Асыл Шаһкәрім бабамыздың ой әлемі, қазақ даласына енді мәңгіге оралды.
Ел де, жер де, төр де енді Шаһкәрім бабамыздікі. Шындықтың адуын мінезі осылай болуы керек қой. Әттең, шындық шабан қозғалады екен. Сонысы жанға батады...
Шаһкәрім бабамыздың үш томдық толың жинағының, бірінші томын Роллан Сейсенбаев маған арнайы беріп жіберіпті. Күндіз жұмыс басты болып отырып, зерделеп қарамап едім. Кешке үйге келген соң, сонша әдемі шыққан кітапқа қызыға қарап отырдым.
Қажының өзі де, «қайда болса да ақиқаттың жеңбейтін жері жоқ» дегені рас-ау деп ойладым. Былтыр Халықаралық Абай Клубы Шаһкәрім қажының үлкен бір томдық кітабының Астанада презентациясын өткізген. Ол да бір қайталанбайтын әсем шыққан қалың бір томдық кітап еді.
Құдайға шүкір, Қажы бабамыздың кітаптарын қазақтың ғана емес, әлемнің үздік жазушыларының бірі Роллан Сейсенбаев жарыққа шығарудан талар емес. Жақында орысша, ағылшынша бір томдық жинақтары оқырманның қолына тимек. Шаһкәрім альбомы да келісті дүние десіп жатыр. Ұлы адамдардың артында жанашыр адамы болмаса, еңбектері елеусіз қала береді екен-ау. Биыл Шаһкәрім бабамыздың 150 жылдың мерей тойын өткізбекпіз. Тағдыры қиын ұлы ақын әдебиет айдынынан алпыс жыл аластатылып келді. Бірақ, Шаһкәрім еңбектері одан әлсіреген жоқ. Шаһкәрім атағына одан кінәрат түскен жоқ.
Кітапты оқып отырып, сонша ұлан-ғайыр ой қуатын сезініп қуанып отырдым. Абай атамыздың өлеңдерін, әндерін бала кезімізден жақсы біліп өстік қой. Ал Қажының өлеңдерінен біз әрине алыс ек. Жас кезімізде комсомол, партия қызметінде болдық та, әдебиеттен алыс қалғанымыз рас. Қажының осы кітабындағы өлеңдер менің жүрегімді бір аунатып тастағандай болды. Әр өлеңі бір өмір секілді көрінеді.
Менің руым тобықты. Абай бабамыздың ұлы атасы Ырғызбайдың төрт ұлы болған. Олар — Өскенбай, Өсер, Жортар, Мырзатай. Мен осы Мырзатайдың алтыншы ұрпағымын. Құнанбай атамыз Көкшетауда үш жүздің басын қосып атақты ас бергенде, Мырзатай ағалық жолын пайдаланып, есепсіз ішкі шаруаларға араласып, ақыл-кеңес бергіш боп болмапты. Сонда Құнанбай күлімсіреп қойып, інілеріне: «Мына әкелеріңнің үстіне шапан жауып, атқа отырғызып көңілін өзгеге аудара тұрсаңдаршы» депті. Ағаның көңілін қалдырмас үшін жасалған ниет қандай орынды. Қандай сыйласымдылық. Бұл арада да Құнанбай атамыздың дүние парқын ғана емес, адам парқын да терең сезіп білетіні аңғарылады. Кеңес үкіметі тұсында тобықтылардың азып-тозып, қуғынға ұшырап торғайдай тозғаны елге белгілі. Жетпіс бес есті азаматтарды НКВД Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында-ақ сотсыз, үкімсіз Өртеңнің төбесіне шығарып атып тастаған. Патша ағзамның белсенділері де 1902-1903 жылдары бірнеше рет Семейден әдейі келіп Абайдың үйіне тінту жүргізген. Бұл әрекет ұлы ақынның қанын ойнатқан, намысына тиген.
Ұлы ақын, Патша ағзамнан да, келер Кеңес үкіметінен де еш мейір күтпеген. Бұл ақын трагедиясының басы еді.
Мырзатайдың шөбересі, менің әкем Өнербек Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан адам. Көзсіз ерлігі үшін, айтулы орден-медальдардың да иегері болған. 1947 жылы, колхоз бастығы болып тұрған кезінде НКВД «халық жауы» деген айыппен сегіз жылға Колымаға түрмеге қамайды. Еш жазығы жоқ кеңес солдаты, енді түрменің тұтқынына айналады. «Қанша жазықсыз адамдар, шын соғыс батырлары, түрмеде шіріді. Қыста күнде таңертең барақтан өліп қалған адамдардың мәйітін шанаға салып әкетіп жататын. Суыққа қатқан адам денесі, ағаш сияқты болып қалады екен. Өлікті бірінің үстіне бірін қалап әкетіп жатады, о тоба», деп отырушы еді әкем. Әкейдің бар айыбы, Құнанбай тұқымы. Абай мен Шаһкәрімнің туғаны. Өзге айып жоқ. Тобықтылардың көбі сол жылдары оңтүстік облыстарға, Бішкекке, Түркменияға қашып кетіп қалған болатын. Ылаң жылдар еді-ау.
Қазақтың атақты скрипачы, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Айткеш Толғанбаев соғыста тұтқынға түскені үшін, ол да Колыманың түрмесіне түседі. Екі тобықты, сол Колымада табысып бір-біріне қарайлас болып жүреді. Айткеш аға қызба, бетің бар, жүзің бар деп қарамайтын, айтқыш, мінезі шадырлау адам еді. Түрмеден шығып, Қазақстанға оралған соң да, ол біздің үйге жиі келіп, әкеммен сөйлесіп отырушы еді. Бір-бірімен өте тату, тілеулес, тілектес адамдар болып өтті. Шіркін, Әйткеш ағам скрипкада ойнағанда, адамның өмір сүргісі келетін. Немістің тұтқынынан, Кеңес үкіметінің түрмесінен көрмеген азапты көріп шықса да, өмірге деген сүйіспеншілігі, махаббаты таусылған жоқ... Туған-туыс үшін жанын беретін жан кештігі де бөлек еді ғой. Менің әкем де, өмірдің сонша қиындығын көріп келіп, бір қыңқ еткен емес. Кең пейілді, нені болса да ойланып-толғанып шешетін сабырлылығы ерекше болатын. Сүйегі асыл деп сондай адамдарды айтады-ау. Бұл да сүйекке, текке байланысты болар.
1963 жылы болса керек, жұмыстан үйге келсем дастархан басында гу-гу әңгіме қызып жатыр екен. Әкем де, өзгелер де қуанышты. Ара-арасында жыласып та алады. Ештеңеге түсінбей ақтарылған маған, әкем «Қазақ әдебиеті» газетін ұсынды. Газеттің бір бетін Қажының өлеңдері мен суретіне беріпті. Қажының суретін бірінші көрдім. Келісті-ақ адам екен. Көздері от боп жанып тұр. Ұзын сақалды, кең маңдайлы. Жүзінде шерлі мұң бар. Әлде көзінде ме? Ұғып болмайды. Әйтеуір азалы адам екені білініп-aқ тұр.
Дастархан басында үш тобықты ырғызбайлар отыр. Маған да отыр деді. Отырдым. Бәрі туыс, жақын адамдар. Қажының өлеңі шыққан соң, «өлген тірілді» деп әкеме сүйінші сұрай келген ғой. Біреуі Ниязбек Жортар тегі. Шежіре жазатын, әнші ағамыз. Әкесі де керемет әнші болған. Қажының ылғи қасында болған адам — Әбдіғали. Екіншісі Азат Өскенбай тегі. Үшеуі бірдей арақты сіміріп отыр. Үшеуі де соғысты, Колыманы өткен батыр адамдар. Бұларға қой деп айтуға болмайды, пәлеге қаласың. Ара-арасында кезектесіп жылап алады. Үшеуінің қолында үш газет. Ниязбек ағамның сол жағында бір бума газет тағы бар. Алматыдағы Ырғызбайларға таратуға алған болса керек.
Шешей ас қамында. Мен түскі шәйімді шала-шарпы ішіп жұмысқа кеттім. Кешке келсем, үшеуі сол қалпы әлі отыр. Әңгіме Шыңғыстау жайында екен. Бұлар соғыстан, Колыманың түрмесінен өтіп, енді қайта тобықты еліне арнайы соққан сияқты.
Шаһкәрім қажының Ниязбек ағаның әкесі Әбдіғалиға арнаған атақты әні бар еді. Әкем сол әнді айтуын Ниязбектен сұрады. Өзі де әзер отыр екен, сорғалатып әнді жіберді дейсің. Ниязбек ағам да кәзір марқұм болып кетті. Ағамыз әнді керемет айтушы еді-ау. Әсіресе осы әнді. Бұл әнді Жәнібек Кәрменов те жақсы-ақ салатын. Бірақ, Ниязбек ағамның кең, еркін дауысына, толқыған ішкі толғанысына жете алмаушы еді. Мүмкін маған солай көрінуі де. Ниязбек аға, кесек түлғалы, мінезі ұстамды, кербез адам болатын.
Ырғызбайлар түні бойы Абай мен Шаһкәрімнің әндерін салып талмай тойлады. Кешке қарай Алматыдағы бас көтерер қалған Ырғызбайлар да үйге жиналған. Шешем түн ортасында екінші рет қазан көтерді. Той қызығы деген сол болар. Ертеңінде әкемнен: Әке, Шаһкәрімнің ақындығы Абай ағадан күштірек дейді ғой. Сол рас па? — деп сұрадым.
— Бұ қазақтың қысыр сөзі біткен бе ?!. Шаһкәрім де, Ақылбай мен Мағауия да, Тұрағұл мен Көкбай да Абайдың адал шәкірттері емес пе?.. Абай алмас қылыш. Жастардың өлеңдері ұнамаса, өлеңдерін шауып тастап отырған ғой. Ырғызбайдың көкірегі өзіңе белгілі. Абайға деген өкпе олар да болған. Абайдай кемеңгерді бір тобықты емес, бүкіл қазақ болып туғыза ала ма? Ол да Құнекең мен Ұлжанның арқасы ғой... Әрине әуелі Алланың арқасы, мен білсем. Қажының ана өлеңін оқымадың ба?!.
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал енді, олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
Күнде күйлей бермелік бозбалалық.
Сақ болалық бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!
Кінәларын жастар білген ғой. Абайдай данышпан заманалардың төрінде уақыт салып қана туатын ерекше құбылыс қой. Мұхтардың арқасында Абай әлемге тарады. Әуелі қазаққа танылды. Абайдың арқасында Мұхтар да ұлы жазушы атанды. Шаһкәрім қажының да сағаты соғар. Сол кезде ол да, алмас қылыштай қазақтың рухани, мәдени көгінде жарқылдар. Алланың өз сағаты бар. Сол сағатқа, сол сәтке дайын болу керек.
Он күннен кейін НКВД Абзал Қарасартов ЦК-да шу шығарып, Қажының ісін қайтадан жаптырып тастады. Шаһкәрім қажының еңбегі ұзақ алпыс жылға қазақ әдебиетінің әлемінен өшірілді. Асыл мұқалмайды екен. Шындық жеңбейтін дүние болмайды екен. Сәл кешеуілдеп келсе де, сырын да, сымбатын да жойған жоқ.
Асыл Шаһкәрім бабамыздың ой әлемі, қазақ даласына енді мәңгіге оралды. Ел де, жер де, төр де енді Шаһкәрім бабамыздікі. Шындықтың адуын мінезі осылай болуы керек қой.
Әттең, шындық шабан қозғалады екен. Сонысы жанға батады...
P.S. Осы арада мен тағы бір тобықты азаматы жөнінде қысқа қайырмақпын. Бұны өз парызым деп білемін. Айтпасақ, сөздің, Атасын өлтіріп алармыз. Бірақ, өзі туралы сөзімді жариялауға қарсы болды. Мен көнбедім. Абай мен Шаһкәрім бабаларымыздың, еңбектерін бүкіл әлемге паш етіп жүрген сол азамат.
Лондонда Абайдың кейін ашты. Абай еңбектерін ағылшын, француз, неміс, фарсы, араб, түрік, испан, итальян, жапон тілдеріне аудартты. «Amanat» журналын, сол журналдың 200 томдық әлем әдебиеті кітапханасын ашты.
Шымкентте «Абай» газетін шығарып жатыр. Сол қалада Халықаралық Абай клубының кейін тұрғызды.
Сол қалада Абай саябағында Тұрағұл бабамыздың ескерткішін орнатты. Абай мен Шаһкәрімге, әлем халықтарының, ұлы Ақындарына — ақындар аллеясын ашпақ. Шаһкәрім қажының үш томдық үлкен кітаптарын шығарды. Бұндай келісті боп қазақтың бірде-бір ақынының, кітабы шыққан емес. Тегіміз бір, бұл азамат қазақтың ғана емес, әлемнің асқар ойлы жазушыларының қатарына енген — Роллан Сейсенбаев.
Жақында маған Итальян профессоры Эдуардо Канетти мырза келіп кетті. Бір ғана бұйымтайы бар екен. Ол — Италияның атақты баспасы шығарған бір томдық кітапты маған сыйға әкеліпті.
Бұл кітапта Яссауидың, Шоқанның, Абайдың еңбектері бар. Бұл еңбектерді итальян тілінде аударған Канетти мырзаның, өзі екен.
— Бұл кітапты маған неге әкелдіңіз? — деп сұрадым.
— Сіз тобықтысыз. Абай тобықты.
— Оны қайдан білдіңіз?..
— Роллан Сейсенбаев айтты. Ол прогрессивтік көзқарастағы үлкен адам. «Апырмай, деп ойладым. Роллан інімнің де жүрмейтін жері жоқ-ау осы».
— Канетти мырза, сіз қалай ойлайсыз, сіз мақтаған Ролланды қазақ іші мақтамайды. Мен де оны, туысым болса да өлгенше білмеймін.
— Нет пророка в своем Отечестве! — деп күлді Канетти мырза. — Ол ұлы жазушы. Кәзір Италияда оның атақты «Мертвые бродят в песках» деген романы жарық көреді. Өкінішке орай, қазақ әдебиетінің бір шыңы болған «Мертвые бродят в песках» романын қабылдауға, ұғынуға, жүректен өткізуге, ой әлеміне сіңіруге қазақ оқырманы әлі де дайын емес. Яссауи, Шоқан, Абай, Шаһкәрімдер де уақытынан озып туғандар ғой. Бұл әрине трагедия. Аз ұлттың, ұлы трагедиясы. Бұл романды Италияның отыз екі әдеби журналы басатын болады. Бұндай сый-құрметке Нобель сыйлығының, лауреаты Габриель Гарсиа Маркес қана тура алған. Рим папасы Иоан Павел II өз кітабын орыс тілінде шығаруды Роллан Сейсенбаевқа тапсырған. Рим папасы әркіммен сөйлеспейтінін өзіңіз де білесіз. Мына кітаптың, атын да Роллан мырза қойды. Кітапқа, киноға ат қойғыштар Италияда жыртып айырылады. Сейсенбаев қойған атқа олардың тісі батпады. Қалай аталатынын білесіз бе? «Неизлечимая печаль мудреца». Бұдан артық атты Ролланнан басқа ешкім қоя алмайды. Бұл да өнер. Үлкен өнер. Сіз жаңа айттыңыз, Ролланды Қазақстанда сыйламайды деп.
— Жоқ, мен мақтамайды, — деп айттым.
— Екі сөздің түбірі, логикасы бір. Роллан Сейсенбаевты билік ұнатпауы мүмкін. Билікке ұнау үшін биліктің астауынан су алу керек. Ал Роллан Сейсенбаев сақ жүретін адам. Ол халық үлкен судан ішеді. Бұл кейбіреулерге қинамайды әрине. Менің, білуімше хас жазушы билік жағында емес, халық жағында болуы керек.
Италияның ұлы кино режиссерлері Феллинни, Пазолини сондай кесек тұлғалар болған. Қазақ жастарының арасында Роллан есімді жастар көп. Менің курсымды да бір Роллан бітірген. Сонан сенің есімін, неге Роллан? — деп сұрағам. Ол айтты, Роллан Сейсенбаевтың шығармаларын әке-шешем сүйіп оқиды. Сол кісінің құрметіне қойды дейді.
Мен таң қалдым. Ең, бір тілеулес жақын інім болса да, мен оның қазақтан алған атағының да, жатағының да жоқ екенін кейін елден естіп білдім. Бұл жөнінде ол маған тіс жарып көрген емес. Мәрттік деп осыны айтар болар. Оған ренжіп, қынжылып жүрген де Роллан жоқ. Клара келін екеуі екі атасының, қазақтың ұлы ақын-жазушыларының, кітаптарын келістіріп шығарудан таймай келеді.
Роллан жазып жатқан Шаһкәрім атасы туралы романды үлкен үмітпен күтетінімізді де жасырмаймыз. Сен отбасыңнан гөрі, Алла мен Отанды биік қоятын жаратылысың бөлек дара туған азаматсың ғой. Оны да біз кеш түсініп жатырмыз. Бір ән бар ғой:
Жақсылар жақсымын деп айта алмайды
Жамандар жақсымын деп айғайлайды.
Жаса, Роллан, елін, үшін, халқың үшін жасай бер. Аман бол, бауырым!
НҰРЫМБЕК ЖАНДІЛДИН
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі