ТОМ ОЙНАЙДЫ, ТӨБЕЛЕСЕДІ, ЖАСЫРЫНАДЫ
— Том!
Жауап жоқ.
— Том!
Жауап жоқ.
— Мына бала қайда батып кетті-ей? Том!
Жауап жоқ.
Кемпір көзілдірігін мұрнының ұшына түсірді де, бөлме ішіне көз жүгіртті. Бала секілді ұсақ-түйекті іздегенде, ол көзілдірігін сирек киетін, өйткені бұл оның салтанатты сәттерге мақтаныш үшін киетін көзілдірігі еді; ал шынында кемпірге оның қажеті жоқ болатын; дәл осындай "табыспен" ол пеш жапқыш арқылы да көре алатын.
Алғашқы сәтте ол сасып қалды да, ашуын басқандай болды, бірақ бөлмедегі бұйымдар естісін дегендей қатты дауыстады:
— Осыдан қолыма түс. Мен сені...
Кемпір сөзін аяқтамастан еңкейіп кереуеттің астын сыпырғышпен түрте бастады, оқтын-оқтын демі жетпеген кезде сәл тоқтап алады. Кереуеттің астынан мысықтан өзге ештеңе табылмады.
— Өмірімде мұндай бала көрсем, көзім шықсын!
Ол ашық есікке жақындап, табалдырықта кідірді де, помидорын арамшөп басып кеткен өзінің бақшасына қарады. Ол маңда да Том көрінбейді. Кемпір дауысын алысқа жететіндей көтеріп айқайлады:
— То-о-ом!
Арт жақтан жай ғана сыбдыр естілді. Ол жалт қарады да, зытып кеткелі тұрған баланың күртешесінің етегіне жармасты.
— Әрине! Мен қалайша сарайды ұмыттым! Сен онда не істедің?
— Ештеңе.
— Ештеңе! Қолыңа қарашы. Аузы-басыңа қара. Ерніңді немен былғадың?
— Білмеймін, тәте!
— Ал мен білемін. Бұл — тосап.
Мен саған қырық рет айттым: тосапты қозғаушы болма, қозғасаң, теріңді тірідей сыпырамын деп! Қане, шыбыртқыны әкел бері!
Шыбыртқы зу етіп жоғары көтерілді — қатерден құтылу мүмкін емес.
— Тәте! Артыңыздағы не?
Кемпір қорқып кетіп, биік өкшемен жалт бұрылды да, ұзын етегін жинап үлгергені сол еді, бала сол сәтте-ақ зымырап отырып, ағаш шарбақтың басына шығып үлгерді.
Полли тәте не істерге білмей тұрып қалды да, сосын жайбарақат күле сөйледі.
— Міне, бала! Оның көзбайлаушылығына үйренетін уақытым болған секілді! Қаншама рет мені осылай отырғызып кетті. Осы жолы ақылдырақ болуыма болатын еді. Бірақ кәрі ақымақтан асқан есуас болмайтын шығар шамасы. Қартайған итті жаңа нәрсеге үйрете алмайсың деп бекер айтылмаған. Ой, Құдайым-ай, бұл баланың шығармайтыны жоқ: күн сайын бірдеме ойлап табады — оның басына қандай ой келгенін қалай болжайсың? Мені қаншама рет есімді тандырып азаптауды білетін секілді. Көзді ашып-жұмғанша менің басымды айналдыруды, болмаса күлдіруді ол жақсы біледі, міне, оны шыбыртқының астына алуға қолым бармады. Шындықты шындық деу керек, Құдай кешірсін, мен өзімнің міндетімді орындамай жүрмін. Қасиетті кітапта "Шыбық тигізбей тәрбиелеуші баланы құртады" деп жазылған. Мен күнәкар мұны еркелетемін, сол үшін о дүниеде мен де, ол да жазасын тартамыз. Оның барып тұрған шайтанның баласы екенін білемін, бірақ не істеймін? Менің о дүниелік болған сіңлімнің перзенті ғой бейшара бала, жетімді ұрып-соғуға дәтім шыдамайды. Менің шыбыртқымнан немесе шапалағымнан ол жалт беріп құтылған сайын, арым азаптайды мені, ал ұрып-соққан сайын, менің кәрі жүрегім қарс айырылады. Кітапта дұрыс айтылған, дұрыс: адамның ғұмыры қысқа және қайғы-қасіретке толы. Дәл солай. Бүгін ол мектепке бармады, енді кешке дейін жалқаулыққа бой алдырып жатады, ал мен міндетімді орындаймын — ертең оған жұмыс істетемін. Бұл, әрине, қатыгездік, өйткені ертең барлық балалар үшін мейрам, бірақ басқа ештеңе жасай алмайсың, бұл баланың ең жек көретіні — еңбек ету. Оны бұл жолы жазаламауға қақым жоқ, әйтпесе балақайды әбден бұзып аламын.
Том бүгін, шынында да, мектепке бармады және уақытты сондай көңілді өткізді. Олар кешке дейін негрдің баласы Джиммиге ертең отынға ағаш кесуге, оны жаруға көмектесу үшін және дәлірек айтқанда Джимми жұмыстың үштен бірін бітіргенше оған өзінің бастан кешкен уақиғаларын айту үшін үйге әрең үлгеріп оралды. Томның інісі Сид (ол бірге туған емес — шешесі бөлек) өзіне тапсырған жұмыстың бәрін (жарылған ағаштарды жинап сарайға кіргізу) бітірген еді, өйткені ол қой аузынан шөп алмас жуас: сотқарлығы жоқ, қолайсыз қылығымен үлкендерді мазаламайды.
Том қолайлы сәтті пайдаланып, бір кесек қантты жымқыру үшін кешкі тамағын асығып-үсігіп ішіп болғанша, Полли апай оны өзінің сөз қақпанына түсірсем шынын айтар деп оған әртүрлі сұрақтар қойды.
Барлық қарапайым ақкөңіл адамдар секілді Полли апай өзін тіл тапқыш кісімін деп есептейтін және өзінің аңғал ойларынан ғажайып қорытынды шығады деп ойлайтын.
— Том, — деді ол, — бүгін мектепте ыстық болған шығар.
— Иә.
— Шынында, өте ыстық, рас қой?
— Иә.
— Неғып сенің өзенге бір сүңгіп алғың келмеді, Том?
Томға бір сұмдық елестегендей болды — қорқыныш пен қауіптен жаны алқымға тығылғандай сезінді. Ол сосын барып тіл қатты:
— Жоқ, суға онша түскім келмейді...
Полли апай Томның көйлегін ұстады да:
— Тіпті терлемепті, — деді.
Және ол өзіне риза болған кейіппен Томның көйлегінің құрғақ екенін білді; оның ойында қандай айла жатқаны ешкімнің ойына кірген емес.
Дегенмен Том желдің қай жаққа соғатынын байқап үлгерді және ендігі сұрақтардың алдын алды:
— Біз біраз салқындау үшін басымызды сусорғыштың астына ұстағанбыз. Менің шашым әлі кепкен жоқ, көрдіңіз бе?
Полли апай мұндай себепті өзінің қалай бірден байқамағанына қынжылып қалды. Бірақ сол бойда оған жаңа ой келген еді.
— Том, басыңды сусорғыштың астына қою үшін көйлегіңнің мен тігіп берген жағасын жыртуға тура келген жоқ па? Қане, күртешеңнің ілгегін ағытшы.
Томның жүзінен қауіптің ұшқыны қашып кетті. Ол күртешесінің омырауын ашты. Көйлектің жағасы тігулі тұр.
— Жақсы, жақсы. Сені ешқашан түсіне алмайсың ғой. Ал мен сені мектепке бармай, шомылып жүр деп ойладым. Жарайды, мен саған ашуланбаймын: сен қу болғанмен, адалсың, дегенмен мен ойлағаннан гөрі тәуір екенсің.
Айласынан ештеңе шықпағаны көңіліне келгенмен, Полли апай Томның осы жолы бұзықтық істемегеніне қуанды.
Алайда әңгімеге Сид араласты.
— Сіз оның жағасын ақ жіппен тіккеніңіз есімде, — деді ол, — ал, қараңызшы, мында қара жіп!
— Иә, иә, мен ақ жіппен тіккенмін! Том!
Алайда Том әңгіменің жалғасын күтпеді. Бөлмеден шығып бара жатып, естілер-естілмес ызалы үнмен:
— Ішіңді кептіремін сенің, Сидди! — деді.
Сенімді жерге тығылды да, күртешесінің омырауындағы жіп ораған екі үлкен инені қарады. Біреуінің көзіне өткізілген ақ жіп те, екіншісінде қара жіп.
— Сид болмағанда байқамайтын да еді. Шайтан алғыр! Ол біресе ақ жіппен, біресе қара жіппен тігеді. Ылғи бір түсті жіппен тіксе ғой... Кісіні шатастырады. Дегенмен Сидтің жанын шығарамын — жақсы сабақ болады оған!
Том бүкіл қала халқы мақтаныш ететіндей үлгілі бала емес еді. Бірақ ол үлгілі баланың кім екенін жақсы білетін және оны өте жек көретін.
Дегенмен екі минуттан — тіпті одан да аз уақытта — ол барлық ауыртпалықты ұмытып кетті. Бұл қиындық ол үшін әдеттегі үлкен адамдарды мазалайтын азаптардан жеңілірек болғандықтан емес, өткені сол сәтте оның жан дүниесін жаңа бір алапат құштарлық кернеді де, басындағы қауіп-қатерлі ойлардың бәрін ығыстырып тастады. Үлкен кісілер де дәл осылай жаңа бір ой, жаңа мақсат кеудесін кернесе, өздерінің қайғы-қасіретін ұмыта алады. Том осы кезде бір керемет жаңалыққа әуес болып жүр еді: ол таныс негрден мәнерлеп ысқырудың әдісін үйренген еді және бұл өнермен ешкім мазаламайтын еркіндікте жаттығу жасағысы келетін. Негр құсқа ұқсап ысқыра алатын еді.
Ол негр арасында оқтын-оқтын сәл үзіліс жасап, кәдімгі құстарша дірілдетіп үн шығаратын. Ондай үн шығару үшін тілді жиі-жиі таңдайға тигізу керек. Мұның қалай болатыны оқырманның есінде шығар, әрине, ол бір кездері балалықты басынан кешірген болса. Томның қайсарлығы және ықыласы бұл істің барлық жай-жапсарын тез меңгеруге көмектесті. Аузы толы сұлу саз да, жан дүниесін алғыс кернеп, ол көңілдене көшеге шықты.
Ол өзін аспандағы жаңа планеталардың біреуін ашқан астроном сезінді, тек оның қуанышы тереңірек, мәндірек және шынайы сезім еді.
Жазғы күндердің кеші ұзақ болады. Әлі жарық болатын. Кенет Том ысқырығын тоқтата қойды. Қарсы алдында танымайтын біреу тұр, өзінен сәл үлкендеу бала. Қай жыныста және қай жастағы болса да жаңа адам көріне қалса, жұпыны қалашық Санкт-Петербургтің тұрғындары бірден көңіл аударатын. Оның үстіне әлгі бала үстіне әдемі костюм киіп алыпты — жұмыс күні бұлай киіну деген!.. Адам таңғаларлық. Қалпағы қандай әдемі; ілгектерін ұқыпты қаусырған көк шұға күрте, дәл сол түсті жап-жаңа шалбар. Бүгін жексенбі емес, жұма болса да аяғына әп-әдемі бәтеңке киіп алыпты. Оның галстугы де бар — өте ашық түсті таспа. Жалпы алғанда, ол қаланың нағыз сәнқой мырзасына ұқсайды және бұл Томның әбден ызасын келтірді. Қарсы алдында тұрған ғажайып тұлғаға қараған сайын, Том үстіндегі жұтаңдау костюмімен өзін одан сайын жексұрын сезінді және ол ананың үстіндегі серілер киетіндей киімнің бұл үшін түкке тұрмайтынын көрсетіп, танауын көтере түсті.
Екі бала да үнсіз кездесті. Біреуі аяғын алға басып еді, екінші бала да бір қадам аттады -бірақ жанына қарай. Бетпе-бет, көзбе-көз — олар осылай біраз қозғалды. Ақырында Том шыдамай:
— Сыбағаңды берейін, қалайсың ба? — деді.
— Байқап көр! Бере алмайсың!
— Жоқ, беремін!
— Беріп көр, қане!
Адам төзгісіз үнсіздік басталды. Ақыры Том:
— Кімсің өзің, атың кім? — деді.
— Сенің шаруаң қанша?
— Шаруам қанша екенін көрсетемін саған!
— Ал көрсет! Неге көрсетпейсің?
— Енді екі сөз айт — көрсетем.
— Екі сөз, екі сөз, екі сөз! Міне, саған! Ал, қане!
— Ой, ой, ептісін қарай гөр! Егер көңілім соқса, бір қолымды қайырып байлап қойса да, сендейлерді жалғыз қолыммен-ақ жайрата салам.
— Онда неге жайратпайсың? Қолыңнан келетінін өзің айтып тұрсың ғой.
— Жайратамын, егер маған тиісе берсең!
— Ай-ай-ай! Сендейлерді көргенбіз!
— Сыланып, қоқиланған әтештей тұрысын! Ой, қалпағы қандай!
— Ұнамай ма? Басымнан жұлып алып көр, сыбағаңды берейін сонда.
— Өтірік айтасың!
— Өзің өтірікті соғып тұрсың!
— Қорқақтығына қарамай, қорқытқысы келеді!
— Жарайды, барып тұршы өзің!
— Әй, сен тыңда: ақылға келмейді екенсің, басыңды жарамын.
— Қалай жарасың? Ой-ой-ой!
— Жарамын!
— Енді нені күтіп тұрсың? Қорқытасың, қорқытасың, ал іске жоқсың! Яғни өзің қорқасың?
— Мен бе?!
— Жоқ, қорқып тұрсың!
— Жоқ, қорықпаймын!
— Жоқ, қорқып тұрсың деймін.
Тағы үнсіздік. Бір-бірін көздерімен жеп барады, орындарынан қозғалып, жаңа шеңбер-сызық жасады. Ақыры екеуі иықтасып тұрды. Том айтты:
— Кет бұл жерден!
— Өзің кет!
— Кетпеймін.
— Менің де кеткім жоқ.
Олар осылай бетпе-бет тұрып әрқайсысы алға аттады. Бір-бірін жек көргеннен не істерге білмей, ақыры бар күштерімен итерісе бастады. Бірақ о жақта да, бұ жақта да жеңіс жоқ. Осылай итерісіп біраз тұрды. Екеуі де ызадан күйіп-жанып қып-қызыл болды, сосын екі жақ та бәсеңдейін деді, бірақ екеуі де бір-бірінен қауіптеніп тұрғандары анық.
Сонда Том айтты:
— Сен қорқақсың және күшіксің! Мен ағама айтамын — ол сені шынашағымен-ақ жайратады. Мен оған айтсам болды — тас-талқаныңды шығарады!
— Сенің ағаңнан зәрем ұшады менің! Өзімнің де ағам бар, сенің ағаңнан ересек, ол сенің ағатайыңды анау дуалдан лақтырып тастайды. (Екеуінің де аға деп тұрғандары — ойдан шығарылған жайт).
— Өтірікті соқпа!
— Айтқан екенсің!
Том аяғының үлкен башпайымен шаңдақ жерді сызды да:
— Осы сызықтан аттап көр. Мен сенің жаныңды шығаратыным сондай, орныңнан тұра алмай қаласың! Бұл сызықтан аттаған адам оңбайды!
Бөтен бала сол бойда сызықтан өтуге асықты.
— Көрейік жанымды қалай шығаратыныңды.
— Кет деймін! Саған айтып тұрмын ғой!
— Мені түйгіштеп, талқаныңды шығарам деген өзің ғой. Ендеше неғып тұрсың?
— Екі тиын үшін сенің быт-шытыңды шығармасам, мені шайтан алсын!
Бөтен бала қалтасынан екі мыс тиынды шығарып, Томға ұсынды.
Том оның қолын қағып қалып еді, тиындар ұшып кетті. Бір минуттан кейін екі бала да бір-біріне айбат шеккен екі мысыққа ұқсап шаңда домалап жатты. Бірінің бірі шашынан тартып, күртеше, шалбарға жармасып, бір-бірінің мұрындарын жаралап, шаңға да, даңққа да бөленісті. Ақырында шаң-тозаңның арасынан сұлбалары анық көріне бастады: Том дұшпанының үстінде атқа мінгендей отырып алып, жұдырығымен түйгіштеуде.
— Кешірім сұра, — деп талап етеді.
Алайда бала босанғысы келіп тырбаңдап жатыр және ызадан өкіріп жылайды.
— Кешірім сұра!
Ұрып-соғу басылар емес. Ақыры бөтен бала түсініксіздеу міңгірлейді: "Жетер енді!". Том сонда ғана оны босатып:
— Бұл — саған сабақ. Екіншілей кіммен байланысып тұрғаныңды алдымен байқап ал.
Бөтен бала мұрны пысылдап өксіген күйі киімінің шаңын қағып, ара-тұра басын шайқап қойып артына қайырылады, "келесі жолы Томнан өшін оқсатып алатынын" айтып қорқытады. Том болса, оған кекете жауап беріп, жеңісіне мақтанған кейіпте үйге беттеді.
Алайда ол бұрылып "дұшпанына" қарауы мұң-ақ екен, анау бұған кесек лақтырып жауырынына тигізді де, өзі құлындай құлдыраңдап қаша жөнелді. Бұл болса, сатқынның соңынан оның үйіне дейін қуып барды да, қайда тұратынын біліп алды. Том "жауды" жекпе-жекке шақырып қақпа алдында біраз тұрды, бірақ анау терезеден бет-аузын қисаңдатқаны болмаса, далаға шықпады. Ақырында жауының анасы көрінді, Томды оңбаған, бұзық, сотқар бала деп дымын қоймады және бұл жерден жоғалуын бұйырды. Кетуін кеткенімен, Том өзінің осы маңда жүретінін және оның баласына көресіні көрсететінін айтып, қыр көрсетті.
Ол үйге кеш оралды, терезеден еппен түсе беріп еді, қоршауға түскенін білді: оның қақ алдында апайы тұр және ол кісі мұның шаң басқан күртешесі мен жалба-жұлба болған шалбарын көргенде, Томның мерекесі жер айдалған тұтқынның күйіне айналды деген ой оның кеудесін алмас қанжардай сұққылады.
Екінші тарау
ҒАЖАЙЫП СЫРШЫ
Күн сенбі. Жазғы табиғат тамылжып тұр — тып-тынық, қайнап жатқан өмір. Әр жүректе ән сыңғырлайды, ал жүрек жас болса, әуен ауыздан төгіледі. Әрбір дидарда қуаныш шуақтайды, адамдардың әрқайсысы нық басып кетіп барады.
Мамыргүл ақ жапыраққа малынып, ауаға жұпар шашып тұр.
Қаланың үстіне төнген Кардиф тауы жасыл түске оранған қасиетті жер болып көрінеді. Алыстан қарағанда ол тамаша, жым-жырт тыныштық көзіңді арбайды. Қолына бір шелек әк пен сабы ұзын сыр жаққышты алып, Том үйден шықты. Шарбаққа көз жүгіртіп еді, жаңағы қуаныш әп-сәтте басылды да, кеудесін көңілсіздік тұманы басты. Ұзындығы үш ярд шарбақтың биіктігі — тоғыз фут!
Сол сәтте оған өмір деген мәнсіз, өмір сүру — ауыр жүк болып көрініп кетті. Ол терең күрсініп, сыр жаққышты әкке малды да, шарбақтың жоғарғы жағын сипап өтті, сосын екінші рет қайталады да тоқтай қалды: шарбақтың сырланбаған бөлігі бұл бір-екі рет сипап өткен түспен салыстыруға келмейді! Өкініштен ағаштың түбіне отыра кетті. Секіріп басып шарбақтан Джим шықты. Оның қолында қаңылтыр шелек. Өзі "Буффалоның қыздары" деген әнді ыңылдап айтып келеді.
Қаланың су сорғышына су алуға баруды Том жек көретін, бірақ ол ойына қазір басқаша қарауға тура келді. Су алатын жерде адам көп болатынын есіне алды: ақ нәсілділер, мулаттар , негрлер; қыздар мен балалар судың кезегін күтіп отырады, демалады, ойыншықтарын алмастырады, керіседі, төбелеседі.
Джим суға барса, бір сағатсыз үйге оралмайтыны, онда да соңынан іздеп баратыны Томның есіне түсті.
— Тыңдашы, Джим, — деді Том, — аздап сырлай салшы, суды мен әкелейін.
Джим басын шайқады.
— Келісе алмаймын, масса Том! Кемпір маған суға тез барып кел, жолай ешкіммен сөйлесіп кідірме деп бұйырды. Сосын ол: "Том, шарбақты сырла деп сені шақыратынын мен білемін, сен оны тыңдама, өзіңнің жолыңмен жүр, — деді. — Ол шарбақты қалай сырлап жатқанын өзім барып көремін", — деді.
— Ал сен оны тыңдама, Джим, ойлашы, кәрі кемпір не демейді! Шелекті маған бер, қане, мен жүгіріп барып келе қояйын. Ол тіпті кім әкелгенін де білмей қалады.
— Ой, Том мырза, мен одан қорқамын! Ол менің басымды жұлып алады: құдай біледі, жұлып алады.
— Ол! Ол ешкімді саусағымен де түртпейді; көп болса оймағымен басыңнан нұқиды — сонымен бітеді бәрі. Мұндай жазаға кім мән береді? Рас, ол ашулы сөздер айтады, бірақ сөзден еш жерің ауырмайды ғой, егер ол жылап-сықтамаса. Джим, мен саған кішкентай шар берем. Менің алебастрдан жасалған ақ шаригім бар ғой — соны саған беремін.
Джим ойланып қалды.
— Аппақ шарик, Джим, керемет!
— Солайы солай ғой, керемет бұйым! Том мырза, мен кәрі ханымнан өте қорқамын.
— Оның үстіне, қаласаң, мен саған аяғымдағы жараны көрсетемін.
Джим бар болғаны адам баласы ғой, мұндай еліктіруге қызықпай қоймайды. Ол шелегін жерге қойып, ақ шарикті алды, сосын қызыққаннан қызара бөртіп Томның оралған башпайын шешіп жатқанына қарады, алайда бір минут өткенде жауырыны қақсаған күйде шелегі бұлғаңдап, көшемен зымырап бара жатты, сөйткенше Том шарбақты сырлауға кірісті, ал апай болса, бір туфлиі қолында салтанатты кейіппен соғыс алаңынан кетіп бара жатты.
Алайда Томның күш-қуаты ұзаққа бармады. Ол бүгінгі күнді қызықты өткізуді жоспарлағанын есіне алып еді, одан сайын жүрегі сыздап кетті. Кешікпей жұмыс дегенді білмейтін басқа балалар көшеге шығады, еркін ойнайды. Әрине, олар түрлі қызық ойындарды біледі және олардың бәрі мұның жұмыстан бас ала алмай жатқан түрін көріп, мазақтайды.
Мұны ойлағанда, әбден күйіп кетті. Ол қалтасынан барлық қазынасын шығарып, оларды қарай бастады: ойыншықтың сынықтары, шариктер және басқа бірдеңелер; бұл дүние-сымақтарды беріп, ешкімге шарбақты сырлата алмайды және жарты сағаттық еркіндікті сатып ала алмайсың. Ол дүниелерін жинап, қайта қалтасына салды және еңбекке айырбастау туралы ойдан бас тартты. Балалардың ешқайсысы мұндай бейшара ақыға бола жұмыс істемейді. Кенет осындай қара түнек қаптаған сәтте Томға шабыт келді! Нағыз шабыт — жарқыраған даналық ой.
Ол сыр жаққышын алып жұмысқа кірісті. Анадай жерде бұл оның келемеж-кекесінінен өлердей қорқатын Бен Роджерс деген бала көрінді. Бен жүріп келе жатқан жоқ, секіріп, шапқылап, арасында билеп келеді — бұл оның көңілі жарқын, бүгінгі күннен көп жақсылық күтетіндігінің белгісі.
Ол алма жеп келеді және ара-арасында бір әуенді ысқырады да, соңғы жағынан "дин-дон-дон, дин-дон-дон" деп ең төменгі ноталарды қайталайды, өйткені Бен өзінше пароход болып келе жатқаны. Ол жақындағанда жылдамдығын бәсеңдетіп көшенің ортасына шықты да, еппен, мардымсып кейін бұрыла бастады, себебі Бен өзінше "Үлкен Миссури" пароходы болып келеді. Пароход та, капитан да бір өзі. Ол өзінің капитан мостигінде тұрған кейіппен өзіне өзі бұйрық береді де және оны өзі орындайды.
— Тоқта, машина, сэр! Динь-диминь, динь-диминь-динь!
Пароход жайлап жол ортасынан шығып, көшенің жиегіне жақындады.
— Артқа! Диминь-диминь-динь!
Ол екі қолын бүйіріне таянды.
— Артқа бер! Оңға бұрыл! Тш, диминь-дин! Чшш-чшш-чшш!
Оң қолымен үлкен-үлкен дөңгелектер сызып, пароходтың доңғалағын көрсеткен болады.
— Солға! Солға бұр! Диминь-динь-динь! Чшш-чшш-чшш!
Енді сол қолымен жаңағыдай дөңгелектерді сыза бастады.
— Тоқта, он жақ борт! Диминь-динь-динь! Тоқта, сол жақ борт! Алға және оңға қарай. Тоқта! Жай жүр! Динь-диминь! Чуу-чуу-у! Ұшын бер! Ей, тезірек, қимылда! Ей, жағадағы адам неғып тұрсың! Қанатты қабылда! Арқанды бағанға байла! Енді босат! Машина тоқтады, мырза! Диминь-динь-динь! Шт-шт-шт! (Машина бу шығарып жатқаны).
Том пароходқа көңіл аудармай жұмысын жалғастыра берді. Бен одан көзін алмай тұрды да, сәлден соң:
— Бәлем, қолға түстің бе! — деді.
Жауап болмады. Том кәнігі суретшілердің көзімен өзінің соңғы жұмысына бір қарап алып, сыр жаққышпен тағы бір сипап өтті де, кейін шегініп өз ісіне риза көңілмен көз салды. Бен жақын келіп, онымен қатар тұрды. Алманы көргенде Томның сілекейі шұбырып кетті, бірақ ол еш нәрсе болмағандай жұмысын жасай берді. Бен айтты:
— Немене, туысқан, жұмысқа жегіп қойды ма?
Том оған бұрылды да:
— А, сен екенсің ғой, Бен! Мен байқамадым.
— Тыңдашы, мен суға түсуге бара жатырмын... Иә, суға түсуге. Сенің де суға түскің келіп тұрған шығар, а? Бірақ саған, әрине, болмайды, жұмыс жасауға тура келеді. Әрине, солай!
Том оған бір қарады да:
— Жұмыс деп сен нені айтып тұрсың?
— Мынау жұмыс емес пе?
Том шарбақты сырлай бастады да және немқұрайлы жауап берді:
— Мүмкін жұмыс, мүмкін жұмыс емес. Мен бір ғана нәрсені білемін: Том Сойерге осы ұнайды.
— Қойшы-ей? Осы жұмысты рахаттанып істеп жатырмын дегің келе ме?
Сыр жаққыш шарбақтың бойымен қыдыра берді.
— Ұнамайды? Ұнамайтын несі бар? Шарбақты сырлайтын мүмкіндік балаларда күнде бола бермейді.
Іс басқа бағыт алды. Бен алма кеміруді тоқтатты.
Том, рахаттана жұмысқа кіріскен суретшіге ұқсап қылқаламын оңға, солға жылжытып, сосын бірнеше қадам кері шегініп, шарбақтың өзі сырлаған тұстарына қарап, қай жерге қандай сызық керек екенін сын көзімен байқады, ал Бен оның әрбір қимылына қызыға қарап тұрды да, ақыры тіл қатты:
— Том, тыңдашы, маған берші, мен сырлап көрейін!
Том ойланып қалды және келісуге әзір секілді көрінді, бірақ соңғы сәтте пікірін өзгертті:
— Жоқ, жоқ, Бен... Бәрібір ештеңе шықпайды. Полли апай осы шарбаққа келгенде өте кінәмшіл кісі: шарбақ көше жақта ғой. Есік алдына қараса, басқаша болар еді, ал апай бұған тым қатал қарайды — аса ұқыптылықпен сырлау керек. Мың, тіпті екі мың баланың ішінен біреуі ғана әдемі етіп сырлауы мүмкін.
— Не дейді? Ойыма келген емес. Маған бере тұршы сырлап көрейін, сәл ғана. Егер сенің орныңда мен болсам, бірден саған бере салар едім. А, Том?
— Бен, мен саған қуана-қуана берер едім, бірақ Полли апай... Жаңа Джим де сырлағысы келіп еді, апай рұқсат етпеді. Сид те одан өтінді — жібермеді. Бұл жұмысты саған сеніп тапсырудың қиындығын енді түсінген шығарсың? Егер сен сырлағанда бір жерінен ағаттық кете қалса...
— Бос сөз! Мен сенен кем сырламаймын. Тек сәл сырлап көремін! Саған мына алманың ортасын берейін.
— Жарайды! Жоқ, болмайды, Бен, мен қорқамын, одан да қоя қояйық...
— Мен алманың қалғанын түгел берейін.
Том бергісі келмеген кейіппен, бірақ ішінен рахаттана сыр жаққышты ұсынды.
Бағанағы "Үлкен Миссури" пароходы терлеп-тепшіп еңбек етіп жатқанда, зейнеткер суретші көлеңкедегі бір күбінің үстінде аяқтарын былғаңдатып алма кеміріп отырды және ашық ауыз балаларға тор құрумен болды.
Ашық ауыз аңғалдар жеткілікті екен: балалар шарбақ жанына күлкі етуге келді де, ақырында өздері сырлай бастады. Әбден сілесі қатқан Беннен кейінгі кезекті Том Билли Фишерге су жаңа қағаз жыланға алмастырды; ал Фишердің сілесі қатқан кезде кезекті ақысына ұзын жіпке байлаған өлі тышқан беріп Джонни Миллер алды.
Осылайша сағаттан соң сағат зымырап өтіп жатты.
Түске қарай Том таңертеңгі жалаңаяқ кедейден үлде мен бүлдеге оранған бай болып шыға келді. Енді оның он екі ақ шаригі, тістеп тұрып үрлейтін гуілдектің сынған бөлшегі, көгілдір шыны бөтелкенің сынықтары, шарғы жіптің кәтөшкісінен жасалған пушка, бордың түйірі, есіктің мыстан жасалған тұтқасы, иттің қарғысы, графиннің шыны қақпағы, пышақтың сабы, терезе рамасының сынығы — бәрі оның байлығы еді.
Том ештеңе істемей-ақ қаумалаған балалардың арасында уақытын көңілді өткізді. Балалар шарбақты үш рет сырлап шықты! Сыр таусылмағанда Том бұл қаладағы балалардың бәрін кедей қылатын еді.
Том өмір деген онша жаман емес екен ғой деп ойлады.
Өзі түсінбесе де, ол ұлы жаңалық ашты: яғни, адамдардың ісіне басшылық ететін заң шығарды. Үлкен адам болсын, бала болсын бір нәрсеге ие болғысы келсе, ол мейлі өте көп қиындықпен қолға түсуі де мүмкін. Егер ол осы кітаптың авторы сияқты ұлы данышпан болса, түсінер еді: Жұмыс деген — біз жасауға тиісті нәрсе, ал Ойын ойнауға біз міндетті емеспіз. Бұл оның қағаздан гүл жасау немесе желдиірменді қосу — жұмыс та, кеглиді көздеу болмаса Монбланға көтерілу — рахатқа бөлейтінін түсінуіне көмектесер еді. Англияда арбаға төрт ат жегіп, жиырма-отыз миль жер жүргені үшін разылықпен ақша төлейтін байлар бар; ал егер оларға осы жұмысы үшін жалақы төленетін болса, онда бұл жұмыс болып саналар еді және олар сол бойда-ақ бас тартар еді.
Том біраз уақыт тапжылмай отырды; ол өз өмірінде болған елеулі үзіліс жайлы ойлады, сосын табанын бас штабқа бұрып, жұмыстың аяқталғанын хабарлауға кетті.
Үшінші тарау
СОҒЫС ЖӘНЕ МАХАББАТ
Том түкпір жақтағы ұйықтайтын, қонақ күтетін әрі жұмыс істейтін және тамақ ішетін жалғыз бөлменің ашық терезесінің жанында отырған Полли апайдың алдында тұр.
Кеудеңді кеңітер жазғы ауа, жым-жырт тыныштық, гүлдердің жұпар иісі, аралардың жан тербетер ызыңы апайды рахатқа бөлегендей: ол мұрнын тақап бір нәрсе тоқумен әуре, өйткені оның жалғыз ермегі — тізесінде пырылдап жатқан мысығы. Қауіпсіздік мақсатымен көзілдірік жоғары жылжып, оның ақ шаштарына орнықты.
Ол Том, әрине, баяғыда-ақ зытып кетті ғой деген сенімде еді, ал енді қатал жаза бұйыратынын біле тұра мұның алдына батылы жетіп келіп тұрғанына таңданып отыр.
Том кірді де:
— Енді ойнауға бола ма, тәте? — деді.
— Қалай? Бітіріп тастадың ба? Қанша сырладың?
— Бәрін, тәте!
— Том, өтірікті соқпа! Мен өтірік айтқанды жақтырмаймын.
— Өтірік айтып отырғаным жоқ, тәте. Сырлап бітірдім.
Полли апай сенбеді. Ол өз көзімен көру үшін шарбаққа бет алды. Егер Томның айтқанының тым болмаса жиырма пайызы шындық болса, апай әбден қуанар еді. Ол үш қабат сырланып аппақ болған шарбақты, оның етегіне жүргізілген ақ сызықты көргенде, таң-тамаша қалды.
— Білесің бе.... ешқашан ойыма келмеген болар еді... — деді Полли апай. — Әділін айту керек, Том, сен, көңілің соқса, жұмыс істей аласың. - Сосын ол мадақтауды бәсеңдетті де: — Тек сенің жұмысқа деген көңіліңнің соғуы өте сирек. Мұны да айтып қою керек. Ал бар, ойна. Үйге келуді ұмытып кетпе. Әйтпесе менің жазалауым тез!
Полли апайдың риза болғаны соншалық, оны шоланға апарып ең таңдаулы алманы берді. Бұған қоса адал еңбекпен тапқан нәрсенің бәрі әрі тәтті, әрі қадірлі деген ұлағатты өсиет айтылды.
Апай қасиетті кітаптан үзінді келтіріп жатқанда Томға тәтті пірәндікті қалтасына сүңгітуге мүмкіндік туды.
Ол жүгіріп есік алдына шықты да Сидті көрді. Сидтің баспалдақпен көтеріліп келе жатқан беті еді. Баспалдақ үйдің сыртында, екінші қабаттың түпкі бөлмелеріне апарады. Томның қолына кесек топырақтар түсті де, кенет ауадан топырақ жауғандай болып, Сидтің бет-аузын, тұла-бойын басып қалды. Полли апай есін жиып Сидті құтқарам дегенше, Том шарбақтан секіріп ғайып болды. Әрине, шарбақтың қақпасы бар, бірақ Томның оған баруға уақыты бола бермейді. Полли апайға қара жіп туралы айтқан сатқын Сидтен өш алғасын, Томның көңілі сабасына түсті.
Том көшені айналып өтіп, апайдың сиыр қорасының түпкі қабырғасына тірелетін, ылғи шаңы бұрқырап жататын бұрылыстан бір-ақ шықты. Енді қауіптенетін ештеңе жоқ. Бұл жерде ұстап алып, жазалайды-ау деп қорқуға да болмайды. Ол бұрынғы уәделескен келісім бойынша, екі әскер бір-біріне шабуылға шығатын қалалық алаңға бет алды. Ол әскердің бірін Том, екіншісін оның айырылмас жан досы Джо Гарпер басқарады. Екі ұлы әскербасы бір-бірімен өзара шабуылға шықпайды — бұлай ұсақталуға болмайды; екеуі төбенің басында қатар тұрып, адъютанттары арқылы бұйрық беріп соғысты басқарады. Ұзаққа созылған қатал ұрыстан кейін Томның әскері жеңіске жетті. Екі жақ та өлгендерін есептеп, тұтқынға түскендерді алмастырды, ендігі жаңа соғыс неден басталатынына келісті және келесі шешуші ұрыстың күнін белгіледі. Сосын екі жақтың да сарбаздары сап түзеп, дәстүрлі марш әуенімен ұрыс алаңынан кетті, ал Том жалғыз өзі үйіне қарай тартты.
Джефф Тэчер тұратын үйдің жанынан өте беріп ол бақ ішінде жүрген бір қызды көрді — алтындай шашын екі бұрым етіп өрген, көгілдір көздері мөлдіреп, аппақ жұқа көйлегі жараса қалған.
Әлгінде ғана ұрыс даласында даңққа бөленген батыр оққа ұшты. Эмми Лоренс деген біреу сол бойда ұмыт болды, тіпті Томның жүрегінде оның ізі де қалмады. Ал, бұл болса, Эммиді ессіз сүйемін деп ойлайтын. Шынында ол сезім әшейін сәттік қызығу екен. Ол қыздың бұған деген махаббатын оятуға қаншама ай кетті. Осыдан бір апта бұрын Эмми мұны сүйетінін мойындаған.
Содан бергі жеті күнде ол өзін әлемдегі ең бақытты баламын деп мақтанышпен сезініп жүрген, енді, міне, бір сәтте ол қыз кіріп шығуға келген кездейсоқ қонақтай мұның жүрегінен кетіп қалды. Ол есі шыға жасырын сығалап, жаңа періште мұны байқап қалғанын білгенше жанталасты. Сосын ол бұл жерде қыздың бар екенін байқамаған болып, оның қызығушылығын ояту үшін түрлі фокустар (ер балалар арасындағы әдіс) көрсете бастады. Кенет ол қауіпті акробатты көрініс жасап тұрған кезде қыз жаққа көз салып еді, ол бұған жауырынын беріп, үйге қарай кетіп барады екен. Том жүгіріп оған жақындады да, шарбаққа сүйеніп тұрып қалды; қыз әлі де бақ ішінде жүре тұрса деп есі шықты. Қыз шынында да баспалдақ үстінде сәл аялдады, бірақ сосын есікке беттеді. Оның табаны босағаға тигенде, Том күрсініп еді, кенет көздері күлімдеп, қуаныш шуағын шашып қоя берді: қыз үйге кірмей тұрып бұған бұрылды да, маргаритка гүлін лақтырды.
Том гүлді айнала жүгірді де, содан соң алақанын көзінің үстіне қойып, көшенің алыстау түкпірінде қызықты бір нәрсе болып жатқандай қадала қарады. Сосын жерден бір тал қамысты алып мұрнының үстіне қойды да, басын артқа шалқайтты. Қамыс оның денесін тепе-тең ұстауға себін тигізетіндей, еппен жүріп гүлге жақын келді де, жалаңаяқ башпайына қыстырып, жалғыз аяқпен секірген күйі көрінбей кетті. Алайда ол гүлді күртешесінің омырауына жасыру үшін бас-аяғы бір минут тасаға тығылды. Гүлді жүрегінің тұсына, мүмкін асқазанының маңына (ол анатомиядан мықты емес еді) жасырды.
Содан соң ол кешке дейін шарбақ жанында бұрынғыша әртүрлі көзбояушылықтар жасаумен болды. Қыз көрінбеді, алайда ол терезенің жанында ма — әйтеуір бір жерде мұның сол үшін жанын салып жүргенін көріп тұр деп өзін-өзі сендірді. Ақыр соңында салбыраңқы күйде үйіне оралды, ал оның бейшара басы неше түрлі арманға толы еді.
Кешкі ас үстінде оның көңіл-күйі көтеріңкі болғаны сондай, тіпті апайы да таңғалып отырды: балаға не болған? Сидке құм аралас кесек лақтырғаны үшін сазайын тартқанмен, Том оған қапаланған жоқ сияқты. Ол апайының танауының астынан бір кесек қантты жымқыруға оқталғаны үшін сыбағасын алса да, өкпелеген жоқ, тек:
— Тәте, Сид қанша қантты қалтасына салса да, оны сабамайсыз ғой! — деді.
— Сид сен секілді адамдарды азаптамайды. Егер сенің артыңнан бақылап жүрмесе, сен қант салғыштың қасынан кетпес едің.
Апайдың ас бөлмеге кетуі мұң екен, жазаланбағанынан өзін бақытты сезінген Сид бұны күлкі еткендей қант салғышқа қолын созды. Бұған шыдауға болмайды! Алайда қант салғыш Сидтің саусағынан жылжып еденге түсіп кетті де, быт-шыты шықты. Том рахаттанғаннан аузы жабылып, қуаныштан дыбысы шықпай қалды. Ол апайы келіп, бұл кімнің ісі екенін сұрағанша, үндемей тып-тыныш отыруға бекінді. Сонда бәрін айтады және апайының ылғи мақтайтын үлгілі баланы қалай жазалағанын көруден артық рахат бар ма? Оның кеудесін ызалы кектің кернегені сонша, апайы оралып, көзілдірігінің үстінен ашудың найзағайы шашырап, едендегі шыны сынықтарға қадалды. Том: "Міне, қазір басталады!" деді іштей. Бірақ келесі минутта өзі еденде жатты! Әмірлі қол оны жұдырықтың астына алуға ыңғайланып, оған тағы төне беріп еді, Том көзінің жасы сорғалап айқайлап жіберді.
— Тоқтаңыз! Тоқтаңыз! Не үшін сабайсыз мені? Оны сындырған Сид қой!
Полли апай ыңғайсызданып тоқтай қалды. Ол қазір бұған жаны ашып мүсіркейді, сөйтіп өзінің кінәсін жуып-шаяды деп ойлады Том. Алайда апайдың тілі шығып:
— Ім! Дегенмен, менің ойымша, сен сыбағаңды бостан-бос алған жоқсың. Мен шығып кеткенде, сен тағы бірдеңені шығарған боларсың.
Айтуын айтқанмен, апай өзінің артық кеткенін сезді. Балақайға жылы сөз айтып еркелеткісі келгенмен, Полли апай бұл балақайға жанашырлық көрсетсең, өзінің кінәсін мойындап отыр деп ойлауы мүмкін, ал тәртіп заңы бұған рұқсат етпейді деді іштей. Сондықтан ол ештеңе айтпастан, жүрегі сыздаған күйі өзінің әдеттегі жұмысына кірісті. Том болса, бұрышта ашуға булығып жарақаттарын сипалап өзіне-өзі келе алмай отыр. Апай іштей мұның алдында тізесін бүгуге дайын екенін Том білді және осы ойы оның көңіліне қуаныш ұялатты.
Апайдың іштей азаптанып, мұнымен тілдесуге себеп іздеп отырғанын ол байқамаған болды. Апай көзіне жас толып, оқтын-оқтын жанашырлықпен бұған қарап қойып отырғанын көрсе де, Том оған ешқандай көңіл аударғысы келмеді. Том өзін ауру күйде елестетіп, апайы мұның "кешірдім" деген сөзін есту үшін асты-үстіне түссе де, бұл қайырылмай, бетін қабырғаға бұрып үнсіз жатады.
Сонда апайдың жағдайы қалай болады? Том өзінің өлі денесін үйге әкелгенін көз алдына келтірді: оның денесін жаңа ғана өзеннен шығарды, бұйра шашы су-су күйде, өзінің мазасыз азаптанған жүрегі мәңгіге тынышталды!
Сонда апай мұның өлі денесіне жармасып, жаңбырша жауған көз жасын тыя алмай, құдіреті күшті құдайға жалынып, баланы о дүниеден қайтаруын және ешқашан оны жазықсыз жазаламайтынын айтар еді. Бірақ Том сол сұп-сұр кейіпте, тірліктің белгісі жоқ салқын күйде жатады — бақытсыз, азаптан көз ашпаған кішкентай баланың қасіреті енді мәңгі тоқтады. Том осындай қайғылы сандырағымен өзін-өзі әбден қажытып, сорғалаған жасын тұншыға жұтып жатты. Көз жасынан айналаның бәрін тұман басқандай. Кірпігін қимылдатса, көзінің жасы танауының ұшынан, бетінен сорғалап жатты. Өзінің жанын осылай қайғыға орағаны оны рахатқа бөлегені сонша, ешқандай қуаныш алаңдатпайтынын қалады. Қуанышты сезімге бөлену оның ызасын келтіреді — ал, мына қасірет оған киелі көрінді. Сондықтан бір ғасыр жоқ болып кеткен — яғни, бір апта — немере әпкесі Мери үйге оралғанына есі шыға қуанғаннан билеп, әндетіп есіктен енгенде қабағы тас түйілген көңілсіз Том орнынан тұрып басқа есіктен шығып кетті, ал Меримен бірге келген әсем әуен мен күн шуағы екінші есікке беттеді.
Ол әдетте балалар жиналатын жерден жырақта өзімен-өзі жүрді. Оны өзінің жүрегі секілді қасіретті, мұңды, шетте жатқан бұрыштар шақырғандай. Өзендегі ағаш сал қызықтырды да, ол шетіне келіп отыра кетті, сосын шетсіз-шексіз көңілсіз, тыныш жатқан су бетіне қарап, өзін ыңғайсыз жағдайларға ұрындырмай және ештеңені сезінбей осы тұңғиыққа батып кетуді армандады. Сонан соң ол гүлді алып, солып, жапырылып қалған гүлшоғын қойнынан шығарғанда, оның тәтті мұңы бұрынғыдан да арта түсті. Анау қыз мұның жан әлеміндегі қазіргі қасіретті білсе, бұған жаны ашыр ма еді? Жылап отырып, мұның мойнын орап жұбатар ма екен? Әлде мынау қаңыраған салқын әлем секілді ол да теріс айнала ма?
Осы ойлар оның жанын сағынышқа толтырды, ол соның бәрін елестетті, ақыры аяғында орнынан күрсініп тұрды да, қараңғылыққа сіңіп кетті.
Сағат тоғыз жарым — онның шамасында ол бейтаныс сұлу тұратын көшеден бір-ақ шықты; айналада тірі жан көрінбейді; сәл кідіріп, бір сәт құлақ түріп еді — еш дыбыс жоқ. Екінші қабаттағы терезеден майшамның бұлыңғыр жарығы пердені нұрға бөлеп тұрғаны көрінеді. Мұның есін алған бейтаныс сұлудың бейнесі осы бөлмені нұрландырып тұр ма екен? Ол шарбақтан түсті де, ағаш бұталарының арасынан жайлап өтіп, әлгі терезенің астына тұра қалды. Сол терезеге ынтыға қадалып біраз тұрды, сосын солған гүлін кеудесіне қойып, шалқасынан жатты. Ол осылай — жанашырлықтан жұрдай жүректер әлеміне тасталған күйде өлгісі келді: панасыз басын кімге, қайда сүйерін білмей, өлім қинаған шақта маңдай терін сүртетін ешкімі жоқ, ең соңғы жанталас сәтінде бұған жаны ашып, еңкейетін тірі адам болмай жан тапсырса... Ол ертеңгі таңғы көңілді шуақты қызықтап терезеден қараған кезде мұны көреді, сонда оның көзінен сорғалап мұның өлі денесіне бір тамшы жас тамбайды; аяқ астында тапталып, соншалық ерте қиылған жарқын жас өмірдің мезгілсіз қиылғанын көргенде, оның кеудесінен күрсінген дыбыс шықпауы мүмкін бе?
Терезе ашылды. Қызметші әйелдің жағымсыз дауысы түннің қасиетті тыныштығын былғап тастады және сарылдап төгілген су азап шеккен Томның денесіне құйылды.
Есі шыққан батыр үсті-басын сілкіп атып тұрды. Сол бойда снаряд секілді бір нәрсе зуылдап өте шықты, балағаттаған дауыс естілді, сынған шынының дыбысы шықты және болар-болмас көлеңке шарбақтың үстінен ұшып өтті де, тылсым қараңғылыққа жасырынды.
Том шошқаның майы сіңген білте шамның жарығымен өзінің малмандай болған киіміне қараған кезде Сид оянып кетті. Мүмкін оның өткендегі өкпесі жайлы бірнеше ескертпе айтқысы келген болар, бірақ Томның көзінен ызаны байқады да, әлгі ойынан қайтып, үн-түнсіз жата берді.
Том кешкі дұғаны оқып мазаланбай-ақ ұйқыға кетті және Сид өзінің де ұмытып кеткенін іштей ойлады.
Төртінші тарау
ЖЕКСЕНБІЛІК МЕКТЕПТЕ
Күн бейқам жатқан жер үстіне көтерілді де, тым-тырыс қалаға өзінің жарқыраған сәулесін төкті. Таңғы тамақтан кейін Полли апай әдеттегі отбасылық құдайға құлшылық ету жұмысына кірісті; ол дәстүрлі жұмыс Інжілдің үзінділері секілді мызғымас тұғыр мен өзінің сұйық цементтен тұратын балшықтай ойдан шығарған қосымшаларымен дұға бастайды. Синайдың шыңындай биіктіктен Моисей заңының қатал өсиеттерін апай осылай жариялайды.
Осыдан кейін Том екі бүйірін таянып алып Інжілдің өлеңдерімен басын толтыруға кірісті. Сид болса сабағын баяғыда дайындап қойған. Том өзінің бар күш-қуатын сарқып, төрт-бес өлеңді есінде сақтауға тырысты. Ол Нагордағы өсиеттен үзіндіні әдейі таңдап алды, өйткені Евангелиенің ең қысқа өлеңдері сонда болатын. Жарты сағат өткенде ол өзінің сабағы туралы бұлдыр елесті ғана түсінгендей болды, себебі сол кезде оның ойы сан-саққа жүгіріп, қолдары біресе анда, біресе мұнда — дамылсыз қозғалыста еді. Мери оның кітабын алып, сабақ сұрай бастады, ал ол болса, тұманда жол іздегендей күйде еді.
— Рухы төмендер ақымақтар... Э...Э...
— Рухы төмен...
— Иә... Рухы төмен...Э...Э...
— Рухы...
— Рухы төмендер... Ақымақ... Өйткені... Олар...
— Өйткені оларды... Рухы төмендер ақымақ... О дүние бар. Жылап тұрғандар... Өйткені... Олар...
— Жұбата...
— Өйткені. Олар...
— Жұбата...
— Өйткені олар... Әй, өлтірсең де мейлің — олардың не істейтінін білмеймін!
— Жұбат...
— О, жұбата... Өйткені олар жұбат... Өйткені олар... Жылап тұрғандар ақымақ, себебі... Олар не істейді? Мери, сен неге маған айтпайсың? Осынша арсыз екенсің ғой!
— Эй, Том! Сен бақытсызсың, мисыз бала! Мен сені келемеж етейін деп тұр деп пе ең? Жоқ! Жоқ! Сен қазірден бастап бәрін дұрыс жаттауың керек. Шыдамыңды жоғалтпа, Том, бәрі де реттеледі және егер сен осы сабақты жаттап алсаң, мен саған керемет бір нәрсе сыйлаймын. Ақылды бол, бар, жатта!
— Жарайды... Ол не сонда, Мери? Не сыйлық жасайтыныңды айт?
— Бұл туралы ойлап басыңды қатырма, Том. Егер мен жақсы зат дедім бе — яғни жақсы сыйлық.
— Білмеймін, Мери, білмеймін. Жарайды, барып жаттайын! Шынында да, ол жанын салып жаттауға кірісті; не сыйлық екенін білуге құмартып және өзінің пайдасын да ойлады, осындай екі бірдей қызығушылықтың арқасында сабақты зулатып жаттап алды. Мери оған Барлоу фирмасының құны жиырма цент тұратын су жаңа пышағын сыйлады. Томның қуанғаны сондай, тұла бойын шаттық кернеді. Осындай түкке тұрмайтын пышақтың көшірмесін жасау кімді қызықтырады, көшірме тіпті де оңбайтынын Батыстың балалары білмей ме екен?!
Көшірмені жасау — ешқашан шеше алмайтын жұмбақ құпия. Дегенмен Том сол пышақпен бүкіл буфетті тілгілеп үлгерді де, енді аласа комодқа кірісе беріп еді, оны жексенбілік мектепке баратын уақыт болғасын киінуге шақырды.
Мери оған су толы қаңылтыр шылапшын мен сабын берді, ол есіктің сыртына шықты да, шылапшынды орындыққа қойды, сосын сабынды суға бір малып алды да, бұрынғы орнына қоя салды; бұдан соң екі жеңін түріп, суды еппен жерге төкті де, ас бөлмеге кіріп есікте ілулі тұрған орамалмен бетін ысқылады. Бірақ Мери орамалды жұлып алды да:
— Ұятың бар ма өзіңнің, Том! — деп айқайлады. — Осындай оңбаған бала болуға бола ма! Сумен жуынғаннан саған келетін зиян жоқ қой.
Том сәл ыңғайсызданып қалды. Шылапшынға тағы су құйылды. Бұл жолы Том суға сәл қарап тұрды да, бар күшін жиып дем алды да, жуына бастады. Ол бетінен сабынды су сорғалаған күйі екінші рет ас бөлмеге кіріп көзін аша алмай сипалап сүртінетін орамал іздегендегі келбет-кескінінен оның шын көңілмен жуынғаны көрініп тұр. Дей тұрғанмен, орамалдың астынан бет-аузы көрінгенде, жуынып-шайынғанының шынайы қорытындысы мақтанарлық емес екені бірден байқалды: беті, маңдайының төменгі жағы таза болғанмен, айналасының бәрі — маңдай, құлақтан төмен қарай тамағына дейін айғыз-айғыз. Мери оны жуындыруға тездетіп өзі кірісті, Томның сонда ғана ажары кірді, басқа ақ түстілер секілді ол адам қатарына қосылды, суланған шашы таралып, бұйра-бұйра болып әдемі көрініп тұр.
(Ол жан-жаққа шапшыған бұйра шаштарын алақанымен басады, өйткені мына түрімен ол қызға ұқсайды, өмір бойы осыдан қорлық көріп келеді). Сонан соң Мери Томның екі жыл бойы жексенбілік мектепке киіп жүрген костюмін шығарды, одан басқа костюмі де жоқ еді... Ол киініп болғасын, Мери оның көйлегінің жалпақ жағасын сыртына шығарып, щеткамен сүртіп қойды, ең соңынан шетеннен тоқылған ала қалпағын кигізді.
Томның өңі кіріп, адам болып қалды, ал түрінен шаттықтың ізі көрінбейді. Ол, шынында да, қатты қайғырып тұр: үстіндегі киімнің тап-таза, мұнтаздай қалпы оның ызасын келтірді. Мери оның бәтеңкесін ұмытып кетеді ғой деп Том дәмеленіп еді, бекер болды: Мери шошқаның майымен жылтыратып майлап, Томның бәтеңкесін алып келді. Оның шыдамы таусылғаны сонша, аяғымен жер тепкілеп, өзінің қаламаған нәрсесін жасауға ылғи мәжбүр ететіндері несі деп ызаланды. Бірақ Мери еркелеткен үнмен өтініш айтты.
— Том, ақылды болшы, кие ғой, қане...
Ол міңгірлеген қалпы бәтеңкесін кие бастады. Мери тез-тез киінді де, үшеуі Томның өте жек көретін, ал Сид пен Мери ұнататын жексенбілік мектепке кетті.
Жексенбілік мектепте сабақ тоғыздан он бір жарымға дейін; одан кейін діни әңгіме өтеді. Мери мен Сид әрқашан да өз еріктерімен дін қызметшісінің өсиетін тыңдауға қалады, ал Том болса, оның діни сабаққа қалғандағы мақсаты күрделірек.
Шіркеудегі орындықтарға үш жүздей адам сыяды; орындықтардың арқасы биік, үй шағын әрі аласа және төбесінде қарағай тақтайшадан жасалған жіңішке жәшік секілді бір нәрсе бар — қоңырау соғатын жер. Есік алдында Том өз жолдастарынан қалды да, жексенбілік киім киген бір танысына:
— Билли, сенде сары билет бар ма? — деді.
— Бар.
— Оның орнына нені қалайсың?
— Не бересің?
— Балық аулайтын қармақ пен тәтті беремін.
— Көрсет.
Том көрсетті. Бәрі дұрыс; заттар бір қолдан екінші қолға өтіп жатты. Содан кейін Том екі ақ шарды үш қызыл билетке айырбастады және екі көк билетті алып, орнына ұсақ-түйек бірдеңелерді бере салды. Ол ішке кіріп келе жатқан балаларды аңдып тұрды да, олардан түрлі-түсті билеттерді сатып алды. Бұл сауда он-он бес минут уақыт алды. Сосын ол тап-тұйнақтай киінген, улап-шулаған балалардың тобымен бірге шіркеуге кіріп, өзінің орнына жайғасты да, сол бойда бір баламен дауласа кетті. Жасамыс, орнықты мұғалім араласты; алайда мұғалім айнала бергенде, Том алдыңғы қатарда отырған баланың шашынан тартып қалды да, анау артына бұрылып қарағанша, бұл кітапқа үңіліп үлгерді. Бір минуттан кейін басқа баланы түйреуішпен түртті, себебі ол баланың "ай!" деп айқай салғанын естігісі келді. Сол бойда мұғалімнен тағы бір ескерту алды. Бұл класс таңдап алғандай шетінен сотқар, тынымсыз, шулап отыратын. Балалар сабақ айта бастағанда, Інжілдің өлеңдерін дұрыс жаттаған ешкім жоқ болып шықты, ылғи мұғалім түзетіп айтып тұрды.
Қалай болғанда да, әйтеуір әрең деп сабақ та бітті-ау, сонан соң әр бала сыйлық алды -Інжілдің өлеңдері жазылған шағын көк билет: көк билет Інжілдің екі өлеңін жаттағаны үшін. Ал он көк билетті бір қызыл билетке ауыстыруға болады; он қызыл билет бір сары билетке тең; ал, он сары билет үшін мектеп директоры оқушыға мұқабасы жай қағаздан жасалған Інжіл кітабын берді. (Ол Інжіл бар-жоғы қырық цент тұратын). Менің оқырмандарымның атақты Доре безендірген тамаша Інжілдің екі мың өлеңін жаттауға күші де, шыдамы да жетер ме екен? Мери осы тәсілмен екі жылғы еңбегінің арқасында екі Інжіл кітабын сыйлыққа алды. Ал, неміс отбасының бір баласы тіпті төрт пе, бес пе — қасиетті кітап алған. Ол бала бір күні үш мың өлеңді мүдірмей жатқа соққаны бар; алайда ақыл-ой қабілетіне мұндай салмақ түсірудің тым қауіптілігі сондай, сол күннен бастап әлгі неміс баласының есі ауысты — мектеп үшін бұл үлкен бақытсыздық, өйткені бұрын салтанатты жиындарда директор әдетте ол баланы, Томның айтуынша, "тілімен сайрауға" ортаға шақыратын. Басқа шәкірттердің ішінде тек ересектері ғана өздерінің билеттерін сақтайды және мектеп директорының қолынан Інжіл кітабын алу үшін адамды жалықтыратын жаттаумен ұзақ айналысады — бұл сыйлықты алу сирек және құрметті оқиға болатын. Інжілге қолы жеткен шәкірт сол күні атақты болып шыға келеді. Өзге шәкірттердің жүректері кем дегенде екі жұма бойы атақты баланың ізімен жүргілері келетінін қалайтыны рас. Томның ақыл асқазаны мұндай "тамаққа" ұмтылған емес, бірақ оның жан дүниесінің даңққа, Інжілді алу үстінде жарқырап көрінуге құштар екендігіне күмәндануға болмайды.
Дәл айтылған мерзімде директор мінберге шықты. Оның қолында дұға кітабы, беті жабық. Директордың сұқ саусағы кітап беттерінің арасына қыстырылған. Ол өзінің сөзін шәкірттердің ерекше ықыласпен тыңдауларын бұйырды. Жексенбілік мектептің директоры әдеттегі қысқаша кіріспе сөзін айтқанда, дұға кітабы ылғи қолында болады, жеке әншілер де сахнада қолдарына нота жазылған дәптерді ұстап тұрады ғой — бірақ бұл екеуінің кітапты, нотаны неге ұстап тұратындары түсініксіз, себебі директор кітаптың бетіне, әнші нотаға қарамайды.
Директор отыз бестер шамасындағы, қызғылт-сары шашы қиылған, ешкі сақал кісі еді; крахмалмен қатып қалған тіп-тік жағасының шеті оның құлағына сәл-ақ жетпей тұр, ал жағаның сүйір бұрыштары аузының тұсында сол қисайып тұр, оның жан-жағына бұрылмай тек тура алдына қарауы үшін жасалған шарбаққа ұқсайды. Иегінің астыңғы жағына қойған тіреу секілді жалпақ галстугын бейне жан-жағын шашақтаған банк билеті дерсің; шұлығын етігінің қонышының сыртына, сол кездің сән үлгісі бойынша, жоғары қарай қайырып қойыпты, жастар қабырғаның жанында сағаттап отырып, аяқ киімдерінің шұлығын жабыстыра ұстап әуреге түсетін.
Уолтерс мырзаның бет әлпеті байсалды, жүрегі таза, шынайы болатын; қасиетті заттар мен киелі орындарға ол ерекше сезіммен қарайтын, оларды күнделікті тірліктегі ұсақ-түйектен бөліп, құрмет тұтатын. Жексенбілік мектепке келіп сөйлегенде, оның үнінен әдеттегі әуен емес, басқаша ноталар пайда болатын. Ол өз сөзін мынандай сөздермен бастады:
— Енді, балақайлар, сіздерден екі-үш минут тыныш және тік отырып менің сөзімді мұқият тыңдауды өтінер едім. Міне, осылай! Барлық тәрбиелі балалар өздерін осылай ұстауға тиіс. Бір кішкене қыз бала терезеге қадала қарап отыр, шамасы мені ағаштың бұтағына қонақтаған құстарға сөйлеп тұр деп елестететін болуы керек. (Қоштап шиқылдаған күлкі). Мынау қасиетті қабырғаларда мейірім мен адалдықты үйрену үшін келіп отырған беттері тап-таза және көңілді осынша балаларды көру мен үшін үлкен қуаныш.
Және осылай тағысын тағылар. Қалғанын айта берудің жөні жоқ. Директордың сөзі түгелімен әзір үлгі бойынша құрастырылған және ол ешқашан өзгермейді — яғни, бәрімізге не айтатыны белгілі. Ол сөздің соңғы бөлігі ұрыншақ балалардың сарт-сұрт төбелесіне көміліп қалды. Басқа да көңіл көтерер оқиғалар болып жатты. Балалар қозғалақтап, сыбырласып, дабырласып кетті, олардың әңгіме, қылықтары, тіпті Мери мен Сид секілді қимылдамайтын жалғыз-жалғыз жартастарға да жан бітірді. Директордың даусы бәсеңдеп, сөзінің аяғына жеткенде бөлмедегі әңгіме су сепкендей басылды да, үнсіз алғыстың жарылысымен ұласты.
Балалардың сыбыр-күбірінің күшеюіне тағы бір себеп — қонақтардың алдының көрінуі еді: қасында маужыраған қария бар адвокат Тэчер кіріп келді. Оның соңынан қырма сақалы бурыл тартқан орта жастағы біреу және толық денелі әйел кірді, шамасы, алдыңғының жұбайы болса керек. Әйел кішкене қыз баланы қолынан жетелеп келеді. Том орнында отыра алмай тыпыршып бір нәрсеге ренжіп, толқып отыр. Оны ары мазалауда. Эмми Лоренстің көзіне қарауға шамасы жоқ, қыздың нәзік те мөлдіреген көз қарасы мұның жанын қинады. Алайда есіктен кірген қыз баланы көргенде жан дүниесі рахатқа бөленді. Ол сөйткенше болмай бар күшімен көзге түсуге тырысып бақты, балалардың шашынан тартып, бет-аузын қисаңдатып, бір сөзбен айтқанда, өнердің неше түрін көрсетіп, жаңағы қызды қызықтыруға күш салды. Оның шаттығын бұзған бір жай болды: ол періштенің терезесінің алдында жатып көрген қорлығы ойына түсіп кетті; бірақ ол оқиға құм бетіндегі іздей бұлдырап, ақыры Томның жан әлемін баурап, ләззатты сезімнің толқынына көміліп қалды.
Қонақтарды ең құрметті орындарға отырғызысты және Фолтерс мырза сөзін аяқтасымен келгендерді оқушыларға таныстырды.
Орта жастағы ер адам көрнекті тұлға екен — округтік сот болып шықты. Мұндай жоғары мәртебелі қызметкерді балалар ешқашан көрген емес; оған қарап отырып, балалар бұл кісі қандай материалдан жасалған деп іштей өздеріне сұрақ қойды және ол қалай ырылдайтынын естігілері келіп жандары шыға жаздап отыр. Ол осы жерден жиырма миль жердегі Константинопльден келіпті; демек, көп жерлерде болған, дүниені түгел аралаған адам; ол, жұрттың айтуы бойынша, төбесі цинкпен қапталған соттың үйін өз көзімен көрді. Осы ойларды ынтыға тыңдап, өсерінен бүкіл класта тыныштық орнады. Бұл кісі осы қалашықта тұратын адвокаттың туған ағасы Тэчер деген мәртебелі сот екен. Джефф Тэчер деген оқушы сол бойда алға шығып, мына ұлы адаммен жақын таныс екендігін білдіріп, бүкіл класты қызықтырды. Егер ол өз жолдастарының сыбырласа сөйлескендерін естісе, оған ғажайып әуендей әсер етер еді.
— Қарашы, Джим, ол ана кісіге бара жатыр!
— Қарасайшы-ей! Қолын алайын дей ме? Қара! Шын айтам, қол алысып амандасқалы жатыр! Сәлемдесіп тұр! Ого-го-го! Сенің Джефф болғың келіп кеткен болар, ә?
Уолтерс мырза өзінше мақтана сөйлеп, кеңестері мен бұйрықтарын әрбір қызметкерге қардай боратты. Кітапханашы да кітаптарды құшақтаған беті ерсілі-қарсылы жүгіріп, оның үстіне асыға сөйлеп, жұрттың көңілін аударуда. Жас мұғалім әйелдер көзге түсуге тырысып, осыған дейін құлақтарынан бұраған балаларға күлімсірей еркелетіп қамқор бола қалған кейіп көрсетіп жүр. Жас ер мұғалімдер өздерінің "мықтылықтарын" кейбіреулерге ескерту жасап, енді біреуге сөгіс беріп, тәртіпті реттеумен көлбеңдейді.
Екі нәсілдің де мұғалімдеріне мінбермен қатар тұрған кітап сөресінен бір нәрсе бір мезгілде керек бола қалды. Олар түрлері өзгеріп, әлсін-әлсін кітап сөресіне жүгіреді. Қыздар өз кезегінде белсенділік көрсеткен болады, ал ер балалардың ықылас-ынтасы сонша, залдың іші әскери бұйрық әсерінен тәртіп орнап, шарға толып кетті.
Осы көріністің биігінде, креслода отырып, соттың күлімсіреген түрімен мектептің әр қабырғасына көз жүгірткен ұлы адамның тұлғасы тұр. Уолтерс мырзаға бір ғана нәрсе жетпей тұрғандай: ол рахат сезімге бөлену үшін мәртебелі қонақтарға инабаттылықтың ғажап үлгісін көрсетіп, бір шәкіртке Інжіл кітабын тапсыруды армандайды. Бірақ шәкірттердің бірен-сараны бірнеше сары түсті билеттерді жинағанмен, Інжілді оған сыйлау үшін бұл жеткіліксіз. Уолтерс мырза барлық озат шәкірттерден сабақ сұраған. Ол неміс баласының ақыл-есі қайта оралуы үшін бүкіл әлемді беруге дайын.
Міне, директордың үміті үзіліп, көңілі түскен дәл осы сәтте алға Том Сойер шықты және толған билеттерді көрсете бастады: тоғыз сары билет, тоғыз қызыл және он көк билетті ұсынып, Інжіл кітабын сыйлыққа бұған беруді талап етіп тұр! Бұл нағыз бұлтсыз күні аспаннан найзағай түскенмен бірдей оқиға болды. Уолтер мырза Сойерден ештеңе шықпайтынын баяғыда-ақ білген және ол жуықтағы он жылда Томға Інжіл кітабының тимейтініне сенімді болатын. Алайда көзбен көріп, қолға ұстап тұрғанда қарсы дау айту мүмкін емес: мөр басылған түбіртектері мынау, яғни осыған сай ақы төлеу керек. Томды сот және сол секілді таңдаулылар отырған жоғары мінберге шығарды, сонан соң басшылықтың өзі ұлы жаңалықты жариялады. Бұл бір ғажайып оқиға болды. Соңғы он жылда мектеп мұндай тосын сый-құрметті көрген емес; бұл көрініс жұрттың бәрін таңдандырғаны сондай, жаңа кейіпкер атақты сотпен бірдей биіктікке көтерілді де, мектеп бір емес, екі ғажайып кейіпкерге қарады. Ер балалардың бәрі қызғаныштан жарыла жаздап отыр, бәрінен бұрын азап шеккендер Томға өткенде шарбақ сырлаған кезде өздерінің осынша билетті сатып, оның осындай табысқа жетуіне өздері көмектескенін енді ғана түсініп, іштері өртенді. Олар өздерін жыландай арбаған мына оңбағанның бұлардың бастарын оп-оңай айналдырып алғаны үшін өз-өздерін жек көрді.
Директор осы сәттегі өзіне тән салтанатпен Томға Інжілді тапсырды, бірақ оның сөзінде ерекше ықыласты сезім жоқ — жасырын бір құпия бар-ау деген ой директор байғұстың әбден мазасын алды: өйткені ақылы кем алаңғасар бұл бала басының қоймасына Інжілдегі екі мың даналық өсиетті жинақтады деу барып тұрған ақымақтық болар еді.
Эмми Лоренс бақытты сезім мен мақтаныштан жарыла жаздап отыр. Ол Томның өзіне көз салып, қуанышын көруі үшін түрлі қимылдар істеп баққанмен, Том ол жаққа қарамады. Қызға бұл түсініксіз болды, сонан соң сәл-пәл қауіптене бастады; ол Томнан көзін алмай қарады да, көп нәрсені түсінгендей болды, жүрегі жараланды; қызғанды, ашуланды, жылады, дүниенің бәрін жек көріп кетті. Бәрінен Томды енді көрместей болып жек көрді.
Томды соттың алдына әкеліп таныстырды, бірақ бейшара баланың тілі тамағына жабысып, тынысы тарылды және жүрегі де тынымсыз секірді — мына кісінің ұлылығы алдында қорыққаннан, ең бастысы, соттың қыздың әкесі екендігінен. Том бұл жерде қараңғы болса, ол кісінің алдында тізерлеп сәлем берер еді. Сот Томның басынан сипап, есімін сұрады. Том тұтығып қалды. Аузын әрең ашып:
— Том, — деді.
— О, жоқ, Том емес қой...
— Томас.
— Міне, осылай. Сенің есіміңнің ұзағырақ екенін білгенмін. Жақсы, жақсы! Дегенмен сенің фамилияң бар ғой, әрине; сен маған айтасың ғой, солай емес пе?
— Мырзаға фамилияңды айт, Томас, — деп сөзге Уолтерс араласты. — Жасы өзіңнен үлкен адамдармен сөйлескенде "мырза" деген сөзді қосып айтуды ұмытпа. Қоғамда адам өзін ұстай білуі керек.
— Томас Сойэр... мырза.
— Міне, осылай! Жарайсың! Керемет бала!
Екі мың өлең — өте көп, өте, өте көп! Және сен бәрін жаттап осынша еңбектенгеніңе ешқашан өкінбейсің, өйткені дүниедегі ең маңызды нәрсе — білім. Адамды ұлы да мейірімді ететін сол ғана. Томас, сен бір кезде ұлы адам боласың, сонда өзіңнің жүрген жолыңа қарап, айтасың: "Осының бәрі бала күнімде баға жетпес жексенбілік мектепке барғанымның арқасы; осы дәрежемнің бәрі үшін маған кітаппен қалай жұмыс жасау керектігін үйреткен менің қымбатты ұстаздарыма қарыздармын, осының бәрі үшін мені аялап әлпештеген, өзімнің меншікті Інжіл кітабым болуы үшін оны маған сыйлаған мейірімді директорға қарыздармын; осының бәрі маған дұрыс тәрбие бергендерінен".
Осылай дейсің, Томас, сен, әрине, інжілдік екі мың өлең үшін ешқандай ақша алмайсың. Ешқашан, ешқандай! Ал, енді өзіңнің жаттағаныңнан маған және мына ханымға айтып беруге келісесің бе, — сенің қарсылық білдірмейтініңді білемін, себебі біз оқуды жақсы көретін балаларды мақтан етеміз. Он екі сахабаның аттарын сен, әрине, жақсы білесің? Білмегенде ше! Алдыңғы екеуінің есімін атайсың ба?
Том ілгегін шұқып, соттың жүзіне сүлесоқ қарап тұр. Сосын қып-қызыл болып кетті де, төмен қарады. Уолтерс мырзаның жүрегі тоқтап қала жаздады. "Ең жеңіл сұраққа да жауап беретін түрі жоқ, — деді өзіне өзі, — сот неге бұған сұрақ қойды?" Дегенмен ол сөзге араласу міндетім деп ұқты:
— Мырзаға жауап бер, Томас, қорықпа! — деді.
Том аяқтарын қозғап қойды.
— Маған сен айтып бересің ғой, — деп ханым сөзге араласты. — Христостың алдыңғы екі шәкіртінің аты...
— Давид және Голиаф ...
Жанашырлық шымылдығын осы жерде жапқанымыз дұрыс шығар.
Бесінші тарау
ТІСТЕУІК ҚОҢЫЗ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫ
Ертеңгі сағат он жарымда кішкене шіркеудің қоңырауы соғылды да, таңғы намазға, уағыз тыңдауға жұрт жинала бастады. Жексенбілік мектептің оқушылары шіркеу үйінің әр жерінде ата-аналарының көз алдында болу үшін солардың орындықтарына отырып алыпты. Міне, Полли апай келді; Том, Сид және Мери оның жанына жайғасты, Томды ашық терезеге қарап, көшедегі болып жатқан оқиғаларға алаңдамас үшін шеткерірек отырғызысты.
Құдайға құлшылық етушілер топырлап, бос жердің бәрін толтырды. Мынау талай тамаша күндерді басынан кешірген кедей пошташы; міне, қаланың мэрі мен оның жұбайы -қаладағы керексіздердің ішінде олар да бар болатын; мынау сот; әдемі, мейірімді, жақсы киінген қырықтар шамасындағы сұлу келіншек — жесір әйел Дуглас: биіктеу төбешіктегі оның үйі үй емес, қалашықтағы нағыз алтын сарай; оған қоса бұл үйде Санкт-Петербург мақтанатындай салтанатты той-думандар өтеді. Міне, мықырайған майор Уорд пен оның жұбайы. Мынау жаңадан пайда болған, алыс қаладан келген ақтаушы Риверсон; соңынан жалаңаш денесіне ленталар ораған сұлу қыздар тобы ерген жергілікті ару; ұсақ қызметкерлер, хатшылар бәрінің соңынан келді; осы қалашықтағы ғажап нәсіл десе естері шығатындардың бәрі ақымақ адамдай күлімдеп, таяқтарын сорған күйі қыздардың ең соңғысына дейін оларды көздерімен ішіп-жеп тұр. Ең соңында анасын шыныдан жасалған нәрседей қамқорлап, қорғап жүретін өнегелі перзент Вилли Меферсон келді.
Ол анасын ылғи шіркеуге апаратын және мұны көрген қарт әйелдер Виллиді мақтап аспанға көтеретін. Ал балалардың бәрі осындай тәрбиелілігі, ең бастысы, ата-аналары оны бұларға үлгі етіп, әбден мазаны кетіретіндері үшін өлердей жек көрді. Жексенбі сайын оның артқы қалтасынан аппақ қол орамалдың шеті көрініп тұратын (қазір де солай). Томның ешқашан қол орамалы болып көрген емес және ол қол орамалы бар балаларды оңбаған сәнқойлар деп жек көретін.
Шіркеу халыққа толғанда, кешіккендерге ескерту үшін тағы қоңырау соғылды, сонан соң шіркеу ішінде оқта-текте хор әншілерінің күлкісі естілгені болмаса, салтанатты тыныштық орнады. Шіркеуде жұмыс басталған кезде әншілердің сыбырласып, күлісетін әдеті. Бір шіркеуде өздерін мәдениетті ұстаған әншілерді көргенім бар, бірақ қай жерде екенін ұмыттым. Одан бері коп жылдар өтті, көргенімнің көбі есімде қалмапты; мұның бәрі басқа елде болды ғой деймін.
Діни қызметкер гимннің атын айтты да, бұл жақтың әдеті бойынша, дауысын көтеріп, өзі оқи бастады. Ол әуелі орта ноталардан бастады, сосын кібіртіктеп, сүрініп барып жоғары нотаға көтерілді де, кенеттен трамплиннен басын төмен ұстап суға секіргендей болды.
Бұл діни қызметкерді жұрт Інжіл жырларын тамаша оқиды деп есептейтін. Шіркеудің жиындарында ғибадат етушілер Інжіл жырларын көркем оқып беруді одан өтінетін, ол оқып болған кезде әйелдер қолдарын көкке көтеріп, сонан соң тізелеріне түсіріп, бастарын шайқайтын, көздерін алартып: "Біздің ризашылық сезімімізді ешқандай сөз жеткізе алмайды: бұл өте тамаша, біздің күнәкар жеріміз үшін бұл өте ғажайып!" — деп айтқылары келетін.
Гимн айтылып болғаннан кейін құрметті Спрэг мырза жергілікті хабарландыру тақтасына айналды да, жақын күндерде болатын діни әңгімелер, жиындар және басқа ұсақ-түйектер жайлы бүге-шігесіне дейін тәптіштеп хабарлай бастағанда, жиналған халыққа бұл тізім ақырзаманға дейін созылатындай тым ұзақ көрінді — осы әдет (шіркеуде хабарландыруды айту) Америкада, тіпті үлкен қалаларда да шығып жатқан сансыз газеттерде жариялауға мүмкіндік болса да, әлі күнге жалғасып келеді. Осындай жағдайлар жиі болып тұрады: тіптен қажетсіз әдет, дәстүрлерден арылу қатып қалған заң секілді тым қиын.
Сонан соң діни қызметкер намаз оқуға кірісті. Бұл —өмірдің барлық ірі-ұсақ қалтарыстарын да қамтитын жақсы намаз: осы маған ғибадатхана, оған келетін балалар жайлы; сондай-ақ қалашықтағы басқа да шіркеулер; осы қалашық жайлы; округ пен штат, олардың шенеуніктері, Құрама Штаттар және бүкіл елдегі шіркеулер; Конгресс пен Президент те ұмытылған жоқ; еуропалық монархтар, шығыс алпауыттарының илеуінен зарлаған халықтар, жиі дауылдарға ұрынған бейшара теңізшілер; жырақтардағы теңіз аралдарын мекендеген пұтқа табынушылар жайлы — осының бәрі ең соңында жалынып, жалбарынып, діни қызметкер айтқан тілектердің бәрі Жаратушы отырған таққа жетіп, құнарлы топыраққа себілген дәндей мол өнімін бергей деп, әминмен аяқталды.
Көйлектердің сыбдырлағаны естілді — намаз кезінде түрегеліп тұрған келушілер енді орындықтарға жайғасты. Біз осы кітапта өмірбаянын айтып отырған бала намаздан ләззат алып көрген емес —ол мұның бәрін кезекті іш пыстыратын жиын деп қабылдады және бар күшін салып аяғына дейін шыдауға тырысты. Ол бір орында отыра алмады: намаздың мағынасы оның миына кіріп-шықпады, тек уағызшының жүретін жолы мен айтып тұрған өсиет-намазы нешінші пунктқа жеткенін санады. Бірақ уағызшы өсиетке өз жанынан бір сөз қоса қалса, Том мұны оңбағандық деп қабылдайтын. Құдайға табыну жүріп жатқан кезде алдыңғы орындықтың арқасына бір шыбын қонды. Сол шыбын оны әбден азаптады: көз алдында отырып алып, алдыңғы аяғымен басын сипағаны сонша, басы денесінен бөлініп қала жаздады; сонан соң артқы аяқтарымен қанаттарын шұқып тазалады; осылайша — оған еш қауіп төніп тұрмағандай жаймен рахаттана жуынып-шайынып болды. Шынында да оған төніп тұрған қауіп жоқ еді, өйткені Томның шыбынға бас салғысы келіп, қолы қышығанмен, шіркеуде құлшылық ету жүріп жатқанда батылы бармады, себебі онда бұл өзін мәңгіге құртар еді. Бірақ уағызшы соңғы сөзін айтып болуы мұң екен, Томның қолы өзінен-өзі алға қарай жасырына ұмтылып, "әмин" деген сөз айтылған сәтте шыбын да тұтқынға түсіп үлгерді. Алайда апайы байқап қалды да, шыбынды босаттырды.
Уағызшы Інжілден үзінді айтты және ызыңдаған дауысымен Өсиетті бастады; өсиеттің жалықтырғаны сонша, жұрттың бәрі дерлік әңгіме мәңгілік от, қайнап жатқан күкірт жайлы болса да, ал рахатқа бөленетін күнәсіз таңдаулылардың саны тым аз (оларды құтқарудың керегі жоқ) болғанына қарамай, танауларымен жер шұқылағандай салбырап кетті. Том өсиеттің беттерін санады: ол ылғи шіркеуден шыға бере өсиет неше беттен тұратынын айта алатын, алайда оның мазмұнынан хабарсыз болатын.
Дегенмен бұл жолы бір жай оны қызықтырды. Уағызшы ғажайып суреттеді: бүкіл дүние жүзінің діни ақылгөйлері жұмаққа жиналады, арыстан лақпен қатар жатады және оларды кішкентай сәби ертіп әкетеді. Бұл көріністің мән-мағынасы Томға ешқандай әсер етпеді; тек жер шарының халықтары алдында кішкентай баланың тағдыры не болатыны қызықтырды; оның көзі жайнап, егер арыстан қолға үйренген болса, мен сол бала болар едім деді өзіне өзі.
Алайда осы жерде тағы құр мылжың басталып кетті де, Томның азабы қайта басталды. Кенет оның ойына қалтасындағы қазына түсті де, қолына алғанша асықты. Бұл жақ сүйегі үлкен де қорқынышты қара қоңыз болатын, оны Том "Тістеуік қоңыз" деп атады. Қоңызды пистон салатын қорапшаның ішіне тыққан болатын. Том қорапшаны аша бергенде, қоңыз оның саусағына жармасты. Қоңыз шіркеу орындықтарының арасындағы жолға лақтырылғаны түсінікті жай, ал Том тістелген саусағын аузына сұқты. Қоңыз шалқасынан түсті де, дәрменсіз тырбаңдап, аударыла алмай жатыр. Том оған қарап қайтадан ұстағысы келгенмен, қоңыз алыста еді. Есесіне ол өсиетке немқұрайды қарайтын басқаларға ермек болды. Сол сәтте шіркеуге шілденің ыстығынан қалжырап тымсырайған ит кірді: есігі жабық итқораның ішінде отырып-отырып жалыққан оған ермек ететін оқиғалар керек еді. Оның қоңызға көзі түсуі мұң екен, салбыраған құйрығы көтеріліп былғаңдай бастады. Ит өзінің олжасын көріп айналып өтті де, жырақ тұрып иіскеледі; сосын тағы бір айналып шықты; енді батылырақ қимылдап, қоңызға жақындады да, иіскеп тісін ақситты, ұстағысы келіп еді — дәл тістей алмады; тағы да тырысып көрді, етпетінен жатып еді, қоңыз алдыңғы екі аяғының арасында қалды, ол өзінің тәжірибесін жалғастыра берді. Ол сосын жалығып кетті, енді қоңызға көңіл аудармады да, тұмсығының ұшымен оны түрткілей бастады; басын төмен салбыратып еді, төменгі жақ сүйегі дұшпанға тиісіп кетті, ол пудельдің тұмсығына жармаса кетті. Пудель ырылдап басын шайқағанда, қоңыз екі қадамдай жерге ұшып кетті де, тағы шалқасынан құлады. Оған жақын отырғандардың дыбыссыз күлкіден иықтары селкілдейді; бірқатары бет-жүзін қол орамалдың тасасына жасырып отыр, ал Том осы сәтте өзін шексіз бақытты сезінді. Итте күй жоқ — шамасы өзін ақымақ сезінді білем, бірақ оның өкпелегені сонша, жүрегі шаншып, әлгі қоңыздан өшін алғысы келді.
Ол сондықтан қоңызға еппен жақындап, шабуылдай бастады: оның жан-жағынан тап беріп, тістерін қайрады және басын шайқағанда құлақтары жалпылдады. Бірақ ақыр аяғында пудель бұдан да жалықты, сосын ол шыбынды ермек ете бастады, алайда оның қызықтыратын ештеңесі жоқ екен; ол енді тұмсығымен еденді сүзіп, құмырсқаның соңынан жүріп көріп еді, ол да жалықтырды; ол есінеп, күрсіне демалды да, қоңызды да ұмытып, оның үстіне рахаттана отырды! Сүйткенше болмай, бірдеме ызылдап еді, пудель адам жүретін жолмен тынбай қыңсылаған күйі зыр қағып шіркеудің ішінде ілгерілі-кейінді жүгірді, қарсы беттегі есікке барды, одан кері жүгірген сайын жаны онан сайын қатты қинала түсті. Есі кетіп азаптанған ол өзінің иесінің алдына секіріп еді, ол пудельді терезеден лақтырып жіберді, сарнап қыңсылаған дауыс бірте-бірте жай естіле бастады да, ақырында үнсіздікпен аяқталды.
Бұл кезде шіркеудің ішіндегілер бет-әлпеттері сұп-сұр болып, күлкіден тұншығып отырды. Тіпті өсиеттің өзі де қасаңси бастағандай. Әрине, ол әрі қарай сүрініп-қабынып, ақсаңдап жалғаса берді, ал оның мәні мен мазмұны туралы ойлап әсер алып отырған жан жоқ. Шіркеу орындықтарының арқасына беттерін жасырып, келушілер күлкіден жарыла жаздап уағызшының салтанатты және қайғылы өсиеттерін тыңдаған кейіп көрсетуде.
Ақыры ең соңғы "әмин" айтылған кезде азаптан құтылған ел демдерін бір алды.
Том Сойер үйге қарай көңілді келе жатты; ол өзі жайлы ойлады, шіркеуде ғибадат ету де соншалық іш пыстырмайды, егер оған кейбір өзгерістер енгізсе. Оның қуанышына бір нәрсе көлеңке түсірді: бағанағы пудельдің мұның қоңызымен ойнағаны керемет болды, бірақ оңбаған күшіктің ол қоңызды біржолата алып кеткені несі? Бұл арсыздық қой расында.
Алтыншы тарау
ТОМ БЕККИМЕН ТАНЫСТЫ
Дүйсенбі күні таңертең ұйқыдан оянғанда Том өзін соншалық бақытсыз сезінді. Дүйсенбі күні таңертең ол ылғи да өзін барып тұрған бақытсыз сезінетін әдеті, өйткені мектептегі апта бойы көретін азап осы күннен басталады. Сонда ол өмірде ешқашан жексенбі болмағанын тіледі, өйткені аз уақыт еркіндіктен кейін қараңғылыққа қайта оралу тіпті, ауыр.
Том жатып алып ойлады. Кенет оның басына жарқ етіп бір ой келе қалды — ауырып қалса, қандай жақсы болар еді, ол сонда үйде қалады, мектепке бармайды. Бұл үміт онша сенімді емес, алайда неге тырысып көрмеске! Ол өзінің дене мүшелерін зерттей бастады. Еш жері ауырмайды, ол тағы да тұла бойын сипап көрді. Бұл жолы оның іші ауырған сияқты болды және ол ауырғаны күшейе түседі деп үміттене қуанды. Алайда керісінше, сол бойда-ақ ауруы біржола жоғалды. Том әрі қарай ойланды. Кенет ол бір тісі қисаңдап тұрғанын білді. Бұл үлкен олжа еді, ол ыңқылдай бастады да, сол бойда тоқтай қалды, егер ол тісі туралы аузына алса болды, апайы сол бойда тісті жұлып тастайды — ал, ол жаныңды алатындай қиын. Ол сондықтан тісті кейінге қоя тұрып, басқа бірдеңе ойлап табу керек деп шешті. Қапелімде ойына ештеңе орала қоймады; сонан соң оның ойына дәрігердің сырқат адамды екі-үш апта бойы төсекке жатқызатын және башпайды кесіп тастау қаупі болатын бір ауру туралы айтқаны есіне түсті. Бала үмітпен жайманың астынан аяғын суырып алып, үлкен башпайын зерттей бастады. Дәрігер айтқан аурудың қандай белгілері болатынынан бұл хабарсыз. Дегенмен Сид ұйықтап жатқан, мұның ыңыранған дауысын ести қоймады.
Том дауысын қаттырақ шығарып ыңқылдады, сол кезде башпайы, шынында да, ауырып тұрғандай көрінді.
Сидтен дыбыс шықпайды.
Томның тырысқаны соншалық, ентігіп кетті. Сәл демалып алды да, аузына ауаны толтыра жұтып, сосын қатты ыңырсыған адамға ұқсап дыбыс шығарды.
Сид әлі қорылдап жатыр.
Томның ызасы келді. Ол: "Сид! Сид!" — деп ұйқыдағы баланы жаймен қозғады. Бұл әдіс нәтижесін берді, Том тағы сарнай бастады. Сид есінеп керіліп алды да, шынтағына сүйеніп кеудесін көтерді, сосын пысқырынып Томға шүйілді. Том ыңқылға басып жатыр.
— Том! Тыңдашы, Том! — деді Сид. Жауап жоқ.
— Том, естисің бе? Том! Саған не болды, Том?
Сид өз кезегінде ағасын жұлқылап оның бетіне қорқынышпен қарады.
Том ыңыранып:
— Мазамды алмашы, Сид! Жұлқылама! — деді.
— Не болды саған, Том? Мен барып тәтемді шақырып келейін.
— Жоқ, керек емес. Мүмкін қазір басылар. Ешкімді шақырма. Керек емес.
— Жоқ, жоқ, шақыру керек! Кісі қорқатындай ыңыранбашы! Қашаннан бері ауырдың?
— Бірнеше сағат болды. Ой! Құдай ақы, қозғалмашы, Сид! Сен өлтіресің мені.
— Мені неге ертерек оятпадың, Том? Ой, Том, ыңқылдамашы! Сенің ыңыранған даусыңнан денем түршігеді. Қай жерің ауырады?
— Мен сені кешірдім, Сид! (Ыңқыл). Маған жасағаныңның бәрін кешірдім. Мен өлгесін...
— Том, сен шынымен өлейін деп жатырсың ба? Том, өлмеші... Мүмкін...
— Мен бәріне бәрін кешірдім, Сид (ыңқыл), оларға айт, Сид. Ал бір көзі соқыр мысықты және қорапты біздің қалаға жақында көшіп келген қызға бер, Сид, және оған айт...
Бірақ Сид киіміне жармасты да, есікті сыртынан жапты. Том енді шындап азаптана бастады, оның қиялы керемет нанымды болды және ыңыранғаны да табиғи шықты. Сид баспалдақпен жүгіріп және айқайлап келеді:
— Ой, Полли тәте, тезірек келіңіз! Том өлейін деп жатыр!
— Өлейін деп?
— Иә! Иә! Нені күтіп тұрсыз? Барыңыз тезірек!
— Бос әңгіме! Сенбеймін!
Сонда да ол жанталаса жоғарыға жүгірді. Сид пен Мери оның соңында. Апайдың беті бозарып, еріндері дірілдеп кетті. Томның төсегінің жанына жүгіре басып жетті. Ол әрең сөйледі:
— Том! Том! Саған не болды?
— Ой, тәте, мен...
— Не болды, не болды, балақай?
— Ой, тәте, менің башпайымда гангрена!
Полли апай орындыққа сылқ етіп отыра кетті, әуелі күлді, сосын жылады, сосын бір мезгілде жылап-күлді. Сосын есін жиып:
— Зәремді ұшырдың ғой менің, Том! Енді жетеді: мұндай көзбояушылығыңды тоқтат, бұдан былай көрмейтін болайын!
Ыңқыл басылды және башпайдың ауырғаны да сол сәтте тыйыла қалды.
Том өзін ыңғайсыз жағдайда сезінді.
— Тәте, шынында да, башпайымның жаны кеткен тәрізді болды және сондай ауырып жанымды шығарды, мен тіпті тісімді де ұмытып кеттім.
— Тісімді? Тісіңе не болды?
— Былғаңдап тұр және қатты ауырып шыдатпайды.
— Жарайды, жетеді, жетеді енді, ыңырси берме! Аузыңды ашшы.
Иә, тісің шынында да былғаңдап тұр екен, бірақ одан сен өлмейсің... Мери, жібек жіп әкелші және ас үйден шала әкеле қойшы.
— Тәте, жұлмаңызшы қажеті жоқ, тісімді тартпаңыз қазір тіпті де ауырып тұрған жоқ! Егер ол титтей де ауырып тұрған болса, жерге кіріп кетейін! Апатай, өтінемін, суырмаңызшы! Мен онсыз да мектепке барайын...
— Мектепке барасың ба? Сосын екен ғой! Сен тек сабақтан қашып өзенге барып балық аулау үшін осының бәрін ойлап тапқан екенсің ғой! Эй, Том, Том, мен сені соншалықты жақсы көремін, ал сен менің кәрі жүрегімді оңбаған қылықтарыңмен әбден шаршаттың!
Сөйткенше болмай тісті жұлатын құрал-саймандар да келіп үлгерді. Полли апай жіптің бір ұшын байлап, ауырған тіске кіргізді де, ал екінші ұшын кереуеттің таяқшасына байлады; сосын күйдірілген ағашты ұстап баланың бетіне басып алуға сәл қалды. Сол сәтте тіс таяқшаға байланған жіптің басында салбырап тұрды. Ертеңгі тамақтан соң Том мектепке кетті, көшеде кездескен жолдастарының бәрі оның кетік тістен жаңа әдіспен түкірігін сонадай жерге атқылағанын көргенде естері шығып қызықты. Оның жанына осы көрініске жиналмаған балалар кемде-кем; солардың арасында саусағын жаралап алған бір балаға осыған дейін жұрттың бәрі қызығатын еді, ол түк болмай қалды. Әлгі бала бұған әбден ыза болып, Том Сойерге түкіргенім бар ма деп еді, басқа бір бала: "Сен әлі піспеген жүзімсің!" дегенде, әлгі батырың табанын жалтыратты.
Кешікпей Том жергілікті маскүнемнің ұлы жас қаңғыбас Гекльберри Финмен кездесті. Қаладағы ана атаулының бәрі Гекльберриді өте жек көреді және бір жағынан одан қорқады, себебі, ол еріншек, тәрбие көрмеген, ешқандай міндетті ережені сақтамайтын оңбаған бала. Оның үстіне, олардың балалары түгелдей Гекльберри десе естері шығып еліктейді, онымен бірге жүруді мәртебе көреді.
Мәдениетті отбасынан шыққан басқа балалар секілді Том да қаңғыбас Гекльберриге қызығатын, бұл жалаңаяққа жоламау туралы оған да қатаң тапсырма берілген. Әрине, осы себепке байланысты Том онымен ойнау мүмкіндігін жіберген емес. Гекльберри үлкендердің иығынан түскен ескі-құсқы киімдерді киеді, киімінің бәрі түрлі-түсті дүниелер тамған жалба-жұлба, жел үп етсе, жыртықтың бәрін жел кеулеп жалпылдатады. Басындағы қалпағы үлкен баяғыда құлаған үйдің орны секілді, айналасының сөгілген жиегі салбырап жарты айға ұқсайды; бешпеті Гек әуелі киген кезде тобығына дейін келетін, артқы жағындағы ілгектері арқасынан төмен түскен; шалбарының белін жалғыз жіппен иығынан асырып тартып қойыпты, құйрық жағы бос қап сияқты салпаңдап тұр да, балағын түсті жіппен әдемілеген болыпты және Гек оны қайырмаса, балшыққа былғанатын.
Гекльберри құс секілді еркін, қайда барғысы келсе, сол жерде жүреді. Ауа райы жақсы болса, бөтен үйлердің баспалдағына ұйықтай кетеді, ал жаңбырлы күнде бос бөшкелерге түнейді. Оған мектепке, шіркеуге барудың керегі жоқ, ол ешкімді тыңдауға тиісті емес, оны ешкім бақылап, тексермейді. Балық аулағысы келсе, өзенге барып қармақ салады немесе шомылады, судың ішінде отырғысы келсе қанша отырса да отырады. Төбелескісі келсе, оған ешкім тыйым салмайды. Таңға дейін ұйықтамай жүре алады. Көктемде бірінші болып жалаңаяқ жүретін сол, ал күзде аяқ киімді бәрінің соңынан киеді. Оған жуынудың, таза көйлек киюдің қажеті жоқ, ал ұрсысқанда алдына жан салмайды, тамаша ұрсысады. Бір сөзбен айтқанда, өмірін тамаша ету үшін онда бәрі бар. Санкт-Петербургтегі мәдениетті отбасыларынан шыққан, қол-аяқтарындағы кісеннен әбден қалжыраған "өте тәрбиелі" балалардың бәрі осылай ойлайды.
Том романтикалық қаңғыбасқа сәлем берді:
— Ей, Гекльберри! Амансың ба!
— Өзің де амансың ба, егер...
— Анау не сендегі?
— Өлген мысық.
— Бере тұршы, Гек, көрейін! Қатып қалыпты ғой әбден. Қайдан алдың?
— Бір баладан сатып алдым.
— Не бердің?
— Көк билет және бұқаның қуығы.
Бұқаның қуығын мал соятын жерден алдым.
— Ал, көк билетті қайдан алдың?
— Бен Роджерстен сатып алдым екі апта бұрын... оған дөңгелек сырғанататын таяқша бердім.
— Гек, айтшы өлген мысық неменеге жарайды?
— Қалай неменеге? Сүйелдерді түсіреді.
— Солай ма? Мен одан гөрі тазалау әдісті білем.
— Сен білмейсің! Ал, қандай?
— Шіріген су.
— Шіріген су? Сенің шіріген суыңнан ештеңе шықпайды.
— Ештеңе шықпайды? Сен емдеп көрдің бе?
— Көргенім жоқ. Бірақ Боб Таннер — пайдаланған.
— Саған бұл туралы кім айтты?
— Ол Джефф Тэчерге айтты, ал Джефф Джонни Бейкерге, Джонни Джим Хоккинске айтты, Джим Бен Роджерске айтты, ал Бен бір негрге айтты, негр маған айтты. Сондықтан білем.
— Бұдан не шығады? Бәрі өтірік айтады. Негрден басқасын айтам, мен негрді білмеймін. Бірақ мен өтірік айтпайтын негр көргенім жоқ. Мұның бәрі бос мылжың! Енді сен мынаны айтшы маған, Гек, Боб Таннер сүйелдерін қалай кетірді?
— Жай, былай: қолын шіріген ағаштың жаңбырдың суы жиналған түбіріне салды.
— Күндіз бе?
— Әрине.
— Беті түбірге қарап тұрды ма?
— Енді қалай қарайды?
— Бір нәрселерді айтты ма?
— Ештеңе айтпаған секілді. Оны кім біледі? Білмедім.
— Иә! Сен шіріген сумен сүйелді ақымаққа ұқсап кетіргің келген екен.
Мұндай ақымақтықтан ештеңе шықпайды. Күндіз орманға барып, қай жерде әлгіндей ішіне су тұнған түбір бар екенін белгілеп кету керек те, түн ортасында сол жерге келіп түбірге жауырынын беріп, суға қолын салады да, былай дейді:
Арпа менен шілік су — үнділердің тағамы,
Сүйелдерді мендегі түк қалдырмай алады.
Сонан соң көзді жұмып, тез-тез он бір қадам жасау керек те, үш рет сол жерде айналып, үйіне қайтар жолда ешкімге сөз айтпау керек. Сөйлеп қойдың екен — бәрі құриды: дуа әсерін жояды.
— Иә, тегі бұл дұрыс әдіс болар, бірақ Боб Таннер... сүйелдерін басқа жолмен кетірген.
— Иә, шамасы, олай емес шығар! Себебі оның сүйелдері деген сансыз, біздің қаладағы балалардың арасында сүйелі ең көп Боб Таннер. Ал ол шіріген ағаш түбіріндегі сумен емдеуді білсе, үстінде бір де бір сүйел қалмаған болар еді. Мен осы өлеңді айтып, мыңдаған сүйелді кетіргем — иә, Гек, мына қолдарымнан. Бұрын қолымда қаптаған сүйел болатын, өйткені мен ылғи бақаларды ұстап жүретінмін. Кейде сүйелді бұршақпен кетірем.
— Иә, ол әдіс дұрыс. Мен өзім де көргенмін.
— Қалай?
— Ірі бұршақты алып, екіге бөлесің сосын бір тамшы қан алу үшін өзіңнің сүйеліңді пышақпен кесесің, әлгі бұршақтың бір жартысына қанды жағасың да жерге көміп тастайсың... жолдың түйіскен жеріне жаңа ай туған кезде, ал екінші жартысын өртеп жібересің. Әңгіме мынада, бұршақтың қан жаққан жартысы екінші жартысын өзіне тартады, ал қан сүйелді өзіне тартады да кешікпей сүйел түсіп қалады.
— Дұрыс, Гек, дұрыс, дегенмен егер сен жарты бұршақты жерге көміп тұрып, былай десең:
"Бұршақ, терең жерге кет,
сүйел, қолдан сен де кет,
енді келме ентелеп".
Осылай десең, тіпті күштірек болады. Джо Гарпер сүйелді осылай кетіреді, ол деген бәрін біледі. Болмаған жері жоқ — Кунвильге жете жаздаған. Ал сен өлген мысықпен сүйелді қалай кетіресің?
— Ә, ол былай. Мысықты алып, түн ортасы болмай зиратқа барып, нашар адам жерленген жас моланы табады. Түн ортасында шайтан келеді, мүмкін екеу, не үшеу; бірақ оны сен көрмейсің, олардың сөздерін естисің. Олар өлген адамды сүйреп әкете бергенде, соңдарынан мысықты лақтырасың да: "Шайтан өліктің соңында, мысық-шайтанның, сүйелдер мысықтың соңында, — шаруа бітті, үшеуі де менен кетті!" дейсің. Сонда сүйел болса да, бәрі кетеді.
— Солай шығар. Өзің жасап көрдің бе, Гек?
— Жоқ. Бірақ маған Гопкинс кемпір айтқан.
— Дұрыс қой жұрт оны сиқыр дейді ғой.
— "Дейді ғой!". Мен білетін шығармын. Әкем өзі айтты маған. Әкем өзіне дуа жасағанын көріп, кесек тас алып оған лақтырғанда, анау әрең құтылыпты. Сен білесің бе: сол түні әкем мас күйінде түсінде төсектен құлады және қолын сындырды.
— Құдай сақтасын, қандай әбігершілік! Ал әкең қайдан білді оның дуалағанын?
— Әкем үшін оны білу түк емес. Ол айтады: егер сиқыршы сенен көзін алмай қадалса, яғни сиқырлап отырғаны. Ең жаманы — егер ол күбірлеп сөйлесе, "Жасаған ие" деген дұғаны керісінше оқығаны.
— Айтшы, Гек, сен мысықты қашан сынайсың?
— Бүгін түнде. Менің ойымша, шайтандар осы түнде кәрі күнәһар Вильямсқа келеді.
— Осы сенбіде жерледі ғой, Гек! Сол сенбі күнгі түнде алып кетті ғой!
— Бос әңгіме! Түн ортасына дейін олар алып кете алмайды, ал түн ортасында жексенбілік түнге айналады. Жексенбіде шайтандар жер бетінде көп жүре бермейді.
— Дұрыс, дұрыс. Мен оны ойламаппын.
— Мені өзіңмен бірге апарасың ба?
— Әрине, егер қорықпасаң.
— Қорқамын! Айтасың-ау! Сен мияулап дыбыс беруді ұмытпайсың ба?
— Ұмытпаймын... Егер сен далаға шыққың келсе, өзің де мияулап жауап бер. Өйтпесең, өткен жолы мен мияулап тұрмын, мияулап тұрмын, Гейс шал тас лақтырып: — Шайтан алғыр осы бір мысықты-ай, — деп қояды. Мен кесек лақтырып шалдың терезесін сындырдым — сен аузыңа ие бол, айтып қойма.
— Жарайды. Ол түні мен мияулап жауап бере алмадым: апайым қадағалап отырды, бүгін міндетті түрде мияулаймын... Мынау не сендегі, Гек?
— Жай, әншейін — таскене.
— Оны қайдан тауып алдың?
— Орманнан.
— Неге ауыстырасың?
— Білмеймін. Сатқым келмейді.
— Сатпай-ақ қой! Титімдей ғой өзі.
— Айтасың-ау! Біреудің кенесін жамандау оңай. Ал мен үшін осының өзі жақсы.
— Таскене деген орманда толып жатыр ғой. Зауқым соқса, өзім де мыңдап алар едім.
— Жинауға неге бармайсың? Ә-ә! Ештеңе таба алмайтыныңды біліп тұрсың ғой! Бұл биылғы кенелердің біріншісі.
— Гек, мен саған ол үшін өзімнің тісімді берейін.
— Көрсет.
Том қағазды алып, еппен жайды. Гекльберри қабағын шытып тіске көз салды. Әсері мықты болды. Ақыры:
— Кәдімгі тіс пе? — деп сұрады.
Том үстіңгі ернін түріп, тістің орнын көрсетті.
— Жарайды, — деді Гекльберри. — Яғни қол алысамыз ғой!
Том таскенені кеше ғана қоңыздың түрмесі болған пистонның қорабына салды, екі бала екі жаққа кетті және екеуі де өздерін керемет сезінді. Өзге үйлердің бәрінен оқшау тұрған мектепке жақындағанда, Том сабаққа асығып келе жатқандай тезірек жүрді. Қалпағын іле салды да, өзінің орындығына асығыс беттеді. Мұғалім тақтың үстінде отырғандай биік шетеннен өрілген креслоға жайғасып, кластағы сыбыр-күбір дыбысқа тербелгендей кейіпте. Том көрінгенде, ол ұйқыдан оянғандай:
— Томас Сойер! — деді.
Мұғалім оны толық атымен шақырса, жақсылықтың белгісі емес екенін Том білетін.
— Иә, мырза!
— Мұнда келіңіз! Ал, мырза, сіз бүгін неге кешіктіңіз?
Том өтірікті соғып құтылғысы келіп еді, бірақ дәл осы сәтте ұзын сары бұрым оның көзіне түсе кетті де, махаббат тогының әсерінен оның иесін тани қойды.
Қыздар отырған жақта періштенің жанында әлі бір орын бос екен, осыдан кейін ол:
— Мен Гекльберри Финнмен көшеде әңгімелесіп тұрып қалдым, — деп жауап берді мұғалімге.
Мұғалім таңданғаннан тас мүсіндей отырып қалды да, Томға ыңғайсызданып қарады. Класс тына қалды. Мына батыл бала есінен адасты ма деп оқушылар іштерінен өздеріне сұрақ қойып отыр. Ақыры мұғалім айтты:
— Не... не істедім дейсің?
— Гекльберри Финмен әңгімелесіп көшеде тұрып қалдым!
Бұл сөздің мағынасын түсінбеу мүмкін емес.
— Томас Сойер, мұндай барып тұрған таңқаларлық мойындауды өмірімде естіп отырғаным осы. Мұндай күнә үшін сызғышпен шекеге шұқу аз, қане, күртеңізді шешіңіз!
Мұғалімнің қолы әбден шаршағанша еңбектенді. Шыбықтың дыбысы жіңішкере бастады да, сосын іле бұйрық естілді:
— Енді, мырза, барыңыз да, қыздармен отырыңыз! Және бұл саған сабақ болсын.
Шәкірттер шиқылдап күлді. Бұл Томға бір түрлі есінен айырғандай әсер етті. Алайда оның ыңғайсыздануының себебі басқа еді: ол ғажайып періштенің алдында әбден есі шықты және өзінің бұл табысына азаптана қуанды. Қарағай орындықтың шетіне құйрығын басты.
Қыз танауын көтеріп әрі қарай ығысты. Отырғандардың бәрі сыбырласып, көз қысысып, бір-бірін түрткіледі, бірақ Том ұзын аласа партаға сүйеніп тыныш отырды және бар ынтасымен оқып отырған секілді. Жұрт оған көңіл аударуын қойды да, класс іші ызыңдаған жалықтыратын дыбысқа толды. Бала көзінің астымен көрші қызға қарап-қарап қояды. Ал ол ернін дүрдитіп, теріс қарады. Қыз байқатпай көршісіне қарап еді, сол бойда оның алдында шабдалы жатты. Том, оны жеңіл қимылмен жылжытып қойды. Қыз шабдалыны кері итерді, бірақ жүзінде ешқандай реніш-ашудың ізі жоқ. Том шабдалыны жылдамдықпен алдыңғы орнына қойып еді, қыз да оны енді қозғаған жоқ. Том кішкентай тақтаға: "Өтінемін, алыңызшы — менде тағы бар", — деп жазды. Қыз тақтаға қарағанмен, бет-жүзінде өзгеріс байқалмады. Ол енді тақтаға сурет сала бастады, бірақ оны көрсетпей сол қолымен тасалады. Қыз алғашқыда көңіл бөлмеген болып отырғанмен, соңғы жағынан оның қызығып отырғаны байқалды. Бала ештеңені байқамаған кескінмен суретін сала берді. Қыз байқатпай тақтаға қарағанмен, Том тағы да ештеңе сезбегендей суретін сала берді. Ақырында қыз берілді — батылсыздау сыбырлады:
— Көруге беріңізші!
Том сиықсыздау етіп салған екі қақпасы бар, тұрбасынан түтін шығып жатқан үйдің жартысын көрсетті. Қыз Томның суретіне қызыққаны сондай, қайда отырғанын ұмытып кетті, Том суретін аяқтағанда, — ол суретке көзі түскенде:
— Қандай тамаша! Енді адам салыңыз! — деп сыбырлады.
Суретті есік алдында тұрған ұзындығы суреттегі үйді аттап өтетіндей көтергіш кранға ұқсайтын адамды сала қойды. Қыз онша талап қойған жоқ. Жексұрын адамсымаққа қыз риза болып, тағы сыбырлады:
— Қандай әдемі! Енді мені салыңыз.
Том дөңгелек айдың нұрына бөленген құм сағат салды да, оған жіп-жіңішке етіп қол мен аяқты жалғады және жұп-жуан саусақтарға дәу желпуішті ұстатты.
— Ой, қандай жақсы! — деді қыз. — Мен де сурет салуды үйренсем ғой!
— Ол қиын емес. Мен сізге үйретем.
— Шын ба? Қашан?
— Үлкен үзілісте. Сіз түскі тамаққа үйге барасыз ба?
— Сіз қалсаңыз, мен де қалам.
— Жарайды. Керемет болды! Атыңыз кім?
— Бекки Тэчер. Сіздің есіміңіз? Бірақ мен білемін — Томас Сойер.
— Мені дүрелегілері келгенде солай атайды. Ал, мен өзімді тәртіпті ұстаған кезде Том деседі. Сіз мені Том деңіз. Жарай ма?
— Жарайды.
Том жазғанын Беккиден жасырып, тағы бірдеңе жаза бастады. Қыз енді ұялуды қойып, не жазғанын көрсетуді сұрады.
Том көрсеткісі келмей:
— Рас айтам, мұнда ештеңе де жоқ, — деді.
— Жоқ, бар!
— Жоқ, жоқ, сіздің көргіңіз де келмейді.
— Көргім келеді. Шын айтам. Өтінемін, көрсетіңізші!
— Сіз біреу-міреуге айтасыз.
— Айтпаймын. Шын-шын айтам, айтпаймын.
— Тірі жанға айтпайсыз? Өлгенше?
— Тірі жанға айтпаймын. Көрсетіңізші!
— Сіздің көргіңіз келіп тұрған жоқ қой...
— Ә, солай ма! Ендеше бәрібір көремін!
Ол өзінің кішкентай қолымен Томның қолына жармасты: төбелес басталып кетті. Том өзінше қарсыласқан болғанмен, өзінің қолын ығыстырып еді, ақыры не жазылғаны шыға келді. "Мен сізді сүйемін!".
— Оңбаған! — деді де, қыз оның қолын қаттырақ соғып жіберді, бірақ өзі қызарып кетті, әлгі сөйлемнің оған ұнап қалғаны белгілі болды.
Дәл сол сәтте Том біреудің қолы құлағын жоғары қарай тартып жатқанын сезді. Ол осы күйде кластың ортасымен бүкіл баланың шиқылдаған күлкісіне көміліп өзінің әдеттегі орнына апарылды, содан адамның жаны төзбес шығарардай бірнеше минуттардан кейін мұғалім бір сөз айтпастан баланың төбесінен қарап тұрды да, сосын барып өзінің тағына бет алды. Алайда Том құлағы ауырғаннан өртеніп тұрса да, оның жүрегін шаттық кернеді.
Класс тыныш талғасын, Том шын ниетімен сабаққа кірісуге тырысып еді, бірақ басына ешнәрсе кірмей қойды. Оқу сабағында ол шатасып, сөзден жаңыла берді, жағрафия сабағында көлді тау деп, тауды өзен, ал өзендерді жазық деді, сөйтіп жаратылыс түгелімен алғашқы быт-шыт қалпына келді. Одан кейін айтқан кезде қарапайым сөздердің өзін дұрыс айта алмағасын жақсы жазуы үшін алып, бірнеше ай бойы барлық жолдастарының алдында мақтанып жүрген қалайы медалінен айырылды.
Жетінші тарау
ТАСКЕНЕНІ ҚУУ ЖӘНЕ ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК
Том оқулыққа қаншама зейін салайын десе де, ойлары сан саққа жүгіріп, тұрақтамай-ақ қойды. Ең соңында ол терең дем алып, есінеген күйі босқа тыраштануды тоқтатты. Оған үлкен үзіліс ешқашан болмайтындай көрінді. Ауа өте қапырық, желдің лебі де жоқ. Ұйықтататын күндердің ішіндегі нағыз ұйқы басатын күн болды. Сабақты жаттап ызыңдаған жиырма бес оқушының күбір-сыбыры араның ызылындай гуілдейді. Анау жырақта жарқылдаған Күннің шуағына шағылысып, ыссылықтың мұнарына оранған Кардиф тауының жарқабақтары көрінеді. Аспан астында, биікте, жекелеген құстар қалықтайды; олардан басқа ұйықтап жатқан екі-үш сиыр болмаса, тірі жәндік көрінбейді. Томның жүрегі еркіндікті аңсап аласұрады. Мына іш пыстырған уақытты өлтіру үшін қызықты бірдеңе болса ғой! Ол қалтасын тінтіп еді, кенеттен бет әлпеті өзгеріп, қуаныштан құлпырып сала берді және мұндай бақыт сыйлағаны үшін тәңірге алғыс айтты. Қалтасынан жасырын қимылдап қорапты алды, оның ішінен таскенені шығарып, ұзын тегіс партаның үстіне қойды. Таскене де қуаныштан жарыла жаздап, көктегі жаратушыны алғыстың астына алған болар, бірақ оның қуанышы ертерек болды, өйткені оның кетейін деп ойлағаны сол еді, Том түйреуішпен оны кері қайтарды және басқа бағытқа жүруге мәжбүр етті.
Томның қасында оның өзі секілді қайғыға батып отырған досы бар; ол мынадай ермек табылғанына қуанып бас салды.
Бұл достың есімі Джо Гарпер болатын. Балалар апта бойы дос болып жүріп, сенбіде дұшпандарша төбелесетін. Джо күртесінің омырауынан түйреуіш алып, жолдасына тұтқын таскенені қайырмалауға көмектесе бастады. Барған сайын екеуі бұл спортпен біраз айналысты. Ақыры аяғында Том біз бір-бірімізге кесел келтіріп отырмыз, бұдан жаныңа рахат таба алмайсың деп өзінің шешімін жариялады. Ол партаның үстіне Джо Гарпердің грифель тақтасын қойды және тақтаны ортасынан жоғарыдан төмен сызықпен бөлді.
— Міне, — деді ол, — уәде былай: таскене сенің жағыңда болса, қанша қусаң да еркін, мен тиіспеймін; бірақ сен одан айырылып қалып, кене мен жақта қалса, онда мен қуалаймын.
— Жарайды. Баста! Жібер оны!
Таскене өте тез қашып, экватордан Джо жаққа өтіп кетті. Джо оны қуа бастады. Ол енді Томның жеріне шықты. Осылай екі жаққа кезек жүгіріп, біраз уақыт өтті. Баланың біреуі кенені қуса, екіншісі оған қарап қызықтайды. Екеуінің де бастары тақтада, басқа дүниемен істері жоқ. Ақырында бақыт дегенің Джо жаққа біржола шыққан сыңайлы. Таскененің де қызынғаны балалардан кем емес, біресе анда, біресе мұнда шапқылап тыныш таппай жанталасуда, алайда жеңіс Томға қарай бұрылып, саусақтары жәндікке жақындай бергенде, Джоның түйреуіші оның жолын бөгей қояды да, кене Джо жақта қалады. Том ақырында шыдай алмады. Ол қолын созып, кенені өз жағына тарта бастады. Джо әбден ашуланды:
— Том, оны қозғаушы болма!
— Мен оны сәл қамшылайын деп едім, Джо!
— Бұл адалдық емес, мырза, оны мазаламаңыз!
— Ей, сен... мен тек сәл ғана...
— Сізге айтылды ғой кенеге тиіспе деп!
— Ал, мен тиісемін!
— Оған сенің хақың жоқ: ол мен жақта.
— Иә, Джо Гарпер, кене кімдікі?
— Кімдікі болса да, маған бәрібір... ол мен жақта, сен тиісуші болма!
— Қалай — тиіспе?! Кене менікі, мен оған не істесем де өз еркім!
Кенеттен Томның иығына қатты соққы тиді. Сондай соққы Джоның да еншісіне тиді. Мұғалім екі минут бойы олардың күртесінен шаң-тозаңды қақты, мектептің қуанышында шек болмады. Екі достың өздерінің ермектеріне ден қойғандары соншалық, әлгі дүрелердің алдында класс іші тым-тырыс болып кетті, себебі мұғалім еппен басып келді де, екі достың жанында тұрып еңкейді. Ол біраз уақыт екеуінің ойынын бақылап тұрды да, өзінің өзгерістерін енгізді.
Ақыры аяғында сағат он екіні соғып, үлкен үзіліс басталғанда, Том Бекки Тэчерге жүгіріп келді де, оның құлағына сыбырлады.
— Үйге кетіп бара жатқандай қалпағыңды ки, бұрышқа жете бере басқалардан бөлініп осында кел. Мен басқа жолмен барамын да, жолдастарыма сездірмей осында ораламын.
Осылайша Том бір топ баламен, Бекки басқа топпен бірге мектептен шықты. Кешікпей олар тұйық көшенің тірелген жерінде кездесті де, мектепке келді. Екеуі грифель тақтаны алдарына қойып, қатар отырды. Том грифельді Беккиге берді де, оның қолынан ұстап отырып, тағы бір тамаша үй тұрғызды. Өнерге деген қызығушылық сәл бәсеңдеген кезде, олар әңгіме соқты.Том шексіз бақытты еді.
— Сен тышқандарды жақсы көресің бе? — деп сұрады.
— Ой, өте жек көремін!
Мен де... олардың тірі кезінде. Мен өлі тышқандар туралы айтып отырмын — жіпке байлап алып, басыңнан асыра дөңгелетсең...
— Жоқ, мен тышқандарды жалпы жақсы көрмеймін. Ал менің жақсы көретінім — бұл сағыз шайнау.
— Жақсы көрмегенде ше! Менде сағыз жоғы өкінішті.
— Солай ма? Менде аздап бар. Саған шайнауға берейін, тек сен сосын өзіме қайтар.
Бұл екеуіне де ұнады, сосын олар рахаттана аяқтарын былғаңдатып, сағызды кезек шайнады.
— Сен циркте болып көрдің бе?
— Иә, папам мен жақсы болсам, тағы да апарам деп уәде беріп еді.
— Мен циркте үш рет пе, тіпті төрт рет пе — көп болдым! Онда шіркеуге қарағанда өте көңілді: ылғи бір нәрселерді көрсетеді. Мен өскенде циркте клоун болам.
— Рас па? Өте жақсы! Олардың бәрі түрлі түсті, сүйкімді...
— Иә, иә, оның үстіне ақшаны күреп алады...
Олар күніне бір доллардан табады, — дейді Бен Роджерь... Бекки, сен қашан да болса, біреумен атастырылып көрдің бе?
— Ол не?
— Енді тұрмысқа шығу үшін.
— Жоқ.
— Көңілің соға ма?
— Білмеймін. Ал ол қалай болады?
— Қалай? Ешқандай емес. Сен жігітке сенен өзге ешкімге тұрмысқа шықпаймын дейсің. Ешқашан, ешқашан, ешқашан басқа ешкімге! Сосын сүйісесіңдер. Болды. Мұны әркім жасай алады.
— Сүйісеміз бе?
— Не үшін сүйісу керек.
— Солай болады. Бәрі осылай істейді.
— Бәрі?
— Барлық ғашықтар солай істейді. Менің тақтаға жазған сөзім есіңде ме?
— И-иә.
— Не жаздым?
— Айтпаймын.
— Онда мен айтайын саған?
— Иә, иә... Тек кейін бір кезде айтарсың.
— Жоқ, қазір айтамын.
— Жоқ-жоқ, қазір емес — ертең.
— Жоқ-жоқ, Бекки! Өтінемін! Мен жаймен құлағыңа сыбырлайын.
Беккидің толқып үндемегенін Том келіскені деп ұқты да,қыздың белінен құшақтап, ернін оның құлағына тақады да, өзінің сөзін қайталады. Сосын:
— Енді сен ол сөздерді маған сыбырла.
Ол ұзақ уақыт келіспей отырды да, ақыры:
— Сен теріс қара, мен сонда айтайын. Бірақ, Том, естисің бе — біреуге айтып жүрме! Ешкімге! Айтпайсың ба? Рас қой?
— Жоқ, жоқ, мен ешкімге де айтпаймын. Мазасызданба, Бекки!?
Ол теріс қарап бұрылды, ал қыз оның құлағына еңкейді, оның демінен Томның бұйра шаштары дірілдеп кетті.
— Мен ... Сізді... сүйемін! — деген ұяң дауыс естілді.
Осыдан кейін қыз ұшып тұра келіп, парталар мен орындықтарды айнала өзін қуып жүрген Томнан қашып жүгіре берді, сосын бұрышқа тығылып, ақ алжапқышымен бетін басты. Том оны тамағынан ұстап алып, үгіттей бастады:
— Бекки, енді бәрі бітті — тек сүйісу ғана қалды. Оның қорқынышты ештеңесі жоқ. Өтінемін, Бекки!
Ол қыздың алжапқышын жұлқып, қолынан ұстады.
Қыз ептеп көне бастағандай, қолдарын төмен түсіріп, ұзақ алыс-жұлыстан қызарған бетін оған тосты; ал, Том оның алқызыл ернінен сүйді де:
— Міне, Бекки, осымен болды. Енді сен менен басқа ешкімді сүймейтін боласың, менен өзге ешкімге тұрмысқа шықпайсың, ешкімге! Уәде бересің бе?
— Иә, мен ешкімді де сүймеймін, тек сені ғана және сенен басқа ешкімге де тұрмысқа шықпаймын. Және сен де байқа, менен басқа ешкімге үйленбейсің, тек маған!
— Әрине, уәде осы. Мектепке келе жатқанда және қайтарда сен тек менімен бірге жүруің керек, — егер соңымыздан біреу-міреу бақылап жүрмесе, — би кештерінде де тек менімен билейтін боласың, мен де сені таңдаймын. Күйеу бала мен қалыңдық ылғи осылай жасайды.
— Ой, қандай жақсы! Ешқашан естіген емеспін.
— Бұл керемет көңілді! Біз Эмми Лоренс екеуміз...
Бекки Тэчер көзін бақырайтып қарап еді, Том қателік жіберіп алғанын түсіне қойды. Ол ыңғайсызданып қалды.
— О, Том! Мен бірінші емес екенмін ғой... Сенің қалыңдығың болған...
Қыз жылап жіберді.
— Қой, Бекки! Мен оны сүймеймін.
— Жоқ, сен сүйесің, сүйесің! Оны сүйетініңді өзің білесің.
Том оның мойнынан құшақтағысы келіп еді, бірақ Бекки оны итеріп жіберді де, бетін қабырғаға бұрып, өкіріп жылай берді. Том оны жұбата бастады, еркелетіп түрлі ат қойды, тағы да сүйгісі келіп еді, бірақ анау тағы итеріп жіберді. Сосын Томның намысы келді. Ол батыл қадаммен есікке беттеді де, көшеге шығып кетті. Мектептен көп ұзамай тоқтады, ыңғайсызданып және ренжіп, жаңа ғана өзі шыққан есікке қарай береді, Бекки ойланып, мұның соңынан жүгіріп келеді деп үміттенетіндей. Бірақ қыз шықпады. Том қайғыға батып, өзін кінәлі сезінді. Келісімге келу үшін алғашқы қадам жасау оған өте қиын болды, дегенмен намысын бәсеңдетіп, ақыры класқа кірді. Бекки бұрышқа қараған күйі әлі жылап тұр екен. Томның жүрегі шаншып кетті, оның жанына келіп неден бастарын білмей біраз, тұрды.
— Бекки, — деді ол батылсыздау, — мен тек сені сүйемін, басқалар жайлы білгім де келмейді.
Ешқандай жауап жоқ. Тек өксіп жылау.
— Бекки (жалынышты үнмен), Бекки! Бірдеме айтсайшы...
Тағы жылау.
Сосын Том өзінің ең қымбат бұйымы — пештің шілтерінен жасалған мыс дөңгелекті шығарды — Бекки көрсін деп оған қолын созды да:
— Бекки... мынаны алшы! Сыйладым, — деді.
Қыз оның қолын қағып жіберіп еді, дөңгелек түсіп кетті де, еденмен сырғанай жөнелді.
Том көшеге шықты, басы ауған жаққа жүре беруге және сол күні мектепке келмеуге шешім жасады. Бекки бір жамандықты сезгендей есікке қарай жүгірді — Том көрінбейді. Ол жүгіріп үйді айналып шықты, ойын алаңында болар деп үміттеніп еді, онда да жоқ екен. Ол айқайлай бастады:
— Том, кел, Том!
Қыз тың тыңдап еді, ешкім жауап бермеді. Айнала тым-тырыс, қаңыраған дала. Ол отыра кетіп, тағы жылады, өзін кінәлі сезінді. Сол екі арада оқушылар да жинала бастады, қайғысын көрсетпеу керек, жаралы жүрегін сәл де болса басу керек, көңілсіз ұзақ күннің бар салмағын өзі арқалауы керек.
Оның әзірше дос қыздары да жоқ, өзінің қайғысын бөлісетін ешкімі болмады.
Сегізінші тарау
БОЛАШАҚ БАТЫР ҚАРАҚШЫ
Том әуелі тұйық көшелермен біресе оңға, біресе солға бұрылып біраз жүрді де, ақыры әдетте оқушылар үйлеріне қайтатын жолды артқа тастап, ұзап кетті. Сосын тауға қарай басы салбырап жай кетіп бара жатты. Жол бойы екі бұлақты кешіп өтті, өйткені балалардың арасында бір наным бар: арттағы қуғыншыны шатастыру үшін осылай, ізін жасырады. Жарты сағаттан соң жесір әйел Дугластың Кардиф тауының шыңында тұрған бай үйін артта қалдырды. Мектеп төменгі аңғарда әрең көрініп тұр. Жолаушы қалың орман ішіне енді, жалаңаяқ жолға да жақындамай жүре берді де, жапырағы жайылған еменнің түбіндегі мүктің үстіне отырды.
Мұнда, орманда, тып-тыныш және қапырық. Түс кезіндегі өлі ыссылықтан тіпті құстар әні де тоқтап қалған. Табиғат қалғып тұрғандай; оның түсі оқта-текте тұмсығымен ағашты соққылаған тоқылдақтың дыбысынан бұрылып тұр. Сол тықылдан орман тыныштығы тіпті қоюланып, ал жалғыздықтың қасірет-қайғысы одан сайын жаныңды жейді. Томның жүрегін қайғы кеміріп, тұнжыраған табиғатпен үн қосып тұрғандай. Ол шынтағымен тізесіне сүйеніп, жағын таянған күйі біраз ойланып отыр. Оған өмір деген жанталасқан қарбалас пен қайғы-қасірет болып елестеді және жақында ғана қайтыс болған Джимми Годжеске қызықты. "Молада тып-тыныш жатқан қандай жақсы, — деп ойлады ол, -ұйықтап, неше түрлі түстер көресің, самал жел көк шөпті еркелетіп, жапырақтарға бірдеңелерді сыбырлайды, ал сені ештеңе мазаламайды, сен де ештеңені уайымдамайсың, ғасырдан ғасырға". Әттең жексенбілік мектепте оның балалары жақсы болса ғой, ол қуаныштан жарылар еді, сөйтіп мына жексұрын өмірден кетер еді... Ал мына қыз... бұл оған не істеді? Ештеңе. Оған тек жақсылық тіледі. Ал ол болса, мұны ит секілді қуып жіберді — иә кәдімгі итке ұқсатып. Ол қыз бір кезде осы қылығына өкінеді, мүмкін, өте кеш болар. Әй, бұл мәңгілік емес, уақытша өлсе ғой!
Бірақ жас кезде жүректер жұмсақ, қалай қыссаң да, тез орнына келеді. Томды осы дүниенің қызықтары тағы баурады. Егер ол дәл қазір басы ауған жаққа кетіп, құпия жағдайда жоқ болып кетсе ше? Ал, егер алыс бір жақтарға, ешкім білмейтін елдерге, теңіздерден өтіп, содан оралмай қалса? Сонда Бекки неғылар екен? Ол өзінің циркте клоун болғысы келгенін есіне алды, бірақ енді сайқымазақтың тыртиып денесіне жабысқан ала-құла тоқыма шалбар киюі оның жан дүниесі романтикалық мұнартқан биіктеріне самғап тұрған шақта тіпті кемістік болып көрінді.
Жоқ, ол әскерге барып, солдат болады, сосын тұла-бойы жарақатқа, ал өзі даңққа бөленіп бірнеше жылдан кейін оралады. Немесе үнділерге барып, солармен бірге буйвол аулап, биік таулар мен алыстағы Батыстың жолсыз ормандары арқылы қаңғырып, бір кездері таңертең мен үнділердің құстың қауырсынын жапсырып, адам қорқатын жабайы кейпімен жексенбілік мектепке кіріп келсе, сонда жолдастары бұған қызығып адамның зәресін ұшырар айқайымен көздері шарасынан шығар еді. Жоқ, дүниеде бұдан гөрі мықтырақ күштілер бар. Ол қарақшы болады! Иә-иә! Ол енді өзінің атақ-даңққа бөленген болашағын елестетті.Оның аты аталғанда бүкіл дүниежүзі зәресі ұшып қалтырайтын болады. Ол буырқанған теңіздерде "Дауылдың перісі" аталатын, алдыңғы жағында қара жалау желбіреген қара корабльмен сайрандайды. Атақ пен даңқтың шыңына шығып ешкім ойламаған жерден өзінің шағын қалашығындағы шіркеуге бет-жүзі қап-қара болып тотыққан, қара мақпал бешпет дәл сондай матадан шалбар, белбеуінде пистолеттер салбырап, жанында қанға бояла-бояла таттанған пышақ, басында жұмсақ қалпақ, қолында — қара жалау, ал жалауда қураған бас сүйектің қаңқасы мен екі жіліктің бейнесі — кіріп келсе ғой! Сонда ол: "Мынау Том Сойер, қарақшы! Испан теңіздерінің өш алатын қарақшысы!" деп айналадағылардың сыбырын естіп, қалай рахат сезімге бөленер еді!
Иә, мәселе шешілді! Ол өз жолын таңдады. Үйден қашып кетеді де, жаңа өмірді бастайды. Күні ертең-ақ жолға шығады. Таңертең әзір болу үшін әзірлікті қазір бастау керек. Өзінің бар байлығын жинастыруы керек. Жақын жерде шіріген ағаш жатыр екен. Том қалтасынан Барлоу шаппасын алып, ағаштың түбін қаза бастап еді, кешікпей пышағы ағаш па — әйтеуір бір нәрсеге тиді. Том іші қуыс ағаш екенін байқады. Ол қолын әлгі қуысқа сұғып, дұға оқыды да, салтанатты түрде үн қатты.
— Жоқ нәрсе, кел осында! Бар нәрсе, қал қасымда!
Ол жердің жоғары қабатын пышағымен түрткілеп көріп еді, астында жұқа қарағай тақтайша екен. Ол тақтайшаны алып еді, астындағы көмбе үшін жан-жағы әлгідей тақтайшадан жасалған құпия жәшік шықты. Жәшікте алебастрдан жасалған шарик жатыр. Том таңданғаннан біртүрлі ыңғайсызданып, шекесін қасыды:
— Эге-ге! Міне, керемет!
Ол шарды лақтырып жіберді де, ойлана бастады. Әңгіме мынада — оны өзі сеніп жүрген нақыл алдап соқты, жолдастары да бұл нақылды нағыз шындық деп қабылдайтын. Егер шарикті нақылды айтып отырып көмсең, екі апта бойы оны қозғамайсың да, сосын барып әлгі нақылды қайталап құпия жәшікті ашасың, сенің осыған дейін жоғалтқан шариктеріңнің бәрі сонда жатыр. Бірақ ғажап ештеңе болмады, Томның осыған дейін сеніп жүргені бос нәрсе болып шықты. Ол қанша әңгіме естіді бұл туралы, бәрі де ойдағыдай аяқталатын. Осы әдіспен өзі де талай шарикті, қазір есінде жоқ, әйтеуір талай жерге көмген. Ол ойланып-ойланып, ақыры бұл жолы бір сиқыр араласты-ау деп шешті. Ол қалай да бәріне көз жеткізгісі келіп, ортасында құйғыш секілді шұңқыр бар таза топырақты жерді тауып, ернеуіне етпеттеп жатып:
Білгім келген нәрсені айтшы, қоңызым,
Білгім келген нәрсені айтшы, қоңызым, —
деп қайталады. Құм сәл қозғалғандай болды да, сол сәтте қара қоңыз шыға келді және зәресі ұшып кері кетті.
— Иә, сөйлемейді. Яғни сиқырдың араласқаны шын.
Мұны бірден білгем.
Сиқыршылармен салғыласуға ешкімнің де күші жетпейтінін білетін Томның көңілі құлазып кетті. Сосын бағанағы өзі лақтырып жіберген шарикті тауып алу туралы басына ой келді және іздей бастады, бірақ таба алмады. Ол өзінің құпия жәшігіне оралып, шарикті лақтырғанда тұрған нүктесін тапты да, қалтасынан бір шарик шығарып, бағанағы шарикті лақтырған жаққа тастады да:
— Бар, ағаңды ізде! — деді.
Ол шариктің қай маңға тоқтағанын байқады да, сол жерден іздеді. Екінші шарик алдыңғыға жетпеген болу керек немесе асып кеткен болар. Ол іздеп-іздеп, ақыры дегеніне жетті: екі шарик те бір-бірінен бір футтай қашықтықта жатыр екен. Осы кезде жасыл қырат жақтан қаңылтырдан жасалған ойыншық тұрбаның әлсіз дыбысы шыққандай болды. Том жалма-жан күртесін және шалбарын шешіп лақтыра салды да, шіріген ағаштың жанынан қураған жапырақтарды ысырып аршып, сол жерден қолдан жасалған садақ, оқ, ағаш қылыш және қаңылтыр тұрбаны шығарды, өзі тездетіп қаруларды асынып алып, жадағай жалғыз көйлекпен жауға қарсы жүгіре жөнелді. Ағаштың қалың жапырақтарының астында тұрып, жауап белгі берді де, сосын аяғының ұшымен жоғары көтерілді, жан-жағына сақтықпен қарап қойып, өзінің ойдан шығарған отрядына дауыстап бұйрық берді.
— Жігіттер, тоқта! Мен белгі бергенше жасырына тұрыңдар!
Джо Гарпер шыға келді: ол да жеңіл киінген, ол да басынан башпайына дейін қару-жарақ іліп алған. Том дауыстады:
— Тоқта! Менің рұқсатымсыз Шервуд орманында жүруге кімнің батылы барады?!
— Гай Гисборн ешкімнің де рұқсатын қажет етпейді!
— Кімсің сен? Кім...
"Маған мұндай сөз айтатын кім өзі?" — деп Том оның аузына сөз салды, өйткені екеуі де кітаптан жаттап алған сөздерін айтып тұр.
— Маған бұлай зекіріп сөз айтуға кімнің батылы барып тұр?
— Мен кіммін? Мен — Робин Гудпын, оған қазір-ақ сенің өлі денеңнің көзі жетеді.
— Бұл сенбісің, атақты қарақшы?! Мына көңілді орман ішіндегі жолдарды басып алу үшін сенімен қылыштасуға дайынмын. Қорған!
Олар ағаш қылыштарын суырып басқа қаруларын жерге тастады, жауынгерлік қалыпқа келіп, өнердің барлық ережесі бойынша нағыз жекпе-жек басталды: екі соққы жоғары, екі соққы төмен.
Ақыры Том айтты.
— Кәне, төбелес болса, төбелес! Қане, баста!
Екеуі де шындап кіріскендері сондай, ентігіп әрі терлеп кетті.
— Құласайшы-ей! Құла, қане! — деп айқайлады Том. — Сен неге құламайсың?
— Құламаймын! Өзің құла — сен әлсіреп барасың ғой.
— Бұл не? Маған құлауға болмайды. Кітапта олай жазылмаған ғой. Онда былай делінген: "Ол арқасынан бір соққанда қаныпезер Гай Гисборн сеспей қатты". Сен артқа бұрылып, мен сені соғуым үшін маған арқаңды беруге тиіссің.
Бұл абыройлы тұлғаға қарсы тұруға болмайды. Джо теріс айналып, қатты соққыдан ұшып түсті.
— Ал енді — деді Джо тұрып жатып, — енді сені мен өлтіруім керек — бұл нағыз адал күрес болады.
— Олай болмайды ғой, кітапта ондай жоқ қой!
— Ендеше бұл адалдық емес! Меніңше, бұл оңбағандық!
— Жарайды, Джо, — сен монах Так немесе диірменінің ұлы Мач болсайшы, сосын таяқпен менің басымнан ұрасың. Немесе қаласаң мен нотингемдік шериф болайын, ал сен Робин Гуд болып мені өлтіресің.
Бұлұсыныс Джо Гарперге ұнап қалды, сосын ойын әрмен қарай жалғады. Одан кейін Том қайтадан Робин Гуд болды және оның асқынған жарақатын дұрыс емдей алмаған оңбаған монахиняның кесірінен қанын жоғалтып әбден талықсыды, ал жылап-еңіреген бүкіл қарақшылар тобы болып тұрған Джо оны жыраққа көтеріп апарды да, оның әлсіреген қолына садағын ұстатты, сонда Том: "Мына оқ қайда түссе, сол жерге ағаштың жанына жасыл орманға Робин Гуд байғұсты жерлеңдер", — деді, сосын садағын тартып, енді өзі артына қарай құлайын дегенде қараса — айнала қалақай екен — ол өлетін адам секілді емес ұшып тұра келді.
Балалар киініп, қаруларын жасырды да, өздері бір-бірінен бұл заманда қарақшылар жоқ, цивилизация олардың орнын немен толтыра алады деп сұрап ұзап бара жатты. Америка Құрама Штаттарының өмір бойы президенті болғанша, ең болмаса бір жыл Шервуд орманының қарақшылары болсақ қой деді екеуі де.
Тоғызыншы тарау
ЗИРАТТАҒЫ ТРАГЕДИЯ
Бұл кеште де Том мен Сидті күндегіше тоғыз жарымда ұйықтауға жіберді. Олар ұйқы алдындағы дұғаны оқып болғасын, Сид бірден ұйқыға басты. Бірақ Том белгіні қауіппен шыдамсыздана күтіп ұйықтамады. Сол сәтте оған таң атып қалғандай сезілді ол сағат кешкі онды соққанын естіді. Реніштің неден болатыны белгілі еді. Жүйкесі өре тұра келгендей қозғалып тыпыршығанды талап еткенмен, Том Сид оянып кетеді деп дөңбекшу түгілі қол-аяғын қозғай алмай жатты. Ол тырп етпей жатқан күйі қараңғылыққа көз тастайды. Айнала басыңды айналдыратын тыныштық. Бұл тыныштықтың арасынан әлсіз дыбыстар талып естілгендей болды. Алдымен сағаттың тықылы естілді. Сосын ескі ағаш балкалардың сынып жатқандай сықырлағаны, баспалдақтардың жай шиқылы. Түсінікті: бөлмелерде үй иелері кезіп жүр. Полли апайдың бөлмесінен қорылдаған дыбыс естілді. Одан соң шырылдауық шегірткенің тынбастан шырылдаған үні — ол қай жақта шырылдап жатқанын адамзаттың данышпаны болса да анықтай алмас еді. Соның арасында төсегінің бас жағынан қабырғаға жармасқан үшкірлеуік қоңыз тықылдата бастады. Том селк етіп шошып кетті: бұл — біреуге ажал төніп тұр деген белгі. Алыстан иттің үргені естілді, сәлден соң оның әр жағынан жырақтан басқа бір иттің ұлығаны құлаққа келді. Том азапты минуттарды басынан кешіріп жатыр. Ол уақыт деген бітіп, енді мәңгілік басталған шығар деп ойлады. Әрі беріден соң қалғи бастады. Сағат он бірді соқты, бірақ ол естімеді. Кенет ұйқылы-ояу мысықтың жай мияулағанын естіді.
Жақын маңда терезе ашылды және осы дыбыстан Том оянып кетті. "Кет әрі, оңбаған мысық!" — деген айқай естілді де, іле апайдың ағаш сарайына қарай лақтырған шыны бөтелке сарайдың қабырғасына соғылып, быт-шыты шыққаны естілді. Том ұшып тұра келіп, тез-тез киінді де, терезеден түсіп үйдің төбесімен тоңқаңдап бара жатып бір-екі рет мияулап жауап берді, сосын сарайдың төбесіне секіріп, одан жерге түсті. Гекльберри Финн қолында өлген мысық, төменде күтіп тұр екен. Балалар жолмен жүріп, кешікпей қараңғылыққа батып кетті. Жарты сағат өткенде олар зират маңындағы биік шөптердің арасына жетті.
Зират батыс үлгісіндегі ескі молалар болатын. Қалашыққа жақын қыр басында айналасы ағаш шарбақпен қоршалған, бірақ шарбақтың ағаштарының біразы ішке қарай, кейбірі сыртқа қарай құлаған, тіке тұрғаны қалмапты. Сойдиған биік шөп, бұталар өскен. Ескі молалар отырып кеткен. Құлпытастардың бір де біреуі өз орнында тұрған жоқ, молалардың басында құрт жеп шұрық тесік болған тақталар қисайып, сүйеніш іздегенмен, таба алмай жерге телмеңдеп тұр. Тақтаның бәрінде бір кездерде: "...Пәленшеге мәңгі ескерткіш" деп жазылған, бірақ олардың көбінде әріптері сүртіліп кеткен, түнгі түгілі, күндізгі жарықта да көрінбейді.
Самал жел бұталарда ыңырсығандай, зәресі ұшқан Томға өлгендердің жаны адамдар неге бізге тыным бермейді деп арыз айтып жатқандай көрінді. Достар аз сөйледі, онда да тек сыбырласып қана; мына салтанатты тыныштық, түн қараңғылығы, оқиға өтіп жатқан жер -осының бәрі оларға қорқынышты әсер етті. Олар өздері іздеген жаңадан үйілген топырақты тапты да, жақын жердегі қалың жапырақты ағаштың астына тығылды. Олар ұзақ күткен секілді сезінді.
Жырақта үкі айқайлады, мына өлі тыныштықты бұзатын одан басқа дыбыс жоқ. Томның басына жаман ойлар келді, ол сосын әңгімемен көңілін бөлгісі келді.
— Қалай ойлайсың, Гекки, — деп сыбырлап бастады. — Біздің мұнда келгеніміз өліктерге ұнай ма?
Гекльберри сыбырлай жауап қатты:
— Кім біліпті оларды, білмеймін! Қандай қорқынышты мында... Рас қой?
— Қорқынышты болғанда қандай!
Ұзақ үнсіздік басталды; екі бала да өздерінің мұнда келгеніне өліктер қалай қарайды екен деп ойға батуда. Сосын Том:
— Гекки, қалай ойлайсың, Вильямс шал екеуміздің әңгімемізді естіп жатыр ма?
— Әрине, естіп жатыр. Өзі естімегенмен, оның жаны естіп жатыр.
Тағы үнсіздік.
— Аянышты, — деді Том, — мен оны Вильямс мырза демей, ылғи Вильямс деп атағанмын. Бірақ мен оны ренжіткім келген жоқ. Жұрттың бәрі оны шал деп атайтын.
— Өлген адамдар жайлы айтқанда сақ болу керек, Том. Мұны естіген Томның енді әңгімені жалғастыруға зауқы соқпады. Кенет ол жолдасының қолына жармасты:
— Tсс!
— Не болды, Том?
Екеуі бір-біріне тығыла түсті. Жүректері дүрсілдеп кетті.
— Тсс! Міне, тағы! Қалай естімей тұрсың?
— Мен...
— Иә! Ақыры сен де естідің.
— Құдайым-ай, Том, олар келе жатыр! Келе жатыр! Бұл олар! Не істейміз?
— Білмеймін. Олар бізді көреді деп ойлайсың ба?
— Ой, Том, олар деген мысықтар секілді қараңғыда көреді ғой. Мен осында неге келдім!..
— Қой, сен қорықпа... Мүмкін олар бізді қозғамас. Біз ешқандай жамандық жасап тұрғанымыз жоқ қой. Егер біз тып-тыныш отырсақ, олар бізді көрмеуі де мүмкін.
— Жарайды. Байқап көрейік... Құдайым-ай, тұла бойым дірілдеп тұр!
— Тсс! Тыңда.
Балалар демдерін әрең алып, бір-біріне бұрынғыдан бетер тығыла түсті. Зираттың екінші жағында күбірлеген дыбыс естілді.
— Қара! Қара! — деп сыбырлады Том. — Анау не сонда?
— Ол тамұқтың оты! Ой, қандай қорқынышты! Қараңғылықтың арасынан адамдардың сұлбасы көрінді.Олардың алдындағы қаңылтыр фонарь жер бетіне сәуле шашыратады.
— Бұл албастылар, шамасы солай болар, — деді де Гекльберри селк ете түсті. — Өздері үшеу! Біздің шаруамыз бітті! Сен дұға оқуды білесің бе?
— Оқып көрейін... Ей, сен қорықпа — олар бізге тиіспейді. "Жаратушы жан ием, ұйықтар алдында жарылқап жебей гөр..."
— Тсс!
— Не болды, Гек?
— Бұлар — адамдар! Әйтеуір — анық тірі адам. Оның дауысы Меффи Поттерге ұқсайды.
— Мүмкін емес!
— Мен оны білем ғой! Сен көрінбе, демалма! Ол бізді көрмейді ол мас әдеттегідей, — маскүнем.
— Жарайды. Мен жай... Тоқтады. Бірдемені іздейді... Таба алмай жүр. Тағы бізге қарай келе жатыр... Қалай жүгіреді! Тағы жақындап келеді. Енді — ол келіп қалды! Тура бізге қарай.
Тағы ұзап барады... Тек, мен екінші дауысты таныдым — үнділік Джо.
— Шынында да, қарғыс атқан будан! Бұлардан гөрі жын-шайтанның болғаны дұрыс еді. Оларға бұл жерде не керек екен?
Сыбыр аяқталды, өйткені үш адам молаға жетті де, балалар жасырынған жерге жап-жақын келіп тоқтады.
— Осы жерде, — деп үшіншісі шамды көтергенде жарық оның бетіне түсті. Бұл жас дәрігер Робинсон екен.
Поттер мен үнділік Джо зембіл мен арқан және екі күрек алып, моланы қаза бастады. Дәрігер шамды моланың бас жағына қойып, өзі шегіршіннің біріне сүйеніп отыр. Оның балаларға жақын отырғаны сондай, олардың созса қолдары жетер еді.
— Тезірек, тезірек! — деді жаймен. — Қазір-ақ ай тууы мүмкін.
Аналар бірдеңе деп міңгірлеп жауап берген болды да, қазуды жалғастыра берді. Біраз уақытқа дейін күректердің ұсақ тастар мен ұйысқан топырақты күреп лақтырған дыбысы естіліп тұрды. Ақыры күректің ағашқа соғылғаны естілді: күрек табытқа соғылды, бірнеше минут өткенде қозғаушылар оны жоғары шығарды. Сол күректермен табыттың қақпағын ашып, өлі денені қалай болса солай жерге тастай салды. Сол сәтте бұлттың арасынан ай шығып, жарығы өліктің сұп-сұр бетіне түсті. Зембілді қозғап, оған денені салды, одеялмен жауып, арқанмен байлады. Поттер үлкен шаппа пышақ шығарып, арқанның салбыраған ұшын кесті де:
— Міне, сынықшы, біз осындай лас жұмысты бітірдік. Енді бізге тағы бір бестікті беріңіз, әйтпесе ол осылай қалады, — деді.
— Дұрыс! — деп Джо қостады.
— Бұл не? — деп дәрігер қарсылық білдірді. — Сіздер ақшаны алдымен төле дедіңіздер. Мен бәрін төледім ғой.
— Төлеуін төледіңіз сіз, бірақ біздің сізбен айырысатын басқа бір есебіміз бар, — деді Джо дәрігерге жақындап. Дәрігер орнынан тұрды. — Осыдан бес жыл бұрын сіздің әкеңіздің ас бөлмесіне келгенімде, сіздер мені қуып шықтыңыздар. Мен маған тамақ беруді сұрадым, ал мені қаңғып жүрген ұрыға ұқсатып есіктен итеріп тастадыңыздар. Ал мен жүз жылдан кейін болса да ақымды төлеймін дегенімде әкеңіз мені қаңғыбастығы үшін деп түрмеге отырғызды. Сіз осының бәрін ұмытты деп ойлайсыз ба? Жоқ, үнділіктердің қаны менде бекер қайнап жатқан жоқ. Енді сіз менің қолымдасыз және біз сізбен есеп айырамыз, біліп қойыңыз!
Ол қаһарын төгіп жұдырығын дәрігердің дәл бетіне жақындатты. Ал дәрігер күтпеген жерден қолын сермеп бір соғып ана оңбағанды жерге сұлатты. Поттердің қолынан пышағы түсіп кетті, ол сосын айқай салды:
— Ей, сіз немене! Жолдасымды сабатып қоймаймын мен!
Ол сосын дәрігерге ұмтылды. Екеуі төбелесе кетті, аяқтарымен көк шөпті таптап, өкшелері жерге кіріп, бір-бірін жұдырықтап жатыр. Джо екі көзі қанталап, өшпенділіктің өртіне оранғандай, Поттердің жерде жатқан пышағын алып, мысыққа ұқсап бүкшиіп, пышақ салу үшін ыңғайлы сәтті күтіп айнала жүгірді. Кенет дәрігер қарсыластың құшағынан бұлқынып шығып Вильямстың моласынан шыққан үлкен тақтаймен Поттерді бір қойып еді, анау ұшып түсті, осы кезде будан қолындағы пышақты сабына дейін бойлатып жас жігіттің кеудесіне салды. Жігіт теңселіп барып, Поттердің үстіне қаны сорғалаған күйі құлады. Осы сәтте айдың бетін бұлттар басты да, мына қорқынышты көрініс қараңғы сахнаға көміліп қалды. Зәрелері ұшқан балалар жан-жақтарына қарамастан қараңғылыққа оранып қашып барады.
Ай бұлттардың арасынан қайта көрінгенде, Джо ойға батқан күйі екі дененің жанында біраз тұрды. Дәрігер түсініксіз міңгірлеп екі рет демін алды да сосын үнсіз қалды.
— Міне, шайтан алғыр, біз есебімізді айырыстық! — деді будан жай дауыспен. Ол өлікті қозғап, пышағын суырып алды да, Поттердің оң қолына салып, бос қалған табыттың үстіне отырды. Үш, төрт, бес минут өтті. Поттер қозғалып ыңырси бастады. Ол қолындағы пышақты қысып ұстап, көз алдына әкелді, селк етіп шошып кетті де, жерге түсіріп алды; сосын тұрып, жанындағы дәрігердің өлі денесін ысырып тастады да, оның жүзіне қарады; жан-жағына қарап еді, буданның оған қадалған көзіне тап болды.
— Құдайым-ай! Бұл қалай болды, Джо? — деді.
— Оңбаған іс болды! — деді анау орнынан қозғалмай. — Сен оны не үшін жайраттың?
— Мен? Мен ештеңе істеген емеспін.
— Жарайды, айтқан екенсің! Мұныңмен өзіңе көмектесе алмайсың!
Поттердің өңі қашып, дірілдеп кетті.
— Менің мастығым кетті деп едім. Бүгін кеште ішпеуім керек еді. Басым әлі дызылдап тұр — осында келе жатқанда мұндай емес еді. Мен тұманда жүргендеймін, ештеңе есімде жоқ. Джо, сен шыныңды айтшы, ескі досым, мынаны шынымен мен бе жайратып салған? Менің оны өлтіргім келген жоқ еді ғой, мұндай ой басыма келген емес — арыммен, жаныммен ант етем, Джо! Айтшы маған, қалай болды, Джо? Қандай оңбағандық! Сондай жап-жас... өзі болашағынан үміт еткен дәрігер еді...
— Екеуің жағаласа кеттіңдер; ол тақтаймен сенің басыңа қойып қалды: сен ұшып түстің. Сосын ұшып тұрдың да, есі ауысқан адамдай қалтырап-дірілдеп жүрдің, кенет пышаққа жармастың да ол сені тағы ұрғалы жатқанда кеудесіне сұқтың. Содан кейін сен ес-түссіз құладың да, кескен ағаштай қозғалмай қалдың.
— Ой, мен не істегенімді білсем ғой! Өтірік айтсам, жерге кіріп кетейін. Бәрі арақтан — мен мас едім — қызынып кеттім оған қоса... Мен тіпті пышақты қалай ұстауды да білмеймін ғой. Джо, рас, талай төбелесуге тура келді, жасыратыны жоқ, бірақ қолыма пышақ алған емеспін, тек жұдырықпен... Мұны жұрттың бәрі біледі... Джо, мені ұстап бере көрме! Мен сені жақсы көретін едім ғой. Джо, әрқашан сенің сөзіңді сөйледім, саған жақ болдым. Енді шығар, шын ғой? Сен ешкімге айтпайсың ғой, Джо?
Бейшара кісі өлтіргеннің аяғына жығылып, жалынды. Ал анау оған сезімсіз мән бермей қарады.
— Жарайды, Мефф Поттер, сен әрқашан да менімен дос болдың, ар-намысың таза еді, мен сені ешкімге де ұстап бермеймін. Мазаланба, мен шын айтам. Әңгіме осымен бітті.
— Джо, сен періштесің, құдай ақы! Ақырғы деміме дейін саған алғыс айтамын. Поттер жылап жіберді.
— Жарар енді! Қыңсылайтын уақыт емес! Сен ана жолмен бар, ал мен мынаумен кетейін, байқа, айғақ болатын артыңа із қалдырма!
Поттер бүлкілдеп кетіп барады, сосын тезірек жүрді, ақырында бар пәрменімен жүгіре жөнелді.
Будан оның соңынан қарап, күбірледі:
— Егер, шынында да, дәрігердің соққысынан және ішкіліктен оның есінен танғаны рас болса, ол жақын арада пышақ туралы есіне де алмайды. Егер есіне түсе қалса, молаға қайта баруға қорқады — қыт-қыттаған тауық, езуінен сілекей аққан бейшара!
Екі-үш минут өткенде, жаңа өлтірілген адамға, жаймаға оралған өлікке, қақпағы жоқ табытқа, беті ашылған қабірге аспаннан ай ғана қарап тұрды. Айнала түгел тыныштыққа оранды.
Оныншы тарау
ИТТІҢ ҰЛЫҒАНЫ — ЖАМАНДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ
Балалар қалашыққа аяқтары жерге тимей жүгірді. Олардың зәрелері ұшқаны сондай, сөйлеуге шамалары келмеді. Екеуі мезгіл-мезгіл қауіптене артқа қарап қояды, біреу қуып келе жатыр ма деп ойлайтын болса керек. Жолда кездескен бұтаның бәрі бұларға тірі адам сияқты көрінеді, оны көрген сайын бұлардың зәре-құты қашады. Бұлар қала шетіндегі ағаш үйлердің жанынан өткенде төбеттер оянып, үре бастады. Иттердің үргені балаларға қанат бітіргендей әсер етті.
— Тым болмаса, тері илейтін ескі үйге дейін жетсек, — деп сыбырлады Том ентіккен күйі. -Бұдан әрі шамам жоқ...
Гекльберри жауап бермеді: ол да жылдам жүгіргеннен алқынып қалды. Балалар өздері ішіне кіргісі келген, бір кезде тері иленген ескі үйге көздерін алмай қарады, ең соңғы күштерін жиып жүгірді. Ақыры екеуі ескі үйге де жетті, иықтаса ашық есіктен еніп, ескі үйдегі қараңғылыққа оранып еденге жата-жата кетті. Олар бақытты еді, бірақ өлердей шаршаған болатын. Кішкене дем алғасын Том:
— Гекльберри, сен қалай ойлайсың, мұның аяғы не болады? — деді жай тіл қатып.
— Егер Робинсон дәрігер өлсе, ақыры дар ағашы болады.
— Иә дейсің, мүмкін емес!
— Солай болуы мүмкін,Том.
Том ойланып қалды да, бір минуттан соң:
— Оларды кім көрсетеді? Біз бе?
— Сен не? Бұл қалай сонда? Егер сен айтқандай болса, үнділік Джоны дарға аспай босатса, ол бізді жоқ қылады, шын айтам! Онда екеумізге ажал келеді дей бер. Мұның екеуміздің еденде жатқанымыз секілді шындық болары сөзсіз.
— Мен өзім де солай ойлаймын, Гек.
— Егер біреу көрсетуі керек болса, мейлі Мефф Поттер көрсетсін; оның осылай істеуге ақымақтығы жетеді. Ылғи мас... Том үндемеді, ол тағы ойланды. Ақыры:
— Гек, Мефф Поттер ештеңені білмейді ғой...
Кісі өлімі туралы қалай көрсетеді ол?
— Сонда қалай ештеңе білмейді?
— Оның қиын ештеңесі жоқ, дәрігер Поттерді моланың тақтайымен соғып жатқанда, Джо дәрігерге пышақ салды ғой. Ол қайдан көреді, нені көреді? Өлім туралы ол не айтады?
— Шайтан алғыр, солай екен ғой, Том!
— Сосын, сен ойлашы, — мүмкін сол соққыдан Поттер есінен айырылып қалған болар.
— Жоқ, Том, олай емес шығар. Ол мастау болды ғой. Мен оны бірден байқадым. Ылғи ішіп жүреді... Менің әкем ішкен кезде оның басынан немен ұрсаң да, ол мыңқ етпейді, рас айтам! Ол өзі де осылай деп бірнеше рет айтты. Яғни Мефф Поттер де сондай. Егер Поттер ішпеген, cay болса, ол бағанағыдай сыйлықтан өліп кетер еді... Кім біледі...
Тағы үнсіздік басталды; Том тағы да ойға батты.
— Гекки, айтып қоймайтыныңа сенімдісің бе? — деп сұрады ақыры.
— Қалай болғанда да, Том, біз үндемеуіміз керек. Өзің білесің ана албасты будан... Егер біз айтсақ, ал ол тірі қалса, екеумізді мысыққа ұқсатып суға батырады. Және Том, білесің бе? Қане біз ешқашан тіс жармаймыз деп бір-бірімізге ант берейік. Бәрінен осы дұрыс.
— Дұрыс, Гек. Ең дұрысы осы. Қолымызды көтеріп, ант етеміз: біз...
— Жоқ,бұл жағдайда олай болмайды... Жә, ұсақ-түйек, мысалы, қыздармен бірге жүргенде солай істеуге болады, өйткені олардың бірде болмаса бірде ауыздарынан шығып кетеді; ал мынандай үлкен шаруада келісім жазбаша болғаны дұрыс. Және қанмен жазылуы керек.
Том бұл пікірді жанымен қостады. Құпия, қорқынышты қараңғылық осы түнгі оқиғалармен үндесіп тұр. Ол еденнен айдың жарығымен шағылысқан таза қарағай ағашты көтерді, қалтасынан "қызыл жосаны" шығарды да, тізерлеп отырып айдың жарығымен мынадай сөздерді жазды:
Гек Финн және Том Сойер екеуі бұл іс туралы ауыздарын ашпауға ант етеді. Егер олар бұл туралы айтса, олар сол жерде құлап, жандарын тапсырсын.
Гекльберри Томның әдемі жазуына, ойын дұрыс жеткізгеніне есі шығып қуанды. Ол күртесінің ішкі өңірінен түйреуіш алып, саусағын қанатқалы жатыр еді. Том оны тоқтатты:
— Тоқта! Түйреуіш жез ғой. Жез улы болады.
— Улы болады? Қандай у?
— Кәдімгі у, жұтып көр — сонда у екенін білесің.
Том жіп ораған инелерінің бірін алды, сосын екеуі кезектесіп үлкен саусақтарын қанатып, тамшылатты.
Осылай бірнеше рет қан тамшысын жиып, кішкене саусақты қалам орнына пайдаланып, Том аты-жөнінің бірінші әріптерін жазды да, сосын Г.Ф әріптерін жазуды Гекльберриге үйретті. Ант берілді. Олар тақтайды салтанатты түрде қабырғаға жақын жерге көмді. Өйткені бұлардың тілдерін жалғаған шынжыр мәңгілікке кілттенді, ал ол кілттің ашқышы алысқа тасталды.
Жартысы қираған үйдің екінші жағынан бір көлеңке жүріп өткендей болды, бірақ балалар оны байқаған жоқ.
— Том, — деп сыбырлады Гекльберри, — осыдан кейін біздің ешкімге ешнәрсе айтпайтынымызға сенімдісің бе? Ешқашан?
— Әрине, сенімдімін. Қандай жағдайда болса да, бізде үн жоқ. Егер басқаша болса, біз сол жерде өліп құлаймыз. Сен ұмыттың ба?
— Иә... шынында да... Әрине.
Олар біразға дейін сыбырласып жатты.
Кенет бұлардан оншақты қадам жерде, қабырғаның сыртында ит үріп сарнап қоя берді. Балалар зәресі ұшып бір-біріне тығыла түсті.
— Кімге үріп жатыр анау? — әрең демалып сыбырлады Гекльберри. — Саған ба, маған ба?
— Білмеймін... тесіктен сығалап қарашы! Тезірек!
— Жоқ, сен қара!
— Қарай алмаймын, Гек! Қарай алмаймын!
— Қойсайшы, Том! Әне тағы ұлыды!
— Құдайым-ай, қуаныштымын! — деп сыбырлады Том. — Мен таныдым итті... дауысынан: ол Булл Харибсон.
— Құдайға шүкір! Білесің бе, мен өлердей қорқып кеттім — мен оны қаңғып жүрген ит қой деп ойлап едім.
Ит тағы үрді. Балалар тағы тұнжырап қалды.
— Ой, жоқ! Бұл ол ит емес,— деп сыбырлады Гекльберри. — Қарашы, Том!
Том қорыққаннан дірілдеп кетті, тесіктен сығалады да, естілер-естілмес үнмен:
— Ой, Гек, бұл қаңғып жүрген ит! — деді.
— Том, қарашы тезірек: кімге үріп тұр?
— Біз екеумізге шығар, Гек. Екеуміз қатар тұрмыз ғой, бір-бірімізге тіпті жақын тұрмыз.
— Ой, Том, біз құрыдық! Мен қайда түсетінімді білемін. Мен деген нағыз күнәкар, оңбаған баламын...
— Ал мен ше? Өзіме сол керек! Мектепке бармау, істеме дегенді істеу осылай аяқталады. Егер мен шын ниетіммен талпынсам, Сид секілді жақсы бала болар едім ғой, жоқ, жоқ, талпынған емеспін. Егер мына көлденеңнен аман құтылсам, күндіз-түні жексенбілік мектепте болар едім.
Том мырсылдап жылай бастады.
Сен бе оңбаған? — Гекльберри де жыламсырады. — Сен, Том Сойер, шайтан алғыр, сен менімен салыстырғанда нағыз періштесің! Ой, құдайым, мен тым болмаса сенің жартыңдай оңбаған болсам ғой!
Том жасын жұтып сыбырлады:
— Қара, Гек, ол бізге құйрығын беріп тұр!
Гек қарады да, қуаныштан жүрегі жарыла жаздады.
— Иә, құйрық жағы бізге қарап тұр... Тамаша! Ол бұрын да солай тұр ма еді? Бірақ кімге үріп тұр?
Иттің үргені басылды. Том құлағын түріп елең етті.
— Тсс! Бұл не? — деді ол сыбырлап.
— Шошқаның дыбысы секілді... Жоқ, Том, біреу қорылдап жатыр.
— Шынында да. Қайда қорылдап жатыр, Гек?
— Меніңше, үйдің ана басында. Қорыл сол жақтан естіліп тұрған секілді.
Сол жерде кейде әкем шошқалармен бірге түнеп жүретін еді, бірақ мынау ол емес.
Ол кейде сондай қатты қорылдайды — зәрең ұшады. Және ол енді біздің қалаға келе алмайды деп ойлаймын.
Саяхатта кездесетін түрлі оқиғаларды бастан кешіруге деген құштарлық балаларда қайта оянды.
— Гек, мен алдымен жүрсем, сен көру үшін барасың ба?
— Барғым жоқ, Том. Мүмкін ол жерде Үнділік Джо жатқан шығар?
Том сескеніп қалды. Бірақ балалардың қызығушылығы басым болды да, екеуі де барып көруге ұйғарды. Аяқтың ұшымен басып, бірінің артынан бірі жүріп, ұйқыдағы адамға жақындады. Оған бірнеше қадам қалғанда, Том бір таяқты басып кетті, таяқ сатыр етіп сынып қалды. Ұйқыдағы адам ыңқылдап, екінші жағына аударылып жатып еді, ай сәулесі бетіне түсті. Бұл Мефф Поттер болып шықты. Балалардың тамыры соқпай, қан ұйып қалғандай күйде еді, оның үстіне анау қозғалғанда бұлар не істерін білмеді; сосын барып олардың қорқынышы тарқай бастады. Олар жаймен әрі қарай өтіп, біраз қадам аттағаннан кейін екеуі екі жаққа кете беріп еді, кенет түнгі тыныштықты жаңғыртып тағы ит үрді. Олар жалт қарасып еді, Поттердің жатқан жерінен екі қадамдай қашықтықта бұлар бұрын көрмеген ит тұр: оның бет жағы Поттерге қарағанмен, тұмсығын аспанға көтеріп үреді.
— Ол анаған үріп тұр ғой! — деп балалар қосылып айқайлап жіберді.
— Том, сен білесің бе? Джонни Миллердің үйінің жанында қаңғыбас ит бар деседі — осыдан екі апта бұрын — түн ортасында ешкіемер деген құс оның бөлмесіне ұшып келіп, баспалдақтың жанына отырып сайрапты, ал ол үйде әлі ешкім өлген жоқ.
— Иә, мен білемін. Сонда не болды? Греси Миллер сол сенбіде от жанып жатқан пешке құлап, күйіп қалды емес пе?!
— Иә, бірақ ол өлген жоқ. Өлмек түгілі, семіріп келе жатыр.
— Жарайды, тоқтай тұр көрерміз не боларын. Ол әйелдің Меффи Поттер секілді шаруасы біткен. Негрлер солай дейді, ал олар бұл жағын жақсы біледі.
Сосын балалар ойға шомып айырылысты.
Том өзінің ұйықтайтын бөлмесіне терезеден кіргенде таң атып қалып еді. Шешініп жатып дыбыс шығармас үшін бәрін жасады және мұның батыл істері жайлы ешкімнің білмегені үшін өзін құттықтады. Жай ғана қорылдап жатқан Сид шынында ұйықтамаған еді.
Том көзін ашқан кезде, Сид киініп үлгеріп, кетіп те қалған. Сағат біраз болғанға ұқсайды: ауа да, күннің сәулесі де осыны сездіріп тұр. Том таңғалды. Мұны неге ешкім оятпады, неғып күндегіше жұлқыламады? Осы ой оның көңіліне әлдеқандай қауіп ұялатты. Тез киініп үлгеріп, ұйқысы келіп, әрі шаршап тұрса да, төменге түсті.
Отбасы түгел дерлік үстел басында екен, алайда ертеңгі тамақ бітіп қалыпты. Томға ешкім тіл қатқан жоқ, бірақ көздің бәрі одан бұрылып кетті және бөлмедегі сондай бір салтанатты тыныштық қылмыскердің жүрегін суықтықпен жаншығандай болды. Ол отырды, өзін көңілді ұстады. Бос нәрсе — ешкімде үн жоқ! Тіпті тым болмаса біреуі езуін тартсашы! Сосын ол да үнсіз қалды, жүрегін қайғы орады.
Таңғы астан кейін апайы оны шетке шақырып еді, Том бір-екі дүремен бітетін болды деген үмітпен көңілденіп кетті; бірақ олай болмай шықты. Полли апай жылап, шағым айта бастады. Апайдың кәрі жүрегін жаруға қалай оның дәті шыдады, ақыры аяғында не жасағысы келсе, соны жаса деді: апайының ағарған самайын ұятпен бояп, молаға ертерек кетуіне, өзін-өзі масқара етуіне — оған бәрібір ем қонбайды, мұны түзетем деу — бос шаруа; ендігі жерде апай мұның өміріне араласпайды. Бұл мың рет шыбыртқымен ұрғаннан ауыр еді, Томның жүрегі шаншып қоя берді. Ол да жылады, кешірім сұрады, бұдан былай түзелетінін қайта-қайта айтты, аяғында оны босатты, бірақ мүлде кешірім болғанын көре де, сезе де алмады және оған бұрынғыдай сенім ендігі жерде болмайтынын байқады.
Ол басы ауған жаққа жүре берді, бұдан бақытсыз адам жоқтай сезінді, тіпті Сидтен өшін алуды да ойламады, ал ол мұның көзіне түспейін деп, бұған жақындамастан артқы есіктен зытып отырды. Том қасірет шеккендей түнерген күйі қыбырлап мектепке келді, Джо Гарпермен бірге кеше мектепке келмегендері үшін арқаларын шыбыртқыға тосты. Жазалау үстінде оның кейпі үлкен қайғыға батқан адамдай, мынау дүре соғу — ұсақ-түйек болып сезінетіндей көрінді. Орнына келіп отырғанда ол партаға сүйенген күйі қос қолымен иегін таянып тіршіліктің белгісі жоқ қасіретке толы жанарын қабырғаға қадады. Шынтағының астында қатты бір нәрсе жатқандай болды. Том оған қараған да жоқ. Ақыры әлгі затты көңілсіздеу қолына алды. Қағазға оралған, Том ашты. Қатты күрсінген дыбыс көкірегінен шығып кетті — жүрегі тас-талқан болды. Ол ашық пештің шілтерінен жасалған мыс дөңгелек еді.
Түйенің арқасын бір тал қамыс жауыр етті деген сөз.
Он бірінші тарау
ТОМ АР АЗАБЫН ТАРТУДА
Түске қарай бүкіл қала кенеттен жаман хабар естіп....
Ол кезде атымен жоқ телеграфсыз-ақ, бұл хабар адамнан адамға, үйден үйге, бір топтан екінші топқа телеграф жылдамдығымен тарап үлгерді. Әрине, мұғалім оқушыларды үйлеріне жіберді: егер мұғалім бұлай істемесе, бәрі таңғалған болар еді.
Өлген адамның жанынан қанға батқан пышақ табылды және жұрттың айтуына қарағанда, біреу Меффи Поттердің пышағы екенін мойындаған. Өткен түнде, сағат екілер шамасында бір жерден кештетіп үйіне келе жатқан қала тұрғыны бұлақ басында жуынып жатқан Поттерді көреді және Поттер оны көре сала жасырынып жоқ болып кетіпті — күмәнді жағдай, әсіресе оның жуынуы: жуыну Поттер үшін бұрын болмайтын іс. Сондай-ақ айтқыштардың лақабы бойынша, өлтірген кісіні іздеп, қаланы түгел шарлапты деседі, (тоғышарлар қашан да басқадан бұрын із табады және тез үкім шығарады), бірақ өлтірушіні таба алмапты.
Барлық жаққа ат шаптырып іздеу салынуда, шериф кешке дейін қылмыскерді ұстайтындарына сенімді.
Қала түгел зиратқа бет қойды. Том жаралы жүрегін ұмытып, шұбырғандарға қосылды — зауқы соқпаса да, түсініксіз бір күш оны итермеледі. Қорқынышты жерге жетіп, ол алға ұмтылды және сол адам шошитын көрініске тап болды. Осы жерде болғанына сансыз жылдар өткендей сезінді. Біреу қолын шымшыды. Бұрылды да Гекльберридің көзімен кездесті. Сол бойда бір-біріне қарағандарын біреу-міреу байқап қалған жоқ па деген оймен екеуі де жан-жағына қарады. Бірақ жұрттың бәрі әңгімемен ештеңені байқар емес және үлкен-кіші түгел қорқынышты көрініске қарап тұр.
"Бейшара жігіт!", "Бақытсыз боздақ!", "Өліктерді ұрлайтындарға бұл сабақ қой!", "Егер оны ұстай алса, Мефф Поттер дар ағашынан құтылмайды!" — барлық жақтан естілетіні осы әңгіме.
Ал дін қызметкері айтты:
— Жаратушының бұйрығы ғой, бәрі оның қолында.
Томның басынан башпайына дейін тітіркеніп кетті, өйткені оның көзі үнділік Джоның қимылсыз бетіне түсіп еді.
— Мынау сол, сол! Ол өзі келе жатыр! — деген айқай шықты.
— Кім, кім? — деп жиырма шақты дауыс жер-жерден жамырасты.
— Мефф Поттер!
— Қараңдар, тоқтады... Бақылаңдар — кетіп қалғысы келіп тұр.
— Ұстаңдар оны, жібермеңдер!
Томның бас жағындағы ағаштың бұталарында отырғандар Мефф Поттердің кеткісі жоқ — ол тек ыңғайсызданып, не істерін білмей тұр деп хабарлайды.
— Ұятсыз оңбаған! — деп топ ішінен біреу дауыс көтерді. — Өзі жасаған қылмысқа тып-тыныш, түк болмағандай қарап кетуге келген ғой... мұнда халық болатынын күтпеді.
Тобыр кейін шегінді, шериф салтанатты түрде Поттерді қолынан жетелеп молаға жақындады. Ол байғұстың беті қуарып, көздерінде адам көргісіз қорқыныш тұрды. Поттер өлген адамды көргенде сал ауруына ұшырағандай селкілдеп, бетін басып еңкілдеді.
— Мен емес мұны істеген, достарым менің, — деді ол өксігін баса алмай, — сіздерге шынымды айтсам, мен емес...
— Сені кім кінәлап тұр? — деген біреудің зілді даусы естілді.
Оқ көздеген жерге тиді. Поттер басын көтеріп, үмітсіз жанарын жан-жаққа жүгіртті. Ол үнділік Джоны көріп, айқайлап жіберді.
— Ал, үнділік Джо! Сен уәде етіп едің ғой ешкімге де...
— Мынау сіздің пышағыңыз ба? — Шериф кісі өлтірген қаруды оның бетіне тақады.
Егер оны сүйеп, жерге отырғызбағанда, ол құлап қалған болар еді.
Сосын ол:
— Маған бірдеңе айтты, егер мен осында келіп таппасам... — ол тағы секілденіп, қолын сермеді де: — Бұларға айтшы, Джо, айтшы, енді жасырынатын ештеңе жоқ, — деді.
Гекльберри мен Том қорқыныштан қатып қалыпты, олар өлім туралы өтірікшінің салқын әңгімесін тыңдап, одан көздерін алмай қалшиып қалды. Олар қазір бұлтсыз аспаннан ана суайттың төбесіне найзағай түседі деп күтті және Құдайдың жазасы неге кешігіп жатыр деп ойлады. Ол әңгімесін бітіргеннен кейін сап-сау тұрғанын көргенде, екі бала антты бұзып, жазықсыз жазаланғалы тұрған Поттердің өмірін қорғап қалуды ойлады, бірақ бұл ойлары семіп қалды, өйткені мына оңбаған Джо жанын албастыға сатқан болып шықты, ал албастымен ойнау өте қауіпті: оның маңына жақындасаң — шаруаң бітті дей бер.
Біреу Поттерден сұрады:
— Неге сен қашып кетпедің? Мұнда неге келдің?
— Мен басқаша істей алмадым! — деп сарнады Поттер. — Мен қашқым келіп еді, бірақ аяқтарымның өзі осында алып келді.
Ол тағы да еңіреп қоя берді.
Бірнеше минуттан кейін тексеру кезінде үнділік Джо ант беріп тұрып өзінің бұрынғы айтқанын шімірікпестен қайталады, балалар көктен найзағай оның басына түспегенін көріп, Джо өзін албастыға сатқанына әбден көздері жетті. Ол кенет балалардың көзіне жер бетіндегі ең керемет және ең қорқынышты жәндік болып көрінді және екеуі қызыққан көздерін оның жүзінен ала алмады.
Олар іштерінен түндерде Джоны бақылап, оның қорқынышты әміршісін — бір сәтке болса да көреміз деп шешті.
Үнділік Джо өлген адамның денесін жерден көтерісуге көмектесті, сосын оны бұл жерден алып кету үшін арбаға салды. Топтың арасында толқу басталды: осы кезде өліктің жарақатынан қан тамшылары көрінді. Бұл кездейсоқ оқиға мына тобырға өлтірушінің кім екенін көрсетеді деп балалар ойланып қалып еді, бірақ кейбіреулер:
— Мұның себебі Меффи Поттер өліктен үш қадам жерде тұрғаннан, — десті.
Балалардың үміті өшіп, тұнжырап қалды.
Аса қорқынышты құпия мен ұят Томға бір апта бойы ұйқы бермеді, бір күні таңғы ас үстінде Сид айтты:
— Том, сен түнімен дөңбекшіп, түсіңде бірдеңелерді айтасың, мен содан ұйықтай алмай жүрмін.
Томның түсі бұзылып, төмен қарады.
— Бұл жақсылықтың белгісі емес, — деді Полли апай. — Сені толғандырып жүрген не, Том?
— Ештеңе! Ондай ештеңе емес!
Алайда, баланың қолдары дірілдеп, ішіп отырған кофесін дастарқанға төгіп алды.
— Және сен бірдеңені айтып сандырақтайсың, — деді Сид. — Осы түнде сен, мысалы, былай дедің: "Бұл — қан, бұл — қан. Міне солай!". Сосын қайта-қайта: "Мені бұлай азаптамаңдаршы, мен бәрін айтам" — дедің. Сен нені айтасың сонда? Бақытына қарай Полли апайдың өзі білмей Томға көмекке келді, әйтпесе бұл әңгіменің немен тынары белгісіз еді.
— Ой! Осының бәрі өткендегі адам айтқысыз өлімнен. Менің де күн сайын түсіме енеді. Кейде түсімде өлтіруші өзім екенмін деп қалам...
Мери де сондай түстер көретінін айтты. Сид бұл түсініктерден кейін тынышталғандай болды. Том дәлелді себептер тауып, ылғи кетіп қалуға тырысады, содан кейін бір жұма бойы тісі ауырған кісі болып, түнге қарай орамалмен жағын байлап алатынды шығарды. Сид әдейі ұйықтамай, оның орамалын босатып, өзі екі шынтағына сүйеніп, Томның не айтқанын тыңдайды да, сосын оның орамалын кері тартып байлап қояды. Томның жаны тыныштық таппай мазасызданғаны сейілгендей болды; тіс ауруы деген дәлел де жалықтырып, ақыры оны біржола қойды. Егер Сид оның түндегі үзік-үзік сөйлеген сөздерінен бір нәтиже шығарса, өзі білсін.
Том өзінің жолдастары ешқашан мысықтың өліміне тергеу жүргізбейді деп сенеді — бұл ермек үнемі оның есіне сол қорқынышты оқиғаны түсірді. Бұл ойынның барысында Сидтің байқағаны — Том ешқашан басты тергеуші болмайды, ал бұған дейін барлық ойындарда бірінші кезек соған тиетін. Сидтің тағы бір сезіктенгені — Том қатардағы куәгер де болғысы келмейді, ал бұл да таңғаларлық жағдай. Сид Томның соңғы кезде осындай ойындарды өте жек көретінін және сол мүмкіндік туса ойыннан бас тартатынын біліп алды. Осы жұмбақтардың шешуін таба алмай Сидтің басы қатты, бірақ ешкімге аузын ашпады. Бірте-бірте мұндай ойындар модадан шықты да, Томды ұяты жәбірлеуді қойды.
Осы бір көңілсіз кезде Том күнбе-күн дерлік кісі өлтірген "қылмыскер" отырған түрменің темір торлы терезесінен қолына түскен тәтті тамақтарды беретін. Түрме деген қаланың шетіндегі батпақты жердегі кірпіштен қаланған үй болатын. Онда қарауыл болмайды, оның үстіне түрмеде отырған қылмыскерлер де жоқ еді. Осы шағын сыйлықтарының өзі Томның көңіліне сәл де болса шүкірлік сыйлайтын. Қалашықтың тұрғындарының үнділік Джоны өліктерді ұрлайтыны үшін жазалағысы-ақ келеді: оның денесін қара маймен майлап, құстың қауырсындарын жапсырып, таяққа мінгізіп қуып жіберсе ғой... Бірақ ол жұрттың бәріне қорқыныш ұялатады, оны жазалауға ешкімнің батылы бармады. Бұдан бұрын екі рет жауаптағанда да сөзін төбелестен бастады, бірақ өлікті бұрын ұрлағаны туралы аузына алмады; сондықтан әзірше оны сотқа берген жоқ.
Он екінші тарау
МЫСЫҚ ЖӘНЕ САУЫҚТЫРУШЫ
Томда жаңа үлкен қауіп туды: Бекки Тэчер мектепке келуді қойды. Осы қауіп пен мазасыздық оны бұрынғы өзінің тыныштығын кетірген құпиядан көңілін аударды. Том бірнеше күн бойы өзін тәкаппар ұстап, Беккиді басынан шығарып-ақ тастағысы келді, бірақ ештеңе шықпады. Ол күнде кеш сайын Беккидің үйін айналып жүгіретін болды және өзін ылғи бақытсыз сезінетін еді. Қыз ауырып қалды. Ол өліп қалса ше? Бұл ой Томның әбден есін шығарды. Ол әскери қырғындармен айналысудан да қалды, тіпті теңіз қарақшылары да қызықтыруды қойды. Өмірге қызығу жайына қалды, қайғыға батып, тұнжырады да жүрді. Ол таяқты да, дөңгелекті де тастады; олар Томды бұрынғыдай қызықтырмады. Қауіптенген апайы оны түрлі әдістермен емдей бастады. Полли апай арнайы рұқсатпен дайындалатын ем-домдарды, одан басқа да әдістерді кереметтей құрмет тұтатын адамдардың қатарына жататын. Шаршамай, шалдықпай неше түрлі медициналық тәжірибелер жасауға құштар еді. Бұл салада жаңа бір нәрсе шыға қалса, сол жаңалықты тексеріп көруге апай әзір тұрады — өзіне емес, әрине, өйткені ол ешқашан ауырып-сырқамайтын — қолына кім түссе, соған тәжірибе жасауға дайын. Ол медициналық үлкен-кіші журналдардың бәрін, жалған оқымыстысымақтар шығаратын кітапшаларды жаздырып алатын және олардың ішіндегі толған мылжың мақалалар оған балдан да тәтті көрінетін. Олардың төсекке қалай жатып, қалай тұру керек, қандай киім кию керек, не ішіп, не жеу керек, көңілді қалай көтеру керек, бөлменің ауасын қалай тазарту керек деген сандырақтарын апай нағыз ақиқат деп қабылдайтын және өткен сандағы айтқандарын журналсымақтың бұл санында қарама-қарсы қағида жазылғанын байқамайтын. Ол ақкөңіл және қарапайым кісі және осынысынан әлгі жазғыштардың илеуіне түсіп қалатын. Апай осындай жалған оқымыстылар шығарған журналдардың бәрін жинап, адамды өлтіріп тынатын неше түрлі шөптерді жинайтын. Егер көршілерінің оны сауықтырушы періште деп, не "ханан бальзамы" деп қабылдамайтынын өзі білсе ғой.
Ол сумен емдеу модаға еніп жатқан кез болатын, Томның жай-күйі дәл келіп тұр. Апайы оны таңсәріде төсектен тұрғызып, ағаш сарайға апаратын, мұздан да суық суға шомылдырып, кірпінің инесіндей қадалатын орамалмен оның денесін ысқылайды, содан соң ылғи жаймамен орап, оның сыртынан қара терге түсу үшін көрпе жабатын, сонда байғұс бала ақ тер, көк тер болып, өзінің сөзімен айтқанда "жаны шыға жаздап" жататын.
Осындай ем-домға қарамай бала қуарып жүдей берді және түрі қайғылы жандай көрінетін. Апайы бұрынғы еміне енді ыстық ванна, отыратын ванна, суға шомылу секілді емдерді қосты. Бірақ бала оңалмады. Сумен емдеу әдістеріне қоса апай оған сұлы көже ішкізе бастады. Бұдан өзге неше түрлі шөптердің қайнатқан қосындысын ішкізді.
Том барлық азапқа көнді. Баланың қалай болса солай қарағаны кемпірге күдік туғызды. Енді не де болса Томды осы күйінен айықтыру керек деп ойлады апайы. Осы кезде ол жаңадан шыққан ем — "сауықтырғыш" деген дәрі жайлы естіді де, көп етіп сатып алды. Өзі татып көріп еді, қуанып кетті: сұйық күйіндегі от секілді. Кемпір сумен емдеуді доғарды, басқа дәрілерден де бас тартты, бар үміті — жаңа емде болды. Ол Томға шай қасықпен дәріні берді де, жүрегі толқып қорытындысын күтті.Оның мазасыз көңілі тез басылып, жаны жай тапқандай болды, өйткені Томның көңіл-күйі сол сәтте өзгеріп сала берді. Егер баланы ыстық көмірге отырғызса, оның дәл мұндай көңілі көтерілмес еді.
Том өткеннің бәрін қойып, жан дүниесін ұйқыдан оятатын кез келді деп шешті. Қазіргі күйі өзінің қайғылы көңіліне сай келгенмен, жанына азық болатын ештеңе жоқ. Ол осы көңілсіз күйінен арылу үшін жаңа әдіске көшуді ұйғарды: "сауықтырғыш" дәрі бұған өте жақсы әсер еткендей болып көрінуге тырысты: ол дәріні тағы да бер деп қайта-қайта сұрай берді, ақыры кемпір әбден жалықты да, қашан ішкің келсе, өзің ішесің деді де, өзі қадағалауын тоқтатқан болды. Сид болса, мазасызданбас еді, бірақ мәселе Томға байланысты болғасын, апай дәрі құйылған шыны шөлмекті еппен бақылап жүрді. Әрине, шөлмектегі сұйық күн сайын азая берді, бірақ Том өзін емдеп емес, қонақ бөлменің еденіндегі тесікке құйып азайтып жүргені апайдың миына кірген емес.
Бір күні Том күндегі әдетімен еденнің тесігін емдеп жатыр еді, оның жанына апайының сары мысығы жетіп келді де, мияулап, дәрі құйылған темір қасыққа ашқарақтана қарады, шамасы "маған да бер" деп тұрғандай.
— Ой, Питер, ішкің келмесе, сұрамай-ақ қой!
Питер ішкісі келіп тұрғанын сездірді.
— Байқа, қателесіп жүрме... өкінесің...
Питер қателік болмайтынына сенімді екенін айтты.
— Жарайды, сұрап тұр екенсің — беремін, сараң емеспін, бірақ абайла: ұнамаса, өз сорың өзіңе.
Питер бұл шартқа келісімін білдірді. Том оның аузын ашып, "сауықтырғыш" дәріні құйды. Питер аспанға атылып, сосын әскер қолбасшысының бұйрықты үніндей дауыс шығарды, бөлме ішін айналып жүгіріп, жиһазға шықты, одан гүл салатын құмыраларды құлатып, үйдің астан-кестеңін шығарды. Содан кейін ол артқы екі аяғына тұрып алып үйді басына көтере бақырып, еден үстінде билей бастады. Сосын тағы үй ішінің тас-талқанын шығарып, бөлмеде жүгірді. Ол жоғары секіріп, бірнеше рет ауада "аунап алды да, ең соңғы көрінісі — "Ура" деп айқайлаған күйі алдында тұрған гүл салғыштарды қирата терезеден секіріп жатқан сәтте, Полли апай кіріп келді. Кәрі ханым көзілдірігінің үстінен бөлмені шолып, таңданғаннан қатты да қалды, ал Том күлкіден шегі қатып еденде домалап жатыр.
— Біздің мысыққа не болды?
— Білмеймін, тәте, — деуге Томның тілі әрең келді.
— Өмірімде мұндай кереметті көрген емеспін! Ол неге құтырып кетті сонша?
— Шын айтам, Полли тәте, білмеймін. Мысықтар қуанғанда осылай аунайды.
— Шынымен бе?
Полли апайдың үніндегі қауіптендіретін бір нәрсе Томды сескендірді.
— Иә, ім. Яғни мен былай ойлаймын.
— Қалай ойлайсыз?
— Иә, ім...
Кемпір еңкейді. Том әрі қызығып, әрі қауіптеніп оның әрбір қимылын бақты, бірақ оның не істегелі тұрғанын тым кеш ұғынды. Төсектің жанындағы кілемшенің шетінде ұстап беретін айғақ жатыр — шай қасық. Полли апай қасықты алып, Томның төбесіне былғаңдатып біраз тұрды. Том селк етті де, жерге қарады. Полли апай қасықты әдеттегідей сабынан ұстап көрді де, оймағымен Томның шекесін нұқыды.
— Ал, мырза, түсіндіріп көріңізші, тілсіз бейшараны неге сонша азаптадыңыз?
— Мен оған жаным ашығаннан бердім... өйткені оның тәтесі жоқ.
— Тәтесі жоқ! Не деп сандалып тұрсың, ақымақ! Тәтесі несі тағы?
— Қалай тәтесі несі?!Оның тәтесі болса, ол мысықтың бүкіл ішек-қарынын аяусыз күйдірер еді!..
Полли апай ыңғайсызданып қалды. Оның емі енді өзіне де басқа қырынан көрінгендей болды: мысыққа жасалған қатыгездік балаға жасалғанын сезінді. Оның жүрегі жұмсарып, өзі ұялды, көзінен жас шықты, алақанын басына қойып, жылы сөйледі:
— Мен бәрін сенің пайдаң үшін жасадым ғой, Том. Бұл саған пайда әкелді.
Том оның бетіне қарады. Тек оның езуіне мысқыл күлкі жасырынып тұрды.
— Сіздің маған тек жақсылық тілейтініңізді білемін, тәте. Мен де Питерге жақсы болсын дедім. Бұл оған да пайда әкелді. Мен оның бұлай билегенін көрген емеспін...
— Жарайды, жарайды, Том, мені ашуландырма. Өзіңді дұрыс ұста.
Ақылды бол, бұдан былай саған ешқандай дәрі бермеймін.
Том мектепке сабақ басталмастан бұрын келді. Бұрын байқалмайтын мұндай оқиға соңғы кезде күнбе-күн болып жүргенін жұрттың бәрі байқады. Бүгін де ол жолдастарымен ойнаудың орнына соңғы кездегі күндегі әдетімен мектеп алаңындағы қақпа маңынан кетпей қойды. Ойынға шақырғандарға ол сырқаттанып жүрмін деген дәлел айтатын және өзі де ауру адамға ұқсайды. Ол өзінше айналаға қарап тұрған секілді көрінгенмен, шынында үнемі жолға қарап тұрғанын байқау қиын емес еді. Алыстан Джефф Тэчердің көрінуі мұң екен, Томның жүзі жарқырап кетті, бірақ сәлден кейін-ақ оны қайғы басқандай жабырқады. Джефф қақпадан кіргенде Том қасына жүгіріп барып, Бекки туралы әңгімеге тартқысы келіп еді, түсінігі кемдеу сот оның ықыласын сезбеді. Том сонау жақтан етегі желмен желбіреген көйлегі көрінер деп үміттенгенімен, Бекки көрінбеді. Енді ешқашан көйлек көрінбейтін болды. Ол көңілсіз және ойлы қалпында қаңыраған класқа кіріп, өзінің орнына қайғы шегуге отырды. Осы кезде қақпа маңынан тағы бір көйлек көрінді, Томның жүрегі зу ете түсті. Сәт болмай — ол есік алдында алаңда тұрды, үнділік секілді жынданды: айқайлап, қарқылдай күліп, балалардың соңынан қуып, тіпті өміріне қауіпті болса да, шарбақтан секіріп, жерге аунап, басымен жүріп — бір сөзбен айтқанда неше түрлі батырлық жасады және Бекки көріп тұр ма екен деп ылғи сол жаққа қарай берді.
Алайда қыз мұның бәріне титтей де көңіл аудармады, ең болмаса бір рет қараған жоқ. Неліктен ол Томды байқамады? Том енді оның маңайына жақындап, өзінің ерліктерін көрсете бастады. Қыздың айналасына жүгіріп, ұрандап айқай салды, тіпті біреудің бас киімін жұлып алып, мектептің төбесіне лақтырып жіберді, бір топ балаға ұрынып, жан-жаққа таратып жіберді, өзі Беккидің алдына келіп шалқасынан құлай кетті де, қызды қағып кете жаздады. Қыз бұрылып:
— Тфу! Кейбіреулер өзін жұрттың бәрінен артықпын деп ойлайды да, әтешке ұқсап секеңдейді де жүреді...— деді теріс қараған күйі.
Томның екі беті қып-қызыл болып кетті. Ол жерден тұрып, басы салбыраған күйде кетіп бара жатты.
Он үшінші тарау
ҚАРАҚШЫЛАР ЖЕЛКЕН КӨТЕРДІ
Том үзілді-кесілді шешім қабылдады.Оның жан дүниесінде үміт сәулесі жоқ, тек қараңғылық. Ол: "Мен жалғызбын, бәрі мені тастап кетті, дүниеде ешкім мені сүймейді", — деп өзін-өзі иландырып бақты. Адамдар бұған істегендерін кейін түсінгенде, мүмкін, өздері өкініп, жанашырлықпен еске алар. Ол жақсы болғысы келді және қайырымды іс істегісі келді, бірақ ешкім бұған көмектескісі келмеді. Енді олар бұдан қалай да құтылғылары келеді екен — ендеше бұл кетеді, мейлі олар ұрыссын, жамандасын. Ұрсыңдар! Жұрттың бәрі сырт айналып, тастап кеткен баланың қарсы тұратын құқы бар ма. Қылмыс жасауға мұны мәжбүрлеген өздері. Мұның басқа шарасы жоқ.
Ол көгалды бұрышқа да жетіп қалып еді, балаларды кластарға шақырған мектеп қоңырауының сыңғыры оған еміс-еміс естілді. Енді ешқашан қоңыраудың таныс үнін естімейтіндігі жайлы ойлағанда, Том бір өксіп алды. Бұл өте ауыр, бірақ амал қанша — мұны мәжбүр етті. Үй-күйі жоқ баланы елсіз әлемді шарлауға итеріп отыр және бұған ештеңе жасай алмайсың. Алайда ол бәріне бәрін кешіреді. Осы жерге келгенде өксігі өршіп және жиілей түсті.
Дәл осы сәтте ол өзінің ең жақын көретін досы Джо Гаспермен кездесті.Оның да жылаудан көзі қызарып, көңілінде ұлы да қорқынышты жоспар туған секілді. Олар "қиялмен қанаттандырған екі жүрек" деп өздерін іштей жұбатқан болды. Көзін жеңімен сүртіп Том өзінің үйден кететін шешімі туралы, өйткені мұны адам ғұрлы көрмейтіндері жайлы және енді ешқашан қайта келмеуге бел байлағаны жайлы баяндады.
Ең соңында Джо өзінің досын ұмытпайды деген үмітін де жасырмады.
Бірақ сол жерде Джо да осындай байламға келіп, Томды іздеп, өзінің ойын айтуға бекінгені жария болды. Анасы мұның көзі көрмеген қайдағы бір кілегейді ішіп қойдың деп сабағанын айтты. Шамасы бұл анасын әбден жалықтырған болса керек, бұдан біржола бас тартқысы бар. Егер олай болса, жалғыз баласын белгісіз адамдардың ортасына қуып жіберіп, оның азаптанып өлгенін анасы қалайтын болса, ананың тілегін орындаудан басқа мұның шарасы жоқ.
Екі шерлі бір-біріне өздерінің қайғы-мұңын айтып, қатар келе жатыр. Олар бір-бірін аға-інідей қорғауға, ешқашан бірін-бірі тастамауға, өлім ажыратқанша бірге болуға уәделесті. Сонан соң әрқайсысы өз жоспарын баяндады. Джо үңгірлерде тұрып, қатқан қабықтармен қоректенуге, сүйтіп жападан-жалғыз жүріп аштан, суықтан, жан азабынан өлуге бекінген, бірақ Томның жоспарын тыңдағасын қылмысты өмірдің артықшылығы мол екенін түсініп, теңіз қарақшысы болуға келісті.
Санкт-Петербургтен үш миль жердегі Миссисипи өзенінің ені бір мильден асатын тұста жіңішке әрі ұзын, түрлі ағаштар өскен, жағасы жайлы арал бар — қуылғандар үшін нағыз лайықты орын. Аралда ешкім тұрмайды және тірі жан жоқ, адам өткісіз қалың орман өскен қарсы жақтағы жағаға жақын жатыр. Сондықтан олар осы Джексон аралын мекендейміз деп шешті. Теңіз қарақшыларының құрбандығы кім болатыны олардың ойына да келмеді. Содан соң олар Гекльберри Финнді іздеп тапты және ол бұл қылмыскерлер тобына ықылас-ынтасымен қосыла кетті; қандай да бір мамандық, мансапты таңдауға Гектің құлқы жоқ, ол бұл мәселеге немқұрайды қарайды. Олар қалашықтан екі миль жоғары жатқан өзен жағасында оңаша жерде өздерінің ең сүйікті уақыты — түн ортасында кездесуге уәделесті. Арғы жағада шағын сал көрініп тұрған, бұлар оны ұрлаймыз деп шешті. Әрқайсысы өзімен бірге қармақ, балық аулайтын құрал және мүмкін болғанша жейтін тағам әрине, ұрлауға болатындарын — кәнігі қарақшылар сияқты құпия әрі жасырын жасауға шарттасты. Кеш түсіп үлгергенше олардың әрқайсысы жолдастарының арасында жақында қала тұрғындары "бір нәрсе жайлы естиді" деп айтып үлгерді. Бұл туралы естігендердің бәріне тістеріңнен шығармаңдар деп қатаң ескертілді.
Түн ортасында Том шошқаның пісірілген майлы етін және бір нәрселерді алып, жағаның ең биік жеріндегі қалың шөп, қалың қурай арасына келді. Биік жардан бұлардың кездесуге уәделескен жері көрініп тұр. Айнала тып-тыныш, жұлдыздар жарқырап тұр. Төмендегі үлкен өзен де ұйықтап жатқан мұхиттай тыныштықта жатыр. Том құлағын түріп еді — тым-тырыс.
Ол сосын ұзақ ысқырды. Төменнен жауап естілді.
— Келе жатқан кім? — деген біреудің қоңыр даусы естілді.
— Том Сойер, Испан теңіздерінің қара кек алушысы. Сендер есімдеріңді атаңдар!
— Гек Финн, Қандықол және Джо Гарпер, мұхиттардың құдайы.
Бұлар — Томның өзі жақсы көретін кітаптарындағы кейіпкерлердің жалған есімдері.
— Жарайды, айтыңыз!
Түнгі тыныштықта қарлыққан екі дауыс бір мезгілде жан түршіктірер сөзді айтты:
— "Қан!"
Том жоғарыдан шошқаның етін лақтырды да, өзі оның соңынан киімін жыртып, терісін сыдырып сырғанай жөнелді. Биік жардан түсетін ыңғайлы жалғыз аяқ жол бар болатын, бірақ, өкінішке қарай, бұл жолда қарақшылар қатты бағалайтын қатерлі қиындықтар жоқ. Мұхиттардың құдайы шошқаның төс етінің едәуір үлкен бөлшегін уәделі жерге әрең жеткізді. Финн Қандықол бір жерден таба және өзінен басқа шылым шегетін не шайнайтын трубканың орнына пайдалану үшін шала кепкен темекі жапырақтарының бір қорабын, трубкасы жоқтарға майстың бірнеше сабағын әкеліпті. Бірақ бұлардың арасында өзінен басқасы темекі тартпайтын.
Испан Теңіздерінің Қара Кек алушысы отсыз жолға шығуға болмайды деп хабарлады. Бұл орынды пікір еді: ол кездері шырпы дегенді ел біле бермейді. Өздерінен жүз қадамдай жерде салдың үстінде от жанып жатқанын көрді де, балалар жасырынып барып от ұрлап алды.
Осыдан қызықты оқиға шығарды: минут сайын олар бір-біріне жекіріп және саусақтарын еріндеріне апарып "үндемеңдер" деген белгі берді, қолдары ойларындағы қанжардың сабына жармасып, қаһарлы сыбырмен егер дұшпан қозғала қалса, оған пышақты сабына дейін сұғу керек, өйткені өлген адам куәгер бола алмайды. Балалар сал иелерінің қалаға кеткенін және дүкен аралап немесе арақ ішіп жүргенін жақсы біледі.
Содан олар жолға шықты. Том басшылық етіп отыр, Гек салдың арт жағындағы ескекпен жұмыс істейді, Джо алдыңғы ескекте. Том корабльдің ортасында тұр. Қабағын түйіп, қолдарын кеудесіне қойып, даусын қатты шығармаса да, қатал үнмен бұйрық беріп тұр:
— Желге қарсы, тура!
— Құп болады, мырза!
— Осылай ұста!
— Құп болады, мырза!
Балалар өзеннің ортасына қарай бір қалыппен жай жүзіп келе жатқандықтан әлгі бұйрықтардың бәрі әншейін айтылған еді.
— Корабльде қандай желкендер көтереді?
— Төменгі марселдер және бом-кливерлер, мырза!
— Бом-бромселдерді көтеріңдер! Тезірек! Он шақты матрос форстен-стекселиге барсын! Қимылда!
— Құп болады, мырза!
— Рульді желге қарай ұста! Бортты солға! Жауды қарсы алуға әзір бол!
Рульді солға! Жарайсыңдар! Осылай ұстау керек!
— Құп, мырза!
Сал өзеннің ортасынан асты, балалар оны ағыстың бойымен жіберді де, ескектерді орындарына қойды. Судың деңгейі онша жоғары емес, өйткені ағыс жай; сағатына екі не үш миль ғана. Балалар қырық минуттай үнсіз келе жатыр. Дәл осы кезде бұлар алыс қалған қалашықтың қатарынан өтіп бара жатыр еді. Тек жалт-жұлт еткен екі-үш от арқылы қай деңгейде қалып бара жатқанын байқауға болады — жұлдыздардың алмаздарымен жалтылдаған айдың беті оларды туған қалаларынан жырақтатып барады. Осы сәттерде қандай ұлы оқиға болып жатқаны ұйқыдағы тұрғындардың миына кіріп-шықпайды. Испан теңіздерінің Қара Кек алушысы қолдарын кеудесіне айқастырып қойған күйі бір кезде қуанышқа бөлеген, одан соң қасірет шектірген жаққа ең соңғы рет "қарап" корабльде тұр.
Осы сәтте мұның дауылды толқындарға қарсы, өлімнің бетіне тура қарап бара жатқанын ол қыз көрсе ғой. Джексон аралынан өз қаласы көрінбейді, ал өзі тым жырақта, "ең соңғы рет" туған жеріне жүрегі жыртылып және салтанатты сезіммен қарап бара жатқандай елестету Томға онша қиын емес. Қалған қарақшылар да туған жерлерімен мәңгілікке қоштасып тұрғанда аралдан өтіп кете жаздады; олар бірақ қауіпті тез байқады да, бәрі реттелді. Түнгі сағат екі кезінде сал аралдың жоғарғы жағындағы қайыршақты жағаға тоқтады және олар қолдарына түскен барлық дүние-мүліктерін жағаға жеткізіп болғанша тізеден су кешіп ерсілі-қарсылы біраз жүрді. Салдың ескі желкені бар еді; олар оны түсіріп, бұтақтарға жайып көлеңке жасады; өздері ауа-райы жақсы кезде ашық аспанның астында ұйықтайтын болды — қарақшылардың бәрі солай ұйықтайды.
Олар құлап жатқан ағаштың жанында орманның ең қараңғы жеріне от жағып, табаға шошқаның етін қуырып, кешкі тамаққа отырысты, жүгері нандарының жартысын жеп тауысты.
Ешкімнің аяғы баспаған орманда, зерттелмеген, тірі адам тұрмайтын аралда, табиғат аясында, ешкімнің тұрғын үйі болмаған елсіз жерде сайран салу қандай бақыт! Олар ешқашан мәдениетті өмірге оралмайды. Жанып жатқан от жарығы олардың жүздеріне түсіп тұрды, ал ол сәуле ағаштарға түскенде қызғылт түс беріп — олардың ормандағы киелі сарайын әшекейлеп тұр; жабайы жүзім, ағаштардың жылтыраған жапырақтары да ерекше сән беріп тұрғандай. Шошқаның төс етінің соңғы бөліктерін және жүгері нанның бәрін сыпырып соғып алғасын, балалар шалғынның үстіне керіліп жата-жата кетті.
Расында, олардың бұдан гөрі салқындау жерге жатуларына болар еді, бірақ алаудың жанында орман ішінде жатқан қандай ғажап!
— Керемет емес пе! — деп дауыстады Джо.
— Тамаша! — Том тіл қатты.
— Басқа балалар көрсе, не айтар еді?
— Немене? Олар қызғаныштан өлер еді! Солай емес пе, Гекки!
— Дәл солай! — деп тіл қатты Гекльберри. — Басқалар қалай екенін білмеймін, ал мен ризамын. Бұдан артық рахаттың маған қажеті шамалы. Қарныңды толтырып тою күнде бола бермейді, оның үстіне мұнда жерден алып, жерден салатын ешкім келмейді. Ешкім ұрыспайды. — Маған нағыз керегі — осындай өмір, — деп жариялады Том. — Таң атпай тұрдық, мектепке барудың, жуынып-шайынудың қажеті жоқ. Білесің бе, Джо, қарақшы жағалауда болса, оның өмірі қаңғыбас біреулерге қарағанда рахат деуге болады; ешқандай жұмыс жоқ, қол қусырып отыра бер. Қаңғыбас дәруіштер үнемі дұға оқып, құдайға құлшылық етуге міндетті. Және олар жалғыз-жалғыз жүреді, жолдас-жора болмайды.
— Дұрыс, — деді Джо. — Мен бұрын бұл туралы ойламап едім, енді қарақшы болғалы қарақшының өмірі соншалықты қызық екенін көріп отырмын.
— Жалғыз жүрген қаңғыбасты, бұрынғы кездегідей емес, қазір ешкім қадірлемейді, ал қарақшыға үлкен құрметпен қарайды. Қаңғыбастардың киімі кенеп, олар бастарына күл жағып, жалаңаш тас үстінде ұйықтайды, жаңбырдың астында тұрады деп Том түсіндіре бастады.
— Олар неге бастарына күл жағады, — деп Гек оның сөзін бөлді. — Көйлекті де өзгеше киеді, неге?
— Білмеймін... Сондай тәртіп. Егер сен қаңғыбассың ба, жасағың келе ме, келмей ме, ол әлгінің бәрін жасауға тиіс. Сен қаңғыбас болсаң, сен де солай істеуге тиістісің.
— Жоқ! Ойнап айтасың ба?! — деді Гек.
— Ал сен не істер едің?
— Білмеймін. Ондай бірдеңелерді жасағым келмейді дер едім — бітті.
— Жоқ, Гек, сені тыңдайды да. Ереже сондай. Және сен ол ережені біле алмайсың.
— Мен қашып кетер едім, сонымен бітер еді.
— Сен қаңғыбас емес, мисыз болар едің! Өмір бойы ұятты болып жүрер едің.
Қанды Қол ештеңе айтпайды, өйткені ол өзіне басқа бір қызықты іс тауып еді. Ол жүгерінің собығынан түтік жасап, оған темекі жапырақтарын салған жалпақ сабақты кигізді, дәл сол кезде тұтатты. Иісі бұрқыраған бұлтты аузынан шығарып, рахат сезімге бөленді. Қалған қарақшылар оған қарап, қызыққаннан бұл керемет кеселді тезірек үйрену керек деп шешті.
Гек тағы Томға қарады.
— Осы қарақшылар не жасайды?
— О-о! Олар көңілді өмір сүреді: корабльдерді тұтқындайды және өртейді, алтынды өздері алады және өз аралында қауіпті жерге көмеді. Ол жерді түрлі елестер және басқа жын-шайтан қарауылдайды. Ал матростар мен жолаушыларды өлтіреді — оларды жіңішке тақтай мен теңіздің үстінен жүргізеді және көздерін байлап тастайды.
— Ал әйелдерді өздерімен бірге аралға әкетеді, — деді Джо. — Әйелдерді өлтірмейді. Олар қайырымды адамдар. Және әйелдер ылғи сұлу болады ғой.
— Киімдерін айтсайшы — алтынмен аптаған, күміспен қаптаған, бриллиантпен көмкеріп тастаған! — деп Джо тағы қосып қойды.
— Кімнің үстіндегі киімді айтасың? — деп сұрады Гек.
— Қарақшылардың.
Гек Финн көңілсіздеу өзінің үстіндегі киіміне көз салды.
— Менің костюмім қарақшылардікіндей емес, — деді қатты күйзелген үнмен. — Бірақ менің бұдан басқа ештеңем жоқ.
Балалар әдемі костюмге жақын күндерде қол жетеді: ертең-ақ бұлар шабуылды бастайды, сонда алтын да, көйлек те — бәрі болады деп Гекті жұбатты. Ал қарақшы өмірінің алғашқы кезінде оның жамау-жыртық киімі де жарайды, әрине, әдетте бай қарақшылар өздерінің алғашқы жорықтарын бастамас бұрын әдемі киім-кешектерін ертерек дайындап алады.
Әңгіме бірте-бірте бәсеңдей берді: кішкентай қашқындардың көздері жұмылып, ұйқы басты. Қанды Қолдың саусағынан түтік түсіп кетті, өзі қажыған жолсеріктей ұйқыға басты. Мұхиттардың Құдайы мен Қара Кек алушы іштерінен және жатып оқыды, себебі тізерлеп отырып дауыстап оқы деп зіркілдейтін ешкім жоқ. Анығын айтқанда, олар дұға оқымауға да уәделесіп еді, бірақ аспан бұларға ашуланып, бастарына әдейі найзағай жіберіп, жатқан жерлерінде жандарын өртей ме деп қорықты. Кешікпей олар да ұйқыға кетті. Алайда, дәл осы сәтте екеуінің жанына ар-ұят деп аталатын шақырылмаған қонақ жасырынып келгені. Олар үйден қашып кеткендеріне ұялды, ұрлаған етті ойлағанда нағыз азап басталды. Олар ар-ұятты тыныштандырғылары келіп, өздері бұдан бұрын да сарайдан кәмпит, алманы он шақты рет жымқырғандарын еске алып еді, алайда ар-ұят бәрібір айқайынан танбады. Ақырында мәмпәси не алма ұрлау деген оның күнәсі, тіпті жазасы жайлы әдейі өсиет бар. Сондықтан бұлар қарақшылықты кәсіп етіп жүрген кезде мұндай қылмыспен енді өздерін масқараламауға іштей шешім қабылдады. Ар-ұят та бұған көніп, келісімге келді де, баянсыз қарақшылар ұйқыға кетті.
Он төртінші тарау
БАҚЫТТЫ ҚАРАҚШЫЛАРДЫҢ ТҰРАҒЫ
Таңертең оянғанда Том көпке дейін өзінің қайда екенін түсіне алмады. Отырып көзін сүртті де, жан-жағына қарады — сонда ғана есін жиды.
Салқындық лебі ескен бозала таң. Орманның мұншалық үнсіздігі тыныштықтың ғажайып сезімін сіңіргендей. Бірде бір жапырақ сыбдырламайды. Ұлы Табиғаттың ойланып жатқан сәтін бұзбайды. Жапырақтарда және шөптердің басында шық моншақтары жылтырайды. Күлдің ақ қабаты алаудың бетінде жатыр, жұқалтаң көгілдір түтін бұлардың үстінде қалықтайды. Джо мен Гек өлі ұйқыда.
Алысырақта орман ішінде әлдеқандай бір кұс айқайлайды, тағы біреуі жауап береді; бір жақта тоқылдақ тоқылдатып жатыр. Салқын бозтұман сейілген сайын дыбыстар жиілей берді — барлық маңда тіршілік біліне бастады. Ұйқыны ысырып тастап, іске кіріскен табиғаттың тамаша құбылыстары терең ойға шомған баланың көз алдынан өтіп жатты. Кіп-кішкентай жасыл қырықбуын шықтан суланған жапырақтың үстіне жылжып барады. Оқтын-оқтын жапырақтан бауырын көтеріп, иіскелеген секілді болды да, әрмен қарай жорғалады.
— Өлшеп жүр, — деді Том.
Қырықбуын өзіне жақындағанда, ол тасқа ұқсап қимылсыз қатты да қалды, жәндік бұған келе жатыр ма, жоқ басқа жаққа ма — осыған орай Томның жан әлемі де біресе үміт сәулесімен жылтырап, біресе көңілсіз құлазыды. Қырықбуын тоқтаған кезде, кеудесін әрең көтеріп, қай жаққа жүру керектігін ойлағандай болды, ақыры ол Томның аяғына жармасты да, сирағына қарай саяхаттады, ал Томның жүрегі қуаныштан дүрсілдеп қоя берді — бұл — ертең-ақ оның үстінде қарақшының, алтындаған керемет костюмі болады деген белгі! Қайдан келе жатқаны белгісіз — құмырсқалар колоннасы шығып, жапырлай жұмысқа кірісті; біреуі өлген қоңызбен алысуда, қоңыз одан бес есе үлкен болса да, ақыры оны ағаштың бойымен жоғары қарай домалатып барады.
Қызғылт қоңыз, үйіңе қайт тезірек,
балаларың өртте қалды, құтқар барып тезірек.
Қоңыз естісімен, балаларын құтқаруға ұшып кетті және бұған Том таңданған жоқ: бұл қоңыздың ақылсыз, не болса соған сенетінін баяғыдан білетін, егер оларға үйіңде өрт болып жатыр десең, сене қояды; Том олардың қарапайым да аңқаулығын пайдаланып, талай алдаған. Одан кейін үлкен шарын қолға алып домалатып боқ қоңыз шықты. Том оның аяқтарын денесіне жапсыра қойып, өлі денедей қозғалыссыз қалатынын көргісі келіп, оны саусағымен түртті. Бұл уақытта құстың бәрі жын ұрғандай шулап жатқан Солтүстіктің күлегеші дәл Томның бас жағындағы ағашқа отырып алып, өзінің қанатты көршілерін мазақтауға кірісті.
Көгілдір оттай зу етіп ауадан өткен айқайлауық құс баладан екі қадам жердегі бұтаққа отыра кетіп, басын бір жағына қисайта танымайтын келімсектерге қарады. Сұр тиін мен түлкіге ұқсас басқа бір жәндік бірінің соңынан бірі тез жүгіріп өтті. Олар мезгіл-мезгіл тоқтап, күтпеген қонақтарға қарау үшін артқы аяқтарына тұрды, себебі орман аңдары бұрын адам атаулыны көрмеген секілді, олардан қорқу керек пе — білмеді. Енді бүкіл Табиғат оянды, айналаға жан кіре бастады. Күннің ұзын сәулелі жебелері ана жерде де, мына жерде де қалың жапырақтарды тіліп өтуде. Бір жақтан бірнеше көбелек ұшты.
Том қалған қарақшыларды оятты; бәрі қатты айқаймен өзенге жүгірісті, әп-сәтте киімдерін сыпырып тастап, мөп-мөлдір тайыз суда бір-бірін қуып рахаттанды. Мұнартқан жалпақ айдынның арғы жағында көрінген, өлі ұйқыдағы өз қалашығына олардың барғылары жоқ. Түнде салды ағын алып кетіпті, әлде өзен суы көтерілгесін бе, бірақ бұл жағдай балаларға қуаныш әкелді: енді мәдени ортамен бұларды байланыстыратын көпір жоқ!
Олар тұрақтарына қарындары ашып, тыңайып, бақытты сезіммен оралды; сол бойда алау жанды. Гек жақын маңнан таза салқын судың көзін тапты, балалар еменнен және жаңғақ жапырағынан өздеріне ыдыс жасап алды, жабайы орманның иісімен су тәттіге айналып, кофе орнына жүреді деп ойлады. Джо таңғы асқа шошқа етін кесе бастады. Бірақ Том мен Гек оны қоя тұруын сұрады: екеуі сол бойда өзен жаққа жүгіре жөнелісті, бір жерге келіп қармақ салды. Көп кешікпей олар бұлтиған сазан, екі алабұға мен кішкентай жайын әкелді. Бір отбасына жететін азық. Олар балықты шошқаның төс етімен қосып қуырып еді — таң-тамаша қалысты: мұндай дәмді балықты бұрын ешқайсысы жеп көрмепті. Тұщы судың балығын неғұрлым тез қуырса, соғұрлым дәмді көрінетінін олар білмейтін және ормандағы ұйқы, таза ауада жүгіру, шомылу және аштық — бұл туралы олар ойлаған емес.
Ертеңгі тамақтан кейін олар көлеңкеге қисайып, Гек түтігін сорып болғанша оны күтті де, сосын орман ішіне барлауға кетті. Шіріген шөп-бұталардың арасымен басын төмен иген жүзім сабақтары орман патшалығының белгісі секілді. Ара-арасында өте жайлы, көкорай кілем жайылған алаңқайлар кездеседі, гүлдермен безендірілген олар қымбат бағалы тастарға ұқсап жылт-жылт етеді.
Жол бойында көп нәрсе оларға қуаныш сыйлады, бірақ таңқаларлық керемет кездеспеді. Аралдың ұзындығы үш мильдей де, ені төрт миль екенін және арал жақын маңдағы жағадан шамамен екі жүз ярд жіңішке бұғаз арқылы бөлініп тұрғанын анықтады. Олар сағат сайын суға шомылды да, тұратын жерлеріне кешке бір-ақ оралды. Олардың қарындары аш, сондықтан балық аулап әуре болмай, шошқаның салқын етін тоя жеп алып, көлеңкеде жатып әңгіме соқты. Кешікпей әңгімелері сирей бастады, сосын мүлде үзілді. Жалғыздықты сезіну, жым-жырт тыныштық, орманның салтанатты тірлігі оларға өз әсерлерін тигізді. Олар ойланды. Түсініксіз бір сағыныш мұңға орағандай. Кешікпей үйге деген сағыныштың алғашқы белгілері біліне бастады. Тіпті Финн Қанды Қол да бөтен біреулердің баспалдағы мен бос бөшкелер туралы мұңайып ойлады. Алайда әрқайсысы өзінің мұндай кемшілігінен ұялып, ойларын дауыстап айтуға ешбірінің батылы жетпеді.
Біраздан бері бір жақтан әлдеқандай бір дыбыс естіліп тұрды, бірақ олар оны елемеді, кейде біз өзіміз де сағаттың тықылдағанын елемейміз ғой. Дегенмен әлгі құпия дыбыс бірте-бірте қаттырақ естілді, оны енді байқамау мүмкін емес еді. Балалар селк етіп бір-біріне қарады, құлақтарын түріп тыңдады. Ұзақ үнсіздік басталды. Содан соң олар адам қорқатындай "бум" деген дыбысты естіді.
— Бұл не? — деді Джо әрең сыбырлап.
— Білмеймін, — деп жауап берді Том.
— Бұл күннің күркірегені емес,— деді Гекльберри қорқынышпен, — өйткені күркіреген...
— Үндемеңдер, — деп айқайлады Том. — Тыңдаңдар.
Оларға сол бір минут мәңгіліктей көрінді. Бір минут бойы тыныштық орнады. Содан соң салтанатты тыныштықты тағы да "бум" деген дыбыс бұзды.
— Барып қарайық!
Үшеуі де ұша тұра келіп, өз қалалары көрінетін — жағаға жүгірді.
Бұталардың арасымен олар алысқа көз салды. Өзеннің орта жерінде, Санкт-Петербургтен бір миль төмендеу ағыстың бойымен бір шағын параход жылжып келеді, әдетте ол арғы бетке өткізетін паромның орнына жүретін.Оның жалпақ палубасында толған адам, жан-жағында қайықтар жүр. Бірақ балалар олардағы адамдардың не істеп отырғанын түсіне алмады.
Аяқ астынан пароходтың жанынан ақ түтін бұрқ етті; ол түтін бұлтқа айналған кезде көрермендердің құлағына тағы да бағанағы көңілсіз дыбыс естілді.
— Енді түсіндім! — деп айқайлады Том. — Біреу суға кеткен.
— Дұрыс айтасың!— деді Гек. — Былтыр жазда Билли Тернер суға кеткенде осылай болған; онда да судың үстіне зеңбіректен атқан болатын — сонда суға кеткен адам жоғары көтерілді. Иә! Сосын нанның құрышына тірі күміс салып суға жіберді: суға кеткен адамның жатқан жеріне әлгі нан тоқтайды.
— Иә, мен бұл жайлы естігем, — деді Джо. — Нан неліктен тоқтайтынына түсінбеймін.
— Әңгіме нанда емес, әңгіме ол нанды суға жібергенде қандай сөз айтылады — соған байланысты,— деді Том.
— Ештеңе де айтпайды, — деп қарсыласты Гек. — Мен көргенмін, ештеңе айтылмайды.
— Түсініксіз! — деп қойды Том. — Мүмкін ішінен айтатын шығар, ешкім естімесін деп. Әрине, солай! Бірден түсінуге болатын еді.
Балалар Томның айтқанына келісті, өйткені ойы жоқ нанның бір бөлшегі ешқандай қасиетті сөз айтылмаса, мұндай үлкен іске жіберіліп отырғанда өз-өзінен біле қоюы мүмкін емес.
— Шайтан алғыр! Арғы бетте болар ма едім тап қазір! — деді Джо.
— Мен де, — деп қостады Гек. — Кімнің суға кеткенін білгім келіп тұр.
Балалар алысқа қарап, тың тыңдады. Кенет Томның басына жарқ етіп бір ой келе қалды:
— Мен білемін кімнің суға кеткенін. Біз!
Дәл осы сәтте олар өздерін нағыз батырлар сезінді. Қандай салтанат, қандай бақыт! Оларды іздеп жүр, оларды жоқтап жылап жатыр; бұлардың қайғысынан жүректері жыртылуда; адамдар көз жастарын төгіп бұларды еске алуда және қаза болған балаларға өздерінің өте қатал болғандарын ойлап кеш келген өкініш пен ұяттан өздерін азаптады. Бүкіл қала бұлар туралы айтып, балалардың бәрі қызғана қызығуда — не деген керемет! Бұл бәрінен артық. Тек осы үшін ғана қарақшы болуға болады.
Іңір қараңғылығы түсісімен шағын пароход тағы да кешегі ісіне кірісті және бүгін қайықтар жоқ. Қарақшылар тұрағына оралды. Олар қуанышты еді. Салтанатты аңыз өздерінің еншісіне тигеніне мақтанады. Бүкіл қалаға осыншама мазасыздық туғызғандары да бұларға мақтаныш. Олар көп балық аулап, кешкі тамақ әзірледі, қарындары тойғасын жатып алып бұлар туралы қалада қандай әңгіме айтылып жатыр деп бал ашуға кірісті және қайғылы суретті көз алдарына келтіріп, рахаттана елестетті. Бірақ түн көлеңкесіне орағанда олардың әңгімелері тоқтады; үшеуі де алауға үнсіз қарады, ал ойлары алыс жақтарда секілді. Қызулары басылды, Том мен Джо өздерінің жақын адамдары туралы ойлады, әрине, бұлардың ісі оларды шексіз қайғыға батырды.
Күдікті ойлар да мазалады. Екеуінің де жан дүниесінде тыныштық жоқ, екеуі де өздерін бақытсыз сезінді, екеуі екі-үш рет еріксіз күрсінді. Ақыры аяғында Джо жолдастарынан мәдени ортаға оралу туралы, әрине, қазір емес, олардың не ойлайтынын сұрауға батылы әрең жетті.
Том оны мысқыл күлкімен масқаралады. Туған үйге оралу туралы ойлады деп айыптауға болмайтын Гек Томды қостады, ыңғайсызданып қалған Джо, шынында, ойнап айта салғанын "түсіндіруге" асықты. Аналар кешіріммен қарағасын Джо қуанып кетті, дегенмен үйді сағынып жүргені туралы достары сәл де болса секем алып қалды. Бұл жолы көтеріліс басылды — аз уақытқа дейін.
Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Гек жиі-жиі мұрнын тартып жатты да, ақыры қорылдады; одан кейін Джо да сол ауылға аттанды. Том біраз уақыт қозғалмай жатты, шынтағына сүйеніп жолдастарының бетіне қарады. Содан соң ол жайлап тізерлеп отырды және алаудың жылтылдаған жарығын пайдаланып, шөптің ішінен бірдеңе сұрады. Шынардың жұқа аппақ бірнеше қабығын тауып, арасынан екеуін таңдап алды; алаудың жанында тізерлеп тұрып өзінің атақты "Қызыл бояуымен" қабықтың әрқайсысына бірнеше сөз жазды. Біреуін қабыққа орады да, қалтасына сүңгітті, екіншісін Джоның қалпағына салды, қалпақты иесінен қашығырақ жылжытып қойды. Қалпақтың ішіне бұдан басқа мектеп балалары үшін баға жетпес қазына болып саналатын, оның ішінде бір түйір бор, резеңке доп, балық аулайтын үш қармақ және шынында хрустальдан жасалған дейтін шарларының біреуін салды. Содан соң аяғының ұшымен басып ағаштардың арасына еніп кетті. Ол жолдастары біраз жерде артта қалғанын және мұның аяғының дыбысын естімейтінін сезгесін, жағалауға қарай жүгіре жөнелді.
Он бесінші тарау
TOM ЖАСЫРЫНЫП ӨЗІНІҢ ҮЙІНЕ БАРАДЫ
Бірнеше минуттан кейін Том өткелге жетіп Иллинойс жағасына қарай тартты. Жарты жол өткенде ғана өзен суы оның белуарынан келді; әрі қарай жүру мүмкін емес, себебі, ағыс жүргізбейді. Қарсы жақтағы жағаға жетуге бар-жоғы жүз ярдтай ғана қалды және Том ойланбастан жүзе жөнелді. Ол ағысқа қарсы жүзді, мұны күтпеген еді. Дегенмен ақыры ол жағаға таяп қалды, жағаны бойлай жүзді де, төмендеу жер тауып судан шықты. Күртесінің қалтасын сипап еді, қабық бар екен, сосын жағалаудағы орман ішімен кетті.
Киімдерінен су сорғалап келеді. Ол орманнан жазық алаңға — қаланың қарсысына шыққанда, сағат әлі тоғыз бола қойған жоқ еді, биік жарқабақтың жанындағы ағаштардың көлеңкесінде шағын пароход тұр. Жымыңдаған жұлдызды әлемде тыныштық. Том жардан еппен төмен түсті де, жан-жағына қарап алып, суға бет қойды, бірнеше қадам жүзіп пароходтың арт жағында байлаулы тұрған шағын қайыққа жетті. Орындықтың астына тығылып жатты да, жүрегі дірілдеп — не болатынын күтті.
Сол-ақ екен қоңырау сыңғырлап, біреудің "Босат!" деген бұйрығы естілді. Минут өтпей-ақ пароход сапарға шықты да, кішкене қайықтың тұмсығын толқын ұра бастады. Том өзін бақытты сезінді: бұл пароходтың ең соңғы сапары екенін, бұдан әрі ол ешқайда бармайтынын білетін. Бітіп болмастай көрінген он екі, он бес минут өткенде Том қайықтан шығып, қараңғыда жағаға қарай жүзді. Көлденең біреу-міреуге кездесіп қалмас үшін ол жүз ярдтай артық жүзіп, жағаның төменгі жағымен шықты.
Сол жерде ол қаланың адам жүрмейтін бұрыш-бұрышымен зымырап отырып, кешікпей апайының есігі кілттеулі шарбағына жетті. Том шарбақтан қарғып түсіп, шам жанып тұрған қонақ үйдің терезесінен қарады. Бөлмеде Полли апай, Сид, Мери және Джо Гарпердің анасы — бәрі әңгімелесіп отыр. Олар кереуеттің жанына жайғасыпты. Кереует әлгілер мен есіктің ортасында тұр. Том есікке жақындады да, еппен тұтқасын көтеріп есікті итеріп еді, есік сықыр етті, ол тағы да итерді, есік сықырлаған сайын Том шошып кетеді; ақыры өзі сыятындай саңылау пайда болған секілді; ол басын сұғып, жаймен еңбектей бастады.
— Мына майшам неге желпілдеп кетті? — деді Полли апай. (Том тезірек жылжыды).
— Шамасы, есік ашық тұр-ау. Әрине, солай. Біраздан бері мұнда түсініксіз бір нәрселер болатынды шығарды. Есікті жапшы, Сид!
Том кереуеттің астына сүңгіп үлгерді. Ол әрі-бері демін алды да, сосын тағы ілгері жылжығаны сонша, тіпті тәтесінің аяғына тиіп кете жаздады.
— Міне, — деп Полли апай сөзін жалғастырды, — ол қатал, ашулы болған емес, тек сотқар болатын, жел қуған қаңбақтай! Ал ол ешқашан ешкімге жамандық жасаған емес. Оның жүрегі алтын еді. Одан асқан қайырымды баланы білген емеспін.
Апайы жылап жіберді.
— Менің Джом да сондай еді ғой; еркелейді, ішінде мың жын отырғандай, ал мейірімі керемет болатын! Құдайым-ай, кешіре гөр мен күнәкарды. Мен оның басынан соқтым ғой кілегей үшін, ал ол кілегейді ашып кеткесін өзімнің төгіп тастағаным есімнен шығып кетіпті. Енді жер бетінен ешқашан оны, ренжіген байғұс баланы көре алмайтындығым... ешқашан, ешқашан, ешқашан! Гарпер ханым жүрегі жарылып кетердей бақырып жылады.
— Том көк жүзінде тынышталған болар, — деді Сид. — Егер ол жер бетінде жақсырақ өмір сүргенде....
— Сид! (Том көрмесе де апайының көзі қаһарланып кеткенін сезді). О дүниелік болған Томым туралы жаман сөз айтпа! Енді оған жаратушы қамқор болады, ал сендер мазаланбай-ақ қойыңдар... Ой, Гарпер ханым, бұл қайғыны мен қайткенде көтере аламын! Елестете алмаймын! Менің қартайған жүрегімді жиі азаптағанмен, ол менің жұбанышым еді ғой.
— Құдайдың өзі берді, өзі алды. Жаратқан жарылқағай! Бірақ сондай ауыр қайғы, ауыр. Өткен сенбіде менің Джом қасыма келді де, тұмсығымның түбінен пистонды тарс еткізгені! Мен сол бойда итеріп жіберіп ем, ол құлап қалды.Оның апта өтпей.... білсем ғой. Егер ол қазір келіп солай істесе, оны құшақтап сүйіп, батамды берер едім...
— Иә, иә, иә, сіздің сезіміңізді өте жақсы түсінемін! Күні кеше түс алдында менің Томым мысыққа сауықтырғыш дәріні беріп, әлгі мысығы түскір үйді аударып тастай жаздады. Ал, мен, Құдайым, кешіре гөр, оймағыммен Томның шекесін нұқып қалдым. Байғұс балам менің, бақытсыз, қаза болған, балақай. Есесіне барлық азаптан енді құтылды. Және оның мен естіген ең соңғы сөздері ренішті болды ғой...
Бірақ оларды еске алудың ауыр болғаны сондай, апай зарлап жылап жіберді. Том да қорсылдай бастады — оның басқаларға емес, өзінe жаны ашыды. Ол Меридің мезгіл-мезгіл бұл туралы жақсы сөздер айтып, қалай жылағанын естіді. Ең соңында оның жүрегін мақтаныш кернеді: ол ешуақытта осынша жақсы баламын деп ойлаған емес-ті.
Дегенмен апайының қайғысы оны толқытты; оның кереуеттің астынан шыға келіп, апайын бақытты еткісі келіп кетті. Мұндай театрлық көріністер оған өте ұнайтын. Бірақ сезімге берілмей, үнсіз жата берді де, басқа әңгімелерге құлақ салды.
Үзік-үзік сөйлемдерден ол бұлардың жоғалғаны жайлы түсініктерді естіді: әуелі жұрт балалар шомылып жүріп суға кеткен десті; одан соң салдың жоғалып кеткенін біліпті; балалардың бірі Том мен Джо кешікпей олар жайлы хабар еститіндерін айтқандарын есіне алды. Бұл хабардан кейін жергілікті данышпандар балалар салмен кеткен, кешікпей ағыстың бағытындағы бір қалашықтан шығады деп болжам айтты; бірақ түске қарай Миссури жағалауында тұрғаны мәлім болды, енді барлық үміт үзілді: балалар шынында да суға кеткен, әйтпесе, түнге қарай аштық оларды үйге дірдектетіп әкелер еді. Ал олардың денелерінің табылмағаны — зұлмат апат өзеннің ортасында болған, әйтпесе үшеуі де керемет жүзгіш — жағаға жетер еді. Бүгін сәрсенбі. Егер денелері жексенбіге дейін табылмаса, яғни ешқандай үміт жоқ және жексенбілік түскі намазда оларға өлгендер ретінде жаназа оқылады. Том селк ете түсті.
Гарпер ханым жылаған күйі бәрімен қоштасып есікке беттеді. Бірақ осы кезде жетімсіреп қалған екі әйел бір-біріне құшақ жая сыңсып жылап қоштасты. Полли апай бұрынғыдай емес нәзік те мейірімді, Сид пен Мериді ұйықтар алдында сүйді. Сид өксіп жіберді, ал Мери көз жасы сорғалап бөлмесіне кетті.
Полли апай тізерлеп Томға арнап дұға оқи бастады.Оның сөздерінен, дірілдеген даусынан Томға деген шексіз мейірімі, махаббаты сезіліп тұрды және дұғасы да адамның жанын елжіреткені сонша, Том көз жасын тия алмады.
Полли апай төсегіне жатып жайғасқанша, балаға біраз уақыт қозғалмай тыныш жатуға тура келді; оқта-текте апайдың күрсінгені естіледі және ол ылғи дөңбекшіп, аһылап-үһілеп мазасыз күй кешуде. Ақыры апай тынышталды, тек мезгіл-мезгіл түсінде ыңқылдап жатты. Том жаймен жылжып шықты да, аяғына тұрып, шамды қолымен қалқалап ұйқыдағы апайына қарады. Оған жаны ашығаннан жүрегі елжіреп тұр. Том қалтасынан қабықты алып, майшамның қасына қойды, сосын тоқтап ойланды. Оның басына бір бақытты ой келді де, жүзі жайнап сала берді. Қабықты қалтасына салды, апайының бас жағына еңкейді де оның сұрғылт ернінен сүйді, одан соң жаймен дыбыс шығармай шықты да есікті мықтап жапты.
Ол әдетте шағын пароход тұратын жағаға келіп жан-жағына қарады, ешкім көрінбеді, пароходқа батыл кірді. Пароходта әдетте бақташыдан басқа ешкім болмайтынын, ал оның әдеті каютаның біріне кіріп алып ұйқы соғады — мұны Том жақсы білетін. Том кішкене қайықты пароходтың арт жағынан босатып, өзі отырды да өзеннің жоғарғы жағына қарай ескегін есті. Бір мильдей жүргесін, ескекке жатып, өзенді кесіп өтіп, қайықты қадаға байлады. Өйткені бұл — оған әуелден таныс шаруа. Оның қайықты өз меншігіне алғысы-ақ келді — ол да қарақшыларға керек ыдыс қой — бірақ олай істесе, қайықты барлық жерден іздеу басталады да, қашқындардың ізіне түсуі мүмкін.
Сондықтан ол жағаға секіріп түсті де, орманға кірді.
Орман ішінде ол жақсылап демалды, ұйқыны жеңуге күш салды, сосын тұраққа қарай ілби басып бара жатты. Таң атып келеді, ал ол қайраңға жеткенде, тіпті жарық түскен еді. Ол тағы да біраз отырды. Сосын күннің көзі алып өзеннің бетін алтынмен өрнектей бастағанда, суға қойып кетті. Бұдан кейін ол үсті-басы су-су күйінде, Джо:
— Жоқ, Гек, Том — сенімді адам. Ол келеді. Рас айтам саған. Ол қашпайды. Мұның қарақшы үшін ұят іс екенін жақсы біледі. Ал қарақшының намысы оған бәрінен қымбат. Ол жаңа бір нәрсені ойлап жүр. Бірақ қандай нәрсе екенін білсем ғой! — деп айтып жатқан сәтте тұраққа жеткен еді.
— Ал, заттар біздікі емес пе?
— Біздікі, Гек, бірақ олай деуге де болмайды. Хатта жазылған, егер ол ертеңгі асқа дейін оралмаса, біз заттарды алуымыз керек.
— Ал ол, міне, алдарыңызда! — деп Том айқайлап, алдарына тұра қалды.
Бұл нағыз театр көрінісіндей әсерлі болды.
Кешікпей олар шошқаның сүбе еті мен балықтан пісірілген ертеңгі тамақты тоя жеп, ас үстінде Том өзінің саяхаты туралы (әрине, қоспасыз емес) әңгіме соқты. Әңгіме аяқталған кезде балалар өздерінше мықтысынып, өздерін батыр сезінді. Том көлеңкеге жантайып, түске дейін ұйқысын қандыруды ойлады. Өзге қарақшылар балық аулауға және аралды шолып зерттеуге кетті.
Он алтыншы тарау
АЛҒАШҚЫ ТҮТІНДЕР. "МЕН ПЫШАҚТЫ ЖОҒАЛТТЫМ"
Түскі астан кейін қарақшылар тобы құмды қайраңға тасбақаның жұмыртқасын алуға шықты. Балалар таяқпен топырақты түрткілеп, жұмсақ жер тапса, қолымен қазып, кейде бір жердің өзінен бес-алты жұмыртқа тапты. Жұмыртқалар доп-домалақ, аппақ грек жаңғағынан сәл кішірек. Сол күнгі кешкі ас тамаша болды: олар қуырылған жұмыртқаға сылқия тойды, ертеңіне, жұма күнгі таңғы тамақ та сондай болды.
Таңғы астан кейін олар қайраңда секіріп, айқайлап бірін-бірі қуып, үстеріндегі киімдерін шешіп лақтырып, сонан соң тыр жалаңаш жүгіріп алыстағы тайыз жерде алысып-жұлысып ойнады. Қатты ағыс оларды кейде аяқтарынан шалынды, бірақ оларға бұл тіпті қызығырақ көрінді. Олар бәрі қатар суға еңкейіп бір-біріне су шашады, әрқайсысы жау жаққа білдірмей жақындайды, беттерін басып қорғанады. Сонан соң олар су ішінде алысып-жұлысып, қолма-қол ұрысқа кірісті. Ақырында үшеуі де судың астында қалды. Су астынан қол-аяқтары бір-біріне жабысып ағараңдайды. Олар судың бетіне шыққанда алқынып, пысқырынып ауа жұтады, күліп мәз болысады.
Әбден шаршап, құмды жағаға сұлай-сұлай кетісті, топыраққа өздерін көміп, ыссы құмнан соң қайта суға қойып, бәрі қайталанды. Ақыры оларға бір ой келді: бұлардың терілерінің түсі қоңыр тоқыма шалбарға ұқсайды, енді олар құмның бетіне дөңгелек сызды да, цирк жасады, оның ішінде үш клоун бар, себебі ешқайсысы бұл қызық рольден бас тартқысы келмеді.
Бұдан кейін олар өздерінің кішкене шарларын шығарды, бір-біріне лақтырысып ойнады, одан тартыс ойынын бастады, ақырында бәрі де жалықтырды. Гек пен Джо тағы шомылуға кетті, ал Том жағада қалды, өйткені шалбарын тастап жатқанда шетіне ойыншық жылан байланған белбеуі шешіліп кеткен. Сиқырлы тұмар болмаған кезде бұл қалай талып қалмады. Ол өзінің іздеген трещеткасын таппай тұрып түсуге батылы бармады, ал оның жолдастары шаршап, жағада демалуға шықты. Әрқайсысы өзімен өзі болып жан-жаққа бет алысты, іштері пысып және сонау күн астында қалғыған туған қала да көздеріне оттай басыла берді. Том құмның бетіне "Бекки" деп жазды. Сосын жалма-жан өшіріп тастады және өзінің осалдығына жыны келді, бірақ сол бойда-ақ әлгі есімді қайта жазды, одан қайта өшірді, енді жазбау үшін жолдастарын шақырды.
Алайда Джоның көңіл-күйі өте төмен екені көрініп тұр. Оның үйін сағынғаны сондай, бұл азапқа енді шыдай алатын емес. Ол әр минут сайын жылап жіберуге дайын. Гек те көңілсіз. Том ешнәрсеге көңілі соқпай отыр, бірақ өзінің қайғысын білдірмеуге тырысты. Оның бір құпиясы бар және ол жайлы жолдастарына сыр ашқысы келмейді, егер жолдастарының қатерлі уайымын сілкіп тастай алмаса, бұл да құпиясын енді ашады. Сосын көңілді түрде:
— Осы аралда бізге дейін де қарақшылар болған! Тағы бір айналып шығайық. Мұнда бір жерде қазына жатқан болар. Егер біз жартылай шіріген сандыққа тап болсақ, оның іші толған алтын мен күміс болса? А?
Бірақ бұл оларға онша әсер ете қоймады: ешкім ештеңе айтпады.
Том тағы да екі-үш қызықты ұсыныс жасап көріп еді, одан да ештеңе шықпады. Джо таяқпен топырақ шұқып, әбден жыларман болып отыр. Ақыры ол:
— Ой, балалар, осының бәрін қояйықшы! Менің үйге барғым келеді. Мұнда көңілсіз, — деді.
— Жоқ, Джо, үйреніп кетесің әлі, — деп үгіттеді Том. — Ойлашы, мұнда балық көп!
— Керек емес маған сенің балығың... Үйге барғым келеді.
— Бірақ, Джо, суға шомылуды ұмыттың ба?
— Сенің шомылғаның неге керек маған. Түкірдім, қайда да шомылуға болады, ешкім кедергі жасамайды оған. Мен үйге кетем, қалай етсеңдер де...
— Тфу, ұятын-ай! Сәби! Анасын сағынады!
— Иә, анама барам! Егер анаң тірі болса, сен де барғың келер еді. Мен сен сияқты сәбимін.
Джоның жылағысы келіп тұр.
— Жарайды, мейлі біздің жылауық сәби үйіне барсын, анасына, біз оны жібереміз, рас қой, Гек? Бейшара анасын сағынған ғой! Қайтеміз! Мейлі барсын! Гек, саған бұл жер ұнайды ғой? Екеуміз қаламыз ғой, а?
Гек: "Иә-ә-ә" деп жай ғана жауап қайырды, бірақ үнінде қуаныштың белгісі жоқ.
— Мен бұдан былай сенімен сөйлеспеймін! Өмір бойы сенімен қаспын! — деп Джо ашулы тіл қатып, орнынан тұрды. — Біліп қой!
Ол былай шығып киіне бастады.
— Мейлің, жоғалтқаным шамалы! — деді Том. — Жыламаймыз сен кетті екен деп. Бар үйіңе, жұрттың бәрі күлсін саған. Керемет қарақшы, айтатыны жоқ! Гек екеуміз сендей жылауық емеспіз. Біз осында қаламыз — шын ғой, Гек? Барғысы келсе, барсын. Онсыз өле қоймаспыз.
Өзінің жасанды салқынқандылығына қарамай, Том қобалжып, киініп жатқан Джоға қарады. Гектің түрі Томды тіпті қауіптендірді.
Гектің үнсіздігінде бір зіл бар секілді. Джо киініп, қоштаспастан Иллинойс жағасына қарай кетіп бара жатты. Томның жүрегі сыздады. Ол Гекке қарады. Гек бұл көзқарасқа шыдай алмай төмен қарады.
— Менің де кеткім келеді, Том, — деді ақыры Гек. — Мында бір түрлі көңілсіз, енді бұрынғыдан да көңілсіз болады. Біз де кетейікші, Том!
— Кетпеймін. Егер кеткілерің келсе, кетіңдер бәрің, ал мен қаламын.
— Том, менің кеткенім дұрыс...
— Бар, бар, сені кім ұстап отыр?
Гек құмда шашылып жатқан киімдерін жинай бастады.
— Том, сен де бізбен жүрсейші! — деп үгіттеді Гек, — шын айтам, ойланып көр. Біз сені жағада күтеміз.
— Ұзақ күтуге тура келеді!
Гек солбырайып аяғын әрең алып бара жатты. Том оның соңынан қарап тұрды, намыс, тәкаппарлық — бәрін ысырып тастап, өзі де бірге кетіп қалғысы келді. Ол балалар қазір кідіріп бұған қарайды деп ойлады, бірақ олар тізеден су кешіп кетіп бара жатты.
Қорқынышты жалғыздық сезімі Томның бойын билеп алды. Ол өзінің тәкаппарлығынан қайтып, достарын қуа жөнелді.
— Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! Сендерге бір нәрсе айтам!
Аналар тоқтап, Томға бұрылды. Оларды қуып жетіп, Том өзінің ұлы құпиясын екеуіне жария етті. Олар әуелі дұшпандарын тыңдағандай жылы шырай бермеді, бірақ сонан соң әңгіменің мәнін түсінгесін қуанып, өздерінің әскери ұрандарын айтып, қосыла айқайлады. Олар мұның ойдан шығарған құпиясы ғажайып екенін айтып және оны бұл ертерек айтқанда кету жайлы ойламаған болар едік деп жарыса сөйледі.
Том міңгірлеп бірдеңені түсіндірген болды, бірақ бұл құпиясы да оларды ұзақ тоқтата алмас деген ойменен ең соңғы әдісі ретінде ашық айтпады.
Балалар көңілденіп, тұрақтарына оралды және Томның тапқан құпиясының кереметтігі туралы ауыздарын жаппай мақтаған күйі үйреншікті ойындарына кірісті. Балық пен жұмыртқадан тұратын тәтті тамақтан кейін Том енді шылым шегуді үйренгісі келетінін айтты. Бұл ойды құптай кеткен Джо шылым шегіп көруге қарсы еместігін хабарлады. Гек жалма-жан түтіктер жасап, ішін шылым үгітіндісімен толтырды. Бұл екі шылым шеккіш бұған дейін жүзім жапырақтарын тартатын, бірақ ол тілді үйіріп ашытатын және мұндай шылым нағыз еркектерге лайық емес деп есептелетін.
Олар жерге көсіліп жата кетті де, шынтақтарына сүйеніп түтінді еппен сорып, аса қауіптенгендей пішінмен іштеріне тарта бастады. Түтіннің дәмі онша емес екен, бір түрлі жүректері айнығандай болды, сонда да Том:
— Мынау өте жеңіл, түк емес екен ғой! Мұндай екенін ертерек білгенімде, баяғыда үйреніп алатын едім, — деді.
— Мен де, — деп Джо қоштап қойды.
— Түкке тұрмайды!
— Мен қаншама рет басқалардың шылым шеккендерін көріп: "Мен де үйренсем ғой! Бірақ бұған менің күшім жетпейді" дейтін едім, — деді Том.
— Мен де солай ойлағам. Рас қой, Гек? Сен менің бұл ойымды тыңдап едің ғой? Гек айтсын мейлі.
— Иә, иә, қанша рет, — деді Гек.
— Мен оған жүз рет айттым. Бірде мал соятын жердің қасында. Есіңде ме, Гек? Ол жерде Боб Таннер, Джонни Миллер және Джэфф Тэчер болды. Гек, сондағы менің айтқаным есіңде ме?
— Есімде болғанда қандай, — деп жауап берді Гек. — Бұл менің ақ шаригім жоғалған күні... Жоқ, ол күні емес соның алдыңғы күні болатын.
— Мен айттым ғой! — деді Том. — Гектің есінде.
— Мен мынадай шылымды күні бойы тарта алар едім, — деп қойды Джо. — Менің жүрегім де айнымайды.
— Менің де! — деді Том. — Мен де кешке дейін тарта аламын, ал Джефф Тэчер тарта алмайды.
— Джефф Тэчер? Қайда оған! Ол екі сорғанда құлап қалады. Мейлі тартып көрсін ендеше! Мұның не екенін сонда көреді.
— Түсінікті ғой, ол түтінге тұншығып қақалып қалады, Джонни Миллер де солай, Джонни Миллердің қалай тартқанын көрер ме еді!
— Қайдағы Миллер! — деді Джо. — Ол бейшараның қолынан түк келмейді. Бір сорды ма — оның шаруасы бітті дей бер.
— Дұрыс айтасың, Джо. Біздің балалар үшеумізді көрсе ғой қазіp!
— Ой, керемет болар еді!
— Бірақ тісіңнен шығарма! Ал бір кезде бәріміз жиналғанда мен соған жақындап: "Джо, түтігің бар ма? Шылым шеккім келді", — деймін. Сен сонда түк болмағандай:
"Иә, менің ескі түтігім ғой, тағы бір жаңасы бар, бірақ темекісі онша емес" дейсің. Мен: "Бәрі бір ғой, тек темекі ойдағыдай ащырақ болса болды" деймін. Сен сол жерде түтіктерді шығарасың да, екеуміз жайбарақат бұрқыратамыз. Көрсін олар қызғаныштан көздері шығып!
— Ғажап екен, Том! Осы оқиғаның қазір болғанын қалап тұрмын! Мен де! Біз оларға теңіз қарақшылары болған кезімізде үйрендік дейміз, — сонда олар естері кетіп қызығады бізге!
— Өйтпегенде ше! Көре алмайтын шығар!
Әңгіме осылай жалғасып барып, бірте-бірте басыла бастады. Қарақшылар жиі-жиі түкіретінді шығарды. Балалардың аузындағы тесіктің бәрі фонтанға айналды: олар тілдерінің астындағы жертөледегі кір-қоқысты топан суын бөгеу үшін тазалауға әрең-әрең әлдері келді. Екеуі қанша тырысқанмен тамақтарынан ылқылдап құйыла берді және құсқан сайын жүректері айнып естерін шығарды. Өң жоқ, түс жоқ бозарып, екеуінің де ұсқыны адам көргісіз еді. Джоның әлсіз саусақтарынан түтік түсіп кетті, Томның да жағдайы сондай. Екеуінен де фонтан атқылап күштерін сарықты. Ақыры Джо:
— Мен пышағымды жоғалтып алдым... Барып іздеп келейін... — деді әлсіз үнмен.
Том тілі күрмелген күйі:
— Мен көмектесейін саған. Сен былай қарай бар... ал, мен бұлақ жаққа...
— Жоқ, Гек, сен бармай-ақ қой, өзіміз табамыз, — деп тіл қатты.
Гек орнына қайта отырып, бір сағат екеуін күтті. Сосын достарын сағынып іздеуге кетті. Оларды орман ішінен екеуі екі жақта жатқан жерінен тапты; екеуі боп-боз болып ұйықтап жатыр. Қазір олардың жағдайы сәл де болса тәуір деп ұқты Гек. "Ауыр сәттердің бәрі артта", — деп күбірледі ол.
Кешкі астың тұсында екі батыр да үнсіз отырды, тамақтан кейін Гек түтігіне темекі толтырып, аналарға да дайындай бастап еді, екеуі де: "Керек емес" деп қосыла жамырады, өйткені нашар сезініп отыр — күндіз, түскі тамақта, жағымсыз нәрсе жеген шығармыз деп мәймөңкеледі.
Түн ортасы кезінде Джо жолдастарын оятты. Ауада леп жоқ, бір түрлі жақсылықтың белгісі жоқ секілді. Балалар бір-біріне тығылыса түсіп, содан достық көмек күткендей, жанып жатқан отқа жақындай түсті. Ал түн деген тымырсық және ыстық болатын. Олар үн-түнсіз отырып не болатынын күткендей. Салтанатты тыныштық. Олар жаққан алаудың артында қап-қара түнек. Кенет дірілдеген сәуле жапыраққа түсіп жылт етті де, жоқ болып кетті. Сонан соң әлгіден гөрі жарықтау сәуле жарқ етті. Тағы да, тағы да. Одан кейін ағаш жапырақтарының арасынан ыңырсыған дыбыс шықты; балалар беттеріне бір нәрсенің демі тигендей болды, олар түннің рухы шығар деген ойдан дірілдеп кетті. Тағы тыныштық орнады. Кенет тағы бір сәуле түнді күндізге айналдырып жіберді, балалардың аяқтарының астындағы шөпке дейін айқын көрінді. Ол жарық зәрелері ұшып, бозарып дірілдеген үшеудің бетіне түсті. Найзағай аспанның арғы жағынан сырғанап келе жатқандай күркіреп барып алыс жақтарға шашылып күңкілдеді. Салқын ауаның екпіні жапырақтарға жан бітіріп, алаудың шоғын үрледі де, күлін жапалақтаған қардай шашып жіберді. От жарқылы айналаны қайтадан шұғылалы сәулеге бөлегені сол еді, аспан астын жаңғырықтырған гүріл балалардың дәл төбесінен ұрғандай болды.
Айналаны басқан түнек ішінде қарақшылар зәрелері ұшып бір-біріне тығылды. Жаңбырдың үлкен-үлкен тамшылары жапырақтарды ұрғылай бастады.
— Тезірек палаткаға! — деп бұйырды Том.
Олар ағаштардың сойдиған тамырына, жабайы жүзімге сүрініп-қабынып жан-жаққа пышырай қашты. Құтырған жел айқай салып орман ішін жаңғырықтырып еді, айналаның бәрі оған ілесе сарнап қоя берді.
Көз аштырмай найзағай бірінен соң бірі тынымсыз жарқылдап күннің күркілі бір сәтке де басылмай қойды. Жаңбыр құйып, бірте-бірте өршелене соққан дауыл жердің бетін тасқынға айналдырғандай.
Балалар бір-біріне бірдеңе деп айқайлайды, бірақ сарнаған жел мен күннің күркілі олардың дауыстарын жұтып жатыр. Олар ақырында бірінен соң бірі әрең деп палаткаға жетіп, су-су болып жаураған, қорыққаннан сөз айтуға әлдері жоқ күйде тығылысты; киімдерінен су сорғалаған, тек қиындықты бәрі бірге көргендері ғана көңілдеріне жұбаныш ұялатады.
Дауыл дауыстарын бір-біріне есіттірген күнде де олардың сөйлеуге шамалары жоқ еді — ескі желкен жалпылдап түк есіттірмейді. Дауыл күшейе түсті, ақыры жел желкенді барлық қазықтан жұлып алып, ұшырып әкетті. Балалар қол ұстасқан күйі минут сайын сүрініп үстеріндегі көгерген жарақаттарды көбейте түсті, жағада тұрған дәу еменге тығылысты. Ұрыс енді қыза бастады. Найзағай жиі-жиі жарқылдаған сайын айнала тұтастай айқын да көлеңкесіз кереметтей анық көрінді. Иіліп майысқан ағаштар, аспанға атылған толқындардың көбігінен беті аппақ болып буырқанған өзен, арғы беттегі биік құлама жарлардың бейнелері тұман мен жаңбыр тамшыларының қисық шымылдығы арасынан айқын көрінеді. Ара-арасында ұрыста тізе бүккен қаһарманы сатыр-сұтыр етіп, жас ағаштарды сындыра жерге құлайды; күннің күркілі құлақты жарып зәреңді ұшырар қорқынышты жарылысқа айналды. Ақыры нөсер төкпелеп, күннің күркілі аралды тас-талқан етіп ұшырып жіберердей ашумен сатырлатып, ағаштарды төбесіне дейін топан суға батырып, тіршіліктің бәрін бір сәтте көзді ашып-жұмғанша жоқ қылып жіберетін секілді. Үйсіз-күйсіз жүрген балалар үшін бұл түн өте қорқынышты болды.
Дегенмен ақырында ұрыс басылды, жауласқан әскерлер кері шегініп, олардың қарғысы мен қоқан-лоқысы бірте-бірте алыстап, жер бетіне бұрынғы тіршілік қайта орнады. Зәрелері ұшып қорыққан балалар өз тұрақтарына оралды, бірақ қуанатын бір жағдай бар: олар паналаған кәрі еменге найзағай түсіп өртеніп кетті; бұлар сол жерде қалғанда, үшеуі де өмірмен қоштасатын еді.
Олардың тұрағын да су алып кетіпті, оның ішінде жылынатын, тамақ пісіретін алау да су астында қалған, өйткені бұлардың жасындағы баланың бәрі ештеңені алдын ала ойламайды — жаңбырдан отты сақтау үшін оны көму керек еді. Ең жаманы сол болды: үшеуі де су-су болып, суықтан тістері тістеріне тимей отыр. Олар өкініш білдіріп еді, бірақ кешікпей үлкен жұмыр ағаштың астыңғы жағында жылтыраған от бар екенін көріп қуанысып қалды. Балалар іске кірісті: қайың теректің қабығын құлаған ағаш бөренелерінің астындағы құрғақ шөп-шаламды жинастырып, әлгі жылтыраған алақандай отты үргіледі. Әйтеуір оттың мейірімі түсіп тұтана бастады да, кішкенеден соң лапылдап жанды. Олар үлкен-үлкен бұтақтарды салып еді, от лапылдап гүрілдей жөнелді де, балалар көңілденіп қалды. Шошқаның піскен етін оттың үстіне ұстап кептіріп, кешкі тамаққа тойып алғасын алаудың жанына отырып алып, түндегі бастарынан кешкендері жайлы біраз әсірелеп мақтанышпен әңгімелесті; бәрібір ұйықтайтын жер жоқ — айналаның бәрі малмандай су, алақандай құрғақ жер қалмаған.
Ертеңгі алғашқы сәуле көрінісімен балалар қалғып-мүлги бастады; олар енді құмды жағалауға барып ұйқыға басты. Кешікпей қыздырынып олар орындарынан тұрды да таңғы тамақты дайындауға кірісті. Тамақтан кейін олар тат басқан темірдей қол-аяқтарын әрең қозғап, тағы да үйлеріне қайтқылары келді. Мұны байқаған Том қарақшыларды алаңдатқысы келіп, ананы-мынаны айта бастады. Бірақ оларға алебастрдан жасалған шариктер де, суға шомылу да, цирк те керек емес секілді. Сосын ол өзінің ұлы құпиясы туралы айтып еді, ана екеуінің көзінен жылт еткен сәуле көргендей болды. Осы сәуле жоғалмай тұрғанда Том ойдан жаңа бір оқиғаны ойлап табуға тырысты. Ол жолдастарына қарақшымыз деген ойды уақытша естен шығарып, енді бір мезгіл қызық үшін үнділіктер болайық деген ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс бәріне ұнап қалды да, бәрі сол бойда киімдерін сыпырып тастап, қап-қара балшықты жалаңаш денелеріне жағып, бастан башпайға дейін сызғылады да, жолақ-жолақ зебра болып шыға келді. Бұдан соң олар көшіп келген ағылшындарға шабуыл жасау үшін орманға бет алды және олардың әрқайсысы өздерін көсем сезінді.
Олар бір-бірімен жауласатын үш тайпаға бөлінді. Қорқынышты ұрандармен айқай салып, тасадан шабуылға шығып, бір-бірімен ұстасып жатыр және мыңдаған дұшпанды қырғандарына мәз. Бұл көп қан төгілген күн болды да, олар осы ерліктеріне дән риза.
Кешке қарай қарындары шұрқырап және өздерін бақытты сезініп тұрақтарына оралды. Алайда оларды аздаған қиындықтар күтіп тұр еді. Жауласқан үнділіктер өзара татуласу үшін бейбіт келісімге келулері керек, олай болмаса, достық, татулық нанын бөлісіп жеуге болмайды: бірақ татулықтың сигарын сормай бейбіт келісімге келу мүмкін бе? Татулықтың белгісі — сигарды кезек тартпай бейбіт келісімге келу жайлы бұрын-соңды естілген емес. Үнділіктердің екеуі өмір бойы қарақшы болып қалмағандарына іштей өкінді. Алайда басқа амал жоқ, сондықтан өздерін көңілді етіп көрсетуге тырысып, түтік талап етісті де, үнділіктердің дәстүрі бойынша, екеуі кезектесіп тартты. Ең соңында үнділік болғандарына қуанды, себебі сәл де болса ұтыстары бар еді. Олар кәдімгідей шылым шегуді үйреніп алған, енді жоғалған пышақты іздеуді сылтауратып тасаланудың қажеті жоқ. Рас, екеуі де сәл-пәл жайсыз сезінді, бірақ өткендегідей азаптан жанталасқан емес. Олар бұл ыңғайлы жағдайды пайдаланып қалуға асықты. Кешкі астан кейін өз тәжірибелерін тағы бір жасады және бұл жолы да ойдағыдай өтті, кеш көңілді болды. Үшеуі де мақтаныш сезім құшағында өздерінің жаңа табыстарына дәл бір үнділік тайпалардың алтауының терілерін түгел сыпырғандай бақытты еді. Әзірге оларды қоя тұрайық: мейлі тартсын, мылжыңдассын және мақтана берсін. Белгілі бір уақытқа дейін біз оларсыз-ақ сайрандайық.
Он жетінші тарау
ҚАРАҚШЫЛАР ӨЗДЕРІН ЖЕРЛЕП ЖАТҚАНДАР АРАСЫНДА
Сенбінің сол бір кешінде шағын қалада көңілділіктің нышаны көрінбеді. Полли апай, Мери, Сид және Гарпер ханымның бүкіл отбасы көз жастарын тия алмай, қаралы киім киді. Қалашықта бұрын да көп у-шу болмайтын, ал бұл күндері мұнда болмаған тыныштық салтанат құрып тұр. Тұрғындар өздерінің әдеттегі шаруаларымен қалай болса солай, онша мән бермей айналысады, тіпті бір-бірімен әңгімелесуді де қойды, жиі-жиі күрсіне берді. Тіпті балаларға сенбілік демалыс бұрынғыдай қуаныш әкелмеді. Олардың ойындары да онша келіспеді. Сосын өздерімен өздері жүрді.
Кешке қарай Бекки Тэчер мектеп жанындағы бос алаңда көңілсіз жалғыздан жалғыз жүріп, өзін соншалықты бақытсыз сезінді. Бұл маңда оны жұбататын ештеңе болмады.
"Ой, менде тым болмаса өткенде ол берген жез шеңбер болса ғой, — деп ойлады ол — Одан ескерткіш болатын менде еш нәрсе қалған жоқ".
Бекки өксігін жұтып қайғырды.
Кенет тоқтай қалып, өзіне-өзі:
— Дәл осы жерде болып еді... О, егер сол әңгімені тағы да естісем, сондағы оған айтқан сөзімді өліп кетсем де қайталамас едім! Ол енді жоқ және оны ешқашан мен көре алмаймын! — деді.
Осы ой кішкентай қызды әбден шаршатты. Сосын ол көзінің жасын сүртпестен жүре берді. Сонан соң бір топ бала, Том мен Джоның мектептес жолдастары келіп, шарбақтың арғы жағынан сығалап, қаза тапқандардың құрметіне дауыстарын шығармай күбірлеп, өлгендерді еске алысты: бұлар ең соңғы рет көргенде Том бір нәрсе жасап еді немесе мынандай сөз айтып еді, Джо былай деген деп және олардың әр сөзі пайғамбардың жорамалындай болды деген қорытындыға келісті. Әрқайсысы қаза болған балалардың қайсысы қай жерде тұрғанын айтып жатыр және: "Мен былай тұрғанмын, ал ол сен тұрған жерде жап-жақын тұрды да, менің бойымнан бірдеңе тапқандай күлімсіреп маған қарады, зәрем ұшып кетті, түсінесіңдер ме? Сол бойда мен ештеңені білгенім жоқ, енді бәрін көріп, біліп тұрмын," — деп қосып қояды.
Қаза тапқандарды ең соңғы рет тірі күйінде кім көргені жайлы талас басталады, көпшілігі осы қайғылы хабарды өздері меншіктеп, басқа куәгерлер оны жоққа шығарды; ақырында оларды соңғы рет кім көргені, кім сөйлескені анықталғанда, бақыттылар кеуделерін көтеріп, ал басқалар оларға ауыздарын ашып қызғанышпен қызыға қарады. Бір бейшара бала айтатын ештеңе таба алмай:
— Ал мені Том Сойер бір рет жақсылап сабады, — деді мақтанышпен.
Бірақ оның даңққа бөленем деген ойынан ештеңе шықпады. Себебі, қалған балалар да, басқалар да өздері туралы осындай бірдеңені ойлап таба алатын, сондықтан әлгі байғұс бала салтанатты құрметтен құр қалды. Оқушылар қаза тапқан батырларды естеріне алып, жарыса әңгімелеген күйі тарқады.
Ертеңіне жексенбілік мектептің сабағы аяқталған кезде шіркеу қоңырауының дауысы әдеттегідей емес, бір түрлі жай әрі қайғылы естілді. Қайтқан адамды жерлеуге жиналғандардың жылап-сықтаған үні сол күнгі табиғаттың үнсіздігімен жарасым тапқандай. Қала тұрғындары шіркеуге жиналды, кірерде бір-біріне болған қайғылы оқиға жайлы күбірлеп айтады. Бірақ шіркеудің ішінде сыбыр-күбір жоқ, жым-жырт. Мұндағы тыныштықты өз орындықтарына жайғасқан әйелдер көйлегінің сыбдыры ғана бұзып тұр. Кішкентай шіркеудің іші бүгінгідей осыншама аузы-мұрнынан шыққанын ешкім есіне түсіре алмады. Полли апай, соңынан Мери мен Сид олардан соң Гарпердін отбасы — бәрі қайғыға батқан, қаралы киім киіп шіркеуге кіргенде, кәрі дін қызметкерінен бастап, жиналған жұрт бір кісідей дұға оқыды және қаза тапқандардың туысқандары алдыңғы қатардағы орындықтарға отырғанша түрегеліп құрмет көрсетті. Бұдан кейін басталған үнсіздікті өксіп жылаған дауыстар ғана бұзып тұрды, содан соң дін қызметкері қолын жайып дұға оқи бастады. Жан тебірентер гимн айтылды, одан кейін: "Мен қайта тірілемін, өмірмін" — деген сөздер қайталанды.
Содан соң өсиет айту басталды, уағызшы өзінің жалынды сөзінде қаза тапқан балаларды аспанға көтере мақтап, оларды қайырымды, талантты, ақылды етіп сөйледі, шіркеуде тұрғандардың әрқайсысы іштей ыңғайсызданып, өздерінің ол байғұс балалардың талантын, жақсы қасиеттерін кезінде байқамай тек кемшіліктерін көргендері қалай?
Уағызшы олардың өмірінен жүрек тебірентер бірнеше мысал келтірді: ол балалардың мінез-құлқы керемет, үшеуі де нәзік жанды екен; тыңдағандар олардың істеген істерінің бәрі адам айтқысыз жақсы екенін енді түсініп, тірісінде әрқайсысының істегені дұрыс емес, тентектік деп түсініп, арқаларына белбеудің ізін қалдырғандарын еске түсірді. Уағызшының сөзі барған сайын жүректі дірілдетіп, халық онан сайын елжіреп, ақыры жиналғандардың бәрі өлген балалардың туысқандарына қосылып дауыс ете бастады, тіпті уағызшының өзі де сезімін ірке алмай, тұрған жерінде көзіне жас алды.
Есік жақтан сыбырлаған дыбыс естілді, бірақ оған көңіл аударған ешкім болмады: бір минуттан кейін сырттан кіретін есік сықырлады. Дін қызметкері сорғалаған көз жасын сүртіп тұрған орамалын алып, жасқа толы жанарымен есік жаққа қарап еді... Сол күйі қатты да қалды. Әуелі бір-екі көз, сосын тағы басқалары дін өкілінің қараған жағына қарады, содан соң шіркеу ішіндегілердің барлығы орындарынан атып тұрып, ортадағы өтетін жолмен орындықтар арасынан суға кетіп қаза болған үшеу салып айдап келе жатыр: алдарында Том, одан соң Джо, соңдарында жалба-жұлба киімі солбырайып, ыңғайсызданған Гек. Олар таңертеңнен өздері жайлы айтылған сөздерді тыңдап, есік сыртындағы хорда отырыпты.
Полли апай, Мери және Гарперлер қайта тірілген өздерінің сүйіктілеріне жармасып, құшақтап сүйіп тұншықтырып жатыр және бұларды аман алып қалған құдайтағалаға рахметтерін жаудырды; тек байғұс Гек қана жан-жағынан жақтырмай қараған көздерден ыңғайсызданып не істерін, қайда кетерін білмей тұр. Ол жан-жағына барлай қарап, зытуға дайын еді, Том оның жеңінен ұстап Полли апайға:
— Бұлай болмайды! Гекке де біреу қуануы керек қой! — деді.
— Қуанғанда қандай, қуанады, қуанады, әрине! Байғұс жетім баланы көріп тұрғаныма алдымен мен қуаныштымын!
Полли апай баланы сүйіп, бауырына тартып, бейшараны онан сайын ыңғайсыз сезінуге мәжбүр етті.
Кенет дін өкілі бар дауысымен айқай салды:
— Жаратқанды оның мырзалығы мен мейірімі үшін мадақтайық.
Бәрі қосылып ән шырқады. Ескі заманнан келе жатқан алғыс гимні айтылғанда, шіркеудің төбесі дірілдегендей болды. Теңіз қарақшысы Том Сойер оған қызыға қарап тұрған құрбыларына көз салып, өмірімнің ең керемет сәті осы деді іштей.
Үйлеріне тарай бастаған тұрғындар өздерін өлердей алдаса да, ғажайып алғыс гимнін есту үшін тағы да алдануға дайын екендіктерін бір-біріне айтып бара жатты.
Сол күні Том Полли тәтесінің құбылмалы мінезіне сай жұдырық пен сүюдің талайын басынан кешірді, тәтесінің бұған деген сүйіспеншілігі ме, жоқ жаратқанға алғысы ма, ол түсінбеді.
Он сегізінші тарау
ТОМ ӨЗІНІҢ ТҮСІН АЙТАДЫ
Томның ұлы құпиясы осы екен: ол өзінің қарақшыларымен үйге оралып, өздерін жерлеп жатқандармен бірге болып көру. Сенбі күні кешкісін олар бөренеге отырып Миссури жағасына жетті де, туған қаладан бес мильдей төменгі жаққа барып, жақын жердегі орманға қонып шықты. Таң атар-атпастан үй-үйдің арасымен шіркеуге келіп, сынған орындықтар жатқан хорда әбден ұйқыларын қандырды.
Дүйсенбі күні таңертең дастархан басында Полли апай да, Мери де Томға ерекше мейіріммен қарап, оның айтқанының бәрін жандары қалмай орындады. Әңгіме де әдеттегіден көбірек айтылды. Сөз арасында Полли апай:
— Байқайсың ба, Том, мүмкін сендер үшін қызық болғанмен бір апта бойы бүкіл елді азаптау миға сыймайды... Маған соншалық қайғы шеккізгенің мұңайтады және сенің жүрегіңнің мейірімсіз қатал болғаны... Өзіңнің жаназаңа қатысу үшін сен бөренеге отырып, өзеннен өткенсің, ең болмаса, үйге келіп, тірі екеніңді маған білдірсең етті.
— Иә, сен солай істей алатын едің ғой, Том, — деді Мери, — және егер осы ой басыңа келсе, сен солай істеген де болар едің.
— Солай ма, Том? — деп сұрады Полли апай, оның жүзінен дәл солай болғанын қалап отырғаны көрініп тұрды. — Ал, айтшы басыңа осы ой келген болса, сен бізге хабар беретін бе едің?
— Жо... білмеймін. Бұл біздің ойынымызды бұзады ғой.
— Ай, ай, Том, сен мені жақсы көреді деп ойлайтын едім! — деп күйінді Полли апай, Том ыңғайсызданып қалды.. — Егер сен мен жайлы аз да болса ойласаң...
— Тәте, бұл қасірет емес, — деп Мери сөз қосты. — Том ақылы ауысқан адамдай ылғи асығып жүреді ғой, ойлауға мұршасы жоқ.
— Оның несі жақсы?! Сид ойланып істер еді. Сид келіп, тірі екенін айтып кетер еді. Аһ, Том, бір кезде артыңа қарап, мен жайлы ойламағаныңа өкінерсің, бірақ ол кезде кеш қаласың.
— Тәте, жетер енді, сізді жақсы көретінімді өзіңіз білесіз ғой, — деді Том.
— Егер сенің сөзің істеген ісіңе сай келсе, білген болар едім.
— Мен, шынында да, бұл ойдың басыма келмегеніне өкінемін, — деді Том, дауысынан расында да өкініш байқалып тұрды. — Оның есесіне мен сізді түсімде көрдім — бұл да тектен-тек емес шығар.
— Айтайық, түс көргенде не тұр? Мысық та кейде түс көреді, — бірақ бұл, әрине, ештеңе болмағаннан тәуір. Түсіңде не көрдің?
— Ол былай. Сәрсенбі күні кешкісін түс көрдім, сіз кереуеттің жанында... ана жерде, Сид отын салған жәшіктің қасында, Мери оның жанында...
— Біз ылғи да солай отырамыз... Иә, отырдық, тым болмаса түсіңде бізді есіңе алғаныңа қуаныштымын.
— Сосын мұнда Джо Гарпердің мамасы болғанын көрдім.
— Ол расында болған! Тағы не көрдің түсіңде?
— Көп нәрсе көрдім. Бірақ қазір бәрі бытысып кетті.
— Есіңе түсірсеңші, түсіріп көр?
— Сосын жел үрледі...
— Есіңе түсір, Том! Жел нені үрледі?
Том саусақтарымен маңдайын тіреп отырды да, бір минуттан кейін айқайлап жіберді.
— Есіме түсті! Жел майшамды үрледі.
— Құдайым, жарылқай гөр! Әрі қарай, Том, тағы!
— Тоқтаңызшы есіме түсірейін... Иә, сіз есіктен соққан жел деген сияқтысыз.
— Әрі қарай, Том!
— Бір минут ойыма түсіруге мұрша беріңізші, бір минут! Сіз есік ашылғандай болды дедіңіз.
— Иә, иә, мен солай дедім... Есіңде ме, Мери? Ал, әрі қарай?
— Сосын... сосын... Білмеймін не болғанын... Сіз Сидті жұмсаған сияқты болдыңыз...
— Иә, иә, Сидті қайда жұмсадым?
— Сіз оны есікті жабуға жұмсадыңыз.
— Құдайым-ай, ешқашан мұндайды естіген емеспін! Ал, осыдан кейін қалай түске сенбейсің! Қазір Сирини Гасперге барып айтайын. Содан кейін оның сенім туралы мылжыңын тыңдап көрейік. Әрі қарай айта бер, Том, сосын не болды?
— Енді маған бәрі түсінікті болды, тәте! Сіз мен туралы ол шектен шыққан бұзақы емес, жай еркелейді, тентек құлын секілді дедіңіз.
— Иә, иә, дәл солай дедім! Құдайым-ай! Әрі қарай не көрдің, Том?
— Содан соң сіз жылап жібердіңіз.
— Рас, рас жыладым! Және бірінші рет емес. Ал, сосын?
— Сосын Гарпер ханым жылады және Джо да жақсы бала өзім төгіп алған кілегейді одан көріп сабағаным қандай өкінішті, — деді.
— Том, жаратқанның рухы сенің кеудеңе қонған! Бұл нағыз көріпкелдің түсі! Әрі қарай айта бер!
Содан кейін Сид айтты...
— Мен ештеңе айтпаған секілдімін, — деді Сид.
— Жоқ, Сид, сен айттың, — деді Мери.
— Сөйлемеңдер! Томды алаңдатпаңдар! Иә, Том, ол не дейді?
— Ол жер бетіндегі өміріне қарағанда Том о дүниеде жақсы жүретініне сенетінін айтты.
— Естіп отырсыңдар ма? Сидтің сөзі.
— Сіз оны әрі қарай сөйлетпедіңіз.
— Әрине! Сөйлетпедім! Жоқ, бұл жерде періштенің болғаны даусыз. Осы маңға періште келген!
— Одан соң Гарпер ханым Джоның бірде мұның танауының астынан пистонды жарып зәресін ұшырғанын айтты. Сіз Питерді және ауруды басатын дәрі жайлы айттыңыз.
— Рас, рас!
— Сіз сосын бізді өзенді шарлап іздегендерін, бізді жерлеу рәсіміне жексенбіде болатынын айттыңыз, содан Гарпер ханыммен құшақтасып жыладыңыз, ол сосын үйден шығып кетті.
— Солай, солай! Дәл осылай болғаны анық! Егер сен өз көзіңмен бәрін көрген болсаң, бұдан артық айта алмаған болар едің. Сосын не болды? Айта бер, Том?
— Содан сіз маған арнап дұға оқыдыңыз, мен сіздің әр сөзіңізді естідім. Сосын сіз төсегіңізге жаттыңыз және сізге жаным ашыды да, мен ағаштың қабығына "біз өлген жоқпыз, біз тек қашып кеттік те, теңіз қарақшылары болдық" деп жазып, майшамның жанына қойдым, ал сіз ұйықтап жаттыңыз. Сіздің жүзіңіз сондай мейірімді көрінді, сосын мен еңкейіп ерніңізден сүйдім.
— Рас па, Том, шын ба? Ол үшін сенің барлық тентектігіңді кешіремін. "Сүй" — деді де Полли апай оны қатты қысып құшақтағаны сонша, Том өзін жер бетіндегі ең оңбаған адам сезінді.
— Мұның бәрі бар болғаны түс болғанымен, әрине, керемет, — деді Сид даусын шығарып.
— Үндеме, Сид! Адам өңінде істейтінін түсінде де жасайды... Мә саған ең үлкен алма, Том! Мен мұны сен бір кезде келсең, берермін деп сақтап едім. Және тезірек мектебіңе бар... Маған жаны ашып сені қайтарғаны үшін жасағанға мың рахмет айтам. Өйткені өзіңе шын сеніп, оның өсиеттерін орындаған адамдарға мейірімін түсіреді. Мен оның рахымына лайық емеспін... Егер ол тек лайықты адамдарға ғана мейірімді болса, жер бетінде бұл күндері масайрап жүретіндер аз болар еді және о дүниеде олар жәннатта мәңгілік рахат кешуге құқтары бар болар еді. Қане, барыңдар, Сид, Мери, Том, тезірек кетіңдер — сендермен мылжыңдасуға уақытым жоқ.
Балалар мектепке кетті, ал кемпір Томның ғажайып түсін айту үшін Гарпер ханымға айтып, оның наным-сенім десе шашы тік тұратын мінезін жоққа шығаруға асықты. Сид үйден кетерде не ойлағанын айтудың қажеті жоқ деп ойлады. Ал ол: "Бұлай болуы мүмкін емес. Осындай ұзақ, кәдімгі өмірдегідей түс бола ма — бір де бір қатесі жоқ?" — деп ойлаған.
Том қандай батыр болып шықты! Ол секіріп, жүгірмей, кәдімгі теңіз қарақшылары секілді салмақпен, кеудесін тік ұстап, айналадағы жұрттың бәрі оған қарап тұрғанын ескеріп маңғаздана жүріп келеді. Шынында да, ол басқалардың қарағанын көрмегендей, олардың сыбыр-күбірін естімегендей кейіппен, іштей рахат сезімге бөленіп келеді. Кішкентай оның соңынан ергендеріне оларды өзгелер Томның жанында көргендерін мақтан етіп, батыр қарақшының оларға ештеңе демей ерткенін мәртебе санайтындай. Ол бейне парадтың алдындағы барабаншы немесе аңдарды бастап қала қақпасынан еніп келе жатқан піл секілді. Ал, Томның құрбылары болса, оның үйден қашып кеткені жайлы ештеңе білмейтін адамдай кейіп көрсеткендерімен бәрінің де іштерін қызғаныш қыжылы күйдіріп тұр. Олар бұл секілді қап-қара болып күнге күйсе, аз-ақ күнде даңққа бөленсе, бәрін беруге дайын. Алайда Том ешқайсысын, тіпті біреуі ақысына тұтас цирк берем десе де, көнбес еді.
Мектептегі оқушылар Том мен Джо Гарперге естері кете қызығушылықпен қарап тұрғанын сезген ол екеуі тіпті мұрындарын көтерді. Олар айнала қоршағандарға өздерінің бастан кешкен оқиғалары мен ерліктері жайлы өздеріне тән ойдан шығарудағы шеберліктерін балалар қосып айтып тұрды.
Бір мезгілде олар темекі түтіктерін шығарғанда, оларға деген қызығушылық әбден шегіне жетіп екеуі тіпті құрметке бөленді.
Том ендігі жерде Бекки Тэчерсіз-ақ жүруге бел буды. Оның өз даңқы да жетіп жатыр. Енді ол атақ-даңқ үшін өмір сүреді. Қазір оның атағы жер жарып тұрғанда Бекки мұнымен татуласқысы келетін де шығар. Мейлі. Мұның да кейбіреулер секілді салқын бола алатынын көрсін. Әне, өзі келе жатыр, Том оны байқамаған адам бола қалды. Ол бұрылды да топталып тұрған балалар мен қыздарға қосылып солармен әңгімелесе бастады. Том Беккидің ерсілі-қарсылы жүгіріп, беті өрттей жанып, қыздармен қуыспақ ойнап жүрген болып көрінгісі келетінін, құрбы қыздарының бірін ұстай қалса, қуанғаннан айқайлап жіберетінін көріп тұрды. Бірақ Беккидің қыздардың жақын тұрғандарын ұстағысы келетінін, ұстай қалса, байқатпаған болып мұның өзіне көзінің астымен қарап қоятынын Том сезді. Қыздың бұл қылығы жүрегін жұмсартудың орнына қайта өшіктіре түсті, ол өзін тәкаппар ұстап Беккиді көрмегендей кескін көрсетті. Қыз сосын қыздардың соңынан жүгіруді қойып, оқта-текте мұңды жанармен Томға қарайтынды шығарды. Кенет ол Томның ылғи Эмми Лоренспен сөйлесіп тұрғанын байқады. Жүрегін сыздатқан сезім оның тұла бойын билеп алды. Ол толқып, кетуге ыңғайланды. Бірақ кетудің орнына оның аяқтары Эмми мен Том тұрған топқа алып келді. Ол әбден жақын келіп, қыздардың біреуіне.
— Сен қандай оңбағансың, Мери Остин! Неге жексенбілік мектепке келмедің? — деді.
— Болдым мен. Сен көрмедің бе мені?
— Жоқ, бұл қалай... Сен қайда отырдың?
— Әдеттегідей Питерс ханымның класында. Ал мен сені көргем.
— Шын айтасың ба? Мен қалай байқамағанмын. Мен саған сейіл құру туралы айтайын деп ем.
— Ой, керемет! Кім өткізеді?
— Менің анам... Мен үшін.
— Қандай жақсы! Ал анаң менің келуіме рұқсат ете ме?
— Әрине. Кеш менікі. Кімді шақырғым келсе, соны шақырамын. Сені міндетті түрде!
— Ой, сен қандай тамашасың? Қашан болады?
— Жақында. Мүмкін, демалысқа шыққанда.
— Керемет көңілді болады! Сен қыздар мен балаларды түгел шақырасың ба?
— Иә, менің достарымның бәрін... Сосын менімен дос болғысы келетіндерді де.
Ол көзінің қиығымен Томға қарап қойды, бірақ Том бұл кезде Эммиге аралдағы аласапыран дауыл мен жүз жылдық жуан еменді найзағай күл талқан еткені және сол кезде еменнен үш қадам жерде өзі тұрғанын айтып жатыр еді.
— Сенің кешіңе маған келуге бола ма? — деп сұрады Гресси Миллер.
— Иә.
— Ал маған ше? — деді Салли Роджерс.
— Иә.
— Маған да бола ма? — деді Сузи Гарпер. — Джоны да шақырасың ба?
— Иә.
Бәрі бірдей сұрақ қойды және түгел шақырылатын болғасын, қуана қол шапалақтады, ақырында Том мен Эммиден басқаның бәрі барғысы келетіндерін айтты.
Том ешқандай көңіл бөлместен, Эммиді ертіп кетіп қалды. Беккидің еріндері дірілдеп көзіне жас толса да, ренжігенін білдіргісі келмей әңгімесін айта берді. Алайда сейілге де, басқаларға да енді зауқы соқпай қалды. Ол дос қыздарынан оқшауланып, оңаша жерге барды да, әйелдердің сөзімен айтқанда оңаша жылап алды да, қоңырау соғылғанша көңілсіз жәбірленіп отырды. Орнынан тұрып, көздерінде жарқ еткен от көрінді, қос бұрымын қайырып, мен енді не істейтінімді білемін деді.
Үзіліс кезінде Том Эмми Лоренстің көңілін аулаумен болды. Онымен қыдырып жүріп, Беккидің жүрегін сыздату үшін бізді көрсе екен дегендей қасақана қылық көрсетіп бақты.
Том ақыры оны іздеп тапты; сол бойда оның бақыты аяқ асты болды: Бекки мектеп жанындағы орындықта Альфред Темплмен отыр; екеуі бір кітаптың суреттерін қарап, басқа еш нәрсеге көңіл бөлетін емес. Және бастары түйісіп отыр. Томның тұла бойы қызғаныштан өртеніп кетті. Ол сол сәтте өзін өте жек көріп кетті: Беккидің татуласуды меңзеген ұсынысын қалай қабылдамады! Ол өзін оңбаған ақымақ деп және сол сәтте ойына келген жаман сөздің бәрін өзіне жапсырды. Олар әрі қарай жүре берді. Эмми көңілдене мылжыңдап келеді, өйткені қуаныштан жүрегі ән салып тұрған, бірақ Том тілін тістеп алғандай үнсіз.
Ол Эммиді тыңдап келе жатқан жоқ, қыз тіпті одан жауап күтіп тоқтағанда да, Том "иә, иә" деп бірдеңе айтқан болып міңгірледі. Оның үстіне әлгі жынын құрыстырған көрініске қарау үшін мектептің арт жағынан өтуге тырысты. Еркінен тыс солай қарай жүрді. Оның ашуын келтірген жай — Бекки бұған тіпті де көңіл аудармағаны, оған солай көрінді! Бірақ Бекки мұны көріп өзінің жеңіс тұғырында екенін сезді де, Томның әлгіндегі өзі секілді қайғылы күй кешіп жүргеніне қуанды.
Эммидің көңілді мылжыңы мұның ішін пыстырды. Том өзінің бір жерге баруы керектігін, тіпті кешігіп қалғанын тұспалдап айтып көріп еді, алайда бәрі бос болды — қыз құс секілді сұңқылдай берді. "Аһ, жерге кіріп кеткір, — деп ойлады Том, — сенен құтыла алмайтын болғаным ба?". Ақыры ол кетуім керек деп мәселені тікесінен қойды. Эмми сабақтан кейін оны осы маңда күтетінін айтып еді, Том оны енді көрместей жек көріп кетті.
"Тым құрыса басқа біреу болса ғой, — деді ол өзіне өзі сөйлеп тісін қайрап. — Сен-Луиден шыққан сол оңбаған өзінше ақсүйек. Әдемі киінгеніне мәз, мақтаншақ! Тоқтай тұр, бәлем! Сен біздің қалаға алғаш келген бойда-ақ ішіңді кептіргем, тағы сүйтемін. Тоқтай тұр, мырза, мен саған көрсетемін әлі!". Том дұшпанмен жұдырықтасып жатқандай қолын сермелеп ауаны соққылап тұр. "Міне, саған! Міне, саған! Алдың ба сыбағаңды? Жалынасың ба? Жарайды! Бар, бұл саған сабақ болады". Ойдан шығарылған төбелес Томның жеңісімен аяқталды.
Сағат он екі болды. Ол үйге қарай жүгірді. Эммидің бақытты сезініп, алғыс жаудырған түрін көру оған қатты батты, сонымен қатар қызғаныштың азабы әбден шегіне жетті. Бекки тағы да Альфредпен кітаптың суреттерін қызықтап отыр, уақыт өтіп барады, бірақ Том келмеді, ал бұл қыздың салтанатты жеңісіне көлеңке түсірді. Суреттерді қызықтау оны жалықтырды, сосын ол үндемей, мұңайып отырып қалды. Екі-үш рет біреулердің келе жатқан дыбысынан қауіптеніп еді, бірақ бекер үміттенген екен: Том көрінбеді. Ақырында ол өзін бақытсыз санады және өзінің өш алам деп тым өрескелдік жасағанына өкінді. Альфред байғұс өзімен отырған қыздың әп-сәтте көңілі түсіп, іші пысқанын көргенде: "Мына суретті қарашы, қандай жақсы!" — деп айта берді. Қыз ақырында әбден төзімі таусылып: "Кетші әрмен! Сенің суреттерің жалықтырды!" — қаттырақ айтты. Жылап жіберді де, орнынан тұрып, кетіп қалды. Альфред соңынан ілесе жүгіріп, оны жұбатайын деп еді:
— Өтінемін, мазамды алмашы! Бар! Сені жек көремін! — деп қыз турасын айтты.
Сасып қалған бала не істерін білмей және қыз мұншама ренжитіндей өзінің оған не істегенін білмей дал болды; үлкен үзіліс бойына сенімен бірге сурет көрем деген өзі, кенеттен жылап кетті.
Альфред қаңырап қалған мектепке қарай көңілсіз аяңдады. Ол ашулы және жәбірленген еді.
Себебін білу оған қиынға түспеді: ол қыз Том Сойердің қызғанышын туғызу үшін мұнымен әңгімелесті. Осы ой келгенде оның Томға деген ызасы тіпті күшейе түсті. Ол өзі көзге түспей дұшпаннан кек алатын әдіс табуды ойлады. Осы кезде Томның оқулығы көзіне түсті. Міне, дұрыс болды! Ол кітаптың үйге тапсырма берілген бетін қуана ашты да, бүкіл бетіне сия төкті. Дәл осы сәтте Бекки есік жақтағы терезеден қарап тұр еді, ана баланың не істеп жатқанын көзімен көрді де, ешкімге байқатпай үйіне қарай зытты: ол Томды тауып алып кітап туралы айтқысы келді. Сонда Том қуанып, бұған алғыс айтады, сосын барлық өкпе-наз бітеді. Бірақ жолда келе жатып жоспарын өзгертті: ол пикник жайлы айтқанда Томның бұған көрсеткен қылығын есіне алды. Бұл оқиғаны есіне алғанда Бекки ұяттың азабынан өле жаздап, тұла бойын бір жалын өртегендей болды. "Томға сол керек!" деп шешті ол. Кітапты бүлдіргені үшін мейлі оны шыбықпен жазаласын бұған бәрі бір; бұл Томды өте жек көреді және өмір бойы жек көретін болады.
Он тоғызыншы тарау
ҚАТҚЫЛ СӨЗДЕР. "МЕН ОЙЛАМАППЫН"
Қабағы түйіліп үйге көңілсіз оралған Том тәтесінің алғашқы сөздерін естігенде, мұнда да оның қайғысына жанашыр ешкім күтіп тұрмағанын сезді.
— Том, мен сенің теріңді сыпырып аламын!
— Апатай, мен не істедім?
— Солай деуге аузың барады, а? Мен, кәрі ақымақ, Сирини Гарперге барып айтам, ол да мен сияқты сенің ғажайып түсіңе сенеді деп ойлап жүрсем... аман бол!
Сенің сол күнгі ұрланып үйге келіп, біздің әңгімемізді тыңдағаныңды оның Джосы айтып қойыпты. Мен білмеймін, Том, осынша өтірік айтатын бала өскенде кім болып шығады?! Менің Сирини Гарперге бара жатқанымды көріп тұрып тоқтатпағаның жүрегімді ауыртты: барлығы мені күлкі етіп, келемеж қылды!
Енді осы тарих Томға басқаша болып көрінді. Осыған дейін таңертеңгі әңгімені бұл жақсы ойластырылған әзіл деп түсінген. Енді ол оқиға түкке тұрмайтын бірдеңе болып шықты. Ол басын салбыратып, әуелі не айтарға білмеді, сосын:
— Тәте, солай істегеніме өкінемін... бірақ мен ойламаппын.
— Ah, айналайын, сен ешқашан ойламайсың!
Сен өзіңнің қара басың мен жан рахатың жайлы ойлайсың. Құдай біледі, сен түннің бір уағында Джексон аралынан біздің қайғымызды күлкі ету үшін келген боларсың! Сенің ойыңа келгені түс көрдім деп әңгіме айтып, менің басымды айналдыру ғой, ал бізге жан ашу деген жоқ сенде — ол сенің ойыңа келмейді!
— Тәте, мен бәрін енді түсініп отырмын: әрине, дұрыс емес, бірақ мен кесірлік жасайын дегенім жоқ, сізге шын айтып тұрмын. Және бұдан басқа... сол түні мен сіздерді күлкі ету үшін келгенім жоқ.
— Онда неге келдің?
— Мен сізге бізді уайымдамаңыздар, біз суға кеткен жоқпыз деп айтқым келді.
— Том! Том! Мен құдайға мың рахмет айтқан болар едім, егер сенің басыңа әлгі айтқаныңдай тамаша ой келген болса, бірақ ондай ойдың болмағанын өзің де біліп отырсың ғой... Мен білем, Том.
— Болды, болды! Сізге шынымды айтып тұрмын! Ондай ой болғаны рас!
— Әй, Том, өтірікті соқпа! Өтірік бәрінен жаман.
— Тәте, бұл өтірік емес, шын. Сіздер қайғырып, уайымдамасын деп сол кеште келгенім рас.
— Айтып отырғаның шындық болса, бәрін кешіруге әзірмін. Егер мұның шындық болса, сенің үйден қашып кетіп, неше түрлі бұзақылық жасағаныңа өкінбес едім. Бірақ бәрі өтірік... Әйтпесе сен не үшін келгеніңді маған сол бойда айтар едің ғой.
— Сенесіз бе, сіз бізді өлген адамдай жерлеуге арналған жиын болатынын айта бастағанда, егер біз сол жиынға келіп, шіркеудің жоғары жағына тығылып, сосын өзіміз шыға келсек, — адам айтқысыз қызық болады деп елестеттім. Солай болса деп қиялдадым. Сондықтан әлгі сізге хат жазған ағаш қабығын күртешемнің қалтасына сүңгіттім де, ештеңе айтпай кетіп қалдым.
— Қандай қабық?
— Әлгі сізге біз қарақшы болуға кеттік деген хабарымды жазған ағаштың қабығы. Мен сізді сүйіп алғанда оянбағаныңыз өкінішті. Соған қатты өкінемін — шын айтам!
— Сен мені сүйгенің рас па, Том?
— Әрине, сүйдім.
— Шын айтып тұрсың ба?
— О не дегеніңіз!
— Мені неге сүйдің, Том?
— Өйткені сол сәтте сізді кереметтей жақсы көріп кеттім және сіз түсіңізде ыңқылдадыңыз, жаным ашып кетті.
Бұл айтқаны шындыққа жанасатын секілді. Кемпір дауысы дірілдеп, өзінің толқығанын жасыра алмады!
— Том, мені тағы бір рет сүй де, мектепке бар... және енді маған тиіспе.
Ол кеткен бойда Полли апай шоланға жүгіріп барып, Томның теңіз қарақшысы болып жүргендегі күртешесін алды. Күртешені қолына алып өзіне өзі тіл қатты:
— Жоқ, болмайды! Бейшара бала! Ол өтірікті соқты, бірақ киелі өтірік, өйткені сол өтірігімен мені жұбатқысы келді. Мен үміттенемін, ол мейірімділігінен өтірік айтты. Жаратқан оған кешірім етеді. Мен оның өтірік айтқанына көзімді жеткізсем, қарамас едім.
Апай күртешені алып қойды, бір сәт ойланды; екі рет қолын созды да, екі рет қолын тартып алды; ақыры: "Мейірімді өтірік қой, мейірімді, — маған ренжуге болмайды, — деп өзін ақтағысы келді де, күртешенің қалтасына қолын сұғып жіберді. Бір минуттан кейін ол Томның ағаштың қабығына жазған сөздерін оқып:
— Енді мен оның миллион күнәсін де кешіремін! — деді көзіне жас алып.
Жиырмасыншы тарау
ТОМ БЕККИ ҮШІН ӨЗІН ҚҰРБАН ЕТУГЕ БАР
Полли апай сүйгенде бір керемет мейірім, жақсылық сезді де, Томның қасіреті өзі-өзінен сейіліп сала берді, көңілі көтеріліп, жан дүниесін рахат сезім биледі. Ол мектепке барды және бақыт құшағына енді: Луговой тұйық көшесінің басында Бэкки Тэчермен кездесе кетті. Том ылғи сәтіне қарай іске кіріседі. Ол ойланбастан жүгіріп барып:
— Бекки, бүгін мен оңбаған қылық көрсеттім, соған өкінемін. Ендігі уақытта бұлай істемеймін, өлгенімше! Татуласайық, қалай қарайсың?
Қыз тоқтады да, оның бетіне сондай жек көрінішпен қарады:
— Мен сізге алғыс айтар едім, Томас Сойер мырза, егер менің жаныма бұдан былай жақындамасаңыз. Мен ендігі жерде сізбен сөйлеспеймін.
Ол тұмсығын көтеріп, мұның жанынан өте берді. Том есі шығып кеткені сондай айтатын сөзін айта алмай қалды: "Түкірдім саған! Шыбық тимес шыңқ етер!" дегісі келді. Бірақ айтуға кеш қалды. Ол ештеңе айтқан жоқ, бірақ ызадан жарыла жаздады. Мектеп алаңында көңілсіз жүрді, әттең Бекки ер бала болса ғой — жақсылап емін берер едім! Дәл осы сәтте Бекки жанынан өтіп бара жатыр еді. Том сөзбен түйреді. Қыз да қалыса қоймады, сүйтіп олар дұшпан болып шыға келді. Әбден ашуға булыққан Бекки сабақ басталуын тағатсыздана күтті, себебі қыз сия төгілген оқулық үшін Томды шыбықтап жазалайды, деп асыққан.
Әуелі ол Альфред Темпльдің істегенін айтайын деп ойлап еді, бірақ Томның жаңағы айтқан жаман сөздерінен кейін ол ой есінен шығып кетті.
Бейшара! Ол өзін де жағымсыз жағдай күтіп тұрғанын сезбеді.
Осы мектептің мұғалімі Доббис мырза біраз жасқа келіп, сонда да өзін бақытсыз санайтын. Ол жастайынан доктор болғысы келген, бірақ кедейліктің кесірінен қиырдағы қалашықтың мектеп мұғалімі болды. Күнде класта отырып, оқушылар жауап бермеген кезде үстелдің тартпасынан бір кітапты алып, оқуға кіріседі. Бұл кітапты ылғи тартпаға салып кілттеп қояды. Оқушылардың бәрі сол кітапты көргілері келіп естері кетеді, бірақ қолға түспейді. Бұл не кітап? Кластағы әрбір қыз, әр бала өздерінше жорамалдайды, бірақ ол қандай кітап екенін білуге мүмкіндік жоқ. Міне, Бекки есікке жақын тұрған мұғалімнің үстелі жанынан өтіп бара жатып тартпаның кілті тұрғанын көрді. Мұндай сәті келген сәтті қалай жіберуге болады?! Ол жан-жағына қарап еді — тірі жан жоқ. Бір минуттан кейін Бекки кітапты ұстап тұрды. Кітаптың аты — "Анатомия", авторы — пәлен деген профессор — бұл қызды онша қызықтырған жоқ. Бірінші бетінде жалаңаш адамның суреті. Осы кезде біреудің көлеңкесі кітап бетіне түсті — есіктен Том Сойер еніп келе жатыр екен, ол суретке көз қырын салды. Бекки тездетіп кітапты жауып жатқанда, бір беті жыртылып кетті. Ол кітапты жәшікке сұға салып, кілтті бұрады да өкініш пен ұяттан жылап қоя берді.
— Том Сойер! Сіз бұзықтыққа ғана үйірсіз! Біреудің сыртынан сығалап — не деген оңбағандық!
— Сенің нені қарап тұрғаныңды мен қайдан білейін!
— Ұялсаңызшы, Том Сойер! Сіз, әрине, мені айтып қоясыз да, ал менің жонымды шыбыртқымен жосып жазалайды... Мен не істеуім керек? Не істесем екен? — Ол аяғымен жер тепкіледі де: — Мені жамандап айтыңыз, мейлі! Сіздің оңбағандығыңыз жеткілікті екенін білеміз. Мен де бір нәрсені білемін. Және ол туралы кешікпей білетін боласыздар! Оңбаған! Оңбаған!
Қыз өкіріп жылап, бөлмеден шыға жөнелді.
Том оның аяқ астынан шабуыл жасағанына таңданып не істерін білмей тұрып қалды. Сосын ол өзі:
— Қыздар деген не деген ақымақ халық. Оларды мектепте ешқашан жазалаған емес! Арқаларын жосып жазалау — түк емес. Ал олардың бәрі нәзік әрі су жүрек! Әрине, мен бұл ақымақ қыз жайлы Доббис шалға ештеңе де айтпаймын. Мен өшімді басқа жолмен алармын. Бірақ ол қыз қолға түседі.
Доббис менің кітабымды кім жыртты деп сұрайды. Ешкім үндемейді. Сонда ол әдеттегісінше кезекпен бәрінен — әуелі бірінші, сосын екінші, ақыры кінәлінің өзіне келгенде, мұғалім бірден біледі, қыз ештеңе айтпаса да, біліп қояды. Қыздардың бетінде бәрі жазулы тұрады — оларда сабырлылық деген жоқ.
Сосын оны жазалайтын шығар... Бекки Тэчер, қолға түстің енді шыбыртқы арқаңды жосадай қылады. Одан құтыла алмайсың!
Том сәл ойланып:
— Қайтеміз, әркімнің ісіне қарай! Егер осындай дұзаққа мен түсе қалсам, ол қыз қуанар еді — енді менің терімді өзі жамылып көрсін!
Ол есік алдындағы алаңға жүгіріп барып, бір ойынды бастап кеткен балалар тобына қосылды. Бірнеше минуттан кейін мұғалім келді, сабақ басталды. Том сабаққа онша мән бермейтін. Ол қайта-қайта қыздар отырған жаққа қарап еді, Беккидің бет әлпеті Томның әбден мазасын кетірді! Қыздың қылығы есіне түскенде, оған жанашырлық білдіргісі келмеді, дегенмен жүрегі елжірегендей болып отырды және ешқандай өш алу ойына келмеді. Біраз минуттан кейін мұғалім Томның оқулығының бетіне төгілген сияны көрді. Бекки бір сәтке көңілсіздік құрсауынан босанып, мына болып жатқан көрініске елең ете қалды. Қыз Том сияны төккен мен емес деп қанша сендіргісі келгенмен, мұғалім тыңдамады. Өзінің кінәсін мойындамағаны үшін оны қаттырақ жазалады. Бекки оны жазалағанын көргенде қуанамын деп ойлап еді, олай болмай шықты. Әңгіменің соңы шыбыртқыға тірелгенде Бекки орнынан атып тұрып кінәлі Альфред Темпль екенін айтқысы келді, бірақ өзін-өзі тоқтатып, үнсіз отырды. "Том кітаптың бетін жыртып алған мен екенімді жеткізген болар, — деп ойлады Бекки, — мен ештеңе де айтпаймын! Тіпті оның өміріне қауіп төнсе де, үндемеймін!"
Том арқасын шыбыртқыға біраз төсегеннен соң орнына келіп отырды. Өкінгені білінбейді. Ол, шынында да, балалармен алысып жүргенде мүмкін сия төгілген шығар деп ойлады. Ол кінәлі емеспін деп дәстүр бойынша өзін қорғап айтты.
Бір сағат өтті. Мұғалім тағында танауымен жер шұқығандай қалғып-мүлгіп отыр. Жаттау оқыған оқушылардың гуілінен кластағы ауа біртүрлі ұйқы келтіреді. Доббис мырза тіке отырып есінеді, сосын үстелдің жәшігін ашты да, кітапқа қолын созды. Алсам ба, алмасам ба дегендей кідірді. Балалардың көбі оның бұл қимылына жай ғана қарады, ал олардың ішінде екеуі шыдамсыздана күтті. Доббис мырза әуелі кітапты сипады, сосын қолына алып, орын таққа дұрыстап отырды да, оқуға кірісті. Том Беккиге қарап қойды. Ұсқыны жоқ, мергеннің көздеуіне іліккен үркек қоянға ұқсап әрең отыр. Том сол бойда онымен керісіп қалғанын, ұмытып кетті. Тезірек көмек беру керек! Қазір, осы минутта бір нәрсе жасау керек!
Жағдайдың қиындығы сол — бір нәрсені ойлап табатын уақыт жоқ. Тамаша! Керемет ой келді! Ол жүгіріп барып кітапты алып, есіктен шығып кетеді! Бірақ сәл-пәл ойланып қалды және оңтайлы сәт өтіп кетті: мұғалім кітапты ашып үлгерді. Сәл ертерек қимылдап, сол сәтті ұтымды пайдаланса ғой!
"Өте кеш қалдық, енді Бекки құтыла алмайды".
Тағы бір минут өтті, мұғалім класс ішін көзімен шолып өтті. Оның көзқарасындағы адам айтқысыз зілден кінәсіз балалар да қорыққандарынан қалтырап кетті.
Үнсіз сәл үзіліс: сол сәл үзілістің ұзақтығы сондай, тіпті онға дейін санап үлгеруге болады. Мұғалім ашуға булығып, ақыры:
— Кім мына кітапты жыртқан? — деп сұрады.
Бір дыбыс жоқ.Түйреуіштің түсіп кеткенін де естуге болады. Бәрі үнсіз. Мұғалім кінәліні іздеп әр баланың жүзіне көзін қадайды.
— Бенджамен Роджерс, сен бе кітапты жыртқан?
Жоқ, ол емес. Тағы тыныштық.
— Джозеп Гарпер, сен бе?
Жоқ, ол да емес, Том сәт сайын қауіптеніп, есі шықты. Мына сұрақтар мен жауаптар ол үшін ұзаққа созылған жаза секілді. Мұғалім балалардың қатарын қарап болып, қыздар жаққа бұрылды.
— Эмми Лоренс?
Қыз басын шайқады.
— Гресси Миллер?
Ол да солай.
— Сюзен Гарпер, сен бе мұны жасаған?
Жоқ, ол емес. Ендігі кезекте Бекки Тэчер. Томның қол-аяғы бірдей дірілдеп кетті, жағдай өте қиын еді.
— Ребекка Тэчер (Том оның бетіне қарап еді, қорыққаннан аппақ қудай болып кетіпті) сен бе жыртқан... жоқ, менің көзіме тура қара (қыз жалынышты кескінмен қолын көтерді)... Сен бе жыртқан?
Дәл сол сәтте Томның басына найзағайдай жарқ етіп бір ой келе қалды. Ол орнынан атып тұрып:
— Мұны жасаған мен! — деп айқайлап жіберді. Мектеп түгелімен мынандай адам айтқысыз іс істеген ақымаққа қарап қалды. Том бір минуттай тұрды да, шашылған ойларын жинап, жазаны қабылдау үшін алға шықты. Беккидің көзіндегі таңдану, алғыс, махаббат мұндай жазаның жүзі үшін берген марапаттай еді. Өз ерлігінің салтанатына мәз болған Том Доббинс мырзаның адам төзгісіз соққыларына үн шығармай төзді және сабақтан кейін екі сағат мектепте қалу туралы қосымша жазаға да мыңқ еткен жоқ. Абақтыдағы екі сағат біткесін қақпаның жанында өзін кім күтетінін ол білді, сондықтан қосымша жазаны да онша мән бермей қабылдады.
Сол күнгі кеште ұйықтауға жатарда Том Альфред Темпльден қалай кек алатынын ойластырды. Ұят пен өкініштен өртеніп тұрып Бекки бұған бәрін, тіпті өзінің сатқындығын да айтып үлгерді. Алайда кек алу жоспарының орнына арманға толы басқа бір ойлар келді. Ол көзі ұйқыға бара бергенде де, Беккидің:
"Том, сен деген кеңпейілсің!" — деген қуанышты үні естіліп тұрды.
Жиырма бірінші тарау
КӨПСӨЗДІЛІК ЖӘНЕ МҰҒАЛІМНІҢ АЛТЫНДЫ МҰНАРАСЫ
Демалысқа жақын қалды. Бұрыннан да қатал мұғалім талабын тіпті күшейтті: ол өз мектебінің емтихан кезінде басқа көрермендер алдында жарқырап көрінуін қалайды. Шыбыртқы мен сызғыштар, әсіресе, бастауыш кластарда жұмыссыз жатпады. Тек он сегіз — он тоғыздағы бозбалалар мен қыздар ғана тән жазасынан босатылған. Ал Доббинс мырза өте қатты соғады, оның қолдары cay, жарқыраған тоқыр басын жалған шаштың астына жасырғанмен, кәрілікке әлі біраз уақыты бар секілді. Ұлы күн жақындаған сайын оның азаптауға құштарлығы айқын көріне бастады. Түкке тұрғысыз сәл қателік үшін жазалау оған рахат сезім әкелетіндей. Бастауыштың балалары күні бойы қалтырап-дірілдеп азаптанады, ал түндерде одан кек алудың жолын іздеп жоспар құрады! Олар мұғалімге қандай да болсын жаманшылық жасап, масқара етуге келгенде сәл мүмкіндікті де жіберген емес. Бірақ екі жақтың күші тең емес, сондықтан мұғалім ылғи, жеңіске жетеді. Оған жасалған әрбір жамандықтың соңында адам айтқысыз жаза болады, балалар ұрыс алаңын үлкен шығынмен аяқтап жүрді. Ақырында балалар астыртын жұмыс жасап, керемет жеңіске жеткізетін жоспар құрысты. Олар суретшінің шәкіртімен уәделесіп, оның өздерінің жасырын ісіне көмектесуін сұрады. Ал ол қуанғаннан есі шығып кетті, мұның өз себебі бар еді: мұғалім мұның әкесінің үйінен тамақ ішетін және баланың бұл залым ұстазды өте жек көретін бірнеше себептері бар. Мұғалімнің әйелі деревнядағы туысқандарына ма — әйтеуір бір жаққа кетуге жиналды және бірнеше күннен кейін келетін болды. Яғни кек алуға кесел болатын ештеңе жоқ. Әрбір ұлы оқиғаның алдында мұғалімнің спирттік сусындармен қуаттанатын әдеті бар еді, суретшінің оқушысы емтихан болардың алдында ұрттап алған мұғалім орын тағында қалғып-мүлгіп отырған кезде ойлаған істерін жасап, сосын оны оятады да, мектепке алып барады.
Міне, сол ғажайып күн де келді. Кешкі сегізге қарай мектеп үйі жарқырап, айналасы гүл шоқтарымен, моншақтармен, жапырақтармен көмкерілген веноктарға толды. Мұғалім тақта отырған патшадай өз орнында биікте отыр. Арт жағында тақта бар.Оның шарапты біраз сілтеп алғаны байқалып тұр. Жанындағы орындықтардың үш қатарында, он және сол жағында және ортадағы алты қатарда жергілікті әкім-қаралар мен оқушылардың ата-аналары отыр. Сол жақтағы үлкендер отыратын орындықтардың сыртында емтиханда жауап беретін оқушылар жайғасқан: тап-таза жуынып, киінген балалар өздерін байлаулы бұзаудай сезінеді; ебедейсіз бозбалалар; ақ жұмыртқадай кішкене қыздардың шаштарында гүл; түрлі-түсті қызғылт, көк ленталар тағып, үстеріне бәтестен тіктірген көйлек киген, саусақтарына әжелерінің жылтырақ сақиналарын салған жасөспірім бойжеткендердің қатары. Қалған орындарда сынаққа қатынаспайтын оқушылар отыр.
Кіп-кішкене бір бала орнынан тұрып:
Сіздер үшін таңғаларлық
Оқиға деп қарадым —
Көп алдында сөйлегені
Кіп-кішкене баланың —
деп айтқан сөзін қолын сермеп нығыздады, сосын аман-есен аяғына дейін жетті, жұрттың шатырлата соққан қол шапалағымен марапатталды, еңкейіп сәлем етті де орнына кетті.
Қысылып-қымтырылған кішкене қыз "Лағы бар Меридің" деген тақпақты айтып иілді де өзіне тиісті қол шапалақтауға ие болып, бақыттан жарылып кетердей кейіппен орнына жайғасты!
Бұдан соң өзін соншалықты сенімді түрде ұстап, жұрт алдына Том Сойер шықты да қолын сермелеп:
Азаттықты, еркіндікті беріңдер,
Ол болмаса жер астына көміңдер! —
деп қатты дауыстап тақпақ айта бастап еді, кенет орта жеріне келгенде тұтығып қалды. Осы жерде өз-өзінен ыңғайсызданып жұрттың алдында тұла бойын қорқыныш билегендей болды; аяғы дірілдеп, тамағына бір нәрсе түйіліп қалғандай болды да, бір сөз айтуға шамасы келмей қалды. Рас, тыңдаушылардың оған жандары ашып отырғандары байқалады, бірақ ешбір дыбыс жоқ — бәрі су ұрттап алғандай үнсіз. Олардың жанашырлығынан гөрі үнсіздігі Томға көбірек батты. Мұғалім қабағын шытып еді, сонымен зілзала аяқталды. Том бірдеңелерді айтып сандалды, сосын әбден жер болып, орнына келді. Бірен-саран біреулердің шырт-пырт шапалақтары естілгенмен, ұзаққа бармай тиылып қалды.
Одан кейін: "Өртеніп жатқан палубада бала тұр", сондай-ақ "Ассириялықтар отарға шапқан қасқырлардай келе жатыр" деген сияқты тақпақтар айтылды. Содан соң дауыстап оқу және диктант жазу басталды.
Оқушылары тым сирек латын класы тақпақтарды жақсы орындады. Соңында жасөспірім бойжеткендер өздерінің шығармаларын оқулары керек.
Бұл бүгінгі жоспардың шегесі болды. Қыздардың әрқайсысы платформаның шетіне шығып, жөткірініп алып әдемі лентамен қолжазбасын көзіне тақап, ұқыппен үтір-нүктесіне дейін ережеге сай оқи бастады. Шығармалардың тақырыптарын қыздардың аналары, әжелері, тіпті кейбіреулерінің кәрі әжелері талқылағаны көрініп-ақ тұр: крест жорығынан басталып: "Достық", "Өткенді еске алу", "Тарихтағы құдай кәсібі", "Арман патшалығы", "Мәдениеттің пайдасы", "Мемлекеттердің саяси құрылыс түрлері", "Меланхолия", "Ата-анаға махаббат", "Жүректің бейімділігі", тағы-тағылар.
Бұл шығармалардың басты ерекшелігі — меланхолия сарыны. Екінші ерекшелігі — әдемі де әсем сөздермен өрнектелген. Үшіншісі — ылғи сары тап болған сөздер, сөйлемдер. Көзге бірден түсетін: (адамның ызасын келтіретін) ақыл айту, мораль оқу. Шығарманың тақырыбы қандай болса да, оны жазған оқушының миын сорып мораль айту тіпті күлкілі. Мұндай моральдің жалғандығы кім-кімге де түсінікті, алайда бұл күнде біздің мектептеріміздің бәрінде осындай өтірік мадақтау, өсиет айту керемет бағаланады, мүмкін жер аман тұрғанда өзгермейтін де болар. Біздің елімізде жасөспірім бойжеткен шығармасының соңын діни өсиетпен аяқтауды өзінің міндеті санамайтын мектеп мүлде жоқ. Есейген қыз бала неғұрлым ұятсыз болса, соғұрлым оның өзі діни өсиеттерден жырақ, ал шығармасы толған діни ақыл айту мен моральға толы. Жарайды, біраз шындықтың бетін аштық, шынайы сөз жекелеген адамдардың ғана көңілінен шығатынын ескерейік.
Одан да емтиханға оралайық. Бірінші оқылған шығарманың тақырыбы "Өмір осылай болуы керек пе?"
Мүмкін кішкене үзіндіні тыңдауға оқырманның төзімі жетер:
Тіршіліктің әдеттегі соқпақтарында жасөспірімдер көптен күткен салтанатты мейрамдарды күтеді. Олардың қиялдары қызғылт түске боялған көңілді суреттер салады. Моданы жақсы көретін бойжеткен өзін шаттық пен қуаныш құшағындағы топтың ортасында тұрғандай сезінеді. Ақ киімге оранған талдырмаш денесі көңілді биге айналып; оның аяқ алысы жеңіл, мына салтанатты шаттықтың ортасында жүргендердің ішінде оның көздері бақыт шуағын шашып бәрінен сұлу көрінеді. Осындай тәтті қиял құшағында уақыт тез өтеді, сосын ол армандаған сәт келеді, өзі қиялымен елестеткен жәннатқа енеді. Мына жаңа дүниенің ғажайып көріністері басын айналдырады. Әр көрініс барған сайын оны өзіне баурайды. Алайда көп кешікпей ол сырты жарқылдаған дүниенің арғы жағы — бос әурешілік, өткінші қызықтар екенін түсінеді. Бағанадан бері жанын баураған көріністер енді оның ызасын келтіре бастайды. Салтанатты би залдары көркінен жұрдай болып, оның жүрегін ауыртып, кетуге мәжбүр етті және жер бетіндегі қызықтардың бәрі оның рухани сусынын қандырмайтынына көзін жеткізді!
Осылай да осылай кете береді. Тыңдап отырғандар "Қандай тамаша!", "Не деген сүйкімді сөздер!", "Дұрыс-ақ!" деген секілді мақтаулармен көмкерілген айқайлар үнемі қайталанып отырды. Сол кітап оқылып біткендегі адамды есінен тандыратын, түкке тұрмайтын моральды естігенде жұрт түгел қол соғып қошеметтеді.
Содан соң қылдырықтай қыз бала көзіне мұң тұнған күйі әрі пилюлидің әсерінен бет әлпеті тым сұрғылттанып "поэма" оқуға кірісті.
Мен сол поэмадан біраз шумақ келтірейін:
Миссурилік қыздың Алабамамен қоштасуы
Алабама, қош енді,
Сүйсем-дағы осы елді,
Қоштасатын күн туды,
Қасіретке оранып,
Жүрегім де бұлқынды,
Қайғылы ойлар тағы да
Ұя салды жаныма,
Орманыңды қаншама
Араладым тамсана.
Қоштасарда жыладым,
Сен ең қимас тұрағым.
Таллассидің сулары,
Құстың жасыл құндағы...
Алабама, қымбаттым,
Жылап саған тіл қаттым.
Тыңдаушылардың бәріне түсінікті болмаса да, поэма көбіне ұнады.
Бұдан кейін қара қасты, қара шашты қоңыр қыз алға шығып, сәл тыныстап алды да, бетін қайғыға орап, сыңғыраған дауыспен оқи бастады.
Көрініс
Бозғылт түн қараңғы еді. Көк тағының маңында бір де бір жұлдыз жылтырамайды; алыстағы күннің күңгірт күркілі құлағыңды шулатады; жын қаққан найзағай ойнақтап, бұлтты аспанда салтанат құрып жүр, атақты Франклиннің найзағай атаулыны ноқталағанына жыны келгендей тайраңдайды. Тіпті құтырынған жел өздерінің жасырын тұрақтарын тастай салып, осы көрініс сахнасына одан сайын қорқынышты әсер беру үшін секіріп жүр. Қараңғылық пен ыза жайлаған осы жылы менің жаным бір адамның маған көмектесуін соншалықты тіледі — міне, ол келді —
Мен аңсаған досым, менің қымбатты
Қасіретімді сейілтті де мені сосын жұбатты.
Ол қасиетті көк тұрғындарының бірі секілді салтанат құрды, жасөспірім қыздардың романтикалық қиялындағы жәннаттың жолындағы ешқандай бояусыз, әшекейсіз өзінің табиғи сұлулығымен көз тартады. Оның жүрісінің дыбысы шықпайды, егер ол жаратқан берген құдіретімен мені жанап өтпегенде, мен оны сезбеген де болар едім, ал ол сұлулығын көрсетуге тырыспайтын басқа бойжеткендер секілді үнсіз өтіп кетер еді. Жүзінде белгісіз қайғының ізі жатыр, желтоқсанның ақ мақтадай киіміне тамып, мұз боп қатқан көз жасына ұқсайды.
Бұл масқара он бет екен, соңы пресвитериан шіркеуін мойындамайтындарды адам айтқысыз жазамен қорлайтын өсиетпен аяқталады. Қаланың әкімі әлгі шығарманың авторына сыйлық беріп тұрып, жалынды сөз айтты; оның айтуынша, Дэниэл Уэбстердің өзі де бұл шешендік өнердің ғажап жетістігін мақтан етер еді.
Осы жерде "керемет" деген сөз бар шығармаларда және тірліктің әртүрлі кикілжіңдері "өмір беттері" деп аталған жерлер жай әңгіменің деңгейінде.
Ішімдіктен тұла бойы босап, сәл де болса мейірімді кейіпке енген мұғалім арқасын халыққа беріп, орын тағын жылжытты да, тақтаға Американың картасын сыза бастады, мақсаты — оқушылардан география бойынша емтихан алу. Алайда мұғалімнің дірілдеген қолы иесіне көнбеді, мұны көрген оқушылар жаймен күле бастады. Себебін жақсы түсінген мұғалім дұрыс жазуға тырысты: тақтаға жазғанын сүртіп, қайта өрнек сала бастағанмен, бұрынғыдан да нашар, күлкі қаттырақ естілді. Ол барлық ниетін жұмысқа бағыштап, кластың күлкісіне көңіл аудармады. Кластың күлкісі күшейе түсті және бұл таңғаларлық жай емес! Мұғалімнің қақ төбесі тұсында шардаққа шығатын люк бар-ды, кенет сол люктен мойнына жіп байланған мысық түсіп келеді және мысық мияуламасын деп оның басын шүберекпен қымтап байлап тастапты. Төмен түсіп келе жатқан мысық тырбаңдап жіпке жармасқан болады, бірақ ауа ғана қармады. Кластағы күлкі ұлғая түсті. Мысық тақтамен әуре болып жатқан мұғалімнің басына жақындап қалды, бір кезде тырнағымен мұғалімнің жалған шашына жармаса кетті және сол бойда олжасымен ол жоғары өрледі. Мұғалімнің жылтыр басы жарқырап сәуле шашты, суретшінің шәкірті оның басын алтындап бояп қойған екен.
Бұдан кейін жиналыс аяқталды. Балалар жазасын алды. Мектепте демалыс басталды.
Жиырма екінші тарау
ГЕК ФИНН ТӘУРАТТАН ҮЗІНДІ КЕЛТІРДІ
Том "Арақ ішпейтіндердің жас достары" деп аталатын жаңа қоғамға мүше болып кірді, өйткені, оларға "ерекше белгі" дейтін керемет мойын орамал беріледі екен. Ешқашан шылым шекпеуге, насыбай атпауға, жаман сөздер айтып ұрсыспауға уәде берді. Осыдан кейін ол жаңа бір шындықтың бетін ашты: егер бір нәрсеге өзіңнің ниетің болса, соны, енді өмір бойы істемеймін деп ант беруің керек. Нағыз дұрыс әдіс! Томның дәл сол кезде біреулермен ұрсысқысы және мас болғысы келіп кетті. Бұл ниеті ұлғая берді, тек кешікпей бүкіл елдің алдында мұның мойнына қызғылт мойын орамал тағылады деген үміт қана оны тоқтатты, осы үміт болмаса, ол әлдеқашан қоғамнан шығып кетер еді.
Төртінші шілде жақындап қалды; ол ішпейтіндердің қоғамына кіргелі үш тәуліктен асып барады, оның барлық үміті өлім алдында жатқан сот Фрезерде; сотты салтанатпен жерлейтін шығар, өйткені белгілі тұлға ғой. Сонда Фрезер сот жерленіп жатқанда бұл қызыл мойын орамал көлбеңдейді. Том үш күн бойы соттың денсаулығына көңіл бөлді және шынайы ықыласпен оның қандай күйде екенін сұрап біліп жүрді. Кейде Томның сенімі соншалық үміт ұялататын, сондықтан ол жәшіктен шығарған өзінің ерекше белгісін айнаның алдына тұрып тамашалайтын. Алайда сот кейде өзін нашар сезінгенмен, бір мезгіл кәдімгідей тәуір болып қалады. Ақырында сот тәуір болып келеді деген хабар тарады, кешікпей ол мүлде жазылыпты десті. Том жұрт мұны күлкі еткендей сезініп ашуланды. Ол сол бойда қоғам мүшелігінен бас тартты. Сосын не болды деңіз?! Түнде соттың жағдайы кілт төмендеп, қайтыс болғаны. Осыдан кейін ешкімге сенуге болмайды деп шешті Том. Сотты салтанатты түрде жерледі. Ішпейтіндер, қоғамның жас мүшелері, сәнденіп қатар түзеп жүрді, ал сол кезде олардың бұрынғы жолдасы қызғаныштан жарыла жаздады. Оның есесіне енді Том өзін еркін құстай сезінеді — бұл да жай нәрсе емес!Оның енді мас болуға, адамдармен ұрсысуға мүмкіндігі бар. Таңғаларлығы — оның зауқы соқпай қалды. Ешқандай тыйым болмаған соң Томның күнәкарлық істерге деген құлшынысы аяқ астынан жоқ болып кетті де, бұрынғы қызықтар енді түк болмай қалды.
Көп кешікпей армандап күткен демалыс Томды зеріктіре бастады. Ол күнделік бастап еді, бірақ соңғы үш күнде оған жазуға тұратындай оқиғалар болмады, оны да тастады.
Қалашыққа негрлердің оркестрі келді және бұларға ерекше әсер етті. Том мен Джо Гарпер балалардан өз оркестрлерін құрып, екі күн бойы рахатқа батты.
Атақты төртінші шілде де көңілсіз өтті, жаңбыр құйып, ешқандай парад болған жоқ, Том ұлылардың ұлысы деп ойлайтын Құрама Штаттардың сенаторы Бентон мырза Томның әбден көңілін қалдырды, биіктігі жиырма бес фут болатын дәу емес, жай қарапайым ғана кісі болып шықты.
Цирк келді. Балалар цирктен кейін жыртық кілемдерді палаткаға төсеп цирк қылып үш күн бойы әр баладан үш түйреуіш, қыздардан екі түйреуіш алып тамашаласты; бірақ кешікпей бұл да жалықтырды.
Одан кейін көзбайлаушы және френолог келді, олар кеткесін тіпті көңілсіздік басталды.
Кейде балалар мен қыздар үшін кештер ұйымдастырылатын, бірақ олар өте сирек болады және ондай кештерде көңілді болатыны сондай, ендігісін ұйымдастырғанша күте-күте әбден шаршайсың.
Бекки Тэчер жазда ата-анасымен өздерінің туған қаласы Константинопльге кетті, ол кеткесін өмірдің барлық қуанышы сарқылғандай болды.
Том үшін өткенде өзі көрген қорқынышты өлімнің құпиясы уайым болды. Сол уайым асқазандағы ашық жарадай жанын жеп азапқа салды.
Бұдан соң қызылша келді.
Екі апта бойы Том адамзат атаулы мен бейбітшілік үшін құрбан болған тұтқындай төсекте жатты.
Ауруы жанына батқан оны ештеңе қызықтырмады. Ақырында аяғынан тік тұруға жараған ол тәлтіректеп көшеге шыққанда, барлық жерде адам қызығарлық өзгерістер болмағанын көрді. Қалашықта діни мәселелер жанданып, жұрттың бәрі, оның ішінде кішкентай балаларға дейін "Құдай" туралы әңгіме айтатын болды, Том қаланы түгел айналып шықты, ондағы мақсаты тым болмаса бір күнәкарды кездестірем деп ойлаған, бірақ ол ойынан да ештеңе шықпай, көңілі қалды.
Ол Джо Гарперге барып еді, ол Інжілді оқып отыр екен, Том көңілі құлазып мына көріксіз көріністен тезірек кетуге асықты. Том Бен Роджерсті іздеп еді, ол діни кітапшалар толы корзинаны арқалап, қалашықтағы кедей тұрғындарға таратып жүр екен. Ол ең соңында Джим Холисті тауып еді, ол Томның қызылшамен ауырғаны — көк тәңірінің оған барлық күнәлары үшін әдейі жіберген жазасы, кешірім сұрау керек деп үйретті.
Томның әрбір кездесуі оның онсыз да ауыр жағдайына тонналап қасірет қосқандай әсер етті; әбден шаршаған ол Гекльберри Финнді іздеп тауып еді, ол да мұны Інжілден үзінді оқып, қарсы алды. Том бұған шыдай алмады: жүрегі қақ бөлінгендей күйде; ол үйге әрең жетті де, кереуетке құлай кетті, бүкіл қалада тамұқта азап шегетін жалғыз күнәкар өзі сезінді.
Түнде қатты дауыл тұрып, шелектеп жаңбыр құйды, көзді аштырмай найзағай ойнап, күннің күркілінен құлақ тұнды.
Том көрпені бүркеніп алып, зәресі ұшып өзінің өлімін күтті; осы аласапыранның бәрі мұның күнәлары үшін жасалып жатқанына оның күмәні болмады. Өзінің күнәға толы жан дүниесімен құдайдың да төзімін тауысқанына әбден сенімді және бұған енді кешірім болмайды. Егер біреу-міреу түкке тұрмайтын қоңызға қарсы бүкіл артиллерияны шығарса, Том мұны күш пен снарядтарды босқа шығындау деп есептеген болар еді, бірақ ол көк тәңірі өзі секілді кішкентай қоңызды құрту үшін керемет қымбат тұратын найзағай мен қорқынышты күркілді шығарғанына онша таңғалмады.
Аспандағы күркіл-сарқыл сәл-пәл басылайын деді, ақыры өзінің негізгі міндетін атқармай, өтіп кетті. Баланың алғашқы ойлағаны — Құдайтағалаға шексіз алғыс айтып және бұдан былай жөнделу, екіншісі — күркіл мен найзағай енді келмейтін секілді. Яғни аздап күте тұру керек.
Ертесіне дәрігерлерді тағы шақыруға тура келді. Томның сырқаты қайта күшейіп кетті. Қозғалмай шалқасынан үш апта бойы жатқан Томға үш апта бір ғасырдай көрінді. Ақыры үйден далаға шыққанда өлімнің мұны аяп, жаны ашығанына қуанған жоқ. Соңғы кездері ол өзін үйсіз-күйсіз, жападан жалғыз адамдай сезініп жүргені есінде. Ол еріне басып көшеге шығып еді, торғайды өлтірген мысықты жазалап жатқан Джим Холлис бастаған бір топ балаға кездесті. Мысықтың құрбандығы да сол жерде екен. Олардың арғы жағындағы тасада Джо Гарпер мен Гекльберри Финн ұрлаған қауынды қаузап отыр екен. Бейшаралар! Өткендегі Томның сырқаты оларға да келді.
Жиырма үшінші тарау
МЕФФ ПОТТЕРДІҢ ҚҰТҚАРЫЛУЫ
Қаланың ұйқылы-ояу өміріне қозғалыс енді әйтеуір және қозғалыс болғанда қандай: кісі өлтіргенге сот болатын күн белгіленді. Қалашықта тек сол туралы әңгіме айтылады. Осындай әңгімелерден Том қайда кетерін білмеді. Өлім туралы сәл бірдеңе ести қалса, оның жүрегі аузынан шығып кетердей бұлқынды. Бұл әңгімелердің Томның көзінше айтылатыны тектен тек емес — бұған дұзақ құрудың айласы. Рас, ол өлім жайлы жұрт бұған күдікпен қарайтындай себеп жоқ, алайда қаланың көлденең сөзі оның мазасын түрткілейді. Оқтын-оқтын денесі бір ысып, бір суыды. Ол ақтарыла сөйлеу үшін Гекті оңашалау жерге алып кетті. Ең болмаса аз ғана уақытқа болса да өзі секілді бақытсыз жолдасымен ауыр қасіреті жайлы әңгіме шерту керек қой! Оның үстіне Гектің аузынан ештеңе шықпағанын әбден білгісі келді.
— Гек, сен біреу-міреуге анау туралы айттың ба?
— Не туралы?
— Білесің ғой...
— Жоқ, әрине.
— Бір сөз де?
— Бір сөз айтқан болсам, осы арада жерге кіріп кетейін! Сен неге сұрадың?
— Жай, мен қорықтым.
— Өй, Том Сойер, біздің аузымыздан шыққан болса, екі күн де өмір сүрмеген болар едік. Сен өзің де білесің ғой?
Томның тұла бойы сәл де болса жеңілденіп қалды. Үнсіздіктен соң:
— Гек, сені ешкім мәжбүр ете алмай ма айтуға? — деді.
— Мені ме? Жоқ-ә! Жексұрын будан мені өзенге батырып жібергенін қаласам, — онда мүмкін...
— Яғни бәрі ойдағыдай. Біз аузымызға берік болсақ, бізді ешкім қозғамайды. Дегенмен тағы да ант етейік. Сонда дұрысырақ болады.
— Жарайды.
Олар бір-біріне тағы салтанатты әрі қорқынышты ант берісті.
— Жұрт не айтып жүр, Гек? Мен талай әңгіме тыңдадым.
— Не айтады? Бәрінің айтатыны біреу: Мефф Поттер, Мефф Поттер, Мефф Поттер. Мен естіген сайын қара терге түсемін — бір жерге тығылып қалғым келеді.
— Міне, міне! Мен де солаймын. Оның шаруасы бітеді ғой! Сенің оған жаның ашымай ма... Кейде?
— Өте жиі, тіпті жиі.Оның жолы болмайтын адам екені рас, бірақ ол ешкімге зиян жасаған жоқ қой. Ешкімге, ешқашан да. Аздап балық аулайды, ішкенде жақсы болсын деп, сосын іс жоқ солбырайып жүреді. Әй, құдайым-ай, біздің бәріміз сондаймыз ғой! Жұрттың бәрі болмағанмен, көбі сондай: мысалы менің әкем және басқалар. Ал, ол мейірімді: кейде ол маған балығының жартысын береді, өзіне ғана жететін болса да. Қаншама рет мені құтқарды, көмектесті!
— Маған қағаз жыландарды жөндеп, қармағыма жалғап берген. Оған біз абақтыдан қашуға көмектессек, керемет болар еді!
— Қайдағыны айтып тұрсың! Біз оған қалай көмектесеміз? Және бұдан оған қандай пайда? Қашып шығады, сосын оны ұстап алады.
— Иә... Солай ғой... Дұрыс айтасың. Ол дәл шайтан секілді жұрттың бәрі оған ұрысқанын есту жынымды келтіреді, ал оның ешқандай кінәсі жоқ қой.
— Менің де, Том. Түсінесің бе, бүкіл штаттағы ең қаныпезер адам, неге осы уақытқа дейін оны дарға аспаған деп жүр жұрт.
— Иә, иә, өз құлағыммен естідім: егер оны босатып жіберсе, Линч заңымен жазалайды!
— Солай істейді: дарға асады.
Балалар Поттер туралы ұзақ әңгімеледі, бірақ одан екеуі де көңіл жұбатарлық ештеңе таппады. Қас қарайып қараңғылық түскенде күтпеген кездейсоқ бір нәрсе оларды қиындықтан құтқара ма деген үмітпен екеуі шеткері тұрған шағын абақтының маңын шарлады. Бірақ ештеңе бола қоймады: шамасы оңбаған тұтқынмен мейірімді періштелердің де ісі жоқ.
Олар бір ғана жақсылық істей алды, бұрын да бірнеше рет жасаған: терезедегі темір шілтерден біраз темекі мен бірнеше шырпы берді. Ол төменгі қабатта, қарауыл жоқ еді.
Мынадай сыйлық үшін ол алғысты жаудырғанда бұлар бұрын ыңғайсызданатын.
Бүгін оның алғысын есту тіпті ауыр болды. Поттер:
— Сендердің мейірімдерің үшін көп-көп алғыс айтамын, балалар! Бүкіл қалада екеуіңнен басқа ешкім мені есіне алмайды. Мұны мен ешқашан ұмытпаймын, жоқ-жоқ! Мен өзіме жиі айтамын: балалардың бәріне ойыншық, қағаздан жылан жасап беретінмін, қай тұстан балық аулау керектігін көрсететін едім. Олардың бәрімен жолдас болғам, кәрі Меффтің басына күн туғанда, міне, енді солардың бәрі теріс қарап кетті. Ал Том теріс айналған жоқ, Гек те теріс қарамады, олар мені ұмытқан жоқ және мен де оларды ешқашан ұмытпаймын. Иә, балақайлар, мен масқара іс істедім: мен мас болдым, ақылым ауысты, барлық пәле содан. Ал енді мені дарға асады... Дұрыс, әрине... дұрыс. Бәрінен сол артық, шын айтам! Қайтеміз мұны әңгімелеп... Менің ең жақын достарым, сендерді жабырқатып нем бар. Сендерге бір ғана сөз айтқым келеді: егер шілтерлі үйге түскілерің келмесе, анау қарғыс атқыр шарапты ұрттамаңдар. Кішкене батысқа қарай тұрыңдаршы. Міне, осылай. Мен секілді қасіретке кезіккен адамға достарының бет-жүзін көру де көңілін жұбатады, маған ешкім келмейді, тек сендер ғана. Достардың мейірімді жүзі... достардың мейірімді жүзі. Біріңнің иығыңа екіншің шығып көріңдерші, мен қолымды тигізейін. Иә, осылай. Енді менің қолымды қысыңдар — сендердің қолдарың шілтерге сияды ғой, менің қолым тым үлкен, — деп сөзін аяқтағанда бұл екеуі өздерін қорқақ және сатқын сезінді.
Кішкене қолдар әлсіз, дегенмен олар Мефф Поттерге кәдімгідей көмектесті, егер қолдарынан келсе, бұдан да зор көмекке дайын.
Том үйге әбден бақытсыз жандай оралды, сол түні көрген түстері де адам шошырлық қорқынышты. Ертеңіне және үшінші күні де ол сот үйінің маңында айналшықтап жүрді. Еркінен тыс бip күш оны ішке қарай итерді, бірақ өзін өзі тоқтатты. Гек те дәл осындай күйде болатын. Екеуі бір-бірінен қашып, кездеспеуге тырысты. Оқтын-оқтын екеуі де алысырақ кетіп қалады, бірақ әйтеуір күш сот үйінің жанына тарта береді. Сот залынан біреу шығып еді, Том оның әp сөзін мұқият тыңдады, алайда хабар көңілсіз: Поттер байғұс әділет сотының шым-шытырық торынан шыға алмай, шатаса бергенге ұқсайтын. Соттың екінші күнінің соңында қала өсегі бір тұжырымға келді: үнділік Джоның айтқандарының бәрі толық расталды және Поттерді қандай жаза күтіп тұрғаны күмәнсіз шындық.
Том түнде үйге кеш оралды және терезе арқылы түсіп төсегіне барды. Ол толқып көпке дейін ұйықтай алмады. Ертеңіне бүкіл қала түгелдей сот үйінің маңына жиналды, өйткені бұл шешуші күн болатын. Сот залы лық толы — ерлер мен әйелдер. Ақырында көп күттірген сот алқасының мүшелері келіп орындарына жайғасты. Бірнеше минуттан соң есі шыға қорыққан, сұп-сұр болып кеткен бейшара Поттерді әкелді. Оны жұрттың бәрі көріп отыратын жерге орналастырды. Дәл сондай биік жерде түсі суық үнділік Джо міз бақпай отыр. Тағы үнсіздік басталды, содан соң сот шықты және шериф отырыс басталғанын хабарлады. Сот мүшелері әдеттегідей өзара күбірлесіп, бір қағаздарды жинай бастады. Осы ұсақ-түйек және басқа да мәнсіз баяу қимылдар не боларын күтіп отырған залға ерекше салтанат бергендей болды.
Мефф Поттердің бұлақ басында сол өлім болатын күні ертемен жуынып отырғанын көрген куәгер шақырылды. Куәгер Мефф Поттер мұны көре сала қаша жөнелгенін айтты. Тағы да бірнеше сұрақтан кейін айыпталушы қорғаушыға қарады:
— Енді сіздің кезегіңіз: куәгерге сұрақ беріңіз, — деді.
Айыпталушы басын көтеріп көзін салып еді, қорғаушы "Менің сұрағым жоқ" дегенде көзін еденге қадады.
Келесі куәгер өліктің жанында жатқан пышақты тауып алғанын айтты.
Айыптаушы тағы да қорғаушыға қарап:
— Куәгерге сұрақ беруіңізге болады, — деді.
Қорғаушы:
— Менің куәгерге сұрағым жоқ, — деді тағы да.
Үшінші куәгер ант беріп тұрып мына пышақты Поттердің қолынан бірнеше рет көргенін айтты.
Айыптаушы қорғаушыға:
— Куәгерге сұрақ беруіңізге болады, — деді тағы қайталап.
Поттердің қорғаушысы бұл куәгерге де сұрақ бермейтінін хабарлады.
Отырғандардың жүзінен өкінгендік байқалды. Не қылған қорғаушы? Өзінің қорғап отырған адамын дар ағашынан қорғап қалуға күш салмай ма?
Бірнеше куәгер кісі өлген жерге әкелгенде Поттердің ыңғайсызданғанын айтты. Нағыз қылмыскер сол екені бірден байқалды. Қорғаушы бұл куәгерлерді де еш сұрақ қоймай қоя берді.
Сол есте қалған күні таңертең зират басында болған қайғылы оқиғаны ұсақ-түйегіне дейін айтып берген куәгерлерге Мефф Поттердің қорғаушысы бірде-біреуіне сұрақ қоюға тырыспады. Көрермендер ызаланып, аяқтарын тепкілеп, келіспеушілік білдірді. Сот оларға қатаң ескертті.
Бұдан соң айыптаушы тұрып:
— Нағыз сенімді куәгерлер ант үстінде бұл аса ауыр қылмысты айыпталушының орындығында отырған кісі жасағанын айтты. Менің басқа айтарым жоқ: айыптау расталды.
Поттер бейшара ыңыранып, екі қолымен бетін басып, алды-артына теңселіп кетті. Сот залында ауыр үнсіздік басталды. Тіпті еркектер де қобалжып кетті, ал әйелдер жандары ашығаннан жылап жіберді.
Сол сәтте қорғаушы орнынан тұрып, сотқа қарап:
— Жоғары мәртебелі мырза! Отырыстың басында мен менің қорғап отырған адамым бұл қылмысты ішімдіктің кесірінен есін білмей жасаған деп едім. Бірақ мен ол пікірлерімнен бас тартамын және жазаны жеңілдетіңіздер деп өтініш айтпаймын, — деді де, приставқа:
— Томас Сойерді шақырыңыз! — деді.
Жұрттың бәрі, тіпті Поттердің өзі де, таңданып қалды.
Көздің бәрі сот үстелінің жанына келген Томға қадалды. Бала бір түрлі сасып тұрғандай болды, өйткені зәресі ұшып кетті. Оны ант беретін жерге әкелді.
— Томас Сойер, он жетінші маусымда түн ортасы кезінде сіз қайда болдыңыз?
Томның үнділік Джоның темірден соққандай бетіне көзі түсіп кетіп еді, тілі таңдайына жабысып қалды. Тыңдаушылар демдерін ішіне тартып тына қалды, ал дауысы Томға бағынбай қойды.
Алайда бірнеше минуттан кейін бала өзіне өзі келіп, жауап бере бастады, ал жұрт тыңдап отырды.
— Зиратта.
— Қаттырақ айтсаңыз екен. Сіз қорықпаңыз. Иә, сіз...
— Зиратта болдым.
Үнділік Джоның жүзінен жек көрген мысқыл көрінді.
— Сіз Горс Вильямстың моласының маңында болдыңыз ба?
— Иә, мырза.
— Өтінемін, сәл қаттырақ айтсаңыз. Моладан қандай қашықтықта болдыңыз?
— Сіз екеуміздің арамыздай жерде.
— Сіз тығылып қалдыңыз ба, жоқ, көрініп тұрдыңыз ба?
— Тығылдым.
— Қайда?
— Моланың жанындағы жапырақтардың арасына.
Үнділік Джо кәдімгідей селк етті.
— Сізбен бірге біреу болды ма?
— Иә, мырза, мен онда...
— Сәл тоқтаңыз. Жолдасыңызды дәл қазір айтудың қажеті жоқ. Уақыты келгенде онан да жауап аламыз...
— Сіз зиратқа бір нәрсе апардыңыз ба?
Том екі ойлы болып, кідіріп қалды.
— Айтыңыз, қорықпаңыз, достым, — шындық бәрінен жоғары.
— Не апарып едіңіз онда?
— Тек... өлген мысықты.
Залда күлкі жүріп өтті. Сот қоңырауын шылдыратты.
— Біз өлген мысықтың денесін сотқа көрсетеміз. Ал енді, достым, ештеңеден қорықпайтын мінезіңізбен, ештеңені жасырмай көргеніңізді түгел айтып беріңіз.
Том әуелі батылсыздау бастағанмен, сөзі бірте-бірте төгіле берді; кешікпей сот залында дыбыстың бәрі өшіп, тек Томның дауысы ғана саңқылдап естілді; тыңдаушылар ауыздарын ашып, дем шығармай оның әр сөзін естері кете тыңдағандары сондай, тіпті уақытты да байқамады — оның жан түршіктірер әңгімесі түгел баурап алды.
Том кісі өлтірілген тұсқа келгенде, зал теңселіп кетті:
— Дәрігер тақтаймен Мефф Поттердің басына ұрғанда ол құлап қалды, ал үнділік Джо дәрігерге пышақ алып жармаса кетті және...
Осы кезде үнділік Джо терезеден секіріп қашып кетті, оны ұстауға ұмтылғандарды итеріп тастады, ол сондай!
Жиырма төртінші тарау
ТАМАША КҮНДЕР ЖӘНЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮНДЕР
Том тағы да атақты батырға айналды. Үлкендер оны еркелетіп, бала біткен оған қызыға қарады. Ол аңызға айналып, даңққа бөленді: жергілікті газет оны түбі президент болатын бала, тек оған дейін оны дарға асып үлгермесе, — деп жазды.
Қашан да сөзге еріп тез өзгере қалатын жұрт күні кешеге дейін дымын қалдырмай балағаттап жексұрын көрген Мефф Поттерге енді құшақтарын ашып, мейіріммен қарайтын болды. Бұл үшін адамдарға кінә тағуға болмайды, өйткені бұл да адамның жақсы қасиеттерінің бірі ғой.
Том күндіз салтанат пен шаттықтың құшағында жүрді, бірақ түндері оны қорқынышқа орап алатын болды. Үнділік Джо үнемі түсіне еніп, адам айтқысыз жазамен өшімді аламын деп қорқытты. Ешқандай қызық баланы еліктірмеді, кеш болса болды — шарбақтың сыртына шықпайды. Байғұс Гек те Том секілді қорқыныш пен үрей құшағында, өйткені сот болардың алдыңғы күні кешке қарай Том барлық тарихты Поттердің қорғаушысына айтып берген, сосын менің де бұл оқиғаға қатысым бар екені білініп қала ма деп қауіптенген ол үнділік Джо қашып кеткесін сотта куәгер болмайтын шығармын деп сәл тынышталып еді. Гек өзі туралы мәліметтерді құпия етіп сақтаңыз деп құтқарушыға өтінген. Алайда сол күні түн ортасында Томды қуып отырып құтқарушының үйіне апарғанда, бір-біріне ант етіп, бұл құпияны тірі жанға айтпаймыз деп серттескендерін есіне алғанда Гек адам баласына деген сенімін мүлде жоғалтты.
Күндіз Мефф Поттердің алғысын тыңдағанда Том сол оқиға жайлы бүкпесіз барлық шындықты айтқанына қуанатын, бірақ түн болса болды, аузына ие бола алмағанына өкінеді. Ол біресе буданды ешқашан ешкім ұстай алмайды деп қорқады, біресе оны ұстап алады деп қорқады. Сол адамның өлігін көрсе ғана бұл тыныш тыныс алатынын сезінді.
Бүкіл аймақты тінтіп тексерді, буданды ұстаған адамға сыйлық берілетіндігі жарияланды, бірақ ол табылмады. Сен-Луиден көріпкел іздеуші де табылды. Ол келіп әр жерді түрткілеп, басын шайқап, керемет ойлы адамдай кейіппен "ізді тапқанын" (осындайлардың әдеті) айтып кетті. Ол кеткесін Том бұрынғысынша қауіпті қорқыныш құшағында жүрді.
Алайда күндер өтіп жатты және Томның жанына жай таптырмаған уайым бірте-бірте сейіле бастады.
Жиырма бесінші тарау
ҚАЗЫНАНЫ ІЗДЕУ
Дені cay, өзіндік ой-пікірі бар кез келген баланың өмірінде бір жаққа кетіп қалғысы келетін, жер астында жатқан қазына тауып алғысы келетін кез болады. Сол ынтызарлық бір күні Томды да баурап алды. Ол Джо Гарперді іздеп еді, бос әурешілік болды. Сосын Бен Роджерсті іздей бастап еді, бірақ ол балық аулауға кетіпті. Соңында Том Гек Финнді жолықтырды. Гек Қанды қол — нағыз лайықты жолдас! Том оны әңгімелерін ешкім естімейтін оңаша жаққа шығарып алып, оған өзінің құпия жоспарларын жайып салды. Гек келісті. Гек ақша шығындауды талап етпейтін, көңілді алаңдатар шаруаның бәріне қатынасуға дайын, өйткені уақытының көптігі сондай, тіпті кейде қайда кетерін білмейді. Әрине, "Уақыт — ақша" деген мәтел бұған келіңкіремейді.
— Қай жерді қазамыз? — деп сұрады Гек.
— О, барлық жерді қазамыз!
— Барлық жерде қазына көмілген бе?
— Әрине, жоқ, Гек. Қазына кейде белгісіз бір аралда, кейде шіріген сандықта, болмаса тамыры кепкен, қураған ағаштың түбінде сақталуы мүмкін; көбіне адамдар үйдің еденінің астына жасырады.
— Кім оларды көмеді?
— Қарақшылар ғой. Ал сен кім деп ойладың? Жексенбілік мектептердің директорлары ғой деп пе едің?
— Білмеймін. Менің қазынам болса, жерге көміп жасырмай, ақшама оңды-солды өмір сүрер едім.
— Мен де сүйтер едім. Алайда қарақшылар ақшаны шашпайды; олар оны жерге көмеді.
— Сонда олар кейін көмгендерін алуға келмей ме?
— Жоқ, олар көмген қазынаға келуді ылғи армандайды, бірақ сосын белгілерін ұмытып немесе аяқ астынан өліп қалады. Қазынаны жата-жата тот басады. Содан соң біреу сарғайып біткен ескі қағазды тауып алып, одан қазынаны көмген жердің белгісін іздейді. Ол қағазды түсіну үшін бір апта, тіпті одан да артық талдау қажет, өйткені оның жазулары кезкелген адам түсінетін емес — иероглифтер .
— Иеро... Ол не?
— И-еро-глифтер... түрлі суреттер, бір қарағанда ештеңе емес сияқты.
— Сенде сондай қағаз бар ма, Том?
— Жоқ.
— Онда сен белгілерді қалай білесің?
— Маған белгінің қажеті жоқ. Қазынаны ылғи жын-шайтаны бар үйдің астына көмеді немесе бір аралға, не болмаса кеуіп қалған ағаштың астына. Джексон аралында біз іздеп көрдік қой, кейін ол жаққа тағы бір соғармыз. Жын-шайтан мекендеген бір ескі үй Стилл-Хауздың арт жағындағы бұлақ маңында бар, ол жерде қураған ағаш деген көп-ақ.
— Және әр ағаштың астында тыққан қазына бар ма?
— Дәмесін қарай гөр! Әрине, жоқ!
— Қай ағашты қазуды қайдан білесің?
— Бәрінің түбін қазамыз.
— Ой, Том, біз жаз бойы іздейміз ғой онда!
— Несі бар екен! Есесіне біз іші толған доллар мыс қазан табамыз немесе шіріп бітуге жақындаған сандық іші толы бриллиант. Сонда сен не айтасың?
Гектің көзі жайнап кетті.
— Бұл керемет! Менің өміріме осы жетеді. Ал ол бриллианттарды не істеймін мен? Сен маған жүз доллар менің үлесімді бер, ал бриллианттың маған түкке қажеті жоқ.
— Жарайды! Мен бриллианттарды тастамаймын, оған мазаланбай-ақ қой. Олардың кейбіреуі жиырма доллар тұрады. Бір доллардан арзан бриллиант болмайды.
— Рас па?
— Оллаһи, шын, кімнен сұрасаң да айтады. Сен ешқашан бриллиант көрген жоқсың ба, Гек?
— Жоқ, көрмеген сияқтымын.
— Бірақ корольдарда бриллиант тау болып үйіліп жатады.
— Менің корольдармен таныстығым жоқ қой.
— Саған қайдағы таныстық! Егер сен Еуропаға бара қалсаң, онда корольдарды үйір-үйірімен көрер едің. Олар онда құмырсқадай қайнап, секіріп жүреді.
— Секіреді?
— Әй, ақыным-ай! Олар неменеге секірсін?
— Өзің айттың ғой секіріп жүреді деп.
— Ақымақтық! Еуропада олар сансыз көп дегенім ғой. Әрине, олар секірмейді, неменесіне секіреді? Олар қара құрттай қаптап жүргенін сен көрсең ғой — анау әлгі бүкір Ричард бар ғой сол сияқты.
— Ричард? Фамилиясы қалай?
— Ешқандай фамилиясы жоқ оның. Корольдардың тек есімі ғана болады.
— Сен де айтады екенсің!
— Шын айтам.
— Егер олай болса, мен король болғым келмейді. Мүмкін негрлер сияқты тек есімін атаған ұнайтын шығар, ал бұл маған тіпті де қажет емес, тоқтай тұр, қай жерді қазамыз?
— Білмеймін. Анау бұлақтың жанындағы төбешікте қураған ағаш бар ғой — содан бастаймыз ба?
— Жарайды.
Олар ескі күрек пен сынық қайла алып, жолға шықты. Үш мильдей жүру керек еді. Ысылдап-пысылдап, алқынып әрең жетті — күн жанып тұр, ең жақын ағаштың көлеңкесіне екеуі жантая кетті, біраз демалып, темекі шегіп алмақ.
— Қандай тамаша! — деді Том.
— Иә!
— Гек, тыңдашы, егер біз жер астына көмілген қазына тапсақ, сен өз үлесіңді қайда жұмсайсың?
— Мен бе? Күнде ет салған бауырсақ пен содалы су сатып аламын, қалаға келген цирктің бәріне барамын. Көңілді өмір сүру үшін не істеу керек екенін мен білемін.
— Қалайша бәрін жұмсайсың, біразын салып қоймаймысың?
— Неменеге жинаймын?
— Келесі жылға да жету үшін.
— Ой, ол бос әңгіме. Егер мен ақшамның бәрін жоймасам, біздің қалаға әкем келе қалса, қолын салады ақшаға. Одан кейін өмір сүріп көр! Бәрін тазалап кетеді! Ал, сен өз үлесіңді қайда жібересің, Том?
— Барабан сатып алам, сосын қылыш, қызыл галстук және бульдогтің күшігін асыраймын, сосын үйленемін.
— Үйленесің бе?
— Иә.
— Том, сенің ақылың ауысқан ба?!
— Тоқтай тұр, көресің әлі.
— Бұдан басқа ақымақтық ойыңа келмеді ме, Том? Мысалға сен менің әке-шешемді қара — ертеден кешке шейін төбелес, ұрыс-керіс. Мен оны ешқашан ұмыта алмаймын.
— Бос әңгіме! Менің үйленетін қызым ешқашан төбелеспейді.
— Ал менің ойымша олардың бәрі бірдей. Жоқ, Том, сен жақсылап ойлан! Мен саған айтып тұрмын — ойлан. Қызыңның аты кім?
— Ол қыз емес, жасөспірім қыз бала.
— Ой, бәрібір ғой. Біреулер қыз дейді, енді біреулер қыз бала дейді: кім қалай айтқысы келсе, солай айтады. Екеуі де дұрыс. Аты кім оның?
— Қазір емес, кейін айтармын.
— Жарайды, өзің біл. Егер сен үйленсең, мен жападан жалғыз қаламын.
— Иә, айтады екенсің! Бізге көшіп келесің де, менің үйімде тұратын боласың...
Олар қара терге түсіп, сағат жарымдай жер қазды, бірақ ештеңе таба алмады; тағы жарты сағат еңбек етті, қорытынды жоқ. Гек айтты:
— Қазынаны тереңге көме ме?
— Жоқ, бірақ кейде тереңге көмеді! Бәрі олай істемейді. Шамасы, біз қазатын жерді дұрыс таба алмай жүрміз.
Басқа бір жерді таңдап, тағы жұмысқа кірісті. Енді екпіндері бағанағыдан гөрі бәсеңдеу, дегенмен ептеп алға басуда. Әуелі үнсіз қазып еді, сосын Гек күрекке сүйеніп, жеңімен маңдайынан жаңбырша тамшылаған терді сүртті.
— Сосын қай жақтан қазамыз, мына шұңқырды бітіргесін деймін?
— Кардиф тауындағы жесір әйелдің үйінің артында бір ескі ағаш бар ғой, сол жерді байқап көрсек деп ойлаймын.
— Несі бар, дұрыс жер. Алайда жесір әйел бізден қазынаны тартып алып қоймай ма, Том? Соның жері ғой.
— Бізден тартып алады?! Мейлі алып көрсін! Жоқ, қазынаны тапқан кім, ол — сонікі. Кімнің жерінде жатқаны есепке алынбайды.
Гек тынышталайын деді. Олар қазуды жалғастыра берді, бірақ әрі-беріден соң Гек:
— Шайтан алсын, біз тағы басқа жерді қаздық! Сен қалай ойлайсың?
— Түсінбеймін, Гек. Албастылардың кедергі келтіретіндері болады. Солар бірдеңе жасады ғой деймін.
— Тағы не! Қандай албасты? Оларда күндіз күш бола ма?
— Дұрыс, дұрыс! Менің ойыма келмепті. Енді бәрін түсіндім! Біз екеуміз ақымақпыз! Түн ортасы кезінде ағаштың ең ұзын бұтағының көлеңкесі қай жерге түсетінін тауып, сол жерді қазуымыз керек.
— Ой, құрып кетсін! Яғни осыған дейін біз қансорпа болған екенбіз ғой жарымес адамдай. Енді түннің бір уағында осы жерге тағы салпаңдап келеміз бе? Иттің өлген жеріне! Сен үйден шыға аласың ба?
— Мен шығармын-ау. Және бәрін бүгін бітіру керек, әйтпесе біз қазған шұңқырларды көргендер, біздің не іздеп жүргенімізді біледі де, қазынаны солар тауып алады.
— Олай болса, мен терезеңнің тұсына келіп тағы да мияулаймын ғой.
— Жарайды. Қайла мен күректі бұталардың арасына тығып қояйық..
Түнде, сағат он екінің шамасында, балалар сол ағаштың түбіне келіп отырды да, көлеңке түсуін күтті. Жан баласы жоқ жер және адам қорқатын түннің бір уағы. Шайтандар сыбдырлаған жапырақтардың арасында сыбырласып, түрлі елестер әрбір қараңғы бұрышта тығылып, алыстан иттің үргені естіледі, үкі айқайлап оған үн қосады. Салтанатты үнсіздік балалардың көңілін басып, олар әңгімелесуді де қойды. Ақыры олар түн ортасы болды деп көлеңкенің түскен жерін байқап алып, қазуға кірісті. Үміт деген сәуле оларға қуат беріп, жұмысқа жұмыла түскен олар күрек тереңге сүңгіген сайын бір нәрсеге тиіп кетсе, жүректері тоқтай жаздағанмен, қуанышты ештеңе табылмады. Топырақтың арасынан не тас, не ағаштың тамыры шығады. Ақыры Том айтты:
— Бұл жолы да таппадық, Гек. Тағы да босқа әуре болып жатырмыз.
— Қалай босқа? Біз жаңылған жоқпыз. Көлеңке түскен осы жер емес пе?
— Білем, бірақ мәселе онда емес.
— Енді неде?
— Біз уақытты дұрыс бағдарлаған жоқпыз. Мүмкін біз өте ерте немесе кеш бастаған шығармыз қазуды.
Гектің қолынан күрегі түсіп кетті.
— Дұрыс айтасың. Мәселе сонда. Яғни бұл шаруаны қою керек. Уақытты бәрібір біз ешқашан анықтай алмаймыз. Сосын айналада толған шайтан ба, елестер ме — зәреңді ұшырады. Біреу желкеңнен қарап тұрған секілді, бұрылуға қорқам, мүмкін менің арт жағыма қарауымды күтіп тұрған шығар. Тұла бойымды аяз қарығандай күйдемін.
— Мен де қорқып тұрмын, Гек. Ағаштың түбіне ақша жасырғанда әдетте өлген адамның мүрдесін бірге көмеді қарауыл ретінде.
— Құдай сақтасын!
— Иә, иә, кісіні көмеді, маған талай айтқан.
— Өзің біл, Том, ал мен өліктермен арпалысатын жайым жоқ. Олармен бір пәлеге ұшырайсың.
— Менің де өлі денені қопарғым келмейді, Гек. Кенет бұл жерде жатқан мүрде бас қаңқасын көтеріп бірдеме деуі де мүмкін!
— Қойшы, Том! Зәремді ұшырдың ғой!
— Енді қайтемін, Гек, өзім де не істерге білмей тұрмын!
— Том, тыңдашы, осы жерді тастайық. Басқа бір жерден бақыт іздеп көрейік.
— Асылы, осының дұрыс болар, — деді Том.
— Енді қайда барамыз?
Том әрі-бері ойланды да:
— Анау жаққа, елестері бар сонау үйге барайық.
— Ой, қайдағыны... Елес дегенді жақсы көрмеймін, Том. Олар өлілерден өткен жаман. Өлі адам мүмкін кейде сөйлейтін де шығар, бірақ елестер секілді айналаңда жүріп, бетіңе қарамайды, тісін қайрамайды. Ал елес дегендер соның бәрін істейді. Мен ондай ойындарды көтере алмаймын, Том, оны ешкім де көтермейді.
— Иә, бірақ елестер тек түнде ғана жүреді: күндіз олардың жер қазуға кеселдігі жоқ.
— Солайы солай ғой, бірақ адамдар ол үйге түнде түгілі күндіз де кірмейді.
— Адамдар жалпы біреуді пышақтап кеткен не өлтірген жерлерге барғылары келмейді. Бірақ ол үйде түнде де ештеңе көрінбейді ғой, тек кейде терезесінен көгілдір от жылтырайды, ал нағыз елестер онда жоқ.
— Том, егер сен көгілдір от көрген болсаң, елестейтіндер де қашық емес деген сөз. Өзінен өзі түсінікті ғой. Көгілдір оттар соларға ғана керек.
— Дегенмен олар күндіз сайран салып жүрмейді. Біз неменеге қорқамыз?
— Жарайды, ол жерді де қазайық, егер көңілің ауып тұрса... дегенмен қауіпті.
Осы кезде олар түсіп келе жатты. Төменде аңғардың ортасында ай сәулесіне оранған сиқырлы жалғыз үй тұр, шарбағы баяғыда-ақ қирап қалған; баспалдаққа дейін шөптің астында; терезелерінде әйнек жоқ; төбесінің бір шеті құлаған. Балалар иесіз үйге қарап, қазір көгілдір от жылт етіп көрінеді деген сеніммен, сыбырласып сөйлеседі, мұндай сиқырлы жерде басқаша сөйлесу мүмкін емес. Олар оңға бұрылып қорқынышты үйге жоламау үшін орман арасымен Кардиф тауының екінші жағындағы үйлеріне оралды.
Жиырма алтыншы тарау
АЛТЫН САЛЫНҒАН ШАҒЫН САНДЫҚТЫ НАҒЫЗ ҚАРАҚШЫЛАР ҰРЛАҒАН
Ертеңіне түс әлетінде балалар қураған ағашқа күрек пен қайланы алу үшін тағы келді. Том елестер тұратын үйге барғысы келіп асығуда. Гек болса, ол да қарсы емес, әрине, шынын айтқанда, пәлендей құштарлығы жоқ.
— Тыңдашы, Том, — деп бастады ол, — бүгін қандай күн екенін білесің бе?
Том оймен аптаның қай күні екенін есептеп, жолдасына үреймен қарады.
— Ой-ой-ой! Мен ойламаппын, Гек.
— Мен де ойлаған жоқ едім, ал қазір ток ұрғандай болып тұрмын: бүгін жұма ғой.
— Шайтан алсын! Қалай болу керек, Гек!
Егер жұма күні бастасақ, біз мүмкін қауіп-қатерден құтыла алмас едік.
— Жоқ, мүмкін дегенді қой, шынында да деу керек. Бақытты күндер болады ғой, бірақ жұма емес.
— Мұны кезкелген ақымақ біледі. Бұл шындықты сен ашқан жоқсың, Гек.
— Мен біріншімін деп тұрмын ба? Мәселе тек жұма күнде емес. Өткен түнде сондай қорқынышты түс көрдім... Тышқандар.
— Тышқандар — жақсылыққа емес шығар. Олар не істеді, төбелесті ме?
— Жоқ.
— Онда ештеңе емес, Гек! Егер тышқандар төбелеспесе, қауіп-қатер не болады, не болмайды. Тек құлақ түріп жүру керек. Сонда бәрі дұрыс болады. Бұл шаруаны қояйық: бүгін жер қазбаймыз, одан да ойнайық. Гек, сен Робин Гудты білесің бе?
— Жоқ. Робин Гуд деген кім?
— Англияның тарихындағы ең ұлы адамдардың бірі. Ең, ең, мықты кісі! Қарақшы, дұрысы тонаушы.
— Мен де сондай болсам ғой! Кімді тонап жүр?
— Епископтар мен шерифтерді және ылғи байларды. Кедейлерді ол ренжіткен емес. Оларды жақсы көрді және әрқашан оларға жиған-тергенін бөліп берді.
— Шамасы, керемет адам болған ғой!
— Әрине! Ол деген жер бетіндегі адамдардың бәрінен артық, бәрінен жақсы. Қазір ондай адамдар жоқ — шын айтам! Робин Гудтың бір қолын артына қайырып байлап қойсаң, ол екінші қолымен кімді болса да, ұрып жығады. Ол өзінің емен садағымен бір жарым миль қашықтықтағы он тиынды атып түсіреді.
— Емен садақ деген не?
— Білмеймін. Әйтеуір ерекше садақ дейді. Егер тиынның дәл ортасына тимей, шетіне тисе, Робин Гуд отыра қалып жылайды екен. Және боқтайды, әрине. Міне, біз Робин Гуд болып ойнаймыз. Бұл — нағыз ойын! Мен сені үйретемін.
— Жарайды.
Олар кешке дейін Робин Гуд болып ойнады, арасында екеуі сиқырлы үйге ашқарақ көздерін қадап қояды, сосын ертең бұл жерде не істейтіндерін талқылап, пікір алысты. Күн еңкейіп батуға айналғанда, олар ағаштардың көлеңкелерін көлденеңнен басып өтіп, Кардиф тауының орманының арасымен үйлеріне қайтты.
Сенбі күні түс ауа балалар кепкен ағашқа тағы келді. Әуелі екеуі шылым шегіп, көлеңкеде көр-жерді әңгіме етісті. Сосын өздері қазған шұңқырды онша үміттері болмаса да біраз түрткіледі. Олар қазір-ақ кетіп қалуларына болар еді, Томның айтуынша, кейде адамдар қазып-қазып бес-алты миль қалғанда тастап кетеді. Сосын басқа біреу келіп түртіп қалғанда, әзір байлықтың үстінен шығады. Алайда олар қаншама тырысқанмен, бұл жолы да ештеңе шықпады. Құрал-саймандарын иықтарына салып, балалар тағдырмен әзілдесу үшін емес, қазынаны іздеушілерге тән ізденістің бәрін адал істеді.
Ақырында, міне, олар елестер тұратын үйге келді. Өртенген ыссылықта мына үйдегі өлі тыныштық оларға тым үрейлі көрінді. Қаңырап бос қалған үйде еңсеңді езіп жіберетіндей бір нәрсе бардай қорқынышты. Балалар бірден ішіне кіруге батпады. Олар еппен басып есікке жақындады да, зәрелері ұшып дірілдеген күйде ішке көздерін салды. Алдарындағы топырақ төселген еденде шөп өсіп кеткен, жартысы құлаған пеші бар бөлмені көрді, терезелерінде әйнек жоқ баспалдағы қираған; барлық жерде төбеден салбырап тұрған өрмекшінің ескі өрмегі. Олар жаймен ішке кірді, жүректері ауыздарынан шығып кетердей дүрсілдеп тұр. Сыбырласып сөйлесіп, сәл дыбысқа құлақтарын түреді, бұлшық еттерін босатпай, бірдеме бола қалса, лезде қашуға екеуі де іштей дайын.
Бірте-бірте тыныштыққа да үйрене бастады, қорқыныш енді қызығумен алмасты. Олар айналаның бәріне ықыласпен қарап, өздерінің батылдықтарына әрі мақтанғандай, әрі таңданғандай. Сосын олардың жоғарыға шыққылары келді. Екеуі бірін-бірі қолпаштап, ақыры қайла мен күректі бұрышқа тастады да, екінші қабатқа көтерілді. Онда да төмендегідей иесіз қаңыраған бөлме. Бір бұрышта ішінде құпия сыры бардай көрінген шолан бар екен, бірақ ішінде ештеңе жоқ болып шықты. Енді олар кәдімгідей батылданып өз-өздеріне келе бастады. Олар төменге түсіп жұмысты бастауға бет алып еді кенет...
— Иә, иә! — деді Том.
— Бұл не? — деп сыбырлады Гек қорыққаннан түсі бұзылып.
— Тс-тс! Ана жерде... естіп тұрсың ба?
— Иә. Ой, қашайық!
— Тыныш! Дем алма! Есікке жақындады...
Балалар еденге жата кетті де, еденнің саңылауынан сығалады. Өздерінің зәре-құты қалмады.
— Әне, тоқтады олар... Жоқ, келе жатыр... Келді. Тыныш, Гек, дыбысыңды шығарма! Ой, мен неге осында келдім!
Екі еркек үйге кірді. Балалардың әрқайсысы: "Бұл сақау, саңырау испандық, ол біздің қалада екі рет болған, ал екіншісін ешқашан көрген емеспін", — деп ойлады.
"Екінші" жалба-жұлба бірдеңе киген, шашы таралмаған ұсқынсыз біреу. Испандық плащқа оранып алыпты, ұзын бұрым шашы қалпақтан шығып иығына түсіп тұр; қалың өскен бакенбарды да аппақ; жасыл әйнекті көзілдірік киіпті. Олар үйге кірген кезде, "екінші" испандыққа күбірлеп бірдеңе айтты; арқаларын жарға сүйеп, есікке қарап еденге отырысты, "екінші" әлі бір нәрсені айтады. Ол әуелгідей емес, батылырақ сөйледі және оның дауысы балаларға да естілді.
— Жоқ, — деді ол, — мен бұл іс туралы ойландым, бірақ бұл маған ұнамайды. Өте қауіпті.
— Қауіпті! — деп ызалы күңкілдеді "саңырау", балалар аң-таң. — Сілекейін сүрте алмайтын боқмұрын!
Бұл дауысты естігенде балалар қалтырап кетті: дауыс үнділік Джонікі. Төмендегілер біразға дейін үндемеді. Сосын Джо:
— Қауіпті деп соңғы істегенімізді айт. Бәрі дұрыс болды ғой.
— Онда басқаша болды. Ол өзеннің жоғарғы жағында еді және маңайда бірде-бір үй болған жоқ. Біздің ол жерге қол салғанымызды ешкім білмейді, өйткені ештеңе болған жоқ қой.
— Жарайды, мұнда күндіз келу қауіптірек. Бізді көрген адам таза шаруа емес екенін сезеді.
— Мұны мен білмеймін. Жасырынатын басқа жер табылмады. Тіпті мен де осы шалаштан кеткім келді. Кеше кеткім келіп еді, оңбаған балалар мына таудан түспей қойды, ойға басқа ештеңе келмеді.
Мұны естіген "Оңбаған балалар" қорқыныштан тағы қалтырап кетті де, жұма күні іс бастамауға уәделескендерін еске алып, қуанып қалды. Бір жыл күтпегендеріне өкінді.
Төмендегі екеу бір нәрсені шығарып жей бастады. Біраз үнсіздіктен кейін үнділік Джо:
— Балақай, келген жағыңа тайып тұр: өзеннің жоғарғы жағына. Мен хабар бергенше сол жерде күт. Ал мен тәуекел деп қалада біраз қаңғырайын, көру керек қой не болып жатқанын. Мен біраз нәрсені байқап алып, ойланамын, сосын қауіпті іске кірісеміз. Бұдан соң Техасқа тартамыз! Екеуміз, — деді.
Осылай шешті. Кешікпей екеуі де есіней бастады және үнділік Джо:
— Ұйқым келіп тұр. Қарауылға тұру — сенің кезегің, — деді де, шөпке құлай кетті, қорылдай бастады. Жолдасы оны екі рет шайқап еді, ол үнсіз қалды. Бұдан соң қарауылдың да басы жерге тиіп, ол да қорылға басты.
Балалар тыныстары кеңігендей демалды.
— Ал, енді уақыт болды, кетеміз! — деді Том.
— Кете алмаймын — егер олар оянып кетсе, мен сол бойда өлемін, — деді Гек.
Том қоймады, Гек көнбеді. Ақыры Том аяғынан тік тұрып, жаймен, қауіптене басып жалғыз кетті. Бірақ аяғын басуы мұң екен, арасы ырсиған ағаш еден сықырлап қоя берді, өлердей қорқып кеткен ол етпетінен жата кетті. Екінші рет аяқ баспады. Балаларға уақыт бітіп қалғандай, тіпті мәңгіліктің өзі де шашы ағарып қартайғандай көрінді, екеуі өтіп болмайтын минуттарды санап жата берді; олар күн батып бара жатқанын байқап қуанды.
Ақырында қаңғыбастардың біреуі қорылдағанын қойды. Үнділік Джо отырды, айналаға көз салды, басын тізесіне қойып ұйықтап жатқан жолдасына қарап, мысқылдай күлді де, аяғымен теуіп:
— Міне, қарауылдың ұсқыны, айтарға сөз жоқ! Иә, жарайды, ештеңе болған жоқ.
— Ой, мен қалайша ұйықтап кеткенмін?
— Иә, солай секілді,қозғалатын уақыт болды, достым. Ал қалған ақшаны не істейміз?
— Білмеймін — бұрынғыша осында қалдырсақ деп ойлаймын. Өзімізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ әзір, оңтүстікке қозғалғанша. Алты жүз елу күміс кімнің де болсын қолын тартады.
— Жарайды, егер бұл жерге тағы бір рет келсек, ештеңе бола қоймас.
— Меніңше, бұрынғыша тек түнде келу керек, сол дұрыс болады.
— Бұл дұрыс, дегенмен мынаны ескерсек. Мүмкін, анау істі тездетіп бітіре алмаспын мен. Көлденең бірдеңе кездесіп қалуы мүмкін. Орын онша қауіпсіз жер емес. Одан да тереңірек көмейік.
— Дұрыс, — деп қостады оны қасындағысы, сосын бөлмені аралап, түкпірдегі бір кірпішті алды және ішінде сылдырлаған бірдеңелер бар қапты көтерді. Ол жиырма-отыз доллар алды және сонша долларды үнділік Джоға берді. Осы кезде тізерлеп тұрып, бұрышта пышақпен жер қазып тұрған Джоға қапты берді.
Балалар сол сәтте өздерінің барлық қорқынышын осыған дейінгі қиындықтарды ұмытып, көздері жайнаған күйде Джоның әр қимылын қадағаласты. Міне, құдай берді деген осы! Мұндай бақытты тіпті елестету де мүмкін емес. Алты жүз доллар — бұл деген он баланы байытатын керемет ақша ғой! Міне, қазына деген осы және қай жерді қазамыз деп бас қатырмайсың — бәрі әзір! Олар бұрыннан үйреншікті "Қуанышты шығарсың екеуміздің осы арада тұрғанымызға!" деген бір-бірін шынтақпен түртіп "айтатынын" сөзбен білдірісті.
Үнділік Джоның пышағы бір нәрсеге тиді.
— Ого! — деді ол.
— Не бар екен? — деп сұрады жолдасы.
— Шіріген тақта... жоқ, жәшік білем. Қане, маған көмектесіп жіберші, қазір не екенін білеміз. Жоқ, мен пышақпен тесіп жібердім.
Үнділік Джо аяғынан тік тұрып, бір терезеден екіншіге барып, сырт жаққа көз жүгіртті. Сосын: — Мұнда қайла мен күректі әкелген кім болды екен? Сен қалай ойлайсың, олар мүмкін жоғарыда болар? — деді.
Том мен Гек қорқыныштан өле жаздады. Үнділік Джо пышағын алып, біраз тұрды да, баспалдаққа жақындады. Балалардың ойына шолан түсіп еді, бірақ қозғалуға жай жоқ. Баспалдақ сықырлай бастады. Жағдайдың өте қиын болғаны сондай балалар көзді ашып-жұмғанша естерін жиып, шоланға кіруге дайындалып еді, шіріген ағаш сарт етіп сынды да үнділік Джо баспалдақпен бірге құлады. Ол боғауызбен орнынан тұрып еді, қосшысы айтты:
— Неменеге сонда ұмтылдың? Егер жоғарыда біреулер бар болса, отыра берсін — бізге керегі не? Олар төмен түскілері келсе, секіріп, аяқтарын сындырсын, біздің шаруамыз қанша? Жиырма минуттан соң қараңғы түседі, бізді қуып жетіп көрсін сонда. Меніңше, бұл күректерді осында әкелген кісі бізді көріп жын-шайтан деп ойлады. Қазір алды-артына қарамай зытып бара жатқан шығар.
Үнділік әрі-бері күңкілдеді де, қосшысымен келісіп қараңғы түспей тұрғанда жолға шығуға ұйғарды. Іңір қараңғылығымен олар үйден шығып өзенге қарай өздерінің қымбат сандығын алып бара жатты.
Том мен Гек өлі мен тірінің арасында орындарынан тұрды, оның есесіне еркін демалып, бұрыстан өрілген қабырғаның сызаттарынан олардың соңынан қарады. Соңдарынан жүру керек пе? Жоқ! Балалар мойындарын сындырмай аман-есен төменге түскендеріне мәз. Олар қайтадан басқа жолмен таудан өтіп қалаға оралды. Әңгімелесіп те жарытпады, өйткені жол бойы күректі неге апардық деген ой екеуінің де мазасын кетірді. Егер сол қайла, күрек болмаса, үнділік Джо ештеңе сезбеген болар еді де, алтын мен күмісті өзі керегін алғанша осы жерге қалдырып, сосын, сорына қарай, ақшадан айырылар еді. Сол күректерді осында сүйреп не жындары бар еді?!
Олар қалаға көріне қалса испандықтан көз алмауға және "екінші" номердің қай жерде екенін білгенше оны бақылауға келісті.
Ол жәшікке қолын сұғып, сол бойда қайта суырып алды:
— Қара, мынау ақша!
Екеуі бір уыс мәнеттерді алып қарай бастады. Бұл алтын болып шықты. Жоғарыда жатқан балалар да қаңғыбастарға ұқсап қобалжыды, қуанды.
Үнділік Джоның қосшысы:
— Қазір біз мұны жайғастырамыз. Ал бұрышта таттанған қайла жатыр еді — жаңа ғана көріп едім.
Ол жүгіріп күрек пен қайланы алып келді. Үнділік Джо қайланы алып, біртүрлі күдіктене қарап шықты, басын шайқап, мұрнының астынан міңгірлеп бірдеңе айтты да жерді қаза бастады. Тез арада сандықты шығарды. Өзі шағын, темірмен қапталған, уақыттың мүжігені болмаса, мықты екен. Қаңғыбастар біраз мезгіл үнсіз рахаттанып сандыққа қарап тұрды. — Ал, достым, мынау мың доллар, — деді үнділік Джо.
— Осы маңда бір жаз бойы Мэреланың бандысы кезіп жүрді дейтін еді, — деді қасындағысы.
— Оны мен де естігем, — деді үнділік Джо, — солардың жұмысына ұқсайды.
— Енді саған ана қауіпті істі бастамауға болады.
Үнділік қабағын түйіп:
— Сен мені білмейсің. Яғни ол шаруа жайлы сен аз білесің. Ол тек қана тонау емес, ол кек алу! — Ызалы көзі ұшқын атты. — Маған сенің көмегің қажет. Ал соны бітіргесін, Техас қайдасың дейміз. Үйіңе, өзіңнің Нэнсиіңе және балаларға барасың, мен хабар бергенше күт.
— Жарайды, қалай айтсаң, солай болады. Ал, мынаны қайтеміз, тағы көмеміз бе?
— Иә, (жоғарыдағылар қуаныштан жүректері жарыла жаздады.) Жоқ, ұлы Сахемнің рухына ант беремін! (Жоғарыда көңілсіздік басталды.) Мен ұмыта жаздадым. Қалайда жаңа қазылған топырақ бар! (Балалар қорқыныштан өле жаздады.) Бұл қайла мен күрек қайдан шықты? Оларға жұққан қайдағы топырақ? Бұларды кім әкелді және ол адамдар қайда кетті? Сен біреулерді естідің бе? Біреуді көрдің бе? Бұл қалай — олар көруі үшін ақшаны жерге көмеміз бе? Жоқ, бұлай болмайды. Бұларды менің үңгіріме апару керек.
— Бұл өте дұрыс! Бұл қалай менің ойыма келмеген! Сенше, бірінші номерге?
— Жоқ, екінші номерге — крестің астына. Біріншіге болмайды — адам көп.
— Жарайды. Кешікпей қараңғы түседі, жолға шығамыз.
Кенет Томға қорқынышты ой келді:
— Кек алу? Гек, егер ол екеумізден кек алуды ойлап жүрсе ше?
— Ой, айта көрмеші! — деді Гек қорыққаннан құлап кете жаздап.
Олар бұл туралы қалаға жеткенше әңгімелесті, сосын үнділік,мүмкін, тек Томды ғана ойлаған болар, өйткені сотта оны көрсеткен жалғыз сол ғой деп ұйғарысты.
Томның көңіліне қатердің тек оған төніп тұрғаны тыныштық бермеді: "Дегенмен топпен бірге жеңілірек болар еді" — деп ойлады.
Жиырма жетінші тарау
ҚАЛТЫРАП ҚОРҚАДЫ, БІРАҚ СОҢДАРЫНАН ҚАЛМАДЫ
Бұл күнгі оқиғалар Томға тіпті түсінде де маза бермеді. Ол төрт рет қазынаға қолын созды, төрт рет қолынан шығып жоқ болды; көзінен түс қашып, есін жиғанда болған ащы шындық пен қасірет ақыл-есін жайлап алды. Ертемен төсегінде жатқан күйі күні кешегі бастан кешкендерін бүге-шігесіне дейін есіне алып еді, соның бәрі өзінен алыстаған, тұманға айналғандай, тіпті басқа бір әлемде баяғыда болған оқиғалардай сезінгенін байқады. Сонда оған мүмкін сол оқиғалардың бәрі менің түсім шығар деген ой келді. Бұл ойында тағы бір себеп бар: кешегі толған алтын мен күмістің тек адамның түсінде болмаса, өңінде болуы мүмкін емес. Осы кезге дейін ол елу долларды да көрген емес және бұл қатарлы балалардың бәрі "жүз", "мың" деген ақшаны жұрт әншейін қызыл сөз үшін айтады, ал шынында ондай ақшаның болуы мүмкін емес деп ойлайтын. Біреудің қалтасында жүз доллар секілді байлық болады деп Том ешқашан ойлаған емес. Егер одан жер астына тығылған қазынаны қалай елестететінін сұраса, ол күміс тиындар және таудай үйіліп жатқан сиқырлы, жарқылдап ұстатпайтын долларлар деп ойлайды. Алайда кешегі оқиға мұның есіне оралған сайын түсі емес кәдімгідей шындық екеніне көзі жетті.
Қалай болғанда да ебін тауып бұл тығырықтан шығу керек. Ол тездетіп ертеңгі тамағын ішті де, Гекті іздеуге кетті.
Гек жалпиған кішкене қайықта аяғын суға малып отыр екен, ұсқыны онша еместігі көрініп тұр. Том кешегі оқиға жайлы алдымен Гектің бастағаны дұрыс деп шешті.
Егер ол ештеңе айтпаса, мұның бәрі Томның түсінде көргендері.
— Амансың ба, Гек!
— Саламат па.
Бір минут үнсіздік.
— Том, егер біз шайтан алғыр күректі қураған ағаштың түбінде қалдырғанда, ақша біздікі болатын еді. Жолымыз болмады!
— Яғни соның бәрі түс емес болды ғой. Ал мен кешегінің бәрі түсім болғанын қалап едім. Шындай, түсім болса деп едім, Гек!
— Қайдағы түс?
— Кешегінің барлығы. Мен соның бәрі түсім ғой деп ойлағам.
— Түс! Егер баспалдақ құламағанда, қандай түс екенін көрген болар едің. Мен де түнімен түс көріп шықтым — сол қисық көз испандық албасты мені қуып жүр, жерге кіргір!
— Жоқ, ол неменеге жерге кіреді! Ал оны табуды айт! Ақшаны қай жерге тыққанын бақылау керек.
— Том, біз оны таба алмаймыз. Қолға түсіп тұрған қыруар ақшадан айрылдық. Егер оны тағы көре қалсам, аяғымнан тік тұра алмаймын.
— Мен де солай ойлаймын, тек оны көріп, "екінші" номерге дейін соңынан еріп барсам деп ем.
— "Екінші" номер — барлық мәселе сонда! Мен бұл жайлы ойланғам. Ештеңеге түсінбеймін. Сенше мұның бәрі немене өзі?
— Білмеймін. Іс түсініксіз. Тыңда, Гек, мүмкін бұл үйдің номері шығар?
— Тағы немене! Жоқ, Том, олай емес шығар. Тек біздің қалада емес. Мұнда қандай номерлер!
— Иә, мұның рас. Ойлауға мұрша бер. Ал, егер ол бір трактирдегі бөлменің номері болса ше?
— Міне, міне, соны айт! Трактир де бізде тек екеу. Тез-ақ тауып аламыз.
— Сен мен келгенше осында отыра тұр.
Том көзді ашқанша зытып кетті. Оның Гекпен бірге көшеде жүргенін ол көрсеткісі келмеді. Жарты сағаттан кейін ол қайтып келді. Трактирдегі екінші номерде көптен бері жас адвокат тұрады екен. Қазір де сол тұрады. Басқа трактирдегі екінші номер құпиялау: қожасының баласы бұл номердің ылғи кілттеулі тұратынын, оған кіріп немесе шығып жүрген адамды ешқашан көрмегенін айтты. Неге бұлай екенін, пәлендей себеп жоқ екенін ол білмейді; бұл жағдай Томға да қызық көрінгенмен, осында бір шикілік бар деп ойлады. Алдыңғы түнде сол бөлмеде шам жанып тұрғанын көрген.
— Мен мынаны білдім, Гек. Бізге керек екінші номер осы болу керек.
— Мен де солай ойлаймын, Том. Енді не істейміз сонда?
— Ойлауға мұрша берші.
Том ұзақ ойланды. Сосын әңгімесін бастады.
— Мен саған айтайын. Бұл номердің артқы есігі трактир мен тышқан аулайтын қуысқа ұқсас ескі кірпіш қойманың ортасындағы шағын көшеге шығады. Сен көбірек кілт табуға тырыс, — қанша қолыңа түседі, ал мен апайымның барлық кілтін әкелемін, сосын түн қараңғысында есіктің құлпын ашып көреміз, мүмкін біреуі ашып қалар. Өзің бейқам бол, үнділік Джо көрініп қалмасын, ол қалаға орайын тауып кек алуға келетінін айтты ғой. Егер көре қалсаң, соңынан қалма; егер ол әлгі номерге бармаса, біздің іздегеніміз емес деген сөз.
— Құдай ақы, оның соңынан жалғыз ергім келмейді!
— Ол деген түнде болады, мүмкін, сені көре қоймас; ал егер көрген күнде де ештеңе ойламайды.
— Жарайды, егер сондай қараңғы болса ғана оның соңынан еремін. Білмеймін, білмеймін. Көрейін.
— Егер түн өте қараңғы болса, мен барармын, бұған сенуіңе болады. Ал ол кек алудың реті келмесе, бірден ақшаға барады.
— Рас, рас, Том. Мен оның соңынан еремін.
— Міне, бұл нағыз шаруа! Гек, байқа, ұятқа қалдырма, мен бас тартпаймын.
Жиырма сегізінші тарау
ҮНДІЛІК ДЖОНЫҢ ҮҢГІРІНДЕ
Сол кеште Том мен Гек бәріне әзірленді. Олар кешкі тоғызға дейін трактирдің маңын торлады: біреуі шеткерірек тұрып, көшені бақылады, екіншісі — трактирдің есігін бақты.
Ұқсас адам кірмеді. Түн қараңғы болатын. Том, егер қараңғы түссе, Гек жүгіріп келіп мияулайды, сосын ол кілттерді алып, терезеден шыға салады. Алайда қараңғылық түспей қойды! Гек түнгі он екіге дейін қарауылда тұрды да, қанттан босаған бос бөшкеге жатып ұйқыға кетті. Екінші күні де балалардың жолы болмады. Сәрсенбі де солай өтті. Есесіне бейсенбідегі түн қараңғы болды. Том апайының қаңылтыр шамын алып, оның жарығын түсірмеу үшін орамалмен бүркеп терезеден уақытында түсті. Ол Гек қонып шыққан бөшкеге шамды жасырды да, өзі қарауылға тұрды. Түн ортасына бір сағат қалғанда, трактирдің есіктері жабылып, шамдары сөнді. Испандық көрінбеді. Тұйық көшеге кірген не шыққан ешкім болмады. Бәрі ойдағыдай секілді.Көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық пен өлі тыныштықты ара-тұра алыстан естілетін күннің күркілі ғана бөліп тұр. Том шамды алып, бөшкенің ішіне жақты, орамалмен жақсылап орады. Сөйтіп екі батыр түн жамылып трактирге жақындады. Гек есіктегі күзетте тұр да, Том сипалап тұйық көшеге жетті. Бұдан кейін Гек таудың астында қалғандай мазасыздана күтті. Ол қарсы алдынан шам жарқ етсе екен деп тілейді; әрине, бұл қорқып еді, бірақ Томның тірі екеніне көзі жетер еді. Том қараңғылыққа сүңгіп кеткелі бірнеше сағат өтті. Шамасы, ол талып жатқан болар немесе өлді ме екен. Мүмкін қорқыныштан оның жүрегі жарылып кеткен шығар. Қобалжыған Гек тұйық көшеге қалай барғанын өзі де білмей қалды, оның көз алдына неше түрлі қорқынышты суреттер келді және минут сайын қазір оның зәресін ұшыратын бірдеңе болатындай сезінді. Ол онсыз да әрең демалып, жүрегі минут сайын тоқтап қалатындай. Кенет шам жарқ етті де, Том құйындатып жанынан өтті.
— Қаш! — деп айқайлады ол — Қаш тезірек!
Қайталаудың қажеті болмады, бір айтқанының өзі-ақ жеткілікті еді. Гек қаңбақтай ұша жөнелді. Балалар қаланың екінші шетінен ескі қасапхананың жанында тұрған көлеңке қалқаға жеткенше тоқтамастан жүгірді. Бұлар көлеңкенің астына кіре бергенде күн күркіреп, жаңбыр құйып кетті, Том демін әрең алып:
— Гек, зәрем ұшып кетті! Кілттерді бірінен соң бірін құлыпқа сұқтым, ашылмайды; соншалық жай істеген секілді едім, зәрем зәр түбіне кетті - тасырлаған дыбыс шықты. Құлып ашылатын емес. Мен не істеп жатқанымды өзім білмей, есікті тартып қалып ем, ашылып кетті! Өзі әуелден ашық екен! Ішке кіре сала шамды ораған орамалды алсам...
— Иә, иә, не көрдің, Том?
— Гек, мен үнділік Джоның қолын басып кете жаздадым!
— Қой, шын ба?
— Иә деймін! Еденде өлген кісідей тырайып ұйықтап жатыр, екі қолы екі жақта бір көзіне өткендегідей пластырь жапсырған күйі.
— Құдайым-ай! Сен не қылдың? Ол оянды ма?
— Жоқ, тіпті қимылдаған да жоқ, шамасы мас болуы керек. Орамалды алдым да есіктен қалай шыққанымды білмеймін — алды-артыма қарамай зыта жөнелдім.
— Мен болсам, орамалды алуды ұмытып кетер едім.
— Қалай ұмытам? Орамалды жоғалтсам, Полли апайым терімді сылып алады.
— Айтшы, Том, сандықты көрдің бе?
— Гек, жан-жағыма қараған да жоқпын. Сандықты көргенім жоқ. Кресті де көрмедім. Үнділік Джоның қасында еденде жатқан бос шөлмек пен қаңылтыр тостағаннан басқа ештеңе де көзіме түскен жоқ; бөлмеде шағын екі бөшке және көп бөтелке болды. Көрдің бе ол жердің таза емес екенін?
— Қалай?
— Виски бар жер таза емес! Мүмкін басқа трактирлерде шарап ішпейтіндер қоғамының вискиді тығып ұстайтын осындай бөлмелері бар шығар, қалай ойлайсың?
— Шамасы, солай шығар. Кімнің ойына келген. Білесің бе, Том, сандықты ұрлайтын мезгіл осы, егер үнділік Джо мас болып жатса!
— Бар ендеше, алып көр!
Гек шошып кетті.
— Ой, жоқ, олай болса, қажеті жоқ.
— Мен де солай ойлаймын. Үнділік Джоның жанында бір бөтелке жатыр, ал ол аз. Егер вискиден босаған үш бөтелке жатса, мен байқап көрер едім.
Олар үнсіз ұзақ ойланды, ақыры Том айтты:
— Гек, тыңда, үнділік Джоның ол жерден кеткеніне көзіміз жеткенше ештеңе істемейміз. Өте қорқынышты. Егер біз түн сайын күзететін болсақ, оның кеткенін міндетті түрде көреміз де, көзді ашып-жұмғанша сандықты аламыз.
— Жарайды. Мен бүгін түнде күзетемін, басқасының бәрін өзің істесең, мен түн сайын қарауылда тұрамын.
— Жақсы, істеймін. Ал саған Гупер-стриттің бойымен бір квартал жүгіруге тура келеді, сосын мияулай қоясың, ал егер мен ұйықтап жатсам, бір уыс топырақты терезеден лақтыр, мен оянамын.
— Жарайды, солай істеймін!
— Ал, былай, Гек: жаңбыр басылды, мен үйге кеттім. Екі сағаттан кейін жарық түсе бастайды. Сен ана жаққа бар, әзірше бақылай тұр.
— Айттым ғой күзетемін деп, яғни күзетемін. Тіпті бір жыл бойы көшеде тұрсам да. Күндіз ұйықтаймын, түнде күзетемін.
— Жарайды ендеше. Ал сен қайда ұйықтайсың?
— Бен Роджерстің пішен қорасында. Ол мені жібереді және оларда жұмыс істейтін Джек ағай да — негр. Оған су керек болғанда мен оған су әкеліп беремін, ал ол өзінен ауысқан бірдеңе болса, сұрасам, маған береді. Ол өте жақсы негр. Басқалар секілді негрлердің алдында танауымды көтермегесін, ол мені жақсы көреді. Кейде тіпті онымен бірге түскі тамақ ішемін. Сен тек ешкімге айтып жүрме. Қарның ашқанда әшейінде ойлағың келмейтін нәрсені де істейсің.
— Егер күндіз маған керегің болмаса, ұйқыңды қандыра бер. Босқа оятпаймын сені. Ал егер түнде бір нәрсені байқадың ба — маған жүгіріп кел де мияула.
Жиырма тоғызыншы тарау
ГЕК ЖЕСІР ӘЙЕЛ ДУГЛАСТЫ ҚҰТҚАРАДЫ
Жұма күні таңертең Томның естігені қуанышты хабар болды: сот Тэчердің отбасы қалаға келіпті. Қазына да, үнділік Джо да былай қалып, оның барлық ойы Беккиге ауысты. Том жан ұшырып оған жүгірді, кластастарымен "құтқарғыш таяқ" секілді бірнеше ойындарды әбден шаршап құлағанша ойнады. Бұл күн сондай көңілді өтті. Бекки ақыр аяғында анасынан көптен айтып жүрген кешті ертең ұйымдастыруды сұрап еді, анасы келісті. Қыздың қуанышында шек болмады, Том да одан кем қуанбады. Шақыру билеттері кешке дейін таратылды, қаланың рахат болады деп дәметкен балаларының бәрі ертеңгі кешке дайындала бастады. Томның толқығаны сондай, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмады: ол Гек қашан мияулайды деп үміттене күтті және ертең кеш үстінде қазынаны көрсетіп Беккиді және оның қонақтарын таңғалдырам деп ойлады. Алайда бұл түні ешқандай оқиға болмады. Ақырында таң атты, сағат онға жақын ба, жоқ, он бірге таяу ма көңілді топ әрі қарай сол жерден кету үшін сот Тэчердің үйіне жиналды. Ол жылдары балалардың ойын-сауығына кесел келтірмеу үшін үлкендердің ондай кештерге баратын әдеті жоқ еді. Балалар он жеті-он сегіздегі екі-үш қыз бен олардан ересектеу жас жігіттердің қамқорлығында қауіпсіз болады деп есептелетін. Мұндай кештерді ұйымдастыру үшін ескі пароход жалдап алынатын да, кешікпей көңілді топ себет толы тамақтарын алып қаланың орталық көшесімен өтетін. Сид сырқаттанып қалды, сондықтан оның бармауына тура келді; Мери оны күту үшін үйде қалды. Қоштасарда Тэчер ханым: — Сендер өте кеш келетін шығарсыңдар. Мүмкін, сен кемежайға жақын тұратын қыздардың біреуінің үйіне қона саларсың, — деді Беккиге.
— Сюзи Гарпердің үйіне қонуыма бола ма?
— Өте жақсы. Өзіңді дұрыс ұста, ақылды бол.
Олар көшеге шыққасын:
— Білесің бе, Бекки, не істейтінімізді? Джо Гарпердің үйіне барғанша, біз тауға көтеріліп, Дуглас жесірдің үйіне барамыз. Онда балқаймақ болады күнде және қандай көп болады! Ол бізге қуанып қалады.
— Ой, көңілді болады ғой онда!
Бекки сәл ойланды да:
— Ал анамды қайтемін? — деді.
— Ол қайдан біледі?
Қыз:
— Меніңше, бұл жақсы емес, — деді сәл ойланғаннан кейін батылсыздау сөйлеп.
— Ой, онда тұрған не бар! Анаң білмейді, сонда жаман болатын не? Әйтеуір сенің амандығың ғой оған керегі, меніңше, оның өзі де рұқсат еткен болар еді, тек ойына келмеді ғой. Әрине, рұқсат етер еді!
Жесір әйел Дугластың тәттіге толы дастарқаны жайлы Томның әңгімесі әсерсіз болмады. Осы кеш туралы тірі жанға айтпауға уәделесті. Кенет Томның басына егер осы түнде Гек бұған хабар берсе не істедім деген ой сап етті. Алдағы рахаттың ләззатын бұзып жіберетін әлгі ой Томның көңілін толқытты. Сонда да ол Дуглас апайдың үйіндегі көңілді отырысты алмастыратын ештеңе жоқ деп ойлады. Кеше Гек белгі бермеді, ендеше бүгін де бермейді. Ол бүгін ақша толы сандық туралы ойламауға бел байлады. Қаладан үш мильдей төменгі жақта пароход жүрісін баяулатып, жағаға тоқтады. Топ бала жағаға түсіп, кешікпей орман да, тау бөктері де күлкі мен айқай-шуға толды. Ойынның бәрін тауысқан әбден қызып алған еркелер қарындары шұрқырап тұраққа жиналды да, неше түрлі тағамға бас қойды. Тамақтан кейін еменнің түбіне жиналған олар әңгіме соғып, демалды. Кенет біреу:
— Үңгірге баратындарың бар ма? — деп айқайлады.
Бәрінің барғысы келеді екен. Майшам алып бәрі жапырлай жарысып, тауға өрмелей бастады. Үңгірге кіретін жер кәдімгідей биікте, таудың жартысында екен және "А" әрпіне ұқсайды. Зілдей емен есік ешқашан жабылған емес. Ішкі жағында шағындау үңгір бар, әдетте үйдегі еденнің астында болатын жертөле секілді салқын, қабырғалары өте берік әктен қаланған және беті шым-шымдап шығатын тер сияқты ылғал тамшыға толы. Тас қараңғы осы жерде тұрып, күн шуағына малынған жасыл аңғарға қарау әрі қызық, әрі құпия сыр бардай. Кешікпей алғашқы таңырқау сейіліп, әдеттегі балалық еркелік басталды. Біреуі майшамды тұтата қалса, қалған балалардың бәрі оған жабыла бастайды: ол қаншама қорғанғанмен шабуылшылар майшамды оның қолынан қағып түсіреді немесе өшіріп тастайды, сосын тағы айқай-шу, күлкі басталады. Дүниеде бәрі де түбінде бітеді. Бірінің соңынан бірі тіркескен топ тік жартаспен басты үңгірден төмен түсе бастады, жыпылықтаған шамдар қатарының көмескі жарығы тас қабырғаларды төбесіне дейін көмескі көрсетіп тұр. Үңгірдің төбесі шамамен алпыс мильдей биіктікте екен. Ең үлкен үңгірдің ені сегіз немесе он фут шамасында. Аяқ басқан сайын басты үңгірдің екі жағында да биік қабырғалы, бірақ ені жіңішке үңгірлер көрінді. Мак-Дугалдың үңгірі нағыз лабиринт екен: ирелеңдеген ұзын-шұбақ дәліздердің шет-шегі көрінбейді. Күнімен, түнімен адам түсініп болмайтын үңгірлер мен бытысқан қабырғалардың арасымен қанша жүрсең де, үңгірден шығатын есікті таба алмайсың — жұмбақ лабиринттер бірінен соң бірі шыға береді дейді айтқыштар. Үңгірдің бас-аяғын ешкім білмейді. Жастардың көбі үңгірдің тек жартысын ғана көрген, әдетте одан әрмен қарай ешкім бармайды. Том Сойер де үңгірді басқалардан артық білмейтін.
Барлығы негізгі үлкен үңгірмен төрттен үш мильдей бірге жүрді де, сосын жан-жақтағы шағын үңгірлерге топ-топ болып немесе екі-екіден бөлініп қараңғы қалтарыстарға тығылып, сосын ойда жоқ бұрыштан атып шығып бірін-бірі қорқытып ойнады. Тіпті үңгірдің бәріне таныс жерлерінің өзінде адасып қалуға әбден болады.
Балалардың тобы бірінен соң бірі бастан-аяқ шамдағы шошқаның майының иісі шыққан денелері балшық-балшық болып, үңгірде өткізген күнге риза көңілмен шығатын жерге жапырлай ұмтылды. Тек сонда ғана олар күннің кешкіріп қалғанын көріп, уақыттың тез өткеніне таңданысты. Пароход жарты сағат бойы айқайлап шақырып тұр. Алайда жұрттың бәрі ғажап оқиғаларды бастан кешірген романтикалық күннің аяқтала бастағанына риза. Шағын пароход өзінің шулаған жүгінен өзеннің ортасына жеткенде, капитаннан басқа ешкім де өткен уақытқа өкінген жоқ.
Пароход оттары жарқырап кемежайдың жанынан өткен кезде Гек қарауылда тұр еді. Ол ешқандай айқай-шуды естіген жоқ, өйткені шаршаған адамдар секілді жастар жуасып тыныштала бастаған. Әуелі Гек бұл не пароход кемежайға тоқтамай бара жатқан деп ойлады да, сосын ол туралы есіне де алмай өзінің шаруасымен болды. Түн бірте-бірте қараңғылап аспанды бұлт жайлай бастады. Сағат он болды, дөңгелектердің дыбысы басылып, әр жердегі оттар да сиреді, көшелерде жүргендер де кездеспеді. Шағын қала кішкентай күзетшіні елестер мен тыныштыққа қалдырып ұйқыға кетті. Он бір болды, трактирдің оттары да сөнді, айнала түгелдей қараңғылыққа көмілді. Гек өте ұзақ күтті, бірақ ештеңе болған жоқ. Ол толқи бастады. Енді күту керек пе? Содан бірдеме пайда бола ма? Әлде бәрін қойып, төсекке бас қою керек пе?
Кенет ол бір дыбыс естіді де, секем алды. Ол кірпіш қойманың арт жағына жүгірді. Бір минут өткенде оның жанынан екі адам өтті және мұны қағып кете жаздады, біреуінің қолтығында бір нәрсе бар. Сандық шығар! Яғни олар қазынаны басқа жерге жасырғылары келді. Томды шақыру керек пе? Бұл ақымақтық болар еді — олар сандықты алып тайып тұрады, сосын аттарын ұмытасың. Ең дұрысы — олардың соңынан еріп, қайда баратындарын біліп алу, қараңғыда олар мұны байқай қоймас. Өзімен өзі ойланып-толғанып, Гек бұрыштан шыға келді де, мысыққа ұқсап жасырынып қаңғыбастардың соңынан ерді. Ол жалаңаяқ күйде олардан адасып қалмастай қашықтықта келе жатыр. Олар жаға жақтағы көшені бойлап үш кварталдай жүрді де, сосын солға бұрылды. Әуелі олар тура жүрді, сосын Кардиф тауына қарай бұрылды да, соқпаққа жете бере тауға көтеріле бастады. Олар тоқтамастан жүріп отырып жар басындағы валлилік шалдың үйінің жанынан өтті және жоғары өрмелей берді. "Жарайды, — деп ойлады Гек, — олар сандықты ескі тас қорғанға көмгілері келген". Бірақ қаңғыбастар ол маңға да кідірмеді. Олар әрі қарай шыңның басына өрлеп барады. Кенет екі биік ағаштың арасындағы жіңішке соқпаққа бұрылды да, қараңғыға сүңгіп кетісті. Гек аяғын тезірек алып оларды қуып келеді, бірақ олар мұны көрген жоқ. Ол әуелі жүгірді, сосын екі қаңғыбастың үстінен түсіремін деп жүрісін бәсеңдетті, тағы біраз уақыт өткесін сәл тоқтап, тың тыңдады, өз жүрегінің дүрсілінен өзге дыбыс жоқ. Үкінің үһлегені естілді тау жақтан — жаман белгі. Бірақ аяқ басқан дыбыс естілмеді. Құдайым-ай, бәрі осымен біткені ме? Ол шегірткені басайын деп ыңғайлана беріп еді, өзінен үш-төрт қадам жерден біреудің жөтелгені естілді.
Гектің жүрегі кеудесінен шығып кете жаздады, бірақ қорқынышын ноқталап, тұрған жерінде қатты да қалды, безгек қысқандай, денесі қалтырап, әлі кеткені сондай жерге құлап кетер ме екенмін деп қорықты. Ол өзінің қай жерде тұрғанын білді: жесір әйел Дугластың үйін қоршаған аласа ағаштардың маңында, үйге кіретін жерден бес қадам жерде ғана. "Жарайды, — деп ойлады ол, — мейлі осында көме берсін; кейін тауып алу қиынға түспейді".
Жай сөйлеген үнділік Джоның дауысы естілді:
— Шайтан алсын сол қатынды! Мүмкін үйінде қонақ бар шығар? Түннің бір уағына дейін шам жанып тұр.
— Мен ештеңе көріп отырғаным жоқ.
Мұны айтқан ескі үйден шыққан жалба-жұлба киімі бар қаңғыбас. Гектің жүрегі мұздай болып кетті: Ә-ә, Джоның кімнен кек алғысы келіп жүргені белгілі болды. Гекке алғаш келген ой қашып кету болды. Бірақ сол бойда жесір әйел Дуглас апайдың Гекке ылғи мейірімді болғаны есіне түсті, ал мына оңбағандар оны өлтіргісі келіп жүр. Гек Дуглас апайға ескертуге өзінің батылы жетпейтініне өкінді, оған ескерте алмайды, себебі мыналар мұны көреді де ұстап алады. Осы ойлар үнділік Джомен екінші қаңғыбастың әңгімесі арасында Гектің басына келді.
— Саған бұталар көрсетпей тұр. Мына жақтан қара. Енді көрдің бе? — деді үнділік Джо.
— Иә. Әрине, қонақтар бар. Сен бұл істі таста!
— Егер мен бұл жақтан біржола кетейін деп отырсам қалай тастаймын? Осыдан басқа ыңғайлы сәт болмайтынын біліп тұрып бас тартам ба! Мен саған тағы да айтамын: ол әйелдің ақшасына түкірдім, сен ала бер. Ал оның күйеуі қанша рет маған тыным бермеді және бір рет емес; мені қаңғыбас қайыршы ретінде отырғызып қойды ғой, сот кезінде онымен қоймай, мені көшеде түрменің алдында негр деп шыбықпен осқылатып жазалады емес пе! Бүкіл қала көрді! Шыбықпен! Сен түсініп отырсың ба? Ол менен сұмдығын асырды да, өлді. Есесіне өшімді әйелінен алам.
— Оны өлтірме! Керегі жоқ!
— Өлтірме? Кім өлтірем деп отыр? Күйеуі тірі болса, өлтірер едім, ал әйелін өлтіру ойымда жоқ. Әйелден өш алғанда өлтірмейді - оның түкке керегі жоқ! Оның танауын кеседі, шошқаға ұқсатып құлағын қырқып алады, солай ұсқынын кетіреді!
— Құдай сақтасын, бұл деген...
— Сенен сұрап отырған ешкім жоқ! Аман тұрғанда үніңді шығарма! Мен ол әйелді кереуетке байлаймын. Егер қансырап өлсе, онда менің шаруам жоқ. Жыламаймын. Ал, достым, сені неге қасыма ерттім, мен жалғыз бәрін үлгере алмайтын болғасын. Сен маған көмектесесің. Егер сырғанап кетсең, өлтіремін! Түсіндің бе? Ал сені өлтіруге тура келсе, қатынның да шаруасын бітіре салам - сонда бұл кімнің жұмысы екенін ешкім білмейді.
— Қайтеміз, бұдан басқа амал жоқ болса, кеттік. Тезірек болғаны дұрыс. Тұла бойым дірілдеп тұр.
— Қазір? Ал, қонақтар ше? Сен мені көрсетуші болма, саған сеніңкіремей тұрмын.
Бұдан кейін үнсіздік болатынын Гек түсінді және ол үнсіздік бағанадан бергі өлтіру жайлы әңгімеден қорқыныштырақ, ол демін ішіне тартып кері қарай аттады; оңға не солға құлап кетем бе деп қорықты да екінші аяғын қозғады. Ол тағы бір қадам кері қарай басты, сосын тағы, тағы... кенет аяғының астында бұтақ сынып кетті. Тынысы тоқтап қалды, тың тыңдап еді - дыбыс жоқ меңіреу тыныштық. Гектің қуанышында шек болмады. Ол екі бұтақтың арасымен корабльге ұқсап бұрылды да, әрмен қарай жолға шыққасын өзін еркін сезініп табанын жалтыратып жүгіре жөнелді. Ол құйындатып валлилік шалдың фермасына жеткенше жүгірді. Қақпаны қатты ұрғаны сондай, шал мен оның еңгезердей екі ұлы терезеден бастарын шығарып қарады.
— Не тарсыл-гүрсіл? Кім есік соққан? Не керек?
— Тезірек кіргізіңізші! Бәрін айтамын!
— Ал сен кімсің?
— Гекльберри Финн! Тезірек ашыңызшы!
— Гекльберри Финн! Есікті шалқасынан ашатындай бұл белгілі тұлға емес қой! Дегенмен оны кіргізіңдер, естиік не болып қалғанын!
— Тек мұны айтқан мен екенімді ешкімге айта көрмеңіздер! — Есіктен кіргендегі Гектің алғашқы сөзі осы болды.
— Құдай үшін, әйтпесе мені өлтіреді! Жесір әйел ылғи маған жаны ашитын еді ғой, мен бәрін айтып берем, егер мені көрсетпеуге уәде берсеңіздер. — Құдай ақы бір нәрсе бар, ол босқа айтып тұрған жоқ, — деді шал. — Айта бер, сені ешкім де ұстап бермейді, жігітім.
Үш минуттан кейін шал ұлдарымен қару-жарақтарын алып тауға беттеді, кешікпей жолдың басталар жерінде тұрған сумах атты ағаштың бұталарының арасында қолдарына мылтықтарын алып әзір тұрды.
Гек олардың соңынан әрі қарай ермей, үлкен тастың артына тығылып, тың тыңдады. Қауіпті үнсіздік ұзаққа созылды, сосын кенет мылтықтар гүрсілдеп, айқай басталды.
Гек арғы жағын күткен жоқ. Ол тастың артынан атып шықты да, таудың етегіне қарай зымырап қаша жөнелді.
Отызыншы тарау
ТОМ МЕН БЕККИ ҮҢГІРДЕ
Жексенбі күні таңертең жерге жарық түсе бастағанда, Гек тауға өрмелеп шығып валлилік шалдың еппен есігін қақты. Бәрі ұйықтап жатыр, бірақ өткен түнгі мазасыздықтан кейін ұйқы да сергек еді. Терезеден айқайлады:
— Кім бұл?
Қорқып кеткен Гектің дауысы әрең шығып:
— Мені кіргізіңізші! Бұл мен, Гек Финн.
— Бұл есім айтылғанда, менің есігім әрқашан түнде де, күндіз де шалқасынан ашылады. Кір, айналайын, өз үйіңде отырғандай сезін.
Үйсіз-күйсіз бала мынандай сөздерді өмірінде бірінші рет естіп тұр, өмір бойы мұндай жылы сөзді оған ешкім айтқан емес. Бұрын өз үйіңде отырғандай сезін деп бір де біреу төріне шақырмап еді.
Есік тез ашылды да, Гек кірді. Оны отырғызып, шал тездетіп киіне бастады.
— Ал, балам, сенің әбден қарның ашқан шығар, сондықтан күн шыққан бойда ып-ыстық таңғы тамақ алдыңа келеді! Ал, біз ұлдарыммен сені кеше келеді деп күтіп, осында қонатын шығар деп едік.
— Мен қатты қорыққаным сондай, — деді Гек, — қашып кеттім. Мылтықтар атқылай бастағанда, мен зытып отырдым, тіпті үш миль бойы демалмастан жүгірдім. Ал, бүгін келгенім, не болғанын білгім келіп еді; таң ата келген себебім, ана албастыларға олар тіпті өлі болса да, тап болам ба деп қорықтым!
— Әй, бейшара бала! Сен түнде әбден шаршаған сияқтысың, — міне, саған кереует, тамақ ішкесін жатып демал. Жоқ, олар өлген жоқ, өкінішке орай. Сенің сөзіңнен біз оларды қайдан іздеу керек екенін білдік; аяғымызды ұшынан басып олардан он шақты қадамдай жерге жасырындық; ал жол бойы көр анадағы секілді тасқараңғы. Кенет мен түкіріп қалғаным! Өзімді ұстай алсамшы! Менің дауысымды естігесін, ана оңбағандар жыбырлап бұтаның арасына кіріп жоқ болды. Мен: "Атыңдар!" — деп айқайладым, өзім олар кеткен жақты көздеп жатырмын. Балалар да атқылады. Алайда жексұрындар қашып үлгерді, ал біз орманның ішімен қудық. Біреуіне де оқ тимеген секілді. Олар да бір-бірден оқ атты, бізге де тиген жоқ. Аяқтарының дыбысы басылуы мұң екен, біз жүгіріп отырып таудан түсіп, полицейлерді ояттық. Олар отрядты жинап өзен бойымен іздеуге кетті, ал жарық түсісімен шериф өз адамдарымен орманды түгел аралайды. Менің ұлдарым да барады. Сол оңбағандардың түр-түсі қандай екенін білсек, бізге көп көмек болар еді. Сен де түнде қарамаған шығарсың?
— Жоқ, мен оларды қалада көріп, соңдарынан ердім.
— Міне, тамаша! Ұсқындарын айтып берші, айналайын балақайым!
— Біреуі — сақау-саңырау испандық, оны қалада бір-екі рет көргенбіз, ал, екіншісі — қайыршы, үсті-басы алба-жұлба, бет келбеті қорқынышты.
— Жетеді, айналайын, бұларды біз білеміз! Мен өзім орман ішінде Дугластың үйінің маңынан көргем, сонда олар менен қашып кеткен. Ал, балалар, сендер барыңдар, шерифке бәрін айтыңдар, тамақты кейін ішерсіңдер!
Шалдың ұлдары сол бойда кетті. Гек ұшып тұра келіп, олардың соңынан есікке жүгірді.
— Құдай үшін, оларды көрсеткен мен екенімді айта көрмеңдерші! Құдай үшін!
— Жарайды, Гек, егер сен солай ұйғарсаң, ал, шынында бұл саған құрмет әкеледі ғой.
— Ой, жоқ, жоқ! Құдай ақы, керек емес!
Жастар кеткесін валлилік шал:
— Олар ешкімге айтпайды, мен де тісімнен шығармаймын. Ал сен неге басқалар білмесін дейсің? — деді.
Гек түсіндіргісі келмеді, тек олардың біреуі туралы бұл көп жайларды біледі, егер ол мұны білсе, Гекті, сөз жоқ, өлтіреді.
Шал үндемеуге тағы уәде берді де, тағы сұрады:
— Ал сен неге олардың соңынан ердің? Олар саған күдікті адамдар боп көрінді ме?
Гек нанымды себебін айтуға тырысып, сәл үндемей қалды. Сосын:
— Сізге қалай айтсам екен, мен өзім де солар секілді қаңғыбаспын ғой, — әйтеуір көп жұрт солай ойлайды, мен оларға өкпелемеймін, кейде сол үшін түні бойы ұйықтай алмайтын кездерім болады, басқаша өмірді қалай бастасам деп ойлаймын. Өткен түнде де солай болды. Ұйқым келмеді түн ортасында көшеде жүрдім, ойлап-ойлап ақыры трактирдің қасындағы ескі кірпіш қоймаға жеттім де, қабырғаға сүйеніп біраз тұрдым тағы ойланайын деп. Сол жерде әлгі екеуі қолтықтарына бірдеңені қысып алған жанымнан өте берді "Ұрлап алғандары болар", — деп ойладым. Олардың біреуі шылым шекті, екіншісі одан оттық сұрады, олар дәл менің қарсы алдыма тоқтап еді, сигардың оты олардың бетіне түсті, мен тани кеттім, көзіне қара жабыстырған ұзын бойлысы — сақау-саңырау испандық та, ал екіншісі жалба-жұлба киім киген біреу.
— Сен сонда қараңғыда киімін қалай көрдің?
Гек сәл шатасып қалды. Сосын әңгімесін жалғастырды.
— Өзім де білмеймін, әйтеуір көрдім.
— Сосын олар әрі қарай кетті де, сен соңдарынан ердің?
— Иә, мен ердім. Олардың не істегілері келіп жүргендерін білгім келді, — нағыз ұрылар секілді көрінді. Мен олардың соңынан еріп, жесір әйелдің шарбағына шейін бардым, қараңғыда жасырынып тұрдым да әңгімелерін естідім. Жыртық киімдісі жесір әйелді қорғады, ал испандық оның бет-аузын кескілеймін деп ант етті — айттым ғой сізге...
— Қалай? Сақау-саңырау осылай сөйледі ме?
Гек тағы қателік жасады. Испандықтың кім екенін шал біліп қалмауы үшін қаншама тырысқанмен тілі құрғыр көнбеді. Ол жалтарып көріп еді, шал бұдан көзін алмай қадалды, Гек одан сайын келістіре алмап еді, шал айтты:
— Қарағым, сен менен қорықпа. Мен саған ешқандай жамандық жасамаймын. Керісінше, сені қорғаймын. Ол испандық тіпті де сақау не саңырау емес, сен өзің сөз арасында айтып қалдың, оны түзей алмаймыз. Сен сол испандық туралы бір жайларды білесің және оны жасырғың келеді. Сен бекер сенбейсің маған. Қандай іс, сен айт, мен сені көрсетпеймін.
Гек бір минуттай шалдың адал көздеріне қарады да, еңкейіп оның құлағына сыбырлады.
— Ол ешқандай испандық емес — ол үнділік Джо!
Валлилік шал үстелінен секіріп кетті. Сәлден соң:
— Ә-ә, енді бәрі түсінікті. Сен мұрнының желбіршегін пышақпен кесемін, құлағын жұламын деген оның сөздерін айтқаныңда, мен сені қосып тұр ғой деп ойлағам, себебі ақ нәсілділер олай кек алмайды.
Ал үнділік — бұл басқа шаруа! — деді.
Ертеңгі тамақтың үстінде әңгімені жалғастыра отырып шал төсекке жатар алдында шам алып балаларымен шарбақ жаққа барып, тамған қан жоқ па екен деп қарағандарын айтты. Қан көрінбеді, бірақ үлкен түйіншек тауып алғандарын жасырмады.
— Ішінде не бар?
Егер сөз найзағай болса да, Гектің ағарып кеткен еріндерінен дәл осындай жылдамдықпен шыға қоймас еді. Ол көзі бақырайып, демалмай жауабын күтті. Шал да одан көзін алмай, таңдана қарады, үш секунд, бес, сосын он секунд қарады да:
— Жай, ұрылардың құралдары. Саған не болды өзі?
Гек орындықтың арқасына әрең демалған күйі шалқайып адам айтқысыз қуанды. Валлилік оған ұқыпты қарап, сосын:
— Иә, ұрлықшылардың құралдары. Осы хабарға сен қуанып қалғандайсың ғой? Соншама неге мазасыздандың? Сеніңше, біз не туралы айтуымыз керек еді.
Шал Гекті жарға тіреді. Оның сұрақ толы көзі Гекті әбден састырды. Ол жөнді жауапты құрастыру үшін дүниедегінің бәрін берер еді. Басына ешнәрсе келмей қойды. Шалдың сұрақ толы көздері онан сайын жеп барады. Тіліне мағынасыз бірдеңелер келеді. Ойланатын уақыт та жоқ, сосын ол даусын әрең шығарып, тәуекел бірдеңені айта салды:
— Мүмкін, жексенбілік мектеп үшін оқулықтар шығар?
Гек байғұс әбден ренжіді, тіпті күлімсірей де алмады, есесіне шал қарқылдап көңілдене күлді, оның үлкен денесі басынан аяғына дейін селкілдеп кетті. Сосын соңында мұндай дені сау күлкі қалтадағы ақшадан артық, өйткені дәрігерге аз төлейсің деді. Кейін:
— Әй, бейшара, сен сұп-сұр болып, еңсең түсіп кетті. Шамасы денің сау емес-ау деймін, — миың да шекеңе қарай қисайып кеткеніне таңдануға болмайды. Бәрі кетеді. Демаласың, ұйқыңды қандырғасын, бәрі де ойдағыдай болар деп ойлаймын, — деп қойды.
Гек өзін ақымақ етіп көрсеткеніне, толқығанына өкінді, өйткені бұл қаңғыбастардың әңгімесін тыңдағанда-ақ олардың арқалап жүргені байлық емес екенін түсінген. Дегенмен ол солай ойлаған болуы керек, табылған бума туралы естігенде өзін мазасыз ұстағаны. Жалпы алғанда ол осы болмашы хабардың өзіне қуанып кетті, ал оның қазына емес екенін білгесін жаны тынышталды. Бәрі ойдағыдай болғанына, қазына сол екінші номерде жатқан болса керек, қаңғыбастарды бүгін түнде ұстап, түрмеге жабады және бұлар Том екеуі осы кеште-ақ алтынды еш кедергісіз ештеңеден қауіптенбей қолға түсіреді.
Олар ертеңгі тамақтарын ішіп бола бергенде, есік соғылды. Гек атып тұрып, тығылуға жүгірді, басқалардың өткен түнгі оқиғаға мұның тікелей қатынасы бар екенін білдіргісі келмеді. Валлилық бірнеше әйелдер мен ер азаматтарға есік ашты, айтпақшы, олардың арасында жесір әйел Дуглас та бар, сосын ол оқиғаның болған жерін көруге асыққан бір топ қала тұрғындарын көрді. Яғни түнгі оқиға туралы жаңалықтан бүкіл қала хабардар. Шалға келген қонақтарға бәрін айтып беруге тура келеді. Жесір әйел оған алғысын жаудырып, өмірін сақтап қалғанына қайта-қайта рахмет айтты.
— Бұл туралы атай көрмеңіз, ханым. Сіз алғыс айтатын тағы бір адам бар, оның еңбегі менен де, менің балаларымнан да зор, ал бірақ өзі көрінгісі келмейді. Егер ол болмағанда, біз ол жерге бармаған болар едік.
Әрине, бұл әңгіме бәрін қызықтырғаны сондай, олар негізгі оқиғаны ұмытып кетті, валлилік шал қонақтарын оқиға желісіне қандырды, ал олар арқылы бүкіл қала білетін болады. Қонақтар әңгіменің бәрін естіп болғасын, жесір әйел:
— Мен төсекте кітап оқып жатып, ештеңе естімедім. Сіз келіп неге мені оятпадыңыз? — деді.
— Қажеті жоқ деп шештік. Қаңғыбастар қайта оралғылары келмеген болар, — құралсыз олар бәрібір ештеңе шығара алмас еді, бостан босқа түннің бір уағында сізді қорқытқанда не болар еді? Менің үш негрім таң атқанша сіздің үйді күзетіп шықты. Олар әлгінде ғана келді.
Тағы да қонақтар келді, валлилік оларға оқиғаны басынан бастап айтты.
Жексенбілік мектепте демалыс кезі болғандықтан сабақ жоқ еді, есесіне қала тұрғындарының бәрі ертемен шіркеуге жиналды. Жұрттың аузында — қаланы дүрліктірген оқиға. Қылмыскердің ізін де таба алмапты деседі. Шіркеуде өсиет айтылғаннан кейін Тэчер соттың әйелі Гарпер ханымды қуып жетіп:
— Менің Беккиім күні бойы ұйықтап жата ма? Ол өлгенше шаршайды ғой деп ойлағам, — деді.
— Сіздің Бекки ме?
— Иә. Ол сіздің үйге қонған жоқ па?
— Жоқ, не деп тұрсыз!
Тэчер ханым өң жоқ, түс жоқ орындыққа отыра кетті, дәл сол сәтте Полли апай бір құрбысымен әңгімелесіп, бұлардың жанынан өте беріп еді. Полли апай:
— Қайырлы таң, Тэчер ханым! Қайырлы таң, Гарпер ханым! Ал, менің балақайым ұшты-күйлі жоқ. Ол кеше сіздердің біреуіңіздің үйіңде қонған болар, сондықтан шіркеуге келуге қорыққан шығар деп едім. Оған қаттырақ айтпаса болмайды, — деді.
Тэчер ханым бұрынғыдан бетер түсі бұзылып, сәл ғана басын шайқады.
— Ол бізде қонған жоқ, — деді Гарпер ханым мазасызданып.
Полли апайдың бет әлпетінен шошып кеткені сезілді.
— Джо Гарпер, сен бүгін таңертең менің Томымды көрдің бе?
— Жоқ, көрмедім.
— Соңғы рет оны қашан көрдің?
Ол есіне түсіріп көріп еді, бірақ айта алмады. Шіркеуге келгендер шығатын есікке жетпей орта жолда тоқтады. Адамдар өзара сыбырласып, қобалжи бастады. Балалардан, жас мұғалімдерден де сұрады! Олардың ішінен де қалаға қайтқанда Том мен Беккидің пароходта болған-болмағанын ешкім білмеді. Қараңғы түсті, қыдыруға кеткендердің бәрі осында бар ма деген сұрақ ешкімнің басына келмеді. Ақырында жастардың бірі олар үңгірде қалып қойған жоқ па екен деп қауіптенді.
Тэчер ханым талып қалды. Полли апай қолын сындырып жылай берді.
Қауіпті хабар ауыздан ауызға, бір топтан екінші топқа, көшеден көшеге тарады, бес минуттан кейін қоңырау соғылып, бүкіл қала аяғынан тік тұрды. Кардиф тауында болған оқиға енді түк еместей болып қалды, дәулер туралы бәрі ұмытып кетті. Аттарын ерттеп, біреулері қайыққа отырды, пароход буын бұрқыратып қозғала берді және жарты сағат өтпей екі жүздей адам жолмен және өзенмен үңгірге кетті.
Ұзақты күн бойына қала елсіз, тіпті өліп қалған секілді күй кешті. Әйелдер Полли апайға, Тэчер ханымға барып, оларды жұбатуға тырысты. Олар бірге жылады, бұл құр сөзден гөрі пайдалы еді. Түні бойы қала хабар күтті, тек таң ата бірнеше сөзден тұратын хабар келді: "Тағы да шам және тамақ жіберіңдер". Тэчер ханым ақылынан адаса жаздады, Полли апай да сондай халде. Сот Тэчер үңгірден үмітке толы көңілді хабарлар жібергенмен, олар ешкімді де қуантпады.
Валлилік шал үйіне таңға жақын шаршап-шалдығып, майшамның майына малынып, балшық-балшық болып оралды. Гек температурасы көтеріліп, кеше оны жатқызған төсекте екен. Дәрігердің бәрі үңгірде, сырқат баланы күту үшін Дуглас апай келді. Қолынан келгеннің бәрін істейтінін, ол жаман болсын, жақсы болсын — құдай жаратқан бала, сондықтан оған қарамай, ауру күйінде қалдыруға болмайтынын айтты. Валлилік шал Гектің жақсы қасиеттері бар екенін байқады, ал жесір әйел:
— Күдіктенбеңіз. Бұл балада жаратқанның мөрі бар. Құдай ешкімді де ұмыт қалдырмайды. Ешқашан. Ол өзінің қолынан шыққанның бәрін ескереді, — деді.
Түске қарай бірқатар топтар әбден шаршап қалаға орала бастады, бірақ сәл-пәл сергектері іздеуді жалғастыра берді. Үңгірдің ең алыс бұрын адам бармаған бұрыштарына дейін аралады: адамның басы айналатын қараңғы дәліздердегі пәлендей тіршіліктің белгісі жоқ, алыста әр жерде жылтыраған оттар сирек те болса көрініп қалады.
Әлдеқайдан айқайлаған дауыстар, мылтықтың атылғаны жаңғырығып жетеді. Бір жерде жартасқа "Бекки мен Том" деп күйемен жазылған жазу тап болды, одан сәл жүргенде шамның майына былғанған лента табылды. Тэчер ханым лентаны танып еңіреп қоя берді. Бұл лента сүйікті қызынан қалған жалғыз белгі, өле-өлгенше шашына байлаған бұйым деді Тэчер ханым. Біреулер үңгірде әр жерде жарық сәуле көрінгендей болды дегенде, жиырма шақты адам солай қарай жапырлай жүгіріп еді, ол іздеушілердің бір тобы болып шықты.
Осылайша қорқыныш пен үрей құшағында үш күн, үш түн өтті: көңілсіз сағаттар бірінің соңынан бірі әрең жылжуда, ең соңында бүкіл қала үмітсіз уайымға бөленді. Жұрт не істерге білмеді. Ішпейтіндер қоғамына қарасты трактирде еденнің астына жасырып қойып виски сататындары кездейсоқ әшкере болғанда, бұл хабарға қала тұрғындары елең етпеді. Шынында, жайшылықта болса бұл жұрттың бәрін дүрліктіретін хабар еді.
Күйіп-жанып сандырақтап ауырған Гек сәл тәуір болып көзін ашқасын әлгі трактир туралы бірдеңелерді айта бастады. Ішпейтіндер қоғамының трактирінен бұлар іздеп жүрген қазына табылып қалды ма деп қауіптенген.
— Иә, табылды, — деді Дуглас апай.
Гек төсегінен атып тұрды да, көзі бақырайып:
— Не табылды? Не? — деді.
— Виски. Сосын, трактирді жауып тастады. Жат, айналайын, сен мені қорқыттың ғой!
— Маған бір нәрсені ғана айтыңызшы, тапқан Том Сойер ме?
Жесір әйел жылап қоя берді.
— Жай сөйлеші, айналып кетейін. Саған сөйлеуге болмайды! Сен қатты ауырып қалдың!
"Яғни вискиден басқа ештеңе таппаған екен. Егер алтынды тапса, бүкіл қаланы бастарына көтеріп шулар еді. Сонымен қазына жоғалды, енді табылмайды! Апай неге жылайды? Ол жылайтындай не болды екен?"
Осы ойлар Гектің басын кезіп, сосын ойдан шаршаған оның көзі ілініп кетті. Жесір әйел өзіне өзі сөйледі:
"Байғұс баланың көзі ілінді. "Том Сойер тапты ма?" Том Сойердің өзін біреу тапса ғой! Оны табамыз деп сенетіндер де сиреді, егер әрі қарай іздеуге күші жететін біреулер болса ғой!"
Отыз бірінші тарау
"ТАБЫЛДЫ ЖӘНЕ ТАҒЫ ЖОҒАЛДЫ"
Енді Том мен Беккиге оралайық та, өткендегі кеште ол екеуінің не істегенін көрейік. Олар барлық балалармен бірге қараңғы дәліздермен үңгірдің таныс ғажайыптарын тамашаласты. Үңгірдің "Қонақ бөлме", "Собор", "Аладдиннің сарайы" деген аттарына таңданысты. Көп кешікпей балалардың бәрі жасырынбақ ойнауға кірісті және Том мен Бекки де әбден сілелері қатқанша ойнады. Сосын олар шамды жоғары ұстап төмен қарай жүрді. Үңгірдің тас қабырғаларына күйемен жазылған есімдер, адрестер мен даталарды талдады. Олар осылай жүріп, әңгімемен қабырғаларда жазу жоқ үңгірге жеткендерін байқамай қалды. Екеуі қабырғаға аттарын жазды да, ілгерілей берді. Кешікпей олар жартастан сорғалап тұрған кішкене бұлақты көрді, оның суы ғасырлар бойы ағып жылтыраған, аппақ әктен шағын Ниагара жасапты! Том Бекки қуансын деп өзінің кішкентай денесімен бұлақтың жанына шығып жарық түсірді. Бұлақтың арт жағынан Том табиғи баспалдақ тапты: екі қабырғаның арасындағы жіңішке қуыстан өтсе, оған жетеді! Ол Беккиді шақырды, адасып қалмау үшін күйемен қабырғаға белгі салып, екеуі бақылауға шықты. Олар дәлізбен біресе оңға, біресе солға бұрылып ұзақ жүрді. Үңгірдің төменгі жағына түсіп бір белгі қалдырды, сосын тағы таңғаларлық не бар екен деп әрмен қарай жүре берді, ойы — көрген қызықтарын жоғарыдағыларға айту. Бір жерге келгенде олар кең үңгірге тап болды, төбеден адамның аяғы секілді серейген және жуан скалатистер салбырап тұр. Том мен Бекки таң-тамаша қалып, қабырғадағы коридорға бұрылды. Осы коридормен жүріп отырып шық секілді жылтыраған тастармен көмкерілген бұлаққа тап болды, бұл бұлақ үңгірдің ортасында тұр, ал оның қабырғаларын керемет колонналар тіреп тұр. Үңгірдің төбесінде бір-біріне тығылысқан жарқанат, әр топта мыңнан кем емес, жабысып тұр. Жарықты көрген жүз шақты жаман құс шырқырап шамға жармасты. Том бұлардың қылығын білетін еді, олардың қауіптілігін сезіп, Беккидің қолын ұстап, кез келген дәлізге жетелей жөнелді.
Дәл осы кезде жарқанат қанатымен қағып Беккидің шамын сөндіріп тастады. Жарқанаттар балалардың соңынан біраз қуды, бірақ қашқындар кездескен жаңа дәліздерге бұрылып, ақырында әйтеуір қауіпті сұмырайлардан құтылды! Кешікпей Том жер астындағы көлді тапты: көл беті күңгірт тартып, алыс бір жақтарға кететін сияқты. Том көлдің жағасын зерттегісі келіп кетті, бірақ әуелі біраз отырып демалып алған дұрыс деп шешті. Осы жерде үңгірдің адамды тұншықтыратын үнсіздігі балаларға өзінің суық қолын сұқты.
— Мен әуелі байқамап едім, алайда біз ешбір дыбыс естімегенімізге біраз болды ғой деймін, — деді Бекки.
— Өзің ойлап қарашы, Бекки, біз олардың астында өте тереңде тұрмыз, оның үстіне солтүстікке қарай ма, жоқ, оңтүстікке ме, болмаса, батысқа немесе шығысқа ма — әйтеуір олардың дауысы естілетін жерде емеспіз ғой.
Бекки мазасызданып қалды.
— Біз төменде көп болдық па, Том? Kepi қайтқанымыз дұрыс емес пе?
— Иә, әрине, қайтқанымыз дұрыс. Бәрінен дұрысы сол.
— Сен жолды таба аласың ба, Том? Үңгірде бәрі шатасып жатқан бірдеңе, менің есімде жоқ.
— Қайтатын жолды, әрине, табар едім, тек жарқанаттар болмаса... Олар екі шамымызды да өшіріп тастауы мүмкін, онда масқара боламыз. Одан да оларға соқпай, басқа бір жолмен кетейік.
— Жақсы. Мүмкін біз адаспаспыз. Ой, қандай қорқынышты! — деп қыз қорқынышты елестерден шошып қалды. Олар бір дәлізге бұрылып, соның бойымен біраз уақыт үнсіз жүрді, кездескен көлденең дәліздерге бұрын көрген жер емес пе деген үмітпен қарап қояды: бірақ ешбіреуі де таныс емес. Том жүретін жаңа жерді барлап қараған сайын Бекки жұбаныш іздеп одан көзін алмайды. Ал, ол:
— Ештеңе емес, бәрі дұрыс. Бұл бізге таныс жер емес, бірақ біз кешікпей оған жетеміз.
Алайда әрбір сәтсіздіктен кейін Томның көңілі төмендеп, бірте-бірте әбден ұнжырғасы түсіп кетті, сосын өздері іздеген галереяны табармыз деген үмітпен басы ауған жаққа бұрыла берді. Ол бұрынғыша бәрі дұрыс деп нығызданғанымен қорқыныш қорғасын болып жүрегіне қадалды, келбетінен "Бәрі бітті" деген ой көрініп тұрды. Бекки өлердей зәресі ұшып, Томға тығыла түсті, көз жасын қаншама жасырғысы келгенмен, тыйылатын емес.
Ақыры ол:
— Мейлі жарқанат бола берсін, бағанағы жолмен қайтайықшы. Әйтпесе одан сайын адаса береміз, — деді.
Том тоқтай қалды.
— Құлағың салшы! — деді.
Айналада тыныштық, тыныштық болғанда өлі тыныштық, екеуінің демалғандары ғана естіледі. Том айқайлады. Жаңғырық оның айқайын қайталап, бос дәліздер де жауап бергендей, соңында әлдеқайдағы біреудің қарқылдап күлгеніне айналғандай болды.
— Ой, қойшы, Том, өте қорқынышты, — деді Бекки.
— Қорқынышты болса да, айқайлау керек, Бекки. Мүмкін олар бізді естір. — Ол тағы айқайлады.
Бұл "мүмкін" деген сөз күлкіден қорқынышты еді, себебі ол үміттің бәрі жоғалды дегенмен бірдей. Балалар тың тыңдап ұзақ тұрды, алайда оларға жауап берген ешкім болмады. Бұдан кейін Том артына бұрылды да, тез-тез адымдады. Аз ғана уақыт өтті, Томның батылсыздау жүрісінен Бекки тағы бір қауіп туғанын сезді: ол қайтатын жолды таба алмай тұр.
— Ой, Том, сен неге белгі салмадың!
— Бекки, мен ақымақ болдым! Нағыз ақымақ! Біз келген жағымызға ораламыз деп ойламаппын. Жоқ, жолды таба алмаймыз. Әбден шатастым.
— Том, Том, біз адастық! Біз адастық! Біз мына қорқынышты үңгірден ешқашан шыға алмаймыз! Ah, біз неге басқалардан бөліндік!
Ол жерге отыра қалып, бақырып жылады, Том мынау өліп кетпесе не есі ауыспаса жарар еді деп шошып кетті. Том оның жанына отырып құшақтады. Бекки бетін оның кеудесіне жасырып оған жабыса түсті және қорқынышы мен пайдасыз өкініштерін айтудан тынбады, ал алыстағы жаңғырық оның дауысын күлкіге айналдырды.
Том күш жинап үміт үзбеуін өтініп жұбатып еді, олай істей алмаймын деді қыз. Том өзіне өзі ұрсып, Беккидің осындай күйге ұшырауына кінәлі екенін айтып еді, бұл көмектесті. Қыз күш жинауға тырысатынын, қазір тұрып ол қайда жүрсе де соңынан еретінін, тек Томның өзін кінәлауды қоюын сұрады.
Екеуінің кінәсі бірдей екенін және айтты.
Олар тағы да бастары ауған жаққа жүре берді. Тоқтамай жүре беруден басқа екеуінде лаж жоқ. Үміт аз уақытқа болса да оларға күш бергендей болды, үміттендірер ештеңе болмаса да, адамның жас кезінде және көп қауіп-қатерге ұшырай қоймаған кезінде үміт сәулесі мүлде сөнбейтіндігінен.
Кешікпей Том Беккидің шамын алып сөндірді. Бұл қажетті үнемшілдік еді. Ешқандай түсіндіру болмады. Бекки бәрін түсіне қойды да, тағы тұнжырап қалды. Ол Томның қалтасында тағы бір бүтін шам барын білетін, сонда да үнемдеу керек.
Кешікпей шаршау басталды, балалар оған көнгілері келмей тырысты: әр минут санаулы болса, олар қалай отырады, қай жаққа болса да, әйтеуір қозғалса құтқарылулары мүмкін, ал отыру — өлімді шақырып, оның келуін тездету.
Ақырында Беккидің әлсіз аяқтары оған қызмет етуден бас тартты. Ол демалуға отырды. Том оның қасына отырды, екеуі туыстарын, достарын, жұмсақ төсекті сосын жарықты еске алып әңгімеледі. Бекки жылады, Том оны жұбатуға тырысты, бұрын да бірнеше рет естіген әңгімелер болғандықтан қызға әсер ете қоймады. Бекки әбден шаршап ұйықтап кетті. Том бұған қуанды. Ол жанында отырып, Беккидің жүдеу жүзіне қарады, көңілді түстерден оның беті бұрынғыдай жайдары болып көрінді. Қыздың тынышталған қалпы Томды да тыныштандырды және күш жинауға көмектесті — ол бұрынғы кездерді есіне алды. Ол ойға шомып ұзақ отырды, кенет Бекки көңілді күлкімен оянды да, бірақ ол күлкі сол сәтте езуінде тұрып қалды да, ыңқылға ауысты.
— Мен қалай ұйықтап қалдым. Менің ешқашан оянғым келмейді. Жоқ, жоқ! Енді ұйықтамаймын, Том! Маған бұлай қарамашы! Мен бұлай сөйлемейтін боламын.
— Сенің ұйықтай алғаныңа қуаныштымын, Бекки; сен демалып алдың, енді екеуміз шығатын есікті табамыз.
— Байқап көрейік, Том. Мен түсімде бір керемет елді көрдім. Менің ойымша, кешікпей біз сонда боламыз.
— Мүмкін болармыз, мүмкін болмаспыз. Көңіліңді көтер, Бекки, сосын шығатын есікті іздейміз.
Олар тұрып, бір-бірінің қолдарынан ұстап пәлендей үміт болмаса да, ілгері жүрді. Екеуі үңгірде қанша болғандарын білгісі келіп ойласып еді — бірнеше апта осында болғандай сезіністі. Алайда бұлай болуы мүмкін емес, себебі майшамдары әлі таусылған жоқ. Көп уақыт өтті, дәл қанша екенін олар білмеді, сосын Том тыңдайық, судың тамғаны естілсе, бізге бұлақ табу керек деді. Кешікпей олар бұлақты тапты, Том тағы демалу қажеттігін айтты. Екеуі де әбден қалжырап шаршаған, бірақ Бекки әлі де жүре алатынын айтты. Томның келіспегені қызды таңдандырды. Неге екенін түсінбеді. Олар отырды, Том майшамды сазбен қабырғаға жабыстырып қойды. Екеуі де ойланып, үнсіз отырды. Сосын Бекки:
— Том, тамақ ішкім келіп тұр! — деді.
Том қалтасынан бір нәрсе шығарды.
— Есіңде ме? — деп сұрады.
Бекки әлсіздіктен әрең күлімсіреді.
— Бұл біздің тойымыздың пирогы ғой, Том.
— Иә, арбаның дөңгелегіндей болса ғой, ал басқа ештеңе жоқ бізде, әрине, өкінішті.
— Той иелері әдетте мұндай пирогты жастықтарының астына қояды, мен де кейін солай істермін деп едім...
Сөзінің соңын айтпады. Том пирогты екіге бөліп, жартысын Беккиге берді, ол рахаттана жеп алды, ал Том өзінің бөлігінің шетін ғана тістеді. Салқын су көп, пирогпен ішуге әбден болады.
Әрі-беріден соң Бекки жүрейік деп ұсыныс жасады.
Том үндемей отырды да:
— Бекки, сен менің айтқанымды тыңдай аласың ба? — деді.
Бекки сұп-сұр болып кетті, бірақ тыңдай аламын, — деді.
— Ендеше, Бекки, бізге осы жерде қалу керек ішетін су бар.
Мынау біздің ең соңғы шамымыз.
Бекки көз жасына ерік берді. Том қолынан келгенше жұбатып бақты, бірақ одан көмек болмады. Ақырында Бекки:
— Том! — деді.
— Сен не, Бекки?
— Бізді іздейді, сосын табады!
— Иә, әрине. Іздейді.
— Мүмкін, бізді іздеп жүрген шығар, Том?
— Иә, іздеуде болар. Олай болса, жақсы, әрине.
— Олар бізді қашан табады, Том?
— Пароходқа барғасын біледі деп ойлаймын.
— Том, онда қараңғы түсіп кетеді. Олар біздің жоқ екенімізді байқамайтын шығар?
— Білмеймін. Сенің анаң басқалар үйлеріне келгесін, сені іздей бастайды.
Беккидің қорыққанын бетінен байқаған Том қателік жіберіп алдым деп ойлады. Беккиді бұл түні үйінде күткен жоқ еді. Балалар үнсіз қалып ойланды. Минут өтпей Бекки тағы еңіреп жылай бастады, Том оның ойына анасы қызының Гарпер ханымның үйіне қонбағанын жексенбі күні ғана білетіні түскенін білді.
Балалар майшамның кішкене қалдығына қарап, қашан сөнетінін қауіптене күтті. Майшам сығырайып өшіп барады. Кешікпей көзге түртсе ештеңе көрінбейтін қараңғылық басталды.
Қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде Бекки өзінің Томның құшағында жылап отырғанын байқады. Екеуі де ұйқылы-ояу көп отырғандарын білді, сосын өздерін бақытсыз сезініп қайта оянды. Том бүгін жексенбі, мүмкін тіпті дүйсенбі шығар деді. Ол Беккиді әңгімеге қаншама тартқысы келгенмен, қыз қайғыдан көтеріле алмай және бар үміті үзілгендей күйде еді. Том бұлардың жоқ екенін біліп, енді іздеуге кіріскен болу керек деді. Ол айқайлады, мүмкін біреу-міреу айқайды естіп келер. Алайда қараңғыда шыққан жаңғырық үні қорқынышты естілді де, Том одан кейін айқайламады. Сағаттар бірінен соң бірі өте берді, кешікпей тұтқындарды аштық азаптай бастады. Томда пирогтың өзіне тиген бөлігінің жартысы қалып еді, екеуі бөліп жеді. Бірақ онан сайын қарындары ашты — әлгі кішкене пирог әбден тәбетті ашып жіберді.
Кенет Том айтты:
— Тс-тс! Естідің бе сен?
Екеуі дем шығармай тыңдай қалды. Оларға алыстан әлсіз естілген айқайға ұқсас бір дыбыс естілгендей болды. Том сол бойда Беккидің қолынан ұстап алып айқайлады да, айқай естілген жаққа қарай дәліздің бойымен жүре берді. Аздан кейін ол тағы тың тыңдады, жаңағы айқай тағы естілді, сол жақыннан шыққан секілді.
— Бұл солар! — деді Том. — Олар келе жатыр! Тезірек, Бекки, енді бәрі жақсы болады!
Балалар қуанғаннан естері шыға жаздады. Алайда асығуға болмайды, өйткені аяқ басқан сайын шұңқыр, сақтанбасқа болмайды. Кешікпей олар бір шұңқырға тап болды және сол жерге тоқтауға тура келді. Мүмкін ол шұңқырдың тереңдігі үш фут, тіпті жүз фут болар, әйтеуір оны айналып өтуге болмайды. Том екпетінен шұңқырдың ернеуіне жатып, қолын созып еді, қолына ештеңе ілікпеді. Яғни, шұңқыр терең.
Іздеушілер келгенше осы жерде қалуға тура келді. Екеуі тың тыңдады. Алыстан естілген айқайлар бір түрлі алыстап бара жатқандай. Бірер минут өткенде айқай естілмей кетті. Уайымнан жүректері жарыла жаздады, Том дауысы қарлыққанша айқайлады, бірақ бұдан ештеңе шықпады. Ол Беккиді үміттендіріп сөйлегенмен, ешқандай дыбыс естілмеді. Балалар аяқтарының ұшымен еппен басып бұлаққа баратын жолды тапты. Уақыт өтіп болмады: олар ұйықтап кетті де, сосын қарындары ашып, уайымнан естері кетіп оянды. Бүгін сейсенбі шығар деп ойлады Том.
Кенет оған ой келді. Жап-жақын жердегі үңгірдің бүйірінде бірнеше дәліз бар. Ештеңе істемей, уайым шегіп отырғанша, барлауға шыққан артық емес пе? Том қалтасынан жыланды байлайтын жіпті алып, жартасқа бір шетін байлады да, Бекки екеуі жолға шықты. Том жіпті тарқатып алдында жүрді. Жиырма қадамнан кейін коридор бітті — алда тік жартас. Том тізерлеп отырып, қолын төмен созды. Сосын бұрыштың сыртына қарай қолын сала беріп еді, жартастың арғы жағынан шамамен жиырма қадамдай жерде шам ұстаған біреудің қолы көрінді! Том айқайлап жіберді — кенет қолдың арғы жағынан үнділік Джоның тұлғасы шыға келді! Том тұрған жерінде қатты да қалды, орнынан қозғалуға шамасы жоқ. Келесі минутта, өзінің бақытына қарай, "испандық" қаша жөнелді де, жоқ болып кетті. Том үнділік Джоның сотта оны көрсеткен мұның дауысын танымағанына және өлтірмегеніне Том таңғалды. Шамасы жаңғырық дауысын өзгертіп жіберген болар. Әрине, солай деп ойлады Том. Қорыққаннан ол әбден әлсіреп, егер әлі жетсе кері бұлақ басына жетіп, енді үнділік Джоның қолына түспеу үшін аяғын қия баспауға бекінді. Үнділік Джоны көргенін Том Беккиден жасырды, жай айқайлап едім деді.
Алайда аштық пен уайым қорқыныштан күшті екенін көрсетті. Бұлақтың қасында отырып сарсылып күтуден әлсіреген олар тағы да ұйықтап қалды. Балалар аштықтың азабынан оянды. Томға бүгін сәрсенбі, мүмкін бейсенбі болмаса, тіпті жұма немесе сенбі шығар, бұларды іздеуді қойғандай көрінді. Ол тағы бір дәлізді көргісі келді. Ол үнділік Джодан не басқа қауіп-қатерден қорықпайтынын сезді. Бірақ Бекки тіпті әлсіреп қалды. Уайым мен көңілсіздік қызды әбден жеңді, енді оны ешнәрсемен қозғау мүмкін емес. Ол осы жерде өлетінін және көп күтудің қажеті жоғын айтты. Бекки Томның жіпті алып дәліздерді қарауына рұқсат етті, әрине, қарағысы келсе, тек жиі-жиі мұның қасына келіп сөйлесуін, бұдан басқа, ең қорқынышты сәт келгенде Томның мұның қасынан бір минут та кетпеуін және ең соңына дейін қолын Том ұстап отыруын өтінді.
Том Беккиді сүйіп алды, тамағына өксіктің түйіні жақындап қалғанын сезіп, бұларды іздегендерді қарсы алатынына, үңгірден шығатын есікті табатынына сендіруге тырысты. Содан кейін ол жіпті алып еңбектеп дәліздің біреуіне шықты, аштықтан өліп бара жатқандай сезінгенде, өлім жақын-ау деп ойлады.
Отыз екінші тарау
"ШЫҒЫҢДАР! ТАБЫЛДЫ!"
Сейсенбі басталып еді. Күн іңірмен алмасты. Санкт-Петербург қаласы жоғалған балаларды жоқтап, әлі жылап-еңіреуде. Олар табылмады. Бүкіл қоғам болып олар үшін шіркеуде дұға оқыды, бірқатар үйлер де жандары қалмай бала-шағасымен жалбарынуда, бірақ үңгір жақтан әлі күнге дейін хабар жоқ. Көптеген тұрғындар іздеуді қойып, енді ол балалар табыла қоймас деп өздерінің үйреншікті шаруаларына кірісті. Тэчер ханым қатты ауырды және ылғи сандырақтап жатады. Оның жылағанын естігенде адамның жүрегі жарыла жаздайды, жастықтан басын көтеріп қызын шақырады, құлағын салып тыңдайды, сосын ыңқылдап қайта жатады. Полли апай сары уайымға салынып, бұрыннан бурыл тартқан шашы тіпті ағарып кетті. Сейсенбі күнгі кеште шағын қала қайғыға оранып, бар үмітін үзіп ұйқыға кетті.
Кенет түн ортасында шіркеудің қоңырауы сарнап қоя берді және бір минуттың ішінде көшелердің бәрі шала киінген адамға толды, олар: "Шығыңдар! Шығыңдар! Олар табылды. Олар табылды!" — деп айқайлап жүр. Қоңырауды даңғырлатып, темір ыдыстарын алып шығып ұрып жүр, бүкіл қала Том мен Беккиді қарсы алу үшін өзеннің жағасына қарай жүгірді. Ал оларды ашық арбаға салып, "ура" деген дамылсыз айқаймен басты көшемен үйлеріне шығарып салды.
Шағын қаланың оттары қайта жарқырады, ешкім төсекке бас тигізбеді, қала тұрғындарының өміріндегі нағыз салтанатты түн осы болды. Алғашқы жарты сағатта адамдар бірінен соң бірі Тэчер соттың үйіне топ-тобымен кіріп, аман қалған балаларды құшақтап сүйіп, Тэчер ханымның қолын қысып құттықтасты, әрқайсысы бірдеңе айтқысы келді, бірақ ешқайсысы ештеңе айта алмай, үйден шыға беріп көз жастарын төгіп бара жатты.
Полли апай нағыз бақытты сезінуде, Тэчер ханым да солай. Бұл ханымға енді бір ғана нәрсе жетпей тұр: үңгірге жіберілген хабаршы мұның күйеуіне қуанышты айтып жеткізсе екен. Том қоршаған тыңдармандардың ортасында диванда жатып өзінің бастан кешкендерін адам сенбестей әдемілеп, біраз ойдан шығарғандарын қосыңқырап айтып беруде.
Соңында ол Беккиді тастап, шығатын есік іздеп кеткенін, екі галереядан өтуге жібінің жеткенін, үшінші галереяға бара бергенде алдыңғы жақта алыста бір жарық көрінгенін, ол күндізгі сәулемен жарқыраған Миссисипи мұның көз алдында толқындарын айдап жатқанын ертегідей етіп айтып берді. Ол Беккиге қайта оралып, қуанышты хабарды жеткізгенде, қыздың осындай бос әңгімемен азаптамауын, себебі ол тез арада өледі, тіпті өлгісі келетінін айтты. Сосын ол жарық көрінген жаққа Беккиді апарып екеуі жағада отырып, қуаныштан жылағандары да бір тарих, осы кезде белгісіз бір адамдар кішкене қайықпен кетіп бара жатқанын, Том оларға үңгірден әрең шығып, аштан өле жаздап отырғандарын айқайлап айтқанда, әлгілер бұған әуелі сенбей, үңгір бұл арадан бес мильден артық жерде жоғарыда екенін айтты, дегенмен бұларды қайықтарына отырғызып бір үйге әкелгендерін, тамақ бергендерін, сосын екі-үш сағат демалдырып, қараңғы түсе бұларды үйге әкелгендерін баяндады.
Таң ата Тэчер сот өзінің аз ғана көмекшілерімен үңгірден табылды, онда да олардың соңындағы жіптің көмегімен тауып, қуанышты хабарды жеткізді.
Үңгірде аштан-аш қаңғырған үш күн, үш түн Том мен Бекки үшін бостан-бос өтпепті. Олар сәрсенбі, бейсенбі күндері орындарынан тұрмастан төсекте жатты. Том бейсенбіде басын көтерді, жұма күні қалаға шықты, ал сенбіде әбден сауықты. Есесіне Бекки жексенбіге дейін өзінің бөлмесінен шыға алмады, ауыр науқастан тұрғандай күйде еді.
Том Гектің сырқат екенін естіп, жұма күні оның көңілін сұрауға барды, бірақ ол жатқан бөлмеге мұны кіргізбеді, сенбіде және жексенбіде де Том досын көре алмады. Келесі күндерден бастап оны Гекке күн сайын жіберетін болды, бірақ оның мазасын алатын әңгімелер айтуға болмайтынын ескертті. Жесір әйел Дуглас Том кірген кезде бөлмеде қалды. Том Кардиф тауындағы оқиға жайлы және өткелдің маңынан "жалба-жұлба киінген" қаңғыбастың өлігі табылғанын (шамасы, қашам дегенде суға құласа керек) тек үйге келгесін естіді.
Үңгірден шыққаннан кейін екі жұмадай өткенде Том Гекпен кездесуге кетті. Бұл кезде Гек едәуір әлденіп, қандай да әңгімені естуге болатын күйде еді. Том өзінің айтатын әңгімесі Гекті қызықтырады деп ойлады. Жол бойы Тэчер соттың үйіне кіріп, Беккидің халін сұрады. Тэчер мырза мен оның таныстары Томмен әңгімелесті, тіпті біреуі үңгірге енді барғың келмей ме деп әзілмен сұрады. Том қарсы еместігін айтты. Сот:
— Том, сенің жалғыз еместігіңе мен күмәнданбаймын. Бірақ біз өз шараларымызды қабылдадық. Ендігі жерде ол үңгірде ешкім де адаспайтын болды.
— Неге?
— Өйткені осыдан екі апта бұрын мен үңгірдің аузына темірмен қаптаған үлкен есік қойдырдым және үш бірдей құлып салынды, ал ашқыш кілттер менде.
Том кіләңкөрдей аппақ болып кетті.
— Саған не болды, балақай? Тезірек келіңдер! Бір стақан су әкеліңдерші!
Суды әкеліп, Томның бетіне шашты.
— Міне, сен өзіңе өзің келдің. Саған не болды, Том?
— Тэчер мырза, онда, үңгірде, үнділік Джо!
Отыз үшінші тарау
ҮНДІЛІК ДЖОНЫҢ ӨЛІМІ
Бірнеше минут өткенде бұл хабар қаланы түгел аралап шықты және аузы-мұрнынан шыққан он шақты қайық Мак-Мугалдың үңгіріне қарай тартты, оның соңынан іші-сырты жолаушыларға толы шағын пароход кетті. Том Сойер Тэчер мырзамен бір қайықта отыр. Үңгірдің есігін ашқанда жұрттың қайғылы көрініске көзі түсті. Үнділік Джоның өлі денесі есік алдында жатыр екен, өзінің қайғы мен сағыныш толы көздерін анау есіктің арғы жағындағы жарық та қуанышты еркін дүниеге, есіктің қиығынан сығалаған күйі етпетінен жатыр, Том өзі басынан кешірген оқиғадан білетін болғандықтан бір түрлі жаны ашығандай толқып кетті. Жанашырлық сезімі қылтиып бас көтергенмен Том кәдуілгідей жеңілденіп қалды, сонау күні сотта қаныпезер буданға қарсы сөйлегеннен бері қорқыныш шынжыры оны қаншалықты құрсаулағанын енді сезінді.
Үнділік Джоның аңшылық пышағы екіге бөлініп қасында жатыр. Есіктің төменгі жағындағы ауыр бұрысты пышақпен ойып-ойып бейшара шаршаса керек.
Үнділік Джоға әл бермеген, тек пышағын сындырыпты.
Ол есіктің төменгі бұрысын сындырған күнде де, таспен бастырған есіктің сыртына шыға алмас еді. Мұны үнділік Джо біле тұра өзінің шаршап біткен ақылын алаңдатып уақыт өткізу үшін әуреленген болуы керек. Әдетте қабырғалардың жарығында туристер тастап кеткен ондаған майшамның қалдықтары болатын, енді олар да жоқ. Тұтқын сипалап тапқандарын жеп қойды. Жаман құстың да бірен-саранын ұстап, сирақтарынан басқасын жеп алды. Бақытсыз байғұс аштан өлген. Ол төбедегі сталагмиттің жоғары жағын сындырып, сол тасты ойып сыйғызды. Сол арқылы үш минут сайын бір тамшы таматын ылғалды қорек еткісі келген болса керек. Ол тамшының өмірбаяны ұзақ: пирамидалар салынып жатқанда, Троя талқан болған кезде, Римнің алғашқы үйі салынғанда, Христосты азаптағанда, Вильгельм жаулап алушы Ұлыбританияның негізін қалағанда, Христофор Колумб саяхатқа шыққанда үңгірдегі үш минутта десерттік қасық толатын тамшы бар болатын. Ол қазір де тамып тұр және тама береді. Осының бәрі кешегі күн деп қабылданғанда, тіпті тыныштық түні келгенде де тамады. Дүниедегі заттың бәрінің мақсаты мен міндеті бола ма?
Мынау тамшы бес мың жыл бойы бір кезде қоңыздай бір бейшараның шөлін қандыруы үшін тамып тұрғаны ма? Енді бір он мың жылда тағы бір міндетті орындауы керек пе? Бәрібір емес пе. Қаныпезер буданның теңдесіз қымбат ылғалды жинау үшін тасты ойғанына да көп-көп жылдар өтті, бірақ Мак-Дугалдың үңгіріндегі ғажайыптарды көріп сүйсінуге келген туристер ең алдымен буданның ойған тасын қызықтайды. Үнділік Джоның тас тостағаны үңгірдің бірінші кереметі болып есептеледі, тіпті "Аладдиннің сарайы" да онымен салыстыруға келмейді.
Үнділік Джоны үңгірге кіретін жерге көмді, адамдар оны жерлеуге қатынасу үшін қайықпен, арбамен маңайдағы қалалардан, ауылдар мен фермалардан келді, олар өздерімен бірге балаларын, түрлі тамақтар әкелді және бұл жерлеу қылмыскерді жазалаумен бірдей әсер етті деп риза болысты. Осы жерлеу тағы бір істің — үнділік Джоға рақымшылық жасау туралы губернаторға өтініштің тоқтатылуына себеп болды. Өтінішке көп адам қол қойған еді, түрлі жиындар болып, талай көздің жасы төгілген, талай қызыл сөз айтылған, жылауық, мисыз әйелдерден комитет құрылып, олар қаралы киіммен губернаторға жылап барып, одан өзінің қайырымды есек екенін көрсетуін өтінген болатын. Үнділік Джо қаланың бес тұрғынын өлтірді. Иә, онда не тұр екен? Егер ол албастының өзі болған күнде де, оны құтқаруға өтініш айтатын ақымақтар губернаторға жылап-еңіреп барар еді.
Жерлеудің ертесіне Том маңызды оқиға туралы айту үшін Гекті оңаша жерге апарды.
Томның басынан кешкендері жайлы Гек валлилік шал мен жесір әйел Дугластан естіген, бірақ Том Гектің олардан бәрін естімегенін, себебі олар бір жайды білмейтінін, сол туралы сөйлескісі келетінін айтты. Гектің түсі бұзылып кетті.
— Не туралы екенін мен білемін, — деді Гек. — Сен екінші номерде болдың, вискиден басқа ештеңе таппадың. Ешкім маған мұны айтқан емес, бірақ виски жайлы естігенде мен сен екеніңді біле қойдым, сенің ақшаны таба алмағаның белгілі болды, әйтпесе ешкімге айтпасаң да, маған бір хабарын берер едің. Менің ойымша, ол ақша бізге бұйырмайды, Том.
— Не айтып тұрсың, Гек, мен трактирдің иесін ешкімге көрсеткен емеспін. Біз сенбі күні саяхатқа кеткенде, трактир ашық болғанын өзің білесің ғой. Сол түні сен өзің қарауылда тұруға тиіс болғаның есіңде жоқ па?
— Аһ, иә! Содан бері жыл өткен секілді. Ол менің үнділік Джоның соңына түсіп, жесір апай Дугластың үйіне дейін барып аңдыған түнім ғой.
— Оны аңдыған сен бе?
— Иә, бірақ сен тісіңнен шығарма. Үнділік Джоның достары қалған шығар — олардың маған ашуланып, қастандық жасағаны керек еді маған! Егер мен болмасам, ол ендігі Техаста отыратын еді.
Осыдан кейін Гек өзінің құпия оқиғасын айтып берді. Том бұл әңгіменің жартысын ғана валлилік шалдан естіген.
— Ал, енді — деді негізгі мәселеге қайта оралған Гек, — кім екінші номерден вискидің бөшкесін алса, ақшаны да сол алған, қалай болғанда да, ол ақша енді бізге жоқ, Том!
— Гек, ол ақша екінші номерде тіпті де болмаған!
— Қалай сонда? — Гекльберри жолдасының көзіне тура қарады. — Том, сен сол ақшаның ізіне түскеннен саумысың?
— Гек, ол ақша үңгірде!
Гектің көзі жайнап кетті.
— Қайтала, не айттың, Том!
— Ақша үңгірде!
— Том, үнділік шын сөзің бе? Сен әзілдеп отырсың ба, жоқ, рас па?
— Рас, Гек, мұндай шындықты мен әлі ешкімге айтқан емеспін. Үңгірге барып менің ақшаны алуыма көмектескің келе ме?
— Келгенде қандай! Тек онда белгілер арқылы бару керек, әйтпесе адасып жүрсек.
— Гек, бұл бізге түкке тұрмайтын шаруа.
— Міне, керемет! Ал сен не ойлайсың — ақша со...
— Тоқта, сол жерге жетіп алуды айт сен! Егер біз ештеңе таба алмасақ, мен саған барабанымды берем, менде не бар — соның бәрін берем! Құдай ақы!
— Жарайды, қол алысайық. Қашан баруды ойлайсың?
— Тіпті қазір болса да, барғың келсе. Күшің жете ме?
— Ал ол үңгірдің есігінен алыста ма? Менің тыным көрмей жүргеніме үш пе, төрт пе күн болды, жайлап жүремін тек бір мильден артық жүру қайда маған!
— Егер басқалар секілді жүрсек, бес мильдей. Ал мен басқа жолды білмеймін, қысқа жолды, ол жерде ешкім жүрмейді. Гек, мен сені қайықпен апарам. Барғанша — келгенше ескекті өзім есемін. Сен қолыңды қимылдатпайсың.
— Қазір кетейік!
— Жақсы. Нан мен ет, екі-үш қап жіп алайық.
Сосын күкіртті шырпы деп аталатын жаңа бір нәрселер бар, содан бірнешеуін. Білесің бе, солардың менде болмағанына мен бірнеше рет өкіндім.
Түстен кейін балалар қала тұрғындарының бірінен қайық алды, өзі үйде жоқ екен, екеуі жолға шықты.Үңгірге кіретін жерге бірнеше миль қалғанда, Том айтты: — Мына жарды көріп тұрсың ба, үңгірге кіретін жер осы ғана. Анау жердегі құламада ақ белгі бар, көрдің бе? Менің белгім сол. Енді біз жағаға тоқтаймыз.
Олар қайықтан түсті.
— Ал, Гек, сен тұрған жерден қармақ салғандай жіпті лақтырсақ, кіретін есікке жетеді. Қане, сен тауып көрші.
Гек айналаны түгел шолып, есікті таба алмады. Том мақтанған кескінмен қалың бұталардың арасына кірді де:
— Міне, ол! Қара, Гек, мұндай ыңғайлы кіретін есік еш жерден табылмайды. Тек сен ешкімге айтпа! Мен баяғыдан қарақшы болуға әзірленіп жүрмін ғой, тек оңтайлы жер табылмай жүр еді — қайдан іздеуге болады деуші едім. Енді ондай жер табылды, біз ешкімге айтпаймыз, Джо Гарпер мен Бен Роджерске айту керек шайка болу үшін, онсыз қандай қызық ойын болады!
Том Сойердің шайкасы — керемет қой, Гек, рас емес пе?
— Иә, жаман емес, Том. Ал, біз кімді тонаймыз?
— Адам аз ба? Тығылып аңдимыз — ылғи солай болады.
— Өлтіре ме сосын?
— Жоқ, тек кейде. Тұтқындарды олар ақы төлегенше үңгірде ұстаймыз.
— Ақы төлеу деген не?
— Ақша. Таныстарынан қарыз алуға зорлаймыз; ал тұтқындар бір жылға дейін төлемесе, өлтіресің. Бәрі солай жасайды. Тек әйелдерді өлтірмейді. Әйелдерді тұтқын етіп ұстайды, ал бірақ өлтірмейді. Олар ылғи сұлу, бай және қит еткеннен қорқады. Олардың сағатын, заттарын аласың — тек өте кішіпейіл, жұмсақ сөйлесіп, басыңнан қалпағыңды алуың керек. Тонаушылардан асқан қарапайым да кішіпейіл адам бұл дүниеде болған емес, мұны сен кезкелген кітаптан оқи аласың. Сосын әйелдер саған ғашық болады, үңгірде әрі-бері тұрғаннан кейін жылау-сықтауларын қояды, тіпті ол жерден шығара алмайсың. Егер оларды қуып жіберсең, айналып-айналып, бір кезде қайтып келеді. Барлық кітапта солай жазылған.
— Міне, керемет, Том! Менің ойымша, бұл теңіз қарақшысы болғаннан әлдеқайда артық қой.
— Артық болмағанда! Үйге жақын, қол созым жерде цирк, тағы да не керек.
Енді бәрі әзір болды, балалар інге кірді. Том алдыңғы жақта еңбектеп барады. Олар әрең дегенде жердің соңына жетіп, жіптің басын сол жерге байлады да, алға жылжыды. Бірнеше қадамнан кейін бұлақтың басына жетті. Том өзінің басынан аяғына шейін денесі дірілдеп кеткенін сезді. Ол Гекке қабырғаға өзі жапсырған білтенің қалдығын көрсетіп, Бекки екеуінің осы жерде жалпылдап сөне бастаған майшамға қарап отырғандарын айтып берді.
Балалар сосын сыбырлап сөйлесе бастады, себебі мылқау тыныштық пен үңгірдің қараңғылығы шаршата бастады. Олар екінші дәлізге жеткенше жүре берді, одан үлкен шұңқыр да қашық емес. Майшамның жарығымен қарағанда ешқандай шұңқыр жоқ та, биіктігі жиырма, отыз фут болатын сазды құлама жар бар екен, Том:
— Қазір мен саған бір нәрсе көрсетемін, Гек, — деді.
Ол майшамды жоғары көтерді де:
— Бұрыштан әрірек сонау жаққа қарауға тырыс. Көрдің бе? Әне, анау үлкен тастың үстінде — шамның күйесімен жазылғанды?
— Ей, ол крес қой!
— Ал сенің екінші номерің қайда? Крестің астыңғы жағында ғой, солай ма? Дәл осы жерде мен қолында майшамы бар үнділік Джоны көрдім.
Гек құпия белгіге ұзақ қарады, сосын дірілдеген үнмен:
— Том, кетейікші осы жерден! — деді.
— Қалай! Қазынаны тастап па?
— Иә, тастап, үнділік Джоның рухы жақын жерде жүрген шығар.
— Жоқ, бұл жерде емес. Гек, тіпті де бұл жерде емес. Ол үнділік Джоның өлген жерінде, үңгірге кіретін жерде, бұл жерден бес миль қашықтықта.
— Олай емес. Ол осы маңда, ақшаның айналасында жүр. Рухтардың құлқын мен білмеймін бе? Өзіңе де белгілі ғой. Том Гектің айтып тұрғаны дұрыс-ау деп қауіптене бастады. Көлденең бір нәрсенің болатынын сезгендей қиналды.
Бірақ кешікпей оған бір ой келді.
— Тыңдашы, Гек, біз екеуміз қандай ақымақпыз! Үнділіктің рухы крес бар жерде жүре ме?
Себеп дұрыс еді. Ол Гекті көндірді.
— Ал мен ойламаппын, Том. Бұл дұрыс. Мұнда крестің болғаны екеумізге жақсы болды ғой. Біз енді төменге түсіп, сандықты іздейміз.
Том жол бойы саз баспалдақтарды сындыра бірінші болып түсті. Гек артында.Үлкен тас жатқан шағын үңгірден төрт жаққа жол бар екен. Балалар үшеуін түгел қарады, ештеңе таба алмады. Олар тасқа жерден онша терең емес шұңқырды көрді, онда жерде жайылған жамылғы ескі белбеу, шошқаның терісі, әбден ақсиғанша мүжілген екі-үш тауықтың сүйектері жатыр. Бірақ сандық жоқ. Олар тынбастан іздеді, іздеді, бәрі бос болды.
— Ол крестің астында деп еді ғой. Ал креске ең жақын жер осы. Тастың астында болуы мүмкін емес. Себебі тас жерде тереңде жатыр.
Олар бәрін тағы қарап шықты, сосын шаршап, демалуға отырды. Гек ештеңе ойлап таба алмады. Кенет Том айтты:
— Тыңда, Гек, тастың бір жағында іздер бар, шамның майы жерге тамған, ал басқа үш жағында ештеңе жоқ. Сен қалай ойлайсың, неге? Меніңше ақша тастың астында. Қазір сазды қаза бастаймын.
— Бұл ойың дұрыс, Том, — деп Гек біраз сергіп қалды.
Том Барлоу фирмасының айтулы пышағын тастың астыңғы жағына сүңгітіп еді, шамамен төрт дюймдей тереңдікте пышақ ағашқа тиді.
— Гек, естіп тұрсың ба?
Гек те көрді қолмен қаза бастады. Кешікпей тақтайлар көрінді, олар суырып алды. Тастың астыңғы жағында жарық бар екен.
Том сонда түсіп, шамды төмен түсіріп қарап еді, түгел көре алмады. Ол барып қараймын деді. Еңкейіп тастың астына түсті; жіңішке жол төмен қарай кетеді екен. Том әуелі оңға бұрылды, сосын солға, Гек оның соңынан қалмай келеді. Енді бір бұрылыстан өте бере Том айқайлап жіберді.
— Құдайым-ай, Гек, қара, қара!
Алдарында ана жолғы ақша толы сандық, ол кішкене үңгірде тұр; сол жерде бос оқ-дәрі салатын бөшке, былғары қапты екі мылтық, екі-үш ескі бәтеңке, былғары белбеу, қабырғадан аққан тамшыдан су-су болған тағы бірдеңелер.
— Ақыры жеттік-ау, — деді Гек қоңырайған монеттерді қопарып отырып. — Енді екеуміз байлармыз, Том!
— Гек, мен бұл ақшалардың қолымызға тиюі керек деп ылғи ойлайтынмын. Сенер-сенбесіңді білмейсің тіпті, бірақ қолымызға тиді! Енді қазатын ештеңе жоқ, қане, шығайық! Сондықтан мен көтере алар ма екем, берші маған.
Сандық елу фунттай екен. Том көтеруін көтергенмен, алып жүруге ыңғайсыз әрі өте ауыр.
— Өзім де солай ойлап едім, — деді ол — Елестер тұратын үйден олар сандықты алып шыққан кезде-ақ көрінген. Мен байқағам. Қаптарды алып шығуды ұмытпағаным қандай жақсы болды.
Кешікпей ақша қаптарға салынды, балалар крестің астындағы тасқа көтеріп әкелді.
— Мылтықтарды да, басқаны да алайық, — деді Гек.
— Жоқ, Гек, оларды осында қалдырамыз. Бұлардың бәрі біз қарақшы болғанда керек болады. Заттарды осында қоятын боламыз және жынойнақты да осында жасаймыз. Нағыз лайықты орын.
— "Жынойнақ" деген не?
— Мен қайдан білейін. Қарақшыларда ылғи болады, яғни бізге де керек. Ал кеттік, Гек, көп отырып қалдық. Күн кешкіріп қалған шығар. Қарын да ашты. Қайыққа жетіп тамақ ішеміз, шылым шегеміз.
Кешікпей сумахтың шытырман бұталарының арасынан шықты, айналаға қауіптене қарап, ешкім жоқ екенін көрді, екеуі қайыққа отырып, шылым шекті, тамақтанды. Күн батысқа қарай еңкейген кезде, олар жағадан қалаға қарай жүрді. Том қайықты жағамен есіп келе жатып, Гекпен әңгіме соқты, қараңғы түскен бойда жағаға тоқтады.
— Әңгіме былай, Гек, — деді Том. — Біз ақшаны жесір әйелдің пішен қорасына жасырамыз, ал таңертең мен келемін, сосын біз ақшаны санаймыз, содан кейін бөлеміз, орманнан жер табамыз, ол жерде ешкім қозғалмайды. Сен осы жерде отыр, бақыла, мен Бенни Тейлордың арбасын әкелемін бір минутта келем.
Ол жоқ болып кетті, кешікпей арба алып келді де, оған екі қапты салды, үстіне ескі-құсқы нәрселермен жауып, арбаны сүйреп жолға шықты. Валлилік шалдың үйінің қатарына келгенде балалар демалуға тоқтады. Олар енді қозғала беріп еді, шал баспалдаққа шығып дауыстады:
— Ей, бұл қайсың?
— Гек Финн мен Том Сойер!
— Өте жақсы! Бері жүріңдер, балалар, бәрі тек сендерді күтіп отыр. Тезірек келіңдер, алдымен жүріңдер, ал мен арбаларыңды апарайын. Не бар мұнда? Кірпіш пе әлде темір сүймен бе?
— Темір сүймен.
— Өзім де солай ойлап едім. Біздің қалада бала біткеннің бәрі темір жинап, зауытқа тапсырып тиын-тебен алуды көздейді, ал жұмыс істеуге жоқ. Адам солай жаратылған. Қане, тезірек жүріңдер!
Балалар неге асығу керек екенін білгілері келді.
— Мазаланбаңдар, қазір бәрін білесіңдер, тек жесір әйел Дугластың үйіне келейік.
Гек қауіптене сөйледі (ол әуелден солай үйренген).
— Джонс мырза, біз ештеңе істегеніміз жоқ.
Валлилік күлді:
— Білем ғой, Гек, балақайым. Ештеңе білмеймін.
Жесір әйел саған жаман қарай ма?
— Жоқ. Ол маған жақсы қарайды.
— Онда неге барғың келмей тұр? Неге қорқасың?
Гек бұл сұрақты шешіп үлгермеді, Том екеуін жесір әйел Дугластың үйінің қонақ бөлмесіне итеріп кіргізген кезде оның ақыл-ойы өте жай жұмыс істеді. Джонс мырза арбаны есік алдына қалдырып, өзі де балалардың соңынан ішке кірді.
Қонақ бөлме жап-жарық, онда осы қаладағы салмағы бар деген адамның бәрі жиналыпты. Тэчерлер осында екен, Гарперлер, Роджерстер, Полли апай, Сид, Мери, Пастор, жергілікті газеттің редакторы, тағы көптеген адам және бәрі мерекедегідей киінген. Жесір әйел башпайларынан бастарына дейін балшыққа былғанған балаларды мәртебелі қонақтардай шынайы көңілмен, ерекше мейіріммен қарсы алды. Полли апай ұялғаннан қызарып, қабағын түйіп, басын шайқады. Ал балалар өздерін қонақтардың бәрінен нашар сезінді. Джонс мырза айтты:
— Том әлі үйіне кірген жоқ, мен оны таба алмаспын деп ойлап едім, сол бойда есігімнің алдынан кездесе кетті, мен бұларды осында алып келдім.
— Өте жақсы жасадыңыз, — деді Дуглас апай. — Жүріңдер, балалар.
Ол екі баланы ұйықтайтын бөлмеге апарып:
— Енді жуыныңдар, киініңдер. Міне, екеуіңнің костюмдерің, көйлек, шұлық — бәрі осында. Мынау Гектің костюмдері. Жоқ, алғыс айтпа, Гек, Джонс мырза біреуін, мен біреуін сатып алдық. Бұлар сендердің екеуіңе де керек. Киініңдер. Біз сендерді күтеміз, ал сендер өздеріңді ретке келтіріп, төмен түсіңдер, — деді де, өзі кетіп қалды.
Отыз төртінші тарау
АЛТЫН АҒЫС
Гек айтты:
— Том, жіп табылса, терезеден түсетін. Терезе жерден онша биікте емес екен.
— Ақымақтық, не үшін терезеден түсеміз?
— Мен мұндай топқа үйренген емеспін. Шыдай алмаймын. Мен төменге бармаймын, біліп қой.
— Қойшы әрі! Түкке тұрмайды. Мен қорқып тұрғаным жоқ қой. Сен де қорықпа, мен қасыңдамын ғой.
Сид көрінді.
— Том, — деді ол, — апай күні бойы сені күтті. Мери сенің жексенбілік костюміңді дайындады, сен үшін мазаланды. Айтыңдаршы, сендердің көйлектеріңдегі қайдағы балшық, қайдағы майшамның күйесі мен майы?
— Мырза, өзіңнің қатынасың жоқ затқа басыңды сұқпа! Сен одан да айт, не болайын деп жатыр?
— Жесір апайдың үйінде әдеттегідей кеш. Бүгін валлилік шал мен оның балаларының құрметіне Дуглас апайды ана жолы құтқарып қалғандары үшін. Егер көңілің соқса, саған бір нәрсе айтайын.
— Не айтасың?
— Мынаны айтам: Джонс мырза бүкіл халықты таңғалдырғысы келеді; оның Полли тәтеме айтып жатқанын естіп қалғам, енді ол құпия емес. Жұрттың бәрі біледі, тіпті Дуглас апай ештеңе білмейтіндей көрінгенмен, бәрін біліп отыр. Джонс мырза Гектің осында болуын қалады, Гек болмаса оларда ештеңе де болмайды, түсінесің бе?
— Қандай құпия, неменеге?
— Гек туралы, ол бандиттерді аңдыды ғой. Джонс мырза жұрттың бәрін таңғалдырам деп жүр.
Сид қуана күлді.
— Сид, сен жұрттың бәріне айттың ба?
— Саған бәрібір емес пе кім айтқаны? Біледі екен — жарайды.
— Сид, бүкіл қалада оңбаған бір адам бар — ол сен. Егер Гектің орнында сен болсаң, таудан сырғанап түсіп, бандылар туралы тірі адамға айтпай зытып отырар едің. Тек оңбағандық жасаудан басқа қолыңнан ештеңе келмейді, ал біреулерді жақсылықтары үшін мақтап жатқанды жек көресің ғой. Міне, ал сыбағаңды, алғыс айтпа, керек емес.
Том Сидтің құлағынан тартып, құйрығына теуіп есіктен шығарып жіберді.
— Бар, тәтейге жаманда, егер батылдығың жетсе, сонда ертең тағы да сыбағаңды аласың.
Бірнеше минуттан кейін жесір әйелдің қонақтары үстел басына жиналып, кешкі тамаққа отырды, ал балалар үшін шағындау үстелдерді қабырғаның жанына қойыпты — сол замандағы сол жердің әдеті бойынша. Джонс мырза өзінің қысқа сөзінде Дуглас жесірге өзіне және ұлдарына көрсеткен құрметі үшін салтанатты түрде алғыс айтатын сәт келді. Сөзінің соңында қарапайым да кішіпейіл тағы бір адам...
Осылай да осылай, тағысын тағы. Ол болған оқиғаға Гектің қандай қатысы бар екенін өзінің драмалық ойлау жүйесімен шебер суреттеді, бірақ жұртқа әңгіме бұдан гөрі қызық та бақытты оқиғалар жайлы болса, көбірек әсер еткен болар еді. Дегенмен жесір әйел таңғалған кейіппен Гекке соншалық көп жақсы сөздер айтып оны мақтағанда, ол үстіндегі су жаңа костюмінің азабын ұмытып кетті, өйткені жұрттың бәрінің мұншалықты ықылас-ілтипатына бөленуден асқан азап жоқ секілді.
Жесір әйел Гекті тәрбиелегісі келетінін, сосын ақша болған кезде оның өз ісін бастауына көмектесетінін айтты. Осы жерде Томға кезек тиді. Ол айтты:
— Гекке ақшаның қажеті жоқ. Оның өзі бай.
Қонақтар қоғамда адамның өзін қалай ұстауы керектігі жайлы ұғымды естеріне түсіріп мына ақылмен айтылған әзілге ризалықпен жамырай мәз болғылары келгенмен, күлкілерін әрең-әрең тыйып отырды. Бірақ үнсіздік бір түрлі ыңғайсыз болды. Тыныштықты Том бұзды:
— Гектің ақшасы бар. Сіздер мүмкін сенбей отырған шығарсыңдар, ал оның ақшасы көп. Күлетін ештеңесі жоқ, сіздерге көрсете аламын. Бір минут күте тұрыңдар.
Том жүгіріп есіктен шығып кетті. Қонақтардың бәрі аң-таң, әуелі бір-біріне сосын сұраулы жүзбен Гекке қарасты, ал Гектің тілі біржола байланып қалды.
— Сид, Томға не болды? — деп сұрады Полли апай. — Ол, ой, бұл баладан бәрін күтуге болады...
Осы кезде есіктен екі қапты арқасына салып, мықшиып еңкейген Том кірді, Полли апай сөзін аяқтай алмай қалды. Том алтын теңгелерді үстел үстіне жайып салды:
— Miне, мен сіздерге не айттым?! Жартысы Гектікі, ал жартысы менікі!
Мынадай көріністен кейін қонақтардың тынысы тарылып кетті. Олар алтынға көздерін сатып сөз айтуға шамалары келмеді. Сосын бәрі түсіндіруді талап етті. Том қазір бәрін айтамын деді де, айтып берді. Әңгіме ұзақ болғанмен өте қызық болады.
Бәрі ауыздарын ашып тыңдады, ешкім бір де сөз қоса алмады. Әңгіме біткенде, Джонс мырза:
— Мен керемет сюрприз дайындадым деп жүрсем, менікі түк болмай қалды ғой, — деді.
Ақшаны санай бастады. Он екі мың доллардан сол артық екен. Отырғандардың ешқайсысы, кейбіреулерінің байлығы бұдан көбірек болғанмен, бірден мұндай көп ақшаны көрмепті.
Отыз бесінші тарау
ТӘРБИЕЛІ ГЕК ТОНАУШЫЛАР ТОБЫНА КІРЕДІ
Том мен Гектің тапқандары жүдеу шағын қала Санкт-Петербургтің тұрғындарының ақыл-ойын жаулап алғанына оқушы әбден сенуіне болады. Осынша көп ақша және қолма-қол, тіпті мүмкін емес! Тұрғындардың әңгімесі сол туралы, қызығып та, қызғанып та жүргендер жетерлік, көптеген тұрғындардың қатты толқығандары сондай, тіпті, ақыл-естеріне зақым келді. Қалада және айналадағы ауылдарда тақтаймен жабылған жердің бәрін қопарып, үй-үйді де тексеріп, тіпті үйдің фундаментінің астын қазып қойма іздейтін болды және балалар емес, кәдімгі орнықты азаматтардың өздері солай істеді. Том мен Гек қайда барса да, оларға құрмет көрсетіп, мақтап-мадақтап сүйсініп, жұрттың бәрі олардан көздерін алмайтын болды. Бұрын бұлардың сөзіне құлақ салатын ешкім балалардың есіне түспеді, енді Том мен Гектің айтқанын жұрттың бәрі қайталап, сөздерін қағып алады, олар не істесе де керемет іс істегендей қабылданады. Қалалық газет екеуінің өмірбаянын жазып жариялады.
Жесір әйел Дуглас Гектің ақшасын банкке салды, ал сот Тэчер Полли апайдың өтініші бойынша, Том үшін де солай істеді. Балалардың әрқайсысына көп пайда түсетін болды — әр күн сайын бір доллар, ал жексенбі күні жарты доллар. Пастордың алуға тиісті қаржысымен бірдей, тек оған уәде бергендері болмаса, қолына мұндай ақша тиген емес. Ол кездерде аптасына бір жарым доллар алатын баланың сол ақшаға пәтер мен үстел алуына, оқуына, киінуіне, жуынып-шайынуына болатын. Сот Тэчер Том Сойер туралы жоғары пікірде болды. Ол жай бала болса, оның қызын үңгірден аман алып шыға алмас еді. Мектепте Бекки үшін Томның шыбыртқымен жазаланғанын қыз әкесіне құпия етіп айтқанда, сот әбден толқыды; Томның бар кінәны өзі мойындап, қызды құтқару үшін өтірік айтып жаза алғанын естігенде, Тэчер мырза ол нағыз қасиетті өтірік, Георг Вашингтонның жұрт мақтаныш ететін шындығымен бірдей деп әбден тебіренді. Бекки өзінің әкесінің дәл осындай сенімді де байсалды болғанын көрген емес; сот бұл сөздерді айтқанда кілемнің үстімен әрлі-берлі жүріп, тіпті еденді теуіп қалды. Бекки жүгіріп Томға барып, бәрін айтып берді.
Сот Тэчер Томды бір кезде ұлы заңгер немесе ұлы қолбасшы болады деп үміттенді. Томның ұлттық әскери академияға түсуі үшін өзінің бар күшін салатынын айтты, одан соң елдегі ең мықты оқу орнында заң ғылымдарын оқып бір немесе екі мамандыққа даярлануына болады деді.
Гек Финнің байлығы, мүмкін оның жесір әйел Дугластың тәрбиесінде жүргені оны зиялы қоғамға итеріп кіргізгендей болды және содан ол адам төзбейтін азапты басынан кешірді. Жесір әйелдің қызметшісі мұны киіндіреді, жуындырады, шашын тарайды, киімін үтіктейді, сүттен де ақ тап-таза төсек-орын, жаймаларды ескі досындай кеудесіне басуына болады. Тәрелкеден тамақ жеп, пышақ пен айыр алу, әдейі орамалмен аузы-басын сүртіну, шәшкеден ішу; сабаққа дайындалу, шіркеуге бару; соншалық кішіпейілділікпен сөйлесу керектігінен оның сөз айтуға зауқы соқпайтын болды; қалай бұрылсаң да, жан-жағыңның бәрі өркениеттің темір торы мен кісені оны еркіндіктен айырып, қол-аяғын матап тастады.
Үш апта бойы ол осы қасіреттің бәріне көнді, сосын бір күні қашып кетті. Жесір әйел әбден мазасызданып, екі тәулік бойы барлық жерден іздеді. Жұрттың бәрі көмекке келді, тіпті өлі денесін табармыз деп өзенге тор тастап та көрді. Үшінші күні мал соятын қасапхананың ескі үйінің арғы жағындағы бос бөшкелерден іздеу Томның ойына келді және солардың бірінің ішінде жатқан қашқынды тауып алды. Гек сонда қонып, тіпті жейтін бірдеңелерді жымқыруды да ұмытпапты, ертеңгі тамағын ішіп алып, шылым шегіп талтайып жатыр екен. Ол жуынбаған, шашын да тарамаған, үстінде баяғы жақсы күндерде оған көрік берген жалба-жұлба киім. Том оны бөшкеден суырып алып, оның жұрттың бәрін әуреге салғанын айтты, үйге қайтуын талап етті. Гектің бет-әлпеті бұзылып:
— Айтпа маған, Том. Мен үйде болып көрдім, ештеңе шықпайды, ештеңе, Том. Соның бәрінің маған түкке қажеті жоқ. Мен ондайға үйренбегенмін. Жесір әйел мейірімді, мені ренжітпейді, тек оның тәртібі маған ұнамайды. Күнде бір сағатта тұру керек, жуынуды бұйырады, шашымды тарайды, тіпті бәрін жұлып бітті; ағаш қорада ұйықтауға рұқсат етпейді, оның үстіне шайтан алғыр әне бір костюмді кию керек, оны кисең тұншыға жаздайсың, ауа кірмейді денеңе, оның тазалығы сондай не жата алмайсың, не жерге аунай алмайсың; оның үстіне шіркеуге бар, терлеп-тепшіп сонда тұр — мен ақыл-өсиеттерін тыңдағым да келмейді, жынымды құрыстырады! Шыбын аулама, әңгімелеспе, жексенбіде күні бойы аяғыңа шәрке киіп жүр. Жесір әйел қоңыраумен тамақ ішеді, қоңыраумен ұйықтайды, тұрғанда да — қоңырау, ол үйде бәрі рет-ретімен, оған адам қалай төзеді!
— Иә, жұрттың бәріне де солай ғой, Гек!
— Том, менің басқаларда шаруам жоқ. Мен басқалар емеспін, мен шыдай алмаймын. Тұла-бойыңды арқанмен шырмап қойғандай. Тамақ та еш қиындықсыз келеді — тіпті жегің келмейді. Балық аулағың келе ме — рұқсат сұра, өзенге түсесің бе, тағы рұқсат сұра, бір жерге барғың келіп тұр - рұқсат сұра, шайтан алсын бәрін! Ал қаттырақ сөйлеу, ұрсысу деген атымен жоқ, содан сөйлескісі де келмей қалады екен, үйдің төбесіне шығып тыныс ал, болмаса өл. Шылым шегуге рұқсат етпейді, айқайлауға болмайды, есінеуге де, керіліп-созыла алмайсың, жұрттың көзінше қасынуға рұқсат жоқ және ылғи құдайға жалбарыну. Мен мұндайды көрген емеспін. Тек көмектес, қимылда! Өмір сүргің келмей кетеді! Қашып кетуге тура келді, Том, ештеңе істей алмайсың! Оның үстіне жақында мектеп ашылады — менің сонда баруым керек. Сонымен мен шыдай алмадым. Білесің бе, Том, байлық дегенде ешқандай жақсылық жоқ, біз бекер ойлаппыз. Ал мына үстімдегі киім, мына бөшке — бәрі маған ұнайды. Мен енді одан айырылмаймын.
Том, мен ешқашан мұндай оқиғаға ұрынбас едім, егер анау ақша болмаса; менің үлесімді сен алшы, ал маған он центтен беріп тұрсаң жетеді, бірақ жиі емес, мен ақшаның тегін келмегенін жақсы көремін. Сосын жесір апайға түсіндірші, маған ренжімесін.
— Білесің бе, Гек, мен олай беттей алмаймын. Ол жақсы емес. Ал сен біраз шыдап көр, мүмкін саған ұнап кетер.
— Ұнап кетер! Иә, сен ыстық табаға кішкене отырып көрші — мүмкін саған да ұнайтын шығар. Жоқ, Том, байлықтың маған қажеті жоқ, ендігі жерде мен оңбаған, адамды тұншықтыратын үйлерде тұрғым келмейді. Маған орманда, өзеннің жағасында, сосын мына бөшкеде тұрғанұнайды — мен осы жерде қаламын. Бәрін де шайтан алсын! Қарашы, қолымызға мылтық түсіп, үңгірге тұруға мүмкіндік туған кезде, біз қарақшы болуға әзір болған кезде, осындай көлденең тап болып, бәрін бүлдіргенін!
Том ыңғайлы сәтті пайдаланды.
— Гек, тыңда, мен байығаныммен, бәрібір қарақшылыққа кетемін.
— Қойшы, ей! Мен жерге кіріп кетейін, ал сен мұны шын айтып тұрсың ба, Том?
— Шын болғанда қандай. Тек білесің бе, Гек, біз қарақшылар шайқасына сені ала алмаймыз, егер киімің жаман болса.
Гектің қуанышы су сепкендей басылды.
— Қалайша алмайсыңдар? Теңіз қарақшылығына осы киіміммен қалай қабылдадыңдар?
— Ой, бұл тіпті басқа шаруа. Қарақшылар теңіз қарақшыларынан жоғары болып есептеледі. Олар барлық елдерде ең белгілі рудан шыққандар — герцогтар, тағы аз ба неше түрлі мықтылар.
— Том, сен әрқашан менімен дос болдың. Не, сонда мені мүлде қабылдамайсың ба? Қабылдайсың ғой, а, айтшы, Том?
— Гек, мен сені қабылдар едім, бірақ жұрт не айтады? Айтады; "Ой, Том Сойердің шайқасын қой — ылғи жаман, жыртық бірдеңе!" Бұл сен туралы, Гек, сенің өзіңе де ыңғайсыз болады, маған да.
Жан дүниесіндегі күрестен тас-талқаны шыққан Гек көпке дейін үнсіз отырды. Ақырында айтты:
— Жарайды ендеше, жесір әйелдің үйінде тағы бір ай тұрып көрейін; мүмкін, шыдармын, егер мені шайкаларыңа қабылдасаңдар, Том.
— Жақсы, Гек! Мұны мен түсінемін! Барайық, ақсақал, мен жесір әйелден сені аз жәбірлеуді сұраймын.
— Жоқ, сен, Құдай ақы, өтінесің ғой? Бұл керемет! Егер ол апай өзінің тәртібімен тиісе бермесе, мен ептеп шылым шегер едім, ұрсысып та қалармын, әйтеуір жарылып кетсем де шыдап бағам. Сен шайканы қашан жинайсың, қашан тонаушылыққа кетесің?
— Қазір де жинай аламын. Мүмкін бүгін кешке жиналып, жоралғы өткізерміз.
— Ол не өзі?
— Жұрттың бәрі бір-біріне көмектесуге, шайканың құпияларын сені бөлшектесе де ешкімге айтпауға; ал егер шайканың бір мүшесіне басқа біреу тиіссе, оның өзін де, барлық туыстарын да өлтіруге ант береді.
— Сонда бір сайран салады екенбіз!
— Әрине! Антты дәл түн ортасында береді: ант беретін орын ең қорқынышты, тірі жан жоқ жер болуы керек — ең жақсысы иесі жоқ, елестер ғана тұратын үйде, бірақ оның бәрін қопарып қазып тастады.
— Әрине! Антты табыттың үстінде айтып, өзінің қанымен қол қоюы керек.
— Міне, нағыз шаруа! Теңіз қарақшысы болғаннан миллион рет артық! Өлсем де, жесір әйелде тұрамын, Том; ал егер менен нағыз қарақшы шықса, бұл туралы ел ішінде әңгіме болады да, жесір апай мені тәрбиеге алғанына өзі де мақтанатын болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бұл шежіре осылай аяқталады. Шежіре баланың тарихы болғандықтан, осы жерде тоқтауы керек, ал егер жалғасатын болса, үлкен адамның тарихы болады. Үлкен адам жайлы роман жазсаң, қай жерге нүкте қою керектігін — үйлену тойында — алдын ала білесің; ал балалар жайлы жазсаң, өзіңе ыңғайлы жерге қоюға тура келеді.
Осы кітаптағы көптеген кейіпкерлер әлі өле қойған жоқ және бақытты өмір сүріп жатыр. Мүмкін автор біраз уақыт өткесін жас кейіпкерлердің тағдыры жайлы айналысқысы келсе, олардан қандай адамдар шыққанын көргісі келсе, олардың қазіргі өмірі жайлы әңгімелеудің қажеті жоқ.
Орыс тілінен аударған Фариза Оңғарсынова
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі