Сан ғасырлық алуан қатпарлы тарих көшінде халқының басын қосқан, жарқын болашаққа бастаған, беделін асырған, намысын оятқан, абыройын қорғаған тұлғалар, әлбетте, аз болмаған. Ұлт тарихының қалың оқулығы бізге тағылым аларлық сан тұлғаның өмірі мен өнегесін ұсынғанда, олардың ішінен мемлекет тізгінін қолына ұстаған хандар мен билерді, ел іргесін жаудан қорғаған баһадүрлерді, әлеумет өмірін кең толғаған жыраулар мен ақындарды, ән мен күйін әуелеткен өнерпаздарды, халқына жол нұсқаған ойшылдарды көреміз. Бойына алуан қабілетті сыйғызған осындай айтулы тұлғалардың ортасында барша қазақ “Ахаң” деп құрмет тұтқан, “Ұлт ұстазы” деген аса мәртебелі ат иеленген-Ахмет Байтұрсынұлының ерекше орны бар.
Қазақ халқы мәдениетінің тарихынан көрнекті орын алатын қайраткерлердің бірі - ағартушы ұстаз, қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың алғашқы отыз жыл ішінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту және әдеби болашағын ойлап, санасын оятуда, сауатын ашуға, жағдайын жақсартуға күш-жігерін, білімін арнағандардың бірі. Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқандай, қазақ халқының «Рухани көсемі» болған А.Байтұрсыновтың ұланғайыр еңбегі сан салада көрінеді.
ХХ ғасырдың басында үркердей топтанып шыққан қазақ зиялы қауымының аса көрнекті өкілі, өзінің жалпы рухани болмысы жағынан «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» ретінде танылған Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Ол өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік мәселелерін биік деңгейде қозғаған, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнін құдіретін терең түсінген ағартушы - реформатор еді.
ХХ ғасыр басындағы тарихымыз небір күрделі оқиғаларға толы болғанын білеміз. Бұл қазақ жерінің патшалық Ресей құрамына толық еніп, отаршылдық езгінің ең күшейген шағы болатын. Өз жерінде өзінің негізгі азаматтық құқықтары шектелген қазақ баласының дәл осы күйін Ахаң секілді арда туған азаматтар ғана түзей алар еді. Өткен ғасырдың алатеуім шағында “Алаш қозғалысы” деген атпен тарихымызға енген ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері саяси сахнаға шықты. Оның саяси көсемі-Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан болса, тұтас дәуірдің рухани көсемі-Ахмет Байтұрсынұлы еді. Бұл қозғалыс қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін күреске шыққан ұлы оқиға болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Алаш арыстары бізге мемлекетшілдік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті” деп аса жоғары баға берді. Қазақтың ұлт ретінде сақталуының қорғаны да, кепілі де ұлттық мемлекеттілік екенін ұғынған көшбасшы топтың ең алдыңғы сапында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Бұл туралы қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: “Ахмет Байтұрсынұлы-ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тұмсану болып көрінер, оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан Қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас... Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан Қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді. Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады. Абай мен Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді” деп, Ахаңның ұлт тарихындағы тарихи орнын дәл бағалаған болатын.
Ахмет Байтұрсынұлы 1917-ші жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде талай ғасырдан шексіз билеп-төстеп келе жатқан монархияның құлауын халықтарға азаттық әкелген оқиға ретінде шын көңілмен қабылдады. Ол революция екпінімен және көзі ашық, озық ойлы зиялы қауыммен бірге 1917-ші жылдың 21-26 шілдесі аралығында өткен Бірінші бүкілқазақ сьезін ұйымдастырушылардың бірі болды. Ал осы жылдың желтоқсан айының 5-13 күндері өткен Екінші бүкілқазақ съезінде Алашорда өкіметі құрылғанда А. Байтұрсынұлы жаңа үкіметтің халық ағарту саласындағы оқулықтар дайындайтын комиссияның құрамына кіреді. Алайда ұлт мүддесіне сай, ұлттық нышандарға негізделген тәуелсіз мемлекет идеясы ұзақ өмір сүре алмады. Болышевиктер Алаш арыс-тарының асыл армандарын жоққа шығарды.
Барлық саналы ғұмырын ұлт күресінің қасиетті жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлының есімі ел шежіресінде көптеген қырынан айтылады. Біріншіден, ол-қайраткер тұлға. Алаш қозғалысының бастауында тұрып, оның өрістеуіне, жалпыұлттық қозғалысқа айналуына ерен еңбек сіңірген шын мәніндегі ұлт қайраткері. Тіпті, Алашорда таратылып, кеңестік билік орнаған шақта да Ахаң қайраткерлік тұғырында қалды. Соның жарқын мысалы-қазақтың кеңестік кезеңде автономияға қол жеткізуіне басты себепкер болғаны және қазақ жерінің тұтастығы үшін большевиктік билікке дегенін орындатқаны. Екіншіден, ол-сан буын қазақтың сауатын ашқан ұстаз. Оның әліпбиін осы күнге дейін миллиондаған қазақтар пайдаланады.
Зарина Рахметова
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі