(сахналық нұсқа)
Үш эпизодты драма
Қатысушылар:
Ахико Тэцуро
Ахиконың бала кезі
Ахиконың Әкесі
Ахиконың Анасы
Ахмет - ақын
Ақтамақ – ел анасы
Катя – неміс қызы
Ақайдың Қасені - абыз қария
Сейфолла Оспанов - Сәкен Сейфуллиннің әкесі
Сәдуақас Жалмақынов - Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі
Степан
Ертегіші
Карташы
1-жендет
2-жендет
1-тергеуші
2-тергеуші
Күзетші
Тұтқын әйел
Тұтқын әнші жігіт
Пошташы
Көпшілік сахнада: тұтқындар, халық
БІРІНШІ ЭПИЗОД
Бірінші көрініс
Акико. Совет әскері жапондықтарды Сахалин аралынан тықсыра қуып, Жапонияға жөнелткенде, мен әке-шешем, бауырларымнан адасып, жағалауда жалғыз қалдым. Әкемді, анамды күттім. Күнде жағалауға келіп, көкжиекке телміремін. Әкем балықшы болған. Қайығының сұлбасы әлі көз алдымда. Мені іздеп кері келе жатқандай. Әне-міне қара толқынды қақ жарып, жүйткіп жететіндей. Бала қиялым сан-саққа жүгіріп дегібірімді алады. «Әке! Анашым!» (жаңғырық)
Сахалинде күн суық. Әскерилерден қалған күртешені тауып киіп, жағалауда тентіреп жүргенімде совет әскерлері ұстап алып, абақтыға қамады. Бірден «жапон тыңшысысысың» деді. Мен олай емес екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ көп ұзамай шындықты айтқаннан гөрі жапон тыңшысы болғанның анағұрлым қауіпсіз екенін ұқтым. Осылай тергеушілерге қарсыласқанды тоқтаттым. Мойындадым. Олар маған қалың папка ашып, бума-бума қағаз арнады. Мен бәрімен келістім... Карлагқа түскенде он бес жаста едім. Тажал машина жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген, мүгедек кемпір-шалға дейін шімірікпей жұтатын. Қарлагтың қапасында 22 мың жапон отырды, еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім.
Тергеу бөлмесі. Екі жендет Ахикодан жауап алып жатыр.
Ахико. Мен Ахико Тецуро 1930 жылы Хонто портында дүниеге келдім. Әкем жергілікті балық зауытының директоры. Он төрт жасымда Хонтодағы Императорлық әскери училищеге түстім. Бірақ сабақ алып үлгермедім, соғыс басталып кетті. Бізді таратып жіберді.
1-жендет. Сен жапон шпионысың.
Ахико. Мен шпион емеспін. Сіздер мені біреумен шатастырып тұрсыздар.
2-жендет. Сен жапон тыңшысысың.
1-жендет. Неге еліңе оралмадың?
Ахико. Жапондар аралдан асығыс көшірілді. Мен соңғы кемеден қалып қойдым.
1-жендет. Не үшін тұтқындалдың?
Ахико. Білмеймін.
1-жендет. Қандай жағдайда тұтқындалдың?
Ахико. Совет әскері келгеннен кейін училище жабылды.
2-жендет. Қандай жағдайда тұтқынға алындың деймін. Сондай күнәсіз болсаң, сол жердегі әскерилер басқа жапондармен қосып сені неге Жапонияға қайтармады? Неге дәл сені тастап кетті?
Ахико. Менің үстімде әскери училищенің кадет формасы болды. Олар мені әскери деп қабылдады.
1-жендет. Ал сен әскери емес едің...
Ахико. Ал мен курсант едім.
2-жендет. Түсінікті. Кеңес әскері ақымақ болғандықтан сені тұтқынға алып, сенің тамағың мен жолыңа шығын шығарып, мында, Қарағанды лагеріне топастықтан жіберді ғой сонда?
Ахико. Жоқ, әрине. Түсінбеушілік болды.
1-жендет. Түсінбеушілік? Сен - самурайсың ба?
Ахико. Қазір самурайлар жоқ қой.
1-жендет. Сенің кім екеніңді айтайын ба? Сен бар болғаны, қарабайыр шпион ғанасың. Шпионсың!
2-жендет. Айт, мен шпионмын де.
Ахико. Жоқ, шпион емеспін.
Ахико. Мен шпион емеспін.
2-жендет. Бәлкім санаң шатасып, жадыңнан қағылып тұрған шығарсың. Бірақ сенің жадың мен санаң әзірше біздің мүмкіндіктен бейхабар болып еркелеп тұр. Саспа. Барлығы орнына келеді. Сенің бабаңдай адамдардың ақыл-есін орнына түсіріп, мойындатқанбыз.
1-жендет. Соғыс тұтқындарының бас басқармасында ісің жатыр. Кім болсаң да бұл жерден енді қайтып шықпайсың.
Ахико. Қайдағы басқарма? Мен шпион емеспін.
2-жендет. Есіңде ме, кеше ғана әлгі әнші жігіт...
1-жендет. Ей, сорлы! Жапон екеніңді мойындайсың ба?
Әнші жігіт. Ең болмаса жапон дегеннің кім екенін айтыңдаршы. Біліп өлейін.
1-жендет. Жалпы контрреволюционерлер жағында сондай қайтпас, қайсар жігіттердің бар екенін біз мойындауымыз керек.
Пауза.
1-жендет. Оның қайыспайтын жігерлі болғанын қайтейін, атылып кетті.
2-жендет. Атылды ма?
1-жендет. Мойындай салысымен атып тастады ғой, әй-шайына қараған жоқ.
2-жендет. Е, жарайды. Дұрыс болған. Ал мынаны қайттік? Әй, миғұла, мойындайсың ба өзіңнің жансыз екеніңді? Биттей болып бұл да қырсық. Бір қойсаң жалпасынан түсейін деп тұр.
Ахико. Жақсы, мен бәрін мойындаймын.
1-жендет. Қалайша?
Ахико. Қол қой деген жерлеріңізге қолымды қояйын.
2-жендет. Қалайша?
Ахико. Мен мойындаймын.
1-жендет. Жоқ, бұлай тез болмайды.
Ахико. Енді өздеріңіз айтып отырсыздар ғой.
1-жендет. Иә, бірақ сен басында мойындамауың керек. Сосын біз сені мәжбүрлейміз.
2-жендет. Иә. Барлығы тәртіппен болуы керек.
1-жендет. Болмайды. Сен әлі мойындамай тұра тұр.
Ахико. Қашан мойындауға болады?
2-жендет. Біз өзіміз белгі береміз.
1-жендет. Иә-иә. Сен тұра тұр.
Ахико. Тек азаптамаңыздаршы...
2-жендет. Егер кінәңді мойындамасаң, азап түрлерін пайдалануға тура келеді. Сонымен сен Оңтүстік Сахалинде, үстіңе жапон әскериінің киімін киіп, жағалауда жүрген жеріңде қолға түстің. Сен алысқа, теңіз көкжиегіне телміріп қарап отырдың. Есіл-дертіңнің көкжиектегі қарайған ноқатқа ауғаны соншама жаныңа келіп құжаттарыңды сұраған қызыл әскер жауынгеріне еш мән бермедің, ол сені жұлқылағанда ғана назар аудардың. Бірақ жаныңда жеке тұлғаңды анықтайтын бірде бір қағаз болмай шықты. Өзің орысша тіл білмейсің. Рас қой?
Ахико. Рас.
2-жендет. Сонда көк теңізге телміріп не белгі күтіп отырдың?
Ахико. Әкемді. Мен әкемді күттім. Оның мені тастап кетуі мүмкін емес. Ол мені ешқашан тастамайды. Сіздер егер менің әкеме хат жазсаңыздар ол мені келіп алып кетеді. Өтінемін сіздерден...
1-жендет. Тыныш, тыныш... Сен сонымен өзіңнің жапон жансызы екеніңді мойындамайсың ғой?
Ахико. Жоқ, мен жансыз емеспін. Әкемді күтіп жүрдім. Мен сіздерге жаңа айттым ғой, мойындаймын, мойындаймын деп.
2-жендет. Мәә, мынау не деген санасыз, а? Еркексің бе, қатынсың ба өзің? Жаңа ғана келістік қой. Мойындайтын кезіңді өзіміз айтамыз деп.
1-жендет. Басынан бырш еткізіп ата салғым келіп тұр. Жыныма тиіп тұр.
2-жендет. Тұра тұр.
1-жендет. Сен-ақ мені тоқтата бересің.
2-жендет. Осы аптада үшінші адамды атсаң, есеп бергенде түсіндіре алмай қаламыз. Шыдашы. Бар суық су әзірле одан да.
1-жендет. Жақсы.
2-жендет. Ахико, кішкентай самурай, сен қызыл армияның құдіретін сезінуге тиіссің. Оңай құтыламын деп ойлама.
Шығып кетеді. Ахико жалғыз қалады.
Ахико. Осының бәрі түс болар... Шындығына көңілім сенбейді. Әкешім, анашым, қайдасыздар? Тезірек жетсеңіздерші. Бұлай болмайды ғой. Шаршадым... Әл-дәрменім қалмай барады. Тезірек бітсе екен бәрі...
Әкесі мен анасының елес сұлбас көрінеді.
Әкесі. Ұлым, еңсеңді түсірме. Сен темірден берік жапон баласы емессің бе. Басыңды көтер, күйреме. Өзгелерге үлгі бол. Жапондардың қандай халық екенін көрсет!
Ахико. Әке, әке, сен білмейсің ғой... Олар кеше бір қарияны алып келді. Мені нұсқап көрсетіп, мынау сенің сыбайласыңмын деп тұр, екеуің бірігіп, Жапония үкіметіне жұмыс істепсіңдер деді. Қарияның түрі саған қатты ұқсайды екен... «Бұл баланы танымаймын» деді басын шайқап. Сол-ақ екен жендеттер оның қасына жетіп барып, соққыға алды. Олар қаусаған қартты адам кейпінен айырылып, құтыра ұрды. Сол сәтте олар жынға айналғандай еді. Ақыр аяғында қария қорғануға шамасы келмей үнсіз қалды. Тек кәрі сүйегіне тиген таяқтың тақ-тақ еткен дыбысы ғана тыныштықты бұзады. Қарияның қып-қызыл қаны жендеттерге де, маған да шашырады. Мен түс көргендей мең-зең күй кештім. Әбден сілесі қатып шаршаған қос жендет шалдың өлі денесін сүйреп әкетті. Ал мен қанға көміліп қала бердім. Әке, мен шаршадым. Көргім келмейді бұның бәрін. Кешіріңдерші мені...
Әкесі /дауысын қатал шығарып/. Жапон әскерінің жауынгері, көтер еңсеңді! Боркемік болма! Қане, бір-екі, бір-екі!
Жапон әскер өнеріне сай әлдебір жаттығулар жасайды бірігіп. Аздан кейін жендеттер бір әйелді және бір еркекті алып кіреді. Екі жақты тергеу басталады.
1-ТЕРГЕУ, 1-ЖЕНДЕТ.
1-жендет /Ахиконы нұсқап/. Міне, мынау айтып отыр. Сені танимын, менен ақпаратты осы алып кететін дейді. Рас па?
Әйел. Құдай ақы, мен бұл баланы бірінші рет көріп тұрмын.
1-жендет. Бұл бала емес, жасы елуде. Осындай елеусіз кейіпте жүріп ақпарат жинайды, Кеңес одағын күйретпек.
Әйел /шошып/. Не айтып тұрсыңдар?
1-жендет. Ол сені танимын деп тұр. А, Ахико, айт жаныңның барында.
Ахико /жапонша/. Білмеймін, білмеймін.
1-жендет. Әне, бұл қатын менің көңілдесім деп жатыр.
Әйел. Жоқ, жоқ! Бидай ұрлағаным рас, бидай ұрлағаным рас! Бірақ бұл баланы... бұл кісіні бірінші рет көріп тұрмын. Құдай ақы! Үйге келгенімде төрт бала көздері қарақаттай болып жаутаңдап, қолыма қарайды. Енді, міне... Бұл баланы танымаймын, бидай ұрлағаным рас, бірақ басқа ешнәрсе айтушы болмаңдар маған...
1-жендет. Жаз, беттестірген кезде екеуі бірін-бірі таныды деп жаз. Мойындады де. Қолдарын қойғыз. Болды.
Әйел. Бидай ұрлағаным рас деп жазамын.
2-жендет. Жоқ, қолыңды қойсаң, жетеді.
2-ЖЕНДЕТ, 2-ТЕРГЕУ.
2-жендет азаптан әбден титықтаған еркекті тергеп жатыр.
Ахмет /күбірлеп/: Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз! (С.Торайғыров)
2-жендет. Тырнағының көбесіне ине тықсақ та мойындамай қойды. Ақын... Алашордашыл ақын... Бұлар да таусылмайды...
Ахмет /өлең оқиды/:
Алаш деген ел үшін Сарыарқаның жері үшін, Бостандық берген ер үшін, Төгілсін біздің қанымыз! (С.Торайғыров)
Жендет те, Ахико да үрпиіп қалған.
2-жендет. Так. Алашорданың ұранын оқыды. Осылай жазып қоямыз. Құйыршық!
2-жендет еркекті таяқпен ұрады. Ахмет оған тек сақылдап күледі.
1-жендет /селт етіп тыңдай қалып мазасызданып/. Атып тасташы. Жалынамын. Күлкісін естігім келмейді. Үнін өшірейінші. Жалынамын.
2-жендет. Тұра тұршы, а, қыстырылыспай. Сонымен, ақын мырза, жаны мен тәні алашордашыл найсап, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құруымыз керек деп өлерменденген Әлихан Бөкейхановтың жуындысын ішкен қара төбет екеніңді мойындайсың ғой?
Ахмет. Әлихандай алыптың қара төбеті атанып өлсем не арман. Молама солай жазыңдар. Әлихан Бөкейхановтың сарбазы деп жазыңдар мені!
2-жендет. Дурак! Кеңес үкіметін мойындамай, «заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастырамыз, қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жеткіземіз» деп сандырақтаған Әлихан Бөкейхановың қазір қайда? Ұлттық демократиялық мемлекетің қане, қайсы? Ақымақ. Жапонияның сойылын соғып, шпион болып тентіреп кеттіңдер бәрің. Бұған не айтасың?
Ахмет.
Қандай шайтан келсе де, Алдауына көнбейміз. Жасайды алаш, өлмейміз! Жасасын, алаш, жасасын! (С.Торайғыров)
1-жендет. Осыған жүйкемізді құрытпай-ақ қояйықшы. Мойындады деп жаза салшы.
2-жендет. Тұра тұр. /Ахикоға/. Мына албастыны танып тұрсың ғой. Бұл да сенің ақпарат жеткізушің.
Ахико /жапонша/. Чигау, чигау! (Жоқ, жоқ).
2-жендет. Дұрыс. Таныды, мойындады. Болды осымен.
Еркекті жұлқылап алып кетеді. Сахнада Ахметтің оқыған өлеңдері жаңғырып қалады.
Содан кейін үкім оқылады.
Сот үкімі. КСРО Ішкі істер халық комиссариаты жанындағы Айрықша мәжіліс шешімімен 1930 жылы Сахалин облысындағы Хонто портында дүниеге келген Ахико Тэцуро РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылсын...
Ахико. Мүмкін емес! Мен шпион емеспін! Қалай сендіремін, қалай иландырамын сендерді? Адамдар, сендерге не болған? Неге аямайсыңдар? Мен бар болғаны баламын ғой! Адамдар!!!
ЕКІНШІ ЭПИЗОД
Бірінші көрініс
Акико. Қарлаг - ажал мекені. Қанішерлер мен ақыл-есінен адасқандар үшін жұмақ. Олар осында салтанат құрды. Ал жанарлары жалт-жұлт еткен, жандары шығар-шықпас, ілбіген адамдар болса, ешнәрсеге қарамастан Құдай аманаты – Рухтарын дін аман сақтап қала алды. Осылайша көзге көрінбейтін майдан жүріп жатты. Ақ пенен Қараның, Қараңғылық пенен Жарықтың арасындағы майдан. Бірақ бұл бөлек әңгіме... Әзірше мәйіттер тау болып үйіледі, оларды иен далаға апарып, таяздау қазылған шұңғырларға тастап жатады, денелерін де шала-шарпы жасырады. Түз тағыларының несібесі. Бізбен бірге, бір баракта сондай бір қанішер тұрды. Ол суретші болатын.
Степан. Әй, жапон бала, бері кел.
Ахико. Иә?
Степан. Әлгі әніңді айтшы. /тағы бір тұтқынға/. Ал сен, Жылауық, бері кел. Мында отыр. Тыңда әнді. Жыла. Иә. Осылай. Дұрыс. Шырқа, жапон!
Ахико ән салады.
Ахико. Усаги ойши ка но яма
Кобуна цуриши ка но кава
Юмэ ва има мо мегури те
Васурэгатаки фурусато
Ика ни имасу чичи-хаха
Цуцуганаши-я томогаки
Амэ ни казэ ни цукетемо
Омоидзуру фурусато
Кокорозаши о хаташите
Ицуно хи ни ка каэран
Яма ва аоки фурусато
Мизу ва киёки фурусато...
Ахико. Біз ауыр жұмыстан оралғаннан кейін, аш, жалаңаш, құр сүлдері қалған ауру адамдар оның қалауы бойынша түрлі бейнелерге еніп, өнерге деген қажеттілігін қанағаттандыратынбыз. Кейде бірнеше адамды бауыздап, денелерін тау етіп үйетін, кейде дене мүшелерін бөлшектеп, түрлі қалыптар жасайтын. Осындай туындаларын кейде апталап бұздырмайтын. Ондай күндері камера іші өлексе сасып, қалған тұтқындарды жан төзгісіз азапқа түсетін. Бірақ оны ешкім тоқтата алмайды. Себебі түрме басшысының өзі оның өнеріне табынушылардың бірі. Сонымен бірге ол түрме басшылығы үшін арнайы тапсырмалар орындайтын.
Таң атады, миды тесетін темір дабыл шыңылдап шырт ұйқыдан оятады. Осылай лагерь тірлігі басталады. Әр жерден тұтқындар қыбырлап бас көтере бастайды.
Степан. Әй, жапон, етігім қайда?
Ахико жүгіріп отырып етігін кеуіп тұрған жерінен тауып әкеледі. Тағы бір жасөспірім бала оның шұлығын орап отыр. Ахико соны тосып тұрып қалады. Кенет бір жылаған дауыс естіледі.
Степан. Денем ауыр тартып тұр. Ауырып қалдым, білем.
Степан. Жапон, сен арқаны жақсы уқалайсың. Түк әлің жоқ, битше жыбырлайсың, бірақ сенің қолың тиген соң сергіп, жақсы болып қаламын. Сен бүгін жұмысқа шықпайсың. Менің қасымда бол. Қалғандарың кетіңдер.
Карташы. Карта ойнағың келсе ше? Бұл жапон карта ойнай алмайды ғой.
Степан. Иә, онда сен де қал.
Ертегіші. Мен ше?
Степан. Иә, картадан жалықсам, ертек тыңдаймын сен де қал. Болды қалғандарың кетіңдер.
Күзетші. 109-шы барак. Сыртқа бетте.
Степан /күзетшіге/. Әй, бала, бері кел. Мен бүгін үш адамды алып қаламын. Бізге тамақты камераға әкел.
Күзетші. Түсіндім. Жақсы.
Барлығы шығып кетеді. Камераны үнсіздік басты.
Күзетші. Міне, сендерге тағы бір адам қостық.
Қолында түйіншегі бар қазақ қария келіп кіреді.
Қария. Амансыңдар ма? Менің төсегім қайсы?
Степан. Мына шал қайтеді?
Күзетші /қолын сілтеп/. Оған дауа жоқ.
Күзетші басын шайқап шығып кетеді. Камера үнсіз. Барлығы Степанға қарайды.
Степан. Бос төсек жоқ.
Ертегіші. Ғұмырын өнерге арнаған суретшінің әр сәті қимылдан тұратын. Ол тоқтаған емес. Кеудесі салқын әуенге толы, ал жүрегін жалын орап жатыр. Ессіз саусақтары шапшаң қимылдап, бояудан ертегі құрайды. Мұңға оранған сұлу күздің ақтық демі, түн құпиясын шашқан шегіртке шырылы, алыстан шақырған әтеш, күн құрғатып үлгермеген балаң шық – бәрі суретші меншігі, суретші әлемі... Бірде кеудесін кернеген тәтті қайғыдан қажыған ол ұйықтап кеткен. Түс көрді. Аптап дала, құм. Шексіз белестер. Тыныштық. Өзін-өзі жұтып, үнсіз ыңыранған өлі тыныштық. Мұнда еш нәрсе жоқ еді. Айналасына есі кете жалтақтап, тобығынан құм кешіп келе жатқан суретші төбесінен өткен ыстықтан басының айналғанын сезді. Құрғақ тілі аузына сыймай сыртқа шықты. Тыр жалаңаш әлем аспанмен арбасады. Меңіреу құм патшалығы. Суретші оянған жоқ. Оның ендігі мекені осы болатын...
Қария. Беті-аузымды қайда шайып алсам екен?
Ахико. Ата, бұнда су жоқ қой. Айдың соңында моншаға апарады.
Қария. Қап, намазды қалай оқимын?
Степан. Шал, ауызыңды жап. Басым әкетіп барады. Ахілеп, үхілеп қанымды іштің.
Шал аулақтау жерге барып отырады. Қолындағы түйіншекті жайып, жайнамазға айналдырып, намаз оқи бастайды.
Степан. Нет, я так не могу. Күзетшілерді шақыршы.
Күзетші. Неге шақырдыңыз?
Степан. Мына шал құдайына жалбарынып жатыр. Сен білесің ғой, ондай нәрселерді менің суқаным сүймейді. Алып кет басқа жерге.
Күзетші. Енді ол былай ғой... Оны әдейі осы камераға салып отырмыз ғой.
Степан. Да?
Күзетші. Әдейі сізге, өзіңіз бір жөнін табады деген үмітпен. Сізді, сіздің әдістеріңізді біз жоғары бағалаймыз ғой, оны өзіңіз білесіз.
Степан. Дәл бүгін жағдайым болмай отыр еді. Басымның сақинасы қысып барады.
Күзетші. Арақ ішесіз бе?
Степан. Әкел.
Күзетші /сондай тылсым мағына беріп, саусағын төбеге шошайтып/. Міне, ол неге жылады.
Күзетші шығып кетеді.
Степан. Әй, шал сен өзің маңызды шишка болдың ғой. Екінің бірін маған әкеле бермейді.
Қария оған қарамайды, намазын оқып жатыр.
Степан. Жарайды, жалбарынып ал құдайыңа. Бүгін түннен қалмай барасың оған. Саспа. В лучшем виде доставим. Жарайды, жапон, арқамды уқала. Бері кел.
Етбетінен жатады. Ахико арқасын уқалауға кіріседі. Шал намазын оқып болып орнынан тұрады. Камераны аралап қарай бастайды. Етбетінен жатқан Степанға, оның арқасын уақалап отырған жапон балаға қарайды. Карта ойнап отырғандарға қарайды.
Ертегіші. Шал, қалай қызық па?
Карташы. Кел, отыр, үшінші боласың.
Қария /мырс етіп/. Жоқ.
Степан кенет қарқылдап күліп жібереді. Барлығы аң-таң оған қарап қалған.
Степан. Шал, қане отыршы, қолыңа карта ал.
Карташы /естілер естілмес күбірлеп/. Тағы бастады, құдай-ай.
Ертегіші оны тек дегендей түртеді.
Степан. Мында отыр деймін, шал.
Қария. Айналайын, қолыма қарта ұстаған жан емеспін. Қыстама.
Степан. Мынаған түсіндіріңдерші.
Ахико. Ата, ойнамайсыз, жай отырасыз.
Қария. Қарағым, жай да отырмаймын. Буынсыз жерге пышақ ұрма.
Степан. Нет, я так не могу.
Қанжарын шығарып шалға беттейді.
Степан. Отыр деймін жаныңның барында.
Қария. Қарағым, қанжарыңды қоқаңдатпа. Сен сияқты әумесердің талайын көргенмін. Қорықпаймын.
Степан. Нет, я так не могу. Мен қазір қанның иісіне шыдай алмаймын, жүрегім айнып барады. Соны пайдаланып тұрсың сен шал.
Қария. Қарағым, бар, ана жаққа барып ойна, мені қайтесің.
Степан. Ақылынан алжасқан шалды неменеге әкеледі маған. Өздері-ақ өлтіре салмай ма, өңшең арамтамақ, жатыпішер. Қандай сәтті бұзып тұрсың сен шал... Мына екеуінің қасында осы қалпыңмен қолыңа карта ұстап сен де отырсаң, ал жапон бала, сен қолыңа шелек ұстап, мына жерде состиып тұрсаң, қандай картина болар еді... Барак, карта ойнап отырған діндар шал, екі тұтқын, үрпиген жасөспірім. Ахико, сен періште болар едің, азған, азғындаған, қоқыс әлемге өз көзіне өзі сенбей есеңгіреп қарап қалған періште... Ал сен шал қолтығыңа құранды қысып аласың былай...
Қария. Астапыралла... /дұғасын күбірлеп кетеді/.
Степан. Барлығын бұздың. Енді мен сені бұзамын. Етіңді бұзамын.
Қария. Ой, тоба-ай...
Степан барып өзінің төсегіне жатып қалады. Камера ішін үнсіздік басқан. Аздан кейін Степан қайта басын көтереді.
Степан. Менің қандай адамдардың қанын ішкенімді білесің бе? Басым, басым, басым-ай. Күзетшіні шақыршы.
Күзетші келіп кіреді.
Степан. Арағың қайда?
Күзетші. Міне.
Степан. Жақсы. Дәрігерді бері жіберші. Тұла бойым мұздап, қалшылдап барамын. Суықтап қалдым білем.
Күзетші. Дәрігер сыртта, келген соң өзім апарамын сізді.
Степан. Басымның сақинасы ұстады. Бүкіл денем мұздап, қалтырап барамын.
Күзетші. Иә, сәл шыдаңыз. Арақ іше тұрыңыз.
Арағын береді. Карташы мен Ертегіші Степанды аялап жатқызады.
Степан. Давай.
Степан /дәрігерге/. Қасыма күзетші қойсын.
Дәрігер. Жақсы.
Степан. Ертегіші, ертегі айтшы.
Ертегіші қасына отырып, оны басынан сипап, аялап ертегі айтуға кіріседі.
Дәрігер. Болды, ұйықтады. Күзетшіні шақырыңыз.
Күзетші келіп кіреді.
Дәрігер. Оянғанша қасында болыңыз.
Күзетші. Жақсы.
Әркім өз бұрышына барып, өз істерімен айналысады. Қария жерге отырып, алысқа қадалып ойланады.
Қария.
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Бүгін, соңы өкінбен
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында,
Шаһит кештім, өкінбен (Доспамбет жырау).
Ахико. Ата, қатты сөйлемеңіз. Ана кісі оянып кетсе, жаман болады.
Қария. Жақсы, балам. Сөйлемей отырамын. Е, алда байқұс бала-ай, көзі шүңірейіп, қазақтан аумайды. Қалақтай ғана. Ныпсың кім?
Ахико. Ахико. Жапонмын.
Қария. Жапон деген қай жақта?
Ахико. Қай жақта қалғанын өзім де білмеймін...
Қария. Ештеңе етпейді.
Ахико. Иә...
Қария. Ештеңе етпейді...
Ертегіші. Тыныш, өтінемін ақырын сөйлеңіздерші...
Қария. Иә...
Ахико. Қарным ашты, ата...
Қария. Мә, мынаны талғажу ет.
Ахико. Бұл не? Мынауыңыз тас қой.
Қария. Құрт. Қазақтардың тамағы... Аузыңа салып жүрсең, әл береді...
Ахико. О, дәмді, рахмет сізге.
Бір уақытта дабыл қағылып, жұмысшылардың қайтқанынан хабар береді. Камераға қаптап тұтқындар кіре бастайды. Барлығы азып-тозған, жүдеу.
Сейфолла. Япырым-ай, қазақпысыз? Ассаламағалейкүм, ақсақал.
Қария. Уалейкүмассалам, балам. Қай жақтың ұланысың?
Сейфолла. Ұлан дегенде... Мына Сәдуақас екеуміздің жасымыз алпысты алқымдап қалды. Ұландықтың ауылынан алыстап, қыр астық па деймін.
Сәдуақас. Сізді де тұтқындаған екен ғой. Құдайдан қорықпайды бұлар. Жасыңыз қаншада?
Қария. Тоқсанның үшеуіне келдім, балам. Сендерді не үшін жапты?
Сәдуақас. Алдымен халық жауы деп ұлды алды. Артынан «баласы үшін әкесі жауап береді» деп мына Сейфолла екеумізді қамады.
Қария. Сейфолла, Сейфолла. Атың да, жүзің де таныс, шырағым.
Жігіт ағасы жалт етіп бетін бұрып кетеді.
Қария. Қай баласың?
Сейфолла. Ақсақал, сіз мені танымаңыз. Танымағаныңыз дұрыс.
Қария. Бұл не дегенің?
Сейфолла. Кесірім тиеді, ата. Танымаңыз, танымаңыз мені.
Бөлменің басқа бұрышына кетіп қалады.
Сәдуақас. Әй, Ахмет, бері кел, мында ақсақал кісі отыр. Қазақ екен.
Ахмет келіп амандасады. Көрісіп, жылайды.
Қария. Босама, балам. Жылама.
Ахмет. Жыламайтын шама қалмады ғой, ата.
Сәдуақас. Бұл балаңыз – ақын. Нағыз ақын. Міне, үйінен хабар келіп отыр. Оның да әкесі тұтқындалыпты.
Ахмет. Халық жауының әкесі депті... Қайран шешем аңырап жалғыз қалды. Осындай жағдай, ата... Қарап жүрмей, әкеме кесірімнің тигені-ай.
Сәдуақас. Олай деме, балам. Біз де отырмыз, ешқандай өкініш жоқ. Сендер көргенді біз де көрсек, не арман. Үйде сары уайымға салынып құса болып жатқанша, осылай ат үстінде, ер өліммен алсын құдай.
Қария. Дұрыс айтасың, балам.
Ахмет. Әкем өмірінде жан адамға қиянат жасамаған момын адам еді... Бес уақыт намазын қаза қылмайтын... Бұл зұлматқа не үшін ұшырады? Бұл қай сынағы Алланың?
Сәдуақас. Күйреме, балам, көппен көрген ұлы той. Рухы жасымағанды ешкім жасыта алмайды. Балақай Ахико да жүр ғой бұл жерде. Жылағанын, жасығанын көріп пе едің? Ахико, балам, мына ағаңа ақыл айтшы, әйтпесе ақынжанды нәзік жігіт, көңілі босап жатыр.
Ахико. Мен де әкемді сағындым.
Ахмет. Эх, бауырым-ай!
Ахико. Мен әкеммен ойша сөйлесемін, сіз де солай істеңіз.
Ахмет. Жарайды...
Сәдуақас. Ныспыңыз кім болады, ата?
Қария. Ақайдың Қасені дегенді естуің бар ма? Мен сол Ақайдың Қасенімін.
Сейфолла. /қайта келіп/. Япырым-ай. Алдына 17 мың жылқы біткен, қазақ-орыс мектебін ашып, болыс болған Ақайдың Қасені ме?
Сәдуақас. Ол кісіні отызыншы жылдары-ақ қызылдар атып тастады дегені қайда?
Қария /күліп/. Атса, осылай отырамын ба.
Ахмет. Жел сөз болғаны ғой, япырым-ай.
Сейфолла. Ататай, бар екенсіз ғой, қайтадан жақсылап көрісейікші.
Барлығы қайта қауышып, көріседі.
Қария. Еее, балаларым-ай. Шүпілдеген балапандарым-ай. Мына тура біз отырған жерде 4 мың киіз үй тұрды, жалпақ жұрт жатты. Сексен мың адам мекен еткен шалғыны шұрайлы, берекелі ел еді. Халықты қынадай қырып, тірі қалғанын атамекенінен түре қуғанда көрде жатсам да тұрып келетін едім. Ұлардай шулаған елімді көргенде бұғып қала алмадым, қарақтарым.
Сейфолла. Сонда қалай, қарсы шықтыңыз ба?
Қария. Түрме басшысына келіп, мына жерді босатыңдар, кетіңдер, әйтпесе сендерді аруақ атады, қарғыс атады дедім. Содан тұтқынға алды... Міне, енді дәм-тұз айдап өздеріңмен кездесіп отырмын.
Сәдуақас. Көрмегенім жоқ десеңізші...
Қария. Балам, мен сені таныдым. Сен Сейфолласың ғой. Ақын Сәкеннің әкесі, кәдімгі аңшы, домбырашы Сейфолласың.
Сейфолла. Иә, Сейфолламын. Ал мына балаңыз Сәкеннің жан досы, мұраттасы Жанайдар деген саңлақтың әкесі... Тек, абыз ата, сізді қосып ала кетер ме екенбіз. Мына жер толы жансыз. Сөйлесті деп жеткізсе, сізге обал болады.
Қария. Енді бұндай сөзді айтушы болма маған. О несі...
Сейфолла. Наркескендей жарқылдаған, саңлағым, Сәкенімді жапқандары аз бұл азғындарға... енді елдің ақсақалдарына ауыз салыпты. Қазақты қайтер екен, ата. Жер бетінен тайлы тұяғын қалдырмай жоқ қылар ма екен, не болдық ата.
Сәдуақас. Өз еліне, өз жеріне, өз елінің ардағына дұшпан әлдекімдер әлдеқайдан кенет пайда болды, олар қайдан шықты? Оларды да ма мына қасиетті сары дала туды ма? Біз туған жер олардың да отаны ма? Мен сенбеймін.
Сейфолла. Сәкен мен Жанайдарды үстінен арыз жазып, ұстатып жіберген қасында жүрген өз жолдастары. Қызғаныштың қызыл түлкісі іштерін тырнап, тыным бермепті, ақыры замандары туып, жұлдыздары жаныпты... Ертеңгі күн не болар екен? Солардан туған, солардың тәрбиесін көрген, солардың уағызын естіп өскен ертеңгі күн баласы қалай болар екен?
Қария. Ұлдар қазір қайда, аман ба?
Сейфолла. Кеше түскен елдің бір жігіті Сәкенімнің бір ауыз өлеңін ала келіпті. Тірі сияқты, бірақ әлі абақтыда тәрізді. «Залымдардың жасаған аранына уландық» депті...
Қараңғы, суық зынданды Жатақ қылды тәніміз. Қылыштың жүзі, мылтықтың Аузында болды жанымыз. Өмірінде жауыздың Кетіп адам сәніміз, Арыстандай жаралы Өртенді қайнап қанымыз. Бір шұңқыр су, түйір нан Үйреншікті ас болды. Күл, көмір, қиқым, тоң төсек, Жастығымыз тас болды. Тас көмірдің топырағы Денені басып қаралап, Тас көмірдің түтіні! Өкпені қауып аралап, Қырлы темір шынжырлар Қол-аяқты жаралап, Жауыздардың дұзағын Көрдік қорлық, азабын! (С.Сейфуллин)
Сәдуақас. Балалар осы, ел мынау...
Қария. Босама. Босамаңдар. Пешенемізге солай жазылған соң амал қайсы, бұл халық тумай жатып талай зобалаң көріп, талай нәрседен торығып та, тарығып та өскен. Бірақ біржола үмітсіздікке берілмей, іштей медет іздеп келген ұрпақтың өкіліміз. Ақылдары жеткенге амалдары жетпей, амалдары жеткенге ақылдары жетпей айнала толы азулы дұшпандармен алысып, шығарға жаны, тамарға қаны сарқыла жаздаған халқымның зарыққанын көріп демер, тарыққанын көріп Жаратқан Ием жебер. Құдай ынсап берсе, ыждаһат берсе берсе, басқалар жеткен мұратқа біз де жетерміз. Жасымаңдар. Намыстың сөзін сөйлеңдер. Ал, енді ұйықтаңдар. (Ә.Кекілбаевтың сөйлеген сөзінен бейімделіп алынды).
Түн. Ахико мен Ахмет оңаша отыр. Барлығы ұйықтап жатыр.
Ахмет. Жарықтық, күн шығып келеді екен ғой. Анау қырдың астында біздің ауыл бар. Күн! Қып-қызыл шапағын шашқан күнді қарашы. Қандай керемет?! Ертеде Ғұн деген мықты ел болған. Қазақтар сол ғұндардың ұрпағы. Ғұн – қазақтың арғы атасы. Ғұн дегені - Күн дегені ғой. Күн... еркіндік символы.
Ахико. Жапонияда да Күн тура осылай шығады... Таң дәл осылай рауандап атады...
Ахмет. Мына зынданнан әлі-ақ шығамыз, Ахико. Әлі-ақ темір тордың арғы бетінде талай мәрте өлең оқимыз, көк майсаға аунап, сайран саламыз. Қара да тұр, Ахико, айтқаным айдай келеді... Мен сені өзімнің ауылыма апарамын, анаммен таныстырамын...
Ахико. Содан кейін Жапонияға барамыз. Мен сені өзімнің әке-шешеммен, бауырларыммен таныстырамын.
Ахмет. Жүрегімнің алып-ұшып дүрсілдегені несі...Ахико, маған бір уәде бересің бе?
Ахико. Берейін. Қандай уәде?
Ахмет. Егер... егер... мына қапастан сен аман шығып, ал мен... шыға алмасам анамды тауып, менің хабарымды жеткіземін деп уәде берші!
Ахико. Екеуміз бірге шығамыз дедік қой.
Ахмет. Мен қорқамын.
Ахико.Неден қорқасың?
Ахмет. Ақын болып шығып ем текті ортадан,
Өкініштен өзекке кек толтырам.
Қанмен жазған жырымды келер ұрпақ,
Оқи алмай ма, - деп қорқам!!!
Ахико. Олай деме, Ахмет!
Ахмет. Сақтықта қорлық жоқ. Міне, мынау менің жыр дәптерім. Осыны тапсыршы Анама. Ұлтыма айтар аманатым бар. Аманатымды жеткізші Анама! Уәде берші...
Ахико. Жарайды...Жеткіземін! Міндетті түрде тапсырамын.
Ахмет. Бірақ ұмытып кетпе, бауырым.
Ахико. Ұмытпаймын.
Ахмет. Келістік.
Кенет есік ашылып, аяғын мысықша басып Степан кіреді. Ахмет пен Ахико оның қолынан қанжар көреді. Степан қарияға қарай бара жатыр. Ахмет да жоғарыдан түсіп оның артынан жүгіреді. Арпалыс болады. Ақыр аяғында Ахмет сылқ құлап, қозғалмай қалады.
Ахико. Ата, ата!
Бүкіл камера оянады, шам жанады. Олар Степанға тап береді. Атқан дыбыс естіледі. Қария намазын оқуды жалғастыра береді.
ҮШІНШІ ЭПИЗОД
Бірінші көрініс
Қарлаг торының бергі жағы. Тұтқыннан босап, әл-дәрмені біткен адамдар әр жерде шашылып жатыр, біреу отыр, біреу бостандықта екеніне сенер сенбесін білмей меңірейіп тұр. Кенет екі жендет пайда болып оларды ата бастайды. Сосын мәйіттерді сүйреп, алып кетеді.
Ахико. 1954 жылы мен рақымшылыққа ілігіп, лагерь қапасынан босап шықтым. Абыз-қария, Степан өлгеннен кейін ғайып болды. Алашын жырға қосқан ақын Ахмет өлді... Сейфолла аға мен Сәдуақас аға атылды...Қалғандары да солардың жолын құшты...
Қарлагтан шыққанда жасым 25-те, ал салмағым 24 келі болды. Тірімін деп те, өлімін деп те айта алмайтын бір өліара әлемде едім. Арғы дүние мен бергі дүние тұтасып, шекара сызығынан ажырайтын бір күй бар. Қалтамда – «Ахико Тецуро - Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде 58-бап бойынша «халық жауы» деген айыппен 10 жыл отырып шықты» деген қағаз ғана бар. Қай халыққа жау болдым, қалай жау болдым - беймәлім күйінде қалды. Ұсталғанда өзім мойындаған «жапон тыңшысы» деген жала ше? Он жылға созылған қапастың қай тұсында сусып түсіп, қалай «халық жауы» деген мүлде басқа бапқа өзгеріп шықты? Білмеймін. Бұл маңызды да емес. Қарлагтың темір торының бергі жағындағы жайнаған әлемге, көкпеңбек аспан мен мөлдір тұнық ауаға мас болып, бетім ауған жаққа жүре бердім... Қасиетті Сарыарқаның жусаны өн бойымды қуалап, буыныма түсті...
Ахико жерге құлап, сұлап жатыр. Айналасына кенет жапонша киінген әйелдер пайда болады. Оны қоршап, демеу болғылары келгендей жанталасып жүр. Жапонша бесік жыры.
Катя. Апа...Апа! Мұнда келші, тезірек! Мына жігіт тірі секілді...
Ақтамақ. Балам, көзіңді аш, балам, көзіңді аш...
Катя. Апатай, қозғалмайды... Өліп қалған сияқты.
Ақтамақ. Жоқ, дем алатын сияқты. Қане шалап алып бер... Әй, балам, мә, шалаптан ұртта. Ұртта. Қомағайланып ішпе, ішпе деймін, болды.
Ахико. Анашым...анашым... жеттің бе... келдің бе... көмектесші, құтқаршы... (Ахико сандырақтап жапонша сөйлеп жатыр). Окаасан, окаасан... Анашым... Анашым...
Ақтамақ. Ия! Ия!Анаңмын. Анаңмын. Жата ғой...
Ахико. Анашым...
Катя. Апатай, апатайым менің! Есін жинады. Мені де дәл осылай аузыма ақ дәм тамызып, аман сақтап қалып едің ғой, айналайын апатайым!
Ақтамақ. Балам, басыңды көтерші! Көзіңді ашшы!
Катя. Апа, қу сүйегі қалыпты, өліп қалатын сияқты ғой. Қорқам, апа.
Ақтамақ. Неменеге қорқасың. Жаман ырым шақырма! Әзір жаны бар.
Катя. (орнынан көтеріліп, кенет екі жендетті көріп тұрып қалады.) Апа! Бұлар қайдан шықты? Бізге қарай келе жатыр.
Ақтамақ. Қорықпа, қызым!
Екі жендет келеді. Ахиконың алақанындағы қағазды алып оқиды.
1-жендет. Ахико Тецуро - Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде 58-бап бойынша «халық жауы» деген айыппен 10 жыл отырып шықты.
2-жендет. Ммм...Ахико Тецуро! Жапон болды ғой... Тірі ме екен?
Катя. Жаңа ғана, жан тәсілім етті...
2-жендет. Жапон, шпион, халық жауы!
1-жендет. Сонда да «контрольныймен» ата салу керек.
Мылтығын кезеніп, атуға оқталады.
Ақтамақ. Тоқта!!! Мен сені таныдым! Ахметтей азамат ұлымды астыртын ұстап әкеткен – Сенсің! Түн жамылып, жымысқы келіп, киінуге шамасын келтірмедің! Қайда менің, оғланым?
1-жендет. Оғланым дей ме? Кімді іздеп жатыр?
Ақтамақ. Ахмет. Ахмет деген ұлым. Ақын. Қатарының алды еді. Елін сүйген, жерін сүйген азамат еді... Ертең-ақ бұл қылмыстарыңның беті ашылып, халыққа белгілі болады. Сонда жауап бересіңдер!
2-жендет. Қалай белгілі болады?
1-жендет. А, Ахмет пе? Ол түрмеде өлген бағыда. Соны айтып тұр ма?
Ақтамақ теңселіп, орнынан тұрып жүріп кетеді.
Ақтамақ. Өлген, өлген... Қалай өлген. Боздағым-ай........ Өлген екен ғой....
Орнына қайтып келеді.
Ақтамақ. Мен - ақ жаулығы, адалдықтың ақ туындай желбіреген Анамын! Ботасын іздеп, боздаумен ғұмыры өткен Аруанамын. Шалымның жанын алып едіңдер, немене сендерден қорқады деп тұрсыңдар ма? Немене менің жанымды баламның жанынан артық деп тұрсыңдар ма? Жастығымды ала жатамын...
Екі жендет сұрланып кеткен.
Шындықтың бетіне қарауға қорқамасыңдар! Ақиқаттың жанарына тіке қара алмай, жасқанасыңдар, ә? Ия, Шындық – әділетсіздікті қашан да көзге шұқиды. Ақиқат кеш келсе де, алдарың да тұр? Не дейсіңдер?
1-жендет. Кеш келген шындықтан не қайыр? Кешіккен әділдікте, не дәрмен бар?
2-жендет. Адасқан ақиқатта не мән бар!
Ақтамақ. Замандарың туып, қолдарыңа қару ұстадыңдар! Қорғансызға күш көрсеттіңдер! Қара туларың асқақтады. Астыңдар, тастыңдар. Дүние кезек... Бұл заман да өтер. Әлі-ақ туар әділеттің ақ таңы. Болашақ ар соты жандарыңды күйдіріп, келешектің қаһары соғар әлі сендерді...
2-жендет. Тоқтат! Жетер енді.
1-жендет. Қара ту емес, асқақтаған қызыл ту біздікі. Отан үшін от кештік, кең байтақ советтік елімізді ішкі және сыртқы жаулардан қорғадық. Қорғай береміз де! Сен бізге кедергі бола алмайсың!
Ақтамақ. Қуғын-сүргінге ұшырап, «Карлагта» азап шеккен, «Халық жауы» деп жалған жаламен атылып кеткен... Мынау ақиық арыстардың жазығы не? Неге аттыңдар? Ұлтымның алтын діңгектерін, алып бәйтеректерін неге, не үшін құлаттыңдар?
1-жендет. Совет өкіметі тым қайырымды, тым кеңпейіл.
Катя. Қайырымды?... Еділ бойын мекен еткен немістерге жасағандарың қайырымдылық па? Бір түнде жер аудардыңдар. Менің әкем мен анам қайда? Олардың ақ жуып, арулап көмілмеген денелері қай төбеде қалды?
2-жендет. Олар... Олар... Совет өкіметіне өте қауіпті адамдар болды.
1-жендет. Біз Отан алдындағы борышымызды өтеп жүрміз!
Ақтамақ. Ерді елінен, елді ерінен айырған қандай борыш – ол? Менің Ахметім, шалым, мынау жаны шығар-шықпас бала – жау емес. Олар қайдан жау болады? Жаулық жасау – олардың санасына кіріп шықты ма екен? Жай ғана өз өмірлерін сүріп, саналарында елдікті сақтап келе жатқан адамдар еді... Момын ел, тыныш жұрт... Жау мына сендерсіңдер!
2-жендет. Буржуазиялық қоғам құруды көксеп, Жапония сияқты ұлттық мемлекет құрамыз деп, ел ішіне іріткі салғандардың ішінде сенің ұлың мен шалың да болды. Сен сауатсыз кемпірсің, нені білемін, нені түсінемін деп тұрсың? Ұлыңның тергеуде айтқан сөздерін естісең, бетіне өзің-ақ түкірер едің.
1-жендет. Бұнымен несіне сөз таластырып тұрсың? Болды, атайық та, кетейік.
Ақтамақ. Қашанғы осылай салтанат құрамын дейсіңдер... Қашанғы осылай жасаған қиянатың, зымиян тірлігің бойыңа сіңіп, мылтығымды шошаңдатып жүремін дейсің. Келер ұрпақтың алдында есеп берер сәт туар... Адамның қанын судай шашып, болашаққа жол аштым дейсің бе? Құны жұрттың қаны, аналардың көз жасы, мынандай жетімдердің тас-талқан тағдыры болған не әділдік ол сонда?
1-жендет. Мен сені қазір атпаймын. Мына фашист қызыңды да жіберемін.
2-жендет. Бірақ көресің, мен тағы айналып келемін. Мен осында жүремін. Сенің қасыңда, маңыңда. Мен сені көзімнен таса қылмаймын.
1-жендет. Біз тірі жүрмесек те, біздің көлеңкеміз қалады жер бетінде.
Катя. Апатай, апатай! Болды, қойыңызшы. Қойыңызшы, қорқып барамын.
Ақтамақ /Катяны құшақтап, тербетіп/. Бұлар атпайды, бұлар сондай қорқау ғой, балам.
Катя. Еш нәрсе демей-ақ қойыңызшы, детдомға қайтып оралғым келмейді.
Ақтамақ. Оралмайсың, оралмайсың, болды, қойдым, айнам, қойдым. Қойдым.
Екінші көрініс
Ақтамақ пен Катя Ахиконы орнынан тұрғызып, отырғызады..
Ақтамақ. Альберт, Альберт! Бронислав! Қайдасыңдар? Көмектесіңдер.
Екі жігіт жүгіріп шығады. Ахиконы көріп жанталасып, екі жағынан сүйемелдейді.
Ақтамақ. Альбертжан, тура сен жатқан жерде жатыр екен, бұл да түрмеден шығыпты. Өңі қазаққа ұқсайды, бірақ қазақ емес, тілі басқа.
Бронислав. Не дейді? Қытайша сөйлейтін сияқты.
Альберт. Жоқ, жапон.
Катя. Иә, жапон, жапон, жаңағы жендеттер те солай деді ғой. Шалап іш... ұртта!
Бронислав. Жаны шығар-шықпас...
Ақтамақ. Енді бір нәрсе етіп адам қылайық, балалар, өлтіріп алмайық...
Ахико есін жинайды.
Ақтамақ.
Катя. Апа, мынаны қарашы... Бешпентінің ішінен шықты... Қалың дәптер.
Ақтамақ. Мынау менің Ахметімнің жазуы ғой. Мынау менің Ахметімнің аманаты ғой...
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам! Арнап хат жазайын деп, алдым қалам. Сені онда, мені мұнда аман сақтап, Көруге жазғай еді Хақ тағалам! (Ахмет Байтұрсынов «Анама хат» өлеңі)
Катя. Апа, апатай, жыламашы...
Бронислав. Барлығы жақсы болады, апа, уайымдамаңыз, демалыңызшы, өзіміз қараймыз.
Алыстан ағарып Ахметтің елесі көрінгендей болады.
Ахмет. Отырмын абақтының бөлмесінде, Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме. Есіктің құлпы мықты, күзетші кеп, Ажалдан басқа ешкім келмесіне. Қоршаулы айналасы, биік қорған, Берік қып салған темір терезесіне. Қалайша мұны көріп көңіл сенбес Аттанып жау келсе де бермесіне. Каламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба, Жазбапты бұл орынды көрмесіме. Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман, Ылаж жоқ жел айдаса ермесіне. Тайпалған талай жорға, талай тұлпар Тағдырдың кез болып тұр кермесіне. Солардан жаным, тәнім ардақты емес, Орынсыз күйзелейін мен несіне! (Ахмет Байтұрсынов «Анама хат» өлеңі)
Барлығы сүйемелдеп алып кетеді.
Ақтамақ. Адамды заман билейді, боркемік етіп илейді, адам оған күйрейді, басын бірақ имейді...Адамды жеңу қайда... Ұлымның қаһарман өлімін естіртіп, хабарын алып келген Ахиком сол Ахметімнің орнын басты. Ішімнен шыққан ұлымдай... Жанымның түбінде өн бойымды қыздырып тұрған тобықтай ғана ыстық қорғасын сол тәрізді. Әбден бауыр басып алдым. Сондай елгезек, сондай сыпайы. Оның үстіне... Оның үстіне Катя, жаныма жалау болып, қарайып қасыма ерген Катям сол Ахиконы жақсы көретін тәрізді... Екеуінің бір-біріне деген ыстық ықыласын, ілтипатын жүрегіммен сеземін. Үкідей қасиетті іңкәрліктерін үркітіп алмайын, кесірім тиіп кетпесін деп алыстан ғана бақылаймын. Балаларымның бақытын баянды ете гөр деп жалбарынамын... Басқа балам бір төбе, Ахиоком бір төбе... Ойбай, кесірленбейін, асылық айтпайын. Алла тағалам барлығына ғұмыр бер. Кешіре гөр, кешіре гөр, Аллам...
Құдайға жалбарынып, бетін сипап бата жасайды. Ахико мен Катя алып бәйтеректі айналып қол ұстасып келе жатыр.
Катя. Біз бақытты бола аламыз ба?
Ахико. Біз бақытты боламыз... Қарлагтың ар жағында мәңгі қалған тұтқындар үшін; сенің бауырларың үшін, бұл күнге жетпей арманда кеткен ата-анаң үшін... Біздің бойымызда олардың аманаты бар... Сезесің бе?
Катя. Қорқамын...
Ахико. Қорықпа, мен сенімен біргемін.
Катя. Мәңгіге ме?
Ахико. Мәңгіге...
Катя. Өз үйіміз болады...
Ахико. Өз үйіміз болады, балаларымыз болады... Бәрі болады...
Катя. Бейбіт ғұмыр...
Ахико. Иә...Бейбіт ғұмыр...
Пошташы. Ахико!!! Ахико!!!
Ахико. Не болды?
Пошташы. Саған бір одағай хат келді.
Ахико. Одағай деген не?
Пошташы. Конвертінің өзі біртүрлі, қарашы.
Ахико. Мынау жапонша жазу ғой.
Пошташы. Онда сүйіншімді бер.
Ахико. Берем сүйіншіңді.
Пошташы. Онда алдымен биле.
Ахико. Ей, кетші, әкел хатты.
Пошташы. Бермеймін.
Катя. Мынау жынды ғой. Берсеңші.
Пошташы. Алдымен сүйіншімді беріңдер.
Ахико /қалтасынан ақша шығарып/. Мә, мынау жете ме?
Пошташы. Ойбай, тым көп қой.
Ахико. Әй, хатты таста да, жоғалтшы көзіңді. Жапониядан. Жапонша жазуды да көретін күн бар екен ғой. /Иіскейді/. Теңіздің, тұздың, балықтың иісі шығады. Кім, не жазды? Мені іздеп жатыр ма сонда! /хатты ашады/. Әкем... әкемнің жазуы...
Қадірлі ұлым, Ахико. Сонау алмағайып кезеңде өзіңнен көз жазып қалған едік. Анаң не өлі деген, не тірі деген хабарыңды білмей, құсадан өлді. Сені іздемеген жеріміз жоқ. Жуырда Қарлагта, Қазақстан жерінде өзіңмен бір камерада отырған жерлесіміз келіп, дерегіңді айтты. Басыңа қанша қиыншылық түссе де, өміріңді сақтап қалғаныңа ризамын, құлыным. Енді сені Жапонияда күтемін. Бауырларың да, кәрі әкең мен де өзіңді дегіберсіздене күтіп отырмыз.
Ахико. Анам, анашым... Жатқан жерің жарық болсын... Әке, әкетайым, тірі екенсің ғой, бар екенсің ғой...елге оралу...елге оралу...
Катя. Ахико, бұл қалай болғаны? Мен ше? Жаңа ғана айттың ғой...
Ахико аңырып тұрып қалады.
Катя. Апам ше? Ақтамақ артымда ұл бар, шаңырағымды ұстап қалатын атқа мінерім бар деп алаңсыз жүр емес пе? Оны қайтесің?
Катя жүгіріп кетіп қалады.
Ахико. Мен, әрине, Жапонияға жолға шықтым. Әкемді, бауырларымды көргім келді. Бүкіл жапон елі аяқтарынан тік тұрып қарсы алды. Әуежайда гүл шоқтарын ұстаған, «Туған жеріңе хош келдің, Ахико» деген жазулары бар плакат ұстаған жұрт. Барлығы шаттанып жатыр. Жат жерде лагерьде қалған соңғы жапон елге оралды деп ұлан-асар той жасады елім. Өзімді қаһарман сезіндім. Керемет болды... Көзім көріп тұрса да, көңілім сенбеді. Еңіреп жыладым. Мауқымды басу қиын болды. Лагерьде көрген тауқыметім, содан кейінгі қиындықтар – барлығын осы бір сәт басып кетті. Елге дәл осылай оралу үшін барлығынан қайта өтуге бар едім. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын... Әкем балаша қуанды. Бауырларымның да көздерінде жас... Бірақ мен әке дедім... Әке... Өзіңнің самурайыңды қасымда қал деп қыстама, отанына опасыздық жасатқызба. Қазір менің отаным – Қазақстан. Онда кәрі шешем қалды... Катя қалды. Олар мені күтіп отыр. Батаңды беріп, еркіме жібер... Тағдырдың шешімімен сол бір елге байландым. Он бес жасымда Жапониясыз қалып жүрегім күл-парша болып еді, енді екінші мәрте сол кепті кешкізе көрме маған, әке дедім... Әкем күйресе де, іштей бордай тозса да, босатты...
Үшінші көрініс
Ахико үйге кіріп келеді.
Ахико. Апа! Апатай!
Ақтамақ. Ахико ма? Ахиконың дауысы ғой!
Катя. Ахико! Ахико!
Олар көріседі.
Ақтамақ. Сайыпқыраным-ай, оралдың ба?
Ахико. Оралдым, оралдым! Сіздерді сағындым... Апа, батаңызды беріңізші! Катя екеумізге бата беріңізші.
Ақтамақ. «Өшкенім – жанды, өлгенім тірілді». Міне. Біздің шаңыраққа да келін түседі, той болады. Міне. Айна-ла-йын.
Ақтамақ бата береді:
Бақытты бол, бағың ашылсын, Босағаңа жамандық жетпесін Төріңнен жақсылық кетпесін. Ұлың он шақты болсын, Қызың моншақты болсын. Бастарыңа бақ қонсын Жаратқан ием жақ болсын.
Халқың болсын тiрегiң,
Берiк болсын бiлегiң,
Қабыл болсын тiлегiң,
Жүз жыл соқсын жүрегiң.
Аумин!
Ауыл адамдары шығады, шаттық, тойға дайындық.
Ахико. Апатайым, Катя! Біз бақытты жандармыз! Себебі пейілі кең, құшағы ыстық Қазақстандай еліміз бар. Ол бізді кеудесіне жатсынбай басты. Тіршілігіміздің әлсіз шырағы сөнер шақта, пана болды. Сан мыңдаған рухты аманат етіп қабылдап, көбесін бұзбай, қатарын сиретпей отан аналарына қайтарды. Мен болсам, өзіңе қайтып оралдым, Қазақстаным. Өз отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан. Төсі - шалқақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат қазақ елі – енді менің елім; ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен - Қазақстан - енді менің отаным. Еркіндік нышаны боз жусанның жұпарымен осылайша қайтадан, бұл жолы біржолата қауыштым.
Той сахнасы, «Туған елім» әні айтылады.
Соңы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі