақ екенін білмеймін, әйтеуір, түсі бөтен. Көзі шақшиып от шашады. Мен құралпы, менен, бәлкім, үлкендеу. Сөзі түсініксіз. Бірақ аузынан түкірігі шашырап, кіжінгеніне қарағанда, мені оңдырмай сыбап тұрғанын сеземін.
Менің жағамнан әлдеқайдағы біреу тұрмақ, Тасбет те алып көрген емес. Ақылға салуға болмай қалды. Әлгі қырт бір-екі рет мені түйгіштеп те жіберді.
«Кеудеңді ешкімге бастырма!» — деген Айша. Мынаны көрсе, Айша: «Менен тумай кеткір», — дейді ғой. Қой, болмас.
Сол білегіммен мойнынан қысып, ырғап кеп қалып едім, жерге бұрқ ете түсті. Үстіне мініп алып, кеудесін тіземмен басып, қос қолыммен басын жерге бір-екі рет түйіп-түйіп алып, енді беттен пере берейін дегенімде, арт жағымнан айқай шықты. Жалт қарасам — Сәли атам екен.
— Ойбай, тиме бәлеге!
Амал жоқ, астымдағы періні босатып, орнымнан тұра беріп едім, анау тағы жармасты. Аяғымнан шалып жіберіп, етпетімнен түсірді. Енді тебейін деп келе жатқанда, аунап түсіп, орнымнан ыршып тұрдым. Шапши бергенімде, Сәли атам қолымнан ұстай алды:
— Қой, қой! Тиме бәлеге!
Менің қолымның бос емес екенін пайдаланып, әлгі жынды бетіме тырнағын салып кеп жібергені. Бетім қанап қалды.
Сол екі ортада жұрт жиналды.
— Не болды? Не болды?
Даусы қырылдаған мен құралпы бала:
— Алдымен анау тиісті, мен көріп тұрдым, — деп, ақикөз албастыны көрсетті. — Петька тиісті!
Жан-жақтан:
— Қой, қой. Бәлелі көтке бармағыңды сұқпа! — десіп жатыр.
— Мынау бөтен бала ғой, — деп маған шұқшиысты. Сәли атам:
— Бұл — менің балам, мына Петьканың сырын білмейді ғой, — деді.
Мені білмейтіндер:
— А-а, — десті.
— Дегенмен қайсар екен. Петьканы жығып салып сабау деген...
— Ай, қайдам, Петька да қарап қалмас. Шешең екені рас болса, кекшіл ғой.
Петька бажылдап тұр. Шала-пұла орысша, арасында шешенше бірдеңе дейді. Жұлқынып тұр. «Моя кукуруза! Оныкі есек... менікі есек...»
Енді жиналғандар мәз болып күлсін-ай кеп. Сөйтсем, Оңғарбай атамның көк әңгісі Петьканың сұр мәшін жүгерінің арғы шетіне шығарып алып, тағы да асылып жатыр екен. «Атаңа нәлет! Сазаңды берермін!» — дедім ішімнен. — Соған бола, ойда жоқта менің шатаққа қалғаным мынау, сенің қызыққа батқаның анау».
— Ой, Петька, нешауа, есегің енді екеу болады. Кішкентай ослик болады, — деп күлді мұрны таңырайғандау, шомбал келген, менен үлкендеу бала мәз болып.
Петька ызаланып:
— Менікі пчак, нож! — деп, қолымен кеңірдегін бауыздаған белгі жасап, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
— Ойбай, кетейік. Ағаларына айтса — талқанымызды шығарады, — деді жаңағы шомбал, таңқы мұрын.
Сөйтсем, ол Тұрсынхан деген бала екен. Алғашқы қырылдақ Біләл деген қарашай бала екен. Сәли атам айтты:
— Ана арамыңды ұстап әкеліп, қораға қамап қоймасаң, шешендер жарып тастайды, — деді.
Есіріп алған неме, әңгіленіп маған бой бере ме, Тұрсынхан, Біләл үшеуміз үш жақтап, әрең әкелдік. Шешендердің сұр мәшіне әуселесі құлай түсіп, құдай ұрып қалыпты.
Сөйтсем, бұл жаққа қарашай, балқар, шешен дегендерді Кавказдан көшіріп әкелген екен. Біздің Мыңбұлаққа немістерді көшіріп әкелгені сияқты. Шешен дегенді сыртынан естігенім болмаса, бірінші рет көруім. Шешен десе, мынау ауыл үрей. Маған бәрі таңғалысты. Қалай қорықпадың деп. Мен Петькамен батыр болып төбелескен жоқпын ғой. Оның шешен екенін де білген жоқпын. Оқыстан өзі тиісті. Амал жоқ, алыстым. Менің жазығым не? Сөйтсем, алыспастан, қарсыласпастан қаша жөнелуім керек екен. Мыналар солай дейді. Пышақ салады дейді. Мен қайдан білейін?
Петьканың екі ағасы бар екен. Екеуі де тракторшы екен. Үлкен ағасы Нұрдин деген өгіздей дейді. Тракторы тығылып қалса, оппадан өзі сүйреп шығара береді дейді. Осы үшеуінің шешесі бар дейді. Бір мая шөпті бір өзі көтеріп кете береді дейді. Тұратын үйлері үй емес, үңгір дейді. Бұлардан бүкіл ауыл қорқады екен. Мен қайдан білейін?
Оңал әпкем:
— Ойбу, — деп бетімнің қанын жуып, орамалмен сүртіп, мақтамен йод жағып еді, ой, тызылдады-ай дейсің.
— Әп-әдемі, айдай жүзіңе дақ түсірдің-ау, балам, — деп Шолпан апам ренжігендей болды.
— Айда да дақ бар ғой, aпa, — дедім.
Бұл шәлекейге араласқанымды біреу мақтады, біреу жақтырмады.
Таңертең Шолпан апам:
— Қалаға. Қалада Зиба бар ғой, Айшаның сіңлісі. Соған барып сәлемдессін де, — деді.
— Зиба... — деп Оңал үндемей қалды. Бірдеңе айтайын деді, айтпады. Бірақ оның не айтқысы келгенін кейін түсіндім.
ПАЙҒАМБАР ДА ЕСЕК МІНГЕН
Сөйтіп, нағашыларымның аулында аптадай қонақтап, енді қалаға кетіп барамын. Жүндес, жуас есектің үстінде — Шолпан апам, көк әңгінің үстінде — мен.
Нағашыларым, сірә, шешендерден сескенген болар, кешегі жанжалдан кейін мені көзден таса бола тұрсын деді-ау деймін, ойда жоқта Зибаның үйіне баратын болдым.
Әрине, Зибаға бармай кету әбестік қой. Бірақ бәрі кенеттен шешілді.
Титтей күнімнен құлағыма сіңіп қалған атақты Әулиеата шаһарына келе жатырмын. Есекке мініп. Бөпетай атамның айтуынша, әкем Мұртаза бұл қалаға ақбоз ат мініп кіреді екен. Мен есек мініп келе жатырмын. Несі бар... Кейін білсем, Иса пайғамбарымыздың өзі де қасиетті қала Әрусәлімге, яғни Иерусалимге тұңғыш рет есекпен келген екен. Оған дейін әлемді аралап, Гималайда, әулиелердің арасында көп жыл жүріп, өзі де әулиелердің әулиесі — Пайғамбарға айналып, дүйім дүниені аузына қаратқан Исаның өзі есек мінгенде, менікінің несі ерсі?! Ақбоз ат бұйырмаса, не шара?
Қалаға кіреберісте, еңіске түсіп, жайдақ су кешіп өттік. Он жақта — жарлауыт бар екен. Шолпан апам сыбырлап:
— Отыз жетінші жылы осы жардың жиегіне адамдарды тізіп қойып, шетінен атып, орға құлата берген, — деді.
— Неғып?
— Өкіметке қарсы «халық жаулары» дей ме, қырды ғой, әйтеуір.
Жүрегім мұзда-а-ап сала берді. Жар жаққа жалтақ-жалтақ қарадым: Мұртаза көрінбес пе екен деп. Ойым айтты: Мұртаза Сібірде қалған деп. Сонда ғана тұла бойымның түршігіп, дірілдегені әрең басылды. Жардың күншығыс жақ беті қалың кіреш екен.
— Шолпан апа, мынау не?
— Ол орыстардың зираты.
— Ұшы-қиыры жоқ кірештер. Қырылып қалған ба, немене?! Не десе де, жарықтық, түсі суық. Бір жағы зират, бір жағы көше. Қала осылай басталды. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Өмірі мұндай үлкен қала көрмеген көк әңгі де елеңдеп, не болса соған құлағын тікшитіп, үркектеп қалады. Тағы бір су кешіп өттік. Оның жағасындағы ұзыннан-ұзақ биік дуалдың үстіне тікен сым керіп қойыпты. Дуалдың бұрышындағы биік ағаш үйшіктің жанында мылтық ұстаған біреу тұр.
— Шолпан апа, мынау не?
— Түрме ғой, шырағым.
Осыдан жеті жыл бұрын Боранды — Бурныйдың түрмесін көріп едім. Әкем Мұртазамен көздей тесіктен сөйлескенбіз. Анау сияқты милиционер мені желкемнен бұрып алып, лақтырып жіберген...
Бірақ Боранды-Бурныйдың түрмесі мына сияқты биік дуалмен қоршалмаған сияқты еді, тікенек сымы да жоқ болатын.
Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Бір кезде қалың топтың ішіне кіріп кеттік. Не көп, адам көп. Арба-арба шөп.
Қора-қора қой. Мама ағашта тізіп байлап тастаған аттар, есектер.
Шолпан апамның айтуынша, бұл Атшабардың мал базары екен. Осында Тастанбек деген кісі болуы керек екен. Шолпан апам содан Зибаның үйі қай көшеде екенін сұрап білуі керек екен. Есегін маған ұстатып, өзі қой базарға кіріп кетті.
ЬІғы-жығы. Балпаң-балпаң басқан қара бөрікті адамдар, айыр қалпақ киіп адыраңдаған адамдар, ала тақия киіп жылмаңдап жүрген адамдар. «Вода-вода! Кому вода?» — деп айқайлайды шелек көтерген мен сияқты бір бала. Су сатып жүр екен. О, тоба, суды да сатады екен, ә! Стакандап сатып жүр.
Бір-екі бала қолдарына шелек ұстап, сиырлар тұрған жақты төңіректеп жүр. Бір сиыр жапа тастай беріп еді, әлгілердің біреуі шелегін тоса қалды. О, тоба! Сиырдың боғына дейін жерге түсірмей, қақшып алады екен.
Біреулер бір-бір уыстай етіп баулаған жусан сатып отыр. Кәдімгі далаға өсетін боз жусан. Алушылар әлгі баулаған жусанды аударып, төңкеріп, салмақтап қояды. Жуандауын таңдайды. Жарымағырлар, Құдайдың далада өсетін жусанын жуанырақ байласа қайтеді.
Осылай қаланың, қыбыр-жыбыр құмырсқа тірлігіне қара-а-ап отырғанымда, қасыма ала тақиялы екі бала келді.
— Ей, қозақ, ешәгіңді сатасың му? — дейді, менің астымдағы көк әңгіні саусақтарымен шоқтығынан түртіп тұрып.
— Есек сатылмайды, — деп, шорт кестім.
— Сатмасаң, сатма, дәйіс! — деп, екеуі ыржалақтап күліп, кетіп қалды. Көп ұзамай қайтып келді. Шыннан айналдырайын деді. Қамсыз қалмайын деп бойымды тіктеп, қолымдағы қамшыны (Сәли атам берген) қысыңқырап ұстап, сақ отырмын.
— А, ләкин сатасың а? — деді біреуі.
— Жоқ! — деп түксидім.
— А, онда қапа болман, — деп, әлгі көк әңгінің шабына қолын тықты.
— Ей, тиіспе! — деп, қамшымды көтере бердім... Әлгі сұм шегініп кетті. Қорықты деп ойладым. Сол-сол екен, көк әңгіні шайтан түртті ме, білмеймін, тыпырлады да қалды. Артқы аяқтарын кезек-кезек тепсініп, пысқырынып, шыркөбелек айналып, туласын-ай кеп. Үстінен түсіп қала жаздаймын. Тағы да болса қаршадайымнан колхоздың жылқысын бағып, атқа мініп, тас тақым болып қалғаным бар, Құдай абырой бергенде, мына арам қаншa тоңқып, мөңкісе де құламадым. Бірақ Шолпан апамның есегінің бұйдасы қолымнан шығып кетті. Ана мұттайым кәшімірлер соны алып кете ме зәрем қалмады. Дап-дардай болып, апамның есегінен айырылып қалсам — өлім ғой.
Әлгі екі ала тақия анадай жерде іштерін басып күліп, мәз болып тұр. Оларға — тегін концерт. Көк әңгі мөңкиді, мен құлап қала жаздаймын. Менің жаным шырылдайды, аналарға рахат.
Сөйтсем, бұл дүние өне бойы тұнып тұрған осындай оспадарсыз ойын екен ғой. Адамды адам қинап, содан рахат кешу, әу бастан-ақ бар екен, әлі де бар, әлі де бола береді.
«Әй, бұларың қалай?» деген ешкім жоқ. Қайта ана екеуіне қосылып, тобыр неме, ыржаңдасып күледі. Орысы да, қазағы да, сарты да. Еркегі де, қатыны да.
Нешауа. Иерасулимнің ғибатханасының алдында осындай тобыр Иса пайғамбарды да зәбірлесе керек. Пайғамбардың өзін сөйтіп қорлағанда, мен кімнің шікірәсі...
Тәңірі жарылқағыр, Шолпан апам келіп қалыпты.
— Не болды-ей?
— Білмеймін. Аналар, — деп, ала тақиялы жүгермектерді нұсқадым.
— А, өлігіңді көрейін өле! — деп, ала тақиялы жүгермектерді қырғызша қарғысқа басты. — Тантыған тентек! Нелерің бар тыныш тұрған балада?! — Шолпан апам тыпыршыған көк әңгінің бауырына үңіліп, қолын жүгіртіп еді, есек тыншыды да қалды. Сөйтсе, қаланың қулары оның шабына бөгелек салып жіберген екен.
— Жүр, — деді апам. — Білдім Зибаның үйін. Құдай қаласа, енді табамыз. Ойық көшесінде екен.
Атақты Атшабарды бірінші көруім осылай басталды. Әлі талай көрерімді дәл сол сәтте білген жоқпын.
Шолпан апам жайма базардың тұсынан өтіп бара жатқанда, «Олын, олын» деп қақсап тұрған өзбектің қатынынан маған тәтті сатып алып берді. Зығыр дәнін қант шырынымен дәнекерлеп, қатырып қойған тәтті екен. Мұндай дәмді болар ма?
Енді бір жерде иісін бұрқыратып кәуап пісіріп жатыр, бір жерде тұшпара пісіріп жатыр... Мен үшін бейтаныс ғажайып иістер. Мұндай да береке, мұндай да тоқшылық болады екен-ау деймін. Ал сөйте тұра, қалтаңда тиының болмаса, бұл иіс тоқшылық емес, азап екенін әлі біле бермеймін.
«Қымыз, қымыз! Қымыз ішіңдер!» — деп жалынады бір әйел: «Шыннан тегін бере ме?» — деймін жалтақ-жалтақ қарап. Қайдан тегін. Әлдекімдерден ақша санап алып жатыр. Сүлеймен есіме түсті. Жақсы қымыз ішсе, жазылар ма еді... осы қымыздың шатағынан ойда жоқта, міне енді мен Әулиеата қаласын есекпен аралап жүрмін. Тағдыр осылай шығар. Атшабардан ылди түсіп, көшеге шықтық.
«Мынау — Балпық сарайы деген. Бұрын керуен — сарай болған», — деді Шолпан апам дәу көк дарбазаны көрсетіп.
Е, Бөпетай атам Мұртаза екеуі келетін Балпық сарай осы екен ғой. Ар жағында не бар екенін кім білсін, әйтеуір, көк дарбазасы күшті. Төрінде Керімбай болыс отыратын жер оңай дейсің бе? Сол Керімбайлармен қатар отырған Мұртаза да тегін емес екен-ау деймін. Ал оның баласы, анау-мынау емес, зарығып көрген баласы мен — Барсхан — анадан да, мынадан да түрткі көріп, хан базардың ішінде есегім тулап, жұртқа күлкі болып, пұшайман жеп келе жатқан түрім мынау... Бетімді кеше шешен баласы тырнап алып, жаралап тастағаны тағы бар. Ыңғайсыз.
Біраз жүргеннен кейін, көшенің екі қапталынан да жәпірейген, жатаған үйлер жиілей берді. Және кілең қазақтар тұратын сияқты. Бір жақтан ауып келіп, уақытша тұрып, тағы бір жаққа үдере жөнелетіндей, мынау үйлер мығымдықты, тұрақтылықты сездірмейді. Балшықтан домбаздай салған сиықсыз үйлер. Қаланың ортасындағыдай емес, тал-дарағы да шамалы. Тура ауылдағыдай. Ағаштарын есек пен ешкі кеміріп тастаған.
Дегенмен ара-тұра дарбазасы биік үйлер де кездеседі. Соның бірінің алдында тұрған әйелден Шолпан апам:
— Зибаның үйі қайсы? — деп сұрады.
— Міне, — деді мыңболғыр.
Жапсарлас үй екен. Қорасы да, қақпасы да жоқ, жадағай, жалғыз үй. Есігінің алдына барып, есектен түстік. Үйге кірсек — ешкім жоқ, бірақ есік ашық. Сыртқа шығып, тамды айнала беріп едік, ар жақта огород бар екен. Бір әйел ары қарап, картоп қазып отыр. Жанында жасыл бешпет киген қуыршақтай кыз картопты шелекке салып жатыр. Үйдің күншуағында басы бақырдай, көздерін қолымен көлеңкелеп қысып алып, кішкентай бала ағаш атпен ойнап отыр.
— Ау, Зиба! — деп дауыстады Шолпан апам. — Жиен қыз-ау, біз келдік.
Әйел түрегеліп, біз жаққа қарады. «Құдай-ау, Айша қайдан жүр?!»
Жоқ, Айша емес екен. Көздерінің аясы кеңдеу, өңі құбаша, бойшаң екен.
Күн ысып тұрса да, орама қоңыр жағасы бар, мақталы пальто киіп алыпты. Басында алқымынан ораған шәлі бар.
Бізге жақындап келді. Шолпанмен көрісіп, амандасты. Маған қарап тұр. Қайтер екен деп Шолпан апам үндеген жоқ. Мен қайбір келісіп тұрған. Кісі сүйсінер түрім жоқ. Басымда Қорғанбайдың қисық кепкесі. Аяғымда ауыр бәтеңке. Бетімді шешеңнің баласы тырнақ салып жаралап тастаған. Кебірсіп, қабыршақтанып, қан қатып қалған.
Зиба әпкем танымады, бірақ таңғалды. Жүзі жылы, күлімсіреп, тіпті елжіреп қарайды. Әйтеуір, жақыны екенімді сезеді, бірақ доп басып айта алмай, екі иінінен дем алысы жиіледі. Мен шыдамай:
— Зиба әпке, мен Барсханмын ғой, Айшаның... — дей бергенімде, бас салып, бауырына қысты. Бірақ сүймеді. Күнге қызған пальто бетімді жылытты. Пальто емес, жүрегі жылытып тұрғандай, тұла бойым шымырлап, бір аналық, туысқандық сезім менің жаныма шым-шым еніп, адам екенімді, мені де біреу жақсы көріп, аймалайтынын танытып, көзіме жас іркілді.
Егер адамдар бірін-бірі осылай құшырлана аймалап, бауырына басса, байлықсыз-ақ, атақ — даңқсыз-ақ бақытты болар еді... қайтерсің, біреу сенің қарайып, жер басып жүргеніңе қуанады. Біреу сенің осы дүниеге келгеніңді де көре алмайды. Мен жоқ болсам, менің орныма зығыр егетіндей-ақ, зығырданы қайнап жүреді. Адамдар әділдікті Күннен үйренбей-ақ қойды. Күн сен патшасың ба, пақырсың ба, байсың ба, кедейсін бе — ешкімді алаламай, бәріне сәулесін тең таратады ғой.
Адамдар әділдікті Қара Жерден де үйренбеді. Сен патшасың ба, пақырсың ба, байсың ба, кедейсің бе — Қара Жердің қойнына кірген соң бірдейсің. Патшаның етін жеген кұрт, арық екен деп пақырдың етін жемей қоймайды.
Тән шаруашылығы осылай. Ал жан мәселесі... Өлгеннен соң, тәннен жан бөлінеді дейді. Құдай құптаса — жаннатқа барады, құптамаса — тамұққа, тозаққа түседі дейді. О жақтан қайтып келіп, әңгімесін айтып, хабар берген ешкім жоқ. Бірақ Адал мен Арамның ара жігі, әйтеуір, бір ажыратылуы, содан соң әркім тиесілі үлесін алуы керек қой. Егер ондай таразысы болмаса дүниеде не мән, не мағына...
— Айша әпкем аман ба? Інің, қарындасың аман ба? — деп сұрақтың астына алды Зиба әпкем, енді мені екі қолымен иығымнан ұстап тұрып, бетіме тесіле қарап тұрды. Мен «иә, иә» деп жатырмын. Бір уақытта Зиба:
— Құдай-ау, Рахманнан аумайды екенсің ғой, — деді.
Рахманды білемін. Еміс-еміс есімде. Айшаның інісі, Зибаның ағасы. Сорымызға қарай, маңдайымызға сыймай кеткен.
Зиба әпкем бізді үйге кіргізіп, алты-жеті жасар, үкідей ұшып тұрған, сап-сары, көк көз қызды:
— Ақшагүл-ау, су алып кел, — деп жұмсады.
Примус деген болады екен. Жермаймен жанады екен, піскілесе, пысылдап, бажылдап жалын атады екен. Зиба әпкем оған шәугім қойып, шәй қайнатты. Түтін иіс қолқаңды атады.
— Ақшагүл-ай, мынау сенің бөлең — Барсхан, — деді үкі көз сары қызға. Көзін жұмып алып кішкентай бала кірді. — Бұл сенің кіші бөлең — Әбен, — деді Зиба әпкем маған.
Әкесі Мырзагелді соғысқа кеткенде, бұл Әбен жаңа туған екен. Қазір төртке шықса керек.
— Мырзагелдіден хат келіп тұр ма? — деп сұрады Шолпан апам шәй үстінде.
— Құдайға шүкір, әзір келіп тұр, — деді Зиба әпкем. — Осы жазда бір посылка жіберіпті. Ол не дейсіз ғой. Сабын. Әтір сабын екен. Соны базарға апарып сатып, кәдімгідей қаужаңдап қалдық. Әйтпесе карточкамен алған нан мына екеуіне кейде жетіп, кейде жетпейді, — деп, қызы мен ұлын екі жағына отырғызып, бастарынан сипап қойды.
— Біздің Махан мен Әшірбектен тырс еткен хабар жо-о-оқ, — деп, Шолпан апам күрсініп қалды.
— Сабыр түбі — сары алтын, Шолпан апа, сабыр етіңіз. Бір жақсылық хабар келіп қалар, — деп жарқылдады Зиба. Сөз сөйлесе, көздері жарқылдап, даусы жарқын-жарқын шығады екен. Жайырақ сөйлесе, шаршамас еді, даусы ашық, ынта-шынтасымен, ықыластана сөйлегенде шаршап қала ма, немене, ентігеді.
Ентігетін себебі — Мырзагелді соғысқа кеткен соң, екі баланы асыраймын деп, емізулі баласы мен титтей қызды үйге қамап кетіп, жүн жуатын зауытта жұмыс істепті. Мұздай тастың үстінде, мұздай сумен жүн жуған қиын ғана емес, қиямет екен, бір жылдан кейін қос өкпесі ауырып, мүгедектікке шығыпты.
Мұны ол Шолпан апама айтып отыр. Мен тыңдап отырмын. Өкпесі баяғыда, қыз күнінде, Асаның суынан қыстыгүні көшіп өткенде бір ауырған екен. Кейін жазылған көрінеді. Ал енді жүн жуатын зауыт сол кеселді кайта қоздырып, құтыртып жіберіпті. Емделіп, ауруханаға жатайын десе, мына екі балаға қарайтын жан жоқ. Дәрі-дәрмек табылмайды. Борсықтың майына алмас қосып жеп, кеселі ептеп жеңілдесе керек. Бірақ ол дәрінің кесірі кішкентай Әбенге тиіпті. Бала неме төсектің астында тұрған майды жеп қойған ғой. Содан көзіне зақым келіп, әлгі көзін ұдайы жұмып алып, көлегейлеп жүретіні содан екен.
Шәй ішіп, дастарқан жиылған соң, Шолпан апам қайтпақшы болды. Зиба:
— Отыра тұрсаңшы, — деді. — Шынымды айтсам, сағынып қалыппын. Таяқ тастам жерде тұрсақ та, бір-бірімізді көрмейміз. Нағашыларымды өзім іздеп барайын десем, мына екі баладан шыға алмаймын. Сәл көз жазып қалсаң — отқа түсіп кете ме, суға түсіп кете ме? Қаланың аты — қала. Көшеге шықса — мәшина басып кете ме деп қорқасың. Онсыз да ана Әбеннің обалына қалдым білем. Байғұс басым, әлгі борсықтың майын биік жерге қойсам ғой, бала неме мұндай хәлге ұшырамас еді. Енді қайдам, көзі шыннан кем болып қала ма? Дәрігерге де апармадым...
— Жиен қыз-ау, тірі адамның тіршілігі біткен бе? — деп, Шолпан апам бәрібір орнынан тұрды. — Әлгі сен жуатын жүнді зауыттан алып, жіп иіреміз ғой. Жібін әкеліп өткізіп, соған нан аламыз. Сөйтіп күн көріп отырған жоқпыз ба. Басқадан қалсам да, әзір ұршықтан қалған жоқпын. Мен күн жарықта қайтайын. Мына Барсхан қасында бола тұрсын, қаланың бұзық балалары ұрып кетіп жүрмесін. Өзі де ұрыншақ көрінеді. Көрмейсің бе, келе сала шешеңнін баласымен төбелескенін. Біздің ауылда бала тұрмақ, үлкен адам олардың жел жағынан жүрмейді.
Шолпан апам өзінің есегіне мініп кеткен соң, көк әңгі жалғыз қалды. Пысқырынып, біраз тыпырлады. Есіктің алдындағы аласа дуалдың көлеңкесіне апарып байлап қоймақшы болып, дуалдан айнала беріп едім, аузы үңірейген жертөле бар екен. Содан бурыл шашы бұрқыраған, көздері сұп-суық жыланның көзіндей кірпік қақпай қалған, үсті-басы алба-жұлба бір кемпір шыға келді. Зәрем қалмады.
— Зиба әпке! — деп дауыстап жібергенімді де сезбей қалдым. Үйден әпкем шығып:
— Қорықпа, әжең ғой, — деп күлді. Күлгені қандай әдемі. Кемпір кірпік қақпай, маған қарап тұрып-тұрып:
— Сен Битөре емессің! — деді де, үңгіріне қайта кіріп кетті. Аң-таңмын. Қайдағы Битөре? Естісем бұйырмасын. Апыр-ай, мына Әулиеата дейтін үлкен шаһарда да жертөле болады екен-ау. Баяғыда соғысқа кетпей тұрғанда Махан ағам маған Тәңіртаудың Керегетасынан осындай бір үңгірді көрсетіп: «Аюдың апаны», — деп еді. Үрейім ұшып үйге кіргеннен кейін, Зиба әпкем:
— Немене, қорқып қалдың ба? — деп, қолымен иегімді көтеріп, — аузыңды аш, — деді. Ұп-ұзын, сүйрік саусағымен таңдайымды басты. Ғажап, денемнің түршігіп, дірілдегені лезде басылып, жаным жай тапқандай болды. Онысы несі екен?
Содан сон Зиба басқа істің бәрін жиыстырып тастап, менің қамыма кірісті. Су жылытып, әтір сабынмен шомылдырды. Сірә, мен көрмеген, майданда жүрген Мырзагелді жездемнің посылкамен жіберген сабыны шығар. Мұрныма бұрын сезбеген жұпар иіс келеді. Өз білегімді өзім иіскей берем. Шіркін, осындай әтір сабынмен жуынып, жұпар иіс бұрқыратып, мектепке барар ма едім. Мұғалім апайдың алмабет, тәмпіш мұрын, тәлпіш қызы... таң қалып, қасымнан кетпес еді-ау...
Зиба менің өсіп кеткен ұйпа-тұйпа шашымды тарап, өткір қайшымен жан-жағын тегістеп, түзетіп қойды. «Шаштаразға алдырса болар еді», — деді.
Шаштараз дегенді көрген емеспін. Ауылға шаш қойып барсам, тәмпіш мұрын, тәлпіш қыз қызығар ма екен... А, бірақ Әліқұл атам ұстап алып, ұстарамен тап-тақыр етіп қырып тастайды ғой. Нәметқұл да сөйтер еді. Шаш қойғандарды өлердей жек көреді. Онысы несі екен?
Шешен баласының тырнағы тіліп кеткен бетімнің жарасы жібіп, қотырланған қабыршағы түсіп қалды. Зиба оған сықпамай жағып қойды.
— Бетің тіліңгір, қатын құсап бетке тырнақ салғаны несі? — деді Зиба айдаладағы шешеннің баласына ұрсып. — Енді сен ана кемпірден қорықпа, — деді маған. — Ол бейшара аздап ақылы ауысқан. Он үш бала тапқан ана ғой. Он екісі анау жаман жылдары бірінен соң бірі шетінеп кеткен. Битөре деген жалғыз ұлы қалған, оны майданға алып кетті. Ешкімі жоқ. Далада қаңғырып қалған ғой. Жан баласына жаманшылығы жоқ. Тек көшеде өткен-кеткен адамдарды қарайды да отырады. Битөре емес пе деп, көрінген адамның бетіне үңіле береді.
Содан соң Зиба менің көйлегімді жуып, күншуаққа жайып қойды. Бір сандықты ашып, ары-бері ақтарып, бір қоңыр шалбарды алып шықты.
— Мә, мынаны киіп көрші, — деді.
Киіп едім, белі кең, балағы ұзын екен. Бірақ түрі ұнайды. Жаңа сияқты.
— Мырзагелді жездеңдікі ғой. Аман-есен келсе, оған шалбар табылар. Мынаны саған тарылтып берейін.
Мырзагелді жездеміз соғысқа дейін мұғалім екен. Екі-үш костюмі болған екен.
— Қалада күнкөріс қиын ғой, Барсхан, қысылғанда Мырзагелдінің бір костюм-шалбарын базарға апарып сатып жібердім, — дейді Зиба. — Өзімнің бір цигейка тоным бар еді, оны да саттым. Енді қайтемін сатпағанда. Мыналарға, — деп, Ақшагүл мен Әбенді нұсқады, — бұл екеуіне сүт керек. Сауатын сиыр жоқ. Май керек. Өзіме де күшті тамақ болмаса, жөтел, атаңа нәлет қу жөтел қысады.
Сонда қалай, бұлардың күн көріп отырған тамағын ауыздарынан жырып аламын ба? Мына шалбарды базарға апарып сатса, талай ақша.
— Зиба әпке десе...
— Не Барсхан?
— Кимеймін.
— Нені?
— Шалбарды.
— Е, неге? Анауың тозып болыпты ғой. Біздің үйге тұңғыш келгенде, бізден киген костюмің осы болсын. Кішірейтіп берейін. Кәне, балағынан қанша алу керек, — деп, Зиба балақты бір жерінен борлап қойды. Ышқырға да бормен белгі салды.
— Бүлдірмей-ақ қойыңыз, Зиба әпке. Бәрібір маған кең болады.
— Ой, айналайын, бізді аяп тұрсың ғой. Оны білгеніңнен айналайын. Өзіңе шап-шақ жаңасын алып берер едім, көрмейсің бе қиын болып тұрғанын. Қуыс үйден құр шыққаның ұят болады. Саған бір шалбар кигізуге жарамасам, Айша әпкеме не бетімді айтамын? Ауру-сырқаудан аман ба өзі?
— Кім?
— Айша әпкемді айтамын.
— Ама-а-н. Бірақ...
— Немене?
— Көктемде қатты ауырып, қаны тасып, өліп қала жаздады. Аққыз апам болмаса...
— Ол кім?
— Тәуіп кісі. Бақсы.
— Содан жазылып кетті ме?
— Иә.
— Е, шырағым, Айша аман болсын. Айша кетсе, сендердің күнің не болады? Қайран әпкем... Сағындым.
Кенет Зиба иығы селкілдеп, булығып жылап жіберді. Сол-сол екен, жөтел қысты.
— Бала күнімізде бақытты едік, — деді жөтелдің ара-арасында. — Неге тез өтіп кетті сол дәурен?! Бір күнгідей болған жоқ. Әкеміз де жоқ, шешеміз Құлыхан да жоқ. Сүттібек пен Рахман да жоқ. Несін алдық Құдайдың? Мені ауру ғып қойғаны мынау...
— Қойыңыз, Зиба әпке... біз бармыз ғой, мыналар өседі, — деп, өзімше кісімсініп, жанымызда үрпиісіп тұрған Ақшагүл мен Әбенді иегіммен меңзеп қойдым.
— Рақмет, жаным, сен кәдімгідей кісі боп қапсың ғой, — деп, Зиба тігін машинаның қақпағын ашты.
Кеш түсе, қысқартылған шалбарды, жуылған көйлекті киіп көшеге шықтым. Шалбардың балағы да, белі де дұрыс. Бірақ құйрық жағы мен ауы даладай, кәдімгідей қампиып тұр. Соны көріп, Зиба кәдімгідей қынжылды.
— Мұндайға мен ұста емеспін ғой. Әттең, Ауагүл әпкем мұны жіптіктей қылар еді. Ол қаланың арғы шетінде тұрады.
— Зиба әпке! Ауагүлді Айша анда-санда айтушы еді, ол кім?
— Е-е, Барсхан, ол біздің үлкен әпкеміз ғой. Есей әкеміздің үш әйелі болған. Үлкені — Теңгеқыз. Сенің ауылыңнан. Одан Сүттібек, Ауагүл, Бауагүл туған. Сүттібектен — Төлен. Ол қазір соғыста. Кім біледі? Жалғыз жәдігерді аруақ қолдасын да. Ауагүл осы қалада, Бауагүл бейшара жас кетті.
Аруағыңнан айналайын, Құлыхан анамыздан: Айша, Рахман, Зиба. Рахман жоқ. Айша, Зибалар әзір тіріміз. Құдай қанша жарық сәуле бұйыртады — бір өзі біледі. Түсіндің бе? Ауагүлмен әкеміз бір, шешеміз бөлек. Бірақ бөлек демейді, өте бауырмал. Шеберлігімен бала-шағасын асырап отыр ғой. Машинамен киім тігіп, базарға сатады. Күйеуі Рәт деген кісіні отыз жетінші жылы алып кеткен. Содан хабар жоқ. Сенің әкең Мұртаза жездем сияқты.
Ай, дүние, сол жезделерім бар болғанда, мен мұндай азапқа қалмас па едім... Тым болмаса, Құдай Рахманды тірі қалдырмады ғой. Төлен болса — соғыста...
Зиба ентігіп шаршап қалды. Ауагүлді сұрап нем бар еді.
Сөйтіп, мен кәдімгідей шікірейіп көшеге шықтым.
Есіктің алдына шығып, мені көрдіңдер ме дегендей, шікірейіп тұрмын. Ауы салбыраған кең болса да шалбарым бар, өзі без болса да көйлегім таза. ІІІашым түзелген. Сонда мен кімнен кем?!
Көшеден әрі-бері өткендерге көз салып тұрмын. Көбінесе ат арба, есек арба. Дырылдаған машина сирек. Сірә, мал базардан қайтқан болар, біреу құйрығы тегенедей қызыл қой жетектеп барады. Біреу бір марка қозыны есетінін шоқтығына көлденең салып, алдына өңгеріп кетіп барады. Көшенің қарсы бетінде дәу дарбазалы үй тұр. Бергі беттегі жапсарлас үй де еңселі, қақпасы биік. Ал Зиба әпкемнің үйінің қақпасы жоқ, жан-жағы жалаңаш. Қасында үңгір там.
Осылай тұрғанымда арт жағымнан:
— Несіне тесілесің, Битөре бүгін келмейді, — деді әлгі дудар шаш кемпір. Жалт қарап, қаша жөнелейін деп едім:
— Қой әрі, адам көрмеп пе ең, мен сені жемеймін, — деді дудар шаш кемпір. — Мені жұрт Көк Кемпір дейді. Сен де солай атасаң болады. Сен одан да ана есегіңді бақ. Аш тұр ғой. Бұл қалада мал ұстау қиын. Әркім малын құйрығынан ұстап жүріп, арық атыздың жағасына жаяды. Сен де сөйт. Немене, жуынып, киініп алып, Төрткүл көшесінің қыздарына қырындайын деп пе едің? Әлгіде ғана менің үңгірімнен шыққан жабайы баладай едің. Лезде шырттай бопсың ғой. Зиба ғой ол, Зиба! Сен оны қинай берме. Қанша қалды дейсің?..
Кемпір осыны айтып, қайтадан үңгіріне кіріп кетті. Тілім байланып, мелшиіп мен қалдым. Маған міндет артып кетті. Біріншіден, есегімді отқа қоюым керек. Мұнысы — ақыл. Әйтпесе, көк әңгі мойны салбырап, көзі іріңдеп қапты. Екіншіден, Зиба әпкемді қинамауым керек. А, мұнысы түсініксіз. «Қанша қалды дейсің...» дегені не жұмбақ?
Көк әңгіні шешіп алып, үйді айналып, огородтың жағасына апарып, алақандай ашық жерге аяғынан тұсап қоя беріп ем, байғұс неме, басын жерден алмай, тұқыл шөпті қырши бастады.
Бұл тіршілігімді байқаған Зиба әпкем:
— Ой, ақылыңнан айналайын, есегіңді отқа қойғаның дұрыс, — деді. — Анау үйде Ескермес деген бала бар. Енді сонымен қосылып есегіңді бір мезгіл сыртқа шығарып бағарсың. Кешке қайтады, Ескермеске сонда айтамын.
Үйдің қабырғасына арқасын тіреп, шөкелеп отырды. Жанына келіп, шоқиып мен де отырдым. Әпкемнің екі бетінің ұшы қып-қызыл, албырап тұр. Пальтосын тастамапты. Көк Кемпір болса, көйлекшең жүр. Рас, көйлегі жамау-жамау, қырық құрау. Қалада да осындай киім болады екен-ау! Біздің Мыңбұлақта ғана ма десем...
— Зиба әпке, жаурап отырсыз ба?
Зиба бетіме күлімсірей қарап, ұзын саусақты алақанымен басымнан сипады:
— Барсхан-ау, дімкәстанып қалдым ғой, — деді.
— Зиба әпке, қай жеріңіз ауырады?
Әпкем төмен қарап, мұңайып қалды.
— Өкпесі түскір жарамай тұр ғой, Барсхан.
Лезде Сүлеймен есіме түсті. Мыңбұлақтағы Сүлеймен. Сағынып қалғанымды сездім. Өткендегі шатақ есіме түсті. Қымызға бола шыққан. Бір жұтым қымызға бола.
— Зиба әпке, қымыз ішсеңіз жазыласыз ғой.
Әпкем бетіме мейірлене қарады.
— Ақылыңнан айналайын, әшейін... Бірақ қымыз қайда? Есей байдың көк ала жылқысы жоқ. Жоқ қой...
— Иә, базарда бар ғой.
Жалт қарап, тағы да күлімсіреді. Жадыраған күлкі. «Алатын ақша қайда?» дегісі келді-ау деймін. Бірақ демеді.
— Базардың қымызы-қымыз емес, шалап. Көк шалап.
— Неғып?
— Сауда деген сондай болады. Барсхан. Алдайды.
Сірә, менімен сөйлескеннің өзіне шаршап қалды білем, екі иығынан дем алып, ентіге бастады. Мен үндемедім. «Осы жақсы адамдар неге ауырады екен? Сүлеймен ауырады, Зиба әпкем ауырады. Иса мұғалім ауырады. Жуанқұл мен Тасбет ауырмайды. Оларға ауру жоламайды. Бұзық адамдардан кесел де қорқа ме екен?»
Қасымызға келіп, томпиып-томпиып Ақшагүл мен Әбен отырды.
— Осы екеуіне бола тірі отырмын, Барсхан, — деді әпкем қайғылы кейіппен. — Әйтпесе, кесел жаман. Сен қорықпа. Әзір өлмеймін.
«Қорықпа», — дейді. Қорықпаспын-ау. Бірақ Дүйсенбайдың қара саулығының егіз қозысын қалай ұмытамын? Қара саулықты жылан шақты ма, әлде топалаң тиді ме — егіз қозы жетім қалды. Содан оларды Мамыт атамның ала саулығына телімекші болып еді, ала саулық оқшиып, шатаяқтап, әлгі жетімдерді аямай сүзіп-сүзіп құлатты ғой. Оны қалай ұмытайын? Сондықтан да жүрегім жап-жалаңаш қалып, аяз қарығандай қалтырады.
КӨК КЕМПІР
— Жаяу адам жатып, атты адам түсіп қарайтындай бопсың ғой, — деді Көк Кемпір. — Төрткүл көшесінің қыздарына қырындап тұрсың-ау, ә?!
Тарғыл-тарғыл тарпаң даусында кекесін бар. Оны сезіп қойдым. Қай-қайдағы қойқаптағы жындарым қозыңқырап, жабайылау жаман сөзбен жауап бергім кеп, тілім қышып, уын төккім кеп біраз тұрдым да, Зиба әпкемнің айтқаны есіме түсіп, жақ ашпадым.
Көріпкелі бар ма, білмеймін, менің не ойлағанымды о да сезе қойды.
— Жек көріп тұрсың, ә? — деді. — Боқтайын деп оқталдың, ә?
Ұрлығым ашылғандай сасып қалдым.
— Оқпен қабынып, өтің жарылмасын. Мен саған жамандық жасамаймын. Қорықпа. Жүр менің үйіме!
«Үйіме» дегенді мекіреніп, кекесінмен айтты.
Үңгір үйге баруға қорықсам да, бір жағынан қызық көріп, үркектеп, имене басып кірдім-ау.
Іші қап-қараңғы қашан көз үйренгенше. Көз үйренсе — ұядай ғана екенін аңғарасың. Төбесін жүгерінің сабағымен жауыпты.
Қураған сары жапырақтары ақ орданың желбауындай салбырап тұр. Жерде — жусан төсеніш. Содан да жусан иісі аңқиды. Екі ешкінің терісі жатыр. Бірі қара, бірі ақ. Екі бөстек. Бірі қара, бірі ақ. «Неге?» — деп сұрауға батпадым.
Бірақ Көк Кемпір сұрағымды айтпай білді.
— Өйткені, — деді ол, — үйдің іші қараңғы, дала жап-жарық.
Түсінбедім.
— Үйдің іші қараңғы, дала жап-жарық, — деп қайталады Көк Кемпір менің санама жетсін дегендей. — Жазда ылғи далада жүремін. Ал қыста қиы-ы-ын. Қыста ылғи далада жүре бермейсің. Үй болса қараңғы. Ұдайы от жағуға отын жоқ. Мені қойшы, Зибада да отын жоқ. Өзі өкпесі ауырса, отыны жоқ болса, суыққа қашанғы шыдайды? А?
«Соны да білмей тұрсың ба?» — дегендей маған ызғарлана қарады. Зәрем зәр түбіне кетті. Қараңғы үңгір. Ақ шашы дударлана бұрқырап, сексиіп кеткен. Өріп қойса қайтеді? Тым құрыса, шуда жіппен болса да түйіп, байлап қойса қайтеді? Жоқ. Дауыл соққандай бұрқырайды. Зәреңді алады.
— Зиба бұл ауруды қайдан тапты деп ойлайсың, а?
Үндемеймін. Мен қайдан білейін?
— А-а, білмейсің... Туысқан болмай, туа шөк. Зиба саған өзің қиналғанда ғана керек. Жайшылықта халің қалай демейсің? А?
Үңгірден тұра кеп қашып, атып шыққым келді. Кемпір оны да біліп қойды.
— Тоқта, мен жемеймін. Жалмауыз кемпір деп тұрсың ба? Жемеймін сені. Бірақ тыңда. Зибаның байы Мырзагелді осы үйің соғысқа кетердің алдында ғана соқты. Соғып бітіре алмай, әскерге кетті. «Оу, қоя тұрыңдар, үйімді соғып болайын, содан кейін барайын» дегенге соғыс қарамайды. Соғыстың аңсағаны — азап. Күз болса келіп қалды. Қалған жағын Зиба өзі соқты. Күздің қақаған қара суығында оппаға түсіп, жалаң аяқ, балтырын түріп алып, балшық иледі. Қыс түсе бітірді. Үйі қалай бітті, ішіне қалай кірді — Зиба солай құлады. Төсек тартып жатып қалды... Әне, өкпе ауруы.
Мұның бәрін мен қайдан білейін? Білсем. Зибаға шелекпен балшық тасып беріп тұрсам да көмектесер едім-ау. Бірақ Әулиеатадан жырақ, Қаратаудың ар жағында, Тәңіртаудың табанында жатқан мен оны қайдан білейін? Біз қайбір жетіскен дейсің?
Жейдесі жұқа, қасіреті қалың біз емес пе едік?! Мына Көк Кемпір соны білмей, көкбеттігіне басып тұр ғой.
Осы ойымды оқып отырғандай, Көк Кемпір:
— Шекеңнің майы шылқылдап тұрмағанын білемін. Кескін-кейпіңнен көрініп тұр ғой. Балағы жырым-жырым шалбар киіп те адам жекжат-жұрағат аралай ма екен? «Басқа түссе, баспақшыл» болғансың ғой. Ал енді, — деді Көк Кемпір Зиба кішірейтіп берген қоңыр шалбарды нұсқап. — Мұның құны базарда бір арба отын. Зибаның бір ай жағатын отынын сен тылтитып бұтыңа киіп алдың...
Шыннан ба дегендей, көзім бақырайып кетсе керек, кемпір мені аяғандай жұмсарып:
— Ештеңе етпейді, — деді — Ескермеске еріп барып, екі-үш күн жусан шауып, есегіңмен тасысаң, нан-тұзды ақтарсың.
Кенет Көк Кемпір шақшиып, көзі шатынап:
— Ойбу, сорлы басым-ай, мен сенімен мылжыңдасып тұрғанымда Битөре өтіп кеткен шығар. Менің үйімнің нөмірі жоқ қой. Адасып өтіп кетсе, Битөремді қайдан іздеймін?! — деп, үңгірден атып шықты. Соңынан мен де ата кеп жөнелдім. Көк Кемпір көшеге шығып алып:
— Битөре! Ойбой, Битөре-ее! Қайда жүрсің, жалғызым?! — деп айқайды салды дейсің. Кешеден ары-бері өтіп жатқан жандар, бұл азынауық дауыстан шошып-шошып түскендей болады.
Төрткүл көшесіне Көк Кемпір әбден мәлім көрінеді. Бірақ осы көшемен қалаға кіретін Талас, Сарысу, Қаратау, Билікөл, Бурыл халқы үшін бұл оқыс оқиға. Жолаушылардың көбі базарға мал айдағандар. Таластың құмдағынан қауын, дарбыз тасығандар.
Олар Көк Кемпірді жынданған деп ойлайды. Көбі шошынады. Біразы аяйды. Тіпті қайыр — садақа тастайтындары да бар. Бірақ Көк Кемпір оларға:
— Мен сендерден қайыр-садақа сұраған жоқпын ғой. Жандарың ашыса, маған Битөрені тауып беріңдер! — дейді.
— Ол кімің еді, байғұс-ау? — дейді кейбіреуі.
— Ол менің табынатын Тәңірім, — деп Көк Кемпір аспанға қолын жаяды. — Ол менің аспандағы Ай мен Күнім. Ол — менің жалғандағы жалғыз ұлым. Битөре соғыстан қайтпай өлген болса, онда Тәңірі де өледі, Ай мен Күн де сөнеді. Ал мен болсам, күйіктен өртеніп өлемін. Осындай сұмдық болсын демесеңдер, Битөрені тауып беріңдер. Ол менің үңгір үйімді таба алмай, адасып жүрген шығар. Көрсеңдер, жөн сілтеңдер.
Жолынан қалып, жиналып тұрған жолаушылар:
— Ей, бейшара, мұңлық ана! — дейді.
— Жалғызынан адасқан пәруана! — дейді.
— Ұлынан айырылған жалғыз сен емес, — дейді.
— Үмітсіз шайтан, жолын тос! — дейді.
— Көрсек айтамыз.
— Балаң келеді, жылай берме!
— Ақ шашты анаң жолыңды тосып тұр, — дейміз. Көк Кемпір сонда аспанға алақан жайып:
— Айтқаның келсін, ағайын! Жолдарың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, бауырларым! — дейді.
Дауыл тыйылып, теңіз шайқалғаны тоқтайды. Аспанды күңіренткен «Битөре» жаңғырық басылады.
*∙*∙*
Зиба әпкем екі иінінен дем алып, ентігіп отыр екен. Шелпегі кеңдеу танауына дейін тершіп кетіпті. Екі бетінің ұшы алманың қызылындай алаулайды. Мені көріп, аппақ тістері маржандай тізіліп, қасқая күлімсіреп:
— Қыдырып келдің бе? Не қызық көрдің? — деді. Көк Кемпірдің хикаясын айтып бердім.
— Өзің көңілсізсің ғой, біреу ренжітті ме? — деп бетіме үңіліп, басымнан сипады Зиба.
— Зиба әпке, — дедім жалтара алмай. — Сіз мына шалбарды бекер бүлдірдіңіз.
— Бүлдіргені несі? Кім айтты!?
— Көк Кемпір.
— Не деп?
— Бұл шалбарға бір арба отын алуға болады екен.
— Ай, жарықтық-ай, онда несі бар екен...
Басқа біреу болса: «Ай, қу қақбас-ай!», «Ай, жалмауыз кемпір-ай!» — дер еді, Зиба: «Жарықтық-ай» дейді. Әулие тұта жаздайды.
— Сен соған сеніп қалдың ба, Барсхан? — деп Зиба шыннан күлді. — Мырзагелді жездеңнің киімдерін базарға апарып сатып, ақшасына отын алғаным рас, өткен қыста. Оның өзін мен көзін тауып сата алмаймын ғой. Ауагүл әпкем сатып берді. Ауагүл әпкеңді білесің бе? Айша әпкемнен үлкеніміз ғой. Осы қалада, Қапал көшесінде тұрады. Сені ертіп апарар едім, көрмейсің бе, мына жөтел қысып тұрғанын...
Мен көрмеген, бірақ Айшадан талай естіген Ауагүл әпкемнің үйіне бара алмадым. Оның есесіне Зиба әпкемнің картошкасын, сәбізін қазып, қабына салып бердім. Ескермес дейтін баламен бірге есекке мініп, Шайқорық деген ауылдың ар жағынан екі-үш рет отын тасыдым.
— Зибаға Құдай беріп қалды. Жұдырықтай екі бала, өзі ауру, халі әбден мүшкіл тартқанда, қолына інісі келіп, жаны кіріп қалды-ау, — десіп жүрді. Мұны тіпті Көк Кемпірдің өзі де мойындады.
— Сені мен Зибаның кәртішнәй нанына ортақтасып, масыл бола ма деп ем, иманды жердің баласы екенсің, — деді...
Төрткүл көшесінен Ескерместен басқа Рахметолла, Сағымбек, Сауқымбек деген достар табылды. Осылай жүре берсем, қалаға оп-оңай сіңіп кететін түрім бар.
Екіұдай болып, қиналдым. Зибаға қолғабыс болып жүре бергім де келеді. Бірақ туған үй, туған ел деген де қиын екен. Оны мен тым-тым ерте сезіндім. Жайшылықта қадірін біле бермейтін туған ауыл, қайран туған ауыл, алыста жүргенде жүрегіңді сыздатады екен. Аспанмен тілдескен тауларын, арқырап аққан суларын, сылдырап жатқан бұлақтарын, хош иісті киікоты мен дәру жалбызын былай қойғанда, шоңайна, шеттік, шошқа тікеніне дейін сағынады екенсің. Шошқа тікен кірш етіп, кіріп кетіп, табаныңнан қара қаның судай аққанда, аяғыңды малып-малып алатын майтопырақты аңсайды екенсің. Қалада майтопырақ жоқ. Жаралы аяқты майтопыраққа батырып-батырып алсаң, лезде жазылады ғой. Ем ғой майтопырақ.
Сол топырағына дейін дәру-шипа елден кетіп қалуға бола ма? Бірақ мен өз еркіммен кетпедім. Тасбеттің жаласынан, бәлесінен қаймықтым.
Айшаны, Құрмашты, Батырханды сағындым. Сүлейменді, Өсерді, Қамқа апамды, тіпті арам Жолдасбекті де сағындым. Мұғалім апайдың тәмпіш тәкаппар қызын да...
Сағыныш менің ес білгеннен бергі жолдасым.
Сол жолдасым болмаса мен қайтпас та едім. Сағыныш дегеннің не екенін білмейтін Көк Есек сияқты қарным тойған жерде жүре берер едім. Көк әңгі ауылды мүлде ұмытқан сияқты. Айтпақшы, осы есекке бола, Айша Оңғарбай атамнан сөз естіп қалмаса нетсін. Екі-үш күнге деп сұрап алған. Екі-үш күн емес, екі аптадан асып барады Оңғарбай атам шыдар-ау. Тасбет жаман ғой. Оңғарбай атама:
— Есегің қайда? — дейді.
— Оны қайтесің? — дейді Оңғарбай атам.
— Элеваторға бидай тасимыз.
— Есек жоқ, құрыған, — дейді Оңғарбай атам жақтырмай.
— Ә, бәлем, — дейді Тасбет. — Әлгі «халық жауының» баласы қашып кетіп еді, сол мініп кеткен болды ғой, сірә. Міне, бұл нағыз зиянкестік! Бұл үшін үкімет алдында сен де жауап бересің.
Оңғарбай атам шыннан қорқа бастайды. Өйткені осы Тасбет былтыр Сартай деген шалды есекке бола, «не есек, не өкімет құрымады-ау» дегеніне бола, соттатып жіберген.
Мен ауылға тез қайтпасам, міне, осындай оспадарсыз оқиға болып кетуі де мүмкін. Ал мені ұстатып, айдатып жіберсе — ол енді пешене мәселесі. Тағдыр не айтады, сол болады. Айша айтпақшы: «Жазмыштан озмыш жоқ». Он екі жастағы баланы соттай қоймас, соғысқа да жібере қоймас. Жіберсе, қашпас едім. Бірақ ФЗО дегенге, Қарағанды деген жерге айдайды дейді. Ол енді мен үшін беймәлім дүние. Бірақ ауылдағы Шақалақ шалдың баласы Ікімәт деген айтқан: «ФЗО-ға кетемін. Тамақ — өзінен, киім-кешек өзінен. Өкімет асырайды», — деп. Ікімәттің өз шешесі ашаршылықта өліп қалыпты. Ікімәт өгей шешенің қолына қарайды. ФЗО-ға кеткісі келетіні содан шығар.
Құдай Айшаны аман қылсын.
Менің ауылға қайтпақшы болып қипақтап жүргенімді Зиба біліп қойды.
— Сен келіп, қолым ұзарып, жаным кіріп қалып еді, қайтейін. Қайтсаң, қайт. Айша әпкеме де қолғабыс керек қой. Бірақ бір нәрсені Айша әпкеме айта бар, — деді.
Не нәрсе екен деп отырмын. Ентігіп, жөтелі күшейе түсті. Күл салған тостағанға түкіріп тастап, жөтелден әрең тыйылды. Орама жағалы сұр пальтосы үйде де үстінен түспеді. Аяғын көрпемен қымтанып алған. Тағдыр қол-аяғын бұғаулап қойған тәрізді. Бірақ соның өзінде ханзададай қасқайып отыр. Танадай көздер жарқ-жарқ етеді. Танауы қусырылды.
— Мына заман алмағайып, — деді Зиба әпкем. — Соғыс бітіп, жездең тірі қайтса бір жөн. Ал соғыс бітпей, Мырзагелді қайтпай, мен сөне кетсем, мына екі баланың күні не болады? Детдомға өткізер. Өлтірмес. Бірақ детдомда нәсілінен айырылып қалады ғой. Орыс боп кетеді ғой. Айша әпкеме осыны айт. Бәлкім, өзінің үш баласына екі жетімді қосып алса, сауабына қалар. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегенім ғой. Шамасы келсе, Айша әпкем менің көзім тіріде бір көрініп кетсін, осыны ұмытпа.
Көк әңгіні ерттеп қайтар сәтте, Зиба мені құшақтап, арқамнан көпке дейін сипалап тұрып алды. Үңгір үйінен Көк Кемпір шығып:
— Әй, тентек, мені жек көріп кетпе! — деді. — Битөрені сұрай жүр. Көрсең айт, анаң күтіп отыр де. Тірі де! Өлмейді де! Әлдеқашан өліп қалар едім, үміт өлтірмейді екен. — Кенет Көк Кемпір: «Битөре-е-е! Битөре-е-е!» — деп жан даусы шыға айқай салды.
САИД-АКБАР ҚОЖА
Жас баланы: «Ойбай, құбыжық! Кеп қалды. Жеп қояды!» деп қорқытпаушы ма еді. Бізді мектепте, пионерде, комсомолда: «Ойбай, қожа, молда жаман! Аулақ, аулақ!» — деп тәрбиеледі.
Мыңбұлақтағы мешітті құлатып, талқандады. Сол құлаған мешіттің қуыс-қуысына көк қарға ұя салатын. Біз көк қарға ұстап, мешіттің бұзылған қабырғасын таптап өстік. Табынбадық, таптадық. Файзолла, Сәмек атты зор молда, қалпе болған екен, қуғын-сүргінге түсіп жүріп, дүниеден өтті. Тірі жүрген Дошанай шын мәніндегі молда емес, тәуіпке тән. Сәмектің баласы Оспаналыға молдалық дарыған екен, бірақ ол өкіметтен қорқып бұғып жүреді. Тіпті беріде, дінге бостандық берілгенде де, бүкіл ауыл тілесе де, Оспаналы көнбей қойды. Молдалықты мойындамады. Аңқау елді алдамайын деген шығар. Бірақ ол арамза емес, сауаты да мол еді.
Сөйтіп, біз дінсіз өстік. Дін — құқай, дін — апиын. Сәби санамызға осы сөздер сіңіп қалған ғой. Ал енді Қали атам маған:
— Саид — Акбар қожамен келістім. Сенің ауылыңа, Мыңбұлаққа барады екен. Сені ала кететін болды, — дегенде, ішімнен «қап» деп қалдым. Жол жүргенге Шоқай апай жақсы еді, танымайтын, білмейтін қожа қалай болар екен?
Нағашыларым Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай мені орталарына алып: қалада не көрдің, не білдің деп, менің қалада болғанымды қызық көрген сияқты. Мен:
— Зиба әпкем сіздерге сәлем айтты. Ауруы асқынып барады. Огородын қазысып, отын тасып бердім, — дедім.
Нағашыларым: «Ой, азамат, ой бәрекелді!» — десіп қауқылдасып, желпініп қалды. Бірақ Қали атам қабағы түсіп:
— Мына тұрған Зибаның хал-жайын біліп тұрмаймыз. Мұнымыз әбес болды. Тым құрыса, отынын тасып беру қолымыздан келеді ғой, — деп қалды. Басқалары: «рас, рас», — деп, бас изесіп, әлдеқалай ыңғайсызданып, жүздерін төмен салып, тұқшиысып қалды.
Сонда әрқайсысы іштерінен: «Әй, әттесі-ай, балапан басымен, тұрымтай тұсымен, әркім өз күнін күйттеп кеткен қу заман. Әйтпесе Зиба біздің Құлыхан апамыздан туған өз бауырымыз, жиеніміз емес пе?!» — деп, опық жесіп қалғандай.
Мұндай ойға салып, түрткі болған — әлгі менің сөзім. Онымен қоймай:
— Мен ауылыма қайтайын. Сіздерге рақмет. Айшаға жетуім керек. Зиба олай-былай боп кетсе, кішкентай екі баласына кім ие болады? Мүмкін, Айша келіп қараса ма? Бұл — Зиба әпкеміздің сөзі, — дедім.
Нағашыларым мені жаңа көргендей, үндемей бетіме қайта-қайта қарай береді. Тым кісімсініп, тым ділмәрсіп кетсем керек. Баланың сөзінен гөрі, кәрі қақбастың сөзіндей етіп сұңқылдатсам керек. Ақыры Сатай атам:
— Тіл-көзден аман, тірі бол, шырағым! — деді.
— Шертайға тартқан ғой, — деді Бөпетай.
— Бүкіл Бектөбені безілдеткен шешеннің бұзық баласын бағындырып, әй бір айызымызды қандырдың-ау! — деп, Сәли атам сылқ-сылқ күлді. Күлмеген тек Қали атам:
— Оған мәз бола бермеңдер. Олар кекшіл келеді. Жазым қылуы мүмкін. Сондықтан Барсхан ауылына қайтса-қайтсын. Саид — Акбар қожа Жуалыға жүрмекші еді, сонымен келісейін, — деді.
* * *
Қайтар жол мүлде басқа болды.
Аса өзенінен өткен соң Айша-Бибі ауылы да, Күйік асуы да алыста қалды да, Саид — Акбар қожа Қаратауды бөктерлей, тура күннің батысына қарай тартты.
«Неге?» — деп мен сұрамадым. Сұрағым келеді, батпадым.
Сұсты кісі екен. Жоқ, жауқабақ, түкіс емес. Аса реңді, қыр мұрынды, тұнық қара көзді, дөңгелете қойған бурылша сақалы өтe кескінді, келбеті сәл тәкаппарлау, бірақ үні жұмсақ, сөзі жібектей, дөрекіліктен бір белгі жоқ, аса иманды екені көрініп тұр. Кескін-келбетін көріп-ақ көңілің тойғандай. Міне, мұндай молда, қожалар қалың халықты аузына қарата алады. Сөзіне, Құдайдың құдіретіне сендіре алады. Амал жоқ, тәнті боласың.
Ал енді, баз бір молда бар. Бетінде бір тал қылпық жоқ, майға қуырған бидайдай жып-жылтыр. Ондай беттің қай жеріне иман ұялайтыны белгісіз. Сорлатқанда сондай молда көп.
Саид — Акбардың жөні бөлек. Бұл — ғұлама. Қали атамның айтуы бұл. Бұхарда оқыған. Самарқан, Герат, Қорасан, Мәшхат шаһарларынан тәлім алып аралаған.
Бектөбедегі сіргелі Дәу Қалидың қызына үйленіп, содан перзент сүйіп, осы елде мүлде тұрақтап тұрып қалған. Қали атам — тегін емес, аруақты адам. Соның өзі: «Саид — Акбар да молла, Қарасуды кері қайтаратын зор оқымысты кісі ғой», — деді.
Міне, осындай зор адамның жанында жарбиып елге қайтып келемін. Бірақ соншалықты ғұлама, аса сыйлы, қасиетті кісі бола тұра, о да мен сияқты есек мінген. Есегі, бәлкім, менікінен гөрі бәсеңдеу. Қорбиғандау, басы дәу. Мұндай атақты адам арғымақ мінсе жарасар. Жорға мінген лайық. Әлде дәулеттің бары осы ма, әлде заманының ыңғайына қарай аласарып, көзге түспейін деп әдейі істей ме, әйтеуір, есекке мініп алыпты.
Дегенмен сол қорбиған әңгі жолға жайлы болар, әлде бұл жол оған әбден үйреншікті шығар. Өйткені Асадан өтіп, елсіз далаға шыққаннан қожекем көзін жұмып алып, ұзыннан-ұзақ сарынға салып, әлде дұға, әлде бәйіт айтып, жұп-жұмсақ қоңыр дауыспен әуендетіп, cap далада сарнап барады. Есек түзу жүріп келе ме, әлде басқа жаққа бұрылып кетті ме — онда шаруасы жоқ.
Мен өмірі мұндай әуен, мұндай зарлы әлде сағынышты сарын, тұла бойыңды шымырлатып, тас боп қатқан жүрек болса да елжіретіп, көкірегіңе мұз қатып қалса да жібітіп, көзіне еріксіз жас келтірер керемет әуенді естіген емеспін. Ұлы дария толқыны, шетсіз, шексіз ғалам сарыны, ғарыш үні уілдейді.
Сөзін түсінбеймін. Қай тілде айтып келе жатқанын білмеймін. Мен естімеген, мен білмеген тіл. Бәлкім парсы, бәлкім арабша, әлде көне түрікше ме — оған миым жетпейді.
Бірақ сөзін біліп керегі де жоқ. Сары алтынның саумалындай сарнаған сарын айтады: бұл жалған дүние өткінші, бір күндік қу тамақ үшін алысып-жұлысып, ағайын мен ағайын ренжісіп, ұрсысып жүргендері құр далбаса...
Мысалы, Тасбеттің өз боғымен жасты баламен ерегісіп, өшігісіп, қуғындауы, ағайын әлдекімнің айтағымен туысқанның үстінен арыз жазып, абақтыға қаматып, аттыртып, шаптырып, итжеккенге айдаттырып жіберуі, бір уыс бидайға бола жазалауы — бәрі-бәрі екі құмырсқаның төбелескеніндей қыбыр-жыбыр қу тіршілік. Осының бәрі өресіздік. Біреуді біреу қанап, біреуді біреу қамап, қорлап, зорлау — санасыздық. Адам — адам болған соң, хайуанаттан артық жаратылып, ақыл-есті болған соң, бәрінен биік тұруы керек қой. Құрт-құмырсқа, бақа-шаяннан айырмашылығы айдай әлемге әйгіленіп тұрсын.
Саид — Акбар қожа, мен білсем, осылай деп келеді. Сен бүгін күшті болып, өзіңнен әлсізді қорлап, әділетсіз өмір сүргеніңмен, ертең қара жердің қойнына кірген соң, сол әлсізбен бірдей боласың, Тіпті молаңа алтыннан күмбез тұрғызған күннің өзінде де әлгі әлсізбен бірдей боласың. Алтын күмбез сені құрт-құмырсқадан сақтай алмайды. Құрт сені де, әлсізді де жейді. Екеуің де жемсің. Бұл — тәнің.
Ал жаныңның қай халде боларын, о дүниенің қай қиырында қаларыңды бір Алла өзі біледі. Бірақ жалған дүниедегі ізгілігін болса — ізгілігің, залымдығың болса — залымдығың ұмытылмайды. Алланың таразысы қылаудай қате жібермей, бәрін шотқа салып отырады.
Жалған дүниеде мыңды, миллионды, күллі халықты алдай алатын айлан болғанмен, о дүниеде Алланың таразысын алдай алмайсың. Жалған дүниеде істеген жақсылығын да, жамандығың да алдыңнан шығады. Әсіресе жетім мен жесірді қорлап, зорлағанның кінәсі батпан-батпан ауыр дейді. Жуанқұл мен Тасбет соны неге білмейді. Білер еді, иман сабағы жоқ. Сабақ айтатындарды сабады, қамады, атты, шапты.
Сол сабақты мына Саид — Акбар қожа айдалаға, қарабауыр Қаратауға, тозаң жұтқан боз жусанға, қураған сасырдың сояуына, тас мия мен ащы кекіреге айтып келе жатыр. Пыр-пыр ұшқан қараторғайларға, ұялас ұшқан жабайы көк кептерлерге, құс біткеннің жалқауы марғау құладынға, құладынға ұстатпай жол бойында жылтың-жылтың, қутың-қутың еткен саршұнаққа оқып келе жатыр.
А, бәлкім, осы ғарыш үндес сабақ маған арналған шығар. Саид-Акбар қожаға менің дүниеде барым-жоғым «пішту» сияқты. Бектөбеден шыққалы бері бір назар салған жоқ. Өзімен өзі. Екі көзі жұмулы.
Ол Аспанмен, Алламен сөйлесіп келе жатты. Ауылда, тар үйде, тар жерде айта алмаған арманын мына кең дүниеге, елсіз-жұртсыз оңашаға шыққан соң ағытқан сияқты.
Қаратаудың бұлым-бұлым бөктерінен анда-санда киіз үй тіккен қойшылардың қосы көрініп қалады. Олар жол бойынан едәуір алыста. Оңашада, оқшауда қойшылардың иттері де ерігетін болуы керек, сонау қараша үйден арпылдап, әупілдеп шығып, айдалада келе жатқан бізге қарай ерінбей-жалықпай жүгіреді. Тамағы тоқ, қайғысы жоқ әумесер немелер ғой. Керер едім, мен сияқты қарны ашып келе жатса...
Бектөбеден сәске түсте шығып едік, енді түс ауып, күн бесінге таяды. Әлі жүріп келеміз, әлі нәр татқан жоқпыз. Қоржынымда Қалатай апам, Шолпан апам салып берген жүгері нан, ежігей құрт, қауынқақ бар. Бірақ алып жеуге батпаймын. Әулиеге ілесіп келе жатып, бұралақтап аузыма жүгері нан тыққаным қалай болады? Құл неме демей ме? Қали атам айтқан: «Саид-Акбар қожа сенің әкеңді біледі» деп. Сонда Саид-Акбар екі көзі жұмулы; аспанмен, Көк Тәңірмен сөйлесіп келе жатса да, менің бұралақтап нан жегенімді сезіп қойып:
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туса оңбас деген, —
деп ойламай ма?
Қаратау қойнауындағы қойшылардың иттері ерігіп әупілдегені жақсы болды: Саид — Акбар қожа көзін ашып, басын көтерді. Жол жағалай бізбен арпылдасқан иттерге, жанында келе жатқан маған таңдана қарап:
— А, балам, шаршаған жоқсың ба? — деді.
Шаршадым десем — осалдығым, шаршамадым десем — жалған, не айтарымды білмей, әлгі абалаған маң төбеттерге қамшы сілтеп әуре болғансып, үндемедім.
Сонда Саид — Акбар қожа әлгі иттерге:
— Тәйт! — деп бір қарап еді, мені менсінбеген төбеттер лезде жым болып, құйрықтарын бұттарына қысып алып, ауылына қарай қыңсылап зыта жөнелді.
Бұл не деген құдірет екеніне ақылым жетпей, аң-таң болып мен қалдым. Әлгі иттер арттарына қарай-қарай безіп барады. Көздеріне не көрінгенін ешкім білмейді. Бірдеңе деп қыңсылайды. Иттің тілін мен түсінбедім.
Саид — Акбар көзін қолымен көлегейлеп, аспанға қарап:
— Бесін намаз болды-ау деймін, — деді. Ол менің қостауымды керек қылмаса да:
— Иә, иә, болды, болды, бесін намаз болды, — дей беріппін. Жан қиналса, осылай жалпандайсың.
Қожекемнің өзіне бұрыннан таныс, бұрыннан талай рет сая еткен жері болуы керек, жол бойындағы дәу бәйтеректің жанына тоқтап, көліктен түстік. Екі борбайым қарысып қалыпты. Бәйтеректің түбіне мөлдіреп аққан бұлақ бар екен, алдымен есектер өңмендеп, бұлақтың аяғын ала суға бас қойды.
Қожекем дәрет алып, жуынып-шайынды. Қоржыннан кестелі жайнамазын алып, көгалдау жерге жайып, құбылаға қарап, бесін намазын атқарды.
Қоржынымды алып, оның бір басынан жүгері нанды шығарып қойып мен отырмын. Намаз кезінде малжаңдап нан шайнамайын деп, тілімді тістеп шыдап-ақ бақтым.
Мұңым елеусіз қалмаған тәрізді. Саид — Акбар қожа намазды тәмәмдап, тамақты көріп, маған тұңғыш рет бағамдай қарап, жылы жүзбен:
— Қарның ашты, ә, балам. Ал, жеп ал! — деді.
— Сіз... Алыңыз, — дедім үнім дірілдеп.
Қожекем өзі ыдырап, үгітіліп тұрған наннан бір шөкім сындырып алып, аузына салды. Қайтып қол созбады.
— Құдай қаласа, ақшам шамасында Қанды асудың аузында отырған Айтқұл ауылға жетеміз. Сонда түнеп, демаламыз, — деді. Бірі Күйік, бірі Қанды... Қаһарлы асулар...
Көліктеріміз едәуір тыңайып қалыпты. Тағы да күнбатысты бетке алып, жортақтатып келеміз. Қожекемнің қас-қабағына қарасам, көңілі хош сияқты. Көмейіме келіп тіреліп тұрған бір сұрақты тәуекел деп қойып кеп қалдым:
— Қожеке, Күйіктің асуымен неге жүрмедік? — дедім. Қожекем бетіме бір қарады да:
— Күйік асуын көрдің ғой. Енді Қанды асуын да көр. Көрген жақсы, білген жақсы, балам. Әсіресе Қаратаудың бұл жақ тарабы тұнып тұрған тарих. Әулие-әмбиелердің мекені. қарсы алдында, сонау күннің батар жиегінде, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие жатыр. Соның, түстігін ала, Бәйдібек бабаң жатыр. Одан әріректе Бала Бөген мен Ұлы Бөген тоғысар жерде, Домалақ анаң жатыр. Білесің бе Домалақ ананың кім екенін?
— Айшадан естігенім бар. Жете білмеймін.
— Ә-ә, жете білмейсің, әрине. Айшадан естігеніңе де шүкір. Қазіргі балалар мылқау, мәңгүрт боп өсіп келеді. Жеті атасын білмейді. Ұлы ата-аналарың білмейді. Жеті атасын білмеген — жетім. Түп атасын білмеген — тексіз. Ал сен, балам, тексіз емессің. Тек зердеңде жүрсін. Халық «Домалақ» деп кеткен Нұрилә, жаның жаннатта болғыр, сенің ұлы Анаң, менің ұлы Апам. Үрмәттің, яғни, арабтың қызы. Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы. Өскеннен кейін басына барып дұға қыл, құран оқыт. Сауабын аласың. Рухы сені желеп-жебеп жүретін болады. Саған тағы бір айтарым: мені Қали атаң сияқты «Қожеке» демей-ақ қой. Жай «ата» де. Сенің Қали атаң арқалы молла, бірақ коммунист. Екіұдай: Құдайды да сүйеді, коммунистерге де қызмет қылады. Қайғы хал деп осыны айтады.
Ел орынға отыра, бір аңғардың аузында бұйығып қана жатқан шағын ауылға келдік. Жаппа тезектің түтіні аңғардың ішін аралап, иісі бұрқырап тұрған кез екен. Иттер шәуілдеп, енесінен адасқан бұзау мөңіреп, тіршіліктен белгі береді. Аңғардан лекілдеп ескен кешкі самалда әдемі әуен бар. Ықыласпен құлақ салсаң ғана естіледі. Әр жерден жылтырап әлсіз сәуле көрінеді. Жермай шырағданның сәулесі — миллион жылдық жол жүрген алыстағы жұлдыздың сәулесіндей әрі нәзік, әрі аяулы. Сол сәуле барда тіршілік бар, үміт бар. Дүниенің бір қуысында, бір Алланың уысында тығылып жатқан ауылдың да алдан, жақсылықтан үміті бар. Иә, Алла, жар бола гөр!
Айтқұл деген кісінің үйіне түстік. Қожаны алақанына салғандай аялап, қол қусырып, кеш те болса тоқты сойып, жаны қалмады.
Шәйдан кейін мен ұйықтап қалыппын. Түннің бір мезгілінде біреу сипалап оятты. Қарасам, Саид — Акбар қожа: «Тұр. Тамақ пісті. Қолыңды жу», — деді.
Қазақтың қонақжайлылығы осы.
Таңертең тағы жолға шықтық. Қанды асудан ары асып түскенде, Тәңіртаудың шыңдары күнге шағылысып жарқ етті де, айбынданып, айдынданып Жуалы деген жер жаннаты құшағын ашты.
— Өй, тентек, сен қайда кетіп қалдың? — деді Жуалы.
— Осы жерде өстің сен, Мыңбұлақ суын іштің сен! Алысқа ұзап, адасып кетіп жүрме, — деді Жуалы.
Әлденеге танауым қусырылып, тынысым жиілеп, тамағыма бірдеңе тірелгендей, көзімнен бір опасыз жас бұршақтап бұрқ ете түсті.
— Ауылыңды әбден сағынған екенсің ә, қызталақ?! — деді Саид — Акбар қожа. — Отан деген осы болады.
— Айшаға сәлем айт. Баяғыда, әлі сен тумай тұрғанда, қолынан дәм татқанмын. Мұртаза рахметлік ұдайы қолқа салып, қонаққа шақырушы еді... Ол қазір жаннатта. Жамандықтан жырақ, жақсылыққа жақын еді, марқұм. Оның жаны қазір жаннатта.
— Оның жаны жаннатта. Ал біз тозақта тұрмыз. Сонда Мұртаза жаннаттан қалай рахат табады? Қожеке, иә... ата, сонда аруақ бекер болғаны ма?
Саид — Акбар қожа маған оқыс бір қарап алып:
— Балам, бәле-жаладан, тіл-көзден аман бол, — деді. — Аруақ алдамайды, бір жақсылық болады. Ашынба!
— Ашынбасқа амал жоқ қой, ата. Бастықтар жүндей түтіп жейді. Содан Айша аурушаң болды.
Қожа басы салбырап үндемей қалды. Содан Мыңбұлақтың шетіне келгенде бір-ақ тіл қатты.
— Мен Тәжібай ақсақалдың үйіне түсемін. Айша сол үйге келсін. Сәтін салса, ем қонар, — деді.
Тәжібай деген кесе тақуа, Құдай деген иманды, текті кісі еді. Саид-Акбар қожа ылғи да сол үйге түседі.
Сөйтіп, Саид — Акбар қожамен бірге болған екі күндік жол-сапар аяқталды.
— Ата, рақмет сізге, — дедім.
— Алла есендікте жолықтырсын. Аруақ, Құдай жар болсын, балам!
Тағдыр жазса, алда тар жолда Саид — Акбар қожамен әлі талай кездесеміз. Ол әңгіме кейінірек айтылады.
ТЕНТЕК КӨШЕ
Құдайдан патшаны адалынан, әділінен, ақылдысынан бер деп тілейміз. Баяғы һарон әл-Рашидтей патша қайда?! Наушарбандай патшалар енді қайтып туа ма, тумай ма, кім біледі? Патша тұра жүрсе, халық та түзу.
Басшы ақылсыз болса — елге азап. Бастық, әрі ақымақ, әрі араққұмар болса — нағыз тозақ. «Мына бастық оңбаған, орнынан алынсын!» — деп жақ ашып, айбат қылар біреу жоқ. Соғыс заманы.
Біздің Мыңбұлақтың бастығын түлен түртіп, елдің ішін бүйі тигендей бүлдірді. Бірің қалмай, жаппай жаңа қонысқа көшесіңдер, — деді. «Біз әлі жабайымыз, мәдениетіміз төмен қараңдаршы ана Евгеньевкаға, мына Андреевкаға! Көшелері түп-түзу. Біз де көше салып, соған көшеміз. Бұған көнбегендеріңді колхоздан аластап, итжеккенге жер аудартамын!» — деді.
Былай қарасаң, мұныкі әбден дұрыс. Рас, көше салу керек. Қазіргі үйлердің бәрі тозған. Балшық. қыштан салынған үйлердің көбінің күнбатыс жағын Шақпақтың бораны мен дауылы мүжіп жеп қойған. Сол қабырғалар құлайын деп тұр.
Сондықтан бастықтың айтқаны өте дұрыс. Әр сайдың басына шошайып-шашырап жатқан ауыл бір көшеге жиналса, құба-құп.
Бірақ дәл қазір емес қой. Дәл қазір тұяқтары сіңіріне ілініп, «шықпа жаным, шықпа» деп отырған ел қайдан үй салады? Соғыс бітсін, ер-азаматтар оралсын. Әне сонда, сәл-пәл әлденіп алғанда, хан сарайын салып аламын десең де жарасады.
Жаңа көшенің бас жағынан үш-төрт үй де пайда болып қалды. Шамасы келгендер салған үй.
Бізге жер әлгі көшенің аяғынан тиді. Мейлі ғой. Бірақ Айша оңайлықпен шыдасын ба мұндай қорлыққа?! Қорлық емей немене: біріншіден, бізге кесіп берген жері қып-қызыл тастақ. Екіншіден, көшенің бас жағындағылардан су артылмайды. Сусыз қурап отырғанымыз. Үшіншіден, бізге жаңадан үй салып алатын қайрат қайда?!
Осыны айтып, Айша едәуір арпалысып көріп еді, бастықтардың жүрегі жібімеді. Көшесің, көшпесең, күшпен лақтырып тастаймыз деді. «Ескі үйлерді қиратып, орнына егін саламыз. Топырағы құнарлы. Айналаңа егін салып тастағанда, соның ортасында жалғыз үй отырмақшысың ба? Далбасалама!» — деп Жуанқұл жуандығын жасады.
Сөйтіп, ата-бабамыздан қалған ақ сарайдай үйімізден қуып шығарып, жүгімізді әлгі жаңа көшенің аяғына апарып, түсіріп тастады.
Амал жоқ, көртышқаншылап жертөле қаздық. Әскерге кеткен Нәметқұлдың қырғыздан алған Седеп дейтін қатыны бар. Сол көмектесті. Екі үй бірігіп, бір үйге тұратын болдық. Жеке-жеке қазуға шама жоқ.
Бір біз емес, елдің көбі жертөле қазып, соған кіріп алды. Сөйтіп, тұтас бір ауыл көртышқан халіне түстік те қалдық. Жерді үңгіп, астына түсіп кетті. Содан мұны жұрт «Тентек көше» деп атады.
Мен Әулиеата сапарынан қайтып келсем, колхоз қызылын жинап болып, бәрін элеваторға өткізіп, енді қызылша қазуға кірісіп жатыр екен. Оқу басталып кетсе де, оқушыларды қызылша жинауға қуалапты. Бесінші кластың партасына отырмай жатып, тәтті түбір науқанына мен де араласып кеттім.
Тасбет мені бұл жолы итжеккенге айдаттырған жоқ. Жамбыл жаққа қашып кетіп, жарты ай жүріп қайтқанымды итжеккенге баласа керек. А, бәлкім, мен Саид — Акбар қожамен ілесіп келгенімді есітіп, сол пірден қорыққан шығар.
Олай дейтінім, Саид — Акбар қожа осыдан бір жыл бұрын Тәжібай бір андарының үйінен бір қап бидай алып, еліне қайтып бара жатқанда, Теріске жетер-жетпесте алдынан Тасбет шыға келіп, әлгі бидайды тартып алып қалған екен. Сонда Саид — Акбар:
— А, шырағым, адал бидайымды алсаң ал. Бірақ соны менің үйіме әлі өзің әкеліп беріп жүрме, — деген ғой.
Айтса айтқандай, Тасбет мұрттай ұшып құлайды. Тілі байланып қалады.
Не керек, қожекем айтқандай, бір қаптың орнына екі қап бидай апарып беріп, жаны әрең қалғандай ғой. Сол Саид — Акбар қожамен бірге Барсхан ілесіп келгенін бүкіл ауыл көріп отыр ғой. Әй, осы бәлеге тиіспей-ақ қояйын деген болар. Тасбет маған неге кеттің, неге келдің деген жоқ. Бірақ оның есесіне көкіректен кетпес тағы бір қорлыққа салды. Бұл Тасбет емес, тасжүректің несін алғанымызды білмедім. Қыр соңымыздан қалмады. Әлде кезінде Мұртазадан бір қиянат көрген жайы бар ма? Айшадан сұрасам, әкең адам баласына қиянат қылған емес дейді.
Тастақ жерді өгіз жеккен соқамен әрең жыртып, тасын теріп еккен жасымық пен зығыр су ішпей қурап кетті. Таласбай бұлақтың суы Тентек көшенің аяғына жетпей-ақ қойды. Күн суи бастады. Қыркүйектің түні салқын тартты. Үңгірде жата берсек, үсіп өлетін түріміз бар. Әлі де болса күз ғой. Қыс келгенде не боламыз? Сонда Айша айтты:
— Қараң қалғыр, қараң қалсын бүйткен өмірі! Бердімбет байдың ұрпағы үңгірде қатып қалыпты дегізбей, не де болса Мұртазадан қалған үйге барып өлейік, — деді.
Сөйтті де арбакеш Қуанышбайды көндіріп, өгіз жеккен сатылы арбасын ешкім көрмесін деп түнде алып, оны-мұны жүгімізді артып, өрдегі өз үйімізге қарай көштік те кеттік. Құдай Тасбеттің бар өнерін жамандыққа арнап берген шығар. Әйтпесе, ел орнына отырған қараңғы түнде ербиіп алдымыздан Тасбет шыға келе ме?! О да бір мезгіл үй иесі болып, тыныштық тауып, отбасында, бала-шағасының қасында отырса қайтеді?!
Жоқ, жол торыған қарақшыдай болып, астындағы атын ойқастатып, Бердімбет сайдың қабағынан шыға келді. Келді де:
— Әтәңә нәләт, көнтрә! Тәртіп бұзып, елге іріткі сәліп, көшкенің не?! — деп, аттың үстінен өгіздердің мойынтұрығындағы темір самияндарды суырып-суырып алды. Самиян алынған соң, әккі болған өгіздер шаңырақтай мүйіздерін шайқап-шайқап қалып еді, ағаш мойынтұрық сақыр-сұқыр етіп жерге түсті. Мойны босаған өгіздерді Тасбет қамшысымен ұрып-ұрып, алдына салып айдады да кетті.
Сөйтіп, арба Бердімбет сайдың аяғында, орта жолда қалды. Түн іші, енді кімге барып жалынамыз? Тәпе-тәннен мұндай сұмдықты күтпеген Айша, ә дегенде сөз айта алмай қалған Айша, есін жиып алған соң, арынының аузы ағытылып, айқайға бір басты дейсің:
— Тасбе-е-е-ет! Көріңде өкір, Тасбе-е-ет! Көріңде өкір! Аш ішегің аяғыңа оралсын, кәпір, тоқ ішегің тобығыңа оралсын, кәпір! Сендей имансыз кәпірді қара жер қалай көтереді? Қақ айырылып астына неге тартып кетпейді сендей қара қабанды? А? Бесіктен әлі белі шықпаған жас балаларымның жанына жара салдың. Сенің де балаларың осылардай шулап қалсын!
Атаңа лағнет, Тасбе-е-ет! Аруақ, Құдай бар болса, осы көрсеткен қорлығын алдыңнан шықсын. Бұл сасық дүниеде болмаса, о дүниеде!
Айша аспанға қарап қолын созып, алақандарын жайды. Саусақтары салалы еді, Ай сәулесімен садақтың жебесіндей болып, одан бетер ұзарып кетті. Ұзара-ұзара Айдың өзін барып түртетіндей. Жер бетіндегі мынадай қорлық пен зорлыққа, қаныпезер қатыгездікке, әділетсіздікке биіктен көзін жұма қарайтын Айды, Ай арқылы Құдіретті түртіп оятпақшы болғандай.
— Уа, Көк Тәңірі! Жастайымнан жесір қалып, біреудің, ала жібін аттамаған, ешкімге қылдай қиянатым жоқ, бейнеттен басқа рахатым жоқ мына менің жазығым не? Не жаздым? Не жазып едім саған, Құдай? Мені жазғырсаң жазғыр, мына үш жетімнің не жазығы бар еді?
Кенет арбаның үстінен үрпиісіп отырған үшеуімізге бұрылып Айша:
— Барсхан, Барсхан, Құрманқұл! Тұр, түрегел! Қолдарыңды жайыңдар! — деді.
— Уа, Көк Тәңірі! Ая біздей бейбақтарды!
— Қайталап айтыңдар — деп бұйырды бізге.
— Уа, Көк Тәңірі! Ая біздей бейбақты! — деп шырылдағанымызда, Тәңіртау теңселіп кеткендей болды. Содан соң Айша айтты:
— Ал бүйтіп далада қалған жарамас, — деді. — Барсхан, сен түс. Мына мойынтұрықтың бір жағына мен, бір жағына сен жегілесің Батырхан, Құрман! Сендер арбаны артынан итеріңдер!
Айшаның айтқанын істеп, өгіз орнына өгіз болып, ап-ауыр мойынтұрыққа басымды сұғайын. Айша — он жағында, мен — сол жағында.
— Түстіңдер ме, ей? — деді Айша Батырхан мен Құрмашқа.
— Иә, иә, — Тоңған, жаураған дауыстары дірілдеп шығады.
— Ал онда итеріңдер!
Айша екеуміз алға тарттық. Ана екеуі арттан итерді. Бірақ арба орнынан былқ еткен жоқ. Алдымыз тым өр еді. Үстіндегі жүгі жеңіл болса да, арбаның сүйегі ауыр. Мойынтұрығының өзі мойнымды үзіп, желкемді қиып барады.
— Таста! — деді Айша.
Мойынтұрықтан басымызды шығарып, ауыр ағашты жерге тастай салдық. Оқтығымен қоса сақыр-сұқыр құлады.
Айша көрпе-жастықтар буылған теңді шешіп, Құрмаш пен Батырханға:
— Ал, жатыңдар, — деді.
Сөйтіп, сол қыркүйектің сап-салқын түнінде далада қонып қалдық. Көпке дейін ұйқы қашты. Арбаның үстінде аспанға қарап жатып не көресің? Айды көресің, баданадай-баданадай жұлдызды көресің. Бектөбедегі Қалатай апамның қуырған жүгерісіндей шашылып жатқан жұлдыздарды санамақ болып бақырайып жатырмын. Бірінен соң бірі екі жұлдыз аспанды отпен сызып, ағып түсті. «Мұртаза мен Әміреқұл, — дедім мен ішімнен. — Біздің мына түрімізді көріп, шыдамастан жандары шырқырап жерге құлады. Бізге көмектеседі». Бірақ көмекке ешкім келген жоқ. Күдер үзіп, көзім енді іліне бергенде, Айша:
— А, Барсхан, — деді. — Не?
— Бұл елден кетпесек болмайды екен. Ұйқым шайдай ашылды...
АРТЫНА БҰРЫЛЫП МӨҢІРЕГЕН СИЫР
— Бұл елден кетпесек болмайды екен, — деді Айша. Жат бауыр, бөтен ел сияқты етіп айтты. Айша торыққанмен, менің санам көнбейді. Жат жерде жарты ай жүргенімде, осы елді, осы ауылды, Мыңбұлақты, Тәңіртауды қалай сағынғанымды айтып жеткізе алмаймын. Сөзбен айтып, Айшаға түсіндіре де алмаймын. Жарты айға сондай болғанда, мүлде көшіп кету деген не сұмдық Онда мен сарғайып өлетін шығармын.
— Кетпей-ақ қойсақ қайтеді, заман түзелер.
— Зорақы заман түзелмейді! — деді Айша зілді үнмен. — Оның үстіне Зибаның тілегін өзің айтып келдің. Туған бауырым қан түкіріп жатқанда, қасында болмасам, бізге емшегімен сүт берген анамыз Құлыханның аруағы атпай ма? Менен басқа кімі бар Зибаның? Ауагүл әпкем қанша бауыр дегенмен, емшектес емес. Рахман болса, тайқы маңдайымызға сыймай кетті. Жоқ, Барсхан, көшеміз, — деді. — Алдағы қыстан аман қалмаймыз. Не отын жоқ, не шөп жоқ, не азық жоқ. Жуанқұл мен Тасбеттен болса да қайыр жоқ. Олар бізге өлім тілеген құзғын қарғалар.
— Мен өсіп қалдым ғой, енді бой бермеспіз.
Бұларды біз жеңе алмаймыз. Қыстың күні жаман ашығамыз. Амал жоқ, ұрлық істейсің. Сені ұры қылып өсіргенімше, өлгенім жақсы. Соттатып жібереді. Бұл жерде жартымды оқу да жоқ. Қалаға барып оқисың, көшеміз! — деп кесті Айша.
Айтқанының жөні, қисыны бар. Қарсы келе алмадым.
Ертеңіне арбадағы жүгімізді үйімізге біртіндеп жаяу тасып болған соң, Айша Борандыға кетті. Әулиеатаға пойызбен бармақшы.
Үйге бас ие боп мен қалдым. Тасбет келіп:
— Шешең қайда? Қызылшаға неге бармайды? — деді.
— Шешем сенің қорлығыңнан ауырып, емделуге кетті.
— Қайда?
— Әулиеатаға. Саид — Акбар қожаға, — дедім әдейі.
Саид — Акбар қожадан қорқып қалған. Үндеместен атының басын бұрып алып, кете барды.
«Шақыртып жатыр» деген соң, мектепке бардым. Сөйтсем, оқу басталған екен. Жұмыс, жұмыс деп жүріп, оқуды да ұмыттырып жіберген екен. Ауданнан уәкіл келіп, балаларды қызылшадан босаттырыпты. Сабақ уақытында басталмасын, мектеп жабылып қалсын деген заң жоқ. Заңды қолдан жасап, қалталарынан суырып алып жүрген колхоздың бастықтары. Бұл үшін олар заң алдында жауап беруге тиіс. Бірақ олар бар кінәні соғысқа аудара салады. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұран бар. Ол ұран тұрғанда, басқа заңдар артын қысады.
Бесінші класқа кіріп, ең соңғы партаға барып отырдым. Не кітап, не дәптер жоқ. Оқуға деген құмарлық, құштарлық сөніп қалған тәрізді. Әйтеуір, кластан класқа көшіреді, бірақ білім жоқ,. Білім беретін мұғалімнің сиқы — былтыр жетінші бітірген Әбжанның Сейдін деген қызы есептен сабақ береді. Өзі білімнен ақсақ мұғалімнің шәкірті — тоқсақ.
Қоңырау соғылып, демалыс болғанда, шұбар мұғалім апайдың тәмпіш мұрын тәлпіш қызы жаныма келіп: «Қайда жүрсің, көрінбейсің?» — деді.
— Енді мүлдем көрінбейтін шығармын, — дедім.
— Неге?
— Әулиеатаға көшетін шығармыз. Бірақ сен ешкімге айтып қойма, — дедім. Қыз тәлпіштігін тыйып, ойланып қалды:
— Папам әскерден келсе, Әулиеатаға біз де көшер едік, — деді мұңайып.
Бұл да мұңая алады екен. Шіңкілдектеу, тым белсенді еді. Сөйткен бұ да уайымдайды екен.
Әулиеата жақ туған елі ғой.
— Хат жазып тұрсаң жақсы болар еді, — деді қыз үні тым жуасып.
— Жазамын ғой, — дей салдым.
Сөйтіп айтуын айтсам да, «мен кеткен соң Жолдасбек сұм сумаңдап, қырыңдайды-ау» деп ойлауым мұң екен, өзегімді бір жалын осып өткендей болды.
— Тезірек көшсеңдерші, — дедім қызға.
— Папам келмей, көше алмаймыз ғой, — деп сыбырлады ол.
— Папаң келсе, арттарыңнан іздеп барады ғой.
— А-а-а...
Қоңырау соғылып, сабақ басталып кетті. Көк көз татар жеңешеміз Ғалияның сабағы еді. Бірақ жеңеше демейміз. Апай дейміз.
— Ал, балалар, іштеріңде Махамбет ақынды білетіндерің бар ма? — деп сұрады Ғалия жеңеше-апай.
Кластың іші тым-тырыс. Жолдасбек күңкілдеп:
— Ол қай ақын тағы да? — деді.
— Махамбетті білмеген — мақау, — дедім алдымдағы партада отырған Жолдасбектің желкесінен түртіп.
— Ал, білгіш болсаң, айта қойшы, — деді.
— Иә, Барсхан, айта қойшы, — деп апай да қостай кетті. Айша «Октябрь балалары» деген газет алдырып, маған ылғи оқытатын. Кейін сол газет келмей кетті. Сонда «Исатай — Махамбет» деген ұзақ өлең басылған. Әрі десе, Машанның кітабынан Махамбеттің өлеңдерін жаттап алғаным бар. Апайға осыны айттым. Апай:
— Онда бір өлеңін жатқа айта қойшы, — деді.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің.
Сен де айырылдың көліңнен.
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған...
Ар жағын білсем де айтпай тұрып алдым. Ғалия апай шыдамсызданып:
— Ал, ал. Біліп тұрсың ғой, неге айтпайсың? — деді.
Мен: «Тасбет иттің екпіні» дей жаздап барып, әрең дегенде: «Хан Жәңгірдің екпіні» дедім-ау.
Балалар ауыздарын ашты да қалды. Онымен қоймай Хан Жәңгірдің кім екенін айтып бердім.
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың... —
деп шұбырттым.
— Мынау бір пәле шығар. Мұның бәрін саған айтып беретін жының бар ма? — деді Жолдасбек күліп.
— Міне, бұл әдебиетке деген махаббат, — деді Ғалия апай.
— Махаббат деген немене, апай? — деп қыңырайды Жолдасбек. Ол енді Ғалияның ең жақын қайнысы. Еркінсіп тұрғаны содан. Жолдасбек — Жәрімбет бидің немересі, Ғалияның күйеуі Әнуарбек — Нұрымбет байдың немересі. Яғни, Жәрімбет пен Нұрымбет ағайынды.
— Махаббат деген — құлай сүю, — деді Ғалия салмақпен. — Махаббат — Отанды сүю, ата-наны, туған-туысқанды сүю, жақсы көрген адамын сүю...
— Қыз Жібек пен Төлеген десеңізші, — деді Жолдасбек мүләйімсіп. — Ондайлар біздің класта да бар, — деп, көзінің астымен Әсемге бір, маған бір қарап қойды.
Ғалия мұғалім қатқылдау үнмен:
— Жә, жарайды, сабақты жалғастырамыз, — деді.
Сабақ біткен соң мектептен шығып сайға түсіп, Жалбызбұлақтың жанына барып отырдым.
«Біз көшіп кетсек, сенен енді кім келіп су алады?» — деймін. Қайнардың түбі бүлкілдеп, ұлпа құмды қайнатып жатыр. Сүмбіле келіп, су суыса да, шекшек шырылдайды. Ақырғы көбелек қалбаңдап ұшып, әлі сола қоймаған шашыратқының көкшіл гүліне қалтырап қонады. Көбелек жаздағыдай жайраңдамайды. Құйқылжып, ойнақ салып, ойнақтап, өрнек салып ұшпайды.
Неден, қалай пайда болатыны белгісіз, ақ жібегін шұбалтып, мизам ұшып барады. Құстар қайтып кетті.
— Біз де ұшамыз, — дедім мен.
Аспанда түйдек-түйдек бұлттар қалқып барады. Соңғы ақшылын тәмпіш мұрын тәлпіш қызға ұқсаттым:
Тәмпіш мұрын тәлпіш қыз... Енді оны ойлағанда, Айша баяғыда бір айтқан өлең есіме түседі. Жаугершілік кез көрінеді. Сонда үдере көшкен елдің көрінісі:
Барады аулым көшіп таудан асып,
Таудан асқан бұлтпен араласып.
Бірге өскен кішкентайдан, беу, қарағым,
Жүрерсің әлдекімге бауыр басып...
Тәмпіш мұрын тәлпіш қыз... Мен Әулиеатаға кеткен соң «үйшік-үйшікті» кіммен бірге ойнар екен? Кімге бауыр басар екен? Бәлкім, енді «үйшік-үйшік» ойналмайтын шығар. Біздің класстағылар, осыдан екі-үш жыл бұрынғыдай емес, өсіңкіреп қалды. Балалық дәуірден өтіңкіреп, ертерек есейді. Әрі десе, бұрынғыдай Мұса бауы жоқ. Өткен қыста отынға қырқылып кетті. Енді баяғыдай құстар ұя салып шуылдамайды. Туырлықтай түйежапырақтар өспейді. «Үйшік-үйшіктің» бас иесі Тұрымтай дейтін қыз да жоқ. Ерте жетілген шыбыштай боп, бір шалға жем боп кетті.
Тағы бір үлбірек үмітім бар: Айша Әулиеатадан қайтып келіп "Көшпейтін болдық» десе...
Әй, бірақ бос қиял. Өйткені кенеттен келетін ғажайып жоқ. Тек ащы шындық бар. Ол шындық айтады: биылғы қыстан сау шығуың неғайбыл дейді, қыстан шыққаныңмен көктемнің көкөзегі деген бар. Аш адамдар көбінесе көктемде қырылады дейді. Қырылып қалмас үшін, уақытша жан сауғалап, алыстағы жекжат-жұрағатпен жалғасу керек. Ауылдағы ағайын, әйтеуір, аман болсын, бар болсын, бірақ бізді қорғай алмайтынына көз жетті. Қорғар еді, егер Нәметқұл мен Махан болса, Орха мен Ноха болса, Сейсенбай болса. Олар жоқ қой. Сәл-пәл айбат қылар Дүйсенбайдың өзі бас сауғалап, темір жолдың жұмысына кіріп кетті.
Жалбызбұлақ. Мыңбұлақтың бір бұлағы. Мен кеткен соң қаларсың сен жалғызсырап. Анда-санда кетпенмен көзіңді ашып, тұнба балшығыңды аршып тұратын кім бар енді...»
* * *
Үш-төрт күннен кейін, Әулиеатадан Айша қас қарая келді. Қасында Сәли атам бар. Екі доңғалақты есек арба. Енді көшетінімізге шын көзім жетті. Кештетіп келгендері, сірә, Айшаның амалы. Ел көзіне түспей-ақ қояйық дегені. Намыс қой. Айша есек арбамен көшіп кетіпті деген намыс қой. Дос күліп, дұшпан табалайды.
Есі бар ел болса, күлмеу де керек, табаламау да керек. Есі бар басшы болса, колхоздан бір адам емес, тұтас бір үй көшіп бара жатқанда, етінен ет кесіп алғандай болмай ма? Кетпе, көмектесеміз, асыраймыз, өлтірмейміз демей ме?
Ондай басшы табылмайды. Қайта «кеткеніңнен келме, жатқаныңнан тұрма» деп артымыздан топырақ шашты.
Таң қылаң бере жолға шықтық. Айша түнімен оны-мұны, кәкір-шүкірді түйіншектеп, арбаға артуға ыңғайлап қойды. Оған мен көмектестім. Қаңырап бос қалып бара жатқан үйге арнап Сәли атам дұға оқыды. Айша үйдің ортасындағы тіреу ағашты құшақтап жылады.
Қайран да менің Отаным,
Қайтып келер күн бар ма? —
деп аңырады.
Көрші-қолаңнан жалғыз Баян келіп, Айшаға:
— Қой, өйтіп жылама. Құдай қайта қауышуға, қуанышқа жазсын, — деді. Айша оған:
— Мына иесіз қалып бара жатқан үйге баскөз болып жүрерсің, — деді. — Біз жоқта аруақтар келсе, адасып қалып, күйзелетін болды-ау... — деп өксіді.
Сүйегі ауыр заттар сол Баянның үйінде қалды.
— Рәсім жасап, бір бозқасқа сойып, ел-жұрттың батасын алып көшсе болар еді, оған шама жоқ, — деді Айша. — Ұрлық қылған адамдай жасырынып барамыз. Иә, ата-бабаларымыздың аруағы, Мұртазаның аруағы, назалана көрме, — деп жалбарынды Айша. — Кешіре гөр!
Айша аруақтардан неге кешірім сұрауға тиіс? Маған осы жері түсініксіз. Айшаның не жазығы бар? Жазығы — жастайынан жесір қалып, үш жетімді жетілдірсем деп жанталасқаны ма? Мұртазаның, Бердімбеттің, Үкібастың, Тоқсанбайдың осы бір бұтағының ұрығы үзіліп қалмасын деп, жалаңаяқ жер кешіп, қызылаяқ қар кешкені ме?
Қайта кешірім сұрайтындай қабілеті болса, аруақтар кешірім сұрасын Айшадан. Рақмет айтсын, желеп-жебеп жүрсін.
Бай болған деседі. Байлығына — байпағым. Сол мыңғырған байлықтан бізге мұраға тышқақ лақ та қалған жоқ. Тісімізге бір түйір қызылы тиген жоқ. Қайта сол атам заманғы байлық, бізге ішпей-жемей бәле болып жабысты. Мына туған үйді, туған елді тастап, безіп бара жатқанымыз да сол қызығын біз көрмеген байлықтың кесірі.
Батырхан мен Құрмаш арбаның үстінде. Сәли атам мен Айша арбаның алдында. Есектің ноқта жібі Сәли атамның қолында. Арт жақта қара сиырды жетектеп мен келе жатырмын. Жар дегенде жалғыз тұяқ. Бұзауын бір қап бидайға айырбастап жібергенбіз. Дәсері қаптай сол бидай қазір арбаның үстінде.
Кейде ескі сүрлеумен, кейде жолсызбен тартып келеміз. Балағымызға кәріқыз тікен жармасады. «Кетпе, қайда барасың?» деп бір адам айтқан жоқ. Алабота мен қарасора, қызыл жантақ пен торы тобылғы айтты. Тілсіз тіл. Аяққа сары шырмауық оралады.
Сәли атамның кебіс-мәсісі бар. Тірсегіне тікен кірмегені сондықтан. Бірақ тобығына шырмауық оралғанда, жығылып қала жаздайды, жарықтық. Сондықтан оған Айша:
— Нағашы-ау, арбаға отырсаңшы. Балалар жаяу-ақ жүреді ғой, — дейді.
Сәли атам күлімсіреп:
— Сонда мен баладан нашар болғаным ба? — дейді.
Былтыр Қали атам екеуі ақалтеке мініп келгенде, құдіреті күшті сұлтандай еді. Биыл бізді көшіріп әкету үшін есек арбамен келгеніне көңілім қаяуланып қалды. Тәңіртаудай тұлға тұтып, медет етіп жүрген нағашым аласарып қалған сияқты болды.
Шынында да, қартайып қалған секілді. Әй, бірақ адам екен. Өртеніп жатқан біздің үйге қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, Қаратау асып, Әулиеатадан жаяу келуі ер емей немене? Пейіш, жұмақ дегеннің бар екені рас болса, Сәли атамның жаны қазір жаннатта жайнаса керек. Лайым солай болғай!
Ал сол 1944 жылдың тары піскен қыркүйегінде, ер-азамат зорға шыдайтын азапты жолда, қос доңғалақты арбаны есекпен бірге сүйретіп, қабағын бір шытқан жоқ. Қалың бурыл қасы жапқан көзі күлімсірейді де тұрады.
Темір жолға дейін жолсызбен жүрдік. Қураған шырыштың сояуын, сиырқұйрықтың сабағын арба басып өткенде, қайбірі қайтадан бой түзеп, бізбен қоштасқандай тербеліп тұрады.
Айша мен Сәли атамның әңгімесі таусылмайды. Әңгімемен жол қысқаратын шығар. Әңгіме Есей байдан басталады. Есей бай Айшаның әкесі, Сәлидің жездесі. Жігіт кезінде Сәли сол жездесінің жүйрік атын мініп қашқан көрінеді. Есей бай артынан кісі жіберіп, жүйрігін екі құлынды биеге қайтадан айырбастап алғанын айтады. Айдалада екеуі әлдеқашан өтіп кеткен заманның әңгімесін айтып күледі. Құдай күлгеннен айырмасын.
Бірақ менің көңілім сергімеді. Біз алыстаған сайын артыма бұрылып қарасам, ақбас шыңдар биіктей түсіп, жүрегімді шымырлатады.
Осы шыңдарсыз өткен өмір маған өмір емес сияқты көрінеді. Таусыз елдің адамдарының көңіліне келмесін, мен көзімді жыртитып ашқаннан бері көргенім осы таулар болса қайтейін. Көзіме оттай ыстық көрінеді. Осы асқақ шыңдар болмаса, үстіме аспан құлап кететін сияқтанады да тұрады.
Анада Әулиеатаға кетіп қалып екі апта жүргенімде, осы таулар көзден таса болғанда, сағыныштан әрең шыдап едім. Ендігі күнім не болады? Екі аптаға емес, белгісіз мерзімге кетіп барамыз. Мен құсалықтан өлетін шығармын.
Айналайын Тәңіртау! Ая мені. Кетіп қалды деп қарғама. Дүние осылай боз боран бола бермес. Түзелер. Жуанқұл мен Тасбеттер мәңгілік емес қой. Олар да тұғырынан таяр. Ақ жарылқап заман туып, азап қарыған арқамыз жылынар да жадырар.
Осы оймен келе жатқанымда ап-ашық аспанды бұлт торлапты. Тәңіртау көрінбей қалды. Әуелі Шақпақ жақтан желдетіп барып, артынан себелеп жаңбыр жауды. Шаң тұтқан жусан мен дермен шөптің кермектеу иісі бұрқ ете қалды. Бізді аяп адамдар, ағайындар төкпеген жасты аспан төкті. Аспан бәрін сезеді. Аспан бәрін көреді. Аспанның мейірімі түскен адам қор болмайды.
Мен мұнда қайтып оралғанша Қамқа тірі болар ма екен? Қоштаса да алмадым. Бата сұрау керек еді. Дошанай атам, Әбіш атам...
«Мұртазадай бозымнан қалған Барсхан» деп солар басымнан сипаушы еді... Бастан сипай салғанда тұрған не бар? О, оны сендер білмейсіңдер. Жетім болып көрмеген білмейді. Жетімнің басынан сипаған алақан жер астында жатса да шірімейді. Адамзат әр алуан. Біреулер сипаса, біреулер сол басты жарғысы келіп тұрады. Дүние содан ала-құла.
Терістің бойы «ен тоғай». Саздау жағалауда сыңсыған Сәмбі тал. Бұйра тал. Әлі жап-жасыл. Мыңбұлаққа қарағанда Теріс өзенін жағалап отырған елде береке бар шығар. Өйткені біз сияқты орман-тоғайын отай бермепті. Атың Теріс болса да, бетің түзу болып, бізге ақ жол тілей гөр, қасиетті қасқа су! Шақпақ таудан бастау алып сен шығысқа тарттың, Арыс батысқа тартты. Күннің шығысына қарап тіке тартқан басқа бірде-бір өзен жоқ. Сондықтан сенде сыр да көп, мұң да көп, жыр да көп. Сонымен де қасиеттісің, қайран Теріс.
Сәмбіталдың ара-арасымен жүріп жол тауып, судың жағасына да шықтық-ау. Терісті бойлап, жайдақ жерін іздедік. Ендігі кең, суы жайылыңқы тұсына тоқтап, әуелі «тексеріп» көрмекші болдық. Мен түсейін деп едім, Айша жібермеді.
— Аяғың қысқа, шұңқыры болса батып кетесің, — деп, шөлкейін шешіп, сұр шинелінің етегін түріп өзі түсті.
Құдайға шүкір, Терістің суы жуас екен. Айша арғы бетке өткенде, кебіс-мәсісін шешіп, арбаға жегілген қара есекті жетектеп Сәли атам өтті.
Балағымды түрініп, қара сиырды жетектеп, ең соңынан мен түстім. Су салқын екен, екпіні кәдімгідей, мені едәуір тәлтіректетті. Өзеннің ортасынан өтіп, арғы жағаға жақындай бергенде, жетегімде келе жатқан қара сиыр мүйізін шалт шайқап, мойнын оқыс бұрып қалғанда, қолымнан бұйда жіп шығып кете жаздады. Қара сиыр артына бұрылып, алыста-алыста бұлдырап қалған Мыңбұлаққа қарап тұрып, үш қайтара мөңіреп-мөңіреп жіберді.
Содан кейін... мойнын қайта бұрып, жасаураған үп-үлкен, мөп-мөлдір көздерін маған қадап, танауларын едірейтіп, «пыс-с-с» етті. Сөйтіп, мен бұйдасынан тартпай-ақ, өз еркімен жайлап басып жағаға шықты.
Біз пенделер «сасық» деп қорлайтын сиыр атты хайуанның өзі отын оттап, суын ішіп жайылған жерін қимай, артына бұрылып тұрып, үш қайтара меңірегенде, адам деген аты бар біз пақырға не шара? Терістің арғы бетінен ауылға қарап аңырап алдық. Өкпе — бауырымды біреу бұрап-бұрап, сығып-сығып, суын шығарғандай көзімнен жас ыршып-ыршып кетті.
Сонда Зеңгібабада едәуір сезім болған-ау. Зеңгібабада қасиет бар. Бәсе, Үндістанда зор шаһарлардың кешесінде сиыр жатса, оны орнынан тұрғызбай, кім де болса тағзым етіп, айналып өтеді-ау.
Өз мекені, өз Отанын мал екеш мал қимай бара жатқанда, адам жыламай қайтсін. Небір боздақтар Отанына аман-сау орала алмай, армандар ағысы мұхитқа айналған заман.
Бәлкім, сол Орха мен Нохалар сияқты мен де осы Отанды сағынып, зарығармын.
Ал оз Отанын сағынбайтындарға таңғаламын. Туған елін, өскен жерін іздемей, сағынбай, қарны тойған жерде жүре беретіндер... О, солар қиын.
Ащының алқабына шықтық. Алқап бірте-бірте қусырылып, бізді Күйік асуының тас аузына қарай тартып бара жатты.
Күйіктен асқан соң басқа бір өмір басталмақ.
Алда бізді не күтіп тұр?
Менің ғұмырыма жаңа кезең келмекші.
Он екіден асып, он үш жас көп сынаққа түседі дейді.
Аман-есен өтерім, әлде құлап қаларым әзір маған беймәлім. Алдымызда-Әулиеата.
Шақпақтың желі қатая түсіп, қара қарғалар қалбаң-қалбаң ұшты.
Қарғаларда қайғы жоқ. Қайғысыз-мұңсыз адам көп жасайтын көрінеді. Ал қарғалар үш жүз жыл жасайды деседі. Әрине, жасайды. Терістің жағасы толған тоғай. Ағаштың басы толған ұя. Қарғалар салған ұя. Үй мәселесі деген бұларда болмайды. Бас-басына ұя бар. Қарғалар қайғырмайды.
Ал біз болсақ қой «Тентек көшеге» үй сала алмай, жаз бойы жеркепеде зәбір көрдік. Бізді Мұртаза салдырып берген үйден бездірмек болды. Ақыры, бездірді. Безіп келеміз. Терістің суынан өтіп келеміз. Туған жерден, туған елден, туған үйден безіп келеміз. Біз қайдан үш жүз жыл жасаймыз. Қадам басқан сайын қайғы.
Кәріліктен бозан тартып кеткен қартамыс қарға қарқылдап, Айша туралы:
«Ой, мынау әйел баяғыда келіншек боп келе жатқанда, дәл осы Терістен алтын-зермен жабулаған ақбоз ат мініп өтіп еді... Енді сирағын сидитып жалаңаяқ кешіп өтті» деп қыр-қыр етті. Табалағаны ма, таңданғаны ма, біле алмадым...
Шақпақтың желі арқамыздан итермелейді. Күніміз жалғыз есекке қарағаның көріп, көмектескені ме, жоқ, тезірек жоғал дегені ме, біле алмадым.
Ебелек ұшып, домалап бізден де озып бара жатыр.
Түйе қарын қаңбақ ебелекке қарағанда ебедейсіздеу болса, о да домалап барады.
Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау. Біз сияқты жеңіл-желпі қаңбақтарды домалатқанша, жердің бетін, Жуалы жүзін арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді... Дүлейсің ғой, дүлейсің, Шақпақ желі!
ЕКІНШІ КІТАП
АЛҒАШҚЬІ СЫНАҚ
Сәли атам бізді Тәңіртаудың бауырынан, Мыңбұлақтан көшіріп әкелуін әкелді. Қош. Қартайғанда тау асып, тас басып, есек арбамен жиен қызын үш баласымен көшіріп әкелу оңай емес. Онысы ерлік. Бауырмалдық. Қысылғанда қол ұшын берген мейірбандық, имандылық.
Мұнысына сөз жетпейді. Мұндай жақсылықтың атын таппай әуре болдым.
Бірақ тұтас бір үй кімнің қолына сыяды. Дайын тұрған бос үй жоқ.
Сөйтсе, Айша нағашыларымен, Зибамен, Зибаның әскерден аман-есен қайтқан күйеуі Мырзагелдімен ақылдасқанда тапқан шешім: біз Бектөбеде, нағашыларымыздың қасында қалмайды екенбіз. Сонау Бурылтаудың астында, Аса өзенінің бойында Молотов дейтін колхоз бар екен, сол колхозда он жылдық мектеп бар екен. Оның интернаты бар екен. Мырзагелді жездеміз сол интернаттың бастығы болып бекіпті.
Айша болса, Зиба сіңлісіне қарайласады, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Мен болсам, бір жағынан мектепте оқып, интернаттан тамақтанамын. Жездемнің малын бағамын. Құрмаш Сәли нағашымның қолында қалады. Батырхан бізбен бірге болады.
Біздің өмір осындай бір беймәлімдеу арнаға түсті де, бөтен ел, көрмеген жерге кете бардық.
Біздің алдымызда, өткен қыстың ішінде бұл жаққа қарашай, балқар, шешен, ұңғыш дейтін халықтарды зорлап көшіріп әкелген екен. Біз олардан да озып кеттік. Өз еркімізбен елден кетіп, жел айдаған қаңбақтай аунақшып жүрміз. Тоқтаған сайымыз — Молотов колхозы.
Мырзагелді жездем мектептің директорына айтып мені бірден жетінші класқа отырғызды. Алтыншы оқуым керек қой. Heгe керек болғанын білмеймін, жездем мені жата кеп мақтады.
— Алғыр болғанда түрі жаман, — деді мектеп директоры Досмырза дейтін егде тартқан, бармақ мұртты кісіге. Оныншы класқа қазір көшірсең — қазір үлгереді.
Директор маған көзілдірігін түзетіп қарап:
— Апыр-ай, ә, — деді. Мен ыңғайсызданып:
— И-ә-ә, — деппін.
Онымды директор жездемнің сөзін қостағаны деп түсінбесе неғылсын. Менің «и-ә-ә» дегенім «өтірік» дегенім еді ғой. Директор қалай түсінгенін өзі біледі, бірақ маған:
— Абылайды білесің бе? — деді. Сөйтсем, өзі тарихтан сабақ береді екен ғой. Жездем шар-шар ете қалды:
— Оу, Досеке, программада қазақ тарихы жоқ қой. Абылайды оқытпаса қайдан білсін?!
— Білемін, — дедім мен саспай.
Досмырза мырс етті. Жездемнің көзі шарасынан шығып кете жаздады.
— Білсең, айта ғойшы, — деді директор.
— Абылай — Бөгембай батырдың жолдасы.
Директор мен жездем бір-біріне қарап мелшиді де қалды. Содан соң директор:
— Оны қайдан білесің, шырағым? Мектепте оқытқан жоқ қой, — деді.
Мен әкем Мұртаза бар кезде, қысқы кеште, біздің үйге кісілер жиналатынын, Жұмабай дейтін мұғалім Бөгембай батыр туралы жыр оқитынын айтып бердім. Дап-дардай үлкен кісілер сонда сақалдарына көз жастары тамшылап жылап отыратын. Неге жылайтынын мен қайдан білейін? Ол кезде мен бес жасар баламын. Мектепке бармаймын. Кейін Жұмабай мұғалім әскерге кетті. Ешкім қисса оқымайтын болды. Абылайдың хан екенін білмеймін. Бөгембай, Бөгембай дегенде ара-арасында Абылай естіліп қалады. Содан Бөгембайдың жақыны екен деп жүрмін ғой.
Директор мені сөзге келмей жетінші класқа отырғызды. Сөйтіп, бір класс аттап кеттім.
Бірақ соным бекер-ақ болған екен...
Содан бері еңбек етпей тапқан мал бойыма сіңген емес. Арам ас сияқты, құсып тастаймын. Ал кейбіреулерге майдай жағады. Сонда Құдайдың көзі мені ғана көреді де, аналарды байқамай ма?
Ондайда Айша айтады:
— Құдайдың, құдіретімен таласпа, — дейді.
— Тағы не білесің? — деді Досмырза ағай.
— Махамбетті білемін, — дедім.
— Айтшы, кәне.
— Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қол қорыған сен едің.
Ел қорыған мен едім.
Сен де айырылдың көліңнен,
Мен де айырылдым елімнен.
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған
Тасбет иттің... е-е, жо-жоқ,
Хан Жәңгірдің екпіні.
Бүлдіріп алдым. Атаңа нәлет. Тасбет қайдан киліге кетті?! Бұған директор таң қалғандай аңтарылып қалды. Бірақ жездем Махамбетті біле бермейтін болуы керек, менің «бүлдіріп» алғанымды сезген жоқ-ау деймін. Әйтеуір сампылдап:
— Әне, Досеке, ағып тұр ғой, ағып тұр, — деп мұрты аспанға шаншылып, аппақ тістері ақсия күлді. Директор ойланып тұр.
— Бәрі дұрыс, — деді.
— Е, бәсе, — деп жездем елпең ете түсті.
— Бірақ, — деп директор маған қарады. — Тасбетің кім? Бәтіңкемнің тұмсығымен жер сызғылап, мұрнымды бір тартып қойып, тұқшиып төмен қарап қалдым.
— Бригадир, — дедім Тасбет естіп қоятындай сыбырлап.
— А-а, — деді директор. Аңғарымпаз кісі екен, түсіне қойды. Басымнан сипап:
— Қорлығы өткен екен ғой, — деді. Көзімнен жас ыршып-ыршып кетті. Директор мені сөзге келмей жетінші класқа отырғызды. Алтыншы класты аттап кеттім.
Бірақ соным бекер болған екен...
ШОЛАҚТАУДЫҢ ШОЙЫН ЖОЛЫ
Шойын жолды бойлап жүріп келемін. Шпалдарына адымым жетпейді. Бірақ шпал басып жүргім келеді. Адымым жетпейді.
Кере түсемін. Шатым жыртыла жаздайды. Шпалдан аттап жүрсең-шаршайсың. Ал аттамай шпалдың өзін бассаң — жайлы. Бірақ оған адымым қысқа. Айша болса, аяғы ұзын, адымы жетер еді. Айша алыста. Мен жалғыз. Анасы лағынан, лағы анасынан айырылған киік сияқтымыз. Мен ұдайы оның соңынан ілесіп жүрер едім. Мыңбұлақта. Сон-о-о-оу Мыңбұлақта. Қыста қалың қар кешіп, түнделетіп, колхоздың маясынан шөп ұрлағанда. Бірақ неге ұрлағанда? Ол шөпті шабысып, арбамен тасып, маяға жиысқан үлесім бар емес пе? Айша да сөйткен. Таң азаннан қара кешке дейін. Ендеше несі ұрлық? Үш ешкіміз аш. Шөп бермесең өзіңді жеп қоймақшы. Көздері шақшиып, сақалдары да ұзарып кетті. Селтең-селтең етеді.
Құдекеңде қызық. Ешкінің текесі мейлі, сақалды бола берсін. Ал енді шыбышқа, тушаға не жоқ? Сақалы несі? Ұрғашыға сақал жараса ма екен? Осы жерден бір қате кеткен. Құдекең де қызық.
Әне, сол ұялмастан сақалдары сапсиған үш ешкіге түнделетіп, қарға омбылап батып кетіп, шөп тасимыз. Сонда Айшаның адымы ұзын, менікі қысқа. Қарда көп із қалдырмау үшін Айшаның ізімен жүруім керек. Аяғым жетпейді. Жеткізуге тырысамын. Ә дегенде — ақ ақтер, көктер боламын. Сонда Айша: «Мұртаза марқұмға бойың тартқанша ойың тартсашы», — деп қоюшы еді артына бұрылып.
Мұртаза ойлы болып не бітірген? Қараптан қарап жүріп сотталып кеткені ме? Ұрлық қылмаса, кісі өлтірмесе, өкіметті боқтамаса. Неге сотталады? «Халық жауы» дейді. Бір адаммен, екі адаммен жауласарсың. Ал тұтас халықпен қалай жауласуға болады? Айтпай ма осылай деп сотта. Ойлы болса. Ойы тасып бара жатса. Енді не болдық? Түн ішінде қалың қарға омбылап шөп ұрлаймыз. Мұртаза болса өстер ме едік?
Наурыздың дымқыл таңы. Аспан дымқыл, жер дымқыл, ауыздан бу бұрқырайды. Айнала — ойдым-ойдым су. Шпалдардың арасы да су. Кешегі тасқын топанның қайтқан түрі.
Кеше Аса тасыды ғой. Интернат пен мектептің арасындағы өзекті су алып кетіп, кеңірдектен жүзіп жүрдік қой.
Жайшылықта моп-момақан Аса қалай тасиды, ә. Жарқабақтан асып кетті ғой.
Мен қазір мына қара май сасыған шпалдардан аттап келе жатып ойлаймын, мұншама телегей қайдан шықты деп. Сөйтсем, біздің Тәңіртаудың күші екен ғой. Өзі алыста. Тым алыста. Мына Бурылтау тасалап тұр. Көрінбейді. Бір көрінсе ғой шіркін! Сағындым ғой, Тәңіртау!
Бірақ кешегі тасқын сенің маған жіберген сәлемің шығар. Басындағы қалың қар еріген ғой. «Алтынкүрек» желі соғып еріткен ғой. Сол қар суы Ақсай мен Көксайды, Күркіреусуды тасытып, Теріске келіп құйған. Теріс Асаға құяды. Содан кім тасыды — Аса тасыды! Еңбектің бәрі Тәңіртауда, Ақсай мен Көксайда, Терісте. Кім тасыды — Аса тасыды! Атағы Асада қалды.
Сол Аса қазір жынын алдырған бақсыдай басылып, мына теміржолдың сол жағын бойлап, жарысып келе жатыр. Теміржол тіп-тік, тұп-тура, ал Аса болса ирелеңдейді. Бүлкілдеп жатқан боз-ботана сұр айдаһар сияқты.
Кешегі тасқыннан кейінгі мына бозала таңда, мына темір жол бойында менен басқа бір жан жоқ. Жалғыз өзім. Бәрін топан су жұтып қойған сияқты. Қыстың суығын қимайтын қарлыққан қарғалар ғана қалбаңдайды. Оңтүстікте — Бурылтау, солтүстікте-жаныстардың ауылы Қаракемер қарауытады. Арт жақта — Молотов ауылы. Алдым — болжаусыз буалдыр. Қарайған зат жоқ. Қос рельс жарысып барып-барып, бұлдырап көзден таса болады.
Діттеген жеріңе жету үшін алдында бір нысана тұрса... не тау, не шоқы, не шоқтал. Мына жолда түк жоқ. Белгісіз,түпсіз тұңғиыққа кетіп барамын, сүңгіп барамын. Қос рельс сүйреп барады. Пойыз да жоқ. Не алдымнан шықпайды. Не артымнан қуып жетпейді. Пойыз жүрмесе шойын жолдың керегі не? Жалғыз өзім. Күллі тірі жанды кешегі топан су жұтып жіберіп, жер бетінде қарлыққан бес-алты қарға, жалғыз мен ғана қалған сияқтымын.
Кешегі топан сумен Құдірет жер бетін былғаныштан тазартып, су жаңа, тап-таза, бейкүнә тіршілікті қайта бастар болса, жалғыз менен басталады ғой. Неден бастаймын?
Неден бастайтынымды Көк Тәңір біледі деп аспанға қарадым. Аспанда кілегей бұлт қаптап алыпты. Кіржиіп тұр. Аспан кіржиіп, кірлеп тұрғанда жаңа дүниені жасауға болмайды. Жаман ырым. Аспан жас баланың жанарындай жәудіресін. Тазарсын.
Осылай деп келе жатқанымда алдымнан ойпаң-өзек шыға келді. Ойпаң толы қаптаған адам. Жақындап барсам, пойыз жолдың көпірін су шайып кетіпті. Құжынаған адамдар күрек, қайла, кетпен сермеп, зембілмен топырақ, тас тасып, «Жаңа өмірді», «Жаңа тіршілікті» менен бұрын бастап жіберіпті.
Шпалдан шығып, сайға түстім. Түспесем болмайды. Басқа жол жоқ. Темір жол үзіліп қалды.
Қарбалас жұмыстағы адамдардың көбі мені байқай да қойған жоқ,. Байқамағаны да жақсы. Байқатпай өтіп кетсем де болар еді. Жанасқым келмейді. Түрлері біртүрлі.
Ай, болмады. Өзектің арғы бетіне жете бергенімде, шетте талтайып тұрған бір дәу мені өзіне айқайлап шақырып алды.
— Неге сәлем бермейсің? — деп қыспақтады.
— Әкеңнің аты кім? — деді. Айттым.
— Өзіңнің атың кім? — деді. Айттым.
— Қайда барасың?
Шалбарымның қалтасынан бүктеулі қағазды алып ұсындым. Артынан оным бекер болды ма деп қалдым. Дәу қағаздағы жазуды дауыстап оқып тұр.
«Жұма стансасы. Тура түбінде, теміржолдың оң жақ бетінде — Жұма ауылы. Көкше көз Рысбай Жаманқұловқа».
Дәу: «Ы-ы» деп қойып хаттың бүктеуін аша бастады. Біреудің хатын оқуға болмайды ғой. Бірақ «оқыма» деп қайтіп айтамын? Тағы да дауыстады:
«Аса құрметті, алтыннан ардақты, күмістен салмақты Рысбай ағамыз. Қалай аман-есен, сау-саламат жүріп жатырсыздар ма? Кенжекүл жеңешем күйлі-қуатты ма? Осы хатты ұсынушы Барсхан Мұртазаев — Зибаның әпкесі Айшаның баласы. Менің қолымда, интернатта жатып оқиды. Сенімді. Осы күзде қолыңызға қойған көк сиырды беріп жіберіңіз. Зибаға сүт керек болып тұр. Кеселі жаман. Көріскенше күн жақсы. Сәлем жолдаушы туысқаның Мырзагелді Қалибеков. 25 март, 1945 жыл». Дәу хатты оқып болып, қайтадан бүктеп өзіме ұсынды. Ұсынып тұрып басымнан аяғыма дейін бажайлап қайта қарап шықты. Мен де қарадым. Галифе шалбары, сұр кителі бар. Он қолының орнында — қара қайыс қолғап кигізіп қойған протез. Сонда ойладым: біздің Мыңбұлақтағы Шолақ Сияқұлға неге осындай протез қол жасап бермеген деп. Сөйтсем, оныкі тұқылсыз қол екен ғой. Протез ілетін жер жоқ. Галифе шалбарлы дәу, сірә, байқаймын: бастық. Ал мен бастық атаулыдан қорқақ болып қалған адаммын. «Бірдеңе деп, бәле салар ма екен», — деп тағы қорқып тұрмын. Ойлағанымдай дәу төменде жүрген біреуді:
— Әй, Бақтай, бері кел, — деп шақырды.
Бақтай — аузы салпыйыңқыраған, қыли көз біреу екен.
— Иә, Дәке, ләппай, — деп жетіп келді.
— Әй, Бақтай, мынаған бәс тігісесің бе, — деп галифе шалбарлы шолақ Мырзагелді жездемнің хатын салпы ауыз сарыға ұсынды. — Қалай ойлайсың, мына бала сиырды алып қайта ма, жоқ, бос қайта ма?
Бақтай хатты ежіктеп, екі қайтара оқып шықты да, сонда барып мәніне әрең түсініп, маған бір қарады:
— Қайдам, берсе беріп қалар, туысқаны ғой, — деді.
— Мен білсем, бермейді, — деді галифе шалбарлы шолақ.
— Е, сиыр Мырзагелдінікі болса, неге бермейді?
— Бермейді!
— Береді!
Ерегіс қыза түсті де, ақыры «кім ұтылса — бір жарты қойсын», — деген келісіммен қол алысты.
Галифелі дәу сол қолын берді. Оң қолы протез ғой. Содан соң, дәу маған Мырзагелдінің хатын ұстатты да:
— Ал, бала, қайқай, енді сенің жолыңды күтеміз, — деді.
— Ағатай, Жұма ауылы әлі алыс па? — деп сұрадым дәуден аман-есен құтылғаныма ішімнен қуанып.
Дәу аспанға қарады. Жұма ауылы аспанда емес қой. Сөйтсем, күнге қарағаны екен. Күн — шаңқай түс шамасы.
— Күн бесінге таяғанда жетерсің, — деді дәу. — Тезірек қайт. Көрдің ғой. Бәстестік. Енді сенің жолыңды күтіп отырамыз.
Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы.
Сайдың арғы бетіне өтіп, рельс жолға қайта түстім. Әлгінің «бесін» дегені көңілімді қобалжытып кетті. Таңертең үйден шығып, Жұмаға бесінде жетсем, енді қайтарда Жұмадан Молотовқа қашан жетпекшімін?
Кенет шпалдан— шпалға секіріп, жүгіре жөнелдім. Қайтар жол қиын. Асықпасам қи-ы-ын. Шпалдан-шпалға мен секіріп келе жатырмын ба десем, көзім түсіп кетіп еді, Бурылтау да секеңдейді. Мен тоқтап едім, Бурылтау да тұра қалды.
Әй, Бурылтау, мені мазақтамасаңшы, мен сенің неңді алдым? Бауырыңда анам Айша, әпкем Зиба туып еді. Олар саған еркелеп, тарғыл тастарында секіріп өсіп еді. Мені жатырқағаның ба, немене... Өзің болсаң менің Тәңіртауымды тасалап тұрсың. Тәңіртаудың басын бір көрсем шаршамас едім. Жұмадан Молотовқа қалай жетемін деп уайым жемес едім. Әлгі бір қолы жоқ дәуден де қорықпас едім. О, Тәңіртау! Құдіретім менің! Отаным менің! Бір көрінбедің ғой... Шпалдан-шпалға секіремін. Бурылтау да секеңдейді. Менімен жарысып келе жатқан сияқты. Осы шойын жол Шолақтау деген жерге дейін барады дейді. Мен көрген емеспін. Алтынды күрекпен күреп алады дейді. Мен әлі көрген жоқпын...
Сол Шолақтауға өтіп кетсем қайтеді? Алтынды күрекпен күреп алады деседі. Маған көп алтын не керек, бір уыс болса болды ғой. Бектөбеде қалған Айшаға апарып берер едім. Айшаның жыртық көйлегі жаңарар еді. Айшаға жамаулы көйлек кигізіп қойған қандай антұрған заман?! Атаңа нәлет, қандай топас, көрсоқыр итсің?! Айшаға жамаулы көйлек ки-гі-зі-і-іп!
Кіжінгенім сонша, келесі шпалға аяғым дәл түспей, бәтіңкемнің тұмсығы шпалдың жақтауына тіреліп, етбетімнен құладым. Оңбай құладым. Мырзагелдінің хатын уыстап жұмып алған жұдырығым жазылып кетіп, хат мыжылып, қара майға былғанды. Оң қолымның шынтағына қиыршық құм жабысып, терісі сыдырылып, қанталап қалыпты. Оң жақ жамбасыммен қулағанмын ғой, шалбарым да қара май.
Өмір деген атана нәлет қисық жолда бір сәт көзіне қарап жүрмесең, көрген күнін осы. Шолақтаудың алтынында нем бар еді? Айдалада алтыны шашылып жатқан ол қандай жер? Бекер шығар. Бірақ бекер болса, мына шойын жолды Шолақтауға дейін неге салған? Өзі қақаған соғыстың кезі болса... Темір жол салып, шығынданып несі бар?
Әй, осы алтыны бары рас та шығар, темір жолдың қос рельсі жоғалып кеткен жерге дейін көз салсам, алдымнан алтынның буы сияқты жалқын сары бір шұғыла елес береді. Алтынның буы ағып жатыр. Телегей теңіз ағып жатыр. Сағым шығар дедім. Мұнша теңіздің бәрі алтын болса, адамдар тұншығып өлмей ме...
Енді шпалдан шпалға секіргенді қойып, сылти басып келе жатқанымда, алдымнан бір үйшік көрінді. Қауыншының шалашындай. Жақындап келсем, бір тақтайға «Жұма стансасы» деп жазып қойыпты.
Шалаштың жанына барып, ішіне үңіліп едім, өлі екені белгісіз, тірі екені белгісіз біреу серейіп жатыр екен. Егер бұл Жұма стансасы екені рас болса, шойын жолдың оң қол жағында Жұма ауылы болуға тиіс қой. Маған Мырзагелді жездем солай түсіндірген.
Оң қол жаққа қарасам — жал-жал болып жатқан жалаңаш құм. Өліп қалған түйелер сияқты. Бірақ ауыл көрінбейді. Ел жоқ!
Мына шалашта жатқан адамнан сұрасам ба екен. Өлі екені белгісіз, тірі екені белгісіз. Жатысы жаман. Сау адам да осылай жата ма? Ұйықтап жатса, оятып алып, езім бәлеге қалмайын. «Ұйықтап жатқан жолбарыстың құйрығын баспа» деген Айша. Айша айтса, тегін айтпайды.
Осылай бір әрі-сәрі болып тұрғанымда, құм жаққа тағы да көзім түсіп кетіп еді, өркеш-өркеш құмның арасынан ілмиіп түтін көрінгендей болды. «Рас па?» — деп көзімді уқалап, тағы қарадым. Түтін! Әлгі Жұма ауылы сол ғой. Қуанып кеттім. Бірақ үйлері қайда? Ауыл болған соң, үйлері болмай ма екен? Ол ауыл да мынандай шалаштардан құралған ба?
Жолдан шығып, ілмиген арық түтінді нысанаға алып, тартып отырдым. Қатқыл шпалдарға, шағыл тасқа үйренген аяғым, сусыма құмға сүңгіп кетіп, былқ ете қалды. Ұйыққа батқандай аяғым ауырлады. Өрмелеп құм төбеге де шықтым. Былтырғыдан қалған жалғыз түп адыраспан балағынан кектеп келе жатыр екен.
Айналасын құм төбелер қоршаған ойпанда жадау-жадағай бес-алты үй көрінді. Әр үйдің артында қамыспен, шеңгелмен қоршаған ашық қоралары бар. «Көк сиыр қай қорада екен?» — деймін ішімнен. Көк сиыр көрінсе, сол үйді тұспалдап бармақшымын ғой. Мырзагелді жездемнің туысқаны Рысбайдың үйі сол болады да.
Көк сиыр көрінбеді. Сойып жеп қойған ба? Әлде жайылымға кеткен бе? Бірақ айнала төңіректе жайылып жүрген мал көрінбейді. Құмға сіңіп кетпесе. Құм ыңырсып жатыр.
Бұл не тұрыс? Күн болса еңкейіп барады. Мен көк сиырды жетектеп Молотовқа жеткенше түн болады. Жолда бұзылған көпірді жөндеп жатқандардың түрі әлгіндей. Түстері суықтау. «Сенің қайтқаныңды күтеміз», — деп қалды. Бәстескен болды. Онысы несі екен? Сиырды тартып алып жүрмес пе екен?
Өзі бес-алты үй. Бірін бірі білетін шығар. Рысбайдың үйі қайсы десем, айтатын шығар.
Төбеден сырғанап төмен түстім. Алдымнан иттер шығып бәле бола ма десем, иттері сәлемдесуді білмей ме, үрген де жоқ.
Жақындай беріп, байқадым: орта тұстағы үйдің күңгей жағында, үш-төрт адам күншуақтап отыр екен.
Көктен салбырап түскендей болсам керек, бәрі маған сұқтана қарап қалыпты. Өңдері аш бит сорғандай жүдеу. Киім — бастары да мәз емес. Біреу тіпті тері шалбардың жүнін сыртына қарата киіп алыпты. Бір кемпір көзін сығырайтып, ескі көйлектің битін қарап отыр.
Дауыстап тұрып-ақ сәлемдестім. Дауыстап сәлем бергенімді ерсі көргендей ежірейісе қалды. Қайдан білейін? Айша айтқан: кісімен сәлемдескенде жамандар құсап үніңді көтіңнің астынан шығармай, басыңды көтеріп, жөндеп амандас, — деп.
Тері шалбардың жүнін сыртына қарата киген сіліңгір қара (Мырзагелді жездеме ұқсай ма), бірдеңені сезгендей:
— Шаруаңды айт. Қайдан жүрсің? — деді салған жерден.
Сәлем жоқ, ай-шай жоқ. Мені күнде көріп жүргендей.
Сәлеміне қарай жауабы. Үндеместен қолына Мырзагелді жездемнің хатын ұстата салдым.
Әуелі хаттың сиқына көз салды. Мыж-мыж, май-май ғой. Дегенмен оған керегі жазуы ғой, хатты оқи бастады. Қайталап оқыды. Басқалар оның аузын аңдып отыр. Тері шалбарлы шын қырсық екен, Мырзагелді жездемнің хатымен көтін сүрткендей ишара жасап, жанындағы қоқысқа тастай салды.
«Көрдің бе?» — дегендей маған ежірейе қалды. Мұндай қорлыққа шыдай алмай, боқтағым келіп тұрды да, дегенмен бір ауыз сөзін естігім келіп:
— Рысбай сенсің бе? — дедім. Әдейі «сен» деп.
— Менмін, твою мать! — деді.
— Мені Мырзагелді жіберді, не деп айтып барайын?
— Көк сиырды қыстай мен бағып шығамын. Қанша шығын шығарып. Енді туайын деп тұрғанда, соның көтіне сағат сайын қарап, қашан туар екен деп отырғанда, шиеттей бала-шаға, мына кемпір-шал, аузымыз аққа қашан тиер екен деп отырғанда... А? Сені соншама жерден сандалтып, сиырға жұмсаған дәл Мырзагелдінің әкесінің аузын!.. Соның жұмсағанына құлақ кесті құлдай болып жүре берген дәл сенің бас терінді!.. Дәл осыны айнытпай айтып бар!
О баста өзім боқтағым келіп аузым қышып еді, енді кезегі келгенде, аузыма сөз түссеші. Ызаға булығып не айтарымды білмей, мелшиіп тұрып-тұрып:
— О, бля! — дедім. Бар бітіргенім сол болды.
Бұрылдым да жүре бердім.
Шойын жолға қайта шығып, күншығысқа қарай беталып тұрып, артыма бұрылып қарап едім, күн намаздыгерге таяп қалған сияқты көрінді. Екі өкпемді қолыма алып, шпалдан шпалға секіріп, секеңдеп келемін. Үнім бітіп, тамағым кеуіп, тілім таңдайыма жабысып қалды. Әлгі тері шалбарды теріс киген дуайпат тым болмаса, бір жұтым су да бермеді-ау.
Не керек, Күн ұясына қонуға қамшы сабындай қалғанда су жұлып кеткен көпірге де жеттім-ау.
Адамдар әлі қыбыр-қыбыр жұмыс істеп жатыр. Көпірді тез қалпына келтіру өте қажет шығар. Әйтпесе, осы уақытқа дейін тынбайтын неткен жұмыс.
Протез қолды дәу уәдесінде тұрды. Мені зарыға күтіп отырғандай, тіпті Құдайдан тілеуімді тілеп, сағынып қалғандай пейіл танытты. Жетегімде сиыр жоқ екенін көре тұра:
— Не болды? — деді.
Мен осылай да осылай дедім.
Дәу:
— Бақтай, уа Бақтай! — деп бар даусымен барқырап қоя берді.
Бақтай келді.
— Мен жеңдім! — деді Дәу. — Бала құр қол қайтты.
— Сүйінші сұрайсың ба?
— Әкел поллитр!
Бақтай вагон — үйшікке қарай кетті.
Мен жүрейін деп едім, Дәу гүрр етті:
— Әй, бала, тоқта. Өзің өлейін деп қалыпсың ғой. Әлгі найсап нәр татырмаған сияқты ғой. Бақтай келсін, ауқаттанып ал. Барған соң Мырзагелді жездең сенің басыңнан сипай қоймас. Сиырсыз қайтқаның да оңды болды. Біз сойып жеп қоятын едік. Жездеңе сол сауап болар еді.
Бақтай келді. Дәу жұмысшылардың бәрін шақырды. Өздері арақ ішті. Мені балыққа тойдырды.
— Кешегі тасқыннан кейін қайранда қалған балық, — деді Дәу менің қомағайлана жегеніме қарап. — Абайла, тамағыңа қылқан кетіп қалмасын.
«Поллитрлер» бірінен соң бірі кетіп жатты. Мен қайтайын десем, Дәу жібермейді.
— Інішек, әлі-ақ адам боласың, — деді мені мойнымнан құшақтап. — Шолақтау деген зор қала болады. Оның қасында Мәскеу далада қалады. Сонда сен кел Шолақтауға...
Дәу адамның мас болғаны қызық. Көңілі тез босағыш. Көзі жасаурап:
— Мен де сендей жездемнің қолында жүріп оқып едім, атаңа нәлет соғыс...
Артынша әнге басты:
Аха-хау, сұр-желгенше,
Ха-хау, сұр-желгенше,
Хош боп тұр, хош есен бол
Көз көргенше-а-а-ай.
— Ағатай, мен қайтайын, түн боп кетті, — деймін жалынып.
— Кетпейсің, осында қонасың. Жұмысшы боласың. Қой сол Мырзагелдіні... Егер ол ұрысса, маған кел. Мені Шолақтаудан табасың. Протез қолды Дәу аға десең бәрі таниды! Кел!
Қапсыра құшақтап, бауырына басты.
— Ал, айда! Бар енді! Бар деймін! — деп ұрысты.
Зыта жөнелдім.
Қараңғы түнде шпалдан шпалға дәл секіре алмай кібіртіктеп қаламын. Мырзагелді жездеме не деп барамын? Рысбай туысқанының айтқанын дәлме-дәл, сөзбе-сөз айтамын ба, неғыламын?
Шпалдан шпалға секеңдеп келемін. Бурылтау секеңдемейді, қарауытады. Оның орнына Бурылтаудың төбесінен төнген жартыкеш Ай менімен жарысып келеді.
Әкесіз жетімге, қасында Айшасы жоқ жалғыз оғланға жар болғысы келді ме, кім білсін, сол жартыкеш Ай, менің жарым-жарты көңілімдей жартыкеш Ай, маған жол көрсетіп, ілестірді де отырды.
Протез қолды Дәуді қайтып көре алмадым. Бірақ Шолақтау қаласы кейін Қаратау қаласы атанғанда талай рет бардым. «Қара маржан» деген романды сонда жаздым. Дәу көкемді көрмедім. Тірі жүрсе Құдай саулығын берсін, о дүниелік болса Құдай иманын салауат қылсын...
Құлағымның сырғалығы шым ете қалды. Шошып кетіп, жалт қарасам директордың өзі екен. Ұрады-ау деп қорқып едім, жүзі жылы екен. Күлімсірейді. Күлімсірегенде мұрнының астындағы бармақтай мұрт жайы-ы-лы-ы-ып бара жатты.
Партаның астына тығып оқып отырған кітабымды суырып алды. Жасырып үлгермедім.
Дауыстап:
— «Қазына аралы», — деді.
Бүкіл класс естіді.
Асан жынды:
— Ол оңбаған! Сабақ оқымай, ылғи да бөтен кітап оқып отырады, — деп айқайлады. Директор оны құптамай:
— Жап аузыңды! — деді.
Кітапты ұстаған қалпы:
— Менің кабинетіме кел, — деді де кластан шығып кетті. Басыма түрлі ой келді. Интернаттан шығарып жіберсе қайтемін дедім. Шығара қоймас. Мырзагелді жездем бар ғой, шығарта қоймас дедім. Бұл уайым менімен бірге жаралған. Әкем «халық жауы» болып кеткелі бері осы. Не болса — сол уайым.
Бармасқа лаж жоқ. Бір-бір басып, аяқты басқан сайын түрлі уайым араласып, директордың кабинетіне де жеттім-ау.
Кабинеттің есігін болар-болмас, саусағым тиер-тимес тықылдатамын. Сонда да есітіп қойды:
— Kip, — деді директор. Басым салбырап тұрса керек.
— Көтер басыңды, — деді.
Директорымыздың аты-жөні Досмырза Нұрпейісов. Аласа бойлы, ашаң жүзді, қартаңдау кісі еді.
— Сабақ үстінде көркем кітап оқығанды қой. Ал сабақтан бос уақытта қанша оқысаң да өз еркің.
— Мақұл, ағай...
— Сен Мұхтар Әуезов деген жазушыны білесің бе?
— Білемін.
— Қандай шығармаларын оқыдың?
— Ы-ы-ы, «Таңғы сарын»...
Директор «Қазына аралы» деген кітабымды қайтарып берді.
— Бұл да жақсы кітап. Ал нағыз қазына мынада, — деп тағы бір кітап ұсынды. — Осыны оқы. Бірақ бүлдірмей, жыртпай қайтып әкел.
Сұрша матамен қапталған кітап мұқабасына қарап едім: «Мұхтар Әуезов. Абай» деп алтын әріппен жазып қойыпты.
Ішім біртүрлі жылып сала берді.
Сабақтан соң Мырзагелді жездем айтты:
— Қой қорада тұрып қалды. Күн жылыды ғой. Бүргеннің, изеннің басы жібіді. Кешке дейін жайып кел, — деді.
Директор ағай берген кітапты қойныма тығып алып, қойды айдап ауылдың сыртына шықтым. Даланың оты былбырап тұр екен. Қар мүлде еріп те кетпей, не сіресіп жатып та алмай, жантәсілім алдында қатқақтан жіпсікке ауысқан шақ. Бөртпе жусан, күрдек бүрген, қызыл изен, тіпті киіздей ажырыққа дейін жұмсарып, пейілденіп, мал тұрмақ, адам да жегісі келгендей, тәбет тартып тұр. Жездемнің қойлары пысқырынып, жерден бас алмай, сол мол отқа кенелді де қалды. Күн жылымықтау болған соң, мақталы күпайкемді шешіп алып, бүктеп астыма төсеп, кітап оқуға кірістім. Бұл түс ауа мезгіл сияқты еді, басымды көтеріп бір қарасам, күн ұясына қонайын деп қалған екен. Қойлар шашыраңқырап кетіпті. Шеткейде тұмса көк тоқты мекіреніп, оттамай тұр. Көзі мөлиіп кетіпті. Не болды деп барсам, туып қалған екен.
Қозысы шуына оралып өлі-і-іп қалыпты...
Жаңа ғана қазына аралын қыдырып, өмірімде көрмеген рахатқа батып, бөтен бір өлке, өзге дүние, ғажайып ғұмыр кешіп отыр едім. Әр істі Құдай қылат та, лезде үрей әлеміне тап болып, шошып кеттім:
«Жездеме не бетімді айтамын?»
Басқа барар жерім, басар тауым жоқ, салым суға кетіп, бір қолымда-өлген қозы, бір қолымда-асыл кітап, жездемнің үйіне қойды айдап қайтып келдім.
Жездем өлген қозыны ары аударып, бері аударып қарап тұрып, қораға лақтырып жіберді.
— Бүлдірмей елтірісін сыпыр! — деді. Қолымдағы кітапты жұлып алды. Мұқабасын, ішін ашып көрді. Содан соң маған сыбырлап:
— Әй, бұл кісі атылып кеткен жоқ па еді? — деді. Онысын мен қайдан білейін?
— Кім берді, кімнен алдың?
Шынымды айттым.
— Апыр-ай, о... — деді.
Ұрсарын да білмеді, ұрыспасын да білмеді.
1945 жыл еді, наурыз айы еді.
ҚАРАШАЙ ҚАМБАШЬІ
Ауылдары жақындар демалыс күні үйлеріне қайтып кетті. Жетітөбеге, Қаракемерге, Қыршындыға, Шоқайға.
Бұл атырапта онжылдық бір-ақ мектеп бар. Ол осы Молотов мектебі. Жанында жатын орын беретін, тамақ беретін интернаты болған соң, жан-жақтан келіп оқитындар көп.
Соғыстың қаһар шашып тұрған шағында балалар білімнен, оқудан қалмасын деп ертеңнің қамын ойлаған өкімет те оңай емес. Қансырап жатса да интернат ашып, біз сияқтыларды, тіпті ауқаттылардың балаларын да асырайды.
Бәлкім, өкімет өзін қарыздар санайтын шығар. Мысалы, менің әкемді алды. Жазықсыздан жазықсыз. Мұртазаны Сібірге апарып жоқ қылды. Басқалардың әкелерін, ағаларын қып-қызыл ажалдың аран ауызына мың-мыңдап айдап салды. Әлі толастар емес. Рас, жеңіс жақын деседі, кім біледі...
Интернат — бұрынғы мешіттің үйі. Бұған да шүкір. Біздің Мыңбұлақта әп-әдемі мешітті қолдан қиратты. Ал мынау болса, аман қалған. Одан өкімет не зиян шекті? Интернат болуға жарап тұр. Сол бұрынғы мешіттің ішінде мен жападан-жалғызбын. Мырзагелді жездемнің үйінде, Зиба әпкемнің қасында жатсам да болады. Бірақ жездем айтты:
— Бүгін интернатта жатып шығасың. Жалғызбын деп қорықпа. Сен батырсың ғой, — деп қоттитып қойды. — Бауыржанның інісісің ғой. Момышұлын білесің бе?
Әрине, білемін. Өзін де көргенмін. «Бауыржанның інісісі.», «Батырсың» деген соң амал жоқ, батыр болуға тырысасың. Қыстың күні. Түн суық. Балалардың бәрі ауылдарына кеткен соң, бүгін пеш те жағылмаған, қазан да көтерілмеген.
Жалғыз өзім. Не көп — жамылғы көп. Жанымда жататын балалардың жалаң қабат одеялдарын сыпырып алып, үстіме қабат-қабат жамылдым. Рахат.
Жатырмын. Ұйқым келмейді. Елегізи беремін. Жездем мені неге мұнда жалғыз жатқызды деп қоямын. Енді-енді пайымдай бастағандаймын. Көрші бөлмеде қамба бар. Склад. Оның ішінде не жоқ дейсің. Ет те бар, балық та бар, пірәндік те бар, ұн да бар...
Әсіресе пірәндік жегім келеді. Шіркін, қазір қамбаны ашып, пірәндіктің үш-төртеуін, көп емес, үш-төртеуін ғана алып, мына жылы одеялдардың астында кеміріп жатар ма едім. Аспаз қатын бізге бір-біреуден беруші еді. Тастай қатты, кеміресің.
Бірақ қамбаның аузында баланың басындай қара құлып тұр. Оның кілті Хасан Өзденовтың қалтасында. Қарашай кісі. Бойы теректей, көздері шұңқырда жатқандай сұп-суық. Мұрты аузына түсіп, екі миығы шалғыдай салбырап тұрады. Мұрны қоңқақ. Мұрнының астындағы мұрты ылғи суланып тұрады. Үстінде ескі қара шекпені бар. Оны күмістелген жіңішке белдікпен буынып алады. Екі омырауы қатар-қатар оқшантай. Басында көбе қозының жүндес бұйра терісінен домбаздалған бөркін милығына дейін басып киеді.
Қамбаның кілтін сол ұстайды. Осы менің де қамбашы болғым келеді. Содан артық, жұмыс жоқ па деймін. Біздің Мыңбұлақта ғой қамбаның кілтін ақсақ Оспаналы көкем ұстайды. Рахат. Енді мына екі-үш қадам жердегі қамбаның ішіндегі пірәндік көкейімді тесіп жатыр. Кілті менде болса...
Қыбыр еткен жан жоқ. Жалғыз өзім. Әлденелер көзіме елестей береді. Көзім жұмулы. Сонда да интернаттың қуыс-қуысын, бөлмелерді әлдекімдер кезіп жүрген сияқты. Әлдене ыңырсығандай, балаша жылағандай болады. Жүрегім суылдайды. Сөйтсем, уілдеп жылап жатқан пештің қуыры екен. Аспаз қатын пештің аузындағы темір қақпақты жаппай кеткен шығар. Уілдейді. Сірә, далада жел соғып тұр-ау, уілдейді.
Пеш қой деп өзімді-өзім жұбатып, жігерленген боламын.
Өзіңді-өзің, жұбатпасаң, өзіңді өзін жылытпасаң, сені кім жұбатады, кім жылытады?
Сөйтіп жатып қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін. Түсіме ақ көбелек, теңбіл көбелек кіреді. Жалбыз бұлақ екен деймін. Терең сай. Белуардан келетін жасыл шалғын. Бүлкілдеп, бұрқ-бұрқ қайнап жатқан мөлдір бұлақ. Мыңбұлақтың бір бұлағы. Күміс су. Іше беремін, іше беремін. Шөлім, сірә, қанбайды. Неге деймін? Сусамыр болып кеткенмін бе деймін? Күндіз аспаз қатын Әпуза тұзды балық бергенін ұмытып кеткендеймін.
Ыстықтан жанып барамын. Неге сонша ыстық? Интернат, ақ мешіт өртеніп жатыр екен деймін. Ақ киімді адамдар су сеуіп өшіріп жатыр екен деймін. Мені құтқармақшы екен деймін. Үстімдегі үш қабат одеялды аударып тастайын десем, әл-дәрменім жоқ. Қабат-қабат одеялдар жанып жатыр. Сыпырып тастауға барымды салып тырысамын, болмайды. Атасына нәлет! Әжептеуір күш-қуатым бар сияқты еді, қабат-қабат жамылғыны жұлқып тастауға шамам неге келмей қалды? Тұншығып, дем ала алмай, жаным шырылдап шыға жаздағандай. Әлдекімдер өртенген үйді сақыр-сұқыр құлатып жатқандай. Әлде қамбаның қара құлыбы ма? Білмеймін. Ақ мешіттің қабырғасы қопарылып үстіме құлап келе жатқандай. Жан дәрменде бар даусыммен айқайлап жіберсем керек. Өлгенде әрең одеялдарды жұлқып тастап, үһ деп оянып кеттім. Тірі екенмін ғой деп, біртүрлі қуанып қалдым.
Сөйтсем... Көзімді ашсам... Алдымда қап-қара диюдай болып өңкиген біреу тұр. Қорыққаннан, үрейден үнім шықпай қалды-ау деймін. Әлгі дәу қимылдап:
— Жасшық, қорықма, — дейді. — Ма былай қышқырма.
Енді таныдым. Қамбашы Хасан Өзденов екен.
Түн ішінде неғып жүр? Әлде қамбасын қорып жүр ме? Түсінбеймін. Басымды көтеріп қарасам, қолында дорбасы бар сияқты. Томпайып тұр.
— Жасшық, ма былай, сен мені көрдім деп айтма. Мырзагелдіге де, ешқандай инсанға да айтма. Мақұл мы? Мен, жасшық, саға пряник, конфет береман.
Сыбырлап, аузын басып сөйлейді.
— Аз ғана ет, ұн алдым. Өзің білер, менде жасшықлар көп. Құрлық балалар аш отыра, өледі ғой. Аз ғана алдым. Сен, жасшық, еш инсанға айтма. Оллахи-биллахи, саға Алла саулық берсін деп тілейман. Айтма.
Мырзагелді жездем бір мәрте мені қарашай қамбашыны шақырып кел деп үйіне жұмсаған. Үйін сонда көрдім. Үйі колхоздағы бір жаныстың мал қорасында екен. Есімде қалғаны: кір-қожалақ, үстінде лыпасы жоқ шүпірлеген жас балалар ыңырсып, үрпиісіп отырған. Терезесі жоқ үй қап-қараңғы екен.
Тынысым тарылып:
— Сізді завинтернат шақырып жатыр, — деп үйінен тез шығып, ата кеп жөнелгенмін. Апыр-ай, адамдар да осылай өмір сүреді екен-ау деп түңілгенмін.
Біздің қорлық көрдік, арыдық, ашықтық деп елден көше жөнелгеніміз Құдайға асылық болған ба, қалай...
Енді мына еңгезердей кісі маған тәуелді болып, жалынып-жалбарынып, оллахи-биллахи деп тұрғаны ешбір қисынға келмейтін ебедейсіз іс болды. Өлердегі сөзін айтып, жалынышты болғанша, өңкиіп келіп, бассалып буындырып өлтіре салса қайтер едім. Көз алдымда сондағы бір көргенім: лас малқора, қап-қараңғы үңгір, иісі әлем сасып, жидіп кеткен үй; ондағы аш-жалаңаш, ыңырсыған жас балалар... Әкесі ғой, амалсыздан өз қамбасына өзі түн жамылып келіп, ұрлыққа түскені сол қу тіршілік, өлместің қамы шығар. Бармақтай баланың алдында бас иіп, қолын кеудесіне қойып, үйелмендей болып өңкиіп тұр. Мырзагелді жездем мені мұнда неге жатқызғанын енді шамалағандаймын. Күдігі бар екен ғой.
Ендеше, мен, жездем сөйтіп тапсырған істі неге адал атқармаймын? Айтамын, әрине. Қазір тұра салып, ойбайды саламын. Жездем маған сенді ғой. Сенді. Осы уақытқа дейін оны алдап көрген емеспін. Талай сынынан өткенмін. Менің сұғанақ, сұқит емес екеніме көзі жеткен. Енді алдасам, біліп қойса, өлім емес пе? Оның үстіне мына дәу қарашай маған пірәнік беріп, ауызбастырықпен алдамақшы. Қазір орнымнан тұрып, далаға шығып, айқай саламын.
Дәу қарашай Хасан Өзденов сот алдында тұрғандай, маған арыз-мұңын айтып, әлденелерді түсіндірмекші.
Түсінгенім: бұлар Кавказ деген жаннаты жерде тұрған. Соғыс болған, фашистер келген. Артынша фашистер жеңілген. Дұры — ес. Бірақ өкімет мұздай қаруланған әскер жіберіп, бұларды бір түнде вагонға тиеп, Қазақстанға әкеліп тастаған. Қазақтарға рахмет. Туысқан халық екен. Қазақтар болмағанда бұлар түгел, тып-типыл қырылып қалатын екен. Рас, қазақтардың өздері де аш-жалаңаш. Бірақ өз Отанында, өз елі, өз жерінде отырғандықтан олар қарашайлар сияқты міскін емес. Сонда мен ойлаймын: қазақтарда да еріксіз елінен кеткен бар. Мысалы, мына мен. Нем бар айдаладағы Молотовта. Жүрмеймін бе, Мыңбұлақта шалқақ басып. Бірақ біз де бір түнде көше жөнелдік. Сәли атамның есек арбасымен. Тау асып, тас басып. Тәңіртау көрінбей қалды. Тәңіртау таяныш сияқты еді. Оның аспан тіреген қарлы шыңдарын көргенде бойыма ерекше күш-қуат өзінен-өзі келіп құйылатын. Сонда мен өте күшті едім. Бір қапшық бидайды Боранды элеваторының зәулім биік төбесіне сатымен көтеріп шыға беретінмін. Өз илеуінде құмырсқа да күшті. Өзінен екі-үш есе үлкен дәнді өңгеріп алып кете береді. Мен де сол құмырсқадай өлермен, қайсар едім. Енді...
Енді мен қарашай қамбашы Хасан Өзденовпен тағдырлас екенімді сезгендеймін. Ол сөйлеп тұр. Мен осыны ойладым. Далаға жүгіріп шығып, айқай салайын деген райдан қайтқан сияқтымын. Неге екенін толайым біліп жатқан жоқпын.
Әкемдей кісі аяғыма жығылып тұр. Әкем есіме түсті. Сібірдің адам айтқысыз суығында аш-жалаңаш жүріп, ажалы жетті-ау деймін. Бірақ неге аш? Айша айтатын: әкең өте тақуа кісі еді. Біздің жіберген посылкамызды жанындағы кісілерге үлестіріп береді екен. Әкең аштан өлген жоқ. Құсалықтан, сендерді, сені, Құрмашты, Батырханды ойлай-ойлай, панасыз үрпек балапандар не болады, енді қайтіп күн көреді деп, сарыуайымнан сарғайып өлді дейтін. Әрі намыстан, қарадай жаладан өлді. Әкең өте намысшыл еді. Ақ жүріп, адал өмір сүрген адамға сен жаусың, сен шпионсың, сен рысқұлшинасың деген жалмауыздай жалаға қарсы тұра алмай, ақ екенін дәлелдей алмай, дәлелдесе де, жаналғыш әзірейілдер оны түсінгісі келмегеніне күйініп өлді дер еді.
Мына қамбашы қарашай Хасан Өзденов те, өзінің өкіметке жау емес екендігін түсіндіре алмай жер аударылған. Бірақ бұл менің әкем Мұртазадай емес, әйтеуір өлмеуге тырысады. Сол үшін түн жамылып, тірмізік тарамысты көк қасқырдай қасарысып жем іздейді. Тірі қалуға, аш бөлтіріктерін қырып алмауға әрекет жасап, көп емес, аз-мұз ғана тамақ тапқаны да айып па? Ал аштан қырылып қалса, ол айып емес пе? Құдай оны құп көре ме, жоқ па?
Соны ойлап жатырмын... Пірәнік жегім келмей қалды.
ҚАЛАЙЫ ҚАСЫҚ
Аспаз қатын Әпуза бүгін де түскі тамаққа килька сорпа пісіріпті. Шілденің шыңғырған ыстығында құдық басына үймелеген қой сияқты, есіктен таласа-тармаса асханаға кірдік.
Мектептен қайтқан бетіміз. Ұзыннан-ұзақ үстелдің екі жағына қаз-қатар отырып, қалайы табақшадағы килька сорпаға қалайы қасықты сақыр-сұқыр салдық дейсің.
Бұл бір ерекше симфония.
Кильканың сорпасы ащы. Қара нанмен соғып алсаң, кәдімгідей тамақ. Артынша шөлдеп, суды іше бересің, іше бересің...
Килька деген шынашақтай балық. Өзін тұзға бөктіріп қояды екен. Әйтпесе, сасып кетеді. Сорпа содан ащы.
Менің қарсыма Сейсен деген шолжаңдау, сидаң бала отырып қалған екен. Ол сорпасын ішпей, кильканың өзін сүзіп алып, аузына салды да, ашырқанып, тыжырынып, менің табағыма түкіріп кеп жіберді, қарабасқыр.
Түкірсе басқа жер жетпей ме? Қасқой ғой. Әрі тоқ. Төсегінің бас жағында, жастығының астында бір қалта жүгері талқаны, жүгері наны бар. Ауылынан алып келеді. Ауылы алыс та емес. Жетітөбеде. Кесірленіп кильканы жемейтіні сол. Жемесе жемесін. Ал менің табағыма түкіріп жіберетін не жөні бар?
Атасына нәлет! Мұндай ұзынтұра тәйтік тұрмақ, Тасбеттен де қайтпаған басым, бұл қорлыққа қалай шыдаймын?! Менің ішіп отырған асыма мұндай сойдақ. тұрмақ, Мыңбұлақтағы Тасбет те түкіріп көрген емес.
Қалайы қасықпен қақ маңдайдан періп кеп жібердім. Қалай шапшаң қимылдағанымды өзім де білмеймін. Бәлкім, ұрайын деген ниетім де жоқ шығар. Оқыс қимыл.
Маңдайынан қан бұрқ ете қалды. Қалайы қасықтың да қауқары мұншама күшті болады екен-ау. Қарасаң жеп-жеңіл сияқты. Майысқақ. Мен ұрғаннан сабы майысып, басы қисайып қалды.
Сонша қатты тиетінін қайдан білейін. Бұрын сонау Мыңбұлақта мұндай қасық болмаушы еді. Ағаш қасық болатын. Кәдімгі қара ағаштан, таудағы қызыл қайыңнан, аршадан Нәметқұл көкем ағаш қасық шабатын. Неше түрін жасайтын. Сүйір қасық, дөңгелек қасық, сопақ қасық... Табақты да, тараны да, күбіні де аршадан жасайтын. Ондай қасықпен ішкен ас быламықта болса, өте дәмді сияқты көрінуші еді. Біздің қатықсыз қара көжемізге арша қасық, ағаш табақ ерекше дәм бітіріп, өзінің шырынын шығарып, май орнына қатық болатын сияқты еді.
Енді қалайы қасық дегенді де, қалайы табақ дегенді де көрдік. Онымен ішкен тамақ кермек татитын, таты бар болар. Өкімет қасықты ағаштан, кәдімгі жерден нәр алатын ағаштан жасауды білмей ме, немене... Ағаш қасық болғанда мына шолжаң Сейсеннің маңдайы жарылмайтын еді. Енді не болды?
Сейсен алақанымен маңдайын баса қалды. Алақаны қан-қан болып шыға келді.
— Ойбай! — деп бақырып жіберді. — Өлдім, ойбай, өлтірді мына кісі өлтіріп, елінен қашқан қаңғыбас!
Қалайы қасықтар мен қалайы табақшалардың әлгі сақыр-сұқыры тына қалды. Мені «адам өлтіріп елінен қашқан қаңғыбас» дегені балалардың бәрін үркітіп жібергендей, бәрі де қасқыр көрген қойдай үйіріліп, үрпиісе қалыпты.
«Адам өлтірген» дегені несі? Қашан өлтіріппін? Сөйтсем, ел құлағы елу деген, баяғы Тасбетті бесақа айырмен ұра жаздағаным бұл жаққа да жеткен екен ғой. Тау асып, тас басып. Сонау Мыңбұлақтағы қырман басынан Жаманат жатпайды екен ғой. Сонда дап-дардай кісіге кіп-кішкентай болып айыр ала жүгіргенім бекер-ақ болған екен де. Бірақ... бірақ ол менің Анамды қорлады ғой. Дүн-дүниедегі ең асылымды, ең сүйкімді, ең қимасымды жермен-жексен етіп жәбірледі ғой. Менің жаным — Анамның жаны ғой. Әйтпесе мен қайдан жаралдым?! Одан менің не аянарым бар? Сондықтан ғой... Оны мына балаларға қалай, кәйтсем түсіндіре аламын?
Енді Жетітөбеден келген балалар: Жұман, Жапар дегендер оқыранып шыға келді. Жабылып мені түйгіштей бастады. Шамам келгенше, мен де қарсыласып-ақ жатырмын.
— Өзі сияқты қасықпен ұр!
— Қасықпен ұрған қандай екен!
— Бастан ұр, бастан ұр!
— Басын жар!
Жабылып жатыр. Ұрып жатыр. Неге екенін білмеймін, басым қанамаған сияқты. Соншалықты қатты да тиіп жатпаған сияқты. Әлде де ет қызу ма екен.
Кім біледі, менің басым Сейсеннің басынан гөрі қаттырақ шығар. Тумай жатып не көрмеген бас. Тасбеттердің қамшысы да тиген. Піскен шығар. Тауға да, тасқа да соғылған ғой. Соғылған. Соғылға-а-ан.
Олар жабылып қанша ұрса да қан шықпады. Бірақ өзімнен үлкен Жапар жұдырықпен мұрнымнан ұрғанда ғана, танауымнан жып-жылы бірдеңе жылжып аққандай болды. Бірақ оны сүртіп көруге шамам келмейді. Қолым бос емес. Қолым қимылда. Мен де ұрып жатырмын. Байқаймын, біреу көзін басып қалды. Біреу мұрнын сипап тұр...
Әлде мұнша жанқиярлықпен қарсыласқаным бекер болды ма. Көптің аты көп қой. Көп қорқытады, терең батырады. Бұл жалғанда жападан-жалғыз қалғанымды сонда тұңғыш рет сездім-ау деймін. Сонда мен өз бауырларым Дүйсенбайды, Қорғанбайды, Өсерді, Қуанышбайды, Аманбайды, Әділді,тіпті «арам» да болса Жолдасбекті іздедім. Шіркін, қазір қасымда Айша болса... Бөлтірігін қорғаған құртқа-қасқырдай мыналардың тас-талқанын шығарар еді-ау! Айша алыста. Анасы мен баласы мәңгі бірге жүрмек жоқ көрінеді. Енді өз күніңді өзің көр деген шығар. Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай нағашыларының жанында қалып қойды ғой. Құрмаш та, Батырхан да.
Бұл қырғын немен бітерін кім біледі, асхананың есігі ашылып, тәрбиеші Зүбаржат апай кіріп келді. Бәріміз аңтарылып тұрып қалдық. Тұрып емес, тынып қалдық. Қалайы қасықтар мен қалайы табақтарға еркін жабылған шыбындардың ғана ызыңы естіледі. Шыбындар тұзды килькаларды ашырқанбайтын көрінеді. Құнжыңдасып-ақ жатыр. Зүбаржат апайымыз асханадағы көріністен тілі байланып, сөйлей алмай қалған тәрізді. Тұтығыңқырап барып:
— Нинди қаһар сұққан бұларны? — деп даусы шіңкілдеңкіреп шықты. Кухня жақтағы тамақ үлестіретін тесіктен аспаз қатын Әпуза басын шығарып:
— Тоқ қой, тоқтықтан есірігі жатыр, — деді жайбарақат. Тәрбиеші апай табақтан төгілген кильканы көріп:
— Исиртә бұл килькалар, исиртә, — деп бәрімізді жағалай көкшіл көздерімен шолып шықты да, Сейсеннің маңдайынан қанды көріп, шошып кетті:
— И-и, малай, кем сини шұлай сұққан?
Сейсен кемсеңдеп, мені қан-қан саусағымен нұсқап:
— Мынау оңбаған қаңғыбас, — деді.
Көкшіл көздер енді маған сұқтанды. Өзі кіп-кішкентай бір уыс кісі, бірақ одан балалардың бәрі қорқады. Өйткені ол директордың әйелі. Досмырза директордың. Бұйрық та, әйтпесе Досмырза сынды келісті кісі де осындай шәушиген әйел ала ма? Сөйте тұра, осы әйелден зіңгіттей-зіңгіттей үш ұл сүйіп отыр.
Зүбаржат апай ұрысарын да білмей, ұрыспасын да білмей, дағдарып қалған сияқты.
— Ии, син мұңлық, шұндимы? — деді. Одан соң аспаз әйелден:
— Шұл малайының жизнәйы қайда? Аңа айтырға кирәк, — деді.
— Жездесі қалаға кеткен. Интернатқа азық-түлік алып келемін деген, — деп керги жауап берді аспаз қатын. «Жизнәй» деп тұрғаны Мырзагелді. «Жезде» дегені.
Сонымен, Зүбаржат апай Сейсеннің маңдайын жуып, жарасына йод жағып, үлдірекпен таңып тастады. Мені ілестіріп, Мырзагелдінің үйіне алып барды.
Темір төсектің үстінде, баяғы сол цигейка жағалы сұр пальтосын жамылып, Зиба әпкем отыр екен. Біз кіріп барғанда, танадай көздері жалт етіп, күлімсірей қарап қояды.
— А-а, Зүбаржатпысың, кел-кел, жоғары шық, — деді.
Мен босағада тұрып қалдым. Ойым ойран. Асыр салып әр саққа кетті. Зиба ұрысады-ау деген ойдан мазам май ішкендей кілкіді. Басқалар ұрыса берсін, ұра берсін. Ал бірақ Зиба әпкемнен сөгіс естісем — зор жаза. Одан да жердің жарығы болса, соған кіріп кеткен артық.
— Зибакәй, иркәм, шұл Барсхан анда бер малайның басын сұғып жарған, бит, — деді Зүбаржат.
Әпкемнің танауы қусырылыңқырап кетті. Бірақ жүзі жарқын, көзінде ызғар жоқ.
— Барсханның ондайы жоқ еді ғой, Зүбаржат. Ол баланың өзі тиіскен шығар, — деді аса бір сабырмен. — Не болды, Барсхан, өзің айтшы, бірақ алдама, айналайын...
Осы арада ол қатты жөтеліп, буынып қалды. Әлгінде албырап тұрған екі беті көгеріп кеткендей болды. Осы сәтті пайдаланып, не айтарымды жұптап та қойдым. Бірақ өтірік айтатын несі бар, болғанды болғандай айтайын дедім.
Әпкемнің жөтелі саябырсыды. Қасірет кесел Шақпақтың дауылындай төніп келіп, райынан қайтқандай болды.
Мен бәрін бастан-аяқ айтып бердім.
Әпкем мені қасына шақырды. Еңкейіп маңдайымнан сүйді. Ыстық алақанымен басымнан сипалап отырып, аса бір тебірене сөйлеп:
— Сенемін саған, Барсхан. Сен жалғаншы емессің. Жалғызсың ғой, жалғызсың. Менің көзім жұмылғанда саған кім араша түсер екен? Айша әпкем алыста... — деп өксігендей болды.
Әлгіде Жетітөбенің балалары жабылып ұрғанда міз бақпаған қайран басым, енді өзімді өзім тоқтата алмай, солқылдап жыладым-ай кеп. Тіпті Зүбаржат апайдың өзі көзіне жас алып, арқамнан қағып:
— Житти инде, зұр жигит син, бит, илама, — деді.
— Бұта қорғалаған торғайдай болып, мені паналап келіп еді, сонау Жуалы — Түлкібастан. Қайтейін, мен пана бола алмадым. Орнымнан тұра алмаймын, әлім жоқ, әл-дәрмен кетті, Зүбаржат, бұл балаға өзің қарайлай жүрерсің. Менің күнім жақын, — дегенде Зибаның танадай көздерін мұнарлы мұң шалып, бір тамшы жас тотияйын сияқтанып көгеріп көрінді.
Зүбаржат екі қолын ербеңдетіп:
— И-и-и, Зибақай, бағырем, инде айтма шұнди сүзне. Безгә құштасарға иртәрәк бит әле — деп шырылдады.
Зибаның көзінен жас шыққанын, мұңдана жасығанын бірінші рет көруім. Жүрегім суылдап, тұла бойым мұздап кеткендей болды. Дүниеден Зиба кетсе, менің күнім не болады? Мырзагелді жездем мені далаға тастамас. «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөз бар. Жезде, Құдай адалынан берсе, жақын ғой, әрине. Сонау Мыңбұлақтай жұмақты тастап келгеніміз де, бір жағы осы Мырзагелді жездемнің жақсылығы шығар.
Әттең дүние, бірақ өз әкеңдей қайда-а-а?! Мұртаза! Көзі көргендердің, білгендердің біреуі Мұртаза нашар еді деп айтқан емес. Қайта, есіл ер-ай, бозым-ай! — деп үһілеп-аһылап алушы еді.
Бұл елде Мұртазаны біле бермейді. Сенің тегіңді білмеген ел, әлгі Сейсен сияқты «қаңғыбас» деп қаңқу сөз айтады. Бұ да болса Тәңірдің салғаны да. Шыда!
Менің жабырқап, жүнжіп тұрғанымды, көзімнен үнсіз жас жылжып аққанын көрген Зиба әпкем:
— Барсхан, жылама, жүдеме! Жүдесең, жүндей түтіліп кетесің. Қорықпа, мен әзір өлмеймін. Өлмеуге тырысамын. Тірмізік жаным менің. Жылама, — деп аппақ орамалының бір шетімен бет-аузымды сүртті. — Бар, жуын, бетің ісіңкіреп тұр ғой, залымдар ұрған-ау, сірә. Қайсарлан! — деп жарқылдап күлді.
Іші-бауырым елжіреп, мұздаған тұла бойым бір ғажайып жылылықтан ері-і-іп бара жатқандай болды.
— Синең юзін қояш кібік, бит, — деді Зүбаржат та жадырап. Зүбаржат айтса айтқандай. Зиба жүзі сонда күн сияқты шуақ шашыратып тұр. Күн сөнбейді ғой. Зибаны да Тәңір тәуір көріп, бәледен сақтар...
ЖЕТІМ СҰРАҚ
Қаладан жездем келді. Естіп қойыпты.
— Оның не? —-деді.
— Иә, өзі ғой...
— Өзі болса, басын жара ма екен. Сотталып кетесің ғой.
— Иә, өзіңіз ғой, батырсың, батырсың деген.
— Батыр, батыр дегенде, біреудің басын жара бер деп пе едім?
— Иә, өзі көжеме түкіріп жіберді.
Газетке ораған махоркасын сораптап, төмен қарап, үндемей қалды. Шылымның тұқылын жерге лақтырып тастап, табанымен таптады да, басын жоғары көтерді. Күлімсіреп тұр. Дегенмен көркем жігіт болған кезінде.Жүзі қараторының шырайлысы. Зиба әпкем бекер жақсы көрмеген. Қап-қара мұрты да келісті.
Қай заман екенін қайдан білейін? Әйтеуір жалғызбасты жас жігіт Қыршындыға, менің нағашыларымның ауылына мұғалім болып барған ғой. Зиба әпкем бойжеткен қыз. Бәлшібектер келіп, байлығынан байпақ та қалдырмай тонап алса да, Зиба кімнің қызы — Есей байдың қызы. Арыстандай азулы Рахман ағасы бар. Туған-тумалар тіреп тұрған кез.
Сонымен не керек, тағдыр екен, бір күні осы мұғалім Зиба әпкемді алып, екеуі қол ұстасып қашқан ғой. Батыр байтаналар біліп қойып, ұстап алады. Сірә, Аса өзенінен өте бергенде. Жас мұғалімді бәрі жабылып ұрмақшы болады.
— Тұлдыры жоқ, туысы жоқ қу кедей, — дейді.
— Елі жоқ, қаңғырып жүрген көн етікті неме, — дейді.
— Өзінің елі кім екен? Түп-тұқияны бар ма? — дейді.
— Тексіз неме, хан қызындай Зиба сенің не теңің? — дейді.
— Алдаушы, арбаушы жәдігөй ғой, жас қыздың басын дуалап қойған ғой, — дейді.
Іс насырға шауып тұрғанда, үстеріне қала жақтан Рахман келіп қалады. Мән-жайды білген соң, қарындасымен оңаша сөйлескен соң, батыр байтананың алыпсоқ, айбынды жігіттеріне:
— Қойыңдар. Жіберіңдер. Тәңір беттерінен жарылқасын! — дейді. Содан Қаракемерге барып, өйтіп-бүйтіп мұғалім болып, біреудің үйінің бір бұрышын паналайды. Екеуінде екі пальтодан басқа тұлдыр жоқ. Бір пальтоны астарына төсеп, бір пальтоны үстеріне жамылып, пақырлар күн көрісімен жүріп жатады.
Екеуі ұлды болады. Оның атын Жанысбек қояды. Қаракемердің жаныстарының ортасында отырғандықтан. Жақсы мекен болды деп жорығандықтан.
Жанысбегі, жарқылдап туған қошқардай ұл, жер бетіне сыймай, Құдай өзі берген, өзі алды.
Артынша аппақ болып, көкшіл көз Ақшагүл деген қыз бала туады. Одан соң дүниеге Әбілхай — Әбен деген ұл келеді.
Сөйтіп жүргенде соғыс басталады. Мырзагелді майданға кетеді. Арада неше қилы қиын заман өтеді.
Ендігісі мынау.
Екеуміз бетпе-бет тұрмыз. Ендігі тұтқа осы адам. Кешегі төбелес бүкіл мектепке жайылса керек. Бәлкім, оқудан шығарып жіберетін шығар. Осы адам ара түспесе, кім біледі? Досмырза директор жақсы кісі, маған бүйрегі бұрып тұратын сияқты. әсіресе «Абай» романын оқып болып, кітапты қылау түсірмей, өзіне. қайтып апарып берген соң, ол маған класс алдында бұл роман жайлы білгенімді, түйсігімді, ойымды айтып беруді тапсырды.
Қысылып-қымтырылсам да өз сөзіммен кітап мазмұнын айтып бердім. Тіпті қырық бес минут тез өте шыққан секілді. Өзімді өзім ұмытып, Абай дүниесіне сүңгіп кеткенім сонша, бір шексіз мұхитта жүзіп бара жатып, жағалауға жете алмай, аңсары асқан адамдай болдым-ау деймін. Оның үстіне оқушылар бұл әңгімені қызыға тыңдады.
Директор мені мақтап, «бес» қойды. Бүкіл класқа осы романды оқыңдар деп тапсырма берді.
Мырзагелді жездем айтса, директор мені мектептен аластай қоймас та.
Әсіресе жас адамның тағдыры қолдаушыңа байланысты. Әрине, әуелі Көк Тәңір. Айша айтады: адамның тағдыры туа салысымен пешенесіне жазылып қойылады дейді. Сол жазмышта не айтылса сол болады дейді.
Менің маңдайымда Молотовтың мектебінен шығарыласың деген жазу бар ма, жоқ па, білмеймін. Сол маңдайдағы жазуды ашып оқып көрер ме еді?
Оны мен оқып көре алмаймын. Оны бір білсе, осы жездем біледі. Қағылез кісі. Майданнан келгеніне жарты жыл болды ма, болмады ма, алдына бір қора қой бітті. Рас, бір қозысын мен өлтіріп алдым. Шығыны сол ғана. Баяғыда батыр байтананың жігіттері бұған Зибаны қимай, қу кедейсің, тегің, елің жоқ, қаңғыбассың деп менсінбеген екен. Қазір бұл солардың көбінен дәулетті.
Тек дегенде де, байтананың жігіттері қателескен көрінеді. Өйткені Мырзагелдінің әкесі Қалибек деген кісі төменгі Таластағы Ойық деген елдің беделді биі болған екен. Не тәркілеуде, не сол отыз екінші қырғынында болашақ жездеміз жетім қалып, әйтеуір тырбанып, оку оқып, мұғалім болған ғой. Еті тірі адам.
Жетімнің жағдайын жездем жақсы білсе керек. Сондықтан мені жамандыққа қимас. Қимайды ғой. Өйткені жездем айтты:
— Ал енді батырекесі, жағдай былай. Көктем болса келіп қалды. Құдай аман қойса, жетінші класты бітірдім деп есептей бер. Ендігі қалған күндерде мектепке бармай-ақ қой. Күзде сегізінші класқа бір-ақ барасың... Екеуміз мына көктемнің күнін құр жібермей бір тірлік жасайық. Қауын егейік. Еңбегіміз жанса, оны сатып, сен табыс табасың. Қауыннан түскен қаржыға өзің шырттай болып киінесің. Сонау нағашыларыңның қолындағы шешеңді де, қарындасыңды да, ініңді де киіндіресің. А, бәлкім, сен қалаға барып оқырсың. Қанша айтқанмен қаланың аты — қала ғой. Орысша үйренесің. Сөйте-сөйте адам боп кетесің. Мұным қалай?
Бұл енді менің миым жете бермейтін қиын сұрақ. Әрине, киінгім келеді. Мысалы, Едіге сияқты. Мырзагелді үйінің жанындағы көрші үйде Едіге деген бозбала бар. Шалбарының қыры қылыштың қырындай. Көйлек, костюм дегені шистай. Жарасып тұрады. Аяғындағы туфлиіне дейін жалтырайды. Петренко дейтін орыстың бойжеткен қыздары Едігеге шетінен ғашық... Әне сондай болсам...
Әрине, Айша мен Құрмашқа, Батырханға жәрдем бере алсам, қандай жақсы болар еді. Олар сол ескі-құсқы, жамау-жамау лыпамен жүр ғой... Осы есіме түскенде жүрегім сыздап, соларды бір көруге зарығып, құр қол бармай, әлгіндей мол базарлықпен барсам ғой. Шетінен қуанып, Айша Тәңірге мыңда бір тәубә айтып, жетілді деген осы, азамат болды деген осы деп жүрегі жарыла қуанар еді.
Айшаның нағашылары Сәли, Қали, Бөпетай, Сатайлар баяғыдай мені бір ортаға алып:
— Бәсе, Барсханнан түбінде бір мықты азамат шығады демеп пе едім. Міне, жалын тартып, атқа мінді деген осы.
— Түбінде тұлпар мініп, ту ұстайтын осы болады.
— Құдай өмір берсін.
— Тіл-көзден аман бол! — десіп, бірінен бірі өтіп жарқылдайды.
Сол асылдар мені сөйтіп бағаласа арман не? Жездеме жауап бермей, үндемей тұра бергенге ыңғайсызданып, ықылассыздау ғана: «Мейлі», — дедім.
СҰҢҒЫЛА СОҒЫС
— Директормен өзім келістім. Оқуыңды уайымдама. Сегізінші класқа өттің, — деді жездем.
— Енді екеуміз қауындықтың жерін аударып, баптаймыз. Зиба әпкеңмен қоштас. Ол қаладағы емшіге қаралатын болды.
«Қоштас», — деді. Зиба қалаға кетпекші. Мен осында қалмақшымын. Жалғыз жанашыр ол да кетеді.
Зиба әпкем мені көргенде ажары кіріп, көңілденіп кеткен сияқты көрінді маған. Ішімнен қуанып қалдым. Әпкем жазылады, екен-ау деген үміт сәулесі жүрегімді жылытқандай болды.
— Мырзагелді маған бәрін айтты. Екеуің бір іс бастапсыңдар. Сәтімен болсын, Барсхан. Еңбек етсең — емесің. Осында қалсаң, қал. Күзде жиын-теріннен соң, өзіңді қалаға алдырамын. Біздің қолымызда тұрып оқисың. Тәңір қош көрсе, мен де жазылып кетермін...
Әпкем әдеттегідей ып-ыстық алақанымен басымнан сипап отырып, осыны айтты. Жүзі жарқылдап, даусы саңқылдап айтты. Бұрынғыдай буынып, жөтелген де жоқ.
Күзге қарай алдымнан арсалаңдап бір жақсылық күн туатындай, мен де кәдімгідей қанаттанып қалдым. Ұнжырғам түсіп кірген едім, қайратқа мініп, қоштасып, есіктен шығып бара жатып, артыма бұрылып қарап едім, әпкем түсі бұзылып, көзін орамалымен сүртіп отыр екен. Кідіріп, табалдырықта тұрып қалдым. Әпкем қолын бұлғап:
— Бара бер, Барсхан. Әшейін көзіме бірдеңе түсіп кетті, — деді даусы бұзылыңқырап. — Тәңірім сені тағдырдың тәлкегінен сақтасын. Азаматсың ғой, азып-тозба. Жақсы адамның баласы жабыққанын білдірмейді. Жабықсаң — дұшпандарың табалайды. Тәңірім саған абырой беріп, достың күлкісінен, дұшпанның табасынан сақтасын. Бар, бар енді! — деп қату айтты.
Кете бардым.
Сол күні жездем екеуміз Молотов пен Қаракемер арасындағы ұзын арықтың бойынан, қамысы мен қарасорасы, бидайығы, түйежантағы қалың, құмдақтау жерге күрек салып, қауындықтың топырағын баптадық. Екі-үш күнде едәуір егістікті тақтайдай тегістеп, ирек-ирек атыз салып, тұқымды отырғызып тастадық.
Бір апта шамасында топырақты түрткілеп, жұмыртқаны жарып шыққан үрпек балапан сияқтанып, үшкірленіп, қауынның белгісі біліне бастады. Күннің көзін көрді болды, құлақтанып, жапырағы да көрініп қалды. Балапан басып шығарған күрке-тауықтай болып, әлгінің қасынан айналшықтап кете алмаймын. Арасындағы арам шөбін жұламын, топырағын қопсытамын. Кәдімгі кәнігі диқан болдым да қалдым. Мырзагелді қалаға кеткен. Басыма қамыстан шалаш тұрғызып алғанмын. Төсенішім де қалың қамыс. Робинзон Крузо сияқтымын. Робинзон Крузоны оу баяғыда-ақ, Мыңбұлақ кітапханасынан алып оқып қойғанмын.
Сонда, мен де елсіз аралда жалғыз қалып көрер ме едім деп бала қиялға кетуші едім. Сол қиял шындыққа айналды. Шалаштың бір бұрышында бір дорба жарма, тоң май, аздаған ет, тамақ пісіретін котелок, қалайы қасық, табақ тағы басқа бірдеңелер тұрады. Бәрін жездем әкеп тастап кеткен. Бір матрас, одеялым да бар. Интернаттікі ғой.
Үлкен арықтың аржағында аулақта қой баққан қарашайдың шайласы тұрады. Тағы да болса сол медеу. Әйтпесе, айдала. Қалың қамыс пен шеңгел ғана ызындайды.
Айтпақшы, шеңгел гүлдеді. Тікені ызғарлы болса да, гүлі әдемі. Шеңгел есіре гүлдеген түннің бірінде Зиба әпкем түсіме кірді. Қос ақбоз ат жеккен, қоңыраулы пәуескеге мініп алған екен деймін. «Мен де мінейінші. Пәуескеге жегілген аттардың божысын мен ұстайыншы», — деп айқайлаймын. Бірақ әлдеқалай әлгі аттар пәуескемен бірге аспанға көтеріліп, арқырап бара жатады. Әпкем менің даусымды естімейді. Назарын да салмайды. «Мұнысы несі, мені танымай қалды ма»... — деп жатып оянып кеттім.
Түсте ақбоз ат мінген жақсы деуші еді Айша. Бір емес, қос ақбоз. Сірә, әпкем емделіп, жазылып кеткен шығар дедім.
Ұйқым қашып кеткен сияқты. Түннің қай мезгілі, шамалай алмадым. Жұлдыздар самсап тұр. Мүлгіген дүние. Тек шекшек шырылдайды. Әсіресе қазір бәрі қосыла шырылдап, қандай бір зарға салған сияқты. Әлгі түстің әсерінен айыға алмадым. Бойым тоңазыды. Ақбоз аттар жеккені жақсы. Бірақ аспанға ұшқаны қалай...
Үміт пен күдік арпалысында жатып, қайтадан ұйықтап кетіппін. Оянсам, күн сәске болып қапты. Тура салып, канал сияқты үлкен арықтағы суға бір сүңгіп алып, қауындықты араладым. Қауын гүлдеді. Ширатылып, шырмауықтай болып, желі тартыла бастады. Бұйырса, енді түйнек тастайды. Қылаудай бір арамшөп жоқ. Егістігім тап-таза. Мақтау сөзге сараңдау Мырзагелді жездем әнебір күні мені көкке көтере мақтап кеткен. Арамшөпті ертеден тұрып кешке дейін жұлып тазалағаннан алақандарым көк нілденіп, қасаңданып, құммен ысқылап қанша жусам да кетпей, есіл еңбегімді растаушы мөрдей басылып қалды.
Сөйтсем... бірде-бір арамшөп жоқ деп жүрсем... Қауындықта миядай көкшіл, көк те емес, сұр да емес, сол екеуінің арасынан жаратылған дүбәра сияқтанып, мен бұрын көрмеген бір өсімдік түртиіп-түртиіп шығып келе жатты.
Оның залал екенін де, пайдалы екенін айыра алмай, жұларымды да, жұлмасымды да білмей, аңтарылып қалдым. Кімнен сұрарымды да білмеймін. Айналада сұрайтын адам да жоқ. Мен Робинзонмын ғой. Жалғызбын. Сонау аулақтағы қойшы қарашай Біләлдан барып сұрайын деп бір оқталдым. Қойшы кісі диханшылық жағдайын қайдан білсін деп бір ойладым.
Оның үстіне Мырзагелді жездем айтқан:
— Қауындықты бейсеубет, бөтен адам араламасын, — деген.
Бөтен кезден, әлдеқалай жайылып келген малдан сақтасын деп қауындықтың бұрыш-бұрышына «қарауыл» қойып қойғанбыз. Онымыз орыстардың зират басындағы крештері сияқты кәдімгі айқыш таяқ. Үстіне «шапан кигізіп», басына ескі-құсқы малақай кигізіп қойғанбыз. Қалбайып-қалбайып тұрады. Соны да кәдімгідей қара тұтамын. Менің үндемес, қимылсыз «достарым» солар.
Жездемнің тапсыруымен бір мезгіл пішен шабамын. Жүзіне күн шағылысып жарқылдаған шалғы орағы да бар. Қайрақ тасым да бар. Оратыным нар қамыс емес, құрақ қамыс, бидайық, жабайы жоңышқа, түйе жантақ.
Сөйте-сөйте кәдімгідей бір мая шөп те тұрғыздым. Егер нар қамысты да жыға берсем, бұл мая баяғы Мыңбұлақтағы Молдарайым атам жиған маядай үлкен болар еді. Бірақ нар қамыс мал жеуге жарамайды. Әрі десе, оны бұзғым да келмейді. Өйткені арасында бірлі-жарым қырғауыл жүреді. Қазір балапан басып шығарған да шығар. Олай дейтінім, алғаш мен осында келгенде қырғауылдың қоразы мен мекіші түні бойы бірін-бірі іздеп, бірін-бірі шақырып, зарлап шығатын. А, бәлкім, ол махаббат әні болар, оны мен қайдан білейін?
Қырғауыл екеш қырғауыл да менен гөрі бақыттырақ, атасына нәлет. Жалғыз емес. Енді балапандармен тіпті көбейеді. Әлбетте, біреу атып кетпесе. Дегенмен, қырғауылдың да жауы коп. Әсіресе адамдар. Мыңбұлақта қазір шыбынсыз жаз. Маса дегенді білмейді. А л мұнда масаға жем болған басым-ай десеңші. Қайран Мыңбұлақтың қадірін сонда білесің. Маса талағанда бәрін де талақ тастап, шілдеде басында қар жататын Тәңіртауға тартып кеткім келеді. Бірақ қол-аяғым байлаулы. Аяқ-қолымда кісен жоқ, шідер де жоқ. Бірақ ит тіршіліктің бұғалығынан босана алмаймын. Сол. Босана алмаймын. Неге екенін өзім де түсінбеймін.
Сөйтіп жүргенде жездем келді. Маған қаладан алма, кәдімгі бөлке нан, бауырсақ, пісірген ет әкеліпті. Жап-жаңа мәйкіні көргенде қуанып қалдым. Денеме жаңа көйлек тимегелі қашан. Қашан екені есімде жоқ. Жездемнің жүзі сынықтау көрінді. Отыра қалып, махоркасын тарта береді.
— Зиба әпкем доқтырға қаралды ма? — дедім өзімді-өзім зорлап. Бетіме қарап тұрып, көзін тайдырып әкетті де:
— Әпкең тәуір, — деді.
Әуелі қауындықты көзбен шолып, жақындағы бірер түйнекті түртіп көрді.
— Енді көп кешікпей пісіп те қалар. Аман-есен жинап алсақ, қалаға тасып сатамыз. Шыда, — деді.
Мен оған әлгі бір бейтаныс шөпті көрсеттім. Өзі де зәлім болар, қауын жапырақтарының арасынан көрінбей, бұғып, жасырынып жатады.
Жездемнің түсі бұзылыңқырап:
— Бұл бәле қайдан жүр? — деді.
— Аға, ол не?
Басын шайқады.
— Бұл сұңғыла.
— Сұңғыла деген не?
— Сұңғыла деген — еңбегің еш, тұзың сор деген сөз.
— Неғып?
— Қауының енді өспейді.
— Неғып?
— Неғып, неғып! Соғып! — Мырзагелді түнерді. — Арам ғой, арам! Лаң! Әп-әдемі егінді лаңдапты ғой. Бұл енді қауынды сорып қояды. Қауын боп-боз болып, піспей қалады. Асқабақ сияқты кіртілдек болады.
— Жұлып тастаса қайтеді?
— Жұлсаң қайтып шығады.
— Тағы да жұлса ше?
Оқшия қарап тұрды да:
— Мейлі. Жұла бер. Жұла бер, жұла бер!
Жерге бір түкірді де, сылти басып Молотов жаққа кетіп қалды. Сылтып басып барады. Соғыста аяғына оқ тиген шығар. Бұрын білдірмеуші еді. Енді шынымен ақсаңдап барады. Мына сұңғыла оған фашистің оғынан да жаман тиді ме? Не болды?
Аңқиып тұрып-тұрып, әлгі сұңғыла деген иттің біреуін жұлып алдым. Иісі мия сияқты жағымсыз, ащы екен.
Тағы еңкейіп, тағы жұлдым. Ендігі зәлім жауым осы деп екілене жұламын. Бұл енді менің қиян-кескі соғысым.
Айтпақшы, соғыс аяқталыпты. Оны айдалада жатып мен қайдан білейін? Әнекүні Біләл қойшының үйіне барғанда сол айтты.
— Гитлер капут! Құрлық фашист құрыды, — деді. — Енді бізді Кавказға қайтаратын шығар, — деп қойды.
Кейін-кейін білдім. Жеңіс күні деп елдің бәрі той тойлапты. Қуанышы мен жылап-сықтауы аралас орасан думан болыпты. Мен оның бірін де білмеймін.
Тек Біләл қойшы айтқан соң, бірінші ойыма сап ете қалғаны: енді Нәметқұл көкем, Махан көкем, Сейсенбай көкем... Орха мен Ноха көкелерім елге қайтатын шығар. Бізді Мыңбұлаққа қайтадан көшіріп алатын шығар деген бір иненің жасуындай нәзік үміт ішімде жылт ете қалды.
Біләл қойшы Кавказ тауға қайтуды армандайды. Мен Тәңіртауға қайтуды аңсаймын. Екеуміз де таулықпыз. Сірә, таусыз өмір сүре алмайтын болармыз. Бізді таулар тартып тұратын қандай құдірет — білмеймін.
Сонымен, соғыс бітіпті.
Ал менің соғысым енді басталды. Сұңғыламен соғыс. Күн батып, қас қарайғанша талайын жайраттым-ау деймін. Алақандарым күлдіреп ойылып, ақжем болып кетті. Сасық иіс қолқаңды қабады. Суға салып жудым, жудым. Алақаным ашиды. Ашиды.
Сілейіп, қатып ұйықтап қалыппын. Масайраған масалардың шаққанын да сезбеппін. Сөйтсем, ұйықтамауым керек екен. Таң ата тұрып қарасам: кешегі жұлған сұңғылам андыздап қайтадан түртиіп, түртиіп тұр. Бұл не бәле?!
Тамырын күрекпен отайын десем, қауынның тамыры қоса кетеді.
Түбіріне тақап жұлсам, түйежантақтың тамырындай болып, боп-боз шұбалшындай шұбатылып, резіңкедей созылып кете береді, кете береді...
Бірақ мен арпалыстым. Отаудай-ақ отадым.
Қайта шығады. Тағы да жұламын.
Қайдағы бір зәрлі өсімдікпен арпалыстырып қойған Құдай!
Есіме түсті. Мектепте Досмырза директор өткен қыста тарихтан бір аңыз айтып беріп еді. Ертеде-ертеде, Грекия деген елде, Зевс құдайдың қаһарына ұшыраған Сизиф дейтін сорлы, дәу тасты таудың етегінен басына қарай домалатады екен. Тасты таудың басына шығара берген кезде, тас қайтадан етекке қарай қаша жөнеледі екен. Қайтадан шынға қарай итереді, қайтадан... Қайтадан. Қайтадан. Қайтадан! Атасына нәлет! Сизиф сорлы Зевстің бұйрығымен сол тасты әлі домалатып жүрген көрінеді.
Сизиф сол дәу тасты таудың басына шығарып, әбден нықтап орнықтырып, енді қайтадан еңіске қарай домалап кетпестей етіп бекітіп, «уһ» деп демін алған сәтте заман түзелмек.
Заман бұзылған ғой. Бұзылған. Әйтпесе, Сизифті аяса қайтеді? Аяныш деген қайда, атасына нәлет! Аяныштың жоқтығынан дүние бұзылмақ. Адамдар азбақ. Табиғат тозбақ.
Зәрлі сұңғыла тамырын мен суырып болған күні қауын да піспек. Піскен қауынды Мырзагелді екеуміз қаладағы Атшабардың базарына апарып сатып, байимыз, атасына нәлет! Біз де байимыз. Тапқан ақшаға ең алдымен Айшаны киіндірем. Масатыдай жасыл көйлек, аппақ шәйі орамал, әміркен кебіс-мәсі алып беремін. Үстіміздегі қомыт көйлекті лақтырамыз. Бар жоқшылық, жаманшылық осымен кет деп отқа жағамыз. Қарындасым мен інімді де мұнтаздай киіндіріп қоямын. Нәметқұл көкем бізді көшіріп елге барғанда, басқаны былай қойып, Тасбеттің өзі мені танымай қалады. Шырыштай болып киінемін. Басыма Едігенің кепкесіндей жап-жаңа, сегіз қырлы, түрлі-түсті кепкені қисайтыңқырап киіп аламын. Аяғымда сықырлауық әміркен етік болады.
Тасбеттің алдынан олай бір өтіп, былай бір өтіп, етігімнің ұлтанын әдейілеп сықыр-сықыр, шиқ-шиқ еткіземін.
Шұбар мұғалім апайдың тәмпіш мұрын тәлпіш қызы да мені танымай... жоқ, танып:
— Ой, Барсха-а-ан! Қалай өзгеріп кеткенсің! — деп алақандарын сарт еткізіп, иегін таянып, сұқтана қарап тұрып қалады. Егер болса... Көшіп кеткен шығар.
Солай, Барсхан.
Таңның атысы, күннің батысы сұңғыламен соғысамын. Осы бірсыдырғы сұрапыл соғыстан басым айналады. Сірә, күл түстес сұңғыла улы шығар. Бұл соғыс өмірі бітпейтіндей көрінеді. Тәңір, тағдыр қанша ғұмыр береді, соның бәрі осы сұңғыла соғыспен өтетіндей болады. Торығамын. Сөйте тұра, қайтадан сүліктей сүлесоқ, сұрықсыз тамырды жұла беремін. Жұла беремін.
Бұл не? Жазмыш па?
Сөйте-сөйте, ара-тұра, қауынның кейбір қарны томпайып, пісігі де білінейін деп қалды. Кәдімгідей қош иісі бар. Түгі түсе бастады. Бұл енді сұңғыладан сау қалғандары. Ал сұңғыла сорып қойғандары баяғы бала күнімде, Таласбай бұлақтың әуітінде өзім тепкен жыланның шала жұтқан көкқасқа бақасындай сөлсіз. Бозарып жатады. Реңсіз. Тумай жатып қартайған ауру баладай. Беті әжім-әжім. Құрысқан. Сұңғыла шөп әлі де есіріп тұр. Кеше жұлып тастағаным бүгін қайтадан сұр жыландай басын қақшитып тұрады. Біртүрлі кектеніп алдым. Қаным қараяды. Жау көргендей жұлқына жұламын. Еңкейе-еңкейе белім талады.
Анда-санда белімді жазып, жан-жаққа қараймын. Нар қамыс түскиіздей тұтасып тұрады. Шеңгел гүлін төгіп, қауашақ шығарып қалыпты. Шеңгел екеш шеңгел де тұқымын қамдайды. Осы қауашақ піскенде іші дәнге толады. Сонда сәл жел соқса, шеңгел қауашақтары кішкентай жез қоңырау сияқты сыңғырлайды. Бірақ біртүрлі мұңды сыңғыр. Шарасыздың, әлде Сизифтің мұңы сияқты.
Сизиф менің көкем ғой. Туысқанбыз. Ол тау басына түйедей тас домалатады. Өмір-бақи, дүние-дүние боп қанша тұрады, сонша домалатады.
Мен, Сизифтің туысқаны, ғұмыр бойы таусылмайтын сұп-сұр, күлбет сұңғыланы жұла беремін, жұла беремін.
Екеуміз де қаһарға ұшырағанбыз.
А, бәлкім, сол Сизиф мен өзім шығармын. Алыстағы ертегілер елі Грекиядан адасып келген шығармын.
Бірақ Сизиф тауға тас домалатқанда ұдайы көзін аспанға қадайтын... Көкке...
Ал мен болсам үнемі жерге қараймын. Көзімді жерге, топыраққа, күлбет жалмауызға қадаймын. Белім де содан бүкшиіңкіреп барады. Соны жазып алу үшін, анда-санда бой жазу үшін сіресіп түрегелемін. Сонда бір сот аспанға да көзім түседі. Боз топырақтан құрғаған көзім сонда шайдай ашылып, аспанның көгіне суарылып, қайралып, өткірленіп қалады.
Сонда деймін-ау, өмірі аспанды көре алмайтын, көруге мойыны бұрылмайтын шошқа қайтіп күн көреді?
Аспанға телміріп қарап-қарап, түк көрінбеген соң жан-жаққа көз саламын.
Серейіп біреу келе жатыр. Селк ете түстім. Мен екі аяқты адам көрмегелі қашан. Кісікиік болып бара жатсам керек...
Әлгі адам серейгеннен серейіп, таяп келеді. Маған одырайып біраз қарап қалды. Содан соң қауындыққа көз салды. Қайта маған бұрылып:
— Неге сәлем бермейсің? — деді.
— Танымай тұрмын.
— Танымасын — сыйламас.
Әрине, менікі әдепсіздеу болды. Әп-әжептәуір киінген кісі екен. Сірә, мұғалім шығар. Құдайдың ыстық күнінде галстук тағып алыпты. Ішім қылп ете қалды. Бұл Молотов мектебіне жаңадан келген мұғалім болды ғой. Әлде директор ма екен. Досмырза қартаң кісі. Кемпірі Зүбаржат:
— И-и, қалаға китәргә кирәк, — деп отырушы еді. Көшіп кеткен болар. Зибаны «пәдүрішкәм» деп еді. «Пәдүрішкәсі» Әулиеатаға кетіп қалған соң, о да көшкен ғой. Мына кісі біреу-міреуден естіген шығар: «Анау айдалада бір жабайы бала бар. Мектептен қашып кеткен», — деген-ау. Содан мені іздеп келген ғой. Мектепке қайтармақшы ма? Жақында оқу басталады.
— Қалай, қауының пісейін деді ме?
— Жоқ әлі.
Жасырдым. Әйтпесе, ішінара сарғайып қалғандары бар. Оларды түйежапырақпен жауып қоямын.
Мырзагелді сияқты махорка емес, папирос шекті. Махоркадан гөрі иісі жұғымдылау. Отырып-отырып:
— Осы сен Зибаның інісісің бе? — деді.
— Иә, — дедім жұлып алғандай? Зибаны біледі екен. Біртүрлі сүйкімді көрініп кетті әлгі кісі.
— Зибаны қайдан білесіз?
— Ертеден білемін. Қаракемерде тұрған. Ой, шіркін жалған-ай, әйел біткеннің ажарлысы еді.
Мұңайған, сағынған сияқты.
Ішіме мұз қатқандай тұлабойым бірте-бірте суынып бара жатты. «Ажарлысы еді» дегені несі?
— Әпкеңнің Құдай иманын берсін.
Қарақұрт шаққандай ыршып түстім. Қалшиып тұрып-тұрып, кеудемнен жаным шығып бара жатқандай шыңғырып жіберіппін.
— Не боп қалды? — деп ана кісі де орнынан атып түрегелді. Мені, сірә, ұстама ауруы бар деп ойлады ма, қос қолымнан қарыстыра ұстап алды. Түсім адам шошырлық, әлемтапырық болса керек:
— Су, су қайда? — деп мені арыққа қарай сүйрей жөнелді. Енді қарсыласа алмадым. Өнбойым былқ-сылқ. Былқ-сылқ етіп, буыным ұстамай, тізем бүгіліп, бетімді шеңгел тіліп, суға да жеттім. Бетіме су бүркіп, басымды арыққа батырып-батырып алды.
Су-су болып, дел-сал халде отырмын. Әлсіреп:
— Қа-ша-ан? Қа-л-ай? — дедім білем.
— Ойбу, байғұс бала, сен білмеуші ме едің? Кешір, айналайын. Біледі екен деп едім. Апырай ә, қашан-а-ан, осы шеңгел гүлдегенде ғой деймін. Мырзагелді саған айтқан жоқ па?
Жай ғана басымды шайқадым. Мойнымда буын жоқ. Өзінен-өзі шайқала береді. Көзімнен жылжып, жып-жылы жас аққан сияқты. Мен жыламаған сияқты едім ғой. Ыстық жас өзінен-өзі жылжып ағады. Сүртпедім. Өзегім өртеніп, соның жалыны көзімнен шығып жатқандай. Мен жылаған жоқпын. Тек ішім өртеніп жатыр. Өрте-ені-і-іп...
— Қой, бекем бол, жігітсің ғой.
Жаңа көргендей бетіне бағжия қарадым. Жалын атқан, жас аққан көз жаман шығар, әлгі кісі тайсалыңқырап, шегіншектеп кетті.
— Сен мені танымайсың ғой. Мына Қаракемерденмін. Естіген шығарсың, әпкең айтқан шығар, менің атым Кәрібоз. Кәрібоз менің атым. Зибаның жездесімін. Мен де мұғалім...
Иә, Зиба айтып отыратын. Айты-е-еп отыратын. Қыршынды батыр Байтанадағы Шотай апаның қызын алған деп отыратын.
Зиба сөйлейтін. Енді сөйлемейді. Енді оның періштенің даусындай мақпал үнін естімеймін. Ән салатын. «Ғашық жар» деген ән. «Ғашық жар, ғашықта болған құрбыңды амалда да қасыңа ал...»
Жетті арманына. Ғашығымен құшақтасты. Ғашығы қасына алды. Бәріміздің ғашығымыз — Қара Жер. Сол, сол ғана мәңгілікке құшақтайтын. Басқа құшақтың бәрі ажырасады. Бәрі баянсыз, атасына нәлет!
Бәлкім, тағы бір баянды бар болса, ол — Аспан. Аспан — жанның ұясы. Зибаның жаны көрінбес пе екен деп жас аққан көзіммен аспанға қарадым. Көзім жастан бұлдыраған шығар, Зибаның жаны көрінбейді. Түңіліп, тас түйіліп, әлгі кісіге де қарамастан, қауындыққа кіріп, сұңғыланы жұла бердім, жұла бердім...
— Жарайды, хош! — деген дауысты есіттім. Бұрылмадым. Бұрылуға мұрша жоқ. Мен сол сәтке өзімнің Сизиф екенімді ұмытып кетсем керек.
Сизиф екеніңді ұмытпа, Барсхан! Сұңғыламен жұлыса бер. Әлдекім келді-кетті. Жұмысыңа кедергі болмақшы. Сәл алаң қалсаң сұңғыла көбейіп кетеді. Алан болма!
Қызарып күн батты.
Тағы да бір күн өтті. Өтті-і-і.
Батқан күннің қызылына малынған шарбы бұлттар терістіктен түстікке қарай көшкен фламинго — қоқиқаздар сияқты қалықтап, баяу жылжиды. Тек, қызғылтым арай шалмаған бір шөкім ұлпа қарауытып, бұлардан алыстап, артта қалып қойды. Орнынан жылжымайды. Қанаты талған шығар. Ұяластарынан, тобынан, туыстарынан айырылып қалған шығар. Мен сияқты ғой.
Сұңғыла сорған қауындай бозарып, кеміген жартыкеш Ай көрінді. Досмырза директордың әйелі, біздің тәрбиешіміз Зүбаржат Зиба досына келгенде:
Ай юғары, Ай юғары,
Айға мінәсім килә.
Айға мінеп, Жиргә қарап,
Сезне күрәсем килә, —
деуші еді.
Зиба Айға мініп алған сияқты. Ай — Зибаның ақ бесігіне айналған сияқты.
Аспанда әткеншек теуіп, әндетіп отырған тәрізді. Азаптан құтылды ғой.
Азапсыз адамның ән салғысы келетін әдеті.
Айға мінген Зиба жерге көз салып, мені көрер ме екен...
Нар қамыс арасынан екі қырғауыл кезек-кезек әндетті. Балапандарын басып шығарса да, екеуінің бір-біріне ынтызарлығы таусылмайды. Бүрленбүрлен ішінен шекшек шырылдайды. Мұның мұң-зары таусылмайды. Енді осыдан таң ата бір-ақ талықсып барып тоқтайды.
Шалашыма да кірмей, екі тіземді құшақтап, Айға тесіле қарап отырып, ұйықтап кетіппін.
Дүниеде не арсыз? Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, қу тамақ арсыз дейді ғой. Ұйықтап кетіппін.
Кілең ақ желең киген Зиба алыстағы Айдан көл созып, мені түрткілегендей болды. «Жаурап қалдың ғой» деген сияқты.
Оянып кетсем, тұлабойым тоңазып, жаурап қалыппын. Оны сезер-сезбес құлағыма әлдеқандай бөтен дыбыс естілді. Түрегеліп қарасам: қауындықтың ішінде қараң-құраң етіп әлденелер жүр. Жүрегім зу-у ете қалды. Албасты, дию, шайтан дегендер болады деуші еді... Бар даусыммен бақырып, озаңдата айқай салдым. Қауындықтың іші апыр-топыр болып, әлденелер тапырақтап қаша жөнелді.
Мал екен дедім. Жоқ, мал емес, арықтағы суды шалпылдатып арғы бетке өтті. Тасырлатып, Жетітөбе жақты бетке алып, шаба жөнелді. Мен де суды кешіп өтіп, арттарынан біраз жерге дейін жүрдім. Жеткізбеді. Атқа, есекке мініп алғандар. Соңынан адамдар екенін аңғарғаным. Араларынан біреу сояудай болып көрінді. Сейсен-ау дедім. Мен қалайы қасықпен ұрып маңдайын қанатқан Сейсен. Кекшіл екен, қызталақ.
Аулақтан қарашай қойшы Біләлдің иттері маңқылдады.
Қайтып келіп, қауындықты араладым. Қараңғыда жөнді көре алмадым. Бірақ қауын пәлектерінің шатысып-бытысып жатқанына қарағанда майқаны шыққаны байқалды.
Сәлден соң, таң бозарды. Енді анық біліне бастады. Енді сұңғыладан қорғайтын тұлдыр да қалмаған-ау. Қауынның көбі мыжылып, ішек-қарны ақтарылып, шопақтары шұбатылып жатыр. Майқандап, талқандап кетіпті. Шұбарала бұлттардың арасынан күрсініп Күн шықты. Ұялас қасқырлар жабыла жарған атан түйенің қарнындай болып, қауындық жайрап жатыр.
Әй, ит өмір-ай. Алажаздай айдалада арпалыспен өткен өмірімнің жемісі осы ма?! Анамнан ажырап, әпкем Зибаның моласына бір уыс топырақ, салуға да жарамай; көптен зарыға күткен Жеңістің ұлан-асыр тойына да қатыса алмай; дүниеден бейхабар қалып, қатықсыз қарасу ішіп, жүгерінің дүмбілін жеп, бозторғаймен бірге тұрып, батқан Күнмен бірге жағып, ұстарасыз өскен шашыма шоңайна тікен жабысып, жабайы өткен айларымның ақысы осы ма?!
Қауындық жаққа қарағым келмейді. Қарасам: сұңғылалар сорайып-сорайып, аңдыздап келе жатқандай көрінеді. Оларды енді жұлып керегі не? Нені қорғаймын? Өзі қорғансыз адам нені қорып жарытады. Қамыс қабырғалы шалашты теуіп-теуіп құлаттым. Үйіндіге от қойдым. Кеурек неме тез тұтанды. Ағаштан айқыш-ұйқыш кіреш жасап, үстіне қалбитып ескі шапан, жаман тымақ кигізіп қойған «қарауылдарды» ырғап-ырғап, жұлып алып, отқа тастадым.
«Қарауылдардың» біреуін ғана қалдырдым. Ол — өзім. Оны отқа тастайын дедім де, ойландым: өмір деген шіркін сұңғыласыз болмайтын көрінеді. Сұңғыла соғысы әлі біткен жоқ. Масқара боп жеңіле салмай әлі де айқаса беру керек дедім.
Кейін-кейін түсіндім: «Сұңғыла» деп өте көп білетін, ақылы асқан адамдарды да айтады екен. Бірақ олардың білімі адамзаттың игілігіне жараса игі. Әйтпесе, көбінесе адамзатқа тажал көрінеді. Таяуда ғана Жапонияға әлдекімдер атом бомбасын тастапты. Жүз-мыңдаған адам қырылыпты. Ол атомды ойлап тапқан, о да пенде, сұңғыла деседі. Менің алажаз бойғы мекенім лапылдап, есіректене өртенді. Сәлден соң шалаш орнында боп-боз күл қалды да, кейбір жері бықсып жатты. Өлі күл үйіндісінің жанында тұрып, төңірекке қарадым. А, айтпақшы, мая қалып барады екен ғой. Бір мая шөп. Оған от қояйын деп оқталдым да, тиіп тұрған нар қамысқа өрт шапшиды-ау деп ойладым. Қырғауыл күйеді ғой.
Хош, терістіктің суық желінен қамзау болған нар қамыс! Хош, түні бойы махаббат жырын жырлайтын қырғауылдар!
Қауашағы жез қоңыраудай сыңғырлаған шеңгел тікен, сен де хош!
Хош, менің қанымды сорып масайраған масалар! Мен кеткен соң кімнің қанын сорар екенсіңдер?
Аспанға қарадым. Күн көтеріліп келе жатыр. Батысқа көшкен жартыкеш Ай тым-тым бозарып кетіпті. Қылаңытып әрең көрінеді. Зибаның бесігі... алыстады.
Тұлабойым қалшылдап, тоңып бара жатқанымды сездім. Тұра берсем қатып қалатын сияқтымын. Енді артыма қарамай, аулақтағы тас жолға қарай жүре бердім.
Мейірі түскен біреу-міреу көлігіне мінгізе кетер. Мінгізбесе жаяу жүре беремін. Екі аяқ не үшін берілген. Аяқты аяп керегі жоқ. Мезгілі біткенде өзі-ақ тоқтайды.
Хош, Молотов мектебі!
Хош, Ақмешіт интернаты!
Тас жол. Тұлабойым әлгі шалаштың өртінен шыққандай қызынып барады. Тұлабойым лапылдап барады. Бұл не? Жаңа ғана қалшылдап жаурап едім, енді өртеніп барамын. Неге?..
БЕЗГЕК
Тас жол Молотовтан өте бере, шығысқа қарай қасқаяды. Сол бұрылысқа күйіп-жанып әрең жетіп, артыма самарқау бұрылып, акырғы рет қоштасқандай аңырып қара-а-ап тұрмын.
Қоштасу керек. Кім біледі, енді кайтып Молотовқа оралмаспын. Қанша дегенмен, бір жылға жуық өмірім осында өтті ғой. Оның алты айға жуығы айдалада, қауын басында қалды.
Бүгін айдың қаншасы? Оны да білмеймін. Шамамен қыркүйек айы болар. Әлде басы, әлде ортасы, әлде соңы ма? Соңы болса, менің туған күнім өтіп кетті ғой.
Онда мен бір мүшелден, қатерлі мүшелден асып кеттім бе? Ай, өте қоймаған шығар. Айша айтып еді: «келер жыл — сенің мүшел жылың. Құдай аман қойса, он үшке толасың. Содан аман өтсең, ар жағында жаратқанның бұйыртқанын көре жатарсың», — деп еді.
Мұны былтыр Әулиеата жаққа көшіп келерде айтқан.
Сол он үшке толдым ба, толмадым ба? Есептеп те жүрмеппін. Күні тұрмақ, айынан да жаңылысып қалғанымды көрмейсің бе? Әйтеуір, жылынан шатасып қалмағаныма Құдайға шүкір. 1945! Бұл анық. Ал айы, күні... Робинзон менен ақылдырақ болған. Жабайы аралда өткен әрбір күнін тас пышақпен ағашқа кертіп, белгілеп қойып отырған. Бұл амал менің есіме келмепті.
Енді аңырып, меңіреу тұрғаным мынау.
Жиырма сегізінші қыркүйек өтіп кетсе жақсы. Әлі өтпесе бір қауіп бар. Мына екі аяқтың әлсіреп, бүгіліп-бүгіліп кете беретіні де содан шығар. Қауындықтан шыққалы бері үш-төрт шақырым жүрген болармын. Күн шыққанда мен де жолға түсіп едім, аспанға қарасам, күн сәскеден өткен сияқты. Соншама ұза-а-ақ жол. Содан бері тарқылдаған жалғыз полуторка өтті. Құйындата жөнелді.
Шаңның астында қалдым.
Сап-сары қауын артып бара жатыр екен. Әрине, отырғызбайды. Мен үстіне отырып алсам, шыдамастан, қауынды жарып жеп қойсам... Одан да қиыны: жолдың қапталына лақтырып-лақтырып өзім түсіп қалсам... Шопырдікі дұрыс. Мендейді отырғызбайды.
Сірә, Талас жақтан келе жатқан болар. Сол жақ құмдауыт, қауын-дарбыз өседі деуші еді. Әлде Мырзагелдінің елінен бе екен? Ойық деген ел деуші еді. Ол жақта сұңғыла деген сұмдық жоқ-ау, сірә. Жездем де қызық. О басында сұңғылалы жерге қауын егіп, есіл еңбекті еш кетіргенше, мені сол Ойыққа неге алып бармаған? Сонда ексек қой, мына қауын артқан машинаның ішінде қазір мен отырар едім шіреніп. Атшабардың базарында сары қауын емес, сары алтын сатқандай тұрар едім шырт түкіріп...
Аспанға қарадым. Күн түс болайын деп қалған ба? Әр жерде мұндай тұра берсем, қалаға қашан жетемін? Қой, қозғалайын.
Бірақ еріксіз Молотов жаққа тағы бұрылып қарадым. Әне, ан-а-ау дәу ақ үй-мектеп. Мынау үлкен арықтың ар жағында тұрған — Ақ мешіт. Интернат. Жанындағы жатаған үйлер: Мырзагелдінің, Петренконың, Едігенің, Олжабайдың үйлері... Петренконың сары шашты, ақ балтыр, борықтай қыздары...
Қызда басың қалғыр... Өлейін деп келе жатқанда қыз сенің не теңің?! Өлім деген суық сөз. Қайдан есіме түсті? Жиырма сегізінші қыркүйек өтті ме, етпеді ме? Он үшке жеттім бе, жетпедім бе?
Ілбіп басып келемін. Алдымда — Жетітөбе ауылы. Бұл да бір қатер. Жол сол ауылдың қақ ортасын жарып өтеді. Әлгі Сейсен сұмырайлар кездесіп қалса, қайтемін? Шыннан тағы да жабылып ұрар ма екен? Бұрынғыдай әлім жоқ. Не бәле болғанын білмеймін: әл-дәрмен жоқ. Тұлабойым біресе ысиды, біресе қалтырайды. Күн жып-жылы, бірақ мен жаураймын. Жол жағасына әлсін-әлсін отыра бергім келеді. Қисайып жата кеткім келеді.
Бірақ сананы бір құдірет түрткілеп, жатпа, жатпа, жатсаң тұра алмай қаласың. Жүре бер, жүре бер дейді.
Шыннан тағы да жабылып ұрар ма екен? Бұрынғыдай тістеніп төбелесуге қауқар жоқ. Қаңбақ сияқтымын. Түртіп қалса, құлайын деп келемін.
Жиырма сегізінші қыркүйек өтіп кетті ме, өтпеді ме?
Шыннан жабылып ұрар ма екен?
Кенет миымның бір түкпірі жарқ ете қалды: ұрғаннан да жаман бір қауіп бар. Ұрмаса да, көргенінің өзі бір қорлық. Мына түрімді көрсе, көтін ашып, күлін шашып күледі ғой!
Жетітөбеге жете бергенде мелшиіп тұрып қалдым. Ауылды айналып өтсем қайтеді? Көзге түспес үшін.
Бірақ ауыл аумақты. Әрбір адым азап. Әрі десе, ауыл сырты қалың шеңгел. Бұтымдағы жамау-жамау жаман шалбарды бір-бір жапырақтан жұлып алып қалады-ау. Аяғым да оңып тұрған жоқ: жыртық шоқай... Кенет көзімнің алдынан кемпірқосақ бояулар: қызыл, жасыл, сары, көк дөңгелек шеңберлер шыр айналып барып, аржағы қап-қараңғы түнек тартып, құлап бара жатқанымды сезіп: «Барсхан!» деген дауыстан селт етіп, бойымды түзеп алдым.
Артыма бұрылып қарадым. Ешкім жоқ. Жаңағы Зибаның даусы еді ғой. Зиба Молотовқа, Ақ Мешіттің жанындағы құрқылтайдың ұясындай кішкентай үйдің ішінде, темір төсектің үстінде қалып қалды ғой. Менің бұл кетіп бара жатқаным — қай кетіс? Ол қысылып — қыстығып жөтелгенде, оған мұрны пұшық, ақ шәйнектен кім қайнақ су кұйып береді? Ақшагүл мен Әбен әлі балақайлар ғой. Далаға ойнап шығып кеткен шығар. Зиба шашалып қалса, аузын сүртетін сүлгіні кім алып береді? Жастығын кім түзейді? Көрпесін кім қымтайды?
Алақандай көздері жалт-жұлт етеді ғой. Жаутаңдағандай болады ғой. Сыбырлап сөйлейді. Не дейді?
Молотов жаққа үздіге-үздіге қарадым. Ешкім көрінбейді. Ақбауыр бұлттар көшіп барады. Олар да шығысқа қарай бет алған. Баяу жылжиды. Мен сияқты олар да ауру ма? Неге баяу жылжиды? Бұлттар түсі суық болмаса да, бойым кенет тоңазып, тісім Тісіме тиіп, сақылдап ала жөнелді. Өз тістерім өзіме бағынбайды. Тоқтата алсамшы.
Сонда барып, өзіме өзім: «Зиба жоқ қо-о-ой!» — дедім. Дауыстап. «Жоқ қо-о-ой» дегеннің соңы: о-о-о-й-ға ұласып, аспанға қарап ұлып-ұлып жыладым-ай сонда.
Қақпанға түскен қасқыр сияқтымын. Аяғым қақпанға түскендей жылжымайды.
Бір сәт тістерімнің сақылдағаны тыншығандай болды. Ауруым жоқ, сап-сау сияқтымын. Осы әлім барда жүріп алайын деп, Жетітөбе аулын қақ жарып жүгіргендей болып, зыта жөнелдім. Тезірек өтіп кетпекшімін. Интернаттан таныс балалар көрмесін. "Жақсы ит өлігін көрсетпейді!» — деген Айша.
Бектөбедегі Айшаға жетуім керек. Жолда өліп қалсам, менің кім екенімді ешкімде білмейді. Айшаға да ешкім хабарламайды. Жым-жылас құрып кетемін ғой.
Сонда із-түссіз жоғалып кеткен Барсханын Айша қайдан іздейді? Кімнен сұрайды? «Барсхан! Барсхан!» деген даусын, «Бары-ыс-ха-а-ан!» деген зарын өлген бала ести ме, естімей ме?
Жетітөбе көшесінің қос қапталына көз салмаймын. Ешкімді көргім келмейді. Көшенің дәл ортасында бір есек топыраққа аунап жатыр екен, содан басқаға назар салмай, ауылдың арғы шетінен де шықтым-ау.
Үһ! Темір жолға жеттім. Кәдімгі Шолақтауға баратын темір жол. Шолақта-а-ау.
Шоқайымның жыртығынан кішкене башпайым темір рельстің жылуын сезді. Сол-сол екен, тұлабойым қайтадан ысып ала жөнелді. Жаңа ғана жаурап едім, енді күйі-і-іп барамын. Көзімнің алдынан тағы да шоқ шашырай бастады. Аяғым еркіме көнбеді. Бүгіліп барып рельске отыра кеттім.
«Пойыздан сақтан!» деген жазуға көзім түсті. Түк әсер еткен жоқ. Шпалдар қап-қара, жып жылтыр. Семіз. Қара май сасиды. Жата қалып жаласаң, қарның тойғандай.
Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан жалтыр қос сызық. Ерте көктемде осы сызықтың бойымен шпалдарды аттап-аттап, Молотовтан Жұма дейтін стансаға дейін барып қайтып едім. Мырзагелді бір туысынан көк сиырды алып қайт деп жұмсаған.
Сиырсыз қайттым. Кет, әйда, — деген сонда жездемнің туысы. — Шиеттей бала-шаға, кемпір-шал сол көк сиырдың көтіне қарап отырмыз, қашан туады деп. Қыстай сиырды біз бағамыз. Туар кезде сен алып кетесің. Тапқан екенсің ақымақты, — деген.
Зиба сөйтіп сүтсіз қалған.
Сол жолы мені теміржолшылар ортаға алып еді. Әсіресе әлгі протез қолды дәу... аты... атын ұмытып қалыппын, сол дәу мас болып, мені құшақтап, Шолақтауға кел, өзім жұмысқа аламын деп еді.
Мына жалтырап жатқан қос рельс сол Шолақтауға алып барады. Әттең, жете алсам сол Шолақтауға. Шолақтау емес, Шолақ Дәу. Оң қолы — протез. Сұрай-сұрай тауып алар едім.
Шолақтаудағылардың бәрі протез қолды емес шығар. «А, әлгі ана дәу ме?» — деп маған жол сілтеп жіберер еді. Тауып алар едім. «Ағатай, осылай да осылай, мені танымай қалдыңыз ба? Сонау ерте көктемде... иә, иә... сол менмін ғой. Шолақтауға кел, жұмысқа аламын, ақша табасың деп едіңіз...» Әттең, жете алсам сол Шолақтауға...
Шексіз рельстен көз алмаймын. Барып-барып, үзіліп кетеді, аржағы — сары сағым.
Шолақтауда алтынды күрекпен күреп алады деуші еді. Рас шығар. Әйтпесе, өкімет соғыса жүріп, ел ашығып жатқанда темір жол салмайды ғой. Тегін емес қой.
Қауын егіп, соны Атшабардың базарына апарып сатып, шырттай болып киінбекші едім. Айшаға, Құрмашқа, Батырханға, теңгем артылса, Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай аталарыма, Шолпан, Қалатай, Үміт, Адас, Зүбайда, Гүлсім апаларыма мол базарлық алып бармақшы едім. Аталарым қуанып, қауқылдасып: «Міне, азамат болды деген осы! Айтып ек қой, Барсханнан бірдеңе шығады деп, келді ғой айтқанымыз!» — деп қуанар еді.
Енді не болды? Мына сықпытыммен қалай көрінемін?
Кетсем бе екен Шолақтауға? Алтынды күректеп алатын Шолақтауға? Сары сағым-сары айдаһардай бүктетілді, бүлкілдейді. Бірте-бірте сары өзен тасып жатқандай болады. Ағып жатқан алтын өзен. Адамның арманындай. Алдамшы шығар. Осының бәрі алтын болса, жұрт неге солай қарай жосылмайды? Жөңкілер еді ғой баяғыдай-ақ. Әлдене өкіргендей болды. Мән бермей мәңгіріп отыра беріппін. Көкейімде — Шолақтау. Шолақ қол дәу. Кетсем бе екен...
Әлдене ышқына өкіргендей болды. Бұрылып қарасам, Әулиеата жақтан арқырап пойыз келіп қалған екен, таяқ тастам жер қалғанда шақпақ тасты еңіске қарай домалап кетіппін. Ақылым айтқан жоқ, әйтеуір түйсік шығар, инстинкт болар, пышақтай шақпақтастарға бетімді жырғызып, ылдиға барып бір-ақ тоқтаппын. Одан ары пойыздың доңғалақтары арсыл-гүрсіл зымырап бара жатқанын білемін. Сол доңғалақтардың зіл-батпан салмағынан жаңа ғана өзім отырған рельстің белі қайқаң-қайқаң еткенін білемін. Паровоздың қою қара түтіні еңістегі жусанға дейін есеңгіретіп, мас қылғанын, паровоздың екпінінен жел тұрып, мас жусан, қораз таптап кеткен мекіштей, ұйпа-тұйпа шайқалақтап, сілкінгенін білемін.
Вагондары, мойындары сорайған әлдене тиеген платформалары қандай көп еді, сақыр-сұқыр, гүрсіл-дүрсіл, әлі кетіп барады, әлі кетіп барады. Денем сезеді: жер дір-дір етеді. Бүгелек қонған жылқының сауырындай дір-дір етеді. Қара жердің өзін дірілдеткен қандай күш? Әлден соң жер дірілдегенін қоя қойды. Соңғы вагон шолтаң еткенде, рельс те қайқаңдамай қалпына түсті.
Пойыздың дүбірі бірте-бірте талықсып барып үзілді.
Пойыз кетіп қалды. Мені ала кетпеді. Қайда? Шолақтауға ма, әлде... Әлде... Қас-қағымда басымнан тұтас бір дәуір зуылдап өте шықты. Есімді жиып, басымды көтерсем, бойым жеңілейіп қалған сияқты. Ширақпын. Тоңып та бара жатқан жоқпын, ысып та бара жатқан жоқпын. Тәуба!
Тәуба дедім. Тірі қалдым. Алтыны құрысын. Аман қалдым. Енді, сірә, өлмейтін шығармын. Жаңағы пойызбен бірге менің туған күнім — жиырма сегізінші қыркүйек те құйындатып өте шыққан болуы керек. Мүшел, бірінші мүшел бітті!
Менің жасым он төртке қарай кетті.
Безгекті әлгі пойыз ұшықтап, ұшырып жібергендей. Біртүрлі көңілім сергек, ақылым анық. Аспанға қарасам, күн төбеден ауып барады.
Жүр, — дедім өзіме өзім. — Жүр, Барсхан. Алда не күтіп тұр, Алла біледі. Екінші мүшел жол үстінде басталды. Бұл жол қаншаға созылады, Көк тәңірдің жазуы бар, сол біледі.
Тек Сол ғана біледі.
АРЫЗ
— Апа!
— Не, Барсхан.
— Тырналар ұшып бара ма?
— Қайда?
— Далада.
— Қайдам. Далаға шығып қарайыншы.
Айша далаға шығып, қайтып келді.
— Тырналар көрінбейді, Барсхан.
— Тыраулады ғой. Менің де ұшқым келді ғой. Тырналар қайтқанда ұдайы біздің үйдің үстінен ұшып, Жабағылы жаққа кетуші еді ғой...
Айша еңкейіп бетіме үңілді. Тіпті жып-жылы демін де сезіндім. Айша ылғи осылай бетіме бетін тақап отыра берсе, соның демінен мен тезірек жазылып кетер едім. Бірақ оған мұршасы жоқ қой. Қызылшаға кетеді. Бұл елде де қызылша егеді. Біздің Мыңбұлақтағы сияқты. Бұл елдің қызылшадан басқа тамағы жоқ па, немене... Бәрі де қызылша егеді.
— Қызуың тағы көтеріліп кетіпті ғой, — деді Айша маңдайыма алақанын басып тұрып. Алақаны күс-күс. Сипағаны-тырнағандай сезіледі. Бірақ жағымды. Осылай басып тұра берсе, мен жазылып кетер едім. Бірақ жұмысқа кетеді. Қызылша аршиды. Содан да алақаны күс-күс. Қызылша иісі шығады. Жуса да кетпейді. Кір сабындап жуса да кетпейді. Егер елде кім бейнетқор, кім ақсаусақ деген кәмесия шықса, Айшаны айтпай-ақ таныр еді. Бірақ ондай кәмесия жоқ. Мүмкін, о дүниеде бар шығар. Әркімді адал еңбегіне қарай бағалайтын кәмесия сонда болар. Егер болса...
— Енді кәйттім? — деді Айша аңтарылып. — Сені қалай тастап кетемін. Түс көрдің бе? Тырналар қайдан есіңе түсті?
— Түс көрдім, апа. Мыңбұлақтағы біздің үйдің төбесінде бір кәрі бүркіт отыр.
— Ойбу, Тәңір-ай. Ол Мұртазаның аруағы ғой, бізден адасып қалған.
Айша айналақтап, қара құманды бір ұстады, шайқап-шайқап қоя салып, ағаш шөмішті алып, қазанның қақпағын ашты. Тарс еткізіп кайта жапты. Қаңырап қалған болса керек, қайтып келіп, шеке тамырымды сұқ саусағымен басып көрді.
— Апыр-ай, бадырайып кетіпті ғой. Лыпылдап тұр ғой. Қой, мен жұмысқа бармай-ақ қояйын.
— Бара бер, апа-а-а. Бригадир ұрсады ғой.
— Қайда барсаң — Қорқыттың көрі, қараң қалғыр. Елге барсаң — Тасбет. Мұнда келсең — Қорабек! Кілең бригадир. Мен айтып, рұқсат сұрап келейін.
Айша сықырлауық есікті ашып, шыға жөнелді. Қауындықтан қайтқалы жарты айдан асса керек. Мен оны қайдан білейін, Айша айтады:
«Тәңір-ау, жарты айдан асты, беті бері қарамайды. Сүйек-сүйегінен өтіп кеткен бе, бұл неғылған кесел», — дейді.
Бектөбеге Айшаға жетіп жығылғанымда, есімді білмесем керек, түп нағашыларым: Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай келіп, жиналып, кеңесіп, ем-дом жасағандарын да білмеймін. Саид-Акбар қожаны алдырып, қаратқанын да білмеймін. Ернім ерніме жуыспай өлім мен өмір арасында, қыл көпір үстінде жатсам керек. Тек тісім сақылдайды.
— Шашыратқы қайнатып, соның суына шомылдыр баланы, — депті Саид-Акбар қожа.
Қыркүйектің соңында шашыратқы қайдан болсын, қурап кеткен ғой. Айша сонда да Асаның бойына барып, су жағасынан шала қурай теріп әкеліп, қазанға қайнатып шомылдырған екен, одан да шипа қонбаса керек.
Қали атам қаладан сап-сары, удай ащы «хинин» деген дәрі әкеліп беріпті. Сәл сәтке сергітеді, кешке қарай тағы да жын қаққандай селкілдеп ала жөнелемін. Қали атам айтады: бұл жай безгек емес, басқа бір түйін бар...
— Ол не? — дейді Айша.
— Мен көріпкел дейсің бе? Білсем, жазып жібермеймін бе, — дейді Қали атам күйініп.
Басқа бір түйін... Ол қай жерде? Тұла бойымды дел-сал қылып, жарық дүниенің ештеңесіне қызықтырмай, меңіреу тарттырып қойған не пәле? Түйнеп те ауырмайды, шаншып та ауырмайды. Тек қыздырады, тек суытады. Өн бойымда ыстық пен суық арпалысады да жатады. Жазғы шілде мен қысқы шілде менің денемде төбелеседі келіп, төбелеседі келіп...
Денемнің жартысы — Африка, жартысы — Арктика. Бірі мені табаға салып шыжғырады. Бірі мені мұздатады.
Аурудың түрі осындай. Ал жазып көр. Саид-Акбар қожаның өзі шарасыз болса, бұл кеселге не дауа?
Айша қайтып келеді.
— Қали нағашыма айтқызып жатып, әлгі Қорабекті әрең көндірттім. Түске дейін рұқсат берді. Бүгін күн жылы көрінеді. Саған дәрі беріп, кіріңді жуайын.
Дәрі берді. Сол баяғы сап-сары зәр. Хинин дейді. Жазуы солай. Аузыма салып, басымды жастықтан көтеріп, сыры кеткен, кетік тостағанмен су ішкізді. Зәр-зәр. Шашалып қалдым.
— У ғо-о-ой, — дедім үнім әрең шығып.
— Уды у қайтарады. Құдай сәтін салса, жазылып кетесің, — деді Айша аузы-басымды, ыршып шыққан көз жасымды орамалмен сүртіп жатып.
— Удың соңы тәтті болады. Араны көрмейсің бе шақса — у, сөлі — бал.
— Бал деген не?
— Ойбу, байғұс балам-ай, сен бал жеп көрмеген екенсің-ау. Ай, бірақ баяғыда, Мұртаза барда жеп едің ғой. Мұртаза Борандының базарынан ылғи алып келуші еді. Есіңнен шығып қалған екен-ау. Үйге кісілер келгенде сандықтан алып, дастарқанға қоюшы едім ғой. Сонда сен «бал-бал» деп қыңқылдайтының қайда? Ұмытып қалғансың ба? Сонда Түлкібастан келген Қарақожа жарықтық:
— Бер, бер. Барсханға әсел бер, — деуші еді ғой.
Балды әсел дейді екен ғой.
Есімде жоқ. Елес бар, есте жоқ. Айша да қызық. Қай-қайдағыны айтады. Мұртазаның балы тұрмақ, өзін де есіме түсіре алмай қиналамын. Менде осы әке болғаны рас па деп Мұртазаның бейнесін іздеп, миымның түкпір-түкпірін тінткілеп іздеймін: бірдеңе бұлдырайды, бұлдырайды, кісі көрінгендей болады, бірақ түр-түсі білінбей, шалықтап кете береді. Бесіктегі бөпенің көзіндей шалықтайды. Ар жағы — мұнар, мұнар. Бөпе де алғашқыда анық көре алмайды ғой.
Менің төсегім үйдің оң жақ қабырғасына тақау. Төсек болғанда — жүгерінің паясы. Соның үстіне киіз төсеп, оны ескілеу болса да таза сейсеппен қаптап қойған. Жайлы. Бірақ мен қимылдаған сайын жүгері пая «сыбдырлайды». Арасында тышқан жүгіріп жүргендей сыбдырлайды.
Әлгі қабырғаның ар жағынан кейде-кейде музыка естіледі. Талып-талып, әрең естіледі. Сірә, қабырға қалың болар. Мен құлағымды түріп, құлағымның қалқанына алақанымды жалғап, бар ықыласым ауып-ақ тыңдаймын. Сонда да жәй ызыңы ғана, болмашы елесі ғана жетеді санама. Бірақ естуге ынтығамын. Ып-ыстық басымды қабырғаға тақаймын. Әктелмеген, сылақ жүргізбеген балшық қыш бетімді тырнап кетеді. Сап-салқын.
Біреу мұңлы ән салады. Көрші үйдің әйелі ме деймін. Бірақ сыбызғы қосылғандай болады. Онда патефон болғаны ғой. Патефонды білемін. Мыңбұлақта шұбар мұғалім апайдың үйінде бар болатын. Тәмпіш мұрын тәлпіш қыз үйіне ертіп барғанда есіткенмін. Айналып тұрған қара табақ та ән салады екен-ау деп таң қалғанмын. Ол бір ойнақы ән еді. Ұмыттым.
Ал мынау басқа ән. Әттең естілмейді. Естіледі, тек ызың. Әлде ешқандай патефон емес, ызыңдап, шулап жатқан өз басым ба? Басымның ішінде патефон бар ма?
Біздің тұрып жатқан ұямыз — Бөкен деген кісінің үйінің бір қуысы. Сірә, қамба тамы ма, әлде тауық тамы ма, әйтеуір өз үйіне жапсарластыра салған бірдеңе. Бөкен менің Сәли, Қали аталарымды сыйласа керек, солар айтқан соң Айшаны, Құрмашты, Батырханды осы қуысқа кіргізіпті. Бос үй жоқ қой. Әйтеуір баспана. Айшаның нағашыларында да бос бөлме жоқ.
Енді қайтсін. Айша, амал жоқ, кірген ғой. Далада қала ма? Рахмет Бөкенге.
Соның үйі жағындағы қабырғаға құлағымды төсеп жатырмын. Айша даладан кіріп келіп, бұл жатысымды көріп:
— Қабырғаға бетіңді тақама! Ауруың аз ба еді, — деді.
— Апа, — дедім.
— Ау, Барсхан.
— Мынау үйдің патефоны бар ма?
— Бар-ау деймін. Әндетіп жатады ғой, әйтеуір. Қатыны жас. Көңіл көтергісі келетін шығар. Қызы да бойжеткен...
Сөйтсем, Бөкеннің әйелі қайтыс болып, жаңадан үйленген екен. Бөкенді бір-ақ рет көрдім. Молотовтан келген күні. Есім кіресілі-шығасылы еді. Келе құлағанмын. Сонда әркім-әркім кіріп-шығып жатқан. Бәрі Айшаға:
— Құдай сақтасын, жазылып кетеді.
— Безгек қой.
— Ештеңе етпейді, — десіп жатқан. Сонда Айша маған айқайлап:
— Мына кісі — Бөкен нағашың. Тәңір жарылқап, жамандық көрмегір, осы кісі мына үйіне бізді кіргізген, — деген соң, дүние мен үшін бір тиын боп жатсам да, бізге жақсылық істеген адамды көрмек үшін бұрылып қарағанмын. Түсі суық, қарасұр, егде кісі екен. Көзі шатынап, кірпік қақпай, шақшия қарайды екен. «Рахмет» дейін деп едім, кезерген ернім жыбырлауға келмеді-ау деймін.
Содан қайтып әлі көрген жоқпын. Ол қабырғаның ар жағында. Мен бер жағында. Жас келіншегі бар екен. Ол патефон ойнатқанды ұнатады екен. Ay, бәлкім, бойжеткен қызы шығар.
Жас келіншектің өгей қызы. Әлде екеуі де әнге, музыкаға құмар болар. Қайдан білейін? Көрген жоқпын ғой. Бір үйде тұрамыз. Бірақ көріскен жоқпыз. Келіп-кетіп, кіріп-шығып жүрген шығар, оны мен білмеймін.
— Апа, — деймін.
— Ay, Барсхан.
— Осыдан жазылып кетсем, патефон сатып алар едім.
— Аласың, Барсхан, аласың. Әуелі жазылшы.
— Ақша табу керек.
— Ақшасы түскір таптыра ма... Өзің науқассың.
— Шолақтау...
— Қайдағы Шолақтау?
Айшаға жауап бергенше, тұлабойым қалшылдап ала жөнелді. Тістерім сақылдады. Шолақтауға бара жатқан пойыздың доңғалақтарындай сақылдап алды да кетті. Сөйлеуге шамам келмей қалды. Үстімдегі көрпені аяғыммен теуіп-теуіп, ысырып тастап, аласұрдым-ау... Үй өртеніп бара жатыр... Қауындықтағы қамыс күрке өртеніп, мен содан шыға алмай жатырмын... Мая өртеніп, нар қамысқа тиіп, қырғауылдар парылдап ұшты дейсің. Қанаттары лапылдап жанып барады. Бір-екеуі жалын құшып, жалп-жалп құлады.
У-шу, ызы-қызы... көзімді ашып қарасам, Құрмаш пен Батырхан шырылдап жылап тұр екен.
— Өшіріңдер үндеріңді! — дейді Айша. — Бұл өзі күн батқанда өстіп қысатын ауру. Қояды қазір. Е, қойды ғой, көзін ашты ғой. Барсхан. Барсхан, а, Барсхан, ыстығың басылайын деді ме?..
Алақанымен маңдайымды басып отыр. Бәлкім, осы алақан шығар әлгі өртті өшірген. Айша мені өрттің ішінен алып шықты ғой. Мен баяғыдан бесікте қара шешектен іріп, уылжып жатқанда да осы алақан айқын ажалдан алып қалған.
Айшаның алақаны күс-күс, қызылша жапырағының нілінен көгістеніп кеткен, оның не күш-қуаты болушы еді деп ойлай көрмеңдер. Олай ойлаған адам қатты қателеседі. Айшаның алақанында құдірет бар. Мен соған көзім жетті.
— Алақаныңды маңдайымнан алмашы, апа.
— Алмаймын, күнім, алмаймын.
— Апа десе!
— Ay, күнім.
— Мен саған әдемі көк көйлек, ақ жібек шәлі, әміркен кебіс-мәсі әкелмекші едім. Құрмашқа да, Батырханға да базарлық әкелсем бе деп едім...
— И-и, ниетіңнен айналайын. Бізге аман келгеніңнің өзі мың базарлық, Барсхан.
— Қауын сатып, байымақшы едім... Сұңғы-ы-ла сорып қойды. Сұңғыланы жеңе алмадым. Қауынды сорып құртып, енді ішіме кіріп кетіп, мені сорып жатыр. Сұңғы-ы-ла жама-а-ан. Ол жеңілмейді. Жұла берсең, қайта-қайта шыға береді. Көрдің бе, дәрі ішсем сәл басылады. Қайтадан қалшылдатады. Бұл безгек емес, бұл — сұңғы-ы-ла! — Даусым қатты шығып кетті. Қайтадан дірілдей бастадым. Енді өне — бойым мұз құрсанып, суықтан дірдек қақтым.
— Жап көрпені! Шапанды да-а-а...
Менің үш жанашырым. Үшеуі үш жақтан мені қымтап жатыр. Үстеріңдегі шапандарын да шешіп жауып жатыр.
— Маңдайыма алақаныңды бас, aпa!
— Басайын, күнім, басайын.
— Апа!
— Ау, күнім.
— Мен өліп қалсам, Мыңбұлаққа... Қалай жеткізесіңдер?
— Ойбай, Құдай! He дейді мына бейбақ?! Айтпа ондай сұмдықты! Ауырған адам өле сала ма екен? Сен сонау қара қырғын — қара шешектен де өлмей қалғансың. Сен, сен... Жо-жоқ, өлмейсің, ойбай! Даусы бәсеңдеп, маңдайымды алақанымен баса түсіп:
— Уай, Көк Тәңірі! Иә, аруақ! Ақсарбас! Құтқара гөр құлынымды! Не жаздым мен бейшара? Күнәм қайсы? Көп бәле көрдім. Жастайымнан жесір қалдым. Бірақ күнәһарың мен емес, мен емес, мен ем-е-ес! — деп үйшік төбесіндегі қарлығаштың бос қалан ұясына көзін қадады.
Көзінен ыстық жас бұлақтап ағып, менің бетіме тырс-тырс тамды. Бір-екі тамшысы кезерген ерніме де тиіп-тиіп кетті. Қолыммен сүрте алмадым. Тіліммен жаладым.
Ащы екен. Хинин дәрісі сияқты. Бәлкім, одан да ащылау. Кеуіп жатқан аузым ылғалданып ала жөнелді. Әлгі екі тамшы жасты түкірігіммен қоса жұтып жібердім. Дермене шөптің сөліндей тез аңқама жайылып, өңешім ашылып, сарайым кеңіп сала бергендей болды. Көмейіме біреу зәм-зәм сеуіп жібергендей.
Жаурағаным сап тыйылды.
Қолыммен шапандарды, көрпені серпіп-серпіп тастадым.
Сылақсыз, сұп-сұр, қам кірпіштің ар жағынан әуен ызыңдайды. Әуелі сонау қауындық бойындағы шеңгел мен нарқамыс екен деп қалдым. Ызыңдайды. Сөзін естімеймін. Әлде сөзі жоқ шығар. Үлкен зар, шексіз сағыныш бар. Әлдеқандай жалынышты. Әлдекімнің әлдекімге арызы сияқты.
Мүмкін, Айшаның арызы. Әлгінде ғана ол Құдайға арыз айтты ғой. Мен саған не жаздым, Құдай? Барсханды аман қыла гөр! Мен күнәһар емеспін. Не үшін мұншама қинадың жанымды? — деді ғой.
Сол арызы мына сылақсыз, сұрықсыз, қам қышқа сіңіп кетіп, енді музыка сарынына салып тұр-ау деймін.
Жоқ, патефон екен ғой дедім. Іңір өшіп, түн түгел түскенде, патефон үні сәл-пәл екпінділеу естіледі екен.
...Қоштасып жатқан сияқты. Құлағымды түрпідей жабайы қышқа тақай түсемін. Иә, қоштасып жатыр. Туған ел дей ме? Туған ел. Мыңбұлақ қой. Бердімбет сайы ғой. Сай қабағында тұрған Мұртазаның ақ үйі ғой. Біз тастап кеткен. Неге тастап кеттік? Аруақтар адасып қалды-ау. Төбесінде кәрі бүркіт неге отыр?
«Енді есен бол», — дейді.
Ол мен ғой. Мыңбұлақпен қоштасқан. Әктелгені көшіп, қотыраштау болып, сонда да алыстан аппақ болып көрінетін қоржын там. Сол ғой. Менің ұям!
«Туған ел, енді есен бола-а-а-ай», — дейді.
Анық естілмейді, тек шамалаймын. Мына сүйкімсіз суық кірпіштерді ұрып құлатсам ба екен. Анық естілмейді.
Жаныма тағы да Айша келді.
— Тақама басыңды қабырғаға. Қабырғаға жабысып жататының не осы?
— Aпa.
— Не, Барсхан?
— Патефон.
— Е, шыда. Ертең сұрап көрейін ана жас келіннен. О да бір патипоншыл екен. Ұят емес пе, күйеуінің көзінше патипон ойнатып отырғаны.
— Сағынады ғой...
— Кімді?
— Туған ел...
— Е, жақында ғана келді ғой төркінінен.
Айша үндемей қалды. Күрсінді. Содан соң:
— Кім біледі бейшараны, — деді. — Жап-жас екен. Қу соғыстың салғаны ғой. Әйтпесе, Бөкен әкесіндей кісі. Қызымен жасты қызды алып... Өйбу, айтпақшы, Кенжегүл апаң есіңде ме, Барсхан? Сол айтушы еді ғой: «Айналайын, жастар-ай, қосылар ма екен бастары-ай. Қырып-қырып сақалын, шал құтырды, масқа-ра-ай», — деп әндетуші еді ғой, Кенжегүл апаң.
— Тірі ме екен?
— Кім?
— Кенжегүл апам.
— Жүрген шығар...
Кенет ән-әуен үзіліп қалды. Қайталамады.
— Қап, — дедім.
— Не болды?
— Патефон.
— Е, түнімен ойнап тұрса деп пе едің? Әне, Құрмаш пен Батырхан да ұйықтап қалды. Сен де ұйықта, — деп Айша түрегеліп барып, майшамның білтесін басыңқырап, өлегізітіп қойды.
Музыка тыйылды. Қарақотыр үйдің іші қабартып, қабағын түйе қалды.
— Апа!
— Не, Барсхан?
— Алақаныңмен маңдайымды басшы.
Басты. Бірте-бірте, күс-күс алақанының қызылша нілі бітеп тастаған сызықтарынан маңдайыма күн сәулесі себезгілеп тұрғандай, жып-жылы бір нұр құйылды. Әлгі музыка қайта оралды. Сағына-сағына, үзіліп-үзіліп, талып барып жеткендей.
— Апа!
— Не, құлыным?
— Осы мен он үштен астым ба?
— Қайдам, құлыным, оны неге сұрадың?
— Баяғыда өзің айтып едің ғой...
— Не деп?
— Он үш — мүшел деп.
— Иә.
— Қатерлі деп едің ғой.
— Қой, құлыным, қайдағыны айтпа. Сен одан өтіп кеттің білем.
— Бұл қай ай?
— Ойбу, ұмыттым ба... Қыркүйек пе...
— Қыркүйектің жиырма сегізі өтті ме?
— Ай, Құдай-ай, өтті-ау деймін, Барсхан.
— Анығын айтсаңшы!
— Мен күн санап жүр дейсің бе, қайдан білейін?
— Қали атамнан сұрасаңшы.
— Олар ұйықтап қалды ғой... Не болды сонша, оның керегі не?
— Егер он үшке әлі толмасам — қауіп.
Айша селк ете қалды.
— Қой, құлыным, айтпа қайдағы бәлені. Қайда-а-а, одан өтіп кеттің ғой.
— Апа!
— Ау, құлыным?
— Патефон неге тоқтап қалды?
— Таң атсын, құлыным. Таң атса, әлгі жас келінге айтып, пәтипоныңды сұрайыншы.
— Апа!
— Не, Барсхан?
Айтарымды да, айтпасымды да білместен біраз жаттым.
— Не, шырағым, не айтайын деп едің?
— Осы о дүние деген рас па?
— Мен қайдан білейін, құлыным. Рас дейді ғой. Оны неге сұрадың?
Мүдіріп қалдым.
— Мен... өлсем... күнәм көп пе, аз ба?
— Ойбай, Құдай, мына бейбақ не дейді? Жаман сөз айтып, пәле шақырма! Сенде неғылған күнә, он екіде бір гүлің ашылмай жатып...
— Тасбетке тілім тиді ғой, үлкен кісі, ұят болды ғой... Жуантайдың үйрегін ұрлап...
Айша алақанымен маңдайымды баса түсті. Дәті берік-ақ еді, кемсеңдей бастады.
— Өзі жырым-жырым, жарты көңілді жүдете бересің бе, Барсхан. Қайдағыны айта бермесеңші, құлыным. Тасбет өзі кінәлі, жазасын тартар әлі. Жуантайдың үйрегін жеп қойған жоқсың, кайтып апарып тастап едің ғой. Қайдағы-жайдағы қайдан есіңе түсіп жатыр? Одан да ұйықтап қалшы, құлыным.
Бетіме тырс етіп, жып-жылы бірдеңе тамды. Айшаның көз жасы ғой. Аузыма, ерніме тамар ма еді. Жылу — Анадан. Жылу — Алладан. Жылу — Күннен. Жаным жай тапқандай. Қолымды әрең көтеріп, Айшаның көз жасын сүрттім. Ұзын кірпіктері алақанымды қытықтағандай болды. Әлсіз қолым кенет бұлшықтанып кеткендей. Айшаның кірпік екеш кірпігіне дейін қуат-қайнар сияқты.
Айша қолымды алып, алақанымды сүйе берді, сүйе берді... Тұлабойым балбырап, ұйықта-а-ап бара жатқанымды сезбей де қалдым.
Ертеңіне кешке біздің құжырамызға көршілер келді. Бөкеннің жас келіншегі және бойжетейін деп қалған өгей қызы. Айша сұраған соң патефон ала келіпті. Жас келіншек аңқылдап қалған ашық жан екен, ай-шай жоқ, келе маған тиісті:
— Жігіт адам да өстіп жатып ала ма екен? Не бұл? Безгек те ауру ма, тәйірі! Өзіміз де ауырғанбыз безгекпен. Бірақ ауырдым деп елең қылған емеспіз. Онысы несі! — деп сампылдай жөнелді.
Ә дегенде ожарлау көрінгенмен, үнінде ойнақы, жайдары, жақсы қылық бар.
— Әй, Айсұлу, ойнат патефонды. Бұл жігіт қазір-ақ тұрып кетеді, — деді өгей қызына.
«Жігіт» дейді. Біртүрлі ерсілеу. Мен әлі баламын деп жүрмін. «Жігіт» деген сөз, әсіресе жас әйелдің аузынан шыққанда адамды біртүрлі қытықтағандай болады екен.
Әдемі. Жайдары. Қылықты. Бірақ өзімен қатар, бәлкім, үш-төрт жас үлкен шығар, сол өзі тұрғылас қыздың «шешесі» болтаны үйлеспейді-ақ. Тағдыр кімге таяқ жегізбейді? Енді әкесіндей Бөкеннің қатыны болса, оны да Құдай қылат та.
Алдымен «Маусымжан» деген ән шырқалды. Мен селт етпедім. Көңілім басқаны, түнде мына қотыр қабырғаның ар жағынан естілген әуенді іздейді. Бірақ атын білмеймін.
— Ұнай ма? — дейді жас келіншек төсегімнің шетіне отыра беріп. Ой, сонда ыңғайсызданғаным-ай. Бір түрлі өзімнен өзім қысылып, терлеп ала жөнелдім. Бөтен әйел жаныма келіп, жақын отырғаны бірінші рет. Ұят-ай. Әрі десе, астымдағы жүгері пая төсеніш сыбдыр-сыбдыр етіп, менің жадаулығымды жария еткендей, қаудырлап ала жөнелді. Мен қотыр қабырғаға қарай жылжи түстім.
— Ұнай ма?
Мен қысылып үндемедім.
— Мына жігіт ұялшақ қой өзі, — деп жас келіншек шап етіп, шашымды ұйпалақтай бастады. Мен шегіншектей бердім.
— Ұнай ма, ұнамай ма?
Бұл кезде «Маусымжан» бітіп, шыркөбелек айналған қара табақшадан «Жайдарман» айтыла бастады.
— Кешегі... — дедім мен үнім әлсіз, әрең шығып.
— Кешегі? Ол қайсысы?
— Не шығар, анау, Күләш айтатыншы, — деді өгей қыз.
— Е, қойып көрші, — деді жас келіншек.
Атын сұрайын деп оқталдым да сұрамадым. (Менің осы осалдығым өмір бойы алдымнан тосқауыл боп тұратын шығар).
«Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім...» — дейді ән. Табақша тозған ба, қырылдап-сырылдап, әуен бұзыла береді екен. Бірақ соның өзінде тек сарынын тыңдау керек сияқты. «Туған жер, енді есен бол» дейді. Онысы анық. Кім ол? Музыкасы... Жүрегім елжіреп,тамағыма бірдеңе тығылып қалғандай жылағым келді. Тістеніп бақтым.
Бірақ әлгі келіншек бәрібір байқап қойды. Енді бірыңғай жарқылдап, ойнақыланғанынан тыйыла қалды. Ойланып бетіме қарады.
«Туған жер, енді есен бол...»
Мынау мен ғой. Тәңіртау... Мыңбұлақ... Күміс бастау...
Жалбыз бастау... Көк көбелек... Сары шымшық... Сиыр-құйрық... Гүлқайыр... Шырмауық шытыр... Көкбас жуа... Киікоты... Көкемарал... Торы тобылғы... Шолпан кебіс...
Көз алдыма бәрі-бәрі келді. Бәрі де бас изеп, қол бұлғап шақырғандай болады. Жүгіріп-жүгіріп жеткім келеді.
Бірақ жатысым мынау. Қотыр қабырғаға қарай бетімді бұрып жаттым. Мен қанша тырыссам да болмай, көзімнен жылжып, жып-жылы жас ақты. Миығымнан ерніме келіп тиді. Тіліммен жалап қойдым. Құдды Айшаның көз жасының дәміндей. Ащы. Мүмкін, бұ да дәрі шығар. Жас келіншек иығымнан тартып, бетімді бері қаратты. Оның да мөлдір қара көздері жасқа шып-шып толып тұр. Енді-енді болмаса тамып кететіндей.
Есік шиқылдап ашылып, үйте біреу кіріп келді. Айша екен десем, Айша емес. Ол қызылшаға кетіп қалған ғой.
Бөкен көршінің өзі екен. Көзі ежірейіп, қасқыр көрген ешкінің көзіндей шақшия қалды. Жас келіншек орнынан ұшып тұрды. Өгей қыз патефонды тоқтата қойды.
— Бұл неғылған жын-ойнақ?! — деп ақырды Бөкен. — Жоғал!
Жас келіншек пен өгей қыз ата кеп жөнелді.
Бурыл бас Бөкен маған ызғарлана бір қарады да, өзі де сынық есікті бажылдата тарс жауып, шығып кетті. Қотыр қабырғаның ар жағынан шаң-шұң дауыс шыққандай болды.
Қотыраш қабырға. Мен — жалғыз. Денем ыситын шығар, иә тоңатын шығармын. Безгек буындырар деп секемденіп едім, жоқ, бойым жеңілденіп қалған сияқты. Жүгері паяны сылдырлатып, қолымменен жер таянып, орнымнан тұруға ұмтылып көрдім. Екі-үш ұмтылып барып, әрең түрегелдім. Көзім қарауытып, басым айналғандай болды. Қатқыл қабырғадан ұстай алдым. Сәлден сон айнала анық көрініп, есім қалпына келді-ау деймін. Алдымен көргенім патефон болды. Ақырын-ақырын, қаз-қаз басып, жанына барып, құлағын қайырып, инені табақшаның шетіне жайлап қойып едім... Сиқырлы, мұңды, терең сағыныш сарын сарнап ала жөнелді. Тіреуге сүйеніп сілейдім де қалдым. Ән: «Қарғама жалғызыңды...» — деп аяқталды.
Бұл менің Аллаға айтқан арызым еді.
Жан-тәніммен, іштен ақтарыла айтылған жалбарыну осы болды.
ЕРУЛІК
Бәрі Құдіреттің күші ғой деп ойлаймын. Қарап тұрсаң бұл тіршілік қарама-қарсы қайшылыққа тұнып қалған сияқты. Жарық дүние кілең жақсылықтан жасалған деп айта алмайсың. Алдыңнан бір жақсылық жарқ етсе, артынша бір жамандық сұңқиып келе жатады. Жап-жарық Күннің соңынан қап-қараңғы Түн келетіні сияқты.
Әйтпесе, патефонда тұрған не бар?
Бәрі сол патефоннан шықты.
Ол бір жағынан мені азабы қалың аурудан аман алып қалған — сыман. Әлгі әннен кейін «Әзірейілдің» беті қайтты-ау деймін. Әйтеуір, безгек қысқанын қойды. Әлде, Айшаның көз жасы дәрі орнына жүрді ме, кім біледі, әйтеуір Алланың мейірімі түсіп, бетім бері қарады. Кәдімгідей қағылезбін. Әлгі әуен кеудемде ыңылдайды да тұрады. Оны ұмытсам, қайтадан қалшылдап құлап қалатын сияқтымын.
Екінші жағынан сол патефонның қырсығы тиді. Шатақкөз Бөкен жас келіншегін сабап тастапты. «Неге сен ана баланын қасына барып жантайып отырсың?» — деген дей ме. «Неге сен патефонды сол үйге апарып ойнатып, ақақаулап күлесің?» — деген дей ме...
Әйтеуір, не керек, жас келіншек жазықсыздан жазықсыз таяқ жепті. Сонда деймін-ау, он үштегі «мұрынбоқтан» қызғанғанда, шатақкөз Бөкен уыздай жас келіншегін басқалардан қалай қорғайды? Құдайға шүкір, бұрынғыдай емес, қазір ауыл толған азамат. Кілең әскерден қайтқан «аш қасқырлар». Әскерге бармаса да, менен гөрі ересек, бозбала, «жас қасқырлар».
Қырғын соғыстан қайтқандардың қылшылдап тұрғаны шамалы. Ақсақ-тоқсағы, шолақтары көп те, он екі мүшесі түгелдері аз. Солардың біреуі Бөпетай атамның үлкен ұлы Тұрғынбек. Жіптіктей көркем жігіт. Сірә, офицер. Өйткені фуражкасы бар. Шинелі де әдемі, өзіне жарасып тұрады. Қызығамын.
Өзгелердікі мыжырайған пилотка, аяғында — обмотка. Сонымен не керек. Айша айтты:
— Қой, бұл үйде тұрып оңбаспыз. Көшеміз, — деді.
— Қайда?
— Үбәйданың үйіне.
— Ол кім?
— Менімен бірге қызылшада істейді. Байы әскерге кеткен. Хабарсыз. Өзіндей ұл баласы, одан кіші қызы бар. Қоржын там ғой. Соның бір жағын босатып беретін болды. Мына тауық тамнан гөрі тәуір.
Айша айтты — болды. Оған қарсы келу жоқ.
Шынымды айтсам, мына қотыр қабырғалы жабайы тамға бауыр басып қалғандаймын. Біртүрлі кеткім келмейді. Өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан жер. Қотыр қабырғадан музыка сыңсып тұратын мекен.
Жас келіншек не халде екен? Атын да сұрамаппын. Айша айтады: содыр шал көзін көгертіп тастапты дейді. Көкала қойдай қылып сабапты дейді. Жынды шығар, қызғанатыны бар, о басыңда өз қызымен жасты қызды алып несі бар?! — дейді.
Кетпейік деп қайтіп айтамын. Қотыр қабырғадан сыңсыған әдемі әуен естіледі деп қайтіп айтамын. Тағы да мені бірдеңе шалықтап кеткен шығар деп ойлап қалар. Айшаны тағы да уайымға қалдырып нем бар, мейлі, өзің біл дедім.
Біз қоныс аудардық. Заман — соққан жел, Біз — қаңбақ. Қайда домалатады, солай аунай жөнелеміз.
Жынды жел айдап келіп тығылған жеріміз, Құдай құтты қылсын, жып-жылы ұядай ғана, шағын бөлме екен. Қабырғалары, төбесі әктелген. Қақ ортада ағаш тіреу.
— Қожайынымыз соғыстың алдында ғана осы үйді салып бітіріп еді, — дейді Үбәйда.
Айша шамалас, бәлкім одан жас па екен, бірақ самай шашы ағарған, екі езуінен жоғары қарай терең сызық түскен, шап-шақ қана кісі екен.
— Келген қадамдарыңа гүл шықсын, — деді Үбәйда. — Кім біледі, құтты көрші болып, біздің хабарсыз кеткен қожайынымыз келер ме екен? Аты — Әбді еді. Елдің кісілері біртіндеп қайтып келіп жатыр. Біздікі жо-о-оқ, — деп күрсінгендей болды үйдің иесі.
Айша не дейді. Не десін. Күткенді, күте-күте зарыққанды Айшадан артық кім білсін?!
— Уайымдай берме, Үбәйда. «Кебенек киген келеді, кебін киген өледі» деуші еді ғой. Қожайының кебенек киіп кетіп еді ғой. Үмітсіз шайтан болсын.
Айша бұдан артық не айта алады? Өзінің Мұртазасы да кебенек киіп кеткен. Бірақ келгені қайда? Қалды ғой шексіз Сібірдің бір түкпірінде. Сүйегін қайдан іздерсің?! Сан жетпес қарағайдың қайсысының түбінде қалды? Сібірдің қарағайын санап шығуға бір адамның ғұмыры жете ме? Жарықтық Жайлау деген кісі айтады екен:
— Мұртаза: «Мыңбұлаққа жетіп өлсем арманым жоқ», — деуші еді деп. Айшаға айтқан ғой. Жайлау —-Түркібастың Тау — Шілмембеті. Сібірде айдауда Мұртазамен бірге болған көрінеді.
Адамның сүйегі қайда қалады — бәрібір емес пе? Баяғыда менің әкем сияқты бір бейбақ: «Айдасаң — айда Сібірге. Сібір де өзіміздікі!» — деген екен.
Демек Сібір бөтен жер емес қой.
Бөтен емес. Баяғыда бабаларымыз Байкөл теңізіне дейін көшіп-қонып жүреді екен. Досмырза мұғалім айтқан. «Сібірдің Көшім деген ханы болған. Әкесінің аты Мұртаза», — деп маған бір қарап қойған. Сол сәтте кластағы балалардың бәрі маған сұқтана көз қадап қалған. «Сен сол Мұртазадан қалған бір тұяқ емессің бе?» — деген Досмырза мұғалім қуақылана күліп. «Менің әкем Мұртаза да сол Сібірге кеткен», — деп қалдым мен абайламай.
Сөйтсе, сол Көшім ханмен Ермак деген қарақшы соғысыпты. Зеңбірегі бар екен. Зеңбіректің күшімен Сібірді жаулап алыпты. Сөйтіп, біздің бабаларымыздың Байкөлге дейін мал айдап, көшіп-қонатын жолы қиылыпты. Әйтпесе, ағайдың айтуынша, бабалар Саян тауына дейін жайлап, Мың — Үйсін ойпатына дейін қоныстайды екен.
— Бұл программадан тыс әңгіме, — деп қоюшы еді директор Досмырза, білсең де болады, білмесең өз еркің дегендей. Үбәйда кешке жұмыстан қайтқан соң, бізді шайға шақырды.
— Ерулік, — деп күлді. — Ата-бабамыздың салты ғой, жоралғы. Әйтпесе, қай бір шай дейсің.
— Шын көңілмен берген қара су шербеттен де тәтті, Үбәйда-ау, — деп Айша қостады. — Құдай тілеуіңді беріп, мына Қуаның мен Назымыңның қызығын гөр.
Айша осы жерде бір мүлт жіберіп алды. «Қожайының аман келсін» деп айта қоюы керек еді. Әлде аузына Құдай салмады, әлде өз қожайынынан күдер үзген әдет пе, кім білсін, айтпады.
Қуан — мен тұрғылас бала екен. Менен бойшаңдау болар. Бірақ тырыли арық. Көзі бақырайыңқырап қалған. Көзінің қулығы жоқ. Тап-таза. Түбінен жан-жүрегі көрініп тұрғандай. Менің алдыма жүгері нанды сындырып-сындырып қойып жатыр. Жүгері нан үзуге келмейді. Жүгері нанды сындырады.
Назым біздің Құрмаштан кішілеу шығар. Шай құйып отыр. Жасына қарамай, еліктің лағындай сүп-сүйкімді, елеңдеп, елпілдеп тұр. Сол келбетіне, сол әдепті отырысына қолындағы пияла-шәйнек жараспайды-ақ. Пиялалар да, ақ шәйнек те құрақ-құрақ. Сымтемірмен құрсаулап тастаған.
Қозға пісірген қызылша бордақы жылқының бес елі қазысынан кем емес. Бу да сап-сары, қазыдан артықшылығы — шырыны бар. Кертіп жеп отырмыз.
Бізге әйтеуір солай көрінеді. Әйтпесе, қазы қайда, қызылша қайда? Айша айтпақшы: «Пішту!» Біздікі биіктегі етке жете алмаған мысықтың: «анау еттің сасығын-ай» дегені сияқты бір далбаса ғой.
Жегеніміз — жүгері нан. Оны бұл жақтың қазақтары «зағара» дейді екен. Асағанымыз — қозға былбырап піскен қызылша. Ішкеніміз — шөп шәй. Бұдан артық не керек? Құдайдың мұнысына мың тәубе!
Ерулік салтанаты осылай өтті.
Қуан — бауырмал. Бірден:
— Мектепке қашан барасың? — деді.
— Мен... бара алмаймын ғой?
— Неге?
— Аурудан жаңа тұрдым. Әлі қайталауы мүмкін.
Қали атам апама айтады: «Балаң әбден әлсіреп қалған. Әзірше үйде болсын. Шамаң келсе, күшті ауқат бер», — дейді.
Қуан ойланып тұрып-тұрып.
Бір жылың босқа кетеді ғой, — деді.
— Өзі де бір жылым артық еді. Жездем болмай, Молотовтың мектебіне мені бір класс аттатып кіргізіп жіберген. Мыңбұлақта бесінші класта едім ғой. Содан көшіп келген соң, бірден жетіншіге отырғызды. Алтыншы класты аттап кеттім. Соным бекер-ақ болған екен, енді мынандай болды. Қолымда куәлігім де жоқ. Оны алу үшін Молотовқа баруым керек. Мына түріммен қазір бара алмаймын.
Қуан маған жаны ашып, мені аяғандай, бадырақ көздерін кіреуке шалып, мені құшақтап, арқамнан қақты.
— Ничего, — деді жұбатып. Орысша біледі екен. Қалаға жақын ғой. Өзі осы Бектөбе мектебінің сегізінші класында оқиды екен. Қалаға күнара қатынап тұрады екен. Неге десең, шешесі Үбәйда мен қарындасы Назым қаладағы фабрикадан жүн алып, колхоздың жұмысынан соң түнделетіп жіп иіреді екен. Иірген жіпті Қуан сабақтан соң фабрикаға апарып өткізеді. Ақысына нан береді екен. Кәдімгі бөлке нан! Тағы да жүн алып қайтады. Тағы жіп өткізеді. Тағы да — бөлке нан! Рахат.
— Давай, сен де жүр, — деді Қуан менімен баяғыдан таныс адамдай жатырқамай. — Қала жақын ғой, фабрика Атшабардың бер жағында. Жақын. Барып жүн аласың. Апаң мен Құрмаш иіреді. Екеуіміз қалаға барып нан алып қайтамыз. Мақұл ма?
— Жүнді көрінген адамға бере бере ме екен?
— Ой, колхоздан справка аламыз. Болды. Апаң колхоздың мүшесі ғой.
Сонымен, Құдай қаласа, нанға тоятын болдық. Кешке Айша жұмыстан келгенде осылай да осылай деп едім:
— Қайдам. Үбәйдадан сұрайыншы, — деді. Барып, сөйлесіп, қайтып келді.
— Қалаға барып қайтуға сен жарайсың ба? Әлі әлің кірген жоқ қой.
— Иә, Қуанмен ілесіп барамын ғой, ештеңе етпейді. Қайта жата бермей, қимылдаған жақсы дейді ғой.
Айша көнді. Мен Қуанға ілестім.
Бектөбенің шығыс жағындағы Қоралас ауылынан өте бергенде-ақ қарауытып қала көрінеді. Қала дегенің қалың орман сияқты. Алдымен зау теректердің төбесі көзге көрінеді. Ауыл мен қала арасында — қара жол. Арба қатынайды. Көбінесе көретінің жаяу адамдар.
Біз де жаяумыз. Алдымызда — Әулиеата. Түстікте — Қаратау, одан ары асқақ Тәңіртау. Қаратау — Тәңіртаудың қара белдеуіндей болып жатады.
— Соно-о-оу көрінген Манас шыңы, — деймін мен Қуанға, қолымды шошайтып. — Соның батыс жағында тағы Қос Өркеш тұр ғой, көрдің бе?
— Иә, иә, көрдім, — дейді Қуан керемет көргендей жадырап.
— Көрсең, сол Қос өркештің бірінші өркешінің астынан Көксай өзені, екінші өркешінің бауырынан Ақсай өзені ағып жатыр. Біздің ауыл Ақсайдың аңғарында. Мыңбұлақ!
— О-о! — дейді Қуан таңдайын қағып. — Алыс, ә?
— Алыс қой. Әйтпесе, мен кетіп қалар едім.
— Ничего, — дейді Қуан. — Жазда барасың ғой. Оған дейін ақша табамыз, — деп менің жүдеу киіміме көз тігеді. Қулығы жоқ. Ойында не бар — жасырмай айта салады. Менің мына түріммен өз ауылыма бара алмайтынымды о да сезеді. Өте сезімтал. Қас-қабағыңа қарап, не ойлап, нені уайымдап тұрғаныңды біле қояды. Сөйтеді де, көмектесіп жіберуге дайын тұрады.
Қалаға кіреберістегі Қарасудың жарлауытынан түсіп, шаһарға да іліндік.
Бұл маған таныс көше. Былтыр осы жолмен мені Шолпан апам Зибаға алып барған. Астымда Оңғарбай атамның көк әңгі есегі бар еді... Ойық көшесі әлі есімде. Бірақ енді Зиба жоқ. Несіне барамын? Енді мені онда аймалап, «айналайын» дейтін кім бар дейсің?!
Осындай ойлардың ми батпағын кешіп келе жатып, жүн фабрикасына жетіп қалыппыз.
Қуан бастап, фабриканың қорасына да кірдік. Жеңіне қызыл шүберек байлаған дәу сары қатын қақпада тоқтатып, қағазымызды тексереді. Қуанды бұрыннан таниды екен, маған көп шұқшиды.
— Қарапшик нету? — деді.
— Нет, нет, — деп Қуан шыр-пыр болып, араша түсті.
Сөйтсем, мені ұры емес пе деп сұраған екен.
Қырсығым ұстаңқырап, ауылдағыдай ауыз толтырып бір боқтайын деп тұрдым да, бәрібір қазақша түсінбейді ғой деп қоя қойдым. Ал орысша боқтауды әлі үйренген жоқпын ғой.
— Қуан, — дедім.
— Не? — деп елең ете қалды. Тым елгезек.
— Орысша не деп боқтайды?
— Оны неғыласың?
— Әшейін білейін дегенім ғой.
— Әуелі боқтауды емес, мақтауды үйрен. Жаңа ана әйелге «хорошо, тетка, хорошо», — десең, дереу жібере салар еді.
— Мен оны боқтағым келді. Орысша білмеймін.
Қуан ішек-сілесі қата күлді дейсің. Тіпті аузының азуына таман сойдақтау тісіне дейін көрінді. Содан соң үлкендерге ұқсап:
— Боқтампаз болма, — деді. — Зиян болмаса, пайда жоқ.
Фабриканың қақпасынан мен бір дорба, Қуан бір дорба жүн арқалап шықтық. Қуанға тағы бір жарым кірпіш бөлке нан берді.
Жарықтық бөлке нан. Иісі аңқып барады. Сілекейімді жұтып келемін. Құдай тілеуіңді бергір Қуан соны сезді ме, жоқ әлде өзі де жегісі келді ме, жарты кірпіш нанды бөлек шығарып, қақ бөлді де, бір бөлігін маған ұстата берді.
— Ой, көп қой, — деп басымды шайқап едім.
— Ал, — деді.
Жақын жерде бір әйел «морс» деген тәтті су сатып тұр екен. Қуан қалтасынан шақа шығарып, екі кружке морс алды. Сол жерде нанды бұралақтап жеп, морсты ұрттап қойып, әй бір рахатқа баттық дейсің.
— Келесі жолы нан да, морс та менен болсын, — дедім.
— Достар арасында сауда жоқ, — деді Қуан.
— Мейлі, ер мойнында қыл арқан шірімес, — деп қойдым мен үлкендерден естігенім есіме түсіп.
Қуан таң қала қарап, күліп қойды. Күлгенде ерекше жадырап кетеді екен.
— Енді Атшабарға барамыз, — деді Қуан.
— Онда не істейміз?
— Мына нанды сатамыз.
— Сатқаны несі? Жемейсіңдер ме?
— Үйде зағара нан бар ғой (жүгері нан дегені).
Атшабар маған таныс. Былтыр Зиба әпкеме барып жатқанда, Шолпан апам осы Атшабардың мал базарынан Тастанбек деген кісіні іздеп, Зибаның адресін сұрап алған. Сонда мен мінген Оңғарбай атамның көк есегіне екі өзбек бала бүгелек салып, мөңкітіп, мені әбден әлекке салған. Мазақтап күлген. Мүмкін, тағы да кездесіп қалар. Дорбадағы жүнді тартып алмаса болды.
Менің үркектеп келе жатқанымды сезген Қуан:
— Қорықпа. Қайта басқалар бізден қорықсын, — деді.
Қуанның бір кірпіш бөлке нанды дорбадан шығаруы мұң екен, құмырсқаның илеуіндей базар құжынап келіп, бізді бас салды. Қуан бұлқынып, әрең дегенде шетке шығып, бір қоңқақ мұрын, әтір сасыған, киім — басы шырттай, құлағында алтын сырғасы әткеншек ойнап тұрған, саусақтары жүзікке толы әйелге нанды өткізді-ау. Қобыратып көп ақша алды.
Енді біреулер:
— Нан Сатасың ба?
— Наның бар ма? — деп менің жүн салған дорбамды жұлқылай бастады. Әрең сытылып былай шықтық.
— Міне, бауырым, «алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген осы, — деді Қуан уысындағы ақшаны реттеп, қаттап, ышқырындағы ұры қалтаға тығып тұрып.
— Онда ақшаның керегі не? Нанды неге саттың?
Қуан мені баласынғандай мырс етіп:
— Киім-кешек те керек қой, — деді.
Сөйте-сөйте, бұл кәсіпті мен де үйрендім. Бір дорба жүнді Айша мен Құрмаш бір түнде иіріп шықты. Қуан екеуіміз фабрикаға тағы бардық. Жіп қабылдағыш әйел менің өткізген жібімді тарқатып көріп: «хорош, хорош», — деді. Қуанның үйреткені есіме түсіп, мен де: «хорош, тетка, хорош», — деп қойдым.
Маған бір жарым емес, екі бөлке нан берді. Ат басындай алтын тауып алғандай, қуанғаным-ай сонда.
Сөйтсем, жіптің сапасына қарайды екен ғой. Ал Айша мен Құрмаш иірген жіп мәшинеден шыққандай екен.
Бір жағынан ыңғайсызданып та қалдым. Қуанға бұрынғыша бір жарым бөлке берді. Бірақ Қуан қуанбаса, қызғаныш білдірмеді.
— Көрдің бе, — деді көзі жайнап, — ісін, сәтті басталды. Сөйтті басталған іс — тәтті.
— Тәтті демекші, морс ішпейміз бе? — дедім. — Мына нанның біреуін бөлейік. Пышағың бар ма?
— Жоқ, — деді Қуан. — Бүтінді бүлдірмейік. Одан да менің жарты нанымды жейік.
— Өй, ол қалай болады? Ұдайы.
— Жә, айтыспа! — деп үлкендік танытты Қуан.
Сол күні мен Айшаға бір көйлектік көкшіл шыт мата, Құрмашқа қызыл-жасыл кәсинкә, Батырханға — мәйке алып келдім.
Айша байғұс қуанғаннан жылап жіберді. Тіреудің түбіне отыра қалып:
— Айналайын, аруақ! Көк Тәңір! Жеткергеніңе тәуба! — деп кемсеңдеді.
— Көрген қорлығым, кешкен азабым бір күнгідей болмай ұмытылар ма екен. Құдай Барсханымды аман қыла гөр! Құрмашым мен Батырхан жәутігімді аман қыла гөр!
Көкшіл шыт матаны, күс-күс алақанымен қайта-қайта сипалап, дәл Меккеден жеткен тәбәріктей маңдайына тәу етіп басты.
Іші-бауырым уылжып барады. Адам баласын бақытты ету үшін Аспандағы Айды ерттеп мініп, жұлдыздарды жетектеп келу шарт емес екен. Нысап пен нәпсі бар. Нысап — тойым, нәпсі — тойымсыз. Құдай тойымсыздан сақтасын.
ШОЛАҚТАУ — КЛОНДАИК
«Аузың аққа тигенде, мұрның қанасын!» — деп қарғапты баяғыда бір сұңғыла кемпір жек көрген адамын.
Мұндай қарғыстың бізге қандай қатысы бар еді?! Біз не жаздық? Ешкімге залалымыз тиген жоқ. Ешкімді алдап-арбап, ұрлық жасаған жоқпыз. Не күнәміз бар?
Қуан екеуіміз жүн фабрикасына келесі жолы барғанымызда «хорошая тетка»:
— Жоқ! — деді. — Енді келмеңдер.
Сөйтсе, фабрика жүн иіретін машина сатып алыпты. Әлде өкімет берген бе, әйтеуір енді қолдан жүн иіру тоқтатылыпты.
Бірер ай рахатын көріп, кәдімгідей қаужаңдап қалып едік. Мен жылы, мақталы фуфайка, аяғыма рабочий бәтіңке сатып алып едім. Үйдегілер де «битін» бір төгіп қалған. Айша мен қаладан қайтқан сайын Құдайға құлдық ұрып: «Тәуба! Тәуба!» — дейтін.
Ендігі тапқан ақшаны жиып-жиып, патефон сатып алмақшы болып жүр едім.
Енді қайттік?
Қуан айтты:
— Давай, отын шауып сатайық, — деді.
— Ол не тағы?
— Е, мына Қызыладырда жусан көп. Соны кетпенмен қыршып, баулап-баулап, есекке артып, Атшабарға апарып сатамыз.
— Давай.
Атшабарда отын тез өтеді. Сәли атамның есегіне теңдеп-теңдеп, бір жағына бес бау, бір жағына бес бау артсаң, он бау жусан — әжептеуір ақша.
Қуанның өз есегі бар.
Бірақ мұны да Құдай көп көрді. Күн райы бұзылды да, желтоқсанның аяғында Қызыладырды қалың қар басты да қалды. Жусанның төбе шашы ғана көрініп, көзімізді мөлитіп қойды. Қар астында қанша ақша қалды десеңші... Патефон қалды.
Қуан қысқы каникулге шықты.
— Енді не істейсің? — дедім.
— Библиотекадан кітап алдым. Соны оқимын. Қолыма алып көріп едім, «Ақ азу» деген кітап екен.
— Оқып болған соң маған бересің бе?
— Бітейін деп қалдым. Берем ғой.
Ертесіне мен де оқып шықтым. Аляска дегенді бұрыннан білетінмін. Жағырапия сабағында мұғалім айтқан.
Енді сол Аляска алдымнан шықты. Алтынға бай екен. Әсіресе Клондаик деген жерде алтын жердің бетінде жататын көрінеді. Дәлірек айтқанда, бұлақтың түбінде. Құмды шайып-шайып, арасындағы алтын тарыларын қайырып алады екен.
Майшамның жарығымен кітапты оқып болып, көпке дейін ұйқым келмей, түбі жоқ терең-терең ойларға батып жатырмын.
Осы Шолақтауда да бұлақтар бар шығар. Адамдар құм шайып, алтын табатын шығар.
Ал біздің Тәңіртаудың баурайы толған бұлақ. Бірақ алтын бар дегенді естіген емеспін. Әлде жұрт білмей жүр ме екен.
Шолақтауға барып қайтса қайтер еді? Баяғы протез қолды дәуді тауып алсам. Сол айтып еді ғой: Шолақтаудан алтын қазамыз деп. Таңертең тұра салысымен Қуанға:
— Давай, Шолақтауға барып қайтайық. Ақыры каникулде жүрсің ғой, — дедім.
— Онда не бар? — деді Қуан көзі бақырайып.
— Алтын бар!
— Какой алтын? Фосфор бар!
— Фосфор? Ол не?
— Ана біз жусан шапқан жердің ар жағында салынып жатқан зауытты көрдің ғой?
— Иә.
— Вот, сонда фосфор шығарады. Шолақтаудан тасиды.
— Оны не қылады?
— Неғылушы еді, тыңайтқыш, қопарғыш дәрі шығарады.
— Ой, арасында алтыны да бар шығар, маған сонау көктемде бір кісі айтқан.
Қуан иығын қиқаң еткізіп, жерге сыздықтата түкірді:
— Черт знает, бар боса, бар шығар. Бірақ одан не пайда?
— Барсақ қайтеді? Ақыры не бітіреміз?
Бадырақ көзін бақырайтып, күліп қояды.
— Бағымызды сынап көрейік. Әлгі кісіні тапсақ көмектесер. Өзі айтқан...
— Не деп?
— Кел Шолақтауға, жұмыс істейсің, ақша табасың деген.
— Е, он күн каникулдың ішінде не табамыз?
— Барып, біліп қайтайық. Болса, жазғы каникулда барып істейміз.
Қуан енді ойланып қалды.
— Тым құрыса, патефон алып қайтар едік, — деймін мен Қуанның иліге бастағанын байқап.
Қуан қарқылдап күлді. «Патефон, патефон!» — деп қойды ара-арасында.
— Өй, патефон жақсы ғой. Музыка, ән...
Айтпақшы, әлгі патефонның әлегі ме, кім білсін, Бөкен шалдың жас келіншегі кетіп қалыпты. Оны мен Айша мен Үбәйданың әңгімесінен естідім. Екеуі бір самауыр шәйді ортаға алып, сораптап ішіп отырғанда, мен «Ақ азуды» оқып отырғанмын. Екеуінің әжік-күжік әңгімесіне зер салмастан, Ақ азудың неше алуан қызығына түсіп кетсем керек, сонда да кенет Айшаның:
— Байғұс, Зияда бағынан көреді де, әскерден жастар оралып жатыр ғой, тесік моншақ жерде қалмас, — дегенінен селк ете қалдым.
— Е, бірақ байдан шыққан деген аты жаман да, әйтпесе бұйырғаны болады да, — деп Үбәйда қостады.
Зияда екен ғой аты. Қайда кетті екен, төркіні қайда екен? Осылай деп біраз жатып, қайтадан кітапқа үңіліп едім, Ақ азу Зияданы ұмыттырып жіберді.
Клондаик менің миымды шырмай бастады. Жер түбіндегі Алясканы үйде жатып-ақ аралап жүрмін. Өзім де қиял мұхитын кешіп, неше алуан кедергілерден өтіп, ит жеккен шанаға мініп, ақ бұлдырық аулап, алуан-алуан ойлар басымда ойнақ салады.
Кітаптың құдіреті ғой. Сені ол қайда апармайды, кімдермен таныстырмайды?! Үйде отырып-ақ көз көрмеген, құлақ естімеген дүниенің нешеме түкпірлерін шарлап шығасың. Жолында жақсы да, жаман да кездеседі. Азуы алты қарыс бульдог шайнаған Ақ азуға жанын ашып, қараптан қарап жатып, қаның қайнайды.
Ақ азу дәл қазір қиналып, жанталасып жатқандай: «сол жеңсе екен» деп алыстан тілеуқор боласың.
Әне, кітаптың құдіреті мен әлегі. Шіркін, осындай бір кітап жазып, содан соң өле кетсең де өкініші жоқ деп қоямын. Дүниеде Джек Лондоннан асқан жазушы жоқ сияқты сонда маған.
Сірә, Қуан да осындай әсердің әлегінде қалса керек, «Ақ азуды» айтсаң болды, ұңғыл-шұңғылына дейін талдап, тақпақтап, елеріп кетеді.
Сондықтан шығар:
— Шолақтауға барсақ-барайық, — деп өзі бастады. — Неміз кетеді, көріп қайтайық.
О басында тайраңдап бұл әңгімені өзім бастасам да, тапа-тәнде тосылып қалдым.
Қыстың көзі — қырау. Жаяу жете алмаймыз. Ит жеккен шанамыз да жоқ. Есек?.. Жоқ. Оған шоп керек, жем керек. Пойыз?
Мінгізе ме, мінгізбей ме? Пойыз? Әрине, пойыз. Басқа жол жоқ.
— Билетке ақшаны қайдан табамыз? — деді Қуан.
— Станцияға бара көреміз. Бір амалы табылар. Болмаса қайтып келеміз.
Айшаға айтып кету керек. Әйтпесе әбігер болар.
— Апа, — дедім. — Мен Қуан екеуміз Молотовқа барып келеміз.
— Е, онда не бар? Молотовтан ауырып қайтып, әрең аман қалғаның есіңнен шығып кетті ме?
— Мектептен куәлік алуым керек қой. Жетінші класс бітірді деген.
— Биыл бәрібір оқудан қалдың. Келер жылғы күзге дейін қайда-а-а. Жазда, күн жылыда барсаң да болады. Қыстың көзі қырауда қайда барасың?
— Иә, Қуан каникулде. Екеуміз барамыз.
— Көлігің де жоқ. Жаяу қайтіп жетесің?
— Ауырып, безгек қысқанда да жаяу жеткенмін.
Осы сәтте, тілеуіңді бергір, Қуан келе қалды.
— Ой, апа, қам жемеңіз, пойызбен барамыз, — деп жадырай күлді Қуан.
— Пойыз? Ойбай, құдай, ол жаққа пойыз жүруші ме еді? — Айша секемдене бастады.
— Жүргенде қандай. Шолақтауға дейін барады, — деді Қуан сенімді үнмен.
— Қайдам, шырақтарым, пойыз басып кетіп жүрмесін тағы...
Сонымен, не керек, мата қалтаға зағара нан, құрт салып алып, тәуекел деп тартып тұрдық.
Көшеде Шолпан апам мен Сәли атам тұр екен:
— Екеулеп қайда барасыңдар? Жүн пәбірік ашылып па? — деді Шолпан апам.
— Жоқ, фабрика енді жүнді өзі иіретін болыпты. Біз жәй қыдырып барамыз, — дедім мен.
Сәли атам аппақ қасы көзіне түсе күлімдеп:
— Жігіт қой екеуі де, — деп қойды.
— Е, қаладан қыз айттыруға бара жатыр десеңші, — деп Шолпан апам да күлді.
— Е, Құдай аман қойса, жігіт болды ғой бұлар, — деді Сәли атам соңымыздан қарап тұрып.
Қаланы қақ жарып, вокзал көшесімен бойлап отырып, станцияға да жеттік-ау. Жолды білетін Қуан. Әйтпесе, мен адасып кетемін ғой. Вокзал басы ығы-жығы. Ішіне кіріп көрсек-залдың аузы-мұрны тола адам. Арқалығы биік ағаш креслодан орын тигендер бақытты. Еденде көсіліп жатқаны қанша?
Қолаңса, терінің иі сияқты иістен тұншығып кеткендей болдық та, перронға шықтық. Айқасып-айқасып, сіресіп тұрған вагондар.
— Шолақтау пойызы қайсысы? — деп сұраймыз өткеннен де кеткеннен де. Иықтарын қиқаңдатады. Ешкім жөнді білмейді.
— Ол қай Шолақтау? — деп өзіңнен сұрайды.
«Алматы-Москва», «Ташкент-Новосибирск» дегендер бар, «Шолақтау» жоқ. Біздің шарқ ұрып, Шолақтау пойызын іздеп жүргенімізді байқаған, өзіміз тұрғылас, көзі бақырайған бір қара домалақ бала:
— Немене, Шолақтауға барушы ма едіңдер? — деді жанымызға жақындап.
— Иә.
— Иә.
Маңырай жауап бердік.
— Мен де сол жаққа барамын. Жүруіне әлі бір сағат бар. Анау түпикте тұр, — деді.
«Түпигі» несі деп ары-бері қарадым. Менің түсінбей қалғанымды сезген ол:
— Тұйық жолда тұр, — деп тәптіштеді. — Таныс болайық. Менің атым — Уәли, — деді екеумізге де кезек-кезек қолын ұсынып. Тығыршықтай неме екен, қолы кемпірауыздай қатты. Жасына қарамай қасы дүрдиме, қалың, киіз жапсырып қойғандай.
— Қуан, — деді Қуан туған бауырын көргендей елпеңдеп.
— Барсхан.
Екеу едік, үшеу болдық.
— Ағам Шолақтауда. Каникул ғой. Соған... — деп ыржиды Уәли.
Бұл бақытты. Ағасына бара жатыр. Алаң болмай ат басын тірейтін жері бар. Ал біз қайда тоқтаймыз? Протез қолды, қара дәуді таба аламыз ба, жоқ па?
Сұрақ қанша — күдік сонша. Сонда да құлшынып тұрмыз. Шешінген судан тайынбайды деген бар.
— Билет алдыңдар ма? — деп сұрады киіз қас Уәли. Қуан екеуміз қуыстанып, бір-бірімізге қарадық.
— Жоқ, — деп ебедейсіз күлді Қуан. Мен үндемедім.
— Е, «заяц» екенсіңдер ғой, — деді Уәли бізге біртүрлі шүбәлана қарап. Күмәнданып, қатты ойланғанда киіз қастары бірігіп, ортасынан терең сызық пайда болады екен. «Заяц» дегеніне түсінбедім. Қуаннан:
— О не? — деп сұрадым.
— Қоян, — деп күлді Қуан. — Пойызға билетсіз мінгенді «заяц» дейді.
«Қап, мынаның қорлағаны-ай» деп қойдым ішімнен. Үстінде теміржолшылардікіндей қара шинелі бар. Сірә, бойына шақтап, етегінен қысқартқан болуы керек. Өйткені артқы жырығы шолтиып, сары жез түймелі белдігі құйымшағына түсіп тұр. Бірақ кеудесі кең. Тұрқына қарағанда — шымыр. Әйтпесе, әлгі «заяц» деп қорлағаны үшін алыса кетсем бе деп едім.
— Сірә, ақшасыз қусыңдар ғой, — деп қойды Уәли бұрынғысы аздай. — Ничего, бір амалын табамыз. Маған да жолдас керек.
Мақтаншақтау ма, қалай? Сәл шолжаңдау сияқты. Мақтана сөйлегенде сыңар езуі созылыңқырап кетеді екен.
Сөйтсе, ағасы Шолақтау темір жол станциясының бастығы екен. Ал ойнап көр қызыл арақпен. Шолақтау пойызының бастығы дәл өзі сияқты.
— Проводникпен өзім сөйлесемін, — деді Уәли бір езуі қисайып. Сонда мен оның «заяц» деп қорлағанын ұмыта бастадым. «Мынау сүйкімді ғой» деп қойдым.
Айтса айтқандай, «қарадомалағым» жарады. Бізді анау-мынау емес, көк вагонға кіргізді. «Проводник» дегені вагонның қожасы екен, ұзын бойлы, солпиыңқыраған біреу. Уәли айтты-болды, бізге:
— Кіре беріңдер, — деді.
Бір қызығы, бұл пойызда көк вагон біреу-ақ, басқасының бәрі жайдақ платформа. Оларға не тиелмеген дейсіз: қатар-қатар қызыл кірпіш; жуан-жуан қарағай, толып жатқан темір-терсек... Паровоздан кейін іле-шала екі қызыл вагон тұр. Біреуі «вагонзак», екіншісі — пошта вагон. «Вагонзак» дегеніне түсінбеп едім, сөйтсем қамақтағы адамдар екен. Терезелерін торлап тастапты. Штыкты мылтық ұстаған екі әскер ары-бері теңселіп жүр.
Атан түйенің беліндей жуан-жуан қарағай тиеген платформалардың тұсынан өткенде, сап етіп әкем Муртаза есіме тусті.
Айша айтатын: «әкең Сібірде қарағай кескен», — деп.
Содан шығар, мына қарағай бөренелер көзіме біртүрлі жылы ұшырап көрінді. Бірақ Айшаның: «әкең баяғыда-ақ бір қарағайдың түбінде қалған», — дегені есіме түсіп, көңілім құлазып сала берді. Шайыр иіс Сібірдің сәлеміндей сасыды.
Менің қарағайлы платформаларға қарайлап қалғанымды көріп, Қуан артына бұрылып:
— Жүр, жүр! Бол! — деп асықтырды. Менің басымда қай алуан суреттер сапырылысып жатқанын Қуан қайдан білсін:
— Немене, қарағай көрмеп пе едің, — деп таң қалды.
Мен үндеместен соңынан ілесе бердім. Көк вагонға кірмей-ақ, қарағай тиеген платформаға мініп алсам болар еді... Мүмкін, бөренелер сыр шертер ме еді...
Жолаушыларға арналған жалғыз көк вагонның ішінде ине шаншар жер жоқ-ау, сірә. Көкала түтіннен адамдар тұман арасынан көрінгендей елес береді. Шетінен шылым шеккіштер ме, немене? Мүңкіген бірдеңе. Шұлғау сасиды. Үш қатар сәкілердің біреуі бос емес. Гармошка тартқан, барылдап өлең айтқан әлдекімдер.
Тәңір жарылқағыр, Уәлидің проводнигі үшеумізді өзінің «служебный» деген жазуы бар купесіне кіргізді. Жып-жылы екен.
Бірақ тарының қауызындай тар. Үшеуміз иін тіресіп, әрең сыйысып отырмыз.
Проводниктің аты Тайлақбай екен. Бізге ыстық шәй берді. Кішкентай үстелге қалтадағы зағара нанымызды шығарып қойып, қоқиып отырмыз. Біз кімнен сорлымыз дегендейміз.
— Қаймақ қатпаған шәй берді деп сөкпеңдер, — деді Тайлақбай. — Ал, кәне, мына Уәлиді танимын. Біздің бастықтың бауыры. Сендер кім боласыңдар? — деп Қуан екеуімізге көзін тіктеді. Атымызды атап жатырмыз.
— Оқисыңдар ма?
— Оқимыз, — деп Қуан әбжіл жауап берді.
— Оқу қайда?
— Каникул ғой.
— А-а, каникул екен ғой... Шолақтауда не шаруа?
— Жәй, — деп Қуан маған қарап ыржиды.
Мен қысылып отырмын. Сөйлемеуге тырысамын. Сөйлесем қылмысымыз ашылып қалатындай. Біртүрлі ыңғайсыз. Айыпты адам сияқтымын.
— Жайдан жай, бұл қай жүріс? — деп шұқшиды проводник. — Таныстарың бар ма?
— Ба-а-ар, — деді Қуан сенімсіздеу тіл қатып, тағы да маған қарап. Енді сөйлемеуге болмай қалды.
— Дәулет деген кісі. Оң қолының протезі бар. Мүмкін, білетін шығарсыз? — деп қойдым.
— Тоқта, тоқта. Қай Дәулет?
— О да теміржолшы... Көпір жөндеген...
— Көпір? Қай көпір?
— Көктемде, су тасығанда көпірді жұлып кетті ғой.
Тайлақбай иығын қиқаң еткізді.
— Бір қолы жоқ болса, көпірді қайтіп жөндейді?
— Ой, бастық қой!
Даусым қаттырақ шығып кетті. Немене, сонша қазбалап сұрайды. Қуан да күмәнданғандай бетіме бағжия қарап қалыпты.
— Ондай бастықты естіген жоқпын, — деді Тайлақбай. — Мейлі. Ол кімің болады?
— Кімім... Көктемде көпір бұзылғанда сол айтқан...
— Не деп?
— Шолақтауға кел. Алтын бар. Ақшаны күреп аласың деп...
Тайлақбайдың ауызы аңқиып қалды. Вагонда у-шу көбейді.
Гармошкаға қосылған біреу зор дауыспен барқырап: «Сакроменто — край богатый, Золото гребут лопатой», — деп сарнады дейсің бір. Тайлақбай қарқылдап күліп жіберді.
— Әне, анау аузы түкті орыс та дәл сен сияқты, — деді. — Түсіндің бе не деп оттап отырғанын?
— Қайдан білейін, «золото» дейді ғой, — дедім булығып.
— Алтын дейді, алтынды күреп аламыз, — дейді.
— Ой, орыс айтса, білетін шығар.
— Ат басындай алтын бар дейді.
— Шолақтау — Аляскадағы Клондаик сияқты дейді ғой, — деп бұл шатасқан әңгімеге Қуан кірісті. Сірә, мені аяп кеткен болуы керек. Маңдайымнан тер шып-шып шықты. Мақталы купайкемді шешейін десем, сығылысып отырмыз, ыңғайсыз.
— Е, Джек Лондонды оқыған болдыңдар ғой, — деп енді Уәли тіл қатты. Гармошка сарнады. Зор дауыс тағы да:
Чулактаука — край богатый,
Золото гребут лопатой, — деп бұл жолы Сакроментоны «Чулактаукаға» ауыстырды.
Вагон толы адам ха-ха-халап күлгенде пойыз рельстен шығып кете жаздады.
Бүкіл вагон мені келеке етіп күліп жатқандай көрінеді маған.
Әлде ыза, әлде наза — ішім әлем-жәлем, көңілім пәс тартып, алдамшы дүниеден түңілгендей, теріс айналып, кірлеген терезеге қарадым. Қарағай бағандар пойызбен жарысқандай болып көрініп, ол да көзді алдап, кезек-кезек қалып қойып жатыр.
Кенет шағын ақ үйдің маңдайшасына қағылған «Жұма» деген жазуды көзім шалып қалды. Көктемде көргенімде жалғыз шатыр еді. Енді үй тұрғызып қойыпты.
«Жұма» бекеті. Маған көк сиырды бермей қойған кішкентай ауылды іздеп, құм шағылды тінткіледім. Кір терезеден көрінбеді.
«Қап, Молотовтан өтіп кетіппіз-ау», — дедім. Молотовтың ақ үйлі мектебі. Ақ мешіт интернаты. Оның ығындағы кішкентай жатаған там. Сол үйде қыстай қысылып Зиба жатқан. Зиба...
Бөкен шалдың қотыр қабырғасынан сыңсыған ән менің кеудемде уілдеп тұр. «Туған ел, енді есен бол-а-а-ай».
Көкірегім гуілдеп, ішім уілдейді. Өзімнің кеудеме өзім құлақ түрейін десем, даңғаза жолаушылар дарылдап, мастар арылдап естіртпейді. Мас вагон. Ары-бері бұлғақтайды. Көк вагон пойыздың ең соңында. Сондықтан да құйрық вагон жолдан шығып кетердей шайқалады. Бәрі сағым, атасына нәлет! Көктемде, жазда осы Шолақтау жақтан жалқын сары өзен ағып, алтын айдаһар бүктетіліп жатқандай болатыны қайда? Протез қолды қара дәу: «Шолақтауда алтын қазамыз» дегені қайда? «Алтын деген тау-тау болып үйіліп жатыр» дегені қайда? Дардай кісі де жас баланы сөйтіп алдай ма екен?
Бірақ мына вагон сияқты ол да мас еді ғой.
Қысылып-қымтырылып, орнымнан әрең көтеріліп, тамборға шықтым. Өкпем бітеліп қалғандай, дем жетпей бара жатыр еді. Тамборға шығып жаным қалды. Тамбордың терезесін сүртіп тазалап, далаға қараймын. Көз жетер жердің бәрі аппақ, ақ кебін жамылып алғандай. Тіпті Қаратаудың өзі ақ жамылғанда мүлде аласарып, жермен-жексен болып кеткен сияқты.
Тағы да Молотов есіме түсті. Көз алдыма Зиба, оның жанына келіп, Зибаның көңілін көтермек болып, ғажайып ән салатын Зүбәржат келді. Зүбәржат «Сандуғаш, Сандуғаш» деп шырқар еді. Сол ән қазір көкірегімде күмбірлей бастады. Өзімнен өзім ыңылдап, сол әнге салып тұрғанымды сезбей де қалдым.
Сандуғаш, Сандуғаш,
Китмә, китмә, Сандуғаш.
Қанатларың талдырып,
Туған жирне қалдырып,
Китмә, китмә, Сан-ду-ға-а-аш...
Зүбәржаттың сонда айтып отырғаны сандуғаш дейтін бұлбұл құс емес, Зиба екенін енді түсінгендеймін. Сонда Зүбәржат: «Өлме, өлме, Зибакәй» деген екен ғой. Құдай ол тілегін бермеді. Зиба жоқ. Пойыздың доңғалақтары менің кеудемді керіп, лықсып шыққан өңді қолдап, сүйемелдеп, ырғақтас болып, сарнап келеді.
Суық жел терезенің тесігінен соқты ма, әлде менің жыртық көңілімнен уілдеді ме, әйтеуір бір ызғырық кезіме ұрып, көзімнен жып-жылы жас парлап ақты. Жыламаған сияқтымын, бірақ жанарымнан жас тыйылмайды. Іші-бауырым уылжып барады.
Біреу иығымнан тартты. Қарасам, Қуан екен.
— Жүр купеге. Жаурап қаласың, — деді ол көзі бақырайып.
ҚҰМАРПАЗДАР ОЙЫНЫ
Адамды Құдай арманынан жерітпесін. Адамның күні арманмен.
Арманнан көңіл қалса — ашық аспан да күңгірт болып көрінеді. Өмірде мән-мағына қалмай, кеудең кеуек болып, дүниенің әділетсіздігінен түңіліп, қақпанға түскен қасқырдай құр кіржіңдеп қаласың.
Әлденеге ашуланған Қали атам:
— Бұл заманда әділдік жоқ. Әділеттің әкесі өлген, шешесі жесір, өзі жетім! — деп қалшылдап еді.
Қали атам ашуланса, тым қаһарлы екен. Бір нәрседен көңілі қатты қалса керек. «Не болды?» — деп сұрауға дәт шыдамады.
Кейін ойласам, Қали атам ашу үстінде асыра айтқан сияқты. Әділет бар болар-ау, бірақ мен іздеген алтындай тым-тым сирек.
Пойыз Шолақтауға кештетіп келді.
Жерге түсіп, айнала төңірекке қарасам: жан-жақтың бәрі тау. Қызарып батқан күннің соңғы сәулесі шалған таулардың төбесіндей аппақ қар жалқынданып, алтын сары реңнен балқып тұр екен. «Е, е, алтын деп жүргендерің осы реңк екен ғой» дедім.
Әсіресе күн батып кеткен жерде, жанартаудай алаулаған көлденең кесілген тау көз тартып, ерекше құлпырып тұр екен. Тұла бойының бәрі алтын жалатқан айдаһар мың бүктетіліп, бүлкілдеп, жылжып бара жатқандай.
— Келіншектау, — деді бұл өлкені бұрыннан білетін Уәли.
Вокзал басы — қызыл кірпіштен салынған жалғыз үй. Маңдайшасына: «Шолақтау-Чулактау». — деп бадырайтып жазып қойыпты.
«Бір жердің екі түрлі аталатыны несі?» деп қойдым. Әр-әр жерде қарайып жатаған үйлер көрінеді. Жұрттың бәрі: «Шолақтау, Шолақтау» дегенге Әулиеатадан да үлкен шаһар екен десем-айдала!
— Сондағы Шолақтау осы ма? — деппін Қуанға.
— Келдік қой, — деп күлді Қуан.
— Е, бұл әлі өседі, — деп Уәли тұмсығын көтеріп қойды. — Көрмейсің бе, айнала құрылыс...
Әлгі алтын шырайлы таулар лезде қарауытып, сахарада қарақшылар тонаған керуендей жүдеп-жадап, сорайып-сорайып, солпиып қалды. Күн Құдайдың тәртібіне бағынып, өз ұясына қонды. Ал біз қайда қонамыз?
Мұны бұрын ойламаппын. Енді не болды? Сеніп келген протез қолды дәуді қайдан табамын?
«Өлмегенге өлі балық жолығады». Осы дана сөз Қуан екеуімізге арналған шығар. Тәңір тілеуіңді бергір, Уәли:
— Айда, жүріңдер, менің ағама барайық, — деді.
Вокзалдан оқшаулау тұрған шағын кірпіш үйге топырлап кіріп бардық. Қара дермантинмен қапталған есікке «Начальник станции» деп жазып қойыпты.
Алдымен Уәли кірді. Төрдегі жайдақ тақтай үстелдің аржағында отырған қара шинелді, қызыл фуражкелі, қара мұртты кісі КТЗ тракторын от алдырғандай, дәу қара телефонды дырылдата бұрап отыр екен. Бізді көріп, бұрағанын қоя қойды.
Қап-қара, қою мұрты болмаса, құдды Уәлидің өзі екен. Таңдана қарап қалып:
— Ой, Уәнтай, қайдан жүрсің? — деді алдымен інісіне, одан соң бізге қарап.
— Каникул, — деп езуін соза ыржиып, Уәли ағасының құшағына қойып кетті.
Ағасы оны аймалап жатыр. Менің есіме сонда, мен өзім көрмеген, менен бұрын дүниеге жарқ етіп келіп, лезде жалп етіп өшіп қалған ағаларым түсті. Оларды мен қайдан білейін, Айша айтады ғой: «Сенің алдыңда екі ұл, бір қыз тапқанмын. Үлкені — Құттыбай, ортаншысы — Елтай, кенжесі — Сәткүл», — деп.
Солар тірі болғанда, мен де өстіп еркелер едім-ау... Тым болмаса — ең кішісі. Қыз бауырмал дейді ғой.
Алыстағы Шолақтауда соларды сағынып кеттім.
Уәлидің ағасы ашық кісі екен. «Түсі жылыдан түңілме» деуші еді Айша. Мынаның түсі жылы екен:
— Мына батырларың кім? — деді інісіне қарап.
— Бұлар... — деп күмілжіп қалды Уәли — Бұлар — Қуан. Ы-ы, Барсхан. Осында Дәулет деген кісі бар дейді. Соны іздеп...
— Қай Дәулет? — деді Уәлидің ағасы. Қуан маған қарады. Мен сәл тосылып:
— Дәулет... Оң қолы протез. Дәу қара кісі, — дедім. Уәлидің ағасы есік жаққа қарап, ойланып:
— Е, анау ғой... — деп сәл тыжырынғандай болды. — Иә, ол кімің еді?
— Ешкімім де... — дедім мен төмен қарап.
— Қызық екен. Ешкімің болмаса, неге іздеп жүрсің?
Бастан-аяқ бәрін айтуға тура келді. Осылай да осылай.
Көктемде су тасып, темір жолды бұзып кетті. Мен Молотовтан Жұма ауылына бара жатқанда теміржолшылар мені ұстап алды. Сол оң қолы протез, дәу кісі...
— Иә, содан соң?
— Содан сон, Шолақтауға кел. Алтын бар деді. Жұмыс істейсің, ақша табасың деді.
— Mac па еді? — деді Уәлидің ағасы.
— Иә, олар бәстесіп арақ ішті. Маған да іш деді. Мен ішпей қойдым.
— Ой, оңбаған-ай, баланың басын қатырып... — деп Уәлидің ағасы айдаладағы Дәулетті боқтап жіберді. — Ол маскүнем жұмыстaн шығып кеткен. Қазір бұл жерде жоқ. Сол Әулиеата жақта жүрген шығар.
Жер түбіндегі, Сібірдегі Мұртазаның өлгенін естірткенде Айша толассыз жоқтау айтып аңыраған. Жыламаған адам қалмаған. Тіпті бастық Жуанқұлға дейін еңкілдеп жылаған. Ал мен бір сұмдықтың болғанын сезсем де безірейіп, сазарып қалып едім. Кейбіреулер мені аяп, басымнан сипап, бауырына қысса да, көзімнен жас шыққан жоқ. Кейін-кейін, ағыл-тегіл жас парлағаны.
Дәл қазір, мына хабар Мұртазаның бұл дүниеден қайтқанын естірткеннен де жаман болды.
Бүкіл бала қиял, әлдебір үміт күл-талқаны шықты. Үлкен кісілер де алдайды екен-ау деп түңілдім. Ол дәу сонда, көктемде тым ақкөңіл, адал, әлсізге жаны ашитын бауырмал сияқты еді ғой. Мені қатты аяп, бауырына қысып, өз туған інісіндей езілген.
Енді не болды?
Менің жан дүниемде қандай дауыл соғып тұрғанын мына Уәлидің ағасы біліп қойды. Аты Ғани екен. Уәлимен ұйқас қой. Ғани, Уәли. Екеуі бір-бірінен аумайды. Мұның да қасы қалың.
— Ей, сен жүнжіп қалдың ғой, — деді ол езуін қайшылай күліп. — Ештеңе етпейді, за то Шолақтауды көрдің. Жаңағы өздерің келген пойыз ертең Әулиеатаға қайтады. Соған салып жіберемін. Бүгін біздің үйде «сыйлы» қонақ боласыңдар. Біздің Уәлимен сапарлас жолдас екенсіңдер. Далада қаласыңдар ма?!
— Бұлардың көк тиыны жоқ, — деді Уәли ағасына. Анау ойланып қалды.
— Сендер де каникулдасыңдар ғой?
— Иә, — деді Қуан.
Мен үндемедім. Оқымаймын деп қайтіп айтамын. Ұят. Себебін түсіндіріп жатқым келмейді. Безгекпен ауырдым десем, кейбіреулер: «сол да ауру болып па», — дейді. Сонда менікі безгектен басқа, жұртқа белгісіз кесел болғаны ғой.
Сөйтіп, біз Ғанидың үйіне қонып шықтық. Начальник болса да тұрмысы жұпыны екен. Қара нан мен картоп жаркоп жедік. Оған да Құдайға шүкір. Аштан аш далада қалсақ қайтер едік, қыстың көзі қырауда. Ертесіне Ғани айтты:
— Ақыры каникулде екенсіңдер, каникул біткенше осында жұмыс істеп, тиын-тебен табыңдар.
— Не жұмыс? — деді Қуан көзі жыпылықтап.
— Вагоннан кірпіш түсіресіңдер.
— Е, кірпіш оңай ғой, — деп қойды Қуан. Ғани жымия күліп:
— Оңай ма, оңай емес пе, оны кейін көреміз. Ал қазір, айда жүріңдер, — деді.
Станциядағы кешегі өзіміз мініп келген пойыздың қасына бардық. Кірпіш тиелген платформалар сіресіп тұр. Қалшиып қалған. Кірпіштерді қырау тұтып қалыпты.
Көп кешікпей, бір дәу көк машина келді. Бұрын біз көрмеген, жарқыраған сұлу машина. Кішкентай «полуторкадан» басқаны көрмеген біз аузымыз аңқиып, қарап қалыппыз. Мұны байқаған Ғани бастық:
— Студебеккер, Американский, — деді. — Кәне, сен платформаға шық, — деді маған. — Сен жерде тұрасың, — деді Қуанға. Сен студебеккерге шық, — деді өзінің інісі Уәлиге. — Так. Сен, — деді маған, — кірпішті бір-бірлеп Қуанға бересің, Қуан Уәлиге береді. Уәли кузовқа текшелеп жияды. Понятно?
Қуан мен Уәли бастарын изеді. «Понятно» дегенін білмесем де, мен де бас изедім.
Сөйтіп, жұмысты бастап та жібердік. Кірпіш мұздай екен. Тіпті Айша тоқып берген жүн қолғаптан да ызғар өтіп кетті.
Бізден әріректе әлдекімдер платформадан бөрене түсіріп жатыр. Келбеті, киімдері бөтен адамдар. Әскерлер сияқты.
Бірақ біздің әскерден айрықша. Бойлары біркелкі, тапалтақтау. Бастарына жұқа күнқағары бар сұр кепеш киген. Күрткелері де жұқа ма қалай...
Жан-жағында мылтық ұстаған біздің әскерлер тұр.
Мен Қуанға кірпіш алып беруді ұмытып, аңқиып әлгілерге қарап қалыппын.
— Бол, не қарап тұрсың? — деді Қуан.
Біз шынжыр сияқтымыз. Комбайнның шестеренкаларын айналдыратын шынжырмыз. Шынжырдың бір буыны үзіліп қалса, бәрі тоқтайды. Қазір үш бала — бір адамбыз. Біреуіміз тоқтасақ, бәріміз тоқтаймыз. Бізді тағдыр шынжырлап, қосақтап қойған.
Көк машина толған кезде, платформаның бір мұрты ғана кетілгендей еді. Күн шытымырлау болса да бусанып, үсті-басымыздан бу бұрқырайды. Мен күпәйкемнің түймелерін ағытып қойдым. Көк машина қайтып келгенше сәл тыныстадық.
Лезде қарным ашқанын сездім. Таңертең жұқалтаң шәй ішіп шыққанбыз. Енді ішегім шұрқырап тұр.
Тағы да әлгі бөренелі платформалар жаққа көзім түсті. Қыбырлап, сүйменмен жуан-жуан қарағайды изеп-изеп итеріп, платформадан құлатып жатыр. Жерге құлаған бөренелерді басқа бір топ құмырсқа құсап, домалатып, еңіске түсіріп, текшелеп жатыр. Мылтықты әскерлер темекілерін бұрқыратып, ары-бері теңселіп жүр.
Қасымызға Ғани бастық қайтып келді.
— Аналар кімдер? — деп сұрады Уәли.
— Жапондар, — деді Ғани. — Военнопленные.
Менің түсінбегенімді сезіп:
— Әскери тұтқындар. Соғыста қолға түскен самурайлар, — деп пысықтады.
«Е, әлгі атом бомбасын Жапонияға тастады деп еді, сондағы соғыста жеңілген осылар екен ғой...»
Бір жапон темекі тартып тұрған біздің солдатқа жақындап келіп, бірдеңе деп қолын созды. Сірә, шылым сұрады-ау деймін. Біздің солдат әкіреңдеп, қатты жекіп, әлгі жапонды мылтықтың дүмімен періп кеп жіберіп еді, ана байғұс шалқалап барып құлап қалды.
Жүрегім мұздап қоя берді. Күпәйкемнің түймелерін салдым. Біртүрлі қалтырап кеттім. Безгегім қайтадан ұстап қалар ма екен деп үрейім ұшты. Безгектен жаман қорқамын. Бірақ қыстың күні безгек болмайды деуші еді...
Құлап қалған тұтқынды ешкім қолтығынан сүйемеді. Сүйретіліп барып өзі түрегелді. Басынан ұшып кеткен кепешінің қарын қағып, біздің солдатқа қарап басын иіп, ыржиып қойды.
Жапонды жек көріп қалдым. Жаңа ғана жаным ашып, жұдырығым түйіліп кетіп еді, енді жек көріп қалдым. Сонша жалпақтағаны несі?! Мыңбұлақта Тасбет мені жон арқамнан қамшылап тартып жібергенде, шапшып барып жағасынан ала түскенмін. Жағасынан қолым әрең ажыраған.
— Қорқақ, — дедім дауыстап.
— Қорықпай гөр, — деді Уәли.
— Не істейді? — деді Қуан.
Жапон түк болмағандай томпаңдап, темір сүйменмен жуан бөренені, басқа жапонмен бірлесіп, еңіске қарай домалата бастады.
— Мылтығы бар адам күшті. Оған не істей алады? — деді Уәли мұрнын шүйіріп.
— Темір сүйменмен бір ұрса...
— Е, басқа солдаттар қарап тұра ма? — Соны да білмейсің бе дегендей, Уәли маған кісімсіне сөйледі.
— Қой, әңгімені қояйық. Студебеккер келіп қалды, — деді Қуан.
Жұмысқа қайта кірістік. Шестеренкалар қайтадан айналды. Шынжыр қайта жалғасты.
Тағы да болса, студебеккер біреу-ақ. Бірінен соң бірі үзбей келіп тұрса, қайтер едік. Ара-арасында демалып аламыз.
Уәли көп оқитын қу болса керек.
— Сендер Омар Қайым деген ақынды білесіңдер ме? — деді.
— Жоқ, — деді Қуан.
— Жоқ, — дедім мен.
Уәли тұмсығын көтеріп қойды.
Мен журналдан оқыдым. Парсы ақыны. Қазақшаға аударған өлең. — Бір кірпішті қолына алды. — Бұл не еді о басында?
— Топырақ, — деді Уәли.
— Әрине, топырақ. Ауылда қышты топырақ илеп құямыз ғой. Балшық, — дедім мен.
— Білмейсіңдер, — деп масаттанды Уәли. — Омар Қайым айтады... Ол қыш кесемен шарап ішіп отырып айтады: сен, қыш кесе, бір кезде айдай сұлу қыздың көзі болдың ба екен? Адам өлген соң топыраққа айналады. Топырақтан, саздан қыш кесе жасайды. Сен, кесе, сұлу қыздың көзі емес пе екенсің, — дейді. Ендеше, — деп Уәли кірпішті айналдыра қарады, — ендеше мынау да адамның топыраққа айналған сүйегінен жаралған.
Қуан екеуміздің аузымыз ашылып қалды. Мұндайды кім ойлаған? Демек баяғы-баяғы ата-бабаларымыз бізге, әзірше тірілерге баспана болады екен ғой. Содан соң бір кезде біз де өлеміз. Мың-мың жылдан кейін топыраққа айналамыз. Сол кездегі тірілер сол топырақтан қыш құйып, үй салады... Әлде кімдерге, кім екенін кім білсін, біз де баспана боламыз.
Енді мен әрбір кірпішті сипалап, абайлап ұстайтын болдым. Осыған дейін кірпішке немқұрайды қарап, кейде балалығым ұстап, Қуанға кірпішті жорта қисайта лақтырып, Қуан ұстай алмаса, мәз болып күліп едім. Бірнеше кірпіш жерге түсіп кетіп, кейбіреуі сынып қалып еді. Сонда Ғани келіп, сынған кірпіштерді көріп:
— Әр кірпіштің құны қанша екенін білесіңдер ме? — деп сұрады.
Біз білмедік.
— Әрбір кірпішке қаншама адамның қолы тигенін білесіңдер ме? Әуелі топырақ қазылды. Оны зауытқа жеткізіп, саз балшыққа айналдырды. Оны қалыпқа салып, мың градустық ыстығы бар пешке салып күйдіріпті. Оны машинамен тасып, пойызға жеткізді. Оны платформаға тиеді. Енді мына сендер, үш адам жабылып, машинаға тағы тиеп жатырсыңдар. Анау тұрған кранның жанында жаңа үй салынып жатыр. Мына студебеккерден сол үйдің жанындағы адамдар бұл кірпішті тағы түсіреді. Тас қалаушыға алып береді... Сөйтіп, үйдің қабырғасына қаланып болғанша қанша адамның қолынан өтеді? А?
Осы қиын сұрақтан кейін кірпішті беталды лақтырғанды қойдым. Басты себеп ол да емес. Бастысы — басқа... Бұл бір кезде жер басып, Күннің нұрын көріп, қуанып, қайғырып, өзімізше өмір сүріп жүрген адамдардың тәнінен жаралған екен. Оған құн жете ме?
Мен Ғаниға ең бастысы осы деп айтайын дедім. Айтпадым. Білсең неге сындырасың десе, не деймін?
Түсте жұмысшылар асханасынан тамақтанып, кәдімгідей әлденіп алдық. Әйтпесе, жүрегім сазып, ішегім шұрылдап, алғашқыда қауырсындай женіл көрінген қызыл кірпіш ақырында атан түйеге де ауыр зіл қара тастай болып, әл-қуатым кеміп қалып еді.
Кешке дейін платформалардағы кірпіштерді тиеп болдық-ау, әйтеуір. Қолымнан қанша қызыл тас өтті — санамадым. Әуелі санап тұрайыншы деп едім, бір кезде жаңылысып қалдым да, бұл бос әурені бас қатырмайын деп қоя қойдым.
Бөрене түсірген көршілеріміз де жұмысын тоқтатып, бүрсеңдеп сапқа тұрды. Біздің солдаттардың командирі айқайлап бұйрық айтып тұр. Қай тілде айтқанын білмеймін. Әйтеуір, қазақша емес. Орысша айтса жапондар түсіне ме екен? Бұрынғы солдаттарға жалаңдап тұрған овчарка ит жетектеген екі-үш әскер қосылды.
Сөйтіп, сапқа тұрған тұтқындар тау жаққа қарай кешкі аяздың қарын қаршылдатып кетіп бара жатты. Бір кезде олар бастарын кегжитіп, батқан күннің нұрынан қызғылтым тартқан аспанға, жаңа туған қияқ Айға қарап, бәрі қосылып бір мұңды, аса сағынышты әуенге басты. Осьі ән оларға қанат бітіріп, әне-міне аспанға көтеріп, сағынған жерлеріне алып ұшатындай көрінді. Алғашында арсылдап, солдаттардың қолынан жұлқынып-жұлқынып шыға жаздап, тұтқындарға шабаланған овчаркалар да тына қалды.
Сағыныштың қысталаң әні тымық ауаны тітіренте тіліп, алысқа-алысқа самғады. Жапонияға жете ме, жетпей ме, білмеймін. Бірақ жаңа туған Айдың жанындағы жалғыз жарық Жұлдыз дір-дір етіп, көзінен шоқты жас шашырап, шыр-шыр еткендей болды. Зиба ма... екен деп қалдым.
Жаңа туған Ай мен жалғыз жарық Жұлдызға тесіле қарап қалғанымды көріп Қуан:
— Жүрсеңші енді, — деді.
Каникул бітуге таяп қалды. Қайтуға қам қылдық. Үйдегілер не боп жатыр? Молотовқа барып, документті алып, тез кайтамыз деп кеткенбіз. Бір аптадан асып барады...
Ғани бастық бізді кассаға апарып, әрқайсымызға бір-бір бума ақша ұстатты. Мұншама көп ақша ұстап көрмеген басым, қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады. О басында армандаған патефонды да ұмытып, енді Айшаға кебіс-мәсі, орамал, Құрмашқа көйлек, Батырханға бәтіңке сатып алмақшы болдым. Қуанға айтып, осыларға мына ақша жете ме? — деп едім. Ол да мәз болып:
— Жетеді. Артылып қалады, — деді.
Сонымен, жұмыстан босап, Ғаниға рахмет айтып, Шолақтаудың базарына бардық. Ғани қоштасарда:
— Теңгелеріңе сақ болыңдар, — деді. Базары Әулиеатадағыдай емес, шағын екен. Кіреберісте, әлде қытай, әлде кәріс екені белгісіз біреу:
— Шарик — малик, шарик — малик, — деп айқайлап тұр екен, онысы не болды екен деп жанына жақындай бердім.
— Подходи, мальчик, подходи, — деп әлгі Шарик-малик өзінің туған бауырын көргендей қуанып кетті.
Кішкентай үстелдің үстінде үш оймақ тұр. Кәдімгі көк инені көтінен түртіп, матаға кіргізетін оймақ. Айша сұқ саусағына киіп алып, менің шалбарымды жамағанда талай көргенмін.
Шарик-малик бұршақтай темір шарикті ұстап көрсетті. Содан соң, бір оймақтың астына бастырып қойды да, лыпылдатып үш оймақты тез-тез орын ауыстыра қойды.
— Кәне, тапшы, — деді.
Мен біреуін көрсеттім. Оймақты ашып жіберіп еді, шарик шыға келді.
— Ой, бәлесің ғой. Сен тапқыш екенсің. Енді ақша тігіп ойнаймыз, — деді Шарик-малик. — Міне, жүз сом болады. Шарикті тапсаң — екі жүз сом да сенікі. Түсінікті ме?
Қуан жеңімнен тартты.
— Кетейік, — деді.
Екі жүз сомды тастап кетуге қимай:
— Жарайды, қазір, — дедім.
Қуан:
— Қойшы соны, — деді.
Бумадан жүз сом шығарып, үстелдің үстіне қойдым. Екі жүз сом болды.
— Бекер, — деді Қуан.
— Өй, жаңа оңай таптым ғой! — деп бой бермедім.
Шарик-Малик оймақтарды ауыстырып жіберді. Біреуін қолыммен басып қалдым. Шарик-Малик ашып жіберіп еді, бұршақтай шарик жәудіреп орнында тұр.
— Қап, — деп санын соқты Шарик-Малик. — Давай, енді екі жүзден тігейік.
Қуан:
— Қой, енді қоя ғой, — деді.
Мен екі жүзді үстелде қалдырдым. Шарик-Малик қойнынан екі жүз шығарып қойды. Төрт жүз болды. Тағы ұттым. Тағы ойнадық. Бұл жолы ұтылдым. Ішім удай ашып кетті.
— Давай, бес жүзден, — деді Шарик-Малик.
— Давай, — Бумадан бес жүзді шығарып қойдым. Қуан:
— Жетті енді! — деді даусы қатты шығып:
Тағы ұтылдым. Жоқ, болмайды, ұтылғанды қайтаруым керек. Қуан қолымнан сүйреді. Көнбедім. Бума ақша жұқарып қалды. Қайтарып алуым керек.
Бума таусылуға айналды.
Жылап жібердім. Шарик-Малик оймақтарын қалтасына салып, үстелін қолтықтап кетуге айналды. Тұра ұмтылып, жағасына жармастым.
— Мен сені зорлаған жоқпын. Өзің ойнадың неғыл дейсің? — деп Шарик-Малик мені итеріп жіберді. Шымыр, шапшаң екен, қызталақ. Қуан келіп:
— Қайтар ақшасын! — деді тістеніп.
Сонда, анадай жерден алпамсадай екеу жетіп келді.
Әттең, Уәли ағасымен бірге қалып еді. Сол болғанда... Енді бір сағаттан кейін пойыз жүреді.
Әлгі зіңгіттей екеу, Қуан екеумізді жерге қағып жіберердей дәу жұдырықтарын мұрнымызға тақап:
— На, панюхайте, — деді.
Бұл сәтте Шарик-Малик зым-зия жоқ болды да кетті. Пойыз Әулиеатаға қарай бет алды. Оң қол жақта қар жамылған Қаратау созылып жатыр. Одан ары Тәңіртаудың шыңдары жарқырайды. Тәңіртаудың сол аспан тіреген шыңдарына қарап:
— Неге менің жолым ауыр, Тәңіртау?! — деп айқайладым. Тәңіртау тіл қатпады.
Терезеден солдаттар қоршаған жапон тұтқындар көрінді. Бастарын кегжитіп, аспанға қарап бара жатыр. Пойыздың дүрсілінен ән естілмеді. Зарлы, үзіле-үзіле сағынған, сарғая-сарғая алтынға айналған, дүниеде теңдесі жоқ сиқырлы ән.
Алтынды Шолақтаудан іздеп нең бар, Барсхан?! Алтын өз кеудеңде екен ғой. Кеудеңдегі, көкірегіңдегі адам айтып болмас ағыл-тегіл арман. Орындалмаған, қанша қусаң да жете алмайтын асыл армандар. Орындала салатын арман арзан шығар. Арзанның қадірі бола ма? Сенің алғашқы адымдарың, алғашқы армандарын сарғая-сарғая, иә алтынға, иә запыранға айналар. Бәрі де Жазмыштан.
БАЛАСЫН ІЗДЕП, АНАСЫН ТАПҚАН АЙША
Ініне су кеткен суырдай сүмірейіп үйге кіре берсем, қарындасым мен інім боздап қоя берді.
Жүрегім су-у-у ете қалды. Айшаға бірдеңе болған екен дедім. Қаным басыма шапшып, шеке тамырларым шытынап, шыныдай шарт-шарт сына жаздады.
— Не болды-ей?!
Бұл менің оспадарсыз сұрағым.
— Сен өліп қалды... екен... деп... — Қарындасым солығын баса алмай солқылдады.
— Е, мен келдім ғой. Соған да жылай ма екен. Айша қайда?
— Сені... сені іздеп кетті.
— Қайда?
— Білмейміз, Молотов жаққа...
Өзім де бір сұмдықтың боларын сезіп едім. Бір күнге деп, бір апта жоғалып кету... еш қисынға келмейді. Жөнсіз, жорықсыз қылық.
Бірақ болары — болды, бояуы сіңді.
Ал Айша қайда?
Қуан екеуміз сол кеткеннен бір күн өтеді, екі күн өтеді.
— Ay, Айша, әлгілерден хабар бар ма? — деп Уәйда қайта-қайта келеді. Абыржу басталады.
Айша Қали нағашысына барып, осылай да осылай, екі бала жоғалып кетті, үш күн болды, хабар-ошар жоқ дейді. Жаны қиналғанда барар жері, басар тауы — Қали. Басқалардан не қайыр? Бас көтерері — Қали. Қали бір көзін қысып алып, аппақ дөңгелек сақалын ары-бері сипалап:
— Е, бала неме, Молотовтағы жолдастарын көріп, ойнап кетті ме... Әлде Байтанадағы нағашыларына барды ма... Жүрген шығар, шыда, — дейді.
— Қайдам, нағашы-оу, өзі безгектен әрең тұрған... Қасындағы Қуан есі бар, ересектеу еді, не болды?
— Е, Құдай сақтар, оның жасында әкесі Мұртаза Жаңабай Байзақ датқаның немере қызын алған. Есі кіріп қалды ғой.
— Сол датқаның немере қызымен-ақ отасып тұра бергенде ғой Мұртаза... Мен бүйтіп азап аранына түспес едім-ау, — деп Айша аһылайды.
— Қой, өйтіп асылық сөз айтпа, — дейді нағашысы. — Құдай пешенеңе не жазды — сол болады. Мұртазадай ер қайда?! Есіл ер қиянат құрығына ілінді ғой.
Күйеуінің жақсы қасиетін айтқанда, Айша кәдімгідей еңселеніп, рухтанып қалады.
— Жарықтық жаның жұмақта болғыр, осы баласын шымшықтай шырылдап қорғаушы еді. Ой, бұл бұзық болатын. Мен ұрсам, әкесі ара түсіп, соның жолында құрбаны болғысы кеп тұратын. .. Ал енді сөйткен баласынан мен бейбақ айырылып қалсам, о дүниеге барғанда Мұртазаға не деймін, не бетіммен көрінем, нағашы-ау?!
— Қой енді, уайымдай берме. Жарайды, мен қалаға барып Сейтжанға айтайын. Милицияның қолы ұзын ғой. Іздесе, тез табылар.
Сонымен, үш күн өтеді, төрт күн өтеді. Енді екі әйел қосыла күңіренеді. Осы уақытқа дейін сабыр сақтап келген Уәйда:
— Айша-ау, енді қайттік? — дейді.
— Қали нағашым қалаға барып, милицияға хабарлаған екен, бір дерегі болып қалар, — дейді Айша.
Айша кінәлі адамдай. Уәйданың үйіне кіріп алғанымен тұрмай, жалғыз ұлына жамандығы тимесе неғылсын. Бәлені бастаған Барсхан ғой. Әйтпесе, Қуанның Молотов жаққа бару қаперінде де жоқ қой.
Енді екеуі барып, Гүлсімге бал аштырады.
Гүлсім — Қали, Сәли, Бөпетай, Сатайлардың аталас ағайыны Қауғаның қатыны. Қауға деп жеңгелері атап кеткен. Әйтпесе, әжептәуір аты бар екен. Оны жұрт ұмытқан. Жарықтық екі көзі қасқыр көрген ешкінің көзіндей шарасынан шыға шақшиып, жасаурап тұрар еді. Сақалы да ешкі сақал. Ашаң, бүкіштеу кісі еді. Алғаны — Әулиеатадағы Мама-Шәріп саудагердің қарындасы Гүлсім. Шешесі тәжік, әкесі өзбек. Тәжікше, өзбекше, қазақшасы аралас, ерекше, будан тілде сөйлейтін. Дауысы шәңкілдектеу, тілі сақауға ұқсас, қызық кісі еді. Қауғамен екеуінде бала жоқ.
Содан да болар, тауықтың ұясындай кішкене құжырасына Гүлсім балаларды көшеден шақырып алып, жүгері нан, құрт, елде жоқ науат, кәмпит үлестіретін. Сірә, қаладағы саудагер төркінінен әкелетін шығар. Жұма сайын құдайы шелпек пісіріп, көшеге шығып, балаларды іздеп жүріп үлестірер еді, жарықтық.
— Дәметкен аруақтарға тие берсін деп жеңдер.
— Дәметкен аруақтарға тие берсін! — деп шулайды балалар.
Соғыстан соңғы ашаршылық. Соның өзінде мұндай қайырымды адамды Құдай неге ғана бір балаға зар етіп қояды екен, түсініксіз.
Әне, сол Гүлсімге барып, Айша мен Уәйда құмалақ аштырған ғой. Гүлсім басқалар сияқты қойдың құмалағымен бал ашпайды. Гүлсімдікі лобия. Лобия сыртына Жаратушының өзі жазу жазып қойғандай, әдемі өрнегі бар. Ақ лобия, көк лобия, қызғылтым, қырмызы лобия...
Гүлсім лобия тартып, Айша мен Уәйдаға:
— Балаларың аман-есен. Аяқтары үзеңгіде. Құдай қаласа, келіп қалады. Қанжығасы тоқ. Соған қарағанда олжалы-ау деймін, — дейді.
— Айтқаның келсін, Гүлсім жеңеше-ау, — деп Айша қуанып қалады.
— Аузыңа май, — дейді Уәйда.
Екеуі үйлеріне қайтып, «сары биені» сауып, бір самаурынды ортаға алып, көңілдері жайланады.
Бірақ бесінші күн өтеді...
Алтыншы күн дегенде, Айша шыдай алмай жолға шығады. Құрмаш пен Батырханға:
— Ал мен кеттім. Барсхан тірі болса, — өзін, өлі болса — өлігін, алып қайтамын, енді сендер қаңғырып кетпей, тырп етпей, үйде отырыңдар, — деді.
* * *
Басқа бағыттан адасса да, Бурылтаудан адаспайды. Айша терістік — батысты бетке алып, Молотов осы жақ қой деп, жолсызбен төтесінен тартады. Молотовқа баратын тас жолға түссе де болар еді. Бірақ ол алыс, орама жол. Алдымен қалаға бару керек. Одан Атшабар айналып, Ойық көшесіне түсу керек. Зибасы жоқ Ойық көше...
Оған зауқы соқпады. Бурылды тіке бетке алса, Асаның ар жағы — Байтана, Байтананың астында — Молотов. Бірақ Байтана мен Молотовтың арасында, баяғы-баяғыда Шыңғысхан бүкіл дүние жүзінен жинаған алтынын көміп кеткен екен деуші еді. Талайлар сол зындандағы алтынды аламыз деп, қырық құлаш қыл арқан тастап, әуелі алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, жан баласын жолатпайтын жымық құлақ, қара айғырдың жанынан амалдап өтсе, енді аузынан от шашқан айдаһар тап болады екен. Жан-жағы шашырап жатқан адамдардың қаңқа сүйектері дер еді.
Бурылдың ең биік шоқысы жанартаудай жалындайды. Бәлкім, алтынның буы шығар. Алтынның буы болады дейді ғой. Әлгі Барсхан мен Қуан әлдекімнен естіп, осы алтынды аламыз деп, зынданға түсіп кетіп жүрмесін...
Алды жарқабақтанып бара жатқанын байқады. Сөйтсе, Асаға да келіп жеткен екен. Жарқабақтан сырғанай-сырғанай амалдап, жағаға да жетті. Ернеуі мұз қабыршақтанып жатыр. Тебеген аттай жымқырылып, арқырамай, жымысқыланып, жыланша ирелеңдеп, жылжып бара жатыр. Судың беті — ирек-ирек, қап-қара. Сірә, иірім. Сірә, терең.
Бүлкілдейді, бүктетіледі. Сылқ-сылқ етеді. Қабыршық мұзды жалап, сылп-сылп етеді. Өзінін әуені. Өзенде де әуен бар. Бір қарасаң-думан дүниенің шалқымасы сияқты. Бір қарасаң — таусылмас арман ағысы. Арман таусылмаушы ма еді. Бәрі де таусылады. Сайқалдана сылаң қаққан мына Аса да таусылады. Бурылдан шыға бере, теріскейді бетке алып, алыстағы құмға барып, құрдымға кетеді. Әуен де жоқ, ән де жоқ. Тек құмға сіңген судан нәр алған шеңгел ғана күзге қарай әлденені сағынып, сыңғыр қағады.
Бәрі солай. Көкірегі үнсіз күмбірлемейтін жан болмайды. Болса ол — сезімнен ада, жұрттың жадауы.
Айша қолындағы алша таяқты суға салды. Бойлатып көрді. Таяқ су түбінен таяныш таппады. Дәлірек айтқанда, түбіне жетпеді. Су серпіні таяқты Айшаның қолынан тартып алып, ағызып әкете жаздады. Айша қабыршық мұзды етігімен теуіп, еңкейіп, суға қолын салып көріп еді, онша суықта емес сиякты. Ызғарсыз. Тереңдігі болмаса, суықтығы түк те емес.
Айша суық судың талайын көрген. Тәңіртаудың Ақсайынан аққан зәрдей суды қызыл сирақтан кешіп, талай-талай жылдар бойы қызылша суарған.
Күн болса кешкірді. Су болса мынау. Амалдап арғы бетке шыққанда да... қайда барады? Қараңғыда Молотовты қайдан табады? Жолда — Байтана бар. Төркін елі. Кіндік қаны тамған жері. Тұлымшағы желбіреп жүгірген мекен. Қызды Құдай неге мұңдық етті екен? Ұл болса ғой, сон-о-о-оу қияндағы, өрдегі Тәңіртаудың бауырына, Мыңбұлаққа ұзатылмай-ақ, осы елде жүре берер еді...
Енді — жат. Өзі туған жерге — өзі жат, бөтен. Егер мына Судан өте алса, Асаны тағы бір кешіп өтуі керек.
Айшаның алдын асау Аса, сөйтіп, екі рет кес-кестейді.
Баяғыда, балғын бала кезінде Құлыхан апасы, қасында, сірә, әкесі Есей бай бар ма екен, Айшаны осы Бектөбедегі төркініне алып келген.
Айша сонда Асадан тұңғыш рет өткен. Атпен. Апасының алдында, ердің қасынан ұстап отырған. Аса сонда оған шексіз дариядай болып көрініп еді. Аттың жалына дейін шапшыған. Айшаның басы айналғандай болған. Апасы Құлыхан: «Айша, көзіңді жұм, көзіңді жұм», — дегені есінде.
Асадан содан бері қанша су ақты... Енді оны алдына алып отыратын апасы Құлыхан да жоқ, әкесі Есей де жоқ. Астында ат та жоқ. Жаяу кешіп өтеді. Қазір қыс қой. Суы тартылған шығар. Мүмкін, мұз боп қатып қалған да болар. Бірақ Аса мұз құрсанып жатыр екен дегенді естіген емес. Бүгін күн жылымық. Әуелі қалың жауған қар жентектеліп, жібіп жатыр. О баста ет қызумен едәуір жерді еңсеріп-ақ тастап еді. Енді қансорпа боп терледі. Жентек қар аяққа оралғы бола берді. Бақабас ескі етік те сыр бере бастады. Еріген қардан ылжырап, ішіндегі шұлғауға дейін су өтті.
Айша оны елең қылған жоқ, қыстың күні қысқа, жарық барда жол өндіріп алайын деп, аршындай түсті.
Жауыр дейтін жоннан асты. Алдынан Бурыл тау анық көрінді. «Жақын қалды» деді. Бурылға жақындаған сайын кеудесі әлденеге өрекпіп, дүниедегі ең аяулысын, Анасын көргендей, алдынан анасы құшағын айқара ашып, аймалайтындай бола берді. Көптен бері көкірегінде шемен боп қатып қалған, сарғайып capғaйып болған сағыныш деген қу сезім жібіп сала бергені ме, бұл жаққа не мақсатпен келе жатқанын да ұмытқандай. Баласы Барсханды іздеп келе жатқаны да есінен шыққандай, Бурылдан көз алмай алға қарай алқынды.
Аяғына басы күрдек күлтелі жусан орала берді. Бұл беткейде жусан қалың екен. Барсхан мен Қуан келіп шапса, қып-қызыл ол жаға батқандай екен. Бурыл да мұны аңсарлана, зарыға күткендей, тіпті тау басымен бұған қарай өзі жылжып келе жатқандай көрінді.
«Қос көрінді ме, шаршадым ба?» — деп қойды.
Қыстың күні күн төбеден ауса болды, төмен қарай сырғанай жөнелетіні несі? Таудан төмен қарай шанамен заулағандай. Батыс жақ сұп-сұр болып, сазарып тұр еді. Енді мына пенденің осыншама шаршап-шалдығып келе жатқанында қолтығынан демеп жіберуге дәрменсіз екенінен ұялғандай, бұлттар қызара бастады.
Бурылдың ең биік шоқысы жанартаудай жалындап бара жатты. Сол биікке Байтананың бір үйі паналатар еді-ау. Ой, дүние-ай, мынау баяғы өзіміздің Айша ғой деп бәйек болып, су-су киімін кептіріп, қатықсыз қара су болса да қайнатып беріп, бойын жылытар еді.
Бірақ намыс қайда? Намыс жылап қалмай ма? Баяғыда, он алты жасында Айшаның алтынмен аптаған, күміспен күптеген ақбоз атқа мінгізіп ұзатылғанын көргендерден қалған көз әлі бар шығар. Олар не ойлайды? Аяй ма, табалай ма?
Намыс сонда төбе шашын жұлып, ойбайламай ма?!
Намыс — адамның жан серігі. Көзге көрінбейді. Жеке жүрмейді. Тым болмаса, көзге көрінетін көлеңке де сияқты емес. Бірақ серік. Мықты серік. Бұл серігі жоқ адам қасиетсіз, әлсіз.
Ал Айшада бұл серік мол еді. Аса күшті еді. Намыстың аса күшті болғаны да зиян ба, кім білсін. Дүниеде намысы күшті Көк Бөрінің нәсілі деуші еді. «Қасқырдан қауқар кеткенде апа дейді ешкіні». Сөйтсе, ең намысшыл деген қасекеңнің өзі де ымырашыл көрінеді. Әрине, әлсіз шағында.
Егер Асадан аман-есен өтсе, Айша төркіндеріне бұрыла салса да болар еді. Айшаның мүсәпірлеу тәрізін көріп, көтін ашып, күлін шашып күлетіндей хал қазір байтаналарда да шамалы шығар. Шекесі қызып, кекірігі сасып отырған кім бар бұл заманда?!
Бірақ Айшаның: «Текті ит өлігін көрсетпейді» деген қатып қалған заңы бар. Әйтпесе, сонау Мыңбұлақтан келгелі жылдан асып кетті. Асаның ар жағында жатқан Байтанаға әлі бір барған жоқ. Ел құлағы — елу.
Айша Бектөбедегі алшын — сіргелі нағашыларының қолына көшіп келіпті дегенді Байтана естімеді дейсің бе? Іздеп келген біреуі жоқ, іздеп келуге жарамдылары әскерге кеткен. Аман-есен елге оралды ма, әлде оқ алды ма, кім біледі? Әйтеуір, ат ізін салмады.
Өзеннің жайдақтау жері бар ма екен деп, Айша суды бойлап, бір бұлымды айнала беріп еді, алдынан бозалаңдап шұбатылған сұйық түтін көрінді. Айдалада аңырап, амалсыз қалған адамға кәдімгі түтін де бір медеу. Айшаның үзіле жаздаған үміті жалғанғандай, әлгі түтін шыққан жаққа қарай адымдай жөнелді. Жатағандау жотаның астынан үй көрінді. Жақындап, төбеден төтелеп келсе, диірмен екен. Алдынан абалап, қазақы ала төбет шықты.
Арсалаңдап амандасып шыққан жоқ, жауыға, жанталаса арпылдады. Тағы да болса Айшаның қызыл-күрең, алша таяғы бар. Соны жасқай сілтеп, әлгі үйге бір қырындап, жақындай түсті. Ала төбет аздай, ақтөс, қара қанден шабалана шәуілдеді,
Қос ит қосыла, өршелене өрекпіп кеткен соң болар, қосалқы аласа үйден, інінен шыққан суырдай сүйретіліп, ұзын бойлы, қайыстай қара кемпір көрінді. Әуелі иттерге:
— Кет-әй, кет! Жат! — деп кейіді.
Мұны естіген иттер: «Е, біз өз міндетімізді атқардық. Ендігісін өзің біл» дегендей, құйрықтарын бұлғақтатып тына қалды.
Кемпір күн шағылыспаса да, көзін көсеудей қолымен көлегейлеп, жат адамға үңіле қарады. Танымады.
Айша да таныған жоқ.
— Амансыз ба, құдайы қонақпыз, — деді.
— Кел, кел, — деп қара кемпір, «үйге кір» дегендей ишара білдірді.
Қуықтай үйдің іші қараңғы екен, кемпір сипалап жүріп пештің үстінен шишақпақ тауып алып, шырағданның білтесін тұтатты. Керней орнына қағаз кигізілген томпақ бүйір шыныны тұғырына қадап қойып еді, құжыра ішіне елегізген сәуле шашырады.
Кемпір еті тірі, қунақы екен, мейіздей қатқан көнді балтамен ұрып-ұрып, пештегі шоққа үстемелеп тастап жатып:
— Үсті-басың су-су, өзің жолсызбен жүрсің ғой, жаурап қалған шығарсың, киіміңді шеш, отқа жақынырақ отыр, — деп сампылдады.
— «Танымаған, білмеген кісіге де осынша бәйек болған қандай қасиетті адам — деп ойлады Айша, — әлде менің кім екенімді біліп қойды ма? Мені білетін Байтаналардың біреуі шығар».
Бірақ кемпір: «Кімсің, қайдан жүрсің?» — деп жөн-жосық сұрай қоймады. Пештің үстіндегі сырты күйеден қасаң болған шәугімге толтыра су құйып, темір плитаның дөңгелек қақпақшаларын көсеумен іліп-іліп алып тастап, отқа қойды.
— Тез қайнайды, шәй ішіп жылынасың, — деді, — қарның да ашқан шығар. Сенің келетініңді білмедім ғой, білгенде қазан асып қоятын едім.
Айша ойлады: «Мынау мені шыннан білетін болды».
Оның ойын сезіп қойғандай:
— Мен сені әуеліде танымай қалдым, қартайдым ғой. Әйтеуір, шырамытамын. Сен Айша емессің бе?
— О, құдая тоба, иә, мен Айшамын, өзіңіз...
— Күнім-ау, мен Жұпар әпкеңмін ғой. Есіңде ме ондай әпкең? Әй-бу, ұмытқан шығарсың. Мен бойжеткен кезде, сен тұлымшағы селтиген балапан едің ғой.
— Есімде, есімде, Жұпар әпкем! — деп Айша қара кемпірді құшақтап, бауырына басты. Жұпар да құшып көрісті.
Екеуі де еңкілдеп жылап, көздің жасын көл қылды.
— Апыр-ай, Жұпар әпке, мені қалай біліп қойдыңыз, — деп Айша аң-таң.
— Қанша жыл, Құдай-ау, сіздің ұзатылғаныңыз еміс-еміс есімде. Содан бері көріспеппіз ғой. Өзіңіз айтпасаңыз, мен сізді өмірі танымас едім.
— Жүрегі құрығыр сезеді ғой, Айшажан-ау, қу жүрек біліп тұр ғой.
— Апыр-ай, әулие екенсіз да. Туысқанын таныған жүрегіңнен айналайын, әпкетай!
Екеуі терлеп-тепшіп шәй ішті. Қайдан жүрсің, неғып жүрсің деп Жұпар сұрамады. Бәрін де айтпай-ақ білетін сыңай танытып:
— Қиналып қалған екенсің ә, күнім. Зар заман да өтер, мұратыңа жетерсің, — деп қойды.
— Қиналғаным рас, Жұпар әпке, — деп Айша ау-жайдың бәрін баяндай бастады. Содан әңгіме тиегі ағытылып, екеуі алысқа-алысқа, баяғы сағым жылдарға сапар шекті.
...Тоқсанбай есімді батыр Байтананың алты ұлы бар еді... «Атадан алтау, анадан төртеу» деп данышпан ақын айтқандай, Тоқсанбайдың бәйбішесінен төрт ұл: Матай, Сасай, Татай, Есей; кіші әйелінен: Қарағұл, Нұрабай деген екі ұл болған. Солардың Матайы мен Сасайы Мекке-тілләта қажылыққа барып, Матай сонда о дүниелік болған. Ағасынан айырылып, Сасай азып-тозып елге әрең жеткенде туған-туысқан қатты қайғырса да:
— Құдай Матайдың тілеуін берді, жаны жаннаттан жай тапты деп тәубаға келіп, алты ата атырапты түгел шақырып, ас берген. Міне, мына Жұпар сол Матайдың қызы еді. Ал Айша болса, Есейдің үкілеп, мәпелеп өсірген қызы.
Жұпар сұлу бой жеткенде сүмбіл шашы тірсегіне түсер еді. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өргеннің» шын екенін жақындары сонда көрген. Шашын иіс сабындап, гүлқайырдың шайырымен жуған соң, қыздар жиналып, жан-жағынан отырып алып, мүйіз тарақпен тарап, бұрымын өруші еді. Сол «шаруаға» Айша да араласатын. Тұлымшағы селтиіп, үлкен қыздардан о да қалыспайтын. Сонда Жұпар кішкентай Айшаға: «Өскенде сенің де шашың осындай болады», — деп күлуші еді. Айтқаны келіп, кейін Айшаның шашы да тізесіне дейін төгілді. Енді... енді содан не қалды? Уысқа толар-толмас шүйке қалды. Жұпар мен Айша... Қыз жат жұрттық. Жұпар бір қаңлыға ұзатылған екен. Балалы-шағалы болған. Қазір мына алакөлеңке құжыраның қабырғасында, шынылы кәсекіге салған суреттен әскерше киінген, жауқабақ, жас жігіт міз бақпай қарайды да тұрады.
— Жалғыз ұл — Байсұлтан осы, — деді Жұпар, суретке қарап қалған Айшаға. — Соғыстан қайтпай қалды. Үш қыз үш жаққа кетті. Шалымыз екеуміз, жалғыз үй, диірмен бағамыз. Шал бүгін атқа мініп, шаһарға кетіп еді, келмеді ғой. Шаруамен жүрген шығар. Шәй ал, Айша шырағым.
Апалы-сіңлілі екеуі тар үйдің әлемін әңгіме-тарихпен кеңейтіп, түн ортасына дейін отырды. Шырағдан майы таусылып, өлімсірей бастағанда ғана Жұпар:
— Ал Айша, айналайын, сен мына менің төсегіме жата ғой, мен жерге жантая саламын. Жаныңа жақын жатайын. Алтыным әншейін. Құдай қаласа, жақсы түс көресің. Балаң табылады. Жата ғой, жаным. Уайымдама.
«Мені баяғыдай бала көріп, айналып-толғанады. Қайран ба-уыр-ай», — деді Айша көзі ілініп бара жатып.
* * *
«Түс — түлкінің боғы — дүр» дейтін ескі сөз бар. Сірә, жаман түс көргендердің көңілін жұбату үшін айтылатын шығар. Әйтпесе, түс мұндай теңеу алатындай соншалықты құбыжық емес.
Түс те өзінше бір әлем. О да өмір. Өміріңнің бір бөлшегі. Өндегіден гөрі, кейде түсінде бақыттырақ боласың. Өңінде шалқақтап, асып-тасып жүргендердің түсінде жантүршігер жағдайға кездесіп, шошып оянатындары да болады.
Ұйқым тыныш болсын десең, имансыз іс істеме. Жаман түсті көбінесе қарақшылар, қиянатшылар, ұры-қары, жемқорлар, парақорлар көреді. Өйткені күндіз ұйықтап қалған ұят түнде оянады. Сөйтіп, ұят өз иесін азапқа салады.
Түс бір жағынан өлгендегі, о дүниедегі өмірің сияқты. Жалған дүниеде күнәкар болған жан о дүниеде тозақ торына түсетіні рас болса, түс те соның бір көрінісі.
Жақсы түс — жақсылыққа жақсылық.
Жаман түс — жамандыққа жаза.
Әпкесінің тапал төсегінде жатып, Айша түс көрді. Асаның суы күндіз көргендегідей емес, айдынданып, арғы шеті әрең көрініп, шалқарланып кеткен екен. Неге екенін кім білген, Айша бұл теңізден сескенбей, үстіндегі киім-кешегімен түсіп кетіп, оп-оңай, жеп-жеңіл жүзіп келеді. Ұлы теңіз мұны еркелетіп, қақпақылдап, аймалап алып келе жатқандай. Жан-жағынан сары сазан, ханбалықтар қоршалап, шоршып ойнап, бірте-бірте адамдарға айналып, хор қыздарының ғажайып әуезді әніне салады.
Ән жалған дүниенің бес-ақ күндігі туралы, өткінші, өтірік екендігі туралы; шын дүниенің қайғысыз, мұңсыз, мейірімді, бауырмал, қайырымды ләззаты туралы жүректі елжіретіп, рахат бесігінде тербетеді.
Әлгі періште әнші қыздар жүзіп келе жатып, мұның жадау-шоқпыт киімдерін шешіп алып, суға лақтырып тастап, үстіне аппақ атлас, сусыма жұмсақ, мөлдір көйлек кигізіп, шашақты орамал салады. Дәл баяғы Мыңбұлаққа ұзатылған кездегідей хал кешеді Айша. Бәлкім, одан да тамаша, одан да көркем дүние. Жалған дүниеде мұндай рахаттың аты да, теңеуі де жоқ.
Айша таң қалады. Айдын-шалқар дарияда жүзіп келе жатқан жоқ. Жүріп келе жатыр. Дариямен де адам тік жүре ме екен? Мүмкін, мына ақ періштелер құдіреті шығар. Солар шырқаған әсем әннің сиқыры болар. Жалған дүниеде жан-тәніңді мұншама ләззатқа шомылдырған Шолпан сыңғырлы әнді, әуезді естіп білген емес. Рухты мұншама биікке көтеретін ғаламат музыка да болады екен-ау.
Арғы жаға белгі бергендей. Қыбырлап әлденелер, әлдекімдер қараңдайды. Әлде тал, әлде адамдар.
Енді олардың үні де құлаққа шалынғандай болды. Жағалау толған ақ бейнелі адамдар. Жақындай түсті. Дария шалқып жатыр. Әлгілер бұған қарсы ентелеп, алдынан шығып жүгірейін деп талпынатындай. Бірақ судан сескеніп тұрған сыңайлы.
Әне, анау Есей ғой. Есей әкесі! Жанындағыларды да шырамытады: Матай, Сасай, Татай, Қарағұл, Нұрабай... — Анау Сүттібек көкесі, анау Рахман інісі... Е, айналайын, Зибаны қара! Зиба да осылардың арасында екен-ау! Әне, үлкен апасы Теңгеқыз!
Бәрі де «кел-кел» деп қол бұлғайды.
«Апыр-ау, апам қайда?» — дейді Айша. Мыналардың арасында өзінің туған анасы Құлыхан көрінбейді. «Онысы несі, менің алдымнан бәрі жабыла шыққанда, апам қайда жүр?» Көңіліне қаяу кірді. Мына тұрғандардың бәрі асыл, бәрі қымбат... Ал апасының жөні бір бөлек. Оны айтып бола ма? Әлде ауырып қалған ба?
«Апам қайда?» — деп айқайлады Айша жағада тұрғандарға. «Апаңның мекені басқа жұлдызда», — деп тіл қатты әкесі Есей.
«Апамды сағындым», — деп сыбырлады Айша.
«Білсе, келіп қалар», — деді Есей сыбырлағанды естіп.
«Айша әпке, тезірек шықсаңшы жағаға. Мен де сені қатты сағынып кеттім», — деп шырылдайды Зиба.
Айша жағаға жетейін десе, жаңағы жүріс жоқ. Жан-жағындағы ақ періштелер де көрінбей кетті. Аяғына зіл байлағандай жүре алмайды, жүзе де алмайды. Таяқ тастам жерге жете алмай зарықты. Суға бір батып, бір шығып алқынды. Әлгінде ғана жеп-жеңіл еді. Дария жалтыр мұздай, соның үстімен сырғанап келе жатқандай еді. Енді не болды? Әсіресе Зиба «әпкелеп» шырылдағанда шыбыны шырқырайды. Тезірек жағаға жеткісі келеді. Бірақ зіл жібермейді. Әудем жер қияндай алыс. Жағадағылар «кел-кел», — деп шуылдайды.
«Апа! — деп айқай салды Айша. — Апа, қайдасың?»
Әлден соң аспандағы Ай көрінбей кетті де, жағадағылар күңгірт тартты. Бәрібір «кел-кел» деген аңсар әуен ызындайды. Кенет аспаннан ақ сәулеге оранған адам жағаға түсіп, ақ толқынданып тіл қатты:
— Айша! Кері қайт! Мен сенің анаң Құлыхан!
— Апа! — деді Айша жаны шырқырап. — Апа, мені жағаға шығарып алшы!
— Шықпа, Айша! Үйіңе қайт!
— Сағынсаң, кейін келесің. Үйіңе қайт. Балаларың күтіп отыр.
— Барсхан жоғалып кетті, апа.
— Балаң үйіңде. Кері қайт, Айша.
— Мен сенің қасыңа барғым келеді, апа.
— Кейін, кейін келесің.
— Мен шаршадым, апа.
— Шыда, Айша, шыда.
— Мұртазаны көрдің бе, апа?
— Аспан толы аруақ. Жүрген шығар.
— Үш жетімді асырай алмай қиналдым, апа.
— Сұм дүниеде қиналсаң, Шын дүниеде рахатын көресің, Айша шыда.
— Кері қайтайын десем, судан өте алмаймын, aпa.
Кенет Аса дария қақ жарылып, қара жер пайда болды. Айша сол қара жолмен қайтып келе жатып, артына бұрылып:
— Апа! — деп тағы айқайлады. Өз даусынан өзі шошып оянды.
* * *
Көзін ашып алса, жер төсекте жатқан Жұпар әпкесі жастықтан басын көтеріп алып, бұған қарап аңырып қалған екен. Ұядай үйдің алақандай терезесінен қысқы таңның нышаны қылаң беріпті. Әлгі түсінде көрген әлемге қарағанда, мына өңіндегі дүние тым тұнжыр, тым жүдеу. Түк қызық жоқ.
«Әлгі әлемнен неге келдім», — деп Айшаның көңілі құлазып, ит талаған тулақтай құрысып қалды. Сөйтсе де сол көңілдің арғы түкпірінде қимастай, қиыспастай шырайлы, шырын әсер әлі де себезгілеп, бірте-бірте мына үйдің көрінісінен көмескіленіп, әлдекім алдап кеткендей мең-зең хал кешті.
— Айшажан, немене жаман түс көрдің бе? — деді Жұпар әпкесі, дегбірі кеткендей түрегеліп.
— Жоқ, әпке, қайта ғажайып жақсы түс көрдім. Әттең, олардан айырылып қалдым,
— Не болды, айтсаңшы жөндеп.
Айша көрген түсін айнытпай айтып берді. Айтып отырып, бір жерінде күлді, бір жерінде жылады.
— Ай, айналайын, бақытқа кенелген екенсің, — деп сүйсінді Жұпар — Шыннан менің Меккеде қалған әкемді де көрдің бе? И-и, онда сен тіп-титімдей, құртақандай едің ғой. Әкемді қайдан білесің?
— Әпке-ау, мен мұны ойдан шығарып отыр дейсің бе? Көргенімді айтып отырмын.
— Е, жарығым, онда сені аруақтар жарылқаған екен. Енді сен қуанышқа кенеледі екенсің. Тұр да, жуынып-шайынып, Құдайға тәуба айтып, шәй іш. Мен тездетіп жеті шелпек пісіре салайын. Үйіңе қайт. Балаң табылған екен. Анаң Құлыхан жеңешем айтса, тегін болмағаны.
— Апыр-ай, әпке-ай, өмірімде мұндай ап-анық түс көрген емеспін. Шын дүниенің барына, аруақ барына енді көзім әбден жетті. Мына біз бейбақтар қу тіршіліктің тырбаңымен оларды ұмытып, өлдіге санайды екенбіз ғой. Сөйтсек, олар бізді ұмытпайды екен ғой. Бәрін де көрдім ғой. Апам менің! Апа-а-м-ды көрдім ғой, — деп Айша әлде шексіз қуанғандай, әлде, шексіз өкінгендей, көзінен жылы жас жылжып ақты. Түстегі көргендерін көз жасы көлегейлей берді.
ТЕСКЕНТАУДЫҢ ҚУЬІСЫНДА
БІР АЛЛАНЫҢ УЫСЫНДА
Пойыз кешігіп, түн ортасында келді.
Паровоздың тұмсығын қырау тұтып қалыпты.
Сақал-мұртын, жалбыр шашын ақ қырау шалған, арсылдап-гүрсілдеген, пысылдаған танауынан су атқылаған әзірейіл сияқты.
Тоқтар-тоқтамас, доңғалақтары рельсті шиқылдатып, пойыз қайтадан жылжи бастады. Вагондардың есіктерін ешкім ашқан жоқ. Пойыздан ешкім бұл бекетке түспеді. Пойызға бұл бекеттен мінетін бізден басқа ешкім жоқ: Айша, мен — Барсхан, екеуміз-ақ. Бұл пойыз Сұрым бекетін неге менсінбеді екен? Тоқтар-тоқтамас, қайтадан жылжи бастады. Вагондары тым-тырыс, есіктері ашылмады. Тілсіз, меңіреу пойыз. Ал біз Айша екеуміз сонау күн батар-батпастан-ақ келіп, кәдімгідей билет алып, осы пойыздың келуін күткенімізге қай заман!
Іңір қараңғысында келетін көлік түн ортасында бір-ақ келді. Енді сол кешіккен есесін Сұрым бекетінің есебінен алғысы келгендей, тоқтар-тоқтамас, ұялмай-қызармай, жайлап жылжи бастады. Айша айқайлады:
— Әй, тоқта! Мына қараңқағыр қайтеді-ей. Әй, шынымен бе? Барсхан? Барсха-а-ан!
— Не-е?
— Ойбай, мін!
Жылжып бара жатқан пойыздың бір вагонының тепкішегіне қарғып мініп, темір-тұтқадан бір қолымен ұстады. Вагонның есігі тарс жабық. Тарсылдатып ұрайық десек, қолымыз бос емес.
Тырмысып жатып, құлап қала жаздап барып, мұздақта сырғанап барып, аяғым доңғалақтың астына түсіп қала жаздап барып, тырмысып жатып, мен де әрең іліндім-ау...
Сол-сол екен, паровоз бір айқайлап, арсылдап ала жөнелді. Бозала түнектің ішіне сүңгідік те кеттік.
Бұл Ауагүл әпкеміздің ақылы еді.
Зиба бұл дүниеден өткен соң, ендігі мекен Айшаның нағашыларының ауылы, сол баяғы-Бектөбе болып қалды. Бектөбе де колхоз. Мұнда да қызылша. Мұнда да еңбегің еш, тұзың сор. Ақы төлемейді. Сонда Ауагүл әпкеміз Айша сіңлісіне ақыл айтады ғой. Байғұс-ау, колхоздан түк шықпайды. Одан да өнерің бар ғой, тігін мәшинең де бар. Мына мен құсап тік. Сат. Сөйтіп күн көрмесең — өліп қаласың.
Айтқанының жаны бар. Ауагүл әпкеміз базардан мата сатып алады да, содан күпәйке тігеді, шалбар тігеді. Матасы көбінесе солдат киімінің матасы. Сары трико. Кейде құрақ. Базарда мұндай киімнің қаны жерге тамбайды. Қолма-қол алып кетеді. Едәуір пайда түседі. Сөйтіп, соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі жұтаң жылдары да Ауагүл әпкемнің үйі тамақтан тарыққан емес.
Айша Ауагүл әпкемнің айтқанына көнуін көнеді. Бірақ:
— Менің мәшинем елде, қайынсіңлімнің қолында қалды ғой, — дейді.
— Е, мына тұрған Жуалы ғой, пойызбен бар да алып кел, — дейді Ауагул. «Зингер» мәшинесін Айша жалғыз алып жүре алмас. Сондықтан қасына мені ертті. Мыңбұлаққа соқпай, бірден «Шоңқарадағы» Әдия әпкемнің үйіне бардық. Мыңбұлаққа, өз туған ауылымызға неге бармадық, — бұл жұмбақ. Мен қыңқылдап көріп едім, Айша:
— Бұл жолы асығыспыз. Кейінірек келесің, — деді. Айша мен Әдия әуелі құшақтасып көрісіп, жылап та алды.
Таңертеңгі пойызбен келдік. Енді кешкі пойызбен кері қайтпақшымыз. Келген шаруамызды естіген соң, Әдия әпкем ашуланды.
— Күнікей шешемнен қалған көз деуші едім...
— Күнікей саған шеше болса, маған ене. Қу темірге бола көңіл жыртыспайық. Көшкенде басқа ешкімге сенбей, сенің қолына аманат қалдырып ем ғой. Алмай-ақ қояр едім, күнкөріске керек боп тұр, — деп уәж айтты Айша.
Әдия әпкем:
— Бұл Бердімбет әкемнің, Күнікей шешемнің, Мұртаза ағамнан қалған қасиетті белгі еді, енді Әулиеата асып кеткен соң, қайтып келмейді десеңші, — деп қынжылды. Қабағын қарс жауып алды. Айша арқалана бастады:
— Әй, сорлылар, не деп тұрсың? Сонда мына біз қайтып келмейді дегенің ғой!
Әдия жуасып:
Жоға, сендер отаныңа оралса екен деп, Құдайдан күнде тілеп жүрмін ғой, — деді.
Не керек, «Зингер» мәшинесі бөлшектеніп, қапшықтарға салынды. Төрт бөлшек болды. Басы — бір қапшық, екі аяғы — екі қапшық. Табаны бір қапшық.
Айша мәшинесінің басын, яғни ең ауыр, әрі ен мәнді бөлшегін өз арқасына таңып алды. Қолына мәшиненің бір аяғын алды. Менің арқама табаны мен тақтайы салынған қапшықты таңды. Бір аяғын қолыма ұстадым.
Келген ізімізбен кері кетіп, Сұрым бекетіне бардық. Пойыздан қалып қалмайық деп ертерек бардық.
«Шоңқара» ауылы Боранды бекеттен алыс, Сұрым бекетіне жақын. Боранды бекеттің артықшылығы — оған пойыз бес минут тоқтайды. Бірақ алыс. Сұрым бекеттің бір артықшылығы — жақын. Бірақ пойыз қаласа тоқтайды, қаламаса тоқтамайды. Сәтіне қарай. Сонымен, тәуекел, сәтін салсын деп тілеп, Сұрым бекетке де қар малшынып жеттік-ау.
Сұрым бекеттің қызыл фуражкелі бастығы айтты:
— Пойыз кешігеді, — деді.
— Қанша сағат?
— Оны білмеймін, — деді, — әлі Борандыға да келген жоқ. Шақпақта қатты боран, — деді.
Енді қайттік? Қайтушы едік, амал жоқ, күтесің.
О, қыстың күні Сұрым бекетте, түн ішінде Құдай пойыз күттірмей-ақ қойсын.
— Мұның қашан келетінін анық білсек, Апақай әпкемнің үйіне барып шәй ішіп, жан шақырып алар едік, — деді Айша.
Апақай әпке... Еміс-еміс есімде. Апақай — Мұртазаның әпкесі. Әкесі бір, шешесі бөлек. Еспембет өліп, жесірін Бердімбетке қосқан көрінеді. Мұны Айша айтады ғой, әйтпесе мен қайдан білейін.
Апақай апамызды осы Сұрымдағы Ысқақ дейтін бай шанышқылы алған екен. Ысқақ жездеміз қайтыс болғанда, сірә, 1937 жылдың күзі шығар, Мұртаза әлі тұтқындалмаған еді. Өйткені менің есімде: бата оқырға Мұртаза мен Айша мені де ала барған.
Сұрым елін сонда тұңғыш рет көргем. Есімде қалғаны: құжынаған жұрт, одан кейін қатар-қатар тізіліп, түтіндері будақтаған самаурындар еді. Апақай апамыздың Сыдықбек, Зиябек деген азамат балалары әскерге кеткен екен. Екеуінен де дерек жоқ. Мұны маған Айша айтады, әйтпесе мен қайдан білейін.
Енді бір сұмдығы — Сыдықбек деген үлкен баласы, біздің ауылдағы Мамыт атам бар емес пе, соның үлкен қызы Әсемге үйленіпті. Мейлі ғой. Бірақ сол Әсем бұрын осы Айшаның туған інісі Рахманға тиген екен. Тұзы жараспаған. Кетіп қалған. Әсемді артынан іздеп шығып, осындай қыстың күні Рахман товарный пойызға мініп, Боранды бекетке барған ғой. Одан омбылап қар кешіп Мыңбұлаққа, біздің үйге келген. Үстінде жұқа шекпені ғана бар екен, қос өкпеден суық тесіп өтіп, ақыры сол аурудан қайтыс болды. Мұны да маған Айша айтты ғой.
Енді сол Әсем Апақай апамыздың келіні. Бірақ кейін тиген күйеуі Сыдықбек те тірідей жоқ. Сыдықбектен Жақсымбет атты ұлы бар көрінеді.
Мұның бәрін пойыз күтіп отырғанда, Сұрым бекеттің сұп-суық вокзалында отырғанда Айша айтты ғой.
Сол-сол екен, паравоз құлақ жара бір шыңғырып, арсылдап ала жөнелді.
Бозала түнектің ішіне сүңгідік те кеттік.
Айша екеуміз бір тепкішекке ілініп, бір-бір қолымызбен қапшық ұстап, екінші қолымызбен тұтқыштан қатып қармап қалыппыз. Вагонның есігін тарсылдатайық десек, қол бос емес. Әлгі пойыз кешігіп келе жатқан уақыттың ақысын алғысы келгендей зымырасын-ай бір. Бетімізге бетіміз тиіп тұрса да Айшаның айқайы маған әрең естіледі.
— Мықтап ұста тұтқадан! Қолың шығып кетпесін!
Өзіме де жан керек. Әрине, мықтап ұстаймын ғой. Ай, бірақ жел қатты, қар аралас қатты жел беттен сабалап келеді. Шапалақтап келеді. «Мұндай жеті түнде жолға шығып нең бар!» дегендей ұрғылайды. Атаңа нәлет кондуктор! Есікті ашпады. Есіктің сыртында вагонға ілініп, салбырап келеміз. Тағы да болса, ол кездегі пойыздың тепкішегі сыртында, қолмен ұстайтын тұтқасы да сыртында. Кейін-кейін бергі заманда ғой, қол-аяғы жоқ қысыр жыландай сыпсиған вагондардың шыққаны.
Жүгіміз болмаса, сірә, жеңілдеу болар еді-ау. Жук ауыр. «Зингер». Тігін мәшине. Ап-ауыр. Қапқа салып, бөлшектеп алдық. Арқамызға таңып алдық. Қалғаны қолымызда.
Ата-бабадан қалған байлық. Байлықтың тамтығы. Тұтас та емес. Ата-бабаның бай болғаны үшін біздің жазығымыз не? Көрмеген қорлық жоқ. Сол байлыққа бола, біз қызығын көрмеген байлыққа бола, Мұртазаны алды. Ол аз болғандай, Мұртазадан қалған жетім-жесір жәутікке де тізелері қатты батты. Елден бездірді.
Енді сол байлықтың соңғы тамтығымен күн көрейік десек...
Менің қолым, тұтқадан ұстаған жалғыз қолым қарыса бастады. Жаны кете бастаған сияқты. Тұтқадан ұстап тұрмын ба, ұстамай тұрмын ба, — белгісіздеу бола бастады.
Ең сойқаны сол! Тұтқадан ұстап тұрмын ба, ұстамай тұрмын ба? Белгісіз. «Ұстап тұрмын» деп ойлайын десең, ұстамай тұрған сияқтысың. Содан жүрегің зу-у-у етіп, тұла бойыңды үрей биледі. Мұндайда қолың тұтқаны қатып қармап тұрса да, әлгі үрейден кейін өзінен-өзі босанып кетуі мүмкін ғой. Ең қиыны сол. Сондықтан үрейден аулақ бол.
Әдейі қорқайын демейсің ғой. Бірақ үрей деген сволочь ұрланып келеді. «Осы мен тұтқадан ұстап тұрмын ба, ұстамай тұрмын ба?» деп ойлауым-ақ мұң екен, тұла бойың дүр-р-р етеді.
Қасарысқан қолдан жан кетеді екен. Екінші қолмен ауыстырып ұстайын десем, екінші қолым бос емес: қапшықта мәшиненің бір аяғы бар. Ап-ауыр, зілдей. Қара сыры әр жерінен көшкен қара шойын. «Зингер» деген латынша жазуы бар. Баяғыда-баяғыда, алыстан-алыстан жеткен мүлік. Саудагер ұзын Дембай әкеп берген. Әрине, Бердімбет бабамыз бен Күнікей анамыздың малын сатып, қымбатқа алған мүлік. Темірдің аты-темір. Темір тозған жоқ, ал оның бастапқы иелері бұл жалған дүниеден алдақашан озған. «Зингерді» ата-бабамыздан қалған белгі еді деп көзінің қарашығындай сақтаған Айша. Сол Айша мен оның ұлы Барсхан қазір әлгі «Зингерге» бола өмір мен өлімнің арасында, тағдыры бір талшық шашқа ілініп қалғандай боп келе жатыр. Аруақ бар екені рас болса, сол ата-баба аруағы енді осындайда қолдаса қайтеді? Қайдасың Бердімбеттің, Күнікейдің, Мұртазаның аруағы?!
Менің ойлағанымды Айша да айна-қатесіз ойлап келе жатқан болуы керек:
— Иә, Аруақ, қолдай көр біз бейбақты! — деп айқайлады. Бозала түн, арқыраған, азынаған пойыз, кім естиді әлгі арызды? Кім?
— Күркіреу бекетіне жетсек екен, — деді Айша айқайлап.
Бірақ пойыз Күркіреу бекетіне тоқтамақ тұрмақ, жүрісін де баяулатпай зу етіп өте шықты. Айша:
— Маймаққа дейін шыда! — деп шыңғырды.
— Қолың шығып кетпесін, Барсхан! — деп тағы шыңғырды Айша.
Қол бар ма менде, жоқ па — оны сезбеймін. Сірә, қарысып, тұтқаға мүлде кірігіп кетсе керек. Немесе мүлде ұстамай бос тұр. Көрейін десем көрінбейді. Қараңғы.
— Қойныңда сансыз әулие жатқан қасиетті Қаратау...
Ар жағы айтылмады. Үзіліп қалды. Ар жағында Айша не айтқысы келді? Үзіліп қалды. Өйткені пойыз қап-қараңғы көрдің ішіне сүңгіді де кетті. Пойыз доңғалақтарының сарыны бірден өзгерді: күңгір-күңгір... Ащы түтіннің иісі бұрқ ете қалды. Көзімді ашытып жіберді. Уқалайын десем, қолым жоқ. Қолым матаулы. Айтпақшы, тұтқадан ұстаған оң қолымның саусақтары жазылып кеткендей көрінді.
— Апа-а-а! — деген жан даусым шықты білем. Айшаны тұңғыш рет «Апа» дедім. Мұртаза рахметлік «Айша де, Айша де» деп үйреткеннен бері, Апа деген емеспін. Менен бұрын үш баласы: Құттыбай, Елтай, Сәткүл — үшеуі де бірінен соң бірі шетіней берген ғой. Содан мен туғанда ажал менен адасып қалсын деп, Мұртаза маған туған шешемнің атын ататқызып үйреткен екен, жарықтық. Мүмкін қара шешектен өлмей қалғаным да содан шығар...
Әскерден қайтқан ағамыз Тәшкен айтады ғой: Нұралы екеуміз (Нұралы менің тетелес құрдасым Өсердің әкесі) Сталинградтың түбінде қалың әскер атакаға шыққанда жүгіріп келе жатыр едік. Нұралыға қақ маңдайдан оқ тигенде «Апа!» — деп құлады, — деп Тәшкен айтады. Сірә, адам кенет оқыстан өлерде алдымен аузына «Апа» деген сөз түсетін болуы керек.
Міне, мен де «Апа-а-а!» деппін. Сірә, саусақтарым тұтқадан ажырап бара жатқан болуы керек.
— Барсха-а-ан!
Кенет Айшаның қолындағы мәшинесінің бір аяғы салынған қапшық сақ етіп вагонның қабырғасына соқты да, менің арқамнан Айша қапсыра құшақтайын дегенде, қапшықтың салмағы басып, өзі құлап бара жатты...
— Апа-а-а!
— Барсха-а-ан!
Дәл осы сәтте дүние жарқ ете қалды. Түнде қайдан жарқ ете қалушы еді. Түн ғой, боранды бозала түн.
Сөйтсем, пойыз Тескентау түнелінен шыға келген екен. Түнектен шыққан соң, түннің өзі жарық болып көрінгенін қарашы.
Сонда есім кіргендей, оң қолыммен тұтқадан қайтадан ұстадым. Мені құшақтаймын деп жығыла жаздаған Айша да бойын түзеп алды-ау, әйтеуір.
Пойыз түнелге кіргенде, паровоздың түтіні шығарға тесік таппай, түнелдің ішін кеулеп кетеді екен ғой.
Тұншығып өлмей әрең қалдық.
Ажал тікелеп шаппаса, адам өлмейді екен.
Ажал шіркін шалықтап келіп, шүйіліп келіп, бұл жолы жалт бұрылып кетті.
Жаңа түнелдің ішінде мен құлағанда Айша да құлайтын еді. Сөйтіп, Маймақтың бер жағында, Күркүреу судың аржағында, Тескентаудың қуысында сүйегіміз шашырап қала жаздады.
Сол жолы біз еле кетсек, Құрмаш пен Батырханның күні не болар еді? Сәли, Қалилар асырап алар ма еді, әлде детдомға өткізіп жіберер ме еді...
Есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім зу-у-у ете қалады. Содан соң сол кездегі өзімді, Айшаны, Құрмашты, Батырханды аяп, тамағым түйіліп, көзіме үйіріліп жас келеді. Баяғыда-ақ ұмытып кететін кезең ғой. Қайта жас ұлғайған сайын ойыма орала береді. Оралған сайын өзімнен өзім езіліп, жылағым келеді. Жазылмайтын жара ма, не нәрсе...
Пойыз қанша асықса да Маймаққа жетіп тоқтады. Мен перронға құлап түстім. Қолымдағы қапшық бетонға тиіп, сақ ете қалды.
Айша қолындағы қапшықты тастай салып, басымды көтерді.
Қасымызға қызыл фуражке киген кісі келді.
— Не болды? Қайдан келесіңдер? О, қоқи, пойыздың сыртынан қантип қармап кегенсиңдер? — деді қырғызшалап. Маймақ-оймақтай қырғыз жері. Мына бекет бастық шығар бұл қырғыз. Айша жағдайды айтты. Қызыл фуражке қолындағы жалауша таяғымен вагонның тесігін тоқылдатты.
Есік ашылып, ұйқылы-ояу кондуктор көрінді.
— Немене тоқылдатасыңдар?! — деп ұрысты. Қызыл фуражкелі қырғыз:
— Мыналарды вагонға кіргіз! — деді қатқыл үнмен.
— Орын жоқ, қайда барасыңдар?
— Әулиеатаға...
— Мына тұрған Әулиеатаға жаяу-ақ бармайсыңдар ма?
— Әй, тантыма! — деді қызыл фуражкелі қырғыз.
«Оттама» — дегені.
Қырсыққан кондуктор бізге купеден орын берген жоқ.
Әулиеатаға дейін тамборға тұрып бардық. Содан бері, сон-о-оу Тескентаудың қуысында бізді бір Құдайдың уысы ұстап қалды ма деймін де жүремін.
КИІК ҚАЗДАР
Қыр астында қызылша тақтасы бар. Мен — «аткөшник». «Окучивание» деген орыстың сөзінен шыққанын ол кезде мен білмеймін. Бригадир соғыстан қайтқан, үстінен әлі гимнастеркасы түспеген, қара мұрт Төлтай деген кісі.
— Сен аткөшник боласың, — деді.
Бригадир айтса — заң.
Бұл бригадир Мыңбұлақтағы бригадир Тасбеттей емес. Боқтамайды. Қамшы үйірмейді. Аз сөйлейді. Бірақ адамды айтқанына көндіретін, сендіретін бір сесі бар.
Сонымен, мен атқа мінемін. Оған жалғыз тісті қалақ соқа жегіледі. Оның қос сабынан Махмұд абзый ұстайды. Менің міндетім — қызылша жүйегімен атты түп-түзу жүргізіп отыру. Ат сәл бұрыс жүрсе, қызылша қырылады. Соқа тісі жапырып кетеді. Бір қызылшаның қылы қисайса, менің басым кетеді. Тәртіп сондай.
Ал Махмұд абзыйдың міндеті — соқаны қос сабынан қос-қолдап ұстап алып, түп-түзу ұстап, аттың соңынан тырмысып жаяу жүріп отыру. Былай қарасаң, қиын ештеңе жоқ. Бірақ діңкелетеді-ақ. Ұдайы ұстараның жүзімен жүріп отырғандайсың. Көзіңді ала берсең, шыбындаған ат басын шұлғып кеп қалып, аяғы ізден, яғни жүйектен шығып кетеді. Сонда Махмұд абзый:
— И-и, қаһар сұққан қазақ малай, пышыратма! — деп айқайлайды.
Екеумізді Құдай бір-бірімізге қосақтап қойған. Біріміз бүлдірсек, екіншіміз қоса күйеміз. Бригадир Төлтай, звеновая «қоянерін» Сарыкүл қатын «аткошник» болған жерді келіп тексереді кейін. Қылжиған қызылша көрінсе, сазайымызды тарттырады. Әсіресе «қоянерін» қатын қиын. Сарыкүл десе дегендей, сап-сары. Топ-толық қоғаның борығындай, сеп-семіз. Үстіңгі ерні қоянның ерніндей жырық. Содан бір тісі көрініп тұрады. Екі сөзінің бірі — «аузыңа сиейін».
Махмұд абзый сол қатынды иттің етінен жек көреді. Сарыкүл естімейтін жерден:
— И-и, атның қатыны, қаһар сұқсын сине, — деп қояды.
— Ата, «аттың қатыны» деген не? — деймін артыма бұрылмай. Бұрылсам, ат жүйектен шығып кетеді.
— Қазақлар «биие» дилар, — деді абзый.
Мен өзімше күлген боламын. «Бие» деген оп-оңай сөзді «аттың қатыны» дегені несі деймін.
Сол «аттың қатыны» бригадир Толтай келгенде кәдімгідей қылмыңдап қалады. Сызылып сөйлеп, бұраңдаған болады. Белі күпшектей жуан қатынға онысы жараспайды-ақ. Сөйте тұра, біршама көркем жігіт Толтай одан безінбейді. Екеуі әзілдесіп, бірін-бірі қуаласып қыз бен бозбала сияқты боп қалады. Әп-әдемі жігітке жөні түзу әйел табылмай ма, немене... Екеуі сөйтіп, бірімен-бірі бүлдіршін мен буыршындай «тістелесіп» жүріп, ақыры Асаның жарқабағының астына түсіп, көрінбей кетеді.
Сонда менің есіме Тәңіртаудың етегіндегі, Мыңбұлақтағы қырман басы түседі. Жолдасбек қу мен әлгі (атын ұмыттым) ерке келіншек маяның түбінде осылай алысып ойнаушы еді. Бірақ оларға ол ойын жарасатын. Жарасқан істің ерсілігі де болмай ма, немене, бидай суырып қалжыраған қарттар олардың ойынына мән бермейтін. Ақта болған аттардай оқта-текте күрсініп қойып, маяның түбінде қалғып-мүлгіп отырар еді.
Күн төбеден төніп, тал түске келеді. Қызылшаның алыс жүйегінің ар жағынан, аулақтан сағым ойнайды. Сағым арасынан ерсілі-қарсылы таулар қозғалып жатады. Сөйтсем, олар өңшең дәу машиналар екен ғой. Кейін сол жерден зауыт көтеріледі. Химзауыт. Әулиеатаны сасытқан зауыт. Айнала — төңіректі улап, малдардың тістері ақсиды. Тістер айқасты. Тістерінің өскендігі сонша, жерден шөп тістеп жей алмайтын боп қалды. Сойған қойлардың ішек-қарны іріп шығатын болды. Егер Қудай бар болса, сол зауытты Әулиеатаның дәл түбінен және жел жағынан салдырған сол кездегі өкіметті өңешін суырып алып, тозақтың отына шыжғыратын шығар.
Арық атты «аткошниктен» шығарып, аяғын тұсап, ажырық отқа қоя беремін. Байғұс ат ажырыққа кенедей жабысады. Жылқы баласы сондай болғанда, адам қалай шыдасын?! Махмұд абзый екеуміз долана мен зірк ағаштың түбіндегі алақандай көлеңкеге сияр-сыймас жайғасамыз. Талтүсте қасақана көлеңке де қысқарып, бас сауғалар жер қалмайды. Сол зірктің түбіне көйлегіммен орап қойған бір шиша айран мен бір таба зағара нанды шығарып, дорбаның үстіне қоямын. Таңертең Айша салып берген байлық бұл. Махмұд абзыйда мұндай байлық жоқ. «Дастарқанға» шақырамын.
— И-и, бұлмый инде, — деп амалсыз қол созады.
Алайын десе, мені обалсынады. Алмайын десе, қу тамақ қиын. Зағарадан бір сындырып жеудің алдында, Аллаға рахмет жаудырады. «Тағы бір таңды, жарық күнді көрсеткеніңе тәуба. Бір түйір дом бұйыртқаныңа тәуба. Осы дәмнің сауабын мына міскін малайдың абыйы Мұртаза марқұмға, бақилық болған ата-бабаларына бағышладым!» — деп, бетін сипайды. Тахуа кісі. Бірақ мен түсінбеймін. Өлгендерге дом бағыштағаны қалай? Өлгендер тамақ дәметіп тұрады дейді. Өліп қалса, қайтіп жейді. Олар да аш па? Өлгендерге дәм бағышталмаса, олар кәдімгідей өкпелейтін көрінеді. Аруақ дейді. Көзге көрінбейді. Ендеше, олардың да өздерінің көзге көрінбейтін өз тамағы болуы керек қой. Жоқ. Өзіміз өзегіміз талып отырған бізден дәметеді.
Мен осыны Махмұд абзыйға айтып едім, тісі жоқ қызыл иегін көрсетіп, қиқ етіп күлді. Күлгенде аппақ қудай сақал-мұрты қыбырлап-жыбырлап, көкшіл көздері көрінбей, аппақ қастарының астында қалды.
— И-и, бағырем, пәріштем, үлгәннар тағам тілеми, савап тіли. Савапны білерсің син?
— Білем. Сауап. Сауап болады.
— І-і. Сауап болады. Рухқа нан кирәкми. Ғизатлы суз кирәк. Ихлас кирәк. Аңлисын, малай?
Иә, мен естіп отырмын. Нан емес рухтардың тілейтіні. Жақсы сөз, жылы лебіз керек. Қара басып, оларды ұмытып кетпей, еске алып, ықылас білдіріп тұрсаң — сауап.
Махмұд абзый соны айтып отыр. Аруақ, сенің онсыз да тақыл-тұқыл тамағыңа таласпайды. Ұмытпауды тілейді. Махмұд абзый жүгері нанның үгілген қоқымын бір-бірлеп теріп, күс-күс, көн тері алақанына салып, тіссіз үңірейген аузына ытқытып жібереді. Содан соң, сол алақандарын бір-біріне үйкеп алып, қаусырмалап жайып жіберіп, Аллаға тағы да ризашылық айтып, ақ жүн басқан бетін сипап, бір қолымен жер тіреп, орнынан әрең тұрады. Жағасы жалбызбен, шашыратқымен көмкерілген арықтың жағасындағы жалғыз түп шоңайнанын балғын сабағын бәкімен кесіп алып, жақсылап қырнап, әр жерінен кертіп-кертіп, ойық салалы. Езуінің бір жағына салып, үрлеп көреді. Ысқырық шықпай, ыс-ыс етеді.
— Эх, тальяшка-гармошка болса, — дейді күрсініп. — Бұ қурай ярами, бит. Сызғыра тұрғаң қурай болса.
Енді шоңайна сабағының қуысына шыбық жүгіртіп ысқылайды. Жабағы жүн сияқты бірдеңелер түседі. Тағы да қурайды езуіне салып көреді. Бұл жолы кәдімгідей ысқырық шығады. Икемге келіңкіремейтін сіреспе саусақтары сыбызғының тесіктерін кезек-кезек басады.
— Тешюк, — дейді абзый. — Тешләрем Таймырда қалғаннар, қаһар сұққан Таймыр! Цынга, цынганы білерсің син?
Таймырын білем, Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасында жатқан түбек. Ал цынга дегенді естіп отырғаным осы.
— Ол — кесел. Яман, яман. Адамлар куп улган. Мин улмәдем, за то тешләрем қалдылар.
Менің шамалауымша, Махмұд абзый Таймырда тұрған. Сонда цынгамен ауырып, тістері түсіп қалған. Егер тістері болғанда, мына сыбызғы сарнап қоя берер еді.
Ақыры сыбызғы икемге келді. Абзый қызыл иекке қыстырып, аузын жел шықпайтындай етіп бүрістіріп, тек ысқырық емес, бір әсем әуен туындата бастады. Аузын көйлегінің жеңімен мұқият сүртіп алып: «Бу саз — «Қыр қазлары» или «Киік қазлар» тұғрысында», — деді. Одан ары сөздің, түсініктеменің қажеті жоқ болды. Сонда сыбызғы не деді? «Қыр қазлары», яғни жабайы қаздар не деді?
Дауылдарда, явындарда, жилләрда.
Киек қазлар қиқылдаша
Мин билмәгән телләрда.
Дауылдарда, жауындарда, желдерде
Киік қаздар қаңқылдайды
Мен білмейтін тілдерде.
Эй, Барсхан бағырем, мен бір ғаріп адам. Мен Ақ Еділ, Орал тасында, Салауат ауылында туып естім. Әкем — татар, шешем — башқұрт.
Балалық шағым айдынды өзен, орман-тоғай, тарғыл тастар арасында өтті. Әкем Хусниддин мені мұсылманша оқытты. Кейін-кейін, өсе келе, орысша-татарша мектепте оқыдым. Мен Мир — Саид Сұлтан — Ғалиевпен бірге бір класта болдым. Сен білмейсің оны. Әрине, білмейсің. Е-е, ол деген бүкіл түрік дүниясының асылы. Сен Сұлтан-Ғалиев тұрмақ, оның жан серігі, жүрек досы, өзіңнін туысың Тұрар Рысқұловты да білмейсің. Әне, сол азамат. «Түрік тілдес, түгел бол!» деді. Оларды атып тастады, қаһар соққандар. Мені «сұлтан-ғалиевщина» деп әуелі Сібірге, одан соң Қолымаға, содан кейін Таймырға кісендеп айдады. Елде, сол Салауат ауылында әйелім, үш балам қалды. Екеуі ұл, біреуі қыз. Мен оларды көрмегелі он сегіз жыл болды. Олардың түр-түсін де ұмыттым. Әуелі сағынғаннан өзегіме өрт түсер еді, енді ұмыттым. Көру керек пе? Аңсаймын. Енді мен кімге керек?
Шоңайна сыбызғы осылай сарнайды. Менің басым салбырап кетіпті. Көлеңке ауып, күн төбемнен шыжып өтіп бара жатқанын да байқамаппын. Басымды көтеріп алсам, Махмұд абзыйдың сақалдан таза бүйректей беті алаулап, көкшіл көздерінен жас саулап, сақалы су-су болыпты. Көзім бұлдырағанға алақаным мен сүртсем, менің де жанарымнан жас шығыпты. Бірақ абзыйдікіндей ағыл-тегіл емес, сараң.'
Сонымен, «Қыр қаздары» не дейді? Таймырдан сон Қарағанды лагеріне, одан Жезқазғанның шахтасына салды дейді. Қазір байқасаң, өкпем сырылдайды. Шахтадан таптым. Терең шахтада жартастарды бұрғылағанда шан шығады. Шан емес, мыс тозаңы. Өкпеге барып қатып қалады. Мен өлгенде өкпемді жарып қараса, ай, Құдай біледі, бір қадақ мыс шығады.
Содан қатты ауырдым. Шахтаға жарамас болған соң, мені осы жаққа әкеліп тастады. Спецкомендатура тізімінде тіркеулімін. Кете алмаймын. Қаша алмаймын. Бұрынғыдай соңымда штыкты мылтығы бар қарауыл жоқ. Бірақ қаша алмаймын. Қашқанда қайда барамын? Әдіре қалған Оралға ма? Бармаймын. Жете алмаймын. Жазмыш мені жетпеуге жазған.
Мен бір адасқан жабайы қаз. Жалғыз қаз. Жолдарым қиғаш-қиғаш. Ғұмырым аз, білемін. Мылтық ұстаған Қарауыл қалды. Ал мені аңдыған ажал ылғи да менімен қатар жүреді. Бір адым қалмай келеді. Ажал мені алары хақ. Одан ары не болады? Бұл дүнияда көрген шексіз азабымның қарымтасы болды ма, жоқ па? Медіреседе оқып жүргенімде айтар еді: бұ дүнияда жазықсыз азап шеккен адам, о дүнияда жұмақта болады деп. Болса — болар. Болмаса — маған бәрібір. Бәрі де үйреншікті. Тамұққа, тозаққа жіберсе аса өкінбеспін. Өйткені ондағы тамұқ, мұндағы тозақтан қиын емес-ау деп ойлаймын.
Бір ғана арман менде. Тірімде Оралды, Ақ Еділді көре алмасым аян. О дүнияда сол Ақ Еділдің сарқылмас сарыны, жасыл орман шуылы, Орал таудың тастүлек қырандарының саңқылы естіліп тұрса маған...
Арасында Ғалиябану музыкасы сыңсып тұрса... Басқа бірдеме де керек емес.
Байлықты тілемеймін. Алтынның атасына нәлет. Алтын — Әзәзілдің жұмыртқасы. Адамдар алтын үшін қырылысады. Ырылдасып, ит болып кеткенін андамай қалады.
Мен арыдым, бауырым Барсхан. Мен де бір кезде киік қаздар қатарында едім. Дауылда қанатым талып, киік қаздардан адасып қалдым. Аспанда үшу жалғыз қазға жараспайды. Жерге түссең, асыранды қаздардың арасына сыйыспайсың. Асыранды қаздар аспанның алапатын сезбейді. Ал алапатсыз, дауылсыз өмір-өмір ме? Әлдекімнің бір уыс жеміне телмірген тірлік-тірлік пе?! Асыранды қаз семіргеніне мәз. Ақыры қазанға түседі. Киік қаздар азаттықты аңсайды. О, азаттық! Найзағайлы, түйдек-түйдек буырқанған бұлттарды жарып өтіп, аңсаулы жерге жетуге асығудан артық ләззат бар ма?!
Сол киік қаз менмін, Барсхан бауырым. Қанаттары қайырылған, туғандардан айырылған киік қаз.
Шоңайна сыбызғы осылай сарнады. Әдейі зират түбінде тұрамын. Бектөбенің зиратының түбі — менің мекенім. Жайнақ деген кісінің үйінін арғы жағы. Жардағы үңгірді білесің ғой, Барсхан. Сол менің үйім. Сонда қаламын. Есінде болсын, мен өлгенде сол үңгірді сәл терең қазып, сонда көме салыңдар. Шамаң келсе, бір қалың тақтайға қашап: «Махмұд Хусниддинұлы. Адасқан
жабайы қаз» деп жаз. Тасқа жазса болар еді, бірақ оған сенің шамаң келмейді, Барсхан бағырем. Мына бәкіні саған қалдырам, сонымен тақтайға қашап жаз.
Шоңайна сыбызғы осылай зарлайды. Бұл сарын менің жүрегіме әбден жетті. Әкем Мұртаза есіме түсті. Е, ол да осылайша қорлық көрген екен ғой. Цынгадан тістері де түсіп қалған шығар. Білетіндер көркем кісі еді деседі, намысшыл кісі еді деседі. Тісі түсіп, аузы үңірейіп қалса, сол намыстан-ақ күйіп кеткен шығар. Оның да екі ұл, бір қызы қалды. Оның жолын мойнына бұршақ салып тілеп, сарғайған Айша қалды.
Бұл баянсыз жалғаннан өтерінде Мұртаза кімге арыз айтты екен? «Бұл жерде Бердімбетұлы Мұртаза деген адасқан қаз жатыр» деп жаз деп кімге жалынды екен? Ол жазуды мен мың-миллион қарағайдың қай түбінен іздеймін?
Шоңайна сыбызғының сыңсыған үніне мен ішімнен осылай қосылдым. Менің де ішім уілдейді. Ғаламат үн тұншығып, құмығып жатыр. Әттең сыртқа шығара алмаймын. Домбыра тарта алмаймын, сыбызғы үрлей алмаймын. Небір сарнауық сарын кеудемді тепкілейді, кернейді. Кеудемді буырқанған бұлттар жайлап, күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдамақ. Бірақ тас қамауда жатыр. Тұншығады, тұншығады. Солай-солай. Сөйте-сөйте басылар.
Қыр қаздары. Киік қаздар. Дауылдарда, жауындарда, желдерде қаңқылдасқан, жол таба алмай адасқан жабайы қаздар. Соншама тосқауылдан қанаты талып, үзілер-үзілмес үмітпен ұшып келе жатқанда, әлдекімдер оқ атып құлатады. Құламағаны ше? Армандармен, үміттермен барып-барып бәрібір құлайды.
— Әй, нағып отырсыңдар? Тұрыңдар! — деген дауыс мылтық атқандай шаңқ етті. «Қоянерін» екен.
Дауылдарда, явындарда, жилләрда,
Киек қазлар қиқылдаша
Мин билмәгән телләрда...
ЖАЯУ ЖУРНАЛИСТ
Ол түске жақын келді.
Колхоздың кеңсесі атқораның бір жақ қанатында.
Бір бөлмеде колхоз бастық — Күләйша. Екінші бөлмеде — бас бухгалтер — Зәбира, босаға жақта — мен отырамын.
Менің қызметім — есепші. Яғни, колхозшыларға есепкүн жазамын. Қали атамның мені қолдап, қоқырайтып, кеңсеге отырғызып қойған түрі. Сірә, есепкүн жазып жарытып жүрген мен жоқ. Кеңседе отыра алмай, атқораға келген балалармен ойнап кететін көрінемін.
Зәбира бухгалтер маған бастық. Бастықтығын істеп ұрсады. Ойнап кетесің дейді. Есепкүнді уақтылы тапсырмайсың дейді. Мен оған: «Тапсырды не, тапсырмады не, бәрібір еңбекақы алып жатқан колхозшы жоқ қой», — деймін.
Зәбира не айтарын білмей қалады. Өйткені менікі шындық. Өйткені колхозшы құлдан жаман. Баяғы байлар құлдарына жұмыс істеткізу үшін тамағын тойғызған. Ал колхозшының қарны аш. Колхоз ештеңе бермейді. Колхозшының қарны аш. Масқара.
Зәбира:
— Сонда да еңбеккүн жазыла берсін. Кім біледі, заман түзелер. Сонда Үкімет осы төленбеген еңбеккүн ақысын өтер, — дейді.
Отыра қалып қиялдаймыз. Соғыс тоқтағалы бір жылдан асып барады. Қарын әлі аш. Бірақ жүрт жұмыс істеп жатыр. Өтелмеген еңбеккүн жинала берсе, жинала берсе, бір күні Сталин жарылқап пәрмен шығарса: «Еңбеккүн төленсін!» — деп.
Сонда әркімнің үйіне арба-арба астық түсіп жатса...
— Әне, көрдің бе — деді Зәбира — сөйтіп, елдің сауабын аласың.
— Мұның бәрін бізге жаздырып берген кім дейді? — Барсхан, — дейді. Сонда барып, мен өз қызметімнің аса зор екенін сезінгендей боламын. Біз өстіп қиялдап отырғанда, ол кіріп келді.
Үстінде боз костюм, галстугі, боз қалпағы бар. Аяғында сары туфли. Қаладан келгені көрініп тұр. Бірақ сары туфли шаң-шаң. Шалбарының балағын да шаң тұтқан. Қаланың қазағы екені көрініп тұр. Қаланың қазағына шаң үйлеспейді.
— Шойынбеков, — деді ол Зәбираға қолын ұсынып. — «Сталин жолы» газетінің тілшісімін.
Аққұба келген, әдемі кісі екен. Бетінің бір жерінде меңі бар ма деп қалдым. Сөзі өте сыпайы. Тіпті нәзік десе болады.
Газеттен келген тірі адамды көргенім осы. Орнымнан тұрып, аузым аңқайып, әлгі кісіге қараппын да қалыппын.
Менің ұққаным — біздің колхозға қаладан жаяу келіпті.
Көліктің жоқтығынан емес, жо-жоқ, қаланың у-шуынан сергіп, даланың ауасын жұтып, бозторғайдың шырылын есту үшін.
Колхоз бастық — Күләйша орнында жоқ. Сірә, ауданға кетсе керек. Сондықтан, Зәбира осы колхоздың бастықтан кейінгі ірі тұлғасы болғандықтан әңгімелесуге кіріпті.
Арқалығы жоқ орындыққа, яғни табуреткаға отырды. Зәбираға сұрақты үйіп-төгіп бере бастады. Қалтасынан блокнот, қалам алды. Зәбира сасқалақтады. Шешек дағы бар, сұрша өңі қызара бөртіп шыға келді. Үстелінің тартпасынан суырып, ана журналды бір алды, мына журналды бір алды.
Колхозда қанша мүйізді ірі қара бар, қанша көлік малы, қанша жылқы, қанша қой бар... Жер көлемі? Егістігі? Суармалысы? Тәлімі бидай қанша? Қызылша? Жүгері? Жоңышқа?
Сұрамаған пәлесі жоқ. Зәбира байғұстың тер маңдайынан сорғалап, мұрнынан тамшылады. Сонша неге әбіржиді? Қаладан жаяу келген әлдекімге бола, сонша әбігерленді.
Сөйтсем, ол заманда Сталин, Сталиннен кейінгі құдірет газет екен. Әңгіме әрең дегенде аяқталды.
Журналист Зәбираға:
— Мен енді «Сталин жолы» колхозына жетуім керек. Көлігіңіз болса... — деді.
Зәресі кеткен Зәбира дәл қазір, мына журналист не сұраса да бере салмақшы. Дереу маған бұрылып:
— Барсхан! — деді — Тез қорадан ат ұстап, ерттеп, мына ағаңды «Сталин жолы» колхозына жеткізіп салып, қайтып келесің.
Қуанып кеттім. Дереу атқораға жүгіріп барып, көлеңкелеп, шыбындап, бастарын шұлғып тұрған аттардың ішінен «тәуірі осы-ay» деп Арыстанқұл лабогрейкаға жегіп жүрген қарагер қасқаны ұстадым. Бір түсініксізі: даланың таза ауасын, бозторғайдың шырылын ұнататын журналистің бұл жолы неге жаяу жүргісі келмегені.
Онда менің шаруам қайсы, қарагер қасқаны ерттеп алып келіп, алдына көлденен тарттым.
Атқа алдымен өзі мініп алып, Зәбирамен қоштасуға еңкейіп қол ұсынды. Зәбира қысылып-қымтырылып, ол да қолын созды.
Мен артына мінгестім.
Ауылдан ұзап, жалпақ сазға шықтық. Журналистің желкесі көрінеді. Желкесінен аздаған әтірдің иісі шығады. Үндемейді. Менің бар-жоғыммен жұмысы жоқ. Үндемейді. Бозторғай бар ма екен деп, аспанға қараймын. Бозторғай көрінбейді. Оны мен іздегенде, журналист іздемейді. Басын аспанға бір көтерген жоқ. Бозторғайдың әнін сағынғаны қайсы?
Қарагер қасқа ғана пысқырынады. Оның екі адамды ауырсынып, қара терге малшынғанын ердің үстінде отырған журналист емес, артына жайдақ мінгесіп отырған мен сезіп келе жатырмын.
Сол жағымыздан, жалпақ саздың ар жағынан қара қамал сияқтанып, Әулиеата шаһары тал — дарағының сұлбасы сызаттанып жатыр. Он жағымызда Аса өзенін бойлай жатқан Айша-Бибі ауылы, оның бер жағында «Октябрь» дейтін шап-шағын ауыл.
Маңдай алдымыз — темір жол. Одан ары — Қаратау, одан ары... батыстан қылтиып Манас шыңы көрінеді. Жүрегім жұлы-ны-ы-ып кете жаздады. Жанында Мыңбұлақ бар ғой. Анау Маймақтан ары, анау Күркүреусудан ары, сонау Жаңабай саздан, сонау Шоңқарадан ары... Қайран Мыңбұлақ.
Бір ой келеді. Осыдан мына журналисті керек жеріне жеткізіп салған соң, не болса ол болсын, атасына нәлет, тура Мыңбұлаққа тартып кетсем неғылады? А? Астымда атым бар...
Баяғыда бір қыз: «Апа, тойға барам, тойға барам», — деп қыңқылдай берсе керек. Сонда шешесі:
— Қызым, барғызбасын, барғызбас, — деген екен. Тұттай жалаңашсың, қайтіп барасың дегені ғой.
Мені де барғызбасым барғызбайды. Ат болса колхоздікі. Оның өзі жұмыс көлігі. Арыстанқұл лабогрейкаға жегіп, бидай орады. Оның үстіне Манас шыңы қылтиып көрінгенімен, Мыңбұлақ алыс. Өте алыс. Арада биік таулар, асау өзендер бар.
Бір кезде, үнсіз журналист басын шалт көтеріп алып, аспанға қарап:
— Иә, Алла! — деді.
Өзінен-өзі шошып кетіп, жалт бұрылып маған қарап, қуарып тұрып, ыңғайсыздана ыржиып күлді. Себепсіз. Күлетін реті жоқ. Сірә, сасқаннан. Мен КГБ-ның агенті емеспін ғой. Несіне қорқады? Бекер қорқады.
Өзіміздің кеңседен шыққалы бері, Зәбирамен қол алысып қоштасқалы бері, мені бар екен-ау, жоқ екен-ау демей, елемей келе жатқан журналист, енді аттың басын ұмытып, біржола маған бұрылып алды. — Атын кім, айналайын? Кімнің баласысың, айналайын? Қай класта оқып жүрсің, жаным? Е-е, дұрыс, дұрыс. Жон-жон. Аман бол, ботам. Ақыл-есін бар бала екенсің, ботам. Газет оқисың ба, жарқыным? Е, оқығанын дұрыс. Жазып тұрсаң қайтеді? А? Жаза алмаймын ғой дейсің бе? Үйреніп кетесің, құлыным. Не жазамын дейсің бе? Ауылында не жаңалық болып жатыр, қысқа-қысқа хабардан баста. Жарай ма? Газеттің әдіресін білесің ғой. Жамбыл қаласы, Пушкин көшесі, 52. «Сталин жолы» газеті. Шойынбеков. Нұртай Шойынбеков десең, мен өзім реттеймін. Жақсы ма? Е, онда болды. Міне, келіп те қалдық.
Қарасам, ат басы тірелген үйдің маңдайшасында «Сталин жолы» колхозының басқармасы деген жазу бадырайып тұр екен. Журналист аттан түсті. Ердің үстіне енді мен отырдым. Арықтау қарагер қасқаның құймышағы құйрығыма батып, жағдайсыздау келе жатқанымда, ер-тоқымға қонжиып, жаным кіріп қалды.
Журналист қолымды қысып қоштасып:
— Рахмет, жеткізіп салғаныңа. А, айтпақшы, жазып тұр, — деді.
Келген жолға түсіп, кері кайтып келе жатырмын. Ауылға бет алғанымызды қарагер қасқа да сезіп, жүрісі ширағандай болды. Жүгі жеңілдеді ғой.
Жолда алдымнан өгіз мінген біреу көрінді. Артынан қарағанда басы жоқ, тұқыл дене сияқты. Мұнысы несі деп атты жүргізіңкіреп жақындасам, әлгінің басы бар екен. Тек, омырауына салбырап түсіп кетіпті.
Шамасы, мен құралпы. Бәлкім, менен ересектеу. Өгізі тым шабан. Мимырт. Үстіндегі адам да сол мимырттықты тілейтін сияқты. Қамшы салмайды. Тебінбейді.
Жанаса беріп:
— Саламатсыз ба? — дедім (Әлгінде журналист Зәбирамен солай амандасқан). Мен де даусымды сызылтып шығардым. Өгіздің үстіндегі бала басын көтерместен бетіме бағжия бір қарап алды да үндемеді. Менің бар-жоғыма мән бермеді.
Өгіз бір-бір басады. Жамбасыңа садыра қатқан. Сірә, әбден қартайған өгіз. Түр-түсі де белгісіз. Тарғыл дейін десең, қоңыр сияқты, қоңыр дейін десең, тарғыл сиякты. Әйтеуір кеудесінде жаны бар.
— Сірә, Октябрь колхозының кісісі боларсыз? — деймін дауысымды мейлінше жұмсартып. Үн жоқ.
— Колхоздарыңызда биыл өңім қалай? Ақ егін қанша центнерден айналды? — деймін сыпайы ғана. Үн жоқ.
— Сиырларыңыз көк балауса жүгері жейтін шығар. Күніне қанша литрден сүт беріп тұр? Үн жоқ.
— Биыл қызылшаның шығымы қалай? — Абайламай бұ жолы даусым қатқыл шықты.
«Мен сен сияқты әумесермен сөйлескім келмейді. Соны да сезбейсің бе?» дегендей, бетіме алара бір қарады. Үндемеді.
Амал жоқ, ойладым: тіл жоқ, мылқау шығар?
Қамшының сабымен иығынан түртіп, бетін бері қараттым, ымдап, аузымнан тілімді шығарып көрсетіп:
— Немене, тілің жоқ мылқаусың ба? — дедім.
Түр-түсі бұзылып, шықшыты бұлтыңдап: «Өй, шешеңді, өзің мылқау бол!» — деді.
Мұндай масқара болмас. Қарап келе жатып боқтау естідім. Менде бөтен ниет жоқ еді ғой. Жәй, әңгімелесейін дедім. Әлгінде журналист жазып тұр деп тапсырма берді. Сәті түсіп, әңгіме шырайлы шықса, жазайын деп едім...
Ызаға булығып, шыдай алмай, кір көйлектің жон арқасынан ала, қамшымен салып-салып жібердім де, атымды тебініп-тебініп қалдым. Сауырдан қамшымен тартып-тартып жібердім. Шаптырып ала жөнеліп, қашып кетпекшімін.
Ой, жамандатқыр, қарагер қасқа!
Сәл-пәл, борт-борт желді де, тарғыл өгізден жұқты ма, білмеймін, бір-бір басып, мойны салбырады да қалды.
Ал ана бала болса, өгізден домалап түсе салып, арба айдайтын ұзын қамшымен салды кетті, салды кетті... Содан жон арқамда айқыш-ұйқыш, қызыл жолақ із қалды.
* * *
Кейін осы әңгімені Әулиеаталық жазушы Кәрім Баялиевке айтып отырып, «Шойынбеков деген журналист бар ма?» — деймін той. Болған, — деді Кәрекең. — Нұртай Шойынбеков. Баяғыда қуғын-сүргін көріп, ылғи да «үш әріптің» назарынан зәрезап болып жүрген кісі еді, жарықтық.
Бәсе деймін мен, сол жолы айдалада «Алла!» — деп алып, менен қатты қорқып еді. Бірақ содан тілі шығып, сөйлеп кетіп, журналист бол деп үгіттеп еді.
Құдай иманыңды берсін!
КҮМӘНДІ КУӘЛІК
Молотов мектебіне жаңа директор келіпті. Үстінен әлі гимнастеркасы түспеген, отыздар шамасындағы кісі екен. Түсі оңып кеткен сұр гимнастерканың иықтары таңдақтанып, көкшіл тартып тұр. Сірә, пагонның орны болар. Сірә, офицер шығар. Төлен көкем сияқты лейтенант па екен? Пагонын алып тастапты. Орны көк таңдақтанып қалыпты. Басқа көйлегі жоқ шығар. Әйтпесе, осындай ала-құла гимнастеркамен жүре ме? Әлі айлық алып, жаңа көйлек кигенше, пагонның орны да оңып кетер. Ала-құлалық жойылар.
— Ал, бала, шаруаңды айт. Оқиын деп келдің бе?
— Жоқ, куәлік алайын деп келдім.
— Қандай куәлік?
— Жетінші класс бітіргенім туралы.
— Қайда барып оқымақшысың?
— Қалаға. Интернат бар дейді.
— Е, интернат бізде де бар ғой.
— Қаладағы интернат киім-кешек береді екен.
— Е-е, пансионат қой.
— Иә, ағай.
— Фамилияң кім?
Мен айттым. Директор мен танымайтын завучты шақырып алып:
— Мына баланың документтерін, қырық бесінші жылғы журналды алып келші, — деді.
Завуч қайтып келіп, кластың журналын директордың алдына қойды. Директор журналдың басынан бастап парақтап, менің аты-жөнім тұрған тұсты сұқ саусағымен сызғылап отырып, соңына дейін сүзгілеп шықты-ау.
— Сонымен, бір жылды өлтіріп алыпсың ғой, — деді. — Неге?
— Ауырып қалдым. Жыл тұрмақ, өзім де өліп қала жаздадым.
Директор маған тұңғыш рет тікелей қарап алып:
— Жалпы жаман оқымаған сияқтысың. Бірақ бір жыл босқа кетсе, оқыған-тоқығаныңды ұмытып та қалған шығарсың. Қаланың мектебіне жарар ма екенсің?
— Тырмысып көремін ғой, ағай. Бір жыл қарап жатқан жоқпын. Көп кітап оқыдым.
Директор журналдың соңғы жағындағы жапсырма қағаздың бүктеуін жазып қарады. Менің фамилиямның тұсында белгі жоқ, ақ жолақ.
Басқа оқушылардың тұсында түрлі таңбалар тұр. «3», «4», «5» деген сияқты. Менің жолым-ақ таңдақ, түк белгі жоқ. Өмірде ешқандай із қалдырмай, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен адамның тағдырындай, тап-тақыр.
Жүрегім бір бәлені сезгендей зу-у ете қалды. Директор басын көтеріп алды.
— Емтихан тапсырмапсың ғой, ауырып қалдың ба? — деді.
Айтайын ба, айтпайын ба? Мырзагелді жездем: «Жетінші бітірдің, емтихан тапсырмайсың. Досмырза директормен келістім. Әйда қауын егіп, қарық боламыз», — деп мені мектептен алып кетіп, айдалаға апарып қара жұмысқа салғанын қайтып айтамын.
— Иә, — дедім ләж жоқ.
— Доктордан справкаң бар ма?
Қайдағы справка! Менің дәрігерлерім: Қали атам, Саид-Акбар қожа, өзімнің анам, патефондағы сиқырлы ән. Міне, менің емшілерім. Олардан справка алуға бола ма? Справкасы несі демей ме олар. Справканы патефоннан қалай сұраймын? Әсем әніңмен менің жан дүниемді әлдилеп, бойыма күш-қуат беріп, дәт беріп, безгек деген бәледен аман алып қалып едің. Соны куәландырып справка бер деп қалай айтайын?
Ал одан да бұрын Мырзагелді жездемнен куәлік қалай сұраймын? Ол қазір қалада. Бұрынғы директор Досмырза да осы Әулиеатада дейді. Досмырза болса, куәлік берер еді. Қызметі ауысып кетіпті. Осы адамдардың қызмет ауыстыра беретіні несі? Дені сау болса, іске жараса, бір орында істей бермей ме? Бастықтардың ауыса бергенінен біз сиякты пенделер зардап шегеді.
Менің үндемей қалғанымнан секемденген жаңа директор:
— Қалайша емтихан тапсырмағансың? Айтсаңшы, — деді. «Жездем қауын егіске әкетіп қалып еді» десем, оған бір зияным тиіп кетуі мүмкін.
— Ауырдым, — дедім төмен қарап тұрып.
— Ауырсаң — справка давай! — деді директор әскери үнмен қатулана айқайлап. Осы кезде кабинеттің есігі ашылып, ішке сәл еңкіштеу, ұзын бойлы, сіліңгір қара жігіт кіріп келді. Оның үстінде тіпті гимнастерка да емес, китель бар екен. Кеудесінде — жалғыз орден. Мұның да пагондары алынған.
— Сәлем, товарищ лейтенант Жақсылықов! — деп еркін сөйлеп, еркелей кірді. Директор екеуі әмпей-жәмпей әңгімелесіп кетті.
Мені көздеріне де ілмейді. Не кетерімді, не кетпесімді білмеймін.
Жаңа кірген кительді қара, неге екенін білмеймін, маған біртүрлі тәуір адам сияқты көрінді.
— Өзің ашулысың ғой. Бастық болған кісі ашуланшақ бола ма екен, — деп сампылдады сіліңгір қара.
— Өй, әуресі көп жұмыс екен, — деп қолын сілтеді директор. — Сайда — саны, құмда — ізі жоқ. Оқу жылы басталайын деп қалды. Қарбалас.
Кенет маған көзі түсіп кетіп:
— А ну, шагом марш! — деп бұйырды. — Бар, бара бер!
— Ағай, ағатай, осында оқығаным рас қой. Журналда тұр. Оқу жылы басталайын деп қалды. Тағы бір жылым өледі ғой, — дедім, не болса да беріспейін деп.
— Қарай гөр өзін, понимаешь, — директор кительді қараға бұрылды.
— Жетінші класта оқып, көктемгі экзаменді тапсырмай кетіп қалған. Еще куәлік сұрайды.
Кительді қараның назары маған ауды. Әлдене есіне елес бергендей шұқшия қалды.
— Әй, сен осы... — деп кідірді. — Атың кім?
— Барсхан.
— Кімнің баласысың?
— Мұртазаның.
— Ой, осы сен Айша әпкемнің баласы емессің бе?
— Иә.
— Бәсе, түрің келіп тұр. Әй, сенің ауылың Жуалыда емес пе? Мұнда қайдан жүрсің? Айша әпкем бар ма?
«Өлмегенге өлі балық жолығады». Мынау «өлі балық» емес, «жығылғанды қолдан алатын, адасқанды жолға салатын» нағыз Қайыперен — Кырық Шілтеннің өзі сияқты көрінді маған. «Айша әпкем, Айша әпкем» дейді. Сонда бұл қай інісі? Төленнің суретін көргем. Бұл сияқты емес. Сонда Айшаның қай інісі?
Тас қараңғы түнде үміт оты жылт ете қалғандай болып, бүкіл өмірбаянымды жайып салайын.
— Мен сенің Сембек деген нағашың боламын. Айша әпкем айтқан шығар, — деді жаңағы Тәңір жарылқағыр.
— Иә, айтқан, — дей салдым, Айшаның Сембекті айтқан-айтпағанын есіме түсіре алмай.
— Айтса, сол Сембек менмін. Есей нағашыңның бауыры. Қарағұлданмын. Түсіндің бе? Ал Мырзагелді жездең жеңілтектік жасаған екен. Жақсылығы да бар, кейде ұшқалақ мінезді де болушы еді. Саған обал болған екен. Зиба әпкем асыл еді ғой. Құдай иманын берсін.
Сөйтіп, менің Құдай кездестірген нағашым Сембек, мен бұрын білмеген, көрмеген Сембек директорға қарап:
— Әй, товарищ Жақсылықов, өзін естідің ғой, бұл баланың жағдайын. Жас баланы жасытпай, куәлігін бере сал. Фамилияң Жақсылық қой, — деді.
Жақсылықов енді сәл жұмсарғандай қипақтады:
— Районодан инспектор келіп тексерсе қалай болады?
— Е, міне, жыл бойғы бағалары дұрыс қой, — деп бой бермеді журналды көрген Сембек нағашым. — Рас, есептен «үші» бар екен. — Маған қарап, — Есептен неге осалсың? Есептен осал болсаң, өмірде есең кете береді. Оның қалай? — деп маған ұрысқандай болды. Оны, сірә, жорта айтты-ау деймін. Әйтпесе, зіл жоқ.
— Оның үстіне, міне қара, — деп директор журналды қайта парақтады. — «Не был», «не был», «не был»... Міне, қара. Сабақты пропускать ете берген. Неге?
— Неге? — деді Сембек нағашым маған шүйіліп.
Мен не дейін? Мырзагелді жездемнің қойын бақтым. Бірақ қолымнан кітап түскен жоқ. Тіпті кітаптың қызығына түсіп кетіп, бір қозысын өлтіріп алдым, — деп қалай айтамын. Сембек нағашым аузы батылдау екен, ертең Мырзагелдіге жолығып қалғанда айтып жүрсе, мен шағым қылып, оны жамандағандай болмаймын ба? Сонда Мырзагелді: «Жаман тоқтыны асырасаң, аузы-басыңды май қылады, жаман адамды асырасаң, аузы-басыңды қан қылады» демей ме?
Сөйтіп, «неге, неге?» деген қос сұрақ жауапсыз қалды. Мен бедірейдім де қалдым.
Сембек, сірә, сезімтал болар. Менің «не был», «не был» болғанымда ит қуалап, доп ойнап жүрмегенімді білді-ау, сірә.
— Әй, Жақсылықов, — деді. — Қарашы мына баланың түр-тұрпатына. Айнымаған Рахман емес пе? Рахман көкемді сен білуші едің ғой. Сені оқуға түсіріп, жәрдемдескен сол Рахман емес пе еді? Отыз екінші жылғы ашаршылықта детдомға орналастырып, ажалдан алып қалған сол Рахман емес пе еді? Ерте өліп кетті, есіл ер. Ал енді мынау — алдыңа тіріліп келіп тұрған сол Рахман. Туған жиені. Айша әпкемнің туған баласы. Нағашысының копиясы. Осыдан кейін де қипақтайсың ба?
Директор мүлде өзгеріп сала берді.
— Бағанадан бері айтпайсың ба? Мен қайдан білейін.
— Білмесең, енді білдің. Баланы қинамай, куәлігін қолына бер. Жолынан қалдырма.
«Адамның күні адаммен» деген баба, сірә, осыны айтқан шығар.
Осының бәрі кездейсоқ па, әлде заңдылық па? Егер дәл қазір бұл Сембекті Құдай айдап келмесе, менің күнім не болар еді? Куәліксіз қайда? Кімге барамын?
Мыңбұлақтағы ауылдың атқамінерлерінен жамандықты көп көрдім. Сол жамандық әрдайым жолымнан шыға берсе, Құдіреттің маған тозақтың төрін осы жалған дүниеден-ақ бұйыртқаны да.
Соншалықты азап шегетіндей не күнәм бар? Адам баласы анасының құрсағынан күнәкар болып тумас-ты. Күнәкар болсам, енді болармын. Кадам басқан сайын сор маңдайыма әділетсіз тас тие берсе, мен де ашынып, неше түрлі сұмдыққа, қылмысқа баруым мүмкін. Қалаға барып, қалтаға түсіп, Шайқа атаманның атқосшысына айналуым әбден ықтимал. А, бәлкім, атаманның өзі болармын. Атамандардың ақыры белгілі. Мекені — түрме. Ал түрмеден түзеліп шықпасын тағы аян. Бір Алла, аруақтар жар болған шығар. Куәлігімді қолым қарысқанша тастай ғып ұстап, қалаға қарай құстай ұштым.
Алдымда не күтіп тұрғаны тағы беймәлім. Екі аяғым — ат, екі қолым — қамшы, жетекшім — үміт.
ХАБИБАТ ПЕН ХАСАН
Куәлігім қолымда, енді не қам бар? Интернат — пансионға мені алмағанда кімді алады? Бағаларың кілең, «4» пен «5». Тек математика дегені бүлдіріп тұр. Осы сабақ о бастан оңалмаған. Мыңбұлақтың мектебінде Иса мұғалім ауырып қалған соң, соның алдында ғана осы мектептің жетінші класын бітірген бір шомбалдай қара қыз есептен сабақ берген. Оңдырмады ғой. Өзі жөнді білмесе, өзгеге не үйрете алады? Есептің уызына жарытпады, уыз орнына көкшалап берді сол қыз. Қырсыздық содан басталды. Әрі десе, Тасбет бригадир сол қызды мұғалім санатына қоспады ма, немене, дәл соның сабағында бізді жұмысқа айдап кетеді. Ол үшін заң жазылмаған.
Сөйтіп, бір қарын сары майды бір құмалақ бүлдіріп тұр. Сол жолы Молотовтың мектебінен куәлік аларда Сембек нағашым директор досына:
— Әй, Жақсылықов, сый қылсаң сыпыра қыл, ана математикасына «4» қоя сал, — деген, Тәңір жарылқағыр.
— Буынсыз жерге пышақ ұрма, — деді директор әскери қатқыл үнге көшіп. — Онсыз да осының, өзі аз қылмыс емес. Экзамен тапсырмаған балаға куәлік беріп... Тексеру шықса не болады?! Әрі-беріден соң, бұл баланың, әлгі Жуалы ма, немене келген жағы, ол жақта алтыншы класс бітірді деген документі де жоқ екен архивте. Енді неғыл дейсің?!
Ол рас, алтыншы класты аттап кеткем. Жездемнің ақылымен.
Сембек нағашым дау айта алмай қалды.
Енді, міне, кілең семіз қойдың ішінде, бір ақсағы бар куәлікпен Әулиеата шаһары, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебіне де келіп жеттім-ау!
Пушкин деген көшеде, жатағандау келген, жалпақ мектеп екен. Сұрастыра-сұрастыра, «приемная комиссия» деген жазуы бар кабинетті де таптым. Ішімнен Жасағанға жалбарынып, есікті тықылдаттым.
— Да, — деген әйел даусы естілді.
Кірдім.
Шашын желкесіне түйген, түрі сұстылау, көзілдірікті кісі екен. Сәлемнен соң қағазымды ұсындым. Қарап-қарап, «математика» деген жеріне қарындашпен бір нұқып қойып:
— Қайда жүрсің, құрлық бала, кешігіп қалғансың, — деді.
— Колхозда жұмыс істедім, апай. Әрең босатты. «Құрлық бала» дегеніне қарағанда апай, сірә, қарашай болар. Әлпетіме қарап тұрып, күрсініп қойды.
— Арада бір жыл өткізіп алыпсың ғой.
— Ауырдым, апай.
Апай маған жаман хабар айтатындай кібіртіктеп қалды.
— Интернат — пансионға жүз оқушы қабылданады. Ал қазір келіп түскен арыз екі жүзден асады. Сондықтан, енді документ қабылданбасын деген бұйрығы бар директордың.
— Апай, мен оқығым келеді.
— Оқуыңа ешкім қарсы емес. Оқи бер. Бірақ пансионатта орын жоқ. Үйде жатып оқы.
— Қалада үйім жоқ, апай.
— «Апай, апай». Менің аты-жөнім бар. Хабибат Абубакировна. Сендерге анау да «апай», мынау да «апай». Қарға тамырлы қазақ, қалада туған-туысқан, ағайын, таныстарың бар шығар.
— Ешқандай туысым да, танысым да жоқ, апа-а... а-ей, Ха...
Құдай ұрып, жаңа ғана естіген аты-жөнін ұмыттым да қалдым. Бұрын ауыз үйренбеген тосын ат.
Апай ашуланшақ екен, тулап шыға келді.
— Сен, құрлық бала, оқи алмайсың, әлгінде ғана естіген атты есіңде ұстай алмасаң, сабақты қайтіп оқисың?
Енді құрыған шығармын. Онсызда мынау әйел мені қайта-қайта «құрлық бала» деді. «Құрығыр бала» дегені ғой. Түңіліп, енді қайттым деп тұрғанымда, есік ашылып, өңкиген бір дәу кісі кіріп келді. Бір жерде көрген кісім сияқты. Орақ мұрты салбыраған, қоңқақ мұрын. Үстінде қара көйлек, басында жұқа ақ жүн қалпақ. Белінде жіңішке күміс белдік. Қасы жалбырап көзіне түскен. Қайдан көрдім? Қайдан көрдім? Е-е, Молотовтың интернатындағы завхоз Өзденов қой. Атын ұмытыппын. Ішім жылып қалды. Болымсыз үміт жылтырады.
Өзденов мына әйелмен қарашайша қауқылдасып, жөн сұрасып, шұрқырасты да қалды. Әлгінде ғана қаһар шашқан әйел жүзі жадырап, әп-әдемі боп кетті. Енді Өзденовпен оңаша әңгімелескісі келгендей.
— Бар, бара бер, ма былай, — деп маған есік жақты нұсқады.
Шық дегенде, шығып жүре берсем, алдағы бүкіл ғұмырым қалай-қалай қайқаңдайтынын бір Алла өзі біледі. Өмір деген дауыл көрінеді. Дауылдағы мұхитта ескексіз қайық қайда кететінін кім біледі?
Бар дегенде, есік жаққа бара қоймадым.
Егер бір Қызыр көзге көрінбей, мені жөнге салып жүрмесе, әлдеқашан өмірем қатып қалар ма едім. Әйтеуір, бір қолдаушы бар. Тірі жанда мені қолдар ешкім жоқ. Айшаның қолынан не келеді? Қали атамның қолынан келгені: сельсоветтен «тас жетім» деген қағаз алып берді. Құдай өзі кешірсін, әйтпесе Айша тірі ғой... Өйтпесең, тағы қиын. Пансионатқа алмайды. Алмаса, сол ауылда ит мініп, ирек қамшылап, қараңғы болып қала бересің.
Әйтеуір, бір қолдаушы бар. Түсін түстеп, атын атай алмаймын. Сол қолдаушы дәл қазір жетектеп алып келген шығар мына Өзденовті. Бір минут кеш келсе, менің тағдырым құрғақ талқан жеумен қақалып-шашалып өтер еді.
Өзденов қабағы, қасы салбырап, тұңғиықтағы көзін маған қадады.
— Әй, сен, балақай, қарама былай, — деп иығымнан ұстап, өзіне қаратты. — Қайдан жүрсің? Мені таныдың ба?
— Танып тұрмын, ағай.
Өзденов өңкиген бойы мені бауырына қысты.
Апай аң-таң.
— Хасан, сен бұ жошығны билерсен?
— Білем, Хабибат, білем. Бұл мені бір зауалдан аман алып қалған. Кейін айтам. Ал әзірге шаруасын шешіп жібер. Оллаһи, бұ пәріште бала, маған сенгін, — деді.
Көз алдымда: Молотовтағы Ақмешіт интернатында, қысқы суық түнде жалғыз қалғаным, үш жалаңқат көрпені қабаттап жамылып жатып, қатты бастығырылғаным; қойма бөлменің дәу қара құлыбының сақырлағаны, шошып оянғаным... Өңкиген дәу қараның үстіме төнгені, «оллаһи-биллаһи, сені Алла жарылқайды, менің бу ісімді ешкімге айтма, айтма» дегені...
Мен оның ұрлығын ешкімге айтпадым. Бірақ онда тұрған не бар? Кейбіреулер ондай-ондай жақсылықтың оның істесең де ұмытып кетеді. Ал мынау ұмытпапты.
Көзге көрінбей, жанымда жүретін Қызыр ма, әлде Қайыперен, Қырық-Шілтен бе... Тәуба!
— Ей, Хасан, сенін жаның ашығанда, менің жаным ашымайды дейсің бе? Директордың приказы бар: енді документ қабылданбасын деген. Қазақ баласына менің бүйрегім бұрады, қазақтың бізге істеген жақсылығын мен де білем, бірақ... бәрін де директор шешеді. Документін қабылда десе, қабылдаймын.
Хасан Өзденов ойланып қалды.
— Директор қазақ па өзі?
— Қазақ. Коргулин.
— Фамилиясы орысша екен.
— Орысшалау естіледі, әйтпесе Көроғлы ғой, — деді апай.
— Е, өзіміздің «Көроғлы» да, — деп Хасан Өзденов басын бұлғады. — «Орақ-Мамай», «Қарашай — Қазы» — барысы ортақ. Ал енді мына директор Көроғлы болса, жаман кісі болмас.
Маған қарап:
— Мырзагелді жездең қайда? Көмектеспеді ме? — деді.
— Өзім барған жоқпын. Зиба әпкем қайтыс болған.
— Ай, Зиба! Ай, Зиба! — деп Хасан Өзденов ернін жымқырып, басын шайқады. Хабибат апайға бұрылып:
— Бұ баланың Зиба атты әпкесі бар еді, — деді-ай, оллаһи бек гөзал, ақылман, асыл зат еді. Күйеуі Мырзагелді Молотов мектебінің интернатын ұстап тұрды. Мені завхоз етіп алғысы келмеді. Ауру әйелін көрдім: «Зиба ханым, Сізге Алладан ғұмыр тілеймін. Сауығып кетерсің. Шиеттей балаларым аштан өлетін болды. Күйеуіңе айт, мені жұмысқа алсын деп едім, оллаһи, «балаларыңа алып бар» деп маған бір кесек тоң май, бір қалта ұн берді. Мырзагелдіге айтып, мені жұмысқа алдырды. Алла ахиретін берсін, жаны жанатта болсын!» — деп Хасан Өзденов кәдімгідей көңілі босады.
Егер өзің мелдектеп тойып отырып, аш адамға бір уыс талқан бергенің сауап емес, парыз. Ал егер өзің қиналып, жоқ-жітік бола тұра, бір уыс талқанды аш адаммен бөліссең, — бұл сауап. Сауап-жауапсыз қалмайды.
Сол рас шығар. Әйтпесе, Зиба әпкем мен Мырзагелді жездем де асып-тасып, ит басына іркіт төгіліп жатпаушы еді. Тақыл-тұқыл тұрмыс болатын.
Мына екі қарашай — елінен, жерінен жел айдаған қаңбақтай аударылған екі міскіннің маған мейірі түскені адамдарда әлі иман бар екенінің куәсіндей, менің есімде мәңгі қалып қойды. Хабибат апай қағаздарымды қолыма ұстатып:
— Бар, бала, директорға кір. Бағынды сына. Көнбесе, өзім кіріп айтам. Әуелі алдынан от, — деді.
«Қайда бармас, нелер көрмес ер жігіт пен ат басы» — деді Хасан Өзденов менімен қоштасып, басымнан сипап. — Сен жігітсің...
ФАМИЛИЯ ДАУЫ
Мектеп директоры бурыл шашты, қызылшырайлы, еңкіш кісі екен. Ауылдағы адыраңбай бастықтардай емес, өте сыпайы. Үнемі күлімсіреп тұрады. Кестелі жағасы бар кенеп көйлегін жібек шашақты, өрме жіппен белбаулап қойыпты.
Менің Молотовтан алып келген куәлігіме шұқшия қарап отыр. Шынжырлы көзілдірігін қозғап-қозғап қойып үңілді.
— Неге Мұртаза? — деді нәзік дауыспен.
— Әкемнің аты солай, — дедім мен бұл сұраққа дағдарып. «Мұндай да сұрақ болады екен-ау».
— Жоқ, балақай, Мұртаза емес, Нұртаза болуы керек. Түзетіп жазайық, — деді директор.
— Жоқ, ағай, түзетпеңіз, — деп шыр ете қалдым.
— Неге? Мынау қате ғой. Нұр-нұр. Түсінесің бе? Күннің нұры. Нұрдай таза. Түсіндің бе? Ал Мұртаза деген түсініксіз.
Искаженное имя, білдің бе? Сельсовет қате жазып жіберген той о басында.
Күлімсіреп, сарғайған күрек тістерін көрсетіп, көзілдірігін көтеріп, бетіме қарады.
— Болмайды, ағай, — дедім құмығып.
— Неге болмайды, балақай? Сен өзің, байқаймын, қиқарсың ғой деймін.
— Обал ғой, ағай.
— Қалайша?
— Бүкіл ел мені Мұртазаның баласы дейді. Енді келіп «Нұртазаев» болып шыға келсем, күлмей ме? Әкесінің азан айтып қойған атын өзгертіп жібергенің неғылғаның демей ме? Жоқ, болмайды, ағай.
Күлімсірей түсті. Таңырқағандай.
— Бүйтіп, ерегісе берсең, интернатқа қабылданбайсың, балақай.
— Ерегіспеймін той, ағай. Бірақ...
— Не бірақ? — Ағайдың даусы қатты шықты.
Қабылдамайды екен деп қорқа бастадым. Дауысың бұдан да қаттырақ шығарып, қаһарланса, коне салуым да мүмкін бе еді, кім біледі? Бірақ әлдебір күш мені тірестіре түсті. Мүмкін, әкемнің аруағы шығар. «Балам, зарығып көрген шырағым менің, жаладан, зорлықтан өлген мені қорлама» деп сыбырлаған шығар. «Менің атымды Бердімбет бабаң да молланың өзін Түлкібастан шақыртып, кітапқа қаратып, Мұртаза деп қойдырған. Молдалардың молдасы, Бұхарада, Шам шаһарында оқыған ғұлама кісі кітапты қате оқымайды ғой. Көнбе, Барсхан».
Әрине, мұны маған ешкім сыбырлаған жоқ. Әсте, көкірегі құрығыр солай деп күмбірлейд-ау деймін. Әсте, аруақ көзге көрінбес. Оның мекені — өзіңнің кеудеңде болар. Аруақ кеудеңнен орын таппаса, мәңгүрттік содан өрбір.
Ал көнбедім, тірестім, ерегістім. Сонда не табамын? Интернатқа қабылдамай қойса, қайда барамын? Қаңғырып қаламын ғой. «Неғылар дейсің, мейлі дей салайын, әйтеуір оқу бітірсем болды емес пе? Дүниеде аты-жөні өзгеріп кеткендер аз емес қой. Ульянов-Ленин болып кетіп те көсем болды ғой. Джугашвили-Сталин болып-ақ көсем болып отыр. Несі бар, бәлкім, фамилиясы өзгергендер тегін болмас. Мен де... Нұртазаев, Нұртазин. Әдемі сияқты. Сүйкімді естіледі. Бірақ — Мұртаза. Ол неден сорлы? А-а-а...»
Сонда, сонау өткен көктемде, Молотов мектебінде Досмырза директор айтқан әнгіме есіме сап ете қалды.
— Ағай, — дедім мына директорға. — Ағай, Көшім ханды білесіз ғой?
— Иә, — деп директор маған қарап шұғыл бұрылды. — Иә, Көшім хан. Сібірдің ханы. Ермакпен соғысқан. Тоқта. Он бесінші, жоқ, он алтыншы ғасырда. Иә, оны неге айттың?
— Ағай, сол Көшім ханның әкесі де Мұртаза ғой.
Директор езу тартып күлімсірегенін қойды. Түсі суық тарта бастады. Ойланып қалды.
— Оны қайдан білесің? Программада жоқ қой. По крайней мере, жетінші класта...
Мен үндемей, үстелдің шетін шұқыладым.
— Оны кім айтты саған, балақай? Әлде Молотовта сендерді солай оқытты ма?
Директор сыздана бастады.
Ол кездегі саясатты мен біле бермеймін. Күнбе-күн газет оқып та жүрген емеспін. Бірақ әлденені ішім сезеді. Сірә, бәле көргендіктен шығар. Әкейдің тұтқындалуы. Сиырдың желіні сияқты шошақ төбелі, бес жұлдызды баскиім кигендер... Аз ба, тәйірі. Сонда, Молотовтағы мектепте, класта, Досмырза ағайдың әлгі әңгімені жан-жағына қарап алып, сақтанып айтқаны. Көшім хан туралы.
Енді мына директорға «Досмырза айтты», — дей салсам... Мен білмеймін, арты не боларын. Бірақ айтпау керек екенін тұспалдаймын.
— Жоқ, ағай, өзім бір жерден оқығаным бар, — дедім ақыры.
— Онда сен көп білетін болдың ғой, — деді директор. — Сен интернатқа алынбайсың. Мектепке алынасың, пожалыста. Бірақ үйден қатынап оқисың.
— Қалада үйім жоқ, ағай.
— Онда фамилияңды түзет.
— Түзу ғой, ағай.
— Түзу емес, Нұр-та-за! Білдің бе?
Мейлі дей салайын деп тұрдым да, есіме осы директордың өзінің фамилиясы түсе кетті. Естігенім бар, мектептің коридорындағы қабырғаға ілінген тақтадағы бұйрықтарды оқығаным бар. Онда бұйрықтардың соңында: «Директор — Ә. Коргулин» деген жазуды көргенім бар. Әуелі орыс екен деп қалғанмын. Орыс емес, нағыз қазақ.
— Ағай, — дедім бір түлен түртіп.
— Не, балақай?
— Өзіңіздің фамилияңыз...
— Иә, иә, менің фамилиям. Онда не бар?
— Ода...
— Айт, айт, — директор қайтадан күлімдеді.
— О да түзу емес,қой.
— Қалайша?
Үстелдің шетін ысқылай-ысқылай, сұқ саусағым қажалды.
— Айт енді. Қорықпа. Қызық екен, білгім келеді. Менің фамилиям қалай түзу емес.
— Коргулин емес, Көроғлы ғой, ағай.
Директор көзілдірігін сыпырып қолына алды. Аппақ бәтес орамалмен ысқылап, шыныларын сүрте берді, сүрте берді. Бәлкім, менің түр-тұрпатымды дұрыстап көре алмаған шығар. Енді көз әйнегін әбден тазалап, анықтап көріп алайын деген — дүр. Қайдан білейін?
Ақыры кирелеңдеп барып орнынан түрегелді. Мені үрей билей бастады. Ұратын шығар. Жақындап келеді. Мен шегіншектей бердім. Сірә, құлақтан тартатын шығар. Құлақтан тартқан бойы, кабинеттің есігінен итеріп жіберетін болар. Кет десе, өзім де кетемін ғой. Кетпегенде не істеймін? Кімге барып айтамын? Кімім бар менің?
Айшадан басқа кімім бар? Құлағымды қызартып үйге қайтып барамын. «Не болды?» — дейді Айша. «Алмай қойды», — деймін. «Неге?» — дейді Айша. «Әкеңнің аты Мұртаза емес, Нұртаза дейді, — деймін. «Не дейді, қараңқалғыр! — дейді Айша ашу шақырып. — Кім оны айтып жүрген? Айтқан адамның азу тісін қағып алып, алақанына саудыратып салып берейін!» — дейді Айша. Сірә, «сынақтан өтпей қалдым» деуім керек шығар. Ал әлгі «Мұртаза — Нұртазаны» айтсам, Айшаның қай-қайдағы, қойқаптағы қаһар, ашу-ызасын қоздырып алармын. Мұртазаның атына қылаудай кір келтірген адамның қолында өле кетуге дайын Айша. Сонда, енді не болмақ?
Осылай есікке қарай шегіншектей бергенімде, директор:
— Шырағым, тоқта, — деді.
Тоқтадым. «Шырағым» дегені тоқтатты.
Директор басымнан сипап тұрып:
— Сен интернатқа қабылдандың, қарағым. Талабыңнан тайма! — деді.
Еріктен тыс көзімнен бір тамшы ыршып түсті.
ҚАЙ ФЛОТТЫҢ МАТРОСТАРЫ?
Сөйтіп, мен интернат — пансионатқа қабылдандым. Сірә, өлермендікпен. Әрі жақсы жандардың арқасында. Бүкіл облыстан жүз-ақ бала қабылданса, соның бірі менмін. Қабылданбай қалғандар қаншама. Егер менің түп-тұқиянымды тіміскілесе, мен қабылданбаймын. Өйткені мен «халық жауының» баласымын. Әрі десе, Айша аман-сау. Ал мұнда «круглый сирота» дегендер алынуға тиіс.
Маған сол «круглый сирота» — «тас жетім» деген справканы алып берген Қали атам. Бектөбе сельсоветінен. Жуалыдағы Мыңбұлақ сельсоветінен, өзімнің туған жерімнен барып алайын деп едім, Айша айтты:
— Барып әуре болма. Таңқай қатын саған справке бермейді, — деді.
— Справке берген күннің өзінде оңдырмай береді. Әкесі Мұртаза «халық жауы» болып сотталған деп береді. Шешесі Айша әлі өлген жоқ, қақшаңдап тірі жүр, колхоздан қашып кеткен — деп береді. Сонда сені қазына мектебіне қайтіп алады?
— Таңқай деген шын аты ма?
— Жоға. Тәп-тәуір аты бар. Ұмытып қалдым. Атқа мініп, сельсовет болған соң Таңқай атанды ғой. Бізден артық түгі жоқ, жаман қатын еді. Атқа мінген соң таңқайып шыға келді ғой. Содан жұрт Таңқай деп кеткен.
Құдай өзі кешірсін, амалсыз өтірік справкамен кете бардым. Интернат үйі — Көк базардың желкесінде «Старо — Ташкентская, 11» деген ғимаратта екен. Мектептің өзі Пушкин көшесінде. Екі арасы едәуір жер. Директор Коргулинның бұйрығын алып, интернатқа келдім. Интернат үйі — бұрын бір өзбек байының әулі — жайы екен. Едәуір жерді алып жатқан төрт бұрышты, тұтас бір «махалла». Кіреберісінде кең дарбаза. Дарбазадан өтсең: оң жағында бір үй, сол жағында бір үй. Маңдайшаларында «РУ-3» деген жазулары бар. Ол үйлерге кілең қара көйлек, қара фуражка киген балалар кіріп-шығып жүр. Жалпақ қайыс белдіктерінің тоғасы жалтыраған сары жез екен. Көз қызатындай. Бәрі де орыс сияқты.
«Адасып келдім бе» деп қалдым.
— Интернат тұт? — деп сұрадым біреуінен жаман орысшаммен.
— Нет, — деді. — Тұт ремесленное училище! — мақтана сөйледі. — «Интерники» там, — деп әулі-жайдың тор жағын немқұрайды нұсқады. «Г» әрпі тектес ұзыннан-ұзақ ғимарат екен. Құрамалы — қорғанды жай. Ортасында — бір ақ үй. Батыс жағын ала, тағы бір шағын үй тұр. Кепкесін қисайта киген тапал біреу талтайып тұр екен.Жанына барып, сәлем бердім. Осылай да осылай деп қағазымды ұсындым. Басымнан аяғыма дейін алақ-жұлақ қарап:
— Обормот, — деді.
Онысын түсінбедім. Түсінгенде: «талтайған тапал!» — дер едім. Бірақ түсінбегенім де дұрыс болған екен. Ілкі қадамды ұрыстан бастасам жолым бола ма?!
— Мүсілім Қонақович, таныс болайық, — деп кепкесінен бұйра шашы бұрқырап шығып тұрған тапал қолын созды. — Мен осында тәрбиешімін. Мүсілім Қонақович. Есіңде болсын, мені осылай атайсың. Ал завинтернат анау үйде тұрады — деп әулінің батыс жағындағы шағын ақ үйді көрсетті. — Уәлихан Мұхамеджанов. Уәлихан Мұхамеджанович дейсің. Білдің бе, обормот.
— Білдім, — дедім ықыластана бас шұлғып. — Ағай, — дедім батылдана.
— Иә, тыңдап тұрмын, обормот.
— Осы «обормот» дегеніңіз не?
Ол сәл қызарғандай болды.
— Е, ол «молодец», яғни азамат деген мағынада ғой.
— Е, — деп жақсы көріп қалдым.
— Бері жүр, мен сенің койкаңды көрсетейін, — деп Мүсілім Қонақович мені бір бөлмеге ертіп келді.
* * *
Түсте бәрімізді сапқа тұрғызды. Асхананың алдында. Мүсілім Қонақович бәрімізді бойымызға қарай реттеп, үсті-басымызды жөндеп, түймемізді түзеп, ұзыннан-ұзақ жүз балалық саптың о басына бір жүгіріп, мына басына бір шығып, шыр-пыр болып жүр. Байқасам, мен ұзын саптың орта шенінде сияқтымын. Ең басында ересектер тұрған сияқты. Олар оныншы, тоғызыншы класстағылар. Сегізінші класстықтардан бастап майдалана береді. Ала-құла сап. Біреудің көйлегі ақ, біреудікі көк. Қызылы да, сарысы да бар. Әсіресе аяқ киімдер келіскен. Етік кигендерден бастап, жалаңаяқ, шұлықсыз шәркей кигендерге дейін тұр. Сірә, «тас жетімдер» сол тесік тапошке кигендер болар. Әлде әдейі солай істеді ме, кім біледі? Су жаңа киіммен тұрған ешкім жоқ.
Бір кезде шағын ақ үйден сол үйге лайықсыз бойы бар еңгезердей біреу шықты. Қап-қара шашының маңдай тұсы кереқарыс. Көмірдей қара қасы доғаша иілмей, әлдеқайда ұшып кетердей, шаншылып тұр. Аяғында жып-жылтыр хром етік, галифе шалбар. Тік жағалы ақ көйлектің үстінен омырауы, тік жағасы қоңыр қозының елтірісімен көмкерілген венгерканы желбегей жамыла салған.
Дәл бір Сталиннің өзі келе жатқандай, тіл-ауыздан айырылып, сірестік те қалдық. Әрқайсысы аттың жілігіндей жуан білек, түкті қолдары галифе шалбардың қалтасында.
Мүсілім Қонақович сонадайдан алдынан жорғалап шығып:
— Жолдас завинтернат, то есть Уәлихан Мұхамеджанович! Интернат построен. Все в сборе, — деп оң қолын шекесіне апара жаздап қалып, қайтадан шолтаң еткізіп, төмен түсірді.
Завинтернат Мүсілім Қонақовичқа ажырая бір қарады да, саптың басында тұрғандардан бастап, әркімнің тұсына бір тоқтап, үн-түнсіз бедірейеді. Зәрең зәр түбіне кеткендей. Кейде әлдекімнің алдына келгенде, маңқиып, манаурап қалады. Тіпті, көзін жұмып тұрады. Ол ненің белгісі — жұмбақ.
Мүмкін, осы әдіс арқылы кімнің кім екенін біліп қоятын шығар. «Сен кімсің? Қайдан келдің?» — деп те сұрамайды. Паң. Екі қолын галифе қалтасынан әлі шығарған жоқ. Күн әлі жылы болса да венгеркасы иығында. Сірә, біздің әскердің киімі емес. Пошымы бөтен. Менің жаныма таянғанда, сол венгеркадан шықты-ау деймін, бұрын сезбеген бір жат иіс мүңк ете қалды, завинтернат қалтасынан бір қолын шығарып, мұрнымның, ұшынан шымшып кеп қалды. Шошып қалдым. Мұндайды күтпеген едім. Жанымдағылар шиқ-шиқ етіп күле бастады. Завинтернат еріне сөйлеп:
— Танауыңды ұрайын, — деді.
Сірә, байқампаз болар. Әлгі иістен мен сәл-пәл тыжырынып, түшкіре жаздап, мұрнымды басқанымды байқап қалса керек.
— Сен ойлағандай боқтың иісі емес, нафталин! — деп ақырды. — Нафталин сеппесе, күйе жеп қояды.
Менің тұсымнан завинтернат өте бере, артында келе жатқан Мүсілім Қонақович маған жасырып жұдырығын түйіп:
— Обормот! — деп ысылдады.
Еріксіз: «Обормот несі? Молодец, азамат деген сөз деп еді ғой. Тағы да обормот деді. Жақсы сөз болса, неге кіжініп, жұдырығын түйді?» деген күдік ойымды мазалап, сейілмей қойды.
Сапты бойлап болған соң, завинтернат алдымызға шықты. Тәрбиешіні саусағының ұшымен шақырып алып:
— Мыналарды тамақтан бұрын түгел моншаға апарыңыз. Киімдерін өртеп жіберіңіз. Завхозға айтыңыз: бастан-аяқ біркелкі киіндірсін, — деді де, тәкаппар қалпында өз үйіне қарай бұрылып жүре берді.
* * *
Моншада Мүсілім Қонақович бәрімізді тырдай жалаңаш шешіндіріп, киімдерімізді бір бұрышқа үйдіре бастады. Үстімде тәп-тәуір, бомазиден тігілген көк көйлегім бар еді. Қимай бүктеп-бүктеп, кабинаның артына тыға салдым. Кейін Батырханға апарып берсем, қуанып қалады ғой. Оған әрине, үлкен. Кең де боса неғылар дейсің, Айша шақтап тігіп берер. Үйде «Zinger» машинасы бар ғой. Бабадан қалған.
Мүсілім Қонақович ескі киімдерді өзі қадағалап, бұрышқа тастатып тұр. Көне шалбарымды умаждап лақтыра беріп едім, Мүсілім Қонақович:
— Әй, обормот, көйлек қайда, көк көйлек? — деп шаңқ ете қалды.
— Ағай...
— Ағайды көрсетемін мен саған. Мүсілім Қонақович де.
— Мүсілім Қонақыш, ауылда інім бар еді, бүп-бүтін көйлек, обал ғой.
— Онда жаңа форма алмайсың. Қара мұны!
Амал қанша, көк көйлек те бұрышқа лақтырылды.
Бас-басымызға шишақпақ қорабының үлкендігіндей кір сабын үлестірді.
Буы бұрқырап бетті шарпыған ып-ыстық моншаға кірдік те кеттік. Бұл монша: «Енді бұдан былай қайнаған өмірің басталады», — деп ескерткендей болды.
*∙*∙*
Моншадан мүлдем басқа балалар тізіліп шықты. Бәріміздің үстімізде салпыншақ, жалпақ жағалы, жап-жаңа көк матросқа. Бұтымызда қап-қара жаңа шалбар, аяғымызда жаңа бәтіңке.
Көшедегілер аң-таң.
— Бұлар қай флоттың матростары?
— Тихоокеанские, — деп күледі біреулер.
— Балтық теңізінен, — дейді біреулер.
— Қара теңіз флоты, — дейді енді біреу.
— Жоқ, Аса, Асинский флот, — дейді бір тапқыр. Көше ду күлді.
Пушкин көшесінің асфальтсыз тас жолын сақылдатып сап келеді.
Мүлде жаңа, бейтаныс сап. Үміт дүниясы.
ТАБАЛДЫРЫҚТАҒЫ ТАУ
Бізді матростарша киіндіру кімнің, қандай данышпанның ойынан шыққанын білмеймін. Инкубатордың балапандарындаймыз. Нағыз бір морягі жоқ Әулиеата үшін бұл ерекше, сирек жаналық болды. Жол қысқартқымыз келсе, қисық-қисық көшесі бар өзбек махалласын жанап өтеміз. Жолда өзбек мектебі бар. Одан әрі қалын бейіттің, зираттың ішін аралап жүреміз. Қарахан әулие күмбезінің іргесіне тақалып барып, Пушкин көшесіне түсеміз.
Жолда кездескендердің бәрі: атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарағандай болады. Әдейі тоқтап тұрып, біз ұзап кеткенше бұрылып тесіледі.
Мұның бәрі ештеңе емес-ау, бәрінен де өзбек мектебінің тұсы қиын болды. Ала тақиялылар шулап қоя береді. Мазақтайды. Мазаққа құмар-ақ. Жабыла күледі. Күлегеш.
Біз бәріміз колхозбаймыз. Қаланың мінезін біле бермейміз. Ал мектепке жеткен соң жаңа тозақ басталады. Қаланың балалары пысық, шақар. Маған бәрі шетінен бөксер сияқты көрінеді. Біз «б» класындамыз. Қалалықтардың көбі «а» класында. Үзіліске шыққанда, коридорда қалалықтар бізге доқ көрсетеді. Қараптан қарап тұрып тиіседі. Қағып кетеді. Әсіресе Қаңтарбаев, Үмбетбаев дегендер жеке шыққан матрос көйлектіні бір-біріне итеріп, қақпақыл қылады. Шыдайсың. Айқаса кетейін десең, тайсаласың. Қаңтарбай, Үмбетбайлардың шашы «бокс»-пен қырылған. Соның өзі сес. Мүсілім Қонақович біздің шашымызды тап-тақыр алдырып тастаған. Мүсілім Қонақович алғашқы күндері бізді мектепке өзі бастап алып келіп жүрді. Сапқа тұрғызып. Тапал болса да сол бізге кәдімгідей медет. Бізді «жауға» алдырмайтындай, пана тұтамыз.
Шамада бір аптадан кейін бізді бастап жүргенді қойды. «Енді жолды өздерің-ақ табасыңдар. Өз күніңді өзің көр» дегендей сыңай танытты. Рас қой. Өз күніңді өзің көр. Өмір бойы біреуге масыл болған қандай тіршілік? Біреуге артып қойған міндетің бар ма? Бай баласының дәурені өткен. Ешкім саған құл емес.
Көшеде көргенің, мектепте көргенің ештеңе емес. Оның бәрі айналайын. Бәрінен де дарбаза жаман болды. Кәдімгі өз интернатымызға кіретін қақпа ше. Екі жағында да «РУ»-ы бар қақпа. Интернаттың табалдырығы.
Топтанып кіріп, топтанып шыққанда, қара көйлектілер әкесін танытып ысқырады-ай кеп. Темір-терсектерін қаңғырлатып, тіпті кейбір бетсіздері шалбарларын түсіріп жіберіп, о жер, бұ жерлерін жалаңаштап, ауыздарын бырпылдатып тұрады.
Шыдаймыз. Зығырданың қайнайды. Шыдаймыз. Өйткені Мүсілім Қонақович: «Назар салмаңдар. Өздері-ақ ақымақ болып қояды», — деп ескерткен.
Қоятын емес. Қозып барады. Қорқақ деп ойлайды. Ауылдан келген қойшылар деп ойлайды. Қорқатынымыз рас. «ФЗУ», «РУ» дегендер туралы неше түрлі сұмдықтарды естігенбіз.
Араларында жалғыз қазақ баласы бар. Құдай оларға әдейі таңдап қосқандай, кіп-кішкентай. Басқалары орыс па, неміс пе, грек пе, кім білсін-бәрі зіңгіттей, зіңгіттей. Сол кішкентай қазақ баласы әлгілермен қосыла күліп, мәз болады ғой. Маған бәрінен де сол батады.
Рас, ол тәуелді. Қойындар деп айта алмайды. Қарсы шыға алмайды. Күнін көруі керек. Мейлі. Ау, бірақ ыржалақтап, аналарға қосылып күлмей-ақ қойса қайтеді? Қанына тартпаған қасиетсіз. Бәрібір оны орыс демейді. Орыс боларын-боларсың. Ау, бірақ тұмсығыңды қайда қоярсың? Тұмсығың, түр-тұрпатың он жерден оспақтасаң да орысқа келмейді ғой.
Оны ойлап жатпайды. Түр-түсі, ныспысы қазақ болғанмен, көргені орыс, жүргені орыс. Ойлауы орыс, тілі орыс. Сөйтіп, қазақты жек көреді. Қазақпын деп айтуға арланады. Оның ұғымында, санасында қазақ болу — қорлық.
Ал енді, ұдайы топтанып, сапқа тұрып жүре бермейсің ғой. Кейде бірлі-жарым жүретіндер де болады. Әне, қорлықтың көкесін сонда көресің. Айшаның Ауагүл есімді әпкесі осы қалада, Қапал дейтін шеткерірек көшеде тұрады. Тігін машинасымен тірлік етеді. Күпәйке, шалбар, көйлек тігеді. Ісмер. Әне, сол әпкеммен мектепке бара жатқанда жолығып қалып:
— Барсхан, сабақтан соң базарға, маған келші, — деді.
Сабақтан сон балалардан бөлініп, көк базарға бардым. Бара жатып ойладым: «Ауагүл әпкем маған аздап ақша беретін шығар» деп. Әпкем тауарын сатып болған екен. Енді үйіне екі шелек көмір жеткізу керек. Маған соны көтертті. Екі шелек көмір едәуір жүк. Терлеп-тепшіп жеткіздім. Үйінен шай іштім. Бәрібір интернаттағы түскі тамақтан қалдым ғой. Ауагүл әпкемнің дастарқаны берекелі. Палауын да соғып алдым. Қайтарда әпкем қолыма үш сом ұстатты. Қуанып кеттім. О, үш сом көп ақша... мен үшін.
Үш сомды уыстап алып, құстай ұшып, интернаттың қақпасына да жетпеймін бе? Әлгі ақшаның буы болуы керек, қақпадан жалғыз өтудің қауіпті екенін де ойламаппын. Өте бергенімде «РУ» есігінің баспалдағында отырған еңгезердей дәу неме:
— Палундра! — деп айқай салды. Ар жақтан басқалар жүгіріп-жүгіріп шықты. — Лови этого калбита!
Үш-төртеуі келіп қоршап алды.
— Леха, он дрожит, — деп мәз болысты.
Леха дегені, сірә, атаманы. Бұл дәуді мен күнде көремін. Интернат асханасының алдында турник бар. «РУ»-дың өз турнигі бола тұра, сол Леха алшаң-алшаң басып келіп, әдейі біздің турникке асылады. Обалы не керек, турникте ат құлағында ойнағандай ойнайды.
Бұл доқ көрсету. Міне, мен қандаймын дегені. Біліп қой дегені. Күштінің әлсізді басынуы осындай. Ықтырады. Меніменен белдеспе дейді. Қыңқ етпе дейді. Ал біз қорқамыз. Мынадай алыпқа қарсы тұру ойымызға да келмейді.
Қоршап алғандардан қорқақтап тұрғанымда, қасымызға алшаң басып Леха келді. Матрос көйлегімнің салпыншақ жалпақ жағасын дар-р еткізіп айырып алып, бетіме лақтырып жіберді.
— Карикатура на моряка, — деді. Оны мен түсінбеймін. Бірақ жақсы деп тұрмағанын шамалаймын.
Айқай салдым. Өзіміздің адамдардан біреу-міреу есітер ме екен деп.
Ешкім тырс етпеді. Көрмеген, естімеген шығар. Көрсе де, естісе де, көрмеген, естімеген бола қалған шығар.
Қорқады. «Бәлелі көтке бармағыңды тықпа» дейді. Тіпті, бізге Сталиндей боп көрінетін завинтернаттың өзі де сескенеді-ау деймін. Мүсілім Қонақович қояндай қорқақ. Бас көтерер жан жоқ. Бұ не қорлық, Құдай-ау?
Леха маған:
— Что ты зажал свой поганный кулачок? — деді. — Что, драться хочешь?
Бұл жолы не деп тұрғанын түсіндім. Өйткені жұдырығыма қарап тұр.
— А ну, открой! Разожми ему кулачок! — деп бұйырды жанындағыларға. Жабылып жатып, жұдырығымды жазып жіберді. Умаждалған үш сом көрінді. Леха үш сомды алып, умажын түзетіп, күнге тосып көріп:
— Нет, не поддельная, — деді. Бәрі қарқылдап күлді. Құйрығыма күректей алақанымен бір салды да:
— Иди, — деді.
Ішім удай ашиды. Күресерге дәрмен жоқ. Ақшасы бар болсын, көйлекті айтсаңшы. Енді не бетімді айтамын? Интернаттың көйлегін бүлдіргенім үшін, енді мені интернаттан шығарып жіберетін шығар. Жыртық жағаны қолыма ұстап, басқа ешкімге көрсетпей тіке қоймашыға тарттым. Завхоз кім деп ойлайсыз? Хасан Өзденовтің дәл өзі. Хабибат Абубакировна алдырған болар.
Осылай да осылай деп, жаңа ғана болған жайды айттым.
— Доңыздар, — деді Хасан Өзденов. — Бұлардың аз халыққа істемеген қорлығы бар ма? Әлі-ақ жазасын тартар.
Мұндай зорақы сойқанның қорлық екенін басқа білмесе де Хасан Өзденов біледі. Кавказдағы Эльбрустың батыс жағын ала қарашай деген халық өмір сүрер еді. Эльбрусты олар «Дыхтау» яғни, қос өркешті тау деп атар еді. Ешкімге залалы жоқ, бейбіт жатқан ел еді. Еркектері тау беткейінде қой бағып, әйелдері қойдың жібек жүнінен неше алуан киім тоқып, осындай жаннатты жерде тудырғаны үшін Жаратқан Құдіретке алғыс айтып, күнін көрген иманды жұрт еді. Қиядан Құман өзені құлап ағады. Оны орыстар Кубань деп өзгертті. Құман десе, құман. Биіктен құлаған су құманның шүмегінен ағып жатқандай. Әне, сондай сұлу мекеннен Хасан Өзденовті Қазақстанға бір түнде зорлап көшірді де жіберді. Бүкіл халықты. Бір адамды, он адамды, мың адамды жер аударуға болар. Ал тұтас бір ұлтты тұқым-тұқиянымен туған жерден айырып, алысқа-алысқа, Қазақстанға апарып лақтырып тастау деген, әй, сірә, тарихта болмаған шығар.
Бұл Хасан Өзденов соны да көрген. Менің зорлықпен жыртылған матрос көйлегімді бүктеп-бүктеп, жуылатын киімдердің ішіне тастады да, жаңасын берді.
— Ки, — деді. — Көйлегің тозғақ, өмірің озғақ болсын, — деді.
Сөйтіп, мен бір жазадан аман құтылдым. Бірақ Лехалардың қорлығы көкірегімде шемен болып, шорланып, беріштей қатып қалды. Көкірегіне беріш қата берген адам cay болмайды. Кесел табады. Сол берішті жібітетін азын-аулақ жарық сәуле болмаса, менің күнім не күй кешерін кім біледі? Көкірегімнің түкпір-түкпіріне сәуле шашырата гөр, Құдірет! — деп жалбарынамын.
Адамдардың маған істеген жақсылығы — Алланың нұры. Қапаста қалмағаным соның арқасы.
Құдай көкірек қамағынан сақтасын!
СОЙДАҚТІСТІҢ ҚЫЗҒА ҚЫРЫНДАУЫ
Класта маңдайға біткен үш-ақ. қыз бар. Неге екенін білмеймін, аз. Жиырмадан астам ұл баланың арасында үш-ақ қыз болуы жұтаңдық, Сірә, соғыстан аман-сау қайтқан азаматтар фашистерді қырып келіп, енді қыздарға қырғидай тиген кез бе, кім біледі?!
Арасында шыбыштары аз кілең текешіктер бір-бірімен сүзісіп, азып-тозып, берекесі кетпей ме? Қызы жоқ жердің қызығы жоқ.
Үшеудің біреуі Махпуза дейтін өзбек қызы. Ол әрине, үйінен келіп оқиды. Дене бітімі топ-толық, аса асып бара жатқан ажарлы да емес, біртоға, оқудан гөрі, үй шаруашылығына лайықтылау, орташа оқитын шәкірт.
Екіншісі — Жәмила, қыз қылығы шамалы, қазақы, қарабайыр. Сабақты нашар оқиды. Әсіресе Хабибат Абубакированың жынын келтіретін қилы-қилы қасиеті бар.
Ал Гүлнәрдың жөні бөлек. Аққұбаша келген, әдемі қыз.
Әдемілігі — алып-жұлып бара жатқан сұлулығында емес. Клеопатра ол емес, әрине. Бірақ құрығырдың ерекше бір қылығы бар. Ойнақшып тұрады. Еркелейтін назы бар. Жалт етіп бір қарағанда жүрегің бүлк ете түседі. Мен еркекпін, жігітпін деп жүргендердің бәрі одан дәмелі. Бірақ біздің кластың сорына қарай, Гүлнәр бұл кластан ешкімді менсінбейді. Оныншы класта оқитын Төлепалды деген жігітпен әмпей-жәмпей деген өсек бар. Төлепалды-интернатта. Ал Гүлнәр қаланың қызы. Қарабақыр дейтін көшенің бойында. Төлепалды үздік оқитын көрінеді. Алтын медальдің иегері сол болар деген сөз жүр. Белсенді. Тіпті, комсомолдың көсемі де сол ма, қалай? Жиналыс болса, сол сөйлейді. Жұқалтаң еріндері бір-біріне жұқпай сусиды. Құдай кейбіреулерге сондай талант беріп қояды. Бірақ бізге, тоғызыншы кластың балаларына шекесінен қарайтын менмендігі бар, тәкаппарлау жігіт.
Онысына біздің класс ызалы. Әсіресе біздің Ертай. Яғни, Сойдақтіс. Біз бөлмеде он баламыз. Қатар-қатар он төсек. Оныншы төсектің жанында, қабырғаға жапсырыла қампиған дәу қара, қаңылтыр пеш. Ертай Сойдақтістің темір төсегі сол пештің жанында. Одан бері қарай Хасболаттың төсегі. Ертай түнде аунақшып жатады. Тыныш таппай аунақшиды. Әм қорылдайды. Денесі ауыр. Содан темір торлы койка зар илеп жылайды. Оған қорыл қосылады. Сонда қарашай Хасболат даусы гүрілдеп:
— Әй, Сойдақтіс, тыныш жатсаң болмай ма?! — деп, шыдай алмай, койканың шетінде дөңкиіп отырады. Бәріміз оянып кетеміз. Әлдекім шам жағады.
— Мүсілім Қонақовичке айтып, басқа бөлмеге көшірту керек Сойдақтісті, — деп шаңқылдайды ұйқылы-ояу Әлтай.
— Әлтай дұрыс айтады, — деп қостайды Ақтай.
— Әй, өңшең тайлар, таяқ жейін демесең, жап ауыздарыңды, — деп Сойдақтіс гүжілдейді.
Бірақ Сойдақтісті қостаушы табыла қоймайды. Тоғыз бала бір жақ, Сойдақтіс бір жақ.
— Өзің де тайсың ғой, Ертай, а, айтпақшы, Сойдақтіс екенсің ғой, кешір, — деп шымшылайды Ақтай.
— Әй, Қодық, сені бір-ақ қолыммен көтеріп алып, көшеге лақтырып жіберем, — деп қорқытады Ертай.
Сонда барып, жастықтан басымды мен көтеремін.
— Кім ол Қодықты бір қолымен лақтырып жіберетін?
Орнымнан тұрамын. Сойдақтістің қасына қарай еріне басып, есінеп қойып, шалт қимылмен алқымынан ала түсемін. Қылқынып, беті барбиып, көзі аларып бара жатады. Балалар жабылып жатып ажыратады.
Сойдақтіс қорбиған дәу болғанымен қопал.
— Атаңа нәлет Маңтөбет, — деп күбірлейді. Онысын естіп қойып, қайтадан бұрыламын. Ертай қапы қалмайын деп, ұзын қолдарын ербеңдетіп, бетін жасқайды.
— Қане, қайтала, не дедің? Естіртіп айт, жаман қатын құсап, ерніңді жыбырлатпай!
— Жалғыз мен емес, осылардың бәрі айтады.
Онысы рас. Сыртымнан Маңтөбет дейтін көрінеді.
— Осы бір-бірімізді қорлап атауды қояйықшы, Құдай үшін, — деп қарашай Хасболат жалынады.
Оның да өз аты бар. Бегомот. Десе дегендей — сеп-семіз. Не жеп семіретіні белгісіз.
— Хасболат дұрыс айтады, — деп қостайды Тұмсық. Шын аты Мақан. Бірақ мұрнын көтеріп, өзінше кісімсіп жүретін болған соң Тұмсық аталып кеткен.
— Ал енді, мына Ертайды қайтеміз? — деп қарашай Хасболат әңгімені қайтадан қоздырды.
— Басқа бөлмеге ауыссын, — деп шіңкілдейді Әлтай.
— Дұрыс.
— Дұрыс.
Бәрі бірауызды. Ертай саса бастайды. Бұрынғыдай емес. Көп қорқытады, терең батырады.
— Мені түсінсеңдерші, бауырларым-ау. Енді бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік қой. Сендерден жасыратын не бар? Ұйықтай алмаймын...
— Ұйықтасаң қорылдайсың, — дейді Хасболат.
— Ұйықтай алмайтыным — көз алдымда тұрады да қояды.
— Кім? Шайтан ба? — деді бадырақ көз Тәліп.
— Ғашық қой, — дейді Тұмсық мұрнын көтеріп қойып.
«Ғашық» деген сөз — ем. Оның құдіреті бар. Жаңа ғана бөлмеден Ертайды қуып жібермекші болғандар, енді оны есіркегендей болады.
— Кім-ей ол, ұйқыңды алған ғашығың? — деп Сайыпқожа қағытады.
— Махаббатпен ойнауға болмайды. Ол серьезный мәселе, — дейді қарашай Хасболат саусағын шошайтып, — Оған күлмеңдер. Өз бастарыңа да келеді. Қайта қолдан келсе көмектесу керек.
— Қалай? — дейді Ақтай.
— Мен шамалаймын, мұның ғашығы — Гүлнәр, — дейді қарашай Хасболат. — Мен байқап жүрмін.
— Ой, Гүлнәрдің жігіті бар ғой.
— Бола берсін. Ол жігітті Гүлнәрға қайтып жоламайтындай етеміз, — деймін мен. — Әуелі шыннан Гүлнәр ма, соны анықтап алайық. Ей, Ертай! Гүлнәр ма?
Ертай елжіреп кеткендей кемсендеп, темен қарап басын изейді. Шыннан ғашық екеніне енді ақиқат көзіміз жеткендей.
Ал бірақ ойша Ертай мен Гүлнәрды қатар отырғызып, көз алдыма елестеткім келеді. Мысалы, қорбиған аюға елеңдеп тұрған елікті қосақтауға бола ма? Мүмкін бе?
Сөйтсе де, баяғыда, біздің Мыңбұлақта, Мұртазадан қалған үйде, қыстың ұзақ түнінде, үрпек балапандай үш балаға Айша айтатын әңгіме ше. Айшаның айтуы бойынша, бір жап-жас бүлдіршін қызды бір түнде аю алып қашып кетеді. Ауыл-аймақ у-шу болып, қызды іздейді. Ақыры Тәңіртаудың Ақсу-Жабағылы жағынан табылады. Адам аяғы баспаған шатқалдың құж-құж тастарының тасасында аюдың үңгірі бар екен.
Үңгір — аюдың үйі екен.
Көп адам қойсын ба, аюды тірідей ақыртып, байлап-матап тастап, енді өлтірейін десе, әлгі қыз жалынып жылайды дейді.
— Аю, аю, аю еді, Аю да болса байым еді, — деп.
Мынау да сол сияқты болып жүрмесін. Қыз шіркіннің қыр-сырын кім біліп болған? Бәлкім, сырттай бәлсінгенмен, Ертайды Гүлнәр ұнатып та қалар. Жалпы, бұл істе өлермендік керек. Жасық болсаң — саған жапалақ та тимейді.
— Өзің былай, ол қызбен оңаша сөйлесіп көрдің бе? — деймін Ертайға.
— Біртүрлі бата алмаймын...
— Онда хат жаз, — деді Уәли білгішсініп.
— Парталас отырып, бір-біріне хат жаза ма? — деп гүж етті Хасболат.
— Өлеңмен жазса әсерлі болады, — деп қутың етті Сайыпқожа.
— Барсхан қабырға газетіне өлең жариялап жүр ғой. Сол сенің атыңнан жазып берсін.
— Дұрыс, дұрыс, — десті басқалар қызық көріп. Гүлнәрды алайын деп жүрген мен емес, қалай жазамын? Жазбаймын деп тағы айта алмайсың. Жаманды-жақсылы «ақын» деген атым бар. Класс ақыны. Сонда не деймін? Есіме Ералы қойшының боза жорада Ханшайым деген келіншекке айтқаны түсе кетті. Соны сәл-пәл өзгертіп, отыра қалып, бірауыз өлең шығардым.
Гүлнәржан, айналайын айдан аппақ,
Қасыңнан шыға алмаймын айналақтап.
Ұйқы жоқ, төсегімде аунақшимын,
Сені ойлап, тегіс жерде тайғанақтап..
— Өй, қатып кетті-ей, — деп Сайыпқожа қол шапалақтады. Уәли салмақтылық танытып, редакторлығын істеп:
— Жоқ, бұл кәдімгі қара өлең. Абайша бірдеңе табу керек, — деді. — Мысалы: «Қор болды, жаным, сенсіз де менің күнім...» деген сияқты.
— Е, елдің бәрі Абай дейсің бе, — деп Сайыпқожа көнбеді.
— Қызға өлеңмен хат жазу — ескіліктің қалдығы, — деді қарашай Хасболат гүжілдеп. — Қызбен жақындасып, көңіл білдіру үшін батылдық керек. Ашып айт, шапаныңды шешіп алмайды ғой. Койканы қиқылдатып дөңбекши бергенше, мәселенің басын біржолата шешіп ал.
Сойдақтістің басы үлкен. Ол аз болғандай шашы тікірейіп тұрады.
Тікірейген шашын ары-бері ұйпалап:
— Онда мен тура қазір кірісемін, — деді.
— Қалайша? — деп таңғалдық.
— Оу, түн іші ғой...
— Мен оның жататын бөлмесін де білемін. Жалғыз жатады. Тек қорасында иті бар.
— Итке нан алып алайық, — деп лыпылдап қалды Сайыпқожа бір қызықтан дәмеленіп.
Сонымен не керек, бір топ бала Сойдақтістің түнгі жорығына ілеспек болдық. Келіспеген тек Хасболат пен Тәліп қана. Ілеспеді. Ауладан шығып, Қарабақыр көшесі қайдасың деп андыздап келеміз. Түн ішінде көшеде кездескен бірлі-жарым адамдар бізді көріп, жанталаса безіп береді.
Ертай дегенмен ер көңілді жігіт. Намыс бар. Жақсы оқитыны да рас. Бірақ бәрібір — «Сойдақтіс». Құдай қылса қайтесің, мақтаншақ.
Сол намыс, әрі арыны басылмаған мақтангер мінез оны осы жолға бастауын бастап алып шықса да, Қарабақырдағы Гүлнәрдің үйіне жақындаған сайын Сойдақтістің адымы қысқара бастады. Тоқтап:
— Әй, жігіттер, осы қалай болар екен? — деп күмілжіді.
— Өй, сен өзің... есің дұрыс па?! — деп шап ете қалды Сайыпқожа. — Онда бізді төсектен тұрғызып, несіне сарсаңға салдың, а?
— Шешінген судан тайынбас, жүр, айда, — деді Әлтай.
Үйдің іргесіне келгенде бәріміз жым болдық. Қорғаны биік екен.
Домбаздап соққан дуал. Кісі бойы жетпейді. Көк қақпа құлыптаулы. Айнала — жым-жырт. Тек дуалдың сыртында бөтен адамдардың тұрғанын сезіп қалған іштегі ит екі рет арс-арс етті. Әлтай қолындағы дорбадан нан алып, дуалдан асыра лақтырды.
Әлтай әлгінде:
— Әттең., күшәла жоқ. Нанға күшәла берсе, сеспей қатар еді, — деген.
Сірә, мына ит күшәласыз-ақ құр нанның өзіне риза болғандай, үрмеді. Сонда Сайыпқожа:
— Ал нартәуекел, кәне дуалға асыл, біз аяғыңнан көтереміз, — деді Сойдақтіске. — Барсхан, сенің күшің бар ғой, иығыңды тос.
Шөкелеп отыра бердім. Сойдақтіс иығыма аяғын сала бере, екі тізем бүгіліп, шөктім де қалдым. Сойдақтіс жалп етіп, шалқасынан құлады. Ит тағы үрді. Әлтай тағы нан лақтырды.
Енді Сайыпқожа екеуміз Сойдақтісті екі бұтынан көтеріп, қалғандары құйрығынан итеріп, дуалдың ернеуіне қолын іліндірдік-ау, әйтеуір.
Сойдақтіс дуалға атша мініп, отырып алды. Ауланың ішіне көз салып, тың тыңдады. Бізге «тыныш», «сөйлемеңдер» дегендей, қолын ербеңдетті.
— Гүлнәрдің бөлмесінде әлсіреген шам жарығы бар, — деді бізге басын бұрып сыбырлап.
— Е, онда тіпті жақсы, шошытып алма, — деп жанықтырды Сайыпқожа. Сойдақтіс ары қарай қалай түсерін білмей, жүрексініп отырып алды. Әлтай оған дорбадан тағы бір тілім нан алып берді.
— Итке, — деп сыбырлады.
— Ит шоқиып отыр, — деді Сойдақтіс. — Дәу ит, атаңа нәлет.
— Таста нанды, — деді Әлтай.
Айтқанын істеп, Сойдақтіс екі аяғын да дуалдың ар жағына аударып, қос қолымен ернеуден ажырамай, асылды да қалды.
Осы кезде ит иттігін істеп, арс-арс етіп алып, арт жағын ырылға, құмыққан ырылға айналдырды.
Иттің адамдардан айырмашылығы — пара дегенді түсінбейді екен, мойындамайды екен. Қанша нан жеді, бірақ ымыраға келмеді, атасына нәлет.
— Ойбай! — деді Сойдақтіс. — Тартыңдар қолымнан!
Жабылып жатып, әрең тартып алдық.
— Бұл қайсы, ей? — деген дауыс шықты іш жақтан.
— Мылтықты әкел! — деді әлдекімге.
Тұра кеп қаштық. Мылтық даусы гүрс етіп, түнгі Әулиеатаны бір селк еткізді.
Безіп келеміз.
Қарабақырдың шаңдақ көшесін борандатып келеміз. Едәуір ұзап кеткен соң есімізді жиып, артта қалып қойған Сойдақтісті күтіп алдық. Интернат берген шалбардың бір балағы жоқ. Балтыры қан-қан. Интернаттың іргесін жалап ағып жатқан ботана сумен батырдың балтырын жудық.
— Спирт керек, — деді білгішсінген Сайыпқожа.
— Спирт қайда? Сен осының бәрін жанықтырған. Оңбаған Жантық! — деп Сайыпқожаны ішінен ыңқ еткізіп бір тептім. Ішін басып, отырып қалды.
Қапаланып, түнгі аспанға қарасам, толған Ай бұйра бұлттан шығып, күлімсіреп тұр екен. Біздің бұл қылығымызға күліп тұрған сияқты. «Біз ұрлық қылғанда, Ай жарық болды» деген осы екен-ау дедім.
Ай бірақ: «Е, балақайлар, бозбала дәурен бақбақтың үлпілдегі сияқты. Ойнамасаң, күлмесең, бұл дүние неге керек» деп сыбырлағандай болды. Кейін-кейін, айта-айта жүретін бірдеңе болуы керек қой...
КӨК ҚАЛПАҚ
Айсұлу апай әдебиеттен сабақ береді. Басқа сабақтарға қарағанда, бұл енді мен үшін бір ғажайып әлем. Әдебиет пәнін әсте сұлу адамдар оқытса тіпті рахат.
Айсұлу — ажарлы әйел. Дөңгелек жүзді, аққұбаша, ерекше шырайлы. Ашуланғанын көрмедік. Жарқылдап күліп жүреді. Күлгенде әппақ тістері маржандай жарқ-жұрқ ете қалады. Күміс күлкі көмейдің емес, сол маржан тістердің сыңғыры сияқты.
Сабақ оқытқаны қызық. Өлеңдерді жаттатады. Тақпақтап, саңқылдап айтып берсең — тәуірсің. Айта алмай: «ы-ы», «пықы-тықы» деп тұрып алсаң — нашарсың.
Әсіресе біз қызығатын, асыға күтетін сәт — апайдың әні. Ол ән салғанда класс қыбыр етпей, тына қалады. «Татьянаның қырдағы әні».
Тәңірі қосқан жар едің. сен,
Жар ете алмай кетіп ең... —
деп бастайды.
Апайдың жұп-жұмыр, аппақ алқымы инеліктің қанатындай болар-болмас дірілдейді. Тоқпақтай қос бұрымы баяу ырғалады. Не үшін екенін білмеймін, әп-әдемі, жіп-жіңішке, қияқтай қастарының арасы қолдан қойылған көкшіл нүктелермен жалғасқан. Әннің бір асқақ, ырғақты жерлеріне келгенде, әлгі нүктелер жиырылып, бірінің үстіне бірі шығып кетеді.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың...
Айсұлу апай шыннан-ақ жолбарыстың шеңгелінде қалғандай бір қасіретті халге түседі. «Бұ несі?» — деп мен ішімнен тынып отырамын.
Лағы өзі болғанда, жолбарысы кім? Татьяна деген есте жоқ. Апай өзі туралы айтып тұрған сияқты. Ешкімге айта алмай жүрген сартап сырын өз оқушыларына сиқырлы әнмен жеткізіп, мұңын бізге шағып тұрған сияқты. Мұғалім деген өз шәкірттерімен де осылай сырласады екен-ау. Әдебиет емес, ән сабағы, арыз сабағы десе болғандай.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірінде,
Мен де сорлы бақыты кем, —
деп келіп, терезе жаққа теріс айналып, орамалмен көзін сүртіп, амалсыз әлгі толқын-толқынмен жарқ етіп қайта шығып:
— Міне, балалар, Абай аталарың Татьянаны қазақ даласына осылай қолынан жетектеп алып келген, — деп күлген болады. Күледі, бірақ іш дүниесі әлем-жәлем екенін жасыра алмайды.
Мен ойлаймын: егер мұғалімдердің бәрі оз пәнін осылайша шыр-пыр болып, жан-тәнімен оқытса, әлемнің ажары сүреңсіз, сұрқай болмас еді-ау деп. Ал, айталық, химия сабағын, физика сабағын қалайша әнмен түсіндіресің? Бұл сабақтарды Аргуния деген апайымыз жүргізеді. Бұл енді кербез сұлу. Айсұлудай ашық емес, тым сабырлы, тәкаппарлау. Айдай аппақ келіншек. Жүріс-тұрысында біз білмейтін аса бір заттылық, ақсүйек, аристократияның, ханзадалық қасиеттердің нышаны көзге ұрып тұрады.
— Ахметов, тақтаға! — деп дауыстайды Аргуния апай. Дауысы сонша қатаң да емес, бірақ Манап Ахметов деген бала селк ете қалады. Көздері жыпылықтап, орнынан атып тұрып, даусы өлімсіреп:
— Мен бе? — деп кеудесін саусағымен шұқиды.
— Иә, сен.
Манап жорғалай басып жөнеледі.
— Ал, Ахметов, коне, айта қойшы: катализ деген не?
Манап байғұс, аждаһа алдындағы кек көжектей бүрісе бастайды. Бойы ап-аласа, одан бетер кішірейе береді. Үстіңгі еріннің бір жақ езуінің еті өсіңкі ме, немене, сонысы бұлтиып шығып кетеді, үйдің төбесіне қарайды, ыржиған аузы жыбырлайды.
— Катализ дегеніміз химиялық реакцияларды... не қылады? — деп қолтығынан демейді Аргуния апай.
— Не, не, кетіп, неғылады, — дейді Манап шөге түсіп.
— Не қылады?
Аргуния апай Ахметовтің салбыраған басын иегінен көтеріп, жыпылықтаған көзіне үңіліп:
— Катализ химиялық реакцияларды қайтеді? Жыл-дам-да-та-ды. О, бозкөз, отыр, — дейді.
Содан бастап Манап Ахметов «бозкөз» атанып кетті. Міне, химия сабағындағы «әннің» түрі осындай.
Ал Аргуния апайдың атақты алашордашы Жақып Ақбаевтың туған қызы екенін ол кезде қайда-а-ан білейік...
Ал енді, осы класстағылардың бәрі «бозкөздер» емес, Аргуния апайдың ықыласы түсіп, жақсы көретін оқушылары да бар еді. Уәли Данаев, Ертай Естаев, Ақтай Тұраров есепке жүйрік. Есепке жүйрік бала физиканы да, химияны да, геометрияны, тригонометрия деген біздің тісіміз онша бата бермейтін пәндерді жаңғақша шағады.
Математикадан сабақ беретін Хабибат Абубакировна, осы Аргуния апай әсіресе Ақтай деген баланы мәпелейді. Өзі тырыли арық, бойы да кішкентай, мұрнын үнемі тартып қойып жүретін, көзі бақырайғандау, сүйкімді бала. Ал есепке ағып тұр-ау, ағып тұр. Оны Аргуния апай еркелетіп, «Қодығам менің» деп қоюшы еді. «Қодыға» деген құланның баласы екенін біз біле бермейміз. Біздің білетініміз есектің баласын «қодық» дейді. Содан ол интернатта «қодыға» емес, «қодық» атанып кетті.
Жалпы, жан-жануардың, баласы кішкентай күнінде бәрі сүйкімді ғой. Жылқының құлыншағы, түйенің ботақаны, сиырдың бұзауқаны, ешкінің лағы... Ал мәштің қодығы да жана туғанда әп-әдемі. Кейін есейгенде ғой, дүрдиіп кететіні.
Ал мен үшін Айсұлу апайдың сабағы мереке. Татьянаның әнін салғанда неге сонша тебіренеді? Неге жүрегіңді елжіретеді? Және кей-кейде неге жылап жібереді?
Осы арасы жұмбақ.
Күйеуі Шерғазы ағай, о да мұғалім. Осы мектепте. Аласа бойлы, ажарсыздау, қартаң кісі. Айсұлу екеуі қатар келе жатқанда, айдай апайымыздың әкесі сияқты көрінер еді.
Шыннан сүйіп қосылған ба? Әлде Татьяна айтқандай, — мұның басқа «жаралы жолбарысы» болды ма екен? Сол «жаралы жолбарыс өзге жұрттан қамшы жеп», «ғашығынан шошыған» соң, Айсұлу да:
Мен де сорлы нәсібімнен,
Жатқа тидім алшы деп»-
деді ме екен?
Татьяна деген біз білмейтін арманы, өкініші көп адам осы Айсұлудың өзі шығар. Кім білген?
Міне, осы апайымыз бір күні класқа бөтен кісіні ертіп келді. Қоладан құйылғандай шомбал денелі, түр-түсі тотыққан, дидары мейлінше пейілді, көзқарасы ибалы, жұмсақ кісі екен. Класқа кіргенде басындағы жасыл — көк қалпағын алып еді, толқын-толқын қара шашы көрінді.
— Ал балалар, — деді Айсұлу апай, — бүгіннен бастап сендерге әдебиет сабағын мына ағайларың — Мұхаң, Мұхамеджан Қаратаев жүргізеді. Келген кісі басын иді. Қолындағы көк қалпағын қайда ілерін білмей, ары-бері қарады да, терезенің алдына қоя салды.
Айсұлу апай қолындағы журналды жаңа мұғалімге ұстатты.
— Ісіңіз сәтті болсын, Мұха, — деп, қолын алды. Содан соң бізге қарап:
— Сау болыңдар, балалар! — деді.
Есіктен шығып бара жатып, класқа тағы бұрылып қарады. Қимаған сияқты.
Біз де қия алмадық. Айсұлумен бірге әдемі, сұлу әлем, әсем он кетіп бара жатқандай, кәдімгідей көңіліміз босады. Неге әнмен қоштаспады екен?
Ғашық-ақпын еш күмәнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айырылалық сол үшін, —
деп, неге айырылысу әнін шырқамады екен?
Бірақ біз Татьянаны танымадық. Қайдағы адам? Кімге ғашық? Неге сонша өкінішті? Біле алмадық. Тек ән қалды. Соны қайталап айтатын болдық. Жаңа мұғалім. Бұрын көрмеген, танымаған адам. Шәкірттерге жұмбақ жан. Соғыстан сүлдесі шыққан ауыл балаларына не береді? Айсұлу «Тәңірі қосқан жар едіңді» берді. Әнін. Бәріміздің жүрегімізде жатталған ән қалды Айсұлудан.
Бәріміздің ауызымыз аңқайып, мынау адамнан не күтіп отырмыз? Ағай бәрімізбен сыпайы амандасты. Өте сыпайы. Үні жұмсақ. Жүзі жылы. Хабибат апайдай ашушаң емес. «Құрлық бала» деп төбеңді тесе жаздайды ғой. Төбе тесілсе, миың ағып кетеді ғой.
Мынау ер кісі бола тұра, биязы. Дауыс көтермейді. Журналға қарап алып:
— Әңгіме Абай туралы екен ғой, — деді. — Онда кәні, Абай туралы кім, не біледі?
Класқа қарады. Класс мұғалімге қарады. Үн жоқ. «Мен білемін», — деп ешкім жұлқынып шыға қоймады. Журналға қарап:
— Ахметов. Бар ма? — деді.
Манап Ахметов орнынан бүрісіп түрегелді. Көзі жыпылықтап, еті өскен ерні ыржиып, партаның қақпағын шұқылап тұрды да қалды. Өзінің соры қалың. Журналдың ең басында тұрады. Алфавит бойынша ғой. «А» — дан басталады.
— Абай-Татьяна деген қызға хат жазған кісі, — деді.
Гүлнәр Тасымбекова деген қыз шықылықтап күліп жіберді. Оны көріп, басқалары да күлді. Жаңа мұғалім жымиды. Манап күлгендерге алақ-жұлақ қарап, қайда кіріп кетерін білмей қысылды.
— Ал, балалар, бәрің де осылай ойлайсыңдар ма? — деді мұғалім сәл күлімсіреген қалпы. Кірпі шашы тікірейіп, сойдақ тісі сорайып, дәу қара Ертай қол көтерді.
Бұл Ертай Естаев. Екі ұры тісі басқа тістерінен оқшауланып, ернінен шығып тұрады. Саптан шығып кеткен тәртіпсіз солдаттар сияқты. Содан бүкіл интернат оны «Сойдақтіс» дейді. Класстағы озық оқушылардың біреуі осы.
— Абай жақшаның ішінде (Ибраһим), Құнанбаев 1845 жылы, қазіргі Семей облысы, Шыңғыстау деген жерде туған...
Оқулықта не жазылған, соны үтіріне, нүктесіне, жақшасына дейін қалдырмай, қырдан ойға қарай құлаған арба сияқты салдырлатып айдап шықты. Мұғалім:
— Болды ма? — деді.
— Болды, — деді Ертай кеудесін көріктей керіп.
— Е-е-е, — деді мұғалім. — Отыр.
Жақсы деп те айтпайды, жаман деп те айтпады. Ертай бірнәрсе дәметіп тұрғандай қауқиып, отыра қоймады. Айсұлу апай болса: «Жарайсың қалқам, «бес!» — дер еді. Соған үйреніп қалған Ертай жан-жағына «бұл қалай?» — дегендей алақ-жұлақ қарап, ақыры отырды-ау... Отырып болған соң да Гүлнәр жаққа жаутаң-жаутаң бұрылып, сол қыз менің жауабымды қалай бағалады екен дегендей телміре берді. Гүлнәр бірақ оған селт еткен жоқ.
— Ал енді... — деп мұғалім журналға бір қарап. — Иә, жаңағы Естаевтің айтқанына қосымша кім, не айта алар еді? — деді.
Класс жым-жырт. Кітапта жазылғаннан басқа кім, не айта алады?
Оқулықтағыны Ертай түп-түгел айтып қойды.
Осы сәтте есік ашылып, жылтың етіп бұйра шашты біреу басын сұғып қарады. Себепсіз, әдепсіз күлгендей болды. Алтын тісі жарқ етті де жоқ болды. Есік қайта жабылды. Кім екенін танымадық.
Тек жаңа мұғалімнің түсі қарауытыңқырап, қабағына кірбің тұрып қалғандай сезілді. Жана ғана не айтып тұрғанын есіне түсіргендей, дөңестеу келген маңдайын сипалады.
Иә, сонымен Абай... Иә, ол туралы кім, не жазды?
Мұғалім классқа қарады. Фамилияң кім деп сұрамайды. Аты-жөнің, ата-тегіңде шаруасы жоқ. Тек классты көзбен сыдырып өтпей, әр балаға ойлана, зерделей көз салады. Кімнің кім екенін айтпай-ақ біліп тұрған сияқты.
Абай туралы кім, не жазғанын баяндайтын талапкер табыла қоймаған заман.
Оны мен білемін. Бірақ басқалардан бөлектеніп, шошаңдамайын деп өзімді-өзім тежеп отырмын. Сәл-пәл тыпыршысам керек, мұғалім маған қолын созды:
— Қане, қане, сен білесің. Айта қойшы, шырағым.
Ыңғайсызданып қалдым. Менің білетінімді қайдан біледі?
Менің де жұрттан асып бара жатқан білімім шамалы. Тек кездейсоқ кезең ғой көмектескен... Сол қырық бесінші жылдың Қызыл су жүрген көктемінде... Шолақтаудың шойын жолымен
Жұма бекетінен жаяу қайтқанымда... Молотов мектебінің директоры Досмырза ақсақалмен кездесіп қалып, ол үйіне ертіп барып, сырты газетпен қапталған сары алтындай салмақты кітапты қолыма ұстатып, «Жоғалтып алма», — дегенде... Мырзагелді жездемнің қойларын Сеңгірбай көлі жаққа айдап тастап, бір қойдың туып қалғанын байқамай, қозысын өлтіріп алғанымда... Сонда оқыған кітап қой.
Содан бері де талай уақыт өтіп кетті. Арада бір жыл ауырып қалып бос өтті. Ал оқығаным миымда жатталып қалыпты.
— Мұхтар Әуезов, — дедім. — Осылай да осылай, Абайдың әкесі Құнанбай, Құнанбайдың інісі Майбасар, Абайдың інісі Оспан тентек, анасы Ұлжан, әжесі Зере... Тоғжан деген қыз, Ербол деген бозым жігіт...
Қоңырау соғылды. Аңдамай қалыппын. Сөзді ұзартып жіберіппін. Мұғалім тоқта деген жоқ. Балалар шиқ-шиқ етіп күлген жоқ. Қайдан білейін...
Үзіліске шыға салысымен мектеп сыртындағы дәретханаға жүгіріп бара жатыр едім, біреу:
— Әй, бала, тоқта, — деді.
Әлгінде класстың есігін жартылай ашып, жылмиып сығалаған кісі. Сол алтын тісі езуінен көрініп тұр.
— Жаңа Қаратаевтың сабағында сөйлеген сен бе?
— Иә. (Қайдан көріп қойған?)
Жылмиып жаныма келді. Иығымнан құшақтады.
— Фамилияң кім?
— М-Мұртаза-е-ев.
— Ы-ы. Сірә, жақсы оқисың, ә?
— Білмеймін.
— Жаңа мұғалім қалай екен? Не айтты?
— Ештеңке.
— Қалай? Ештеңе айтпады ма? Шәкәрім, Мағжан туралы айтпады ма?
— Олар кім?
— Жай әншейін...
— Жаңа келді ғой. Енді айтатын шығар.
— Ал, енді былай... Атың кім?
— Барсхан.
— Барсхан, айналайын, жақсы бала екенсің. Жалпы, сені білемін, сен Төленнің жиенісің ғой? Ендеше, Төлен менің жан жолдасым. Анда-санда жолығып тұрайық. Жарай ма?
Не дерімді білмей аңқиып тұрмын.
— Менің атым Жора. Ал жақсы. Сау бол.
Бұрылып кетіп қалды. Жүрісі кербез. Киімі таза. Қытай жібегінен тігілген ақсары костюм. Жеп-жеңіл. Судырап тұр. «Чешунша» дей ме, тілім де келмейді. «Шіркін, осындай костюмім болар ма еді» деп қойдым. Сонда ана Гүлнәр... Бүкіл класстағы үш қыздың ең әдемісі...
Қазір Әулиеатада ең мықты адамдар «чешунша» киеді. Әуелі әдемі костюмнің әсерімен тұрып, әлгі әңгіменің түп-төркінін аңғармаппын.
Төлен нағашымды біледі екен. «Осында жиенім оқиды», — деп сол айтқан шығар. Әйтпесе, менде несі бар? Ар жағын ойланбастан, балалармен алысып-жұлысып ойнап кеттім. «Чешунша» костюмді табанда ұмыттым.
Демалыс күні Мүсілім Қонақовичтен сұранып, Ауагүл әпкемнің үйіне бардым. Төлен нағашымды көрдім. Төлен Иза деген қызға үйленіп, осы Ауагүл үйінің бір жағында тұрып жатқан. Облисполкома Шамұхан Қалкенов деген бастықтың көмекшісі. Не көмек көрсететінін қайдан білейін, әйтеуір облисполком деген аты зор. Сөйте тұра, өзі үйі жоқ, әпкесінің қолтығына тығылып отыр.
Әуелі, сонау соғысқа дейін, детдомда жүргенде көрген екен осы Изаны... Соғыста хат жазысып тұрыпты. Иза Алматыдағы консерваторияда оқыпты. Оны Зиба әпкем біледі екен, Изаға: «Әулиеатаға кел, Төлен майданнан қайтқанша менің қолымда бол» деп хат жазыпты. Ай, бауырмалым-ай, бұрын көрмеген Изаны бауыр тұтып, келінім деп түсініп, жанына шақырғанда қаншама қасиет жатыр...
Енді Зиба жоқ, Иза келін боп түсіп, Ауагүлдің үйіне кірді. Толықша келген, ақсары келіншек екен.
Ауагүлдің үлкен қызы Айымжамал маған:
— Әй, Барсхан, көрімдік бер. Мына Иза жеңгең болады, — деп жайраңдады.
Мен қысылып қалдым. Немді беремін? Өзім қайта осы үйден бірдеңе дәметіп келемін.
Төлен нағашым жағдай сұрап:
— Оқуың қалай? — деп қойды.
— Жаман емес сияқты. Айтпақшы, аға, сіздің Жора деген жолдасыңыз бар ма?
— Иә. Оны қайдан білесің?
— Ылғи мектепке келіп, менен Қаратаев не айтты, не деді? — деп сұңқылдап сұрап, соңымнан қалмайды.
— Сен не дедің?
— Не деймін. Сабақ өткізді. Махамбетті, Абайды оқытты деймін.
— Оһ, оңбаған иісшіл ит. Титтей балада несі бар-ей. Ал, былай, Барсхан. Енді келсе, айт: ештеңе білмеймін, сабақтан басқа ештеңе айтқан жоқ де.
— Е, өзі де солай.
Төлен нағашым қабағы түсіп, шықшыты бұлтыңдап, түнеріп қалды. Құдайдың ашық күнін Жора сияқтылар қолымен көлегейлеп, әлемді қараңғы түнекке қамап қойғысы келетінін сонда барып шамалағандай болдым.
Класста киімілгіш жоқ. Көк қалпақ сол баяғы терезенің алдында жатады. Көк қалпақ осы класстың бір мүшесіндей, үйреншікті болып кетті. Ағайымызға да бауыр басып қалдық. Әдебиет деген таңғажайып әлемнің сәулесіне шомылғандай, шетімізден өлең жазғыш боп кеттік. Уәли Данаев қабырға газетінің редакторы. Мен өлең жазамын. Ол жариялайды.
«Абай» романын Сәбит Мұқанов жазған деп соққан Әлтайдың өзі де бірдеңелерді шатпақтайды.
Аға бізді театрға алып барады. Біз пір тұтатын Шәріп Сәкиев, Күләш Сәкиева сияқты әртістермен кездестіріп, әңгімелерін тыңдатады.
Күләш Сәкиева тіпті интернатқа өзі келіп, асханада бізбен бірге отырып тамақ та ішті. Ән салды. Даусы жап-жақсы еді. Өзі сүйкімді-ақ.
Осылайша енді-енді көзіміз ашылып келе жатқанда... Тағы да бір көктем еді. Класстың есігін біреу ептеп тықылдатты. «Ағай: «да», — деп айтып үлгергенше, баяғы сол алтын тісті, жылмақай Жора босағада тұрып, ағайды ымдап шақырды. Табалдырықта бірдеңе-бірдеңе деп сөйлесті.
Ағай қайта оралып, журналды ала беріп еді, қолынан түсіп кетті. Еденнен еңкейіп қайта алды.
— Ал, балалар, cay болыңдар... — Есікке қарай беттегенде, аяғы кібіртіктеп, қайта бұрылып:
— Мені біреу жамандаса сенбеңдер, — деді. Ішім бір пәлені сезді. Ал балалар аң-таң, бәрі аңқиды да қалды. Тек Ертай ғана гүрілдеп, сойдақ тістері ақсиып:
— Халық жауы, — деді.
— Оттама! — деді Ақтай. Кішкентай болса да, дәуден қорықпайды.
— Қайдағыны айтады екен осы да, — деп Гүлнәр бұртиды.
«Халық жауы». Қандай қаһар сокқан зәрлі сөз. Ертай сонда маған қарап айтқан сияқты көрінді. Ертайдан қорқатын болдым. Түсіме кірмесе неғылсын.
Терезе алдында көк қалпақ қалып қойды. Мен көк қалпақты ала салып, әлгілердің артынан жүгірдім. Көшеге шығып қалған екен. Ағайдың екі қолы кісендеулі. Өзі кие алмайды. Өкшемді көтеріп, басына кигіздім.
— Рахмет, қарағым, — деді ағай. — Менің күнімді сендерге бермесін.
Жора маған жыланша жиырылып:
— Жолама. Кет! — деді.
Тағдыр екен, арада алты жыл өткен соң мен Мұхамеджан Қаратаевпен Алматыда жолықтым.
АРИГАТО!
Қарашаның соңы еді. Түнімен түнеріп тұрған бұлт толғағы жетіп, таңертең қар жауды. Жаңа жауған қар-о да перзент. Күнәдан пәк. Аппақ.
Адамдар да сондай. Жаңа туғанда бәрі періште. Өсе келе, араларынан неше түрлі шығады. Ақылды да, ақымақ та. Адал да, арам да...
Әйтсе де ақымақтары басым ба деп қаласың. Өйткені төбелесе береді. Соғыса береді.
Біз интернаттан шығып, Қарахан күмбезінің айналасындағы кішкентай төмпешіктерді аралап өтетін жіңішке жалғызаяқ жолмен жүреміз. Төмпешіктер жермен-жексен болып кеткендей. Әр төмпешік бір-бір адам екенін біле бермейміз. Арасында атан жілік Мәмбет батыр жатқанын да сезбейміз. Иманнан жырақ, жабайы өстік қой. Атшабар базарын жанап, Абай көшесіне түсіп, мектепке кетіп бара жатқанда, алдымыздан кескін-келбеті бөтен бір сап көрінді.
Мен бірден таныдым: жапондық тұтқындар! Бұрын мұндайларды Шолақтауда көргенмін. Соғыстың құрбандары. Мылтықты қарауылдар оларды айдап өткенше қарап тұрдық. Бастарында күнқағары бар жапырма кепке. Үстерінде сұр күртке, сондай сұр шалбар. Ал аяқтарында — ағаш таға. Кейбіреуінің шулығы бар, кейбіреуінде о да жоқ. Тек тақтай табан. Жіппен байлап қойған. Соғыстың құрбандары. Қанша айтқанмен, қар жауып тұр. Башпайлары барбиып, үсіген картошкадай домбыққан.
Ал айдауылдардың кигені қарағайдай қара етік. Үстерінде — шинелі, бастарында қызыл жұлдызды құлақшын. Яғни, қысқы әскери форма.
Бірақ жазда да, қыста да өзгермейтіні — қолдарындағы автомат. Тұтқындар түксиген. Айдауылдар сұсты.
Тек тұтқындардың біреуі ғана бізге ыржиып күле қарады. Қайдан көрдім? Бізге ымдап, шылым сұрады. Есіме түсе кетті: Шолақтауда, станса басында платформадан қарағай түсіріп жатқан жапондық тұтқындар ше?! Осы байғұс сонда да айдауылдан папирос сұраймын деп оңбай таяқ жеген.
Дәл сол. Сонда да өстіп ыржиып күлген. Таяқ жесе де.«Аузың қанап, қан түкіріп тұрғанда, біреу: «не болды?» — деп сұраса: «Шие жеп едім», — деп жауап бер» деген өсиет, сірә, жапондарда да бар шығар. Мынау сондай. Таяқ жесе де күледі.
Басқа балалар кетіп бара жатса да, мен қалшиып тұрып қалыппын. Әлгі жапон соны сезгендей маған бұрылып қарады. Әлдене дегендей, қолымен аспанды сызып көрсетті. Оған тоқтауға болмайды. Ымдап та болса сөйлеуге рұқсат жоқ.
Абай көшесінің бойында, Атшабардың астында жаңа үй салынып жатыр екен. Тұтқындар сонда барып тоқтады.
Кейін білдім: ол сол кезде МГБ, соңынан КГБ деп аталған мекеменің үйі екен.
Сабақ үстінде де әлгі жапон көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Не деді өзі? Аспанды күншығыстан күнбатысқа дейін саусағымен сызғылап, аузынан түтін шығарғандай белгі берді. Аузынан түтін шығарғандайы түсінікті: темекі сұрағаны. Ал аспанды сызғылағаны... Ертең күн айналып шыққанда дегені шығар...
Байқамай қалыппын, қасыма Аргуния апай келіп тұр екен. Сүп-сүйрік сұқ саусағымен иегімді көтеріп, көзіме үңіле қарады. Саусағы жып-жылы екен, тұлабойым ду ете қалды.
— Көзің тұнып тұрған мұң ғой, байғұс бала, не ойлап отырсың? Әлде біреуді сағындың ба?
— Иә, апай...
— Кімді? Әлде біреуге ғашық болып қалдың ба?
— Әкемді, апай.
— Әкең қайда?
— Білмеймін, апай.
Аргуния басымнан сипап тұрып:
— Сағынған жүрек жаман болмайды, — деп бұрыла берді. — Бірақ сабақты да тыңда. Біз қазір ғана катод жөнінде әңгімеледік. Ал сенің ойың алыс-алыста, әкеңді іздеп жүрді. Оны ойлай бергенше, сабақты ықыласпен тыңдасаң, сағынышың жеңілдейді. Әйтпесе, жүдеп кетесің. Мен де... сағынамын. Тек сендерге оқу үйретумен ғана, оны уақытша ұмытамын.
Жан-жағалай жұмбақ. Жапон тұтқын ымдайды. Мұғалім апай тұспалдайды. Мен де сағынамын дейді. Кімді? «Оны» деді ғой. Ол кім? Әлде күйеуі ме? Бірақ күйеуі осы қалада әжептәуір қызметкер деген. Бек Абдуллаев деген. Оны мен көшеде, Төлен нағашыммен бірге келе жатқанда көрдім-ау, сірә. Аққұбаша келген, көркем, кербез жігіт екен. Сондай жары жанында болса, сонда бұл тағы кімді сағынады? Оны мен кейін-кейін білдім ғой. Әкесі Алашорда көсемдерінің бірі Жақып Ақбаев екен да. Оны ешкімге, тіпті қасындағы күйеуіне де айтпаған шығар. Әйтпесе, неге Ақбаева емес, неге Жақыпова? Апайдың небір қылуетте жатқан құпияңды біліп қоятын сиқыры бар екен «Әлде біреуді сағындың ба?» — деді-ау.
Әлгі жапон тұтқын көз алдымнан кетпей қойғанда әкемді ойлағаным рас. Әкем де сондай тұтқын болды-ау дедім. Бірақ ол темекі тартпаушы еді. Абақты үйретпесе. Қорғансыз Айшаны, үрпекбас үш балапанды ойлай-ойлай, құсадан шылым шегіп кетпесе. Сонда әркімнен темекі сұрап телмірмесе. Олай да болуы мүмкін ғой. Енді жапон — тұтқынға шын жаным ашыды. Ертең жолыға қалса, қалайда бір уыс темекі тауып беруім керек. Егер айдауыл алдырса... Мектептен қайтар жолда Көк базарға бұрылдым. Базарда Ержан бөлемнің немере ағасы, баяғы Төлек болыстың баласы Ұлан бар. Темекі сатады. Екі көзі шоқтай жанып тұрған, төртпақ келген, балуан тектес, жалынды жан. Бауырмал. Бірақ бірі кем дүние. Құдай оған тіл бермеген. Темекі сатады. Қалталары толған бір сомдық болады. Өйткені бір стақан темекі — бір сом. Кейде қасына барып сәлемдескенде маған ылғи бір сом ұстатады. Оған мен бір стақан шекілдеуік сатып аламын. Осы жолы да мыж-мыжы шыққан бір сомдық ұсынды.
Басымды шайқап, алмаймын дедім. Қапшықтағы темекіні көрсеттім. Содан бер деп ымдадым. Көздері шақшиып кетті. Бетінің түктері тікірейіп кетті. Қолдарын, саусақтарын көз ілеспес жылдамдықпен қимылдатып: «Сен темекі шегуші ме едің? Мойныңды жұлып аламын!» — деді. Шыннан жұлып алады екен деп зәрем кетті. «Жо-жоқ, мен шекпеймін», — деп білгенше ымдап-ақ жатырмын.
Маған емес, тұтқын жапонға керек деп қалай түсіндіремін? Мылтық ұстаған айдауылды ыммен бейнелеген болдым. Оның алдында бүрсеңдеп бара жатқан жапонды салған болдым. Түсіндіре алмадым. Болмаған соң дәптерімнің бір бетіне: «Япон. Плен» — деп, бадырайтып, ірі-ірі етіп жазып көрсеттім.
Қарап-қарап тұрды да, «А-а-а!» — деп айқайлап жіберді.
Екі көзін құйрығынан тартып сықситып, тісін ақсита күлген болып, өзі жапонға ұқсады да қалды. Мен қуанып кетіп: «Иә, иә», — деп басымды шұлғи беріппін.
Әлгі ұрысқаныма ренжіме дегендей, арқамнан қақты. Әдетте бір стақан темекі сиятын газет қиындысына емес, облыстық «Сталин жолы» газетінің тұтас бір парағын жыртып жіберіп, қос қабаттап, қалталап, түбін түйіндеп, уыстап-уыстап, темекіге толтырды да, аузын мықтап бүктеп, қолыма ұстата салды.
Рахмет ишаратын жасап, кете берейін дегенімде: «А-а-а!» — деп айқайлады. Жалт қарап едім: «Өзің шегіп қойсаң, мойныңды жұлып аламын!» — деп ымдағанын бірден түсіне қойып: «Жоқ, жоқ, оллаһи-биллаһи», — дегенді бірдеңе етіп жеткізгендей болдым-ау деймін. Аңқылдап күлді. Мылқаулар күлсе — шын күледі. Қулығы жоқ. Қостөбе Жаныстағы Төлек болыстың баласы. «Ақыр байдың баласы аштан өлген» деген заман.
Темекі сатады.
Қар алдымен жапалақтап жауды да, соңынан майдалап, ұлпа ұндай себеледі. Бұл енді ұзаққа сілтеудің серті еді.
Бөлмедегілер қолымдағы қомақты газет орамасын көріп:
— Ой, бүгін шекілдеуікті оңдырмай алыпсың ғой.
— Әй, бізге де берсеңші.
— Соның бәрін жалғыз өзің қалай тауысасың? — десіп қылқылдады-ай шетінен. Шынымды айтып:
— Бұл шекілдеуік емес, — деймін.
Сенбеді.
— Енді не?
— Не де болса бөліссеңші.
Арамызға кейінірек келіп қосылған Балтабай деген ересек жігіт бар еді. Сол байқап қойды. Ораманы сыртынан иіскеп:
— Темекі ғой, — деді.
— Бұл Барсхан енді темекі шегетін болған ба? — деп қарашай Хасболат гүрілдеді. Аюдай төңкеріліп, төсегінің үстінен маған алара қарады. Көзі жаман. Шаршаған өгіздің әлемді жеккөре қарағанындай.
— Ауылдан ағам сұратқан екен, соныкі, — дедім. Балтабай газеттің орамасын ашып, темекіден бір шөкім шымшылап алып:
— Дәмі қандай екен, — деді.
Қалтасынан дайын газет қиындысын шығарып, темекіні орап, шишақпақ тұтатып, ащы түтінді бұрқырата бастады.
— Комнатада тартуға болмайды! — деп гүж ете қалды Хасболат.
— Далада қар жауып тұр, — деді Балтабай. Хасболаттың койкасынан ары, Сойдақтістің іргесіндегі дәу қара пештің қақпағын ашып, шоқиып отырып, түтінді пештің ішіне жіберді.
— Енді ұрыспайсыз, басеке, — деп Хасболатқа қарап күліп қойды.
— Сен өзің темекіні бұрыннан тартатын қу екенсің. Мыналарға үйрететін болдың ғой, — деп Хасболат біз жақты меңзеді.
— Нағыз еркек темекі шегеді. Әйтпесе, қыздар қарамайды, — деп тойтарды Балтабай.
— Онда әкелші, мен де бір сорайын, — деп Сойдақтіс орнынан сүйретіліп түрегелді.
— Қыздан аузыңның салуы болмай жүр еді, тарт, байғұс, тарт, — деп Сайыпқожа сарт ете қалды.
Сойдақтіс қомағайлығына басып, түтінді ішіне көбірек сіміріп жіберсе керек, жөтеліп, қақалып-шашалып, көгеріп, өліп қала жаздады.
Сайыпқожаға Құдай берді:
— О, сорлы, енді саған қырық жерден айттырсаң да қыз жоқ, — деп көзінен жас аққанша күлді дейсің.
— Мықты болсаң, өзің шегіп көрші, — деп ақсиды Сойдақтіс.
— Е, шексе несі бар, сен сияқты кеуек дейсің бе, — деп Сайыпқожа Балтабайдан шылымды алып, бір сорып, жайлап қана түтінін сыздықтатып шығарып жіберді.
— Әне, қақалған да жоқпын, сен құсап шашалған да жоқпын.
— О, арам, ішіңе тартқан жоқсың, — деп Сойдақтіс бой бермейді.
— Ішке тартып, сен сияқты қомағай, обыр дейсің бе, қыздарға қырындау үшін, әшейін аузыңнан түтін шығарсаң болды.
— Трубка мира! — деді. — Білесіңдер ғой, кинода үндістер трубка мира тартады. Ол айнымас достықтың белгісі. Кәне, достығымыз үшін, — деп Хасболатқа да ұсынып еді. Ол көнбей қойды.
— Темекі — сайтанның сідігінен шығады. Жоғалт әрі! — деп өгіз көзін алартты.
Осындай гу-гу, ду-думен байқамаппыз, қарашаның қысқа күні әлдеқашан батып, қараңғылық түсіп қалған екен.
Есік ашылып, кешкі суықтың буымен бірге серейіп, бөлмеге біреу кіріп келді. Завинтернаттың өзі! Сілейдік те қалдық.
Қасқа маңдай. Бұйра шаш. Иығында — венгерка, галифе шалбардың қалтасында қос қолы. Қырым етік. Ертектегі жалғыз кезді дәу сияқты. Бұтымызға тышып қоя жаздадық.
— Топор можно вешать! — деп саңқ етті. — Айда, тез далаға шық!
Біреулер тұқшыңдап, койканың астынан бәтіңкелерін іздей бастап еді:
— Киме! Қалай тұрсаң — солай шық!
Көйлекшең, кейбірі жалаңаяқ, кейбірі дамбалшаң сүмірейіп-сүмірейіп далаға шықтық.
Кар тобықтан асып кетіпті. Асхананың алдында тізіліп тұрмыз.
— Кәне, айтыңдар: кім шекті шылымды?
Үн жоқ. Қар жауып тұр. Оның бетімізді аймалап, жабыса түскенін байқаймыз. Сүйіскен сияқты.
— Айтпасаңдар, тұрыңдар! — деді де, өз үйіне кірді де кетті.
— Ей, Барсхан, айтсаңызшы, бәрін бүлдірген сен! — деп гүжілдеді
Бегомот.
Хасболат. Дәл қазір әсіресе бегомотқа өте-мөте ұқсайды. Іш-киіммен, жейде-дамбалшаң тұр. — Саған бола, бәріміз үсіп өлеміз бе?
— Мен емес шеккен. Темекі ағамның аманаты.
— Барсханда кінә жоқ, — деді Сайыпқожа. — Жаңа ғана Трубка мира деп келіскенбіз. Бір-бірімізді сатпаймыз.
— Трубкаң құрып кетсін, мен трубка тартқан жоқпын, — деп ашуланды Бегомот-Хасболат. Үйден қақырынып өзі шықты.
— Айтасыңдар ма? Кім шекті?
Үн жоқ.
Өзі қайтадан бұрылып, үйіне қарай беттей бергенде, Бегомот — Хасболат:
— Ағай, ағай, — деп қалды.
Ақыры жеңіске жеткеніне масаттанғандай, өзі паңдана кері бұрылды.
— Ал, айт.
Бегомот-Хасболат оң, қолын ербеңдетіп, тұтығып, сөйлей алмай булықты да қалды. Біреу буындырғандай бет-аузы долырып кетті.
— Не болды? Айт. Тілің күрмеліп қалды ма?
Ағай, ол, ол, ол... Ба-ба... Барсхан.
«Енді құрыдым. Интернаттан шығарып жіберетін болды», — дедім. Ай, ит-ай, бегомот-ай, сатқын екенсің ғой.
Жалаңаяқ қар үстінде тұрсам да табаным қызып, тұлабойым өртеніп бара жатқандай болды. Бегомоттың дәлелі бар: газетке ораулы темекі қобдишаның ішінде жатыр.
Бегомот айтса, завинтернат қазір барып тауып алады. Құрыды деген сол!
— Ағай, — деген дауысқа жалт қарасам, Балтабай екен, — Ағай, шылым шеккен мен, мен едім.
— Бәсе, өзім де солай ойлап едім. Кейін келсең де кесірлі ала тай екенсің ғой. Сен қал, — Сапқа қарап. — Басқаларың — разойдись! — деді завинтернат.
* * *
Таңғы аяз кәдімгідей зәрлі екен. Аяғымыздың асты қаршылдайды. Көп баланың аяғынан шыққан кардан Қарахан әулие күмбезі жаңғырығып тұрғандай.
Атшабардың тұсынан өте бере, басқалардан қалыңқырап, жан-жағыма қарап келемін. Тұтқын жапондар жолықпаса, қойныма тыққан қу темекіні қайда тастаймын? Мектепке алып кіруге болмайды ғой. Жаздағы жасыл жапырақтарынан айырылып, түндегі біз құсап, тыр жалаңаш қалған теректің түбіне газетке ораулы темекіні тастай салмақшы едім...
Билікөл көшесі жақтан көп қаршылдың дыбысы естілді. Айдаудағы тұтқындар екен. Ауыздарынан бу бұрқырайды. Балалардан қалып қойып, әлгі жалаңаш теректің тасасында күтіп тұрдым.
Жалаңаяқ жапондар бастарын кегжитіп, аспаннан ғана жақсылық күткендей көкке қарап, тұсымнан өте берді. Менің келетінімді, тосатынымды сезгендей, кешегі күлекеш жапон саптан сәл шығыңқырап, маған қол созды. Қойнымдағы ораманы ұсына бергенім сол еді, айдауылдың аждаһадай даусы шаңқ ете қалды.
Бере салып, тұра кеп қаштым.
Алыстан аңғарғаным: айдауыл ораманы жапоннан тартып алып, ішіндегі темекіні теректің түбіне шашып-шашып жіберді.
«Есіл еңбегім-ай», — дедім. Жапон байғұс тоңқаңдап, қар үстінен бір уысын қармап ала бергенде, айдауыл оны автоматтың дүмімен түйіп кеп қалды. Тұтқын бір домалап барып орнынан тұрып, мен кеткен жаққа қарап:
— Аригато! Аригато! Аригато! — деп үш қайтара айқай салды.
— Аригато-о-о! — деп қарға шоқиып отыра кетіп, быламық ақ ұлпа себелеп тұрған тұнжыр аспанға қолдарын жайып жіберді.
Аспаннан не тіледі?
Шоқиып отырып, аспанға қарап ұлыған Көк бөрі...
Не дегенін түсінбесем де, сол Аригато миымда жатталып қалды.
Жапондарға жақын ғой деп кейін бір кәрістен сұрасам:
— Рахмет дегені, — деді.
Рахмет кімге? Маған ба? Әлде қандай қорлық көрсетсе де Көк Тәңірден күдер үзбегені ме?
Осыны өмір бойы ойлап келемін.
ТӨРТ КҮРЕК TIC
Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Ойласаң — ойың, қиялдасаң — қиялың жетпейді. Көңіл қанша «көк дөнен» болса да, о да жетпейді.
Құдірет шетсіз-шексіз әлемді әділ сағат тетіктеріндей мінсіз жаратты. «Галактика, — дейді бізге астрономиядан сабақ беретін Хабибат Әбубакировна. — Галактикада бірнеше Күн системалары бар, — дейді. — Бірақ Галактика біреу-ақ емес. Көп.
Сонда мен ойлаймын: көп болғанда — қанша? Көптің де шегі бар ғой?
Осылай деп сұрайын десем — қорқамын. Апай ашуланшақ. Дереу «Құрлық бала» дейді. «Құрығыр» дегені ғой. Мен құрығаннан не пайда? Менің орныма сарымсақ еге ме?
Демек галактикалар көп. Ендеше, күндер олардан да көп. Сол көптер қайда барып тоқтайды? Жарайды, әйтеуір бір араға барып тоқтайды.
Ал енді сол «бір араның» арғы жағында не бар?
Оны мұғалім айтпайды. Мен білмеймін. Білейін деп ары-бері ойлансам, миым айнала бастайды.
Енді әлгі астрономия ғылымының күші жетпеген кітапқа жазған әлемнің өзін Құдірет шебер жаратқан. (Мұғалім «Құдірет» деп айтпайды) Шебер жаратқаны сонша — бәрі тәртіпті. Күн де, Ай да, Жер де өз жолымен, тек қана өз жолымен жүреді. Қатып, сіресіп қалған ешқайсысы жоқ, бәрі қимылдайды. Егер, әлдеқалай біреуі жолдан тайып кетсе, ақырзаман сонда болмақ. Күл-талқаны шығады. Оның бетін Құдай аулақ қылсын.
Құдірет, шексіз шебер Құдірет адамды да керемет жаратты. Қаншалықты шебер жаратылғанын адам өзі әлі түсініп болған жоқ. Қой дейтін малды күнде сояды. Адам сол сойылған қойды қайтадан қалпына келтіріп, тірілте ала ма?
О, Құдірет! Шексіз шеберлігіне құлдық сенің!
Ал әлгі соншалықты керемет жаратылған адам Күн сияқты, Ай сияқты, басқа жұлдыздар сияқты әркім өз тура жолымен жүре ала ма?
Жоқ. Қисалаңдай береді.
Құдірет оған ақыл-ой берді. Сана-сезім берді. Тура жолмен жүр деді.
Жоқ. Қисалаңдай береді. Қисалаңдай берсе, бір машина бір машинамен соғысып күл-талқаны шықпай ма?
Адамдарға ұқсап, өз орындарынан, жолдарынан шығып кетіп, тау-таумен, жұлдыз-жұлдызбен соғыса берсе не болар еді?!
Жоқ, таулар да, жұлдыздар да, барлық жаратылыс Құдіреттің Заңымен жүреді.
Ал адамдар Құдіреттің Заңын менсінбей, өздері заң шығарып алған. Заңы дұрыс-ақ делік. Бірақ өздері шығарған заңды өздері бұзады. Неге?
Қисалаңдай береді.
Аргуния апайдың айтуы бойынша, Ньютон деген кісі ойлап тауыпты: Жерді ары-бері қисалаңдатпай, бір ізбен жүргізіп отыратын басқа планеталардың күші көрінеді. Тартылыс күші болады екен. Мысалы, құдыққа құлап бара жатқан адамды қолынан тартып ұстап қалсаң құтқарасың ғой. Сол сияқты.
Ал адамдар жұлдыздардан үйренбейді. Көбінесе біріне-бірі қолын беріп құдықтан құтқарып қалмайды, қайта итеріп жібереді.
Сондықтан да адамдарда қуаныштан гөрі қасірет көп.
Өзі Жаратқан Әлем деген арғымақтың екі тізгін, бір шылбырын уысында ұстап отырған Құдірет, сонда деймін-ау, адамдарды неге ауыздықтамайды?
Әлде Құдірет жоқ па?
Онда Әлемдегі әдемі үйлесімді кім орнатты? Ешнәрсе өзінен-өзі рет-ретімен, кескін-келбет суретімен орнай қалмайды ғой.
Аласапыранды Хаос дейді екен. Тәртіпсіз бәле ғой. Хаосты жібектей етіп, жөн-жүйеге салған кім? Не? Ақылың жетсе — ойланып көр.
Асханадан түскі тамақты ішіп-жеп болып, аулада өріп жүрген кезіміз. Дарбазадан басында шаңырақтай сеңсең қара бөркі бар, астында қаба қара есегі бар, сақал-шашы, тіпті қасына дейін аппақ қудай бір ақсақал кіріп келді.
РУ-дың бұзық балалары ақсақалдың есек мініп келе жатқанын көріп, өзге планетаның адамын көргендей, улап-шулап, ыржалаңдай күліп, есектің құйрығына шыбық жүгіртіп, мазаққа айналдыра бастап еді, қария: «Әй, найсап, тәйт!» — деп, қолындағы қамшымен тартып-тартып жіберіп еді, әлгі шәуілдектер қыңсылай қашты. Біз, жүз бала бата алмай жүрген жүгірмектерді жалғыз шал жайрата жаздағанын көріп, таң қалдым да ойладым: «Олар да қорқады екен ғой».
— Әй, балам, — деді қарт таң қалып тұрған маған. — Осында Тұраров деген жәутік бала бар ма? Шақырып жіберші.
Ой, Ақтай ғой! Сүйінші сұрайын деп бөлмеге тұра жүгірдім. Ақтай койканың жиегінде шоқиып, кітап оқып отыр екен.
— Ақтай! Атаң келді! — деп, өз әкем келгендей айқайлап жіберіппін.
Артынан әкесі, атасы іздеп келгендер қандай бақытты!
Мені іздеп келер әке жоқ, ата да жоқ. Анда-санда Айша келеді. Нан, қуырған жүгері әкеледі.
— Несіне әкелесің? Мұнда тамақ жетеді, — деймін.
— Құрқол қалай келемін? — дейді Айша басымнан сипап тұрып. Мұнда ата-аналар құрқол келмейді.
Әне, Ақтайдың атасы баласының қолына бір дорба ұстатты. Не болды екен? Оны қазір бөлмеге барған соң көреміз.
Онымен қоймай, қойнынан тағы бірдеңе шығарды. Бір бума ақша екен деп қалдық. Орама қағазын жазып жіберіп еді: кепка екен! Мұндай әдемі кепканы мен әлі көрген жоқпын. Менен басқалар да аңқиып қарап қалды. Сегіз сайлы, түрлі-түсті кепка екен. Қызыл-жасыл, сарысы да бар ғой деймін. Баласының басына кепка емес, шұғыла кигізгендей, нұрландырып жіберді. Ақсақал баласының басына кептеп кигізіп, милығына дейін түсіріп жіберді. Бәріміз күлдік. Ақтай мұрнын бір тартып қойып, жөндеп, түзетіп киді.
— Шақ па екен-ей, Ақтайжан, деп атасы да қуанып қалды. Баданы қуанту не үшін керек? Қуантушы адамның өзі үшін керек. Алдымен, егер дүниеде қанша миллион бала бар, біреуі жыламай, бәрі қуанып жүрсе, осы дүниенің өзінде-ақ жұмақ орнар еді. Сор болғанда, көп бала жылайды.
Атай кеткен соң Ақтайдың кепкасын кезек-кезек киіп қуансақ та, кейін-кейін осы әдемі телпекке бола, әжептәуір, атышулы жанжал шықты.
Ақтай бөлмеге жылап кірді. Мектептен қайтқан беті ғой. Әдетте мектептен қайтқанда интернаттың балалары топтанып жүретін. Бұл жолы Ақтай Көк базардың іргесіндегі өзбек даршыларының ойынын көремін деп, топтан қалып қалса керек. Даршы дегеніңіз-«канатоходец», яғни биікке керілген арқанның үстімен жүретін жанкештілер. Жан кешкені сол, сонау биіктіктегі жеңді білектен жіңішке арқанмен адам қалай жүреді? Әне құлайды, міне құлайды деп, айдалада тұрып сенің үрейің ұшады. Даршының қолында ұзын сырығы болады. Қылкөпірдің үстімен жүріп бара жатып, бір жағына ауып, жығылып бара жатса, әлгі сырықты келесі жағына қисайта қояды да түзеліп кетеді. Онысымен қоймай: «О, дат! О, дат!» — деп айқайлайды. Біз түсінбейміз. Бәлкім, әлдебір құдіретке сыйынғаны шығар. Әлде өзіне-өзі қуат берер ұраны шығар.
Біз қарнымыз ашқан сон ойынның аяғына дейін шыдамай, интернатқа асыққанбыз. Ал Ақтай, бала неме, аузы аңқайып, қалып қойыпты.
Енді міне, бөлмеге жылап кірді. Түскі тамақты ішіп алып, қарнымызды сипалап жатқанбыз. Әуелі менің ойыма келгені: «Ақтай кешігіп келіп, асхана жабылып қалып, тамақсыз қалған ба?» — дедім. Соған да жылай ма екен?
— Не болды-ей?
— Кепкемді тартып алды, — деп өксіді Ақтай...
— Кім?
— Аналар, — деп РУ жақты нұсқады.
— Тұрыңдар! — деп айқайлап жіберіппін демалып жатқандарға.
Бір-екеуі ғана еріне тұрып, койкаларының үстінде шоқиып отырып қалды.
— Тұрыңдар!
— Тұрғанда не бітіреміз, байғұс-ау? — деп ыржиды Сайыпқожа.
Бұға берсең, сұға береді. Тұр!
— Ал тұрдық, қиратсаң, — деп Сайыпқожа қирелеңдей көтерілді.
— Мен бұл шатаққа араласпаймын, — деді Хасболат.
— Шатақсыз келісуге болатын шығар, — деді Сойдақтіс — Ертай.
— Көп болса, бас жарылар, көз шығар, әйтеуір өлтіре қоймас. Қоян ғұрлы жоқпыз ба, сояйын деп жатқанда о да аяғын серпеді ғой.
Осылай деп айтуын айтып салсам да, өзім де жасқанып тұрмын. Оның үстіне мына Хасболат — Бегомот пен Сойдақтістің солқылдақтығы әуелгі аптығымды басып тастағандай болды. Тағы да болса, Әлтай қажырлы екен. Кәдімгі қомағай Әлтай.
— Айда, кеттік! — деді даусы шіңкілдеп.
— Құрқол қайтіп соғысамыз. Олардың темірі бар, — деп Сайыпқожа тағы күдік айтты.
— Міне қару, — деп Әлтай оз кереуетінің шабақ шыбығын суырып алды.
— Қазынаның мүлкін бүлдіруге болмайды, — деп қорқытты тоңмойын Хасболат.
— Ештеңе қылмайды. Қайтып орнына салып қоямыз. Темір шыбықпен қаруланып алып, басқа бөлмелердегі балаларға бардық.
— Жүріңдер. Ақтайдың кепкасын РУ тартып алды. Соны қайтарып аламыз.
— Ойбай, байғұс-ау, РУ күшті ғой. Таяқ жеп қаласыңдар. Қой барма, — деді оныншы класстың озығы, біздің кластағы Гүлнәрдің ғашығы Тілепалды ыздиып, бетіне крем жағып, айнаға қарап тұрып.
— Бармасаң бармай-ақ қой, тауықсыз да таң атқан.
— Мен госэкзаменге дайындаламын, уақытым жоқ, — деді Тілепалды.
Не керек, әр бөлмеден жинала келе, он бес бала болдық.
Әрине, аз. Интернатта жүз бала бар. Оның бес-алтауы қыздар. Қайта қыздар мықты ма деп қалдым.
— Төбелеске қатыспасақ та жараланғандарыңды емдеуге жараймыз, — деді.
— Намыстарың қайда? — деп, ер балаларға ұрысты. Қыздардан ұялып, тағы бес бала қосылды. Жиырмамыз жиналып, РУ-ға қарай беттедік.
— Интерники идут! — деп шыңғырып жіберді РУ-дағы жүзден астам қара көйлектердің ішіндегі жалғыз қазақ — Аласа бойлы неме құлдыраңдап, бөлмесіне қашып кірді.
Сол-сол екен, кілең қара көйлектілер сыртқа атып-атып шықты.
— Сендерге не керек, барандар? — деп екі қолымен екі мықынын тіреп, Лexa дәу тепкішектің үстінде шіреніп тұр.
— Кепка керек. Қайтарыңдар!
— Қойлардың қасқырларға қарсы шыққанын көріп пе едіңдер? Сендер барансыңдар. Тамақтарыңды қасқырлардың тісі бауыздап тастамай тұрғанда қайқайыңдар!
— Кепканы беріңдер. Онсыз кетпейміз!
Леха ағаш басқышты сықырлатып, шайқала басып, аузынан тұздалған қиярдың иісі мүңк етіп, мені дәу қолымен кеудемнен итеріп жіберді. Шалқалап барып, қулап қала жаздап, бойымды кайта түзеп, қолымдағы темір шыбықпен бастан ала салып кеп қалдым. Ашу ғой. Әйтпесе, ұрмай тұра тұрғанда да болатын ба еді...
Бірақ кеудемнен итергені етіп кетті. Кеудеден итергені — қорлағаны. Онан да ұрғаны жақсы еді. Айша айтқан:
«Кеудеңді бастырма!» — деп.
Сол-сол екен, алқын-жұлқын алапат төбелес басталды да кетті. Леханың басы шойын ба, немене, менің ұрғанымды шыбын шаққан ғұрлы көрген жоқ, басын бір сипап алды да, маған қарай ұмтылды. Интернат койкасының темір шыбығымен тағы бір тартып жібердім. Бірақ дәу одан сескенбей, қолақпандай жұдырықпен періп кеп қалғанда мұрттай ұшып, қақпаның алдына барып құлаппын. Иттің қара күші катерлі екен, есім ауып қалғандай болды.
Қолтығымнан біреу сүйеп тұрғызды. Қарасам, Ұлан мылқау. Сірә, базардан үйіне қайтып бара жатқан болуы керек. Ымдап: «Не болды?» — деді. Мен де ымдап, РУ жақты, қып-қызыл төбелесті көрсеттім. Бұл кезде біздің жігіттер шегіне бастаған екен. Ұлан мылқау менен: «Сені ұрған қайсысы?» — деп ымдады. Мен Леханы көрсеттім.
Ұланның түрі өзгерді. Бетінің түктері тікірейіп, көзі қанталап шыға келді. Мылқаудың ақырған үні қандай үрейлі: арыстанның ақырғанындай. Бара, Леханы қара көйлегінің омырауын қос қолымен бүріп ұстап, Леханы өзіне қарай сілкіп-сілкіп тартып, баспен тұмсықтан, тұмсықтан қайта-қайта, былш-былш соққанда, Леха байғұс, дәу жұдырықтарын жұмсауға да шамасы келмей, басы кегжең-кегжең етіп барып, гүрс етіп құлады.
— Леху убили! — деп шырылдады РУ-дағы қортық қазақ бала баспалдаққа шығып алып.
«Леханы да өлтіруге бола ма екен?» дегендей, РУ-шылдар состиып-состиып қалды. Айтса-айтқандай, Леха шыннан серейіп, жерде әлі жатыр. Ұлан мылқаудың баспен ұрғанына төтеп бере алмаған бөкен кеңсірік жападай қызыл етке айналып кеткен екен. Орнынан тұра алмай, ұмтылып жатып, Леха өзінің «сарбаздарына»:
— Отдайте им эту проклятую, дьявольскую кепку! — деп айқайлады да, қақырына қан түкіріп, қара көйлектің жеңімен аузын сүртті.
«Қара көйлектілер» Леханы жабыла көтеріп, ағаш баспалдақты бажылдата басып, үйлеріне кіріп кетті.
РУ-дағы қортық казак бала Ақтайдың сегіз сайлы, түрлі-түсті кепкасын алып шықты.
— Сендер кешіріңдер, — деді ол кепканы бізге беріп тұрып.
Жау қолында кеткен алтын Көк бөрі басты байрағымыз биікке қайта көтерілгендей, Интернат пен РУ қорасын жаңғырықтыра:
— Ура!
— Ура!
— Ура! — деп айқай салдық.
Ұлан мылқау маған ымдап, РУ жақты көрсетіп, енді бұлар сендерге тағы тиісетін болса, маған айт, — деді де, темекі салған дорбасын көтеріп кетіп қалды.
Біз жақтан қатты жараланған бір-ақ адам болды. Ол — Тілепалды екен. Біз РУ-мен соғысып жатқанда, ол асхананың күншуақ жағына шығып алып, кітап оқып тұр екен. РУ-дың екі баласы келіп:
— Сен неғып тұрсың? — деді.
— Экзаменге дайындалып тұрмын, — депті Тілепалды.
— Мә саған экзамен! Міне — «бес» алдың, — депті де біреуі кәдімгі болт, гайка бұрайтын қара кілтпен періп кеп жіберіп, алдыңғы төрт күрек тісін бірден қағып түсіріпті. Аузы көртышқанның ініндей болып үңірейіп қалыпты. Енді біздің класстың сұлуы Гүлнәрмен қайтіп сүйісер екен?
Бәрінен де сол қайғы. Сойдақтіс санын шапаттап қуанды.
Әлгі төбелесті завинтернат есігінің алдына шығып, венгеркасын иығына жамылып, екі қолын галифе шалбардың қалтасына салып, қасқайып қарапты да тұрыпты. Құдды Наполеон сияқты. Оны мен байқаған да жоқпын.
Бір аптадан кейін РУ-ды біздің қорамыздан көшіріп жіберді.
ТАНГО-САҒЫНЫШ САЗЫ
Ай-хай көктем! Әулиеатаның көктемі әдемі. Зипа теректер бой таластырып әуелеп тұр. Бізге зипа теректер қолайлы емес. Оған маймылша өрмелеп шыққаныңмен бұтақтары осал, сынып кетсе, күл-талқаның шығады. Бізге жайлысы кәдімгі қарағаш. Бұтақтары тарбақ, әрі жуан. Арғымақ атқа мінгендей болып отырасың.
Әулиеатаның паркі қаланың қақ ортасында. Атшабардың. астында. Балпық керуен — сарайының қапталында. Парктің қарсы жағы — МГБ дегенін жапон тұтқындары салған үй. Жапсарлас — монша. Мүсілім Қонақович апта сайын бір рет бізді қойша айдап әкеліп, тоғытады.
Парк пен моншаның екі арасын Абай көшесі бөліп жатады, жарықтық.
Демалыс күні кешке паркке келеміз. Топтанып келеміз. Әйтпесе, паркте неше түрлі бұзықтар бар. Біздің көне қаламыздың бір мақтанышы — жазғы кинотеатр. Басқалар мақтанбаса — мақтанбас. Мен үшін бұл кинотеатрға жетер өнер орны жоқ. Жан-жағы биік дуалмен қоршалған. Төбесі жабылмаған. Жабылмағаны жақсы. Бізге жақсы. Өйткені бізде билет алатын ақша болмайды.
Қарағаштың басына шығамыз. Құдды қарғалар сияқтымыз. Кешке қарай қарғалар ағаш басына қонақтайды ғой. Ағаш басынан экран анық көрінеді.
Төбесі жабылмағаны қандай жақсы. Ақшасы барлар билет алып, дуалдың ішіндегі қатар-қатар скамейкаларға барып, қаздай тізіліп, кісімсіп отырады. Ал біз олардың төбесінен қараймыз.
Жұлдыздарға да рахат. Олар да ақша төлемей, киноны тегін көреді. Жұлдыздарға кино не керек деп күлерсіздер. Жұлдыздарда жан жоқ, көз жоқ, ой жоқ деп түсінетіндердің өздерінде ой жоқ. Жұлдыздар біздің марқұм ұлы ата-бабаларымыздың, ұлы аналарымыздың мекені.
Киноны кейде мұңайып тұрып Ай да көреді. Айда ой жоқ, ми жоқ, көз жоқ дегендер де қатты қателеседі. Айдын бетінде қара дақ бар. Ол диюлардың мекені. Ал жарық жағы — періштелер отаны. Алыстағы Айдың өзінде де дүлейлер мен тазалардың арпалысы болып жатады.
Фильмнің аты «Ватерлоо көпірі». Тілі орысша болса да бәрі түсінікті. Әсіресе музыкасы ғажайып. Әлгі музыканың жүрегіңді ерітіп, елжіретері соншалықты, қарағаштың басында қарға сияқты шоқиып отырғаныңды да ұмытып, кейде бұтақтан қатып ұстаған қолың босап кетіп, құлап қала жаздайсың.
Гүлнәрға өлердей ғашық Сойдақтіске әсіресе әсер еткен болуы керек, қопаңдап, қозғалақтай беремін деп, отырған бұтағы қарш етіп сынып кетіп, астындағы келесі бұтаққа ілініп қалып, ажалы жоқ екен, әрең құламады. Егер терекке шығып отырсақ қой, сөз жоқ құлайтын еді.
«Ватерлоо көпірі» сойқан соғыстан кейінгі шыққан фильм. Жас жігіт пен бойжеткен қыздың хикаясы. Әрине, мұны көрген Сойдақтістің тұлабойы балқып кетеді.
Фильм бітіп, біз жерге түсе бергенде, кинотеатрмен қабаттас би алаңында оркестр гүрс ете қалады да, біз енді топтанып алып солай қарай жылжимыз. Оркестр алғашқы арқырағанын қойып, енді баяулата ыңырсиды. Темір шарбақтың ішіне билет алып кіргендер — Құдайдың сүйген құлдары. Қыздар мен бозбалалар, тіпті бурыл шаш егделер мен кексе әйелдер құшақтасып билеп жүреді. Би алаңын асфальттап тастаған. Бишілердің аяғынан асфальт алаң сыр-сыр етеді. Оркестрге өздерінше үн қосқан сияқты.
Біз, колхозбайлар, би білмейміз. Биден сәл-пәл хабары бар Сайыпқожа сияқтылар ақша жоқтан кіре алмайды. Құр қарап, қызықтап тұрамыз. Бір жақсысы — темір тордан бәрі көрінеді.
Адамдар бақыт құшағында жүрген бейбіт заман. Күні кеше алапат соғыс болмағандай, адамдар аш-жалаңаш жүрмегендей, мамыражай, дүн-дүние дін-аман.
— «Танго», — деді Сайыпқожа би білетінін сездіріп.
— Танго? Ол не? — дедім мен түсінбей.
— Бидің аты. Мысалы, «вальс» деген сияқты.
Музыка сыңсиды. Бұл қай сыңсу? Түсінбеймін. Темір шарбақтың сыртында тұрып, сол сыңсудан менің жүрегім сыздайды. Ал билеп жүргендердің, темір шарбақтың ар жағына өтуге қолы жеткендердің де жүректері менікіндей сыздап, көздерінен еріксіз жас жылжып аға ма екен?
Қараймын, ондайлар байқалмайды. Аяқтары асфальтты тырп-тырп сыпырып, бірін-бірі құшақтап алып, кейбіреулері қабыса-жабыса сүйісіп (ұят-ай!), сықылықтап күліп, мәз-мәйрам болып жүр. Тек гимнастеркаларының омырауы медальге толы ерте егде тартқандар мен сарықарын қатындар ғана онша жабыспай, қабыспай, сабыр сақтап қимылдайды. Ал менің жүрегім сыздайды.
Сөйтсем, бұл Танго дегеніңіз сағыныш сазы екен. Аргентина деген елде туған сарын. Аргентина Атлант мұхитының ар жағында екенін жағрафия сабағынан жақсы білемін. Жағрафиядан сабақты бізге Жақыпбек деген кісі оқытады. Басы қасқа, өңі ашаң, көздері мейірлі, сұңғақ бойлы, бойын тік ұстап жүретін, заты ақсүйектеу кісі еді. Жағрафия сабағынан үйге тапсырма береді. Әр оқушы бір-бір мемлекеттің картасын суретке салып әкелуі керек. Оны әдемілеп бояуы керек. Менің сыбағама Италия деген ел тиді. Интернатта соның суретін салып отырғанымда, Сайыпқожа жаныма келіп:
— Өй, мынауың саптама етік қой, — деп мазақтаған.
Өзі етік сияқты болса, мен қайтейін. Етікке ұқсамасын деп не дөңгелетіп, не төртбұрышты етіп салсам, шатақ шықпай ма? Онда Италияға Австрияның, не Францияның, яки Швейцарияның жерін қосып аласың, онсыз да жер үшін жан берісіп, жан алысып жататын Еуропада қып-қызыл жанжал шықпай ма?
Маған бола Eвропа соғыса қоймас, бірақ Қасымбеков мұғалім оны кешірмейді. Баттитып «2» қояды.
Аргентина картасын кім салғаны есімде жоқ. Сол елді бір кезде испандықтар жаулап алған көрінеді. Жаулап алушылардың ішінде бақыттылары да, мұңдылары да болатын сияқты.
Байлық іздеп, бақыт іздеп, Испанияны тастап, Аргентинаға қоныс тепкенімен, өзінің бұрынғы Отанын, туған жерін сағынатын нәзік жүректілер де болса керек. «Танго» сарынын шығарған солар деседі.
Мен айтар едім: «Танго» — көктем музыкасы. Көктем жыры. Көктемде адамдар әсіресе әсершіл. Көктемде Самарқанның көк тасы да жібиді дейді. Ал адам жаны тас. емес қой. Жаның жібігенде қараптан-қарап келе жатып ән салғың келеді. Өзіңнен-өзің ыңылдайсың, көкіректі бір үн кернеп ызың салады. Терезенің қос әйнегінің арасында қамалып қалған шыбындай аласұрып ызыңдап, шығарға саңылау іздейді.
Ал сол саңылауы барлар — жап-жақсы композиторлар. Композиторға тілдің, сөздің керегі жоқ.
Енді мынау — «Танго». Сөзі жоқ. Сөзсіз-ақ түсінемін. Сеземін.
Адамның бір қымбат қасиеті сезім шығар.
«Танго» сыңсиды. «Танго» алысқа-алысқа, туған елге шақырады. Би алаңының темір шарбағына сүйеніп тұрып, мен сонда Жуалыны, Мыңбұлақты өлердей сағынғанымды сездім.
Мыңбұлақтан басқа тағы да әлдене бар... Атын, затын біле бермейтін. Көзге көрінбейтін, бірақ көкірегіңнен кетпейтін. Әлде өң, әлде түс сияқты бір елес ақыл-есіңді арбай береді. Әлдене іздеп алаң боласың. Себепсізден себепсіз алаң бола бергеннің несі жақсы? Бірақ тәтті алаң. Жұмбақ болған сайын тәтті сияқты көрінеді.
О, «Танго!» Мен оны билеп жүргендердің ішінен көріп қалғандай болдым. Темір шарбақтың жуан шыбықтарынан қатып ұстап, қарап қалдым. Иә, сол! Құдаша ғой, Құдаша! Семіздеу бір жігітпен билеп жүр. Ержан бөлемнің үйінен көрген Құдаша!
Адам айтса сенбейтін, түсінде ғана кездесетін шартта-шұрт, қым-қиғаш, одағай оқиға. Әйтпесе...
Өзім темір шарбақтың жуан шыбығынан қатып ұстап тұрмын. Орнымнан қозғалған жоқпын. Қозғалсам қасымдағы жолдастарымнан: Сайыпқожадан, Сойдақтістен, Ақтайдан, Тұмсықтан сұраңдар. Құдайақы, қозғалған жоқпын.
Ал сонда Құдашамен билеп жүрген Бейтаныс Семіздің жағасынан шап етіп ала түскен кім? Теңбіл барысша атылып барып ала түсті! Мен ғой! Мен! Барсхан! Танымайтын, білмейтін Бейтаныс Семізде нем бар?! Не түлен түртті?
Бірақ мен орнымнан қозғалған жоқпын. Темір шарбақты қатты қысқаннан саусақтарым қарысып қалды. Оллаһи, қозғалған жоқпын. Куәлерім бар: Жантық-Сайыпқожа, Сойдақтіс-Ертай, Қодық-Ақтай, Тұмсық-Мақан...
Сонда... ана Бейтаныс Семізбен алысып жатқан кім? Құдаша шыр-шыр етеді. Билеп жүргендер үрке жөнелді. Алысып жатқан — өзім. Мен! Барсхан! Бейтаныс Семіз шалбарының қалтасынан пистолет суырып алып, маған оқтала бергенде, қолынан шап етіп ұстағанымда, пистолет аспанға қарай атылып кетті. Халық жан-жаққа жанталаса қашып, темір шарбаққа кептеліп, бірін-бірі таптап кетті. Оркестрдің үні ешті. «Танго» тыйылды.
Енді бір қарасам: «Танго» бұрынғысынша сыңсиды, билеген адамдардың аяқтары асфальт алаңды тырп-тырп сыпырады. Құдаша сол кәдімгі Бейтаныс Семіздің құшағында. Өзім сол орында тұрмын. Темір шарбақты қыса-қыса саусақтарым қарысып қалды. Жолдастарым да орнында. Жантық-Сайыпқожадан:
— Жана не болды? — деп сұрадым сыбырлап.
— Ештеңе де.
— Пистолет атылды ғой.
Сайыпқожа маған ажырая қарап:
— Саған қос көрінген шығар, байғұс, — деді.
— Әне, анау, — деймін Құдашаның құшақтап, қалың топтан шеттеу шыққан Бейтаныс Семізді сұқ саусағыммен оқтап. (Саусақтарымды шабақтан әрең ажыратып алдым).
— Өй, ол редактордың баласы ғой, — деп таң қалды Жантық — Сайыпқожа. — Оның шыннан пистолеті бар болуы мүмкін. Әкесінің пистолетін алып жүреді екен деп естітем. Бірақ әзір пистолет атылған жоқ қой.
— Мен жаңа онымен төбелескен сияқтымын...
Енді Сайыпқожа менің иығымды сығымдап ұстап, бетімді өзіне қарата бұрып алып, көзіме үңіле, сезіктене қарады.
— Не үшін төбелестің?
— Құдаша үшін.
— Ана билеп жүрген құдашаң ба?
— Иә.
— Қайдағы құдашаң?
— Ержан бөлемнің балдызы.
— Е, ол Ленин мектебінде оқитын қыз ғой. Ана жігіт те сол мектепте оқиды. Құдашаң орысша оқиды екен да. Ә, арам, жақсы көріп қалыпсың, ә! Бізге ғой айтпайсың, — Сайыпқожа шықылықтап кеп күлді.
— Бірақ пистолет атылды, — деймін мен әлі сенбей.
— Әлгі кинодан көргенің ғой. Соның әсері ғой.
— Кино — кино. Ол — «Ватерлоо». Ал мынау...
— Бұл — «Танго», — деді пысықай Сайыпқожа.
«Танго». Сыңсиды. Емен шулап, қайындар билеп, тут ағаштан ақ бүлдірген сияқты жеміс төгіледі. Музыканы ағаш екеш ағаш та сезініп, елжірейді. Ұйқысы бұзылған қарғалар қарқ-қарқ етіп қойып, Ай сәулесінен алакөбең аспанда арлы-берлі сапырылысып ұшып жүр. А, бәлкім, олардың да билеген сықпыты сол шығар. Би білмегенің қандай қорлық. Әйтпесе, қазір темір шарбақтан секіріп түсіп, Құдашаны биге шақырсам. Бірақ Бейтаныс Семіз. Пистолет... Ну что ж!
Ай да, Құдаша! Ақсары жүзі жарқылдап күледі. Бейтаныс Семіз оның бетіне бетін тақап, құлағына бірдеңе деп сыбырлайды. Құдаша сықылықтап күледі.
Неге күледі? Мүмкін, шарбақ сыртындағы мені көріп қалып, мен туралы әлдене айтысып күлетін шығар.
Күшәла жалаған күшіктей ішім удай ашып, қараптан-қарап тұрып, тістерім шықырлайды. Жаңағы елес... Шыннан елес пе, әлде шыннан төбелестім бе? Егер шыннан төбелессем, неге мына жұрт мамыражай, мамырлап билеп жүр? Пистолет атылса, ана милициялар неге маңқиысып босқа қарап тұр? Неге менің жолдастарым түк білмегендей, ештеңе сезбегендей?
Адам да тікесінен тік тұрып, ұйықтамай-ақ түс көре ме? Жылқы емеспін ғой, түрегеп тұрып ұйықтап, түс көретін!
Ал сол соғыстың болғаны рас. Әлгінің жағасынан алғаным рас. Пистолет атылғаны рас. Ал Жантық-Сайыпқожа ештеңе де болған жоқ дейді. Басқалары да түк сезбеген.
Ауырып қалмасам жарар еді. Ненің ауруы, тапа-тәннен жабысқан қандай сырқат?
«Танго». Сөзсіз, тілсіз әуен. Неге сөзсіз, неге тілсіз? Сөз болмаса, тіл болмаса жүрек сыздай ма?
«Танго». Оның да сөзі, тілі бар. Оны есту үшін мына қалқайған екі құлақтан басқа, тіптен басқа, мүлде басқа, көзге көрінбейтін, он екі мүшеңде жоқ ерекше құлақ керек!
«Танго». Сағыныш сазы. Сонда нені, кімді сағындым? Әрине, Мыңбұлақты, Тәңіртауды, Ақсу-Жабағылыны...
Құдашаның аты — Ақ-Шолпан еді...
АЙ МЕН АЙШАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Интернатқа Айша келді.
Турникке асылып тұр едім. Көзім шалып қалды. Қақпадан кіріп келе жатқанынан таныдым.
Турникте шыр айналып тұрғанда-ақ таныдым.
Қолында бұл жолы бұрынғыдай түйіншегі жоқ. Бұрындары ылғи да түйіншегі болатын. Жүгері нан. Жүгері талқан.
Бұл жолы түйіншегі жоқ.
Көктем ғой. Жүгері таусылған шығар.
Айшаның көк көйлегі тозыңқыраған ба, оңып кетіпті. Ана жылы, ол жүн түтіп, жіп иіріп, мен оны жүн фабрикаға апарып өткізіп, нанға айырбастап, ол нанның жартысын Атшабардың базарына апарып сатып, сол ақшаға алған көк мата... Айша өзі тігіп киген көк көйлек. Әдемі еді. Айша сонда Сібірден Мұртаза қайтып келгендей қуанып еді. Енді сол көк көйлек бозаң тартып, оңып кетіпті.
— Барсхан, — деді мені басымнан сипап тұрып, — мен саған бұл жолы ештеңе әкелмедім. Нанды үйден барып жейсің.
— Неге?
— Сен бір күнге сұран. Бүрсігүні бәрібір демалыс қой. Ертеңге сұран. Дүйсенбіде қайтып келесің.
— Не боп қалды?
— Ауылдан Оңғарбай атаң келді. Бізді көшіріп әкетпекші.
— Қай ауылдан? — деппін түсінбей.
— Қай ауылы несі? Сенің ауылың біреу-ақ емес пе? Мыңбұлақ ше?
— Рас па? Шыннан көшеміз бе?
— Шын, Барсхан. Бұйырса, елге қайтамыз. Қуанбайсың ғой, әлде Мыңбұлақты сағынғанды қойғансың ба? Ұдайы сағынушы едің ғой.
— Сағыныш та сенің көйлегің сияқты тозған шығар.
Айша оңған көйлектің жеңін сабаудай ұзын саусақтарымен:
«Шыннан тозған ба?» дегендей шымшылап қойды.
— Кебенек деген осы, Барсхан. Елге қайтамыз. Кебін кимей, кебенек киіп қайтқанымызға да мың тәубә, мың да бір шүкір Құдайға. Сендерді жат қылмай, отанына жеткізіп, өз үйіріне қоссам деуші едім. Сол тілегіме жетсем болды. Әйтпесе, саяқ болып, бөтен болып кететін түрлерің бар.
— Мына көйлекпен қалай...
— Ай, байғұс балам-ай! Мұртазаның намысшылдығы аумай тартқан-ау саған. Мен торқа кимеппін бе?! Зерлі тон, торқа көйлек — бәрі де тозады. Өсіп қалдың ғой. Жаңасын сатып әперерсің. Сенің өмірің тозбасын. Бар бастығыңа! Бір күнге сұран!
Соңғы сөздерін Айша бұйыра дауыстады.
* * *
Бұл жолы да ұрланып көштік. Сонау мың тоғыз жүз қырық төртінші жылдың жаңбырлы күзіндегідей. Тек онда Мыңбұлақтан Әулиеатаға көшкен болатынбыз. Таң атар-атпаста. Жалғыз есек арбамен көшкенімізді ел көрмесін деп...
Бұл жолы да есек арба. Бірақ бұл жолы арбаға екі есек жегілген. Оңғарбай атамның көк әңгісі. Біреуі мен білмейтін қара. Көк әңгі мені танығандай оқшия қарап, пысқырып қойды.
Оңғарбай атам менің сәлемімді алып:
— О, балам, үлкейіп қалыпсың ғой, — деді. Басқа түк айтпады. Көп сөйлемейтін кісі еді.
Сәли атамның үйі шақырып шәй беріпті. Сол үйде Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай аталарым, Шолпан, Қалатай, Үміт, Адас, Зүбәйда апаларым түнімен ет асып, Айша, Құрмаш, Батырхан және маған «жолаяқ» деп қонақ қылды. Түнімен неше түрлі әңгіме айтылды да, таң ата бізді жолға шығарып салды.
Айша нағашыларымен құшақтасып қоштасты.
— Арып-ашып келгенде, торғай паналатқан бәйтеректерім, рахмет сендерге, аман болыңдар. Құдай қуанышта жолықтырсын...
Оңғарбай атам да қызық. Сонау Жуалыдан екі есек жеккені несі кішкентай арбаға? Сірә, біздің жүгімізді жалғыз есек тарта алмайды деді ме екен? Байып қайтады дегені ме?
Оңғарбай атам Күйіктің жолымен жүрмей, неге екенін білмеймін, Маймақтың жолымен тартты. Әлде біздің «байлығымызды» Күйіктің асуынан алып шығу қиын болады деді ме? Ал негізінде алтын артқан есек биік таудың шыңына да шыға алады. Бірақ бізде алтын жоқ қой?!
Асаның бойын бойлап, Айша-Бибінің тұсынан, шөл даланың тұсынан пойыз жолды кесіп өтіп, Қызыладыр қыратымен қиялай тарттық.
Арт жаққа бұрылып қарап едім, алыста Айша-Бибі күмбезі қалып бара жатты. «Бекер Күйіктің жолымен жүрмедік-ау» деп қойдым. Айша-Бибіге дұға оқып, ақ жол тілеу керек еді.
Сұлу Маймақтың Қызыладырынан қарасаң, артта нағашылар ауылы, Бектөбе, Үлкен Бурыл, Кіші Бурыл, Әулиеата шаһары, Тектұрмас тауы қалып бара жатыр.
Қалып бара жатыр. Бәрі де осылай қала береді. Қайтып оралуын айт. Айша айтқандай, тәуба, енді біз ұшқан ұямызға оралған жолда келе жатырмыз.
Айтпақшы, Сұлу Маймақтың үстінен тыраулап тырналар тізбегі көрінді. Олар солтүстік-шығысқа, біз керісінше, оңтүстік-батысқа көшіп барамыз. Біз де бір қайтқан қаздармыз.
Сұлу Маймақ — қырғыздардың жері. Енді осыдан Күркүреусуға жеткенше қырғыз жерімен өтеміз. Түс әлетінде, жол бойында киіз үй тігіп отырған қойшыға тап болдық. Жалпылдаған жақсы қырғыз екен:
— О, қағылайын қазақ туғандар, — деп жаны қалмай, қатыны да, өзі де асты-үстімізге түсіп, самауырға шай қайнатып берді. Қойлары мәліш екен, шетінен қоздап қалыпты. Күн жылы. Көк шығып, желкен желбірейді. Қошақандар мәз. Секіріп ойнап, ит құйрықтары селтең-селтең етеді.
Шайдан кейін Оңғарбай атам керегеге сүйеніп сәл мызғып алды да, кенет көзін ашып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап:
— Қой, біз жүрелік, — деді.
Қызыладырдан асқанда алдымыздан жарқ етіп Тәңіртау көрінді. Көк аспанға найзадай шаншылып, аспан жерге қулап кетпесін деп тіреп тұрған Манас шыны екен.
Жүрегім бүлк ете қалды. О, қасиетіңнен айналайын, Тәңіртау!
Ылғи өрге қарай жаяу келе жатқаннан болар, аяғыма тас байлағандай тұлабойым ауырлап, көктің үстіне жата кетсем бе екен деп келе жатқанмын. Кенет шаршағаным ұмытылып, әлдеқалай аспандағы сарыала қаздардың қанаты маған біткендей, ана сеңгір тауларға, Манастың батысындағы Көксай, Ақсай аңғарларына ұша кеп жөнелгім келді. Аяғым өзінен-өзі жеңілденіп, желе-жортып, жүгіріп-жүгіріп қоямын. Сонда Айша:
— Әй, Барсхан, әне Ақсай көрінді ғой, Ақсай! Біздің ауыл сол Ақсайдың ауызында ғой, — деді даусы жарқын-жарқын шығып.
— Жақындап қалдық па? — деді шаршаған Құрмаш. Жол бойы басы төмен салбырап, ләм демей келе жатқан Оңғарбай атам:
— Шаршасаң, арбаның үстіне шығып отыра ғой. Әлі қайда-а-а, — деп қайтадан үндемей қалды.
Айтса-айтқандай, әлі жол ұзақ екен, күн батар әлетінде Күркіреу судан әрең өттік-ау...
Күркүреусудың арғы беті — Қазақстан. Жуалы. Байзақ жазығы. Жаңабай жері. Баяғыда Байзақ деген датқа болыпты. Қоқан хандығына қарсы шығып, зеңбірек аузына таңылып, атылып кетіпті.
Күні бойы басы салбырап, жаяу жүрістен бір танбаған сексендегі Оңғарбай қарт сонда:
— Тоқтаңдар, — деді. — Қараңғы түсіп қалды. Мына балдар шаршады. Осында біраз дамылдап, таң қылаң бере жүрсек, құдай қаласа, түске дейін ауылға да жетіп қаламыз.
Тәңіртау сұлбасы бозараңдап әрең білінеді. Оның есесіне қол созым жерде тұрғандай жартыкеш Ай көрінді.
Жарықтық, жартыкеш Ай! «Ай болмаса аспанда, адасады» деуші еді баяғыда, күйеулері соғысқа кеткен келіншектер.
Арбадан жүктерімізді түсіріп, есектердің аяғын тұсап, отқа қоя бердік.
— Әй, Барсхан, отын жина, от жақпасақ түн салқын, — деді Айша.
Көк жаңа көтеріліп, қурай табыла қоймайтын кез. Отынды қайдан іздеймін?
Аулақта бұзылған қора бар екен. Жүрексінсем де солай қарай жүрдім. Бір қабырғасы құлап, төбесіндегі қамысы салбырап қалған екен. Топырақ басқан қамысты суырып алу оңай бола қоймады. Қияғы алақанымды тіліп кетті. Ары-бері үңіліп қарасам, қамыс арасынан бұғат ағаштардың ұшы көрінеді. Ырғап-ырғап, әрең дегенде үшеуін суырып алдым.
Оттыққа қу қамыс, отынға бұғат ағаш жараса кетті. Түнімен маздатып жағуға жарады. Шәугімде шай де қайнады. Шай ішіп алған соң Оңғарбай атам астына текемет төсеніп, үстіндегі шапанын да шешпей, көрпе жамылып, ұйқыға кетті. Батырхан мен Құрмаш та ұйықтап қалды.
От басында — Айша екеуміз.
— Сен де қисайып, ұйықтап алсаңшы, — деді Айша.
— Ұйқым келмейді.
Айша жартыкеш Айға қарап:
— Ұйқың келмесе — қуанғаның шығар. Туған жердің топырағына табаның тиді ғой. Қуат — топырақтан. Қарашы, Барсхан, туған жердің Айы да бөлекше.
— Несі бөлек, барлық жерде осындай.
Екеуміз де Айға қарап қалдық.
«Несі бөлек?» — дедім тағы да ішімнен.
— Өзге елдің оты оз еліңнің түтініне татымас, Барсхан. Дұрыстап қара, мына жарықтық Ай бізге мейірін төгіп тұр ғой.
— Өзге ел емес, өзіңнің төркін жағыңнан көшіп келе жатырмыз ғой. Неге өзге? — деп өзеуредім мен де. Айша күрсініп алды.
— Оның рас. Жаманатқа қалмадық. Сүрінгенде сүйеді. Бірақ біз кірме болдық қой, балам.
«Кірме» деген сөзді талай естісем де аса мән бермей келіппін. Санама енді жеткендей болды. Өз үйің өлең төсегің жоқ. Әркімнің босағасында босқын сияқты болу — қорлық. Соғыс басталған жылы жер аударылған бір немістің отбасы біздің Мыңбұлақтағы үйдің бір бұрышына келіп паналап еді. Сол халді төрт жыл бойы өзіміз де басымыздан кештік. Жаманын да көрдік, жақсысын да көрдік. Айшаныкі дұрыс. «Кірме» деген ат жаман.
— Сенікі рас. Ай мейірленіп барады, — дедім мен.
— Адамдар Ай сияқты мейірлі болса, елден көшіп неміз бар еді, Барсхан. Тасбеттер әлі алдымыздан шығар. Бірақ сен енді бала Барсхан емессің, Құдай аман болса, енді ешкімге есеңді жібермессің.
— Ай туралы бір ақынның жазғанын айтып берейін бе?
— Айт, айта ғой, Барсхан. Сен көп оқисың ғой.
— Баяғыда Күн мен Ай ерлі-зайыпты екен. Тату-тәтті өмір кешіпті. Көп балалы болыпты. Ана жұлдыздардың бәрі сол екеуінің перзенттері екен. Мұншама бақытты көре алмаған қараулар Күн мен Айдың арасын өсек сөзбен бұзып, екеуін ажыратып тыныпты. Содан бері Ай-ханым тірі жетім қалған жұлдыз-балаларын ертіп, Күннің соңынан қуып жетпек болады. Мың-миллион жыл өтсе де жете алмайды. «Тоқта», — деп жалынса да Күн тоқтамайды. Ай туса, Күн батып кетеді. Күн шықса, Ай батып кетеді. Ай содан әлі үміткер. Зарыққаннан кейде кеміп, арып-ашып аруаққа айналады. Кейде үміт оты тұтанып, қайта толады...
Осыны айтып, Айшаға қарасам: көзінен жас парлап отыр екен. Ай сәулесіне шағылысып, жылт-жылт етіп, жылғалана аққан көз жасын көрдім.
— Heгe жылайсың?
— Үш үрпек балапанын қырға да сүйреп, ойға да сүйреп, Мұртазаны күткен Мен сияқты екен де, жарықтық, о, пірім менің, — деп Айға алақан жайып жіберіп:
— Қолдай гөр, сенін мұңайғаның — менің мұңайғаным. Менің жанымды сен ғана ұғасың.
Айша бетін сипап, көзінің жасын сүртті.
Бұғат ағаштар жанып болып, шоқ елегізіп барып көзін жұмған кезде, менің де көзім ілініп кеткен екен.
Қараторғайлардың құйқылжыта салған әнінен оянып кеттім. Жаңабайлардың сайындағы сәмбі талдарда шырқалған ән. Кезек-кезек айтысады. Бірі — күйеу, бірі — қалыңдық. Бір-бірін қысқа түнде сағынып қалғандай үзіліп-үзіліп жырлайды.
Құстардың тілін түсінбейміз. Түсінбесек те бұл дүниеге махаббат туралы ең ыстық, ең ынтызар әнді тек осы қараторғайлар ғана айтады-ау деп шамалайсың.
Күні әлі шықпаса да Тәңіртау басындағы бұйра бұлттар қызғылтым тартып, Күн нұрымен сүйісіп, бұлт екеш бұлтқа шейін, тау шыңындағы тас екеш тасқа дейін махаббат ләззатынан алауға бөленді.
Ақ бақытқа бөлену деген осы шығар.
Осы бақыттан маған да бірер тамшы бұйырған шығар: жүрегім кеудеме симай, алқынған асау аттай тыпыршыды-ай дейсің.
Тәңіртаудан аққан күміс бұлақ, киелі суға кеудемді жалаңаштап тұрып батырып-батырып алдым.
Айша:
— Суық тиіп қалмасын-ей, құтырма, — деді.
Күміс судан да суық тие ме екен. Қайта бүкіл денемді қыздырып, дуылдатып ала жөнелді.
Күн шыға бере, зүміреттей көк шөптің басына мың-миллион асыл моншақ тағылғандай, шұғыла шықсаң құлпырып жалт-жұлт етті.
— Шық қалың түсіпті ғой, — дедім. Айша ойланып тұрып:
— Шық емес ол, — деді.
— Енді не?
— Бұл түндегі Айдың көз жасы. Біз пақырларды көріп, аяныштан жылап жіберсе керек.
— Сен де жыладың ғой. Бұл таңғы шық сенің де көз жасың. Ай мен Айшаның көз жасы.
— Біз сияқты жетім-жесірлерді Ай жарықтық аяйды. Ал адамдар байқамайды.
— Сәлден кейін кеуіп кетеді. Сенің көз жасың да құрғайды. Енді сен жыламайсың.
— Айтқаның келсін, ұлым! — деп Айша мені аймалап, бетімнен сүйді.
ШАҚПАҚТЫҢ ЖЕЛІ
Қалжыраған, қанаттары талған бір топ қаз желге қарсы ұшып келеді.
Тескентауды айналып, Маймақтаудың сыртынан шығып, Манас шыңын бөктерлей, Ақсай арнасын, Ақсу-Жабағылыны бетке алып, баяу қалықтайды. Тез ұшар еді, жел бар.
Құстар отаншыл. Жұмыртқа жарып, үрпек балапан болып дүниеге келген жерін ұмытпайды. Көктем шыға, сол туған жерге жеткенше асығады. Жол-жөнекей қанша қасірет шексе де, сол былтырғы ұясына жетіп жығылу зор арман.
Құстар арманшыл. Арманы болмаса, несі бар осынша жол азабын шегіп? Жүре бермей ме жылы жақта, тойған жерінде.
Қанаттарын қасарыса қағады. Қарсы алдынан Шақпақтың желі қатайды. Қаздар қатайған желден жасымай, қайта одан қуат алғандай.
— Аймала бізді, Шақпақ желі, сені сағындық қой, — дегендей қанаттарын кең құлаштап, салқын самалға сүйсіне сүңгиді.
Жел — құдірет.
Мақтымқұлы айтты: «Ей, телегей теңіз, тәкаппарланба, күнің жетсе сен де құрғап, тақырға айналарсың. Ей, биік таулар, асқақтама, күнің жетсе сен де жермен-жексен боларсың», — деді.
Дүниеде өзгермейтін, тозбайтын, топан-тозаңға айналмайтын зат жоқ.
Тіпті ғарыштағы жұлдыздар да тозады.
Тозбайтын, өзгермейтін, өлмейтін бір ғана Құдай!
Содан кейін — Жел!
Дүн-дүние түп-түгел жойылып кетсе де жойылмайтын тек осы Жел.
Жел жойылмайды. Жел өлмейді. Бәрі өледі. Жел өлмейді.
Өйткені дүн-дүние түп-түгел кеуек, бос қуыс болып қалса да сол кеуекті тек жел ғана кезіп жүреді.
Жел мәңгілік.
Жел қаздардың досы. Қарсы алдынан соқса да қанаттарын көтереді. Жел қатайған сайын қаздар биіктей түседі.
Қаздар мен қазақтар қанат аңсағандар.
Қазақ:
— Ах-ау, гүлдерайым, Күн мен Айым, Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын, — деп армандайды. Ал қаздар қанатсыз өмір сүре алмайды. Әулиеатадан қайтқан қаздар Мыңбұлақтың қатар-қатар терең сайларының үстінен ұшып барады.
— Ұмытқан жоқсыңдар ма, — деді алдағы Ана қаз мойнын артқа бұрып балаларына, — мынау Ыбырай сайы; мынау Оспанқұл сайы; мынау Таласбай бұлақ; әне анау бозаңдау болып жатқан төбе Мүрделі сай. Онда сендердің бабаларың Тоқсанбай, Үкібас, Шоқыбас, Үсіп, Жылтыр, Бердімбет жатыр. Ұлы анамыз Күнікей ханым жатыр. Міне, міне... мынау біздің Бердімбет сайы!
Бердімбет сайының батыс жақ қабағындағы баяғы ақ үй әлі аман түр екен! Әгі кетіп, тозыңқырап қалыпты. Қайран да біздің аппақ үй...
Ақ үйдің төбесінде шоқиып мүлгіп отырған күрең бүркіт кенет канат қағып, тік көтеріліп:
— Келдіңдер ме? Көп жүріп қалдыңдар ғой. Мен ошақты батып отырдым. Бұдан былай ошақты тастап кетпеңдер, — деді. — Ал менің мекенім алыста. Соған жетуім керек, — деді де ғайып болды.
Тек Ана қаз:
— Тоқта, тоқта! — деп еді, зым-зыя, ешкім үн қатпайды.
* * *
Әулиеатада қайтар жолда Қамқа анаға сәлем бердім. Ол Бердімбет сайдың шығыс жағындағы жатаған үйдің күншуағында, биік бөстектің үстінде әлі отыр екен.
— Барсханбысың? — деді жүзден асып кеткен Қамқа.
— Иә, Барсханның өзімін, қасиетті Ана. Қалайсыз?
— Отырмын, шырағым. Аяғым жоқ, — деп шапан жапқан тізесін шидей саусақтармен сипалап қойды.
— Дәу жігіт болыпсың ғой, Барсхан. Сендер қайтып келгенше ана үйлеріңді Мұртаза қорыды да отырды. Ол да қозғалмай отырады. Мен де көз талмай отырамын... Енді қайда барасың?
— Әулиеатада, оқуым бар ғой. Кешіксем — ұрсады.
— Төрт жыл көрмеген ұяңда бір-ақ түнегенің бе?
— Тағы да келемін той. Жазда. Демалыста.
— Баяғыда, есіңде ме, Барсхан, қара ешкі жоғалып кеткенде, сонау Төстеті тобылғының түбінен тауып алғаның?
— Есімде, қасиетті Ана. Сіз ғой оны айтқан. Сонда көз ұшындағы тобылғы түбінде лақтап қалған қара ешкіні қалай көріп қойдыңыз?
Осыны айтып, жүзден асып кеткен Қамқаның көзіне қарап едім, кірпіктері түсіп қалған қабыршық қабақтың астынан түпсіз тұңғиық, қап-қараңғы екі нүкте көрінеді.
— Мен бәрін көріп отырамын, Барсхан. Анау Манас шыңының ұшар басында не болып жатқанын да байқаймын. Сірә, Манастың аруағы болар: анда-санда шың басынан салт атты адам көрінеді. Алысқа-алысқа қарап тұрып-тұрып, басын шайқап, қайтадан аспанға ұшып, зым-зия болады.
Мен ойланып қалдым: «Аққұла» деген күлікке мінген Манас шың басына шығып алып, төмендегі қыбыр-жыбыр, күйбең тіршілікті шолып тұрып, неге басын шайқайды екен?» Қамқа өтірік айтпайды. Манас басын шайқайды дейді. Манастың онысы несі? Себебін түсінбеймін.
— Сенің әкең Мұртаза да ана үйлеріңнің түтін шықпай қалған мұржасына қонақтап отырып-отырып, төрт жыл тапжылмай отырып-отырып, кеше сендер қайтып келгенде ғана ұшып кетті ғой, — деп қойды тағы да Қамқа.
— Heгe? Неге бізбен бірге қала бермеді?
— Е, Барсхан, аруақтардың да өз жұмысы, өз тіршілігі бар да.
— Қайда? Қай жерде оның тіршілігі?
— Түнде көп жұлдыздарды көресің бе?
— Иә, көремін.
— Е, әкең солардың бірінде.
— Сіз жұлдыздағыларды да көре аласыз ба?
— Жоқ. Оларға көзім жетпейді. Барғанда бір-ақ көремін.
— Сонда, сіз де жұлдызға барасыз ба?
— Е, бармағанда ше. Мені өлмейтін шайтан деп пе едің!
— Қайсысына?
— Оны бір Алла өзі біледі. Күнәсіздер жұлдызы бар. Күнәкарлар жұлдызы бар. Қайсысы мекен болады — бұйрық біледі.
— Әжетай, онда неге өлген адамдарды жерге көмеді? Ешкімді де жұлдыздарға апарып көмген жоқ қой?
— Ой, Барсхан, мен сені дәу жігіт болған екен десем, әлі бала екенсің ғой. Жерге көметін адамның тәні, мына қу денесі, — деп жүзден асқан әулие кемпір өз қолының шандыр терісін келесі қолымен шымшылап қойды. — Ал жақсы адамның жанын періштелер аспанға, жұлдыздарға алып ұшады. Ал аса жаман адамның жанын әзірейілдер жеті қат жердің астына тастап жібереді. Немесе күнәкарлар жұлдызына лақтырады.
Сенерімді де, сенбесімді де білмей, аңырайып тұрып-тұрып:
— Әжетай, мен кетейін. Пойызға жетуім керек, — дедім.
— Аман жүр, Барсхан, — Қамқа сексеуілдің бұтағындай қисық-қыңыр саусақтарын жайды. — Тәңіртауды ұмытпа. Тәңіртаудың басындай болмасаң да, бауырыңдағы тасыңдай бол! Енді сен қайтып келгенше мен бармын ба, жоқпын ба — Құдай біледі. Мен кеткен соң жұлдыздарға қарай жүр. Кім біледі, менің мекен жұлдызымды табарсың, танырсың. Сонда аспанға қол жайып, «Е, Алла, Қамқа апамның иманын бере гөр!» — деп тілесең болды. Ал мен сол алыстағы жұлдыздан жерге қарап, құмырсқаша қыбырлаған адамдардың арасынан сені іздеп, рухыммен желеп-жебеп, тілеулес болармын...
Өрдегі ауылдан ылдиға қарай домалап келемін. Бекетке дейін тура жол жоқ. Төтесінен тарттым. Төте болғанмен кедергі көп. «Бір жол бар — алыс, алыс та болса жақын; бір жол бар — жақын, жақын да болса алыс», — деген екен бір дана баба.
Мына жол да сондай. Түркістан-Сібір темір жолының біздің ауыл тұсындағы Теріс бекеттің жалғыз ақ үйі жап-жақын сияқты көрінгенімен талай жер. Екі ара айдалған сүдігер; былтырдан бытысып қалған жыныс қурай; жаңадан көтерілген көк — бәрі-бәрі аяқтан шалып жүргізбейді. Интернат берген шалбардың балағын шеттік тікен жырып, кәріқыз тікен жабысып, тұтып қалды. Түймебас ошаған көйлегімнің етегіне дейін жабысты. Қалың ғой.
Көктемде Ақсай тасып, жойқын сол жердің бетін ырсита тілгілеп, атан түйе шыға алмайтын ор қазып кетеді. Одан аттап өте алмайсың. Амал жоқ, сол ордың бұралаңымен сен де қисалаңдай бересің.
Жол қиын. Бірақ асықпаған адамға қызығы да көп: енді-енді ұя салып, ұясын аспанда тұрып шырылдап қоритын бозторғай; қыстай жер астында жатып, мұздаған денесін күннің көзіне қыздырып, рахаттанып жатқан сарыбауыр, семіз жылан; алқымы бүлкілдеген ақтамақ кесірткелер; бүршігі енді-енді қызарып, әлі өсе қоймаған қыздың емшегіндей теңбілкөк жауқазыннан енді бүртиіп шығып, әлі ашыла қоймаған қызғалдақты аймалап ызыңдаған ара; аяғының астынан абайсызда пар-р-р етіп ұшқан бұлдырық; қыстан қысылып шығып жүдеген, жүні сабалақтанып, әлі түлемеген жүдеу түлкі; сенің қуып жете алмайтыныңды біліп, сонандай жерге барып, артына бұрылып қарап, сені мазақтағандай, ыржия күлгендей болады.
Бірақ мен асығамын. Тас лақтырсаң тиетін жерде сияқты көрінгенмен, мен темір жолдың бойындағы ақ бекетке әлі тырбанып, тер төгіп жетуім керек.
Бүршік жармаған теңбілкөк жауқазынды түбіндегі түйінімен коса қазып алып, тос қалтама салып қойдым.
Жалғыз үйлі бекеттің жан-жағында жайдақ қора-қопсы. Қара май сіңген ескі шпалдарды текшелеп жиып қойыпты. Иісі қолқаңды атады. Үйіндінің түбінде екі-үш тауық жер шұқылап, құрт көрінсе ішек тарта қақылықтайды-ай кеп...
Жаңа бұзаулаған қара сиыр маған ала көзімен қарап қойды. Қыстан шыққан жұлма маяның түбінде жатқан сары ит мыңқ етті де, тұмсығын қайтадан бауырына тыға салды.
Жолаушылар бұл бекеттен пойызға міне бермейді. Мінсе, тек батыс жақтағы Боранды бекеттен, не шығыс жақтағы Сұрым бекетінен мінеді.
Теріс бекетін таңдаған жалғыз мен. Вокзалсымақтың ішіне кіріп, кестеге қарасам: «Ташкент-Новосибирск» пойызы енді, шамада бір сағаттан кейін келеді екен. Касса жабық.
Далаға шығып, ауыл жаққа қарадым. Ауылым Тәңіртаудың Ақсай аңғарынан асқақтап көрінді.
Ауылдағылар мені көрмейді. Көрсе, Қамқа көрер еді, бірақ ол ылғи тау жаққа қарап отырады. Ылдиға, Теріс жаққа бұрылмайды. Бұрылар еді, тұра алмайды. Екі аяғы семіп қалған. Мен ес білгелі солай.
Қамқа жүзден асып кетті. Онымен жасты адамдардан ауылда ешкім қалған жоқ. Сірә, бір орыннан қозғалмай отыра берген адам коп жасайтын шығар, а бәлкім, өлмейтін де шығар. Мына біз жүгіре береміз, тыным таппаймыз, сонда не іздейміз? Бәрібір Қамқаның жасына жетпейміз. Сондағы тыпыр не тыпыр?
Ақыры пойыз келді. Терісті бекет екен-ау деп елеген ешкім жоқ. Вагондардың есігі де ашылмады. Бір-екі минут өтті ме, өтпеді ме, пойыз бір сілкініп алып, вагондары сақыр-сұқыр етіп жылжи бастады. Кірерге есік таппай, ақыры бір сыртқы тепкішекке аяғымды салып, тұтқасынан ұстап, салбырап кете бардым.
Екі вагонның арасына қарай жылжи-жылжи, вагондарды жалғастырған омыртқа сияқты дәу темірге ілініп, сатыдан ұстап, ақыры вагонның үстіне шығып кеттім.
Кәпірлер есіктерін ашпаса, ашпай-ақ қойсын. Бәрінің төбесіне шығып алдым. Рахат. Вагонның ішінде пысынап, темекінің түтініне, адамдардың терлеген қоңырсық иісіне тұншығып отырғаннан гөрі, мынауым — жұмақ.
Дүн-дүние түгел көрінеді. Ауылым мені байқап қалған ба, қуанғаннан тал-дарағына дейін секеңдеп, билеп ала жөнелді. Шіркін, пойыздың төбесіне шығып кеткенімді Қамқа көрсе ғой!
Көрсе, таң қалып, таңдай қақсын дегендей, мақтанып, Шақпақтың желіне кеудемді тосып, түрегеп тұрмын. Шақпақтың,желі мені ұшырып жібергісі келмей, аяғансып, аймалайды. Шақпақ желінің ұясын көріп келемін. Ұясы — Шақпақтау мен Жабағылы таудың арасындағы қысталаңда. Аңқылдап жел соғатын аңғар сонда.
Желдің арнасы. Құс жолы. Көктемде құстар келгенде, күзде құстар қайтқанда, тек осы арнадан өтеді. Құстарға басқа жол жоқ — Жан-жақ — биік таулар. Олардан құстар асып ұша алмайды.
Шақпақтың желіне кеудемді тосамын. Арқамды тоссам итеріп жіберіп, құлататын сияқты. Оң қол жақта Қос Тұра, Қошқар-ата; бет алдымда — Құлантау, Шақпақтау, Жабағылы; сол қол жақта — Тәңіртау қалып барады. Манас қалып барады.
Tөс қалтамда — әлі ашылмаған жауқазын қызғалдақ. Сәтін салса, солып қалмаса, Құдашаға апарып бермекшімін. Сабағы сынып қалмасын деп сипалап қоямын. Сүтке тойып, асыр салған құлыншақтай Құдашаны жақсы көремін. Онымды ешкім де білмейді. Әлі бүршік жармаған қызғалдақты жауқазын жапырағымен қоса ұсынсам, Құдаша өзі де сонда сезетін шығар.
Құдашамның аты — Ақ-Шолпан.
Осыдан интернатқа жетісімен би үйрететін үйірмеге жазыламын. Ақ-Шолпанды биге шақырамын. Ана жолы көргенім өң бе, түс пе? Құдашаның Семіз сарымен билегені. Оны жағасынан алғаным. Пистолеттің атылғаны.
Жоқ. Ол болмайды. Құдашамен енді өзім билеймін.
Шақпақ желі шалқиды. Менің көңілім де телегей. Тікемнен тік тұрып келемін. Кенет пойыз өкіріп жіберді.
Әлдене мені қанатымен қағып өтіп:
— Жат! — деді.
Етпетімнен түстім. Вагонның жон арқасына жабыса қалдым. Қап-қараңғы үңгірге пойыз сүңгіді де кетті. Паровоздың түтіні бүрк етіп, туннелдің ішін кеулеп, тұншықтырып барады. Демім бітіп, қақалып-шашалып, көзім түк көрмей, көрде қалғандай үрейден жаным шыға жаздаған шақта, дүние қайтадан жарқ ете қалды.
Пойыз туннелден, үңгірден ақырып атылған айдаһардай қайқаң етіп шыға келген екен.
Тағы да тірі қалдым. Сонау бір қыста, Айша екеуіміз Әдия әпкемнің үйінен «Zinger» машинасын арқалап, онда да вагонның ішіне кіре алмай, сыртқы тепкішекке ілініп, салбырап келе жатқан да осы Тескентаудың туннелінде...
Есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім зу-зу ете қалады.
Тескентаудың туннелі барын білемін. Біле тұра, қалай ұмытып кеткенмін. Өзім вагонның ішінде де емес, төбесіндемін. Сырттамын. Тағы да Шақпақ желге төсімді ашып қойып, тікемнен тік тұрып келемін.
Ол қай жетіскенім? Сәл болмағанда, туннелге пойыз кіре бергенде менің басымды Ажал жарықтық қағып түсетін еді-ау!
Сақтады.
Кім сақтады? Құдай сақтады.
Сонда қанатымен қағып өтіп:
— Жат! — деп ышқынған кім? Кім? Кім? Кім?
Төс қалтамды сипалап қарасам, жауқазын қызғалдақ орнында екен. Ол да қорқып кеткен бе, бүршігі ашылыңқырап, қып-қызыл алау шоқ лағыл тастай жарқ етті.
Алдымда — Әулиеата...
19.04.1999 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі