Жазушы Мұхтар Мағауинның «Шахан шері» романының желісі бойынша сахнаға бейімделген
Қатысушылар:
Шақан
Шақан-Нәпсі
Шақан-Рух
Жантай
Шақанның әйелі
Шақанның баласы
Құба мерген
Қара батыр
Атабек шал
Меңсұлу
1-жігіт
2-жігіт
3-жігіт
Бірінші көрініс
Үлкен бөлме, ортада емен үстел, орысша-қазақша аралас жарақталған. Жантай торға түскен жолбарысша әрі-бері жүр, 3-ші жігіт кіреді, оның артынан есік алдында мылтық ұстап тұрған күзетші қоса кіреді.
Күзетші. Рұқсат па?
Жантай. Иә, бара бер /дегіберсіздене қол сілтейді/. Не, не жаңалық? Не істеп жатыр анау қаныпезер, жаналғыш?
3-жігіт. Білдім, білдім, мырзам. Бүгін таң қылаң бере қатын-баласын, азын-аулақ дүниесін жалғыз түйесіне артып, атына мініп, Іле жағалап көшіп кетіпті. «Тоқта, қызбалық қылма, битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» деп, тоқтатқан жұртты тыңдамапты.
Жантай. Қорлықты осындай ит қырсықтардан көріп біттік. «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояпты» деп, батырдың ұлы, асылдан қалған тұяқ деп әбден басымызға шығарып алдық. Сөзге көнбейді, бұйрықты тыңдамайды. Көзін біржолата құртқызамын. Кенесарыға қосылған! Садыққа жансыз болған дегізем! Атқызамын, жоқ алдымен қаматамын, содан соң атқызамын. Ит! Ит!
Әрі-бері қайта аласұрып жүре бастайды.
Жантай. Бұл не қорлық, бұл деген сүйекке түскен таңба. «Әй, айдағаның бес ешкі соларға ие бола алмадың ба? Бүйтіп Верный сын отечества болмай қал, бордай тоз» дейді ғой ертең мына орыстар? Жалған намыстары оянып, Шақанның артынан басқа жұрт үдіре көшсе ше ертең? Қайсысын қуып, қайсысысының атының сауырына жабысып жүреміз? Қас масқара болды деген осы. Әй, ит, ит, Шақан! Қырсық!
3-жігіт. Мырзам, мырзам, сәл дамылдаңызшы. Маған бір ой келіп тұр. Шақан осылай Іле жағалап, қамыс пен сексеуілі, суы мен нуы бар, аң-құсы мол жерді таңдап, қонады. Маған бір ой келді, мырзам.
Айтасм ба, айтпасам ба деп тосылып, Жантайға сынай қарайды.
Жантай. Айтсаңшы енді бастаған екенсің.
3-жігіт. Бізде әлгі Сырда ұсталған жолбарыс бар ғой. Соны Шақан қонған жерге апарып тастайық, торын жазып, сол маңға жіберейік...
Жантай. Ой, қаныпезер, ой, ақылдым.... Адам жейтін жолбарысты....
3-жігіт. Дәл соның өзін, мырзам. Қамауда ит-құспен қоректеніп сарылып отырған адам етіне жерік жалмауыз, жалғыз үй Шақанның тәбет шақырар, танау қытықтайтын дәмді иісіне басы айналып, түте-түтесін шығарар... Содан кейін ел ішін үрей билейді... Содан соң бір адам соңынан ерер ме екен, ел шетін сөгіп кетер ме екен жолбасшысы жолбарысқа жем болып жатқанда...
Жантай. Дұрыс-дұрыс, айтасың... Бірақ әрең қолға түсіріп еді, сонау Петербордан ғалым алдырып әрең тірідей қолға түсіріп еді... Бұл сайтан еркіндікте дария бойын кезіп жүргенде мал – бағусыз, от – жағусыз қалып еді. Жалмауыз ғана емес, зымиян да еді. Көзге көрінбейді, қолға түспейді... Сыр жағасына аңыз болған залым. Өзімізге, ағайын-бауырға обал болмай ма?
3-жігіт. Енді оны өзіңіз шешерсіз, мырзам, бірақ басқа шара жоқ. Жалғыз үй Шақанды бауыздап тастауға отряд жібермесеңіз, оның өзінде кісі қолынан қаза тапқанын ел естімей жатпайды, наразылық өршіп кетеді. Ие бола алмай қаласыз. Ал мында табиғат, жолбарыс, қандай шара бар? Сіздің мұртыңызды балта шаппайды... Шаруа біткеннен кейін атып аламыз өзіміз.
Жантай. Атып алғанда... ол жалмауызды орыстар зерттейміз деп жүр ме еді. Тағы қаһарына ілігіп қалмаймыз ба? Қалай болар екен?
3-жігіт. Қашып кетті дейсіз де. Тілсіз мақұлыққа сот бар ма?
Жантай. Дұрыс айтасың, олай болса, аруақ! Бұл істі өзіңе тапсырдым, қажетінше жігіт ал, сенімділерін іріктеп ал. Жалмауыз жолбарысты жіберіңдер Іле сағасына. Іске сәт!!!
Екінші көрініс
Қос жармалы сары есік шотқа шалынып, тоқпаққа түскендей мылжа-мылжа: бетін зерлеген оюлы сүйектері пышырай сынған, ағаш жақтаулар жаңқалана уатылған, топса үзіліп, ілгектері опырылған. Үй-іші астаң-кестең: ошақ аударылып, қазан төңкерілген, киім, төсек шашылып, текемет, кілемдер ұйпалана жапырылған. Адам мен ажал бетпе-бет келген, арпалыса айқасқан ғаламат күрес ізі айқын танылады.
Құба мерген. Сорлы бала қайтпай қаржысқан екен.
Қара батыр. Атадан асып туған ер еді, қадірін білмедік.
Екеуі құбылаға бет қойып тізерлей отырды да, дұға қайырды. Бар мақамын келтіріп құран оқыған – Қара батыр еді, еңсегей бойлы, арық Құба мерген ұзын сүре аяқталғанша неше бүктеліп, қозғалақтап, үңірейе ызғар төккен есікке қарағыштап, әбден берекесі қашқан. Бет сипалар-сипаланбастан атып тұрды да, еңкеңдеп төрге жүгірді. Абалақтап әлдене іздеді.
Құба мерген. Мылтық қайда? Найза мен кісе қайда? Жолбарыс кісі жейді, ағаш пен темірді жемейтін еді ғой... Шақанның өзінің сырт киімдері де көрінбейді.
Қара батыр. Апыр-ай, адамда иман қалмады. Ойран болып жатқан үйді тонаған қандай бейбақ.
Құба мерген. Батыр-еке, біз тірі адамға жаназа оқыдық білем... Әлдебір сұғанақ келсе өзге дүниеге тиіспей ме? Мұнда басқа гәп бар. Меніңше, жиеніңіз жолбарыспен алысқан. Алып жыққан. Содан соң... әлде ауыр әлде жеңіл жаралы, әйтпесе он екі мүшесі бүтін, киімін киіп, жарағын асынған, атқа мінген де елге тартқан. Қалың қар жауып, бар ізді жасырыпты. Әйтпесе сайрап жатар еді.
Қара батыр. Аузыңа май. Тек... кешелі, бүгін өткен іс емес, бір хабары естілсе керек-ті. Әйткенмен сөзің қисынды. Бірақ жолбарысымыз қайда? Шелектеп төгілген қан, ойранды топырға қарағанда, өлімсіз тынған кеп емес.
Құба мерген. Терісі сыпырылған жолбарыстың сүйегі, тым құрыса, сүйектен қалған қаңқасы таяу жерде жатуға тиіс.
Қара батыр. Жату керек, бірақ жоқ. Бұл не қылған іс сонда?
Сырттан үш аңшы жігіт келіп кіреді. Олар жан-жағына аңтарыла қарайды. Жолбарысты қарап келеді. Сахнада Қара батыр қалады.
1-жігіт. Ел ауызында жүрген қауесет сөз рас болып шықпасын. Шақан жалғыз өзі жеті жолбарыспен айқасты деп еді түнеугүні қатыным. Бірақ өзінен әйелі ер шығыпты деген. Үйді торыған үйірлі жолбарыстың құрсауы тарылған кезде арлан шеріге жалаң қылышпен ұмтылыпты дейді. Шақанның кішкентай баласына дейін садақ тартып, қайрат қылыпты. Ақыры, тілсіз жау қоя ма, тәуліктен астам айқастан соң дүлей жыртқыш бір үйлі жанды тегіс алып жепті.
Қайғы Қара батырға көбірек түседі. Ол – Шақанның нағашысы.
2-жігіт. О сұм заман! Жолбарыстың жалғыз-жарым малға шапқанын естуші едік, адам аулағанын кім көрген!
3-жігіт. Жоқ, түгел қырылмаған, әйел ғана қазаға ұшыраған. Жолбарыс құндақтағы сәбиді ала жөнелгенде атқа міне сала артынан қуады ғой. Өзі өліп баланы арашалап қалады. Шақан бас сауғалап қатын-баласын тастап қашыпты ғой сабазың.
Қара батыр. Тәйт! Шақанның ұлы бес жаста. Бесікте баласы жоқ. Дәтің барып атадан ер туған азаматты қашты деуге құдайдан қорықпайсың ба? Қатыннан естіген жел сөзді мына қаралы шаңырақта қалай айтып отырсың?
3-жігіт. Апамнан естігем негізі...
2-жігіт. Шапқан үйірлі емес, жалғыз жолбарыс. Әйел де, бала да аман. Өлген – Шақанның өзі. /3-ші жігітке бағыттап айтады/ Азанда, жаңа ғана түтін тұтатып жатқанда үйге жолбарыс кіріп келеді. Есіктен кіреді де, от басында жылынып отырған баланы тышқан ілген мысықша бас салады. Тіс батырмай, домалатып ойнай бастайды. Шақан қанжарын қайрап отыр екен дейді. Арыстанша атылады. Арсыл-гүрсіл айқас басталады да кетеді. Ақыры қайраты асып, жолбарысты өлтіреді, қансырап өзі де өледі...
3-жігіт. Шақанның оңайшылықпен өле қалғанына сенбей отырмын. Пәтшағар, тірі тәрізді.
1-жігіт. Үніңде өкініш бар ғой?
3-жігіт. Жоқ, батыр, ер дегенім ғой...
Қара батыр. Жігіттер, бұның барлығы дұрыс қой. Бірақ көзіміз көріп тұр, бір үйлі жан жоқ. Жолбарыс салған ойран, қанға бөккен отау ғана тұр қалқайып.
Құба мерген. Әйтеуір бір сұмдықтың болғаны анық.
1-жігіт. Ербиіп атқа мінбеген Жалтақ Жантай, ақ патшаның сенімді нөкері жандайшап қу Жантай салған лаң ғой. Сол антұрған Шақанның қыстауына қала түсірмесе, жерін тартып, малын талауға салмаса, бұл үдіре көшер ме еді.
2-жігіт. Ана Жалтақ Жантайдың кісі етін жеген жыртқыштан айырмасы қанша.
3-жігіт. Жантайдың қазір үстінен құс ұшырмайтыны, рас. Ішің күйсе тұз жала.
2-жігіт. Мылтықпен дүңк еткізіп жайратып салайын ба осы тұрған жеріңде? Жағымпаз сорлы.
1-жігіт. Қайран ер, үйірлі жолбарыстың жатағының маңына үй тіккен болып тұр ғой.
Құба мерген. Айтсаң – арман, бүксең – құса. Түптеп келгенде бәрін ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші емес, топтың дүмпуі, мылтықтың түтіні шешеді екен. Елдің тұғыры ер деуші ек. Онымыз бекер болды. Ез екен. Ту ұстап тұлпар мінген Саурық қайда? Батыр Саурықтың сүйегіне мүк шықты. Жалтақ Жантайдың арқасына жал бітті. Кеше келелі кеңес, ордалы отырыс күні заман бұлай шырқ айналар деп кім ойлаған. Ойлаған. Білген. Білгендіктен басын қатерге тіккен. Ақыры қан жұтып қазаға ұшыраған. Енді міне... Ұлығың – майыр, ұлың – жандайшап.
Қара батыр. Жә! Қазіргі жағдайда әйел - шейіт, бала – құрбан, қалған жұрттың амандығы олжа болар еді. Намыс қиын. Жігіттің намысы ғана емес, рулы елдің намысы. Шатақ шығарған, ағайынға өкпелеп ауа қашқан Шақанның өзі. Оны түре қуған ешкім жоқ. Бірақ ертең ел «Бәрі жабылып бір тарғыл мысыққа шамасы келмепті» дейді. Бұл – жан төзбес қорлық. Сүйекпен кетер сөз. Рас, әзір ешкім айтқан жоқ, бірақ айтады. Кешегі кісімізді жеген жолбарысты тірі жібере алмаймыз. Тым құрыса, қорқытып, үркітіп осы өңірден аластату керек.
Жігіттер «иә-иә» десіп қолдайды.
3-жігіт. Арқаның құба жонында, Арыстан ойнар шарқ ұрып, Атайы ердің тұсында, Тұлпары тұрар тарп ұрып, Бір жаманға сөз айтсаң, Есікті кетер сарт ұрып, Сол жаман елден кетер деп, Артынан жақсылар қалар шақырып.
Қара батыр. Не оттап тұрсың?
3-жігіт. Шалкиіз жырау айтыпты деген сөз ғой.
Қара батыр. Оның ісіне сен төреші бола алмайсың.
Құба мерген. Жолбарыс! Тыныш, қозғалмаңдар, дыбыс шығармаңдар.
Қара батыр. Т-с... Жоқ, кетті, бірақ ұзаған жоқ. Торауылдап жүр. Міне, міне, ну жаққа шықты. Абай болыңдар. Садақтарыңды сайлаңдар. Маған емес, аттарға қараңдар. Ә, пері...
Кенет шәу етіп ит үреді, «кет!» деп әлдекімнің теуіп жібергені, бұралқы төбеттің қаңқ етіп, қараңғы қамысты бетке алып сабалақтай жүгіргені естіледі.
Құба мерген. Қайт! Қап, мына сорлыны-ай, кә, кә.
Бұралқы төбет сарабдал қамысқа жете бере қаңқ етіп жалт бұрылды. Сол сәтте қалың қау қақ жарылғн да, бір шоқ сары ала қамыс жел қуған жалындай лап ұшып, бейшара төбетті ұмар-жұмар көмген. Сары ала құйын түн түнегін көктей тескен найзағайдай жарқ еткізіп, қос жасыл от шашты да, әп-сәтте қалыңға кіріп жоқ болды.
1-жігіт. Алла! Жын ба, пері ме?
Құба мерген. Өзі. Ойпыр-ай, жолбарыстың ит етіне жерік келетінін білуші ем, бірақ мынау нағыз сойқан екен, ә. Қатарынан тізе қосып, қырық кісі отырған жерден ойып олжа әкетті.
2-жігіт. Апыр-ай, садақ тартып үлгермедік қой.
1-жігіт. Садақ тартқанды айтасың, түстеп тани алдың ба?
3-жігіт. Жын ба, құйын ба?
Қара батыр. Кінә менен, қарбаласта білтені уқаламаппын. Күйік басып, мылтық от алмады.
1-жігіт. Обал-ай, ит те болса, несібе іздеп соңымыздан еріп еді.
2-жігіт. Итті әкетпесе атыңа шабатын еді, не өзіңді алатын еді.
Құба мерген. Иттің жаманының өзі адамға ырыс әкелмек. Шерінің қанды басы бері бұрылды білем. Құдай қаласа...
Қара батыр. Келе жатыр! Сайланыңдар! Саспаңдар... Араға түскенше. Әне!
Жігіттер. Қайда? Қайда? Кәне?
Құба мерген. Ал, жігіттер. Бауырларыңды жеген жалмауыздың тарғыл мойны тұзаққа ілінді. Ол – аң, сен – адамсың. Ақылың артық, айлаң артық, қайратың басым, қарымың ұзын. Қазір сойқанды пері ана саржағал қамыстың бір жерінде, сені көріп, жүрегі тітіреп, жанынан түңіліп жатыр. Ал енді Жолбарыстардың пірі қызылшұбар Жолбарыс, өзің қолда, мына қанды сапарымызды кеш!
Қара батыр. Иә, Құдай сәтін салса, сүт пісірім уақыт өтпей-ақ шұбар тонын сыпырып, Шақанның төріне төсейміз. Арам етін қарға, құзғынға тастаймыз. Ырысымызды лайлап, тынышымызды бұзған, ананың желкесін қиып, баланың жұлынын үзген жеміт хайуанға не қылсаң да рауа. Іске сәт!
1-жігіт. Аралыққа түскенше атпаңдар.
2-жігіт. Қазір шығады. Асықпаңдар...
Құба мерген. Қазір толайымен шығады. Алдын барлап тұр. Қазір... Иә, Алаш!
Жолбарысты аулау процесі.
1-жігіт. Неткен ерлік. Апыр-ай бір қайтпады-ау!
2-жігіт. Әуелгі жебе құйымшақ түбінде қадалды. Тіпті жеңіл жара. Бас сауғалауы оп-оңай еді.
3-жігіт. Кекшіл екен...
1-жігіт. Мәрт десеңші.
Құба мерген. Иә... Ер. Мәрт. Бірақ ерлік – еңсе жаздырып, мәрттік мұратқа жеткізер заман өтіп кеткен, Қас батыр қазаға ұшырамақ. Қас жаман жан сауғаламақ. Өлі арыстаннан – тірі тышқан. Жүрмес пе еді мына шері де өзінің қалың қамысы арасында. Қорлыққа көнбеді, басынғанға шыдамады – қарсы шапты, қазаға ұшырады. Жасанған жауға, жаңбырдай оққа қарсы ұмтыл – сен де жалпаңнан түсесің.
3-жігіт. Сонда... қалай?
Құба мерген. Осылай. Қорғалап күн кешкен қорқаудан жасанған жауға қарсы шауып қаза тапқан жолбарыс артық. Қанша қоян алдың, қайсысы есіңде. Ал мына жанкешті шеріні ұмытып көрші. Балаңның баласына айтып кетесің.... Жүрек пен жасыннан жаралған жолбарыстың тұқымы құрыр күн де алыс емес... /кенет кідіріп жалма-жан/. Әй, сен жараланып қалғанбысың?
3-жігіт. /әрең сөйлейді/ Иә, жамбасымды қарпып өтті.
1-жігіт. Ойбай, мында жаралы бар, бері келіңдер.
3-жігіт. Екпіні сондай қатты екен. Найза кезеп үлгермедім...
Құба мерген. Әй, бала сөйлеме, қуатың сарқылады. Жат, былай жатқыз.
2-жігіт. Ойбай, сан етін оңдырмай қарпып кетіпті.
Қара батыр. Тез от жақ! Қайсысыңның тоқымың ескі, құрымынан кесіп әкел.
Үшінші көрініс
Сахна төрінде от жанып тұр, оны айнала отырған сол аңшылар, Құба мерген, Қара батыр бар арасында. Кенет сырттан жолбарыстың ақырғаны, содан соң керегені қозғап сүйкенгені естіледі. Бұлар тым-тырыс тына қалады. Тыныштық. Кенет есіктен ақырып жолбарыс терісін жамылған жас жігіт төрт тағандап кіріп келеді. Бұлар шошынып өре түрегеледі. Ол жерде домалап күліп жатыр.
3-жігіт. Түу, зәрем ұшты ғой.
2-жігіт. Бұтыңа жіберіп қойған жоқсың ба әйтеуір.
3-жігіт. Менде нең бар өзіңе қара, аппақ қудай боп дір-дір етесің. Жас қыз сияқты.
2-жігіт. Қызың не? Есің дұрыс па?
Құба мерген. Әй, ақымақ, егер біреу-міреу шыдамай атып салса қайтесің? Ойының осылғыр. Мынандай қаралы сәтте не сайтан сені түртіп тұрған.
Қамшысын сілтеп салып қалады. Жігіт ұялып, шетке ығыса береді.
Құба мерген. Жолбарыстың ізін көріп тітіркенбеген, үнін естіп үрей бумаған, жүзін көріп жүрегі шайлықпаған – жан иесі емес, жын-шайтанмен шатысты дүлей бірдеме болғаны. Көрген соң, білген соң, бастан кешкен соң айтамын.
1-жігіт. Бұл сойқанда шерінің мысы бар. Алғаш көрген адам есінен танып құлап қалса ғажап емес. Табаны жерге тимей тұра қашуға шамасы келсе, жүйкесі берік болғаны. Тарғыл перінің өзін айтасың, ізін көргенде төбе құйқасы шымырлайды-ау адамның Ал ақырған үні...неше қыр астынан естілсе де үрей туғызарлық...
Жолбарыстың үні естіледі, барлығы тына қалады.
3-жігіт. Жолбарыста диюдың күші, жынның жылдамдығы бар. Ерлігі мен мәрттігі адамда жоқ. Бірақ өз бетімен тимейді ғой ешкімге.
2-жігіт. Тимегені қалай, Шақанның шаңырағындағы ойранды қай сапқа сыйдырамыз онда?
3-жігіт. Енді кім біледі. Алланың жіберген зұлматы ма? Ақ патшаға қарсы шықты, патша да қарабайыр қара емес, аруақты әулет, киесі ұрды ма кім біледі.
Ол қызуы көтеріліп, сандырақтап жатыр. Елдің барлығы оған жақтырмай қарайды.
Құба мерген. Жолбарыс адам жейді. Егер шерінің көңілінде адам баласына деген өшпес кек болатын болса. Адам салған жара өлесі болмағанмен, ауыр болса, айталық, темір масақ, иә қорғасын оқ қара етте қалса, өшпенділік тіпті қауіпті. Міне, кісі жеу осыдан шығады. Немесе жолбарыс азу тісі түсіп, әбден қартаяды. Аң аулауға қауқары жетпейді. Сонда адамға шабады.
2-жігіт. /3-ші жігітке бағыштап/ Шынында, адамнан әлсіз, адамнан қорғансыз жәндік бар ма...
Қара батыр. Құдайым адамға өзгеше жаратылыс берген. Қайраты кем болар, қажыры артық. Айласы кем болар, ақылы артық. Аңның тісі мен тырнағы ғана бар. Сенің бойыңда бес қару. Алыстан атасың, жақыннан шабасың.
Құба мерген. Ол рас. Күш пен құрал, парасат пен амал өз алдына, адаммен айбар таластырар мақұлық жоқ. Мен отыз жыл жолбарыс ауладым. Кісінің қаһарынан ықпайтын жыртқыш көрмедім. Адамның аруағы асқар таудан да биік. Ойлап тұрсаң, хайуанат атаулы жан үшін, тамақ үшін алысады, ал кісі ұлының керегі басқа. Пенденің қасиеті де, қасіреті де осында....
3-жігіт. Жолбарыс аулау – қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері. Төрінде тарғыл жолбарыс ілінбеген үйде найза ұстар ұл тумайды.
Құба мерген. Е-е, ол да бір дәурен екен. Ол заманда, біз білген заманнан арғы заманда ұл табар әйел жолбарыстың жүрегіне жерік болады екен. Жолбарыстың жүрегін жеп, талғағы тарқаған әйел мың сан жаудан қайтпайтын қара болат батыр туады екен. Қазіргі қатын немене... тұз құрт, ашыған көже.. Соны көре тұра кейінгі балаға жасықсың, жамансың деп кінә қоямыз... Өтіп кеткен соң бәрі ертегі...
Қара батыр. Жолбарыс - орманның иесі, қамыстың қожасы. Арғы заманда бұл өңірде арыстан да мол болған екен. Аң патшасы деп аңыз қыламыз ғой. Сол айбынды арыстанды қазақ жерінен айдап тастаған – осы жолбарыс екен. Ханның қаһарынан батырдың қайраты басым түскен тәрізді. Енді міне... Батыр барымташыға айналды. Адам азғанда аң қайтпек.
Төртінші көрініс
Жаңағы үй, сол кереге, сол жиһаз, бірақ барлығы, тап-таза, жинақы, қанды оқиғаға дейінгі жағдай. Шақанның отбасы. Киіз есікті серпе ашып, сырттан құшағын толтыра қамыс сүйрей Ажар кіреді.
Ажар. Шашадан қар жауыпты. Жер-дүние аппақ.
Сәмен. Алақай! Сонар! Қансонар! Ауға шығамыз! Уххх, суық.
Ажар. Қазір от жағамыз, құлыншақ. Көкесі, сен тұра ғой енді.
Шақан. Қандай жақсы. Қоқаңдаған, дікеңдеген ешкім жоқ. Тып-тыныш. Дұрыс болды. Өңшең шуылдақтан бөліне көшкенім. Рахат. Иен қамыс, кең дала. А, бәйбіше, ат қайда, түйе қайда?
Ажар. Құдай кедейлікті маңдайыңа жазған. Аңшы атамның екі үйір жылқы, бір келе түйесінен қалғаны – қара бура мен кер жорға ат еді, оның өзін сәскеде сұрадың...
Шақан. Ештеңе етпес, менің малым – құмда өрген киік. Қырда жортқан – құлан.
Ажар. Ой, Алла-ай, жаңа жұртқа қонғанда тым құрыса алыстан ұлыған бөрі үні естілуші еді. Тып-тыныш. Сауысқанның сарқылының өзі құлақ жарады. Біртүрлі елегізіп, ұйықтай алмадым. Жалғыздыққа мал екеш мал да тосырқайды екен, мен үйден шыққанда қу жорға даладан оқырынып, қара бура мойнын созып шыр айналды...
Шақан. Қайырылмай тартып кеткенім өте дұрыс болды. Өзім би, өзім қожа. Атам көнбеген қорлыққа мен неге көнем? Атам кимеген ноқтаға неге мен бас сұғам? Дұрыс. Бәрі дұрыс.
Ажар. Қайдам. Төңірек түгел қамыс... Тоғайдан қалың...
Шақан. Жалғыздық қиын саған. Биылғы қысты өткерейік. Жаз шыға... Жаз шыға Жалайырға – нағашыларыма барам. Қырық серкешімді аламын. Содан соң, саған серік болатын «оймақ ауыз, қиғаш қас»... қалай еді...
Осылай деген ол тамаша бір әнді шырқайды. Қыз сымбатына қатысты, махаббат әні болуға тиіс. Әрі қарай «Шақанның әні» деп аталады тексте.
Ажар. /сыңғырлай күліп/. Жезтырнақ сұлу. Алыстан іздеп қайтесің, төрем, осы меңіреу ішінен қалың бермей-ақ табамыз. Қорқам... Осы үйді бір құбыжық торауылдап жүрген сияқты болады да тұрады.
Шақан. Жезтырнақ құрығалы қашан бұл өңірден. Бірден бас салмайды, әуелі бейбіт келіп, от басын барлап, бақылап кетеді екен. Содан соң ғана бұқпалап қайта оралады. Баяғыда Өтеген батыр өлтіріпті дейді ғой сондай жезтырнақты. Елге жайлы қоныс қарап, Жиделі Байсынды іздеп шыққан сапарында. Кешегі Ағыбай батыр да кездесіпті. Бірақ оныкі басқаша. Көзге түрткісіз қараңғы түнде сабалақ жауын астында, қалың орман ішінде жалғызаяқ жолмен келе жатса, астындағы Ақ-Ылақ ат пысқырып, тұра қалады...
Ажар. Ищаһ! Баланы қорқытасың.
Шақан. Шын қорықсаң, түнде мені неге оятып алмадың? Екеуміз де таң атқанша ұйықтамай шығатын едік...
Ажар. Қойсай. Балаңнан да ұялмайсың.
Шақан. Құлыншақ, сен де тұр. Жылы қыстау жоқ, үйрену керек. Міне, азамат! Қазір қырғауылға шығамыз.
Ажар. Өлә, отым сөніп қалыпты... Қайран Талғардың тезегі...
Шақан кенеттен көтеріліп кетті.
Шақан. Тезектен басқа нең қалды онда! Ол да жаудың малынікі. Қайта-қайта мыжып бір нәрсені айта бергеннен не шығады. Қай жетіскенімнен отырмын мұнда. Қайсыбір жетіскенімнен қаштым ел арасынан!!! Аузы ашық жараны қаузап, ши жүгірте бергеннен не табасың осы сен!!!
Ажар мен Сәмен шошып кетеді. Шақан-Нәпсіні әлдебір есер ашу билеген. Оны өзі де сезіп, сабасына түседі.
Шақан /жұмсарып, кешірім сұрағандай дауыспен/. Қазір қырғауылға шығамыз, балам.
Сәмен /дауысы дірілдей, әке ашуы алдындағы үрейін басқысы келгендей/. Қырғауылды қалай аламыз?
Шақан-Нәпсі. Былай аламыз.
Ол ошақ басында бір тізесін бүгіп, жүрелей отырған Ажарды белінен құшақтады. Ол сұлық отыр.
Шақан-Нәпсі. Атқа мінеміз... /әйеліне қаратып/ Қалай екенін білесің. Міне, былай тізгіннен ұстаймыз.
Ол Ажардың мұқият өрілген, жуан қос бұрымын ұстады.
Ажар /күліп/. Саған дауа жоқ. Ойынға тоймайды екенсің. Күн құрғатпай...
Шақан. Содан соң ғой, жезтырнақтың қызын кішілікке түсіргелі жүргенім... Қолыма қос айыр дырау қамшы алам. Сен де аласың қамшыны. Өзеннен алысырақ, қамыстан, тоғайдан аулағырақ жерге барамыз. Семіздіктен шайлап жатқан, жыпырлаған қырғауыл. Өзі қызыл, құйрығы ұзын, дуадақтай ірі. Дыр етіп ұшады. Мен соңынан тұра шабам. Қырғауыл тас лақтырым жерге барып, жалп етіп қонады. Қашайын десе, қарға малтығып, жүгіре алмайды. Қамшымен бір-ақ тартам. Алда-жалда қайтара ұшып үлгерсе, әуелгіден де жақын түседі. Онда тіпті оңай.
Сәмен. Егер жыңғылдың ортасына қонса ше?
Шақан. Онда басқа бір қырғауылды көтереміз. Құс көп. Іленің екі өңірі толған құс.
Ажар. От тұтатып бер. Бала тоңып қалды.
Сәмен. Мен тоңғам жоқ. Үй жылы.
Шақан. Іштен қос қабаттап киіз тұтылған, көрдің ғой кеше іргені көміп, сырттан неше қабат қамыс тартып тастағанымды. Тамнан жылы бұл киіз үй деген. Бірақ қырғауылға шығар алдында от жағып, жылыну керек, қонақ көже ішіп, тойып алу керек... Солай, балақан. Бәйбіше шақпақ қайда?
Ажар. Шақпақ кіседе тұрған да. Төрде, киіз сыртында ілулі тұр.
Шақан. Құлыншақ, сырттан қамыстың үлпек қуын сындырып әкелші.
Жалт бұрылған Шақанды қақ маңдайдан жасын ұрған. Есіктен тайдай сары тарғыл мысық сұғынып тұр екен. «Жолбарыс!». Төрде, түскиізге арқасы жабысып, үнсіз, тілсіз қатып қалған Шақанға от шаша қарап, атылуға ыңғайланғандай, жер бауырлап шөге бере кенет лып көтерілді де кішкентай саусақтары тарбия, екі қолымен бетін көлегейлей кейін шегінген Сәменді тышқан ұстаған мысықтай іле тартып, етпетінен түсірді. Дір қаққан дәрменсіз баланы бел ортадан қаржи тістеген, басын кегжитіп, езуінен айбат шаша сыртқа бір-ақ қарғыған.
Ажар. Ойбай, Шақан! Құрыдық! Құрыдық! Жолбарыс! Сәмен! Сәмен!
Көсеуді ала салып жолбарыстың соңынан кетеді.
Шақан. Сәмен! Құлыншақ! Ажар! Ажар! Тоқта!
Ажар жолбарысқа жақындап қалған. Көсеуін көтере қоқақтап, ышқына бақырады.
Ажар. Кет! Кет пәлекет! Кет! Таста! Таста!
Қапелімде жаны ышқынған Шақан – Шақан, Шақан-Нәпсі, Шақан- Рух болып ыдырайды.
Шақан. Ажар тоқтамады. Жолбарысқа жақындап қалған. Көсеуін көтере қоқақтап, ышқына бақырды...
Шақан-Нәпсі. Тарғыл шері адамның айбарынан ыққандай бұға бере шегіншектеді де, бөксесімен қырындай айналып, бетін бері бұрды. Ширатылған құйрығымен қос бүйірін кезек қамшылап, төрттағандай бүкшиді де, езуінен арылдады. Содан соң сылқ еткізіп баланы, Сәменді тастай салған.
Шақан-Рух. Етпеттей түскен, бет-ауызын қан жапқан құртақандай бала сары тарғыл денесімен жарты дүниені жауып тұрған жыртқыштың алдынан еңбектей қашты. Жер сүзе жығылып, шатқаяқтай көтерілді. Екі-үш аттап барып қайтадан топалаң асты. Жолбарыс балаға қараған жоқ. Аспанды тітіркенте гүр еткен де, бұл кезде есік пен төрдей келіп қалған әйелдің басына бір-ақ қарғыды. Ажар үнсіз, тілсіз бүктетіле құлады.
Шақан-Нәпсі. Құтырына тарпынған жолбарыс азу тістері ақ қарға шағылыса ырсиды да, сұлық денені желкесінен алып көтере бере қарш еткізіп жалғыз-ақ шайнады. Жалғыз-ақ шайнап, мойнын үзген соң, езуінен қан шаша арылдап, басын кегжите маған қараған. Келер мезетте...
Шақан. Келер мезетте мен өзімнің шырқырап қашып бара жатқанымды аңғардым. Күпсек қарда әлдебір түбіршекке соғылып, омақаса жығылдым. Сары дию үстіме міне түсер деп басымды қорғалай бердім. Жоқ.
Шақан. Сары дию артта, арқан бойы жерде, жаңа ғана өзі төбесін ойып, мойнын үзген жемінің үстінен аса күдірейіп, гүрілдей өкіріп тұр екен. Бірақ... бірақ, жыртқыштың үрейлі, қатқыл үнімен жалғас әлсіз, бірақ одан әлдеқайда қорқынышты дауыс жетті құлағыма.
Дауыс. «Көкееее!!!». Көке, көке, көке!!!!!
Шақан-Нәпсі. Жолбарыс ойлануға, ес жиып дәт бекітуге мұрша берген жоқ. Өліктің үстінен аттап, бері қарай жүре бере қалт бөгелді.
Шақан-Рух. Алғашқы жемін тастамас әдеті ме, әлде дәрменсіз әкеден көмек тілеген сәби дауысы өзіне тартты ма, кері бұрылды да, екі-ақ қарғып, жан дауысы шыға шырқыраған баланы іліп алды...
Шақан. Мен қо... рық-тым /өкси күрсініп/. Не қалды енді... Не бар....
Кенет өз-өзінен қатайып.
Шақан. Мен... Мен қорқар ешнәрсе қалған жоқ! Мен ештеңеден қорықпаймын. Неден қорқам, қатын жоқ, бала жоқ. Өзім де жоқпын. Жолбарыс та жоқ болуға тиіс. Еркек ұрғашысына қарамаймын. Бауырында баласы болса тіпті жақсы. Мен жолбарыстың тұқымын құртамын.
Бесінші көрініс
Қамыстан тоқылған қостың іші. Бәлкім ашық дала болар. Екеу отыр. Егде тартқан, қариялыққа бет бұрған Құба мерген және жантүршігер аң келбетіне енген Шақан.
Шақан. Неге екені есіме әлгі, әлгі деймін-ау... Балаға шапқан, әйелді шайнаған жалмауыз жолбарыс түсіп отыр.
Құба меген. Жолбарыс өз бетімен кісіге тимейді.
Шақан. Сонда жалмауыздың кек қуғаны ма? Бір кісіден көрген жапасын бар адамға артқан... Жүрген ізін қанды соқпаққа айналдырған.
Құба мерген. Шақан, сен де қазаға ұшырадың. Қорғасын оқ емес, тас – қайғы – екі бірдей қаза жүрек басына түбіртпектеліп жабысты. Бір жыртқыштың кінәсін тарғыл тонды барлық шеріге арттың. Сонда не таптың?
Шақан. Ештеңе. Ештеңе тапқан жоқпын...
Басын сығымдап отыра кетеді.
Құба мерген. Кек. Кегің аңда емес, адамда болуға тиіс еді. Сені елден айырған - адам.
Шақан. Менде үй жоқ. Осы түнде ғана иен тоғайда, жиде ағашының түбінде қонып шықтым. Менде үй жоқ...
Құба мерген. Хан, сұлтан кетті – халық орнында қалды. Жұрт өзгеше тірлік кебін тапты. Намысы сөнбеген, болашақтан түңілмеген ер-азамат тұман серпілер, күн ашылар жаңа бір жол қарастыра бастады. Ана - құрсақтанып, бала – аяқтанып жатыр. Қатарға қосыл, Шақан. Елге қайт.
Шақан. Менде бәрі болған. Соның күйігі соның кегі... Іленің басына өтіп, Шелектің бойын, Шарынның шатқалын сүздім. Күртіні өрледім. Кездескен тарғыл төбеттің қанын судай шаштым. Шүмектей төктім! Жетісуда жолбарыс әулеті Іленің етегінде ғана қалғанына көз жеткіздім. Бірақ Ажар мен Сәменді жеген, кіртілдетіп шайнаған жалмауызды кездестірмедім. Ұрғашы-тұғын. Көрсем жазбай танимын. Танырым хақ...
Құба мерген. Тарлан шері де табиғаттың бұла перзенті болатын. Кісі жолын кеспеген, адам баласына жамандық ойламаған. Күндердің күнінде түрлене құбылған тарғыл теріге қызыққан бір жауыз баспалап келіп, қапыда жаралаған болатын. Жазылмас жара машықты өнерінен айырған, аштық пен ызалы кек қатарынан қысқан жолбарыс тайғақ жолға түсті, кісі етін жеуді әдепкі кәсібіне айналдырған жалмауыз болып шықты. Кек – кекке жетеледі, жауыздық – тек жауыздық туғызды, ендігі кезек саған жетіп еді. Көзсіз нәпсінің жетегінде кеткенің адамдыққа жатпайды. Ерліктің өлшеуі, тәуекелдің шегі бар, сақалымды сыйласаң сабыр ет. Кідір, тоқта...
ШАҚАН. Ағайын ортасына бара алмаймын. Әуелде қалмадым, тыңдамай кеттім. Пана тілеген кембағыл кімге керек енді. Мен алдымен баламды, содан соң әйелімді өз қолыммен ажалға бергенмін. Көз алдымда жегіздім. Өзім жедім. Міне, қаралы үй алдында қызыл қаны ақтарылып, басы бір бөлек, аяғы бір бөлек арыстай созылып жатқан - мен! Шақан! Ал Мына мен – түрегеп тұрған, жаны жоқ, сүлдері бар, аты жоқ, аруағы бар – Шақан емес, тарғыл жолбарыс, менің атым – Шері. Шақан марқұмның жаназасы баяғыда шығарылған. Арулап көмілген.
Құба мерген. Шақан, сен өлген жоқсың. Кеудеңдегі шыбын жаның шыққан жоқ. Олай күпірлік қылма. Тәңірі тағаланың құдіретті пәрменімен жаратылған он сегіз мың ғаламда басы артық бір нәрсе жоқ. Қара жерде қыбырлаған құмырсқадан көк аспанда шарықтаған қыранға дейін, су сүзген балықтан шөл кешкен құланға дейін қилы кейіпті, қаншама махлұқат бар екен, соның бәрінің өз несібесі, өз орны болса керек. Хақ тағала біріне бірін салбестіріп, біріне бірін бақтырып қойған. Бірақ түп иесі – адам. Ендеше, орныңды біл, қарауыңдағы жан-жануарға жазықсыз жапа шектірме. Қожайын екем деп қоқаңдай берген ақыр түбі қу далада қалар. Адам арасында да атадан азған, жолдан жаңылған кісілер ұшырасады, аң алжасса не жорық. Бір жаман естен танды деп елден қалай айнырсың, бір жыртқыш етектен шалды деп жерден қалай безерсің. Бір ауылдан жеріген бар қазақты жат көрер; жерде жазық жоқ, елде кінә жоқ, бар пәле кісісінде, ендеше заманның ауқымын таны, адамның амалын тап. Батыр барымта қуып, бүркіт тышқан аулаған заманда кейінгі жас балаға жол көрсетер аға керек.
Дауыс: Көке, көке, көкееее!!!
Шақан кенет ызаланды. Айқайлайды.
Шақан. Кең өмірге, бұйығы тірлікке біржола беріліп кетсем, антымнан аттап, аруаққа шет болам ба деп қорқам. Жалғыздық, түз кешіп жеке жортқан жабайы өмір ғана менің еншім.
Құба мерген. Жауға түспеген қаруыңды жазықсыз жануарға жұмсай бердің, қырған сайын құнықтың. Жолбарыс қанына кеңірдіктей жүздің...
Шақан. Тоқтата алмайсың сен мені! Кегімді алмай тоқтаман! Қызыл сөзіңнің керегі жоқ. Кет!
Құба мерген. Жолбарыстың жойылғаны – дала рухының жойылғаны. Жолбарыс – батырлықтың киесі. Кие кеткенде батырлық рух та кетеді. Осыны ұқпай тұрсың, Шақан.
Шақан. Жолбарыс түп тамырымен құруға тиіс. Құртатын - мына мен....
Құба мерген. Көзіне қан толған, қос шеңгелінен қан шүмектеген талай пақырды көріп едім. Сен де сол жолға түскен екенсің. Барса келмес сапарға шығыпсың. Олай болса, ел аузында аңыз болып қалғаның артық. Жолбарыспен шайқасқан батыр Шақан қалсын ел есінде.
Құба мерген оны атпақ болады, екеуі алысады. Шақан айналдырып келіп оның өзін атады. Мылтық гүрс етіп атылады, Құба мерген құлайды, Шақан салбырап отырып қалады. Шам сөнеді.
Алтыншы көрініс
Шақан сол жерде оқ жонып жалғыз отыр. Қамыс жаққа қарап қояды. Кенет ат дүбірі естіледі. Қиқулаған үн.
Шақан. Мынау қай дарақы тағы? Құс біткенді үркітетін болды.
Еркекше киінген Меңсұлу суыт келеді. Шақанды көріп кілт тоқтады.
Меңсұлу. Әй, елмісің, жаумысың? Адамсың ба, аңсың ба? Ой, жолбарыс екен десем, шошайған мылтығың бар ғой. Ассаламағалекүм, аға!
Шақан. Амандық. Неғып жүрген баласың?
Меңсұлу. Ой, аға, зәремнің ұшқанын көрсеңіз. Бір жетім емген саяқ көк тай бар еді. Түн ортасында ғой деймін. Тіпті шет кетіпті. Қайырайын деп жүре беріп едім... сап-сары сапалақ...
Шақан. Жолбарыс шапты ма немене?
Меңсұлу. Көзі тура шоқтай жанады, шайтанның отындай жап-жасыл. Оқтай атылғанда... Байқұс тай шөкесінен жығылды. Жолбарыс та қарғыды, бізге емес жаңағы тайға, кері бесті де шұрқырай қашты. Ал менің үнім өшіп қалды. Сондай қорқақ екем. Ал сіз ғой ешнәрседен қорықпайсыз.
Шақан. Оны қайдан білесің?
Меңдісұлу. Білем. Сіз – Шақан шері батырсыз...
Шақан. Шақан екенім анық. Шерісі тағы рас. Дәп солай. Шақан шері.
Меңдісұлу. Ел сізді күндіз – адам, түнде – жолбарыс дейді. Әкесі жаудан арманда өлген соң, елін аздырған, жерін сатқан жуандардың қорлық-зорлығына шыдамай, жапан түзде жалғыз жортар жолбарысқа айналып кетіпті дейді. Бірақ мен сенбеймін.
Шақан. Сенбегенің дұрыс.
Меңдісұлу. Алдыңғы жылдары мен онда әлі кішкентаймын, біреулер көріпті сізді. Әкем іздетті, таба алмай қалды. Біздің бір жылқышы ізіңізге түскен екен, кәдімгі адамның ізі дейді, содан күн ұзақ жүріпті, сосын кешке қарай... кешке қарай әлгі адам ізі өзінен өзі жоғалып, жолбарыс ізіне айналып кетіпті...
Шақан / Нәпсімен бірге/. Апыр-ай... Мүмкін жолбарыс кісінің ізін басқан шығар. Із үстімен жүретін әдеті бар ғой ол шіркіннің...
Меңдісұлу. Әлде... Сен қайдан шықтың? Түнде жылқыға шапқан сен емеспісің? Қазір адамсың. Тиіспейсің.
Шақан. Әй, әй... Өзің қорқақтың ішінде есері екенсің. Сен де жігіт атанып жүрсің-ау. Жылқыны қалай бағасың мына түріңмен?
Меңдісұлу. Мен жылқышы емеспін. Жылқышылар ауылға кеткен. Қорқақ та емеспін. Қорықсам қайтып кетер едім. Күзетке өзім шықтым, жылқы шұрқырай берген соң... Мен жігіт те емеспін.
Меңдісұлу сақылдай күліп, басынан тымағын жұлып алды. Төбеге шиыршықтай салған қос өрім шаш тарқатыла төгіліп, иыққа оратылған.
Меңсұлу. Аға, айдалада кезіксеңіз де қонақсыз. Біздің ауылға барып, жата-жастана кетіңіз. Оның үстіне әкем Атабек сыртыңыздан тілеулес. Өткен-кеткеннен сұрастырып, амандығыңызды біліп отырады. Әдетке айналған.
Шақан. Жарайды, сенен оңайлықпен құтыла алмайды екенмін. Дегенің болсын. Жол баста.
Жетінші көрініс
Шақан Меңсұлу ауылында әбден қонақ болады. Батырдың құрметіне той тойланады.
Атабек. Ел иесіз, қой серкесіз. Баспақ, тана – пұл болды, ақылы кеміс – би болды. Ұлыс ұлтарақтай іріп, тырнақтының шеңгелінде, азулының езуінде кетті. Аға сұлтан деген ұлық шықты, майыр деген бүлік шықты. Кім пайымдап, кім уайымдап жатыр. Ұққан, баққан ерде не қайран бар. Бүгінгің мереке, ертеңің не болар... Ер туған азамат тегіс қан жұтып өлген соң ит-құс та басынады. Ерінен айырылған соң ел тозады. Балам, менің төрт түлігім сай – малдан кемдігім жоқ. Жаудан өлген екі ұлдың ізін басып жеті немере өсіп келеді – жаннан кемдігім жоқ. Бірақ... басым көп, барым түгел дей алмаймын. Жеті емес, жетпіс немере сыяр еді бауырыма. Алты ауыл емес, алты арыс қараса еді аузыма. Мына кең дала жаяудың аяғында кетпес үшін, ана мыңыраған мал жебірдің көмейінде кетпес үшін... атадан аса туған аруақты ер керек.
Адамдар қоштап бас изесіп жатыр.
1-әйел. Иә-иә, аруақты ер керек.
Еркек. Сен ерді қайтесің, байың бар ғой.
1-әйел. Менің байым болғанмен, басқа жас қыздар бар.
Меңсұлуға меңзейді. ол ұялып, сызылып қалады.
Атабек. Сені алғаш көргенде жолбарыс перісі Жауқашар атамның аруағы алдымнан шықты ма деп едім. Атаға жете туған сырттан екенсің. Адасып келген жоқсың, құдай айдап, аруақ жетектеп әкелді. Енді менің үйімнен безер жерің жоқ. Тұрпатың – тумаса да туғандай. Мен сендей ерге әке болуға жарамайтын жаман шал емеспін. Төріме төсегіңді сал. Бел балам бол. Асық жілік ұстатып, ат шаптырып той жасаймын. Ақ орда тігіп, атаулы еншіңді бөліп беремін. Ілгеріде қалың керей, артта сыңсыған найман – қалаған жерімнен қалыңдық ойнатып, келін түсірем. Ұрпақ, үрімің өз кіндігімнен өрген немере, шөберелермен араласып, тең өседі. Асып жатса – менің мерейім, елдің қуанышы. Тәңірі тартқан сыбағаңнан безбе.
Шақан көнген сыңайлы, түсі өзгеріп, қуанып, арқаланып барады. Той одан сайын қызады. Әзіл-қалжың, сал-сері. Осы жерде Шақан «өзінің әні» айтылғанда қосыламын деп масқара болады. Жолбарыстың ырылына ұқсас қорқынышты үн шыққанда жұртшылық үркіп, тойдың берекесі бұзылады. Шар етіп бала жылайды. Шақан кенет есін жиып, баяғы қалпын қайта тапқандай болады. Қайта қатуланады.
Шақан. Буынсыз жерге пышақ ұрмаңыз, әке. Дәніккен жолбарыс он шақты күн салып жылқыға тағы шабады. Малға шығын салады. Жұртқа үрей туғызып, береке кетіреді. Осылай қызық қуып қарап отыра бергенше, ізіне түсіп, сары сапалақтың кеңірдегін үзейін.
Барлығы аңтарылып тұрып қалады. Атабектің ұнжырғасы түсіп, үнсіз отырып қалады. Шақан кілт бұрылып, саймандарын асынып кетпек болып айнала бергенде Меңсұлу қуып жетеді.
Меңсұлу. Тоқта! Тоқта! Кетпеші.
Шақан. Меңсұлу... Қайт, ауылыңа бар, жүрме артымнан.
Меңсұлу. Біржола мендік бол. Сонда менің өмірім сенің жолыңа тігіледі.
Шақан /басын күйзеле шайқайды/. Жоқ, болмайды.
Меңсұлу. Ақ некемді қи да алып кет. Әкем риза, батасын береді. Қамыс күркеде асыңды қамдап, жолыңды бағып отырамын. Алатау айналсаң да ізіңді басам. Бақиға дейін бірге боламыз.
Шақан. Шері атансам да, жолбарыс емес екенімді есіме салдың, Меңсұлу. Тірі тірлігін жасайды. Өнеді, өседі, өмір кешеді. Өлі - өткен күннен алыстай бермек. Қурайды, тозады, топыраққа айналады. Мен өлгенмін. Тіріге бұйыр. Бұл да болса көңілге медеу болмақ.
Бұрылып кете береді. Артынан Меңсұлу қуып жетеді.
Меңсұлу. Сен бүгін, дәл қазір өлдің!
Шақан. Мен... татымаймын. Көңілің көл екен, Меңсұлу. Бірақ мен... мен – құдайдың қарғысына ұшыраған адаммын. Мен... мен тірі емеспін. Молам қазылған, сүйегім көмілген. Айтқам өзіңе. Енді жазмыштан озмыш жоқ. Қашан жолбарысқа жем болғанша жалғыз жортам. Обалыңа қалам. Күйеу болып, көндіге алмаймын. Қайғы арқалатам. Рұқсат бер, ренжімей қал.
Шақан басын иіп шығып кетеді. Алыстан, ауыл жақтан шалықтап «Шақанның әні» шығады.
Сегізінші көрініс
Шақан жалғыз. Қасында Нәпсі мен Рух жүр. Олар жолбарысты қалай алғандарын әңгімелейді.
Шақан /жантайып жатыр/. Жұрт жек көреді осы сауысқанды. Қанатының аласы үшін. «Сарқылдай түс сауысқаным. Тарғыл қарақшыны көзден таса қылма. Жолбарыс жемтігіне армансыз тойдырам сені бүкіл әулетіңмен.
Шақан-Нәпсі /шыдай алмай кетіп, шапшаң/. Әй, бірақ мынауың берекесіз сауысқан болып шықты. Аздан соң осы қалыңдағы аң-құс атаулыны сенің өзіңнен сақтандырып «Ойбай, ойбай! Әне жүр, әне жүр! Кеп қалды! Кеп қалды!» деп бір ұшып бір қонып тынымсыз сарнай бастады.
Шақан-Рух. Бұл кезде жолбарыстың шөнжіктері енесінің үстіне шығып алып еді. Бірі арқасына асыла мінсе, екіншісі құлағын тістелейді. Үшіншісі тұмсығын жалап, күндегідей ойынға шақырады. Қаншыр тұра қоймаған соң шөнжіктер сұлық созылған ұзын, шұбар құйрыққа жармасты. Бірі ұшынан тістеп, шірене созды. Екіншісі бел ортасынан алып, бір бүйірге сүйреді, содан соң кім жеңсе, сол жұлып әкететіндей-ақ, әрқайсысы өз жағына тартып таласа бастады. Ақыры ентіге бырсылдап, өзара алысып кетті.
Шақан-Рух. Бірінен бірі сұлу үш шөнжіктің қамсыз ойынына қарап көңілі өскен, жатақтың бір жақ шетінде азу тісі ырсиып, бүйірі қызыл қанға малшынып, теңкие жығылған қоңыр қабанға көзі түскенде мүлде тоғайған кәрі қаншыр су ішіп келмек болып, орнынан қозғалақтай беріп еді. Кеудесін тіктегенмен, баурына аяғын жиып, бөксесін көтеріп үлгерген жоқ, дір етіп қайта шөккен.
Шақан-Нәпсі. Тарғыл белдеулі ұзын құйрық өзінен өзі ширатылып жер сабады. Арқа жүн тікірейіп, желке күдістеніп, іш тартылған да, сойдақ азу арасынан, бүрлене толқыған көмейден айбатты арыл шыққан.
Нәпсі мен Рух /қосарлана/: Қосаяқ! Қаншыр орнынан ширақ көтеріліп, жиіркенішті, үрейлі Қосаяққа қарсы жүрді.
Шақан. Кенет арт жақтан, тым тақау жерден сауысқан шықылықтады.
Шақан-Нәпсі. «Келе жатыр! Сақ, сақ бол!» Кім?
Шақан-Рух. Мен, әрине. Жолбарыс ізі қалың қарағанды айналып, бір бүйірге тартқан екен.
Шақан да із жөнімен айнала бере, кенет қос жауырыны бірдей шым етіп, қалт бұрылды. Тізерлей отыра қалып, қара мылтықты киік мүйіз сирағына орнатты да, шақпақ шақты. Майлы білте бықси түтіндеп, сыздықтай тұтанған. Шақан етпеттей жатып, он шақты қадам жердегі жаңа ғана өзі өткен қысаң жолды нысанаға алды. Ешқандай дыбыс жоқ. Тып-тыныш. Күйе бастаған білтені өшіруге ыңғайланды. Сол сәтінде сықырсыз, сыбдырсыз мысық табандап, көлеңкедей жылжыған зау шерінің ақтаңдақ омырауы көрінді. Адаммен бетпе-бет кездесуді күтпеген жыртқыш дір етіп тұра қалған. Шақан демін тарта бере шүріппені басты.
Шақан-Нәпсі. Мылтық көк жалын шашып, иық соға тарс атылғанда, құйрығы ширатылып, төрт тағандай берген жолбарыс кеудеден жүз батпан шоқпар ұрғандай, лықси шегініп, шоңқайып отыра кетті.
Шақан-Рух. Бірақ жығылмаған.
Шақан-Нәпсі. Мен жолбарысты астылы-үстілі, қарыс сүйем, сап-сары төрт азуы аз-маз ғана айқаса, бозғыл тілі мен қан қызыл көмейі ажал төгіле ашылған аран аузынан көздеп едім.
Шақан-Рух. Ауыздан кірген ауыр қорғасын мойын омыртқаны үзіп, желкеден шықса, жолбарыстың сырттаны болса да жер тарпуға шамасы келмей, етпетінен құлары хақ. Құламады.
Шақан-Нәпсі. Әлде толқыныстан әлде асығыстан сәл төмен ұрыппын. Өңіршектен қызыл қан шапши саулаған жолбарыс шайқалақтай тұрып, аспанды қақырата ақырды.
Шақан-Рух. Аспанды қақырата ақырды да, тәлтіректей басып алға аттанды. Алға аттай бере, аузынан қан шашып, ышқына өкірді. Шиырылған құйрығы аш бүйірін сабап, төрт аяғын бауырын ала бере жел көтерген қызыл жалындай атылды.
Шақан жолбарыс ақыра көтерілгенде мылтығын лақтырып тастап атып тұрып, қорғануға қам жасап еді. Сол мезетінде-ақ қуатты серпіннен анадай ұшып түсті.
Шақан-Рух. Аралық алыс па, ауыр жара адым тұсады ма, жыртқыш еркін іліндіре алмапты, еш жерім мертікпеген. Бірақ орнымнан тұрып үлгермедім, арылдай құтырып, лоқси қан құсқан жолбарыс тышқан басқан мысықша төбеден қона кетті. Быртиған бақадай ұшындағы жуан, өткір, ілгек орақ тырнақтарымен тарпи тырнап, жөтеле қан шашқан аран аузы тура тамаққа төніп келе жатты.
Үстінен ауыр салмақ басса да, денесіне тырнақ батпаған Шақан жолбарыспен жанталаса алысқан қалпы, сол жақ білегімен басын қорғалап, оң қолымен беліндегі селебесін суырды.
Шақан-Нәпсі. Дөп-дөңгелек, үлкен жасыл көздері шатынай ұшқындап, ауыр, ыстық демі бет шарпыған долы шері қыл арқанды жуан жеңді жұлқи тістеп, шықырлата қысқан сәтте...
Шақан-Рух. Сұр селебе де аш қолтықтан бойлай сұғылып еді. Адамның аруақ шақыра ышқынған, аңның жаны шырқырап, қинала өкірген үні қабаттаса шықты. Сол қолым білек ортасынан сақыр етіп сынғанын анық естігем, еш жерім ауырмаған, селебені бойлата толғап барып, қайта суырдым. Дәл осы сәтте бір жақ бетімді үш тармақ жалын шалып еді. Сол жақ көзімді қызыл жалқын, көк теңбіл толқын басып, аузыма қан толды. Бірақ бойыма тың күш құйылғандай /одан сайын күшейе түседі/. Жыртқыштың аузындағы жаралы білекке бар салмағымды салып, шірене көтеріліп, жолбарыстың қара қабырғасына қайыра қанжар ұрдым.
Үшеуі де Жолбарыс рухына айналып кетті.
Шақан. Шашала өксіп, буындары бүгіле бере сылқ шөккен, езуі жиырылып, аузы ашылып, желке жүні тікірейе дірілдеп, артқы аяғымен жер тырнаған тайдай жолбарыстың астынан әрең шықтым.
Шақан-Рух. Жолбарыс жатағына тән, көңіліне соншалық байсал берген, қолқа қабар, күлімсі ауамен кеудемді кере дем алып, аз бөгелдім. Содан соң білегімді сыбанып жіберіп, шөнжіктерге қарай қадам бастым. Үшеуі үш жаққа тым-тырақай қашты. Бірақ оңай тұтылды.
Шақан-Нәпсі. Не білді? Не сезді? Көрді, аңдады. Өте дұрыс. Енесі алып келсе ғой, дәл өздеріндей адам баласын – кішкентай сәбиді қабырғасын қаусата шайнап, рахаттанып тұрып жер еді. Дәл қазір жей алмас, енді бірер айдан соң құныға бас қояры анық. Өскен соң... Өскен соң өзі-ақ аттанады. Енді үш-төрт жылдан кейін қалың тоғай ішінде, ну қамыс арасында, кез келген жерде бетпе-бет кездессінші... кімнің өліп, кімнің қалары белгісіз. Аңшылық атаулы бүгінгідей сәтті аяқтала бермейді.
Шақан. Дәл алдарына келіп жүрелей отырдым. Ешқайсысы ықпады. Қимылсыз күйінде қалт тынған. Ышқына ыржиып, итше ырылдап едім. Қорықпады.
Шақан-Рух. Қол созып шеткі, ең кішкентайын алдым. Құртақандай қызыл тарғыл шөнжік лып етіп алдыңғы оң аяғымен салып қалды да, ызалана ырылдап, білектен ала түскен. Күш аз, тіс тұқыл. Қол ауырған да, қанаған да жоқ. Бірақ ішімді тартып таңырқадым. «Шөнжік деп қомсынба, мысық емес жолбарыс».
Шақан-Нәпсі. Жолбарыс. Жолбарыс болғандықтан да.... Шөнжікті желкесінен қысып тұрып, көгеннен босатып алдым.
Шақан-Рух. Тарғыл күшік қайтадан дәрменсіз сәби күйге түскен. Сәби...
Бала дауысы. Көкеееее!
Кенет Шақанның кеудесінен өксіген айқай шықты.
Шақан-Нәпсі. Тырбыңдап тұрған шөнжікті шолақ құйрығымен қоса артқы екі сирақтан ұстадым да, керіле құлаштап, жерге соқтым. Қол-басым дірілдей құтыра қимылдап, қалған екі шөнжікті де шешіп алдым. Екеуін шиыра сілтеп, жиденің жуан діңіне ұрдым. Жасына жетпей жау қолына түскен, бір салғанда-ақ бастары айырылып, омыртқалары үзіліп, қабырғалары қаусаған жолбарыс балалары шиқ етіп дыбыс шығаруға да шамалары да келмей, демдері үзілді.
Шақан-Рух. /аяп жылаған күйде/. Шөнжіктің қызыл тарғыл, мақпал терісі оңай сыпырылды. Алдымен бірі. Содан соң екіншісі. Үшіншісі. Үлкендігі кебістей ғана, қос езуден ит тістері жаңа қылтиған, аузы ашылып, құлақ тесігі үңірейіп, қабырғалары қанталап, омыртқасы шодырая үзілген, бірінен бірі аумайтын, үшеуінің де терісі сыпырылған.
Шақан-Нәпсі /айызы қана/. Айқаса қарысқан, сынық сүйем, өткір азулары ырсиған, төбе сүйегі талқандалған басы шодырайып, бұлшықты мойны білеулене түскен, сирақтары тарамыстана сомданып, құйрығы сабаулана ұзарып, ыңыршақ қабырғалары, теңкиген арам денесі тірі кезіндегіден әлдеқайда айбынды көрінген, етек толы емшек безінен сарғыш сүт сыздықтай тамшылаған жалаңаш қаншырдың бауырына тастадым. Осылай жатсын.
Шақан. Осылай жатсын. Апта бойы, ай бойы, жыл бойы. Қасқыр жуымайды жолбарыс жатағының маңына. Бірақ шыбын-шіркей бар. Құрт-құмырсқа бар. Солардың жылдық несібесі. Жаз ортасы аумай-ақ күні кеше осы төңіректі әдепкі арылымен-ақ жайқап жүрген аң патшасының саудыраған ақсөңке сүйектері ғана қалмақ.
Шақан-Рух. Бір үлкен, үш бала жолбарыс. Енесі ақыра тұрмайды. Ауға шықпайды. Баласы асыр сап ойнамайды. Күн санап өспейді. Жарық күн нұрын жансыз сүйектер ғана қызықтамақ. Саудыр сүйек. Ал менің баламның сүйегі де қалған жоқ.
Рух пен Шақан үнсіз салбырап тұр. Жолбарыс өлгенде, одан да тіршілік кетеді. Ол салбырап, бос қап секілді болып қалады.Сайын дала. Жолбарыс бас сүйегінен қаланған шағын төбешік. Алдында Шақан отыр. 3-ші жігіт келеді. Оның шынайы болуы міндетті емес, бәлкім, Шақан өз-өзімен немесе аруақпен сөйлесер?
3-жігіт. Бұл ең соңғы жолбарыс болатын. Бітті. Бітірдің.
Шақан. Иә, бітірдім. Қырып бітірдім.
3-жігіт. Енді не істейсің?
Шақан. Енді - болды.
3-жігіт. Өлесің. Сүйегің мына иен далада көмусіз қалады.
Шақан. Иә, сүйегім мына иен далада көмусіз қалады. Көрім, міне. Шақан баяғыдан осында жатыр. Сүйегі баяғыда қураған. Ал менің сүйегім көмусіз қалады.
3-жігіт. Екі шеңгеліңнен қан сорғалап тұр. Тарғыл мысықты құрттың. Қазір мына құр сүлдеріңді тұрған жеріңде көмсем, қара жер қабылдамайды, түкіріп қайта шығарып тастайды бауырынан. Харам ұлға жер қойнында орын жоқ.
Шақан. Кегім кеткен - тарғыл мысықта.
3-жігіт. Кегің жолбарыста кеткен жоқ. Адам жейтін жалмауыз жолбарысты Сыр бойынан алдырып, сенің қосыңның маңына жіберген мына мен. Жантай екеуміз. Кегіңді неге менен, адамнан алмадың? Азуы болса да, айласы жоқ түз тағысына соншама неге шүйліктің, байқұс?
Шақан. Не деп тұрсың? Не деп тұрсың сен?
Мылтығын алып кезенеді, атпақ болады, бірақ қолы қалтырап, ата алмайды. Бірнеше мәрте талпынғаннан кейін мылтықты лақтырып тастайды. 3-жігіт оны күліп бақылап тұр.
3-жігіт. Ер Шақан, батыр Шақан. Жолбарыстың тұқымын тұздай құртқан Шақан. Мылтық енді бағынбайтын болған ба саған, қалай өзі?
Шақан. Жетеді. Жетеді! Жоғал! Жоғалт көзіңді!
Басын ұстап жүрелеп отырып қалады. 3-жігіт кетіп қалады. Шақанның әні.
Соңы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі