Таңжарық Жолдыұлы — күрескер ақын. Ұлт үшін басын құрбандыққа шалуға даяр тұрған тұлға болып қалыптасты. Қытайдағы қандастарымен бірге ұлттық намыс үшін, әділеттікті орнату үшін, жан сала күрес-майданының ортасына енді. Таңжарық ақын 1903 жылы 15 наурызда, Қытай, қазіргі Іле-Қазақ автономиялық облысында, Күнес ауданында, Қамысты ауылында дүниеге келді. Бір басында түрлі өнер қонған Таңжарық ұлттық күрес майданында ақын-жырау да болды, ағартушы-композитор да болды. Бірақ талант-дарынының басым түсіп, оқшау болған саласы — ақындық еді.
Көзі ашық, білімдар адам болып қалыптасты. Оған алғаш әсер еткен татар оқымыстысы Әбділмәжит үлкен ықпал жасады. Ол орыс жерінен қуғындалып келген оқымысты. Шапқы /1918/, Күре /1919/ мектептерінде алғаш білім сусынын татты. Қазақ елінің Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте тәлім алып, өмірге еркін қадам басқан. Бұл 1922-1925 жылдар болатын. Ал, 30-шы жылдары Шыңжанда мұғалім болса, 1936 жылы жаңадан ашылған «Іле» газетінің тұңғыш редакторы болып, әдебиетке бір жола бет бұрған ақын бүгінде тұлғаға айналды.
Жас кезінен өлең-жырға деген сүйіспеншілік сезімі оянған, талант-дарыны демеу болған ақын жүрек ұлы Абайға табына отырып, еліктеп «Жаз таңы», «Тау табиғаты», «Көктем мысалы», «Жаз мысалы» сынды туындыларды, еліктесе де, өзінше жазды. Өз туындысының талғамды дәрежесіне жеткізе білді.
Ақын есейе келе ұлттық идеологияға ден қойды. Бұл қасиет ақынның азаматтіқ тұлғасын биіктете түсті.
Академик Серік Қирабаев өзінің «Әдебиетіміздің аңтаңдақ беттері» атты кітабында: «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деген еңбегін оқығанбыз. Онда ел басшысының тәуелсіз отанымызды дамытудың жолдары жайлы ойлары мен негізгі бағдарламасы сөз болған. Біз бүгін оқып, талқылап отырған «Қазақстанның болашағы қоғамының идеялық бірлігінде» деп аталатын еңбек сол алдыңғы жұмыстың заңды жалғасы сияқты. Мұнда ол үлкен стратегиялық жоспарды орындауға халықты жұмылдыратын байсалды идеология керек екенін орынды көтерген», — деп жазды.
«Иә, шынында да ешбір қоғам, мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайтыны ақиқат. Идеологияның жоқтығы қоғамның даму бағдарын әлсіретіп қана қоймайды, оның күйреуіне әкеліп соғатыны да бар». Оны өткен заман, уақыт дәлелдеді. Академик осы тұрғыда сөз етіп келіп, Нұрсұлтан Әбішұлының мына қағидасын алға тартады: «Идеология бұл адамдардың қоғамдастығын, саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру мен жұмылдырудың уақыт тезінен өткен тәсілі, бұл әлеуметтік мінез-құлықты қалыптасу механизмі, бірақ бұл күшпен зорлау тәсілі емес, қайта мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі».
Бұл қағида өте орынды және де қысқа да нұсқа айтылғанын академик ғалым-сыншы қостай отырып, идеология — адамның сенімі, идеалы, арман-мұраты, өмірді сүю, еліне, отанына құштарлығы екенін нақтылай түседі.Арқалы ақын Таңжарық Жолдыұлы шетелде түрмеде азап тарта жүріп, аза ұлттардың көп ұлт ортасындағы нені бағдар ету ұстанымына арналған идеологиалық принциптерді алға тартқан. «Мекені деп бабамның, бір шетінен далаңның, боздап келе жатырмын» — дейтін ақындардың жүрегінде қаншама қатпарлы астар жатыр. Жоғарыдағы айтқан, отаныма, еліме деген құштарлығы көрінбей ме? Өмірге, қоғамға сенім, сүйіспеншілік көрінеді. Михайл Светлов айтқан екен: «Жаман адамнан, жақсы ақын шықпайды», деп, осы ой-пікірді келтіре келе «Меніңше өлең жазған адамның жаманы жоқ, ал, талант деңгейі, әдебиет мәселесі бір басқа» деп әдемі түйіндейді. Көкейге қонатын пікір.Таңжарық ақынның тұлғасы да, жаны да, жан-жүрегі де өз туындысымен туыстасқан ақын.Бірінен бірін ажырату қиын.Шетелде жүріп, елім деп, жерім деп боздап өткен.
Ұлы Махамбет Өтемісов 1803 жылы туған болса, жүз жылдан кейін, Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы дүниеге келді. Махамбет, жаңа заман ақыны болса, Таңжарық та жаңа дәуір ақынына айналды. Махамбет жыршы бүгінгі ұрпақ тәуелсіздігі үшін күрессе, Таңжарықта сол үшін майдан сап бүгінгі ұрақтың азаттық рухын ұштап, тәуелсіздік рухы жолында семсерін қолға алды. Махамбет 1846 жылы дүние салса, Таңжарық ақын 1946 жылы 8 тамызда түрмеден босағанымен, абақты азабынан дертке шалдығып, бір жылдай уақыт өткенде қайтыс болды. Бірі — қырық үш жаста, бірі қырық төрт жаста, аз ғұмыр кешіп, дүниеден озғанымен, ұрпақтарына ұлы мұраларын қалдырды. Махамбет Өтемісұлы — Таңжарық үшін ұлы ұстаз, Таңжарық — Махамбет баба үшін ізін жалғастырған шәкірт. Әңгіме әрине, Махамбет Өтемісов хақында емес, әңгіме, Таңжарық Жолдыұлы жайында.
Таңжарық Жолдыұлы — өзіне Ұлы Абай Құнанбаевты, ұлы Махамбет Өтемісовті ұстаз тұтқан ақын. Абайдың үлгі алып пәлсапалық ойларға барса, Махамбет ақыннан үлгі алып, күрескерлік рухқа өзін бейімдей отырып, жырға құлаш ұрады.
«Қай уақытта атар екен таңым менің» деп армандаған ақын әділетсіздікке жырымен қарсы күреске шығады. «Қапаста шырылдаған бозторғаймын, бұлбұлдай естілер ме, әнім менің» деп армандап «Көксеген арманыма жетіп өлсем, шірімес қабырда да тәнім менің» деп , «босаға — кедейдікі, төр — байдыкі» екеніне налиды ақын. «Тон — келте, жүнім — сұйық, құйрық — шолақ, жетіліп бір шықпады жалым менің» деп тағдырының не боларын күмәнмен қарайды.
Таңжарық Жолдыбаев мәшһүр атым ,
Белгілі алты алашқа жазған хатым, —
деп бастап, Іле түрмесінде жазған жырында, өзін-өзі қамшылап, былай дейді:
Жарамас қалам алмай жатқан, Тәке,
Көбейді сырттан дұспан сатқан, Тәке.
Аңдамай аяқ басу қатер екен,
Жолықты жолға құрған қақпан, Тәке,
Ашуда темекіңе құмар қанбай,
Алмасты ашырқанбай тартқан, Тәке.
Тартынба бір есептен жаудан, Тәке,
Болса да бастан бағың ауған, Тәке,
Қызық көп өмір болса көретұғын,
Біткен жоқ осыменен саудаң, Тәке!
Ей, Тәке, құлағың сал мына сөзге,
Қызығып жүргенің жоқ бұл мен бөзге.
Көңіліңде көздегенің шын әділдік,
Ойласам арманың жоқ одан өзге, —
деп түйіндеп, өзінің ақындық поэзиясына жүгінеді. Ақынның көздегені — әділдік! Одан өзге арманы жоқ.
1940-46 жылдары Таңжарық ақын Қытайдағы солақай саясаттың бел алуына орай талай рет тұтқындалып, талай рет түрмеге жабылған. «Абақтыда кім жатыр?», «Ақын сыры», «Тұтқындалу», «Елмен , Жермен қоштасу», «Түрме тарихы», «Құлжадан айырылғанда» атты өлең-толғаулар соның куәсы.
Мен 1974 жылы «Жұлдыз» журналының «Сын және библиография» бөліміне қызметке келдім. Сол жылы «Жазушы» баспасынан «Арман-тау» деген атпен атамекенінде алғашқы туындысы жарық көрген. Бұрын поэзиясы таныс емес ақынның алғашқы кітабы әдебиетшілер арасында резонанс тудырып, Қазақ әдебиетіне шынайы ақын келгенін паш етті. Сол жылдары жазушы Бексұлтан Нұржекеев Таңжарық ақын туралы тың деректердің бетін ашып, қазақ жұртшылығына паш еткені бар. Әсіресе, ақынның әділдік үшін күрескенін баса айтып, әділдік деген патшаның үстемдік құруына атсалысқан қаламгердің жан-жүрегіне, ақындық пайымына тәнті болған. Соның бір куәсы ретінде, ақынның ойын алға тартсам деймін:
Қалыңдығы төрт елі,
Отыз пара Құрандай,
Сауалдың түрін көргенде
Орнымнан қалдым тұра алмай.
Қалам ұстап екеу тұр,
Қара шұбар жыландай,
Басқа түскен пәленің,
Таба алмадым айласын.
Әлгі ханзу бар болса,
Көрер ме едім пайдасын,
Өтірік жеңді, шын қалды
Періште қашты, жын қалды,
Әділдік, шындық қайдасың?!
— деп ышқынады ақындық жүрек.
Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, жазушы О.Егеубаев, Таңжарық ақын туралы: «Ақынның абақты өмірі бастан-аяқ, тасқындаған поэзия өмірі болды. Туындыларының басым көпшілігін абақты ішінде жазды. Сол шығармалары арқылы Шың Сысай, Гоминдан дәуірі дейтін бір дәуірдің, оның адам қаны сасыған қасап түрмесінің, өзінің нұрлы мұрат-мақсатының құнын мәңгілік жоймайтын архивін және нағыз келбетін орнатты. Энциклопеция дәрежелі оқулығын жасады. Қазақ тарихында талай ғұламалардың, ақын-жазушылардың талантты ғұмыры абақтыда сорлап сөнген. Бірақ, абақтының жан түршігерлік жауыздық өмірінен, абақтыда түлеп, жетіліп отырған өздерінің асыл мұрат-мақсаттарынан, ішінара шығармалар болмаса, олардың қай-қайсысынан да жауыздықпен бетпе-бет тайталасып, сескенбес, түкті жүрек батырлықпен болған әділетсіздіктердің барлығын өз үстінде ашық жазып, өз қалпында артқы ұрпаққа қалдырған Таңжарық ақынның мұрасындай мүкәммал мұра кездескен емес», — дей келіп, өз ойын одан әрі өрбітіп, «Осындай қайтпас реалистік, жоғары ұлттық идея, көркемдік құнды құдіретінен ақын поэзиясы түрме ішіндегі түрмелестерін баулудың үстіне, сондай қыспақты шақтарда да, қараңғы түндегі қара бұлттардың жыртығынан әлемге жарқыратып нұр құйған ай сәулесіндей, зындан-түрме саңлау, бостықтарынан тарап, зәулім тас жамбылдардан құстай ұшып шығып, кең-байтақ сыртқы қоғамдағы ел-жұртымен, қан майданда әділдік, ұлттық еркіндік, теңдік үшін сайыста жүрген сардар-сарбаздармен іштей, жүрекпен табысып жатты. Пулемет, зеңбіректен де ерекше роль атқарып, оларды әділдікке, үмітке, тайсалмастыққа, нұрлы болашаққа баулыды» , — деп жазды. Енді мына деректі айтып өтпеуге болмайды, 1946 жылы Гоминдан үкіметі мен үш аймақ төңкерісшілерінің арасында он бір тармақты бітім жасалып, Шыңжанда уақыттық бірлескен үкімет құрылады. Бітімде Шыңжан түрмелеріндегі саяси қылмыстылардың тұтас босату белгіленді. Сол белгілемеге сай Таңжарық Үрімжі абақтысынан екінші рет босатылып, тамыз айында Ілеге қайтып барады. Үш аймақ үкіметі оны Күнес ауданының жер-су істерін басқаруға тағайындайды.
Алғаш ақын бұл бостандыққа сеніп қалады. Сол бір ойын желеу етіп, ел-халыққа біраз қызмет те атқарады. Жақсылықтар жасады. Шарапаты тиді.
Ақын «Уа, жігіттер!» өлеңінде әділет үшін жанды садаға етуге үндейді. Жігіттерді елдік үшін ойлануға, толғануға шақырады.
Жігіт жоқ қарап тұрсам жүдемеген,
Қайғы жоқ күннен күнге үдемеген.
Келеді тәнге зақым жүдей берсе,
Тері де тесілмей ме сүре берген?!
Толғанып, кел жігіттер, ойланалық,
Жарамас бекер қарап жүре берген.
Қалды ма жалбармаған «құдайымыз»,
Қол жайып тілек бар ма тілемеген?!
Таңымыз атар болса атпас па еді,
Тасаттық беріп тілеу тілегеннен.
Мүйіз де шығар болса шықпас па еді,
Ендігі құр үзеңгі шіренгеннен, —
деп, құр босқа тілек тілеп, ышқырыңды көтеріп шіренгеннен ештеңе бітпейтінін, елдік үшін ерге, лайық қимылға келуді меңзейді. «Жүректің түкпірінен салдым айғай» деп ұлтым деген, ұлт үшін күресетін жігіттерді 1945 жылы, Үрімжі түрмесінде жатып үндейді.
Жүректің түкпірінен салдым айғай,
Болсаңдар бұдан бұрын елемеген,
Вулкандай оның ыстық жалыны бар,
Қоқсықты өрт бола ма өртемеген.
Мезгілің енді ойланар, уа жігіттер!
Семсерді тот баспай ма білемеген?!
Қытай жерінде қаза тапқан ақын Таңжарық Жолдыұлының өмірбаянын оқысаң да, өмірбаяндық желімен жазылған көркем дүниелерін оқысаң да, ақынды қайғы-қасірет шыңдағанын, елім-жұртым деп аңырап өткен ақын екендігіне көз жеткіземіз. Ақынның жеке басының қасіреті емес, саясаттың астарында біртіндеп жойылып жатқан қандастарымыздың қасіретін ойлап қайғы шегеді. Жеке басы Қытай республикасында өзіне жетерліктей қызметтер де атқарған, солай бола тұрса да көкжиектен асып көре алмайтын бауырларының қамы үшін өз басына қасіретті тілеп алып, тілеп алып қана қоймай сол бір әділдік деген аяулы перзенттің кіндігін кесіп, керек десе сүндетке де, отырғызып, үй етіп, шаңырақ көтергізіп, елдікке жеткенше демеуді көздейді. Өз ісімен де, ақындық жүрегімен де, азаматтық парасатымен де қасірет-қайғы жүгін иығымен тік көтеріп арқалап өткен ақын.
Ғұмырының көбісін түрмеде өткізген ақын әділетсіз саясаттың құрбаны болған. Елі-жері үшін отқа түсуге бар, осындай ақынды біздің отандастарымыз алақанға салып, аялап, мәңгілік қастерлеп өту — бүгінгі тірілердің парызы. Осындай ұлағатты жандардың жан-жүрегін бағалау арқылы, бүгінгі және ертеңгі ел үшін күресетін ұрпақты баулимыз. Елім деген ер азаматтың атқарған ұлағатты ісі ескерусіз қалмақ емес. Ақын бірде:
Жүрген жерім саздай боп,
Қайырылып ұшқан қаздай боп,
Бұл тағдырға кез болдым,
Көрмеген күнім аздай боп, —
дейді, енді бірде:
Көбімізден айырды,
Қанатымнан қайырды,
Қылшылдаған қылыш ем,
Дүзімді тас боп майырды, —
дейді, енді бірде:
Аузы тар, ені жалпақ, түпсіз үңгір,
Шатақ бар — қатты жөтел, түшкір, сіңбір.
Тебіскен жер қорада жылқыдай боп,
Етеді «іннің» түбі дүңгір-дүңгір.
Көз көріп естігенді келе жатыр,
Аумалы заман екен келген бұл бір, —
депті, енді бірде:
Сонымен жатып қалдық түрмесіне,
Талатып қандала мен бүргесіне.
Қажалап қайғы-қиял, зар-қасиет,
Бір шығып, қатын-балам бір есімде.
дейді ақын. Таңжарық ақын түрменің тепкісін туған халқына деген араша сезімі үшін қасірет тартқан. 1940 жылғы, Іле-Үрімжі түрмесінде жазылған жырлары ақындық, азаматтық парасаттан туған. Осы орайда ойға оралған өмірдегі бір сәт есіме түсіп отыр. Ол кезде мен «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімін басқаратын едім. Бір күні Семейден бір ақсақал келді. «Өзіңді сыртыңнан танимын», — деп ақсақал өзінің қолжазбаларын ұсынды. Қолымен жазылған. Өлеңдерін оқып көріп едім. Ұнады. Ұнаған себебі тағдыры саналуан жан екендігі өлеңдерінен көрініп тұр. Басынан өткен тағдыры — өлең болып өрілген, жыр болып төгілген туындыларын оқып шығып: «Өллеңдеріңізді жариялауға тұрарлық екен. Бірақ, маған тақырыбы түсініксіздеу болып тұр» , — дедім. Өйткені тақырыбын: «Т.Ж.Ө.», — деп жазыпты. Ақсақал сәл миығын тартып, күлімсіреген болды да: «Бұл тақырыптың үлкен мәні бар. Бұл өлеңдердің бәрі де түрмеде жазылған. Сондықтан : «Т.Ж.Ө.» деп қойдым. Мұны тарқатып айтқанда «Түрмеде жазылған өлеңдер» деген сөз» — деді ақсақал ақын. Мен риза болып тақырыбын сол күйінше жазып, «Жұлдыз» журналына, үтір-нүктесіне тиіспей жарияладым. Тек «Т.Ж.Ө.» тақырыбына жұлдызша қойып, беттің төменгі жағына «Трмеде жазылған өлеңдер» деп анықтама бердім. Сол ақсақал кейін Қазақстанның Тәуелсіздік туын тіккенде Республикамыздың Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ант беріп, Ақордада таққа отырғанда бата берген ақсақал ақынымыз еді. Ол Шәкір Әбенов еді. Сол ақынмен тағдырлас Таңжарық Жолдыұлы елден шалғай, Қытай елінде қасірет тартып, түрмеде айтарлықтай жырлар жазған екен. Бұл да айтуға, жазуға, зерттеуге тұрарлық тұлғалар екені ақиқат.
Таңжарық Жолдыұлының тағдыры туралы зерттеуші ғалым Оразанбай Егеубаев былай деп жазады: «Таңжарық Шапқы медресесінде оқып жүргенінің екінші жылында ел ішінде аяқ астынан: «Біздің Сады ауылына Күредегі* шөтаңға** апарып, қытай тілінде оқытуға бір бала, оқу шығыны мен салық түсіпті» деген дақпырт туыла қалды. Ел арасынан: «Баламыз қытайша оқыса қытай болып кетеді, оқу шығынын қалай төлемекпіз?» дегендер шығып, балаларын оқуға жібермеуге жасырады. Бұл кезде әбден сауаттанып, түрлі пәндерден, өз халқының фольклорынан, шығыс мәдениетінен едәуір ғылым жұқтырып, ақындық жолына талпынып, өмір, оқу қадірін аңғарып, өзінше талғам тауып қалған Таңжарық ел арасынан суырылып шығып: «Сол салыққа мені жіберіңдер» деп өздігінен тіленіп, 1919 жылы күзде 17 жасында Күре шөтаңына оқуға түседі. Мұнда сол кездегі аталуы бойынша: «Мемлекет тілі, есеп, мінездеме, сауда кәсібі, бөлшек, тарих, жаграфия***» деген қатарлы сабақтар оқиды. Мектеп бітіріп сынаудан өткендер мемлекет қызметіне орналастырылады. Таңжарық бұл мектепте үш жыл оқиды. Қытай тілін, қытай жазуын жете меңгереді.
1977 жылы Россияда Октябрь төңкерісі болып, халыққа жаңа заман, жаңа заң орнатты деген хабарды естіген Таңжарық 1923 жылы Күнестегі Нүптебек деген байдың «Жырық көк» атанған әйгілі жүйрік атын ұрлап мініп, қазіргі Шапшал Сібе автономиялы ауданының батысындағы Қанжол шекарасынан Кеңес одағының Қазақстан Республикасын 1923 жылы қашып өтеді. Бұл кезде Алашордашылар зиялысы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов-сынды тұлғалардың еңбегімен танысып, сол бағытта жыр жазуға ұмтылады ақын. «Бідің қазақ не ғып жатыр?» деген өлеңі соның куәсындай:
Бұл өмір, бір күн өтсе өтіп жатыр,
Талпынған талабына жетіп жатыр,
Байқасам, қаладағы ел алға кеткен,
Қырдағы біздің қазақ не қып жатыр?
Сөз ұғып, неге қазақ серпілмейді,
Шығып ап тау басына желпілдейді.
Өнер, білім жағынан хабары жоқ,
Жаңғырса тастан дауыс селкілдейді —
* Күре — қазіргі Сүйдін ауданы орталығының оңтүстік батысындағы көне қалашық. Ол кезде Іле өңіріндегі көшпенді малшыларды басқаратын орталық болған.
** Шөтаң — ол заманда қытай тілінде мектеп осылай аталған. Күре шөтаңы — сол тұста Іле өңіріндегі ең жоғары оқу орны болған.
*** Жағрафия — Таңжарықпен қатар оқыған сол мектептің оқушысы — марқұм Толымбектің қол жазба естелігінен алынды.
деп жырлауы Мағжан Жұмабаевтың өлеңін еске түсіреді.
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр,
Бірі — ай, бірі — жұлдыз, бірі күн боп
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкке ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рақметіне қанып жатыр.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүріріп қарап тұрсаң,
Қазекең таң қаларлық кепте жатыр.
дей келіп:
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр! —
деп аяқталатын әйгілі ақын өлеңіне Таңжарық еліктеп жазғандай.
Әділеттілікті қайдан табам деген оймен 1925 жылы Күнестегі еліне қайтып келеді. Осыны пайдаланып, бәйге аты ұрланған байдан бастап, саяси белсенділер «Таңжарық ел ішінде теріс үгіт жүргізіп жүр» деген желеумен 1926 жылдың күзінде тұтқындап Құлжадағы даутай Жамбылының зынданына салып, содан бастап, Таңжарық ақынның түрмедегі ақындық тағдыры басталады. Түрмеде жазылған жырлары да, түрмеде жазылған өлеңдері /Т.Ж.Ө./ де бастау алады.
Қытайдағы қазақ баспасөзінде «Таңжарық танудың білгірі», «Таңжарық тану ғылымының негізін салушы» деп дәріптелген ғалым Оразанбай Егеубаевпен жүргізген Білісбек Әбдіразақтың сұхбатында:
«Алдымен ақын мұраларының жиналып біткен-бітпегендігі жөнінде фактыларға назар аударалық: Бұл жұмыс ақынның дүние салып рухани өмірі басталған сонау 1947 жылдан бермен қарай қолға алынды. 1948 жылы «Алғашқы жинақ» атты тұңғыш жыр жинағы баспадан шықты. Ақынның ғана емес бұл иісі Қытайдағы қазақтардың өз баспасында жарық көрген бірінші жыр кітабы болды. Шамалы болса да өлеңдері газет, журналдарда жарық көрді. Сол тұста Қытайда творчестволық іссапарда болған Сәбит Мұқанов жиналған шығармалармен танысып, сапарынан жазған «Алыптың адымы» кітабына «Түрме халі» атты толғауын тұтас енгізді. Және сол толғаудың өз»-ақ ақынның кім екендігін танытатындығын көрсетті. Аралықта солшыл саясаттың кесірінен жиырма жыл тоқтап, саяси жағдай оңалған кезде 1978 жылдан бастап тағы қолға алынды. Бұл жолғы жұмыстың көлемі кең болды. Жиналған шығармаларынан 1981 жылы «Түрме халі» /Шыңжан халық баспасы/, 1982 жылы «Нәзигүл», «Анар-Сәуле» /Орталық ұлттар баспасы/, 1994 жылы «Шын тілек» / Іле газеті баспасы/ дастандары жеке-жеке кітап болып баспадан шықты. 1985-1995 жылдары «Таңдамалы шығармалары» деген атпен үш кітабы /Шыңжан халық баспасы/, 1998 жылы қытай тілінде бір кітап таңдамалалары оқырман қолына табыс етілді. Қазақстанда өздері жинап және Қытайда жарық көргендерінен саралап алып, 1979 жылы «Арман тау», 1992 жылы «Таңжарық шығармалары» жыр кітабының шығарылғандығын, ал жазушы Тұрлыбек Мамесейіттің «Жұлдыз» журналының екі номерінде /1997/ жарияланған «Таңжарық» романын /Бұл романды Қытайда шығатын «Көкжиек» атты аударма журналы төрт санына жариялады/ айту артық болмас» , — деп жазды. Бұл Таңжарық шығармашылығының, біршама понорамалық бет-бейнесін білдіретін деректер десек те болады.
Бұдан әрі өмірбаяны жөнінде Таңжарық ақынның түрмеде болған «Қылмысты ісінен қатталған екі папка түрме архивінде ғалым өз қолына көшірмесін алғанын айта отырып, әдебиет зерттеуші Естеу Нүсіпбековтың:
«Осы толқынның өзі жаңа туып келе жатқан Шыңжан интеллигенциясын екі топқа бөлді. Бір тобы — түрмедегі достарынан өлең алып, оған жауап өлең жазушылар болды да, бір тобы шың сысайлық, гоминдандық қанды тырнақтар тобының жыртысын жыртушылар болды. Бұның біріншісі — түрмеде жатқан Таңжарық, Текесте жүрген Шарғын, Совет одағына шығып кеткен бірнеше ақындар мен Қажығұмар Шабданұлы ілескен топ. Ал, екіншісі — қазіргі әдебиетіміз түгіл, қоғамымыздан аласталған аз санды элементтер», — деп жазғанын алға тартады. Және де Таңжарық танудағы бірнеше мәліметтер береді.
1940 жылы ақпанның 2-ші жұлдызы күні Таңжарық Гомидан үкіметінің Құлжада тұтқындалып, содан бастап ақынның түрмедегі ғұмыры басталады, содан бастап түрме жырлары әділетсіздікке деген ашу-ызадан, намыстан туады. Тамыздың 2-ші жұлдызында Құлжадан Үкімжі абақтысына қамалады.
Академик Серік Қирабаев «Ұлт тәуелсіздігі және қазақ әдебиеті» кітабындағы «Тәуелсіздік және ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандары» деген еңбегінде Тәуелсіздік қозғалысының басын әріден бастап. «...Қалмақ басқыншылығына қарсы қол бастаған Абылай хан мен оның сарбаздары Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Қоқан хандығымен күрескен Сұраншы, Саурық, Сыпатай, орыс отаршылдығына қарсы бас көтерген Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, Сырым, Бекет пен Есет, Жанқожа тағы басқа батырлардың өмірі мен күресі елге өнеге болып, тарихи жырлардың жаңа легін туғызды. Бұл жырлар қазақтың тарихи әдебиетінің, батырлық жырының дәстүрін жалғастырып, ел санасын жаңа деректермен байытты», — деп жазды ғалым. Тәуелсіздік қозғалысына орай батырлар дүниеге келсе, оны жырлаушы ақындар легі тарихқа қатар енген. Академик С.Қирабаев енді бір сөзінде: «Осындай жырлардың бір алуан үлгісін Кенесары-Наурызбай қозғалысы тудырған. Олар халық шығармашылығынан кең орын алып, ел жадында ұзақ сақталған. Олардың жырлаушылары қатарында Нысанбай, Досқожа, Күдері, Қашқынбай, Көкбай, Доскей, Саяділ, Омар. Иманжан сияқты әдебиет тарихында аты белгілі ақындар бар. Бұлармен қатар аты белгісіз ақындардан қалып сақталған жырлар да аз емес. Жанрлық жағынан қарағанда, бұл жырлар көлемді, сюжетті дастан күйінде, Кенесары мен Наурызбайдың жеке ерліктері эпизодына құралған шағын өлеңдер, көтеріліс басшыларының хаттары мен жауаптары, Кенесарының елмен, қоныспен қоштасуын суреттейтін қоштасу жырлары, көтерілістің жеңілуі мен батырлардың өлімін жоқтауға құрылған ескерту, жоқтау үлгілері түрінде шығарылған. Кенесары-Наурызбайға қосып, олардың ағасы Саржан батырдың ерлігін де жырлаған», — дейді.
Осы тұрғыдан келгенде Таңжарық ақын да түрмеде жазылған жырларымен тың бейнелерді, соны қаһармандарды әдебиет әлеміне енгізген. Таңжарық ақынның еңбегі сонысымен құнды.
Айтарым бұл жолы да: аш көзіңді,
«Әйт!» десе өзіңді-өзің талағанша.
Қанға орап ұқтырамын бар мұңымды,
Көкіректе қатқан шерім тарағанша.
Жеп жатыр даяр асты қарға, құзғын,
Қолыңды сен асықпай ұсынғанша.
Артқыға сол себепті белгі қылып,
Түсірдім қол таңбамды мұсылманша, —
деп тебіренеді Таңжарық ақын «Ой толғауында» «Сөзім қалсын» деген ізгі ниетпен, өз қасіретін ақтарады, бұл болса халқы көрген қасірет.
Сондықтан да ақын:
Дүние неше түрлі өзгеріп тұр,
Бастаушың жалған-жала сөзге еріп тұр.
Қыршаңқы байталыңа мандам айғыр,
Жымитып құлақтарын кез келіп тұр.
Жоруы жақсы түстің түк жолықпай,
Жаман түс күн ұзамай тез келіп тұр.
Жораға кімдер жүріп, қораға кім,
Үргеніп жайған торға сайып қыран,
Қиналып тар қапаста қор болып тұр.
Саналып кімдер бөтен бұл заманда,
Кімге кім, байқа халқым, дем беріп тұр.
Қорлықта аш-жалаңаш жүргендер кім?
Сүйеу боп кімдер оған жем беріп тұр?!, —
деп кейіпкерімен бірге тығырыққа тіреледі. Зерттеуші ғалым О.Егеубаев Таңжарық ақынның бес қасиетін ерекшелеп айтады. Біріншісі, ұлт тағдырын ту етіп ұстанғаны, екіншісі алып империядағы әділетсіздікті, жауыздықты, түрме түбінде кісендеулі отырып жазғаны, жазғанда сорғалаған жүрек қанымен жазғаны. Үшіншісі, Жоңғар шапқыншылығы тарихынан жазылған «Садық-Салихан» дастаны түрмеде отырып, бір деммен жазып, асыл мұра етіп қалдырғаны. Төртіншісі, нағыз шынайы жаза білгендігі. Бесіншісі, тілінің жүйріктігі, зарлы да шерлі, ызалы да құсалы сөздері, сонымен қоса, дауылды, қайратты да, жігерлі қаһарлы сөздері қатарласа шауып, ақынның құдай берген талантынан хабар беретіндігі. Ақын сонымен қоса түрмеде:
Өлейін, өлсем дағы айтып-айтып,
Шыдайды дәтім қалай тірі жатып, —
Деген принципті ұстанған. Сол жолда құрбан болған, анығын айтқанда өзін-өзі құрбан еткен жан. Және де келер ұрпаққа:
Келсеңдер Үрімжінің қаласына,
Көзің сал қалтарыс, сай саласына.
Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,
Тапсырып кет балаңның баласына.
Көргенін атасының оқып көрсін,
Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін,
Бабамның тарихы деп тегін танып,
Залымнан кегін алып, қолында өлсін ! —
деп аманат еткен ақын.
Ақын Таңжарық Жолдыұлының түмеде тыным таптырмай жыр жаздырған ақындық қасиеті болса, екеншісі сол кездегі аса қауіпті саяси ахуал еді. Шынында да: «Алпауыт империяда ұсақ ұлттарға жойылу қаупі қашан да төніп тұрады. Қауіптен құтылу, ұлт ретінде даму үшін ұлт рухын, ұлттың дінін, табиғатын, ұлы аруақтарын, дәстүр, ғұрып-салтын, дінін, тілін әр өкілінің санасында бес уақыт намаздай күніне бес мәрте қайталатып, қастерлетіп отыру парыз. Қане, құртып көрсін! Таңжарықтың тұтас тұлғасынан сол қасиеттердің барлығы және кемел табылған». Сондықтан да, азаттық үшін күрескен ақын жырлары — мәңгіліктің жырына айналған.
Таңжарық танушы Таңжарық мұраларын зерттеуші Тілеужан Сақалов:
«Таңжарықтың әдеби мол мұрасын шындап зерттеу енді ғана қолға алынды. Шыңжаң Жазушылар одағының қазақ әдебиеті секциясында атақты ақындар Құрманәлі Оспанұлы, Омарғазы Айтанұлы, зерттеуші ғалымдар Оразанбай Егеубаев, Қасымхан Уатқанұлы, Ғалым Қанапияұлы қатарлы арнаулы топ ақын творчествосын жинап-зерттеу жұмысымен айналысуда. Солардың ішінде Таңжарық творчествосын зерттеуде жемісті еңбек етіп жүрген Оразанбай Егеубаевты ерекше атап өткен жөн. Ол өзінің «Таңжарық Жолдыұлы жөнінде жалпылық зерттеу» деген монографиялық еңбегінде ақынның өмірі мен творчествосына жан-жақты талдау жасаған.» — деп жаза келе «түрмеде азап тартып жатып та Таңжарық ақын қаламын бір сәт қолынан тастамағанын айтады.
Шынында да түрмеде отырып жазған шығармаларының орны ерекше, әрі көркем туындылар. Соның бірі — «Абақты» атты ұзақ толғау-дастанын алға тартсақ деген ойымыз бар. Жан түршігерлік қиянатқа барған Шэн-Ши-Цай мен Томиндаңның ұлтжанды жандарға жасаған қиянаты адам айтқысыз. «Абақты» дастаны «түрме тарихи» деген қос шумақтан басталады:
Ағайын, құлағың сал сөзіме енді,
Айтатын, жазатын бір кезім келді.
Оқиға көргенімді ағытайын,
Оқыған елестетіп көзіңе енді.
Ашылу қиын бағың бір байланса,
Аршылмай жүргеніңе кір байланса.
Азамат ақылынан адасады,
Арылмай жабысқан дерт жылға айланса.», —
деп барып бір тоқтайды да, арқаны кеңге салып, кең далада шауып келе жатқан арғымақтай салған сайын кең көсіле түседі, ақын.
Абай лирикасының шетелдік қазақ ақыны Таңжарық Жолдыұлының шығармашылығына әсері-ықпалы ересен болған. Абай ақынның жырлау объектісіне айналған табиғат лирикалары қандай көркем болса, Таңжарық біршама еліктей отырып, өзіндік қолтаңбасы бар көркем дүниелер жасаған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында «Көктем мысалы», «Тау табиғаты», «Жаз мысалы», «Жаз таңы» — сынды табиғат лирикаларын жазғанда Абай шеберлігінен үлгі алып, өзіндік өрнек тоқыған.
Қыс өтіп, күн жылынып, қызық жетіп,
Жерде қар, көкте суық бәрі кетіп.
Аш тойып, кем жетіліп, жер жаңғырар,
Малға жай, жанға рақат уақыт жетіп.
Қыбыладан қызыл-жсыл бұлт шығып,
Екпіндеп ескек соғар дүрілдетіп.
Жел келіп жерді тұман, бу қылғанда
Ойда өзен, сайда бұлақ гүрілдетіп.
Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды,
Табиғат жер жүзіне рақым етіп.
Сол кезде ел қыдырып өңкей сері,
Қыз аулап ертең келер, бүгін кетіп.
Ел шарлап, ауыл барлап, аңдып жүріп
Аулақта жарын құшар күлімдетіп, —
деп толқыған ақы, тіршілік тынысын, дәл басып, өмір суреттеріне үңіледі, өзіндік шешім табады:
Тірілер құрт-құмырсқа қыбырласып,
Жан бітер өлгендерге жыбырласып,
Күн қызып, шөп құлпырып, сулар тасып,
Көкке аунар көбеңдердің көңілі тасып.
Кергісіп кемпір мен шал күншуақта
Мейірмен мекіренер арқа қасып.
Қатындар арасында өсек қаптар,
Жақтырмай бірін-бірі шалқаласып, —
деп көктем тынысын жаны таза ақындық рухпен әсем өруге ұмтылады.
Ақын «Тірлік мысалы» деген өлеңінде өмір заңына, өрелі ойлар айтуға, көркем тілмен өруге, өзіндік соқпақ салуға ынтығады. Сол ынтыққан ынталы жүрек таба да біледі, тартымды етіп жырлай да біледі.
Жаратқан топырақтан денемізді,
Қондырып маңдайға асыл екі көзді,
Тамырдан үш жүз алпыс қан таратып,
Жүктеді қызыл тілге сөйлер сөзді.
Тұлғаңды тік тұрғызып сүйек етті,
Адамның жан-тынысын жүрек етті.
Буыннан жиырма төрт жалғастырып,
Біреуін-біреуіне тиек етті, —
деп, «адамның жан тынысын жүрек еткенін», «Тұлғаңды тік тұрғызып сүйек еткендігін» кәдімгіде кәделі оймен көңілге қондыра біледі ақын. «Өткір ой, жүйрік қиял, қырағы көз берген» адамға мінез бермесе, «құр ақыл еш өмірге жете алмайтындығын» жыр етеді. «Бір арман адамзаттан қалған емес, Астың да болса дағы алтын тағың» дейді ақын. Бәрінен жас күніңнің әр мезеті — байлықтан да, алтын тақтан да артықтығын» ақындық жүрекпен алға тартады. «Жүйрік ой, зерек көңіл бәрі қалар, адамның жастықтығы қолдан кетсе» деп түйеді. Бұл бірақ өлеңнің түйіні емес, ақынның да түйіні емес. Түйін алда:
Байлықтың, батырлықтың керегі не,
Тоқталып қызу көңіл қаның кепсе,
Адамға жаз-жасшылық, қыс — кәрілік,
Шыға ма қыстың күн» егін ексе!? —
деп түйіндейді ақын. Ащы шындықты алға тарта отырып, ойға қалдырады, ақиқатпен иландырады. Жастық шақ бұған сене қоймас, бірақ, ерте ме, кеш пе, бұған мойынұсынбасқа лаж жоқ. Бұл өмір заңы. Өткір естіледі, өктем естіледі, құлақтан еніп, бойды алады. Тағы да келіп ұлы Абайды еске алдырады.
«Жазғытұры» деген өлеңінде Абай ақын:
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, азатзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен..., —
деп, қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, керісіп, құшақтасып бір серпілсе, жастардың мойны босап, сыбырласып, сырласып мауқын басып, өмір қайта оянғандай, дүние түрленіп сала береді.
Түйе боздап, қой қоздап — қора да шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду,
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
деп жырлайды ақын. Қыз-келіншек жазға жақсы киініп, «Жер жүзіне өң берер гүл бәйшешек», қырда торғай сайраса, сайда, бұлбұл, тастағы үнін қосып байғыз, көкек, осылайша, безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер, мейірбандық дүниеге нұрын төгер, ал, енді анамыздай жер иіп емізгенде, бейне әкемдей үстіңе анаң төнер дейді ақын.
Ұлы Абай жырларының кәусарынан қанып ішкен ақын Таңжарық Жолдыұлының жырларында да осындай үндестік бар. Үндестік болғанда, қайталамай өзінше жырлау, өзінше бейнелеу, өзіндік суретін өзіндік мәнермен жасау аңғарылады. «Қара тастан басқаның бәрі жадырап» Абайдың «Жазғытұрында» да, Таңжарық ақынның «Жаз мысалында» да өмір бар. Тіршілік тынысы бар. «Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып түрленер тоты құстай» деп екі ақын да өзіндік өзгеше суреттерімен табиғат полотносын салған.
Абайдың «Көңілім қайтты достан да дұшпаннан да» деген өлеңінің, «з» мен Таңжарық ақын «Көңілім қалды, торықты» деген жыр жазды. Абай:
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмыс бастан жыға қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?
Ендігі жұрттың сөзі — ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, —
деп жырлап, «байлар да мал қызығын біле алмай жүр, Жаз жіберіп, қүз атын міне алмай жүр» деп, «Ала жылан, аш бақа күпілдектер, Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр» деп, «бір күшті көп тентекті жыға алмай жүргенін» айта келіп:
Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр,
Қыс қыстауың — қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем — борыш, сөз — қулық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?
деп түйеді ақын. Осы «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінің әсерімен Таңжарық өзіндік ырғақпан «Көңілім қалды — торықты» өлеңін жазды:
Бармысың құдай, жоқпысың,
Білдің бе біздің хал-жайды?!
Бар болсаң қабыл ете көр,
Дұғаға құлың қол жайды!
Жоқ болсаң және өзің біл,
Ар жағын ойым болжайды, —
деп жырлап, «су құйсаң да толмайды, өтіп бір кеткен өмірім, көрген түстей болмайды» деп опына отырып, қайғы-қасіреті өткен өмір ғана емес, арманы — ел екендігін айтып, «Ел жұртымнан айрылдым, қалайша жүзім солмайды» деп торығады.
Жүректі басқан қайғы дерт,
Шық деп жанды зорлайды.
Ішім толған өрт жалын,
Мұз салсаң да тоңбайды.
Кейбір кезде сағым ой,
Ұшырып қанат қомдайды.
Көп ойладым өзіңді,
Бар ғой деп бір күн ондайды, —
деп сабақтай жырлайды. Мұндай үндестік «Жаз таңында» да «Жаздың бір күнінде» де «Көктем мысалында» да баршылық. Елімді тірі көрмесем де, арманым: ең болмаса сөзім барса» деп арман еткен ақынның өзі жетпесе де, туған еліне, туған жеріне туған ұлты мен туған халқына сөзі жеткен ақын. Сонысымен ақын ғұмырлы, сонысымен өлең-жырлары мәңгіліктің тұғырында тұрған ақын — Таңжарық Жолдыұлы!..
Күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлы туралы жазып отырып мен азамат ретінде, ақын ретінде осы қазіргі күн тәртібінде не айтылуға тиіс деп ойладым. Әсіресе, біздің қадым ғасырдан келе жатқан поэзиямыз өзінің трибунасында нені жырлау керек, бүгінгі халқымызға нені айтуымыз қажет деп іштей толғандым.
Қайраткер азамат Марат Мұхабетқазыұлы Тәжиннің ұсынысымен, дүниежүзінде екінші Шекспир атанған Португалияның ұлы ақыны Луиш ди Камоэнстің «Сонеттері» атты кітабын тәржімаладым.
Сол ақын Португалияның тәуелсіздігінен айрылған 1580 жылдың 10 маусымында дүниеден өтеді. Көз жұмар алдында: «Мен, тіпті, өзімнің туған Отанымда көз жұмғалы жатқан жоқпын, мен сол тәуелсіздігінен айрылған туған Отаныммен бірге өліп жатқандай сезінемін» деген ақынның жалынды сөзі ұлтының жүрегіне ұялап, Португалия елі қайта тәуелсіздік алғанда, ақынның асқан дана сөзі үшін Луиш ди Камоэнс қайтыс болған күнді — Португалияның Ұлттық Күні деп белгілейді.
Біз, Қазақ елі, ұлттық Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл өтті. Кезінде Кеңес өкіметі кезінде «Қазағым» деген сөзді кітабымызға кеңінен жариялай алмаған тұстарымыз болды. Оны өткен ғасырда басымыздан кешірдік.
Қазақ халқының арман-тілегін, елдің ынтымақ бірлігін көксеген кемеңгер, терең ойшыл Бұхар Жыраудан бастап /1684-1782/ ұлттық Тәуелсіздік үшін құрбан болған ақын Махамбет Өтемісұлынан бастап, Қытайда ғұмыр кешкен, әділет үшін күрескен Таңжарық Жолдыұлына дейін, кешегі «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған Жұбан Молдағалиевке дейін, одан қалды біздің замандастарымызға келіп бұйырған ұлы олжа — Тәуелсіздікті жырлау, ұлтымыздың бостандығын жырлау, ынтымағын жырлау — бүгінгі ақындарымыздың үлесінде!
Алаштың асылдары — Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ардақтылардың поэзиясы да сол Тәуелсіздікке келіп тіреледі.
Кезінде ұлтымыз туралы өрелі сөзді айтқызбаған Кеңес өкіметі тұсында ақын Ғафу Қайырбеков:
Басқа елдердің хандары хан сияқты,
Біздің хандар несіне жаман болған, —
деп ішкі ақындық қасіретін сыртқа шығарғаны бар...
Қазіргі таңда ақын Ұлықбек Есдәулетов «Қазақстан! деген өлеңінде:
Шаңырағың — шырағым,
Топырағың — тұмарым,
Ғаламда жоқ сыңарың,
Ғажайыбым, жұмағым,
Басы таза бұлағым,
Басылмайтын құмарым,
Қазақстан — қыраным!, — дей келе:
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан,
Жұлдыз жансын жолыңнан,
Басыңа бақ орнасын,
Қыдыр болсын жолдасың,
Құдай сені қолдасын,
Қазақстан — көз жасым!.. —
деп түйіндейді.Жырдың ширығар тұсы «Қазақстан — көз жасым!» — деген тұс.Тәуелсіздікті иығымен арқалаған жан да, Тәуелсіздікті сағынышпен күткен жүрек те: «Қазақстан — көз жасым!» деп толғанары хақ.
«Жер орта» жинағында ақын Серік Тұрғынбеков:
Елімның жарлығына,
Ой-пікір ойыспаса,
Халқымның зар-мұңына,
Қабырғаң қайыспаса,
Өмірдің дернегіне,
Тамсанып табынбасам,
Ақын боп керегі не,
Ағымнан жарылмасам, —
деп толғанады.
Шынында да Тәуелсіздік теңізі тербеткен тұста, ағынан жарылып, осынау бір Тәңір сыйлаған бостандықты жырламаса, шынында да ақын болып керегі не?!
Әшімжан Жанарбек, Әмірхан Балқыбек, Маржан Ершутегі тағы басқа ақындар, Тәуелсіздік хақында қалам тартып жүр.
Солай десек те Тәуелсіздікті жырлау дәрежесін ұлтты сүю, ұлтжандылық деңгейінде асқақтатып, әсем де сазды лирикалық-философиялық ойға қалдырарлық, толғандырарлық биікте жырлау — Бүгінгі ақындарымыздың парызы деп білемін.
«Тәуелсіздік» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Соның алғы сөзінде: «Тәуелсіздік... мына дүниеде 2500-ден астам халық бар екен. Соның екі жүзге жуығы ғана өзінің мемлекеттілігіне ие екен» — деп жазды жазушы Сауытбек Әбдірахманов. Сол Тәуелсіздік алған елдің ортасында Қазағымыз бар.Бұл дегенің ұлы қуаныш емес пе? Қуанышымызды жырлау — ұлтжанды ақындарымыздың парызы!
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Менің сенетінім — жақсылық, менің сенетінім — болашақ» — деп жазды. Біз, ақын-жазушылар, болашағымызға сене отырып, қаншама ғасырлар бойы көксеген ұлы арман-мақсатымыз Тәуелсіздігімізді көк байрақ туымыздай биік етіп, ұлттық намыспен жырлау — ақындық парасатымыз, азаматтық парызымыз!
Ал, Таңжарық Жолдыұлы осы тәуелсіздігіміз үшін күрескен ақын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі