Азамат
Үйдің ішіндегі дүниелердің сұлбасы бірте-бірте айқындала бастаған. Анау теледидар, оның қасында кішкентай болып қарайған бейнемагнитофон. Қабырғадағы батып бара жатқан күн бейнеленген сурет те қарауытады. Гүлімнің деміне құлақ түрді. Біркелкі тыныстайды. Түні бойы осы дем алысынан жаңылған жоқ, тіпті қыбыр етіп қозғалған жоқ. Кішкентай бала тәрізді. Аударылып жүзіне үңілген. Ұйықтағанда үйренішікті, әдемі жүзі қатқылданып кетеді екен. Тырысып, қабағы түюлі жатыр.
Азамат жастығының астындағы сағатын алып қарады, бес жарым. Ерте. Гүлім жеті-сегізсіз оянбайтын шығар. Ол қайтадан терезеге бұрылды. Орнынан тұрып жүргенге де ыңғайсызданады. Қасындағы келіншектің қалай қарайтыны белгісіз. Бұның орнында Майра болса деп ойлады. Оятып алатын едім, шай қойдырар едім. Не қаласам, соны істер еді. Бірақ Майраның деңгейі басқа. Ол әдемі емес, оның қызметі жоқ, қызметі ғана емес жоғары білімі де жоқ. Ол көп нәрседен хабарсыз. Көзін жұмды. Басы зеңгіп, шыр айналып бара жатыр. Ұйқысы келіп жатыр. Ұйықтай алмасын тағы біледі.. Гүлімнің қасында ұйықтауға үйренері, үйрене алмасы белгісіз. Екеуінің кездесе бастағандарына екі апта болған. Бірақ үйіне бірінші рет қонып отыр. Қайтадан деміне құлақ түрді. Оған жеңіл тыныстайтын әйелдер ұнайтын. Жеңіл тыныс — тазалықтың, бейкүнәліктің белгісі сияқты. Ол қайтадан Гүлімнің жүзіне үңілді. Қою қоңыр шашы шашылып, көрпені иегіне дейін көтеріп қымтанып алыпты. Бірақ беті бір уыс болып, ауыр жұмыс істеп жатқан адамша түйіліп кеткен. Маған дейін қанша адамы болды екен деп ойлады. Содан кейін көзін қайтадан жұмды.
Тағы екі сағат шыдау керек. Артық қимылдауға да батпайды. Баласы келгенде не істер екенбіз деп ойлады. Бірақ оның бір есебін табатынын тағы біледі. Кенет қасындағы келіншектің қозғалғанын сезді де көзін жұма қойды. Демін бірқалыптап, терең тыныстай бастады. Гүлім басын көтеріп, бұның жүзіне аз-кем үңілді де, орнынан көтерілген. Азамат оның қозғалысынан мазаланған кейіппен көзін ашты.
— Қайырлы таң! Оятып жібердім бе?
Жүзіне күлкі үйіріле қалған Гүлім ақырын еңкейіп ернінен сүйді. Ол оған құшағын жайған.
— Тұрамыз ба?
— Тұрайық. Қазір шай қоямын.
Халатын жүре киген ол жуынатын бөлмеге қарай беттеді. Азамат үстінен ауыр жүк түскендей жеңілденгенін сезінген. Ұйқысыз түн, жаңағы таң атқыза алмай қиналғаны — жағымсыз түс қана тәрізді. Үйдің ішінен тазалықтың иісі шығады. Дүкеннен жаңа сатып алған киімде болатын су жаңалықтың иісі. Өмірдің, барлық адамдардың кереметтігіне күмән келтірмейтін ерекше жайма-шуақ күйге енген ол көңілденіп кетті. Барлығы бір түйір шаңсыз тап-тұйнақтай.
Орнын тұрып киінді де ас үйге кірді.
— Жұмысқа қаншада жиналамыз?
— Мен ылғи сегізден кете шығамын. Сонда тоғызда тура жетемін.
— Бөлек барғанымыз дұрыс шығар.
— Иә, — деді Гүлім, — Бөлек барғанымыз дұрыс.
Екеуі де үнсіз қалды. Азаматқа Гүлімнің тағы бір қасиеті — тамаққа ұқыптылығы ұнайтын. Дастархандағы барлық тағамның ерекше бөлек сүйкімді дәмі бар, тіпті құйған шайынан айрықша бап сезіледі. Тарамай-ақ түйреуішпен немқұрайлы қыстыра салған шашының өзінде әдемілік бұғып жатыр. Не деген әйел деп ойлады. Бұндай әйелді тастап жүрген не қылған еркек. Әлде өзі кетті ме екен? Момақан ғана отырған Гүлімге қарады. Күйеуімен ажырасқанын ғана біледі. Жөн-жосығын сұраған емес. Білгісі де келмейді.
Шайдан кейін екеуі жататын бөлмеге қайта оралды.
Әлемге күз келген. Азамат бұрын күзді ұнататын. Тіпті қатты ұнататын. Оның қысқа ғана ғажайып ғұмырының бір сәтін де рәсуа еткісі келмей, далада ұзақ жүретін. Таң атпай саябақта қыдырады, ал түнде, ағаштар мен үйлер үйреншікті болмысын жоғалтып, өзге сағым кейіпке енетін түнде күздің иісімен тыныстайтын. Аяқтың астындағы жапырақтардың күбірлесіп, қимылдасып, өз тірлігінің мәнін сыбырлап қалуға тырысқан қарбаласына құлақ түретін. Ал осы жылы күздің тезірек өтіп кетуін қалай бастады. Күздің, өлілер мерзімінің.
Бүгін де алтын күз өзінің маужыраған күйіне өзі ұйып, тамылжып тұр. Үңілген сайын түпсіз құрдымына тарта беретін сайтан қасиетін сүлесоқ сабырлықпен, немқұрайлықпен бүркемелейді. Олар үйден шығып аялдамаға беттеді. Азамат қасындағы келіншекті көз қырымен бағып келеді. Бойы бұның иығынан төмен кішкентай ғана келіншек. Екеуі қатар жүргенде одан әлдеқайда жас көрінеді. Қыздай.
— Онда былай істейік, — деді, Гүлім, — мен қазір келген автобусқа мініп кете беремін. Ал сен келесісімен кел.
— Келістік.
Гүлім бұның қимас кейіпке енген жүзіне қарап, күлімсіреді..
— Содан кейін жұмыста кездесеміз. Менімен амандасуды ұмытпа.
— Жарайды.
— Онда мен кеттім.
— Мақұл.
— Азамат, маған олай қарамашы. Әйтпесе бәріне қолды бір сермеп, үйге қайтамыз.
Тоқтаған автобусқа жеңіл жүгіріп еніп кеткен Гүлімнің соңынан қадалған Азамат автобус өзінің жүрегін алып бара жатқандай сезімде қалды. Өңешінен суырып, қан-жоса етіп алып бара жатқандай.
Кешке, жұмыстан соң Гүлімнің үйіне телефон шалған.
— Сәлем.
— Сәлем, — деді ол өзінің әуезді үнімен.
— Не істеп жатырсың?
— Отырмын. Ауылдан әкем келді.
Азаматтың көңілі су сепкендей басылды.
— Бүгін кездесе алмаймыз ба?
— Жоқ. Қалай кездесеміз.
— Маған кел.
— Сенің әпкең бар емес пе?
— Жоқ. Бүгін үйде болмайды.
Әпкесі танданып қарады. Азамат оның көзімен кездесуден қашып, қабыраға бұрылған.
— Кіммен сейлесіп отырсың?
Әпкесі әдейі айғайлап, шатақ дауыспен сұраған. “Үндеме” деп ымдады.
— Әлгі салдақы ма?!
Гүлімге де естілген болу керек, ол:
— Әуре болма. Әкем кеткеннен кейін кездесеміз. Әлі уақыт бар ғой, — деді жылдам, — Жарайды, сау бол.
— Сау бол.
Телефон тұтқасын қойғаннан кейін әпкесіне бұрылды.
— Сенің шаруаң қанша? Менің өміріме неге араласасың!
— Қалай дәтің барады, ұятсыз! Жеті түннің ішінде мені қайда шығарып жібергелі отырсың?
— Ешқайда да бармай-ақ қой! Болды бәрі!
Әпкесінің көзі жасаурап бара жатқанын байқап, далаға шығып кетті. Күз.
Жылы күз. Жапырақтардың ауада қалқыған ыстық қышқылтым иісінен жүрегі айныды. Гүл сататын қыз дүкен алдында темекі тартып тұр екен. Ол да бір тал темекі алып, үйдің артындағы саябаққа барып отырды. Бүгін оны көрмесем, бір бақытсыздық болады деп ойлады содан соң. Жылдам аялдамаға беттеді.
Ықшамаудан жаққа жүретін автобусқа мінгеннен кейін барып жаны жайланды. Бірақ автобустың жүрісі тас тиеп алып, жолсызбен келе жатқан трактордың жүрісіндей екен. Жүргізушінің әке-шешесін ғана емес, барлық таныс-тамырларын да түгендеп шыққан.
Тоғыз қабат үйден оның терезесін тез тапты. Шам жанып тұр. Әкесі баласын алып келген шығар деп ойлады. Гүлімнің он бір-он екілердегі ер баласы болатын. Ішін жағымсыз толқын шайып өтті. Содан кейін жетінші қабатқа лифтімен көтерілген ол қоңыраудың шоқтай қызыл түймесін басқан. Жаңғырған ащы үні есіктің ар жағына өтіп, әлдебір жұмсақ затқа барып соғылды да, соның ішіне жұтылып кетті. Үнсіздік. Қайта басты. Содан кейін барып аяқ тықыры естіліп, Гүлімнің “бұл кім?” деген дауысы шықты.
— Су құбырын тексеремін.
Үнсіздік.
— Кешіріңіз, аша алмаймын.
— Гүлім, бұл мен ғой, Азаматпын.
Аз ғана үнсіздіктен кейін Гүлім қайтадан:
— Кешіріңіз аша алмаймын, — деді.
— Неге?
— Кетіңіз.
Ар жақтан еркектің дауысы шықты. Сөздері анық естілмейді, Шамасы “кім” деп сұраған болу керек, Гүлім “білмеймін” деді, содан кейін қайтадан:
— Кетіңіз, — деген.
Азамат төмен қарай текпешекпен түсті. “Бәрі бітті” деген ой ғана қалды санасында. “Қайдан ғана келіп едім. Осыны естуге асықтым ба? Осыны білуге асықтым ба?”. “Бекер болды” деп ойлады қайтадан. “Келмей-ақ қою керек еді”. Жүрегі суылдап, кеудесіне симай өрекпіді. “Әрине, әрине, оның біреуі бар. Маған дейін ешкімінің болмауы мүмкін емес қой. Не деген екіжүзді оңбаған. Әйелсымақ, анасымақ. Ұятсыз”. Есіне екеуінің кафеге барғандары түсті. Тапсырыстарын қабылдап, кері бұрылған даяшы жігіттің артынан қараған Гүлімнің жанарына кездейсоқ көзі түскен. Қазір сондағы жүзін қайта елестетті. Түршігіп кеткен. Көзқарасынан жыртқыштық бағалау көрген сонда. Қаперсіз жайылып жүрген тірі жемтігіне қанға толған көзін салған жыртқыш аңның жанары. Мүлде есінен шығып кетіпті. Қалай ұмытты десеңші. Содан-ақ күдіктенуге, содан-ақ білуге болатын еді ғой.
Жолға шығып, аяддамаға келіп тұрды. Миының шаршағанын сезген.
Тоқтаған көліктің бағытына қарамастан мағынасыз кейіппен мініп, алдындағы автобустың ішіне қарай шапшаң жұтыла бастаған қара жолға қарады да, дәті шыдамай бұрылып кетті. Оның басына көлік жүргізетін адамдардың бәрінің ақыл-естері сау емес шығар деген ой келді. Әйтпесе қалай қорықпай жансыз темірге отырып, ешбір қаперсіз осыншама жылдам жүруге болады? Содан кейін айналасына көз салды. Қаншама адам. Жаңа ғана кіріп, дереу корылға басқан еркек пен әндетіп келе жатқан баладан өзгелерінің бәрі үнсіз отыр. Соған қарағанда төбеде талай сандырақ ойлар қалқып жүрген шығар. Жүрегі айныды.
Баланың ауызы жабылмай қойды. Аса кішкентай да емес сияқты. Есі кіріп қалған бала, бірақ сыртқа бейқам көз тастап әлдебір әуенді айтып тауысатын емес. Кідірмейді. Басынан бір қойса деп ойлады ол. Мына адамдардың бірден калай шу ете қалатынын елестетіп жымиды.
Қала сыртына шыққан автобус қайда екені белгісіз ұшып бара жатыр. Азамат жолдан түсіп қалып, қайтадан қалаға қарай аяңдады. Барлық назарын өз адымына аударған. Санап келе жатыр. Қалаға жеткеннен кейін жолдан машина тоқтатып, үйіне келді. Сағат төрт жарым болыпты. Ол ақырын есік ашты. Тас қараңғы. Бірақ әпкесінің ұйықтамай жатқанын сезді. “Бұған не керек?” деді ішінен. “Өз-өзінен шала бүлінеді, бір нәрсе талап етеді, өмір сүруге үйретпек болады. Одан да өзі байға тимей ме”. Тұңғиықтан ұятқа ұқсас бір нәрсе оянып, жүрегін шым еткізген. “Шын ғой, — деді ол бәсеңсіп, — Гүлімде несі бар”. Ақырын өз орнына барып жатты. Бағанағы үрей қайта бас көтерген. Оны енді қайтып көрмеймін деген үрей. Бірақ таңертең Гүлімнің өзі телефон шалған.
— Не болды, кеше неменеге келдің?
— Сені көргім келді.
— Мен саған үйде әкем бар деп айттым ғой. Өзің білесің үлкен кісілердің кандай екенін. Мені әлі жасөспірім қыз деп ойлайды.
— Түсінікті.
— Ренжіп қалдың ба?
— Жоқ. Қашан кездесеміз?
— Бүгін шығар, — деді ол дауысына күлкі араласып, — жұмыста кездесеміз ғой.
Гүлім
Телефон тұтқасын қойғаннан кейін, жұмысқа жинала бастадым. Бүгін шынымен де әкем келуге тиіс болатын. Абылайдың жазғы демалысы аяқталады. Үйге қайтады. Қара көлеңкеленіп, тыныш қана мүлгіген үш бөлмелі пәтерде елес құсап, дыбыссыз жүріп киіне бастадым. Жұмыста еркекпен алғаш байланысқандықтан ба, күнде көңілім күпті. Әрине, түр-әлпетіме, киім киісіме баса көңіл аудара бастадым. Бұрынғыдан да мұқият, үйлесіммен таңдауға, күтінуге себеп, ынта пайда бодды. Және бастысы мұқият таңдағаныңның, тырысқандығыңның білінбеуі. Айнаның алдына келіп тұрдым. Жұмыстағылар сезе бастаған тәрізді. Қайдан, қалай? Түсініксіз. Жымидым. Уақыттан қатігез не бар? Міне, мойным сыр бере бастады. Жұмыр тегістік жоқ, майда әжімдер пайда болған. Өзгеден жасырғанмен, өзіңді қалай алдайсың. Қолым да сіңірлері шығып, сұрықсызданып бара жатыр. Бұрынғы балғын, жұмсақ саусақтарым қайда? Шашымды тарадым. Қою, жылтырап тұратын ұзын шашымды. Бар байлығымды. Қазір бұны да айына бір рет бояу керек. Ақ түсе бастады. Қартайған соң өмірдің қажеті қанша? Тездетіп үйден шықтым. Көшеде кездескен еркектердің барлығы әдеттегідей назар аудара бастаған соң ғана жүрегім орнына түскен. Әлі төрт-бес жыл уақытым бар. Сөзсіз бар.
— Сәлеметсіз бе?!
Артымнан аптығып шыққан әйел дауысына бұрылдым. Әсел екен. Жұмысқа жуырда келген қыз. Азамат екеуі бір бөлмеде отырады.
— Сәлем. Сен де осында тұрасың ба?
— Иә. Ана үйде.
Ол қолын белгісіз бағытта сілтеді. Мен бір сәтке тіксініп қалдым. Азаматты бұл арадан көруі мүмкін ғой. Олай болса, жұмыстағылар сезбей-ақ, біледі десеңші. Бірақ неге екені маған бәрібір. Білсе де, көрсе де. Онда тұрған не бар. Рас менен жеті жас кіші. Рас, барлығы рас. Онда тұрған не бар. Қолдарынан келсе, өздері де істесін. Азамат оларды емес мені таңдады ғой. Бірде-біріне көз салды ма екен. Әрине, жоқ. Бастысы оны уыстан шығармауға тырысу керек. Кеше бір ағаттық кетті. Жеті түнде келеді деп кім ойлаған. Бірақ бұдан былай ақылдырақ болу керек. Сонда ешқайда кетпейді. Жалғыздықтан шаршадым.
— Жұмысқа кешіктік-ау деймін, — деді Әсел сағатына қарап.
— Қанша болды?
— Тоғызға он бес минут қалды.
— Кешіктік.
— Әлде машина тоқтата саламыз ба, автобуспен жеткенше...
— Мейлі. Ұстай бер.
Сыртынан қарап, оның барлығын білетінін түйсіндім. Жалпы қимыл-қозғалысында, сөздерінде салқындық бар. Оған Азаматтың ұнайтынын білемін. Әйелдік түйсікпен сеземін. Ал қазір маған өзінше жиренішпен қараған түріне қарап жыным ұстай бастаған.
— Саған таң қаламын, — дедім машинаға мінгеннен кейін, — қасыңда басы бос, әдемі бала отыр. Ал сен аузыңды ашып жүрсің. Айналдырмайсың ба?
— Азаматты ма?
Қысылып қалды. Тіпті құлағына дейін қызарып кетті.
— Өзі ұнай ма саған?
— Жоқ, маған ол типтес еркектер ұнамайды, — деді ол.
“Шынымен де ұнатады екен” деп түйдім ішімнен. Қалайда уыстан шығармау керек. Ішімде қызғаныш оянды. Қасымда отырған Әселдің шашынан ала түскім келіп кетті тіпті. Сені не қылады деп ойладым. Бойы қысқа, қап-қара біреусің. Мүлде күтіне алмайтының көрініп тұр. Сенің алпақ-салпағы шыққан жастығың кімге керек. Өзің сияқты қарабайыр біреуге тиерсің азар болса. Шашымды кейін қайырдым. Әсел тіпті қысылып кетті. Өзін менің қасымда қораш сезініп отырғаны анық.
Машинадан түсіп келе жатқан оның аяғындағы аяқ-киімді көргенде көңілім мүлде орнына келді. Мыжырайған, өкшесіз бір нәрсе. Қыз бала да осылай киіне ме екен. Не деген адам. Түріне карадым. Көзін төмен сала береді. Енді қайтсін. Өзі жерде әрең жүріп, көңіл шіркін аспандағы айды алсам дейді.
— Бастыққа көрінбей тезірек бар, — дедім дауысымды барынша әуезді шығаруға тырысып, — ал Азаматты қолға ал. Қимылда. Бұл заманда өзің кіріспесең, ешкім келіп күйеуге жүр демейді.
Әсел
Гүлімге басымды изеп өз бөлмеме кіріп кеттім. Азамат орнында екен.
Компьютерінің алдында әдеттегідей орнықты кейіппен отырғанымен, көңілінде алай-дүлей бір боранның болып жатқанын сездім. Әлде екеуі ұрсысып қалды ма екен. Бірақ Гүлім тәрізді әккі келіншектер оңайлықпен босатпайды. Олар тіпті ұрыстың өзін өз пайдасына жоспарлап жасайды. Азаматқа дейін Гүлім маған ұнайтын. Кішкентай қағілез келіншек. Отыздың ортасына енді шығып келе жатқан бойдақ келіншек. Еркектерге өзінің жаман қарамайтынын, абзал азамат кездессе, ұзақ ойланып тұрмайтынын жасырмайды. Жұмыстағылдардың бәрі оның кезекті сезімі туралы әрқашан хабардар. Иығынан асатын шашын бір өрім етіп өріп, кекілі маңдайын жауып, сүп-сүйкімді болып жүреді.
Ал Азамат жұмысқа келгелі ол күрт өзгерген. Мен үшін күрт өзгерген. Әлде оны бұрын-соңды ұрыс алаңында кездестірмегендіктен бе, алдымен сасып қалдьм. Бір түсінгенім оған Азамат керек, ал мені неге екені белгісіз осы жолда тұрған тас бөгет деп қабылдапты. Содан кейін аса көп ойланып басын қатырып жатпай, Ұлы Майданды бастап кетті. Азамат, әрине, ұзақ қарсыласа алмады. Гүлімнен алты-жеті жас кішілігі бар, қазір ешбір әйел жынысымен байланысы болмай жүрген көңілі жарым жігіт тегеуірінді, тәжірибелі әйелге оңай олжа болды.
Бір қызығы Гүлімнің іс-әрекеті менің араласпай шет қалуыма мүлде мүмкіндік бермеді.. Өзінің жүрегінде ұйықтап жатқан алпауыт періні оятып алған ол осы күнге дейінгі өкініштері үшін жауап берер жанның (менің!!!) табылғанына қуанып менің өмірімді быт-шыт қыла алмаса да, қисайтып, сұрықсыздандырып кетуге бар күш-жігерін жұмсай бастады. Бүгінгісі енді соның жаңа сипат, жаңа қарқын алған түрі болса керек.
Аздан кейін Азамат орнынан көтеріліп, бөлменің ішін кезе бастаған. Содан кейін терезенің алдына келіп қимылсыз қалды. Бұрылып қарасам сыртқа көз тастап тұр екен. Ал маған ту сыртымнан тесіліп қарап тұрғандай көрінген. Арқа жағымнан келген адамдарды ұнатпаймын. Дереу төнген қауіп сезімі пайда болады. Әлдеқайдан, мүмкін ғасырлар бойы қаннан қанға ауысып, менің миыма орын тепкен үрей бас көтереді. Ту сыртымнан келіп тұрған адамдарға сенбеймін.
Ол терезені ашып сыртқа түкірді. Мен жымидым. Оның оғаш қылығын, өзімнің осы қылыққа еріксіз куә болғанымды жуып-шайғым келген түрім. Байқаған да жоқ. Мүмкін әдейі байқамаған болған шығар. Білмеймін. Ол туралы, оның берер жауабын, келесі іс-әрекетін дөп басып айту қиын. Өте түсініксіз адам.
Ол орнына келіп қайта жайғасты. Мен өз компьютеріме үңілдім. Гүлімнің сезіктенер жөні де бар. Маған ол ұнайды. Кейбір адамдар осылай, ойда жоқта, себепсізден себепсіз ұнай бастайды. Содан кейін олардың мінезін, олқылықтарын, өзгеден көргің келмейтін қылықтарын жұта бастайсың. Осы уақытта оның басыңа шығуы, секіруі, іс-әрекетін әрі қарай өрбітіп білгенін істеп кетуі мүмкін. Көнесің. Себебі ол саған ұнайды. Ол саған керек. Әзірше. Әрине, уакытша. Себебі шөлмектің сынбауы мүмкін емес. Уақыт. Уақыт дейсің.
***
Түнгі үштер шамасында есіктің қоңырауы соғылды. Абылай шошып оянған. Жүрегінің тарсылы екі шекесін солқылдатты. Арқасы жіпсіп сала берген. Аздан соң шешесінің орнынан тұрып, есікті ашқанын естіп, оянып кеткеніне өкінді. Содан кейін әлі тарқап кете қоймаған ұйқысына жармасып, түпсіз мамық сағымға сіңіп кетуге тырысып көрді. Бірақ амал не? Мүлде сергіп алған санасының бір бөлігі, келесі бөлмедегі қалт еткен дыбысты аңдуда. Келген адамның дауысы бәсең шығады. Тіпті жабық есіктің ар жағынан естілмейді десе де болады. Демін ішіне тартып мұқият тыңдап көрді. Бәрібір тани алмады. Олар бірден жататын бөлмеге өтіп кеткен. Абылай жалма-жан көрпесін бүркеніп, екі құлағын саусақтарымен бітеп алды. Ол барлығын білетін. “Еш нәрсе естігім келмейді. Ұйықтағым келеді. Ұйықтағым келеді, ұйықтағым келеді”. Бір рет осылай жатып ұйыктап қалғаны түсті есіне. Бір-ақ рет. Содан кейін қайталанған емес. Ол көзін тарс жұмып караңғылықтың ішінде пайда болған қараңғылыкқа батып кетуге барынша тырысты. Ыстық, ауа жетпейді. Деміге бастады. Және ол қашан көрпені ашуға болатынын да білмейтін. Талай мәрте осы білместіктен опық жеді. Одан да осылай жата бергені жақсы. Содан кейін дәретханаға барғысы келе бастағанын ұғып, жүрегі тас төбесіне шыққан. Неғұрлым сол жөнінде ойламауға тырысқан сайын соғұрлым қатты барғысы келеді. Абылай назарын өзге нәрселерге аударуға тырысты. Бірақ атойлаған жүрегі, көрпенің астындағы ыстық ауа, қажеттілік — барлығы бірігіп есін ала бастаған. “Мама, — деп ойлады ол, — мама, енді не істеймін?".
Үй
Ауыл іргесінде, жапсарлас, тығыз қоныстанған өзге үйлерден сәл оқшаулау жалғыз там тұр. Бұл үйге онша-мұнша адам жолай бермейді. Жартылай құлап тұрған шарбағынан қаңғырған бұзау, жайылған мал өтіп кетсе, иелері дедектетіп, алып шыққанша асық болады. Және жалтақтап, құлағалы тұрған тоқал тамға қарағыштап, аяқ-қолдары суып, жон арқаларын тер басып әбігерленеді. Бұл үй туралы алып-қашпа әңгіме көп. Ауылдың көнекөз тұрғындары осы үйді мекен еткен жандардың түрлі жолдармен бақытсыздыққа ұшырайтынын біледі. Өткен ғасырда, соғыстан соң тұрғызылған бұл тамды кімдер мекен етпеді десеңізші. Ең әуелгі иесі беймәлім болғанымен, осы бертінде, жиырма-отыз жыл бұрын болған уақиғалар жұртшылықтың көбінің жадында. Алдымен еске түсетіні — Айнұрдың тағдыры. Ол қыз совхоздың асханасында аспазшы болатын. «Көркіне мінезі сай», әдемі бойжеткен еді. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген, баратын жері болмағандықтан, ауыл сыртындағы үйге қоныстанды. Содан соң күрт өзгерді. Өз-өзімен күбірлеп сөйлесетінді, одағайланып бөлек жүретінді шығарды. Бір күні жұмысқа уақытылы шықпаған оны қызметтестері үйінен, өліп жатқан жерінен тапты, өз-өзіне қол салған дейді білетіндер. Содан бері бұл үйді халық кейде Айнұрдың үйі деп те атайды.
Одан кейін мұнда қоныстанған тағы бір отбасы қапелімде қайғы жұтты. Төрде ілулі тұрған аңшы мылтығын алып ойнаған жасөспірім жеткіншек кішкентай қарындасын қақ маңдайдан атып, өлтіріп алды. Содан соң олар белгісіз бағытқа көшіп кетті. Осыдан кейін бұл үй он шақты жыл бос тұрды. Күндердің күнінде оны ерлі-зайыпты екі кезбе мекен ете бастады. Қашан көрсең қызу, тіпті мас болып жүретін олар ел-жұртқа жалданып, сылақ сылап, пеш салып күн көретін. Бірақ көп ұзамай екеуі ішіп алып керісіп, күйеуі әйелін өлтіріп тынды. Еркекті ауданнан милиция алып кетті де, қайтып ол туралы естіген немесе оны көрген адам жоқ. Бұл шамамен отыз жыл бұрынғы жағдай. Содан бері бұл үйде ешкім тұрған емес. Отыз қыс от жағылмаған үй ылғал тартып, көгеріп, құлау керек еді. Мынау әлдебір бетпақтықпен безірейген қалпы міз қақпайды.
Бірде бұл ауылға жас маман, дәрігер жігіт жолдамамен келді. Бозбалалықтан әлі толық шыға қоймаған, ұяңдау сары жігітті бір жерге орналастыру керек болды. Ауыл әкімі — үлкен кісі, оны адамшылықтан жұрдай деуге бола қоймас. Өзінің бірі ойда, бірі қырда жүрген төрт баласы бар, жасы елуден асқан кәдімгі қарапайым еркек. Шойын қара, тығыршықтай, пысық. Бәлкім, аздап жемқорлыққа ебі бар. Қолында тұрған ен дүниені, көп жағдайда су құрлы сұрауы жоқ дүниені меншіктемей, қыр асырып талан-таражға салмай өзін-өзі ұстап қалатын жан бұл дүниеде бар шығар, бірақ ондай адамдардың қолына биліктің тиюі екіталай. Біз сөз етіп отырған әкім де жас мамандарға үй салдым деп есеп беріп, бөлінген қаражатқа ұлын үйлендіріп қойған. Сондықтан үй-жаймен қамтыласың деген уәдеге сеніп келіп тұрған жас маманды біреудің үйіне қоныстандыра алмады. Оған қалайда жеке үй табу керек. Ал бұл ауылдағы бос үй — сол, шошайып, жалғыз тұрған тоқал там болатын. Сондықтан әкім дәрігер жігіт ауылға келеді деген кезде, жүрексіне отырып әлгі атағы жаман үйдің ішіне кірген еді. Ол жалғыз бөлменің бұрышында тұрған кереуетті, ортадағы үстелді көрді. Еденге киіз төселіпті. Шаң-тозаң жоқ, тіпті тоқаштың қоңырсыған иісі шығатын тәрізді. Әкімнің жүрегі алқымына тығылды. Бірнеше мәрте қарманып, далаға атып шықты да, ауылдың ортасында тұрған кеңсесіне жеткенше тоқтамады. Ол үй иесіз емес екен. Онда біреу тұрады. Бірақ ол адам емес. Адам болса, әкім білер еді. Әкім адамдардың барлығын біледі. Осылай сандырақ ойлар тасқынына ие бола алмаған ол діріл қаққан саусақтарын икемге әрең көндіріп, үстелінің астындағы коньякты шығарып, бөтелкенің ауызынан қылқылдатып жұта бастады.
Бұл үйдің тегін емес екенін, оның тіпті қауіпті болуы мүмкін екенін ұққан соң әкім енді өрімдей жас дәрігерді онда қоныстандыру райынан қайтуы керек емес пе еді? Бірақ кейде адамдар еш мағынасыз, ойсыз, салдары аса өкінішті боларын біле тұра, қатігездікке барады. Біздің әкім де осы жолды таңдады. Ол ауылға келген дәрігер жігітті тоқал тамға апарып, мынау жас мамандарға арналған үй, осында орналаса бер деді де бұрыла салып жөніне кетті. Негізі ол үстел астындағы коньякқа асыққан. Ал жігіт болса, алаңсыз үйге енді. Жаңа қонысын ұнатты да.
Оны мазасыздандырған басқа нәрсе еді. Алдымен ауылдық медициналық бөлімшеге жергілікті тұрғындардың бас сұқпайтыны таң қалдырды. Олар алпыс шақырым жердегі аудан орталығына, екі жүз шақырым қашықтағы облыс орталығына баруға дайын, бірақ ауылдың өзінің медпункітінің маңынан жүрмейді. Ең болмаса бірлі жарым адам келіп, бұның біліксіздігіне көз жеткізгеннен кейін теріс айналса түсінер еді. Күнде таңертең сағат тоғызда жұмыста отырады, бірден екіге дейін үзіліс, үйге келіп, көрші тұратын жүзі сынық, ескіше киінетін Айнұр есімді бойжеткен әзірлеген аспен ауқаттанып, жұмыс орнына қайта келеді. Кешкі алтыға дейін. Содан соң Айнұр, ерлі-зайыпты құрылысшы жұп, жеткіншек ұл менен 7-8 жас шамасындағы қыз бала мекендейтін үйіне қайта оралады. Болды.
Бір-біріне ұқсас күндер жылжып өткен сайын, ауыл адамдары елеске, сағымға айнала бастаған. Бұл өнімсіз тірліктен шаршаған ол күндердің бір күні жаңа таныстары, көршілері тәрізді үйден шығуды қойды.
...Жылтыр қара әкім болса, соңғы уақытта жергілікті халықтың зәресін алып, өз-өзінен сөйлеп, көше кезуді әдетке айналдырған дәрігер жігіт үшті-күйлі жоғалғаннан кейін аздап көңілсіз жүрді. Дегенмен оның бұл көңіл-күйі ауылға жолдамамен келген ветеринар баланы, мұғалім қызды ескі тамға қоныстандыруға бөгет бола алмаған. Онда басқа амал жоқ болатын. Жас маманға қалтасынан ақша шығарып үй салмайды ғой шынымен де.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі