(пьеса)
Ласло Даркодан
Рольдер:
Электра
Орест
Эгист
Клитемнестра
Хрисотемида
Хор
Мылқау
Күзет бастығы
Солдаттар
Қала тұрғындары
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Электра, Хрисотемида, Хор.
ХРИСОТЕМИДА. Сен нақұрыссың! (Электра үндемейді) Естіп тұрсың ба өзің?
ЭЛЕКТРА. Көшеге шықсам, жұрттың мені делқұлы санайтынын өзім де байқаймын. Сақшылардың да сыңайы сондай. Анам екеш анамның да ертелі-кеш құлағыма құйып баққаны сол. Бесікте жатқанымда әлдилеудің орнына. Электра, сен нақұрыссың!. — деп қақсайтын да отыратын.
ХРИСОТЕМИДА. Сонда жұрттың бұнысы қате ме?
ЭЛЕКТРА. Олар, шынында да алжасып жүрсе ше?
ХРИСОТЕМИДА. Қалған жұрт шетінен ақымақ, шетінен суайт та, сүттен ақ, судан таза, есі дұрыс адам бір өзім дейсің ғой.
ЭЛЕКТРА. Расында да жұрт шетінен ақымақ, шетінен суайт боп, есті-жөнді жалғыз адам тек мен ғана боп шықсам, қайтер едіңіздер.
ХРИСОТЕМИДА. Дені дұрыс адам құрыған. Тігерге тұяқ бір сен ғана. Басқаның бәрі суми, сүмелектер, адам исі бар жалғыз айдай-күндей Электра ғана!
ЭЛЕКТРА. Маған ешкімге ұқсамайсың дейтін жұрттың өздері ғой. Ендеше, не олар ақылды да, мен ақымақпын, не мен ақылдымын да, олар ақымақ. Екінің бірі. Дегенмен кім біліпті, ақылды олар емес, мен болып шығуым да ғажап емес қой.
ХРИСОТЕМИДА. Жалғыз жүріп періште болғаннан, көппен бірге пері болған дұрыс.
ХОР. Электра, естисің бе! Адам елден ерек көріну үшін тумайды. Онан да мынаны ескер: қалған жұрт қандай болса, сен де тап сондай бол!
ЭЛЕКТРА. Ендеше, апатайым, сен де жұрт көлбеңдегенге көлбеңдейтін көзсіз көбелек екенсің ғой!
ХРИСОТЕМИДА. Бәсе... Сенімен сөйлесіп не пәтуа табам деп едім-ау!
ЭЛЕКТРА. Рас па? Жұрттың бәрі солай дейді. Аузымды аштым-ақ, көздері атыздай боп, сенімен сөйлесіп пәтуа таппаспыз деп безе жөнеледі.
ХРИСОТЕМИДА. Ендеше, сол қасыңа жан жуымай қараумен өткенің.
(Электра үнсіз).
Онан да айтқан сөзге құлақ ас! Жалғыздықтың не екенін сен өзің білесің бе?
ЭЛЕКТРА. Мен кешқұрым ымырт түсе терезенің алдына барамын. Жұрт: Әне, Электра, сығалап тұр демесін деп, перденің тасасына жасырынып тұрамын. Көшеде балалар шаң-шаң болып, доп қуалап жүреді. Жастар екеу-екеу қолтықтасып бара жатады. Қалтақтаған кәрі әжелерді немерелері жетектеп алған. Ал, мен болсам шешек шыққандай құлазыған бөлмеде жападан-жалғыз тұрғаным. Тек бөлмеде ғана емес-ау, мынау сарайда, тіпті жарық дүниеде қасына қара жуымаған қу жалғыз менмін.
ХРИСОТЕМИДА. Жанға жуымай жалғыз жүрген қандай екен, білдің бе бәлем!
ЭЛЕКТРА. Тәйірі, онда тұрған не бар? Мен сендерге керек емес екем, ал сонда сендер кімге керексіңдер?
ХРИСОТЕМИДА. Бұл ойыншық емес. Миыңа кіре ме, жоқ па?
ЭЛЕКТРА. Ойыншық демекші... Мана сандығымды ақтарып отырып, көне қуыршағымды тауып алдым. Қаңырап бос тұрған сандыққа қайдан түсіп жүргенін білмеймін. Үстінде қызыл көйлегі, басында қызыл орамалы бар екен. Алдыма алып әлдилеп ұйықтаттым. Шешіндіріп төсегіне жатқыздым. Бұл әрине сендер үшін жәй қуыршақ қана! Мен оны лақтырып тастадым. Енді оның маған қажеті қанша!
ХРИСОТЕМИДА. Электра, құдай үшін, түсінсеңші... Бағың жансын десең, осы тұста қапы қалма. Әйтпесе, бұл күнге де зар боласың.
ЭЛЕКТРА. Шешем де ылғи жыл сайын "бұл жастығымның соңғы жылы, сосын қақпас кемпір болам" деп зар жылайтын да жүретін. Бірақ, ол жыл да өте шығатын. Ол айнаның алдына барып, баяғы бәдігін қайтадан қақсап тұратын-ды.
ХРИСОТЕМИДА. Сен Эгистің мінезін білесің ғой. Ол көп қылжақты көтермейді. (Электра үнсіз).
ЭЛЕКТРА. Қылжақты мен де көтермеймін.
ХРИСОТЕМИДА. Дегенмен, ойлан, артынан опынып жүрме!
ЭАЕКТРА. Эгаст, мейлі, мені де мертке ұшыратсын. Әкем құсатып айырға шаншып өлтіре ме, әлде атқа сүйретіп өлтіре ме, онысын өзі білсін, тек қылжақ қыла көрмесін!
ХРИСОТЕМИДА. Электра, байқа!
ЭЛЕКТРА. Ол падиша. Не істеймін десе де еркінде.
Қолынан қағар ешкім жоқ. Бірақ, Электра қандай тауқымет шексе де, сол Электра қалпында қалады. Электра бәрібір Электра боп өледі.
ХОР. Электра — өлсе де Электра.
ЭЛЕКТРА. Кішкентай кезімде ол тәттінің бәрін менің аузыма тықпалайтын. Мен қолынан қағып, маңыма жуытпайтынмын. Ең сұлу күңдерін маған жіберетін, беттеріне түкіріп жақындатпаушы ем. Тау-тау ғып қырмызы мен жібек жібереді. Күлпаршалап жыртып тастаймын. Менің мінезім әлі де сол. Жолымды көп кес-кестемегені дұрыс шығар.
ХРИСОТЕМИДА. Есуас қыз, сабаңа түс. Эгист белін бекем буып отыр: егер осыдан ертеңгі мейрамда елдің сөйлегенін сөйлемесең, сол бойда күйеуге бермекші. (Электра үнсіз). Шошқа бағатын Лотос дегенді естіп пе ең? Күнде ертемен қаладағы бар шошқаларын қорсылдатып алдына сап өріске айдап әкететін жалба-жұлба бақташы бар ғой? Күйеуің, әне, сол! (Электра үндемейді). Жылына үш теңге ақы алады. Нан мен пиязға өрістен жиып алған көк шөптерді қосып қоректенеді. Қала тұрғындары оның иінін бес жылда бір рет бүтіндейді. Есіңде болсын, жұрт оның өзіне киім алып бергенімен, әйеліне киім алып бермейді.
ЭЛЕКТРА. Көйлегімді көріп тұрсың ғой. Қашан жидіп түскенше тастамаймын. Аяғымдағы сандалым да солай. Нәрем айырсам болғаны, тамақтың да қажеті шамалы.
ХРИСОТЕМИДА. Өз бағыңды өзің ғой байлап тұрған, аузыңнан ләм шықса болды, қамқаға оранып, мамық төсеніп, дүниедегі бар тәтті үйме табақ боп үйіліп алдында тұрар еді.
ЭЛЕКТРА. Маған ештеменің де қажеті жоқ, түсінесің бе? Хрисотемида, ұғасың ба өзің? Маған асыл тон, алтын қамқаның, мамық төсек, алтын белдіктің түкке қажеті жоқ. Маған еркіндік керек!
ХОР. Айдай сұлу ханшайым, саған қандай еркіндік керек?
ЭЛЕКТРА. Менің атым. Электра. Мен үстімдегі киімді де сыпырып тастаймын! Мойнымдағы әшекейді де лақтырам! Тамақтан да бас тартам. Маған өзімнен басқа ештеңенің де қажеті жоқ.
ХОР. Айдай сұлу ханшайым, сонда сен кімсің өзің?
ЭЛЕКТРА. Мен — Электрамын. Байлық менің қолымды бұғау болып матайды. Сән-салтанат аяғымды кісен болып тұсайды. Мен адаммын, кісен кигім келмейді.
ХРИСОТЕМИДА. Ал, ертең әлгі нақұрыс Лотос ұлма-жұлма төсегіне ұмар-жұмар көтеріп ұрып, көйлегіңді сыпырып алса қайтесің? Сосын сасық аузы шие ерніңе қадалып, сілекей тілі сүліктей сорса не істейсің? Қабан жыққан қанды шеңгелі ұлпа бұғанаңды ұнтай жаздап, аршын төсіңді астына сап, тапап берсе, қайраның бар ма қылатын? (Электра үнсіз). Егер жендет ыстық темірмен ақ тәніңді қарыса ғой, сен соны істеп тұрған жендетті жек көрер едің, ал енді әлгі Лотостың құшағына кіргенде, өзгені емес, ең әуелі өзіңді өзің жек көріп кетесің. Оның күңірсік қолаңсасынан емес, өз тәніңнен өзің жиренесің. (Электра үнсіз).
ХРИСОТЕМИДА. Көрдің ғой, өзің де сөз таба алмай қалдың! Ал, білгіш болсаң, патша сосын менің басыма қандай зобалаң туғызатынын айтшы?!
ЭЛЕКТРА. Қорласын мейлі, абыройымды айрандай төксін мейлі, алтын басымды аяқтарына сап таптасын мейлі, өмір сүруім керек. Азап көрсем көрейін, бірақ өлмеуім керек. Қашан парыздан құтылғанша, қалай да тірі жүруім керек.
ХРИСОТЕМИДА. Ақылға кел, Электра. Біздің әкемізді өлтіргелі он бес жылдан асып барады.
ЭЛЕКТРА. Жүз он бес жыл өтсе де мейлі. Уақыт қылмысты ұмыттыра алмайды. Қылмысты қайтқан кек қана ұмыттырады.
ХРИСОТЕМИДА. Агамемнонның сүйегі әлдеқашан қурап қалған. Оның тәні баяғыда-ақ құрт-құмырсқаға жем болған. Ал, сен болсаң тірі адамсың. Балауса тәніңнің уыздай балбырап тұрғаны мынау. Өлінің күйігін күйттеп тірі тірлігінен қалсын деген қайдан шыққан заң?
ХОР. Шынында да, Электра, қайдағы бір қурап қалған қу қаңқаның күйігіне бола балбыраған бал уыз тәнді ләззатынан қаққаның қалай болар екен?!
ЭЛЕКТРА. Мен әкеміз моншада отырғанда, шешеміз қапияда тор лақтырып, қалай матап тастағанын көргенім жоқ. Эгистің қолындағы айырдың қанды тісі қадалғанда әкемнің қалай шыңғырғанын естіген емеспін. Бірақ, сол күннен бері мен түн баласы ұйқы көрмей, атар таңды көзіммен атқызып келем. Тіпті, ұйықтағым келмейді. Күндіз де дем алмаймын. Демалысты тіпті қажетсінбеймін де.
ХРИСОТЕМИДА. Ұмыт бәрін, Электра.
ЭЛЕКТРА. Құрт-құмырсқа көзін әлдеқашан ойып жесе жеген шығар. Бірақ, жалбарына қараған жанары көз алдымда әлі түр. Құрт-құмырсқа кеңірдегін әлдеқашан орып түскен шығар, бірақ жан дауысы құлағымда тұр.
ХРИСОТЕМИДА. Ең болмаса бір түн оны ойламай ұйықтап шықшы, ең болмаса бір күніңді Агамемнонға қимай, өзіңе қишы.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, мен сендер секілді ұмытып кете алмаймын. Әке алдындағы парызымды өтемей тұрып, қара жамылмай қақыра киіп, қарқ боп жүрер жәйім жоқ.
ХРИСОТЕМИДА. Ендеше, есіл өмірді тұл бойдақ боп өткізгенің, Электра.
ЭЛЕКТРА. Демек, мен құшағым жылып жар құшпайды екем. Ерінім тұшып, сәби сүймейді екем. Сүйегім қуарып, маңдайымды әжім басып, көкірегім суалып, қартайып кәрі қыз атанам екен, бірақ бәрібір дегеніме жетпей тұрып, қазаның қара киімін шешпеймін.
ХРИСОТЕМИДА. Адам дегеннің ең басты мақсаты бақытты болу емес пе?
ХОР. Бұл өзі, қыздар, қиын мәселе екен: шынында да осы тірі адамның ең басты мүддесі не болады екен?
ХРИСОТЕМИДА. Таңертең қуанып оянып, бесікте уілдеп жатқан бөбегіңді көргенге жететін не бар, тәйірі?! Кешке ақ некенің адал төсегінде саған ынтық боп жатқан асыл жардың құшағына күмп беріп құлай кеткенге жететін не бар, тәйірі?!
ЭЛЕКТРА. Баяғыда анама көп, мені осында түнеп шықты деп айтыңдар деп жалынғанында да, әлгі ақ некелі жарыңды жарылқап шығып па едің? Жоқ, құлын мүшемді қор қылатын жәйім жоқ, енді бала таппаймын деп, тұлымыңды тұтқаныңды да ұмытып қалдың ба?
ХРИСОТЕМИДА. Сен оған түсінбейсің ғой. Бала көтергің келмей, шәт-шелегің шығатыны рас. Бірақ, артынан сәбиің туғанда бәрін ұмытасың. Беті жылтыраған біреуді көре салып естен танатының тағы бар. Алайда, о да қас қағымда өте шығады. Сонда артынан қасыңда басыбайлы жұбайың барын көргенде төбең көкке әзер жетпей қалады.
ЭЛЕКТРА. Егер мен біреуді сүйсем, өмірде тек соны ғана сүйіп өтер ем. Маған тек шын қуаныш қана қуаныш, ал қалғанының бәрі алдамшы. Алдамшы бақтың көк тиындық құны жоқ.
ХРИСОТЕМИДА. Сен қайда өмір сүріп жүргеніңді білесің бе, Электра? Бұл саған қайдағы бір қиял патшалығы емес!
ЭЛЕКТРА. Ал өзің ше? Сенің өмір сүріп жүргенің алдамшылық патшалығы ма?
ХРИСОТЕМИДА. Сен дүниеде өтірік айтпайтын адам бар дегенге шынында да сенесің бе? Ең болмаса сондай бір адамды көрсетші!
ХОР. Иә, Электра, ең болмаса сондай бір адамды көрсетші.
ХРИСОТЕМИДА. Жас кезінде кім-кім де өзі қалауынша өмір сүргісі келеді. Ал, аузындағы ана сүті кебер-кеппестен-ақ, өмір сүрудің қандай мүмкіндігі болса, солай өмір сүру керек екендігін түсінеді.
ХОР. Ұқтыңыз ба, патша қызы, ханшайым? Өмірді заңға икемдемеу керек, заңды өмірге икемдеу керек.
ХРИСОТЕМИДА. Сен тақта бөтен біреудің отырғаны, Клитемнестраның бауырынан шыққан перзенттерінен гөрі қандықол әміршіні сүйіп кеткені маған оңай тиіп жүр ғой дейсің бе? Жоқ, бірақ, Электра, еткен ереуіл, қалған салауат деген. Күнәдан кек қайтпайды, күнәні ұмыту керек, ұмытылған нәрсе ешкімнің мазасын алмайды.
ЭЛЕКТРА. Егер Агамемнонның кісі қолынан мерт болғанын біз ұмытсақ мына дүниеде тағы қандай сұмдықтардың өрбитінін кім білсін. Бәлкім, ертең күн де шықпай қалар. Жұмыр басты адам қайдағы бір құрт-құмырсқаға айналып кетер. Кім білсін, адамдардың бәрін қураған қурайдай қып өртеп жіберер, түсініп тұрсың ба, Хрисотемида. Егер қылмыскер зауалын тартпайтын болса, заңның да құрығаны, заң құрыса, адам да құрып, оның орнында адам секілді құбыжықтар қаптағаны.
ХОР. Егер қылмыскер зауалын тартпайтын болса, мына дүниеде адамшылық құрып, алдамшылық орнағаны. Заңсыздық дүниесі. Дүние емес зұлмат, заңсыздыққа бас ұрған адам емес мақұлқат!
ЭЛЕКТРА. Бүкіл шаһарды оба құсап жалғандық жайлап алған. Сіздер дүниеде ештеңе болмағандай, әкемізді өз әйелі өлтірмегендей, қаннен-қаперсіз жүріп-тұрып жатырсыздар. Билеушінің қолының қан екенін де білмегенсисіңдер. Уа, Хрисотемида, сендер жалғандыққа әбден еттерің үйреніп алған, ертеден қара кешке дейін айтатындарың өтірік: сіздер туған аналарыңыз бен туған балаларыңызды да алдайсыздар; бауырларыңыздағы жарларыңызға да айтқандарыңыз шып-шылғи өтірік; қабырға екеш қабырғаға, хайуан екеш хайуандарға да айтатындарыңыз шып-шылғи өтірік; сендер тіпті шөп екеш шөпті, көк екеш көкті өз түсімен атамай, әсірелеп суреттеп жалғандыққа ұрынасыздар; сіздер үшін шын қуаныш — былапыт, сіздер үшін шын сұлулық — күнәһарлық. Әй, Хрисотемида-ай, сендер жандарың қиналмай тұрып-ақ, өтірікті соға саласыңдар-ау. Өйткені, өтірік әбден қандарыңа дарып, сүйектеріңе сіңіп біткен.
ХРИСОТЕМИДА. Жарайды, солай-ақ болсын, есуас. Өтірікті сен-ақ әшкерелеп қарық бол. Қылмыстының бәрін жазалап, дүниені айнадай қып тазалап, күнді бұлтқа басқызбай, сенің-ақ шығар мүйізің шықсыншы.
ЭЛЕКТРА. Мен күннің көкте тұрғанын, адамның төрт аяқты хайуан емес, екі аяқты ақыл иесі болғанын қалаймын. Дүниеге күнәдан пәк сәбилерді туатын менмін. Иә, мен ештемені ұмытпайтын Электрамын. Дүниеде ең болмаса бір адам ұмытпай есте сақтап қалған ақиқатты ертең сендер де ұмыта алмайсыңдар. Дүниеде заңды сыйлар, әділдікті сыйлар бір адам бар болса, ақиқаттың да құрымағаны.
ХРИСОТЕМҢДА. Ендеше, неғып жүрсің, бар да әкеміздің кегін ал!
ЭЛЕКТРА. Әкеміздің кегі үшін емес, күллі қаламызды күйедей жайлап бара жатқан қылмысты құрту үшін, сазайын тартқызуымыз керек. Бір қылмыс екінші қылмысты, бір зорлық екінші зорлықты туғызады. Өйткені, заң жоқ жерде залымдықтың мерейі үстем болатын әдеті.
ХОР. Естисіңдер ме, азаматтар? Заңсыздық бар жерде залымдық етек алады?!
ХРИСОТЕМИДА. Ендеше, Электра, сол кесапаттың бәрін сен-ақ құрт! Бұл дүниеде сенен күшті ешкім жоқ боп тұр ғой!
ЭЛЕКТРА. Егер менде сен айтқандай құдірет болса, Эгист бүйтіп жер басып жүрмес еді.
ХРИСОТЕМИДА. Сонда баяғыдан бергі мылжыңдап тұрғаның не? Қолдан келмейтін нәрсеге құр босқа тіл безеп не әлек?
ЭЛЕКТРА. Сере садақты серпіп тартар білек менде жоқ. Көк семсерді қынаптан толғай суырар қайрат менде жоқ. Сондықтан да ұрымталды тосам. Орест келіп, жазықтының жазасын тартқызар сәтті күтем. Соған дейін ештеңені есімнен шығармай күте берем, күте берем.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Электра, Эгист, Хрисотемида, Хор.
ЭГИСТ. Гәп, сол Орестің келмейтінінде боп тұр ғой?
ЭЛЕКТРА. Ә, манадан бері тыңдап тұр ма едің?
ЭГИСТ. Менің ондай да әдетім барын білесің ғой. Падишаға қол астындағылардың не көкіп жүргенін білмей бола ма? Соны сіздердің қалай тез ұмытып қала қалғандарыңа қайранмын.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, менің ойымды әбден біліп алдым десейші.
ЭГИСТ. Ауыздан абайсыз шыққан сөздің артында қандай қиянат жататынын бір кісілерден көргенім бар еді. О, бейбақтар қандай тауқымет тартқандарын саған айтып берер еді, әттең, олардың дүниеден көздері құрығалы қашан.
ЭЛЕКТРА. Абайлаңыз, жүрегімді жарып жүрмеңіз.
ЭГИСТ. Құдай сақтасын, он екіде бір гүлі ашылмаған періште бойжеткенді шошытып, күнәға батар жәйім жоқ. Хрисотемида, сен де құр бекерге үрейленбе! Бірақ, менің не ойлайтынымды Электраға жеткіз деп ешкім саған тапсырма бермеген сияқты еді. Мен қол астындағылардың қай жерде не деп көкудің жөнін білетіндерін ғана ұнатам. Сен, бірақ, менің жолымда бұдан гөрі де жан қия еңбектенуіңе болатын еді ғой.
ЭЛЕКТРА. Ол әлгі сөздерді сенің сөзіңді сөйлеп айтып тұрған жоқ.
ЭГИСТ. Қайдан білесің, апаңды сенен сыр тартсын деп әдейі жұмсаған шығармын. Оның тап адал жүрем деп, етегіне намаз оқи қоймайтыны өзіне белгілі ғой.
ЭЛЕКТРА. Оны сондай күйге жеткізген өзіңсің.
ЭГИСТ. Міне, ғажап! Бұл қалада не пәле шықса да, бәріне жауапты менмін. Жібі түзу деп жүрген әйелдеріміз қараптан-қарап суық жүріске салынса да, инабатты деп жүрген азаматтарымыз өз әкелерін өздері өлтірсе де, кінәлі мына мен. Бірақ, осы сөздерің көңіліме қонады. Көрдің ғой, екеуміздің де ойымыз бір жерден шығады екен. Егер бұл шаһардағы барлық нәрсе менен болып жатса, сол шаһар дегеніңіздің өзі де мен болып шықпаймын ба?!
ЭЛЕКТРА. Менде не шаруаң боп келдің?
ЭГИСТ. Ең алдымен Оресті күтіп бекер әуре болма демекпін.
ЭЛЕКТРА. Сенің сөзіңнің маған дарымайтынын білесің ғой?
ЭГИСТ. Жарайды, тыңда. Менің өз басымның қауіпсіздігін көзімнің қарашығындай сақтайтыныма сенетін шығарсың. Ойлашы, сонда мен үшін ең қауіпті адам кім? әрине, Агамемнонның ұлы Орест. Ендеше, оның әр адымы аңдулы ғой?
(Электра үндемейді).
Үндемей қалдың ба? Демек сөзімнің жаны бар екен. Бүгінде саған ол да бір, жай әншейін жамағайын да бір. Оның есіл-дертінің не екенінен хабарың бар ма? Жоқ болса айтайын: біріншіден — әйелдер, екіншіден — құмар ойыны, үшіншіден — ат жарысы, төртіншіден — әрине ішімдік. Оған бұлардан басқа ештеңенің де қажеті жоқ. Ондай адамның қолынан сен ойлаған нәрсе келе қоймайтынына баяғыда мектепте жүргенде-ақ көзім жеткен.
ЭЛЕКТРА. Сөзіңнің бәрі шып-шылғи өтірік.
ЭГИСТ. Рас айтасың ба? Жарайды, тыңдай түс. Қас дұшпаным екенін біле тұра, әлі күнге оны неге өлтірмей жүргенімді білесің бе? Білмесең біліп ал, менің жауым ол емес, менің жауым. Астындағы аты өліп қалса, мені қарғайтын арбакештер, егіні шықпай қалса жерден алып, жерге салатын диқандар, сыраханада жиылып ап, баяғы Агамемнон дәуренін жоқтайтын кәрі қақпастар; олар Агамемнонның тұсында әйел қасына жатуға жарайтын едік, Эгастің тұсында жарамай қалдық деп, оны да құдайдан емес, менен көреді. Осы бір сілекей ауыз сілімтіктердің кез келгені мен үшін Агамемнонның дырдуқұмар баласынан әлдеқайда қауіпті.
(Электра үндемейді).
— Е, солай ма екен, бәлем, үндемей қалдың ба?
ЭЛЕКТРА. Үндемей тұрғаным — сенің бір сөзіңе де сенбегенім.
ЭГИСТ. Сен мейлің, сенбе мейлің, босқа арамтер болма. Орест өміріне риза, мұнда қайтып оралу ойында да жоқ. Мұңсыз-қамсыз тірлікті қауіп пен қатерге айырбастайтын жаны қас пенде бұл дүниеден табыла қоймас.
ЭЛЕКТРА. Айнаға қарағанда, дүниеде сондай да адам барын өз көзіммен көргендей болам.
ЭГИСТ. Өйткені, сенің есің дұрыс емес қой. Әйтпесе, дүниеде ондай адам болмайтынын өзің де білмес пе едің?
ЭЛЕКТРА. Мен. Агамемнонның қызымын. Ағам. Агамемнонның ұлы. Әкеміз де бір, көздеген мақсатымыз да бір. Падиша, сазайыңды түбі бізден тартасың. Орест тек Электраның өзінен аумайтын ағасы ғана емес, Орест дегеніміздің өзі Электра, ал Электра дегеніміздің өзі Орест.
ЭГИСТ. Ендеше, ағаңның тап сен ойлағанды жүзеге асыруға асыға қоятын түрі көрінбейді.
ЭЛЕКТРА. Бүгін бе, ертең бе, жоқ он жылдан кейін бе, сені тірі қойып тірі жүре алмайтынын ол бәрібір ұғады. Сол кезде бәрібір оралады, оның оралған күні — сенің көзіңнің бұл дүниеден жоғалған күні.
ЭГИСТ. Сол күні өзің қайда болам деп ойлайсың, сұлуым?
ЭЛЕКТРА. Оныменен бірге болам. Сені өлердей жек көретін санасында болам. Кек кернеген жүрегінде болам. Саған қадалған қанжарының ұшында болам.
ЭГИСТ. Білмедің. Сен ол кезде Лотос найсаптың сасық құшағында боласың.
ХРИСОТЕМИДА. Мейірімді бола көріңіз, падишам.
ЭГИСТ. Мен жалба тонды деуіш емес, алтын тажды падишамын. Падиша кісіге боркемік болу жараспайды. Мен патша екенмін, көшеге тас емес, адамдардың бас сүйегін төсетсем де, үйлердің қабырғасын қанмен сылатсам да, өз шаһарымда қатаң тәртіп орнатуым керектігін түсінуге тиістімін. Қанқұмар болмасам да, қатаң тәртіпті қан төгіп қана орнатуға болатынын біле отырып, қан төкпей қарап отырар жайым жоқ.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, мен де саған есемді жіберіп, қол қусырып қарап отыра қоймаспын.
ХРИСОТЕМИДА. Ақылға кел, есуас. Өйтіп босқа басыңды жұтпа.
ЭГИСТ. Екі апта бойы аш байланған не қанын судай ағызып қарғалған адам ғана басын жұтады. Ал кім көрінгенге көз түрткі болған қорлықтан өлген адамды көрсем көзім шықсын.
ЭГИСТ. Электра өмір сүреді. Менің пәрменім осындай.
ХОР. Сен бұған кәміл сенесің ғой, падиша?
ЭГИСТ. Мен таққа отырғалы жамағат қатты риза. Сен бұның маңызын түсінесің бе? Билеушіге қол астындағы халықтың ризалығынан асқан не керек?
ЭЛЕКТРА. Батпаққа аунаған шошқалар да дәуіріне дән риза.
(Хор шошқа болып қорсылдайды).
ЭГИСТ. Менің де айтып тұрғаным сол емес пе?! Адам деген де шошқа ғой. Оның да көксейтіні шошқаның көксейтіні, қарнының тоқтығы мен жанының тыныштығы ғой.
(Хор шошқа болып қорсылдайды).
— Жұртты тыныштығынан айырып, ала бүлік салатындай сен кімсің?
ЭЛЕКТРА. Естисіңдер ме, халайық! Электра жұрттың тыныштығын бұзуға туыпты.
ЭГИСТ. Ендеше, есіңде болсын, қымбаттым: жұрт оныңды қаламайды. Жұртқа сол батар батпағына батып, рахаттана қорсылдап жатқандары ұнайды.
ЭЛЕКТРА. Мен тірі тұрғанда олар ештеңеге риза бола алмайды.
ХРИСОТЕМИДА. Бұныкі бос былшыл. Оның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Жұрттың бәрі бұны есінен алжасқан деп есептейді.
ЭЛЕКТРА. Немене, шымбайыңа батып кетті ме? Рахаттана қорсылдайтын тыныштығыңнан айырғалы тұрмын ба, Хрисотемида. Шошқалардың падишасы, сен де бұдан былай жайбарақат қорсылдай алмайсың. Мен барда сендерге тыныштық жоқ. Мен тірі тұрсам, қашан адам болып екі аяқтарыңнан тік басқандарыңша, шалшыққа аунатпай, сауырларыңнан қамшы айырмаймын.
ЭГИСТ. Мен де сені адам қып алшаңдатып қоймаспын.
ЭЛЕКТРА Өлтірсең менің өлі мүрдем бәрібір саған тыныштық бермейді.
ЭГИСТ. Өлтірсем бейпілауыз саудагерді өлтірем. Өлтірсем өкпешіл қазан қайнатушыны өлтірем. Оларды да жұрт тәубаға келсін деп әдейі өлтірем. Өйткені, халықтың көңілі неден қорқып, неден сақтану керек екенін анық білгенде ғана жайланады.
ХОР. Естисіңдер ме, азаматтар. Ең әуелі неден қорқып, неден сақтану керек екенін білмек керек. Сонда ғана ың-шыңсыз тыныш өмір сүресіңдер.
ЭГИСТ. Маған жұртты зынданға салудың да қажеті жоқ. Кімнің не деп мақтайтының білсем болды, бәріне де ауыздық сала алам... Мұқалмайтын, бас имейтін пенде болмайды. Гәп тек соны немен мұқату керек екенін білуде. Мәселен, сен Электра, сенің уыз тәніңді қып-қызыл ыстық істікпен шабақтай бастаса не істер едің?
(Электра үндемейді).
— Әлде балаларыңды әкеп, көз алдыңда бауыздаса қайтер ең?
(Электра үндемейді).
— Немесе екі көзіңді бақырайтып, қойныңдағы әйеліңді зорлап жатса, не істей аласың?
(Электра үндемейді).
— Сонда да мұқалмас па едің?
ЭЛЕКТРА. Біліп тұрып несіне сұрайсың.
ЭГИСТ. Иә, мен бәрін білемін. Сондықтан да сені жендеттердің қолына бермеймін. Олар топас. Өз беттерімен ештеңе ойлап таба алмайды.
ЭЛЕКТРА. Өзіңді де сұңғыла білгіш санай берме!
ЭГИСТ. Сонша қарысудың қажеті қанша, Электра! Ертең менің таққа отырғаныма он бес жыл толады.
ЭЛЕКТРА. Агамемнонды өлтіргеніңе он бес жыл толады.
ЭГИСТ. Шынында да, осы бір екі мерзімнің дәл келуін қарашы. Жазмыш солай болса, амал қайсы.
Электра, сөз тыңда. Ертең ақиқат мейрамында шаһардан басқа жұртпен бірге сен де тақтық алдына көп, ағыңнан ақтарылып, шын сырыңды айтасың.
ЭЛЕКТРА Мен сонда бар шындықты ел алдында ақтарып салсам қайтер едің?!
ЭГИСТ. Ақиқат мейрамында жұрт ойында не бар болса, жасырмай түгел айтатынын білесің ғой? Мейрамда айтқан сөзі үшін жазаланған кімді көріп едің?
ЭЛЕКТРА. Ол мейрамда ешкім ешқашан шындық айтып көрген емес.
ХРИСОТЕМИДА. Ал сен ше, Электра? Сен неге ең болмаса шындықты айтпадың?
ЭЛЕКТРА. Мен айта бастасам, жұрт құлағын басады. Олар шындықты айтпақ түгілі, тыңдаудан қорқады.
ХРИСОТЕМИДА. Сен тек босқа мылжыңдауды білесің, Электра. Жұрт секілді сен де қорқасың. Шындап келгенде, бәріміздің ішіміздегі ең қорқағымыз сенсің. Біз, ең болмаса, өзіміздің қорқақ екендігімізді мойындаймыз ғой.
ЭЛЕКТРА. Ендігі сөз бос былшыл. Енді тек семсер керек. Қашан Орест келгенше жұмған аузымды ашпаймын. Жыл. сайын мен сендердің мейрамдарыңа қара жамылып көп қорқақ болғасын өзім ләм-мим демей, сендердің судай сапырған өтіріктеріңді тыңдап қайтатынмын.
ЭГИСТ. Адам ретінде, мен сенің неге өшігіп жүргеніңді түсінем. Оған қарсы айтар дауым жоқ. Бірақ, мен адам емес, падишамын. Сондықтан да өз патшалығымда тек тәртіп бұзбайтындарды ғана ұстаймын.
ХОР. Адам ретінде ол бәріне де түсінеді, падиша ретінде басынды алады.
ЭГИСТ. Мен саған әз пікіріңнен айны дей алмаймын. Жек көреді екенсің. көре бер. Менің жүрегімді көкірегімнен әз қолыңмен жұлып алатын күнді аңсай бер. Қартайып, дәуренің еткенше Оресті күт. Ол өз еркің. Ал менің міндетім. Қарауындағылардың тыныштығын қамтамасыз ету. Сондықтан ертеңнен бастап жыл сайынғы ақиқат мейрамында жұрт не істесе, сен де соны істейсің. Менің саған қояр бұдан басқа талабым жоқ.
ЭЛЕКТРА. Мені сонда ақымақ қой деп ойлайсың ба?
ЭГИСТ. Электра, мен сенен қорықпаймын. Мен өз басымның амандығын емес, қарауымдағы жұрттың тыныштығын ойлап тұрмын. Шаһарда жұрттың ойлағанынан ойы бөтен бір адам бар жерде халықтың тыныштығы кетеді.
ЭЛЕКТРА. Мені соншама ақымақ көресің бе?
ЭГИСТ. Өзің маған қандай қауіп төндіре алам деп ойлайсың? Қолымдағы биліктің қорғаны — көк найзалы қалың әскерім бар. Сенен не деп қорқам! Бәрібір өз дегеніме көндірмей тынбаймын. Қайткен күнде де қалада қатаң тәртіп орнатпай болмайды. Сондықтан, Электра, сен менің жолымды көп кес-кестей берме.
ЭЛЕКТРА. Қорықпайтының бар мені неге өлтіріп тастамадың?
ЭГИСТ. Мен сенен көп нәрсе қолқалап тұрғаным жоқ. Маған тек бір-ақ күн құлақ ассаң болғаны. Қалған күндері қалауыңша өмір сүре бер. Сонда саған одан артық не керек?
ЭЛЕКТРА. Сенің ойыңша, падиша, мен тек жайлы жатып, жақсы тұрып, ас ішіп, аяқ босату үшін өмір сүріп жүрген болдым ғой. Жоқ. Маған өмір сүргізіп жүрген еркін жұтқан ауа мен бойымдағы ыстық қан ғана емес. Электра өлсе де, тірілсе де, өз парызын орындаудан басқа ештеңе көксемейді. Өлсем де, дегеніме жетпей қоймаймын.
ЭГИСТ. Арманың әдемі-ақ, аяулым. Бірақ, ауа да су да, нан да, әдемі нәрселер. Бәрін айт та, бірін айт: адамның өзі өлген күні арманының да адыра қалатынын айт. Менің өлгенімді көргісі келетін адам бәрібір көксегеніне жете алмай, арманда кетеді.
ЭЛЕКТРА. Сен өйтіп батырсына берме. Менен бәрібір қорқасың. Өйткені, Электра арада қанша жыл өтсе де бетінен қайтпай, қайсарлықтан айырылса, қадірінен де айырылатынын жақсы біледі. Еркектің тегеурініне бір түсіп шыққан бойжеткеннің енді қайтып қызбын деп бұлдана алмайтыны сияқты, бір рет жалған сөйлеп қойған адам да содан былай өтірік айтпай тұра алмайды.
ХОР. Күнәдан пәк періштем-ай!
ЭЛЕКТРА. Қара жүзді қылмысыңды жұрттың есіне түсіріп, көз түрткі боп жүрген Электрадан құтылғың келмесе, қолыңнан қағатын кім бар, мені өлтір. Тек тәуекелің тұрса, өлтіріп көр. Бірақ, мен өлсем де Электра боп қалатынымды, жұрт менің өлігімді көріп тұрып та, сенің қандықол қылмысың мен өздерінің күнәһарлығын естеріне алатынын сен жақсы білесің ғой. Электраның өз дегенінен тайған жері — өлген жері. Сен менен сөйтіп құтылғың келеді ғой. Жоқ, падиша, саған ондай жақсылық жасай қояр жайым жоқ.
ЭГИСТ. Жарайды. Қайсымыз күшті екенбіз ертең көрерміз. Қайсымыз күшті екенбіз о да белгілі болар Патшаның қызы Электра шошқашының әйелі болғанда қандай болады екен, оны да бір көрейік.
ЭЛЕКТРА. Мен патшаның қызы емеспін, ең алдымен Электрамын. Лотостың да әйелі болмаймын, тек Электра боп қаламын.
ЭГИСТ. Мен сені азаптағалы тұрғаным жоқ. Сендей қиқарларға қинаған сайын күш қосыла беретінін түсінбейтіндей сонша ақымақ емеспін. Мына Хрисотемидалар күллі дүние бұттарының арасында тұрғандай көреді. Ал, мен бұлардың тіпті миына кірмейтін біраз нәрсені түсінемін. Сені кедейлік те, кір-қоқыс та, азап та, жұрттың безінгені де жасытпайтыны рас. Күйеуге шықтың-ақ, басыңдағы еріктен айырыласың. Сені бір мұқатса, тек сол мұқатады.
ХОР. Электра, сені не мұқататынын білдің бе? Сені басыңдағы еріктен айырылу ғана мұқатады.
ЭГИСТ. Бұрын жұрт саған Агамемнонның қызы болғасын ғана назар аударып жүргенін неғып аңғармағанмын десеңші. Сөйтсем, сені патшаның қызы ғой деп сарайдан кірген-шыққаныңда сақшылар ізет көрсетеді екен. Қала араласаң қара халық қақ айырылып жол береді екен. Қанша дегенмен, патшаның қызының аты, патшаның қызы емес пе!
ЭЛЕКТРА. Мен патшаның қызы емеспін, Электрамын. Жұрт қараса патшаның қызына емес, Электраға қарайды. Олардың күтетіні, ақиқат. Ал ақиқат деген, сенің көзіңнің құрығаны.
ЭГИСТ. Көрерміз. Оны сен ертең шошқашыға әйел болғанда білерміз. Бұрын сені көрсе, анадайдан бойларын жинап, тікесінен тік тұратын қала қатындары енді қастарына барын, күйеуінің сауыс-сауыс жейдесін жуып жатқан шошқашының әйеліне қандай құрмет көрсетер екен, көрерміз. Сен бала туғанда, олар бұрынғы әз-әулие тұтып жүрген Электраларының өздері секілді күн сайын күйеуінің астында жанышталып шығатын жәй әншейін төмен етек ұрғашы екенін бір-ақ білер. Лотостың қолтығында келе жатқаныңды көргенде, кеше ғана анадайдан көз тастауға қорқып, бет-бетіне зытып беретін еркектер не деп көкір екен, керең боп қалмасақ, оны да естірміз. Ешкім адам санатына қоспайтын сасық шошқашының өзі-ақ сені масқаралап береді. Электра әулие болса, сонда көрерміз.
ЭЛЕКТРА. Жарайды, падиша, көрсек көрерміз.
ЭГИСТ. Жауап қайтаруға асықпа. Мен мейірімді билеушімін. Әлі де бір түн ойлануыңа мүмкіндік беремін. Қандай тоқтамға келгенің ертеңгі Мейрамда белгілі болар.
ХОР. Патша қызы, қандай тоқтамға келгеніңді ертең Мейрамда көрерміз.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Орест, Хор, Мылқау.
ОРЕСТ. Ұстазым, келетін жерімізге жеттік-ау деймін. (Мылқау үндемейді).
Туғанда қалам есімде қалса керек еді, жадыма бірақ ештеңенің түспей келе жатқаны.
(Мылқау үндемейді).
Әлде ол кезде тым кішкентай болдым ба екен? Жоқ, төрт жаста едім ғой. Есімде неғып ештеңе қалмаған? Расында да, ештеңе қалмапты. Тек сен айтқан әңгімелерге ғана қарап бірдеңелерді шырамытам.
(Мылқау үндемейді).
Әкемді де сенің айтқаның бойынша білетін сияқтымын. Сенің айтуыңша ол батыл да көреген қолбасшы көрінеді; еңгезердей қасқа бас тамақсау кісі болыпты. Бірақ, бұның бәрі жәй әшейін сөз ғой. Онда тұрған не бар? Болашағым туралы ойымда ештеңе қалмағаны таңғаларлық нәрсе екен. Есімде ең бірінші қалған нәрсем он жастағы кезім. Сең менің иығыма қолыңды қойып, сенің атың Федон емес, Орест дегенің. Әкең — Агамемнон патша. Оны Эгист опасыздық жасап өлтіріп, таққа өзі отырды дедің. Сосын тағы да: бүгіннен бастап сені Орест деп атаймын, әйтпесе кім екеніңді ұмытып қалып жүрерсің дедің. Сен өзіңнің кім екеніңді ешқашан ұмытпа, өз халқыңды опасыздан азат етпей тұрып, жаның жай табуға тиісті емес дедің. Мен содан бастап есейе бастадым. Содан бергі нәрсенің бәрі есімде анық сайрап тұр.
(Мылқау үндемейді).
Әрине, әркім көңіліне не ұнаса, соны есінде сақтайды. Біреу шешесінің аймалағанын, біреу алғашқы махаббатын ұмыта алмайды. Ал, менің ұмытпайтыным. өзімнің Орест екенім; ол деген сөз опасыз озбыр сазайын тартуға тиісті екендігі.
(Мылқау үндемейді).
Біз оны алдап соқтық. Ол ақымақ мені күні-түні биші әйелдердің қойнынан шықпайтын, күйіс қайырған сиыр құсап аузы қисаңдап, сағыз шайнағаннан басқа ештеңе білмейтін бір сілекей езу сілімтік көреді. Ондай көрсоқырлықтың ақыры немен тынатынын, аман болсаң, білерсің, падишам.
(Мылқау үндемейді).
Маған не істеу керек сосын? Күні-түні өтірікті соқтым да жүрдім. Эгистің жансыздарын жаңылдыру үшін қайдағы жоқты қардай боратып, ұйқыға жатам, қайдағы-жайдағыны қардай боратып, ұйқыдан тұрам. Тіпті ұйықтап жатып та өтірік сандырақтаймын. Орест екенімді, әлгілердің айтып жүрген адамы екенімді ажыратудан қалдым.
(Мылқау үндемейді).
Әрине, онда тұрған ештеңе жоқ. Тигізетін пәлендей зияны болмаса, өтіріктен қорқатұғын не бар?! Одан көрген зияным шамалы. Өтірікті қарша боратқанмен, титтей де өзгергем жоқ.
(Мылқау үндемейді).
Оны жақсы білетін, ұстазым, тек сен ғанасың. Сайранханада қанша сандалайын мейлі, шарапты қанша судай сапырайын мейлі, жансыздардың жымысқы жүзіне өп-өтірік қанша таңғалайын мейлі, өзімнің Орест екенімді, мойнымда асқар таудай парыз барын ешқашан ұмытқан емеспін.
(Мылқау үндемейді).
Енді мен мынаған таңғаламын. Озбыр билеушілердің полициясы деген де жыландай сумаңдаған зұлым болуға тиісті емес пе еді. Әлде еркіндік жоқ жерде жұрт шетінен миғұла топас боп кете ме екен? Қолымыздағы жалған қағаздардың пәрменімен-ақ жетпеген жеріміз, өтпеген тесігіміз жоқ. Күзеттердің бәрінен аман-сау құтылдық. Енді, көр де тұр, мен сықпыртқан өтірікке Эгистің өзі де имандай сеніп қалатын шығар.
(Мылқау үндемейді).
Сен дұрыс айтыпсың. Өз халқыма қарсы өзім соғыс аша алмайды екем. Қанша озбыр болса да, халық бәрібір өз елін жаудан қорғамай, қол қусырып отыра алмайды. Өйтсем, ертең менің жауынгерлерім өлтірген өрбір боздақты, менің солдаттарым зорлаған әрбір әйелді, менің әскерім өртеген әрбір лашықты бетіме салық қып басар еді. Мен ондай бассыздыққа бара алмадым. Өз еліме тонаушы емес, құтқарушы болып көп тұрмын.
(Мылқау үндемейді).
Қорықпа. Менің жүрегімде кек те, өшпенділік те жоқ. Менің ондай әумесер емес екенімді білесің ғой. Бұл да бір, шахмат та бір. Әуелі ол жүреді, сосын мен жүрем. Тағы да ол жүреді, сосын мен жүрем. Ақыр аяғында барып корольге мат қоям.
ХОР. Шах, шах. Тең ойын. Рокировка. Пат. Мат.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Сіз мұнда кімді іздеп жүрсіз?
ОРЕСТ. Кім біліпті, мүмкін, сені іздеп жүрген шығармын.
ЭЛЕКТРА. Мені дейсіз бе?
ОРЕСТ. Осы күні жұрттың бәрі кезбе боп кетті ғой: біреулер ігіл сүйегімен сауда жасайды, біреулер бөтен өлкенің ғажайып көркін көргісі келеді, ал үшінші біреулер бөтен жұрттың тілін зерттегісі келеді. Енді кейбіреулер өзінен-өзі қашып, басқа мемлекетке кетеді. Ал, мен осы жолға, кім біледі, сені іздеп шыққан шығармын.
ЭЛЕКТРА. Менің кім екенімді білесің бе?
ОРЕСТ. Әрине. Ең әдемі райхан сенсің. Қызарып атқан таң сенсің. Сіздің қаланың ең қымбат қазынасы сенсің.
ЭЛЕКТРА. Ондай көпірме сөзді доғар.
ОРЕСТ. Егер сенің сұлулығыңды басқа бір нәрселерге теңегені ақымақтық болса оған дауым жоқ. Ал енді кісі өзінен басқалардың не дәметіп тұрғанын айтса, оның несі ақымақтық. Қыздар сен сұлу екенсің дегенге қашан қанағат қылған! Олар дәйім көтермелеп айтқан көпірме сөзге құмар ғой!
ЭЛЕКТРА. Сонда сен де көпірмейсің бе?
ОРЕСТ. Онда тұрған не бар? Менің ештеңем кетпейді, ал оның көңілі өсіп қалады.
ЭЛЕКТРА. Өтірік айтқанда да тұрған ештеңе жоқ па?
ОРЕСТ. Ол атымен басқа мәселе. Мен айтсам, сұлу әйелдерге сұлу екендіктерін айтам. Олар мен мақтаған сайын әдемі бола түседі.
ЭЛЕКТРА. Ендеше ондай қошаметіңді басқа біреуге барып айт. Сенің өтірік қолпашыңа оңай сенетіндер осында да толып жатыр.
ОРЕСТ. Ендеше солармен сөйлескенім дұрыс шығар.
ЭЛЕКТРА. Сен өзіңе-өзің риза желөкпе суайтсың!
ОРЕСТ. Шындықты айтқан кісінің көретіні қашанда осы: аузымды ашпай жатып сөз естідім.
ЭЛЕКТРА. Жә, жетер. Бұл көкімең іш пыстырып жіберді.
ХОР. Бұларын қалай түсіндік? Ренжіскендері ме, жоқ ризаласқандары ма? Бәлкім, адамдар ризаласып ренжісіп, ренжісіп ризаласатын шығар?
ОРЕСТ. Сен мені көріп тұрғаныңа бес минут те болған жоқ. Сол екі ортада мен туралы қорытынды шығарып та қойдың. Бұның ұшқарылық болмас па екен?
ЭЛЕКТРА. Мен жыланның көзін бір түскеннен-ақ, жылан екенін біле қоям.
ОРЕСТ. Қошеметіңізге рахмет. Бірақ, жыланды қалай да өз төріңді өзің сынар деп зорлап жатқан адам жоқ. Ал, адам пақыр заманына қарай амалы деп азғантай ғұмырында мың бір бұлтаққа түсуге мәжбүр ғой?
ЭЛЕКТРА. Бұл айтып тұрғаның шын сырың ба?
ОРЕСТ. Жоға, әншейін былшыл әңгіме. Бұ заманда қыздарды бос сөзден басқа немен алдарқатасың?
ЭЛЕКТРА. Ондай бос сөзге ең алдымен өзіңнің зауқың соқпай тұрса қайтер едің?
ОРЕСТ. Мына сөзіңнің жаны бар сияқты.
ЭЛЕКТРА. Мылжың ғана емес, ақымақ та екенсің.
ОРЕСТ. Жұртты қалай тез біліп қоясың. Ал менің сен туралы бар біліп үлгергенім — сұлулығың.
ЭЛЕКТРА. Ондай қысыр әңгімені қысқартқаныңыз жөн болар. Жоқ, ешкім маған ешқашан сұлусың деп айтқан емес.
ОРЕСТ. Шамасы, жұрт сұлулығыңды айта-айта мезі қылған-ау!
ЭЛЕКТРА. Жоқ, ешкім маған ешқашан сұлусың деп айтқан емес.
ОРЕСТ. Өйтіп, өтірік мүсәпірсімеңіз.
ЭЛЕКТРА. Мен ешқашан өтірік айтып көрген емеспін.
ХОР. Бұл айтқаны ақиқат. Электра ешқашан өтірік айтын көрген емес. Оның басындағы ең үлкен кемшілік те сол.
ОРЕСТ. Апырай, сонда бұл қалада өңшең көрсоқырлар немесе сұлу әйелдің көркіне көздері түсе бермейтін өңшең қақбас кәрілер ғана қалғаны ма?
ЭЛЕКТРА. Өйтіп арамтер болмай-ақ қой. Ажарсыз екенімді сенсіз де білем.
ОРЕСТ. Міне, көрдің ғой, шынымды ашып ем, сенбей қойдың. Мен, бәлкім, мұнда ойымда не барын ақыры бір ашып айту үшін келген шығармын.
ЭЛЕКТРА. Ол үшін ел асып, жер асып сапар шегу керек болғаны ма?
ОРЕСТ. Бойжеткен, сен мен туралы не білесің?
ЭЛЕКТРА. Мен сені көріп тұрмын.
ОРЕСТ. Ендеше, сен жайраңпаздың сауықтан соң өз күркесіне барып, кісі күлдіретін кержік мұрнын сыпырып тастап, айнадағы шын дидарына қарағаның көргенің бар ма?
ЭЛЕКТРА. Жайраңпаз бетпердесін сыпырып тастағанмен, айнадан бәрібір жайраңпазды көреді.
ОРЕСТ. Сен өзіңді сол жайраңпаз сезініп көрген кезің болды ма?
ЭЛЕКТРА. Ал, сен ше?
ОРЕСТ. Көрдім десем сенер ме едің?
ЭЛЕКТРА. Сені түсінбей тұрмын.
ОРЕСТ. Ендеше, мен бәлкім, осы жолға, бір сұлу бойжеткенді жолықтырып, оған сұлу екенін айтын, соған көзін жеткізу үшін шыққан шығармын.
ЭЛЕКТРА. Қызық адам екенсің!..
ОРЕСТ. Неге олай дейсіз. Мен қандай болсам сондаймын. Ал, егер мен өз болмысымнан басқаша боп көрінгім келсе тек сонда ғана таңғалуға болар еді.
ЭЛЕКТРА. Бұрын жұрттық жалған сөйлеп тұрғанын бірден біле қоюшы едім. Қазір аңғара алмай тұрғаным.
ОРЕСТ. Ендеше, бұдан былай өтірік айта бастағанымда саған алдын ала ескертіп қоярмын.
ЭЛЕКТРА. Сен өйтіп қылжақ қылма.
ОРЕСТ. Қалжыңды сүйетінім рас. Бірақ, осы қазір ешқандай қалжыңсыз айтып тұрмын.
ЭЛЕКТРА. Сен өзің кімсің, түсінсем бұйырмасын.
ОРЕСТ. Кім екенімде тұрған не бар? Тағдыр дегенге жазса, ол сауалыңның да жауабын ертелі-кеш бір біле жатарсың.
ЭЛЕКТРА. Сен мұндай сылдыр сөзіңмен қанша қыздың құлағын сарсыттың екен?
ОРЕСТ. Мұндай сөзді әзір ешкімге айта қойғам жоқ. Бірақ, айтқан күнде де онда тұрған ештеңе жоқ. Ал, қазір мына сенімен сөйлескенде, неге екенін білмеймін, әр сөзімнің айырықша мағынаға ие боп тұрғаны.
ЭЛЕКТРА. Бәрін айт та бірін айт, сендей жігіттің мұншалық суайт болғаны қандай өкінішті.
ОРЕСТ. Маған осынша сенбеуің қалай?
ЭЛЕКТРА. Саған неге сенуім керек?
ОРЕСТ. Ішіңді пыстырсам, қайтейін?
ЭЛЕКТРА. Оны өзің біл.
ОРЕСТ. Ал, мен сенің қасыңда қалғым кеп тұр. Сен білесің бе?
ЭЛЕКТРА. Ендеше, кеткенің дұрыс. Сенсіз де бір басыма шырғалаң жеткілікті.
ОРЕСТ. Ол неғылған шырғалаң?
ЭЛЕКТРА. Менің басымдағы тауқыметте сенің шаруаң қанша?
ОРЕСТ. Жоқ, шаруам бар.
ЭЛЕКТРА. Тауқыметті кісі бөле жарыспайды. Басыма түскенге, не де болса, бір өзім шыдап бағам.
ОРЕСТ. Жоқ, ол тауқыметті менімен бірге бөліс, саған жеңіл болады.
ЭЛЕКТРА. Өйтіп жеңіл өмір іздеп жүрген жоқпын.
ОРЕСТ. Қалай ойлайсың: осы жұртпен бөліскен тауқыметің азайын, жұртпен бөліскен қуаныштың көбейе түсетіні несі екен.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сол көл-көсір қуанышыңды бөлісетін басқа бір бойжеткен тауып ал.
ОРЕСТ. Бірақ, маған тек сен керексің ғой?!
ЭЛЕКТРА. Ендеше қателесіпсің. Сенімен бөлісер ешқандай қуанышым жоқ. Мен тек қасірет тарту үшін жаралған жанмын.
ОРЕСТ. Олай деп жүрген кім? Бұған қалай сенесің?
ЭЛЕКТРА. Бұл жалғанда менің қасіретімді бірге бөлісер бір-ақ адам бар.
ОРЕСТ. Ол, бірақ, мен емес шығармын.
ЭЛЕКТРА. Өкінішті-ақ. Бірақ, сен емессің.
ОРЕСТ. Сен оны жақсы көресің бе?
ЭЛЕКТРА. Жақсы көргенде қандай! Ол мен үшін күннің нұры, бойымдағы барша жасты қуып шығатын тау бұлағы. Жаңа туған ай.
ОРЕСТ. Менің түсіме де кейде махаббат енеді... Бірақ, сол көрген түсімді ауызбен жеткізе алмаймын. Түсіме қайдағы бір самсаған теректер... арғы жағасына адам жетіп болмас асау өзен кіреді. Әйтеуір бар білетінім махаббат туралы түс көру — құдайдың бір рахаты.
ЭЛЕКТРА. Махаббатты рахат дейсің бе? Ол тек рахат қана ма екен?
ОРЕСТ. Енді не?
ЭЛЕКТРА. Меніңше, ол тек рахат қана емес азап та, ажал да. Ең тамаша ажал сол. Мен міне өз-өзімнен суалып, өлімге бет алдым, бірақ әлі тірі жүрмін.
ХОР. Пәлі, Электра, сен махаббат аңсайды екенсің ғой!
ОРЕСТ. Ғашығың аймаласа да, суала түсесің бе?
ЭЛЕКТРА. Менің ғашығым жоқ.
ОРЕСТ. Ендеше, әлгі жақсы көретінің кім?
ЭЛЕКТРА. Мен жалғыз ағамды айтып тұрмын.
ОРЕСТ. Рас айтасың ба?
ЭЛЕКТРА. Мен ешқашан өтірік айтпайтынымды айтпадым ба?
ОРЕСТ. Міне, қызық! Міне, тамаша! Мен сені көргенде қатты қуанғанмын, артынан бірдеңеге көңілім бұзылды. Енді міне, қайтадан қуанышым қойныма сыймай тұр.
ЭЛЕКТРА. Шын айтасың ба?
ОРЕСТ. Енді саған ешқашан өтірік ештеңе айтпаймын.
ХОР. Жаңағы айтқанын жадыңда сақта. Бұл адамнан бұдан асқан қошамет ести алмайсың.
ЭЛЕКТРА. Сен өзің қызық жігітсің.
ХОР. Сендер екеуің де қызық адамсыңдар.
ЭЛЕКТРА. Мен бірдеңе туралы айтсам, тыңдар ма едің?
ОРЕСТ. Айт, сүйіктім.
ЭЛЕКТРА. Осы қалада менімен құрдас бір қыз бар. Оны өзі жек көретін бір адамға зорлап ұзатқалы жатыр.
ОРЕСТ. Жек көрсе неге барады?
ЭЛЕКТРА. Ол қыз күйеуге шықса да құриды, шықпаса да құриды.
ОРЕСТ. Түсіне алмадым.
ОРЕСТ. Түсінсем бұйырмасын.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау, күзет бастығы.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Сендер мұнда неғып тұрсыңдар?
ОРЕСТ. Бізді айтасың ба?
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Сендерге айтпай, кімге айтып тұр деп ең?
ОРЕСТ. Біз мұнда екеу емес, үшеуміз ғой. Қайсымызға айтқаныңды қайдан білейік.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Сен өйтіп қылжақтама. Менің қылжақбастарды көкелеріне көрістіре қоятыным бар.
ОРЕСТ. Қызық халық. Мына шаһарда қалжың түсінетін бір адам көрсем көзім шықсын.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Менің сұрағымды естідің ғой?
ОРЕСТ. Жарайды, қоқаңдай берме. Маған Эгаст патша керек. Әкелген маңызды хабарым бар.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Сен өзің кімсің? Документтерің бар ма?
ОРЕСТ. Бар болғанда қандай.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Ендеше алдыма түс.
Музыка.
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Орест, Эгаст, Хор, Мылқау, күзет бастығы.
ОРЕСТ. Армысыз, падиша?
ЭГИСТ. Менің падиша екенімді қайдан білдің?
ОРЕСТ. Оның білмейтіндей несі бар. Ең алдымен, қаладағы ең сән-салтанаты асқан сарай падишаныкі болмағанда, кімдікі болады деп ойладық. Екіншіден, омырауын толтыра орден қадап тастаған мына еркек тап үй сыпырушы бола қоймас деп ойладық. Үшіншіден, мына бір кердеңдеген еркекке патшаға бастап бар дегенбіз. Осының бәрінен келіп шығатын қорытынды дәу де болса Эгист шығарсың.
ЭГИСТ. Тал бойында сүйреңдеген тіліңнен басқа тағы бір қасиет болса, сен өзі болайын деп тұрған жігіт екенсің. Дұрыстап іштің бе өзің?
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Ол сізге маңызды хабар әкелдім деді, мәртебелі тақсыр.
ЭГИСТ. Сүй деді деп, тінтімедің бе? О тоба, бұ қалада менен басқа ешкім шөп басын сындырғысы келмейді. Бол, неғып тұрсың! Шетелдік жігіт, айып ете көрмеңіз!..
ОРЕСТ. Сенің орнында болсам, мен де сүйткен болар ем.
ЭГИСТ. Жас ұлан, сен маған әзір ұнап тұрсың. Ал, арты қалай боларын әкелген хабарыңды айтқанда білерміз.
ОРЕСТ. Мен жаман хабар әкелетін миғұла ғой деп пе едің. Түс жоритын кітаптың айтуынша, патшаға жаман хабар әкелудің арты ауыртпалық деп жазылған ғой.
ЭГИСТ. Ендеше, құлағым сенде.
ОРЕСТ. Мен әкелген хабар сенің құлағыңа жағатын хабар. Жүрегің жарыла қуанатыныңа имандай сенем.
ЭГИСТ. Осынша ақылды бола тұрып, патшаны аңтарылтып қоюдың арты өз басыңа қауіп екенін неғып білмейсің.
ОРЕСТ. Ендеше айтайын: Орест марқұм боп кетті.
ЭГИСТ. Не дейсің?
ОРЕСТ. Не дегенімді естідің ғой: Орест марқұм боп кетті.
ЭГИСТ. Оны анық білесің бе?
ОРЕСТ. Көз алдымда көз жұмды. Мүрдесін өртегенде отты өзім жақтым.
ЭГИСТ. Сүйтіп марқұм боп кетті де. Кісі қолынан қаза тапты ма?
ОРЕСТ. Тірі шыбынға қиянаты жоқ адам еді. Оған кім өшіге қойсын. Өзі менің ең жақын досым, адал жолдасым еді.
ЭГИСТ. Ендеше, сен бұл хабарға мені неге қуанады деп ойлайсың?
ОРЕСТ. Ол көз жұмып бара жатып: Эгист патшаға айт, енді ол ештеңеден қорықпайтын болды деп еді.
ЭГИСТ. Ол сонда менен қорқатын еді дегені ме?
ОРЕСТ. Оның және де айтқаны: Эгист менен қауіптенбесе де болатын еді деді. Сұлу қыздардың құшағындағы өмір тәж киген өмірден мың есе артық екен, жүйрік жылқының тізгінін ұстау ел тізгінін ұстаудан әлдеқайда көңілді екен деді.
ЭГИСТ. Қалай өліп жүр өзі?
ОРЕСТ. Ипподромда. Жасыратын несі бар. Байғұстық бір күн басы айығып жүрмейтін еді ғой. Таң алдында бір бикешпен төсекте жатқан екен. Сол ұйқысы қанбаған күйі ипподромға көп, делбеге жармасқаны. Байғұстық есіл-дерті ат еді ғой. Ипподромның патшазадасы сол-тұғын. Сабаз өле-өлгенше ат жақсы ма, шарап жақсы ма — әйел жақсы ма сол үшеуінің айырмасын біле алмай өтті.
ЭГИСТ. Бейшараның ойын қарашы. Одан шайтаным да шошымайтынын қайдан білсін!
ОРЕСТ. Бірақ, өзі сіз сүйтіп ойлай ма деп ішінен қуыстанатын шығар.
ЭГИСТ. Егер, Эгистің менен қорқатынын білсем, мен де қуыстанған болар ем. Ал, балақай, сен, шынында да, сый тартуға лайық екенсің.
ОРЕСТ. Өзім де солаймын ғой деп ойлаймын.
ЭГИСТ. Шын айтасың ба?
ОРЕСТ. Шын айтпағанда ше? Жол әрі ұзақ кедір-бұдыр жайсыз боп шықты. Бекеттердің де берекесі кеткен екен. Бірақ, мұндай алыс жолға аттануыма себеп болған нәрсе де тап онша оңай емес-тұғын.
ЭГИСТ. Маған осы ағынан жарылған адалдығың ұнайды.
ОРЕСТ. Жұрт саған жасырмай шындықты айтады деседі ғой.
ЭГИСТ. Халық айтса қалп айтпайды демей ме?
ОРЕСТ. Менің сенен жалғыз-ақ өтінішім бар — сарайыңда қалғым келеді.
ЭГИСТ. Өзің бұны оңай қолқа деп есептейсің бе? Мен қасымда жат елдің адамы болғаннан жек көретін нәрсем жоқ. Біздің қалада қалуға сонша неге құмар болдың?
ОРЕСТ. Жаңсақ түсініп қалып жүрме. Сенің сарайыңның сән салтанаты мен қолыңдағы билікке қызығып тұрған жоқпын. Жұрттық айтуынша, сіздің қаланың әйелдеріндей сұлу әйелдер басқа ешқайда таптырмайтын көрінеді.
ЭГИСТ. Мен ол жағынан шорқақтаумын. Орест байғұс әйелдердің соңына түсерін, не ат баптаудың жолына түсерін біле алмай дәндәнай жүргенде, марқұм боп кетті деп жаңа өзің айтпадың ба? Ал, мен өз қалауымды әлдеқашан тапқан адаммын. Соның арқасында, міне, патша болып тақта отырмын.
ОРЕСТ. Ендеше, мына жауынгерден сұрасаң қайтеді. Әдетте екі нәрсеге қаруды қалай ұстап-күту мен әйелдердің бөксе жағына солдаттардан асқан жетік кісі болмайтын.
ЭГИСТ. Менің солдаттарым сол әйелдердің бөксе жағынан басқа ештеңе білмей ме деп қорқам. Ал, кәні айта ғой.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Тақсыр ием, мынау жат елдік біздің жай-жапсарымызды түгел біліп алған. Сіздің қол астыңызда жақсы емес нәрсе бар ма, тәйірі! Дүние жүзіндегі ең адал, ең сенімді бағыныштылар сіздің қол астыңызда. Дүние жүзіндегі өз өмірлеріне өлердей риза халық сіздің қол астыңызда. Өйткені, қой үстіне боз торғай жұмыртқалап тұрған мұндай рахат дәурен басқа еш жерде жоқ. Ендеше, дүние жүзіндегі ең сұлу әйелдер осында болмағанда қайда болады!
ОРЕСТ. Сырымды түгел айтсам: әзір маған өз қалама қайтпай тұра тұрғаным дұрыс болар еді.
ЭГИСТ. Бірдеңе істеп қойып па едің?
ОРЕСТ. Істеп қойсаң арманың не? Бәрінен де құр бекерге шөре-шөре болғаның жаман екен. Бір сұлу қолымнан жетектеп апарын шіркеуге некемізді қиғыз деп талақтай жабысып, қыр соңымнан қалмай жүргені. Құдай куә, менің оған титтей де зауқым жоқ.
ЭГИСТ. Ендеше, қыр соңыңнан қалмай жүрген қырсық әйелден құтқаратын бас сауға сұраймын де.
ОРЕСТ. Солай десеңіз солай-ақ болсын.
ЭГИСТ. Інішегім, өзің ғашық боп көрдің бе, сірә?
ОРЕСТ. Маған айтасың ба? Ойбай-ау, онан да ғашық болмай жүретін күнің бар ма деп сұрасайшы. Көгершін төс, көркем балтыр көрсем болғаны, есімнен танып, ғашық боп құлап түсем. Құдай солай жаратқасын, амалың қайсы!
ЭГИСТ. Жоға, менің білгім көп тұрғаным ол емес. Сұлу балтырлардың төсекке сүйрелейтіні кім-кімге де белгілі. Ол түсінікті. Бірақ, әлгі ғашықтық деген пәле басқа нәрсе деседі ғой. Ол адамды ақыл-есінен айыратын көрінеді.
ОРЕСТ. Падиша, махаббат деген тәтті нәрсе, артынан дәмі аузыңнан кетпей, тамсанасың да жүресің.
ЭГИСТ. Ендеше, мен сол ғашықтардан айырықша сезіктенем. Олардан шықпайтын пәле жоқ. Ғашықтық жолында жандарын пидаға шалуға бар. Заң атаулыны белшеден басып, бір-ақ аттап етеді.
ОРЕСТ. Міне, ғажап!
ЭГИСТ. Мен қол астымдағы бағыныштыларым бақытты болса екен деймін. Олардың тынышын қашыратын нәрсенің ешқайсысына жол бергім келмейді. Ал, кез-келген өзгерістің соңынан ере келер кесір аз ба! Шын бақытты адам дегеніміз, таңертең ұйқыдан тұрғанда, бүгін алдында не күтіп тұрғанын, тіпті, қажет десеңіз, бұдан жиырма жылдан кейін алдында не күтіп тұрғанын анық білегін адам.
ХОР. Халайық, естеріңде болсын: кез-келген өзгеріс-кесапат. Егер бақылы болғыларыңыз келсе, осыны ұмытпаңыз. Падишамыз, қандай кемеңгер едіңіз!
ЭГИСТ. Мен, көсем билеушімін. Барлық нәрсенің негізі — тәртіп. Жұрт не істеуге болатынын, не істеуге болмайтынын жақсы білуге тиісті. Сонда олар істеуге болатын нәрсенің бәрі олар үшін пайда, ал істеуге болмайтын нәрсенің бәрі олар үшін қып-қызыл зиян екенін мықтап ұғатын болады.
ХОР. Тағы да бір тамаша дәріс, дұрыстап ден қойып тыңдап алыңыздар. Халайық, сендерге не істеу керек болатын болса, оның бәрі қып-қызыл пайдаларыңыз, ал не істемеу керек болатын болса, оның бәрі қып-қызыл зияндарыңыз. Тек сен екі арасын шатастырып ала көрмеңіздер. Онда су түбіне шым батқандарыңыз.
ЭГИСТ. Ғашықтарды ұнатпаймын. Олардың қолынан келмейтін пәле жоқ. Олар тіпті тәртіп екеш тәртіпті де белден басып кете барады.
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Тақсыр ием, ендеше, абыржымасаңыз да болады. Сіз махаббатқа тыйым салғалы бері, бұл қалада ғашықтардың көзін біржола құртқанбыз. Ең соңғы екеуін жақында ғана кескілеп өлтірдік.
ОРЕСТ. Уа, кемеңгер билеуші.
ЭГИСТ. Ертең ақиқат мейрамына кел. Қол астымдағы халықтың маған қаншалықты риза екенін өз көзіңмен көресің.
ОРЕСТ. Мен ол мейрамды да естігем.
ЭГИСТ. Ендеше тіптен жақсы. Мұндай нәрсені бұрын-соңды көрмеген шығарсың. Темірдей тәртіптің адамдарды қандай бақытқа бөлейтіне одан артық айғақ табу мүмкін емес. Олардың темірдей тәртіпті мадақтаудан басқа ештеңеге құлқы соқпайды.
ОРЕСТ. Ендеше, бұл шынында да, көз көріп, құлақ естімеген нәрсе екен.
ЭГИСТ. Көрдің ғой, жігітім, менің өз қолымдағы өкіметке сенімім сонша, тіпті ақиқаттан да қорықпаймын. Ақиқат деген менің қолымдағы билік.
ОРЕСТ. Сен өзіңе сенесің бе, жоқ қол астыңдағы халыққа сенесің бе?
ЭГИСТ. Билеушінің тек өзіне ғана сенетініне есейе келе өзің де түсінерсің, жігітім.
ОРЕСТ. Ендеше, мен сенен рахым дәмете алам ғой?
ЭГИСТ. Маған қызмет еткен адамдардың бәрі де менің рахымымнан дәмете алады.
ОРЕСТ. Сіздің ордаңызда қала алам ба?
ЭГИСТ. Маған қызмет еткен кісінің бәрі де менің рахымымнан дәмете алады деп жаңа ғана айтпадым ба, жігітім.
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Орест, Эгист, Клитемнестра, Хор, Мылқау, күзет бастығы.
КЛИТЕМНЕСТРА. Қайырлы кеш, сүйіктім. Көрмегеніме бірер сағат болып еді, сені сағынып отыра алмадым.
ЭГИСТ. Қателескен екенсің, сақшы жігіт. Бұл қалада ғашықтар әлі де бар боп шықты ғой. Естисің бе, мына ханым не дейді?! Бірақ, оған кешірімді. Өйткені, ол патшаны сүйеді.
ОРЕСТ. Сен Клитемнестрамысың?
КЛИТЕМНЕСТРА. Мен Клигемнестрамын. Эгисті сүйіп, барша мұратына жеткен бақытты Клитемнестра мен боламын. Ал, сен өзің, кім болдың, жас жігіт?
ОРЕСТ. Мен патшаға хабар әкелдім. Оның сізге де қатысы бар.
КЛИТЕМНЕСТРА. Жақсы хабар ма?
ОРЕСТ. Эгаст үшін жақсы хабар. Ал сен үшін қандай болатынын қайдан білейін!
КЛИТЕМНЕСТРА. Эгист үшін жақсы хабар мен үшін де жақсы хабар.
ОРЕСТ. Ендеше, ұлың өлді.
КЛИТЕМНЕСТРА. Кім өлді дейсің?
ОРЕСТ. Орест, ханым.
КЛИТЕМНЕСТРА. Орест, менің ұлым. Менің балақайым өлді дейсің бе? Жалған шығар.
ОРЕСТ. Жоқ, шын.
КЛИТЕМНЕСТРА. Орест өлді дейді. Мұнысы рас па, сүйіктім?
ЭГИСТ. Рас сияқты.
КЛИТЕМНЕСТРА. Менің балақайым өлді де. Сен де рас десең рас болғаны ғой.
ОРЕСТ. Көз жұмар алдында маған саған барып ақтық рет кешірім өтін деді. Анама айт, мен оны өмірбақи сүйіп өттім, кеудемнен итеріп жат өлкеге қуып тастаса да, оның баяғыда бала кезімде бетімнен сүйген жұп-жұмсақ ернін ұмытқам жоқ деді сыбырлап. Сүй деді де, бейшара үзіліп жүре берді.
ХОР. Көзіңе жас келтіретін әңгіме екен.
КЛИТЕМНЕСТРА. Мен бе кеудеден итерген. Мен бе жат өлкеге қудырған. Жоқ, әлгі Агамемнонның оңбаған достары ғой менің көзіме көрсетпес үшін ұрлап әкеткен.
ОРЕСТ. Өміріме қауіп төнбесін деп ұрлап әкетті деп Орест айтушы еді.
ЭГИСТ. Патша өлгенде дүниенің асты үстіне келетінін сен әлі білмейсің ғой. Ондай кезде бастан айырылудан оңай нәрсе жоқ.
КЛИТЕМНЕСТРА. Бейшара балақайым-ау, ғұмырың тым келте болды-ау.
ОРЕСТ. Ол төрт жасында-ақ марқұм боп кетуі мүмкін еді, одан бері он бес жыл өмір сүргеніне шүкіршілік деңіз.
КЛИТЕМНЕСТРА. Тірі жүруін жүрді-ау. Бірақ, өмірі өмір болмапты. Кабактан шықпай, жезөкшеден жезөкше қоймай, Агамемноннан қалған дәулетті картаға ұтқызған далбаса тірліктің несі өмір?
ЭГИСТ. Берген құдай өзі алады. Ендігінің бәрі артық әңгіме. Болары болын, бояуы сіңіп қойған нәрсеге бола бас ауыртып қайтесің.
ХОР. Бір данышпан айтты ғой: ойлансаң өзгертіп болмайтын нәрсе туралы ойлан деп. Әрине, оның да даңғазамен данышпан атанып кеткен ақымақ біреу болуы әбден мүмкін-ау!
ЭГИСТ. Жігіт, сені ертең Мейрамға келеді деп күтетінімді ұмытпа.
ОРЕСТ. Келем. Оған кәміл сеніңіз.
СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Орест, Хор, Мылқау.
ОРЕСТ. Бүйтіп шеше болғаныңа. Мұндай шешеден гөрі ін түбіндегі ұрғашы аюдың өзі ғанибет шығар.
(Мылқау үндемейді).
Мен оны тек мынау жарық дүниеге әкелгені үшін ғана жақсы көруге тиіспін бе?
(Мылқау үндемейді).
Менің анам мені туған әлгі әйел ме, жоқ бағып-қағып өсірген мына сенсің бе? Оны бір құдайдың өзі білсін, ол әйел мені өз тәнінен жаратты, ал сен сол қызыл шақадан мені, Орест жасап шығардың.
(Мылқау үндемейді).
ОРЕСТ. Жұрт біліп айтса, ол біздің достарымыздың мені сарайдан аман-есен алын шығуына қол ұшын берші. Бірақ, Эгаст мені сонда шырылдатып жендеттің қолына ұстатса да, беті бүлк етпей тұра берер еді деседі.
(Мылқау үндемейді).
Жә, соны сөз қып қайтем. Менің ең басты шаруам әлгі шоң желке озбырдың сазайын тартқызу ғой!
(Мылқау үндемейді).
Мен өзім соған ұқсас емеспін бе? Ол да мүмкін. Біреуге өтірік айтқанда, әрдайым сол адамға ұқсап тұратын сияқтымын.
(Мылқау үндемейді).
Өмірде өзімді өзім тап мұндай жек көріп көргем жоқ. Осының бәрі қажытып бітті әбден. Неге олай екеніне өзім де түсінбеймін.
(Мылқау үндемейді).
Бүйтіп жасырынбақ ойнағанша, кім екенімді алдына жарқыратып жайып салу қандай оңай болар еді...
Шіркін, дүниеде шындықты айтқаннан оңай нәрсе бар ма екен, сірә. Әрине, жоқ. Бірақ, мен де бұл бұлтаққа әбден төселіп алыппын, солай емес пе?
(Мылқау үндемейді).
ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Қара жер мені бүйтіп тірі қойғанша, құшағыңа алсайшы. Жарық күн, көзіме күйік болмай, неге қараң қалмайсың. Бүйтіп тәлкек болғанша, мына тән неге құрт-құмырсқаға жем болмайды! Қолаң шашым жидіп түсіп, сүйегім шіріп, неге ғана топыраққа айналып құрып кетпеймін?!
ОРЕСТ. Саған не болған?
ЭЛЕКТРА. Жоғал көзімнен!
ОРЕСТ. Құдай үшін, саған не болған?
ЭЛЕКТРА. Көзімнен құры деп айтпадым ба?
ОРЕСТ. Сонша кәрленетіндей саған не жаздым?
ЭЛЕКТРА. Ендеше, маған дұрыстап қарап ал, қанішер. Не істегеніңді көрдің бе: мана көргеніңде уыздай бойжеткен едім ғой, енді, міне, тірі аруақпын!
ОРЕСТ. Мана мен көргенде көрерге көз керек көрікті едің, қазір одан да асқан сұлусың.
ЭЛЕКТРА. Неден жазып қалдым дейсің бе? Енді менің өмірім өңшең егеуқұйрық пен жылан толы қараңғы көрге айналды.
ОРЕСТ. Түсінсем бұйырмасын.
ЭЛЕКТРА. Мен бұрын бақытты едім. Өйткені, не үшін азап шегіп жүргенімді білетін едім. Ал қазір мен де өзгелер секілді не үшін екенін өзім де анық білмей азап шегетін болдым.
ХОР. Басқалар секілді не үшін екенін өзі де білмей азап шегетін бопты.
ОРЕСТ. Түсіне алмадым.
ЭЛЕКТРА. Орест өлді деп хабар әкелген сен емессің бе?
ОРЕСТ. Ә, соған бола ма?
ЭЛЕКТРА. Оның танданатын несі бар, есуас! Болат араның аузына түсіп көктей қираған бәйтеректен сұрашы: неге қайғырады екен? Перзентін жендеттер өлтірген анадан сұрашы: неге жылайды екен? Бұлт басқан күн көзінен сұрашы: неге тұнжырайды екен?
ОРЕСТ. Апырау, Орестің аты-жөнін білетін адам мұнда да бар ма еді? Оны да ойланатын жанның мұнда да болғаны ма?
ЭЛЕКТРА. Шіркін, мен өзге жұртқа ұқсап жылай алсам ғой. Жаныма қайғы қанша батса да, көзіме жас келмейді.
ОРЕСТ. Шіркін-ай, ол оңаша бөлмеде шырағданның жарығына телміре қарап, жер-көкке симай аласұрғанда, дүниеде бір өзінен басқа жанның бәрінен баз кешіп түгел түңілген сәттеріңде өзінің жалғыз емес екенін білсе ғой.
ЭЛЕКТРА. Орест, күнім-ау, маған бұл не істегенің? Сонда бұдан былай мұнараның басына шығып, көз талғанша жолыңа қарай алмайтын болғаным ба? Жанымды азапқа сап қыспаққа алған қас дұшпанның алдында бұдан былай: тоқта, бәлем, Орест келіп, сазайыңды тартқызар деп сазара қарап тұра алмайтын болғаным ба?
ОРЕСТ. Сен кімсің өзің? Оны неге мұнша сарылып күттің?
ЭЛЕКТРА. Мен шындықты күттім.
ОРЕСТ. Сен Орестің кім болғанын білуші ме ең? Ол туралы ешкім айтпады ма?
ЭЛЕКГРА. Жұрттың айтқанының бәрі өтірік. Жұрт секілді сен де өтірікті соғып тұрсың?
ОРЕСТ. Оның шарапханадан шарапхана тастамай, қыз қуалап, тапқанын қартаға ұтқызып, жын-ойнақпен өткенін білмеуші ме ең?
ЭЛЕКТРА. Өтірік. Орестің кім болғанын білетін жалғыз менмін.
ОРЕСТ. Сен бе? Сен бе білетін?
ЭЛЕКТРА. Орест, ол ізгілік пен ерлік, қайрат пен махаббат.
ОРЕСТ. Сен өзің не деп тұрсың?
ЭЛЕКТРА. Ах, Орест, сен кім екеніңді жан баласы білмей тұрып бұл дүниеден өте шықтың. Сенің қандай сұлу, қандай ізгі адам екеніңді ешкім білмей қалды, мына шаһардың маңдайындағы арылмаған бес батпан сор шығар.
ОРЕСТ. Оны бүкіл шаһар күтіп пе еді?
ЭЛЕКТРА. Мен күткем, ол саған аз боп тұр ма?
ОРЕСТ. Ол мұныңды білсе ғой!
ЭЛЕКТРА. Бұл қала түгел шіріп бітті. Көшені бекер тазалайды, кір-қоқыс бұрынғыдан бетер көбейе түспесе, азаяр емес. Каналдардағы су емес өтірік қабырғалардан сыз емес зұлымдықтың исі аңқиды. Олар нәресте екеш нәрестелерді улап бағуда. Адамдар қалай тірідей шіріп бара жатқандарын өздері аңғармайды.
ХОР. Адамдар қалай тірідей шіріп бара жатқандарын өздері аңғармайды.
ЭЛЕКТРА. Енді маған қара пышаққа қарпылып өлгеннен басқа не қалды?!
ОРЕСТ. Сүйіктім-ау...
ЭЛЕКТРА. Өзгелер құсап күннен күнге шашым өскенге тірі екенмін деп қайтып өзімді өзім алдай алам!
ОРЕСТ. Қалқатайым!
ЭЛЕКТРА. Мен тірілей шіріп жүре алмаймын. Арам ішіп сасық жұта алмаймын. Құрсақта жатып біткен шажырқай шараналарға ана болғым келмейді!..
ОРЕСТ. Сәулешім менің!
ЭЛЕКТРА. Ұстараның жүзінен басқа құтқарушым қалмапты.
ОРЕСТ. Ендеше мені тыңда. Ден қойып тыңда. Мен Оресті білуші едім. Жұрттың ол туралы айтып жүргенінің бәрі өтірік. Құдай атымен ант етем, ол тек бір ғана сен үшін, мынау өзі туған шаһарға оралу үшін өмір сүрді.
ЭЛЕКТРА. Рас айтасың ба?
ОРЕСТ. Егер ол оны жұрттың осынша күтетінін білсе ғой. Ең болмаса бір тірі пенденің, өзін шексіз сүйетін жанның мұншалықты сарғая күтіп жүргенін білсе ғой.
ЭЛЕКТРА. Сен оған ғашық кісі құсап сөйлеп тұрсың ғой.
ОРЕСТ. Ол менің жандай досым-тұғын.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сен оңбаған әлгіндей хабарды аузың барып қайтып айттың?
ОРЕСТ. Мен Орестің бұйрығын орындадым.
ЭЛЕКТРА. Сен не көкіп тұрсың?
ОРЕСТ. Сәулешім, Орест мерт болған, мен соның орнына келдім.
ЭЛЕКТРА. Орнына келгені қалай?
ОРЕСТ. Сен өзің көрмеген бір адамды күткен жоқ па едің. Ендеше, сол өзің көрмеген адамың мен болам. Егер күткенің рас болса?
ЭЛЕКТРА. Мен құтқарушымды күттім.
ОРЕСТ. Ендеше, сол құтқарушың да мен болам.
ЭЛЕКТРА. Сен бе?
ОРЕСТ. Ия, мен болсам қайтер ең?
ЭЛЕКТРА. Сарайдың едені айғыз-айғыз қан, үйлердің қабырғасы айғыз-айғыз қан. Тыныс алсам, ауа орнынан қан жұтам. Көзімді ашсам, көретінім қан. Көзімді жұмсам, көретінім бәрібір сол қан.
ОРЕСТ. Ендеше, мен сол қанды жуғалы келдім.
ЭЛЕКТРА. Қанды қанмен ғана жуады.
ОРЕСТ. Мен де қанды қанмен жуғалы келдім.
ЭЛЕКТРА. Қанішер билеп тұрған қаланың азат болуы мүмкін емес. Қанішерлер тірі жүрген қаланың азат болуы мүмкін емес. Қала азат емес болса, мен де азат емеспін.
ОРЕСТ. Мен азат қылғалы келдім.
ЭЛЕКТРА. Сен бе?
ОРЕСТ. Оресті ұрлап әкеткенде кейін қанішерден кек алуға керек болады деп әкесінің қанжарын бірге әкеткені құлағыңа тиген шығар. Сол қанжар, міне, мынау! Жазуын көріп тұрсың ба?
ЭЛЕКТРА. Агамемнонның қанжары ма? Бұны көрсетуге қайтып батылың барып тұр. Эгистің сарайында екінің бірі тыңшы екенін білмейтін бе едің?
ОРЕСТ. Жақсылап қарап ал. Сенен басқа ешкім көрген емес.
ЭЛЕКТРА. Сен қорықпайсың бе? Менен сескенбейсің бе?
ОРЕСТ. Мен осы сапарға аттанғанда жалғандағы жалғыз серігім осы қанжар ғана деп ойлап едім. Енді екеу болдыңдар.
ЭЛЕКТРА. Сен маған осыншалық сенесің бе?
ОРЕСТ. Ұстап берсең, тірілей өлгенім. Менің тағдырым сенің қолыңда.
ЭЛЕКТРА. Соншалықты сенімпаз болармысың.
ОРЕСТ. Оресті ешқашан ешкім сүйіп көрген емес.
ЭЛЕКТРА. Мені де ешқашан ешкім сүйіп көрген емес.
ОРЕСТ. Сені кездестіргенге дейін Орестің туған шаһарына азаттық алып берем деген аманатынан басқа ештеңені білмеуші ем.
ЭЛЕКТРА. Сені көргенше, менің де жалғыз мақсатым шаһарды азат ету болатын.
ОРЕСТ. Халық тыныш болсын дедің ғой.
ЭЛЕКТРА. Жалғандықтың көзін құртқым келді.
ОРЕСТ. Кәриялар бұл дүниеден риза боп өтсін дедің ғой.
ЭЛЕКТРА. Аспан ашық боп, шөптер емін-еркін көгерсін дедім.
ОРЕСТ. Ғашықтар емін-еркін аймалассын дедің бе?
ЭЛЕКТРА. Ешкім ешқашан өтірік айтпасын дедім.
ОРЕСТ. Менің де парызым сол.
ЭЛЕКТРА. Менің де парызым сол.
ХОР. Сіздер бір-біріңіздің ауыздарыңа түкіріп қойғаннан саусыңдар ма?
ЭЛЕКТРА. Сен маған соншалықты сенесің бе?
ОРЕСТ. Мен сені соншалықты сүйем.
ЭЛЕКТРА. Естисің бе, падиша? Естисің бе, оңбаған? Мен енді жалғыз емеспін. Қап, бәлем, қалтырарсың алдымда! Өлетін мен емес, өзің екенің енді өзің де түсінерсің.
ОРЕСТ. Эгист өледі.
ЭЛЕКТРА. Мені нақұрыс деп едіңдер! Ешкімге ұқсамайсың деп едіңдер! Міне, мынау жат жерлікке қараңдаршы, менен аумайды ғой. Оның не дегенін естідіңдер ме? Менің айтқанымды айтып тұр.
ОРЕСТ. Озбырдың көзі жоғалып, шаһар азат болады!
ЭЛЕКТРА. Менің сөзімді жоққа шығарып, өзімді келеке қылып едіңдер? Енді міне, оның көзіне үңіліп, тепсе темір үзгендей қайратына қараңдаршы. Қолыңдағы. Агамемнонның қанжары.
ОРЕСТ. Қолым қуатты, Агамемнонның ақ алмасы да қылпып тұр!
ЭЛЕКТРА. Қолыңдағы қанжарыңнан сүйейінші, қолыңнан сүйейінші, бейтаныс жігіт.
ОРЕСТ. Мен бе саған бейтаныс?
ЭЛЕКТРА. Жүзің бейтаныс, көзің бейтаныс, бірақ өзің маған жат емессің.
ОРЕСТ. Енді менің көзім де, қолым да, жүрегім де саған жат болмайды.
ЭЛЕКТРА. Бекерге күтпеппін.
ОРЕСТ. Енді сен ештеңеден қорқушы болма, өзім болам қорғаның!
ЭЛЕКТРА. Қорға мені, қалқала мені, құтқар мені. Енді менде қуат жоқ. Он бес жыл бойы қайратты-ақ едім, соның бәрі бір-ақ сәтте сарқылды.
ОРЕСТ. Қорықпа, сүйіктім, қорғаның өзіммін!
ЭЛЕКТРА. Күшім саған күш қоссын, жігерім саған жігер қоссын!..
ОРЕСТ. Сен маған күш қостың. Мен сенің қасында тұрғанымда бұрынғымнан жүз есе күшті сияқтымын.
ЭЛЕКТРА. Абайла. Көзіңе қара. Олар сені мерт етсе, мен де бірге мерт болам.
ОРЕСТ. Егер мен оларды жеңіп шықсам, сен де жеңімпаз атанасың.
ЭЛЕКТРА. Сау бол. Менің өмірім де, мақсатым да енді сен.
ОРЕСТ. Менің жаным да бір саған бағышталған.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, бар да, сүйіктім, Орестің аманатын атқарып шық.
ОРЕСТ. Мен Орестің аманатын, сенің әміріңді орындаймын.
ЭЛЕКТРА. Жасаған жар болсын, сәулешім.
ОРЕСТ. Өзіңе де жаратқан медет болсын.
ХОР. Адам қашан көзі жұмылғанша өмір сүретіндіктен, бұлар да көздері жұмылғанша бақытты болады.
ОНЫНШЫ КӨРІНІС
Электра, Хор.
ЭЛЕКТРА. Маған не болған. О тәңірі, түсінсем не дейсің? Осындайда дал болған басыңды көкірегіне апарып сүйейтін ана менде сірә жоқ. Қанішер Клитемнестра анадан тірідей айырды. Орест кеткен бұл дүниеде мен тірі қап не бітірем. Әлгі жігіт кім болды. Орест өлсе де, шыққыр көзім көріп тұр, құм құйылғыр аузым сөйлеп тұр. Мұндай да болуы мүмкін бе өзі? Онсыз мен қайтіп тірі жүрем? Орест, мұны сен маған кешіре аласың ба? Кешіресің бе? Қайран бауырым, жарық жұлдызым, өмірім, кешір, кешір мені. Сен Электраға бар деп өз орныңа әлгі жігітті жіберіпсің?
— Ол кім? Құтқарушым ба, жоқ ғашығым ба? Әлде әрі ғашығым, әрі құтқарушым бір өзі болғаны ма? Орест, бауырым, басы дал болған бейшара қарындасыңа өзің қамқор бол. Күту деген оңай екен. Қарындас болып ағамды, бақытсыз боп құтқарушымды күтіп ем. Сен келмедің, орныңа махаббат келді, ғашық келді.
Орест, қымбаттым, сенесің бе бұған? Ешкімге бас имейтін тәкаппар Электра қайдағы бір қаңғырма біреудің құшағына еніп, алдына тізерлеп жығылып, сүюге әзір тұр. Мені еркімнен осынша айырардай, оған қандай құдірет дарытып ең? Мейлі, дүние төңкерілсе де, көк аспанда күн сөнсе де айтарым біреу-ақ: Орест, сен өлгенмен, қарындасың Электра сондай бақытты.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ОН БІРІНШІ КӨРІНІС
Электра, Хор.
ЭЛЕКТРА. Мен сені қанша жыл сарыла күттім, Орест. Аш кісі бір үзім нанды, сәби анасын, соқыр жарық дүниені қандай аңсаса, мен де сені сондай аңсадым. Сен келсең, бейшара Электраның жаны жай табар еді. Одан әрі арпалысып қайтсін. Қорғаны қасында болса, неден қорықсын.
Бірақ, сонда менің күнім не болмақ, Орест? Мен сонда кім болдым? Таж киген сенің тағыңның қасында отыратын ақылшы қарындасың болам ба? Әлде, қаріп-насірге қайыр-садақа тарататын патихашыл кейуана болам ба? Немесе сүйіктің екеуің бірге жататын төсегімді кесте тігіп әшекелеймін бе? Әлде, құдай жалғыз, мен жалғыз деп қолымды төбеме қойып, беталды құладүзге қаңғып кетем бе? Ах, Орест, сонда бар мұратына жетіп, енді нені аңсап, нені армандарын білмейтін адам не істеу керек?
ХОР. Не үшін өмір сүруі керек екенін білмейтін адам не істеуі керек?
ЭЛЕКТРА. Өзің келмей орныңа басқа біреуді жібергенде сен осының бәрін білдің-ау? Орест, қымбаттым, сен болсаң қазір суық қабірде жатырсың. Ал Электра бүгін ұйқыдан ояна сала жаймашуақ күн нұрына ұзақ елтіп жатты. Сен оған ашуланба. Өйткені, маған осынша бақыт сыйлаған өзіңсің ғой. Заң да сенің билігінде екен, тағдырымның тізгінін де бердім сенің қолыңа. Сенің айтқаның болады. Айналайын бауырым-ай, сен келсең, сенімен бірге менің де ажалым жететінін қалай білдің. Енді міне, өз орныңа өзге біреуді жұмсап, өзіңе бұйырмаған өмірді маған қиып отырсың. Қайран Орест-ай, сонда Электра өмір сүру үшін өлуге тиісті болғаның-ау? Сен тірі жүрсең, менің өлмегім шарт екен ғой?
ОН ЕКІНШІ КӨРІНІС
Орест, Хор, Мылқау.
ОРЕСТ. Сенер ме едің осыған? Шыныңды айтшы, сенер ме едің?
(Мылқау үндемейді).
Мен өзіме өзімнің күлкім кеп тұр. Күлетін нәрсе болса неге күлмейміз, айтшы?
(Мылқау үндемейді).
Бұндай нәрсе бұрын ойыма келсе не дейсің? Апырай мұндай да болады екен ғой. Айтшы, бола ма, жоқ па?
(Мылқау үндемейді).
Бұрын ауыз жаппай сайрап жүргенде айтатын әңгіме таппаушы ем, енді міне, көкірегім әңгімеге толып тұрғанда, тілімнің ұшына сөз орала қоймауын қарашы.
(Мылқау үндемейді).
Түнде түс көріппін. Бұрын түс көрмеуші ем. Көрсем таң атқанша ұмытып қалатынмын. Ал бүгінгі көрген түс көз алдымда әлі сайрап тұр: ормандағы ағаш біткен бірін-бірі жетектеп, жапатармағай келеді екен деймін. Сол күйлері өткелден де өтті, не шалғынды кесіп өтіп, тау басына көтерілді. Кәдімгі орман. Ну ағаштар.
(Мылқау үндемейді).
Мен бүгін күн шықпай тұрып ояндым. Күн шығатын кез қандай ғажап әдемі еді? Шығыс көкжиек құдды бір жақұттай жалтырайды. Менің сөзімнен сенің ішің пысып тұр ғой деймін.
(Мылқау үндемейді).
Қайтып таңғалмассың! Мен ғашықпын! Сенесің бе, ғашықпын!
ХОР. Түсіндірме сөздіктің айтуында: махаббат дегеніміз екі жыныс өкілінің өз нәсілдерін сақтап, одан әрі өрбіту түйсігіне негізделген өзара ынтымағы көрінеді. Ол әлгілердің бір-біріне деген ерекше сағынышы мен алабөтен іңкәрлігінен, бірін-бірі ардақ тұтып, бір-бірінің жолында жандарын пидаға алатындай қалтқысыз адалдықтарынан аңғарылады деседі.
ОН ҮШІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Эгист, Клитемнестра, Хрисотемида, Хор, Мылқау, Күзет бастығы, азаматтар, солдаттар.
КЛИТЕМНЕСТРА. Заң бойынша, патша әйелі Ақиқат Мейрамында сөйлеуге міндетті емес. Бірақ, біздің сүйікті патшамыздың таққа отырғанына он бес жыл толған бүгінгідей күні мен де өз сырымды айтқым кеп тұр. Мен бір өліп-талып ғашық болған қарапайым әйел ғанамын. Әлеумет, сондықтан сөзімді құлақ асып тыңдағандарыңды сұрар едім.
ХОР. Әлеумет, құлақ қойып тыңдаңыздар.
КЛИТЕМНЕСТРА. Сіздердің айтқан сөздеріңіз менің жүрегімді шексіз қуанышқа бөледі. Мен одан сіздердің өз билеушілеріңізді айырықша қадір тұтып, айбынатындарыңызды аңғардым. Заңның да талап ететіні сол ғой. Мен сіздердің бұған қорланбай, қайта зор мақтаныш тұтатындарыңызға сүйсіндім. Сіздер өз билеушілеріңіздің шығарған заңдарына қалтқысыз құлақ асып, бұйрықтарын екі етпей орындап, оның көңілінен шыққандарыңызға масаттанады екенсіздер. Осынау ізеттілігіңіз бен тіл алғыштығыңызды күллі дүниежүзі түгел білетінін мақтаныш тұтады екенсіздер. Және осындай ынтымақтың болуы билеушіміздің арқасы деп ұғады екенсіздер.
ХОР. Дәл осылай ғой, әлеумет.
КЛИТЕМНЕСТРА. Әр сөзіңізден қуаныш лебі еседі. Бірақ, меніңше, әлі де болса, Эгисті қалай өліп-өшіп сүйетіндеріңізді айтыңқырай түскендеріңіз жөн. Шамасы, көмейлеріңіздегі көркем ойды дәл сол қалпында жеткізуге қысылатын түрлеріңіз бар. Қысылып-қымтырылатындай дәнеңе жоқ, жүректеріңді кернеп тұрған Эгиске деген сүйіспеншілікті күлбілтелемей ашық айтыңыздар. Ол Эгистке керек емес, өздеріңе, өздеріңіздің бақытты болуларыңызға керек. Бұл жағынан менен үлгі алсаңдаршы. Клитемнестра Эгистің аяғына жығылып, оған деген махаббатын ақтарып алдына жайып салған күннен бермен қарай орасан зор бақытқа кенелді.
ХОР. Өйткені, әлеумет, бақыт дегеніміз біреулердің сіздерді сүюінде емес, сіздердің біреуді әз-әулие көріп, ардақ тұтуыңызда.
ЭГИСТ. Тағы кім сөйлегісі келеді.
(Үнсіздік).
Бәріңіз де сөйлеп шықтыңыздар ма?
(Үнсіздік).
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Тақсыр, шығып сөйлемеген тек бір ғана адам бар.
ЭГИСТ. Ол бір ғана адам біздің қалымыздың жол-жорасын мойындамаған адам. Бәлкім, оның да ұзақ үнсіздіктен іші пысуы ғажап емес. Бәлкім, оған күш жиып әлденіп алу керек шығар. Әлде аузы құрғап тілі таңдайына жабысын тұр ма екен?
(Үнсіздік).
Жарайды. Әлі де аз-маз күте тұрайық. Бәлкім, ойланар-толғанар, ол да сөйлер. Оған дейін, әлеумет, тамақтанып, дем алыңдар. Сосын біз сол сөйлемеген адамның сөзін тыңдармыз.
ОН ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Эгаст, Клитемнестра, Хор.
ЭГИСТ. Ол бетбақ, әлі безеріп отыр.
КЛИТЕМНЕСТРА. Соған көңіліңді бөліп қайтесің, сүйіктім.
ЭГИСТ. Бірақ, бұл қылығын із-түссіз қалады екен деп ойламасын.
КЛИТЕМНЕСТРА Сүйіктім, Орест болса өліпті, сол ақымақ қыз не бітіреді дейсің?
ЭГИСТ. Ол менің жыныма тиеді.
КЛИТЕМНЕСТРА. Елден қуып жібер. Ендігәрі көзіңе көрінбейтін болсын.
ЭГИСТ. Жоқ, қуылмайды. Кім көрінгенге көз түрткі боп осында жүрсін.
ХОР. Естисің бе, Электра, сен кім көрінгенге көз түрткі боласың!
КЛИТЕМНЕСТРА. Сүйіктім, Орест өлді, қол астыңдағы халық құдайдай сыйлайды. Енді саған қауіптенетіндей ештеңе жоқ. Өз жаныңды өзің жеп қайтесің. Бейбіт шат-шадыман өмір сүрейік те!
ЭГИСТ. Жоқ, мен қолыма жабысатын соңғы қоңызды жаныштап, қанатымен бетімді желпіп өтуі мүмкін соңғы көбелекті құртып тынсам да, қорқыныштан құтыла алар жәйім жоқ. Патшаның қорқынышы: ұмытқаны. құрығаны. Егер, Клитемнестра, бүкіл бір патшалықта бір өзімнен басқа жан қалмаған күнде де, мен өзімнен өзім қорыққан болар едім.
КЛИТЕМНЕСТРА. Орест өліпті ғой, қымбаттым.
ЭГИСТ. Ақымақ әйел, сен мені Орестен қорқады деп ойлайтын ба едің. Орест деген де өзімдей-ақ адам ғой. Көп болса оған таж керек шығар. Тажға қол созса, шаптырам да салам сұғанақ қолын. Ал, әлгі Электраға не істей алам? Ол тажға да, таққа да қызықпайды.
КЛИТЕМНЕСТРА. Сонда Электраға не керек болғаны, данышпан падишам?
ЭГИСТ. Сен қыз емес пері туыпсың. Оған «ия» десең, «жоқ» дейді. «Жоқ» десең, «ия» дейді. Не істесең де, көңілінен шықпайсың. Сиырлар сүтейіп кетсе, шабылған шалғынды аяйды. Шалғын шабылмай қалса, желінінен ақ тамбай ақта боп бара жатқан сиырларды аяйды. Малға он теңге берсең, он екі теңге бер дейді. Сәрсенбі күні бейсенбі керек дейді, бейсенбі күні жұма керек дейді.
ХОР. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
ЭГИСТ. Ақымақ әйел, сен Электра Агамемноннық кегін алғалы жүр деп ойлайтын шығарсың? Жоқ, оның қате. Ол пері болмасты болдырып, құртылмасты құртқысы келеді. Жалғандықтың тамырына балта шабам дейді. Клитемнестра, сен наразылық деген пәлені тудық, ол мына жарық дүниені құртпай тынбайды.
ХОР. Тыңда, әлеумет. Тыңда, Орест. Клитемнестраның құрсағынан қыз емес, наразылық шығыпты.
ЭГИСТ. Осы көргендерің де жетер. Қара тобыр, кәне, табаныңды жалтырат!
ОН БЕСІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Эгист, Клитемнестра, Хрисотемида, Хор, Мылқау, Күзет бастығы, азаматтар, солдаттар.
ЭГИСТ. Ел тегіс жиылды ма?
КҮЗЕТ БАСТЫҒЫ. Әміріңіз бойынша, ел тегіс жиылды, тақсыр.
ЭГИСТ. Менің тағымның алдына көп, сөз сөйлемеген азаматты ең соңғы рет ортаға шақырамын. Заңның айтқанын орындап, ойындағысын түгел айтсын.
(Үнсіздік).
Электра, сен немене керең боп қалғансың ба? Мен саған айтып тұрмын ғой, шүйкебас!
(Электра үнсіз).
Жақсы, шектен шықтың. Тыңдаңыздар, әлеумет. Біздің қаламызда заңның айтқанына қасарысып, құлақ аспай келе жатқан бір адам бар. Сол ылғи біздің тынышымызды қашырып бағуда. Біздің кез-келген ісімізді бұрыстық, кез-келген қуанышымызды қылмыс санайтын да сол. Ол біздің қаламыздың тұп-тұтас қара жамылып, қаза тұтқанын тілейді. Егер ерікке жіберген болсам, ол біздің өтірігіміздің әлдеқашан шәт-шәлекейін шығарған болар еді. Ондай адамға қандай жаза бұйырған дұрыс деп ойлайсыздар, әлеумет!
ХОР. Тағдыры менің қолымдағы сол айыпкерге қандай жаза бұйырған дұрыс?
ЭГИСТ. Үкімімді тыңдаңдар: өзі бізден қашқақтағанды біз де өзімізден аластатамыз. Сен, шүйкебас, біздей болғың келмейді екен, ендеше, мен де сенің бізден өзгеше болуыңа біржола мүмкіндік берейін.
ЭЛЕКТРА. Жетер. Он бес жыл үндемедім, енді бүгін сөйлеймін. Патша, мені, мына мендей болғысы келмей тұр, деп айыптайсың? Дұрыс айттың. Егер сендейлер адам деп саналатын болса, онда мен ондай адам болғаннан ағаш болғанды, тас болғанды, шаң-тозаң болғанды артық көрем. Егер сендер өздеріңді бақытты санайтын болсаңдар, онда мен өзіме бақытты емес, азап іздегенді дұрыс көрдім. Сендер өздеріңді жарық дүние санасаңдар, мен өзімді тамұқ дүние-ақ санаймын. Мен Электрамын, ал, сіздер белуардан батпақтап жатқан шошқасыңдар. Міне, маған қараңыздар да, ойлаңыздар. Сіздер шындықтан шірік айтқанды дұрыс көрдіңіздер. Шыңдықтың көзіне бір рет тура қараудан өмір бойы балшыққа батып, қорқыныштан зәрелерің ұшып өткен бүгежек тіршілікті артық санадыңыздар! Сіздер залалдық артында зауал, қылмыстың артында жаза жоқ деп ойлайсыздар.
ХОР. Сіздер қылмыскер жазасын тартпайды деп ойлайсыздар ма?
ЭЛЕКТРА. Кісі өлтірген қанішердің қара бақайын сүйіп не таптыңдар. Өз бауырларыңнан өнген балаларды оның жолына құрбандыққа шалып не таптыңдар? Аспандағы тәңірдің алдында өтірік айтып не таптыңдар? Сонда тапқан бақыттарың қайсы, көрсетіңдерші! Жоқ, бақыт емес үрей тапқандарың. Тыныштық емес қауіп пен қатер тапқандарың. Жондарыңнан таспа тіліп жатқанда, бастарыңды бұғасыңдар. Сонда баяғыдан бері төгілген қан, қиылған жан, тапталған ар, бәрі зая кеткені ме? Айтыңдаршы, солай ма?
ХОР. Айтыңдаршы, солай ма?
ЭЛЕКТРА. Ал, ертең қанды қол қарақшы жазасын тартқан күні кейінгі ұрпақтың алдында не беттеріңмен көрінесіңдер? Сонда кімге не деп ақталасыңдар? Жендеттің шашбауын көтердік дейсіндер ме?
ХОР. Иә, не деп ақталасыңдар?
ЭЛЕКТРА. Бәрің өтірікті судай сапырып көлгірсумен болдыңдар. Ақ киіп, азаны ұмыттыңдар. Қара жамылған жалғыз мен. Сендер жендетті желпінте мақтадыңдар, оның бетіне түкірген жалғыз мен. Сонда кім адал, кім ақ? Он бес жыл бойы өздеріңнің сатқындықтарыңды өздерің көрмегенсіп бақтыңдар. Он бес жыл бойы жақсылыққа жамандық, жамандыққа жақсылық жасаудан басқа қолдарыңнан ештеңе келген жоқ. Жанымыз сүйтсек аман қалады дедіңіздер. Енді, міне, көп асқанға бір тосқан, есеп айырысар шақ келді. Сонда кім дұрыс боп шығар екен? Сендер ме, жоқ мен бе?
ЭГИСТ. Есалаң қыз Электра, сенің бұл мылжыңың кімге керек? Сен жындыға кім құлақ асады? Әлеумет, мына салдақы сендерге ақыл үйреткісі келеді, неге үндемейсіңдер, неге бетіне түкірмейсіңдер?
ХОР. Иә, әлеумет, неге үндемейсіңдер?
ЭГИСТ. Ендеше, патшаның әмірі мынау: бүгін кешке шошқашы Лотос Электрамен неке қияды.
ОРЕСТ. Жоқ, ол болмайды.
ЭГИСТ. Мұндағы сенің шаруаң қанша?
ОРЕСТ. Әлеумет, өзімізге көңіліміз бітеді, өзімізге дән ризамыз деп әлгінде өздеріңіз айтпап па едіңіздер? Ендеше, сол сөздеріңіздің рас екенін неге дәлелдемейсіңдер? Өздеріңізге өздеріңіз риза болсаңыздар, соны көрсететін кездеріңіз енді келді емес пе?
ЭГИСТ. Өшір үніңді!
ОРЕСТ. Жоқ, падиша. Шетінен парасатты, шетінен салиқалы азаматтар, соншама инабатты бастарыңызбен қандықол жендеттің әмірін қалайша орындамақсыңдар?
ЭГИСТ. Сақшылар қайда, сақшылар?
ОРЕСТ. Өз заңыңды өзің ұмытпа: Ақиқат мейрамында ауызға қақпақ болмаса керек!
ЭГИСТ. Ол заң қаламның тұрғындарына ғана жүреді. Қайдағы бір қаңғырманы бастан секіртер жайым жоқ.
ОРЕСТ. Қаңғырмаң сонда мен болғаным ба? Мына сарай, мына қалада қайдағы бір қаңғырма жат біреу болатын мына менмін бе? Ендеше, әлеумет, құлақ сал, мына алдарыңызда тұрған Агамемнонның ұлы Орест?!
ЭЛЕКТРА. Жоқ!
ЭГИСТ. Орест?
ОРЕСТ. Иә, мен. Орестпін. Қапияда қаза тапқан Агамемнонның ұлымын. Опасыз озбыр, сенің сазайыңды тартқызатын мына менмін.
КЛИТЕМНЕСТРА. Жоқ!
ЭГИСТ. Әй, күзет бастығы, бұғау әкел, мынаған!
ЭЛЕКТРА. Тырп етуші болма, заңды өзің білесің ғой!
ЭГИСТ. Сен немене, менің бұйрығымды естімей, керең боп қалдық ба?
ЭЛЕКТРА. Заңды білмейсіз бе? Ақиқат мейрамында сөйлеген адамға қол көтерген кісінің аяқ-қолын шауып, денесіне көмірдің шоғын басып, тырнағының астына ине тығып, жонынан таспа тілмей ме? Ондай қарабетті жерге көмсең, жер лақтырып, суға тастасаң су лақтырып, бойларына дарытпайды емес пе? Заң солай демеуші ме еді?
ЭГИСТ. Өйтпесең ақымақ болармысың? Ол заңды шығарған мына мен емеспін бе? Патша мына менмін. Сақшылар мынаны тұтқынға алыңдар.
ЭЛЕКТРА. Қозғалмаңдар. Менің бұйрығымды тыңдаңдар. Мен. Электрамын.
(Үнсіздік).
ЭГИСТ. Бұның біздің қаламызда бүлік шығарғысы келіп жүрген жат біреу емес, Орест екенін қайдан білдің?
ЭЛЕКТРА. Менің өтірік айтпайтыным белгілі. Бұл. Орест.
(Үнсіздік).
ЭГИСТ. Сатқындар! Опасыздар! Кәні, тараңдар. Табандарыңды жалтыратыңдар бұл арадан. Мен мына мырзамен оңаша қалғым көп тұр.
ОН АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Орест, Эгист, Хор, Мылқау.
ЭГИСТ. Жарайсың, балақай. Ебін тауып кеттің?
ОРЕСТ. Сіз ойлағаннан да асырып кеттім бе?
ЭГИСТ. Мақтан. Мақтанатындай іс қылсаң, масаттанбайтын несі бар! Мен жеңілдім, басымды ием.
ОРЕСТ. Жеңілгеніңді жеңіл мойындадың ғой?
ЭГИСТ. Ондай қошаметке рахмет. Мен істің байыбын тез аңғарамын. Соны байқаған сен де қырағы екенсің.
ОРЕСТ. Мен мұнда сенімен қошамет айтысып тұруға келмегенімді білегін шығарсың.
ЭГИСТ. Әрине. Сен әкеңнің кегін алуға келдің?
ОРЕСТ. Қателесесің, падиша!
ЭГИСТ. Ендеше тіптен дұрыс. Бұл сөзімнің қате болғанына қуанбасам, ренжімеймін.
ОРЕСТ. Қазір қалжақ айтпасаңыз қайтер екен?
ЭГИСТ. Онда тұрған не бар? Қалжыңдағанды ұнатам.
ОРЕСТ. Бұл қалада қалжыңды ұнататын адамды бірінші рет көруім. Ондай адам жалғыз менмін. Басқалар қалжың түгілі бастарымен қайғы боп кеткен жоқ па?
ХОР. Қалжыңбас озбыр қол астындағылардың қалжыңдағанын ұнатпайды. Қызық екен?!
ОРЕСТ. Ендеше, қанішер ажалың жетпей тұрып тыңдап ал; мен мұнда Агамемнонның кегін алуға келген жоқпын.
ЭГИСТ. Міне, мынауың, мақтауға лайық қылық.
ОРЕСТ. Мен оны аяйтыным рас. Егер көзімнен жас шықса, ол үшін жас та төгер ем. Оған келістіріп ескерткіш те қойғызбақпын. Бірақ, сенің қаныңды оның қанынан қарымта қылайын деп төккелі тұрғаным жоқ.
ЭГИСТ. Иә, саған да түсінуге болады. Басың жас, бүкіл өмірің алдында. Агамемнон тек сенің әкең ғана емес, дүниедегі ең бай патша еді ғой. Оның қыруар қазынасы менің сандықтарымда сақтаулы жатыр.
ОРЕСТ. Өйтіп, өтірік аңқаусыма!
ЭГИСТ. Тағы да дөп түсіндім ойыңды. Кешір. Байлықтың керек екені рас, бірақ, билік одан да күштірек. Өйткені, байлық биліктен қоздайды. Жарайсың, Орест. Ақылды жігіт екенсің. Ендеше мені тыңда. Сен маған бірден ұнап қалғансың. Мен саған көп нәрсе үйрете алам. Кел, екеуміз мына шаһарды бірігіп билейік.
ОРЕСТ. Сен өзің ақылыңнан алжасқаннан саумысың?
ЭГИСТ. Қорықпа, біз екеуміз бір-бірімізге қатты ұқсаймыз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз.
ОРЕСТ. Мен саған ұқсаймын ба?
ЭГИСТ. Сен де мен секілді ел билеуге туғансың.
ОРЕСТ. Оттық суға ұқсайтынын қашан көріп ең?
ЭГИСТ. Солай деп ойлайсың ба, Орест?
ОРЕСТ. Құзғын қыранға ұқсаушы ма еді?
ХОР. Екеуіңде де тырнақ бар емес пе?
ЭГИСТ. Ендеше не қалайтыныңды айт.
ОРЕСТ. Сенің қаныңды төккім келеді. Бірақ, әкем үшін емес. Құлдық үшін де, билік үшін де емес. Он бес жыл бойы қаламды жендеттеріңе талаттың. Он бес жыл бойы бұл қаланың әйелдері мен балаларының сенің қарақшыларыңнан көрмегені жоқ. Күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылды.
ЭГИСТ. Ендеше, солар үшін кек алмақ екенсің ғой. Мен сені бұдан гөрі естірек жігіт деп есептеп ем.
ОРЕСТ. Кімнің ақылдырақ екені көп ұзамай белгілі болады, қанішер!
ЭГИСТ. Сен мені қанішер дейсің, сөйте тұра өзің маған қанжар сұқаңдатасың.
ОРЕСТ. Мен сені өлтірсем сабырлықты әділдіктің жеңгені.
ЭГИСТ. Озбырлық дейсің бе? Озбырлық деген не? Сен менің озбыр екенімді қайдан білдің?
ОРЕСТ. Алыста жүргенмен екі құлағым осында болды. Сенің қанды қолыңнан мерт болған әр адамның есебі менің қолымда.
ЭГИСТ. Жендеті жоқ мемлекетті көргенің бар ма?
ОРЕСТ. Адал адам ел билеп, қылмыскер заңды жазасын тартатын әділет елін сен бәрібір көре алмайсың.
ЭГИСТ. Көрдің бе? Бұзық заңды жазасын тартып, түзік заңды бағасын алуы керек. Бар гәп кімнің бұзық, кімнің түзік екенін ажырата білуде боп тұр ғой.
ХОР. Тарихтың айтуынша, ол онша оңай нәрсе көрінбейді.
ОРЕСТ. Сенің патшалығыңда озбырлық етек алғанына көзім жетуі үшін бұрын ештеңе естімей-ақ, бүгінгі көргенім де жеткілікті.
ЭГИСТ. Сен соншама не көрдің, білуге болар ма екен? Сенің бүгінгі көргендерің құлақкесті құлдар, табан жалаған жағымпаздар. Соларды да адам деп аяп тұрсың ба, Орест?
ОРЕСТ. Ендеше, оларды өйтіп бел омыртқасын қиратып бүгежектетіп қойған кім екен?
ЭГИСТ. Сен мені ерден ез, зордан қор жасай қоятын құдай ғой деп ойлайсың ба?
ОРЕСТ. Бұл қалада қанша батыр боздақ бар еді, бәрін жендет балтасына жем еттің.
ЭГИСТ. Сен менің патшалығымды аралап өттің ғой. Патшазада, өзің айтшы: елі кеткен қонысты, түтіні өшкен үйді, тіршілігі жоғалған көшені көрдің бе? Жоқ. Мен жендетке берсем, мыңнан бірді ғана ұстаттым. Ал қалған тоғыз жүз тоқсан тоғызы тірі қалды ғой. Соның бәрінің манағыдай мойындарынан су кеткен сүмелек болатындары қалай?
ОРЕСТ. Олардың сәл еңсе көтеруі мұң екен, жонынан қамшы жаудырасың, бүгежектеп тұрмағанның басын шабасың, сүйтіп күннен-күнге үрейін ұшыра-ұшыра, шетінен құлақкесті құл етіп алғансың. Азаттық беріп, өз тағдырын өздері шешуге мұрша беріп, іштерінен айлакер жағымпаздарды емес, батырларын, әділдерін, адалдарын қолдап көрші, бұл қалада өздердің азайып, ерлердің көбеймегенін көрейін.
ЭГИСТ. Азаттық дейсің бе? Сен одан не түсінесің? Адам да бір нас хайуан, о да бір шошқа да бір. Шошқаға ізетті бол, таза бол деп қанша қақсағаныңмен қорс-қорс етіп балшығына аунағанды ғана біледі. Қайта, Орест, мен оларға өздерінен өздері қысылып-қымтырылмай, өз қалауларынша емін-еркін өмір сүрулеріне мүмкіндік бердім емес пе?
ОРЕСТ. Шошқа болғысы келмегендерді жендеттің алдына сап айдатын жіберіп тұрдым де.
ЭГИСТ. Олар шошқа емес қой, досым-ау.
ОРЕСТ. Оларға шошқа емеспін деп көрші, тілдеріңді кесіп салайын, аяқ-қолдарыңды шауып тастайын деп қоқан-лоқы жасаған кім екен? Үйірдегі шошқа емеспін, адаммын, батпаққа батқым келмейді дегендерінің басын қиын, аяқ-қолын шауып, қанын төккен кім екен? Сонда олар шошқа болмағанда кім болады? Қақбас жендет, сен адам жайында не білуші ең? Сенің білегінің. Көлгірлердің көкіме сөзі ғана.
ХОР. Ал, патшазадам, олар туралы өзің не білесің?
ОРЕСТ. Сен Орестің кім екенін де білем деп ойладың? Міне, сол өзің өмір бақи өтірік айтқызып, шошқа болуға мәжбүр еткен Орест қолына қанжар ұстап алдыңда тұр.
ЭГИСТ. Сенің жөнің бөлек қой, достым. Сен бұл қара тобырға қайдан жағайын деп ең, сен әуелден ел билеуге жаралған жансың.
ОРЕСТ. Мен өзгеше жан екем. Ендеше, мен мына шаһардың тұрғындарын да өзім сияқты өзгеше жандар етем.
ЭГИСТ. Бұл сенің сөзің емес. Мұндай сөзді Электра айтатын. Ендеше, сен де сол нақұрыстың ықпалында кетіп тұрсың!
ХОР. Орест, сен нақұрыс адамның ықпалына түсіп тұрсың!
ЭГИСТ. Кел онанда, патша мен патшаға ұқсап сөйлесейік. Қапы қалмай тұрғанда ақылға кел. Электра бүгін менің жауым болса, ертең сенің жауық. Ол бүгін мені жек көрсе, ертең сені жек көреді. Бүгін мені қарғаса, ертең сені қарғайды.
ХОР. Электра — бүгін Эгистің жауы, ертең Орестің жауы.
ЭГИСТ. Одан да осы бастан ақылға кел. Сабаңа түс. Ол пері бүгін менің қол астымдағы дүниені өзгертпекші, ертең сенің қол астыңдағы дүниені өзгертеді. Ол пері дүниедегі тәр мен тәртіпті тәрк қылуға туған. Есуас неменің өзінің ессіздігін еркіндік деп ойлайды.
ОРЕСТ. Мен оны тағымның қасына отырғызып қоям. Орестің қолындағы билік пен Электраның бойындағы бостандық аға мен қарындастың бауырмалдығындай жарасады.
ЭГИСТ. Бейшара, сүйтіп бүгін дүниені бүлдірем де. Патшам, әлі ештеңеге түсінбепсің? Ерлерді мерт қылатын сол еркіндік қой.
ОРЕСТ. Мерт болатын мына сенсің! (Қанжар салады).
ОН ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Арманға жеттік.
(Орест үнсіз.) — әділдік жеңді.
ОРЕСТ. Қуан. Қуғыннан құтылдық.
ЭЛЕКТРА. Қуанышымда шек жоқ. Күткен бостан күн келді. Тыңда, Орест. Тыңда, халқым. Бұрын би түгілі, билегендердің маңынан жүрмейтін Электра бүгін қуанғаннан қолды-аяққа тұра алар емес. Мына бір өлі мүрдені шыр айналып билеп кетті. Оның ағыл-тегіл қара қанын табанымен таптап билеп жүр. Қуанғаннан міне бүйтіп айқайлап та қояды. Электра қас дұшпанның қара қанын ішпей мас боп тұр. Ол оның өлім аузындағы қорқырағанын естіп мас боп тұр. Ол, міне, ата жауының өлер алдында шөлмектей боп көгеріп бара жатқан қорқынышты көзіне еш жасқанбай тура қарай алады.
(Орест үнсіз).
Мен есалаңмын ба? Ашып айт. Қалай билейді екем, қарашы, Орест? Қарап ал. Мен бұл сағатты он бес жыл күттім. Он бес жыл бойы басымнан қара түскен жоқты. Енді, міне, билеп жүрмін. Орест, мен азатпын, жалғандықтың көзін біржола құрттым! Мен билеп жүрмін. Мен жеңдім. Мен азатпын, Орест!
(Орест үнсіз).
— Сен неге менімен қуанбайсың? Сен неге билемейсің? қорқасың ба, Орест? Өліктің қасында билеуге қорқып тұрсың ба?
(Орест үнсіз).
— Өліктің тынышын алмаған дұрыс деп ойлайтын шығарсың. Орест, ол дұрыс емес. Балаларға озбырлар жеңілгенде қуану керек деп осы күннен үйреткен жөн. Күллі шаһар жиналып, би билейік. Індеттен құтылдық, Орест. Қолыңды бер, сүйіктім, мен сенімен билегім келеді.
ОРЕСТ. Қолымды көрмейсің бе, қып-қызыл қан ғой!
ЭЛЕКТРА. Қаннан қорықпа, өтіріктен қорық. Қаннан қорықпа, күнәдан қорық. Қаннан қорықпа, сұмпайылықтан қорық.
ОРЕСТ. Солай екенін өзім де білем. Бірақ, қолыма қарашы, қан ғой.
ЭЛЕКТРА. Қолыңды бер, мейлі менің де қолым қан болсын. Жүрегіме басайын: мейлі жүрегіме де қан толсын. Орест, қолындағы қанды өз киіміме жұқтырам.
ХОР. Қаннан қорықпаңдар, жалғандықтан қорқыңдар.
ЭЛЕКТРА. Басыңды тіземе қойшы. Тынықшы. Деміңді алшы, сүйіктім. Қасыңда мен отырайын. Келіп басыңды тіземе қойшы, өзім әлдилейін.
ОРЕСТ. Мұншама қайрат саған қалай біткен?
ЭЛЕКТРА. Мен азатпын ғой. Сен ғой бостандық алып берген.
ОРЕСТ. Мен шаршадым, Электра, кешір, мен қатты шаршап қалыппын.
ЭЛЕКТРА Сен осылай етуің керек еді.
ОРЕСТ. Иә, осылай істеу керек болды.
ЭЛЕКТРА Терезеге қарашы, қала қалай қуанып жатыр.
ОРЕСТ. Осылай істеу керек екен. Істедім. Енді қорықпаймын. Көрдің бе, қолым да дірілдегенін қойған. Қанын бетіме сүрттім, мен енді қорықпаймын, Электра.
ЭЛЕКТРА Сен мені азат еттің.
ОРЕСТ. Кісі өлтірушіден тек өлтіріп қана құтыласың. Заң солай. Азаттық жолы да қанды жол.
ЭЛЕКТРА Сен жалғандықты құрттың. Ластықты жойдың.
ОРЕСТ. Өз қаламды азат етуге он бес жыл әзірлендім.
ЭЛЕКТРА. Ал, мен соны он бес жыл күттім.
ОРЕСТ. Сен мұншалық қажырды қайдан таптың?
ЭЛЕКТРА. Мен сені күттім ғой, сүйіктім!
ОРЕСТ. Мен саған қараймын да, кім екеніңе түсіне алмаймын. Түсіне алмаймын да, қайран қаламын.
ЭЛЕКТРА. Мен Электрамын.
ОРЕСТ. Сені білгесін-ақ, мен жеке өзім ештеңе бітіре алмайтынымды ұқтым. Сені білгесін-ақ, мен жалғыз өзім ештеңеге тұрмайтынымды ұқтым. Сені білгесін-ақ, мен тек Орест болып та қоймай, сонымен бірге Электра да болғым келді.
ХОР. Азаттық жолы да, қанды жол.
ОН ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хрисотемида, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА Көрдің бе, апатай, біз азатпыз.
ХРИСОТЕМИДА. Мен жайрап жатқан өліктен басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын.
ЭЛЕКТРА. Қуан, бұл біздің әкемізді өлтірген жендеттің өлігі.
ХРИСОТЕМИДА. Қуан десең, қуанайын.
ОРЕСТ. Қуан, бауырым, кесапат заманның біткеніне қуан.
ХРИСОТЕМИДА. Қуан десең, қуанайын.
ЭЛЕКТРА. Інісі мен сіңлісінің қолы қан, апамыздың қолы тап-таза.
ХРИСОТЕМИДА. Бұны өлтірген мен емес, біздер ғой.
ЭЛЕКТРА. Інісі мен сіңлісінің қолы тап-таза, ал апамыздың қолы қан.
ХРИСОТЕМИДА. Сен тағы да ақылыңнан алжаса бастадың ба?
ЭЛЕКТРА. Інісі мен сіңлісінің қолына Агамемнонның қаны жұққан жоқ.
ХРИСОТЕМИДА. Сонда маған да қолыңды қанға боя деп тұрсың ба, ол айтқаның бола қоймас.
ОРЕСТ. Қорықпа, апатай, Эгист өлген, саған сонша қорқатындай ештеңе жоқ.
ХРИСОТЕМИДА. Сен қорықпа десең, қорықпайын.
ЭЛЕКТРА. Орестен қорықпа.
ХРИСОТЕМИДА. Мен қолы қан адамның бәрінен қорқам.
ОРЕСТ. Сендерді осы үрейден құтқару үшін Эгист өлуге тиісті болды.
ХРИСОТЕМИДА. Сенің қолың қан. Жұрт қолы қан кісінің бәрінен қорқады.
ОРЕСТ. Мен сендерге азаттық әкелдім.
ХРИСОТЕМИДА. Біздің әкемізді өлтіргенде Эгис те солай деп жар шашқан.
ХОР. Естисің бе, падишам?
ОРЕСТ. Үйіңе бар, апа. Қаладағы жұртқа айт: бұдан былай патшадан қорықпасын.
ХРИСОТЕМИДА. Падиша, әмір еттіңіз, әміріңізге құлдық.
ОРЕСТ. Бар, апа, барып тыныш өмір сүре беріңіз.
ХРИСОТЕМИДА. Кімнің бұйырғанында не тұр? Кімнің менің ісім адал деп ант-су ішкеніңде не тұр? Патшаның айтқаны қашан да дұрыс. Патшаның қолы қашан да қан. Халықтың қорқатыны да сондықтан.
ЭЛЕКТРА. Сен бұрын аузыңды ашпаушы ең. Эгист бетіңе бір қараса болды, тепкі көріп қалған күшіктей жым болатынсың.
ХРИСОТЕМИДА. Жарайды, үндемей-ақ қояйын. Ең дұрысы: аузыңа ие болу екенін әлдеқашан ұққанбыз.
ЭЛЕКТРА. Әрине, сен тек үндемеуге ғана емес, өтірік айтуға да әбден маманданып алғансың.
ХРИСОТЕМИДА. Өтірікші болсам, өтірікші шығармын. Қорқақ болсам, қорқақ шығармын, бірақ қолым қанға боялған емес, Электра.
ЭЛЕКТРА. Қара. Қарап ал. Менің қолыма қара. Орестің қолына қара. Қан ба екен, қарап ал. Қасапшының қолындай ғой, ә? Мен ешкімнен бұл үшін қысылып-қымтырылмаймын. Мен азатпын. Хрисотемида, қолымыз осындай қан болғанның арқасында ғана азаттық алдық.
ХОР. Иә, азаттық жолы да. Қанды жол.
ОН СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Клитемнестра, Хрисотемида, Хор, Мылқау.
КЛИТЕМНЕСТРА. Патша қайда?
(Үнсіздік).
— Естисіңдер ме, патша қайда?
ЭЛЕКТРА. Агамемнон қайда болса, ол да сонда.
КЛИТЕМНЕСТРА. Жалған. Оны сендер ғой өлтірген? Эгисті сендер ме өлтірген? Эгист енді маған жоқ па?
ЭЛЕКТРА. Сен өзің Агамемнонға не істеп едің?
КЛИТЕМНЕСТРА. Аспандағы жұлдызым, жағадағы құндызым! Жарығым Эгист! Енді менің күнім не болды? Сенсіз қайтіп өмір сүрем? Сен жоқ жерде таңым қалай атады, күнім қалай батады?
ОРЕСТ. Сіз осы бұл арадан тезірек кетсеңіз қайтеді?
КЛИТЕМНЕСТРА. Қай заманнан бері баласы анасына бұйрық беретін болып еді?
ОРЕСТ. Мен сенің балаң емеспін. Сен менің анам емессің.
КЛИТЕМНЕСТРА. Естисің бе, сүйіктім? Ұлым анам емессің дейді. Қызым өлердей жек көреді. Ал, сен болсаң жоқсың!
ЭЛЕКТРА. Сені қызың неге жек көреді? Сен сонша ғашық болған еркек неге мерт болды? Орест сенен неге безініп тұр?
КЛИТЕМНЕСТРА. Мен бір ғашықтықтан есінен адасқан ақымақ әйелмін. Саған не деп жауап берейін?
ЭЛЕКТРА. Сен біздің әкеміздің басына тор лақтырған кезде де ақымақ болып па едің?
КЛИТЕМНЕСТРА. Мен оған Эгистің шанышқысынан қорғана алмасын деп торды әдейі лақтырғам. Сол оқиға бүгін болса, бүгін де сөйткен болар ем. Ондай жағдай жүз рет тап келсе, жүзінде де тап солай еткен болар ем. Жүзінде де оның ағыл-тегіл қанын көріп, көл-көсір қуанған болар ем. Айтшы, қызым, мен кімді өлтірдім?
ЭЛЕКТРА. Өзіңнің күйеуіңді.
ОРЕСТ. Патшаны.
КЛИТЕМНЕСТРА. Ақымақтар, мен Агамемнонды, алғашқы неке түнінде-ақ жанымды отқа салған Агамемнонды өлтірдім. Оның ашыналары аспандағы жұлдыздардан да көп еді. Оның құшағы мен үшін азаппен тең болды. Оның аузынан ешқашан жылы сөз шықпайтын. Менің сүйікті қызым Афигенияны да өлтірген сол хайуан.
ЭЛЕКТРА Ал сен ше? Сен мына Оресті құрбандыққа шалмап па едің? Сен мына мені құрбандыққа шалмап па едің?
КЛИТЕМНЕСТРА. Сен өз сәбиін өз күйеуі өлтірген пұшайман ананың күйін қайдан білейін деп едің? Сен қолыңдағы жас сәбидің жылы қанын кеппей жатып құшақтай алған озбыр еркектің қойныңдағы әйелдің көрер қорлығын қайдан білейін деп едің.
ЭЛЕКТРА. Егер Эгаст ұлыңды өлтірсе, оның қорлығын да осынша шошынған болар ма едің?
КЛИТЕМНЕСТРА. Мен сенің қолыңнан қорқар ма едім, сүйіктім! Бұлар сенің қолыңның қадірін қайдан білсін.
ЭЛЕКТРА. Сен Орест пен Электраны жоқтамағанда ит жылы өлген Афигенияны жоқтауға қайтіп дәтің барып тұр?
КЛИТЕМНЕСТРА. Маған кімді жоқтау керек екенін айтып бұйыратындай сен сонша кім едің?
ЭЛЕКТРА Мен сенің қызың Электрамын.
КЛИТЕМНЕСТРА. Менің қызым да, ұлым да жоқ. Менде жан дегенде жаңғыз перзент болып еді. Оны Агамемнон хайуан құрбандыққа шалды.
ОРЕСТ. Кет, бұл арадан, шеше емес шеміршек болғыр.
КЛИТЕМНЕСТРА Сен менің ұлым емессің. Ал, сендер менің қыздарым емессіңдер. Сендер әлгі Агамемнон жауыздың бөлтірік терісіңдер. Сендерді Эгаст әлдеқашан қырып тастағанда жақсы болатын еді.
ХРИСОТЕМИДА. Мына тозақының құрт көзін.
ОРЕСТ. Жә, тоқта, сен бізді осынша жек көргенің бе, ана?
КЛИТЕМНЕСТРА. Егер Эгист мыналарды бауыздап тастайын, аяқ-қолдарын өзің ұстап тұр десе, ұстап тұрар едім.
ОРЕСТ. Біздерге қаның сонша неге қарайған?
КЛИТЕМНЕСТРА. Өйткені, жан дегенде жалғыз нақсүйерімді соншалық жақсы көремін.
ХОР. Агамемнонды да өшпенділік емес, махаббат өлтірді. Оресті де өшпенділік емес, махаббат елден бездірді. Электраны да шошқашыға құштыра жаздаған өшпенділік емес, махаббат-тұғын.
ЭЛЕКТРА. Ана, сен адам емес, құбыжықсың.
КЛИТЕМНЕСТРА. Сен не білейін деп ең, боқмұрын! Өшпенділік дегеннің не екені мұрныңа да бармайтын шығар. Қаралай-ақ аза бойың қаза тұратын сұмпайы еркек арлан төбеттей арсалаңдап бас салғанда, төбе құйқаңның қайтып шымырлайтынын білсең ғой.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, маған да көрсетерің сол емес пе еді?
КЛИТЕМНЕСТРА. Ал енді жанындай жақсы көретін жайсаң еркек аймалағанда төбең көкке әзер жетпей қалады?! Әсіресе, Эгастің саусағында бір сиқыр бар еді, тиіп кетсе-ақ өн бойыңды өрт жайлап жүре берер еді. Денесін айтсайшы, денесін... Шіркін, ол менің көсегемді қайтып көгерткенін білмейсің ғой?
ХОР. Сендер Агамемнонның қайтіп қанға батқанын білесіңдер. Электра мен Орестің де қайтіп мүрдем кете жаздағанын білесіңдер. Бірақ, Агамемноннық қандай еркек екенінен атымен бейхабарсыздар ғой.
КЛИТЕМНЕСТРА. Сен, шүйкебас, бізді бүйтіп жазғыруға қандай хақың бар? Сен ғой, осы кезге дейін еркек тәнін көрмей, көгермей көктей солған бейбақсың; омырауына ешкім жуымаған сен де бір, қуарған қу тулақ та бір? Сен махаббат жайында не білесің? Сен қайтіп бізге үкім айтпақсың?
ЭЛЕКТРА. Ал, білсем ше?... Бәрін білетін болсам, қайтер едің?
КЛИТЕМНЕСТРА. Махаббаттан мақұрым қалғандардың бәрі қарғыс атқан қара беттер. Эгис жарығым, бұл мақұлықтар махаббаттың дүниені бір сәтте-ақ өзгертіп жібере алар алапат құдіретін әлі білмейді. Сұмпайыны сұлуға, түнді күнге, зұлымдықты ізгілікке, азашы рахатқа айналдырып жібере алатын сиқырлық аты не? Ал, білсеңдер айтыңдаршы? Ах, Эгис, бұл найсаптарды қойсайшы... Дүниеде махаббаттан басқа заң жоқ екенінен де бұл миғұлалар бейхабар. Бағың ашылмағыр бетпақ, Электра. Сенің тамырында айтып жатқан менің қаным. Менің тауқыметім тап алдыңа келсін. Құдай сені де тап мендей өліп-өшіріп, ғашық қылсын. Сен де біреуге құмартып ақылыңнан алжас. Сонда сені де күндіз ойыңа келмеген, түнде түсіңе кірмеген бөтен біреу астына сап жұмарлап жатсын. Сонда да сен әлгі жан дегенде жалғыз нақсүйеріңе өліп-өшіп ғашық бола бер. Ол, бірақ саған өмір бақи бұйырмасын!
ЭЛЕКТРА. Ол қарғысың орындалмайды. Менің нақсүйерім, міне, мына Орест.
КЛИТЕМНЕСТРА. Нақсүйерің ағаң ба?
ЭЛЕКТРА. Кімді өліп-өшіп сүйсем, нақсүйерім сол.
КЛИТЕМНЕСТРА. Орест пе нақсүйерің?
ЭЛЕКТРА. Электра басқа ешкімге бұйырмайды. Кімді сүйсе, тек соған ғана бұйырады.
КЛИТЕМНЕСТРА. Сен ғой солай ойлайтын?! Шынында да, солай ойлайсың ба? Ендеше, сен де, ақыры құл болдым де.
Ендеше сенің де шалқақ басың иіледі екен. Сен де біреудің соңынан тастап кете көрме деп қаншық иттей қыңсылап, қалмайды екенсің. Сен де біреудің табанын жалайтын болдың. Сен де енді одан айырылып қалмау үшін өтірікті шындай, шынды дыңдай ғып сықпытатын болдың.
ОРЕСТ. Сен тозақы, бұл арадан кетсеңші енді!
КЛИТЕМНЕСТРА. Эгисті өлтірген қандықол қанішер мына сенсің ғой? Аспандағы күнді сөндірген қарабет мына сенсің ғой. Ну бақты шөлге айналдырған мына сенсің ғой? Сенің қанынды ит жалап, көзіңді қарға шұқысын.
ЭЛЕКТРА. Сенің, құдай, қансырап ыңырсығаныңды естісем, жеті күн, жеті түн қасыңда тұруға бармын. Етіңді тістелеп өзім жыртып, қаныңды өз аузыммен сорсам, шіркін, бұл дүниеден еш арманым болмас еді!
Падиша, өлтір мынаны!
ОРЕСТ. Сен бейбақ әйел, кет дегесін кет енді. Маған сенің қаныңның қажеті жоқ. Онсыз да бұл қалада төгілген қан жетерлік. Сен маған енді ана емессің, менің сенде ешқандай шаруам жоқ.
ЭЛЕКТРА. Ол, бірақ, маған ана, түсінесің бе? Ол мені тапты, бақты-қақты, ауырғанымда басы-қасымда болды. Бұл қанішер менің анам. Сондықтан да талап етем: өлтір бұны, Орест! әкемізді өлтірткені үшін өлтір! Мына қала барша сұмдықтан арылсын деп өлтір! Падишам, заңды ұмытпа, жазасын бер!
ОРЕСТ. Бұл қала үшін заң менмін. Осы қантөгіс те жетерлік, Электра. Сен әйел, кет дегесін кет енді!
КЛИТЕМНЕСТРА. Мен мына жан жарымның қасында жатам. Құшақтасып бірге жатам. Өлтірсең, патша, осы арада, ғашығымның қасында өлтір.
ХОР. Әй, махаббат, махаббат, Көздің жасын төксейші. Болып жасыл жапырақ әр бұтақта өссейші.
ЖИЫРМАСЫНШЫ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Сен өз парызыңды орындадың, Орест!
ОРЕСТ. Озбыр елді, қала азат!
ЭЛЕКТРА. Озбыр өлді. Қанжар әлі қолыңда. Сен бұнымен енді не істейсің?
ОРЕСТ. Туған қаламды азат етем деп, он бес жыл бойы көзімнің қарашығындай сақтап келдім, енді күлге лақтырсам да болар.
ЭЛЕКТРА. Солай деп ойлайсың ба? Шынында да анық солай ма? Озбыр өлді, ал оның жандайшаптарын қайтпексің?
ОРЕСТ. Жазалылар жазасын тартады.
ЭЛЕКТРА Ендеше, қанжарыңды бекем ұста. Мына әйелді кердің ғой. Бұл менің анам, Орест. Егер қылмыскер сазайын тартатыны рас болса, ең алдымен осыны бауызда.
(Орест үндемейді).
Сен мені құбыжық көріп тұрсың ғой. Ендеше, неге бетіме айтпайсың?
(Орест үндемейді).
Құбыжық болсам, құбыжық шығармын. Бірақ, былайғылардың да оңып тұрғаны шамалы. Бұл дүниеде дұрыстың ылғи құбыжықтар жағында. Сондықтан, менің айтқаным дұрыс, Орест. Падиша, егер қылмыскерлер жазасыз қалса, онда бұдан былай әділдіктің де құрығаны.
ОРЕСТ. Бұл қанжарды бұдан былай қатігездікке жұмсаман!
ЭЛЕКТРА Жазықтыны сонда сен жазаламағанда кім жазалайды?
ОРЕСТ. Мен Эгисті өлтірдім, бір рет қан төктім. Бұдан былай ешкім өзі қансырамай тұрып, жендетке өзгелерді өлтір деп әмір бермейтін болады.
ХОР. Еңбек бөлісудің қазіргі тәртібі тұрғанда дал бұл айтқаның жүзеге аса қоймас.
ОРЕСТ. Жоқ, Электра, мен жендет болуға келгем жоқ. Азаттық бар жерде заңның өзі-ақ жазалайды.
ЭЛЕКТРА. Сонда сот кім болады, Орест? Бұл қаладан басқаларға үкім айтуға қақысы бар басқа адамды қайдан таппақсың?
ОРЕСТ. Оны тұсында көре жатармыз.
ЭЛЕКТРА. Тексере бастадық-ақ, жұрттың бәрі сүттен ақ, судан таза боп шыға келеді.
ОРЕСТ. Сонда тергеп-тексерместен жұрттың бәріне шетінен қарғыс таңба қарып шығамыз ба?
ЭЛЕКТРА. Падиша, айтшы өзің, сонда озбырға осынша жыл қызмет еткендердің арасында жазықсыз кім бар, мына шаһарда күнәсіз кім бар?
ОРЕСТ. Патша қызы, абайла: жұрттың бәрі жазалы болса, онда оларға патшаны жендеттен қою керек. Байқа, Электра, таққа тағы да көк семсердің келгені алтын тажды тағы да қанішердің кигені.
ЭЛЕКТРА. Сен түсінбей тұрсың: өз сазайын тартпаған бір қылмыскердің аман қалғаны, әділеттің тағы да аяқасты болғаны.
ОРЕСТ. Сен де түсінбей тұрсың: азатсың демей, жазалаймын десем, таны да құлақкесті құлдарды көбейткенім.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, бұның бәрі бекер әуре. Мен бажыдан бері бұл қалада әлгі сұмдықтың бәрін білегін бір ғана адам, ең болмаса, бір ғана адам тірі жүрсін деп сені күтіп ем. Сөйтсем, тіршіліктен баяғыда-ақ баз кешуім керек екен.
ОРЕСТ. Жоқ, Электра, оның бекер болған жоқ.
ЭЛЕКТРА. Ех, Орест, сүйіктім. Дүние кең ғой, кетейікші осы арадан.
ОРЕСТ. Оның мүмкін еместігін өзің де біліп тұрсың.
ЭЛЕКТРА. Біз қайыққа отырайық, сен желкенді кер. Шағалалар мен балықшылардан басқа қара жоқ бір кішкене аралға барып мекен тебейік. Мен лашығыма исі аңқыған көк құрақ төсеп, бұлақтан су әкеліп, теңізіңе апарып, сенің аяғыңды жуайын. Кетейікші, сүйіктім.
ОРЕСТ. Білесің ғой, бұл айтып тұрғаның мүмкін емес нәрсе.
ЭЛЕКТРА. Екеуміз базарға барайық, балық салып тұрған халықты қызықтайық, құрма толы жаймаларды аралап көрейік. Кешқұрым жерге отыра кетіп, серуенші жұртқа қарайық. Шеберханаға барып құмырашылардың өнеріне сүйсінейік. Дүкеннен жеміс алып жейік, әр таң сайын мен саған гүл сатын әкеп тұрайын. Осы арадан кетейікші, сүйіктім.
ОРЕСТ. Электра, сүйіктім, мен бұл арадан кете алмаймын.
ЭЛЕКТРА. Сонда менің саған еш керегім болмағаны ма?
ОРЕСТ. Мен үшін сенің орныңды ешкім баса алмайды.
ХОР. Патша қызы, сенің орныңды ешкім баса алмайды.
ОРЕСТ. Сен жоқ жерде мен жартыкеш жанмын, мүгедекпін. Мүсәпірмін.
ХОР. Сен жоқ жерде ол жартыкеш жан, мүгедек, мүсәпір.
ЭЛЕКТРА. Эгист өлді. Қала азат. Енді мұнда аялдайтын не бар?
ОРЕСТ. Халық азаттықтың бағасын біліп, қадірлеуді үйренгенше әлі де жүздеген жылдар керек.
ЭЛЕКТРА. Сонымен, сен маған ермейсің ғой?
ОРЕСТ. Сүйіктім, мені жалғыз тастама. Қаланы тастап ешқайда кетпе, Электра. Бұл қала сен кетсең, қараң қалады.
ЭЛЕКТРА. Туғалы бері бұл қаланың сыртына шығып көрмеппін. Кеш сайын қорғанға, қиырларға қарайтынмын. Алыстағы таулар мен өзендерге телміре-телміре қашан сен келгенше, ешқайда аттап шықпасқа ант еткем-ді. Қақпа ашық тұрса да, аттап шыққан емеспін.
ОРЕСТ. Электра, егер екеуміз дария кешіп кетейік десең, кетер ем. Дала кезіп кетейік десең, кетер ем. Бірақ, ол үшін менде саған деген сүйіспеншіліктен басқа міндет, парыз болмауы керек қой.
ЭЛЕКТРА Сонда мен саған кім болғаным?
ОРЕСТ. Оны өзің жақсы білесің.
ЭЛЕКТРА. Нақсүйерің болсам, қалар ма едің?
ОРЕСТ. Жанқияр досым болғаныңды қалаймын.
ЭЛЕКТРА. Әйелің болсам қайтеді?
ОРЕСТ. Аға мен қарындастық арасында неке жүрмейтінін білесің ғой.
ЭЛЕКТРА. Сен оны заң деп есептейсің бе?
ОРЕСТ. Заң солай, Электра.
ЭЛЕКТРА. Ғашықтардың бірін-бірі сүюіне қандай заң тыйым сала алады?
ОРЕСТ. Заң жұрттың бәріне, соның ішінде маған да ортақ.
ЭЛЕКТРА. Падишам, теріс заңның тепкісіне көніп, жалған жосықтың дегенін тыңдайсың, Орест.
ОРЕСТ. Заңды кез келген қайыршы, кез келген құлақкесті құл бұза алады. Тек патшаға ғана заңды белден басып баса көктеуге болмайды.
ХОР. Заң шығарушылар, естисіңдер ме? Кез келген қаңғыма қайыршы заңнан аттап кете алғанмен, заң шығарушының өзі заңнан аттап кетпеуге тиісті.
ЭЛЕКТРА Сонда тақта бірге отырып, төсекте бөлек жатамыз ба? Күндіз қасыңда болып, түнде жалғыз өткізем бе? Маңдайыңнан сүйгенмен ерніңнен сүйе алмаймын ба?
ОРЕСТ. Мен неткен бақытсыз ем! Бірақ, өле-өлгенше осылай етуге міндеттімін. Махаббатым жазылмас жарама айналмақшы. Сүйе тұрып, сүйе алмау, маңдайға біткен жазмышым.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сенің жалғандыққа жазмышым деп көнгенің.
ОРЕСТ. Мен азапты жазмыш еттім. Басқа амал менде жоқ.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, сенің жазмышың азап болмайды. Қорықпай-ақ қой, сен Электраны әлі-ақ ұмытасың. Өйткені, Электраның аты — Электра да, Орестің аты — Орест. Енді мәңгі бақи солай болмақ.
ХОР. Электраның аты, Электра да, Орестің аты, Орест. Енді мәңгі бақи солай болады!
ОРЕСТ. Электра сүйіктім, сенің есімің ғимараттардың маңдайына алтын әріппен қашап жазылады.
ЭЛЕКТРА. Менің атым ғимараттарға жазылмақ.
ОРЕСТ. Сонда жұрт бұдан мың жыл өткесін де дүниеде Электраға тең келетін ешкім жоқ екенін білмекші.
ЭЛЕКТРА. Дүниеде Электраға тең келетін ешкім жоқ екені мәңгілікке паш етілмек.
ХОР. Электраға ешкім тең келмейді.
ЭЛЕКТРА. Мен бұл күнді он бес жыл күттім. Басымнан қара түскен жоқ. Енді, міне, сүйтіп тапқан бақытым, ең болмаса шошқашы Лотос емес, ғимараттық тас бағаны болмақшы.
ХОР. Сонда қайсысын қалайсың, патша қызы?
ЭЛЕКТРА. Жалғандықты құртады деген Орестім жұртты жаңа өтірікке үйретпек. Ол енді басқаны қойып, Электраны өтірікке үйретпек. Электраның атын алтын әріппен бадырайтып тас бағанға жазып қоймақшы. Қасына мәңгі бақи ешкімнің аты жазылмайды. Өйткені, бұл дүниеде енді қайтып Электра сияқты ешкім болмақ емес!
ХОР. Электраға тең келетін ешкім болмайды.
ЭЛЕКТРА. Мына дүниеге талай-талай бала жетектеген аналар келеді, аймаласқан ғашықтар келеді, немерелеріне ерген қариялар келеді. Талай-талай алаңдарда ет қақталып, жүзім сатылын, арақ-шарап судай төгіліп, қыз бен жігіт құйқылжыта билеп, мәз-мейрам болады. Ал, Электрадан тас бағанадағы жазудан басқа ештеңе қалмайды. Жалғыз-ақ ауыз сөз қалады.
ХОР. Жалғыз-ақ ауыз сөз, аты ғана қалады.
ЭЛЕКТРА. Енді Электра, жөніңді тапқаның жөн. Қақпаның аузы ашық, жолыңды ешкім бөгемейді. Дария кешіп, дала кезіп, қаңғырып ешкімді сүймеймін деп әзіңді өзің алдайсың ба, жоқ, осында қалып ертелі-кеш сенделіп, ешкімді сүймеймін деп өзіңді өзің алдайсың ба, өз еркің өзіңде!
ХОР. Кетсең де, өтірікшісің, қалсаң да өтірікшісің.
ЭЛЕКТРА. Орестке де Электра емес, өтірік керек. Жұрттың бәріне де Электра емес, өтірік керек. Электранық ешкімге қажеті жоқ.
ОРЕСТ. Элекгра, сүйіктім, Орестің аты. Орест. Электраның аты. Электра, бірақ екеуіне екі айрылуға болмайды.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, екеуміздің жолымыз екі басқа. Егер Электраның Электра, Орестің Орест екені рас болса, екеуінің жолының бір болуы мүмкін емес.
ОРЕСТ. Алмақтың да салмағы бар деген. Мені мақұлдайтын болсаң, өзіңнен бас тартпай болмайды.
ЭЛЕКТРА. Мен Электрамын. Мен өзгере алмаймын.
ОРЕСТ. Электра, сүйіктім, мына дүниеде екеуміздің бірге болғанымыз жөн еді.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, падишам. Өйткені, Орест, сен қоянжүрек қорқақсың. Сүйіп тұрып, сүйе алмайсың. Жеңіп тұрып, жыға алмайсың.
ОРЕСТ. Байқа, Электра, сен әділетті жендеттің қанды қара балтасын іздеп тұрсың.
ЭЛЕКТРА. Байқасаң байқа, Орест. Мейрімді болам деп жалтақтап отырғаныңда, жалғандық тағы дүниені жалпағынан басып кетпесін.
ОРЕСТ. Электра, жұрт өмір сүргісі келеді. Егер көрінгенге мынау қылмыскер деп қол шошайтсам, мына қаланың көрген күні не болмақ.
Егер сені азаптаса, сенің жан даусыңды бүкіл патшалық естиді. Егер жендет балтасы сенің басыңды шапса, сенің молаң бүкіл елге белгілі болады. Ал, олардың өлі-тірісін кім біліп жатыр. Байқа, Электра, атың мәшһүр өзіңді аттары тірідей өшкен өзгелермен салыстырып тұрсың.
ЭЛЕКТРА. Демек, менің үкім айтуға қақым жоқ екен ғой.
ОРЕСТ. Егер олардың біреуінен кек қайтарсаң, қалғандарын да көк есекке теріс мінгізіп шығады.
ЭЛЕКТРА. Мен олардан кек ал деп тұрғам жоқ, әділдік орнат деп тұрмын.
ОРЕСТ. Өзің қысастық жасап, өзгелерді әділетті қыла алмайсың.
ХОР. Өзі қысастық қылған өзгелерге әділетті бола алмайды.
ЭЛЕКТРА. Базардың астын қазып көрші: жазықсыз қырылғандар саған тісін қайрап жатпаса маған кел. Зынданға түсші: тас зындан өз-өзінен ыңырсып жатпаса маған кел. Бастары шабылған мүрделерден сұрап көрші, өткенді ұмыт десе маған кел.
ХОР. Сүйікті мырзалар, айтыңдаршы, сендерді ұмытайық па, ұмытайық па?
ОРЕСТ. Ендеше, Электра, сол базардың астын өзің қаз. Тас зынданға өзің түс. Өліктерден өзің сұра: олар біздің кегімізді қайтар дер ме екен, жоқ, өңмені етен озбырлықты тойтар дер ме екен?
ЭЛЕКТРА. Сен ұмытпақсың сенің есіңде ештеңе тұрмайды. Қылмыстыларды да кешіре аласың, өйткені, жазықсыз жапа шеккендердің жан даусын өз құлағыңмен естіген жоқсың, бір құдықтан су ішкен жоқсың. Мұнда жұрт дарға асылып жатқанда, сен онда жезөкшенің қойнында жаттық?!
ОРЕСТ. Мен патша боп тұрғанда, таққа жендет отыра алмайды. Мен патша боп тұрғанда, таққа озбыр отыра алмайды. Мен патша боп тұрғанда, бұл қалада тек еркіндік қана дәурен сүреді..
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сендей патшаның бағасы бес тиын қара бақыр. Мен тірі тұрғанда, сен патшалық құра алмайсың.
ОРЕСТ. Сен ақылыңнан алжасқан шығарсың?
ЭЛЕКТРА. Мен қазір базарға барам да, сенің кім екеніңді айтып, күллі қалаға жар салам. Күйеуі жазықсыз өлген әйелдер, әкелері жазықсыз кеткен балалар, ғашықтарынан жазықсыз айрылған бейбақтар, барша жапа шегіп, тауқымет көргендер саған емес, маған ереді, Орест.
ОРЕСТ. Ендеше, ұлы әкесін өлтіреді, әкесі ұлын өлтіреді, жігіт қалыңдығын өлтіреді, кектің шегінен шыға алмаймыз.
ЭЛЕКТРА. Мен өліктерді жердің астынан қазып алам. Тауқымет көргендерді тірілтем. Сонда жендет балтасы желкесін қырыққандардың бәрі маған қосылып залалға зауал, жазықтыға жазым деп айқай салмаса көр де тұр!
ОРЕСТ. Сен өйтіп бүкіл қаланы тамұққа айналдыра алмайсың. Сен өйтіп жұртты шеттеріңнен қылмыскерсіңдер, өмірбақи үрейленумен өттіңдер деп шегінен шерменде қып қоя алмайсың. Электра, абайла, жұртта өйтіп қоқаңдай берсең, бір күні мына қаланың күлі көкке ұшады.
ЭЛЕКТРА. Егер жұртты күнәдан тазартуға керек болса, мен бұл қаланы тамұққа айналдырудан да тайсалмаймын. Егер күнәларынан арылтуға азап керек болса, мен оларды азапқа салуға да бармын.
ОРЕСТ. Мен патша боп тұрғанда, бұл қала тамұққа айнала алмайды. Мен патша боп тұрғанда, заңның орнына үрей орнатар жайым жоқ.
ЭЛЕКТРА. (Мана Эгистің өлігінің қасында шыр көбелек айналғандай, Орестің қасында шыр көбелек айнала бастайды). Иә, сен патша емессің. Сен патша бола алмайсың. Сен патша да емессің. Орест те емессің. Сенің Орест емес екеніңе енді көзім жетті.
ОРЕСТ. Сен ақылыңнан алжасқан шығарсың?
ЭЛЕКТРА. Сен Орест емессің. Сен жалғандықты жоя алмайсың. Өйткені, өзің жалғандықсың...
ОРЕСТ. Электра, тоқтат!
ЭЛЕКТРА Сен Орест емессің. Естисің бе, халайық, мынау Орест емес!
ОРЕСТ. Тоқтат, есуас!
ЭЛЕКТРА Сен Орест емессің! Сен патша бола алмайсың. Сен Орест емессің!
ОРЕСТ. Жоқ, болмайды екен! (Қанжар сұғады).
Үнсіздік.
— Ах, есалаң бейшара-ай! Маған бұл не істеткенің? Электра, сүйіктім менің, қолымды тағы қандаттың-ау.
Үнсіздік.
— Сен де мен сияқты жұртты озбырдан құтқарғың келді. Мен де сен сияқты жұртты озбырдан құтқарғым келді. Енді, міне, сен мені жалғыз тастап кеттің. Ал, мен сенсіз өмір сүргім келмейді. Ах, бейшара мұңлығым-ай, Электраның аты Электра екен де, Орестің аты Орест екен! Енді бұл дүниеде мәңгібақи осылай болатын болды ғой!
ХОР. Электранық аты. Электра да, Орестің аты. Орест. Енді мәңгі бақи солай болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі