Михаил Лермонтовтың туындылары
Михаил Лермонтовтың туындылары
1828-1836 ЖЫЛДАРДАҒЫ ӨЛЕҢДЕР
1828
Күз — Өлеңнің соңы белгісіз. Автографта Лермонтов өз қолымен "1828" деп жазған.
Купидонның жаңылуы. Басқа кейбір өлеңдерімен қатар бұл өлеңін де Лермонтов "кене әуенде" жазған. Ол — Лермонтовтың пансиондық әдеби үйірмеде болғандығының әсері, оны ақын, латын тілінен аудармашы С.Е.Раич басқаратын.
Ақын — Өлеңнің тақырәыбын С.Е.Раич ұсынған.
1829
Достарға — Өлең ақынның пансиондағы жақын досы Д. Д. Дурновқа (1813-?) арналған.
Романс — "Московский вестник" журналын шығаруға белсене қатысқан ақын және сыншы С.П.Шевыревтың Италияға кетуіне байланысты жазылған.
Портреттер — Бұл өлең пансионда бірге оқыған жолдастарына арналған.
Орыс әуені — Лермонтов бұл өлеңді Раичқа көрсету үшін Дурновтың атынан жазып берген.
... ға — Лермонтовтың соңғы жазбасына "А.С." деген жазу бар. Ол ақынның құрдасы, шешесінің немере сіңлісі Анна Столыпина болса керек.
Романс — Лермонтовтың соңғы жазбасына қарағанда бұл өлең Д.Дурновқа арналған.
Үш мыстан — Шекспирдің "Макбет" трагедиясын Шиллердің қайта өңдеуіндегі І актінің 4-көрінісінің толық емес аудармасы.
Нинаға — Шиллердің "Эммаға" атты өлеңінің аудармасы.
N. N.-ға — Мих. Сабуровқа арналған өлеңге ұқсайды.
Черкес қызы — Ақынның 1825 жылы Кавказға сапар шегуі және Теректегі "Шелковое" имениесінде болуы өлеңге негіз болған.
Жауап — Ақынның алғашқы шығармаларының бірі. Кейінгі жылдардағы өлеңдеріне тән ғұмырнамалық негіздерден ада, сентиметальді-романтикалық сипаты басым өлең.
Қос сұңқар — фольклорлық түрге алғаш назар аударуынан туындаған, халықтық жыр поэтикасын еске салатын балаң шақтың өлеңі.
Менің Демоным — 1829 жылы ойлап қойған поэмасына кірісуіне байланысты жазылған өлең. Демон образы Лермонтовта Пушкиннің "Демон" атты өлеңінің әсерімен туған.
К............. — Кімге арналғаны белгісіз.
Баллада — Шиллердің "Сүңгігіш" және "Перчатка" атты балладаларына еліктеу.
Биялай — Шиллердің балладасынан ықшамдалған аударма.
Бесіктегі сәби — Шиллерден аударма.
Дұға — Бұл келеке өлеңге құдайға табыну, "иманның қыл көпірі" және еркін шығармашылық дегендердің бір-бірімен сыйыспайтын құбылыстар екендігі туралы ойлар негіз болған.
1830
Жұлдыз (Көкте жалғыз...) — Бұл өлең 1832 жылы Лермонтов шығармақшы болған таңдамалы лирика кітабының беташары болуға тиіс еді.
Кавказ — 1830 жылы жазылған өлең. Ақын 1825 жылдың жазын Кавказда өткізгенде тоғыз жасар қызбен танысады. Осы таныстықтың әсерін 1830 жылғы 8 шілдедегі жазбаларында келтірген.
Н.Ф.(Иванова)ға — Наталья Федоровна Ивановаға арнау. 1830 жылы жазылған. Наталья Федоровна Иванова — драматург Ф.Ф.Ивановтың қызы. Лермонтовпен қарым-қатынасы кейіннен үзілген.
Жазғытұры — 1830 жылдың бас кезінде жазылған.
Түн — Байрон өлеңдерінің әсерімен жазылған.
Ботагөз — Австрия ақыны Август Платеннің осы тақырыптағы өлеңінің өңделіп аударылған нұсқасы.
Жалғыздық — Ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі. Кейіннен, ақын мен оны қоршаған орта арасындағы қайшылықтан туындаған осы жалғыздық сарыны бүкіл поэзиясының тұрақты желісіне айналды.
Альбомға — Е.А.Сушкованың айтуынша, Лермонтов бұл өлеңді соның альбомына жазған. Өлеңнің екінші шумағы Байронның осы аттас өлеңінің еркін аудармасы. Кейіннен 1836 жылы ақын Байрон өлеңіне қайта оралып, түпнұсқаға барынша жақын аударма жасаған.
Жасын — Алғашқы өлеңдерінің бірі. Лирикалық қаһарман мұнда табиғат құбылысын сырттай бақылап, әңгімелеуші ретінде көрінеді.
Еврей сазы — Бұл өлең Байрон өлеңінің аудармасы да, нұсқасы да емес, Байрон тақырыбының Лермонтовтағы жырлануы.
Жаңбырдан соңғы кеш — Лермонтовтың балаң кезіндегі медитативті-пейзаждық өлеңі. Середниковода жазылғанға ұқсайды. Алғашқы шығармашылығына тән элегиялық, сыршылдық сипат бұл өлеңнен айқын аңғарылады. Табиғат көрінісін эмоциялы түрде көркем бояулармен дәл бейнелеу ақынның биік талғамын таныта алған.
Кавказға — Кавказ әсерлерімен жазылған.
Кавказдағы таң —Кавказ әсерлерімен жазылған.
...ға — Алғашқы өлеңдерінің бірі. Ақын тың поэтикалық ізденістер нәтижесінде тұтасымен лирикалық қаһарманның көңіл-күйін көрсеткен. Ғашықтық дертіне шалдыққан жанның ажал алдындағы халін лирикалық монолог түрінде эпистолярлық жанр табиғатымен өрнектеген өлең.
Түн (Тас қараңғы...) — Автографқа Лермонтов кейінірек "Середниковоға кешке жақын қарадым" деп жазған.
Farewell — Байроннан аударма. Түп нұсқаға өте жақын аударылған. Байрон мен Лермонтовқа ортақ махаббат пен жалғыздық тақырыбы — өлеңнің негізгі өзегі.
Элегия — Өлеңде Пушкиннің "Элегиясы "мен "Цыгандар " поэмасына үндес жерлер бар.
Эпитафия — 1827 жылы 22 жасында қаза тапқан ақын Д.В.Веневитиновқа арналған. Лермонтов ақынның еркіндік сүйгіш, жан тазалығы, турашылдық сияқты ерекше қасиетін жырлайды.
Оссианның табыты — Оссиана — аңызға қарағанда, ІІІ ғасырда өмір сүрген бард. Лермонтовтардың арғы тегі Шотландиядан шыққан Сондықтан ақын өлеңінде "Менің Шотландиям" деп жазады.
Арнау — "Испандықтар" трагедиясының беташары болса керек. Өлеңде ақын мен қоғам арасындағы қатынас айқын көрсетілген.
Су(шкова)ға — Е.А.Сушковаға арналған. Ақын Середниковадан каникулын өткізіп, Мәскеуге жүрер алдында жазған.
Қопақ — Ақынның баллада жанрындағы алғашқы ізденіс тәжірибесі. Ғашықтардың үніне үшінші бір бақытсыз ғашықтың тап болуы, оқиғаның қайғылы аяқталуы — осының бәрі В.А.Жуковский балладасымен үндес. Сондай-ақ бұл өлең А.С.Пушкиннің "Қысқы жолымен" салыстырылады.
...ға(Аузымнан шықса-дағы назалы үн) —Лермонтовтың алғашқы бағдарламалы өлеңдерінің бірі. Негізгі желісі — қоршаған ортадағы жан жалғыздығы, ақындық ұлы мұраттарды көксеу, қайғылы тағдырын алдын-ала сезіну. Бұл шеңберге ақынның идеалы, рухани үндес Байрон образы қоса кіреді. Автордың шимай жазбасында "Мур жазған Байрон өмірбаянын оқығанда" деген ескертпе болған.
Бәйтерекке — 1830 жылы жазылған. Ақын бұл өлеңді өзінің замандасы, шешесінің жақын сіңлісі Анна Столыпинаға арнаған тәрізді.
Болжау —Оба індетіне байланысты 1830 жылы өрістеген шаруалар көтерілісінің әсерімен жазылған.
11 шілде — Махаббат лирикасы. Мазмұны жағынан жақын болғандықтан, Н.Ф.Ивановаға арналған лирикалық өлеңдер циклына жатқызуға болады.
1830 жыл 15 шілде — Элегия жанрына жақын алғашқы өлеңдерінің бірі. Атауы "күнделіктік" өлеңдерімен сипаттас. Өлең сегіз тармақтан тұратын шумақ үлгісінде жазылған. Сондай-ақ оның негізінде шартты-романтикалық коллизия бар.
Жыраудың әні — Өлеңнен Н.М.Языковтың "Татарлардың Ресейдегі билігі кезіндегі жыраудың әні" өлеңінің әсері ерекше байқалады.
10 шілде (1830) — Не Париждегі шілде төңкерісі туралы, не 1830 жылғы поляктардың көтерілісі жайлы, не Кавказдың тау халықтарына арнап, немесе албан патриоттарының көтерілісі туралы жазылуы мүмкін деген жорамал бар.
Ризамын — 1830 жылы жазылған.Е.А.Сушковаға арналған
Қайыршы — 1830 жылы тамыз айында бір топ жас жігіт Середниководан Троице-Сергиев лаврасына жаяу барады. Лавраның қақпасының алдында отырған қайыршыға күміс ақша бергенде, ол алғыс айтып: "Кеше бір жас жігіттер табақшама тас толтырып кетті. Олар да жас мырзалар еді, бірақ бейбастақ екен" — депті.
Жыла, жыла Израил жұрты енді — 1830 жылы жазылған азаматтық сарындағы өлең. Дж. Байронның"Еврей сазымен" үндеседі. "Испандықтар" драмасының алғашқы үзінділерінін біріне ұқсайды.
Саратовтағы оба — Еділ бойында пайда болған "тырысқақ" індетін "оба" деп ойлаған.
Шумақтар —1830 жылы 26 тамызда жазылған.
Оба — Мәскеуде "тырысқақ" індеті кең жайылған кезде жазылған.
Үзінді — 1830 жылы жазылған. Өлеңде өмірге, сұлу әйелге деген іңкәрлік сезімі жырланған. Е.А.Сушковаға арналуы мүмкін.
Баллада — Байронның "Дон-Жуан" поэмасынан аударма.
Түн — Ақынның көрсетуі бойынша, 1830 жылы, 28 тамыз түнінде жазылған.
...ға(мен жайлы талай сыбырлар...) — Е.А. Сушковаға қарата жазылған өлең.
Қара көз — 1830 жылы жазылған. Е.А.Сушковаға жазылған болу керек.
...ға(сол бір досың...) — Лирикалық ситуациялар ұқсас келетіндіктен, В.А.Лопухинаға арналған өлең болуы мүмкін деп болжам жасауға болады...
Жауынгер моласы — Шимай жазбадағы Лермонтовтың ескертпесінде "5 қазан, 1830 жыл, холера-morbus" деп көрсетілген.
Орыс әні — 1830-31 жылдары жазылған.
Лемодейдің тойы — Саяси сатира. 1830 жылдың аяқ шенінде жазылған. Пушкиннің "Полтавасына" ұқсайды.
Рембрандт картинасына — Мұнда Лермонтов Рембрандтың 30-жылдарда Мәскеуде, Строгановтардың көркем галереясында сақталған "Францисканец киімін киген жас жігіт" деген картинасы туралы айтады.
Қоштасу — Ақынның балаң шақтағы өлеңі. Байронның айрылысу желісімен үндес.
Толқындар мен адамдар — Лермонтов қолжазбаларының 20-шы дәптерінен алынған.
Үн — Жеті шекті гитараға арнап музыка жазған М.Т.Высоцкий жайында өлең. Студент кезінде Лермонтов оның үйінде талай рет болып, орыстың халық әндерін тыңдаған.
Бородино даласы — Бұл Лермонтовтың Отан соғысы және Бородино шайқасы жайында жазған тұңғыш өлеңі.
1831
Менің үйім — Ақынның алғашқы өлеңдерінің ішіндегі өзгеше философиялық медитация. Оптимистік сипатының басымдығы медитативті элегияның жанрлық-стильдік қалыбынан алшақ жатыр. Бұл Михаил Лермонтовтың өлеңдеріне түсініктеме ақынның ізденіс эксперименті болса керек.
Романс —Бейнелілігімен, жанрлық-стильдік ізденісімен, алғашқы лирикаларына тән романтикалық сарынымен ерекшеленетін өлеңі.
1831-дің қаңтары — Ю.Н.Бартеневаның дәптерінен алынды.
"Жыраққа кетсем бір кез мен... " — Университеттік досы Н.И.Поливановтың альбомына жазылған.
Күзгі күн көзі — Ақын шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазылған медитативті монолог. Өлеңде Лермонтовтың интимдік лирикасына тән алданған махаббат сарыны басым. Б.Эйхенбаум бұл өлеңді Н.Ф.Ивановамен қарым-қатынасымен байланысты туған дейді.
Тасқын —Көшірмесінде сегіз жолы сызып тасталған. Элегиялық медитация үлгісінде жазылған, лирикалық кейіпкердің пессимистік көңіл-күйіне шабыт тудырушы табиғат суреті контрасты түрде алынады.
.....ға — Н.Ф.Ивановаға арналған
Түн — 1831 жылғы көктемде немесе жаздыгүні жазылған
Өзіме — Балаң шақтағы өлеңі. И.Андрониковтың айтуынша, Н.Ф.Ивановаға деген сезімінен туындаса керек.
Қу дүниеде ұзақ тұрам деп санаман өзімді — Балаң шақтағы махаббат лирикасы. И.Андрониковтың айтуынша, Н.Ф.Ивановаға арналған.
Ән — алғашқы өлеңдерінің бірі. Өлеңде халық жырлары поэтикасына тән сипат басым.
(Кінәлай берсін ақынды) — 1830-31 жылдардың бірінде жазылған. Өлең екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ақынның еркіндігі мен тәуелсіздігі жырланса, екінші бөлімде махаббатқа тәуелділік сезімі романтикалық тіркестермен берілген.
Даңқ — Шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазылған өлең. Мұнда жас ақынның асқақ арманы, әдеби даңққа көзқарасы айқын көрінген
Кеш — Алғашқы медитативті-сүйіспеншілік өлеңдерінің бірі. Бірінші шумақтағы табиғат суреті көңіл-күй әуенін бейнелеуде ерекше орынға ие болған.
Үндер мен жанар — 1830-31 жылдары жазылған. Лирикалық кейіпкер жанындағы мұң, рухани дүние еркіндігі өлеңде барынша айқын бейнеленген.
Андрей Шеньеден — Бүркеншік ат ретінде бұл өлеңді Лермонтов француз ақынының атынан жазған.
...ға — 1830-31жылдары жазылған. Мазмұны, құрылымы жағынан Байронға еліктеуден туған өлеңдер циклына жақын және оның кездесу мен қоштасуды жырлайтын лирикасымен үндеседі.
Көрші — Өлеңде "көрші" бейнесін жырлай отырып, ақын оның ішкі дүниесінің тәуелсіздігіне назар аударады. Сол арқылы өз көңіл-күйіндегі мазасыздықты өрнектейді.
Шумақтар — Н.Ф.Ивановаға арналған.
Менің демоным — 1829 жылы да осы тақырыпта бір өлең жазған болатын. Бұл да "Демон" поэмасына байланысты.
Романс — Н.Ф.Ивановаға арнау.
Тілек — Бұл өлеңге Лермонтовтар тегі шотландық деген отбасылық аңыз негіз болған. Бостандыққа құштарлық сезімі романтикалық сарында жырланған алғашқы өлеңдерінің бірі.
Елена әулие — Атлант мұхитындағы арал. Наполеон Бонапарт 1821 жылы сонда өлген.
Досым В.Ш.-ға — В. А.Шеншинге арналған.
"Hұp боп көшіп ақша бұлттар аспанда" — Середниковода 7 тамызда жазылған.
Үміт — Алғашқы өлеңдерінің бірі. Өлеңге аллегориялық сипат тән ("құмыр құсы" — үміт) Л.Семеновтің көрсетуінше, бұл бейне А.А.Бестужевтің повесінен алынған.
Түс — Н.Ф.Ивановаға арнау.
Өмір кесесі — алғашқы философиялық лирикасы.
Ерік — "Вадим" романына енген өлең.
28 қыркүйек — Н.Ф.Ивановаға арнау.
Түсіңе балап үмітті — 1831 жылы күзде жазылған махаббат лирикасы.
Ғажапсың-ау, туған далам — Ақынның әкесіне арнаған өлеңі.
Қандай қатымына қыстың қарымы — Элегия жанрына жақын, жан жалғыздығы мен жатсыну сарынындағы өлең. Мұнда табиғат суреті мұңлы көңіл-күйді таныту қызметінде көрінеді.
Ән — Алғашқы шығармаларының бірі. Бас қосу, жиындарда айтылатын халықтық жыр дәстүрінде жазылған.
Аспан мен жұлдыздар — Ақынның символикалық-психологиялық тақырыптағы алғашқы қадамдарының бірі. Өлеңде жұлдыздар тазалық пен биіктіктің символы ретінде алына отырып, адамдар өмірімен салыстырыла суреттеледі. Лирикалық "мен" және жұлдыз, жұлдыз бен адамдар шендестіріле отырып, философиялық түйін жасалады. Жалпы, философиялық ой түю орыс поэзиясына кейіннен (А.Кольцов) енді.
Ләззатты сот — Алғашқы жылдардағы махаббат лирикасы. Сезім қуатын суреттейтін интимдік сарын басым.
Санасыз тірлік құлы етіп — Ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі. Күдік, сенімсіздік сарыны басым, жаратылысқа деген қайшылықты көзқарас бұл өлеңнің басты сипаты.
Кн. Л. Г.-ға — Княгиня Горчаковаға арнау.
Кремлъді кім көрді арай таңында — Балаң шақта туған төрт жолдық өлеңі. Аяқталмаған болуы мүмкін.
... ға — Н.Ф.Ивановаға арнау.
Періште — Алғашқы нұсқасында "Періштенің жыры" деп аталған.
Д... ға арналған шумақтар — Кімге арналғаны белгісіз. Е.П.Сушковаға арналуы мүмкін
"Тағдыр қатал: әке мен ұл екеуі... " — Ақын өз әкесінің өлімі туралы айтады.
"Біреуді сүйе қалсам... " — Лермонтовтың ата-анасының тағдыры аянышты-ақ. Анасы — Мария Михайловна 1817 жылы 21 жасында қайтыс болған. әкесі одан 14 жыл кейін ұлынан шалғайда, жалғыздық азабында өлген.
Паткульден — Балтық жағалауын швед басқыншылығынан азат ету жолындағы күрескер Иоган Рейнгольд Паткульге арналған.
Сыйла деп пейіш пенен періштені — "Демон" поэмасының "Сөз соңына" ұқсайды.
Портрет — Лермонтов өзін суретшімен салыстырады.
Уақыт келер, мен әй кәпір атанып... — Психологиялық элегия үлгісіндегі өлең. Мазмұны жағынан Н.Ф.Ивановаға арналған өлеңдерге жақын.
Ән — Фольклорлық жанрларға еліктеуден туған алғашқы өлеңдерінің бірі. Ақын ұйқас үлгілерін ақ өлең түрінде келтіріп, аллегория, психологиялық егіздеу сияқты халықтық жырларда көп кездесетін тәсілдерді пайдаланған.
Нэераға — Университеттік жылдарда жазылған өлең. Нэера есімі және бейнесі поэзия поэтикасына римдік махаббат лирикасынан енген.
Үзінді — Ақын жоспарлаған тарихи поэмаға немесе князь Метислав Черный туралы романтикалық драмаға қатысты жазылса керек. Үзінді Метиславтың монологы түрінде келген.
Баллада — Халық жырына еліктеу тәрізді.
1832
"Тіркес-тіркес көкшіл таудан" — "Қоштасу" "Измаил-Бейдің" бөлектері.
Күн — Алғашқы өлеңдерінің бірі. Бірінші шумағында қысқы табиғаттың бір сәттік көрінісі суреттелсе, екінші шумағында сезімге орын берілген. Н.Ф.Ивановаға арналса керек.
Жүрекке жетті уақыт — Психологиялық элегия үлгісіндегі алғашқы өлеңдерінің бірі.
Сағат тоғыз, күңгірт тартқан кез еді — Реалистік тенденция анық аңғарылатын әңгімелеу түріндегі өлең. Ақынның нақты өмір суретін берудегі сәтті ізденісінің нәтижесі десе де болады.
Құлаған түнде жұлдыздай — Жалғыздық, өмірден түңілу, торығу сияқты пессимизмге толы өлең.
"Ұялшақсың қандай өзің" — "Райхан гүлдей балбұл жарған", "Сарғайып сағынышпенен ", "Таусылса демім ақырғы", "...ға", 'Бас қосудың зәуімен бір" — Наталья Федоровнаға арналған өлеңдер.
"Армысың Кавказдың көгілдір таулары... " — "Измаил-Бейдің" үзінді нұсқасына ұқсайды.
Эпитафия — Ақынның әкесі Ю.П.Лермонтовқа жазған өлеңі. Әкесіне арналған басқа өлеңдері тәрізді ("Тағдыр қатал, әке мен ұл екеуі") бұл өлеңде де лирикалық кейіпкердің жалғыздығы, қасіреті суреттелген.
Жоқ, мен Байрон емеспін — Өзінің Байронмен үндестігі туралы Лермонтов бірнеше рет айтқан.
Романс — Т.Мурдың "Ирландия әуендері "циклімен үндес өлең.
Сонет — Н.Ф.Ивановаға арналған.
...ға — 1832 жылы тамызда Мәскеуден Петерборға жүрер алдында жазылған. Н.Ф.Ивановаға, кейбір болжамдар бойынша В.А.Лоиухинаға арналған.
Баллада — Немістің "Үш батыр" атты халық жырының бас жағының аудармасы. Ақынның неміс әдебиетінен алған жалғыз үлгісі.
Шайқас — "Аспан жауынгерлерінің" шайқасын бейнелеген фантастикалық мазмұндағы өлең. Ақын метафоралық тәсілмен табиғат құбылысын жанды қалыпта суреттеген. Өзінің ғұмырнамалық жазбаларында Лермонтов бірде жаңбырлы күнгі аспанды тамашалағанын, онда ақ бұлт пен қара бұлттардың жөңкіле көшкенін, бұлттарды батырларға ұқсатқанын жазады. Өлең осы жерлерден туған.
Махаббат, бақыт мезі ғып — Ақынның алғашқы өлеңдеріне тән лирикалық сарындағы туындысы. Романтика шарты бойынша жан азабы - лирикалық шығармашылықтың қайнар көзі. Өлең мазмұны осыған саяды.
Үміт етсең сен егер — Шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазылған өлең. Үміттің, қуаныштың алдамшылығын жырлаған сол кездегі өлеңдеріндегі сарын осы өлеңіне де тән.
Екі алып — 1812 жылғы Отан соғысының 20 жылдығына арналып жазылған. Ақын Наполеон мен Россияны меңзеп отыр.
Су перісі — Баллада жанрына жақын өлең. 1832 жылы жазылған. Неміс романтикалық поэзиясында кең тараған "су перісіне" қатысты сарын жаңғырта жырланған.
Гусар — сырты жылтыр болғанмен ішкі дүниесі бос гусарлар өмірі туралы толғаныс. Ақынның юнкерлер және лейб-гвардия мектебіне келіп, өзінің өмірлік мұраттары мен арманшыл ойларынан адасқан кездегі өкінішті сәттерін аңғаруға болады. Өлеңнің әр төрт жолының соңғы екеуі В.А.Лопухинаға қарата жазылуы мүмкін. Бұл туынды тек тақырыбы ғана емес, кейіпкерді сипаттауы жағынан да орыс поэзиясындағы "гусарлар дәстүрімен" үндесетін өлең. Мұндағы гусарлық апологиясы мен өзінің кейіпкеріне қатысты мысқылды ырғақтың қатар көрінуі орыс поэзиясындағы гусарлар тақырыбын жырлаудың жаңа көркем үлгісі екенін танытады.
1833
"Қараймын өкше темірге" — Ақынның "Казак" дәптерінен.
1836
Еврей сазы — Байроннан еркін аударма.
Альбомға — Байроннан аударма.
1837-1841 ЖЫЛДАРДАҒЬІ ӨЛЕНДЕР
1837
Ақын ажалы — Пушкин қазасы Петербург тұрғындарының қалың топтарының арасында орасан зор толқу туғызды. Жұртшылықтың наразылығынан қауіптенген I Николай үкіметі шұғыл шаралар қолданды: ақын сүйегі шығарылар кезде оның үйін жандармдар қоршап алды, түн жамылған әскери күзет ақын денесін жұрттан жасырып алып кетін, оның Псковтағы деревнясына жерленді.
Сондай жағдайда жарқ етіп жаңғырығып шыққан Лермонтов өлеңі өзінің батылдығы мен жүрек жұтқан өжеттігі жағынан ұлы ақынды қудалап жүріп, ақыры қайғылы қазаға ұшыратқан қауымға деген, оның зұлым да зымиян билеушілеріне деген саяси наразылық тәрізді болып естілді. Тіпті Пушкиннің достарының өздері жария етіп еш нәрсе айта алмай тұрған сол бір зұлмат күндерде Лермонтов өлеңі Пушкиннің қаза табу себептерін ашықтан-ашық айтып берген бірден бір дабылшы, жаршы, жоқтаушы жыр болды.
Кейбір деректерге қарағанда, ақын өліміне арналған бұл өлең ұлы Пушкин көз жұмғанның ертеңінде — 30 қаңтардың өзінде-ақ қолжазба арқылы қолдан қолға астыртын тарап кеткен.
Николай I осы өлеңді "Революцияға шақыру" деген атпен пошта арқылы қолжазба күйінде алысымен, Лермонтов, содан кейін онын досы Святослав Кавказға, оқ астына жер аударылды да, Раевский сол өлеңді таратқаны үшін Олонец губерниясындағы Нижегород драгун полкына жіберілді.
Өлең түңғыш рет (автографсыз) 1856 жылы шет елде жарияланды, оны Герцен өзінің "Полярная звездасына" шығарды.
Бородино — Тұнғыш рет 1837 жылы "Современник" журналының 6-шы санында жарияланды. Мұнда орыс поэзиясында тұңғыш рет ұлы оқиға жөнінде қатардағы жәй солдат әңгіме шертеді, онда патша да, қолбасылар да мақталмайды, тек орыс солдаттарының шексіз ерлігі нақты, жанды суреттермен бейнеленіледі. "Бұл қол қусырып бос қалғыған қазіргі ұрпаққа деген реніш, өтіп кеткен ұлы да даңқты күндерге қызыға көз тігу", деп бағалады бұл өлеңді В.Г.Белинский. Лев Толстой "Бородиноны" өзінің "Соғыс және бейбітшілігінің" өнгіш дәні деп атады.
Палестина бұтағы — Лермонтовтың танысы, жоғары лауазымды әдебиетші Андрей Николаевич Муравьев бұл өлеңді Лермонтов біздің үйге келгенде жазып еді деп еске түсіреді. А.С.Пушкиннің өліміне арнаған өлеңіне байланысты менің бөлмемде ілулі тұрған Палестина пальмасын көріп, ақын осы бір тамаша өлеңді жазған еді, дейді ол. Бұл бұтақты ол Палестинаға барған кезде әкелген екен.
Тұтқын — Лермонтовтың туысқаны А.П.Шан-Гирейдің айтуынша, бұл өлең 1837 жылы ақпанда Пушкиннің өліміне арнап өлең жазғаны үшін Лермонтов Бас штабтың үйінде қамауда отырғанда жазылған. Оған тамақ әкелетін камердинерінен басқа ешкімнің кіруіне рұқсат етілмеген. Ақын оған нанды сұр қағазға орап әкел деп тапсырған. Бірнеше өлеңін сондай қағаздарға пештің күйесімен жазған.
Көрші — Түрме циклындағы өлеңдермен сарындас. Шамасы, "Ақын өлімін" жазғаннан кейін тұтқында отырғанда туса керек.
"Сарғайып келген егін толқынданса" — А.П.Шан-Гирейдің естелігінде: бұл өлеңді де Лермонтов Бас штабтың үйінде қамауда отырғанда жазды делінген.
Дұға — 1838 жылы 15 февральда Мария Лопухинака жолдаған хатында бұл өлең "Жиһанкездің дұғасы" деп аталған. Лермонтов айдауда болған кезінде жазған өлеңдерінде өзін жиһанкез деп атаған.
"Айырылыстық, әйтсе де суретіңді... " — Ақынның жас кезінде жазылған "Сүймеймін сені", "Түс болып ұшты іңкәрлік" деген өлеңнің қайта өңделген нұсқасына ұқсайды. Ол 1831 жылы Е.К.Сушковаға арналған.
"Білмей-ақ қойсын бұл әулет... " — Лермонтов қаза тапқаннан кейін, 1845 жылы, цензурада екі жолы алын тасталып жарияланды.
1838
Қанжар — XYIІІ-XІX ғасырлардағы поэзияда қанжар — бостандық жолындағы күрестің символы. Лермонтов лирикасында ол адамның адалдық, жүректілік, ізгілік, бостандық пен тәуелсіздікке шын мәнісінде ұмтылу сияқты абзал қасиеттеріне байланысты жырланған. Сірә ол Пушкиннің астыртын тараған "Қанжар" атты өлеңін оқыған болса керек, бірақ Лермонтов Пушкинше пафосқа құрмай, ішкі жан сезіміне көбірек үңіледі.
"Шырқаса ару... " — Лермонтовтың шығармашылығын зерттеген Э.Э.Найдич ақын Москвада жүрген кезінде таныс болып, Петербургте Карамзиндердің салонында кездесіп тұрған белгілі әнші П.А.Бартеневаға арнаған өлең деген пікір айтады.
Мөп-мөлдір жанарың жанады — Бір әйелге арналған цикл өлеңдерінің бірі болуы мүмкін. Пушкиннің әйгілі "Есімде сол бір ғажап сәт" өлеңімен үндес.
"Сыңғырлаған ерке үніңді... "("Естісем қанбадым") — Өлең "Казначейшаның" соңғы шумақтарымен бірге бір жазылған.
"Козлов даласынан көрінетін таулар сипаты... " — Бұл Адам Мицкевичтің "Қырым сонеттерінің" бір өлеңінің аударма нұсқасы. Оны Гродно лейб-гвардиялық гусар полкында жүргенде Лермонтов өзімен бірге қызмет атқарған корнет Н.А.Краснокутскийдің жолма-жол аудармасы арқылы орысша өлең жолына түсірген. Козлов — (Гезлев) — Евпаторияның ежелгі аты.
А.Г.Хомутоваға — П.А. Вяземскийдің жазуы бар автограф Берлин мемлекеттік кітапханасында Лермонтовтың аудармашысы, белгілі неміс әдебиетшісі Фарнгантен фон Энзенің қағаздарының арасында сақтаулы. Анна Григорьевна Хомутова (1784-1856) — белгілі ақын Иван Иванович Козловтың жамағайын қарындасы, жас кезіндегі досы, ол ақыры Козлов екі көзінен айырылып, әрі сал боп ауырып, төсек тартып жатқанда кездескен. Сол кездесуден шабыттанып, И.И.Козлов "Сансыз жылдар сағындырған көктемімнің досына" деген өлең жазған. Кейін (1838) ол өлеңді Лермонтов оқып, содан кейін осы өлеңін жазған.
Қазақтың бесік жыры — Лермонтов бұл өлеңді Червленая станицасында жазды деген аңыз бар. Оған бөлінген пәтерде жас қазақ қызы анасының бесіктегі баласын тербетіп отырып ыңылдап өлең айтады. Ақынның заттарын ішке тасып жүрген қазақ Лермонтовтың табан аузында сол бөлмедегі үстелге отыра салып, осы "Қазақтың бесік жырын" жазғанын көзімен көргендігін, содан кейін оның пікірін білу үшін оған оқып бергенін әңгімелеген. Бұл өлеңді Белинский өте сүйсіне мақтаған
1839
"Өзіңе сенбе, жас ойшыл " — Өлең бос қиялға елігіп, өзінің ішкі дүниесінің қауашағынан шыға алмайтын тоғышар ақындарға қарсы бағытталған. Лермонтовтың ойынша, егер ақынның өз басы қоғамдық күрестен бір шетте тұрып, заманның көкейкесті мәселелеріне үн қоспаса, онда ол ақынның қуанышы да, қайғысы да поэзияға тақырып бола алмайды. Сондай-ақ бұл өлең асқақ әуен, албырт шабытсыз, салғырт, салдырлақ өлең құрастырушы ақынсымақтарды шенейді.
Үш құрма (Үш пальма) — "Русьте құдіретті жаңа дарын пайда болды, ол — Лермонтов", — деп жазды Белинский 1839 жылы қыркүйекте шет елде жатқан Станкевичке "Үш пальманы" жібергенде жазған хатында. Бірақ содан бір жыл өтісімен Лермонтовтың "Өлеңдер" атты тұңғыш жинағы жайлы мақаласында бұл өлеңді бұрынғысынша мақтай келіп, ақынның ойы шығыс колоритімен ақындық көркемдікке жетіп тұр, әйтпесе ол баланың ой-санасы төңірегінде қалып қояр еді деген солғындау пікір айтты. Оның себебі "жас гегельянстардың" әсерімен Белинский 1839 жылдың күзінен бастап, Герценнің сөзімен айтқанда, "күрестің орнына үнділік жан тыныштығын" жұртты бездірте уағыздай бастады. Герцен, Огарев, Грановский оның бұл бағытына қарсы күрес бастады. "Үш пальма" сол күрестің шиеленіскен кезінде пайда болды. Белинский солардың ықпалымен "ақиқатпен ымыраласу" деп аталатын концепциясынан бас тартқаннан кейін ғана "Үш пальманың" символикасын (ішкі астарын) айқын ұғынды. Ал, Н.Г.Чернышевский "Үш пальмадан" жаңа революциялық моральдың уағызын тапты.
Теректің сыйы — Бұл балладаның образдарында казактардың өлең-жырлары мен аңыздарының әсері бар. Онда Терек пен Каспий жанды бейне ретінде жырланады. Ол өлеңдерде өжет казак, "алтын бұрымды арулар", қара арғымақ, торғауыт киген қабарда батырлары жиі кездеседі. "Енді Лермонтовқа келейік, сайтан білсін — айтуға аузым бармайды, ал, бірақ, маған бұл жігіттің ішінде орыстың үшінші ақыны даярланып жатқан сияқты болады да тұрады, зады Пушкин мұрагерсіз өлмеген тәрізді!" — деп жазды Белинский 1840 жылы 9 февральда В.Боткинге жазған хатында. Ол "Теректің сыйын" Кавказдың апофеозы деп атады.
А.И. Одоевскийге ескерткіш — Ақын Александр Иванович Одоевский (1802-1839) — декабристердің Солтүстік қоғамының белсенді мүшесі. Сенат алаңындағы көтеріліске қатынасқаны үшін он екі жылға каторгаға кесілген. Чита абақтысы мен Петров заводында тұтқында отырып, содан кейін "жер аударылған". Пушкиннің "Сібірге хат" атты атақты өлеңіне жер аударылған декабристердің атынан жауап жазды. 1837 жылы Одоевскийді Нижегород драгун полкына, қатардағы солдат қылып Грузияға жіберу жөнінде бұйрық берілді. Ол кезде Лермонтов та айдауда жүріп, сол полкта қызмет өтеген. 1839 жылғы 15 тамызда Одоевский Қара теңіздің жағасында құрт аурудан өлді. Лермонтов бұл өлеңін Одоевскийдің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар Петербургте жетпей тұрғанда жазған.
"Әм жалықтым, әм жабықтым ", (" Жалықтым ғой, жабықтым ғой ") — Өлеңде бейнеленген жан күйзелісі — қоғам өмірінің қоңылтаяқтығынан күрес мүмкіндігі болмағандықтан, жабығу мен торығуға салынған, пайдалы кызмет етуді көксеген озық ойлы, алдыңғы қатарлы адамдардың 1830-1840 жылдардағы көңіл күйін білдіреді.
Гетеден (22-бет) — Гетенің "Жиһанкездің түнгі жыры" атты өлеңінің екінші бөлегінің еркін аударылған нұсқасы, оның текстіне Лермонтов көптеген жаңа ойлар қосқан.
Көрші қыз (163-бет) — Барантпен жекпе-жекке шыққан үшін офицерлер абақтысында отырған кезде 1840 жылғы апрель айының басында жазған. А.П.Шан-Гирей Лермонтовтың абақтысына барған кезде сол қызды терезеден талай рет көргендігін, бірақ ол абақты қызметшісінің емес, сондағы жай бір шенеуніктің қызы болар дегенді айтады. Ал В.А.Соллогуб сол қыздың Лермонтов салған суретін де көрдім, ол "унтер-офицердің тәп-тәуір қызы" дейді. Өлеңге лирикалық шиеленістен гөрі жан сезімінің нәзік әуені тән.
Журналист, оқырман және жазушы (164-бет) — 1840 жылғы наурызда, Белинскийдің органы — "Отечественные записки" мен реакцияшыл журналистер "Греч, Булгарин және Полевой басқарган "Сын отечества" арасындағы әдеби тартыс шиелініскен кезде жазылған. Пушкиннің "Кітап сатушының оқушымен және жазушымен әңгімесі" мен Лермонтовтың бұл өлеңінің арасында байланыс бар екені даусыз. Екеуі де жазушының борышы және қоғамдық позициясы туралы, сол арқылы өз тұсындағы көкейкесті мәселелерді шешу қажеттігі жайында айтады. Бұл дәстүрді жаңа жағдайда кейіннен Маяковский өзінің "Фининспектормен әңгімесінде" одан әрі жалғастырды.
Тұтқындағы батыр — Тұңғыш рет "Отечественные записки" — де (1841, № 8) Лермонтовтың қаза тапқандығы жөнінде Пятигорскіден қаралы хабар келмей тұрғанда жарияланған.
Сәбиге — Алғаш peт "Отечественные запискиде" басылған (1840, № 9). Кімнің баласына арнап жазғаны дәл анықталған жоқ.
Бұлттар — В.А.Сологуб П.А.Висковатовпен әңгімесінде бұл өлеңді Лермонтовтың Кавказға айдалар алдында, оны шығарып салуға арналған кеште Карамзиннің үйінде жазғанын айтады. Ақын Фонтанка мен жазғы бақтың үстінен қалықтап өтіп бара жатқан ақша бұлттарды терезеден көріп тұрып, бұл өлеңді табан аузында суырып салғанға ұқсайды.
Өсиет — 1840 жылы Галафеев отрядының Үлкен және Кіші Чешняға жасаған жорығының әсерімен жазылған. Белинский бұл өлеңді жоғары бағалаған: өртеніп-жанып бара жатқан сөздер де, жарқ-жұрқ етіп тұрған бейнелер де жоқ, жайбарақат, қоңыржай әуен, күңкіл де, күркіреген айқай да жоқ, сабырлы, байсалды пайымдау деп мадақтаған болатын.
1841
Ақталу — Лермонтовтың тірі кезінде қуғын-сүргіннен Петербургке аз уақытқа қайтып оралған шағында жазылып, "Отечественные запискиде" (1844, № 3) басылған.
Өліктің махаббаты — М.А.Бартеневаның1963 жылы Ленинградта табылған альбомынан алынған.
"Жалғыз жалқы меңіреу теріскейде" — Жалғыздық жайлы толғаныс. 1842 "Отечественные запискиде" жарияланған.
С.Н.Карамзинаның альбомынан — Жазушы, тарихшы Н.М.Карамзиннің үлкен қызы, белгілі ақындар салонының иесі болған С.Н.Карамзинаға арналған.
Графиня Ростопчинаға — Евдокия Ростопчина (Сушкова) — белгілі ақын әйел Лермонтов оны жас кезінен білетін. Ол кезде ол алдыңғы қатарлы жастардың ой-арманымен тілектес болған, декабристердің ерлігіне қайран қалып, оларға "Азап тұтқындағыларға" деген сәлем хат жолдаған.
"Қош бол, Ресей, кірлеген... " — Лермонтовтың ең күшті, ең өжет саяси туындыларының бірі. Онда самодержавиелік-помещиктік Ресейге деген өшпенділік бейнеленеді. П.А.Висковатов бұл өлең 1841 жылы кезекші генерал граф Клейнмихель шақырып алып, Бенкендорфтың 48 сағаттың ішінде астанадан кететін бол деген жарлығын ақынның қолына тапсырғаннан кейін, Кавказға соңғы рет қуылғалы тұрғанында жазылды деген жорамал айтады.
Жақпар — Өлең ақын қаза тапқаннан кейін екі жыл өткен соң жарияланды. Белинский оны Лермонтовтың ең жақсы өлеңдерінің қатарына жатқызады.
Түс — Лермонтовтың бұл өлеңді жазуына қазақтардың "Ох, қайғы-шер қашан менен қаласың" деген әні себеп болуы мүмкін. Онда да ер жігіт түсінде өзінің "жабайы түзде" жүрегіне оқ тиіп, өліп жатқанын көреді.
"Олар сүйді бір-бірін сонша нәзік, әрі ұзақ" — Гейне өлеңінің еркін аудармасы. Лермонтов өзінің өлең аударудағы бұрынғы әдеті бойынша, бұл жолы да мүлде жаңа өлең шығарған.
Жолығыс — Бұл өлеңді Лермонтов өзінің 1837 жылы Тифлисте болған және Әскери-грузин жолымен жүріп өткен кездегі әсерлері бойынша жазған.
"Сүйгенім сен емессің, басқа, жаным" — Өлең 1841 жылы Кавказда жазылғанға ұқсайды. Ол Лермонтовтың жамағайын қарындасы Екатерина Быховецке арналып жазылған. Екатерина ақынның жақсы көретін адамы В.А.Лонухинаға өте ұқсас екен.
"Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз... " — Мұнда да Лермонтов Гейненің өлеңін жай аудара салмай, түпнұсқадағы проблематиканы шиеленістіріп, өз өлеңіне мүлде басқаша философиялық түйін жасаған. Бір қызығы, бұл өлең Тарас Шевченконың мейлінше сүйіп оқитын шығармаларының бірінен саналған.
Теңіз ханшасы — Кейбір шумақтары Пушкиннің "Батыс славян жырларындағы" "Янош — король баласы" атты өлеңін еске түсіреді.
Пайғамбар — Лермонтовтың ең соңғы туындысы. Ол Пушкиннің "Пайғамбар" атты өлеңінің тақырыбын дамыта түседі. Оны әдейі Пушкин өлеңінің соңғы екі жолымен бастаған.
ЖЫЛДАРЫ БЕЛГІСІЗ ӨЛЕҢДЕР
Шыңдағы крест — 1830-жылдары, Кавказға алғашқы сапары кезінде жазса керек. П.А.Весковатыйдың айтуынша, Е.П.Сушковаға арналған. Өйткені соған арналған тағы бір өлеңмен бір бетте жазылған.
Ертеңім бұлдыр көлеңке — 1835-жылдары жазылуы мүмкін. Ақынның торыққан көңіл-күйі өрнектелген.
"Жыламашы, көз жасыңды тый, жаным" — "Отечественные запискиде" 1843 жылы шыққан.
Есіңде бар ма күңгірт түн — Қай жылдары жазылғаны белгісіз. Махаббат циклындағы өлеңдерінің бірі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі