ГОТИКАЛЫҚ ПРОЗАНЫҢ БАСЫ
Мадина Омарованың шығармаларын қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы десем қателеспес едім. Сол себепті оның әр кезде жазылған, әр тақырыпты қамтыған шығармаларының ішінен осы готикалық сарындағы екі әңгімесін таңдап алып отырмын.
Жас қаламгердің бір әңгімесі «Жұмбақ» деп аталады. Оқиғаның ұзынырғасы: түнгі сағат он екінің шамасында өз үйінде телевизор көріп отырған әлдебір адамға сырттан достары телефон шалып, өздерінің жол апатына ұшырағандарын айтады. Достарын құтқармақ болған кейіпкер жедел жәрдемді шақыртып, апат болған жерге өзі де таксимен жетеді. Жеткенде көргені – достары, таңертең, яғни жарты күн бұрын қайтыс болып кеткен екен. Кейіпкерге телефон шалған тірі адам емес, досының аруағы екеніне көзіңіз жеткеннен кейін әңгіменің басына түсіп қайтадан оқисыз. Оқисыз да түршігесіз. Әрине, бәрі де адамның қабылдауына байланысты. Мысалы, бүгінгі оқырман немесе көрермен триллерді көргенде психологиялық депрессияға ұшырауы мүмкін, себебі қазіргі психология триллердің сананы езгіге салатынын дәлелдеп отыр. Алайда, триллер аспаннан түскен жоқ қой. Әлем халықтарының демонологиясы – триллер. Бүгінгі үрейлі фильмдер, романдар сол демонологияның жетілген түрі ғана. Дәстүрлі мәдениеттерде триллер катарсистік жанрға жатқан. Яғни, триллерді көрген, мистерияға қатысқан адам, сол көргендеріне көзі үйренеді, рухани сауығып шығады. Басқаны қайдам, маған осы әңгіменің түйіні Э.Хэмингуэйдің «Вайоминг шарабы» («Вино «Вайоминга») әңгімесінің концепциясын есіме салды.
М.Омарованың екінші әңгімесі «Жол үстінде» деп аталады. Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкер түнде, әлдебір адаммен жол жүріп серіктес болады. Ол жолаушы кейіпкермен бір ауылдан, ит асырап аты шыққан Алмабек деген кісінің баласы болып шығады. Ауылдағы үйіне жетіп, апасымен әңгімелескен қыз өзінің он жыл бұрын өлген адаммен жолсерік болғанына көзі жетеді. Әңгіме «Уақытында келіп жетпіс жыл кешіккен ажал туралы» деп аталатын, заманында қазақ ішіне кең тараған аңыз-әңгіменің оқиғасын елестеді. Мадинаның жазу мәнерінде мынандай белгілер бар: ол өмір шындығына матасу. Әрине, аталмыш әңгімелердегі жайттар жазушының өз басынан өтті деуден аулақпын. Бәрі де ойдан шығарылған, көркемдік заңдлықтарға сәйкес, өмірде болғандай етіп қиыстырылған. Алайда, әңгімедегі сөйлемдердің арасы ауыр қиысады. Осыған қарап отырып, жазушының өзі ойлап шығарған сюжеттің әсерінен, магиясынан арыла алмайтынын сезесіз. Мадинаның осы әңгімелерін оқығанда Жак Казот, Шарль Нодье, Петрус Борель сияқты готикалық жанрда жазған жазушылардың шығармалары елестейді. Бүгінде көршілес Ресейде бұл жанрда Лариса Петрушевская қалам тартып жүргені белгілі.
Революция, бұлғақ, соғыс кезінде халықтық «төмен» демонология етек алды. Мысалы, Отан соғысы кезінде Кеңес империясының әр жерінде адамдарға әйел бейнесінде жолығып, соғыстың жеңіспен аяқталатынын айтып кеткен аруақтар жайлы әңгімелер өрістеді. Жанр, жаңа форма жазушының интуициясынан, санадан тыс пайда болады. Ойымша, Мадина өзінің аталмыш әңгімелерінде егемендіктің алғашқы қиын жылдарын бейнелеуге тырысқан.
Таласбек Әсемқұлов
Жазушы, сыншы, мәдениеттанушы
ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЖАҢА СӨЗ
Шығармашылығы оқырманға республикалық мерзімді баспасөз бетінен таныс, әдебиет кеңістігіне шыққанына шамамен оншақты жылдың жүзі болған Мадина Омарова негізінен әңгіме жанрында жазады. Жазу мәнерімен өз қатарластарынан мүлдем оқшау тұр.
Әңгімелері қысқа, кейде мүлдем қып-қысқа – миниатюра, этюд, суреттеме сияқты. Алайда көтерілетін мәселесінің тереңдігі мен өмірлік материалының ауқымдылығы жағынан өте салмақты болып келеді. Сюжеттің кең қанат жаймауынан ішкі бір үлкен қуат сезіледі. Мадина шығармалары – бүгінгі заман, бүгінгі замандас өмірі-тағдыры туралы. Кейіпкерлерінің әлеуметтік кодтары беймәлім, оларда уақыттық белгілер де мүлдем жоқ деуге болады, автор үшін ол маңызды емес. Ол үшін мүмкін маңыздысы – мына өмірдегі дисгармония. Шығармаларындағы ең басты лейтмотив – кейіпкерлерінің адамдар арасындағы жалғыздығы, өмірлеріндегі жайсыздық, бір-бірінен жан жылуын таппауы – қысқасы дегумандалған қоғамның кескін-келбеті. Мұның бәрін ол дағдылы, қалыптасқан өмір тәртібін бұзатын оқиғалардың драмалық жағдайларында да, күнделікті, кәдуілгі тыныс-тіршілікті бейнелей отырып та бағамдатады.
Кейіпкерлерінің небір жағдайлар қысымына түскендегі психикасының өзгеруіне, бір қарамаққа бақытсыздығына, олар Хичкоктағыдай «саспенс» ахуалына түскенде де (бірнеше әңгімесі және «Конъяк қосылған кофе» драмасы) жазушы тым бейтарап – оларды аяп-көз жасын төгіп жатпайды. Дей тұрғанмен тым тереңге жасырынған жанашырлықты, қатаңдау лиризмді түйсінбей қалмайсыз.
Оның шығармаларында тіпті деректік және көркемдік баяндау астасып кетеді де уақыттық кеңістіктің жүздеген шындығын береді. Сондықтан да онда әр кейіпкердің Жан тереңіндегі ӨЗ ШЫНДЫҒЫ бар – жазушы олардың әрқайсысының МҮМКІН ӘЛЕМДЕР СЕМАНТИКАСЫН жасайды. Бұл, әсіресе, «Ана-ғұмыр» мөлтек-романында айқын көрінеді. Мұнда алғашқы орынға автордың жеке көркемдік қолтаңбасы, оқиға болған жер және көрініске жеке қатыстылығы, яғни өмірді өнерлендіру шығады. Мұның барлығы да дәстүр мен постмодерннің арасындағы қарама-қайшылықты жоятын постреалистік жазудың машықтары дегім келеді.
Дәстүр мен жаңашылдықта еркін жүзетін, классика мен постмодернді бірдей меңгерген Постреализм – Адам тіршілігінің маңызы туралы мәселе қояды және көзге көрінетін «бей-берекеттен» «өзінің ғана әлемін» жасайтын, кейіпкер арқылы шешеді. Сондықтан да Мадина Омарованың прозасы – жаңа қазақ прозасындағы жаңа сөз деу керек.
Әлия БӨПЕЖАНОВА
Сыншы, мәдениеттану
«ЖАҒЫМСЫЗ» КЕЙІПКЕР НЕЛІКТЕН «ЖАҒЫМДЫ?»
Үшінші жаңа мыңжылдыққа аяқ басу – бір құбылыстың басы, екінші бір құбылыстың соңы болуы бек мүмкін. Ақпарат ағымы тасқындаған ғасырлар тоғысында таным дағдарысы белең алды. Жаңа мәдениет көкжиегін көксеген жаңаша көзқарас ізденіске бастап, осы тұста тың талғам қалыптасуы уақыт заңдылығы десек те болады. Тың ізденіс әдебиетте жемісін қалай беріп жатыр? Бұл – бүгінде сөз өнеріндегі жауабын күттірмес сауал. Осы өзекті мәселеге жазушы Мадина Омарова шығармашылығы арқылы үңіліп көрдік. Бірден көзге шалынатыны, М.Омарованың кейіпкерлерінің күрделілігі, қайшылықты болмысы. Автордың көркем шығармаға арқау еткен идеясының образға айналуы, яғни қаһармандар әлемі жас жазушының қазақ прозасына алып келген өзгеше демі іспеттес. Қоғамдық мәселеден гөрі, кейіпкер болмысына терең үңілу, шынайы табиғатын таныту жаңа заман еншісіндегі жаңаша автор тұлғасын елестетеді.
Қазақ прозасында соңғы жылдардағы әдеби тенденциялардың бірі ретінде белең алған экзистенциализм ағымын Мадина да айналып өтпейді. Бұны біз қаһарман мен авторлық позиция арақатынасына терең үңілгенде байқай түсеміз. Ақиқатқа адам болмысын тану арқылы жетуге ұмтылыс, өмір сүрудің мәні – өзіңді өзің тануда деген сынды қағиданы басшылыққа алып өмір сүретін замандастарының қазіргі қазақ қоғамындағы трагедиялы табиғатын образдардың өз әлемінен аспай жататын өзінше реалистік психологиясы арқылы жеткізеді. Қаламгер туындыларынан сан алуан кейіпкер галлереясын көруге болады. Өзінің әрекетіне есеп бермейтін абсурд қаһарман, өзін шексіз сүйетін нарцистік психология, шектен тыс эгоист, өзін-өзі таба алмай адасқан, сезімнен ада тас жүректер, тағы басқалары. Мистикалық әңгімелердегі елес адамдар да өзіндік айтары бар дара персонаждар. Адам жанын, батыстан жеткен капиталистік қоғам тәрбиелеген замандастардың жан дүниесін оның әлемге көзқарасы, айналамен байланысы, өмір сүруге деген құштарлығының дәрежесі, өмір мәнін түсінудегі парасат-пайымына қарай беруге тырысқан. Осы алуан психологияның басын қосатын бір ұқсастық бар. Ол қандай үндестік? Оған шығармаларды талдау барысында мүлтіксіз көз жеткіземіз.
Қазіргі әдебиетті бұрынғы кеңестік сыңаржақты үрдіспен тақырыбына қарай жүйелеу тар шеңбер екендігін, себебі көркемсөз өнерін белгілі бір қасаң тақырып қазығына матаудың бұрыстығын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Ендеше тұтас бір дәуір әдебиетінің даму тенденцияларын айқындайтын тақырыптың өзектілігінен де бұрын оның көркемдік сапасы болмақ. Ал көркемдікдің өлшемі – кейіпкер мінезінің даралығы мен шынайылық сипаты, адам жанының диалектикасын ашуда екендігін ескере отырып, біз бұл еңбекте қаламгер шығармашылығын жаңаша көзқарас талабына сай зерттеп, зерделемекпіз.
Қаһармандардың қиын да күрделі психологиясы, ақылға сыйымсыз әрекеттері қазақ ұлты ғана емес, жалпыадамзат жанында өтпелі де қауіпті, соңы белгісіз бір үдерістің өтіп жатқанын аңғартқандай.
Оларға ешкімнің ақылы қажет емес
М. Омарова туындыларында кейіпкер бей-берекеттігі, өзі бір жеке әлем жасап алып, басқаға сұлқ қарайтын болмысымен дараланып тұрады. Сүйкімсіз, сұрқай образдар табиғатына терең үңілген сайын олар үшін жалпы адамзаттық игі идея, бүкілқоғамдық құндылықтардың «ештеңеге» татымайтынына куә бола түсеміз. Сана ағымын жіті қолданған автор субъектінің ішкі жан-дүниесін барынша ашып, көздеген көркемдік концепциясын сол «жағымсыз» кейіпкер психикасына салмақ сала жеткізеді. Прозаның қалыптасқан қасаң үлгісіндегідей әртүрлі образдар тай-таласқа түсу арқылы кімнің «жағымды», ал кімнің оған қарама-қайшы образ екені танылып жатпайды.
Кейіпкерлер бастарынан өткен шындықты «өзінше» дұрыс бағамен жай ғана баяндайды. Ешкімнің ақылы оларға қажет емес. Оларды сан қилы әлеуметтік қайшылықтарға толы қоғамның зардабы тәрбиелеген. Жоқ-жітік, әлеуметтік теңсіздік «қатайтып» жіберген бұл кейіпкерлер өзгелер жан түршігетін жағдайларды маса шаққан құрлы елемейді. Әрі өзінің бұл әрекеті дұрыс еместігіне де басы ауырмайды. «Антиқаһарман – өз бойында адамшылық пен пендешілікті қабат сыйғызған адам образы. Кейбір шығармаларда қатігез, немқұрайлы, тіпті сүлесоқ, жауыздықтан тайсалмайтын болса, енді бір шығармаларда мұңды, жан дүниесі ізгі болса да қоршаған ортасы оны түсінбейтін, өзі де алға ұмтылмайтын қайшылықты кейіпкер» екенін ескерсек, автордың «Ана ғұмыр» мөлтек романындағы Гүлзираштың алғашқылардың сапына жататынын мойындаймыз. Оны өзі де ашық айтады.
«Әжем қайтыс болғаннан кейін, мен өзімнің туған анамның қолына интернат көріп, жетім қалған мені асырап алуға ниет білдірген барлық туыс-туғанның қолынан өтіп, бір-ақ оралдым. Осындай қилы ғұмырды бастан кешкен соң ба, мен аздап, жұмсартып айтқанда, еркіндеу едім».
Әжесі қайтыс болған сәттен ол балалығын жоғалтады. Алаңсыздық орнын басқан мұң, әлдебір көмескі бақытсыздық жетелеген қара қызды шын мәнісінде, туыстары емес, қатыгез өмір тәрбиелеген. Сондықтан да ол «бірбеткей, өзімшіл, қатігез, ақымақ». Іштен оқып туғандай, жалпы психологиясы дұрыс қалыптасқан мейірімді, ұқыпты, жұғымды қыздарды ол жан-тәнімен жек көреді. Тіпті өз анасы да жерініп, «сұқсырдай сумақай, жұртқа жұғымы жоқ, сүйкімсіз сұмырай» деген баға берген. Оған жасыған кейіпкер жоқ. Қиналмастан:«Негізі мен шешемді адам екен демейтінмін», – дейді жайбарақат. Өзіне лайықты зат алдыру үшін, пайдалану үшін ғана шешесіне ілесуі шектен тыс эгоизмін көрсетсе керек. «Адам – адамға қасқыр» деген капиталистік қоғамның қасаң қағидасын бала күнінен құлаққа ілген.
«Үйдің іші астан-кестең. Төбелес, қағылған-соғылған ойын. Әлі келетіні әлжуазын сабап, бажылдатып жатады. Темекінің де дәмін сол кезде таттық. Тіпті ішіп те көрдік».
Кері кеткен өміріне қапаланған анасының жан айқайын сезіп, оны «қатты аяса да» селт етпейді. «Жанына жалау» тұтқысы келген ана үмітін әп-сәтте аяққа басып, «Бірақ мен өзімнің сол кездері басқа емес, сондай болғаным үшін өкінбеймін. Маған әлі күнге дейін Тимур секілді балалар ұнамайды. Суқаным сүймейді оларды» деп тұрған сезім иесінен сескене бастайсың. Балалық шағы батпақты болған кейіпкердің кейінгі өмірі де күліп жарытпайды. Еті әбден өлген, қорқынышты, жиіркенішті әрекеттер дағды боп сүйекке сіңеді. Өз тілімен сөйлетсек:
«Мен махаббатқа сенбеймін... Жасамай жүрген ұрлық па... Мен қорқынышты фильмдерді ұнатамын. Маған қарабайыр, өмірдің өзіндей анайы қорқыныш керек. Жақсы жазылған қорқынышты кітап болса оқимын». Ол бір сәт өзінің абсурд образ екенін де таныта кетеді: «Сөйлесем – аузымнан сандырақ шығады».
Өз сезіміне ие болмай, көңілі қалағанды тантып, жанындағыларға психологиялық шабуыл жасап отырады.Тіпті өзіне «жынданған» енесін көргенде «іштей масайрап, әкесінің құны түгел қайтпаса да, қайта бастағандай, әлдебір рахат күйге енеді». Қаһарманның «анти» болу себебі – ол үшін өмір тек қорқыныштан тұрады. Басқа Ештеңе емес. Сондықтан да өзін іштей осындай қарама-қайшылыққа дайындап өскен ол бәріне сүлесоқ қарау арқылы өзін-өзі қорғайды. Маңдайынан бес елі соры арылмаған бейбақ екенін біле тұра, жасымайды, келеңсіздікті ойлап жүйкесін тоздырмайды. Тіпті жақсылыққа ұмтылыс та танытпайды. Көше қаңғыбастарынан кешірім сұрап жүретін жаны нәзік Жәдігер қоғам алдында рухани қорғансыздығын сезіп, Гүлзираштың замана запыранына жиіркенбес батылдығын пана тұтады. Өзінікінен басқаны мойындамайтын, өзі түсінбейтін, ақылы жетпейтін нәрсені бар деп білмейтін кемшілігі – оны өз танымындағы қорқынышты қоғамнан құтқарар асыл қасиеттері. Бір қарағанда, қасіреті тәрізді. Жүрегін жауып, санасын соқыр қып қойған. Бірақ Гүлзираш өзі ойлағандай тым сүйкімсіз жаратылыс емес. Автор кейіпкерді бүкпесіз сөйлету арқылы әрі даттап, әрі ақтап отырған. Әжесінің ыстық махаббатын аз уақыт болса да сезініп өскен бұл қыз рухани мүгедек емес. «Дәстүрлі» түсінігіміздегідей жағымсыз образға жатқыза алмайсыз. Балалықтың бал күнін кешіп жүрген бүлдіршінге әжесінің қазасы бар ғұмырына созылып кете барған сорды қоса ала келді. Өмірдің негативті жақтары ғана көзіне шалынатын ол әжеге деген сағынышын суретке түсіргісі келді. Солғын түстермен. АҚ, ҚАРА. Бұл оның өзімшіл санасында қалыптасқан өмір жолақтары еді. «Алпамыс», «Қобыланды батыр» сынды халық ауыз әдебиетімен сусындап, рухани азық алып өскен. Бала күнінде өлең жазған. Әлбетте, жаны жақсылықты қалар, сезімтал жандар өлең жазуға құштар болып келетіні аян дүние.
«Қыста да, жазда да
Тұра берші, көп гүлдер». Қарабайыр шумақтарда философия жасырынып тұр. Пәктіктің, нәзіктіктің символы – гүлдің қысы-жазы солмауын қалайды. Демек оның жаны ізгілікке құштар. Адам баласының әу баста негізінің таза екенін алға тартқан автор қара қыз жан дүниесінің жылдар өте жұтаңдауының себебін қоғамдық шындықтарды баяндату барысында көз алдыңа әкеледі. Адам мен қоғам арасындағы бітіспес тартыс: Адам Қоғамды қалыптастыра ма, жоқ, Қоғам Адамды тәрбиелей ме?
Адам деп есептемейтін анасының тауқымет азабын бұл да тартады. Жай ғана емес, қатты аяйды, бірақ іштей.
Зұлым, тасжүрек боп көрінген қаһарманның өзі бір сәт сол адам баласының зұлымдығынан жериді. «Мен бұл кісіні жек көремін. Мен жалпы бұларды отбасымен жаратпаймын. Кенеттен ауылдан бір-ақ шықсам ғой». Өйткені, бұл маскүнемдер жанұясы еді. Тексіз еді. Ол жусанның иісін аңсайды.
«Бұл өмірде жусанға жететін не бар. Тіпті өсіп тұрысының өзінде жылу, ошақтан шыққан түтіндей тіршілік бар».
Автор осы бір деталь арқылы сезімге селт етпес қаһарманының туған жерге, ауылға деген ыстық сағынышын жеткізеді. Ошақтан шыққан түтінге теңеуіне қарап, бауырлары, анасы, күйеуі, енесіне мейірім танытпай, қатыгездігімен дараланып жүрсе де көкейінде сүттей ұйыған біртұтас отбасына аңсарын да аңдатып өтеді. Тамырын жайған жусан – керегесі кеңге кеткен өміршең шаңырақты аңсаған жасырын күйзелісін көрсетеді.
Рухани жарастық таппай санасы тұйықталған Гүлзираш қоғамды жатсынады. Аптап ыстығы есінен тандырып, мұрнынан қан ағызатын ауылынан басқа мекенді қабылдамайды. Басқа жердің бәрі бөтен. Ол да бөтен.
Бауырларынан қамқорлығын аямаған қолғанат қара қызды ол өзіне қарама-қарсы, шындық ауылынан барынша алыс кейіпкер етіп алады. Мұндай қайырымды жандарды суқаны сүймейтінін айтқан ол өз-өзіне қарсы шығады. Этюдтегі қара қыз тәрізді мейірім иесі болғысы келсе де, ішкі қайшылық тежейді, қатыгез қоғам қалыптастырған қиқар болмыс жібермейді. Әйтсе де, түп негізінде қамқорлық, бауырмалдық сезімі бұғып жатқанын жасыра алмай қалады. Әрекетсіз болса да, бауырларына аузынан жырып беріп, тынымсыз қолғабыс жасап, мейіріммен қарауды ойлап қоятынына шүкіршілік еткендейсің.
Қоғамда көп ешкім бас ауырта бермейтін бомждар тағдырының алаңдатуының өзі-ақ оның қоғам жасап берген «темір сауыттың» ар жағында астар боп жатқан ізгі жаратылысын аңғартады. Әрі-беріден соң антиқаһарман тағдырға сенетін иман иесі екенін танытады.
«Мені не деп қарғайды, менің қандай кінәм бар. Оны Алла көрмей тұр ма?» Өзінің жазықсыз екенін дәлелдеп, әділдік іздейді. Қанша қыршаңқы бола тұрса да, өтірік айтпайтындығын, жалған ақталудан аулақ бірбеткейлігін бала күнінде анасы таяқтың астына алғанда, әрекетінің бұрыстығын үнсіз мойындауынан байқаймыз. Баласы Алкенге деген махаббаты да шексіз. Өзі көрген тағдыр тауқыметін мына қытымыр өмірден әлі бейхабар баласының тартқанын ана жүрегі қаламайды.
Рухани дағдарысқа ұшыраған кейіпкердің эпилогтағы толғанысы оқырманға тың ой тастайды. Шығарма бойында кездескен бар сұрақтың жауабын табамыз.
«Мен әжем туралы ойлаймын. Ол кісі мен үшін Ұлы жұмбақ. Тылсымына бойлай алар емеспін. Бәлкім, күндердің бір күні кездесерміз, сонда ұғармын әлденені». Өзін өзі жатсынған, тарихи тамырынан ажырап бара жатқан антиқаһармандар үшін қай жағынан алсаң да тұнығы лайланбаған Әжелер табиғаты тылсым болып қалуы заңдылық еді.
«Сен қателестің, Шәмен!»
Жаңа заман қаһармандарының күрделі бір қыры «Коньяк қосылған кофе» драмасында терең ашылған. Мораль тенденциясын алдыңғы кезекке шығара отырып, автор адам проблемасын шешу жолында тың ізденістерге барған. Кейіпкерлердің қоғамдағы орны айқын. Бірі сырт қарағанда жұп-жұмыр, сүттей ұйыған «үлгілі» отбасы. Әке де, шеше де – тәрбие негізін қалаушы педагог. Ал Шәменнің қандай ортада өскені шығарма шырқау шегіне жеткенде ғана ашылады. «Қоңыз теріп» жанын бағып жүрсе де, ірілігін бермейтін тектілікті аңсаған кейуананың да, сол ескінің көзімен ымыраға бір келмейтін келінінің де ә дегеннен Шәменнің болмысына көңілдері толмайды. Сүйегін танымай отырған Шәмен рухани жұтаң, қазақилықтан ада, әке тәрбиесін көрмеген тексіздігін танытып алады. Бірақ анадан да жарытып тәрбие алмағанын көргенде адасу үшін, басын тасқа соғу үшін келген сорлы ұрпақ па деген ойға еріксіз келесің. Қатігез тағдырдың құрбандығына айналған кейіпкерлер арасындағы қайшылық Батыр тәрбиесіне келгенде асқына түседі. Білімін өмір қажеттілігіне ұштастыра алмаған ғалым-әке өз әлемінен аса алмаған. Бала тағдыры алаңдатып жатқан әке жоқ. Ана да, әке де бақыттың бағасын материалдық байлықпен шектеп қойған. Ал баланың жан дүниесі назардан тысқары қалған. Баларасы тәрізді таңды таңға ұрып тынымсыз атқарған еңбектерінің нәтижесі кім үшін екенін де ойламаған. Қызметі алдыңғы орынға шыққан ананың аялы алақанын аңсап өскен Батырдың трагедиясы тірі жетімдігінде еді. Шәменнің тілімен айтсақ, ол да, «күйеуімен ажырасып, бала-шағаларының алдында ішіп те, құсып та жататын» қарындастары да жабайы мысықша өскен. Бұл – бүгінде бүкіл қоғам трагедиясы.
Кешегі Әуезов негізін салған жетімдер тақырыбы қазіргі сәтте тірі жетімдер проблемасына ауысқан. Отбасы мүшелері мұрнын шүйірген Шәменге жігіт бір сәт қызыға қарайды. Өйткені олар жанұя боп шүйіркелесіп, сыр бөліседі. Көңілдесін қызымен қосыла санап отырған анадан ол жиіркенбейді, қызғаныштан жылайды. Жаны қиналады. Танымал Раскольниковтің «О милые и несправедливые сердца!» деп қиналатыны бар еді. Батыр да күйзеледі. Өзін тек қатардан озық болуын ғана қалап, жан дүниесіне туған бола тұра кіре алмаған әке-шешесін «Мен де өзімнің әке-шешемді жақсы көремін ғой, Шәмен. Бірақ кешіре алмаймын» деп бақытсыз балалығы үшін, бар бола тұра жоқ болған тірліктері үшін жазғырады. Ал «Мен әкемнің кім екенін де білмеймін, шешемнің өзі де білмейді. Сұрай қалсам, шатасып екі-үш кісінің атын айтады» деп жымиятын Шәмен қорлық тірлік кешіп жүрсе де, анасымен қиындықты бір бөлісіп, құшақ жылуын сезініп өскендіктен де өзін бақытты санайды. Тіпті неше түрлі сұмдықты көрсеткен анасының кезекті бір көңілдесінің айуандығын жасырып қалады. Онсыз да жырым-жырым ана көңіліне салмақ түсіргісі келмейді. Анасы – оның «жүрегі.» Күмән мен қорқыныш, қорлық тәрбиелеген Шәменнің күрделі, жұтаң рухани әлемін, ішкі сезімін автор арнайы бейнелеу тәсілдеріне жүгінбей-ақ, әрекеті арқылы көрсетуге мән берген. «Сен адам өлтіріп көріп пе едің? Алқызыл ыстық қан алақаныңды жуып, жүрегіңде мұз боп қатып жатқан кесек кекке нұрша құйылған сәтті бастан кешіп пе едің. Қан, тек қан ғана жуа алатын, тазарта алатын кек болады өмірде...» Оқырман жан-дүниесіне әсер етуде Мадина осылай келеді. Қантөгісті аңсап тұрған Шәмен кім? Енді жауап іздейміз. Өз қызын өз әкесінен қызғанған ананың қылығын қалай түсінеміз? Құндыз неге ғайыптан жоғалып кетеді? Күмәншіл кейіпкерлермен бірге оқырман да күдіктене бастайды. Бәлкім шынымен Батыр... Оқырман жауап таппай дал болады.
Адам, Қоғам, оның әлеуметтік қырларын танытуда жазушы кейіпкер басындағы жатсыну процесін жиі сөз етеді. «Бақсының моласындай одағай, сайғақ жүрісті» Құндыздан Батыр жанына жақындық, ұқсастық табады. «Мен де өмір бойы сенделумен келемін». Әлемдік әдебиетпен арна тауып жатқан төл шығармаларымызда 70-80 жылдар прозасынан бастау алған экзистенциалистік таным концепциясы – жатсыну процесі осындай философиялық ой тастайды. Батыр өзін өзі танымаққа қадам жасайды. Нәтижесінде адамдарды жатсынатынын түсінеді. Өзіне «құлақ естіп, көз көрмеген» айып тағылғанда, әйелінің жетімдер үйінен шыққан анасымен көрген естеліктерін естігенде жаны түршігеді. «Анасын көріп қызын ал...» Маңдайы тасқа соғылғанда ғана қайран әже ақылы есіне түседі.
« –...Қазір өлесің. Жүрек талмасынан өлгендей боласың.
...Енді айтшы, кетіп бара жатып шындықты айтшы, мен қателескен жоқпын ғой?
Қателестің. Сен қателестің. Шәмен».
Күмән мен күдіктің соңына өліммен нүкте қойылады. Бірақ шындық қайда? Образдардың ішкі психологиясын шыншыл беруде диалогтар роль атқарып тұр. Шәменнің бірінші күйеуі де жүрек талмасынан қайтыс болған. Сонда Батырды «ауру» деп жазғырған Шәменнің өзі дертке шалдыққан болып шығады. Кейіпкерлерінің жұмбақ болмысы, психологиялық пайымдаулар арқылы өмір шындығы осылай берілген.
Автор шағын әңгімелерінде сан қилы проблемаларды көтереді. Бұл жолы да өзінің жеке көркемдік қолтаңбасы дараланып тұрады. Ауыл мен қала жігінің арасы адам санасындағы кереғарлықтың, өмірге көзқарастағы қарама-қайшылықтың, жан дертінің шекарасы, жаңа мен дәстүрдің айрығы тәрізді. «Ауылда тіршілік тоқтап қалған. Күнделікті күйбеңнен өзге ауылдағы адамдарды еш нәрсе толғандырмайды. Ешкімнің есі кетіп, дүниені талақ етпейді. Қаладағы арпалыс, ағылған машиналар қаныңды қыздырып, жүрегіңнің соғысын жылдамдатады. Бір нәрсе бүлінбей тұрғанда, өзіңнен де, өмірден де жиіркеніп безіп кетпей тұрғанда ауылға жетіп алу керек». Бұл – қаладағы жанталас тірліктен мезі болған, ауылдағы қаймағы бұзылмаған қазақ иісінен гөрі, жан тыныштығын аңсаған жүрек.
Анасына жалтақтап, әкесінің сұрауымен атасына «Сәлеметсіз бе?» деп сызылған немеренің есіне алатыны бар:
«Кең көшенің қақ ортасында баяу кетіп бара жатқан қария айналаны толтырып бара жатқандай көрінген. Басындағы қазақы қалпақ пен үстіндегі плащы да өзгелерден бөлектейді. Патша тәрізді. Көзіне сол сәттегі атасының сипаты сиқыр болып көрінген. Бірақ жақындап баруға батпады...»
Ертегі айтып өсірер ата мен немеренің бүгінде алшақтағаны соншалық, сол ертегіші шалдар көзі тірі ертегіге, аңыз тұлғаға айналған. Оларды түсінуге жасық әке, шайпау анадан алған тәрбие өресі жетпейді. Жатсынасың, именесің, сағынасың, өкінесің... Автор осылайша ұлттық құндылықтарды жоқтайды.
Атасы берген тарихи еңбекке Айжанның «тісі батпайды». Бұл – тектіліктен, тарихи тамырынан ажырап бара жатқан ғаріп ұрпақтың бүгінгі мысалы.
Мадина қаламының ізденісі болар, ол нақты деректерге шексіз үңілу арқылы адам жанына терең бойлатады. Кейіпкердің бір ғана сөзі немесе бір ғана әрекеті бүкіл болмысын ашып беретін тұстары бар. «Өмір бойы өзін іздеумен сенделіп» жүрген Батырдың трагедиясы «Мысық» әңгімесінде басқаша көрініс табады. «Ол мысығын жақсы көреді...» Жануарды адамнан артық көретіні соншалық, мысығын жақтырмағаны үшін жеке пәтерге кетіп тынады. Жұмысында алаңдар жақыны, үйде де, тіпті саябақта да оның серігі – жалғыз мысығы. Жо-жоқ, расында, оның шынайы серігі – жалғыздық. Неге? «Адам жалғыз қалғанда ғана өзін жалғыз сезінбейтіндігіне» (Байрон) сене ме, әлде шынымен де жалғыздықтан жануар құтқаратынына сене ме? Әрине, мұның бәрі далбаса тірлік. «Мысық көп дегенде жиырма жыл өмір сүреді. Содан кейін оның жағдайы не болады?» Ауруға шалдыққан сананың емі не? Автор сауал тастайды. Отызында орда бұзар, қырқында қамал алар жастардың бейшаралығы, торығуы еріксіз таңқалдырады. Ал «Қария», «Қарға» сынды әңгімелердегі кейіпкерлер жалғыздықпен шарасыз достасқан, қайраңы жоқ қорғансыздар. Мадина Омарова шығармаларындағы жаңа кейіпкерлерде қоғамның бүкіл қасіреті жатқандай. Қарыштап дамыған техникамен бірге жан дүниесі де «техникаланып», сезім, мейірімнен ада алапат ұрпақтың келе жатуы үрей туғызады. Бір көшеге басы сыйыспас ана мен баланың («Ана ғұмыр») жағдайын қалай түсінуге болады? Жауабын өзің өмірден іздейсің. Ішінде де, сыртында да үйлесім жоқ екі буынның бір арнаға тоғыспас тағдыры жүрекке тастың қосылар шегі тәрізді. «Тасжүректер» психологиясы жас қаламгердің әдебиетімізге бұрыннан бар құбылыс болса да, өзіндік стильмен құбылта әкелген үні деуге толық мүмкіндік бар.
Бала мен ата-ана қарым-қатынасы жаныңды түршіктіреді. Қай ана туған қызымен өз ойнастарын әңгіме етіп, қосыла санаған? Қай ана өз туған қызын әкесінен қызғанған? Қай бала бағып-қаққан ата-анаға деген борышын өтеуден бас тартып, кәрі анасын шет-шегі жоқ қара жолға телміртіп, келмеске кеткен; қандай ұл әйелінен аса алмай, немересін жаутаңдатып, әкесін қала шетіне қаңғыртып өлтірген?
«Мейірбандылық дегеніміз адамзатты сүйетін әрбір адам өз-өзін шегелеп тастайтын керме ағаш емес пе?» (Ницще) деген қасаң түсінік аясында қатыгездікке олар өзін-өзі таңып тастаған. Өз бостандығын іздеген, онсыз да өтер де кетер бір тұтам дүниеде шайқап өмір сүруді мақсат ететін кейіпкерлер мейірімділік танытуды еркіңнен айырар әділетсіздік деп біледі екен. «Ол не себепті әке-шешесінің алдында өзін борышты сезінуге тиісті екенін түсінбейтін. Жоқ, түсінетін, бірақ осы жерден әлдебір әділетсіздікті сезетін. Не себепті еркін өмір сүруден қысылуға тиіс, неге олармен бірге тұрып, олардың алдындағы «перзенттік міндетін» өтеуі керек. Тіпті қаһарман адамзат баласына тән тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешу тілегінің мәніне де таң қалады. «Және барлығын толық бақытқа кенелту үшін жақсы біреуге тұрмысқа шығу міндетті. Содан кейін сөз жоқ, бір-біріне қонаққа барып, тату-тәтті өмір сүреді». Қонақ, яғни көпшілікті жақтыртпайтын ол мұның бәрін «ұжымдық бақытқа» жатқызып, өзіне артық деп түсінеді. «Бір қызығы – оларға маған жарық дүниені көрсет деп жалынған жоқ, өле-өлгенше қарыздар болайын деп келісімге отырған жоқ. Туса, өздері үшін, өздерінің қызығы үшін туды. Ал қалғаны – әркімнің өз ерігіндегі нәрсе емес пе?» Туысқандық сезімнен ада Айжан отбасы институты рамкасынан шығып, бөгде біреу боп әке-шешесіне осылай мін тағады. Өз көзімен өзгені де сөйлетеді: «Қазір де оның қимыл-қозғалысын үнсіз бағып отырған көзқарасынан аталық емес, еркектік бағалауды және өзінің осындай көпті көрген қартқа ұнайтынын сезеді». Атаға деген мұндай ынтызарлықтың сана ырықсыздығы, ессіздік екенін бағамдаудың өзі қандай қиын еді.
Амандығы «Үй-іші, бала-шаға аман ба?» деп басталатын қазақтың бүгінгі ұрпағы жөн сұраса «әке-шешем жақсы шығар...білмеймін...көрген жоқпын...» деп күмілжиді. Оған намыстану да жоқ. Құлқын қамы кигізген тасбауырлық қамыты батыс менталитетін сіңіріп өскен бүгінгі прагматик ұрпақ үшін таңсық емес те. «Өзін-өзі сыйлайтын және сыйлата білетін тәкаппар рухтың куәсі» - қариялар тірі жетім атанып, итке тастаған сүйектей қараусыз қалып жатыр. Сықырлаған, қаусаған тәнімен қоса күйреп бара жатқан жаралы жаны тағдырдың безбүйрек балалар жасаған жасанды тауқыметін көтермек.
«Қария» әңгімесінде ескі үйдегі жалғыз шалдың жалғыз серігі – тілсіз мақұлық сары мысық. Одан басқа ешкімі жоқ қария бір-ақ күнде бақытқа кенеледі. Оны бақытқа бөлеген тотықұс СӨЙЛЕЙТІН еді! Жан баласы аяқ баспаған, өркениеттен тыс аралда Робинзон Крузо сөйлеуді ұмытып қалмас үшін тотықұспен тілдескен еді. Өйткені аралда одан басқа адам жоқ болатын. Ал қайнаған қалада, өркениеттің ортасында, қалың жұрттың арасында қарияның тіл табысар жан баласы болмағанына жол болсын? Өткен жылдар құмдағы өшкен із боп кете бергеннен, дәрменсіз кәрілігіңнен арашалайтын бір тірі пенденің болмауынан, көп бола тұрып жоқ болғаннан өткен қасірет бар ма? «Адам өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеді» десек те, абсолютті жалғыздық адам емес, Жаратқанға ғана тән ақиқат екендігінен әдебиет осы мәселені көтеріп отыр. Қыздарын қияға ұшырып, өзін жалғыздыққа беріп қойып, шарасыздықпен мәжбүрлі түрде ымыраға келген кейуана тағдыры да («Кемпір») жалғыздық тақырыбының аянышты бір бөлшегі.
«Күлкісі келді... Бүгін атам қайтыс болды дегісі келген. Жоқ, бүгін емес, қайтыс болғанына негізінен үш күн, бүгін барып жерлеп келдік. Кеше көршілері көрінбей кеткен соң үйіне іздеп барса, өліп қалыпты. Төсекте жалғыз өзі көрпеге қымтанып өліп жатыр екен». Аза тұтар шақта шімірікпей көңіл көтеріп жүрген немеренің ата жайлы бар айтары осы. Өлім де қорқытпайды. Осындайда психологтардың пікіріне жүгінуге тура келеді. «Егер адам өлімнен қорықпайтын болса, құл болуды да тоқтатады». Суық тірлікте жылы сезімге бой ұру – қоғамның құлына айналу деген үрей санасын билеп алғандықтан да олар қазаға бейжай қарай салады. Ертеңгі күні өзі де сондай мүсәпір халге келу қаупі бар екенін ойлау бәлкім оларға тым ауыр тиер ме еді.
Кісілігінен пенделігі асып жығылып жататын антиқаһармандарының ізгілікті аңсап тұратынын жоғарыда сөз еттік. Себебі қолдан жасалған қоғамның қасаң қағидасы табиғат заңдылығын түбегейлі жеңбек емес. Тосын жағдаймен, өмір ұсынған сәтсіздіктермен бетпе-бет сынаққа түскенде сынып кетпеудің қорғанышы мейірім танытпау деген функцияны өздері сезінбей қондырып алған «робот-адамдарда» артқа қайрылу жоқ. Айжанды ғашықпын деп жүрген Бағлан «әңгіме-дүкен құруға» досы Сәкенмен оңаша тастап кетеді. Таң қалады. Бірақ Сәкен оның ең әлсіз тұсын дөп басады:
«Өмір бір-ақ минутта өтеді де кетеді. Қол қусырып отырғаннан не шығады. Көңіл көтеру керек емес пе? ... Саған қандай айырмашылық бар. Бәрібір емес пе?»
Атасы «өліп қалғанда» жыламаған қыздың көзінен еркінен тыс ыстық жас төгіледі. Ішіндегі әлдененің үзілгенін түйсінеді. Ол әлдене – адамға деген, ізгілікке, жақсы өмірге деген сенім еді. «Енді қалай өмір сүремін?» Бұл жалғыз Айжанның ғана емес, өмір-өзендегі қаңғалақтаған қайық тәрізді барлық кейіпкерінің басында жүрген сауал еді. «Ол сыртынан бағып тұрған ажалдың демін осы сәтте әсіресе айқын сезінген». Адам өзін-өзі толық түсіну үшін өлімге тіке қарап, өзінің мәңгілік еместігін сезіну керек. Кейіпкер сезінді. Әлсіздігін мойындады. Бірақ өзімшіл сана кінәні басқаға аударғысы келеді. «Егер дәл қазір әлдене болмаса, дүние өзінің жайбарақат немқұрайлығынан жаңылмай осылай безеріп тұра беретін болса, өзінің көзсіз жек көрінішіне өзі уланып өліп кететіндей көрінген». Ызаны дәрменсіздік жеңеді. Үмітсіз кеуде, қарайған жан, мұздаған жүрек жеп-жеңіл, мағынасыз қара құсқа айналып кете барады. Сүйкімсіз жан мен сүйкімсіз қарға параллельдігі астарындағы терең мәнді философия қиял аралас берілген. Өзінің қателігін сезінген жүрек өз-өзінен жерініп, ақыр соңында жанды мақұлықта ең жек көретін жаратылысы – сүйкімсіз қара қарғаға айналып тынады.
«Ана ғұмыр» мөлтек романындағы Жәдігер бейнесі ерекше назар аударуды талап етеді. «Дейсвительно, большинство здоровых людей чувствуют тревогу и вину, видя, как кто-то умирает». Адам жанын зерделер мамандар пікірі осындай. Иә, Жәдігерді жасытатын, батылдықтан қаймықтыратын да оның әлемге тым сезімтал, ақ жүрекпен қарауында жатыр.
Лиризмнің де қатаң түрі болатынына еріксіз иланасың. «Қыста» әңгімесінде кейіпкер еңсе басар көңілсіздікті «көреді». Әр сөзінде шашау жоқ, шағын ғана әңгімеде автордың айтары көп. Тағы да сол тірі жетім – кәрі шалдың үйіндегі Маркс, Ленин шығармалары, Сталин суреттері, ескі шапан, ескі күртеше сынды баяғыда лақтырып тастайтын дүниелерден жалғыздық пен көңілсіздік исі сезіледі. «Шаң». Жазушы кеше ғана дүрілдеп тұрған тұлғалардың да, жиған-терген дүниелердің де уақыт тозаңына айналарын, мәңгілік алдындағы дәрменсіздігін осылай жеткізеді. «Жапалақтап тербелген қарға мәз-мейрам болған адамдар қуаныш артынан келер аяз жайлы мүлде ойламаған. Енді сұрықсыз аспанға қосылып, бәрі тұнжырап жүр». Бұл жай ғана пейзаж емес, табиғат пен адам тағдыры бұққан параллелизмде өмір философиясы шебер астасқан. Атасының үйіндегі көңілсіздік сыйлаған құлықсыз қадаммен аялдамаға аяңдаған ол «жақында көктем шығады деп өзімді қанша сендіргім келсе де илана алмадым» дейді. Кейіпкер Табиғат көктемін емес, адам Ғұмырының көктемін іздейді. Осындай бейүміт сенімі шектеген, жақсылықтан гөрі жамандықты көп күтетін суық көзқарас көші Мадина Омарованың барлық кейіпкеріне жалғасын тауып кете береді.
«Ақтабан», «Мысық». Образдар тағы да таң қалдырады. Адамға табылмас мейірім, ыстық ықылас неге тілсіз мақұлықтарға ауды? «Көздері баз бір адамның көзінен мағыналырақ, тереңірек еді. Сөйлеп тұратын». Демек ит құрлы санасы болмаған пенде пендеден қайыр күтпесін деген ой туады. Бірақ жатыпішер сары мысықты сенімі жоқ серігі ететіндей, таянары жоқ қартамыс шағында аш-жалаңаш қалпында, екі көзі төрт болып іштен шыққан шұбар жыландарын телміре күтетіндей қарттардың не жазығы бар, жер қойнына уақытында кіре алмайтын мәйіттің кінәсі неде? Сананың ауытқуында. «Осы ма менің бар адамгершілігім? Мен өзімнің жақсылығымнан да, жамандығымнан да шаршадым». Мадина Омарова кейіпкерлерді қоғамның өзінен алып отыр, жасанды емес. Кейінгі толқынның әдебиетке жаңа серпін бергісі келіп, ізденістерге қадам басып жүргені адам жан дүниесіне төңкеріс керектігінен туып отыр. Қатыгездік пен мейірім, жақсылық пен жамандық адам болмысымен қатар жаратылған ажырамас, жыры бітпес арна. Адамзат баласының көзі көріп, құлағы естімеген қайырымсыздықтың («Қатігездік»,), тасбауырлықтың («Қарға», «Ана ғұмыр»), азғындықтың («Коньяк қосылған кофе»), мейірімділіктің («Ақтабан», «Мысық») да жаңаша түрін антипод образдар әкеп жатыр. Қанша жерден кейіпкер болмысы, тағдыры автордың танымы, рухани қалауына бағынышты десек те, бұл кейіпкерлер қолдан жасалынған емес, қоғамда бар, болып келген, бола беретін қаһармандар. Бірақ қазақ прозасы босағасын алғаш аттап отыр.
«Өмір кітапқа еліктеп тұрғандай», ақиқаты кітап әлемге еліктейді екен. Өзі қоғамдағы осы кеселге шалдықпаған сау адамның мұндай жағдайды бірден түсіне қоюы қиын, әрине. Түсінуі де шарт емес сияқты. Өйткені, бәрібір өмір түсініксіз, түбіне жетіп болмайсың.
Әдебиет – қоғамның көркем айнасы, әдеби шығарма өмір-әлемді философиялық тұрғыдан зерделей алғанда ғана бағалы. Ендеше Мадина шығармаларының бағасын арттырып тұрған философия қандай?
Ницще айтқандай, «Расында да, адам дегеніміз – сорбатпаққа толы ағын ба?» Бақытсыздықты кешу үшін ғана келгендей жоғарыдағы Гүлзираш, Шәмендердің тағдыры – осы тұжырымның дәлелдері. Әлемде олардың танымында сұрқай, мейірімсіз, баяны жоқ, қатыгездік тұнып тұр. «Құдайды өлтірген» қоғамда өзіңді жоғалтуға жол жоқ. Осындай қытымыр өмірде сен әлсіздік танытуға тиісті емессің, бақытсыздықты сенің бойыңдағы қаттылық, бірбеткейлік жеңбек, сезімге берілу жеңілісті мойындауың.
Қуыршақты сәбиіндей құндақтап, жансызбен тілдескен қыздың санасы ауытқыған, делқұлы образ. («Кемпір») «Бізден пәтерақы сұраса не бетімізді айтамыз, бөпем? Ертең ақша беріңдер десе қайтеміз? Сенің көзіңді құрт десе не дейміз? Өлтіреміз дейсің бе?» Кейіпкер монологынан біраз жайдан қанығып қаламыз. Өткен күннен қалған бір сыз санасына сызат түсірген тәрізді. Сәбиін жоғалтқан бақытсыз ана болуы мүмкін. Пәтерден пәтерге көшіп, жоқшылық зардабын тартып жүр. Ең қауіптісі – оның енді ешкімді аямайтыны. «Өлтіреміз дейсің бе?» Періште перзентті өзінше сөйлеткен сыңайы сескентеді. Шынымен де жалғыз ілікті қараусыз кемпірді өлтіре салып, пәтерін иемденуі де мүмкін ғой деген сауал сығалап тұр.
«Сен ақымақ әйелсің. Ақымақтығың құдайдың алдына барғанда Сені ақтап шығады да, тозаққа мен түсемін», - дейді кемпір кісі өлтірмекке ниеттеніп отырған әйелді райынан қайтармақ болып. («Күнәһар») Жоқ, ол ақымақ емес, қауіпті, жүрексіз әйел. Әйтпесе, көзге ашық көрініп тұрған күнәнің, өлімнің тікелей себепкері боатынын сезе тұрса да неге оның «бір сәтке де тыншымайтын көзінің қарашықтары көңілді жылтылдайды?» Мұнда нағыз ақымақ кейіпкер Сәуле. («Қатігез») Жауапсыз махаббатқа қапаланады. Иә, отбасылы еркек екенін біле тұра барған оның әрекеті түсініксіз дегің келеді, бірақ қай қоғамда да отағасы, отанасы атанса да, «махаббатын іздеуін» тоқтатпағандар санын күреп табуға болатыны тағы бар. Сәуленің ақымақтығы бұл емес. Дәрі ішіп, қиналып өлген ол жігіттің өкінгенін, өзін іздегенін, сөйтіп оның өміріндегі рөлінің «маңыздылығын» танытқысы келіп еді. Бірақ, бәрі бекер: «Тұңғиықтан күлкі бас көтеріп, тамағымды қытықтады...Сыртқа шықтым. Күн де, аспан да өз орнында. Көктемде. Өз орнында. Тек Сәуле жоқ.» Шыбын өлді – Сәуле өлді, айырмашылық жоқ еді.
Сонымен қатар, Мадина Омарова «Күзгі бір кеште», «Жұмбақ», т.б. әңгімелерінде готикалық стильді қазақ тірлігіне сіңісті үлгіде жеткізе білген. Автор өзінің осы қадамын былайша түсіндіреді: «Мені эзотерикалық әдебиет, қалыптасқан түсініктен тыс, тылсым дүние жайлы ілім қызықтырады. Осы қызығушылығымның жемісі ретінде кейде осы бағытта қалам тартамын. Содан соң готика жанры жайлы сөз айтқанда, тасада тұрып, айқаймен секіріп шығып, бірін-бірі қорқытатын балалар ойыны көз алдыма елестейді. Бұл да ләззаттың бір түрі. Бұл жерде көркемдік жағынан өнер деңгейіне жеткен болса, шығармаға кез-келген тақырып өзек бола алатынын дәлелдеп жатуды артық санаймын»[5]. Яғни қалыпты түсінікті жарып шыққысы келген ізденімпаз талғам әкелген дүние боп шықты.
Жас қаламгер қазақ прозасында интеллектуалдық дамудың үрдісі жүріп, жаңа құндылықтармен толығып жатқанын анықтай түскендей. Модернистік поэтиканың сана ағымы, фантастикалық бейнелеу, түс, т.б. түрлерін пайдаланған. Характерлердегі сапалық өзгешеліктер жаңа философиялық таным, дүниетану жаңа стильдік бедерлер, көркемдік ерекшеліктермен берілген. Постмодернизмде бірыңғай стиль жоқ, сондықтан жарып шыққан постмодернистік стиль болмайды. Қысқа да нұсқалық, қарабайыр емес, қарапайым суреттеу, оқырманды бірден оқиғаға тарту арқылы қызығушылығын арттыру бұл ағыммен қатар келгенін де уақыт көрсетіп жатыр. Бірақ постмодернистік әдебиеттің дәстүрге қарама-қайшы келіп жататынын ескерсек, қаламгердің шығармашылығына қарап, нақты шешім қабылдау әлі ертерек екенін, оның осы екі ағым арасында ізденісте жүргенін аңғарамыз. «Дәстүр мен жаңашылдықта еркін жүзетін, классика мен постмодернді бірдей меңгерген постреализм - Адам тіршілігінің маңызы туралы мәселе қояды және көзге көрінетін «бей-берекеттен» өзінің ғана әлемін» жасайтын кейіпкер арқылы шешеді».
Біз бұл зерттеу мақаламызда қазақ әдебиетіне жаңа сөз болып қосылған жас прозашы Мадина Омарова шығармашылығының ерекшелігін кейіпкер болмысы арқылы аша отырып, жалпы прозамызда өтіп жатқан үдерістерді зерделеу, сараптау, сол арқылы қоғамдық-әлеуметтік үдерістерге шығу мақсатын көздеуге тырыстық. Көптеген қызғылықты үдерістер жүріп жатқанына көз жеткіздік. «Жалпы, әдебиет дегеніңіз – адамның жан сағынышы, мөлдірлік, тазалық екенін ойлағанда, әйел қаламгерлердің өмірдің небір құбылыс, қалтарыстарын нәзік сезінетінін, сол арқылы үлкен мәселелерге шығатынын көреміз» (Ә.Бөпежанова). Өзінің бейтарап кейіпкері арқылы автор тұлғасының сан қырлылығы, адам жанын түсінудегі терең суреткерлігі, сыртқы әлемнің замандастарының ішкі жан дүниесіне жасап жатқан төңкерісін бар болмысымен сезіне алғандығы бүгінде проза саласының жаңаша дамудағы бет алысын көрсетеді. Рухани кеселге шалдыққан қаһармандар арқылы қоғамның қасіретін көз алдыңа әкеледі.
Қазақ прозасында постмодернизм үлгісі дәстүрлі поэтикалық құралдарды толық алмастырған жоқ, екеуі қатар дамып келе жатқанына аталған еңбекте көз жеткіземіз.
Сан алуан образдарға куә болдық. Бүгінгі Өмірді айна-қатесіз танытып жатқан шығармаларынан түйетініміз, бар туындыда бір ғана Қаһарман – Уақыт деп түйеміз.
СӘРУАР ҚАСЫМ әдебиеттанушы, ақын «Ақ Желкен» журналы
АВТОР, КЕЙІПКЕР ЖӘНЕ ОҚЫРМАН
Қысқа жазылған шығарманы кейбір оқырман жақсы қабылдап жатса, кейбір егде жастағылар кеңістік аясы тар әңгімелерден рухани қуат алмай жататындары да бар. Оқырман талғамы әрқалай. Дағды, сүрлеу жол әдеттегі бағытынан айнығанда әдеби ой-танымда тартыс, пікір қайшылығы жарысқа түсіп, қоғамдық көзқарастың екіге жарылар тұстары байқалмай қалмайтыны анық. Мәселен, бүгінгі қысқа жазылған әңгімелердің негізгі көкөзегіне кейбіреулер бойлай алмай, асығыс байлам жасайтындары да кездесіп қалады. Енді бір пікір «Қалың кітаптарды оқуға уақыт тапшы» дейтіндер қатары. Кез келген жаңа туындыны осылай топшыласақ, жеңіл-желпі ойлармен желдіртсек, автор ойын, кейіпкерлер қырын, оқырман танымын алты қырдан межелей алмас едік. Шын мәнінде қап-қап кітаптарды тауысуға уақыт тапшы, олар оқырман сұранысынан әлдеқашан шығып кеткен десек, онда неге әлем әдебиетінің темірқазығына айналған «Соғыс пен бейбітшілік», «Өлі жандар», «Қылмыс пен жаза», «Үзілген үміттер» сынды шығармалар әдебиет алаңынан шеттетілмеді. Керісінше аты аталған романдар тізімі бүгінгі күндері де ең көп оқылатын кітаптар ретінде бағаланып отыр. Мұның мәнісі қысқалық пен салақұлаштықта емес, мәнісі сапада, мағынада, терең ойда.
Бүгінгі қазақ прозасындағы жеміс, азды-көпті әңгімелер ертеңге рухани бақыт сыйлай ала ма? Осы күндері қандай авторлармен жақын табыстық? Нендей шығармалар дүниеге келді? Жазушы не айтқысы келді? Оқырман не күтеді? Кейіпкерлер ерекшелігі кездесе ме? Бұл сұрақтарға қазақ прозасы заман көзқарасымен байқастағанда әр уақытта да жауап беріп келген. Мүмкін сананың өзгеруіне байланысты жылт еткіш қомақты дүниелер әдебиет ауылынан алыстар да, бірақ әл-қуатына қарай сол шығармалар замандас оқырманын бей-жай қалдырмағанын да айта кетуіміз орынды. Жазушының қалауы, рухани дамуы әрқалай. Тіпті ол оқырман ойымен біте қайнаспауы да мүмкін. Сіз ол үшін оны кінәлай алмайсыз. Әдеби сын сот емес. Тағы бір қырынан көз салып қарасақ, сұранысты өтеу де қажет. Оқырманмен санасқан да жөн. Ал, санасып жүрміз бе? Қазақтың бағзы сөзіне салсақ, «Халық айтса қалт айтпайды». Бір өкініштісі - өнер мен әдебиетке халық өз пікірін әрқашан қосып отырған жоқ. Кезінде білсеңіздер етті... Өтежан Қанахиннің «Құдірет» романына зиялысы бар, қара жаяуы бар, барлығы бірдей сын тағып еді. Қазіргі заманымызда кітап таратып, жөн сұраудың арасы шалғайланған сайын шығарма да сұйылады. Жазушы да өзінің қалағанын жазады. Сол қалағанның ішінен ара-тұра жалт еткен сәулелер де көрінбей қалған жоқ.
«Жас толқын» прозалық жинағына енген Мәдина Омарованың «Жол үстінде» деген шағын әңгімесіндегі адам табиғатына жат мінездер, ар алдындағы бойжеткеннің күйзеліске түскен күйі оқырманды ойландырмай қоймайды. Бізге бұл әңгіменің етене жақындығы қазақы ұғымдағы елес, өлі мен тірінің арасындағы диалог, олардың бір-бірінен қаншалықты рухани алшақтағанын көрсету арқылы оқырманын біраз ойдың тереңіне сүңгітуі. Оқиға Алмабек қарттың марқұм болған баласымен ауылға жаяу келе жатқан қыздың әңгімесі арқылы дамиды. Табиғатынан сақау жігіттің кемістігін ақымақтыққа балаған жас қыздың осынша пенделік ойға баруына не себеп? Өмір мен өлім арасындағы алшақтық мына бір тұстарда жіті көрінеді:
«- Орталыққа жай барып па едіңіз?
- Мен бе?
Таңданғаны сонша суыт жүрісінен жаңылып, бетіме үңілген. Содан кейін сабасына түскендей, баяғы жылдамдығын қайта тапты. «Есі дұрыс емес пе?» деген ойдың басыма жаңа келгеніне қайран қалдым. Өзі сақау, өзі жынды. Құдай, саған не жаздым.
-Келісінше, олталықтан келемін. Ауылда тығыз шалуа болып. Түкке тұлмайтын шалуа, білақ өзім келмесем бітпейтін болды.
-М-м-м, түсінікті.»
Автор бұл әңгімеде қалтарыста жатқан көп сауалдарға жауап іздегендей. Бірінші жақтан сөйлеген жас қыздың сақау жігіттің алдында өзін тым жоғары қоюы адамгершілікке жата ма? Адамдар арасындағы теңсіздік, бір-бірінен үстемдігі, өмір көрмеген жас қыздың ойына әлгіндей мүсіркеушіліктің қайдан келгеніне таң қаласыз. Өзіміз байқамайтын көп қателіктерімізді автор еске салғандай көрінеді. Егер бұл шығарма готика жанрында жазылмаса, оқырманды анау айтқандай әсерге бөлемес те еді. «Абайдың: «Адамның тірісінде жақсысы жоқ, өлгеннен соң жаманы жоқ» идеясымен сабақтас келетіндей.
Жолда келе жатқан жас қыз сақау жігіттің өлген адам екенін білмейді.
Кейін апасы екеуінің арасындағы:
«– Жалғыз келген жоқпын. Алмабек шалдың баласы екеуміз келдік, — деп шынымды айттым.
– Қай Алмабек?
– Иттері бар ше.
Апам ернін сылп еткізді.
– Оның баласы өліп қалмап па еді.
– Өлмей-ақ тірі. Бірге келдік деп тұрмын ғой.
Апам сандықтың үстіне отыра кетті.
– Оның жалғыз сақау баласы авариядан кеткен. Он жыл болды, міне.
– Сақау деймісің?» деген диалог-сөзден соң ғана оқиғаның анық-қанығына көзі жетеді.
«Жол үстінде» атты бұл әңгімеде кейіпкердің өкінуі, артық кеткен сөзі үшін өзін-өзі жегідей жеуі де, таусылуы да әңгіменің ішінде көрсетілмеген. Керісінше оқырманға ой салады. Жас бойжеткеннің әңгіме сыртындағы ишарасы оқырман көңіл-күйімен біте қайнасып кеткен. Шығарма соңы шешуін таппаған сауалдармен аяқталады.
«Ертеңіне ұлыған иттердің дауысы астында қалған ауыл Алмабек қарттың қайтыс болғанын естіді» деп бітетін әңгімеде негізгі күре тамыр Алмабектің өлуіне байланысты емес те еді. Негізгі ой-өзегі адамның тіршіліктегі бар бақытының қайда бара жатқанын бағамдауда еді. Тағы да қайталаймыз. Мәдинаның бұл әңгімесі кейіпкердің қалтарыстағы ойы арқылы жұмыр басты пенденің басында болатын рухани мүгедектіктің бетін ашу. Әңгіменің мына бір тұсын: «Ең болмаса қолымды қалтасына салсам ғой. Бірақ әйелі бар ма, жоқ па, соны біліп алса болар еді. Дегенмен есінің дұрыс еместігі рас болса, бойдақ шығар. Күлкім келді» дегенді көзіңізге елестетіңіз. Қуыстанған кейіпкердің жанын жаралаған осыншама сұрқия ойлар дұрысында саналы оқырманның өмір сауалдарымен күресуіне жол ашқандай. Мәдина тылсым оқиғалар желісін ала отырып, адамдар психологиясында кездесіп жататын эгоистікті көрсетіп берген. Алмабектің баласының сақаулығы болмаса, есі дұрыс емес дейтіндей ол қандай өрескел қылық жасады? Немесе жас қыздың одан артықшылығы неде? Аталған әңгімеде автор, кейіпкер, оқырман үшеуі біртұтас шығарма сыртындағы «өмір мәні» деген сұраққа бірлесіп жауап іздейді.
Мәдинаның «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Күзгі бір кеште» (мистикалық әңгіме), «Қадір түні» (диалог-әңгіме) сияқты әңгімелері де тылсым оқиғаларға толы. Соңғы жылдары қазақ прозасында кейіпкерлердің «дүниеден жерінуі», айналадан тазалықты іздеуі көбірек орын алуда. «Күзгі бір кеште», «Жол үстінде» әңгімелеріндегі Алмабектің баласы мен Жанна есімді қыздың (өлгендер) бұ дүниедегі жекелеген адамдармен ғана кездесуі таң қалдырады. Алты жасар қыздың Асхат есімді бас жасар балаға ғашық болуы, басқа жандарды місе тұтпауы, көзге ілмеуі адамның тазалықты аңсауы, өмірден береке кетуінің бір белгісіндей. Автордың: «Мен бір бөлмелі үйде жалғыз тұрамын. Үлкен қалада, миллионнан астам халық тұратын қалада жалғыз болған қандай үрейлі, адамға адам пана бола алмайтын болып тұр ғой сонда» дегенінен қоғамдағы жазылуы қиын дерттің өршіп бара жатқанын тану қиын емес. Айтпақшы, Жанна есімді періште қыз Асхатты неге іздейді? Себебі, Асхат таза, ол пәк. Оның күйеуін өзгеден қызғанған немесе темекіні бұрқ-бұрқ будақтатқан жалғызбасты әйелде несі бар? Бірақ жалғызбасты әйеліміз Марияшқа қарағанда тәуір кейіпкер. Ол ойлана біледі. Періштенің (мүмкін өлген қыз) оған жақындағаны да содан болса керек. «Үлкен қаланың қай жерін мекен етуде ол қазір? Әлі Асхатты жақсы көре ме? Неге келді, қайда кетті?» деп бітетін шағын мистикалық әңгіменің айтары көп.
Марат Әзімхан, әдебиеттанушы «Сын» журналы
Жаңа прозаның біздегі белгілері
Мәдинаның «Жас толқын» сериясымен «Жалын баспасы» ЖШС-нан шыққан «Ана ғұмыр» атты кітабына бір романы, қырық шақты әңгіме, екі актілі драма кіріпті. Белгілі сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанованың алғысөзінде кітапқа кірген шығармалар хақында профессионалды пікір айтып, жазушының негізгі шығармашылық белгілерін атап өткен. Автор әйел адам, кітап пен кітапқа кірген романның аты «Ана ғұмыр» болғандықтан қалыптасып қалған «предрассудок» бойынша әйелдік табиғаттан туатын көркемдік сипат күткеніміз рас. Олай болмай шықты. Жазушыларға «жас» деген анықтауыш қосатын жаста болғанмен, Мәдина жас жазушыға келетін деңгейден асыпты. Осы себепті шығармаларына көркемдік баға бергенде, жастығына қарап «скидка» жасаудың қажеті жоқ сияқты. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында болу керек, «Батыста қалың-қалың романдар оқылмайды, енді жол-жөнекей вокзал, аэропортта, ұшақ, поезда оқып тастауға болатын микроромандардың дәуірі туды» деген сөздерді әдеби газет, журналдарда кездестіріп жүрдік. Кейінірек Кеңес Одағының Балтық жағалауы елдерінде, Ресейде әдеби айналымға түсе бастаған сияқты еді. Мәдинаның «Ана ғұмыр» романы 25 бет екен, мөлтек роман деп беріпті. Жасыратын, жабатыны жоқ, бұған дейін мөлтек романды да, осы тақырыпта жазылған талдауларды да оқып көрмегендіктен, 25 бетте романдық мазмұнды қалай береді екен деген қызығушылықпен оқып кеттік. Романның: «Төңірек мүлгіген тыныштыққа кенет оранды», – деген бірінші сөйлеміндегі «кенет» сөзінің орнына алғаш келісе алмай барып, келесі сөйлемдерді, алғашқы абзацты оқығаннан кейін барып дұрыс көрдік. Аз көлемде көп айту үшін осындай қолданыс қажет екен. Осыдан ары қарай мөлтек роман мәтініне сақ қарап, үңіле түсіп оқу керек деген ой келді. Прологта айтылатын оқиғалар әлі әдеби оқиғаға, көркем фабулаға айналмаған. Баяндау 1-жақ пен 3-жақтың синтезі. 3-жақтан баяндаудағы «ол», «оны» дегендер автор-баяндаушының өзі болып сезіледі. Баяндаушы бірде жас бала, бірде авторлық суреттеу деңгейінде. Өткен шақты суреттей отырып, осы шаққа ауыса салады. «Тағы да әжесі есіне түсті», – деген сияқты құралдарды пайдаланып қайтадан өткен шаққа, тым әріге кете береді. Баяндаушының жасы, түр-түсі, аты-жөні әлі белгісіз, ал көркемдік уақыт бірде 9 айлық балаға барса, одан оқушы балаға келіп, еске алушы – баяндаушыдан тым әрідегі ашаршылық, соғыс жылдарына кетеді. Бұл уақыт аясындағы мол ауысулар көркемдік тұрғыда кібіртіксіз, табиғи жылжиды. Ал нақ осы шақтағы суреттеу бір-ақ жерде: «Ол тоңа бастағанын сезді. Бірақ кері қайтқысы келмеді. Қазір жаңбыр құйып, дүние астаң-кестең болса да кері қайта алмайтындай». Прологтағы әрбір шегініс – мағыналық бөліктегі оқиғалар «толық емес» – қадау-қадау штрихтар, кейіпкерге, мекенге қатысты ешбір атаулар, табиғат суреті, адам портреті жоқтың қасы, көркем фабула шығаратын, образ ашатын көркемдік элементтер аз. Осы себепті бұл жердің көркемдігіне, суреттілігіне баға беретін мүмкіндіктер де аз. Алғаш тым жұтаң бояулы болып көрінгенмен, көп ұзамай-ақ өте аз көлемде ауқымды мазмұн көтерген жан-жақты проза болып көрінді. Қатал реалистік баяндау да бар: «Есіне тағы әжесі түсті. Қырық төртінде дүниеден озған кенжесінің қазасын көтере алмады. Әжесі он үш бала тапқан кемпір еді. Соғыс алыпты, жұт алыпты, ауру-сырқау алыпты. Үшеуі осы күнге жетті. Солардың кенжесі бұның әкесі еді. Әжесі – ол үшін әке де, шеше де, сондықтан болар, есі кіріп қалса да әке өлімі оған онша әсер ете қоймаған. Өзінен кейін буыны бекімеген төрт бала бар, шешесі жесір қалды. Улап-шулап жылда шілдехана өткізетін шаңырақ бүк түсті. Азаматынан айырылды. Бұл жағдай оның қаперіне кіріп-шықпапты. Тіпті, ол күндерді құрбы балаларымен ойнап, көңілді өткізгені есінде». Прологта баяндаушының өткен өміріндегі негізгі межелер көрсетілген. Реалистік сипатта баяндалған. Прологтың соңғы көлемді абзацындағы шығармашылық тұлға, Леонардо да Винчи, Мона Лиза жайлы пәлсапалары бар оқымысты баяндаулар алдыңғы жағынан анық төмен. Әрі қарай роман тоғыз бөлім-әңгімеден тұрады. Әңгімелер кейде бір желінің бөлігі болса, кейде дара шығарма түрінде. Автор-баяндаушы бір бөлім-әңгімесінің соңында: «Сол бір кездер жөнінде шағын этюд жазған едім», – деп келесі әңгімесіне көшеді. Алғашқы «Балалық шақ» әңгімесінде таза 1-жақтан баяндауға ауысып, прологта штрих түрінде ғана айтып өткен өлең жазатын бала қыз тақырыбын қалыңдата, дамыта түседі. Әлі де диалог жоқ, суреттеу жоқтың қасы. Бірақ образ шығып келе жатыр. Баяндауда авторлық самоирония айқын көрінеді. «Қара қыз» деп аталған келесі бөлімінде енді баяндау айқын үшінші жаққа ауысып, «Балалық шақта» «өзі жайында» әңгіме айтқан қызды сырт көзбен, авторлық баяндаумен суреттейді. Алдыңғы бөлімде «өзін-өзі сынаған» қызды енді автор басқа тұрғыдан келіп «сынайды». Осыдан образ тереңдей ашылып келе жатыр. Осы бөлімнің екінші жартысында баяндау қайтадан бірінші жаққа ауысады: «Қара қыз деп отырғаным, өздеріңіз сезген боларсыздар – мен», – деп әңгіме ауанын етене күйге қайта ауыстырады. Әке-шешесінен ерте айырылған, әжесіне қарап қалған, одан айырылып, ағайын босағасында, интернатта өсіп келе жатқан қызды «аямай» суреттеп, әжептәуір танымды образ деңгейіне жеткізген. «Қаңғуды он-он бір жасында бастаған, шешесі сабайтын, қан-жоса етіп дүрелейтін, таяқ жегенді суқаны сүймейтін, өзі інілерін сабайтын, темекіні де, арақты да ертерек татқан, сондай болғанына өкінбейтін, «Тимур және оның командасындағыдай» балаларды суқаны сүймейтін, оғаш қылықтарымен өз сүйкімін өзі кетіретін, осы қылықтары өмірде көп кедергі келтірген, ерте өлең жаза бастаған» қыздың образы әбден ашылған. Суреттеуі аз, көбі баяндау арқылы. Автор өзінің қаталдау реализмін артықтау қолданған сияқты. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояғандай». Баяндаушы екі түрлі. 3-жақтан келгенде ұстамдылау, ақылдылау авторлық баяндау, 1-жақтан келгенде баяндаушы – кейіпкердің жас шамасына қарай өзіндік ерекшелігін сақтауға тырысқан. Прологта айтылып қана өткен кейіпкерін келесі екі бөлімде алға жылжытып, тереңдете түсіп ашады. Мөлтек романның келесі, әңгіме, этюд пе, новелла ма, бөлімдері кейіпкер өмірі ағымының жүйелі барысын сақтауға тырыспай, жеке, дара шығармаға жақын формада берілген. Романның басындағы (прологтағы) кейіпкермен (әлі аты белгісіз) келесі бөлім-әңгімелердегі кейіпкерлермен байланысы барын білдіруді автор қажет деп тұрмағандай. Нақты байланысын білдіретін ілік, көркемдік құрал жоқ. Бірақ сол кейіпкер екені авторлық интонациядан, шығарма табиғатынан сезіледі. «Махаббат» деп аталған бөлімде бұрынғыдан мүлдем бөлек поэтикаға, диалогты мәтінге, суреттеуге ауысқан. Негізінде 3-жақтан баяндалатын бөлімде: «Мен махаббатқа сенбеймін. Және маған бұл сезімге ешкім сенбейтіндей көрінеді. Ойын. Барлық ережелері бекітілген, қалыптасқан, әдемі ойын», – дейтін бір ғана 1-жақтан баяндалатын абзац бар. Бөлімнің өне бойындағы диалогтар кейіпкерлердің мінезіне, образына сай келіп отырғанмен, кейде өмірде айтылатын сөздерден ауытқитындай жерлері бар. Бөлім махаббат жайлы реалды, жақсы әңгіме. Автор махаббат жайын айту үшін өмірдің бір эпизодын қалқып қана алған, «бәрін айтпаған». Бұл арада аздап жазушылық пенделік те көрінеді. Өмірлік-ақ дейтін суреттеулердің, диалогтардың ішінде әдебиленген, оқымыстыланған бірер белгілер кездесіп қалады. Осы жерді қатал, заманауи реализм дейміз бе, әлде біраз шығармашылық «кокетствосы» бар анықтама хабар дейміз бе? Әлде автор «өзін-өзі сынауды» қызықтап кеткен бе? Бұл бөлімдегі диалогтан басқа мәтін бөліктерін қысқартып қырнай түссе, Хэмингуейдің шағын шығармалары поэтикасын еске түсіретін сияқты. Осы бөлім соңында жеке-жеке әңгіме ретінде де жүре беретін әңгімелерді бір шығармаға біріктіру үшін бе: «...Ал, менің тұрмысқа шыққандағы хикаяларым мынандай шағын новеллаларға айналды», – деп алға сілтеп жібереді. «Қолдан жасалған шарап» бөлімінде диалогты суреттеуі қоюлана түсіп, дәстүрлі прозаға ауыса бастаған. Өмірдің бір сұмдық, сорақы көрінісі – ішкіш, адами ұстанымдардан айырылған ене, ішсе тоқтай алмайтын күйеу. Біз көбіне Ресей телеарналарынан көретін жағдай. Бұл тарауда кейіпкер аттары (Гүлдар, Жәңгір) берілген, аздаған табиғат суреті бар. Енесі екіқабат Гүлдарды арақ іш деп қинауда. Көп болмаса да, қазақтар арасында да кездесе бастаған көрініс. Ашты реалистік сипатта суреттелген. Автор әр адам (образ), әр ситуацияға әр түрлі адамдардың әр түрлі баға беретінін нәзік талдаумен көрсеткен. Бөлімнің соңындағы: «– Ішпеймін. Бала емізіп жүрмін. Ішпеймін. – Мен Жәңгірге екіқабат кезімде шампанға жерік болдым. Күніне біреуін, кейде екеуін ішетінмін. Бір сау жүрген күнім жоқ шығар. Ештеме жоқ. Қол-аяғын балғадай етіп тудым. Бай қылып отырсың ғой. – Ішпеймін. Болды. Жүрегім айнып кетті. – Онда, балам, мә, сен іше сал. Мен оның бетіне қарадым. Ол да басын шайқады. – Әй, балам-ай, қатыныңнан қорқасың-ау!». Кейіген кейіппен стакандағыларды бөтелкеге қайта құя бастады. Саусақтары дір-дір етеді. Шашылып-төгіліп жатыр шарабы. Ашуланып тұрғаны, не маскүнемдіктен қалтырап тұрғаны белгісіз. Бірақ мен бұл кісінің қолы қалтырайтындай деңгейде маскүнем емес екенін білемін. Ішеді. Жақсы ішеді. Бірақ маскүнем емес. Әзірше маскүнем емес. Демек, ашу, ыза. Маған жынданып тұр. Іштей масайрап, әкемнің құны түгел қайтпаса да, қайта бастағандай, әлдебір рахат күйге ендім», – деген мәтіннің көлемі шағын болса да кейіпкердің (Гүлдардың) жан дүниесінің күрделі қабаттарын ашып тұр. Әжептәуір кешірімді, адам да таниды, біраз кекшілдігі, пенделігі де бар. «Көктем балаусалығы кеткенде...» әңгіме-бөлімі бөлек әңгіме де сияқты. Бірақ романнан тыс жеке алғанда көркемдік құны төмендеп кетері анық. Әңгіменің алғашқы жартысы түгелдей ер адамның ішкі монологы. Аты берілмеген. Монолог иесінің оқушылық кезеңнен отыздарға келген, үйленген, балалы болған кезіне дейінгі өмірі бір жарым бетте баяндалған. Бөлімнің ортасында: «Әйелін қашан шындап жек көре бастады? Есінде жоқ», – деп бастап, авторлық баяндауға көшеді. Енді оның өте пысық әйелі Гүлзираш суреттеледі. Екі кейіпкер де дараланған, танымды, түсінікті образдар. Романның өн бойында келе жатқан қыз осы бөлімдегі «ойшылдың» мектепте оқып жүргенде сүйген қызы болу керек. Осы бөлімдегі Гүлзираш емес. Осы жерге келгенде айтарымыз – автор-баяндаушы кейіпкерді, оқиғаны әр түрлі тұрғыдан көріп, әр қырын аша түсуге тырысады. Образ, оқиға бүтіндігін қатаң сақтауды мақсат етпейді. Жалпы өмірді беруге тырысады. Бөлімнің екінші жартысында баяндау 1-жақтан, жаңағы Гүлзираштың атынан жүреді. Күйеуіне берілген мінездеме алдыңғы жартысындағы қалпын сақтаса, мұнда алдыңғы жартысындағы қатал, суық, пысық Гүлзираштың жүрегінің түкпірлерінде мейірімділік нышандары да бар екені көрсетіліп, образ ретінде тереңдей түскен. Романның «Айым да сен...» және «Ғалия» бөлім-әңгімелерін бөлмесе де болар еді. Гүлзираштың күйеуі (осы бөлімдерде Жәдігер деп аталады) оқушы кезінде сүйген қызын іздеп Алматыдан 2500 шақырымдағы Қайыңдыға аттанады. Ғалия жалғыз, жұпыны тұрады, тұрмысқа шықпаған. Кейінірек есі ауысқаны білінеді. Бір бесіктегі баланы ұрлап әкеліп, Жәдігерге көрсетеді. « – Мында қара. Төрде бесік тұр. Ғалия қолымен ымдап шақырды. Бала жатыр. Тірі бала, пысылдап ұйықтап жатыр. Мен Ғалияға қарадым. Ол жымың-жымың етеді. – Екеуіміздің қызымыз. – Қа-лайша? – Сен мені тастап кеткенде ішімде қалып еді бұл қыз. Екеуіміздің қызымыз. – Мүмкін немереміз шығар. Мен оның есуас екенін кенет, бір мезетте түсіндім. Жалғыз, ешкіммен араласпайды, біреудің баласын ұрлап әкеліп, айтып тұрғаны мынау. Суық терім бұрқ ете түсті. – Жоқ. Ғалия басындағы орамалын сыпырып, бетін басты. – Қызымыз деп тұрмын ғой, қызымыз. – Ғалия, Ғалияш, қайдан алдың баланы, айт, маған айтшы, қорықпа. – Есіңде ме, сен маған үйленбеймін дедің ғой. Үйленбеймін дедің. Сонда мен бала көтеріп қалған едім сенен. Бірақ айтпадым. Бала үшін, амалсыз қалдырғым келмеді қасымда. Мынау сол бала. Сенсең де, сенбесең де осы. Мен біліп тұрмын ғой. Бұл сол бала қайта келіп тұр, көрдің бе, бесігімен. Біздің қосылғанымызды біліп, қайта келіп тұр». Жәдігер есі шығып, «Кетемін» деген сөзді айта алмай тұрғанда «Сен бізді қайта тастамақсың ба?», – деген сұрақты естіп, тұра қашпақ болғанда: «Бар, кете бер, түсінбеген екенсің» деген сөзді естіп үйден шыға жөнеледі. Бұл бөлім «Ана ғұмыр» романының ең көркем бөлігі. Жоғары деңгейдегі эпикалық проза. Реалистік сипат та, психология да бар. Осы стилінен танбаса, Мәдинаның жақсы прозаик болмағы анық. Романның соңғы бөлімі «Қарғыс» деп аталыпты. Романның басындағы басты кейіпкердің баяғы ішкіш енесі. Сондағы Жәңгір мұнда Жәдігер деп те аталады. Романның аяғына қарай Гүлзираш деп аталған кейіпкер мұнда «келін» деп қана жүр. Енесі Жәңгір – Жәдігердің жоғалуына сен кінәлісің деп, Ғалия оқиғасын да айтып береді. Онда Ғалияны баласы «тастап кетіп» содан суға батып өлген дейді. Басты кейіпкерімізді «Бізді бақпасаң қарғаймын» деп қорқытады. Роман соңында эпилог берілген. Шағын эпилогты ойлы, салмақты сөйлемдермен бастап, әрі қарай көтеріңкі романтикалық стильде бірер сөйлем құрап, ақырында әйелдік, аналық табиғаттан туатын ойлармен аяқталған. Көлемі шағын повестей ғана романды күдікпен оқи бастап едік. Аяғында көзіміз жеткені – роман екені. Романдық мазмұн, өмір анық бар. Мәдинаның «Ана ғұмыр» жинағына кірген әңгімелері қырық шақты, жинақтың негізгі бөлігі. Жинақтағы алғашқы әңгіме «Емші апа» 1-жақтан дәл, үнемді стильмен баяндалған, диалогтар арасында қысқа суреттеулері бар, өткір сюжетсіз, шымыр тартыссыз лирикалық жобадағы әңгіме. Шұғыл динамика, қызықты оқиға болмаса да автор адам ойына, жан дүниесіне әсерлі әңгіме шығарған. Әңгіме поэтикасы – дәл, жылы, кісілікті сипатта. «Бәрін» (пейзаж, портрет, қимыл, мимика) ала бермей, көркемдік мақсатына керегін ғана алған. Әңгіме рухани функциясын толық атқарып тұр. «Жақсы көру» әңгімесі негізінен диалогтардан тұрады. Өмір тек диалогтардан тұрмайды. Әңгімеде әдеби мақсат үшін диалогтарды ұтымды пайдаланған, жасанды болып көрінбейді. Оқып отырғанда 4-5 жасар баланың ерке, тентек мінезбен анасын жақсы көруі нәзік байқағыштықпен берілген. Өте реалды. Әңгіме финалында анасын жақсы көруі шектен шығып, мазасыздыққа айналған баланы 4-5 жасар деп отырғанымызда «Ол бар болғаны тоғызда еді» деуі көңілімізге қона қоймады. «Құдайы тамақ» әңгімесінде ауылдағы бір типті көріністі берген. Әңгімелік сюжет, оқиға жоқ десе де болады. Жылы, байқағыш көңілден шыққан сурет қана. Автор кішкентайды көре алған және бере алған. «Қыста» әңгімесінде де әдеби фабула, сюжет жоқ дерлік. Бірақ үлкен өмір бар, сурет бар, аяушылық сезім бар. Кәрі адам, кәрі үй, кәрі өмір. Жарты бет әңгіме –толыққанды әңгіме. Мәдинаның романында тентек қыз образы басым жүрсе, мұндағы қыз басқаша – ересек, байыпты, терең. Әлде романдағы қыз тентек болып көрінгісі келді ме екен. Әңгіменің соңғы сөйлемі өте мықты: «Сол жолы аялдамаға келе жатып, жақында көктем шығады деп өзімді қанша сендіргім келсе де илана алмадым». Мәдина мықты пейзажист емес. «Жаңбыр» әңгімесінің басында аздаған табиғат суреті бар. Табиғатты тек шығарманың көңіл-күйін аша түсу үшін ғана алатындай. «Менің ауылым» әңгімесі қазақ әдебиетіндегі ең бір типті тақырыптардың біріне жазылған. Бес баласы болса да үйде жалғыз қалып жол баққан кәрі ана: «Аман болсын әйтеуір...» деумен отыр. Бәріміздің ауылымызда кездесетін көрініс. Көп жазылған тақырып. Мәдина ең қысқа жолды таңдап алған. «Махаббат туралы» әңгімесі триптих. «Азамат», «Гүлім», «Әсел» деп үшке жіктеген. Өте реалды ой-әрекеттер суреттелген. Автор асырып, не төмендетіп жібермейді. Шындықтан да қашпай, өзін де аямай, құрғақ, қысқа баяндаудың бір жақсы үлгісін жасаған. Осы көлемнен ауытқымайды, кейде мол, кейде шөл емес, тұп-тура. Тілі дәл, нақты. Махаббатты әсірелемеген. Осынысына таңқаласың. Дәл физиологиялық махаббат. Автор-баяндаушы өзін де «әдемілемейді». Осынысымен аздап «бравада» жасай ма деп қаласың. Жалпы, Мәдинада қысқа миниатюра, этюдтер түріндегі де, толыққанды эпикалық сипатта жазылған көлемді әңгімелер де бар. Қатал реализм мен жылы лирика, гуманистік сарын кірігіп жүретін де, әрқайсы жеке тұрып әңгіменің негізгі қырына айналатын да жерлері бар. Анық әңгімеші. Романы да жеке әңгімелерден құралып өрбіген. Суреттеп отырғанына қадап баға беріп, тікелей пікірін көрсетпейді. Композиция, сюжет, тартыс, т.б. көркемдік элементтерді арнайы қадағаламайды. Мәдинада, әрине, жөні келмейтін де әңгімелер бар. «Күзгі бір кеште» әңгімесінде 5-6 жастағы қыз баланың аномалды махаббаты суреттелсе, «Жартас басында» әңгімесінде не айтпақ ойы бар екенін түсіне алмадық. Мәдинаның өзі түсіне ме екен? Басқа да бірнеше әңгімесін жинаққа кіргізбесе де болар еді деп ойладық. Жинаққа кірген «Коньяк қосылған кофе» атты екі актылы драмасына «хичкокшалағанда» деп анықтама беріпті. Мұның не екенін білмедік. Арғы аталары батыр, би, шешен болған, өз әке-шешесі қызмет істеген, ауқатты отбасында туып-өскен Батыр мен әкесінің кім екенін білмейтін, балалар үйінде өскен, былапыт өмір кешкен шешесі бар, шешесінің кезекті көңілдесі 12-13 жасында балиғатынан айырған Шәменнің үйленуінен драма оқиғасы өрбиді. Кейін Шәмен туған қызыңа көз салдың деген айыппен күйеуі Батырды у беріп өлтіреді. Драма мәтініне зер салғанда Батырдың ата-анасына тоғышар дегендей айып тағылса, Шәменнің шешесі адам қалпынан кеткен әйел. Қызы анау. Бұл драмада автор бейтарап дегенмен де, кез келген шығармада авторлық тенденция болады. Осы тұрғыда әдебиетте әйгілі мысал бар. Гончаровтың «Обломов» романында жаны таза, бірақ мейлінше енжар, жалқау Илья атты бас кейіпкер бар. Өмірі негізінде диван үстінде өтеді. Аталған роман жайлы жазған «Что такое обломовшина» атты мақаласында Николай Добролюбов революциялық тенденция табады. Бұған роман авторы қатты тулап қарсы болған. Мәдинаның драмасын оқығанда да авторлық тенденцияны байқағандай болдық. Батырдың тоғышар отбасынан Шәменнің былапыт шешесін, Шәменді жоғары қоятындай. Осы арада Мәдина «хичкокшылап» кеткен сияқты көрінді. «Ана ғұмыр» кітабына жазған алғысөзінде сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова М.Омарова шығармашылығы жайында: «...дәстүр мен постмодерннің арасындағы қарама-қайшылықты жоятын постреалистік жазудың машықтары», – депті. Постреализмнің дәл не екенін біле қоймағандықтан Мәдина прозасының жақсы үлгілерінен біраз заманауиланған Бейімбет Майлин мәнерін көргендей болдық. Шағын этюд, миниатюра түріндегі әңгімелерінің ең жақсыларынан Шерхан Мұртазаның мөлтек әңгімелеріндегі поэтиканы, лирикалық лепті байқадық. Қазіргі жастардың әлемдік әдебиет ағымынан құлағдарлығын, біз атын естімеген авторларды оқитындығын, орыс, шет тілдеріндегі қалың журналдарды ақтаратындығын естиміз. Сондықтан біздің автор стилі жайлы пікірлеріміз өз ауылымыздың аясынан шығып отыр.
Рафат Әбдіғұлов, ҚӘ №5 /3325/ 20013 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі