Өлең, жыр, ақындар

Перілер елі

Бұл жолы біздің арғы жаққа өту сапарымыз іскер адамдардың суыт жүрісі секілді еш бояусыз, сұрғылт жүзеге асты. Бесеуміз жұбымыз жазылмаған күйі таң атпастан көл жағасындағы тоқал тамға кірдік. Еркебайдың анасы бөлменің төр жағында жайылған дастархан басында дәптеріне шұқшиып бір нәрсе жазып отыр екен. Үстелдің бір бұрышына беті аппақ дәкемен жабылған нан, тоқаш, өрік-мейіз секілді тәтті-дәмділер тұр. Ол кісі ә дегенде сасып қалғанмен, бойын тез жинап, орнынан тұрып бізге «нан ауыз тиіңдер» деді. Мәди «арғы жаққа өтуіміз керек, әпке, Хан шақыртып жатыр екен» деді. Ол кісі үнсіз шкафты нұсқады. Жүрегім енді атойлай бастады. Шегінетін жер жоқ екенін білгеніммен, санам ретін тауып осында қалатын себеп іздегендей жанталасады. Саридың қолын қысып алдым. Не жағдайға тап болдық дегендей ол да маған тығылады. Шкафқа алдымен Еркебай енді, оның артынан Жасұлан тартқыншақтай отырып, кіріп кетті. Оның да екіұдай күйде екенін сездім. Артынан Мәдидің белгісімен мен кірдім, бер жағынан әлдебір сыздың, ылғалдың иісі шығатын күңгірт шкафтың артқы жағына әдеттегідей жұқа тақтай қағылған. Бірақ оның алдамшы көрініс екені анық, ол кедергіні елеместен тағы бір қадам бассаң, өрмекшінің торындай жабысқақ, жағымсыз кеңістікті жарып арғы жақтан шығасың. Бір қызығы ол жақтан состиып, кебеже сандықтың ішінде пайда боласың. Мен лезде бойымды жинадым, келесі сәтте жап-жарық, хош иісі аңқыған әдемі бөлменің ішінде көзімді ашқанымда, Зақан қолымнан тартып, демеп, сандықтан шығуыма жәрдемдесіп жатты. Мен өзім шығып алғанннан кейін алдымен Сариды, содан соң Мәдиді қарсы алдым. Мәдидің анасы да осында екен. Ол барлығымызды құшақтап, бетімізден үнсіз сүйіп шықты, «амансыңдар ма» деген үні естілер естілмес шығады, тек ерні жыбырлайды. Оны көрген сәтте Мәдидің түсі бұзылып кетті. Қысылғандай, әлдебір алпауыт сезімдерге шырмалғандай толқып, көзі жасаурап, анасының құшағына ене берді. Маған ол осы сәтте кішкентай, тұлымы желбіреген сәби секілді көрінген. Жүрегім шым ете түсті.

— Аман-есенсіңдер ме,-деген Зақан назарды өзіне аударып әкетті, — қош келіпсіңдер.

Дауысында ызғар бар ма әлде маған солай көрініп тұр ма?

— Бері жүріңдер, міне, мында, қонақ бөлмеге өтіңдер.

Ол өзінің міндетін қалтқысыз атқарып жүрген адам ғана тәрізді. Бізді бұрын көрмегендей, білмейтіндей.

— Алдымен әдеттегідей ауқаттанып алыңдар. Ары-бері өткен көзді ашып жұмғандай болғанмен, өліара бойларыңдағы қуатты сорып алады, сондай бәле ол.

Мені енді қызықтырған мезет — түріміздің өзгеріске қашан ұшырай бастайтынын аңғару еді. Әзірше барлығымыз өз тұрпатымызда сияқтымыз. Дегенмен, көрінер көрінбес өзгерістер бар екен. Мысалы, Саридың сәби жүзі ересек тартып бара жатқанын бар болмысыммен сезіндім. Өмір сүрген, өмірдің бір тылсым құпияларын түйсініп үлгерген жандай жанары ішке қарай тереңдеп, байыпты ұстамдылық дари бастады. Мен оны құтқарғым келгендей қолын жанұшыра қыстым. Ол езу тартып, жымиып қойды. Менің жанталасымды ұғып, балалығыма күлген секілді. Біз Зақанның соңынан еріп, баяғы қонақ бөлмеге жеттік. Сол үш қыз ізетпен келіндерше сәлем беріп, ас қамына кірісті. Аңғарғаным — Зақанның дастарханындағы тамақ тіпті бұл жер үшін де өзгеше. Түрлі дәмге толып жайнап тұрған дастархандағы ас әрқилы болып көрінгенмен, шындығында барлығы бір тамақ секілді. Түстері, көлемі, тіпті дәмі басқа, бірақ барлығының астары, негізі біреу. Және өздері ауыз тимеді. Бізге беріп отырғандары екі әлем арасынан өткендерге арналған өзгеше тағам болар деп бағамдадым. Дегенмен, көңілімнің түбінде әлдебір кірбің қалды.

Тағы да сол күйме. Тағы да сол қала. Бірақ бұл жолы Шығыстың ертегі әлеміне енгендей тамсаныс, таң қалу болған жоқ. Көңілсізбіз. Төбеден төнген сарғыш аспан еңсені езеді екен.

— Жарты жылдай болды, аспанның осылай өзгермей тұрғанына, — деді Зақан самарқау. Менің ойымды сезіп, соған жауап берген тәрізді. Үнсіз басымды изедім.

Барлығынан бұрын Мәдиді анасы Гүлнәрдің бойындағы өзгеріс таң қалдырады. Ол бұрынғыдай Мәдиге қарап жаутаңдамайды, ұлын қолынанан ұстап, үсті-басын сипалап, мауқын баса алмай аласұрған баяғы Гүлнәр мен қазіргі Гүлнәр — екі басқа адам. Тіпті Зақанға да көнбістік танытып отырған жоқ. Бойы тік, өңі қатқылдау. Мен оның өзгергенін түйсіндім. Шынымен-ақ Періге айналып кеткен бе? Біле алмадым. Атам мен әжемді, жалпы шырақшыларды еске түсірдім. Ауылға жеткен мезеттен бастап күні бүгінге дейін ол кісілер де, қасымдағы серіктерім де бұл сапрдың тікелей менің кінәмнан болып отырғанын бірде бір мәрте айтқан емес. Бұдан ішімді жегідей жеген уайым одан сайын ушыға түседі. Қайда барамыз, зымиян Ханшайым тағы қандай орындалмас, қитұрқы тапсырма береді. Мәдидің қарасұр өңіне көз жүгірттім, ернінің үстіндегі тыртығы тағы да ұлғайып, өсіп, бір жақ ернімен күліп отырғандай келеңсіз кейіп берген. Тым сұсты, тым суық. Гүлнәр екеуі бір-біріне бөтен жандарша отыр. Мен оның жан-дүниесінде лапылдап жанып жатқан алауды, анасын жоқтап, қан жылап отырған кішкентай тұлымды баланы болмысыммен сезіндім. Сондықтан да үрке алмадым. Жасұлан тағы да аса талдырмаш, аппақ қағаздай бозбалаға айналған. Тапал, етжеңді, шапшаң және аса қорқақ Жасұланның қазіргі келбеті карикатура секілді еріксіз езу тартқызады. Еркебайға тіпті қарағым келмейді. Оның ешбір қалыпқа және санаға сыймайтын болмысы адамдікі деуге еш келмейді. Үнемі өзгерісте, қозғалыста тұратын түсініксіз формадағы қою түтін тәрізді. Бірақ негізі, форманың ар жағындағы өзі, әрине, Еркебай. Сондықтан ол да қорқыныш тудырмайды. Қазіргі кейпіне өзі де ыңғайсызданатын тәрізді. Ара-тұра маңдай терін сүрткіштейді. Назарым тағы да Гүлнәрға ауды. Ой, қалай ұнамайды ол маған! Сондай ұнамайды! Неге мұншама өзгерген. Ол әлдене сезгендей оқтай тік жанарымен жарқ ете қалды. Сасқанымнан мейірлене күлімсіредім. Бірақ ол иланбаған сыңайлы. Енді кекесінмен жымидым. Ол мені тағы бір шарпып өтті.

Күйме алтынмен қапталған Хан сарайының алдына келіп тоқтады. Біз үнсіз түсіп қалдық та, текпешекпен көтеріле бастадық, олар тіпті күймеден шығып, сарайға кіргізіп жіберуге ниет білдірген жоқ. Біз таң қалмадық. Барлығы өзгеше және сондай қатерлі көрінді.

— Зере, бұл жердің адамдары сенің сертті бұзбақ ниетіңді естіп, ренжулі, — деді кенет Еркебай, — олар бұны опасыздық деп бағалайды. Зақанның салқындығы содан ба деп топшылаймын. Мына аспанды, адамдардың жан-дүниесін басқан сары уайымға сені кінәлі деп есептейді.

— Мен? Неге?

— Бұл жерде күндердің күні Хан тұқымына берілген Серт бұзылады, содан соң әлем күйрейді, ақырзаман орнайды деген аңыз бар.

— Шынымен бе?

Көзім жасаурап, жаным тоңазыды. Шынымен мен кінәлімін бе барлығына.

— Енді не істеймін?

— Еш нәрсе. Әкем оған сенбейді. Қазір көреміз.

— Иә...

— Гүлнәр ше? Ол неге соншама суық?,— деді кенет Жасұлан.

Оның сауалы жауапсыз қалды.

Бізді кіре берісте қарсы алған хордың қызындай ару бойжеткен Ханшайымның бөлмесіне өзі бастап апарды. Кабинет іспеттес бөлме аса талғаммен жинақталыпты. Еңселі, аса ажарлы Ханшайым төрдегі үстел басында отыр екен, біз кіргенде орнынан тұрып, жұмсақ жиһаз тұрған бұрышқа бастады.

— Сәлеметсіңдер ме, балақайлар.

Дауысы нәзік қоңырауша сыңғырлайды. Өмірінде тіпті қоңыз басып көрмеген адам тәрізді. Ә дегеннен:

— Зереш, сертіңнен неге айныдың?,— деді бас-көз жоқ. Бүгін күн суық па деген сияқты немқұрайлы сұраққа жауап бере алмай тосылып қалдым.

— Қыздар, қыздар, сендерге барлығы ойыншық.

Дауысы мұншама иірімді, әуезді болар ма. Диванға отырып жатып, өзімді аса жеңілтек, опасыз жан сезіндім. Ханшайымның өзі креслоға жайғасты.

— Өзің білесің ғой, бірақ есіңде болсын, мен сені мәжбүрлеген жоқпын.

Неменеге? Сөзімнен бас тартуға ма әлде сөз беруге ме? Түсінбей қабағымды шыттым. Арқама жабысқан қара домбыра бір кесек мұз секілді омыртқамды тыз еткізіп, қарып өтті. Суық леп басыма бір-ақ шапқан. Енді жөнделіп отырдым. Дауыс сиқырынан арылған сияқтымын. Өзіме-өзім келдім.

— Неменеге мәжбүрлеген жоқсыз?

— Сөз беруге, әрине.

Ханшайым менің ықпалдан шығып кеткенімді түйсініп, тіксініп қалды.

— Әрине, мәжбүрледіңіз.

Ол қасын керіп маған таңдана қарады. Көл басындағы тоқал тамды бір ғасырға жуық мекен еткен, мәужіреген қара кемпір мен мына әйелдің арасында еш байланыс жоқ екеніне мен тағы да ант ете алатын сияқтымын. Жасы әрі кетсе отыздар шамасында болар, аса ажарлы, томпақ еріндері бұртиып, әжімсіз ақ сұр бетін қып-қызыл толқын шарпып, маған ренжіген сыңай танытты.

— Ал сен әлі Ханзадамен кездескен жоқсың ғой, оны көрмей, тілдеспей тұрып, сертіңнен бас тартқаның қалай болады?

Абдырып қалдым. Сөзінің жаны бар секілді.

Ол көзін менен айырмаған күйі ақырын ғана алақан соқты. Жаңа бізді қарсы алған ару қыз қайта пайда болды.

— Ханзаданы шақыршы.

Ол үнсіз басын иіп шығып кетті.

Бөлме ішін үнсіздік басты. Жүрегімнің тарсылы бүкіл сарайды басына көтеріп, жаңғыртып тұрғандай. Өстіп жүріп ауру болатын шығармын деп ойладым. Содан кейін ернімді боямағаныма өкіндім, шашымды күміс жылтыр резіңкемен ұстатуым керек еді деп ойладым тағы. Қазір жөнделе бастасам, ұят. Кеш. Астыңғы ернімді тістедім. Менің ойымды оқып отырған Ханшайымның жүзіне күлкі үйірілді.

Ханзада біздің қасымызда кенет пайда болды, Ханшайымға ілесіп барлығымыз орнымыздан тұрдық. Бас иіп сәлем бердік. Ол да біздің сәлемімізді қабыл алып, отырыңыздар деген ишарамен анасының қасына, бос креслоға жайғасты. Әрине, бұл Дәу емес. Ұзын бойлы, ұзындығы соншалық арамыздағы ең сұңғақ Мәдидің өзі оның иығынан ғана келетін болар, талдырмаш, бірақ спортпен айналысатын жан секілді тұла бойынан қайраттың нышаны аңқиды. Еріксіз атам есіме түсті. Бөлмеде пайда болған сәтінде екі бетінің ұшы ғана қызарып тұрған ол отырып, жанарымыз түйіскен кезде жүзі алаулап шыға келді. Содан соң бұнысына өзі қысылғандай көзін үстел бетіндегі белгісіз нүктеге қадады.

— Ханзада, танысып қой, бұл балаларды сен білесің, бірақ олар сені білмейді ме деп қорқам. Зере, Сари, Мәди, Еркебай, Жасұлан.

Ол күлімсіреп басын изеді. Ұзын ашық қоңыр шашы мойнын жабады. Ол шын мәнінде Ханзадаға ұқсайтын еді.

— Ал енді танысу сәті тәмамдалса, тапсырмаға оралайын. Менің бір білезігім бар еді...

Біз аңтарылып, Ханшайымға қарадық. Қандай білезік?

— Жақсы, басынан бастайын, қасымда жүретін нөкерім әрі өзімнің жеке күтушім бір пері қыз бар еді, қызметіне көңілім толатын... Бірақ перілер әлемінде бұндай нәрсе болып тұрады, ол күтуші емес, айлакер Мыстан болып шықты. Менің, менің ғана емес бүкіл хандықтың киесі, біздің әулеттің нышаны Алтын Білезікті ұрлап, көзден ғайып болды. Одан бері көп уақыт өтті. Мен тұтқында болдым, аласапыран кез, Білезік іздейтін шама болған жоқ ешкімде. Іздегенмен табылуы неғайбыл да еді. Алтыннан соқтырылған, бармақтай гауһар көзі бар Білезік-тұғын. Көріп отырсыңдар, мына перілер әлемінде аса қуатты, орны толмас өкінішке, бүкіл әлемнің жоғалып кетуіне әкеліп соқтыратын өзгерістер жүріп жатыр. Алдымен аспанның түсі өзгерді. Күн ұясына қонбайтын болды. Сап-сары аспанның астында сары уайымға салынып, салы суға кеткен перілердің басы, рухы әлсіздері өз-өздеріне қол сала бастады. Бұл жағдай енді бір жылға созылса, мына әлемде мұсылман пері қалмайды, барлық үйлесім, тепе-теңдік бұзылады, ақырзаманның келу сәті жақын. Ал ақырзаманды жалғыз жолмен, әлгі білезіктің көмегімен жасауға болады. Бұл Айтоқтының дұғасымен келген зұлмат. Оны жүрегім сезеді. Сондықтан Зере, бұған сенің Сертіңнің түк қатысы жоқ.

Бұны Ханшайым қалжыраған, шаршаған дауыспен қабағын шыта отырып әңгімелеп шықты.

— Сол білезікті қайтарыңдар немесе Айтоқтының басын әкеліңдер алдыма. Содан кейін боссыңдар. Мен ғана емес, бүкіл әлем сендердің алдарыңда қарыз болады. Зерені серттен босатамын.

— Ол мыстанды қайдан табамыз?,— деді Мәди.

— Қала сыртында елсіз жапан дала бар. Ол сол құла түзді мекен етеді. Сендер оны емес, ол сендерді іздеп табады. Тек кездескенде қапы қалмасаңдар болғаны.

— Бізді жұмсағаныңызға қарағанда, аса қауіпті сапар болды ғой.

— Өзінің харам ойын іске асырмайынша, Ол перінің көзіне түспейді. Бірақ адамдардан, сендерден қауіптене қоймайтын шығар...

Ханзада көзін төмен салып ойланып кетіпті. Содан кейін анасына қарады. Оған әлдененің ұнамай отырғанын сездім. Бірақ ол Ханшайымға қарсы келе алмайтын еді. Екеуміздің жанарымыз түйісті. Көздері қап-қара, өңменнен өтердей оқты екен.

— Жақсы,— деді Мәди, — біз барамыз.

— Олай болса, жолды Зақан көрсетеді.

Осы келісіммен орнымыздан түрегелдік. Мен Ханзадаға қарамауға тырыстым, бірақ әлдебір сәулелі сезім жүрегімді буындырып бара жатқандай, ауа жетпей, тынысым тарылғандай түсініксіз күйде қалдым.

Далада бізді әдеттегідей Зақан мен Гүлнәр қарсы алды. Түсініксіз сезім шырмауынан шыға алмай келе жатсам да, жаутаңдаған Саридың жүзіндегі сауалды сезіп, іштей күлімсіредім. Мәди беліне байлаған қылышының сабын қысып алыпты. Тіпті қолының сырты көгеріп бара жатқандай көрінді маған. Ден қойып, түйсінуге мұршам болған жоқ. Ханзаданың бейнесі есімнен шығар емес. Оған шынымен ғашық болып қалдым ба? Әлде мені Ханшайым сиқырлап тастады ма? Ұға алар емеспін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз