АЙЛАКЕР ИДАЛЬГО ЛАМАНЧАЛЫҚ ДОН КИХОТ
ОРЫС ТІЛІНЕН АУДАРҒАН
ҚҰРМАНҒАЗЫ ҚАРАМАНҰЛЫ
БІРІНШІ БӨЛІМ
БАСПАДАН
Испания мәдениеті үшін мың алты жүз бесінші жылдың орны бөлек. Саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да бұл жаңа жылдың бұрынғы өткен жылдардан бәлендей айырмашылығы жоқ еді және испан халқын жарылқап тастайтындай жақсылық әкеле қояр сыңайы да байқалмаған. Рас, Ү-ші Карл құрған, жаңа ғасырда немересі ІІІ-ші Филипптің қол астына өткен Испан империясы әлемдік держава деген атағын сол бұрынғысынша сақтап тұрған. Европадағы, Америка мен Азиядағы, сондай-ақ Африкадағы онсыз да ен байтақ иеліктерінен айрылып қалмауды, мүмкін болғанынша одан әрі кеңейте түсуді көздеген Испания теңізде де, құрлықта да бірде жеңіп, бірде жеңіліп дегендей дамылсыз соғыс жүргізіп жатқан.
Алайда 1605 жылғы қаңтар айының бас кезінде орын алған, былай қарағанда болмашы да қарапайым бір оқиғаны маңыздылығы жағынан әлгі аталған жайлардың бір де бірімен салыстыруға болмайтын. Қаңтардың сол бір күні Мадридтегі кітап дүкендеріне әдеби дабырасынан гөрі Алжирде тұтқында болып, азап шегуімен даңқы көбірек шыққан, жасы егде тартып қалған, оның үстіне өзі мүгедек бір жазушының романы сатуға түскен-ді. Жазушының есімі — Мигель де Сервантес Сааведра, шығармасының аты — “Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот” болатын. В.Г. Белинскийдің бейнелі тілімен айтқанда, “адамзат өнеріндегі жаңа дәуір” де, міне, дәл осы кітаптан басталған еді. Кітаптың жарық көргеніне төрт ғасыр толды. Сервантес қатысқан және куә болған сол заманның қанды шайқастары баяғыда ұмытылды, корольдер, қолбасшылар мен саясаткерлер келмеске кетті, бірақ қаламгердің аталмыш шығармасы оқырманды әділдік пен адалдыққа тәрбиелеп, толыққанды тіршілігін әлі жалғастырып келеді.
2005 жылғы қаңтарда Испания халқымен бірге күллі әлем жұртшылығы “Дон Кихот” романының баспа жүзін көргеніне 400 жыл толуын атап өтті. Император болудан үміткер кезбе рыцарь Дон Кихот пен оның бір аралдың бастығы болуды аңсайтын аңғал атқосшысы Санчо Пансаның бастан кешкен шытырман оқиғаларын суреттейтін Сервантестің бұл туындысы адамзат баласымен мәңгі бірге жасай беретін шығарма екенін әлем зиялылары бірауыздан мойындап отыр. Соның алдында бірер жыл бұрын ғана Норвегиядағы Нобель институтының ұйымдастыруымен 54 елдегі 100 айтулы қаламгерден құралған (ішінде Нобель сыйлығының бірнеше лауреаты бар) қазылар алқасы “Дон Кихот” романын әлем әдебиетінің ең үздік туындысы деп таныған болатын. Одан кейінгі орынды Марсель Прустың “Жоғалған уақытты іздеу әурешілігі” романы алды. Бұл екеуінен кейінгі орындар Гомердің, Толстойдың, Достоевскийдің, Кафканың, Фолкнердің, т.б. шығармаларына тиді.
Осынау мәңгі өлмес туындының иесі кім еді? Оның шығармашылық шеберлігі қалай қалыптасып еді? Романға арқау болған оқиғалар астарында қандай мән жатыр?..
Сервантес өмір сүрген заман аласапыран оқиғалар заманы болды. Ұлы суреткер алпыс сегіз жыл ғұмыр кешті. Ол Ү-ші Карл патшалығының соңғы жылдарын көре қалды, ІІ-ші Филипп пен оның баласы ІІІ-ші Филипп патшалық құрған алғашқы он сегіз жылдағы оқиғалардың куәгері болды және өзі де біраз жайды бастан кешті. Өз тарихындағы бұл кезеңде Испания әлемдік үстемдіктен бірте-бірте қол үзе бастаған. Әлемнің бестен бір бөлігін құрайтын жері, алпыс миллиондай халқы бар империяны әкесінен мұраға алған ІІІ-ші Филипп оны әлі де өз ықтиярынша билеп-төстеп отырған. Бірақ осынау орасан үлкен монархияның іргесі шым-шымдап сөгіліп, қатты бір дауылдан қалмайтындай халде тұрған. Көлемі одан әлдеқайда шағын мемлекеттер, — Англия, Франция, Голландия, — Испанияның шабуылдарына тойтарыс беріп қана қоймай, өздері де оған қарсы соғыс ашып жатқан. Екінші жағынан, ХҮІ-шы ғасыр — ұзақ уақыттар бойы “реконкистамен” (туған жерін басқыншы маврлардан тазартумен) айналысқан халықтың қолы босауымен ерекшеленетін. Соның нәтижесінде елдің арқасы кеңіп, аз уақытқа болса да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күй кешкен.
Өнер саласында Испанияда бұл кезеңде жазушылардың, суретшілер мен ғалымдардың айрықша талантты тобы еңбек етті. Сервантес, Лопе де Вега, Кальдерон, Тирсо де Молина, Кеведо, Гонгора, Греко, Веласкес, Мурильо сынды тұлғалар өмір сүрген бұл дәуірдің (ХҮІ-шы ғ. екінші жартысы мен ХҮІІ ғ.) “Алтын ғасыр” аталуының өзі тегін емес. Инквизиция мен өкіметтің айрықша қатыгездігіне қарамастан испан мәдениеті үшін бұл шын мәнінде де “алтын ғасыр” болған-ды.
Алайда, елдің еңсесі көтеріліп, екпіндеуі ұзаққа созылған жоқ, кешікпей-ақ халық күйзеліске ұшырады. Оған себепші монархияның мәжігүндігі болатын. Солтүстікте — Нидерландыда, оңтүстікте — Африка жағалауында, шығыста — Италияда иеліктері бар, мұхиттың арғы бетінде жатқан Американың асыл металл өндіретін кеніштерін қол астына қаратқан Испания билеушісі әлемдік монархия құруға ниеттенді. Осы мақсатты іске асыруға бағытталған әрекеттер халықтың әлеуетін азайтып қана қоймай, ақи-тақи діңкелетті. Американдық колониялардан ағылып келіп жатқан алтын мен күмістің көптігі ақшаны құнсыздандырды, Испанияның өз жеріндегі кеніштердің жұмысын тоқтатты, түрлі кәсіппен айналысуға, соның ішінде жүн және жібек маталар тоқу секілді орта ғасырлық өнеркәсіптің маңызды салаларымен шұғылдануға деген ықыласты жойды. Егін егу мен мал өсіру кәсібі де тоқырауға тап болды. Ал, бір соғысты аяқтап, екіншісін бастап жатқан әлемдік монархия болса армия мен флотты толықтыруға үсті-үстіне жаңа контингент талап етіп, халыққа салынатын салық санын көбейтіп жіберген еді. Осының салдарынан пайда болған экономикалық дағдарыс, аштық пен жалаңаштық жұртты күн көрудің жаңа амалын іздеуге мәжбүр етті. Еті тірі пысықайлар мұхиттың арғы жағына жол тартып жатты, бірқатары армияда қызмет етуге сұранды. Бірақ, мұндай жолы болғыштар онша көп емес-ті. Істейтін іс таба алмай тентіреп жүргендер әлдеқайда басым болатын. ХҮІ ғ. соңында Испаниядағы қаңғыбастар мен қайыршылар саны жүз елу мыңға (еркектер, әйелдер мен балалар) жетті. Халықтың екінші бір тобын монахтар мен католик дінінің басқа да өкілдері құрады: 1570 жылы он миллиондай өз тұрғыны бар Испаниядағы діни қызметшілердің саны жеті жүз мыңнан асты. Шаруасы шайқалған дворяндардың — жерден қол үзген идальголардың қарасы көбейіп, олардың арасында ештеңеге зауқы соқпайтын әрі-сәрілік, қызық қуушылық пен жалқаулық, діни фанатизмге ден қоюшылық, өмірді көрген түс секілді уақытша бірдеңе деп бағалауға бой ұрушылық дағдысы орнықты.
Сол тұста ғұмыр кешкен испандардың өмірі қиян-кескі оқиғаларға толы, мейлінше мазасыз, күні ертең не боларын болжап біле алмайтындай берекесіз болған-ды. Алайда бізге ғұмырбаян түрінде жеткен тағдырлар арасында Сервантестің пешенесіне жазылғандай кепті бастан өткерген бірде бір жан баласы жоқ. Шыр етіп жарық дүниеге келгеннен қабірге барып енгенге дейінгі аралықта осынау ұлы адамның көрмеген қорлығы, шекпеген мұқтаждығы, тартпаған тақсіреті кемде-кем. Ол өмір бойы кедейшілікте күн кешті, үш рет түрмеге түсті, Лепанто маңайындағы шайқас кезінде 1570 жылғы 7-ші қазанда ауыр жарақаттанып, мүгедек боп қалды, одан соң бес жыл Алжирде тұтқында болды... Бірақ, көз аштырмай төпелеген бақытсыздықтар оның жігерін жасытып, жүрегін қарайта алмады, азапқа толы өмірінің ақыр соңына дейін ақыл-ой айқындығы мен шығармашылық танымының тереңдігін, адамға деген сүйіспеншілігі мен өмірге деген іңкәрлігін жоғалтқан жоқ. Испан халқына тән қайырымдылық пен парасат, намысшылдық, қайсарлық пен табандылық секілді ізгі қасиеттің бәрі де осынау данышпан адамның бір басынан табылатын.
Мигель де Сервантес Сааведра 1547 жылғы 29 қыркүйекте Алькала-де-Энарес қаласында дүниеге келді. Әкесі Родриго де Сервантес емші болатын, шешесінің есімі Леонора де Кортинас еді. Қаламгер олардың төртінші боп көрген баласы-тұғын, шаңырақта одан басқа тағы да үш ер бала мен үш қыз бала болды.
Шыққан тегі жағынан Сервантес ежелгі дворян әулетіне жататын, бірақ қаламгер өмірге келген шақта бұл әулет әбден арып біткен еді. Жазушының атасы Хуан Андалусияда әжептәуір жоғары қызмет атқарып, тіпті бір тұста Кордова қаласында аға алькальд (әкімшіліктегі шенеунік) болып, әжептәуір дәулет жиған-ды, бірақ құлағының тосаңы бар әкесі Родриго ешқандай да сот немесе әкімшілік қызмет атқармаған, өз еркінше емшілік жасаудан әрі аспаған, яғни идальголар ортасында да онша үлкен беделге ие бола алмаған жан еді. Қаламгердің анасы да жоқ-жұқа дворяндар санатынан болатын.
Жазушыны өмір бойы өкшелеумен болған мұқтаждық оның шаңырағынан әу бастан-ақ орын теуіп, бесігін тербеткен-ді. Родриго де Сервантес табыс іздеп бір қаладан екінші қалаға қоныс аударуға мәжбүр болды. Мұның кішкентай Мигель үшін пайдасы да тимей қалмады. Ол өз халқының қалай тірлік кешіп жатқанын жас кезінен-ақ жақсы танып білді.
Кезбе емші Родриго де Сервантес жұмыс іздеп отбасымен бірге елдің бірқатар қаласы мен селосын адақтай отырып, ақыры 1551 жылы корольдіктің сол тұстағы ресми астанасы Вальядолидке келіп тұрақтады. Бірақ мұнда да ұзақ отыра алмады. Арада бір жыл өткенде жергілікті өсімқорға берешек қарызын өтей алмағаны үшін тұтқынға алынды. Нәтижесінде отбасының онсыз да жарытымсыз дүние-мүлкі қарыз өтемі үшін сатуға шығарылды. Әкесінің қаңғыбастық өмірі қайта басталып, оны әуелі Кордоваға алып келді, сосын Вальядолидке кері қайтарды, ол жерден Мадридке аттандырып, ақыры Севильяға оралтты. Мигельдің мектептен дәріс алу кезеңі сол Вальядолидте тұрған тұстарына дөп келеді. Он жасқа толған шағында ол иезуиттер коллегиясына түсіп, онда төрт жылдай (1557 - 1561) оқиды. Мигель оқуын Мадридте тәмамдайды, онда оған сол тұстағы ең үздік ұстаздардың бірі, гуманист Хуан Лопес де Ойос сабақ береді.
ХҮІ ғ. алпысыншы жылдарының соңына таман Сервантестердің отбасы тұлдырсыз тақыр кедейшілікке қарай біржола бағыт алады. Осыған байланысты Мигель мен інісі Родригоға өз нанын өздері тауып жеудің жайын ойластыруға тура келеді. Ортақол дворяндар алдында бұл орайда үш түрлі мүмкіндік бар-тын: біріншісі — шіркеуден, екіншісі — сарай маңынан, үшіншісі — армиядан бақыт іздеу еді. Өзін “ең сүйікті де қымбатты шәкіртім” деп жариялаған ұстазы Хуан Лопес де Ойостан кепілдеме алған Мигель екінші мүмкіндікті пайдаланбақ болады. Сөйтіп, Бесінші Пий папаның төтенше елшісі, монсеньер Джулио Аквавива-и-Арагонға қызметке тұрады. Ол испан тағының мұрагері дон Карлостың қайтыс болуына байланысты көңіл айту үшін және Испания мен Ватиканның арасындағы кейбір даулы мәселелерді шешу үшін 1568 жылы Мадридке келген болатын. Мадридтен елшімен бірге аттанған Сервантес 1559 жылдың басында Римге келеді. Аквавиваның қарамағында камерарий (кілтші) міндетін атқарады, яғни оның сенімді адамдарының бірі болады. 1570 жылдың көктемінде кардинал боп сайланған Аквавиваның қарамағында бір жылдай қызмет істегеннен кейін өзінің таза қанды испан екені жайындағы қағаздарын туралап алған Сервантес 1570 жылдың екінші жартысында осы Италияда орналасқан испан армиясына, Мигель де Монкаданың полкына кіреді. Сервантестің Аквавивадағы қызметінен кетуі, шамасы, патриоттық сезімге бой алдырып, түріктердің Жерорта теңізі аймағында қанат жайып келе жатқан агрессиясына тойтарыс беруге үлес қосу ниетінен туындаса керек.
Испан армиясы құрамында Италияда өткен бес жыл Сервантес өміріндегі ең бір маңызды кезең болды. Бұл оған елдің аса ірі қалаларын аралап көруге, — ол Римнен басқа да қалаларды, Миланды, Болоньяны, Венецияны, Палермоны көрді, — итальяндардың тұрмыс-тіршілігіне тереңірек қанығуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, аса бай итальян мәдениетімен, әсіресе әдебиетімен, оның ішінде антикалық әдебиетпен және антикалық мифологиямен танысты. Гомер, Вергилий, Гораций, Овидий сынды ұлылар шығармаларын, итальяндық Қайта өрлеу кезеңінің Данте, Петрарка, Ариосто, Боккаччо сынды өкілдерінің туындыларын, итальяндық новеллалар мен бақташылық романдарды оқыды. Сервантестің Италияда ұзақ уақыт болуы тек итальян тілін үйреніп қана қоймай, мадридтік мектепте алған гуманитарлық білімін кеңейте түсуіне де жақсы жағдай жасады.
Мұның бәрі ұлы қаламгердің рухани мәдениетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
1571 жылғы 7-ші қазанда Лепанто маңайында атақты теңіз шайқасы өтіп, Қасиетті лиганың (Испанияның, папа мен Венецияның) біріккен флоты сол замандағы айтулы қолбасшы Хуан Австрийскийдің басшылығымен түрік эскадрасын тас-талқан ғып жеңіп, Түркияның Жерорта теңізінің шығыс бөлегін басып алмақ әрекетінің жолын кесті. Сол күні Сервантес безгек тиіп ауырып жатқан, бірақ шайқасқа қатысуға өзі сұранып тілек білдірді. Оның өтініші орындалып, қарамағына он екі солдат беріліп, қайық баспалдағын күзетуге жіберілді. Шайқас барысында ол үш жерінен жарақат алды: екі оқ кеудесінен, бір оқ иығынан тиген болатын. Соңғы жарақаты аса ауыр болды: содан бастап сол жақ қолы икемге келмейтін боп қалды. Жазушы Мессинадағы госпитальға түсіп, одан тек 1572 жылғы көкек айының аяқ кезінде ғана шықты. Алайда, осындай мүгедектіктің өзі де оны әскери қызметті тастап кетуге мәжбүр ете алмады. Лопе де Фигероа полкына жіберілген Сервантес біраз уақыт Корфу аралында тұрды. 1572 жылғы 2-ші қазанда Наварин маңайындағы теңіз шайқасына қатысты, ал келесі жылы Солтүстік Африкаға, Голета және Тунис бекіністерін нығайтуға жіберілген Хуан Австрийский басқарған экспедициялық корпустың құрамына енді. 1573 жылы Сервантестің полкы Италияға қайтарылып, әуелі Сардинияда, одан соң 1574 жылы Неапольда гарнизондық қызмет атқарды. 1575 жылғы 20 қыркүйекте жазушы армияда қызмет ететін інісі Родригомен бірге “Күн” аталатын галерамен Неапольдан Испанияға аттанды. Алайда, жолшыбай олардың галерасына теңіз қарақшылары шабуыл жасап, бәрін түгел тұтқындап Алжирге алып кетті.
Отанына оралар алдында Сервантес король ІІ-ші Филипптің атына кепілдеме хаттар алған болатын. Оған кепілдік еткен адамдардың — дон Хуан Австрийский мен Неапольдың вице-королі, герцог де Сесаның есімдері естіген құлаққа әжептәуір айбарлы еді. Оған қоса бұл хаттарда Сервантес жайында көп жылы сөз айтылған. Отаныма оралғанда жағдайымды жақсартуға көмегі тиер деп жинаған бұл хаттары Алжирде, керісінше, өлшеусіз зиян келтірді. Оның алғашқы қожайыны грек-ренегат Дели Мами мен Алжирдің билеушісі Гассан Паша кепілдік хаттарды оқып, оны аса бай адам екен деп ойлап қалған-ды, сөйтіп оны босатып алу үшін төленетін құнның бағасын шектен тыс өсіріп, бес жүз алтын эскудо деп белгілеген. Оған қоса, тұтқынның тезірек мәмілеге келуі үшін мойнына темір шығыршық салып, аяқ-қолын бұғаулап, адам төзгісіз ауыр жағдайда ұстаған. Әйтсе де, аталмыш хаттардың пайдалы жағы да болды: Сервантесті өлімнен сақтап қалды. Алжирлік қожайындар оны ауыр жағдайда ұстағанымен, мол өтемақы алармыз деген үмітпен өмірін сақтауға тырысты.
Тұтқында болған бес жылдың ішінде Сервантес қашып шықпаққа үш рет әрекет жасайды, бірақ үшеуі де сәтсіздікке ұрынады және бәрін де өзі ұйымдастырғанын мойнына алады. Қит еткен кемшілігі үшін тұтқындарды дарға асып, қазыққа отырғызып аяусыз жазалайтындығымен аты шыққан қатыгез әкім Гассан пашаның өзі оның осынау жүрек жұтқан батылдығына дән риза болады. Сөйтіп, біржола титығына жеткен отбасы ақыры талап етілген соманы жинап, өтемақысын төлегеннен кейін Сервантес тұтқыннан босап, 1580 жылғы 24-ші қазанда Алжирді тастап шығады.
Сервантесті отаны мейлінше енжар қарсы алады. Туған жеріне табан басқан сәттен-ақ ол өзінің, соғыс ардагерінің, Лепант шайқасына қатысқан адамның, ешкімге де керегі жоқтығын, отбасы мүшелерінен басқаның бәрі өзін ұмыт қалдырғанын аңғарады. Отбасы да қайыршылықтың аз-ақ алдында отыр екен. Әкесі біржола керең боп қалыпты, соған байланысты ем-дом жасауын доғаруға мәжбүр бопты (ол 1585 ж. қайтыс болды). Сөйтіп, отбасын асырау міндетін мойнына алған Мигель бірден жұмыс іздеу қамына кіріседі. Оның алдында екі жол тұрған: бірі — әскери қызметке қайта оралу болса, екіншісі әдеби еңбек арқылы табыс табу еді. Сервантес табысы сенімдірек көрінген бірінші жолды таңдайды.
1581 жылы Испания Португалияны өз құрамына қосып алған еді, сондай-ақ теңізде үстемдік жүргізу мақсатында әрекет жасап жатқан. Бұл әрекет Испанияны 1588 жылы үлкен апатқа ұшыратты — Англияға шабуыл жасау мақсатында жинақталған, “Жеңілмейтін Армада” деп аталған орасан үлкен флоты Ла-Манш бұғазы мен Солтүстік теңіз суларында сұрапыл дауылға тап болып, талқаны шықты. Алайда, Португалия мен оның колонияларын игеру, сондай-ақ Англияны басып алу мақсатында жүргізіліп жатқан кең құлашты жаңа дайындықтар епсекті адам үшін зор мүмкіндік ашып тұрған. Сервантес те сондай жандардың санатынан еді. Әскери кәсіпке қайтып оралған ол әуелі Португалияда қызмет істеп көрмек болды. 1581 жылы әскери шабарман ретінде Солтүстік Африкаға, Оранға барып қайтты, одан соң біраз уақыт герцог Альбаның Томардағы қосынында болды. Алайда, материалдық жағдайының жақсармайтынына көзі жеткен Сервантес ұзамай әскери қызметпен біржола қош айтысты.
Бұл тұста отбасының тұрмысы түзелмек түгілі жыл өткен сайын құлдырап бара жатқан, оның үстіне орталары Сервантестің некесіз туған қызы Исавель де Сааведрамен толыққан болатын. Үй-іші жағдайының жөнделіп кетуіне Сервантестің Эскивьяс қалашығында туып-өскен, он тоғыз жасар Каталина де Саласар-и-Паласьоспен некеге тұруы да (1584) көмектесе алмады: келіншегінің жасауы тым жарытымсыз боп шықты. Алдағы күндер оған да, үй-ішіне де қуанышты ештеңе емексітіп тұрған жоқ-ты. 1587 жылы Эскивьястағы шаңырағынан уақытша қол үзген Сервантес елдің оңтүстік өңіріне, Андалусияға бет алды — американдық колониялармен қызу сауда жүргізіп жатқан бұл өңірде табыс табу мүмкіндігі мол болатын. Сервантестің бұдан кейінгі он бес жыл өмірі Андалусияның ірі сауда орталығы әрі ең бай қаласы Севильяда өтті.
Алғашқы кездері жазушының бағы жанғандай-ақ еді. Король үкіметінің сол тұстағы бар арманы ағылшын жағалауын жаулап алу болғандықтан, ХҮІ ғ. сексенінші жылдарында Андалусия армия мен флотты жабдықтайтын негізгі аймаққа айналған. Сол кезең үшін орасан көп мөлшерде қажет болған азық-түлік дайындау операциясы мұны іске асыратын қызметшілер құрамының да мол болуын қажет еткен. 1587 жылдың күзінде Сервантеске Севилья маңайындағы шағын қалалар мен селолардан “Жеңілмейтін Армадаға” азық-түлік дайындайтын комиссар боп орналасудың сәті түсті. Армияны жабдықтау ісі негізінен жергілікті тұрғындардың өз қажеттілігінен артылған азық-түлігін күшпен тартып алу жолымен жүргізілетін. Сервантес сергек те терең ақыл-ой иесі болғанымен аса бір ұқыпты адам емес-ті. Есеп-қисап қағаздарына немқұрайды қараушылығы оны қаржы бақылау орындарымен қақтығысқа ұрындырып, оған заңсыз реквизиция жүргіздің, ақшаны жасырып қалдың деген айып тағылды. Осындай кезекті бір текетірестен кейін жазушының аз уақытқа Кастро-дель-Рио қаласындағы түрмеге (1592) жатып шығуына тура келді. Сөйтіп, азық-түлік мекемесіндегі қызмет Сервантес пен оның сол бұрынғыша Мадридте тұрып жатқан отбасының жағдайын жақсартудың орнына одан әрі нашарлатып жіберді.
1594 жылдың ортасына таман Гранада корольдігінде салық бересісін жинаушы қызметіне орналасуы Сервантесті жаңа кесепатқа душар қылды. Бересіні жинауға белсене кіріскен ол сол жылдың тамыз айында Мадридке аударуы үшін севильдік банкир Симон Фрейре де Лимаға 7400 реал табыс еткен-ді. Ұзақ жылдар бойы қыр соңынан қалмайтын қырсыққа Сервантес дәл осы арада тап болды. Банкир өзін банкротпын деп жариялады. Қазына одан Сервантес табыс еткен соманы өндіріп алуын алғанымен, онымен іс біте қоймады. Жиналған бересінің қалған сомасын Сервантес қазынаға заңды түрде түгел табыс етсе де, шенеуніктер оған жасырып қалғаның бар деген кінә тағып, үлкен көлемдегі сомаға айып төлеттірмек болды. Кінәсіз екеніне бұлтартпас дәлел келтіре алмағандықтан және аталған айыппұлды төлейтін жағдайы болмағандықтан Сервантес 1597 жылғы қыркүйекте Севильядағы корольдік түрмеге қамалып, онда үш айға жуық отырып шықты. Одан соң ақша жасырғаны жөніндегі осы іске байланысты ол 1602 жылы тағы да түрмеге қамалды. 1608 жылғы қараша айында, яғни айып тағылған кезден он — он бір жыл өткеннен кейін, қайта сотқа шақырылып, сол іске байланысты одан тағы да жауап алынды.
1604 жылы Севильямен қош айтысқан Сервантес Испанияның уақытша астанасы — Вальядолид қаласына келіп қоныстанды, үй-іші де (Эскивьяста тұрып жатқан әйелінен басқалары) сонда көшіп келді. Бұл кезде Сервантестің отбасы шағындалып та қалған — Алжирде өзімен тұтқында бірге болған інісі Родриго Фландрияда қаза тапқан, енді қазір шаңырағында Андрея мен Мадалена есімді екі апасы, Исавель де Сааведра есімді некесіз туған қызы және Костансо Овандо есімді жиен қарындасы ғана бар еді. Үй-ішінің жағдайы сол бұрынғыша жадау күйде болатын.
Вальядолидке келіп орнығуымен Сервантес ғұмырбаянындағы жиырма бес жылдық мерзімді қамтитын үшінші, аса маңызды кезең аяқталады. Таланты әбден қалыптасқан Сервантестің шығармашылық өмірінің үшінші кезеңіне “Галатея” аталатын бақташылық романы және көпшілігі бізге жетпеген отызға жуық драмалық шығармасы, яғни “комедиялары” жатады. Оның бұл кезеңдегі драмалық шығармалары жайында 1615 жылы жарық көрген “Сегіз комедия мен сегіз интермедия” аталатын жинағына жазған алғысөзінен білеміз. Мұнда ол “Алжирлік салт-сана”, “Нумансияның күйреуі” және “Теңіз шайқасы” туындыларының Мадрид театрларында қойылғанын хабарлап, жиырма-отыз пьеса жазғанын айтады.
Автордың өзі атап өткен үш шығарманың ішінде “Нумансияның күйреуі” трагедиясы Алтын ғасырдағы испан театрының ең елеулі қойылымдарының бірі болған еді. Рим қолбасшысы Сципион қоршауға алған кельтиберлердің ежелгі астанасы Нумансияны қорғаушылардың ерлігін суреттейтін, патриоттық тақырыпқа жазылған бұл туынды испан театрларында күні кешеге дейін көрсетіліп келді.
Сервантес шығармашылығының келесі кезеңі, шын мәніндегі ең ұлы кезеңі ХҮІІ ғасырдың алғашқы жылдарынан, дәлірек айтқанда, 1603-ші жылдан бастау алады. Бұл кезеңде ол әлемге “Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот” атты екі бөлімнен тұратын романын берді, “Сегіз комедия мен сегіз интермедия” жинағын шығарды, айрықша тартымды новеллалар мен “Парнасқа сапар” поэмасын, “Персилес пен Сихизмунда”, т.б. шығармасын жазды.
Әрине, бұлардың арасындағы ең шоқтығы биік туынды “Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот” романы еді. Ол тек Сервантес шығармашылығының асқар шыңы ғана емес, сонымен бірге әлем әдебиетіндегі теңдесі жоқ ұлы туындылардың бірі болатын.
Қаламгер бұл шығармасын 1603 жылдан бастап жазуға кіріскен секілді және бұл оның Севилья түрмесінде қамауда жатқан кезеңіне тұспа-тұс келеді. Бұған романның “жаныңа маза бермейтін не қилы берекесіздік пен жүйкеңді жейтін бір сарынды дыбыс жайлаған орын боп табылатын абақтыда” туғаны жайында Сервантестің өзі куәлік етеді. Романның екі бөлімнен тұратыны мәлім, екінші бөлімін Сервантес алғашқысы жарық көргеннен кейін он жылдан соң жазды.
Осынау қомақты туындысының өне бойында Сервантес оқырманға мұны жазуға өзін құлшындырған жалғыз ғана себеп — рыцарьлық романдардың ерсілігін келеке ету, оларды “күлкінің күшімен” күйрету екенін жалықпай қайталап айтып отырады. Аталмыш әдеби дүниелерге сол тұста жұртшылық үлкен қызығушылық танытқанын ескерсек, — 1508-ші жылдан 1612-ші жылға дейінгі аралықта Испанияда рыцарьлық жанрда 120 роман жарық көргенін, солардың ішінде тек “Амадис Галльский” немесе “Пальмерин Английский” секілді санаулылары ғана көркем шығарма санатына қосылатынын айта кету керек, — Сервантес бастаған күрестің мейлінше заңды да маңызды шаруа екенін мойындамасқа лаж жоқ. Солай бола тұрғанымен, рыцарьлық әдебиетпен романның бірінші бөлімінің алтыншы тарауында “есеп айырысқаннан” кейін (Дон Кихоттың рыцарьлық кітапханасының көзін жою), есалаң кейіпкерін өзін қоршаған ортаның ащы шындығымен бетпе-бет келтірген Сервантестің тек соның өзін ғана емес, сондай-ақ ол тіршілік етіп жүрген қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктерді де қатаң сынға алатыны бізге бек жақсы мәлім. Романдағы оқиғалар одан әрі өріс алған сайын пародия да күрделілене түседі, кітабилік түрден арылып, сынап-мінеушілік сипаты барынша айқын түр табады. Романның сатиралық уыты авторды инквизицияның назарына іліктіруі мүмкін болғандықтан, Сервантес одан арғы жерде өз позициясын бүркемелеуге мәжбүр болып, романға “араб-ламанчалық тарихшы” Сид Ахмет Бен-инхали дегенді енгізіп, жекелеген сатиралық ой-пікірін соның аузына салады. ІІ-ші Филиптің 1559 жылы еретиктерді (дінбұзарлар мен теріс пиғылдағыларды) топ-тобымен көпшіліктің көзінше тірілей өртегенін ұмыта қоймаған Сервантес айрықша сақ болуға тиіс еді. Жолында тұрған кедергілерді оның осынша батылдықпен және де тапқырлықпен айналып өткеніне қайран қаласың.
Рыцарь мен оның атқосшысын романның басты кейіпкері етіп таңдап алуының өзі қаламгер кемеңгерлігінің бір нышанындай. Сервантестің бұларды өзі де бір мүшесі боп табылатын испанның азып-тозған дворяндығы мен жер иелігінен жырақтап қалған қара бұқара арасынан іріктеп алуы да тегін емес. Дон Кихот пен Санчо Пансаның әлеуметтік салмағы мол бейнелері Сервантеске кеңінен көсіліп, тереңнен толғауға мүмкіндік берді.
Рыцарьдың есалаңдығын желеу еткен Сервантес адамгершілік абзал қасиеттер, саяси пайым-парасат пен адалдық жайында замандастарының құлағына құймақ болған ой-тұжырымдарын соның аузымен айтқызады. Осынау лұғатты лебіздерден Сервантестің шексіз бай өмір тәжірибесі мен рухани мәдениетінің мол қазынасы, антикалық және ұлттық испандық мұра мен итальяндық Қайта өрлеудің озық үлгілерінен сусындаған терең білімі андағайлап тұр. Ал, Санчо Пансаның сөзінен мыңдаған жылдар бойы жинақталған халық даналығы, қашан да жерге қожалық етуге құштар шаруаның (Санчоның аралға ие болсам дейтін таусылмас арманы соның дәлелі) қияли ойлардан ада пиғылы көрініс береді. Шынтуайтына келгенде, Сервантестің осынау ұлы шығармасы рыцарь мен атқосшысының үзілмес-тынбас диалогы боп табылады. Санчосыз Дон Кихоттың өмірі мәнсіз боп көрінетіні секілді, Дон Кихотсыз Санчоның да өмірі сәнсіз. Толассыз пікір алмасу екеуі үшін де аса бағалы; бұл бір-бірін рухани байытып, биік самғайтын гуманистік ой-ниет пен қапыда қалдырмайтын халық даналығы бір-бірімен үйлесімді түрде ұштасып жатады. Пікір алмасудың ауқымы кең және сол заман үшін аса маңызды болған көп мәселені қамтиды; барынша бүркеулі болғанымен көп жағдайда (әсіресе, екінші бөлімде) айқын әшкерелеуші сипатта көрініп отырады. Бұған романдағы оқиғалар өтетін орынның оңтайлы таңдап алынуы да септігін тигізеді: шығармаға арқау болған іс-әрекеттің барлығы дерлік кастильдік деревня тіршілігі ауқымында, Испаниядағы ең кедей провинциялардың бірінде — диірмендері, күре жолдары, дәмханалары бар, жылпостау, надан, бірақ ақпейіл де сормаңдай адамдар мекендейтін қу медиен Ламанчада өтеді.
Герцог қамал-сарайында болған кездерінде роман кейіпкерлері ерлі-зайыпты байшыкештер мен олардың құйыршықтары тарапынан келемеш пен мазақтың не түрін көріп, аз мерзімге бір-бірінен қол үзіп қалады. Бірақ бір-бірінен жырақтап кеткен осы уақыттың өзі олардың достығының қандай берік әрі бір-біріне қандай пайдалы екенін тағы бір көрсетіп береді. Өзінің жалған-мазақ губернаторлығына шынымен сеніп қалған Санчо айрықша ұйымдастырушылық қабілет танытады. Романның екінші бөлімінің оның осы губернаторлығына арналған тараулары, сондай-ақ Дон Кихоттың аралға аттанар алдында атқосшысына берген салиқалы ақыл-кеңесі үш Филипп патшалық еткен тұстағы Испаниядағы мемлекеттік құрылымның кембағалдығы мен әлеуметтік әділетсіздігін әшкерелейтін сатира боп шыққан; мұндай кембағалдық пен әлеуметтік әділетсіздіктің күйігін Сервантестің өзі де талай тартқан болатын. Герцог сарайында жатуының ерсі нәрсе екеніне рыцарьдың көп ұзамай-ақ көзі жетеді. Санчоның губернаторлықтан бас тартуы, оның Дон Кихотпен кездесуі, екеуінің қамал-сарайды тастап шығуы және жазушының рыцарьдың аузымен айтқызған бостандыққа деген мадақ бұлардың қоршаған ортадағы ашкөздік, жатыпішерлік, кеудемсоқтық, рухани кемтарлық пен қатыгездіктен мерейі үстем шыққанын паш етеді: романнан бұл секілді сиықсыз қасиеттердің тек сұмпайылар мекендеген герцогтың қамал-сарайына ғана емес, ХҮІІ ғасырдағы күллі испан тіршілігіне тән екенін айқын аңғаруға болады.
Сервантестің мәңгі өлмес туындысы адамзат үшін Дон Кихот пен Санчо Панса бейнелерінің айрықша көркем сомдалуымен де, онда алға тартылатын идеялардың ешқашан ескірмейтін өміршеңдігімен де құнды. Шынында да, “Дон Кихотты” оқыған кезде Сервантестің жоқ-жітіктер мен жәбір көрушілерді қорғау адамның асыл парызы екені жайындағы, “адамдар сенікі және менікі деген сөздерді білмеген” Алтын ғасыр турасындағы, отан хақындағы, әділ және әділетсіз соғыстар жөніндегі, бейбітшілік пен бостандық жайындағы идеяларының заманымыздың ізгі мұраттарымен қалай үндесіп жатқанын көріп еріксіз таңданасың.
“Дон Кихоттың” екінші бөлімі, шамасы, 1613 жылдан жазыла бастаса керек, ал сатуға 1615 жылғы қараша айында түскен-ді. Бірақ соның алдында, 1614 жылдың жазында, Алонсо Фернандес Авельянеда дейтін біреу жазған жалған “Дон Кихоттың” екінші томы жарыққа шықты. Бұл жалған шығарманың авторы кім болғанын зерттеушілер әлі күнге шейін анықтай алмай келеді. Осынау жасанды дүниенің пайда болғаны жайында Сервантес “Дон Кихоттың” екінші бөлімін аяқтап қалған кезде білді. Романның жалғасы жазылып жатқанынан хабардар болған Авельянеда дейтін бүркеншек ат жамылған алаяқ екінші бөлімді автордан бұрынырақ жарыққа шығарып табыс тауып қалуды, оған қоса Батыс Европа елдері мен мұхиттың арғы бетіндегі колонияларға кеңінен танылып үлгерген шығарманың жақсы атына кір келтіруді көздеген болса керек. Жалған “Дон Кихоттың” жарық көруі Сервантестің жанына өте ауыр тиді және мезгілінен бұрын дүние салуына себепкер болғаны да сөзсіз. Алайда ол өзінің беймәлім дұшпанына ашу-ызаға толы жауап хат жазумен ғана шектелді. Ал, жасанды роман болса, оны жазған адамның әжептәуір әдеби шеберлігіне қарамастан, көптің көңілінен шыға алмады, сөйтіп ұзамай ұмыт болды.
Сервантес өмірінің соңғы кезеңі негізінен Мадридте өтті, мұнда ол аталмыш қала корольдіктің астанасы деп жарияланғаннан кейін, шамасы, 1608 жылы көшіп келген секілді. Вальядолидтегідей ол мұнда да кедейлер тұратын орамнан орын тепті. “Дон Кихотты” шығаруының арқасында даңқы аспандап кеткенімен, отбасының әл-ауқаты онша оңала қоймады. Ресми Испания мен әдебиет зиялыларының оған деген қарым-қатынасында да бәлендей өзгеріс болған жоқ: бұл оларға ұнамды да, жұғымды да адам емес-ті. Алайда, жағдайын жақсарта қоймағанымен, романының зор құрметке ие болуы жазушыны проза жанрындағы жұмысын одан әрі жалғастыруға құлшындырып, 1605 -1610 жылдар аралығында көптеген новелла, комедия мен интермедия жазды.
Осы жылдар ішінде жазушының отбасында да өкінішті жағдайлар орын алып жатты: аз ғана уақыт бұрын шашын кестіріп монастырьға кеткен екі апасы бірдей дүние салды; қызы Исавель де Сааведра күйеуінен ажырасып, екінші мәрте тұрмыс құрды, күйеу баласының жасаудың мол болуын талап етуі жазушының материалдық жағдайын қиындата түсті. Қайын апаларының үлгісімен Сервантестің әйелі де шашын кестіріп монастырьдан орын тепті. Сервантестің өзі де 1609 жылы Қасиетті сенім құлдарының ағайындығы аталатын бірлестік құрамына кірді. Ағайындық қатарында граф Лемосский мен кардинал әрі бас инквизитор дон Бернардо де Сандоваль-и-Рохас тәрізді мәртебелі шонжарлармен қатар Лопе де Вега мен Кеведо секілді көрнекті испан жазушылары да болған-ды. Кейбір керітартпа әдебиетшілер мен сыншылар оның бұл қадамын өмірінің соңында айыпты істері үшін ақталмақ болған күнәкардың қылығы деп бағаламаққа тырысты. Ал, шын мәнінде мұны Сервантестің дінге басы-бүтін ден қойғандығы деп емес, Ағайындықтың аса беделді мүшелерінің қолдауына ие болуды, ауырып-сырқап, айрықша мұқтаждыққа тап бола қалған жағдайда көмек табуды көздегені деп білген оңдырақ.
Қаламгер 1616 жылғы 23-ші көкекте дүние салды. Ағайындық бөлген қайырымдылық қаражаттың арқасында өзі айтып кеткен монастырда жерленді.
Сервантестің “Дон Кихот” романы қазақ тілінде алғаш рет 1951 жылы Абдулла Құлыбековтың аудармасымен жарық көрген еді. Бірақ бұл кітап Б.М.Энгельгард испан тілінен орыс тіліне көлемін екі еседей ықшамдап тәржімелеген, жоғары және орта класс оқушыларына арналған дүниеден аударылған болатын. Ұлы туындымен қазақ оқырманының көп буыны осы кітап арқылы танысты. Енді, міне романның Н.М.Любимов аударған екі бөлімнен тұратын төл нұсқасы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қазақ тілінде толық күйінде жарық көріп отыр.
Хибралеон маркизі, Беналькасар және Баньярес графы, Алькосер виконты, Капилья, Курьел және Бургиль сеньоры Герцог Бехарскийге
Арнау
Көркем өнерді қолдауға айрықша көңіл бөлетін ақсүйектер санатындағы Сіздің, Шарапатты Мырзам, кітап түрінің қандайына да, соның ішінде әсіресе өзінің биік мұратына байланысты әлденендей бір пайда көру пиғылымен қара тобырдың көңілін аулауға тырыспайтын кітаптарға, ерекше ықылас білдіретініңізден бек жақсы хабардар болғандықтан, Шарапатты Мырзам, Сіздің мұқым елге мәшһүр есіміңіздің мейірім-қайырымына арқа сүйеп Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихотты жарыққа шығарғанды жөн көрдім, сөйтіп енді Жоғары мәртебеңізге деген зор құрметімді білдіре отырып, мұны өз қамқорлығыңызға алсаңыз екен деп өтінем, өйткені оқып-тоқығаны мол жандардың қаламынан шыққан шығармалардың шырайын келтіретін әсемдік пен оқымыстылық әшекейлерінен ада бола тұрғанымен, Шарапатты Мырзам, Сізді арқа тұтқан бұл туынды өз надандығының дәреже-деңгейін ескермей, өзгенің еңбегіне баға беруге келгенде қара қылды қақ жарған әділ болса бір сәрі, әрдайым қатыгез үкім шығаруға әуес жұрттың алдына баруға тәуекел етіп отыр ғой, — осы себептен Сіз, Шарапатты Мырзам, ізгі ниетті тілегіме кеңпейілдікпен қарап өзіңізге деген шексіз адалдығымның осынау болмашы ғана белгісін ықыласпен қабыл аларсыз деп үміт етем.
Мигель де Сервантес Сааведра.
Пролог
Зеріккен оқырман! Қабілет-қарымымның дәреже-деңгейін көрсететін бұл кітаптың мейлінше көркем де сәнді, терең ойлы туынды боп шығуын көксегеніме көзіңді жеткізу үшін ант-су ішпей-ақ қоюыма болады. Алайда тірі жан иесі атаулы өзіне ұқсас жан иесін өмірге келтіретіні жөнінде тәртіп берген табиғат заңын теріске шығаруға менің құқым жүре қоймайды. Ендеше, таяз да кембағал ақыл-ойым бұрын-соңды ешкімнің басына кіріп-шықпаған небір тосын қиялдың жетегінде жүретін, сидиған қу сүйек, салқамсоқ ұл жайындағы хикаяттан өзге нені тудыратын еді — ашығын айтқанда, жаныңа маза бермейтін не қилы берекесіздік пен жүйкеңді жейтін бір сарынды дыбыс жайлаған орын боп табылатын абақтыда бұдан өзге адамның сиқын туындатудың өзі де қиын ғой. Тыныш та жайлы мекен, алаңсыздық, көз жауын алатын көркем алқап, бұлтсыз ашық аспан, сылдырап аққан су, жан-дүниеңнің жайдарылығы — ең бедеу деген музаның өзін буаз қылатын нәрселер міне осылар, сондықтан да оның өмір көрген ұрпағы жарық дүниеге келісімен-ақ сүйсіну мен таңырқау сезімін тудырмақ. Кейде былай да болады: біреудің ұлы ұсқынсыз да икемсіз боп туады, бірақ балаға деген сүйіспеншілік әкенің көзін тас бүркеп тастайды да, оның кемшіліктерін көрмек түгіл сол кемшіліктердің өзінен әлденендей бір ұнамдылық пен тартымдылық тауып, дос-жарандарымен әңгімеде соны зеректік пен ептіліктің үлгісі ретінде тілге тиек етіп отырады. Маған келсек, жұрт мені Дон Кихоттың туған әкесі деп ойлайды, ал шын мәнінде мен оның өгей әкесі ғанамын, сол себепті шиыр болған жолмен жүргім келмейді, ендеше саған, құрметлу оқырман, кейбіреулерге ұқсап даусы дірілдеп, туындымның кемшіліктері болса кешіре сал немесе оған кеңшілік жасай гөр деп жалынып жатпаймын: өйткені, сен оның туысы да, досы да емессің, бойыңда өз түйсік-түсінігің бар, көпті көрген кісілердің бәріне тән қасиет сенде де бар: өз еркің өзіңде, король атаулының қандай салық салуға құқы болса, сен де өз үйіңде солай билеп-төстей аласың, сондай-ақ: “Шекпенімді бүркеніп алуға мұрсат бер, сонда корольді де тәубеге келтірем”, дейтін мәтел де саған бек жақсы мәлім болуға тиіс. Мұның бәрі кейіпкеріме қошемет-қолпаш көрсетуіңнің қажеті жоқтығын білдіреді және оның алдында қандай да болсын борыштылықтан босатады, — олай болса, жаман сөзбен ғайбаттасам жазаға ұшыраймын-ау деп те қорықпай, мақтасам сый-сияпат алам-ау деп те дәмеленбей бұл хикая жайында ойыңа не келсе соның бәрін айта беруіңе болады.
Тек бір ғана нәрсені — бұл кітаптың қолыңа біреу бірдеңе жамап-жасқамай, өзінің бар болмыс-бітімімен тигенін, бізде шығатын кітаптарда беташар ретінде жүруі әдет болған прологпен де, ығыр қылған сансыз көп сонет пен эпиграмма, мақтау өлеңмен де әшекейленбегенін тілер едім. Кітабымды жазуға қыруар еңбек сіңіргеніммен, өзің оқығалы тұрған мына алғысөзді жарық дүниеге келтіру мен үшін одан да қиын болғанын айта кетуім керек. Қолыма қалам алып жазуға қанша оқталсам да ештеңе шықпады, өйткені не жайында жазатынымды білмейтінмін. Өстіп жүргенде бір күні парақты алдыма жайып қойып, қауырсын қаламды құлағыма қыстырып, жазу үстелін шынтақтап, қолыммен жағымды сүйеніп не істерді білмей дағдарып отырған шағымда ойда жоқта үйге бір танысым кіріп келді. Бұл өзі көзі ашық, көңілі ояу әрі сөзге де шешен адам болатын, ойға батып отырғанымды көріп, себебін сұрады, — мен болсам дос-жар адамымнан ештеңе жасырып қалғым келмей, Дон Кихот хикаясына пролог ойластырып отырғанымды, онымнан ештеңе өнбей тұрғанын, бұл прологы түскірдің қырсығынан осынау ізгі ниетті рыцарьдың ерлік істері жайындағы кітапты жарыққа шығаруға деген ынтамның да жоғалып кеткенін айтып бердім.
— Шын мәнінде де, ежелден оқырман жұртшылық деп аталатын тәртіп орнатқыштан қорықпайтын амалым қане — егер елеусіз-ескерусіз өткізген осынша жылдан кейін, өзім біраз жасқа келіп қалған адам, бүгін оның талғам таразысына кепкен ағаштай құрғақ, тапқырлығымен тәнті қыла алмайтын, сөзінің сәнімен де, қисындарының қызықтылығымен де ерекшеленбейтін, қандай да болсын ғылыми деректерден мақұрым, жөн айтып, жол көрсетпейтін, парақ жиегінде сілтемелері мен соңында түсініктемелері жоқ шығарманы ұсынғалы отырсам, ал басқа авторлар болса өз кітаптарын, мейлі ол тіпті игі-жақсылар ортасындағы өсек-аяңды баяндау түрінде жазылған дүние болса да, Аристотельдің, Платонның және басқа да бір қауым философтың нақыл сөздерімен нақыштап, оқырманның айызын қандырып жатса және осы арқылы бұл авторлар өздерін көп оқыған, көп білетін және айтқыш адам ретінде танытып жатса қайтпексің? Ол деген не — олар тіпті сізге Қасиетті жазбадан да сілтеме келтіреді! Соны көргенде тіпті әулие Фома сияқты біреулерді немесе шіркеудің басқа бір ұстазын оқып отырғандай әсерде қаласың. Оған қоса олар әдеп-салтты сақтаудың да асқан шебері: бір бетінде сізге ойын-күлкімен уақытын текке өткізіп жүрген тентек жайында әңгімелесе, екіншісінде жүрек қылын қозғайтын, оқу немесе тыңдау жаныңды жай тапқызып, ләззатқа бөлейтін христиандық рухтағы шағын уағызды алдыңызға тартады. Менің кітабымда мұның бірі де жоқ, өйткені парақ жиегіне шығарып жазатын ештеңем жоқ және түсініктеме беретін де бірдеңе табылмайды; оған қоса, бұл кітапты жазғанда өзімнің қандай авторларды өнеге тұтқанымнан хабарым болмағандықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша әліпбилік тәртіппен есімдер тізімін де келтіре алмаймын — әдетте мұндай тізімде Аристотель де, Ксенофонт та, тіпті бірі сойып салма сыншы, енді бірі суретші болғанына қарамай Зоил мен Зевскид те міндетті түрде жүрер еді. Кітабымның бас жағынан сонеттерді де ұшырата алмайсыз — әсіресе, герцогтардың, маркиздердің, графтардың, епископтардың, ханымдардың немесе атағы жер жарған ақындардың сонеттерін айтам. Егер дәрежелі достарымның екі-үшеуіне өтініш білдіре қалсам, олар мен үшін сонет жазар да еді және жазғанда тіпті испанның айтулы деген ақындарының шығармалары да шендесе алмайтын дүниелерді туындатар еді.
— Сонымен, тоқ етерін айтқанда, достым әрі мархабатты мырзам, — дедім сөзімді әрмен жалғап, — жаратқан иеміз жетіспей жатқан нәрселерінің бәрін жиып-теріп әспеттеп беретін біреуді жібергенше сеньор Дон Кихоттың ламанчалық архивтерде қамалып жата бергені жөн ғой деп тұрмын. Өйткені, кітабымды жөндеуге шамам жетпейді; біріншіден, менде бұған лайықты білім де, дарын да жоқ, ал, екіншіден, туа бітті жалқаулығым мен еріншектігім авторлар іздеп алақұйын болуға ерік бермейді, ашығын айтқанда, олар онсыз да өзім жақсы білетін нәрселерден артық бірдеңе айта алады деп ойламаймын. Менің алаңдаушылығым мен абыржушылығымды туғызып отырған да осы нәрселер, — әлгінде айтқанымның бәрі осыған толық негіз бола алады.
Мені тыңдап болған әлгі досым маңдайын бір қойып қалды да, рақаттана қарқылдай күліп алған соң:
— Құдай ақы, достым, өзіңіз жайындағы ойымның жаңсақ екеніне осы қазір ғана көзім жетті: өйткені, өзіңізбен таныс-біліс болғалы өткен айлар мен жылдар ішіндегі барша іс-әрекетіңізге қарап сізді әр адымын аңдап басатын, ақыл-ойы кемел адам ретінде бағалап жүруші едім. Енді қазір байқағаным, өзіңіз жайындағы байламдарым мен ақиқат шындық арасындағы алшақтық жер мен көктей екен. Шын мәнінде де, осынау болымсыз әрі оп-оңай реттей салуға болатын кедергілер бұдан әлдеқайда қиын жағдайлардан абыроймен жол тауып үйренген парасат-пайымыңызды қалайша қамықтырып, тұйыққа тіреп қойғанына қайранмын. Бұл жерде мәселе әлде бір істің қолдан келмейтіндігіне емес, керенаулыққа және қиялға ырық беруге ықыластың жоқтығына тіреліп тұрғанына кепілмін. Осы сөзімнің бір өтірігі жоқтығын дәлелдеп берейін бе сізге? Олай болса, айтпағымды мықтап тыңдап алыңыз, жүрегіңізді шайлықтырып, терең уайымға батырған, сөйтіп даңқты Дон Кихотыңызға, күллі кезбе рыцарь қауымының шамшырағы мен бетке ұстарына, арналған хикаяңызды жарық дүниеге шығармау жайындағы ойға да жетелеп кеткен кедергі атаулының бәрін қас-қағымда қалайша жайпап тастайтыныма, жетпей тұрған нәрселердің бәрінің орнын толтырып беретініме сонда өзіңіздің-ақ көзіңіз жететін болады, — деді.
— Ау, ендеше, айтсаңызшы, — деп дауыстап жібердім оның сөзін ден қойып тыңдап алған соң, — үрей топанынан мені қалай құтқарып алмақсыз, алай-түлей болған көңілімнің аптығын қалай баспақсыз?
Бұл сауалыма ол былай деп жауап берді:
— Ең алдымен айтарым, кітаптың бас жағына орналастыруға ойыңыз кеткен және мәртебелі де лауазымды тұлғалардың қаламынан шығуға тиіс болған сонеттер, эпиграммалар мен мақтау өлеңдер жайы көңіліңізге алаң түсірген тәрізді, — ал мұның түк қиындығы жоқ. Тәуекел етіңіз де, соның бәрін өзіңіз ойдан шығарып жазып тастаңыз, сосын оларға тиісті тақырып қойыңыз да, кез-келген біреудің есімін тіркей салыңыз: олар тіпті Иоанн Индийский немесе император Трапезундский болса да мейлі, бәрібір, — ал бұлардың өлең шығарудың шебері болғаны жайында аңыз бар, — әйтеуір бір мықтының туындысы боп табылсын. Ал, егер олай болмай басқаша боп шықса, егер жекелеген педанттар мен бакалаврлар сізді мысқылдап, соңыңыздан сөз тарататын болса, онда оған да бола қайғы шекпей-ақ қойыңыз: тіпті өтірігіңіз дәлелденіп, әшкереленген күннің өзінде де, бәрібір, оны жазған қолыңызды ешкім шауып тастамайды.
Ал, енді парақ жиегіндегі сілтемелерге келсек — яғни, авторлар мен кітабыңызды тұздықтауға қажетті қанатты сөз бен ғақлия алынатын шығармаларға жасалатын сілтемелер жайына оралсақ, оның да жарасы жеңіл: өзіңіз жатқа білетін немесе іздеп табу аса көп әуреге түсіре қоймайтын ғақлиялар мен латын мәтелдерін орынды-орынды жерінде қолданып отырсаңыз болғаны. Мәселен, еркіндік пен құлдық жайында әңгіме ете қалсаңыз:
Non bene pro toto lіbertas vendіtur auro1
дегенді қыстыра қойыңыз да, сол арада парақ жиегіне бұны жазған, айталық, Гораций немесе басқа біреу деп көрсетіңіз. Ал, егер дауасы жоқ қаза хақында сөз бола қалса, басқа бір сілтемеге сүйене салыңыз:
Pallіda mors aequo pulsat pede pauperum tabernas
Requmque turres2.
Әгәрәки, жаратқан иеміздің жүректе дұшпандарымызға деген сүйіспеншілік пен достық сезімді сақтауға өсиет еткені жайында әңгіме бола қалса, онда еш те бір іркілместен шамалы болса да түсінігі бар жұрттың бәріне ұғынықты Қасиетті жазбаға жүгініңіз де, басқа біреу емес, жаратқан иеміздің өзі
айтқан: Ego autem dіco vobіs: dіlіgіte іnіmіcos vestros3 деген сөзді тілге тиек ете қойыңыз. Егер жаман пиғыл жайында әңгімелесеңіз — ондашы тағы да Інжілге иек артыңыз: De corde exeunt cogіtatіones malae4. Егер достардың тұрақсыздығы жайында айтатын болсаңыз — онда Катонның мынадай екі тармағы әжетке жарай қояды:
Donec erіs felіx, multos numerabіs amіcos.
Tempora sі fuerіnt nubіla, solus erіs5.
Сөйтіп, латыншылау мен басқа да осындай қитұрқы әрекеттердің арқасында аз дегенде грамматик ретінде көрініп қаласыз, ал біздің заманымызда бұл біраз абырой-атақ әрі едәуір қаражат әкелетін нәрсе.
Ал, енді кітаптың соңында берілетін түсініктемелерге келсек, еш шімірікпестен былай істеуіңізге болады: егер хикаятыңызда әлдебір дәу жайында айтыла қалса, — оны Голиаф деп атай салыңыз, одан сізге келіп-кетер не бар, — онда мына секілді ауқымды түсініктеме де қол астыңызда даяр боп тұра қалады: Голиаф деген дәу — филистимлян, Патшалықтар кітабында, пәлен деген тарауда айтылғандай, оны Теревинд аймағында бақташы Давид сақпаннан атылған таспен жазым еткен.
Ал, егер зайырлы ғылымдарды жетік меңгерген адам және оған қоса космограф ретінде жылт ете қалмақ болсаңыз кітабыңызда Тахо өзенін еске сала кетуге талпыныңыз, — ендеше сізге тағы бір тамаша түсініктеме дайын, яғни былай: Өзен күллі Испаниялар корольдерінің бірінің есімімен осылайша Тахо деп аталған; әне бір тұстан бастау алады, сөйтеді де, атақты Лиссабон қаласының қабырғаларын жанай өтіп, Мұхит-Теңізге барып құяды; оның табанында алтын құм бар деген жорамал айтылады, және әрмен қарай да осылай. Әгәрәки ұрылар жайында сөз боп жатса — сізге Кактың өзім бес саусақтай жақсы білетін хикаясын айтып берем; жеңіл жүрісті әйелдер жайында айтсаңыз — сізге епископ Мондоньедскийдің көмегі әзір: ол Ламия, Лаида және Флораны құзырыңызға тапсырады, ал оған сілтеме жасау беделіңізді бекіте түседі; қатыгез қатындар жайында айтсаңыз — Овидий сізге өзінің Медеясын тарту етеді; сиқыршы және балгер әйелдер жайында айтсаңыз — сізге Гомерден — Калипсо, Вергилийден — Цирцея табылады; ержүрек қолбасшылар жайында айтсаңыз — Юлий Цезарьдің “Жазбалары” сізді оның өз тұлға-тұрпатымен таныстырады, ал Плутарх болса сансыз көп Александр туралы әңгімені алға тартады. Егер әңгіме махаббат жайында болса — тоскан тілінде екі-үш сөз білсеңіз болды, Лев Иудеймен қиналмай тіл табыса кетесіз, басқа болса бір сәрі, ал одан құр қол қайтпайтыныңыз кәміл. Егер жат елдерде тентіреп жүруге құлқыңыз болмаса, онда өз отаныңыздан Фонсеканың Жаратқанға деген сүйіспеншілік жайында деп аталатын трактатын таба аласыз, ол өзіңізді де, бұл салада сізден гөрі көбірек түйсінетін оқырмандарды да мейлінше қанағаттандыра алады. Сөйтіп, енді сізге осы аталған есімдердің бәрін еске салып, әлгінде өзім санамалап шыққан шығармаларға сілтеме жасау ғана қалады; ал түсініктемелер мен парақ жиегіндегі жазба дейтіндерді маған-ақ қалдырыңыз: хикаяңыздың бос жиектерінің бәрі тұтас түрлі жазбамен шұбартып, кітап соңындағы түсініктемелердің талай парақ боларына серт берем.
Енді басқа кітаптардың бәрінде бар, бірақ сіздің кітапқа жетіспей жатқан авторлар тізіміне келейік. Бұл да жылдам жөнделетін нәрсе: тек, өзіңіз айтқандай, әліпбилік тәртіппен түзілген неғұрлым толық тізімі бар бір кітапты тауып алуыңыз керек, сондай кітапты тапқан соң, ондағы әліпбилік көрсеткішті толайым-тұтасымен өз кітабыңызға әкеп енгізе қойыңыз. Алдап соққаныңыз ашылып қалған күннің өзінде де, — өйткені, сіздің бұл авторлардан шын мәнінде де бірдеңе ала қоюыңыз неғайбыл ғой, — бұған онша мән беріп жатпаңыз: кім біледі, бәлкім, қитұрқысы жоқ қарапайым кітабыңызда бұл авторлардың жазғандарын шынымен тілге тиек еткеніңізге сеніп қалатын ашықауыздар да табылар. Тіпті болмағанда, осынау ұзыннан ұзақ тізімнің кітабыңызға өзіңіз мүлдем ойламаған ретте айрықша бір айбар беретіндігімен де пайдалы болары анық. Оның үстіне, аталған авторлардың қайсысына сүйеніп, қайсысына сүйенбегеніңізді тергеп-тексере қоятындар да бола қояр деймісіз, өйткені одан біреуге бірдеңе келіп-кетпейді. Оған қоса, өз түсінігімше, кітабыңыз өзіңіз жетпей тұр деп санайтын әшекейлердің бірде-біреуіне мұқтаж емес, себебі ол бастан-аяқ рыцарьлық романдарды күлкі-мазақ етуге арналған, ал ондай романдар жайында Аристотель ой толғамаған, Ұлы Василий де ештеңе айтпаған, Цицеронның да түк түсінігі болмаған. Оның жыр қылатын жайларының ақиқат шындықты іздеп табумен де, астрологтардың болжам-байламдарымен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды; оның геометриялық өлшемдерге де, риторика қолданатын дәлелдерді теріске шығару тәсіліне де еш қатысы жоқ; ол мүлдем ештеңені уағыз етпейді және жаратқан мен адамға тән қасиеттерді араластырып-құраластырмайды, әлбетте, ондайдан ақыл-есі бүтін христианның қай-қайсысының да аулақ болғаны абзал. Сіздің міндетіңіз жаратылысқа еліктеу ғана, өйткені автор оған неғұрлым шебер еліктесе, оның жазғандары да көркемдік шыңына солғұрлым жуықтай түседі. Ендеше, шығармаңыз мұрат тұтқан жалғыз ғана мақсат — рыцарьлық романдардың өктемдігін жою, сөйтіп олардың зиялы қауым мен қара бұқараның арасында кеңінен тарап отырған жолын қию болатын болса, онда сізге философтардан — нақыл, Қасиетті жазбадан — лұғатты сөз, ақындардан — ертегі, шешендерден — ділмарлық, әулиелерден — ғажайыптар сұрап жалынудың не керегі бар? Одан да қағаз бетіне түскен сөздеріңіздің баршаға түсінікті, әдепті болуына және өз орнында тұруына, жай сөйлеміңіз бен көп құрамды һәм толыққанды құрмалас сөйлемдеріңіз айтар ойыңызды қолыңыздан келгенінше мейлінше қарапайымдылықпен және нанымдылықпен жеткізуіне қам жасамайсыз ба? Айтарыңызды ашып айтыңыз, мағынасы бұлдыр, екіұшты болмасын. Сондай-ақ, хикаяңызды оқып отырған уайымшылдың күлуіне, жайдарының одан әрмен көңілдене түсуіне, біртоғаның іші пыспауына, зерделінің ойлап тапқандарыңызға ырзашылық білдіруіне, салмақтының оны сөкпеуіне, кемел ойлының оны мақтамай қала алмауына барыңызды салыңыз. Бір сөзбен айтқанда, рыцарьлық романдардың қисық-қыңыр құралған шаңырағын ортасына түсіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаңыз, өйткені талайдың жиіркенішін туғызып жүргенімен, оларды мақтауға сөз таппайтындар әлі қанша! Егер бұл мақсатыңызды орындай алсаңыз, онда еңбегіңіздің текке кетпегені деп біліңіз.
Досымның лебізін айрықша ынта-ықыласпен тыңдадым және айтқан сөздерінің көкейіме қона кеткені сонша, бір ауыз бірдеңе қарсы айта алмай сол бойда қолма-қол келісім бердім де, оның осы ой-тұжырымынан пролог құрастыра салғанды қош көрдім; ал сен, ықыласты оқырман, қазір енді осыған қарап досымның ақыл-парасаты қандай екенін өзің-ақ аңғарарсың, жан қиналған сәтте мұндай ақылманды жолықтырудың маған қандай үлкен олжа болғанын түсінерсің, сөйтіп атақты Ламанчалық Дон Кихоттың хикаясы өзіңе ешқандай жамау-жасқаусыз, бар болмыс-бітімімен жетеді деген ойдан көңілің жай табар деп ойлаймын — олай дейтінім, бүкіл Монтьель өңірі оның сол аймақтан шығып, танымал болған тәмам ғашық ішіндегі ең бір ұстамдысы, тәмам рыцарь ішіндегі ең бір көзсіз батыры болғандығын бір ауыздан айтып жүр ғой. Әйтсе де, өзіңді осындай ізгі ниетті, осындай құрметті рыцарьмен таныстырғанда өз еңбегімнің қадірін асыра көрсетуге құштар боп отырған жоқпын; маған керегі тек оның айтулы атқосшысы Санчо Пансамен таныстырғаным үшін ырзашылық білдіргенің ғана, өйткені, өз есебімше, оның бойына атқосшыға тән барлық ізгі қасиетті сіңірген секілдімін, ал мағынасы мәнсіз қисапсыз рыцарьлық романда атқосшы бейнесі үзік-үзік түрде ғана елес беріп жүргені баршаға мәлім. Олай болса, құдайдан тілейтінім, ол саған да саулық берсін, мені де ұмыт қалдырмасын. Vale.
Ламанчалық Дон Кихот жайындағы кітапқа
Ұстатпайтын Ургандадан
Егерде ойлы жаранға
Жолыққан болсаң сен, кітап,
Ешкім сені сөкпейді,
Жоқты соғып шаттың деп.
Егерде сен аңдаусыз
Қолына түссең топастың,
Оқымысты, білгір боп
Көрінуге құштар тыраштың —
Өзің жайлы не түрлі
Естірің кәміл нақақтың.
Тәжірибеден білеміз:
Жапырағы қалың ағаштың
Ыстықта салқын саясы.
Ендеше, аттан Бехарға:
Онда бар патша-бәйтерек,
Бұтағы толы бекзаттар,
Арасында сымбатты,
Александр дерлік герцог бар.
Көлеңкесін соның саяла,
Тәуекел ет, тартынба!
Не қилы мылжың кітаптан
Миы ашыған бейбаққа,
Ламанчалық дворян
Хикаясын айтып бер.
Ханымдар, рыцарьлар, турнирлер
Басын оның қатырған,
Қаһарлы Роландпен де
Бақталас боп жүр: ғашығын —
Дульсинеяны Тобосолық,
Семсер күшімен қаратпақ.
Кітаптың титул парағын
Автор гербімен сәндеме:
Картадағы артық қағаздан
Ұпай саны артпайды.
Алғысөзде анық бас,
Біреулер деп жүрмесін:
“Ганнибалмен теңеспек,
Альваро де Лунамен де,
Жә, король Францискімен
Түрмеде бірге қор болмақ!”
Ғұлама негр даңқты
Хуан Латино секілді,
Авторыңда ақыл болмаса
Латынға әуес болма сен.
Осал жер оңай сөгілер,
Ескерте берме ескі кітапты,
Сырыңды жедел сезінер
Табылар тағы оқырман:
“Басымды неге қатырасың?”
Деп күлер сені мазақтап.
Бой тарт ұзақ мылжыңнан,
Кейіпкер жанын кеулеме,
Онда әрқашан қараңғы,
Қараңғыда көз шығар.
Сөз ойнатып, сарнама:
Қалжыңбасқа құрмет жоқ.
Бар күшіңді сал, бірақ,
Жетуге жақсы атаққа.
Өйткені, надан қаламгер
Қашанда күлкі қауымға.
Есіңде болсын, тұрағың —
Шатыры шыны мекен-жай.
Көршілерге тас ату
Кещенің ісі боп шықпақ.
Өзін сыйлар қаламгер —
Байыпты да байсалды.
Күлдірмек үшін біреуді,
Жазығы жоқ қағазды
Бүлдіретіндер шимайлап
Жоқты-барды сөз қылар7.
Амадис Галльский
Ламанчалық Дон Кихотқа
С о н е т
Саған, өзім секілді тағдыр жазған, —
Зорлық боп, сүйіктімнен жырақ кеткем,
Жұпыны Жартас биігін тұрақ еткем,
Сағыныш пен уайымнан көңілім сазған;
Саған, аңызақ пен аяздарда зар шеккен,
Көз жасымен сусап шөлін қандырған,
Қалтасы бос, қайғы ойламай қаңғырған,
Жердің дәмін жерден жұлып нәр еткен —
Мәңгілікке аңыз болу бұйырған,
Алтын айдар Феб төртінші аспанда
Аттарына жүргенде қамшы басып.
Жаужүрек деген даңқың кетер қиырға,
Елің еңсе көтерер биік жасқанбай,
Бәйге бермес авторың айдыны асып.
Дон Бельянис Греческий
Ламанчалық Дон Кихотқа
С о н е т
Соққам, шапқам, түйрегем, күйреткенмін,
Кек алғам арам ойлы залым жұрттан.
Ептілік, көзсіз ерлік, батылдыққа
Кезбе рыцарь біткенді үйреткенмін.
Сұлуға берген серттен кеткенім жоқ;
Алыпты қаңбақтайын алып ұрдым;
Қарумен талай елге барып жүрдім,
Арымды ешбір жерде төккенім жоқ.
Қашан да қайда барсам жолым болды,
Тағдырдың сынағынан тайсалмадым,
Сұмдықты көрсем де небір мұздап ішім.
Даңқыма барша жұрттың көңілі толды,
Атағым айдан да асып аспандады,
Дон Кихот, бар саған, бірақ, қызғанышым.
Сеньора Ориана
Дульсинея Тобосскаяға
С о н е т
Беу, Дульсинея! Мирафлорес, антұрған
Тобосода орнығуға сай болса,
Лондоным саған мекен-жай болса,
Күндіз-түні айналмас па ем тағдырдан!
Беу, дүние, жаратқан ием келісіп,
Айдай сұлу ажарыңды маған берсе ғой,
Қолында семсер, құстай ұшып келсе ғой,
Шайқасқа шықса, рыцарың мен үшін!
Әттең ғана, жеңілтектік жетті түбіме,
Ұялшақ сенің Дон Кихотың сияқты,
Амадисім де қазір маған дос қана.
Жұрт қызғанып, өзім шалқып, күніге
Шомылар ем көңілдің шаттығына шуақты,
Ұмытар ем бар қайғыны басқадай!
Амадис Галльскийдің атқосшысы Гандалин
Дон Кихоттың атқосшысы Санчо Пансаға
С о н е т
Сәлем, жазмыштың әмірімен өктем
Атқосшы қызметін атқарған тарлан,
Тағдырдың талқысымен әлем шарлап,
Өмірінде бір шайқас көрмей өткен!
Әу баста сен қолыңа күрек алдың,
Қалап, бірақ, кезбе сарбаз өмірін,
Жұмсақ мінез, төзім тауып көңілің,
Тәкаппардың талайы жолда қалды.
Есегің қоңды, қоржының да шіреп тұр,
Өмірден көргенің көп, тәжірибең толық
Қызғаныштан, әріптес, күнде өртенем.
Жасай бер, Санчо, атағың дүркіреп тұр,
Испандық Назон да біздің риза болып,
Бір қойды ғой жұдырықпен желкеңнен!
Қалжыңқой, бөспе ақынсымақ
Санчо Панса мен Росинантқа
С а н ч о П а н с а ғ а
Мен — атқосшы Санчомын,
Ламанчалық Дон Кихотқа ілесіп,
Жеңіл өмірді арман ғып
Ел кезуге шыққан ем.
Өйткені, қашып құтылуды
Қажет кезде, қатырған
Вильядего бейбақ та! —
Еркіндеу кеткен болса да,
Бұл жайында айтылған
“Селестина” кітабында жан-жақты.
Р о с и н а н т қ а
Мен, Бабьека шөбересі ем белгілі,
Росинант дейтін есімді,
Дон Кихотқа қызмет қылғанда
Жадау болдым қожайыным секілді.
Шабысқа шабан болсам да,
Сұлыны сүйкеуге келгенде
Ебін тауып жүргенмін —
Баяғыда Ласарильо бір соқырдың
Шарабын түк қалдырмай
Сабан түтікпен білдірмей сорып алғандай.
Қаһарлы Роланд
Ламанчалық Дон Кихотқа
С о н е т
Пэр емессің, арасында бірақ пэрлердің
Сендей батыр, көзсіздері табылмас,
Жеңілмеген, жеңілмейтін ақ алмас,
Сындырған сағын кісімсіген ерлердің.
Мен — Роландпын ұзақ жылдар бойында
Анжелика ажарынан ақыл-есін жоғалтқан.
Қайран болып ерлігіме, іш тартқан,
Күллі жұрттың жүремін мәңгі ойында.
Теңесе алман саған, батыр, білемін,
Жібермесек те жындылықтан есені
Жалғыз сенің қалар атың, нақ асылдың өзіндей;
Айлакер мавр, жабайы скиф тілеуін
Кескеніңмен, тағдырымыз ортақ, меселің
Қайтқан жансың махаббаттан өзімдей.
Фебтің рыцарыЛаманчалық Дон Кихотқа
С о н е т
Кішіпейіл де абзал жан мейірім төккен!
Семсеріңмен жауды аяусыз талдырдың,
Испандық Феб, мені жолда қалдырдың,
Шыңдалып шықсақтағы бір көріктен.
Қазына-мүлік, зор байлық, патша тағын
Шығыс елдері ұсынды маған басын иіп.
Кларидьяна үшін тастадым бәрін жиып,
Шырайына шамданар таң шапағы.
Қол үзгенде одан қолды-аяққа тұрмадым:
Қырып-жойып, құртып бәрін кетер деп,
Тамұқтың өзі тұрды алдымда шошынып.
Дульсинеяға, Дон Кихот, сенің құмарың
Мәңгілікке берді атыңды бедерлеп,
Сүйгенің де ұмытылмас мәңгі, осыны ұқ.
Солисдан
Ламанчалық Дон Кихотқа
С о н е т
Көк мылжың кітаптарды көп парақтап,
Кетсе де, сеньор Дон Кихот, миыңыз ашып,
Бұл жалғанда сізді ешкім бетін басып,
Айта алмас, барды деп іске ардан аттап.
Жақсы ісіңіз санаса сан жетпейді,
Озбырлықты қылдыңыз опай-топай.
Пасық та қорқақ тобыр можантопай
Жықты оңдырмай соққыға сізді кейде.
Егер де Дульсинея, думаныңыз,
Ниетіңізге адал жібімей, бұл да қайғы,
Жылдам қуып жіберсе емексітпей,
Бірбеткей деп мінезі, жұбаныңыз,
Санчо Панса жеңгетай бола алмайды,
Өзім де епті ғашық жар емеспін, деп.
Бабьека мен Росинанттың сұқбаты
С о н е т
Б. Әй, Росинант, жадаусың сонша неге сен?
Р. Болдырдым, жем де болды онша жетпейтін.
Б. Қалайша! Сұлың бар емес пе септейтін?
Р. Оны қожайын жеп қойды, сұра барып сенбесең.
Б. Тіліңді тарта сөйлегенің жөн-ақ-ты,
Есек дейді сеньорға жала жапқанды!
Р. Сеньорым есектен де жаман, бар тапқаны —
Ғашықтықтан ақыл-есін жоғалтты.
Б. Махаббат бос нәрсе ме сонда? Р. Оған қоса — қауіпті.
Б. Рас-ау. Р. Енді ше! Мен ораза ұстағалы қашан.
Б. Айтсаңшы арыз атшы менен азыққа, ақыр толсын.
Р. Арызданып құр босқа, кімге барам шауып мен,
Атшым да, қожайыным да егер құр далбаса,
Өзімнен де өткен сормаңдай, пақыр болса?
І тарау
Мұнда айтулы идальго Ламанчалық Дон Кихоттың мінез-құлқы мен өмір салты жайында әңгімеленеді
Осы таяу уақытқа дейін Ламанча аймағындағы атын атауға көңілім онша соқпай тұрған әлдебір селода бар дүние-мүлкі — атадан мұра боп қалған сүңгі, көне қалқан, арық мәстек және тазы ит боп қана табылатын идальголардың бірі тірлік кешкен-ді. Қой етінен гөрі көбінесе сиыр етінен дайындалатын олья, әрдайым дерлік кешкі асының орнына жүретін винегрет, сенбі күндері жейтін шошқа майымен бірге қуырылған жұмыртқа, жұма күндеріндегі жасымық, жексенбі күндері қосымша тағам ретінде жейтін кептер — осының бәрі оның барлық табысының төрттен үш бөлегін жұтып кететін. Қалғаны шолақ кафтанға арналған жұқалау шұғаға, барқыт шалбар мен сондай матадан тігілген туфлиге жұмсалатын, бұлар оның мереке күндері киетін сәнді киімдері боп табылатын, ал жай күндері арзанқол болғанымен әжептәуір сапалы шұғадан камзол киіп жүретін. Сондай-ақ, оның өзімен бірге тұратын жасы қырықтан асқан күтушісі, жасы жиырмаға әлі тола қоймаған жиен қарындасы және үйдегі оны-мұны шаруамен бірге жер өңдеу жұмыстарын да атқаратын, атты да ерттей алатын, қайшымен бақтағы ағаш бұтағын кесу ісін де меңгерген малайы бар-тын. Идальгомыздың жасы елуге жақындап қалған-ды; дене бітімі шымыр, жұқалау, өңі жүдеулеу көрінетін, күн шығар-шықпастан ұйқыдан тұруды ұнататын әрі аңқұмар адам еді. Біреулер оның әулет есімі — Кихада, енді біреулер — Кесада болған деседі. Ол жайында жазған авторлардың пікірі осы тұста екіге жарылады; алайда оның әулет есімі Кехана болған деуге толық негізіміз бар. Қалай болғанда да, біздің хикаямыз үшін мұның ерекше маңызы жоқ; ең бастысы, ол жайында әңгімелеген кезде шындықтан сүйемдей болса да ауытқып кетпеуге тиіспіз.
Назар аударуға тұрарлық нәрсе, аталмыш идальго қолы бос уақытының бәрін, — ал, оның жыл бойы дерлік қолы бос болатын, — рыцарьлық романдарды оқуға жұмсайтын және бұған жан-тәнін салып, бар ықыласымен берілгені сонша, аң аулауға деген құмарлығын ұмытқаны өз алдына, үй шаруасына қарауды да былай қойған-ды; осындай кітаптарға әуесқойлығы артып, есін жоғалтқаны сондай, соларды қолға түсіру үшін егістік жерінің бірнеше десятинасын сатып та жіберді, сөйтіп табылуы мүмкін болған барлық романды жинап алды. Ал, өзі әйгілі Фелисьяно де Сильваның жазғандарын жанына айрықша жақын тұтатын, өйткені оның қызыл сөзді қуырдақша қуыратын сиқыры мен айтар ойының адам түсініп болмайтын бұралаңдығы шеберліктің шыңындай боп көрінетін, әсіресе сүйіспеншілік сезімін білдіретін хаттар мен жекпе-жекке шақыруларға қатысты жазғандарынан мынадай сөздерді жиі кездестіруге болатын: “Менің ақылды дәлелдемелеріме қарсы бағытталған сіздің ақылсыздығыңыздың ақылдылығы бәрібір менің ақыл-ойыма ауыр әсер қалдырғандықтан сіздің мәртебеңізге қарсы шағым айтуыма тура келетіндігін әбден ақылды іс деп білемін”. Немесе мынадай жолдарды да жолықтыруға болады: “...құдіреті күшті жаратқан жұлдыздардың көмегі арқылы өзіңіздің жаратқан иеміз тарту еткен қасиеттеріңізді құдіретті түрде аспандатып, бойыңызға біткен қасиеттерге лайықты етіп одан әрі қасиеттендіреді”.
Осындай сөз орамдарынан басы қатқан бейшара кавальеро оның мағынасын табуға, не айтпақ болғанын ұғынуға талпынып талай түнді көз ілмей өткізетін, ал расында тіпті Аристотельдің өзі осы үшін арнайы тіріліп келген күнде де, оның жұмбағын шешіп, түсініп оқи алмас еді. Сондай-ақ, дон Бельянис дарытқан немесе соның өзіне дарыған соққылар да оны тыныш таптыра алмады, себебі рыцарьға ем жасаған дәрігерлер қаншама шеберлік көрсеткенімен, оның ойынша, рыцарьдың беті мен бүкіл денесін тыртықтар мен жарақат іздері жауып тұруға тиіс-тін. Солай бола тұрғанымен, кітабын ащы ішектей созылған осынау ұшы-қиыры жоқ хикаяны одан әрі жалғастыруға уәде беріп аяқтағаны үшін авторға ырзалық білдіретін, тіпті қолына қалам алып автор үшін аяқ жағын жазып тастасам ба деп те әлденеше мәрте құлшынған; егер одан гөрі маңыздырақ және күндіз-түні маза бермей жүрген басқа бір мәселелер ойын бөліп кетпегенде, бәлкім, осылай етеріне де және бұл істі ойдағыдай орындап шығарына да еш күмән жоқ-ты. Ол өзі жергілікті священникпен, — барынша білімді, Сигуэнсте ғылыми дәреже алған адаммен, — қай рыцарь мықты: Пальмерин Английский ме әлде Амадис Галльский ме дегеннің төңірегінде жиі-жиі айтысып қап отыратын. Алайда, сол селодағы шаштараз маэсе Николас ол екеуінің Фебтің рыцарына жуықтаса да алмайтынын, ал бұнымен теңессе тек Амадис Галльскийдің інісі дон Галор ғана теңесетінін айтып бой бермейтін, себебі ол бар жағынан да артық біткен: бәлсіну дегенді білмейді және ағасы секілді жылауық та емес, ал батылдығы жағынан одан асып түспесе кем түспейді, дейтін.
Бір сөзбен айтқанда, идальгомыз кітап оқуға басы бүтін беріліп, таңның атысынан күннің батысына шейін, күннің батысынан таңның атысына шейін кітап оқып отыратын; өстіп, көп оқып, аз ұйқтағандықтың қырсығынан миы кеуіп, ақыр аяғында ақыл-есін жоғалтып тынды. Оның түсінік-пайымын өзі кітаптардан оқып алған: көз байлау мен дуалау, өзара қырқысу, шайқас, жекпе-жекке шақыру, жарақат алу, ғашықтығын білдіру, махаббат қызығына берілу, жүректің күйіп-жануы секілді ақылға сыйымсыз алуан сандырақ жаулап алды және осынау қисапсыз да қисынсыз өтіріктің бәрі де өмірде болған жайлар деген ойдың басында берік орнығып алғаны сонша, енді оған осынау айдай әлемде бұдан артық ақиқат шындық жоқ секілді көрінетін болды. Сид Руй Диас өте жақсы рыцарь, бірақ ол жексұрын да қатыгез екі дәуді семсерін бір-ақ сілтеумен қақ бөліп тастаған Отты Семсер Рыцарының қасында түк емес, дейтін ол. Жер перзенті — Антейді темір құрсау құшағына қысып тұншықтырып өлтірген Геркулестің айласын қолдану арқылы жадыланған Роландты Ронсеваль шатқалында мерт қылғаны үшін Бернардо дель Карпионы құрмет тұтатын. Дәулердің тәкаппар да бұзақы тұқымынан тарағанымен, басқаларының арасында сыпайылығымен және барынша кішіпейілдігімен ерекшеленетін жалғыз сол ғана болғандықтан, Морганттан да мақтау сөзін аямайтын. Басқаларының бәрінен де гөрі ол Ринальд Монтальванскийді айрықша құрмет тұтатын, әсіресе оның қамал-сарайдан шыға салған бойда жолында кім кездессе соны тонауға кірісетін қасиетіне, немесе теңіздің арғы бетіне барғанда, автордың айтуынша, Мұхаммедтің тұтастай алтыннан құйылған пұтын алып қашып кеткеніне тәнті болатын. Ал, сатқын Ганелонды сілейтіп сабаудың өтемі үшін біздің идальгомыз өзінің күтушісіне қосып жиен қарындасын да бере салуға дайын еді.
Сөйтіп енді осылайша ақылдан біржола адасқан шағында, оның басында әлемдегі бір де бір есіріктің қаперіне кіріп-шықпайтын қияли ой пайда болды, яғни: өзінің де зор даңққа бөленуі үшін, отанының да жақсы атын шығару үшін кезбе рыцарьға айналғаны жөн және бұл мейлінше қажет нәрсе деген тұжырымға келді; сөйтіп, атқа отырып, қолына қару алып шытырман оқиғаларды іздеуге аттанбаққа, кезбе рыцарьлардың, кітаптардан өзі бек жақсы білетіндей, әлемді аралап жүріп атқаратын әдеттегі істерімен айналыспаққа, ашып айтқанда, әділетсіздік атаулыны түп-тамырымен жоюға және не түрлі кездейсоқтық, қауіп-қатермен күресте өзіне мәңгі өлмес атақ пен құрмет табуға бекінді. Бекінген бойда-ақ бұл бейбақ өзінің болашақ ерлік істері үшін ең аз дегенде Трапезунд патшалығының тәжін басына киетіндей сезімді бастан кеше бастады; сөйтіп, айтып жеткізгісіз жан рақатына бөлеген осынау қуанышты қиял-арманның жетегіне біржола берілген ол ойға алған мақсаттарына жетуге асықты. Ең алдымен қолға алған шаруасы — ата-бабаларынан қалған, бір заманда қалай болса солай бір бұрышқа тастай салынған, тат басып, зең жапқан сауыт-саймандарды тазалау болды. Бұларды аса мұқият түрде тазалап, қалпына келтірген кезінде аса маңызды бір нәрсенің жетіспейтінін байқады, анығырақ айтқанда: бет жабар қалқаншасы бар дулығаның орнында әдеттегі шошақ төбелі темір қалпақ қана жатыр екен; бірақ сол арада табиғи епсектігі әжетке жарап кетті: картоннан жарты дулыға жасап оны темір қалпаққа әкеп бекітті, сөйтіп онысы беті жабық дулығаға ұқсап шыға келді. Алайда, жасырып неғыламыз, жаңа дулығасының беріктігі мен орнықтылығын тексермек үшін семсерін суырып алып соғып-соғып қалғанында, алғашқы соққысының өзімен-ақ бір апта бойғы еңбегін қас қағымда талқан қылды; бет жабарының қалайша оп-оңай пәрша-пәрша болғаны оны, әрине, онша қуанта қойған жоқ, сондықтан болашақта мұндай қатерді болдырмау үшін ішіне темір пластиналар салып оны қайта жасап шығарды. Ақыр соңында оның беріктігіне көңілі ырза боп, одан арғы сынақтарды артық санап, пайдалануға әбден жарамды деп тапқан ол бұны ғажайып шеберлікпен жасалған, кәдімгі бет жабары бар дулыға деп шешті.
Одан соң өзінің мәстегін айналдыра қарап шықты, жануар төрт аяғынан бірдей ақсап тұрса да, бойындағы кемшілігі Гонелланың tantum pellіs et ossa fuіt сорлы атынан көп болса да, Александр Македонскийдің Буцефалы да, Сидтің Бабьекасы да мұнымен шендесе алмайды деген тоқтамға келді. Оны қалай деп атау керегі жайында бірнеше күн бойы ой кешумен жүрді, өйткені, өзім секілді жаужүрек рыцарьдың атына, оған қоса осындай керемет атқа қандай да болсын бір тәуір есім бермеуге болмайды, деп ойлады ол. Біздің идальгомыз: егер қожайыны
өмірінде өзгеріс болған болса, онда оның сәйгүлігі де атын өзгертіп, әрі жаңа, әрі сүйкімді, әрі елден ерек, иесінің жаңа дәрежесі мен әрекет өрісіне сай келетін есімге ие болуға тиіс дейтін пікірге нық орныққан еді; сол себепті де бұл кезбе рыцарьдың сәйгүлігіне айналғанға дейін қандай болғанын, ал енді қазір қандай екенін өзі-ақ көрсетіп тұратындай ат табуға тырысып-ақ баққан-ды. Сөйтіп, қаперін олай да былай қопарыстырып, қиялын қарыштатып, алуан түрлі есімнің бірінен соң бірін ойлап табумен болды, — бірін жақтырмады, екіншісін суқаны сүймеді, басқасымен ауыстырды, лақтырып тастады, жаңадан құрастыруға кірісті, — әйтеуір, ақыр соңында Росинант дегенге тоқтап, оны әрі ұнамды, әрі құлаққа жағымды, бұрын бұл ат әншейін ғана мәстек болса, қазір енді бәріне шаң қаптырып әлемдегі ең бірінші мәстекке айналғанын ұғындыра алатын есім деп тапты.
Сәйгүлігіне, өз ойынша, соншалықты сәтті есім ойлап тапқан ол енді өзіне де бір жақсы есім тауып алғанды жөн көрді және бұған тағы бір апта уақыт жіберіп, ақыр соңында Дон Кихот атануға ұйғарым жасады — осынау бір өтірігі жоқ шыншыл хикая авторларының оның шын әулет есімі біреулер бой бермей жүргендей Кесада емес, ешқандай күдік-күмәнсіз Кихада болғаны жайындағы тұжырымдары да, қайталап айтайық, тап осыған байланысты болатын. Солай бола тұрғанымен, айбынды Амадистің құр әншейін Амадис деп атана салмай, бұл есімге өз корольдігі мен атағын шығару мақсатында туған жерінің де атауын қосақтағаны, сөйтіп Амадис Галльский атанғаны есіне оралып, нағыз рыцарь ретінде бұның да өз есіміне отанының атауын қоса тіркеуі қажет, сөйтіп Ламанчалық Дон Кихот атанғаны жөн деп шешті, осы арқылы, оның пікірінше, қай туысқан болатынын, қай өңірден шыққанын бірден-ақ аңғарта қоймақ, оған қоса туған жеріне де құрмет көрсетпек.
Сауыт-сайманын тазалап, шошақ төбелі қалпақтан нағыз дулыға даярлап, мәстегіне ныспы таңдап және өзіне өзі жаңа есім берген ол енді өзім ғашық болып күйіп-жанардай бір ханымды табуым ғана қалды деген байламға келді, өйткені махаббаттан мақұрым кезбе рыцарь дегеніңіз де бір, жеміссіз-жапырақсыз ағаш та, жаннан айрылған тән де бір ғой.
— Егер де айып-күнәларыма жіберілген жаза ретінде немесе бағым үшін, — деді ол өзіне өзі, — кезбе рыцарьлар жиі жолықтырып тұратын дәулердің бірі әлдебір жерден маған да кездесе қалса, оны алғашқы айқаста-ақ жер жастандырсам немесе қақ бөліп шауып түсірсем, жә болмаса, алыс-жұлыста алып ұрып кешірім сұрауға мәжбүр етсем, ондашы бұндай жағдайда әлгіні тарту етуге жарайтын ханымның болғаны несі жаман! Сонда әлгі неме менің моп-момақан аяшымның алдына барып тізерлеп отыра кетіп, бағынышты да жалынышты үнмен: “Сеньора! Мен — Каракульямбр деген дәумін, Малиндрания аралының билеушісімін, көп жұрт қадірін әлі білмейтін Ламанчалық Дон Кихотпен жекпе-жекте жеңіліп, соның әмірімен мархабатты құзырыңызға келіп отырмын, енді патша көңіліңіз маған не істесе де ерікті!” демей ме!
Ізгі ниетті рыцарымыз осы сөздерді айтқанда, әсіресе сүйіктім деп атауға лайықты аяшын тапқанда, қалай мәз-майрам болды десеңізші! Айта кетер нәрсе, біздің білуімізше, жақын маңайдағы елді мекенде көз-көрім ажары бар бір қарапайым қыз тұратын, кезінде бұл соған есі кете ғашық болған, бірақ, әлгі қыз, өзінен өзі-ақ түсінікті ғой, бұдан мүлдем бейхабар еді және оған зәредей болса да ықылас аударып көрмеген. Оның аты-жөні Альдонса Лоренсо болатын, міне дәл осы қыз оның барша іс-әрекеті мен арман-ойының әміршісі атануға лайықты көрінген; сөйтіп, оған өз есімінен тым алшақ кете қоймайтын, оған қоса әлдеқандай бір принцессаның немесе атақты сеньораның атын еске салатын немесе соған жуықтайтын есім таңдай келіп оны Дульсинея Тобосская деп атауға бекінді, — өйткені, ол Тобосода туып-өскен-ді, — бұл да, оның ойынша, ілгеріде өзі ойлап тапқан есімдердей құлаққа жағымды, әрі әсем, әрі терең мағыналы болатын.
ІІ тарау
Мұнда айлакер Дон Кихоттың өз иелігінен алғаш рет аттанғаны жайында баяндалады
Осынау дайындықтарын біржақты қылған соң идальгомыз ойға алғандарын қолма-қол іске асырмақ болды, өйткені оның ұйғарымынша, өз тарапынан жіберілген жайбасарлықтың қандайы да адамзат баласының тағдырына айта қаларлықтай залал тигізуі мүмкін еді: оның нешеме заңсыздықты жоюы, қисық-қыңырды түзетуі, әділетсіздікті жөндеуі, озбырлықтың тұқымын тұздай құртуы, қаншама қарып-қасерді ырза қылуы керек десеңші! Солай деп шешкен ол шілденің мейлінше ысығалы тұрған күндерінің бірінде, бозала таңда ой-жоспарлары жайында ешкімге ештеңе айтпастан және ешкімнің көзіне шалынбаудың қамын жасап, барлық сауыт-сайманын асынып алды да, Росинантқа отырып, қолапайсыздау дулығасын басына ілекерлеп киіп, қалқанын қарына іліп, найзасын қолына ұстап, шектен тыс шаттыққа бөленіп әрі ізгі ниетін іске асыруға ешкімнің бөгет болмағанына қуанып, мал қораның қақпасы арқылы аяңмен ашық далаға қарай бет алды. Бірақ, қақпаның сыртына шыққан бойда-ақ басына бір үрейлі ой сап ете қалды, оның үрейлі болғаны сонша тіпті ниет қылған шаруасынан бас тартуға да дайын еді. Мәселе мынада: өзіне рыцарь атағы әлі берілмегені аяқ асты есіне сап ете қалған-ды, ендеше, рыцарьлар қауымы қағидаларына сәйкес, оның бірде бір рыцарьмен айқасқа шығуына болмайды, ондайға рұқсат жоқ; ал тіпті сондай атақ берілген күннің өзінде де, қатарға жаңа қабылданған жан ретінде ақ түсті сауыт-сайман киюге тиіс, қашан жаужүректігімен жұрттың көзіне іліккенше қалқанына қанатты сөз жазып қоюына да болмайды. Осы тараптағы ойлары оның байламын босатыңқырап жіберген; бірақ дүйім дәлел-себептен есалаңдық басым түсті де, әлгі өзін осындай дәрежеге жеткізген романдардан оқып-білген рыцарьлар үлгісімен, өзін рыцарьлыққа қабылдау жөнінде жолда ұшырасқан кез-келген біреуге өтініш айтуға бекінді. Ақ түсті сауыт-сайманның да жайын оңай шешті: қолы қалт еткенде сауытын барын сала ысқылап, ақкістен де аппақ етіп шығармаққа өзіне өзі уәде етті, сөйтіп осыған тоқтам жасап, жолын, — дәлірек айтқанда, басын бос жіберген аты таңдаған жолды, — әрмен жалғады, өйткені, Дон Кихоттың ойынша шытырман оқиғаларды тек осылай ғана іздеу керек болатын.
Жаңада жүз көрсеткен рыцарымыз осылайша жол кешіп әрі өзімен өзі күбірлей сөйлесіп келе жатты:
— Күндердің бір күнінде менің ізгілікті істерім жайында да бір өтірігі жоқ шыншыл шығарма жарық көрер, соны сипаттап жазуға бел буған оқымысты оғлан осынау таң алагөбеңде басталған алғашқы сапарымды суреттейтін жерге жеткенде, әңгімесін былай деп бастарында күмән жоқ: “Алтын бұйра шашты Феб жердің жалпақ та байтақ жүзіне қалың шашының сәуле ұшқындаған талдарын енді ғана біртіндеп жайып жатқан шақта, қызғаншақ жұбайының жылы қойнынан шығып, ламанчалық көкжиектің қақпасы мен терезесін шалқайта ашып, қарапайым пенделерге көз жанарын тіккен, өңі алабұртқан Аврораны түрлі-түсті құйтымдай құстар арфа әуезіндей нәзік те тәтті әуендерімен қарсы алып жатқан шақта, ізгі ниетті рыцарь Ламанчалық Дон Кихот та құс төсектің жанға жайлы рақатын тәрк қып, өзінің сүйікті сәйгүлігі Росинантқа қарғып мініп, даңқы алысқа жайылған ежелгі Монтьель жазығымен жолға шыққан еді”.
Ол расында да осы жазықпен келе жатқан.
— Ұрпақтарға ұлағат болуы үшін, — деді ол одан әрі, — мысқа бедерленіп, мәрмәрға қашалып, кенепте майлы бояумен бейнеленуге лайық даңқты ерлік істерім жарық көретін заман қандай ғаламат заман, қандай ғанибет ғасыр болмақ десеңші! Бастан өткерген ғажайып оқиғаларыма шежіреші болу бақыты бұйырған, беу, кемеңгер сиқыршы, сен кім болсаң ол бол, сенен өтініп сұрарым: мейірімді Росинантты, өзіммен бірге барлық жол-сапарды бірге өткеріп жүрген көнпіс серігімді, ұмыта көрмеші.
Одан соң ол шынымен-ақ ғашықтық отына күйіп жүрген жандай боп сөйлеп кетті:
— Беу, принцесса Дульсинея, өзіңіз жаулап алған жүректің жалғыз ғана әміршісі! Алуан-алуан айып тағып қуып шыққаныңыз және ашу үстінде айдай сұлу әлпетіңізге енді қайтып көрінбеуге әмір еткеніңіз мені өте үлкен күйінішке ұшыратты. Өтінем сізден, сеньора: өзіңізге ғашықтықтан шектен тыс ауыр азап шегіп жүрген, өзіңізге шын берілген жүрекке аяушылық жасасаңыз етті!
Сүйікті романдарында айтылатындарды айнытпай қайталап, оған қоса олардың сөз саптау мәнеріне де хал-қадарынша еліктеп бағуға тырысқан бұл осынау сандырақтарға басқа да қисынсыз бірдеңелерді үстемелеумен болғандықтан жүрісі де шабандап қалған-ды, ал бұл кезде күн әжептәуір биікке көтеріліп, жер-дүниені ыстық жалынымен шарпып тұрған, егер Дон Кихоттың басында азын-аулақ ми қалған болса, ол әлдеқашан балқып су боп ағып кетер еді.
Ашығын айтқанда, ұзақты күн жүргенде оған, тілге тиек етуге тұрарлықтай, ешқандай оқиға жолыққан жоқ-ты, сондықтан оның зығырданы қайнай бастаған болатын, себебі бойындағы буырқанған бұла күшін байқататындай біреумен мүмкіндігінше тезірек ұшырасуды аңсап келе жатыр еді. Авторлардың бірі оның ең алғаш бастан кешкен оқиғасы — Лаписе шатқалында болған жағдай деседі, басқалары — жел диірмендермен болған айқасты алға тартады, — алайда, өзім анық-қанығына жеткен және оған Ламанча шежірелерінен дәлелдеме тапқан жайларым мынадай. Бұл күнді Дон Кихот жолда өткізген еді, сондықтан кешке қарай өзі де, мәстегі де қатты қалжырап, ашыққан болатын; сөйткесінгі жерде ішке ел қондырып, аяқ созып жан шақыратын әлдеқандай бір қамал-сарай, яғни бақташының лашығын, табам ба деген үмітпен тұра қалып жан-жағына барлай көз жіберген ол жолдан таяқ тастамдай жерде жолаушылар аялдайтын бекет тұрғанын байқады, осынау бекет бұған жан сауға беретін құтхананың кіре берісіне ғана емес, соның қақ төріне бастайтын жарық жұлдыз секілді көрініп кетті. Ол тізгінді қағып қалды да, бекетке қарай бет алды, бұл кезде іңір түсе бастаған болатын.
Осы сәт бекет қақпасының сыртына, әдетте жұрт жүрісі жеңілдеу деп атайтындар санатына жататын екі бойдақ әйел шыға қалған-ды; олар қашыр айдаушыларға еріп Севильяға бара жатқан, бірақ аналар осы арада қонып шығуды ұйғарған. Ал, біздің шытырман оқиға іздеушіміз үшін өзі не жайында ой кешпесін, көзіне не шалынбасын жә болмаса нені көз алдына елестетпесін бәрі де кітаптан оқып-білгендерінің айна-қатесіз көшірмесіндей боп көрінетіндіктен, бекетті көрген бойда-ақ қарсы алдында төрт мұнарасы және жалтылдаған күміс сүңгілері бар, қашанғыдай жиналмалы көпірі және терең қазылған оры бар, бір сөзбен айтқанда, осындайларды суреттеп жазғанда келтірілетін барлық жарақ-жабдығы бүтін қамал-сарай тұр екен деп ойлап қалды. Бекетке, немесе жалған қамал-сарайға, бірнеше қадам қалғанда тізгін тартып тоқтаған ол осы қазір қамал қабырғасындағы мұнаралар арасынан ергежейлі жүз көрсетіп, рыцарьдың келіп тұрғаны жайында кернейлетіп қоя беретін болар деп күтті. Бірақ ергежейлі шығар жерде жоқ, ал Росинант болса ат қораға кіргісі кеп тыпыршып тұр; тағы да кішкене жақынырақ келген Дон Кихот қыдырыстап жүрген екі қатынды көріп, бұларды қамал-сарай жанында сылқ-сылқ күліп серуендеп жүрген айдай сұлу арулар жә болмаса сүйкімді ханымдар деп шешті. Апырай, кездейсоқтық дегенді қойсаңшы, дәл осы сәтте аңыздағы шошқаларын, — бұл хайуанаттардың басқаша атауы жоқ, ол үшін кешірім өтінем, — айдап келмекке шыққан бір бақташының мүйіз сырнайын сарнатып қоя бермесі бар ма — осындай белгі берілгенде әлгі хайуанаттардың жан-жақтан шапқылап қасына жинала қалатын дағдысы бар-ды. Ал, Дон Кихот болса, асыл арманы орындалғандай, — яғни, оның келіп жеткенін ергежейлі паш еткендей көріп, мәз-майрам боп қуанып жаңағы әйелдерге қарай қадам басты, бірақ әлгілер әлем-жәлем сауыт-сайман киген, қалқаны мен найзасы бар салт аттының өздеріне қарай жақындап келе жатқанын байқап, үрейі ұшып қаша жөнелді; олардың зәресін кетірген өзі екенін аңғарған Дон Кихот тозаң қапқан жүдеу өңін жасырып тұрған картоннан жасалған бет жабарды көтеріп, мейлінше кішіпейіл кейіппен байсалды түрде тіл қатты:
— Қашпаңдар менен, сеньоралар, ештеңеден қорықпаңдар, өйткені өзім құрамына кіретін орденнің10 рыцарьлары ешбір жан баласына, әсіресе өздерің секілді түрлеріңе қарап-ақ текті жерден шыққандарың көрініп тұрған бойжеткендерге, ешқандай жәбір көрсетпейді және ондай нәрсе бізге жат қылық саналады.
Қатындар бейтаныстың жүзін көрмекке оған тесіле қарап қалды, ал бұл кезде әлгі антұрған қалқанша қайтадан төмен түсіп кеткен-ді, бірақ оның өздерін бойжеткен деп дәріптеп тұрғанын естіп, — ал бұл олардың күнделікті айналысатын кәсіптеріне мүлдем сай келмейтін атау болатын, — ішек-сілелері қатып күлгендері сонша, Дон Кихот өзін ыңғайсыз сезініп қалды.
— Сұлулыққа байсалдылық жарасады, — деді ол, — себепсізден себепсіз күле беру ақылы аздықтың белгісі. Жалпы алғанда, мұның бәрін сіздерді
тілдейін деп немесе көңілдеріңе қаяу түсіріп, реніште қалдырайын деп айтып тұрғаным жоқ, өйткені өз тарапымнан мен тек сіздерге қызмет етуге ғана дайынмын.
Әйелдердің құлағы үйренбеген, рыцарымыздың өзіне тән сөйлеу мәнері мен сиықсыз сүдіні әлгі қатындарды одан бетер күлдіріп, одан әрі желіктіре түсті, Дон Кихоттың да ашуы үдей бастады, сөйтіп егер дәл осы арада бекеттің қожайыны келе қалмағанда мұның соңы немен аяқталары беймәлім болатын. Мейлінше жуан да семіз, сондықтан мейлінше ақпейіл де ақжарқын бұл кісінің өзі де қарсы алдында тұрған кеспірсіз кейіпті, сондай-ақ салмақты найза мен теріден жасалған жеңіл қалқан, дәл осындай жеңіл тері сауыт пен салмақты ер-тұрман секілді әр қилы заттарды көріп, күлкіден қылғынып жатқан бикештерге қосыла күліп жібере жаздап шақ қалды. Алайда, мына мол сауыт-сайманның сесінен қорқып, бейтаныспен барынша кішіпейіл болғанды жөн санап, оған былайша тіл қатты:
— Егер де, мейірбанды мырза, сеньор кавальеро, қоналқа іздеп жүрсеңіз, онда сіз бұл жерден тек кереуетті ғана таба алмайсыз, — менде, шынымен-ақ, бірде-бір кереует жоқ, — бірақ басқасының бәрі де артығымен табылады.
Коменданттың, — рыцарымыз бекетшіні комендант, ал бекетті қамал-сарай деп қабылдағанын айта кеткен абзал, — қошемет көрсете сөйлеген үні Дон Кихотты сабасына түсірді.
— Мен неге де болса көнуге бармын, сеньор кастелян, — деді ол, — өйткені, киімім — сауыт-сайманым, қанды шайқас — тынысым, деген ғой.
Бекетші анау өзін Кастилияның ақ жүрек тұрғыны деп қабылдап қалған екен, сондықтан кастелян деп атаған екен деп ойлады, ал шын мәнінде бұл өзі андалусиялық еді, онда да Сан Лукардан болатын, ұрлық-қарлықта Кактың өзінен, ал алдап-сулауда — шәкірттер мен малайлардан кем түспейтін.
— Ендеше, — деп іліп әкетті ол, — мейірбанды мырза, төсегіңіз — қатты тас, таң атқанша көз ілмеу — ұйқыңыз болғаны ғой. Олай болса, осы араға ойланбастан тоқтауыңызға болады: бұл лашықтан бір ғана түн емес тұтас бір жыл бойы көз ілмеуіңізге жетерлік нәрсенің қандайын да болса табатыныңызға кепілмін.
Осы сөзді айтып бекетші оның үзеңгісіне жармаса кетті де, Дон Кихот аттан түсті, күні бойы нәр сызбағандықтан бұл үшін оның әжептәуір күш жұмсауына тура келді.
Одан соң ол бекетшіден атына қамқорлық пен жанашырлық көрсетуін өтінді, өйткені бұл, оның айтуынша, шөппен қоректенетіндердің ішіндегі ең бір іліп алары көрінеді. Росинантқа көз тастаған бекетші оның бойынан Дон Кихот көріп тұрған ізгі қасиеттердің жартысын да таба алмады, әйтсе де атты қораға апарып кіргізді де, іле қайтып оралып қонақтан көңілі не қалайтынын сұрады; қонақпен татуласып үлгерген бикештер бұл кезде оның сауыт-сайманын шешіп жатыр еді, бірақ кеуделік пен иық жабарды босата алғандарымен, мойын қорғауышты ағытып, жасыл түсті бау тағылған сұрықсыз дулығаны жұлып тастау қолдарынан келмеді; дұрысында, бауды кесу керек еді, өйткені байланған жердің түйінін шешуге бикештердің шамалары жетпеген, бірақ Дон Кихот бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірді, сөйтіп, таң саз бергенше басынан дулығасын тастамаған күйі осынау адам айтқысыз оғаш та кісі күлерлік кейіпте жүрді.
Бикештер оның сауыт-сайманын шешіп жатқан кезде, бұларды қамал-сарай тұрғындары, текті әулеттен шыққан әйелдер деп ойлаған ол ерекше ілтипатпен оларға өлең оқып тұрды:
— Өзінің туған жерінен
Келіп жеткен Дон Кихотты,
Сүйкімді сұлу арулар
Құшақ жайып қарсы алды.
Қамқор болды фрейлиналар оған,
Ал, сәйгүлігіне — принцессалар,
яғни Росинантқа, өйткені менің сәйгүлігім солай аталады ғой, сеньоралар. Ал өзімнің аты-жөнім болса — Ламанчалық Дон Кихот; өздеріңізге қызмет етіп, пайдамды тигізу мақсатында болашақта жасайтын ерлік істерімнің өзі-ақ паш еткенше есімімді сіздерге айтпай-ақ қоюға тиісті едім, бірақ Ланцелот жайындағы ескі романсты мына қазіргі жағдайға үйлестіре қоюға деген құмарлықтың қырсығынан кім екенімді мезгілінен бұрын хабарлап қойдым. Дегенмен, шарапатты ханымдар, өздеріңіз маған әмір ететін шақ та туады, мен болсам не айтсаңыздар да орындайтын болам, сөйтіп айбынды білегім сіздерге қызмет етуге дайын екенімді жария ететін болады.
Мұндай көпірме қызыл сөзді өмірі естіп көрмеген бикештер жұмған аузын ашқан жоқ; олар тек бұдан тамақ ішкіңіз келмей ме деп сұрады.
— Әлденендей бір дәммен жүрек жалғауға қарсылығым жоқ, — деп жауап қатты Дон Кихот, — және, былай алып қарағанда, сөйткеннің өзі өте-мөте орынды болатын секілді.
Бұл оқиға, қас қылғандай, жұма күні өтіп жатқан болатын, сондықтан бүкіл бекетте Кастилияда — абадеко, Андалусияда — бакальяо, басқа бір жерде — курадильо, тағы бір жерлерде — бақтақ деп аталатын нәлімнің азын-аулақ қорынан басқа ештеңе табыла қоймады. Басқа балық болмағандықтан Дон Кихотқа бақтақ шабақтарынан дәм татуға қалай қарайтыны жайында сауал қойылды.
— Шабақтардың неғұрлым көбірек болғаны жақсы, сонда олар бір үлкен бақтаққа татитын болады, — деп түйді Дон Кихот, — өйткені, ұсақ тиыннан құралған сегіз реал алғаным да бір, сегіз реалдық жалғыз теңгені алғаным да бір емес пе? Оған қоса бұзау еті сиыр етінен, лақтың еті текенің етінен әлдеқайда нәзік болатыны секілді, шабақтың да үлкен балықтан әлдеқайда тіске жұмсақ боп шығуы мүмкін ғой. Қалай болған күнде де, тезірек келтіріңдер соларыңды, себебі асқазанның айрықша мұқтаж тілегін қанағаттандырмайынша қара жұмыстың ауыртпалығын да, сол сияқты зілмауыр сауыт-сайманды да көтеріп жүрерлік шамаң болмайды.
Үстелді олар қақпаның қасына, ашық аулаға орналастырды, сосын бекетші мұның алдына жөндеп жібітілмеген әрі одан да нашар етіп дайындалған нәлімнің бір сыбағасы мен өз сауыт-сайманынан асып түспесе кем түспейтін қап-қара, тап сондай зең басқан қара нанның бір тілімін әкеп қойды. Ал, енді осы арада әлгі бет жабар қалқаншасы жоғары көтерілген дулығасын шешуден үзілді-кесілді бас тартқан Дон Кихоттың осының қырсығынан аузына бір түйір бірдеңе сала алмай әбігерге түсіп жатқанын көріп күлмей көр! Басқа бір адам қол ұшын беріп, аузына тамақ салып тұрмаса болмайтын болды, сөйтіп бұл шаруаны бикештердің бірі өз міндетіне алды. Алайда оған бірдеңе ішкізудің еш мүмкіндігі жоқ еді, егер бекетші бір тұтам қамыстың екі шетін үңгіп түтік жасап, бір ұшын мұның аузына салып, екінші ұшынан шарап құя бастамағанда оның бұл қызықтан да құралақан қалмағы кәміл-ді; рыцарь болса бауды кестірмеу үшін осы жайсыздықтардың бәріне шыдамдылықпен төзіп бақты. Осы екі арада бекетке торай тарттырмақ оймен оташы келе қалған және аулаға кірген бойда ысқырығын бірнеше мәрте қышқыртып-қышқыртып жіберген, соны естіген Дон Кихоттың өзінің әлденендей бір керемет қамал-сарайда отырғанына, оның құрметіне арналған ұлан-асыр тойда музыка ойналып жатқанына, нәлімнің — бақтақ екеніне, нанның — ақша қардай ұннан пісірілгеніне, жезөкше бикештердің — жібі түзу зиялы әйелдер, бекеттің қожасы — қамал-сарайдың иесі екеніне еш күмәні қалмады, сөйтіп осынау алғашқы аттанысы да, сондай-ақ, жалпы, осындай сапарға шығу жайында пайда болған ойдың өзі де оған өте бір оңды іс болған секілді көрінді. Оны өкіндіріп тұрған бір ғана нәрсе — рыцарьлар қатарына әлі қабылданбағаны еді, ал кімде-кім әлдебір рыцарьлық орденге мүше болмайтын болса, ондай адамның, оның ойынша, шытырман оқиға іздеуге де қақы жоқ-ты.
ІІІ тарау
Мұнда Дон Кихоттың рыцарьлар қатарына қандай тамаша тәсілмен қабылданғаны жайында айтылады
Осы ой желкелеумен болған Дон Кихот трактирдің ауыз жарымайтын кешкі асын тез ішіп алған соң, бекетшіні шақырып алып онымен бірге атқораға оңаша шықты да, жерге тізерлей кетіп:
— Айбынды рыцарь! Ілтипатыңызға құлдық, өтінішімді қашан орындағаныңызша осы жерде тырп етпей отыра берем, — ал сұрағалы тұрған нәрсемді орындауыңыз сізді мәңгі өшпес даңққа бөлейді, сонымен бірге күллі адамзат баласының игілігіне қызмет етеді! — деді.
Қонағының қарсы алдында тізерлеп отырғанын көрген және әлгіндей сөздерді естіген бекетші абдырап қалды: не істерін де, не айтарын да білмеді, сосын орнынан тұруын өтіне бастады, бірақ анау бекетші өтінішін орындауға уәде еткен соң ғана бойын тіктеді.
— Шектен тыс кеңпейілділігіңізге қарап, осылай болатынын білген де едім, қайырымды мырзам, — деді Дон Кихот. — Сөйтіп, енді біле беруіңізге де болады, өзіңізге айтқан және өзіңіз үлкен адамгершілікпен орындауға сөз берген өтінішімнің мәні — ертең таңертең мені рыцарьлар қатарына қабылдауыңыз керек; бұл түнді мен қамал-сарайыңыздың зияратханасында қару-жарақты күзетумен өткізем, ал ертең, қайталап айтайын, көксеген арманыма қолым жетеді, сөйтіп әлемнің төрт бұрышын аралап, шытырман оқиғалар іздеу және жәбір шеккендерді қорғау, сөйтіп күллі рыцарьлар қауымының қарызын өтеу, сондай-ақ кезбе рыцарь ретіндегі өз парызымды орындау қақына заңды түрде ие болам; ал кезбе рыцарь болуым себепті әлгінде өзім атап шыққан ерліктерді іске асыруға барымды салуға міндетті екенім екібастан.
Алдында айтып өткеніміздей, бекетші иісті алыстан сезетін сұм адам болғандықтан, қонақтың есі кемдеу екенін әу бастан-ақ аңғара қойған, ал мына сөздерден кейін соған әбден көз жеткізді де, бұл түнді ойын-күлкімен көңілді өткізу мақсатында ыңғайына жығылып, ойына келгенінің бәрін орындамаққа ниеттеніп, Дон Кихотқа мынадай әңгіме айтты: түр-сымбаты мен тәкаппарлау кескініне қарап-ақ тануға болатын осынау асыл затты рыцарьдың мұндай ниет білдіруі де, өтініш айтуы да ақылға әбден қонымды, табиғи әрі заңды; тіпті бұл да, бекетшінің өзі де, жас кезінде осынау абыройлы кәсіпке басы бүтін берілген болатын: әр-алуан елді кезген, шытырман оқиға іздеп Малага іргесіндегі Перчелесте, Риаран аралдарында, Севильядағы Компаста, Сеговиядағы Асогехода, Валенсиядағы Оливерада, Гранададағы Рондильяда, Сан Лукардағы жағалауда, Кордовадағы Потрода, Толедодағы құмар ойын отауларында, тағы басқа жерлерде бола жүріп аяқтың жылдамдығы мен қолдың ептілігін жетілдірген, не түрлі сотқарлық жасап, жесір келіншек атаулыны құр жібермеген, қыздардың абыройын төгіп, жасы жетпегендерді зорлаған, сөйтіп испан соттары мен үкім шығару орындарында бұның аты ауыздан түспейтін болған; міне, ақыр соңында, тыныс таппаққа мына өзінің қамал-сарайына келіп орын теуіп отыр, өз есебі мен жұрт есебінен күн көреді, айрықша құрмет тұтатындығы себепті атағы мен байлығына қарамастан барлық кезбе рыцарьды қабылдаумен айналысады, тек бір ғана шарты бар: қонақжайлылығы үшін олар қолда бар қаражатымен бөлісуі керек. Бұл айтқан сөздеріне бекетші қамал-сарайда қару жанында күзетте отыратындай зияратхананың жоқтығын, өйткені, жаңасын тұрғызбақ оймен ескісін құлатып тастағанын қосып қойды; бірақ, өзінің білуінше, айрықша мұқтаж жағдайда қаруды қай жерде болсын күзетуге рұқсат көрінеді, сол себепті Дон Кихоттың бұл түнді аулада өткізуіне болады, ал ертең, құдай сәтін салса, салтқа лайық салтанаттың бәрі атқарылады, сосынғы жерде ол нағыз рыцарьға және жай емес, бұл дүниеде бұрын-соңды болып көрмеген рыцарьға айналады.
Одан соң ол Дон Кихоттың ақшасы бар-жоғын сұрап білді; анау қалтасында соқыр тиын да жоқтығын, өйткені кезбе рыцарьлардың бірі болмаса бірінің қалтасында ақша болды дегенді ешбір рыцарьлық романнан оқып көрмегенін мәлім етті. Бекетші оның қателесетінін айтты; романдарда ол жайында жазылмағанымен, — себебі авторлар ақша немесе таза көйлек сияқты осынау қарапайым да қажетті нәрселер жайында ауызға алуды керек қылмайды, — бұған қарап рыцарьларда бұл екі нәрсенің екеуі де болмаған деудің еш қисыны жоқ; керісінше, ерліктері жайлы қыруар роман құрастырылған осынау кезбе рыцарьлардың барлығының да әмияндары қай қажетін де өтеуге жетерлік ақшадан тырсиып тұратындығы оған бек жақсы белгілі және оған зәредей күмәні жоқ; олар өздерімен бірге таза көйлектер де алып жүрген, сондай-ақ, жарақаттарын емдейтін май салынған құйттай құтылары да болған: өйткені, өздері шайқасатын және жарақат алатын маң дала мен шөлейтті жерлердің бәрінен бірдей емші табыла бермейді ғой, тек іштерінде данагөй сиқыршымен дос-жар біреулері болып, ол әлдебір қызды немесе ергежейліні дереу бұлтқа отырғыза қойып, ерекше емдік қасиеті бар су құйылған, ол судың бірер тамшысын ішкен бойда рыцарьдың барлық жарасы мен жарақаты қас қағымда жазылып сала беретін шағын сауытты әуемен жеткізіп бермесе; ал енді бұл сияқты көмекке иегі қышымайтын бұрынғының рыцарьлары атқосшыларының қоржынында ақша да, таңғыш пен емдік май сияқты басқа қажетті нәрселер де молынан болуына алдын-ала қам жасағанды жөн көрген; егер рыцарьлардың әлдебір себептен атқосшысы жоқ болса, — бұл енді сирек, тіпті ілуде бір кездесетін жағдай, — онда мұның бәрін кішкене дорбаларға салып, оларын ат сауырына байлап, құдды бір асыл мүліктей мүмкін болғанша көз таса жерге жасырып, өздері алып жүретін болған; бірақ, ақиқатын айтқанда, өзімен бірге дорба тасып жүру дәстүрі кезбе рыцарьлар арасына онша кең тарай қоймаған. Сөзінің соңында бекетші Дон Кихотқа ендігі әрі қаражатсыз және әлгіндей дәрі-дәрмексіз, — өйткені, бұлардың бір күні болмаса бір күні пайдасы тиеріне әлі-ақ көзі жетеді, — жолға шықпауға кеңес берді — ал, шындығында, оның бұған бұйрық беруіне де болатын еді, өйткені бұл таяу болашақта оның кіндік баласына айналғалы тұрған.
Дон Кихот бекетшінің айтқан кеңестерін бұлжытпай орындауға уәде беріп, мал қамайтын кең аулада қару-жарақты күзетумен өткізетін түніне әзірлік жасау қамына кірісті; сауыт-сайманын жинап, құдық жанындағы мал суаратын астаудың үстіне апарып жайып қойды да, найзасы мен қалқанын қолына ұстап мейлінше паң кейіппен әрлі-берлі теңселіп жүре бастады; ол осындай серуенге кіріскен сәтінде қараңғылық қоюланып та кеткен-ді.
Бекетінде қонып жатқан меймандарына қожайын Дон Кихоттың есі кемдігі, бұл түнді қару-жарақты күзетумен өткізуге ниет қылғаны және оны рыцарьлар қатарына қабылдауға қатысты алдағы ырың-жырың жайында баяндап берді. Жиналғандар ақыл-ойдан адасушылықтың мұндай да түрі болатынына таңырқасып, Дон Кихотқа алыстан көз жібермекке аулаға шықты, ал Дон Кихот болса бұл кезде біресе кекірейген кейіпте әрлі-берліс қадам басып, біресе найзасына сүйенген күйі сауыт-сайманына сүзіле қарап тұра қалатын да, одан ұзақ уақыт бойы көз аудармайтын. Оқиға түннің бір уағында өтіп жатқан-ды, бірақ шарасы толық ай өзінің сүттей аппақ сәуле шашуына шарапатын тигізіп жатқан күндізгі шырақтың өтеміне әбден жарап тұрған, сондықтан жаңада пайда болған рыцарьдың барлық қимыл-әрекеті көрермендердің көз алдында еді. Бекетте қонып жатқан мал айдаушының бірі осы екі арада қашырларын суаруға құлшына қалды, ол үшін рыцарымыздың сауыт-сайманын астаудан алып тастау қажет еді; малшыны көрген бойда Дон Кихот қатты дауыстап үн қатты:
— Бұрынды-соңды беліне семсер байлаған күллі кезбе рыцарьдың ішіндегі ең айбындысының қару-жарағына жанасуға батылы барған, оу, қиямпұрыс рыцарь, сен, мейлі, кім болсаң ол бол! Өзіңнің не істеп жатқаның жайында ойлан, оған жақындаушы болма, әйтпесе шамадан тыс әдепсіздігің үшін жаныңмен қош айтысасың!
Малшы оның сөзіне пысқырып та қарамады, — ал, дұрысында, пысқырып қарағаны жөн болатын: әйтеуір, аз дегенде, аяусыз тоқпақтан аман қалатын, — сауыт-сайманды алды да, бар күшімен алысқа лақтырып жіберді. Сол сәт Дон Кихот көкке көзін тігіп, шамасы, әміршісі Дульсинеяға ойша жалбарынған болуы керек:
— Жүрегіме, — өзіңіздің басы байлы құлыңызға, — алғаш көрсетілген жәбір үшін кек қайтаруға көмектесе көріңіз маған, мейірбан аяшым. Қазір маған алғашқы сынақтан өтуге тура келеді — қамқорлығыңыз мен қорғауыңыздан тыс қалдыра көрмегейсіз мені! — деді.
Аяулы аяшын көмекке шақырудан танбаған Дон Кихот қалқанын былай қойып, найзасын қос қолымен көтеріп ап, мал айдаушының басына бар күшпен қондырғаны сонша, анау тіл тартпастан тырайып түсті; егер осы соққыдан кейін іле-шала тағы бір соққы жасалғанда, онда оның дәрігерге қаралмай-ақ қоюына да болатын еді. Бұдан кейін Дон Кихот сауыт-сайманын орнына әкеп орналастырып, түк ештеңе болмағандай қайтадан әрлі-берлі теңселіп жүре бастады. Арада аз уақыт өткенде, серігі қандай бақытсыздыққа ұшырағанынан бейхабар екінші бір малшы, — өйткені анау әлі күнге шейін ес-түссіз жатқан-ды, — қашырларын суармақ болды; сөйтіп, астаудың жанына келіп, орын босату үшін сауыт-сайманды былай шығара бастаған кезінде, соны бағып тұрған Дон Кихот, бұл жолы бір ауыз тіл қатпастан, ешкімнен көмек те сұрамастан, қалқанын тағы былай тастап, найзасын тағы жоғары көтеріп, бар күшпен малшыны бастан періп қалды, қатты ұрғаны сонша, найзасының сабы быт-шыт болды, малшының бас сүйегі үш емес, төрт жерінен жарылып кетті. Айқай-шу шыққан жерге бекетте қонып жатқандар, ішінде бекетші де бар, жүгіре басып жинала бастады. Соны көрген Дон Кихот, бір қолына қалқанын, екінші қолына семсерін ұстай алып, қатты дауыстап:
— Беу, сұлулық падишасы, жадау тартқан жүрегімнің қуаты мен қамалы! Айтып жеткізгісіз қатер бұлты басына үйірілген сәтте өзіңнің шын берілген рыцарыңа кеңпейілдікпен көңіл аударатын кезің келді ғой! — деп салды.
Осы сәт ол бойына айрықша бір қуат дарығанын, бұл араға жер бетіндегі мал айдаушы біткеннің бәрі түгел жиналса да, бәрібір, бір адым кейін шегіншектемейтінін сезді. Жаралы малшылардың ауыр халде жатқанын көрген серіктері Дон Кихотқа алыстан тас жаудыра бастады, — анау мүмкін болғанынша қалқанмен қорғанып бақты, бірақ сауыт-сайманын иесіз қалдырмауға тырысып, астаудан онша алшақ кеткен жоқ. Бекетші мал айдаушыларға бақырып-шақырып, рыцарьға тиіспеуді өтінумен болды: оның ауыш екенін өздеріңе ескертпеп пе едім, ал жынды адам осы жердегі жұрттың бәрін түгел жайратып салса да, оған ешкім ешқандай шара қолдана алмайды, деді.
Бірақ, Дон Кихоттың айқайы одан да гөрі басым түсіп жатты: мал айдаушыларды — опасыздар, сатқындар деп сөкті, ал қамал-сарай қожасын, — кезбе рыцарьларға осындай қарым-қатынас жасауға жол бергені үшін, — қорқақ та қайырымсыз кавальеро деп айыптады, онымен қоймай, егер ол, Дон Кихот, рыцарьлар қатарына қабылданған болса, онда қамал-сарай иесі осынау екіжүзділігі үшін оның алдында жауап берген болар еді, дегенді де қосып қойды.
— Ал, мына пасық та жексұрын қара тобырды мен иттің етінен жек көрем. Лақтырыңдар тасты, бермен жақындаңдар, тап беріңдер, қолдарыңнан не келсе соны қылыңдар, — ессіздіктерің мен есерліктерің үшін қазір сазайларыңды тартасыңдар!
Оның үнінен ештеңеден тайынбайтын дүлейлік демін сезген дұшпандарының бойын жаман қорқыныш биледі: содан, бір жағынан, үрейге бой алдырған, екінші жағынан, бекетшінің уәжіне құлақ асқан олар оған тас атуды тоқтатты, ал Дон Кихот болса, жараланғандарды алып кетуге мұрсат бергеннен кейін сол баяғыша тәкаппар, кекірейген қалпын сақтаған күйі сауыт-сайманын күзетуге қайта кірісті.
Қонақтың қырсықты қылықтары бекетшіні діңкелетіп те тастаған, сондықтан ондайдың қайталануына жол бермеуді әрі бұдан да зор тақсіретке тап болмауды көздеп, әлгі қарғыс атқыр қабылдау рәсімін осы қазір қолма-қол жасап жібермек болды. Дон Кихотқа таяп келген ол өзін бейхабар қалдырған мына сілімтіктердің осынша дөрекілік көрсеткені үшін кешірім сұрап, есерлерді есін тандыра жазалауға уәде берді. Одан соң қамал-сарайда зияратхананың жоқтығын және оған деген мұқтаждықтың да қалмағанын қайталап айтып, рыцарьлыққа қабылдау салтанаты мен рәсімі желкеден бір қою мен семсермен арқадан бір салудан ғана тұратыны өзіне бек жақсы мәлім екенін хабарлады, бар-жоғы тек осы ғана, мұны ашық далада да ойдағыдай өткеруге болады, ал қару-жарақты күзетуге келсек, оның әңгімесі әлдеқашан аяқталған, өйткені күзетуге бар болғаны екі-ақ сағат беріледі, Дон Кихот болса төрт сағаттан астам күзетте тұр, деді.
Дон Кихот бұл сөзге сеніп қалды; бәрін бұлжытпай орындауға әзір екенін, тек рәсімді мүмкіндігінше тезірек атқаруды тілейтінін мәлім етті, сосын өзін, Дон Кихотты, рыцарьлар қатарына қабылдағаннан кейін оған қайтадан шабуыл жасалған жағдайда бұл арада бірде бір жан иесін тірі қалдырмайтынын — дегенмен, қамал-сарай қожайыны біреулерге ара түсетін болса, тек соларға ғана аяушылық білдіретінін ескертіп қойды.
Зәресі зәр түбіне кеткен қамал-сарай қожасы, негізі ақымақ адам емес қой, сол бойда жүгіре жөнелді де, мал айдаушыларға қанша сұлы мен пішен берілгенін жазып жүрген кітапшасын алып, қолына май шамның тұқылын ұстаған малайы мен жоғарыда аталған екі бикешті ертіп Дон Кихотқа қайтып оралды; сонан соң оған тізесін бүгуге әмір етті де, өзі әлденендей бір қасиетті дұғаны оқуға кіріскендей түр жасап, іле оны бар күшімен желкеден қойып кеп қалды, бұдан кейін дұға оқыған секілді боп бірдеңені міңгірлеуін одан әрі жалғастыра жүріп, рыцарьды арқасынан өз семсерімен жақсылап тұрып бір қонжитты. Сосын жезөкшелердің біріне семсерді оның беліне ілуге бұйырды, оны әлгі қатын айрықша ептілікпен және әдептілікпен атқарып шықты: өйткені, бұл рәсімді орындау үстінде кез-келген сәтте тырқ етіп күліп жібермеу үшін әжептәуір күш керек болатын; алайда, жаңада рыцарь аталғанның жаңағы ерліктерін еске түсірудің өзі-ақ қаумалап тұрғандардың күлкісін күмірә қылуға жеткілікті еді.
— Күллі рыцарь атаулының ішіндегі ең бір ақжолтайы болуыңызға жаратқан иеміздің жәрдемі тисін, барлық айқаста да жеңіске жеткізіп отырсын! — деген лебіз айтты оның беліне семсер байлап жатқан қадірменді сеньора.
Дон Кихот кімнің өзіне осыншама жақсылық жасағанын білуге тиіс екенін жария етті, осы себепті одан өз есімін айтуын сұрап, онымен болашақта айбынды білегінің күшімен ие болудан үмітті абырой-атақпен бөліскісі келетінін мәлім қылды. Келіншек монтаны ғана кейіппен өзінің аты Ұшқалақ, Толедода туып-өскен, қазір Санчо Бьенайдағы сауда орамында тұратын етікшінің қызы екенін, осы қазірден бастап, қай жерде жүрмесін бұған қызмет етуге және оны өзінің мырзасы ретінде құрметтеуге дайын екенін айтты. Дон Кихот одан бір бұйымтайы барын, атап айтқанда: өзіне деген құрметі рас болса, аты-жөніне донья атағын тіркеуін, сөйтіп алдағы уақытта донья Ұшқалақ атануын өтінді. Келіншек уәде берді. Сол арада екінші бикеш етігіне шпорын тақты, ол бұнымен де әлгінде беліне семсер байлаған келіншекпен екі арадағыдай әңгіме жүргізді. Оның аты кім екенін сұрады, келіншек өзінің аты Қаңғалақ, елге қадірлі антекерлік ұн тартушының қызы екенін айтты. Дон Кихот оған өз қызметі мен қамқорлығын ұсынып, оның да өз аты-жөніне донья атағын тіркеуін, сөйтіп алдағы уақытта донья Қаңғалақ атанып жүруін өтінді.
Қайтадан атқа отырып, шытырман оқиға іздеу сапарына аттанатын сәттің тезірек тууын күтіп тықыршып біткен Дон Кихот барынша асығыстықпен және мейлінше жылдам атқарылған осынау бұрынды-соңды болып көрмеген оғаш рәсімдердің бәрі аяқталып біткен бойда Росинантты ерттеп мініп алды да, бекетшіні құшақтап тұрып, рыцарьлар қатарына алғаны үшін, — біз бұл жерде жеткізіп беруге шамамыз келмейтін, — шұбалаңқы да шым-шытырық сөздермен алғысын айтты. Бұдан құтылғанына қуанған бекетші одан асып түспесе кем түспейтін қызыл сөзбен, бірақ әлдеқайда қысқаша түрде жауап қатып, қоналқа үшін ешқандай ақы алмай, алдыңнан жарылқасын деп аттандырып жіберді.
ІҮ тарау
Бекеттен былай шыққан кезде рыцарымыздың қандай кепке тап болғаны жайында
Рыцарьлыққа қабылданғанына деген мәз-шат сезімнен көңілі өрекпіп, кеудесін мақтаныш кернеп, қуаныштан ер үстінде қопаң-қопаң етіп отыра алмай асып-тасқан Дон Кихот бекеттен шыққанда таң да қызарып атып келе жатқан болатын. Сөйтіп келе жатқанында бекетшінің айтқан ақыл-кеңесі ойына орала кетіп, ең қажет деген нәрселерді дайындап алу үшін, ең бастысы — ақша мен көйлек үшін үйіне қайтып оралуды ұйғарды; ал өзіне атқосшылыққа өз ауылдасын, баласы көп, кедей болғанымен осындай шаруаларға мейлінше ептейлі бір диқанды сырттай еншілеп қойған-ды. Осы мақсатпен Росинанттың басын туған селосына қарай бағыттады, ал Росинанттың үйреншікті атқора иісін алыстан сезгендей шоқырақтап бергені сонша, тұяғы жерге тимей келе жатқандай әсер қалдырды.
Дон Кихоттың шамалы ғана ілгерілегені сол еді, кенет оң жақтан, қалың ағаш арасынан әлдекімнің ыңырсығандай аянышты үні құлаққа шалынды, соны естіген бойда ол тұра қалып айқайлап жіберді:
— Рыцарьлық парызымды орындауға, сөйтіп ақ ниетті арман-ойымның жемісін жинауға осыншама жедел мүмкіндік берген мәрттігі үшін жаратқан иеме мың да бір алғыс! Бұл ыңырсып жатқан жанның кім де болса қорғансыз еркек немесе қорғансыз әйел екенінде еш күмән жоқ!
Осы сөзді айтып, тізгінді қағып қалған ол жаңағы ыңырсыған үн шыққан жаққа қарай өңмеңдеді. Орман ішімен бірнеше адым жүргеннен кейін емен бұтағына байлаулы тұрған биені көрді, жанындағы басқа бір еменге белуарына дейін жалаңаш, он бестердегі бір бала таңулы тұр екен, ыңырсып жатқан да осы балақан боп шықты; ыңырсыса ыңырситын да жөні бар екен, өйткені әлде бір зор денелі село тұрғыны оны белбеумен аяусыз шықпырта соғып, соққан сайын жазғырып әрі ақыл айтып жатыр екен.
— Ендігәрі сақ бол, сосын аузыңа ие бол, — деп қояды ара-арасында.
Ал, балақан:
— Енді сақ боламын, қожайын, Христос-құдаймен ант етейін, енді сақ болам, отардан көз жазбауға уәде етем! — деп зар илейді.
Бұл арада не болып жатқанын көрген Дон Кихот зілді үнмен зірк етті:
— Көргенсіз рыцарь! Өзін-өзі қорғауға шамасы жоқ жанға шабуыл жасауға дәтіңіз қалай барады сіздің! Отырыңыз атыңызға, алыңыз найзаңызды, — айта кетер нәрсе, әлгі шаруаның да найзасы бар-тын, онысын бие байланған еменге сүйеп қойған-ды, — бұл ісіңіздің қандай пасықтық екенін көрсетейін сізге!
Сауыт-сайман киген әлдебір адамның тас төбесінен төніп, тұмсығының қақ алдынан найзасын бұлғаң-бұлғаң еткізіп тұрғанын енді ғана байқаған шаруа өлген жерім осы екен деп қалды.
— Сеньор кавальеро! — деп тіл қатты ол жылпылдап. — Мен осы арада бір отар қойымды бағатын баланы, өзімнің малайымды жазалап жатырмын; бұл ашықауыздың қырсығынан күн сайын бір қойымды жоғалтып жүрмін. Оны міндетіне немқұрайды қарағаны үшін, дәлірек айтқанда жылпостығы үшін жазалап жатырмын, ал бұл болса маған сараң адамсың, сондықтан еңбегімді бермеу үшін пәле жауып тұрсың дейді, бірақ құдай атымен және жанның жаһаннамнан амандығы атымен ант етейін, ол өтірік айтады.
— Дөрекі найсап, көзімді бақырайтып қойып ол өтірік айтады деуге дәтіңіз қалай барады? — деп айқайлады рыцарь. — Баршамызға бірдей нұрын төгіп тұрған күннің атымен ант етейін, қазір сізді мына найзамен бырқ еткізіп бір-ақ түйреймін. Былшыл сөзді қойып, оған ақысын төлеңіз, әйтпеген жағдайда, осы сөзіме жаратқан ием өзі куә болсын, быт-шытыңызды шығарып, тұрған жеріңізде мүрдем кетірем. Қане, босатыңыз оны байлаудан! Жылдам!..
Шаруа бүгежектеген күйі үн-түнсіз малайын бұғаудан босатты; сол арада Дон Кихот баладан қожайыны оған қанша қарыз екенін сұрады. Айына жеті реалдан есептегенде, барлығы тоғыз айға қарыз, деп жауап қатты бала. Дон Кихот бәрін қосқанда мұның алпыс үш реал болатынын есептеп шығарды да, шаруаға егер жан керек болса, ақшасын қолма-қол төле, дегенді айтты.
Үрейі ұшқан село тұрғыны бұған былай деп жауап қатты: мен өзім ант бердім ғой, — оның қашан ант бергенін ешкім естіген жоқ-ты, — енді қазір бар ақ-адал шынымды ақтарып отырмын, оның алашағы азғантай ғана, өйткені, бақташының киіп тоздырған үш пар аяқ киімінің құнын ескеру керек және оны есептен шығарып тастау керек, оған қоса ол сырқаттанған кезде екі рет қан алуға төленген бір реал тағы бар, деді.
— Солай-ақ болсын, — деп Дон Кихот қарсылық білдірді, — бірақ сіз оны жазықсыздан жазықсыз белбеумен сабадыңыз ғой — бұл аяқ киім мен қан алудың өтеміне кетсін: өйткені, ол сатып әперген башмағыңыздың терісін жыртса, сіз оның өз терісін жыртып отырсыз. Егер шаштараз бұның қанын ауырған кезде ағызған болса, сіз оның қанын дені сау кезде ағызып жатырсыз. Ендеше, ол сізге ештеңе қарыздар емес.
— Бақытсыздығыма қарай, сеньор кавальеро, өзіммен бірге ақша ала шықпап едім — енді Андрестің менімен бірге жүруіне тура келеді, үйге барған соң барлық ақшасын түгел қолына санап берем.
— Тапқан екенсің бірге барғанды! — деп балақан айқайлап жіберді. — Тағы бір пәлені бастағалы тұрсың ғой! Жоқ, сеньор, өлсем де бармаймын. Егер онымен оңаша қалсам, әулие Варфоломейдің бе еді, кімнің еді, терісін сыпырған секілді бұл да терімді тап солай тірідей сыпырып алады.
— Жоқ, олай істей алмайды, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Мен оған әмір етем, ал оның әмірімді тыңдамауға әдді жоқ. Тек ол әуелі өзі мүше боп табылатын рыцарьлық орденнің атымен ант етсін, содан соң мен оны қалаған жағына қоя берем және оның саған қарызын төлейтініне кепілдік берем.
— Оныңыз қалай, сеньор, не деп тұрсыз! — деп бала дауыстап жіберді. — Қожайыным — ешқандай рыцарь емес, ол еш те бір рыцарьлық орденге жатпайды — бұл Кинтанар деревнясындағы ауқатты шаруа Хуан Альдудо ғой.
— Онда тұрған дәнеңе жоқ, — деп тойтарды оны Дон Кихот, — Альдудо әулеті де рыцарь бола алады. Оның үстіне қандай адамды да оның ісіне қарап бағалаған жөн.
— Бұл дұрыс, — деп келісті Андрес, — бірақ олай болса, маңдай теріммен тапқан еңбек ақымды төлеуден бас тартып тұрған мына кісіні қалай бағалауға болады?
— Андрес бауырым, мен бас тартып тұрмын ба? — деп шаруа тағы сарнап қоя берді. — Нең кетіп барады, жүрсеңші бірге — жер бетінде қойша өрген қанша рыцарьлық орден болса, соншасының атымен ант етейін, әлгінде айтқанымдай, алашағыңды соқыр тиынына шейін қалдырмай қуана-қуана санап берем.
— Қуанбай-ақ қоюыңызға болады, — деді Дон Кихот, — тек оған берешек ақшаңызды төлесеңіз болды: басқа ештеңе де қажет емес. Бірақ, анттан таюдың арты жақсы болмайтынын біліңіз: ондай жағдайда, сол жаңағы анттың атымен ант етейін, сізді іздеп тауып алам да, сазайыңызды тарттырам: тіпті кесірткеден де асқан ептейлі болсаңыз да, қайда барып жасырынғаныңызбен бәрібір таппай қоймаймын. Егер де бұл бұйрықты кімнен алғаныңызды білгіңіз келсе, оны бар ынты-шынтыңызбен жан сала орындауыңыз үшін айтып қояйын, мен — жәбір көргендер мен қыспаққа түскендердің қорғаны, айбынды Ламанчалық Дон Кихотпын! Ендеше, саушылықта қала беріңіз және уәде етіліп, антпен бекітілгенді ұмытушы болмаңыз, төбеңізге төніп тұрған аса ауыр жазаның қатерін әрқашан қаперде ұстаңыз.
Осы сөздерді айтып, ол Росинантты бүйірден шпормен бір тебініп, шоқырақтап ұзай берді. Соңынан қарап тұрған село тұрғыны оның тоғайдан шығандап, көз таса болғанына көз жеткізгеннен кейін малайы Андреске еңсе бұрып:
— Кел бермен, балам! Әлгі жәбір көрушілердің жоқшысы берген әмірді орындайын, қарызымды өтейін саған, — деді.
— Оған титтей де күмәнім жоқ, тақсыр, — деді Андрес. — Мейірбан рыцарьдың, жасаған иеміз оған мың жылдық ғұмыр бергей, әмірін орындау өз мүддеңіз үшін өте тиімді болмақ; ол сондай батыр әрі сондай әділ адам, егер ақымды төлемесеңіз, әулие Роке атымен ант етейін, ол міндетті түрде қайтып оралып, айтқан сөзін айнытпай орындайды.
— Менің де бұған титтей шүбәм жоқ, — деді шаруа, — бірақ сені сондай жақсы көрем, қарашығым, сондықтан кейін көбірек қып төлеу үшін саған тағы да біраз қарыз бола түскім келеді.
Сол арада ол баланы шап беріп қолынан ұстай алды да, қайтадан еменге әкеп таңып, белбеумен шалажансар халге жеткенше шықпыртты.
— Ал, енді жәбір көрушілердің жақтасын шақыра беріңіз, сеньор Андрес, оның сізге қалай жақтасқанын көріп алайын, — деді шаруа. — Бірақ, өз ойымша, сізді онша қатты жәбірлемеген де сияқтымын — бағзыда өзіңіз айрықша қауіп білдіргендей, теріңізді тірідей сыпыруға қолым қышып-ақ тұр.
Дегенмен, ақыр соңында ол шығарған үкімін орындауы үшін аталмыш әділ қазысын іздеп таба қойсын деп баланың байланған жібін босатып, жөнін табуға кеңшілік етті. Қабағын қарс жапқан бақташы балақай кетіп бара жатып айбынды Ламанчалық Дон Кихотты қалайда іздеп табатынын, қарызын еселеп қайтаруға қожайынды мәжбүр етуі үшін оған болған жайдың бәрін егжейлі-тегжейлі жеткізетінін айтып ант етті. Қалай болған күнде де, Андрес еңірей жылап кетті, ал қожайыны болса мысқылдай күліп қала берді.
Жәбір көргенге осылай жәрдемдескен, бұл оқиғаны рыцарьлық ерлік істерінің керемет те бақытты бастамасы іспетті сезініп, қуанышы асып-тасқан, өзіне-өзі айрықша ырза Дон Кихот бұл кезде туған селосына қарай бағыт ұстап, өзімен өзі күбірлей сөйлесіп келе жатыр еді:
— Енді өзіңді қазір жер бетінде ғұмыр кешіп жатқан барлық әйелдің ішіндегі ең бақыттысымын деп атауыңа заңды қақың бар, беу, сұлулардың сұлуы Дульсинея Тобосская! Тағдырдың жазуымен осынша жаужүрек, осынша мейірбан және қазір қандай болса, болашақта да әрдайым сондай бола беретін рыцарь Ламанчалық Дон Кихот сенің барлық қылтың-сылтыңың мен көңіліңнің қалауын бір сөз айтпай, бұлжытпай орындайтын адамға айналды; оның рыцарьлық орденге кеше ғана өткені барша жұртқа мәлім, ал бүгін ол жауыздық пен жалғандық бірігіп туындатқан, бұрын болып көрмеген шектен тыс зұлымдық пен шектен тыс заңсыздықтың тамырына балта шапты — сөйтіп, бұл жолы ешқандай айып-кінәсі жоқ жасөспірімді азаптап жатқан қанқұйлының қолындағы қамшыны жұлып алды.
Осы тұста ол төрт жолдың торабына жақындап та қалған, сол-ақ екен оның көз алдына жол айырығына келіп тоқтап, қай жолға түскен жөн дегеннің төңірегінде ой кешіп тұрып қалатын дағдысы бар кезбе рыцарьлар елестеп кетті; соларға еліктеп бұл да осы арада әрі тұрып, бері тұрып, ақыры, ақылға сала келіп, тізгінді босатып Росинанттың қалауына бағынғанды хош көрді. Росинант болса, әу бастағы ой-ниетінен айныған жоқ, яғни ат қорасына тура бастап апаратын жолды таңдады. Осы жолмен екі мильдей12 жерді артта қалдырған Дон Кихот қараң-құраң көп адамның тобын көзі шалды: кейін анықталғанындай, бұл жібек сатып алмаққа Мурсияға бара жатқан толедолық саудагерлер еді. Олар алтау екен, қол шатыр ұстап, атқа салт мініпті, жандарына жеті малай ертіпті, бұлардың төртеуі атқа мінген, үшеуі жаяу-жалпылап қашыр айдап келе жатыр. Бұларды көрген бойда Дон Кихот тағы бір тосын оқиғаға жолығатын болдым-ау деп қалды; сөйткен соң, романдарда осындай жағдайларда атқарылатын әрекеттерден мүмкін болғанынша алшақ кетпеуге ниеттенді, сондықтан сондай іс-қимылдың бірін тап қазір осы жерде тындырған орынды деп тапты. Сол мақсатта үзеңгіге шірене бой түзеп, найзасын қолына қыса ұстап, қалқанын алдына тосып, жан баласынан ықпайтын, жан баласын елемейтін кейіппен жолдың қақ ортасына келіп тоқтап, кезбе рыцарьларды, — толедолық саудагерлерді ол осындай жарандар санатына қосып та қойған-ды, — тосып тұрып қалды; аналар өзін көріп, сөзін еститіндей жерге жақындаған кезде Дон Кихот айқаса кетуге әзір кейіпке еніп, дауысын қатайтып:
— Сіздер, қанша болсаң соншаң, сол тұрған жерлеріңнен тырп етпеңіздер! Барлығыңыз, қанша болсаң соншаң, жер бетінде нешеме айдай сұлу ару болсын мейлі, бәрінен де ламанчалық патшайым Дульсинея Тобосская артық екенін мойындағанша солай тұрыңыздар! — деді.
Бұл сөздерді естіген және мұны айтып тұрған адамның ұсқынсыз түр-сықпытын көрген саудагерлер тоқтай қалды; сөзі мен сүдініне қарап бұның есуас екенін сол бойда-ақ сезгендерімен саудагерлер өздерінен талап етілген әлгіндей мойындаушылықтың бұған неге керек бола қалғанын білмекке құмартты, сөйтіп араларындағы сайқымазақтыққа бейім әрі құдай ақылдан кенде қылмаған біреуі:
— Сеньор кавальеро! Өзіңіз айтып тұрған құрметті ханымның кім екенінен
біздің еш хабарымыз жоқ қой. Бізге оны көрсетсеңіз етті, егер ол өзіңіз мәлімдеп тұрғандай шын мәнінде де асқан сұлу болса, онда әміріңізді ықыласты да ерікті түрде орындап, осынау ақиқат шындыққа бір кісідей куәлік етер едік, — деді.
— Егер оны сіздерге көрсетер болсам, — деді наразы Дон Кихот, — күмәнсіз шындыққа куәлік етудің сіздерге қандай қиындығы болмақ? Әңгіме де сонда — көрмей-білмей-ақ сенуде, куәлік етуде, мақұлдауда, серт етуде және қорғауда болып тұр ғой, өйтпеген жағдайда, сіздерді, өзімшіл менмен тобыр, айқасқа шақырам. Рыцарьлық жарғының талабына сай бір-бірлеп шығуыңызға да немесе, азғындық іске әбден үйренген адамсымақтардың әдеттегі мінезіне сай, бәріңіз бірден жабыла кетуіңізге де болады. Өз әрекетімнің әділдігіне деген толық сеніммен сіздерді көкірек тосып қарсы алам және лайықты соққы берем.
— Сеньор кавальеро! — деп әлгі саудагер қайта үн қатты. — Осы арада тұрған ақсүйектердің атынан сізге мынадай бір болмашы өтініш айтқым келеді: өзіміз өмірі ешқашан көрмеген және ол жайында дым ештеңе естімеген ханымның пайдасына куәлік етеміз деп ар-ұятымыздың алдында ауыр азапқа түспесіміз үшін, оған қоса осындай куәлік арқылы алькарриялық және эстремадурлық императрицалар мен королеваларды қорламас үшін, мархабатты мырза, бізге мейлінше мейірімділік жасап айтылмыш ханымның қандай да бір болсын суретін көрсетсеңіз етті, тіпті оның көлемі бидай дәніндей болса да мейлі, — өйткені бір тал қылшығына қарап-ақ шошқаның қандай екенін білуге болады деген ғой, — сонда біз әбден сенімді болар ек, көңіліміз әбден көншір еді және, өз тарапымыздан да, борыштар боп қалмай, лайықты құрметімізді көрсетер ек. Ашығын айтсам, ол ханымға қазірдің өзінде-ақ сырттай сүйсініп қалдық, сондықтан егер суретіне қараған мезгілде аталмыш әйелдің бір көзі қыли, ал екінші көзінен қызыл сынап пен күкірт тамшылап тұрған күннің өзінде де, бәрібір сіздей мархабатты мырзаның көңілі үшін біз оның бойында асыл қасиет атаулының қандайы да болсын бар екенін мойындар ек.
— Одан ондай ештеңе тамып тұрған жоқ, арамза хайуан! — деп айқайлап жіберді ашу қысқан Дон Кихот. — Одан ондай ештеңе тамып тұрған жоқ, деймін саған, — осынау періштедей пәк жанның бойынан тек амбра мен мускустың хош иісі ғана бұрқырайды. Ол мүлдем қыли да, қисық та емес, Гуадарраманың мұз бағанындай сымбатты. Енді сіз қазір осынау ойға келмес өрескел мазаққа барғаныңыз үшін сазайыңызды тартасыз, себебі әміршімнің айдай сұлу ажарына кір жақтыңыз.
Осыны айтып найзасын көлденең ұстап әлгіге қарай ызбарлана әрі өшіге ұмтылғаны сонша, егер әдепсіз саудагердің бағына қарай Росинант жолда сүрініп кетіп құлап түспегенде оның саудасы біткен де болар еді. Сөйтіп, Росинант құлап түсті, ал оның қожайыны анандай жерге ұшып кетті; тұрайын деп еді, тұра алмады: найза, қалқан, шпорлар және ауыр салмақты атам заманғы сауыт-сайман қол-аяғын байлап-матап орнынан тұрғызбады. Осылайша, тұрмаққа тырысып босқа әлектеніп жатып та ол:
— Тоқтаңдар, қуыс кеуде қорқақтар! Жексұрын малайлар, тұра тұрыңдар! Өз кінәмнан емес, атымның кінәсынан құладым ғой! — деп айқайды салумен болды.
Сол арада анау, шамасы қаны бұзықтау неме болса керек, апатқа ұшырап жатқан жанның балағаттаудан тыйылмасын байқап, шыдамын жоғалтып, жауап орнына оның сорын сорпа қылмаққа ниеттенді. Дон Кихоттың жанына жүгіріп барған ол найзасын қолынан жұлып алып бөлшек-бөлшек қып сындырды да, бір бөлшегін ала сап оны сілейте соққаны сонша, сауытынан еш дәрмен болмаған рыцарымыз бастырылған бидайдың бауындай боп қалды. Қожайындары мал айдаушыны сабасына түсуге шақырып, кавальероға тимеуге үгіттеп баққандарымен, қаны қызып алған неме ашу-ызасы әбден сарқылғанша ойынды тоқтатпауға бекінді; найза сабының сынған бөліктерін бірінен соң бірін алып, онысын жерде ұзынынан сұлап жатқан бейшара рыцарьды соққылаумен қайта сындыруға кірісті, — ал рыцарь болса, біреу таяқпен аяусыз төпелеп жатқанына қарамай, аспаннан, жерден және қазір өзі қанішер ретінде қабылдаған саудагерлерден кек алатынын айтып сес көрсетіп, жағы бір тынбай сөйлеумен болды.
Ақыры мал айдаушы шаршады, сөйткен соң сапарлары барысында барғанша-келгенше әңгіме қылуға азық табылған, — тілге тиек етілер жай, әрине, таяққа жығылған сормаңдай рыцарь болатын, — саудагерлер әрмен жылжыды. Ал рыцарь жалғыз қалған соң тұрмаққа тағы талпыныс жасады; бірақ әншейінде, дені-қарны сау кездің өзінде де, тұра алмайтын адам енді қазір, сорын қайнатып сілейтіп салғаннан кейін тұра алатын ба еді? Әйтсе де, ол өзін өте бір бақытты жандай көрді — бұл кезбе рыцарьдың басында бола беретін әдеттегі жағдай ғой деп ойлады ол, оның үстіне бұған кінәлі өзі емес, аты болатын. Тек бір өкініштісі, қанша арпалысса да тұра алмайды — бойындағы сүйек біткеннің бәрі сырқырап ауырып тұр.
Ү тарау
Мұнда рыцарымыздың басындағы бақытсыздықтар жайындағы әңгіме одан әрі жалғасады
Шынымен-ақ қозғала алмайтынына көзі анық жеткен рыцарымыз өзінің дағдылы амал-айласына көшуді ұйғарды, дәлірек айтқанда: романдарда суреттелетін оқиғалардың әлденендей біреуін еске алмақ болды; сол арада оның шатысқан түсінік-пайымы Карлотто Балдуинді тауда жарақаттағаннан кейін Балдуин мен маркиз Мантуанский арасында болған жайды ойына оралта қойды — балаларға жақсы мәлім, жас жігіттерге тартымды, қарияларды да қызықтыратын, олар да мұны кәдімгі болған оқиғаға балайтын бұл хикаяның шындығы, ақиқатында, Мұхаммедтің ғажайып істері жайындағы ойдан шығарылған әңгімелерден артық емес-ті. Дон Кихот осы оқиға мен өзінің басынан өткен жайдың арасында әлденендей бір ортақ нәрсе бар деп тапты; сөйтіп, бойын айрықша толқу билеген ол олай да былай аунап жатып, жарақаттанған Орман Рыцары әлдебір кезде айтты делінетін сөздерді естілер-естілмес етіп сыбырлаумен болды:
Қайдасың, менің сеньорам?
Бөліспейсің неге қайғыммен?
Хабарың әлде жоқ па одан,
Жатпын ба әлде саған мен?
Романсты осылайша жатқа оқи келе ақыры ол:
Беу, мантуандық билеуші,
Әміршім әрі ағайым! —
деген жолдарға жеткен-ді.
Дон Кихот осы өлеңді оқып жатқан кезде тап осы жолмен есегін тепеңдетіп өзімен бір селода тұратын шаруа адам диірменге астық апарып қайтып келе жатқан болатын; жерде ұзынынан сұлаған адамды көрген ол жақындап келіп кім екенін, қай жері ауыратынын және неге сонша қинала ыңырситынын сұрады. Дон Кихот, әрине, оны өзінің туыс ағасы маркиз Мантуанскийдің нақ өзі екен деп қалды, сондықтан жауап орнына әлгі романста айтылатын жайды аудыртпай қайталап, тағы да өзінің бақытсыздығы жайында, император ұлының өгей шешесіне деген махаббаты жайында сайрап берді. Бұл сандырақтарды диқан таңырқана тыңдады, сосын дулығасының соққы салдарынан сынған бет жабарын былай алып тастап, бетін басқан шаңды сүртіп тазалады; сол бойда-ақ оның кім екенін танып:
— Сеньор Кихана! (Ақыл-есінен адаспай тұрғанда, салиқалы идальгодан кезбе рыцарьға айнала қоймаған кезде Дон Кихотты жұрт осылай атайтын.) Кім сізді бұлай сабап кеткен? — деді.
Дон Кихот болса барлық сұраққа жауапты аталмыш романстағы өлең жолдарымен қайтарып жатты. Қайырымды диқан мұның жарақат алған-алмағанын білмек үшін асқан сақтықпен сауыт-сайманынан кеуделік пен иық жабарды ағытып алды, алайда денесінің қансыраған не ісінген жерін көре алмады. Сосын оны орнынан тұрғызып, есек жуастау жануар ғой деп шешіп, едәуір әуреге түсіп жүріп ақыры оны есегіне отырғызды. Одан соң қару-жарағын жинастырып, тіпті найзаның сынықтарын да қалдырмай жинап, бәрін Росинанттың еріне әкеп байлап тастады, сөйтті де ат пен есекті тізгінінен жетелеп, Дон Кихоттың шатқандарын құлағына да ілмеген күйі, өз ойымен өзі боп селосын бетке алып жүріп кетті. Дон Кихот та ұзамай ойға берілді; сілесі қатқанша таяқ жеген міскін ердің үстінде шақ отыр еді, деміл-деміл аһ ұрып ауыр күрсініп қоятын, соған алаң болған диқан ақыр соңында одан қай жері ауыратынын тағы бір қайталап сұрауға мәжбүр болған, бірақ басынан өтіп жатқан шәлкем-шалыс істерге сәйкесе кететін ертегі-аңыздарды Дон Кихоттың құлағына шайтан сыбырлап тұрғандай еді: себебі Балдуин жайын ұмытып үлгерген ол дәл осы сәтте антекерлік алькайд Родриго де Нарваэстің Абиндарраэс дейтін маврды13 тұтқындап, өз қамал-сарайына қалай алып келгенін еске түсірген болатын. Сөйтіп, диқан хал-жағдайын, неге мазасызданып келе жатқанын сұраған кезде анау оған бір кезде өзі Хорхе де Монтемайордың осы хикая әңгімеленетін Диана дейтін кітабындағы тұтқын Абинсеррагтың Родриго де Нарваэске айтатындарын сөзбе-сөз қайталап жауап берді. Маврдың басында болған кепті аса бір ептілікпен өз басына әкеп телігені сонша, осы балдыр-батпақты тыңдап тұрған диқан әлденеше мәрте шайтанды еске алып, жерге түкіруге мәжбүр болды. Оның дәл осы балдыр-батпағы диқанды жерлесінің есі ауысқаны-ау деген ойға жетелеп, мылжыңдарымен әбден мезі ғып біткен Дон Кихоттан тезірек құтылу үшін жүрісін үдетіңкірей түсті.
Дон Кихот болса, сөзінің қорытындысында мынадай мәлімдеме жасады:
— Қаперіңізде болғай, мәртебелі мырза сеньор дон Родриго де Нарваэс, жаңа өзім сізге айтып берген Харифа ару дегеніміз айдай сұлу Дульсинея
Тобосская боп табылады, ал ол үшін мен күллі әлем көрмеген, көрмейтін және ешқашан көре алмайтын ерлік істер жасадым, жасаймын және жасай да берем!
Диқан бұған жауап ретінде былай деді:
— Сізге не десем болады, мейірімді мырза! Түсінсеңізші, сеньор, мен ешқандай да дон Родриго де Нарваэс те, маркиз Мантуанский де емеспін, бар болғаны өзіңізбен бір селода тұратын Педро Алонсомын ғой. Сол сияқты сіздің де кім екеніңіз мәлім: сіз ешқандай Балдуин де, Абиндарраэс те емессіз, қадірменді идальго, сеньор Киханасыз.
— Кім екенімді өзім жақсы білем, — деп Дон Кихот оған қарсылық білдірді, — сонымен бірге, әлгінде өзіңізге айтып бергендеріммен қоса, Францияның барлық Он Екі Пэрінің, сондай-ақ барлық Даңқты Тоғыз Азаматтың атымен атануға да қақым бар екенін білем, өйткені бұлардың жекелеп болсын, бәрі бірігіп болсын жасаған ерлік істері өзімдікімен салыстырғанда түкке де татымайды.
Осындай әңгіме үстінде кешке қарай олар селоларына да жетті; таяққа сылқия тойған идальго ердің үстінен ауып кете жаздап шақ отырғандықтан, оны ешкімнің көрмегенін хош көрген диқан қараңғылық түсуін күтпекке бекінді. Сөйтіп, қараңғылық әбден қоюланған шақта ол тура тартып Дон Кихоттың үйіне қарай жүрді, ал онда бұл кезде абыр-сабыр күшейіп, рыцарымыздың ең жақын екі досы — священникпен және шаштаразбен сөйлесіп жатқан күтуші әйелдің шаңқылдаған дауысы әжептәуір жерден естіліп тұр еді.
— Мырзамның басына түскен бақытсыздық жайында сіз не айта аласыз, сеньор лиценциат Перо Перес (священникті осылай атайтын)? Өзінің де, атының да, қалқанның да, найзаның да, сауыт-сайманның да ұшты-күйлі жоғалғанына, міне үш күн болды. Неғылған басымнан сорым арылмаған жан едім! Менің білетінім бір-ақ нәрсе, — және бұл әуелі жарық дүние есігін ашып, соңынан онымен қош айтысатынымыз сияқты шындық, — әлгі қарғыс атқыр рыцарьлық кітапшаларды ол күні-түні оқитын, міне, оны ақылынан адастырып жіберген де солар. Енді-енді есіме түсіп жүр, өзімен өзі сөйлесетін кездерінде кезбе рыцарьға айналғысы келетінін, шытырман оқиғаларға тап болу үшін жер-дүниені шарлауға кіріспек ойы барын әлденеше рет айтқан да болатын. Шайтан мен Варавва алсын бұл кітаптарды, оның ап-айқын ақыл-есі осылардың қырсығынан айныды ғой: ондай жанды бүкіл Ламанчадан іздесең табар ма едің.
Жиен қарындасы күтуші әйелді қолдай сөйледі.
— Білесіз бе, сеньор маэсе Николас, — деді ол шаштаразға қарап тіл қатып, — бақытсыздық оқиғалары жайында жазатын осынау жексұрын романдарды ағатайымның екі тәулік бойы бас алмай оқитын кездері де болатын. Одан соң, кей-кейде, кітапты былай лақтырып тастайтын да, семсерді ала сап әбден титықтап біткенше қабырғаға сұққыштайтын келіп. “Мен төрт дәуді тырапай асырдым, әрқайсысының бойының биіктігі мұнарадай еді”, дейтін. Қара суға түсіп терлеп кетеді, ал өзі болса бұны ағып жатқан қанға балайды, өзін айқаста жараланғандай көреді. Сосын бір бақыраш мұздай суды ішіп алады да, демалып, өзіне өзі келген соң: бұл қасиетті сусын, оны маған данагөй — қалай еді есімі? — Алкиф пе, Паф-пиф пе біреу, атақты сиқыршы және өзімнің адал досым әкеп берді, дегенді айтады. Жоқ, бәріне мен өзім кінәлімін: ағатайымның ақылы бүтін еместігін ертерек ескерткенімде оның бұлайша шектен шығуына жол бермес едіңіздер, осынау қарғыс арқалаған кітаптардың бәрін отқа жағып жіберер едіңіздер, өйткені дінбұзарлардың шимай-шатпақтары сияқты әлдеқашан отқа лақтыратын дүниелер дегеніңіз ол кісіде шаш етектен ғой.
— Мен де солай ойлаймын, — деп сөзге священник араласты, — ертеңнен қалдырмай аутодафе14 ұйымдастырып, алдағы уақытта оқырмандарды қазір, шамасы, абзал досым айналысып жүргендей істерге итермелемеуі үшін ол кітаптардың бәрін отқа жағатынымызға уәде берем.
Диқан мен Дон Кихот бұл әңгіменің бәрін естіп тұрған, өзінің серігі қандай сырқатқа шалдыққанына сол арада анық көзі жеткен диқан кенеттен:
— Мархабатты мырзалар! Антекерлік алькайд, айбынды Родриго де Нарваэс тұтқынға алып келе жатқан сеньор Балдуинге, ауыр жараланған маркиз Мантуанскийге және сеньор Абиндарраэс маврға есік ашыңыздар! — деп айқайға басты.
Айқайды естіген іштегілер сыртқа жүгіріп шықты, жерге түсуге шамасы болмай әлі күнге есектің үстінде отырған жанды еркектер — өздерінің досы, әйелдер — ағасы мен қожайыны ретінде түстеп таныған бойда оған жармаса кетіп құшақтай бастады. Ал, анау болса, оларға:
— Жә, қоя тұрыңдар! Атымның қырсығынан ауыр жараланып қалдым. Мені төсекке апарып жатқызыңдар, сосын, мүмкін болса, жарақатымды қарап, емдеуі үшін данагөй Урганданы шақырыңдар, — дегенді айтты.
— Сұмдық-ай, сұмдық-ай! — деп зар қақты күтуші әйел. — Қожайынды қандай қырсық айналдырып жүргенін жүрегім сезіп еді-ау менің! Түссеңізші жайлап, тілеуіңіз болғыр, біз сені әлгі Құрығандасыз-ақ өзіміз емдеп жазып аламыз. Күл болып күйіп кеткір рыцарлық кітапшалар ғой сізді осындай халге жеткізген!
Олар Дон Кихотты төсекке апарып жатқызып, қарап шықты, бірақ жарақат таба алмады. Ал анау бұларға денесін жай ғана ауыртып алғанын, өйткені бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген өжет те өктем он алыппен айқасқан кезінде өзінің Росинантпен бірге жерге гүрс құлағанын айтты.
— Өйдөйт деген-ай! — деп священник дауыстап жіберді. — Әңгіме енді алыптар жайына ауысты ма-ей? Егер тап күні ертең, күн ұясына қонғанға шейін, соның бәрі отқа өртенбесе, құдай тас төбемнен ұрсын!
Дон Кихотқа сұрақ қарша жауды, бірақ ол жауап қайтарудан қашқалақтап, өзім қазір айрықша мұқтаж боп жатқан нәрсем — тамақ ішіп алып, ұйқтауға мүмкіндік берсеңдер деген тілек білдірді. Оның тілегі орындалды, одан соң священник диқаннан Дон Кихотты қалай тауып алғаны жайында егжей-тегжейлі сұрастыра бастады. Диқан оған болған жайдың бәрін, тіпті рыцарымыздың жерде сұлап жатып та, үйге келе жатқан жолда да шатып-бұтқандарына шейін түгел, бүге-шігесін қалдырмай баяндап берген соң лиценциаттың бойында ойға алғанын орындауға деген зор құлшыныс пайда болды, ертеңіне онысын іс жүзінде орындады да, атап айтқанда, дос-жар адамы шаштараз маэсе Николасқа соғып, екеуі Дон Кихоттың үйіне қарай бағыт алды.
ҮІ тарау
Священник пен шаштараздың айлакер идальгомыздың кітап қоймасын барынша мұқият әрі қызғылықты түрде қарап шыққаны жайында
Анау әлі ұйықтап жатқан. Священник жиен қыздан зиянкес кітаптар жиналған бөлменің кілтін сұрап еді, қыз өтінішін қуана-қуана орындай қойды; араларында күтуші әйел де бар, әлгі бөлмеге келіп кірген олар көзкөрім тәуір мұқабамен тысталған жүзден астам қомақты кітапқа, сондай-ақ олардан гөрі көлемі шағындау басқа да кітаптарға кез болды, сол-ақ екен, осыны көзбен шолып өткен күтуші бөлмеден жүгіріп шығып кетті де, іле қасиетті су құйылған сауыт пен су себелегішті алып қайта кірді.
— Өтінем сізден, мархабатты мырза, сеньор лиценциат, бөлмені аластап жіберіңізші, — деді ол, — әйтпесе мына кітаптарда тығылып жатқан сиқыршылардың бірі болмаса бірі тұқымын тұздай құртуға оқталып жатқанымызға кектеніп, бізді жадылап тастауы да мүмкін ғой.
Күтушінің аңғалдығына күліп қана қойған лиценциат шаштаразға мынадай тәртіп ұсынды: шаштараз оған кітаптарды бір-бірлеп беріп тұратын болады, ал өзі оларды қарап шығады — өйткені, бұлардың арасында өлім жазасына кесуге болмайтындары да кездесіп қалуы ықтимал.
— Жоқ, — деді ашулы жиен қыз, — бұлардың арасында кешірімге лайық бір де біреуі жоқ, бәрі де бізге жаманшылық әкелді. Бәрін терезеден сыртқа лақтыру керек те, бір жерге үйіп, жағып жіберу керек. Ал егер мал қораға апарып, сол жерде өртесек тіптен жақсы болар еді, сонда бізді түтіні де мазаламас еді.
Күтуші де сол пікірде екен — осынау кінәсыз кінәлы болғандардың көзі жойылғанына екеуі де жан-тәнімен ынталы екен; алайда священник тым құрығанда әуелі кітаптың атын оқып шығу керек деп тұрып алды. Сөйтіп, оның қолына маэсе Николас ең алғаш табыс еткен дүние төрт бөлімнен тұратын Амадис Галльский болды.
— Мұнда айрықша мән бар, — деді священник, — менің білуімше, бұл Испания баспасынан шыққан алғашқы рыцарьлық роман боп табылады, басқаларының бәрі осыдан бастау алып, осының негізінде өмірге келген, сондықтан, менің ойымша, құдайға қарсы күпірліктің негізін қалаушы ретінде бұны еш аяушылық білдірместен отқа жағуымыз керек.
— Жоқ, сеньор, — деп шаштараз қарсылық білдірді. — Менің естуім басқашалау, жұрттың айтысынша, аталмыш тақырыпта жазылған кітаптардың ішіндегі ең тәуірі осы көрінеді, сондықтан осы бір ерекшелігін ескеріп, оған кеңшілік жасау қажет.
— Мұныңыз ақылға қонады, — деп келісті священник, — мұны қаперге алайық та, оған уақытша тірлік кеше тұруға мұрсат берейік. Ал, оның жанында кім тұр екен, енді соған келейік.
— Амадис Галльскийдің заңды ұлы Эспландианның ерліктері, — деп жария етті шаштараз.
— Ақиқатқа жүгініп айтар болсақ, әкесінің сіңірген еңбегін баласы малдана алмайды, — деді священник. — Мәңіз, күтуші сеньора, терезені ашыңыз да, лақтырып жіберіңіз, кейін өзіміз алау жағатын құшақ-құшақ кітаптың бастамасы осы болсын.
Күтуші бұл өтінішті зор қуанышпен орындады: қадірменді Эспландиан аулаға қарай ытқи жөнелді де, өзіне кесілген өлім жазасын сол жерде таңғаларлық шыдамдылықпен тосып жата берді.
— Әрі қарай кеттік, — деді священник.
— Одан кейінгісі — Амадис Греческий, — деді шаштараз, — меніңше, бұл қатарда бірөңкей Амадистің туыстары орналасқан секілді.
— Ендеше, қазір біз солардың бәрін түгел аулаға лақтырамыз, — деді священник. — Королева Пинтикинестраны, эклогтарымен15 қоса бақташы бала Даринельді және авторы көңіл қалауынша қитұрқы түрде қиыстырған барлық осынау шимай-шатпақты отқа өртеуден рақат табу үшін, тек осы үшін ғана, мен, егер кезбе рыцарь бейнесінде бой көрсетер болса, туған әкемді де отқа жағудан тайынбас едім.
— Мен де сондай ойдамын, — деді шаштараз.
— Мен де, — деді жиен қыз.
— Олай болса, оның бәрін бері әкеліңіз, аулаға шығарып тастайын, — деді күтуші.
Оған біраз кітап берілді, бірақ ол, шамасы, баспалдақты қиратып алудан қорықты ма екен, бәрін терезеден лақтыра салды.
— Ау, мынау не қылған семіз нәрсе? — деп сұрады священник.
— Дон Оливант Лаврский, — деп жауап қатты шаштараз.
— Бұл кітапты жазған Гүл бағының авторы, — деді священник. — Ашығын айтсам, бұл екеуінің қайсысында шындық көбірек немесе, дәлірек айтқанда, өтірік азырақ екенін өз басым анықтап бере алмас ем. Білетінім бір-ақ нәрсе: кітап әдепсіз әрі пәтуасыз, сондықтан — терезеден ытқыт.
— Келесісі — Флорисмарт Гирканский, — деп жариялады шаштараз.
— Е-е, сеньор Флорисмарт та осында жүр ме? — деп таңырқады священник. — Төтенше жағдайлар тұсында дүниеге келгеніне, таңғаларлық істер тындырғанына қарамастан бұның да қас-қағымда ауладан бір-ақ шығарына кепілмін. Бұл өзі сондай қасаң да қарабайыр тілмен жазылғандықтан, оған бұдан басқа баратын жол да жоқ. Аулаға апарыңыз оны, күтуші сеньора, сосын мынаны да ала кетіңіз.
— Әлбетте, мырзам, әлбетте. — деп дыбдырлады өзіне берілген қандай әмірді де қуана-қуана орындап жүрген күтуші.
— Мынау Рыцарь Платир, — деп мәлімдеді шаштараз.
— Ертеде жазылған роман, — деп ескертті священник, — бірақ оған кеңшілік жасауға болатындай дәлелді себеп таппай тұрмын. Бос әңгімені қойып, ана жаққа аттандырыңыз.
Айтқаны бұлжытпай орындалды. Крест рыцары аталатын тағы бір кітаптың беті ашылды.
— Осындай жанға жағымды аты үшін автордың надандығын кешіруге де болар еді. Екінші жағынан, “Крестің тасасында шайтан тұрады” деген сөз бекер айтылмаған ғой. Отқа лақтырыңдар оны!
Шаштараз сөреден тағы бір томды алып:
— Мынау Рыцарьлық айнасы деген кітап екен, — деді.
— Білемін бұл құрметлу кітапты, — деді священник. — Мұның кейіпкерлері сеньор Ринальд Монтальванский мен оның Кактың өзінен де асып түсетін алаяқ дос-жолдастары және Францияның Он Екі Пэрі мен олардың шыншыл жылнамашысы Турпин боп табылады. Солай бола тұрса да, шынымды айтсам, бұлар атақты Маттео Боярдо туындысының өмірге келуіне ықпал еткендіктен мен оларды мәңгілік қонысқа аттандырған да болар ем. Ал, Боярдоның шығармасына келсек, ол, өз тарапынан, шынайы христиандық сезімге басы бүтін берілген ақын Лодовико Ариостоға арқау болды, бірақ егер осы бөлмеден маған Ариосто ұшыраса қалса және оның өз ана тілінде сөйлемей, басқа тілде сөйлеп тұрғаны анықталса, онда мен оған ешқандай құрмет белгісін көрсете алмаған болар ем, ал егер өз тілінде сөйлеп тұрса, онда оны төбеме көтерер ем.
— Менде оның итальяншасы бар, бірақ оны түсінбеймін, — деді шаштараз.
— Түсінбегеніңіздің өзі жақсы, — деп іліп әкетті священник, — егер Ариостоны Испанияға алып келмесе, одан кастильдік адам жасап шығармаса, біз әскербасы сеньорды да кешірген болар едік: себебі осындай әрекеті арқылы ол бұның талай тартымды табиғи қасиетінен жұрдай етті ғой; ақиқатында, бұл поэтикалық туындыларды аударуға талап қылатындардың бәрінің басында болатын жай, өйткені өз жұмысына айрықша жауапты қарайтын және айрықша шебер деген аудармашының өзі де аталған дүниелердің түпнұсқа түрінде көтерілген биігіне ешқашан шыға алмайды. Тоқ етеріне келгенде, француз шығармашыларының қиыннан қиыстырған басқа да дүниелерімен қосып, бұл кітапты да кеуіп қалған құдықтың түбіне тастау керек, кемел оймен қайта үңіліп, бұларға қандай шара алу керегін ойлап тапқанымызша сонда жата берсін; ал енді маған салсаңыздар, мен Бернардо дель Карпьоға кешірім жасамас едім, оның осы арада бір жерде бұғып жатқаны кәміл, сосын Ронсеваль деп аталатын тағы бір осындай кітап бар: осы екі кітап, қалай қолыма түссе солай дереу күтушінің қолына тапсырылады, ал күтуші болса оны еш шімірікпестен отқа жібереді.
Шаштараз священниктің пікірін қоштады — өйткені, оны ізгі ниетті христиан және дүниедегі бар жақсылықты басыңа үйіп-төгем десең де айнымайтын ақиқаттың адал досы санайтын, сондықтан оның байламдары оған әрі әділ, әрі өте орынды көрінді. Сосын ол тағы бір кітапты ашты: бұл Пальмерин Оливский еді, ал оның қасында Пальмерин Английский тұрған. Аттарын оқып шыққан лиценциат:
— Мына оливаны16 аяқпен таптап, отқа өртеп, күлін желге ұшырып жіберу керек, бірақ ағылшынның пальмасын көздің қарашығындай қорғап, Александр Македонский Дарийден түскен олжаның арасынан тауып алған, сосын оған Гомер туындыларын салып қойған қол сандық секілді арнайы сандықшада сақтаған жөн, — деді. — Бұл кітапты қадір тұтудың мынадай екі себебі бар, қадірменді достым: біріншіден, ол өзі соншалықты жақсы дүние, ал, екіншіден, егер аңызға сенетін болсақ, оны португалдық бір данагөй король жазған көрінеді. Байқа-бақыла қамал-сарайындағы қым-қуыт оқиғалар өте тартымды — мұның бәрі авторының асқан шебер екенін айғақтап тұр. Байқампаз автор кейіпкерлерінің қоғамдағы өз салмақтарына орай пікірлері де көңілге қонымды болуын және өз ойларын ажарлы сөзбен айқын жеткізе білуін қатаң бақылап отырады. Сонымен, сеньор маэсе Николас, рақымшылық етсеңіз, бұл роман да, сондай-ақ Амадис Галльский де отқа жағылуға жатпайды, ал басқалары ешқандай тергеу, тексерусіз-ақ құри берсін.
— Сәл кідіре тұрыңыз, қадірменді достым, — деп қарсылық білдірді шаштараз, — мына арадан әйгілі Дон Бельянисті тауып алдым.
— Екінші, үшінші және төртінші бөлімдерінің зәрін шамалы азайту үшін, — деді священник кесіп-пішіп, — оған рауғаш берген артық болмас еді, сосын қалғанының бәрін лақтырып тастау керек; ал, Даңқ қамал-сарайына және одан да өткен өрескелдіктерге келер болсақ, соттың талқылауын біраз уақыт кейінге қалдыра тұрайық, сөйтіп оның түзелген-түзелмегеніне қарап жұмсақ немесе қатаң үкім шығара жатармыз. Ал, әзірше, қадірменді достым, оны өзіңіз ала тұрыңыз, бірақ ешкімге оқуға бермеңіз.
— Алғанда қандай, — деп салды қуанышты шаштараз.
Рыцарьлық романдарды одан әрі парақтауға кежегесі кейін тартқан священник күтушіге барлық үлкен томды алып, аулаға шығарып тастауға әмір етті. Күтуші болса бұл әмірді ықыласпен ылдым-жылдым орындады — кітаптан алау жағу оған кенептің сала құлаш кездемесін өте жұқа етіп тоқып шығудан әлдеқайда жеңіл шаруа көрінді, сондықтан бір дегенде сегіз томды бір-ақ көтеріп ала жөнелді де, терезеден сыртқа атып жіберді. Бірақ, бұл оған онша жеңіл жүк болмағандықтан, біреуі шаштараздың аяғының астына құлап түсті — анау мұның нендей кітап екенін білгісі кеп бетін ашып: Атақты рыцарь Ақ Тиранттың өмір жолы деп оқып шықты.
— Бізді шайтан айналдырып жүр! — деп өзеуреді священник. — Апырай, Ақ Тирант та осында ма? Қане, маған бере қойыңызшы оны, қадірменді достым, бұл деген жан рақатының қазынасы, ләззаттың көмбесі ғой. Мұнда айбынды рыцарь дон Кириэлейсон Монтальванский, оның інісі Томас Монтальванский және рыцарь Фонсека бейнеленеді, мұнда ержүрек Тиранттың догпен шайқасы суреттеледі, мұнда бойжеткен Сүйкімдінің аярлық әрекеттері, жесір әйел Жылмақайдың жезөкшелік айла-шарғылары, сондай-ақ, ақыр аяғында, императрицаның өз атшысы Ипполитке деген сүйіспеншілік сезімі баяндалады. Осы сөзіме сеніңіз, қадірменді достым, сөз саптауын бағалар болсақ, бұл әлемдегі ең тамаша кітап. Рыцарьлар мұнда ас ішеді, ұйықтайды, төсектерінде жатып дүние салады, өлер алдында өсиет қалдырады, мұнда осы іспетті өңге кітаптардан табыла қоймайтын басқа да көп нәрсе бар. Солай бола тұрғанымен, авторы оған саналы түрде не қилы қисынсыз нәрсені тықпалай беріпті, сол үшін оны өмірбақилық каторгаға жіберуге жаза кескен жөн болар еді. Ала кетіңіз оны, оқып шығыңыз, ақиқат шындықты айтқаныма сонда көзіңіз анық жетеді.
— Тап солай істеймін, — деді шаштараз. — Ал, мына шағын кітапшаларды неғыламыз?
— Бұлардың рыцарьлық романдар емес, өлеңдер екені көрініп-ақ тұр ғой, — деді священник.
Қолға іліккен біреуін ашып, бұның Хорхе Монтемайордың Дианасы екенін көрген ол қалған кітаптар да осы деңгейлес шығар деп ойлады.
— Бұларды өртеудің қажеті жоқ, — деді ол, — бұлар рыцарьлық романдар секілді бақытсыздық әкелмейді: зәредей зияны жоқ жақсы кітаптар.
— Аһ, сеньор! — деп дауыстап жіберді сол кез жиен қыз. — Бұларды да басқаларымен бірге өртеп жіберейікші! Өйткені, ағатайым рыцарьлық романдарға деген дәнекүстігінен айыққанымен, кім біледі, аяқ астынан өлең оқуға кірісіп, нәтижесінде бақташы балаға айналуды аңсауы да мүмкін ғой: ондай жағдайда ол тоғайлар мен шалғындарды аралап, өлең айтып, сыбызғы ойнап жүрмек, немесе, одан да ең жаманы, өзі ақынға айналмақ, ал бұл, естуімше, тез жұғатын және жазылмайтын дерт деседі ғой.
— Қыз дұрыс айтады, — деп мақұлдады священник, — досымыздың жолындағы бұл бөгесінді де былай ысырып тастағанымыз жөн. Ал, Монтемайордың Дианасына келсек, мен бұл кітапты отқа жақпау керек, тек одан данагөй Фелисье мен сиқырлы суға қатысты нәрселердің бәрін, сондай-ақ барлық ұзын-шұбақ тармақтарды сылып тастауды ұсынамын, бұл кітаптың игілігіне прозасы мен өз қатарлары арасында алдыңғы орынға шығу құрметін қалдырайық.
— Оның жанында Саламантинецтің жұрт Екінші Диана деп атап кеткен Дианасы жатыр, — деді шаштараз. — Сосын міне сол аттас тағы бір кітап — Хиль Полоның шығармасы.
— Саламантинец басқалармен бірге аулаға аттансын, отқа жағылуға үкім етілгендердің қарасын көбейтсін, — деп шешті священник. — бірақ Хиль Полоның Дианасын оны құдды бір Аполлонның өзі жазғандай қастерлеу керек. Қане, әрмен жылжиық, қадірменді достым, кідірістей бермейік, күн кешкіріп барады.
— Мынау он бөлімнен тұратын Махаббат қуанышы, — деп мәлім қылды шаштараз тағы бір кітапты суырып алып, — Сардиния ақыны Антоньо де Лофрасоның шығармасы.
— Діни дәрежеммен ант етейін, — деді священник, — Аполлон Аполлон болғалы, музалар — муза, ақындар — ақын болғалы әлі күнге дейін ешкім осыншама тартымды әрі осыншама жүйесіз кітапты әлі жазған емес; бұл өзі бұрынды-соңды жарық дүниеге келгендердің ішіндегі өзіндік болмыс-бітімі бар жалғыз шығарма, өзі рәуіштес барлық кітаптың ішіндегі ең тәуірі, ал оны оқымаған адамды әлі күнге шейін тартымды ештеңе оқи алмаған дей беріңіз. Қане, маған бере қойыңызшы оны, қадірменді достым, — егер өзіме флоренциялық жібектен тігілген сутана тарту етілсе мен оған осы олжама қуанғандай қуана қоймаған болар ем.
Керемет көңілденіп кеткен священник кітапты былай алып қойды, ал шаштараз болса шаруасына қайта кірісті:
— Ендігілері — Ибериялық бақташы, Энарестік нимфалар және Қызғаныштан сауықтыру.
— Бұларды еш іркілместен зиялы қауымның, яки күтушінің билігіне берейік, — деді священник. — Оның себебін сұрамай-ақ қойыңдар, әйтпесе бүгін бітіре алмаймыз.
— Бұлардан кейінгісі — Филида бақташысы.
— Ол әсте бақташы емес, — деп ескертті священник, — әжептәуір білімі бар қала тұрғыны. Оны әлденендей бір асыл мүлік секілді сақтап қоюымыз керек.
— Мына семіз кітап Алуан өлеңдер жиынтығы аталады екен, — деп мәлім етті шаштараз.
— Ондағы өлеңдер саны аздау болса біз оны көбірек қадір тұтар ек, — деп құлаққағыс етті священник. — Оны отап, жақсы дүниелермен бірге жағаласып кіріп кеткен жасықтарынан тазарту керек болады. Рақымшылық жасайық оған, өйткені, біріншіден, авторы менің дос-жар адамым, ал, екіншіден, бұл оның бұдан да гөрі асқақ, әрі жоғары рухты шығармаларына деген құрметіміз болсын.
— Міне, мынау Лопес Мальдонадоның Әндер жинағы, — деп шаштараз жалғастыра түсті.
— Бұл автор да менің жақсы достарымның бірі, — деді священник. — Өзінің орындауында бұл әндер жұрттың айызын қандырады, себебі оның дауысындай дауыс жан баласында жоқ. Эклогтары да біршама ұзақ, әрине, тәттінің дәмі таңдайыңнан кетпейтіні белгілі ғой. Таңдаулылар қатарына қосайық оны. Оның қасында тұрған қай кітап?
— Мигель де Сервантестің Галатеясы, — деп жауап қатты шаштараз.
— Бұл Сервантес дейтінмен баяғыдан жақсы достық қатынастамын, сондықтан оның өлеңдегі жетістіктері тіршілікте басына түскен жайсыздықтардан да аздау екені маған жақсы мәлім. Оның кітабында сәтті ойлап табылған нәрселер баршылық, бірақ жүзеге асырмақ болған ниет-мақсаттарының бәрі де аяқсыз қалған. Өзі уәде еткен екінші бөлімін күте тұрайық: бәлкім, ол түзелер, сөйтіп дәл қазір өзіміз көрсете алмай отырған рақымшылыққа ақыры бір қолы жетер. Ал, оған шейін өз үйіңізде қамауда ұстай тұрыңыз.
— Қуана-қуана, қадірменді достым, — деді шаштараз. — Міне, тағы үш кітапша: дон Алонсо де Эрсильяның Арауканасы, кордовалық сот Хуан Руфоның Австриадасы және валенсиялық ақын Кристоваль де Вируэстің Монсерраты.
— Бұл үш кітап, — деді священник, — испан тілінде жігерлі рухта жазылған дүниелердің ішіндегі ең тәуірі: бәрі де ең әйгілі деген итальяндық дастандармен иықтас тұр. Бұларды сақтаңдар — испан поэзиясының асқар шыңы ғой бұлар.
Ақыры священник кітап тексеруден қажыды, сондықтан ол қалғанын тексермей-ақ түгел отқа жағуға кеңес берді, бірақ дәл осы кезде шаштараз тағы бір кітаптың бетін ашқан-ды — ол Анжеликаның көз жасы екен.
— Мұндай кітапты отқа жағуға мәжбүр болсам мен де көз жасымды төгер-ақ едім, — деді священник, — өйткені, оның авторы тек Испаниядағы емес, бүкіл дүние жүзіндегі ең жақсы ақындардың бірі, оған қоса ол Овидийдің кейбір дүниелерін керемет жатық аударған кісі!
ҮІІ тарау
Ізгі ниетті рыцарымыз Ламанчалық Дон Кихоттың екінші мәрте аттануы жайында
Дәл осы мезетте Дон Кихоттың дауысы естілді.
— Мұнда келіңдер, мұнда, жаужүрек рыцарьлар! — деп айқайлады ол. — Жүректің айбаты мен білектің қайратын көрсетер шақтарың келді, әйтпесе сарай маңындағы рыцарьлар турнирде жеңіп кеткелі тұр!
Кітап қоймасын тексеруді доғарып, тасыр-тұсыр дыбыс шығып жатқан жаққа қарай тұра жүгірулеріне тура келді, — кейбіреулер Карлиада мен Лев Испанскийдің, сондай-ақ дон Луис де Авиль жазған Императордың іс-әрекетінің, — ал бұлардың сұрыпталмаған кітаптар арасында жатқанына еш күмән жоқ-ты, — тергеусіз-тексерусіз отқа лақтырылғанына осы жайдың қырсығы тиді дегенді айтады, себебі егер священник көрген болса, бұлардың осыншалықты ауыр жазаға тартылмауы да ықтимал еді.
Дон Кихот жатқан бөлмеге келіп кірген достары мен жақын-жуықтары оның төсектен тұрып кеткенін көрді; ұйқыдан енді оянған жан сияқты емес, өте сергек: сол баяғысынша айқайын салып, алақтап, семсерін анаған да, мынаған да бір сұққылап жүр. Келгендер оны шап беріп ұстап, күштеп төсекке әкеп жатқызды — содан кейін ғана ол азды-кем сабасына түсіп, священникке қарап бәсең үнмен былай деп тіл қатты:
— Әлгі Он Екі Пэр дейтіндердің турнирдегі жеңісті сарай маңындағы рыцарьларға тектен-тек қолдан бергені масқара нәрсе ғой, солай емес пе, сеньор архиепископ Турпин? Ал, біз, кезбе рыцарьлар болсақ, үш күн бойы қатарынан жеңістен жеңіске жетумен болдық қой!
— Жә, болар, жарқыным, жетер енді, қадірменді достым, — деді священник оған. — Құдай сәтін салса, бәрі де орнына келеді — бүгін құралақан қалғанның орнын ертең толтыруға әбден болады; ал енді, жарқыным, өз денсаулығыңызды ойлаңыз: меніңше, сіз қатты қалжыраған секілдісіз, бәлкім, тіпті жарақаттанған да болуыңыз мүмкін.
— Жарақаттануын жарақаттанған жоқпын-ау, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — әйтсе-дағы мені оңдырмай төмпештеп, соққыға жыққандарында шүбә жоқ: антұрған Роланд маған шоқпар ала жүгірді ғой — қызғаныштан ғой бәрі де, өйткені, жүректілік жағынан оған дес бермейтін адам жалғыз мен емеспін бе. Бірақ, енді төсектен тұрған бойда дабыра-даңқына қарамай одан кек қайтармасам, Ринальд Монтальванский деген атым құрысын. Әзірге маған жейтін бірдеңе беріңіздер, дәл қазір тамақтан басқа ештеңеге зәру боп тұрғаным жоқ, ал өз намысымды өзім-ақ қорғай алатыным кәміл.
Дон Кихоттың тілегі орындалды: оған тамақ әкеп берілді, содан соң ол ұйықтап қалды, ал өңгелері оның есалаңдығына тағы қайран болысты.
Сол күні түнде күтушінің асқан ықтияттылығымен барлық кітап — аулада шашылып жатқандары да, бөлмеде қалғандары да — бірі қалмай өртеліп, күлі ғана қобырап қалды, солармен бірге, шамасы, мәңгілік сақтау үшін архивке тапсыруға лайықты дүниелер де кеткен болу керек, бірақ бұған тағдыр мен сұрыптаушының селқостығы сеп болған шығар — “күнәкардың кесірі тақуаға да тимей қоймайды” дейтін мақалдың шығуы тегін емес қой.
Священник пен шаштараз екеуі өздерінің дос-жар адамын меңдеп алған сырқаттың мың да бір емі — кітап қоймасының есігін бітеп тастау деген шешімге келді (себептің көзін құртсаң салдар да өзінен-өзі жойылуы мүмкін ғой, деген дәмемен), ал төсектен басын көтерген анау кітаптарын таппай қалғанда, оған әлдебір сиқыршы барлық кітабымен қоса бөлмені де ұрлап кетті деп айтпақ болысты; және мұның бәрі кереметтей ыждағаттылықпен іске асырылды. Арада екі күн өткенде Дон Кихот төсектен тұрды, тұрған бойда кітаптарына көз салмаққа бет алды, бірақ кітап сақталатын қуысын таба алмай бөлме-бөлмені аралап, әрлі-берлі сенделіп жүріп алды. Таспен бітеліп тасталған, ал бұрын қойма есігі орналасқан тұсқа ауық-ауық келіп, қабырғаны сипалап, бөлме ішін үн-түнсіз көзбен шолып тұратын болды, сосын, ақыры, күтушіден кітап қоймасы қайда екенін сұрады. Күтушіге нендей жауап қайтару керегі үйретілген-ді.
— Қайдағы кітап қоймасын айтып тұрсыз, тілеуіңіз болғыр? — деп қарсы сұрақ қойды ол. — Енді бізде кітап та, қойма да жоқ, бәрін шайтан алып кетті.
— Шайтан емес, сиқыршы, — деп түзетті оны жиен қыз. — Өзіңіз бізден кетіп қалған соң ертеңіне түнде ол бұлтпен ұшып келді де, өзі атша мініп отырған айдаһардан секіріп түсіп, кітап қоймасына кіріп кетті. Онда не істегенін білмеймін, әйтеуір біраздан соң қарасам, анау шатырды киіп-жарып ұшып барады екен, ал үйдің іші көк-ала түтінге толып кетіпті. Не бүлдірді екен, көрейік деп барсақ, кітаптар да, бөлме де ізім-қайым жоқ. Тек бір ғана нәрсе есімізде жақсы сақталып қалды: ұшып бара жатқан кезінде әлгі залым шал кітаптар мен қойманың қожасына құпия өшпенділігі барын, сол үшін үйге үлкен зиян келтіргенін, ал оның нендей зиян екені кейін ғана белгілі болатынын айқайлап айтып кетті. Оған қоса өзінің аты данагөй Муньятон екенін де айтты.
— Муньятон емес, Фрестон, — деп түзетті оны Дон Кихот.
— Фрестон ба, әлде Фритон ба, білмеймін, — деп күтуші сөзге араласты, — әйтеуір тек есімінің тон деп аяқталатыны есімде.
— Әңгіме қайда, — деп Дон Кихот оның сөзін іліп әкетті, — ол өзі бір данагөй сиқыршы, менің нағыз қас дұшпаным: мені сондай жек көреді, себебі өзі қамқорлық жасап жүрген рыцарьмен арада біраз уақыт өткенде жекпе-жекке шығатынымды және өзінің қандай айла-шарғы жасағанына қарамастан әлгі рыцарьды тас-талқан ғып жеңетінімді арбаушылық әдіс-амалдары мен құпия жазулары оған алдын-ала көрсетіп берген, сондықтан маған қолынан келгенінше жамандық жасауға тырысып жүр. Сөйтсе де ол біліп қойсын, құдіретті күштің кесіп-пішкен нәрсесін өзгерту де, орағытып өту де қолынан келмейді оның!
— Бұған сірә да шүбә бар ма! — дауыстап жіберді жиен қарындасы. — Әйтсе-дағы, ағатайым-ау, сізді төбелеске шық деп желкелеп жүрген ешкім жоқ қой. Жер-дүниені шарлап азаптанып, мүйіз сұрай барған тоқал ешкінің құлағынан айрылып қалғанын естен шығарып, аспандағы айға қол созғанша үйде тып-тыныш отырған тәуір емес пе?
— Әй, жиенжан-ай! — деді Дон Кихот шамданып. — Менің кім екенімді әлі білмейді екенсің-ау сен, тегі! Біреу-міреу басыма қолын апардым дегенше мен оның құлағына қосып мүйізін де жұлып алам ғой!
Оның ашуға міне бастағанын көрген күтуші мен жиен қарындасы енді оған қарсы келмегенді ақыл санады.
Қалай болған күнде де, әйтеуір ол тұтас екі апта бойы тып-тыныш үйінде отырды, қаңғыма тіршілікке қайта кірісуге деген құштарлығын ешкімге аңдатқан жоқ және осы екі аптаның ішінде өзінің дос-жар адамдары — священникпен және шаштаразбен талай мәрте айта қаларлықтай қызықты әңгіме-дүкен құрып, қазіргі кезде әлемнің аса мұқтаж боп отырғаны тек қана кезбе рыцарьлар екендігіне және кезбе рыцарьлықты қайта тірілту парызы өз маңдайына жазылғандығына оларды барынша сендіріп бақты. Амал-айла қолданбай оны ақылға келтіру мүмкін емес деп ойлаған священник кей жағдайларда онымен дауласа кетіп, кей жағдайларда келіскен болып жүрді.
Осымен бір мезгілде Дон Кихот өзінің бір селолас адамымен келіссөз жүргізіп жатты: бұл өзі ақпейіл (егер елеулі мөлшердегі бағалы дүние-мүлкі жоқ жандарға осындай сипаттама беруге болатын болса) адам еді, әйтсе де, ақыл-есі біршама ауытқыңқыраған ахуалы бар-ды. Дон Кихоттың оған әр нәрсені айтып, сан түрлі уәдені үйіп-төгіп, керемет сендіріп баққаны сонша, ақыр соңында сормаңдай диқан оған атқосшы болып сапарға бірге шығуға келісімін беріп те салды. Айта кетер нәрсе, Дон Кихот оған онша көп қобалжи бермеуге кеңес берген, өйткені, оның, Дон Кихоттың, қас пен көздің арасында әлденендей бір аралды жаулап алуы, сосын оны сол аралдың губернаторы етіп белгілеуі әбден мүмкін, деген. Осы секілді уәделер Санчо Пансаны — диқанымыздың аты-жөні осындай еді — еліктіріп жіберді де, ол қатын-баласын тастап, селоласына атқосшы болуға ырзалық білдірді.
Сонан соң Дон Кихот ақша іздестіру қамына кірісті: біраз бірдеңелерін сатты, біраз бірдеңелерін өзіне зор шығын келетініне қарамай кепілдікке өткізді, сөйтіп әйтеуір ақыр соңында едәуір мол қаражат жинап алды. Бұған қоса ол таныстарының бірінен уақытша пайдалана тұруға дөңгелек қалқанын сұрап алды; сосын дал-дұлы шыққан дулығасын ептеп-септеп жөндеп алғаннан кейін атқосшысы Санчо қажетті керек-жарағын қамдап үлгеруі үшін, ең бастысы, қоржын ала шығуды ұмытпауы үшін қай күні және қай сағатта аттанатындарын алдын-ала ескертіп қойды. Санчо ұмытпауға уәде берді, бірақ жаяу жүруге дағдыланбағанын сылтауратып, өзінің аяңшыл есегі барын, өзі соған мініп шығатынын мәлім қылды. Бұл жағдаят Дон Кихотты азды-кем абыржытып тастады: кезбе рыцарьлардың қайсысында бұрын-соңды есекке мінген атқосшы болған-болмағаны жайында ой кешіп кеткен-ді, бірақ ақыры ондай ештеңе есіне түспеді; алайда, алғаш ұшырасқан әдепсіз рыцарьдың астындағы атын тартып алатын, сосын осынау қадірі әлдеқайда артықтау көлікті атқосшысының иелігіне беретін сәт те тым кешіктірте қоймас деген үмітпен Санчо Пансаның есекке мінуіне рұқсат етті. Бекетші берген кеңесті ұмытпай, көйлекті де көп қылып салып, қолынан келгенінше басқа да керекті заттың бәрін қамдап алды. Осылайша бәрі дайын етіліп, тәртіпке келтірілгеннен кейін жиен қарындасымен де, күтушісімен де қоштаспаған Дон Кихот Санчо Пансаны ертіп, — айтпақшы, ол да қатын-баласымен қоштаспаған-ды, — бір күні түнде құпия түрде селодан аттанып кетті; түн жамылып тоқтамай жүрген олар әжептәуір жерге жырақтап үлгерді, сондықтан таң ағарып атқан кезде қандай да бір қауіптен алаңсыз болды: соңдарынан қуғыншы шыққан күнде де бәрібір оларды қуып жете алмаған болар еді.
Санчо Панса қоржын мен месті ұмытпай артып алған-ды, сөйтіп енді уәде етілген аралдың губернаторы болуға деген құштарлық көкейін тескен ол есектің үстінде құдды бір байбатша секілді қоқырайып отырған болатын. Ал, Дон Кихот болса, тап сол ана жолы аттанған бағытымен және тап сол жолмен, яғни Монтьель жазығымен жүріп келе жатқан, тек қазір бойы айрықша сергек-тін, өйткені таңертеңгі мезгіл еді, күннің өткір сәулесі онша мазалай қоймаған. Міне, дәл осы сәтте Санчо Панса қожайынына қарап:
— Байқаңыз, мейірбанды мырза, сеньор кезбе рыцарь, арал жайында берген уәдеңізді ұмытып кетіп жүрмеңіз, ал енді іс маған тіреліп жатса, мен өзім қандай аралды болсын басқарып кетем, — дегенді айтты.
Оған Дон Кихот былай деп жауап қатты:
— Сен біліп қойғын, достым Санчо Панса, бағзыда кезбе рыцарьлар жаулап алған аралдары мен корольдіктеріне әкім етіп өздерінің басыбайлы атқосшыларын тағайындайтын болған, ал мен бұған екібастан әзірмін, өйткені, осынау жақсы дәстүрді қалпына келтіргенді жөн деп таптым. Ол аз болса, тіпті одан да асырып түсірмекпін: бұрын рыцарьлар кей-кейде, расын айтқанда, тіпті әрдайым десе де болар, атқосшыларының әбден шау тартқанын күтіп жүретін, сосын арада көп беймаза күндер мен одан да гөрі мазасыздау түндер өткеннен кейін, аналардың қызмет көрсетерлік шама-шарқы шақталған кезде ғана оларға граф атағын немесе тым құрығанда әйтеуір маркиз атын беріп, жерге иелік еткізетін немесе әлденендей бір қоң торғай провинцияны бөліп беретін. Егер басымыз аман, аяқ-қолымыз сау болса, арада аптаға жуық уақыт өтпей жатып-ақ қарамағында бірнеше корольдігі бар бір үлкен корольдікті жаулап алуым онша қиындыққа түсе қоймас, сосын қайсысын қаласаң, соны өзіңе, таққа отыру салтанатын өткізіп, табыс етем ғой. Бұған сен таңғалмай-ақ қой: рыцарьлар не түрлі ғаламат жағдайларға тап болып жатады және ойыңа кіріп те шықпайтын оқиғаларға кезігеді, сондықтан саған өткенде уағда еткеніме қосымша тағы да бірдеңелерді сыйға тарту маған түк те емес.
— Сонда қалай болғаны, — деді дүдәмал ой жетегіндегі Санчо Панса, —егер өзім ғайыптан тайып король болсам, онда Хуана Гутьеррес, біздің үйдегі әйелді айтам, ең аз дегенде королева, ал балаларым — инфанттар17 деп атанатын болғаны ма?
— Оған кімнің қандай күмәні бар? — деді Дон Кихот жаратпай.
— Соған әуелі өзім сене алмай тұрмын ғой, — деп жауап қатты Санчо Панса, — өйткені, құдайдың құдіретімен король тәждері аспаннан жаңбыр боп жауған күннің өзінде де, солардың бірде бірі менің қатынымның басына қона кетердей шақ бола қоймайды-ау деп қорқам. Шын сөзім, сеньор, одан ешқандай королева шықпайды. Графиня атанса — оны, былай енді, ептеп алқам-шүкір деуге болар, бірақ оның өзін де оңдырар-оңдырмасын итім білсін.
— Сен, Санчо, қайдағы бір хайуанаттан емес, жаратқаннан сұран, — деді Дон Кихот, — сөйтсең, ол зайыбыңа өзіне не лайықты болса, соны тарту етеді. Ал, өзің тым төменшіктей бермей, генерал-губернатор қызметін атқаруға дайындал, одан төмен мансапқа ешқашан келісуші болма.
— Жоға, ешқашан да келіспеймін, мархабатты мырзам, — деді Санчо. — Өзіңіз секілді мәртебелі адамның, тақсыр, өзіме лайықты және заңды қақым бар нәрсені маған қашан да тауып бере алатынын білем.
ҮІІІ тарау
Айбынды Дон Кихоттың жел диірмендерімен бұрын-соңды болып көрмеген сұрапыл айқастағы айтулы жеңісі және өзіміз сүйсіне мағлұм етпекші басқа да оқиғалар жайында
Сол екі арада олардың көз алдына жазықтың қақ ортасына жайғасқан әлде отыз ба, әлде қырық па жел диірмен шоғыры көлденеңдеп тұра қалды, соны көрген бойда Дон Кихот атқосшысына былай деп тіл қатты:
— Тағдыр бізді тура жолмен бастап келе жатыр. Анаң қара, достым Санчо Панса, әне жерде отыз шақты дүлей дәу тұр — мен қазір солармен шайқасқа кіріп, бірін қалдырмай қырып салам, ал қолға түсірген олжамыз әл-ауқатымыздың арқауына айналады. Бұл әділетті соғыс: қара ниетті сұмдардың тамырын жер бетінен сылып тастау — құдай жолына бар ынты-шынтыңмен адал қызмет ету деген сөз.
— Ау, қайдағы дәулерді айтып тұрсыз? — деп сұрады Санчо Панса.
— Әне тұрған жоқ па, қолдарын созып, — деп жауап қатты мырзасы. — Кейбірінің қолының ұзындығы екі-үш шақырым боп қалады.
— О не дегеніңіз, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — көріп тұрғаныңыз әсте де дәулер емес, жел диірмендер ғой; ал қол деп тұрғаныңыз — қалбағайлары ғой: олар желдің күшімен шыр айналып диірмен тасын қозғалысқа келтіреді.
— Тәжірибесі жұтаң шытырман оқиға іздеуші екенің байқалды, — деп тұжырды Дон Кихот. — Бұлар — дәулер. Қорықсаң, былайырақ барып тұр да, дұғаңды оқы, ал мен өзім олармен жалғыздығыма қарамай қанды шайқас бастаймын.
Дәулермен емес, ақиқат шындығында жел диірмендермен шайқасқа бара жатқанын ескертіп Санчоның жалынып-жалбарынғанына құлақ аспаған Дон Кихот осы сөздерді айтқан бойда Росинантты шпормен бүйірден бір тебініп шаба жөнелді. Бұлардың дәулер екеніне оның зәредей күмәні жоқ-ты, сондықтан атқосшысының айқайын құлағына қыстырмаған және жел диірмендердің жанына тым жақын келсе де көзі бұлдырап түк ештеңе көрмеген ол бар дауысымен ақырып:
— Қашпаңдар, қоян жүрек, қара ниет хайуандар! Сендерге шабуыл жасап келе жатқан жалғыз-ақ рыцарь ғой, — деді.
Осы тұста шамалы жел тұрған болатын, соның салдарынан диірмендердің қолақпандай қалбағайлары ақырын-ақырын қозғала бастағанын көрген Дон Кихот айқайды салып:
— Бұлғаңдар, бұлғай беріңдер қолдарыңды! Қолдарың тіпті Бриарей дәудің қолынан көп болса да бәрібір сазайларыңды тартпай қалмас едіңдер! — деді.
Соны айтып, тағдырын толайым-тұтас жүрегінің әміршісі Дульсинеяның шарапатына тапсырып, одан осынау ауыр сынақтан аман өтуіне көмектесуін сұрап жалбарынды да, қалқанын кеудесіне тосып, Росинантпен шоқырақтай шауып барып жақындау тұрған диірменнің қалбағайына найзасын салып кеп жіберді; бірақ дәл осы кезде жел қалбағайды құтырта қозғалтып жібергендіктен найзасы пәрше-пәрше боп сынып кетті, ал қалбағай болса атты да, аса бір аянышты ахуалда қалған адамды да ілестіріп әкете жаздап барып, ақыры Дон Кихотты жерге атып ұрды. Есегін бар пәрменімен тапырақтата шауып көмекке жеткен Санчо Панса қожайыны жанына таяп келіп оның қозғалуға халы жоқ сұлық жатқанын көрді — анау Росинанттан оңбай құлап түскен-ді.
— Әй, жаратқан ием-ай! — деп дауыстады Санчо. — Сақ болыңыз, бұлардың бәрі әншейін жел диірмендер деген жоқ па едім сізге? Өз басында диірмен қалбағайлары айналып тұрғандар болмаса, басқа бірдеңемен бұларды кім шатастырар еді.
— Аузыңды жапшы, достым Санчо, — деді Дон Кихот. — Ескертіп қояйын, әскери ахуал қашан да осылай айнымалы боп тұрады. Оған қоса, менің ойымша, және бұл ойым негізсіз де емес, данагөй Фрестон, әлгі кітаптарымды қоймасымен бірге үптеп кеткен сиқыршыны айтып жатырмын, жеңісті қолымнан жұлып алу үшін дәулерді жел диірменге айналдырып жіберген болса керек — ол мені сондай жек көреді. Бірақ, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, оның арбаушылық зұлым айла-амалдарын айбынды семсеріммен харап қыларым анық.
— Оны енді бір құдайдың өзі біледі, — дей салды Санчо Панса.
Сосын Дон Кихотқа орнынан тұруға көмектесіп, шығарда жаны шақ қалған Росинантқа әкеп отырғызды. Әлгінде болған оқиға жайындағы әңгімелерін әрмен жалғаған олар Лаписе шатқалына апаратын жолға түсті, өйткені, өзінің айтуынша, осынау адам толассыз ағылып жататын жерде күтіп тұрған алуан түрлі шытырман оқиғадан Дон Кихоттың құралақан қалғысы келмеген; оған тек бір ғана нәрсе — найзасынан айрылып қалғаны уайым боп келе жатыр еді, осы өкінішін атқосшысына айтып берген ол былай деді:
— Бір кітаптан оқығаным бар еді, ұрыс кезінде семсерінен айрылған Дьего Перес де Варгас есімді бір испан рыцары еменнің дырау бұтағын сындырып алып, сол күні маврларды оңдырмай жайпап, қан-жоса қып қырғаны сонша, оған кейін Еменағаш дейтін лақап ат беріліпті, содан бері өзі де, ұрпақтары да Варгас-Еменағаш аталып жүр. Бұның бәрін айтып тұрған себебім, мен де жолшыбай өзіме алғаш кездескен бір еменнен, — жай емен бе, тас емен бе, бәрібір, — өз жобамша, тап сол Варгастың қолында болғандай көлемдегі бір үлкен бұтақты сындырып алмақпын, сосын сол бұтақтың көмегімен ес тандырарлық ерліктер жасамақпын, соны көргенде сен де тағдырыңа сан мәрте шүкіршілік етерің хақ, өйткені арада біраз уақыт өткенде адам сенбес ғажайып секілді көрінетін істердің басы-қасында жүру әрі куәгері болу бақытына қол жеткізесің ғой.
— Бәрі де құдайдың ықтиярында, — деді Санчо. — Сіз не айтсаңыз да сенем ғой, тақсыр. Тек кішкене түзеліңкіреп отырыңызшы, әйтпесе бір жағыңызға қарай қисайыңқырап бара жатқандайсыз — шамасы, әлгінде құлаған кезіңізде денеңізді ауыртып алғаныңыздан шығар.
— Рас айтасың, — деді Дон Кихот, — ауру жаныма қанша батса да ыңқылдамай келе жатқанымның жалғыз-ақ себебі — әлденендей бір жарақат алған жағдайда, мейлі тіпті ішек-қарыны ақтарылып қалса да, кезбе рыцарьларға ыңқылдауға болмайды.
— Ондашы, бұған қарсы айтар уәжім жоқ, — деді Санчо, — бірақ, бір құдайдың өзіне ғана аян, тақсыр, бір жеріңіз ауыра қалған жағдайда оны маған хабар еткеніңізді қалар едім. Ал, өзім ондай күйге тап келсем, — әрине, әлгі ережені кезбе рыцарьдың атқосшылары да орындауға тиіс болмаса, — бір жерім шамалы сыздағанның өзінде ыңқылға баспақпын.
Атқосшысының ақкөңілдігіне Дон Кихот күлмей қала алмады, сосын оның қашан болса да, қанша болса да және қажетті жағдайда да, тіпті ешқандай қажеті жоқ жағдайда да ыңқылдап-ыңырана беруіне болатынын мәлім етті, өйткені рыцарьлық жарғыда бұл турасында ештеңе айтылмаған көрінеді. Санчо Дон Кихотқа жүрек жалғап алар уақыт болғанын құлаққағыс етті. Дон Кихот оған әзірше зауқы жоқтығын, ал Санчоның қашан көңілі соқса сонда тамақ іше беруіне болатынын айтты. Рұқсат тиген бойда Санчо есегіне ыңғайын тауып жайғасып отырып алды да, қоржындағы азықтарын шығарып, асықпай тамақ жеуге кірісті; қожайынының соңынан сылбыр аяңмен ілесіп келе жатқан ол торсықтан деміл-деміл сіміріп отырды және сүйсіне қылқылдататыны соншалық, тіпті оған малагалық трактиршілердің өзі де сұқтанарлықтай-ақ еді, ал оларда шарап дегеніңіз судай ағып жатыр ғой. Осылай жайлап жұтып қойып отырған шақта Дон Кихоттың үйіп-төгіп берген уәдесінің бәрі Санчоның басынан бу боп ұшып кетті, ал шытырман, тіпті қатерлі болуы да ықтимал, оқиғалар іздеу әрекеті ендігі жерде мехнаты мол міндет тәрізді көрінбей, таусылмас-бітпес қуаныш секілді көріне бастады.
Бұл түнді олар ағаш саясында өткізді; Дон Кихот бір ағаштан қураған бұтақ сындырып алып, оған темір ұштықты кигізді — сөйтіп, найзаға ұқсас бірдеңе жасап алды. Кітаптардан оқып білген, ормандар мен шөл-шөлейтті далаларда жүрек әміршілері жайындағы армандарын азық қылып, талай түнді ұйқысыз өткізген рыцарьларға барлық істе бірдей ұқсап бағуға тырысқан Дон Кихот та түні бойы кірпік ілмей, аяулы аяшы Дульсинея жайында ойлаумен болды. Санчо Пансаға келсек, ол түнді тіптен басқаша өткізді: қарнын цикор суынан гөрі бөлектеу сусынға мелдектете толтырып алған соң таң атқанша тұяқ серіппеді, әжептәуір биікке көтерілген күннің сәулесі бетінде ойнап, торғай біткен жаңа таңды көңілді шырылмен қуана қарсылап жатса да, Дон Кихот келіп оятпаса, оның әлі де талай уақыт ұйқы соғар түрі бар еді. Сөйтіп ақыры ұйқыдан тұрған, тұрған бойда торсықтан бір жұтып алған Санчо оның кешегіге қарағанда азды-кем жүдеңкіреп қалғанын байқады; бұл көңілін әжептәуір пәсейтіп тастады, өйткені оны таяу арада толықтыруға мүмкіндік туа қоймайтынын білетін. Дон Кихот таңғы астан да бас тартты — бұрын айтып өткеніміздей, ол тек тәтті армандарды ғана азық қылатын. Екеуі жолға барып түскен соң, түс ауа, сағат үштер шамасында алыстан Лаписе шатқалы көлденеңдеді.
— Осы арада, бауырым Санчо, — деді шатқалды көзі шалған Дон Кихот, — не қилы шытырман оқиғаға кеңірдектен келгенше тоятын боламыз. Бірақ, ескертіп қояйын, маған қандай қатер төнсін мейлі, семсеріңді қынаптан суырушы болма, ал егер құл-құтандар, осынау нәсілсіз найсаптар, шабуыл жасап жатқанын көрсең, онда көмектесуіңе болады. Егер де бұлар рыцарьлар болса, онда, рыцарьлық қағидаларында көрсетілгеніндей, рыцарь қатарына әлі қабылданбағаның себепті маған болысуға да тиіс емессің және оған ешқандай қақың да жоқ.
— Бұл жағына қам жемей-ақ қоюыңызға болады, сеньор: айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, — деді Санчо. — Оның үстіне мінезім жұмсақ адаммын: жағаласа кету, ұрыс-керіске араласу дегендер маған жат нәрсе. Ал, енді біреу-міреу өзі кеп тиісіп жатса, онда мен, шынымды айтайын, рыцарьлық қағида-ереже дегендеріңе қарамаймын: өйткені, жаратқан иеміздің де, адамзат баласының да заңдары қорғануға ешкімге тиым салмайды ғой.
— Бұл айтқаныңмен әбден келісем, — деді Дон Кихот. — Маған тек рыцарьлар тап берген жағдайларда ғана өз табиғи тілегіңді тежеуіңе тура келеді.
— Міндетті түрде тежеймін, — деді Санчо, — бұл әміріңізді жексенбі күнгі демалыс секілді айрықша қастерлейтін болам.
Олар осылай әңгіме-дүкен құрып келе жатқанда алдарынан түйеге мінген екі бенедиктілік монах бой көрсетті — қашырларының шамадан тыс ірілігі сонша, бұларды түйеге мініп келе жатты деп айтпасқа әддің жоқ-ты. Монахтар жол көзілдірігін киіп, қол шатыр көтеріп алыпты. Жаяулатқан екі малай қашыр айдап келеді; ал артта әлде төрт, әлде бес салт атты нөкері бар күйме келе жатыр. Кейін белгілі болғанындай, күймеде Бискаяда тұратын ханым отырған-ды — ол Севильядағы күйеуіне бара жатқан, күйеуі болса өзіне аса бір құрметті мансап берілгелі тұрған Америкаға аттанбақшы болатын, ал жаңағы монахтар ханымды шығарып салушы емес, кездейсоқ ұшырасқан серіктері еді. Бірақ, Дон Кихот оларды көрген бойда атқосшысына қолма-қол былай деп мәлім етті:
— Қателеспесем, бізді үш ұйқтасаң түсіңе кірмейтін бір ғажайып шытырман оқиға күтіп тұр. Әне бір алыстан бой көрсеткен қара-құра құбыжықтардың сиқыршылар екенінде күмән жоқ: олар принцессаны алып қашып, күймеге отырғызып әкетіп барады, енді мен қайткен күнде де осынау қара ниеттілердің ойын іске асырмауға тиіспін.
— Апырай, мұның нәтижесі жел диірмендермен болған жағдайдан да жаман боп шықпаса игі еді, — деп абыржыды Санчо. — Жә, қойсаңызшы, сеньор, бұлар бенедиктілік ағайындар ғой, ал күймеде әлденендей бір саяхатшылардың келе жатқаны кәміл. Расы сол, мейірбанды мырзам, айтқанымды тыңдап, райдан қайтыңызшы, әйтпесе тағы да шайтан түртіп шатаққа шырмалуыңыз ғажап емес.
— Айттым ғой саған, Санчо, шытырман оқиға дегеннен сен әлі мүлдем мақұрым адамсың, — деді наразы Дон Кихот. — Айтқаным айдан анық, оған қазір-ақ көзің жететін болады.
Сол арада ол ілгерірек озып кетті де, жолдың қақ ортасына барып тұрды, сосын монахтар өзін еститіндей жерге жақындағанда қатты дауыстап:
— Құтырынған құбыжықтар! Күймеге отырғызып күштеп алып бара жатқан асыл текті принцессаларды қолма-қол босатыңдар қане! Олай болмаған күнде зұлымдықтарыңа лайықты жаза беріледі: табан астында жан тапсыруға дайындалыңдар! — деді.
Тізгін тартып тұра қалған монахтар Дон Кихоттың сүдіні мен сөзінен үрейлері қалмай, былай деп жауап қатты:
— Сеньор кавальеро! Біз құтырынған құбыжық емеспіз, бенедиктілік
иноктармыз , өз шаруамызбен кетіп барамыз, ал күймеде қолды болған
принцессалар бар ма, жоқ па — одан мүлдем бейхабар адамбыз.
— Тәтті сөзбен алдарқата алмайсыңдар мені. Мен сендерді, екі жүзді сұрқияларды, баяғыдан білем, — деді Дон Кихот.
Сосын жауап күтпестен Росинантын шпормен тебініп жіберіп, найзасын көлденең ұстаған қалпы, ашудан жарыла жаздардай боп әлгі монахтардың біріне қарай өжеттене ұмтылды: егер анау қияметтің алдын алып қашырдан құлай кетпегенінде Дон Кихот оны бұған күшпен мәжбүр етер еді, оған қоса оны ауыр жарақаттап, бәлкім тіпті өлтіріп те жіберген болар еді. Серігінің қандай кепке тап болғанын көрген екінші монах ырыққа көнгіш қашырының бүйірін өкшесімен бір теуіп желдей есіп заулай жөнелді.
Сол екі арада есегінен жедел секіріп түскен Санчо Панса жерде құлап жатқан адамға жетіп барып, үстіндегі киім-кешегін шеше бастады. Осы сәт оның қасына қашыр айдаушы екі малай жүгіре жетіп, монахты неге шешіндіріп жатқанын сұрады. Санчо Панса оларға бұл өзіне тиесілі олжа екенін, өйткені айқасты қожайыны Дон Кихоттың ұтқанын айтып жауап берді. Қашыр айдаушылар әзілді түсінбейтін жандар еді және айқас дегеннен де, олжа дегеннен де дым хабары жоқ-тұғын, сөйтіп Дон Кихоттың күймеге барып саяхатшы ханыммен тілдесіп жатқанын пайдаланып, тарпа бас салып Санчоны жерге жықты да, сақалынан бір тал қалдырмай жұлып, аяусыз тепкіге алды, қатты тепкілегендері сонша, анау ақырында ес жоқ, түс жоқ сұлап түсті. Зәреден зәре қалмай, құты қашқан, өңі қағаздай қуарып кеткен әлгі қу монах асыл уақытты босқа жібермеуге тырысып, қашырына мініп алды да, осы бір арпалысты әудем жерден бақылап, өзін күтіп тұрған серігіне қарай шаба жөнелді, сосын екеуі бұның немен тынарын тоспастан әрмен қарай асты; құдды бір соңдарынан шайтанның өзі шам алып түскендей, үсті-үстіне тынымсыз шоқынысып бара жатты.
Сол тұста, әлгінде айтылып өткендей, Дон Кихот та күймеде отырған ханыммен тілдесіп жатқан болатын.
— Сеньора! — деп бастады ол. — Сән-салтанатыңызға құлдық, қазірден бастап көңіл қалауын орындай беріңіз, ендігі жерде өз еркіңіз өзіңізде, өйткені сізді алып қашқандардың қара ниеті қуатты білегіммен күйретіліп, күл-талқан етілді. Өзіңізді құтқарған адамның атын білмегеніңіз салдарынан азап шекпеуіңіз үшін айтып қояйын, мен — асқан сұлу Дульсинея Тобосскаядан дәмелі, кезбе рыцарь және шытырман оқиға іздеуші Ламанчалық Дон Кихот деген боламын. Ал, енді көрсеткен қызметіме сый ақы ретінде сұрарым біреу ғана: Тобосоға, жүрегімнің әміршісіне барыңыз, мен жіберді деңіз, сосын оған өзіңізді босату үшін не істегенімді түгел баяндап беріңіз.
Дон Кихоттың осы сөзді айтып үлгеруі мұң екен, ханымның нөкерінде келе жатқан малайдың бірі, өзі бискайлық, Дон Кихоттың күймені тоқтатып қойғанын және келген іздерімен кейін қайтуды, Тобосоға баруды талап етіп тұрғанын көріп, оған жақын келіп найзасына жармаса кетті де, жүрек айнитын кастильдік және барынша бұрмаланған бискайлық тілде:
— Кет, қайқай, кавальеро, жолда сен болма! Жаратқанмен ант етем, күймені жібермейсің, мен сені өлтіреді, әйтпесе мен бискайлық емес! — деді.
Дон Кихот оның не айтпақ болғанын жақсы түсінді.
— Егер сен кембағал қара шаруа болмай, кавальеро болсаң, ессіздігің мен есерлігің үшін сазайыңды берген болар едім, — деді ол міз бақпаған қалпы.
Бискайлық болса, бұған былай деп жауап берді:
— Мен кавальеро емес? Құдаймен ант етем, христиан сияқты өтірік соғасың. Қане, лақтыр найза, семсер ұста — кімді кім екен, көреміз! Бискайлықтар жерде де, теңізде де, қайда болса сонда, саған — идальго. Басқаша айтасың — өтірік айтқыш боласың.
— Аграхес айтқандай, оны әлі көре жатармыз, — деп күбір етті Дон Кихот.
Найзасын жерге лақтырып, семсерін суырып алды да, қалқанын кеудесіне тосып, бискайлықты тұрған орнында жер жастандырмақ ниетпен алға ұмтылды. Бискайлық болса, істің насырға шапқанын байқап қашырынан түспекке оқталған, өйткені өзі мініп келе жатқан жалға алған жаман қашырға онша сенімі жоқ-ты, бірақ тек семсер суыруға ғана мұғдар тапты; сәтіне сай келген кездейсоқтық шығар, ол күйменің тап жанында тұрған; соны пайдаланып бір көпшікті суырып алды да, оны қалқан ретінде кеудесіне тоса қойды, содан соң екеуі қаны қарайған қас дұшпандарша айқаса кетті. Сол арада тұрғандардың оларды татуластырмақ болған әрекетінен түк шықпады — бискайлық балдыр-батпақ тілінде айқайды салып, егер өзіне айқасуға мүмкіндік берілмесе, онда қожайын әйелді де, жолына көлденең тұрған басқаларды да түгел қырып салатынын паш етті. Күймеде отырған ханым, мына болып жатқан жағдайға қатты таңырқап әрі одан қатты шошынып, делбешіге былайырақ шығуға әмір етті, сөйтіп жан алыс, жан беріс шайқасты әудем жерде тұрып бақылай бастады. Бұл кезде айқас қызып, бискайлық Дон Кихотты иықтан оңдырмай бір қойып та үлгерген-ді, егер қалқаны қорғап қалмағанда, оны белуарына шейін шауып түсіруі де мүмкін-ді. Осынау сұрапыл соққының зардабы жанына қатты батқан Дон Кихот:
— Беу, Дульсинея, жүрегімнің әміршісі, сұлулықтың салтанаты! Шаш-етектен келетін мейірім-қайырымыңызға бола осынша ауыр сынаққа басын байлаған рыцарыңызға көмекке келсеңіз етті! — деп айқайлап жіберді.
Бискайлықтың шаруасын бір-ақ шешуші соққымен бітіруді ниет қылған рыцарымыз үшін осы сөздерді айту, семсерді сығымдау, қалқанмен мүмкіндігінше қолайлы көлегейлену және жауға қарсы ұмтылу — бәрі де бір-ер қас-қағымда тынған іс болды.
Дон Кихоттың шабуылға шыққан кездегі тас-түйін тұрпаты буырқанған ашу-ызасын паш етіп тұрған-ды, сондықтан бискайлық қорғануға әзірлік жасағанды жөн деп тапты. Ол көпшікті кеудесіне басты, бірақ тұрған орнынан тырп ете алмады, өйткені қашырын не олай, не былай бұруға шамасы жетпеді, мұның себебі шектен тыс қатты болдырған және мынадай парықсыз істерге дағдыланбаған хайуанатқа аяғын аттап басу мұң болып тұр еді. Тоқ етеріне келгенде, әлгінде айтылғандай, Дон Кихот ылпың-жылпың бискайлықты қақ бөліп шауып түсірмек оймен шабуылға шықты; бискайлық көпшікпен қорғанып, ол да семсерін жоғары көтерді; үрейі ұшқан көрермендер бір-біріне күйрете соққы беруге әзір бұл семсерлер қарсыласын шапқанда не боларын білмекке, жүректері түршігіп тосып қалды; ал күймедегі ханым болса, бұл кезде күтуші келіншектерімен қосылып жаратқаннан жәрдем сұрап, қасиетті орынның бәріне сый-сауқат жасауға және барлық испан монастырына қаражат бөлуге уәде етіп, бискайлық пен өздерінің басына төнген осынау зор қатерден аман алып қалуын өтініп жатыр еді. Бірақ, тап осы арада, үлкен өкінішімізге қарай, Дон Кихот өмірін жазған алғашқы шежіреші оның бұдан арғы ерліктері жайында тарих жұмған аузын ашпайды дегенді желеу етіп, жекпе-жек баянын доғарады да, соңына нүкте қояды. Алайда, оның ғұмырнамасын жазған екінші шежіреші, ашығын айтқанда, осынау назар аударуға әбден татырлық оқиғалардың орынсыз ұмыт болуына жол бергісі келмепті, ламанчалық жазушылардың өз архивінде немесе жазу үстелінде ізгі ниетті рыцарымызға арналған әлденендей бір қолжазба қалдырмайтындай әуестіктен ада-күде мақұрым болғанына илана алмапты; осынау ұнамды оқиғаның аяғын тауып алармын деген үміттен қол үзбеуінің де себебі осы ойды өзіне тұрақты серік еткендігінен еді және онысы да жөн болыпты: жаратқан иеміздің жәрдемімен ол оны тапты да, бірақ қалай тапты — бұл жайында екінші бөлімде әңгімеленеді.
ІХ тарау
Бұл тарауда жаужүрек бискайлық пен көзсіз батыр ламанчалық арасындағы жекпе-жектің қалай аяқталғанының жай-жапсары баяндалады
Осы хикаяның бірінші бөлімінде біз ер жүрек бискайлықпен және айбынды Дон Кихотпен олар жалаң семсермен төніп келіп бір-бірін енді-енді бар күшпен шапқалы тұрған шақта, егер де ақыры осылай күйрете соққы берудің сәті түскен жағдайда құдды анарды қақ бөлгендей бірін-бірі жоғарыдан төмен қарай тіліп түсіретініне еш күмән қалмаған тұста қоштасқан болатынбыз; ал, енді қоштасқан себебіміз автор ең қызықты деген жеріне келгенде кілт тоқтап, одан әрі не болғанын қайдан білу керегін де көрсетпестен, ұнамды хикаясының соңын шорт үзіп тастаған болатын.
Бұл жағдаят мені қатты қынжылтты, осынау азын-аулақ беттерден тапқан сүйінішімнің орнын, мына тартымды туындыға, өз пайым-түсінігімше, жетпей тұрған қыруар бет қашан қолыма тигенше қандай мехнатты жолдан өтуге тиіспін деген ойдан туған күйініш алмастырды. Оған қоса, осыншалықты айтулы рыцарьдың теңдессіз ерліктерін суреттеп жазатын бір оқымысты оғланның шыға қоймағаны — маған тіптен адам сенгісіз әрі шектен тыс оғаш нәрсе іспетті көрінді, өйткені шытырман оқиғаларды іздеумен мәңгілікке даңқы кеткен кезбе рыцарьлардың бәрі де шежірешіге кенде болмаған еді — әрқайсысының бір-бірден, кейде тіпті екі-екіден оқымыстысы болған-ды, олар рыцарьлардың дағдылы қарекеттерін сипаттаумен ғана шектеліп қалмай, бізге олардың ой-армандарын, соның ішінде тіпті түкке татымайтындарын да, олардың барлық парықсыз қылықтарын, соның ішінде өздері жұрт назарынан мұқият қымтап жүргендерін де, мәлім қылды: осы тұрғыдан алып қарағанда, ізгі ниетті рыцарымыздың тағдыр өзін Платир мен сол рәуіштестерде жетіп артылатын игіліктен қағажу қалдырардай сәтсіздікке ұшырауы мүлдем мүмкін емес-ті.
Сонымен, өз басым аса қызықты бұл хикая қиюы қашып, аяқталмай қала берер деген ойдан аулақ болғам-ды — дүниедегінің бәрін жойып, жалмап қоятын зұлым уақыт оны да жұтып немесе жасырып тастағанына сенімді едім. Оған қоса, егер Дон Кихоттың қоймасынан Энарестік нимфалар мен бақташылар және Қызғаныштан сауықтыру секілді осы таяуда ғана жарық көрген кітаптар табылған болса, онда оның бастан кешкен хикаясы да тым көне болмауы керек қой, тіпті қағаз бетіне түспеген күннің өзінде де, бәрібір бұл жәйт оның селоластары мен күллі Ламанча өңіріне мәлім болуға тиіс қой деп ойладым. Осынау болжам мені қатты толғандырып, айтулы испанымыз Ламанчалық Дон Кихоттың, ламанчалық рыцарьлықтың шырағы және шарайнасы, мына бүгінгі заманда, мына өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қырсығы арылмаған кезеңде жәбір көргендерге араша түсуге, жесірлерге жәрдемдесуге, қыз-қырқынға, әсіресе күйеуге шықпағандығының күйігінен қолына қамшы алып, жорғаға мініп тау мен тасты аралап серуендеп жүретіндерге, — бағзы заманда, шынымен-ақ әлгіндей кәрі қыздар болған: олар сексенге келгенше ғұмыр жасап, егер әлденендей рақымсыз біреу, әлдебір жол торыған қарақшы немесе дүлей дәу абыройын төгіп жүрмесе, бірде бір түнін оңаша отауда өткізбей-ақ, шешелеріне ұқсап пәк күйінде табытқа түсетін, — міне, осындай бейбақтарға қамқорлық жасауға міндетті кезбе жауынгердің бар ауыртпалығы мен парызын тұңғыш болып өз мойнына артқан рыцарьдың өмірі мен бастан кешкен ғажайып оқиғалары жайында нақты да нанымды деректер табу жөніндегі құлшынысымды арттыра түсті. Тоқ етерін айтқанда, осы және басқа да істері үшін Дон Кихотымызды әр кезде және жеріне жеткізе мақтап-мадақтау қажет деп білемін, онымен бірге осынау тартымды хикаяның аяғын табу жолында еткен еңбек, төккен терім үшін мені де мақтап қойған артық болмас еді; дегенмен, әуелі жаратқан иеміз, сосын кездейсоқтық пен жазмыш септігін тигізбесе, ықтиятты оқырманға осынау хикая тарту етер екі сағатқа жуық мөлшердегі көңіл көтеру мен рақатқа бату бақытынан адамзат баласы мәңгілікке айрылып та қалуы ықтимал екенін өзім бек жақсы біліп отырмын. Ал, оның аяқ жағы мынадай жағдайлар үстінде табылып еді.
Бір күні Толедодағы Алькана көшесімен келе жатып бір балақайдың жібек сататын саудагерге дәптерлер мен ескі қағаздарды өткізіп жатқанына көңіл аудардым, өзім оқуға құмар адам болғандығымнан, қолыма не түссе соны оқи беретін, тіпті көшеден тауып алған бір жапырақ қағазды да оқитын дағдым болғандықтан, осынау қанға сіңген әдетіммен баланың сатып тұрған дәптерінің бірін қолыма алып, әріп таңбаларына қарап мұның араб әріптері екенін түсіндім. Түсінуін түсінгеніммен, оқи алмадым, сондықтан мұны маған оқып бере алатын әлде бір мориск18 өтіп бара жатқан жоқ па екен деп жан-жағыма қарана бастадым — айта кеткен артық болмас, Толедода мұндай аудармашылар адым аттаған сайын дерлік ұшырасады, сондықтан егер маған тіпті бұдан да гөрі бағалырақ және көнерек тілдің аудармашысы қажет бола қалса, оны іздеп табу да қиындыққа соқпас еді. Ақыр соңында тағдыр мені бір морискіге тап қылды да, оған тілегімді түсіндіріп айтқан бойда ол дәптерді қолына алып, ортасынан ашып жіберіп оқи бастады, сөйтіп бірнеше жолды оқыған бойда қарқылдап күле бастады. Мен одан неге мәз боп жатқанын сұрағанымда ол маған дәптердің жиегіндегі ескертпелер күлкісін келтіргенін айтты. Мен одан аударып беруін сұрадым.
— Мына арада, жиектерде, былай деп жазылыпты, — деді ол күлкісін тия алмаған күйі: — Осы хикаяда есімі өте жиі аталатын Дульсинея Тобосская, жұрттың айтуынша, шошқа етін тұздаудың асқан шебері болыпты және осы тақырыпта әңгіме туа қалғанда бүкіл Ламанчада алдына жан салмаған көрінеді.
Дульсинея Тобосская есімін естігенде не дерімді білмей аңырып қалдым, өйткені сол сәтте-ақ басыма: “Бұл дәптерлерге Дон Кихоттың хикаясы түсірілген ғой!” деген ой сап ете қалған-ды. Осы болжам дегбірімді кетіріп, морискіден дереу тақырыбын оқып беруін сұрадым, анау парақ бетінен автор қағазға қалай түсірсе сол күйінде араб тілінен кастиль тіліне қолма-қол аударып: Араб тарихшысы Сид Ахмед Бенинхали жазған Ламанчалық Дон Кихоттың ғұмырбаяны деп оқып берді. Осы арада мен шамам келгенінше барынша сақтық жасауға тырыстым, сөйтіп ақыры хикаяның аты құлағыма шалынған сәтте-ақ бойымды билеп алған қуаныш сезімін іште тұншықтыруымның сәті түсті. Жібек сатушыға жетіп барып, барлық дәптер мен қағазды қолынан жұлып алдым да, баладан бәрін жарты реалға сатып алдым; егер балақай аңғарымпаздау болғанда және егер осыны қолға түсіруді қалай арман етіп жүргенімді білгенде, онда ол менен, бәлкім, алты реал, тіпті одан да көп алған болар еді. Одан соң мориск екеуіміз шіркеудің ауласына кірдік, сол жерде мен оған не сұраса соны беретінімді айтып, осы дәптерлердегі Дон Кихотқа қатыстының бәрін ештеңе қалдырмай және өз жанынан ештеңе қоспай кастиль тіліне аударып беруін сұрадым. Екі арроба жүзім мен екі фанега бидайды қанағат тұтқан мориск әрі жатық етіп, әрі бұрмаламай және барынша қысқа мерзімде аударып беруге уәде етті. Жұмыстың тезірек жүруін және осынау аса бағалы олжадан қол үзіп қалмауды көздеп морискіні үйге әкеп жатқыздым, сөйтіп ол бұл хикаяның бәрін бір жарым айға жетпейтін мерзім ішінде тап осы жерде баяндалып отырғандай қалыпта аударып берді.
Бірінші дәптерден Дон Кихоттың бискайлықпен айқасының барынша нанымды бейнеленген суретін кезіктірдім. Хикаяда баян етілген жайдан ауытқу болмай, екеуі де өліспей-беріспейтін кейіпте бейнеленіпті, екеуі де семсерін жоғары көтеріп алған, бірі қалқанмен, екіншісі — көпшікпен көлегейленген, ал бискайлықтың қашыры болса тіптен тірі секілді: арбалет оғы жететіндей қашықтықтан-ақ оның жеке меншік емес, жалға алған қашыр екені аңғарылып тұр. Бискайлық бейнесінің астына: Дон Санчо де Аспейтья — шамасы, оны осылай атаған болу керек, ал Росинанттың астына — Дон Кихот деп жазылыпты. Росинанттың суреті тамаша салынған: тұрқы ұзын, сұрықсыз, болдырған, арық, қабырғасы ырсиған, бүйірі солыңқы сиқы орынды да сәтті табылған лақап атын әбден-ақ ақтап тұр. Әрменіректе Санчо Панса есегін сулығынан ұстап тұр, оның астына: Санчо Санкас деп жазылыпты; суретке қарағанда, Санчоның қарыны қабақтай, бойы аласа, аяғы ұзын көрінеді — оның Панса және Санкас аталып кеткені де осыдан болса керек: бұл екі лақап есім хикаямыздың беттерінен жиі-жиі жолығып отырады. Тағы да бірқатар ұсақ-түйек ерекшелікті атап өткен артық болмас еді, бірақ олардың айта қаларлықтай мәні жоқ және хикаяны дәл осы қалпынан да гөрі шыншыл ете түсуге септігін тигізе алмайды, ал енді қандай хикая да тек шыншыл болған кезде ғана ұнамды болатыны белгілі ғой.
Басқа емес, тап осы хикаяның шыншылдығына күмән келтіретін жалғыз ғана нәрсе бар, ол — авторының араб екендігі; ал енді суайттық бұл тайпаның өзгеден ерек қасиеті екені мәлім; жалпы алғанда, арабтар — біздің ата жауымыз, сондықтан автордың өсіріңкіреп айтудан гөрі кемітіңкіреп айтуға бейімдік білдіретінін болжау қиын емес. Және, меніңше, тап солай болған да секілді, өйткені осынау өте бір ізгі ниетті рыцарьды мақтауға әбден болатын және мақтауға міндетті де жерде оның ұнамды істері жайында әдейі үндемей қалатын тәрізді; бұл оның арам ойлылығын аңғартады, егер ол мұны қасақана істеген болса, онда тіптен жаман: өйткені, дұрысында, тарихшылар анығы мен шындығын айтатын және бас пайда да, қорқыныш та, қастық та, достық та ақиқат жолынан тайдыра алмайтын барынша әділ болуға тиіс әрі міндетті де ғой; ал, ақиқат дегеніміз — уақыт бәсекелесі, қарекет қазынасы, өткеннің куәгері, бүгінгінің өнегесі, болашаққа арналған ескертпе боп табылатын тарихтың туған қызы емес пе. Бұл хикаядан қызғылықты кітап атаулыдан талап етуге болатынның бәрін де табатыныңызға сенемін; ал кемшіліктеріне келсек, егер ондай нәрсе байқалып жатса, оған кінәлі, меніңше, әсте де хикаядағы әңгіме аясы емес, оның ит мінез авторы ғана болмақ. Сөйтіп, енді аудармаға сенер болсақ, оның екінші бөлімі былайша басталмақ.
Қайтпас-қайсар, қатты ашулы сайыскерлеріміз қылпылдаған семсерін сілтемекке оқталған сәттерінде олардың қатулы жүздеріне қарап-ақ көктен де, жерден де және тозақтан да айыл жимайтынын аңғаруға болатындай еді. Алғашқы боп қызуқанды бискайлық соққы жасады, оның бар күшпен және соншалықты ашу-ызамен ұрғаны сонша, қолындағы семсері тайқып кетпегенде осы бір ғана соққының өзі-ақ мына қатыгез айқастың да, ана рыцарымыздың барлық шытырман оқиғасының да ақыры осы болған болар еді; бірақ Дон Кихотты бұдан гөрі маңыздырақ істерге сақтап жүрген мейірбан тағдыр дұшпан қолындағы семсерді тайқытып, соққысы сол жақ иығына ғана тиетіндей, онда да елеулі зардап шектірмей, тек сауыты сол жақ бүйірінен сөгіліп, жол-жөнекей құлағы мен дулығасы ғана шекіліп кететіндей етіп бұрып жіберді. Сол бойда сауыты зәрені ала гүрс етіп жерге құлап түсті де, рыцарымыздың сықпыты адам аярлық боп қалды.
Құдай сақтасын, өзінің қандай кепке тап болғанын көрген ламанчалығымыздың қалай құтырынып кеткенін суреттеуге лайықты сөз табар адам бар ма екен бұл дүниеде! Қой, одан да әңгімемізді әрмен жалғағанымыз жөн шығар. Сөйтіп, Дон Кихот қайтадан үзеңгіге шіренді де, семсерін қос қолымен бұрынғыдан да бетер қатты қыса ұстап бискайлықты көпшігімен қоса басынан құлаштап тұрып бір перді, оңдырмай қатты ұрғаны сонша, әлгіндей әжептәуір қорғауышы болғанына қарамастан бискайлық құдды бір төбесінен тау құлағандай сезінді, танауынан, аузынан, құлағынан қан шүмектеп ағып, теңселіп кетті, егер қашырын мойнынан құшақтай алмағанында, сөз жоқ, жерге жалп ете түсері анық-ты, бірақ келесі сәтте үзеңгіден аяғы шығып кетті де, құшағы жазылып сала берді, сол сәт сұрапыл соққыдан шошынған қашыры да төрт аяқтай тебініп алға қарай атқақтай жөнеліп, ұзамай иесін жерге атып ұрды.
Дон Кихот бұл жайларға былқ етпей безере қарап тұрды; бискайлық жерге құлаған сәтте атынан секіріп түсті де, жауының жанына жетіп барып, семсерінің ұшын көзіне кезеп тұрып берілуге әмір етті, өйтпеген күнде басын шауып тастайтынын ескертті. Зәресі зәр түбіне кеткен бискайлықтың бір ауыз тіл қатуға әдді келмеді; егер осы уақытқа шейін күймеде не істерді білмей абдырап, қақтығыстың артын бағып отырған әйелдер рыцарымыздың қасына жүгіріп келіп, өздеріне қайырым көрсетіп, мейірім жасауын — малайларына аяушылық білдіруін қоярда қоймай жалынып сұрай бастамаса, бискайлықтың шынымен бір пәлеге ұшырайтыны кәміл еді (өйткені, ыза буған рыцарьдың ештеңеден тайынатын түрі жоқ-ты). Дон Кихот болса, олардың өтінішіне тәкаппар кейіпте маңғаздана жауап қатты:
— Сүйкімді сеньоралар! Әрине, өтініштеріңізді қуана-қуана орындаймын ғой, бірақ бір шартым мен ескертпем бар: мына рыцарь маған Тобосо аталатын қалаға, асқан сұлу донья Дульсинеяға баруға, оған өзін менің жібергенімді айтуға уағда берсін, ал бұған не істейді, оны ханымның патша көңілі біледі.
Зәре-құты қалмаған әйелдер мынаның өздерінен не талап етіп тұрғанын да түсінбей, тіпті Дульсинея дейтіннің де кім екенін сұрап білместен, малайдың бұйрықты бұлжытпай орындайтынына уәде берді.
— Ендеше, бопты, сөздеріңізге сендім. Жазаға әбден лайықты болса да, бұған енді ешқандай жәбір көрсетпеймін, — деді Дон Кихот.
Х тарау
Дон Кихот пен атқосшысы Санчо Пансаның арасында болған аса қызықты әңгіме жайында
Монахтардың малайлары жақсы сый-құрмет көрсете қоймаған Санчо Панса бұл кезде әреңдеп бойын тіктеген, сөйтіп жекпе-жекті зейін сала бақылап тұрып құдайға ойша жалбарынумен болған: ол құдайдан Дон Кихотты жеңіске жеткізуін және аралды жаулап алуға жәрдемдесуін сұраған-ды, рыцарьдың уағдасы бойынша аралдың губернаторы болып атқосшысы тағайындалуға тиіс-ті. Қақтығыс аяқталып, Дон Кихот Росинантқа қарай бет алған бойда Санчо үзеңгісін аяғына тоспаққа ұмтылды, сөйтіп рыцарымыз атқа қонғалы жатқанда дереу оның алдына тізерлей кетіп, қолынан шап беріп ұстап, сүйіп алды да:
— Қайырымды мырзам, сеньор Дон Кихот, осынау қатыгез айқаста жеңіп алған аралыңызға мені губернатор етіп қойыңызшы. Ол арал қаншалықты үлкен болсын мейлі, бәрібір мен онда жер жүзіндегі қай губернатордан да кем губернаторлық етпеймін, — деді.
Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:
— Есіңде сақта, Санчо бауырым, бұл арал үшін айқас емес, бұл да, осы секілді басқалары да, жол бойындағы шытырман оқиғаларға жатады, мұнда сені күтетін қашанғы сыбаға — бас сүйегіңді опырып жібереді немесе құлағыңды кесіп алады, саған тиетін басқа үлес жоқ. Кішкене шыдай тұр,
сені аралдың губернаторы етіп тағайындап қана қоймай, одан да жоғарырақ көтеруіме мүмкіндік беретін талай шытырман оқиға жолығады әлі бізге.
Санчо Дон Кихотқа қайта-қайта алғыс жаудырды, сосын тағы бір мәрте қолынан және сауытының етегінен сүйген соң оны Росинантқа отырғызып жіберді де, өзі есегіне қарғып мініп мырзасының соңынан тепеңдеп тартып берді; ал анау болса, саяхатшы әйелдерге бір ауыз тіл қатпастан, тіпті олармен қоштаспастан борт-борт желдіртіп жақын жердегі тоғайға барып кірді. Санчо есегін барын сала көсілткенімен, Росинанттың тұяғына тұтқиылдан жел біткендей атқосшыға жеткізер болмады, ақыр соңында анау мырзасына өзін тоса тұруын сұрап айқайлауға мәжбүр болды. Дон Кихот сілесі құрыған атқосшысының тілегін орындап тізгін тартты, анау оны қуып жеткен бойда:
— Сізге мына нәрсені айтқым келеді, сеньор: бір шіркеуге барып бой тасалай тұрғанымыз жаман болмас еді. Өйткені, жаңа өзіңіз айқасқан адамды өте бір қасіретті жағдайда қалдырып кеттік емес пе, сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ, Қасиетті ағайындық сап ете қалып бізді ұстап алуы мүмкін ғой. Одан қашан еркіндік алғанша, ақ-адал сөзім, көзімізге көк шыбын үймелері кәміл, — деді.
— Тоқтай тұр, — деді Дон Кихот. — Қан төккені үшін кезбе рыцарьды, ол қанды қанша мәрте төксін мейлі, сотқа тартқанын қайдан көрдің әлде бір жерден оқыдың ба?
— Қан төгіс жайында ештеңе де естіген емен және өмірімде ешкімнің қанын төгіп байқап көргем жоқ, — деп жауап қатты Санчо. — Білетінім біреу ғана, күре жолдың үстінде шатақ шығарғандарды Қасиетті ағайындық арқасынан қаға қоймайды, қалғанында шаруам жоқ.
— Қапа болма, достым, — деді Дон Кихот, — сені Ағайындық түгілі халдейлердің де қармағынан құтқара алам. Бірақ, сен маған ақ-адал шыныңды айтшы: өзімізге мәлім елдердің бірі болмаса бірінен менен асқан жау жүрек рыцарьды кездестірдің бе өзің? Әлденендей бір рыцарьдың менен де гөрі батылырақ шабуылға шыққанын, өжеттікпен қорғанғанын, асқан шеберлікпен соққы бергенін, дұшпанын лезде төңкеріп тастағанын кітаптардан оқығаның болды ма?
— Несін жасырам оның, өмірімде бір де бір кітап оқыған емеспін, өйткені оқи да, жаза да білмеймін, — деп мойындады Санчо. — Құдайдан тілерім, тек сол жау жүректігіңіз үшін бір жайсыздау мекенжайда орын теуіп қалмасаңыз етті. Ал, енді менің де айтқанымды бір тыңдаңыз, тақсыр, сізге міндетті түрде емделу керек, — құлағыңыздан аққан қан тиылмай тұр, қоржынымда корпия мен аздаған ақ май бар.
— Егер Фьерабрас бальзамы салынған құтыны жолға ала шығуды ұмытып кетпегенімде соның бәрінің еш қажеті болмас еді: әлгі бальзамның бір тамшысы бізге уақытты да, дәрі-дәрмекті де үнемдер еді, — деді Дон Кихот.
— Ол неғылған құты және ол неғылған бальзам? — деп сұрады Санчо Панса.
— Бұл бальзамның рецептін жатқа білем, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Ол жаныңда болса өлімнен де қорықпауға болады, қандай жарақат та қауіпті емес. Мен соны дайындап, саған беріп қояйын, ал сен қызу шайқас үстінде мені белімнен қақ бөліп шауып түсіргенін көрсең, — ал мұндай жағдайлар кезбе рыцарьлар басында жиі болып тұрады, — көп ойланып жатпастан, денемнің жерге құлап түскен бөлігін абайлап көтеріп ал да, қан ұйып қалмастан бұрын тездетіп ердің үстінде қалған бөлігіне барынша сақтықпен апарып қондыр — бұл арада бәрін орын-орнына құйып қойғандай етіп жымдастыру үшін едәуір еңбектенуге тура келеді. Сосын маған аталмыш бальзамнан бар болғаны екі жұтым ғана ішкіздір — сонда көз алдыңда құр аттай боп шыға келем.
— Олай болса, — деді Санчо Панса, — аралды басқарудан үзілді-кесілді түрде бас тартам және ыждағатты да адал қызметімнің өтемі үшін өтініп сұрайтыным біреу ғана: маған тек осынау ғажайып сұйықтықтың рецептін беріңізші, тақсыр. Оның бір унциясына қай жерде болсын екі реалдан кем төлемейтініне кепілмін, ал бұл ақшаға қалған өмірімді қайғы-мұңсыз өткізе аларым анық. Әрине, әуелі оны әзірлеу қаншалықты қымбатқа түсетінінін біліп алған жөн-ақ.
— Үш ассумбрасының бағасы үш реалға жетер-жетпес, — деді Дон Кихот.
— Не десем екен сізге, тақсыр! — деп дауыстап жіберді Санчо. — О не болғаныңыз сіздің, неге оны өзіңіз дайындамайсыз және мені неге үйретпейсіз?
— Асықпа, достым, — деді Дон Кихот, — талай құпияның сырын ашам әлі саған, басыңа талай жақсылықты үйіп-төгем әлі сенің. Ал, қазір, қане, емделейік — құлағым ауырып шыдатпай барады.
Санчо қоржыннан корпия мен майды шығарды. Бірақ сол арада быт-шыт болған дулығасына көзі түсіп кеткен Дон Кихот алай-түлей сезім кешіп, естен танып қала жаздады; сосын қолын семсерінің тұтқасына қойып, көкке көз тігіп отырып:
— Аспан мен жерді жаратушының атымен және құдды бір қарсы алдымда
жатқандай сезініп төрт қасиетті Інжілдің атымен ант етем, ендігі жерде ұлы маркиз Мантуанский жиені Балдуиннің өлімі үшін кек алуға серт бергеннен кейін қандай тұрмыс кешсе мен де тап сондай тұрмыс кешем, яғни, анығырақ айтқанда: өзіме осынша жәбір көрсеткен адамнан кек қайтарғанға дейін ас-су ішкен кезде дастарқан жайғызбаймын, әйеліммен ойнап-күлмеймін, басқа да бірдеңелерді істемеймін — не екені анық есімде жоқ, бірақ соның бәрі осы антыма кіреді, — деді.
Санчо болса, бұған жауап ретінде:
— Ақылға салып көріңізші, сеньор Дон Кихот, егер ана рыцарь бұйрығыңызды орындап сеньора Дульсинея Тобосскаяның аяғына барып жығылса, бұл оның өз парызын орындағаны болып шықпай ма және жаңадан бір қылмыс жасамаса оны қайтадан жазаға тарту обал болмай ма? — деді.
— Мына тұжырымың мен ескертпең көңілге қонымды-ақ екен, — деді Дон Кихот, — сондықтан дұшпанымнан тағы бір мәрте кек алу жөніндегі антымды қайтып алам. Оның есесіне мен рыцарьлардың бірінен тап осындай тәуір дулығаны тартып алғанға дейін әлгінде айтылған ахуалда тұрмыс кешем деп жаңадан ант етем және сол сөзімде тұрам. Айтқаным айтқан жерде қалады деп ойлаушы болма, Санчо, менің үлгі етерім бар — Сакрипантты айтса сенгісіз әуреге салған Мамбриннің дулығасы да тап осындай кепке тап болғаны белгілі ғой.
— Әй, мархаббатты мырзам-ай, ант атаулыны түгел суға соқсаңыз етті! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Ондайдан тек денсаулыққа зиян, құдайға күнә. Ойлап көріңізші: дулыға киген адамды жақын уақытта жолықтыра алмасақ неттік? Сол бұрынғыша мұқтаждық мехнатын шеккен күйіңізде антыңызға адалдық сақтап қала бермексіз бе? Өйткені, әлгі алжыған шал маркиз Мантуанский өзіне міндет қылғанның бәрін өз мойныңызға артқаннан кейін сізге енді сырт киіміңізді шешпей ұйқтауға, ашық аспан астында түнеуге және басқа да көп машақатты бастан кешуге тура келеді ғой. Оныңыз қалай, сеньор, мына жолдардың ұзына бойымен қарулы адамдар емес, арбакештер мен мал айдаушылар ғана жүреді ғой, олар басына дулыға кимек түгілі ондай сөзді өмірі естімеген жандар.
— Қателеспе, — деді наразы Дон Кихот. — Арада екі сағат өтпей-ақ әлдебір жол айырығынан бізге Анжелика сұлуды тартып алу үшін Альбракаға беттеген әскерден де көп қисапсыз қарулы адам жолығады.
— Жә, құрысын, сіздің айтқаныз-ақ бола қойсын, — деді Санчо. — Тек құдай сәтін салып, ісіміз оңынан келіп, өзім сонша арман етіп жүрген әлгі аралды жаулап алатын күн тезірек туса екен, одан кейін күл болмаса бүл болсын.
— Бұл жайында алаң болма деп айттым емес пе саған, Санчо: арал болмаса Дания немесе Собрадиса секілді әлде бір мемлекетті табармыз — бұлар сені шынымен қуантары кәміл, өйткені бұл мемлекеттер құрлықта орын тепкен ғой, сондықтан онда өзіңді суда жүзген балықтай сезінетін боласың. Ал, әзірше бұл әңгімені қоя тұрайық, — одан да қоржыныңда талғажау етерлік бірдеңе бар ма, соны қара: жүрек жалғап алайық та, қонып шығуымызға болатын, сосын жаңа өзіңе айтқан бальзамды, — құдай атымен ант етейін, құлағым ауырып шыдатпай барады, — дайындап алатын қамал-сарайды іздеуге қолма-қол аттанып кетейік.
— Менде бір бас пияз, аздаған сүтсірне және нанның бірнеше қатқан қабығы бар, — деп мәлімдеді Санчо, — бірақ өзіңіз секілді айбынды рыцарьға мұндай тағамды жеу онша жараспайтын секілді.
— Бұл жайында түк ешқандай түсінігің жоқ екен-ау! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сен жақсы біліп қойғын, Санчо, кезбе рыцарьлар тұтас бір ай бойы нәр сызбай жүргенді өздеріне зор абырой санайды немесе қолға не түссе соны қанағат етеді. Егер мен оқыған кітаптың бәрін сен де оқыған болсаң, онда бұл саған тосын нәрсе көрінбес еді, ал мен өзім соншама көп кітап оқығаныммен, бірде-біреуінен кезбе рыцарьлардың, — тек ілуде бір, өз құрметтеріне арналған ас та төк той-думандарда болмаса, — тойынып тамақ ішкені жайындағы ескертпені таба алмадым, ал басқа уақытта олар не болса соны қорек ететін болған. Әлбетте, оларды мүлдем тамақ ішпеген және басқа да түрлі табиғи қажеттіліктерін өтемеген деуге тіптен де болмайды, өйткені олар да өзіміз секілді адамдар болған, бірақ, екінші жағынан, олар бүкіл өмірін дерлік ормандар мен шөл далаларда өткізген, қастарында аспаз болмаған — ендеше, олардың әдеттегі азығы мына қазір өзің маған ұсынып отырғандай тым қарапайым болған деп жорамалдаудың ешқандай сөкеттігі жоқ. Сол себепті де, достым Санчо, жаным рақат табатын нәрсе үшін басың ауырмай-ақ қойсын, білмейтін нәрсең жайында билік айтпа, кезбе рыцарьды тура жолдан таюға итермелеме.
— Кешіре көріңіз, тақсыр, — деді Санчо, — бірақ өзіңізге айтқанымдай, мен оқи да, жаза да алмаймын, сондықтан рыцарьлық салт-дәстүр ережелері дегеніңіз маған бір мылқау дүние. Алайда, алдағы уақытта, рыцарьлар санатында болуыңыз себепті, сізге тек кептірілген жеміс-жидекті ғана беріп, өзімді, рыцарь болмауым себепті, әртүрлі етті тағамдармен және жалпы басқа да құнарлы азықпен қамтамасыз ететін болам.
— Кезбе рыцарьлар жалғыз тек кепкен жеміс-жидекті ғана қорек етуге тиіс деп отырған жоқпын саған, Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — мен тек жемістер де рыцарьлардың әдеттегі азығы саналғанын айтқым келген, сондай-ақ олар далада өсетін шөптерді де талғажау еткен: өзім секілді олар да ондай шөптердің мән-жайын жақсы білген.
— Шөптердің қадір-қасиетін ажырата білу дегеніңіз — бір ғанибет нәрсе, — деп тұжырды Санчо, — сондықтан біліміңіздің қашан да болса бізге әйтеуір бір көмегі тиері кәміл!
Сол арада ол азықтарын алдарына жайып, екеуі ың-шыңсыз отырып тамақ ішуге кірісті. Оның да, бұның да қоналқаға жетіп алуды ойлап тынышы кетіп отырғандықтан, әрі жұтаң, әрі құрғақ азықтарын әп-сәтте жеп бітірді. Сосын қайтадан көліктеріне отырып, елді мекенге күн жарықта жетіп алмақ боп алғыр аяңмен жүріп кетті; алайда ұзамай күн сәулесі күңгірттеніп, онымен бірге саяхатшыларымыздың ойға алғандарын орындау жөніндегі үміттері де күңгірт тартып сала берді — дәл осы кезде бұлар ешкі бағып жүргендердің лашығы жанынан өтіп бара жатқан-ды, сондықтан осы араға қона кетуді ұйғарды. Селоға жете алмағанына Санчо Панса қаншалықты өкініште қалса, бұл түнді ашық аспан астында өткізетіні жайындағы ой Дон Кихот үшін соншалықты қуанышты болды — бұндай жағдайлар оған нағыз рыцарь екендігінің тағы бір дәлелі секілді көрінді.
ХІ тарау
Дон Кихоттың бақташылармен не жөнінде әңгімелескені туралы
Бақташылар оларды жылы қабақпен қарсы алды; Росинант пен есегін көңілдегідей етіп жайғаған Санчо қазанда пісіп жатқан ешкі етінің иісі бұрқырап шығып тұрған жаққа қарай бет алмаққа оқталған: қазандағыны қарынға аударатын мезгіл болған-болмағанын білгісі кеп аңсары ауған, бірақ ниетін жүзеге асырудың орайы келмей қалды, өйткені дәл осы мезетте бақташылар қазанды оттан түсірді де, қой терісінен жасалған бөстекті жерге төсеп жіберіп деревнялық ас-тағамдарын асығыс-үсігіс дайын қыла қойды, сосын мейлінше қонақжай кейіппен қос саяхатшыны тамаққа шақырды. Төңкерулі жатқан мал суаратын астаудың үстіне отыруды Дон Кихотқа қолпаш көрсете нұсқағаннан кейін қашаны күзететін алты бақташы түгел бөстекті қоршап алқа-қотан отыра қалды. Дон Кихот сол орынға келіп жайғасты да, Санчо шарап құйылған мүйіз құтыны әперіп тұрмақ боп мырзасының арт жағында түрегеп тұрды. Дон Кихот оған былай деп тіл қатты:
— Кезбе рыцарьлық деп аталатын құрылымның қаншалықты ізгілікті екенін және оның мүддесіне хал-қадарынша қызмет етіп жүргендердің мейлінше қысқа мерзімде, тіпті кез-келген минутта, көпшіліктің сый-құрметіне бөлене алатынын ұғынуың үшін, Санчо, сені мына ақпейіл адамдармен бірге өз қасыма отырғызғым келіп тұр, — мен, өзіңнің қожайының әрі туа-бітті сеньорың және сен, атқосшым, — екеуіміз бір ыдыстан ас жеп, бір құтыдан сусын ішетін боламыз, өйткені, әдетте сүйіспеншілік жайында айтылатын: жалғанда ол теңгермейтін ештеңе жоқ, дейтін сөзді кезбе рыцарьлыққа да бағыштауға болады.
— Мың да бір рақмет, — деді Санчо, — алайда, тақсыр, сізге мынадай жайды айтуға тәуекел етіп тұрмын: егер де жейтін бірдеңем болса, оны түрегеп тұрып-ақ және өзіммен өзім жападан-жалғыз тұрып-ақ, бейне императормен бір дастарқанда отырып тамақ жегендей, тіпті одан да зор сүйсініспен жеген болар ем. Ал енді күлбілтені қойып ашығын айтсам, мен, әрине, қонақта отырып күркетауық етін жегенше, — ол жерде тамақты асықпай шайнауың керек, әлсін-әлі аузыңды сүртіп қоюың керек, шарапты қорғалақтай ішуің керек, түшкірмеуге, жөтелмеуге, яғни, еркіндік пен оңашалық ерік беретін басқа да бірдеңелерді істемеуге тиіссің, — сөйтіп күркетауық етін жегенше дейім-ау, тәлімсімей-ақ, қысылып-қымтырылмай-ақ үйде отырып пияз бен нанды соғып алғанды жөн көрген болар ем. Сондықтан, мархабатты мырзам, кезбе рыцарьлыққа азды-көпті қатысы бар және оған қызмет көрсетіп жүрген адам ретінде, оған қоса, тақсыр, өз атқосшыңыз ретінде маған көрсетпекке ниет қылған сый-құрметіңізді әлденендей бір кіріс кіретін әрі пайдалы нәрсемен айырбастағаныңыз жақсы болар еді. Ал, енді сый-құрметіңіз үшін сізге әбден ризамын, бірақ одан мәңгі бақиға бас тартамын.
— Қалай болған күнде де, саған отыруға тура келеді, өйткені өзін-өзі қор еткенді, құдай зор етеді деген ғой.
Дон Кихот Санчоны қолынан тартып, қасына отырғызды.
Бақташылар кезбе рыцарь дегеннен де, оның атқосшысы дегеннен де хабары жоқ жандар еді, — бұның бәрі олар үшін балдыр-батпақ сөз болатын, — сондықтан олар үнсіз ғана тамақтарын ішіп, ешкі етінің жұдырықтай-жұдырықтай кесектерін кереметтей шабытпен әрі сүйсіне қылғытып жатқан қонақтарына көз тастап қойып отырды. Ет желініп болғаннан кейін лашық иелері бөстекке тау-төбе ғып шошқа жаңғақ төгіп, әк тастан жасалғандай қатты дөңгелек сүтсірненің жарты бөлігін әкеп қойды. Ал бұл кезде құты да сапарын жалғастырып жатқан болатын: су шығаратын машинаның шелегіне ұқсап біресе толы, біресе бос күйінде жиі-жиі шеңбер аралап жүргендіктен бақташылар шығарған екі торсықтың бірін қиналмай-ақ түгесіп тастаған. Тамаққа жақсылап тойған Дон Кихот бір уыс жаңғақ алып, соған зер сала қарап біраз отырғаннан кейін былай деп сөйлеп кетті:
— Бұрынғылар алтынға балап әспеттеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған сол заманға не жетсін, шіркін — әрине, біздің бүгінгі темірге тәуелді боп қалған тұсымызда зор құндылық саналатын алтын сол заманда тегін болды дегеннен емес, сол кезде ғұмыр кешкен жандардың: сенікі және менікі деген екі сөзді білмегендігінен туған ұғым еді бұл. Сол бір құдай жарылқаған заманда барлығы да ортақ болатын. Күндізге қажет азықтан қамсыз болуы үшін адамның қолын созып, еңселі емендерге қарай ұмсынғаны-ақ жетіп жататын, бұтақтары да оған қарай бұрылып, былбырай піскен тәтті жемісін шаш-етектен тарту ететін. Ағысы шапшаң өзендер мен мөлдір бұлақтар қанша ішсең де сарқылмас дәмді де кіршіксіз таза суымен шөлін қандыратын. Данагөй де еңбекқор аралар қуысты жартастар мен кеуекті ағаштарда өз мемлекеттерін орнатып, алақан жайған жанның бәрін айрықша тәтті еңбектерінің тіл үйіретін жемісімен ақысыз-бұлсыз жарылқап жататын. Тығындық жуан емендер өз бойларынан жалпақ та жеңіл қабығын сыдырып беретін — олар мұны басқа бір оймен істемейтін, шарапатын тигізуді көздейтін, сөйтіп адамдар онымен өздерінің қарабайыр бағана-тіреумен ұстатылған құжыраларын жабатын, — жапқанда тек әншейін емес, жауын-шашыннан қорғану мақсатын ғана көздейтін. Ол кезде барлық жерде бірдей достық, тыныштық және келісім үстемдік етіп тұрды. Ауыр соқаның қисық түрені ол кезде әлі түп анамыздың төсін тіліп, шарапат толы ішкі құрылысын зерттеуге тәуекел ете қоймаған еді, өйткені оның құнарлы да кең шалқар аясы сол тұста өзіне иелік еткен балаларын барлық жерде бірдей және ерікті түрде көңілдері не қаласа соның бәрімен тойындырып, ішіндіріп және шаттандырып отырған болатын. Ол кезде биік төбелер мен жазық далаларда үстеріне ар-ұятымыз қашан да бүркеуді талап еткен және бүгін де талап етіп отырған жерді ғана қымсына көлегейлейтін киім киген, жалаң бас, бас киім орнына иманжапырақ пен шырмауықтың балғын жапырақтарынан гүлдесте таққан, — соңғы кезде бұл сәнге айналып, оны әшекейлеуге алуан сипатта құбылта қолданылатын Тир пүліші мен жібек пайдаланылады, — сүйкімді де аңқау бақташы қыздар қыдырыстап жүретін және осындай киім-кешегімен-ақ олар, біздің не істерді білмей ерігіп, не қилы оғаш нәрселерді ойлап тауып, әурешілікке түсіп жүрген зиялы ханымдарымыз секілді паң да нәзік көрінген шығар. Ол кезде сүйген жүректің аңсары қалай ауса солай, жасанды түрде сәндеп-әрлемей-ақ және астарламай-ақ қарапайым да табиғи түрде жеткізілетін. Шыншылдық пен турашылдықта өтіріктің, екі жүзділіктің және жымысқылықтың жұқанасы да болмайтын. Пайдақорлық пен қараулық бүгінгі күні осынша қорлап, қуғынға салып және пендешілікке итермелеп жүрген әділ сот ол кезде өте қаһарлы болатын, әлгі аталғандардың оны басынуға немесе тура жолдан тайдыруға тәуекел етерлік шамасы жоқ-ты. Жазаны көңіл ауанына қарай бере салу деген нәрсе соттың қаперіне кіріп те шықпайтын, өйткені ол кезде біреуді бірдеңе үшін сотқа тарту деген болмайтын. Қыздар болса, әлгінде айтып өткенімдей, базары бойында, тиым да, тексеру де көрмей, әлдебіреудің нәпсіқұмар азғындығы салдарынан жәбір көрем деп те қорықпай, қалаған жеріне барып жүретін, ал егер қыз белгісін жоғалтар болса онда бұл тек өз ықтиярымен және ықыласымен ғана жасалатын. Ал, бүгінгі залымдық жайлаған заманымызда олардың бәрі қорғансыз, тіпті оларды Криттегі секілді шығар жолы шырғалаң әлденендей бір жаңа қапасқа апарып қамап тастасаң да, — өйткені, нәпсіқұмарлықтың құрты әуеде ұшып жүреді, анау әлгі ант атқыр зиялы ортада жүз көрсетуге құштарлықтың қырсығынан ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі жоқ, — тіпті, соның өзінде де әлгі қапастан оларға қайран болмас еді. Заман оза келе әлемде зұлымдық көбейген үстіне көбейе түсті, сөйтіп ақыр аяғында оларды қорғау үшін кезбе рыцарьлар ордені жасақталды, оған қыздарды қору, жесірлерге жәрдем беру, қаріп-қасерлер мен жоқ-жітіктерге көмектесу міндеті жүктелді. Міне, сол орденнің бір мүшесі мына мен болам, бақташы бауырларым, сөйтіп енді қазір өз атымнан және атқосшымның атынан сіздерге ас-суларыңыз бен қонақжай көңілдеріңіз үшін алғыс айтуды жөн көріп отырмын. Ақиқатына келгенде, кезбе рыцарьға қол ұшын беру жер бетінде ғұмыр кешіп жүрген барша жанның төл парызы боп табылады, бірақ, осынау өз міндеттеріңізді білмегендеріңізге қарамастан мені ақ көңілмен қарсы алып ішіп-жем бергендеріңізді біліп отырғандықтан, еш жалғаны жоқ ақ пейілдеріңіз үшін еш жалғаны жоқ мақтау айтқым келеді.
Рыцарымыз осынау ұзын-шұбақ сөзін ақыры аяқтады, расында, бұл сөзді мүлдем айтпаса да дәнеңе етпес еді, бірақ бұған бақташылар әкелген жаңғаққа назар бөлуі түрткі болып, алтын заман ерекшеліктері есіне орала кетіп, сол турасындағы ой-түйіндерін ешкі бағушылармен бөліскісі келген-ді, ал әлгілер болса оған не шатып отыр деген кейіпте беттері бедірейіп үн-түнсіз құлақ салды. Санчо да тіл қатқан жоқ; үнемі жаңғақ жеумен болып, бақташылар ішіндегі шарабы салқындасын деп еменге іліп қойған екінші торсыққа деміл-деміл барып-қайтып жүрді.
Кешкі ас әлдеқашан ішілген-ді, бірақ Дон Кихоттың аузына тыным болмай әлі сөйлеп отырған; ақыры бақташылардың бірі оған былай деп тіл қатты:
— Мархабатты мырза, сеньор кезбе рыцарь, өзіңізді шынымен-ақ бар ықыласымызбен құшақ жая қарсы алғанымызға көзіңіз анық жетуі үшін қазір көп кешікпей осы араға келіп те қалатын бір бақташыдан ән айтып көңіліңізді көтеріп, құлағыңыздың құрышын қандыруын өтінгіміз келіп отыр. Ол өзі өте зерек, сезімтал жігіт, ең бастысы, оқи да, жаза да алады, ал равельде ойнаудан оған ешкім теңесе алмайды.
Бақташы осыны айтып ауыз жабуы мұң екен, ойламаған жерден
равель әуезі құлаққа шалынып, шамалыдан соң оны тартқан адамның өзі де бой көрсетті: бұл жиырма екілердегі, әп-әсем жігіт екен. Жолдастары одан тамақ іштің бе деп сұрады; жігіт іштім, деп жауап қатты, сөйткен соң әлгінде ғана сол туралы әңгіме қозғаған бақташы оған:
— Олай болса, Антоньо, бізді рақатқа батыр, бір ән орындап бер, орманда да, тауда да музыкадан хабары мол жандарды жолықтыруға болатынына құрметті қонағымыз көз жеткізіп кетсін. Біз оған қандай қабілеттерің барын хабарлап та қойдық — енді сен өтірік айтпағанымызды дәлелдеу үшін сол қабілеттеріңді көрсетуің керек. Сонымен, сенен сұрайтыным: отыра қал да, немере ағаң, священник өзіңе арнайы шығарып берген, біздің селодағылар қатты ұнататын ғашықтық машақаттарың жайындағы әніңді айтып бер, — деді.
— Мақұл, — деді жігіт.
Жұртты көп жалындырып жатпаған ол еменнің түбіріне кеп отырды да, равелінің күйін келтіріп алған соң соншалықты сүйкімді дауыспен әнін бастап кетті:
Сен мені, Олалья, сүйесің,
Бұл жайында маған, әрине,
Білдірмесең де тіпті қабақпен —
Жүректің мылқау тілімен.
Соныңды ішім сезген соң,
Күмәнді қойдым ысырып:
Сүйетінімізді жасырып қайтеміз,
Мәлім болса ол өзімізге.
Оқтын-оқтын сен мені
Сендіргің әбден келеді-ақ,
Жүрегім қатты — қоладай,
Қос алмам суық — тастай, деп.
Өзімшіл, менмен пиғылдың
Шілтерінен қараңғы,
Құпиялап үміт мегзейді,
Киімінің шет-пұшпағын.
Дәме ғып соны ентігем,
Білмеймін, бірақ, әлі күн:
Сүйінерді де — ұнадым деп,
Күйінерді де — жылағым кеп.
Болса егер шынымен,
Сыпайылық — махаббат нышаны,
Сенуіме болар, ұзамай
Орындалар деп үмітім.
Берілетіні рас болса егер
Адалдыққа бір сыйлық,
Ұялмай соны сұрауға
Ретім әбден бар менің.
Түк көрмейтін соқыр боп
Қалмасаң, байқар едің ғой:
Жексенбіде киер киімімді,
Жай күндері де киіп жүремін.
Махаббатқа керек киім-кешек,
Сондықтан, бар жақсымды
Киіп алуға тырысам
Кездеспек болсам өзіңмен.
Би жайын қайтем сөз қылып,
Кей-кейде күн батқаннан
Таңға шейін саған тыңдатқан
Ән жайын қайтем сөз қылып.
Ажарыңды әсем мақтадым,
Ашықтан-ашық бар жерде.
Адалдығымнан ақыры
Жау таптым талай өзіме.
Мысалға, маған Тереса
Беррокалада былай шатты ғой:
“Мыржық-тыржық маймылды да,
Болады періште санауға.
Епті болсаң, Амурдың19 да
Басын айналдыру қиын ба,
Жалған шаш қоссаң шашыңа,
Басқа да айла жасасаң?”
Күйіп кеттім, шыдамай,
Жылады бикеш бақырып.
Жүгіріп келген немере ағасына
Жегіздім жұдырық қатырып.
Құштармын саған, бірақ та
Ләззат тапқым келмейді,
Заңсыз жолмен, некесіз.
Мақсатым менің ардақты.
Ендеше, жібек тұзаққа
Түсірсін шіркеу біздерді,
Қаймығып, тек сен бұлқынба,
Бауынан өзім тартайын.
Көнбесең егер, Олалья,
Ант етем, әулиелер атымен,
Монахтыққа кетемін,
Тәрік қып мына түкпірді.
Осымен бақташы әнін айтып та біткен-ді, сол арада Дон Кихот одан тағы бір ән айтуын сұраған, бірақ ән тыңдағаннан гөрі ұйқы соққанды қош көрген Санчо Панса қарсы шықты.
— Тақсыр, қоналқалық орын сайлайтын мезгіліңіз де боп қалды емес пе. Бұлар күні бойы әбден сілесі қатқан жандар ғой, түнде ән салу қайда оларға! — деді ол қожайынына.
— Сенің жағдайыңды түсініп отырмын, Санчо, — деді Дон Кихот оған. — Торсыққа қарай әрлі-берлі жортуылдың өтемі музыка емес, ұйқы екені әбден ұғынықты.
— Құдай-ай, әр кәллада бір қиял деген-ау! — деп дауыстап қалды Санчо.
— Солай екені рас, — деді Дон Кихот. — Сонымен, сен өзің қош көрген жеріңе жайғасып жата бер, ал енді маған, таңдап алған кәсібімнің ерекшелігін еске алғанда, ұйқтағаннан гөрі сергек болған көбірек жарасатын секілді. Солай бола тұрғанымен, Санчо, құлағымдағы таңғышты тағы бір жаңартып бергеніңнің саған еш жамандығы болмас еді, себебі ауруы шыдатпай барады.
Санчо таңғышты ауыстыруға ыңғайланған кезде бақташылардың бірі жарақатты қарап шығып, атқосшыға әуреленбей-ақ қойса да болатынын, себебі өзінде оны жедел жазып шығаратын дәрі барын айтты. Айнала-маңда розмарин қаулап өсіп тұрған-ды, бақташы содан екі-үш жапырақ жұлып ап, шайнап жұмсартты да, тұзға былғап алғаннан соң құлаққа әкеп жапсырды. Сосын, жараны асқан ептілікпен таңып берген соң, бұған енді басқа ем керек емес деп мәлім етті, айтса айтқанындай, кейін солай болып шықты да.
ХІІ тарау
Әлдебір бақташының Дон Кихоттың жанындағыларға айтып бергендері жайында
Осы арада деревнядан азық-түлік таситындардың бірі қайтып оралып:
— Достар! Деревняда нендей оқиға болғанын білесіңдер ме? — деп сұрады.
— Оны қайдан білейік! — деп үн қатты бақташылардың бірі.
— Білмесеңдер біліп қойыңдар, — деді анау сөзін жалғап, — бүгін таңертең Хризостом есімді баршаға мәлім бақташы-студент қайтыс болды, жұрттың айтуынша, Гильермо байдың қызына, әлгі ана бақташы боп киініп, тау-тасты кезіп қаңғып жүретін Марсела деген сепелекке ғашықтықтан баз кешкен көрінеді.
— Марселаға деймісің? — деп қайталап сұрады біреу.
— Иә, Марселаға, — деді бақташы нықтап. — Бірақ, бәрінен ғажабы, ол өзін, құдды бір маврға ұқсатып, жартастың етегіндегі ашық далаға, әлгі тұма жанындағы емен өсіп тұрған маңайға жерлеуге өсиет етіпті, өйткені, жұрттың айтуынша, тіпті мұны өз аузынан естігендер де бар деседі, ол қызды тұңғыш рет сол жерден жолықтырған көрінеді. Ол бұдан басқа да бір нәрселерді өсиет етіпті, бірақ жергілікті дін басылары марқұмның тілегін орындауға болмайды, тіпті оны орындаудың да еш қисыны жоқ — бұдан мәжусилік нышаны сезіледі, депті. Ал, марқұмның айрылмас досы, онымен бірге бақташы боп киініп жүретін студент Амбросьо болса Хризостомның өсиеті сол қалпында бұлжытпай орындалуы керек дегенді айтыпты, осыған байланысты деревня у-шу болып жатыр. Дегенмен, егер қауесетке сенер болсақ, Амбросьо мен оның бақташы достары айтқан сөздерінде тұрып, ертең айрықша салтанатпен Хризостомды жерлеуге далаға алып шығатын тәрізді. Менің ойымша, мұны барып көрген жөн секілді — егер ертең тағы да азық-түлікке аттануыма тура келмесе, өз басым, әйтеуір, соған қалайда баруға тиіспін.
— Өй, жерлеуге біз де барамыз, — деп іліп әкетті бақташылар, — тек әуелі ешкіні кім күзетерін білу үшін жеребе тасталық.
— Мынауың жөн сөз, Педро, — деп мақұлдады бақташылардың бірі. — Ал, енді сендер босқа әбігер болмай-ақ қойыңдар — сендер үшін отарды мен-ақ күзетейін. Бірақ мені ақпейіл немесе ештеңеге қызықпайтын біреу екен деп ойлап қалмаңдар, оның себебі бар — жуықта аяғыма тікенек кіргізіп алғам, содан аяғымды баса алмай жүрмін.
— Қалай болған күнде де, саған алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — деді Педро.
Дон Кихот Педродан марқұмның қандай адам болғанын, сосын әлгі бақташы қыздың кім екенін сұрады. Педро оған, өзінің білуінше, марқұмның дәулетті идальго болғанын, жақын маңайдағы таудағы елді мекендердің бірінде туып-өскенін, көп жыл Саламанкада оқығанын, сосын туған жеріне қайтып оралып, аса білімдар, оқымысты адам ретінде танылғанын баян етті.
— Жұрттың айтуынша, ол әсіресе жұлдыздар жайындағы ғылымды жетік меңгеріпті, күн мен айдың аспанда не істейтінін жақсы біліпті: өйткені, ол күн мен айдың қашан тұтынатынын бізге дәлме-дәл айтып беретін.
— Бұл екі ұлы ғаламшардың қарауытуын тұтыну демейді, тұтылу дейді, достым, — деп түзетті оны Дон Кихот.
Ондай түкке тұрғысыз нәрсені елең қылмаған Педро әңгімесін әрмен жалғады:
— Одан соң ол жылдың қандай болатынын: түсімді ме әлде түсімсіз бе, соны да дәл болжап бере алатын.
— Сен шығымды ма әлде шығымсыз ба, дегенді айтқалы отырсың ғой, достым, — деп ескертті Дон Кихот.
— Түсімді немесе шығымды деген де бір — төбеңе ұрған да, төбеңнен ұрған да бір ғой, — деп наразылық білдірді Педро. — Сөйтіп, оның осындай болжалдары арқасында Хризостомның әкесі мен дос-жарандары әбден байып алды — олар оған имандай сенетін және айтқанын бұлжытпай орындайтын, ал Хризостом болса оларға әдетте: “Биыл бидайдың орнына арпа себіңдер. Ал, биыл бұршақ себіңдер, арпа сеппеңдер. Алдағы жылы зәйтүн майы малтып жүретіндей мол болады, одан соң үш жыл бойы қатарынан бір тамшы да табылмайды”, дейтін.
— Бұл ғылым астрология деп аталады, — деп қосып қойды Дон Кихот.
— Оның қалай аталатынын білмеймін, — деді Педро, — бар білетінім, әйтеуір, ол бұдан да, сондай-ақ басқа нәрселерден де өте жақсы хабардар болатын. Қысқасы, Саламанкадан оралғаннан кейін арада бірнеше ай өткенде, ойда жоқта бір күні ол студенттік ұзын етек киімін лақтырып тастады да, үстіне тұлып киіп, қолына таяқ ұстап, бақташы сияқтанып шыға келді, оған ілесіп жан досы және өзімен бірге оқыған жолдасы Амбросьо да бақташы боп киініп алды. Сізге айтуды ұмытып кетіппін, марқұм Хризостом өлең шығару жағынан да асқан шебер еді: рождестволық әндерді де, Христос тәні мейрамына арналған, деревнямыздың жастары қоятын ойынның көріністерін де өз жанынан шығаратын және жақсы шығаратыны сонша, көрген жан айран-асыр қалатын. Осы екі оқушы аяқ астынан бақташы боп киініп шыққан кезде бүкіл деревня абдырап қалды, бұлайша құбылудың оларға не үшін қажет болғанын ешкім түсіне алмады. Сол шамада біздің Хризостомның әкесі дүние салып, оған жылжитыны бар, жылжымайтыны бар біраз құнды мүлік, қыруар ірі қара мен ұсақ жандық және едәуір мөлшердегі ақша мұраға қалған-ды. Осының бәріне ол өз білгенінше қожалық ете алатын болды және, әділін айтқан жөн, ол бұған лайықты да жан еді: Хризостом ілтипаты мол жақсы жолдас болатын, ақ ниетті адамдарға үйір еді, ал сымбатына көруге көз керек-ті. Ал, ұзамай мәлім болғанындай, Хризостом бейшараның киім өзгерткен жалғыз себебі, әлгінде бақташыларымыздың бірі осы жерде есімін атап кеткен бақташы қыз Марселаға ғашық боп қалыпты да, соған ілесіп біздің мына қу медиен түкпірімізді кезбекке ойы кетіпті. Енді сіздің әлгі бойжеткеннің кім екенін біліп алуыңыз керек, оның жайын сізге қазір айтып берем: мүмкін, — мүмкін емес-ау, шыны сол, — тіпті ана дүниеге кәрі ағаш жасында жетсеңіз де мұндайды ғұмыры естімейтініңіз кәміл.
— Кәрі ағаш емес, кәрі шөңге, — деп түзетті оны Дон Кихот: бақташының бөтен сөзді орынсыз тықпалай беретініне шыдамы таусылып еді.
— Кәрі ағаш деп отырғанымның себебі кей ағаш қай қариядан да ұзақ ғұмыр кешеді, — деп түсіндірді Педро. — Бірақ, егер сіз, сеньор, әр сөзіме бір жармаса берсеңіз, әңгімемді биыл аяқтап бітіре алмасым анық.
— Кешір, достым, — деді Дон Кихот, — бірақ сөзіңді бөлгенімнің себебі, ағаш пен шөңгенің арасында бірқыдыру айырмашылық бар. Ал, жалпы, ескертуің орынды-ақ, кейбір ағаштың қандай қариядан да ұзақ ғұмыр кешетіні рас. Әңгімеңді айта бер, енді саған бөгет жасамаймын.
— Сөйтіп, мархабатты мырзам, — деп ешкі бақташы қайта сөйлеп кетті, — деревнямызда Гильермо есімді бір шаруа болған: ол Хризостомның әкесінен де бай болатын және шамадан тыс шылқыған дәулетке қоса құдай оған бір қыз берген-ді, ал қыздың шешесі, біздің өңірдегі аса қадірменді әйел еді, босану үстінде қайтыс болған-ды. Дәл қазір де көз алдымда: жанары аспандағы жұлдыздай ұшқын шашып тұратын. Ал, ең бастысы, үй шаруасына керемет ұсынақты еді, кедей-кепшікке қарасып тұратын, сондықтан, менің ойымша, қазір жаны жұмақтағы жақсы орынға жайғасқан да болар. Осындай мейірбан сыңарынан айрылған Гильермо қайғыдан оңала алмай көз жұмды да, қызын, өндірдей жас әрі асқан бай Марселаны, немере ағасы, біздің деревнядағы священник асырап алды. Бұл қыздың сұлулығы шешесін еріксіз еске салатын, ол кісі аса көрікті адам болғанымен, өсе келе Марсела одан да асып түсетіндей көрінетін. Сөйтіп, қыз он төрт - он беске толғанда келбетіне көз жіберген жанның бәрі оны осыншалықты үріп ауызға салғандай әдемі етіп жаратқан құдайдың құдіретіне таңдай қағатын болды, ал көпшілігі естен тана ғашық боп жатты. Немере ағасы оны қия бастырмай, қатаң талап қойып, басқан ізін бағып отырды, сөйте тұрса да бұл қыз асқан сұлулығымен және шексіз байлығымен жалғыз біздің селоға ғана емес, жүз мильдей жердегі айнала-маңайға да кеңінен мәшһүр болып, жігіттің не бір жампозы оны айттырмаққа талаптанып немере ағасының мазасын ала бастады. Жасы жетіп отырғандықтан Марселаны күйеуге беруге немере ағасы, шынайы христиан ретінде, өз басы онша қарсы да емес-ті, алайда, кішкене кідіре тұрғанды қош көрген, — оның себебі, әсте де қыздың дүние-мүлкіне неғұрлым ұзақ уақыт қамқорлық жасаса, одан соғұрлым көбірек түсетін пайда мен табыс емес, қыздың бұған әлі келісім бере қоймағаны еді. Арыммен ант етейін, осынау қадірменді дін қызметшісі жайында түрлі бас қосулардың бәрінде де тап осылай делінді, ал енді сіздің, сеньор саяхатшы, біздің бұл қуысты мекендейтіндердің кімнің де болсын басына су құйып, абыройын айрандай төге алатынын біліп қойғаныңыз артық етпес деп ойлаймын, сондай-ақ, бұл сөзіме кәміл сенуіңізге болады, егер шіркеуге келіп тауап етушілер, әсіресе деревня тұрғындары, священник жайында жақсы лебіз білдіріп жатса, онда оның шынымен-ақ жақсы адам болғаны.
— Бұл рас, — деп қоштап қойды оны Дон Кихот, — бірақ сенен әрмен жалғастыруыңды сұрағым келіп отыр, өйткені әңгімең қызықты екен, оның үстіне сен, қадірменді Педро, әңгімені аса шебер айтатын адам екенсің.
— Жаратқан ием, өле-өлгенше шапағат-мейірімінен айырмағай — ең бастысы осы. Ал, енді, білгіңіз келсе, одан әрі мынадай жағдайлар орын алды. Немере ағасы келіп жүрген дәмелілер жайында құлағына қанша құймасын және айттыра келгендердің әрқайсысының қадір-қасиетін қанша түсіндірмесін, жүрегі қалаған біреуін таңдап, соған күйеуге шығуға қанша үгіттемесін, Марсела тұрмыс құрғым келмейді, әлі жаспын, жұбайылық өмірдің ауыртпалығын көтере алмаймын, деп жалтарумен болды. Оның бұл уәжі ағасына өте орынды көрініп, есейе келе өмірлік серік етер адамды өзі-ақ таңдап алар деген үмітпен мазалай бергенін қойды, өйткені, балаларының тағдырына қол сұғу ата-анаға абырой әпермейді деген байламға келген болатын және онысы өте орынды да еді. Сөйтіп, арада бірсыпыра уақыт өткенде бір күні ерікті Марсела ойламаған жерден бақташы қыз боп киініп шыға келді де, немере ағасы мен селоластарының жалынғанын құлағына да қыстырмай, бақташы қыздарға қосылып жайылымға шығып, өз отарын бағуға кірісті. Қыздың жұрт алдында жүз көрсеткені, ажарына көз сұғын қадауға еркіндік тигені сол екен, байшыкеш бозбалалар мен идальголар, қарапайым диқандар аралас қарақұрым адам иықтарына Хризостом секілді сәнді киімдерін іліп қызға қырындауға кірісті, солардың арасында, әлгінде айтып өткенімдей, біздің марқұм досымыз да болды; жұрт Хризостом қызды жай ғана ұнатып қоймай, оны әулиедей ардақ тұтады екен деген қауесет те таратып үлгерді. Алайда, өзімен-өзі боп оңаша жүруге мүлдем дерлік, дұрысын айтқанда, ешқандай мүмкіндік бермейтін еркіндік пен көңілі не қаласа соны істеуіне болатын еріктілікке қол жеткізген Марсела осы арқылы өзінің тазалығы мен ар-ұятын онша қадір тұтпайтынын көрсетті немесе соған емеурін жасады деп ойлаудың қажеті жоқ, — керісінше, пәктігін кіршіксіз сақтауға барын салатындығы сонша, жарамсақтық жасап, ықылас-ниетін аударып алуға әрекеттеніп жүрген пысықайлардың ешқайсысы әлі күнге шейін бұл қыз өзіне үміт жібінің ұшығын болса да ұстатты деп мақтана алған жоқ және, сірә, ешқашан мақтана да алмайтын шығар. Рас, ол бақташылармен бірге болудан қашпайды, олармен әңгіме-дүкен құрудан да жалтармайды, әрдайым сыпайылық білдіріп, жылы шырай танытады, бірақ әлде біреуі оған ынтызарлығын мәлім қылса болды, тіпті бұл бас қосу мақсатындағы заңды да бейкүнә тілек болса да бәрібір, сол бойда-ақ оның жанынан сақпаннан атылған тастай ұшып жөнін табады. Бұның осындай қылықтары біздің жақты бір жаман індет келгеннен бетер шулыған қылып отыр, өйткені сұлулығы мен ақ жарқын мінезі өзін ұнатып, көңілін аулауға тырысатындардың жүрегін қуанышқа бөлесе, салқындығы мен тәкаппарлығы оларды түңілдіріп жібереді, міне сондықтан да олар мұның адамгершілік қасиеттерін сипаттауға келгенде қатыгез, жақсылықты білмейді деген секілді сөздерден басқа теңеу таба алмайды. Егер сіз, сеньор, осында тағы бір күнге қала тұрсаңыз, маңдайы тасқа тиген талапкерлердің сол бұрынғыша әлі де қыздың соңынан жүгіруін қоймай, тау-тасты жаңғыртып қалай зар қағып жүргенін өз құлағыңызбен естір едіңіз. Осы араға жақын маңда жиырма шақты биік шамшат ағашы өсіп тұрған жер бар, соның әрқайсысының жылтыр қабығында Марселаның аты ойып жазылған, ал кей жазудың жоғарғы жағына оған қоса тәж де бейнеленген, бейне бір осынау анық-танық белгілер арқылы ғашық жандар Марселаның сұлулық падишасы екенін айтқысы келгендей. Бір бақташы аһ ұрады, екіншісі өкпе айтады, мына жерде ғашықтық әні шырқалып жатыр, ана жерде күйінішке толы күрсініс. Біреу жартастың етегінде немесе емен ағаштың түбінде жанары жасқа толып, түні бойы кірпік қақпай шығады, тәтті арман жетегімен қиянға қалықтап кеткен оны таңның қызыл шапағы сол жерден табады, ал екінші біреуді шаңқай түстің жан шыдатпас ыстығы толассыз зар төгіп, рақым-мейірі мол жаратқаннан жәрдем сұрап, күйіп тұрған құмда ұзынынан сұлап жатқан күйінде кезіктіреді. Бірақ, басы бос, бейғам Марсела бұлардың жанынан немқұрайды түрде аяңдап өте береді, сонсын, оны өте жақсы білетін біздер өзімізден өзіміз: мұның тәкаппарлығы қашан басылады, мұның асау мінезіне тұсау салып, айтса ауыздың суы құритын сұлулығының рақатын көретін сол бір бақытты жан кім екен деп сұраймыз. Өзіңізге осы айтып бергенімнің бәрі — айна-қатесіз шындық, сондықтан да, менің ойымша, Хризостомның өлімі жайындағы бақташымыз жеткізген әңгіме де ақиқаттан алшақ емес. Осы себепті, сеньор, жерлеуге міндетті түрде барғаныңыз жөн, онда көретін нәрсе аз болмайды, өйткені, марқұмның достары көп, ал оның өзін қоюға өсиет еткен жері осы арадан жарты мильдей ғана.
— Әрине, барғанда қандай, міндетті түрде барамын, — деді Дон Кихот. — Ал, қазір өте қызықты әңгімеңмен жанымды жадыратып тастағаның үшін өзіңе алғысымды айтуға рұқсат ет.
— Расында, мен Марселаға ғашықтар бастан кешкен кептің бар-жоғы тек жартысын ғана білемін! — деп қарсылық айтты ешкі бағушы. — Бірақ, ертең жолшыбай бақташылардың біреу-міреуін кездестіріп қалуымыз, сол бәрін түгел айтып беруі әбден мүмкін. Ал, қазір баспанаға барып жайғасып көз шырымын алғаныңыз артық болмас еді: түнгі салқын жарақатыңызға жайлы тимеуі мүмкін, бірақ, шындығында, жапсырмамның жақсылығы сол, жаңа бір дерт жамап алам деп қауіптенбеуіңізге болады.
Санчо Панса сөзуар бақташыға әлдеқашан-ақ іштей нәлет жаудырып қойған, енді қазір ол да бір жақтан қабаттасып Дон Кихотты Педроның лашығында ұйқтап шығуға үгіттей бастады. Анау ақыры көніп, түннің қалған бөлегін Марселаның ғашықтарына еліктеп, жүрегінің әміршісі Дульсинея жайында арманға берілумен өткізді. Санчо Панса Росинант пен есегінің екі ортасына жайғасып, күдері үзілген ғашық жандай емес, сілейтіп сабаған біреудей қатып ұйқтап қалды.
ХІІІ тарау
Бақташы қыз Марсела жайындағы әңгіменің соңы және басқа да оқиғалар туралы
Шығыс көкжиектің жабығынан күн дидары қылаң бергені сол, алты бақташының бесеуі орындарынан тұра-тұра келіп, Дон Кихотты оятып, одан Хризостомның салтанатты жерлеуіне бармақ ниетіңізден айнып қалған жоқсыз ба деп сұрап, оны сол жерге бастап бармақ болысты. Дон Кихотқа керегі де сол еді; ол тұрып, Санчоға ат пен есекті ерттеуге әмір етті, анау ылдым-жылдым қимылдап әмірді тез орындады, аналар да қалыспай жолға шапшаң жиналды. Бірақ, олар ширек мильдей де шығып үлгермей-ақ, үстеріне қара тұлып киген, бастарында олеандр мен кипаристен гүлдестелері бар алты бақташының өздері жүріп келе жатқан соқпаққа түскенін көрді. Бәрі де жуан таяққа сүйенген. Олардан сәл әрменіректе әсем де сәнді жол киімін киген екі дворян салт атпен келе жатыр, соңдарынан үш малай жаяу еріп келеді. Қатарласқан кездерінде екі топ та сыпайыгершілікпен бас иіп сәлемдесіп, кімнің қайда бет алғаны жайында жол сұрасты, бәрінің де жерлеуге бара жатқаны белгілі болғаннан кейін бірге жүріп кетті.
Салт аттының бірі екіншісіне қарап:
— Сеньор Вивальдо, осынау әдеттен тыс жерлеуге қатыссақ, уақытымызды босқа өткіздік-ау деп өкінбейтін сияқтымыз: қайтыс болған бақташы мен оның түбіне жеткен бақташы қыз жайында серіктеріміз айтқан таңғаларлық әңгімелерге қарағанда, бұл өзі, шын мәнінде де, елден ерек нәрсе болғалы тұр, — деді.
— Маған да солай сияқты, — деп жауап қатты Вивальдо. — Осы жерлеуді көру үшін өз басым бір емес, бірнеше күнді арнауға бармын.
Дон Кихот олардан Марсела мен Хризостом жайында не естігендерін сұрады. Жолаушы оған таң алагеуімде бақташыларды жолықтырып қалғандарын, үстеріне киіп алған қаралы киімдерін көріп, аза тұтуға мәжбүр еткен не жағдай екенін сұрағандарын, сол кезде бақташылардың бірі өздеріне көрікті де кінәмшіл бақташы қыз Марсела жайында, оның сансыз көп дәмелілері жайында және, ақырында, өздері қоштасуға бара жатқан Хризостомның өлімі жайында егжей-тегжейлі айтып, түсіндіріп бергенін баян етті. Тоқ етері, жолаушы Дон Кихотқа өзі бұрын Педродан естіп алғандарының бәрін хабар етті.
Бірақ, сол арада әңгіме мүлдем басқа арнаға ауып кетті, өйткені әлгі Вивальдо есімді адам Дон Кихоттан осынау ел аман, жұрт тынышта қолына қару алып ел аралауға қандай мұқтаждық болғанын сұрады. Оған Дон Кихот былай деп жауап қатты:
— Таңдап алған ісім басқадай кейіпте бой көрсетуге жол бермейді және рұқсат та етпейді. Жанға жайлы тірлік, сән-салтанат пен алаңсыздық —астананың нәуетек тұрғындарының сыбағасы, ал ауыртпалық арқалау, мазасыз күй кешу мен әскери ерліктер — әдетте жұрт кезбе рыцарь деп атайтындар үшін жаратылып, солар бастан кешуге арналған, мен пақыр өзімді солардың ең соңғысы санаймын.
Оның жарымес екені сол арада жұрттың бәріне аян болды, бірақ ақылы неден ауысқанына көзін әбден жеткізу үшін Вивальдо оған тағы бір сауал тастап, кезбе рыцарь дегендердің кім екенін сұрады.
— Мархабатты мырзалар ағылшын тарихының шежіресімен таныс емес пе еді? — деп Дон Кихот қарсы сұрақ қойды. — Бұл шежіреде өзіміз кастильдік тілімізде Артус деп атап жүрген король Артурдың айтулы ерліктері жөнінде баяндалады ғой және ол жайында бүкіл Британ корольдігінде кең тараған ежелгі аңыз-әңгіме де бар. Сол аңызда: әлгі король өлмеген көрінеді, арбаушылық амал-айламен оны қарғаға айналдырып жіберіпті, сондықтан кезі келгенде ол қайтадан король кейпіне еніп, тәжі мен аса таяғына қайта ие болады екен, делінеді; осы себепті сол уақыттан бастап әлі күнге шейін бір де бір ағылшын қарға өлтірмеген көрінеді. Міне, тап осы ізгі ниетті корольдің тұсында атышулы Дөңгелек Үстел Рыцарьларының ордені құрылған болатын, ал Көл Рыцары Ланцелот, әлгі аңыздың айтуына қарағанда, дәл осы мезгілде королева Джиневраға өлердей ғашық боп қапты, ол екеуінің арасында жеңгетай әрі делдал болып сарай ханымы, қадірменді Кинтаньона жүріпті, — күні бүгінге шейін күллі Испания айтып жүрген баршаға мәлім романс та осыдан төркіндеп жатыр:
Өзінің туған жерінен
Келіп жеткен Ланцелотты,
Сүйкімді сұлу арулар
Құшақ жайып қарсы алды.
Одан әрі оның ғашықтық қызық-шыжықтары мен көзсіз ерліктері мейлінше нәзік те биязы бояулармен бейнеленеді. Сөйтіп, сол заманнан бастап осынау рыцарьлық орден аз-аздан кеңейе беріп, кеңейе беріп, ақыры неше алуан мемлекетті қамтыды және осы орденнің аясында көптеген рыцарь ерекше ерліктеріне орай даңқ пен құрметке бөленді; олардың қатарында ержүрек Амадис Галльский, оның балалары мен бесінші буынға дейінгі немере, шөбере, шөпшектері, айбынды Фелисмарт Гирканский, лайықты бағаланбаған Ақ Тирант және, сондай-ақ, жеңілуді білмейтін жау жүрек, өзіміз күні кеше ғана жүздесіп, даусын естіп, таяуда ғана өзімен тілдескендей көрінетін рыцарь дон Бельянис Греческий бар. Кезбе рыцарь дегеніміз және әлгінде хабардар болғандарыңыздай, өзім де қатарына жататын, жаңағы аталған рыцарьлар берген сертті, күнәкар пенде, өзім де берген рыцарьлық орден дегеніміз, міне, осындай, сеньорлар. Тағдыр өзіме тап қылар ең ауыр да қиын сынақты қаһармандықпен әрі мейлінше шыдамдылықпен бастан өткеруді, қаріп-қасерлер мен нашарларды қорғауды ниет етіп, шытырман оқиға іздеу мақсатымен осынау қу медиен түкпірге аяқ басқан жайым бар.
Дон Кихоттың ақылы ауған адам екеніне және оны ақылдан адасудың дәл қандай түрі меңдегеніне серіктерінің енді еш шүбәсі қалмады, сондықтан онымен ертерек танысқандардың да, алғаш кездесіп тұрғандардың да бұның бәріне таңырқамас шамасы болмады. Хризостомды қоятын жерге, бақташылардың айтуынша, онша көп қалмаған, осы себепті қалған жолды көңілдірек өткізу үшін сайқымазақ әрі қалжыңбас Вивальдо рыцарымызды одан бетер өрекпітуге оқталды. Сол үшін оған былай деп тіл қатты:
— Менің түсінігімше, сеньор кезбе рыцарь, өзіңізге өзіңіз өте бір қатал серт берген секілдісіз, — тіпті картезиандық монахтардың серті де онымен салыстырғанда маған онша қатаң көрінбейді, — дегенді айтты.
— Олардың серті де осындай қатаң болуы әбден мүмкін, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — бірақ одан жұртқа дәл мұндай пайда келе ме, келмей ме, оған кепілдік бере алмаймын. Ал, енді ашығына көшсек, әскербасының әмірін орындайтын жауынгер де сол бұйрықты беріп тұрған әскербасыдан кем маңызды іс атқармайды. Айтайын дегенім, күллі өмірін тып-тыныш жерде, қамсыз-мұңсыз өткізетін иноктар жаратқан иемізден жер бетіне береке жаудыруын сұрап жалбарынады, ал біздер, жауынгерлер мен рыцарьлар болсақ, олардың сол жалбарынып сұрағандарын білегіміздің күшімен, семсеріміздің ұшымен жүзеге асырамыз және ықтасында отырып емес, ашық аспан астында жүріп, кеудемізді жазда күннің қайнаған ыстығына қақтап, қыста сақылдаған сары аязына тосып, жер-дүниені қорғаймыз. Қорытып айтқанда, біз — құдайдың жер бетіндегі құлымыз, біз — оның әділ үкімін орындайтын құралымыз. Бірақ, жауынгерлік міндет пен
содан туындайтын және соған қатысы бар нәрсенің бәрін іске асыру үшін бізге ғаламат көп күш жұмсап, тер төгуге тура келеді, олай болатын болса, өзіне осындай парыз арқалаған жанның бейбіт те тыныш, жайлы құжыраларда отырып құдайдан кембағалдарға жәрдем сұрап жалынатындардан гөрі көбірек күш-қайрат жұмсайтыны айдан анық. Әлбетте, мен кезбе рыцарьдың ерлігі мен құжырада қамалып отыратындар ерлігінің екеуі де қастерлі дегенді айтайын деп тұрғам жоқ және ондай ойдан да мүлдем аулақпын, бірақ өзімнің ащы тәжірибемнің негізінде қашан да жейтін ас, ішетін суға зәру, бейнет шегіп, сілесі қатқан, басында баспана, үстінде жөнді киім жоқ, бит пен бүргеге жем болып жүрген кезбе рыцарьдың тақуадан гөрі көбірек мехнат шегеріне көзім анық жетті, өйткені бағзы замандардағы кезбе рыцарьдың қадам басқан сайын қасіретке жолығып отырғанына ешкім күмән келтіре алмайды. Егер де солардың ішіндегі біреу ақ білегінің күшімен император тәжін жаулап алған болса, онда осының жолында, бұл сөзіме кәміл сенуіңізге болады, оның едәуір мөлшерде қан мен тер төгуіне тура келгені кәміл және егер осындай жоғары дәрежелерге ие болғандарға данагөйлер мен сиқыршылар дер кезінде көмек қолын ұсынбаса, онда өз армандары мен үміттерінің алдамшы елес пен бос қиял боп шыққанына олардың көп ұзамай-ақ көздері жетер еді.
— Мен де солай ойлаймын, — деді жолаушы. — Бірақ, кезбе рыцарьлардың бойындағы маған ұнамайтын бір қасиет: өлімге бас тігуге тура келетін аса қауіпті шытырман оқиғаға тап болар сәттерінде олар христианға тән жорамен осындай қатерлі шақта өзіне қамқорлық жасауды құдайға тапсырудың орнына, ханымдарына тапсырады және құдды бір сол әйелдерді құдірет санайтындай, құдайға сиынғандай құлшыныспен, айрықша тебіреніспен жалынып-жалбарынады. Жасыратыны жоқ, бұдан әлденендей бір мәжусиліктің иісі сезіліп тұрғандай.
— Бұл әманда солай болуға тиісті де, сеньор, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — әйтпесе кезбе рыцарь масқара болар еді: кезбе рыцарьлар қауымының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бойынша әскери ерлік жасар алдында кезбе рыцарь жүрегінің әміршісіне айналған әйелден тілекші болуды, өзін тосып тұрған қатаң сынақтан сүрінбей өтуіне көмектесуді сұрағандай, оған ойша жылы да мейірімді жанармен көз салуға міндетті. Тіпті ешкім естіп тұрмаса да, бәрібір, оның қамқорлығына өзін басы-бүтін табыстап, осынау бірнеше сөзді дауыстап айтуға тиіс, — мұның сан жетпес мысалын романдардан таба аласыз. Бірақ, бұған қарап рыцарьлар құдайдан пәрмен сұрамайды екен дейтін байлам жасауға болмайды, өйткені айқастың қызған шағында одан көмек сұрауға уақыт та, себеп те оларға әр кез табылып жатады.
— Дей тұрғанмен, мені күдіктен біржола арылта алмадыңыз, — деп ескертті жолаушы. — Талай мәрте оқуға тура келді: екі кезбе рыцарь егесіп қалады, екеуі де басынан сөз асырмай даулары ушығып кетеді — міне, енді ыза қысқан олар аттарының басын бұрып екі жаққа айрылып кетеді де, кідірместен жалт бұрылып кері қарай көсілте шауып, бір-біріне тарпа бас салады, міне дәл осы арада, атпен ағызып келе жатқан кездерінде, олар өздерін ханымдарына табыс етеді. Қателіктің ақыры, әдетте, былай болады, бірі дұшпанының найзасына шаншылып шалқасынан түседі, ал екіншісі — әрине, атының жалына жармасып үлгермегенде ол да соның кебін киіп жерге гүрс құлар еді. Сонда деймін-ау, қаза тапқан рыцарь әлгі қысқа қайырым айқастың алас-күлесінде құдайға жалбарынуға уақыт таба ала ма — осы белгісіз боп қалып тұр. Ханымына жалбарынып сөз шығындағанша, бұл сөздерін христиан ретінде баршамызға әрі парыз, әрі міндет боп табылатын үрдіске жұмсағаны жөн болатын еді ғой. Оған қоса, кезбе рыцарьдың бәрінде бірдей өзін табыстай алатын ханымның жоқтығына сенімім кәміл — өйткені, олар шетінен ғашықтық сезім шырмауында жүрген жан емес қой.
— Ондайдың болуы мүмкін емес, — деді наразы Дон Кихот. — Яғни, менің айтайын дегенім, ханымы жоқ кезбе рыцарь дейтіннің болуы мүмкін емес, өйткені біреуге ғашық рыцарь — жұлдызды аспан секілді үйреншікті де табиғи құбылыс, оған қоса әлдебір романда махаббат машақатынан мақұрым кезбе рыцарь бейнеленді дегенді сірә да кездестірген емен. Ал, егер ондай рыцарь өмірде болған күннің өзінде, ол рыцарлар қауымының заңды ұлы емес, оның ауласына қақпадан кірмей, ұры-қары тәрізді шарбағынан қарғып кеткен бұралқы баласы саналар еді.
— Солай болғанымен, жаңылмасам, — деп ескертті жолаушы, — Амадис Галльскийдің інісі дон Галаордың өзін тапсыратындай осындай ханымы болмағанын бір кітаптан оқығаным бар еді, алайда бұл үшін оған ешкім айып таққан жоқ және бұл оның керемет ержүрек әрі атақты рыцарь болуына бөгет жасаған емес.
Бұған Дон Кихот былай деп жауап қатты:
— Сеньор! Ала қойды бөле қырыққан жөн болмас. Оның үстіне, аталмыш рыцарьдың сырттай ғашық болғаны және бұл сезімге бар ынты-шынтысымен берілгені маған мәлім; рас, ол ұнатып қалған ханымдарының бәріне де ынтызарлық білдірген-ді, өйткені оның қанға біткен қасиеті сондай еді, осы себепті өз еркіне өзі қожалық ете алмаған. Әйткенмен, оның жүрегіне әмір жүргізген әйелдің болғанына, қашан да, қайда да өзін тек соған ғана тапсырып отырғанына шек келтірудің жөні жоқ; рас, ол бұны жан баласына білдірмей құпияда ұстады, өйткені ол құпияға беріктігімен аты шыққан рыцарь еді.
— Егерде табиғи болмысына сәйкес кезбе рыцарьдың әйтеуір біреуге ғашық болуы шарт саналса, — деді жолаушы, — онда өзіңіз де, мархабатты мырза, ондайдан құралақан емес шығарсыз, өйткені таңдаған кәсібіңізге орай бұл сіз үшін парыз есепті ғой. Дон Галаор сияқты сыр шашпауға бел байлаған адам болмасаңыз, осы әңгімені тыңдап келе жатқандардың атынан және өз атымнан ханымыңыздың есімі мен ақсүйектік атағын, туған жерін айтып беруіңізді және кескін-келбетін сипаттап беруіңізді сұраймын. Мына сіз секілді, мархабатты мырза, өз долбарымша, айбынды рыцарьдың өзіне қызмет ететіні және өзін сүйетіні басқа да жұртқа мағлұм болғаны ол үшін де зор қуаныш қой.
Бұл сөздерді естіген Дон Кихот ауыр күрсініп алды.
— Өзіне қызмет ететінімді жұрттың бәрі білгенін момақан мәстурам ұната ма, ұнатпай ма, ол жағын айта алмаймын, — деді ол. — Алайда, айрықша құрмет білдіре қойған сауалыңызға жауап бергенді жөн санап өзіңізге айтарым, оның есімі — Дульсинея. Ламанчадағы бір елді мекенде, атап айтқанда Тобосода туған. Патшам да, әміршім де сол, — яғни сонда ол, аз дегенде, принцесса болып шығады. Сүйкімділігін суреттеуге сөз жетпейді, өйткені оның бойында ақындар өз ғашықтарының басына үйіп-төгетін сұлулықтың адам сенгісіз әрі тек қиялда ғана елестетуге болатын барлық белгісі бар: шашы — алтын, маңдайы — Елисей даласындай, қабағы — аспандағы кемпірқосақтай, қос қарашығы — көктегі қос шырақтай, жағы — райхан, аузы — маржан, тісі — інжу, алебастр — оның мойыны, мәрмәр — қос алмасы, піл сүйегі — қолы, терісінің ақтығы — ақша қардай, ал әдеп пен иба көптің назарынан көз таса ұстайтын денесінің басқа мүшелеріне келсек, өз бағамым мен бажайлауымша, бұлар қарабайыр ой-қиялды қайран қалдыратындай болса керек, бұларды басқа бірдеңемен салыстыруға қандай қиялдың да қауқары жетпейді.
— Біз оның қай қауымнан екенін, ата-бабаларын, шыққан тегін білсек деп ек, — деді Вивальдо.
Бұған Дон Кихот былайша жауап берді:
— Ол ежелгі римдіктердің — Курцийлер, Кайлар мен Сципиондардың ұрпағы емес және бүгін де бақуатты Колонна мен Орсиниден, каталондық Монкада пен Рекесендерден де, валенсиялық Ребелья мен Вильяннан да, арагондық Палафокстар, Нуса, Рокаберти, Корелья, Луна, Алагондар, Корреа, Фостар мен Гурреадан да, кастильдік Серд, Манрике, Мендос пен Гусмандардан да, португалдық Алекастро, Палья мен Менесестерден де тарамайды, — ламанчалық Тобосо тұқымынан тарайды, бұл өзі ежелгі тұқым болмағанымен алдағы жүзжылдықтардың айтулы ақсүйек ұрпақтарына түп ата бола алатын мүмкіндігі бар. Егер де бұған күмән келтіріп, дауласпақ ниет білдіретін біреу шықса, онда мен оған Роландтың тау-төбе олжасының етегіне Дзербин жазған шартты алға тартам:
Роландты айқаста жеңе алғандар
Олжаға мынау кенелуге қақы бар.
— Мен өзім Пысықай Ларедскийлер тұқымынан шыққаныммен, — деп құлаққағыс етті жолаушы, — оны Ламанчалық Тобосомен теңестіруге тәуекел ете алмаймын, әйтсе де, шынымды айтсам, мұндай есімді тұңғыш рет естіп тұрғаным да рас.
— Қалайша, мүмкін емес қой тұңғыш рет естуіңіз! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот.
Бұл әңгімені барлығы да зор ықыласпен тыңдаған еді, ақыр соңында тіпті бақташылардың өзі де Дон Кихотымыздың кемақыл екеніне көз жеткізді. Тек оны бесікте жатқан кезінен дерлік білетін Санчо Панса ғана қожайыны айтқан сөздің бәрін имандай шындық деген сенімінен танбады; жалғыз ғана шамалы шүбә келтіргені — тобосолық Дульсинея сұлу дейтіннің бұл дүниеде бар-жоғы болатын, өйткені аталмыш қалашыққа таяу маңайда тұрып жатса да, осындай есіммен аталатын принцесса жайында өмірі ешкімнен еш нәрсе естімеген-ді. Дон Кихот пен Вивальдо әңгімелерін одан әрі жалғап кеткен, бір мезгілде жартастар арасындағы аңғардан үстеріне қара тұлып киген, бастарында гүлдестелері бар, қарамы жиырма адамдай бақташылар бой көрсетті; кейін анықталғанындай, гүлдестенің кейбірі тис ағашы бұтақтарынан, кейбірі кипарис бұтақтарынан тоқылған боп шықты.
Алуан түрлі гүлмен және не қилы бұтақтармен көмкерілген зембілді алты адам көтеріп келеді екен. Соны көрген бақташылардың бірі:
— Әне, Хризостомның мәйітін әкеле жатыр, өзін жерлеуге өсиет еткен жері де осы таудың етегі болатын, — деді.
Соны естіген жолаушылар жүрісін ширата түсті де, марқұмның достары зембілді жерге қойып, төртеуі өткір күрекпен түнеріңкі жартастың етегінен қабір қазуға кіріскен сәтте бұлар да келіп жетті.
Олармен сыпайы сәлемдескеннен кейін Дон Кихот пен серіктері зембілге қарай жақындап, Хризостомға көз тікті: үстіне бақташылар киімін киген ол гүлге оранып жатыр еді, түріне қарап оны отызда деп шамалауға болатын; жансыз өлік болса да әліге дейін келбеттілік пен биязылық нышанын сақтап жатыр екен, шамасы, көзі тірісінде осындай қасиетке ие болғаны ғой. Бірнеше кітап және көптеген қолжазба, кейбірі шиыршықталған қалыпта, кейбірі тарқатылып жазылған күйінде оның жан-жағына зембілге жайылып қойыпты. Марқұмға көз тігіп қалғандар да, қабір қазып жатқандар да, жалпы осы араға жиналғандардың бәрі қастерлі үнсіздік сақтап тұрған-ды, бір мезгілде марқұмды осы жерге алып келгендердің бірі екіншісіне қарап:
— Ақыры Хризостомның барлық өсиетін бұлжытпай орындауға ниет қылған екенсіздер, ендеше, Амбросьо, дұрыстап қараңызшы, оның айтқан жері шынымен осы ара ма? — деді.
— Осы ара, — деп жауап қатты Амбросьо. — Бақытсыз достым бастан кешіп жүрген машақаттары жайында осы арада менімен жиі сыр бөлісетін. Айтуынша, Марселаны тұңғыш рет ол осы жерден кезіктірген, адамзат баласының осынау қас жауына осы жерде алғаш рет пәк те ыстық ынтызарлығын паш еткен және тап осы арада соңғы рет Марсела оған жеркеніш білдіруі арқылы көңілін жер қылып, бұның ақыры оны өкініш толы өмірінің трагедиясын тәмамдауға итермеледі ғой. Сөйтіп, осынау қайғы-қасіретке естелік болсын деп, қара жердің қойнына өзін тап осы жерде тапсыруымызды қалады.
Соны айтып Амбросьо Дон Кихот пен оның серіктеріне қарай жүзін бұрды:
— Өздеріңіз осынша аяушылықпен көз тігіп тұрған бұл дене, сеньорлар, сансыз көп ізгі қасиет дарыған жанның отауы болып еді, — деп сөзін сабақтады ол. — Бұл — Хризостомның денесі, ол ерен ақыл-ой иесі еді, әдептілік жағынан оған ешкім теңдесе алмайтын, шамадан тыс кеңпейіл, шектен тыс кішіпейіл, достыққа әрдайым адал, тәкаппар болғанымен менмендігі жоқ, қай істе де, жақсы мағынада айтқанда, өнегелі, — қысқасы, рақымды жандардың ішіндегі ең рақымдысы және бақытсыздығы жағынан алдына жан салмаған адам болатын. Иә, ол ынтық болды, бірақ ықылас таппады, ол жақсы көрді, сол үшін жеркенішке ұшырады. Ол жабайы аңнан жанашырлық іздеді, сезімнен жұрдай мәрмәрді жұмсартпаққа талпынды. Ол желдің соңынан жүгірді, шөл далада шыңғырды, қайырымсыздыққа қызмет қылды, сөйтіп осының бәрінің өтемі үшін бақташы қыздың қырсығынан қыршын жаста ажалға азық болды; бұл қыздың есімін жұрттың жадында мәңгіге қалдыруға талпынған еді ол, оған куә мына қолжазбалар, бірақ маған бұларды өзін жерлеп болған соң отқа жағуға әмір етіп кетті.
— Бұл дүниелерге иесінен де бетер мейірімсіздік пен қатыгездік жасамассыз деп сенем, — деп құлаққағыс етті Вивальдо, — өйткені, біреудің ақылға сыйымсыз әмірін айнытпай орындайтын адам ессіздік пен көзсіздікке жол береді. Егер құдіретті мантуандықтың соңғы тілегін орындар болса, біз Цезарь Августы да қоштай қоймаған болар ек. Сондықтан, сеньор Амбросьо, досыңыздың тәнін жерге тапсырыңыз, бірақ жазбаларын жоймаңыз: оның мұндай шешімге келген себебі өзін жәбір шеккенге балады ғой, ал оның әмірін орындау сіздің тарапыңыздан парықсыздық болар еді. Жоқ, сіз бұларды аман алып қалуыңыз керек, Марселаның қайырымсыздығы мәңгілікке есте қалсын, болашақта осындай қасірет-қайғыдан сақтану үшін және ондайға ұрынбау үшін тірлік кешіп жүргендерге өнеге болсын. Мен де, серіктерім де ғашықтық дертіне шалдыққан, бірақ күдері үзілген досыңыздың басында болған жайдан жақсы хабардармыз, оны аса жақын тұтқаныңызды да білеміз, оның өмірден баз кешуінің себебін де, дүние салар алдында өзіңізге нені өсиет еткенін де естідік. Аса бір аянышты бұл хикаядан Марселаның қатыгездігі мен Хризостомның сүйіспеншілігі қандай қияпатты болғанын, сіздің оған деген достық пейіл-ниетіңіздің қандай шынайы болғанын және ессіз махаббат сілтеген соқпақпен тұра шапқандарды қандай қайғылы ахуал күтіп тұрғанын бажайлаймыз. Хризостомның қайтыс болғаны және оның қайда жерленетіні жайында біз кеше кешкісін хабардар болғанбыз, сосын, бір жағынан аяушылық, екінші жағынан әуестік итермелеп, бара жатқан бағытымыздан бұрылып, құлағымызға шалынған сәттен-ақ жүрегімізге ауыр салмақ түсірген осы бір жайды өз көзімізбен көріп қайтпаққа ұйғарып едік. Сөйтіп, енді өзіңізге осындай қолқа салғалы тұрмыз, ақылман Амбросьо, — тіпті болмағанда, ізгі ниетіміз бен қайғыларыңызды жеңілдету жолында қолдан келгеннің бәрін жасауға деген тілегіміздің өтемі үшін, қолжазбаларды өртеуге рұқсат бермеуіңізді және тым құрығанда бірнешеуін алуыма кеңшілік етуіңізді сұраймыз.
Вивальдо оның жауабын тоспастан өзіне жақын жерде жатқан қолжазбалардың бірнешеуін қолына алды. Сол кезде Амбросьо оған былай деп тіл қатты:
— Сізге деген құрметімнің белгісі үшін, сеньор, қолыңыздағы сол қолжазбалар өзіңізде қала беруіне қарсы емеспін, бірақ қалғанын отқа жақпас деп үміттенудің еш қисыны жоқ.
Бұл неғылған қолжазбалар деген ой көкейін тескен Вивальдо біреуін қолма-қол ашып жіберіп, тақырыбын оқыды:
— Торығу зары.
— Бұл бақытсыз досымның соңғы дастаны еді, — деді Амбросьо. — Бастан кешкен машақаттары оны қандай жағдайға жеткізгені түсінікті болуы үшін, сеньор, оны жұрттың бәрі еститіндей етіп дауыстап оқып беруіңізді өтінем. Уақыт жағы бізде әлі баршылық, өйткені қабірді әзір қазып бітіре қоймайды.
— Бұл айтқаныңызды қуана-қуана орындаймын, — деді Вивальдо.
Жиналғандардың бәрі қызығушылық білдіріп, оны сол бойда қаумалай қоршап алды да, Вивальдо нақпа-нақтап оқуға кірісті.
ХІҮ тарау
Мұнда марқұм бақташының торығуға толы өлең жолдары келтіріледі және күтпеген жерден болған басқа да оқиғалардың жай-жапсары баяндалады
Хризостомның зары
Мейірімсіз-ай! Тәкаппар да тасбауыр
Жаман атың жер-дүниеге жайылып,
Қауесет боп кеткеніне мәз болсаң —
Азабымды суреттеуге сай қылып,
Күнәкарлар, тұрғындары тамұқтың,
Тауып бергей не сорақы сөздерді.
Шерді ақтарып, жүрегімді жайлаған
Айыптау үшін сендей қаныпезерді,
Қараң қалған ынтызарлық ызасын,
Пәк жанымның реніш, күйік, назасын
Айналдырам жан түршігер дыбысқа.
Тыңда соны, мазаң кетіп, құрыстап,
Үміті өшкен көкіректен, құсалы,
Кеңістікке ұшып қиян баратын,
Әнді емес, үздік-создық осы өксікті —
Мені жақтап, саған кінә тағатын.
Жылан ысылын, қаншық қасқыр ұлуын,
Өкіргенін бұқаның, жан берерде қиналып,
Тажалдардың жан шошырлық ырылын,
Қарға шуын, шер шақырған жиналып,
Әрі итеріп, бері жығып толқынды,
Теңіз шайқап жүрген кезде жұлқынып,
Құтырған желдің гуілін, арыстанның
Ақырғанын, жарғанаттың шиқылын,
Жесір қалған көгершіннің гүркілін,
Байғыз үнін үрейлі, һәм ысқырған
Жын-шайтанның зәрені алар зіркілін —
Бәрін соның бір үнге сыйыстырам.
Айтпай келген тәмам жұрттан жасырып
Қайғы-зарым сонда сөйлеп береді,
Қатыбастығыңды елге жария етуге
Осындай ғана амал шығар, керегі.
Зәрезеп болып тіксін де құлақ,
Тірі сөздерге өлі ауыздан шыққан:
Жайылмайтын қайраңға құмақ,
Суы мол Тахо, баяу ғана ыққан,
Зәйтүн ормандағы ежелгі Бетис,
Теңіз жағасы, дауыл ойнақтаған,
Тұман басқан шыңдары таудың,
Шатқалдар, сәуле бойлатпаған,
Жан баспаған жынысты орман,
Улы жыландар жүрген қаңғырып,
Ливияның ыстық шөл даласы.
Үзілген үмітім жайында жаңғырық
Табиғатқа тілсіз паш етсін бәрін,
Зарыма әлем құлағын салсын,
Жабайы хайуанаттар да қайғыма менің
Аяушылық білдіріп, аһ ұрып қалсын.
Жек көру жетер түбімізге; ажырау
Ауыр қасірет келгендей бізді қорқытар;
Мазаны алып сенімсіздік шектен тыс,
Қызғаныш жүрек сорғытар;
Шығарып естен, біржола бәрін ұмыту
Үміт шырағын өшірері анық мәңгілік.
Бәрі осының — өлімнің айқын нышаны,
Өлім, бірақ, жырақ жүр мені таң қылып.
Жек көру мен сенімсіздік, қызғаныш,
Қол үзу мен ұмыту да маған таң емес,
Күйіп барам махаббаттың отына,
Көп болғанмен азабы, бірақ, құр елес
Үміттен де арылу қиын біржола, —
Үзіліп күдер, өкініп бармақ тістеймін,
Өршуі үшін өкініш-күйік іштегі,
Көрмеске оны өзімді-өзім күштеймін.
Жөн бола ма бой алдырған бір демде
Үрей менен үмітке? Жүректегі жарадан
Аспандағы күннен де айқын һәм анық
Опасыздықты көріп тұрсаң, не шараң
Қалар сенің торықпасқа, қамығып?
Сүймейтінін білсең анық қанығып,
Билемесін үрейдің бекер бойыңды
Сезсең егер, өміріңде мән қалмай,
Тірі өлікке айналсаң құр сандалбай,
Ұят емес пе, қорлыққа батып күн сайын
Өтірікпенен алдарқату ойыңды?
Беу, қызғаныш пен жек көру, екі тажал,
Зұлымдығын бұлардың тия алмаймын!
Арқан не қанжар бер деп жалынамын,
Тағдырдың тәлкегіне бағынамын,
Өксікке тап болғаннан артық ажал.
Маған қиын өлу де, өмір де өте көңілсіз.
Мәлім және бас ілгенім құрыққа,
Жалтаруға одан, бірақ, құлқым жоқ.
Жиегінде қабірдің енді тұрып та,
Білемін, бақыт сыйлағанын махаббат:
Іңкәрлік қана, салса да ауыр азапқа,
Жер бетіндегі жалғыз жаннат біз үшін.
Ымыраға келмесең де, мазақтап,
Сүйкімді қыз жоқ екенін әлемде,
Әділ қазы Амурдың жөн екенін жобасы,
Енді білдім — кінәлімін өзім бәріне.
Сенімді осы серік қып, ертелетіп дөң асып,
Кете барам, жек көруің жетелеп,
Өлімге бастап алып барар жолымен.
Қызықтардан жердегі, дәмесі жоқ руқым
Бұл жалғаннан жоғалады сонымен.
Жосықсыз тірлігіме жөнсіз үкім
Шығарғаным дұрыс болған шығар, бәлкім,
Әділетсіздігің соны көрсетті ғой ақыр;
Бірақ бұл үшін саған айып тақпайды,
Осы арадан мәйіті табылар пақыр:
Бақыт кешіп өлді ол, бақытсыз өмір сүрсе де.
Алдыңда сенің жансыз денем жатыр,
Көзіңнен мөлдір төге көрме жас.
Жылама жалған өкінішпенен, сүйіктім, —
Көп нәрсені жолыңа құрбан еткенім рас,
Керегі жоқ, бірақ, кеш келген сыйлықтың.
Жоқ, сен езу тарт, дәлелде маған,
Ұнамды екенін өлімімнің саған.
Бұған жұрт, сірә, таңғалмас тіптен:
Біледі ғой тілегіңді баяғыдан олар,
Өмірмен тез қош айтысқанымды күткен.
Иксион да, шеңберіне керілген,
Сизиф те, тасын өрге қарай итерген,
Күнәлары үшін пайдасыз іске жегілген
Данаидтар да, Тантал да, жылап егілген
Шөлі қанбай, ортасында судың тұрса да,
Титий де, қарынын темір тұмсықпен
Кезқұйрықтар күнде келіп жемірген, —
Шығар бәрі аһ ұрып қара түнектен,
Сосын (лайық болсам сондай құрметке)
Кебінге де оралмаған мәйітімді, зәбірлі,
Шығарып салар бәрі бірге қабірге.
Зарына солардың зар қоссын, Плутонның
Тамұқ қақпасындағы үш басты төбеті,
Және қилы құбыжығың мен тажалың.
Басқа марапаттан жатқан да жоқ дәметіп,
Бұл бейшара, махаббаттан тапқан ажалын.
Ал, сен, зарым, өткен соң өзім өмірден,
Күңіренбей босқа, өшіре ғой үніңді:
Өлер алдында жазуға сені дем берген
Әйелдің әсем, жүрегі толы шаттық қой —
Құруменен көңілін ақыры таптық қой.
Тыңдаушыларға Хризостомның зары қатты ұнады, бірақ Вивальдо мұнда Марселаның қарапайымдығы мен кіршіксіз пәктігі жайында естіген әңгімелеріне қиғаш келетін жерлер көп екенін құлаққағыс етті, өйткені Хризостом оны қызғанады, оған күдік білдіреді, аралары алшақтап кеткеніне уайым айтады, сөйтіп осы арқылы Марсела жайында күмәнді ой қалдырып, оның жақсы атына қаяу түсіреді. Бұған Амбросьо, марқұмның жүрекжарды ойлары жайында сыр бөлісетін досы, былай деп жауап қатты:
— Күдік-күмәніңізді сейілту үшін, сеньор, біздің мүттайым бұл зарды Марселадан іргесін аулақ салған кезде шығарғанын айтып қойғаным артық болмас, ал одан бұл өз ықтиярымен қол үзген еді, себебі араларының алшақтауы оған да өз ықпалын тигізер деп үміттенген, бірақ қанша жырақ кеткенмен ғашық жүректі мазалап, тынышын алатын нәрсе азая қоймайды ғой, міне сондықтан Хризостомды да қиялдағы қызғаныш пен жалған күдік меңдеп, ол бұған бейне бір толық құқы бар жанша қиналады. Осы себепті Марселаның жұрт аузында жүрген барлық ізгі қасиеттері өз бойында қалады, өйткені оның қатыбезерлігін, кей-кейде қыңырлық танытып, шектен тыс тәкаппарлық көрсететінін есепке алмасақ, қызғаныш деген құбыжықтың өзі де оған зәредей кінә қоя алмас еді.
— Жөн сөз, — деп келісті Вивальдо.
Оның оттан құтқарып қалған қолжазбаларының келесі біреуін оқуына ойламаған жерден көз алдына көлденеңдей қалған ғажайып бір елес бөгет болды; әйтеуір, сол арада тұрғанның бәрі мұны елеске жорыды, бірақ бұл бақташы қыз Марсела болатын: ол етегінен бақташылар қабір қазып жатқан таудың басынан бой көрсетті және дидарының сүйкімділігі соншалық, көруге көз керек сұлулығы дабыраға айналған даңқын кірпік қағымда-ақ ұмыттырып жіберді. Алғаш көргендер оған көзінің сұғын қадап үн-түнсіз тұрып қалды, сондай-ақ оны бұрын көріп жүргендер де оны бұрын ешқашан көрмегендерден бетер ауыздарын ашып қалды. Амбросьо болса, ашуын тежеуге шыдамы жетпей, оған көзі түскен сәтте-ақ, былай деп ызбарлана тіл қатты:
— Не үшін келдің сен мұнда, айнала маңдағы таудың аяушылықты білмес айдаһары? Қатыгездігің өмірін харап қылған бейшараның жарақатынан өзің жақындаған бойда қан шүмектеп ағар ма екен деп, соны көргелі келдің бе? Зұлымдығыңның жемісіне масаттану үшін және отқа оранған Римнің өртін тамашалап тұрған тасжүрек Нерон құсап, соған биіктен сүйсіне көз жіберу үшін келдің бе? Әлде Тарквинийдің қайырымсыз қызына ұқсап мына мұздап кеткен мәйітті қасиетсіздікпен таптау үшін келдің бе? Айт, қане, жылдам, не үшін келгеніңді және бізден өзіңе не керегін. Марқұм Хризостомның көзі тірі кезіндегі барлық ой-арманы бір өзіңе ғана бағышталған еді, ол өлгеннен кейін оны досым деп санайтындардың ой-арманын да сенің оп-оңай бойыңа сіңіріп аларың хақ.
— Жоқ, Амбросьо, мен ол үшін келгенім жоқ! — деп жауап қатты Марсела. — Мен мұнда ақталу үшін және Хризостомның өлімі мен өз қайғы-қасіретіне мені кінәлі көретіндердің қателесіп жүргенін дәлелдеу үшін келдім. Сол себепті осы арада тұрғандардың сөзіме мұқият құлақ салуын сұраймын, өйткені парасат-парқы мол жандардың ақиқатты тануы үшін көп уақыт жіберіп, көп сөз шығындауым қажет болмайды. Жасаған иеміз маған адам сұқтанар ажар бергенін, ажарым әбігерлеріңді алып, ғашық болуға итермелейтінін айтып жүрсіздер, бірақ сол ғашықтық сезімнің өтеуіне менің де өздеріңізді сүюімді тілейсіздер, тіпті талап етесіздер. Жасаған ием тарту еткен ақыл-парасатым маған сүйкімдіге сұқтанбауға болмайтынын айтады, солай бола тұрғанымен, сұлулығына әлдекімдер асық жан, өзін жұрттың ұнататынына бола ғана, өзін сүйгенді ол да сүюге тиіс пе екен? Ал, енді ойлап көріңіздерші, сұлулыққа ғашық адам, бұған қоса, ұсқынсыз біреу болса, ал ұсқынсыздық атаулының бәрі жеркеніш туғызбай қоймайтыны белгілі болса, оның келіп: “Мен сені сұлулығың үшін сүйем, ұсқынсыз болсам да сен де мені сүй”, дегені өте бір өрескелдік боп шықпай ма? Айталық, тіпті екеуі де бірдей сиықты-ақ болсын делік, бірақ бұл — екеуінің де тілегі ұқсас дегенді білдірмейді ғой, өйткені сұлулықтың бәрі бірдей өзіне ынтызар қыла бермейді — кейбірі көз сүйіндіреді де қояды, жүрекке шуақ себе алмайды. Себебі, егер сұлулық атаулының бәрі өзіне баурап, ғашық қыла берсе, онда біздің тілегіміз де бұлыңғыр әрі екі-ұшты күйде қайда қонарын білмей қаңғылестеніп жүрер еді, өйткені жер бетінде сүйкімді жан иелері қаншалықты көп болса, біздің тілегіміз де соншалықты көп болуға тиіс қой. Естуімше, шынайы сезім екіге жарылмайды және зорлыққа көніп ғашық болуға болмайды. Олай болса, — ал, өзім дәл солай екеніне кәміл сенімдімін, — тек сол ғашықпын деп ант-су ішкендеріңіз үшін ғана менің де еркімнен тыс түрде ынтызарлық білдіруімді талап ететіндеріңіз қалай? Ал, енді өзімді сүйкімді етіп жаратқан құдай, мені сұрықсыз етіп жаратса, айтыңыздаршы, мені неге сүймейсіңдер деп сіздерді кінәлауға қақым болар ма еді? Сондай-ақ, әдемі ажарымды өзім таңдап алмағаным да естеріңізде болсын, ол қандай болса да маған құдайдың берген сыйы, мен оны жалынып сұраған да жоқпын, таңдап та алғам жоқ. Егер жыланға улы болғаны үшін өкпе артуға болмаса, — себебі өзекті жанға өлім таптыратын уды оған табиғаттың өзі сыйлаған ғой, — онда дүниеге әдемі боп келгенімде менің де еш айыбым жоқ, өйткені жібі түзу әйелдің сұлулығы — алыста шалқыған жалын немесе өткір жүзді семсер іспетті: оған кім жақын келсе де бәрібір, ол ешкімді күйдірмейді де, ешкімді жарақаттамайды да. Ар-намыс пен ізгі қасиеттер — адам жанының көркі сынды, онсыз қандай әдемі тән де сұлулығынан ада болады. Ал, егер қыз абыройы — жан мен тәнге сән беретін, жан мен тәнге айрықша тартымдылық сыйлайтын ізгі қасиеттердің бірі болса, ондашы өзін сұлулығы үшін ұнатқанына бола қыз не себепті абыройын жоғалту жолында не түрлі айла-шарғыға баратын адамның құмардан бір шығуды көздеген еміншектігіне еңсе беріп, базарынан айрылуға тиіс? Мен өмірге ерікті боп келдім және ерікті өмір сүру үшін адам аяғы аз басатын кеңістікті таңдадым: тауда өсетін ағаштар — менің сырластарым, қайнардың мөлдір суы — менің айнам. Ағаштар мен бастауларға ойым мен көркімді жасқанбай жария етем. Мен — қиянда алаулаған жалынмын, мен — алыста жарқылдаған семсермін. Көз қиығым біреуді дәмелендіріп қойса, сөз сиығым оны қайта сабасына түсіреді. Тілекке үміт қанат бітіреді, ал менің Хризостомға да, басқа біреуге де ешқандай үміт ұшығын ұстатпағаным себепті, Хризостомды қабірге қарай жетелеген менің қатыбастығым емес, өзінің қасарыспалығы болар деп жобалаған жөн. Біреулер мұнымен келісе қоймас, оның ниеті ақ болатын, сондықтан менің оған ықылас білдіргенім жөн еді, дегенді айтар, — ендеше, біліп қойыңыздар, дәл осы арада, қазір оған қабір қазылып жатқан жерде, өз тілегін маған мәлім қылған шақта мен оған: маңдайыма жазылғаны мәңгілік жалғыздық, пәктігімнің қызығы мен сұлулығымның сарқытынан тек қара жер ғана ләззат алатын болады деп жауап қатқам. Егер, күдерін үздірген сөзіме де қарамастан, дегенінен қайтпай далбасалап, ағысқа қарсы жүзумен болса, онда ақыр соңында бір есалаңдықтан соң екіншісін ойлап таба бергеніне таңдануға бола ма? Егер оған аяушылық жасасам, онда ардан аттаған болар ем. Егер оның дегеніне көнсем, онда ең ізгі арман-мақсатыма опасыздық жасаған болар ем. Ол айнытқан сөзге құлақ асқысы келмеді, ешкім қуғын салмай-ақ қырсыққа ұрынды, — ендеше, әділдігін өздеріңіз айтыңыздар, оның қасірет-қайғысында менің қандай айып-кінәм бар? Алданғандар болса, солар аһ ұрсын, күйзелсе үміттеніп қалғандар күйзелсін, дәмеленсе өзім жылы лебіз білдіргендер дәмеленсін, мақтанса жаныма жақын жуықтатқандар мақтансын, бірақ өзім үміттендірмеген, алдамаған, жылы сөз айтпаған, жақын жуықтатпаған жандар мені қаныпезер кісі өлтіруші деп атамасын. Тағдырдың айдауымен әлі күнге шейін біреуге асық болмағаным жаратқанның ықтияры шығар, ал енді өз ықтиярыммен таңдау жасау жайына келсек — ондайды менен күтпей-ақ қойыңыздар. Міне, еш күлбілтесіз күдер үздіре айтқан бұл сөзім болашақта ықыласымды баурағысы келетіндердің бәріне бағышталған ескертпе болсын, ал егер маған бола біреу-міреу өзін өлімге қияр болса, оның қызғаныштан немесе ар-намысын қорлағаннан өлмегенін біліп қойыңыздар, өйткені ешкімді сүймейтін адам ешкімнің қызғанышын тудыра алмайды, ал күдерін үздіру — ар-намысты қорлау боп саналмайды. Кімде-кім мені жабайы аң мен айдаһарға балайтын болса — залалды да рақымсыз хайуанат санап менен аулақ жүрсін, кімде-кім мені қатыгезге балайтын болса — маған жағынбай-ақ қойсын, кімде-кім мені жақсылықты білмейтін біреуге балайтын болса — маған жақындамай-ақ қойсын, кімде-кім мені қайырымсызға балайтын болса — соңыма түспей-ақ қойсын, өйткені, осынау жабайы аң мен айдаһар, осынау қатыгез, қайырымсыз және жақсылықты білмейтін қыз ешкімнің артынан ермейді, ешкімге ешқашан жағынбайды, жұрттың бәріне жат болады және ешкімнің соңына түспейді. Хризостомның түбіне өзінің ессіз ынтызарлығы мен қызба мінезі жетті, менің ұстамдылығым мен пәк-таза болмысымның бұған қатысы қанша? Мен ар-ұятымды ағаштар арасында сақтаймын, — ал адамдармен араласқанымды қалайтын жандардың оны жоғалтуыма құштар болатыны қалай? Менің өз байлығым бар екенін білесіздер, — басқалардың байлығын қызғанбаймын. Мен еркіндікті сүйемін және ешкімге бағынғым келмейді. Мен ешкімді сүймеймін және ешкімді жек көрмеймін де. Мен ешкімді алдамаймын және ешкімді емексітпеймін де, ешкімді мазақ қып күлмеймін және ешкіммен әзілдеспеймін де. Деревнядағы қыздармен шүйіркелесу және ешкі бағу — міне, маған ұнайтын нәрсе осылар. Менің арман-қиялым айнала-маңдағы таулардың аясынан аспайды, аса қалса, жанымның өз ошағына қарай қиялай тартатын жолымен ғана жүріп, аспанның сән-салтанатын тамашалауға бағыт алады.
Осы сөздерді айтқан Марсела, жауап тоспастан, жақын маңайдағы орманның қалың қорысына кіріп жоқ болды, әлгі жерге жиналғандар оның парасатты да парықты сөзіне таң-тамаша боп тұрып қалды. Көзінің қиығы мен жанарының ұшқынынан жарақат алған кейбірі осы арада кесіп-пшіп айтылған уәжге құлақ аспай, соңынан тұра жүгіре жөнеле жаздап шақ қалды. Бірақ, олардың пиғыл-ниетін сезе қойған Дон Кихот жәбірге ұшыраған қыздарға жәрдем беруге үндейтін рыцарьлық парызын орындаудың сәті кеп тұрғанын аңғарды да, семсерінің тұтқасына қолын қойып, қатты дауыспен нақпа-нақтап сөйлеп кетті:
— Егер дүлей ашуыма душар болғысы келмесе, қандай атақ-дәрежесі болмасын мейлі, қандай қауымға жатпасын мейлі бірде-бір адам Марсела сұлудың соңына түсуші болмасын. Хризостомның өліміне мүлдем дерлік, дәлірек айтқанда, тіптен кінәлі еместігін ол нақпа-нақ та нанымды етіп дәлелдеп берді және өзіне дәмелілердің қай-қайсысының да болсын жалбарынышты тілегіне жібімейтінін кесіп айтты, сондықтан жер бетіндегі мейірбан жандардың бәрі де оның соңынан салпақтағанды доғарғаны жөн, керісінше, оны қадірлеп, құрмет тұтуы керек, өйткені күллі әлемде дәл сондай ақ ниет арқаланған басқа бір қыздың табылуы екіталай.
Әлде Дон Кихоттың қоқан-лоққысы сеп болды ма, әлде, бәлкім, марқұмға қатысты борыштарын аяғына шейін атқарып шығу қажеттігін ескерткен Амбросьоның үгіті тоқтау салды ма, әйтеуір, қабірді қазып болғанша және жиналғандардың бәрі қатты қайғырып жоқтаған Хризостомның қолжазбаларын өртеп, мәйітін жер қойнына бергенше бақташылардың ешқайсысы орнынан қозғалған жоқ және тарап та кетпеді. Бейіттің үстіне ауыр тас қойылды; кейін бұл Амбросьо жасатпақшы болған тас тақтамен ауыстырылмақшы еді, ал тақтаның бетіне мынадай азалы сөздер ойып жазылмақ болатын:
Жатыр мүлгіп бақташы мұнда.
Іңкәрлік оны жетелеген қабірге,
Себебі, бұл ғашық болған жан
Ұнатпады оны, жәбірлеп.
Жүрегіне салды зор салмақ,
Қатыгездік — рақым білмейтін.
Өйткені, бізді еркінше
Купидон ғой билейтін.
Бақташылар бейіт төмпешігін гүлдермен және бұтақтармен бүркеді, сосын марқұмның досы — Амбросьоға көңіл айтып, онымен қоштасты. Вивальдо мен серігі де сөйтті, сонан соң, әуелі ешкі бағушылармен қоштасып, артынан бұлармен қош айтысуға келген Дон Кихотқа өздерімен бірге Севильяға баруға ұсыныс жасады — бұл, олардың айтуынша, шытырман оқиға іздеушілер үшін таптырмайтын жер көрінеді, өйткені шытырман оқиғаларды тағдыр оған сондағы әр көше мен әр жол қиылысынан қай жердегіден де көп жолықтырмақ. Дон Кихот ақыл-кеңесі мен ілтипатты пейілі үшін оларға алғыс жаудырып, Севильяға барғысы келмейтінін және бара да алмайтынын, себебі әуелі маңайдағы тауларды қарақшылар мен жол торушылардан тазартуы керегін, естуінше, олардың шамадан тыс көбейіп кеткенін айтты. Оның илікпейтінін көрген жолаушылар қайталап өтініш білдірген жоқ, тағы бір мәрте қоштасып, баратын жақтарына қарай бағыт түзеді; Марсела мен Хризостомның басындағы жайлар, сондай-ақ Дон Кихоттың есалаңдығы бұларға сапар соңына дейін жыр ғып айтуға жетерлік азық болды. Ал, Дон Кихот бұл кезде Марселаны іздеп тауып, оған өз қызметін ұсынуға ұйғарым жасаған-ды; алайда тағдыр-талайы басқаша ұйғарым жасады, ал бұл жайында екінші бөлімі осымен тәмамдалатын осынау бір өтірігі жоқ хикаядан кезегі келгенде біле жатасыздар.
ХҮ тарау
Мұнда Дон Кихот пен аяушылықты білмейтін янгуастықтар арасында болған жайсыз оқиға жөнінде айтылады
Ешкі бағушылармен және Хризостомның жерлеуіне қатысқан басқа да адамдармен қоштасқан бойда-ақ Дон Кихот атқосшысымен бірге бақташы қыз Марсела бой тасалаған орманға қарай бет алды, деп әңгімелейді данагөй Сид Ахмет Бен-Инхали. Екі сағаттан астам уақыт іздегендерімен қызды таба алмаған олар орманды әрлі-берлі шарлап ештеңе өндірмеген соң, ақыр аяғында мөлдіреген қайнары дыбыссыз бұлаңдай ағып жатқан көк орайлы жазыққа шықты, бұл ара жолаушыларды қоңыр салқын лебімен баурап, түс кезі болғандықтан кереметтей ысып кеткен күннің бойды талмаусыратқан аңызақты шағын осы арада өткізуге шақырып тұрғандай еді. Дон Кихот пен Санчо көліктерінен түсіп, Росинант пен есекті шалғында еркін жайылуға қоя бергеннен кейін, қоржындарын ортаға алды, одан соң қожайыны мен малайы, мардымсымай, тып-тыныш қана отырып қолда бар азықтарымен жүрек жалғауға кірісті.
Росинантты шідерлеу Санчоның ойына да келмеген — одан ешқандай қитұрқылық күтпейтін және онысы дұрыс та еді: осы кезге шейін бұл желігу дегеннің жұқанасын да сездірмеген өте жуас мақұлық болатын, тіпті Кордово жайылымдарындағы барлық бие жиналып келсе де селт етпейтіндей көрінген. Алайда тағдыр мен әр кез бірдей қалғып-мүлгіп отыра бермейтін шайтан екеуінің тізе қосып айдауының нәтижесінде янгуастық жылқышылар дәл сол алқапқа калисиялық бие табынын қуалап жетіп те қалған-ды, ал бұлар түскі астарын шөбі шүйгін, суы мол жерде отырып ішуге әдеттенгендіктен, Дон Кихот орналасқан маңай оларға өте бір оңтайлы көрінген. Міне, тап осы арада, күтпеген жерден, Росинанттың бикеш биелерге қырындауға ынтығы оянып кеткенін көрмеймісің; әлгілердің иісін сезгені сол-ақ, қожайынынан кеңшілік сұрауды да ұмытып, әдеттегі мінезі мен дағдысына да пысқырып қарамай, қажетін өтеуге құлшынып ойнақтай басып жорта жөнелді; бірақ биелердің, шамасы, одан гөрі шүйгін шөпке ықыласы басымырақ болса керек, бұны қос аяқтап теуіп, тістеп, маңайына жуытпады; оңдырмай тепкендері сонша, ә дегенше айылын үзіп жіберді де, ері жерге сыпырылып түсіп, арқасы жалаңаш қалды. Биелеріне ашықтан-ашық зорлық жасалып жатқанын байқаған жылқышылар сойылдарын алып жетіп келді де, мынау мүлдем суқаны сүймейтін істі бастап, оңдырмай соққылап, ақырында бұл бейбақ шала-жансар күйде жерге тырайып түсті.
Осы сәт Росинантты соққыға жығып жатқандарын көрген Дон Кихот пен Санчо да оған қарай жан ұшыра жүгірді.
— Бұлардың рыцарь емес, құл-құтан, қара көбейтіп жүрген міскіндер екені мәлім болды, достым Санчо, — деді Дон Кихот. — Мұны айтып тұрған себебім, маған қол ұшын беруіңе, сөйтіп Росинантқа көз алдымызда жәбір көрсетуден тайынбаған зұлымдықтары үшін олардан заңды түрде кек қайтару жолында қайрат жұмсауыңа толық қақың бар.
— Қайдағы кекті айтып тұрсыз, тақсыр! — деп айқайлап жіберді Санчо Панса. — Олардың қарамы жиырмадан астам, ал біз бар-жоғы екі адамбыз, дәлірек айтқанда — бір жарым ғанамыз!
— Менің бір өзім жүз адамға татимын, — деді Дон Кихот келіспей.
Соны айтып, көп ойланып тұрмастан семсерін суырып алды да янгуастықтарға тап берді, оның бұл әрекеті еліктіріп-желіктірген Санчо Панса да сөйтті; Дон Кихот сол алғашқы ұмтылыста-ақ бір жылқышының теріден тігілген шолақ кафтанын иығының едәуір бөлегімен қоса шауып түсірді.
Бірақ жылқышылар сол арада өздерінің өте көп, ал тап берушілердің бар болғаны екеу-ақ екенін көріп, сойылдарына жармасты да, дұшпандарын қоршауға алып, айрықша құлшыныспен және аса бір қызбалықпен төмпештің астына алуға кірісті. Шындығын айтқанда, Санчоның жерге сұлап түсуіне екі-ақ соққының өзі жетіп қалып еді, ептілік пен жүректілік көрсеткеніне қарамай Дон Кихот та соның кебін киді және басқа бір жерге құламай, әліге шейін тұра алмай, ашулы шаруалардың қолындағы сойылдың қуаты қандай пәрменді болатынына көрнекі дәлел боп жатқан Росинанттың сирағын құша құлады. Өздерінің не істеп қойғанын көрген янгуастықтар ылдым-жылдым қимылдап, жүктерін биелеріне артып алды да, жүріп кетті; тән азабын, одан да гөрі жан азабын көбірек тартып жатқан шытырман оқиға іздеуші екеу ес-түс жоқ сұлаған күйде қала берді.
Алғаш боп Санчо Панса ес жиды; қожайыны қасында жатқанын байқап, әлсіз де аянышты үнмен:
— Сеньор Дон Кихот, а сеньор Дон Кихот! — деп тіл қатты.
— Не болды, Санчо бауырым? — деп сұрады Дон Кихот тап сондай қамығыңқы да қапалы үнмен.
— Рақымшылық жасап, тақсыр, — деді Санчо сөзін жалғап, — сізде әлгі, аты кім еді өзінің, иә Бұйрабастың бальзамы болса, бір-ер жұтым бермес пе екенсіз: бәлкім жарақатқа көмектесетіні сияқты, сыныққа да ол жақсы жәрдемдесетін шығар.
— Мен сорлыға сол керек! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Егер қалтамда Фьерабрастың бальзамы болса, онда бізге басқа дәнеңе қажет болмас еді. Бірақ, саған кезбе рыцарьдың атымен ант етем, Санчо Панса, арада екі күн өтпей жатып, — егер тек тағдыр басқаша ұйғарып жүрмесе, — мен соны қалай да тауып алам, таппасам, қолымды кесіп берейін.
— Қалай ойлайсыз, тақсыр, аяғымызға қашан жан бітер екен? — деп сұрады Санчо Панса.
— Менің жайымды білмек болсаң, қашан екенін анық айта алмаймын, — деді соққыға жығылған рыцарь. — Бірақ, бәріне кінәлі өзім ғана: рыцарьлыққа қабылданбағандарға қарсы семсер суырымның қажеті жоқ еді. Міне, енді рыцарьлық заңын бұзғанымның жазасына майдан құдайы өзімді осындай кепке тап болуға душар етті. Сондықтан сен, Санчо Панса, мына қазір айтқалы отырған сөзімді болашақта басшылыққа алуға тиіссің, екеуміздің де пайдамыз үшін осы қолайлы болмақ. Ендеше, тыңдап ал: ендігі жерде әлгіндей тобырдың бізге жаманшылық жасап жатқанын көрсең семсер суырғанымды күтіп тұрып қалма, — оның бос әурешілік болады, — қолма-қол өз қаруыңды ал да, оларды қалауыңша аямай жазала. Егер әлгі тобырға рыцарьлар көмекке келіп жатса, онда сені қатерден құтқарып алуға, оларға есеңгірете соққы беруге қашан да үлгерем ғой, — ал, айбынды білегімнің қуаты қандай екеніне өзің де талай куә болғансың, өйткені оны саған өз көзіңше әлденеше мәрте дәлелдегенмін.
Сормаңдай сеньорымыз, шамасы, бискайлық батырды жеңгенін әлі күнге шейін мақтан тұтып жүрген болды. Алайда, мырзасының әмірі Санчо Пансаның көңіліне онша қонымды көрінбеді, сондықтан үндемей қала алмады:
— Сеньор! — деді наразы атқосшы. — Мен момын, тыныш, бейбіт адаммын, қандай да болсын қорлық-мазақты көтеруге бейілмін, өйткені қатынымды асырап, балларымды адам қатарына қосуым керек. Осы себепті, мейірімді мырзам, есіңізге салып қояр бір сөзім бар, — жай еске салу ғана, ескерту емес, өйткені сізге ескерту жасауға қақым жоқ: рыцарьға қарсы болсын, қара шаруаға қарсы болсын ешбір жағдайда, ешқашан семсер суырмаймын және құдай алдында отырғандай боп айтайын, маған бір кезде жәбір көрсеткен және жәбір көрсетуі мүмкін жандардың бәріне, олардың мансабы мен атағына қарамастан, өзімді жәбірлеген, жәбірлеп жүрген және болашақта бір кезде жәбірлейтіндердің, мейлі олар ақ сүйек пе әлде қара сүйек пе, бай ма әлде кедей ме, мырза ма әлде құл-құтан ба, бәрібір, кім болса ол болғанына қарамастан, бәріне біржола кешірім етем.
Бұған қожайыны былай деп жауап берді:
— Тынысым ауырлап, көп сөйлеуге шамам келмей жатыр, оның үстіне бүйірімнің ауырғаны да әлі басылмай тұр, әйтпесе, Панса, қандай күпірлікке ұрынғаныңды егжей-тегжейлі түсіндіріп берген болар ем. Құлағың сал, күнәкар пенде, егер осы күнге шейін өңменімізден соғып тұрған Фортуна20 желі бағытын ауыстырып, арқа жағымыздан ексімдеп берсе, сөйтіп арманымыздың желкеніне жел кернетіп өзім саған уәде қылған аралға аман-сау және кедергісіз барып жетсек, сол аралды жаулап алып, өз қолыңа тапсырған кезімде сен қайтер екенсің? Өзің рыцарь болмағандықтан және ондай болуға құлқың да жоқтықтан сен онда дәнеңе де істей алмаған болар ең, өйткені өз бойыңа жау жүректік қасиет дарытқың келмейді, өзіңе жасалған қиянат үшін кек қайтаруға және өз құқыңды қорғап қалуға ықыласың жоқ. Сен мынаны біліп қой: жаңадан жаулап алынған корольдіктер мен провинцияларда, әдетте, өз бетімен ауа жайылушылық жиі байқалады, жаңа әміршіге бұратана халықтың бәрінің бірдей көңілі тола бермейді, осының салдарынан әлде біреудің қалыптасқан тіршілік тәртібін өзгертуге, сөйтіп, бағын сынап көрмек үшін дегендей, төңкеріс жасауға талаптану қаупі қашанда сақталып отырады, ал жаңа билеушінің қажет жағдайда өзін қорғап қалуы үшін немесе қарсы шабуылға шығуы үшін өз еркіне өзі ие бола білуі және жау жүректік қасиетке ие болуы міне осындайда керек болады.
— Әлгі әзірде ғана басымыздан өткен өрескел жағдай анау әлгі жау жүректік пен ептілік дегеннің өзімде де болғаны онша артық етпейтінін есіме салып отыр, — деп Санчо оны қостай кетті. — Бірақ, жоқ-жұтаң атымен ант етейін, дәл қазір өзім ақыл-кеңестен гөрі пластырьға21 көбірек мұқтаж болып отырмын. Тұра алсаңыз, орныңыздан тұрып көріңіз, тақсыр, сосын Росинантқа да қол ұшын берейік, ал, жалпы, әлгіндегі соққы мен тепкінің басты айыпкері осы болғандықтан оған көмектеспей-ақ та қойған дұрыс болар еді. Апырай, Росинанттан мұндайды күтпегем: бұл да өзім секілді тақуа әрі момақан ғой деп ойлағам. Үндемегеннің ішінде үйдей бәле жатады, бұл дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ дегенді жұрт шынымен-ақ біліп айтқан екен. Анау әлгі бейшара кезбе рыцарьға есін тандыра берген соққыларыңыздан кейін лезде-ақ арқамызға таяқ бұршақтай тарсылдап береді деп кім ойлаған?
— Сенің арқаң, Санчо, бәлкім, мұндай бәлеге әбден үйренген де болуы мүмкін, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — ал енді қағаздай жұқа голланд кенебіне үйреніп қалған менің арқам, әрине, ауырғанды қаттырақ сезінетіні белгілі ғой. Егер мен ойлаған болсам... не деп тұрмын: ойлағаным не? — егерде мұндай жағымсыз жайттар жортуылдағы өмірдің ажырамас бөлшегі болатынын алдын-ала анық білмесем, онда осы арада құсадан өлген де болар ем.
— Сеньор! — деп атқосшы қайтадан сөйлей жөнелді. — Егер рыцарьлар жинайтын өнім өңкей осындай бақытсыздықтар болса, онда сіз маған, мейірімді мырзам, мұның қаншалықты жиі қайталанып тұратынын немесе бұлардың әлденендей бір нақтылы мерзімі болатынын айтпас па екенсіз? Себебі, осындай екі өнімнен кейін үшіншісін жинауға, мейірім-қайырымы мол жасаған иеміз өзі қол ұшын бермесе, шамамыз келмей де қалатын сияқты.
— Біліп қой, достым, Санчо, — деп жауап қатты Дон Кихот, — кезбе рыцарьлардың өмірі сансыз көп қауіп-қатер мен қырсыққа толы болады, бірақ, есесіне, бастан кешкен оқиғалары өзіме бек жақсы мәлім рыцарьлардың тәжірибесі көрсететініндей, олардың король немесе император атануына қашан да мүмкіндік баршылық. Егер бүйірімнің ауырғаны шыдатпай бара жатқаны болмаса, солардың кейбірінің жаңағы өзім айтқан жоғары дәрежелерге айбынды білектері арқасында қалай ие болғаны жөнінде саған айтып та берер ем, ал олар қиыншылық пен мұқтаждықты соған дейін де, одан кейін де бастан кешкен жандар. Мәселен, айбынды Амадис Галльский бір жолы өзінің қас дұшпаны, сиқыршы Аркалайдың қолына түсіп қалады да, анау оны тұтқынға алған бойда ауланың қақ ортасындағы бағанға әкеп байлап, жүгенді қолына ала сап екі жүз реттен астам шықпыртады, бұл жайында менде мейлінше сенімді мәліметтер бар. Тағы бір аты беймәлім, бірақ сенуге әбден тұрарлық автор Феб рыцарын әлдебір қамал-сарайда қалай алдап қолға түсіргенін баяндайды; оның аяғының астындағы еден ортасына түсіп кетеді де, анау терең шұңқырдан барып бір-ақ шығады, сол арада, жаңағы жер астындағы қапаста, қол-аяғы байланған оған құм араластырылған зәрдей сумен клизма қояды, нәтижесінде анау о дүниеге аттана жаздап шақ қалады. Оны осынау айтып жеткізгісіз азаптан құтқаруға сенімді досы, әлдебір көз байлаушы көмектеспегенде бейшара рыцарымыздың күні қараң болатыны кәміл-ді. Міне, осындай сыйлы адамдардың өзі бейнет шегуге мәжбүр болса, маған не жорық. Оның үстіне, олар құлақ естіп, көз көрмеген, екеуіміз әлі күнге шейін бастан өткермеген мазақ пен қорлыққа душар болған: біліп қой, Санчо, қолға кездейсоқ түскен қарумен жасалған жарақат ар-намысты қорлау боп саналмайды, өйткені жекпе-жек ережесінде бір етікші екіншісін қолына ұстап тұрған қалыппен ұрса, онда әлгі қалып ағаштан ойылғанымен, бұған қарап жәбірленушіні таяқпен ұрды деп санау қисынсыз деп ашып айтылған. Мұны сөз ғып тұрған себебім, бізді сілейтіп сабап тастағандарымен, ар-намысымыз, жақсы біліп қойғын, сол баяғы кіршіксіз қалпында қалды, өйткені, әлгі адамдардың қолында болған және бізді сабаған қарулары — бар-жоғы сойыл ғана, ал шпага, рапира және қанжарлар, жаңылмасам, олардың ешқайсысында болған жоқ.
— Қарауға мұршамды келтірмеді ғой олар, — деді Санчо. — Болат семсеріме жармаспаққа оқталғаным сол еді, аналар қазықтарымен иықтан пергілей жөнелді, қатты соққандары сонша, көзімнен от жарқ-жұрқ ұшып, аяғымнан әл кетті де, мына осы әліге дейін жатқан жеріме сұлап түстім, шынымды айтсам, олар мені таяқпен ұрғаннан ар-намысыма кір келді ме әлде келмеді ме деген ойдан жаным ауырып жатқан жоқ, арқама қандай күшпен ендесе, қаперіме де сондай күшпен ендеген сойылдары тиген тәнім ауырып жатыр.
— Солай бола тұрғанымен, уақыт қаперден өшірмейтін бақытсыздық, өлім тыныш таптырмайтын ауру жоқ екенін біліп қойғын, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.
— Ау, уақыттан басқа ештеңе жоя алмайтын және тек өлім ғана қаперден өшіре алатын қырсықтан асқан қырсық бола ма? — деп Панса қарсылық білдірді. — Егер күйініш-наламызға екі пластырьмен ем-дом жасап жібере алсақ онша жаман болмас та еді, бірақ, байқаймын, ауруханада сақталған пластырь атаулының бәрін жапсырсақ та бізді қазір аяғымыздан тік тұрғызып жібере алмайтын шығар.
— Бұл жайында басыңды қатырма, Санчо, менен үлгі ал және босай берме, — деді Дон Кихот. — Одан да Росинантқа не болған, соны көр: ол сорлы да аз ақирет тартпаған секілді.
— Оған таң қалатын ештеңе жоқ, — деп құлаққағыс етті Санчо, — себебі ол жай жануар емес, кезбе жануар ғой. Мені басқа нәрсе: бәрімізді түгел әңкі-тәңкімізді шығарып таяққа жыққанда, есегімнің қалайша бұл тақсіреттен аман қалғаны болып таңғалдырып тұр.
— Кімнің басына қандай тақсірет түспесін, одан шығар жолды тағдырдың өзі тауып береді, — деп ескертті Дон Кихот. — Мұны айтып тұрғаным, сенің жануарың бұл жолы маған Росинанттың орнына әдетке жарап, жарақатымды емдеп жазуға көмек беретін әлдебір қамал-сарайға алып бара алады. Ал, мұндай мініс көлігіне отыру маған қорлық саналмайды, өйткені, бір жерден оқығаным есімде, әрдайым көңілді әзіл-оспақ құдайының тәрбиешісі әрі ұстазы боп табылатын мейірімді Силен қария жүз қақпалы қалаға бір керемет есекке мініп кірген болатын және одан дәнеңесі кетпей, өзін өте жақсы сезінген-ді.
— Иә, иә, өзіңіз айтқандай, тақсыр, ол әйтеуір мініп кірген ғой, — деді наразы Санчо. — Ерде отыру бір басқа да, қапшық толы жаңқа құсап ерде көлденең жату бір басқа ғой.
Бұған Дон Кихот былай деп жауап қатты:
— Айқаста алған жарақат абыройды төкпейді, керісінше абыройды асырады. Сондықтан, достым Санчо, менімен босқа айтыспа, тағы да қайталап айтам, күшіңді жи да орныңнан тұр, сосын мені есекке патша көңілің қалай қаласа солай орналастыр, — қараңғы түсіп кетіп, мына құла түзде қалып қоймай тұрғанда қозғалуымыз керек.
— Ана жолы айтқаныңыз қайда, мейірімді мырзам, — деп қарсылық білдірді Панса, — адам мекен етпейтін қу медиен далада жыл бойы дерлік түнеу — кезбе рыцарьлардың үйреншікті әдеті және мұны олар өздеріне үлкен олжа санайды деп.
— Бұл басқа істейтін амалдары қалмаған кезде немесе өздері біреуге ғашық болған кезде ғана ұшырасатын жағдай, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Шынында да, сондай бір рыцарь өткен, ыстыққа да, салқынға да, дауылға да қарамай, жартас басында тұрған да қойған, ал жүрегінің әміршісі бұдан мүлдем бейхабар болған. Әлгі атышулы Амадис те, өзінің атын Қапалы Сері деп өзгертіп, сегіз жыл ма әлде сегіз ай ма, дәл есімде жоқ, Жұпыны Жартасқа барып жападан-жалғыз жатып алады, — қысқасы, ол жүрегінің әміршісі Ориананың алдында әлденеге айыпты боп қалады да, өзін өзі епитимьяға22 мәжбүрлейді. Жә, жетер бұл жайындағы әңгімені осымен доғарайық, Санчо, жолға шығатын кез болды, әйтпесе, кім біледі, есекке де Росинанттың басына түскендей тақсірет тап боп жүрер.
— Ол да ғажап емес! — деп үн қатты Санчо.
Отыз рет ойбайлап, алпыс рет ауыр күрсініп, жүз жиырма рет осы қырсыққа ұрындырған жанды сыпырта сыбап және оның басына осынша мәрте қарғыс жолдап, ол ақыры орнынан көтерілді, бірақ бойын енді түзей бергенде қадалған шаншу оны түрік пиязы сияқтандырып бүкшитті де салды, содан көпке дейін оңала алмады. Осындай ақиретті бастан кеше жүріп ол әйтеуір әзер дегенде есегіне, — ол да бұл күннің бөлекше оқиғаларынан азды-кем есеңгіреп қалған-ды, — жүген тақты, сосын Росинантты орнынан тұрғызды, — егер арыз айтарлық мүмкіндігі болса, бұл өнерден ол Санчо Пансаны да, қожайынын да далада қалдырған болар еді. Ақыр аяғында Санчо амалын тауып Дон Кихотты есекке орналастырды, Росинантты есектің арт жағына тіркеді, сосын есегін сулығынан ұстап, өз есебінше, күре жол өтуге тиіс жаққа қарай бағыт ұстады. Сөйтіп, бір мильге жетер-жетпес қана жүрген оны, барлық ісін де оңынан келтіруге ыңғай беріп жүрген тағдыр күре жолға алып шықты; сол бойда-ақ таяу маңда жолаушылар бекеті тұрғанын көзі шалды, бірақ Санчоның пікірін аяқ асты етіп, өз көңілін өзі көтеруге асыққан Дон Кихот бұны қамал-сарай деп тапты. Санчо бұны бекет деп бой бермеді, ал қожайыны — бұл бекет емес, қамал-сарай деп өңештеді; осылай бір-біріне дес бермей ұзақ айтысқандары сонша, айтыстарын аяқтай алмаған қалыптарында бекетке келіп жетті де, мұның шын мәнінде не екенін сұрауды қаперіне де алмаған Санчо керуенін бастап ішке қарай өтіп кетті.
ХҮІ тарау
Өзі әлдебір қамал-сарай деп жобалаған бекетте айлакер идальгоның қандай кепке душар болғаны жайында
Дон Кихоттың есектің үстінде көлденең жатқанын көрген бекетші Санчодан бұған не болғанын сұрады. Санчо оған бәлендей ештеңе болмағанын, жартастан құлап кетіп, қабырғаларын аздап ауыртып алғанын айтты. Бекетшінің жұбайы трактирші әйелге ұқсамайтын: бұл өзі өте инабатты, басына іс түскен жанның қайғысын жеңілдетуге көмегі дайын адам еді; сол бойда-ақ Дон Кихотқа жәрдем көрсетуге кірісіп, қызына, жап-жас әрі сүйкімді бойжеткенге, қонаққа күтім жасауға қолғабыс етуге әмір етті. Қожайындар қарамағында Астурияда туып-өскен, жалпақ бет, пісте мұрын, шашын желкесінен шорт қиған, бір көзі қыли, — әділін айтқанда, екінші көзі де қитарлау бір күтуші бикеш бар-тын. Рас, денесі мейлінше мүсінді еді, осынысы басқа кемшіліктерінің бәрін жуып-шайып кететін: егер оны басынан бақайшағына дейін өлшейтін болса, аршынның23 жеті ширегінен аса қоймаған болар еді, ал шамадан тыс тіктеу иығы бәлендей мұқтаждық болмаса да аяғының астына мұқиятырақ көз тігіп жүруге мәжбүр ететін. Осы бір келісті бикеш бекетші қызына көмекке келіп, бұрын ұзақ жылдар бойы шөп қора болған-ау деген ойға жетелейтін шоланнан екеуі Дон Кихотқа арнап мардымсыз қоналқалық орын әзірледі. Осы жерде әлдебір малшы қонып жатыр еді және оның орыны Дон Кихот төсегінен онша қашық та емес-ті; оған жабу мен ерден басқа ештеңе төселмегенімен, жағдайы Дон Кихотқа қарағанда анағұрлым жақсырақ болатын, өйткені рыцарымыздың жамбас басар жері орнықтылығы осалдау екі сәкінің үстіне төселген, кедір-бұдырлы төрт тақтайдан, жұқалығы сырмақ көрпені еске салатын және тығыздығы сонша, жыртық-тесіктерінен шығып тұрған жүннің титімдей собалағының өзі жамбасқа тас секілді бататын жұқа төсеніштен, кәдімгі қалқан жасауға арналған теріден тігілген бе деп ойлап қалуға болатын екі сейсептен, сондай-ақ қанша қылшық қылтиып тұрғанын санап шығуға және бір де бір рет жаңылысып кетпеуге болатын жүн көрпеден тұратын.
Дон Кихот осынау түкке алғысыз төсегіне келіп қисайды да, сол арада оған үй иесі әйел мен қызы екеуі ем жасай бастады, сөйтіп шамалыдан соң оның денесіне басынан аяғына шейін жыпырлатып пластырь жапсырылып тасталды, ал Мариторнес — астуриялық бикешті осылай атайтын — бұларға жарық түсіріп тұрды. Ем жасаумен айналысып жатқан үй иесі әйел Дон Кихоттың денесі көк ала қойдай екенін көріп, бұл көгерген дақтар, сірә, құлағаннан болмас, сабағаннан болар деген болжам айтты.
— Жоға, сабағаннан емес, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Сор айдағанда, кедір-бұдырлы үшкір тастан жаратылған жартас тап болып, соның әр бұдыры денеге бір дақ тастап отырды ғой. Осы сөзіме сеніңіз, сеньора, — деп қосып қойды ол сосын, — мына қара майыңыздан азын-аулақ артылар болса, оған құштарлар табылады: менің де белім біртүрлі сырқырап тұр.
— Онда, сіз де, шамасы, құлап қалған болдыңыз ғой? — деп сұрады үй иесі әйел.
— Жоға, мен құлағам жоқ, — деп жауап қатты Санчо. — Бірақ, қожайынымның құлағанынан қатты шошынғаным сонша, құдды өзім де таяққа жығылғандай, тұла бойым түгел ауырып тұр.
— Ондай-ондай болады, — деді қыз. — Мен де өзім жиі-жиі түс көрем, түсімде биік мұнарадан құлап кеткендей, бірақ жерге әлі құлап түспегендей күй кешем, сосын оянғанымда бейне бір шынымен-ақ құлап түскендей тұла бойым езіліп, қатты шаршап тұрам.
— Мәселе қымқа басқашалау, сеньора, — деп қарсылық білдірді Санчо, — қожайыным Дон Кихоттың денесі қанша жерден көгерсе, өз денемнің де сонша жерден дерлік көгергенін сезінгенімді әсте түсімде емес, өңімде және дәл қазіргіден әлдеқайда сергектеу әрі ширақтау кезімде бастан өткергем.
— Мына кавальероның есімі кім? — деп сұрады астуриялық бикеш Мариторнес.
— Ламанчалық Дон Кихот, — деп жауап қатты Санчо Панса. — Ол — кезбе рыцарь, жер бітіп, су аққалы ғұмыр кешкен рыцарьлардың ішіндегі ең жүректісі әрі мықтысы.
— Кезбе рыцарь деген не? — деп сұрады күтуші.
— О не дегеніңіз, соны да білмейсіз бе? — деп дауыстап жіберді Санчо Панса. — Кезбе рыцарь деген ол, ой, қарындасым-ай, анау-мынау емес! Осы қазір біреуден ит қорлығын көріп таяқ жесе, көзіңді ашып-жұмғанша-ақ ертең император боп шыға келеді. Осы қазір жер бетінде одан артық мүттайым, одан асқан мүсәпір жан болмаса, ертең ол атқосшысының таңдауына екі жә болмаса үш король тәжін ұсынады.
— Онда неге осынша қайырымды мырза сізге ең болмаса бір графтық алып бермей жүр? — деп үй иесі әйел сөзге араласты.
— Тез арада қайдан бола қойсын, — деп жауап қатты Санчо. — Біздің шытырман оқиға іздеп шыққанымызға бар-жоғы бір ай ғана болды, әлі күнге шейін осы қалай дейтін бірде-бір шытырман оқиға жолыққан жоқ. Кейде тәуірлеуін табам ба деп талпынғаныңмен, татымсыздауына тап боласың. Бірақ, егер қожайыным Дон Кихот жарақатынан, яғни, ауыртып алған жерінен айықса, өзім де ғұмырбақилық жарымжан боп қалмасам, онда сіздерге берген сертім болсын, испанның ең дөкей шонжарына да сәлем бермейтін болам.
Дон Кихот бұл әңгімені зейін қоя тыңдап жатты, сосын шамасы келгенше орнына тіктеліп отырып, үй иесі әйелді қолынан ұстап, былай деп үн қатты:
— Оллаһи, сүйкімді сеньора, мен секілді адамға қамал-сарайыңыздан баспана бергеніңізге өзіңізді бақытты санауға тиіссіз, өйткені өзімді өзім мақтамай отырғанымның себебі өзіңді-өзің дәріптеу қадіріңді кетіреді, дейді ғой, бірақ мен жайында сізге атқосшым айтып бере алады. Өз тарапымнан қосарым, қолғабыс-көмегіңіз қаперімнен өмірбақи өшпейтін болады, ақырғы тынысым біткенше өзіңізге ырза боп өтем. Бір өкініштісі, құдіреті күшті иелеріміздің ықтиярымен махаббат қағидалары сана-сезімімді осыншама еркімнен тыс түрде баурап алмаған болса және есімін дәл қазір өзім ойша атап тұрған қайырымсыз сұлудың жанары өз дегеніне біржола көндірмеген болса, онда бас еркімді мына бір сүйкімді қыздың жанары біржола жаулап алған болар еді.
Үй иесі әйел, оның қызы және мейірбан Мариторнес үшеуі кезбе рыцарьды құдды бір ол грек тілінде сөйлеп тұрғандай үрпиісе тыңдады; олар тек оның өздерін ағыл-тегіл мақтап, ырзашылығын айтып жатқанын ғана аңдады, әйтсе де, мынандай топан сөзге құлағы үйренбегендіктен оған аң-таң боп қарап қалды: мұны олар мүлде басқа әлемнен келген жандай көрген-ді. Ақыр соңында, жылы сөзі үшін рыцарымызға өзінің трактирлік тілінде алғысын айтқан үй иесі әйел қызын ертіп кетіп қалды да, астуриялық бикеш Мариторнес Санчоға ем-дом жасауға кірісті, ол да бұндай емге қожайынынан кем ділгерлік көріп отырмаған-ды.
Малшы мен Мариторнес бұл түнді қызықты өткізуге алдын-ала уағдаласып қойған болатын, сөйтіп бикеш меймандар тыныш тауып, қожайындар ұйқыға басқан шақта осында өзі келмекке, құшырын қандырып, көңілі не қаласа соның бәрін орындауға малшыға сөз берген. Ал, енді осынау келісті бикеш жайында жұрттың айтқанын аңдасақ, бұл секілді уәделерін ол ну орманның ортасында тұрып берсе де және тіпті жанында куәгері болмағанына да қарамастан, қайтсе де орындамай қоймайды екен, өйткені аталмыш бикеш өзінің дворян тұқымынан екенін кереметтей мақтан тұтып айтып жүретін көрінеді, бірақ, оның өз ойынша, трактирде күтуші болуы оған қорлық саналмайды екен, себебі мұндай халге жетуіне тағдырдың алуан талқысы мен басына тап болған бақытсыздықтар кінәлі көрінеді.
Шатырының тесігінен жұлдыз сығалап тұрған осы қора-жайдың нақ кіре берісіне Дон Кихоттың әрі қатқыл, әрі енсіз, болымсыз да орнықсыз төсегі орналасқан-ды, ал сәл әрменіректен Санчо Панса өзіне жатар орын әзірлеген, оның төсек-орны қамыс бойрадан және жүн деуден гөрі түтуге көнбестей боп ұйысқан кендір талшықтары салынған деуге келіңкірейтін жамылғыдан тұратын. Бұл екеуінің ар жағынан, әлгінде айтылып өткендей, төсек орнына өзінің ең тәуір деген екі қашырының ер-тұрманы мен әбзелдерін пайдаланған малшы жайғасқан-ды, — ал, жалпы, оның жүні жылтыраған семіз, тоқ та ширақ он екі қашыры бар-тын, себебі аревальдық бай малшының бірі болатын және бұл малшымызды әжептәуір жақсы білетін осы хикаяның авторы құлаққағыс еткендей, ол тіпті өзіне ағайын боп келеді екен, сондықтан оған көбірек көңіл бөлуді қажет деп тауыпты. Жалпы алғанда, Сид Ахмет Бен-инхали — әуестігі айрықша және қай жағынан алып қарағанда да адал әңгімеші: оның бұл қасиеті осы арада өзіміз хабар етіп отырған жайлардың бәрін де, соның ішінде тіпті жүрек айнитын, көңіл аударуға тұрмайтын нәрселерді де көз таса қалдырмағанынан байқалып отыр, осы себепті тәкаппар да маңғаз тарихшылардың одан үлгі алғаны артық болмас еді; өйткені, олардың болған оқиғалар жайындағы үстіртін әрі шамадан тыс келте қайырылған әңгімелері құшыр қандырмайды, әлде қырсыздығынан ба, әлде арам пиғыл араластырғанынан ба, әлде надандығынан ба, болған жайдың тоқ етері сиясауыттың түбінде қалып кетеді. Ал,Таблант Рикамонтскийдің авторы мен граф Томильястың ерліктері жайындағы кітап авторының жөні басқа, лайымда даңқы асып, атақтары аспандай бергей: түк қалдырмай бәрін егжей-тегжейлі жазатындарын айтсаңшы, шіркіндердің!
Сөйтіп, қашырларын қарап, тағы да кішкене жем-шөп беріп қайтқан әлгі малшы қолды-аяқтай Мариторнесті күтіп, ерін жастанып, төсегінде ұзынынан түсіп жатқан. Тұла бойын пластырь жапқан Санчо да орнына жайғасқан, бірақ қабырғаларының ауырғаны мазасын алып көпке дейін көз іліндіре алмаған. Дон Кихот та бүйірлерінің сыздауын ауырсынып, қоян секілді көзін бақырайтып ашып жатқан. Бекеттегі абыр-сабыр да тиылып, маңайдың бәрін қараңғылық басқан-ды, тек кірер есіктің аузында ғана фонарь жанып тұрған.
Құлаққа ұрған танадай тыныштық пен рыцарымыздың бақытсыздығына кінәлі қай кітаптың болмасын әр бетінде кезігетін оқиғалар жайындағы жабысқақ ойлар оны кез-келген адамның қиялына әлдеқалай кіре қоймайтын оғаш та ақылға сыйымсыз бір арманға жетеледі, анығырақ айтқанда, ол өзін бейне бір еңселі қамал-сарайға келіп жеткендей, — оның өзі түскен бекеттерді әрдайым қамал-сарай деп жобалайтынын білеміз ғой, — бекетшінің, яғни қамал-сарай қожасының, қызына бұл айтып жеткізгісіз әсер қалдырғандай, сөйтіп ол қыз бұған бір көргеннен ғашық боп, бүгін түнде ата-анасына білдірмей келіп бір-ер сағат жанында болуға уәде бергендей көрінді; бірақ өзі ойдан шығарған осынау қисынсыз қиялды күмәнсіз де талассыз шындық ретінде қабылдаған ол сол бойда-ақ аяшына деген кіршіксіз адалдығы қандай ауыр сынаққа душар болатынын көз алдына елестетіп уайым шегіп кетті, сөйтіп қасына тіпті сарай ханымы Кинтаньонасын ертіп королева Джиневраның өзі келсе де мейлі, жүрегінің әміршісі Дульсинея Тобосскаяға опасыздық жасамауға өзіне-өзі ойша серт берді.
Сонымен, ол өзін осылайша қайдағы бір пәтуасыз оймен алдарқатып жатқанда, оны тағдырдың талқысына түсіретін сәт, — астуриялық бикеш бой көрсетуге тиіс уақыт та келіп жеткен-ді және, айтқандай-ақ, тап солай болды да: жалаң аяқ, үстінде жалаң төсек көйлек, басында шашын ұстатқан жуан жіптен тоқылған торы бар бикеш аяғын жымын білдірмей басып, ылдым-жылдым адымдап малшымен тар төсекте табыспаққа үш мейман жатқан бөлмеге келіп кірді; бірақ ол есікке жақындай бергенде-ақ аяқ дыбысын сезіп қалған Дон Кихот денесіне жапсырылған пластырьлар мен бүйірлерінің сыздағанына қарамай төсегіне тіктеліп отырып, қиялдағы сүйкімді сұлуын құшпаққа құшағын айқара ашты. Қолын алға созып жіберген астуриялық бикеш үн-түнсіз және барынша сақтықпен сүйіктісіне қарай өтіп бара жатқан жолында кенет Дон Кихоттың қолына кезігіп қалды да, анау жүрегі тас төбесіне шыққан күтушіні білегінен шап беріп ұстай алып, өзіне қарай икемдеп, кереуетке әкеп отырғызды. Оның қап тігетін кенептен тігілген көйлегіне қолын тигізген рыцарымыз мұны әлемде жоқ айрықша жұқа жібек деп тапты. Білегіне ілген әйнек моншақтары бар еді, онысы бұған шығыстың аса бағалы інжуі секілді боп көрінді. Жылқының жалын еске салатын шашын жарқылы күн сәулесінен де өткір өте таза араб алтынының талшықтарына ұқсатты. Үстінен, шамасы, ашып кеткен салаттың иісі аңқып тұрса керек, бірақ бұл оған еліттіріп ес кетірер хош иіс секілді сезілді. Қысқасы, оның түсінігінде астуриялық бикештің бейнесі өзі романдардан оқып алған әлдебір принцессаның бейнесіне ұласып, құдды бір құштарлық сезімін тежеуге тағаты болмай, үстіне жоғарыда аталған киім-кешегін іле салып, жаралы рыцарьға жолығуға келіп тұрғандай көрінді. Сөйтіп, идальгомыздың көрсоқырлыққа қол бергені сонша, түйсіну қабілеті де, осынау келісті бикештің бойынан тарап тұрған иіс-қоңыс та, сондай-ақ малшыдан басқа жанның жүрегін айнытып құстыратын басқа қасиеттері де оны бұл ойынан айныта алмады, — керісінше, айдай сұлу перизатты құшағына қысып отырғандай сезімде болды. Сөйтіп, ол құшағын ажыратпаған күйі сырбаз үнмен сыбырлай сөйлеп былай деді:
— Беу, сүйкімді де ақпейіл сеньора, таңғаларлық сұлу сымбатыңызға көз тояттатуыма мүмкіндік берген шектен тыс мейірімділігіңіздің өтемін немен ғана қайтара алар екем! Алайда ақ ниетті адамдардың қыр соңынан қалмайтын тағдырдың қырсығы дал-далым шығып, сілем қатып осы төсекке келіп жамбас тигізуіме, оған қоса, қанша ынтызарлы болсам да, ынтығыңызды басуға еш мүмкіндік таппауыма әкеп соқтырып отыр ғой. Бұл кедергіден басқа, әсте аттап өтуге болмайтын тағы бір кедергі бар, атап айтқанда, ол — ең асыл ой-армандарымның жалғыз ғана әміршісі, жан теңеспес Дульсинея Тобосскаяға адалдыққа берген антым. Айтайын дегенім, арамызда осындай кедергілер тұрмаса, онда мен, әрине, шамам келгенше аянып қалмас ем және өзіңіздің шексіз мейірбандығыңыз тарту еткен осы бір аса қолайлы сәтті құр жібермеген болар ем.
Рыцарымыздың құшағында отырған Мариторнестің дымы құрып, қара терге түскен болатын; оның сөзіне құлақ та қоймаған әрі түк ештеңесін түсінбеген ол құшақтан босап шықпаққа үнсіз бұлқынумен болған. Арамы тілек тынышын кетіріп, ұйқысы қашқан, сүйіктісінің келгенін табалдырықтан аттаған бойда-ақ аңғара қойған малшы бұл кезде Дон Кихоттың оған не айтып отырғанына бар ынты-шынтысымен құлақ түріп жатқан-ды; ақыры астуриялық бикеш өзіне опасыздық жасап, басқа біреуге берілмекші-ау деген қызғаныш жетегімен Дон Кихоттың жанына жақындаңқырап барып тоқтап, әңгімесінің ауанын түсінбек үшін пәтуасыз сөздеріне құлақ тосты; бірақ бикештің босап шыққысы келіп бұлқынып, Дон Кихоттың оны жібермей жатқанын көргенде бұл арпалыс оған онша ұнамай, махаббатқұмар рыцарьдың сопақша келген жағынан бар күшімен құлаштап періп кеп қалды да, аузын қанатып салды; бұны да қанағат тұтпаған малшы оның үстіне қонжия кетіп, бас-көз жоқ төмпештей жөнелді. Бұдан соң Дон Кихоттың онсыз да орнықсыз, шатқаяқ сәкілерге орнатылған төсегі малшының қосымша салмағын көтере алмай сол сәтте-ақ жерге гүрс құлады; төсек құлаған кезде шыққан кереметтей тасыр-тұсыр бекетшіні де оятып жіберді, сол бойда-ақ ол бұның бәрі Мариторнестің қылығы екенін түсіне қойды, өйткені, шақырған даусына жауап қатпаған болатын. Күдігі қаншалықты негізді екеніне көз жеткізу үшін ол тұрып, май шам жағып, жаңағы қырғын төбелес болып жатыр деп ойлаған жағына қарай бет алды. Екі иығын жұлып жеп кіріп келе жатқан қожайынын көрген күтуші қатты абдырап, зәре-құты қалмай қорқып, ұйқтап жатқан Санчо Пансаның қасына барып бүк түсіп жата қалды. Қожайын ішке айқайды сала кірді:
— Әй, қайдасың сен қыз? Ант етем деп айтайын, осының бәрі сенің істеп жүргенің!
Бұл кезде Санчо да оянған; әлдебіреудің бар салмағымен үстіне қонжия кеткенін сезіп, оны жаман түс көріп жатқанға жорып шошыған ол оңды-солды жұдырық сілтеуге көшкен және бұл бет-алды соққыларының басым бөлегі Мариторнеске дарып жатқан-ды, — ал, Мариторнес болса, соққы жанына батқандықтан ұят атаулының бәрін былай жиып тастап, оған оңдырмай есе қайтара бастағандықтан Санчоның да ұйқысы шайдай ашылған-ды; сөйтіп, енді өзін біреудің аямай ұрғыштап жатқанын сезген, бірақ оның кім екенін біле алмаған ол шап беріп Мариторнеске жабыса кетті, одан соң екеуінің арасында көз алдыңа елестетудің өзі қиын сұмдық қиян-кескі әрі соншалықты күлкілі айқас басталып кетті. Бекетшінің қолындағы білте шамның жарығынан бикешінің жағдайы қиындап кеткенін көрген малшы Дон Кихотты тастай беріп, соған көмекке ұмтылды. Оған еріп бекетші де ұмтылды, бірақ оның мақсаты басқашалау болатын: осы шулығанның бәрі жалғыз тек Мариторнестің ғана кінәсінен болып жатқанына еш шүбә келтірмеген ол күтушісін тәртіпке шақырып қоймақ еді. Одан соң ертегідегі: “ит мысыққа, мысық итке” дегендей ахуал орнады, — малшы Санчоға, Санчо күтушіге, күтуші Санчоға, бекетші күтушіге жармасып, бір-бірін жедел төмпештің астына ала бастады. Осы арада бекетшінің шамы өшіп қалды да, тастай қараңғыда тоқайласқан жаугерлер бір-бірін нобаймен соққылауға көшті және бұл кездегі соққыларының аяусыз болғаны сонша, біреудің жұдырығы біреуге тиген жердің бәрін қан қақсатып жатты.
Бұл күні осы бекетте толедолық ескі Қасиетті ағайындықтың жасауылы қонып жатқан болатын. Айқастың ала бөтен айқай-шуын естіген ол өз дәрежесін айқындайтын таяқшасы мен қағаз салынған қаңылтыр қорапша секілді заттық айырым белгілерін ала сап, қармаланып шолан ішіне енген бойда:
— Әділ соттың атымен әмір етемін, тоқтатыңдар! Қасиетті ағайындықтың атымен айтамын, тоқтатыңдар! — деп айқайды салды.
Ішке кірген жасауыл ең әуелі оңбай соққы жеп, есінен танған қалпы күйреп түскен төсегінде ұзынынан сұлап жатқан Дон Кихотқа тап болды, сөйтіп сипаланып жүріп сақалын тауып, оны уыстай алған бойда: “Әділ сотқа көмекке келіңдер!” деп бірнеше мәрте айқайлады. Бірақ, әлгі адамның қозғалмақ түгіл қыбыр етпегенін көрген ол бұны өлген кісі екен, ал қалғандары соны өлтірушілер екен деп ойлап қалды, осындай күдікке бой алдырған сәтте-ақ:
— Қақпаны жабыңдар! Ешкімді сыртқа шығармаңдар — мына жерде адам өлтірілді! — деп бұрынғысынан да қатты айқайлап жіберді.
Бұл айқай төбелесіп жатқандардың зәресін кетірді, бәрі де жасауылдың дауысын естіген-естіген жерлерінде қалшиып қатты да қалды. Одан соң бекетші үйіне, малшы ер-тұрманына, күтуші құжырасына оралып, сормаңдай Дон Кихот пен Санчо ғана орындарынан қозғала алмай ондалап жата берді. Сол арада жасауыл уысын жазып, Дон Кихоттың сақалын жібере салды да, қылмыскерлерді ұстап, тұтқындамақ үшін жарық тауып әкелмекке кетті; алайда бөлмесіне қарай беттеп бара жатқан жолында бекетші фонарьдың білтесін қасақана басып кеткендіктен оның бұл әурешілігінен ештеңе өнбеді, — одан соң жасауыл от жанып жатқан ошаққа қарай жөнеп, әжептәуір уақыт пен күш жұмсауының арқасында ақыры екінші шамды жақты.
ХҮІІ тарау
Мұнда рыцарымыз, сорына қарай, әлдебір қамал-сарай деп жобалаған бекетте ер жүрек Дон Кихот пен сенімді атқосшысы Санчо Пансаны күтіп тұрған жаңа өрескел азап пен мазақ жайында баяндалады
Бұл екі ортада Дон Кихот та есін жиып, атқосшысына тағы да тап сол ана сойыл жауған алқапта жатып жанына шақырғандай дауыспен дыбыс берді.
— Санчо достым, сен ұйқтап жатырсың ба? Ұйқтап жатырсың ба, достым Санчо?
— Жын-пері біткен жабылып түні бойы жан алқымға алғандай күй кешкенде ұйқтап жарытарсың бұл арада, нәлет мені атқыр, — деп тіл қатты Санчо күйініш пен налаға толы үнмен.
— Мұндай ойға бой алдыратын ретің әбден бар, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — өйткені, не мен ештеңе түсінбеймін, не бұл дуаланған қамал-сарай. Сенің біліп қойғаның жөн... Тұра тұр, сен әуелі қазір өзіңе айтқалы жатқан нәрсемді мен өлгеннен кейін де құпияда сақтайтының жайында ант етуің керек.
— Ант етем, — деді Санчо.
— Ант беруіңді талап етіп отырған себебім, кімнің де болсын ар-намысына кір келмегенін жөн көрем, — деп түсіндірді Дон Кихот.
— Ау, мен өзіңіз өлгеннен кейін де жақ ашпаймын деп антымды беріп қойдым ғой, — деп наразылық білдірді Санчо, — бірақ, құдай қош көріп, ертең-ақ аузымнан шығып кеткей!
— Маған мұншалықты жедел өлім тілейтіндей саған не қиянат жасап едім? — деп сұрады Дон Кихот.
— Сіздің бұған ешқандай қатысыңыз жоқ, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Мен өзім тумысымнан нендей де болсын нәрсені бойымда ұзақ сақтауға жоқпын: сақтайсың-сақтайсың келіп, бір кезде қарасаң бұзылып кеткенін көресің — міне, менің қорқатыным осы.
— Қалай болғанда да, сенің шын берілгендігің мен адамгершілігіңе сенем, — деді Дон Кихот. — Сөйтіп, енді біліп қойғаның артық болмас, бүгін түнде мақтан тұтып айтуыма тұрарлық таңғажайып оқиғаның бірін бастан кештім. Тоқ етерін айтқанда, сен де бұдан мағлұмдар бол, әлгінде осы қамал-сарай иесінің қызы қойныма келді, сондай сүйкімді және сондай нәзік, ондай қызды жер-дүниеден іздесең таппайсың. Иығына ілген киімін кім суреттеп бере алар? Ақыл-ойының зеректігін ше? Жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосскаяға адалдығымды сақтауым себепті бұл арада өзім сөз етпеуге және ауызға алмауға мәжбүр болып отырған, көз таса мүшелерін ше? Айтарым тек біреу ғана: әлде қолыма кездейсоқ жағдай әкеп қондырған бақыт құсын құдіретті күштер қызғанды ма, әлде, бәлкім, — жоқ, бұған күмән жоқ, — бұрын айтқанымдай, дуаланған қамал-сарайда отырғандығымыздан ба, әйтеуір тек екеуіміз бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді керемет тәтті сөздермен жеткізе бастағанымыз сол еді, әлдебір жексұрын дәудің көзге көрінбейтін әрі қайдан тап болғаны беймәлім жұдырығы шықшытымнан сұрапыл күшпен сарт ете қалғаны, әліге шейін қан түкіріп жатырмын, одан соң оның мені сілейтіп салғаны сонша, Росинанттың кешегі көргенсіздігі салдарынан жылқышылардың бізге көрсеткен, өзің жақсы білетін, жәбір-жапасынан кейінгі жағдайдан да нашар жағдайға душар болдым. Осыған қарап, бұл қыздың сұлулық қазынасын әлдебір жадыланған мавр күзетеді-ау және оның қызығын көруді маған жазбаған-ау деген тоқтамға келдім.
— Маған да жазбаған, — деп Санчо іліп әкетті, — мені төрт жүзден астам мавр төмпешке алды және өлермендікке салынғандары сонша, жылқышылардың жегізген сойылдары маған дәмді бәліш пен тәтті тоқаш тәрізді көрінді. Бірақ, әділін айтыңызшы, сеньор, екеуіміз бірдей қол-аяғымызды қимылдатудан қалып сұлап жатсақ, бұны сирек кездесетін әрі керемет қуанышты оқиға деп айтуға бола ма? Сіздің, әйтеуір, аздап та болса жолыңыз болды: әлгінде айтқаныңыздай, құшағыңызда айдай сұлу ару отырды. Ал, мен ше? Мен болсам, жұдырық қана жедім және әбден тойдырғаны сондай, енді өле-өлгенше сонша жұдырық жей қоймаспын деп ойлаймын. Шамасы, өзім осындай сормаңдай боп жаратылғанмын ғой деймін: кезбе рыцарь емеспін және ешқашан болмайтын да шығармын, бірақ пәле-жала атаулының бәрі дерлік мені іздеп табады!
— Сонда, сені де сабағаны ма олардың? — деп сұрады Дон Кихот.
— Ау, мен сізге не жайында айтып жатырмын, жекжат-жұрағатымды түп-тұқиянымен шайтан алғыр? — деп Санчо оған қарсы сұрақ қойды.
— Қиқарланба, достым, — деп жуаси сөйледі Дон Кихот. — Қазір мен шипалы бальзам әзірлеуге кірісем, сосын екеуіміз қас пен көздің арасында құр аттай боп шыға келеміз.
Азар дегенде май шам тауып жаққан жасауыл дәл осы сәтте жалған өліктің ау-жайын білмекке бас сұға қалған-ды; үстіне жалғыз ғана жейде киген, басына орамал байлап алған, қолына май шам ұстаған, ашу мен ызадан түрі әлемтапырық боп кеткен жасауылды көрген Санчо қожайынына қарап еріксізден-еріксіз:
— Сеньор! Мынау әлгі жадыланған мавр емес пе, дымымызды біржола құртқалы келіп тұрған жоқ па? — деген сұрақ қойды.
— Оның мавр болуы мүмкін емес, сиқырлағандар көзге көрінбейді, — деп жауап қатты Дон Кихот.
— Бәлкім, көрінбесе көрінбейтін де шығар, бірақ сезінуге әбден болады, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Бұл жайында сізге қабырғаларым сарнап бере алады.
— Менікі де, — деп мойындады Дон Кихот. — Алайда соған қарап қарсы алдымызда тұрған мына адамды жадыланған мавр деудің еш қисыны жоқ.
Жасауыл бермен жақындап, екеуінің өзді-өзі кәкір-шүкір әңгіме айтып жатқанын көріп, аң-таң боп тұрып қалды. Осы арада айтар кетер бір жәйт, Дон Кихот әлі шалқасынан сұлап жатқан болатын: өлімші боп таяққа жығылған және тұла бойына түгел пластырь жапсырылған оның қозғалар шамасы жоқ-ты. Сол арада жасауыл қасына келіп:
— Халың қалай, сен бейбақтың? — деді.
— Сыпайырақ сөйлеуге болмай ма? — деп ескертті Дон Кихот. — Әлде бұл араның салт-дәстүріне сай кез-келген мәнжубас кезбе рыцарьлармен осылай сөйлесуге ықтиярлы ма?
Мынадай мүттайым халде жатқан адамның аузынан мұндай кемсіту естимін деп ойламаған жасауыл жынданып кетуге шақ қалды: қолындағы май шамымен Дон Кихотты бір-ақ ұрды; май шам оның тура басына барып тиіп, бас сүйегін опырып кете жаздады, ал анау қараңғылықты пайдаланып тайып тұрды.
— Енді ешқандай күдік қалған жоқ, сеньор, — деді Санчо Панса, — бұл жадыланған мавр боп шықты, қорып жүрген қазынасын ол, шынында да, басқа біреулерге тарту етпек тәрізді, ал бізге арнаған сыйы тек жұдырық қана, кейде тіпті шаммен де шарт еткізуден тайынбайды.
— Дұрыс айтасың, — деп қоштады оны Дон Кихот, — бірақ мұндай арбаушылық айла-амалдарға көңіл аударып жатпауымыз керек және сондайға бола ашу шақырып, күйіп-пісуіміздің де жөні жоқ: өйткені, мұның бәрі елестер мен бұлдыр бейнелер ғой, — сондықтан, қанша құлшынсақ та кек қайтарар ешкімді таба алмаймыз. Одан да, тұра алсаң орныңнан тұр, Санчо, қамалдың комендантына бар, азын-аулақ май, шарап, тұз және розмарин тауып әкелуге тырыс, мен бұлардан шипалы бальзам дайындауым керек: шынымды айтайын, сол маған өте қажет боп тұр, өйткені әлгі елестің салып кеткен жарақатынан қан әлі сыздықтап жатыр.
Сүйек-сүйегінің шыдатпай сырқырап ауырғанына қарамастан, Санчо төсегінен тұрып, қараңғыда қармаланып бекетшінің бөлмесіне қарай қозғалды; бірақ, жолшыбай дұшпанының әңгіме ауаны қайда бұрыларын білмекке тың тыңдап тұрған жасауылға соқтығып қалды да, оған:
— Сіз өзіңіз кім болсаңыз да, сеньор, бізге ілтипат жасап, мынадай бір қолғабыс көрсетіп жіберсеңіз етті — азын-аулақ розмарин, май, тұз және шарап берсеңіз, — бұның бәрі жер-дүниедегі рыцарь біткеннің ішіндегі ең елеулілерінің бірін емдеуге қажет, ол өзі қазіргі кезде осы шоландағы кереуетінде жатыр, бекетіңізде жүрген жадыланған маврдан жарақаттанып қалды, — деді.
Бұл сөздерді естіген жасауыл мұның бәңгі біреу екенін сезе қойды; бірақ таң қылаң бере бастағандықтан есікті ашты да, бекетшіні дауыстап шақырып алып, оған әлгі жынды сүрейдің өтінішін жеткізді. Бекетші Санчоға тілегенінің бәрін тауып берді, ол мұны Дон Кихоттың қолына табыс етті. Дон Кихот болса, бұл кезде басын қос қолымен қысып алып ондалап жатыр еді; шындығында, бар-жоғы тек екі жерінде ғана әжептәуір ісік бар-ды, ал бетіне сорғалап ағып жатқан қан емес, тер болатын, өйткені үстемелене берген мазасыздық пен әбігершіліктен маңдайы шынымен-ақ терден шылқып кеткен-ді.
Дегенмен, ол әлгі нәрселерді алып, бәрін жақсылап араластырғаннан кейін қоспаны отқа қойып қыздыруға кірісті де, біраз ұстап бальзам дайын болғандай көрінген кезде оттан түсірді; сосын бальзам құятын әйнек құты тауып берулерін сұрады, бірақ бүкіл бекетте бірде-бір әйнек құты жоқ боп шықты; одан соң ол бұл мақсатқа зәйтүн майының қалбырын пайдалануды ұйғарды: бекетші оны бұған тегін тұтынуға басы-бүтін бере салды. Мұнан кейін Дон Кихот қалбырға қасиет дарытуды көздегендей, зарлы үнмен сексеннен астам рет “Pater noster” және шамамен сонша рет “Ave Marіa”, “Salve” және “Credo” сөздерін қайталап айтты, әр сөзді айтқан сайын шоқындыру ишаратын жасап отырды. Аталмыш рәсімді атқару үрдісіне Санчо, бекетші мен жасауыл үшеуі қатысып тұрды, ал малшы бұл кезде дағдылы әдетінше түк ештеңе болмағандай қашырларын айналшықтап жүрген-ді. Рәсімді орындап болған бойда-ақ Дон Кихот осынау айрықша бальзамның шипалық қасиетін қолма-қол өзіне сынап көрмек болып, дәрмек қайнатылған шағындау шөгенді алып, қалбырға құйылғаннан артылып қалғанын, яғни шамамен жарты асумбрадайын, түгелдей дерлік сіміріп салды, бірақ ішіп болып шөгенді былай қойғаны сол-ақ екен, лақылдатып құсты дейсің келіп, қатты құсқаны сонша, асқазанында запыраннан басқа ештеңе қалған жоқ; қыстығу мен лоқсудан қара терге түскен ол үстіне көрпе жауып, оңаша қалдыруларын сұрады. Өтініші орындалғаннан кейін, ол сол арада жатып үш сағаттан астам ұйқы соқты, ал оянғанында тұла бойында керемет бір жеңілдік барын, сүйектерінің сырқырағаны да тиылғанын сезінді, сөйтіп барлық сырқатынан құлан таза айыққанын аңғарып, шынымен-ақ Фьерабрас бальзамын дайындап алған екем, бұл дәрмекпен енді тіпті ең қатерлі деген айқастарға, қақтығыстар мен ұстасуларға қорықпай кіре беруіме болады екен деген сенімі орныға түсті.
Дон Кихоттың таңғажайып түрде аяқ-асты сауығып шығуы атқосшысын таң-тамаша қалдырып, шөгенде қалғанды ішіп алуға рұқсат сұрады, ал онда әлі де әжептәуір мөлшерде бальзам бар-тын. Дон Кихот ырзашылық еткен соң, Санчо шөгенді қос қолдай ұстап басына төңкерді де, бар ықыласымен құныға және құшырлана сіміріп, бальзамның қожайыны ішкеннен гөрі сәл аздау бөлегін ішіне қотарып алды. Бірақ, сормаңдай Санчоның асқазаны Дон Кихоттікі секілді нәуетек болмай шықты: қашан құсып тастағанша жүрегі айнып, лоқсып, терге малшынып, басы айналып, жаны мұрнының ұшына келген оның өмірмен қош айтысар сәті жеткеніне еш күмәні қалмады; әбден сілесі қатып, діңкелеген ол бальзамның өзіне де, оны өзіне ішкізген зұлымға да қарғыс жаудырумен болды. Оның қандай қасірет шегіп жатқанын көрген Дон Кихот:
— Менің ойымша, Санчо, жағдайыңның нашарлап кеткен себебі — рыцарьлар қатарына қабылданбағаның-ау деймін, бұл сұйықтықтың рыцарьлық орденге өтпегендерге септігі тимейтініне сенімім кәміл, — дегенді айтты.
— Егер мұны алдын-ала білген болсаңыз, онда неге оны маған ішуге рұқсат еттіңіз, өзімді де, бүкіл жекжат-жұрағатымды да жын соққыр!..
Бірақ тап осы арада ішімдік ақыры нәтижесін берді де, бейшара атқосшы қос тесіктен бірдей іш босата бастады: өзі құлай кеткен бойра да, жамылғы еткен кендір көрпесі де сол бойда-ақ мүлдем іске алғысыз боп қалды. Іш құрылысы аузына тығылғандай лоқсып, қара суға түсіп терлеп, тұла бойы қалш-қалш етіп бейнет шеккені сонша, тек өзі ғана емес, қасында тұрғандар да оны жан тапсырғалы жатқандай көрді. Осынау жан алқымға тақалған арпалыс екі сағатқа жуық созылды, бірақ одан соң да атқосшымыздың жағдайы жақсара қойған жоқ, — қожайынына керіғалаң түрде сүлесоқ, дел-сал халге тап болды, аяғын басып тұра алмады, ал Дон Кихот болса, әлгінде айтылғандай, бұл кезде әбден айығып, қунап-ширап қалған-ды, енді қазір ол шытырман оқиға іздеуге аттанбаққа құлшынып шыдамсызданып тұрған, себебі жолда тоқтап қалу деген сөз оған күллі адамзат баласын және Дон Кихоттың көмегіне зәру барша жанды өз қорғауы мен қамқорлығынан тыс қалдыру боп табылатындай көрінген; бұған қоса, бальзамының ғажайып құдіретіне де қалтқысыз сеніп алған-ды. Осы тілектің жетегіне ілескен ол салт мінетін көліктерін сол үшін өз қолымен ерттеп, жүктерін артты да, атқосшысының киініп алуына көмектесіп, оны есегіне әкеп отырғызды. Сосын өзі Росинантқа мініп, ауланың алыс түкпіріне қарай аяңдап, сонда тұрған қысқа сапты найзаны қымқырып ала кетті — бұны енді нағыз найзаның орнына қолданбақшы еді.
Бекеттің қарамы жиырма шақты адамдай боп қалатын мейманы мен тұрғыны, — бір сөзбен айтқанда, онда қанша адам болса соншасы түгел, араларында бекетшінің қызы да бар, барлығы одан көз алмай қарап тұрды; бұл да қызды көзімен ішіп-жеп, оқтын-оқтын ауыр күрсінумен болды, оның бұл күрсінісі көкірегінің терең түкпірінен шыққандай боп естілетін, бірақ жұрттың бәрі оның күрсінісін бүйірі ауырғаннан деп жобалады, — бәрі болмаса да, әйтеуір, кеше кеште оған пластырь жапсыруға куә болғандар солай деп ойлады.
Рыцарь мен атқосшы үйдің кіре берісіндегі басқышқа таяп келген кезде, Дон Кихот бекетшіге қарап сырбаз да маңғаз кейіппен былай деп тіл қатты:
— Сеньор алькайд, осы қамал-сарайда өзіме көрсеткен жақсылығыңыздың
әр-алуандығы және шаш-етектен келетін көптігі сонша, алдыңызда қарыздар сезініп тұрмын және мұны өмір-бақи ұмытпақ емеспін. Осының өтемі ретінде өзіңізге әлденеге бола жәбір көрсеткен кез-келген кісәпірден кегіңізді алып бергім кеп тұр, өйткені, біліп қойыңыз, менің тікелей міндетімнің өзі де сол қорғансызға пана болу, жәбір көргеннің кегін қайтару және арамзаның сазайын тартқызу боп табылады. Қаперіңізді қағып-сілкіп көріңіз, егер осындай бір жағдаят басыңыздан өткен болса, жасқанбастан маған мәлім қылыңыз: өзім мүше боп табылатын рыцарьлық орденнің атымен ант етейін, көңіліңіздің қалауынша және айызыңыз қанарлықтай түрде қанағат табасыз.
Бекетші де бұған дәл сондай сырбаз пішінде жауап қатты:
— Сеньор кавальеро! Өзімді жәбірлеушілерден кек әперуіңізге әсте де мұқтаж емеспін, қажет боп жатса олардан өзім-ақ кегімді қайтара алам. Маған керегі бір-ақ нәрсе — мейірімді мырза бекетімде қонып шыққаны үшін, яғни малға берілген сабан мен сұлы, сондай-ақ кешкі ас пен екі төсек-орын үшін ақы төлесе болғаны.
— Ау, сонда мұның расында да бекет боп шыққаны ма? — деп сұрады Дон Кихот.
— Болғанда да, ең бір тәуірі, — деп жауап қатты бекетші.
— Ендеше, мен осыған шейін қателескен болдым, — деді Дон Кихот. — Шынымды айтсам, мұны қамал-сарай ма деп қалғам және соның ішінде әжептәуір жақсысы ма деп ойлағам, бірақ енді бұл қамал-сарай болмай, бекет болса, онда менің қолымнан келер бір-ақ нәрсе бар, ол өзіңізге менен ештеңе алмау жайында өтініш айту ғана: өйткені, менің кезбе рыцарьлар жарғысын бұзуға қақым жоқ, ол өз алдына, оған қоса бір анық білетін жайым, — егер дәлел керек болса, кез-келген романды мысалға келтіре алам, — бекеттерде олар түнеме үшін де, басқа бірдеңе үшін де ешқашан ақы төлемеген, өйткені жұрттың бәрі олардың шытырман оқиға іздеу жолында бастан өткеретін айтып жеткізгісіз азаптары үшін айрықша қонақжайлылық көрсететін болған, ал олар болса мұндай шытырман оқиғаларды күндіз де, түнде де, қыста да, жазда да, бет қарыған аязда да, ми қайнатар ыстықта да, жаяу да, атқа салт мініп те, жейтін ас, ішетін суға жарымай, табиғаттың ақиреті мен тұрмыстың тауқыметін тартып жүріп те іздейді.
— Онда менің шаруам жоқ, — деді бекетші келіспей. — Ақшаңызды төлеңіз — сізге айтарым сол ғана, ал рыцарьлар жайындағы ертегіңізді басқа біреуге барып айтарсыз. Маған керегі жамбас ақы төлеуіңіз ғана.
— Сіз топас та тұрпайы трактирші екенсіз, — деген ескерту жасады оған Дон Кихот.
Соны айтып, Росинантқа шпорды қадап жіберіп, шолақ найзасын алдына өңгеріп алған ол бекеттің ауласын кедергісіз тастап шықты да, әудем жерге ұзап кеткенге шейін артына бұрылып қараған жоқ, тіпті атқосшысы соңынан еріп келе жатыр ма, жоқ па, онда да жұмысы болмады. Рыцарьдың ақша төлемей кетіп қалғанын көрген бекетші сол екі арада жамбас ақыны Санчо Пансадан өндіріп алмаққа ниет қылған болатын, бірақ анау егер қожайыны төлеуден бас тартқан болса, өзі де ештеңе төлемейтінін мәлім етті, өйткені, ол, Санчо Панса, кезбе рыцарьдың атқосшысы боп табылады, олай болса, мырзасы ұстанған ереже-тәртіптерді бұл да ұстануға міндетті, яғни трактирлер мен бекеттерде түк ештеңе төлемеуге тиіс. Бекетші бұған шат-шәлекейі шығып ашуланып, егер Санчо ақшасын төлемейтін болса, ол бәрібір өзіне тиістіні өндіріп алмай қоймайтынын, бірақ бұл үшін басқаша әдіс қолданатынын, ал бұған оның онша ырза бола қоймайтынын айтып қорқытпаққа тырысты. Санчо оған мырзасы мүше боп табылатын орденнің жарғысына сәйкес, өліп кетсе де бір тиын төлемейтінін айтып жауап берді, өйткені ол кезбе рыцарьлардың қастерлі де қадым заманғы дәстүрін бүлдірмек емес, осынау мейлінше әділетті заңды бұзғанына байланысты болашақ атқосшылардың реніш-наласына қалмақ емес.
Бейшара Санчоның басындағы келеңсіздіктердің көбейе түсуіне көрінгендей, бекеттің сол күнгі меймандары арасында сеговиялық шұға тоқушы төрт жігіт, кордовалық Портодан ине жасаушы үш жігіт, севильялық Жәрмеңкеден екі жігіт бар еді, — бәрі де бірінен бірі өткен, әзілқой, қалжыңбас, сауыққой және ойын-күлкіге әуес болатын; міне, дәл осы адамдар, бейне бір алдын-ала келісіп қойғандай, не біреу бұйрық бергендей әй-шай жоқ жетіп кеп Санчоны есегінен аударып алды, сосын оны біреуі ерінбей барып алып келген бекетші көрпесіне жықты; одан соң жоғарыға көз салып, өздері ойластырған іске жабындының тым аласа соғатынын көрген соң, жабындысы ашық аспан боп табылатын мал қамайтын аулаға ауысты да, сол жерде Санчоны қайтадан көрпеге салып, мәз-мәйрам болысып, карнавал кезіндегі ит секілді етіп әуелете лақтырып, тосып алып, әрлі-берлі қақпақылдауға кірісті.
Сормаңдай ұшқыштың жан дауысы мырзасының да құлағына шалынды, —тоқтап, мұқият құлақ түрген ол әу баста мұны жаңа бір шытырман оқиға екен деп қалған, бірақ атқосшысының дауысы екенін анық ажыратқан соң, атының басын кері бұрып, бекетке қарай тапырақтай шапты, бірақ қақпаның жабық екенін байқап, әйтеуір қайтсе де ішке енбек оймен, бекетті айналып өтуді ұйғарды; алайда мал қамайтын ауланы қоршаған шарбаққа, жалпы алғанда, онша биік те емес шарбаққа, жақындаған бойда-ақ атқосшысына жасалып жатқан қиянатты көзі шалып, аңырып тұрып қалды. Өзінің тап көз алдында Санчо біресе жоғары қалықтап, біресе төмен түсіп жатты және бәрін сондай жеңілдікпен жасап жатқаны сонша, егер Дон Кихоттың көкірегін кернеген ашу сол тұста сәл-пәл бәсең тартқан болса, ол, бәлкім, күлкіден ішек-сілесі қатып домалап та жатар ма еді, кім біледі. Сол арада ол ерде отырған жерінен шарбақтың арғы бетіне ырғып түспекке оқталған, бірақ қатты қалжырап, дымы құрып тұрғандықтан, тіпті аттан түсуге де шамасы жетпеді, сондықтан аттың үстінде отырған күйі Санчо Пансаны қақпақылдап жатқандарды, бұл арада келтіруге дәтіміз бармай отырған, боғауыз бен балағат сөздің астына алумен ғана шектелді; алайда Санчо ұшқыш сол бұрынғыша зар қағып, біресе өлердегі сөзін айтып жалынып, біресе сес көрсетіп жатты, ал сотқарлар болса сол бұрынғыша мәз-майрам боп қарқылдай күліп, ойындарын жалғастыра берді, өйткені атқосшының бақырып-шақырғаны оларға шыбын шаққан ғұрлым әсер етпеген болатын, — Санчоны олар тек өздері оны қақпақылдай-қақпақылдай әбден шаршаған кезде ғана босатты. Бұдан соң олар есекті әкеліп, Санчоны отырғызды да, арқасына жадағайын жапты, ал мейірбан Мариторнес оның қалай қалжырап-талғанын көріп жаны ашып, жүгіріп барып құдықтан бір құмыра мұздай су әкеліп берді. Құмыраны алып, аузына апара берген Санчо мырзасының айқайлап сөйлеген дауысын естіді:
— Санчо балам, ішпе суды! Ішпе суды, балам, — ол саған сор боп жабысады. Міне, мында шипалы бальзам бар (сол арада ол қалбырды алып көрсетті), екі тамшысын ішсең болды-ақ, сауығып кетеріңе мен кепіл.
Санчо оған көз қиығын салып қарады да, одан да зор айқаймен жауап қатты:
— Рыцарь емес екенімді ұмытып кеттіңіз-ау деймін, тақсыр? Әлде ішек-қарнымның кешегі кештен қалған жұқанасын да құсып тастасын дейсіз бе? Ол тамшыларыңызбен әзәзіл емделсін, менен аулақ.
Осыны айтып ол құмыраға қайта бас қойды, бірақ бір ұрттағаннан кейін-ақ мұның қара су екенін біліп, ішкісі келмей қалды да, Мариторнестен шарап әкеліп беруін сұрады, оның бұл өтінішін ықыласпен орындаған бикеш шарап ақысын өз жанынан төледі — айналысып жүрген кәсібіне қарамастан бұл өзі христиандық сезімнен де құралақан емес дейтін әңгімені жұрт тегіннен-тегін айтып жүрмеген екен. Шарапты ішіп алған Санчо есегіне шпорды қадап жіберіп жортақтай жөнелді де, қақпаны айқара ашып, қайтсе де соқыр тиын төлемей кеткеніне және бұл арадан сытылып шыққанына мәз-майрам қалпында ауладан шығып кетті, — әділін айтқанда, оның қуанышына кірбің түсіріп те тұрған бір жай бар-ды: өзі үшін бұның дағдылы қамқоры — қақсаған қабырғалары төлем жасаған-ды. Шындығында, ол тек қабырғаларымен ғана төлем жасамаған, — бекетші түнемел ақысына оның қоржыны өтем болар деп тапқан, бірақ басымен қайғы боп жүрген Санчо оны байқаған жоқ. Бұл жөнін тапқаннан кейін бекетші қақпаны жауып, ысырмасын салып қоймаққа оқталған еді, бірақ атқосшымызға азап шектірушілер оны бұл ойынан айнытты: олар Дон Кихотты ғана емес, Дөңгелек Үстел Рыцарын да тәубесіне келтіре алатын бозымдар болатын.
ХҮІІІ тарау
Мұнда қожайыны Дон Кихотқа Санчо Пансаның құлаққағыс еткен жайлары мен басқа да айта кетуге тұрарлық оқиғалар баяндалады
Сілесі қатып қалжырағаны сонша, қожайынының қасына таяған Санчо есегін оның жанына жақын әкеп те тұрғыза алмады. Оның қалай әлсіреп, дымы құрып қалғанын көрген Дон Кихот оған былай деп үн қатты:
— Мейірімді Санчом, бұл қамал-сарайдың, яғни бекеттің, шынымен-ақ дуаланғанына енді анық көз жеткіздім. Ақиқатына келгенде, өзіңді сонша айуандықпен мазақ қылғандарды қалай ғана елес деп және ана дүниеден ауғандар деп айтпассың? Бұлай деуіме негіз боп тұрған нәрсе мынау: өзің бастан өткеріп жатқан аса аянышты жағдайды шарбақ сыртынан бақылап тұрған кезімде шарбақтың ар жағына қарғып өтпек түгілі, атымнан да түсе алмай қалдым ғой, оның себебі жадыланып қалған сияқтымын. Арыммен ант етейін, егер шарбақтың ар жағына қарғып өтетіндей немесе атымнан түсе алатындай халде болсам, өзіңді жәбірлеуші дарақылар мен бұзықтардың сазайын тартқызар ем және адамдарды қорлап, мазақ қылуға өмір-бақи зауқы соқпайтындай етер ем, бұл үшін тіпті рыцарьлар қауымының, ол жайында өзіңе бұрын да бірнеше мәрте мәлім еткенімдей, рыцарьлардың рыцарь еместерге тек ең бір амалсыз және айрықша қажеттілік туған жағдайда ғана, яғни олар бұның, рыцарьдың, өміріне қатер төндірген жағдайда ғана, қол көтеруіне рұқсат ететін заңын бұзуыма тура келсе де қайғырмас ем.
— Рыцарьлар қатарына қабылданбағаныммен, шамам келсе өз кегімді өзім-ақ қайтарған болар ем, бірақ әңгіме сонда, шамамның болмағанында боп тұр ғой, — деді Санчо. — Бірақ, қалай десеңіз де, өзімді келемеш қылғандардың, өзіңіз сендірмек болғандай, жансыз елес те, жадыланған біреулер де емес, кәдімгі сіз бен біз секілді адамдар екенін қадап айтқым келеді. Әрқайсысының өз аты-жөні бар, — мені қақпақылдап жатқан кездерінде өзара сөйлесумен болды, сол кезде біреуін — Педро Мартинес, екіншісін — Тенорьо Эрнандес деп атайтынын, ал бекетшінің аты-жөні — Хуан Паломеке, лақап есімі Солақай екенін білдім. Сондықтан, мейірімді мырзам, шарбақтан қарғып өтуге және аттан түсуге сізге көз байлау емес, басқа бірдеңе бөгет болған тәрізді. Осының бәрі өзіміз іздеп жүрген шытырман оқиғалар ақыр соңында туған-туысыңды да танымай қалатындай шатақ жағдайларға душар етерін анық көрсетіп тұр. Өзімнің орталау ақыл-ойымша, ең жақсысы және ең тынышы үйімізге қайтқанымыз ғой деймін: қазір егін орағының нағыз қызған кезі, шаруашылықпен шындап айналысатын шақ, ал біз болсақ делқұлы жандарша босқа тентіреп жүрміз, ол да аздай, оттан қашып құтылсақ, шоққа барып жығыламыз.
— Өй, сенің рыцарьлыққа қатысты жайлардан түсінігің қандай, Санчо! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Көп сөзді қой да артын күт: бұл салада қарасын боп жүргеннің өзі қандай құрмет екеніне көзің жетер күн де келеді. Ал, енді айтшы өзің маған: айқастарда жеңіске жету мен жауды жер жастандырудың қуанышын немен салыстыруға болады және одан асқан қандай бақыт бар? Әрине, ештеңе жоқ.
— Жарайды, өзім бастан кешіп көрмесем де, солай болсын-ақ дейік, — деп жауап қатты Санчо. — Менің білетінім біреу ғана: екеуіміз кезбе рыцарьға айналғалы бері, немесе, дәлірек айтқанда, сіз өзіңіз, тақсыр, айналғалы, — өйткені менің мұндай биік дәрежеге ие болуға ешқандай қақым жоқ екені белгілі, — бискайлықпен айқастан басқа еш бір қақтығыста жеңіске жеткен кезіміз болған емес қой, оның өзінде де сіз, мейірімді мырзам, құлағыңыздың жартысы мен дулығаңыздың жартысынан айрылып тындыңыз. Міне, тап сол кезден бері таяққа жығылу мен жұдырық жеуден көз ашпай келеміз, бұл аз болғандай, мені, оған қоса, қақпақылдап мазақ қылды — және бәрі де қас қылғандай жадыланған біреулер: өйткені, мен олардан кек те қайтара алмаймын және, өзіңіз айтқандай, жауды жеңгеннен табар жан рақаты қаншалықты керемет екенін де өмірбақи білмей өтетін болам.
— Міне, мені өкіндіретіні де осы және бұл өзіңді де өкінтуге тиіс, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — алайда көп кешікпей бір тәуір семсер тауып алмақпын, оның керемет жақсы етіп жасалғаны сонша, оған ие болған адамға ешқандай дуа жоламайтын болады. Бәлкім, тағдыр менің қолыма тіпті Амадистің семсерін де табыс етер, кім біледі — оның анау әлгі Отты Семсер Рыцары атанып жүрген кезде пайдаланған семсерін айтам, ал бұл рыцарьлар атаулы пайдаланған семсердің ішіндегі ең тәуірлерінің бірі болатын, өйткені әлгінде айтылған қасиетінен басқа, ұстарадай қылпыған өткір еді, ең мықты немесе дуаланған сауыттың өзі оған шыдас бере алмайтын.
— Менің жолым болғыш-ақ әйтеуір, — деді Санчо, — ал енді осы арманыңыз орындала қалып, сондай семсерді тауып ала қойсаңыз, онда да бәрібір ол, әне бір бальзамыңыз секілді, тек рыцарьларға ғана қызмет етіп, соларға ғана пайдасын тигізер еді, ал атқосшылардың маңдайына тек біреудің ішкен асына бата беру ғана жазылғандай.
— Түңіле берме, Санчо, саған да ұзамай жаратқан жәрдемін тигізеді, — деді Дон Кихот.
Екеуі осы ыңғайда әңгіме-дүкен құрып келе жатқан кезде Дон Кихот кенет қарсы алдарынан жол бойымен бермен қарай жылжып келе жатқан бұлтқа ұласқан қою шаңды көріп қалды; осыны көрген бойда Дон Кихот Санчоға былай деп тіл қатты:
— Тағдырдың өзіме тигізер шарапаты қандай болары анықталар күн туды, Санчо. Саған айтып қояйын, бүгін білегімнің қуаты бар қажыр-қайратын танытатын болады, сөйтіп мен даңқ кітабына мәңгілікке жазылып қалар ерлік жасайтын болам. Көріп тұрмысың, Санчо, ана бұлттай қалың шаңды? Бұл —өзімізге қарай беттеп келе жатқан қисапсыз көп және сан қилы тайпа бас құраған қосынның шаңы.
— Айтып тұрғаныңыз рас болса, бір емес, екі қосын, — деп ескертті Санчо, — себебі қарсы беттен, яғни арт жағымыздан да дәл осындай қою шаң көтеріліп тұр.
Артына бұрылып қараған Дон Кихот Санчоның шындықты айтып тұрғанына көз жеткізді; ол екі қолдың осынау кең жазықта тоқайласып, ұрыс салмақ ниеті барына кәміл сеніп, соған қатты қуанып қалды. Айта кеткен артық болмас, рыцарьлық романдарда суреттелетін айқастар, арбаушылық айла-амалдар, шытырман оқиғалар, алуан сыпаттағы оғаш қылықтар, махаббат әурешіліктері, жекпе-жекке шақырулар оның ой-қиялынан күндіз де, түнде де бір кетпейтін, барлық қарекет-қимылы осы ыңғайда атқарылатын, барлық мақсат-мүддесі осыны ғана діттейтін және барлық әңгімені осыған әкеп тірейтін, ал шындығында көзіне шалынған қою шаңды жол бойымен бір-біріне қарама-қарсы келе жатқан екі үлкен отар көтерген еді, бірақ қойлардың өзі жақын жерге таяп келгенде болмаса шаңның тасасынан көрінбейтін. Алайда, Дон Кихот бұларды екі әскер деп бой бермеген соң Санчо да ақыры соған сеніп, одан:
— Ал, біз не істейміз сонда, сеньор? — деп сұрады.
— Не істейміз дейсің бе? — деп қарсы сұрақ қойды Дон Кихот. — Әлсіздер мен қорғансыздарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауымыз керек. Біліп қой, Санчо, өзімізге қарсы келе жатқан әскерді Трапобана деп аталатын үлкен аралдың билеушісі, ұлы император Алифанфарон басқарып келеді, ал арт жағымызда келе жатқан — оның жауы, гараманттар королі Пентаполин Сыбанған Білек, оның бұлай атанған себебі, шайқасқа кірер алдында қашанда киімінің оң жақ жеңін түріп алады екен.
— Сонда бұл екі сеньорға соншалықты не жетпей жүр? — деген сауал қойды Санчо әуестігі оянып.
— Оның себебі мынадай, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Барып тұрған мәжуси Алифанфарон Пентаполиннің асқан сұлу әрі аса қылықты, оның үстіне христиан сенімін ұстанатын қызына ғашық боп қалады, ал әкесінің мәжуси король қашан жалған шадияр Мұхаммед қағидасынан бас тартып, христиандықты қабылдамайынша қызын бергісі жоқ.
— Құдай ақы, Пентаполиндікі дұрыс! — деп дауыстап жіберді Санчо. —Оған болысу үшін өз тарапымнан қолымнан келгеннің бәрін жасауға әзірмін.
— Өйткенің өте орынды да болар еді, Санчо, — деді Дон Кихот, — мұндай шайқасқа кіру үшін рыцарьлық атаққа ие болу шарт емес.
— Оны жақсы біліп тұрмын, — деді Санчо, — бірақ шайқас аяқталған соң іздеп жүрмес үшін есекті қайда қалдырғанымыз жөн болар екен? Өйткені, өз ойымша, есегін ойнақтатып ұрысқа кірген ешкім жоқ секілді.
— Дұрыс айтасың, — деді Дон Кихот. — Жалғыз ғана амал — жайында қалдыру керек, жоғалса жоғалып-ақ кетсін: өйткені жеңіп шықсақ, қолымызға көп ат түседі ғой, тіпті Росинанттың өзіне де басқа атпен алмастыру қатері төніп қалуы ықтимал. Ал, енді сен мені барынша мұқият тыңдап ал және бетіңді былай қарай бұр, — мен саған мына қосындар қатарындағы белгілі рыцарьлар жайында айтып бергім кеп тұр. Өзің оларды анығырақ көріп, есіңде сақтауың үшін әне бір төбешікке шығайық, екі қосынның екеуі де сол жерден көзге айқындау шалынары кәміл.
Бұл ұсыныс бұлжытпай орындалды: Дон Кихот пен Санчо жотаның үстіне көтерілді, мал тұяғынан көтерілген қою шаң көздерін тұмшалап, ештеңе көрсетпей тұрғаны болмаса ол жерден рыцарымыз қосынға айналдырып қойған қос отардың екеуі де ап-анық көрінген болар еді; алайда үш те бір нұсқасы жоқ және шындықпен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жайларды ой-қиялымен өрнектеген Дон Кихот қатты дауыстап екілене сөйлеп кетті:
— Әне, ана бір шымқай сары түсті сауыт киген, қалқанында арудың аяғына жығылған арыстан бейнеленген рыцарь — ол айбынды Лауркальк, Күміс көпірдің қожайыны. Анау, сауыты алтын гүлдермен әшекейленген, қалқанының көк түспен боялған жолағына үш күміс тәждің суреті салынған — ол Киростың ұлы герцогы, қаһарлы Микоколемб. Оның оң жағындағы, әне бір зор денелі рыцарь — жүрек жұтқан Брандабарбаран де Боличе, үш Арабияның әміршісі; оның киімдері жылан терісінен тігілген, ал қолына қалқан орнына есік ұстаған, — аңыздың айтуынша, бұл Сампсонның өз басын қатерге тіге отырып жауларынан кек қайтарған кезде қиратқан ғибадатханасындағы есіктердің бірі көрінеді. Ал, енді артыңа қайрыл, ана жаққа қара: бұл әскердің алдында — Жаңа Бискай әміршісі, жан шақ келтірмей жеңетін және ешкімнен жеңілмеген Тимонель Каркахонский келеді, оның үстіне киген сауытының көк, жасыл, ақ және сары жолақтары бар, ал қалқанының сарғыш-қоңыр жолағына алтын түсті мысықтың суреті салынып, астына: Мяу деп жазылған, — бұл оның өз ханымының, яғни қауесет сөзге қарағанда, герцог Альфеньикен Алгарвскийдің қызы, сүйкімді де сымбатты Мяулинаның, қысқартылған есімі. Анау, салмағынан астындағы атының белі қайысқан, аппақ қардай сауыт киген және ешқандай девизі жоқ ақ қалқан ұстаған — ол рыцарьлар қатарына жаңада ғана қабылданған Пьер Папен есімді француз, Утрехт барондығының билеушісі. Анау, көгілдір жыланкөзбен көмкерілген сауыт киген, терісі жолақ, жүрісі ұшқыр зебраның бүйіріне темір шпорын қадап келе жатқан — ол айбынды Нербия герцогы Эспартафилард дель Боске: оның қалқанында қасқыржемнің бір уысы және кастильше жазылған: Тағдырыма зейін сал деген девиз бар.
Осылайша, бұрын-соңды болып көрмеген есуастық шалығына ұрынған ой-қиялының жетегіне ілескен ол өз ұғымына орайлас тоғысқан қосындардағы рыцарьлар есімін атап, оларға қолма-қол девиз бен лақап есім ойлап тауып және жанынан шығарып әрқайсысының сауытына айрықша түс пен бөлекше бітім дарытып, тоқтау білмей сөйлей берді.
— Бізге қарсы келе жатқан әскер неше алуан тайпадан құралған. Олардың арасынан даңқы жер жарған Ксанфтың тәтті суын ішіп жүргендерді де; массилиялық тау шалғындарын таптап жүргендерді де; шат-шадыман Арабияның күлдей ұсақ алтын құмын електен өткізіп жүргендерді де; мөлдір сулы Фермодонттың жанға жайлы қоңыр салқын жағалауларында рақатқа батып жүргендерді де; Пактол түбінен түрлі тәсіл арқылы алтын құм шығарып алатындарды да; қырық құбылғыш нумидиялықтарды да; садақтарымен және жебелерімен аты шыққан парсыларды да; жүгіріп жүріп шайқасатын парфиялықтар мен мидиялықтарды да; көшіп-қонуға ыңғайлы шатырлары бар арабтарды да; қатыгездіктерімен қатар өңдерінің аққұбалығымен де аты шыққан скифтерді де; еріндерін тескен эфиоптарды да жолықтыруға болады және басқа да сансыз көп тайпа барын көріп тұрмын, тек аттары аузыма түспей тұр. Ал, екінші қосынның қатарында — жағалауын зәйтүн орманы көмкерген Бетистің мөлдір ағысымен сусынын қандыратындар; қашан да суы мол, алтыны мол Тахоның суымен беттерін шайып, салқындайтындар; ғажайып көркем Хенильдің әл беріп, қуат қосатын суын рақаттана ішіп жүргендер; шөбі шүйгін Тартес алқаптарынан аттанғандар; Херестегі Елисей далаларында көңіл көтеретіндер; алтын масақтардан гүлдесте киген дәулетті ламанчалықтар; ежелгі готтардың басынан бақайшағына дейін темір сауыт киген соңғы ұрпақтары; ағысының баяулығымен аты шыққан Писуэрга суында шомылатындар; арнасының құпиялығымен аты шыққан, бұралаңдай ағатын Гуадиананың шетсіз-шексіз көк шалғынында мал бағатындар; Пиреней ормандарында суықтан қалтырап тоңып жүргендер мен Аппенин биіктерінде қар қиыршықтарына көміліп жүргендер, — бір сөзбен айтқанда, Европаны мекен етіп, соның жерін толтырып жүрген барлық тайпа бар.
Ой, сұмдық-ай десеңші, өтірік толы романдардан не оқыса соның бәрін бойына сіңірген және соның бәрінен айрықша толқу мен тебіреніс тапқан Дон Кихоттың ескермей кеткен елі қалды ма екен және әрқайсысына қолма-қол бір ерекше қасиет таңып, атамай қалдырған халқы бар ма екен! Санчо Панса Дон Кихотты аузын ашып тыңдап қалды, өз тарапынан бір ауыз сөз қосқан жоқ, тек Дон Кихот атаған рыцарьлар мен дәулер көрінбей ме екен деп деміл-деміл жан-жағына жалтақтап қарап тұрды, бірақ ешқайсысы көзіне шалына қоймаған соң мырзасына былай деп тіл қатты:
— Сеньор! Дәулеріңіз бен рыцарьларыңыздың бәрін жын-шайтан көтеріп кеткен ғой деймін, өз басым, әйтеуір, ешкімді көріп тұрғам жоқ: оларды да, бәлкім, кешегі елестер құсап жадылап тастаған шығар.
— Олай деуге қалай дәтің барады сенің! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Жылқының кісінегенін, кернейдің үнін, барабанның дүңкілін естіп тұрған жоқпысың?
— Мен тек қойдың маңырағанын ғана естіп тұрмын, — деді Санчо жайбарақат.
Айтса айтқандай, екі отар да таяп қалған болатын.
— Бойыңды билеген үрей көзіңді соқыр, құлағыңды саңырау етіп тастаған ғой сенің, Санчо, — деп ескертті Дон Кихот. — Қорқыныштың өзімізге тигізер ықпал-әсері неде — сезімді астан-кестең қылып, не нәрсенің де болсын шынайы болмыс-бітімін басқа бір пошымда қабылдауға мәжбүр етуінде ғой. Ал, енді үрейге бой алдырған болсаң, онда былайырақ барып тұр да мені оңаша қалдыр, жақтасқан жағымның жеңіске жетуіне бір өзім-ақ қам жасай алам.
Соны айтып, Росинантқа шпорды қадап жіберген ол найзасын көлденең ұстап, жотадан төмен қарай құйғыта жөнелді.
Санчо соңынан айқайды салып жатты:
— Қайтыңыз, сеньор Дон Кихот! Құдай ақы, сіз қой мен қошқарға шабуылдап барасыз. Қайтыңыз кейін! Құдай-ай, несіне ғана бұл дүниеге домаланып келе қалдым екен!.. Есіңіз ауысқаннан саумысыз, сеньор? Жан-жағыңызға қараңызшы, бұл жерде ешқандай дәу де, рыцарь да, сауыт та, қалқан да, оның түрлі-түстісі де, бір түстісі де, көгілдір аспан секілдісі де, ештеңе де жоқ бұл арада... Ау, не істегелі жатыр бұл?.. Ой, қасірет-ай десеңші!..
Бірақ, кейін қайтуды ойлап жатқан Дон Кихот жоқ-ты, — керісінше, дәл осы сәтте ол қатты дауыстап былай деп айқайлап жіберді:
— Батылырақ болыңдар, рыцарьлар! Мына сендер, айбынды император Пентаполин Сыбанған Білектің туы астында жорық кешіп, шайқасқа шығып жүргендер, еріңдер соңымнан, оның қас дұшпаны Алифанфарон Трапобанскийді қалай тез тәубеге келтіретінімді көрсетейін сендерге!
Дон Кихот осыны айтып отардың ортасына қойып кетті де, найзасын оңды-солды сілтеп қойларды бейне бір қас жауындай аяусыз шанши бастады. Қойшылар оны тоқтатуға тырысып бақты; бірақ бұл әрекеттерінен ештеңе өнбейтініне көздері жеткен соң сақпандарын ағытып алды да, көлемі жұдырықтай болатын кесек тастарды зуылдатып құлағының құрышын қандыра бастады. Бірақ тастарды елең де қылмаған Дон Кихот алаңқайда олай да бұлай шапқылап айқайды салып жүрді:
— Қайдасың сен, қиямпұрыс Алифанфарон? Шық қане, алдыма! Айбынды Пентаполин Гарамантскийді мерт қылуға шақ қалғаның үшін сенімен жекпе-жекте күш сынасуға және жаныңды жаһаннамға жіберуге ниет қылған рыцарьмын мен!..
Осы кез бір тас кесек бүйіріне сарт етіп соғылды да, екі қабырғасын қабыстырып кетті. Көз алды қарауытып сала берген Дон Кихот өлген шығармын, өлмесем де ауыр жарақаттанған болармын деп ойлады; бірақ сол арада бальзам есіне түсе кетті де, қалбырды суырып алып аузына тақап, сұйықтықты өңешіне сылқылдатып құя бастады; алайда, жарақатты емдеуге жетеді-ау деген мөлшерде сіміріп үлгергенінше аса мергендікпен атылған екінші кесек қолына келіп тиді де, қалбырды тесіп өтіп, үш пе әлде төрт пе тісін, оның ішінде бірнеше азу тісін, опырып жіберді, оған қоса екі саусағын сындырды. Алғашқы соққының әсері анандай, екінші соққының зардабы мынандай болғандықтан бейшара рыцарымыз аттан ауып қалды. Қасына жүгіре басып жеткен қойшылар оны өздері өлтіріп тастағандай көріп, отарын жанұшыра қайырмалап, ұзын саны алтау-жетеу боп қалатын өлген қойды арқалап алды да, алды-артына қарамай жөнеп кетті.
Жотаның үстінде тұрып қожайынының есалаң қылықтарын көз жазбай қадағалаумен болған Санчо ойбайын салып, тағдыр онымен жолын тоғыстырған сол бір сәт пен сол бір күнге қарғыс айтумен болды. Дон Кихоттың гүрс етіп жерге құлағанын, қойшылардың жөнін тапқанын көрген соң жотадан түсіп жанына жақындады да, бұның тәп-тәуір сыбаға алғанын, бірақ есін жоғалта қоймағанын аңғарып:
— Айтпап па едім өзіңізге, сеньор Дон Кихот, айқасқа кірмеңіз, кейін қайтыңыз, өйткені бұл әскер емес, бір отар қой деген жоқ па едім? — деді.
— Көрдің бе, бұл сілімтік сиқыршының, менің қас жауымның, қандай айла-шарғы мен қитұрқы іске шебер екенін. Біліп қой, Санчо, бұл сияқты оңбағандарға бізді алдап соғу деген боқтан оңай, міне, қарашы енді, қыр соңымнан қалмай жүрген сол жауыздың айқаста қолым жеткелі тұрған атақ-абыройымды қызғанып, жаудың қосынын қойдың отарына айналдырып жібергенін. Егер әлі де күмәнданып тұрған болсаң, Санчо, онда көзіңді анық жеткізуің үшін және айтқанымның ақиқаттығына илануың үшін сенен мынадай бір әрекетке баруыңды өтінемін: есегіңе мін де, аналардың соңынан асықпай еріп отыршы, — сонда сен олардың бұл арадан кішкене ұзағаннан кейін сол бұрынғы қалыптарына қайта оралып, қойдың кейпінен кәдімгі адамдардың, әлгінде ғана өзім айтып берген адамдардың, кейпіне ауысатындарын көресің. Бірақ, сен шамалы кідіре тұр, — қазір сенің көмегің мен қамқорлығыңа қатты мұқтаж боп жатырмын. Бермен жақындап, көзіңді салшы, қанша азу тісім мен күрек тісімді опырып кетті екен, — меніңше, бәрін түгел қиратып кетті-ау деймін.
Санчо оған тым жақын таяп келіп, тіптен басын аузына тығып жіберердей боп, шұқшиып қарай бастаған; бірақ осы арада әлгінде ішкен бальзам нәтиже бере бастады да, тап сол Санчо Дон Кихоттың аузына шұқшиған сәтте рыцарымыз құрсағында бардың бәрін мушкет оғының жылдамдығымен жанашыр атқосшысының сақалына қарай лақ еткізді.
— Алда, құдай-ай! — деп айқайлап жіберді Санчо. — Бұл не деген сұмдық? Қан құсып жатқанына қарағанда бұл бейшара өлімші боп жараланған-ау, сірә.
Алайда, зер сала көз жіберген ол түсіне, дәміне және иісіне қарап бұның қан емес, Дон Кихот өз көзінше қалбырдан қылғытқан бальзам екенін айырды; бірақ сол арада Санчоның керемет қатты жүрегі айнып кетті де, асқазанында қордаланған нәрсенің бәрін түгел мырзасының үстіне ақтара салды, сөйтіп енді екеуінің де сүдіні онша болмай қалды. Санчо қоржынынан былғанған жерлерін сүртетін және Дон Кихоттың жарақатын таңатын бірдеңе алмаққа есегіне қарай жүгірген, алайда қоржынның орнында жоқтығын көріп жынданып кете жаздады; тағы да қарғысты қарша боратқан ол, қожайынын тастап, үйіне қайтып оралмаққа өзіне-өзі ойша серт берді, бұл үшін тіпті тиісті жалақысынан да және уәде етілген аралдың күндердің бір күнінде билеушісі болу ойынан да бас тартуға бейіл болды.
Бұл кезде Дон Кихот орнынан тұрып, қалған тістері қаусап түсіп қалмасы үшін сол қолымен жағын ұстап, оң қолымен қасынан қарыс адым ұзамаған Росинантты (ол осындай адал да жуас жылқы болатын) сулығынан ұстап атқосшысына қарай бет алған; ал атқосшысы болса, шынтағын есегінің арқасына қойып, жағын тіренген күйі ой кешіп кеткен. Оның уайым шегіп тұрғанын көрген Дон Кихот оған былай деп тіл қатты:
— Есіңде болсын, Санчо, өзгеден көбірек іс тындырған адамның ғана өзгеден шоқтығы биік көрінеді. Екеуіміз бастан кешуге тура келген дүлей дауылдар — енді ұзамай тыншу болатындығының, ісіміз оңға басатындығының белгісі. Қуаныш секілді қайғы да ұзаққа созылмайды, олай болса жайсыз жайлардың тым ұзаққа созылып кеткені жақсылықтың жақын қалғанын көрсетеді. Ендеше, маған тап болған бақытсыздықтарға бола уайым шекпей-ақ қой, оның үстіне мұндай жаманат өзіңе жолаған жоқ қой.
— Қалай жолаған жоқ? — деп дауыстап қалды Санчо. — Көрпеге салып қақпақыл жасағандары кім — туған әкемнің туған баласы болмағанда оның кім болғаны, сіздіңше? Ал, бүгін асыл заттар салынған қоржыным қолды болды, — ол не, менікі емей, басқа біреудікі ме еді?
— Не дейсің, Санчо, қоржының жоғалып кетті ме? — деп сұрады Дон Кихот.
— Иә, жоғалды, — деп жауап қатты Санчо.
— Ендеше, біздің бүгін ашығуымызға тура келетін болды, — деп түйді Дон Кихот.
— Егер мына көкорай шалғында, өткенде айтқаныңыздай, өзіңізге жақсы мәлім және өзіңіз секілді жолы ауыр кезбе рыцарьларды осындай жағдайларда әбден қанағаттандыра алатын шөптер өсіп тұрмаса, ашығар да едік, — деп қарсылық білдірді Санчо.
— Алайда, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — Диоскорид сипаттап жазған, оған дәрігер Лагунаның өзі түсінік берген, шөп-шалам атаулының бәрін бір үзім нанға, әрине, табылса үлкен таба нанға және екі кішкене сардинге айырбастамас едім. Қалай болған күнде де, ақпейіл Санчом, есегіңе отыр да соңымнан ер, — жер-дүниедегі жан иесінің бәріне ырыздық-дәм бұйыртып отырған жаратқан бізді де ескерусіз қалдырмас, оның үстіне біз оған бар ынты-шынтымызбен қызмет етіп жүрміз ғой; оның әділдігі сондай, ауада шыр үйіріліп жүрген шыбын-шіркейді де, жер астында жыбырлап жүрген құртты да, суда жүзіп жүрген итбалықты да құр ауыз қалдырмайды және шарапаты шалқар болғандықтан күнге өз сәулесін зұлымға да, зиялыға да бірдей себуге әмір етеді, ақ ниетті мен арамзаға бірдей жаңбыр нұрын төгеді.
— Сізге кезбе рыцарь болудан гөрі уағызшы болған көбірек үйлеседі екен, — деп құлаққағыс етті Санчо.
— Кезбе рыцарьлар, Санчо, бәрін де атқара білген және атқаруға міндетті де болған, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Бұрынғының кезбе рыцары сарбаздар қосынында Париж университеті докторымен тең дәрежеде уағыз айтып, сөз сөйлей алатын болған, осыған қарап-ақ, найза — қаламды, қалам — найзаны ешқашан мұқалтпаған дейтін тұжырым жасауға болады.
— Жарайды, айтқаныңыздай-ақ бола қойсын, — деді Санчо. — Ал, енді қозғалайық, қонып шығатын орын тауып алайық, тек құдайдан тілерім, өзіміз тоқтаған жерде көрпе де, көрпеге салып қақпақыл жасағыш шеберлер де, елестер де, жадыланған маврлар да — бір сөзбен айтқанда, осынау пәле-қырсықтың бірі де болмаса екен, өйтпеген жағдайда бәрі де бордай тозсын.
— Сол үшін құдайға құлшылық ет, балам, сосын мені қалаған бағытыңа қарай бастай бер, — деді Дон Кихот. — Бұл жолы түнемелікті таңдау еркін өзіңе берем. Бірақ, әуелі қолыңды салып, саусағыңмен сипап қарашы, оң жақ жағымның үстіңгі жағында қанша күрек тісім мен азу тісім сынған екен, әйтпесе жан шыдатпай тұр.
Санчо оның аузына саусағын сұғып, әрлі-берлі сипалаған соң:
— Тақсыр, мұнда неше тісіңіз бар еді? — деп сұрады.
— Төртеу, — деп жауап қатты Дон Кихот, — ақыл тістен басқасының бәрі сап-сау, бүтін болатын.
— Дұрыстап ойланып көріңізші, сеньор, — деді Санчо.
— Айтып тұрмын ғой саған төртеу деп, керек десең, тіпті, бесеу, — деп нықтады Дон Кихот. — Жағымның қызыл еті өмірі бір қабынып көрген емес, күрек тісімді де, азу тісімді де бірде-бір рет жұлдырған емеспін және өздігінен түскен не құрт жеген кезі де болған жоқ.
— Ал, қазір осы жақтағы астыңғы жағыңызда бар-жоғы екі жарым-ақ тіс бар, — деп жария етті Санчо, — ал үстіңгі жағыңызда жарты тістің өзі де жоқ, тақтайдай тегіс.
— Масқара-ай! — деп дауыстап жіберді мына жайсыз хабарды естіген Дон Кихот. — Одан да қолымды шауып тастағандары жөн еді ғой, әрине, семсер ұстайтын қолымды емес, басқа қолымды. Сен мұны біліп қой, Санчо, азу тісі жоқ ауыз да бір — қайрағы жоқ диірмен де бір, сондықтан әрбір тісті гауһар тастай қадірлеп сақтау керек. Әйтсе де, рыцарьлық қағидаларынан айнымауға серт бергендер қандай қиыншылықты да қыңқ етпей көтеруге тиіс. Сөйтіп, енді, достым, есекке отыр да жол баста, көңілің қай жақты қаласа солай қарай тарт, мен соңыңнан еріп отыратын болам.
Санчо солай етті де. Сөйтіп, бұл тұста оңға да, солға да бұрылмай тіке тартатын күре жолға түсіп алған күйі баспана табылып қалуы мүмкін-ау деп жобалаған бағытын бетке ұстап жүріп кетті.
Жақ сүйектерінің ауруы мазасын алып, Дон Кихоттың жеделдеу жүруге шамасын келтірмегендіктен екеуі ілби қозғалып келе жатқан кезде, мырзасының назарын басқа нәрсеге аударып, көңілін көтеру мақсатында Санчоның онымен әрқилы нәрсе жайында әңгіме қозғауға ойы кетті және таңырқауға тұрарлық бір қызықты жәйтті тілге тиек етті, ал бұл жөнінде келесі тарауда баяндалмақ.
ХІХ тарау
Санчоның мырзасына айтқан терең мәнді ескертпелері туралы, мүрдеге қатысты қым-қуыт әрекеттер және басқа да таңғаларлық оқиғалар жайында
— Мен былай деп ойлаймын, мейірімді мырзам, күн құрғатпай төбемізден жаңбырша жауып жатқан бақытсыздықтың бәрі де, анығында, күнәкарлық жасағаныңыз үшін, яғни, сіздің, тақсыр, рыцарьлық жарғыны бұзып, берген антыңызды орындамағаныңыз үшін, жіберілген жаза ғой деймін, ал сіз болсаңыз, кім еді әлгі... иә, Маландриннің, атын да ұмытып қаппын ғой ол маврдың, дулығасын біреуден тартып алғанша дастарқан жайылған жерде отырып ас ішпеуге, королевамен ойнап-күлмеуге, сондай-ақ басқа да бірдеңелерді жасамауға ант берген болатынсыз, әсіресе, осы соңғы басқа да бірдеңелерді жасамауға бөлек ант-су ішкенсіз.
— Айтқаныңның бәрі жөн, бәрі дұрыс, Санчо, — деп қоштады оны Дон Кихот. — Шынымды айтсам, бұл антым жадымнан шығып кетіпті. Ол өз алдына, анау әлгі көрпеге қатысты болған жайдың бәрі де осы антымды дер кезінде есіме салмағаныңның қырсығы екеніне еш күмәнің болмасын. Бірақ, мен бұл күнәмді қайтсем де жуып-шаям, өйткені рыцарьлықтың жарғысында айып атаулыны қалай өтеуге болатыны ашып көрсетілген.
— Мен қашан бірдеңеге ант беріп ем? — деп сұрады Санчо.
— Ант бердің бе, бермедің бе, онда тұрған ештеңе жоқ, — деді Дон Кихот. — Өз түсінігімше, бәрібір сенің сыбайластығыңа күмән келтіру қиын емес. Қайткен күнде де, әйтеуір, қателікті жөндеуіміз қажет.
— Әңгіме осыған тіреліп тұрса, — деді Санчо, — байқаңыз, тақсыр, антыңызды ұмыт қалдырғаныңыз секілді қателігіңізді жөндеуді де ұмытып кетіп жүрмеңіз, әйтпесе елестер мені қайтадан мазақ қылмақ боп жүрер, егер осынша өпірем екеніңізді көрсе өзіңізді де келеке етуден тайынбас.
Осы әңгімеге алданған олар жол бойымен ақырын аяңдап келе жатқанда қараңғы түсіп те кетті, қонып шығуға жарарлық әлденендей бір баспана табылмақ түгіл, қарасы да көзге шалынбады; қас қылғандай екеуінің де жүрегі сазып үздігіп келе жатыр еді, өйткені ала шыққан азық-түліктері қоржынмен бірге жоғалған. Осының бәрі аз көрінгендей, бұл жолы оларды қиялдағы емес, шын мәніндегі шытырман оқиға тосып тұрған-ды.
Бұл былай болды. Түн әдеттегіден де қараңғылау еді, бірақ соған қарамастан олар жүрісін жалғай берді, өйткені үлкен күре жолдарда бекет әр екі миль сайын дерлік ұшырасып отыратынына Санчо кәміл сенімді болатын. Сөйтіп, өзегі талған атқосшы мен оның тамақ ішуге аңсары ауған қожайыны осылайша ілби басып ілгерілеп келе жатқан шақтарында кенет қарсы алдарынан жыпырлай жылжыған жұлдызға ұқсас сансыз көп оттың жарығын көздері шалды. Санчо қатты абыржып кетті, ал Дон Кихот өз көзіне өзі сенбеді; екеуі де тізгін тартып, мұның не екенін білмекке құштар боп аңтарыла қарап тұрып қалды; ақыры олар оттардың тура тартып өздеріне қарай келе жатқанын және жақындаған сайын көлемі тұлғалана бастағанын аңғарды; соны көрген Санчо қорыққаннан жапырақтай қалтырады, ал Дон Кихоттың үрейден төбе шашы тік тұрды; сосын азды-кем бойын жиған ол:
— Еш күмән жоқ, Санчо: бұл айрықша маңызды және мейлінше қатерлі шытырман оқиғаның бірі болмақ, сондықтан мен бар қайратымды жұмсап, бар батылдығымды көрсетуім керек, — деді.
— Қандай бақытсыз сорлы едім! — деп бақырып жіберді Санчо. — Бұлардың елес екені ап-айқын көрініп тұр ғой, олай болса, тағы бір шытырман оқиғаның өтеміне төлейтін қабырғаны қайдан табам?
— Елестің әншейін біреуі емес, әкесі мен көкесі келсе де, бәрібір, саған олар саусағының ұшын да тигізе алмайды. Өткен жолы олар шарбақтан секіріп өтуге шамам болмағандығынан ғана өзіңе қорлық көрсетіп еді ғой, ал қазір далада тұрмыз, сондықтан семсеріме айызы қанғанша әрекет етуіне ерік бере алам.
— Ал, егер олар семсеріңізді жадылап, өткен жолғыдай қыбыр етпейтіндей ғып тастаса, онда далада тұрғанымыздан не пайда? — деп сұрады Санчо.
— Қайткен күнде де, дегбіріңнен айрылып асып-сасушы болма, Санчо, өтінем сенен, ал бұл жағынан саған өзім үлгі көрсететін болам, — деді Дон Кихот.
— Құдай қосса, айрылмаспын, — деп үн қатты Санчо.
Екеуі былайырақ шығып, мына жыпылықтаған оттардың не екенін білмекке ынтығып, көз алмай қарап тұрды, сөйтіп көп ұзамай ақ шапан киген бір қора адамның сұлбасын айырды; осынау үрейлі көріністің Санчоға қатты әсер еткені сонша, ол бар дегбірін бір демде-ақ жоғалтып алды: безгек тигендей тісі тісіне жұқпай дірдек қақты. Ал, бұның не екенін ақыры анық ажыратқан кездерінде тұла бойының қалай қалшылдап, тісінің қалай сақылдап қоя бергенін айтып жеткізудің өзі қиын! Өйткені, олар азалы арбаның алдында келе жатқан, қолдарына шамшырақ ұстаған, ақ шапан киген жиырмаға жуық салт аттыны көрген болатын, қаралы арбаның соңында етегі қашырларының тұяғына шейін түсіп тұрған, — аяңының сылбырлығына қарап бұлардың ат емес, қашыр екенін бірден ажыратуға болатын, — шұбатылған ұзын аза киімін киген тағы да алты салт атты келе жатқан-ды. Ақ шапандар ақырын да аянышты дауыспен ызыңдап өзара сыбыр-күбір сөйлесіп келе жатқандай еді. Түннің бір уағында және мынадай жапан түзде саяхатшыларымыздың көз алдынан аян берген осы бір ала бөтен көрініс Санчоның ғана емес, оның қожайынының да иманын ұшырарлықтай үрейлі болатын. Дон Кихот сыр бере қоймағанымен, Санчоның әлдеқашан-ақ зәресі зәр түбіне кетіп те үлгерген. Ал, Дон Кихот, өкінішке қарай, бұған мүлдем керісінше сезімді бастан кешіп тұрған-ды, өйткені сүйікті романдарында суреттелетін шытырман оқиғалардың бірі дәл осы сәтте көз алдына көлденеңдеп тұра қалған.
Ол қаралы арбаны ауыр жарақаттанған немесе ажал тапқан рыцарьды әкеле жатқан азалы күйме деп бағалады; оның кегін қайтару басқа ешкімге де емес, өзіне, Дон Кихотқа бұйырып тұр деп білді; сөйткен соң көп ойланып жатпастан ерге тіктеліп отырды да, шынайы батылдықпен және нық шешіммен ақ шапандылар алдын кес-кестеп, жолдың қақ ортасына барып тұрды, сөйтіп олар жақындап келе бергенде қатты дауыстап былай деді:
— Рыцарьмысыздар әлде емессіздер ме, бәрібір, тоқтай қалыңыздар және кім боласыздар, қайдан келесіздер, қайда барасыздар, сондай-ақ мына күймеде кімді алып келе жатырсыздар — дереу маған түгел баян етіңіздер. Қай тұрғыдан алып қарағанда да, сіздер жәбірлеуші не болмаса, керісінше, жәбірленуші секілдісіздер, сондықтан істеген зұлымдықтарыңызға сай жазалауым үшін немесе өздеріңізге әлденендей бір әділетсіздік жасағандардан кек қайтаруым үшін мұны мен білуге тиіспін және білуім қажет те!
— Біз асығыспыз, — деп жауап қатты ақ шапанның бірі, — ал бекетке шейін әлі көп бар, сол себепті осыншалықты егжей-тегжейлі түсінік беріп жатарлық уақытымыз жоқ.
Осы сөзді айтқан бойда ол қашырын қамшылап, жанай өтіп кете бармақ болған. Бірақ, мына сөзге өліп кетердей боп намыстанған Дон Кихот қашырды сулығынан ұстай алды да:
— Тоқтаңыз, азды-кем кішіпейілірек болыңыз және сұрағыма жауап беріңіз, әйтпесе бәріңізді түгел шайқасқа шақырам! — деді.
Қашыр үркек-ті, сулығынан ұстай алған кезде қатты шошынғаны сонша, тік көтеріле шапшып, ерде отырған адамды жерге атып ұрды. Жаяу ілесіп келе жатқан малай ақ шапанның бірі аттан ауып қалғанын көріп Дон Кихотты боқтық сөзбен сыбай бастады; онсыз да төзімі таусылып шақ тұрған Дон Кихот соны естіген соң, көп ойланып жатпастан шолақ найзасын көлденең ұстап алды да, заулатқан бойы ақ шапандылардың біріне тап беріп, ауыр жарақаттап атынан ұшырып түсірді; одан соң әлгінің серіктеріне ұмтылды; көз ілеспес шапшаңдықпен шабуылдағаны сонша, әлгілер жалт бұрылып қаша жөнелді! Росинантқа бейне бір қанат біткендей, ойламаған жерден мінез көрсетіп, ортекедей орғып жүрді. Қоян жүрек, оған қоса әрі қарусыз ақ шапандылар ұрыс даласын сол сәтте-ақ зәредей қарсылық көрсетпестен тастап, қолдарына шамшырақ ұстаған қалыптарында тым-тырақай зытып бара жатты: бұл көрініске қарап тұрған адамның мерекелік түнде масқарапаздар бір қызық ойынды бастап жіберген-ау деп қалуы да мүмкін-ді. Ал, аза киіміне малынғандар болса, шұбатылған ұзын етекті киімдеріне малтығып, тұрған орындарынан тырп ете алмады, осыны пайдаланған Дон Кихот еш шімірікпестен бәріне түгел соққы жегізіп шықты, сондықтан олар оны адам емес, қаралы арбада жатқан мүрдені ұрлап әкету үшін жаһаннамнан келген шайтанның өзі деген ойға келіп, еріксізден-еріксіз бет-алды жылыстауға мәжбүр болды.
Осының бәрін қас қақпай қадағалап тұрған Санчо мырзасының батылдығына қайран қалып, өзіне-өзі: “Апырай, қожайыным тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де әрі қаһарман, әрі қарулы екен ғой”, деді. Қашыр аударып тастаған ақ шапандының қасында маздай жанған шамшырақ құлап жатыр еді, әлгіні соның жарығынан көзі шалған Дон Кихот жанына таяп келіп, найзасының ұшын бетіне төндіріп тұрып, қолма-қол берілуін, өйтпеген жағдайда өлтіріп тастайтынын ескертті. Жерде жатқан міскін оған былай деп тіл қатты:
— Ау, енді бұдан артық қалай берілуге болады, аяғым сынып, қыбыр етерлік қауқарым болмай жатса! Өтінем сізден, мархабатты мырза: шынайы христиан болсаңыз, мені өлтіре көрмеңіз, өйткені бұл сұмдық күпірлік болады: себебі, мен лиценциат едім, жақында ғана бата алғам.
— Діни қызметші болсаңыз бұл жерге сізді кім айдап келді? — деп сұрады Дон Кихот.
— Бұл араға кім айдап келді дейсіз бе? — деп қайталап сұрады жер бауырлап жатқан міскін. — Татымсыз тағдырым ғой.
— Әу баста қойған сұрақтарыма қанағаттанарлық жауап бермесеңіз тағдырыңыз бұдан да дәмсіз бола түседі, — деп наразылық білдірді Дон Кихот.
— Қазір сізге бәрін түсіндірем, — деді лиценциат. — Сөйтіп енді сіздің, мархабатты мырза, біліп қойғаныңыз зиян болмас, әуелде мен өзімді лиценциатпын дегеніммен, шын мәнінде тек бакалавр ғанамын, аты-жөнім Алонсо Лопес болады; Алькобендаста туып-өскенмін; он бір діни қызметшімен — дәл сол жаңағы қолдарына шамшырақ ұстап қашып кеткендермен бірге Баэса қаласынан келе жатырмын; біз мына қаралы арбада жатқан мүрдені алып келеміз, — бұл Баэсада дүние салған, сол арада жерленген бір кавальероның мәйіті, әлгінде айтқанымдай, қазір соның мүрдесін Сеговияға апара жатырмыз, бұл оның туған жері әрі сонда отбасылық зираты бар.
— Ал, оны өлтірген кім? — деп сұрады Дон Кихот.
— Жаратқан иеміз ғой, іріңді безгек жіберіп, соның көмегімен алды ғой ақыры, — деп жауап қатты бакалавр.
— Олай болса, жаратқан иеміз мұның өлімі үшін кек қайтару міндетінен құтқарған екен өзімді, — деп түйді Дон Кихот, — ал егер оны біреулер өлтірген болса, онда бұл міндетті өз мойныма артуға мәжбүр болар ем. Егер ол өзіңіз айтқандай жағдайда өлген болса, онда оған амал қанша дегеннен басқа айтарың жоқ, өйткені өзіме сондай ажал жіберілген жағдайда да осылай деген болар ем. Біліп қойыңыз, бакалавр, мен Ламанчалық рыцарь болам, аты-жөнім — Дон Кихот, ал менің іс-әрекетімнің сипаты мынадай: мен жер-дүниені аралап, қисықты түзетем және жәбір көргендерге ара түсем.
— Іс-әрекетіңіздің сипаты қандай және қисықты қалай түзетесіз — ол жағы маған беймәлім, — деді наразы бакалавр, — ал мені кәдімгідей-ақ кемтар ғып тастағаныңыз анық, өйткені сіздің қырсығыңыздан аяғымды сындырып алдым және енді оны өмірімнің ақыр соңына дейін түзете алмайтыным ақиқат. Жәбір көргендерге ара түспек болып менің өзіме өмір бақи ұмытпайтын жәбір көрсеттіңіз, сондықтан шытырман оқиға іздеушімен жүздесу өзім үшін шынайы бақытсыздықпен жүздесу боп шықты.
— Ондай-ондай болмай тұрмайды, — деп ескертті Дон Кихот. — Бұған кінәлі мынадай жағдай, сеньор бакалавр Алонсо Лопес: сіздер түннің бір уағында келе жаттыңыздар, кигендеріңіз азалы киім, қолдарыңызда шамшырақ және әлдене жайында күбір-күбір сөйлесесіздер, — кәдімгі сол жаһаннамнан жол тартқан жандардан аумайсыздар, — соған қарап мұны қалай жақсылыққа жорымақсың. Әрине, менің өз парызымды орындамай қала алмайтыным белгілі ғой, сондықтан сіздерге тап бердім және тіпті тамұқтан шыққан жын-шайтан екендеріңізді анық білген күннің өзінде де бәрібір шабуылдаған болар ем, — дәл соңғы сәтке шейін өздеріңізді шынымен-ақ сондай деп ойлағам, оны жасырып неғылам.
— Маңдайыма жазылғаны осы боп тұр ғой, амал қанша, — деп күрсінді бакалавр. — Ал, енді, сеньор кезбе рыцарь, ақыры маған рыцарьлық жасамаған екенсіз, тым құрыса, қашырдың астынан босап шығуыма көмектесіңізші, өтінем сізден, өйткені, аяғым үзеңгі мен ердің арасында жатыр ғой.
— Мәссаған керек болса! — деп Дон Кихот дауыстап жіберді. — Ау, оны неге маған ертерек айтпадыңыз?
Ол сол бойда Санчо Пансаны шақырды, бірақ анау былқ етпеді: оның бар зейін-ықыласы мына мейірбан жандар азық-түлікті сықастыра артып алған қашырдың жүгін түсіруге ауған болатын. Жадағайынан қапшық жасап алған Санчо оны аузы-мұрнынан шыққанша нығарлап толтырған соң есегіне апарып артты, сонан кейін ғана Дон Кихоттың шақыруына құлақ асып, сеньор бакалаврдың қашыр астынан босап шығуына, одан соң ерге отыруына көмектесті, сосын қолына шамшырағын ұстатты. Дон Кихот бакалаврға серіктерін тауып алуға және өз ықтиярынан тыс себептер бойынша келтірген залал-зәбірі үшін олардан өз атынан кешірім сұрауға кеңес берді, ал Санчо бұған өз тарапынан:
— Әгәрәки ол сеньорлар өздерін осынша қорқытқан ержүректің кім екенін білгісі келсе, онда, жарқыным, сіз бұның Қайғылы Бейне Рыцары аталып кеткен Ламанчалық Дон Кихот екенін айтарсыз, — дегенді қосып қойды.
Бакалавр жырақтап кеткен соң Дон Кихот Санчодан неге өзін бүйректен сирақ шығарып, аяқ астынан Қайғылы Бейне Рыцары атандыруға аңсары ауғанын сұрады.
— Оны қазір айтам, — деп жауап қатты Санчо. — Өзіңізді бұлай атандырған себебім, әлгі бейбақ өзімен бірге ала кеткен шамшырақтың жарығы түсіп тұрған кезде сізге көз салғанымда кескініңіздің сондай аянышты екенін көрдім, мұндай кескінді басқа ешбір жаннан ұшыратпаған секілдімін. Бәлкім, сізді айқас титықтатып кеткен болар, әлде, бәлкім, күрек тістеріңіз бен азу тістеріңізді қағып алғандықтан солай көрінген шығар.
— Әңгіме онда емес, — деп наразылық білдірді Дон Кихот. — Іс-әрекетімнің тарихын жазу міндеттелген сол бір оқымысты оғлан, шамасы, менің әлдебір лақап есімді таңдап алғанымды қош көрген болуы керек, өйткені бұрынғы рыцарлар солай еткен ғой: бірі Отты Семсер Рыцары, екіншісі — Жалғыз Мүйізді Жылқы Рыцары, енді біреу — Бикеш Рыцары, енді біреу — Феникс Құсының Рыцары, тағы біреу — Тазқара Рыцары, келесі біреу — Өлім Рыцары атанған ғой және осы есімдерімен және лақап аттарымен олар күллі әлемге танымал болған. Міне, енді, менің ойымша, сол оқымысты оғлан маған сондай бір ат беру жайында саған ой салған және осы Қайғылы Бейне Рыцары дейтін лақап аттың өзін айтып берген, олай болса мен енді осылай аталатын болам. Ал, бұл лақап есімнің бойыма тұрақтап қалуы үшін, оңтайы келген сәтте-ақ қалқаныма әлденендей бір айрықша қамыққан әлпеттің суретін салуға әмір етем.
— Әлденендей бір әлпеттің суретін салдыру үшін уақыт та, ақша да жұмсап әуре болуыңыздың қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Дулығаңыздың бет жабарын көтеріп, әлпетіңізді жұртқа жария қылғаныңыздың өзі-ақ жетіп жатыр, сөйтсеңіз ешқандай дау-дамайсыз-ақ және қалқанға салынған ешқандай суретсіз-ақ жұрттың бәрі сізді Қайғылы Бейне Рыцары деп атайтын болады. Осы сөзіме сеніңіз, қателесіп тұрған дәнеңем жоқ. Шын сөзім, сеньор, — көңіліңізге алып қалмаңыз, тақсыр, — тойып тамақ ішпей жүргендіктен және азу тістеріңіздің жоқтығынан сұрықсызданып кеткеніңіз сонша, қайталап айтам, сүйкімі жоқ суреттен дым да ұтпайсыз.
Санчоның қалжыңы Дон Кихоттың күлкісін келтірді; әйтсе де лақап есімнен де, өзі ойға алған суреттен де бас тартқан жоқ.
— Шамалауымша, Санчо, — деп ол қайтадан сөйлеп кетті, — қызметшісіне қол тигізгенім үшін мені шіркеуден аластаған да болулары керек, — juxta іllud, sі quіs suadente dіabolo...24 деген сияқты, ал шындығында мен қол тигізген жоқпын, мына шолақ найзаны ғана тигіздім ғой. Оған қоса, діни қызметшілер мен діндар жандарға шабуылдап жатқаным ойыма кіріп те шыққан емес, өйткені кірпияз христиан және католик ретінде оларды қадір тұтып, құрметтейтінім мәлім, — маған олар әлденендей бір құбыжық, дозақтан шыққан дүлей секілді көрінді ғой. Бірақ, аластаса неғылам енді: жаңылмасам, Сид Руй Диас қасиетіне құлдық папаның көзінше король елшісінің орындығын сындырып тастаған болатын, сол үшін папа оны аластап жіберген-ді; солай бола тұрғанымен, айтулы Родриго де Вивар сонда адамгершілігі мол әрі ержүрек рыцарь екенін көрсете білді ғой.
Бұрын айтылып өткеніндей, бакалавр үн-түнсіз жөнеп кеткен болатын. Дон Кихот қаралы арбада — мүрде ме әлде басқа бір нәрсе ме — не жатқанын білгісі келді. Бірақ, Санчо көнбей қойды.
— Сеньор! — деді ол. — Осынау қатерлі шытырман оқиға өзім куә болған барлық басқа оқиғамен салыстырғанда сіз үшін өте сәтті аяқталды, бірақ өзіңіз жеңіп, тырқыратып қуып салған адамдар бәрі жүріп жалғыз адамнан жеңіліс тапқанын түсініп, соған қатты күйінгендіктен әрі ыңғайсыз жағдайда қалғандықтан, мұнда шұғыл қайтып оралуы, сөйтіп көкемізді көзімізге көрсетуі мүмкін ғой. Тиісті жүк есекке артылды, тау таяқ тастам жерде, ас — адамның арқауы деген, сондықтан, қане, адымды ширақтау алып алға тартайық — мәйітке керегі табыт, тіріге керегі тамақ, деген сөз бар ғой.
Есегін сулығынан алған ол мырзасынан соңынан еруді сұрады, оның жөн сөз айтып тұрғанын мойындаған анау ешқандай қарсылық білдірместен ілесе берді. Біраз уақыт жол екі жотаның арасымен жүріп отырды; алайда көп ұзамай алдарынан кең де қолайлы алқап көрініс бергеннен кейін екеуі сол жерге аял жасады. Санчо қолма-қол есегінің жүгін түсірген соң, тамақты ойлап сілекейі шұбырған екеуі көк шалғынға сұлай кетіп, таңғы, түскі және кешкі астарын бір-ақ ішіп, салқын шайнамаға мелдектей тойып алды — бұл әлгі қашан да әуелі қара бастарының қамын ойлайтыны мәлім священник мырзалардың қашырға артқан азық-түлігі еді. Бірақ, осы арада бұлар тағы бір тақсіретке тап болды, атап айтқанда: ішетін шарап та, су да болмағандықтан тамақ жібітуге зар боп қалды; шөлден қаталаған Санчо сол сәт алқапта жатаған жасыл шөптің қаулай өсіп тұрғанын көріп, Дон Кихотқа қарап әлдене айтты; оны келесі тарауда келтіретін боламыз.
ХХ тарау
Айбынды Ламанчалық Дон Кихоттан басқа жер-дүниедегі айтулы рыцарьдың бірде біреуінің қолынан келмеген, қатері мейлінше аз болғанымен, көз көріп, құлақ естімеген ересен ерлік жайында
— Мына шөп, мархабатты мырзам, осы арада бір жерде өзін ылғалымен қоректендіріп тұрған бастау не бұлақ барын айқын аңғартып тұр, сондықтан тағы кішкене ілгерілей түсуіміз керек болады: сонда аңқа кептірген шөлімізді басарымыз кәміл, ал шөліркеудің аштықтан да бетер азапқа түсіретіні мәлім ғой.
Дон Кихот оның кеңесіне құлақ қойды; сөйтіп ол Росинантты сулығынан алды, Санчо да кешкі астарынан қалған азықтарын ұмыт қалдырмай артып алған соң есегін сулығынан ұстады, сөйтіп екеуі дым ештеңе анық көрінбейтін тас қараңғы түнде бет алды құла дүз жүріп кетті; бірақ олар екі жүз қадам да жүріп үлгермей, күтпеген жерден, құдды бір қия жартастан құлап жатқандай, судың сарқырай аққан дыбысын естіді. Қуаныштарында шек болған жоқ; бірақ шудың қай жақтан шығып жатқанын білмекке кідірген олардың құлағына кенет әлденендей бір тосын дыбыстар шалынды, бұл дыбыстардан салқын су ішсек пе деп емексіп келе жатқандардың көңілі қолма-қол құлазып сала берді, әсіресе тумысынан қорқақ та үргелек Санчоның жүрегі зырқ ете қалды. Күдіктері қате болмай шықты: әлденендей бір қалыпты ырғақтағы дүңкіл, шынжыр мен темірдің бір-бірімен қаржасқан салдыр-гүлдірі судың сарқыраған үнімен астасып анық естіліп тұрған-ды, бірақ мұның бәрі басқа біреудің үрейін ұшырса ұшырар, бірақ Дон Кихотқа дым әсер еткен жоқ. Әлгінде айтылып өткендей, түн әдеттегіден гөрі қараңғылау боп тұрған, ал мына екеуі қазіргі шақта самал желмен жамырай шулаған жапырақтары айнала-маңды жан шошитындай жағымсыз уілге толтырған ағаш арасымен өтіп бара жатқан. Бір сөзбен айтқанда, жапан дала, қараңғы түнек, судың сарқырағаны, жапырақтың жыбыры — бәрі қосылып еріксізден еріксіз үрей шақырып, зәрені алып тұрған-ды, оған қоса дүңкіл де толас таппаған, жел де тыншымаған, таң да ата қоймаған; абыржудың арта түсуіне өздерінің қай жерде екенінен еш хабары болмағандықтары да септігін тигізіп тұр еді. Алайда, жүрегі шімірігу дегеннен мүлдем бейхабар Дон Кихот Росинантқа қарғып мінді де, қалқанын қолына алып, шолақ найзасын алдына өңгеріп, былай деп тіл қатты:
— Достым Санчо! Сен біліп қой, мен алтын заманды қайта тірілту үшін жаратқан иеміздің қалауымен темір заманда дүниеге келген адаммын. Мен — тағдыр-талайына қауіп-қатер, ірі істер, ерекше ерліктер жазылған жанмын. Тағы да қайталап айтам: мен Дөңгелек Үстел Рыцарьларының, Францияның Он Екі Пэрінің, Даңқты Тоғыз Азаматтың ісін қайта тірілту үшін, Платирлерді, Табланттарды, Оливанттарды, Тиранттарды, Фебтерді, Бельянистерді және бұрынғының бүткіл бір қауым даңқты кезбе рыцарьларының бәрін түгел көлеңкемде қалдыруға жаратылған жанмын, өйткені өзім ғұмыр кешуге жазған ғасырда менің айтып жеткізе алмайтын ғаламат зор әрі ғажайып ерліктер жасайтыным сондай, бұлармен салыстырғанда бұрынғылардың ең керемет деген істерінің өзі түкке алғысыз боп қалмақ. Адал да шын берілген атқосшым, назарың сал: мына түн қандай жабырқау, тыныс тарылтатын тыныштық қандай, ағаштар қалай тыншу таппай тұншыға шулап тұр, іздеп шыққан суымыз қалай асқар таудан ақтарылып жатқандай шуылдайды, мына бір дамылсыз дүңкіл қалай құлағымыздың құрышын жеп жатыр десеңші. Осы құбылыстардың барлығы, жалпылама алғанда да, жекелей алғанда да, тіпті Марстың25 өзінің де жүрегін қауіпке, қорқыныш пен үрейге толтыра алары кәміл, ал мұндай қатерлі істер мен шытырман оқиғаларға дағдыланбағандардың тіптен құтын қашырмақ. Ал, мен ондай емеспін: жаңа ғана өзім саған әспеттеп жеткізген жайлардың бәрі көңілімді сергітіп, күшіме күш қосады — жүрегім қуаныштан тыпыр қағып, атқақтап-ақ тұр, осынау шытырман оқиғалардың жаныма жағатыны сонша, қандай қиыншылыққа да бас тігуге бармын. Ал, енді Росинанттың айылын тартып бере ғой, сосын құдай жар боп осы арада қал да, мені үш күндей күт, егерде осы уақыттың ішінде қайтып оралмасам селомызға қайт, одан соң сенен өтініп сұрарым, Тобосоға барып жан теңгермес аяшым Дульсинеяға өзіне шын берілген рыцарьдың оның махаббатына бөленерліктей ерлік жасау жолында өмірін сарп еткенін хабарла.
Бұл сөздерді естіген Санчо Панса еңіреп жылап жіберді.
— Сеньор! — деді ол. — Ондай шытырман оқиғаның сізге неге қажет болғанын түсінбеймін. Қазір түн мезгілі, бізді көріп тұрған ешкім жоқ, жолдан шығып бағыт өзгертсек болды, қатерден құтыламыз, ол үшін тіпті үш күн қатарынан шөлден аңқамыз кепсе де дәнеңе қылмайды. Ал, енді бізді көріп тұрған ешкім болмаса, онда бізді су жүрек деп кінәлайтын да ешкім табылмайды, өйткені, өзіңіз де бек жақсы білетін священнигіміздің амвонда тұрып: қатерге әуес адам қатерге ұшырамай қоймайды дегенін қанша рет өз құлағыммен естідім десеңізші. Ендеше, жарамсыз істер арқылы жаратқанның шыдамын тауысудың не қажеті бар; себебі, мұндай істерге берілетін жазадан сізді құтқарса тек ғажайып қана құтқара алады. Жаратқан иеміз онсыз да сізге аз көмек берген жоқ: ол сізді көрпеге салып қақпақылдаудан сақтады, ал мен болсам қашып құтыла алмадым, сондай-ақ мүрдені алып келе жатқан қыруар жауыңызды жеңуге, айқастан жарақат алмай аман шығуыңызға көмектескен де сол. Егерде осының бәрі тас боп қатқан жүрегіңізді тебірентпейтін де, жібітпейтін де болса, онда, бәлкім, өзіңіз осы арадан алысқа ұзап шықпай-ақ жанымды кім келіп сұраса қорыққанымнан соған бере салатыным жайындағы ойлар жұмсартатын шығар оны? Өзіңізге қызмет ету үшін туып-өскен жерімді тастап шықтым, қатын-баламнан қол үздім — кіріс болмаса, шығыс бола қоймас деп жобалағам. Алайда, өзі тойса да көзі тоймайтын ашқарақтық барлық үмітімді үзіп отыр, олай демеске шарам қандай: өзіңіз, мейірімді мырзам, маған уағда еткен анау әлгі қарғыс атқыр қырсықты аралға ие болам ғой деген үмітім енді-енді үкіленген шақта сол қарызыңыздың өтеміне және соның есебіне мені адам аяғы баспаған иен далада қалдырып кеткелі тұрсыз. Христос үшін өтінем, тақсыр, маған мұндай жәбір көрсетпесеңіз екен, ал егер қайткен күнде де осы ерлікті жасауға ақыры шындап бел буған болсаңыз, онда оны, құрығанда, таң атқанға шейін қалдыра тұруыңызды сұраймын, оның мынадай себебі бар: бақташы болған кезімде оқып-үйренген ғылымым айтады, таң атуға үш сағаттан аспайтын уақыт қалды дейді, өйткені Кіші Аюдың арандай ауызы қақ төбемізде тұр, ал оның сол жақ аяғынан тура тартылған сызық қазір түн ортасы болғанын көрсетеді.
— Ау, Санчо, ол сызығыңды, аузың мен желкеңді қай жерден көріп тұрсың сен? — деп сұрады Дон Кихот. — Түн тастай қараңғы, аспанда жылт еткен бір жұлдыз жоқ қой.
— Солайы солай енді, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ қорыққанға қос көрінеді деген емес пе, қорыққанда жердің үсті түгіл, астында не болып жатқанын да көре бересің, ал енді аспан жайында айтып жатудың өзі артық. Бірақ, таңның атуына көп қалмағанын онсыз да байқауға болады ғой.
— Көп қалды ма, аз қалды ма, мен үшін бәрібір, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — өйткені, жылап-сықтап, жалбарыну арқылы мені рыцарьлық қарекет қағидалары міндеттейтін істен бөгеп қалуға болады деп қазір де, болашақта да ешкім ешқашан дәмелене алмайды. Сондықтан, Санчо, сенен сұрарым, аузыңды жап, сөйлеме, өйткені жүрегімді осынау бұрын-соңды болып көрмеген және шектен тыс қатерлі шытырман оқиғаға деген құштарлыққа толтырған жаратқан денсаулығыма өзі-ақ көз-қырын салады және сенің қайғыңды жеңілдетуге де жәрдемдеседі. Сенің шаруаң Росинанттың айылын шамаң келгенінше жақсылап тартып беру және мені күтіп отыру ғана, ал мен не өлі, не тірі, әйтеуір ұзамай бір қайтып оралам.
Дон Кихоттың алған бетінен қайтпайтынын және жылап-еңіреу де, айтқан ақыл да, жалынып-жалбарынуда әсер етпейтінін көрген Санчо қулық жасап, оны таң атқанға дейін кідірте тұруды ұйғарды; сөйтіп, айылды тартып жатқан шағында, асқан ептілікпен және ештеңе сездірмей Росинанттың артқы аяқтарын есегінің ноқтасымен шырмай салды, нәтижесінде Дон Кихот аттанып кетпек болып тебінгенде аты аяғын баспай қойды, өйткені, ол тек қос аяқтап қана шаба алатын. Айла-шарғысы ойлағанындай боп шыққанына көз жеткізген Санчо Панса былай деп тіл қатты:
— Көрдіңізбе, сеньор, көз жасым мен дұғама жаны ашыған жаратқанның Росинантты қалай орнынан қозғалтпай қойғанын. Ал, бұған мән бермеу, оның бүйіріне шпор қадау, тағы басқа, тағы сондай, анандай-мынандай әрекет жасау дегеніңіз басыңа тағдырдың тауқыметін тілеп алу, басқаша айтқанда, қабырғаны маңдайыңмен ұрып қиратуға талпынумен бірдей болмақ.
Дон Кихот не істерді білмей алас ұрды: шпормен қанша тебінсе де, аты былқ ете қоймады; Росинанттың тұсаулы тұрғанын аңғармаған ол ақыры тағдырдың салғанына көнбек болды, таң ағарып атқанша немесе Росинанттың жүру қабілеті қайта пайда болғанша күте тұрғанды жөн көрді, — әрине, бұл іске Санчоның қатысы бар деген ойдан ол мүлдем аулақ болатын, сондықтан оған:
— Бері қара, Санчо: ақыры Росинант қозғалудан қалғандықтан, мен таң шапағы шырай бергенше тосуға келісем, бірақ оның кідіртіп қойғанына бола жылап тұрғаным да рас, — дегенді айтты.
— Жылаудың қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді оған Санчо. — Көңіліңізді көтеру қолымнан келеді ғой менің: қаласаңыз таң атқанша ертегі айтайын, бірақ тек атыңыздан түсіп, кезбе рыцарьлар салтымен көкорайда жатып шамалы көз шырымын алғаныңыз дұрыс болар еді, сонда өзіңізді күтіп тұрған бұрын-соңды болмаған шытырман оқиғаның орайы туғанда тың күшпен оянар едіңіз.
— Ау, сен кімді аттан түсуге және ұйқтауға үгіттеп тұрсың? — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Әлде, сенің ойыңша, мен қатер төнген шақта рақаттанып ұйқы соғатын рыцарьлардың қатарына жатам ба? Ұйқта өзің, егер ұйқтау үшін жаратылған жан болсаң, — қысқасы, не қаласаң соны істе, ал мен өзім нені ниет қылсам соған орай қарекет етем.
— Ашуланбаңыз, мархабатты мырзам, жай тек айтып жатқаным ғой, — деді Санчо.
Соны айтып Санчо оның қасына жақындап, бір қолымен ердің алдыңғы қасынан, екінші қолымен артқы қасынан ұстап, Дон Кихоттың сол жақ қара санына кеудесін басып тұрып қалды, енді оның одан бір адым да алшақ кеткісі жоқ еді — әліге шейін бір тынбаған манағы дүңкілден зәресі кетіп қорқып тұрған болатын. Дон Кихот Санчоның әлгіндегі уәдесін есіне салып, уақыт өткізу үшін бір ертегі айтып беруін сұрады, оған Санчо, мына дыбыстар мазамды алып тұрғаны болмаса, әрине, айтып берер-ақ едім, деп жауап қатты.
— Дегенмен, сізге бір хикаяны баяндап беруге тырысайын, егер оны аяғына дейін айтып шығуға мұғдарым болса және ешкім сөзімді бөліп жібермесе, бұның жер-дүниедегі ең қызықты хикая екеніне өзіңіз-ақ көз жеткізетін боласыз. Сөйтіп, енді, тақсыр, сөзіме мұқият құлақ қойыңыз, өйткені әңгімемді бастағалы тұрмын. Болар іс болған, оған ештеңе қосып ала алмайсың, жақсылықты баршаңызға тілейміз, ал пәле-жаланы — соны өзі жағалап жүрген жанға... Байқасаңыз, тақсыр, бұрынғылар өз ертегілерін аузына қай сөз түссе содан бастамай, әманда анау әлгі... қалай еді... римдік це... це... цензарь Катонның: “Ал, пәле-жала — соны өзі жағалап жүрген жанға” дейтін қанатты сөзінен бастайтын болған, ал мұны ол бейне сіз бен бізге арнап айтқандай-ақ, мархабатты мырзам, яғни өзіңіздің тыныш қана отыруыңыз үшін және пәле-жала іздемеуіңіз үшін, сөйтіп басқа жолмен үйге қайтуымыз үшін айтылғандай-ақ: шынында да, бізді осынау жан-жақтан қилы қатер қаумалаған жолмен жүруге ешкім зорлап тұрған жоқ қой.
— Әңгімеңді айта бер, Санчо, — деді Дон Кихот, — ал қандай жолды таңдау керегін өзім білем.
— Сөйтіп, ерте заманда, — деп сөзін жалғады Санчо, — экстремадурлық бір елді мекенде ешкі бағушы болыпты, — яғни, кәдімгі ешкі бағатын адамды айтам, — бұл бақташының немесе жаңағы ешкі бағатын адамның аты-жөні, жұрттың айтуына қарағанда, Лопе Руис болыпты, міне осы Лопе Руис деген жігіт Торральба есімді бір бақташы қызға ғашық боп қалыпты, ал енді жаңағы Торральба есімді бақташы қыз малы көп дәулетті адамның қызы көрінеді, ал анау малы көп дәулетті адам...
— Егер ертегіңді бұдан әрі қарай да осылай жалғастыратын болсаң, — деп Дон Кихот оның сөзін бөліп жіберді, — және әр сөзіңді екі реттен қайталайтын болсаң онда мұны айтып бітіруіңе кем дегенде екі күн керек болады. Айтатын болсаң ақыл-есі бүтін адамдарша ретімен, жөнімен айт, әйтпесе үндемей-ақ қой.
— Біздің жақта жұрттың бәрі ертегіні осылай айтады, — деп қарсылық білдірді Санчо, — басқаша айту қолымнан келмейді, сондықтан, тақсыр, менен тыңнан бірдеңе ойлап табуды талап етпесеңіз екен.
— Жарайды, білгеніңше айта бер, — деді Дон Кихот. — Әңгімеңді естімейтіндей жерде болуға тағдыр өзіме ақыры бейіл бермей отыр екен, амал жоқ, жалғастыра бер.
— Сонымен, мейірімді мәртебелім, — деп сөзін жалғады Санчо, — сол бақташы жігітті айтам-ау, мына қызықты қарасаңызшы, Торральба есімді бақташы қызды ұнатып қалыпты, ал ана қызға келсек, ол өзі кесек денелі, қыңыр мінезді және аздап еркек пішіндес болыпты, өйткені мұрты бар екен, — онысын көз алдыма ап-анық елестетіп тұрмын.
— Немене, сен оны көріп пе ең? — деп сұрады Дон Кихот.
— Жоға, көргем жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ бұл хикаяны маған айтып берген адам бұның бәрі айна-қатесіз шындық, егер оны басқа біреуге айтып беруіңе тура келсе, онда осының бәрін өз көзіммен көрдім деп ант-су ішіп, қарғанып-сіленуіңе болады деген еді. Сөйтіп, арада көп уақыт өтті ме, аз уақыт өтті ме, кім білсін, әйтеуір тыным тауып жатуды білмейтін, дұрысты бұрысқа, бұрысты дұрысқа айналдырып былықтырып жүретін түлен ақыры бақташы жігіттің бақташы қызға деген сүйіспеншілігін жеккөрушілік пен өштікке айналдырып жібереді. Ал, істің шын мәнісіне келсек, өсек-аяңға әуестердің айтуынша, бұған әдеп дегенді, ар-ұят дегенді адыра қалдырған қыздың жігіт бойында қызғаныш сезімін туғыза бергені себеп болыпты. Не керек, ақыры сол кезден бастап қызды соншалықты жек көріп кеткен жігіт, көзден кетсе көңілден кетеді дегендей, оны енді қайтып көрмес үшін туған жерін тастап жат жұртқа қоныс аудармақшы болады. Ал, бұрын түк ешқандай ықылас білдірмеген Торральба, Лопе өзін жақтырмайтынын байқаған бойда-ақ оған ғашық бола қалады.
— Әйелдің бәрі сондай, — деп ескертті Дон Кихот. — Олардың табиғатына тән қасиет — өзін сүйгенді өңменінен итереді, өзін сүймейтінге өңмендей ұмтылады. Айта бер, Санчо.
— Ақыры солай болады да, — деп Санчо қайта сөйлеп кетті, — бақташы жігіт ойын іске асырып, ешкілерін Эстремадура алқабымен Португал корольдігіне қарай қуалай жөнеледі. Бұны біліп қойған Торральба соңынан кетеді, қарасын көз таса қылмай артынан еріп отырады: жаяу, жалаң аяқ, қолында таяқ, арқасында жол дорба; ал дорбасына айнаның сынығы мен тарақтың жарты бөлігін, бетке жағатын майдың құтысын салып алған көрінеді, бірақ оның қандай май екенін анық білмеймін және, жалпы, оның дорбасына не салып, не қойғанында жұмысым қанша — қазір оны түстеп-түгендеп жатпаймын ғой! Анық білетін нәрсем, бақташы жігіт отарын айдап Гуадиана өзенінің жағалауына жетіпті дейді, ал ол кезде су тасып жатқан мезгіл екен, өзен суы арнасынан асып төгіле жаздап тұр екен, ал мына жағалауда отары мен өзін арғы бетке өткізетін қайық та, сал да, адамдар да жоқ боп шығады, соған көзі жеткен ол не істерін білмей алас ұрады: Торральбаның тақап қалғанын көрген болатын, енді болмаса жетіп келіп жылап-сықтап, жалынып, мазасын ала бастамақ. Бірақ, сол арада жан-жағына зер сала қарап, қайықта отырған балықшыны көріп қалады, қайығы құйттай, бар болғаны бір адам мен бір ешкі ғана сиятындай екен. Солай бола тұрғанымен, ол балықшыны бермен шақырып сөйлеседі, анау мұның өзін де, үш жүз ешкісін де арғы бетке алып шығуға келіседі. Сөйтіп, балықшы қайығына отырып бір ешкіні арғы жағаға апарып тастайды, қайтып оралған соң екіншісін апарып тастайды, сосын тағы қайтып оралып үшіншісін алып барады, сіз, тақсыр, балықшы арғы бетке өткізген ешкілерді санап отырыңыз, өйткені егер біреуінен болса да жаңылыссаңыз, менің де ертегім сонымен аяқталады, оған басқа бір ауыз сөз қосуға мүмкіндігім болмайды. Сөйтіп, не керек, арғы жағалау саздауытты, тайғанақ екен, соның салдарынан бақташы арғы бетке өтуге көп уақыт жоғалтады. Қалай болған күнде де, әйтеуір, ол қайтып келіп тағы бір ешкіні алып кетеді, онан соң тағы біреуін, сосын тағы біреуін...
— Жә, ол барлығын да арғы бетке өткізді дей бер, — деді Дон Кихот, — сонсоң өзен бойымен әрлі-берлі жосылғанды қой, әйтпесе сен бұларды бір жыл тасысаң да тауыса алмайсың.
— Ол қазірге дейін қаншасын өткізді сонда? — деп сұрады Санчо.
— Оны мен қайдан білейін! — деп жауап қатты Дон Кихот.
— Айттым ғой сізге: есептен жаңыла көрмеңіз деп. Міне, енді ертегім де осымен тәмам — бұдан басқа айтар ештеңем жоқ, құдай ақы шыным.
— Қалай сонда? — деп дауыстап қалды Дон Кихот. — Ау, арғы бетке дәлме-дәл қанша ешкі өткізілгенін білудің не қажеті бар, сосын есептен бір-ақ рет жаңылсаң болды, хикаяңды әрмен қарай жалғастыра алмайтының қалай?
— Солай, сеньор, мүлдем жалғастыра алмаймын, — деп жауап қатты Санчо. — Себебі, тақсыр, өзіңізден арғы жағалауға дәлме-дәл қанша ешкі өткізілді деп сұрағанымда, білмеймін деп жауап қаттыңыз да, айтайын дегенімнің бәрі сол сәтте-ақ есімнен шығып кетті, ал, жалпы, хикаям шынымен-ақ әрі қызықты, әрі өте тағылымды.
— Сонымен, — деді Дон Кихот, — хикаяң осымен бітті ме?
— Аумаған марқұм әжем секілді, оның да осымен демі бітті.
— Ертегі ме, баян ба, хикая ма — бұл айтқаныңның не екенін білмей тұрмын, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Шындығында, мұның еш нәрсеге ұқсамайды және дәл осылай басталып, дәл осылай үзілген әңгімені де ешкім ешқашан естіген жоқ, болашақта да естімейді. Дегенмен, асып-төгілген ақыл-ойыңның шамасына қарап сенен бұдан өзгелеу бірдеңе күте де қоймағам, сондықтан бұл мені онша таңғалдырмайды: тыншу таппай тұрған мына дүңкілдің қырсығынан ақылың ауысайын деген ғой, шамасы.
— Әбден мүмкін, — деді Санчо. — Білетінім біреу ғана: менің әңгімеме ештеңе жамап-жапсыруға болмайды, — арғы бетке жеткізілген ешкі санынан жаңылған жерде ол да қолма-қол аяқталады.
— Аяқталса, одан әрмен, — деді Дон Кихот. — Росинант орнынан қозғала алар ма екен, қане, тағы байқап көрейік.
Сол бойда ол атына тағы шпор қадады, Росинант тағы да тұрған орнында қарғымаққа әрекеттенді — аяғына тұсау жақсы етіп салынған екен.
Әлде Санчоға бозала таңның салқыны әсерін тигізді ме, әлде кешкі астың үстінде іш жүргізетін бірдеңе жеп қойды ма, бәлкім, тіпті мезгілі де жеткен шығар, — сірә, дұрысы да сол болар, — әйтеуір оның өзі үшін басқа ешкім атқарып бере алмайтын бір нәрсені істеуге аңсары ауып, аяқ асты шыдамсыздана бастады. Алайда үрейге бой алдырғаны сонша, мырзасының қасынан ширек адым болса да былай шығуға батылы жетпей тұрған-ды, ал қажетін өтемей қоя тұруға төзімі таусылып бара жатқан. Жағдай солай болған соң, оң қолын ердің артқы қасынан босатып, шалбарының бауын байқатпай шешіп жіберуден басқа ақыл таппады, беліне құр осы бау арқылы ғана ілігіп тұрған шалбары ағытқан бойында-ақ төмен сырғып түсті де, аяғына барып бұғау секілді боп оратылды; одан соң бұл көйлегінің етегін мейлінше сақтықпен жоғары көтеріп, кеспелтектей құйрығын жалаңаштап тұра қалды. Осының бәрін істеп болғаннан кейін, — оған дәл қазіргідей қиын-қыстау жағдайда басқадай бір амал жасауға еш мүмкіндік жоқтай көрінген, — ол бұдан да гөрі қиын ахуалда қалды, атап айтқанда: оғаштау дыбыс шығармай, бырқыратпай іш босата алмайтынын ұқты, осы ой мазасын алған ол барынша тістеніп, тынысын кідіртуге тырысып құнысып алды; бірақ, бұл әрекеті онша сәтті шықпады, қаншама айла-шарғы жасағанына қарамастан, ақыр соңында бәрібір аса қатты болмаса да әйтеуір өзінің зәре-құтын алып тұрған дүңкілден өзгешелеу бір дыбыс шығарып қойды. Мұны естіген Дон Кихот:
— Бұл не дыбыс, Санчо? — деп сұрады.
— Білмеймін, сеньор, — деп жауап қатты анау. — Жаңадан тағы бір пәле пайда болды-ау деймін: шытырман оқиғалар мен шатақты жағдайлар бір басталса таусылмайтыны белгілі ғой.
Сол арада ол қайтадан бақ сынап көрді — бұл жолы сәтті болғаны сонша, өзіне осынша әурешілік әкелген жүктен ақыры ешқандай дабыра-шусыз және қиналыссыз құтылды. Алайда Дон Кихоттың иіс сезу қабілеті есту қабілетінен әсте кем емес-тұғын; оның үстіне Санчо қожайынына желімделіп қалғандай боп тым жақын тұрған, сондықтан тура бағытпен дерлік көтеріліп жатқан жағымсыз иістің жарым-жартылай болса да Дон Кихоттың танауына жетпеуі мүмкін емес-ті; ақыры осы иісті сезген бойда ол сақтану шарасын жасап мұрнын қыса қойды да, сәл-пәл мыңқылдай сөйлеп:
— Меніңше, Санчо, сен үрейге қатты бой алдырған секілдісің, — деді.
— Иә, айтатыны жоқ, — деп мойындады Санчо. — Мұны қалайша енді ғана байқап тұрсыз?
— Өйткені, бұрын сенен ешқашан дәл қазіргідей иіс шығып көрмеген, әрине, бұл әсте де амбраның иісі емес, — деп жауап қатты Дон Кихот.
— Әбден мүмкін, — деді Санчо, — бірақ, бұған мен емес, сіз кінәлісіз: беймезгіл уақытта, оған қоса жан баспаған жерлермен соңыңыздан салпақтатып жүрген өзіңіз ғой.
— Үш-төрт адым былайырақ барып тұршы, достым, — деді әліге дейін мұрнын қысып ұстап тұрған Дон Кихот. — Бұдан былай өзіңе дұрыс көңіл бөл және маған тиісті дәрежеде құрмет көрсететін бол. Сенімен әр нәрсе жайында ашық-жарқын сөйлесе берем, соны пайдаланып ойыңа не келсе соны істейтін болып алдың.
— Ант-су ішуге бармын, тақсыр, — деді Санчо, — мені... жарамсыз бірдеңе істеп қойғандай көресіз-ау деймін осы.
— Сезікті секірер деген, қойсаңшы, достым Санчо, — деді наразы Дон Кихот.
Осы секілді және осыған ұқсас басқа да әңгімемен олар түнді де өткізді. Ақыры, таңның атуына аз қалғанын аңғарған Санчо ақырын ғана Росинанттың тұсауын ағытып, шалбарының бауын байлап алды. Росинант әдетте жуас мінезінен жаңылмайтын жануар-ды, бірақ осы жерде еркіндік алғанын сезініп азды-кем алағызып қалды, алайда, намысына тигелі отырған ештеңеміз жоқ, орғып-қарғуға қабілетсіз болғандықтан, бар-жоғы тек тұрған орнында тыпыршумен ғана шектелді. Росинанттың мына ісін көрген Дон Кихот бұл жақсылықтың нышаны ғой — қатты қайырым айқасқа шығатын кездің келгенін аңғартқан нышан ғой деп ойлады. Осы екі арада таң әжептәуір ағарып атып, айнала маңдағының бәрі айқын таныла бастаған, сол жерде Дон Кихот өзінің биік ағаштардың аясында тұрғанын, бұның каштандар екенін және бұлардан қою көлеңке түсіп тұрғанын көрді. Оған қоса, түндегі дүңкілдің әлі толас таппағанын аңғарды, бірақ оның не пәле екенін түсіне алмады, сондықтан еш кідірместен Росинантты шпормен бір тебінді де, Санчомен қайта қоштасып, өзін үш күннен артық күтпеу жөніндегі бұйрығын тағы бір нықтады; егер де осы уақыттың ішінде қайтып оралмаса, онда оның осынау қатерлі айқас кезінде тіршілік жолы тәмамдалғанын жаратқанның өзі жөн көргені, деді. Онан соң сеньора Дульсинеяға өз атынан қандай сәлем жеткізіп, не айтуы керегін тағы бір мәрте Санчоның есіне салды; ал, көрсеткен қызметіне тиесілі ақы жайы алаңдатып тұрса, онда Санчоның бұл турасында ешқандай уайым шекпеуіне болады; өйткені, ол, Дон Кихот, селодан аттанар алдында өсиет жазып қалдырған көрінеді, онда өзіне қызмет атқарған күндері үшін бұған жалақы төлеу жайы ескертіліпті; ал егер жаратқан осынау аса қауіпті айқастан аман-есен, жеті мүшесі сау күйінде шығуына жәрдемін тигізсе, онда бұның уағда етілген аралдың қожасымын деп есептей беруіне болады. Мейірбан мырзасының осынау аянышты лебізін тағы естіген Санчо жылап жіберді де, бұл істің ақыр аяғына дейін одан ешқашан қол үзбеуге бел байлады.
Санчо Пансаның көз жасы және оның аса жоғары бағалауға тұрарлық ізгі ниеті осы хикаяның авторын, бұл, өзі тегін адам емес-ау, — қалай дегенде де, нағыз ақ пейілді христиан-ау деген ойға жетелейді. Атқосшысының жанашырлығы қожайынын толқытып жіберді, алайда қобалжуға бой алдыра қоймады, керісінше, көңілі толқығанын түк сездірмей, атын тебініп, судың сарылдаған дыбысы мен дүңкіл шығып жатқан тұсты бетке алып тартып кетті. Санчо сол баяғы әдетінше өзінің қайғыны да, қасіретті де бірге бөлісіп жүрген сенімді серігі — есегін тізгінінен жетелеген күйі соңынан жаяу жүріп келе жатты. Олардың жолы әуелі каштандар мен басқа да саялы ағаштар арасымен өтті, сосын бұлар ұшар басынан алапат мол ағын күркірей ақтарылып жатқан биік жартастардың етегіндегі көкорайға тап болды. Жартастар етегінен үйден гөрі оның қираған жұртына көбірек ұқсас ескі лашықтар жер бауырлай орын теуіпті, әліге шейін бір тыншу таппаған дүңкіл мен күрсіл де тап сол маңайдан шығып жатқандай көрінді. Ағын судың күркірі мен соққының даусынан Росинант үркектей бастаған еді, бірақ Дон Кихот оны сабасына түсірген соң, өз тағдыр-талайын жүрегінің әміршісі Дульсинеяның қамқорлығына басы-бүтін табыс етіп, осынау қатерлі жорығы мен ойға алғандарын атқарып шығуына күш-қуат беруін өтініп, осымен бір мезгілде жаратқаннан да жақсылығынан құр қалдырмауын сұрап жалбарынып, әлгі үйлерге қарай жай басып жақындай берді. Мырзасының соңынан ізбе-із еріп келе жатқан Санчо өзін осынша таңырқау мен жабырқауға ұшыратқан нәрселер Росинанттың сирақтары арасынан көрінбес пе екен деп мойнын созып, үңіле көз тігумен болды. Одан соң олар тағы да жүз қадамдай алға ілгеріледі, міне, тап осы жерде, жартас қалқасынан айналған шақтарында, түнімен аза бойларын қаза қылып, тыныш таптырмаған сол бір жан шошырлық үрейлі дүңкілдің себепшісі көз алдарына көлденеңдеп тұра қалды. Бұл — тек сен ренжи де, өкіне де көрме, оқырман! — шұға шығаратын шеберхананың алты шой балғасы еді, әлгі адам айтқысыз дүңкіл осылардың бір қалыпты соққысынан шығып тұрған болатын.
Бұның не екенін білген Дон Кихот тұрған орнында үнсіз қатты да қалды. Оған көз салған Санчо мырзасының қатты ыңғайсызданған адамша басын тұқыртып алғанын көрді. Дон Кихот та, өз тарапынан, Санчоға көз қиығын салып, оның езуі жайылып кеткенін, күлкіден жарылайын деп тұрғанын, енді болмаса пырс ете қалуға әзір екенін аңғарды; аяқ-асты пайда болған қайғы-шері тұла бойын әлі түгел баурай қоймағандықтан, Санчоның түр-сықпытына көзі түскен оның өзін-өзі күлкіден тежейтіндей шарасы қалмап еді, Ал, Санчо болса, қожайынының езу тартқанын байқаған бойда-ақ күлкіге ерік берді дейсің келіп және ішек-сілесі қата қарқылдап күлгені сондай, жарылып кетпес үшін ішін қолымен басып алды. Ара-арасында кідіріп дамыл тапқандай болғанымен, өзін-өзі ұстай алмай қайтадан қарқылдай күліп шиыршық атты; соны көрген Дон Кихот мынау шайтанның шалығына ұшыраған жоқ па екен дейтін ойға қалды, ал Санчоның бұл күлкісі өзін мазақ еткендей көрінген сәтте тіптен ашу шақыруға мәжбүр болды:
— Сен біліп қой, беу, достым Санчо, мен алтын заманды қайта тірілту үшін жаратқан иеміздің қалауымен темір заманда дүниеге келген адаммын. Мен — тағдыр-талайына қауіп-қатер, ірі істер, ерекше ерліктер жазылған жанмын...
Сөйтіп, Дон Кихот әлгі қорқынышты дүңкіл құлақтарына алғаш шалынған сәтте айтқан сөзін түгел немесе түгелге жуық қайталап шықты.
Санчоның өзін келеке етіп тұрғанын түсінген, ұят пен намыстан күйіп кете жаздаған Дон Кихот шолақ найзасын алды да, оны бар күшімен соғып-соғып жіберді; егер бұл соққылар арқасына тимей, басына тиген болса, онда атқосшы алажақ жалақыны бәлкім оның өзі емес, мұрагерлері алған болар ма еді, кім біледі. Ойынның түбі шойынға айналып бара жатқанын Санчо тез түсіне қойды; сосын қожайыны тым қатты кетіп жүрер деп қорқып, мүләйім кейіпте:
— Сабаңызға түсіңіз, тақсыр. Құдай ақы, жай қалжыңдаған болатынмын, — деді.
— Сізге күлкі керек, ал мен болсам неғыларымды білмей дал боп тұрмын, — деді наразы Дон Кихот. — Бері қараңыз, әзілқой мырза, егер шұға басатын балғалар орнында өзімді басқа бір қатерлі жағдаят тосып тұрса, онда мені бұл істі бастауға және аяқтауға жетерлік батылдық көрсете алмайды деп ойлаудан саумысыз өзіңіз? Оның үстіне, бұл балға ма әлде басқа ма, оны мына мен, рыцарь, дыбысына қарап айырып, ажыратып беруге тиіс пе екем? Ал, егер бұл өмірі көрмеген нәрсем болса ше? Мына сіз, можантопай міскін, сондай нәрселердің арасында туып-өскен жансыз. Одан да осынау алты балғаны алты алыпқа айналдырып жіберсеңіз етті, сосын олар бір-бірлеп болсын, бәрі жабылып болсын төбелеске шықса етті! Егер олардың бәрін түгел аяғын аспаннан келтірмесем, міне, қалжыңдасаңыз тек сонда ғана айызыңыз қанғанша қалжыңдауыңызға болар еді.
— Сабыр етіңіз, мейірімді мырзам, — деді Санчо. — Шектен тыс масайрап кеткенімді мойындаймын. Ал, енді қазір, біз татуласқан кезде, — осы шытырман оқиғадан аман-сау шыққаныңыздай басқа да барлық оқиғадан дені-қарныңыз сау құтылуыңызды тілеймін ғой, әрине, — өзіңіз айтыңызшы, тақсыр, зәремізді зәр түбіне жіберген бұл оқиға, шынымен-ақ күлкілі және айта жүрерліктей оқиға емес пе? Өз басым, мысалға, көресімді әбден-ақ көрдім. Ал, енді сізге келсек, қорқыныш дегеннен де, үрей дегеннен де мүлдем мақұрым адам екеніңіз өзіме бек жақсы мәлім ғой.
— Бұның күлкі шақыратын жағдай екенін теріске шығармаймын, — деді Дон Кихот. — Алайда, қандай кепке тап болғанымыз жайында жұртқа жария қылудың қажеті жоқ, өйткені жұрттың бәрі бірдей саналы емес және болған іс жайында бәрі бірдей дұрыс көзқарас ұстана бермейді.
— Болған іс жайында кімнің көзқарасы дұрыс дейтін болсақ, алдымен шолақ найзаңызды айтар едік, — деді Санчо, — себебі, оның көз жанары тура менің басыма бағытталған болатын, — алайда тек арқама ғана тигізе алдыңыз, бірақ бұл үшін құдайдың рақымы мен өзімнің аса бір ептілікпен жалтарып үлгергеніме ғана ырзалық білдірем. Ештеңе етпес, қол сынса — жең ішінде. “Сүйем, сүйгенім үшін ұрам” деген сөз де текке айтылмаған ғой. Оның үстіне, малайын жақсылап сыбап алу, сосын іле-шала оған шалбар сыйлау ақсүйек мырзалардың дағдылы әдеті емес пе. Ал, енді бірақ жақсылап сабап алғаннан кейін қандай сыйлық берілуі керек — ол жағын білмейді екем, бәлкім кезбе рыцарьлар атқосшысын әкесін танытып төмпештегеннен кейін оған сол бойда-ақ аралды немесе құрлықтағы бір корольдікті тарту ететін шығар.
— Айымыз оңынан туып, бәрі ойдағыдай боп жатса әлгі айтқандарың түгел орындалуы ғажап емес, — деп ескертті Дон Кихот. — Арамызда болған жаңағы кикілжіңді көңіліңе алма, өйткені сен ақылсыз біреу емессің, сезімге берілген адам алғашқыда еркінен айрылып қалатынын білесің және бұл болашақта шамадан тыс оттай бермеуің үшін өзіңе сабақ болатын болсын. Ал, енді саған мынаны айтайын, өзім оқып шыққан рыцарьлық романдардан, — ал, ондай романға сан жетпейді, — атқосшылардың өз мырзаларымен сен сияқты аузына тыным жоқ сөйлесе беретін бір де біреуін кездестірген емен. Шынымды айтсам, бұл арада екеуіміздің де тарапымыздан кемшілік кеткенін көріп тұрмын: сенің кемшілігің — маған тиісті дәрежеде құрмет көрсетпегеніңде болса, менің кемшілігім — өзіме лайықты құрмет білдіруіңді талап етпегенімде. Амадис Галльскийдің атқосшысы Гандалинді мысалға алайықшы: ол тегіннен-тегін Құрлық аралының графы атанды деймісің, ал соның өзі қожайынымен тілдескен кезінде бас киімін шешіп, басын бір жағына қарай жантайтып және more turquesco26 иіліп тұрған қалпында сөйлесетін болған деседі. Ал, дон Галаонның атқосшысы Гасаваль ше? Оның сөзге сараңдығы сонша, осынау қаншалықты ұзақ-сонар болса, соншалықты шыншыл хикаяның өне бойында автор оны бар болғаны жалғыз-ақ рет еске салып өтеді — онда да тек оның адам айтса сенгісіз тұйықтығын құлаққағыс ету үшін ғана. Өзіңе осы айтқандарымнан, Санчо, қожайын мен қызметші, дворян мен малай, рыцарь мен атқосшы арасындағы айырмашылықты ешқашан ұмытпау керек дейтін түйін жасауға тиіссің. Сондықтан, ендігі жерде бір-бірімізге көбірек сыйластық білдіретін болайық, бір-бірімізді әзіл-қалжыңға айналдырғанды доғарайық, өйткені ашу үстінде не істесем де, оның салдары саған онша тиімді бола қоймайды. Ал, өзіңе уәде еткен жарылқаулар мен сыйлықтар уақыты жеткенде қолыңа тиеді, қолыңа тимеген жағдайда, әйтеуір жалақыңды алатын боласың, ол сенен ешқайда қашпайды, бұл жөнінде саған бұрын да ескерткенмін.
— Мұның бәрі өте орынды, — деп құлаққағыс етті Санчо, — алайда өзіңізден сұрайын дегенім, — егерде жарылқау жайындағы үміт ақыры біржола үзіліп тынса, сөйтіп жалақы турасында ойланатын күн туса дегенім ғой, — бұрынғы заманда кезбе рыцарь атқосшысына қанша төледі екен және оған ай сайын төлеп тұрды ма екен әлде тас қалаушылармен есеп айырысқандай күн сайын төледі ме екен, соны білейін деп ем.
— Менің білуімше, ол кезде атқосшы жалақы алмайтын, сыйлық алатын, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Ал, мен болсам, үйімде қалған, мөр соғып бекітілген өсиетімде сенің есіміңді құр әншейін, артық етпес деп атай салғам: мына қиянатшыл заманымызда рыцарьлықты қандай
тағдыр күтіп тұрғанын кім біледі, сондықтан түкке тұрмайтын бірдеңеге бола ана дүниеде жаным азапқа түспесін дегем. Иә, сен біліп қойғын, Санчо, бұл дүниеде шытырман оқиға іздеуден асқан қатерлі кәсіп жоқ.
— Рас айтасыз, — деді Санчо. — Кезіп жүріп шытырман оқиға іздейтін өзіңіз секілді, тақсыр, айбынды рыцарьдың есін алып, құтын қашыруға балға дүңкілінің өзі-ақ жеткілікті боп шықты. Бірақ, енді маған кәміл сенуіңізге болады, ендігі жерде аузымды ашсам, бастан кешкен жайларыңызға күлу үшін емес, жалғыз ғана тек сізді қожайыным және туа бітті сеньорым ретінде құрмет тұту үшін ғана ашатын болам.
— Сонда өзің де жайлы өмір кешетін боласың, — деп іліп әкетті оны Дон Кихот, — өйткені, қожайының — екінші әкең іспетті, сондықтан оны әкеңмен бірдей құрмет тұтуың керек.
ХХІ тарау
Бұл тарауда Мамбрин дулығасы секілді бағалы олжаны қолға түсірумен аяқталған айрықша маңызды оқиға туралы және жеңіліс дегенді білмейтін рыцарымыз бастан кешкен басқа да жайлар жөнінде баяндалады
Сол екі ортада жаңбыр себезелей бастады да, Санчоның әлгі шұға шығаратын шеберхананың біріне кіріп отыруға ықыласы ауды, алайда тағдырдың күлкі-мазағына ұшыратқан бұл орынға айрықша жеркенішпен қарап тұрғандықтан Дон Кихот онда кіруден бас тартты, оңға қарата бұрылып, алдында өздері жүргенге ұқсас бір жолға барып түсті. Арада шамалы уақыт өткенде Дон Кихот басында алтындай жалтылдаған әлденендей бір заты бар салт аттыны көріп қалды, сөйтіп, соны көзі шалған бойда-ақ Санчоға қарай бұрылып былай деп тіл қатты:
— Менің білуімше, Санчо, қандай мақалдың болмасын өзегінде шындық жатады, өйткені ол ғылым атаулының анасы саналатын тәжірибе негізінде қорытылған түйін боп табылады, соның ішінде әсіресе: “Бір есіктің жабылғаны — екінші есіктің ашылғаны” деген сөзде үлкен мән бар. Мұны айтып тұрған себебім, кеше ғана жазмыш өзіміз іздеген шытырман оқиғаға кірер есікті қарсы алдымыздан сарт еткізіп жауып тастаған, өйткені шұға шеберханасының тарсыл-гүрсілі бізді жаңылыстырып жіберген-ді, ал енді бүгін ол алдымыздан басқа бір, тәуір және болмай қоймайтыны кәміл, шытырман оқиғаға енгізетін есікті айқара ашып тұр, егер осыған да кіре алмасам, онда бұл арада бәріне кінәлі өзім ғана боп шығам және түннің қараңғылығы да, шұға шығарумен жете таныстығымның жоқтығы да сылтау бола алмайды. Бұны айтып тұрғаным, қателеспесем, қарсы алдымыздан Мамбрин дулығасын киген біреу келе жатыр — бұл, өзің білетіндей, ана жолы ант-су ішетін дулығам ғой.
— Тақсыр, не айтып тұрғаныңыз жөнінде, ал, ең бастысы, қандай қарекет жасағалы жатқаныңыз жайында ойланып көрсеңізші, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Ойламаған жерден бұл тағы да шұға шығаратын, бірақ әдеттегі емес, басқа, екеуіміздің есімізді шығаратын, сілемізді қатыра соққыға жығатын шеберхана боп шықса қайтесіз?
— Жоғал әрі, сандалмай! — деді Дон Кихот. — Дулығаның шұға шеберханасына қатысы қанша?
— Білмеймін, — деп жауап қатты Санчо. — Бірақ, өзіме бұрынғыдай еркінірек сөйлеуге ерік берілер болса, онда мен, шын сөзім, мейірімді мырзам қателігін жете түсінерліктей дәлелдер келтірер-ақ едім.
— Ау, сонда мен неден қателесіп тұрмын, ешкімге сенбейтін есуас-ау? — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Айтшы қане, қарсы алдымыздан теңбіл сұр мінген, басына алтын дулыға киген салт аттының келе жатқанын көріп тұрғаның өтірік пе?
— Өз есегімнен аумайтын тарғыл есек мінген бір адам келе жатыр, одан басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ, — деп жауап қатты Санчо. — Ал, басына жылтыраған бірдеңе киіп алған.
— Міне, Мамбрин дулығасы деген тап сол, — деді Дон Кихот. — Сен былайырақ кет те, онымен оңаша қалдыр мені. Бұл шаруаны артық сөзге бармай-ақ ә дегенше қалай тез тындыратынымды көресің сонда, сосын армандап жүрген дулығама ие болам.
— О не дегеніңіз, әрине, былайырақ барып тұрам ғой, — деді Санчо. — Бірақ қорқып та тұрғанымды жасыра алмаймын: құдай сақтасын, әйтеуір, тек шұға шеберханасы баланың ойынындай көрінетін бірдеңе күтіп тұрмаса болғаны.
— Ей, шырақ, сізге көп сандала бермеңіз, шұға шеберханасы деген нәрсеңізбен басымды қатырмаңыз деп ескерткен тәрізді едім ғой, — деп тиып тастады оны Дон Кихот. — Әйтпесе, ант етем, мен... қысқасы, көкеңізге көрістірем!
Қапелімде аузынан шығып кеткен, салмағы зілбатпан ауыр уәдесін қожайыны қолма-қол орындап қояр деп қауіптенген Санчо жым болды.
Ал, енді Дон Кихоттың көзіне елес берген дулыға, жылқы және салт атты дегендердің не екенін айтар болсақ, бұлардың мән-жайы мынадай еді: осы араға жуық маңда екі елді мекен бар болатын, оның ірілеу біреуінде дәріхана да, шаштараз да бар-тын, ал көршісінде, шағындауында, ондай орындар атымен жоқ-ты, осы себепті, ірілеу мекендегі шаштараз шағындау мекенде тұратындарға да қызмет көрсететін; өзімен бірге мыс легенін ала шыққан ол қазір сондағы науқас адамнан қан алмаққа және екінші бір тұрғынның шашын қимаққа беттеп келе жатқан-ды; алайда, тағдыр-талайына байланысты жаңбырдың астында қалғандықтан қалпағы су болмасы үшін, — шамасы, онысы жаңа қалпақ болса керек, — легенін басына киіп алған-ды, мейлінше мұқият тазартылғандықтан жарты шақырымнан астам жерден жарқырап көрініп тұрған да сол еді. Санчо айтқандай, ол шұбар есекке мініп келе жатқан, ал аталмыш жағдаяттар Дон Кихотқа теңбіл сұр ат, салт атты, алтын дулыға түрінде елес берген, өйткені ол қандай нәрсе көзіне шалынбасын мейлі бәрін рыцарьлыққа әуейілігіне байланысты туындайтын болжалдары мен қырсыққа жетелейтін қияли ойларына оп-оңай орайластыра қоятын. Солай болғасынғы жерде, бейшара салт аттының таяп қалғанын көрген бойда-ақ, оған әлдене деп тіл қатып жатпастан және әй-шайға қаратпай түйреп тастауға ниеттеніп найзасын алдына өңгеріп алған күйі Росинантты қос аяқтап шаптырып алға ұмтылды; алайда, шауып келе жатып былай деп айқайлап та үлгерді:
— Қорған, қасиетсіз хайуан, әйтпесе заңды түрде иеленуге қақым бар нәрсемді өз еркіңмен бер маған!
Мынандай елес-күлеспен ойда жоқта бетпе-бет кездесермін деген нәрсе шаштараздың ойына да кіріп-шықпаған болатын, алайда мән-жайды жылдам аңғара қойған ол найзаның ұшы кеудесіне дарымас үшін сол бойда-ақ есектен жерге домалай кеткенді жөн көрді, сөйтіп жерге жамбасы тиісімен ұшып тұрып желге де жеткізбейтін жылдамдықпен құлдыраңдап зытып берді. Леген жерде қалды, соған қанағаттан Дон Кихот мына мәжуси дұрыс істеді, бүйткенде ол, шамасы, аңшылар жан алқымға алған кезде өзін неге бола қуғындап келе жатқанын табиғи түйсігі бойынша тауып, сол жерін тісімен қырқып үзіп кететін құндыздардың қылығына еліктеген болды, дегенді айтты. Онан соң Санчоға дулығаны жерден көтеруге әмір етті, анау оны қолына алып:
— Құдай ақы, жақсы леген, бұның құрығанда сегіз реал тұратыны кәміл, — деді.
Сосын дулығаны қожайынына табыс етті, Дон Кихот оны сол бойда басына киіп көріп, біресе олай, біресе былай бұрып, бірақ ақыры бет жабарын таба алмай:
— Мына тамаша дулыға кезінде, шамасы, басы қазандай бір мәжусидің өлшемі бойынша соғылған-ау. Ал, ең жаманы, дулығаның жарты бөлегі жоқ екен, — деді.
Сақал қыруға арналған легеннің дулыға атанғанын естіген Санчо тарқ етіп күліп жіберді, бірақ мырзасының ашуланшақ мінезі ойына оралып, сол бойда-ақ аузын жаба қойды.
— Сен неменеге күлдің, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.
— Күлген себебім, — деп жауап қатты анау, — әлгі өзіңіз айтқан мәжусидің, мына дулыға иесінің деймін-ау, басы қандай сұмдық үлкен болған десеңізші: өйткені, бұл кәдімгі шаш қиюға арналған леген ғой.
— Маған қандай ой келгенін білесің бе, Санчо? Менің ұғымымша, мына керемет жақсы етіп соғылған сиқырлы дулыға тағдырдың тәлкегімен бір ноқайлау адамның қолына түскен, ол мұның қандай мақсатқа қолданылатынын түсінбеген, қадір-қасиетін бағаламаған, сөйтіп дулығаның таза алтыннан екенін көрген соң, — абзалы, не істеп жатқанын өзі де білмей, — пайда түсіру үшін жарты бөлегін балқытып жіберген, ал қалған жартысынан сенің көзіңе шаш қиюға арналған леген тәрізді көрініп тұрған мына дүниені жасап шығарған. Бірақ, онда тұрған дәнеңе жоқ: басқа біреу білмесе де мен білем ғой оның бағасын, сондықтан мұның мына құбылысы мені онша қапаландырмайды. Ұстасы бар алғаш кезіккен селода-ақ мен оны қайта соқтырып алам, сонда бұл қолөнер құдайының соғыс құдайына арнап соққан дулығасынан кем түспейтін болады, тіпті одан да артық боп шығады. Ал, әзірше бұл маған осы күйінде де жарай береді — әйтеуір түк ештеңе жоқтан тәуір ғой. Оның үстіне, бұл мені тастан жақсы қорғай алады.
— Әрине, тек тас сақпаннан атылмаса ғана, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Өйткені, ана жолы екі әскердің арасында болған шайқас кезінде сақпанның тасы тісіңізді түгел күйретіп, анау әлгі жүрегімді айнытып, ішегімнің қырындысына шейін құстырып тастаған шарапатты бальзам құйылған қалбырды да тесіп кетті емес пе?
— Одан айрылғаныма бола уайым шегіп жүрген ештеңем жоқ, — деп ескертті Дон Кихот. — Оның рецептісін жатқа білетінім өзіңе мәлім ғой, Санчо.
— Мен де қайғырмаймын, — деді Санчо. — Егер оны өмірімде тағы бір рет дайындар болсам немесе дәмін татар болсам, онда саудамның біткені. Алайда, оның маған енді қажеті болады ғой деп ойламаймын; біреуге жарақат салмауым үшін және өзім де жарақат алмауым үшін бес сезімімнің бәрін сақ ұстайтын болам. Ал, енді көрпеге салып қақпақылдауға келсек — бұл басқа әңгіме: бұндай бақытсыздықтың алдын алуың қиын, ондай күн туа қалса, басыңды қорғалап, деміңді ішіңе тартып, өзіңді жазмыш пен көрпенің шарапатына тапсырудан басқа шараң қалмайды.
— Сен жаман христиан екенсің, Санчо, — деп тұжырды оны тыңдап алған соң Дон Кихот, — баяғыда көрген бір жәбіріңді өмір бойы ұмытпайсың, бірақ есіңде болсын — ақ көңіл де ақ жүрек жандар мұндай ұсақ-түйекке көңіл аудармайды. Немене, сол бір әзілді әлі күнге шейін ұмытпайтындай олар аяғыңды сындырды ма, қабырғаңды қаусатты ма әлде басыңды жарды ма? Шынтуайтында, бұл жай әншейін әзіл, көңіл көтеру ермегі ғана болатын, себебі, егер мұны басқаша ұғынған болсам, онда міндетті түрде қайтып оралар ем, кегіңді қайтару жолында оларға гректердің Еленаны алып қашқандардан алған кегінен де зор залал келтірер ем. Иә, айтқандайын, егер Елена біздің заманымызда ғұмыр кешкен болса, немесе Дульсинеям Елена заманында өмір сүрген болса, онда ол, Елена, өзінің сұлулығымен осыншама атақ-даңққа бөленбес еді деп кәміл сеніммен айтуға болады.
Осы арада ол көзін тауға қарай тіктеп, ауыр күрсініп алды. Ал, Санчо былай деп тіл қатты:
— Жарайды, ақыры шынымен кек қайтарар шамамыз жоқ екен, оны әзілге сайып қоя салайық, бірақ бұл олардың ойыны ма әлде шыны ма, оны мына мен жақсы білем ғой, оған қоса мұның бәрі қаперіме де, сүйегіме де мәңгілікке таңба боп қалғаны және шындық. Бопты енді, бұл жайындағы әңгімені осымен доғарайық — одан да, тақсыр, өзіңіз жерге аунатып тастаған әлгі, аты кім еді, Мам... Мартин мына араға қараусыз қалдырып кеткен ана шұбар есектен аумайтын теңбіл сұр атты неғыламыз, соны айтыңызшы. Табанын жалтыратып тайып бергеніне қарағанда оның бұған қайтып орала қоюы да неғайбыл-ау. Ал, аты енді, оллаһи, тәп-тәуір!
— Мен жеңілгендерді тонап дағдыланған адам емеспін, — деп реніш білдірді Дон Кихот, — оған қоса, жауының атын тартып алып, жаяу жіберу деген нәрсе рыцарьлықтың салтында жоқ; тек сайыс кезінде сәйгүлігі майып болған жағдайда ғана жеңімпаз әділ айқаста қолға түсірген олжа ретінде жеңіліс тапқан дұшпанның атына ие болуға қақылы. Сондықтан да, Санчо, бұл атты немесе есекті, — қалай атағың келсе, солай атай бер, — жайына қалдыр, жырақтап кеткенімізді көргенде қожайыны оған қайтып оралады.
— Бұған өзім ие болуға, тым құрығанда есегіммен айырбастауға қалай құлқыным құрып тұрғаны бір құдайға ғана аян, өйткені менің есегім мұнымен шендесе де алмайды ғой, — деп шынын айтты Санчо. — Бір есекті екінші есекке айырбастауға рұқсат етпейтін рыцарьлықтың заңдары да шынымен қатал-ақ екен. Айтыңызшы, тақсыр, бәлкім, онда ер-тұрманды айырбастауға болатын шығар?
— Болады деп кесіп-пішіп айта алмаймын, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Расында да, бұл өзі өте күрделі мәселе, дегенмен, бұл тұрғыда толық мағлұмдар болмауым себепті, оны айырбастауға саған уақытша пұрсат бере алам, бірақ тек соған айрықша мұқтаждық сезіп тұрсаң ғана.
— Айрықша мұқтаж боп тұрғаным сондай, — деді Санчо, — егер бұл ер-тұрман тіпті өз қара басыма қажет болған жағдайда да бұл жайында осыншалықты уайым шекпеген болар ем.
Рұқсат алған ол қолма-қол mutatіo caparum27 ісін атқарып үлгерді,
сөйткеннен соң көз жауын алатын көркем әбзелге ие болған есектің
құлпырып шыға келгені сонша, қарасаң көз тоймайтындай түр тапты. Бұдан кейін олар ана жолы жүк артылған қашырдан олжа еткен азықтарын жеп, бұлақ суымен шөл қандырды, осы шаруаларымен айналысып жатқан шақтарында әлгі зәрелерін зәр түбіне жіберген жеккөрінішті шеберхана жаққа ешқайсысы көз қиығын да салған жоқ.
Жандары жай тауып әрі көңілденіп сала берген олар ақыры көліктеріне мінді; әлденендей бір мақсат-мұрат көздемей-ақ бет-алды қаңғылестей беру кезбе рыцарьлардың дәстүріне айналғандықтан, бұлар да Росинанттың ықтиярына бағынып еш мақсатсыз алға қарай аса берді — қожайынының еркімен қатар, серіктік сезім жетегімен қайда барса да соңынан қалмай еріп жүрген есектің еркі де соның ықтиярында болатын. Қалай болған күнде де, әйтеуір олар қайтадан күре жолға түсіп, ешқандай мақсат-мұратсыз соқыр тәуекелмен тартып кетті.
Сөйтіп, осылай ілініп-салынып жүріп келе жатқан кездерінде ойда жоқ жерден Санчо мырзасына қарап былай деп тіл қатты:
— Сеньор! Бәлкім, өзіңізбен азын-аулақ шүйіркелесуге кеңшілік етерсіз? Әйтпесе, маған сөйлеуге қатаң тыйым салған кезіңізден бері әңгіме етуге тұрарлық бес жағдаят ішімде босқа өліп кетті, сыртқа шығуға талпынып тілімнің ұшында тұрған мына ең соңғысы да солардың кебін құшпаса екен деп ем.
— Ал, айт, ендеше, — деді Дон Кихот, — бірақ тек барынша қысқа бол, өйткені мылжың сөзді ешкім де тыңдамайды.
— Айтайын дегенім, сеньор, — деп бастап кетті сөзін Санчо, — міне, бірнеше күн болды, шытырман оқиға іздеп шарқ ұрудың қандай тиімсіз әрі кірісі де аз шаруа екенін ойлап бас қатырумен жүрмін; өйткені, тақсыр, сіз ондай шытырман оқиғаларды қу медиен дала мен жол тораптарынан іздейсіз, ондай жерлерде қанша жеңіске жетсеңіз де, қандай қатерлі оқиғаны ойдағыдай өткерсеңіз де, бәрібір оны ешкім көрмейді де, білмейді де, сондықтан өзіңіз қаншалықты құштар болғаныңызбен ерлік істеріңіз мәңгі-бақи беймәлім күйде қалады, ал, бұл, әрине, сізге үлкен қиянат. Осы себептен де бізге ең дұрысы, — әрине, тек мұны өзіңіз жөн көрсеңіз, — әлде біреулермен соғыс жүргізіп жатқан императордың немесе басқа бір құдіретті әміршінің қарауына қызметке кіру ғой деп ойлаймын, міне тек сөйткенде ғана, тақсыр, көзсіз батырлығыңызды, білегіңіздің таңғаларлық қуатын және ақыл-ойыңыздың одан да асқан таңғаларлық қабілетін анық таныта алар едіңіз, ал өзіміз қызмет ететін әмірші князь ынта-ықыласымыздың қандай екенін көрген соң еңбегімізге қарай екеуімізден де бар жақсылығын аямас еді, сондай-ақ ол жерден ерлік істеріңізді шежіреге мәңгі өшпестей етіп жазып қалдыратын адамның да табылмай қоймайтыны күмәнсіз. Ал, өзімнің ерлік істерім жайында жақ ашпай-ақ қояйын, өйткені атқосшыға өзі тікелей атқаруға тиісті шаруалар шеңберінен шығуға тыйым салынған, — алайда, осы сөзіме сеніңіз, егер рыцарьларда атқосшылар ерлігі жөнінде жазатын дәстүр қалыптасқан болса, онда менің істерім жайында да жүрдім-бардым айтыла салмас еді деп ойлаймын.
— Сөзіңнің жаны бар, Санчо, — деп мақұлдады Дон Кихот. — Алайда, мұндай құрметке ие болмас бұрын рыцарьдың сыннан өту мақсатында жер-дүниені шарлап шытырман оқиға іздеуі қажет, сол сынақ кезіндегі жеңістері арқасында үлкен абырой-атаққа жетуі шарт, сөйтіп патша сарайында бой көрсетер шақ туғанда осындай істерімен кеңінен мәшһүр болғаны соншалық, оның қала қақпасынан өткенін көрген бойда-ақ балалар жан-жақтан топырласып, қаумалай қоршап, қандай есіммен ұлы ерліктер жасағанына орай: “Мынау Күннің Рыцары” немесе: “Мынау Жыланның Рыцары” десіп улап-шулап жататын болады. “Бұрын болып көрмеген керемет айқаста, — дейтін болады олар, — аса қорқынышты дәу Брокабрунды, теңдесі жоқ қара күштің иесін, жеңген осы кісі, тоғыз жүз жыл бойы жадыланып жатқан парсының ұлы мәмлүгін адам қалпына қайта келтірген осы кісі!” Оның ерлік істері жайындағы хабар осылайша ауыздан ауызға тарай бастайды, сөйтіп балалардың айқайы мен жиналған жұрттың дабырын естіген корольдің өзі сарайының терезесіне жақындап, рыцарьға көз салған бойда-ақ оны сауыт-сайманына немесе қалқанында жазылған девизіне қарап бірден танып, міндетті түрде былай деп айқайлайды: “Әй, менің рыцарьларым! Сарайда қаншаң болса соншаң, бәрің де мына өзімізге қонаққа келіп тұрған, рыцарьлар қауымының абыройы мен мақтанышына айналған адамды қарсы алуға шығыңдар!” Сөйтіп, оның әмірі бойынша бәрі сыртқа шығады, ал корольдің өзі болса тіпті баспалдақтың ортан беліне шейін түседі, рыцарьды кеудесіне қысып құшақтап, ақ пейілінің белгісі ретінде бетінен сүйеді, онан соң оны қолынан алып, сеньора королеваның отауына енгізеді, ол жерде оны корольдің ханымы мен инфанта қарсы алады; әрине, бойжеткеннің үріп ауызға салғандай сұлу әрі нәзік екені өзінен-өзі түсінікті, ондай қызды өзімізге мәлім елдердің ішінен іздеп табу мүмкін болған күнде де үлкен күшке түспек. Кездескен сәтте-ақ бойжеткен рыцарьға жаудырай қарап қалады, рыцарь да одан көз аудара алмайды, сол жерде бұлардың қай-қайсысына да қарсы алдында адам емес періште тұрған тәрізді көрінеді; сөйтіп, олар ненің, қалай және неліктен олай болғанын өздері де білмей, еріксізден-еріксіз махаббаттың қитұрқы торына шырмалып қалады, осы себептен жүректерін торығу билеп алады, өйткені олар өз сезімі мен ынтызарлығын қалай білдіруді білмейтін еді. Онан соң, әрине, рыцарьды сарайдағы жиһаз толы бір бөлмеге алып барады ғой, сол жерде оның сауыт-сайманын шешіп, керемет сәнді алқызыл мантия кигізеді, ол қару-жарағы бойында болған кезде де кескінді көрінсе, енді қару-жарақсыз да сондай кескінді, тіпті одан да сымбаттырақ бола түседі. Кешкісін ол корольмен, королевамен және инфантамен бірге ас ішеді және дастарқан басында отырғандарға білдірмей қызға қайта-қайта қарағыштаумен болады, қыз да оған үргелектене көз тастап қойып отырады, өйткені, әлгінде айтып өткенімдей, бұл өзі аса бір әдепті де көргенді қыз болатын. Сосын олар дастарқан басынан тұрады, сол арада ойда жоқ жерде залға сықпытынан жүрек айнитын кішкене ергежейлі кіріп келеді, оның соңында екі дәуді серік еткен кербез дуэнья28 келе жатады, сосын бұл дуэнья әлдебір ежелгі данагөй ойлап тапқан сынақ барын айтып, осы сынақтың жеңімпазы әлемдегі ең үздік рыцарь атанатынын жария етеді. Король сол заматта-ақ маңайындағылардың бәріне күшін сынап көруге әмір береді, бірақ ақырына дейін шыдап, сынақтан сүрінбей өткен, сөйтіп дабыралы даңқына дақ түсірмеген тек жалғыз қонақ-рыцарь ғана болады, бұл инфантаны шексіз қуанышқа бөлейді, рыцарьдың бейнесін жүрек жылуына орап, биік армандарға бой ұрғаны бекер болмағанына өзін бақытты санайды. Бірақ, іс мұнымен де бітпейді: король немесе князь — кім болса да бәрі бір емес пе — өзі секілді басқа бір құдіретті әміршімен қанды соғыс жүргізіп жатқан болатын, сондықтан сарайда бірнеше күн болған қонақ-рыцарь одан майдан алаңында қызмет көрсетуге рұқсат сұрайды. Король қуана-қуана келіседі, рыцарь оның осынау жақсылығына ырзашылық білдіріп, оны құрметпен қолынан сүйеді. Сол күні түнде-ақ ол өз жүрегінің әміршісіне айналған инфантамен жатын бөлмесінің терезелері қарайтын бақтың тор көзді қоршауы сыртынан қоштасады; қыздың айрықша сеніміндегі қызметші әйелдің қатысуымен және тікелей көмегімен осы қоршау арқылы онымен бұрын да әлденеше рет тілдескен болатын. Ол ауыр күрсінеді, қыз талып қалады, қызметші әйел оған су әкеп береді, сосын инфантаның атына кір келе ме деп қауіптеніп, таң атуға аз ғана қалғанын, біреулердің көріп қалуы мүмкін екенін айтып, аһылап-үһілеп уайым шеге бастайды. Ақыры бойжеткен есін жияды, қоршаудың торынан рыцарьға аппақ білегін созады, анау оның қолын сау жерін қалдырмай сүйіп, көз жасымен жуып береді. Олар бастарынан өткен қуанышты және ренішті жайлар жөнінде бір-біріне қалай хабарлап отыратындары жайында өзара уағдаласады, сосын принцесса одан мүмкін болғанынша тезірек қайтып оралуын сұрап жалбарына бастайды. Рыцарь салтанатты түрде уәде етеді, қыздың қолынан тағы бір сүйеді де, жүрегін жұлып қалдырып кеткендей күйінішті ахуалды бастан кешіп бұрылып жүре береді. Өзі жатқан бөлмеге барып төсекке құлай кетеді, бірақ бойжеткеннен қол үзудің қайғысынан көз іліндіре алмайды, сондықтан таң ағарып атқан бойда-ақ тұрып, корольмен, оның ханымымен және инфантамен қоштасуға барады. Міне, ол корольмен және королевамен қоштасады, бірақ сол жерде оған сеньора инфанта сырқат, сізді қабылдай алмайды дегенді айтады. Мұның себебі — өзінен қол үзгендігі екенін рыцарь сезеді, жаны күйзеліп, не істерді білмей дағдарады, сыр білдіріп қоймау үшін зордың күшімен әрең дегенде сабасына түседі. Бойжеткеннің сырлас қызметші әйелі де осы жерде тұрған болатын, рыцарьдың қалайша күйзелгенін көріп-сезіп тұрған ол принцессаға бәрін жеткізіп барады, көзі жасқа толы принцесса өз рыцарының король тұқымынан ба, жоқ па — кім екенін білмейтіні жанына қатты батып жүргенін айтады. Қызметші әйел оған рыцарьдың бойынан байқалған кішіпейілділік, сыпайылық пен өжеттік оның текті әулеттен, король тұқымынан шыққан адамға тән қасиеттер екенін ұғындырады. Мазасы болмай жүрген бойжеткеннің жаны жай табады. Ата-анасы күдік алып қалмасын деп ойлаған ол амалдың жоқтығынан арада екі күн өткен соң жұрттың алдында жүз көрсетеді. Бұл кезде рыцарь аттанып та кеткен болатын. Ол соғыста аянбай шайқасады, корольдің жауларын күйрете жеңеді, көптеген қаланы қол астына қаратады, талай айқаста жеңімпаз атанады, сөйтіп сарайға қайтып оралып өз жүрегінің әміршісімен дағдылы орындарында жүздесіп, оған атқарған қызметінің өтеміне корольден қызын өзіне ұзатуын өтінбек ойы барын айтады. Король оған қызын беруден бас тартады, өйткені ол мұның кім екенін білмейді. Алайда, рыцарь алып қаша ма, әлде басқа бір амалын таба ма, әйтеуір инфанта оның әйеліне айналады, сөйтіп әкесі ақыры мұны өзіне зор бақыт санайды, өйткені ол әлгі рыцарьдың әлдебір корольдіктің, — меніңше, ол картада көрсетілмеген секілді, — айбынды әміршісінің ұлы екенін анықтаған болатын. Король өледі, инфанта оның мұрагері болғандықтан рыцарь қас қағымда король боп шыға келеді. Міне, атқосшысын да, осындай жоғары дәреже-атаққа жетуіне көмектескен басқаларды да шаш-етектен жарылқайтын кез де осы ғой: ол атқосшысын инфантаның қызметшісіне, әрине, басқаға емес, екеуінің арасына дәнекер боп жүрген қызметші әйелге, үйлендіреді, — сөйтсе, ол жай біреу емес, текті тұқымнан шыққан герцогтың қызы екен.
— Ақ-адал шынымды айтсам, маған да керегі сол еді, — деп қыстырыла кетті Санчо, — және солай болар деп үміттенем де, себебі бұл іске өзіңіз секілді рыцарь, яғни Қайғылы Бейне Рыцары кіріссе, бәрі де ойдағыдай боп шығары кәміл.
— Оған еш күмәнің болмасын, Санчо, — деп сендіре сөйледі Дон Кихот, — өйткені, кезбе рыцарьлар корольдің немесе императордың тағына тап осындай жолмен және нақ әлгіндей сатылар арқылы ғана жеткен. Енді бізге қалып тұрғаны христиан немесе мәжуси корольдерінің қайсысы соғыс жүргізіп жатқанын және қайсысының айдай сұлу қызы барын анықтау ғана. Бірақ, бұл жайында кейінірек асықпай ойлануымызға болады, себебі, әлгінде айтқанымдай, сарайға барып бой көрсетпес бұрын әуелі басқа бір жерде даңққа бөлену керек. Оған қоса, өзіме жетісіңкіремей тұрған нәрселер де жоқ емес: айталық, әлемнен тіпті осындай әрі соғыс жүргізіп жатқан, әрі әдемі қызы бар король табылсын дейік, ал менің даңқым күллі дүниені дүбірлетіп тұрсын дейік, бірақ өзім корольмен қандас туыстығы бар принц немесе тым құрығанда императордың үш атадан қосылатын ағайыны боп шыға алам ба, соған күмәнім көбейіп тұр. Өйткені, нанымды деректерді қолына түсірмейінше король қызын маған бере қоймайды ғой, тіпті ерлік істерім одан да зор құрметке лайықты болса да. Міне, осы олқылықтың қырсығынан айбынды істерімнің арқасында ие болуға әбден хақылы нәрсемнен босқа айрылып қалам ба деп қорқам. Рас, мен өзім ежелгі дворяндық әулеттен шыққан адаммын, помещикпін және жер иеленушімін, өзіме жәбір көрсетілген жағдайда бес жүз суэльдо айып өндіріп алуға ықтиярым бар, сондықтан ғұмыр жолым жайында жазуға тәуекел ететін сол бір оқымысты оғланның тустығым мен шыққан тегімді дәлме-дәл анықтап беруінің нәтижесінде корольдің неменесі немесе туажаты болып та шығуым ғажап емес! Сен біліп қойғын, Санчо, адамдардың ата тегі екі түрлі жолмен қалыптасады: біреулердің арғы аталары айтулы князь, айбынды билеуші болады, бірақ уақыт өте келе олардың тұқымы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кетеді, ал енді біреулер қара халықтан шығады, бірақ біртіндеп бір сатыдан екінші сатыға көтеріле береді де, ақыр соңында атақты шонжарға айналады. Сөйтіп, біреулердің баяғы атақ-дәрежесінен бүгін қылау да қалмаса, екінші біреулер бүгін баяғыда қиялына кірмеген құрметке бөленіп отырады — олардың арасындағы айырмашылық осы ғана. Кім біледі, бәлкім, мен осылардың алғашқыларының қатарынан табылып қалармын, яғни ата-бабаларымның даңқы жер жарған ұлы адамдар болғаны ақыры анықталар, ондай жағдайда, қайын атама айналмақшы корольдің бұған, әлбетте, әбден ырза болатыны даусыз. Ол ырза болмаған күнде де, бәрібір, өзімді бар ықыласымен құлай сүйген қыздың ата-ана наразылығына да қарамай, тіпті су тасушының баласы екенімді де біле тұра, мені әміршім және жұбайым деп жариялауы ықтимал ғой. Өйтпеген күнде, ең тәуір амал — қызды алып қашып, көңілім қалаған жаққа әкету боп табылады, ал ата-анасының ашу-ызасына уақыт пен ажал басу айтпақ.
— Олай болса, кейбір антұрғандардың: “Күшпен алуға шамаң жетсе, көзіңді сатып нең бар” дейтіндері жөн-ақ екен ғой, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Айтпақшы, одан гөрі бұл жерде: “Ақпейіл жанның дұғасын демеу еткеннен, жағаға жармасқан артық”, дейтін басқа бір мәтел қисындырақ. Мұны айтып тұрған себебім, егер сеньор король, сіздің қайын атаңыз, сеньора инфантаны өзіңізге беруден бас тартқан жағдайда оны алып қашып, әлдебір жаққа аттандырып жіберуге тура келеді, дейсіз. Сонда деймін-ау, қашан сіздер татуласып табысқанша, қашан сіздің төрт құбылаңыз түгенделіп, патшалық құру дәуреніңіз басталғанша бейшара атқосшыңыз жарылқауды күтіп, екі көзі төрт, шерлі жүрегі өрт боп отыра бермек пе? Тек, әрине, оның болашақ жұбайы, инфантаның сырлас қызметшісі, бойжеткенге ере кетіп, қайғыны да, қуанышты да атқосшымен бірге бөліспесе деймін ғой, бірақ, менің ойымша, әлгі қызметші әйелдің атқосшымен қолма-қол некеге тұруына септік жасау деген сіз үшін онша қиын шаруа емес секілді.
— Оған бөгет боларлықтай бірдеңені көріп тұрған жоқпын, — деді Дон Кихот.
— Ендеше, — деп іліп әкетті Санчо, — өзімізді құдайдың құзырына тапсырып, тағдыр-талайымызға сену ғана қалады, бізді соның өзі-ақ жарылқаудай жарылқайды.
— Жасаған ием, тілегімді бере гөр, — деп күбір етті Дон Кихот. — Сенің де, Санчо, не нәрсеге мұқтаж болсаң соныңды таптыра көрсін, ал мүсәпірлік өзін мүсәпір санайтындардың үлесінде қалсын.
— Айтқаныңыз келсін, — деді Санчо. — Мен таза қанды христианмын ғой, ал граф болуым үшін осының өзі-ақ жетеді.
— Артығымен жетеді, — деді Дон Кихот. — Тіпті сен ондай болмаған күннің өзінде де, бұл ештеңеге бөгет жасай алмас еді: король тағына отырған бойымда-ақ саған дворян атағын берем, оны сатып алып та, сол үшін ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып та әуреленбейсің. Саған граф атағын қалай берсем, солай дворян боп шыға келесің, одан соң жұрт не десе о десін; арыммен ант етейін, әркім-ақ сені еріксізден-еріксіз мәртебелі мырза деп дәріптейтін болады.
— Мен граф деген атауға кір келтірмеймін, оған кәміл сеніңіз! — деді Санчо.
— Атауға демеу керек, атаққа деу керек, — деп түзетіп қойды оны Дон Кихот.
— Мейлі, солай-ақ болсын, — деп келісе кетті Санчо Панса. — Айтайын дегенім, мен оған тез оңтайлана алам: ертеректе, — оллаһи шыным, өтірік емес, — бір діни қауымда қызмет еткенмін, сондағы қызметшінің киімі маған өте үйлесіп тұратын, соны көрген жұрт мына етженді пошымыма қарап, қауымды басқаруға әбден лайық екенсің дейтін. Ал, егер иығыма герцог мантиясын іліп, шет ел графтарынша алтын мен інжуге малынып жүрсем ше? Басымды бәске тігуге бармын, мені бір көріп қайту үшін жұрт жер-жерден ағылып келе бастайтын болады.
— Әрине, ондай жағдайда кейпіңнің көзге тартымды көрінері анық, — деді Дон Кихот. — Алайда, жиі қырынып тұруыңа тура келеді, әйтпесе сақалыңның мына қазіргі түрі тым сұрықсыз — әрі қалың, әрі ұйысып, үрпі-түрпі боп кеткен, күн ара болса да қырынуды дағдыға айналдырмасаң, мушкет оғы жететін жерден-ақ кім екенің көрініп тұрады.
— Оның жолы оңай ғой, шаштараз жалдап, жалақы беріп жанымда ұстасам болмай ма? — деді Санчо. — Грандтың соңынан ерген атшы секілді ол да қасымнан қалмай еріп жүретін болады.
— Ау, грандтың соңынан атшы еріп жүретінін сен қайдан білесің? — деп сұрады Дон Кихот таңырқап.
— Қазір айтып берейін сізге, — деді Санчо. — Бұдан біраз жыл бұрын астанада бір айдай тұрғанмын, сонда тәпелтек бойлы бір мырзаның, — жұрттың айтуынша, бойы аласа болғанымен биік мансап иесі көрінеді, — көшеде қыдырыстап жүргенін көргем; бір қызығы, ол қалай қарай бұрылмасын мейлі, бір салт атты қыр соңынан қалмай ереді де отырады. Мен жұрттан бұл атты кісі неге онымен қатар жүрмейді, неге әрдайым артта болады деп сұрадым. Маған жұрт: бұл оның атшысы, грандтарда қайда барса да атшысын соңынан ертіп жүретін дәстүр бар, деп түсіндірді. Сонда бұл сөзді жадымда жақсылап сақтап қалғам, әлі күнге шейін ұмытпаппын.
— Бұл ойыңды қолдайтынымды және соңыңнан шаштараз еріп жүретіндей себеп сенде баршылық екенін айтуға тиіспін, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Дәстүрлер біртіндеп қалыптасып, қолданысқа да біртіндеп енеді, аяқ асты пайда бола кетпейді, сондықтан сен соңынан шаштараз еріп жүретін тұңғыш графқа айналасың. Оның үстіне ат ерттейтін адамнан гөрі сақал қыратын адамға көбірек сенім артуға болады.
— Шаштаразға қатысты мәселе — менің шаруам, — деді Санчо, — ал сіздің шаруаңыз, тақсыр, король болуға тырысу және мені граф атандыру.
— Солай болады да, — деді Дон Кихот нық сеніммен.
Соны айтып, басын көтеріп жол бойына көз жіберген ол әлде бір оғаш көріністі байқап қалды, ал бұл жайында келесі тарауда әңгімеленеді.
ХХІІ тарау
Баруға мүлдем ықылассыз жақтарына күшпен айдалып бара жатқан бақытсыз сорлыларды Дон Кихоттың қалай құтқарғаны жайында
Сид Ахмет Бен-инхали, араб және Ламанча қаламгері, өзінің терең ойлы, биік мақсатты, жасандылықтан ада, жанға жағымды және қызықты хикаясында даңқты Ламанчалық Дон Кихоттың атқосшысы Санчо Пансамен ХХІ-ші тараудың аяқ жағында келтірілген жайлар төңірегінде пікір алысқаннан кейін басын көтеріп, қарсы алдынан, тап сол өздері келе жатқан жолмен, мойындарына байланған ұзын темір шынжыр арқылы бір-біріне таспиықтың тасындай боп тіркелген, қолдары бұғаулы он екі адамның жаяу жылжып келе жатқанын көргенін айтады. Бұл тізбекті екі салт атты және екі жаяу күзетші айдап келе жатыр еді, салт аттылар білтелі мылтықпен, жаяулары — найзамен және семсермен қаруланған болатын; соларды көрген бойда-ақ Санчо Панса:
— Бұлар корольдің каторгалық жұмысқа кесілген басыбайлылары, оларды галераға айдап бара жатыр, — деді.
— Король басыбайлысы дейсің бе? — деп қайталап сұрады Дон Кихот. —Немене, ол біреуге қиянат-зорлық жасаушы ма еді?
— Айтайын дегенім басқа еді, — деп түзетті сөзін Санчо. — Айтайын дегенім, бұлар — қылмыстары үшін галерада корольге еріксіз қызмет етуге үкім шығарылған жандар.
— Әйтеуір, қалай болған күнде де, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — бұл адамдар галераға өз еркімен емес, мәжбүр ету бойынша бара жатыр ғой.
— Әрине, әрине, — деп қоштады Санчо.
— Ондай жағдайда, — деп түйді қожайыны, — мен парызымды орындауға тиіспін: зорлық-зомбылықты түбірімен жойып, кембағалдарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауым керек.
— Мына нәрсені еске алыңыз, тақсыр, — деді Санчо, — әділ сот, яғни корольдің өзі, бұл адамдарға зорлық-зомбылық жасап, жәбір көрсетпейді, ол бар болғаны бұларды қылмысы үшін ғана жазалайды.
Осы тұста каторгаға айдалғандар тізбегі де таяп келген, сол арада Дон Кихот айдауылдарға аса ізеттілікпен бір бұйымтайын орындауға өтініш білдірді, атап айтқанда, мына жарандарды осындай ахуалда алып жүруге өздерін мәжбүр еткен нендей себеп, дұрысы, нендей себептер екенін баяндап, түсіндіріп беруін сұрады. Салт аттылардың бірі бұлар каторгалық жұмысқа кесілген, ұлы мәртебелі корольдің ықтиярындағы адамдар екенін және бәрі галераға айдалып бара жатқанын хабарлап, бұған алып-қосар басқа ештеңесі жоқтығын және оның бұдан артықты білуінің де қажет еместігін мәлім етті.
— Сөйте тұрғанымен, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — бұлардың әрқайсысы жеке-жеке алғанда қандай қасіретке душар болғанын білсем деп ем.
Бұдан соң айдауылдар өз өтінішін аяқ асты қалдырмауын көздеген Дон Кихоттың оларға соншалықты көп қошемет-қолпаш көрсетіп, соншалықты көп дәлелдеме келтіргені сондай, ақыры екінші салт атты оған:
— Бұл міскіндердің іс қағаздарын өзімізбен бірге алып келе жатқанымызбен тоқтап тұратын, қоржыннан шығарып, оқып беретін уақытымыз жоқ. Өзіңіз сұрап көріңіз, мырза, егер қош көрсе өздері-ақ сайрап береді, ал олардың қош көретініне күмән жоқ, себебі бұл шіркіндердің ең сүйікті шаруасы — алаяқтықпен айналысу және осындай әрекеттері жайында жыр қып айту ғой, — деді.
Рұқсат алған соң, — тіпті рұқсат берілмеген күнде де Дон Кихот бәрібір өз дегенін жасар еді, — рыцарымыз тізбекке жақындап, бірінші тұрған бейбақтан қандай күнәсі үшін саяхаттың осындай өнімсіз түрін таңдауға мәжбүр болғанын сұрады. Анау ғашық болғаны себепті осылайша саяхат шегіп жүргенін айтты.
— Тек сол үшін ғана ма? — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Ау, ғашық жандардың бәрін галераға аттандыра берсе менің өзім баяғыда-ақ ескек есіп кеткен болар ем ғой.
— Тақсыр, сіз мүлдем басқа сүйіспеншілік жайында айтып тұрсыз, — деп құлаққағыс етті сотталушы. — Менің ынтызарлығымның түрі бөлек: маған жуылған кір толы себеттің қатты ұнағаны сонша, оны кеудеме тас қып құшақтап алғанмын, егер оны әділ сот күшпен тартып алмағанда өз еркіммен одан осы күнге шейін айрылмас ем. Мені қылмыс жасап жатқан жерімде қолға түсірді, азапқа салып, қинаудың қажеті болмады, сондықтан маған қолма-қол үкім шығарылды: арқамды жүз мәрте соғылған қамшымен әшекейледі, оған қосымша сыйлыққа үш кемешік алдым.
— Үш кемешік деген не? — деп сұрады Дон Кихот таңырқап.
— Үш жыл галерада болу деген сөз, — деп түсіндірді қылмыскер жігіт.
Бұл — жасы жиырманың төртеуі шамасындағы, өзінің айтуынша, Пьедраитада туып-өскен жігіт-ті.
Жаңағы сұрағын Дон Кихот екінші қылмыскерге де қойды, бірақ қабағын қарс жауып, түнеріп алған ол түк үн қатпады: алайда, ол үшін әлгі жігіт жауап берді.
— Бұны, сеньор, бұлбұл болғаны үшін айдап барады, яғни музыка мен ән үшін, — деді ол.
— Қалайша? — деп қазбалай түсті Дон Кихот. — Музыканттар мен әншілерді де галераға айдайтын болғаны ма?
— Иә, сеньор, — деп жауап қатты каторгаға кесілген бейбақ, — қайғыдан әндеткен жаннан жаман адам жоқ.
— Керісінше, — деп қарсылық білдірді рыцарымыз, — естуімше, ән салған адам уайым-қайғыны жеңілдетеді демеуші ме еді?
— Ал, мында басқаша, — деді сотталған, — кімде-кім бір рет әндетсе, сол өмірбақи жылап өтетін болады.
— Түк түсінсем бұйырмасын, — деді Дон Кихот.
Сол арада айдауылдардың бірі оған жүзін бұрып, былай деді:
— Сеньор кавальеро! Қайғыдан әндету деген сөз мына залымдардың тілінде азаптау кезінде айыбын мойындау дегенді білдіреді. Мына күнәкар азапқа салынды, сөйтіп ол қылмысын мойындауға мәжбүр болды, атап айтқанда, бұл жылқы ұрлаумен айналысқан, яғни мініс аттарын ұрлаған, сөйтіп қылмысын мойындаған бойда алты жыл галераға кесілді, оның сыртында екі жүз қамшысы тағы бар, онысын жон арқасы әбден жақсы сезіп тұрғаны анық. Ал, бұның терең ойға батып көңілсізденіп тұрғанының себебі, басқа алаяқтар, — түрмеде қалғаны бар, қазір серік боп келе жатқаны бар, — мұны қылмысын мойындағаны үшін, жалтарып бағуға шыдамы жетпегені үшін жәбірлейді, оған жеркенішпен қарайды, оған қорлық көрсетеді, оны адам санатына қоспайды. Өйткені, жоқ деген сөз қанша әріптен тұрса, бар деген сөз де сонша әріптен тұрады деп пайымдайды олар, сондықтан қылмыскердің бір артықшылығы — оның өмірі мен өлімі куәлар мен айғақтарға емес, өзінің тіліне байланысты. Өз ойымша, олардың бұл тұжырымы ақиқаттан онша аулақ жатпаған секілді.
— Меніңше де солай, — деп қоштады оны Дон Кихот.
Үшіншісінің жанына жақындаған ол басқаларға қойған сұрағын бұған да қайталаған-ды, анау оған еш қысылып-қымтырылмастан ылдым-жылдым үн қатты:
— Галера есімді сеньораға бес жылға бара жатырмын, себебі жанымда он дукат болған жоқ.
— Ау, қасіреттен құтқаруға көмектессе сізге қуана-қуана жиырма дукат берейін! — деді Дон Кихот.
— Қажеті жоқ, — деп басын шайқады сотталған жігіт. — Ол да бір, қалтасы ақшаға толы адамның ашық теңізде қалып, сатып алатын тамақ таппай аштан өлгелі жатқан жағдайы да бір. Мұны айтып тұрған себебім, егер жиырма дукатыңызды дер кезінде берсеңіз, онымен сот қызметшісінің қаламын майлап жіберген болар ем, қорғаушымды да не түрлі қитұрқыны ойлап табуға шабыттандырар ем, сөйтіп қазір мына жолмен қарғы бау тағылған тазыша сүмеңдемей, Толедо қаласында, Сокодовер алаңында алшаңдай басып жүрер ем. Бірақ, құдай тағы не бермес дейсің, шыдай тұру керек, ар жағын көре жатамыз ғой.
Дон Кихот төртінші бейбаққа — түріне қарағанда зиялы адам секілді, белуарға түскен ақ сақалы бар кісінің қасына жақындап, галераға не үшін бара жатқанын сұрады, бірақ анау жылап жіберді де, еш жауап қатпады; алайда бесінші қылмыскер тілмәш міндетін атқаруға өзі тіленіп, былай деді:
— Бұл қадірменді отағасы галераға төрт жылға бара жатыр, ал аттанар алдында оны, үстіне әлеміш киім кигізіп, салт атқа мінгізіп, көше-көшені салтанатпен аралатқан болатын.
— Яғни, менің түсінуімше, оны масқара мазаққа ұшыратқан ғой, — деді Санчо Панса.
— Тап солай, — деп қоштады оны каторгаға кесілген жігіт. — Ал, жазаға тартылу себебі — бұл кісі басқа тауарлармен қатар тірі тауар да жеткізіп тұрған көрінеді. Яғни, айтайын дегенім, бұл кавальеро, біріншіден, жеңгетайлық жасағаны үшін, ал, екіншіден, жадылау жөніндегі күнәсына байланысты айдалып барады.
— Міне, бар пәле тап осы күнәда жатыр, — деді Дон Кихот, — ал, жеңгетайлық дегеннің өзі, жалпы алғанда, галерада ескек есуге емес, оны басқарып, онда билік жүргізуге ерік беретін кәсіп. Екінің бірі жеңгетай бола алмайды: бұл кілтипанды шаруа және төрт құбыласы түгел мемлекет үшін өте қажет нәрсе, сондықтан бұл іспен текті әулеттен шыққандар ғана айналысуы керек. Ал, бұларды, басқа да кәсіптердегідей, яғни саудагерлер арасындағы делдал тәрізді, тиісті мөлшердегі бақылаушылар мен тексерушілер қадағалап тұруға тиіс, міне сонда ғана мұндағы көптеген жөнсіздікке жол бермеуге болады, ал ондай кемшіліктердің болып отырған жалғыз себебі — бұл кәсіп пен істі ақыл-ойы да, сауаты да кем жандар басы бүтін өз қолына қаратып алған: яғни, қайдағы бір құдай атқан қатындар немесе алып кел, барып келде жүретін балалар мен сайқымазақтар — ыңғай жөн де, жоба да білмейтін жарым ақыл жарандар; міне сондықтан да ыждағаттылық көрсету керек болатын қиын сәттерде бұлардың бәрі аузы аңқиып тақырға отырып қалады. Мемлекет үшін аса қажетті осынау қызметке адам тағайындар кезде неліктен мейлінше қатаң іріктеу жұмысын жүргізу керектігі жөнінде әлі де талай нәрсе айтар едім, бірақ бұл үшін мына жер онша қолайлы боп тұрған жоқ, сондықтан өз пікірімді осының бәрін жөнге келтіріп, қалыпқа түсіру қолында тұрғандарға кейінірек бір баяндап берермін. Ал, енді қазір жеңгетайлықпен айналысқаны үшін осынша бақытсыздыққа тап болған, сақал-шашын ақ қырау басқан, түріне қарағанда зиялы адам секілді мына кісіні көргенде пайда болған аяушылық сезімімнің жадылауға қатысты күнәсы барын естігенімде із қалдырмай зым-қайым жоғалғанын ғана хабар еткім келеді. Солай бола тұрғанымен, кейбір ашықауыздар ойлайтындай, біздің күш-жігерімізді жасытатындай немесе тауын қайтаратындай ешқандай сиқырдың жоғын өзім жақсы білем, өйткені күш-жігеріміз бұғауда емес, бостандықта, ендеше жадылайтын шөптер де, дуалау да оған әсер ете алмайды. Құдай ұрған қатындар мен ардан безген алаяқтар әдетте түрлі қоспа мен у әзірлейді де, оны ішкен адам мәңгіріп қалады, әлгілер мұны оларға өздерінің дуалау қабілетінің әсері деп ұғындырады, бірақ, қайталап айтам, адамның күш-жігерін күйрету — ешкімнің қолынан келмейтін нәрсе.
— Жөн-ақ, — деп мақұлдады егде жастағы қарт. — Ақ-адал шыным, сеньор, жадылауға қатысты еш айыбым жоқ. Бірақ, жеңгетайлық жасағаным рас, оны жасырмаймын. Әйтсе де, жарамсыз іспен айналысып жүрмін деген нәрсе ойыма келген емес. Мен тек бір ғана мақсатты көздедім: жер бетін жайлаған барлық адам шат көңілде болсын, жағаласу мен жабырқау дегенді білмей, тыныш та бейбіт ғұмыр кешсін, дедім. Алайда ізгі ниетім барған жағымнан қайтып оралмайтын жерге сапар шегуден құтқарып қала алмады: өзім болсам жасым келген адаммын, ал қуығымның сырқаты болса жанымды қоярға жер таптырмай мазалап, бір сәтке тыным бермейді.
Осыны айтып ол тағы да жылап жіберді, ал Санчоның қарияны қатты аяп кеткені сонша, қойнынан қара бақыр алып, оған садақа берді.
Дон Кихот атын тебініп, келесі қылмыскерге жақындап, одан қандай айыбы барын сұрады, бұл сұраққа анау алдыңғы сотталушыдан да бетер дарақылықпен жауап қайтарды:
— Мені галераға өзімнің екі немере қарындасыммен және басқа да тағы екі қарындасыммен, — бірақ, бұлар өзімдікі емес, — ойнап-күлгенім үшін жіберіп жатыр. Бұл қыздармен арадағы ойынымның түбі шойынға айналып, нәтижесінде шайтанның өзі де шатасатын туысқандық пайда болды. Айыбымды мойындамас амалым қалмады, қанатының астына алар ешкім табылмады, ақша тағы жоқ, сондықтан өзімді дар ағашы тосып тұрғанына еш күдігім болмаған, бірақ маған алты жыл галера берілді, мен келістім: өзіме де сол керек! Оның үстіне әлі жаспын, бар өмірім алда, ал тірі адам тырбанса дегеніне жетпей қоймайды. Егерде, сеньор кавальеро, біз секілді сормаңдайларға аз да болса көмегіңіз тисе, жаратқан иеміз ана дүниеде сізді шапағатына бөлер еді, ал біз мына дүниеде өзіңізге дұғамызды бағыштап, ұзақ жасап, бақуатты, бақытты ғұмыр кешуіңіз үшін түн баласы бар ізгі тілегімізді арнап, құдайға құлшылық етумен болар ек, өйткені өзіңіз секілді, бір қарағанда-ақ байқалып тұрған мейірбан адам сондай ғұмыр кешуге әбден лайықты-ақ қой.
Бұл — үстіне студент киімін киген жігіт еді, айдауылдардың бірі оны бір кісідей көппе және біршама жақсы латинист деп атаған-ды.
Оның артында отыздардағы еркек келе жатқан, бір көзі екіншісіне қарай көбірек үңіле беретіні болмаса, түр-кескіні әжептәуір сымбатты болатын. Серіктеріне қарағанда ол өзгешелеу түрде бұғауланған-ды: аяғы ұзын-шұбақ шынжырмен кісенделген болатын, шынжырдың ұзындығы сонша, бүкіл денесін орап тастауға еркін жететін, ал мойнына екі шығыршық салынған-ды, — бірі шынжырға дәнекерленіп тасталыпты, ал досыңды күзет немесе достық құшақ деп аталатын екіншісі екі қолға салынған темір бұғаумен екі темір шыбық арқылы белдің тұсынан тоғысыпты, қолдағы бұл бұғаулар үлкен құлыптармен бекітілгендіктен анау не қолын аузына апара алмайтын, не басын төмен түсіре алмайтын. Дон Кихот басқаларға қарағанда бұл адамда бұғаудың неге мұнша көптігін сұрады. Айдауыл оған бұның бір өзі ғана мыналардың бәрі жабылып жасаған қылмысты қосып есептегендегіден де көп қылмыс жасаған деп жауап қатты, оның үстіне аяқ-қолы бірдей кісенде болғанына қарамастан мұның өжеттігі мен айрықша айлакерлігін білетін күзетшілердің оған онша сеніңкіремейтінін және қашып кете ме қорқатынын да айтты.
— Бар-жоғы тек галераға жіберуге үкім шығарылса, сонда мұның қандай қылмыс жасағаны? — деп сұрады Дон Кихот.
— Бірақ, бұл галераға он жылға жіберіліп отыр ғой, — деді айдауыл келіспей, — ал ол да бір, азаматтық өлім де бір. Бұл сүйкімді жігітіміз —атышулы Хинес де Пасамонте деген болады. Кейде оны Хинесұмпай де Зәбірильо деп те атайды.
— Сеньор комиссар! Тіліңізді тартыңыз, — деп сотталған жігіт сөзге араласты. — Біреудің есімі мен лақап атын сан-саққа жүгіртпеңіз. Мәртебелі мырзаның айтып тұрғанындай, менің есімім Хинесұмпай емес, Хинес, мен Зәбірильо әулетінен емес, Пасамонте әулетіненмін. Біреуге бірдеңе демес бұрын жұрттың өз сықпытына көз салып қойғаны жаман болмас еді.
— Шектен шықпаңыз, сеньор бірінші дәрежелі қарақшы! — деп комиссар оған ақырып жіберді. — Әйтпесе аузыңызды жаптыра қоюым қиын емес.
— Адам не айтпайды, құдай өз дегенінен қайтпайды, деген ғой, — деп құлаққағыс етті қылмыскер, — бірақ, қалай болған күнде де, әйтеуір менің есімім Хинесұмпай Зәбірильо ма әлде басқа ма, арада бірқатар уақыт өткенде оның бірқатар адамға бек жақсы мәлім болары кәміл.
— Ау, сені жұрт солай атамаушы ма еді, алаяқ-ау? — деп айқайлап жіберді айдауыл.
— Атағандарынша атар, сосын ауыздарын жабар, — деп жауап қатты Хинес, — керісінше жағдайда, атын айтуға қолайсыздау жерлеріндегі жүнін бір талдап жұлып берем. Сеньор кавальеро! Бізге бірдеңе беріп жарылқамақ ойыңыз болса, беріңіз де жөніңізді табыңыз, әйтпесе бөтен біреудің күйкі тіршілігіне деген әдепсіздеу әуесқойлығыңызбен бізді әбден ығыр қылдыңыз. Егер сізді менің өмірім қызықтыра қалса, онда біліп қойыңыз, мен Хинес де Пасамонте деген болам және ғұмыр жолымды өз қолыммен жазып шыққан адаммын.
— Онысы рас, — деп қоштады комиссар, — бұл шынымен-ақ өз өмірбаянын жазып шықты және өте жақсы етіп жазды, бірақ кітабы екі жүз реал кепілдігін күтіп түрмеде жатыр.
— Тіпті екі жүз дукат талап етсе де, бәрібір оны қайтарып алмай қоймаймын, — деп нықтады Хинес.
— Соншалықты жақсы кітап па еді ол? — деп сұрады Дон Кихот.
— Жақсылығы сонша, — деп жауап қатты Хинес, — Тормес жағасында өскен Ласарильо мен осы тақырыпта жазылған және болашақта да жазыла жататын басқа кітаптардың бәрі де онымен салыстырғанда түкке алғысыз боп көрінеді. Осы сөзіме сеніңіз, асыл текті мырзам, онда жазылғанның бәрі шындық, бірақ қызықтылығы мен тартымдылығы сонша, ойдан шығарылған оқиғалардың ешқайсысы онымен шендесе алмайды.
— Кітап қалай аталады? — деп сұрады Дон Кихот.
— Хинес де Пасамонтенің өмірі, — деп жауап қатты қылмыскер жігіт.
— Ол өзі аяқталған кітап па? — деп сұрады Дон Кихот.
— Ау, өз өмірім аяқталмайынша, ол қалай аяқталмақшы? — деп наразылық білдірді Хинес. — Оны жарық дүниеге келген күнімнен бастағам, сөйтіп соңғы рет галераға жіберілген сәтіме шейін жеткізіп үлгергем.
— Ендеше, онда бұрын да бір болып қайтқансыз ғой, шамасы? — деді Дон Кихот.
— Өткен жолы мен онда құдай мен корольге төрт жыл қызмет еткем, — деп жауап қатты Хинес. — Сондықтан мені тағы сонда аттандырғандарына онша көп өкінгем жоқ — ол жерде кітабымды аяқтауға уақытым болады. Өйткені, маған әлі көп нәрсе жайында айтуға тура келеді ғой, ал испан галераларына тап болғандар уақытын қайда жұмсарды білмей әуре; бірақ, ақиқатын айтқанда, жазбаларым үшін соншалықты көп уақыттың қажеті де жоқ: бәрі көңілде сайрап тұрған жайлар ғой.
— Жылтырлау жігіт екенсің, байқағаным, — деді Дон Кихот.
— Әрі бақытсызбын, — деп қосып қойды Хинес. — Бақытсыздық дарынды жандардың қасынан қалмай еріп жүреді.
— Бақытсыздық сұрқиялардың соңынан еріп жүреді, — деп түзетті оны комиссар.
— Сізге тіліңізді тартыңыз деген болатынмын, сеньор комиссар, — деп Пасамонте қайтадан қызына сөйлеп кетті. — Бастықтар қолыңыздағы жезлді бізді, сормаңдайларды, жәбірлесін деп бермеген шығар, керісінше, корольдің өзі белгілеген орынға аман-сау апарып орналастыру үшін берген шығар. Әйтпесе, басымды бәске тігуге бармын... жә, қарғанып қайтем, күндердің күнінде тышқанның көрген тауқыметі мысықтың да басына туатын шақ болар. Жарайды, әзірше көп сөзді қояйық, бір-бірімізге ілтипатпен қарайтын болайық, сөйлегенде одан да ілтипатты бола түсейік; ал енді жолға шығайық: бос былшылмен осынша уақытты босқа өткізгеніміз де жетер.
Қылмыскердің қоқан-лоққысы ызасын келтірген комиссар оны қолындағы жезлмен ұрып жібермекке ұмтылып еді, бірақ Дон Кихот Пасамонтені қалқалап тұра қалды да, қол-аяғы шырмаулы адамның тіліне азды-кем ерік бергенінен келіп-кетер дәнеңе жоқ дегенді желеу етіп, оған жәбір көрсетпей-ақ қоюын өтінді. Сосын тізбекте тұрғандардың бәріне бағыштап былай деп үн қатты:
— Маған айтып берген әңгімелеріңнен, қадірменді бауырларым, мынадай ой түйдім: жазықсыз жапа шеккен ешқайсың жоқ екен, алайда өздеріңді күтіп тұрған жазаны ұнатып тұрғандарың да байқалмайды, оны өтеуге амалдың жоқтығынан бара жатырсыңдар және әсте де өз еріктеріңмен бара жатқан жоқсыңдар. Осындай күйге жетулеріңе және өздеріңді өздерің ақтап ала алмауларыңа біреуіңнің азаптау кезінде шыдамсыздық көрсетуің, екінші бір жағдайда ақша болмауы, тағы біреуіңді құтқарып алатын адам табылмауы, ақыр аяғында соттың теріс үкім шығаруы себепкер болуы әбден ықтимал. Осы жағдайдың бәрі көз алдыма ойша елес беріп, құдіретті күштің маған бұл өмірді рыцарьлық салтын қабылдап, билік иелері жәбір көрсетіп, қуғынға ұшыратқандарды қорғауға ант қабылдауым үшін бергенін өздеріңе дәлелдеуім қажеттігіне көзімді жеткізіп тұр, соған үгіттеп тұр, тіпті, ашығын айтайын, итермелеп тұр. Алайда, даналықтың бір нышаны — келісуге болатын жерде күш көрсетпеу екенін білетіндіктен, күзетшілер мен комиссар мырзаларға бір өтініш білдіргелі тұрмын, дәлірек айтқанда: сендерді бұғаудан босатып, жөндеріңе жіберуді сұрамақпын, өйткені, корольге бұдан әлдеқайда тәуірлеу жағдайда қызмет етуге ынталылар қашан да табылады, ал жасаған иеміз бен табиғат-ана бостандықта ғұмыр кешу үшін жаратқан жандарды құлдыққа салу деген менің ұғымымша шектен тыс қаталдық саналады. Оның үстіне, айдауыл мырзалар, — деп Дон Кихот сөзін әрмен жалғады, — бұл міскіндердің жеке бастарыңа жасаған ешқандай жаманшылығы жоқ. Әркім өз кінәсі үшін өзі жауап тартсын. Аспанда құдай бар, ол ештеңені қалт жібермейді: зұлымдықты жазалап, ізгілікті жарылқап отырады, ал ақ ниетті жандардың өз бауырларының жендетіне айналғаны жарасымсыз нәрсе және ондай іспен айналысуға мұқтаждық та жоқ. Мұның бәрін сендерге байыппен, байсалды түрде әңгімелеп отырмын, өйткені өтінішімді орындасаңдар осыны өздеріңе айтар алғысыма арқау еткім келеді. Ал, егер бұл өтінішімді өз еріктеріңмен орындамасаңдар, онда мына найза мен семсер және білегімнің бұлшық еті сендерді соған күшпен мәжбүр етеді.
— Ау, осындай да қалжың бола ма! — деп дауыстап жіберді комиссар. — Мына мәнжубас не деп тұр өзі! Құдды бір біздің босатуға, ал өзінің тиісті жарлық беруге қақы бар адамша, король басыбайлыларын босатып қоя бер деп тұр ғой мынау! Шамалаңыз, жарқыным, басыңыздағы легенді түзеп киіп алыңыз да жөніңізді табыңыз, сонан соң, сеньор, текке арамтер болғанды қойғаңыз абзал.
— Сенің өзің текке арамтер боп жүрме, сұрқия! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот.
Соны айтып, көп ойланып жатпастан, аса бір әбжілдікпен комиссарға тап берді, қорғанып та үлгеруге мұршасы болмаған анау дұшпанының найзасына түйреліп жерге топ ете қалды; бұл Дон Кихот үшін сирек кездесетін сәттілік болды, өйткені тек комиссар ғана мушкетпен қаруланған еді. Мына күтпеген оқиғадан айдауылдар қатты абыржып, аңтарылып қалған болатын; бірақ тез арада оңалып, аттылысы семсерін, жаяулары найзасын оңтайлап бәрі бірігіп Дон Кихотқа тұра ұмтылды, — Дон Кихот болса, былқ етпей сабырмен тосып тұрды; егер бостандыққа қол жеткізер сәт туғанын сезе қойған қылмыстылар соны пайдаланып қалуға жан салып, бір-біріне қозыдай көгенделген шынжырды үзуге кіріспегенде Дон Кихоттың жағдайы онша жақсы бола қоймайтыны анық-ты. Адам түсініп болмайтын аласапыран басталды: айдауылдар біресе шынжырды үзіп жатқан қылмыскерлерге қарай жүгірді, біресе өздеріне қайта-қайта төніп келе берген Дон Кихотты жасқап әлек болды — әйтеуір еш пәтуалы іс тынбады. Санчо өз тарапынан Хинес де Пасамонтенің босап шығуына көмектесті, сөйтіп бұғаудан алғаш боп құтылып, бостандық алған ол жүгіріп барып жаралы комиссардың шпагасы мен мушкетін қолынан жұлып ап, айдауылдарды біресе шпагамен түйреуге талпынып, біресе оларды нысанаға іліктірмек боп әрекеттеніп бақты; бірақ ақыры оқ ата алмады, өйткені бұл нысана іздей бастаған сәтте-ақ майдан алаңы қаңырап бос қалған-ды: айдауылдар бір жағынан Пасамонтенің мушкетінен қорқып, екінші жағынан бұғаудан босаған қылмыстылардың қарша бораған тас кесектерінен бас сауғалап тым-тырақай қаша жөнелген болатын. Бұл оқиға Санчо Пансаның көңілін жабырқатып қойды, өйткені ол қашып құтылғандардың болған жайды Қасиетті ағайындыққа барып мәлім қылатынын, олардың дабыл қағып, қылмыскерлерді іздеуге қолма-қол аттанатынын қауіп етіп еді. Осы қауіпін ол Дон Кихотқа баян қылып, бұл арадан мүмкін болғанынша тезірек қараны батырып, жақын маңайдағы таудың арасына барып жасырынуға кеңес берді.
— Жарайды, жарайды, қандай шара жасау керегін өзім білем, — деді Дон Кихот.
Одан соң ол каторгаға кесілгендерді түгел жанына шақырып алды, ал бұл кезде комиссарды түгін қалдырмай тонап алған олар, айнала-маңайға шашырап кеткен-ді; не айтар екен деп күткен қылмыстылар Дон Кихоттың төңірегіне топырласты, ал анау оларға мына тұрғыда әңгіме айтты:
— Тәрбиелі жандар өздеріне қызмет қылған адамға тиісінше қарымта қайтаруға тиіс, өйткені күнә атаулының ішінде жаратқан иеміздің ашуына әсіресе қатты тиетіні — жақсылықты білмеушілік. Мұны айтып тұрған себебім, сендер, сеньорлар, өздеріңе қызмет қылғаныма өз тәжірибелерің арқылы көзбе-көз куә болдыңдар. Сөйтіп, енді сендерге айтар тілегім, — және мұны өздеріңе міндет қылып та тұрмын, — осы жақсылығымның өтеміне әлгінде өзім босатқан бұғауларыңды қайта киіп, қазір қолма-қол аттанып кетіңдер де, Тобосо қаласына жеткен соң, сеньора Дульсинея Тобосскаяның алдына барып оған өз рыцарының, яғни Қайғылы Бейне Рыцарының, сәлемін айтып, осынау ғажайып шытырман оқиға жайында, арман еткен бостандықты қалай алғандарың жайында егжей-тегжейлі баян етіңдер. Одан соң қайда барғыларың келсе сонда, қалаған жақтарыңа кете берулеріңе болады.
Барлығы үшін Хинес де Пасамонте жауап берді.
— Мейірімді мырза, әміршіміз әрі құтқарушымыз, бізден қолдан келмейтінді талап етіп тұр, — деді ол, — өйткені, бізге топырлап жолды бойлап жүруге болмайды, біздің бөлек-бөлек және жеке-дара жылыстауымыз керек, шындығын айтқанда, Қасиетті ағайындықтың көзіне түспес үшін жердің жарығы болса, тіпті соған кіріп кеткеніміз де артық етпес еді, ал аталмыш ағайындықтың ендігі соңымыздан қуғын шығарып қойғанына да күмән жоқ. Одан да сіздің, тақсыр, — ең дұрысы да осы, — Дульсинея Тобосскаяға тағзым етудің орнына “Құдай-ананы” немесе “Сенемін” дұғаларын қанша рет болса да оқуға әмір еткеніңіз жөн болар еді және бұларды өзіңізді еске ала отырып оқыр едік, — міне, осы тапсырманы күндіз де, түнде де, қашып бара жатқанда да, тынығып отырғанда да, мамыражай мезгілде де, майдан қызған шақта да орындауға әбден болады. Ал, енді бізді жұмақтың рақатын қайта көреді-ау, яғни шынжырларын қайта киеді-ау, сосын Тобосоға баратын жолмен борсаңдап тартып кетеді-ау деп ойлау да бір, тап қазіргі кезді тас қараңғы түн деп ойлау да бір, шын мәнінде қазір әлі таңертеңгі сағат он да бола қойған жоқ, сондықтан бізге мұндай өтініш айту шегіршіннен алмұрт іздеумен бірдей шаруа.
— Олай болатын болса, ант етем, — деп ашулана айқайлап жіберді Дон Кихот, — сіз, дон Хинесұмпай де Жәбірильо ма әлде басқамысыз, жексұрын найсап, сол жаққа құйрығыңызды қысып және барлық шынжырды арқалап жалғыз өзіңіз баратын боласыз!
Пасамонте айта қаларлықтай сабыр иесі емес-ті, оған қоса Дон Кихоттың дәнекүс біреу екенін байқап та үлгерген, өйткені ондай болмаса есерсоқтық жасап бұларды құтқармас еді; сөйтіп, өзіне қандай құрмет көрсетіліп жатқанын көрген ол жолдастарына көзін қысып қалды, содан соң бәрі шегіншектеп кетті де, іле-шала Дон Кихотқа кесекті жаңбырша жаудыра бастады: оның тіпті қалқанмен қорғанарлық та мұғдары болмады, ал бейшара Росинант болса, ағаш атқа айналғандай шпормен қанша тебінсе де былқ етпей қойды. Санчо есегінің тасасына тығылып, бұршақтай жауған кесектен соны қалқалап жан бақты: тас кесек екеуіне бірдей борап жатқан-ды. Дон Кихоттың қалқасы ойдағыдай емес-ті, бірнеше тас дәл кеп тиді және қатты тигені сонша, аттан қалай ұшып түскенін білмей қалды; құлап түскен бойда оған студент жетіп келіп үстіне атша мініп алды да, басындағы легенін жұлып ап, сол легенмен Дон Кихотты арқасынан үш-төрт рет соғып-соғып жіберді, одан соң легенді сонша рет жерге ұрып, қиратып тастай жаздады. Бұдан кейін қылмыскерлер Дон Кихоттың сауыт сыртынан киіп жүрген шолақ кафтанын шешіп әкетті, шұлығын да шешпекші еді, бірақ оған тізеқаптары бөгет болды. Сондай-ақ, олар Санчоның жадағайын сыпырып алды, сөйтіп оның түгін қалдырмай тонаған және басқа да олжаларын өзара бөліске салған қылмыскерлер шынжырларын қайта тағынып Дульсинея Тобосскаяға аттанудан гөрі, Ағайындық құрығына ілініп қалмауға көбірек алаңдаушылық білдіріп, бет-бетіне бытырап кетті.
Ол жерде тек есек пен Росинант, Санчо мен Дон Кихот қана қалды. Көңілсіз ойға беріліп, тымырайған есек құлақ түбінен ызыңдаған тас кесек нөсері әлі тоқтау таппағандай көріп құлағын деміл-деміл қайшылап қояды; тастың бірі құлатып түсірген Росинант қожайынының қасында тырайып жатыр еді; анадан жаңа туғандай жалаңаш Санчо Қасиетті ағайындықтың келуін күтіп үрейден дірдек қағып тұрған, ал Дон Кихот болса, соншалықты көп жақсылық жасаған адамдарының өзіне осынша жәбір көрсеткеніне қатты жабырқап қалған-ды.
ХХІІІ тарау
Даңқты Дон Кихоттың Сьерра Моренада бастан кешкендері жөнінде, яғни осынау барынша шыншыл хикаяда әңгіме болатын шытырман оқиғалар ішіндегі ең сирек кездесетіндерінің бірі жайында
Осынша жәбір көргеніне өкінген Дон Кихот атқосшысына қарап былай деді:
— Ноқайларға жақсылық жасау да бір, тор көз бақырашпен су алып ішу де бір, дегенді жиі естуші ем, Санчо. Сенің ақылыңды тыңдаған болсам, мынадай қасіретке ұрынбас едім. Бірақ, енді болар іс болды. Әзірше төзіп бағу керек, ал болашақта абайлармыз.
— Абайлармын деген уәдеңізді орындағанша, мен де түрікке айналармын, — деді Санчо келіспей. — Бірақ, жаңа “сені тыңдаған болсам, осындай жаманшылыққа ұрынбас едім” дегенді айтып қалдыңыз емес пе? Ендеше, тыңдап алыңыз мені, сонда бұдан да асқан бақытсыздықтан аман қаласыз, — осы сөзіме сеніңіз, Қасиетті ағайындық рыцарьлық салт-дәстүріңізбен санасып жатпайды: олардың кезбе рыцарь дейтіндерге түкіргені бар; қазірдің өзінде-ақ құлағым солар атқан жебелер ызыңынан тұнып кетті.
— Сен тумысыңнан сужүрексің, Санчо, — деп ескертті Дон Кихот. — Солай бола тұрғанымен, мені бірбет, айтқаныма ешқашан құлақ аспайды деп кінәламауың үшін, осы жолы ырқыңнан шықпағанды жөн көріп тұрмын, сөйтіп олардың дегбіріңді алған ашу-ызасынан аулақ кетпекпін. Бір ғана шартым бар: көзің тірі кезінде де, өлгеннен кейін де, ешқашан ешкімге мені қорыққаннан бой тасалады, қауіптен қашып құтылды деп айтпайтын боласың, — мен тек сенің жалынып сұраған өтінішіңді ғана орындамақпын. Ал егер әлгіндей дейтін болсаң, онда бұл сөзің өтірік сөз боп шығады, онда мен сенің жалпы жалған сөйлейтініңді аймандай ғып әшкерелеп, бұл жайында ойға алған немесе біреу-міреуге айтып берген кездеріңнің барлығында да соның бәрі шылғи өтірік болатынын және қашан да өтірік айтатының жайында жария етем. Бірдеңе айтып ақталам деп әуреленбе, өйткені әлденендей қауіптен, — және бұл нендей алып бара жатқан қауіп дейсің, — бар-жоғы әлдекімнің бойында қорыққаннан пайда болған сезіктен жасқанып, жылыстап кеттім-ау деген ойдың өзінен-ақ осы жерде жалғыз өзім қалуға және әлгінде өзің еске салған, зәре-құтың қалмай қорқатын Қасиетті ағайындықты ғана емес, оған қоса барлық он екі ұрпақ Израильдық ағайынды да, жеті ағайынды Маккавейлерді де, Кастор мен Поллуксті де, сондай-ақ жер-дүниеде қанша ағайын мен ағайындық бар, солардың бәрін де тосып алуға дайынмын.
— Сеньор! — деп Санчо қайта сөйлеп кетті. — Бой тасалау — қашу деген сөз емес, оған қоса қатер төніп тұрғаны айдан анық кезде оны күтіп отыру ақымақтық боп табылады, ақылды адамдар бар күш-қайратын бір күнде сарқа жұмсап тауыспай, ертеңге де шақтап қалдыру жайын ойлайды. Мен өзім дөрекілеу әрі надандау адам болғаныммен, инабатты мінез-құлық дегеннің жайынан азды-кем түсінігім бар, сондықтан қосқан ақылыма құлақ астым деп өкінбей-ақ қойыңыз, — одан да отыра алсаңыз Росинантқа отырыңыз, әйтпесе өзім демеп жіберейін, сосын соңымнан еріңіз, өйткені әрлі-берлі ой жүгірте келіп, ақыры қазір қолымыздан гөрі аяғымыздың қызметі бізге көбірек қажет-ау деген қорытындыға кеп тұрмын.
Дон Кихот артық сөзге келместен атқа отырды да, есегіне мініп жол бастаған Санчоның соңынан ерді, сөйтіп көп ұзамай Сьерра Моренаның өздеріне жақындау бөлегіне келіп жетті, ал Санчо болса жотадан әрі асып, Висоға немесе Альмодовар дель Кампоға қарай өтіп, Ағайындық іздеріне түсер болса тұтылып қалмас үшін бір шатқалдың қалтарыс-қуысында екі-үш күн жата тұрмақ еді. Есегіне артқан азық-түліктері каторгаға кесілгендермен қақтығыс кезінде аман қалғанын көрген сәтінде, — қылмыскерлердің олжа іздеп қалай тіміскілегенін және қанша дүниені тонап кеткенін еске алған ол бұны шынымен ғайыптан болған ғажайып деп тапты, — Санчоның бұл құлшынысы тіптен күшейе түсті.
Кешке қарай олар Сьерра Моренаның нақ орта тұсына келіп жетті, Санчо осы жерде қонып шығуға және азық-түліктері таусылғанша тағы бірер күн осында бола тұруға ұйғарым жасады, сөйтіп олар жартастар арасынан бой көтерген тығындық емендер саясына қоналқаға орналасты. Алайда, шынайы діни сенім шуағына шомылмаған жандар ойлайтындай, ненің де болса бәрін өзі қалай ұйғарса солай жетелеп, дайындап және реттеп отыратын бұра тарттырмас тағдырдың жазуымен Хинес де Пасамонте де, Дон Кихоттың мейірімділігі мен мәнжубастығы арқасында бұғаудан босап шыққан атышулы сұм, арамза алаяқ та, Қасиетті ағайындықтан зәресі қалмай, — одан қорқып іннен інге тығылар себебі жетерлік болатын, — тау арасына жасырынуға ниет қылған-ды, ал тағдыр мен үрей оны Дон Кихот пен Санчо Панса жайғасқан жерге айдап келген және өзі бұлардың кім екенін анық ажырата алатын мезгілге, ал аналар бұның тарапынан еш кедергі көрмей ұйқыға бас қойған шаққа тап қылған. Зұлым атаулының бәрі жақсылықты білмейтін жан болғандықтан, сондай-ақ әлдебір нәрсеге мұқтаждығы арсыздыққа баруға жеткілікті себеп саналатындықтан, оған қоса тап осы сәтте туып тұрған мүмкіндікті пайдаланып қалу олар үшін болашақта табар бақытынан әлдеқайда бағалы көрінетіндіктен, Хинес те, жақсылықты білмейтін, қара ниет адам ретінде, Санчо Пансаның есегін ұрлап кетуді ұйғарды, ал кепілге беруге де, сатуға да мүлдем жарамсыз болғандықтан Росинант оны қызықтырмады. Санчо Панса ұйқтап жатты; Хинес есекке мініп алды да, таң ағарып атқанша соңынан ешкім қуып жете алмайтындай жыраққа ұзап кетті.
Таңның қызыл шапағы жер бетін қуанышқа бөлегенімен, Санчо Пансаны қайғыға батырды, өйткені есегінің қолды болғанын байқаған-ды; сөйтіп сұр есегінен қапыда қол үзіп қалғанына кәміл көзі жеткен оның егіл-тегіл еңірей жылап, даланы басына көтергені сонша, боздаған дауысы Дон Кихотты ұйқысынан оятып жіберді; атқосшысы былай деп зар илеп жатқан болатын:
— Қолымда өскен балапаным-ай, өз үйімде туып едің, балларымның ермегі, қатынымның қызығы, көршілерімнің қызғанышы болып едің, жүгімді жеңілдететін едің, оған қоса жұбайымды жартылай асырап жүруші едің, өйткені өзің күн сайын табатын жиырма алты мараведи оның азық-түлігіне кететін шығынның жартысын құрайтын!
Оның зарлаған даусын естіп, себебін сұрап білген Дон Кихот атқосшысын қолынан келгенше жұбатып бақты, шамалы шыдай тұруын өтініп, өз үйіндегі бес есектің үшеуі Санчоның жеке меншігіне өтетіні көрсетілген қол хат беруге уәде етті.
Санчо бұған жұбанды, көзінің жасын сүртіп, өксігін тыйып, осынау қайырымдылығы үшін Дон Кихотқа алғыс айтты. Көп ұзамай тау арасына тереңдей енген Дон Кихоттың бойы сергіп, көңілі көтеріліп кетті, өйткені бұл өңір өзі іздеп жүрген шытырман оқиғалар үшін өте бір қолайлы орын секілді көрінді. Кезбе рыцарьлардың осындай меңіреу шатқалдарда бастан кешкен не түрлі ғажайып оқиғалары ойына оралып, соларға елтіп, елігіп кеткен ол тек осы төңіректе ғана ой кешіп, өзге дүниені тарс есінен шығарды. Қауіп-қатер үрейінен арылған Санчоны да жалғыз арман мазалап келе жатқан: әлгі діни қызметшілерден тартып алған азықтың қалған-құтқанымен қалай қарын тойғызудың жайын ойлаумен болған; есегі алып жүруге тиісті нәрсенің бәрін арқалап алған ол, мырзасының соңынан еріп келе жатып осы жағдайға байланысты қолын қапқа қайта-қайта жүгіртіп, қарнын қампайту шарасын қарастыруға кірісті; және дәл осындай серуенді ол қандай керемет шытырман оқиғаға да айырбастамаған болар еді.
Бір мезгілде оқыс басын көтерген ол мырзасының Росинантты тоқтатып қойып, жердегі әлде бір буманы найзасының ұшымен көтермек боп әлекке түсіп жатқанын көрді, бұл көрініске таңырқаған ол қол ұшын бермекке жылдам жүгіріп қожайынының жанына жетті, бірақ бұл келген кезде Дон Кихот әлденендей көпшік пен оған байланған жартылай, тіпті толықтай дерлік шіріп, бүлінген шамаданды шолақ найзасының ұшына іліп көтере бастаған да еді; алайда бұл заттардың ауырлығы сонша оларды көтеру үшін Санчоға арқалап жүрген жүгін жерге тастауға тура келді; бұдан соң Дон Кихот оған шамаданда не жатқанын қарауға әмір етті. Санчо айрықша ыждағаттылық көрсетті, осынау іріп біткен, тесік шамаданда не барын білуге оның құлпы да, шынжыры да бөгет жасай алмады, — онда жұқа голланд кенебінен тігілген төрт көйлек пен тап сондай таза әрі тап сондай қымбат іш киімдер жатыр екен; ал бет орамалдан қос уыстай алтын теңге табылды. Соны көрген Санчо:
— Бізді осындай өте пайдалы шытырман оқиғаға жолықтырғаны үшін жаратқанға мың алғыс! — деп дауыстап жіберді.
Одан соң іздеуін әрмен жалғастырып, тәп-тәуір мұқабамен тысталған қойын дәптер тауып алды. Дон Кихот дәптерді алды да, ақшадан бас тартып, Санчоға оны қалтаңа салып қой деді. Есі кетіп қуанған Санчо бұл жомарттығы үшін оны қолынан қайта-қайта сүйіп, алғысын жаудырды, сосын шамадандағы барлық киімді азық-түлік дорбасына сықастырып салып алды. Осыны үнсіз бақылап тұрған Дон Кихот былай деді:
— Маған мынандай ой келіп тұр, Санчо: шамасы, бағдарын жоғалтқан әлдебір жолаушы осы тауларда адасып қалған шығар, оған қаныпезерлер тап беріп, өлтіріп тастаған болар, ал денесін адам жүрмейтін мына жапан түздегі бір жерге көміп кеткен шығар — шынымен-ақ осындай оқиғаның орын алғанына еш күмәнім жоқ.
— Олай болуы әсте мүмкін емес, қарақшылар ақшаны қалдырып кетпес еді, — деді Санчо келісіңкіремей.
— Бұның көңілге қонады, — деді Дон Кихот, — бірақ, ондай жағдайда мұның бәрінде нендей мән барын түсіне алмай тұрмын, тіптен ақылым жетпейді. Алайда, тоқтай қал: мына қойын дәптерді қарайық, бәлкім, мұнда өзімізге ой-түрткі болуға жарайтын, білмекке аңсарымыз ауып тұрған нәрселеріміз жайында әлденендей бір мәлімет беретін жазба бар шығар.
Ол қойын дәптерді ашты, оның беттерінен ең алғаш ұшырасқаны — сонет болды, қайта көшіріліп жазылмағанымен жазуы анық та әдемі екен, Дон Кихот сонетті Санчоға алғашқы жолынан ақырғы жолына шейін дауыстап оқып берді:
Әлде Купидон салды ма мені мазаққа,
Әлде мүлдем жаңылды ма жобадан,
Әлде нендей тауқымет бар ма зобалаң —
Тең келмейтін тағдырым берген азапқа.
Бірақ, Купидон құдай ғой биік айбары —
Ол кемеңгер, емес және тас бауыр.
Азабымның қайда, ендеше, бастауы,
Қайда күллі қуаныш-шаттық қайнары?
Сенде деп те, Филида, айтпан әңгіме:
Жақсылыққа жуыспайды жамандық,
Ізгілік пен зұлымдық қоңсы қонбайды.
Бір нәрсе анық: қабірге кетем мәңгіге,
Өйткені, енді қалмады қызық маған түк —
Себебі жоқ сырқатқа дауа болмайды.
— Бұл жырдан бірдеңе түсіне қою қиын екен, — деді Санчо, — оған қоса онда қайдағы бір бәңгілер жайында айтылады екен.
— Қандай бәңгілерді айтып тұрсың? — деп сұрады Дон Кихот.
— Маған сіз бәңгіге деген секілді болдыңыз.
— Ау, бәңгіге деген жоқпын, мәңгіге дедім ғой, — деп түзетті оны Дон Кихот. — Шамасы, автор өзінің ұзамай ана дүниеге аттанатынын айтқысы келген сықылды. Байқауымша, бұл әжептәуір жақсы ақын тәрізді, егер поэзиядан бірдеңе білетін болсам.
— Сонда сіздің, тақсыр, өлең жайынан да хабарыңыз болғаны-ау? — деп сұрады Санчо.
— Хабарым бар және өзің ойлағаннан гөрі тәуірірек, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосскаяға арнап бастан-аяқ өлеңмен жазылған жолдамамды қолыңа ұстатқан кезімде бұған анық көз жеткізерсің әлі-ақ. Сен біліп қой, Санчо, өткен ғасырдағы кезбе рыцарьлардың бәрі дерлік ұлы ақын және ұлы музыкант болған: өйткені, осынау екі қабілет немесе, дұрысырақ айтқанда, екі қасиет кезбе ғашықтардың бәріне тән еді. Бірақ, жасыратын да ештеңесі жоқ, бұрынғы өткен рыцарьлардың өлеңінде шеберліктен гөрі сезім молырақ болатын.
— Әрмен қарай оқи беріңіз, тақсыр, бәлкім кейінірек түсінікті бола түсер, — деді Санчо.
Дон Кихот парақты аударып:
— Бұл қара сөз екен, шамасы, хат шығар, — деді.
— Шаруа жайын айтқан хат па екен, сеньор? — деп сұрады Санчо.
— Басталуына қарағанда, сүйіспеншілік жайындағы жазба секілді, — деп жауап қатты Дон Кихот.
— Ендеше, оны дауыстап оқып берсеңізші, тақсыр, — деді Санчо, — махаббат жайындағы хикаяны тыңдаудан артық жаным сүйер нәрсе жоқ.
— Қазір оқып берейін, — деді Дон Кихот.
Санчоның өтінішіне құлақ қойған ол осы хатта жазылғанның бәрін бастан-аяқ оқып берді:
“Сенің жалған уәдең мен өзімнің дауасыз сормаңдайлығым бастап алып бара жатқан жақтан саған, абзалы, менің бұл дүниеден баз кешкенім жайындағы хабар жетпесе, жалынышты сөзім жете қоймас. Сен менен бездің ғой, беу, жақсылықты білмейтін сұлуым-ай! Оның жалғыз ғана себебі: анау менен гөрі дәулеттірек көрінеді, адамгершілік қасиеттері артық болса бір сәрі ғой; бірақ егер ізгі қасиеттерді қазына-байлық айырбастайтыны анық болса, онда мен ешкімнің бақытын қызғанбаған болар едім, өзімнің жолы ауыр сорлы екеніме де күйінбес едім. Өз сұлулығың тұрғызған үміт мұнарасын, өз қылығың қиратты: сұлулығыңа қарап сені періште екен деп ойлағам, ал істерің әйел екеніңді ғана көрсетті. Бақытты бол, қайғы-қасіретімнің себепкері, жұбайыңның өзіңе жасаған опасыздықтарын жаратқан иеміз қашан да жауып-жасыра берсін, сонда сен істеген ісіңнің терістігіне өкінбес едің, ал мен болсам кек қайтару сынды өзіме мүлдем жат нәрседен іргемді аулақ салар едім”.
Хатты оқып шыққан Дон Кихот:
— Өлеңнен ештеңе аңғару мүмкін болмаса, мына хаттан білеріміз одан да аз екен, тек бұны жазған адамның талақ етілген нақсүйер екенін ғана көрдік, — деді.
Қойын дәптерді түгелдей дерлік парақтап шыққан ол тағы бірнеше өлең мен хатты кездестірді, кейбірін ажыратып оқи алғанымен, өңгелерінің қол таңбасын айыру мүмкін болмады, бірақ бұлардың бәрінің де мазмұны өкініш-нала, күйініш, көңіл шаттығы мен уайым-мұңы, жақын тартқан шақтағы тебіреніс пен кеудеден итерген кездегі күңіреністен тұратын. Дон Кихот дәптерді парақтап жатқан кезде Санчо шамаданды битін салып тінтіп шыққан-ды, сөйтіп шамадан мен көпшіктің ол шұқыламаған, тексермеген, зерттемеген бірде-бір бұрышы, ол сөгіп қарамаған бірде бір тігісі қалмаған-ды — жүзден астам алтын теңгені олжа қылып дәндеген ол салақтығы пен ұқыпсыздығының қырсығынан қапы қалып жүрмейін деген. Алайда алғаш іліктірген олжадан басқа ештеңе таба алмағанымен, көрпеге салып қақпақылдау да, құсып тастаған сұйықтық та, сілесін қатырған сойылдар да, малшының темір жұдырығы да, қоржынының қолды болуы да, жадағайын жоғалтуы да, сондай-ақ қайырымды мырзасына қызмет ете жүріп бастан кешкен аштық та, шөліркеу мен шаршау да — бәрі де текке кетпеген екен деген ойға келді, өйткені аталмыш олжадан бас тартуы арқылы Дон Кихоттың жасаған мейірім-қайырымы атқосшымызға осының бәрін артығымен өтейтіндей көрініп еді.
Қайғылы Бейне Рыцары шамадан иесінің кім екенін білгісі келіп шыдамсызданды. Сонет пен хат, алтын мен сәнді көйлектер мұның текті әулеттен шыққан, сүйген ханымының қатыгездігі мен жек көрушілігі әлденендей оғаш іске итермелеген ғашық біреу екенін аңғартатын. Бірақ, мына адам аяғы баспаған жапан түзде бұның жайын сұрап білетін ешкімнің жоқтығы себепті ол уақытты босқа жібермей, Росинант таңдаған жолмен алға басты — ал, Росинант өзі ғана өте алатын жолмен жүріп келе жатқандықтан Дон Кихоттың осынау тар жол, қыспақты қуыста әйтеуір бір ерекше шытырман оқиғаның болмай қоймайтынына сенімі кәміл-ді.
Осындай ойдың шырмауында келе жатқан ол кенет тура қарсы алдынан, жатағандау төбенің үстімен әлдебір адамның асқан әбжілдікпен тастан тасқа секіріп, бұталардан қарғып өтіп бара жатқанын көріп қалды. Оған қоса, бұл адамның жарым-жартылай жалаңаш екенін, қою қара сақалы, ұйпа-тұйпа қалың шашы барын, жалаң аяқ, балтыры тізесіне дейін жалаңаш екенін де байқап үлгерді; бұтында, шамасы, сарғыш барқыттан шығар, шалбары бар екен, бірақ жұлым-жұлымы шыққаны сонша, кей жерінен жалаңаш тәні көрініс беріп қалатын; ол, сондай-ақ, жалаңбас еді. Әлгінде айтылғандай, бұл адам жылдам жүгіріп өткен болатын, алайда Қайғылы Бейне Рыцары оның осы ерекшеліктерінің бәрін байқап, есте сақтап үлгерген-ді; оны қуып жетпекке әрекет қылғанымен, онысынан түк шықпады, өйткені қауқарсыз Росинант, әсіресе адымының қысқалығы мен туа бітті ебедейсіздігін ескергенде, бұл араның ойқы-шойқысымен шабуға жаратылмаған жануар болатын. Дон Кихот көпшік пен шамаданның иесі осы екенін сол сәтте-ақ аңғара қойды, сөйткен соң оны жолықтырғанша тауда тіпті бір жыл бойы тентіреп жүруіне тура келсе де оны қалайда іздеп табуға өзіне-өзі сөз берді; осы мақсатпен ол Санчоға есегінен түсіп, төбенің сол жақ баурайын айналып өтуге әмір етті, ал өзі қарсы бетімен орағытатынын айтты, сонда, бәлкім, осыншама жедел қарасын батырған адаммен ақыры жолығысатын шығармыз, деді.
— Бұған шамам жоқ, — деп шынын айтты Санчо, — өйткені, сізден бір адым былай жырақтасам болды, жан-жақтан үрей қамап алады да, не түрлі құбыжықтар мен елестер есімді шығарады. Осы себепті, ашу шақырмауыңызды өтініп, алдын-ала ескертіп қояйын: өле-өлгенімше өзіңізден бір адым аулақ кетпеймін.
— Ендеше, солай-ақ болсын, — деді Қайғылы Бейне Рыцары, — рухымның мықтылығынан пана іздейтінің мені шынымен қуантады, ондай жағдайда, тіпті жаның тәніңнен ажыраған күнде де, ол сені жалғыз қалдырмайтын болады. Енді соңымнан қыл елі қалмай немесе шамаң қалай келсе солай ер де отыр және жан-жағыңды қалт жібермей қадағала. Біз мына төбені айналып өтеміз, бәлкім, сонда әлгінде көрген адамымызды кездестіріп қалармыз, — өзіміз тауып алған дүниелердің иесі сол екенінде ешқандай күмән жоқ.
Оған Санчо былай деп жауап қатты:
— Абзалы, соны іздемей-ақ қойсақ неғылады: өйткені, біз оны жолықтыра қалсақ, ақша ойламаған жерден соныкі боп шықса, онда оны амалсыз өзіне қайтаруыма тура келеді ғой, сондықтан көп әуре-сарсаңға түспей-ақ, басымды босқа қатырмай-ақ қашан ғайыптан-тайып заңды қожайыны табыла кеткенше өзімді соның иесі санап жүре берейін де, оны өзіміз іздеп табуға талаптанып, әуестік жасап қайтеміз. Бәлкім, оған дейін ақша жұмсалып та кетер, ал жоққа сот жоқ екені белгілі ғой.
— Бұның дұрыс емес, Санчо, — деп келіспеді Дон Кихот. — Ақшаның иесі — жанымыздан жүгіріп өте шыққан адам екені жайында ақыры күдік алдық екен, оны іздеп табуға және ақшасын өзіне қайтарып беруге міндеттіміз. Ал, егер оны іздеуге шықпасақ, онда оның нақ сол адам екені жайындағы осынау көңілге қонымды күдігіміздің өзінен-ақ біздің айыбымыз оның анық сол екенін біле тұра іздемегенімізден кем болмайды. Сөйтіп, достым Санчо, оны іздейтінімізге бола күйініп-қапаланба, өйткені оны тапқан бойда-ақ менің де күйініп-қапаланудан тиылатынымды ұмытпа.
Осы сөзді айтып ол Росинантты шпормен тебініп жүріп кетті, ал Санчо болса Хинесұмпай де Пасамонтенің аярлығы салдарынан қожайыны соңынан жүктерін арқалап жаяу борсаңдады; сөйтіп төбенің жарты бөлегін артта қалдырған олар жылғаның жағасынан қашырдың жарым-жартылай ит жұлмалап, қарға шұқып тастаған өлімтігін жолықтырды: қашырдың ерттеулі әрі жүгендеулі күйде жатқаны қашыр мен көпшіктің иесі әлгі қашқын деген жорамалдарына көздерін жеткізе түсті.
Олар өстіп қашырдың өлімтігін төңіректеп жүрген кездерінде кенет мал қайырып жүрген бақташының ысқырығынан аумайтын ысқырық естіліп, сол жақ беттен ойда жоқ жерден қара-құра көп ешкі шыға келді, сосын қыраттың төбесінен егде жастағы бақташының өзі бой көрсетті. Дон Кихот оған дыбыс беріп, етекке түсуін сұрады. Анау даусын қатайтыңқырап үн қатып, адам аяғы сирек басатын, бәлкім, тіпті, өмірі бірде бір рет баспаған, тек ешкілер, қасқырлар және басқа да жабайы аңдар жүретін бұл өңірге оларды не айдап келгенін сұрады. Санчо, алайда, одан төмен түсуін өтінді, — содан соң ғана оған егжей-тегжейлі есеп беретіндерін айтты. Төмен түскен бақташы Дон Кихоттың жанына жақындап:
— Мына шұңқырда өліп жатқан қашырға қарап тұрғаныңызға бәс тігуге бармын. Оның мұнда жатқанына, жаңылмасам, жарты жылдай болды ғой деймін. Айтыңызшы, мұның қожайыны кездескен жоқ па сіздерге? — деп сұрады.
— Жоқ, кездескен жоқ, бірақ осы араға жақын маңнан көпшік пен шамадан таптық, — деді Дон Кихот.
— Ол заттар маған да ұшырасқан, — деді бақташы, — бірақ мен жерден көтермек түгіл, жақындап баруға да батпадым: басым бәлеге қалар деп қорықтым, кім біледі, ұры деген айып тағулары да мүмкін ғой. Шайтанға керегі шатақ, тобығыңнан қағып қалса бітті, сүрініп барып тыраң ете түсесің — одан соң не болғанын, қалай, неліктен болғанын анықтап көр.
— Мен де солай ойлаймын, — деп қоштай кетті оны Санчо. — Әлгі заттар маған да ұшыраса жаздаған, бірақ мен жүз қадамға да жақындай алмадым. Мен оларға тиген жоқпын, қазір бәрі сол баяғы орнында жатыр, әйтпесе жуыссаң болды-ақ бір қырсыққа ұрынарың кәміл.
— Айтыңызшы, туысқан, бұл дүниелердің иесі кім екенін білмейсіз бе? — деп сұрады Дон Кихот.
— Білетінім біреу ғана, — деп жауап қатты бақташы. — Бұдан жарты жылдай ма әлде соған жуық па уақыт бұрын осы арадан үш мильдей жердегі бақташы қашаларының біріне мына шұңқырда тырайып жатқан қашырға салт мінген, әлгі өздеріңіз тапқан және орнынан қозғамадық деген көпшігі мен шамаданы бар, сыпайы да сымбатты бір жас жігіт келді. Бізден мына тау жотасының әсіресе қай жағы адам аяғы баспаған жапан түз екенін сұрады. Біз оған осы қазір өзіміз тұрған жақ екенін айттық, бұл шындығында да солай, өйткені егер тағы да жарты мильдей тереңірек енсеңіздер барған жақтарыңыздан қайтып шыға алмай қалуларыңыз да мүмкін. Бұл араға қалай тап болғандарыңызға таңырқауым әлі таусылмай тұр: өйткені бұл жерге бастап әкелетін бірде бір жол, не соқпақ жоқ қой. Сөйтіп, әйтеуір, не керек, бізді тыңдап алған соң жігіт қашырының басын бұрды да, өзіміз көрсеткен жақты бетке алып жөнеп берді, біз бәріміз оның сымбатына сүйсініп, сұқтана қарап қалдық және қойған сұрағына, одан соң асығыс-үсігіс тауға қарай қайта бағыт ұстаған қылығына таңырқандық. Содан оны көрген ешкім болмады, алайда арада екі-үш күн өткеннен кейін ол жол бойына шығыпты, дәл сол кезде жолмен бақташыларымыздың бірі өтіп бара жатыр екен, ешқандай балағат, жаман сөз айтпастан жетіп келіп жұдырықтың астына алып, тепкілеп тастапты да, есегіне жүгіріп барып, артып әкеле жатқан барлық наны мен сүтсірнесін тонап алыпты. Одан соң көз ілеспес жылдамдықпен таудың арасына кіріп жоқ болыпты. Бұл жайдан бақташылардың біразы хабардар болған соң, біз таудың ең бір қу медиен жықпылдарын шарлап, екі күн бойы дерлік іздеп, ақыры оны бір еңселі де жуан еменнің кеуегінде отырған жерінен таптық. Ол бізге ешқандай жаулық танытпай, жайдары мінез көрсетті, үстіндегі киімі жыртылып та қалыпты, ал беті әлем-тапырық боп кетіпті әрі күнге күйіп қошқыл тартыпты — әзер таныдық, расын айтқанда, алдымызда тұрған жанның өзіміз іздеп жүрген адам екенін жырым-жырымы шыққанымен, бәрімізге жақсы таныс сол киімдеріне қарап қана ажыраттық. Ол бізбен сыпайы сәлемдесіп, қысқаша түрде әрі көкейге әбден қонымды сөздермен өзінің мұндай тіршілікті таңдағанына таңырқаудың қажеті жоқтығын, өйткені кешірілмес күнәлары үшін өзін-өзі осындай азапты өмір кешуге мәжбүр етіп жүргенін мәлім етті. Есімін сұрап едік, айтудан бас тартты. Бұдан соң біз оған азық-түлік қажет болса, — ал оның азық-түліксіз бәрібір күнелте алмайтыны белгілі, — өзінің қайда жүргенін айтып хабар беруі керегін, сұрағанының бәрін қуана-қуана және уақытылы жеткізіп беретінімізді ескерттік, ал егер оған бұл да онша ұнамаса, онда оның, тым құрығанда, жол бойына шығып жейтін асты бақташылардан сұрап алуына болатынын, тартып алмауы керегін құлаққағыс еттік. Ол бізге рақмет айтып, қарақшылық жасағаны үшін кешірім сұрады және болашақта ешкімге ешқандай залал келтірмей, Христос атынан өтініш білдіретініне уәде етті. Қай араны тұрғылықты мекен ететінін сұрағанымызда, ол ондай орыны жоқ екенін, қараңғылық түскен кезде қай жерде жүрсе, сол жерге түней кететінін айтты. Сөзін аяқтай келе ол еңіреп жылап жіберді, осынау жан тебірентер зарлы үнді тыңдап тұрып және алғаш көргенімізде оның қандай болғанын, қазір қандай күйге түскенін ойша салыстыра тұрып көзімізге жас алмасақ, біздің де жүрегіміздің қара тастан айырмашылығы болмас еді. Қайталап айтам, жігіт аса көрікті де сымбатты болатын, оның сыпайы да салмақты лебізі текті әулеттен шыққан, жақсы тәрбие көрген адам екенін аңғартатын, оның сөзін деревня тұрғындары ғана тыңдап тұрғанымен, ізеттілігі тіпті сол қарабайыр адамдардың да назарын аударған еді. Сөйтіп, қыза сөйлеп лапылдап тұрған ол сөзін аяқ асты үзіп, жерден көз алмаған күйі тымырайды да қалды, не істерімізді білмей абдырап, әңкі-тәңкіміз шыққан біз оның бұлайша тырп етпей, тым-тырыс тұрып қалуының соңы не боларын тостық; оған айрықша жанашырлықпен көз салып тұрдық, өйткені оның біресе көзін ашып, жерге кірпік қақпай ұзақ қадала қарайтынына, біресе көзін қайта жұмып, тістеніп, қабағын түйетініне қарап, ақыл-есін ауытқытар талмасы қайталап қалғанын айтпай-ақ аңғарған едік. Ұзамай болжамымыз шындыққа айналды, өйткені ол құлап түсті, бірақ сол бойда-ақ құтырына ұшып түрегеліп өзіне жақын тұрған бақташыға тап берді; өрекпи әрі долдана ұмтылғаны сонша, егер аулақ сүйреп әкетпегенімізде бақташыны шайнап тастарына немесе жұдырықпен бір-ақ ұрып мерт қылып жібереріне күмән жоқ-ты. Ал, бақташыға ол мынадай сөздерді айтып тап берген еді: “Ә, опасыз Фернандо! Маған жасаған сатқындығыңның сазайын сен қазір, тап осы қазір тартатын боласың. Азғындықтың неше атасы жайлаған, негізінен залымдық пен екі жүзділік орын тепкен жүрегіңді кеудеңнен мына өз қолыммен жұлып алам!” Бұл сөздерге қосымша ол басқа да біраз сөз айтқан-ды, бірақ бәрі де Фернандоның басына жаңа бір қарғыс жаудырып, оны опасыз және аяр адам ретінде айыптауға саятын. Сөйтіп, бақташыны зордың күшімен босатып алдық, ал ана жігіт болса ләм деп тіл қатпастан бізден жырақтай берді де, жүгіріп барып қалың бұтаның арасына қойып кетті, оны қуып жетерліктей шама бізде болған жоқ. Осының бәрінен біз оның оқтын-оқтын ақылын жоғалтып алатынын, Фернандо есімді әлдекімнің оған үлкен қиянат жасағанын және мына қазіргідей жағдайға жеткеніне қарағанда бұл қиянаттың өкініші өлшеусіз болғанын білдік. Осы долбарымыз кейін ол жол бойына шыққан сайын (жолдың бойына ол талай мәрте шыққан-ды) дәлелденіп отырды: кейде ол бақташылардан ішіп-жемімен бөлісуін сұрайтын, ал кейде күшпен тартып алатын, өйткені есі кіресілі-шығасылы жағдайда бақташылардың ырза-пейілмен ұсынғандарынан бас тартып, оларға жұдырығын ала жүгіретін. Ал, ақыл-есі сау кезде аса кішіпейілділікпен және ізеттілікпен Христос атынан өтініш білдіретін және шын жүректен, тіпті көзіне жас алып тұрып, алғыс айтатын. Сөзіме сеніңіздер, сеньорлар, — деп әңгімесін әрмен жалғады бақташы, — кеше мен өзім және тағы төрт жігіт — екі көмекшім мен екі танысым — бәріміз оны қалай да таппай қоймайық деп уәделескенбіз, ал тапқан жағдайда келіссе өз еркімен, келіспесе күшпен осы арадан сегіз мильдей жердегі Альмодовар қаласына алып барып, сырқаты емге көнетіндей болса емдетейік, тым құрығанда, ақыл-есінен айрылғанға дейін кім болғанын білейік, басына түскен бақытсыздығы жайында хабар беретін жақын-жуықтарын іздейік дегенбіз. Міне, қойған сауалдарыңызға жауап ретінде айтарымның ұзын-ырғасы осы, сеньорлар, сондай-ақ, есте жүргені артық етпес, тауып алған нәрселеріңіздің иесі — жаныңыздан соншалықты шапшаң шауып өткен, әлгінде өздеріңіз көрген жартылай жалаңаш адам. (Жігіттің тастан-тасқа қарғып жүргенін көргендері жайында Дон Кихоттың оған айтып үлгергенін еске сала кеткен жөн.)
Бақташыдан естігендері Дон Кихотты қатты толғандырып, осынау есалаң байғұстың кім екенін білуге деген құштарлығын бұрынғыдан да бетер күшейте түсті, сөйтіп ол ойға алған ісін аяғына дейін жеткізуге өзіне-өзі серт берді, анығырақ айтқанда: тауды түгел сүзіп, барлық қуыс-қалтарысы мен үңгірін тінтіп, қайткен күнде де оны тауып алмақ болды. Алайда, тағдыр бәрін өзі жобалағаннан немесе күткеннен әлдеқайда тәуір үйлестіріп берді, өйткені дәл осы қас-қағымда бұлардың тура қарсы алдынан, таудың аңғарынан өздері іздеп жүрген жігіт бой көрсетті: ол әлдене жайында өзімен-өзі сөйлесіп келе жатыр еді, оның не деп келе жатқанын тіпті жақын жерден де ешкім ұғып болмайтын, ал жырақтан екібастан. Үстіне кигені жоғарыда сипатталған киім еді; оған қоса, оның қасына таяп келген Дон Кихот бұның жыртық-жыртық бешпетіне амбра иіс суы себілгенін сезді, бұл жағдай рыцарымызды мұндай киім киетін адам қара халықтан шықпайды деген ойға біржола орнықтырды.
Жақындап келген жас жігіт бұларға қарлығыңқы бәсең дауыспен, бірақ мейлінше инабаттылықпен сәлемдесті. Дон Кихот оның иіліп берген сәлеміне одан артық болмаса кем түспейтін ізеттілікпен жауап қатып, атынан түсіп, оны ешбір қысылып-қымтырылмастан айрықша достық пейілмен құшағына қысты және бейне баяғыдан білетін адамынша ұзақ уақыт бойы құшағынан босатпай тұрып алды. Дон Кихотты Қайғылы Бейне Рыцары дейтініміз сияқты, Аянышты Бейне Мүсәпірі деп атауымызға әбден болатын жас жігіт әу баста өзін құшақтауға ерік бергенімен, кейін Дон Кихотты сәл-пәл әрі итеріп, иығына қолын қойған қалпы, бұл өзі бұрын көрген адамы ма, әлде жоқ па, соны ажыратып алғысы келгендей оған тесіле қарап тұрып қалды; өзі Дон Кихотты қаншалықты қатты таңғалдырған болса, Дон Кихоттың кескін-кейпі, сымбаты мен сауыт-сайманы да оны, шамасы, тап сондай дәрежеде таң-тамаша қалдырған болса керек. Құшақтасқаннан кейін, ақыр соңында, әлгі мүсәпір бірінші боп сөз бастады, ол жайында алдағы тарауда әңгіме болады.
ХХІҮ тарау
Мұнда Сьерра Моренадағы шытырман оқиға жайындағы әңгіме әрмен жалғасады
Тарихта Дон Кихот үсті-басы адам көргісіз алба-жұлба Тау Рыцарын мейлінше зор ықыласпен тыңдады деп жазылған, ал анау әңгімесін былай бастаған еді:
— Әлбетте, сеньор, сіз кім болсаңыз да, — өйткені, сізді танымаймын, —көрсеткен құрмет-қошеметіңіз үшін ырзашылығымды білдіруді парызым санаймын, сонымен бірге осы арада өзіңіз көрсетіп те үлгерген ізгі ықылас-пейіліңізге жауап ретінде өзім де сізге сондай ықылас-пейіл білдірумен ғана шектеліп қалмасам деп едім, алайда тағдыр маған өзіме жақсылық жасаған жандардың қай-қайсысына да бар болғаны тек оның қарымтасын қайтару жайындағы ізгі ниетім арқылы ғана ырзашылық таныту мүмкіндігін қалдырып отыр.
— Ал, енді маған келсеңіз, сізге қолымнан келгенінше көмектессем бе деген ойдамын, — деп іліп әкетті Дон Кихот, — мен тіпті қашан өзіңізбен жолығысқанша және мынадай әдеттен тыс өмір салтыңызға қарағанда, бойыңызды барынша меңдеп алған дертіңізден арылуға жәрдемі тиетін қандай дауа барын білгенше, осы тауларда қала беруге шешім қабылдап та қойдым, оған қоса ондай дауаны іздеу қажеттігі туындай қалса, оны бар ықыласымды салып іздеуге де дайынмын. Егер қайғы-қасіретіңіз қандай жұбатуға да көнбейтін қиын жағдайлар қатарынан табылса, онда мен өзіңізбен бірдей күйзеліске түсіп, көзімнің жасын көлдетуге әзірмін, өйткені бақытсыздыққа ұшыраған кезіңде шынымен жанашырлық білдіретін адамды жолықтыруыңның өзі де әжептәуір жұбаныш боп табылады. Ал, егер осы ақ-адал ниетімді әлденендей бір ізеттілік арқылы алғыс білдіруге лайық деп тапсаңыз, онда, сеньор, бойыңыздағы көзім анық жетіп тұрған көл-көсір ізеттілікке сеніп жалбарынам және өзіңіз жер-дүниеде ешкімге теңгермеген немесе қазір де теңгермейтін жанның құрметі үшін өтінем: айтыңызшы маған, сіз кім боласыз және киіміңіз бен түр-келбетіңіз куәлік етіп тұрғанындай, қалыптасқан күллі өмір салтыңыздың шырқын бұзып, неліктен мына меңіреу түзде жабайы аңдарша ғұмыр кешіп, өмірден баз кешуге ниет қылдыңыз? Ал, мен, күнәкар да кембағал пенде, — деп қосып қойды Дон Кихот, — өзім құрамына кіретін рыцарьлық орденнің атымен және кезбе рыцарь атағымен ант етем, егер сіз, сеньор, осы өтінішімді орындасаңыз, онда мен сізге лауазымым жүктейтін парызға сай барынша адалдықпен қызмет ететін болам немесе, орнына келетіндей іс болса, қасіретіңізден арашалап алам, немесе, уәде еткенімдей, өзіңізбен бірге көз жасына ерік берем.
Қайғылы Бейне Рыцарының сөзіне құлақ тосып отырған Орман Рыцары оған қадала қарап, оны зер сала бақылаумен болды, сосын басынан аяғына шейін тағы бір шолып өтті, өстіп оған қалағанынша қарап алғаннан кейін ғана:
— Егер ішіп-жейтін бірдеңеңіз болса, Христос үшін беруіңізді сұраймын, тамақ ішкеннен кейін, өзіме білдірген осыншалықты жылы ілтипатыңыз үшін қандай тілегіңізді де орындауға дайынмын, — деді.
Санчо қолма-қол қапшығын, ешкі бақташы — дорбасын қағыстырды, сөйтіп арып-ашыған мүсәпір тамаққа есі кете бас салып, асығыс-үсігіс қылғыта бастады: бір кесек бірдеңені жұтып үлгермей, екіншісін аузына тығып жатты; тамақ ішіп жатқан кезінде оның өзі де, басқалар да жұмған аузын ашқан жоқ. Ақыры, қарнын тойдырып орнынан тұрған ол соңымнан еріңдер дегендей ым жасады, мыналар оны бұлжытпай орындады, сөйтіп ол бұларды осы араға жақын маңайдағы, жартас қалтарысындағы көкорайға бастап келді. Келген соң көк шөптің үстіне тізе бүкті, серіктері де сөйтті: сол бұрынғыша жақ ашып сөйлеген жан баласы болған жоқ; жайғасып отырғаннан кейін мүсәпір былай деді:
— Сеньорлар, қайсы бірін айтарымды білмей отырған қисапсыз қайғы-қапам жайында қысқаша түрде құлағдар етсін десеңіздер, онда қасіретті хикаямды баяндау барысында бірде-бір сұрақпен және бірде-бір сөзбен бөлмеуге уәде беруге тиіссіздер, ал мұны орындамаған жағдайда, әңгімемді қай кезде бөлсеңіздер ол да сол жерден біржола тәмам болады.
Мүсәпірдің мына сөзі атқосшысы айтқан ертегіні тыңдап отырған шақта өзеннің арғы бетіне өткізілген ешкі санынан жаңыла бергенін, нәтижесінде бұл хикаяның соңы беймәлім боп қалғанын Дон Кихоттың есіне оралтты. Ал мүсәпір болса, сөзін былайша жалғастырды:
— Мұны сіздерге алдын-ала ескерткен себебім, қасірет-қайғым жайында ұзақ тәптіштегім келмейді, өйткені еске алу — оны көбейте түсу деген сөз, сондықтан маған қойылар сұрақ неғұрлым аз болса, мен де оны соғұрлым тезірек тәмамдаймын, сондай-ақ өздеріңізді толық қанағаттандыру үшін елеулі деген жайлардан да аттап өтпейтінімді айтып қояйын.
Сол арада отырғандар атынан Дон Кихот оның сөзін бөлмеуге уәде етті, анау оның уәдесін алған соң әңгімесін бастап кетті:
— Менің атым Карденьо, туып-өскен жерім — өзіміздің Андалусиядағы әдемі қалалардың бірі, мен — текті әулеттен шыққан жанмын, ата-анам — дәулетті адамдар, бірақ қасіретімнің шектен тыс ауырлығы сонша, әке-шешем қанша жерден қайғырып жүрегі қан жыласа да, туыстарым маған қанша жерден жанашырлық білдірсе де, оны жеңілдетуге олардың бар байлығы жетпейді, өйткені жаратқан иеміз жолықтырған бақытсыздықты жеңуге дүниедегі қандай кереметтің де қауқары жоқ. Туған жерімде бейне бір көктің құдіретімен жаралған деуге болатын, Амурдың өзі адам таңғаларлық сұлулық тарту еткен, одан асқан сұлулықты өз басым көз алдыма ешқашан елестете алмайтын бір ару мекен етті — иә, Лусинда сондай керемет сүйкімді қыз еді, ол да өзім сияқты әрі бай, әрі текті жерден шыққан-ды, бірақ менен гөрі бақыттылау еді және өзімнің ақ-адал пиғыл-ниетім үміт еткеннен гөрі тұрақтылығы аздау болды. Осы Лусинданы мен ерте жастан сүйгенмін, құрметтегенмін, құдірет тұтқанмын, ол да мені балғын жастағы қызға тән қылықпен шын жүректен құлай сүйген болатын. Ата-аналарымыз ой-ниетімізден хабардар еді, бірақ бұны онша уайым қылып та жүрген жоқ-ты, — түп мақсатымыз некеге отыру ғана боп шығатынын олар түсінетін, өйткені шыққан тегіміз бен дәулетіміз тұрғысынан бір-бірімізге әбден лайықты болуымыз себепті, алдын-ала осылай ұйғарым етілген деуге де келіңкірейтін. Жылдар өтіп жатты, бір-бірімізге деген ынтызарлығымыз арта түсті, ақыры Лусинданың әкесі әдеп сақтау керек деген желеумен маған үйлеріне келе беруге тыйым салғанды жөн көрді — бұл ретте ол ақындар мақтауын асырған Тисбаның ата-анасына еліктегендей болды. Бірақ мұндай тыйымнан кейін құштарлығымыздың жалыны одан бетер өршіп кетті, өйткені тілдесуге салынған тежеу аузымызға қақпақ қойғанымен, қаламымызға тұсау сала алмады, — ал, қаламның өзіміз сүйген жандарға жүрегіміздің тереңінде не жатқанын ауыздан гөрі еркінірек, кеңірек, толығырақ айтып бере алатын қасиеті бар, өйткені сүйгенің қасыңда тұрған кезде ең берік деген ниет пен ең батыл деген ауыздың да қысылып-қымтырылып, мылқау боп қалатын жағдайы жиі кездеседі ғой. Ой, дүние-ай, оған қаншама хат жаздым десеңші! Жан тебірентерлік бейкүнә лебізге толы қаншама жауап хат алдым десеңші! Оған деген махаббатым жайында жан-жүрегімнің ынтызарлық сезімін жайып салған, оттан ыстық тілегімді жеткізген, есте жүргендерімді ермек еткен және құштарлығыма барынша ерік берген қаншама ән шығарып, өлең жаздым десеңші! Ақыры, сілем қатып, оны бір көруге зар болып діңкем құрыған кезде, өзім арман еткен және соған өзімді әбден лайықты сезінген сыйымды алуға қажетті деп тапқан ойымды орындауға және оны мүмкін болғанынша тезірек іске асыруға ниет қылдым, атап айтқанда: Лусиндамен заңды некеге тұру жөнінде әкесінен рұқсат сұрауға тәуекел еттім және солай істедім де. Жауап ретінде ол маған: өзіне көрсетілген осынау құрмет үшін ырзашылық білдіретінін, мені жоғары бағалайтынын және асыл қазынасын қолыма табыс етуге әзір екенін, бірақ әкемнің көзі тірі болғандықтан, бұл тараптағы келіссөз жүргізу соның тікелей парызы екенін айтты. Оған қоса, егер бұл некеге әкемнің көңіл хошы болмаса, бұны онша оңтайлы көрмесе, Лусинданың өз қара басы жасырын түрде үйлене салуға болатындай немесе күйеуге бере қоятындай қыздардың қатарына жатпайтынын мәлім етті. Мен оған жанашыр ақыл-кеңесі үшін алғысымды жаудырдым, өйткені оның сөзі маған өте орынды көрінген, сондай-ақ сырымды жайып салсам, әкемнің келісім беретінін де сезгем. Осы мақсатта арман-ойымды ақтару үшін тура тартып әкеме бардым, бірақ бөлмесіне кірген бойда-ақ қолына әлдебір ашылған хатты ұстап отырғанын көзім шалды, әлдене айтып үлгергенімше болмай әкем әлгі хатты қолыма ұстатып: “Мына хатты оқы, Карденьо, герцог Рикардо саған қамқорлық жасамақшы”, деді. Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, сеньорлар, герцог Рикардо — испан гранды ғой, сарайы біздің Андалусиядағы керемет көрікті жерге орналасқан. Мен хатты алып оқып шықтым, оның маған өте ұнамды болғаны сонша, егер әкем герцогтың өтінішін орындамаған жағдайда оған бірінші боп өзім қарсы шыққан болар ем; анығырақ айтқанда, ол әкемнен мені дереу өз сарайына жіберуін сұрапты, онда үлкен ұлының жанында малай емес, серік болады екем, ал ол, герцог болса, маған деген ілтипатының дәреже-деңгейіне сәйкес тиісті лауазым баспалдақтары бойынша өрлеуімді өз міндетіне алады екен. Хатты оқып шыққан соң, әсіресе әкемнің: “Герцогтың тілегіне сәйкес сен, Карденьо, екі күннен кейін соған аттануың керек, — герцогтың қабілет-мүмкіндігіңе, өз ұғымымша, лайықты нәрсенің бәріне қол жеткізуіңе жол ашып бергені үшін құдіреті күшті құдайға алғысыңды айт”, деген сөзін естігеннен кейін, не дерімді білмей сілейіп тұрып қалдым. Әлгі лебізіне әкем бірнеше ақыл-кеңесін қосақтады. Аттанар алдында кешкісін Лусиндамен жүздесіп, оған болған жайдың бәрін баян еттім, одан соң әкесімен сөйлесіп, Рикардоның өзім жайында қандай ойы барын білгенімше күте тұруын, Лусинданы ешкімге ұзатпауын өтіндім. Ол осыған уәде етті, ал Лусинда бұл уәдені сансыз көп серт беруі және сүйіспеншілік сезімін білдіруі арқылы нықтады. Сөйтіп, ақыры герцог Рикардоның иелігіне келіп жеттім. Оның мені аса жылы мейіріммен қабылдап, ерекше ілтипат көрсеткені сонша, сол сәттен бастап-ақ герцогтың байырғы малайлары бұған қызғаныш білдіріп, маған не қилы қысастық жасай бастады, өйткені олар герцогтың маған бөлекше бейіл беруі өздеріне зиян тигізеді деп ойлаған-ды. Менің келгеніме әсіресе қатты қуанған герцогтың Фернандо есімді кенже ұлы болды; Фернандоның, сымбатты да сүйкімді, қолы ашық әрі қызуқанды жас жігіттің, арада аз уақыт өткенде менімен керемет достасып алғаны сондай, сарай адамдарының арасындағы барлық әңгіме тек екеуіміздің достығымыз жайында ғана болды. Оның ағасы да мені ұнатып, оң қабақ білдіріп жүргенімен, дон Фернандоның маған деген ыстық ықыласы мен мейірімі жеткен деңгейге жуықтай қоймайтын-ды. Ал, енді достар арасында айтылмас сыр қалмайтындықтан (бұл кезде мен дон Фернандоның жолдас-жуығы болудан қалып, оның досына айналған едім), ол маған ойында жүргеннің бәрін, соның ішінде әсіресе махаббат мәселесіндегі көңіліне алаң кіргізіп жүрген жайларын, жасырмай баян ететін. Ол бір шаруа отбасынан шыққан бойжеткенді, әкесіне тәуелді дәулетті адамның қызын, ұнатып қалған-ды, ал бойжеткеннің сүйкімділігі, сыпайылығы, аңғарымпаздығы мен қарапайымдылығы сонша, оны білетін жандар осы қасиеттерінің қайсысы басым екенін, қайсысын алдымен атауға боларын білмей қиналатын. Шаруа қызының осындай сирек кездесетін қасиеттері дон Фернандоның сүйіспеншілігін күн өткен сайын өршіте түскені сонша, ақыры ойлаған мақсатын орындау үшін және қыздың қарсылығын жеңу үшін оған үйленем деп уәде етпек болды, өйткені басқа бір амал-айла қолдану — бос әурешілікпен бірдей еді. Бұл жайдан хабардар болғаннан кейін, мен, достық қақымды пайдаланып, көңілге әбден қонымды дәлелдемелер мен бұлтартпас мысалдарды алға тарта отырып, бұған көлденең тұруға және оны алған бетінен қайтаруға талпынып бақтым. Алайда бұл әрекетімнің бекершілік екеніне көзім жеткеннен кейін әкесіне, дон Рикардоға барып бәрін түгел айтып беруді ұйғардым, бірақ дон Фернандо, сұңғыла да ақылман адам болғандықтан, ішке бүгіп жүрген сырымды сезіп қойып, үрейге бой алдырды, — адал қызметші ретінде өз қожайынымнан, яғни герцогтан, абырой-атағына кір келтіретін нәрсені жасырып қалуды жөн санамайтынымды ол жақсы түсінген еді. Сосынғы жерде, мені дал қылып, басымды қатырып қою үшін маған есіл-дертін алған сұлуды ұмытудың ең тәуір амалы — бірнеше айға бір жаққа кетіп қалу дегенді айтты, яғни менімен бірге әкеме барғысы келетінін хабарлады, ал герцогқа өзіне бірнеше тәуір ат сатып алмақ ойы барын, өйткені біздің қаладағыдай жақсы аттар жер-әлемнің еш түкпірінен табылмайтынын айтпақ болды. Сүйіспеншілік сезімінің жетегіне ерген мен, оның бұл әңгімесін естігеннен кейін бұдан да гөрі келіссіз ұйғарымның өзін бірден-бір парасатты да ақылды шешім деп табудан тайынбайтын халде болғам, ал бұған себепкер жалғыз-ақ нәрсе — сүйікті Лусиндаммен жүздесудің өте бір қолайлы жағдайы мен мүмкіндігі туып тұрғандығы еді. Осы ой мен тілекті басшылыққа алған соң, оның ұсынысын құптап, мақсат-мұратын мақұлдап, бұл ниетін барынша тезірек іске асыруы керегін, өйткені, шынында да, көңілден кетпегенмен көзден кетудің, яғни ара жікті ажыратудың түбі өз нәтижесін бермей қоймайтынын айттым. Алайда, біраз кейін білгенімдей, маған осы әңгіменің шетін шығарып жүрген кезде Фернандо әлгі шаруа қызымен оның болашақ күйеуі ретінде тар төсекте табысып та қойған екен, сөйтіп енді құпиясын жария қылу үшін басына қатер төнбейтін қолайлы сәттің тууын күтіп жүр екен, өйткені бұл тентектігін білген кезде герцогтың өзіне қандай шара қолданатыны жайындағы ойдан зәре-иманы қалмай қорқатын-ды. Айта кетерлік жай, бозбаланың сүйіспеншілігі көбіне-көп махаббат емес, нәпсіге құмарлық боп табылады, ал нәпсіге құмарлықтың түп мақсаты — тояттану, тоят алғаннан кейін нәпсіқұмарлық та толас табады, ал сүйіспеншілік секілді көрінген сезім ұясына қайта қонуға мәжбүр болады, өйткені ол табиғат белгілеген шектен асып өте алмайды, ал шынайы махаббат болса мұндай шек дегенді мүлдем білмейді, — тоқ етерін айтқанда, шаруа қызының рақатына батқаннан кейін-ақ Фернандоның оған деген құштарлығы суынып, ынтығы басылып қалды. Әкесінің өзіне деген ашуы тарқауы үшін әу баста оны бір жаққа кетем деп алдаусыратып бақса, енді қазір көзге күйік бола бермес үшін шынымен-ақ жырақ кетуге құлшынып жүрген-ді. Герцог келісімін беріп, маған дон Фернандомен бірге аттануға әмір етті. Біз менің туған қалама келіп жеттік, әкем оны лайықты түрде қарсы алды, өзім келген бойда-ақ Лусиндамен жүздесіп қайттым, сөйтіп іңкәрлігім қайта өршіді (шындығында, іңкәрлігім ешқашан өшкен де, әлсіреген де жоқ-ты), бұл жайында, сорыма қарай, Фернандоға мәлім қылдым, — оған мұны мәлім еткен себебім, өзіме көрсетіп жүрген айрықша достық пейіліне қарап, өзім де одан ештеңе жасырмауға тиіс секілді сезінгем. Лусинданың сұлулығын, сүйкімділігі мен сезімталдығын аузым көпіріп мақтағаным сонша, анау бойына осындай ізгі қасиет біткен қызды бір көруге құштар болды. Сұм тағдырдың түртпегімен оның тілегін орындап, бір күні кеште Лусинданы шырағдан жарығында терезе алдында тұрған жерінен көрсеттім, ол екеуіміз әдетте осы терезе арқылы тілдесетінбіз. Үстіне кигені төсек көйлек қана еді, оны Фернандоның көзі шалған бойда-ақ осы күнге шейін назарына іліккен сұлулық атаулының бәрі түкке алғысыз боп қалды. Орнында сілейіп тұрды да қойды, өзіне-өзі келе алмай, айран-асыр күйге түсіп, аяқ асты ғашық бола салды, ал бұл қаншалықты шынайы ғашықтық еді — оны бақытсыздықтарым жайындағы кейінгі әңгімемнен біле жатасыздар. Оның маған түк ештеңе білдірмей, тек өзімен-өзі оңаша қалған кездерінде құдіретті күштерге ғана сыр ғып айтып жүрген бұл сезімін өршіте түсу үшін сұм тағдыр бір күні оны Лусинданың маған жазған хатына жолықтырды, бұл хатында ол менен әкесіне барып өзін айттыруымды сұрап жалынып-жалбарынған болатын; қыздың айрықша сезімталдығы, қарапайымдығы мен нәзіктігі аңғарылып тұрған бұл хатты оқып шыққан Фернандо маған әдетте жер бетіндегі әйел атаулыға бірдей етіп бөлініп берілетін сұңғылалық пен сұлулықтың бәрі бір ғана Лусинданың бойында жинақталған екен дегенді айтты. Ақ-адал шыным, қазір алдарыңызда отырып күлбілтелемей-ақ ашып айтуыма болады, Фернандоның Лусинданы қалай мақтауына да қисын жеткілікті екенін түсінгеніммен, мұндай мақтау сөздерді оның аузынан естуім өзіме тіптен ұнаған жоқ, сондықтан одан қорқып, сақтана бастадым, өйткені ол реті келген-келмегеніне қарамай минут сайын дерлік мені Лусинда жайында сөзге тартатынды шығарды, бұл менің бойымнан қызғанышқа ұқсас бір сезімді оятты, бірақ ақжүрек те адал Лусинда тарапынан күтпеген қадам жасалады деп әсте қауіптенген жоқ едім; қалай болған күнде де, тағдырым мені өзі табыстырмақ болған бақытымнан қауіптене бастауға мәжбүр етті. Сөздеріміздің сәнділігі мен мәнділігі өзін айрықша жан рақатына бөлейді деген желеумен дон Фернандо менің Лусиндаға жазған хатым мен оның маған жолдаған жауабын оқуға әрдайым бөлекше ықылас білдіріп отырды. Ақыры бір жолы Лусинда менен өзі қатты ұнататын рыцарьлық романдардың бірі Амадис Галльскийді оқып шығуды өтінген болатын...
Рыцарьлық романның атын естуі мұң екен, Дон Кихот сол сәтте-ақ жігіттің сөзін бөліп жіберді:
— Егерде сіз, жарқыным, сеньора Лусинданың рыцарьлық романдарға әуестігін әу бастан хабарлаған болсаңыз, онда оның ақыл-ойының асқақтығына мені иландыру үшін ешқандай мақтау мен мадақ қажет болмас еді, ол өз алдына, егер осындай қызықты кітаптарды оқуға құштарлық танытпаса, оның ақыл-ойы да өзіңіз, сеньор, мәлім еткендей, осынша сұңғылалыққа жете алмас еді, сол себепті де мен үшін оның сұлулығын, адамгершілігі мен ақылдылығын сипаттауға көп сөз шығындаудың қажеті жоқ, — оның талғамы қандай екенін білсем-ақ болды, оны сол бойда-ақ әлемдегі ең сүйкімді және ең ақылды әйел деп табам. Осыған орай, сеньор, оған Амадис Галльскиймен бірге Дон Рухел Греческийді де қоса жіберуіңізді сұрар едім, — сеньора Лусиндаға Дараида мен Гарайя да, бақташы бала Даринельдің тапқыр сөздері де, сондай-ақ оның буколиктеріндегі өзі өте ұнамды түрде, әрі асқан шеберлікпен, өз бетінше әнге қосып орындап жүретін өлеңдері де айрықша қатты ұнарына сенімдімін. Алайда өзім анықтаған бұл кемшіліктің орнын кейін толтыруға болады, оны толтыратын шақ өзіңіз маған ілесіп деревняма барған кезде туады, өйткені сол жерде жанымның жұбанышы, өмірімнің қуанышы боп табылатын үш жүзден астам романды қолыңызға ұстатам. Әйтсе де, бірде-бір романның қолымда қалмағанына да күмән жоқ, — бәрі де сол зұлым, қызғаншақ, жауыз сиқыршылардың қылғаны. Сөзіңізді бөлмеу жөніндегі уәдемді бұзғаным үшін кешірім сұраймын, жарқыным, бірақ өзім отырған жерде рыцарьларға қатысты шаруалар мен кезбе рыцарьлар жайында әңгіме қозғалған кезде мен үшін оған араласпай қалу да бір, күн сәулесінің — жер бетін қыздыра алмауы да, ай сәулесінің — жер бетін дымқылдай алмауы да бір. Сөйтіп, енді кешірім етуіңізді өтінем және әңгімеңізді әрмен жалғауыңызды сұраймын, дәл қазір бізге керегі де осы болып тұр.
Дон Кихот Карденьоға арнап осы әңгімесін айтып жатқан кезде анау басын тұқыртып, терең ойға шомғандай үн-түнсіз отырды да қойды. Дон Кихот оған әңгімесін жалғау жөнінде екі мәрте өтініш білдірді, бірақ анау басын көтерген жоқ және ләм-мим деп жауап та қатпады; арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана, ақыры, басын сілкіп жіберіп:
— Айтқаным айтқан, атышулы алаяқ Элисабат емшінің королева Мадасимамен ашына болғаны анық — және мені бұл ойдан айныта алатын немесе олай болмады деп дәлелдей алатын адам әлі туа қойған жоқ, оған қоса, басқаша ойлап, басқаша пайымдайтын біреу шықса, оны барып тұрған ақымақ деп білем! — деді.
— Өй, сіз, анандай-мынандай! — деп айқайлап жіберді аяқ асты ашу шақырған Дон Кихот (дағдылы әдетінше, ол, әрине, жеріне жеткізіп сыбап салған болатын). — Өй, бұныңыз сіздің тарапыңыздан жасалып тұрған шектен тыс қиянат қой, немесе, ашығын айтқанда, пасықтық! Королева Мадасима — аса қадірменді сеньора, сондықтан осындай текті әулеттен шыққан әйелдің қайдағы бір ноқай оташымен төсектес болуын көз алдыңа елестетудің өзі мүмкін емес, ал кімде-кім олай емес, басқаша дейтін болса — ол нағыз жексұрын суайт боп табылады. Және мен мұны оған жаяу да, аттың үстінде де, қарумен де, қарусыз да, күндіз де, түнде де, қалай хош көрсе солай дәлелдеп бере алам.
Карденьо оған қас қақпай қарап отырды; қазір ол ақыл-естен ажыраңқырап қалған халде еді, сондықтан әңгімесін жалғай алмайтын, ал Дон Кихот болса, ештеңе тыңдағысы келмейтін жағдайда болатын, өйткені королева Мадасима жөнінде естігендері оны шамадан тыс шамдандырып жіберген. Таңғаларлық нәрсе: ол королеваға бейне бір өзінің шын мәніндегі, яғни туа бітті сеньорасы ретінде ара түскен-ді, ал соның бәрі әлгі түкке тұрғысыз жеркенішті романдардың қырсығы болатын! Карденьо, әлгінде айтылғандай, онсыз да ауытқыңқырап отырған, ал оған суайт, жексұрын және басқа осындай атақтар таңылған кезде быт-шыт боп ашуланды да, жерде жатқан тас кесекті ала салып Дон Кихотқа жіберіп қалды, тас оның кеудесіне барып тиіп, анау отырған жерінде етпетінен құлап түсті. Қожайынына жәбір жасалып жатқанын көрген Санчо Панса делқұлыға жұдырығын ала жүгірген, бірақ анау оны лайықты қарсы алды: бір-ақ ұрып жалпасынан түсіріп, іле-шала үстіне қонжия кетіп, айызы қанғанша соққылады. Санчоны қорғамаққа талпынған бақташы да соның кебін киді. Сөйтіп үшеуін үш жаққа лақтырып, сілейтіп салған мүсәпір түк ештеңе болмағандай асықпай аяңдап тау арасына кіріп қарасын жоғалтты. Санчо орнынан тұрып, жоқ жерден бостан-бос таяқ жегеніне жаны күйіп, ашуын бақташыдан алды: бәріне кінәлі сен, өйткені бұл адамның есі кіресілі-шығасылы екенін алдын-ала ескерткен жоқсың, егер ондайын білген болсақ қам жасар едік те, сыбағасын берер едік, дегенді айтты. Бақташы ескерткенін, егер оны Санчо естімесе, онда өзінің кінәсі жоғын айтып қарсылық білдірді. Сөйтіп, Санчо Панса оны бір сөзбен мұқатып, анау оған екі сөзбен жауап қатып, осындай қызды-қызды сөз алмасудың нәтижесі бір-бірінің сақалына жармасып, бір-бірін төмпештің астына алуына әкеп соқтырды, егер Дон Кихот келіп тыныштандырмаса, екеуінің де пәрша-пәршасы шығатыны кәміл-ді.
Бақташымен айқастан айызы қанбаған Санчо айқайын салып:
— Неңіз бар менде, тақсыр, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары! Ол да мен сияқты қарапайым пенде ғой, рыцарьлар қатарына қабылданған адам емес қой, ендеше жәбір көрсеткені үшін оны еш қысылып-қымтырылмастан төмпештеп алуыма және әділдікті сүйер адам ретінде жекпе-жек күш сынасуға қақым бар ғой! — деді.
— Солайы солай, бірақ, менің білуімше, болған жайда оның ешқандай кінәсі жоқ, — деді Дон Кихот.
Оның бұл ескертпесі қарсыластарды сабасына түсірді де, Дон Кихот сол арада бақташыдан Карденьоны қалай іздеп табуға болатынын тағы сұрады, өйткені оның бастан кешкен оқиғаларын аяғына шейін тыңдауға айрықша құштар көрінеді. Бақташы оған әу баста айтқанын қайталады, яғни Карденьоның анық қай жерді мекен ететінін білмейтінін, бірақ егер Дон Кихот осы өңірді асықпай араласа, онда оны — есі дұрыс қалпында ма әлде ауыш күйінде ме — әйтеуір бір таппай қоймайтынын айтты.
ХХҮ тарау
Ламанчалық ержүрек рыцарьдың Сьерра Моренада бастан кешкен ғажайып оқиғалары және оның Қапалы Серіге еліктеп басына азап артуы жайында
Бақташымен қоштасқан Дон Кихот қайтадан Росинантқа қонып, Санчоға соңынан еруге әмір етті, есегі секілді бұл да бұйрықты өте ықылассыз орындады. Ақыры олар таудың адам жүре алмайтын нағыз ойқы-шойқысына келіп жетті, сол арада Санчоның мырзасымен қалай тілдесерді білмей қыпылықтап есі кетті, бірақ өткен жолғы ескертпесі жадында жүргендіктен, бірінші болып өзі сөз бастауын күтті. Алайда үнсіздік тым ұзаққа созылып кеткендіктен, төзімі таусылған ол былай деп тіл қатты:
— Сеньор Дон Кихот! Батаңызды беріп, жөніме жіберіңізші мені, тақсыр: тап осы қазір үйіме, қатын-балама қайтқым кеп тұр — әйтеуір, қалай болғанда да, ойымдағының бәрін айтып, олармен құмардан шыққанша қауқылдаса алам ғой, ал өзіңізге еріп мынадай меңіреу түзді күн демей, түн демей шарлау, оған қоса сөйлегім келіп тұрғанына қарамай аузын буған өгіздей үндемеу де бір — өзімді тірілей жерге көміп тастау да бір. Тағдыр тәртіп беріп, анау әлгі Укроп па әлде Езоп па еді, соның заманындағыдай, жануарларды сөйлей алатын етсе де жаман болмас еді: ойыма не келсе соның бәрін есегіме жыр қып айтып берер ем, жаным да жай тауып қалар еді. Әйтпесе, шытырман оқиға іздеп өмір бойы сергелдеңге түсу оңай нәрсе емес және оған кез-келген адамның шыдамы жете бермейді, оның үстіне тапқан оқиғаңның түрі үнемі сені тепкілеу, көрпеге салып қақпақылдау, таспен ұру, жұдырық жегізу боп шығады, ал сенің аузыңа қақпақ қойылған, құдды бір мылқау сияқтысың, ішіңді тесіп бара жатқан нәрсең жайында айтуға да ықтиярың жоқ.
— Иә, саған да оңай тиіп жүрген жоқ, Санчо, — деді Дон Кихот, — аузыңа салған тыйымды алып тастағанымша асық боп, шыдамың таусылып жүр. Ендеше, ол тыйым алынды деп есептей бер, ойыңа не келсе соны айта бер, бірақ бір ғана шартым бар: бұл еркіндік тек таудан әрмен өткенімізше ғана күшінде болады.
— Мейлі, — деп келісті Санчо, — менің осы қазір сөйлегім кеп тұр, ал кейін құдай тағы не бермес дейсің. Ал, онда, аталмыш еркіндік күшіне енсе, өзіңізге мынадай бір сауал тастасам деп ем: анау, қалай еді, королева Мұндарсимаға соншалықты есіңіз кетіп ара түскеніңіз неғылғаныңыз? Әлгі, қалай еді, аббат оның көңілдесі болды ма әлде болмады ма, соған соншалықты тіреліп тұрған қандай шаруаңыз бар еді? Өйткені, сіз оларға жөн сілтеп, жол көрсететін адам емессіз ғой, егер сол арада үндемей қалсаңыз, ана есерсоқтың әңгімесін асықпай аяқтап шығары кәміл-ді, сөйтіп бұл іс кеудеңізге келіп тиген тас кесексіз, тепкілеусіз және жарты дюжина29 жұдырықсыз-ақ аяқталар еді.
— Әңгіме былай ғой, Санчо, — деп Дон Кихот қайта сөйлеп кетті, — егер королева Мадасиманың қандай қадірлі де зиялы әйел болғанын мен секілді жақсы білсең, онда шамадан тыс шыдамдылық көрсеткенімді өзің-ақ мойындар едің: менің орнымдағы басқа біреу осындай былғаныш сөзді жария қылған тілді жұлып алар еді. Шын мәнінде де, әлдебір королеваны емшімен төсектес болды деу ғана емес, солай ойлаудың өзі шектен тыс қиянат қой. Ал, бұл істің шындығы мынадай: әлгі жындысүрей тілге тиек еткен дәрігер Элисабатты, осынау ізгі ниетті адамды және кемеңгер кеңесшіні, королева өзінің қасында емші әрі тәлімгер ретінде ұстаған-ды. Алайда, оны сол емшінің көңілдесі болды деу — қатаң жазалауға лайықты сорақылық. Егер мұны айтқан кезінде Карденьоның ақыл-естен айныңқырап та қалғанын ескерсең, онда, сірә, не айтып, не қойғанын оның өзі де білмегеніне келісерсің деп ойлаймын.
— Менің де айтып тұрғаным осы ғой, жынды адам аузына келгенді соға бермей ме, оған көңіл аудармауыңыз керек еді, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Егер өзіңізге сәттілік қол ұшын бермегенде, тас кесек кеудеңізге тимей, тура барып басыңызға тигенде, онда халіміз мүшкіл болған болар еді, ал осының бәрі сол құдай атқан королеваның қырсығынан ғой. Карденьо болса, қылшығы да қисаймай оп-оңай құтылып кетер еді, өйткені ол ақылынан адасқан адам ғой!
— Кез-келген кезбе рыцарь әйел заты атаулының ар-намысын, олар кім болсын мейлі, соның ішінде әсіресе королева Мадасима сынды құдіретті де құрметті королевалардың ар-намысын, есі бүтін адамдардан да, есі ауысқан адамдардан да қорғауға міндетті; мен өзім бұл королеваны ізгі істері үшін айрықша құрмет тұтам, өйткені ол көз тартатын көрікті әйел ғана емес, сонымен бірге қайғы-қасіретте де мейлінше ұстамды әрі шыдамды әйел болған-ды, ал қайғы-қасірет оған қас-қағым сәт мұрша таптырмаған-ды. Дәрігер Элисабатпен әңгімелесу, ақыл-кеңесін тыңдау оған көп пайда келтірді, көп нәрсеге көзін ашып, өмірдегі алуан ауыртпалыққа шыдамдылық танытуға көмектесті. Ал, әрі надан, әрі бәле баққан қара тобырға бұл жағдай королева оның көңілдесі деп ойлауға және сондай сөз таратуға желеу болды. Бірақ, мен тағы айтам және тағы екі жүз рет қайталаймын, осындай ойда жүргендер мен осындай сөз тарататындардың бәрі де өтірікші.
— Ал, өз басым ештеңе ойламаймын да, ештеңе таратпаймын да, — деді Санчо, — неғылса о қылсын, керек еді маған солар. Көңілдес болды ма, болмады ма — бұған жауапты олар құдай алдында береді. Менің ештеңеде шаруам жоқ, мен ештеңе де білмеймін, біреудің ісіне араласып, бірдеңесін тіміскілеу маған жат нәрсе, әлдекім біреуге ор қазса, әуелі соған өзі түседі. Оның үстіне мен жарлы болсаң арлы болма дегендей ептеп-септеп күнімді көріп жүрген жанмын, мейлі тіпті олар көңілдес болса болған да шығар — маған одан келіп-кетер не бар? Ал, жұрттың жайы мәлім, басқаларды үріп ішіп, шайқап төгіп отыр-ау деп ойлайды, ал шындығында, бақсам бақа екен дегендей, іліп алар ештеңесі жоқ. Бірақ, енді кімнің екі елі аузына төрт елі қақпақ қойып болады? Тіпті, оны айтпағанда, жаратқанға да тіл тигізіп, шұнақ құдай деп жататындар бар.
— О, жасаған! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сен бетің ауған жаққа лағып кеттің ғой, Санчо! Тізбектетіп отырған мақалдарыңның әңгімемізге қатысы қанша? Құдай ақы, үніңді өшір, Санчо, болашақта тек есегің жайында ғана қам жеуді біл, өзіңе қатысы жоқ нәрсеге алаңдаушы болма. Одан соң, барлық бес сезіміңнің бесеуімен де бойыңа сіңіретін кез жеткен нәрсе мынау: осы күнге шейін істегенім, қазір істеп жүргенім және болашақта істейтінімнің бәрі де ақылға қонымды әрі рыцарьлық іс-әрекет ережелеріне сай боп табылады, ал бұл ережелерді мен осыны ұстанған әлемдегі барлық рыцарьдың бәрінен де жақсы білем.
— Сеньор! — деп наразылық білдірді Санчо. — Ал, сонда ешқандай бағыт-бағдарсыз тауда тентіреп жүру мен жынды немені іздеу де рыцарьлық қастерлі ереже санала ма? Ол өз алдына, әлгіні іздеп тапқандай болсақ, кім біледі, бәлкім, оның бастаған ісін аяқтауға аңсары ауып кетуі де мүмкін ғой, — бітпей қалған әңгімесін емес, сіздің басыңыз бен менің қабырғаларыма қатысты әңгімені айтып тұрмын, — сөйтіп, бізге қарсы бастаған соғысын толық жеңіспен аяқтауы да ғажап емес қой.
— Айттым ғой саған, Санчо, аузыңды жап! — деді Дон Кихот. — Біліп қойғын, бұл өңірге мен тек жындысүрейді іздеу үшін ғана келіп тұрған жоқпын, оған қоса осы арада әлденендей бір ерлік жасап, сол арқылы күллі әлемде мәңгі өлмес даңқ пен құрметке бөленгім келеді. Және ендігі жерде бұл ерлігіме кезбе рыцарь атаулының бәрі өз тұрғысынан алып қарағанда еш те бір теңдесі жоқ нәрсе ретінде, өздерін атақ-даңққа жеткізетін өнеге ретінде және өз өнерлерінің өлшемі ретінде қарайтын болады.
— Немене, сонда бұл ерлік өте қауіпті ме? — деп сұрады Санчо Панса.
— Жоқ, — деді Қайғылы Бейне Рыцары. — Бірақ қолымызға мардымсыз карта түссе, таза-тақыр ұтылып та қалуымыз ықтимал. Алайда, бәрі сенің әбжілдігіңе байланысты.
— Менің әбжілдігіме дейсіз бе? — деп қайталап сұрады Санчо,
— Иә, — деді Дон Кихот, — өйткені өзім жұмсағалы отырған жақтан неғұрлым жедел оралар болсаң, онда әуре-сарсаңым да соғұрлым тез аяқталмақ, сөйтіп ұлылыққа қол берген дәуренім де жедел түрде салтанат құра бастамақ. Алайда, осылай дегенде нені меңзеп отырғаным турасында саған бұдан әрі жұмбақтай беруімнің жөні жоқ, сондықтан, Санчо, сен біліп қойғын, айтулы Амадис Галльский әлемдегі ең жақсы рыцарьдың бірі болатын. Жоқ, олай айтпауым керек еді: ең жақсы рыцарьдың бірі емес, ең жақсысы, біріншісі, алдына жан түспегені, сол тұста жер бетінде ғұмыр кешкендердің бәрінен жоғары тұрғаны сол еді. Онымен әлде бір нәрседен тең түстім дейтінді дәлелдемек болған анау әлгі дон Бельянис те және басқалар да түбі оңбайды, — оның бәрі әншейін әңгіме, шын сөзім. Бұған қоса айтарым, атағын шығаруға ынтық суретші шеберліктің шыңына шыққан тарланбоз суретшінің туындыларына еліктеп бағады, ал осы шарттың мемлекет мәртебесін асыруға септігін тигізетін, құрметке лайық қандай қызмет пен кәсіпке де қатысы бар, міне сондықтан ұстамды да шыдамды болып көрінгісі келетіндер Одиссейге еліктеуге тиіс және еліктейді де, өйткені оның бастан кешкен бақытсыздықтарын суреттеген Гомер шыдамдылық пен ұстамдылықтың шынайы үлгісін алдымызға тартқан болатын, сол сияқты Вергилий де Эней бейнесінде ата-анасын құрмет тұтатын ұлдың ұлағатты істері мен тәжірибесі мол, жау жүрек әскербасының аңғарымпаздығын сипаттаған еді және екеуі де өз кейіпкерлерін өмірде қандай болса, сондай кескінде емес, қандай болуға тиіс кескінде суреттеп, сипаттаған еді, осы арқылы бұлардың ізгі қасиеттерін болашақ ұрпақтардың еліктеуіне лайықты үлгі ретінде ұсынған-ды. Амадис те ержүрек әрі ғашық рыцарьлардың тап осындай аспандағы жол көрсетер жарық жұлдызы, ғаламшары, күні болатын, сол себепті махаббат пен рыцарьлық туы астында шайқасқа шыққан мына біздің бәріміз де соған еліктеуге тиіспіз. Ендеше, достым Санчо, менің ойымша, кезбе рыцарьлар ішінде кімде-кім Амадис Галльскийге басқалардан гөрі көбірек еліктейтін болса, сол рыцарьлық іс-әрекеттің маңдайалды машығына мейлінше маңайласа түспекші. Бірақ, Амадистің айрықша ұстамдылық, айбын, батырлық, көнбістік, шыдамдылық және сезім шынайылығын танытқан шағы Ориана өзінен теріс айналған кезде өз басына азап артып, Қапалы Сері деген жасырын атпен Жұпыны Жартасқа барып жатып алған кезі еді; оның бұл есімінде, әрине, терең мән бар-ды және өзі айрықша құштарлықпен таңдап алған тіршілік тәртібіне сай келетін. Ал, мәселе өзіме тірелсе, маған дәулерді кескілегенше, айдаһарлардың басын шапқанша, андриактарды өлтіргенше, әскерлерді түре қуғанша, флотилияларды су түбіне жібергенше және арбаушылық айла-амалдарды талқандағанша оның осы ісіне еліктеген жеңілдеу. Ал, бұл маңай өзім ойға алған істі жүзеге асыруға өте қолайлы орын болғандықтан, тағдыр-талайым асқан мейірімділікпен ретін келтіріп тұрған осынау оңтайлы жағдайдан айрылып қалуымның қисыны жоқ.
— Сонда осынау меңіреу түзде нендей іспен айналыспақсыз, соны білуге рұқсат етпес пе екенсіз, тақсыр? — деп сұрады Санчо.
— Ау, саған айтқан жоқпын ба? — деп жауап қатты Дон Кихот. — Мен Амадиске еліктеп есінен адасқан, күдер үзіп, қаһар төккен адам секілді көрінбекпін, осы арқылы әрі көзсіз батыр Роландқа да ұқсап бағуға тырыспақпын: ол бастау жанынан Сүйкімді Анжеликаның басқан ізін жолықтырып, оның Медормен құмар қандырғанын аңғарып, жынданып кетіп еді ғой — сөйтіп, ағаштарды тамырымен жұлып, жылғалардағы тұнық суды лайлап, бақташыларды өлтіріп, табындарды қырып, лашықтарды өртеп, үйлерді қиратып, биелерді айдап кеткен-ді және тарих шежіресіне мәңгілікке жазып қоюға лайықты тағы да жүз мыңдай әрекет жасаған болатын. Әрине, мен Роландтың жә болмаса Орландоның, немесе Ротоландоның, — оны олай да, былай да атай береді, — барлық істеген ісін: ақылға сыйымсыз тентектігін, айтқан сөзін, ойлаған ойын бұлжытпай қайталамақ емеспін, тек оның өзім өте маңызды деп тапқан істерін ғана мейлінше дәлдікпен қайта тірілтпекпін. Бәлкім, тек Амадиске ғана еліктеумен шектелермін, ол зардапты жын ойнақ жасамай-ақ, тек көз жасын көлдетуімен және сезімге берілуімен ғана өзін-өзі ешкімнің ешқашан қолы жетпеген даңққа бөледі ғой.
— Менің түсінігімше, — деді Санчо, — рыцарьлардың мұндай бұзақылық істерге баруы әлденендей қажеттіліктен туған секілді, олардың опық жеп, ақымақтық жасайтын себептері болған тәрізді. Ал, енді сізді айтам-ау, сізге қараптан-қарап жынданарлықтай не көрінді, тақсыр? Әлде әйел өзіңізден теріс айналды ма, немесе бір жерден басқан ізін тауып, сеньора Дульсинея Тобосскаяның әлдебір маврмен не христианмен ойнап-күлгеніне көз жеткіздіңіз бе?
— Міне, ең қызығы да осында, — деп жауап қатты Дон Кихот, — іске асырмақ нәрсемнің өзіндік ерекшелігі де осы боп табылады. Әлденендей себеппен жынданып кеткен кезбе рыцарьлар ешқандай сыйлық та сұрамайды, алғыс та күтпейді. Бұл қитұрқының мәні мынада: мен ешқандай себепсіз қараптан-қарап жынданып кетпекпін, сөйтіп ханымыма егер қараптан-қарап жүріп осылай жындансам, онда мені шынымен сондай жағдайға жеткізген кезде не болатынын ұқтырмақпын! Оған қоса, менде бұған иланымды негіз де бар, — өзімді мәңгілікке арбап алған Дульсинея Тобосскаядан ұзақ уақытқа қол үзіп кеткенімді айтып тұрмын, өткенде бақташы Амбросьо: қол үзіп қалған адамның бойын үрей билейді, оның жанын жүдетпейтін нәрсе жоқ, демеп пе еді. Сондықтан, достым Санчо, мені осындай ерекше сипаты бар, осындай қуанышты және осындай әдеттен тыс еліктеуден айнытуға тырысып уақытыңды текке шығындамай-ақ қой. Мен жынданған адаммын және Дульсинея аяшыма өзіңнен беріп жібергелі отырған хатыма жауап әкелгеніңше осы халде болам. Егер ол адалдығымды дұрыс бағаласа — онда жындануым да, басыма азап артуым да сол бойда тәмам болады. Егер дұрыс бағаламаса, онда шынымен жынданып кетуім мүмкін, жынданып кетсем, әрине, ештеңе сезбейтінім анық. Тоқ етерін айтқанда, оның нендей жауап бергеніне қарамай, қайткенде де әйтеуір алда тұрған сынағымның мерзімі аяқталмақ және қазір мені қалдырып бара жатқан кезіңдегі алаңдаушылық ахуалым сейілмек: өйткені егер қуанышты хабар әкелсең, онда төбем көкке жеткендей шаттанам, себебі ол кезде ақыл-есім бүтін болады, ал егер жанымды ауыртар болсаң, онда мен оны сезбеймін, себебі есі ауысқан күйде болам. Айтпақшы, Санчо, сендегі Мамбрин дулығасы бүлініп қалған жоқ па? Ана антұрған оны қиратып тастай жаздағаннан кейін көзімше жерден көтеріп алып ең ғой — анау оны ақыры қирата алмады, соған қарағанда жақсылап шыңдалғаны көрініп-ақ тұр.
Санчо оның бұл сөзіне былай деп жауап берді:
— Құдай атымен ант етейін, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, сіз қандай адамның да шыдамын тауысасыз, — кейде тіпті үш ұйқтасаң түсіңе кірмейтін нәрселерді айтасыз, — өйткені, маған өзіңіз жыр қылған рыцарьлық, корольдіктер мен империяларды жаулап алушылық, аралдарды сыйға үлестіру, басқа да жарылқаушылық пен сыйлық дегеннің бәрі де бос мылжың әңгіме, су жұқпас суайттық, барып тұрған анихея әлде ахинея30, — дұрысы қайсысы, білмеймін, — екенін енді сезе бастағандаймын. Себебі, қырынуға арналған легенді Мамбрин дулығасы деп атап және міне, қанша күн болды, осындай жалған түсініктен арылмай жүргеніңізді біреулер білсе, онда олар өзіңізді, осы ойдан айрылмай және бет бақтырмай жүрген адамды, ақылынан алжасқан демегенде не дейді? Леген қапшығымда жатыр, дымы қалмай майысқан, бірақ үйге барған соң оны жөндеп, қырынуға пайдаланатын болам, тек егер құдай қош көріп, қатын-баламмен қайта көрісетін күн туса.
— Бері қара, Санчо, — деді Дон Кихот, — осы қазір ғана берген антыңмен ант етем саған, өмірден өткен және қазір көзі тірі атқосшылардың ішінде сенен асқан су ми жоқ. Өзіммен бірге осыншама уақыт саяхат шегіп жүргенде кезбе рыцарьлардың барлық заты бояма, ерсі, еш нәрсеге орайласпайтын оғаш, өңін сыртына айналдырғандай болып көрінетініне әлі күнге шейін қалайша көз жеткізбегенсің? Алайда, шын мәнінде, бұның сыры басқада, шын мәнінде сиқыршылар үйірі қыр соңымыздан қалмай еріп жүреді, міне солар барлық затымыздың түрін өзгертіп, басқа нәрселермен ауыстырып, бізге қамқорлық жасамақ немесе түбімізге жетпек ниетіне орай өздері қажет деп тапқан пошымда қайта оралтады. Міне, сондықтан да саған қырынуға арналған леген тәрізді боп көрінген нәрсе маған Мамбрин дулығасы боп көрінеді, ал басқа адамға басқаша түр-нұсқада елес береді. Айтқандайын, өзіме қамқорлық жасап жүрген көз байлаушының Мамбриннің ақиқаттығы айдан анық дулығасын жұрттың бәрі леген деп танитындай амал жасағаны керемет көрегендік болған: өйткені бұл көрінген кісі құмартатын аса бағалы зат қой, ал оның әншейін ғана леген екенін көргендер оны менен тартып алуға әрекет жасап әлектенбейді — оған әлгі бір адамның әуелі оны қиратуға талпынып, артынан жерге лақтырып тастап жөніне кеткені дәлел бола алады. Шын сөзім, егер бұның қандай асыл дүние екенін білген болса, одан өмірі айрылмас еді. Сақтап қой оны, достым, ал әзірше оның маған қажеті жоқ, — керісінше, үстімдегі барлық сауыт-сайманымды шешіп тастап, жарық дүниеге келгендегі қалпымда қалуым керек, әрине тек берген сертімде Амадиске емес, Роландқа еліктеуді ұйғаратын болсам.
Осылайша әңгімелесе отырып олар биік таудың етегіне жақындады, тік жартасқа ұқсас бұл тау өзін айнала қоршаған басқа таулардан оқшау тұрған-ды. Беткейімен ақырын сылдырап жылға ағып жатқан-ды, ал төңірегін белдеулеген көк шалғынның көркемдігі көз арбайтын. Түрлі ағаштың, шөп пен гүлдің көптігі бұл араның шырайын әбден-ақ келтіріп тұр еді. Осы көкорайды Қайғылы Бейне Рыцары өз сертін іске асыратын орын етіп таңдады, — бұл жерді көргенде ол, құдды бір құтырған адамдай, қатты дауыстап сөйлеп кетті:
— Беу жаратқан, осы өңірді өзіме жолдаған қайғы-қасіретің жайында жылап шер тарқататын жер ретінде таңдап, соған арналған орын етіп белгілеймін. Осында, тап осы жерде, көл боп аққан көз жасымнан мына жылға тасып төгілмек, ал тынымсыз ауыр күрсіністерімнен таудағы орманның жапырағы тоқтаусыз желпілдеп тұрмақ — жұлым-жұлым жүрегімнің жапа шеккен белгісі мен куәлігі сол болмақ. Беу, осынау қу медиен өлкені мекен ететін жергілікті құдайлар, сіздер кім болсаңыздар да, бақытсыз нақсүйердің аһ ұрған ащы дауысына құлақ салыңыздар, ұзақ мерзімге қол үзіп қалу мен қызғанышқа толы армандар оны жер бетіндегі сұлулықтың асқар шыңы және ақырғы шегі боп табылатын, азабы мен мазағы көп сүйкімді ханымның қатал мінезіне өкпе айтып, шағым білдіру үшін осы шатқалға жетелеп әкеп тұр. Беу, тау беткейлеріндегі орманға қоныстануға құштар напейлер мен дриадтар! Мамыражай тыныш тіршілігіңізді өздеріңізге үмітсіз ғашық, аяғы аяғына жұқпас сумақай, нәпсіқұмар сатирлер бұза көрмесін, сендер де басыма түскен тауқыметке жанашырлық білдіріп маған қосыла жылаңдар, жә болмаса, тым құрығанда, зар илеген даусымды бар зейінмен тыңдаңдар. Беу, Дульсинея Тобосская, түнімнің күні, азабымның шаттығы, жолымның қадасы, тағдырымның жұлдызы! Жаратқан иеміз саған таңданарлық тағдыр тарту еткей-дағы және не сұрасаң соның бәрін бергей-дағы, ал сен, жалбарынам саған, өзіңнен қол үзгенім себепті қай жерде және қандай ахуалда жүргенім жайында ойланшы, өзіңе деген адалдығымды лайықты бағалай білші! Беу, жалғыздан-жалғыз дара тұрған ағаштар, ендігі менің саяқ тіршілігімнің достары! Бұтақтарыңды жеңіл ғана діріл қақтыру арқылы осы жерде жүргенімнің өздеріңе салмақ түсірмейтіні жайында маған белгі беріңдерші! Беу сен, атқосшым, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісіп жүрген сүйкімді серігім! Қазір іске асырмақшы әрекетімді есіңде сақта, осы арада өтіп жатқан барша оқиғаның жалғыз ғана себепкеріне айналған аяшыма бәрін түгел баян етуің үшін ұмытпа!
Осы сөздерді айтқан бойда ол атынан түсті де, Росинанттың жүгені мен ерін қас-қағым сәтте сыпырып алып, сауырынан қолымен бір салып, былай деді:
— Беу, сәйгүлік, бостандығынан өз еркімен бас тартқан адам сол еркіндікті саған тарту етеді! Тағдырың қандай татымсыз болса, еңбегің сонша ерекше ғой сенің. Қайда барғың келсе сонда бара бер, өйткені Астольфтың Гиппогрифі де, Брадамантеге тым қымбатқа түскен атақты Фронтин де жүрдектігі жағынан өзіңмен тең келмейтіні маңдайыңа жазылған ғой сенің.
Осы арада оны Санчо бөліп жіберді:
— Құдай жамандық көрсетпегір әлдебіреу бізді сұр есектің ерін сыпыру әрекетінен құтқарып қалды, әйтпесе мен де оны сауырынан қағар едім және, кәміл сенуіңізге болады, талай-талай тәуір сөз тауып айтар едім. Әйткенмен, егер осы арада тұрса, оның ерін сыпыруға ешкімге рұқсат бермес ем, себебі оның ерін алуға деген мұқтаждық жоқ: ғашықтар мен қапалылардың әдет-дағдыларын орындау оған шарт емес, өйткені бұның иесі олар емес қой, оның иесі сол бір шуақты күндерде мына мен болғам. Ал, енді шынымды айтсам, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, менің кететінім, сіздің жынданатыныңыз — осының бәрі рас болса, онда Росинантты қайта ерттеген жөн болар еді: сұр есегімнің орнына соны мінер едім де, анда барғанша да, кері қайтқанша да біраз уақытты үнемдер едім, әйтпесе жаяу жылжысам ана жаққа қашан барып жетерімді де, қашан қайтып ораларымды да құдай біледі: өйткені, шыным сол, жаяу жүріске анау айтқандай алғыр емеспін.
— Мен саған былай демекпін, Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот, — мейлі, солай-ақ бола қойсын, бұл ойың маған өте орынды көрініп тұр. Саған тағы айтарым, сен үш күннен кейін аттанасың, өйткені осы күндердің ішінде аяшымның құрметіне істейтін істерім мен айтатын сөздерімнің бәрін көріп, естіп кеткеніңді және кейін оған бәрін түгел жеткізгеніңді қалап тұрмын.
— Ау, мен көрмейтінді көрген адам емеспін бе, бұдан соң мен көретін тағы не қалды дейсің? — деп наразылық білдірді Санчо.
— Әккі адамсуын! — деп мысқылдады Дон Кихот. — Осы қазір үстімдегі киімдерімді пәрша-пәрша ғып жыртам да, сауыт-сайманымды әр жерге бір лақтырып шашам, жартасқа басымды ұрам және тағы басқа да нәрселер жасаймын — сонда қалай таңғалмас екенсің.
— Құдай үшін өтінем, — деді Санчо, — абай болыңызшы, басыңызды аман сақтаңызшы, әйтпесе жартастың қырына немесе үшкір тасқа тап келіп, серт беруіңізге қатысты мына қыбыр-жыбырдың бәрі әп дегеннен сап тыйылып жүрер. Ал, енді бірақ өзіңіз баспен соғылу өте қажет, онсыз іс бітпейді деп тұрсаңыз, онда мен сіздің орныңызда болсам, — өйткені, мұның бәрі көз бояу, қалжың және жасанды әрекет қой, — онда мен сіздің орныңызда болсам деймін, басыммен суға немесе мақтадан жасалған мата секілді жұмсақ бірдеңеге соғылып қанағат табар ем, ал әр жағын маған қалдыра беріңіз: мейірбан ханымыма сізді алмастан да қатты жартастың қақ төбесіне басын ұрды деп айтып барам.
— Жан ашырлық кеңесіңе көптен-көп рақмет, достым Санчо, — деді Дон Кихот, — алайда мұның бәрін қалжың ретінде емес, шын ниетіммен жасамақ ойым барын біліп қойғын, өйтпеген күнде рыцарьлар қауымының көз бояушылықты күпірлікпен тең санайтын заңын бұзған болар ем, өйткені бір нәрсенің орнына екінші нәрсені жасау — алдау деген сөз ғой. Ендеше, жартасқа басыммен соғылу жөнінде ойластырған шарам — шынымен-ақ солай, ешқандай жалған бірдеңенің қоспасынсыз, боямасыз орындалуға тиіс. Сондықтан сен маған жарақатымды емдеу үшін азын-аулақ корпия тастап кет, жоғалтып алуымыздың салдарынан тағдыр бальзамсыз қалуымызды хош көріп тұр ғой.
— Әсіресе, есегімізден айрылғанымыз жақсы болмады, — деп қоштай кетті оны Санчо, — корпия да, басқалары да сонымен бірге құрыды ғой. Тек сізден өтініп сұрарым, тақсыр, сол бір қарғыс атқыр сусынды жадыңыздан біржола шығарып тастаңызшы, — атын естігеннің өзінен-ақ тұла бойым түршігіп, құсқым кеп лоқси бастаймын. Одан соң сізден тағы бір өтінерім: іске асырмақ боп жүрген анайы әрекеттеріңізге көзімнің құрышын қандыру үшін тағайындаған үш күніңіз өте шықты, соның бәрін мені көріп алды, яғни бәрі бітті, ойдағыдай болды деп есептеңізші, ал мен мейірбан ханымыма өзіңіз жайында не ғажапты айтып баратын болам. Сөйтіп, енді хатыңызды жазыңыз да мені жылдамырақ жолға салыңыз: өзіңіз қалып бара жатқан мына күнә тазартқыштан сізді шығарып алу үшін қалай тезірек қайтып оралам деп жанымды қоярға жер таппай тұрмын.
— Сен мұны күнәдан арылтатын орын деп тұрсың ба? — деп сұрады Дон Кихот. — Одан да мұны тозақпен, егер бұл жалғанда тозақтан да гөрі азабы ауыр бірдеңе табылса, тек сонымен ғана салыстырғаның жөн болар еді.
— Тозаққа тап болғанға nula es retencіo31, — деді Санчо.
— Retencіo дегеннің не білдіретінін түсінбедім, — деді Дон Кихот.
— Retencіo — біреудің тозақтан босап шыға алмай арпалысқа түсуі деген сөз, — деп түсіндірді Санчо. — Ал, сіз, тақсыр, мүлдем керісінше кепті бастан кешпексіз: егер тек Росинантқа шпордың көмегімен дем беруге жәрдемдесетін аяғым құрысып қалып жүрмесе. Қысқасы, мен Тобосоға, тура тартып мейірбан ханымым Дульсинеяға барам да, түрлі ақымақтықтар мен анайы әрекеттер, — шындығында, бұл екеуінің арасында айырма жоқ та ғой, — жасағаныңыз және әлі де жасап жатқаныңыз жайында жеріне жеткізіп айтып берем, сонда ол осыған дейін еменнен де қатты боп келсе, одан кейін былғары қолғаптай жұмсарып сала беретін болады, содан соң оның
балдай тәтті жылы жауабын алып мұнда құдды бір көз байлаушы секілді ауамен қалықтап ұшып келем, сөйтіп сізді осынау күнә тазартқыштан шығарып алам; рас, сіз мұны тозаққа ұқсас дейсіз, алайда бұл әсте де ондай жер емес, өйткені бұл арадан босап шығатын үміт бар, ал ондай үміттен, әлгінде айтқанымдай, тозақта жатқандар құралақан, ал енді бұған, тақсыр, өзіңіз де дау айта қоймассыз деп ойлаймын.
— Жөн-ақ, — деп келісе кетті Қайғылы Бейне Рыцары. — Ал, енді хатты қалай жазсақ болар екен?
— Айтпақшы, әлгі өзіме бермекші қодықтарыңыз жайындағы бұйрықты қайтесіз? — деп құлаққағыс етті Санчо.
— Саспа, ол да ұмытылған жоқ, — деді Дон Кихот. — Қағазымыз болмағандықтан бұрынғылардың үлгісімен хатты ағаш жапырақтарына немесе балауыз тақтайшаларға жазған жөн болар еді, бірақ бұл арадан қағаз табу қандай қиын болса, балауыз тақтайша табу да сондай қиын-ау. Айтпақшы, жазатын нәрсе бар екен, енді есіме түсті және өзі өте бір оңды дүние: Карденьоның қойын дәптері бар емес пе, соны айтып тұрмын; ал сен жолыңда алғаш ұшырасқан елді мекенде бұл хатты мектеп мұғаліміне, егер ондай адам табыла қалса, болмаса тіпті пономарьға, жақсы қағазға әдемілеп көшіртіп ал, бірақ тек хатшыларға берме, — олардың қолтаңбасы адам ажырата алмайтын қиқы-жиқы, бытықы-шытықы боп келеді.
— Ал, қолыңызды кім қояды? — деп сұрады Санчо.
— Амадис ешқашан қол қоймаған, — деп жауап қатты Дон Кихот.
— Жарайды, — деді Санчо, — бірақ бұйрыққа қол қою қажет, өйткені оны көшіртіп алған жағдайда мұны иесінің қолтаңбасы емес деп табады да, қодықтарыңызды маған бермей қояды.
— Бұйрық әлгі айтқан дәптерге өз қолыммен жазылады, оны жиен қарындасыма апарып бересің, ол тапсырмамды бұлжытпай орындайды. Ал енді сүйіспеншілік сезімін білдіретін жолдауыма келетін болсақ, хаттың соңына: Өле-өлгенше бір сендік Қайғылы Бейне Рыцары деп жаздырт. Оған кімнің қол қойғанында тұрған дәнеңе жоқ: жаңылмасам, Дульсинея оқи да, жаза да алмайды, оған қоса қолтаңбамды да, хатымды да өмірі бірде-бір рет көрген жан емес, өйткені оның да, менің де бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз сырттай ғана болатын, алыстан сүйсіне көз тігуден аспайтын. Тіпті өйтіп көз салуымыз да өте сирек кездесетін жағдай еді, ант ішіп тұрып айтайын, оны өзімнің ерте ме, кеш пе топырақ астында қалатын мына қос қарашығымнан да артық ардақ тұтқаныма он екі жыл болды, міне осы он екі жылдың ішінде оны бар-жоғы үш-ақ рет көрдім. Оны айтасың, өзіне көз тігіп тұрғаныма тіпті көңіл аудармаған да болар, — әкесі Лоренсо Корчуэло мен шешесі Альдонса Ногалес оны осыншалық өнегелі әрі момақан етіп тәрбиелепті.
— Мәссаған безгелдек! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Сонда сеньора Дульсинея Тобосская деп жүргеніңіз Лоренсо Корчуэлоның қызы, — басқаша айтқанда, Альдонса Лоренсо, — боп шықты ма?
— Тап сол, — деп растады Дон Кихот, — және ол күллі әлемнің әміршісі болуға лайықты жан.
— Өй, оны өте жақсы білем, — деді Санчо, — барраны ол селомыздағы ең қайратты жігіттерден кем лақтырмайды. Ол деген ой-ой-ой, барып тұрған бесаспап бикеш, ағаш та жарады, су да әкеледі, егін де орады, қақтыққанның жынын қағып алады, егер өзін сүйген жар етуге келіссе кезбе рыцарь ма немесе енді-енді ғана кезбелік жасағалы жүрген рыцарь ма, қай-қайсысы да қауіп-қатер атаулыдан қам жемеуіне болады. Ал, енді кеңірдегін айтсаңызшы, кеңірдегін, дауысын айтсаңызшы! Бір жолы, апырай десеңізші, шіркеуіміздің қоңырау мұнарасына шығып алып, айқайды салып әкесінің жалшыларын шақырсын келіп, сонда селодан бір шақырымдай жердегі танапта жүрген әлгілер оның дауысын бейне мұнара іргесінде тұрғандай анық естіпті. Ал, ең бастысы, ешқандай қылтың-сылтың дегенді білмейді — сонысы жақсы, қандай қызмет көрсетуге де әзір, кез-келген адаммен әзілі жараса кетеді, кез-келген нәрсені көңілді күлкі, ойын-сауыққа айналдырып жібереді. Енді мен сізге турасын айтайын, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, сіздің оған бола не қилы анайы әрекетке баруыңызға әбден болады және солай етуге тиіссіз де, тіпті ол да аз, күллі дүниеден түңіліп, асылып қалуыңызға да негіз жеткілікті, ал бұл жайында естіген жандардың бәрі бұл ісіңізді мақұлдап, өте дұрыс жасағаныңызды айтар еді, кейін сізді тіпті шайтан алып кетсе де. Оны тек бір көру үшін ғана жолға шығуға құштар боп тұрмын, өйткені кездестірмегеніме көп болды ғой, сірә, ол қатты өзгерген шығар, құдайдың құтты күні егістікте, күннің ыстығында, желдің өтінде жүреді, ал бұдан әйел адамның бет ажары бұзылады. Ал, енді сізге ақ-адал шынымды айтайын, сеньор Дон Кихот: дәл осы кезге дейін менің дым ештеңеден хабарым болған жоқ-ты, өзіңіз ғашық боп жүрген сеньора Дульсинеяны оған біресе, айталық, бискайлық түрінде, біресе каторгаға кесілгендер түрінде тоқтаусыз жөнелтіп жатқан шүленгір тарту-таралғыңызға қарап, — сондай-ақ, өзім сізге әлі атқосшы бола қоймаған кезде де жібергендеріңіз бар шығар шамасы, себебі ол кезде де өзіңіз, тақсыр, сірә, талай-талай жеңіске қол жеткізген болуыңыз керек, — оны соған лайықты әлдебір принцесса ғой немесе, тым құрығанда, әлдебір айтулы ханым ғой деп ойлап, соған шын жүректен және қалтқысыз сеніп жүргенмін. Бірақ, егер байыппен ой жүгіртіп көрсек, өзіңіз жіберіп жатқан және болашақта да жібермек ойыңыз бар, сайыста жеңілген сорлылардың сеньора Альдонса Лоренсоның, басқаша айтқанда Дульсинея Тобосскаяның, аяғына барып жығылуынан оған қандай пайда, қандай зиян? Өйткені, олардың жүздесу сәті қыздың зығыр тазартып немесе қырманда астық бастырып жатқан сәтіне тұспа-тұс келуі әбден мүмкін ғой, әлгі сорлылар соны көргенде қандай күйде болмақ, ал қыздың өзі сыйлығыңызды мазаққа айналдыруы, оған қоса өкпелеп те қалуы кәдік.
— Мен саған бұрын да талай айтқанмын, Санчо, — деді Дон Кихот, — сен өзің барып тұрған суайтсың, табиғатыңнан топас болғаныңа қарамай қашан да өзіңше әлденендей бір қалжың айтуға құлшынып тұрасың, бірақ өзіңнің қаншалықты ақымақ, ал менің қаншалықты ақылды екенімді ұғынуың үшін саған мынадай бір хикаяны айтып берейін. Білгенің артық болмас, әрі сүйкімді, әрі жас, ерікті де дәулетті, ал ең бастысы, жайдары мінезді жесір әйел зор денелі, қайратты, жас шәкірт-монахқа ғашық боп қалады. Жесірдің діни тәлімгері бұл әңгімені құлағы шалып, оған әкелік ақыл-кеңес бермекке оқталады: “Өзіңіз секілді соншалықты текті жерден шыққан, соншалықты сүйкімді әрі соншалықты дәулетті жас келіншектің, сеньора, анандай қара табан, әрі дөрекі, әрі топас біреуге құмартып қалуы мені қатты таңғалдырады; біле білсеңіз, мына біздің құтханада дін ғылымының қаншама магистрі мен докторы жүр десеңізші, солардың ішінен кез-келгенін бейне бір алмұрт таңдағандай: “Мынау керек емес, анау керек” дей отырып талғамыңызға сай іріктеп алуыңызға болады ғой”, дейді. Оның бұл сөзіне жесір келіншек ойнақылана әрі ешбір қысылып-қымтырылмай: “Сіз қатты жаңылысып тұрсыз, мархабатты мырзам, егер таңдауым қате деп ойласаңыз, онда тым ескі түсініктердің шырмауында жүрген адам болғаныңыз, аталмыш жігіт сізге кеще біреу секілді көрінгенімен, өзіме қажетті нәрседе оның сауаты өте жақсы және тіпті Аристотельдің өзін жолда қалдырады”, деп жауап беріпті. Айтайын дегенім, Санчо, өзіме керек нәрседен Дульсинея Тобосская әлемдегі ең ізгі ниетті принцессаның өзінен кем түспейді. Оның үстіне, ақындардың мадақ-марапатына ие болған және солар өз қалауынша ат қойып алған ханымдардың бәрі бірдей бұл дүниеде болмаған жандар. Шыныңмен-ақ сен романдарға, әндерге, шаштараздар мен театрларға сыймай жүрген Амарилис, Диана, Сильвия, Филиса, Галатея, Филида сындылардың бәрі тірі жан, өздерін дәріптеген және қазір де дәріптеп жүргендердің нақсүйері деп ойлайсың ба? Әсте де олай емес, олардың көбін ақындар өлең арнайтын біреу керек болғандықтан, сондай-ақ өздерінің біреуге ғашық боп жүргенін және өздерінің де біреу ғашық болуға лайықты адам екенін көрсету үшін ойлап тапқан. Ақпейіл Альдонса Лоренсоны көз алдыма көркем де кіршіксіз таза жан ретінде елестетіп, соған сенуімнің өзі маған жеткілікті екендігінің сыры міне осында, ал оның шыққан тегі қандай — онда шаруам шамалы, өйткені орденге мүшелікке өтейін деп жатқан жоқ қой ол, ендеше оның анық-қанығын тексеру де қажет емес, бір сөзбен айтқанда, менің ұғымымда ол әлемдегі ең ізгі ниетті принцесса боп табылады. Егер әлі күнге шейін бейхабар болсаң, онда біліп қойғын, Санчо, сүйіспеншілік сезімін басқадан гөрі әсіресе мына екі нәрсе айрықша өршітеді, олар — жан сүйсінтер сұлулық пен адамның жақсы аты, ал Дульсинеяның бойында осы екі қасиеттің екеуі де бар: сұлулық жағынан онымен ешкім бақталас бола алмайды, сондай-ақ ол сияқты жақсы атқа ие жандар да кемде-кем. Қысқартып айтқанда, өз бағамымша, осы қазір өзіңе мәлім еткен жайларымның бәрі де шырылдаған шындық және бұған алып-қосар дым да жоқ; сондықтан, сұлулығы жөнінен болсын, шыққан тегі жөнінен болсын өзім оны қандай деп ұйғарсам көз алдыма ол тап сондай боп елес береді: онымен Елена да шендесе алмайды, оған Лукреция да маңдаса алмайды, өткен ғасырларда ғұмыр кешкен аты мәшһүр әйелдердің ешқайсысы оған жуықтай алмайды — гректерден де, латындардан да, варварлардан32 да онымен тең келетін ешкімді іздеп таба алмайсың. Ал, жұрт аузына не келсе соны айта берсін, өйткені надандар қанша қаралағанымен, әділ қазылар мені ақтап алатын болады.
— Айтқаныңыздың бәрі жөн, бәрі дұрыс екенін мойындауым керек, мейірімді мырзам, ал мен өзім есекпін, — деді Санчо. — Алайда, аузымнан “есек” деген сөздің қалай шығып кеткеніне қайранмын, өйткені дарға асылғанның үйінде арқан жайында айтпаушы еді ғой. Жарайды, енді хатыңызды дайындай қойыңыз, сосын сау боп тұрыңыз, мен жолға шығам.
Дон Кихот қойын дәптерді алды да, аулақтау барып хат жазуға кірісті, жазып болғаннан кейін Санчоны қасына шақырып, жаттап алуы үшін хатты дауыстап оқып бермек боп тұрғанын айтты, себебі жолшыбай жоғалтып алатындай жағдайға ұшырауың мүмкін, өйткені сенің алаңғасарлығыңнан не пәленің бәрін күтуге болады, деді.
Санчо оған былай деп жауап қатты:
— Одан да гөрі, тақсыр, оны осы дәптерге бірнеше рет көшіріп жазыңыз да қолыма ұстатыңыз, ал мен оны сол қалпында апарып табыс етейін, ал онда жазылғанның бәрін жадыма желімдеп қою деген бос әурешілік — қаперімнің нашарлығы сонша, басқа түгіл тіпті өз атымның кім екенін де ұмытып қала берем. Алайда оқып шығыңыз хатты, тақсыр, — тыңдағым келіп қатты құмартып тұрмын, — сірә, бір тал артық сөзі жоқ, ән секілді сыңғырлап тұрған шығар.
— Ендеше, тыңда, мұнда былай деп жазылған, — деді Дон Кихот.
“Аса құдіретті һәм ақ көңіл сеньора!
Қол үзіп жырақ кетуден күйзеліс тапқан және жүрегі құсаға толған жан өзінің денсаулықтан мақұрым қалғанына қарамай саған, балдай тәтті Дульсинея Тобосская, аманшылық тілейді. Егер сұлулығың мені менсінбейтін болса, егер ізгі қасиеттерің менің қас дұшпаным іспетті болса, егер жек көрушілігің қайғы-шерімді өршіте түсетін болса, онда талай тауқыметті бастан өткергеніммен мұндай азапқа одан әрі шыдауға шамам жетпейтінін айтқым келеді, өйткені бұл, ауырлығы өз алдына, оған қоса тым ұзаққа созылған ақирет. Мейірбан атқосшым Санчо саған, беу жақсылықты білмейтін ару, жаным сүйген ғашығым әрі қас дұшпаным, өзімді қандай жағдайға жеткізгеніңді егжей-тегжейлі айтып береді. Егер маған көмекке келуді хош көрсең — мен сендікпін, егер хош көрмесең, онда неғылсаң о қыл, — ал өзім болсам өмірмен есеп айырысам да, осы арқылы сенің қатыгездігіңді де, өзімнің ынтызарлығымды да тояттандыратын болам.
Өле-өлгенше бір сендік Қайғылы Бейне Рыцары”.
— Басымды бәске тігуге бармын, — деді тыңдап болғаннан кейін Санчо Панса, — сезімнің бұлайша шалқуын бүкіл өмірімде бұрын-соңды естіп көрген емен. Апырай, пәле-ай, қалай ғана бұл хатта өзіңізге не керектің бәрін түгел айтып бере алғансыз және қалай ғана бәрін Қайғылы Бейне Рыцары деп қойған қолыңызға иіп әкеп дөп қиыстырғансыз! Оллаһи рас, тақсыр, сіз адам емес, нағыз шайтансыз, білмейтін нәрсеңіз жоқ.
— Өзім қызмет көрсетіп жүрген іс үшін бәрі әжетке жарайды, — дей салды Дон Кихот.
— Ал, енді, тақсыр, — деді Санчо, — сыртқы бетіне қодықтарыңыз жайында бірер ауыз бірдеңе шимайлай салыңыз және көрген жанның бәрі жазбай тануы үшін қолыңызды барынша анығырақ етіп қойыңыз.
— Әлбетте, әлбетте, — деді Дон Кихот.
Ол қысқаша хат жазды да, онысын бастан-аяқ дауыстап оқып берді:
“Жарқыным, сеньора жиен қарындасым, қожалығымда қалдырған және өзіңіз қамқорлығыңызға алған бес қодықтың үшеуін осынау бірінші есек векселін ұсынушы атқосшым Санчо Пансаға беруге рақымшылық етіңіз. Осы хатым арқылы жоғарыда аталған үш қодықты одан осы жерде қолма-қол алған осындай үш жануардың өтемі үшін беруге әмір етемін, сөйтіп бұл қарыз осы вексельдің тапсырылуы және оның, Санчоның, қолхат беруі арқасында толық өтелген деп есептеледі. Сьерра Моренаның нақ ортасында, осы жылғы жиырма екінші тамызда жазылды”.
— Тамаша, — деді Санчо. — Қол қойыңыз енді, мейірімді мырзам.
— Қол қоюдың қажеті шамалы, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — қол таңбамның өзі-ақ жетіп жатыр, бұл да бір — қол қою да бір, осының өзі үш есек емес, үш жүз есек беруге жарайды.
— Сөзіңізге сендім, тақсыр, — деді Санчо. — Ал, енді рұқсат етсеңіз, мен барып Росинантты ерттей берейін, ал сіз, тақсыр, маған батаңызды беруге даяр болыңыз, өйткені тап осы қазір жолға шығамын, жан шошырлық қылықтарыңызды тамашалап жатпаймын, — ондай нәрселеріңізді көп көргенім сонша, әбден кеңірдектеп тойдым, деп айтып барам ғой.
— Қалай болған күнде де, мұны менің өзім қалап тұрмын, Санчо, — осылай істеу керек, — тыр жалаңаш күйімде ұзын саны жиырма бес реттей құтырынғанымды көргеніңді деймін саған, өзім қалап тұрмын, оған қоса айтарым, мұның бәрін бар-жоғы жарты сағаттың ішінде-ақ жасап шыға алам, — ал кейін, осының бәрін өз көзіңмен көргендіктен, бәрін көрдім деп еш жалтақсыз ант-су іше аласың, одан соң бұған өзің ойлап тапқан басқа да нәрселеріңді қосақтауыңа болады. Алайда, шын сөзім, сен ондайдың қаншамасын сипаттап аузыңды ауыртқаныңмен, менің жасағандарым бәрі бір одан әлдеқайда көп болмақ.
— Құдай ақы шын сөзім, мархабатты мырзам, көз алдымда шешіне көрмеңізші, әйтпесе сізді қатты аяп кетем де, өзімді-өзім ұстай алмай жылап жіберем. Кеше ғана сұр есегім есіме түсіп еңіреп жылағам, әлі күнге шейін басым мәңгіріп тұр, сондықтан қайтадан тағы жылап-сықтауға зауқым жоқ. Ал, егер, тақсыр, алда-жалда кейбір құтырынды қылықтарыңызға қарағанымды қалап тұрсаңыз, онда киімшең құтырыныңызшы және оныңызды тезірек әрі қалай болса солай жасай салыңызшы. Олай дейтінім, мұның бәрінің маған текке де қажеті жоқ, өйткені, әлгінде айтқанымдай, тезірек қайтып оралу жайын қамдастыруым керек және өзіңіз күтіп отырған әрі осы үмітіңізді әбден ақтайтын хабар-ошармен оралуым керек. Ал, басқадай жағдайда байқаңыз, сеньора Дульсинея! Егер лайықты түрде жауап қатпаса, онда қандай да болсын ант үстінде уәде етуге бармын, тепкілеп әрі жұдырықтап отырып оның ішкі сарайынан тәуір жауап туындата алам. Өйткені, өзіңіз секілді, тақсыр, айтулы кезбе рыцарьдың неден екені беймәлім нәрседен нәгүманға айналуына қашанғы шыдауға болады, қайдағы бір... Ең дұрысы, бұл сеньора аяғын жұтып қойған әлгі сөзімді толық айтып беруге мәжбүр етпесін мені, әйтпесе, құдай ақы, шын сөзім, бетін аймандай қылам, одан соң не болса о болсын. Бұл мәселеде менен асқан шебер жоқ қой! Білмейтін шығар әлі ол мені! Егер білсе, ақ-адал шыным, маған құрметпен қараған болар еді.
— Оллаһи, Санчо, байқауымша, сенің ақыл-есіңнің салауаттығы да менікінен онша асып кетпеген екен, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.
— Мен өзіңіз секілді нәкөс емеспін, — деп қарсылық білдірді Санчо, — мен тек қызуқандылаумын. Жарайды, бұл әңгімені қоя тұралық, — одан да алдағы күндерде өзім қайтып оралғанша немен жүрек жалғамақсыз, соны айтыңызшы. Карденьоның үлгісімен жол торып, бақташыларды тонамақ ойдан саусыз ба?
— Оған қам жемей-ақ қой, — деді Дон Кихот, — тіпті азық-түлігім болған күннің өзінде де, мына ағаштар мен көк шалғын сыйға беретін шөптер мен тамырларды ғана қорек қылар ем, ойға алған ісімнің ерекшелігі де — нәр татып алмау және осы секілді басқа да тауқыметтерді бастан кешу боп табылады ғой. Жә, енді, құдай қолдасын!
— Сіз білесіз бе, тақсыр, неден қатты қорқып тұрғанымды? Осы жерді дәл тауып келе аламын ба, жоқ па, соны қауіп етіп тұрмын — жан аяғы баспаған жапан түз ғой бұл ара.
— Айнала-маңдағы жер бедерін жадыңда ұста, — деді Дон Кихот, — ал өзім бұл жерден жырақ кетпеуге тырысармын, тіпті ең биік деген жартастың басына шығудан да ерінбей, жолыңды қарап тұрармын. Оған қоса (және ең дұрысы да осы), мені жоғалтып алмауың үшін және адасып кетпеуің үшін саған дрок бұталарын, — бұл арада одан көп нәрсе жоқ, — көптеп кесіп алуға, сосын оны тегіс жерге шыққанша жолшыбай бір-бірлеп тастап отыруға кеңес етемін, қайтарыңда осы белгілер мен есте қалған нышандар арқылы, құдды бір лабиринттегі Тезей арқауы секілді мені оп-оңай іздеп табатын боласың.
— Тап солай істеймін, — деді Санчо Панса.
Ол дрок бұталарын көп етіп кесіп алды да, қожайыны батасын берген кейін онымен қоштасты, — қоштасу кезінде екеуі де егіл-тегіл еңіреп жылаумен болды. Одан соң Санчо Росинантқа отырып, — Дон Кихот оған өзіңе қандай қамқорлық жасасаң Росинантқа да сондай қамқорлық жаса деп әмір еткен еді, — жазықтықты бетке алып жүріп кетті, жолшыбай мырзасының кеңесі бойынша жерге деміл-деміл дрок бұталарын тастап бара жатты. Тым құрыса бірер құтырынысымды көріп кет деп Дон Кихоттың қанша қылқылдағанына қарамай жүрісін жалғай берді. Алайда, жүз қадам да ілгерілемей жатып қайтып оралып:
— Айтайын дегенім, сеньор, әлгінде сіз өте орынды құлаққағыс еттіңіз: құтырынған қылықтарыңызды көрдім деп кібіртіксіз ант беруім үшін соның біреуін көріп кеткенім артық болмайды екен, ал, жалпы алғанда, осы арада қалып бара жатқаныңыздың өзі-ақ сіздің тарапыңыздан жасалып отырған әжептәуір ессіздік қой, — деді.
— Ау, мен саған не деп едім? Тоқтай тұр, Санчо, әрі қара да, бері қара, сөйткеніңше мен де бір қитұрқыны жасап үлгерем, — деді Дон Кихот.
Сол арада ол асқан шапшаңдықпен дамбалын шешіп тастады да, жалғыз көйлекпен ғана қалып, еш кідірместен екі қайтара тоңқалаң асып түсті — басын төмен жіберіп, өкшелерін жоғары қаратып аунаған сәтінде ап-айқын көрініс берген әртүрлі нәрселерге екінші мәрте көз тоқтатуға жүзі шыдамаған, қожайынының құтырынысын енді еш күмәнсіз куәландыра алатынына көңілі толып, қанағат алған Санчо тізгін қақты. Енді осы арада қашан қайтып оралғанынша біз одан қол үзе тұрамыз, ал ол онша көп күттіре қоймайды.
ХХҮІ тарау
Мұнда Дон Кихоттың ғашық адам ретінде Сьерра Моренада жүзеге асырмақшы болған жаңа қисынсыз қылықтары жайында айтылады
Қайғылы Бейне Рыцарының жалғыз қалған кезде не істегені жайындағы әңгімеге ойысқанда тарихта былай делінеді: белінен төмен қарай түгел жалаңаш, белінен жоғары қарай түгел киім киген, секіруі мен тоңқалаң асуын тоқтатқан Дон Кихот мұның есерсоқтығына бола жолдан қалуды қаламаған Санчоның аттанып кеткенін көрген бойда-ақ биік таудың төбесіне өрмелеп шығып, бұрын да талай мәрте ой кешкен, бірақ әлі бәлендей бір нық шешімге келе қоймаған нәрсесі жайында, дәлірек айтқанда: Роландтың анайы жарыместігіне еліктеген жөн бе әлде Амадистің жабыңқы жындысүрейлігін үлгі еткен жөн бе дегеннің төңірегінде ой кешті; сөйтіп, өзімен-өзі сөйлесіп кеткен ол былай деді:
— Ортақ пікірге құлақ қойсақ, Роланд даңқты да жау жүрек рыцарь болған, бірақ оған таңғалатындай не бар? Қалай дегенмен де, ол жадыланған адам ғой, сондықтан оны өлтіру үшін өкшесіне түйреуіш тығу қажет-ті, сондықтан жеті қабат темір ұлтаны бар етігін аяғынан ешқашан шешпейтін. Дегенмен, бұл қулығы оны құтқара алмады — Бернардо дель Карпьо мұнысын аңғарып қойып, Ронсевальда тас құшағында тұншықтырып дымын құртты. Алайда, оның жау жүректігі жайында езе беріп неғыламыз, енді оның ақыл-есін қалай жоғалтқанына ойысайық, — ал ақыл-есін ол бастау жанынан Анжеликаның басқан ізін жолықтырғаннан кейін, бақташының бұған Анжеликаның тал түстегі апшы қуыратын аптап кезінде Аграманттың пажы, бұйра бас мавр баласы Медормен кем дегенде екі рет төсектес болғанын хабарлағаннан кейін жоғалтқанында дау жоқ-ты. Осы хабарға шынымен сенгеннен кейін, анығырақ айтқанда сүйген ханымы өзін масқараға ұшыратқанына көзі жеткеннен кейін, оның нәгүманға айналуы қиын шаруа емес-ті, бірақ мені айтам-ау, мен қалайша оның құтырынғанын аудыртпай қайталамақпын, менде бұған жуитын еш те бір сылтау жоқ қой? Өйткені, мен Дульсинея Тобосскаямның нағыз тірі маврды өмірі бірде бір рет көрмегеніне, туған анасы секілді әлі күнге шейін ар-ұяты таза қыз күйінде қалып отырғанына ант бере алам ғой. Егер оған олай емессің деп күдік келтіріп, ақыл-есті жоғалтудың Қаһарлы Роланд азабын шеккен түрін таңдасам, онда оны жазықсыз жәбірлеген боп шықпаймын ба? Екінші жағынан, Амадис Галльскийдің ақыл-естен де адаспай, не қилы құтырынуға да жол бермей, жалғыз тек сезім шынайылығымен ғана теңдессіз даңққа қол жеткізгенін де білем: тарихтың айтуына қарағанда, Ориана оған тәкаппарлық танытып, қашан өзі бейіл білдіргенше көзіне көрінбеуге әмір еткен кезде ол әлдебір тақуамен бірге Жұпыны Жартасқа барып жатып алумен ғана шектелген еді, сонда жатып көзінің жасын көлдете төгіп, құдайға күндіз-түні құлдық ұрумен болған-ды, сөйтіп аса бір қатты қайғырып, қасіретке батқан сәтінде құдіретті күш те ақыры оның зарына құлақ асқан-ды. Олай болса, қазір маған тыр жалаңаш шешініп, өзіме ешқандай жамандық жасамаған ағаштарды мазалап, қажет болған кезде шөлімді қандыратын бұлақтың мөлдір суын лайлап әуре-сарсаңға түсудің не қажеті бар? Амадистің есімі мәңгі жасай берсін, Ламанчалық Дон Кихот оның істерін шама-шарқы жеткенше қайталай берсін, ол жайында да кейін, кезінде әлдебіреу туралы айтылғандай, “Ол ерлік жасаған жоқ, бірақ ерлік жасамақ жолда қаза тапты” дейтін болады. Дульсинея Тобосская мені өңменімнен итермесе де және маған тәкаппарлық танытпаса да, қайталап айтам, одан қол үзіп жырақ кеткенімнің өзі-ақ жетіп жатыр. Сөйтіп, енді кіріс іске! Амадистің қарекеттері, қаперіме оралыңдар, сендерге еліктеуді неден бастауым керегін айтыңдар. Айтпақшы, есіме түсті, оның айрықша қатты көңіл бөлген ісі құдайға құлдық ұру мен одан шапағат тілеу болған еді ғой. Бірақ, таспиықсыз не бітірмекпін?
Алайда ол сол сәтте-ақ бұның қалай орайын келтірудің жолын тапты, атап айтқанда: көйлегінің салпылдаған етегінің едәуір бөлегін жыртып алды да, оның он бір жерінен түйін түйді, бір түйінін үлкендеу етті, сөйтіп матаның бұл жыртындысы өзі осы жерде өткізген уақыттың өне бойында оған таспиықтың қызметін атқарды және “Ave Marіa” дұғасын миллион рет оқып шығуына артығымен жетті. Сөйте тұрғанымен, бұл арада өзінің сырын тыңдап, көңілін жұбататын тақуаның болмағанына қатты өкініш білдірді, сондықтан уақытын былай өткізді: көкораймен серуендеп, таңның атысы, күннің батысы өлең жолдарын ағаштың қабығына ойып жазып, майда құмның бетіне шимайлаумен болды, бұл өлеңдерінде негізінен өзінің қайғы-шерін ақтарып, Дульсинеяны дәріптеді. Әйтсе де, Дон Кихотты ақыры іздеп тапқан кездерінде, оның барлық жазған өлеңінің, одан арғы іздестірулер көрсеткеніндей, тұтасы да, оқуға жайлысы да мына төмендегідей жолдар боп шықты:
Жалаңаш таулар жамылғысы,
Кемері қарлы шыңдардың,
Беу, бұталар, ағаш, шөптер!
Әуеніне зарлы мұндардың
Зар қосыңдар жабылып.
Сөйтіп, шерлі бұл қайғы, —
Әлем білмейді ондайды! —
Бар маңайға кетсін тарап:
Дон Кихот бұл жүрген жылап,
Сағынып қатты Дульсинеяны
Тобосолық.
Мұнда шексіз азап шегіп,
Сүйгенінен қол үзген
Нақсүйер жүр күн өткізіп.
Оны осынау жапан түзбен
Махаббат пірі, тентек бала,
Табыстырды алдап қана.
Тесік торсық секілді
Күн сайын солмақ, тамшылап.
Дон Кихот бұл жүрген жылап,
Сағынып қатты Дульсинеяны
Тобосолық.
Қатері көп қан майданда
Жетпекке даңққа асығып,
Аттанған-ды ол сормаңдай.
Шарқ ұрды іздеп ғашығын,
Қу медиен мына өлкеден.
Соқты оны Амур осы жерде,
Жота, жауырын, желкеден,
Қамшы да жеді қансырап.
Дон Кихот бұл жүрген жылап,
Сағынып қатты Дульсинеяны
Тобосолық.
Жоғарыда келтірілген өлең жолдарын тауып алғандар Дульсинея есіміне тіркелген Тобосолық деген сөзге ішек-сілелері қатып күліп алды; сосын Дон Кихот, шамасы, Дульсинея есіміне Тобосолық дегенді қосақтамаса, онда шумақтың мағынасы түсініксіз боп қалар деп шешкен ғой десті; олардың бұл жорамалының жаны бар-ды, өйткені мұны кейін рыцарымыздың өзі де мойындаған-ды. Оның бұдан да басқа жазған өлеңдері көп болатын, бірақ ілгеріде айтылып өткеніндей, толық сақталғаны және ажыратып оқуға көнетіні осы шумақтар ғана еді. Сөйтіп, оның күндері осылайша өлең құрастырумен, аһылап-уһілеумен, айнала маңдағы тоғайлардың фавндары мен сильвандарына, өзендердегі нимфаларға, көзі жасаураған қамкөңіл Эхоға мұң шағумен — зарын тыңдап, көңілін жұбатып, жанашырлық білдіруін сұрап жалбарынумен өтіп жатты; сондай-ақ, ол Санчо қайтып оралғанша қорек ете тұратын шөптерді іздестірумен де айналысты; айта кетерлік нәрсе, егер анау үш күннен кейін емес, үш аптадан кейін келсе, онда Қайғылы Бейне Рыцарының ұсқыны тіпті туған анасы да танымастай өзгеріп кеткен болар еді.
Жә, мейлі ол өлең құрастырып, күңірене күрсініп жата берсін, енді біз елшілік сапары кезінде Санчо Пансаның басынан қандай жағдай өткенін әңгімелейік, ал оның басынан мынадай жағдай өткен еді: күре жолға шығып алғаннан кейін ол Тобосоға қарай бағыт ұстаған-ды, сөйтіп ертеңіне тап сол ана жолы өзін көрпеге салып қақпақылдау секілді жағымсыз нәрсе жасалған бекетке келіп жетті; оған жөндеп көз тоқтатып та үлгермей жатып, кенет өзін ана жолғыдай әуеде жоғары-төмен ұшып жүргендей сезімге тап болды, сондықтан оның мұнда түскісі келмей қалды, ал шындығында мұнда осындай бір кідіріс жасайтындай мезгілде келіп жеткен, өйткені түскі тамақтың уақыты еді, талай заманнан ыстық ас ішпей жүрген бұған осы бір қажеттілігін өтеудің реті келіп-ақ тұрған.
Түсерін әлде түспесін білмей екі ойлы болғанымен, жаңағы қажеттіліктің жетегімен бекетке қарай жайлап жақындай берген. Бірақ, тап осы кезде іштен екі адам шыға келіп, мұны көрген бойда-ақ танып қойды. Сөйтіп, бірі екіншісіне қарап:
— Мынаны қараңыз, сеньор лиценциат! Мына салт атты — анау әлгі шытырман оқиға іздеушіміздің үйіндегі күтуші әйел айтқан, қожайынымен бірге атқосшы ретінде сапарға аттанған Санчо Панса емес пе? — деді.
— Тап соның өзі ғой, оған қоса Дон Кихотымыздың атын мініп келеді, — деп жауап қатты лиценциат.
Олардың мұны бірден таныған себебі, бұл екеуі — ана жолы Дон Кихоттың кітаптарын тексеруден өткізіп, оларға үзілді-кесілді үкім шығарған священник пен шаштараз — өзінің селоласы болатын. Санчо Панса мен Росинантты таныған, Дон Кихот жайында сұрап білуге аңсары ауған екеу бұның жанына жақындады, сол арада священник оның атын атап, оған былай деп тіл қатты:
— Достым Санчо Панса! Қожайының қайда?
Санчо Панса да оларды жазбай танып, мырзасының қай жерде және қандай ахуалда екенін бұлардан жасырып қалуға бекінді, сондықтан қожайыны аса маңызды бір іспен айналысып жатқанын, ал оның қандай іс екенін жаны шығып кетсе де айтпайтынын мәлім етті.
— Жо-жоқ, мұның болмайды, Санчо Панса, — деп қарсылық білдірді шаштараз, — егер оның қайда екенін айтпасаң, онда біз басқа ойға бекінеміз, — тіпті қазірдің өзінде солай ойлай бастадық, — атын мініп жүргеніңе қарағанда сен оны өлтіріп, дүние-мүлкін тонап алды деп білеміз. Анау-мынауды қой да, бізге мына аттың иесін тауып бер, әйтпесе көресіңді көрсетем.
— Сіз өйтіп қорқытпаңыз, мен біреуді тонап-өлтірумен шұғылданатын адам емеспін, оларды өлтірсе өз тағдыры мен жаратқан өлтірсін. Қожайыным қазір тауда өз қалауымен күнәлары үшін күңіреніп жатыр.
Сол арада Санчо өзіне өзі ие бола алмай бар сырын ақтарып салды, Дон Кихотты қандай жағдайда қалдырғанын да, оның қандай оқиғаларды бастан кешкенін де, қожайыны есі кете ғашық болған сеньора Дульсинея Тобосскаяға, яғни Лоренсо Корчуэлоның қызына, арналған хатты табыс ету үшін өзінің, Санчо Пансаның, қалай сапарға аттанғанын да айтып берді. Священник пен шаштараз Санчо Пансаның аузынан естіген мына хабарға қатты таңырқанды, Дон Кихоттың шалық ұрған адам екені және есалаңдықтың қандай түріне шалдыққаны өздері үшін құпия сыр болмағанымен, олар қашан да болсын тағы да тағы таңырқанудан танбайтын. Олар Санчо Пансадан сеньора Дульсинея Тобосскаяға әкеле жатқан хатты көрсетуін сұрады. Анау хаттың аталмыш қойын дәптердің бір парағына жазылғанын және Дон Кихоттың оны алғаш кездескен елді мекенде қайта көшіртіп алуға әмір еткенін айтты; алайда, священник хатты көрсетуін өтініп, әдемі қолтаңбамен көшіріп бере алатынын ескертті. Санчо Панса қойнына қолын жүгіртіп, әрлі-берлі іздеп, дәптерді ақыры таппай қойды, ол тіпті оны күні бүгінге шейін іздесе де бәрібір таппаған болар еді, өйткені дәптер Дон Кихоттың өзінде қалған-ды, оны бұған беруді ұмытып кеткен, ал мұны оған ескерту Санчоның қаперіне де кірмеген. Қойын дәптердің жоқ екенін білген Санчоның өңі қағаздай қуарып кетті, одан соң қайтадан о жер, бұ жерін жанталаса қармаланып, дәптердің жоқтығына қайтадан көз жеткізген соң, дереу қос қолымен сақалына жармаса кетіп, жарты бөлегін жұлып алды, онымен де тынбай өршеленіп жұдырығымен өз бетіне өзі бес-алты рет салып-салып жіберіп, мұрнын қанатып тастады. Мұны көрген священник пен шаштараз одан не болғанын, неге бұлай өзіне-өзі қол жұмсап жатқанын сұрады.
— Маған не болды дейсіздер ме? — деп дауыстап жіберді Санчо. — Оңбайтын нәрсе болды: айдың-күннің аманында дегендей, қас қағым сәтте үш қодықтан айрылып қалдым, әттең-ай, әр қайсысы тұтас бір қамал-сарайға татырлық еді.
— Қалайша? — деп сұрады священник.
— Дульсинея Тобосскаяға арналған хат пен қожалығында қалған төрт әлде бес қодықтың үшеуін маған беру жөніндегі мырзамның жиен қарындасына бұйрығы бар қойын дәптерді жоғалтып алдым, — деп түсіндірді Санчо.
Сол арада ол сұр есегінің қалай қолды болғанын баян етті. Священник оның көңілін жұбатпаққа тырысып, іздеп тапқан кезде қожайыны оған жаңа бұйрық жазып беретінін, бірақ қазіргі тәртіп пен заңға сәйкес қағаздың үлкен парағына жазатынын, себебі қойын дәптердің бетіне түсірілген вексельді ешкімнің қабылдамайтынын, төлем де жасамайтынын айтты.
Санчо бұл уәжге тоқтады да, ондай жағдайда Дульсинеяға арналған хаттың жоғалып кеткеніне онша қайғырмайтынын, өйткені түгелге жуық жатқа білетінін, оны бұлардың қашан болсын, қай жерде болсын өз аузынан жазып алуға ықтиярлы екенін хабарлады.
— Ендеше, айта бер, Санчо, біз жазып алайық, — деді шаштараз.
Хаттың мазмұнын еске түсірмекке тырысқан Санчо Панса қайта-қайта желкесін қасып, теңселіп, салмағын біресе бір аяғына, біресе екінші аяғына ауыстырумен болды, біресе жоғары, біресе төмен қарады, саусағының тырнағын жартысына шейін жеміріп қойды, сөйтіп не айтар екен деп тосып тұрған священник пен шаштаразды әжептәуір уақыт дал қылғаннан кейін ақыры былай деп мәлім етті:
— Құдай ақы, сеньор лиценциат, бұл хаттан есімде қалғанның бәрін шайтан сыпырып-сиырып кеткен секілді. Әйтеуір оның: “Аса құдіретті және көңілшек сеньора” деп басталатынын білем.
— Қой, көңілшек болмас, — деп түзетті оны шаштараз, — абзалы, “ақ көңілді” немесе “билігі үстем сеньора” болар.
— Иә-иә, солай, — деді Санчо. — Әрі қарай, егер қара басып ұмытып қалып жүрмесем былай делінетін... егер қара басып ұмытып қалмасам: “Қатты күйзелген әрі ұйқтамай жүрген, әрі жарақаттанған жан қолыңыздан сүйеді, жақсылықты білмейтін және ешкім танымайтын сұлу” делінетін, сосын оған денсаулық және түрлі ауру тілейтіні жайында айтылатын, — қысқасы, осындай біраз нәрсе сөз болатын, ал ең соңында: “Өле-өлгенше бір сендік Қайғылы Бейне Рыцары” деп аяқталатын.
Санчо Пансаның кереметтей қапері екі жолаушыны күлкіге қарық қылды, оған расымен қайран қалғандарын айтып, әлгі хатты тағы да екі рет жатқа оқып беруін сұрады, ал бұлар, өз тарапынан, оны есте сақтап қалмаққа және реті келгенде қағазға түсірмекке уәде етті. Санчо хатты тағы да үш мәрте жатқа айтып, не қилы сандырақ сөзді көзінен тізді. Одан соң қожайыны тап болған түрлі кептер жайында баяндап берді, бірақ түсуге тәуекелі жетпей тұрған мына бекетте өзін қалай қақпақылдағандарын жасырып қалды. Оған қоса, сеньора Дульсинея Тобосскаядан ұнамды жауап болатынын алдын-ала сезіп-білген қожайыны қазір императорлық немесе, құрығанда, корольдік орынтақты иемденуге құлшынып отырғанын мәлім ғып, екеуара осылай бәтуаласқандарын және Дон Кихоттың батырлығы мен білегінің күшін қаперге алғанда мұның түк қиындығы жоқтығын хабарлады; сөйтіп осының бәрі іске асқан кезде Дон Кихот оны, Санчоны, үйлендірмек, өйткені оған шейін мұның қатыны ана дүниеге аттанып та кетпек, оған тіпті зәредей күмән жоқ, сонан соң қожайыны оған император ханымының күтуші әйелін айттырады, бұл әйел орасан үлкен әрі бай қожалықтың мұрагері боп табылады және қожалығы құрлықта орналасқан, анау әлгі шағын арал, шайтан арал дейтіндерден аулақ, өйткені ондай жерлер қазір оған онша ұнамайды. Мұның бәрін Санчо деміл-деміл мұрнын тазалап тұрып, барынша байсалды әрі бейкүнә кейіпте баян етті; селоластары соны көріп, бейшара Санчоның да ақыл-ойын еліттіріп әкеткен болса, Дон Кихоттың дәнекүстігі қандай дәрежеге жеткені деген ойдан тағы да таң-тамаша болысты. Алайда олар оны бұрыс ойдан айнытып дұрыс жолға салуға талап қылған жоқ: өз ойының жетегімен жүре берсе көңілі тыныш болады деп түйді, оған қоса оның неше алуан қияли әңгімесін тыңдау да бұлар үшін бір ғанибет нәрсе еді. Сондықтан олар бұған қожайынының дені-қарны сау болуын тілеп құдайға жалбарынудан жалықпауы керегін, өйткені күндердің күнінде, өзі айтқандай, император болуы немесе, аз дегенде, архиепископ атануы, немесе басқа бір жоғары лауазымға ие болуы — әбден-ақ мүмкін және орындалуы да оңай нәрсе екенін айтты. Бұған Санчо былай деп жауап қатты:
— Сеньорлар! Расында да, тағдыр табанын тайғанақтатып, қожайыным император емес, архиепископ болу жайындағы ойға жабысып қалса не болады? Кезбе архиепископтар атқосшыларына әдетте қандай сый-сияпат жасаушы еді, соны алдын-ала біліп қойсам деп ем.
— Дәстүрлі сыйлық мынадай, — деді священник, — мұндайда әдетте оған діндарлардың шағын қауымына басшылық ету тапсырылады, сондай-ақ олардың жан сырын тыңдау міндеті қоса жүктелуі де мүмкін, немесе шіркеуге кіші діни қызметкер боп тағайындалуы ықтимал, ал олар жақсы жалақы алады, оған қоса тап сондай ірі мөлшердегі көлденең табысы тағы бар.
— Бірақ, бұл үшін, — деп қарсылық білдірді Санчо, — атқосшы үйленбеген адам болуы және, ең аз дегенде, шіркеуде қызмет етерлік қабілет байқатуы керек қой. Олай болса, бәрінің құрығаны, өйткені, ең әуелі айтарым, мен үйлі-баранды адаммын, екіншіден, сауатым жоқ! Сонда деймін-ау, қожайыным кезбе рыцарьлар арасында қалыптасқан дәстүрге сай император болғысы келмей, архиепископ болуға аңсары ауса мен қайтпекпін?
— Уайым жеме, достым Санчо, — деп шаштараз сөзге араласты, — қожайыныңды үгіттейміз, түсіндіреміз оған, архиепископ болмай, император болғаны рыцарьлық ұстанымына сай келетінінн айтамыз, оның үстіне бұл оған әлдеқайда оңайға түсетін шаруа, себебі ол өзі оқып-тоқудан гөрі опырып-жапыруға бейімдеу ғой.
— Маған да солай секілді көрінеді, — деп келісе кетті Санчо, — бірақ естеріңізге салып қояйын: оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Ал енді өзім құдайға оны өзіне де оңтайлы, мені де жарылқайтын жаққа қарай бағытта деп жалбарынатын болам.
— Сен салиқалы адамның сөзін айтып тұрсың, — деді священник, — оған қоса шынайы христианша әрекет жасамақсың. Бірақ қожайыныңды әлгінде өзің әңгімелеп берген, өзіне-өзі тілеп алған мағынасыз азабынан қалай арылтамыз, міне қазір енді сол жайында ақылдасуымыз қажет. Осының жайын ойластыру үшін және жүрек жалғап алу үшін, — мезгілі болды ғой, — бекетке кіргеніміз жаман болмас еді.
Санчо оларға ішке кіре берулерін өтініп, өзі осы арада күте тұратынын, онда неге кірмегенін және не себепті оған кіруге болмайтынын кейін түсіндіре жататынын айтты, сосын өзіне ыстық тамақ, ал Росинантқа сұлы әкеп берулерін сұрады. Олар аулаға кіріп кетті де, бұл сыртта тұрып қалды, көп ұзамай шаштараз оған тамақ әкеліп берді. Бұдан кейін священник пен шаштараз ойлағандарын қалай орындауға болатыны жайында ұзақ отырып кеңесті, сөйтіп ақыры священник Дон Кихоттың көңілінен шығатындай әрі көздеген мақсаттарымен үйлесім табатындай бір амал ойлап тапты, анығырақ айтқанда — ол шаштаразға мынадай ойға келгенін мәлім етті: ол өзі қаңғыбас бикеш боп киінбек, ал шаштараз бар өнерін салып оның малайы секілді сүдін табуға тиіс, сөйтіп олар осындай кейіпте Дон Кихотқа аттанады, барған соң бұл, священник, жәбір көрген, қорғансыз бикештің түріне еніп одан бір бұйымтайын орындауын өтінеді, ал айбынды кезбе рыцарь ретінде анау бұл өтінішті, сөз жоқ, аяқ асты қалдырмайды. Айтылмақ бұйымтайдың мән-жайы мынадай болатын: Дон Кихот бикешке еріп барып, ар-намысын қорлаған әлдебір жауыз рыцарьдан кек әперуге тиіс еді; оған қоса, анау қашан жауыз рыцарьдың тиісті сыбағасын бергенше бикеш одан бетпердесін де шешпеуге, сондай-ақ егер әлдене жайында білгісі келіп сұрақ қояр болса, ешқайсысына жауап та қайтармауға кеңшілік етуін өтінбекші еді. Сөзінің соңында священник егер осындай шарт қойылса Дон Кихоттың еш ойланбайтынына, сөйтіп оны осындай жолмен ана жерден шығарып алатындарына және амалдап селоға жеткізетіндеріне нық сенім білдірді, ал селоға барған соң бұлар есалаңдықтың мұншалықты ерекше түрін емдеудің тағы бір амалын қарастыра жатады ғой.
ХХҮІІ тарау
Священник пен шаштараздың көздеген мақсатына қалай жеткені туралы, сондай-ақ осынау теңдесі жоқ хикая беттерінде айтып өтуге тұрарлық басқа да нәрселер жөнінде
Шаштараз священниктің ойлап тапқан амалына дау айтқан жоқ, керісінше, қуана қоштады, сөйтіп олар бұны қолма-қол іске асыруға кірісті. Бекетшіден әйелдің киім-кешегі мен бас киімін таптырып алды, кепілдікке священниктің су жаңа сутанасын қалдырды. Бұқаның сұр түсті әлде жирен түсті екені белгісіз жалбырақ құйрығынан шаштараз өзіне сала құлаш сақал жасады, бекетші бұл құйрықты әдетте тарақ түйреп қою үшін пайдаланатын. Бекет иесінің зайыбы бұл дүниелердің неменеге қажет болғанын сұрады. Дон Кихоттың нәгүмандығы жайында қысқаша түрде баян етіп, қазіргі кезде оның тауда жатқанын хабарлаған священник осынау асай-мүсейдің бәрі оны сол жерден шығарып алу үшін қажет боп тұрғанын түсіндірді. Бекетші мен зайыбы оның нәгүман атандырған адамы — ана жолы өздерінде тоқтаған, бальзамды ойлап тапқан кісі екенін, көз алдарында көрпемен әуеде қалықтаған атқосшының қожайыны екенін бірден сезе қойды, сөйтіп сол арада священникке оның бекетте бастан өткергенінің бәрін түгел жайып салды, Санчоның соншалықты жасырған сырын да қалыс қалдырмады. Ақыр соңында бекетшінің әйелі священникті келістіріп тұрып киіндірді: оған шұғадан тігілген, бәрінің де ортасында тілігі бар, жалпақтығы алақандай қара барқыттан жолақ жүргізілген юбка, жасыл барқыттан тігілген, астары ақ атлас корсаж кигізді — юбка секілді, бұл да король Вамба заманынан қалған дүние еді. Ал, әйел бас киімінің орнына священник өзі түнде төсекке жатқанда киетін, сырып тігілген кенеп телпегін кигенді қолай көрді, маңдайын кенеп тінді қара матаның қиығымен байлады, сол матаның тағы бір бөлегінен бетперде жасап алды, онысы өте үйлесімді шығып, беті мен сақалын түгел көмкеріп тұрды. Бәрінің сыртынан қол шатыр орнына қолдануға болатындай етегі ересен жалпақ қалпақты бастыра киді, одан соң иығына жамылғысын ілді де, қашырына бірқырындап әйелдерше жайғасты; ал, әлгінде айтылғандай, бұқаның салтақ-салтақ құйрығынан жасалған, жартылай бозғылтым, жартылай жирен сақалы беліне түскен шаштараз екінші қашырға қонды.
Сөйтіп екеуі жиылғандармен қоштасты, олардың арасында мейірімді Мариторнес те бар еді, ол өзінің күнәкар пенде екеніне қарамастан осынау тауқыметі мол әрі шынайы христиандық бастама боп табылатын істерінің сәтті аяқталуын сұрап жаратқанға жалбарынуға уәде ететінін айтты. Бірақ, бекеттен былай шығып үлгермей жатып, аяқ астынан священникке өзінің әлем-жәлем киініп, әдепсіздікке ұрынғаны жайында, өйткені дін қызметкеріне тіпті ізгі мақсат үшін болса да бұлайша әлеміштену жараспайтыны жайында ой келе қалды; сөйтіп, осы ой-тұжырымын шаштаразға айтып берген соң, оған киімдерін ауыстырып киюге ұсыныс жасады. Себебі, деді священник, оның ұғымынша, шаштараз қорғансыз бикешті, ал өзі оның малайын бейнелегені жөн болмақ: сонда ғана ол діни дәрежесін онша жайдақтай қоймайды; ал әгәраки шаштараз бұған келіспесе, онда бұл Дон Кихотты шайтан алып кетсе де әрмен қарай аттап баспайды. Осы арада олардың қасына Санчо келген еді, киген киімдерінің түрін көріп күлкіге бір жарып қалды. Шаштараз болса, бұл кезде священниктің ұсынысын басы бүтін мақұлдаған-ды, сөйткен соң анау ойлап тапқан амалының мән-жайын түсіндіру мақсатында шаштаразға Дон Кихоттың алдында өзін қалай ұстауы керегін, оны ілестіріп әкету үшін, сөйтіп мәнсіз де мағынасыз опынысын өткеретін орын ретінде таңдаған ит байласа тұрмайтын меңіреу түкпірді тастап шығуы үшін оған не айтуы керегін үйрете бастады. Шаштараз бұған жауап ретінде біреудің жөн сілтеуінсіз-ақ бәрін ойдағыдай атқарып шыға алатынын мәлім етті. Дон Кихот жатқан шатқалға жеткенше киім ауыстырмай тұра тұрмақ болған ол киім-кешегін жинап салып қойды, ал священник аталмыш сақалды жақсылап таңып алды, сөйтіп олар Пансаның бастауымен сапарларын әрмен жалғады; жолай Санчо оларға қожайыны екеуі таудан жолықтырған делқұлы турасында баяндап берді, бірақ шамадан мен оның ішінен табылған нәрселер жайын жасырып қалды, өйткені бұл мықтымыз былайша аңғалдау көрінгенімен, ақшаға айрықша ашкөз адам еді.
Ертеңіне олар мырзасын қай жерде қалдырғанын жаңылмай табуы үшін белгі ретінде тастап отырған Санчоның бұтақтарын ұшыратты; жер бедерін шырамытқан ол осы арадан шатқалдар басталатынын, егер сеньор Дон Кихотты құтқаруға шынымен-ақ көмегі тиетін болса киімдерін ауыстырып киер шақ туғанын жария қылды; айта кетер нәрсе, олар Санчоға Дон Кихоттың көзіне мұндай киіммен көрінудің қаншалықты маңызды екенін, тек осының арқасында ғана оны қазіргі жан түршігерлік тіршілігін өзгертуге мәжбүр ете алатындарын түсіндіріп, өздерінің кім екені және танитын-танымайтыны турасында жұмған аузын ашпауын қатаң түрде ескерткен еді; егер ол Санчодан хатты тапсырдың ба деп сұраса, — ал оның сұрамай қоймайтыны анық, — онда бұл: тапсырдым, бірақ Дульсинея сауатсыз болғандықтан жауабын ауызша қайтарды, егер шат-шәлекейім шығып ашуланғанымды қаламаса, осы жауапты естіген бойда-ақ аса маңызды бір шаруаға байланысты дереу өзіме келіп жетсін, деп әмір етті, деуі керек; бұлар да қарап қалмай өз уәжін айтпақ, осылайша оны тәуірлеу тірлік кешуге болатын жерге алып шығатындары сөзсіз, сөйтіп бұлардың қолғабыс-көмегі нәтижесінде Дон Кихот императорлық демей-ақ қойсақ та, әйтеуір, корольдік орынтаққа апаратын жолмен жылдам басып жүріп кетпек, — ал, архиепископ атануға иегі қышымаса да болады. Санчо мұның бәрін зейін қоя тыңдап, көңіліне түйіп, қожайынына архиепископ емес, император болуға кеңес бермек ниеттері үшін алғысын айтты, өйткені атқосшысын кезбе архиепископтан гөрі императордың молырақ жарылқайтынына сенімі кәміл-ді. Бұған қоса ол аяшының қайтарған жауабын, абзалы, Дон Кихотқа өзінің бұрынырақ барып жеткізгені дұрыс шығар, — бәлкім, оны ана жерден алып шығуға соның өзі-ақ жеткілікті боп қалар, сонда бұлар бос әуре-сарсаңға түспес еді, дегенді айтты. Санчоның ойын өте орынды деп тапқан олар мынау мырзасы жайында хабар-ошар әкелгенше тоса тұрғанды жөн көрді.
Санчо көп аңғардың біріне еніп көзден таса болды, ал мыналар жартастар мен әр жерде бір қарауытқан ағаш шоқтарының саялы көлеңкесімен сылдырап бұлақ ағып жатқан аңғарда қалды. Аптапты күн, — оқиғаның бұл өңірде күн аса қатты ыситын тамыз айында өтіп жатқанын айта кеткен ләзім, — күндізгі уақыт, — атап айтқанда, күндізгі сағат үштің мезгілі, — осының бәрі көз алдарынан көрініс берген әсем алаңқайды одан әрі тартымды етіп, Санчо қайтып оралғанша осы жерде бола тұруға деген ықыластарын арттыра түсті және олар осыған нық байлам жасады. Сөйтіп, көлеңкеде демалып отырған жолаушылар кенет әлде бір аспап әуезінің сүйемелдеуінсіз-ақ жан тербейтін жағымды әуенді естіп таңырқанып қалды, өйткені олар бұл маңайды мынадай асқан шебер әнші жүретін орын деп мүлдем ойламаған-ды. Көпшілік қауым ұғымында тоғайлар мен көкорай шалғынды жерлерді бал таңдай бақташылар жайлап алған дейтін түсінік бар, бірақ бұл ақиқаттан гөрі, ақындардың ойдан шығарған өтірігіне жақындау түсінік қой. Қарапайым бақташының әуселесі келмейтін, астананың көзі ашық, көңілі ояу тұрғыны ғана шығара алатын өлең жолдарының әнге қосылып жатқанын аңғарған бұлар аң-таң боп аңырып қалды! Және олар қателеспеген де болатын, өйткені аталмыш өлең жолдары мынадай еді:
Сүйгеніңнің илікпейтін себебі не, іңкәр ғып?
Тәкаппарлық.
Қандай сонда енді маған қалған іс?
Қызғаныш.
Ол не нәрсе, жүргізетін жырақтау?
Ұнатпау.
Олай болса, жүректі қан жылатпау
Мүмкін емес, енді оған жол жабық.
Сенімімді алып кетті олжа ғып:
Тәкаппарлық, қызғаныш пен ұнатпау.
Қауіп қандай, қоятұғын құса ғып?
Құштарлық.
Азап артып жүрген маған қандай күш?
Жазмыш.
Кім осылай болсын деп әмір таратқан?
Жаратқан.
Олай болса, өтпегенім сараптан,
Жаза алмайды емдеп мені дәрі де,
Себебі, соны хош көріп тұр бәрі де:
Құштарлық, жазмыш және жаратқан.
Күйінішті көбейтетін, пайдасы аз қай қылық?
Табандылық.
Опындырған мені қандай қатыгез?
Ақыл-ес.
Не нәрсені ардақ тұтты бойымдағы аңқаулық?
Денсаулық.
Олай болса, махаббатым көп жаулық
Жасағаннан құламақпын құрдымға,
Сезімменен есептеспес құр мына,
Табандылық, ақыл-ес пен денсаулық.
Күннің мезгілі, жылдың маусымы, адам аяғы баспаған жер, әншінің дауысы мен өнері — осының бәрі екі жолаушының жүрегін қуаныш пен шаттыққа толтырды, қыбыр етіп қозғалмаған күйі ән қайта басталар деп күтіп қалды; бірақ үнсіздік жалғаса берді де, бұлар осынау керемет әсем дауыстың иесін іздеп таппаққа ниет қылды. Сөйтіп, осы ойларын іске асырмаққа енді-енді оқталған сәттерінде әлгі дауыс бұларды дереу отырған жерлеріне қайта қонжитып, қайтадан шырқатып сала берді де, мына бір сонетті айтты:
Қасиетті достық! Тәмам жұртты таң қыла,
Шын бейнеңді бір көрсетіп бердің де,
Пәк күйіңде кеттің заулап зеңгірге,
Эмпирейге, қайғы-мұңсыз қауымға.
Сол жерден, сол қияннан тамыр ұстап,
Жалғандық ақиқатты жеңбесін деп,
Ізгілік зұлымдыққа ерік бермесін деп,
Жөн сілтеп, тұрсың бізге, жолды нұсқап.
Жерге түскін немесе салғын тыйым
Кейпіңді киген азғындарға күнәкар,
Жер бетінің қасіреті көкейін тескен.
Әйтпесе, мұнда күн туар қиын,
Тағылық жайлап тағы да, қайта табар
Қалыбын әу бастағы астан-кестең.
Ән ауыр күрсініспен аяқталып, жолаушының екеуі де әнші тағы бір ән айта ма деген үмітпен құлақ тосып қалды; бірақ әсем әуеннің соңы өксіп жылау мен өкініш-зарға ұласып кеткендіктен олар дауысы қаншалықты ұнамды болса, зар-күйігі соншалықты запыранды осынау бақытсыз жанның кім екенін білмекке ынтықты; сөйтіп, жартасты айналып өткен сәтте-ақ қарсы алдарында сымбаты мен сұрқы Санчо Панса Карденьо хикаясын әңгімелеп берген кезде суреттеген адамға айна-қатесіз ұқсас біреудің тұрғанын көрді; әлгі адам бұл екеуінің аяқ асты тап бола кеткеніне былқ етпеді, — бейне бір қалың ойға батқан кісіше, басын кеудесіне түсірген қалпы тұрған орнынан тапжылмады, тек бұлар оның қарсы алдына барған кезде ғана көз қиығын тастады, сонан соң қайтып қараған жоқ. Священник оның қасірет-қайғысынан хабардар болатын, өйткені кейбір нышандарға қарап оны бірден тани қойған-ды, сондықтан тілі майда, сөзге шебер адам болғандықтан жанына жақын барып, қысқа да нұсқа, бірақ мейлінше көңілге қонымды сөздермен мынадай мүсәпір күйде тірлік кешкенді қойғаны жөн екенін, өйтпеген жағдайда көрер күні шектелетінін, ең үлкен бақытсыздық та осы боп табылатынын дәлелдеуге тырысып бақты. Карденьо бұл кезде ақыл-есі сау, қалыпты ахуалда болатын, жиі-жиі оралып соғып жанын бидайдай қуыратын есірік бұйдасынан аз уақытқа болса да еркіндік алған шағы еді, сондықтан киген киімдері осынау қу медиен түзде жолықтырып жүрген жандарынан мүлдем бөлек мына бейтаныстар оны қатты таңырқантты, ал олар, священник сөзінен айқын аңғарылғандай, бұның жеке басына қатысты істер жөнінде құдды баршаға мәлім жәйт тәрізді әңгіме ете бастаған шақта таңырқауында тіптен шек болмады; сол себепті ол бұларға былай деп тіл қатты:
— Сіздер кім болсаңыздар да, сеньорлар, мейірбан жандарға да, сондай-ақ әредік-әредік зұлым жандарға да әрдайым қарасып тұратын құдіреттің өзі маған, соры арылмаған бейбаққа, осынау әрі шалғай, әрі адам мекендейтін жерден жырақ түкпірде ақжүрек жандармен жолығысуға жазғанын көріп тұрмын, олардың осындай тірлік кешуімнің қандай ақылсыздық екенін сан-алуан әрі көңілге қонымды мысалдар арқылы нақтылы дәлелдеп, өзімді кеңдеу жолға салып жібермекке тырысқанын сезіп тұрмын. Бірақ, өзіме бек жақсы мәлім нәрселерден бейхабар екеніңізді, анығырақ айтқанда, ондай жағдайда оның орнын жаңа, бұрынғыдан да асқан қасірет басатынын өзім өте жақсы білем, міне сол себепті де мені шалық ұрған деп бағалайтындарыңыз, ол да ештеңе емес-ау, нағыз нақұрыс санайтындарыңыз кәміл. Әрине, бұған таңырқай қоятын да бәлендей ештеңе жоқ, өйткені басымнан өткен бақытсыздықтарды көз алдыма әрдайым әсірелеп көрсететін ой-қиялымның пәрменділігі сонша және оның өзімді құрдымға қарай қолды-аяққа тұрғызбай қуалап бара жатқаны сонша, оған қарсылық білдірерлік қауқарым қалмағандықтан біртін-біртін жансыз қара тасқа айналып бара жатқандаймын, қазір мен ештеңе сезбеймін де, ештеңе түсінбеймін де. Қандай қасіретке ұшырағанымды тек соны басқа біреулер есіме салып, осынау дерттің ықтиярында болған шағымда не бүлдіргенімді айтып берген кезде ғана ұғына бастағандай болам, сөйткен соң маған тектен-тек қайғыға батып, тағдыр-талайыма нәлет жаудырып, өзімді-өзім ақтап алу мақсатында құлақ қоюға ықыласы бардың бәріне есерсоқтыққа салыну себебімнің сырын ашу ғана қалады, өйткені парасат-пайымы бар жандар себебін білген соң салдарына таңырқамайды, тіпті дертіме дауа бермеген күннің өзінде де айып-кінә артпайды, жан қайғыма деген жанашырлық сезімдері ұстамсыздығыма деген өшпенділіктерін өшіреді. Егер, сеньорлар, сіздер де маған дәп сол басқалар көздеген мақсатпен келген болсаңыздар, онда менімен қайтадан осыншалықты терең ойлы сұқбат жүргізбес бұрын әуелі өзіме жолыққан не қилы қырсықтың ұзын ырғасы жайындағы әңгімемді тыңдап алыңыздар: бәлкім, сонда жұбату бермес қайғыма жұбату айтып та әуре болмассыздар.
Жолаушылардың екеуіне де керегі осы еді — не себептен мұндай дертке шалдыққанын Карденьоның өз аузынан есту олар үшін ғанибет нәрсе-тұғын, сондықтан егер өзі ықылас білдірмесе, оны сауықтыруға да немесе жұбатуға да тырыспайтындары жайында алдын-ала уәде еткен олар хикаясын айтып беруге өтініш жасады, бұдан соң қайғылы кавальеро адам аярлық хикаясын бірнеше күн бұрын дәлме-дәл дерлік тап сол Дон Кихот пен ешкі бағушыға сипаттап берген сөздермен баян ете бастады, ал тарихтан мәлім боп отырғанындай, ол әңгіме сонда дәрігер Элисабат пен Дон Кихоттың рыцарьлар қауымының ар-намысын қорғаштай беретін қыңырлығы қырсық боп жабысып ақыры аяқталмай қалған еді ғой. Алайда, қазір енді сәті оңынан келген кездейсоқтық арқасында соқпаның қайта оралуы кейіндей түсіп, әңгімені аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік туған-ды; сөйтіп, әңгіме дон Фернандо Амадис Галльский жайындағы кітаптың арасынан тауып алған хатқа жеткенде Карденьо оны жатқа білетінін және мазмұны мына төмендегідей екенін мәлім етті:
Л у с и н д а — К а р д е н ь о ғ а
“Күн сайын Сіздің бойыңыздан өзіңізді бұрынғыдан да артық бағалауға міндеттейтін және мәжбүр ететін жаңа қасиеттер тауып жүрмін; сондықтан, қарызымды ар-намысыма кір келмейтіндей түрде қайтаруымды хош көрсеңіз, бұның бәрі өз қолыңызда тұр. Әкем Сізді біледі және мені өте жақсы көреді, тілегімді ешқашан аяқасты етпейді; керісінше, егер мені шынымен қадір тұтсаңыз, — ал қадір тұтатыныңыз жайында маған өзіңіз айтқан едіңіз және оған сенбейтіндей де негізім жоқ, — өз тарапыңыздан да оянатын осындай тілекті орындауға ол әрдайым әзір”.
— Осы хат, бұрын айтып өткенімдей, Лусинданы айттыру жөніндегі тілегіме түрткі болды, сондай-ақ бұл хат дон Фернандоны да Лусинда — заманымыздың ең ақылды әрі парасатты әйелдерінің бірі деген тұжырым жасауға итермеледі. Оның арман-ойымды іске асырып үлгертпей-ақ шаруамды шағындап тастау жөніндегі арам пиғылын оятқан да осы хат болатын. Мен дон Фернандоға Лусинданың әкесі қойған шартты хабарладым; бұл шарт бойынша қызды айттыру жөніндегі шаруаны әкемнің өзі қолға алуы керек еді, ал мен болсам бұл жайында әкеме айтуға жүрексініп жүрмін, келісімін бермей қоя ма деп қорқамын, дедім дон Фернандоға, — әрине, әкем Лусинданың шыққан тегін, қайырымдылығын, алған тәрбиесін, кескін-келбетін қомсынады деп ойлағандықтан емес, жоқ, әсте де олай емес: оның бойына тән қасиеттер кез-келген испан әулетінің ажарын келтіретіні анық еді; әкем маған герцог Рикардоның өзіме қандай міндет жүктейтіні анықталғанша үйлену жайын қоя тұрғанымды хош көретінін ескерткен болатын. Қысқасы, дон Фернандоға бұл әңгімені әкеме айтуға батпайтынымды, бұл кедергіден басқа да талай кедергі жолығатыны турасында бойымды үрей билеп жүргенін, оның қандай кедергі екенін әлі ашып айта алмайтынымды, бірақ әйтеуір арманымның ешқашан орындалмайтынын сезіп жүргенімді білдіріп қойдым. Бұған жауап ретінде дон Фернандо әкеммен арадағы келіссөзді өз міндетіне алатынын, сөйтіп қайткенде де оны Лусинданың әкесімен жолықтырудың бір амалын табатынын айтты. Өй, бақ құмар Марий! Өй, қатыгез Катилина! Өй, зұлым Сулла! Өй, опасыз Ганелон! Өй, сатқын Вельидо! Өй, кекшіл Юлиан! Өй, тиынның құлы Иуда! Сатқын, зұлым, кекшіл және жауыз пенде! Құпия сыры мен жүрегінің қуанышын өзіңе ағынан жарылып ақтарған бейшара жанның қандай кінәсы бар еді? Саған қандай жаманшылық жасап еді ол? Ар-намысыңа нұқсан келетіндей, өзіңе жаманшылық әкелетіндей әлденендей бір ақыл-кеңес беріп пе еді ол саған немесе әлденендей бір сөз айтып па еді ол? Бірақ, кімге зар айтып, мұңымды шағып отырмын мен! Өйткені, бәле-жаланы аспан ғаламшарларының ағыны әкелген кезде, ол тас төбемізден сарқырап тұрып құйылған кезде жер бетіндегі қандай күштің де оған тоқтау саларлық шарасы болмайтыны, адамзат баласының айла-амалы да оның алдын ала алмайтыны бесенеден белгілі нәрсе ғой. Дон Фернандо, ақсүйек әулеттен шыққан, парасатты, өзіме өте қарыздар кавальеро, қандай қызға көңілі аумасын құшырын қандыра алатын жігіт, өзімнің, бейнелеп айтқанда, жалғыз тал әрі қолыма да әлі ұстап көрмеген қызғалдағымды үзіп алар деп кім ойлаған! Бірақ, осынау пайдасы аз әрі пәтуасыз өкініштерді жайына қалдырайық та, қайғылы әңгімемнің үзілген жібін қайта жалғайық. Сөйтіп, қасында болғаным дон Фернандоға аяр да зұлым ой-пиғылын іске асыруға кедергі келтіретіндіктен, сатып алған алты атыма төлейтін ақша әкелуің керек деген желеумен мені ағасына аттандырғанды жөн көрді; бұл аттарды ол әдейі, менің көзімді жоғалту мақсатымен (осылай еткенде қылмысты әрекетін орындау оған жеңілге түсетін), әкеммен сөйлесіп көрем деп уағда берген күні сатып алған-ды. Мұндай сатқындықтың алдын алуға шамам болып па еді? Көңіліме әлденендей бір күдік ұялап па еді? Жоға, ондай ештеңе білгем де, сезгем де жоқ. Керісінше, жақсы аттардың қолға түскеніне мәз-майрам боп қуанып, дереу аттанып кетуге құлшыныс білдірдім. Сол күні кешкісін Лусиндамен жолығып, оған дон Фернандомен арамызда болған әңгіменің жай-жапсарын жеткіздім де, адал да заңды ниетіміздің ойдағыдай орындаларына күдік келтірмеуіне болатынын айттым. Дон Фернандоның опасыздығынан өзім секілді мүлдем бейхабар Лусинда мүмкіндігінше тезірек қайтып оралуымды сұрады, өйткені тағдырымыз менің әкем өз әкесімен келіссөзге түскен сәтте шешім табарына оның күмәні жоқ-ты. Не болғанын білмеймін, әйтеуір сол арада оның көзіне жас үйіріліп, аяқ асты демі тарылып сөйлей алмай қалды, ал оның маған айтайын дегені көп сияқты көрінген еді. Бойынан бұрын ешқашан байқалмаған осынау құбылыс мені қатты таңырқатты, өйткені өз ынта-ықыласым мен сәті оңынан туған кездейсоқтық бөліп берген уақыттың бәрін біз қуаныш пен шаттықта өткізетінбіз, екеуара сырларымызға көз жасын да, күрсінуді де, қызғанышты да, күдікті де, қауіп-қатерді де араластырмайтынбыз. Мен тек осындай сүйіктімнің болғаны үшін ғана тағдырға рақмет жаудырып, Лусинданың сұлулығына тамсанып, ізгі қасиеттері мен ақылдылығына таңдай қағумен жүргем. Ол да маған дәл осындай ықылас-пейіл білдіріп, ғашық жан ретінде өзі бойымнан мақтауға лайық деп тапқан қасиеттерді дәріптеумен болатын. Одан соң біз оны-мұны жайында, көршілеріміз бен таныстарымыздың басынан өткен түрлі кептер төңірегінде әңгіме-дүкен құратынбыз, сондағы менің бар бітіргенім — арамызды бөліп тұрған аласа темір тордың жиі орналасқан шабақтары бөгет жасағанына қарамастан сүйкімді ақ білегін күшпен дерлік ерніме тақау ғана тұғын. Бірақ, өзім сол бір бақытсыз сапарға аттанар күннің алдындағы кеште ол еңірей жылап, ауыр күрсінумен болды, сөйтіп ақыры үйіне кіріп кетті, ал мен болсам оның осынау мүлдем күтпеген жерден көрініс берген және көңілге уайым кіргізетін күйініші мен жүрек күйзелісінен үрейім ұшып, қатты абыржыған қалыпта аңтарылып тұрып қалдым. Алайда, үмітімнен біржола күдер үзбес үшін мұның бәрін оның өзіме деген шынайы сүйіспеншілік сезімі мен сүйген жүректерді қашан да мұңға батыратын, аз уақытқа болса да қол үзіп қалушылық сағынышына сайдым. Қалай болған күнде де, сапарға аса ренішті, ала көңіл күйде, бойымды неше алуан күмән мен күдік жайлаған қалыпта аттандым, осынау күмән мен күдіктердің айқын сыпаты жоқтығының өзі-ақ өзімді бақытсыздық пен қасірет тосып тұрғанының анық нышаны болатын.
Жұмсаған жерге келіп жеткен соң дон Фернандоның ағасына хатты табыс еттім, бірақ анау менің сол бойда кейін қайтуыма рұқсат етпей қойды, — қатты өкінгенім сонша, ол маған бір аптадай тоса тұруға және герцог Рикардоның көзіне түспеуге әмір етті, өйткені дон Фернандо ағасына ақша бергені жайында әкесіне білдірмеуді сұрапты-мыс. Бұның бәрі алдамшы дон Фернандоның айла-шарғысы боп шықты, себебі ағасының мені қолма-қол кері қайтара алатындай ақша табары анық-ты. Мұндай әмір мен бұйрықты орындамай-ақ қоюыма да болатын еді, өйткені Лусиндадан, әсіресе онымен анадай жылап-сықтап қоштасқанымыздан кейін, осынша ұзақ мерзімге қол үзіп қалуға төзімім мүлде жетпейтіндей көрінген. Сөйте тұрғанымен, бақытыммен біржола қоштасатыным жайында түйсік пайда болғанына қарамастан, шын берілген малай ретінде, айтқанына көндім. Сөйтіп, сонда жүргенімде бірнеше күннен соң бір бейтаныс адам келіп маған хат тапсырды, — адресіне көз салған бойымда-ақ мұны Лусинданың жолдағанын біле қойдым: қолтаңба соныкі еді. Хатты айрықша толқу үстінде аштым — әлденендей бір жағдай боп қалған екен деп қорыққам, әйтпесе Лусинда бір жаққа сапарлап кеткен кезімде хат жазбас еді ғой, өйткені ешқайда кетпеген кезімнің өзінде де сирек жазатын. Хатты оқымас бұрын әлгі бейтаныстан мұны оған кім бергенін және жолда қанша болғанын сұрадым. Ол маған бірде түс кезінде қаламыздың көшесімен келе жатқан шағында әлдебір әдемі сеньораның терезеден бұған дауыстап үн қатқанын, сосын көзіне жас алып тұрып былай деп тез-тез сөйлеп қоя бергенін айтты: “Ағатай! Сіз христиансыз ғой, рас па? Олай болса, құдай жарылқасын, өзіңізден өтінерім, мына хатымды көрсетілген адресі бойынша табыс етіңізші, — хат жазып отырған адамымның есімі мен оның барған жері баршаға мәлім, — сөйтіңізші, бұл жақсылығыңыз құдайдан қайтар, ал өзіңіз жолда ешқандай мұқтаждық көрмеуіңіз үшін мынау сізге беретін орамалым”. Осыны айтып ол маған терезеден орамал лақтырды, оған жүз реал, саусағыма киіп алған мына алтын сақина және қолыңызға табыс еткен хат түюлі екен. Одан соң жауабымды тоспастан терезеден алыстап кетті. Дегенмен, хат пен орамалды жерден көтеріп алғанымды және өтінішін орындайтыным жайында ымдап белгі бергенімді байқап үлгерді. Сөйтіп, хатты табыс ету үшін осынша мол ақы алғаннан кейін және адресіне қарап өзімді сізге жіберіп отырғанын ұққаннан кейін, — өйткені, сізді, сеньор, өте жақсы білемін ғой, — оған қоса, осынау сүйкімді сеньораның көз жасы көңілімді босатқандықтан ешкімге сенбей, хатты сізге өз қолыммен апарып тапсырғанды мақұл көрдім, сөйтіп жолға шығып, сеньора хатты берген кезден бастап санағанда он алты сағат бойы жүріп осы қазір ғана жеттім, ал жалпы, өзіңіз де білетін шығарсыз, екі ара он сегіз миль болады ғой”.
Елгезек те ерекше бұл шабарманның сөзін есім шыға тыңдадым, аяғымнан әл кеткені сонша, құлап кете жаздап шақ тұрдым. Ақыры хатты ашып, онда мынадай сөздер жазылғанын оқыдым:
“Дон Фернандо әкеңізбен сөйлесем, менің әкеммен тілдесуі қажеттігін айтам деп өзіңізге берген уәдесінде тұрды, бірақ мұның Сізден гөрі өзіне пайдалы болатын түрі бар. Біліп қойыңыз, сеньор, оның өзі маған құда түсті, ал әкем болса, дон Фернандоның, өз ойынша, Сіздің алдыңыздағы артықшылықтарына қызығып оған қуана-қуана келісім берді, сол себепті екі күннен кейін некеміз қиылмақшы, бірақ мұны олар жан баласына білдірмеуге тырысып отыр, бұған тек көктегі құдірет пен үй-ішіндегі кейбіреулер ғана куәлік етпекші. Жағдайым қазір қандай екенін осыдан-ақ біле беріңіз; келуіңіз керек пе, жоқ па — оны өзіңіз шешіңіз; ал мен Сізді сүйемін бе, жоқ па — оны оқиғаның қалай аяқталары көрсетеді. Құдайым қолдап, осы хат өзіңізге тағдырым сертін сақтамайтынның қолына табыс етілгенше жетсе екен деп тілеймін”.
Хаттың жалпы алғандағы мазмұны осындай еді, оқып шыққан соң ешқандай жауап та күтпестен, ақша да алмастан сол бойда жолға шықтым, өйткені дон Фернандо мені ағасына жұмсағанда ат алуға қатысты сауда-саттық жайын емес, өз қылтың-сылтыңына қатысты сауда-саттық жайын ойластырғанына көзім анық жеткен еді. Дон Фернандоға деген ашу-ызам мен ұзақ жылдарға созылған адалдықпен һәм іңкәрлікпен аялап сақтап жүрген асыл қазынамнан айрылып қалам ба деген қорқыныш қанат байлағандай болып қаламызға келесі күні-ақ, тап сол Лусиндамен жүздесуге жол тартатын дағдылы уақытымда ұшып жеттім. Қалаға жасырын келіп, қашырымды өткенде өзіме хат әкеп тапсырған мейірбан жанның үйінде қалдырдым, ал тағдыр болса бұл жолы маған қатты қарасты: Лусинданы сүйіспеншілігіміздің куәсіне айналған терезе торының ар жағында тұрған жерінен жолықтырдым. Лусинда екеуіміз бір-бірімізді алыстан-ақ тани кеттік, байқауымша, ол менің кім екенімді әлі жақсы білмейді екен, мен де оның кім екенін онша біле қоймайтын боп шықтым. Жалпы, әйелдің құпия ой-ниеті мен аумалы-төкпелі мінез-құлқын жетік білдім, сырын аштым деп мақтана алатын жан табылар ма екен? Қайдан табылсын. Сөйтіп, көзі шалған бойда-ақ Лусинда маған былай деп тіл қатты:
“Карденьо! Үстіме кигенім некеқиярға арналған көйлек, залда мені залым Фернандо, құлқынқұмар әкем мен куәлар күтіп отыр, алайда олар менің некеге тұрғанымнан гөрі өлім тапқаныма куә болатын шығар. Бекерге күйінбе, жан досым, шамаң келсе некеқиярыма қатысуға тырыс, егер мұның шырқын сөзім бұза алмаса, онда қойныма жасырған қанжар, қандай қатерлі күштердің де шырқын бұза алатын осы қанжар, бұл жалғандағы тіршілігімді аяқтап, өзіңді сүйгендігіме және әлі де сүйетіндігіме деген сеніміңнің берік орнығуына бастама бола алады”.
Жауап қатып үлгере алмаймын ба деп сасқалақтаған мен сол арада оған асығыс-үсігіс былай дедім:
“Айтқан сөзің ісіңнен алшақ кетіп жүрмегей, сеньора, егер сен маған деген адалдығыңды дәлелдеу үшін өзіңмен бірге қанжар алып жүрген болсаң, мен сені қорғау үшін және тағдыр бізге теріс қараған жағдайда өзімді-өзім жоқ қылу үшін өзіммен бірге шпага алып жүрмін”.
Бұл сөзімді оның ести қойғанына күмәнім бар, өйткені дәл осы кезде біреу келіп оған күйеудің күтіп отырғанын хабарлады. Сол сәтте-ақ қайғы толы қара түнім басталды, қуанышымның күні құрдымға батты, көзімнің жарығы құмбыл болды, ойларымның ойран-ботқасы шықты. Қыздың үйіне кіруге әл-дәрменім жетпеді, тіпті орнымнан қозғалуға да халім болмады. Бірақ, соңынан бұған қатысуым қажеттігін түсініп, — өйткені онда не түрлі жағдай болуы мүмкін ғой, — өзімді зорлап көндірдім де, ішке ендім. Бұл үйдің қуыс-тесігіне шейін өзіме жақсы таныс болғандықтан, оған қоса үйде құпияға толы абы кіріп, күбі шығу қарбаласы жүріп жатқандықтан мені ешкім байқай қойған жоқ. Сөйтіп жан адамның көзіне шалынбай залға өттім де, қолайлы сәтті құр жібермей, терезенің екі кілемнің қабысқан жиегі көлегейлеп тұрған ойығына барып тұрдым, осы жиектің арасындағы саңылаудан залда не боп жатқанның бәрін көре алатын едім. Сол жерде тұрғанымда жүрегімнің қалай атқақтай соққанын, басыма қандай ойлар келгенін, сондағы көрген-білгенімнің бәрі өзіме қалай әсер еткенін жеткізіп беретін сөз таба алар ма едім қазір? Оның бәрі соншалықты көп болды және сөзбен жеткізіп бере алмайтындай сипатта болды, тіпті сол жеткізіп бере алмайтынымның өзі жақсы. Бір масқарасы, күйеу жігіт залға күнделікті киіп жүретін киімімен кірді, Лусинданың немере ағасы күйеу жолдас міндетін атқарды, залда отбасы мүшелерінен басқа бірде бір адам болған жоқ. Аз уақыттан соң киінетін бөлмеден қасында шешесі мен екі күтуші әйел бар, тектілігі мен көркіне сай керемет сәнді киінген Лусинда шықты, ең биік талғамның тұрғысынан алып қарағанда да нәзіктік пен пәктіктің асқар шыңы боп табылатын қызға, әлбетте, тап осылай киіну ғана жарасар еді. Әрі айран-асыр болған, әрі ашу қысқан мен бейбақ оның дәл қандай киім кигенін есте сақтай алмадым. Тек кигендерінің алқызыл және ақ түсте болғандығы ғана, сосын бас киімі мен үстіндегі киімін көмкерген асыл тастардың жарқылы ғана есімде қалды, бірақ мұның бәрі оның алтын түстес әдемі шашының ғажайып көркемдігімен салыстыруға да келмейтін: асыл тастар жарқылымен және залда жанып тұрған төрт шамшырақтың жарығымен сән жарыстырған оның шашы айрықша шырайымен көзді арбап тұрған-ды. Беу қапер, жан тыныштығын жалмайтын қатыгез жауым-ай! Кереметтей жақсы көретін дұшпанымның көрерге көз керек әдемі ажарын неге тағы оралтып тұрсың сен еске! Одан да сен, қатыгез қапер, Лусинданың жанымды жаралаған зұлымдығына қаным қайнап одан кек қайтаруға, жә болмаса, өзімді өзім мерт қылуға әрекет жасауым үшін оның сол жерде істеген ісін еске салып, соны көз алдыма көлденең тартсаң етті!.. Осынау шегіністерге бола сөге көрмеңіздер мені, сеньорлар, — қасіретімнің ауырлығы сондай, ол жайында үстіртін сыдыртып айтып беруге болмайды және олай айтылмауға да тиіс, бұған қатысты жайлар, менің түсінігімше, ұзақ-сонар әңгімені қажет етеді.
Священник бұған жауап ретінде оған ренжу ойларында жоқ екенін, керісінше, оны барынша мұқият тыңдап отырғандарын, өйткені осынау ұсақ-түйектің өзі әңгіменің тоқетерінен кем тартымды еместігін, сондықтан ондай жайларға тоқталмай кетуге болмайтынын мәлім етті.
— Сонымен, — деп Карденьо әңгімесін әрі жалғады, — жұрттың бәрі залға жиналып, жергілікті священник жарғы бойынша атқарылатын рәсімді орындау үшін күйеу мен қалыңдықты қолынан ұстап: “Сеньора Лусинда, осында тұрған сеньор дон Фернандоны, қасиетті шіркеу талабына сай, өз жұбайым деп тануға келісесіз бе?” деп сұраған кезінде мен екі кілемнің арасынан басымды сұғып жіберіп, көңілім алай-түлей болып, Лусинданың өзімді өлім жазасына кесуге не өмір сыйлауға тиіс жауабын естімекке бар зейінімді салып тына қалдым. Шіркін-ай, сонда атып шығып: “Беу, Лусинда, Лусинда! Не істегелі тұрғаның жайында ойланшы, берген уәдеңді есіңе алшы, өзіңнің мендік екеніңді, басқа ешкімдікі бола алмайтыныңды білші! Аузыңнан “иә” деген сөз шыққан бойда-ақ, менің де жаным кеудемнен шығып кететінін ескерші. Өй, опасыз Фернандо, жан рақатымды жалмаған жауыз, өмірімді қара түнекке айналдырған қаскөй! Саған өзі не керек? Көздеген мақсатың не? Христиандық рәсім арқылы арманыңның асқар шыңына жетуге қақың жоқ екені есіңде болсын, өйткені Лусинда — менің жұбайым, ал мен оның күйеуімін!” деп айқайды салғанымда ғой. Нәгүман біреумін ғой өзім де! Қазір енді Лусиндадан қол үзіп, қауіп-қатерден жырақ жүрген шақта ғана сол кезде қандай қарекет жасауға тиіс болғаным, бірақ жасамағаным жайында айтып отырмын. Қазір енді баға жетпес асыл қазынамды қолдан шығарып алған кезде ғана соны өзімнен тартып әкеткен жанды қарғап-сілеп отырмын, егер қазір күйіп-пісуге тауып отырғандай күш-жігерді сол кезде тапсам одан кек қайтара алатын едім ғой. Амал қанеки, сол кезде милау да қоянжүрек болғандығым себепті, ендігі қалған өмірімді қорлықта, есуастықта және өкініште өткізуіме тура келеді де.
Лусинда не айтар екен деп священник үнсіз тосып тұрды, бірақ ол біраз уақытқа шейін тіл қатпады, сөйтіп енді өзіме адалдығын дәлелдеу үшін қанжарын шығаратын шығар, немесе бұл істі менің қолайыма қарай бұратын, күйеудің күдерін біржола үздіретін шын сөзін айтуға оқталып тұрған шығар деп ойлай бастаған шағымда ол бәсең де жабырқау үнмен: “Келісемін”, деп күбір ете қалды, одан соң дон Фернандо да сол сөзді қайталап айтып, Лусинданың саусағына сақина кигізді. Осы сәтте олар бір-бірімен некенің ажырамас жібімен жалғанды. Бірақ, күйеу жігіт жұбайын сүйіп алуға ыңғайлана берген кезде қыз жүрегін басқан күйі ес-түс жоқ шешесінің қолына сылқ етіп құлап түсті. Енді менің Лусинда келісімін беріп, үміт-арманымды мазақ еткен тұста, сөйтіп сертінен айныған шақта және сол қас-қағымда қолымнан сусып шығып кеткен бақытымды қайтып оралта алмайтынымды аңғарған кезімде қандай күйде болғанымды айтып беруім керек шығар. Діңкем құрып, құр сүлдерім ғана қалды, аспандағы құдіретті күштер мені шапағатынан айырғандай, арқасына салып арқалап жүрген қара жер қас жауыма айналғандай, күрсініс жасауға — ауа демін, көзімнен жас парлатуға — су ылғалын бермей қойғандай көрінді. Тұла бойым от боп жанды, бар болмысым өшпенділік пен қызғаныш жалынына оранды. Лусинда талықсып құлаған сәтте төңірегіндегілердің бәрі абыр-сабыр боп қалған-ды, шешесі болса Лусинданың тыныс алуын жеңілдету үшін көйлегінің түймесін ағытып жатып қойнынан конвертке салынған хат тауып алған, хатты сол бойда Фернандо іліп әкетті де, шамшырақ жарығына тосып оқи бастады; оқып болғаннан кейін креслоға сылқ етіп отыра кетіп, ауыр ойға берілгендей қолымен жағын тіреніп қалды: жұбайының есін жиғызбаққа жанталасып жатқан жұртқа қол ұшын беруді ойына да алмады.
Үйдің іші астан-кестең боп жатқанын көрген соң, көзге шалынам ба, шалынбайым ба дегенді де алаң қылмастан тығылған жерімді тастап шығуды ұйғардым, егер өзімді байқап қалғандай болса, тіпті оларға қолма-қол жаза беру секілді шетін істен де тайынбауға бекіндім: тек алдамшы дон Фернандоны ғана емес, есінен танып жатқан екі жүзді жеңілтек қызды да жазаламақшы едім, тұла бойымды баурап алған ыза-кектен ешкімге аяушылық білдірмейтіндей жағдайда болғанмын. Алайда тағдыр өзімді, шамасы, бұдан да асқан бақытсыздықты бастан кешсін деп шешкен шығар (егер осы кезге шейін өткергенімнен артық бақытсыздық бола қойса), — ол кезде ақыл-есім бүтін болды (оны кейін осы жерде ғана жоғалттым ғой). Жексұрын жауларымнан кек қайтармақ райымнан қайтқан соң (ал олардан өш алу маған тіптен оңай еді — жақын маңайда жүргенімнен олар мүлдем бейхабар-тұғын), өзімнен өзім өш алғанды және солар тартылуға тиіс жазаға өзімді өзім тартуды жөн көргенім де сол ақыл-есімді әлі жоғалта қоймағандығымның салдары еді; ақиқатында, бұл оларға жобалаған жазамнан да ауырырақ еді, — мен оларды өлтіргім келген, — өйткені, аяқ асты келген қаза қасіреттен қолма-қол арылтады, ал азап шектіру арқылы жаймен жылжып жететін ажал өлімді сағат сайын көз алдыңа елестетеді, бірақ өмірден күдерің үзілмейді. Қысқасы, мен үйді тастап шықтым да, қашырымды қалдырған жерге қарай бет алдым. Оны ерттеуге әмір етіп, мініп алдым да, тіпті қожайынға да хош айтпастан, Лотқа ұқсап артыма бұрылып та қарамастан, қаланы тастап кете бардым. Маң далаға шығып, өзіммен өзім оңаша қалғаннан кейін, түннің қара түнегі құшағына алып, құлаққа ұрған танадай тыныштық күйзеліске ерік бергеннен кейін, өзімді біреулер естіп, танып қояды-ау деп қысылып-қымтырылмастан әрі қорықпастан, Лусинда мен дон Фернандоға қарғыс жаудырып, бейне бір өзіме жасаған жаманшылықтарынан өш алғым келгендей бар даусыммен айқайды салдым келіп. Лусинданы мен қатыгез, адамшылықты ұмытқан, алдауыш және жақсылықты білмейтін жан деп, көбіне-көп пайдақұмар жан деп сөктім, өйткені оның махаббат көзін кіреукелеп, өзін менен тартып алып, тағдырдың еркетотайына табыс еткен де тек сол дұшпанымның байлығы болатын. Алайда, түрлі айып тағып және қарғыс жаудырып тұрған кезімнің өзінде де оған аяушылық білдірумен болдым: бұған таңғалатын не бар, дедім оны ақтап алуға тырысып, ата-анасы әлпештеп өсіріп отырған, айтқандарын бұлжытпай атқаруға әрдайым әзір әрі соны әбден дағды қылған қыз солардың тілегін орындауды ұйғарған ғой, оның үстіне оны соншалықты танымал әулеттен шыққан, әрі дәулетті, әрі кішіпейіл кавальероға бергелі отыр емес пе, ал егер қыз бұл ұсыныстан бас тартса, онда оны ақылынан адасқан деп табулары мүмкін немесе басқа біреуде ықыласы бар деп те ойлап қалулары ықтимал, ал мұндай әңгіме оның ар-намысы мен жақсы атына көлеңке түсіретінінде еш күмән жоқ. Бірақ, сол арада өзіме өзім қарсы дау айтып, егер ол мені күйеуім деп атаған жағдайда ата-анасы оның тәуір таңдау жасағанын мойындап, оны ақтап алған болар еді ғой, дедім; өйткені, дон Фернандо оны айттырғанға дейін, егер тек ата-анасының тілегі ақыл-парасатқа арқа сүйегенді жөн санаған болса, қыздарына менен артық күйеуді арман етпегендері де кәміл, сондықтан амалсыз да ақылсыз қадам жасап, дон Фернандоға келісім бермес бұрын қыздың маған уәдесін беріп те қойғанын батыл түрде мәлім етуіне болар еді ғой, ал мен болсам өз тарапымнан оған қолма-қол көмекке келіп, сол арада ойлап тапқандарының бәрін түгел растап бермес пе едім, дедім. Ақыр соңында бұл қыз өзінің тұрақсыздығы, еркетотайлығы, шектен тыс атаққұмарлығы мен сый-құрметке әуестігі салдарынан мені өзіне еліттірген, сөйтіп үміт отын маздатып, адал ниетімнен айнымауға сеп болған сөздерін ұмытып кеткен дейтін қорытынды жасадым.
Түннің қалған бөлегін жолда өткіздім, сол бұрынғыша бар даусыммен зар айтып, сол бұрынғыша уайым шегумен болдым, сөйтіп таң ағарып атқан кезде тауға келіп жеттім, жол да, жоба да таппай тау ішінде тағы үш тәуліктей адасып жүрдім, сөйтіп жүргенде ақыры осы араға таяу маңайдан көкорай шалғынды көзім шалып, сондағы бақташылардан мына тау қыратының әсіресе қай тұсы адам аяғы баспаған меңіреу түз екенін айтып берулерін сұрадым. Олар маған осы жағы деді. Одан соң сол жақта ғұмырымды аяқтайын деген мақсатпен осы жерге қарай бағыт алдым, арып-ашып әбден күйі кеткен қашырым осындағы бір жыра-жықпылда тұяқ серіпті, расын айтқанда, шамасы, өзімді қажеті шамалы жүк көріп, арқалап жүре беруден жалықса керек. Сөйтіп жаяу қалдым, сілем қатып шаршап, аштықтан бұратылып, жападан-жалғыз тентіреумен болдым, тіпті кімнен және қайдан көмек сұрарымды да білмедім. Жерде қанша уақыт сұлап жатқаным есімде жоқ, әйтеуір бір мезгілде тұрдым, қарным ашқанын сезгем жоқ, қарасам — қарсы алдымда ешкі бағушылар тұр екен, маған тамақ берген де солар еді. Олар өзімді кезіктірген шақта қандай күйде болғаным, нендей сорақы да өрескел нәрселерді шатқаным жайында айтып берді, осыған қарап мені ақылынан адасқан деп тауыпты. Ақыл-есімді жоғалтып алатын кезім болатынын өзім де кейін анық сезіне бастадым: кей-кейде көңілім күрт бұзылып, ақыл-ойым күңгірттеніп сала береді, сол кезде бойымды ашу қысып, бұлқан-талқан болам, үстімдегі киімнің дал-дұлын шығарып жыртып, адам жүрмейтін мына меңіреу түзді ащы айқаймен жаңғырықтырам, тағдыр-талайыма қарғыс жаудырып, қас жауыма айналған сол қыздың есімін сан қайталап айта берем, сондай шақта мені тек бір ғана ой, бір ғана тілек меңдеп алады — Лусиндаға жалбарынумен өмірімді тәмам етсем деймін. Ал, ақыл-есім қалпына түскен кезде сілем қатып, діңкелеп қалатыным сонша, аяғымды әзер қозғаймын.
Әдетте түнемеге еменнің кеуегіне кірем, — арып-ашқан тәніме ол жер айтарлықтай пана боп жүр. Тау беткейлерінде ешкі мен сиыр жаятын бақташылар жанашырлық білдіріп маған азық-түлік беріп тұрады, — әкелген тамақтарын жол бойына, жартастарға қойып кетеді, жанынан кездейсоқ өтіп бара жатқанда көріп қалып, тауып алуыма оңай болсын дегендері ғой. Тіпті ақыл-есімді жоғалтып жүрген шағымда да, табиғи жаратылысым тамақ ішуге итермелеп, аранымды аштырып, қарнымды тойғызып алуға мәжбүр етеді. Кей-кейде, ақыл-есім қалыпқа түскен кездерде, олар маған жол бойына шығып жүретінімді, тұрғылықты мекендерінен қашаға қарай бара жатқан бақташылардың азық-түлігін тартып алатынымды, олардың қолда барымен ерікті түрде бөлісуге ықыласты екеніне қарамайтынымды айтады. Осындай әрі аянышты, әрі азапты тірлік кешіп жүрген себебім, құдіреттің күшімен көп ұзамай не өзімнің тағдырым шешілер, не болмаса бәрін есте сақтап жүрген қаперімнің саудасы бітер, сөйтіп Лусинданың сұлулығы мен сатқындығын, дон Фернандоның өзіме жасаған зұлымдығын біржола ұмытатын шығармын деген дәме ғана. Егер құдірет осылай ететін болса, өмір шырағымды өшірмесе, онда ойларым өзінің табиғи арнасын қайта табар еді. Егер олай етпесе, онда маған қалатыны тек құдіреттен жанымды алуын сұрап жалыну ғана, өйткені өзім апарып кіріптар еткен ахуалдан тәнімді ажыратып аларлықтай менде қазір жігер де, жүрек те жоқ.
Бір басыма жетіп артылар келеңсіздіктер жайындағы қайғылы хикаямның ұзын-ырғасы осындай, сеньорлар, — ал енді, айтыңыздаршы, бұл жағдайды баяндау барысында өздеріңіз куә болғандай дәрежеде сезімге берілмей тұру әсте мүмкін бе? Сонымен бірге, мені үгіттеп, көмегі тиер-ау дейтіндей ақыл-кеңес берем деп те әуре болмаңыздар, өйткені оның маған тигізер пайдасы да емделуден бас тартқан науқасқа атақты дәрігердің жазып берген дәрі-дәрмегінің пайдасындай ғана. Лусиндасыз маған денсаулықтың қажеті жоқ, өзіме тиесілі және тиесілі болуға тиісті де қыз басқа біреуге тиесілі болуды қалағандықтан, қуанышқа бөленуге мүмкіндігім бола тұра қайғы-қасіретке батуды қаладым. Өзінің тұрақсыздығы арқылы ол мені мәңгіге жоқ қылмаққа ниет етті, мен болсам оның осы арманы орындалуы үшін өзімді-өзім жоқ қылуды ұйғардым; кейінгі ұрпақтар бақытсыз жандардың бәрінің басында бар жағдайдың маған бұйырмағанын айтатын болады: әдетте олар жұбанатын ештеңенің жоқтығын біліп жұбанады, ал маған бұл бұрынғыдан да зор қайғы пен азаптың себебіне айналып отыр, өйткені маған қазір бұл қасіретім ақиретте де аяқталмайтындай көріне бастады.
Осыны айтып Карденьо өз махаббаты жайындағы ұзақ та көңілсіз әңгімесін тәмам қылған еді, священник оған бірер ауыз жұбату айтпаққа оқталған, бірақ сол арада әлденендей бір аянышты дауыс құлағына шалынып аңтарылып қалды, ал бұл дауысқа қатысты әңгіме осынау хикаяның төртінші бөлімінде баяндалмақ, өйткені парасат-парқы мол тарихшы Сид Ахмед Бен-инхали оның үшінші бөлімін осымен аяқтайды.
ХХҮІІІ тарау
Бұл тарауда священник пен шаштараздың нақ сол тауда бастан кешкен жаңа қызықты оқиғасы жайында баяндалады
Ер жүректігіне ешкім шендесе алмайтын рыцарь Ламанчалық Дон Кихоттың әлемді шарлап сапар шегуге шыққан жан сүйсінтер жаймашуақ заманына не жетсін шіркін, өйткені оның осы кезге дейін тоз-тозы шыққан және бүтіндей дерлік құрып та біткен кезбе рыцарьлар орденіне жан бітіріп, дүниеге қайта оралту жөніндегі кең пейілді ұйғарымының арқасында бүгінгі мына көңіл көтерер нәрсеге ділгер заманымызда біз тек оның осынау бір өтірігі жоқ хикаясындағы тамашаларға ғана тамсанып қоймаймыз, сонымен бірге осы хикаяға түзілген, басым бөлегі сол хикаяның өзінен асып түспесе кем түспейтін тартымды, бас қатырып ойлануға мәжбүр ететін және шындықтан алшақ кетпейтін оқиғалар мен эпизодтарды да қызықтаймыз, — ал ширатылып, шиыршықталған және біріне бірі оратылған арқауын қайта тапқан аталмыш хикаяның өзіне келсек, ол Карденьоға жұбату айтуға оқталған священниктің мына төмендегідей түрде тіл қатқан аянышты дауысты құлағы шалғанын баян етеді:
— Ой, құдай-ай! Тәніме таңылған ауыртпалыққа — еркімнен тыс түрде арқалап жүрген ауыртпалығыма арналған құпия қабір болуға лайықты жерді таптым ба әлде таппадым ба? Иә, тапқан да секілдімін, егер тек айнала қоршаған таудың тымырсық тыныштығы алдарқатып тұрмаса. Беу, мен қандай бақытсыз бейбақ едім! Мына жартастар мен ну жыныстардың ортасы өз ойымды орындауға қандай қолайлы десеңші, өйткені адам кейіптілердің арасында жүргеннен гөрі осылардың ортасында жүріп құдіретті күшке тағдыр-талайым жайында алаңсыз зар төге алам ғой; себебі, күдік-күмәнімді сейілтіп, қайғы-қасіретімді азайтып, азабымнан құтқара алатын жер бетінде бірде-бір жан иесі жоқ қой!
Священник пен оның серіктері бұл сөздерді айқын естіп, анық түсінді, дауыс оларға өте жақын жерден шығып тұрғандай көрінді, — шын мәнінде де солай болатын, — сондықтан олар осы сөздерді айтқан адамды іздеп таппаққа ниеттеніп, дауыс шыққан жаққа қарай бет алды, бірақ жиырма қадам да жүрмей жатып, жартастың арғы бетінен, шаған ағашының саясынан қарапайым шаруаша киінген бозбаланы көздері шалды: еңкейіп, жылғадағы суға аяғын жуып отырғаны себепті әу баста олар оның жүзін анық көре алмады; бұлар дыбыс шығармай жақындағандықтан анау ештеңе ести қойған жоқ, оның үстіне бар ынты-шынтысымен аяғын жуумен әлек боп жатқан-ды, ал аяғы болса бұлақ суында жатқан тастардың арасынан құдды бір қос ақшылтым хрусталь секілді боп көрініп тұрған. Аяғының аппақтығы мен әдемілігі жолаушыларды ғажап қалдырды, бозбаланың үстіндегі киім басқа жайдан хабар беріп тұрғанымен, бұл аяқ жыртылған танапты таптауға немесе соқа мен өгіздің соңынан сүйретілуге жаратылмағандай еді, сөйтіп, алда келе жатқан, оның өздерін байқамағанына көз жеткізген священник қасындағы екі серігіне жартас сынықтарының тасасына жасырынып, дымын шығармай отыру жөнінде белгі берді, аналар мұны бұлжытпай орындап, бозбаланың іс-әрекетін мұқият бақылауға кірісті. Үстіне қаусырмалы шолақ кафтан киіпті, белін ақ орамалмен буыныпты, панталоны, сұрғылтым шұғадан тігілген гамашы мен басында дәл сондай сұрғылтым түсті шұға береті бар екен; гамашын тізесінен келтіріп түріп алыпты, ал жалаңаш қалған балтырларын алебастрмен салыстыруға болатын. Әдемі аяғын жуып болған бозбала беретінің астынан бас орамалын шығарып, аяғын жақсылап сүртіп алды; орамалын алып жатқан кезде басын әнтек жоғары көтерген-ді, сол сәт оған тесіле қарап отырғандардың көз алдына қас қағым сәтке айдай сұлу ажар жарқ ете қалды, соны көріп өзін-өзі ұстай алмаған Карденьо священникке сыбырлап:
— Егер бұл Лусинданың нақ өзі болмаса, онда мұның адам емес, періште болғаны, — деді.
Бозбала беретін шешіп, басын сілкіп қалды, сол бойда-ақ толқындана төгілген шашы иығын жауып сала берді, оның осынау әсем шашына тіпті Фебтің бұйра шашы да қызығарлықтай еді. Сол арада олар мұның диқан боп киінген әйел екенін, әйел болғанда да керемет нәзік, нәзік болғанда да өздері бұрын-соңды көрген, соның ішінде Карденьо да, әйелдердің ішіндегі ең керемет сұлуы екенін ұғынды; айта кетерлігі, Карденьо Лусинданы жақсы білетін және дидарына сұқтанған жігіт болғанымен, кейіннен соның өзі бұл қыздың сұлулығына бір таласса Лусинданың сұлулығы ғана таласатын шығар дегенді айтты. Алтындай сары, әрі ұзын, әрі қалың әдемі шашы тек иығын ғана жауып тұрған жоқ-ты — белінен аса шұбатылып, бүкіл денесін көмкеріп кеткен-ді, сондықтан тек аяғы ғана көрініп тұрған. Қыз шашын тарақ орнына қолымен тарағыштап жатыр еді, егер суда тұрған аяғы хрустальды еске салса, шашын тарақтап жатқан қолы сіре боп қалған қарға ұқсайтын; оған неғұрлым ұзақ шұқшиған сайын, әлгі үшеуінің таңданысы да соғұрлым күшейе түсті, сондықтан да болар, бұл әйелдің кім екенін білуге деген ынтызарлығы да сәт сайын өршіп бара жатты. Сол үшін олар бой көрсеткенді жөн көрді; сөйтіп орындарынан тұрмақ боп қозғала бастағанда әсем қыз басын көтеріп, бетін кіреукелеген шашын қос қолымен кейін серпіп тастап, сыбыс шыққан жаққа қарап қалды; сосын бұларды көрген бойда-ақ ұшып тұрып, жанында жатқан, шамасы киім-кешегі салынған, түйіншегін едел-жедел іліп алып, жалаң аяқ, шашын желбірете жайып жіберген қалпы, үрей мен қорқынышқа бой алдырып қаша жөнелді; алайда табанына батқан өткір тасқа нәзік аяғы шыдас бере алмай, бірнеше адым аттамай жатып жалпасынан түсті. Сол арада үшеуі қыздың жанына жақындап, бірінші боп оған священник тіл қатты:
— Сіз кім болыңыз мейлі, сеньора, әрмен қарай бір адым да аттаушы болмаңыз, өйткені көз алдыңызда тұрған жандардың жалғыз ғана тілегі — өзіңізге көмектесу ғана. Бізді көріп бекерге тұра қаштыңыз — бәрібір аяғыңыз бұған шыдамас еді, оған қоса біз де өзіңізді жібере қоймас едік.
Жағдайдың мәніне қаныға қоймаған әрі ұят қысқан қыз түк үн қатпады. Сөйткен соң олар тағы да кішкене жақындай түсті де, священник қызды білегінен алып қайта сөйлеп кетті:
— Киіміңіз көлегейлеген нәрсені, сеньора, шашыңыз әшкерелеп берді: сұлулығыңызды осындай қарабайыр киіммен кіреукелеп, осындай құла түзге әкеп жасыруыңызға қарағанда сізді бұған айрықша бір себептер итермелеген болса керек, алайда бұл жерде бізге өзіңізбен ұшырасу бақыты бұйырды, азабыңыздан арылту қолымыздан келмесе, онда, тым құрығанда, кеңес берер едік, өйткені қайғысы қаншалықты зор болғанымен, жаны қаншалықты қиналып тұрғанымен, бақытсыздыққа ұшыраған пенде өзіне ақ-адал ниетпен кеңес бермекші адамның сөзіне, оны орындай қоймаған күнде де, көзі тірісінде, ең болмағанда, құлақ қоюға тиіс қой. Сөйтіп енді, сеньора, немесе көңіліңіз қаласа тіпті сеньор-ақ дейін, бізді көрген шақта пайда болған үрейіңізден арылыңыз да, басыңыздағы жағдаятты — қуанышыңызды жә қасіретіңізді асықпай баян етіңіз, сонда осы тұрған бәрімізден, тұтастай алғанда да, жекелей алғанда да, қайғыңызға жанашырлық табасыз.
Священник осы сөздерді айтып жатқан шақта шаруа киімін киген қыз өзін қоршағандарға құдды бір арбауға ұшырағандай түк үн қатпай аңтарыла қарап қалған-ды, осы тұрысында ол бұрын өмірі көрмеген, білмеген әлдебір нәрсені әлдекім әкеп ойда жоқта көрсете салған деревня жігітінен аумайтын. Бірақ священник әңгімесінің ауаны орағытып отырып бір арнаға сая бергендіктен, ауыр күрсініп алған қыз ақыры үнсіздігін бұзып, былай деді:
— Мына құлазыған тау өзімді жұрт көзінен жасыруға жарамсыз болғандықтан, босатып қоя берген әрі таралмаған шашым жалған сөз айтуыма жол бермейтіндіктен ендігі жерде жалтарып-бұлтаруымда ешқандай мән жоқ секілді, өйткені маған сеніп қалғандай шырай білдірсеңіздер де, бәрібір басқа бір себептен емес, тек кішіпейілдіктен ғана солай етер едіңіздер. Осынау кіріспе сөзден кейін, сеньорлар, ізгі тілектеріңізге айрықша ырза болғанымды айтқым келеді және бұл мені өтініштеріңізді орындауға міндеттейді, алайда, басымнан кешкен жәбір-жапам жайындағы бұл әңгіме өзіме аяушылық туғызумен бірге, өздеріңізді өкініште қалдырып жүре ме деген де қаупім бар, себебі қайғымды сейілтетін қандай бір дәрі-дәрмек те, жә оны жеңілейтетін жұбату сөз де таба алмайсыздар. Әйтсе де, әйел баласы екенім білініп қалғандықтан және өзімді — соншалықты жас, жападан-жалғыз, оған қоса осындай киім-кешек киген қызды — мынадай жерден жолықтырғандықтан бұл жүрісім жөнінде бөтен ой пайда болмауы үшін, — өйткені, бәрін қосып алып қарағанда да, жеке-дара алып қарағанда да, бұл жағдайлар қандай кіршіксіз есімге де қара күйе жағуға жеткілікті ғой, — әншейінде әңгіме етпей-ақ қоюыма болатын нәрсенің өзін де ортаға салуға мәжбүрмін.
Осының бәрін сұлу қыз кідіріп-мүдірмей бір демде айтып шықты, оның сындарлы сөзі мен сұңғыла ақылы, сондай-ақ биязы үні жолаушыларды сұлулығынан бетер дән риза қылды. Олар қолдан келгенше көмек көрсетуге әзір екендерін қайталап, берген уәдесін орындауын өтінген кезде қыз көп жалындырған жоқ, — әдеп шартын қалтқысыз сақтай отырып аяқ киімін киіп, шашын жинап алды да, тасқа келіп отырды, сосын үш жолаушы өзін айналдыра қоршай жайғасқан кезде асықпай-саспай, нақпа-нақтап, көзіне іркілген жасты зордың күшімен тежеп, өмір тарихын әңгімелей бастады:
— Біздің Андалусияда бір қала бар, испан грандтары деп аталып жүргендер арасындағы әлдебір герцогтың атақ-дәрежесі соның атынан шыққан. Герцогтың екі баласы бар: үлкенін, әлгі дәреженің мұрагерін, оның жақсы мінез-құлқын да мұра еткен деуге болатындай, ал кішісі Вельидоның зұлымдығы мен Ганелонның екіжүзділігінен басқа ештеңе де мұра етпеген секілді. Әке-шешем сол герцогтың вассалы. Олардың арғы тегі қандай екені беймәлім, есесіне шылқыған бай, егер дәрежелері дәулетінен пәстеу көрінбегенде, басқа уайымдары болмас еді, ал өзім осыншалықты жәбір-жапа шегем деп қорықпас едім, — өйткені, бастан өткерген қорлық-зорлығымның бәрі, бәлкім, ата-анама ақсүйектерден жаратылу бағы бұйырмағанынан да шығар. Расын айтқанда, олардың тұқымы кісі ұялатындай тым нашар да емес, сөйте тұрғанымен, қайғы-қасіретімнің қайнар көзі соның қырсығынан дейтін сенімімнен айнытарлықтай аса бір текті де емес. Қысқасы, олар егіншілер, қарапайым адамдар, әлденендей бір арам ниетті тайпамен ешқандай аралас-құраласы жоқ, барып тұрған таза қанды христиандар, бірақ өте бай, не ішем, не кием демейді, шын мәнінде қазір олардың идальго ғана емес, тіпті кавальеродан да айырмашылығы жоқтың қасы. Алайда, мен сияқты қыздары барын олар өздерінің ең зор байлығы және абырой-атағы санайтын. Басқа мұрагер ұлы немесе қызы болмағандықтан, аса балажан ата-анамның қолында әлемдегі ең ерке қыздың бірі боп өстім. Олардың қартайған шағының қуанышы болдым, жүзіме қарап өздерін танитын айнасы болдым, ізгі ниетті тілектерін бағыштайтын ардақтысы болдым, бұл тілектерінің ізгілігі сондай, өз тілегіммен еш кереғар келмейтін. Дәтке қуат сүйікті қызы болумен қатар олардың үйін де өзім билеп-төстедім: қызметшілерді өзім жалдап, өзім босатып отырдым, қандай дақыл себіліп, қандайы орылып жатқанына, ірі қара мен ұсақ жандық санына, ара ұяларына есеп жүргіздім, май былғау мен шырын сығу жұмыстарын қадағаладым. Бір сөзбен айтқанда, әкем секілді аса бай село тұрғынының иелігінде болуы мүмкін және иелігінде болған нәрсенің бәрі есеп-қисабымда тұрды, мен әрі шаруашылық басқарушы, әрі қожайын міндетін атқардым, осындай елгезектігіме деген ата-анамның қуанышын тиісті дәрежеде суреттеп жеткізе алмаймын. Бақылаушыларға, бақташылар мен күнделікті жұмыс істейтіндерге тиісті тапсырмамды беріп келген соң қыздарға мейлінше жарасатын әрі оларға аса қажет боп табылатын жұмыспен айналыстым, мысалға, іс тіктім, кесте тоқыдым, ұршық та иірдім. Бұл істерден мезі болған кезімде ғибратты кітаптар оқуға ден қоятынмын немесе арфада ойнайтынмын, өйткені музыка алабұртқан көңілді тыныштандырып, зеріккен ой-қиялды сабасына түсіретінін өз тәжірибемнен білетінмін. Міне, ата-анамның үйінде осындай өмір кешкем, мұның бәрін соншалықты егжей-тегжейлі сипаттап отырған себебім қандай жақсы қыз екенімді айту емес, жә байлығыммен мақтану емес, жалғыз ғана мақсатым — бұрын қандай ғанибет тірлік кешкенімді, ешбір айып-кінәм жоқтығына қарамай енді қазір қандай мүсәпір халге тап болғанымды көрсету ғана.
Пәле маған былай жабысты. Тыным таппай еңбек етіп жүрген әрі монастырьдағы қамашау өмірге ұқсас көз таса тірлік кешіп жүрген мен жазған өзімді қызметшілерімнен басқа жан баласы көрмейді деп ойлайтынмын, өйткені тіпті шіркеудің өзіне де ертелетіп, шешеммен және қызметші келіншектермен бірге баратынмын, оранып, қымтанып алатыным сонша, қарсы алдымнан аяқ басар жерден басқа ештеңе көрмейтінмін, солай бола тұрғанымен махаббат көзінің қиығы, дәлірек айтқанда, сілеусін көзі де теңдесе алмайтын сұғанақ көздің қиығы, дон Фернандоның ыждағаттылығы арқасында, — әлгінде өзім айтып өткен герцогтың кенже баласының есімі осындай, — мені байқап қалыпты.
Әңгіме шертіп отырған қыздың дон Фернандо есімін аузына алуы мұң екен, Карденьоның жүзі аппақ қудай боп кетті, маңдайынан шып-шып тер шықты, соны көрген священник пен шаштараз оны айрықша толғаныс билеп алғанын байқап, құтырма ауруы ұстағалы тұр ма деп қорқып қалды, оның әредік-әредік осындай соқпасы болатынынан олар құлағдар еді. Бірақ, Карденьоның ақыл-есі қалпында-тұғын, қатты толқығаннан қара терге малшынып, осынау бойжеткеннің кім екенін білмекке тырысып оған қадала қарап отырған, ал Карденьоның қандай күйге тап болғанынан мүлдем бейхабар бойжеткен әңгімесін әрмен жалғай берді:
— Сөйтіп, көзінің қиығы түсер-түспесте-ақ ол маған құштар боп қалды, бұл жайында соңынан маған оның өзі айтып берді және кейінгі іс-қылығы соның айқын дәлеліне айналды. Алайда, санаса сан жетпейтін уайым-қайғымның бәрін жіпке тізіп жатпас үшін дон Фернандоның маған деген махаббат сезімін білдіру мақсатында жасаған айла-шарғылары жайында айтпай-ақ қойғым кеп отыр. Ол қызметші әйелдерді сатып алды, неше алуан сый-сияпат жасап ата-анамның көңілін аулады, құдайдың құтты күні көшемізде ойын-сауық өтіп, күлкі естілетін болды, музыка түні бойы ұйқы бермейтінді шығарды; қандай жолмен келетінін кім білсін, хаты да қолыма жиі тиіп жатты, сендіріп бағу мен сүйіспеншілік білдіру сөзіне толы осынау сансыз хаттағы серт пен уәде ондағы әріптерден де көп болатын. Мұның бәрі, алайда, жүрегімді жұмсартпағаны былай тұрсын, керісінше, қатайтып жіберді, бейне бір ол менің қас дұшпанымдай, ықыласымды аударуға бағытталған амал-айласы керіғалаң мақсатпен жасалып жатқандай көрінді, — оның себебі әсте де дон Фернандоның ықылас-пейілі ұнамағандықтан, үздігуі дарақылық секілді көрінгендіктен емес, — жоға, осындай ақсүйек әулеттен шыққан кавальероның өзімді сүйетіндігі мен сыйлайтындығы жайындағы ойдан өзім де онша түсінбейтін бір ырзашылық сезімге бөленетінмін, сондай-ақ жолдауларындағы жыпырлаған мадақ сөздер де жаныма жақпай қалған жоқ: себебі, әйел атаулының бәрі, тіпті барып тұрған сұрықсыздың өзі, сұлу деп атағанға мәз боп қалатыны белгілі ғой. Бұған өре түрегелген нәрсе —қыз балаға тән ұялшақтығым мен ата-анамның үздіксіз сақтандыруы еді, өйткені дон Фернандоның кімге көңілі ауып жүргені олар үшін құпия сыр емес-ті: анау онысын біреу-міреуден жасыру дегеннен қалған болатын. Ата-анам маған өздерінің ар-намысы мен жақсы атын жалғыз тек менің ұстамдылығым мен әдептілігіме теліп және соған сеніп отырғанын айтып, дон Фернандо мен араңдағы теңсіздік жайын еске алсаң, ол не демесін мейлі, өзің жайында емес, өз құштарлығын қанағаттандыру жайында қам жеп жүргенін жете түсінер едің, дегенді құлағыма құюмен болған. Олар, сондай-ақ, егер оның далбаса дәмегөйлігіне қайткен күнде де тойтарыс бермек ойым болса, мені селомыздағы бола ма немесе осы аймақтағы бола ма, бәрі бір, көңілім қалаған ең жақсы жігітке ұзатпақ ниеттері барын, өйткені өздерінің ас та төк байлығы мен менің жібі түзу қыз екенімді ескергенде, осындай тең табуға үміт етуіме әбден болатынын құлаққағыс еткен-ді. Олардың ақылға қонымды дәлелдері мен жалғаны жоқ уәделері көңілімді орнықтырды да, мен дон Фернандоға арман болған мақсатын орындауына зәредей болсын үміт қалдыратындай бір ауыз сөз айтпауға бекіндім.
Алайда, менің илікпеуім немесе, мүмкін, өзі ойлағандай, менсінбеуім оның тәнқұмар ашкөздігін, — иә, дәп сол тәнқұмар ашкөздігін, оның маған деген ықыласын басқадай атау қиын, — одан әрмен күшейтіп жіберуге тиіс-тұғын, өйткені, егер бұл кәдімгі шынайы махаббат түрінде шырай берсе, онда қазір сіздер ол жайында дәнеңе де естімеген болар едіңіздер, себебі менің сіздерге жыр ғып айтатын ештеңем болмас еді. Сөйтіп жүргенде, дон Фернандо ата-анамның өзімді күйеуге бергелі жатқанын біліп қойды, бұл оның мені иектесем деген үмітін үзетін еді, немесе, тым құрығанда, күзетімнің күшеюіне көмектесетін еді; бұл хабар, дұрысында, осы күдік оны қазір өздеріңізге мәлім болатындай іске итермеледі, дәлірек айтқанда: бір күні түнде, салғырттық салдарынан ар-намысым қатерге ұшырамасы үшін есік атаулы түгел құлыпталып, сақтық шараларының бәрі қабылданған шақта, жалғыз ғана қызметші қызбен оңаша отырған кезімде, анау төбеден түскендей боп жатын бөлмеме кіріп келді; оны көрген сәтте көз алдым қараңғы тартып, тіл-жақтан айрылып қалдым, ең ақыры айқай салуға да шамам болмады, — ол тіпті айқайлауыма да мүмкіндік бермес пе еді, кім біледі, өйткені сол бойда-ақ маған жармаса кетті де, құшақтай алып (айтып отырмын ғой, есім шығып кеткені сонша, қарсыласуға да дәрменім жетпеді), сөйлеп қоя берді, — апырай десеңші, суайттықтың қалай ғана соншалықты шебер болатынына және айтатын сөздерінің соншалықты шыншыл көрінуі үшін қандай амал қолданатынына осы күнге шейін ақылым жетпейді. Әлгі опасыз сөзінің шындығын — көзінен төгілген жас, ниетінің шындығын — аһылап-уһілеу арқылы куәландыра білді, ал жападан-жалғыз қалған, мұндай жағдайда не істеу керегін үй-ішіндегілер үйретпеген мен бейбақ, неліктен осы өтіріктің бәрін шындай көріп қалғанымды өзім де білмеймін. Солай бола тұра, әлгінің жылап-сықтауы мен күрсіністері әншейін аяушылықтан басқа сезімімді қозғай қойған жоқ, сол себепті бастапқы абыржудан азды-кем арылған кезімде, ептеп-септеп сабама түсіп, өз бойымнан табыла қояр деп әсте ойламаған байсалдылықпен оған былай дедім:
“Егерде, сеньор, мынау сіздің құшағыңыз болмай, рақымсыз арыстанның тырнағы болған күнде де, бұдан ар-намысыма нұқсан келтіретін іс-әрекет пен сөз арқылы ғана босанып шыға алсам, мен үшін оған тәуекел ету де, осыған дейін болған жайды жуып-шаюмен бірдей жеңілге түсер еді. Тәнімді құшағыңызға қалай қатты қысып отырсаңыз, жаным да өзімнің абзал мақсаттарыммен тап сондай тығыз байланыста, егерде күш қолдану арқылы артық іске бармақ болсаңыз бұл екі мақсаттың арасындағы айырмашылық қандай екеніне көзіңіз кәміл жетері анық. Мен сізге вассалмын, бірақ күң емеспін. Шыққан тегіңіздің биіктігі менің тегімнің төмендігін тәлкек етіп, зорлық-зомбылық жасауға еріксіз және ондай ерікке ие болуға тиісті де емес, — сіз, сеньор әрі кавальеро, өз ар-намысыңызды қалай қадірлесеңіз, мен де, қарапайым адам әрі село тұрғыны, тап солай қадірлеймін. Күш көрсету арқылы сіз маған ештеңе істей алмайсыз, байлығыңызбен де басымды айналдыра алмайсыз, жылы сөзіңіз де жүрегімді жібіте алмайды, көз жасыңызды көлдетіп, күрсінуіңізбен де көңілімді босата алмайсыз. Алайда, егер ата-анам өзімді қосқысы келген адам жаңағы атағандарымның бірі болмаса бірі арқылы мені өзіне баурағысы келсе, онда әке-шешемнің тілегін қалтқысыз орындаған болар ем және ешқашан айнымас ем, — мұндай жағдайда мен, әрине, жүрегімнің әміріне емес, ар-ұятымның әміріне жүгінер едім, сөйтіп, сеньор, қазір менен күш қолдану арқылы алмақ боп отырғаныңызды өзім-ақ бере салар едім. Мұның бәрін заңды күйеуімнен басқа ешкім менен ештеңе дәмете алмайтынын білсін деп сізге әдейі айтып отырмын”.
“Әңгіме тек осыған тіреліп тұрса, сүйкімді Доротея (мен бейбақтың есімім осындай), — деді зұлым кавальеро, — осы арада отырып өзіңе үйленетініме ант етем, некеміздің қиылғанына ештеңені жасырып, бүркеуге болмайтын көктегі құдірет пен әулие анамыздың мына бейнесі куә болсын”.
Оның есімі Доротея екенін естіген Карденьо қайтадан қатты толқып, әу бастағы күдігім расқа шықты деген қорытындыға келді; алайда бәрін дерлік бек жақсы біліп отырғанымен, бұның немен аяқталғанын білмекке ынтығып әңгімені бөлуді хош көрмеді де, бар-жоғы тек мынадай сауал тастады:
— Е, есіміңіз Доротея екен ғой, сеньора? Есімі дәл осындай тағы бір қыз барын білуші ем, оның да басындағы бақытсыздықты сіздікімен ұқсас деуге болады-ақ. Әңгімеңізді жалғай беріңіз, — реті келгенде өзіңізді қатты шошынтар әрі күйініш әкелер бір жағдайды хабарлай жатармын.
Карденьоның лебізі мен үстіндегі тоз-тозы шыққан жалба-жұлба киімі Доротеяның назарын аударып, кейін не болғанын білетін болса жасырмай айта беруін өтінді, бұған қысылмауын, тағдыр өзіне тарту еткен жалғыз ғана қасиет барын, ол — қандай қасіретке де төзімділік таныту екенін, оның үстіне, өзі көрген қиянатты одан әрі үстей түсетіндей бұл дүниеде ештеңе жоқтығына кәміл сенімді екенін мәлім етті.
— Долбарымның дұрыстығына көзім жетсе, сеньора, — деді Карденьо, —ол әңгімені міндетті түрде айтып берем, бірақ мұның әлі уақыты жеткен жоқ, сондықтан әзірше сізге қажеті аз.
— Еркіңіз білсін, — дей салды Доротея. — Сөйтіп, одан әрі оқиға былайша өрбіді: дон Фернандо жатын бөлмемде тұрған бейнені алып, некеқиярымыздың куәсі ретінде қарсы алдымызға қойды. Сосын маған үйленетіндігі жайында уәде берді, бірақ мен оның сел-дария боп аққан құштарлыққа толы сөзі мен сылдыраған сертін бөліп жібердім де, қандай іске барғалы тұрғаны жайында ойлануы керегін, баласының шаруа қызына, қол астындағы пендесіне үйленбегін естігенде әкесінің қалай ашуланатынын әлі білмейтінін, сұлулығыма бола ақыл-есін жоғалтпауын, ажарым қаншалықты керемет болғанымен бәрібір оның айыбын кешіруге көмектесе алмайтынын, егер мені шынымен сүйсе және жақсылық жасағысы келсе, онда өмір жолымды өз теңіммен жалғауға кедергі келтірмеуі керегін, өйткені теңсіз некеге отырғандардың алғашқы күндердегі қуанышы мен шаттығы тым ұзаққа созыла қоймайтынын айттым. Мен онымен сонда ұзақ сөйлестім, — не айтқанымның көбін қазір ұмытып та қалдым, — алайда, бұл сөздерім дон Фернандоны ниетінен айныта алмады: әлдекіммен сауда-саттық жөнінде келісім жасағалы тұрған, бірақ ақшасын төлеу ойында жоқ адам өзара міндеттемелер жөніндегі әңгімені тап осылай жүре тыңдайды. Сол кезде мен қас-қағым сәтке ойланып қалдым да, өзіме-өзім былай дедім: “Расында, күйеуге шығу арқылы төменгі дәрежеден жоғары дәрежеге көтерілген әйел дүниеде жалғыз мен ғана емеспін ғой, сол сияқты дон Фернандо да әйелдің асқан сұлулығы немесе өзінің ырық білмес ынтызарлығы (осы дәлірек) текті әулетіне тең келмейтін әйелді өмірлік серік еткен алғашқы еркек емес қой. Ендеше, зиялы қауымның салт-дәстүрін бұзбайтын болсам, тағдыр өзіме тарту етіп отырған сыйды қабылдауым керек шығар, өйткені оның өзіме деген дәл қазіргі өліп-өшкен махаббаты құмарын қандырған бойда құрып кеткен күнде де, бәрібір, құдай алдында оның жұбайы боп қала берем ғой. Егерде мен оны жеккөрінішпен итеріп тастасам, онда оның рұқсат етілетін әрекеттен рұқсат етілмейтін әрекетке көшетінінде күмән жоқ, яғни ол күш қолданады да, мені зорлап кетеді, нәтижесінде бәріне кінәлі өзім боп шығам да, бұл істе ешқандай жазығым жоғын білмейтіндердің тағатын кінәсына ешқандай жауап қайтара алмаймын. Шын мәнінде де, ата-анама да, басқаларға да бұл кавальероның жатын бөлмеме өз келісімімсіз қалай кіргенін қайтіп дәлелдемекпін?” Осындай сауалдар мен жауаптар басымда құйындай үйіріліп өтті, бірақ ең бастысы, маған қатты әсер еткен және кейіннен өзіме сор болып жабысқан қадамды жасауға итермелеген жай, — әрине, ол кезде мұның бұрыс боп шығатынын білмедім ғой, — дон Фернандоның ынтызарлықпен ант бергені, еңіреп тұрып жылағаны және куәлікке шақырған тұлғалары болды, сондай-ақ сыпайылығы мен сүйкімділігі, шынайы түрде білдірген алуан сипаттағы сүйіспеншілік сезімдері — оның осы секілді қасиеттері ерікті де ұяң жүректің қай-қайсысын да баурап алары анық еді. Көктегі куәларға жердегіні қосарлау үшін күтуші қызды шақырып алдым. Дон Фернандо қайтадан ант-су ішіп, қарғанып-сілене бастады. Ол күллі әулиені куәлікке шақырды, айтқан сөзінде тұрмайтын болса құдайдан басына ең ауыр азапты жіберуін сұрап қарғанды, тағы да көзіне жас алып, күрсінуін үдетті, одан соң мені тас қылып құшақтап алды да, бір сәтке болса да босатпай қойды, сөйтіп күтуші қызым жатын бөлмемнің есігін жапқан бойда мен де қыз болудан қалдым, ал анау сөздің тура мағынасындағы опасыз бен сатқынға айналды.
Қасіретке кезіккен түнімді алмастырған күн, алайда, тез келе қоймады; ал дон Фернандо, өз ойымша, оның тезірек келуіне асық болған секілді, өйткені тәннің тілегін орындауың-ақ мұң екен, құштарлық құмары қандырылған жерден тезірек қараңды батыруға да деген құлшыныс пайда болады ғой. Бұлай деп отырған себебім, дон Фернандо қасымнан жылдамырақ кеткенді жөн көрді, сөйтіп өзін осында алып келген күтуші қыздың қулығы арқасында таң атар-атпаста-ақ көшеге шығып үлгерді. Менімен қоштасқан кезде (амандасқан шақтағы ыстық ықылас-пейілі біраз бәсең тартып қалыпты) адалдығына шүбә келтірмеуімді, берген сертінің шын екенін және одан айнымайтынын айтты, сосын соған көзімді жеткізгісі келгендей қолындағы қымбат сақинасын алып саусағыма кигізді. Сөйтіп, ол кетіп қалды, мен болсам, ренішті деп те, көңілді деп те айтуға келіңкіремейтін әрі-сәрі күйде қала бардым, дәлірек айтқанда, бастан өткерген жайымнан ыңғайсызданып, мазам болмай, қатты абыржып кеттім, өзімді дон Фернандомен бірге жатын бөлмеме сатқындықпен қамап тастағаны үшін қызметші қызды ұрсып-сөгуге арым жетпеді, бәлкім тіпті ұмытып та кеткен шығармын: себебі басымда болған жай жақсылық па әлде жамандық па — сол кезде оған өзім де анық көз жеткізе қойған жоқ едім. Қоштасарда дон Фернандоға енді оның дәл осындай жолмен маған күн сайын түнде келіп тұруына болатынын, өйткені енді өзімнің тек соныкі ғана екенімді және қашан мені қалыңдығым деп жария еткенінше осылай жолығыса беретінімізді айттым. Бірақ, ол ертеңіне келмеді, келесі күні түнде ғана келді, одан соң мүлдем көрінбей қойды, бір айдан астам уақыт бойы оны көшеден де, шіркеуден де — еш жерден кездестіре алмадым. Ешқайда кетпегенін, күн құрғатпай аң аулап жүргенін, — бұл оның сүйікті ермегі екенін айта кету керек, — өте жақсы білсем де, онымен жүздесу жөніндегі әрекетімнен түк өнбеді.
Әлі ұмыта қойғам жоқ, осы күндер мен сағаттар мені өкініш пен уайымға батырды, әлі ұмыта қойғам жоқ, осы күндер мен сағаттар ішінде дон Фернандоға күдікпен қарай бастадым, — ол да аз, оған деген сенімімді жоғалттым. Оған қоса, сол тұста қызметші қызыма оспадарсыз қылығы үшін алғаш рет ауыр-ауыр сөз айтқаным да есімде — мұндай сөзді ол менен бұрын-соңды естімеген болатын. Сонымен бірге, сол күндері көз жасымды жұта жүріп, көңілді боп көрінуге тырысып баққанымды да ұмыта қойғам жоқ, өйткені ата-анамның неліктен қапалы екенімді сұрап әуре-сарсаңға түсері анық-ты, ондай жағдайда оларды алдарқату үшін әлде бірдеңені ойлап табуыма тура келетін. Бірақ мұның бәрі бір қас-қағымда-ақ тәмам болды, сөйтіп әдеп сақтау рәсімі күйреп, ар-ұят жайындағы арман жайына қалып, төзім атаулы түгесіліп, көңіл түкпіріндегі күмәнді ойларым расқа шыққан басқа бір қас-қағым сәт туды. Бұлай болған себебі, ұзамай селомызда дон Фернандо көрші қалада тұратын көруге көз керек бір сұлу қызға үйленіпті деген қауесет тарап кетті, сондай-ақ қыздың ата-анасы текті әулеттен екені, бірақ осындай дәрежелі күйеуге үміт ететіндей қыздың жырғаған жасау-жабдығы жоқтығы да айтылып жатты. Қыздың есімі Лусинда екені, олардың үйлену тойы кезінде кісі таңғаларлық оқиғалар өткені де сөз етілді.
Лусинда есімін естіген бойда Карденьоның иығы селк етті, ернін тістеледі, қабағын қарс түйді, іле көзінен ағыл-тегіл жас парлап қоя берді, алайда Доротея әңгімесін үзген жоқ:
— Осынау қайғылы хабар маған да жетті, алайда жүрегім мұз болып қатудың орнына ашу мен ызадан от болып өртенді, айқайды салып көшеге жүгіріп шығуға, сөйтіп оның зұлымдығы мен сатқындығы жайында жар салуға шақ қалдым. Алайда, сол күні түнде-ақ іске асырмақ нәрсемді ойлағанда ашуым едәуір саябыр тапты және ол ойымды бұлжытпай орындадым да, дәлірек айтқанда: Фернандодан көрген қиянат-қорлығым жайында әкемнің малайына, деревняда бақташы баллар деп атайтындардың біріне баяндап бердім, сосын үстіме соның киімін киіп, ұзынқұлақтың айтуынша дұшпаным тұрып жатқан қалаға серік боп баруын сұрадым. Бақташы бала әдепкіде ессіздігім үшін мені жазғырып, ойға алған ісімді онша жақтырмағанымен, алған бетімнен қайтпайтынымды көрген соң, кейін, өзі айтқандай, жер түбіне шейін барсам да жанымнан қалмауға құлшыныс білдірді. Кенептен тігілген көпшік тысқа көйлектерімнің бірін салып, керегі боп қалар деген оймен ақша және бағалы деген азын-аулақ әшекейлерімді алып, тас қараңғы түнде, сатқын күтуші қызға ләм деп жақ ашпастан, малайымды және бір қауым мазасыз ойымды серік қып, туып-өскен үйімді тастап қалаға қарай жаяу тарттым; онда бара жатқандағы мақсатым болған істің берекесін кетіру емес-ті, жалғыз ғана ойым — дон Фернандодан осындай іске дәті қалай жеткенін сұрау ғана еді. Арада екі жарым тәулік өткенде баратын жеріме барып та жеттім, қалаға кірген соң Лусинданың ата-анасы қайда тұратынын сұрадым: осы сұрақты алғаш қойған адамымның өзі-ақ маған білгім келгеннен әлдеқайда көп нәрсені баян етті. Маған олардың үйін көрсетіп қана қоймай, қыздарының некеқияры кезінде қандай жағдаят орын алғанын егжей-тегжейлі айтып берді, — ескерте кетер нәрсе, бұл оқиға қалаға кең тарап, жұрт көше-көшеде топ-топ болып осы жайында өсек-аяң өрбітіп тұратын. Әлгінің маған мағлұм еткені мынадай жай еді: дон Фернандо Лусиндамен некеге тұрған сол кеште, жұбайы болуға келісім бергеннен кейін, қыз аяқ астынан талып қалады, ол еркінірек тыныс алсын деген оймен күйеуі корсажын ағытқан кезде қойнынан қыздың өз қолымен жазылған хатты тауып алады; бұл хатта ол дон Фернандоның әйелі бола алмайтынын, себебі Карденьоның әйелі екенін мәлім етіпті, — осыны маған хабар еткен адамның айтуынша, Карденьо деген жігіт айтулы әулеттен өрбіген, сол жерде туып-өскен кавальеро көрінеді, — ал, қыздың дон Фернандоға келісім беруінің жалғыз ғана себебі, ата-анасының тілегін мансұқ еткісі келмегендігі екен. Әлгі адамның әңгімесіне қарағанда, кейін мәлім болғанындай, қыз некесі қиылған бойда-ақ өзіне-өзі қол жұмсауға бекініпті, ал жаңағы хатында неліктен өзін-өзі өлтіру жөнінде ұйғарым жасағанын түсіндіріпті, — айтуларынша, көйлегінен табылған қанжар осы ойының рас екенін дәлелдеп беріпті. Ал, дон Фернандо болса, Лусинда өзін мазаққа айналдырып, келеке қылғандай, оны түкке татымайтын біреуге бағалағандай көріпті, сөйтіп қыз есін жиған бойда-ақ әлгі қанжарды ала салып оған тұра ұмтылыпты, егер ата-анасы мен сол арада болған кісілер ұстап қалмағанда, оны жарып тастауы да мүмкін екен. Тағы бір қауесетке қарағанда, дон Фернандо сол бойда-ақ қаладан қарасын жоғалтыпты, ал Лусинда ертеңіне ғана өзіне-өзі келіп, әке-шешесіне әлгінде өзім есімін атап өткен Карденьоға қалайша заңды жұбай болғанын айтып беріпті. Тағы бір білгенім, Карденьо, өсекшілердің айтуынша, некеқиярға қатысып тұрыпты, ал қыздың некесі қиылғанын көргеннен кейін, мұны мүлдем ақылға сыймайтын іс санап, ес-түс жоқ қаланы тастап қашып шығыпты, кетерінде Лусинданың өзін қалай жәбірлегенін, бұл жалғаннан бойын аулақ салатынын айтып, хат қалдырыпты. Осы әңгіменің бәрі қалаға тарап, жұрттың бәрі тек осы жайында сөз қылып жатты, ал Лусинданың туып-өскен үйінен қашып шыққаны, ата-анасында ес қалмай, не істерді білмей жатқаны мәлім болған кезде сөз деген тіптен көбейіп кетті, — шамасы, қыз қаладан шығып кетсе керек, өйткені оны еш жерден іздеп таппаған. Бұл әңгіме үмітімді жандандырып, дон Фернандоны үйленген адам ретінде көргеннен оны мүлдем көрмегенім жақсы деген ойға келдім, өйткені дертімнен арылуға бастайтын есік алдымнан біржола тарс жабыла қоймағандай көрінді; сөйтіп, алғашқы неке алдындағы парызын ақи-тақи сезінуі үшін және өзінің христиан екенін, жұрттың сыпсың сөзінен гөрі жаратқанға жауап беретін әзіз жаны жайында көбірек ойлануға тиіс екенін есіне алуы үшін мына екінші некеге көктегі құдіреттің өзі тыйым салуы әбден мүмкін ғой деп өзімді-өзім сендіре бастадым. Басымда осындай ойлар үйіріліп, өзімнің түк қызығы қалмаған тіршілігімнен біржола түңіліп кетпес үшін, қайғы-шерге толы көңілімді сағымдай бұлдыр, болмашы үмітпен алдарқатуға кірістім.
Ал, бұл кезде әлі қалада болғам және не істерді білмей дал боп жүргем, өйткені дон Фернандоны еш жерден іздеп таба алмағам; сөйтіп жүргенде бір күні жаршының дауысы құлағыма шалынды, сөйтсем ол мені іздеп тапқандарға мол сыйлық берілетінін айтып, жас мөлшерімді, үстіме қандай киім кигенімді хабарлап жүр екен. Сол жерде естіген тағы бір әңгімем: ата-анамның үйінен мені әлгі өзіме серік боп шыққан малай алып қашыпты-мыс; бұған не айтарымды білмедім, өйткені бұл қауесет зиялы қауым арасында өзім жайында қаншалықты теріс пікір қалыптасқанын аңғартқан еді: үйден кетуім арқылы ар-ұяттан жұрдай болғанымның өзі жұртқа аз көрініпті, оған кіммен кеткенім жөнінде тағы бірдеңе жамау керек болыпты — сөйтіп, дәреже-дәргейі мүлдем төмен адамды, махаббатыма ешқашан лайық бола алмайтын біреуді сүйіктім ғып қойыпты. Жаршының хабарын естіген бойда-ақ малайымды ертіп қаланы тастап шықтым — жасыратыны жоқ, бұл кезде оның өзіме адал болу жөнінде берген сертіне өкінетіні байқалып та қалған-ды; өстіп, қуғыннан қауіптеніп, түн ішінде осы таудың жыра-жықпылына келіп жасырындық. Бірақ, жамандық жалғыз жүрмейді, бір қысталаңның соңы — одан да гөрі бейнетті екінші қысталаңның бастауы, деген сөз бар: тап осы жағдай менің де басыма туды, өйткені шын берілген малайым, осы күнге шейін адал да сенімді екенін көрсетіп келген пенде, мына түкпірге тап болған кезімізден бастап күрт өзгеріп, сұлулығымнан басын жоғалтқан ессіздіктен гөрі тексіздігіне тартып, адам мекен етпейтін меңіреу түзде жолыққан, өз ойынша, қолайлы сәтті пайдаланып қалмақ болды, сөйтіп ұятты былай жиып қойып, құдайдан қорқу дегенді екібастан ұмытып, сыйлау дегенді жайына қалдырып мені құшып-сүймекке құлшынды. Ұяттан жұрдай ұсынысына қайтарған әділетті де ашулы жауабымды естіген ол мақсатыма жеткізер деп дәме артқан әуел бастағы жалынып-жалбарынуын жылы жауып, күш көрсетуге көшті. Алайда, әрқашан немесе әрқашан дерлік әділ іске шапағатын тигізіп, шарапатын жасап отыратын көктегі құдірет маған да жәрдемін берді, сөйтіп оны әлжуаз қолыммен-ақ еш қиналмай жартастан итеріп жібердім, қазір ол өлі ме әлде тірі ме онысынан хабарым жоқ; одан соң бойымды билеген толқуға, шаршап-шалдыққаныма қарамай, жалғыз ғана ой, жалғыз ғана мақсатпен — әкем мен оның қуғыншыларынан тауға барып жасырынбақ боп жылдам басып ілгері тарттым. Осы тілектің жетегімен бұдан бірнеше ай бұрын осы шатқалдарға келіп кірдім, бұл арадан, таудың қақ ортасынан, бір малшы кездесіп мені өз қарауына жұмысқа алды, мен оның үйінде бақташы бала міндетін атқардым, сөйтіп оған шашымды көрсетпеу үшін, — осы шаштың қырсығынан бүгін күтпеген жерден бәрі ашылып қалды ғой, — күні бойғы уақытымды далада өткізуге тырысып жүрдім. Әйткенмен, барлық айла-амалым босқа кетті, өйткені қожайыным еркек кіндік емес екенімді сезіп қойды, сөйтіп ол да малайым құсап күнәкар ойға бой алдырды. Ал дұшпанға жолықтырған тағдыр одан қорғанатын құралды да қолыңа әрдайым қоса ұстата қоймайтыны белгілі, сондықтан бұл жолы жақын маңайдан оның махаббатқа деген аңсарын мәңгілікке басатын жарғабақ та, жартас та ұшыраспай қойды, — онымен арпалысып күш салыстырып жатқанша, оған жалбарынғанша, жайында қалдырып қайтадан осынау жыра-жықпылдарға барып жасырынғаным жөн дейтін шешімге келгенімнің себебі сол. Сөйтіп, сабама түсіп, ашуымды басып, ештеңеге алаңдамастан көз жасымды көлдей төгіп, ауыр-ауыр күрсініп, көктегі құдіреттен аяушылық білдіруін сұрап жалынуға және қайғы-қасіретімнен арылуға көмек беруін, күш беруін жә болмаса туған жеріне қоса жат өңірлерде де өзі жайындағы өсек-аяң мен ғайбат сөзге еркінен тыс түрде жол ашып берген бейшара жайында естелік те қалмауы үшін осынау құба түзде өлім жіберуін сұрап жалбарынуға қолайлы жерді қайта іздеуге кірістім.
ХХІХ тарау
Бұл тарауда рыцарымыздың ғашығына бола өзіне-өзі тілеп алған ауыр азабынан қандай күлкілі де қитұрқы жолмен арылғаны жайында айтылады
— Қапыда тапқан қайғы-сорым турасындағы ақиқат әңгіменің жайы міне осындай, сеньорлар, — өздеріңіз естіген күрсіністерім, өздеріңіз зейін қойған сөздерім, көзімнен төгілген жасым бұрын бұдан да молырақ болғанына жеткілікті себеп бар ма, жоқ па — ол жағына өздеріңіз баға бере жатарсыздар, сондай-ақ қандай бақытсыздыққа ұшырағаным жайында ой қорыта келіп мені жұбатып әуре болудың пайдасыз екенін де түсінерсіздер, өйткені мені қайғыдан арылтудың ешқандай амалы жоқ. Өздеріңізден өтінерім жалғыз ғана нәрсе (бұл сіздердің парызыңыз және оны орындау сіздерге қиындыққа түспейді): қуғыншылар қуып жетеді-ау деген ой дегбірімді кетірген шақта тұла бойымды билеп алатын үрей мен үмітсіздіктен құтқаратын оңаша орын бар ма мұнда, соны айтыңыздаршы. Әрине, ата-анамның маған деген сүйіспеншілігі шексіз екенін білемін және мені көргенде қуанатынына да сенімдімін, әйткенмен алдарына өздері ойлайтындай түр-пішінде емес, басқа түр-пішінде баратынымды елестетсем, айтып жеткізе алмас ұяттан өртеніп кете жаздаймын, — олардың көзіне қалай қараймын, сенімдерін ақтамағанымды, ар-намысымды сақтамағанымды көзімнен көріп тұратынына қалай шыдаймын, — сондықтан, біржола қарамды батырғаным артық деп білем.
Осыны айтқан ол үндемей қалды, өңі алабұртып сала берді — бұл оның аса сезімтал да ұялшақ жан екенін аңғартатын нышан еді. Қыздың әңгімесін тыңдап отырғандардың бойында оған деген айрықша аяушылық сезім оянды, сонымен бірге бәрі де оның қасірет-қайғысына таңырқанумен болысты; сол арада священник жұбату айтып, ақыл-кеңес беруге оқталған, бірақ Карденьо алдын орап:
— Е-е, сеньора, Кленардо байдың жалғыз қызы, сүйкімді Доротея сіз екенсіз ғой? — деді.
Осынау ұсқынсыз кейіптегі адамның (Карденьоның киімі алба-жұлба екенін ескертіп өткенбіз) аузынан әкесінің есімін естіген Доротея таңырқанып қалды да, оған мынадай сауал қойды:
— Ал, өзіңіз, ағатай, кім боласыз және әкемнің есімін қайдан білесіз? Жаңылмасам, жәбірлі өмірім жайындағы баянымда оның есімін бірде бір рет атамаған секілді едім ғой.
— Мен, сеньора, сол өзіңіз айтқандай, Лусинда жұбайым деп атаған бейбақ болам, — деп жауап қатты Карденьо. — Мен сол азып-тозған Карденьомын, өзіңізді де түңілу шегіне жеткізген зұлымның айтып жеткізгісіз арсыздығы арқасында мен де мына қазір өзіңіз көріп тұрғандай ахуалға тап болдым, яғни, киімім жұлым-жұлым, үстім жартылай жалаңаш, адам мейірімінен ада мүсәпірге айналдым, ал бәрінен жаманы — ақыл-естен айрылдым, себебі ақыл-есім өзіме тек жаратқан аз уақытқа кеңшілік еткенде ғана қайтып оралады. Мен, Доротея, сол дон Фернандо жасаған қылмыстың куәгері болған жанмын, сондай-ақ Лусинданың оның жұбайы болуға келісімін бергенін өз құлағыммен естіген бейшарамын. Мен сол Лусинда өзіне-өзі келгенше, қойнынан табылған хатта не жазылғаны анықталғанша тоса тұруға тәуекелі жетпеген сорлымын, өйткені осынша көп қасіреттің қол ұстасып бірге келуіне жаным шыдас бермеген болатын. Сөйтіп, төзімім түгесілген соң ол үйді тастадым да, қожайыныма Лусинданың қолына тигізуін өтініп хат қалдырып, сол кезден бастап қас дұшпанымдай көріп кеткен өмірімді тәмамдау ниетімен мына меңіреу құла түзге келіп жеттім. Алайда, өмірден айыруға ықылас танытпаған тағдыр мені ақыл-естен айырумен ғана шектелді: мүмкін, ол мені сәті түскен кездейсоқтық арқылы өзіңізге жолығуым үшін сақтаған шығар, енді міне, айтқан сөздеріңіз рас болса, ал бұған менің күмәнім жоқ, онда, бәлкім, көктегі құдіреттің ықтиярымен екеуіміздің азап-әуреміз өзіміз жобалағаннан әлдеқайда жақсы аяқталар да. Олай дейтінім, мынадай жағдай туып тұр ғой: егер Лусинда, өзі де мойындағанындай, менің әйелім болуы себепті дон Фернандоға күйеуге шыға алмайтын болса, ал дон Фернандо сіздің күйеуіңіз болуы себепті оған үйлене алмайтын болса, онда көктегі құдірет өзімізге тиесілі иелікке қайтадан қолымызды жеткізер деп үміт ете аламыз ғой, өйткені аталмыш иеліктер әлі күнге шейін өзіміздікі, ешкім бізден оны аластаған да, тартып та алған жоқ. Ендеше, қиялдағы дүдәмал дәмеден тумаған, алдамшы әуейілікке негізделмеген осындай үміт ұшқындап тұрған шақта сізден өтінерім, сеньора, ізгі ниетті ойларыңыздың бағыт-бағдарын басқа арнаға бұрып, жақсылық болар деп күтсеңіз екен, сондай-ақ өзім де ойларымның бет-алысын басқа арнаға салуға тырысып бағармын. Кавальеро ар-ұяты атымен және христиан ар-ұяты атымен ант етейін, дон Фернандо өзіңізге қайтып оралғанша сізді жалғыз қалдырмаймын, ал егер ақылға қонымды сөздер арқылы парызын орындауға көндіре алмасам, онда өзіме жасаған жәбірін біржола естен шығарып және бұл үшін оны жазаға тартуды көктегі құдіреттің үлесіне қалдырып, осы арада, жер бетінде, кегіңізді қайтару мақсатында кавальеро деген атағым мүмкіншілік беретін іс-әрекет еркіндігін пайдаланып, өзіңізге көрсеткен өрескел әділетсіздігі үшін оны тиісті тәртіппен жекпе-жекке шақырам.
Карденьоның сөзі Доротеяны таң-тамаша қалдырды; осынау ізгі ниетіне ырзашылығын қалай жеткізерін білмеген қыз оның аяғына жығыла кетті де, құшақтамақ ыңғай білдірді, ал Карденьо болса қашқалақтаумен болды; бірақ, осы арада лиценциат сөзге араласты: жан тебірентер лебізі үшін Карденьоны мақтап алған священник деревнясына екеуінің өзімен бірге баруын өтініп, сөйткендері жөн болатынын айтып, үгіттей бастады; оның айтуынша, ол жерде бұлар не қажеттің бәрімен қамтамасыз етілмек, қалған шаруаны сол арада реттеулеріне болады: дон Фернандоны іздей ме әлде Доротеяны ата-анасына алып бара ма, қысқасы, патша көңілдері не қаласа соны істеуге ерікті. Карденьо мен Доротея оған ризалық білдіріп, ұнамды ұсынысты қабыл алмаққа ұйғарды. Осының бәріне таңырқана қарап үнсіз тұрған шаштараз да ақыры тіл қатып, священник секілді елгезектікпен ол да бұларға өз көмегін ұсынды; сонан соң священник екеуінің бұл араға қалай тап болғаны жайында қысқаша ғана баяндап берді, Дон Кихоттың әдеттен тыс ауыштығы жайында хабарлап, атқосшысы қожайынын іздеуге кеткенін, өздерінің соны күтіп отырғанын құлаққағыс етті. Сол арада Карденьо Дон Кихотпен шекісіп қалғанын еске алды, бірақ бұның бәрі көз алдына көрген түстей бұлыңғыр түрде елестеген-ді, серіктеріне сол жайында айтып берген ол шатақтың неге бола шыққанын ұмытып қалғанын хабарлады.
Осы кез оқыстан айқай естілді, священник пен шаштараз айқайды салып тұрған Санчо Панса екенін сезе қойды, — бұларды қалдырған жерінен таппай қалған ол енді екеуін дауыстап шақырып жатыр еді. Бәрі соған қарай бет алды, олардың Дон Кихот жайындағы сұрақтарына анау Дон Кихоттың үстінде жалғыз ғана жейде, әбден арықтап кеткенін, өңі аппақ қудай, қарны аш, жүрегінің әміршісі Дульсинея жайында аһылап-уһілеп отырғанын айтты. Сол жерде бұл, Санчо, Дульсинея оған бұл арадан кетуге, Тобосоға келуге әмір еткенін, қыздың өзі оны сонда күтіп отыратынын хабарлапты, бірақ анау сүйгенінің абырой-атағына лайық ерліктер жасамайынша оның ай дидарлы әлпетін көре алмайтынын мәлім етіпті. Егер бұл ахуал осылай жалғаса берсе, — деді Санчо ренжіңкіреп, — Дон Кихотқа өзі жаулап алмақшы империя түгіл, архиепископтық та бұйырмауы мүмкін, айтқандайын, архиепископтық — бұл тек басқа тәуір ештеңе табылмағандықтан ғана айтылған нәрсе, сондықтан оны қайткен күнде де бұл арадан алып кетпесе болмайды. Лиценциат оған босқа әбігер болмауын: бәрін Дон Кихоттың патша көңілі білетінін, ал оны бұл жерден алып шығуды олар өз міндетіне алатынын айтты. Одан соң ол Карденьо мен Доротеяға шаштараз екеуінің Дон Кихотты дертінен емдеу үшін, оның сәті түспесе, тым құрығанда, үйіне алып бару үшін қандай амал қарастырғанын хабарлады; Доротея бұған жауап ретінде қорғансыз бикештің рөлін шаштараздан гөрі өзі тәуірірек орындайтынын, оның үстіне соған лайықты киім-кешегі де барын, өзінің орындағаны табиғилау боп шығатынын, осы себепті ойға алғандары оң нәтиже беруі үшін не істеу керек болса, соның бәрін өзіне тапсырғандары жөн екенін, өйткені рыцарьлық романдарды көп оқығанын, жәбір көрген бикештердің кезбе рыцарьлардан көмек сұраған кезде қалай-қалай сөйлейтінін жақсы білетінін айтты.
— Ондай жағдайда, — деді священник, — бізге тек іске кірісу ғана қалмақ. Тағдырдың бізге септесіп тұрғанында сөз жоқ: өздеріңізді құтқаруға арналған есікті ойда жоқ жерден ашып жіберген ол, біздің де жағдайымызды жеңілдетіп тастады.
Сол арада Доротея түйіншегінде жатқан сәнді көйлегін алып киіп, жасыл матадан тоқылған мантильясын33 жамылып, құйттай әдемі қобдишасынан алқасы мен басқа да бағалы әшекейлерін алып тағынып, қас пен көздің арасында әрі бай, әрі ақсүйек сеньораға айналып шыға келді. Мұның бәрін және басқа да ұсақ-түйектерді ол, өзінің айтуынша, бір керегі болар деп ала шыққан екен, бірақ осы күнге шейін ондай жағдай жолыға қоймапты. Оның адам айтқысыз сұлулығын, сүйкімділігі мен тартымдылығын көрген серіктері аңқиып қалды, сөйтіп бәрі бірауыздан: егер мынадай сылқымнан бой тасалап жүрген болса, дон Фернандо дегенің дымның иісін білмейтін дәлдүріш шығар деп мәлім етті; алайда барлығынан да ала-бөтен таң-тамаша болған адам Санчо Панса болды — ажары мұншалықты көзді арбап, көңілді әңкі-тәңкі қылатын жанды өзі өз болғалы бергі бүкіл ғұмыр тарихында кездестірмегендей көрінгенді оған (бұның өзі шын мәнінде де солай еді), сондықтан аса қатты толқу үстінде священниктен бұл сүйкімді сеньораның кім екенін, құла түзден кімді іздеп жүргенін сұрады.
— Бұл сүйкімді сеньора, бауырым Санчо, — деп жауап қатты священник, — біліп қойғаның артық болмайды, Микомиконский ұлы корольдігінің ер жынысты билеушілері жағынан тарайтын тікелей мұрагері боп табылады, өзі сенің қожайыныңды іздеп жүр, әлдебір қатыгез дәудің көрсеткен жәбір-жапасы мен қиянатына ара түсіп, одан кек алып беру жөнінде өтініш айтпақ, ал аса мейірімді рыцарь боп табылатын сенің мырзаңның атақ-даңқы жер бетін түгел шарлап кеткендіктен мына принцесса соны іздеп сонау Гвинеядан келіп отыр.
— Егер мырзамның жолы болып, өзіңіз айтып тұрған әлгі жексұрын дәуді өлтірсе, — деді Санчо Панса бұған жауап ретінде, — сөйтіп, көрсеткен жәбірі мен қиянаты үшін кек қайтарса, бұл шын мәнінде-ақ бақытқа жеткізген іздеу және іздегенді табу боп шықпақ, — ал енді қожайынымның оны өлтіретіндігіне еш күмән жоқ, тек әлгі дәумен кездессін деңіз және тек ол елес боп шықпасын деңіз, өйткені оның елеске қарсы қолданар шарасы жоқ. Айтқандайын, сеньор лиценциат, өзіңізге мынадай бір бұйымтайым бар: мырзамның көңілінде архиепископ атанам деген құштарлық пайда болмасы үшін, содан қатты қорқып жүрмін ғой, тақсыр, оған тезірек мына принцессаға үйлену жөнінде кеңес беріңізші, сонда оны архиепископ дәрежесіне ұлықтаудың ақи-тақи жолы кесіледі де, император тәжін жан қинамай оп-оңай олжа етеді, ал мен болсам — күллі арман-мақсатыма жетем. Бұл жайында мен ұзақ ойландым, ақыры мырзамның архиепископ болғаны маған қол емес деген байламға келдім, өйткені менің шіркеуге тигізер пайдам аз: үйлі-баранды адаммын, ал енді қазір шіркеуден анша-мұнша пайда түсіру құқына ие болам деген дәмемен, — себебі, қатыным бар, балам бар дегендей, — ажырасу жайында әбігерлік жасауым — бос әурешілік боп шықпақ. Ендеше, сеньор, мәселе қожайынымның мына принцессаға тезірек үйленуіне тіреліп тұр, — мен бұл сүйкімді бикешпен әлі таныса қойған жоқпын, сондықтан есімін атамай тұрмын.
— Оның есімі — принцесса Микомикона, — деп жауап қатты священник, — өйткені, корольдігі Микомиконский деп аталатындықтан, оның да сондай есім алуға тиіс екені белгілі ғой.
— Әрине, әрине, — деп келісе кетті Санчо. — Туып-өскен жерінің атауын өз есіміне айналдырған жандар маған жиі жолығып тұрды, — мысалға, Педро де Алькала, Хуан де Убеда, Дьего де Вальядолид, — шамасы, Гвинеяда да королевалар өз корольдіктерінің атымен аталатын осындай дәстүрдің болғаны ғой.
— Әбден мүмкін. Ал, енді мырзаңның үйленуіне қатысты әңгімеге келсек, қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысармын, — деді священник.
Бұл сөз Санчоны қаншалықты мәз-мәйрам қылса, священникті де оның аңқаулығы мен мырзасының есіл-дертін алған сандырақтың мұның басында да нық орныққаны соншалықты қайран қалдырды, — өйткені анау, әрине, өзінің император болатынына кәміл сенімді адам ғой.
Сол екі ортада Доротея священниктің қашырына мініп, шаштараз бұқаның құйрығынан жасалған сақалын бетіне жапсырып алды, сөйтіп олар Санчоға өздерін Дон Кихотқа қарай бастауға әмір етті; жолға шығар алдында атқосшыға екеуінің священник пен шаштараз екенін айтпау қатаң тапсырылған-ды, өйткені, гәп Дон Кихоттың бұларды танымағанында — оның император болу-болмауы осыған тікелей байланысты, делінген еді. Священник пен Карденьо бұлармен бірге ілесіп бармағанды жөн көрді: Карденьо — екеуінің төбелескендерін Дон Кихоттың есіне салмауды көздесе, священниктің ол жерде төбе көрсетуіне енді ешқандай мұқтаждық қалмаған, сөйтіп қашыр мінген екеу ілгері озды да, мыналар асықпай аяңдап соңдарынан ілесті. Өзін қалай ұстауы керектігі жөнінде священник Доротеяға ақыл-кеңес бермек болған, бірақ қыз оның алдын орап, аса көп абыржымауын өтінді: рыцарьлық романдар талабынан қыл елі ауытқымайтынына, онда қалай суреттелетін болса солай, бәрін де майдан қыл суырғандай мүлтіксіз орындайтынына сендірді. Салт мінгендер мильдің төрттен үштей бөлігін жүріп өткен кезде, кенет үйме-жүйме жартастардың қақ ортасында тұрған Дон Кихот бой көрсетті, киімдерін киіп те алыпты, бірақ қаруларын әлі асына қоймапты, сөйтіп оны көрген бойда және Санчодан мұның Дон Кихоттың тап өзі екенін анықтап сұрап алған бойда Доротея жорғасына қамшы басты, сақалды сақал алғыш шоқырақтап соңынан ілесті; олар Дон Кихотқа таяп келген кезде малай қашырынан түсе сап Доротеяны тұтып алмақ болған, бірақ қыз қашырдан асқан әбжілдікпен ырғып түсті де, Дон Кихоттың алдына кеп тізесіне құлай кетті; Дон Кихот оны жерден көтермекке талпынғанымен, қыз орнынан тұрмаған күйі былай деп сайрап қоя берді:
— Беу, айбынды да аса құдіретті рыцарь, қайырымдылығыңыз бен кішіпейілділігіңіз мейірім білдірмейінше тіземнен көтерілмек емеспін, бұл ісіңіз сіздің абыройыңызды арттырып, атағыңызды аспандатса, маған, күллі дүниедегі ең қам көңіл, ең қасіретті бикешке, пайда боп тиер еді. Егер қуатты білегіңіздің айбыны мәңгі өлмес даңқыңыздың дабысына сайма-сай болса, онда құрметке бөленген есіміңіздің шуағын аңсап, алыс елдерден қайғысына көмек сұрай келген бақытсыз әйелге қамқорлық жасау сіздің парызыңыз боп табылады.
— Қашан орныңыздан тұрғанша, аса сымбатты сеньора, мен жағымды да ашпаймын, жалбарынышты лебізіңізге де құлағымды түрмеймін, — деп жауап қатты оған Дон Кихот.
— Орнымнан тұрамын, сеньор, бірақ рақымшылық жасап, алдыңызға тартқан өтінішімді орындағаннан кейін ғана тұрамын, — деп қарсылық білдірді шерге батқан бикеш.
— Оны орындауға ырзашылығымды берем, — деп мәлім етті Дон Кихот, — тек бұдан короліме, отаныма, сондай-ақ жүрегім мен еркіндігімнің кілтін қолында ұстап отырған жанға зиян мен залал келмесе болды.
— Оларға ешқандай зиян да, залал да келмейді, ақ жүрек сеньорым, — деді жәбірі жанын жегідей жеп отырған бикеш.
Осы арада Санчо Панса қожайынына жақындап, құлағына былай деп сыбырлады:
— Сеньор! Бұған жәрдемдесем деп жалтақтамай-ақ уәде ете беруіңізге болады, өйткені әлденендей дәусымақты өлтіре салу — сіз үшін түк емес, ал мұны өтініп отырған бикеш — принцесса Микомикона, Эфиопиядағы ұлы корольдік Микомиконскийдің королевасы.
— Бұл бикеш кім болса ол болсын мейлі, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — мен өзім берген сертіме адалдығымды қашанда бұлжытпай сақтап, ар-ұятымның әмірі бойынша әрекет етем.
Сосын бикешке қарай бұрылып:
— Асқан сұлулығыңыз ажарын қайта тапсын, сізге көмек көрсетуге әзірмін, — деп салды.
— Ендеше, өзіңізден өтінерім, жанқияр рыцарь, осы қазір қолма-қол соңымнан ерсеңіз екен, құдайдың да, адамның да заңын аяққа басып, корольдігімді тартып алған сатқыннан кегімді қайтармайынша басқа ешқандай шытырман оқиға іздемеуге және басқа біреулердің өтінішін орындамауға өзіме алдын-ала уәде берсеңіз екен, — деді бикеш.
— Қайталап айтам: өтінішіңізді орындаймын, — деп мәлім етті Дон Кихот, — сол себепті де, сеньора, бойыңыздағы қасіреттің ауыр жүгін тап осы қазір аулақ серпіп, діңкесі құрыған үмітіңізге жаңа күш пен жүректілік дарытуға тиіссіз, өйткені көктегі хақ пен ақ білегімнің көмегі арқасында корольдігіңіз көп ұзамай-ақ өзіңізге қайтарылады, сөйтіп оған таласуға тәуекелі барған арсыздардың ішін удай ашытып, мемлекетіңіздің байырғы да биік тағына қасақана түрде қайта жайғасасыз. Ал, кірісейік іске, өйткені кеш қалудан асқан кемістік жоқ, деген бар.
Қорғансыз бикеш Дон Кихоттың қолына жанталаса жармасып сүймекке әрекеттенді, бірақ анау аса бір әдепті де сыпайы рыцарь болуы себепті ондайға жол бермеді, — керісінше барынша әдептілікпен және сыпайылықпен бикешті құшақтап орнынан тұрғызды, сонан соң Санчоға Росинанттың айылын тартып, дереу сауыт-сайманын алып беруге әмір етті. Санчо аттың айылын тартқан соң, ағашта алапа секілді ілулі тұрған сауыт-сайманды шешіп алып, көзді ашып-жұмғанша қожайынының үстіне қондыра қойды, сөйтіп сауыт-сайманын киіп алған мырзасы:
— Ал енді, жаратқан жар болсын, аттандық мына айтулы сеньораны қорғауға, — деді.
Шаштараз болса, әлі күнге шейін тізерлеп отырған-ды; мырс етіп күліп жіберуден өзін-өзі шаққа дегенде тежеп, бір қолымен сақалын демеп ұстап отырған, сақалы түсіп қалар болса өздері ойластырған осынау шарапатты шараның шырқы бұзылары анық еді; алайда, көмек көрсетуге уәде беріліп те қойылғанын, Дон Кихоттың уәдесін орындамақ боп шыдамсызданып тұрғанын көрген ол бойын тіктеп, екінші қолымен мәртебелі бикешті Дон Кихотпен бірге қолтығынан демеп, қашырға отыруына жәрдемдесті; бұдан соң Дон Кихот Росинантқа қонды, шаштараз да қашырына мінді, ал Санчо жаяу тартты, осы арада ол сұр есегінің орны үңірейіп тұрғанын сезініп, қапыда қолды болғанын есіне алды; бірақ бұл жолы оған аса қайғырған жоқ — қожайыны император атану сапарына аттанғанын, ұзамай-ақ мақсатына жететінін ойлап көңілі көтеріліп келе жатты: себебі, Дон Кихоттың мына принцессаға үйленетініне, сөйтіп ең құрығанда Микомиконский королі болатынына еш күмәні жоқ-ты. Бір ғана нәрсе — аталмыш корольдіктің негрлер елінде екені, өзіне вассалдыққа берілетін жандардың қара түсті болатыны көңіліне олқы соғып тұр еді; әйткенмен, ой-қиялы сол арада-ақ оған тәуір амал тауып берді, сөйтіп ол былайша ой кешті: “Вассалдарымның негр болғанында тұрған не бар? Кемеге тиейсің, Испанияға алып келесің, осы арада оларды қолма-қол ақшаға өткізесің де, бұл қаражатқа титул немесе қызмет сатып аласың — іс бітті, сосын қалған өміріңді қайғы-мұңсыз өткізе бер! Абыржымаңдар, саспаңдар, ашық ауызың біз емес, бұл шаруаны шырқ үйіруге, сөйтіп отыз мың ба әлде он мың ба вассалды қас пен көздің арасында сатып жіберуге біздің ебіміз де, епсектігіміз де жетеді. Құдай ақы, олардың бәрін топырлатып болсын немесе басқадай болсын, бір демде-ақ зытырып жіберем, бір жақсысы, әйтеуір, өткізетінім қара болғанымен, олар өзіме күміс, алтын боп жарқырап оралады ғой. Жоға, мен өздерің ойлайтындай ақымақ емеспін!” Осы ойға көңілі елтіп, қуанышқа кенелгені сонша, жаяу салпаңдаудың жайсыздығын да ұмытып кетті.
Карденьо мен священник мұның бәрін бұта тасасынан бақылап отырған, оларға барып қосылудың еш ыңғайын келтіре алмаған; ақыры қиыннан қиыстыруға шебер священник бұл мақсатқа жетудің де жолын тапты, анығырақ айтқанда: өзімен бірге алып жүрген футлярдан қайшы шығарды да, Карденьоның сақалын сырп еткізіп қырқып тастады, үстіне өзінің сұрғылтым жамылғысы мен қара плащын кигізді, ал өзі камзол-шалбармен ғана қалды; нәтижесінде Карденьо қас қағымда мүлде басқа адам боп шыға келді, егер айнаға қарар болса өзін өзі тани алмаған да болар еді. Бұлар киім ауыстырып киіп жатқан кезде аналар ілгері озыңқырап кеткен, бірақ жолға бірінші боп шығу бұларға еш қиындыққа түспеді, өйткені жынысты және батпақты жермен салт аттылар жаяулардай тез жүре алмайтын. Қысқасы, олар шатқалдан жазық далаға шықты, ал серіктерімен бірге Дон Кихот та шатқал жақтан бой көрсеткенде бұл оны танып тұрғандай қолын бұлғап белгі беріп, одан көз алмай тесіле қарап қалды, сосын арада біраз уақыт өткенде оған құшағын жая ұмтылып, дауысын көтеріп:
— Армысыз, рыцарьлықтың айнасы, мейірбан жерлесім Ламанчалық Дон Кихот, ізгі жандылықтың ең жоғарғы шыңы және ең ақырғы шегі, қаріп-қасерлердің панасы мен тірегі, кезбе рыцарьлардың бетке ұстары! — деді.
Осы сөздерді ол Дон Кихоттың сол аяғының тізесін қатты қысып құшақтап тұрып айтқан болатын, оның айтып жатқан сөзі мен істеп жатқан ісіне таң-тамаша болған анау зейін сала қарап, таныған бойда не дерін білмегендей аңтарылып қалды, сосын атынан түспекке оңтайлана бастады, бірақ священник бұған жол бермеген соң, Дон Кихот оған:
— Рақым етіңіз, жарқыным, сеньор лиценциат! Өзіңіз секілді аса құрметті адам жаяу келе жатқанда менің атқа мініп жүруім жараспайтын нәрсе, — деді.
— Мен бұған не десеңіз де келіспеймін, — деді священник, — сіз сияқты даңқты рыцарьға ат үстінде болған үйлеседі, себебі ат үстінде болғанда ғана сіз ерте ме, кеш пе, әйтеуір, о заманда бұ заман жан баласы естіп-білмеген жойқын әскери ерліктер жасайсыз, ал маған, қара көбейтіп жүрген діни қызметшіге, өзіңізбен бірге саяхат жасап келе жатқан мына сеньорларға тиесілі қашырлардың бірінің сауырына жайғассам да жетіп жатыр, — егер тек олар қарсы болмаса ғана, — соның өзіне айдыным асып, өзімді бейне Пегасқа мінгендей немесе даңқты Мусарак, анау әлгі жадылауға ұшырап, ұлы Комплут маңайындағы ұлы Соломон жотасының қойнынан мәңгілік мекен тапқан маврды айтам, тақымына басқан зебраға мінгендей болармын.
— Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды, сеньор лиценциат, — деп ыңғайсызданды Дон Кихот, — бірақ, сеньора принцесса, өзіме деген сүйіспеншілігіне бола кішіпейілдік көрсетіп, малайына астындағы ерін босатуға әмір етер деп сенемін, ал малайы артыңызға міңгесер, егер тек қашыр екі адамды бірдей көтере алса.
— Меніңше, көтере алатын секілді, — деді принцесса, — ал, мен, өз тарапымнан, малайымның әмір еткенімді тосып тұрмайтынына сенімдімін: ол өзі өте кішіпейіл, елгезек жан, сондықтан көлікке мінуге мүмкіндік табылып тұрғанда діни қызметшінің жаяу жүруіне ешқашан жол бермейді.
— Әлбетте, солай, — деп қуаттады оны шаштараз.
Ол қашырдан қарғып түсіп, священникке орын берді, анау көп жалындырып жатпай ерге қонды, алайда, қас қылғандай, бұл жалға алынған қашыр болатын, ал “жалға алынған” деген де бір, “жарамсыз” деген де бір, сол расқа шығып, шаштараз оның сауырына жайғаспаққа тырмысқан кезінде артқы аяқтарымен екі мәрте тебініп-тебініп қалды, егерде тұяғын маэсе Николастың кеудесіне немесе басына тигізгенде, оның Дон Кихотты іздеп шыққан сапарына қарғысты қардай боратары кәміл-ді. Қалай болған күнде де, әйтеуір, шошып кеткен шаштараз жерге құлап түсті, ал құлаған кезінде сақалына қам жасау жайы қаперіне де кірмегендіктен онысы сол сәтте-ақ бөлініп қалды; сөйтіп, сақалсыз қалғанын көрген ол сасқалақтап, бетін қолымен көлегейлеп, тісімді уатып жіберді деп байбалам салудан басқа қапелімде тәуір өтірік ойлап таба алмады. Ал, Дон Кихот болса, сақалдың жүні апатқа ұшыраған малайдан әжептәуір алыста жатқанын көріп, бірақ қасында жақ сүйектер де, төгілген қан да жоғын байқап:
— Ойпырай, ойпырай, бұл не сұмдық тағы! Сақалды бұлайша аса мұқият түрде жұлып алып жерге лақтырып тастау үшін біреу оны қасақана солай істеуі керек қой! — деді.
Айла-шарғысына әшкерелену қаупі төнгенін сезген священник дереу сақалды жерден көтеріп алды да, жерге сұлап түскен күйі ойбайын салып жатқан шаштараздың жанына жүгіріп барып, көп ойланып жатпастан басын кеудесіне сүйеп, сақалды орнына жапсырып, күбірлеп әлде бірдеңе айтуға кірісті — онысын айтпас бұрын айналасындағыларға бұның сақал түсуден айықтыратын айрықша дұға екенін, қасиетті күшіне қазір-ақ көздері жететінін мәлім еткен болатын; сақалды орнына қондырған священник былай кетті, ал малайымыз сақалы сапсиған, сау-саламат қалпын қайта тауып шыға келді; Дон Кихот бұған аң-таң болып, священниктен қолы тиген кезде бұл дұғаны өзіне үйретуін өтінді, өйткені, оның ұғымынша, аталмыш дұғаның қасиеті тек сақалды қайта өсіруге ғана қатысты емес секілді, себебі жұлып алынған сақалдың орнында жарақат қалуға тиіс, ал дұға мұны жазып шығарса, онда оның сақал түсуден басқаға да көмектесетін болғаны.
— Жөн сөз, — деді священник, сосын оңтайы келген бойда-ақ оған дұғаны үйретуге уәде етті.
Олар қашырға енді священник қана отырсын, сосын осы арадан екі мильдей жердегі бекетке жеткенше ана екеуімен алма-кезек ауысып мінетін болсын деп бәтуаласты. Сөйтіп үшеуі, яғни Дон Кихот, принцесса және священник, ерге қонып, ал өңге үшеуі, яғни Карденьо, шаштараз бен Санчо Панса, жаяу аяңдап жолға шыққан кезде Дон Кихот бикешке қарап:
— Құдіретіңізге құлдық, мәртебелі ханым! Көңіліңіз қай жақты қаласа, мені сол жаққа бастай беріңіз, — деді.
Бірақ ол жауап қатып үлгергенше лиценциат сөйлеп кетті:
— Бізді қай корольдікке қарай бастар екенсіз, мәртебелім? Микомиконскийге қарай емес пе екен? Шамасы, солай шығар, әйтпесе мен өзі басқа корольдіктер жайын көп біле бермеймін, — деді.
Екеуінің ымы-жымы бір болғандықтан, мақұлдап жауап беруге тиіс екенін Доротея жылдам түсіне қойды да, Дон Кихотқа:
— Иә, сеньор, мен сол корольдікке қарай бағыт ұстамақпын, — деді.
— Олай болса, — деп священник іліп әкетті, — менің селомның үстімен өтеміз, сол жерден сіз Картахенаға қарай бет аласыз, онда барған соң, құдай қаласа, кемеге отырасыз. Егер жел оңыңыздан тұрып, теңіз буырқанбай, тыныш толқып жататын болса, арада тоғыз жылдай уақыт өткенде о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін кең шалқар Писписия, басқаша айтқанда, Меотия көліне барып жетесіз, ал ол жерден әрмен қарай корольдігіңізге дейін жүз күннен сәл ғана асатын жол қалады.
— Қателесіп тұрсыз, мархабатты мырза, — деп принцесса қарсылық білдірді. — Менің ол жақтан шыққаныма екі жыл да бола қойған жоқ, шын айтып тұрмын, ауа райы да әрдайым қолайсыз боп тұрды, алайда өзім бір көруге зар болған адамымды, атап айтқанда, сеньор Ламанчалық Дон Кихотты ақыры жолықтырдым: ол жайындағы аңыз-әңгімелерді Испания жағалауына қадам басқан сәтте-ақ құлағым шалды және тағдыр-талайымды оның ізгі жүрегіне табыс етуге, әділетті ісімнің шешімін оның жеңімпаз білегіне жүктеуге құлшындырды.
— Жетер! Мені мақтап-мадақтағанды енді қойыңыздар, — деп Дон Кихот оны бөліп жіберді, — мен өзі әспеттеушілік дегенді жаным сүймейтін кісімін, бұл өзі әспеттеушілік болмаса да, мұндай сөздер кіділеу көңіліме кірпідей тиеді. Сізге айтарым біреу ғана, әміршім: қаһармандығым қандайлық болсын мейлі, әйтеуір, ондай қасиеттің бойымда бары анық болғандықтан, сізге жанымды құрбан етуден де қаймықпай қызмет істеуге тиістімін. Бірақ, бәрінің өз кезегі бар, ал енді қазір сізден, сеньор лиценциат, мына өңірге жүгіңіз жоқ, малайыңыз жоқ, жападан-жалғыз қалай тап болғаныңызды айтып беруіңізді сұрар едім, — осыған шынымен түсінбей келемін.
— Бұл сұрағыңызға жауабым қысқаша болмақ, — деді священник. — Айт десеңіз айтайын, сеньор Дон Кихот, ортақ досымыз, ортақ шаштаразымыз маэсе Николас екеуіміз бұдан көп жыл бұрын Америкаға қоныс аударған бір туысқаным салып жіберген ақшаны алмаққа Севильяға барғанбыз, ол аз ақша емес-ті: алпыс мың толыққанды песо — бұл дегеніңіз анау-мынау нәрсе емес. Сөйтіп, кеше осы арадан өтіп бара жатқан кезімізде бізге қарақшылар шабуыл жасап, қолда барымыздың бәрін, тіпті сақалымызға шейін қалдырмай тартып әкетті. Бойымыздағыны түгел сыпырып кеткендері сонша, шаштаразға жапсырма сақал тағуға тура келді, ал мына жас жігітті, — деді ол Карденьоны нұсқап, — тіптен жалаңаш қалдырды деуге болады. Бірақ, бұл да ештеңе емес, жергілікті тұрғындардың бір ауыздан жар салғандарына қарағанда, бізді каторгаға кесілген қылмыскерлер тонапты, оларға тап осы өзіміз тұрған жерде деуге болады, әлдебір адам еркіндік әперген көрінеді; әлгі адамның батылдығы сонша, комиссардан да, күзетшілерден де қаймықпай, қылмыстыларды қалаған жағына босатып қоя беріпті. Әлбетте, ол да әлденендей бір есерсоқ немесе аналар секілді барып тұрған оңбаған біреу болса керек, жалпы өзі ардан да, ұяттан да жұрдай адам сияқты: себебі, қасқырды қойға, түлкіні тауыққа, шыбынды балға аттандырып отыр ғой. Шамасы, әділ соттың шешімін тәрк етіп, қастерлі қағидаларына бой ұсынбауына қарағанда, корольге, өзінің туа бітті мырзасына қарсы бүлік бастауды ниет қылған секілді. Өз ойымша, ол, шамасы, галераларды ескекшісіз қалдыруды, бұдан көп жыл бұрын қызметін доғарып, тарап кеткен Қасиетті ағайындықты қайта шабындыруды ниет қылған іспетті. Қысқасы, мұндай қылықтары үшін оның жаны да жаһаннамға кететін шығар, тәні де азапты көретін болар.
Каторгаға кесілгендер мен қожайыны арасындағы аса абыройлы аяқталған оқиға жайында Санчо священник пен шаштаразға жеткізіп те үлгерген, ал священниктің мұны әңгіме еткен себебі Дон Кихоттың бұған қалай қарайтынын білгісі келген, ал Дон Кихот болса анау аузын ашқан сайын түсі бұзылып, құты қашып тұрды, бірақ осынау бұзақылар тобырын босатқан адам мына тұрған өзі екенін мойындауға дәрмені жетпеді.
— Міне, бізді тонап кеткен солар болатын, — деп қорытты сөзін священник. — Ал, сен, жаратқан ием, мейірбандығың шексіз ғой, оларды тиісті жазадан құтқарған жанның күнәсін кешіре гөр.
ХХХ тарау
Мұнда сүйкімді Доротеяның тапқырлығы жөнінде, сондай-ақ басқа да жанға жағымды әрі ұнамды нәрселер жайында баяндалады
Священник осы сөзді айтып аузын жапқанша болмай Санчо килігіп:
— Әділін айтсам, сеньор лиценциат, мырзам осы ерлікті жасағанда мен оған не істеп жатқаны жайында ойлануы керегін, оларды босату күнә болатынын ескертіп, бұларды ол жаққа нағыз бұзақы есебінде айдап бара жатқанына сендіріп баққанмын, — деді.
— Ақымақ! — деп жауап қатты оған Дон Кихот. — Жолында ұшырасып қалатын жәбірленген, шынжырмен бұғауланған, қорлық көрсетілген жандардың жамандық жасағаны үшін бе әлде жақсылық жасағаны үшін бе — не үшін осылайша айдалып бара жатқанын және не үшін осылайша азапқа салынғанын тергеп-тексеру кезбе рыцарьлардың міндетіне кірмейді. Кезбе рыцарьлар қаріп-қасерлерге азғындық істері үшін емес, олардың тартып жүрген тақсіреттері үшін көмектесуге міндетті. Маған діңкесі құрыған, дәрмені біткен жандардың таспиықтай тізілген тұтас бір тобы жолықты, мен болсам өзіме берген сертіме сай қарекет қылдым, ал кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс — оның төрелігін жаратқан иеміздің өзі берсін. Егер біреу-міреуге бұл ұнамайтын болса, — әрине, олардың қатарына қасиетті лауазым иесі ретінде және көпті көрген көшелі кісі ретінде сеньор лиценциатты қосып тұрғам жоқ, — оны рыцарьлық дегеннен түк хабары жоқ қара шаруа және нағыз көрсоқыр, оңбаған біреу секілді өтірік сөйлейтін адам деп білем. Және мұны оған семсерімнің көмегімен дәлелдеп бере алам — семсерім құдды қарсы алдымда жатқандай көріп уәде етейін.
Осы сөзді айтып ол үзеңгіге шіреніп, бойын тіктеді де, темір телпегін көзіне түсіре еңкейтіңкіреп қойды, ал Мамбрин дулығасына балап жүрген шаштараз легені каторгаға кесілгендер оңдырмай бүлдіріп кеткен жерлерін жөндеуін күтіп ердің алдыңғы қасында салбырап тұрған-ды.
Дон Кихоттың делқұлы жан екенін, Санчо Пансадан өңгесінің бәрі оны мазақ қып күлетінін Доротея білетін, сондықтан әрі тапқыр, әрі өткір тілді сөзшең қыз болғандықтан ол да басқалардан қалысқысы келмей және Дон Кихоттың ашуға мінгенін көріп, оған былай деп тіл қатты:
— Сеньор рыцарь! Маған көмек көрсетуге уәде бергеніңізді, сондай-ақ осы уәдеңізге орай, басы-қасында жүруіңіз аса қажет болған күннің өзінде де басқа шытырман оқиғаға қатысуға қақыңыз жоқ екенін ұмытпасаңыз етті. Ашуды ақылға жеңдіргеніңіз жөн: себебі сеньор лиценциат каторгаға кесілгендерді сіздің жеңіліс дегеннен бейхабар қарулы білегіңіз босатқанын білсе, көңіліңізге келетін сөз айтпас бұрын аузын үш жерден буып, үш мәрте тілін тістеген болар еді ғой.
— Ант етейін, оған қоса тіпті мұртымды да жұлып алған болар ем, — деп қоштады оны священник.
— Аузымды жабам, мәртебелі ханым, — деді Дон Кихот, — бойымды билеп алған ызамды да тұншықтырам, сөйтіп қашан уәдемді орындағанша қой аузынан шөп алмас момақан халде болам. Ал, енді егер жаныңызға ауыр тимесе, осынау ізгі ниетімнің қарымтасына уайым-қайғыңыздың себебі нендей екенін, әділ де лайықты түрде және аяусыз кек қайтаруым қажет боп тұрған адамдардың саны қанша, олар кімдер және қандай жандар екенін баян етуіңізді сұрар едім.
— Өтінішіңізді қуана-қуана орындаймын, тек қайғы-қасірет пен қысталаң жағдайлар жайындағы әңгіме мезі ғып жібермесе болғаны, — деді Доротея.
— Мезі қылмайды, әміршім, — деді Дон Кихот.
— Ендеше, сеньорлар, мұқият құлақ қоюларыңызды сұраймын, — деп үн қатты Доротея.
Осылай деуі мұң екен, қиыннан қиыстырғыш Доротеяның қандай хикая ойлап табарын білмекке ынтыққан Карденьо мен шаштараз оның жанына жақынырақ келді, екеуінің соңын ала Санчо да солай таман жылжыды: қожайыны секілді ол да бұл қыздың шын мәнінде кім екенінен мүлдем бейхабар еді. Ал Доротея болса, ердің үстіне жайлана отырып, жөткірініп, тамағын кенеп алған соң сыңғырлаған сүйкімді үнмен сөйлеп кетті:
— Ең әуелі, қадірменді мырзалар, есімімнің кім екенін біліп қойсаңыздар деп ем...
Священниктің өзіне қандай есім бергені жадынан шығып кеткендіктен осы арада ол аяқ асты мүдіріп қалды. Бірақ, мүдірістің себебі неде екенін тап басып тани қойған анау, қолма-қол көмекке келіп, былай деді:
— Бастан өткен қырсықты жайларыңызды баяндау сізге, мәртебелім, оңайға соқпайтыны, үлкен ыңғайсыздық тудыратыны әбден түсінікті. Қырына алған адамды қаперінен айыру — қырсық атаулының бәріне тән қасиет, ондайда адам тіпті өз атының кім екенін де ұмытып қалады; дәл осындай кеп сіздің басыңызға да түсіп тұр, мәртебелім, өйткені есіміңіз принцесса Микомикона екенін, ұлы Микомиконский корольдігінің заңды мұрагері боп табылатыныңызды ұмытып қап тұрсыз. Ал, енді осынау құлаққағыстан кейін, мәртебелім, қасіретке толы қаперіңізді қалпына келтіріп, бізге жеткізуге ниет қылған жайларыңызды баяндай беруіңізге болады.
— Рас айтасыз, — деп қоштады бикеш оны, — бірақ маған енді қосымша құлаққағыс қажет бола қоймас, сөйтіп осынау бір өтірігі жоқ хикаямды аяғына шейін айтып шығармын деп ойлаймын. Ал, басымнан өткен жайлар мынадай еді. Әкем, Данагөй Тинакрий, жұрт оны осылай атайтын, сәуегейлік делінетін өнерді өте терең меңгерген кісі еді, міне осы тұрғыдағы білімдері арқасында шешем Харамильяның өзінен бұрын дүние салатынын, одан соң өзінің де онша көп жүрмей өмірден озатынын, ал менің тақыр жетім боп қалатынымды болжап білген еді. Алайда, оған бұдан да зор уайым әкелген мынадай жай-тұғын: сенімді адамдарынан құлағдар болғанындай, корольдігіміздің іргесіндегі үлкен аралды Қыликөз Пандафиланд есімді бір жексұрын дәу билеп тұр екен, — әрине, көзі орнында, кемістігі жоғы баршаға мәлім болғанымен, кісіге дәйім қыли секілденіп бір қырындап қарайтын көрінеді, назар аударған жанның зәре-құтын алу үшін қасақана солай істейді екен, — қысқасы, әкем осы дәудің жетім қалғанымды естіп, қалың әскер төгіп корольдігімді басып алатынын, сөйтіп қашып барып паналайтын шағын қыстағым да қалмайтынын күні бұрын білген еді. Сонымен бірге, әкем әлгі дәуге күйеуге шығуым арқылы осынау азап пен ауыртпалықтың алдын алуыма болатынын, бірақ, өз түсінігінше, мұндай әділетсіз некеге ешқашан келісім бермейтінімді де айтқан-ды және мұнысы мейлінше дәл жорамал еді, өйткені дәуге — осы бола ма, басқасы бола ма, шамадан тыс зоры мен еңгезердейі бола ма, бәрі бір — күйеуге шығам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Сөйтіп, әкем маған өзі өлген соң, корольдігіме Пандафиланд басып кірген кезде, маған қорғануға әрекет жасамауға өсиет етті, өйткені бұның өлімге бас тігумен бірдей екенін, сондықтан егер ақпейіл де адал вассалдарымды бірі қалмай түгел қырылудан сақтағым келсе корольдікті өз еркіммен тастап шыққаным дұрыс болатынын, себебі мұндай асқан әлеуетті дәуді бәрібір жеңіп шыға алмайтынымды, жақын адамдарымның біреуін жаныма ертіп, ештеңеге алаңдамастан Испанияға аттануым керегін, мұнда келген соң сол шамада атақ-даңқы күллі осы корольдікте дүркіреп тұратын әлде бір кезбе рыцарьды тапқан бойда барлық пәле-жаладан біржола арылатынымды ескертті, ал оның есімі, жаңылмасам, Дон Қаңғыбас, не Дон Бәңгібас болса керек.
— Бәлкім, ол — Дон Кихот деген шығар, сеньора, — деп түзетті оны Санчо Панса, — немесе былайша айтқанда, Қайғылы Бейне Рыцары.
— Дұрыс айтасың, — деп келісе кетті Доротея. — Оған қоса әкем әлгі рыцарьдың ұзын бойлы, ашаң жүзді екенін және арқасында, сол жақ иығынан сәл төмендеу жерде немесе сол төңіректе қылшық тәрізді шаш шыққан қалы бар екенін де айтқан-ды.
Мұны естіген Дон Кихот атқосшысына:
— Санчо! Бері келші мұнда, балам, шешінуге көмектесші, кемеңгер король болжап білген әлгі рыцарь анық өзім бе екем, соған көз жеткізгім келеді, — деді.
— Апырау, не үшін шешінбексіз? — деп сұрады Доротея.
— Әкеңіз айтқан қалым бар ма екен, соны көргім келеді, — деп жауап қатты Дон Кихот.
— Шешінбей-ақ қоюыңызға болады, — деді Санчо, — арқаңыздың орта тұсында дәл сондай қал барын білем, бұл қайрат-күштің нышаны.
— Соның өзі де жарап жатыр, — деді Доротея. — Дос-жар адамдар ұсақ-түйекке көңіл аудармауға тиіс, қал иықта ма әлде арқада ма — онда тұрған ештеңе жоқ, ең бастысы оның қай жерде болсын әйтеуір бар екендігінде, өйткені тәннің барлық жері бірдей ғой. Сөйтіп, мейірбан әкемнің айтқаны айдай келді, оның өсиетіне сәйкес сеньор Дон Кихоттан көмек сұрадым, ал бұл кісі шынымен-ақ тап сол әкем айтқан адамның нақ өзі, өйткені бет-әлпеті Испанияны ғана емес, бүкіл Ламанчаны шарлап кеткен аңыз-әңгімеде айтылатын кейіппен айна-қатесіз ұқсас: себебі Осунада кемеден түсіп үлгермей жатып-ақ оның сансыз көп ерлігі жайындағы хабарды құлағым шалған болатын, сол арада бұл тап сол өзім іздестіріп жүрген адам екенін жүрегім сезе қойды.
— Апырай, Осунада кемеден қалай түсіп жүрсіз, ол жер теңіз айлағы емес еді ғой? — деп таңырқанды Дон Кихот.
Алайда, Доротея әлдене деп жауап қатып үлгергенше священник сөз алып:
— Сеньора принцесса, шамасы, Малагада кемеден түскеннен кейін өзіңіз жайындағы әңгімені тұңғыш рет Осунада естідім дегенді айтқысы келді-ау деймін, — деді.
— Иә, иә, соны айтайын дегем, — деп қоштады оны Доротея.
— Міне, осылай десеңіз бәрі түсінікті болады, әңгімеңізді жалғастыра беріңіз, мәртебелім, — деді священник.
— Жалғастырғанда айтарым біреу ғана, — деді Доротея. — Сөйтіп, ақыры жолым оңғарылып, сеньор Дон Кихотты іздеп таптым ғой, сондықтан қазірдің өзінде-ақ өзімді бүкіл корольдігімнің королевасы және әміршісі санауыма әбден болады, өйткені оның кеңпейілдік әрі кішіпейілдік көрсеткені сонша, көмектесуге және өзім қайда бастап апарсам сонда баруға уәде берді, ал мен оны тура бастап Қыликөз Пандафиландқа алып бармақпын, ол соны өлтіріп, Пандафиланд өзімнен жауыздықпен тартып алғанды түгел қайтып әперуге тиіс. Және мұның бәрі қолмен қойғандай боп іске асуы керек, өйткені мейірбан әкем Данагөй Тинакрий осылай болжап кеткен болатын; бұған қоса ол әлде халдей, әлде грек әріптерімен бе — соны ақыры ажырата алмадым — мынадай бір тілегін жазып қалдырған-ды: егер әлгі болжам етілген рыцарь дәудің басын шапқан соң менімен некеге тұруға тілек білдірсе, онда мен сол бойда және ешқандай сөзге келместен оның заңды жұбайына айналып, өз корольдігімнің де, сондай-ақ өз басымның да ырық-билігін соның қолына тапсыруға тиіс екенмін.
— Бұған қалай қарайсың, достым Санчо? — деді сол арада Дон Кихот атқосшысына. — Дүние не боп барады өзі? Саған не деп едім мен? Міне, қазірдің өзінде бізде корольдік те, королева да бар — биліктің тұтқасын осы қазір қолыңа алуыңа және үйленуіңе болады.
— Ант етейін, бұл өзі шындыққа әбден ұқсас әңгіме, — деп айқайлап жіберді Санчо, — ал бұдан кейін иттен туған тексіз біреу болмаса қандай адам Ебедейсізепсіз мырзаның мойнын бұрап жұлып алмас екен және үйленбес екен! Ал, королева болса, ой-й, несін айтасың!.. Осындай бүргелер менің төсегімнен де табылса ғой, шіркін.
Осыны айтып ол бойын кернеген шаттығын қайда сыйғызарын білмей секіріп-секіріп түсті, сосын Доротеяның қашырын сулығынан алып тоқтатып, қарсы алдына тізесінен құлай кетті де, оны өз королевасы және әміршісі деп танитындығының белгісі ретінде қолынан сүюге рұқсат сұрады. Қожайынның есерсоқтығы мен қызметшінің ашық ауыздығына күлмейтін адам табылар ма екен, сірә? Сол жерде Доротея оған қолын сүйгізді де, көктегі құдірет қайырымдылық жасап, корольдігіне қайта ие болып, билік жүргізуге кіріскен кезінде оны ірі мансап иесіне айналдыруға уәде етті. Аса қатты қуанған Санчо алғыс сезімін соншалықты сиықсыз сөздермен білдіре бастағандықтан, өңгелері оған тағы да мәз боп күлді.
— Өмір тарихым осындай, сеньорлар, — деп Доротея сөзін жалғады. — Бұған қосарым тек мынадай жағдай ғана: корольдігімнен алып шыққан барлық нөкерімнен тек мына сақалды малай ғана аман қалды, басқасының бәрі айлаққа жете бергенде жолыққан сұрапыл дауыл кезінде суға кетті, ал мына екеуіміз екі тақтайға жармасып ғажайыптың күшімен жағаға әзер жеттік, өздеріңіз де байқап үлгерген шығарсыздар, жалпы, менің бүкіл өмірім ғажайып пен құпияға толы ғой. Егерде артық-ауыс немесе орынсыз бірдеңе айтқан болсам сөге-жамандай көрмеңіздер, әңгімемді бастар кезде сеньор лиценциаттың не дегенін еске алыңыздар, атап айтқанда, ол кісі біріне-бірі ұштасып жатқан және алабөтен талқыға тап болған жандар қаперін жоғалтып алады деген еді.
— Басқалар жоғалтса жоғалтар, бірақ мен жоғалтпаймын, беу, ізгі ниетті һәм ақ жүрек сеньора! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Өзіңізге қызмет етіп жүрген шақта тағдыр-талайым мені қандай қиын, қандай ғаламат ауыр және қандай төтенше талқыға тап келтірсе де қыңбаймын. Сөйтіп, өзіңізге берген уағдамды орындап шығатынымды осы арада тағы бір қайталаймын және қатыгез дұшпаныңыздың сазайын тарттыру үшін өзіңізге еріп жер түбіне шейін болса да баруға ант етемін: жаратқан иеміздің көмегімен және білегімнің күшімен ол жауыздың кесірлі басын шауып тастармын деп сенемін, мына өткір жүзді... өкінішке қарай, “мына өткір жүзді семсеріммен” дей алмай тұрмын, өйткені оны менен Хинес де Пасамонте ұрлап әкеткен болатын.
Соңғы сөздерді айтқанда міңгірлеуге көшкен ол көтеріңкі дауыспен қайта сөйлей бастады:
— Сөйтіп, оның басын шауып, мемлекетіңізді көңіліңіз қалауынша билеп-төстеу еркіңізді қолыңызға алып бергенімнен кейін, өз ықтиярыңыз өзіңізге тиетін болады, өйткені менің есіл-дертім, бар ынта-ықыласым, ой-арманым тек сол аруға ғана... ары қарай ештеңе де айтпаймын, — қысқасы, тіпті ол Феникс құсы болсын мейлі, басқа біреуге үйлену жайын ойыма да алғым жоқ.
Дон Кихоттың үйленгісі келмейтіні жайындағы сөзі Санчоға ұнамағаны сонша, дауысын көтеріп, ашулана сөйлеп кетті:
— Ант етейін, кепіл болайын сізге, тақсыр, сеньор Дон Кихот, сіздің ауыш біреу екеніңіз кәміл, өйткені осындай айтулы принцессаға үйлену жайында әңгіме шыққан кезде екі ойлы болуға бола ма? Әлде мұндай олжа жолда жатыр деп ойлайсыз ба? Әлде, сіздіңше, мейірбан ханымым Дульсинея бұдан гөрі әдемірек пе? Әлбетте, олай емес, бұл одан екі есе ажарлы, тіпті ант етуге де бармын, Дульсинея бұның басқан ізіне татымайды. Егер сіз, тақсыр, аспандағы аққуға әуестік білдіре берсеңіз, мен атам басына граф болам ба? Өй, үйленіңіз сіз, үйленіңіз, сорыңыз құрғыр, өз аяғымен келіп тұрған корольдіктен құр алақан қалмаңыз, сөйтіп король атаныңыз, ал мені маркиз немесе басқақ етіңіз, әйтпесе күл болмаса бүл болсын бәрі!
Біреу көзін бақырайтып қойып сеньора Дульсинеяны даттап жатқанда Дон Кихот қарап тұратын ба еді, сондықтан шолақ найзасын алды да, артық-ауыз сөзге бармастан Санчоны соғып-соғып жіберді, оңдырмай ұрғаны сонша анау тоңқалаң асып түсті, егер сол арада Доротея араша түспегенде тіпті жанын жаһаннамға да жіберер ме еді қайтер еді.
— Сіз, жексұрын найсап, — деп сөйлеп кетті сәлден соң Дон Кихот, — менімен әрдайым осылай әдепсіз түрде сөйлесе берем, көрінгеннің бәрін шатыстырып-бытыстырам, ал анау маған аяушылық білдіреді деп ойлайтын шығарсыз? Жоға, оныңыз болмайды, антұрған сұрқия, өйткені жан тең келмейтін Дульсинеяны даттағаннан кейін сіз шынымен-ақ сұрқия екеніңізді көрсеттіңіз. Ау, мақұлық, милау, мүттайым-ау, егер ол білегіме қуат дарытпаса менің тіпті бүрге екеш бүргені де өлтіре алмайтынымды білмейсіз бе? Ал, айтыңызшы, жыланның тілін жалдаған залым, мына корольдікті жаулап алған, дәудің басын шапқан, өзіңізді маркиз еткен кім (өйткені, мен мұның бәрін біткен шаруа, әлдеқашан шешілген мәселе деп есептеп тұрмын), — ау, мұның бәрі білегімнің күшін өз қаруына айналдырған Дульсинеяның айбынды әрекеті емес пе? Ол мен арқылы шайқасқа шығады және мен арқылы жеңіске жетеді, ал мен тек соны ойлаумен ғана ғұмыр кешіп, тыныс алам, менің өмір сүріп, тірлік етіп жүргенім тек соның ғана арқасы. Өй, қара ниет, азғын, жақсылықты білмейді екенсіз-ау сіз! Сізді боқтың арасынан алып шықтық, дәреже-атағы бар ақсүйектер қатарына қостық, ал сіз болсаңыз жарылқаушыңыз жайында шатты-бұтты сөз айтасыз!
Санчо есінен танып қаларлықтай дәрежеде таяқ жемеген-ді, сондықтан қожайыны айтқан сөздің бәрін естіп жатқан; ылдым-жылдым қимылдап орнынан түрегелген ол Доротея мінген жорғаның тасасына барып жасырынды да, сол жерде тұрып Дон Кихотқа былай деді:
— Маған мынаны түсіндіріңізші, сеньор: айталық, мына айтулы принцессаға үйленбеуге ұйғардыңыз делік, ондай жағдайда корольдікке де ие бола алмайсыз ғой, ендеше сіздің тарапыңыздан маған қандай жақсылық күтуге болады? Міне, қорқатыным да осы. Қайткен күнде де үйленіңіз осы королеваға, оның үстіне бұл өзі бізге көктен түскендей ойда жоқ жерден жолығып отыр ғой, ал сеньора Дульсинеяға кейінірек қайта оралуға болады, — себебі, әйеліне қоса нақсүйері де болған корольдер дүниеде аз өтпеген. Ал, егер сұлулық жайына келсек, онда менің шаруам жоқ, — ақ-адал шынымды айтсам, маған екеуі де ұнайды, тіпті сеньора Дульсинеяны өмірі көрмеген адам болсам да.
— Ау, оны көрмедім деуің қалай, антұрған найсап? — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Әлгі әзірде ғана маған оның сәлемін жеткізбеп пе едің?
— Мен оның сұлулығын, әр мүшесінің ерекшелігін жеке-жеке әрі бүге-шігесіне шейін еркін парықтай алмадым дегенді айтқым келіп еді, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ егер сырттай көз салғанда ол өзі әжептәуір-ақ әдемі.
— Міне, енді сені кешірдім, — деді Дон Кихот, — сенің де көңіліңде реніш қалмасын, өйткені сезімге берілген адам алғашқыда еркінен айрылып қалады.
— Оны өзім де жақсы сезіп тұрмын, — деді Санчо. — Ал, менің еркімді алатын алғашқы нәрсе — әйтеуір айтып қалу, бірдеңе тілімнің ұшына келсе, соны құрығанда бір рет айтып тастамайынша шыдамым таусылып бітеді.
— Солай бола тұрса да, Санчо, — деді Дон Кихот, — не жайында айтып тұрғаның жөнінде ойлан, әйтпесе дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады дегендей... мені түсінерсің деп ойлаймын.
— Амал қанша, — деп реніш білдірді Санчо, — көкте құдай бар, одан ештеңені жасырып-бүркей алмайсың: мен секілді сөйлеген жаман ба, әлде, тақсыр, сіз секілді қол жұмсаған жаман ба, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екеніне сол баға береді.
— Жә, бопты, бопты, — деп сөзге араласты Доротея, — бар, Санчо, жүгір, мырзаңның қолын сүй, одан кешірім сұра, болашақта мақтау сөз айтқанда да, даттау сөз айтқанда да аузыңа сақ бол, Тобосолық сеньора жайында жаман лебіз білдірме, — рас, мен оны мүлдем танымаймын, бірақ қызмет көрсетем десе қарсы болмаймын, — сөйтіп, құдайдан шапағат тіле, ал дүние-мүлікке сен міндетті түрде ие боласың, сөйтіп мырзалар секілді мырғамға батасың.
Санчо басы салбырап қожайынының қасына барып, қолын созуын сұрады, анау қолын мардымси созды; сосын, Санчо қолын сүйгеннен кейін, Дон Кихот оған батасын беріп, соңынан еруге әмір етті — одан сұрап-білгісі келетін жайлары барын және айрықша маңызды нәрселер жайында сөйлескісі келетінін айтты. Санчо оның әмірін екі еткізбей орындады да, ілгері озыңқырай шыққаннан кейін Дон Кихот оған былай деп тіл қатты:
— Өзің қайтып оралғалы бері арнайы мақсатпен барған сапарың жайында да, алып келуге тиіс жауабың жайында да егжей-тегжейлі сұрап-білуіме уақыт та, мүмкіндік те болмады, бірақ енді тағдырдың ықылас-пейіл білдіруінің арқасында бұған уақыт та, орын да табылып тұрған кезде мені қуанышты хабарларға қанығу бақытынан айырмассың деп ойлаймын.
— Көңіліңіз не қаласа соны сұрай беріңіз, тақсыр, — деді Санчо, — осы арадағы жаңғырық қандай анық естіліп тұрса, мен де бәріне тап солай дәлме-дәл жауап қайтаратын болам. Тек сізден, мархабатты мырзам, өтініп сұрайтын бір ғана нәрсем бар: болашақта соншалықты кекшіл болмасаңыз етті.
— Сонда не айтқың келеді, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.
— Айтайын дегенім, — деп жауап қатты Санчо, — мені ұрып тастағаныңыздың себебі, әсте де сеньора Дульсинея жайындағы сөздерім емес, жақында екеуіміздің шайтан азғырып ұрсысып қалғанымыз ғой: мен ол сеньораны тек сіздің, тақсыр, жаныңызға сая болғандығы себепті ғана ұнатам әрі әулие секілді пір тұтам, — бірақ, әрине, әулиеліктің маңына ол қоңсы қона алмайтын болса да.
— Сен қойсаңшы, Санчо, бәрін басынан қайта бастамасаңшы, — деді Дон Кихот, — әбден мезі ғып біттің. Саған осы қазір ғана кешірім еттім, ал мұндай жағдайда: “Жаңадан жасалған күнәның — жаңадан тартатын азабы болады” дейтіннің барын өзің де жақсы білесің.
Сол екі арада олар қарсы алдарында есек мінген әлдебіреудің келе жатқанын байқап қалды, берменірек жақындаған кезінде бұл оларға сыған тәрізді боп көрінді; алайда есек атаулыны көзі шалған сайын көңілі бұзылатын Санчо Пансаның әлгі адамға зер ден қойғаны-ақ сол, бұның Хинес де Пасамонте екенін бірден біле қойды, сөйтіп осынау жалғыз тал сыған қылшығына қарап-ақ жеке меншік есегінің терісін жазбай танып, жаңылмай ажыратып алды, өйткені оның сұр есегіне мініп келе жатқан шынымен-ақ Пасамонте болатын; айта кетер нәрсе, аталмыш Пасамонте, өзін біреу-міреу танып қоймасы үшін және есекті сатып жіберуді көздеп сығандарша киініп алған-ды, ал сыған тілінде де және көптеген басқа тілде де ол ана тілінде сөйлегендей еркін сөйлеп, түсінісе алатын. Санчо оны көріп, тани қойды, сөйтіп оны көріп, таныған бойда-ақ жан шошырлық дауыспен айқайға басты:
— Әй, ұры Хинесұмпай! Меншігімді қайтар өзіме, жанымды жаралама, тынышымды алма, есегімді қалдырып кет, сүйіктімді қайтар бермен! Қараңды батыр, төбет, жоғал көзден, қарақшы, біреудің дүниесіне тиісуші болма!
Әділін айтқанда, боқтық сөзді осыншама көп мөлшерде боратудың қажеттілігі де жоқ-ты, өйткені алғашқысын естіген бойда-ақ есектен секіріп түскен Хинес тапырақтай қашып қас пен көздің арасында қарасын батырған-ды. Есегіне жүгіре басып жеткен Санчо оны құшақтай алып:
— Ау, менсіз қалай күн кештің, асылым-ау менің, сымбаттым-ау, жан жолдасым-ау? — деді.
Осыны айта жүріп ол есегін адамды сүйгендей сүйіп, сипалаумен болды. Есек үн шығармады, — Санчоның сүйгені мен сипалағанына бейіл бергенімен, жауап ретінде бір ауыз тіл қатпады. Басқалары да жақындап, Санчоны есегінің қайта оралуымен құттықтап жатты, ал атқосшысының олжасына әсіресе қатты қуанған Дон Кихот үш қодық жайындағы бұйрығын өз күшінде қалдыратынын мәлім етті. Санчо оған алғыс айтты.
Дон Кихот пен Санчо екеуара әңгімелесіп жатқан кезде священник Доротеяға қарап тіл қатып, хикаясын әңгімелеудегі шеберлігін әрі оның қысқалығы мен рыцарьлық романдарда кездесетін жайларға ұқсастығын айтып мақтады. Доротея бұған жауап ретінде рыцарьлық романдарды құмарта оқығанын, бірақ провинциялар мен теңіз айлақтары дейтіндердің қай жерде екенінен мүлдем хабары жоқтығын, сондықтан кемеден Осунада түстім деп жобалап айта салғанын хабарлады.
— Мен соны бірден сездім, — деді священник, — сөйттім де, дереу киіп кеттім, онан соң бәрі орнына келді. Алайда, мына ашықауыз идальгоның сөз саптауы мен оқиға өрісі түкке алғысыз романдарын еске салса болғаны, қайдағы-жайдағы өтіріктің бәріне құлай сеніп қалатыны шынымен-ақ таңғаларлық емес пе?
— Солайы солай, — деді Карденьо, — шын мәнінде де бұл бұрын-соңды кездеспеген, шетін жағдай, менің ойымша, осыған ұқсас бірдеңені ойлап тауып, шығарма жазуға арнайы ниет қылған қарымды қаламгердің өзі де пәтуалы бірдеңе тындыра қояры неғайбыл секілді.
— Бұл арада тағы мынадай бір ерекшелікті ескеру керек, — деп қосып қойды священник. — Осынау мейірбан идальго тек өзін есерсоқтыққа ұрындырған нәрсе төңірегінде сөз болған жағдайда ғана сандырақтап кетеді, ал басқа нәрсе жайында әңгіме қозғалғанда ақыл-есінде бір мін жоқ сұңғыла адамдарша сұңқылдайды, биік парасат иесі екенін аңғартады, сондықтан оның анау әлгі рыцарьлығына қатысты сөз қозғамағандар оны шын мәніндегі ақылман адам екен деп қалады.
Олар осындай сұхбат жүргізіп жатқан шақта Санчомен әңгімесін әрмен жалғастырған Дон Кихот оған былай деді:
— Сөйтіп, достым Панса, арамыздағы кикілжіңді былай жиып қояйық, маған деген ашуыңды да, ренішіңді де жадыңнан біржола аластап, ақ-адал шыныңды айтшы: Дульсинеяны сен қай жерден, қалай және қашан көрдің? Сол кезде ол немен шұғылданып жатты? Сен оған не дедің? Ол саған нендей жауап қайтарды? Жолдауымды оқыған кезінде бет-әлпетінде қандай өзгеріс болды? Оны саған кім қайта көшіріп берді? Бір сөзбен айтқанда, өз ойыңша, бұл орайда айта кетуге, сұрақ қою мен жауап беруге лайықты не бар, соның бәрін, жанымды рақатқа батыру үшін өз тарапыңнан ештеңе қоспай, ештеңе ойдан шығармай, ал ең бастысы, ештеңені қалыс қалдырмай түгел баяндап бергейсің, өйтпеген жағдайда мені бар рақаттан құралақан қалдырасың.
— Сеньор! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Ақ-адал шынымды айтсам, маған ешкім ештеңе көшіріп берген емес, себебі өзіммен бірге ешқандай хат алған емеспін.
— Рас айтасың, — деп мақұлдады оны Дон Кихот, — өзің кеткеннен кейін екі күннен соң қойын дәптерді жан қалтамнан тауып алдым, бұл мені қатты опындырды, өйткені хаттың жоқ екенін көрген шақта не істейтініңді білмедім, сөйтіп осынау шалағайлығыңды байқағанда қайтып оралатын шығарсың деп күтумен болдым.
— Өзіңіз, тақсыр, оны маған оқып берген кезде жаттап алмасам, бәлкім, солай етуіме де тура келер ме еді, қайтер еді, — деді Санчо келісіңкіремей, — сондықтан оны псаломшыға34 айтып бердім де, ол қатырып тұрып, бір сөзін қалдырмай қағазға түсіріп берді; оған қоса, сүйгенінен қол үзіп қалғандар жазған жолдаудың өз өмірінде не қилысын оқығанымен, дәл мынадай ғажайып жолдауды бүкіл ғұмырында бірде бір рет көрмегенін де, оқымағанын да айтты.
— Сонда ол хатым әлі күнге шейін есіңде жүр ме, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.
— Жоқ, сеньор, — деп жауап қатты Санчо, — мен оны қайталап айтып бердім, сосын, байқап қарасам, енді оның маған қажеті жоқ сияқты, сосын жайлап ұмыта бастадым, есімде қалғандары тек: көңілшек, жоға, ақ көңіл сеньора деген сөз бен соңындағы Өле-өлгенше өзіңдік Қайғылы Бейне Рыцары деген ғана. Ал, ортасына ұзын саны үш жүздей боп қалатын “жан”, “өмір” және “жанарым” секілді не түрлі нәрселерді енгіздім.
ХХХІ тарау
Дон Кихот пен атқосшысы Санчо Панса арасында болған көңіл аударуға тұрарлық әңгіме жайында, сондай-ақ басқа да оқиғалар турасында
— Әзірше әңгімең жарап тұр, — деді Дон Кихот, — айта бер. Міне, сен оған келдің дейік, — сұлулық падишасы сол кезде немен айналысып жатты екен? Шамасы, інжуге жіп өткізіп отырған шығар немесе өзіне шын берілген рыцарьға арнап алтын жіппен девиз кестелеп отырған болар?
— Мүлде олай емес, ауласында бидай елеп жатты, — деп жауап қатты Санчо.
— Ендеше, біліп қой, — деді Дон Кихот, — оның саусағы тиген дәннің бәрі сол бойда-ақ інжуге айналып жатады. Ал, сен, достым, байқамадың ба, ол қандай дән еді? Сірә, ең сапалы бидайдың дәні шығар?
— Жоға, барып тұрған ең арзан бидайдың дәні болатын, — деп жауап қатты Санчо.
— Ендеше, саған мынаны айтайын, — деді Дон Кихот, — оның қолымен еленген дәннен еш күмәнсіз аппақ қардай таза нан піседі. Жә, жалғастыра бер. Жолдауымды табыс еткеніңде ол оны сүйіп алды ма? Төбесіне қойды ма? Хатымның баруына байланысты тиісті рәсімдерді жасады ма, — қысқасы, ол қайтті?
— Оған хатыңызды берген кезімде, — деп жауап қатты Санчо, — әжептәуір мөлшерде бидай салынған електі жан сала шайқап жатқан-ды, маған бар айтқаны: “Хатты ана қапшықтың үстіне қоя салыңыз, ағатай, — мынаның бәрін елеп біткенше оны оқитын жағдайым жоқ”, деген сөз болды.
— Беу, сұңғыла сеньора! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Олай дегенде, шамасы, оны қолы босаған кезде асықпай отырып оқиын, сөйтіп бір ләззатқа батайын деген екен ғой. Айта бер, Санчо. Өз шаруасымен шұғылданып жатқанда сенімен ол не жайында сөйлесті? Мен туралы сұрады ма? Сен оған не деп жауап бердің? Айтсаңшы қалай болғанын, сауыт түбінде сия қалдырмасаңшы!
— Ол маған ештеңе жайында ешқандай сұрақ қойған жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ оған бәрін түгел баяндап бердім: осылай да осылай, көзіңізге түсіп, көңіліңізді жібіту үшін қожайыным жабайы адам секілді тау арасында жүр, беліне дейін жалаңаш күйінде өксікке толы күн өткізеді: жерде жатып ұйықтайды, тамақ ішкен кезінде дастарқанды пайдаланбайды, сақалын тарамайды, жылай береді және тағдырына нәлет айтады, дедім.
— Тағдырына нәлет айтады, дегенің онша оңды болмаған екен, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Керісінше, Дульсинея Тобосская секілді биік парасат иесіне іңкәрлік білдіруге лайықты болғаным үшін тағдырыма айрықша ырзамын және өмір бойы ырза боп өтем.
— Ол шынында да биік, — деді Санчо, — менен төрт-бес елідей бойшаң, ант етейін.
— Ау, ол қалай, Санчо? Немене, сен онымен бой салыстырып па ең? — деп сұрады Дон Кихот.
— Жоға, оның реті былай келді, — деп жауап қатты Санчо. — Мен оған бір қап бидайды есекке артуға көмектесе қоймақ болғам, сөйтіп онымен қатар тұра қалғам, — сол арада ғана көрдім, ол менен бір сүйемдей биік екен.
— Ақиқат шындыққа кім қарсы тұра алады, — деп дауыстап жіберді Дон Кихот, — оның бойшаңдығына жан-дүниесінің түпсіз терең сұлулығы жараспайды және барша болмыс-бітімінің көркін келтірмейді деп кім айта алады? Бірақ, сен, Санчо, бір нәрсені сөссіз мойындарсың деймін: қасына таяп барған кезіңде әлденендей бір сүйкімді хош иісті, әлденендей бір жұпар аңқыған лепті, жанға кереметтей жағымды нәрсені, — бұны қалай деп атауға боларын өзім де білмей тұрмын, — сездің бе? Бір сөзбен айтқанда, оның бойынан сән-салтанаты мол дүкендердегідей иіс сезілетінін байқадың ба?
— Бұған жауап ретінде айтарым, оның бойынан еркектердің бойынан шығатындай бір күлімсі иіс сездім, — деді Санчо, — шамасы ол тынымсыз көп қозғалған шығар, сосын терлеп кеткен болар, осы себепті одан бір қолаңса иіс шығып тұрды.
— Соқпа өтірікті, — деді наразы Дон Кихот, — бәлкім, сен тұмауратып қалған боларсың немесе өз бойыңдағы иісті сезген шығарсың. Осынау тікенегі жоқ райханның, осынау далада өскен лаланың, осынау амбра ерітіндісінің қандай хош иісті екенін мен жақсы білем.
— Бәрі де мүмкін, — деп келісе кетті Санчо, — тілеуі болғыр сеньора Дульсинеяның бойынан сезілгендей иістің өз бойымнан да шығатынын жиі байқап жүрем. Оған таңырқайтын да ештеңе жоқ: екеуіміз бір қамырдан иленген жандармыз ғой.
— Сөйтіп, — деп сөзін әрмен жалғады Дон Кихот, — ол дәнді елеп болды да, диірменге жөнелтті. Жолдауды оқығаннан кейін ол не деді?
— Ол жолдауды оқыған жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — өзінің оқи да, жаза да алмайтынын айтты. Хатты күл-парша ғып жыртып тастады, селодағы біреулер оқып алып, құпиямды біліп қоя ма деп қорқам, деді; өзіне деген сүйіспеншілігіңіз жайында ауызша айтып бергендерім мен сүйіспеншілігіңізді дәлелдеу үшін басыңызға артқан адам айтса нанғысыз азап-ақиретіңіздің өзі-ақ жеткілікті, деді. Одан соң маған: қолыңыздан сүйетінін және өзіңізбен хат арқылы хабарласқанша жүзбе-жүз сөйлескенді артық көретінін жеткізуімді әмір етті, сондықтан осы бұйрықты алған бойда есерсоқтықты қоюыңызды, мына жапан түзді тастап, егер жолшыбай аса маңызды әлдене бөгесін боп жатпаса, еш те бір кідірместен Тобосоға қарай бағыт ұстауыңызды сұрайтынын және соны талап ететінін, өйткені, өзіңізбен, тақсыр, көрісуге соншалықты ділгер боп жүргенін мәлім қылды. Өзіңізді өзіңіз Қайғылы Бейне Рыцары деп атайтыныңызды айтқанымда ішек-сілесі қатып күліп алды. Мен одан анау әлгі бейшара бискайлық кіріп шықты ма деп сұрағам, ол келді, деді, жаман жігіт емес екен, деді. Сондай-ақ, мен одан каторгаға кесілгендер жайында да сұрағам, бірақ ол әзірше олардың ешқайсысы төбе көрсетпегенін хабарлады.
— Әзірге бәрі ойдағыдай, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Бірақ, сен маған мынаны айтшы: өзім жайында әкелген хабарың үшін қоштасарда ол саған қандай бағалы затты сыйға тартты? Өйткені, кезбе рыцарьлар мен олардың ханымдары арасында ежелден қалыптасқан мынадай бір дәстүр бар: ханымдары жайында рыцарьларға немесе рыцарьлары жайында ханымдарға хабар әкелген атқосшыларға, сенімді адамдар мен ергежейлілерге тапсырманы орындағаны үшін әлденендей бір бағалы дүние берілуге тиіс.
— Берілсе берілген де шығар және, меніңше, бұл мақтауға әбден тұрарлық дәстүр секілді. Бірақ, бұл бағзыда солай болған ғой, ал қазір бір тілім нан мен сүтсірне ғана тарту етіледі, өйткені қоштасарда сеньора Дульсинея шарбақ саңылауы арқылы маған тек соны ғана сыйлады, оның үстіне сүтсірне қойдың сүтінен жасалған боп шықты.
— Бұдан асқан жомарттық та бола қоймас, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Дульсинеяның саған әлденендей бір алтын бұйымды сыйламаған себебі ондай нәрсе, шамасы, оңайда бола қоймаған ғой, алайда сый-сыяпат тек мереке күндері ғана көңіл марқайтпайды, онымен жүздесермін, сосын бәрін орнына келтірермін. Бірақ, өзімді әсіресе таңғалдырып тұрған не екенін білесің бе, Санчо? Маған сен әрі қарай да, бері қарай да әуемен ұшып барып келген секілді көрінесің: Тобосоға баруға және қайтып оралуға бар болғаны үш тәуліктен сәл ғана астам уақыт жібердің, ал осы арадан Тобосоға дейінгі аралық отыз мильден асады ғой. Осыған қарап, өзімді қанатының астына алған және өзіме достық пейілдегі әлдебір данагөй сиқыршы, — ал ондай менде, әрине, бар және болмауы да мүмкін емес, әйтпесе айтулы кезбе рыцарьға айналмас едім ғой, — міне, осы сиқыршы саған байқаусыз түрде қолғабыс етіп отырған-ау деген қорытынды жасадым: өйткені, осындай сиқыршылар кейде кереуетінде ұйқы соғып жатқан рыцарьды көтеріп ала жөнеледі, сөйтіп әлгі рыцарь ертеңіне қалай, неге және неліктен бұлай болғанын өзі де білместен, ұйқтап жатқан жерінен мың миль жырақтан бір-ақ оянады. Сиқыршылар болмаса, бастарына қатер төнген шақта кезбе рыцарьлар бір-біріне қол ұшын да бере алмас еді — ал, бұл олардың тұрақты шұғылданатын шаруасы ғой. Кейде былай да болады: әлдебір рыцарь Армения тауларында андриакпен, қатыгез құбыжықпен немесе басқа бір рыцарьмен шайқасып жатады, — кенет, айқастан әбден әлі бітіп, жан алқымға тіреліп тұрған шағында, қайдан тап болғаны белгісіз, бұлтқа мінген немесе от-жалынға оранған күймеге мінген рыцарь ұшып келеді: бұл — содан сәл ғана бұрын Англияда жүрген оның досы болатын; ол келеді де, айқасқа қойып кетеді, сөйтіп досын ажалдан арашалап қалады, сонсоң кешкісін сол рыцарь өз үйінде асқан зор тәбетпен кешкі асын ішіп отырады, ал оның үйіне шейін, бәлкім, екі мың, әлде тіпті үш мың миль бар шығар. Осының бәрін рыцарьлар атақты сайыскерлерге қамқорлық көрсететін кемеңгер сиқыршылардың өнері мен даналығы арқасында ғана іске асырып отыр. Сенің соншама аз уақыттың ішінде барып келуіңе иланатын себебім де, міне осында, достым Санчо, өйткені, алдында айтқанымдай, әлдебір данагөй демеуші сені әуеге көтеріп ала жөнелген, ал сен мұны тіпті өзің де байқамай қалғансың.
— Тап солай болғанында еш күмән жоқ, — деді Санчо, — өйткені, Росинант, оллаһи, шын айтам, құдды бір құлағына сынап құйған сыған есегіндей құйғытты дейсің келіп!
— Қайдағы сынапты айтып тұрсың! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сынап емес, тұтас бір қора шайтан, ал бұл арамза найсаптар өздері де өлгенше жөңкіледі, жолында кезіккендерді де оңдырмай жөңкілтеді. Жарайды, бұл әңгімені қоя тұрайық. Ал, енді жүрегімнің әміршісі тезірек жетуге жарлық беріп тұрған шақта, сеніңше, мен не істеуім керек? Өзімді оның бұйрығын орындауға міндеттімін деп білем, солай бола тұрғанымен, бірге келе жатқан ана принцессаға жақсылық жасау жөнінде берген уәдемді орындамауыма тағы болмайды, оның үстіне рыцарьлар қауымының заңы бойынша әуелі уәдемді орындауға тиіспін, жан рақатын сосын ғана ойластыруым керек. Бір жағынан, аяшыммен жүздесуге деген ынтызарлық есіл-дертімді алып, діңкемді құртып барады; екінші жағынан, берілген уәде мен осы қарекет әкелетін абырой-атақ еліктіріп, еркімнен айырып тұр. Бірақ, енді былай деп шештім: шапшаңырақ қозғалып, әлгі дәуге мүмкін болғанынша тезірек жетпекпін, барған соң оның басын шауып түсірем де, елінің билігін принцессаның қолына табыс етем, одан соң, кірпік қағым кідірместен, жаныма жарық нұрын сеуіп тұрған аяшыма қарай жүйткітем, сөйтіп оған кешіккеніме ренжімейтіндей дәлелді себептерді алға тартам, — сонда ол осының бәрі өз абырой-даңқын арттыру мақсатына қызмет ететініне иланады, өйткені қарудың күшімен қол жеткізген, қол жеткізіп жүрген және бұл дүниеде қашан да болсын қол жеткізетіндерімнің бәрі оның маған деген ілтипаты мен өзімнің оған деген адалдығымнан туындап жатыр ғой.
— Тілеуіңіз болғыр-ай, басыңызды қалай ғана жөндеуге болар екен осы сіздің! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Апырай, не деп тұрсыз өзіңіз: сонша жерге саяхат жасағаннан кейін анандай дәулетті де әулетті қалыңдықтан құр алақан қалайын деп отырсыз ба сонда? Жасауына тұтас бір корольдікті бергелі отыр ғой, ал оның көлемі, — шын сөзім, өз құлағыммен естідім, — айналдыра өлшегенде жиырма мың мильден астам екен, олай болса оның Португалия мен Кастилияны қосып есептегендегіден де үлкен болғаны ғой әрі ол өзі адамның тіршілік етуіне не қажеттің бәріне лықа толы көрінеді. Құдай үшін маған қарсыласа көрмеңіз, — одан да әлгі сөзіңіз үшін арланыңыз және айтқан тілімді алыңыз: шамыңызға тигелі отырғам жоқ, священнигі бар алғаш кездескен елді мекенде некеге тұрыңыз, болмаса біздің лиценциаттың өзі-ақ сізге көмектесе алады, — некеңізді ол қатырып тұрып қиып береді. Бұған қоса менің жасымда ақыл айтуға болатынын және бұл ақылдың әбден орынды екенін ескеріңіз, сондай-ақ алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған артық екенін ұмытпаңыз, — өйткені, қанағат қарын тойғызады деген бар, қанағатын ұмытқан адамның қасіретке ұрынуы да қиын емес, ал қасірет басыңды шалса одан құтылуың қиын, бір айналдырғанды шыр айналдырады демей ме.
— Бері қара, Санчо, — деді Дон Кихот, — үйлену жайында кеңес бергенде сен тек бір ғана мақсатты — дәуді өлтірген бойда-ақ король атанатынымды, сөйтіп жақсылықты басыңа үйіп-төгіп, уәде еткенімнің бәрін орындауым оңайға түсетінін көздеп отырсаң, онда саған айтарым: тіпті үйленбеген жағдайда да тілегіңді орындаудың маған түк қиындығы жоқ! Өйткені, жеңіп шықсам тіпті үйленбеген күнде де корольдіктің бір бөлігі өзіме берілетіні, кейін оны кімге қаласам соған тарту етуіме болатыны жөнінде айқасқа кірмес бұрын алдын-ала келісіп қоям. Сосын ол өз иелігіме өткенде оны саған бермегенде кімге береді дейсің?
— Бұл онсыз да түсінікті ғой, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ байқаңыз, тақсыр, теңізге жақындау жерді таңдаңыз, ол ара өзіме онша ұнамайтындай жағдайда, қара вассалдарымды кемеге тиеуге мүмкіндік болатын болсын, соңынан оларды өзім жоспарлап қойған мақсатқа жарата жатам ғой. Сондықтан, тақсыр, мейірбан ханымым Дульсинеяға дәл қазір жолығам дегенді біржола естен шығарыңыз да, дәуді өлтіруге аттаныңыз, одан соң екеуіміз жаңағы шаруаны дөңгелентіп тастаймыз ғой, — құдай атымен ант етейін, меніңше, бұл біз үшін әрі барынша құрметті, әрі барынша пайдалы іс болмақ.
— Еш нәрсе жайында қам жеме деп тұрмын ғой саған, Санчо, — деді Дон Кихот, — әлгі айтқан ақылың бойынша әуелі принцессамен бірге аттанам да, Дульсинеяға содан кейін ғана жолығам. Бірақ, есіңде болсын: екеуіміз жасаған шешім мен ұйғарым жайында жан баласына білдірме, тіпті серіктерімізге де ештеңе айтпа, себебі егер Дульсинеяның өзі асыл арманын әлдекімге жария қылудан тартынып отырса, онда мен үшін де, сондай-ақ басқа біреу үшін де, оны жайып салу үлкен әдепсіздік болмақ.
— Ондай жағдайда, — деп құлаққағыс етті Санчо, — білегіңіздің күшімен тізе бүктірген бейбақтарыңыздың бәрін мейірбан ханымым Дульсинеяға аттандыратыныңыз қалай? Бұның өзі, шынтуайтында, оны сүйетіндігіңізді, нақ сүйеріңіз екенін паш ету боп шықпай ма? Егер оның алдына баратындардың түгел тізесіне жығылуы және сіздің жібергеніңізді, ханымның өзіне не қылса да ықтиярлы екенін жария етуі соншалықты қажет рәсім болса, онда бұдан соң асыл армандарыңыз құпияда қала ала ма?
— Өй, милау, өй, барып тұрған кеще! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Осының бәрі оның абырой-атағын асқақтатуға сеп болатынын қалай ғана түсінбейсің, Санчо? Сен біліп қойғын, ханымға бір емес, бір топ кезбе рыцарьдың қызмет етуі, күллі ізгі ниеттері үшін ешқандай қарымта күтпей, тек ханымның қадір тұтар рыцарьлары қатарына қабылдауға бейіл білдіруін ғана қанағат етіп, тек осындай жанның бұл дүниеде бар екені үшін ғана қызмет етуді мұрат тұтуы — біздің, рыцарьлар қауымының, ұғым-түсінігі бойынша ханым үшін асқан зор құрмет боп табылады.
— Мұндай махаббатпен тек жаратқан иемізді ғана сүюге болады, — деді Санчо. — Ешқандай жарылқау да дәме етпей, жаза береді-ау деген үрейдің де жетегіне ермей, жаратқан иемізді тек соның бұл жалғанда бар екендігіне бола сүю керек, деген уағыз естігенім бар-ды. Дегенмен, тек бірдеңе бұйыратын болса ғана мен оны тап солай сүйіп, оған тап солай қызмет етер ем.
— Өй, сен шайтан алғыр! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Можантопай біреусің, ал кейде сондай керемет ақылды сөз айтасың! Соған қарап өзіңді оқыған адам ба деп те қалуға болады.
— Сізге ақ-адал шынымды айтсам, мен тіпті әріп те танымаймын, — деп мәлім етті Санчо.
Сол арада маэсе Николас айқайлап, олардың кідіре тұруын сұрады, себебі бәрі бастаудың жанында аялдап аяқ суытпақ көрінеді. Дон Кихот тізгін тартып тоқтады, Санчо бұған қатты қуанды, себебі өтірік айта-айта әбден шаршаған-ды, оның үстіне Дон Кихот бір жерден қатесін тауып ала ма деп қыпылықтаумен болған, өйткені Дульсинеяның тобосолық шаруа әйел екенін жақсы білетінімен, өмірі көрген адамы емес-ті.
Бұл екі арада Карденьо жолаушыларымыздың үшеуі алғаш рет Доротеяның үстінен көрген киімді ауыстырып киіп алды, — бұл өзі онша оңды киім болмағанымен, өзі киіп жүргеннен әлдеқайда тәуір еді. Бастаудың жанына келіп тоқтаған олар священник бекеттен алып шыққан азын-аулақ тамақпен жүрек жалғаған болды. Тап осы кезде жол бойымен әлдебір балақай өтіп бара жатқан-ды; бастау жанына жайғасқандарды зер сала шолып шыққан ол, Дон Кихотқа қарай тұра жүгірді де, жеткен бойда аяғын құшақтай жығылып, аянышты дауыспен қасақана зар илей жылап:
— Ау, мархабатты мырзам! Мені таныдыңыз ба, жарылқаушым-ау? Дұрыстап қараңызшы, мен тап сол еменге таңылған, өзіңіз, тақсыр, босатып алған Андреспін ғой, — деді.
Дон Кихот оны танып, баланы қолынан алып, жанында отырғандарға қарап былай деп тіл қатты:
— Ардан безген, зұлым жандар көрсетіп жатқан жәбір-жапа мен қысымшылық үшін кек қайтаратын кезбе рыцарьлардың дүниеде болғаны қандай ғанибет екеніне көздеріңізді анық жеткізетін мынадай бір жайды біліп қойғандарыңыз артық етпейді: осы жақында ғана орман ішімен өтіп бара жатқан кезімде сондай бір аянышты ыңырсыған дауыс пен айқайды құлағым шалды, — тек қорлыққа душар болған, қорғансыз жанның ғана осындай ыңырсыған дауыс шығаратыны анық еді. Көмек көрсету парызым болғандықтан ыңырсып, жыламсыраған дауыс осы тұстан шығып жатыр-ау деген жақты бетке алып тартып кеттім де, ұзамай емен ағашына байлап тасталған баланы көрдім: ол бала қазір міне алдарыңызда тұр, онымен кездескеніме сондай қуаныштымын, өйткені мұның бәрі ақиқат шындық екеніне өзі куәлік ете алады. Сөйтіп, беліне дейін жалаңаш бұл бала еменге таңылып тасталған, оны бір шаруа белбеумен шықпыртып жатыр, — кейін білгенімдей, бұл оның қожайыны болып шықты. Осыны көргеннен кейін мен одан бұлайша аяусыз жазалаудың себебі не екенін сұрадым. Әлгі әдепсіз бұл өзінің жалшысы екенін және баланың ісіндегі шалалықтың көбі әсте де оның сумилығынан емес жұлмырлығынан туып жататынын, оны сол үшін шықпыртып жатқанын айтты, бұған бозбала: “Сеньор! Ол мені жалақымды сұрағаным үшін ғана ұрып жатыр!” деп қарсылық білдірді. Қожайын ақталуға тырысып, бұлбұлша сайрап берді, мені оны тыңдауын аяғына шейін тыңдадым, бірақ ақталу мақсатында айтқан дәлелдерін қабылдамадым. Ұзын сөздің қысқасы, шаруаға баланы байлаудан босатуға әмір еттім және баланы үйіне ертіп баратыны, соңғы реалына шейін санап беретіні, оған қоса тіпті алғыс айтатыны жөніндегі сертін алдым. Солай емес пе, сүйкімді Андрес? Мен оған бұл бұйрықты қандай қатулы үнмен бергенімді және оның барлық жарлығымды, тәртібім мен талабымды орындау жөнінде қалайша құлдық ұрып уәде еткенін сен байқадың ба? Жауап бер, — ұялма да, абыржыма да. Мына сеньорларға бәрін егжей-тегжейлі баянда, күре жолдардың бойында кезбе рыцарьларды кездестірудің қандай ғанибет нәрсе екеніне бұлардың көздері жетсін және оның қажеттігін мойындайтын болсын.
— Бәрі де айна-қатесіз шындық, тақсыр, — деп қоштады бала оны, — бірақ тек нәтижесі өзіңіз ойлағандай емес, мүлдем керісінше болды.
— Неге керісінше? — деп сұрады рыцарь. — Немене, шаруа жалақыңды төлеген жоқ па?
— Төлемегені өз алдына, — деп жауап қатты бала, — өзіңіз орманнан шығып, екеуіміз оңаша қалған бойда-ақ, ол мені сол еменге қайта таңып, қайтадан шықпырта бастады, оңдырмай ұрғаны сонша, арқамның терісі әулие Варфоломей терісіне ұқсап тілім-тілім боп кете жаздады. Ол мені қағытып, әр қилы әзіл-әжуа айта жүріп ұрды, өзіңізді де аузынан тастамай алуан-алуан мысқыл сөздермен мазақ етті, егер ауру жаныма батпағанда күлкіден ішек-сілем қататын еді. Ақыр соңында оңбаған неменің мені аяусыз соққыға жыққаны сонша, соның шарапатымен күні бүгінге шейін ауруханада жаттым. Ал, осының бәріне сіз кінәлісіз, мархабатты мырзам, — өз жолыңызбен кете бергеніңізде, шақырмаған жерге бармағаныңызда, біреудің ісіне қол сұқпағаныңызда, қожайыным көп болса жиырма бес рет дүре соғар еді де, байлаудан босатып, қарызын төлер еді. Бірақ сіз жоқ жерден келіп килігіп оған тіл тигізіп, сөгіп-балағаттағаннан кейін оның ашуы қозып кетті, сосын өшін өзіңізден, мархабатты мырзам, ала алмайтын болған соң, сіз жырақ шығып кеткен бойда барлық заһарын маған төкті, енді мен, шамасы, өмір бойы мүгедек боп қалатын шығармын.
— Қателігім анау саған қарызын төлеп құтылғанша күтпей кетіп қалғанымда болып тұр, — деді Дон Кихот, — өзіне тиімді болмаса қара шаруа ешқашан айтқан сөзінде тұрмайтынын бай тәжірибемнен білгеніммен, қаперіме келмепті. Бірақ, есіңде ғой, Андрес, егер ол ақшаңды төлемесе, мен оны іздеуге шығам да, мейлі тіпті киттің құрсағына барып тығылса да таппай қоймаймын деп серт бердім ғой.
— Рас, солай дегенсіз, — деп мақұлдады Андрес, — бірақ онда тұрған не бар?
— Не бар екенін көресің әлі, — деп күбір етті Дон Кихот.
Соны айтып орнынан ұшып тұрды да, Санчоға Росинанттың ауыздығын салуға әмір етті — бұлар жүрек жалғап алуға жайғасқан кезде ол жайылуға жіберілген болатын.
Доротея одан не істемек ойы барын сұрады. Анау әлгі шаруаны іздеуге аттанбақ ниетте екенін, арам пиғылды әрекеті үшін жер бетіндегі күллі қара шаруа атаулыға қасақана түрде оны жазалап, Андрестің ақшасын ақырғы мараведиіне шейін төлеттіруге мәжбүр етпегін айтты; Доротея болса, берген уәдесіне сәйкес қолға алған шаруасын аяғына дейін атқарып шықпайынша басқа істермен айналыспауы керегін, басқадан гөрі бұл оның өзіне көбірек мәлім болуға тиіс екенін Дон Кихоттың есіне салды, сондықтан корольдікті қайта жаулап алмайынша құлшыныс білдірмей қоя тұруын өтінді.
— Рас айтасыз, сеньора, — деді Дон Кихот, — өте орынды құлаққағыс еткеніңіздей, корольдікті қайта жаулап алғанымша Андреске шыдай тұруға тура келеді. Бірақ, оның кегін алып бермейінше және ақшасын төлеуге мәжбүр етпейінше тыныш таппайтыныма тағы да уәде берем және ант етем.
— Анттарыңызға сенбеймін, — деп мәлім етті Андрес. — Қандай да бір кек қайтарудан гөрі қазір маған о ғып, бұ ғып Севильяға жетіп алған артық боп тұр. Егер жейтін бірдеңе берсеңіздер ала кетсем деп едім, сосын саушылықта қала беріңіз, тақсыр, және барлық кезбе рыцарьлар: өзіме қандай рыцарьлық жасалған болса, сіздерге де сондай рыцарьлық жасалғанын тілеймін.
Санчо балаға дорбасында сақтап жүрген қорынан бір жапырақ нан мен бір кесек сүтсірне алып берді де:
— Мә, бауырым Андрес, — бәріміз де дәл осындай өкінішті сыбағаға ие болдық, — деді.
— Сізге қандай сыбаға тиді? — деп сұрады Андрес.
— Тап осы нан мен сүтсірне сыбағасы ғана, — деп жауап қатты Санчо. — Оған қоса, кім біледі, менде нан мен сүтсірненің де болмай қалуы әбден мүмкін, сондықтан, достым, біле білсең, бізге, кезбе рыцарьлардың атқосшыларына, аштықтың да азабын, тағдырдың да соққысын, жанға ауыр тиетін, бірақ сөзбен айтып жеткізу қиынға түсетін басқа да нәрселерді бастан өткеруге тура келеді.
Андрес нан мен сүтсірнені қақшып алды да, басқа ешкім өзіне ештеңе бермейтінін көрген соң, мойны салбырап аяңмен ақырын ұзай берді. Дегенмен, қоштасарда ол Дон Кихотқа мынадай нәрсені айтты:
— Құдай ақына, сеньор кезбе рыцарь, егер күндердің күнінде менімен тағы кездесетін болсаңыз, пәршалап сойып жатса да қорғаушы болмаңыз, бәледен құтқаруға, аман алып қалуға тырыспаңыз, өйткені қамқорлығыңыз мені одан да зор бәлеге тап қылады: құдайдың қарғысы атсын сізді, өзіңізбен қоса, бұрынды-соңды жарық дүниеге келген күллі кезбе рыцарь атаулының бәрін де қарғыс атсын!
Дон Кихот оның сазайын тартқызғалы орнынан тұрмаққа талпынып еді, бірақ Андрестің өкшесі өкшесіне тимей зыта жөнелгені сонша, соңына түсуге ешкімнің зауқы соқпады. Андрестің әңгімесі Дон Кихотты өте ыңғайсыз жағдайда қалдырды, күліп жіберіп, оны одан бетер жер қылмас үшін жанында отырғандардың өздерін барынша ұстап бағуларына тура келді.
ХХХІІ тарау
Бұл тарауда Дон Кихот пен нөкерлерінің бекетте бастан кешкендері жайында баяндалады
“Сен же, мен же”, “ас та төк” тамақтарын түгескен бойда олар сәйгүліктеріне ер салды да, атап айтуға тұрарлық әлденендей бір шытырман оқиғаға ілікпестен ертеңіне аман-есен жолаушы бекетіне — атқосшымыз азар да безер болатын орынға келіп жетті, тайып тұрмақ боп қанша талпынғанымен ол да ішке енуге мәжбүр болды. Дон Кихот пен Санчоны көрген бекетші, оның әйелі, олардың қызы және Мариторнес төртеуі бұларды шат көңілмен алдарынан шығып қарсы алды, ал маңғаз да тәкаппар түрге енген Дон Кихот болса, өткен жолғыдан тәуірірек төсек әзірлеуге әмір етті; бекет ұстаушының әйелі бұған жауап ретінде: егер өткен жолғыдан гөрі тәуірірек төлесе оған ақсүйектер жататын құс төсек салып беретінін айтты. Дон Кихот уәде еткен соң оған сол баяғы шоланнан лайықты төсек-орын әзірленді де, ол сол бойда жатып қалды, өйткені тұла бойы мең-зең боп берекесі қашып тұрған-ды.
Ол есікті іштен кілттеп алған бойда, бекетшінің зайыбы әй-шай жоқ шаштараздың сақалына жармаса кетіп:
— Олда-білдә шыным, енді менің құйрығымнан сақал тақпайтын боласыз, оны тап осы қазір қайтарып бересіз: өйткені, күйеуімнің керек-жарағы әр жерде шашылып жатыр, не деген масқара, — яғни, мен оның тарағын айтып тұрмын, оны бұрын әрдайым мына әп-әдемі құйрығыма қадап қоятынмын! — деп айқайды салды.
Шаштараз бергісі келмей қашқақтап, әйел құйрықты өзіне қарай жұлқылап жатты; ақыры лиценциат оған құйрықты қайтаруы керегін айтты, өйткені қазір енді жалған сақалға қажеттілік жоқ, керісінше ол тіпті табиғи түр-сықпытымен-ақ көріне беруге ерікті, ал Дон Кихотқа мұны өздерін тонаған қылмыскерлерден қашып осы бекетке келіп бас сауғаладым деп түсіндіруге болады, егер Дон Кихот принцессаның малайы қайда деп сұраса, принцесса оны елге қайтып келе жатқанын, жанында күллі корольдіктің құтқарушысы барын хабарлау үшін алдын-ала аттандырып жіберді деп жауап беру керек, деді. Священниктің дәлелдемелеріне көңілі көншіген шаштараз құйрықты бекетшінің зайыбына қуана-қуана қайтарып берді, құйрыққа қоса олар әйелдің Дон Кихотты ана жақтан алып шығу үшін берген басқа дүниелерін де қайтарды. Бекеттің тұрғындары Доротеяның сұлулығына тамсанып, жас жігіт Карденьоның сымбаттылығына сүйсініс білдірді. Священник дастарқанға қолда бардың бәрін әкелуге әмір етті, ақысын жақсылап төлейді-ау деп дәмеленген қожайын әп-сәтте-ақ тәп-тәуір түскі ас әзірлей қойды; Дон Кихот бұл кезде ұйқтап жатқан, бәрі бірауыздан оны оятудың қажеті жоқ, өйткені қазір оған тамақтан гөрі ұйқы пайдалырақ деген ұйғарымға келді. Түскі ас үстінде жолаушылар бекетші мен әйелінің, олардың қыздарының және Мариторнестің көзінше ақыл-есті жоғалтудың Дон Кихот тап болған айрықша түрі жөнінде және оны қалай іздеп тапқандары жайында әңгімеледі. Бекетшінің зайыбы Дон Кихот пен малшының арасында болған жайды жыр қылды, сосын Санчо жоқ па екен деп айналасына жалтақтай қарап, жоқ екеніне көз жеткізген соң, көрпеге салып қақпақылдау хикаясын айтып берді, тыңдаушылар бұған ішек-сілелері қата күліп алды. Ал, священник Дон Кихоттың нәгүманға айналуының себебі рыцарьлық романдарды оқуға салынғандығы деген пікір айтқан кезде бекетші әңгімеге араласты:
— Ондай дертке қалай тап болғанына қайранмын. Меніңше, бұдан артық қызық кітапты жер-дүниеден таппайсың, шын сөзім, тіпті өзімде де әрқилы қағазбен бірге сондай бірнеше роман сақтаулы тұр; бұлар менің өмірімнің қуанышы, жалғыз мен үшін ғана емес басқалар үшін де солай: өйткені, егін жинау кезінде түрлі мерекеге орай осында орақшылар жиналады, араларынан сауатты біреу қашан да табылады, сөйтіп ол кітапты қолына алады, ал біз, отызға тарта адам, оны айнала қоршап отырамыз да рақаттана тыңдаймыз, аузымыздың суы құриды. Басқаны қайдам, әйтеуір өзім рыцарьлардың оңды-солды дарытып жататын сұрапыл қатты соққылары жайлы естігенімде делебем қозып, әлде біреудің тұмсығын қан жалатқым-ақ келіп тұрады, ал енді бұл жайында күндіз-түні тыңдауға бармын.
— Ол кітаптарды мен де сенен кем жақсы көрмеймін, — деді әйелі, — себебі сен соны тыңдап отырған кезде ғана үйімде тыныштық орнайды: есіл-дертің соған ауып кетеді, тіпті менімен ұрсысу да ойыңа кірмейді.
— Айна-қатесіз рас, — деп мақұлдады оны Мариторнес, — шынымды айтсам, романдарды тыңдауға мен де керемет ынтызармын, олар сондай тартымды, әсіресе әлдебір сеньораның апельсин ағашының түбінде сүйіктісімен құшақтасып отырғаны, ал күзетке қойылған дуэньяның қызғаныштан іші күйіп, дегбірі кетіп тұрғаны жазылған жерлер сондай сүйкімді. Қысқасы, мұның бәрі маған балдай жағады.
— Ал, сіз не айтасыз, сүйкімді бойжеткен? — деп сұрады священник бекетшінің қызынан.
— Тіпті өзім де білмеймін, құдай ақы шыным, — деп жауап қатты ол. — Мен де тыңдаймын оқығандарын, түк ештеңе түсінбесем де рақаттана тыңдаймын. Тек маған соққылар ұнамайды — соққылар әкеме ұнайды, маған ұнайтыны — рыцарьлардың ханымдарынан қол үзіп қалған кездегі өкініш-күйініштері: қатты аяғандықтан кейде тіпті өксіп те аласың.
— Ал, егер рыцарьлар сізді ойлап өкситін болса, оларды жұбатуға тырысар ма едіңіз, сүйкімді бойжеткен? — деп сұрады Доротея.
— Білмеймін не істейтінімді, — деп жауап қатты қыз, — тек білетінім, кейбір ханымдар сондай қатыгез болады, рыцарьлар оларды жолбарыс қаншығы, арыстан қаншығы деп және басқа да осындай жүрек айнитын сөздермен атап жатады. Құдай басқа бермесін! Сезімнен де, ар-ұяттан да ада не деген жұрт десеңізші: олардың тәлімсіп, тұмсық көтергендерінің салдарынан ақ ниетті адам өлуге немесе ақылынан адасуға мәжбүр! Бұлайша бұлтаққа салудың не қажеті барын білмеймін, егер олар соншалықты жібі түзу әйел болса рыцарьларға неге күйеуге шықпайды: ал аналарға да керегі тек сол ғой.
— Аузыңды жап, қызым, — деді бекетшінің зайыбы, — байқаймын, бұл істерден әжептәуір хабардар секілдісің, ал бойжеткенге көп білген және көп мылжыңдаған жараспайды.
— Сеньор өзіме сұрақ қойған соң оған жауап бермей қала алмадым, — деп наразылық білдірді қыз.
— Былай етіңізші, қожайын, әлгі кітаптарыңызды мұнда алып келіңізші, мен қарап шығайын, — деді священник.
— Мақұл, әкелейін, — деп келісе кетті бекетші.
Бөлмесіне барып, ол жақтан қақпағы жіңішке шынжырмен бекітілген ескі сандықшаны алып келді де, ішінен үш қалың том және әдемі қолтаңбамен толтырылған әлдебір қағаздарды алып шықты. Бірінші кітап Дон Сиронхил Фракийский екен, екіншісі — Фелисмарт Гирканский, ал үшіншісі — Ұлы қолбасшы Гонсало Фернандес Кордовскийдің тарихы мен Дьего Гарсия де Паредестің ғұмыр жолы боп шықты. Алғашқы екеуінің тақырыбын оқыған бойда-ақ священник шаштаразға қарап:
— Қазір бізге тек досымыздың күтушісі мен жиен қарындасы ғана жетіспей тұр, — деді.
— Оқасы жоқ, — деді шаштараз келісіңкіремей, — бұларды өзім-ақ мал қорасына алып бара алам немесе пешке тастай салуыма да болады, — айтқандай, ана қараңыз, пештің оты лаулап-ақ тұр екен.
— Не дейсіз? Кітаптарымды отқа жақпақсыз ба? — деп сұрады бекетші.
— Тек екеуін ғана, — деп жауап қатты священник: — Дон Сиронхил мен Фелисмартты.
— Немене, сонда бұлар дінге қарсы әлде флегматикалық дүниелер ме, неге өртемексіздер бұларды? — деп тәптіштей түсті бекетші.
—Флегматикалық емес схизматикалық35 деу керек, достым, — деп құлаққағыс етті шаштараз.
— Мейлі, солай-ақ бола қойсын, бірақ сіздер міндетті түрде әйтеуір бірдеңені отқа жаққыларыңыз келсе, онда Ұлы қолбасшы мен Дьего Гарсияны алыңыздар, ал бұдан басқаларын жаққызғанша өз баламды жаққызғаным жақсы! — деді бекетші.
— Достым! — деп қарсылық білдірді священник. — Бұл екі кітап өтірікке, бос мылжың мен пәтуасыз әңгімеге толы, ал ұлы қолбасшы жайындағы мына кітап болса, бұл шыншыл шығарма, онда көптеген ұлы ерлігі үшін күллі әлем ұлы қолбасшы атандырған Гонсало Фернандес Кордовскийдің іс-әрекеті сипатталады және осындай абыройлы да асқақ дәреже-атаққа тек соның жалғыз өзі ғана ие болған. Ал, Дьего Гарсия Паредес болса, бұл — эстремадурлық Трухильо қаласында туып-өскен, атақты әулеттен шыққан кавальеро, табиғат оған күш-қайратты аямай бергені сонша, шыр айналып тұрған диірмен дөңгелегін жалғыз саусағымен-ақ тоқтатып тастайтын болған. Ал, бір жолы ол қолына шпагасын алып көпірдің кіре берісіне жалғыз тұрып алған да, жаудың сансыз көп сарбазының жолын бөгеп өткізбей қойған. Оның ерлік істерінің көптігі сонша, егер бұлар жайында кавальероға тән қарапайымдылықпен өз ғұмыр жолы жайында оның өзі әңгімелемей, турасын ғана айтатын басқа бір әділ жылнамашы жазған болса, онда бұдан соң Гекторлардың, Ахиллестер мен Роландтардың іс-әрекеті біржола ұмыт боп, естен шығар еді.
— Сол да сөз бопты-ау! — деп дауыстап жіберді бекетші. — Диірмен дөңгелегін тоқтатып тастайды дейді — ондаймен бізді таңғалдыра алмайсыз! Құдай-ақы, жарқыным, Фелисмарт Гирканский жайында оқысаңызшы: ол құлашын бір сермегенде-ақ бес дәуді бірдей белінен қақ бөліп тастаған ғой, ол үшін бұлар кәдімгі анау құйттай балалар бұршақтан жасайтын қуыршақ құрлы болмаған. Тағы бір жолы ол мұздай қаруланған миллион алты жүз мың жауынгерден тұратын орасан зор, айбынды армиямен айқасқа түсіп, бәрін түгел қойдай қуып, тырқыратып жіберген. Ал, жүрек жұтқан батыр, даңқты дон Сиронхил Фракийский жөнінде не айта аласыз? Ол жайындағы кітапшада бір жолы өзенде жүзіп келе жатқанында су астынан аузынан от шашқан айдаһардың шыға келгені, айдаһарды көрген бойда оның оған тарпа бас салғаны, қабыршақты арқасына атша мініп алып, тамағынан бар күшімен қос қолдап қысып тұншықтыра бастағаны жайында, жаны қысылған айдаһардың енді болмаса тұншығып өлетінін сезіп судың
астына батқанды жөн көргені, сөйтіп рыцарьды өзімен бірге ала кеткені, ал рыцарьдың сонда да одан қолын босатпағаны жайында айтылады ғой. Есесіне су астынан рыцарь не ғажайып әсем сарайлар мен бақтарды көреді, сол арада айдаһар егде жастағы қарияға айналып шыға келеді де, оған тыңдаған сайын тыңдағың келе беретін не түрлі қызықты хикая айтып береді. Атамаңыз, сеньор, тыңдап көрсеңіз айызыңызды қандыратыны сонша, ақыл-есіңізді де жоғалтып аларыңыз хақ. Бұнымен салыстырғанда ұлы қолбасшыңыз бен Дьего Гарсияңыз не тұрады тәйірі!
Осы сөздерді тыңдап отырған Доротея Карденьоның құлағына сыбырлап:
— Енді болмаса, бекетшіміз екінші Дон Кихотқа айналғалы тұрғандай, — деді.
— Мен де солай ойлаймын, — деп қостады оны Карденьо. — Сөз саптасына қарағанда, романдарда жазылған нәрсенің бәрі өмірде болған оқиғалардың айна-қатесіз көшірмесі деп түсінетін секілді, бұл сенімінен оны жалаң аяқ ағайындар да айныта алмақ емес.
— Бері қараңыз, балам, — деп священник қайтадан сөйлеп кетті, — Фелисмарт Гирканский де, дон Сиронхил Фракийский де және рыцарьлық романдарда жазылатын осы секілді басқа да рыцарьлардың ешқайсысы өмірде болмаған ғой, — бұның бәрі жай әншейін қиялдың қисындары ғана, ал бұларды, өзіңіз айтқандай, жұрт көңіл көтерсін деп еріккен ақыл-ой иелері ойлап тапқан, міне соларды тыңдаған кезде орақшыларыңыздың қалай көңіл көтеретінін өзіңіз де білесіз. Бірақ, мен сізге ант бере отырып айтайын, мұндай рыцарьлар өмірде болған емес және ондай ауыз бармайтын сөлекет ерліктерді дүниеде ешкім ешқашан жасаған емес.
— Оны сіз басқа біреуге барып айтыңыз, — деп құлаққағыс етті бекетші. — Біз де бірдеңені білеміз, жер басып жүргенімізге талай болды. Осы ақымақ қылғаныңыз да жетер, жарқыным, — құдай ақы, ондай адамыңыз мен емес. Дәмеңіз қандай зор еді сіздің, тілеуіңіз болғыр, — осынау тамаша кітаптарда жазылғанның бәрі түкке алғысыз шатпақ деп мені сендіргіңіз келеді: солардың бәрі мемлекеттік кеңестегі сеньорлардың рұқсаты бойынша басылып шығып жатқан жоқ па, ал олар болса — айқас дейсің бе, сиқыршылық дейсің бе, басыңды шыр көбелек айналдыратын осынша сандырақтың бәрін бір мезгілде басып шығаруға рұқсат ететіндей адамдар емес қой.
— Ау, мен сізге айттым ғой, достым, мұның бәрі біздің ерігіп-зеріккен ой-санамызға ермек болу үшін жасалып жатыр ғой, — деп қарсылық білдірді священник. — Төрт құбыласы түгел мемлекеттердің қай-қайсысында да жұмыс істегісі келмейтін, не болмаса жұмыс істеуге міндетті емес, не жұмыс істей алмайтын жандардың бәріне шахмат, доп және бильярд ойнауға қалай рұқсат етілетін болса, мынандай кітаптарды басып шығаруға да тап солай рұқсат етіледі, өйткені күллі әлемде осы хикаялардың біреуі болмаса біреуін өмірде болған оқиға деп сенетін қас надан табыла қояр деп ешкім ойламайды, — ойламайды емес, шын мәнінде де солай. Егер маған мүмкіндік берілсе және тыңдаушыларым ықылас танытса, жақсы рыцарьлық роман қандай болуы керектігі жайында бірдеңе айтып берген болар ем, — бәлкім, бұның пайдасы да тиіп қалар, ал кейбіреулерге тіпті ұнар да. Бірақ, мен қашан да болса әйтеуір бір күні осы олқылықтың орнын толтыруға қабілетті адамдармен тілдесермін деп үміт етем, ал әзірше, бекетші мырза, айтқан сөзіме сеніңіз, міне, мынау кітаптарыңыз — ондағының қайсысы шындық, қайсысы өтірік екеніне өзіңіз баға беріңіз, оқығыңыз келсе оқи беріңіз, бірақ тек құдай сізді мейманыңыз Дон Кихоттың қисайған жағына қарай қыңыратқудан сақтасын.
— Жоға, — деді бекетші, — есім ауысқаннан аманмын және кезбе рыцарь болуға да құлшынып отырғам жоқ. Осынау сүйкімді рыцарьлар жер дүниені кезіп жүретін заманның әлдеқашан өтіп кеткенін де жақсы түсінемін.
Осы әңгіменің үстіне Санчо келді, сөйтіп қазіргі кезде кезбе рыцарь дейтіндер жоқ және рыцарьлық роман атаулының бәрі жалған, ойдан шығарылған өтірік деген сөзді құлағы шалып, не істерді білмей абдырап, ойланып қалды да, егер қожайынының саяхаты сәтсіз аяқталатындай болса одан бірден қол үзуге, сөйтіп қатын-баласы мен бұрынғы тірлігіне қайта оралуға сол жерде өзіне-өзі қолма-қол серт берді.
Бекетші кітап салынған сандықшаны алып кетуге оқталған болатын, алайда священник оған:
— Сәл кідіре тұрыңыз, андағы қағаздарда сондай әдемі қолтаңбамен не жазылғанын көрсем деп ем, — деді.
Бекетші қағаздарды шығарып, священникке алып берді, сол арада анау мұның көлемі сегіз табақтай қолжазба екенін, “Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят” дейтін тақырыбы жоғарғы жағына үлкен әріптермен жазылып қойғанын көрді. Қолжазбаның бірнеше жолын шолып өткен священник:
— Хикаятқа тәп-тәуір тақырып берілген екен, осыны менің оқып шыққым келіп тұр, — деді.
Бекетші бұған жауап ретінде былай деді:
— Оқыңыз, оқыңыз, діндар әкей! Оны оқып шыққан меймандарымның бәрі де өте риза болысты, онымен қоймай оны менен сұрап алмаққа тырысты. Бірақ ақыры бергем жоқ, — мұны осы арада кітаптары мен қағаздары салынған сандықшасын ұмыт қалдырған адамның өзіне қайтармақпын. Күндердің бір күнінде иесі бекетіме бас сұғуы әбден мүмкін ғой, кітапсыз өмірім өте көңілсіз болатын болса да, арыммен ант етейін, бұларды өзіне қайтарып берем: қалай дегенмен де, трактир ұстап тұрсам да, христиан емеспін бе.
— Мұныңыз өте орынды, достым, — деді священник. — Солай бола тұрғанымен, егер хикаят маған ұнаса оны көшіріп алуға рұқсат етерсіз деп ойлаймын.
— Рұқсат еткенде қандай, о не дегеніңіз, — деді қожайын.
Олар сөйлесіп жатқан шақта Карденьо хикаятты алып оқи бастады; сосын священник пікірінің орынды екенін байқап, одан дауыстап оқуды өтінді.
— Мен оқып та берер едім, бірақ оған кететін уақытты ұйқыға жұмсаған тиімдірек пе деп ойлаймын, — деді священник.
— Өзім үшін ең тәуір демалыс әлденендей бір хикаяға құлақ қою, — деді Доротея. — Көңілімді билеп алған елегізу әлі тарқамай тұрғандықтан, ол бәрібір маған ұйқы бермейді, бірақ ұйқтап алғаным да артық болмас еді, әрине.
— Ондай жағдайда, әуестік үшін болса да хикаятты оқып берейін, бәлкім, онда шынымен-ақ қызықты бірдеңе бар шығар.
Маэсе Николас та сондай өтініш білдіріп қалды, оған ілесе Санчо да тілек айтты; соны көрген священник өзгелерді де ләззатқа кенелтетінін, өзінің де ләззат алатынын сезіп, былай деді:
— Бопты ендеше, мұқият құлақ қойыңдар. Хикаят былай басталады:
ХХХІІІ тарау
Мұнда Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят баяндалады
Италияның дәулетті де сәулетті қаласы Флоренцияда, Тоскана деп аталатын провинцияда, Ансельмо және Лотарио есімді бай да бақуатты екі дворян тұрып жатты, екеуінің керемет жарасты болғаны сонша, таныстарының бәрі оларды есімімен атамай, әншейін екі дос деп қана әліптейтін. Олар жас еді, бойдақ еді, жастары да, әдеп-әдеттері де бірдей болатын; достасып кетулеріне осының өзі-ақ әбден жеткілікті болды. Алайда, Ансельмо сүйіспеншілік сезіміне беріле қоюға бейімдігін байқатса, Лотарио аң құмарлығымен ерекшеленетін; сөйте тұра, кей-кейде Ансельмо әдетке айналған өз ермегін ұмыт қалдырып, Лотарионың ермегіне ортақтасатын, Лотарионың өз ермегін былай тастап, Ансельмоның ермегіне араласып кететін кездері де болып тұратын; және бір-бірімен тату болғандары сонша, араларынан қыл өтпейтін дос деген сөз тап осыларға арнап айтылғандай еді.
Ансельмо сол қалада туып-өскен, текті жерден шыққан бір әдемі қызға есі кете ғашық боп қалды, өнегелі отбасында тәрбие алған, өзі де өнегелі бұл қыз жайында жан досы Лотарионың пікірін білгеннен кейін, — ал оның араласуынсыз Ансельмо қай істе болсын өз бетімен қандай да бір шешім қабылдамайтын, — ол қызды айттырмаққа бел буды және бұл шешімін орындады да; осы мақсатпен қыздың ата-анасына Лотарио аттанып, досының көңілін мәз қылып, барлық шаруаны ойдағыдай реттеп қайтты, сөйтіп көп ұзамай-ақ Ансельмо арман еткен құсын қолына қондырды, ал сүйген жарына қосылып жаны жай тапқан Камилла көктегі құдірет пен көмек-қолғабысы арқасында өзін осынша бақытқа кенелткен Лотариоға күндіз-түні алғыс жаудырумен болды. Үйлену тойынан кейінгі, қашан да шаттыққа толы алғашқы күндерде, Лотарио бұрынғы дағдысынша досының үйінде жиі болып, оған қолдан келгенінше құрмет көрсетіп, қошемет жасап, көңілін аулап жүрді; бірақ, үйленуге қатысты жоралғылар тәмамдалып, қонақтар мен құттықтаушылар ағыны біржола сарқылғаннан кейін Лотарио оның үйіне баруды әдейі бірте-бірте сирексіте бастады, — ол үйленген достарыңа бойдақ кездеріндегідей жиі-жиі барғыштай берудің қисыны жоқ дейтін пікірді ұстанатын (жөн білетін адам ғана осындай пікірді ұстанары анық), өйткені абзал да шынайы достықта күмән-күдікке орын болмайтыны және болуы да мүмкін еместігі дәлелдеуді қажет етпегенімен, үйленген адамның жаны аса қытықшыл келетіндіктен, оның қытығына досы ғана емес, тіпті бірге туған бауыры да тиіп кетуі мүмкін деп есептейтін.
Лотарионың сырттап жүргенін Ансельмо да сезіп қалып, бұл ісінің терістігін бетіне басып, отау көтеруіне байланысты аралары суып кететінін білгенде ешқашан үйленбес едім дегенді айтып, бойдақ кезінде екеуінің қандай керемет жақсы қатынаста болғанын көргендердің бәрі оларды еркелетіп екі дос атандырғанын, енді келіп Лотарионың шамадан тыс сақтығына бола жұрттың аузынан түспейтін, айрықша ұнамды атаудан айрылып қалғысы келмейтінін алға тартты; сондай-ақ, Лотариодан бұның үйін сол бұрынғыша өз үйіндей сезінуін, келгісі келген уақытта келіп, кеткісі келген уақытта кетуін өтінді, — енді екеуіне осындай тілмен сөйлесу ғана қалғанына өкініш білдірді; оған қоса, жұбайы Камилланың да мінез-құлқы мен әдет-дағдысы өзінікімен бірдей екенін және бұл екеуінің бірі десе екіншісі ішкен асын жерге қоятын дос көңілін жақсы білетіндіктен Лотарионың аяқ-асты қырын қарап кеткен себебіне таңырқаныс танытып жүргенін ескертті.
Үйіне бұрынғыша қатынап тұруы қажеттігіне Лотарионың көзін жеткізуге тырысқан Ансельмоның осы және басқа да дәлелдемесіне Лотарионың салиқалы да салмақты әрі көңілге қонымды жауап қайтарғаны сонша, ізгі ниетке негізделген қисындары Ансельмоның жүрегін жібітіп, ақыры екеуі өзара бәтуаға келіп, Лотарио аптасына екі рет және мереке күндері бұның үйінен түстенетін болды; сөйте тұрса да, осындай келісімге қарамай, Лотарио досының ар-намысына қылау түсетіндей іске бармау жайында іштей байлам жасады, өйткені ол өз ар-ұятынан гөрі досының ар-ұяты кіршіксіз таза болуы жайын көбірек ойлайтын еді. Жаратқанның жәрдемімен асқан сұлу әйелге үйленген еркек өзі кімдермен дос-жар адам есебінде араласатынына, сондай-ақ әйелінің өз құрбыларының ішінде кіммен көбірек әмпей-жәмпей болатынына салғырт қарамауға тиіс деген тұжырымға келген еді ол және мұндай тұжырым жасауының да жөні бар-ды, себебі көшеде, шіркеуде, көп адам қатысатын серуенде, киелі орындарға тағзым ету кезінде (әйелін мұндай жерлерге жібермей ұстап қалуға күйеуі көп ретте шарасыз болады) оңаша жолығысу жөнінде уағдаласудың реті келе бермейді, есесіне мұндай жолығысуды құрбысы немесе айрықша іш тартатын әйел жекжаты өз үйінде оп-оңай ұйымдастыра алады. Бұған қоса Лотарио ерлі-зайыптылардың мүлт кеткен жерлерін көрсетіп отыратын достары болуы керегін, өйткені әйелін жанындай жақсы көретін күйеу оның кемшілігін көп байқай бермейтінін немесе көңілін қалдырып алам ба деп қорқып, қай істе қате жібергенін, қалай еткені жөн болатынын, қай қылығының жараспайтынын, қайсысының мақтауға тұрарлық екенін айта қоймайтынын, ал егер досы бұл жайында адын-ала құлаққағыс етсе, онда бәрін оп-оңай жөнге сала алатынын да ескерткен. Бірақ, Лотарио ойлағандай, әрі ақылды, әрі адал, әрі сенімді досты қайдан табуға болады? Оны мен білмеймін; бұған жалғыз тек Лотарионың өзі ғана лайықты болса керек еді, өйткені ол досының ар-намысын асқан ұқыптылықпен және ерекше елгезектікпен қорғап жүрген-ді, сөйтіп осынау бай да балпаң әрі тәрбиелі, оған қоса, өзі жөнінде ойлап қоятынындай, көптеген ізгі қасиеттер иесі саналатын жас жігіттің, Ансельмоның зайыбы Камилла сынды аса сүйкімді әйелге келіп-кетіп жүруі еріккен өсекшілер мен не істерді білмей зеріккен, іші тар жұрттың көзіне сөкет көрінбеуі үшін ол өзіне бөлінген күндердің санын азайтуға, шектеуге және қысқартуға тырысып бақты; шындығы керек, Камилланың көргенділігі мен қарапайымдығы барып тұрған керауыздардың да көмейіне құм құя алатын, бірақ Лотарио оның ар-ұятына да, досының ар-ұятына да көлеңке түспеуін көздеді, сол үшін өзіне бөлінген күндерді, өзі сендіріп бағатындай, кейінге қалдыруға болмайтын қилы шаруаларға арнауды әдетке айналдырды, нәтижесінде Ансельмоның көп уақыты өкпе айтуға, ал Лотарионың көп уақыты ақталуға кетіп жүрді. Бірақ, бір жолы екеуі далаға қыдырып қайтуға шыққан кездерінде Ансельмо Лотариоға мынандай әңгіме айтты:
— Лотарио досым, сен, шамасы, өзіме осындай ата-ана тарту еткен, сондай-ақ табиғи қабілет дейтіндер мен жан рақатын таптыратын нәрселердің бәрін жомарттықпен басыма үйіп-төккен, оған қоса өзің секілді досқа, Камиллам сынды зайыпқа, — тиісті дәрежеде бағалай алмай жүргеніммен, әйтеуір қолымнан келгенше қадір тұтатын қос қазынама, — тап қылған жаратқан иеміздің жақсылығын қалай дәріптеуді білмей дал боп жүр деп ойлайтын да шығарсың мені. Әйткенмен, адам өзін бұл дүниеде бақытты сезініп, бақытты ғұмыр кешуі үшін не қажеттің бәрі қолымда тұрғанымен, өзімді алдауға ұшыраған, жападан-жалғыз қалған, күллі әлемдегі ең сормаңдай жандай сезініп жүрмін; өзім де түсіндіріп бере алмайтын, айтуға да аузым бармайтын бір тілек мені көптен азапқа салып, жанымды жегідей жеп жүр, соған өзім де таңғалам, өзіме өзім ренжимін, өзіммен өзім арпалысқа түсем, оны еске алмауға, ескермеуге барымды салам, сөйтсем де бұл құпиямды іште сақтау да, қасақана жұртқа жария ету де қолымнан келмей тұр. Сондықтан ерте ме, кеш пе бәрібір мәлім болмай қоймайтындықтан, оны сенің сыр шашпайтын сырбаздығыңа сеніп тапсырғанды жөн көрем, өйткені сыр шашпайтындығыңның және шын дос ретінде маған көрсететін жан аямас жәрдеміңнің арқасында көп ұзамай-ақ осы бір қамығудан құлан-таза арылып, есалаңдығымның нәтижесінде қандай мазасыз халге душар болсам, ықылас-пейіліңнің нәтижесінде сондай дәрежеде қуанышқа кенелермін деп сенем.
Ансельмоның сөзі Лотарионы әрі-сәрі ғып қойды — мына ұзын-шұбақ алғы сөздің әлде кіріспенің не үшін керек болғанын түсіне алмай әуреге түсті; досын осынша азапқа салып, көңілін тыныш таптырмай жүрген нәрсенің не екені жайында қанша бас қатырғанымен, бәрібір оның нобайы ақиқаттан әлдеқайда алыс жатқан болатын; сонан соң берекені алған әрі-сәрі халден арылуды көздеген ол маза бермей жүрген ойларын бұлайша тұспалдап айтуы арқылы Ансельмо өздерінің ақ-адал достығын аяқ-асты еткенін, өйткені бәрін жасырмай жайып салса, өзінің, Лотарионың, оған бұл ойларын құпияда сақтау жөнінде кеңес беретіні, не бұл ойларын іске асыруға көмек көрсететіні Ансельмоға бек жақсы белгілі екенін мәлім етті.
— Рас айтасың, — деді Ансельмо. — Олай болса, осы сенімді арқалана отырып, Лотарио досым, саған жұбайым Камилла өзім ойлап жүргендей соншалықты кіршіксіз таза әрі ізгі қасиеттер иесі ме — міне, осыны білуге аңсарым ауып жүрген жайым барын хабарлағым келеді, — ал өз пікірімнің әділдігіне тек оны сынақтан өткізу арқылы ғана көз жеткізе алмақпын, алтынды отпен сынайтыны секілді, бұл сынақ оның ізгі қасиеттерінің дәреже-деңгейін анықтап беруі керек. Өйткені, досым, өзімнің нық сенімім бойынша, ілтипатына ие болуға ешкім құштарлық білдірмеген әйел ізгі қасиеттер иесі саналуға тиісті емес, тек өзіне ғашық болғандардың ант-су ішіп айтқан сөзі де, сый-сияпаты да, көзінің жасы да, қыр соңынан қалмай үздігуі де селт еткізбеген әйелдер ғана шынымен дініне берік саналмақ. Расында да, — деп жалғастырды ол сөзін одан әрі, — ешкім әйеліңді азғырып, тура жолдан тайдыруға талпыныс жасамаған болса, ондай әйеліңнің адал болғанында не тұр? Егер жеңіл жүріске салынуына ешқандай желеу болмаса, егер өз тарапынан кеткен аз ғана ағаттығы үшін өлімге қиятын күйеуі барын білетін болса, ондай әйелдің ұялшақтығы мен жұрт көзіне түсуді жаратпайтын жасқаншақтығында не тұр? Ендеше, қорқыныштан немесе оңтайлы сәт кезікпегендіктен ізгі қасиеттерге ие боп жүрген әйелге, қолына түсіруге құштар болған және қыр соңынан қалмай қойған еркектермен арпалыста ар-ұятын сақтай білген әйелге деген құрметпен қарағандай қарай алмаймын. Міне, осы себептен, сондай-ақ өз пікірімді нығайтып, негіздей түсу үшін көптеп келтіруіме болатын басқа да себептерден, жұбайым Камилланың аталған қиындықтарды бастан кешуін, өзіне айрықша ынтызарлық білдіруге лайықты адамның өмешесі үзілуі мен ындыны құруы секілді от-жалынды өткелектерден өтіп, тазарып, шынығып шығуын қалаймын. Егер осы арпалыста ол жеңімпаз атанса, ал оған титтей күмәнім жоқ, онда өзімді жер басып жүрген жандардың ішіндегі ең бақыттысымын деп санар едім, бұл жалғанда енді басқа ешқандай тілек-арманым жоқ деп жария етуге толық қақым болар еді, сөйтіп, тағдыр өзімді бір кемеңгердің: “Ізгі қасиетті жұбай кімде бар?” дейтін сауалына жауап боларлық діні берік әйелге жолықтырды деп айта алар едім. Ал, егер өзім күтпеген жағдай орын алып жатса, онда бәрін алдын-ала сезіп білген сұңғылалығыма деген қуанышым осыншама қымбат құрбандықпен қол жеткізген тәжірибем әкелетін күйініштің зардабын жеңілдетуге жәрдемдесер еді. Сөйтіп, енді ойға алған бұл ісіме деген қарсылығыңның қандайы да оны жүзеге асыруыма кедергі бола алмайтынын алдын-ала мәлім ете отырып, Лотарио досым, өзіңнен осы арман-бағымды күтіп, мәпелейтін бағбан болуға келісім беруіңді сұраймын, — ал мен, өз тарапымнан, қандай қарекет жасауыңа да толық ерік берем, жұрттың бәрі сыйлайтын, қарапайым, ақкөңіл де адал әйелдің ықыласына ие болуың үшін өзім қажет деп тапқан жағдайдың бәрін жасаймын. Ал, ең бастысы, осындай аса күрделі шаруаны өзіңе сеніп тапсыруға мені мынадай нәрсе итермелеп отыр: Камилланың ықылас-пейілін өзіңе аударып алған күнде де, бәрібір бұл ақырғы шектен аттауға апармайды, — ниет қылған мақсатымыз ғана іске асады, — сөйтіп, ар-намысыма сен тек ойша ғана қиянат келтіресің, масқарашылығым сыр шашпайтын асыл қасиетіңнің қоймасында көмулі қалады, ал бұл қасиетің маған қатысты жағдайда өлімнің сыр шашпайтын қасиетіндей мәңгілік болатынына сенімдімін. Сөйтіп, егер өмірімнің өмір деп аталуға лайықты болғанын қаласаң, осы қазірден бастап махаббат майданына білек сыбана кірісетін бол — әрине, немқұрайды, самарқау түрде емес, ойға алған ісімнің мақсат-мұратына сай айрықша ынтызарлықпен және шынайы достығымыздың айғағы бола алатындай бар ынты-шынтыңмен кіріс.
Ансельмо осындай әңгіме айтты, Лотарионың оны ден қоя мұқият тыңдағаны сонша, анау әңгімесін аяқтағанша жоғарыда келтірілгеннен басқа бір ауыз сөз қоспады, алайда Ансельмоның үнсіз қалғанын көріп, бейне бір қарсы алдында зәрені алатын әрі таңғалдыратын әлдене тұрғандай, оған тесіле қарап қалды да, ақыры былай деп тіл қатты:
— Досым Ансельмо, маған айтқан бұл сөздеріңнің қалжың еместігіне әлі сене алмай тұрмын, өйткені осының бәрін шыныңмен айтып тұрғаныңды сезген болсам, онда сөзіңді бөліп жіберіп тыңдамай қояр едім де, ұзақ-сонар әңгімеңді аяғына шейін айтқызбас едім. Оллаһи шыным, не сен мені жақсы білмейтін секілдісің, не мен сені жақсы білмейтін сияқтымын. Жоға, сенің Ансельмо екеніңді жақсы білемін ғой, менің Лотарио екенімді де сен білесің. Масқара болғанда, сені сол бұрынғы Ансельмо емес-ау деген ойға келе бастадым, ал сен, мені, шамасы, баяғы өзің білетін Лотарио емес қой деп ойлайтын тәріздісің, — өйткені, өзіңнен естіген жайды Ансельмо досым маған айтпас еді, ал өзің өтініш білдірген нәрсеңді өзіңе жақсы мәлім Лотариодан сұрай алмас едің, өйткені ең жақын достарға, ақын сөзімен айтқанда, тек usgue ad aras36 бір-бірін сынау және бір-біріне көмекке келу парыз: яғни, бұл құдай қош көрмейтін істерге достықты пайдалануға болмайды деген сөз. Ендеше, мәжусидің өзі достықты осылай түсінсе, онда бұ дүниедегі достық үшін о дүниедегі достықты құрбан етуге болмайтынын білетін христиан оны қаншалықты терең түсінуге тиіс? Адам өзінің о дүниеге баратын әзіз жанына қам жемейтіндей, тек қана досының дегенін орындауға құлшынатындай өрескелдікке бой ұрса, онда оның мұндай іске баруына айта қаларлықтай маңызды бір себеп, — мысалға, досының ар-намысына немесе өміріне қатер төнген сәттердегідей, — түртпек болуға тиіс қой. Ал, айтшы өзің, Ансельмо, не үшін мен сондай ұятты іске баруым керек, әлде ар-намысыңа немесе өміріңе қауіп төніп тұр ма? Әрине, олай емес, — қателеспесем, керісінше, өмірің мен ар-намысыңды қаза қылуға мені өзің айдап отырсың, сенікіне қоса, әрине, өз өмірім мен ар-намысым да қаза болмақ. Өйткені ар-намысты жоғалтқаннан өлген артық саналатыны себепті, ар-намысыңды аяқ-асты еткенім де бір, өміріңді үзгенім де бір ғой, ал егер бақытсыздығыңның бағбаны етіп мені белгілеген болсаң, онда бұл қалайша мені ар-намыстан ада қылмасын, соның салдары ретінде өмірімнен айырмасын? Мені жақсылап тыңдап ал, Ансельмо досым, ниет қылған ісің жайында не ойлайтынымның бәрін айтып болғанымша шыдам тап және сөзімді бөлме: өйткені, маған кейін қарсы дау айта аласың және мен не айтсаң да тыңдаймын.
— Жарайды, онда. Бірақ, тек ештеңе жасырма, — деді Ансельмо.
Лотарио сөзін әрмен жалғады:
— Менің ойымша, Ансельмо, ақыл-ойыңның қазіргі ахуалы маврлар ақыл-ойының қашанғы ау-жайынан аумай қалған; өйткені, діни ілімдерінің неліктен жалған екенін оларға ұқтыру мүлдем мүмкін емес қой: оны Қасиетті жазбаға сілтеме жасау арқылы да, пайымдау амалымен түзілген тұжырымдарға негізделген дәлелдер арқылы да, шынайы сенімнің догматтары арқылы да түсіндіре алмайсың — оларға сезуге болатын, сіңіруге оңай, қонымды, көрнекі, күмән келтіру қиын, “Егер тең көлемді екі шамадан көлемі бірдей екі бөлікті алып тастасақ, қалғандары да тең көлемді болады”, деген секілді жоққа шығаруға көнбейтін математикалық дәлелдемесі бар мысалдар керек. Егерде оларға сөзбен айтып түсіндіру мүмкін болмаса, — оларға бірдеңе түсіндіре қою қашан да оңай емес, — онда қолмен нұсқап көрсетуге, көз алдына әкеп тосуға тура келеді, бірақ қасиетті дініміздің шынайылығына шандыру үшін оларға бұның да аздық етіп жататынын байқайсың. Енді міне дәл осы әдіс пен тәсілді сенің өзіңе қолдануыма тура келіп тұр, өйткені жүзеге асырмаққа ниет қылған тілегің шектен шыққан есалаңдық боп табылады, онда зәредей болса да мән-мағына жоқ, сондықтан сенің, жұмсартыңқырап айтқандағы, аңқаулығыңның себебі неде екенін түсіндіріп жату да бір, уақытты босқа рәсуа ету де бір; шынымды айтсам, осынау арам пиғылыңның сазайын тартуың үшін сені сол адасқан бағытыңмен қоя беруіме де болар еді, бірақ өзіңе деген достық сезімім саған мұндай қаталдық жасауға жібермей тұр және апатқа ұшырарың ақиқат шақта өзіңді тастап кетуге рұқсат бермей тұр. Осының бәрі өзіңе ұғынықты бола түсуі үшін сен мынаны айтшы, Ансельмо, күнәсызды күнәкар етуге, адалды айнытуға, ақпейілді сыйлықпен алдауға, әдептіні азғыруға міндетті екенім жайында айттың ба сен маған? Айттың, әрине. Ал егер зайыбыңның күнәсыз, адал, ақпейіл, әдепті екенін өзің жақсы білетін болсаң, онда саған одан артық не керек? Егер ол талпынысымның тамырына балта шабатынына сенсең, — және солай болмай қоймайтыны да белгілі, — оған қазірдің өзінде бойында бар қасиеттерден артық тағы біреуін тауып бере алар ма едің және ол бұдан не ұтар еді? Әлде сен ол жайында мүлде басқа ойдамысың немесе не істеп, не қойып жүргеніңді өзің де білмейсің бе? Егер ол жайында басқа ойда болсаң, оны сынақтан өткізудің керегі не? Ол көргенсіз біреу болса, онда оған ойыңа не келсе соны істей бер. Бірақ, егер ол өзің есептейтіндей керемет жақсы жұбай болса, онда ақиқатты сынаққа салу деген барып тұрған ессіздік боп шығады, өйткені ондай сынақ жұбайың жайында әу баста қалыптасқан пікірді өзгерте алмайды. Пайдасынан гөрі зияны көбірек көрінетін істі тек есі кемдер мен есесі кеткендер ғана қолға алуы мүмкін — әсіресе бұған оларды ешкім итермелемесе, айдап салмаса және егер мұның есерсоқтық екені әу бастан-ақ аңғарылып тұрса. Іргелі істер жаратқанның құрметі мен бейбіт өмірдің құрметіне арналады, немесе екеуінің бірдей құрметі үшін атқарылады: жаратқан үшін жер үстіндегі періште тірлігін кешетін әулиелер қызмет етеді, бейбіт өмір үшін телегей теңіз суды жүзіп өтіп, түрлі елге саяхат жасайтындар, жат жерліктермен жүздесетіндер еңбек етеді — бәрі де жан рақатын таптырады дейтін нәрселерге қол жеткізуді мұрат тұтады; ал жаратқан мен бейбіт өмірдің екеуіне бірдей айбынды жауынгерлер қызмет етеді: бұлар дұшпанның қатарын зеңбірек добы опырып кеткенін көрген бетте-ақ қорқыныш атаулыны мансұқ етіп, өз бастарына анық қатер төнгенін қаперіне де алмай, дінді, отанды, корольді қорғап қалу арманымен қанаттанып, қай-қайсысын да қалт жібермей қарауылдап тұрған мың түрлі қазаға еш қаймықпастан қарсы ұмтылады. Міне, дүниеде осындай істер істеліп жатады және осыған орай туындайтын түрлі қиыншылық пен қауіп-қатерге қарамастан олар ар-намыс, атақ-даңқ және береке-дәулет үшін қызмет етеді. Ал бірақ, өзің айтқандай, ниет қылып жүрген және жүзеге асырмақ ойың бар ісіңмен сен құдайдан қайыр көре алмайсың, жан рақатына кенеле алмайсың, адамдар арасынан құрмет-қошемет таба алмайсың, өйткені тіпті бәрі өзің тілегендей болып аяқталған күнде де, бәрібір бұл саған анау айтқан қуаныш та, пайда да, абырой да әкеле қоймайды. Ал, егер бәрі басқаша аяқталатын жағдайда сенің күніңді ит басына бермесін, өйткені қандай бақытсыздыққа тап болғаныңды жан баласы білмейтіні жайындағы ой саған жеңілдік әкелмейді, — оны сен өзің білесің, осының өзі-ақ жаныңды жегідей жеп, жігеріңді құм қылып, жүнжітіп жіберуге жетіп жатыр. Осы айтқан сөзімнің дәлелі ретінде саған атақты ақын Луиджи Тансиллоның Шадияр Петрдің көз жасы атты туындысының алғашқы бөлімін тәмамдаған шумақтарын келтірейін, — олар мынадай:
Молайтқанда жарығын көктен шарайна,
Молаяды Петрдің ұждан азабы.
Жоқ болса да жан баласы маңайда,
Өртенеді еске алып қиянат пен мазағын:
Өзін-өзі айыптайды турашыл жан қашан да,
Керегі жоқ куәнің, күтпейді үкім басқадан.
Жан азабы қуырады оны шоғында,
Жүрсе-дағы жапан түзде жан аяғы баспаған.
Тап осылайша сені де жан баласы білмейтін құпияң азаптан құтқарып қала алмайды, керісінше сен күні-түні жылайтын боласың, — көзіңнің жасы кеппейтін болады, көзіңнен жас шықпаса, жүрегің қан жылайтын болады: бір аңғал дәрігердің кубок сынағынан өтем деп, ақынымыздың айтуынша, ақылман Ринальд ұстамдылық танытып бас тартқан кубок толы шарапты тартып жіберіп осылайша оңбай опық жегені бар-ды. Бұл өзі поэтикалық қисын болғанымен, оның астарында есте сақтауға, мәнін ұғынуға және өмірде қолдануға лайықты лұғат жасырынып жатыр. Бұл да аз, мен саған қазір тағы бір нәрсе айтам, қандай жан шошырлық ағаттық жасағалы тұрғаныңа бұдан соң көзің біржола жететін болады. Мынадай нәрсені көз алдыңа елестетіп көр, Ансельмо, айталық, құдіретті күштің көмегімен немесе сәті оңынан келген кездейсоқтықтың нәтижесінде сен бір ғажайып алмастың иесі және заңды қожайыны болдың дейік. Оның тазалығы мен салмағы өзің апарып көрсеткен зергерлердің бәрін таң-тамаша қалдырып, бәрі де бір ауыздан бұның салмағы, тазалығы және сапасы осындай тастың жаратылысы туындата алатын ең жоғары да ақырғы мүмкіндік екенін айтып, бәрінің пікірі осыған тоқайласады және өзің де осындай ойдасың, оларға ешқандай қарсы дау айта алмайсың. Енді деймін-ау, ойламаған жерден осы алмасты төске апарып қойып, беріктігі мен сапасын сынақтан өткізу мақсатымен ауыр балғамен бар күшпен соққылай бастасаң — бұл ақылға қонымды іс болар ма еді? Айталық, тіпті сен солай еттің делік, ал тас осынау өрескел сынақтан аман-сау өтті делік, бірақ бұның нәтижесінде оның құндылығына да, атақ-даңқына да дәнеңе қосылмас еді ғой. Ал егер ол уатылып кетсе ше, бұл әбден мүмкін нәрсе, онда ол қайта қалпына келместей боп құрымай ма? Әрине, сөйтеді, ал оның иесі зиялы қауым арасында нақұрыс деген атаққа ие болады. Ендеше, біліп қой, Ансельмо досым, осынау ғажайып алмас — бұл Камилла, өзіңнің көз алдыңда да, басқа жұрттың көз алдында да тап солай. Сондықтан оны кездейсоқ жағдайға киліктіруде мән де, мағынада жоқ, өйткені ол бүлінбей аман қалса, бұдан құндылығы арта түспейді, ал егер шыдас бере алмай ажал табар болса, онда онсыз қалай тірлік кешетінің жайында, оны да, өзіңді де ажалға ұшыратқаның үшін өзіңе-өзің қандай ауыр кінә артатының жайында алдын-ала ойлан. Бұл дүниеде адал да жібі түзу әйелден артық асыл қазына жоқтығын, әйелдің ар-намысы дегеніміз —жұрттың аузындағы жақсы аты екенін түсін. Ал, жұбайың жайындағы жұрттың лебізі — жан сүйсінерлік, оны өзің де білесің, ендеше бұл ақиқатқа күмән келтірудің қандай қажеттілігі бар? Түсін, досым, әйел — нәуетек пенде, оның жолына кедергі тұрғызбау керек, әйтпесе ол сүрініп кетеді де құлап қалады, керісінше, кедергілерді аршып, жолын тазартып беру керек, сонда ол жетілудің ізгі қасиеттерге жетелейтін жолымен жанын қинамай жылдам жүріп өтеді. Жаратылыстанушылар айтатын бір әңгіме бар. Ақкістің терісі қардай аппақ дейді олар, осы хайуанаттың соңына түскен аңшылар мынадай қулыққа баратын көрінеді: оның қашқанда барып тығылатын жерлерін алдын-ала көріп-біліп алған олар сол орындарды лас балшықпен былғап қояды екен де, ақкісті үркітіп, тура әлгі қуыстарға қарай қуалайды екен, ал ақкіс болса, қуыстағы ласты көріп тұрып қалатын көрінеді, өйткені балшыққа сұғынып үстін былғағаннан гөрі аңшының қолына түскенді хош көреді екен, яғни кіршіксіз аппақ терісін бостандығынан да, тіпті өмірінен де қымбат санайтын болған. Адал да жібі түзу әйел — бұл ақкіс, оның ар-намысы қардан да ақ және таза, кімде-кім оның ар-намыстан айрылып қалмағанын, керісінше оны сақтап, қадір тұтқанын мақұл көрсе, онда ол ақкісті аулаушылар қолданатын тәсілді пайдаланбауға тиіс, оны түрлі сыйлықтар мен жабысқақ жалған ғашықтардың қызметі секілді лас нәрселерге қарай итермелемеуі керек, — кім біледі, бәлкім ол жаратылысына байланысты ізгі қасиеттерге оншалықты бай да бола қоймас, дініне берік те емес шығар, сондықтан, жолдағы кедергілерден біреудің көмегінсіз өтуге дәрменсіз болар, ондай жағдайда мұның бәрін оның жолынан алып тастау керек, сөйтіп оны ізгі қасиеттер мен жақсы атақ ұғымы түзетін ғажайып әлемнің кәусарынан сусындату керек. Ізгі ниетті әйелді, сондай-ақ, жарқыраған таза хрустальдан жасалған айнамен де салыстыруға болады, — дем жіберсең болғаны бетін буалдыр бүркеп, күңгірт тартып сала береді. Жібі түзу жақсы әйелге де киелі заттай қараған жөн: оны қадір тұту керек, бірақ оған жанаспаған дұрыс. Райхан гүлдері мен басқа да гүлге толы көркем бақты, — қожайыны ешкімді ішіне кіргізбейтін және гүлдеріне қол тигізуге рұқсат етпейтін, олардың хош иісі мен көркіне алыстан, қоршау торының сыртынан ғана тамсануға болатын бақты, — қалай күтіп, мәпелеу қажет болса, адал жарды да тап солай күтіп, мәпелеу қажет. Сөзімнің соңында қазіргі заманғы бір комедиядан бірнеше шумақ өлең келтірейін, — бұлар осы қазір ғана есіме оралды және, меніңше, оны келтіре кеткеннің оғаштығы жоқ секілді. Бір ақылман қария бойжеткен қызы бар екінші біреуге қызынан көз жазбауға, ешқайда жібермеуге және үйде қамап қояға кеңес береді, оған қоса мынадай нәрсені айтады:
Әйел де — әйнек аумаған.
Сынбай ма, деп, сына ма —
Әуре боп босқа сынама:
Жан жоқ қапы қалмаған.
Естінің бар есебі,
Қозғамайды ол, жалпы,
Оп-оңай қирап қалатын,
Жөнделмес және нәрсені.
Ескеріп жүрсін әрдайым
Қағиданы осы, кім-кім де:
Данаясы бар жерлерде,
Алтын жаңбыр да тұр дайын.
Осы кезге шейін айтқанымның бәрі бір өзіңе ғана қатысты болатын, Ансельмо, енді өзім жайында да айта кеткенім артық етпес және егер бұл ұзаққа созылып кетсе, кешір, — өзің тап болған және менің көмегіммен жарыққа шығуды көздеп отырған тас қараңғы жолың осыны талап етеді. Мені дос санайсың, сөйтесің де, мені ар-намыстан айырғың келеді — бұл достыққа жатпайтын нәрсе. Бұл да аз: өз тарапымнан менің де өз ар-намысыңды аяққа таптағанымды қалап отырсың. Мені ар-намыстан айырғың келетіні — айдан анық нәрсе; өйткені, өтінішіңе орай Камиллаға көз сала бастасам, оның мені ар-ұяттан жұрдай және азғын деп ойлайтынында еш күмән жоқ, себебі дос деген атым мен парызымның шектеулі шеңберінен шалғай шығатын қадамға барғаннан кейін мені басқаша қалай деп атауға болады. Сондай-ақ, өз кезегімде, өзіңнің де ар-намысыңды қорлағанымды қалайтыныңа шүбә жоқ, өйткені ынтық екенімді сездіре бастағанымды көрген Камилланың, шамасы, бұл бойымнан әлденендей бір жеңілтектікті байқап қалған екен, сөйтіп арам пиғылын сездіруге батыл кіріскен екен деп ойлайтыны сөзсіз, бірақ сен оның сүйген жарысың ғой, сондықтан егер Камилла ар-намысым қорланды деп тапса, таяқтың екінші ұшы саған да тиеді. Кеңінен тараған мына бір салт та осыдан тамыр жаяды: әйелінің кінәлі іске барғанынан күйеуі мүлдем бейхабар болса да және жеңіл жүріске салынуына сылтау тауып бермесе де, оны аз десек, осы бақытсыздықтың алдын алуға мүлдем шарасыз болса да, — себебі, бұл оның қамсыздығына немесе ағаттық жіберуіне байланысты істелген нәрсе емес қой, — қайткен күнде де, бәрібір жұрт жеңілтек әйелдің күйеуіне намысына тиетін, қорлайтын неше түрлі ат қойып, айдар тағады. Тіпті зайыбының құшаққұмарлығын жақсы білетін, өз басының айып-кінәсына байланысты емес, әйелінің қылтың-сылтыңына байланысты сормаңдай боп жүргенін іштей жақсы сезіп тұрған жандардың өзі оған аяушылықпен қарамайды, жиренішпен қарайды. Ал, енді мен саған зайыбының опасыздық жасағанынан мүлдем хабарсыз, онда еш айыбы жоқ, оған еш қатысы жоқ және оған сылтау тауып бермеген күннің өзінде де жеңілтек әйелдің күйеуін жұрттың бәрі неліктен ар-намысын жоғалтқан адам санайтынын түсіндірейін. Сөйтіп, енді сөзіме мұқият құлақ қой, — бұның да саған пайдасы болмаса зияны жоқ. Қасиетті жазбада құдайтағала жердегі жәннатта арғы атамызды жаратқан кезде оған қатты ұйқы жіберіпті делінеді, сөйтіп Адам ұйқтап жатқанда оның сол жақ бүйірінен қабырғасын суырып алып, одан арғы анамыз Хауаны жаратыпты. Адам ұйқысынан оянып, Хауаны көрген кезде: “Бұл менің тәнімнен жаралған тән, сүйегімнен жаралған сүйек”, депті. Құдайтағала айтыпты: “Әйелі үшін адам әкесінен де, шешесінен де жырақтайды, сөйтіп бір тәнге айналады”, депті. Міне, тек өлім ғана ара жігін ажыратуға ықтиярлы некенің қасиетті құпиясы сол кезден бастау алған еді. Некенің айрықша күш-қуатқа ие болатыны сонша, әр түрлі екі адам біртұтас тәнге айналады; бұл да аз: сүйіп қосылған жұбайлардың жаны — екеу, бірақ арман-мақсаты — біреу ғана. Бұдан шығар қорытынды, егер күйеуі мен әйелін бір тән десек, онда әйелінің тәніндегі дақтар мен кем-кетіктер, әлгінде айтып өткенімдей, ешқандай айыбы болмаған күннің өзінде, күйеуінің де тәнін былапыттайды. Бәрі біртұтас тән болуы себепті, адамның аяғы немесе басқа бір дене мүшесі ауырғанын тұла бойы түгел сезінетініндей, сөйтіп балтырдың ауырғаны ешқандай айып-кінәсы жоқ бастың да мазасын алатынындай, күйеуі де әйелінің арсыз ісінің құрбаны болады, өйткені екеуі біртұтас тәнге айналғандар. Ендеше, бұ дүниедегі арлылық пен арсыздық атаулының бәрі, соның ішінде жеңілтек жұбайдың арсыздығы да, тән мен қанға тікелей қатысты болатын болса және солардан туындайтын болса, онда күйеуіне де одан тиісті үлес тиеді, ештеңеден хабарсыз жүргенімен, бәрібір, ар-намысы аяққа басылады. Жайбарақат тірлік кешіп жатқан ақ ниетті абзал жарыңды әуреге салу арқылы қандай қатерге бас тігетініңді ойла, Ансельмо. Пәтуасыз да пәруайсыз әуестігің жібі түзу жұбайыңның бойында бұғып жатқан құпия құштарлық қақпасын ашып жіберуі мүмкін екенін ойла. Ұтысың шамалы ғана болатынын ұғын, ал ұтылысың шаш-етектен келмек, ол жайында үндемей-ақ қояйын, өйткені оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Егерде осы айтқанымдарым арам пиғылыңнан айнытуға мәжбүр ете алмаса, онда абыройсыздығың мен бақытсыздығыңның бағбаны болуға басқа біреуді таңда, мен ондай бола алмаймын, тіпті осының салдарынан арамыздағы достық қатынастың үзілетініне де қарамаймын, ал мен үшін бұдан асқан құрбандық жоқ.
Осыны айтып ақ ниетті, ақылға бай Лотарио үнсіз тұрып қалды, ал алабұртып, ойға шомған Ансельмо болса, не дерін білмегендей көпке дейін үн қатпады; ақыры былай деп жауап берді:
— Айтпақ болғаныңның бәрін қалай мұқият тыңдағанымды өзің де көрдің ғой, Лотарио досым, жанашыр лебізің, мысалдарың мен теңеулерің асқан ақылды адам екеніңді, достық сезіміңнің айрықша шынайылығын паш етеді, ал мен, өз тарапымнан, пікіріңе құлақ аспай, өз дегенімде қалар болсам, жақсылықтан жырақтап, жамандықтың жетегінде кететінімді аңғарып тұрмын. Мұның солай екені рас, бірақ сен қазір бойымды әлденендей бір дерт жайлап алғанын түсінуге тиіссің, дәл осындай дерт кейбір әйелде де болады, сол кезде олардың топырақты, әкті, көмірді, кейде тіпті бұдан да жаман нәрселерді — ауызға салмақ түгіл қарауға да жүрегің айнитын нәрселерді — жеуге аңсары ауады. Мені бұдан сауықтыру үшін қулық керек боп тұр және бұл үлкен де қулық емес: Камиллаға жүрдім-бардым, жорта ықылас білдіре бастағаныңның өзі жетіп жатыр, ал ол алғашқы қарқыннан қалмай жығыла кететін әлжуаз біреу емес. Осындай бастаманың өзі-ақ мені қанағаттандырар еді, ал сен болсаң мені өмірге қайта оралтып қана қоймай, ар-намысыма төніп тұрған қатердің жоқтығына да көзімді жеткізесің, сөйтіп достық парызыңды өтейсің. Өтінішімді орындауға міндетті болатыныңның себебі мынада: осындай сынақ өткізуге ақи-тақи бел буғандығымнан, бұл пәруайсыз әурешілігім жайында басқа біреулерге хабарлап қоюыма, сөйтіп өзің соншалықты қамқор боп жүрген ар-намысымның ақсап қалуына жол бермеуің керек. Егер Камиллаға ынтызарлық білдіріп жүрген кезіңде оның алдында арыңа азды-кем ақау түскенін сезсең бұған ешқандай немесе мүлдем дерлік мән берме, өйткені, өзіміз күткендей, илікпейтініне көзіміз жеткен соң, сол бойда-ақ оған екеу-ара қулығымыз жайындағы бар шындықты айтып бере аласың, одан соң оның өзің жайындағы пікірі қайта қалпына келмек. Сөйтіп, жоғалтарың түкке тұрғысыз болатынын, ал мені қандай зор қуанышқа кенелтетініңді түсіне келіп, нендей кедергі жолыққанына қарамай сен осыны іске асыр, өйткені, қайталап айтам, сен тек бастап бер, ал мен мұны біткен шаруа санаймын.
Ансельмоның алған бетінен қайтпайтынын көрген, бұл шешімін өзгерту үшін тағы қандай мысал келтіріп, тағы қандай дәлелдемені алға тартуды білмеген, арам пиғылы жайында басқа біреулерге айтып бермек ойы барын естіген Лотарио бұдан да зор лаң-сүреңнің алдын алу үшін дегеніне көніп, дедегімен жүруге келісті, алайда іштей барлығын Ансельмо да ырза болатындай және Камилланың да жаймашуақ көңіліне қаяу түспейтіндей етіп орындамаққа ұйғарым жасады; осы мақсатта ол Ансельмоға ешкімге ештеңе айтпауды тапсырды, өйткені, ол, Лотарио, бұл істі өз мойнына алмақ және Ансельмо қашан лайық көрсе сол кезден кірісіп кетпек. Ансельмо оны елжірей құшақтап, құдды бір анау ерен жақсылық жасағандай алғысын аямай жаудырды; сөйтіп, олар іске ертеңнен бастап кіріспекке келісті, Ансельмо Лотарионың Камилламен оңаша жолығысуына арнап орын тауып, уақыт белгілейтін болды, сондай-ақ сыйлыққа берілетін, тарту етілетін ақшамен және бағалы бұйымдармен қамтамасыз етуді міндетіне алды. Бұған қоса ол Лотариоға музыка ойнап Камилланың көңілін көтеруге, оған арнап өлең шығаруға кеңес етті; егер Лотарио бұдан бас тартатын болса, онда бұл үшін оның өзі-ақ өлең шығарып бере алатынын айтты. Лотарио мен бәріне дайынмын, деп алдай салды, Ансельмо болса бұған сеніп қалды. Өзара осындай келісімге келген олар Ансельмоның үйіне барып, Камилланың мазасы кетіп, уайым шегіп отырғанының үстінен түсті, себебі сол күні күйеуі үйіне әдеттегіден кеш оралған-ды.
Лотарио үйіне қайтты, Ансельмо болса мәз-шат көңілде қала барды. Осынау өрескел әурешіліктің ойдағыдай аяқталуы үшін не істеу керегін білмей басы қатқан Лотарио, алайда, сол күні түнде-ақ Ансельмоны қалай алдап, Камилланы қалай ренжітпеудің жолын ойлап тапты. Сөйтіп, ертеңіне досының үйіне түстенуге барды, Камилла оны жайдары көңілмен қарсы алды — жалпы, қашан барса да ол мұны айрықша жылы мейіріммен қарсы алып, жаны қалмай күтетін, өйткені оған деген күйеуінің ықылас-пейілі қандай екені өзіне жақсы мәлім-ді. Міне, түскі ас та ішілді, ыдыс-аяқ та жиналды, сол арада Ансельмо Лотариоға тығыз шаруамен бір жерге баруы керек боп тұрғанын, бір жарым сағаттың айналасында қайтып оралатынын айтып, оған шейін Камилламен бірге бола тұруын сұрады. Камилла оған бармай-ақ қойсаңшы деп жалына бастады, Лотарио оны шығарып салуға тілек білдірді, бірақ Ансельмо табандап тұрып алды, — Лотарионы қайткенде де өзін күте тұруға көндірді: оның, Ансельмоның, мұнымен аса маңызды бір шаруа жайында сөйлесуі керек көрінеді. Ал, Камилладан өзі қайтып оралғанша Ансельмоны жалғыз қалдырмауын сұрады. Қысқасы, жедел шаруамен, шындығында, жүдә өтірік шаруамен, асығыс кетіп бара жатқандай көрінгені сонша, мұның жалғандығына ешкім күмән келтіре алмаған болар еді. Ансельмо шығып кетті де, асханада Камилла мен Лотарио екеуі ғана қалды, өйткені малайлар түскі асын ішіп жатқан. Лотарио өзін бейне бір майдан алаңында, — Ансельмо өзі тап болса екен деп армандаған майдан алаңында, — қалғандай, қарсы алдында айдай сұлу ажарымен-ақ қарулы рыцарьлардың қалың тобын жер жастандыратын жау тұрғандай сезімде болды, — Лотарионың не себепті қорқынышқа бой алдырғанын түсінерсіз деп ойлаймын. Сондықтан, креслоның таянышына шынтағын қойып, алақанымен жағын тіреген ол, ең дұрысы, әдепсіздігі үшін Камилладан кешірім сұрап, Ансельмо оралғанша кішкене көз іліндіріп алғысы келетінін айтқан ғой деп шешті. Камилла оның креслода ұйқтағанша, эстрадоға жайғасқаны жайлырақ болатынын байқап, Лотарионың сонда барып жатуын сұрады. Алайда, Лотарио одан бас тартып, Ансельмо келгенше креслода жатып ұйқы соқты, ал анау Камилланы өз бөлмесінде отырған жерінен, Лотарионы ұйқтап жатқан жерінен тауып, кішкене кідіріңкіреп қалған екем, бұлар, шамасы, сөйлесіп те, тіпті шамалы қалғып та алуға үлгерген екен деп ойлады, сөйткен соң Лотарио ұйқысынан оянғанша дегбірі кетіп дызақтап бітті — оянған бойында оны үйден алып шығып, қандай жаңалық барын сұрамақ еді. Бәрі де тілегеніндей-ақ болды: Лотарио оянды, сол бойда екеуі сыртқа шықты, ол Лотариоға сұрақ қойды, анау алғашқы кездесуде-ақ бәрін жайып салған жарамсыз болар деп тапқанын, сондықтан әзірше тек оның сұлулығына сұқтанып, ақыл-парасаты мен ажары қала жұртының аузынан түспей жүргенін айтып мақтаумен болғанын хабарлады, сондықтан ол, Лотарио, негіз қаланды деп есептейді: Камилланың ықыласын баурауға бағытталған әрекетін бастап та кетті және оны алдағы әңгімеге дайындап қойды, осы себепті келесі жолы ол мұның аузынан шыққан әр сөзге жан-тәнімен құлақ қоятын болады, сол үшін бұл әр адымын аңдап басатын адамды тура жолдан тайдыру мақсатында шайтанның өзі қолданатын қулыққа барып отыр: түнектің рухы боп табылатын шайтан жарықтың рухына айналып, мейірімділік кейпіне енеді емес пе, өтірігі әу баста-ақ әшкере боп қалмаса, қашан ойлаған мақсатына қол жеткізгенше бет-бейнесін ашып көрсетпейді емес пе. Бұл айтылғанның бәрі Ансельмоның көңілінен шықты, сөйтіп ол енді күн сайын, тіпті үйден кетпей-ақ, әлденендей үй-ішілік шаруамен шұғылданған боп жүріп-ақ, оны Камилламен оңаша қалдыратынын, мұның әншейін айла-шарғы екені Камилланың қаперіне кіріп те шықпайтынын мәлім етті.
Сөйтіп, біраз күн бойы Лотарио Камилламен жақ ашып бірде бір мәрте сөйлескен жоқ, ал досын онымен әңгімелесіп жүрмін, бірақ осынша уақыттың ішінде оны тура жолдан аз да болса ауытқитындай ештеңеге үгіттеп көндіре алмадым, дәме етерліктей дәнеңе сездірген жоқ, деп сендірумен болды; ол өз алдына, егер пасық пиғылдан арылмасаң, бәрін күйеуіме айтып берем деп қорқытады, деді.
— Тамаша, — деп жуаси үн қатты Ансельмо. — Сөйтіп, Камилла сөзге төтеп бере алды, — ал енді іске қалай төтеп берер екен, соны көрейік. Ертең саған екі мың алтын теңге табыс етем, мұны оған сыйлық ретінде ұсынатын боласың, сосын алтын-күміс пен асыл тастан жасалған әшекей сатып алуы үшін тағы екі мың берем, бұл оны ерекше еліктіруге тиіс, — өйткені, жер бетінде қанша әйел болса, соның бәрі, тіпті сертіне шектен тыс беріктері де, сәнді киім киіп, салтанат құрғанды ұнатады, соның ішінде әсіресе әдемі әйелдер мұны айрықша жақсы көреді, ал егер ол осы арбауға да төтеп берсе, онда өзімді қанағат таптым деп санаймын да, одан әрі басыңды ауыртпайтын болам.
Лотарио оның бір істі бастаса аяғына дейін жеткізбей қоймайтынын, тіпті құр босқа сүлдері құрып, тақырға отыратынын алдын-ала біліп тұрғанына да қарамайтынын байқады. Ертеңіне ол төрт мың эскудо алды, онымен бірге алдынан төрт мың қиыншылық өре түрегелді, өйткені тағы қандай өтірік ойлап табарын білмеп еді: алайда ақыр соңында Камилла мақтау сөзге қалай немқұрайды болса, сыйлықтар мен серттерге де сондай немқұрайды екен, сондықтан босқа әуреленудің қажеті жоқ, ол уақытты босқа жіберу боп шығады, дегенді айтпақ болды. Бірақ тағдыр бәрін басқа арнаға салды: әдеттегіше Лотарио мен Камилланы оңаша қалдырған Ансельмо көрші бөлмеге кіріп кілттеніп алған соң, олардың не істеп, не қойып жатқанын білмекке кілт салатын тесіктен сығалап, тың тыңдаумен болған-ды, сөйтіп жарты сағат бойы Лотарионың Камиллаға қарап ләм деп ауыз ашпағанын көріп, тіпті екеуін тұтас бір жыл бірге қалдырса да ештеңе айтпайтынын біліп, досының аузынан естіген Камилла жауаптарының бәрі бастан-аяқ ойдан шығарылған өтірік деген қорытындыға келді. Сосын осыған ақи-тақи көз жеткізу үшін олардың үстіне кірді де, Лотарионы былай шығарып алып, не жаңалық барын, Камилланың көңіл күйі қалай екенін сұрады. Лотарио оған ендігі жерде бәрін жылы жауып қоятынын, өйткені Камилла қайтарған жауаптардың қаталдығы мен қайырымсыздығы сондай, онымен әңгімені әрі жалғауға жүрегі дауаламайтынын айтты.
— Әй, Лотарио, Лотарио! — деп дауыстап жіберді Ансельмо. — Достық парызыңды орындауға неге құлқың жоқ сенің, өзіңе деген шексіз сенімімді ақтауға неге салғыртсың сен! Жаңа ғана қолымдағы мына кілтті салатын тесіктен сені қадағалап тұрдым, Камилламен бір ауыз тілдеспегеніңе куә болдым. Соған қарап, сен онымен әлі ештеңе жайында сөйлеспеген екенсің деп түйдім. Егер бәрі нақ солай болса, — ал, осылай екенінде шүбә жоқ, — онда не үшін мені алдап жүргеніңді, әртүрлі айла-шарғыға барып, өз мақсатыма өзгешелеу жолмен жетуіме не үшін бөгет жасағаныңды айтшы?
Ансельмо басқа ештеңе деген жоқ, бірақ Лотарионың қатты ыңғайсызданып, қыбыжықтап қалуына осының өзі-ақ жеткілікті болды, сөйткен соң, өтірік айтумен айналысқаны жайында өзіне тағылған айыпты жеке басын қорлау есепті қабылдаған ол сол арада тұрып Ансельмоға ендігі жерде бұл іске бар ынты-шынтысымен кірісетінін айтып ант берді, оған қоса, егер әуесқойлық танытып артынан аңдыса, бұған Ансельмоның өзі-ақ көз жеткізетінін ескертті, — алайда, мұндай қадағалауға қажеттілік туа қоймайды, өйткені Ансельмоның көңілін табу мақсатында байқатпақ елгезектігі қандай күдікке де жол қалдырмайтын болады, деді. Ансельмо оның бұл сөзіне сенді, сөйтіп анау еркінірек те батылырақ қимылдасын деген оймен қала маңайындағы деревняда тұратын танысына бір аптаға барып қайтуды ұйғарды: онымен алдын-ала келісіп алғандықтан, Камиллаға көз қылу үшін анау бұған қайта-қайта шақырту жіберіп жатқан-ды. Беу, соры қайнаған, көр соқыр Ансельмо! Немен айналысып жүрсің? Қандай қасіретке қол созып тұрсың? Қай жаққа қарай бастауға әмір еттің өзіңді? Ойлансайшы: өзіңе өзің ор қазып жүрсің ғой, өз ар-намысыңды өзің қорлағалы тұрсың ғой, өзіңді құрдымға қарай бастауға әмір еттің ғой. Жұбайың Камилла — ізгі қасиеттер иесі; жайбарақат, жаймашуақ қалыпта құшағыңа аласың оны; төсек рақатын татуыңа ешкім кедергі келтіріп жатқан жоқ саған; оның ой-ниеті төрт қабырғадан алысқа ұзамайды; жер бетінде жүрген сен оның аспаны секілдісің, арман-мақсатының шырқау шегі де сен ғана, талап-тілегінің өлшемі де сен ғана, әрқашан өз ықтиярыңмен және құдіретті күштің ықтиярымен ғана тірлік кешеді ол. Оның ар-намысының, сұлулығының, тазалығы мен қарапайымдылығының қойнауында жатқан қазына-байлықтың қай-қайсысын да қалауыңша тегіннен-тегін иеленіп отырған болсаң, бұрын-соңды кезікпеген жаңа қазына көзін іздеп жер қазудың не қажеті бар еді саған? Қасірет топырағының төбеңе опырыла құлауы да мүмкін ғой, өйткені бәрін де, шынтуайтына келгенде, әйелдің әлжуаз жаратылысының шатқаяқ бағандары тіреп тұр ғой. Есіңде болсын, қол жетпеске қол созғандар қол жетерден де құралақан қалады, бұл жайында ақын бұдан да тәуірірек айтқан:
Іздеймін еркіндік — түрмеден,
Қапас үйден — кеңістік,
Қасіреттен — жұбаныш,
Өлімнен — өмір, дерттен — қуаныш,
Ұрыдан күтем — естілік.
Құдіретті күш пен қу тағдыр,
Кестіңдер мені жазаға,
Осыным үшін мәңгілік:
Қолым жетпеске — қызығам,
Қолым жетері — әңгілік.
Ертеңіне Ансельмо деревняға аттанды, кетерінде Камиллаға өзі жоқта Лотарионың үйге көз қырын салып тұратынын, үйден түстенетінін айтып, күйеуіне қандай жағдай жасаса, оған да сондай жағдай жасауға тиіс екенін мәлім етті. Қарапайым да адал жұбай болғандықтан Камилла қамығып қалды да, күйеуінің берген тәртібіне көңілі толмай, өзі жоқта әлдекімнің оның үстелінде отырғанын онша орынды көріп тұрмағанын, ал егер шаруаны жайғау қабілетіне күдіктенсе, онда осы жолы байқап көруіне болатынын —бұдан да қиын істерді атқару қолынан келетініне соған қарап-ақ көз жеткізе алатынын құлаққағыс етті. Ансельмо осындай ұйғарым жасағанын, оған қалғаны тек бас иіп, бұйрықты бұлжытпай орындау ғана екенін ескертті. Камилла оның айтқанын орындайтынын, бірақ бұған онша риза еместігін мәлім қылды. Ансельмо жүріп кеткен күннің ертеңіне Лотарио келді, Камилла оны жайдары жүзбен қарсы алды, бірақ өзін мейлінше сыпайы ұстады. Жалпы, ол Лотариомен оңаша қалмауға барын салды, айнала-маңында малай жігіттер мен малай әйелдер қаптап жүретін болды; көбінесе Леонелла есімді күтуші қыз жанынан шықпайтын, оны айрықша жақсы көретін, екеуі Камилланың ата-анасының үйінде бірге өскен-ді, Ансельмоға күйеуге шыққаннан кейін Камилла оны қасына алған. Алғашқы үш күнде Лотарио оған ештеңе айта алмады, ал оның орайы келген сәттер де болмай қалмаған, дәлірек айтқанда, малайлар ыдыс-аяқты жинастырып, Камилланың әмірімен тез барып тамақтанып қайтуға кеткен кездер соған қолайлы-ақ еді; бірақ, бұл да аз: ол Леонеллаға тамағын ертерек ішіп алуға, одан соң қайтып келіп қасында отыруға бұйрық берген-ді; алайда, есіл-дерті ойын-күлкі болған Леонелла осы мүмкіндігі мен уақытын өз қызығына берілуге арнап, ханымының әміріне әрдайым құлақ аса бермейтін, — керісінше, бейне бір дәл осындай бұйрық алғандай, оны Лотариомен оңаша қалдырып кететін. Алайда, Камилланың биязы қалпы, байсалды бет-әлпеті және артық-ауыс әңгімеге бармай өзін өте паң ұстауы — осының бәрі Лотарионың аузына қақпақ қойған-ды.
Сөйтсе де, Лотарионың аузын аштырмай қойған Камилланың бойындағы ізгі қасиеттердің пайдасы екеуі үшін де зиянға шықты, өйткені, ауызға қақпақ қойылғанымен, ойға бұғау салынбаған еді: ол Камилланың тірі адам түгіл мәрмәр мүсінді де өзіне ғашық қыла алатын әдемі ажары мен жан сұлулығына тән ғажайыптарын тамсана тамашалай алатын. Камилламен сөйлесуге тиіс болған уақыт аралықтары кезінде Лотарио одан көз аудара алмай, махаббатына қаншалықты лайықты екені жайында ой кешетін; осы ой оның Ансельмоға деген адалдық сезімін біртіндеп ығыстырып шығара бастады, соны сезгенде қаланы тастап, Ансельмо өзін көрмейтін, өзі де Камилланы көре алмайтын жаққа қарай кетуге сан мәрте оқталды да, бірақ сұлуға сұқтана көз тігіп отырған кезде табатын жан рақаты оны ешқайда жібермей, табандатып қойды. Камилланың сұлулығына сүйсініп жан рақатын табуға еліктіретін сезімді енді қайта бастан кешпеу үшін, бұл сезімді бойында тұншықтыру үшін өз-өзімен арпалысып-ақ бақты; өзімен-өзі оңаша қалған сәттерде ол мұны сандыраққа бағалады; өзін-өзі залым, екі жүзді дос, тіпті азғын христиан деп те атады; сан-сапалақ ой кешіп, Ансельмо мен өзін салыстырумен болды, бірақ нәтижесінде бәріне кінәлі — бұның, Лотарионың, ұстамсыздығы емес, Ансельмоның есуастығы мен астамшылығы деген тұжырымға тіреле берді, адамдар алдында ақтала алатынындай, құдайдың алдында да ақтала алса, онда күнәсі үшін еш қам жемеуіне болатынына сенді.
Камилланың көруге көз керек ажары мен жан сұлулығы, сондай-ақ ақылсыз күйеуінің арқасында оңтайы келген жағдай Лотарионың адалдығынан жұрнақ та қалдырмады; сөйткен соң, Ансельмо кеткеннен кейін арада үш күн өткенде, өз тілегін тұншықтыру мақсатындағы арпалыстан жеңіліп, тек құштарлығының ғана жетегіне ерген ол, соншалықты толқу үстінде және соншалықты ынтызарлықпен Камиллаға сүйіспеншілік сезімін ағыл-тегіл ақтара бастады: не қыларын білмей есі шыққан Камилла үн-түнсіз орнынан тұрды да, бөлмесіне кетіп қалды. Алайда, оның салқындығы Лотарионың үмітін үзген жоқ, өйткені үміт махаббат сезімімен бір мезгілде пайда болады, — керісінше: оның ықылас бөлетініне деген үміті бұрынғыдан да арта түсті. Ал, Лотариодан мұндайды өмірі күтпеген Камилла не істерді білмеді; ақыры ойлана келіп, оған сүйіспеншілік сезімін қайта ақтаруға сылтау тауып беру және мүмкіндік жасау әрі қатерлі, әрі әдепсіздік болар деп тауып, Ансельмоға мынадай мазмұнда хат жазып, малай арқылы беріп жіберуге тәуекел етті — және оны сол күні кеште аттандырып та үлгерді:
ХХХІҮ тарау
Мұнда Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят одан әрі жалғасады
“Әскердің қолбасшысыз, қамалдың комендантсыз қалғаны жаман деседі, — ал мен, әлденендей бір тосын жағдайлар тап келмесе, жас келіншектің күйеуінен ажырап қалғаны одан да жаман дер едім. Қасымда жоқтығыңыз маған өте ауыр тиіп тұр және бір-бірімізден қол үзіп қалғанымыздың қиыншылығы сондай, тез арада келмесеңіз, ата-анамның үйіне барып тұруға, үйіңізді күзетшісіз қалдыруға мәжбүр болам, өйткені мені күзетуге қалдырған адамыңыз, — егер бұл шынымен күзетші болса, — Сізге қатысты нәрседен гөрі өзінің рақат-қызығы жайында көбірек ойлайтын секілді. Ақылды адамсыз ғой, не айтпақ болғанымды онсыз да түсінерсіз, оның үстіне бұған тағы бірдеңе қосудың өзі маған жараспайды-ақ”.
Хатты оқып шыққан Ансельмо Лотарио іске кіріскен екен, ал Камилла, шамасы, Лотариомен ара қатынасын бұның, Ансельмоның, өзі іштей қалағандай қалыпта ұстап тұр екен, деп түйді; бұл хабарға қатты қуанған ол қандай да бір себеппен болсын үйді тастап кетпеуін, өйткені ұзамай барып қалатынын Камиллаға айтып баруға әмір етті. Ансельмоның жауабы Камилланы таңғалдырды, бұрынғыдан да бетер абдырап кетті, өйткені үйде қаларын әлде ата-анасына барарын білмеген-ді — қалайын десе, ар-намысын қатерге байлауы ықтимал, кетейін десе, күйеуінің сөзіне құлақ аспаған боп шығады. Ақыр соңында өзі үшін ең ауыр жолды таңдады, атап айтқанда — үйде қалуға және қызметші-күтушілердің сыпсыңына жол бермеу үшін Лотариомен жүздесуден қашқақтамауға бекінді; Камилла енді жұбайына әлгіндей хат жазып жібергеніне өкіне бастады: Лотарио бұның тарапынан әлденендей жеңіл мінез байқап, әдептен аттауына сол түрткі болған-ау деп ойлап қала ма деп қорықты. Бірақ, пәк-тазалығына нық сенімді ол, жаратқанның жәрдемі мен өз ақыл-есіне арқа сүйемекке бекінді, ал ақыл-есі Лотарио өзіне қандай сауал қоймасын мейлі ешқандай жауап бермеуін, бұл жағдаят көңіліне алаң кіргізбеуі үшін және ұрыс-керіс шықпауы үшін күйеуіне енді ештеңе хабарламауын жөн көріп тұрған, — оны аз десек, Камилла енді күйеуі өзінен әлгі хатты неліктен жазғанын сұрағанда Лотарионы қалай ақтап алуға болатынын да ойластыра бастаған-ды. Тығырықтан жол табар ұшқыр қиял деуден гөрі ақжүректік айнасы деуге келіңкірейтін осындай ойдың жетегіндегі Камилла ертеңіне Лотарио сөзіне құлақ тосты, ал анау мүлдем өрекпіп кетті, нәтижесінде Камилланың шыдамдылығы шатқаяқтай бастады; сөйтіп, Лотарионың жылауы мен жалбарынуы оятқан жан ашырлық пен махаббат мейірімін аңдатарлық әлдене байқалып қалмасы үшін, қарапайымдылығына бағып көзін тайдыруына тура келді. Бұның бәрі Лотарио назарынан қалыс қалмады, қанын қыздыра түсті. Ақыр аяғында, Ансельмоның жоқтығын пайдаланып, қоршау шеңберін одан әрі тарылтқанды жөн көрді, сөйткен соң сұлулығын әспеттейтін әдемі сөздермен қаруланған ол Камилланың атаққұмарлығына шабуыл жасады, өйткені сұлулардың жүрегінде орын тепкен даңққұмарлық мұнараларын мақтау мен мадаққа майталман ауыз сомдаған дәріптеулер ғана жедел түрде күйретіп, жермен-жексен ете алатын. Солай болып та шықты: оқ-дәріні аямай жұмсаған Лотарио оның ұстамдылық жартасының астын асқан ептілікпен үңгігені сонша, тіпті Камилла мәрмәрдан қашап жасалған күнде де, бәрібір құламай тынбайтын еді. Лотарио жылады, жалбарынды, уәде берді, жағымпазданды, қасарысты, алдаусыратты — осының бәрін бар ынты-шынтысымен және шынайы ықыласпен істегені сонша, Камилланың ұялшақтығы ұмыт болды, сөйтіп Лотарио өзі онша үміт ете қоймаған, бірақ арман еткен жеңісіне жетті.
Камилла берілді; берілді Камилла; бірақ Лотарионың достық сезімі де төтеп бере алмағанда, бұған таңдана қоярлық не бар? Махаббат ынтызарлығынан құтылу үшін одан тек аулаққа қашу ғана қажет болатынын, мұндай әлеуетті дұшпанмен алысуға ешкімнің тәуекел етпегені жөн екенін, өйткені оның адами күшіне құдіреттің күші ғана тойтарыс бере алатынын анық танытатын бір мысал осындай. Ханымның жолдан тайғанын жалғыз тек Леонелла ғана білді, себебі сатқын достар мен жаңа нақсүйерлер атаулының бәрі оның назарынан тыс қалмайтын. Камилланың алдында өз сезімінің бағасын төмендетіп алудан және көңіл қалауымен емес, кездейсоқ және ғайыптан қолына түсірген екен деп ойлап қалуынан қорыққан Лотарио оған Ансельмоның әурешілігі жайында да, онымен табысу үшін өзіне, Лотариоға, мүмкіндік жасағаны жөнінде де жұмған аузын ашқан жоқ.
Арада бірнеше күн өткенде Ансельмо үйіне оралды, үйіне келуін келгенімен сақтауға мейлінше салғырт қараған, бірақ барынша жоғары бағалайтын нәрсесінің орны үңірейіп тұрғанын аңғармады. Сол бойда Лотариоға аттанып, оны үйінен тапты; екеуі құшақтасып көрісті, содан соң Ансельмо не жаңалық барын, өмір сүруі керек пе әлде өле бергені жөн бе, не істеуі керегін сұрады.
— Жаңалық сол, Ансельмо досым, — деп жауап қатты Лотарио, — жұбайың үлгі тұтуға және күллі адал әйелдің әулиесі болуға лайық жан екен. Оған арнап айтқан сөзім далаға кетті, уәделерімді құлағына да ілмеді, сыйлықтарымды қайтарып тастады, алдамшы көз жасымды көріп ішек-сілесі қатқанша күліп алды. Қысқасын айтқанда, Камилла деген — сұлулықтың шырқау шыңы, адалдықтың қайнар бұлағы, әдептіліктің, қарапайымдылықтың және жібі түзу әйелдерге абырой мен бақыт әкелетін басқа да барлық ізгі қасиеттің қоймасы. Ақшаңды қайтып ал, досым, міне мынау, оның қажеті болмады, өйткені Камилланың беріктігі сондай, сыйлық пен уәдеге илікпейді, — ол үшін бұл шектен тыс жиіркенішті нәрсе. Осыны қанағат тұт, Ансельмо, жаңадан сынақ жасаймын деп әуреленбе. Күйеуінің жұбайына қатысты туындайтын және туындауы мүмкін сенімсіздік пен күмән теңізін сен тізеңнен келтірмей-ақ кешіп өттің, ендеше жаңа қауіп-қатердің шалқар теңізіне қайта шығып басыңа бәле іздеме, тіршілік теңізінен жүзіп өтуің үшін жаратқан иеміз берген кеменің беріктігі мен бекемдігін тексеруді басқа жетекшіге жүктеуші болма, — иә, сен өзіңді тыныш айлаққа келіп жеттім деп есепте, жан тыныштығының зәкірін таста да, таңдаулылардың да таңдаулысы төлеуге тиіс, төлемеске лажы жоқ қарызды сұрай келгенше сол жерде тұра бер.
Лотарионың сөзі Ансельмоны айрықша қанағат сезіміне бөледі, бұған абыздың дуалы аузынан шыққан сөздей сенді; әйткенмен, ол досынан әуесқойлық үшін болса да және уақытты қызықты өткізу үшін болса да бұл істен біржола қол үзбеуін сұрады; болашақта, әрине, осыншалықты ақ тер, көк тер әрекет жасамай-ақ қоюыңа болады, деді ол, бірақ, енді оның, Ансельмоның, жалғыз ғана тілегі — Хлора деген бүркеншік есіммен Камиллаға арнап мадақ өлең жазылғаны, ал өзі Камиллаға Лотарио бір ханымға ғашық боп қалып, оның қарапайымдылығын ескеріп, әдептілік сақтау үшін оны осы есіммен жырға қосып жүр демек; егерде Лотарионың өлең шығаруға құлқы болмаса, өзі-ақ шығарып бере алады.
— Өйтіп әуреге түспей-ақ қой, — деп қарсылық білдірді Лотарио, — өйткені, музалар мені онша жатырқамайды, сирек те болса жүз көрсетіп тұрады. Ендеше, ғашықтық дертіне шалдыққаным жайында әлгінде айтқандарыңның бәрін Камиллаға жеткізе бер, ал өлеңді жазуын мен жазып шығам, арнау иесінің өзіндей келісті болмаса да, әйтеуір шама-шарқым жеткенше тәуір ғып жазарым анық.
Есалаң дос пен сатқын дос екеуі осыған бәтуаласты; үйіне қайтып оралған Ансельмо болса, осы уақытқа шейін сұрау салмай Камилланы қатты таңырқатып жүрген нәрсені, атап айтқанда, анандай хатты жазуға не түрткі болғанын сұрады. Камилла оған Ансельмо үйде жоқта Лотарио өзін еркіндеу ұстай ма деп қалғанын, бірақ артынан ол ойынан айнығанын, солай көрінген шығар деп шамалайтынын, өйткені Лотарио қазір өзінен қашқақтап, оңаша қалуға құлшынбайтынын хабар етті. Ансельмо бұған жауап ретінде, мұндай күдікпен біржола қош айтысуы керегін, себебі Лотарионың бір ақсүйек әулеттен шыққан қызға ғашық боп, оны Хлора деп атап өлең шығарып жүргенін құлағы шалғанын, тіпті ол біреуге ғашық болмаған күнде де Лотарионың адалдығына және екеуінің арасындағы қыл өтпес достыққа күмән келтіруіне негіз жоқтығын айтты. Егер Лотарио Хлораға ғашықтығы жалған екенін, бұл жайында Ансельмоға айтқанда Камилланы дәріптеуден қуаныш табуға мүмкіндік алмақ болғанын Камиллаға құлаққағыс етіп қоймағанда, оның қызғаныш торына тұтылатынында күмән жоқ-ты, алайда бұдан алдын-ала мағлұмдар болған келіншек бұл хабарға жайбарақат қана құлақ салды.
Ертеңіне, түскі астан кейін, үшеуі оңаша қалғанда Ансельмо Лотариодан сүйікті Хлорасына арнап шығарған өлеңін оқып беруін өтінді, — Камилла оның кім екенін бәрібір білмейді, сондықтан аяшың жайында ойыңдағыңның бәрін іркілмей айта беруіңе болады, деді.
— Камилла білген күнде де ештеңе жасырып қалмас едім, — деді Лотарио келіспей. — Ғашық жігіттің аяшының сұлулығын дәріптеп, қатыгездігіне өкпе айтқаны — оның жақсы атына кір келтіргендік емес. Қалай болғанда да, әйтеуір, мынау рақымсыз Хлора жөнінде кеше шығарған сонетім:
Мылқау түнек түскенде жерге биіктен,
Баурағанда пендені ұйқы самалы,
Азабымның жүргізем мұңлы санағын,
Құдірет пен Хлораға арнап сүйікті.
Таң шапағы ашқан кезде бір демде
Шығыс беттің қызыл арай қақпасын,
Күрсініс пен өкпе-реніш астасып,
Ағытылар толас таппай кеудемнен.
Көк аспаннан жерге қарай үдеріп,
Шаңқай түсте от жебелер жауғанда,
Зар илеймін, ышқынамын еңіреп.
Міне, тағы түн де келді түнеріп,
Құдірет пен Хлораның саңырауға
Ұқсасын біліп, аһ ұрамын дебдіреп.
Камиллаға сонет ұнады, әсіресе оны Ансельмо қатты ұнатты; жақсы екенін айтып, осындай керемет шынайы сезімге қайрылмайтынына қарағанда бұл ханым, шамасы, асқан қатыгез болғаны ғой, деді. Бірақ, сол арада Камилла:
— Ғашық ақындардың аузынан шыққан сөздің бәрі шындық па? — деп сұрады.
— Ақын ретінде олар жалған сөйлейді, бірақ ғашық ретінде олардың айтары аз болады әрі адалын айтады, — деп жауап қатты Лотарио.
— Бұған еш күмән жоқ, — деп келісе кетті Ансельмо онымен. Бұлай дегенде, осы қоштауы арқылы Лотарионың Камилла алдындағы беделін өсіру мақсатын ғана көздеген, бірақ Лотариоға ықыласы ауып кеткен Камилла Ансельмоның бұл қитұрқысын аңғармады.
Лотариоға қатыстының бәріне бүйрегі бұрып тұратындықтан, оған қоса оның бүткіл арман-ойы мен жазбалары өзіне ғана бағышталғанын және шын мәніндегі Хлораның өзі екенін жақсы білетіндіктен, ол Лотариодан тағы қандай сонеті немесе басқадай өлеңдері барын сұрады.
— Бір сонет бар, — деп жауап қатты Лотарио, — бірақ бұл алғашқысы секілді жақсы ғой немесе, дұрысы, сол секілді шамалы ғой деп ойламаймын. Оны өздеріңіз айта жатарсыздар:
Жек көрумен-ақ түбіме жетерсің сен,
Білем оны, құларым хақ құрдымға.
Білем тағы, жұлдыз жанар, нұр тұлға
Ажарыңның құлы боп өтермін мен.
Атақтан, құштарлықтан, өмірден жеріп,
Аттаған шақта ақырғы шектен,
Үнсіздік еліне, жанымды жүдеткен
Асыл бейнең бірге кетеді еріп.
Қастерлімнен осы, ардақты алтыннан,
Айыра алмас мені ақырғы сәтте
Селқостық та, ұнатпау да қабарып.
Сорлы басым! Ағыста қалдым алқынған,
Қарасам да қанша, қуат іздеп дәтке,
Жол көзер жұлдыз көрсетпейді жанарын!
Ансельмо екінші сонетті де біріншісінен артық болмаса кем бағаламады, осылайша өзін шыр айналдыра шырмап, абыройсыздыққа берік етіп байлаған шынжырдың буынына буын жалғай берді; өйткені, Лотарио абыройын әсіресе қатты былапыттаған кезде ол оған: міне, ар-намысым үшін енді ғана алаңсыз болатын болдым, дегенді айтатын; дәл осылай Камилла да масқарашылық тұңғиығына қарай баяу сырғанап бара жатқан-ды, ал күйеуіне ол тазалық пен жақсы атақтың асқар шыңына қарай өрлеп бара жатқандай көрінетін. Әйтсе де, бір жолы Камиллаға күтуші қызымен оңаша қалудың орайы келді де, Камилла оған былай деп тіл қатты:
— Қымбатты Леонелла, өзімді тым арзан бағалап, жылдам ыңғай бергенімнің салдарынан Лотарионың бір табандап қол жеткізудің орнына жүрегімді бірден жаулап алғанына ұялып жүрмін. Құштарлығының бет қаратпас болғанын, қарсылығымды жапырып жібергенін қаперінен шығарып, мені икемге көнгіш немесе жеңілтек деп жазғыра ма деп қорқам.
— Бұған бола қапа болмай-ақ қойыңыз, мейірбан ханым, — деді Леонелла, — онда тұрған дәнеңе жоқ: егер сыйлықтың өзі шынымен тәуір де бағалы болса, оның құндылығы шапшаң қолымызға тигеніне байланысты төмендемейді. “Игіліктің ерте-кеші жоқ” дейтін мақал бар емес пе.
— Мынадай да мақал бар: “Арзанға түскеннің қадірі де арзан”, делінеді, — деп сөз қыстырды Камилла.
— Бұл мәтелдің сізге қатысы жоқ, — деп қарсылық білдірді Леонелла, — себебі, махаббат, естуімше, бірде құс боп ұшса, бірде жаяу жүреді, біреумен құйғытса, екінші біреумен митыңдайды, біреулерді мұздатса, өңгелерді өртеп жібереді, біреуді жарақаттаса, екінші біреуді шейіт қылады, оның тілегі қас қағымда тұтанып, қас қағымда өшуі мүмкін, таңертең ол қамалды қоршауға алады, ал кешкісін қамал қирап жатады, өйткені, оған қарсы тұрарлық күш жоқ. Олай болса, неден қауіптеніп, неден үрейленіп отырсыз? Себебі, Лотарио да тап сондай кепті бастан кешті емес пе, өйткені махаббат екеуіңізді бірдей тізе бүктірудің құралы етіп қожайынымның сапарға кетуін қалап алды ғой. Махаббат ойластырған нәрсе тап сол Ансельмоның үйде жоқ кезінде, ол қайтып келгенге шейін іске асуға тиіс еді, өйткені оның сапардан қайтып оралуы бәрінің шырқын бұзатын: себебі, тілегін орындауға келгенде махаббат үшін оңтайлы жағдайдан артық жақсы көмекші жоқ қой, сондықтан ол мұны, әсіресе алғашқы кездерде, ойға алғандарын орындауға барынша пайдаланып қалуға тырысады. Мұның бәрін негізінен өз тәжірибемнен білем, әлдекімнен естіген әңгімем емес, кейін бір реті келгенде өзім жайында айтып берермін сізге, синьора, — себебі мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын ғой, оған қоса әлі жаспын. Айтайын дегенім, синьора Камилла, сіз оған салған жерден сеніп, бірден көне кеткен жоқсыз, көз жанары, күрсінісі, айтқан сөзі, берген уәдесі мен тартуларына қарап алдымен оның жан дүниесіне терең бойладыңыз, сөйтіп оның адамгершілік қасиеттерін танып, махаббатқа әбден лайық екеніне көзіңіз жетті. Олай болса, екі жүзділік пен менмендік сыбырына құлақ түрмеңіз, Лотарионы қалай сыйласаңыз, оның да сізді солай сыйлайтынына өзіңізді сендіріңіз: махаббат торына тұтылғаныңызға ол соншалықты қуанышты әрі бақытты, осынау махаббат торы оның алдындағы қадір-құрметіңізді бұрынғыдан да арттыра түседі, оған қоса ол әрбір түтіні түзу ғашыққа тән болуға тиіс делінетін төрт Б-мен ғана емес, яғни басы бостығы, байқампаздығы, болаттай беріктігі, бүкпелей білетіндігімен ғана емес, күллі әліппемен де мақтана алады — мұқият тыңдаңыз, қазір оны сізге жатқа айтып берем. Өз түсінігімше, ол ақылды, одан соң әлгі төрт Б келеді, дәріпті, есті, жігерлі, зейінді, инабатты, келбетті, лауазымды, мейірімді, намысқой, орнықты, парасатты, рақымды, сабырлы, тәуекелшіл, уәзипалы, шалымды.
Бұл әліппе Камилланың көңілін сергітіп жіберді, сөйтіп ол Леонелланың махаббат мәселесіндегі тәжірибесі сөзіне қарап бағалауға болатыннан, шын мәнінде, әлдеқайда молдау екен деп шешті. Сол арада Леонелла мұнысын мойындап, өнегелі шаңырақтан шыққан, сол қаланың тұрғыны боп табылатын бір жас жігітпен ойнап-күліп жүргенін Камиллаға жайып салды; бұл хабар Камилланы шошытып жіберді, ар-ұятына қатер туса осы бір тұстан тууы мүмкін-ау деп, үрейленіп қалды. Қадағалай сұрап, қатынастары қаншалықты тереңдегенін білмек болды. Анау еш қысылып-қымтырылмастан қатынастары тіптен тереңдеп кеткенін айтты. Әлбетте, әрдайым осылай болады: ханым мүлт кетсе болды, күтуші әйел де қолма-қол ұятын жоғалтады, сөйтіп, ханымның сүрінгенін көріп өзі де сылти бастайды, оны жұрттың біліп отырғанынан қымсынбайды. Амалы таусылған Камиллаға Леонелладан сүйген жігітіне өзінің ашыналығы жайында айтпауын сұрап жалынудан басқа ештеңе қалмады, сондай-ақ Ансельмо мен Лотарио біліп қоймасы үшін жеке басының жеңіл жүрісін де құпияда ұстауын өтінді. Леонелла уәдені берудей-ақ берді, бірақ оны орындау жағын оңдырмағаны сонша, Камилланың осы қыздың қырсығынан абыройдан айрылып қалуым мүмкін-ау деген сезігі ақыры расқа шықты, өйткені қожайын әйелдің бұрынғы өктемдіктен қол үзе бастағанын байқаған және көңілдесімен жатқан жерінің үстінен түскен күнде де бәрібір ұстап бермейтініне кәміл сенімді, ұят дегенді ұмытқан, әдепсіз Леонелла жігітін үйге алып келуден тайынбаған-ды, — қожайын әйелдер жасайтын күнәнің зардапты салдарының бірі осындай: олар күтушілерінің күңіне айналып, жағымсыз да жиіркенішті істерін бүркемелеп отыруға мәжбүр болады. Камилла да тап осындай кепті бастан кешті: үйіндегі бөлмелердің бірінде сүйіктісімен құшақ қауыштырып жатқан Леонелланың бір емес, бірнеше рет үстінен түсті, алайда оған тіпті реніш білдіруге де батылы жетпеді, керісінше жігітін жасырып тастауға жәрдемдесіп, Ансельмоның көріп қалмауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бақты. Алайда, олардың осындай айла-амалдарына қарамастан, бір жолы Лотарио әлгі жігіттің ала таңда Ансельмо үйінен шығып бара жатқанын байқап қалды; бұның кім екенін білмеген ол әу баста көзіме қос көрінген екен деп ойлады; бірақ, плащын қаусырынып алған әлгінің асқан сақтықпен, адымын абайлай басып жылыстап бара жатқанын көргенде аңғал болжамынан айнып, басқа бір тұжырымға келді: ақыр аяғында Камилла жол тауып шықпағанда бұл тұжырымының салдарынан бәрі де оңалмастай опық жеген болар еді. Леонелланың бұл дүниеде бар-жоғын Лотарио мүлдем ұмытып кеткен-ді, сондықтан Ансельмоның үйінен осындай мезгілсіз уақытта шығып келе жатқан адамның Леонеллаға келуі мүмкін-ау деген ой қаперіне кіріп те шықпаған; сол арада ол өзіне оп-оңай ыңғай бергені секілді, бұл жолы да Камилла көңілшектік жасап, жылдам көне қойған екен деп түйді, — жеңіл жүріске салынған жұбайдың жаман құлығынан туындайтын салдар осындай болады: тіптен сол жалынып-жалпаю, уәде беру арқылы тар төсекте табысуға қол жеткізген ашынасының алдында да қадірі қалмайды, өйткені ашынасы оның басқа біреумен табысуы ендігі жерде бұдан әлдеқайда жеңілге түседі деп ойлайды, сол себепті болмашы күдіктің өзі оған енді ақиқат шындық секілді елес береді. Осыны көрген Лотарио, шамасы, ақылын жоғалтып алса керек, ұстамды мінезінен айрылып, дебдіреп қалды, өйткені жанын жегідей жеген жойқын қызғаныш апшысын қуырған, Камилладан қалайда өш алуға ынтыққан ол, — шын мәнінде өзінің алдында еш айып-кінәсы болмаса да, — бас қатырып жатпай, әлі төсегінен де тұрып үлгермеген Ансельмоға жүгіріп барудан басқа тәуір де жөндем ештеңе ойлап таба алмады, сөйтіп оған былай деп тіл қатты:
— Біліп қой, Ансельмо, өзіңе айтуға оқталған бір сөзімді айта алмай, өзіммен өзім арпалысып, азапқа түсіп жүргеніме көп күн болды, енді оны сенен жасырар шамам жоқ және қақым да жоқ. Біліп қой, Камилла есімді қамал берілуге көнді, қандай шарт қойсам да қабылдауға дайын. Бар шындықты өзіңе осы күнге шейін айтпай келгенімнің жалғыз ғана себебі — бұл оның әйелдерге тән әншейін қылтың-сылтыңы емес пе екен, өз рұқсатың бойынша білдіре бастаған сүйіспеншілік сезімім шынайы нәрсе ме, соны сынақтан өткізіп, тексеру жайын ойластырып жүрген жоқ па екен, соған анық көз жеткізгім келген. Бұған қоса, егер Камилла адал жұбай болса және екеуіміз ойлағандай ізгі қасиеттердің иесі болса, онда өзіне ынтызарлық білдіргенімді саған хабарлайтын шығар деп ойлағам, бірақ оның бұған асықпай жүргенін көріп, берген уәдесінің жалған еместігін түсіндім, — ал маған ол киім-кешегіңді сақтайтын бөлмеде (рас-ақ: өздері әдетте дәл осы бөлмеде табысатын), өзің тағы бір жаққа кеткен кезде жолығысуға уәде етті. Алайда, ашуға ерік беріп, жедел түрде кек қайтаруға кіріспей тұра тұруыңды сұрар едім, өйткені ол әзірше тек қиялмен ғана күнә жасады, ал оны іс жүзінде жасағанша ойы өзгеріп, басқа арнаға ауытқуы, сөйтіп әлгі күнәні опасыз пиғылына деген өкініш алмастыруы әбден мүмкін ғой. Ендеше, осы күнге шейін әрдайым немесе әрдайым дерлік ақыл-кеңесімді тыңдап келсең, қазір өзіңе айтқалы отырған тағы бір кеңесіме құлақ сал: кейін бәрін көзіңмен көріп, көңілге түйгеннен кейін қандай шара қолдануыңа болатыны жайында байсалды байлам жасауың үшін мұны жақсылап есіңде сақта. Өткен жолғыдай, екі-үш күнге бір жаққа баратыныңды айт та, өзің киім-кешек сақтайтын бөлмеге тығылып қал, онда кілемдер мен басқа да мүліктер тұрғандықтан осыған өте қолайлы орын боп табылады. Сол жерде екеуіміз Камилланың қандай пиғыл-ниетте жүргенін өз көзімізбен көретін боламыз, егер ойға алған ісі опасыздық болса, солай екенінде шүбә жоқ, онда алтын басыңды қорлағаны үшін аяусыз жаза беретін, артық сөзге бармайтын, бәрін алдын-ала ескерген, ақылмен әрекет ететін жендетке айналуыңа болады.
Лотарионың айтқандары Ансельмоны әрі таңғалдырып, әрі таңдандырып, тығырыққа тіреп қойды, өйткені мұндай әңгімені енді естимін деп мүлдем күтпеген, — Лотарионың жалған үздігуін жұбайы үзілді-кесілді тыйып тастады деп ойлап, төбесі көкке елі жетпей жүрген. Еденге көз аудармай қараған қалпы ұзақ отырды, сосын ақыры:
— Сен нағыз дос екеніңді дәлелдеп бердің, Лотарио. Ақыл-кеңесіңді бұлжытпай орындайтын болам. Не істесең соны істе, бірақ мына күтпеген жағдайға орай мұны құпияда сақта, — деді.
Лотарио соған уәде етті, бірақ Ансельмоның үйінен шыққан бойда-ақ әлгі айтқандарына оңбай өкінді, мұның үлкен ақымақтық болғанын түсінді, өйткені осынша қатыгездік пен жексұрындыққа бармай-ақ Камилладан оның өзі-ақ кек ала алатын еді. Ұшқалақтығы үшін өзін-өзі қарғап-сілеп, ұстамсыздығы үшін тілдеді, бұл ағаттықты қалай жөндеп, тығырықтан жол табу үшін қандай амал жасау керегін білмей дағдарды. Ақыр соңында Камиллаға барып болған жайдың бәрін айтып айыптанғанды жөн көрді; бұның ретін келтіру оған қиынға түскен жоқ — сол күні-ақ онымен оңаша жүздесті, өздерін ешкім тыңдап тұрмағанына көз жеткізіп алған соң Камилла былай деді:
— Білесің бе, жаным Лотарио, жүрегімнің қатты ауырып, сыздап тұрғаны сонша, осы қазір жарылып кететін секілді, егер де ақи-тақи жарылмаса онда бір ғажаптың көмегімен ғана аман қалуы мүмкін. Бері қара: Леонелланың арсыздыққа салынғаны сонша, көңілдесін үйіме алып келіп түні бойы ойнап-күлетінді шығарды, мұнысы менің жақсы атыма нұқсан келтіріп жүр, өйткені әлгі жігіттің беймезгіл уақытта үйімнен шығып бара жатқанын көргендердің ойына не түрлі күмән кіруі мүмкін ғой. Маған әсіресе ауыр тиетіні — оны не жазалай алмайтыным, не ұрсып-сөге алмайтыным, өйткені өз іс-қылықтарымыздың басы-қасында жүргендіктен оның іс-қылығы жайында жұмған аузымды ашпауға мәжбүр болам, осының бәрі бір бәлеге бастай ма деп қорқам.
Оны үнсіз тыңдап отырған Лотарио әу баста мұның бәрін Камилла әлгінің өзіне емес, Леонеллаға келгенін дәлелдемек боп көз алдау үшін қиыстырып отыр деп ойлаған; алайда Камилланың қатты күйзеліп, жылап, өзінен ақыл-кеңес сұрағанын көргеннен кейін оған қалтқысыз сенді, сенген соң бұрынғыдан да бетер ұялып, істеген ісіне қатты өкініш білдірді. Сөйтсе де, Камилладан бекерден-бекер күйіне бермеуін өтініп, Леонелланың есерлігін ауыздықтаудың бір жолын ойлап табатынын айтты. Ақыр аяғында Лотарио дегбірін құртқан дүлей қызғаныштан Ансельмоға барып бәрін баяндап бергенін, сөйтіп Камилланың опасыздығына көз жеткізу үшін, екеуара келісім бойынша, оның киім сақтайтын бөлмеде жасырынып жататынын айтты. Осынау есалаңдығына кешірім етуін сұрап жалбарынып, жағдайды қалай қалпына келтіруге болатыны жайында, нәгүмандығы салдарынан кіріп кеткен мына қиыр-шиыр шытырманнан қалай жол тауып шыға алатыны жөнінде кеңес беруін өтінді.
Лотарионың айтқандарын естіген Камилла не дерді білмеді, ызадан күйіп кете жаздап, өзі туралы осындай өрескел ойдың жетегінде жүргені үшін және оғаш та оспадарсыз іске барғаны үшін Лотарионы жерден алып, жерге салып тілдеп, әділ де орынды өкпе-реніш білдірді; алайда әйелдің ақыл-ойы татымды тұжырым жасауға келгенде еркектің ақыл-ойынан олқы түсіп жататынымен, жақсылыққа да, жамандыққа да үн қатуға келгенде жаратылысына тән қасиетіне байланысты одан алғырлау болғандықтан, Камилла осынау бір қарағанда сына қағылар саңылау жоқтай көрінетін тығырықтан шығар жолды қас пен көздің арасында-ақ тапты. Сөйтіп, Лотариоға Ансельмо ертеңіне тап сол өздері уағдаласқан жерде тығылып жататын болсын, соны қатаң қадағала, деді; сосын осынау жасырынбақтан әжеттеріне асатын пайда таппақ ойы барын, нәтижесінде бір-бірімен алаңсыз аймаласып, құмар қандыруға жол ашылатынын құлаққағыс етті; арғы ойын ақыр аяғына дейін ашпаған ол, Лотариоға Ансельмо тығылып қалған кезде Леонелланың шақыруымен ішке кіріп, қойылған сұрақтарға Ансельмоның естіп жатқанын білмейтіндей кейіпте жауап беруі керегін ғана ескертті. Лотарио өзінің әрі батылырақ, әрі мейлінше сақ әрекет етуі үшін Камилладан ойға алған ісі жайында толығырақ айтып беруін сұрап жалына бастады.
— Саған әрекет етудің керегі жоқ; қайталап айтам, саған тек сұрақтарыма жауап беру ғана қажет. — Міне, Камилланың оған айтқанының бар-жоғы осы ғана болды, өйткені өзіне өте орайлы көрінген ниетін Лотарионың жақтырмай тастауынан, сөйтіп тиімсіздеу басқа бірдеңені ойлап тауып, кірісіп кетуінен қорқып, оған өз жоспары жайында айтпай тұра тұрғанды жөн көрген-ді.
Бұдан соң Лотарио кетіп қалды, ал ертеңіне Ансельмо деревнядағы танысына бара жатқан боп шығып кетті де, қайтып келіп жасырынып қалды — Камилла мен Леонелла қолайлы жағдайды қарастырып қойғандықтан, бұл оған қиындыққа түспеді.
Сөйтіп, Ансельмо тығылып қалды, тұла бойын айрықша толқу биледі: осы қазір көз алдында әлдекімдер ар-намысын ластай бастайтынын, қас қағым сәт өтпей-ақ баға жетпес байлығын — сүйген жары Камилланы ол осылай бағалайтын — әлдекімдер алып кететінін күтіп жатқан адам ғана, шамасы, осындай толғанысты бастан кешсе керек. Ансельмоның тығылып жатқанына кәміл сенімді Камилла мен Леонелла киім сақтайтын бөлмеге келіп кірді; табалдырықтан аттай бере-ақ Камилла ауыр күрсініп алып былай деді:
— Аһ, мейірімді Леонелла! Райымнан қайтаруға тырысып әуре бола ма деп ойға алған ісім жайында өзіңе ештеңе айтпағанмын, соны қазір орындауға дәтім жетпей тұр, қане, Ансельмоның қанжарын алшы, қасиетсіз кеудеме қадашы оны! Жо-жоқ, тұра тұр, неге мен біреудің кінәсіне бола қасірет шегуге тиіспін? Ең алдымен, Лотарионың ардан жұрдай әдепсіз көзі бойымнан соншалықты не тапқанын, неге бұлайша аяқ асты батырлық көрсетіп, қара ниет құштарлығын маған баян еткенін, сөйтіп өзінің досын масқарашылыққа ұшыратып, менің ар-намысымды аяққа басқанын білгім келеді. Баршы терезеге, Леонелла, шақыршы оны, — қазір оның көшеде тұрғаны анық: арсыз тілегім қашан орындалар екен деп тосып тұрған шығар. Бірақ, одан бұрын менің тілегім — қатыгез болғанымен қасиетті тілегім орындалар.
— Аһ, қадірлі ханым! — деп сарнап қоя берді әрі аңғарымпаз, әрі бәрінен хабардар Леонелла. — Қанжар сізге не керек? Шынымен-ақ өзіңізді өзіңіз өлтіргіңіз келе ме әлде Лотарионы өлтірмексіз бе? Бірақ, қандай жағдайда да бәрібір ар-намысыңыз бен жақсы атыңызды харап қыласыз. Одан да іштен тыныңыз да, осынау азғынды өзіміз оңаша отырғанда табалдырықтан аттатпаңыз. Ойлап көріңізші, синьора, біз нәуетек әйелміз, ал анау ер адам және оның үстіне әй-шайға қарамайтын дөкір біреу. Егер ол мұнда құштарлықтан көзі қарауытып, арам пиғыл жетегімен келген болса, онда ойға алғаныңызды орындаймын дегенше өзіңіз үшін өлімнен де жаман боп шығатын ниетін іске асырып та үлгеруі мүмкін ғой. Әй, осы Ансельмо мырзамды-ай, анадай алдамшыны үйінде еркінсітіп қойғаны несі екен? Айталық, синьора, оны өлтірдіңіз дейік, — меніңше, көздеп жүргеніңіз де осы сияқты, — сонда мәйітті қайтпекпіз?
— Не істейміз дейсің бе? — деді Камилла. — Оны Ансельмо жерлесін, — бұл іс оған көңілді демалыс секілді көрінетін шығар, өйткені ол жерге өзінің масқарашылығын көмеді ғой. Ал, шақыр енді оны мұнда, — қара ниеті үшін қайтарылатын кекті кешеуілдете беруім — жұбайылық адалдыққа берген сертіме сатқындық жасаумен бірдей секілді боп тұр өзіме.
Ансельмо бәрін естіп тұрды және Камилланың әр сөзінен ол жайында қаншалықты теріс ойда болғанын түсініп тұрды; ал Лотарионы өлтіруге анық бекінгенін аңғарған кезде, мұндай істі болдырмас үшін тығылған жерінен шыға келіп, бой көрсетуге оқталды, бірақ ештеңеден шімірікпейтін осынау өжеттік пен осынау ізгі ниетті шешім немен аяқталарын білуге деген құмарлық оны кідіртіп қойды, жеме-жемге келгенде ғана шығып, Камиллаға тоқтау салармын деп ұйғарды.
Ал, бұл екі арада Камилла өтіріктен ес-түстен айрылып, талып кеткен болды, сөйтіп кереуетке гүрс етіп құлаған кезінде Леонелла шар ете қалды да:
— Ойбай, бұл не деген сұмдық! Қандай бақытсыз сорлы едім — жер бетіндегі тазалықтың жауһары, ізгі қасиетті жұбайлардың әулиесі, ұстамдылықтың қайталанбас үлгісі көз алдымда дүниеден озғалы жатыр ғой... — деп зар илеп жылай бастады.
Бұған қосымша ол тағы талай нәрсені айтты, мұны естіген жанның бәрі де оны әлемдегі ең жанашыр және адал күтуші, ал ханымын қуғын көріп жүрген жаңа Пенелопа деп ойлап қалар еді. Камилла көп күттірмей-ақ есін жиды, басын көтеріп, жан-жағына қаранған соң:
— Саған не болған, Леонелла, күн астындағы және ай астындағы әлемге біткен ең адал досты неге шақырмайсың мұнда? Асықсаңшы, барсаңшы, жүгірсеңші, ұшсаңшы, жайбасарлығың ашуымның күшін азайтып жібермесе неғылсын, арман еткен әділ кегім қаһар төгіп, қарғыс айтумен сейіліп кетпесе неғылсын, — деді.
— Барам, бара жатырмын, ханым, — деді Леонелла, — тек әуелі қанжарыңызды маған беріңізші, әйтпесе мен жоқ кезде бірдеңе жасап қоярсыз да, жақын-жуықтарыңыз кейін өмір бойы жылаумен өтер.
— Оған қам жемей-ақ қой, сүйкімді Леонелла, мен ондай артық іске бармаймын, — деп қарсылық білдірді Камилла. — Өз ар-намысымды қорғауым, сеніңше, ессіздік әрі ақылсыздық сияқты көрінетін шығар, алайда мен, әуелі бақытсыздығына айыпты адамды өлтірудің орнына, кіршіксіз таза болса да өзін-өзі өлімге қиған Лукреция емеспін ғой. Иә, мен өлемін, егер өзіме лайықты жаза сол болса, бірақ әуелі қандай да бір желеу бермегеніме қарамастан оспадарсыздық көрсеткен, сөйтіп көзімнің жасын кептірмей қойған адамның сазайын тартқызып, одан кегімді алып кетуім керек.
Леонелла Лотарионы шақырып келуге бара қоймай ұзақ жалындырды, сөйтіп ақыры кетті, ол жоқ кезде ханымы өзімен-өзі сөйлесті:
— Жасаған-ай, жасаған-ай! Бұрын да талай қуып салғанымдай, Лотарионы сол жолы да қуып жібергенім жөн болатын еді ғой, өзімді ардан безген, азғын әйел санатына қосуына жол беріп қойғанымды қарашы, — өкінішке қарай, қазір онда сондай желеу бар, — бірақ бұл ойынан құлантаза арылады әлі-ақ! Сөйткенімде, сөз жоқ, жақсы болатын еді. Бірақ, қылмысты пиғыл-ниетінің ауаны алып барған жерден Лотарио түк ештеңе болмағандай аман-сау шықса, өзімнің де кегім қайтпас еді, жұбайымның да ар-намысы ласқа былғанған күйі қалар еді. Харами тілегі үшін ол сатқын өмірмен қош айтысуға тиіс! Камилланың күйеуіне деген адалдығын сақтап қалғанымен қоймай, оның намысын қорлауға талпынған адамнан өш алғанынан зиялы қауым хабардар болсын (егер зиялы қауым бұл жайында қашан да болса бір білсе). Сөйте тұрғанымен, Ансельмоны құлағдар етіп қойғаным да артық етпейтін еді деп ойлаймын. Бірақ, бұл жайында деревняға жолдаған хатымда емеурін жасадым емес пе, ал оның құлаққағыс еткен қаупімнің алдын алуға асықпаған себебі, сірә, мейірбан да ақжүрек адам болуы себепті сыннан өткен досының өз ар-намысына зардап келтіретіндей істі ойластырып жүргеніне сене алмағанынан және сенгісі де келмегенінен ғой деймін. Тіпті өзім де бұған көпке дейін мән бермей келдім ғой, сыйлап-құрметтейтініне сендіріп бағудың, бағалы сыйлықтар берудің, егіл-тегіл көз жасының астарында арам пиғылы жатқанын байқамасам, бәлкім, мән бермес те едім. Бірақ, бұндай әңгіменің қазір қажеті не? Батыл шешім біреудің кеңесіне мұқтаж бола ма? Әрине, мұқтаж емес. Ендеше, сақтан, сатқындық, дайын бол, ыза-кек! Кір ішке, опасыз, жақында бермен, өл, арам қат, одан соң не болса о болсын! Көктегі құдірет өзімді жұбай етіп қосқан жанның құшағына пәк қалпымда кірдім, енді одан пәк қалпымда шығуға тиіспін, — ол да аз: оның құшағынан өзімнің бейкүнә қаным мен жер-әлемде бұрын көз көріп, құлақ естімеген зұлым достың арам қанына малшынып шығатын болам.
Мұның бәрін ол жалаң қанжарды қолына ұстаған күйі бөлме ішін әрлі-берлі кезіп жүріп, сөз арасында ойға келмейтін оқыс қимылдар жасай жүріп және сезімге шектен тыс беріле жүріп айтты — мұны көріп тұрған адам оны ақыл-есінен айрылған біреуге балар еді, нәзік жанды әйел емес, ойлаған ісін орындамай тынбайтын нағыз қансүрек деп қалар еді.
Кілемнің тасасында тұрған Ансельмо бәрін көріп, бәріне таңырқанумен болды, сол арада оған осы көргендері мен естігендері бұдан да гөрі ауқымдырақ күмәнді сейілтуге жарап қалатындай сезілді, сөйтіп, әлденендей бір шетін оқиғаның орын алуынан қорыққан ол Лотарионың келуіне байланысты жасалатын тәжірибені тыйып тастауға бейіл берді. Осыған бекінген Ансельмо тығылған жерінен атып шығып, жұбайын құшағына алып, жұбатуға оқталған да еді, бірақ Леонелланың Лотарионы қолынан жетектеп кіріп келе жатқанын көзі шалып еріксіз іркіліп қалды. Ал, Камилла болса, Лотарионы көрген бойда-ақ қанжармен еденге шекті белгілейтін сызық сызып, былай деді:
— Лотарио! Саған айтарым мынау: егер мына шектен аттайтын болсаң немесе оған сәл де болса жақындайтын болсаң, онда сол ниетіңді байқап қалған сәтімде-ақ мына қанжарды кеудеме қадаймын! Енді сен жауап ретінде әлдене айтып үлгергеніңше, саған өзім бірер ауыз сөз айтқым келіп тұр, одан соң қалай хош көрсең, солай жауап бере жатарсың. Біріншіден, Лотарио, сен өзің күйеуім Ансельмоны білесің бе және оны қалай бағалайсың, соны айтсаң, ал екіншіден, сен өзің мені білесің бе, соны айтып берсең. Қане, жауап бер, ұялма және қандай жауап қайтарам деп ойланып тұрып алма, өйткені сұрақтарым қиын емес.
Камилланың не істемек ойы барын әу бастан, Ансельмоны жасырып тастауға тапсырма берген кезінде-ақ, сезіп-білуіне Лотарионың сұңғылалығы жететін; сондықтан бірден Камилланың ыңғайына көшіп, тапқыр да ұтқыр жауап қайтара бастады, сөйтіп екеуінің асқан шебер ойынына байланысты осынау өтірікті ақиқат шындық ретінде қабылдамау еш мүмкін емес-ті; ал, оның Камиллаға қайтарған жауабы мынандай болды:
— Аяулы Камилла, мені мұнда шақырғаныңда көздеген мақсатыма мүлдем маңайласпайтын нәрселер жайында жауап алады екен деп әсте ойламағам. Егер бермек болған сыйлығыңды кейінге қалдыруға ниет қылсаң, онда әу бастан дәмелендірмей-ақ қойғаның жөн еді, өйткені үмітің неғұрлым көбірек болса, арман еткенің де соғұрлым үздіктіре түспек. Бірақ, сауалдарыма жауап қайтарудан қашқақтайды деп ойлап қалмауың үшін, оның бәріне де жауап беремін: иә, жұбайың Ансельмоны білемін, бір-бірімізді бала кезден білеміз, бірақ қандай ғаламат жаңсақ басу болсын қашан да ақтап алуға әзір махаббаттың сыбыр-күбірі бойынша жасаған жамандығыма өзім куәгерлік етпесім үшін өзіңе жақсы мәлім достығымыз жайында саған бірдеңе айтып жатпаймын. Мен сені де білемін, оған қандай қымбат болсаң маған да сондайсың: себебі, ізгі қасиеттер иесі болмасаң дворяндық парызыма ешқашан қиянат жасамас ем және қазір өзім махаббаттың, осынау әлеуетті қаскөйдің, сыбыр-күбірі бойынша мансұқ етіп отырған шынайы достықтың қастерлі қағидаларына қарсы әрекетке бармас ем.
— Егер мұны мойындасаң, шынайы махаббаттан садаға кеткір сүмелек, — деді Камилла, — менің алдыма қай бетіңмен келіп тұрсың? Мен, өзің де жақсы білетіндей, досыңның қарап отыратын айнасы емес пе едім? Оны қаншалықты жазықсыз жәбірлеп жүргеніңді көруің үшін жүзіне деміл-деміл көз салып қойсаң нетті? Бірақ, мен қандай бақытсыз едім! Өйткені, достық парыз алдындағы жауапкершілігіңді жылы жауып қоюыңа не түрткі болғанын шамалау да онша қиын емес: сірә, мені әлденендей бір әдепсіздікке барды деп ойлау керек шығар, — мен мұны ұятсыздық деп атай алмас едім, себебі мұнда алдын-ала ойланып істелген ештеңе болған емес, әлденендей бір ағаттық қана жіберілуі мүмкін, әдетте әйелдер қауіп етер дәнеңе жоқтығын білген кезде аңғырттығы салдарынан осындай ағаттыққа ұрынып жатады. Шынында да, айтшы өзің, опасыз: жалбарынышты лепесіңе жауап ретінде пасық пиғылыңның жүзеге асуына зәредей болса да үміт ұшқындататын бір ауыз сөз айттым ба немесе белгі бердім бе саған? Сүйіспеншілік сөздеріңді түкке алғысыз етіп әжуалап, барынша қатыгездікпен және қаталдықпен мінеп-сөкпеген кезім болды ма? Аузыңнан ағыл-тегіл ақтарылған көп сөздің ең құрығанда біреуіне сеніп пе едім, сол айтқан сөздеріңнен де көп сыйлықтарыңның ең болмағанда біреуіне қол созып па едім? Дегенмен де, егер үміт үкісі желбіремесе махаббат жайындағы тәтті қиялдың жетегінде ұзақ уақыт жүруге болмайды ғой деп ойлаймын, сол себепті сенің есерсоқтығың үшін өзім жауап бермекпін, өйткені, өз тарапымнан жіберілген әлденендей бір аңдаусыздық маған деген төтенше ықыласыңа осы уақытқа шейін сүйеу боп келгені анық, — міне сол үшін өзімді жазалап, сенің айыбың үшін өзім құрбан болғым келеді. Егер өзіме өзім осынша рақымсыз болсам, саған да басқаша бола алмайтынымды түсінуің үшін, өзің қолыңнан келгенінше қорлап біткен, сондай-ақ арам ниетіңе дес беріп, дәмелендіретін жайлардан бой тартуға, — шамасы, ақыры бой тарта алмағаным ғой, — бар ынты-шынтымды салмауым салдарынан өзім де қорлауға үлес қосқан, ақпейіл де ақжүрек жұбайымның жәбірленген ар-намысы жолына шалмақ құрбандығымның куәсі болғаныңды қалаймын. Қайталап айтам: сенің ойыңда осындай оғаш арманның орнығуына аңғалдығым себеп болды ма деген күдік мені әсіресе қатты күйіндіреді, міне тап осы үшін ғана өзімді өз қолыммен жазаға тартқым келеді, өйткені маған басқа біреу жендеттік жасаса, онда айыбымның ауыздан ауызға тарап кетері хақ. Бірақ, мен тек өзім ғана о дүниелік болып қоймай, өлсе ғана кек алу арманым орындалатын адамды да өзіммен бірге ала кеткім келеді; бұл — мені күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған кек, өйткені, мен қандай жолмен болсын қайтарылған кекті туралығын айтатын төрелік тағайындаған жаза деп білем және оны орындауға өзімді осындай торығуға тап қылған адам түк те қарсы тұра алмайды!
Аяқ асты құбылып, қабағын қарс түйіп, қолындағы қанжарын тік көтеріп алған ол кеудесіне кірш еткізе қадамақ ниетпен Лотариоға тұра ұмтылды, мұны көрген анау бұл Камилланың ойыны әлде шыны екенін білмей аңтарылып қалды, өйткені оның соққысын дарытпау үшін бар ептілігі мен күш-қайратын жұмсауына тура келген-ді. Камилла болса, осынау алабөтен ойынды еш қысылып-қымтырылмай еркін ойнады және желігіп алғаны сонша, осы өтіріктің бәрін шындық бояуына шылау мақсатында оны өз қанымен қызартудан да тайынбайтынын байқатты, өйткені Лотариоға қанжар сала алмайтынына көзі жеткеннен кейін немесе көзі жеткендей түр жасағаннан кейін:
— Заңды тілегімнің ақыр аяғына дейін жүзеге асуына тағдыр-талайым оң қабақ танытпай тұр, бірақ ол қаншалықты құдіретті болғанымен бұл ойымды жартылай болса да іске асыруға кедергі келтіре алмайды! — деді.
Соны айтып, жұлқынып, Лотариодан қолын босатып алды да, қанжардың ұшын өз денесіне қарай бағыттап, бірақ жарақат аса терең болмауын қадағалап, оны сол жақ бүйіріне, иықтан сәл төмендеу жерге қадады, сөйтті де естен танып қалғандай кейіпте еденге құлап түсті.
Қанға былғанып еденде сұлап жатқан Камиллаға қарап қалған Леонелла мен Лотарио таңғалып-таңырқанумен болды: шыны осы екенін әлде құр алдаусыратып жатқанын олар әлі түсіне алмаған-ды. Үрейі ұшқан Лотарио Камилланың қасына жүгіріп барды, бірақ жарақаттан келер қауіп жоғын көріп сабасына түсті де, сүйкімді Камилланың зеректігіне, тапқырлығы мен ақылдылығына тағы да тағы қайран болды; сөйтіп, бұл арада өзін қалай ұстауы керегін есіне алып, құдды бір Камилла марқұм боп кеткендей өкіре жылап, өзіне де, оны осындай тақсірет тартуға жеткізген жанға да қарғыс сөзді қардай боратты. Ансельмо досы бәрін естіп тұрғанын білетіндіктен, оның не түрлі сұмдықты айтқаны сонша, бұл сөзге құлақ салғандар, тіпті Камилланың дүниеден қайтқанынан хабардар болған күннің өзінде де, одан гөрі бұған көбірек жанашырлық білдірер еді. Леонелла Камилланы көтеріп алып, кереуетке апарып жатқызды; сосын Лотариодан сүйікті ханымын жан баласына білдірмей жасырын емдеп жазатын дәрігер табуын сұрап жалынды, одан соң ханымы сауығып шыққанша қайтып орала қалса, Ансельмоға Камилланың жарақаты жайында не айтса болатыны жөнінде кеңес беруін өтінді. Лотарио оған қалай ұйғарсаң, солай жауап бер дегенді айтты, — қазір жөндем кеңес бере алатын халде еместігін, одан жалғыз ғана өтініші — қанды тезірек тоқтатуын сұрайтынын, өйткені өзі жұрттың көзінен жоғалмақ ойы барын мәлім етті, — сөйтті де, қатты қайғырып, уайымға батқан адамның кейпінде бөлмеден шығып кетті. Ешкім көрмейтін оңашаға шыққаннан кейін ол Камилланың айла-шарғысына және Леонелла істерінің қалайша боямасыз, барынша табиғи боп көрінгеніне таңырқауы таусылмай, үсті-үстіне шоқына бастады. Ансельмоның енді жұбайын Порцияның өзімен теңестіретініне ол кәміл сенімді еді, сондықтан шындықтың қос жауырынын бірдей жерге тигізген өтіріктің бұрын-соңды болып көрмеген жеңісін бірге атап өту үшін онымен кездеспекке асықты.
Сол екі арада Леонелла ханымының қанын тоқтатты, — оның қаны ойластырылған істің шындыққа ұқсас боп шығуына дәлме-дәл жететіндей мөлшерде ғана аққан болатын, — сосын жарақатты шараппен шайды да, мұқият түрде байлап тастады; осы шаруаны атқара жүріп айтқан сөздерінің өзі-ақ, егер бұл жерде бұдан бұрын басқа бір ауыз сөз айтылмаған күнде де, жұбайы — ізгі қасиеттердің қайнар бұлағы екеніне Ансельмоны әбден иландыруға жетіп жататын. Леонелланың лепесіне Камилланың өз лепесі де қосақталды, — ол өзін қорқақ, қоянжүрек деп атады, өйткені, әбден ығыр қылған тіршілікпен қош айтыспаққа ниет қылғаныммен, жеме-жемге келгенде рухымның беріктігінен айрылып қалдым, деді. Сосын күтушісінен болған оқиға жайында ардақты жұбайына хабарлаудың қажеті бар-жоғын сұрады; анау айтпай-ақ қойғаны жөн деп тапты, өйткені оның Лотариодан кек алуды мақсат тұтуы мүмкін, ал бұл оның өз басы үшін өте қатерлі іс боп табылады, — қамқор әйел күйеуін шатаққа айдап салмайды, керісінше, оны қолынан келгенінше ұстап қалуға тырысады, деді. Камилла оған кеңесі көңіліне қонатынын, дәл солай істейтінін, бірақ байқалмай қалмайтыны кәміл мына жарақаттың жайын Ансельмоға қалай түсіндіруге болатынын ойластыру керектігін айтты; Леонелла болса, бұған жауап ретінде өзінің қалжыңдап болса да өтірік айта алмайтынын мәлім етті.
— Ал мені айта алады деймісің, бикеш-ау? — деп дауыстап жіберді Камилла. — Тіпті өмір сүрер-сүрмесім соған тіреліп тұрған күнде де, бәрібір, не ойдан шығаруға, не жалған куәлік етуге дәтім жетпес еді. Сондықтан, алдап-сулап құтылу қолымыздан келмейтіндіктен, өтірік соғып айыпты болғанша, бәрін жасырмай баяндап бергеніміз дұрыс.
— Қапа болмаңыз, синьора, — деп жұбатты оны Леонелла, — ертең таңертеңге дейін не айту керегін ойлап табармын, оның үстіне жарақатыңыз да ол аңғара қоятындай жерде емес, жаратқан иеміз жанашырлық білдіріп, ақ тілеу, адал ниетімізге қолдау көрсетпес деймісің. Сабыр етіңіз, ханым, құтыңыз қашып отырғанын мырзам байқап қоймасы үшін сабаңызға түсіңіз, ал қалғанын өзіме және ізгі тілектерге қашан да оң көзбен қарайтын жаратқанға тапсырыңыз.
Ар-намысын мүрдем кетіру трагедиясын ойнап жатқандарды Ансельмо бар ықылас-зейінін сала тыңдап, тамашалап тұрды, ойынға қатысушылардың өз рөлдерін ерекше құлшыныс, шынайы ықыласпен орындағандары сонша, бейнелеп жатқан кейіпкерлері бұлардың тап сол өздері секілденіп кетті. Ансельмо үйден шығып, мейірбан досы Лотариомен жүздесіп, жұбайының беріктігін сынаққа салу арқылы тапқан баға жетпес інжу-маржанына бірге қуану үшін кеш түсуін тағатсыздана күтті. Камилла мен Леонелла оның үйден шығып кетуіне қолайлы жағдай тудырып, ол мұны тиімді пайдалана қойды, сөйтіп үйден шыққан бойда Лотариоға тартты; екеуі ақыры жолықты, жолыққан кездегі оның досын қалай құшақтағанын, қуанышын қалай жеткізгенін және Камилланы қалай жер-көкке сыйғызбай дәріптегенін айтып беруге адамзат тілі дәрменсіз. Лотарио оны селқос тыңдады, өйткені досының қаншалықты тұрпайы түрде алданып жүргені және өзінің оған қаншалықты қиянат жасағаны жайында ой кешіп кеткен-ді; Ансельмо Лотарионың қуанбағанын көріп тұрғанымен, бұнысын Камилланы жараланған халде қалдырып кеткеніне және осынау бақытсыздыққа өзін кінәлі санайтынына жорыды; сондықтан Ансельмо, айта кеткен жөн, Лотарионың Камилла жайында алаңдамауына болатынын, өйткені өзінен жасырып қалғысы келетіндеріне қарағанда, жарақатының қауіпсіз екеніне кәміл сенетінін мәлім етті, — олай болса, қорқатын дәнеңе жоқ, бірге қуанып, көңілденуі керек, себебі оның айлакерлігі мен делдалдығы оны, Ансельмоны, жан рақатының ең жоғарғы шыңына шығарды, деді; енді өзінің, Ансельмоның, жұбайына арнап өлең жазудан басқа ештеңемен шұғылданғысы келмейтінін, Камилланың кейіндеу өрбитін ұрпақтар қаперінен орын алуын қалайтынын хабарлады. Лотарио оның бұл ізгі ниетін мақұлдап, осынау ғажайып ескерткішті тұрғызуға өзі де үлес қосатынын айтты.
Ансельмо осындай таңырқауға тұрарлық түрде алдауға ұшырады; шаңырағына атақ-абыройын асыратын бағбанды енгіздім деп ойлаған ол, ар-намысын күлге айналдырған тажалды енгізді. Камилла Лотарионы қарсы алған кезде жүзі қоңырайғанымен, жүрегі қоңыраулатып тұратын болды. Бұл алдау әлденеше айға созылды, сонан соң Фортуна ақыры сыртын берді, нәтижесінде соған шейін асқан шеберлікпен бүркемеленіп келген азғындық әшкереленіп, Ансельмо пәруайсыз әуестігі үшін жан тапсырды.
ХХХҮ тарау
Бұл тарауда Дон Кихоттың қызыл шарап құйылған местермен өліспей-беріспейтін қырғын шайқасы жөнінде айтылады және Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят тәмамдалады
Хикаяның аяқталуына аз ғана қалғанда Дон Кихот демалып жатқан шоланнан үрейі ұшып үргелектенген Санчо Панса айқайын сала атып шықты:
— Мұнда келіңіздер жылдам, сеньорлар, көмектесіңіздер қожайыныма, — қожайыным өліспей-беріспейтін аяусыз айқасқа түсіп жатыр: өзім өз болғалы мұндайды ешқашан көрген де, білген де емен. Әлгі дәуді, сеньора принцесса Микомиконаның дұшпанын, шауып кеп қалғанда басы қарбыздай домалап кетті, оллаһи шыным!
— Өй, не деп тұрсың, бауырым? — деп дауыстап жіберді, оқуын үзген священник. — Есің дұрыс па өзіңнің, Санчо? Дәу осы арадан екі мың миль алыста емес пе, ол қайдан шыққан бәлекет?
Осы мезгілде шолан жақтан сатыр-гүтір дыбыстар мен Дон Кихоттың:
— Тұрған орныңнан тырп етпе, ұры-қары, қарақшы, қорқақ! Енді менен құтыла алмайсың, наркескеніңнен де енді саған қайыр жоқ! — деген дауысы естілді.
Осы сөздерді айтқан кезде ол, шамасы, семсерімен қабырғаны бар күшпен салып жіберген болса керек. Санчо былай деді:
— Ау, неғып тұрсыздар аңқиып, — не төбелесіп жатқандарды ажыратыңыздар, не қожайыныма көмектесіңіздер. Бірақ бұған қажеттілік те жоқ қой деймін, өйткені дәудің тырапай асқаны сөзсіз, ендігі ол жаратқанның алдында арамза істерге толы өмірі жайында есеп беріп те жатқан шығар. Олай деп тұрғаным, қаны судай аққанын, шарап құйылған торсық секілді дығал басының қалай ұшып түскенін өз көзіммен көргем.
— Алда ғана сорым-ай! — деп сол арада бекет ұстаушы айқайлап жіберді. — Ана антұрған Дон Кихот бас жағындағы қызыл шарап құйылған местің бірін тесіп жіберген ғой, ал мына кеще төгілген шарапты қан деп ойлаған!
Осы сөзді айтқан ол шоланға барып кірді, қалғандары соңынан ілесті, сол сәт олардың алдынан адам айтса нанғысыз әлем-жәлем қияпаттағы Дон Кихот шыға келді. Үстінде жалғыз көйлек қана екен, шолақтығы сонша, қара санына әзер жетеді, ал арт жағы тіпті бес-алты елідей қысқа көрінді; сидиған ұзын, жүндес сирақтары жуылмағанына көп болғанын жария қып тұр; басына бекетшінің май сіңді қызғылтым түнгі телпегін киіпті, сол қолына Санчоның есіне қайдағы-жайдағыны салатын көрпені орап алыпты, ал оң қолына семсерін ұстаған, онысын оңды-солды сұққылайды әрі өзі құдды дәумен айқасып жүргендей қоқилана сөйлеп қояды. Ең жақсысы, көзінің жұмық болғаны болды, өйткені ол ұйқы құшағында еді, дәумен түсінде сайысып жатқан: бастан кешпек шытырман оқиғаларын көз алдына айқын елестеткені сонша, өзін Микомикона корольдігіне келіп жеткендей, сөйтіп дұшпанымен айқасқа кіріскендей сезінген еді; сөйтіп, дәуге семсер сілтеп жүрмін деп ойлап, местердің бәрін тескілеп тастаған-ды, нәтижесінде шоланның іші көл-көсір шараптан көлкіп жатқан. Соны көрген бекетшінің құтырынып кеткені соншалық, Дон Кихотқа тұра ұмтылып, оны төмпештің астына ала бастады, егер Карденьо мен священник ара түспегенде Дон Кихоттың дәумен шайқасы мәңгілікке аяқталған болар еді, ал бейшара рыцарь тіпті соның өзінде де ұйқысынан оянған жоқ; ақыры шаштараз барып құдықтан үлкен қазанға толтырып салқын су құйып әкелді де, оны басынан аяғына дейін малшындырды, Дон Кихот содан кейін ғана оянды, бірақ ұйқылы-ояу күйде өзінің қандай кейіпте екенін байқамады. Доротея болса, оның шолақ та жеңіл-желпі киімін байқап қалып, досы мен дұшпанының арасындағы шайқасты қызықтамай-ақ қоюды ұйғарған.
Санчо еденнен дәудің басын іздеп, қарамаған жері қалмай, ақыры таппаған соң былай деді:
— Бұл үйсымақты білем — үй емес, барып тұрған жын-шайтанның ордасы. Өткен жолы тап осы арада беймәлім біреу ал кеп ұрып, ал кеп ұрып әңкі-тәңкімді шығарды, — ал, соның кім екенін өзім осы күнге шейін көрген емен, — қазір енді бас жоғалып отыр, ау оны қалай шауып түсіргенін өз көзіммен көрдім емес пе: қан деген шелектеп ақты ғой.
— Ау, сен қайдағы қанды, қайдағы шелекті айтып тұрсың, жаратқан иеміз бен қасиетті әулиелердің жеккөрінішті жетімегі-ау? — деп айқайлап жіберді бекетші. — Ей, сен өзің көріп тұр емеспісің, алаяқ-ау, қанның местері тесілген шелектерден ағып жатқанын, — жоға, дұрысында, керісінше болып жатыр дегім келіп еді, — мына арадағы дүниенің бәрі қызыл шарапта қалқып жүр, местерді тескеннің жаны да тозақта тап осылай қалқып жүргей!
— Түк түсінсем бұйырмасын, — деп жауап қатты Санчо, — білетінім тек, сол басты іздеп таппасам, ең бақытсыз адам өзім болмақпын, өйткені графтыққа жетем деген арманым суға батқан тұздай із-түзсіз жоғалмақ.
Ояу жүрген Санчо ұйқтап жүрген Дон Кихоттан да жаман болды — мырзасы берген уәдеге бар ықылас-пейілімен ұйып қалғаны байқалады. Қожайынының есерлігі мен атқосшысының жайбарақаттығы бекетшінің жынын келтірді, сөйткен соң, енді бұлар менен оңайлықпен құтылмайды, өткен жолғыдай түк төлемей кетіп қала алмайды, деп қарғанып-сіленді, — бұл жолы рыцарьлықтың айрықша құқы дегеннің оларға көмегі болмайды, өткен жолғыға да, осы жолғыға да төлейді, оған қоса, жыртылған местерге жасалатын жамаудың да өтемін қайтарады, деді.
Священник Дон Кихотты қолынан ұстап тұрған, сондықтан анау шытырман оқиға аяқталған екен, қарсы алдымда принцесса Микомикона тұр екен деп ойлап қалып, священниктің алдына тізерлей кетті де, былай деп үн қатты:
— Құдіретіңізге құлдық, ізгі жүректі және даңқты сеньора, осынау жиіркенішті жанның өзіңізге енді ешқандай жәбір көрсете алмайтынына сене беріңіз. Ал, өзім болсам, берген сертімнен енді азатпын деп санауыма болады, өйткені жасаған иеміздің жарылқауы мен бір сол үшін ғана тіршілік етіп, тыныс алып жүрген сүйіктімнің қамқорлығы арқасында, ол сертімді кәдімгідей ғып орындап шықтым.
— Не деп едім сіздерге? — деп айқайлап жіберді бұл сөздерді естіген Санчо. — Мас емес едім ғой, ешқандай. Сыбағасын берген ғой дәуге қожайыным, олла-біллә! Қысқасы, істің беті бері қарады, графтығым да ұзамай қолыма тиіп қалар!
Мырзасы мен малайының — екеуінің бірдей сандырақтап тұрғанына кім күлмейді дейсің? Бәрі де күлді, тек бекетші ғана күлмей, бұларды қарғап-сілеумен болды. Ақыр соңында священник, Карденьо мен шаштараз үшеуі қатты шаршап-қалжыраған Дон Кихотты әке-көкелеп жүріп төсегіне қайта жатқызды, анау жатқан бойда ұйқтап кетті. Оны ұйқысын қандырсын деп сол жерде қалдырған олар дәудің басын ақыры таба алмаған Санчоның көңілін жұбату үшін есік алдына шықты. Алайда, одан гөрі местерінің мезгілінен бұрын опат болғанына опынып, өлшеусіз қайғыға батқан бекетшіні жұбату қиынға түсті. Ал, бекетшінің әйелі болса, ол да бақырып-шақырып, зарын төгіп жатыр еді:
— Осы бір кезбе рыцарь үйіме жамандықтан басқа ештеңе әкелген жоқ, желкемнің шұқыры ғана көретін кісі екен өзі — соншалықты шығынға батырды мені! Өткен жолы түнемеге ақыры түк ештеңе төлеместен тайып тұрды: өзіне берілген, атқосшысына берілген, атына берілген және есегіне берілген нәрселерге — кешкі асқа да, төсек-орынға да, сабанға да, сұлыға да өтем жасамай кетті: мен рыцарьмын, шытырман оқиға іздеймін, дейді (сондай оқиғаларға шырматылып, шыға алмай қалғыр — өзі де, дүниедегі шытырман оқиға іздеуші атаулының бәрі де!), сондықтан төлеуге міндетті емеспін, кезбе рыцарьлар қауымының ережесінде солай жазылған, деп шайнайды. Одан соң маған мына сеньор келді, — тағы да бәрі әлгінің қырсығынан, — құйрығымды сұрап әкетті де, жұлым-жұлым қып бүлдіріп қайтып әкелді, енді оны күйеуім өз қажетіне жөндеп пайдалана да алмайды. Осының бәрі аздай, местерімді тескілеп, ішіндегі шарабын ағызып жіберу деген не сұмдық, қанын солай ағызып жібергей-дағы біреу! Мейлі не қылса да еркі білсін, бірақ, әке-шешемнің асыл бейнелерімен ант етейін, ол маған соқыр тиыныма шейін санап беретін болады, әйтпесе атымды басқа қойыңдар, өз ата-анамның қызы болмай-ақ кетейін!
Бекет ұстаушының ашу мен ызаға ерік берген әйелі міне осылай деген еді, ал мейірбан күтушісі Мариторнес оны қоштап-қуаттаумен болды. Қызы әредік-әредік мырс етіп күлгені болмаса, түк үн қатқан жоқ. Местер мен шарапқа қатысты зиянның, әсіресе бұл жерде айрықша бағаланатын құйрықтың бүлінуіне байланысты шығынның бәрін толық өтеуге уәде берген священник дау-дамайды тыйды. Доротея Санчо Пансаны жұбатып, мырзасының дәудің басын алғаны дәлелденсе, онда корольдігінде тыныштық орнаған бойда оған ең тәуір графтықты беретінін мәлім етті. Санчо бұған қатты қуанып, дәудің басын көргені рас екенін, тіпті мынадай бір ерекшелігін: бастың сақалы белуардан келетінін де есінде сақтап қалғанын айтып, принцессаны сендіре бастады, ал оның жоғалып кетуінің жалғыз ғана себебі, бұл үйдегі оқиғалардың бәріне сиқырлау мен көз байлау араласады, деді; оған бұл, Санчо, өткен жолы көз жеткізіпті. Доротея өзі де солай ойлайтынын, бекер-бос күйзеле бермеуі керегін, бәрі де ойдағыдай болатынын айтты.
Сөйтіп, бәрінің көңілі бірлеген кезде священник хикаятты аяғына дейін оқып шығуға ұсыныс білдірді, өйткені аз-ақ қалыпты. Карденьо, Доротея және басқалары одан оқып шығуын өтінді. Сөйткен соң, жиналғандарды рақатқа батыру үшін және өзі де ләззат алу үшін ол хикаятты оқуға қайта кірісті, ал хикаят мына жерден үзілген болатын:
Сөйтіп, Камилланың көргенділігі мен әдептілігіне көз жеткізген Ансельмо қамсыз-мұңсыз күн кешті, ал Камилла анау күдік алып қалмауы үшін Лотарионы көргенде қабағын жорта қарс жауып алатынды шығарды; Лотарио да, өз тарапынан, Ансельмоның көңілін орнықтыра түскісі келіп, енді оның үйіне барғысы келмейтінін айтып, бұл үшін оған ренжімеуін өтінді, өйткені, Камилланың өзімді жақтырмайтынын сезіп жүрмін, деді; алайда, алдауға ұшыраған Ансельмо бұған үзілді-кесілді қарсы шықты, — міне, осындай сан қырлы өрнек арқылы ол ар-намысын аяққа басудың өрмегін тоқи берді, ал өзі болса мұны бақыт өрмегі деп ойлап жүрген-ді. Ал, махаббат ойнағына қатаң бақылау жоқтығына мәз, ханымының ұятқа қалдырмайтынына, қажет болған жағдайда тіпті белгі беретініне, сондықтан құштар ісімен енді ештеңеге алаңдамай, ештеңеден қорықпай айналысатынына кәміл сенімді Леонелла болса, күнәкарлық құшағына көзді тарс жұмып қойып та кеткен-ді. Сөйтіп жүргенде, бір күні түнде Ансельмо Леонелла бөлмесінен аяқ дыбысын естіді, мұның кім екенін білмекке тәуекел етіп ішке бас сұқпақ болғанында, есікті іштен итеріп тұрғандарын сезді, бұл жағдай оның есікті қайткен күнде де ашуға деген ынтызарлығын оятты; бар күшін салып итерген соң, есік ақыры ашылып, ішке кірді, бірақ сол арада әлдебіреудің терезеден сыртқа секіріп кеткенін көзі шалып қалды; Ансельмо оны ұстап алмаққа, немесе, тым құрығанда, кім екенін көріп қалмаққа, соңынан тұра ұмтылды, алайда бұл ойының ешқайсысын да орындай алмады, өйткені Леонелла оны қос қолдап құшақтай алған-ды.
— Сабыр етіңіз, қайырымды мырзам, — деді ол, — абыржымаңыз және секіріп кеткеннің соңынан да жүгірмеңіз, — бәріне кінәлі — мен, қысқасы, ол менің күйеуім.
Ансельмо оған сенген жоқ, — ашуға булыққан ол қанжарын суырып алды да, Леонеллаға ештеңе жасырмай бәрін түгел жайып салуға әмір етіп, әйтпесе өлтіретінін айтып, қанжарды салып алуға оқталды. Зәресі зәр түбіне кеткен күтуші, не айтып, не қойып тұрғанын өзі де білмей:
— Өлтіре көрмеңіз мені, сеньор, өзіңіз үшін одан гөрі әлдеқайда маңыздырақ нәрсе жайында баяндап берейін, — деді.
— Айт, әйтпесе өлесің, — деді Ансельмо.
— Қазір айта алмаймын, — деді Леонелла, — қазір құтым қашып, берекем кетіп тұр. Таңертеңге шейін шыдаңыз, таңғалғаннан талып түсетін не қилы жайларды естисіз. Тек сіз бекерге абыржымаңыз: жаңа мына жерден секіріп кеткен жас жігіт өз қаламыздың тұрғыны, ол маған үйленуге уәде етті.
Ансельмо мұны қанағат тұтып, таң атқанша күте тұруды ұйғарды, өйткені Камилла жайында әлденендей бір жаман сөз естимін деген ой үш ұйқтаса түсіне кірмейтін нәрсе еді, — жұбайының көргенділігі мен әдептілігіне деген сенімі соншалық болатын; осы себепті бөлмеден шықты да, Леонелланы сыртынан кілттеп, өзіне айтпақ болған сөзін айтпайынша бұл жерден ешқайда аттап баспайтынын ескертті.
Одан соң күтуші қыз бен арада болған жайды мәлім қылмаққа, сондай-ақ Леонелланың ертең өзі үшін ерекше маңызы бар әлде бір жайды айтып беруге уәде еткенін Камиллаға хабарламаққа жатын бөлмесіне қарай тартты. Бұл хабардан Камилла шошынды ма әлде жоқ па, ол жағын сөз ғып жатудың қажеті бола қоймас, — Леонелла Ансельмоға өзінің ойнас жасап жүргенін айтпақшы-ау деген жорамалдан (бұл арада басқа бірдеңе жайында жорамалдаудың еш қисыны жоқ-ты) иманы тас төбесіне шығып, дегбірден айрылып қалған ол, күмән-күдігі ақталар-ақталмасын күтуге де мұғдары болмай, Ансельмоның ұйқтап қалғанына көз жеткізген бойда, сол күні түнде, ең бағалы заттары мен азын-аулақ ақша алып, ешкімнің көзіне түспей үйден шықты да, жан ұшыра жүгіріп Лотариоға барып, болған жайды баяндап бергеннен кейін одан өзін бір жерге жасырып тастауын немесе Ансельмо іздеп таба алмайтындай бір жаққа барып өзімен бірге бой тасалауын өтініп, жалынып-жалбарына бастады. Бұның бәрі Лотарионы төбеден ұрғандай есеңгіретіп жіберді, не айтарды да, не істерді де білмей дағдарды. Ақыры Камилланы апайы басқарушы болып істейтін монастырьға апармақшы болды. Камилла келісті, сөйтіп осындай жағдайларға лайық асығыстықпен Лотарио оны монастырьға апарып салды, сосын өзі, ешкімге ләм деп ештеңе айтпастан, қаладан шығып кетті.
Ертеңіне таңертең, Камилланың қасында жоқтығына да көңіл аудармаған, Леонелланың өзіне не айтпақ болғанын білуге аңсары ауған Ансельмо орнынан тұрған бойда күтуші қызды кілттеп кеткен жеріне қарай асықты. Есікті ашып ішке кірді, бірақ Леонелланы таппай қалды: тапқаны тек терезе жақтауына байланған ақ жаймалар ғана болды — бұл оның осы жаймалар арқылы төмен түсіп, қашып кеткендігінің айқын белгісі әрі дәлелдемесі еді. Бұған қатты күйінген ол бәрін Камиллаға айтып бермек болды, бірақ оны төсегінен де, үйдің ішінен де, еш жерден таба алмаған соң, бойын үрей биледі. Малайлардан сұрастырып көріп еді, ешқайсысы ештеңе білмейтін боп шықты. Алайда, Камилланы іздестіріп жүрген ол сандықтарының ашық қалғанын кездейсоқ көзі шалды, сондай-ақ көптеген бағалы зергерлік бұйымның жоқ екенін байқады, міне осы арада ғана ол қандай қасіретке тап болғанын ұғынды және оған кінәлі Леонелла еместігін де түсінді; сөйтіп, сол тұрған қалпында, үстіне жөндем киім де киместен, ауыр ойға берілген күйде, қандай бақытсыздыққа ұшырағанын айтпаққа досы Лотариоға аттанды. Бірақ, Лотарио да үйінде болмай шықты, малайлары түнде оның бар ақшасын қалтасына салып, атқа мініп бір жаққа кетіп қалғанын хабарлады, мұны естіген Ансельмо ойы он саққа жүгіріп, ештеңенің ұштығын ұстай алмай мәңгіріп тұрып қалды. Ал, үйіне қайтып оралған кезінде, жығылғанға жұдырық дегендей, малайларының бәрі, еркек-әйелі бар, бірі қалмай түгел қашып кеткенін, үйінің қаңырап бос қалғанын көрді.
Ол не жайында ойлауды да, не істеуді де, не айтуды да білмеді — жынданып кете жаздап шақ тұрғанын ғана сезді. Бір дегеннен біржола әйелінен, досынан, малайларынан айрылғанын көріп те, түсініп те тұрған-ды, құдіретті күш өзінен теріс айналғанын, ал, ең бастысы, ар-ұяттан жұрдай болғанын сезінген, өйткені Камилланың үшті-күйлі жоғалуы ар-ұятын жоғалтумен бірдей еді. Ұзақ ойланғаннан кейін ол ақыры деревнядағы жолдасына баруды ұйғарды, оның үйінде ол бұрын да талай қонақ болған, ал өзі сонда жүргенде мұнда қайғы-қасіретінің өрмегі тоқылып жататын. Үйін құлыптап, атына қарғып мінді де, басымен қайғы болған күйі әрі-сәрі халде жолға шықты; бірақ жарты жолдан асқанда жанын жегідей жеген ойлардан дәрмені құрып, тоқтап, атын ағашқа байлап қойды да, еңірей жылап, аһ ұрып жерге құлай кетті; сол жерде қараңғы түскенше жатып, көз байланар шақта қала жақтан келе жатқан салт аттыны көріп, сәлемдескеннен кейін, Флоренцияда не жаңалық барын сұрады. Қаладан келе жатқан жолаушы былай деп жауап берді:
— Жаңалық жетеді, мұндайды көптен құлағымыз шалмаған. Ансельмо есімді байдың досы, Сан-Джованни маңайында тұратын Лотарио өткен түнде досының әйелі Камилланы алып қашып кетіпті десіп жұрт ашықтан-ашық айтып жатыр, Ансельмоның өзі де із-түзсіз ғайып бопты. Мұның бәрін Камилланың күтушісі айтып беріпті, ал оның өзін түнде Ансельмо үйінің терезесінен жайма байлап түсіп жатқан жерінен қала бастығы ұстап алыпты. Өз басым нендей жағдай болғанын анық білмеймін. Білетінім, осы оқиғаға байланысты бүкіл қаланың шулап жатқаны ғана, өйткені әлгі екеуі араларынан қыл өтпес дос болғандықтан, олардан мұндай сорақылықты ешкім күтпепті, — себебі, айтуларынша, жұрттың бәрі оларды екі дос деп қана атайды екен.
— Лотарио мен Камилланың қай жолмен кеткенін құлағыңыз шалған жоқ па? — деп сұрады Ансельмо.
— Ол жағынан мүлдем хабарым жоқ, қала бастығы оларды індете іздестіріп жатқан көрінеді, — деді қалалық.
— Жолыңыз болсын, сеньор, — деді Ансельмо.
— Аманшылықта болыңыз, — деп жауап қатқан қалалық сапарын жалғады.
Осынау жаманат хабардың Ансельмоны жабықтырып жібергені сонша, ол жынданып кетудің ғана емес, жан тапсырудың да аз-ақ алдында тұрған-ды. Зордың күшімен орнынан көтерілген ол жолдасының үйіне қарай бағыт алды, — анау мұның қандай қасіретке ұшырағанынан бейхабар еді, бірақ бет-әлпеті аппақ қудай боп, жүдеп-жадап, титығына жетіп шақ тұрғанын көріп, айтып жеткізгісіз ауыр қайғысы барын ұқты. Ансельмо жатқысы келетінін айтты және қағаз-қалам сұрады. Жолдасы оның тілегін орындап төсекке әкеп жатқызды, оңаша қалдырып, тіпті, өтініші бойынша, есікті сыртынан кілттеп те тастады. Ал, оңаша қалған кезінде қандай тақсіретке тап болғаны жайындағы ойдың апшысын қуырып, көңілін астан-кестең етіп жібергені сонша, ақырғы демі жақындап қалғанын анық сезді; осыған байланысты хат қалдырып, өзінің ойламаған жерден өлім табу себебін түсіндіріп кеткенді жөн көрді; осылай ұйғарған ол хатын жаза бастады, бірақ айтайын дегенін түгел айтып үлгермей жатып, демі үзіліп кетті, сөйтіп пәруайсыз әуестігі салдарынан тапқан қайғысы көрер күнін біржола шектеп тынды. Арада әжептәуір уақыт өткенімен Ансельмоның ешкімді шақырмай жатқанын байқаған үй иесі халі қалай екенін сұрамаққа ішке кіріп, басын жазу үстеліне сылқ түсірген Ансельмоның кереуетке жамбас сүйеп отырғанын, алдында жазылып бітпеген беті ашық парақ жатқанын, ал қаламын қолынан әлі шығармағанын көрді. Қожайын бермен жақындап, атын атап дыбыс берген, жауап болмаған соң білегін ұстап көріп, суық екенін сезіп, жүріп кеткенін түсінді. Бұл жайдан қатты шошынып, қапаланған үй иесі Ансельмоның ажалына куәлік ету үшін малайларын шақырып алды, сосын марқұмның өз қолымен жазылғанын жария етіп, қалдырған хатын оқып шықты, ал онда мынадай жолдар бар-тын:
“Пәтуасыз да пәруайсыз тілегім түбіме жетті. Егер өмірден өткенім жайындағы хабар Камиллаға жетер болса, оны кешіргенімді білсін, өйткені ғажайып бірдеңе жасау оның қолынан келмес еді, ал мен одан ондайды талап етпеуге тиіс едім, осы себепті, ар-ұятымның аяққа басылуына өзім басшы болғандықтан, мені аяудың...”
Ансельмоның хаты осы жерден үзілетін; бұған қарап оның дәл осы қас қағымда, ойын аяқтай алмаған күйі өмірмен қош айтысқанын аңғаруға болатын. Ертеңіне үй иесі Ансельмоның өлімі жайында туыстарына хабар берді, — оның басындағы тақсіреттен олар да құлақтанып үлгерген екен, сондай-ақ Камилланың монастырьда жатқанын, оның да жұбайының осынау амалсыздан жасалған сапарына серік бола жаздап шақ қалғанын біледі екен, бірақ бұған себеп болған күйеуінің дүние салғаны жайындағы хабар емес, ашынасының із-түзсіз жоғалғаны жайындағы хабар көрінеді. Жұрттың айтуынша, жесір қалғаннан кейін де ол монастырьдан кете қоймапты, шашын қырқып діндарлар қауымына кіруге де асықпапты. Алайда, арада көп уақыт өтпей жатып, Лотарионың де Лотрек пен ұлы қолбасшы Гонсало Фернандес Кордовский арасындағы шайқаста қаза тапқаны жайында хабар келді; бұл шайқас Неаполитан корольдігінде болған еді, ал осынау тым кештеу тәубасына келген дос сонда жан тапсырған-ды; осыны естігеннен кейін Камилла шашын қырықты, сосын, арада онша көп уақыт өтпей, торығу мен уайым-қайғы зардабынан дүниеден қайтты. Сөйтіп, біреуінің ақылға қонымсыз бастамасы үшеуінің де көрер күнін шектеп кетті.
— Хикаят маған ұнайды, — деді священник, — бірақ тек мұның өмірде шынымен-ақ осылай болғанына сенбеймін, ал егер ойдан шығарылса, онда онша сәтті ойлап табылмаған, — өйткені, ақиқатын айтқанда, мына сияқты кесепатты сынақ өткізуге құштар Ансельмодай ақымақ күйеудің дүниеде болатынына сену қиын. Ашыналар сөйтіп жатыр екен десе илануға болар, бірақ күйеуі мен әйелі арасында мұндай әурешілікке жол беріледі деу — жоға, бұл онша қисыны келіңкіремейтін нәрсе. Ал, енді баяндау тәсіліне келсек, онысы тәп-тәуір.
ХХХҮІ тарау
Мұнда бекетте орын алған басқа да өте сирек кездесетін оқиғалар жайында баяндалады
Осы кезде қақпа жанында тұрған бекетші:
— Әне, сәні мен салтанаты жарасқан бір топ салт атты келе жатыр. Олар осында түссе, бізде бүгін керемет той-топыр болмақ, — деді.
— Ол неғылған адамдар? — деп сұрады Карденьо.
— Атқа салт мінген төрт еркек, үзеңгілері қысқа, найзалары мен дөңгелек қалқандары бар, бәрі де қара бетперде тағынған, — деп жауап қатты қожайын, — олармен бірге ханымдарға арналған ерге қонған бір әйел келеді, үстіне түгел ақ киген, ол да бетперде таққан, оларға екі малай жаяу еріп келеді.
— Жақындап қалды ма? — деп сұрады священник.
— Тақап қалды, қазір келеді, — деді қожайын.
Мұны естіген бойда Доротея бетін бүркемеледі, ал Карденьо Дон Кихоттың жанына кетті; олардың осындай қам жасап үлгергені сол-ақ, бекетші айтқан жүргіншілер сау етіп аулаға кіріп келді, сосын төрт салт атты, шетінен сен тұр, мен атайын алпамсадай жігіттер, өздері де аттан түсіп, әйелдің де аттан түсуіне көмектесті, араларындағы біреуі оны көтеріп алып, Карденьо барып тығылған бөлме есігінің жанындағы креслоға отырғызды. Осы уақыттың ішінде еркектер де, оларға ерген әйел де ләм деп ауыз ашқан жоқ, бетперделерін де сыпырған ешқайсысы болмады; тек әйел ғана креслоға отыра бере уһ деп ауыр күрсініп алды да, сырқат жандай қолын сылқ түсірді. Малайлар аттарды атқораға әкетті.
Священник дегбірсізденіп, бұлардың неғылған адам екенін, неліктен бұлайша киінгенін және неге тіл қатпайтынын білгісі келіп, малайлардың бірінен осыны түсіндіріп беруін сұрады; анау оған былай деп жауап қатты:
— Өтірік айтып қайтем, сеньор, бұлардың кім екенін өзім де білмеймін. Білетінім, бұлар, сірәғысында, лауазымды адамдар болар, әсіресе ана сеньораны көтеріп алған мырзаны айтам, оны өзіңіз де көрдіңіз ғой. Мұндай тұжырымға тоқтап тұрғаным, өңгелері соған құрмет көрсетеді және не нәрсенің бәрі де соның бұйрығы мен айтқаны бойынша істеледі.
— Ал, ана сеньора кім? — деп әуестік білдірді священник.
— Бұл жайында да сізге жөнді ештеңе айта алмаймын, — деп жауап қатты малай, — қаншама уақыт бірге келе жатсақ та, бет-әлпетін әлі көрген емеспін. Рас, күрсінуін ол өте жиі күрсінеді, ал аһ ұрғанда қайғы-шердің запыранымен бірге жаны да аузынан қоса шығып кететіндей көрінеді. Бұдан басқа ештеңе білмейтінімізге таңғалатын түк те жоқ, өйткені жолдасымыз екеуіміздің бұлардың қасына ергенімізге екі-ақ күн болды: оларды жолдан ұшыраттық та, олар бізді өздерін Андалусияға шейін шығарып салуға үгіттеп көндірді және жақсылап ақы төлеуге уәде етті.
— Ал, бұлар көздеріңше бір-бірін атымен атаған жоқ па? — деп сұрады священник.
— Атамақ түгіл жол бойы жақ ашқан жоқ — соған өзіміз де таңғалдық, — деп жауап қатты малай. — Тек бейшара сеньораның күйзеле күрсінгені мен егіліп жылағаны ғана естіліп тұрды, сондай қатты аяныш туғызды. Оны бір жаққа күштеп алып бара жатқандарына күмәніміз жоқ, ал киіміне қарағанда ол монахиня секілді немесе монастырьға бара жатқан сияқты, сірә, шынында да солай шығар және, шамасы, еркінен тыс түрде шашын қырықпақшы тәрізді, қайғыға берілу себебі де содан болар.
— Әбден мүмкін, — деді священник.
Малайларды жайына қалдырған ол Доротеяның қасына қайтып оралды. Ал, бетперде киген ханымның күрсінісіне жан ашырлық білдірген Доротея болса, оның жанына жақындап:
— Нендей жағдай сізді қайғыға батырып отырған, мейірбанды ханым? — деп сұрады. — Ойланып көріңізші, әйелдер қауымының қолынан келетін және өздері-ақ сейілтіп жібере алатын қайғы емес пе екен бұл? Өз тарапымнан сізге қандай көмек көрсетуге де дайынмын.
Қамығып отырған сеньора оған жауап қатқан жоқ; Доротея қояр болмай, қылқылдап әлгі өтінішін тағы қайталады, ал анау сол бұрынғыша селт етпей отыра берді; ақыры бетперде киген кавальеро (малайдың айтуынша, бәрі алдында бас ұратын мырза) келіп, Доротеяға:
— Бұл әйелді әлде бірдеңемен алдандырам деп әуре болмаңыз, сеньора, — ол қандай да болсын жақсылығыңызға жақсылықпен жауап қайтармауды өз қағидасына айналдырған, сондай-ақ одан сауалыңызға жауап аламын деп те шаршамаңыз, егер тек өтірік бірдеңе естігіңіз келмесе, — деді.
— Мен өмірі өтірік айтып көрген емеспін, — деп осы кезге шейін жұмған аузын ашпаған ханым аяқ асты сөйлеп қоя берді, — керісінше, тап осы шектен тыс шыншылдығым мен ешқашан екі сөйлемегенімнің салдарынан ғана осындай бақытсыздыққа тап болып отырмын, оның куәсі мына өзіңіз, өйткені менің ақиқаттан қыл елі аттамайтын адалдығым сізді нағыз өтірікшіге әрі суайтқа айналдырды.
Бұл сөздерді Карденьо ап-анық естіді, — ол өте жақын жерде, Дон Кихоттың бөлмесінде болатын, әлгі сөзді айтқан сеньорадан оны тек есік қана бөліп тұрған, — сөйтіп, соны естіген бойда ол:
— Оу, жаратқан! Өңім бе, түсім бе? Кімнің дауысын естіп тұрмын мен? — деп айқайлап жіберді.
Тұла бойын толқу билеген сеньора басын жалт бұрды, бірақ айқайлаған адамның кім екенін көре алмаған соң, орнынан тұрып әлгі бөлмеге қарай өткісі келді, алайда кавальеро оны тоқтатып, адым аттатпай қойды. Көңіліне алаң кіріп, қатты абыржыған сеньора бетін жауып тұрған бүркеуіш матаның қалай төмен түсіп кеткенін аңдамай қалды, жиналып тұрғандар болса, оның сәл қуқыл тартқан, бірақ көруге көз керек әдемі әлпетін көріп аңырып қалды, — сондай-ақ, қыздың өңінен үрейге бой алдырғаны да аңғарылып тұр еді, өйткені жанарына іліккен нәрсенің бәрін шапшаңдата шолып шыққаны сонша, құдды есін жоғалтып алғандай көрінді; осынау түсініксіз құбылыс Доротеяның да, оған көз тігіп тұрғандардың да бойында үлкен аяныш туғызды. Кавальеро қызды иығынан қатты қысып құшақтап алған болатын, осыған зейіні ауған ол бетіндегі перденің сырғып бара жатқанын аңғармады, сөйтіп, бетпердесі ақыры жерге құлап тынды; сеньораны сүйемелдеп тұрған Доротеяның осы сәт оған көзі түсіп кетті де, сеньораны иығынан құшақтап алған жанның басқа ешкім емес, өзінің күйеуі дон Фернандо екенін көрді; оны таныған бойда-ақ кеудесінен аһ ұрған зарлы үн шығып, талықсып кетті; егер жанында тұрған шаштараз шап беріп ұстай алмағанда жерге құлап түсерінде күмән жоқ-ты. Сол арада оған священник көмекке келіп, бетін бүркеген жамылғыны қайырып тастап, су шашты, анау қыздың бетін ашқан кезде дон Фернандо, — екінші қызды иығынан құшақтап тұрған сол еді, — Доротеяны қолма-қол танып, абыржып тұрып қалды, бірақ Лусинданы босатуды қаперіне де алмады — иә, оның қолынан босанып шықпаққа тырысып жатқан Лусинданың тап өзі еді: күрсінген дауысына қарап ол Карденьоны таныған болатын, ал Карденьо оны танып еді. Доротеяның ес-түссіз құлаған кезіндегі аһ ұрған дауысын Карденьо да естіген, соны құлағы шалған бойда бұл өзінің Лусиндасы екен деп ойлап шошып кеткен ол басқа бөлмеден сыртқа атып шықты, шыққан бойда көзіне алғаш шалынғаны — Лусинданы құшақтап тұрған дон Фернандо болды. Дон Фернандо Карденьоны да бірден таныды, сөйтіп Лусинда, Карденьо және Доротея үшеуінің таңғалғаннан тілдері байланып қалды, — олар қандай кепке тап болғандарын өздері де білмей аңтарылып тұрған-ды.
Олар үн қатпай бір-біріне тесіле қарап тұрды: Доротея дон Фернандоға, дон Фернандо Карденьоға, Карденьо Лусиндаға, Лусинда Карденьоға қарап қалған болатын. Ақыры алғаш боп Лусинда тіл қатып, дон Фернандоға былай деді:
— Босатыңызшы мені, сеньор дон Фернандо, — басқа ештеңені ұят санамасаңыз да, дворяндық ар-намысыңыздың аяқ-асты болатынына ұялсаңызшы, — өзім шырмауығы боп табылатын қабырғаға, үздігуіңіз, қорқытып-үркітуіңіз, уәделеріңіз бен сыйлықтарыңыз жұлып ала алмаған тірегіме жіберіңізші мені. Қараңызшы, қандай ғажайып әрі адам сенгісіз жолдармен жаратқан иемнің мені жан жарыма жолықтырып тұрғанын, ал оны қаперімнен тек ажал ғана біржола ығыстырып шығара алатынын өзіңізге осыншалықты қымбатқа түскен тәжірибеңіз арқылы жақсы білуге тиіссіз ғой. Жаныңызға батыра айтылған осынау ашық мойындау маған деген махаббатыңызды — ашу-ызаға, мейіріміңізді — өшпенділікке айналдырса нетті (қолыңыздан келетін бұдан басқа ештеңе жоқ қой), сөйтіп, мені мүрдем кетіруге итермелесе екен, — сүйікті жұбайымның көз алдында жан тапсырсам, бұл дүниеде босқа ғұмыр кештім демес ем: бәлкім, осылайша өлім табуым өмірімнің ақырғы сәтіне шейін адал болғандығыма оның көзін жеткізетін шығар.
Сол екі арада Доротея өзіне-өзі келіп, Лусинданың сөзіне қарап оның кім екенін түсіне қойды, сосын дон Фернандоның Лусинданы босату ойында жоғын әрі оған ешқандай жауап қатпай тұрғанын көріп, бар күшін жұмсап түрегелді де, аяғын құшақтай құлап, егіл-тегіл еңірей жылап жатып мынадай әңгіме айтты:
— Қазір құшағыңда ұстап тұрған күн сәулесі көзіңді қарықтырмағанда, аяғыңның астында сұлап жатқан, қашан өзің құтқарып алғанша қасірет құлдығында қала беретін бейшара Доротеяны әлдеқашан байқаған да болар едің-ау. Мен — сол өзің білетін, қайырымдылығың арқасында әлде көңіл ауанымен өзің зор құрмет көрсеткен, сөйтіп сүйгенім деп атаған шаруа қызымын. Мен — сол өзің білетін, қарапайымдылық аясынан әрі аспайтын қуанышты ғұмыр кешіп жатқан, бірақ ақырында үздігуіңе, шынайы секілді боп көрінген сезіміңе үн қатып, оңаша тірлігінің қақпасын ашып тастаған, сөйтіп бостандығының кілтін қолыңа табыс еткен қызбын, алайда осынау ақ-адал пейіліме сен қара ниеттілік таныттың, бұған өзіммен оңаша кездескен кезің және қандай кейіпте жүз көрсеткенің айқын дәлел бола алады. Сонымен бірге, мені бұл жерге ар-намысымның аяққа тапталуы айдап келді деп ойлап қалмағаныңды қалар едім, — жоқ, бұл жерге мені өзімді ұмыт қалдырғаныңнан туған өкініш пен күйік айдап келді. Сен менің өзіңдікі болғанымды қаладың және сондай керемет құштарлық көрсеттің, сондықтан, қазір тіпті басқаға аңсарың ауып тұрған күнде де, бәрібір мендік болмай қоя алмайсың. Ойланып көрші, әміршім, сен ғой сол арудың әдемілігі мен текті жерден шыққанына бола менен теріс айналдың, ал менің шетсіз де шексіз махаббатым оның әдемілігі мен тектілігінің өтеміне жарамай ма екен? Сен аяулы Лусиндаға жар бола алмайсың, себебі сен — мендіксің, ол да саған жар бола алмайды, себебі ол — Карденьонікі. Осы жөнінде ойланып көрші, сонда өзіңнен жиренетін жанға ұнауға ұмтылғаннан гөрі, өзіңді ардақ тұтатын жанға бейіл беруге өзіңді-өзің көндіру әлдеқайда жеңілге түсетініне көзің анық жететін болады. Сен қамсыз-мұңсыз жүргенімді пайдаланып кеттің, пәктігімді арбауға түсірдің, қандай шаңырақтан шыққаным да саған құпия болған жоқ, өз ырқыңа қалай көнгенімді де жақсы білесің, — ендеше, алданып қалдым деп өкінетіндей себебің де, негізің де жоқ. Егер осының бәрі рас болса, егер шынайы кавальеро екенің секілді, шынайы христиан болсаң, онда әу баста қол созым жерде ғана тұрғандай көрінген бақытымды әртүрлі айла-шарғылар арқылы неге алыстата бересің? Егер мені дәл осы қалпымда сүймейтін болсаң, ал мен шын мәніндегі әрі заңды түрдегі зайыбыңмын, ондашы мені, тым болмағанда, күңің ретінде жақсы көріп, жаныңа жақындатсаңшы, өйткені қарамағыңда қызмет етіп жүргенімді өзім үшін зор бақыт, тағдырдың оң қабақ танытқаны деп бағалар едім. Тастама мені, бас тартпа менен, өйтсең менің масқара болғаным жайында жұрт не түрлі өсек пен қауесет таратады, ата-анамды қартайғанда қайғы жұтудан құтқар: себебі олар сенің ата-анаңа ақ пейіл, адал ниетпен қызмет етті ғой, сондықтан өзіңнен оң шешім күтуге ықтиярлы. Егер де менің қаныммен араластыру арқылы өз қанымды қорлаймын дейтін болсаң, онда мына нәрсеге ой жүгіртіп көр: текті рулардың бәрі немесе бәрі дерлік осындай жолдан өткен, сондай-ақ текті жерден шыққандықты анықтар кезде шешенің қаны есепке алынбайды. Оның үстіне, шынайы тектілік адамның ізгі қасиеттері бойынша танылады, егер сен толық қақым бар нәрсенің өзін бұйыртпай өңменімнен итеріп, мейірімсіздік көрсетер болсаң, ондашы менің сенен гөрі тектілеу болғандығым. Сонымен, сеньор, сөзімнің соңында өзіңе айтарым мынау: хош көресің бе, жоқ па, ол өз еркің, бірақ мен сенің жұбайыңмын, бұған куә — өзің айтқан сөздер, оның жалған болуы мүмкін емес және тиіс те емес, егер тек мені қадір тұтпауға себепкер болып тұрған нәрсеңді шыныңмен-ақ қадір тұтатын болсаң; бұған куә — берген сертің, бұған куә — өтірік айтпағаныңа куәлік етуге шақырған көктегі құдірет. Егер мұның бәрі аз болса, онда сауық-сайран кешіп отырған шағыңда ар-ұятыңның үнсіз айқайын еститін боласың, ол өзім айтқан шындықты есіңе салып, мәз-шат көңіліңді жер ететін болады.
Ашынған Доротея әлі де талай сөз айтты және сезімге беріліп, көзінің жасын төгіп отырып айтқаны сонша, тіпті дон Фернандоның серіктері де, сол жерде жиналып тұрғандар да көзіне жас алды. Дон Фернандо оның бір сөзін бөлмей мұқият тыңдады, ал Доротея болса, айтарын түгел айтып болған соң, аһ ұрып, солқылдап жылай бастады, оның қаншалықты қайғы шегіп жатқанын көрген және жан ашырлық білдірмеген адамның жүрегі тастан жаратылуға тиіс-ті. Қайғысына ортақтастық білдіріп, сұңғылалығы мен ажарына сұқтанған Лусинда одан көз аудара апмай қалды; жақын барып, жұбату айтқысы да келген, бірақ дон Фернандо оны әлі құшағында ұстап тұрған болатын. Дон Фернандо Доротеяға ұзақ уақыт қадала қарап тұрды, ақыры өте ыңғайсыз жағдайда қалған әрі мұндайды күтпеген ол құшағын жазып, Лусинданы босатып жіберді де:
— Сен жеңдің, аяулы Доротея, сен жеңдің. Айтқан сөзіңнің бәрі ақиқат шындық екенін мойындамасқа дәті жетер жан табылмас, — деді.
Лусинда ес-түстен айрылудың аз-ақ алдында еді, дон Фернандо оны босатқан кезде теңселіп кетті, бірақ дон Фернандо танып қоймасы үшін оның арқа тұсында тасаланып тұрған Карденьо қорқынышын былай серпіп тастап сол сәтте-ақ оны сүйемелдеуге ұмтылып, құшақтай алды да, былай деп тіл қатты:
— Егер шапағаты мол құдірет саған тыныштық таптыруға ниет етіп, солай ұйғарған болса, беу, жүрегімнің адал да табанды һәм сүйікті әміршісі, ондашы бұл тыныштығың менің құшағымнан басқа еш жерде жайбарақат бола алмайды, міне енді сені құшағыма аламын және тағдыр мендіксің деп атауға бұйырған шақтарда бұл құшаққа өзіңді бұрын да талай алғанмын.
Осы сөздерді құлағы шалған, Карденьоны әуелі дауысы бойынша танып қойған Лусинда оған жанарын тіктеді, сосын көз шарасында оның тап сол екені айқын кейіптелген кезде, тұла бойын кернеген қуаныштан әдеп атаулыны былай жиып қойып оны мойнынан құшақтай алды да, бетіне бетін басып тұрған күйі былай деп үн қатты:
— Бейшара тұтқын қыздың заңды қожайыны жалғыз сен ғана, беу, мархабатты мырзам, дұшпан-ниет тағдыр бұған қанша қарсылық жасамасын мейлі, сенің өміріңмен өмір сүретін менің өміріме қандай қауіп-қатер төнбесін мейлі, бәрібір оған өзің ғана қожасың, басқа ешкім де емес!..
Дон Фернандо мен сол жерде жиналып тұрғандар үшін бұл бір ғажайып көрініс болды, бәрі де осынау өте сирек кездесетін оқиғаға таңырқана қарап тұрысты. Доротеяға дон Фернандоның өңі бозарып кеткендей және Карденьодан кек алуды мақсат тұтқандай кейіпте қолын шпагасының тұтқасына қойғандай көрінді; осы ой жылт еткен сәтте-ақ ол асқан әбжілдікпен оның аяғын қос қолдап құшақтай жығылды да, аяғын үсті-үстіне сүйіп, қозғала алмайтындай етіп қатты қысып алған күйі әрі ботадай боздап жылаған күйі былай деп сөйлеп кетті:
— Беу, менің жалғыз ғана жан саям, осынау жеме-жемде не істегелі тұрсың сен? Өз жұбайың аяғыңды құшып жатыр, ал өзің жұбай қылмаққа ниет еткен ару күйеуінің құшағында тұр. Ойланып көрші, құдіретті күштің өзі орайын келтірген нәрсенің шырқын бұзған дұрыс па әлде барлық қиындықты бастан кешіп, шын берілгендігі мен пиғыл-ниетінің пәктігін өзіңе дәлелдеп берген, екі көзін өзіңнен ала алмай, заңды қосағының беті мен омырауын махаббаттың көз жасына суарып тұрған жанды бауырыңа тартқаның дұрыс па? Жаратқан иеме жалынамын және ар-ұятыңа тапсырамын, белгілі болған бұл жағдай ашу-ызаңды қоздырмаса екен, керісінше, оны бәсеңдетсе екен, сонда осынау ғашықтардың өз тарапыңнан ешқандай кедергі көрмей, жаратқан иеміз тарту еткен мерзімнің ұзына бойында тату-тәтті ғұмыр кешуіне ренжіп-налымай ықыласты түрде пұрсат берер едің, осылайша сен абзал да пәк жаныңның тектілігін танытар едің, сөйтіп жұрттың бәрі сенің ындынқұмарлықтан гөрі ақыл-парасатқа көбірек бас иетіндігіңе көз жеткізер еді.
Ал, Карденьо болса, Лусинданы тас қылып құшақтап алған күйі дон Фернандодан көз жазбай қарап тұрған: дұшпандық әрекетін байқап қалған бойда-ақ оған тойтарыс бермекші еді, реті солай келіп жатса тіпті теріс ниеттегілерге өзі тап бермек ойы бар-ды, бұл үшін басын қатерге тігуден де тайынбаған; алайда, бұл кезде дон Фернандоны достары, сондай-ақ сол жерде тұрған священник пен шаштараз айнала қаумалап, бәрі бір ауыздан, іштерінде ақкөңіл Санчо Панса да бар, одан Доротеянның көз жасына аяушылық білдіруін сұрап жалынып-жалбарына бастаған. Егер Доротея айтқанның бәрі ақиқат болса, ал олардың бұған сенімі кәміл, онда оның мейлінше заңды боп табылатын үмітінен алданып қалмауына қам жасау керек, десті олар; сондай-ақ, барлығының осы арада, кездесеміз деп өмірі ойламаған жерде, бір қарағанда солай көрінгенімен, әсте кездейсоқ бас қосып тұрмағанын, бәрі де құдіретті күштің әмірімен болып жатқанын түсінуі керегін айтты. Священник өз тарапынан Лусинданы Карденьодан ажыратуға енді тек ажал ғана ықтиярлы екенін, тіпті оларды шпаганың ұштығы ажыратқан күнде де, олар мұндай өлімді өзіне зор бақыт санайтынын құлаққағыс етті; сондай-ақ, өмірдің қиын-қыстау тұстарында өз нәпсіңді өзің тыя білу арқылы тектілігіңді танытып, басқа екі пенденің құдіретті күш тарту еткен бақыттың қызығын көруіне кеңшілік жасаудың өзі аса үлкен даналық боп табылатынын еске салды; сосын оның Доротеяның көркіне жөндеп көз тіккені жөн екенін, жөндеп көз тіксе, одан асып түсетін әйелді айтпағанда, онымен теңесе алатын әйелдің де сирек екенін өзі-ақ байқайтынын тілге тиек етті; осындай сұлулығына қоса оның көнпістігі мен өзіне деген шексіз сүйіспеншілігін де ұмытпауы керегін, ал, ең бастысы, егер ол өзін кавальеромын және христианмын деп санайтын болса, онда өз парызын орындауға тиісті екенін, — сол парызын орындауы арқылы оның құдай алдындағы парызын да орындап, саналы адамдардың бәрін қуанышқа бөлейтінін, ал саналы адамдар болса, сұлулықтың бір артықшылығы, тіпті ол текті жерден шықпаған пенденің басына бұйырған күнде де, жан дүниесінің кіршіксіз тазалығына ұласқан шақта, жаңа биікке көтеріліп, кез-келген ұлылықпен бой салыстыра алатынын, оны өз деңгейіне дейін көтеріп, өзімен теңестірген жанның ар-намысына зәредей нұқсан келтірмейтінін жақсы білетінін һәм түсінетінін айтты; оған қоса, егер күнәға батыратын әрекетке бастамаса, ынтызарлық ырқының ыңғайына жығылған жанды күстаналауға болмайтынын да ескертті.
Өңгелері де қарап қалмай, не түрлі сөзді айтқаны сонша, дон Фернандоның мейірбан жүрегі жұмсарып (текті әулеттен шыққаны тегін деймісің), қанша тырмысса да жоққа шығара алмайтын шындықтың алдында тәубаға келді; сөйтіп, райдан қайтқанының және осы арада өзіне арнап айтылған ақылға қонымды дәлелдемелер көңілінен шыққанының белгісі ретінде Доротеяға қарап еңкейіп, оны құшағына алды да, былай деп жуаси үн қатты:
— Тұра ғой, орныңнан, аяулым, — қашан да жүрегімнің төрінен орын алып жүрген жанның алдымда тізерлеп отырғаны жараспайтын нәрсе. Егер осы күнге шейін мұны өзіңе айтпай келсем, бәлкім, бұл құдіретті күштің солай ұйғарғанынан шығар: қадіріңе шындап жету үшін, алдымен тұрақтылығыңа көз жеткізуім қажет болды. Саған айтар жалғыз тілегім: өзіңе деген шектен тыс озбырлығым мен менсінбеушілігім үшін мені жазғырмашы, өйткені тап сол өзіңді сүйіктім деп айтуға итермелеген себеп пен сиқыр мені сүйіктің болмауым үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға құштар қылды. Ал енді менің өтірік айтып тұрмағанымды артыңа бұрылып қарап, бақыт құшағына еніп те кеткен Лусинданың көзіне көзіңді қадаған бойда-ақ білерсің деп ойлаймын, оның көзінен менің барлық қылмысымды ақтайтын үкімді оқуыңа болады. Егер ол арман еткенін ақыры тапқан болса, мен де саған ұшырасу арқылы өз арманымның асқар биігіне жеттім, ендеше ол өз Карденьосымен бірге бақыт пен қуаныш толы ұзақ ғұмыр кешсін, мен де екеуіміз үшін жаратқаннан соны сұрап жалбарынатын болам.
Осыны айтып ол ерекше бір нәзік сезіммен Доротеяны құшағына алып, құшырлана сүйді, сөйтіп оған шынайы сүйіспеншілігі мен өкінішінің бұлтартпас соңғы дәлеліндей боп көзінен жас домалап кетпеуі үшін бар ұстамдылығын жұмсауға тура келді. Лусинда мен Карденьо да, сондай-ақ, сол арада тұрғандар да бұл секілді мықтылық көрсете алмады, өйткені бәрі де егіл-тегіл боп жылап тұрды: бірі өз тілегінің орындалғанына ырза боп жыласа, екіншісі өңге біреуді аяп жылаған-ды, оларға сырттай көз салғандардың бұлар әлденендей бір ауыр қайғыға душар болған екен деп ойлап қалары кәміл-ді. Тіпті Санчо Панса да жылады, бірақ кейін өзі ағынан жарылып айтқанындай, ол Доротеяның мүлдем Микомикона королевасы болмай шыққанына деген өкініштен жылаған көрінеді, себебі одан көп жақсылық көрем бе деп соншалықты дәмеленіп жүрген-ді. Жылап-сықтау біразға дейін созылды, сонан соң Карденьо мен Лусинда дон Фернандоның алдына тізерлей кетіп, оған шексіз ырзашылық білдірді және оны ерекше қошеметпен білдіргендері сонша, анау не жауап қайтарарын білмей абыржып қалды да, бар болғаны оларды орнынан тұрғызып айрықша құрметпен және аса бір іззеттілікпен құшағына қысты.
Одан соң ол Доротеядан туған жерден тым шалғай мына өңірге қалай тап болғанын сұрады. Доротея болса, ана жолы Карденьоға айтқанының бәрін қысқа да нұсқа түрде баяндап берді, әңгімесінің дон Фернандо мен серіктеріне ұнағаны сонша, олардың тағы да тағы тыңдай түскісі келді — күйініш-наласы жайында Доротея сондай жағымды түрде сыр шерткен еді. Ол әңгімесін аяқтағасын дон Фернандо Лусинданың қойнынан өзінің Карденьоның жұбайы екенін, сондықтан оған жар бола алмайтынын жария еткен хатты тауып алғаннан кейін қандай кепті бастан кешкенін айтты. Лусинданы өлтіргісі келіпті, ата-анасы араша түспегенде, бәлкім, тіпті өлтіріп те тастауы мүмкін екен; сөйткен соң бұл оңтайы келген бойда кек қайтаруға ниеттеніп кетіп қалыпты, ал ертеңіне Лусинданың үйінен қашып кеткенін, қазір оның қайда екенін ешкім білмейтінін естіпті; арада бірнеше ай өткенде ақыры ол Лусинданың монастырьда жатқанын, егер Карденьоға ақи-тақи қосыла алмайтын болса, онда қалған ғұмырын сонда өткізуге ұйғарғанын біліпті; осы хабарды алған бойда жанына үш кавальероны ертіп монастырьға қарай бағыт ұстапты, алайда оның осында жүргенін білсе, монастырьдағылар күзетті күшейтіп жібере ме деп қорқып, Лусинданың көзіне түспегенді хош көріпті; сөйтіп, қақпаның ашық қалған кезін тауып, екі кавальероны кіре беріске қарауылға қойып, өзі үшіншісімен бірге Лусинданы алып шықпаққа ішке кіріпті. Лусинда бұл кезде монастырь ауласында монахинямен әңгімелесіп отыр екен; олар бұның есін жиып үлгеруге мұршасын келтірмей көтеріп ала жөнеліпті де, жолға шығуға даярлық жасау үшін ешкім таба алмайтын жерге жасырып қойыпты; бұның бәрін олар еш қиындықсыз атқарыпты, өйткені монастырь елді мекеннен жырақта, жазық далада орналасқан екен. Лусинда болса, дон Фернандоның қолына түскеннен кейін талып қалыпты, ал есін жиғаннан кейін тек үнсіз күрсініп, егілумен болыпты; осылайша үнсіздік пен жылап-сықтауды серік еткен олар жүріп отырып осы бекетке жетіпті, қазір бұл бекет оларға өткен-кеткеннің бәрі ұмыт болатын, бұ дүниедегі азап пен мазақтан арылатын бейіш секілді көрінеді екен.
ХХХҮІІ тарау
Мұнда сүйкімді инфанта Микомикона бастан өткерген жайдың жалғасы баяндалады және басқа да қызықты оқиғалар жөнінде әңгімеленеді
Санчо бұл әңгімелерге жаны күйзеле отырып құлақ салды, енді қайтсін, дәрежелі атаққа ие болам ба деген дәмесінен бықсыған шала ғана қалды: сүйкімді принцесса Микомикона — Доротеяға, дәу — дон Фернандоға айналып кетті, ал қожайыны болса қорылдап ұйқы соғып жатыр. Доротея өз бақытының түсі емес, өңі екеніне әлі сене алмай тұрды; Карденьоға да өз бақыты — қиял тәрізді көрінді, Лусинда да өз бақыты жайында тап осындай ойға бейім болды. Дон Фернандо ар-намысы мен абыройын жоғалтып ала жаздаған қиыр-шиыр шытырманнан жол тауып шығуына жәрдем беріп, аяушылық жасаған жаратқанға алғыс жаудырды; қысқасы, бекетте табысқандардың бәрі де шат-шадыман көңіл-күйде болды, сөйтіп, әбден шатысып-бытысқан шырғалаң ақыры осылайша оң шешімін тапқандай еді. Священник бұның бәріне ақылға қонымды түсініктеме беріп, әрқайсысын қуаныштарымен құттықтады; бірақ, бекетші әйелінен артық шаттанып, шалқып-тасыған ешкім болған жоқ, өйткені Дон Кихоттың қырсығынан шеккен шығындарын Карденьо мен священник артығымен қайтарып беруге уәде еткен еді. Тек Санчо ғана, әлгінде айтылғандай, жапа шегіп, қайғырып, қамығумен болды; дәл осы шамада ұйқысынан оянған мырзасына ол аса жабығыңқы кейіпте келіп, былай деді:
— Тақсыр, Қайғылы Бейне, қанша ұйқтаймын десеңіз де еріктісіз: енді ешқандай дәуді өлтірудің керегі жоқ, принцессаға корольдігін қайтарудың да қажеті болмай қалды, — бәрі тынды, бәрі тәмам.
— Өзім де солай ойлаймын, — деді Дон Кихот, — дәу мен арамызда сондай бір өліспей-беріспейтін қанды шайқас болып өтті, мұндай шайқасқа түсу, шамасы, енді маған ешқашан бұйырмайтын да шығар. Мен алдым да семсерімді сілтеп кеп қалдым, қарасам — басы жоқ, ұшып кетіпті, ал енді қанының көп кеткені сонша, еденде су сияқты сарылдап ағып жатты.
— Одан да — шарап сияқты, десеңізші, тақсыр, — деді наразы Санчо. — Егер білмесеңіз біліп қойғаныңыз дұрыс болар, өлтірілген дәу дегеніңіз — тесіліп қалған мес, қан дегеніңіз — оның құрсағындағы алты арроб қызыл шарап, шауып тасталған бас дегеніңіз... жә, атасына нәлет, құрып кетсінші бәрі!
— Әй, сен не шатып тұрсың, найсап! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Есің дұрыс па өзіңнің?
— Орныңыздан тұрыңыз, тақсыр, — деді Санчо, — не істеп, не қойғаныңызға қараңыз, бұл үшін бізге қанша ақша төлеу керегін бажайлаңыз, одан соң Доротея есімді кәдімгі қарапайым ханымға айналып шыға келген королеваны көріңіз, оған қоса бұл арада не болып, не қоймады дейсіз, оның бәріне зейін салсаңыз шынымен-ақ таң-тамаша қаларыңыз хақ.
— Мені ешнәрсе таңғалдырмайды, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Есіңде болса, өткен жолы екеуіміз осында тоқтағанда-ақ саған бұл үйдегі оқиғалардың қандайына да көз байлау мен сиқыршылықтың қатысы болады дегенмін, сондықтан осы жолы да солай боп жатса, оған таңданатын не бар.
— Егер көрпеде ұшқаным соған қатысты іс болса, соның бәріне сенер-ақ едім, — деп мәлім етті Санчо, — бірақ, әңгіме оның нағыз шын мәніндегі ұшу екенінде боп тұр ғой. Тап осы бекетшінің өзі көрпенің бір шетінен ұстап, мәз бола күліп, мені асқан ептілікпен аспанға жеткізе әуелетіп тұрғанын өз көзіммен көргем, денесінің қимыл-қозғалысы қандай екпінді болса, күлкісі де құлақты жарып жібере жаздайтындай қатты еді. Мен өзім қарапайым да күнәкар пенде болғаныммен, менің де ой-болжамым бар: егер бұл адамдар өзіңе таныс болса, ондашы ешқандай көз байлау дегеннің болмағаны, жақсылап шекелеу мен ештеңенің мәнін түсінбей мәңгірудің ғана болғаны.
— Жә, жаратқан иеміз хош көрсе, бір жөні табылар, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Киімдерімді алып берші, киінейін де, өзің айтқан оқиғалар мен өзгерістердің неғылған нәрсе екенін білейін.
Санчо оған киімдерін алып берді, анау киініп жатқан кезде дон Фернандо мен сол жерде тұрғандарға священник Дон Кихоттың ақылға сыйымсыз іс-әрекеттерін және оны Жұпыны Жартастан алып шығу үшін өздерінің қандай қулық жасағандарын, ол жерге барып жатып алуына сеньорасы өзін менсінбегендей көргені себеп болғанын айтып берді. Одан әрі священник оның бастан кешкен хикаяларын түгел дерлік баян етті: мұның бәрін ол Санчодан естіген-ді. Тыңдаушылар әрі таңырқанысып, әрі мәз бола күлісті, сөйтіп, ақыр соңында, олар да Дон Кихотпен дидарласқандардың бәрі тоқтайтын байламға, атап айтқанда — шырқы кеткен сана-сезімнің ешқайсысы ақыл-есті жоғалтудың мұндай ерекше түріне шалдықпаған дейтін тұжырымға тоқтады. Одан соң священник тағы: қиын түйіннің қуанышты шешім табуы сеньора Доротеяға ойынды әрмен жалғауға мүмкіндік бермесе, онда басқа біреуді іздеп тауып, оған Дон Кихотты туған жеріне жеткізіп салу жөнінде өтініш білдіру керек болатынын айтты. Карденьо тұрып, бастаған істі аяғына жеткізген жөн екенін, Доротеяны Лусинда айырбастап, оның орнына ойнай алатынын мәлім етті.
— Жоға, ол дұрыс болмайды, — деп қарсылық білдірді дон Фернандо, — одан да Доротея сол баяғысынша жалғастыра берсін. Мейірбан кавальероның иелігі бұл арадан онша қашық болмаса, сырқатынан айығып шығуына қуана-қуана қол ұшын берер едім.
— Осы арадан екі күндік жол.
— Тіпті одан көп болса да мейлі — осынау ізгілікті іс үшін онда барып қайтуға ықыласым ауып-ақ тұр.
Осы мезгілде үстіне әскери жарағын толық асынған, басына майысып қалған Мамбрин дулығасын киген, қолына қалқан ұстаған және сырыққа ұқсас найзасына сүйенген Дон Кихот бой көрсетті. Ол дон Фернандоны да, басқаларды да өзінің ерепейсіз түр-сықпытымен: қабарып-ісінген, қуқыл тартқан жарты шақырымдық сопақша бетімен, сауыт-сайманының ала-құлалығымен және паң да тәкаппар кейпімен қайран қалдырды, оның не айтарын күтіп бәрі тым-тырыс тына қалды, ал Дон Кихот болса сүйкімді Доротеяға жанарын қадаған күйі мейлінше маңғаз әрі байсалды кейіпте сөйлеп кетті:
— Сүйкімді сеньора, атқосшым маған ұлылығыңыздан ұшқын да қалмағанын, осыған дейінгі мәлім бейнеңіз біржола ғайып болғанын, өйткені әрі королева, әрі ақсүйек сеньорадан қарапайым қызға айналып шыға келгеніңізді хабарлады. Егер бұл менің тарапымнан өзіңізге тиісті көмек көрсетілмейді-ау деп қауіптенген әкеңіздің, амалшы-корольдің, ықтияры бойынша жасалса, онда, осы сөзіме сеніңіз, оның қас надан болғаны, сондай-ақ бұл оның рыцарьлар жайындағы хикаялардан мүлдем мақұрым екенін де көрсетеді. Себебі, егер ол аталмыш хикаяларды мына мен секілді ұзақ уақыт бойы әрі аса мұқият түрде оқып, зерделесе, онда атақ-даңқы өз атақ-даңқымнан әлдеқайда пәс рыцарьлардың өзі бұдан да күрделі міндеттерді мыңғырына дыңғыр кірмей-ақ атқарып жататындығының мысалын адым аттаған сайын кезіктірген болар еді, ал енді әлденендей бір дәусымақты, тіпті ол дөкірдің дөкірі болса да, өлтіре салу дегеніңіз түкке арзымайтын нәрсе ғой. Себебі, мен онымен осыдан бар-жоғы бірнеше сағат бұрын ғана кездескенмін, одан соң... жә, бұл жайында әңгіме етпей-ақ қояйын, әйтпесе мені өтірік айтады деп айыптаулары мүмкін. Алайда, құпия атаулының артын ашатын уақыт шіркін бір күні менің де құпиямның құлпын ашып берері ақиқат.
— Сіз дәумен емес, алпамсадай екі меспен кездестіңіз, — деп бекетші сөз қыстырды.
Бірақ, дон Фернандо оған сөйлемей тыныш тұруға және Дон Кихоттың сөзін ешқандай сылтаумен ешқашан бөлмеуге әмір етті, ал Дон Кихот әңгімесін әрмен жалғады:
— Сөзімнің соңында өзіңізге айтарым, қадірменді де қарапайым ғана сеньора, егер басыңыздан кешкен аталмыш құбылысты әкеңіз жоғарыда өзім ескертіп өткен себеппен іске асырған болса, оған құлай сеніп қалмаңыз, өйткені бұл дүниеде семсерім өзіне жол салып өте алмайтын қауіп-қатер дейтін атымен жоқ және ортақ жауымыздың басын шауып, денесін жерге сұлатып түсірген осы семсердің көмегімен көп ұзамай-ақ туған жеріңіздің тәжін басыңызға кигізетін болам.
Дон Кихот үнсіз қалды да, принцесса не айтар екен деп күтті, ал анау дон Фернандоның қашан үйіне жеткізіп салғанша Дон Кихотты алдап-сулауды жалғастыра беруге ұйғарғанын білетіндіктен, кереметтей кербездікпен әрі сондай сүйкімді дауыспен сөйлеп кетті:
— Беу, жаужүрек Қайғылы Бейне Рыцары, мені болмысы өзгерді, өңге біреуге айналып кетті деп өзіңізге кім айтсын мейлі, бәрі де өтірік әңгіме, өйткені кеше қандай болсам, бүгін де сондаймын. Әрине, тағдыр-талайыма бұйырған азын-аулақ бақтың арқасында бойымда белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғаны рас, сөйтіп қазіргі ахуалым өзім ойлағаннан әлдеқайда тәуірлеу, бірақ бұл әсте де мені бұрынғыдан басқа болып кетті, өзіңіздің әрі әлеуетті, әрі жеңіліс дегеннен бейхабар білегіңізге арқа сүйесем дейтін күндіз-түні бірдей ойдан шықпайтын асыл арманымнан бас тартты дегенді білдірмейді. Сондықтан, мархабатты мырзам, туған әкеме байланысты күдігіңізден арылыңыз, оның кемеңгер де көреген адам болғанын мойындаңыз, өйткені өз ілім-білімінің арқасында ғана ол мені қасіреттен құтқарудың осынша оңай да сенімді жолын тауып берді ғой: себебі, егер сіз болмасаңыз, сеньор, осында өзіме бұйырған бақтың маған жақын да жуымайтынына еш күмәнім жоқ. Мұны бақытымның бұлтартпас куәлары, яғни осы арада тұрған сеньорлардың басым көпшілігі растап бере алады. Біз тек ертең ғана жолға шыға аламыз, өйткені бүгін бәрібір алыс ұзап кете алмаймыз, ал енді бастаған ісімізді аяғына дейін абыройлы жеткізу жағын бір құдайға тапсырам және өзіңіздің жүрек жұтқан батырлығыңызға сенем.
Ақылға бай Доротея осындай уәж айтты, оны тыңдап алған Дон Кихот Санчоға ашулана қарап, былай деді:
— Саған айтарым, антұрған Санчо: тап сендей мұндарды бүкіл Испаниядан шырақ алып іздесең де таппайсың. Ал, айтшы қане, қара ниет қаңғыбас, принцессаны — Доротея есімді бикешке айналып кетті, ал дәудің өзім шауып түсірген басы — тағы бірдеңе болды дегенді осы қазір ғана маған өзің айтқан жоқ па ең, сөйтіп осы күнге шейін ешкім абыржыта алмаған мені осындай былжырақтарыңмен қатты абыржытып тастаған сен емес пе ең? Ант етем... — осы арада ол көкке көзін тігіп, тістеніп алды, — кезбе рыцарьларда ерте ме, кеш пе пайда болатын күллі алдамшы атқосшының бәріне сабақ болуы үшін сені қазір табан астында кескілеп тастаудан тайынбаймын!
— Сабыр етіңіз, мархабатты мырзам, — деді Санчо. — Бәлкім, сеньора принцесса Микомиконаның құбылысы жөнінде қателессем қателескен де шығармын, ал бірақ дәудің басына, дәлірек айтқанда, шұрық-тесік болған местерге және қан дегеніңіздің — қызыл шарап екеніне келсек, бұл арада, құдай ақы, қателескен жоқпын, өйткені семіп қалған местер, әне, бас жағыңызда ілулі тұр, ал еденде шарап көл боп ағып жатыр. Асықпаңыз, бұның салмағы қалтаңызға түскенде әлі-ақ көзіңіз жететін болады, яғни, айтайын дегенім, сеньор бекетші өзіңізге төлем қағазын бергенде бұған анық көз жеткізе аласыз. Ал, сеньора королеваның бұрын қандай болса, қазір де сондай екеніне шын жүректен қуаныштымын, — демек, бұйырған кетпейді деген сөздің рас болғаны ғой.
— Саған айтар сөзім біреу ғана, Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот, — сен мені кешір, бірақ сен ақымақсың, осымен әңгіме тәмам.
— Әңгіме тәмам, — деп дон Фернандо оның сөзін іліп әкетті, — бұл жайында енді сөз етудің қажеті жоқ. Ал, енді сеньора принцесса ертең жүргенімізді қаласа, өйткені бүгін кеш боп кетті, онда тап солай істегеніміз жөн, бүгін түнде таң атқанша асықпай әңгіме соғамыз, таң атқан соң жолға шығып, сеньор Дон Кихотқа серік боламыз, өйткені оның қастерлі сертін орындау жолындағы бұрын-соңды естілмеген ерен ерліктерін өз көзімізбен көргіміз келеді.
— Керісінше, мен сіздерге қызмет етіп, серік болуға тиіспін, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Өзіме деген ықылас-пейіліңіз үшін және өзімді осынша жоғары бағалағаныңыз үшін сізге шексіз ризамын, бұл жоғары бағаңызды қайтсем де ақтап шығуға тырысамын, бұл үшін тіпті өмірімді қиюдан да, егер одан гөрі қымбатырақ бір нәрсе табыла қалса, соның өзін құрбан етуден де тайынбаймын.
Дон Кихот пен Фернандо осылайша біразға дейін бір-бірін көтермелеп, бір-бірін шын берілгендігіне сендіріп бақты; бекетке әлдебір саяхатшы келіп кірген кезде ғана олардың ауыздарына амалсыз тиым болды; киім-кешегіне қарап бұның жақында ғана маврлар елінен келген христиан екенін аңғаруға болатын, өйткені үстіне кигені көк шұғадан тігілген, жеңі шынтаққа ғана жететін, жағасыз шолақ кафтан, көк түсті кенеп шалбар, осындай түстегі берет еді, аяғына кигені қысқа қонышты сары етік болатын; иығына қайыс белбеу асыныпты, белбеуге мавр қылышы байланыпты. Есекке мінген мавр әйел соңынан еріп келе жатты: бетін жамылғымен бүркеп алыпты, басына қамқа телпек киіпті, үстіндегі альмалафасы тобығына дейін келіп тұр. Ер адам дене мүсіні сымбатты, жауырынды еді, жасы қырыққа жетер-жетпес, өңі қара торылау, ұзын мұрты мен сәнді сақалы бар-ды; бір сөзбен айтқанда, егер киімі келіскенде оны ақсүйектер әулетінен шыққан деп қалуға әбден болатын. Келген бойда ол бөлме сұрады; оған бос бөлме жоқ екені айтылды, бұл оны ренжітіп тастағандай көрінді; сосын киіміне қарап мавр деп ойлауға болатын әйелге барып, оны есектен көтеріп түсірді. Лусинда, Доротея, бекетшінің жұбайы, оның қызы және Мариторнес мавр әйелінің өздері бұрын ешқашан көрмеген, елден ерек киіміне әуестік білдіріп, оны қаумалап тұра қалды, мавр әйел мен серігінің түсетін жер табылмағанына қамығып қалғанын байқаған Доротея өзіне тән ақ көңілділік, сыпайылық және сұңғылалықпен оған былай деді:
— Жайлы орынның жоқтығына бола жабырқамаңыз, мейірбан ханым, бекеттердің барлығындағы жағдай осындай, алайда егер қасымызға қонуды қолай көрсеңіз, — деп ол Лусиндаға қарап ишарат жасап қойды, — онда бүкіл сапарыңыздың барысында бұдан асқан қонақжайлылық кездестірмейтін боласыз.
Бетін жамылғымен бүркеген әйел оған ешқандай жауап қатқан жоқ, тек бойын түзеп, қолын кеудесіне айқастыра ұстады да, алғыс білдіргенінің белгісі ретінде иіліп тағзым етті. Осынау кішіпейілділік ишарасын жасап жатқан кезінде бір ауыз бірдеңе айтпағандықтан бұның мавр әйел екеніне, христиан тілінде сөйлей алмайтынына бұлардың еш күмән-күдігі қалмаған-ды. Бұған дейін әлденемен әуре боп жүрген тұтқын осы арада бұлардың жанына жақындап, әйелдердің серігін қаумалап алғанын, өзіне арналған лебіздерге ләм деп жауап қатпай тұрғанын көріп:
— Қадірменді сеньоралар! Бұл қыз біздің тілімізді жөнді түсінбейді, туған жерінің тілінде ғана сөйлейді, сұрақтарыңызға жауап бермегенінің және жауап бермейтінінің себебі де сонда, — деді.
— Оған ешқандай сұрақ қойған жоқпыз, — деді Лусинда келісіңкіремей, —өзіміз түскен бөлмеде бізбен бірге қонып шыға алатынын, бекеттердегі түнеме кезінде табуға болатын барлық жағдайды жасайтынымызды ғана айттық, өйткені мұқтаждық көріп тұрған жат жерліктерге, соның ішінде әйелдерге қонақжайлық жасауды борышымыз деп білеміз.
— Өз атымнан және мына қыздың атынан қолыңыздан сүйдім, мейірбан ханым, — деді тұтқын, — сондай-ақ, осынау ілтипатыңызды лайықты дәрежесінде аса жоғары бағалаймын, өйткені қандай жағдаят кезінде және, түр-сымбаттарыңызға қарап бағалағанда, қандай ханымдар тарапынан көрсетіліп тұрғанын есепке алғанда, мұны жарылқаушылық деп атамаудың жөні жоқ.
— Айтыңызшы, сеньор, мына сеньора христиан ба әлде мавр ма? — деп сұрады Доротея. — Киген киімі мен жұмған аузын ашпайтыны бізді мүлдем басқа ойға жетелеп тұр.
— Оның киім-кешегі де, тәні де — мавр, ал бірақ жаны — нағыз христиан, өйткені сондай болмаққа құлшынып жүр.
— Ендеше, ол әлі шоқынбаған болды ғой? — деп сұрады Лусинда.
— Біз оған үлгермедік, — деп жауап қатты тұтқын. — Алжирді, өзінің туып-өскен жері мен елін, тастап шыққан кезден күні бүгінге дейінгі мерзім аралығында оған мүлтіксіз орындалуын қасиетті шіркеу өзімізге міндет еткен салттармен алдын-ала таныспай-ақ шоқынуға мәжбүр болатындай өлім қаупі төнген бірде-бір жағдай жолыққан емес. Бірақ, құдай қосса, ұзамай-ақ ол өз дәреже-атағына лайық шоқынады, өйткені оның дәреже-атағы үстіндегі киімі мен менің киім-кешегіме қарап бағалауға болатыннан әлдеқайда жоғары.
Оның бұл сөзі тыңдаушылардың мавр қыз бен тұтқынның кім екенін білуге деген ынтызарлығын туғызды, бірақ сұрауға ешқайсысы батпады, — бұлардың әуелі демалып, көңіл бірлеуі керегін, сосын барып қана сұрастыруға болатынын бәрі де жақсы түсініп тұрған. Доротея мавр қызды білегінен алып, қасына отырғызды да, бүркенішін алып тастауын өтінді. Мавр қызы өзіне не айтылғанын, не істеуі керегін білгісі келгендей тұтқынға сұраулы көзбен қарады. Анау оған араб тілінде бүркенішін алып тастауды сұрап тұрғандарын және солай істегені жөн екенін айтты; мавр қызы бүркенішін қайырып қойды, сол арада жиналғандар оның керемет әдемі келбетіне сұқтана қарап қалды: Доротеяға ол Лусиндадан да ажарлы көрінді, Лусиндаға ол Доротеядан да шырайлы сияқтанды, өңгелері бұл екеуімен сұлулық жарыстыруға жарайтын біреу табылса, ол тек осы мавр қызы ғана болар деп түйді, тағы біреулері мавр қызының азды-кем артықшылығы да барын аңғарғандай болды. Ал сұлулықтың жанды жай тапқызып, жүректі баурайтын айрықша қабілеті мен ерекше құдіреті болатындықтан, бәрі де сүйкімді мавр қызын аялап, оның көңілін табуға ынтық болды.
Дон Фернандо тұтқыннан қыздың есімі кім екенін сұрады, — анау оның есімі Лела Зораида екенін айтты, ал мұны естіп қалған мавр қызы тұтқыннан христиан тілінде не жайында сұрап жатқандарын түсіне қойып, беймаза күйге түсіп, асып-сасып, аптығып:
— Жоқ, Зораида емес, — Мария, Мария! — деді. Яғни, есімінің Зораида емес, Мария екенін айтқысы келген-ді.
Осы сөзінің өзі және мавр қызының мұны айтқанда қалайша қатты толқып, абыржығаны сол арада тұрғандардың көзіне жас парлатты, әсіресе жаратылысы нәзік әрі жүрегі жұмсақ әйелдер жағы көбірек босады. Лусинда оны ерекше елжірей құшақтап:
— Иә, сенің атың Мария, Мария, — деді.
Мавр қызы оны қоштады:
— Иә, иә, Мария, — Зораида маканш! (“Жоқ” дегенді білдіреді.)
Осы екі ортада кеш те түсіп, дон Фернандо серіктерінің тапсырмасымен бекетші кешкі астың көңілдегідей боп шығуына бар ынты-шынтысын салды. Сөйтіп, ас та әзір болып, олар той-думан өткізілетін және жұртшылық тамақтанатын орындардағыдай ұзын үстелдің басына, — өйткені бекетте дөңгелек үстел де, төрт бұрышты үстел де жоқ боп шықты, — жиналған кезде, бәрі төрағалық құрметті орынға, қарсылық білдіргеніне қарамай Дон Кихотты әкеп отырғызды, ал Дон Кихот болса, қасына сеньора Микомиконаның жайғасқанын қалады, себебі өзін оның оққағарымын деп санайтын. Олардың жанынан Лусинда мен Зораида, бұлардың қарсы бетінен дон Фернандо мен Карденьо, одан соң тұтқын және басқа да кавальеролар орын алды, ал ханымдардың жанына священник пен шаштараз жайғасты, сөйтіп бәрі айрықша зор тәбетпен тамақтануға кірісті, алайда оларды Дон Кихот бұдан да зор рақатқа кенелтті, — ешкі бағушылармен бірге кешкі ас ішіп отырғанда шабытқа мініп ұзақ-сонар әңгіме ағытқан шағындағыдай шабыттанып кеткен ол алдындағы асын былай ысырып қойып, сөйлеп ала жөнелді:
— Асықпай ақылға салып көрсең, мархабатты мырзалар, кезбе рыцарьлар орденіне жататындардың адам айтса нанғысыз ғаламат оқиғаларға жиі куә болатыны жайында тұжырым жасамас әддің қалмайды. Шын мәнінде де, жер бетінде тірлік кешіп жүрген пенделердің бірі қазір мына қамал-сарайдың қақпасынан кіріп келсе, сөйтіп біз оның көзіне тап осы қалпымызда көрініс берсек, ол біздің шын мәнінде кім екенімізді біле алар ма еді? Жанымда отырған мына сеньораның — бәрімізге жақсы мәлім ұлы королева боп табылатыны, ал өзімнің — Даңқ тұғырының ең биігіне шыққан тап сол Қайғылы Бейне Рыцары екенім оның қаперіне кірер ме еді?.. Рыцарьлық өнердің адамзат баласы ойлап тапқан күллі өнер мен кәсіп атаулыдан әлдеқайда артық екені қазір ешқандай дау тудырмайтын ақиқатқа айналды, оның үлкен қауіп-қатерлерге ұштасып жататынының өзі-ақ құрметке әбден лайық екенін көрсетеді. Әскери қызметтен оқымыстылық артық дейтін сөзді де құлағым шалады, мұндай әңгімені бықсытатындар кім болса да мейлі, мен оларды не айтып, не қойып жүргенін өзі де білмейтін жандар деп бағалар едім. Сондағы олардың алға тартатын және өздеріне аса салмақты көрінетін дәлелі — ой жұмысы қол жұмысынан артық, ал әскери қызметте тек қана тән жаттығады деседі, — сонда деймін-ау, әскерилер — қара күшіне ғана сенетін қарапайым жұмыскер болғаны ма, сонда біз, әскерилер, өзіміз әскери өнер деп атайтын ұғымға алымды да шалымды ақыл-ой қажет етілетін ерлік істер кірмейтін болғаны ма, сонда қарамағына тұтас бір қосын сеніп тапсырылған немесе қоршауда қалған қаланы қорғау міндеті жүктелген қолбасшының ақыл-ойы тәнімен салыстырғанда аз еңбек ететін болғаны ма! Ойлап көріңіздерші: жалғыз тән қуаты арқылы ғана дұшпанның пиғыл-ниетін, ой-жоспарын, әскери қулықтарын түсінуге және жұмбағын шешуге, құрған торын аңғаруға, қауіп-қатердің алдын алуға бола ма? Жоқ, бұның бәрі тек парасат-пайымға ғана байланысты, тәннің бұған қатысы жоқ. Сонымен, оқымыстылыққа ақыл-ой қаншалықты қажет болса, әскери қызмет үшін де соншалықты қажет екенін көрдік, енді ғалым адамның ба әлде әскери адамның ба — қайсысының ойы көбірек еңбек ететініне назар салайық, ал бұның өзі олардың көздеген мұраты мен діттеген мүддесі қандай екенінен көрініс табады, өйткені неғұрлым ізгі мақсатқа ұмтылған талап соғұрлым қадірлі болады. Ғылымдардың межесі мен мақсаты, — бұл арада мен жанымыздың жұмақтан орын алуына жәрдемдесетін діни ілімдер жайында айтып отырғаным жоқ, өйткені түп мақсаты осындай түпсіз терең мұндай ғылыммен басқа бірде бір ғылым теңесе алмайды, — мен дағдылы ғылымдар жайында айтып отырмын, ал бұлардың мақсаты — игіліктерді әділетті түрде үлестіру, әркімнің тиесілі сыбағадан құр қалмауын қарастыру, көпшілік игілігін көздейтін заңдардың сақталуын қадағалап, шаралар қолдану боп табылады. Бұл, сөз жоқ, жоғары да ізгі мақсат, оны қалай мақтасаң да артық емес, алайда мұның әскери өнерге лайық мақтау мен мадаққа шендесе алмайтыны және белгілі, өйткені әскери өнердің мақсаты мен ол діттеген мүдденің түп қазығы — бейбітшілік боп табылады, ал бейбітшілік дегеніміз дүниедегі ең жоғары ізгілік. Міне, сондықтан да жер-әлем мен адамдардың ең алғаш естіген ізгі хабары бәріміз үшін шуақты күнге айналған түнде періштелер аспан төрінен әнмен жеткізген: “Көктегі жаратқанның даңқы арта берсін, жер бетінде бейбітшілік орнасын, адамдар рақымшыл болсын”, деген хабар-ды. Аспан мен жердің ең ұлағатты ұстазы өзіне шын берілген, өзі бейіл берген пенделеріне біреудің босағасынан аттаған кезде: “Бұл үйде бейбіт өмір болсын”, деуге өсиет етті. Осынау пенделеріне ол: “Сендерге бейбіт өмір қалдырам, сендерге бейбіт пиғыл-ниет берем; бейбіт тірлік кешіңдер”, дегенді сан қайталап айтты, шын мәнінде де бұл бізге құдіретті күш берген және меншікке қалдырған асыл қазына боп табылады, онсыз аспанда да, жерде де оңды ешнәрсе болып жарытпайды. Тоқ етерін айтқанда, соғыстың тікелей мақсаты — бейбітшілік, ал соғыстың мақсаты осы болса, ендеше, әскерилердің де мақсаты сол ғой. Сөйтіп, соғыстың мақсаты бейбітшілік екенін, сондықтан оның ғылымдар көздеген мақсаттан биік болатынын даусыз ақиқат ретінде мойындасақ, енді оқымысты адам мен жауынгердің тән азабы мәселесіне ойысып, қайсысы көбірек екеніне зер салайық.
Дон Кихоттың лепіре сөйлеп, қызыл сөзден қырман жасағаны сонша, тыңдаушылардың ешқайсысы қазір оны есі ауысқанға балай қоймайтын, — керісінше, бұлардың көпшілігі кавальеро, яғни майдан алаңында ер жеткен адам бола тұрғанымен, оны айрықша ықыласпен тыңдады, ал анау сөзін әрмен жалғастыра берді:
— Сөйтіп, студенттің шегетін азабы мынадай; біріншіден, жоқшылық (әрине, олардың бәрі бірдей сорлы емес, мен әдейі ең нашар деген жағдаятты тілге тиек етіп отырмын), ал студент тарығады деген сөзден, меніңше, оның қандай бейшаралықты бастан кешетінін айтқызбай-ақ аңғаруға болады, себебі жоқ-жітіктің халі мүшкіл. Оның көрмейтін қорлығы жоқ: аштықты да, жалаңаштықты да, тоңып-шашырауды да бастан кешеді, ал кейде осының бәрін соның бір басынан табуға болады. Дегенмен, мезгілімен болмаса да, дәулеттілер дастарқанының қалған-құтқан бірдеңесімен болса да, әйтеуір жүрек жалғайды, бұл — студенттердің әбден жадап-жүдегенінің нышаны, өздерінің арасында бұндай жағдайды олар жан бағу деп атайды, сөйтіп біреу болмаса біреуден бұлар үшін қазан-ошақтың қасынан немесе пештің жанынан жата кететін орын табылады, бұл жерде олар шып-шып терлемесе де, әйтеуір, қалтырап тоңбайды, ең бастысы, әйтеуір, басында баспана болады. Көйлек-көншектің жоқтығы, аяқ киімнің жетіспеушілігі, сырт киімнің тозыңқырап кетуі, — бұл енді сирек те болса ұшырасып тұратын нәрсе, — сондай-ақ, сәті түскен жағдай ара-тұра ішіп-жемге тап келтірген шақта олардың іркілмей бас салатын ашқарақтығы секілді ұсақ-түйектерге тоқталып жатпаймын. Міне, өзім сипаттап берген осындай жолмен, қиын-қыстау, соқпақты жолмен, қайта-қайта сүрініп, қайта-қайта құлап, құлау үшін және қайта тұрып, олар өздері арман еткен ғылыми дәрежеге де жетеді. Міне, ақыры дәрежеге де қол жетті, шарапат-мейірімі мол Фортуна бейне қанатына мінгізіп алып өткендей-ақ, қайырлатып қоятын қайраңдар, Сциллалар мен Харибдалар да артта, міне, олардың біразы креслоға жайғасып көз алдымызда әлемге әмір жүргізіп, билеп-төстеп те отыр, ал өздерінің жақсы мінез-құлықтарына берілген лайықты өтемақы ретінде аштық — тоқтыққа, жалаңаштық — сәнқойлыққа айналды, тоңып-шашыраудың орнына олар қоңыр-салқында отыратын болды, бойрада жатып ұйқы соғудың орнына — голланд шұғасы мен дамаскілік жібек төсеніп демалатын болды... Ал енді олардың шегетін ауыртпалығы мен майдан даласындағы жауынгердің бастан кешетін ауыртпалығын салыстырып қараңыз, студент қиыншылығы жауынгер тақсіретінің ширегіне де татымайтынын қазір өздеріңіз-ақ көретін боласыздар.
ХХХҮІІІ тарау
Мұнда Дон Кихоттың әскери қызмет пен оқымыстылық жайындағы қызғылықты ой-тұжырымы баяндалады
Одан әрі Дон Кихот былай деді:
— Біз студент кедейшілігінің қандай түрі болатынын талдаудан бастадық, — енді солдат одан гөрі бай ма екен, соған келейік. Бақсақ, дүниеде солдаттан кедей ешкім жоқ екен, өйткені ол жарытымсыз жалақысына тірлік кешеді, оның өзін кешіктіріп береді, кейде тіпті бермей қояды, немесе басын қатерге тігіп және беттің арын белге түйіп тонап алғанын талғажау етеді. Киім-кешек жағының да жұтаңдығы сонша, жамаулы-жасқаулы колеті оған әрі сән-салтанатқа киетін киім, әрі көйлек орнына жүреді, қыстың қақаған суығында, айдалада ол әдетте өзінің демімен ғана жылынады, ал менің өз түсінігімше, аш адамның аузынан шыққан дем де салқын болады, ол жаратылыс заңын мойынсұнбайды. Енді мына қызыққа қараңыздар: ол да қараңғылық түскен кезде жауын-шашыннан пана табады, оны күй талғамайтын адамға тарлау көрінбейтін төсек-орын күтіп тұрады, — расында да, тақыр жерде аяғын қалай-қалай созса да немесе ақ жайманы қыртыстандырудан қорықпай, бір бүйірінен екіншісіне қанша аунаса да ерікті емес пе. Сөйтіп, міне ақыры әскери адамға арналған дәрежені алатын да шақ туады: шайқас болатын күн келеді, сөйтіп егер оқ басынан тисе, онда оған жарақат таңғыштан докторлық телпек кигізіледі, ал егер оқ басынан тимесе, демек, аяғы немесе қолы зақымға ұшырағаны. Бірақ тіпті мұндай күйге тап болмай, мейірімі мол жаратқан оны бәле-жаладан аман сақтап қалған күнде де, бәрібір, оның байып шыға келуі екіталай нәрсе, оған қоса бұл жазғанның әлі де талай айқас пен шайқасқа түсуіне тура келеді және әскери қызмет сатысымен азды-кем жоғары өрлеуі үшін барлық ұрыста жеңіске жетуі шарт, бірақ мұндай ғажайыптар сирек болады. Ал өздеріңіз айтыңыздаршы, сеньорлар, соғыста қаза тапқандармен салыстырғанда ерлігі үшін марапатталғандардың әлдеқайда аз болатыны жайында ойланып көрдіңіздер ме? Әрине, мұны салыстырудың қисыны жоқ, қаза тапқандарға сан жетпейді, ал тірі қалғандар арасындағы марапатталғандар үш орындық санмен есептеледі, деулеріңіз мүмкін. Ал, енді сот маңайындағылардың жағдайы мүлдем басқа: олар ішіп-жемнен ешқашан кенделік көрмейді, алдыңғы есіктен кіргізу мүмкін болмаса артқы есіктен кіргізіп береді, — осының бәрінен солдат еңбегінің азабы ерен, марапаты аз екенін көреміз. Бәлкім, отыз мың солдаттан гөрі екі мың сот қызметкерін марапаттау оңай ғой дейтіндердің де табылуы мүмкін, өйткені соңғылары жақсы қызметпен марапатталады, ал мұндай қызметтердің қажеттілік тууына орай тиісті кәсіп түрімен айналысатын адамдарға әрдайым беріліп тұратыны мәлім, ал солдатты жалғыз тек өздері қызмет ететін сеньордың қаражатына ғана марапаттауға болады, бірақ осының өзі-ақ менің ойымды мақұлдап тұр емес пе. Алайда бұл әңгімені қоя тұрайық, өйткені мұндай шырғалаңнан жол тауып шығу қиын, сондықтан әскери қызметтің оқымыстылықтан басымдығы жайына — осы күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселеге оралайық, себебі өз пікірін қуаттайтын жаңа дәлелдемелерді екі жақ та індете іздестіріп, көптеп тауып жатыр. Ескерте кеткен артық етпес, оқымысты адамдар өздері болмаса әскерилер де өмір сүре алмас еді дегенді айтады, өйткені соғыстың өзі де сөзсіз бағынатын заңдар бар, ал ондай заңдарды жасақтау ғылым мен оқып-тоқығаны мол адамдардың ісі, деседі олар. Әскерилер бұған дау айтып, өздері болмаса заңдар да болмас еді дейді, өйткені мемлекетті аман алып қалатын, корольдіктерді сақтайтын, қалаларды қорғайтын, жолдарды күзететін, теңіздерді қарақшылардан тазартатын өздері екенін алға тартады, — қысқасы, егер өздері болмаса, мемлекеттерде, корольдіктерде, монархияларда, қалаларда, жер бетіндегі жолдар мен теңіз жолдарында — барлық жерде, соғыс кезінде, әсіресе оған айрықша ерік пен билік берілген шақта, болып жататын айтып жеткізгісіз сұмдықтар мен жөнсіздіктер орын алар еді дегенді тілге тиек етеді. Расында, не нәрсе қымбатқа түссе, соның жоғары бағаланатыны және солай бағалануға тиіс те екені белгілі ғой, — бұл баршаға мәлім жәйт. Әжептәуір дәрежедегі заң шығарушыға айналу үшін уақыт қажет болады, табандап отырып оқып-тоқу қажет болады, киім-кешек пен ішіп-жемнен тарығуға тура келеді, бастың айналуымен, асқазанның сыр беруімен, өзім шет жағын айтып кеткен, басқа да осыған байланысты бірқатар жайлармен санаспау керек болады. Ал, енді жақсы солдатқа айналу үшін оның студент бастан өткергеннің бәрін де бастан кешуіне тура келеді, бірақ мұның шетіндігі сонша, тіпті салыстырудың өзі саппастық боп шығар еді, өйткені солдат қас қағым сайын басын қатерге тігеді. Шын мәнінде де, студенттің бойын билеген және қыр соңынан қалмай қойған кедейлік пен жоқ-жұтаңдық алдындағы қорқынышты қоршаудағы қамалда равелиндер мен кавальерлерді күзетіп тұрған, дұшпанның қамал қабырғасы астын үңгіп жатқанын сезгенімен, қарауыл орнын тастап, осынау зор қатерден қашып құтылуға болмайтынын біліп тұрған солдаттың бастан кешкен қорқынышын салыстыруға бола ма? Қолынан келер жалғыз ғана нәрсесі — бастығына белгі беру ғана, сонда бастық контрмина арқылы қатердің алдын алуға қам жасайды, ал ана жазған болса қашан бұлттарды бетке алып қанат байламай-ақ ұшып кетерін немесе қашан ықтиярынан тыс құзға құларын күтіп тікесінен тік, сірескен қалпы тұра береді. Ал егер, сіздің ойыңызша, бұл да онша үлкен қауіп көрінбесе, онда ашық теңізде екі галераның бір-бірін абордажға алмақ боп тым жақын келіп тоқайласқан сәтінде солдаттың ені екі-ақ фут таранда тұруы оған әлгіден кем қатер төндірмейтінін, тіпті одан да қауіптірек екенін айтуға болады. Бұған қоса ол тура қарсы алдынан, дұшпан жақтан, бар болғаны найза ұсынымдай ғана жерден, өзіне қарап оқталған қанша мылтық болса, сонша жанның өзіне ажал таптыруға асығулы екенін өз көзімен көріп тұрады, аяғын бір адым шалыс басса-ақ Нептунның су асты иелігін аралауға аттанып кететінін де сезіп тұрады, бірақ ар-намысы тайсақтауға жол бермей, кеудесін шімірікпестен оққа тосады, әлгі енсіз тақтайша арқылы дұшпанның кемесіне өтіп кетуге тырмысады. Бірақ, әсіресе қатты таңғалдыратыны мына нәрсе: біреуі енді қайтып ешқашан шыға алмайтын жаққа құлап кетсе-ақ болды, орнына екіншісі келіп тұра қалады, ал ол да ата жауындай аңдып жатқан теңіз толқынына тоғытылса, оның орнын өңгелері кезекпен кезек келіп баса береді, тіпті олардың қалайша аңдаусыз түрде құрдымға құлап жоғалып жатқанын да аңғара алмай қаласың, — иә, мұндай жүрек жұтқандық пен көзсіз ерлікті басқа ешқандай шайқастан жолықтыру мүмкін емес. Қорғасын оқ бүркетін мылтық дегеннің, — қарғыс атқыр өнертабысына берілер сыйлық ретінде оны ойлап тапқан жанның тамұққа жіберілгеніне сенімім кәміл, — жан түршігерлік қаһарынан хабарсыз заман қандай ғанибет еді десеңізші! Сондай мылтық қолына түскен кез-келген сүмелек қазір айбынды кавальероның, — жаудан жасқануды білмейтін, жүрек жұтқан батырлығымен өзгелерді де ерлікке жігерлендіретін кавальероның, — өмірін бір демде-ақ үзе алады: кенеттен тарс етіп атылған оқ (оны атқан адамның тіпті осынау ант атқан қарудың аузынан жарқ еткен оттан зәре-құты қалмай қорқып, қашып та кетуі ықтимал) қас қағым сәтте-ақ атпал азаматтың ой ағымын да, оған қоса ұзақ жылдар бойы жан рақатын кешуге лайық ғұмырын да үзіп кете барады. Міне, осы себептен, әлгі айтылғанның бәрін ой елегінен өткізе келіп, мынадай мейірімсіз заманда кезбе рыцарьлық қызметін таңдағаныма іштей қатты өкініп те жүрмін, өйткені өзім қандай қауіп-қатерден болсын қорықпағаныммен, бәрібір, қорғасын мен дәрі ақ білегімнің күшімен, ақ найзамның ұшымен әлемнің өзімізге мәлім барлық елінде бірдей құрмет пен даңққа бөлену мүмкіндігімнен айырады-ау деп ойлаған шағымда көңілімді күмән жайлайтын болып жүр. Бірақ, бәрі де жаратқанның ықтиярында, егер ойға алғандарымды түгел орындап шыға алсам, ең зор құрметке бөленеріме күмәнім жоқ, өйткені мен өткен ғасырлардағы кезбе рыцарьлардың ешқайсысы кезіктірмеген қауіп-қатермен күндегісін-күнде бетпе-бет ұшырасып жүрмін ғой.
Басқалар тамақ ішіп жатқанда Дон Кихот осындай ұзын-шұбақ ой-тұжырымын ортаға салды, ал өзі, Санчо Пансаның қазір ас ішетін уақыт, әңгімені кейін айтуға болады ғой деп әлденеше рет құлаққағыс жасағанына қарамастан, алдындағы дәмнен татып та алған жоқ. Осындай, бір қарағанда, әжептәуір парасатты түйін жасай алатын, көп нәрседен хабары бар адамның әңгіме арнасы әлгі аты өшкір рыцарьлық жайына ойысса болды, ақыл-естен біржола айрылып қалатынына тыңдаушылар тағы да тағы өкініш білдірді. Священник Дон Кихоттың әскери қызметтің пайдалылығын дәріптеген дәлелдемелері көңілге әбден қонымды екенін, өзі священник, оқып-тоқыған, оған қоса ғылыми дәрежесі бар адам бола тұрғанымен, оның пікірін қолдайтынын айтты.
Міне, кешкі ас та ішілді, үстелдегі ыдыс-аяқ та жиналды, сөйтіп бекетшінің жұбайы қызымен және Мариторнеспен бірге Ламанчалық Дон Кихоттың шоланын тәртіпке келтіруге кіріскен кезде, — бұл жолы онда ханымдар ғана қонып шықпақшы еді, — дон Фернандо тұтқыннан өмір тарихы жайында әңгімелеп беруін өтінді, оның осы жерде Зораидамен бірге бой көрсетуінің өзі-ақ өмір жолының өзіндік ерекшелігі барын және қызғылықты екенін аңғартатынын айтты. Тұтқын оған бұл өтінішін қуана-қуана орындайтынын, алайда әңгімесі бұларды онша қызықтыра қоймайды-ау дейтін қаупі барын, бірақ олардың дегенін орындауға әрқашан әзір екеніне көздері жетуі үшін, қалай болған күнде де, айтып беретінін мәлім етті. Священник те, басқалары да оған алғыс жаудырып, өтініштерін тағы бір мәрте қайталады, ал анау болса, жұрттың бәрі бірауыздан ықылас білдіріп жатқанын көріп, әмір етудің өзі-ақ жеткілікті жерде өтініш айтқан орынсыз болады, деді.
— Ендеше, мейірбан мырзалар мен ханымдар, мейлінше шыншыл бұл хикаяға зейін қоя құлақ салыңыздар, онымен салыстырғанда ойдан шығарылған, ұзақ ойланып-толғану мен майталман шеберліктің табы сезіліп тұратын әңгімелер сіздерге, бәлкім, онша тартымды да болмай қалар.
Осы сөзден соң бәрі өз орындарына қайта жайғасты, ешкім тіл қатып, тіс жармады, ал анау жұрттың бәрі тыңдауға әзірленіп тына қалғанын көріп, бәсең де ұнамды үнмен әңгімесін былай деп бастап кетті:
ХХХІХ тарау
Мұнда тұтқын өз өмір жолы мен бастан кешкен тауқыметтері жайында әңгімелейді
— Фортунадан гөрі жаратылыс көбірек жарылқаушылық көрсеткен менің аталарым Леон тауындағы бір елді мекенде өніп-өскен еді, — ашығын айтқанда, айнала-маңайды жоқшылық жайлап алғаны сонша, жұрттың көзіне әкем дәулетті адам секілді көрінетін, ал егер орынсыз шашып-төгуге бейім болмай, үнемшілдікке әуес болғанда ол шынымен-ақ сондай адамға айналар да еді. Оның жөнсіз жомарттығы пен ақшаны босқа рәсуа қылуға бейімдігі жас кезінде, солдаттықта жүргенде қалыптасқан-ды, өйткені солдаттық дегеннің өзі ерекше бір мектеп, онда үнемшіл — жомартқа, ал жомарт — ысырапқорға айналады, ал сараң солдат кездесе қалса, оны жер астынан шыққан жіктей көреді, өйткені мұндайлар онда өте сирек. Әкемнің мырзалығы ысырапқорлықпен шендесіп жатты, ал үйелмені бар адамды, мойнында әулетінің атағы мен абыройын балаларына мұра қылу парызы бар адамды мұндай қасиет жақсылыққа жеткізбейтіні белгілі. Әкеден үшеу едік, үшеуіміз де ер бала болатынбыз және бәріміз де өзімізге лайық кәсіп таңдайтын жасқа жеткенбіз. Өзі айтқандай, ырқына ие бола алмайтынын көрген әкем ысырапқорлығы мен ақша шашуға деген құштарлығының қайнар бұлағын ақи-тақи бітеп тастауды ұйғарды, яғни өзін-өзі дүние-мүліктен айырғанды хош көрді, ал дүние-мүліксіз Александр Македонскийдің өзі де тас сараң көрінер еді. Сөйтіп, бір күні ол үшеуімізді бөлмесіне ертіп апарды да, есікті іштен кілттеп алып, шамамен мынадай әңгіме айтты:
“Балаларым! Өздеріңді жақсы көретінімді білдіруім үшін, сендер менің баламсыңдар деген сөзді айтқанымның өзі-ақ жетеді, бірақ сендерді неге тиісті дәрежеде жақсы көрмегенімді білдіруім үшін, өздеріңе тиесілі дүние-мүлікті толық күйінде сақтай алмағанымды айтсам да болады. Міне, сондықтан, туған әке ретінде жақсы көретініме, өгей әке секілді азып-тозып кеткендеріңді тілемейтініме енді анық көз жеткізулерің үшін, байыппен пайымдай келіп, бәрін де асықпай өлшеп-пішіп, ескере отырып бір қадам жасауға бел будым. Сендер қазір өмірден орындарыңды табатын немесе, ең болмағанда, кейін өздеріңе абырой әперетін және пайда келтіретін кәсіп түрін таңдайтын жастасыңдар. Қожалығымды төртке бөлуді ұйғардым: үш бөлігін сендерге берем, ешқайсыңды алаламаймын, төртіншісін көрер күнім түгесілгенше тірлік кешуім үшін өзімде қалдырам. Алайда мен әрқайсың қожалықтың тиесілі бөлігін алғаннан кейін қазір өзім ұсынғалы отырған жолдардың бірін таңдағандарыңды қалар едім. Бізде, Испанияда, өз түсінігімше, дөп айтылған бір мақал бар, жалпы алғанда, қандай мақал болмасын дөп айтылмайтыны жоқ, өйткені бұлар, шынтуайтында, көп жасап, көпті көрген адамдардың қысқаша ой-тұжырымы боп табылады, ал енді өзім меңзеп отырған мақал: “Не шіркеу, не теңіз, не корольдің сарайы деңіз”, дейді, — басқаша сөзбен айтқанда: адам қатарына қосылғысы келгендер, оған қоса дәулет жинағысы келгендер не діни дәреже алуға тиіс, не сауда-саттық жолын таңдап, теңізбен сапар шегуі қажет, жә болмаса корольге қызметке кіруі керек, — себебі: “Сеньордың сый-сияпатынан, король дастарқанының қиқымы артық” деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған ғой. Мұның бәрін жыр ғып отырған себебім, — ал, мұны менің тілегім әрі өздеріңе қояр талабым деп біліңдер, — біреуің өз өміріңді ғылымға бағыштасаң, екіншің — сауда-саттықпен айналыссаң, ал үшіншің — король әскерінің құрамында король-ағзамға қызмет етсең деп едім, өйткені сарай адамына айналу — оңай шаруа емес, ал әскери қызметте оншалықты байып та кете алмайсың, бірақ, есесіне, зор даңқ пен үлкен құрметке ие болуың мүмкін. Бір аптадан соң әрқайсың менен тиесілі үлестеріңді ақшалай аласыңдар, соқыр тиынын қалдырмай санап берем, оны өздерің-ақ көресіңдер. Ал, енді осы сөзіммен келісесіңдер ме және тілімді аласыңдар ма, соны айтыңдаршы”.
Үлкендері өзім болғандықтан маған бірінші боп жауап беруге тура келді, сол арада мен әкемнен дүние-мүлікті бөлмеуін, өзі қанша ақша шығындағысы келсе сонша шығындай беруін өтіне бастадым, әлі жас екенімізді, ақшаны өз еңбегімізбен таба алатынымызды айттым, сөзімнің соңында оның тілегін орындауға әзір екенімді, армияға барғым келетінін, сөйтіп осы салада құдайтағала мен корольге қызмет еткенді хош көретінімді мәлім еттім. Өзімнен кейінгі інім де әуелі әкеме дәл сондай тілек білдірді, сосын Америкаға аттанғысы келетінін, тиесілі ақшасын сонда қолға алмақшы ісіне жұмсайтынын жария қылды. Кенже інім, меніңше, арамыздағы ең ақылдымыз да сол, діни қызметші болғысы келетінін немесе Саламанкада бастаған оқуын аяқтап шықпақ ойы барын айтты.
Сөйтіп, айналыспақ кәсіптерімізді өз ықтиярымызбен таңдап алған соң әкеміз бізді құшағына қысты. Берген уәдесін ол дәл уақытында орындады, үлесіміз қолға тигеннен кейін, ұмытпасам, үш мың дукаттан келді ғой деймін (жат біреудің қолына өтіп кетпеуі үшін қожалықты немере ағамыз сатып алғанын, ақысын қолма-қол ақшамен төлегенін айта кеткенім артық етпес), үшеуіміз мейірбан әкемізбен қоштастық; қартайған шағында әкемізді көк тиын қаражатсыз қалдырғанымыз адамгершілікке жатпайтынын ойлап, мен өзім сол күні-ақ оны қолымдағы үш мың дукаттың екі мыңын алуға үгіттеп көндірдім, өйткені қалған ақшаға солдат үшін не қажеттің бәрін алуға болады, деп сендірдім. Інілерім де мұнымды мақұл көріп, әкемізге әрқайсысы мың дукаттан берді; сөйтіп, әкемнің қолына төрт мыңдай тиді, оның сыртында сатқысы келмей өз иелігінде қалдырған жылжымайтын мүлкін ақшаға шаққанда шығатын үш мыңдай дукаты тағы бар еді. Сонымен, біз әкемізбен және әлгінде атап өткен немере ағамызбен қоштастық; бойымызды айрықша толқу баурап алғаны сонша, бәріміз де көзімізге жас алдық, ал әкеміз болса сәтті-сәтсіз қадамдарымыз жайында хабар-ошар жолдап тұру жағын естен шығармауымызды сұрап жалынумен болды. Біз уәде еттік, ол бізді құшағына қысып, батасын берді, одан соң бір інім Саламанкаға, екіншісі Севильяға жол тартты, ал мен өзім Аликантеге аттандым, сонда барғанымда жүн тиеген генуялық бір кеменің Генуяға жүрмекке дайындалып жатқанын білдім.
Туып-өскен үйімнен жырақ кеткеніме жиырма екі жыл болды, осы уақыт ішінде сан қайтара хат жолдағаныммен, әкем жайында да, інілерім жайында да ешқандай хабар ала алмадым. Аликантеде кемеге отырып, аман-есен Генуяға келіп жеттім, одан Миланға барып, сол жерден әскери керек-жарақ пен киім-кешек сатып алдым да, Пьемонт әскері қатарына кірдім, бірақ Алессандрия делла Паллаға бара жатқан жолда ұлы герцог Альбаның Фландрияға аттанбақшы боп жатқанын естідім. Алғашқы ойымнан айнып, соған барып қосылдым да, жорықты басынан аяғына шейін сонымен бірге өткіздім, Эгмонт пен Горн есімді графтардың өлім жазасына кесілгенін өз көзіммен көрдім, Гуадалахарада туып-өскен Дьего де Урбина есімді атақты әскер басының әмірімен ту ұстаушы дәрежесіне көтерілдім. Сөйтіп, өзім Фландрияға келіп жеткеннен кейін көп ұзамай әулиелігіңе құлдық, топырағың торқа болғыр Бесінші Пийдің ортақ жау — түріктерге қарсы Венециямен және Испаниямен одақ құрғаны жайында қауесет тарады, өйткені бұл кезде түрік флоты осы уақытқа шейін Венецияның қол астына қарап келген айтулы Кипр аралын басып алып, оны өлшеусіз өкініште қалдырып отырған-ды.
Одақтастар әскерін мейірбан короліміз дон Филипптің әкеден бір туған інісі, мәртебелі мырза дон Хуан Австрийскийдің басқаратыны мәлім болды, сондай-ақ соғысқа айрықша дайындық жасалғаны жайында да айтылып жатты, — осының бәрі мені ерекше еліттіріп, алдағы жорыққа қатысуға құлшындырды. Орайы келген бойда-ақ ұзамай капитан атағын береміз деп үміттендіріп, тіпті ашықтан-ашық уәде беріп жүргендеріне қарамай, бәрін тастап кете бармақ болдым және солай істедім де, сөйтіп Италияға келіп жеттім, сәтіне сай келген кездейсоқтық шығар, тап сол кезде сеньор дон Хуан Австрийский венециялық флотпен бірігу үшін Генуядан Неапольға аттанғалы жатыр екен, екі әскер ақыры Мессинада бірікті ғой. Қысқасы, осынау айы оңынан туған жорыққа мен инфантерия капитаны шенінде қатыстым, бұл жоғары шенге, шынымды айтсам, сіңірген еңбегім арқылы емес, жолым болғыштығы арқасында ие болғам. Бірақ, христиандар үшін осынау ерекше зор қуанышқа толы күні, түріктерді теңізде жеңетін ешкім жоқ деген алдамшы ойдың жетегінде жүрген барша әлем мен жер бетіндегі барша халықтың көзі ақыры ашылған күні, тап сол оттомандық менмендік пен тәкаппарлықтың күлі көкке ұшқан күні деймін-ау, соншама көп бақытты жандар арасында (өйткені, бұл айқаста шейіт болған христиандар — тірі қалып, жеңіп шыққандардан да гөрі бақыттырақ) жалғыз мен ғана бақытсыздыққа ұшырадым; егерде мұндай оқиға Ежелгі Рим заманында орын алған болса, онда басыма теңізшілерге арналған жеңіс гүлдестесін кием бе деп дәмеленуіме болар еді, бірақ оның орнына тап сол қуаныш шуағын шашыратқан күнді ауыстырған түнде қолыма бұғау, аяғыма кісен салынды. Бұл былай болды. Алжир королі Улудж-Али, өжет те өте бір жолы болғыш теңіз қарақшысы, Мальта орденінің флагмандық галерасына тап беріп, тас-талқанын шығарды, нәтижесінде онда бар-жоғы үш-ақ жауынгер тірі қалды, олардың өзі де ауыр жарақаттанғандар болатын, бірақ сол арада оған Джованни Андреаның флагмандық галерасы көмекке ұмтылды, ал мен өз ротаммен сол кемеде болатынмын. Осындай жағдайдағы дағдылы дәстүр бойынша мен дұшпанның галерасына секірдім, бірақ дәл осы сәтте біздің кеме мен галераның арасы алшақтап кетті де, солдаттарым соңымнан ілесе алмай қалды, нәтижесінде жаудың ортасында жалғыз қалып, олар көп болғандықтан қарсылық көрсете алмадым, — қысқасы, жарақаттан сау-тамтығым жоқ қалпымда оларға тұтқынға түстім. Бәлкім, өздеріңіз де білетін шығарсыздар, сеньорлар, Улудж-Али күллі эскадрасымен бірге қашып құтылды ғой, сөйтіп мен оның қолына тап болдым — соншама көп мәз-шат жарандар арасындағы жалғыз ғана қайғы шегуші, соншама көп бостандық алушылар арасындағы жалғыз ғана тұтқын мен болдым, өйткені түрік кемелерінде ескекшілік еткен он бес мың христиан сол күні ақыры арманға жетіп, азаттық алған-ды.
Мені Константинопольге алып келді, сол тұста Селим сұлтан осы айқаста өз міндетін мүлтіксіз орындағаны үшін, ерлігінің айғағы ретінде Мальта орденінің туын алып келгені үшін қожайынымды генерал-адмирал етіп тағайындады. Арада бір жыл өткенде, яғни жетпіс екінші жылы, адмирал кемесінде ескекшілікте жүріп Наварин шайқасының куәгері болдым. Түрік флотын айлақта басып алу мүмкіндігі қалай қолдан шығып кеткенін өз көзіммен көрдім, өйткені түріктің барлық теңіз және құрлық жаяу әскері өздеріне сол айлақтың өзінде шабуыл жасалады деп күтіп жатқан, сондықтан, бостан босқа қырылып қалғылары келмей, құрғақпен қаша жөнелу үшін киім-кешектері мен башмақтарын (түріктер аяқ киімдерін осылай атайды) дайын ғып отырған: біздің флот оларға осындай орасан зор үрей төндірген болатын. Алайда, бәрі басқаша боп шықты — бірақ, бұл біздің адмиралдың кінәсінен немесе немкеттілігінен емес-ті, керісінше, христиандар күнәға батқанда және жаратқан иеміз қырын қарағанда өзімізге жаза беретін жендеттердің де табыла кететіндігінен еді. Дәл солай болып та шықты: Улудж-Али Модонаға қарай шегінді, — Наварин маңайында осындай арал бар, — сөйтті де, әскерін түсіріп, айлаққа кірер ауызды бекітіп тастады, сол арада сеньор дон Хуан қайтып оралғанша тапжылмай отырды да қойды. Осы жорықтың барысында біздің әскерлер Жирен Сақал дейтін атақты теңіз қарақшысының баласы басқаратын “Олжа” атты галераны қолға түсірді. Оны қолға түсірген соғыс падишасы және солдаттарының туған әкесі, қашан да жолы болғыш және қашан да жеңіліс табу дегенді білмейтін әскер басы дон Альваро де Басан, де Санта Крус маркизі, басқарған неапольдық флагмандық “Құртқа” галерасы болатын. Осы арада “Олжаның” қалай олжа етілгені жайында айтпай өте алмаймын. Жирен Сақалдың баласы аса қатыгез болатын, тұтқындарға көрсетпеген қорлығы жоқ-ты, содан “Құртқа” галерасы өздерін өкшелеп келе жатқанын және қуып жетуге таяп та қалғанын көрген ескекшілер бір демде ескектерін лақтырып тастап, жылдамырақ есуге әмір етіп бақырып-шақырып тұрған капитанды тұтып алып бір сәкіден екінші сәкіге, кеменің алдыңғы жағынан артқы жағына қарай қақпақылдай бастайды, қақпақылдау кезінде жол-жөнекей оңдырмай тістелегендері сонша, ақыры жерге түсірген кездерінде анау көп кідірмей ана дүниеге аттанып кете барады, — қайталап айтқаным артық болмас, ол тұтқындарға өте қатыгез болған-ды және шектен тыс өшпенділік туғызған-ды. Біз Константинопольге қайтып оралдық, ал келесі, жетпіс үшінші жылы, сонда отырған бізге сеньор дон Хуанның Тунисті басып алғаны, оны түріктерден тазартып, мулей Ахметтің басқаруына бергені, сонысы арқылы мулей Хамидтің, дүниедегі нағыз қаныпезер және нағыз жау жүрек маврдың, Туниске қайта оралмақ үмітін біржола үзгені мәлім болды. Бұл шығынға жаны шырқыраған сұлтан, арғы-бергі аталарына тән аярлықпен венециялықтармен бітімге келді, — бұған венециялықтар оның өзінен де көбірек зәру боп отырған-ды, — сөйтті де, келесі, жетпіс төртінші жылы, Голета мен Тунистің іргесіндегі фортты қоршауға алды, — сеньор дон Хуан форттың құрылысын аяқтап үлгермеген-ді. Осынау әскери қақтығыстардың барлығында да мен ескекте отырдым және босанып шығамын-ау деп те үміттенген емеспін, — қайткен күнде де, әйтеуір, ақша төлеу арқылы азаттық аламын-ау деген ой менде болған жоқ, өйткені бақытсыздығым жайында әкеме ештеңе жазбауды ұйғарғам.
Ақыры Голета берілді, форт та берілді, бұларды қоршауға жетпіс бес мың жалдамалы түрік әскері мен Африканың түкпір-түкпірінен жинап әкелінген төрт жүз мыңнан астам мавр мен араб қатысты, оның үстіне осынау жер қайысқан қол жеткілікті мөлшерде оқ-дәрімен және әскери жарақпен қамтамасыз етілген-ді және жер үңгумен айналысатын адамдары да айтарлықтай мол болатын, осы себепті Голета мен фортты бетінен келтіріп көміп тастау үшін әр солдаттың бір-бір уыс топырақ тастағанының өзі жетіп жататын. Бірінші боп Голета тізе бүкті, соған дейін оны ешбір дұшпан ала алмайтындай көрінетін, — оның тізе бүккені қорғаушыларының кінәсінен емес-ті, олар қамалды қорғау жолында қолдан келгеннің және өздері міндетті болғанның бәрін жасады, оның берілуіне, тәжірибе көрсеткеніндей, шөл даладағы құмда окоп қазудың оңайлығы себеп болды: әдетте екі сүйемдей қазсаң-ақ су шыға келетін, ал түріктер екі шынтақ бойы қазғанымен су көріне қоймады. Сөйтіп, олар құм толтырылған сансыз көп қапшықтан таудай биік дуал тұрғызды, бұл қамал қабырғаларынан иық асырып тұратын болды, ал қоршаудағылар қорғану мүмкіндігінен айрылып, биіктен атқылауға еш кедергі жасай алмады.
Біздің жауынгерлер Голетада қамалып жатып алмай, жазық далаға жайғасып, дұшпанның кемеден әскер түсіруін тосуы керек еді дейтін желбуаз пікірді жақтаушылар да аз болған жоқ, бірақ бұлай деп тек сырттай тон пішушілер, мұндай іске бұрын-соңды қатысып көрмегендер ғана айта алатын. Шынтуайтында, Голета мен фортта жеті мыңдай ғана жауынгер болды, қанша жерден жау жүрек болса да, осынша шағын құрамдағы әскер жазық далада дұшпанның бәленбай есе басым күшінің тықсыруын тоқтата алар ма еді? Сансыз көп әрі өшпенділікпен өңмеңдеген жаудың, оған қоса өз топырағында шайқасып жатқан жаудың қоршауында қалған, ешкімнен көмек ала алмаған қамал берілмеген де қайтетін еді? Керісінше, көпшілік адам, оның ішінде өзім де бармын, ағыл-тегіл мол қаражатты тектен-тек жеміріп жатқан осынау қырсықтың, жалмауыздың, қара күйенің жойылуы, жалғыз тек сол жеңіліс дегенді мүлдем білмеген, жаны жаннатта болғыр Бесінші Карлдың оны қалай жаулап алғанын еске түсіруден басқа ештеңеге жарамайтын (шынында да, оның онсыз да мәңгілікке сақталған және сақтала бермек атақ-даңқына арнап осының тастарынан ескерткіш тұрғызған оңды болар еді!), осынау қасіреттің қайнар көзі мен қордасының жойылуы, міне осының жойылуын айтамын, — жаратқан иеміздің Испанияға деген айрықша ықылас-пейілінің, оны өз қанатының астына алғанының белгісі шығар деп түйдік. Сондай-ақ, форт та тізе бүкті, алайда түріктердің оның әр сүйемі үшін қан төгуіне тура келді, өйткені оны қорғаушылардың тайсалмай және тайынбай шайқасқаны сонша, оған жиырма екі рет шабуыл жасаған жау жиырма бес мың жауынгерінен айрылды. Тірі қалған үш жүз адамның бірде біреуі мұздай қара көк қалпында тұтқынға түскен жоқ — бұл олардың жүрек жұтқан батырлығының дәлелі, табанды түрде қорғанғандарының, ешқайсысының майдан алаңын тастап кетпегендігінің айғағы. Валенсиялық кавальеро және жүрек жұтқан жауынгер, дон Хуан Саногера қорғаған тағы бір шағын форт немесе, дәлірек айтқанда, шығанақ жағасында тұрғызылған мұнара да берілді. Голета коменданты дон Педро Пуэртокарреро тұтқынға алынды, — ол қамалды қорғау үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған-ды, ақыры оның осылайша күйреуінің күйініші жанына қатты батқаны сонша, өзін Константинопольға қарай айдап бара жатқан жолда құсадан дүние салды. Форттың коменданты, миландық дворян, қолы ұсынақты құрылысшы әрі көзсіз батыр Габриеле Червеллон да тұтқынға түсті. Бұл екі қамалда Иоанн Шоқындырушы орденінің иегері, жаны жайсаң азамат, өз інісі, атақты Джованни Андреа Дориаға өлшеусіз жақсылық жасаған Пагано Дориа сынды талай айтулы адам қаза тапты. Оның өлімінің өкінішті болатыны — фортты ұстап тұра алмайтындарына көз жеткізген соң, уәделеріне сеніп арабтарға берілген болатын, ақыры солардың қолынан ажал тапты: ал, арабтар оны маврша киіндіріп, Табаркаға, генуялықтар иелігіндегі шағын айлаққа, дәлірек айтқанда, поселкеге, — маржан тас өндіру мақсатында генуялықтар бұл айлақта жиі болып тұратын, — жеткізіп саламыз деп уәде еткен-ді, міне тап сол арабтар оның басын кесіп алыпты да, түрік флотының сардарына апарып беріпті, ал анау оларға өзіміздің, кастильялықтардың, “Сатқындықты пайдалан, сатқындардың көзін құрт” дейтін мәтелімізде айтылғанындай шара қолданыпты: естуімізше, Дорианы тірі жеткізбегендері үшін сардар оның басын өзіне сыйлыққа әкелгендерді дарға асуға бұйырыпты.
Тұтқынға алынған христиандардың — фортты қорғаушылардың арасында Андалусияның бір аймағында туып-өскен дон Педро де Агилар дейтін жігіт болды, — фортта ту ұстаушы міндетін атқарған-ды, жұрттың бәрі оны жүректі жауынгер деп білетін және аса бір ақылды адамға балайтын, оған қоса оның өлең шығаруға деген айрықша қабілет-дарыны бар-ды. Ол жігіт жайында әңгіме қозғаған себебім, тағдырдың айдауымен ол қожайынымның құлына айналды, сөйтіп екеуіміз бір галерада бас қостық, тіпті бір сәкіде отырдық. Осы айлақты тастап шыққанға дейін-ақ әлгі кавальеро сонет түріндегі эпитафия37 іспетті, бірі — Голетаға, екіншісі — фортқа арналған екі өлең жазды. Шынымды айтсам, соларды өздеріңізге оқып берсем деп ем, өйткені екеуін де жатқа білем және бұлар сіздерге іш пыстырарлық көрінбес, керісінше, рақаттана отырып тыңдарсыздар деп ойлаймын.
Дон Педро де Агилар есімін естіген дон Фернандо серіктеріне көз салды, сол бойда үшеуі бір-біріне қарап жымия езу тартты. Тұтқын сонеттерді оқып беруге оқталып, енді бастай берген кезде дон Фернандо серіктерінің бірі:
— Оқуды жалғастырмас бұрын, мырза, рақым етіп, жаңа өзіңіз есімін атаған дон Педро де Агилардың кейінгі тағдыры не болғаны жөнінде айтып берсеңіз етті, — деп оны бөліп жіберді.
— Ол жайында білетінім мынау ғана, — деп жауап қатты тұтқын: — Константинопольде екі жылдай болды, сосын грек тыңшысының көмегімен арнаут болып киініп қашып кетті, бірақ бостандыққа қолы жетті ме, жетпеді ме, ол жағын анық білмеймін, алайда, өз ойымша, ол бостандықта болуға тиіс, — арада бір жыл өткенде ана гректі Константинопольден жолықтырып қалғам, бірақ олардың сонда қашып шыға алған-алмағанын сұраудың орайы келмеді.
— Ол бостандықта жүр, — деді кавальеро. — Дон Педро деп отырғаныңыз менің туған ағам ғой, қазір ол әйелімен және үш баласымен біздің жақта көйлегі көк, тамағы тоқ тұрып жатыр.
— Шарапаты мол жасаған, жақсылығыңа рақмет! — деп дауыстап жіберді тұтқын. — Мен үшін бұл дүниеде азаттықпен қайта табысу қуанышынан артық қуаныш жоқ.
— Оған қоса айтарым, ағамның сонеттерін жатқа білем, — деп сөзін жалғады кавальеро.
— Ендеше, бұларды өзіңіз оқып берсеңізші, менен гөрі тәуірірек оқитыныңызда күмәнім жоқ, — деді тұтқын.
— Мақұл, оқиын, — деді кавальеро. — Міне, мынау Голетаға арналған сонет:
XL тарау
Мұнда тұтқын бастан кешкен жайлардың жалғасы баяндалады
Сіздерге, дін жолында ажал тапқан,
Адыра қылып ағзаларын, жас жаны
Қанат қағып төріне қарай аспанның,
Жан рақатын жолықтырған жаннаттан;
Сіздерге, жат өңірде жан-тәнімен
Қалтқысыз адал қызмет еткен еліне;
Теңіз суын, құмын дұшпан жерінің
Жау қанымен бояған һәм өз қанымен;
Сіздерге қайсарлық емес — тек күш-қайрат
Жетпеген-ді. Жеңілісті мұндай мадақтап,
Әділін айтып, бағалаймыз жеңіс деп.
Қиратынды астында қалдыңдар жайрап,
О жақта — мәңгі өмірге, бұ жақта — атаққа
Жан қию арқылы жеттіңдер бәрің тегістей.
— Иә, бұл тап сол сонет, — деп қоштады тұтқын.
— Ал енді мынау, жаңылмасам, форт жайында, — деді кавальеро.
Мына жерде, нәрсіз-сусыз құмақта,
Оқ бораны мұнараларды қиратты,
Үш мың сарбаз ерлікпенен жай тапты,
Енді олардың жаны қазір жұмақта.
Қорқынышты білмеді олар, кектессе
Жеңе алмас еді жау оларды жабылып,
Қылыштасудан қалмаса тек талығып,
Білектерінен әл-дәрмен егер кетпесе.
Не қасіретті көрмеді бұл атырап,
Тыным бермей төнгенде жау жан-жақтан.
Қанға бөкпей және ешқашан қалған жоқ.
Бірақ, ешқашан мына сорлы топырақ
Сонша жанды жіберген жоқ жаннатқа,
Сонша тәнді құрсағына да алған жоқ.
Сонеттер барлығына да ұнады, ал жолдасы жайында жақсы хабар естіп, жаны жай тапқан тұтқын әңгімесін әрмен жалғады.
— Сөйтіп, Голета мен форт тізе бүкті, содан соң түріктер Голетаны жермен-жексен етіп күйретуге әмір етті (ал, форттың талқаны шыққаны сонша, онда қирататын да ештеңе қалмаған-ды), олар жұмысты жеделдетумен бірге жеңілдету үшін Голетаның астын үш жақтан үңгіп, дәрімен қопармақ болды, нәтижесінде осы кезге шейін ең шынжау саналған нәрсе, — атап айтқанда, қамалдың көне қабырғалары, — аспанға күл боп ұшудан аман қалды да, Фратино тұрғызған жаңа қорғанның қалдықтары қас пен көздің арасында қылжиып түсті. Ақыры эскадра жеңіс туын көтеріп, даңқ шуағына шомылып Константинопольге қайтып оралды, ал арада бірнеше ай өткенде қожайыным Улудж-Али қайтыс болды; оның Улудж-Али-Фарташ, түрікше діннен безген қотыраш дейтін лақап аты бар-ды, өйткені ол шын мәнінде де сондай болатын, ал түріктердің біреуге ат қойып, айдар таққысы келсе, адамның әлденендей бір кемшілігін немесе жетістігін желеу ететіні мәлім, — олай болатын себебі оларда Оттомандар тегіне жататын төрт-ақ әулет есімі бар, ал қалғандарына өз есімі мен әулет есімі сол адамның дене мүшесінің кемшілігіне немесе адамгершілік қасиетіне қарап беріледі. Ал, енді мына Қотырашқа келсек, сұлтанның құлдығында жүріп аттай он төрт жыл ескек есіпті, ал отыз төртке келгенінде өз дінінен безетінін мәлім етіпті; өйткен себебі, галерада өзін беттен оңдырмай ұрған түрікке тісін қайрап жүретін, ал дінінен безуі содан кек қайтаруға мүмкіндік беретін. Оның жан-жақты дарынды адам болғаны сонша, сұлтанның маңайындағылар айналысатындай айла-шарғыларға бармай-ақ Алжирдің королі атанды, онан соң генерал-адмирал лауазымына ие болды, басқаша сөзбен айтқанда, маңыздылық дәрежесі жағынан бүкіл империядағы үшінші қызметті атқарды. Ол өзі Калабрияда туып-өскен-ді, жүрегі жұмсақ болатын және құлдарына адамгершілікпен қарайтын, ал құлдарының ұзын саны үш мыңға жететін; ол қайтыс болған соң, қалдырған өсиетіне орай, құлдары сұлтанға, — қарамағындағы қай пендесі қайтыс болмасын, сұлтан оның мұрагері саналатын және марқұмның ұлдарымен бірдей мөлшерде үлес алатын, — сондай-ақ Улудж-Алидің қол астында қызмет еткен діннен безгендерге бөлініп берілді. Мен өзім Венецияда туып-өскен бір діннен безгеннің құзырына тап болдым, — Улудж-Али оны тұтқынға алған кезде ол корабльде кіші матрос екен, ұзамай-ақ Улудж-Алидің сеніміне кіріп, оның ең сүйікті кеңесшілерінің қатарына қосылыпты, ақыр соңында жер-дүниедегі ең қатыгез діннен безгенге айналды. Оның есімі Гасан Аға еді, өте бай адам болатын, Алжирдің королі боп бекіген-ді. Ол мені Константинопольдан өзімен бірге алып кетті, кеткеніме қуандым да, өйткені Алжирден Испания өте жақын ғой, — айтқандайын, басыма түскен тақсірет жайында біреуге хабарлайыншы деген ой менде болған жоқ, мен тек Алжирде тағдыр маған Константинопольдағыдан гөрі кеңпейілдеу болар деп үміттендім: өйткені, мұнда жүрген кезде қашып құтылмаққа қанша талпынғаныммен, бір де бір рет сәті түспей қойған-ды. Сөйтіп, Алжирде өзім соншалықты арман еткен нәрсені іске асырудың басқа бір жолын табармын деп ойладым, өйткені бостандыққа шығу жөніндегі үміттен ешқашан қол үзіп көрмегем, егер өзім жобалаған, жан-жақты ойластырған және іске асырған әрекетімнен ештеңе өнбесе, оған бола сары уайымға салынбайтынмын, болымсыздау, сенімсіздеу болса да мейлі сол бойда-ақ басқа бір үміттің етегіне жармаса кететінмін. Алжирдегі абақтыда, немесе түріктер атайтындай баньяда, жүргенде өзімді жүнжіп кетуден сақтаған да осы еді; бұл абақтыда корольдің құлдары — тұтқын христиандар мен кейбір тұрғылықты адамдар да, сондай-ақ алмахзанның құлдары, яғни қалалық кеңестің құлдары да бар-ды; кеңестің құлдарын қаланы көркейту жұмыстары мен басқа да жұмыстарға салатын және бұлардың бостандыққа шығуы айрықша қиын еді, өйткені олар жеке адамдардың меншігі емес, қауымның меншігі саналатын, сондықтан азаттығы үшін төлейтін ақша тапқанымен, бәрібір, бұл жайында келіссөз жүргізетін адам таба алмайтын. Мұндағы абақтыларда, әлгінде айтқанымдай, құлдар мен жергілікті тұрғын санатындағы жекелеген адамдар жататын, бұлардың басым көпшілігі бостандығы үшін өтем төлей алатындар деп есептелетін, осы себепті оларды қара жұмысқа қуалай бермейтін, өтемі қолға тигенше қарауылдаумен ғана шектелетін. Өтемі әне-міне қолға тиіп қалар деп жүрген корольдің құлдарын да осылайша басқалармен бірге қара жұмысқа тек өтемі кешігіңкіреген кезде ғана салатын; бұндай жағдайда, өтемді жеделірек жасауға ынталандыру үшін, оларды жұмысқа жегіп, басқалармен бірге орманнан ағаш кесуге жіберетін, ал бұл дегеніңіз оңай шаруа емес.
Мен де өтем төлейтіндер қатарына енгізілдім, өйткені капитан екенім анықталғаннан кейін, қаражат жағдайым жарытымсыз, ешқандай дүние-мүлкім жоқ деп сендіріп баққаныма қарамай, бәрібір дворяндар және өтем алуға болатын тұтқындар тобына жатқызылдым. Мені шынжырмен бұғаулап тастады — әрине, күзету оңайға түсуі үшін емес, тек өтем төлей алатын адам екенімді әйгілеу үшін ғана; сөйтіп, осы баньяда өтем алуға жарамды саналатын және осы мақсат үшін ғана қамалған көптеген дворянмен және басқа да айтулы адамдармен бірге тұрып жаттым. Кей-кейде, ал дәлірек айтар болсам, ылғида дерлік аштық пен жалаңаштықтан азап шегіп жүргенімізбен, бізді әсіресе қатты торықтырған жағдай — қожайынның христиандарға құлақ естіп, көз көрмеген қатыгездік жасайтынына адым аттап басқан сайын куә болатындығымыз еді. Күн сайын ол біреуді дарға асып, екінші біреуді қазыққа отырғызып, үшінші біреудің құлағын кесіп жататын, — бұның бәріне түкке татымайтын нәрсені сылтау ететін, кейде тіпті сылтау да іздеп жатпайтын, сондықтан мұның қатыгездік үшін ғана жасалатын қатыгездік екенін, оның бойында адам атаулыны жау көретін туа бітті қасиет барын түріктердің өзі де түсініп жүрді. Оның жақсы қараған жалғыз ғана адамы — Сааведра дейтін испан солдаты болды, оны түріктер де әлі ұмыта қоймаған шығар, өйткені ол онда не түрлі хикметті жасады ғой және мұның бәрін тек қапастан босап шығу мақсатында ғана істеген еді, алайда қожайыным оған бірде-бір мәрте қол жұмсаған жоқ, оны сабауға бұйрық та берген жоқ және оған жаман сөз де айтқан жоқ, ал шынтуайтына келгенде, біз жолдасымыздың ең бейкүнә деген қылығының өзі үшін ғана оны қазыққа отырғызатын шығар деп зәреміз қалмайтын, тіпті оның өзі де талай рет осындай жаза тартудан қауіптенген болатын. Егер уақыт тарлық етпегенде сіздерге бұл солдаттың ерлік істері жайында біраз қызықты нәрсе айтып берген болар ем және бұл әңгімем өз басымнан өткен жайлардан да гөрі әлдеқайда тартымды әрі таңырқауға тұрарлық боп шығар еді.
Айтайын дегенім: әрі бай, әрі атақты бір мавр үйінің терезелері абақтымыздың ауласына қарайтын, терезе дегенде бұлар нағыз терезеден гөрі мавр атаулының үйлеріндегідей болмашы ғана саңылауға ұқсайтын, ол да аз болғандай, барынша қалың, жарық жібермейтін жапқышпен тұмшалаулы тұратын. Күндердің бір күнінде мынадай жәйтке кез болдық: қасымда үш жолдасым бар, бәріміз оңаша қалған соң, — өйткені, басқа христиандар жұмысқа кеткен, — істейтін іс жоқтықтан, аяғымызда кісен барына да қарамай, абақтымыздың кіре берісінде тұрып секірмекке әрекеттеніп жатқанбыз, сол арада әлгі үй жаққа аңдаусыз көзім түсіп кетті де, тұмшалаулы тұрған сол кішкене терезелердің бірінен ұшына орамал байланған қамыс шыбық шығып тұрғанын және оны алуымызға белгі бергендей әлдекімнің шыбықты әрлі-берлі қозғап, бұлталақтатып тұрғанын байқап қалдым. Біз соған қарап қалдық, ақыры арамыздағы біреу шыбықты өзіне тастар ма екен, одан соң не болар екен, көрейін деп ұйғарды, бірақ ол таяп келе бергенде әлдекім шыбықты көтеріп алды да, бейне жақтыртпай бас шайқағандай, оны оңды-солды бұлғалады. Христиан қайтып оралды, сол бойда шыбық тағы төмен түсіп бұрынғысынша бұлғалақтай бастады. Енді екінші жолдасым кетті, бірақ ол да әлгінің кебін киді. Ақыры үшінші жігіт кетті, ол да алғашқы екеуінің сиқын тапты. Сосын мен де бағымды сынап көргім келді, сөйтіп терезенің астына келіп тұруым мұң екен, әлдекім қамыс шыбықты қолынан түсіріп жіберді де, ол абақтының ауласына, тура менің аяғымның астына келіп топ етті. Мен жалма-жан орамалды шешіп, бір ұшынан түйіншек тауып, онда он сиани, яғни сапасыздау алтыннан соғылған он теңге жатқанын көрдім: мұндай теңгелерді маврлар тұтынатын, әрқайсысы біздің он реалға татитын. Осынау олжаның мені қалай қуантып, шаттыққа бөлегенін айтып жатудың өзі артық, оған қоса мұндай жақсылықты бізге, шынын айтқанда, өзіме, кім жасағанын біле алмай дал болдым, өйткені шыбықты менен басқа ешкімге түсіргілері келмеген еді ғой, ал бұның өзі сыйлықтың маған ғана арналғанының айқын белгісі. Теңгелерді қалтама салып, шыбық сындырып тастадым да, кіре беріске қайта көтерілдім, сол арадан терезеге көз салғанымда әлдекімнің аппақ білегі терезені ашып, іле қайта жапқанын көріп қалдым. Тек сонда ғана өзімізді жарылқаған адамның сол үйде тұратын әйел екенін аңғардық, сөйтіп оған деген ырзашылығымызды білдіру үшін маврлар дәстүрімен оған сәлем ишаратын жасадық, яғни басымызды төмен салып иілдік те, кеудемізге қолымызды қойдық. Арада көп уақыт өтпей-ақ терезеден қамыс шыбықтан жасалған кішкене крест төмен түсірілді де, іле қайта жоғары көтеріп алынды. Бұл онда тұтқынға түскен христиан әйел тұрып жатқанын, бізді жарылқаған сол екенін меңзейтіндей белгі еді, алайда білегінің аппақ түсі мен білезіктерінің болуы ол ойымыздан айнытып, біз бұл, шамасы, дінінен бас тартқан христиан әйел шығар деген байламға тоқтадық: дінінен бас тартқандарға маврлар үйленетін және мұны өзіне зор бақыт санайтын, өйткені оларды өз қандастарынан жоғары қоятын. Бұл жорамалымыздың шындықтан ауылы алыс еді, солай бола тұрғанымен, сол кезден бастап біз, бейне бір солтүстіктен көз аудармайтын кеме айдаушылар тәрізді, қамыс шыбық өзімізге жол сілтер жарық жұлдыз боп елес берген терезеге телміріп қараумен ғана болдық, алайда екі апта өтсе де, қамыс шыбық та, ақ білек те, немесе басқадай бір белгі де көрінбеді. Осы уақыт ішінде бұл үйде кім тұратынын, онда дінінен бас тартқан христиан әйелдің бар-жоғын білмекке барымызды салғанымызбен, бізге ешкім пәтуалы жауап бере алмады: әйтеуір тек онда Хаджи Мурат есімді дәулетті әрі ақсүйек әулеттен шыққан мавр тұратынын, сондай-ақ оның бұрын Әл-Батаның коменданты болғанын ғана білдік, ал бұл маврлар айрықша қадір тұтатын қызметтердің бірі еді. Сөйтіп жүргенде, төбемізден сиани жаңбыры жауа қояр деп мүлдем ойламаған шағымызда, күтпеген жерден қамыс шыбық тағы көрінді, оған тағы орамал байланыпты, түйіншегі бұрынғыдан қомақтылау екен; бұл жолы да тап ана жолғыдай, баньяда өзімізден басқа ешкім жоқ болатын. Өткендегі тәжірибемізді тағы қайталадық: менен бұрын үш жолдасым барды, бірақ қамыс шыбық оларға бұйырмады, ол тек мен жақындаған кезде ғана жерге түсті. Мен түйіншекті шешіп, ішінен қырық испан алтын теңгесін және араб тілінде жазылған, соңына үлкен крест қойылған хатты таптым. Кресті сүйіп алдым да, алтын теңгелерді қалтама зытырдым, сосын кіре беріске қайтып оралдым; біз сәлем ишаратымызды жасадық, терезеден тағы да аппақ білек көзге шалынды, мен хатты оқып шығам деген ишарат жасадым, терезе тарс жабылды. Бұл оқиға бізді әрі таңғалдырды, әрі қатты қуантты, өзіміз арабша қара танымайтынбыз, хатта не айтылғанын білуге қанша құмартқанымызбен, оны оқып беретін біреуді табу бізді үлкен қиыншылыққа тіреді. Ақыр соңында мен Мурсияда туып-өскен, дінінен бас тартқан бір жігітке сыр айтуға тәуекел еттім: ол алдымда құрақ ұшып, адалдығына әрдайым иландырып жүретін, ал мен оның басқа ешкімге айтпаған, айтуға тәуекелі де бармайтын сырларына қанық едім, сондықтан құпиямды ашуға батылы жете қоймас деп ойлағам. Біліп қойғанның артығы жоқ, христиан жеріне қайтып оралудан үмітті діннен безгендердің кейбірі әдетте ақсүйек тұтқындардан алдын-ала хат жаздырып алып қояды, бұл хаттарында аталмыш тұтқындар әрқайсысы өз тұрғысынан: дінінен бас тартқан осындай да осындай — жөні түзу адам, христиандармен әрқашан кішіпейіл болды, қолайлы сәт туған бойда-ақ қашуға дайындалып жүрді, деп куәлік етеді. Мұндай куәліктерді біреулер ізгі мақсатпен жинастырады, ал өңгелері бір пайдасы тиер деген оймен жинап, арам ниетін іске асыруды көздейді: христиандар жерін тонаумен айналысып жүрген шақтарында кейде олардың адасып кетіп, тұтқынға түсіп қалатын да жағдайлары болмай тұрмайды, міне тап сол кезде әлгі куәліктерді алға тартады да, өздерінің мұнда қандай мақсатпен келгені осы қағаздардан-ақ көрініп тұрған жоқ па, деседі, — біздің мақсатымыз христиандар арасында қалу, сол үшін сіздерге түріктің қарақшы кемесіне мініп келдік, дейді. Бұл оларды жазадан аман алып қалады, сөйтіп есен-сау құтылған соң шіркеуге де шыдамдылық танытады, ал оңтайлы сәт туған бойда-ақ Бербериясына қайтып оралады да, сол баяғы кәсібіне қайта кіріседі. Бұлардың арасында аталмыш хаттарды ізгі мақсат үшін жинап, пайдаға жарататындары және христиандар арасында қалатындары да бар. Осындай діннен безгендердің бірі менің танысым болатын: бәріміз де оған мақтауын жеткізген хат жазып бергенбіз, егер өзінде сақтаулы жүрген сол қағаздарды маврлар тауып алғандай болса, оны тірідей отқа өртеп жіберер еді. Оның арабша жақсы сөйлеп қана қоймай, жаза да алатынын білетінмін. Алайда, барлық сырым мен шынымды ақтармас бұрын, оған өзім жатқан барактың қуысынан ойда жоқта бір хат тауып алғанымды айтып, соны оқып беруін сұрадым. Ол хаттың бүктеуін жазды да, мұрын астынан міңгірлеген күйі оған үңіле қарап, ұзақ зерделеді. Мен одан мұнда не жазылғанын түсінетін-түсінбейтінін сұрадым, ол өте жақсы түсінетінін, егер сөзбе-сөз аударып бергенін қаласам қалам мен сия әкеп беруім керегін айтты: өзіме сол ыңғайлырақ, деді. Біз сұрағанын тауып бердік те, ол аудармаға кірісіп, бітірген соң:
“Мынау араб хатында жазылған жайдың испан тіліндегі сөзбе-сөз аудармасы, — алдын-ала ескертіп қояйын, Лела Мәриам деген сөз барлық жерде әміршіміз Ару Мария дегенді білдіреді”, дегенді айтты.
Хаттың мазмұны мынадай еді:
“Кішкентай бала кезімде әкемнің күңі маған өз ана тілімде христианша салаатты38 үйреткен болатын және маған Лела Мәриам жайында көп әңгімелеген еді. Бұл христиан әйел дүние салды, бірақ оның жаны тозақ отына емес, Алланың мейірімді құшағына тап болғаны өзіме бек жақсы мәлім, өйткені кейін ол маған екі рет аян беріп, христиандарға баруға, өзімді өте жақсы көретін Лела Мәриаммен жүздесуге әмір етті, ал мен болсам қалай барарымды білмеймін. Мен терезеден талай христианды көрдім, бірақ тек жалғыз сені ғана нағыз дворянға балаймын. Мен жаспын әрі әдемімін және өзіммен бірге көп ақша әкете алам, — менімен бірге кете аласың ба, сол жайында ойланып көрші, сосын, анда барған соң, қаласаң, маған үйленуіңе болады, қаламасаң, оған тіреліп тұрған дәнеңе жоқ: Лела Мәриам маған күйеуді өзі-ақ тауып береді. Бұл хатты кімге оқытуға болатыны жайында ойлан, тек маврларға сенуші болма, олардың бәрі екіжүзді. Осы мені қатты мазалайды, асылы, сенің бұл жайында ешкімге ештеңе айтпағаның жақсы болар еді, себебі әкем бұл жайында біліп қойса мені құдыққа лақтырады да, үстімнен таспен бастырып тастайды. Мен шыбыққа жіп байлап төмен түсірермін, сен оған жауабыңды жалғап жібер. Егер арабша хат жаза алатын ешкімің болмаса, онда ыммен-ишарамен ұғындыр, — не айтқаныңды түсінуге Лела Мәриамның өзі көмек береді. Лела Мәриам мен Алла, сондай-ақ мына крест өзіңе жар болғай, бұл кресті күңнің өзіме тапсыруы бойынша күніне сан қайтара сүйемін”.
Бұл хаттың бізді қалай таңдандырып, қалай қуантқаны сіздерді таңғалдырмауға тиіс, сеньорлар. Соншалықты шаттанып, мәз-майрам болғанымызға қарап әлгі діннен безген бұл хаттың тектен-тек табыла қалмағанын, оның шын мәнінде арамыздағы біреуге арнап жазылғанын аңғарып қойды да, егер бұл жорамалы рас болса, өзіне сенім білдіріп, бәрін түгел айтып беруімізді өтініп, бостандыққа шығуымыз үшін өмірін құрбан етуден де тайынбайтынын айтып жалынып-жалбарына бастады, Сол арада ол мойнындағы темір кресін алып, көз жасын көлдете отырып, сол кресте бейнеленген құдайдың атымен ант беріп, күнәкар әрі жауыз адам болғанымен, оған бәрібір шын көңілден, кәміл сенетінін, ешқашан сатқындыққа бармайтынын, өзіне мәлім қылған сырымыздың бәрін түгел құпияда сақтайтынын айтты, өйткені ол хат жазған қыздың көмегімен азаттық алатынымызға, бізбен бірге өзінің де бостандыққа шығатынына, сөйтіп қасиетті шіркеу-анамыздың аясына қайтып оралу жөніндегі асыл арманының, — білместігіне және күнәға батуына байланысты ол шіркеуден шіріген жұмыртқа ретінде аласталып, біржола шеттетілген болатын, — ақыры орындалатынына үміттеніп, тіпті соған құлай сеніп те қалған еді. Осы сөздерді айтқанда оның еңіреп жылағаны және, бәлкім, шын пейілімен де шығар, өткен істеріне қатты өкініш білдіргені сонша, бәріміз сол жерде бұған бар шындықты айтқан жөн болар дегенге тоқтадық, ақыры солай істедік те: барлығын түгел жасырмай баян еттік. Оған қамыс шыбық түсірілген терезені көрсеттік, бұл үйді қаперіне алған ол онда кім тұратынын анықтау үшін қолынан не келсе соның бәрін жасауға уәде берді. Сондай-ақ, біз мавр қызының хатына міндетті түрде жауап қайтаруды ұйғардық, жазу жаза білетін адамымыз жанымызда болғандықтан, оған хатты қолма-қол айтып жаздыра бастадым; оның мазмұнын қазір өздеріңізге бір сөзін қалдырмай айтып бере алам, өйткені бұл оқиғаға қатысты елеуге тұрарлық ұсақ-түйек жайлардың бәрі әлі күнге шейін жадымнан өшкен жоқ және ақырғы демім біткенше өшпейді де. Сөйтіп, мавр қызына мынадай жауап жолданды:
“Ақ пейілді Алла жар болғай өзіңе, мейірбан ханым, сондай-ақ жүрегіңе христиан жеріне жол тарту жөнінде ой дарытқан, қасиетті құдай анасы, Мәриам әміршіміздің де шапағаты тигей саған. Мәриамға жалын, сұра одан, бәлкім ол саған әмірін қалай орындау керегін ұғындырар, — оның мейірімділігінде шек жоқ, жол тауып берері анық. Өз атымнан, сондай-ақ қасымда жүрген барлық христианның атынан, сен үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп уәде берем, ал қажет болып жатса сен үшін жан қиюға да әзірмін. Не істемек ойың барын айтып хат жаз, хабар бер, мен саған жауапты кідіртпеймін, өйткені қайырымы мол Алла бізге сенің тіліңде сөйлей де, жаза да білетін тұтқын христианды жолықтырды, оны осы хат арқылы-ақ аңғарарың кәміл. Сөйтіп, енді ештеңеге жалтақтамай-ақ бәрін жасырмай айта беруіңе болады. Христиан еліне барған соң маған күйеуге шыққың келетіні жайында жазыпсың, мен өз тарапымнан, шынайы христиан ретінде, саған үйленем деп уәде етемін, ал христиандардың өз сертіне маврлармен салыстырғанда беріктеу болатынын біліп қойғаныңның зияны жоқ. Өзіңе Алла мен оның анасы Мәриам жар болғай, аяулы ханым”.
Хат жазылып, желімденгеннен кейін маған аттай екі күн күтуге тура келді, — ақыры банья тағы да қаңырап қалды да, мен кіре берістегі дағдылы орныма барып шыбық көрінбес пе екен деп қарай бастадым, ұзамай шыбық та шошаң етіп шыға келді. Соны байқаған бойда-ақ, оны кімнің ұстап тұрғаны көзіме шалынбаса да, қолма-қол хатты көрсетіп, жіпті төмен түсіруі керегін түсіндірдім. Алайда, жіп шыбыққа жалғанып та қойған екен, соған хатымды байлап жібердім, ал арада аз уақыт өткенде ақ орамал кейпіндегі үмітіміздің жұлдызы тағы жарқ етті. Орамал жерге түскен соң, оны алып, түйіншегінен түрлі күміс және алтын теңгелерден тұратын елу эскудодан астам ақша таптым, бұл қуанышымызды елу есе арттырып, босанып шығуға деген сенімімізді нығайта түсті. Діннен безген сол күні түнде қайтып оралып, өз мәліметтері бойынша, ол үйде өзіміз әжептәуір хабардар маврдың тұратынын, аты-жөні Хаджи Мурат екенін, осынау шылқыған бай адамның зор дәулетіне мұрагер боп табылатын жалғыз ғана қызы барын, оны қала жұртшылығы Берберияда жан тең келмейтін сұлу санайтынын, қызды айттыруға талай-талай вице-корольдің келгенін, бірақ қыздың ешқайсысына шықпағанын айтты. Бұған қоса, оның христиан күңі болғанын, күңнің дүние салғанын хабарлады. Мұның бәрі хаттан өзімізге жақсы мәлім жайттардан жырақтамайтын.
Сол арада біз мавр қызын қалай алып қашуға болатыны жөнінде, сөйтіп бәріміздің христиан жеріне қалай жете алатынымыз жайында діннен безгенмен ақылдаса бастадық, ақыр соңында Зораиданың (қазір енді Мария атанғысы келіп жүрген мына қыздың есімі осындай еді) тағы бір хабарын күтуге байлам жасадық, өйткені оның көмегінсіз қиындықтардың бәрін бірдей жеңе алмайтынымызды бәріміз де бек жақсы біліп тұрғанбыз. Осыған бәтуаласқан кезімізде, діннен безген бізге босқа абыржи бермеңдер, өзім өлсем өлермін, бірақ сендерге бостандық алып берермін, дегенді айтты. Төрт күн қатарынан абақты адамға толы болды, соның салдарынан қамыс шыбық көрініс бере қоймады, ал бесінші күні, абақты тыншу тапқан бойда қайта пайда болды және жеңілденуі бақытқа жеткізетінін мегзегендей әжептәуір көлемде томпайған түйіншекпен бірге бой көрсетті. Жақындай берген сәтімде орамал байланған шыбық жерге түсті де, мен одан хат және өңкей алтын теңгелерден тұратын жүз эскудо таптым. Діннен безген осы жерде болатын, біз оны барагымызға алып кірдік, сол арада ол бізге хатты аударып та берді:
“Испанияға қалай барып жетуімізге болатынын мен білмеймін, мейірімді мырзам, Лела Мәриам да сұрағаныммен ештеңе айтқан жоқ; дегенмен, былай істеуге болатын секілді: мен саған терезеден мүмкін болғанынша көбірек алтын теңге түсіремін, ал сен ол ақшаға өзің үшін және достарың үшін өтемақы төлейсің; содан кейін біреуің христиандарға барып фелюга39 сатып алсын да, қайтып оралып қалғандарыңды алып кетсін, ал мені теңіз жағасында, Бабассун қақпасы маңайында тұрған әкемнің қала сыртындағы мекен-жайынан табасыңдар, — жаз айын әкеммен және малайларыммен бірге сол арада өткіземін. Түн қараңғысында сіздер мені ол жерден онша қиналмай-ақ алып қашасыңдар да, фелюгаға алып барасыңдар; тек байқа, маған үйленетін бол, әйтпесе Мәриамға айтып қоям, сосын ол сенің сазайыңды береді. Егер қайық сатып алуды ешкімге сеніп тапсыра алмайтын болсаң, онда өз өтемақыңды төле де, жалғыз бар, — айтқан сөзіңе бір адамдай берік екеніңе кәміл сенемін: өйткені сен дворян әрі христиансың ғой. Біздің қала сыртындағы үйімізді іздеп тауып ал, үй сыртында серуендеп жүргеніңді көрсем, баньяда ешкімнің қалмағаны маған сол бойда-ақ түсінікті болады, сол жерде саған көп ақша берем. Алла жар болғай өзіңе, мейірімді мырзам”.
Бұл екінші хатта міне осындай жайттар мәлім етілген болатын, оны оқып шыққан бойда бәріміз бір ауыздан өтемақы төлеп босанғымыз келетінін жария қылдық, фелюга сатып алуға барғымыз келетінін айттық және уақытылы қайтып оралуға уәде бердік, олардың қатарында, әрине, мен де болдым; бірақ, діннен безген біздің бұл тілегімізді табан астында тойтарып, ішіміздегі біреудің бостандыққа басқалардан ертелеу шығуына жол бермейтінін мәлім етті: босанып шыққандар тұтқында жүргенде берген уәделерін жарытымды орындамайтынын өз тәжірибемнен білем, деді ол, өйткені тұтқында жатқан ақсүйектер мұндай тәсілді талай мәрте қолданып көрген: жолдастарының бірін өтемақы төлеп босатып алып, қалтасына ақша салып, Валенсияға немесе Майоркаға аттандырған, анау ол жақтан фелюга сатып алған соң өзіне өтемақы төлегендерге қайтып оралуға тиіс-тін, бірақ қайтып оралған бірде-бір адам болмапты, — қол жеткен бостандық пен оны қайтадан жоғалтып алу қорқынышы оларды уәде-серт атаулының бәрін тарс есінен шығаруға мәжбүр ететін көрінеді. Осыған мысал ретінде ол бізге әлдебір ақсүйек әулеттен шыққан христиандардың басынан таяуда ғана өткен, не түрлі таңдай қақтырарлық сұмдықтар қас қағым сайын дерлік болып жататын бұл аймақтағы ең бір ерекше сұмдық саналатын сондай бір оқиға жайында қысқаша түрде баяндап берді. Қысқасы, оның айтқан әңгімесінен аңғарғанымыз: христиандардың бірінің өтемақысы үшін өзімізге табыс етілген ақшаны оның қолына ұстатуға тиіс болады екенбіз, ол бұған осы араның өзінен, Алжирден, Тетуанмен және жағалаудағы елді мекендермен сауда-саттық жүргізем деген желеумен фелюга сатып алмақ, ал фелюга қолға түскен бойда-ақ ол бізді абақтыдан қалай алып шығып, фелюгаға қалай отырғызу жайын қолма-қол бірыңғайламақ. Ал егер мавр қыз уәдесінде тұрып бәрімізді сатып алуға жететін ақша берсе, онда тіптен жақсы, өйткені бостандыққа жіберілген адамдар фелюгаға тапа талтүсте де отыра алады. Ең басты қиындық, деді ол, қарақшылық жасауға арналған дәу кеме болмаса, діннен бас тартқандарға маврлар басқа ешқандай кеме сатып алуға да, ондай кемеге қожалық етуге де рұқсат бермейді, өйткені кемені сатып алушы, әсіресе ол өзі испан болса, оны басқа ешқандай мақсатқа емес, жалғыз тек христиандарға қарай қашу үшін ғана алады деп қауіптенеді. Бірақ, ол бұдан шығар жолды да ойластырып қойыпты: ол фелюганы әлдебір тагарин-маврмен бірлесіп, ақшасын теңдей төлеп сатып алмақ, оған болашақта түсетін пайданың жартысын беруге уәде етпек, сөйтіп осы желеумен кеме билігін өз қолына алмақ, ал қалған шаруаны реттеу мұның өз міндеті боп табылады. Ол осылай дегенімен, маған да, серіктеріме де мавр қызының ақылын тыңдап, Майоркадан фелюга әкелуге басқа біреуді жібергеніміз жөн секілді боп көрінген еді, алайда мұның айтқанына көнбесек, бәрімізді түгел ұстап бере ме деген қорқыныштан оған қарсы келе алмадық, өйткені өзіміз жан құрбан етуге құмбыл Зораидамен арамыздағы әңгіме ашылар болса, онда тек оның ғана емес, біздің де өміріміз харап болары анық-ты. Сол үшін тағдыр-талайымызды жаратқан иеміз бен діннен безгеннің қолына тапсырғанды дұрыс деп таптық, сөйттік те сол секундта-ақ Зораидаға жауап жаздық, онда ақыл-кеңестерін бұлжытпай орындайтынымызды, өйткені құдды бір Лела Мәриам құлағына сыбырлағандай өзі бәрін өте оңтайлы етіп ойластырғанын, енді бұл істі кейінге қалдырған жөн бе әлде қолма-қол жүзеге асыру керек пе, бұл жағы тек оның өзіне ғана байланысты екенін айттық. Сонымен бірге, оған үйленетінім жайында тағы бір мәрте уәде еттім. Ертеңіне, бақытымызға қарай, банья тағы қаңырап бос қалды, сосын Зораида шыбық пен орамалдың көмегі арқылы бірнеше мәрте әрекеттеніп, бізге екі мың алтын теңге мен хат жіберді; хатында ол алдағы жұмада әкесінің қала сыртындағы үйіне баратынын және онда кеткенінше біздерге тағы ақша беретінін, ал егер бұл да аздық ететін болса, онда біздің міндетіміз қанша керегін айту ғана екенін, ал өзі қанша сұрасақ сонша тауып бере алатынын: әкесінде ақшаның көптігі сонша, мұны аңғармай да қалатынын, кілттің бәрі өз қолында екенін хабарлапты. Біз фелюга сатып алуы үшін діннен безгенге сол бойда-ақ бес жүз эскудо бердік, ал сегіз жүз эскудоны мен сол кезде Алжирде жүрген валенсиялық бір саудагерге өзімнің өтемақым үшін бердім, — ол мені корольден кепілдік ету арқылы сұрап алды, өтемақыны Валенсиядан кеме келген бойда төлеуге уәде етті. Ал егер өтемақымды қолма-қол төлесе, онда өтемақының ақшасы Алжирге әлдеқашан келген ғой, саудагер содан үнем айырмаққа үндемей жүрген ғой деп корольдің күдік алып қалуы кәміл еді. Бір сөзбен айтқанда, қожайынымның шектен тыс күдікшілдігі салдарынан оған ақшаны бірден төлеуге батпадым. Жұма күні аяулы Зораида қала сыртындағы үйге жүрмекші еді, ал бейсенбі күні ол бізге тағы да мың эскудо берді, сосын ертеңгі сапары жайында құлаққағыс етіп, егер өзімді босата қалған жағдайда қала сыртындағы үйдің орналасқан жерімен тезірек танысуымды, қандай да болсын бір сылтау тауып үйге кіріп, өзімен жолығысуымды сұрады. Мен қысқаша ғана жауап қатып, бәрін айнытпай орындайтынымды хабарладым, өзімізді Лела Мәриамға тапсыруын, тұтқын әйел өзіне үйреткен дұғаларды түгел оқып шығуын сұрадым. Одан соң үш серігімнің өтемақысы төленді, — олардың абақтыдан шығуын жеңілдету үшін, сондай-ақ, өзіме өтемақы төленгенімен, ақша бола тұра өздеріне ештеңе төленбегеніне реніш білдірмеуі үшін және шайтан азғырып Зораидаға әлденендей бір қиянат жасамауы үшін осылай істеуіме тура келді. Шындығында, жігіттерді жақсы білетіндіктен мұндайдан қауіптенбеуіме де болар еді, дегенмен ойға алған ісіміздің әлде бір жерінен ши шықпауын қалағам, сондықтан бұлардың өтемақысын да тап сол өзіме төлегендей тәсілмен төледім, яғни саудагердің оларды абыржып-алаңдамай, күдік тудырмай кепілдікке алуы үшін ақшаны қолына алдын-ала беріп қойдым, алайда астыртын әрекетіміз бен құпия істеріміз жайында оған ләм деп ештеңе айтқан жоқпыз, өйткені бұл бізге өте қауіпті көрінді.
ХLІ тарау
Мұнда тұтқын әңгімесін одан әрі жалғастырады.
Арада екі аптадай уақыт өтер-өтпесте діннен безген отыздан аса адам сиятын тамаша фелюга тапты. Көздеген мақсаты күмән тудырмасы үшін және нанымды көрінуі үшін ол Оранға қарай жүргенде Алжирден отыз шақырымдай жердегі, кептірілген інжірмен ірі көлемде сауда жасалып жатқан Сарджелге фелюгамен сапар шегуге ниет қылып, ақыры сонда саяхат жасап та келді. Әлгінде өзім айтып өткен тагаринмен бірге кейін онда тағы бірнеше рет болып қайтты. Берберияда тагарин деп арагондық маврларды атайды, ал гранадалық маврларды — мудэхар дейді, Феццан корольдігінде мудэхарлар эльч деп аталады, феццандық корольдің әскері де негізінен осылардан тұрады. Айтайын дегенім, жолай діннен безген шағын қойнауға, Зораида өзімізді күтіп жатқан үйден арбалеттің оғы екі атылғанда да жетіңкіремейтін жерге міндетті түрде тоқтап, зәкір тастайтын. Әрине, оның бұл араға тоқтауында өзіндік мән бары белгілі ғой, кейде ол ескекші маврлармен бірге осы арада салаат оқитын, ал кейде тіпті, тәжірибе жинай берейін дегендей, ұзамай шындап іске асырмақ шаруасын қалжың түрінде орындап та жүретін, атап айтқанда: Зораиданың үйіне кіріп, жеміс-жидек сұрайтын, Зораиданың әкесі оны танымаса да, әйтеуір өтінішін аяқсыз қалдырмайтын. Кейін маған діннен безгеннің өзі айтқанындай, Зораидамен тілдеспекке, оны христиандарға алып бару жөнінде өзіне тапсырма бергенімді, ештеңеге қам жемеуіне, алаңдамауына болатынын хабарламаққа қанша талпынса да ештеңе өнбепті, өйткені әкесі немесе күйеуі әмір етпесе мавр қыз-келіншектері әдетте маврлармен де, түріктермен де жүз көріспейді, есесіне олар христиан тұтқындармен әңгімелесуден бой тартпайды, ондай жүздесулердің кейде тіпті шамадан тыс ұзаққа созылып кететіні де бар. Ол Зораидамен сөйлесе қалғандай болса, бұл маған онша ұнамас та еді: өз тағдыры діннен безгеннің қолында екенін көрген қыздың тынышы кетуі әбден мүмкін еді. Қайткен күнде де әйтеуір, діннен безгеннің бұл тәуір ниетінің орындалуын құдай қош көрмеген-ді, ал діннен безген болса, Сарджелге дейін және кері қарай еш кідіріссіз барып-келуге болатынына, қай жерге, қашан және қалай көңілі соқса солай зәкір тастауға ерікті екеніне, тагарин серігі айтқанын екі еткізбей тыңдайтынына, ал менің өтемақым төленіп те қойылғанына, олай болса енді тек христиандар арасынан ескекшілер іздеп табу ғана қалғанына көзі жеткен соң, маған өтемақысы төленгендерден тыс тағы кімдерді алуымызға болатынын ойластырып, олармен алдағы жұмаға келісіп қоюым керегін айтты, өйткені сол жұма күні аттанамыз деп бәтуаласқанбыз. Мен қаланы емін-еркін тастап шыға алатын әрі ескек есудің майталманы боп табылатын он екі испанды тауып, уағдаластым, осынша адамды іздеп табу маған да оңайға түскен жоқ, өйткені қарақшылардың жиырма кемесі барлық ескекшіні алып кәсіптерімен айналысуға аттанып та кеткен-ді, сондықтан егер қожайындары верфьте тұрған галиоттың құрылысын аяқтау үшін жаз айларын айлақта өткізуге ұйғарым жасамағанда бұлардың өзін таба алмаған болар ем. Осы он екі ескекшіге мен бар-жоғы тек алдағы жұма күні, кешкісін, құпия түрде және жеке-дара қаладан шығып, өзімді Хаджи Мурат үйі жанында күтіп алуы керегін ғана айттым. Бұл тәртібімді олардың әрқайсысына жеке-жеке құлағдар қылдым және жолай ұшырасқан басқа христиандарға өзімді сол арадан күт деп әмір етті, дегеннен басқа ештеңені тісінен шығармауды тапсырдым. Бұны бірыңғайлағаннан кейін, бұдан да зор құлшыныспен екінші шаруаға кірістім: Зораиданы не болып, не қойып жатқанынан хабардар етуім керек-ті, мұның бәрін алдын-ала білген ол дайын боп отыратын, христиандардан фелюга келеді деп мөлшерлеп қойған мерзімінен ертелеу, күтпеген жерден тап бергендей болсақ қорқынышқа бой алдырмайтын. Сөйтіп, жол жүрер қарсаңында оған барып, өзімен тілдесудің бір амалын табуға бекіндім. Оның үйіне тағамдық шөп жинайтын кісі секілді боп бардым және ол арадан алғаш жолықтырған адамым әкесі болды: ол менімен күллі Берберияда, сондай-ақ тіпті Константинопольде де, тұтқындар мен маврлар арасында қолданылатын тілде, — маврлардың да, кастильдіктердің де, басқа бір тайпаның да тілінде емес, барлық тілдің қойыртпағы боп табылатын, бірақ бәрімізге түсінікті тілде, — тілдің осы бір өзгеше түрінде бағында не істеп жүргенімді және кім екенімді сұрады. Мен оған арнаут Мамидің басыбайлысы екенімді (арнаут Мами ең жақын досы екенін жақсы білетінмін), салат жасауға қажет шөптерді іздестіріп жүргенімді айттым. Одан соң ол өтем төлейтіндер қатарына жататын-жатпайтынымды және өзім үшін қожайыным қанша сұрайтынын білгісі келді. Екеуіміз осылай әңгімелесіп тұрғанда, келгенімді әлдеқашан байқаған сүйкімді Зораида да үйден шыққан-ды. Мавр қыз-келіншектері, қайталап айтайын, христиандар алдында жүз көрсетуден ұялмайтындықтан және олармен тілдесуден жалтармайтындықтан, ол бізге қарай бет алуды өзіне сөкет көрген жоқ. Ол аз болғандай, бізге қарай жай басып жақындап келе жатқанын көзі шалған әкесі оны сол бойда-ақ қасына шақырып алды.
Аяулы Зораидамның көрерге көз керек сұлулығы мен сымбатын, сондай-ақ сонда үстіне киіп шыққан киімдерінің сәні мен салтанатын суреттеуге сөзім жетпейді, айтайын дегенім тек үлбіреген мойнындағы, құлағы мен шашындағы інжулер басындағы шашынан да көп болатын. Сол елдің салты бойынша жалаңаш жүретін тобығына таза алтыннан құйылған каркаджилер (аяққа салатын шығыршықтар немесе білезіктер мавр тілінде осылай аталады) салынған еді және бұлардың сансыз көп гауһармен көмкерілгені сонша, кейін Зораидадан сұрап білгенімдей, әкесі бұл екі каркаджиді он мың дублонға бағалайды екен, сондай-ақ оның білегі де осынша тұратын. Әшекейлері арасында інжу өте көп еді және бәрі де айрықша көркем еді, өйткені мавр әйелдері ірілі-ұсақты інжулерді сән-салтанат пен мақтанның затына балайтын, маврлардағыдай аса мол інжудің басқа ешбір халықта кезікпейтіні де сондықтан; ал Зораиданың әкесі жайында жұрт оның тек Алжирдегі ең көп тәуір інжудің ғана қожасы емес, сонымен бірге ақшалай екі жүз мыңнан астам испан эскудосының да иесі екенін айтатын, соның бәрін қазір өзіме әмірін жүргізіп жүрген жан билеп-төстейтін. Осындай әсем киім-кешек, әшекейімен бой көрсеткен ол маған әдемі көрініп пе еді? Талай тауқыметті бастан өткеріп, жырым-жырымы шыққан мынадай киіммен алдарыңызға келіп отырған бұл қызға зейін салып қарасаңыз төрт құбыласы түгел кезінде қандай болғанын аңғарар едіңіз. Кей әйелдің ажар-көркінің өз уақыты, өз кезеңі болатыны белгілі, әлденендей бір кездейсоқтықтан олар не жүнжіп кетеді, не жайнай түседі, сондықтан жан дүниесінде болған бұлғақтың салдары олардың сүйкімін асыратыны немесе сүйкімін қашыратыны, көбіне-көп кеспірсіздендіріп жіберетіні де әбден табиғи нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, сонда алдымнан шыққан кезде ол үріп ауызға салғандай боп киімі де, өңі де гүл жайнап тұрған еді, — әйтеуір, бұрын-соңды ешқашан мұндай сұлулықты көрмеген секілді болдым. Сол арада, өзіме қандай жақсылық жасағаны есіме түсе кеткен сол бір кірпік қағымда, маған бұл өзіме бақыт сыйлау үшін және өзімді құтқарып алу үшін аспаннан жерге түскен періште ғой дейтін ой келді. Қасымызға жақындаған кезде әкесі оған досы арнаут Мамидің басыбайлысы екенімді, мұнда салатқа арнап шөп жинауға келгенімді айтты. Бұдан соң қыз да әңгімеге араласып, әлгінде өзім айтып өткен қойыртпақ тілде менен дворянмын ба, кім екенімді және не себепті осы уақытқа шейін өтемақы төлемей жүргенімді сұрады. Оған өтемақым төленіп те қойғанын және ақыма қарап-ақ қожайынымның мені қалай жоғары бағалайтынын білуге болатынын: өтемақы үшін оған мың бес жүз султан төлеуге мәжбүр болғанымды айттым. Ол маған былай деп жауап қайтарды:
“Егер әкемнің басыбайлысы болсаң және сен үшін әкеме әлгіден екі есе көп төлегелі тұрса да, бәрібір мен оны келіспеуге үгіттеп көндірген болар ем: сендер, христиандар, адым аттаған сайын өтірік айтасыңдар, жоқ-жұтаң боп көрінгілерің келеді, сөйтіп маврларды алдайсыңдар”.
“Бәлкім, кей кездері солай болатын да шығар, сеньора, — дедім мен, — бірақ қожайыныма мен барымды бардай, жоғымды жоқтай қып айттым, бұрын да осылай шынымды айтушы ем және болашақта да бұл әдетімнен айни қоймаспын”.
“Сонда сен қашан кетпекшісің?” деп сұрады Зораида.
“Ертең кетем-ау, деймін, — дедім мен, — ертең француз кемесі зәкір көтермек, сонымен жүріп кетсем бе деп тұрмын”.
“Одан да испан кемелерін күткенің, солармен бірге кеткенің жөн емес пе? — деп қарсылық білдірді Зораида. — Себебі, француздар сіздерге дос емес қой”.
“Жоқ, — дедім мен, — егер испан кемелері жайындағы хабарлар жалған боп жүрмесе, мен, әрине, күткен де болар едім, бірақ, абзалы, ертең кететін шығармын, өйткені отаныма қайтып оралуға, жанымдай жақсы көретін адамдарыммен жүздесуге ынтығып жүргенім сонша, сапарымды кейінге қалдыра тұруға еш құлқым жоқ, тіпті кейін бұдан да қолайлы жағдай туып қалуы мүмкін екеніне де қарамаймын”.
“Шамасы, еліңде әйелің қалған ғой, қазір енді сонымен жүздесуге ынтығып тұрған болдың ғой?” деді Зораида.
“Жоға, мен бойдақпын, — деп жауап қаттым мен, — бірақ, отаныма барған бойда үйленем деген сөзім бар”.
“Ал, ол қыз сұлу ма — әлгі сөз берген қызыңды айтам?” деп сұрады Зораида.
“Оның қандай сұлу екенін сипаттап жеткізе алмаймын, айтарым тек мынау ғана: ол саған өте ұқсас”, деп жауап бердім мен.
Осы жерде Зораиданың әкесі мәз боп күліп жіберді де, былай деді:
“Оллаһи-білләһи, христиан, егер менің қызыма ұқсайтын болса оның өте әдемі болғаны: өйткені, менің қызым — бүкіл корольдіктегі ең сұлу қыз саналады ғой. Сенбесең, зейін сала көз тігіп көр, шын айтып тұрғаныма сонда өзің-ақ иланатын боласың”.
Түрлі тілді жетік білетін адам ретінде Зораиданың әкесі осы әңгіменің ұзына бойында дерлік бізге тілмаштық етті, өйткені қызы сол аймақтарда қолданылатын, жаңағы бір әзірде өзім айтып өткен, дүбәра тілде сөйлегенімен, өз ойын сөзден гөрі көбіне-көп ым-ишара арқылы білдірумен болған. Әңгімеміз аяқталып келе жатқанда кенет бір мавр жүгіріп келді де, төрт түріктің бақ дуалынан секіріп өтіп, әлі піспеген жемістерді жұлып жатқанын айтып айқайлады. Шал шошып кетті, Зораиданың да зәресі ұшты, — бұл түрік тепкісінде жүрген маврлардың дағдыға сіңген, қалыпты деуге боларлық қорқынышы еді, өйткені аналар, әсіресе, түрік солдаттары, өздерін өктем ұстайтын, маврларға ойына не келсе соны істеп, құлдан бетер қорлайтын. Сол арада әкесі Зораидаға былай деді:
“Қызым! Үйге кір де, іштен кілттеніп ал, мен барып ана иттермен сөйлесейін, ал сен, христиан, шөбіңді жина, сосын — жолың болсын, еліңе есен-сау оралуыңа бір Алланың өзі жар болсын”.
Мен оған басымды иіп құрмет көрсеттім, сосын ол Зораида екеуімізді оңаша қалдырып, түріктерге кетті, Зораида болса, әкесінің әміріне көніп үйіне қарай жүре түсті де, әкесі ағаш арасына еніп көрінбей кеткен бойда-ақ маған қайтып келіп, жасты көзбен жаутаң қағып:
“Тамши, христиан, тамши?” (“Кетіп бара жатырсың ба, христиан, кетіп бара жатырсың ба?”) деді.
Мен оған:
“Иә, сеньора, бірақ сенсіз ешқайда аттап баспаймын. Мені алдағы жұмада күт және бізді көргенде шошып кетпейтін бол. Біз міндетті түрде христиандарға кетеміз”, дедім.
Оған бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп бергенім сонша, әңгімемізде ол үшін екіұшты көрінетіндей ештеңе қалған жоқ, сөйткен соң ол мойныма білегін ораған күйі бұратыла басып үйіне қарай жүрді, ал мұның нәтижесі, егер құдірет қисынын басқаша етіп келтірмегенде, біз үшін өте жайсыз болатын еді, анығырақ айтқанда: әлгінде құлаққағыс еткенімдей, екеуіміз құшақтасқан күйі келе жатырмыз, әкесі түріктерді қуып жіберген, қайтып оралған, қарап тұр — мына жерде екеуіміз қыдырып келеміз, оның өзімізді көріп тұрғанын біз де көріп тұрмыз, алайда тапқыр да зерек Зораида қолын алған жоқ, керісінше, ол маған бұрынғыдан да бетер тығыла түсті, басын кеудеме сүйеп, тізесін сәл бүгіңкірей қойды, — осы қылығы арқылы ол бір жайсыздыққа ұшырағанын айқын да анық аңғартып берген еді, ал мен болсам оны сүйемелдеуге мәжбүр боп келе жатқандай түр жасай қойдым. Қасымызға жүгіре басып жеткен әкесі қызының қандай халде екенін көріп, не болғанын сұрады, бірақ жауап алмаған соң:
“Сөз жоқ, әлгі иттердің шапқыншылығынан шошынған, содан есеңгіреп қалған”, деді.
Сол арада ол қызын менің кеудемнен жұлып алып өз кеудесіне басты, ал Зораида ауыр күрсінді де, жасаураған көзін сығырайта ашып:
“Амши, христиан, амши!” (“Кет, христиан, кет!”) деді.
Әкесі болса, оған былай деп жауап қатты:
“Христианды қумай-ақ қой, қызым, ол саған ешқандай жамандық жасаған жоқ, ал түріктер кетіп қалды. Қорықпа, — шыныңмен-ақ ештеңеден қорықпауыңа болады: жаңа айттым ғой, түріктерге аман-сау тұрғанда жөндеріңді табыңдар дедім”.
“Дұрыс айтасыз, сеньор, қызыңызды шошытқан солар, — дедім мен, — ал қызыңыз кетуге әмір етіп тұрса, онда мазасын алмай-ақ қояйын. Саушылықта болыңыздар. Қажет боп қалған жағдайда, рұқсат етсеңіз, бағыңыздан салатқа шөп жинау үшін тағы келем, — қожайынымның айтуынша, осындай жақсы шөп басқа ешбір бақта жоқ көрінеді”.
“Қашан келгің келсе, сонда келе бер, — деді Хаджи Мурат, — қызымның саған бұлай дегені, өзіңді немесе христиандар арасындағы тағы біреуді жек көргендігінен емес, — “кет” деген сөзді ол түріктерге арнаған еді, бірақ саған қаратып айтты, бәлкім, шөп жинайтын уақытың болғанын мегзеген шығар”.
Сол жерде мен олармен қоштастым. Зораиданың көңілі астан-кестең болғанында күмән жоқ-ты, ол әкесімен бірге кетті де, мен шөп жинаймын деген желеумен аспай-саспай, бүкіл бақты қалағанымша аралап шықтым: кіретін-шығатын жерлерін аңдадым, ысырмаларының беріктігін тексердім, ойға алған ісіміздің оңды боп шығуына септігін тигізер басқа да жайларды барладым. Сосын көрген-білгендерім жайында діннен безген мен серіктеріме егжей-тегжейлі есеп бердім, сөйткен соң тағдыр өзіме сүйкімді де таңғажайып Зораида кейпінде тарту еткен бақытымның ләззатын алаңсыз тататын сәттің жақындауын тосып жанымды қоярға жер таппадым. Уақыт өтіп жатты, ақыры ұзақ күттірген сәт те келіп жетті, сөйтіп байыпты түрде ойластырып, сан мәрте талқылаудан өткізгеннен кейін ғана барып белгілеген жоспарымызға сәйкес, арманды нысанамызға да жеттік: өзім Зораидамен бақта әңгімелескен күннің ертеңіне, дәлірек айтқанда, жұма күні, діннен безген іңір қараңғылығы қоюланған бойда Зораида үйінің тура қарсы алдына дерлік келіп зәкір тастады.
Алдын-ала құлағдар болған, ескек есуге тиісті христиандар үй маңайында әр жерде тығылып жатыр еді. Өздерінен қол созымдай жерде ғана тұрған фелюгаға тап беруге құлшынып, мені тағатсыздана күтіп алағызып жатқан: себебі, діннен безгенмен арадағы уағдаластығымыздан олар бейхабар болатын, — бостандыққа өз күшімізбен жетеміз, фелюгадағы маврларды жайратып саламыз деп ойлаған. Серіктеріммен бірге сол маңайдан бой көрсеткенімде, тығылған жерлерінен атып-атып шықты. Бұл кезде қала қақпалары жабылып жатқан, жағалауда да жан баласы жоқ-ты. Сол арада біз бірден тартып Зораидаға барған жөн бе әлде ескектерде отырған теңізші-маврларға тарпа бас салған дұрыс па дегеннің төңірегінде ақылдаса бастадық. Жанымызға діннен безген келіп, неге кешеуілдетіп жатқанымызды сұраған кезде біз әлі екі ойлы боп тұрғанбыз; дереу кірісу керек, фелюгадағы маврлар қаннен-қаперсіз, көпшілігі тіпті ұйқтап та қалды, деді анау. Оған не істерді білмей тұрғанымызды айттық, анау: ең бастысы — әуелі фелюганы басып алу керек, ал оның түк қиындығы жоқ және ешқандай қауіп те жоқ, Зораидаға сосын баруымызға болады, деді. Осыны мақұл көріп, соның бастауымен дереу фелюгаға қарай тарттық, — анау кемеге бірінші боп секіріп түсті де, қылышын суырып алып, мавр тілінде:
“Тыпыр етпеңдер, әйтпесе құрисыңдар!” деп айқайды салды.
Бұл кезде христиандардың бәрі дерлік бортта еді. Арраистың айқайы үргелек маврлардың зәресін зәр түбіне жіберді, сөйтіп, қаруға жармасуды ойға да алмаған олар, — айта кетерлігі, ешқайсысында дерлік қару жоқ-ты, — христиандардың өздерін байлап тастауына үн-түнсіз көне берді, ал христиандар болса, қыңқ еткен дыбыс шығарсаңдар бәріңді түгел бауыздаймыз деп қорқытып, маврларды ә дегенше-ақ шандып-матап үлгерді. Бұдан соң христиандардың жартысы маврларды күзетуге қалды да, өңгесі сол баяғы діннен безгеннің бастауымен Хаджи Мураттың үйіне қарай тартты; олар қақпаны сындырмақшы болған, бірақ сәті түскен кездейсоқтық шығар, құдды ешқандай кілт салынбағандай, қақпа өз-өзінен оп-оңай ашылып кетті. Сөйтіп, құлаққа ұрған танадай тыныштықта, үн-түнсіз, ешкімнің көзіне түспеген күйімізде, үйге таяп келдік.
Аяулы Зораида бізді күтіп терезе алдында тұр еді, аяғымыздың дыбысын естіп, сыбырлап қана низарани емессіздер ме, яғни христиан емессіздер ме деп сұрады. Христианбыз деп жауап қаттым да, төмен түсуін сұрадым. Мені дауысымнан таныған ол екі ойлы боп жатпады, сөз айтпастан құстай ұшып төмен түсті де, есікті ашты — айдай сұлу әрі мейлінше сәнді киінген Зораида қарсы алдымыздан жайнаң қағып шыға келді, мен тіпті соның бәрін суреттеп беруге де батпай отырмын. Оны көрген бойда жалма-жан қолына жармасып, қайта-қайта сүйе бастадым, менен кейін діннен безген мен екі серігім сүйді, әрине, қалғандары да қарап қалмай біздің үлгімізді өнеге тұтты, — бұлар құпиямыздан бейхабар еді, әйтсе де Зораидаға алғысымызды білдіріп жатқанымызды, оны құтқарушы санайтынымызды, әрине, жақсы түсініп тұрған. Діннен безген мавр тілінде одан әкесінің үйде бар-жоғын сұрады. Зораида оның үйде екенін, ұйқтап жатқанын айтты.
“Амал қанша, оны оятып, өзімізбен бірге ала кетуге тура келеді, — деп мәлім етті діннен безген, — сондай-ақ, мына ғаламат бай үйдегі бар бағалы затты да қоса әкетуге мәжбүрміз”.
“Жоқ, — деді Зораида, — әкеме тиісуге мүлдем болмайды, ал бұл үйдегі бар бағалы дүниені өзіммен бірге әкетіп барам, соның өзі-ақ бәріңізді түгел шылқыған бай етіп, көңілдеріңізді көншітуге жетіп артылады: сәл шыдасаңыздар, өздеріңіз де көресіздер”.
Сол арада ол қазір қайтып оралатынын айтып, бізден шу шығармай, тыныш тұруымызды сұрап, үйге кіріп кетті. Мен діннен безгеннен Зораидамен не жайында сөйлескенін сұрадым, анау маған не жайында екенін айтты, оған Зораиданың ешбір тілегіне ешқандай жағдайда қарсы келуге болмайтынын ескерттім. Сөйтіп тұрғанда қолына алтын теңгеге толы сандықшасын ұстаған Зораиданың өзі де бой көрсетті, алтынның көптігі сонша, сандықшаны әзер көтеріп келді. Қырсыққанда, тап осы сәтте Зораиданың әкесінің аяқ асты оянып кетіп, бақ ішінен шығып жатқан дабыр-дұбырды естіп қоймасы бар ма!.. Терезеден басын шығарып қараған ол, бұлардың христиандар екенін бірден біліп, араб тілінде: “Христиандар, христиандар! Ұрылар, ұрылар!” деп жан дауысы шығып айқайлай бастады. Бұл айқай аза бойымызды қаза қылып, абдыратып тастады, алайда өзімізге қандай қатер төнгенін аңғара қойған діннен безген, оны үйде алас-күлес басталмас бұрын тыныш таптырғанды жөн санап, Хаджи Муратқа қарай жан ұшыра жүгіре жөнелді, бірер жігітіміз оған ілесе кетті, мен болсам құшағыма ес-түссіз құлаған Зораиданы тастап кете алмай тұрып қалдым. Бір сөзбен айтқанда, баспалдақпен жоғары көтерілгендердің керемет әбжілдік көрсеткендері сонша, келесі кірпік қағымда олар Хаджи Муратты қолын арқасына қайыра байлап, сөз шығындап әуре болмасы үшін аузын орамалмен тығындап, алдарына салып айдап келе жатты, оған қоса: егер бір ауыз бірдеңе дейтін болсаң — өмірмен қош айтысасың деп қорқытып та қояды. Әкесіне қарамау үшін Зораида бетін қолымен бүркеп алды, оның қолымызға өз еркімен түскенінен бейхабар шал қызын көріп жүрегі қан жылады. Алайда енді бізге тек екі аяғымызға сенуден басқа ештеңе қалмаған, сондықтан асыға адымдап фелюгаға қарай бет алдық, ондағылар дегбірі қалмай күтіп отыр екен, өйткені бізді әлденеге ұшырап қалды ма деп қобалжи бастапты.
Бәріміз түгел фелюгада бас қосқан кезімізде сағат әлі түнгі екі бола қоймаған-ды, сол арада біз Зораиданың әкесінің қолын шешіп, аузындағы орамал тығынды алып тастадық, діннен безген оған егер бір ауыз бірдеңе айтатын болса, сол бойда ажал табатынын тағы қайталап ескертті. Қызының осында екенін көрген, әсіресе оны құшағыма алып отырғанымды, ал қызының қарсыласпайтынын, реніш білдірмейтінін, босанып шығуға да тырыспайтынын — көңілі тыныш екенін байқаған әкесі ауыр-ауыр күрсіне бастады. Алайда діннен безгеннің қатерлі ескертпесін орындауымыздан қорқып, жұмған аузын ашпады. Сол тұста Зораида өзінің фелюгада екенін, енді-енді жүзгелі тұрғанымызды, ал әкесі мен басқа да маврлардың байлаулы жатқанын аңғарып, діннен безгенге қарап тіл қатып: менен өзіне бір қайырымдылық жасауды — маврларды қоя беруімді және әкесін босатуымды өтінетінін, өйткені өзін жанындай жақсы көретін, оның үстіне өзінің қырсығынан тұтқынға әкетіліп бара жатқан әкесін қарсы алдынан көріп отырғанша, теңізге құлап өлгенді артық санайтынын, маған жеткізуін сұрады. Діннен безген оның өтінішін маған жеткізді, мен келісім бердім, бірақ анау дау айтып, бұл мүлдем дұрыс емес, егер босатып жіберсек, олар ойбайын салып, бүкіл қаланы басына көтереді, сосын фелюганың соңынан қуғынға корветтер аттандырылады, одан кейін біздің құрлықта да, теңізде де бас сауғалайтын жеріміз қалмайды, деді, — оның ойынша, қолдан келер жалғыз ғана нәрсе: бұларды христиан жеріне табанымыз тиген бойда босатып жіберу көрінеді. Біз өстуді ұйғардық, ал өтінішін не себепті қолма-қол орындай алмайтынымыз Зораидаға айтылған кезде, ол бұған түсіністік танытты.
Міне, сөйтіп көңілдері күпті зіңгіттей ескекшілеріміз ескектерін қуана-қуана қолға алды да, тағдыр-талайымызды бір құдайдың құзырына табыс еткен біздер Майорка аралдарына қарай бағыт ұстадық, өйткені ол бізге ең жақын жатқан христиан жері болатын. Бірақ, ұзамай терістік желі сарнап қоя берді, теңізде толқын күшейді, сондықтан Майоркаға қарай тура тарту мүмкін болмай қалды — жағалаудан тым алысқа жырақтамай, Оранға қарай жол шегуімізге тура келді, бұл бізге онша қолайлы бола қойған жоқ, өйткені Алжир орын тепкен жағалауда, одан алпыс мильдей ғана жерде орналасқан Сарджелден байқап қалулары мүмкін-ді. Оған қоса, бұл сулардан әдеттегіше Тетуаннан тауар тиеп қайтатын галиоттардың бірі ұшырасып қала ма деген қаупіміз де бар-ды. Дей тұрғанмен, қай-қайсымыз да, ал тұтастай алғанда барлығымыз түгел, егер тауар тиеген галиот кездессе, тек бұл қарақшылар галиоты боп шықпаса, құрдымға кетіп қор болмақ түгіл, керісінше, кемені басып алар едік, одан соң қауіп-қатерді онша елең қылмай саяхатымызды сәтті аяқтар едік дейтін ойға бейіл бергендей болғанбыз. Зораида әкесін көрмес үшін алдымда теріс қарап бүктүсіп отырды да қойды, содан жүзу барысында бірде-бір рет бой түзеген жоқ және оның Лела Мәриамнан көмек сұрап жалбарынғанын құлағым шалды. Ақыры таң шапағы алаулаған шақта біз отыз мильдей жерге жырақтап та кеткенбіз, таң жарығында жағалаудан аркебуз40 оғы үш атылғанда жететіндей қашықтықта келе жатқанымызды білдік, бұл кезде онда жан баласы жоқ-ты, ешкім бізді байқамайтын, сөйте тұрғанымен, бірлесе күш жұмсап, кемені бұл шамада біржола тыншу тапқан теңіздің ортасына қарай алып шықтық, сосын екі мильдей жүрген соң, кезектесіп есуге ұсыныс білдірдік, ондағы ойымыз ескекшілер өзек жалғап алсын дегенбіз, ал ішіп-жем бізде жеткілікті болатын; алайда ескекшілер өре түрегеліп, қазір демалатын уақыт емес, бізді ескек еспейтіндер тамақтандырсын, ал өзіміз ескегімізді тоқтаусыз есе береміз, дегенді айтты. Біз солай еттік те, бірақ тап осы мезгілде аңқылдап пассат желі соға бастады, соның салдарынан ескекті тастап, желкен көтеріп, Оранға қарай бет түзеуге мәжбүр болдық, өйткені басқа бір жаққа қарай бағыт алудың еш амалы қалмаған. Бұның бәрін аса бір асығыстықпен атқардық, сөйтіп желкен астында сағатына сегіз мильдей ала бастадық, енді қарақшылар кемесіне жолығысып қалудан басқа қаупіміз жоқ-ты. Ескекші-маврларға да тамақ бердік, діннен безген олардың тұтқын еместігін, оңтайы келген бойда-ақ босатылатындарын айтып, көңілдерін көтеріп қойды. Зораиданың әкесіне де осы шарт мәлім етілді, ол бұған былай деп жауап қатты:
“Сендер не айтсаңдар да сенуге бармын, христиандар, мейірім-қайырымдарыңның шарапатын да көруге әзірмін, бірақ мені босатам дейсіңдер — жо-жоқ, мен сендер ойлағандай ақымақ адам емеспін. Еркіндігімнен айыру үшін осыншалықты қатерге бас тіккен әрекеттерің адам сенгісіз ақжүректікпен оны өзіме қайтару үшін жасалмаған шығар, оның үстіне менің кім екенімді және мен үшін қандай көп өтемақы алуға болатынын да жақсы біліп тұрсыңдар. Егерде өтемақы сомасын белгілеуге рақымшылық етсеңдер, онда мен өзім үшін және мына талайсыз қызым үшін не сұрасаңдар да ойланбастан берер едім немесе бар жиған-тергенімді тек осы қызым үшін ғана сарп етер едім, өйткені жалғандағы жалғыз қуанышым, жанымның жұбанышы сол ғана”.
Осыны айтып ол еңіреп жылап жіберді, бәріміз де оны қатты аяп кеттік, ал Зораида оған жалт қарап, жылап жатқанын көргеннен кейін, өзі де адам айтқысыз толқып, тіземде отырған жерінен атып тұрды да, жүгіріп барып әкесін құшақтай алды, сол жерде екеуінің бір-біріне беттерін тақап, өкіре жылағандары сондай, мұны көріп тұрғандардың көпшілігі оларға қосыла қорсылдай бастады. Алайда қызының сән-салтанатқа арналған киімдерін киіп, асыл тастарын тағынып алғанын көрген әкесі оған өздерінің тілінде былай деді:
“Бұлайша киінгенің неғылғаның, қызым? Мына қасіретке ұшырар алдындағы кеште үстіңде үйде киетін қарапайым көйлек қана бар-ды, бұл екі арада киім ауыстыра қоятындай да уақытың болмап еді ғой, оған қоса, сәнді киімдеріңді киім, сыланып-сипанатындай қуанышты хабар да ала қойған жоқ едің ғой, ал бүгін қарасам, өзім білетін және тағдыр бізге оң қабақпен қарап тұрған кезде саған өзім тарту еткен күллі әдемі көйлектеріңнің ішінен ең тәуірін таңдап киіпсің. Жауап берші осыған, өйткені бұл жағдай мені өзім тап болған тақсіреттен гөрі көбірек таңырқатып тұр”.
Маврдың қызына айтқан сөзін бізге діннен безген аударып тұрды, бірақ қызы жұмған аузын ашқан жоқ. Ал борттың жанында тұрған, Зораида алтын-күміс, асыл тастан жасалған әшекейлерін сақтайтын сандықшаны көргенде маврдың таңырқауы тіптен ұлғая түсті, — Зораиданың мұны қала сыртындағы үйге ала шықпағанына, Алжирде қалдырып кеткеніне сенімді еді, — сөйткен соң ол сандықшаның қолымызға қалай түскенін, оның ішінде не барын сұрады. Діннен безген болса, Зораиданың жауабын тоспастан, ол үшін былай деп жауап қатты:
“Қызыңыз Зораидаға соншама көп сұрақ қойып босқа әуре болмаңыз, сеньор, — барлық сұрағыңызға мен бір-ақ жауап қайтарғалы тұрмын. Сөйтіп, енді білмесеңіз біліп қойыңыз, ол — христиан, бұғауымызды бұзып, бостандыққа алып шыққан да — сол. Ол бізге өз еркімен еріп бара жатыр, оның бақытты екеніне және дәл қазір бейне түнектен жарыққа, өлімнен өмірге, азап шегуден рақат шегуге ауысқандай сезімде жүргеніне еш күмәнім жоқ”.
“Бұл шын айтып тұр ма, қызым?” деп сұрады мавр.
“Иә”, деп жауап қатты Зораида.
“Е-е, сен христиан екенсің ғой, — деді қарт сөзін әрмен жалғап, — әкеңді сатқындықпен жау қолына табыс еткен де сен болдың ғой?”
Бұған Зораида былай деп жауап қатты:
“Иә, мен христианмын, бұл шындық, бірақ саған сатқындық жасағам жоқ, —сені тастап қашып кетуді немесе саған жаманшылық жасауды көздегем жоқ, тек жанымның рақат табуын ғана көздедім”.
“Ол қандай жан рақаты, қызым?”
“Бұл жайында Лела Мәриамнан сұра, — деп жауап қатты Зораида, — ол саған менен гөрі жақсырақ түсіндіріп бере алады”.
Осы айтылған сөздерді естуі-ақ мұң екен, әкесі көз ілеспес шапшаңдықпен атып тұрып теңізге күмп беріп қойып кетті, егер шұбатылған ұзын әрі қолпылдаған кең киім-кешегі шамалы уақыт су бетінде ұстап тұрмағанда, батып кететіні де сөзсіз еді. Зораида зар илеп, құтқаруымызды сұрап жалына бастады, сол бойда біз де көмекке ұмтылып, альмалафасынан тартып, ес-түстен айрылып есеңгіреп қалған қартты фелюгаға шығарып алдық. Қайғыға батқан Зораида бейне бір ажал тапқан адамға жоқтау айтқандай күңіреніп жылауға кірісті. Біз қартты етпетінен жатқыздық, сол бойда аузынан су ақтарыла бастады, сөйтіп екі сағаттан соң шал өзіне-өзі келді, ал бұл екі арада жел бағытын өзгертіп, бізді жағалауға қарай тықсыра бастаған, сондықтан фелюгамызды құрғаққа шығарып тастамасы үшін ескекке күш салуымызға тура келді. Алайда, сәті оңынан келген кездейсоқтық сеп болып, жел бізді кішкене бір мүйістің әлде құмқайырдың айналмасындағы қойнауға айдап келді; бұны маврлар Кава Румия деп атайтын, бұл біздің тілімізде сайқал-христиан дегенді білдіреді, өйткені олардың аңыздарына қарағанда, бұл арада Испанияның күйреуіне қырсығы тиген Кава жерленіпті, кава деген сөз олардың тілінде сайқал дегенді, ал румия — христиан әйел дегенді білдіреді, сондықтан мұқтаждық оларды осы қойнауға келіп зәкір тастауға мәжбүр еткен кезде, олар мұны жаман ырымға жориды, аса бір қажеттілік болмаса бұл жерде зәкір тастап тоқтап тұрмайды; ал біз үшін бұл сайқал ойнақ салатын жер емес, әрі тыныш, әрі жанға сая таптыратын орындай көрінді, өйткені теңіз әлі толқып жатқан. Біз жағалауға шолғыншы жібердік, бірақ өзіміз ескегімізді қас қағым сәтке қолдан шығармадық; діннен безген бізге өз қорынан тамақ берді, тамақ ішкен соң көктегі құдірет пен аспан патшайымынан көмек көрсетіп, көз қырын салуын, осынау оңды басталған істің ойдағыдай аяқталуына жәрдемдесуін сұрап бар ықылас-пейілімізбен жалбарына бастадық. Зораида әкесі мен бұғаудағы барлық маврды жағаға түсіріп кетуімізді өтініп қайтадан жалына бастады, аяқ-қолы байлаулы әкесі мен тұтқынға алынған отандастарына қарауға беті болмай отырғанын, қараса жүрегі қан жылайтынын айтты. Оларды нақ жүзіп кетер алдында босатуға уәде бердік, өйткені бұларды мынадай елсіз далада жағаға түсіріп кету біз үшін онша қауіпті емес еді. Дұғамыз текке кетпепті, құдіреттің құлағына барыпты: бақытымызға орай жел бәсең тартып, саяхатымызды қорықпай-үрікпей жалғастыра беруге шақырғандай, теңіз де қайта тыншу тапты. Осыған байланысты біз маврлардың бұғауын шешіп, таң-тамаша болған оларды бірінен соң бірін жағаға түсірдік. Зораиданың әкесі бұл кезде есін жиып, еңсесін тіктеп алған еді, жағаға түсіре бастаған кезімізде ол бізге қарап былай деді:
“Мені босатқандарыңа мына қаншықтың неге мәз боп тұрғанын білесіңдер ме, христиандар? Маған деген аяушылықтан деп ойлайсыңдар ма? Әрине, олай емес, — мұнда қараңдап жүргенім зәндемі ойын іске асыруға бөгет болып тұр ғой, бар болғаны сол. Өз дінін тастаған себебі де діндеріңнің артықшылығына иланғандықтан емес — бар болғаны зинақорлықпен бізден гөрі сендерде еркінірек айналысуға болатынын біліп алған”.
Содан соң Зораидаға қарап, — бұл кезде тағы бір христиан екеуіміз оны тосын әрекетке барып жүрмесін деп екі қолынан мықтап ұстап тұрғанбыз, — былай деп айқайлады:
“Әй, жүгенсіз кеткен қызым-ай, жетесіз балам-ай! Мына арсыз төбеттердің, ежелгі жауларымыздың қолына не үшін берілдің! Өзіңді жарық дүниеге әкелген күнімді қарғыс атсын, өзің көріп өскен бар қуаныш-қызықты қарғыс атсын!”
Оның аузына әзір тыным болмайтынын көрген соң мен оны жағаға түсіріп жібердім, бірақ ол сол жерден де бар дауыспен қарғанып-сіленіп, бізді қырып-жоюға, құртуға, өлім таптыруға Алланы көндіруді Мұхаммедтен сұрап жатты. Желкен көтеріп қайта жүзе бастаған кезімізде оның дауысы естілмей кетті, бірақ есесіне не істеп жатқанын көрдік: ол сақалына жармасып, шашын жұлып, жерде аунап жатты, алайда шамалыдан соң бар дауысымен бақырып былай дегенін естідік:
“Кейін қайт, аяулы қызым, қайтып орал өзіме, саған кешірем бәрін! Аналарға барлық ақшаңды бер, — бәрібір енді ол солардың меншігіне айналды, — сосын мұнда кел де қайғыда қалған әкеңді жұбат, оны тастап кетсең, ол мына қу медиен жағада ажал табады”.
Зораида мұның бәрін естіп тұрған, қатты күйініп, күйзеле жылап тұрған, ақыры ол әкесіне былай деп жауап қайтарды:
“Мен Лела Мәриамның шарапаты арқасында христиан болдым, — сенің қайғыңды жеңілдетуге де Алланың мейірімімен сол Лела Мәриам жәрдем еткей, әке. Басқаша істер амалым болмағанына бір Алланың өзі куә, мені бұған христиандар мәжбүр еткен жоқ: тіпті үйде қалуға, бұлармен бірге кетпеуге бекінгеніммен де, бәрібір, өз еркіме өзім қожалық ете алмаған болар ем, — өзім үшін өте қастерлі көрінетін, ал сен үшін, ардақты әкем, өте қасиетсіз көрінетін, осы мақсатты орындауға деген құлшыныс жанымды ешқашан жай таптырмас еді”.
Зораида осыны айтып тұрған кезде әкесі оның сөзін естуден қалған-ды, ал біз оны көруден қалған едік, сол жерде мен Зораиданы жұбата бастадым, сөйтіп енді қазір бәріміздің ой-аңсарымыз саяхатымызға қарай ауған-ды, ал бағыттас жел сапарымызды жеңілдете түскен, сондықтан қай-қайсымыз да ертең таңертең Испания жағалауын көріп те қалармыз деген сенімде болғанбыз. Алайда бақыт қолға әрқашан тегіннен-тегін келіп қона қалмайды және әр кез шуақты бола бермейді, онымен бірге ілесіп немесе соңын ала міндетті түрде бақытсыздық та келеді, сөйтеді де, оның шырқын бұзып, берекесін кетіреді, айтып-айтпай не керек, әлде тағдыр солай жазды ма, әлде маврдың қызына айтқан қарғысы айнымай келді ме, — әке қандай қарғысы айтпасын мейлі, одан қашан да қорыққан жөн, — қысқасы, сағат түнгі үштің кезінде желкендерді жайып жіберіп, ескектерді жинап қойып, өйткені жел бағыттас еді, ескек есудің қажеті болмай қалған, ашық теңізде жүзіп келе жатқанымызда, айдың сүттей аппақ жарығынан төрт бұрышты желкендерін жел кернеген бір кеменің рөлін желге қарата ұстап, бізге қарай кесе көлденең заулап келе жатқанын көрдік. Оның тым жақындап келгені сонша, соқтығысып қалудан қорқып желкендерді жинап тастауға мәжбүр болдық, ал ана кемедегілер бізді өткізіп жіберу үшін рөлге бар күштерін салды. Қарсы жолыққан кеменің палубасынан әлдекім айқайлап, кім болатынымызды, қайдан шығып, қайда бара жатқанымызды сұрады, сұрақтарын олар француз тілінде қойғандықтан, діннен безген бізге:
“Жауап қатушы болмаңдар. Бұлар француз қарақшылары, олардан аяушылық күтуге болмайды”, деді.
Осындай ескерту алғаннан кейін үндемегенді жөн көрдік. Біз сәл ғана ілгері өткенбіз, қарсы жолыққан кеме ық жағымызда қалған, кенет зеңбіректен дүркін-дүркін екі рет оқ атылды және бұлар, шамасы, шынжырлы доптар болса керек, өйткені алғашқы доп мачтамызды ортан белінен қиып жіберді де, мачта желкенімен бірге суға құлап түсті, ал ізін ала екінші зеңбіректен атылған доп фелюгамыздың ортасына түсіп, оны тесіп өтті, алайда басқа ешқандай зиян әкелген жоқ. Суға тоғытылар түріміз барын байқап, жан дауысымыз шығып айқайлап, батып бара жатқанымызды айтып жау кемесінен өзімізді құтқарып қалуын сұрадық. Сол арада олар желкендерін жинап, суға шлюпка түсірді де, оған мұздай қаруланған, білтесі тұтатылған аркебуз ұстаған он екі француз орналасып, бізге қарай бет алды. Онша көп еместігімізді, фелюганың суға кетіп бара жатқанын көрген олар бізді қайықтарына отырғызып алды, ал болған жайдың себебін әдепсіздік көрсетіп, өздеріне ешқандай жауап қайтармағандығымыздан деп түсіндірді. Діннен безген болса, Зораиданың асыл заттар салынған сандықшасын көтеріп алды да, ешкімге байқатпай теңізге тастап жіберді. Қысқасын айтқанда, бәріміз француздардың қолына түстік, білмек болғандарының бәрін егжей-тегжейлі сұрап алғаннан кейін, қас жауымыз екендерін дәлелдеп түгімізді қалдырмай тонады — тіпті Зораиданың аяғындағы каркаджиіне шейін сыпырып алды. Бірақ, Зораиданың осыған байланысты күйініші мені онша қозғаған жоқ, менің қайғым басқа болатын: оның осынау аса бай да сирек кездесетін қазынасына ие болған олар, мұның басқа бір, ешқандай баға жетпейтін және өзі айрықша қастерлейтін қазынасын да қолды қыла ма деген ой дегбірімді кетіріп еді. Алайда, бұл жарандардың күллі ой-аңсары оңай олжамен баюдың төңірегінен әрі аспайтын және ашкөз тойымсыздығы сонша, әжетіне жарайды деп ұйғарса үстіміздегі құл-құтанның жалба-жұлба киімдерін де шешіп алудан тайынбайтын. Сол арада олардың бәрімізді желкенге орап, суға лақтыруға ойы кетті, өйткені өздерін бретондықпыз деп атап испан айлақтарында сауда жасамақшы болатын, ал бізді тірі қалдырса, онда тонаушылық қылмыстары ашылып қалып, жазаға тартылар еді, бірақ аяулы Зораидамның әшекейлерін тонап алған әлгі капитан өзіне осынау олжаның өзі-ақ жеткілікті екенін, енді ешқандай испан айлағына бармайтынын, оның орнына түнде, немесе орайы қалай келетініне қарай, Гибралтар бұғазынан өтіп, өздері қарақшылық кәсіпке аттанған Ла Рошельге қайтып оралатынын айтты. Сол үшін олар бізге кемелеріндегі бір шлюпканы беретін болды, оған қоса жақын қалған жерге жетіп алуымызға қажетті нәрселермен жабдықтамақ болды және ертеңіне олар солай істеді де. Бұл кезде Испания жағалауы алыстан мен мұндалап та тұрған, соны көргенде бастан кешкен қайғы-қасіретіміздің бәрі тарс есімізден шықты, ешқашан ешқандай ауыртпалық тартпағандай сезіндік — еріксіз айрылған еркіндікпен қайта табысудың қуанышы керемет қой.
Сәскеге таман олар бізді шлюпкаға отырғызып, шағындау екі бөшке толы ауыз су және азын-аулақ кепкен нан берді. Сүйкімді Зораида қайыққа отырып жатқан кезде аяқ асты аяушылық сезімі оянып кеткен капитан оған қырық алтын теңге берді және үстіндегі қазір өздеріңіз көріп отырған киімдерін матростардың шешіп алуына рұқсат етпеді. Біз шлюпкаға отырып, француздарға ешқандай өкпеміз жоғын, керісінше, өзімізге жасаған жақсылықтары үшін дән риза екенімізді білдіріп оларға алғыс жаудырдық. Олар Гибралтар бұғазын бетке алып тартып берді, ал біз жол сілтейтін жарық жұлдызымыз — алыстан қарауытқан қыратқа қарай бағыт ұстадық және ескекке барымызды салғанымыз сонша, ымырт үйірілген шақта жағалауға таяп та қалдық; өз мөлшерімізше, қараңғылық қоюланғанға дейін жағаға шығып та үлгеретін шамамыз бар-ды. Бірақ, ай әлі туа қоймаған, аспан қараңғы тартып кеткен, ал мына ара бізге таныс емес, сондықтан дәл осы қазір жағаға шығуға әрекет жасау қатерлі іс болатынын бажайладық, алайда біраз адам бұған келіспей, жартасты әрі елсіз болғанына қарамастан, жағалауға жетіп алуымыз керегін, сонда ғана тетуандық қарақшылар кемелерінің қаупінен құтылып, бойды кеңге салуымызға болатынын айтты: қарақшылар Берберияда түнеп шығатын да, таң сәріде әдеттерінше Испания жағалауларында жүретін, сөйтіп олжаларын алып үйлеріне қайтатын. Ақыр соңында жағаға жәймен жақындап, теңіз тыншу тапқан кезде оңтайы келген тұстан түсе салуға кеңес еткендердің дегені болды. Біз солай істеуге ұйғардық, сөйтіп түн ортасына таман жағалаудан сәл ғана жырақ, теңіз бен екі арасында жерге аяқ басуымызға қолайлы шағын алаңқайы бар, биік таудың етегіне келіп жеттік. Шлюпка құмға тұмсық тіреді де, біз жағаға шықтық, жата қалып жерді сүйіп, айтып жеткізгісіз мейірімділік көрсеткен жаратқан иемізге суреттеуге сөз жетпейтін қуаныш пен шаттықтан көз жасымызды көл ғып төгіп алғыс айттық. Шлюпканы жағаға сүйреп шығарып, азық-түлігімізді алып, тауға қарай өрмеледік, бірақ тіпті әжептәуір биікке шыққанның өзінде де, толқуымыз басылмай, табанымыздың астында христиан жері жатқанына сене алмадық.
Таңның атуын дегбіріміз таусыла күттік. Ақыры таудың ең биік жеріне шығып, әлденендей бір елді мекен немесе бақташы лашығы көрінбес пе екен деп айнала-маңды шолуға кірістік, бірақ қай жаққа көз жібергенімізбен адамдар да, елді мекендер де, соқпақтар да, жолдар да назарға іліге қоймады. Әйтсе де, әрмен қарай тарта бергенді жөн көрдік, өйткені ұзамай-ақ әлдебіреудің ұшыраспауы, қай жерде жүргенімізді айтпауы мүмкін емес деген ойда болғанбыз. Зораиданың осынау ну жынысты жерлермен жаяу жүріп келе жатқаны мені әсіресе қатты мазалады, — айта кеткен артық болмас, оны иығыма отырғызып, көтеріп жүрмекке де талпынғам, бірақ ол өзінің демалысынан демалғандағысынан гөрі менің қалжырағанымнан көбірек қалжырады, сондықтан енді маған салмақ арта бергенді қош көрмей, қолымнан ұстап алған қалпы қыңқ етпестен бірге жүріп келе жатты және көңілі де көтеріңкі көрінді. Сөйтіп, мильдің ширегіндей жерді артта қалдырған кезімізде қоңырау дыбысын құлағымыз шалды — бұл жақын маңайда табын жайылып жүргенін білдіретін белгі еді. Біреу-міреу көрінбес пе екен деп айналаға зер сала қарап, емен ағашының түбінде қаннен-қаперсіз пышақпен таяқ жонып отырған бақташы баланы көрдік. Айқайлап дыбыс бергенімізде біз жаққа жалт қарап, орнынан атып тұрды, — кейін білгеніміздей, арамыздан көзіне алғаш шалынғандар мавр киімін киген діннен безген мен Зораида болған екен, соны көріп, бербериялық барлық мавр қаптап келіп тұр деп ойлап қалған бала бар дауысымен бақырып орманға қарай қаша жөнелді:
“Маврлар, маврлар келді біздің жерге! Маврлар, маврлар!.. Аттан, аттан!..”
Бұл айқай бізді аса қолайсыз жағдайда қалдырды, не істерімізді білмей дағдардық. Алайда, бақташының айқайы жергілікті тұрғындарды аяғынан тік тұрғызып, не болғанын білуге жағалау күзететін салт атты жасақтың дем арада келіп жететінін ескеріп, діннен безгеннің үстіндегі түрік киімін тастап, тұтқындардың йелегін, яғни күртесін, кигені жөн деп таптық, сол жерде арамыздағы біреу өзі жалғыз көйлекпен ғана қалып, үстіндегі күртесін шешіп берді. Сөйтіп, құдайдың басқа салғанына көніп, жағалау күзеті қашан тап берер екен деп зәре-құтымыз қалмай, бақташы зытқан жаққа қарай бет алдық. Түйсігіміз алдамапты, өйткені арада екі сағат өтпей-ақ, ну жыныстан жазыққа енді-енді шыққанымызда құйғыта шауып өзімізге қарай салып ұрып келе жатқан елу шақты салт аттыны көрдік, соларды көрген соң жақындауын тосып тұрып қалдық. Алайда қасымызға келіп тоқтаған олар маврлар екен деп сүрен салып келгендері жалба-жұлба христиандар боп шыққанын көріп ыңғайсызданып қалды да, араларындағы біреуі бақташының аттанға шақыруының себепкері сіздер емессіздер ме деп сұрады.
“Иә, біздер”, деп жауап қаттым мен, сосын өз теперішімді, қайдан келе жатқанымызды, кімдер екенімізді айтқалы оқталғаным сол еді, серіктеріміздің бірі өзімізге тергеу жүргізіп жатқан салт аттыны танып қойды да, сөзімді бөліп, былай деп дауыстап жіберді:
“Бұл не деген зор бақыт, сеньорлар, мың алғыс саған, жаратқан! Қателеспесем, Велес Малага жерін басып тұрмыз ғой деймін және егер тұтқында өткізген жылдар қаперімнен айырмаса, онда сіз, сеньор, — сізді, кім екенімізді сұрап тұрған сеньорды айтам, — сіз нағашы ағам Педро де Бестумантенің тап өзі боласыз!”
Тұтқын христианның осыны айтып үлгеруі мұң екен, анау атынан секіріп түсті де, жігітті құшақтай алып, былай деп қуана дауыстап жіберді:
“Айналайын, аяулы жиенім, сені таныдым! Өзіңді бұ дүниеде жоқ деп ойлап, жоқтауымды айтып та қойып едім, өзім де, сенің анаң, менің апайым да, қазір көзі тірі барша туысқаның да сенен біржола айрылдық деп жүргенбіз, — шамасы, құдай олардың өмір жасын ұзақ қылып, өзіңмен қауыштырайын деген ғой. Алжирде екеніңді білетінбіз, сенің де, серіктеріңнің де ілген киімдеріңе қарап, тұтқыннан зордың күшімен құтылып шыққандарыңды сезіп тұрмын”.
“Ол рас, — деп мақұлдады жас жігіт, — кейін бәрін асықпай жата-жастана айтып береміз әлі”.
Тұтқын христиан екенімізді білген басқа сарбаздар да дереу аттарынан түсе-түсе қалып, осы арадан бір жарым мильдей жердегі Велес Малага қаласына жеткізіп салу үшін аттарын ұсынды. Араларындағы біреулері шлюпка қалдырып кеткенімізді біліп, оны қалаға алып бармақ болды, өңгелері бізді аттарына мінгізді, ал Зораиданы серігіміздің ағасы артына міңгестіріп алды. Салт аттының бірі тұтқыннан оралғанымыз жайында тұрғындарға хабарлау үшін әдейі алға озып кетті, сөйтіп бізді қарақұрым адам қарсы алды. Алайда қалалықтарды таңғалдырған бостандыққа сытылып шыққан тұтқын христиандар да, тұтқынға алынған маврлар да емес-ті, жағалауды мекендейтін тұрғындарға бұл таңсық болмайтын, оларды таң-тамаша қалдырған — Зораиданың сұлулығы еді: дәл осы минутта, дәл осы қас қағымда ол сөз жетпестей сүйкімді көрініп тұрған, бұған жол жүріп шамалы шаршағаны да, сондай-ақ христиандар арасына келгендігі және қауіп-қатердің бәрі артта қалғандығы жайлы ойдың қуанышы да әсерін тигізген-ді, сондықтан өңінің бал-бұл жанып, айрықша алабұртқаны соншалық, егер сол бір сәтте сүйіспеншілік сезімінен көзім қарауытып қалмаса, жер дүниеде одан асқан ғажайып сұлу жан иесі жоқ деп ойланбастан айтар едім, — қалай болған күнде де, әйтеуір, өзім ондай жанды көрген емеспін.
Өзімізді қолдап-қорғағаны үшін құдайға алғысымызды білдіру мақсатында ешқайда бұрылмастан бірден шіркеуге бардық, ғибадатханаға кірген Зораида мұнда Лела Мәриамды еске салатын пішіндер бар екенін айтты. Зораидаға бұл шынымен-ақ соның бейнесі екенін айттық, ал діннен безген оған бұлардың нені білдіретінін және оның не себепті бұлардың қай-қайсысын да өзімен тілдескен Лела Мәриамның шынайы пішіні ретінде құрметтеуі керегін түсіндіріп беруге тырысты. Сұңғыла да зерек, ақылды қыз болғандықтан аталмыш бейнелер жайында өзіне айтылғанның бәрін Зораида тез ұғып алды. Одан соң біздерді үйді-үйге бөліп әкетті, ал діннен безгенді, Зораиданы және мені бақытсыздықта бастас болған бұрынғы серігіміз ата-анасының үйіне ертіп барды, бұлар айтарлықтай дәулетті адамдар екен, өз баласымен бірдей құрметтеп, құшақ жая қарсы алды.
Велесте біз алты күн болдық, одан соң қажетті мәліметтерге қаныққан діннен безген Гранада қаласына кетті, сонда барып қасиетті инквизицияның көмегімен қасиетті шіркеудің аясына қайта оралмақшы еді, ал еркіндік алған басқа христиандар өз жөндеріне аттанды. Мұнда тек Зораида екеуіміз ғана қалғанбыз, әлгі француз жанашырлық көрсетіп қолына ұстатқан ақшаға есек сатып алдым, осы жерге ол сол есекке мініп келді, ал өзім болсам осы күнге шейін оған жұбай емес, әке әрі малай болып жүрмін. Сөйтіп енді әкем тірі ме екен, інілерімнің ішінде өзіме қарағанда жолы болғандары бар ма екен, соны білгелі бара жатырмыз; дей тұрғанмен, өзіме Зораида сынды өмірлік серікті тарту еткен құдіретті күш маған үлкен қуаныш әзірлеп отыр деп ойламаймын. Зораиданың жоқшылық тудыратын түрлі ауыртпалықтарды қыңқ етпей көтеретін шыдамдылығы, сондай-ақ христиан болуға деген айрықша құштарлығы мені қатты сүйсіндіреді және ақырғы демім біткенше оның құлы боп өтуге құлшындырады. Әйтсе де, енді екеуіміздің өмір-бақи бірге болатынымыз жайындағы қуанышымның күңгірт тартып сала беретін де жайы бар, өйткені туған жерімде екеуіміз барып орын тебетіндей баспана табыла ма, жоқ па — бұл жағы маған беймәлім, — кім біледі, мейірімсіз уақыт пен мезгілсіз ажал әкем мен інілерімнің тірліктеріне және онымен қосып өмірлеріне де орасан өзгеріс енгізіп, ол жердегілердің мені мүлдем танымай қалуы да мүмкін ғой.
Міне, сеньорлар, өмір тарихым осындай, — ал, бұл қаншалықты қызықты және қаншалықты ерекше, оны көзі ашық, көңілі ояу адам ретінде өздеріңіз бағамдай жатарсыздар. Өз тарапымнан айтарым: барынша ықшам баяндауға тырыстым, сіздерді жалықтырып жібермеуді ойлап онсыз да кей нәрсенің егжей-тегжейіне тоқталғам жоқ.
ХLІІ тарау
Мұнда бекетте тағы қандай оқиға болғаны жайында және басқа да көптеген көңіл аударуға тұрарлық нәрселер жөнінде баяндалады
Тұтқын осыны айтып үнсіз қалған, сол кезде оған дон Фернандо былай деп тіл қатты:
— Бастан кешкен шытырман оқиғаларыңызды баяндау мәнеріңіз, сеньор капитан, сол оқиғалардың тың тұрпаты мен айрықша сипатынан бірде кем емес екен. Мұнда таңырқарлық жай жетерлік, өзіндік ерекшеліктер де мол, күтпеген нәрселер де көп кездеседі, сондықтан тыңдарманды қызықтырады, таңдандырады. Әңгімеңіздің бізді рақатқа батырғаны сонша, таң ағарып атқанның өзінде де оны тағы бір мәрте тыңдаудан бас тартпаған болар ек.
Сол арада дон Фернандо да, басқалар да оған ақ пейілмен, алып-ұшып қолдарынан келетін көмектерін ұсынып шуласып кетті, олардың бұл жанашырлығы капитанның көңілін босатты. Дон Фернандо, өз тарапынан, егер өзімен бірге баруға келіссе, маркиз ағасының Зораиданың кіндік әкесі атануына қол жеткізетінін, ал маркиз, өз тарапынан, капитанның туған жеріне өз дәрежесіне лайық абыроймен және қаражатпен оралуы үшін не қажеттің бәрімен қамтамасыз ететінін жария қылды. Тұтқын мейлінше ізеттілікпен ырзашылық білдірді, бірақ жанашыр ұсыныстардан бас тартты.
Ал, бұл кезде түн кемеліне келген-ді, міне осы тас қараңғы түнекте бекеттің ауласына бірнеше салт атты нөкері бар күйме келіп кірді. Олар қонып шыққылары келетінін айтты, бірақ бекетшінің жұбайы бекетте ешқандай бос орын жоғын мәлім етті.
— Басқаға табылмаса табылмас, бірақ сеньор аудиторға орын қашан да табылады, — деп қарсылық білдірді салт аттының бірі.
Бұл сөздерді естіген бәйбіше абдырап қалды.
— Сеньор! — деді ол. — Әңгіме бізде бірде-бір кереуеттің жоқтығында боп тұр. Егер сеньор аудитордың өз төсек-орны болса, меніңше, ол кісіде төсек-орын болуға тиіс, онда төрлетіңіздер, күйеуіміз екеуіміз оған бөлмемізді босатып береміз.
— Бұған да шүкір, — деді малай.
Осы кезде күймеден бір адам түсті, киіміне қарап оның дәреже-мансабын бірден-ақ тап басып тануға болатын еді, өйткені жеңі қатпарлы ұзын-шұбақ мантиясы малайдың өтірік алдамағанын, мұның шын мәнінде де сот екенін аңғартып тұрған. Ол үстіне жол киімін киген он бес - он алты жастағы қызды қолынан жетектеп келе жатты, қыздың сондай сүйкімді, әсем де нәзіктігі сонша, жұрттың бәрі одан көз аудара алмай қалды, егер бекетте Доротея, Лусинда, Зораидалар жүрмесе, мұндай сұлу қызды айнала-маңайдан жолықтыру қиын-ау деп ойлап қалуға да болатын. Сол арада тұрған Дон Кихот аудитор мен қызға қарап былай деді:
— Мына қамал-сарайға ештеңеден қауіптенбей емін-еркін орналасуыңызға болады, мархабатты мырза. Рас, мұнда тарлау әрі қолайсыздау, бірақ бұл дүниеде әскери өнер мен оқымыстылықтың алдында ығыспайтын тарлық та, қолайсыздық та жоқ, әсіресе бұларға сұлулық жол басшылық һәм жетекшілік еткен кезде, соның ішінде әсіресе сіздің оқымыстылығыңызға мынадай айдай сұлу ару жол басшылық жасап келе жатқан кезде, өйткені мұндай аруды өткізіп жіберу үшін оның алдынан тек қамал-сарайдың қақпалары ғана аңқая ашылып қоймай, жартастар да қақ жарылып, таулар да орнынан ысырылып, күл-талқан боп күйреуге тиіс. Келіңіз, мархабатты мырза, кіріңіз мына жұмаққа, бұл жерден өзіңізбен бірге алып келген аспанға серік бола алатын жұлдызды да, күнді де таба аласыз: бұл арадан барынша жетілген әскери өнерді де, көрерге көз керек сұлулықты да жолықтырасыз.
Аң-таң болған аудитор оған тесірейе қарап қалды: Дон Кихоттың сөзі қалай таңғалдырса, түр-ұсқыны да оны соншалықты тандандырды; бұған нендей жауап қайтарарын білмей дебдіреп тұрған ол жанынан өтіп бара жатқан Лусинда, Доротея мен Зораиданы көріп тағы таңырқанды: бекетші әйелінен жаңа қонақтардың келгенін, қыздың керемет сұлу екенін естіген олар соны көру үшін және сәлемдесу үшін шыққан-ды, бірақ дәл осы мезетте дон Фернандо, Карденьо мен священник аудиторға айрықша достық пейілмен және мейлінше ізеттілікпен өз көмектерін ұсына бастаған болатын. Естіген-көргендері есін кетіріп, аңылжып қалған сеньор аудитор ақыры ішке кірді, міне, тап осы арада бекеттің сүйкімді тұрғындары сүйкімді қызбен сәлемдесті. Қалай болған күнде де, бұлардың бәрі де ақсүйек әулеттен шыққан адамдар екенін аудитор аңғармай қалған жоқ, алайда Дон Кихоттың бет-пішіні мен түр-сықпыты, сондай-ақ оның өзін-өзі ұстау мәнері көңілін алаңдата берді. Сол арада тұрғандар бір-біріне сыпайыгершілік ілтипат білдіре жүріп, бөлмені қарап шыққаннан кейін бұрынырақта қабылданған ұйғарым дұрыс екен деп тапты, анығырақ айтқанда: әйелдер меймандарға арналған, ілгеріде айтылып өткен бөлмеде қонып шығатын болды да, еркектер, құдды бір күзетшілік міндет атқаратындай, сенеде қала беретін болды. Қысқасы, аудитор қызына, — әлгі бойжеткен оның қызы екенін ескерте кеткен жөн, — басқа әйелдермен бір бөлмеде қонып шығуға кеңшілік етті, бұған қызы кереметтей қуанды, сөйтіп бекетші табыс еткен енсіздеу төсекті аудитор төсек-орнының жарты бөлегімен жалғап-құрап, әйелдер өздері ойлағаннан әлдеқайда жақсы жайғасты.
Сотты көрген тұтқынның жүрегі дүрсілдеп қоя берген-ді, өйткені бір көмескі түйсік мұның өз інісі екенін сездірген, осы себепті ол аудитор нөкеріндегі бір малайдан оның кім екенін, қайда туып-өскенін сұрады. Малай оның лиценциат Хуан Перес де Вьедма екенін, жобалауынша, Леон тауында туып-өскенін айтты. Көзімен көріп тұрғанына қосымша болған бұл хабар мұның әкесі берген кеңес бойынша ғылым жолына түскен туған інісі екеніне тұтқынның көзін әбден жеткізді; сөйтіп, бойын қуаныш кернеген тұтқын дон Фернандоны, Карденьо мен священникті былай шығарып алып, оларға осы жаңалықты хабарлап, мына аудитор өз інісі екеніне сендірді. Малай оған, сондай-ақ, қожайыны Америкаға жүргелі тұрғанын, мексикандық сот палатасына қызметке тағайындалғанын да хабарлаған; оған қоса, тұтқын әлгі бойжеткеннің соттың қызы екенін, зайыбы босану үстінде қайтыс болғанын, бұған қызын және жасауына келген қыруар дүние-мүлкін қалдырып кеткенін де біліп алған-ды. Тұтқын өзінің кім екенін осы қазір қолма-қол жария еткені жөн бе әлде інісі мұның мына жоқ-жұтаң түрін көріп тартыншақтар ма екен немесе не құшақ жайып қарсы алар ма екен, соны астыртын түрде біліп алғаны жөн бе, не істеуі керегін сұрады.
— Бұл сынақты маған тапсырыңыз, — деді священник, — оның үстіне, ол сізге, сеньор капитан, салқын қабақ болар деген ойдан мүлдем аулақпын: ініңіздің түр-әлпетінен адамгершілік пен ақылдылық иісі аңқып тұрғаны сондай, оны асып-тасыған, қара жүрекке айналған, тағдырдың теперішімен санаспайтын біреуге балаудың еш қисыны жоқ.
— Сөйте тұрғанымен, — деп құлаққағыс етті капитан, — өзімнің кім екенімді аяқ астынан емес, ақырындап білдіргенім жөн болар еді.
— Қайталап айтайын, бәріміз де ырза болатындай түрде үйлестірерім анық, — деп мәлім етті священник.
Сол екі арада кешкі ас та келтірілді, тұтқын мен өз бөлмелерінде оңаша тамақтанып жатқан ханымдардан басқаларының бәрі дастарқан басына жайғасты. Ас үстінде священник былай деді:
— Константинопольде бірнеше жыл тұтқында болған кезімде тап өзіңіздің әулет есіміңіздей әулет есімі бар бір танысым болып еді, сеньор аудитор. Бұл танысымды жұрт күллі испан жаяу әскеріндегі ең жүректі жауынгер және әскер басы ретінде құрмет тұтатын, бірақ ол қаншалықты даңқты да батыл болғанымен, соншалықты бақытсыз да еді.
— Ол әскер басының есімі кім еді, мархабатты мырза? — деп сұрады сот.
— Оның есімі Руй Перес де Вьедма болатын және ол өзі Леон тауында туып-өскен жігіт еді, — деп жауап қатты священник. — Ол маған әкесі мен інілері жөнінде не түрлі қызық әңгіме айтып берген, егер ол ерекше шыншыл адам болмай, басқа біреу болса, онда мұны кемпірлердің қыстыгүні жылы пештің түбінде отырып көйітетін ертегіге бергісіз көп әңгімесінің бірі деп ойлаған да болар ем. Ол маған әкесінің өз иелігін үш баласына теңдей бөлгенін және оларға Катонның өзі қызығарлық ақылды кеңес бергенін айтты. Мына ғажапты қарасаңызшы, соғысқа баруға құштарлық білдірген ұлының жақсы қырынан көрінгені сонша, жүрек жұтқан батырлығы үшін ұзамай оған инфантерия капитаны деген шен берілген, бұл лауазымға ол тек өз қадір-қасиеті арқасында ғана ие болған, енді оған ертең-арғы күні полковник шені берілмекші екен. Бірақ, Фортунаның осындай айрықша ілтипатына ие болам деп жүрген шағында, ол теріс қарап кетіпті де, оның ілтипатымен қоса бұл бас бостандығынан да айрылыпты, ал сол күні, яғни Лепанто маңайында айқас болған күні, көп адам, керісінше, еркіндік алған еді ғой. Мен бас еркімнен Голетада айрылғам, сөйтіп талай шытырман оқиғаны артқа салып екеуіміз Константинопольде кездестік те, достасып кеттік. Сол жерден ол Алжирге тап болды, естуімше, сонда жүргенде дүниеде болып жататын не түрлі хикметтің ішіндегі адам айтса нанғысыз біреуін бастан өткеріпті.
Одан әрі священник Зораида мен соттың ағасы арасында болған жайды мейлінше қысқа да нұсқа түрде баяндап берді, соттың оған ықыластана құлақ қойғаны соншалық, сірә, сот талқылауы кезінде де ешкімді мұншалықты мұқият тыңдамаған шығар. Француздардың фелюгада келе жатқан христиандарды тонап алған жеріне келгенде священник танысы мен мавр сұлуы тап болған жоқшылық пен қайыршылық халды жеріне жеткізе суреттеді, ал одан соң олар не қылды: Испанияға барып жетті ме әлде француздар оларды Францияға алып кетті ме, — ол жағынан хабарсызбын, деді.
Капитан әрменіректе священниктің не айтып жатқанын тыңдап тұрған әрі інісінің қасы мен қабағын бағып, қандай жауап қайтарарын күтіп тұрған, ал анау болса священниктің әңгімесі аяқтала келгенін көріп, ауыр күрсінді де, көзіне жас алып, былай деп қатты дауыстап сөйлеп кетті:
— Аһ, сеньор! Маған қандай хабар айтқаныңызды және оның мені қалай қатты толқытып жібергенін білсеңіз етті! Байсалдылығым мен байыптылығыма, өзімді өзім ұстай алатындығыма қарамастан, қатты толқығандықтан көзіме келген жасты ірке алмай қалдым; өзіңіз әңгіме еткен ержүрек капитан менің ағам болады; өзіме де, ана ағама да қарағанда өжеттеу әрі биік армандар жетегінде жүретін адам болғандықтан ол аса құрметті саланы, яғни әкеміз өзімізге айқындап берген жолдардың бірін таңдаған еді, ол жайында өмір тарихы өзіңізге ертегіге ұқсас көрінген жолдасыңыздың айтуынан жақсы білесіз ғой. Мен өзім ғылым жолын қуғам және бұл жолда жаратқан иеміздің жәрдемімен, сондай-ақ табанды ізденісімнің арқасында өзіңізге мәлім дәрежелерге жеттім. Ал, екінші ағамның Перуге барып байып алғаны соншалық, әкеме және маған салып тұрған ақшасы арқылы иеліктен алған үлесін әлденеше есе ғып қайтарып қана қоймай, оған қоса әкемнің өз табиғатына тән жомарттық жасауына, ал маған оқуымды ойдағыдай аяқтап, мына қазіргі қызметіме кірісуіме мүмкіндік туғызды. Әкем өлім аузында, үлкен ұлынан қашан хабар келер екен деп күтіп жатыр, ұлының жүзін бір көрмей көзі жұмылып кетпеуін күндіз-түні құдайдан тілеп жатыр; ал енді ағамның аса сезімтал, елгезек адам бола тұра, өзі жайында бір ауыз хат жолдап, қандай бәле-қырсыққа тап болғаны жөнінде, сондай-ақ қандай жетістіктерге жеткені жайында әкеме неге хабар бермегені мені қатты таңғалдырады: себебі, әкем немесе інілері ол жайында бірдеңе білсе, өтемақы төлеу үшін қамыс шыбыққа ілінген ғажайыпты күтіп екі көзі төрт болмас еді ғой. Қазір енді француздар оны босатып жіберді ме, әлде тонаушылық қылмыстарын жасыру үшін өлтіріп тастады ма деген ойдан дегбірім қалмай отыр. Шат көңілмен бастаған сапарымды қуанышқа бөлене отырып жалғастырмай, қасірет-қайғы кеше жүріп жалғауыма осы ойдың өзі-ақ жетіп жатыр. Беу, абзал ағам-ай! Егер біреу-міреу қазір қайда екеніңді айтса, сені іздеп тауып алған болар ем, тіпті басымды бәске тіксем де, сені азаптан құтқарар ем! Еһ, шіркін, біреу-міреу қартайған әкеме сенің тірі екеніңді, бірақ бербериялық ең терең зынданның қараңғы қапасында жапа шегіп жатқаныңды айтса, онда біздің байлығымыз, әкемнің, ағамның және менің байлығым сені ол жерден суырып алар еді-ау! Беу, сүйкімді де елгезек Зораида! Шіркін, ағама жасаған жақсылығыңның өтемін қайтаратын күн туса! Шіркін, рухыңның жаңару сәтін көзбен көріп, бәрімізді шектен тыс қуанышқа бөлейтін тұрмысқа шығар тойыңа қатысатын болсақ!..
Ағасы жайындағы хабарды естіп қатты толқып-тебіренген аудитор осылай деді, оның күйініш-наласы тыңдап отырған жұрттың көңілін алай-түлей етіп жіберді. Көздеген мақсатына жеткенін, капитанның тілегі орындалғанын көрген священник сол арада жұрттың осы жабырқағаны да жетер деп шешіп, үстел басынан тұрды да, Зораида отырған бөлмеге барып, оны білегінен алды, Лусинда, Доротея және аудитордың қызы үшеуі Зораидаға ілесе шықты. Капитан священник не істер екен деп тосып тұрған, анау оны да қолынан алып, екеуін жетелеген күйі аудитор мен басқа да кавальероларға қарай жақындады.
— Сеньор аудитор! Жасыңызды сүртіңіз, — деді ол бәсең дауыспен. — Қиялыңызда ғана жолығатын зор қуанышқа тап болдыңыз — өйткені қарсы алдыңызда абзал ағаңыз бен абзал жеңгеңіз тұр. Мынау — капитан Вьедма, ал мынау — оған сонша жақсылық жасаған сүйкімді мавр қызы. Әлгінде өзім айтып өткен француздар бұларды қайыршылыққа ұшыратты, енді сіз оларға мейірбан жүрегіңіздің жомарттығын көрсетуге тиіссіз.
Капитан інісіне құшақ жая ұмтылды, ал анау анықтап қарап алғысы келіп, оның иығына қолын қойды; сөйтіп, алдында тұрған адамның кім екеніне ақи-тақи көз жеткізген кезде оны шап беріп құшақтай алып, көкірегін кернеген зор қуаныштан еңкілдеп жылап жіберді, бұл екеуіне қарап, сол жерде тұрғанның да біразы көзіне жас алды. Ағалы-інілі екеудің айтқан сөзін, сондай-ақ олардың шынайы жан тебіренісін суреттеп бермек түгіл, көз алдына елестетудің өзі де қиын-ау деп ойлаймын. Міне, олар бір-біріне өздері жайында қысқаша түрде баяндап та берді; міне, ағайынды екеуі достық сезімдерінің бір мысқал өзгермегеніне көздерін жеткізіп те үлгерді; міне, аудитор Зораиданы құшақтап та жатыр; міне, ол жеңгесіне өз иелігін жеке меншігіндей пайдалануына болатынын айтып та үлгерді; міне, ол қызына Зораиданы құшақтауға әмір етті; міне, сүйкімді христиан қызы мен аса сүйкімді мавр қызына қарап тұрғандардың бәрі тағы көздерін сулап алды. Міне, осынау адам айтса нанғысыз оқиғалардың бәрін үн-түнсіз және ықтиятты бақылап тұрған Дон Кихот мұның бәріне кезбе рыцарьлыққа қатысты қияли аңыз-әңгімелер тұрғысында түсініктеме беріп те үлгерді. Міне, олар — Зораида, капитан және інісі үшеуі Севильяға бірге аттанатын болып шешім қабылдап та қойды; сол жерден олар ұлының табылғаны, тұтқыннан қашып шыққаны жайында әкелеріне хабар беріп, жүруге шамасы келсе Севильяға жетуін сұрамақ-ты — аудиторға жолдан қалуға болмайтындықтан, әкесі соның орнында Зораиданы шоқындыруға және үйлену тойына қатысуға тиісті еді, өйткені аудитор бір айдан соң Севильядан Жаңа Испанияға флотилия аттанатыны жайында хабар алыпты, оған қайтсе де осы мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет көрінеді. Қысқасы, тұтқынның бастан кешкен хикметтері осылайша ойдағыдай аяқталғанына бәрі де шын жүректен қуанып, ырза болған-ды, ал бұл кезде түннің үштен екі бөлегі өтіп те кеткендіктен енді анау-мынауға алаңдай бермей, көз іліндіріп алмақ болысты. Әлденендей бір дәу шабуыл жасап жүрмесі үшін және әлдебір арам ойлы азғын сұлулықтың қамал-сарайда сақтаулы баға жетпес қазыналарына қол сұқпасы үшін Дон Кихот қамал-сарайды күзетуге тілек білдірді. Дон Кихотты білетіндердің бәрі оған алғыс жаудырып, оның ауыштығы жайында аудиторға айтып берді, сөйтіп оны күлкіге қарық қылды. Тек Санчо Панса ғана осынау қадірлі жиынның қауқылы тез арада басыла қоймағанына қатты ренжулі болатын, тек жалғыз сол ғана есегінің ер-тоқымын төсеніш етіп, жайлы орын тауып жайғасқан еді, бірақ бұл рақатының соңы машақатқа айналатын-ды, алайда ол жайындағы әңгіме алда. Сөйтіп, ханымдар бөлмелеріне кетті де, еркектер өздеріне мүмкін болғанынша жайлырақ орын табу жағын қарастыра бастады, ал Дон Кихот атына қонып, берген уәдесіне сай, қамал-сарайдың әр жақ, бер жағын шолу үшін қақпа сыртына шықты.
Алайда, таң алдында сондай ұнамды, сондай сүйкімді алабөтен бір әуез ханымдар құлағына шалынып, бәрі де еріксіз тың тыңдап қалды, әсіресе донья Клара де Вьедманың (аудитордың қызын осылай атайтын) жанында ояу жатқан Доротея қатты елегізді. Әнді осыншама керемет әрі қандай да болсын аспаптың қоштауынсыз шырқатқан бұл кім екенін ешқайсысы білмеді. Ән біресе ауладан, біресе ат қорадан шырқалғандай көрінді, олар оны осылай аң-таң халде беріле тыңдап жатқан кезде есікке Карденьо таяп келіп:
— Ұйқтап жатпасаңдар, құлақ салыңдар: қашыр айдаушы ән айтып жатыр, дауысы шынымен ғажап-ақ, — деді.
— Тыңдап жатырмыз, сеньор, — деді Доротея үн қатып.
Карденьо соны айтты да, жөніне кетті, ал Доротея бар ықыласын сала тыңдап, әлгі әннің сөзін жадында сақтап қалды:
ХLІІІ тарау
Бұл тарауда қашыр айдаушыға қатысты қызықты хикая баяндалады және бекетте болған басқа да алабөтен оқиғалар суреттеледі
Махаббаттың мұхитында мазасыз,
Шегі жоқ әрі тұңғиық терең,
Жетер сенім болмаса да портқа,
Теңізші сынды жүзіп-ақ келем.
Жол бастаушым — жарық жұлдыз,
Аймақты түгел бөлеген нұрға.
Көрмеген шығар шырақты ондай
Эней жолбасшысы Палинур да.
Беймәлім қайда апарары оның,
Тулаған теңізде лағып барам,
Күндіз-түні одан көз алмаймын,
Таңғалам әрі қорқып та қалам.
Біресе шектен тыс ұялшақтығың,
Біресе мінезің тәкаппар,
Тасалап оны кетеді көзден,
Жауын бұлтындай сан қатпар.
Беу, жарық жұлдыз, сенің сәулең
Жадыратар дәйім жанымды.
Көрінбесең қайтып егер де сен,
Айтамын мен де иманымды.
Осы сәт Доротеяға мынадай ғажап дауысты Клараның да тыңдағаны артық болмайды-ау деген ой келді, сөйткен соң бәйек боп оны оятуға кірісті де, оятып алғаннан кейін, былай деді:
— Ұйқыңды бұзғанымды айып етпе, кішкентай, мына әнді сенің де тыңдағаның жақсы болар еді, бәлкім мұндай керемет дауысты өміріңде енді қайтып естімессің де.
Клара оянды, бірақ ұйқылы-ояу халде отырып қапелімде ештеңенің мән-жайын ұға қоймады; Доротеядан қайталап сұрап, Доротея оған тағы бір мәрте айтқан кезде ғана құлақ тіге бастады; алайда ән сөзінің келесі екі жолын естір-естіместе-ақ, тұла бойын безгек ұстағандай түсініксіз діріл билеп, Доротеяны құшақтай алып, былай деп дауыстап жіберді:
— Аһ, қымбатты да сүйкімді сеньорам! Неге ғана ояттыңыз екен мені? Мына бейшара әншіні көрмеуім де, естімеуім де үшін көзім мен құлағымды тас бітеп тастағаны — тағдырдың дәл қазір өзіме көрсеткен ең үлкен жақсылығы болар еді.
— О не дегенің, кішкентай? Ол өзі әншейін қашыр айдаушы біреу дейді ғой.
— Ол бірнеше қожалықтың иесі, — деп қарсылық білдірді Клара, — оған қоса, жүрегімді жаулап алғаны сонша, ендігі жерде өзі тастап шығуға тілек білдірмесе жүрегім мәңгі-бақи соныкі боп қалмақ.
Жастығына қарамай қыздың соншалықты майпаздап әрі мәністеп сөйлейтініне таңырқанған Доротея оған былай деді:
— Айтқан сөзіңізден, сеньора Клара, жөнді ештеңе ұға алмай отырмын. Жүрек жайындағы, қожалық жайындағы және дауысы көңіліңізде қатты алаң туғызған мына әнші жайындағы сөзіңізді қалай түсінуге болады, анығырақ етіп айтсаңызшы. Алайда, дәл қазір ештеңе айтпай тұра тұрыңыз, әйтпесе сізді жұбатып әуреге түсерім кәміл, өйткені ән тыңдау ләззатынан айрылғым келмейді, оның үстіне бұл жаңа ән, жаңа әуен секілді.
— Мейлі, айтқысы келсе айта берсін, — деді Клара.
Сосын, әнді тыңдамау үшін, Доротеяны тағы да таң-тамаша қалдырып құлағын саусағымен тығындап алды, ал Доротея болса, әнге ынталана зейін аударып, мынадай сөздерді есінде сақтап қалды:
Үмітім менің! Арманыңа
Жетуге ұмтыл соқпақты жолмен бір ғайып,
Жалтақтама жан-жағыңа,
Жүрексініп, шыға келме сен тайып.
Шыдайды мықты жан бұған,
Ауыр жолда, әр адымды қауіп-қатер аңдыған.
Енжар болса егер адам,
Тойтармаса қасіреттің қилы-қилы шапқынын,
Тәуекел деп баспаса қадам,
Көре алмайды ол жеңістердің шаттығын:
Айқаста тартып алмаған,
Бақыт зая, жетуге оған бар күшіңді салмаған.
Махаббаттың, сірә да,
Іздеген адам жүлдесін оңай таппайды.
Тегіннен тегін сұрама,
Сыйлығын ол қазынадай асыл сақтайды.
О заманнан осындай өмір амалы:
Қиындықпен қол жеткізген нәрсе ғана бағалы.
Қайсарлық, тек сол ғана,
Болмайтынды болдыратын, жеткізетін жақсы атқа.
Қатса да сілем қорлана,
Түсіністік аңсаймын мен, жүздестірер мақсатқа.
Күтумен талай таң атты,
Жер бетінен табармын деп аспандағы жәннатты.
Ән осымен аяқталды, ал Клара еңіреп жылай бастады, мұнысы Доротеяның әуестігін туғызды, ол осынау әдемі ән мен аянышты көз жасының нені білдіретінін білуге құмартқан-ды; осы себепті ол Кларадан не айтқысы келгенін қайталап сұрады. Лусинда естіп қоймасын деп қорыққан Клара Доротеяға жабыса түсті де, құлағына аузын тақап, құпиясының берік сақталатынына көзін әбден жеткізгендей болған соң ғана, былай деп сыбырлады:
— Жаңағы ән айтқан, мейірбан ханым, астанада, әкемнің үйінің тура қарсы бетінде тұратын, екі қожалығы бар, арагондық бір кавальероның туған баласы. Әкем үйінің терезелері қыста жапқышпен, жазда тор көз ағаш жармамен жабулы тұратын болса да, астанада оқитын бұл кавальеро әлде шіркеуден бе екен, әлде басқа бір жерден бе, әйтеуір мені көріп қалыпты. Қысқасын айтқанда, ол маған ғашық боп қалды, сөйтіп терезесінен түрлі ишарат-белгі беріп және еңірей жылап өзімді шынымен сүйетіндігін түсіндіре бастады, сөйтіп ақыры бұған сенбейтін амалым болмай, мен де оған ғашық боп қалдым, ал оған не үшін ғашық екенімді ол кезде өзім де білмейтінмін. Маған жасаған ишараттарының бірінде — екі қолын қусырған еді, осы арқылы маған үйленетінін ұғындырған. Оның маған үйленгені жақсы болар еді, бірақ мен жалғызбын, шешем жоқ, кіммен ақылдасарымды білмеймін, сондықтан оның көңілін жай таптыру үшін ойлап тапқан жалғыз ғана амалым — жүзім оған жақсырақ көрінсін деп үлкен кісілер үйде жоқ кезде терезе жапқышын немесе жармасын ашыңқырап қоятынмын, ал анау бұған есі кете қуанып, шат-шадыман болатын. Сөйтіп жүргенде, әкем екеуіміздің сапарға шығар уақытымыз да таянған, бұл жайында кавальеро біліп қойыпты, бірақ оны менен білген жоқ-ты, өйткені, мұны оған ештебір хабарлай алмайтынмын. Ол ауырып қалды, — сірә, қайғыдан болар, — аттанатын күні оған тіпті көз қиығын тастап қоштаса да алмадым, бірақ арада екі күн өтті, күймеміз осы арадан бір күндік жердегі селомен келе жатқан, бір мезгілде қарасам, анау бекет қақпасының алдында тұр: қатырып тұрып қашыр айдаушы боп киініп алған, егер бейнесі жүрегімде жатталып қалмаса, оны ешқашан танымаған да болар ем. Оны танып, аң-таң боп аузымды ашып қалдым әрі қатты қуандым. Ол маған әкем байқап қоймайтындай ғып ұрлана көз тастады, қазір жолда немесе бекеттерде кездесе қалсақ әкемнің көзіне түсуден дәйім қашқақтап жүреді. Міне, енді оның кім екенін жақсы білгендігімнен және өзімді сүйетіндігіне бола жаяу-жалпы сапар шегіп, не түрлі жайсыздықты бастан өткеріп келе жатқанын түсінгендігімнен оған сондай жаным ашиды және қайда барсам да оны көз таса қылғым келмейді. Қандай мақсат көздеп келе жатқанын да, әкесінен қалай қашып шыққанын да білмеймін, әкесі оны жанындай жақсы көретін, өйткені бұл жалғыз ұлы ғой және өзі жақсы көруге тұратын да бала, бұған оны көрген бойда-ақ көзіңіз жетері анық. Тағы бір айтайын дегенім: әлгі әндердің бәрін ол өзі шығарған, — оның оқуда да, өлең шығаруда да елеулі жетістіктері барын естігем. Тағы да айтсам: оны көргенде және ән салғанын естігенде бойымды үрей мен толқу билеп қалтырап кетем, — әкем оны танып қоя ма, бір-бірімізге ынтық боп жүргенімізді біліп қоя ма деп зәрем ұшады. Міне, дауысы өзіңізге сондай ұнаған әнші жайында хабар етейін дегенім осы еді, мейірбан ханым, оның, өзіңіз айтқандай, қашыр айдаушы емес екенін тек осы өнері арқылы ғана аңғаруға болатын еді ғой, ол, әлгінде өзім айтқандай, қожалықтар мен жүректер иесі.
— Енді маған ештеңе де айтпай-ақ қойыңыз, донья Клара, — деді бұған жауап ретінде Доротея, оны бетінен қайта-қайта сүйіп. — Не деп тұрмын сізге, енді маған басқа ештеңе де айтпаңыз және таң атқанша күте тұрыңыз: бейкүнә түрде басталған бұл шаруаларыңыз, құдай сәтін салса, соған лайық қуанышты түрде аяқталады.
— Аһ, сеньора! — деп дауыстап жіберді донья Клара. — Әкесі ақсүйек әулеттен шыққан әрі асқан бай адам емес пе, одан маған не күтуге болады? Оның ойынша мен, әрине, баласына әйел болмақ түгіл тіпті малай болуға да жарамайтын шығармын. Ал, енді, ашығын айтсам, әкеме хабарламай, қашып-пысып оған ешқашан күйеуге шықпаймын. Маған керегі: бозбаланың басымды қатырғанды қойып, үйіне қайтқаны, — бір-бірімізден қол үзуіміз және арамызда жататын үлкен ара қашықтық, бәлкім, жанымның жарасын емдеп жазатын да шығар. Бірақ, өзім ойлап тапқан бұл амалдың маған онша пайдасы тимейтінін де анық сезіп-біліп тұрмын. Бұл өзі неғылған әзәзіл сезім екенін, махаббаттың жүрегіме қалай ұялап қалғанын түсінбеймін, — себебі, мен әлі сондай жаспын ғой, ол да сондай жас, әйтсе де, екеуіміз құрдаспыз ғой деп ойлаймын, өзім болсам әлі он алтыға да толғам жоқ: әкем айтқан, Михаил-жебірейілде он алтыға толасың деген.
Донья Клараның балалық былдыр сөзіне Доротея күліп алды да, оған:
— Кәне, кішкене көз іліндіріп алайық, сеньора, таң да атып қалды ғой, ал таңертең, құдай қаласа, ойлағанымыз орындалар, көрерсіз әлі-ақ айтқанымның қалай айнымай келгенін! — деді.
Содан соң олар ұйқтап қалды да, бекетте меңіреу тыныштық орнады; тек бекетшінің қызы мен Мариторнес қана ояу болатын: Дон Кихоттың ойқы-шойқылығы жайындағы әңгімелерді көп естіген және оның қазір бес қаруы сай, атқа салт мінген күйде бекетті күзетіп жүргенін білетін олар мұны мазақ қып күлуге, ал ондайдың реті келмей жатса, бәтуасыз мылжыңын тыңдап кішкене көңіл көтеруге ниеттенген еді.
Айта кетер нәрсе, бекеттің бірде бір терезесі далаға қарамайтын, тек сарайда ғана сырттан ішке қарай сабан тастауға арналған ойық бар-ды. Бірі толық, екіншісі жарты екі бикеш ердің үстіне шалқая жайғасып, найзасына сүйеніп тұрған Дон Кихоттың қасына жақындап, оның деміл-деміл көкірегі қарс айрыла ауыр күрсініп қоятынын, күрсінген сайын жаны тәнін тастап шығатын секілді көрінетінін байқады. Олар, сондай-ақ, оның бәсең де биязы, құштарлыққа толы дауысын да естіді:
— Беу, жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосская, сұлулықтың пірі, даналықтың асқар шыңы және ақырғы деңгейі, сұңғылалықтың қайнар бұлағы, ізгі қасиеттердің кеніші, және, бұған қоса тағы айтарым, жер-дүниедегі күллі жанашырлықтың, пәктіктің және тұшымы азбас тәттіліктің қорабасы! Дәл қазір не жайында ойлап отыр екенсің, аяшым? Бәлкім, өзіңе шын берілген, өз ықтиярымен, жалғыз тек сен үшін ғана, соншалықты қауіп-қатерге басын байлаған рыцарь жайында ойлап отырған шығарсың? Беу, үш кейіптегі аспан шырағы, ең болмаса сен айтшы соны маған! Бәлкім, сұлуымның жүзіне сен қызғанышпен көз тігіп тұрған боларсың, ал ол болса бұл кезде көңіл ауанына ерік беріп, сән-салтанатқа бөленген сарайының галереясымен серуендеп жүрген шығар немесе балконның кенересіне кеудесін тіреген күйі, ар-намысына көлеңке түсірмеу жағын әрі қадірін кетіріп алмау жағын қарастыра тұрып, сорлы жүрегімнің соның жолында тартып жүрген азабын жеңілдету жөнінде, мехнатымның өтемі үшін өзімді қандай рақатқа кенелтуге болатыны турасында, қамқорлығым үшін — қандай көңіл қоштығын, өлімім үшін — қандай өмір, қызметім үшін — қандай сый-сияпат тарту етуге болатыны жайында ойланып тұрған шығар? Ал, сен, жүрегімнің әміршісіне қарай ертелетіп аттану мақсатында аттарыңды жегуге асығып тұрған аспанның алтын шашты шамшырағы, — сенен жалынып сұрарым, көрген бойыңда оған менен сәлем айт, бірақ оның келбетіне көз тігіп, сәлемдесіп тұрған кезіңде, абайла, бетінен сүюге құмартушы болма, әйтпесе оны сенен өзің өр мінез желаяқ қызды қызғанғаннан да бетер қызғанатын болам, ал сен ол қызды Фессалияның жазық далаларымен бе, әлде Пенея өзенінің жағалауымен бе, — қызғаншақ та махаббатқұмар сенің ол кезде қай жерлермен жүйткіп жүргеніңді мен қайдан білейін, — әбден сілең қатқанша қуған болатынсың.
Дон Кихот осынау жан тебірентерлік сөзін одан әрі жалғастыра бермек ниетте еді, бірақ дәл осы кезде бекетшінің қызы дауыс беріп:
— Мархабатты мырза! Берменірек келуге рақым етіңізші! — деді.
Дон Кихот оның ишарат-белгілері мен дауысына басын бұрып, дәл осы сәтте сәулесін әсіресе мол шашырата бастаған айдың жарығында сарай ішінен әлдекімнің өзін шақырып тұрғанын көрді; сонымен бірге, бұл ойық оған терезе секілді және жай әншейін терезе емес, сән-салтанаты мол қамал-сарайдың алтын жалатқан тор көзді қақпағы бар терезесі секілді елестеп кетті, өйткені өзі бекетті осындай қамал-сарай ретінде қабылдап жүрген болатын; сол сәт оның қиюы қашқан ой-қиялына қамал-сарай иесінің үлбіреген сұлу қызы қазір де тап сол өткен жолғыдай құштарлық сезімін тыншытар дәрмен таппай, бұған тағы есі кете ынтығып тұрғандай көрініп кетті; осы байламға бекігеннен кейін, өзі жайында жақсылықты білмейтін тәкаппар адам деген ой тумасын деп тізгінді қағып қалды да, ойыққа таман жақындап, ар жағындағы екі қызға былай деп үн қатты:
— Махаббат қызығына бату жөніндегі арман-қиялыңыз бойыңыздағы бар жақсы қасиеттер мен мейірім-қайырымыңызға сай дәрежеде жауап қайтару мүмкіндігінен ада болған адамға бағышталғанына зор өкініш білдіріп тұрмын, сүйкімді сеньора, — және ол үшін бейшара кезбе рыцарьды айыптауыңыздың ешбір реті жоқ, өйткені Амур оған көз қиығы түскен сәтте-ақ жүрегінің әміршісіне айналған жаннан басқа ешкімнің ықтиярында болуға рұқсат етпейді. Кешіріңіз мені, аса құрметті сеньора, отауыңызға оралыңыз, маған сүйіспеншілік сезіміңізді білдірмей-ақ қойыңыз, өйткені сіздің алдыңызда тағы жаманатты болғым келмейді. Ал, әгәрәки, өзіңіз мені осыншалықты сүйе тұрып, маған әлденендей бір, әлбетте, махаббатқа қатысы жоқ, нәрсеге байланысты қызмет көрсету жөнінде өтініш айтқыңыз келсе, айта беріңіз — қазір бұл арада болмай тұрған еркетотай аяшымның атымен ант етейін, не тілесеңіз соны, тіпті Медузаның бір уыс шашын болсын мейлі, — ал бұл өзі шын мәнінде шаш емес, жыландар ғой, — немесе тіпті күннің әйнек құтыға қамалған сәулесін болсын мейлі, кірпік қағымда-ақ тауып берем.
— Мейірбан ханымым мұндайдың ешқайсысына мұқтаж емес, сеньор рыцарь, — деп жауап қатты бұған Мариторнес.
— Сонда мейірбан ханымыңыз не нәрсеге мұқтаж, данагөй дуэнья? — деп сұрады Дон Кихот.
— Тек сіздің шарапатты қолыңызға ғана, — деп жауап қатты Мариторнес, — осы терезеге өзін алып келген құштарлықтың отын өшіру үшін қолыңызды созыңыз, ал оның бұл құштарлығы ар-ұятын айрандай төгуі де ғажап емес, өйткені әкесі көріп қойса жонынан таспа тілері кәміл.
— Е, оны көріп алармыз! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Байқасын, махаббат отына өртеніп жүрген балауса қызына қол жұмсауға дәті барғаны үшін жер-дүниедегі бірде-бір әке бастан кешіп көрмегендей ақиретке ұшырағысы келмесе, абайласын.
Дон Кихоттың қолын созбай қоймайтынына көзі жеткен Мариторнес қандай әрекет жасау керегін түсіне қойды, сөйтті де құстай ұшып ат қораға барып, Санчо Панса есегінің ноқтасын алды да, ойықтың қасына кеп тұра қалды; ал Дон Кихот болса, дәл осы кезде, өз түсінігінше, ар жақ бетінде махаббат буына балқыған бикеш отыр деп ойлаған темір тор тұтылған терезеге, ер үстінен еңкейіп қолын сұғып, бәсең үнмен былай деп тіл қатты:
— Міне, мынау, сеньора, сізге ұсынып тұрған қолым, немесе, дұрысын айтқанда, дүниедегі күллі қара ниеттінің қатері. Міне, мынау сізге ұсынып тұрған қолым, деймін сізге, осы күнге шейін оған ешбір әйел затының қолы жанасқан емес, тіпті өзімнің бүткіл болмысымды басы-бүтін баурап алған арудың да қолы жуықтаған емес оған. Мен оны сізге сүю үшін емес, тек сіңірлерінің тарамын, бұлшық еттерінің жымдасуын, тарамыстарының ұзындығы мен жалпақтығын жақсылап көріп алуыңыз үшін ғана ұсынып тұрмын, осыған қарап-ақ қолдың басы мұндай болғанда, қолдың өзі қандай қуатты болатынын өзіңіз де жобалай аласыз.
— Оны қазір көреміз, — деді Мариторнес, соны айтып ноқтаның бір ұшын тұзақтап жіберді де, оны Дон Кихоттың білезігіне кигізіп, мықтап бекітіп, екінші ұшын жүгіріп барып сарай қақпасының ысырмасына тас қып байлап тастады. Қайыстың қолына батқанын сезген Дон Кихот былай деді:
— Сіз өзі, жарқыным, қолымды сипалаудың орнына, керісінше, қырғышпен қырып жатқандайсыз ба, қалай. Қолыма соншалықты мейірімсіз болмасаңыз етті, өйткені жүрегімнің өзіңізге көрсеткен қатыгездігінде оның еш айып-кінәсі жоқ қой: барлық ашуыңызды дене мүшесінің осынау шағындау ғана бір бөлегінен алуыңыз қатыбастық боп табылады ғой. Есіңізде болсын, шын жүректен сүйген адам мұншалықты рақымсыздықпен кек қайтармауға тиіс.
Бірақ Дон Кихотты тыңдап жатқан ешкім жоқ-ты, өйткені оны байлап тастаған бойда-ақ Мариторнес пен бекетшінің қызы күлкіден жарыла жаздап зыта жөнелген, ал Дон Кихот болса, тыпыр ете алмай тұрып қалған.
Бұрын айтылғанындай, ол Росинанттың үстінде отырған-ды, қолы болса ойыққа сұғулы және қақпаның ысырмасына байлаулы еді, осы себепті Росинант орнынан қозғалып кетсе қандай күйге ұшыраймын деген ойдан зәре-құты қалмай, қатты мазасызданып, қыбыр етуге мұғдары болмай тұрған, алайда Росинант секілді жуас та көнпіс жануардың бір орнында айлап-жылдап тырп етпей тұра беретінінде күмән жоқ-ты. Байлаулы тұрғанына, ал ханымдардың кетіп қалғанына ақыры кәміл көз жеткізген Дон Кихот өзін жадылауға ұшырағандай сезінді, — себебі, өткен жолы да тап осы қамал-сарайда малшы кейпіндегі дуаланған мавр оны оңдырмай сабап тастаған; сондықтан ашықауыздығы мен аңғырттығы үшін өзін-өзі ойша күстаналай бастады: ана жолы келгенінде басын әзер дегенде аман алып қалған оның бұл қамал-сарайға екінші мәрте аяқ басуға тәуекел еткенін көрмеймісің, өйткені, әлденендей бір шытырман оқиға кезбе рыцарь үшін сәтсіз аяқталар болса, онда бұл аталмыш оқиғаның өзіне емес, басқа біреуге арналғанын аңғартатыны, сондықтан ондай оқиғаны ол жерден қайта іздеудің мәнсіз де мағынасыз іс болатыны тәжірибеден белгілі еді ғой. Сөйте тұрғанымен, босатып алмаққа тырысып қолын жұлқылаумен болды, бірақ оны мықтап байлап тастағандықтан, бұл әрекетінен түк шықпады. Шынын айтқанда, Росинант орнынан қозғалып кете ме деп қолын абайлап жұлқыған еді; бірақ, ерге түзеліп отыруға аңсары қанша ауғанымен, қолын жұлып кету қатерінен қорқып, осы жағдайына амалсыз төзуіне тура келді.
Одан соң не шұрайлы сөз ағытылды дейсің келіп: өзінде Амадистің жадылаудың қандай түрін де қауқарсыз ете қоятын семсерінің жоқтығына өкініш білдіру басталды; тағдыр-талайына қарғыс айту басталды; өзі жадылау құрығынан босанғанға дейінгі аралықта, — ал жадыланғанына зәредей күдігі жоқ-ты, — күллі әлемнің шегетін зардабы жайындағы асыра сілтеушілігі басым әңгімелер айтылды; одан соң тағы да аса қадірменді Дульсинея Тобосская жайындағы естеліктер кетті; одан соң мейірбан атқосшысы Санчо Панса көмекке шақырылды, ал бұл кезде ол есегінің ерін жастанып ес-түс жоқ ұйқы соғып жатқан, тіпті туған шешесінің есімі кім екенін де ұмытып кеткен; одан соң сиқыршылар Лиргандей мен Алькифадан жәрдем сұрау басталды; одан соң аса құрмет тұтатын ханымы Ургандаға өзіне ара түсу жайында жалбарыну басталды, сөйтіп ақыры таң ағарып атқан шақта күдері үзіліп, үміті кесіліп, мысы құрыған ол аңырап жылауға көшкен болатын, өйткені жадылануы себепті мәңгілікке созылатындай көрінген азабынан жаңа туған күннің құлантаза арылтатынына ешқандай сенімі қалмаған. Росинанттың орнында тыпыр етпей тұрғанын көріп, осы ойына орныға түскен-ді; аспан шамшырақтарының жағымсыз ықпалы аяқталғанша немесе әлдебір данагөй көзбайлаушы жадылау күшін жойғанша өзі де, аты да осылайша ештеңе ішпей, ештеңе жемей, кірпік ілмей тұра беретіндей көрінген.
Бірақ оның есеп-қисабы онша дәл болмай шықты, өйткені таң қылаң берген бойда-ақ бекетке төрт салт атты келіп ат басын тіреді, бәрі де керемет жақсы киініп, жарақтанған, ерлерінің қасына мушкет байлап алған. Бекеттің қақпасы бұл кезде әлі жабық еді, сондықтан олар қақпаны бар күшпен тарсылдатып қаға бастады; соны көрген Дон Кихот, қандай кепке ұшырағаныма қарамастан қарауыл болу міндетім деп тауып, былай деп қызбалана айқайлап жіберді:
— Рыцарьмысыңдар немесе атқосшымысыңдар, кім болсаңдар да мейілдерің! Қамал-сарайдың қақпасын тарсылдатып қаққанды қойыңдар, өйткені мынадай құлқын сәріде ондағы тұрғындардың тәтті ұйқыда жататыны өзінен-өзі түсінікті ғой, оған қоса, қай қамалдың да қақпасы күн өз сәулесін күллі әлемге таратқан кезде ғана ашылатыны мәлім. Сөйтіп, ат басын бұрыңдар да, таңның атуын күтіңдер, сендерге қақпаны ашуға бола ма, әлде болмай ма, оны кейін көре жатамыз.
— Қайдағы қамалды немесе қамал-сарайды айтып тұрсыз және бізге әлденендей бір шарт қойып, әрнені шатып тұрғаныңызға жол болсын! — деп айқайлап жіберді салт аттының бірі. — Егер бекет иесі болсаңыз, онда қақпаны ашсын деп әмір етіңіз, — атымызды жемдеп аламыз да әрі кетеміз: шұғыл шаруамен бара жатырмыз.
— Апырай, рыцарьлар-ай, мен бекеттің қожасына ұқсай ма екем? — деп сұрады Дон Кихот.
— Кімге ұқсайтыныңызды мен білмеймін, — деп жауап қатты екінші салт атты, — білетінім тек сандырақтап тұрғаныңыз ғана, өйткені бекетті қамал-сарай деп атайсыз.
— Бұл — қамал-сарай, — деді Дон Кихот айтқанынан қайтпай, — және қандай — айнала-маңдағы ең тәуірлерінің бірі, бір кезде тұрғындарының қолында — аса таяқ, басында — тәж болған.
— Керісінше болғаны, яғни, аса таяғы — басында, тәжі — қолында
болғаны жақсы еді, — деп құлаққағыс етті саяхатшы. — Және олар, менің ойымша, масқарапаз біреулер ғана шығар, себебі олардың асай-мүсейлері арасынан тәж бен аса таяқты жиі кезіктіруге болады, оған қоса мына бекет тым шағын, ар жақтан ешқандай дабыр-дұбыр естілмейді, сондықтан бұған тәж киіп, аса таяқ ұстауға лайық тұлғалардың тоқтай қоюы екіталай.
— Кезбе рыцарьлардың қандай жағдайларға жолығып жататынынан хабарың болмаса, өмірден де білген-түйгенің көп емес шығар, — деді наразы Дон Кихот.
Бұл берекесіз ит-ырғылжың Дон Кихотпен тіл қатысып тұрған салт аттының серіктерін жалықтырып жіберді де, олар қақпаны қайтадан бар күшпен тарсылдатып қаға бастады, нәтижесінде бекетте қонып жатқандардың бәрі түгел ұйқысынан оянды, ал бекетші кім мазалап жатқанын білмекке қақпаға қарай беттеді. Дәл осы мезгілде жаңадан келгендердің астындағы аттардың бірі Росинантты иіскелеуге ынтық бола қалды, ал ана қайғылы да қамкөңіл, құлағы салбырап, сұлқ тұрған бейшара аспан мен жердің арасында салақтаған қожайынын өз денесімен демеп тұрған-ды; бірақ, ағаш ат секілді көрінгенімен, қанша дегенмен, кеудесінде жаны бар тірі хайуан болғандықтан ол да қарыздар қалғысы келмеді — өзіне ықылас білдірген атты ол да иіскелеуге кірісті; сөйтіп, бұның сәл ғана қозғалуы мұң екен, Дон Кихоттың аяғы керіліп сала берді де, ерден сырғып кетті, егер қолы байлаулы болмағанда гүрс етіп жерге құлауы да ықтимал еді; сонымен бірге, ол құдды біреу қолын білезігінен кесіп жатқандай немесе иығын шығарып жіберуге тырысып жатқандай денесінің жан шыдатпай ауырғанын сезді, — тым төмен салбырап қалғаны сонша, башпайлары жерге тиер-тиместей боп тұрған, бірақ бұл оның жағдайын одан әрмен ауырлата түскен еді, себебі тағы кішкене тырмысса табанымен жер басатынын сезіп, аяғын жерге тіреу үшін битін салып жатқан-ды, — жазалау құралына блок таңдалған, дар ағашына өте төмен асылған қылмыскерлер тап осылайша өз азабын өзі ұлғайта түсетін: тағы да шамалы талпынса табаны жерге тірелердей көріп, бойын барынша созып бағуға тырысатын.
ХLІҮ тарау
Бұл тарауда бекеттегі құлақ естіп, көз көрмеген оқиғалар жайындағы әңгіме әрмен жалғасады
Қысқасы, Дон Кихоттың қылғына айқайлағаны сонша, жүрегі тас төбесіне шыққан бекетші қақпаны асығыс-үсігіс аша салып, айқай шыққан жаққа қарай жан ұшыра жүгірді, оның соңынан жаңадан келгендер ерді. Бұл айқай-шу Мариторнесті де оятып жіберген-ді, сөйтіп, бұның не себептен шығып жатқан дабыра-шу екенін жылдам аңғара қойған ол жан баласының көзіне түспей сарайға жетіп барды да, рыцарымыз салбырай ілініп тұрған ноқтаны шешіп жіберді, анау сол бойда-ақ бекетші мен жолаушылардың көз алдында жерге жалп етіп құлап түсті; жолаушылар болса, оның қасына жақындап не болғанын, не себепті сонша айқайлағанын сұрастырып жатты. Қолына байланған қайысты үн-түнсіз сыпырып тастаған Дон Кихот орнынан тұрып, Росинантқа қонғаннан кейін, қалқанын көкірегіне тұтып, найзасын көлденең ұстап, әжептәуір қашыққа ұзап кетті; сонан соң атының басын жалт бұрып, тебініп қалды да, шоқырақтай шапты, шауып келе жатқан күйі былай деп айқай салды:
— Егер де кімде-кім мені тектен-тек жадыланбаған дейтін болса, мейірбан ханымым принцесса Микомиконаның рұқсатымен сол адамның суайт екенін әшкерелеп, оны жауап беруге мәжбүр етем және жекпе-жекке шақырам!
Жаңадан келгендер Дон Кихоттың сөзіне таңырқанып қалысты, бірақ бекетші Дон Кихоттың кім екенін түсіндіріп, оған ешқандай көңіл бөлудің қажеті жоқтығын, миы шатысқан адам екенін, сондықтан таңғалмай-ақ қоюларына болатынын айтты.
Сол кезде олар бекетшіден жасы он бестердегі, қашыр айдаушы боп киінген бозбаланың ғайыптан-тайып бекетіне түскен-түспегенін сұрады, сөйтіп донья Клара ғашығының түр-сымбатын егжей-тегжейлі суреттеп берді. Қожайын бекетте адамның қарақұрым екенін, ондай баланы көрген-көрмегенін есіне түсіре алмай тұрғанын айтты. Осы арада жаңадан келгендердің бірі аудитордың күймесін көріп қалды да:
— Әрине, ол осында, — анау мырзамыз соңынан қалмай еріп келе жатқан күйме. Біреуіміз қақпаның жанында қалайық, басқаларымыз бекеттің ішінен іздесін, сондай-ақ, анау дуалдан қарғып қашып кетпеуі үшін, тағы біреуіміздің бекетті сыртынан торуылдағанымыз дұрыс болар, — деді.
— Дәп солай жасаймыз, — деді екіншісі.
Сол арада екеуі бекетке қарай кетті де, үшіншісі қақпа жанында қалды, ал төртіншісі бекетті сыртынан орағыта бастады; олардың бұл тірлігін үнсіз бақылап тұрған бекет иесі неліктен осыншама әбігершілік жасалып жатқанына қайран болды, бірақ жаңадан келгендердің әлгінде ғана ерекше белгілерін өзіне сипаттап берген бозбаланы іздестіріп жүргенін ол жақсы түсініп тұрған.
Сол екі арада күн де ұясынан көтерілген еді, бір жағынан, осы себептен, екінші жағынан, Дон Кихоттың айқай-ұйқайынан, барлығы да оянып, тұрып кеткен болатын, ал жұрттың бәрінен бұрын Клара мен Доротея тұрған-ды: біріне — ғашығының таяу маңда жүргені маза бермесе, екіншісіне — сүйгенін көруге деген ынтызарлық тыныштық бермеген-ді, бір сөзбен айтқанда, екеуінің де ұйқыларының сәні кетуіне себеп жеткілікті болатын. Төрт жолаушының бірде біреуі өзіне зәредей көңіл аудармағанын және шақыруын қабыл алмағанын көрген Дон Кихот күйініш пен ызадан жарылып кете жаздап шақ тұрды, егер рыцарьлық қарекет қағидалары кезбе рыцарьға уәдесін орындамай жатып басқа бір іспен айналыспайтыны жөніндегі сертіне қарамай-ақ жаңа бір шаруаларды қолға алып, сонымен шұғылданып кетуге ерік беретін болса, онда бұл әлгілерді қолма-қол шабуылдап, шақыруын қабыл алуға еріксізден-еріксіз мәжбүр етер-ақ еді, бірақ Микомиконаны өз корольдігіне енгізбей тұрып жаңа әрекетке кірісуіне болмайтынын және тиіс те еместігін есінде ұстаған ол сабасына түсіп, жаңадан келгендердің әурешілігі немен тынарын күтіп үнсіз қалды; ал олардың бірі сол тұста бозбаланы іздеп тауып та алған-ды, — өзін біреулер іздеп жүр-ау деген ойдан мақұрым бозбала шын мәніндегі қашыр айдаушының жанында ұйқыны соғып жатқан, ал өзінің қолға түскенінен, екібастан, бейхабар-тұғын. Жаңадан келген оны білегінен шап беріп ұстай алды да:
— Апырай, сеньор дон Луис, киіміңіз дәреже деңгейіңізге әбден-ақ үйлесімді екен, ал төсек-орныңыз аяулы анаңыздың өзіңізді сән-салтанатта мәпелеп өсіргеніне айғақ болардай-ақ, — деді.
Бозбала ұйқылы көзін уқалап жіберіп, оған тесірейе қарап қалды да, бұның әкесінің малайы екенін ажыратты, бұл жаңалық оны қатты таңғалдырғаны сонша, ұзақ уақыт бойы бір ауыз бірдеңе айтарлық шамасы болмады, ал малай сөзін әрмен жалғап жатты:
— Сіздің аяулы әкеңіз, ал менің қожайыным, ана дүниеге аттанып кетпесін десеңіз, жарқыным, сеньор дон Луис, сізге бар шаруаңызды былай қойып үйге қайтудан басқа ештеңе қалмайды, өйткені үйде болмауыңыздың жанына қатты батқаны сонша, әкеңіз шынымен сондай халге жетіп отыр.
— Ал, сонда әкем осылай қарай кеткенімді және осындай киім кигенімді қайдан білген? — деп сұрады дон Луис.
— Ойға алған ісіңіз жайында сыр бөліскен бір шәкірт бала әкеңіздің сізді жер-көктен іздеп таппай аһ ұрып жатқанын көріп жаны ашып, бәрін түгел баян етті, ал әкеңіз сол бойда төрт малайын қуғынға аттандырды, сөйтіп міне төртеуіміз де алдыңызға келіп бас иіп тұрмыз және қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр, себебі сапарымыз сондай сәтті боп шықты, ұзамай өзіңізді жанындай жақсы көретін адамыңызбен табысатын боласыз.
— Е, бұл қайтуға құлқым соға ма, жоқ па, көктегі құдірет қалай қарайды — соған байланысты, — деді дон Луис қыңыратқып.
— Соға ма, қарай ма деп бас қатыратын не бар, үйге қайтуға келіскеніңіздің өзі-ақ жетеді. Бұдан басқа жасайтын амалыңыз да жоқ.
Дон Луистің жанындағы қашыр айдаушы осы әңгіменің бәрін естіп жатқан-ды, — төсегінен атып тұрды да, бұл оқиға жайында дон Фернандоға, Карденьоға және олардың киініп үлгерген басқа да серіктеріне хабарлауға асықты; әлгі адамның бозбаланы дон деп әспеттейтінін, олардың екеуара не жайында сөйлескенін және әлгінің баланы алып кеткісі келетінін, баланың барғысы келмейтінін олар, міне, осы жігіттен естіді. Қашыр айдаушының бұл хабары, сондай-ақ осынау бозбала жайында өздеріне бұрыннан мәлім жай, анығырақ айтқанда — құдіреттің оған ғажайып дауыс сыйлағаны, оларды бұл бозбала жайында көбірек білуге ынтықтырды, оған күш көрсетілетіндей болса тіпті көмек бергілері де келді, сол үшін бәрі бозбала мен малай арасындағы кикілжің әлі жалғасын тауып жатқан жерге қарай бағыт алды. Дәл осы кезде Доротея бөлмесінен сыртқа шыққан-ды, оған еріп үргелектене басып донья Клара да шыққан, сол арада Доротея Карденьоны аулақтау шығарып алып, оған жас әнші мен донья Клара арасындағы жайды қысқаша түрде баяндап берді, ал Карденьо, өз кезегінде, оған бозбаланың әкесі қуғынға жіберген малайлардың келіп жеткенін хабарлады және Клара естімейтіндей етіп ақырын дауыспен айтпағандықтан, осының бәрі қызды қатты толқытып жібергені сонша, Доротея ұстап қалмағанда ес-түссіз құлап түсері кәміл-ді. Карденьо Доротеяға оны бөлмеге кіргізуге кеңес берді, қалғанының бәрін өзі реттейтінін айтты; Доротея солай етті де.
Ал бұл кезде төрт малайдың төртеуі де бекеттің ауласына жиналып, дон Луисті ортаға алып, әкесін қуанту үшін осы қазір қолма-қол жүріп кетуін сұрап жабыла үгіттеп жатты. Дон Луис оларға өмірін де, арын да, жанын да бәске тіккен шаруасын бірыңғайлы қылмай ешқайда бармайтынын мәлім етті. Малайлар болса, оны мұнда қалдырып құр өздері қайтпайтынын, жақтырсын мейлі, жақтырмасын мейлі, бәрібір оны қалайда үйіне алып баратындарын айтып табандап тұрып алды.
— Сіздер менің мәйітімді ғана алып барасыздар, — деп қарсылық білдірді дон Луис. — Қалай, қайтіп апарсаңыздар да менің жансыз денемді ғана апарасыздар.
Бұл екі арада дау-дамай дабырасына меймандардың көпшілігі-ақ жиналып қалған, олардың арасында Карденьо, дон Фернандо, оның серіктері, аудитор, священник, шаштараз, сондай-ақ енді қамал-сарайды күзетуге мұқтаждық жоқ деп шешкен Дон Кихот та бар еді. Бозбаланың басындағы жайдан хабардар боп үлгерген Карденьо малайлардан жас жігітті күштеп алып кетуге не итермелеп тұрғанын сұрады.
— Бізді итермелеп тұрған — әкесін өмірге қайта оралту тілегі ғана, мына кавальеродан ойда жоқта қол үзіп қалуы себепті оған өмірмен қош айтысу қатері төніп тұр, — деп жауап қатты төртеудің бірі.
Дон Луис оған былай деп жауап қатты:
— Бұл ара менің жеке басыма қатысты жайларды талқылайтын жер емес. Мен ерікті адаммын, қайтқым келсе — қайтамын, қайтқым келмесе — ешқайсыңыз да мәжбүр ете алмайсыздар.
— Сізді, мейірбан мырзам, ақыл-парасатыңыз мәжбүр етеді, — деді малай келісіңкіремей, — ал, егер ол сізде аздау болса, бізде жетерлік, әйтеуір осы жерге келіп тұрғандағы мақсатымыз бен жүктелген міндетімізді ақырына дейін орындап шығуға жетеді.
— Мәселені егжей-тегжейлі анықтап алған жөн болар еді, — деп сөзге аудитор араласты.
Сол арада бұл қожайынының көршісі екенін шырамытқан малай:
— Апырай, мархабатты мырза, сеньор аудитор, мына кавальероны қалай ғана танымай тұрсыз? Бұл көршіңіздің ұлы ғой, — дәреже-атағына сай келмейтін киім киіп ата-анасының үйінен қашып кеткен болатын, онысын өзіңіз де көріп тұрған шығарсыз, — деді.
Мұны естіген аудитор бозбалаға зейін сала қарап, оны тани кетті де, құшағына алып:
— Дәреже-атағыңызға кір келтіретін мынадай киім киіп және осындай ыңғайда саяхат жасап жүргеніңіз неғылғаныңыз, сеньор дон Луис: әншейін балалық па немесе оның әлденендей бір себебі бар ма? — деді.
Бозбаланың көзіне жас толып кетті де, аудиторға ешқандай жауап қайтара алмады, ал аудитор болса малайлардан сабыр етуін сұрап, бәрі де ойдағыдай реттелетінін айтты; өзі дон Луисті қолынан ұстап, оңашаға алып шыққан соң, қандай кепке тап болғанын сұрады. Ол өстіп одан басындағы жайды егжей-тегжейлі сұрастырып жатқан кезде бекет қақпасы жанынан шаңқылдаған дауыстар естілді, оған себепкер мынадай жағдай еді: осында қонып шыққан екі мейман дон Луистің малайлары жұрттың назарын бұрып алғанын көріп, ештеңе төлемей кетіп қалмақ болыпты; алайда басқа біреудің шаруасынан гөрі өз шаруасын көбірек құнттағанды жөн көретін бекетші оларды қақпаның жанынан ұстап, ақы төлеуді талап еткен және пасық пиғылдарын өте бір былғанышты сөздермен мінеп-сөккені сонша, аналар жауап орнына жұдырығын ала жүгірген; сөйтіп, олардың мұны оңдырмай төмпештей бастағаны сонша, бейшара бекетшінің жан дауысы шыға бақырып көмек сұраудан басқа шарасы қалмаған. Бекетшінің жұбайы мен қызы Дон Кихотты неғұрлым қолы бос және көмек көрсетуге неғұрлым қабілетті адам деп тапқан-ды, сондықтан оған бекетшінің қызы келіп:
— Көмектесе көріңіз, сеньор рыцарь, жаратқан иеміз өзіңізге осындай қабілетті текке бермеген болар, екі сұрқия сорлы әкемнің қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарып жатыр! — деді.
Оның лебізін тыңдап алған Дон Кихот аспай-саспай және мейлінше байсалды кейіпте былай деп сөйлеп кетті:
— Аяулы ару! Қазіргі таңда бұл өтінішіңіз аяқсыз қалуға тиіс деп есептеймін, өйткені берген уәдем бойынша аяқтап шығуға мәжбүр боп тұрған шаруамды жеріне жеткізбейінше, қандай да бір басқа шытырман оқиғаға араласуға қақым жоқ. Алайда, сізге мынадай бағалы кеңес берсем бе деймін: жүгіріп барыңыз да әкеңізге айтыңыз, бұл айқаста ол барынша табандылық танытсын және қандай себеппен болса да берілмейтін болсын, ал бұл екі арада мен принцесса Микомиконадан оны осынау бақытсыздықтан арашалап алуға пұрсат сұраймын, егер ол пұрсатын берсе, еш саспаңыз, оны құтқарып алам.
— Алда, құдай-ай! — деп айқайлап жіберді сол жерде тұрған Мариторнес. — Сіз өтініш айтып, аталмыш пұрсатыңызды алып болғанша қожайыным ана дүниеге аттанып та кетеді ғой.
— Маған сондай пұрсатты алуға мүмкіндік беріңіздер, — деді Дон Кихот келіспей, — ал анау бұл кезде ана дүниеге аттана ма, аттанбай ма — онда тұрған дәнеңе жоқ, өйткені оны ол жақтан да босатып алам, тіпті бұған ол жақтың түгел қарсылық көрсеткеніне де қарамаймын немесе, тым құрығанда, оны сол жаққа аттандырып жібергендерді жақсылап тұрып желкелейтінім сонша, баршаңыз да толық қанағаттанғандық сезімге ие боласыздар.
Соны айтып, көп ойланып тұрмастан, Доротеяның алдында тізесін бүкті де, өзінің кезбелік-рыцарьлық тілінде мәртебелі ханымға мына қамал-сарайдың төтенше қасіретке тап болған иесіне жедел түрде жәрдем көрсетуіне кеңшілік жасап, пұрсат беру жөнінде өтініш білдірді. Принцесса қуана-қуана келісім берді де, Дон Кихот қалқанын бетке ұстап, семсерін суырып алып, қақпаға қарай тұра жүгірді, ол жерде екі мейман бекетшіге әліге шейін асықпай әлімжеттік жасап жатқан болатын; бірақ Дон Кихот оларға жақындай бере қалт тұрып қалды, Мариторнес пен бекетшінің әйелі кідірмеуін, бірі қожайынын, екіншісі күйеуін жедел құтқарып алуын сұрап айқайлағандарымен, былқ етпеді.
— Мен асықпайын деп тұрмын, — деді Дон Кихот, — өйткені, қарапайым қызметшілерге қарсы семсер суыруға қақым жоқ. Атқосшым Санчоны шақырыңдар, өйткені бұндайлардан арашалау мен кек қайтару соның үлесіндегі шаруа.
Бұл әңгіме бекеттің қақпасы жанында айтылып жатқан-ды, ал ол жерде айтуға тұрарлықтай дәрежеде дөп тиіп, дәл соғылған жұдырықтар сол бұрынғыша жаңбырдай жауып, бекетшіге әжептәуір мөлшерде зиян әкеліп, Мариторнестің, әйелі мен қызының жанын қоярға жер таптырмай тұрған, Дон Кихоттың қоянжүректігі, сондай-ақ бірінің қожайыны, екіншісінің жұбайы, үшіншісінің әкесі тап болған мына қасірет оларды қатты күйзелтіп жіберген.
Әйтсе де, бекетшіні аз уақытқа жайына қалдыра тұрайық, өйткені оны арашалап алатындардың табылары анық, ал табылмаса — әлі келмейтін іске тәуекел етіп әлек болғаны үшін шыдасын, қыңқ еткен дыбыс шығармасын, сөйтейік те, елу қадамдай кейін жүріп дон Луистің аудиторға не деп жатқанына құлақ түрейік: біз олардан аудитор бозбаладан неліктен жаяу келе жатқанын, не себепті үстіне соншалықты жұпыны киім кигенін тәптіштеп сұрап жатқан кезде қол үзіп едік қой. Сол арада бозбала бейне жүрегі қайғыдан қарс айрылып тұрғанының белгісіндей оның қолын қатты қысып ұстап алған күйі және көзінің жасын көлдетіп тұрып былай деді:
— Мархабатты мырза! Сізге айтарым тек біреу ғана: мейірбан ханымым донья Клараны көруіме құдіретті күш оң қабақ білдірген сәтте-ақ, бұған өзіңізбен көршілігіміздің де септігі тигені рас, сол бір қас қағымда-ақ сіздің қызыңыз, ал менің мейірбан ханымым, жүрегімнің қожасына айналған болатын, егерде сіздің жүрегіңіз, шын мәніндегі әміршім әрі әкем, бұған қарсылық білдірмесе, онда ол тап бүгін менің зайыбыма айналады. Тек сол үшін ғана мен туып-өскен үйімді тастап шықтым, тек сол үшін ғана мынадай киімді кидім, сөйтіп нысанаға қарай атылған оқ секілді, компастың жетегіне ерген теңізші секілді ол қайда барса сонда бармаққа соңынан қалмай ілесіп келем. Өзіне деген сезімім жайында ол тек көзімнен сорғалаған жастан байқағанынан басқа ештеңе де білмейді, оның өзін де тек бірнеше рет алыстан ғана көрген болатын. Сізге, сеньор, ата-анамның дәулетті әрі ақсүйек әулеттен шыққан адамдар екені мәлім шығар, мен олардың жалғыз ғана мұрагер ұлымын, егер тілегімді толық қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдауыңызға осының өзі жеткілікті деп ойласаңыз, онда мені тап осы қазір ұлым деп атаңызшы. Егер де әкем, басқаша бір өзіндік ой-жоспарын орындамақ боп, іздеп тапқан қазынамды дұрыс бағаламайтын болса, онда күйрету мен өзгерту жағына келгенде уақыт шіркіннің адам мүддесінен әлдеқайда әлдірек болатыны белгілі ғой.
Осыны айтып ғашық бала үнсіз қалды; дон Луистің өз сезімі жайында шешілген кездегі шешендігі мен парасат-пайымы аудиторды қатты таңырқатты, сонымен бірге ол не істеу керегін білмей дағдарып та қалған, өйткені бәрі аяқ астынан, күтпеген жерден болған-ды; осыған байланысты ол әзірше оған ештеңе айта да алмады, ақыл-кеңес те бере алмады, бар-жоғы тек сабасына түсіп, бәрінің де көңілін көншітетін шешімнің жайын асықпай ойластыру үшін малайларды ертеңге шейін ұстап қалу керек деген ұйғарым жасады. Қарсылық білдіргеніне қарамай дон Луис оны қолынан сүйіп, көзінің жасымен суғарды, оның бұл ісі аудитордың жүрегін ғана емес, тастан жаралған жүректі де жұмсартқан болар еді, ал аудитордың өзі, ақылды адам болуы себепті, бұл некенің қызына қандай игілік әкелетінін бек жақсы біліп тұрған; ол тек бұлардың, мүмкін боп жатса, дон Луистің әкесінің ақ батасы бойынша ғана үйленгендерін ғана қалаған, ал оның баласына ақсүйектік атақ алып беруді көздеп жүргенін құлағы шалған-ды.
Дон Кихоттың қорқытып-үркітуіне емес, сендіре, көңілге қонымды дәлелдер келтіре айтқан сөзіне ден қойған меймандар сол екі арада бекетшімен татуласып, ақысын толық өтеген еді, ал дон Луистің малайлары болса мырзаларының аудитормен әңгімесі немен аяқталарын және қандай шешім қабылдарын тосып тұрған, міне дәл осы кезде қашан да сергек жүретін қағылез шайтанның азғыруымен бекетке ана жолы Дон Кихот Мамбрин дулығасын тартып алған, ал Санчо Панса тәуірлеу ер-тұрманын зорлық қылып өз әбзеліне ауыстырып алған, шаштараздың келіп кірмесі бар ма! Есегін ат қораға қоймақ болған шаштараз Санчо Пансаның ер-тұрманмен әуре боп жатқанын көріп қалып, өзінің ерін сол бойда танып, ызадан жарылып кете жаздап Санчоға айқайды сала тап берді:
— Әй, сен, алаяқ, ақыры қолға түстің бе! Сақал қыратын легенімді, ерімді және өзің ұрлап әкеткен ноқта-жүгенімді қайтар жаның барында!
Күтпеген жерден мұндай шабуылға тап болған және өзін қалай сықпырта боқтап жатқанын құлағы шалған Санчо бір қолымен ерге жармасып, екінші қолымен шаштаразды беттен бір салып, аузын қан қылды; бірақ, бұған қарамастан шаштараз олжасын — яғни, өзінің меншікті ерін, қолдан шығара қоймады, керісінше, айқайды күшейтіп жібергені сонша, бораған боғауыз бен шаң-шұң дауыс бекеттегі барлық тұрғынның назарын аударды.
— Әділ сот, мұнда кел, король атымен шақырам! — деп айқайлады ол. — Мен өз мүлкімді қайтармақ боп жатырмын, ал мына қара жолдың қарақшысы мені өлтіргісі келеді!
— Оттапсың, — деп наразылық білдірді Санчо, — мен қара жолдың қарақшысы емеспін, ал мына олжаны қожайыным Дон Кихот әділ сайыстың арқасында қолға түсірді.
Дон Кихот та осы араға жетіп үлгерген-ді; атқосшысының қалайша қорғанып, қалайша шабуыл жасап жатқанына сүйісіне қарап қалған ол, бұл өзі әбден лайықты адам екен-ау деген тұжырымға біржола орнығып, құйттай қолайлы сәт туған бойда-ақ оны рыцарьлар қатарына өткізуге өзіне-өзі сөз берді, өйткені Санчо оған рыцарьлар орденінің беделіне бедел қосатын адам секілді боп көрінді. Айтқандайын, ұрыс-керістің қызған шағында шаштараз былай деп мәлім етті:
— Құдайдың маған өлім жіберетіні қандай анық болса, бұл ердің де өзімдікі екені сондай анық, сеньорлар; және бұл ерді туған баламдай жақсы танимын. Оған қоса, мына жерде, атқорада есегім тұр, нанбасаңдар содан барып сұраңдар, әйтпесе өздерің өлшеп көріңдер — егер ерім оған құйып қойғандай шақ болмаса, онда мен арсызбын. Бұл бұл ма: тап сол ерім қолды болған күні жап-жаңа мыс легенімнің де жоғалып кеткенін білдім, — ал ол үшін аз да емес, көп те емес, тұтас бір эскудо төлегенмін.
Сол арада Дон Кихот шыдамай кетті де, екеуінің арасына барып килігіп, ажыратып жібергеннен кейін, ақиқат анықталғанша көптің көз алдында тұруы үшін ерді жерге қойып, былай деді:
— Мейірбанды мырзалар, мына атқосшының қандай адасушылыққа ұрынғаны көз алдарыңызда мейлінше анық та айқын көрініс беріп тұрғаны кәміл, өйткені Мамбрин дулығасы болған, болатын және болашақта да бола беретін нәрсені ол сақал қыратын леген деп тұр, бұл дулығаны өзім одан әділ сайыс нәтижесінде тартып алғам, сөйтіп оның заңды да толыққанды қожасына айналғам. Ал, енді ерге келетін болсақ, оған мен араласпаймын. Білетінім біреу ғана: атқосшым Санчо сәйгүлігін сәндемек оймен мына жеңіліс тапқан сужүректің атындағы жабуды алуға кеңшілік етуімді өтінген еді. Мен кеңшілік еткем, ол жабуды алған, ал оның қалайша ерге айналып шыға келгенін түсіндірудің түк те қиындығы жоқ: біз рыцарьлар әлемінде тұрақты ұшырасатын құбылысқа, бір нәрсе өңін айналдырып екінші нәрсеге ұқсас боп шыға келетін құбылысқа жолығып тұрмыз. Соның тағы бір даусыз дәлелі болсын, достым Санчо, мына туысқан әлгінде шаштараз легеніне балаған дулығаны осында әкеле қойшы.
— Өй-өй, сеньор, — деп дызақтады Санчо, — бейкүнәлігімізге өзіңіз келтіргеннен басқа дәлелдемелер табылмаса, онда мына туысқанның жабуы — ерге қаншалықты ұқсас болса, шаштараздың легені де, кім еді әлгі, Малғұн ба еді, соның дулығасына соншалықты ұқсас боп шыға келеріне еш күмән жоқ.
— Айтқанды істесейші, бұл қамал-сарайдағы нәрсенің бәрі түгел жадыланып қойған деймісің, — деді Дон Кихот.
Санчо барып легенді алып келді, Дон Кихот оны дереу қолына алып, былай деді:
— Ал, енді айтыңыздаршы, мархабатты мырзалар, әлгінде өзім құлаққағыс еткен мына дулығаны бұл атқосшының қай бетімен сақал қыратын леген деуге дәті барады, өзім мүшесі боп табылатын рыцарьлық орденнің атымен ант етем, бұл өзінен тартып алынған дулығаның нақ өзі, сол қалпы, жамап-жасқаған ештеңем жоқ.
— Бұған ешқандай күдік келтіруге болмайды, — деп қыстырыла кетті Санчо, — мырзам мұны жеңіп алғаннан кейін онымен тек жалғыз рет қана шайқасқа шығып, шынжырмен бұғауланған бейбақтарға бостандық алып берді, егер мына леген-дулыға болмағанда оның жағдайы өте қиын болатын-ды, себебі дұшпан бізге тас лақтырып көз аштырмай қойды.
ХLҮ тарау
Мұнда Мамбрин дулығасы мен ерге қатысты күмән біржола сейіледі, сондай-ақ басқа да оқиғалар жайында барынша шыншылдықпен баяндалады
— Мына сабаздар қайтеді-ай, сеньорлар? — деп шаңқ етті шаштараз. — Мұны сақал қыратын леген емес, дулыға деп бет бақтырмай тұрғанын көрдіңіздер ме!
— Кімде-кім олай емес деп өңештесе, — деп іліп әкетті Дон Кихот, — егер ол рыцарь болса, онда оның өтірік айтып тұрғанына көзін жеткізем, ал егер ол атқосшы болса, онда оның — барып тұрған пәтуасыз суайт болғаны.
Осы жерде тұрған және Дон Кихоттың мінез-құлқынан жақсы хабардар біздің шаштаразымыз көпшіліктің көңілін көтеруді ойлап, мұның бәрін сайқымазақ күлкіге айналдырмақ болып әрі рыцарьдың көңілін аулауды көздеп, басқа шаштаразға қарап былай деп тіл қатты:
— Сеньор шаштараз! Қателеспесем, шаштараз боларсыз. Ендеше, менің де кәсіптес ағайыныңыз екенімді біліп қойғаныңыз артық етпес, диплом алғаныма жиырма жылдан асты, сондықтан қырынуға қажет керек-жарақты бес саусағымдай білем, ал жас кезімде, оны да айта кетейін, солдат болуыма тура келді, сол себепті дулыға дегеннің, темір телпек дегеннің, бет жабар дегеннің, әскери іске қатысты басқа да заттардың мән-жайынан мағлұматым баршылық, басқаша сөзбен айтқанда, қару-жарақтың барлық түрі маған жақсы таныс. Сондықтан, былай деп сенімді түрде мәлім етпекпін, — қателессем, түзете жатарсыз, — мына мейірбан сеньор қолында ұстап тұрған зат әсте де сақал қыратын леген емес және мұның одан айырмашылығы ақ түстің қара түстен, ақиқаттың жалғандықтан айырмашылығындай. Алайда, бұл нағыз дулыға болғанымен, онша бүтін емес-ау деп шамалап тұрғанымды да айта кеткенді жөн санаймын.
— Қайдан бүтін болсын, — деді Дон Кихот, — мұның жарты бөлегі, дәлірек айтқанда — иек жабары жоқ.
— Бәрекелді, — деп қоштай кетті священник шаштараз досының қулығын түсіне қойып.
Шаштаразды Карденьо да, дон Фернандо мен оның серіктері де жақтап шықты; дон Луистің мәселесін қалай біржақты қылу жайындағы ойдың шырмауына ілікпегенде тіпті аудитордың да соның жағына көшері кәміл еді, бірақ әлгіндей маңызды шаруамен басы қатып жүргендіктен ол мынадай ермекке ешқандай дерлік көңіл аударған жоқ.
— Жасаған құдай сақтай гөр! — деп айқайлап жіберді дал болған шаштараз. — Апырай, қадірменді мырзалардың мұны сақал қыратын леген емес, дулыға деп табандап тұрып алғаны неғылғаны? Мұны естісе тіпті ғылым-білім қордаланған тұтас бір университеттің өзі таңғалғаннан талып түсері анық. Бұл арада енді бас қатыратын не бар: егер мына леген — дулыға болса, онда, мына сеньор өңештеп қоймай тұрғандай, ердің де — жабу болғаны ғой, шамасы.
— Меніңше, бұл ер секілді. Әйтсе де, бұрын айтқанымдай, мен бұл іске араласпаймын, — деді Дон Кихот.
— Ер ме, жабу ма — оны сеньор Дон Кихот айтуға тиіс, — деп мәлім етті священник, — рыцарьлық жабдық-жарақтың жайын мына сеньорлар да, мен де бұл кісіден артық білмейміз.
— Құдай атымен ант етейін, мархабатты мырзалар, — деп Дон Кихот қайта сөйлеп кетті, — өзім екі рет тоқтаған мына қамал-сарайда неше түрлі ғажайыпты бастан кешкенім сонша, аталмыш мекен-жайға қатысты сауалдардың қандайына да оң жауап беруге тәуекелім бармайды, өйткені мұнда болып тұратын оқиғалардың бәрі де жадылау арқылы жүзеге асатынын сезем. Алғашқы жолы осында жатқан жадыланған мавр маған көрмегенді көрсетті, оның жандайшаптарынан Санчо да сыбағасын алды, ал бүгін түнде қолымнан байланған қалпымда екі сағаттай салақтап тұрдым, мұндай кесепаттың басыма қайдан тап болғанын әлі түсіне алар емеспін. Міне, сондықтан да мына бықи-тықи былықтар жайында бірдеңе айту менің тарапымнан әбестік боп шығар еді. Бұл дулыға емес, леген дейтін пікірді ұстанғандарға жауабымды беріп те қойдым, ал енді анау ер ме әлде жабу ма дейтінге келер болсақ, бұл жайында нақты бір байламға тоқтай алмай тұрғаным себепті, мұны, мархабатты мырзалар, өз қалауыңызға қалдырам: өзім секілді рыцарьлар қатарына қабылданбағандықтан сіздерге жергілікті сиқыршылар ешқандай дәрмен жасай алмайтыны себепті, осыған орай ұғым-түсініктеріңіз тәуелсіз болатыны себепті, аталмыш қамал-сарайда болып жататын жайлардың бәріне өз долбар-пайымымша баға беретін маған қарағанда, бәлкім, сіздер әрі әділ, әрі шындыққа сай келетін пікір айтатын шығарсыздар.
— Бұған дау жоқ, — деп сөзге дон Фернандо араласты, — сеньор Дон Кихот тамаша айтты: шын мәнінде де бұл мәселені біздің шешкеніміз жөн, сол үшін, шешім салмақты да салиқалы боп шығуы үшін, мен құпия түрде мына сеньорлардан пікір жинаймын, нәтижесі қандай болғаны жайында соңынан толық есеп берем.
Дон Кихоттың дәлдүріштігін білетіндер ішек-сілесі қатып күліп жатты, ал өңгелерге, оның ішінде дон Луистің төрт малайы мен дон Луистің өзіне де, сондай-ақ бекетке енді ғана келіп кірген, түрлеріне қарағанда жасауыл тәрізді көрінген, кейін анықталғанындай, шын мәнінде де жасауыл боп шыққан, үш жолаушыға да, мұның бәрі адам айтса нанғысыз ақымақшылық іспетті көрінді. Бірақ, басқаларға қарағанда жеке меншік легені көз алдында Мамбрин дулығасына айналып шыға келген, ал есегіне салатын ері дәл қазір, оған зәредей күмән жоқ, керемет көркем жабуға айналмақшы шаштараз көбірек күйіп-пісіп, зығырданы қайнап тұрған; ал бұл кезде жұрт дон Фернандоның қалай пікір жинап жүргенін көріп мәз бола күлісіп жатқан-ды: ол әркімге кезекпен-кезек жанасып, сыбырлай сөйлеп, үлкен дау-дамай тудырып жатқан мына асыл қазынаның ер ме әлде жабу ма, не екенін өзіне құпия түрде айтып беруін сұрастырып жүрген-ді; Дон Кихотты жақсы білетіндердің пікірлерін жинастырғаннан кейін ол, жұрттың бәрі еститіндей ғып мынаны жария етті:
— Әңгіме былай, бауырым: жұрттан пікір сұрай-сұрай әбден шаршадым, — кімнен сұрасаң да бәрі бұл әсте есекке салатын ер емес, ол оттаған сөз, бұл аттың жабуы және ат болғанда да асыл тұқымды аттың жабуы, дегенді айтады. Сондықтан енді ештеңе істей алмайсыз, — өзіңізге де, есегіңізге де онша жағымды бола қоймағанымен, бұл ер емес, жабу деп, ал сіздің барлық айғақ-дәлелдемелеріңіз қате деп танылды.
— Мейірбанды мырзалар, сіздер емес, мен қателесіп тұрған болсам, ана дүние есігін көрмей-ақ кетейін! — деп зар иледі бейшара шаштараз. — Егер алдымда жатқан мына нәрсе есекке салатын ер болмаса, жаным жаратқанның алдына бармай-ақ кетсін, бірақ заң корольге арнап жазылмайды ғой... — жә, қойдым, қойдым! — бірақ, мас еместігім де анық: басқа бірдеңеге күнәлі болсам болармын, бірақ таңғы асымды әлі ішпегенім рас.
Дон Кихоттың сандырағы секілді, шаштараздың осынау шатты-бұтты пәтуасыз сөзі де жұртты күлкіге кенелтті, ал анау дәл осы сәтте қайтадан сөйлеп қоя берген:
— Енді әркімге өз дүниесіне ие болу ғана қалды, құдай бергенге шадияр Петр де батасын береді.
Төрт малайдың бірі осы кез былай деді:
— Мұның бәрі әншейін әзіл-оспақ болмаса, онда осы арада тұрған, жаратылысынан ақыл-парасат иесі саналатын немесе, ең құрығанда, солай деп ойлауға болатын жандардың бәрі түгел батылы барып неліктен мыналарды леген де емес, ер де емес деп бет бақтырмайтынын түсінбедім. Алайда бұлар басқаша емес, тап осылайша бет бақтырмай жатқандықтан және жұрттың бәрі ақиқаттың өзі айғаққа жүріп, қарапайым тәжірибе нақ па нақ көрсетіп тұрған нәрсе жайында айтысып жатқандықтан, мен бұл іске әзәзіл араласқан деп санаймын, сондықтан бәріңіз де осы арада... — ол боғауыз қыстырды, — қайткен күнде де, бәрібір, мынаны сақал қыратын леген емес, ананы есекке салатын ер емес деп санауға мені күллі әлемнің ешбір кереметі ешқашан мәжбүр ете алмайды.
— Бәлкім, ол есектің өзіне емес, мәшіне салатын ер шығар, — деп кекеп қойды священник.
— Айырмашылық азғантай, әңгіме онда емес, — деді малай. — Бұл ер ме, жоқ әлде, өздеріңіз сендіріп тұрғандай, ер емес пе, әңгіме сонда.
Дау-дамайға куә боп тұрған жаңадан келген жасауылдардың бірі осы арада қызбаланып әрі ызаланып:
— Өз әкемнің туған баласы екенім қандай шындық болса, бұл да тап сондай ер, ал егер кімде-кім олай емес десе, онда оның, шамасы, артығырақ алыңқырап қойғаны, — деп салды.
— Сіз нағыз ардан безген арамза секілді көкіп тұрсыз, — деп мәлім етті Дон Кихот.
Соны айтып, қашан да қолынан тастамай ұстап жүретін шолақ найзасын жоғары көтерді де, жасауылдың басынан бар күшімен пермек болды, егер анау жалтарып үлгермегенде жерге жалп ете түсері кәміл-ді. Найзасы жерге соғылып, бірнеше бөлікке бөлініп кетті, ал жолдастарына қандай жәбір жасалып жатқанын көрген жасауылдар Қасиетті ағайындықты көмекке шақырып бар дауыспен айқайға басты.
Ағайындықта қызмет еткен бекетші жүгіріп барып үйінен жезлі мен шпагасын алып шығып, туысқандарының қатарына қосылды; ал дон Луистің малайлары болса, мырзасы мына қарбаласты пайдаланып қашып кетпесін деп оны қаумалап алды; алатопалаң басталғанын байқаған шаштараз ерге бас салды, Санчо да қалыспай дереу жармаса кетті; Дон Кихот семсерін суырып жасауылдарға қарай ұмтылды; дон Луис малайларына айқайлап өзін қаумалағанды қойып, Дон Кихотқа, сондай-ақ соның жағына шыққан Карденьо мен дон Фернандоға болысуға әмір етті; священник жаратқаннан жәрдем сұрап жалбарынды; бекетшінің әйелі бажылдап жатты; оның қызы ауыр күрсінумен болды; Мариторнес ойбайға басты; Доротея не істерді білмей дағдарып қалды; Лусинда қатты абыржып кетті, ал донья Клара талып кетті. Шаштараз Санчоны соққылап, Санчо шаштаразды пергіледі; қашып кетпесін деп қолынан ұстап тұрмақ болған бір малайды дон Луис беттен ұрып, аузын қан жалатты; аудитор оны қорғауға ұмтылды; дон Фернандо бір жасауылды ұрып құлатты да, оны аямай тепкілей бастады; бекетші жан дауысы шыға бақырып Қасиетті ағайындық қызметшілерін көмекке шақырумен болды, — қысқасы, бүткіл бекет ыңыранып, айқайлап, ұлып, жан ұшыра шапқылап, үрейге бой алдырып, көмек сұрап, апатқа душар болып, шпагамен түйресіп, жұдырықпен пергілеп, сойылмен соққылап, аяқпен теуіп және қан төгіп жатты. Міне, осынау берекесіз жанжал, былық пен бәтуасыздық шегіне жеткен мезгілде, Дон Кихоттың ой-қиялында өзі делқұлылық жасап, Аграмант қосынында пайда болған өзара қырқысқа араласып жүргендей көрініс қылаң ете қалды, осыған байланысты ол жұрттың құлағын жарып жіберердей қатты дауыспен:
— Тоқта! Семсер қынға сұғылсын! Тұра қал! Өмір қымбат болса, сөзіме құлақ салыңыздар! — деп ақырды.
Оның жер жаңғыртқан дауысы жұрттың есін жиғызды, ал анау сөзін әрмен жалғай берді:
— Сіздерге айтқан жоқ па едім, сеньорлар, бұл қамал-сарай жадыланған және мұны жын-шайтанның үлкен шоғыры жайлап алған деп? Міне, соның бір дәлелі осы: Аграмант қосынындағы өзара қырқыс қазір ғана көз алдарыңызда осында ауысып, біздің арамызда қайта тұтанды. Қараңыздар: біреу семсер, біреу сәйгүлік үшін, біреу бүркіт, біреу дулыға үшін дегендей, бір-бірімізбен шым-шытырық шайқасты бастап жібердік, бірімізді біріміз түсінуден қалдық. Сөйтіп, берменірек келіңіз, мархабатты мырза сеньор аудитор, сіз де, мархабатты мырза сеньор священник, сөйтіп, біріңіз өзіңізді Аграмант патша, екіншіңіз Собрин патша секілді сезініңіз де, өзара бейбіт келісімге келіңіз, өйткені — құдіреті күшті жаратқанның атымен ант етейін — біздердің, текті тұқымнан тараған адамдардың, бір-бірімізді өлтіріп жатқанымыздан асқан масқарашылық жоқ.
Дон Кихоттың сөзінен дәнеңе де ұқпаған, бірақ Карденьодан, дон Фернандо мен оның серіктерінен жақсылап жұдырық жеген жасауылдар басылар болмады; шаштараз, керісінше, қолма-қол тиыла қалды, өйткені төбелес кезінде сақалы мен ері зардап шеккен-ді; шын берілген малай ретінде Санчо қожайын лебізі естілген бойда көне қойды; дон Луистің төрт малайы да енді шынымен-ақ ештеңеге алаңдамауға болады деп түйіп, олар да тыныш тапты; тек жалғыз бекет ұстаушы ғана әманда бекетінің әптер-тәптерін шығарып жүретін мына жындының оспадарсыздығын жазалау керек дегенінен танбай тұрып алды. Ақыр соңында айқай-шу саябыр тауып басылды, бірақ Дон Кихоттың түсінік-пайымында есекке салатын ер — аттың жабуы, леген — дулыға, жолаушылар бекеті — қамал-сарай болып ақыр заман орнағанша өзгермес орнықты күйінде қала барды.
Аудитор мен священниктің басу айтуымен жұрт сабасына түсіп, татуласқан кезде дон Луистың малайлары дәл қазір жүріп кетелік деп оны қайта мазалай бастады. Ол келіспей, малайларымен керісіп жатқан кезде аудитор дон Фернандодан, Карденьо мен священниктен мынадай жағдайда не істеуге болатыны жөнінде ақыл сұрап, оларға дон Луистан естіген жайларын бастан-аяқ баяндап берді. Ақыр соңында мынадай шешім қабылданды: дон Луистың өзі дәл қазір әке алдына барып аяғына жығылғаннан қылышпен қырық пәрша боп туралғанды артық көріп тұрғандықтан, дон Фернандо малайларға өзінің кім екенін айтып, дон Луисты Андалусияға алып кететінін, онда ағасы, маркиз, дон Луисқа керекті жағдайдың бәрін жасайтынын мәлім ететін болды. Сөйтіп, дон Фернандоның қандай лауазым иесі екенін және дон Луистың нені ойға алғанын білген төрт малай өзара кеңесе келіп, үшеуі кейін қайтып осы әңгімені әкесіне хабарлайтын болып, ал төртіншісі қызмет көрсету үшін дон Луистың қасында қалып, ана үшеуі оны алып кетуге қайта оралғанша немесе әкесінен басқа бір бұйрық келіп түскенше оны тастап ешқайда кетпейтін болып келісті. Аграмант патшаның әмірі және Собрин патшаның кемеңгерлігі арқасында өзара қиян-кескі қырқысқа осылайша тыйым салынды; алайда мәміле атаулының дұшпаны әрі татулықтың қас жауы өзін қара бет боп қаңғырып қалғандай сезініп, бүліншілік жасауға бағытталған жымысқы әрекеттері болмашы ғана жеміс бергенін байқап, тағы бір талпынып көрмекке, жаңа бір шатақ бастап, шаң-шұң шығармаққа ниеттенді.
Мәселе былай болған еді: өздерімен айқасқа түскен адамдардың қарапайым біреулер емесін сезген бойда-ақ жасауылдардың жігері құм болып, майдан алаңын тастап кеткен-ді — жанжалдың қалай тынғанына қарамай бәріне кінәлі өздері боп шығатынын олар бірден аңғара қойған; бірақ, ішіндегі біреуі, анау әлгі дон Фернандо ұрып құлатып, тепкілегені, қылмыскерлерді ұстау жөніндегі жарлықтар арасында Дон Кихотқа тікелей қатысты жарлықтың да барын есіне түсірді: каторгаға кесілген қылмыскерлерді босатқаны үшін Қасиетті ағайындық оны тұтқынға алу жөнінде нұсқау берген; Санчоның айрықша қауіптенген жарлығы да осы болатын. Сөйтіп, осыны еске түсірген жасауыл Дон Кихоттың ерекше белгілері жарлықта көрсетілгенімен сәйкес келетін-келмейтінін тексеріп алуды ұйғарды, сол үшін қойнынан грамотасын шығарып тиісті жерін тапқаннан кейін, сауаты жүйрік жарандар қатарына жатпайтындықтан оны ежіктеп оқуға кірісті, әр сөзін оқыған сайын Дон Кихотқа қарап қойып, жарлықта көрсетілген белгілерді оның бет-пішінімен салыстырып тұрды, сөйтіп ақыры мұның жарлық нұсқаған адамның тап өзі екенінде ешқандай күмән жоқ деп тапты. Соған көзін жеткізген соң жарлықты шиыршықтап орап, сол қолына ауыстырды да, оң қолымен Дон Кихотты жағасынан тынысын тарылтардай ғып қылғындыра ұстай алып, бар даусымен айқайды салып:
— Қасиетті ағайындыққа көмекке келіңіздер! Тектен-тек көмек шақырып тұрмағаныма көздерің жетуі үшін мына қара жолдың қарақшысын тұтқындау жөнінде өзіме берілген жарлықты оқып көріңіздер! — деді.
Священник жарлықты алып, жасауылдың шын айтып тұрғанына, Дон Кихоттың ерекше белгілерінің дәл келетініне көз жеткізді; Дон Кихот болса, мына найсаптың өзін оңдырмай жәбірлеп жатқанына қаны қайнап, жаны қаншалықты қиналып тұрғанына қарамастан жасауылдың өндіршегіне қос қолдап жармаса кетті — жолдастары келіп жасауылды құтқарып алмағанда, Дон Кихот құрбандығын біржола босатып жібергенше ол да тіршілікпен біржола қош айтысып үлгерген болар еді. Бекетші қызмет бабына сәйкес ағайындарына көмек көрсетуге тиіс-ті, сондықтан ол сол бойда-ақ жасауылға көмекке ұмтылды. Күйеуінің майданға қайта кіргенін көрген бекетшінің әйелі ботадай боздап сол баяғы әніне қайта басты, бұл әнді қызы мен Мариторнес қолма-қол іліп әкетіп, көктегі құдірет пен аспандағы барлық кереметтерді көмекке шақыра бастады. Бұл жерде не болып, не қойып жатқанын көріп тұрған Санчо:
— Құдай ақы, рас, бұл қамал-сарайдың жадыланғаны жайында мырзам айтқан сөздің бәрі ақиқат шындық, өйткені мұнда бір сағат та болса тыныш өмір сүру мүмкін емес! — деді.
Дон Фернандо жасауыл мен Дон Кихотты ажыратып, екеуінің де жанын жай таптырып, біреуінің жағасына қылғындырардай боп жармасқан, екіншісінің өндіршегін жұлып алардай боп қармасқан саусақтарды жазды; сөйте тұрғанымен, жасауылдар қылмыскерді өз қолына беруді, оны байлап тастауға көмектесуді және бұлардың құзырына басы бүтін өткізуді талап етіп тұрып алды, король мен Қасиетті ағайындық белгілеген тәртіп осыған міндеттейтінін айтып, осынау тонаушыны және қара жолдар мен жайдақ жолдар қарақшысын құрықтауға септік жасап, көмек көрсетуді ағайындық атынан тағы да талап етті. Бұл сөздерге құлақ тосқан Дон Кихот әу баста тек мырс-мырс күліп қана тұрған, одан соң барынша байсалдылықпен сөйлеп кетті:
— Бермен келіңдер, тексіз де көргенсіз кісәпірлер! Сендер, немене, бұғауланғанға бостандық әперетін, қапастағыны босататын, бейбаққа жәрдем жасайтын, азып-тозғанға қол ұшын беретін, сыбағадан қағылғанға сый көрсететін адамды қара жолдың қарақшысы деп тұрсыңдар ма? Беу, ардан безген арамза тобыр! Сендердің зұлымдық пен залымдық орын тепкен ой-саналарың кезбе рыцарьлықтың аты мен заты айтып тұрған ұлылығын көктегі құдіреттің көмегімен ұғынуға да дәрменсіз ғой, сонымен бірге, кезбе рыцарьлардың қай-қайсысына болсын, өзі тұрмақ тіпті көлеңкесіне де құрмет таныту керегін білмейтіндіктерің — надан да күнәкар пенде болғандықтарыңның салдары екенін ұғындыруға да шарасыз ғой! Сендер өздерің Қасиетті ағайындықтың атын жамылып қарақшылық жасап жүрген қара жолдың жасауылысыңдар, — ендеше, бермен келіңдер де айтыңдаршы: мен секілді рыцарьды қамауға алу жөніндегі жарлыққа қол қойып жүрген қай топас? Кезбе рыцарьлардың ешкімнің ереже-тәртібіне бағынбайтынын, олардың заңы — семсер, ереже-тәртібі — ерлік, қағидалар жинағы — көңіл қалауы екенін білмейтін кім ол? Кезбе рыцарьдың рыцарьлар ордені қатарына кіріп, өз өмірін рыцарьлықтың ауыр да мехнатты жолына бағыштаған күні алған жеңілдіктері мен артықшылықтарын бірде-бір дворяндық грамота бере алмайтынынан бейхабар ол кеще кім деймін сендерге? Кезбе рыцарьлардың қайсысы “алькаваланы”, “королева туфлиін”, жал ақысын, кеден, жол және өзен салығын төлейтін еді? Тігінші одан тіккен киімі үшін ақы алатын ба еді? Ол келіп түскен қамал-сарайдың иесі оны тегін қонақ қылмайтын ба еді? Оны өз дастарқанына шақырмайтын король болып па еді? Оған ыстық ықылас білдірмеген және ол не тілесе соны орындауға бейіл танытпаған бикеш бар ма еді? Бұған қоса тағы айтарым, жолына кесе-көлденең тұрмаққа талпынған төрт жүз жасауылға өз қолымен төрт жүз рет таяқпен дүре жегізуге батылы жетпейтін қандай да бір кезбе рыцарь болды ма екен, бар ма екен және болар ма екен?
ХLҮІ тарау
Жасауылдар бастан кешкен оқиға жөнінде және ізгі ниетті рыцарымыз Дон Кихоттың жан шыдатпас ашуы жайында
Дон Кихот осыны айтып жатқан кезде священник жасауылдарға Дон Кихоттың нәгүмандығымен санасулары қажеттігін, оның сөзі мен ісіне қарап бұған өздері де кәміл көз жеткізе алатынын, сондықтан бұл әңгімені доғарғандары жөн екенін, өйткені оны тұтқындап әкеткеннің өзінде де, бәрібір кейін есі ауысқан адам ретінде босатып жіберуге мәжбүр болатындарын мәлім еткен-ді, оған жауап ретінде қолында жарлығы бар жасауыл Дон Кихот жынды ма, жоқ па оны тергеп-мошқаумен айналыспайтынын, оның міндеті жоғары жақтың бұйрығын орындау ғана екенін және осы жолы Дон Кихотты қалай да қамауға алатындарын, одан соң ана жақтағылардың оны босатпақ түгіл қанат байлап ұшырып жіберсе де өз еріктері екенін айтты.
— Солай бола тұрғанымен, бұл жолы оны айдап әкете алмайсыздар және оның өзі де айдауға көне қоймас деп ойлаймын, — деді священник.
Ақыр соңында оларға священниктің айтпағанды айтып, Дон Кихоттың көрсетпегенді көрсеткені сонша, Дон Кихоттың делқұлы екенін мойындамаған жағдайда өздерінің одан да асқан делқұлы боп шығарына жасауылдардың көзі анық жетті; сөйтіп, олар ақыры бұл істі жылы жауып қойғанды мақұл көрді, сондай-ақ әліге шейін тыншу таппай бір-бірімен өшіге өжектесумен жүрген шаштараз бен Санчо Панса арасында бітуажа болуға ықылас білдірді. Сөйтіп әділ сот өкілі ретінде олар бұл шаруаға белсене араласып, екі жақты да бірдей қуантпағанымен, біршама қанағаттандырған шешім шығарды: бұл шешім бойынша қуынушылар ерлерін алмастырып алатын болды да, айыл-ноқталары өздерінде қалатын болды; ал Мамбрин дулығасының мәселесі былай шешілді: священник Дон Кихотқа көрсетпей құпия түрде шаштаразға легені үшін сегіз реал ұстатты, ал анау алдауға түскені жайында енді қайтып өмір бақи арыз айтпайтыны жөнінде ант-су ішіп, қолхат жазып берді. Сөйтіп, ең маңызды және ең күрделі деген екі дау осылай тынды, енді тек дон Луистің үш малайының үйге қайтуға, ал төртіншісінің дон Фернандо қайда барса да қасынан қалмай еріп жүруге келісімдерін алу ғана қалған-ды; сәті түскен кездейсоқтық және бекетте бас қосқан ғашықтар мен ержүректердің таңғаларлық тағдыры бұлардың жолын аршып, кедергілерінен арылта да бастағандықтан, олар бұл істі аяғына шейін апарып, оң нәтижеге қол жеткізгенді жөн көрді және ақыры солай болып та шықты: малайлар дон Луистің өтінішін орындауға келісім берді, бұған Клараның қатты қуанғаны сонша, жүрегін кернеген шаттығын алабұртқан ажарынан-ақ аңғаруға болатын. Көз алдында өтіп жатқан оқиғалардың мән-жайын Зораида онша терең ұғына қоймады, дей тұрғанмен, көңіліндегі әлденендей бір түсініксіз кірбіңнің орнын маңайындағы өзі зер сала бақылап, қадағалаумен болған адамдардың, соның ішінде әсіресе өзі көзі жаудырап қарап отырған және өмірінің жалғыз қуанышы мен жұбанышына айналған испан жігітінің бет әлпетіндегі өзгерістерге орай тап сондай бір түсініксіз қуаныш алмастырып тұрды. Священниктің шаштаразға ақша тарту еткені қожайынның назарынан қалыс қалмаған-ды, сондықтан барлық шығыны мен зияны толық өтелмейінше Росинантты да, Санчоның есегін де ауладан шығармауға ант етіп, Дон Кихоттың жамбас ақысын, сондай-ақ бүлінген местер мен төгілген шарап ақысын төлеуді талап етті. Священник мұны да бірыңғайлап жіберді: барлығын дон Фернандо төледі, — айта кетерлігі, өз тарапынан, аудитор да Дон Кихот үшін төлем жасауға шынымен-ақ құлшынған еді; осының арқасында бекетте татулық пен тыныштық орнады, енді ол, Дон Кихот айтқандай, біріне-бірі балағат жаудырып, қырқысып жатқан Аграмант қосынына мүлдем ұқсамайтын, мұнда Октавиан тұсындағыдай тыныштық пен алаңсыздық үстемдік етіп тұрған-ды, жұрттың бәрі бірауыздан мұны священниктің асқан кеңпейілділігі мен шешендігінің, сондай-ақ дон Фернандоның шамадан тыс шүленгірлігінің арқасы деп тапты.
Ал, Дон Кихот болса, өз еркі өзіне тигенін, біресе атқосшысы тарапынан, біресе өз тарапынан туындаумен болған шатақтардан құтылғанын сезіп, сапарды әрмен жалғайтын және өзіне парыз һәм қарыз етілген ұлы істі аяғына жеткізетін шақ туды деп санады, сөйтті де іске шындап кіріспек ниетте Доротеяның алдына барып тізерлей кетті, бірақ анау оған орнынан тұрмайынша бір ауыз сөз айтуға да рұқсат етпеді, — оның көңілін қалдырғысы келмеген Дон Кихот орнынан көтеріліп, былай деді:
— Сүйкімді сеньора, “табандылық — табыс кепілі” деген сөздің мәтелге айналып кеткені мәлім, оған қоса күнделікті тәжірибенің өзі-ақ өмірдегі алуан түрлі әрі аса маңызды жағдайларда тіпті ең күмәнді деген дау-дамайдың да оң шешім табуы талапкердің талмай талпынуына тікелей байланысты екенін көрсетеді, бірақ бұл ақиқат тек соғыста ғана нақты дәлелдемелерге ие бола алады: соғыс кезіндегі жеделдік пен тегеуірін жаудың жоспарын быт-шыт қып шатыстырып жібереді де, жау қорғаныс қамын жасап үлгергенше жеңіс те қолға тиеді. Мұның бәрін айтып тұрған себебім, асыл туған ардақты сеньора, бұл қамал-сарайда бұдан әрі жата бергеніміздің, меніңше, еш пайдасы жоқ, керісінше, күндердің күнінде тіпті мейлінше зиянды болып та шығуы мүмкін, өйткені, — кім біледі? — құпия да жымысқы жандайшаптары арқылы дәу-дұшпанымыз өзін күйреткелі келе жатқанымды біліп те қойған шығар, сөйтіп жан аямас қарекетім мен қажып-талмас білегімнің қайраты қиратуға шарасыз боп шығатын әлденендей бір қамал-сарайға немесе қорғанға барып бекініп те алған болар. Сондықтан да, мәртебелі ханымым, әлгінде айтқанымдай, жан аямас қарекетіміз оның арам ойларының алдын орауы үшін, оңтайлы сәт туып тұрғанда жолға шығайық, ал өзіңіз арман етіп жүрген бақытты сәтке дұшпаныңызбен өзім бетпе-бет кездескен бойда-ақ қол жеткізесіз.
Осыны айтып Дон Кихот үнсіз қалды, басқа бір ауыз сөз қосқан жоқ, байсалды да басалқалы кейіппен сүйкімді инфантаның жауабын тосып тұрды, ал анау аса бір паң да маңғаз пішінде әрі Дон Кихоттың сөз саптау мәнеріне еліктеп, былай деп сөйлеп кетті:
— Басыма туған зобалаңнан құтқарып қалуға тілек білдіргеніңіз үшін сізге, сеньор рыцарь, айрықша алғыс айтам, — бұл жетім-жесірлер мен қорғансыздарды қанатының астына алу парызы әрі міндеті боп табылатын шынайы рыцарьға ғана тән тілек, ендеше бұл дүниеде ізгі жанды әйелдердің де әлі бар екеніне көзіңіз жетуі үшін осынау ортақ тілегімізге жасаған иеміздің өзі жар бола көргей. Ал енді жолға шығу жайына келсек, осы қазір-ақ аттанайық сапарға, ниетіміз сай келіп тұр екен, — мені басы-бүтін өз ықтиярымда деп санай беріңіз: өмірін қорғау жөнінде өзіңізге әу бастан-ақ сенім білдірген және иелігін қолына қайтарып беру жөніндегі істі өзіңізге тапсырған пенде кемеңгер шешіміңіз қандай ұйғарым жасаса да қарсы тұрмақ емес.
— Сәт сапар! — деді Дон Кихот. — Қандай да бір сеньора көз алдымда жәбір көріп жатса, оның бақ-дәулетін бұрынғы дәрежесіне жеткізіп, тақ мұрагерлігін қалпына келтіру мүмкіндігінен айрылып қалуды өзіме ар санаймын. Ендеше, аттанайық дәл қазір, кеш қалудан асқан кемістік жоқ,
деген бар, жалғыз тек осы ойдың өзінен-ақ тезірек жолға шыққым кеп жаным шырқырап тұр. Мені қорқытып, сескендіре алатын адамды құдай әлі дүниеге келтірген жоқ, тозақ та ондай жанды әлі көрген емес, ендеше, ертте Росинантты, Санчо, жүгенде есегің мен королеваның жорғасын, сосын қамал-сарай иесімен және мына сеньорлармен қоштасайық та — мақсатымызды бетке ұстап тартып кетейік!
Мұны тыңдап тұрған Санчо басын шайқап, былай деді:
— Аһ, сеньор! Біле білсеңіз, деревнямыздағы азғындық, тек әйелдер көңіліне ала көрмесін, жұрт айтып жүргеннен әлдеқайда мол.
— Әй, надан, айтып тұрған азғындығың әлдеқандай бір деревняны ғана емес, әлемнің барлық қаласын жайлап алсын мейлі, бұл жайындағы былшылың мені неге мұқатуға тиіс?
— Ашуланатын болсаңыз, аузымды жаптым, — деді Санчо. — Адал атқосшы ретінде айтуға міндетті нәрсемді, адал малай атаулының бәрі қожайынына құлаққағыс етуге тиіс жайды, айтпай-ақ та қойдым.
— Айтқың келсе, айта бер, — деді Дон Кихот, — сенің сөзіңнен қорқып-үркетін адам мен емес, — қорықсаң сен қорқасың, себебі дәрежең сондай адамсың, ал мен қорықпаймын, себебі тұрпатым мүлде бөлек жанмын.
— Құдай сақтасын, мен тіптен басқа нәрсе жайында айтып тұрмын! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Микомиконский ұлы корольдігінің королевасымын деп жүрген мына сеньораның, марқұм шешем қандай королева болса мұның да сондай адам екені мен үшін — дау тудырмайтын ақиқат, өйткені королева арамыздағы бір жігітпен әлсін-әлі және әр нәрсені бір сылтауратып сүйісе бермес еді.
Бұл сөзді естіген Доротеяның беті ду ете қалды, — шындығында да, жұбайы дон Фернандо жұрттың көзін ала беріп сезіміне әбден тиесілі сыйлықтың бір бөлегін ала қою мақсатында әлденеше рет оны ернінен өпкен болатын, ал Санчо оны көріп қойып, мұндай жеңілтектік осыншама ұлы корольдіктің королевасынан гөрі құшаққұмар бикештерге ғана лайықты нәрсе деп ұйғарған-ды, міне сондықтан да Доротея Санчоға қарсы дау айтарлықтай дәнеңе таппаған, қияпатсыз сөзін де бөліп жібере алмаған, ал анау болса бұл кезде сөзін әрмен жалғап жатты:
— Мұны айтып тұрған себебім мынау, сеньор: екеуіміз жер-дүниені шарлап жол кеземіз, соншама мазасыз түндер мен одан да мазасыз күндерді бастан өткереміз, сөйткен барлық еңбегіміздің жемісін ойда жоқта осы арада, жолаушылар бекетінде, мына қыздың қытығын тапқан жігіт жинап алады, ол қалай? Ендеше, Росинантты да, есекті де, жорғаны да ерттеуге асығып нем бар, одан да осында тырп етпей отырған жақсы: жезөкшеге ойнаған рақат, ал бізге тойлаған рақат, деген бар емес пе.
Құдай басқа бермесін, атқосшысының сөлекет сөзі ашуын келтірген Дон Кихот жарылып кете жаздады! Қатты ашынғаны сонша, бойын діріл билеп, демігіп, көзінен от шашырап, былай деп дауыстап жіберді:
— Беу, дарақы диқан, көргенсіз, кісәпір, надан, тілін тістеген міскін, ауызы лас азғын, өсекші және жалақор! Менің алдымда, сондай-ақ мына айтулы ханымдардың алдында мынадай сөзді айтуға қалай дәтің барады сенің, сондай-ақ, осындай арсыз да анайы ойларды мына милау басыңа қалай мықтап орнықтырғансың сен? Жоғал, көзіме көрінбе, жаратылыстың жексұрыны, өтіріктің ордасы, жалғандықтың жиынтығы, пасықтықтың қоймасы, қаскөйліктің ұйытқысы, өсек-аяң таратушы, король тұқымынан шыққандарға ешқандай құрмет көрсетпейтін мұндар! Жоғал, ашу үстінде әкеңді танытқанымды қаламасаң, көзіме көрінуші болма!
Ызадан іші қыж-қыж қайнаған ол қабағын қарс түйіп алды, беті долырып сала берді, көзі ойнақшып кетті, ақыр соңында оң аяғымен жерді бар күшпен бір тепті. Осындай сөздерді естіген, осындай ашулы мінезді көрген Санчоның зәресі зәр түбіне кетіп қорыққаны сонша, егер қарсы алдынан жер қақ айрылып, өзі соның жарығына түсіп кетсе, бұған ол тек қуанбаса ренжімеген болар еді, сондықтан сеньорына жедел жон арқасын беріп, жан шыдатпас ашуынан дереу бас сауғалағанды жөн көрді. Алайда, Дон Кихоттың мінезі өзіне таңсық болудан қалған, тапқыр Доротея оны сабасына түсіруді көздеп, былай деді:
— Сеньор, Қайғылы Бейне Рыцары, әдепсіздің әңгімесін айтқаны үшін ақпейіл атқосшыңызға ренжімей-ақ қойыңыз: кім біледі, бәлкім, сөзінің жаны бар шығар? Зерделі адам әрі шынайы христиан екені мәлім болуы себепті, оның біреуге жала жабуы мүмкін-ау деп күмән келтірудің өзі бекер, сондықтан да шүбә-сезік атаулының бәрін былай серпіп тастап, мына өзіңіздің, сеньор рыцарь, айтуыңызша, бұл қамал-сарайдағы оқиғалардың бәрі жадылау мен сиқырлау арқылы жүзеге асып жатады деп жобалайтын болсақ, онда деймін-ау, Санчо өз көзіммен көрдім деп сендіріп тұрған, менің ар-намысыма нұқсан келтіретін нәрсенің бәрі жай әншейін жын-шайтанның алдап-арбауы боп шығуы да мүмкін ғой.
— Құдіретті құдайдың атымен ант етем, дәл таптыңыз, жоғары мәртебелім! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Көз байлау арқылы ғана көруге болатын нәрсені мына күнәкар Санчоның көруіне әлдебір сайтан септік жасағаны кәміл, бұл бейбақтың адалдығы мен бетке айтатын туралығы өзіме жақсы мәлім, ол біреуге күйе жағу дегенді білмейтін жан.
— Дұрыс айтып тұрсыз, — деді дон Фернандо, — сондықтан, сеньор Дон Кихот, осындай елес-күлестерден есін біржола жоғалтып алмас бұрын, оған кешірім жасаңыз да, sіcut erat іn prіncіpіo41 қанатыңыздың астына қайта алыңыз.
Дон Кихот оны кешіретінін мәлім еткен соң, священник Санчоны шақырып келді, аса бір мүттайым кейіпте бой көрсеткен анау мырзасының алдына кеп тізерлей кетті де, қолын беруін сұрады, мырзасы қолын ұсынып, атқосшысы оны сүйгеннен кейін, оған батасын беріп тұрып:
— Санчо балам, бұл қамал-сарайдағы оқиғалар жадылау жолымен өтіп жатады деп сан мәрте қайталап айтқанымның шындық екеніне енді көзің ақи-тақи жеткен шығар, — деді.
— Көрпеге салып қақпақылдау ғана болмаса, қалғанының бәрі солай екенін өзім де біліп жүрмін, — деп құлаққағыс етті Санчо, — ал енді қақпақылдаудың шынымен және әдеттегі тәсілмен жасалғанына еш күмән жоқ.
— Олай ойлауың бекер, — деді Дон Кихот келіспей, — себебі, бұл шынымен солай болса, онда мен сол кезде-ақ немесе тап осы қазір-ақ кегіңді алып берер ем, бірақ өзіңе көрсетілген жәбір үшін кек қайтаруға болатын жандарды өткен жолғыдай қазір де еш жерден кезіктіре алмай тұрмын.
Жұрттың бәрі бұл неғылған қақпақылдау екенін білгілері келіп құмартты, сол арада бекетші Санчоның әуеде қалықтау оқиғасын егжей-тегжейлі баяндап берді, бұл әңгіме жұртты күлкіге батырды, егер сеньоры бұл нағыз көз байлау деп тағы да тағы сендіріп бақпаса, Санчоның ұяттан кірерге жер таппай қалары анық еді, алайда Санчоның да аңқаулығының шегі бар-ды, сондықтан ол қожайыны ойлағандай және сендіріп баққандай, басын дуалап, ой-қиялы арқылы әрекет еткен елестер емес, өзін кәдімгі тірі адамдардың қақпақыл жасағанын ештебір жалғаны жоқ шындық, талассыз ақиқат деп білетін.
Осынау зиялы қауымның бекеттен орын тепкеніне екі күн болған, сөйтіп ақыры жолаушылар аттанар уақытымыз болды деп шешкен кезде дон Фернандо мен Доротеяны Микомикона королевасының жерін азат етеміз деген желеумен Дон Кихотқа ілесіп оның селосына барудан босату жөнінде ұйғарым жасалды, өйткені священник пен шаштараз оны өздері-ақ алып бара алатындарын, сөйтіп оны сол жерде емдеуге кірісетіндерін айтқан. Сол үшін олар жандарынан өтіп бара жатқан өгіз арбасы бар біреумен сөйлескен, анау алып баруға келіскен, бірақ оны бұл екеуі былай апаратын болды: олар бір-біріне айқастыра шегеленген таяқтардан Дон Кихот еркін сыйып отыра алатын тор тәрізді қамашау жасады; одан кейін дон Ферандо мен серіктері, дон Луистің малайлары, жасауылдар мен бекетші барлығы священниктің ойға алғанын іске асыру мақсатында және соның әмірімен Дон Кихот өздерін танып қоймасы үшін беттеріне перде тұтып, тапқандарына қарай әркім әрқалай киініп алды. Сосын бәрі аяқтарын ұшынан басып, анау мазалы жайлардан дамыл тауып, демалып жатқан бөлмеге барып кірді.
Болашақ оқиғалардан бейхабар рыцарь алаңсыз ұйқы соғып жатқан-ды, бұлар оған тарпа бас салып, тырп ете алмайтындай етіп аяқ-қолын байлап тастады, сөйтіп ұйқысынан шошып оянған Дон Кихот қыбыр етіп қозғала алмай, бар болғаны тек жан-жағынан андаған албастыдай сүдіндерге аң-таң болған әрі абыржыған қалыпта алақтап қарай берді; сөйтіп, не қилыны қиыстыруға шебер әрі шырқы бұзылған ой-қиялының өрісіне сәйкес оларды жадыланған қамал-сарайдың елестері деп, қозғала да, қорғана да алмайтындығы себепті өзін жадыланған деп бажайлады, — бір сөзбен айтқанда, бәрі осынау әурешілікті бастаған священниктің ойлағанындай болды да шықты. Сол арада тұрғандар арасындағы ақыл-есі орнында және өз кескін-келбеті бар жалғыз адам Санчо ғана еді, ол да қожайыны шалдыққан ауруға шалдығардың аз-ақ алдында жүрген кісі болғанымен, әлем-жәлем боп киінген мыналардың кім екенін сол бойда-ақ аңғара қойған, бірақ ләм деп ауыз ашпады, өйткені мырзасының тұтқынға алынуының соңы немен тынарын әлі жобалай алмай тұрған, ал мырзасы болса, мына қасіретінің ақырғы шегі қандай боларын тосып ол да түк үн қатпай тым-тырыс қалған-ды, ал мұның ақырғы шегі мынадай болды: әлгі тор бөлмеге әкелінді де, мыналар оны соның ішіне отырғызып, таяқтарды жақсылап тұрып шегелеп тастады, оны бар күшпен жұлқығанмен де жұлып алу мүмкін емес-ті.
Әлем-жәлем киінгендер торды иықтарына салды, бірақ тап осы сәтте, торды алып бөлмеден шығып бара жатқан кездерінде, жан шошырлық жаман дауыс естілді, мұндай жан шошырлық дауысқа тек шаштараз ғана, — әлгі есекке салатын ердің иесі емес, басқа шаштараз, — ие болатын:
— Беу, Қайғылы Бейне Рыцары! Өзіңді тұтқынға алды деп күйзелме, — жүрек жұтқан батырлығыңның арқасында бастан кешіп жүрген шытырман оқиғаларың барынша жылдам аяқталуы үшін осылай істеу қажет болды. Ал, бұл оқиғалар ламанчалық мейірімсіз арыстан мен тобосолық момын көгершін бірге тұра бастағаннан кейін және олардың мойнына некенің мақпал қамыты ықтиярлы түрде кигізілгеннен кейін ғана тәмамдалмақ, өмірде бұрын болып көрмеген осынау қосақтан қансүрек тұқым дүниеге келеді, олар айбынды әкесінің қанжардай өткір тырнағын мұра етеді. Және бұл оқиға қашып бара жатқан нимфаның соңындағы қуғыншы өзінің қарқынды да машықты сапарында жарқыраған белгілерге екі мәрте оралып соққанға дейін орын алады. Ал, сен, беліне семсер байлаған, иегінде бес тал қылы, тұмсығында иіс сезу қабілеті бар атқосшылардың ішіндегі ең ақпейіл де айтқанға көнгіші! Кезбе рыцарьлар қауымының жан тең келмес өкілін көз алдыңда осылай торға қамап әкетіп бара жатқанына өкінбе де, қайғырма да, — жаратушы құдірет жар болса, көп ұзамай-ақ ұланғайыр билік пен зор мансапқа ие боласың, тіпті өзіңді өзің танымай да қаласың, яғни мейірбан мырзаңның берген уәдесі ақыры іске асатын болады. Оған қоса, данагөй Бөсербайдың атымен ант ете отырып, өзіңе жалақы төленетіндігіне сендіргім келеді, оған әлі-ақ көзің жетеді. Сөйтіп, осынау жау жүрек те жадыланған рыцарьдың соңынан қалмай ере бер, өйткені екеуің барып тоқтайтын жерге дейін соның соңынан еріп жүруге тиіссің. Маған бұдан басқа ештеңе айтуға болмайтындықтан, сапарларың сәтті болсын демекпін, ал өзімнің қайда бара жатқанымды өзім ғана білемін.
Осынау көріпкелдік көп сөзінің бас жағында шаштараз қатты дауыстап сөйлеген-ді, кейін дауысын бәсеңдете келіп аяқ жағын балдай тәтті былдырға айналдырып жібергені сонша, тіпті бұған сыбайластарының өзі де сеніп қала жаздады.
Шаштараздың болжамын Дон Кихот ұнатып қалды, өйткені оның мән-мағынасын біршама анық ұғынған-ды, сөйтіп бұдан ғашығы Дульсинея Тобосскаямен заңды некеге тұратынын, оның құт толы құрсағының жемістері, яғни, өзінің ұлдары, Ламанчаның даңқын ғасырдан ғасырға асыратынын көңіліне түйген; осының бәрін еш ойланбастан ақиқат шындыққа балаған ол сергек үнмен былай деп сөйлеп кетті:
— Осыншалықты теңдессіз ізгілікке жететінімді болжаған жан, сен өзің кім болсаң да, сенен жалынып сұрарым, өзіме оң көзбен қарап жүрген сиқыршыға маған жеткізген аса қуанышты әрі таңғаларлық осы жорамалың орындалғанша мына өзімді алып бара жатқан абақтыда ажал табуыма жол бермеуі жөнінде менің атымнан өтініш айтшы, өйткені бұл жорамалың жүзеге асса тар қапастың азабын — бақыт, аяқ-қолымды бұғаулаған шынжырды — жан рақаты санар едім, ал өзімді әкеп лақтырған түрме едені маған қу тақырға айналған айқас алаңы емес, мамық көрпе, ләззатқа бөлейтін жар төсегі секілді көрінер еді. Ал, енді атқосшым Санчо Пансаның көңілін аулап айтқан сөздеріңе келсек, адал да ақпейіл адам болғандықтан оның қуанышта да, қайғыда да мені тастап кетпейтініне кәміл сенем. Егер оның да жолы болмай, менің де ісім оңғарылмай оған бір аралды, немесе соған жетеқабыл басқа бірдеңені тарту ете алмасам, онда, қайткен күнде де, ол әйтеуір, жалақысын алатын болады, өйткені қазірдің өзінде-ақ дайын тұрған өсиетімде, — әрине, оның мейлінше көп әрі маңызды қызметін бағалау тұрғысынан емес, жалғыз тек қолда бар дүние-мүлкім тұрғысынан ғана, — оған не тиесілі болатынын көрсетіп те қойғам.
Санчо Панса айрықша құрмет білдіре еңкейіп, оның екі қолын бірдей сүйіп-сүйіп алды, ал оны бір қолынан ғана сүюдің еш мүмкіндігі жоқ-ты, себебі қолдары бірге байлаулы тұрған.
Одан соң елестер торды иықтарына салып алды да, өгіз арбаға апарып орналастырды.
ХLҮІІ тарау
Дон Кихоттың қалайша қызықты түрде жадыланғаны жайында, сондай-ақ есте қаларлық басқа да оқиғалар жөнінде
Өзін торға қамап, торды арбаға әкеп тиегендерін көрген Дон Кихот былай деді:
— Кезбе рыцарьлар жайында не түрлі ғажап хикая оқыған едім, алайда жадыланған рыцарьларды мына жалқау да жайбасар жануарлардың сылбыр аяңындай жүріспен бір жаққа әкеткендерін ешқашан оқыған да жоқпын, көрген де, естіген де емеспін. Әдетте рыцарьларды адам таңғаларлық жылдамдықпен сұрғылт немесе қара бұлтқа қымтап әуемен алып ұшады, отқа оранған екі аяқты арбамен, гиппогрифпен немесе басқа да сондай хайуанмен әкетеді, ал енді өгіз арбамен әкетті деген мүлдем ақылға қонбайды-ақ! Бірақ, бұған таңданудың да реті жоқ, біздің заманның рыцарьлығы мен сиқыршылығы бағзыдан қалған жолмен емес, басқа жолмен кеткені анық. Бәлкім, тіпті менің өзім жаңа заманның рыцары, яғни әлдеқашан ұмыт болған кәсіпті — шытырман оқиға іздейтін рыцарьлықты қайта тірілткен дүниедегі тұңғыш рыцарь болуым себепті, сиқыршылықтың жаңа түрлері мен жадыланғандарды алып қашудың жаңа тәсілдері пайда болуы да мүмкін ғой. Бұған сен қалай қарайсың, Санчо балам?
— Оған қалай қарайтынымды өзім де білмеймін, — деп жауап қатты Санчо, — себебі кезбелік жайлы жазбаларды өзіңіз секілді көп оқыған жоқпын ғой, тақсыр. Солай бола тұрғанымен, осы маңайды кезіп жүрген елестердің әсте де тақуа біреулер еместігіне ант беруге бармын.
— Тақуа деймісің? О не дегенің сенің! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Қайдағы тақуалық, бұлар деген арамза ойын іске асырып, мені осындай жағдайға жеткізу үшін адам секілді алдамшы кейіпке енген нағыз ыбылыстар ғой. Бұған көзіңді жеткізгің келсе, қолыңды тигізіп, сипалап көр, денелерінің ауадан тұратынын, алыстан ғана дене секілді көрініс беретінін сонда өзің де білесің.
— Құдай ақы, сеньор, олардың денесіне қолымды тигізіп те көрдім, — деп мәлім етті Санчо. — Осы арада тыным таппай жүрген әне бір шайтанның денесі жұп-жұмыр, оған қоса, оның шайтандарға тән емес тағы бір ерекшелігі бар: шайтандар күкірт сасып және басқа да жүрек айнытарлық жаман иіс таратып жүреді деуші еді ғой, ал мынаның үстінен сонадайдан-ақ амбра аңқиды.
Санчо мұны айтқанда, Фернандоны мегзеген: ақсүйек әулеттен шыққан сеньор болғандықтан, шамасы, одан осындай бір ұнамды иіс келіп тұрса керек.
— Бұған таңырқамай-ақ қой, достым Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Шайтандардың шамадан тыс тақыс келетіні есіңде болсын: олар жүрек айнытатын жаман иіс таратады, бірақ өз бойынан ешқандай иіс бөлмейді, өйткені олар — жын-жыбырлар, ал егер иіс шығара қалса, жағымды иіс шығармайды, қолқаны қабатын сасық иіс мүңкітеді. Мұның себебі, олар қашан да тозақтың топанына тоғытылып жүреді және азап-ақиреттеріне жеңілдік алудан ада-күде қол үзген, ал жақсы иістің жанды жай таптырып, рақатқа бөлейтіні белгілі, сондықтан бұлар ешқашан жақсы иіс шығара алмайды. Ал, егер өзің айтқан жын-жыбыр амбра иісін таратып тұрса, онда не сенің алданып қалғаның, не шайтан екенін біліп қоймауың үшін оның сені алдап жібергені.
Мырзасы мен малайының арасындағы әңгіменің сиқы осындай еді; ал дон Фернандо мен Карденьо болса, ойға алған істерінің сырын Санчо аяғына дейін аңғарып қоймасы үшін, — ол біраз жайды жобалап та қалған-ды, — тезірек жүріп кеткенді жөн көрді, сол үшін бекетшіні оңашаға шақырып, Росинант пен Санчоның есегін ерттеуге әмір етті, анау мұны аса бір әбжілдікпен орындады. Сол аралықта священник жасауылдармен сөйлесіп үлгерген, олар Дон Кихотты барар жеріне дейін шығарып салуға келісті, бұл үшін оларға қанша тәулік жол жүргендеріне қарай ақы төленетін болды. Карденьо Росинант ерінің қасына бергі жағынан қалқанды, арғы жағынан сақал қыратын легенді іліп, ым-ишарат арқылы Санчоға есегіне қонып, Росинантты жетекке алуды, ал мушкет асынған екі жасауылға: бірі — оң жағынан, екіншісі — сол жағынан арбамен қапталдаса жүріп отыруды бұйырды. Алайда, арба орнынан қозғалмас бұрын бекетшінің жұбайы, оның қызы және Мариторнес үшеуі құдды бір Дон Кихоттың басына түскен бақытсыздыққа қатты қайғырған жандардай кейіп танытып, онымен қоштасуға келді. Дон Кихот болса, оларға былай деді:
— Жыламаңыздар, мейірбан сеньораларым, — мұндай қысталаң жайлар өзім таңдаған салада қарекет жасап жүргендер үшін үйреншікті нәрсе, егер осындай теперішке тап болмасам, онда өзімді айбынды кезбе рыцарь қатарына қоспаған болар ем, өйткені көпшілікке танылмаған және ерекше істерімен аты шықпаған рыцарьлар мұндай шытырман оқиғаларды ешқашан бастан кешпейді, сол себепті олар ешкімнің есінде қалмайды, ал айбынды рыцарьлардың жөні бір басқа, өйткені патшалар мен рыцарьлардың көпшілігі бұлардың ізгі қасиеттері мен жүрек жұтқан батырлығын көре алмайды, сөйтіп түрлі зымиян айла-шарғы арқылы олардың көзін құртуға тырысады. Алайда, ізгілік қуатының сарқылмас молдығы сонша, алғаш ойлап тауып іске асырған Зороастрдың күллі қара ниет сиқыршылығына қасақана, қандай өткелектен де қиналмай өтіп, жер бетіне күндей күліп шуақ шашып тұратын болады. Егер өздеріңізге әлденендей бір жәбір жасасам, — ондай жәбірді, әлбетте, еркімнен тыс түрде жасаған шығармын, өйткені ешкімді ешқашан әдейі де арнайы жәбірлеп көрген емеспін, — кешіре көріңіздер мені, сүйкімді ханымдар, сонсоң өзімді беймәлім арамза сиқыршы әкеп қамап тастаған мына қапастан құтқаруын сұрап құдайға құлшылық етіңіздер. Егер еркіндікке шыға қалсам, өзіме осынау қамал-сарайда жасалған жақсылықтар мәңгі бақи есімде жүретін болады, сөйтіп өздеріңізге осыған лайық құрмет-қошемет, сый-сыяпат көрсететін болам.
Дон Кихот қамал-сарайда тұратын әйелдермен әңгіме-дүкен құрып жатқан кезде, священник пен шаштараз дон Фернандомен және оның серіктерімен, капитанмен және оның ағасымен, сондай-ақ тағдырына дән риза барлық ханыммен, соның ішінде әсіресе Лусиндамен және Доротеямен қоштасты. Бәрі бір-бірімен құшақтасып, хабар алысып тұруға уәде етісті, ал дон Фернандо священникке хатты өзіне қайда жазуға болатынын хабарлап, Дон Кихоттың кейінгі тағдыры жайында хабарлауын өтінді, бұл өзін өте қызықтыратынына сендірді, сондай-ақ, өз тарапынан, священникке қызықты көрінуі мүмкін жайлар туралы: өзінің үйлену тойы, Зораиданы шоқындыру, дон Луистің тағдыры және Лусинданың ата-анасының үйіне қайтып оралуы жайында егжей-тегжейлі хабарлайтынын айтты. Священник оның өтінішін бұлжытпай орындауға уәде етті. Бәрі де қайтадан құшақтасып, қайтадан үйіп-төгіп уәде берісті. Сол арада бекетші священникке келіп, оған әлденендей бір қағаздарды табыс етіп тұрып, бұларды Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят жатқан сандықша астарынан тауып алғанын хабарлады, иесі ақыры төбе көрсетпегендіктен, мұны священниктің алуына болатынын айтты, өйткені өзім бәрібір оқи алмаймын, сондықтан мұның маған қажеті жоқ, деді. Священник алғыс жаудырып, сол бойда-ақ қолжазбаны ашып жіберіп: Ринконета мен Кортадильо жайындағы хикаят деген тақырыбын оқып шықты, осыған қарап шамалағанда мұнда тағы бір хикаяттың бары анық болды; сөйтіп, Пәруайсыз әуестік секілді бұл да біршама тәуір дүние боп шығар, өйткені, айқын аңғарылып тұрғанындай, екеуінің де авторы бір адам екен деп түйген ол, оңтайы келген бойда-ақ оқып шықпақ боп қолжазбаны қоржынына салып қойды.
Одан соң шаштараз досы екеуі атқа қонды да, арбаның артынан ерді — екеуінің де бетінде перде бар-ды, өйткені Дон Кихот өздерін танып қоймасын деген. Шеру мынадай тәртіппен қозғалып келе жатты: ең алда — иесі айдап келе жатқан өгіз арба; оның қос қапталында — әлгінде айтылғандай, мушкет асынған жасауылдар; арбаның соңында — есегіне мініп, Росинантты жетекке алған Санчо, ал ең артында — әлгінде баян етілгендей, бетперде киген, паң да маңғаз пошымға енген, қашырларының алғыр аяңын өгіздердің сылбыр жүрісінен оздырмауға тырысып тізгін тартып, священник пен шаштараз келе жатты. Ал, тордың ішінде аяғын созып жіберіп, торға арқасын сүйеп, қолы байлаулы Дон Кихот отырды, жуас-қоңыр, момақан түріне қарап, оны тірі адам емес, бейне бір тастан қашап жасалған мүсін бе деп қалуға болатындай-ақ еді. Осылайша үн-түнсіз, жай басып алға жылжыған олар екі мильдей жерді артта қалдырғаннан кейін бір жасыл алқапқа жақындады, бұл ара арбакешке демалуға және өгіздерін оттатып алуға өте оңтайлы көрінген-ді, бірақ священникпен кеңесіп алған шаштараз тағы да шамалы жүре түскендері дұрыс екенін, өйткені әудем жерден көрініп тұрған жотаның арғы жағында шалғыны бұдан да қалың, арбакеш тоқтауға ниет еткен мына арадан әлдеқайда тәуір шабындық барын білетінін айтты. Шаштараздың пікірі үстем болып, саяхатшылар жүрісін жалғады.
Алайда, осы мезгілде артына бұрылып қараған священник жақсы киініп, жақсы жарақтанған алты-жеті салт аттының салып ұрып жетіп қалғанын көрді, ұзамай бұлар жолаушыларымызды қуып та жетті, өйткені қамсыз-мұңсыз, жай басып жалпақ алған өгіздердің аяңы мен бір мінсе канониктер ғана мінетін қашырлардың жүрісін, әрине, салыстыруға болмайтын және олар, шамасы, осы арадан бір мильдей ғана жерден бой көрсетіп тұрған бекетке түс әлетіне дейін барып жайғасуды көздеп келе жатса керек. Қатарласқаннан кейін жүрдектер жайбасарлармен ілтипатты түрде бас иіп амандасты, ал, кейін белгілі болғанындай, толедолық каноник әрі осы топтың басшысы боп шыққан біреуі, арбаны, жасауылдарды, Санчоны, Росинантты, священник пен шаштаразды, ақыр аяғында, тұтқынға алынып, торға қамалған Дон Кихотты, белгілі бір тәртіппен қозғалып келе жатқан бүкіл мына шеруді көзбен шолып өткеннен кейін, неліктен бұл адамды осылай алып келе жатқандарын сұрамай қала алмады, сонымен бірге, жасауылдардың дәреже белгілерін байқап қалған ол бұл адамның Қасиетті ағайындық айналысуға тиісті әлденендей бір қанқұйлы қарақшы, жалпы, әлденендей бір қылмыскер екенін жақсы түсініп тұрғанын да айтты. Өзіне осындай сұрақ қойылған жасауыл оған:
— Сеньор! Неге бұлай алып келе жатқанымызды мына кавальероның өзі айтсын, біз ештеңе білмейміз, — деп жауап қатты.
Әңгіме өзі жайында болып жатқанын естіген Дон Кихот:
— Бұл мырзалар кезбе рыцарьлық дегеннің не екенінен мағлұмдар ма екен өздері? Мағлұмдар болса, басымдағы тақсіретім жайында баяндап берейін, егер олай болмаса, аузымды босқа ауыртпай-ақ қояйын, — деді.
Жолаушылардың Дон Кихотпен шүйіркелесе бастағанын көрген священник пен шаштараз қулықтары ашылып қалатындай боп жатса, оны бүркемелейтіндей түсінік бермек оймен аттарын тебініп, жақынырақ келіп тұрды.
Дон Кихоттың сауалына каноник былай деп жауап қатты:
— Шынымды айтсам, балам, рыцарьлық романдарды мен Вильяльпандоның Sumulas42 оқулығынан да жақсырақ білем, сондықтан, мәселе осыған тіреліп тұрса, ештеңеге алаңдамай, айтқыңыз келгеннің бәрін айта беруіңізге болады.
— Оған да шүкір, — деп жуаси сөйледі Дон Кихот. — Ендеше, сеньор кавальеро, мені жадылап, торға қамап тастағанын біліп қойыңыз, ал бұған себеп болған нәрсе — жауыз сиқыршылардың көре алмаушылығы мен зымияндығы, өйткені пәк жандар ізгілікті қаншалықты қадір тұтса, күнәкарлар оны соншалықты жек көреді. Мен — кезбе рыцарьмын, бірақ есімдерін Даңқ бір рет те болса еске алып, мәңгілікке сақтауға бейіл бермегендер қатарына жатпаймын, мен қызғаныш дейтіннің тап өзіне, сондай-ақ күллі Персияның көзбайлаушыларына, Индияның браминдеріне һәм Эфиопияның гимнософистеріне қасақана түрде және әдейі, — кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болуы үшін, болашақтың кезбе рыцарьлары соғыс ісінде ең жоғары құрметке қандай жолмен жетуге болатынын білуі үшін, — өз есімін мәңгіліктің храмына жазып қою бақыты бұйырғандар қатарына жатамын.
— Сеньор Ламанчалық Дон Кихот шындықты айтып отыр, — деп жауап қатты бұған священник. — Ол, шынымен-ақ, жадыланған күйде осы арбамен келе жатыр, бірақ мұндай жағдайға ол өз күнәсі мен кінәсі үшін емес, ізгілікті суқаны сүймейтіндер мен жақсы атақты жақтырмайтындардың зұлымдық әрекеті салдарынан душар боп отыр. Бұл, сеньор, Қайғылы Бейне Рыцары боп табылады, ол жайында, бәлкім, біреу-міреуден естіген де шығарсыз, қызғаныш қаншалықты қаралап бағуға, мекерлік қаншалықты жасырып бағуға тырысқанымен оның жүрек жұтқан ерліктері мен ұлы істері тозбайтын мыс пен мүжілмейтін мәрмәрда таңбаланатын болады.
Тұтқында отырғанның да, еркіндікте жүргеннің де қалай-қалай сөйлейтіндеріне қайран болған каноник шоқына жаздап шақ қалды, — бұның не нәрсе екенін ол түсіне алмады, бұған серіктері де айран-асыр болды. Жұрттың не айтып жатқанын тыңдамаққа жақындап келіп тұрған Санчо Панса сол арада мәселенің ау-жайын мейлінше толық ашып беру мақсатымен былай деді:
— Әңгіме былай, сеньорлар: ұнай ма, ұнамай ма, оны білмеймін, бірақ өздеріңіз қаншалықты жадыланған болсаңыздар менің мырзам Дон Кихот та соншалықты жадыланған, — ақыл-есі сап-сау, басқалар секілді ол да, күні кеше, әлі торға қамалмаған кездегідей, тамақ ішеді және табиғи қажеттігін өтейді. Ендеше, оның жадыланғанын маған немен дәлелдей аласыздар? Себебі, жұрттан естуімше, жадыланғандар тамақ та ішпейтін көрінеді, ұйқтамайтын да, сөйлемейтін де көрінеді, ал менің мырзам, егер тоқтатпай сөйлете берсең, бір өзі соттың отыз қызметшісінен артық сөйлеп береді.
Одан соң ол священникке қарап сөзін жалғады:
— Аһ, сеньор священник, сеньор священник! Апырай, мархабатты мырзам-ай, мені өзіңізді танымайды деп және мына жаңа сиқыршылықтың нендей мақсатты көздейтінін түсінбейді деп қалай ғана ойладыңыз екен? Біліп қойғаныңыз артық болмас, бетперде астына қанша жасырынсаңыз да, бәрібір, өзіңізді танып тұрмын, біліп қойғаныңыз артық болмас, айла-шарғыларыңызды қанша қымтасаңыз да, бәрібір, түсініп тұрмын. Бір сөзбен айтқанда, қызғаныш патшалық құрған жерде ізгілікке орын жоқ, жомарттық пен сараңдық ешқашан сиыспайды. Әттең! Егер сіз, діндар әкей, бөгет жасамағаныңызда мырзам инфанта Микомиконаға әлдеқашан-ақ үйленген болар еді, ал мен кем дегенде граф атағын алған болар ем, — оған Қайғылы Бейнемнің қайырымдылығы, сондай-ақ көрсеткен қызметімнің маңыздылығы кепіл! Жұрттың: Фортуна доңғалағы диірмен доңғалағынан жылдамырақ қозғалады және кеше біреу аспандап тұрса бүгін жер табандап жатады, дейтін сөзінің жаны бар екеніне көзім әбден жетіп тұр. Әйелім мен балаларымды қатты аяп тұрмын, өйткені әкелері үйіне аралдың губернаторы немесе әлденендей бір корольдіктің — қалай еді әлгі? — бөспе-королі43 боп оралады деп ойлауға толық қақылы еді ғой олар, ал оның орнына ол атшы боп оралмақ. Мұның бәрін, сеньор священник, өзіңізге айтып тұрғандағы жалғыз ғана мақсатым, сізге, жоғары мәртебелі діндар әкей, мырзама көрсеткен жәбір-жапаңыз үшін өкініш білдіріп, райдан қайтуыңыз керегін ескерту ғана, өйтпеген жағдайда, байқаңыз, оны қамап тастағаныңыз үшін ана дүниеге барғанда құдай қатты реніш білдіріп жүрмесін, тұтқынға қамалған уақыты текке кетіп, осы уақыттың ішінде бірде бір ізгі іс тындырмағаны үшін және ешкімге көмектеспегені үшін жазғырып жүрмесін сізді.
— Қалай-қалай сайрайды мынау! — деп шаштараз сөйлеп кетті. — Байқаймын, Санчо, мырзаң екеуің егіз қозы секілдісіңдер. Құдай ақы, сені де анаған серік қып торға бірге отырғызып қою керек-ау, онымен бірге сенің де жадыланғандар жағдайында болғаның жөн-ау деген ой келіп тұр маған, өйткені оның қылду-сылдуы мен рыцарьшылдығы саған да жұғыпты. Берген уәделерімен сені ол онша бір оңды мақсатта қызықтырмаған, өзің арман ететін әлгі арал да сені оңды мұратқа жетелеп тұрған жоқ.
— Қызықтыруға болатындай мен қыз емеспін, — деп қарсылық білдірді Санчо, — мені әлі ешкім қызықтыра алған жоқ, тіпті корольдің өзі де; жарлы-жақыбай болғаныммен шын берілген христианмын және ешкімге ештеңе қарыз емеспін. Арал жайында арман ететінім де рас, ал басқа біреулер одан да нашар нәрсені армандайды, бәрі де адамның өзіне байланысты, ендеше, мен адам екенмін, аралдың губернаторы түгіл папа да бола алам, ал арал дегеннің мырзам біреуін емес, мыңын жаулап ала алады, тіпті таратып беретін адам да табылмай қалуы мүмкін. Не деп тұрғаныңыз жайында ойланып көріңіз, сеньор шаштараз, бұл сізге сақал қыру емес, жұрттың бәрін бір өлшеммен өлшеуге болмайды. Мұны айтып тұрған себебім, бір-біріміздің сырымызды жақсы білеміз, сондықтан басымды босқа қатырмаңыз. Ал, мырзамның жадыланғанына келсек, құдай ақиқатын көріп тұр, сондықтан әзірше үндемей қоя тұрайық, себебі бұл жағын қозғамай-ақ қойған абзал.
Санчоның ашық ауыздығынан священник екеуінің осыншалықты мұқият түрде жасырып жүрген жайлары ашылып қала ма деп қорыққан шаштараз оған жауап бермегенді жөн көрді; священник те дәл осы себептен каноникке өзімен бірге кішкене былайырақ шығуға өтініш білдірді, — оны торда отырған адамның құпиясы мен басқа да біраз қызықты жайларға қанықтырмақ ойы барын айтты. Каноник келісім берді де, малайларымен және священникпен бірге ілгері озыңқырағаннан кейін, Дон Кихоттың лауазымы, мінез-құлқы, өмір салты мен жарыместігі жайында священниктің айтқан әңгімесіне мұқият құлақ түрді; анау, сондай-ақ, оның ақылдан адасуына негіз болған басты себеп жайында, торға қамалғанға дейінгі іс-қылықтары турасында қысқаша баян етіп, каноникке енді оны үйіне алып бара жатқанын, сонда барғаннан кейін оны емдетуге кірісетінін хабарлады. Дон Кихоттың бастан кешкен хикаясын естіген каноник пен серіктері тағы да таңырқаныс білдірді; әңгімені тыңдап алған каноник былай деді:
— Шынымды айтсам, сеньор священник, рыцарьлық роман дейтіндердің мемлекет үшін мейлінше зиянды екенінде еш күмәнім жоқ, еріккеннен әрі жалған әуесқойлықтың жетегіне еріп, баспа жүзін көрген романдардың түгел дерлік бастапқы бөліктерін оқып шыққаныммен, бірде біреуін аяғына дейін оқуға өзімді-өзім мәжбүр ете алмадым, өйткені, өз ойымша, олардың бәрі де, жалпы алғанда, бір қалыптан шыққандай, бірінде бар нәрсе екіншісінде жүреді, екіншісінен кезіктіргеніңді үшіншісінен жолықтырасың. Оған қоса, жазу-сызудың бұл түрі анау әлгі жанды рақатқа кенелтуге құмбыл болғанымен, жөн-жоба көрсетуге құралақан Милет ертегілері дейтіндерге, осынау мән де, мағына да жоқ мысалдарға, жуықтасады-ау деген ой келеді маған, бұл ретте апологтардың бұларға керіғалаң түрде әрі жан рақатын таптыратынын, әрі жөн-жоба көрсете алатынын айта кету керек. Егер мұндай романдардың басты мақсаты жанға рақат таптыру болса, онда бұл мақсаттарына жете қоюы да неғайбыл, өйткені төбе шашыңды тік тұрғызатын оғаштықтарға толы боп келеді. Ал, шындығында, көз алдымызға көлденең тартылатын немесе көңілімізге оралатын құбылыстардан сән мен сымбат тауып, соларға сүйсіне қарап, сүзіле көз тіккен кезде ғана жан ләззатқа кенеледі, ал ұсқынсыз бен қисынсыз атаулы ешқандай рақат бере алмайды. Ендеше, бойы мұнарадай дәуді, құдды бір ол болпылдақ қамырдан жасалғандай, он алты жастағы бозбаланың семсермен белінен қақ бөліп тастайтыны айтылатын және автордың өзі, айқасты суреттей отырып, дұшпанның әскерінде миллион сарбаз болғанын хабарлайтын, — әрине, оларға бас кейіпкер қарсы шығып тұрғандықтан, қаласақ та, қаламасақ та, аталмыш рыцарь тек әлеуетті білегінің асқан зор қуаты арқылы ғана жеңіске жеткеніне сенбейтін амалымыз жоқ, — романда немесе хикаятта қандай сұлулық, бөлшектердің бүтінмен, бүтіннің бөлшектермен қандай үйлесімі болуы мүмкін? Ал, бейтаныс кезбе рыцарьлардың құшағына ойланбастан құлай кететін королеваларға, немесе болашақ император жұбайларына не дейсіз? Рыцарьлар толы орасан үлкен мұнара теңізде желкенін жел кернеген кемедей жүзеді, Ломбардияда түнейді де, таңды индиялық пресвитер Иоанның жерінде немесе тіпті Птолемей де суреттемеген, Марко Поло да көрмеген жерлерде қарсы алады дейтінді оқығаннан жетілмей қалған, жартыкеш ақыл-сана иесінен басқа кім жан рақатын табуы мүмкін? Рыцарьлық романды жазғыштар оны әдейі ойдан құрастырылған дүние ретінде жазады, сондықтан қыбын тауып, қисынын келтіруі, шындыққа жанасымды болуы үшін жан салуы шарт емес деген дау айтылуы да мүмкін маған, — ал мен бұған жауап ретінде: ойдан шығарылған дүние неғұрлым нанымды болса, солғұрлым жақсы болатынын, өмірде орын алатын немесе орын алуы ықтимал жағдайларға неғұрлым жақын болса, солғұрлым сүйкімді болатынын айтар едім. Ойдан шығарылған оқиғаға негізделген шығармалар оқырман жақсы түсінетіндей дәрежеде болуға тиіс, бұндай дүниелерді жазғанда ақылға сыйымсыз жайларды жаймалап, өсіріп айтатын тұстарды жуып-шайып, оқырман назарын бір сәтке босаңсытпаумен қатар, оқиға оны таңдандыратындай, қызықтыратындай, қайран қалдыратындай және көңілін алдандыратындай етіп, таңырқау мен сүйсіну сезімі бір-біріне серіктесіп отыратындай ғып жазу керек. Бірақ, мұндайға шындыққа сәйкестік пен табиғатқа еліктеуден бойды аулақ салатын жан ешқашан қол жеткізе алмайды, ал шын мәнінде шығарманың шынайы туындыға айналуының кілті тап осы қасиеттерінде ғой. Хикаяның барлық бөлшегі біртұтас денені құрайтын, яғни орта тұсы бас жағымен үйлесім тауып тұратын, ал аяқ жағы — бас жағымен және орта тұсымен жымдасып жататын бір де бір рыцарьлық романды кезіктірген емеспін, — шығармашы сымбатты да сұлу мүсін жасаудың орнына, құдды бір құбыжықты немесе кемтарды сомдауға ниет қылғандай, кілең қырық жамау боп келеді. Оған қоса, аталмыш романдарда сөз саптау жағы да өте қарабайыр, ерлік істер ақылға сыйымсыз, махаббат нәпсіқұмарлыққа ұласады, кішіпейілділік келіссіз, айқас әбден ығыр қылады, пайымдаулар пәтуасыз, саяхаттар құр әншейін сергелдең — қысқасы, өнеге боларлық өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды, осы себепті пайдасыз адамдармен қабат бұларды да христиандық мемлекеттен қуып тастаған жөн.
Священник оны зор ықыласпен тыңдап, каноникті парасат-пайымы мол адам деп, ал әлгі айтқандарының бәрін ақиқат шындық деп тапты, сөйткен соң өзінің де осы пікірді ұстанатынын, рыцарьлық романдарды мейлінше жек көретіндіктен Дон Кихоттың осындай есепсіз көп кітабының бәрін отқа жаққанын жария етті. Сол арада ол каноникке бұл кітаптарды қалай тексеруден өткізгенін, қайсысын отқа тастағанын, қайсысына кеңпейілдік жасағанын айтып берді. Каноник ішек-сілесі қатып күліп алды, сосын әлгінде атап көрсетілгендей кемшіліктерімен қатар рыцарьлық романдардың бір ұтықты қасиеті барын, шығарма тақырыбының өзі-ақ кемеліне келген ақыл-парасатқа мүмкіндігін толық танытуға қолайлы жағдай жасайтынын айтты; өйткені, мұндай шығармалар оған қаламын көсілте сілтеуге болатын кең байтақ кеңістік ашып береді, яғни, оның: кеме апаттары мен дүлей дауылдарды, айқастар мен шайқастарды сипаттауға; бойынан бар жақсы қасиеттің бәрі табылатын: жаудың айла-шарғысын алдын-ала аңғару қажет болғанда — байқампаздық, сарбаздарды сендіру немесе көндіру қажет болғанда — ділмарлық, кеңес бергенде — кемеңгерлік, шешім қабылдағанда — шапшаңдық, шабуылға шыққандағы секілді қорғаныста да — өжеттік танытатын айбынды қолбасшыны бейнелеуге; бірде қайғылы да қасіретті жайларды, енді бірде күтпеген жерден болған қуанышты оқиғаларды тілге тиек етуіне, бірде ізгі қасиеттер иесі боп табылатын, ақылды да аңғарымпаз, асқан сұлу ханымды, енді бірде ер жүрек те сыпайы христиан-рыцарьды, бірде ар-ұяттан ада, әдепсіз бөспені, енді бірде айбатты да инабатты патшаны сипаттауға; вассалдардың ізеттілігі мен адалдығын, сеньорлардың айбары мен ақпейілін жеріне жеткізе суреттеуге барлық мүмкіндігі бар. Шығармашы өзінің астрологияны білетінін де, керемет жақсы космограф екенін де, музыкант екенін де, мемлекеттік істердің жайын жақсы меңгергенін де көрсетуге құқылы, егер көңілі соқса жын-шайтан жәрдемімен жадылау жайын зерделегенін де аңғартып өтуіне бір сылтау табылмай қалмайды. Ол Одиссейдің оралымдылығын, Энейдің діндарлығын, Ахиллдің жүректілігін, Гектордың бақытсыздығын, Синонның сатқындығын, Эвриалдың достыққа адалдығын, Александр Македонскийдің жомарттығын, Цезарьдың айбаттылығын, Траянның мейірімділігі мен шыншылдығын, Зопирдің тұрақтылығын, Катонның кемеңгерлігін — қысқасы, есімі мәлім ерлерді кемеліне келтіріп, даңқын асырған қасиеттердің барлығын да бейнелеуге ерікті, сондай-ақ осы қасиеттердің бәрін бір кейіпкерінің басына үйіп-төгуге де, болмаса бірнешеуіне бөліп беруге де ықтиярлы. Ал, егер осыған сөз саптау көркемдігі мен шындыққа мейлінше жақын болуды көздеген ой-қиял өміршеңдігі қосылса, онда оның түрлі түсті және тәуір жіптерден тоқылған кездеме әзірлеп шығаратынында сөз жоқ және әбден даяр болған кезінде мұның көркем де келісті дүние деп таныларына да дау жоқ, міне, осылайша ол шығармашылықтың ең ұлы мақсатына қол жеткізбек, анығырақ айтқанда, әлгінде құлаққағыс етілгендей, бір мезгілде әрі жөн-жоба көрсетпек, әрі жанға рақат таптырмақ. Тағы бір айтпағым, рыцарьлық романдағы баяндау тәсілінің еркіндігі автордың эпик, лирик, трагик және комик ретінде көрінуіне, сондай-ақ аса сүйкімді де тартымды екі ғылымның: поэзия мен риториканың барлық бейнелеу құралын пайдалануына мүмкіндік береді, — себебі эпикалық шығармаларды прозада қалай жазуға болса, жыр жолдары арқылы да солай туындатуға болатыны белгілі ғой.
ХLҮІІІ тарау
Бұл тарауда каноник рыцарьлық романдар жайындағы, сондай-ақ өзін толғандырып жүрген басқа да нәрселер жөніндегі ой-пікірлерін одан әрі жалғастырады
— Тауып айттыңыз, сеньор каноник, — деді священник, — рыцарьлық романдар авторларының арнайы айыптауға лайық болатыны — олар ақыл-парасат өлшемдерімен есептесіп жатпайды және өнер қағидаларына құлақ аспайды, ал егер осыларды басшылыққа алса, онда грек және латын поэзияларының қос алыбы өлең жазуда қандай зор даңққа ие болса, олар да прозада сондай даңққа бөленер еді.
— Өз басым, әйтеуір, әлгінде айтып өткен ережелерді қатаң сақтай отырып рыцарьлық роман жазуға құлшынғам, — деп мәлім етті каноник, — және, жасыратыны жоқ, жүз парақтан астам жазып та тастағам. Сосын өз еңбегімді өзімнің қалай бағалайтыныма көзімді жеткізе түсу үшін оны осындай дүниелерді айрықша ұнататындарға оқып бердім, олардың арасында білімді әрі ақылды жандар да, сондай-ақ балдыр-батпақ бірдеңені тыңдағанға мәз надандар да болды, бірақ солардың бәрі түгел мақтап шықты. Сөйте тұрғанымен, жалғастырғанды жөн көрмедім: біріншіден, бұған діни дәрежем жол бермейді деп түйдім; ал, екіншіден, дүниеде ақылды жандардан гөрі ақымақтардың көп екеніне көзім жетті. Әрине, кещелер нөпірінің мысқылды күлкісінен саусақпен санарлық білімпаздардың мақтауы әлдеқайда артық болғанымен, тек осындай кітаптарды ғана оқитын қара тобырдың далбаса лебіз-пікірлерінің құлы боп қалғым келмейді. Рас, тек қазіргі кезде қойылып жатқан комедиялар өзіме ой салғаннан кейін ғана романға біржола суып, оны жалғастыру жайындағы ниетімнен үзілді-кесілді бас тарттым. “Ойдан шығарылған жайларға, сондай-ақ тарихи оқиғаларға негізделген қазіргі заманғы комедиялардың, — дедім өзіме өзім, — барлығы да, барлығы демесек те, әйтеуір, басым көпшілігі, түкке алғысыз былжырақ, қырық жамау қойыртпақ, солай бола тұрғанымен қара тобыр оны қуана-қуана көріп жатыр, ұнатып жатыр және жақсы дүние деп мақтап жатыр, ал шын мәнінде олар ондай бағаға мүлдем татымайтын нәрселер; бұларды жазған авторлар мен сахналаған актерлер мұндай дүниелердің басқаша болуы еш мүмкін емес, өйткені қара тобыр бұларды тап осындай күйінде ғана ұнатады, ал енді ана өнер заңы талап ететіндей ішкі байланысы берік, оқиғалары өрбіп отыратын туындылар екі-үш білімдарды ғана мәз-майрам қылады, қалған жұрттың бәріне олардың шеберлігі — далаға атқан оқпен бірдей, авторлар мен актерлер үшін көпшілік қалтасынан түсетін нәпақа азын-аулақ адамның пікірінен әлдеқайда қадірлі дегенді айтады, олай болса, менің романым да дәл осындай ахуалға тап боларында күмән жоқ: аталған ережелерден алшақ кетпеу үшін түн баласы тыным таппай тер төкпекпін, ақыр аяғында әлгі тіккен киіміне астарды өз есебінен салатын, бірақ ақысына ештеңе алмайтын тігіншінің кебін кимекпін. Ал, енді теріс түсінікте жүргендерін, шатты-бұтты бірдеңелерді емес, өнердің барлық қағидаларын сақтай отырып жазылған комедияларды сахналайтын болса көрермендерді де көбірек тартатындарын, атақ-абыройларының да жоғары болатынын айтып актерлерді жалықпай үгіттеп те баққан едің ғой, бірақ олардың өз пікірлеріне ден қойып алғандары сонша, былқ етер болмады, сондықтан қандай да бір дәлелдеме де, соқырға таяқ ұстатқандай ақиқат та оларды ойынан айныта алмақ емес”. Бір жолы өзімнің осындай бір қитабанға: “Бұдан біраз жыл бұрын Испанияда бір атақты жазушымыздың үш трагедиясы қойылғаны, бұлар барлық көрерменді түгел: оқымай қалғаны мен оқығанын да, жоғарғы қауымға жататыны мен қара тобыр саналатынын да, бәрін де ырза қылып, айрықша шаттық пен қуанышқа бөлегені, сөйтіп осы үш трагедияның өзі ғана актерлерге кейіннен қойылған, тәуір деген отыз комедиядан көп түсім келтіргені есіңізде ме?” дегенім бар-ды. “Шамасы, сіз Изабелланы, Филиданы және Александраны мегзеп отырсыз-ау?” деді театрдың директоры. “Дәл таптыңыз, — дедім мен. — Байқаған болсаңыз, аталмыш туындыларда өнер ережелері мұқият сақталған еді ғой, алайда бұл олардың әлгіндей абыройға жетуіне және барша жұртқа ұнауына бөгет жасаған жоқ. Ендеше, бос ыржақайға құмар саналатын көрермен қауым емес, оған басқадай бірдеңе көрсете алмай жүргендер кінәлі. Өйткені, оқып-тоқығаны мол ақындардың қаламынан шыққан, жазған адамдар мен қойған адамдарға айтарлықтай абырой-атақ пен табыс әкелген Жазаланған қайырымсыздық, Нумансия, Саудагер махаббаты, Көргенді күндес және жекелеген басқа да комедияларды түкке алғысыз деп айтуға болмайды ғой”. Мен онымен осы төңіректе тағы біраз сөйлестім, бірақ, анау азды-кем ыңғайсызданғандай түр білдіргенімен дәлелдемелеріме қанағаттана қоймады және өз ұғымынан да қол үзбеді, сөйтіп жаңсақ пікірін ұстанып қала барды.
— Сеньор каноник! Рыцарьлық романдарды қаншалықты ұнатпасам, қазіргі комедияларды да көптен соншалықты жақтырмаушы ем, өзіңіз осыған себепкер болған нәрселерді тілге тиек еттіңіз, — деді бұған жауап ретінде священник. — Өйткені, Туллий айтқандай, комедия адам өмірінің айнасы, адамгершілік өнегесі, ақиқаттың айғақ-нышаны болуға тиіс, ал қазіргі комедиялар, шынтуайтына келгенде, пәруайсыздық айнасы, ақылсыздық өнегесі, азғындықтың айғақ-нышаны болып отыр. Айталық, алғашқы актінің алғашқы көрінісінде жөргекте жатқан баланың, екінші көріністе сақал-мұрт қойған сақайған еркек боп шыға келуінен асқан ақылға сыйымсыздық болар ма? Қартты — қаһарман, жігітті — қоянжүрек, малайды — шешен, пажды — кемеңгер, корольды — жұмыскер, принцессаны — ыдыс-аяқ жуушы етіп бейнелеуден асқан ерсілік бар ма? Ал, көрсетіліп жатқан оқиғалар өткен немесе өтуі мүмкін уақыт аясы жайында сөз етудің өзі әурешілік. Мен бір комедияны көргем, оның бірінші пердесінде оқиға Европада, екіншісінде — Азияда, ал үшіншісінде — Африкада өтеді, егер әлгінің төрт пердесі болған болса, онда төртіншісіндегі оқиға Америкада өтер еді, сөйтіп дүниенің төрт бұрышы түгел қамтылар еді. Егер жаратылысты үлгі тұтуды комедияның түп қазығы деп білсек, онда оқиғасы Пипин мен Ұлы Карл заманында өтіп жатқан комедияның басты кейіпкері император Ираклийдің, Готфрид Бульонскийге ұқсап, Иерусалимге крест жорығын жасап, хақтағаланың табытын жаулап алғанынан тіпті ең қарабайыр деген талғам иесінің өзі қандай ләззат алмақ — өйткені, аталмыш билеушілер ғұмыр кешкен кезеңдер арасында әлденеше ғасыр жатыр емес пе? Егер комедия ойдан шығарылған жайларға негізделетін болса, ендеше оған тарихи оқиғаларды, оның үстіне әртүрлі кезеңде өтетін және әрқилы тұлғалар қатысатын, онымен де қоймай, шындыққа мүлдем жанаспайтын, керісінше, ешқандай кешірім жасауға болмайтын қателіктер араласқан оқиғаларды ортақтастырудың қажеті не? Бәрінен де жаманы, осының бәрін шеберліктің асқар шыңы, бұдан артықты армандау — құстың сүтін аңсаумен пара-пар деп бағалайтын надандардың табылып отырғаны. Ал, діни тақырыптағы комедиялар ше? Ешқашан болып көрмеген нендей ғажайып істер, дінге пайдасы дүдәмал нендей оқиғалар ойлап табылмай жатыр, бір әулиенің ғажайып істерін екіншісіне телу тәрізді нендей сорақылықтар жасалмай жатыр! Зайырлы әлеуметке арналған комедияларда да жазғыштар осындай ғажайыптарды бейнелеуден жасқанбайды, олардың көкейін тескен нәрсе — ғажайыптар мен, өздері айтатындай, құбылыстар, яғни бір нәрсенің өңін өзгертіп екінші нәрсеге айналып құбылып шыға келуі, қараңғы халықтың ой-қиялына күшті әсер етеді, сөйтіп оларды театрға үйірсек қылады деп санайды. Мұның бәрі шындықты бұрмалауға, тарихқа қиянат жасауға әкеп соқтырады, Испанияның ақыл-ойына көлеңке түсіреді, өйткені комедия заңдарын сақтайтын жат жұрттықтар ерсіліктеріміз бен сөкеттіктерімізді көрген соң бізді жабайы да надан халық деп ұғынады. Төрт құбыласы түгел мемлекеттер көпшілікке арналған сауық-сайран өткізуге кеңшілік жасағанда қоғамның көңілін көтеру мақсатын, оны тамағы тоқтық пен уайымы жоқтық салдарынан туындайтын теріс пиғылдардан алаңдату мақсатын көздейді, ендеше, кез-келген комедия, тәуірі де, тұрпайысы да, осы әжетті өтейтін болса, онда әлденендей бір ереже белгілеп, шығармашылар мен актерлерді шектеп отырудың қажеті жоқ, өйткені, әлгінде айтылғандай, комедияның қай-қайсысы да өз мақсатына лайық, дейтіндер де табылып қалар, — алайда, бұл бәрібір олардың пікірі дұрыс дегенге дәлел боп жарытпайды. Мен бұған аталмыш мақсатқа нашар комедиялар арқылы емес, керісінше, жақсы комедиялар арқылы әлдеқайда тезірек жетуге болады дейтін дау айтар ем; оқиғасы қызықты, баурап алар қасиеті бар комедияны көрген жан театрдан ырза боп шығады: әзіл-қалжыңына күледі, ақыл-кеңесіне ден қояды, оқиғаларына таңданады, ой-пікірлерін көңілге тоқиды, қаскөйлік әрекеттерді қаперінде сақтайды, тағдырлардан тәлім алады, азғындыққа күйінеді, ізглікке сүйінеді, өйткені жақсы комедия кез-келген адамның, тіпті ең тұрпайы, ожар жанның да бойында осындай алай-түлей сезімдерді оята алады, міне сондықтан да осындай қасиет дарыған комедияның ондай қасиеттен ада қойылымдардан гөрі, — ал, бүгінгі комедиялардың барлығы дерлік сондай, — әлдеқайда көбірек көңілдендіріп, әлдеқайда мол қуанышқа кенелтуге тиіс екені өзінен өзі түсінікті. Шынтуайтында, мұндай нәрселерді жазған ақындардың да жазығы жоқ, өйткені кейбірі өз кемшіліктерін жақсы біледі және қалай жазу керегін де жете түсінеді — әңгіме, бүгінде комедияның тауарға айналып кеткенінде болып тұр, өйткені авторлар басқадай сыпаттағы комедияны өздерінен ешбір театрдың сатып алмайтынын айтады және олардың бұл сөзінің бір өтірігі жоқ, осы себепті ақынға өз шығармасын сатып алатын театр талаптарының ыңғайына жығылуға тура келеді. Бұған бақ-талайы мол бір жазушымыздың сансыз көп комедиясын мысалға келтіруге болады; оқиғаларының шынайылығы мен тартымдылығы, өлең жолдарымен көркем кестеленуі, көкейге қонымды ой-тұжырымдар мен терең мәнді қанатты сөздердің көптеп жолығатыны, оған қоса орамды да айшықты, шебер тілмен жазылуы оның шығармаларының даңқын күллі әлемге таратып жіберді, бірақ автордың актерлер талғамына жақпақ болған тілегінен сол дүниелердің бәрі емес, тек кейбіреулері ғана теңдессіз туындыға айналды. Ал, өңгелерінің ықылассыз, жүрдім-бардым жазатыны сонша, жұдырық жеп қалудан қорыққан актерлер қойылым аяқталған бойда-ақ бас сауғалап қашуға, тығылып қалуға мәжбүр болады, корольдің атына ғайбат сөз айтылған немесе әлдебір текті тұқымның намысын қорлаған қойылымдардан кейін мұндай жағдайдың әлденеше мәрте орын алғаны мәлім. Егер астанадағы көзі ашық, көңілі ояу, парасат-парқы мол адамдардың бірі комедия атаулының бәрін, — тек астанада сахналанатындарын ғана емес, Испанияның қай түкпірінде болсын қойылмақшы қандай да бір комедияны да, — сахнаға шығарылғанға дейін қарап шығатын болса, ол ырзашылық беріп, қол қойып, мөр соқпайынша жергілікті өкімет орындары бірде бір комедияны сахналауға рұқсат етпейтін болса, жаңағыдай сорақылықтарға, сондай-ақ, өзім бұл арада әңгіме етуді артық көріп отырған басқа да өрескелдіктерге орын берілмес еді, — сөйтіп, комедианттарға комедияларын әуелі астанаға аттандыруға тура келер еді, бірақ есесіне кейін еш алаңсыз қоя берер еді, ал білімдардың қатаң сынына ұшырауынан қауіптенген шығармашылар комедияларын жазуға аса мұқият қарап, бар күш-жігерін жұмсар еді. Сөйткенде бізде өз мақсат-мұратына толық сай келетін тәуір комедиялар пайда болар еді, яғни олар халықтың көңілін көтеріп, Испаниядағы озық ой иелерін қанағаттандырып, актерлерге табыс әкеліп, қауіпсіздігін қамтамасыз етер еді, ал өкімет орындары оларды қудалау мехнатынан құтылар еді. Егер сол адамға немесе басқа бір кісіге жаңадан шығып жатқан рыцарьлық романдарды қарап шығу тапсырылса, бұлардың кейбірі, мархабатты мырза, өзіңіз арман ететін шеберлік деңгейіне жетер еді: бұлар тілімізді шешендік сөздің жан тебірентер һәм аса бағалы үлгілерімен байытар еді, сөйтіп, ескі романдардың дабыра-даңқы жаңадан шыққан дүниелердің көлеңкесінде қалар еді де, не істерді білмей зеріккен жарандардың ғана емес, тіпті қауырт шаруалармен шұғылданып жүрген адамдардың да көңіл алдарқатар қызығына айналар еді, өйткені садақтың адырнасы әрқашан керіліп тұрмайтыны секілді, адам жаратылысы да босаңдығына байланысты белгілі бір дәрежедегі көңіл көтеруге зәру болатыны белгілі.
Каноник пен священниктің сұқбатын осы арада шаштараз келіп бөліп жіберді; екеуін соңынан қуып жеткен ол священникке:
— Сеньор лиценциат! Манағы бір әзірде айтқанымдай, тап осы араға тоқтап, жүрек жалғап алуымызға болады, өгіздер де шабындықта емін-еркін жайыла алады, — деді.
— Мен де солай ойлаймын, — деді священник.
Бұл ниетін ол каноникке айтып берді; көз алдында көлбеп жатқан көрікті алқапқа сүйсіне қарап қалған каноник те осы араға тоқтайтынын мәлім етті. Сөйтіп, осынау әсем көріністен және өзі құрметпен қарай бастаған священникпен арадағы әңгімеден тоят алу үшін, сондай-ақ Дон Кихоттың ерлік істерінің жай-жапсарына әбден қанығу үшін ол бірнеше малайына осы арада түстенетін айтып, жақын маңайда орын тепкен бекетке барып осындағы жұрттың бәріне жетерлік ас-су алып келуге әмір етті; малайы бұған жауап ретінде өздерінің азық-түлік артылған қашыры қазір бекетке барып та қалғанын, онда тағамның не түрі барын, енді бекеттен тек қашырларға сұлы сатып алса ғана болатынын хабарлады.
— Ондай жағдайда қашырымыздың бәрін сонда апарып жемге қойыңдар да, азық-түлік артылған қашырды осында алып келіңдер, — деді каноник,
Олар осылай сөйлесіп жатқан кезде, көңіліне күмәнділеу боп көрінген екеудің — священник пен шаштараздың жырақ кеткенін көріп, Дон Кихотпен тілдесер қолайлы сәт туғанын сезген Санчо мырзасы қамалған торға жақындап, оған былай деді:
— Сеньор! Арым таза болуы үшін өзіңізбен жадыланғаныңыз жайында сөйлессем деп ем. Мәселе мынада: бетперде таққан ана екі адамның селомыздағы священник пен шаштараз екенінде еш күмән жоқ. Менің ойымша, олар сізді қызғаныштан осылай алып жүруге ұйғарған секілді, себебі даңқты ерлік істеріңіз олардың әбден тынышын кетірген. Егер осы жорамалым жөндем болса, онда сіз жадыланған боп шықпайсыз, алданып, ақымақшылыққа ұшыраған боп шығасыз. Осы ойымды дәлелдеу үшін сізден бір нәрсе жайында сұрағалы тұрмын, егер бұған өзім күткендей жауап қайтарсаңыз, онда мұның бәрі алдап-сулау екеніне өзіңіз-ақ көз жеткізесіз, жадыланған адам емес, жай әншейін жарымес екеніңізді түсінесіз.
— Не сұрағың келсе де сұрай бер, балам Санчо, — деді Дон Кихот, — білгің келген жайдың бәрін айтып берем, қандай сұрағыңа да болсын жауап қайтарам. Ал, енді өзімізбен бірге келе жатқан ана екі адамға —таныстарымыз бен жерлестерімізге, священник пен шаштаразға келсек, олардың саған солар секілді боп елестеуі әбден мүмкін, сондықтан мұны ешқашан кәдімгідей-ақ көріп, шын мәнінде солай екен деп жүрме. Егер олар, өзің ұйғарғандай, священник пен шаштаразға ұқсас болса, онда мені жадылағандардың солардың кескін-кейпіне енгені деп ойлауың керек және солай түсінуге тиіссің де, — өйткені кез-келген біреудің кейпіне ену сиқыршылар үшін оп-оңай нәрсе, — ал достарымыздың кескін-кейпіне енгендегі олардың мақсаты: дәл осы қазір қандай ойға беріліп тұрсаң, сені тап солай ойлауға мәжбүр ету ғана, сөйтіп олар сені тіпті қолыңда Тезей арқауы болған күнде де жол тауып шыға алмайтын қиял шытырманына енгізіп жіберуді көздейді. Бұлай істегендерінің тағы бір себебі: олар ақыл-есімнен айрылып, осынау бақытсыздықтың басыма қалай тап болғанын аңғара алмай қалғанымды жөн көрген, өйткені, егер, бір жақтан сен маған селомыздағы священник пен шаштараз бізге еріп келе жатыр десең, екінші жақтан, өзімді торға қамап тастағандарын көріп отырсам және мені торға қамау деген тек жын-шайтанның ғана қолынан келмесе адам баласының қолынан келмейтініне өзім кәміл сенімді болсам, онда мені жадылауға ұшыратқан әдістің кезбе рыцарьларды қалай дуалағандары жайында кітаптан оқығандарымның бәрінен де асып түскенін паш етуден басқа не істей алам? Осындай жағдаятқа байланысты мұның бәрін мүлдем естен шығарып, ештеңе ойламай-ақ қоюыңа болады, өйткені мен қандай түрік болсам, олардың да сондай священник пен шаштараз болғаны. Ал, енді менен бірдеңе жайында сұрамақшы ең ғой — сұрай бер, қысылма, тіпті таң атқанша сұрасаң да мейлің, барлық сұрағыңа түгел жауап берем.
— Құдіреті күшті құдай-ай! — деп шыңғырып жіберді Санчо. — Апырай, тақсыр, соншалықты топас және соншалықты кеще ме едіңіз, айтып тұрған сөзімнің шындық екенін, тұтқынға алынуыңыз бен тақсірет тартуыңызға сиқырлықтан гөрі аярлық кінәлі екенін қалай ғана түсінбейсіз? Жә, жарайды, жадыланған дәнеңеңіз жоқтығын қазір-ақ соқырға таяқ ұстатқандай ғып дәлелдейін сізге. Сөйтіп, енді сұрағыма жауап беріңізші, жаратқан иеміз жарылқап, өзіңізді бұл қырсықтан құтқара көрсін-дағы, сөйтіп ақыры бір сәтті күні сеньора Дульсинеяның құшағынан табылғайсыз-дағы!
— Жә, болар, тілене бермей, — деді Дон Кихот, — одан да өзіңе не керегін сұра, айттым ғой саған, жауаптан жалтармаймын деп.
— Өзім де осыны өтінгелі тұр едім, — деп құлаққағыс етті Санчо, —жаныңыздан ештеңе қоспай, ештеңені бүгіп те қалмай ақ-адал шыныңызды айтсаңыз деп ем, өйткені, мына өзіңіз секілді, тақсыр, әскери жолды таңдаған, сөйтіп кезбе рыцарь атағына ие болған жандардың бәрі де солай айтуға тиісті ғой және солай айтады да ғой...
— Ау, саған не дедім, жалған сөйлемеймін дегем жоқпын ба, — деді Дон Кихот. — Сұрасаңшы енді сұрайтыныңды, — шыным сол, Санчо, жалбарынуыңмен, жағаттауыңмен және оңды-солды орағытуыңмен әбден жынымды келтіріп тұрсың.
— Мырзамның адалдығы мен шыншылдығына зәредей шүбәм жоқ. Жә, енді сөздің реті келіп қалған екен, сізден сұрайын дегенім, ұлы сөзде ұят жоқ деген, өзіңізді торға әкеп қамаған кезден бері, ал, өз түсінігіңізше, жадылаған кезден бері, сізде, тақсыр, үлкен немесе кіші мұқтаждықты өтеуге деген ынта-ықылас пайда болған жоқ па?
— Мұқтаждықты өтеу дегеніңнің не екенін түсінбей тұрмын, Санчо. Тура жауап бергенімді қаласаң, күлбілтелемей ашып айт.
— Апырай, кіші және үлкен мұқтаждықтың не екенін шынымен-ақ түсінбей тұрсыз ба? Ау, оны бесіктегі бала да біледі ғой. Қысқасы, айтайын дегенім, тындырмауға болмайтын тығыз шаруаға зауқыңыз соққан жоқ па?
— Ә, түсіндім, Санчо! Талай мәрте соққан, осы қазір де соғып тұр. Қамқорлық жасап, көмектесіп жібергін, әйтпесе мына араны бүлдіріп қоятын сыңайым бар.
ХLІХ тарау
Бұл тарауда Санчо Панса мен қожайыны Дон Кихоттың арасындағы аса бір мәнді әңгіме жайында айтылады
— Солай ма еді! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Түстіңіз-ау ақыры бір қолға, білгім келгені де осы болатын және қалай арман еттім десеңізші мұны. Ал, айтыңызшы, сеньор, адам сырқаттанып қалғанда ол жайында әдетте: “Бұған не болғанын білмеймін, құдды біреу дуалап тастағандай тамақ та жемейді, су да ішпейді, ұйқтамайды, сандырақтап сөйлейді”, дейтін сөздің айтылатыны да өтірік пе сонда? Ендеше, жадыланғандар тап сол тамақ жемейтін, су ішпейтін, ұйқтамайтын және әлгінде өзім айтып өткен табиғи қажеттігін өтемейтін жандар ғана боп тұр ғой, әсте де өзіңіз секілді су берсең ішетін, тамақ тауып берсең жейтін және кез-келген сұраққа жауап беретіндер емес.
— Сөзіңнің жаны бар, Санчо, — деді Дон Кихот. — Бірақ, өзіңе құлаққағыс еткенімдей, дуалаудың сан қилы тәсілі бар, сол себепті уақыт өте келе бір түрі екіншісін алмастырып, жадыланғандар бұрын өздері айналыспаған нәрсемен айналысатын, қазір өзім не істеп жүрсем соның бәрін істейтін сиқырлау амалы қолданыла бастауы мүмкін. Сондықтан, уақыт ағымына қарсы шығудың қажеті жоқ, сондай-ақ бұл жайында бәлендей бір байлам жасауға да болмайды. Дуаланғанымды өзім анық білем және осы пікірімнен қайтпаймын, сол себепті де көңілім тыныш, ал егер өзімді дуалаудан аман, тек жалқаулық пен қорқақтықтан ғана торға тығылып отырғандай көрсем, соның салдарынан дәл осы шақта көмегіме айрықша зәру қыруар жоқ-жітік пен жәбір-жапа шеккендерді қамқорлығымнан тыс қалдырғандай сезінсем, онда жанымды қоярға жер таппаған болар ем.
— Қайткен күнде де, — деп қарсылық білдірді Санчо, — жаныңыз жай тауып, көңіліңіз тынышталуы үшін мына қапастан құтылу жағын қарастырғаныңыз жөн, — ал, мен, өз тарапымнан, шақтым келгеннің бәрін жасауға, тіпті сізді бұл арадан өз қолыммен босатып алуға да дайынмын, — сөйтіп, мейірбан Росинантыңызға қайта қонуға талап қылғаныңыз дұрыс, ол бейшара да, шамасы, жадыланған-ау деймін: қайғылы да қамкөңіл пошымына қарасаңызшы. Содан соң, қайтадан бағымызды сынап, шытырман оқиға іздеуге шығатын боламыз. Егер сәтсіздікке ұшырап жатсақ, торға қайтып оралуымыз қиын шаруа емес және егер сіз, тақсыр, соншалықты жолы ауыр біреу боп шығып, өзім де соншалықты тұзы жеңіл біреу боп шығып, екеуіміз де түк ештеңе бітіре алмасақ, онда адал да шын берілген атқосшыңыз ретінде, торға өзіңізбен бірге қамалуға уәде берем.
— Өзің ұсынып тұрғандай әрекет жасауға қарсылығым жоқ, Санчо бауырым, — деді Дон Кихот, — сөйтіп босанып шығуыма титтей бір мүмкіндік тапқан бойыңда-ақ саған сөзге келместен мойынсұнып, не айтсаң да орындайтын болам. Алайда, басыма түскен бақытсыздық жайындағы түсінігіңнің теріс екеніне әлі-ақ көзің жетеді.
Кезбе рыцарымыз бен нәгөйлігі бір басына жетіп артылатын атқосшысы екеуі осындай сарында сыр бөлісе отырып священник, каноник пен шаштараз өздерін аттарынан түсіп тосып тұрған жерге де жетті-ау ақыры. Арбакеш сол бойда-ақ өгіздерін туарып, көк шалғынды, көрікті алқапқа жайылымға қоя берді. Алқаптан ескен қоңырсалқын леп Дон Кихот секілді дуаланған адамдарды емес, оның атқосшысы секілді әр нәрсенің реті мен жөнін білетін жандарды өзіне қарай ерекше еліттіріп тұрған, сол себепті ол священниктен мырзасын тордан аз ғана уақытта босата тұруын сұрады: керісінше жағдайда, өз мырзасы іспетті рыцарьдың түрмеде отыруына өте жағымсыз жағдай орнайды, деді ол. Священник Санчоның емеурінін түсініп, өтінішін қуана-қуана орындайтынын, бірақ азаттық алған бойда Дон Кихот өз кәсібіне қайта кірісіп, табанын жалтыратып тайып тұра ма деп қорқатынын айтты.
— Оның қашып кетпейтініне — мен кепіл, — деді Санчо.
— Мен де, — деді каноник. — Тек ол біздің рұқсатымызсыз ешқайда кетпейтінін айтып рыцарьлық сөзін берсін.
— Бердім, — деді бәсең дауыспен, осы әңгіменің бәрін естіп отырған Дон Кихот. — Бермейтін де амалым жоқ, өйткені мен секілді дуаланған жандардың өз ықтияры өзінде болмайды, — жадылаған адам оны үш жүз жыл бойы бір орында қақшитып тұрғызып қоя алады, қашып кеткен күнде де, бәрібір оны әуе арқылы орнына қайта алып келеді.
Сондықтан, оны ештеңеден қауіптенбей-ақ босатып жібергендері жөн, — бұл өздеріне жақсы, деді ол; егерде олар бұған келісім бермесе, онда әрменірек барып тұрсын, ондай жағдайда бұл олардың иіс сезу қабілетін жәбірлеуге мәжбүр болатыны жөнінде барша жұртты құлағдар етеді.
Каноник оны қолынан ұстады, — Дон Кихоттың қолы байлаулы еді, — сөйтіп, алдамайтыны жөніндегі сертін алып, оны тордан шығарды, анау бұған есі кете қуанып, мәз-майрам болды; ең алдымен рақаттана керіліп алды, сосын Росинанттың қасына барып, оны арқасынан сипап тұрып, былай деді:
— Жасаған иеміз бен оның асыл анасы ұзамай-ақ екеуіміздің тілегімізді берер деп сенем, беу, мініс аттарының ең мықтысы һәм айбындысы, сөйтіп сен қайтадан қожайыныңды алып жүретін боласың, ал мен өзіңе салт мініп, жасаған ием өзімді жарық дүниеге әкелген кезде мойныма артқан парызды орындауға қайта кірісетін болам.
Осыны айтқан Дон Кихот Санчомен бірге көз таса жерге қарай ұзай берді де, ол жақтан әрі жеңілденіп, әрі атқосшысы ойға алған істі жүзеге асыруға деген ынтасы күшейіп қайтты.
Дон Кихоттан көз аудармай қарап қалған каноникті осынау ерен есуастықтың әдеттен тыс ерекше қасиеті қатты таңдандырды, өйткені Дон Кихоттың ой-тұжырымы мен қайтарған жауабының бәрі ақылға қонымды болатын; тек әңгіме рыцарьлық жөніне ойысқанда ғана, бұрын да әлденеше рет айтылғанындай, бет алды лаға бастайтын. Сөйтіп, жұрттың бәрі көкорайға жайғасып, каноник қорындағы азық-түліктің келуін тосып отырған кезде, Дон Кихотқа жанашырлық білдірген ол оған былай деп тіл қатты:
— Апырай, сеньор идальго, жүрек айнытатын және бос мылжың рыцарьлық романдарды оқудың өзіңізге қатты әсер еткені сонша, ақылдан жаңылып, өзіңізді біреулер жадылап қойғандай сезініп, жалғандық шындықтан қаншалықты жырақ болса, бітім-болмысы да ақиқаттан соншалықты алшақ басқа да нәрселерге бой ұрып кеткеніңіз бе? Расында да, адамзат баласының ақыл-санасы бір кезде қисапсыз көп не қилы Амадистер, анау әлгі рыцарьсымақтар болды дегенге, анау әлгі Трапезундтық императорлар, Фелисмарт Гирканскийлер, жорға аттар, ел кезген бикештер, жыландар, андриактар, дәулер, құлақ естіп, көз көрмеген шытырман оқиғалар, не түрлі арбаушылық айла-тәсілдер, шайқастар, жан алып, жан берген айқастар, әлем-жәлем киім-кешектер, ғашық болғыш принцессалар, атқосшы-графтар, ермек ететін ергежейлілер, сырға толы жолдаулар, сүйетіндігіне серт берушіліктер, түк ештеңеден тайынбайтын әйелдер — бір сөзбен айтқанда, рыцарьлық романдар лықа толы бәлдіру-бәлдіру бәрі өтіріктің бәрі де өмірде болды дегенге қалай ғана иланған десеңші? Өзіме келсем, бұлардың шылғи өтірік, бос жолдыбай әңгіме екеніне көңіл аудара қоймай оқи бастаған кезімде азды-көпті қызығушылық табатыным рас, бірақ мұның не нәрсе екені ойыма оралған бойда-ақ солардың ең керемет дегенінің өзін алып қабырғаға құлаштай ұрудан еш шімірікпес едім, ал егер сол мезетте үйімде от жанып жатса, солардың бәрін түгел отқа лақтырған болар ем және бұлар осындай жазаға шын мәнінде әбден лайықты да, өйткені бәрі ойдан шығарылған өтірік және кейіпкерлерінің іс-әрекеті де мүлдем ақылға сыйымсыз; өйткені, олар жаңа секталар жасақтайды және өмірдің жаңа тәртібін түзеді; өйткені, сауатсыз қара тобыр осынау сандырақтың бәріне қалтқысыз сенеді және оны айна-қатесіз шындық деп түсінеді. Онымен де қоймай, осындай романдарды жазушылар саналы да салауатты идальголарды ақыл-есінен адастырудан да тайынбайды, оның мысалын мына сізден көріп отырмыз, шектен шығарып жібергендері сонша, өзіңізді торға қамап, өгіз арбамен алып жүруге тура келіп тұр, арыстан мен жолбарысты ғана бір орыннан екінші орынға осылай алып жүріп, ақша төлегендерге көрсетуші еді ғой. Жетер енді сізге, сеньор Дон Кихот, өзіңізді өзіңіз жәбірлей бермеңіз, ақыл-парасат аясына қайтып оралыңыз, құдіретті күш тарту еткен ой-санаңызды ізгілік жолына жұмсаңыз және айрықша қабілет-мүмкіндігіңізді абыройыңызды арттыратын, жаныңызға жақсылық шуағын себетін басқа сыпаттағы кітаптарды оқуға арнаңыз. Егерде, қанға біткен қасиетіңізге қарай, қайткен күнде де, әйтеуір, ерлік істер мен рыцарьлық қарекеттер жайында оқуға құштар болсаңыз, онда Қасиетті жазбаны ашыңыз да, Соттар кітабын оқыңыз: бұл кітаптан сіз әрі елеулі, әрі ақиқат оқиғалар мен шын мәнінде өмірде болған, тәуекелге бас тігіп атқарылған әрекеттерді көптеп табасыз. Лузитанияда Вириат билік жүргізді, Римде — Цезарь, Карфагенде — Ганнибал, Грекияда — Александр, Кастилияда — граф Фернан Гонсалес, Валенсияда — Сид, Андалусияда — Гонсало Фернандес, Эстремадурда — Дьего Гарсия де Паредес, Хересте — Гарсиа Перес де Варгас, Толедода — Гарсиласо, Севильяда — дон Мануэль де Леон билік жүргізді және олардың даңқты ерлік істері жайындағы бұл хикаят ең биік парасат иелерін де қызықтырып, білімін молықтырып, жанын рақатқа бөлеп, таң-тамаша қалдыра алады. Сіздің сұңғыла ақыл-ойыңызға міне, осы кітаптар ғана лайық, мейірімді мырза, сеньор Дон Кихот: осындай дүниелерді оқудың арқасында тарихты білетін боласыз, ізгілікті істерге бейіл бересіз, бар жақсы қасиетті бойға сіңіресіз, тәуір мінез-құлық табасыз, батылдыққа үйренесіз, бірақ бұл ессіз батылдық болмайды, тәуекелшіл болуға үйренесіз, бірақ бұл үргелектіктен туған тәуекелшілдік болмайды, — және мұның бәрі де құдайдың құдіретін қадір тұтуға, өз пайдаңызға, сондай-ақ Ламанчаның абыройын арттыруға бағышталады, естуімше, сіз, мейірімді мырза, сол өңірден шыққан көрінесіз ғой.
Канониктің пайымдауларын Дон Кихот бар ықыласымен зейін қоя тыңдады, сөйтіп анау сөзін аяқтаған кезде оған біраз уақыт тесірейе қарап отырғаннан кейін былай деп сөйлеп кетті:
— Қателеспесем, сеньор идальго, әңгімеңіздің сыңайы кезбе рыцарьлар өмірде ешқашан болмаған, рыцарьлық роман атаулының бәрі — бастан-аяқ ойдан шығарылған өтірік, ал мемлекет үшін бұлардың түк пайдасы жоқ, тіпті зиянды да, бұларды оқығаным — ағаттық, бұларда айтылғанға сенгенім одан да асқан өрескелдік, ал жетегіне еріп, соларға еліктеп кезбе рыцарлықтың тар соқпағына түскенім тіптен сорақылық дегенге сайып тұр ғой деймін, сөйтіп, өз ойыңызша, дүниеде ешқандай Амадистер де, Галльский де, Греческий де, сондай-ақ осынау туындылар толы басқа да рыцарьлар болмаған дегенге көзімді жеткізгіңіз келетін секілді.
— Айтайын дегенімді мейлінше анық түсініпсіз, — деді бұған жауап ретінде каноник.
Ал, Дон Кихот сөзін әрмен жалғады:
— Бұған қоса, бұл романдардың маған айтарлықтай зиян тигізгені, өйткені, солардың қырсығынан ақыл-есімді жоғалтып, торға тап болғаным жайында, енді маған жөнделу қажеттігін, сөйтіп басқа сыпаттағы кітаптарды, аналардан гөрі шыншыл, ләззатқа молырақ кенелтетін және тәрбие-тағылымы көп кітаптарды оқуға кірісуім керегі жайында да айттыңыз.
— Солай, — деп мақұлдады каноник.
— Ал, мен, өз тарапымнан, — деді Дон Кихот келіспей, — ақылдан адасқан және дуаланған адам мен емес, нақ мына өзіңіз деп топшылаймын, өйткені сіз күллі әлем ақиқат шындық ретінде мойындап отырған нәрсеге қара күйе жақтыңыз, ал енді кімде-кім мұны мойындамай теріске шығаратын болса, — ал, сіз теріске шығарып отырсыз, — сол адам, әлгінде өзіңіз айтқандай, жақтырмайтын романдарыңызды қандай жазаға тартатын болсаңыз, тап сондай жазаға тартылуға лайықты. Амадис те, сондай-ақ романдарда жиі жолығатын, шытырман оқиға іздеуші басқа рыцарьлар да өмірде болмаған деп біреу-міреуді сендіріп бағу да бір, күн сәуле шашпайды, мұз тоңазытпайды, жер көтермейді деп дәлелдеп бағу да бір. Инфанта Флорипа мен Ги Бургундский жайында, сондай-ақ Ұлы Карл тұсында, Мантибль көпірінде Фьерабрастың жасаған ерлігі жайында жазылғандардың бәрі жалған деп біреу-міреуге дәлелдеп бере алатын адам табылар ма екен? Ондай адам табылса, қазіргі уақыттың түн емес күндіз екені қандай ақиқат болса, әлгі айтқанымдарым да дәл сондай ақиқат екеніне жанымды бәске тігер ем. Ал егер бұлар жалған болса, ондашы Гектордың да, Ахиллдың да, Троя соғысының да, Францияның Он Екі Пэрінің де, Артур Английский корольдің де болмағаны ғой; айта кетерлік нәрсе, аталмыш король арбау арқылы қарғаға айналдырылып жіберілген еді, сол арбаудан әлі арылған жоқ, ал туған корольдігінде оны әне келер, міне келер деп елі сарсылып күтіп отыр. Тегінде, Бейшара Гвариннің бастан кешкендері мен қасиетті Граальды іздестіру де өтірік, Тристан мен королева Изольданың да, сондай-ақ Джиневра мен Ланцелоттың да сүйіспеншіліктері жалған деуге жүз жанбайтындардың да табылып қалуы ықтимал, ал шынтуайтына келгенде, күллі Ұлыбританиядағы ең таңдаулы шарап даяшысы болған сарай ханымы Кинтаньонаны еміс-еміс болса да есте сақтаған адамдар әлі күнге тірі. Иә, бұл талассыз шындық, өйткені жесірлердің ұзын етекті жамылғысын киген әлдебір дуэньямен ұшырасып қалған кездерімізде туған әжемнің маған: “Ана әйелді қара, немеретай, сарай ханымы Кинтаньонаға қандай ұқсас десеңші”, дейтіні әлі күнге есімде. Бұған қарап әжемнің аталмыш сарай ханымымен жеке таныстығы болған-ау немесе, тым құрығанда, оның портретін көрген-ау деген қорытындыға келем. Ал, Пьер мен Магелона сұлу хикаясы да жалған деп айтуға кімнің аузы барады, өйткені король арсеналында Пьер өзін әуемен алып ұшқан ағаш атты айдап отырған, үлкендігі тертедей темір таяқ күні бүгінге шейін сақтаулы тұр емес пе? Ал, сол таяқтың жанында Бабьеканың ер-тұрманы да тұр, ал Ронсевальда Роландтың үлкендігі белағаштай шарап ішетін мүйіз құтысы бар. Осыған қарап Он Екі Пэрдің де, Пьердің де, Сидтің де, сол сияқты шытырман оқиға іздеу арқылы мәңгілік атақ-даңққа бөленген басқа рыцарьлардың да өмірде болғанын анық аңғаруға болады. Сондай-ақ, Бургундияға сапар шегіп, Аррас қаласында мосен Пьер есімімен мәлім, даңқы жер жарған сеньор де Шарнимен айқасқа түскен, одан соң Базель қаласында мосен Анри де Реместанмен жекпе-жекке шыққан, екі айқаста да жеңіске жетіп, мәңгі өлмес даңққа жеткен кезбе рыцарь, көзсіз батыр лузитандық Жуан ди Мерлу да болған жоқ деп, одан соң тап сол Бургундияда граф де Сен-Польдің ұлдарына ұран тастап, оларды жеңіп шыққан ержүрек испандар Педро Барба мен Гутьерре Кихада (мен өзім соның әулетіндегі ер адамдар тармағынан болам) шытырман оқиғаны бастан кешпеді деп біреу-міреу маған айтып көрсін. Сондай-ақ, дон Фернандо де Гевара шытырман оқиға іздеу үшін Германияға барған жоқ, онда герцог Австрийскийдің рыцары, мессер Георгпен айқасқа түсіп есе қайтарған жоқ деп тәуекелі барып теріске шығарып көрсін. Бұған қоса: “Әділетті сайыс” атты кітапта сипатталған Суэро де Киньонестің турнирі де, мосен Луис де Фальсестің кастильдік рыцарь Гонсало де Гусманмен жекпе-жегі де, сол сияқты өз христиан-рыцарьларымыз да, жат жерлік христиан-рыцарьлар да жасаған қисапсыз көп, айтуға тұрарлық және ешқандай шүбә келтіруге болмайтын ерліктер өтірік дейтіндердің де табылып қалары кәміл, осы себепті тағы қайталап айтам: кімде-кім осының бәрін теріске шығаратын болса, сол адамда ақыл да, парасат та жоқ.
Дон Кихоттың ұғым-түсінігінде шындық пен өтіріктің қалайша мидай араласып кеткені және өзінің қастерлі кезбе рыцарьлығының қызмет-әрекетіне байланысты және соған қатысы бар нәрсенің бәрінен қаншалықты терең мағлұматы бары каноникті таңырқатып тастады, сөйтіп ол оған былай деп тіл қатты:
— Айтқан сөзіңіздің бәрі бірдей өтірік еместігін мойындауға мәжбүрмін, сеньор Дон Кихот, әсіресе испандық кезбе рыцарьларға қатысты әңгімеңіз ақиқат шындық. Сол сияқты Францияның Он Екі Пэрінің өмірде болғанын да жоққа шығармаймын, алайда олардың архиепископ Турпин жазғандай істердің бәрін түгел атқарғанына сене алмаймын; шындық мынада: бұлар француз корольдері іріктеп алған, сөйтіп пэр атандырған рыцарьлар болатын, себебі бәрі де өңшең атақты, текті тұқымнан шыққан және жаужүрек еді, — қайткенде де, әйтеуір, олар осындай болуға тиісті еді, — бұл қазіргі кездегі шадияр Иаков орденіне немесе Калатрава орденіне ұқсас нәрсе-тұғын: бұлардың мүшелері де атақты, жаужүрек және ақсүйектер әулетінен шыққандар саналады. Мысалға, қазір Шоқындырушы Иоанн орденінің рыцары немесе Алькантара орденінің рыцары делінетіні секілді, олар да сол тұста: Он Екі Пэр орденінің рыцары деп аталған-ды, өйткені осынау әскери орденге іріктелген он екі адамның бәрі бір-бірімен тең дәрежеде еді. Әрине, Сидтің өзі, сондай-ақ Бернардо дель Карпьоның өз басы өмірде болғанына күдік келтірудің қисыны жоқ, бірақ олардың ерлік істері жайындағы әңгімелерге аса үлкен күдігім бар. Ал, енді, өзіңіз айтқандай, Бабьека ер-тұрманымен бірге король арсеналында сақтаулы тұрған, граф Пьерге тиісті таяқтың жайына келсек, бұл арада мен кемшілігімді мойындауға мәжбүрмін: әлде надандығымнан ба, әлде көзімнің кемістігінен бе, білмеймін, әйтеуір, ер-тұрманды көргеніммен, таяқтың барын байқай қоймадым, өзіңіз айтқандай, оның шамадан тыс үлкен болғаны тегін деймісіз.
— Жоға, ол сонда жатыр, оған еш күмәніңіз болмасын, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Тағы бір ерекшелігі: таттанып кетпесі үшін оны бұзау терісінен тігілген қапқа салып қойыпты.
— Кім біледі, бәлкім солай да шығар, — деді каноник, — бірақ, діни дәрежеммен ант етейін, оның көзіме түспегені анық. Мейлі, тіпті ол сонда жатсын-ақ дейік, — бірақ, соған қарап өзіміз романдардан оқып жүрген Амадистер мен құрттай құжынаған басқа да рыцарьлар жайындағы әңгімелерге сеніп әуейі болуға міндетті емеспін ғой, сондай-ақ, сізге де, мейірімді мырза, құрмет тұтуға әбден лайықты, абзал қасиеттер мен ақыл-парасат иесі боп табылатын адамға да, осынау түкке алғысыз романдарда жазылатын есалаңдықтар жайындағы шатпырақтарға шындық ретінде қарау жараспайды-ақ.
L тарау
Дон Кихот пен канониктің арасында болған өткір пікірталас жайында, сондай-ақ басқа да оқиғалар турасында
— Міне, әңгіме қайда! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сонда корольдер кеңшілігімен жарық көрген, қарап шығу міндеті жүктелгендер тарапынан мақұлданған, жас та, кәрі де, кедей де, бай да, оқымысты да, надан да, малай да, дворян да, бір сөзбен айтқанда, түрлі дәреже-атағы бар адамның бәрі бірдей ұнатып, мақтауын асырып жүрген кітаптар — шындыққа мейлінше ұқсастығына қарамастан, белгілі бір рыцарьдың әкесі мен шешесін, жақын-жуығын, туған жерін, қанша жаста екенін жақсы білетінімізге қарамастан, оның өмір жолы мен ерліктерін, бұл ерліктердің қай күні, қашан және қай жерде жасалғанына шейін өзімізге егжей-тегжейлі баян етіп отыратынына қарамастан бұл кітаптар ақылға сыйымсыз әумесерлік боп шыққаны ма? Жә, осы қорлағаныңыз да жетер, мархабатты мырза, өзіңізге берген кеңесіме ақыл-есі бүтін адамның баршасы құлақ қойғаны жөн, сіз де сөйтіңіз, — одан да соларды тағы бір қайталап оқып шығыңыз, сонда бұл істің қаншалықты ләззат беретініне көзіңіз кәміл жететін болады. Ақ-адал шыныңызды айтыңызшы: бұрқ-сарқ қайнап жатқан қарамайдан тұратын орасан үлкен көлді, онда құрттай құжынап жүзіп жүрген улы жыландар мен жай жыландарды, кесірткелерді және басқа да зәреңді ұшыратын жексұрын да рақымсыз құбыжықтарды көз алдымызда тұрғандай елестетуден артық қандай қызық болуы мүмкін? Міне, тап осы көлдің тұңғиығынан бір мезгілде мынадай мұңға толы дауыс естіледі: “Беу, мына жан шошырлық көлге жанарын тігіп тұрған бейтаныс рыцарь! Оның қап-қара суының тереңіндегі асыл қазынаға ие болғың келсе, қайтпас-қайсар рухыңның асқақтығын дәлелдеп, мына от боп өртеніп жатқан қара қойыртпаққа сүңгі, өйткені тек осы шартты орындағаныңда ғана сен осынау қара тереңде орын тепкен жеті феяның жеті қамал-сарайында құпия түрде сақтаулы жатқан ғажайыптарды тамашалай аласың”. Діріл қаққан осы бір дауысты естіген рыцарь қауіп-қатер жайында ойланып-толғанбастан, тіпті үстіндегі зілмауыр сауыт-сайманын да шешіп әуре болмастан, тағдыр-талайын жаратқан құдай мен жүрегінің әміршісіне табыс етіп, сақылдап қайнап жатқан көлге қойып кеп кетеді, сөйтеді де, кенет, мүлдем ойламаған жерден, көз жауын алатын көркем жазықтан бір-ақ кеп шығады, — оны көргеннен кейін Елисей жазығы дейтінге тіпті қарағың да келмей қалады. Аспан оған әдеттегіден әлдеқайда мөлдір, күн сәулесі — керемет шуақты көрінеді, көз алдында әсем тоғай көлбеп жатады, ондағы бұтағы тарам-тарам жасыл жапырақты ағаштар сән-салтанатымен көзді арбап, бір ұшып, бір қонып жүрген түрлі түсті титімдей торғайлардың жанға жайлы уілі құлақтың құрышын қандырады. Сол арадан ол бұлақты кезіктіреді, оның мөлдір хрустальдан аумайтын салқын суы табанында қиыршық құм мен електен өткізілгендей біркелкі, алтын мен таза інжуден аумайтын аппақ ұсақ тас жатқан арнамен сылдырай ағады. Міне, мына жерде түрлі түсті яшма мен жылтыр мәрмәрдан түзілген жасанды суатқы, ана тұста үңгірге ұқсас бір қуыс, ондағы әр жерде бір шашылып жатқан кішкене қауашақтар мен ұлудың ақшылтым және сарғылтым қабыршақтары жалтыраған хрусталь кесектерімен және жасанды зүбаржаттармен мидай араласып, өзгеше бір өрнек құрайды, соған қарап жаратылыстан өнеге алатын өнердің тіпті одан да асып түскендей болғанын бажайлайсың. Мына арадан бекініске айналдырылған қамал-сарай немесе сән-салтанаты көз жауын алатын ғажайып үй күтпеген жерден бой көрсетеді, қабырғалары — құйма алтын, мұнаралары — алмас, қақпалары — гиацинттен жасалған, ғимараттың өзі алмас пен қызыл жақұттан, лағыл мен інжуден, алтын мен зүбаржаттан тұрғызылғанымен, оның елден ерекше құрылысы шынымен-ақ таңырқауға лайықты. Мұнан кейін бізге тағы не көруге болар еді? Қамал-сарай қақпасынан бірінің соңынан бірі тізіліп ұзын-шұбақ боп шығып келе жатқан, үлде мен бүлдеге оранған қыздарды көрген болар едік, — киім-кешектерінің керемет келістілігі мен көркемдігін рыцарьлық роман авторларының мәнерімен суреттеуге кіріссем, шеті мен шегіне ешқашан жете алмаған болар ем. Олардың ішіндегі біреуі, сірә, жетекшісі, бұрқ-сарқ қайнаған көлге ойланбай қойып кеткен рыцарьды қолынан ұстап, оны ғажайып ғимаратқа немесе қамал-сарайға үн-түнсіз алып кіреді, оған үстіндегі киімдерін шешіп тастауға әмір етеді, сосын оны жылы сумен шомылдырады, денесін иіс маймен сылайды, иіс су себілген, хош иісі бұрқыраған көйлекті әкеп кигізеді, екінші бір қыз келіп айрықша қымбат бағалы, тұтас бір қаланың бағасы қанша болса, ол да сонша, тіпті одан да қымбат тұратын плащты әкеп иығына жабады. Тағы не көруімізге болар еді? Одан соң оны басқа бір кең бөлмеге алып барғандарын, ондағы үстелдерге ас та төк қып дастарқан жайылып қойғанын, бұған рыцарьдың аң-таң боп қарап қалғанын көрер ек. Оның қолына амбра мен хош иісті гүлдердің сөлі араласқан су құйылғанына куә болар ек. Оны піл сүйегінен жасалған креслоға отырғызғанын байқар ек. Қыздардың ләм деместен үн-түнсіз қызмет көрсетіп жүргенін білер ек. Оған алуан түрлі тағам әкеп беретіндерін, өте дәмді етіп әзірленгені сонша, қайсысына қол созарын білмей қалғанын аңғарар ек. Бұған қоса, осы той-думанға арнап ойналған музыканы естір ек және әнді кім айтып тұрғаны, оның дауысы қай жақтан шығып жатқаны беймағлұм күйде қалар еді. Ақыр соңында той-думан аяқталып, ыдыс-аяқ жинап әкетілген кезде рыцарьдың креслода шалжиып жатқанына, жарамсыз дағдысы бойынша тісін шұқи бастағанына, сол мезет күтпеген жерден бөлмеге әлгінде өзі көргендерден де әдемі бір сұлудың кіріп келгеніне, қасына келіп отырып, бұның неғылған қамал-сарай екенін, өзін қалай дуалағандарын және басқа да нәрселер турасында айта бастағанына, оның бұл әңгімесі рыцарьды таң-тамаша қалдырып, ал хикаяны оқып отырған жанның жүрегін зор қуанышқа толтырғанына куә болар ек. Бұл жайында енді басқа ештеңе айтпаймын, өйткені кезбе рыцарьлар жөніндегі кез-келген кітаптың кез-келген бөлігі кез-келген оқырманды рақатқа кенелте алатынына кәміл көз жеткізу үшін осы айтқандарымның өзі-ақ жарап жатыр. Сондықтан, мархабатты мырза, осы сөзіме сеніңіз, сөйтіп бұл романдарды тағы бір қайталап оқып шығыңыз, егер көңіліңіз құлазып, ештеңеге зауқыңыз соқпай тұрса, оны оқығанда уайым-қайғыныңызды қалай ұмытып, қалай шаттыққа бөленгеніңізді байқамай қаласыз. Ал, енді өз жайыма келсем, кезбе рыцарь болғалы бері мен өжет, кішіпейіл, жомарт, тәрбиелі, кеңпейіл, инабатты, тәуекелшіл, әдепті, төзімді бола түстім, тұтқынға алынуға да, қиыншылықтарға да, дуалауға да шыдамдылық көрсетіп жүрмін. Осы таяуда ғана өзімді есі ауысқанға балап, торға қамап тастағандарымен, құдіретті күш қолдау көрсетіп, Фортуна теріс айналмаса, айбынды білегімнің арқасында көп ұзамай-ақ корольге айналармын деп сенем, сонда қаншалықты мейірбан және жомарт екенімді жұрттың бәрі білетін болады, өйткені, адалын айтқанда, сеньор, жомарттық деген жаратылысына туа бітті тән қасиет болғанымен мұндай мәрттікті кедей ешкімге жасай алмайды, ал ізгі ниеттен әріге жоқ мейірбандық та бір, қолдау таппаған діни сенім де бір — екеуі де өлі нәрсе. Сондықтан да, император атануыма Фортуна мүмкін болғанынша тезірек жағдай туғызғанын қалар едім: сонда жүрегімнің қандай кең екенін көрсетер ем, достарыма, соның ішінде, әсіресе, атқосшым Санчо Панса байғұсқа, өзім өз болғалы жолықтырған жарандардың ішіндегі ең абзал жанға, бар жақсылықты жасаған болар ем: оған өзім әлдеқашан уәде еткен граф лауазымын бергім келеді, тек бір ғана кілтипан — графтықты басқаруға қабілет-қарымы жетпей ме деп қорқам.
Мырзасының соңғы айтқан сөзін құлағы шалып қалған Санчо оған былай деді:
— Сеньор Дон Кихот, сіз тек, өзіңіз барынша сенімді түрде уағда еткен, ал өзім тағатым қалмай тосып жүрген, осынау графтықты маған тауып беруді ғана біліңіз, ал оны басқару жағына қабілет-қарым менен табылады, — ал, мәгәрки, кемшін соғыңқырап жатса, онда, естуімше, сеньорлар иелігін жалға алатын адамдар да бар көрінеді, жыл сайын тиісті ақысын төлеп, басқару міндетін өз қолына алатын көрінеді, ал сеньор болса шалжиып үйінде жатады, жалдан тапқан ақшаға өмір сүреді, басқа ештеңеге алаң болмайды. Мен де тап солай етем: басымды қатырып жатпаймын, шаруаны қолма-қол тапсырам да, жалдан түскен табысқа герцог секілді шалқып тұра бастаймын, ал аналар қалай қылса олай қылсын.
— Бұл әңгіменің бәрі тек түсетін табысқа ғана қатысты жәйт, Санчо бауырым, — деп каноник наразылық білдірді, — бірақ әділ қазылықты меншік иесінің өзі жасауға тиіс, міне қабілет-қарым мен ақыл-парасат та тап осы жерде керек болады, ал ең бастысы, істі мейлінше әділ түрде шешуге деген шынайы ынта-ықылас қажет: егер әу бастан осындай ықылас болмаса, онда орта тұсында және аяқ жағында істің шырқы бұзылады, өйткені жаратқан иеміз аңқау жандардың ақ ниетін өрге сүйресе, данагөйлердің қара ниетін көрге сүйрейді.
— Мұндай пәлсапа — менің қолым емес, — деп құлаққағыс етті Санчо Панса. — Білетінім біреу ғана: маған графтыққа ие болу керек, ал басқару жағын бірдеңе қыла жатам — жұрттың жаны қанша болса менің де жаным сонша, тәнім тіпті үлкендеу боп та шығуы мүмкін және иелігімді кез-келген корольден кем басқармайтыным кәміл, ал өз иелігіме король болғаннан кейін ойыма не келсе соны істеймін, ойыма келгенді істегендіктен көңілім қалай қош көрсе солай тірлік кешем, көңіл қошым бойынша тірлік кешкеннен кейін төрт құбылам тегістеліп, жан рақатына бөленем, ал кімнің төрт құбыласы тегіс болса, оның арман ететін де ештеңесі қалмайды, ал ештеңені арман етпейтін болсаң, онда әңгіме де сонымен тәмам, тек графтық қолыма тезірек тисе екен, онан соң — көрсоқыр айтқандай, “көре жатамыз” ғой.
— Пәлсапаңды парықсыз деп айтуға ауыз бармайды, Санчо, бірақ, солай бола тұрғанымен, графтық деген — күмәнді әңгіме.
Дон Кихот каноникке қарсылық білдірді.
— Одан қандай күмәнділік көріп тұрсыз? Өз басым ұлы Амадис Галльскийдің өнегесін үлгі тұтам — ол атқосшысын Құрлық аралының графы етіп қойған-ды, олай болса, мен де Санчо Пансаға, кезбе рыцарьларға әйтеуір бір кезде қызмет қылған атқосшылар ішіндегі ең таңдаулылардың біріне, еш қысылып-қымтырылмастан граф атағын бере алам.
Дон Кихот сөзінің қалайша қисынды сандырақ боп шығатыны, Көл Рыцарының бастан кешкен оқиғаларын қалайша сипаттап бергені, өзі зейін сала оқып-тоқыған қиыннан қиыстырылған өтірік әңгімелердің санасында қаншалықты өшпес із қалдырғаны каноникті қатты таңғалдырды, сондай-ақ мырзасы уәде еткен графтыққа ие болуға соншалықты аңсары ауған Санчоның аңқаулығы да оны таңырқатпай қалмады. Сол аралықта азық-түлік артылған қашырды әкелу үшін каноник бекетке аттандырған малайлар да келіп жетті; бұл екі ортада, бұрын айтылып өткеніндей, арбакеш өгіздерін жайылым шүйгініне оттатып алуға жіберген-ді; сөйтіп бәрі ағаш көлеңкесіне жайғасып, тамақ ішуге кірісті: кілем мен көкорай олар үшін дастарқан міндетін атқарды. Осылай ас ішіп отырған кездерінде кенет қалыңның арасынан шулаған дыбыс пен қоңырау шылдыры естілді, іле-шала жыныс арасынан терісінде қара-ала теңбілдері бар сүйкімді ақ ешкі шыға келді. Оны кейін қайырып отарға қоспаққа тырысып, соңынан бақташы қуып келеді, дәл осындай жағдайда бақташы атаулы не деп айқайлайтын болса, ол да солай айқайлап келеді. Зәресі зәр түбіне кеткен қашқын пана іздегендей жолаушыларға қарай шауып, жақындай бере кілт тоқтады. Бақташы оны қуып жетіп, мүйізінен ұстай алды да, бейне ойлай да, ой түбіне бойлай да білетін жан иесімен сөйлескендей, оған былай деді:
— Әй, жабайысың-ау, жабайысың-ау сен, Ақтеңбіл! Соңғы кездері не көрініп жүр саған осы? Әлде қасқырдан қорқып жүр ме екенсің, ә, қызалағым? Не болғанын айтсаңшы саған, әппағым? Жә, саған не болушы еді — бар болғаны сен әйел жынысты хайуансың, сондықтан тыныш тауып отыра алмайсың, шыжбаңдаған осы мінез-құлқың және күллі әйел атаулының мінез-құлқы құрып кетсін! Қайт, қайт кейін, қалқам! Қашаға қамағанды қаламайтыныңды білем, бірақ, әйтеуір онда, қалай дегенмен, қауіп-қатерден аман боласың ғой және жаныңда құрбыларың болады. Сен оларға жөн сілтеп, жол көрсетуге міндеттісің, ал егер өзің осылай беталды безіп кете берсең, олар қайтпек?
Бақташының бұл сөзі жолаушыларды мәз-майрам қылды, әсіресе каноник қатты ырза боп, оған былай деп тіл қатты:
— Құдай ақы, сәл сабыр ет, құрметтім, ешкіні отарға қосуға асықпа: егер ол, өзің айтқандай, әйел жынысты болса, онда қаншалықты қақпайлағаныңмен бәрібір жаратылысынан жаны құмар ісін істей береді. Мына бір тіскебасарды ал да, шараптан тартып жібер, — ашуың қолма-қол тарқайды, шыбыш та азды-кем солығын бассын.
Осыны айтып каноник бақташыға үй қоянының пышақ ұшына түйрелген бір кесек салқын етін ұсынды. Бақташы алып, каноникке алғысын айтты; сосын шарапты сіміріп салды да, көңілі жай тауып, былай деді:
— Мына хайуанмен адамша сөйлескеніме қарап, мені делқұлы біреу деп ойлап қалмасаңыздар екен, — шынымды айтсам, сөзімнің астары бар. Өзім село тұрғыны болғаныммен, адамның да, малдың да тілін таба білем.
— Мұныңызға сенем, — деді священник, — тауларда ғалымдар туатынын, бақташы құжыраларында философтар өсетінін өз тәжірибемнен білем.
— Қалай болған күнде де, сеньор, таулар да, құжыралар да өмір көрген жандарға баспана болуға жарайды, — деді бақташы. — Және осы шындықты мойындап, оны жете сезінулеріңіз үшін, — егер бұған тек, сеньорлар, ықыластарыңыз болса және қарсылық білдірмесеңіздер, бір жағынан, мен, шақырусыз келген біреу, өзім тіленіп тұрғандай көрінуім мүмкін болса да, — рақым етіп, аз ғана уақыт көңіл бөлсеңіздер, екеуіміздің де: мына сеньордың да, — осы арада ол священникке иек сілтеді, — және менің де сөзіміз шындық екенін дәлелдейтін, өмірде шынымен-ақ орын алған бір оқиға жайында айтып берер едім.
Дон Кихот оған жауап ретінде былай деді:
— Бұл айтпақ әңгімеңнің рыцарьлар бастан кешетін оқиғаларға қатысы бар-жоғына көз жеткізуім үшін сені мейлінше мұқият тыңдаймын, құрметтім, сондай-ақ мына отырған сеньорлар да ықыласпен құлақ салады, өйткені бұлар ақылды адамдар, таңғалдыратын, көңілдендіретін, жанды жай таптыратын хикаяларға құмар жандар, ал әңгімеңнің тап сондай нәрсе екеніне еш күмәнім жоқ. Сөйтіп, енді бастай бер, достым, құлағымыз сенде.
— Жоға, менен басқаларыңыз ғана, — деп үн қатты Санчо, — мен мына пирогты алам да, бұлақ жағасына барам, сол жерде отырып үш күнге дейін тамақ сұрамайтындай боп тойып алам, себебі Дон Кихот мырзамның айтуынан жақсы білетінім, кезбе рыцарьдың атқосшысы сәті түскенде қарны шеңбірек атқанша тыңқиып тойып алуы керек, өйткені оның тіпті бір апта жүрсе де малтығып шетіне шыға алмайтын, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманға тап болатын кезі аз ұшыраспайды, сондықтан кекірік атқанша тоймаса және қоржынын сықастырып алмаса, онда, сол арада біржолата қалып аштан өлуі де әбден мүмкін, ал мұндай оқиғалар өте көп болған.
— Дұрыс айтасың, Санчо, — деді Дон Кихот, — барғың келген жаққа бара бер, қанша жегің келсе сонша же, ал мен өзім тойдым, енді маған керегі көңіл тояттандыру ғана, мына мейірбан жанның әңгімесін тыңдап, сол әжетімді өтегім келеді.
— Бәріміз де көңіл тояттандыруға құштар боп отырмыз, — деді каноник.
Сосын бақташыдан айтпақшы болған әңгімесін бастай беруін сұрады. Ешкіні мүйізінен ұстап тұрған бақташы оны арқасынан қағып қойды да:
— Жата ғой мына араға, Ақтеңбіл, отарға қайтып оралуға асықпа, үлгереміз әлі, — деді.
Шыбыш оның сөзін ұққандай болды, — қожайыны жерге тізе бүккен кезде жанына жата кетті де, зейін қоя тыңдамақ ниеті барын білдіргісі келгендей бетіне телміре қарап қалды, ал анау әңгімесін былай деп бастап кетті:
LІ тарау
Бұл тарауда бақташының Дон Кихот серіктеріне айтқан әңгімесі келтіріледі
— Осы алқаптан үш мильдей жырақта бір село бар, шағын болғанымен, аймақтағы ең бай елді мекеннің бірі. Сонда аса қадірменді бір шаруа тұрған-ды, өзі шын мәнінде де құрмет тұтуға лайық адам еді, өйткені, әдетте жұртқа байлығы үшін қошемет көрсетілетін болса, бұл кісі тек дәулеті үшін ғана емес, сонымен қоса адамгершілік абзал қасиеттері үшін де құрметтелетін. Алайда, өзі айтып жүретініндей, ең үлкен бақыты — асқан сұлу, айрықша ақылды, аса сүйкімді және ізгі мінез-құлық иесі боп табылатын қызы еді: оны жаңа көргендер мен бұрыннан білетіндердің қай-қайсысы да жаратқан мен жаратылыс ерекше жомарттықпен бере салған осы қасиеттеріне таңырқанбай қалмайтын. Сәби кезінің өзінде-ақ ол өте әдемі болатын, өсе келе сүйкімі одан да артып, он алтыға толғанда айдай сұлу аруға айналды. Оның сұлулығы жайындағы дабыра-дақпырт айнала-маңдағы селоның бәріне жайылды, — қайдағы айнала-маңды айтып отырмын! — алыс қиырдағы қалаларға жетті, король палаталарына кірді, сондай-ақ түрлі дәреже-атағы бар адамдардың құлағына шалынды, сөйтіп олар құдды елден ерек бірдеңені немесе ғажайып қасиеті бар иконды тамашалауға ынтық болғандай оны көруге жан-жақтан ағылып келіп жатты. Әкесі оны қорғаштап бақты, өзі де үнемі сақтанып жүрді, өйткені қызды қандай да бір құлып та, күзетші де, ысырма да өзі ұстанатын қатаң қағидалардай қорғап қала алмайтыны мәлім.
Әкесінің байлығы мен қызының сұлулығы оны айттыруға көп адамды ынтық қылды, оның ішінде селоластар да, келімсектер де бар еді, бірақ осынау асыл қазынаның иесі боп табылатын әкесі қызын сансыз көп күйеу жігіттің ішінен қайсысына берген жөн болатынын білмей дал боп жүрді. Осындай тәтті арманның жетегіне іліккендер арасында мен де бар едім және тілегім орындалар деп сенерліктей негізім де жеткілікті еді, себебі әкесі мені білетін: өзінің селоласы екенімді, текті әулеттен шыққанымды, күш-қайраты тасыған жігіт екенімді, ырыс-береке арылмаған үйім, өзіме жететін ақылым барын жақсы білетін. Бірақ, қызды дәл осындай қасиеттер иесі боп табылатын тағы бір селоласымыз айттыра бастады, міне осы кезде әкесі не істерді білмей дағдарып қалды, өйткені қызы оған екеуімізбен де бақытты бола алатындай көрінген-ді. Сөйтіп, бұл екеуі бір-бірімен тең екен, қайсысын қалайтынын сүйікті қызымның ықтияры білсін деп ойлап, басын босқа қатырмауды көздеген әкесі мұның бәрін Леандраға, — өзімді осындай мүсәпір халге жеткізген бай қызды солай атайды, — айтып беруге ұйғарды, — өстіп, балаларының тағдыр-талайына қамқорлық жасауға ниет еткен ата-ана атаулы өнеге алуына болатын қадам жасады, — бұлай дегенде ата-анасы балаларына жарамсыз бен жағымсыздың арасынан таңдауға ерік берсін дегенді айтып отырған жоқпын, керісінше, оларға жақсылар арасынан таңдау жасатсын дегенді меңзеп отырмын, сонда олар осылардың арасынан өз ықтиярымен ең тәуірін таңдамақ. Леандраның қандай тілек білдіргенін кім білсін, бірақ, әйтеуір, өзіммен және бақталасыммен әңгімесі кезінде әкесі қызының жас екенін сылтауратты, одан соң жалпылама мағынасы бар бірнеше сөз айтты: бұл сөзінен оның өзіне ешқандай міндет артпайтынын ұғындық, бірақ өзіміз не анда, не мұнда жоқ, екі дай халде қала бардық. Бақталасымның аты — Ансельмо, өз атым — Эухеньо, — сөйтіп енді сіздер бұл трагедияның басты кейіпкерлерінің есімін білдіңіздер, ал оның аяғы қандай болары әлі беймәлім, бірақ, шамасы, қайғылы болатын шығар.
Сол тұста селомыздағы жоқ-жұқана бір диқанның баласы Висенте де ла Рока дейтін біреу пайда бола кетті, — ол Италия мен басқа да елдерге жасалған жорықтан оралған еді. Он екі жасар бала кезінде селомыздың үстімен полкын алып өткен бір әскер басы оны өзімен бірге әкеткен болатын, сөйтіп ол жиырма төрт жастағы, түрлі түсті әскери киім киген, әр-алуан шыны әшекей мен жіңішке болат шынжыр таққан жігіт боп қайтып оралды. Бүгін бір сылдырмақ тағынса, ертеңіне басқасын тағып шығады, бәрі де сондай нәзік, ала-құла, салмағы да аз және көлемі де кішкентай. Селолықтар онсыз да оспақшыл халық, ал қолдары бос кезде нағыз сайқымазаққа айналып кетеді, — міне, солар мұның киімінің саны қанша екенін, қанша әшекейі барын есептеп шығарыпты, сөйтсе оның бар болғаны әрқилы түстегі үш түрлі киімі, таспалары мен шұлықтары ғана бар екен, бірақ бұл дүниелерін керемет шеберлікпен ауыстырып киетіні соншалық, егер әлгіндей арнайы санақ жүргізбегенде, кем дегенде он түрлі киімі, қалпаққа тағатын жиырмаға жуық қауырсыны бар деп бәстесуге болатын-ды. Сіздерден жалғыз өтінішім: оның киім-кешегі жайында осынша егжей-тегжейлі айтып жатқанымды мезі қылар мылжыңдық деп ойламаңыздаршы, — басымнан өткен жағдайда мұның өзгеше орны бар.
Әдетте ол деревня алаңындағы бәйтеректің түбіндегі сәкіге кеп жайғасып, ерлік істері жайында жыр ғып айтып отыратын, біз болсақ аузымызды ашып, көзімізді жұмып, бір сөзін қалт жібермеуге тырысып тыңдап отыратынбыз. Жер-дүниеде ол бармаған ел жоқ көрінеді, ол қатыспаған шайқас та болмапты. Күллі Марокко мен Тунисті мекен ететін маврлардан да көп маврды жайратыпты, ал жекпе-жек сайыстарының саны Ганте, Луна, Дьего Гарсия де Паредес пен өзі атап өткен мыңдаған басқа сарбаздың жекпе-жегінен де көп көрінеді және барлық айқаста да бір тамшы қан төкпестен жеңіске жетіпті. Айтпақшы, ол жарақатының тыртық боп біткен орындарын көрсеткен, одан тыртық секілді бірдеңені ажырату қиын болса да, ол мұны шайқастар мен қақтығыстар кезінде аркебуз оғы тиген жерлер деп сендіріп бағатын. Ол өзін өте өктем ұстап, есерлік пен дөрекіліктің не түрін көрсетті, туған анам — қолым, ата-тегім — істеген істерім, солдат мундирін киіп алған кезімде корольге де сәлем бермеймін, деп бөсетін. Азын-аулақ музыканттығы да осынау өзімшіл өпіремдігіне септігін тигізіп жүрді, гитараны біршама тәуір тыңқылдататыны рас-ты, кейбіреулер гитара оның қолына тиген бойда-ақ сөйлеп қоя береді деп бой бермейтін. Бірақ, бұл да аз: оның өлең шығаратын да дарыны бар еді, селомыздағы ұсақ-түйек оқиғалар турасында ұзындығы бір жарым миль романстар құрастыратын.
Міне, өзім сіздерге сипаттап берген осынау солдатты, әлгі Висенте де ла Роканы, осынау көзсіз батырды, осынау сәнқойды, осынау музыкантты, осынау ақынды үйінің алаңға қарайтын терезесінен Леандра да талай көріп, оған талай көзін сүзген-ді. Әдемі киімдерінің әлекей-шүлекейі көзін қарықтырды, көшіріп жазып, кім көрінгеннің қолына ұстатып жүрген романстары есін кетірді, жұрттың бәріне жыр ғып айтып жүрген ерлік істері жайындағы дақпырт оның да құлағына жетті, — бір сөзбен айтқанда, бұл арада да шайтан араласпай іс бітпесе керек, ана жігіттің бұған қырындауға құлқы ауғанша, қыздың өзі оған ғашық боп үлгерді. Әйелдің өзі ынталы болған жағдайда сүйіспеншілік түйіндері жылдам тарқатылатыны белгілі ғой, Леандра мен Висенте де оп-оңай тіл табысып, сансыз көп ғашықтарының бірі болмаса бірі Леандраның ой-ниеті қандай екенін аңғарып үлгергенше, ол мұны іске асырып та үлгерді: жанындай жақсы көретін әкесінің үйін тастап, — шешесі жоқ-ты, — өзіне-өзі таңып жүрген өйткен-бүйткен басқа істерінің барлығынан гөрі бұл істе көбірек олжалы солдатпен бірге селомыздан қашып кетті. Бұл оқиға селомызды да, бұл жайында құлақтанған жандарды да тегіс айран-асыр қылды. Мен не істерімді білмей қалдым, Ансельмо да абдырады, әкесі қайғыға батты, туыстары ашуға мінді, тәртіп сақтаушылардан тыныштық кетті, жасауылдар жан-жаққа жүгірумен болды. Жол біткеннің бәрін шолып, орман-тоғай мен осы қалай деген жерлердің бәрін тінтіп шыққан селоластары еркетәйтік Леандраны арада үш күн өткенде үңгірдің ішінен тапты, — үстінде жалғыз көйлек қана бар екен, ал үйінен өзімен бірге әкеткен қомақты сомадағы ақша мен алтын-күміс әшекейлер үшті-күйлі жоқ боп шықты. Жұрт қызды жападан жүдеп біткен әкесіне алып келіп, бұл қасіретке қалай тап болғанын сұрастыра бастады; қыз Висенте де ла Роканың өзін алдап соққанын, үйленуге уәде беріп, үйінен алып шыққанын, жер бетіндегі ең бай, ең көңілді қалаға, анығырақ айтқанда, Неапольға алып барам деп сендіргенін, аңқаулықпен алдауға көніп қалғанын өз ықтиярымен баян етті; сөйтіп, әкесінің жиған-тергенін ұрлап алған қыз сол өзі үйінен із-түзсіз жоғалатын күні түнде Висентемен бірге кетеді, ал анау оны бір биік тауға алып келеді де, кейін жұрт барып тауып алған үңгірге қамап тастайды. Сондай-ақ, қыз солдат өзінің абыройын төкпегенін, тонап алған соң үңгірде қалдырып, өзі қашып кеткенін хабарлады, бұл жағдай жұртты тағы қайран қалдырды. Ана бұзықтың ұстамдылығына сене қою өте қиын еді, сеньор, бірақ қыздың соған табандап тұрып алғаны сонша, қайғы басқан әкесі ақыр аяғында осыған иланды, сөйтіп қызының бір жоғалса қайтып ешқашан қалпына келмейтін асыл қазынасы қоса тоналып кетпегеніне кәміл сенген ол қолды болған байлықтары жайында ойлауды да біржола ұмытты. Леандра келіп, әңгімесін айтып берген сол күні-ақ әкесі, бізге ештеңе білдірмей, өзіне-өзі жасап алған жаман аты жарым-жартылай болса да уақыт ағынына жұтылар деген оймен қызын қалалық монастырьға аттандырып жіберіпті. Леандраны танымайтын, оның қандай қыз екеніне, — жақсы қыз ба, әлде онша емес пе, — көңіл аудармайтын жұрттың алдында бұл қылығын жастығына балап, жуып-шаюға болар да еді, бірақ аңғарымпаздығы мен ақыл-парасатын жақсы білетіндер мұны аңқаулық деп емес, жеңілтектік деп, сондай-ақ әйел затының жаратылысына тән ерекшелік, яғни ойланбай іс қылушылық және ұятты білмеушілік деп бағалады.
Леандраны монастырьға қамағаннан кейін Ансельмоның ештеңеге зауқы соқпай қалды — қалай болған күнде де, әйтеуір, көз жанарынан қуаныш ұшқыны көрінбейтін болды, — менің де көз алдым қараңғы тартып кетті: жанар отым жасып, сүлесоқ күйге түстім. Леандрадан қол үзген соң қатты қамығып, қайғы шегіп, оны бір көруге зар болдық, солдаттың сәнқұмарлығына қарғыс айттық, тиісті дәрежеде қырағылық жасамағаны үшін Леандраның әкесін жек көрдік. Ақыр аяғында Ансельмо екеуіміз селоны тастап, осы шалғындыққа кеп орын тебуге ұйғарым жасадық, осы жерде ол өзінің бір қора қойын бағады, ал мен бір үлкен отарды құрайтын ешкімді бағып жүрмін, сөйтіп, ағаш арасында осындай тірлік кешіп жатырмыз; бір жақсысы, сезімге қалағанымызша ерік береміз: біресе сүйкімді Леандраны жер-көкке сыйғызбай дәріптейміз, біресе оны айыптап әңкі-тәңкісін шығарамыз немесе оңаша отырып, оны аһ ұрып арман етеміз жә болмаса әрқайсымыз өз алдымызға жаратқаннан жәрдем сұраймыз. Леандраның басқа ғашықтары да бізден үлгі алып, осынау жартасты тауға кеп жайғасып, біз секілді қой-ешкі бағуға кірісті. Олардың шамадан тыс көп жиналғаны сонша, бұл ара шын мәніндегі бақташылар Аркадиясына айналды, өйткені бақташылар мен олардың қашалары бұл арадан адым аттаған сайын кездеседі және қайда барсаң да сүйкімді Леандраның есімі құлаққа шалынбай қалмайды. Біреу оған қарғыс жаудырып, оны ерке-шолжың, жеңілтек және ардан безген деп атайды, екіншісі оны ышқыры бос, жеңіл жүріске әуес деп кінәлайды, басқа біреу оны ақтап, қателігін кешіргенін айтады, өңге біреу оны сөгіп, балағаттайды, сондай-ақ оның сұлулығын айтып тамсанатындар да, мінез-құлқын шенеп-мінейтіндер де бар, — қысқасы, бәрі де оны кінәлап, бәрі де оны пір тұтады, осынау есалаңдықтың әбден асқынып алғаны сонша, өзіне қарамай кеткеніне күйініш білдірушілер де көбейе бастады, — солардың ішінде тіпті онымен бір ауыз тіл қатысу бақыты бұйырмағандары да бар, — тағы бір тобы өкінішке бой алдырып, қызғаныштан өртеніп кете жаздап шақ жүр, ал оның ешкімнің бойында қызғаныш сезімін оята қоймағаны анық-ты, өйткені, бұрын айтып өткенімдей, әуелі оның іс-қылығы мәлім боп, ынтызарлығы кейін ғана төбе көрсеткен-ді. Бақташылардың бірі болмаса бірі өз бақытсыздығын желге жария етпеген бірде-бір жыра-жықпылды, бұлақтың жағасын немесе ағаштың саясын таппайсың, Леандра есімі айтылған бойда жаңғырық оны алысқа алып кетеді, таулар — Леандра деп гүрілдейді, жылғалар — Леандра деп сылдырайды, Леандра бәрімізді мәлімсіздік пен әуейілік ахуалында ұстап отыр, бәріміз де әлденеден бостан-бос дәмеліміз, оған қоса бойымызды әлденендей бір үрей билеп алған. Осынау өңшең есуастың ішінде ең төменгі, сонымен бір мезгілде ең жоғарғы парасат-пайым иесі бақталасым Ансельмо секілді көрінеді маған, өйткені өкініш білдіретін себептерінің соншалықты көптігіне қарамастан, ол тек Леандраның алыста жүргеніне ғана өкінеді, сөйтіп өзі өте шебер ойнайтын равель әуенінің қоштауымен күйініштерін әнге қосады, бұл, әрине, оның ақыл-есі дұрыстығын аңғартады. Мен болсам, басқа жолды, әлдеқайда жеңілдеу және, өз ойымша, әлдеқайда ақылға қонымды жолды таңдадым, атап айтқанда: әйелдердің жеңілтектігін, тұрақсыздығын, екі жүзділігін, уәделерінің жалғандығын, опасыздығын, сондай-ақ, арман-ойларының нысанасын таңдаудағы албырттығын әшкерелеймін. Міне, сеньорлар, әлгінде өздеріңізге жақындаған кезде шыбышыма арнап айтқан сөзімнің мағынасы сіздерге енді қазір жақсы түсінікті болған шығар: ол — әйел жынысты, сол себепті оны онша жоғары бағаламаймын, ал, шындығында, бұл отарымдағы ең жақсы ешкі. Өздеріңізге айтайын дегенім де осы еді. Бәлкім, көбірек сөйлеп кеткен шығармын, есесіне дастарқаным да онша жұтаң болмайды: қашам қол созым жерде, ал онда жаңа сауылған сүт те, керемет дәмді сүтсірне де, түрі де әсем, өзі де тәтті жаңа піскен жеміс те бар.
LІІ тарау
Дон Кихоттың бақташымен қақтығысы жайында және зікіршілермен арадағы сирек кездесетін кикілжің кезінде Дон Кихоттың терлеп-тепшіп жүріп ақыры жеңіске қол жеткізгені жөнінде
Бақташының әңгімесі жұрттың барлығына ұнады; бақташы, әсіресе, каноникті қатты ырза қылды: оның деревняда тұратын қарапайым бақташыдан гөрі оқу-тоқуы бар қала тұрғынына тән әңгімелеу мәнеріне тәнті болған каноник священниктің тауларда ғалымдар туады деген сөзін өте орынды деп білетінін айтты. Отырғандардың бәрі Эухеньоға көмек көрсетуге ықылас білдіре бастады; солардың ішінде Дон Кихот бәрінен де көбірек кеңпейілділік танытты, өйткені ол былай деді:
— Осы сөзім сөз, бақташы бауырым, шытырман оқиға іздеп шығар мүмкіндігім болса, енді ешқандай жаманшылық көрмеуіңе барлық жағдайды жасау үшін еш ойланбастан сапарға аттанып кетер едім: тәлімгер әйелдің де, сондай-ақ кедергі жасамақ болған басқалардың да қарсылығына қарамастан Леандраны монастырьдан (оны онда күшпен ұстап отырғандары кәміл) алып шығар едім де, ықтиярыңша ықылас көрсетуің үшін оны өз қолыңа табыс етер едім — тек, әрине, қыз-қырқындарға қандай да болсын жәбір көрсетуге тыйым салатын рыцарьлық қағидаларды қатаң сақтауың керек болады. Дей тұрғанмен, жаратқан иеміз жарылқар деп үміт етем және ақ ниетті сиқыршыдан гөрі қара ниетті сиқыршының құдіреті жоғары бола қоймас деп сенем, сөйтіп, қорғансыздар мен кембағалдарға арашашы болмаққа әу баста берген сертіме сай, болашақта өзіңе көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға уәде етем.
Бақташы Дон Кихотқа қарап қалды да, киімінің сиықсыздығы мен түр-әлпетінің ұсқынсыздығына таңырқаныс білдіріп, жанында отырған шаштараздан:
— Сеньор! Тұрпаты тым оғаш, сөзі де сөлекет мына кісі кім? — деп сұрады.
— Ау, бұл жамандықтың жойымпазы, жалғандықтың жауы, қыз-келіншектердің қалқаны, дәулердің дұшпаны, ұрыс даласының қаһарманы, дүйім жұртқа мәшһүр Ламанчалық Дон Кихот болмағанда кім болушы еді? — деп жауап қатты шаштараз оған.
— Бұл сөзіңіз кезбе рыцарьлар жайындағы кітаптарда жазылғандарды есіме салып тұр, — деді бақташы, — олар да өзіңіз мына кісіге қатысты айтқан шаруалармен айналысатын, бірақ, меніңше, не сіз қалжыңдап отырсыз, не мына мырзаның басында ми жоқ.
— Өй, ардан безген арамза! — деді бұған жауап ретінде Дон Кихот. — Басында ми жоқ қауақ бас мақұлық мына сен, ал менің басым өзіме жетерлік нәрсеге толы, ондай нәрсе сені дүниеге әкелген ана салдақыдан туған сайқал шешеңде де болмағаны анық.
Сөзден іске көшкен ол, алдында жатқан нанды алды да, бар күшімен бақташының бетіне жіберіп қалды, сөйтіп оның мұрнын даладай қан қылды; бақташы қалжыңды ұнатпайтын, оған қоса өзіне әсте қалжың деп жоруға жатпайтын жәбір жасалғанын көрген ол кілемге де, дастарқанға да, ас ішіп отырған адамдарға да қарамай Дон Кихотқа тұра ұмтылды, сөйтті де, оны кеңірдегінен қос қолдап қылғындыра бастады, егер сол екі арада жедел жетіп үлгерген Санчо Панса иығынан ала түспегенде, бәлкім, оны тұншықтырып өлтіруден де тайынбаған болар еді; табақтарды таптап, шыны аяқтарды талқан ғып, ішіндегілерінің бәрін төгіп-шашқан Санчо бақташымен бірге дастарқанның үстіне келіп құлады. Азаттық алған Дон Кихот бақташыға қайта ұмтылды, ал бақташының бетін онсыз да қан жуып кеткен-ді, оның үстіне Санчодан да тепкі жеген-ді, осыған байланысты қанды кек алмаққа ойы кетіп, төрт аяқтап еңбектеген күйі пышақ іздеп жүрген болатын, бірақ оның бұл ойын жүзеге асыруға каноник пен священник бөгет жасады, ал шаштараз бақташының Дон Кихотты алып ұрып астына бүктеуіне септесіп жіберді, сол сол-ақ екен, бейшара рыцарьға жұдырық жауып кеп берді, сөйтіп келесі сәтте оның да беті бақташының беті секілді қызыл-ала қанға боялды. Каноник пен священниктің күлкіден ішегі түйіле жаздады, жасауылдар да мәз-майрам боп, тұрақ таппай тыпыршып, құдды бір ит таластырып жатқандай, екеуін бір-біріне айдап салумен болды; тек Санчо Панса ғана не істерді білмей аласұрды, өйткені каноник малайының қолынан босанып шығуға шамасы жетпей дымы құрып, мырзасына көмек бере алмай тұрған-ды.
Бір сөзбен айтқанда, жұрттың бәрі көңілді, мәз-шат болатын, ал екі жауынгер бірін-бірі аямай жұдырықтап жатқан, бірақ сол арада керней үні құлаққа шалынды, оның созылыңқы да жылаңқы шыққаны сонша, бәрі де дыбыс шыққан жаққа еріксіз бастарын бұрып тұрып қалды, алайда әлгі үнді құлағы шалған Дон Кихот басқалардан гөрі көбірек әбігерленіп кетті; бақташының астына өз ықтиярымен түспеген ол, әжептәуір дәрежеде таяқ жеп те үлгергеніне қарамастан, анаған былай деп тіл қатты:
— Шайтан бауырым, тыңда, — күшің мен батылдығың менен асып түсуі себепті сенің, әрине, шайтан екенің кәміл, — саған айтар өтінішім: қанеки, екеуіміз бір сағатқа болса да бітімге келейік, өйткені, кернейдің құлағымызға келіп жеткен үздіккен үні, шамасы, мені жаңа шытырман оқиғаларға шақырып тұрған секілді.
Өзінің біреулерді ұрып-соғуы және өзін де біреулердің ұрып-соққаны әбден жалықтырған бақташы Дон Кихотты қолма-қол босатты, анау орнынан атып тұрып жұрттың бәрі бастарын бұрған жаққа басын бұрып тұра қалды да, кенет, зікіршілерді еске салатын ақ киім киген көп адамның қырдан төмен түсіп келе жатқанын көрді.
Ескерте кететін жәйт, сол жылы жерге нәр сіңіруге бұлттар сараңдық жасаған еді, осы жағдайға орай айнала-маңайдағы барлық елді мекенде құдіреті күшті құдай қайырымдылық қақпасын айқара ашып, жерге жаңбыр жіберуі үшін шерулер ұйымдастырылып, дұға оқу, күнәларына кешірім өтіну рәсімдері жасалып жатқан болатын; осы мақсатпен таяу маңдағы селоның тұрғындары жота басында орналасқан, өздері айрықша қадірлейтін бір зияратханаға қарай бағыт алған-ды. Олардың елден ерек киімдеріне зейіні ауып кеткендіктен, зікір салушыларды бұрын да талай көргені Дон Кихоттың тарс есінен шықты, — керісінше, оған бұл арада әлденендей бір шытырман оқиға болатындай, кезбе рыцарь ретінде осы оқиғаның бел ортасында жүруі керектей көрініп кетті; әлгі адамдар әкеле жатқан, азалы жамылғымен бүркелген мүсінді ұждансыздар мен жауыз қарақшылар алып қашқан әлдебір атақты сеньора екен деп ойлап қалуы да осы сенімін нығайта түсті; осындай байламға келген ол таяқ тастам жерде жайылып жүрген Росинанттың жанына жүгіре басып жетті де, ердің қасынан жүгені мен қалқанын босатып алып, қас пен көздің арасында атының ауыздығын салып, Санчодан семсерін алып беруін сұрады, сосын Росинантқа қарғып мініп, сол арада тұрғандарға қарап, қатты дауыстап былай деді:
— Ал, жарандар, жер бетінде кезбе рыцарь орденіне жататын кавальероның болғаны қандай ғанибет екеніне қазір-ақ көздеріңіз жететін болады. Қайталап айтам, тұтқынға әкетіліп бара жатқан ана қадірменді сеньораның осы қазір қалай азат етілгенінің куәсі болғаннан кейін, кезбе рыцарьлар құрметке лайық па, жоқ па, оны өздеріңіз-ақ түсінесіздер.
Осыны айтқан ол, Росинанттың бүйірінен шпоры болмағандықтан, өкшесімен тебініп қалды да, атының бар шабысымен, — бірақ желісімен емес, өйткені, осынау бір өтірігі жоқ хикаяның ұзына бойында Росинант желіп еді деп бір де бір мәрте айтылмайды, — зікіршілерге қарай құйғыта жөнелді, священник, каноник пен шаштараздың оны ұстап қалуға тырысып баққандарынан, әрине, ештеңе өнген жоқ, — оған тіпті Санчоның жалынып-жалбарынған айқайы да әсер етпеді:
— Қайда тарттыңыз, сеньор Дон Кихот? Сізді иектеп алған және католиктік сенімімізге қарсы шығуға түртпектеп тұрған қай шайтан? Өтірік болса атым өшсін, мұның зікіршілер шеруі екенін, ал орынтақта алып келе жатқан сеньора — балиғаты бұзылмаған пәк бикенің қасиетті бейнесі екенін қалай ғана түсінбейсіз? Не істегелі тұрғаныңызды ойласаңызшы, сеньор, — бұ жолы тіпті не істемегіңізді өзіңіз де білмейтініңіз кәміл.
Санчо босқа әуре болды, — мырзасының ақ шапандыларға тезірек жетіп, қара жамылған сеньораны құтқарып алу жөніндегі ойға басы бүтін берілгені сонша, оның бір сөзін де естімеді, ал тіпті естіген күнде де бәрібір, өзіне король жарлық берсе де кері бұрылмас еді. Ақыры ол шеруге жақындап, Росинанттың тізгінін тартты, — бұл бейшара соған демалады екем деп үміттеніп қалды, — сосын қатты толқудан тарғылданып шыққан даусымен:
— Сендер, сірә, ар-ұяттарың таза болмағандықтан, беттерін бүркеп алғандар! Қазір өздеріңе айтатын сөзімді мұқият тыңдап алыңдар! — деді.
Мүсінді көтеріп келе жатқандар алдымен тоқтады, ал әндетіп дұға оқып келе жатқан төрт псаломшының бірі Дон Кихоттың ерепейсіз түр-сықпытына, Росинанттың көтеремдігіне, Дон Кихоттың өзі байқап қалған басқа да езу тарттырар ерекшеліктеріне назар аударып, оған былай деді:
— Сеньорым және бауырым! Егер бізге бірдеңе айтпақ болсаңыз тезірек айта қойыңыз — мына ағайындар денелерін қызыл-жоса қан ғып тастады, сондықтан бір-екі ауыз сөзбен айтатын өте қысқа бірдеңе болмаса, әңгіме тыңдап тұрарлық мұрғамыз жоқ және оның бізге қажеті де жоқ.
— Мен мұны сіздерге бір-ақ сөзбен айта алам, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — әңгіме былай: мына сүйкімді сеньораны осы қазір қолма-қол босатыңдар, көзіндегі мөлтілдеген жас пен көңілсіз кейпі сендердің оны күшпен алып бара жатқандарыңды, оған әлденендей бір қатты жәбір-жапа көрсеткендеріңді байқатып тұр, ал өзім бұл дүниеге осындай зұлымдықтардың тамырына балта шабу үшін келген жан болуым себепті, оған ара түсіп, өзі арман еткен және өзіне тиесілі еркіндігін алып бермейінше сендерге адым да аттатпаймын.
Бұл сөзді естіп тұрғандар оның жарымес екенін түсіне қойып, ду күлісті, олардың күлкісі Дон Кихоттың ашуын қоздырып жіберді, — бір ауыз сөзге келместен семсерін суырып алды да, зембілге қарай ұмтылды. Мүсінді әкеле жатқандардың бірі жолдасымен орын ауыстырды, сосын әлдебіреуі демалғысы келгенде зембілді тіреп қоюға арналған айыр ма әлде сырық па, бірдеңені жоғары көтеріп алған күйі Дон Кихоттың алдынан қарсы шықты, Дон Кихот семсерінің сұрапыл соққысы да, міне, дәл осы сырыққа кеп тиіп, оны ортасынан қақ бөліп жіберді, алайда зембілші сырықтың қолында қалған молтағымен Дон Кихотты семсер ұстап тұрған, қалқаны қатты қайырым қарекеттен қорғап қала алмайтын қолынан оңдырмай қонжитқаны сонша, бейшара Дон Кихот дым қарсылық білдірер дәрмені болмай атынан жерге жалп ете түсті. Оның соңынан жанұшыра жүгіріп келе жатқан Санчо Панса мырзасының құлап түскенін көріп, дұшпанына оны енді ұрмауын сұрап айқайлады, — ол жадыланған рыцарь, өмірінде ешкімге ешқандай зиян жасамаған адам, деді. Алайда зікіршіні Санчоның айқайы емес, Дон Кихоттың тіршілік белгісін білдірмей тырайып жатқаны тоқтатты; осыны көріп, Дон Кихотты өлдіге санаған ол шапанының етегін қайырып алды да, алды-артына қарамай зыта жөнелді.
Сол аралықта Дон Кихоттың басқа серіктері де келіп жетті, бұлардың тура тартып өздеріне төніп келе жатқанын, араларында арбалет асынған жасауылдар да барын көріп, жағдайларының қиындай түскенін аңғарған шерушілер мүсіннің маңайына шоғырланды; сөйтіп, күләпараларын киіп, қолдарына шыбыртқыларын, ал псаломшылар шамдалдарын алып дұшпанның тықсыруына тойтарыс бермекке, ал сәті түсіп жатса, тіпті қарсы шабуылға шықпаққа оңтайланды, бірақ тағдыр істің жайын олар жобалағаннан тәуірірек етіп орайластырды, өйткені мырзамнан айрылып қалған екем деп ойлаған Санчо оның денесін құшақтай жығылып, мейлінше аянышты әрі мейлінше күлкілі түрде оны жоқтап зар илей бастаған-ды. Біздің священникті шерумен бірге келе жатқан басқа священник таныды, бұл жағдай зәре-құтын жоғалта бастаған екі жақты да бірдей тыныштандырды. Біздің священник Дон Кихоттың кім екенін анаған екі-үш ауыз сөзбен түсіндіріп берді, сөйтіп ол бейшара рыцарьдың өлі әлде тірі екенін көрмекке соған қарай қозғалған кезде зікіршілер де оның соңынан топырлай еріп, Санчо Пансаның көзінен жас төгіп, былай деп жоқтау айтып жатқанын естіді:
— Беу, рыцарьлардың тарланы-ай, сойылдың бір ғана соққысының өзі-ақ жалаулы өміріңнің жібін үзіп кете барды-ау! Беу, әулет-тұқымының ар-намысы, күллі Ламанча мен күллі әлемнің мақтанышы мен мерейі, сенің өліміңнен кейін жер-жаһанды азғындар жайлайды-ау, өйткені ендігі жерде оларды зұлымдығы үшін жазалайтын да жан болмайды ғой! Беу, дүниедегі Александрлар атаулының бәрін қоса есептегендегіден де мәрт шүленгірім-ай, өйткені өзіңе қызмет еткен бар-жоғы сегіз айымның ішінде ғана сен маған жан-жағын түгел теңіз шайып, қоршап жатқан ең жақсы аралды сыйға тартып едің-ау! Беу, менмендердің алдында момын, момындардың алдында тәкаппар, — жоға, олай емес, керісінше демек едім! — қауіп-қатерден қаймықпайтын, жоқшылыққа қамықпайтын, ешкімге ғашық болмаған, ізгі ниеттілерге еліктеуші, қара ниеттілердің қас жауы, залымдардың дұшпаны, — бір сөзбен айтқанда, кезбе рыцарь, өйткені, осының өзі-ақ бәрін түсіндіріп береді!
Санчоның зар қағып жылаған дауысы Дон Кихотқа жан бітірді, сөйтіп оның алғаш айтқан сөзі мынадай болды:
— Өзіңізден қол үзіп жырақ кеткен жандар, беу, балдай тәтті Дульсинея, бұдан да жаман тақсірет тартады. Жадыланған арбаға мінуіме жәрдем етші, достым Санчо, иығымның сүйектері уатылып кетуі себепті Росинанттың ерінде отыра алатын шамам жоқ.
— Қуана-қуана көмектесем, мархабатты мырзам, — деді Санчо, — сөйтеміз де өзіңізге тек жақсылықтан басқа ештеңе ойламайтын мына сеньорлармен бірге тура тартып селомызға барамыз, одаң соң өзімізге көбірек пайда түсетіндей және даңқымыз көбірек шығатындай жаңа бір жорыққа қам жасаймыз.
— Мұның өте орынды әңгіме, Санчо, ғаламшарлардың қазіргі зиянды
ықпалының күші азайғанша күте тұрсақ, керемет көрегендік жасаған болар едік, — деді Дон Кихот.
Каноник, священник пен шаштараз бұдан артықтың өздеріне керегі де жоғын мәлім етіп, Санчо Пансаның қарапайымдығына қайран болған күйлері Дон Кихотты өзі осы араға шейін отырып келген арбасына қайта мінгізді; шеруге қатысушылар қайтадан қатар түзеп жолға шықты. Бақташы бәрімен қоштасып қала барды, жасауылдар әрмен қарай жүруден бас тартқан соң, священник олардың тиісті ақысын төледі, каноник священниктен Дон Кихоттың кейінгі тағдыры қалай болғанын: ақылға келгенін немесе есерсоқтығын одан әрі жалғастырғанын хабарлауын сұрады, соны айтып өз жолымен кетті. Қысқасы, әркім әр жаққа бағыт ұстап, жөндерін тапты, тек священник пен шаштараз, Дон Кихот, Панса мен қандай кепті бастан кешсе де, қожайыны секілді қыңқ етпей көтеріп жүрген Росинант қана қалды.
Арбакеш өгіздерді жегіп, Дон Кихотты бір құшақ шөптің үстіне отырғызды да, священник өзіне нұсқаған жолға түсіп, былқ етпес байсалды қалпынан танбаған күйі ақырын аяңмен тартып берді, сөйтіп арада алты күн өткенде олар Дон Кихоттың селосына келіп кірді. Бұл талма түстің кезі еді, күн жексенбі болатын, сондықтан Дон Кихоттың арбасы өткен алаңда халық қаптап жүрген. Жұрттың бәрі кім келе жатқанын білмекке жапатармағай жүгірісті, ал өздерінің жерлестерін көргенде, таңғалмаған жан қалмады, сол екі арада балалардың біреуі оның жиені мен күтуші әйелге бірінің нағашы ағасы, екіншісінің қожайыны боп табылатын Дон Кихотты өгіз арбамен әкеле жатқандарын, өңі қуқыл тартып, әбден жүдеп кеткенін, астында тіптен бір құшақ шөптен басқа төсеніш те жоғын хабарлады. Дауыс сала еңірей жылап, маңдайларын төмпештеп және ант атқан рыцарьлық романдарға жаңадан қарғыс жаудырып жатқан осынау мейірбан әйелдерге аяушылық білдірмей қалу мүмкін емес еді, ал Дон Кихот есіктен бой көрсеткен кезде мұның бәрі жаңа қарқынмен қайталанды.
Дон Кихот қайтып оралды дегенді естіген Санчо Пансаның әйелі де жүгіре басып жетті, күйеуінің оған атқосшы ретінде еріп кеткенін жақсы білетін ол Санчоны көрген бойда ең әуелі есегінің амандығын сұрады. Санчо оған есегі иесінен де гөрі бақуатты екенін айтты.
— Жасаған ием, бұл жақсылығың үшін мың алғыс өзіңе, — деді әйелі. — Ал, енді айта ғой, құрбым, атқосшылығыңда ақшаны қырып таптың ба? Маған жаңа киім алдың ба? Балларға башмақ ше?
— Ондай еш нәрсе әкелгем жоқ, бәйбіше, есесіне одан гөрі маңыздырақ та мәндірек бір нәрсе әкелдім, — деп жауап қатты Санчо,
— Оныңа өте қуаныштымын, — деді әйелі, — қане, көрсете ғой, құрбым, әлгі маңыздырақ та мәндірек нәрсеңді, сондай көргім келіп тұр, сонда жаным кішкене жай табар, әйтпесе соншама ұзақ қаңғып жүрген кезіңде өзіңді күте-күте әбден торығып, титықтап біттім.
— Үйге барған соң көрсетем, бәйбіше, — деп мәлім етті Панса, — ал әзірше қанағат тұтар нәрсең мынау: құдай қош көріп, шытырман оқиға іздеуге қайта шығар болсақ, онда көр де тұр, көп ұзамай-ақ мен граф атанам немесе аралдың, арал болғанда, әншейін қу медиен бірдеңенің емес, ең жақсы аралдың губернаторы болам.
— Айтқаның келсін, шалым, оның да бізге пайдасы тимесе зияны тие қоймас. Айтпақшы, арал деген не нәрсе өзі, соны айтшы маған, онша ұға алмай тұрмын.
— Есекті балмен жемдемейді, — деп шорт кесті Санчо, — кезі келгенде білерсің оның не екенін, вассалдарың өзіңді мәртебелім деп әспеттеп тұрған кезде аузыңды ашып қаларсың әлі.
— Ау, не шатып тұрсың, Санчо? Қайдағы мәртебе, арал мен вассалды айтып тұрсың? — деп дауыстап жіберді Хуана Панса (Санчоның әйелін осылай атайтын, күйеуімен қандас туыстығы болмаса да, әйелдері күйеулерінің әулет есімін алуы Ламанчада дәстүрге айналған нәрсе).
— Алып ұшпа, Хуана, аптықпа, саған осы шындықты айтқанымның өзі жетіп жатыр, әзірше жан баласына тісіңнен шығарушы болма. Ал, жалпы, біліп қойғаның артық етпейді, әлденендей бір кезбе рыцарьдың, шытырман оқиға іздеушінің атқосшысы болғаннан артық рақат ештеңе жоқ екен. Рас, көбіне-көп көңілің ұнататындай шытырман оқиға ұшыраса бермейді: жүз реттің тоқсан тоғызында бәрі керісінше боп шығады. Мұны өз басымнан өткердім, себебі кей кездерде мені көрпеге салып қақпақыл қылды, кей кездерде жұдырық жегізді. Бірақ, солай бола тұрса да, шытырман оқиға кезігер деген дәмемен тау-тасты кезіп тентіреу, орманда адасып жүру, жартасқа өрмелеу, қамал-сарайларға бару, көңілің қалаған бекетке тоқтау және жамбас ақыға соқыр тиын да төлемеу деген қандай ғанибет десеңші!
Санчо Панса мен жұбайы Хуана Панса екеуі осы рәуіште әңгіме-дүкен құрып тұрды, ал бұл кезде Дон Кихоттың күтушісі мен жиені оған күтім жасап, шешіндіріп, ескі кереуетіне әкеп жатқызған еді. Анау бұларға мәнсіз де мағынасыз жанармен көз тігіп, өзінің қайда тап болғанын біле алмай дағдарды. Жиеніне мұны осында жеткізудің қаншалықты қиындыққа түскенін баяндап берген священник, ағасын жақсылап бағып-қағуы керегін, екеуінің де мейлінше қырағы болғаны жөн екенін, әйтпесе тағы да қашып кетуі мүмкін екенін айтты. Осы жерде ана екеуі қайтадан айқайға басып, рыцарьлық романдарға қайтадан қарғыс жаудыра бастады, осындай қисынсыз сандырақтарды жазып шығарғандардың жанын жаһаннамға жіберуін сұрап жаратқанға қайтадан жалбарына бастады. Қысқасы, священниктің сөзінен олардың көңілі алай-түлей болып, бойын үрей билеп алған-ды, өйткені беті сәл-пәл бері қараған бойда-ақ ағасы мен қожайыны қайтадан тайып тұрады-ау деп қауіп ойлаған, сол қауіптері ақыры бекер болмай шықты.
Алайда бұл хикаяның авторы, үшінші сапары кезінде Дон Кихоттың нақтылы қандай қарекет жасағанын білмекке аса бір әуесқойлықпен және мейлінше мол ынта-жігермен кіріскенімен, әсіресе, шыншылдығы шүбәсіз шежірелерге көбірек үңілгенімен, бұл тұрғыда ешқандай дерек кезіктіре алмады; тек Ламанчаның ауыздан-ауызға тараған аңыздарында ғана үйінен үшінші мәрте аттанған сапарында Дон Кихоттың Сарагосада болғаны, осы қалада өткізілген атақты турнирлерге қатысқаны, ол жерде асқан ер жүректігі мен ақыл-парасатына лайық оқиғаларды бастан кешкені жайында естелік сақталыпты. Оның өлімі мен қазасы турасында да бірдеңе білудің орайы келмеді, егер сәті түскен кездейсоқтық қорғасын қобдишасы бар бір егде жастағы емшіге жолықтырмағанда, — өзінің айтуынша, бұл қобдиша қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатқан ежелгі зияратхана қиратындысы арасынан табылыпты, — автордың шынымен-ақ ештеңеден бейхабар күйде қалары анық еді; міне, тап осы қобдишадағы пергаменттерде готикалық қаріппен испан тілінде жазылған Дон Кихоттың көптеген ерлігі жайында, Дульсинея Тобосскаяның сұлулығы жайында, Росинанттың түр-сияғы турасында, Санчо Пансаның адалдығы хақында және Дон Кихотты жерлеу жөнінде мәліметтер келтірілетін өлеңдер, сондай-ақ бірнеше эпитафия және оның мінез-құлқы мен дағдыларына арналған мақтау өлеңдер бар боп шықты. Осынау әрі жаңа, әрі бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген хикаяның айрықша шыншыл авторы солардың ішіндегі ажыратып оқуға мүмкін болғандарының бәрін осы арада келтіріп отыр. Сонымен бірге, аталмыш хикаяны жарық дүниеге келтіру мақсатында Ламанча мұрағаттарындағы іздестіру мен ақтарыстыруға кеткен орасан зор еңбегі үшін автор өз оқырмандарынан қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие болып тұрған рыцарьлық романдарға парасат-пайымы мол адамдар қандай сенім білдірсе, олардың да бұл дүниеге сондай сенім білдіргенінен артық алғыс күтпейді: бұл оның еңбегіне берілген лайықты баға боп табылады және оның бойында қанағат сезімін туғызады, сондай-ақ оны осынша шыншыл болмаса да, әйтеуір, одан бір қалыспайтын басқа да қызықты әрі тартымды дүниелерді іздеп табуға құлшындырады.
Қорғасын қобдишадан табылған пергаменттегі алғашқы сөздер мынадай:
Ламанчадағы шағын елді мекеннен, Аргамасильядан шыққан академиктер айбынды Ламанчалық Дон Кихоттың өмірі мен өліміне арнап
HOC SCRІPSERUNT44
АРГАМАСИЛЬЯ АКАДЕМИГІ ҚАРАСҰРЫҚТЫҢ ДОН КИХОТТЫҢ МОЛАСЫНА АРНАУЫ
ЭПИТАФИЯ
Язон секілді Грекияның атын шығарған,
Ламанча өңірінің даңқын асырған кезбе;
Көңілі флюгер секілді құбылғыш лезде,
Әккі де тақыс атышулы бұл нәгүман:
Әлемдегі өлеңші біткеннен бағы асқан,
Шебер де сұңғыла жыршы шығар, бәлкім;
Өжеттігі мен батырлығын білетін әркім,
Қатайға дейін мәлім жауынгер-алдаспан;
Жолда тастап күллі Амадистерді,
Алыптарды ергежейлідей сезген;
Ханымына мәңгі адал боп қалған;
Қызғанышқа батырып Бельянистерді,
Росинантқа мініп дүниені кезген —
Осы тақта астында жатқан тарлан.
АРГАМАСИЛЬЯ АКАДЕМИГІ ТАССАРАҢНЫҢ
ІN LAUDEM DULCІNEAE GE TOBOSO45
СОНЕТ
Орауыз, пұшық мұрын, дүрдік ерін,
Еңгезердей көрсең сен әйелдің сойын,
Дульсинея бұл Тобосолық, біліп қойғын,
Есі кете сүйді оны Дон Кихот ерің.
Соны армандап ұйқтамады дебдіреп,
Монтьель беткейлерінің қауын,
Сьерра Неграның жартасты тауын,
Әрлі-берлі жаяу кезіп, тентіреп.
Росинанттың жазығы не, жасаған?
Дер шағында жүрген кезде, жер шолып,
Шейіт қылдың неге екеуін зорлықтан?
Дульсинея ажарын тастады көр тасалап,
Күллі әлемге мәшһүр анау мерт болды,
Жалған сөз, іштарлық пен құштарлықтан.
АРГАМАСИЛЬЯНЫҢ ЕҢ СҰҢҒЫЛА АКАДЕМИГІ ДЕЛҚҰЛЫНЫҢ ЛАМАНЧАЛЫҚ ДОН КИХОТТЫҢ СӘЙГҮЛІГІ РОСИНАНТҚА АРНАҒАН МАДАҚ СӨЗІ
СОНЕТ
Алмас таққа, Марс отырған сүйіп,
Қызыл-күрең тартқан, боялып қанға,
Ламанчалық қонды да, жер-жаһанға
Жеңіс жалауын желбіретті биік.
Сауыт-сайманы сонша үрейлі, тосын,
Семсері сонша өткір, сайысқа дайын,
Бұл жаңа батырды, жаңаша лайым
Жаңа муза енді жырға қоссын.
Амадистің ерлігі ана бір заманда,
Британияның атын әуелетті көкке.
Ұлдары ұлғайтты гректер дәрпін.
Енді қазір Кихот Беллона храмында,
Сөйтіп, таңғалдырды Ламанча, өктем
Грек елдері мен Британия халқын.
Өлмейді оның ерлігі. Өйткені, мақталған
Брильядор, Баярд секілді аттардан,
Росинанттың өзі-ақ асырды даңқын.
АРГАМАСИЛЬЯНЫҢ АКАДЕМИГІ ҚЫЛЖАҚБАСТЫҢ САНЧО ПАНСАҒА АРНАУЫ
СОНЕТ
Мынау Санчо Панса. Болса да жатаған,
Тұлғасы биік даңқымен. Дүние ондай
Атқосшыны әлі көрген жоқ дырдай.
Кепілдік тіпті бере алам мен соған.
Арманы бар еді оның граф атанбақ,
Жете алмады, әттең, таңғаларлық не бар:
Қарсы болды тағдыр. Сол бір мұндар
Есегін де тірідей қояр еді жалмап.
Мініп ап момақан хайуанға ептеп,
Момақан Росинанттың соңынан, тағы
Момақан сарбаз кетті бүлкектеп.
Беу, тәтті арман, тұрақсыз ең неткен!
Қанды сәл уақыт қыздырасың-дағы,
Жоғаласың қайта, ұстатпай үркектеп.
АРГАМАСИЛЬЯНЫҢ АКАДЕМИГІ ҰРТМІНЕЗДІҢ ДОН КИХОТТЫҢ МОЛАСЫНА АРНАУЫ
ЭПИТАФИЯ
Дон Кихот жатыр бұл жерде,
Росинант еді — арғымағы,
Шытырман оқиға еді арманы,
Тоймады жұдырық жегенге.
Жанында оның жолдасы —
Санчо Панса, жырақ кетпейтін
Атқосшы еді баға жетпейтін,
Ақиретте құдай қолдасын!
АРГАМАСИЛЬЯНЫҢ АКАДЕМИГІ ЖЫЛМАҚАЙДЫҢ ДУЛЬСИНЕЯ ТОБОССКАЯНЫҢ МОЛАСЫНА АРНАУЫ
ЭПИТАФИЯ
Молада мына, беу жалған,
Дульсинея мәңгі тыныш тапты.
Болса да сұмдық қайратты,
Құтыла алмады ажалдан.
Көңілі оған көптің толған-ды,
Ақсүйек емес-ті, жалшы да.
Бірақ, Дон Кихот бұл малшыға,
Өлердей ғашық болған-ды.
Міне, өзіміз ажыратып оқи алған өлеңдердің бар-жоғы осы ғана; қалғанының әріптерін құрт жеп бүлдіріп қойыпты, соның салдарынан жобалап болса да оқып шығуы үшін бұларды бір академикке беруге тура келді. Құлағымыз шалған хабарларға қарағанда, тер төге тапжылмай еңбек етуінің арқасында ол өз міндетін орындапты, сөйтіп Дон Кихот үшінші мәрте сапарға шығар деген үмітпен, оны жарияламаққа ниеттеніп отырған көрінеді.
Forse altrі cantera con mіglіor plettro46.
Бірінші бөлімнің соңы.
ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР
Айлакер идальго
Ламанчалық Дон Кихот
Бірінші бөлім
Г е р ц о г Б е х а р с к и й г е а р н а у
Герцог Бехарский — сол замандағы аса бай испан ақсүйектерінің бірі, “Дон Кихотта” өзіне арнау сөз жазылуына ұзақ уақыт бойы келісім бермей табандап отырып алған тәкаппар, топас әрі надан шонжар.
П р о л о г
... абақтыда бұдан өзге адамның сиқын... — автордың 1597 және 1602 жж. Севильядағы түрмеге екі рет отырып шыққанын еске салатын емеурін.
...елеусіз-ескерусіз өткізген осынша жылдан кейін... — “Дон Кихоттың” бірінші бөлімі жарыққа шыққанға дейін Сервантес тек “Галатея” (1585) романын ғана жариялаған болатын.
Әулие Фома — Фома Аквинский (1225 - 1274), табиғат пен қоғам тануға қатысты барлық мәселені қарастырған “Діни ілімдер жиынтығы” трактатының авторы.
Ксенофонт — грек тарихшысы (жыл санауымызға дейінгі (ж.с.д.) 430 - 354 жж. аралығы).
Зоил — грек риторы және грамматигі (ж.с.д. ІІІ ғ. ортасында Александрияда ғұмыр кешкен). Есімі тырнақ астынан кір іздейтін қатал сыншының синониміне айналған.
Зевскид — ж.с.д. Ү ғ. екінші жартысындағы грек суретшісі.
Иоанн Индийский — шығыстағы христиандық патшалықтың аты аңызға айналған басшысы. “Пресвитер Иоанның” патшалығын европалық жылнамашылар біресе Орта Азияға, біресе Эфиопияға, біресе Үндістан мен Қытайға орналастырумен болды.
Император Трапезундский — Т р а п е з у н д — Қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы қала, 1204 ж. крест ұстаушылар Константинопольды басып алғаннан кейін Алексей Комнин сонда Трапезунд патшалығының негізін қалады. Бұл патшалық 1461 ж. дейін тұрды.
Грамматик — филолог, сондай-ақ әдеби сыншы және негізінен латын мен грек мәтіндеріне түсініктеме беруші.
Мұхит-Теңіз, немесе Мұхиттық теңіз — сол тұста Атлант мұхиты осылай аталған болатын.
Как (м и ф.) — Геркулестің күзетіне берілген сиырларды ұрлаған дәу, сол ісі үшін Геркулес оны қанды айқаста жер жастандырған. Айлалы да епсекті баукеспенің синонимі.
Епископ Мондоньедский — испан жазушысы Антоньо де Гевара (1480 - 1545), Гауди (1528) және Мондоньед (1545) епископы, жұртшылыққа кеңінен танымал болған “Марк Аврелийдің алтын кітабының” авторы.
Медея (м и ф.) — Колхида патшасының қызы, Язонға алтын жабағыны қолға түсіруге көмектесіп, сонымен бірге Грекияға қашып кеткен. Кейіннен Язон Коринф патшасы Креустің қызына үйленуді ұйғарғанда Медея өзінің күндесін де, Язоннан туған балаларын да өлтірген. Ол жайындағы әңгіме Овидий “Метаморфозаларының” жетінші кітабына енгізілген.
Калипсо (м и ф.) — Атланттың қызы, Огигий аралының нимфасы, Одиссейді жеті жыл қонақ қып күткен.
Цирцея (м и ф.) — Одиссей серіктерінің бір бөлегін шошқаға айналдырып жіберген, бірақ артынан оның өтініші бойынша қайтадан адам кейпіне оралтқан сиқыршы әйел. Ол жайында Вергилийдің “Энеида” атты шығармасында айтылады.
Юлий Цезарьдің “Жазбалары”... — Юлий Цезарьдің (ж.с.д. 100 - 44 жылдар) “Галл соғысы жөніндегі жазбалары”. Мұнда ол Галлиядағы өз әрекетін: галлдарға шабуыл жасап, оларды Римге бағындыру шараларын ақтап алуды мақсат тұтады.
Плутарх — грек жазушысы (жыл санауымыздың (ж.с.) 46 - 126 жылдары). Оның “Салыстырмалы ғұмырбаяндар” атты еңбегі ерекше назар аудартады, мұнда көрнекті грек және Рим мемлекет қайраткерлеріне салыстырма жасалады.
Лев Иудей — итальян тілінде диалог түріндегі “Махаббат жайындағы сұхбат” атты трактат жазған Иуда Абрабанельдің (1460? - 1521 ж. кейін) бүркеншік есімі.
Фонсеканың трактаты — Августиндік монах Кристоваль де Фонсеканың (1550? - 1621) “Жаратқанға деген махаббат жайында” аталатын трактаты 1592 ж. жарыққа шықты.
Монтьель өңірі — Ламанчадағы жер атауы.
Урганда — сиқыршы әйел, “Амадис Галльский” романының басты кейіпкері Амадистің қолдаушысы. Бет әлпетін жиі өзгертіп отыратындықтан оған “Ұстатпайтын” деген лақап ат берілген.
Қаһарлы Роланд, немесе Орландо — итальян жазушысы Лодовико Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастанының басты кейіпкері; рыцарьлар бастан кешкен ертегіге ұқсас оқиғаларды Ариосто әзіл-әжуа түрінде баяндайды.
Ганнибал — Екінші Пуни соғысы кезінде Карфаген армиясын басқарған даңқты қолбасшы (ж.с.д. 247 - 183 жж. аралығы).
Альваро де Луна — Кастиль королі ІІ-ші Хуанның нөкері, 1453 ж. өлім жазасына кесілген.
Король Франциск — Павиядағы (1525) шайқас кезінде испандар тұтқынға алған және Испанияда бір жыл қамауда отырған француз королі.
Хуан Латино — испан шонжарының үйінде тәрбиеленген негр. Ол шонжар иелігіндегі мекендерді басқарушының қызына сабақ береді, қыз оны ұнатып қалған соң, шіркеу олардың некеге тұруына рұқсат етеді. Гранада университетінде Латиноға грамматика кафедрасы тапсырылады.
Жұпыны Жартас биігін... — “Амадис Галльский” романында Амадистің бір аралды басып алып, оны заңды иесі Бриоланаға қайтарғаны әңгімеленеді. Нақсүйері Ориана қызғаныштан күйіп-жанып оған Бриоланамен кездесуге тыйым салады. Қатты дағдарған Амадис рыцарьлық ерлік істерден бас тартуға бекініп, Жұпыны Жартас биігіндегі мекен-жайға барып жатып алады. Сол Амадиске еліктемек болған Дон Кихот та сондай кептерді бастан кешпекке тәуекел етеді. Бұл жайында “Дон Кихоттың” бірінші бөліміндегі ХХҮ және ХХҮІ тарауларда баяндалады.
Дон Бельянис Греческий — рыцарьлық романның кейіпкері.
Мирафлорес — Амадис Галльскийдің ғашығы Ориана тұрған қамал-сарай.
Вильядего бейбақ — испан мәтелінің персонажы (“Табан жалтыратқыш Вильядего”).
“Селестина” — испан әдебиетінің ХҮ ғ. аяғында жарық көрген айтулы туындысы, оған еліктеушілер өте көп болған. Оның авторлығы Фернандо де Рохасқа таңылады.
Бабьека — испан реконкистасының аса ірі қайраткері Сидтің сүйікті сәйгүлігі.
Ласарильо — “Тормес жағалауынан шыққан Ласарильоның ғұмыр жолы” аталатын алаяқтар жайындағы хикаяттың бір эпизодын еске салмақ ишара.
Анжелика — Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастанындағы әйел кейіпкер.
Кларидьяна — “Рыцарь Феб” рыцарьлық романындағы әйел кейіпкер, Трапезунд императоры мен амазон әйелдер патшайымының қызы.
Солисдан — “Амадис Галльский” персонаждары арасындағы бір рыцарьдың атқосшысы Лассиндоның анаграммасы.
I т а р а у
Ламанча аймағындағы... әлдебір селода... — испан халық романсының бір тармағы.
Олья — яғни “олья подрида” — испандардың ұлттық тағамы.
Кихада, Кесада. — К и х а д а — жақ сүйек; к е с а д а — сүтсірне қосылған пирог.
Фелисьяно де Сильва — көптеген рыцарьлық романның авторы.
Кавальеро — дворян тұқымынан тарағандардың жалпы атауы; сөздің тар мағынасында — орташа дәулетті дворяндардың өкілі.
Сигуэнса — Гуадалахара провинциясындағы шағын қалашық, онда екінші дәрежелі университет болған.
Пальмерин Английский — “Әлеуетті рыцарь Пальмерин Английский” рыцарьлық романының кейіпкері.
Амадис Галльский, дәлірегі Амадис Уэлльский (Амадистің отаны — Gaula — Уэлльс, Валлис). — “Перион Галльский мен королева Элисенаның ұлы батыл да айбынды рыцарь Амадистің” (төрт бөлімді) негізгі нұсқасы испан тілінде жазылған. Бізге мәлім алғашқы басылымы Сарагосада 1508 жылы жарық көрген.
Маэсе — шебер.
Сид Руй Диас — (1043 - 1099) — испанның ұлттық батыры, оның ерлік істері “Сид жайындағы жыр” мен көптеген халық әндерінде (романстарында) дәріптеледі.
Отты Семсер Рыцары — осы аттас роман кейіпкері Амадис Греческийдің лақап аты.
Бернардо дель Карпьо — испанның аты аңызға айналған батыры. Ронсеваль шатқалындағы шайқаста Бернардо дель Карпьо Сарагосадан өзімен бірге маврларды ертіп келеді, сөйтіп Ұлы Карл армиясының жеңілуіне септік жасайды.
Роланд — “Роланд туралы жыр” мен ортағасырлық көптеген аңыз-әңгіменің басты кейіпкері, Ариосто, Боярдо және т.б. дастандарындағы негізгі персонаж.
Моргант — Пульчидің “Моргант-дәу” дастанының кейіпкері, аса мейірімсіз мәжуси-дәу. Оны Роланд христиан дініне енгізеді, одан соң Моргант мүлдем өзгеріп кетеді, кеңпейіл, сыпайы, кішіпейіл адамға айналады.
Ринальд Монтальванский — Франциядағы он екі пэрдің бірі, Торквато Тассоның “Азат Иерусалим”, Боярдоның “Ғашық болған Роланд”, Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастандарының персонажы.
Ганелон — “Роланд туралы жыр” персонаждарының бірі, Роландтың дұшпаны, одан кек қайтару үшін өз короліне сатқындық жасайды.
Гонелла — Феррара герцогтарының (ХҮ ғ.) бірінің сайқымазағы; оның шамадан тыс жадау аты болған, оны жұрт мазақтап, күлкі қылған.
Буцефал — аңыздың айтуынша, Александр Македонскийдің сүйікті сәйгүлігі.
Росинант — екі сөзден құралған атау: “росин” — мәстек, “анте” — бұрын және алда; яғни, бұрынырақта мәстек болған ат, сондай-ақ бәрінің алдында келе жатқан мәстек.
Кихоте — белдемше, рыцарьлық жарақтың бір бөлігі.
Сеньора — с е н ь о р, с е н ь о р а — ақсүйектер қауымына жататындар мен сыйлы адамдарға айтылатын сыпайы түрдегі қаратпа сөз.
Дульсинея — “dulce” (тәтті, нәзік) сөзінен туындаған есім.
Тобосо — Ламанчадағы қала, Толедодан оңтүстік-шығысқа қарай жүз шақырымдай жерде орналасқан.
ІІ т а р а у
Аврора (м и ф.) — таңғы шапақ құдайы.
Лаписе шатқалы — Ламанчадағы Эренья селосынан екі мильдей жердегі қалың ағашты шатқал.
Кастелян — қамал-сарайдың, қорғанның коменданты.
...киімім — сауыт-сайманым, қанды шайқас — тынысым... — испан халық романсының сөздері.
Сан Лукар — Сан Лукар Баррамедский — Севильядағы Гуадалаквивир атырауында орналасқан теңіз порты.
...төсегіңіз — қатты тас, таң атқанша көз ілмеу — ұйқыңыз... — сол романстың сәл-пәл өзгертіліп алынған жолдары.
Ланцелот — “Дөңгелек Үстелдің” атақты рыцары, король Артурдың зайыбы Джиневраға ғашық болып, соның құрметіне көптеген ерлік жасайды. Кітапта Ланцелот жайындағы көне романстың жолдары келтірілген.
Реал — испанның көне күміс немесе мыс теңгесі. Бір күміс реал екі мыс реалға тең болған.
ІІІ т а р а у
Малага іргесіндегі Перчелес — П е р ч е л е с — Малага қаласы маңайындағы елді мекен.
Риаран аралдары — Малаганың маңайы. Жеке-жеке топтанып орналасқан үйлер “арал” деп аталған.
Севильядағы Компас, Сеговиядағы Асогехо, Валенсиядағы Оливера, Гранададағы Рондилья — ұры-қары, шулер және басқа да оңай олжаға әуес алаяқтар көптеп жиналатындығымен жаман аты шыққан қала шетіндегі аудандар.
Кордовадағы Потро — Кордованың оңтүстік бөлігіне тақау маңдағы, қылмыскерлер жайлаған елді мекен.
Донья — Д о н, д о н ь я — дворяндар қауымына жататындардың атағы.
Ү т а р а у
...Балдуин мен маркиз Мантуанский арасында болған жайды... — “каролингтік топтамадағы” аңыздардың бірінің испандық нұсқасы. Аң аулап жүрген кезінде нөкерлерінен қара үзіп қалған маркиз Мантуанский орман арасынан Ұлы Карлдың ұлы — Карлотто өлімші етіп жарақаттаған Балдуинға кез болады. Маркиз Балдуинді өлтірген адамнан кек қайтарғанша сақалын тарамауға, қалаға бармауға және қару-жарағын күндіз де, түнде де жанынан тастамауға крестке керілу қатері алдында ант береді.
Родриго де Нарваэс —1410 жылы испандар маврлардан қайта жаулап алған Антекердің тұңғыш алькайды (коменданты).
Абиндарраэс — ақсүйек тұқымынан шыққан мавр, ақын Антоньо де Вильегастың (1549? -1577 маңайы) жинағында жарияланған “Абиндарраэс пен Харифаның ғұмыры” аталатын шағын әңгіменің персонажы. Хорхе де Монтемайордың (1520 - 1561) “Диана” атты пасторальдық (бақташылар өміріне арналған) романының төртінші бөліміне енгізілуі себепті бұл әңгіме жұртшылыққа кеңінен танымал болды.
Авенсерраг — Гранададағы әйгілі мавр руларының бірі.
Францияның Он Екі Пэрі — Ұлы Карлдың орта ғасырлық рыцарьлық дастандарда аталатын он екі паладині, солардың қатарында “Дон Кихотта” жиі кездесетін Роланд, Ринальд Монтальванский және т.б. бар.
Даңқты Тоғыз Азамат — Бұлар мыналар деп саналатын: Иегошуя, Давид, Иуда Маккавей, Александр Македонский, Гектор, Юлий Цезарь, король Артур, Ұлы Карл және Готфрид Бульонский.
Лиценциат — университетті бітіргені туралы диплом алған адам.
ҮІ т а р а у
Эспландианның ерліктері — “Амадис Галльскийдің ұлы, мейлінше мейірімді рыцарь Эспландианның ерліктері” романы, 1510 ж. жарыққа шықты.
Дон Оливант Лаврский — Антоньо де Торкемаданың бұл романының толық аты — “Ғажайып ерліктерінің арқасында Константинополь императоры болған, Македония принці, жеңілуді білмейтін рыцарь Оливант Лаврский туралы хикая” (1564).
Флорисмарт Гирканский — Бұл романның (Аса абыройлы және әлеуетті рыцарь Флорисмарт Гирканский жайындағы ұланғайыр хикаяның бірінші бөлімі”, 1556) авторы Мельчор Ортего болып табылады. “Дон Кихот” романында Флорисмарт есімінің Фелисмарт деп жазылуы да ұшырасады.
Рыцарь Платир — “Прималенон императордың ұлы, ерекше ержүрек әрі әлеуетті рыцарь Платир қарекеттерінің шежіресі” (1533).
Крест Рыцары — Роман екі бөлімнен тұрады; бірінші бөлімі былай деп аталады: “Германдық императордың ұлы, Крест Рыцары аталып кеткен Леполемо қарекеттерінің араб тілінде жазылып, испан тіліне аударылған шежіресі” (1521).
Рыцарьлық айнасы — Әңгіме: “Ғашық болған Роландтың бірінші, екінші және үшінші бөлімдері. Граф Роланд пен әлеуетті рыцарь Ринальд Монтальванскийдің және басқа да көптеген атышулы рыцарьдың қарекеттері жайында баяндалатын Рыцарьлық айнасы” деп аталатын роман турасында.
Шыншыл жылнамашы Турпин — орта ғасырлық аңыздарға қарағанда, реймдік архиепископ Турпин — Ронсеваль шатқалында болған шайқасқа қатысқандардан аман қалғандардың бірі көрінеді. Ол ХІ ғ. жазылған, Ұлы Карл мен Роландтың Испаниядағы аңызға айналған істері жайында әңгімелейтін латындық “Архиепископ Турпин хроникаларының” авторы саналып жүрді.
Маттео Боярдо (1434 - 1494) — итальян жазушысы, “Ғашық болған Роланд” дастанының авторы. “Ғашық болған Роландтың” сюжеті кейін Лодовико Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастанында одан әрі дамытылды.
...әскербасы сеньорды... — “Қаһарлы Роландты” 1549 ж. испан тіліне қотарған Херонимо де Урреа тілге тиек болып отыр. Аударманың көркемдік сапасы төмен деп есептеледі.
Бернардо дель Карпьо — Аугустино Алонсоның “Жеңілуді білмейтін рыцарь Бернардо дель Карпьоның ерліктері мен ізгі істері жайындағы әңгіме” дастаны (1585).
Ронсеваль — Франсиско Гарридо Вильеннің сүреңсіз октавалармен жазылған “Ронсевальдағы атақты шайқастың, сондай-ақ Франциядағы он екі пэрдің қалай қаза тапқандығының шыншыл сипаттамасы” дастаны.
Пальмерин Оливский — Бұл романның бірінші бөлімі “Әлеуетті рыцарь Пальмерин Оливский жайындағы кітап” деген атпен 1511 ж. жарыққа шықты.
...арнайы сандықшада... — Плутархтың айтуынша, Дарий жеңілгеннен кейін қолға түскен олжаның арасынан айрықша көркем сандықша тауып алған Александр Македонский онда Гомер туындыларын сақтауға әмір етіпті.
Атақты рыцарь Ақ Тиранттың өмір жолы — Әңгіме 1490 ж. жарық көрген, кейін испан тіліне аударылған (1511) бес бөлімнен тұратын каталониялық рыцарьлық роман “Жеңілуді білмейтін әлеуетті рыцарь Ақ Тирант” жайында болып отыр. Рыцарьлық романдардың дағдылы түрлерінен “Ақ Тиранттың” ерекшелігі: онда кейде нақты өмір шындығына ишарат жасалынады, сондай-ақ әспеттеу-әсірелеу шарттылығын азайту әрекеті аңғарылады; мұны роман персонаждарының священник атап айтатын гротескілік есімдерінен: Кириэлейсон (“Жарылқа, жасаған” дұғасының бастапқы сөздері), бойжеткен Сүйкімді (түпнұсқада: Өмірімнің ләззаты), жесір әйел Жылмақай, т. б. байқауға болады.
Хорхе Монтемайордың “Дианасы” — Бұл роман Испаниядағы пасторальдық деп аталатын жанрдың дамуына үлкен әсер етті.
...ұзын-шұбақ тармақтар... — он екі буыннан тұратын өлең тармақтары. “Диана” — қара сөз бен өлең алма-кезек ауысып келіп отыратын шығарма, бұл пасторальдық роман атаулының бәріне тән қасиет.
Саламантинецтің... Екінші Дианасы — 1564 ж. жарық көрді; Монтемайордың “Дианасына” еліктеу болып табылатын бұл шығарманың авторы саламанкалық дәрігер Алонсо Перес болатын.
Хиль Полоның “Дианасы” — бұл да Монтемайорға тағы бір еліктеме, оның авторы Гаспар Хиль Поло (1561 ж. қайтыс болған) еді. Алонсо Перестің романымен бір жылда басылып шықты.
“Он бөлімнен тұратын Махаббат қуанышы” — Антоньо де Лофрасоның романы, 1573 ж. жарыққа шықты.
“Филида бақташысы” — Луис Гальвес де Монтальвоның (1549? - 1591) 1582 ж. жарық көрген пасторальдық романы.
“Алуан өлеңдер жиынтығы” — Педро де Падильяның (1587) өлеңдер жинағы.
Лопес Мальдонадоның “Әндер жинағы” — 1586 ж. жарыққа шықты.
Мигель де Сервантестің “Галатеясы” — 7-ші беттегі түсініктемеге қараңыз.
Алонсо де Эрсильяның “Арауканы”. — Испандардың араукандармен (Оңтүстік Америкалық үндістермен) соғысы жайындағы бұл дастанында осы соғысқа өзі де қатысқан автор испан отаршыларына қарсы шайқасқан үндістерге жанашырлық білдіреді.
Хуан Руфоның “Австриадасы” — 1584 ж. жарық көрген бұл дастанда ІІ Филипптің заңсыз некеден туған інісі дон Хуан Австрийскийдің Гранададағы морискілердің (христиандыққа күштеп енгізілген маврлардың) көтерілісін аяусыз жаныштаған “ерліктері” әспеттеледі.
Кристоваль де Вируэстің “Монсерраты” — дастан, 1587 ж. жарық көрген.
“Анжеликаның көз жасы” — Луис Бараон де Сотоның Ариостоның “Қаһарлы Роландынан” алынған сюжетке жазылған дастаны (1586).
ҮІІ т а р а у
Карлиада — Херонимо Семперенің Ү Карл жайындағы дастаны (1560).
“Лев Испанский” — Педро де ла Весилья Кастельяностың “Леон Испанскийдің бірінші және екінші бөлімі” аталатын дастаны (1584), мұнда Леон (испанша leon — арыстан) қаласының негізі қалануы дәріптеледі және осы қалада туып-өскен “әулиелердің” азапты ажалы жайында баяндалады.
“Императордың іс-әрекеті” — Луис Сапаттың император Ү Карлға арналған, қырық мың жолдан тұратын “Даңқты Карл” (1566) дастанын Сервантес Луис де Авильдің туындысы деп қате көрсеткен.
Ринальд Монтальванский — І-ші тарауға берілген түсініктемені қараңыз.
Фрестон — “Дон Бельянис Греческий” романы персонаждарының бірі.
ҮІІІ т а р а у
Бриарей ( м и ф.) — жүз қолы бар дәу.
Дьего Перес де Варгас — толедолық рыцарь; ІІІ Фернандо әскерінде қызмет еткен; маврлармен болған ұрыстарда асқан ерлігімен және жаужүректігімен көзге түскен.
Цикор суы — Сол замандағы медицина цикор суын жеңіл де тыныш ұйқы әкелетін дәрмек санаған.
Жол көзілдірігі — көзді шаңнан және күн сәулесінен қорғайтын әйнек салынған бетперде.
Аграхес айтқандай, оны әлі көре жатармыз... — Сес көрсету мағынасында қолданылатын бұл сөз орамы рыцарьлық романдарда жиі жолығады, сондықтан мәтелге айналып кеткен. “Амадис Галльский” романындағы персонаждардың бірі Аграхестің есіміне байланысты шыққан.
...бұл жайында екінші бөлімде әңгімеленеді. — “Дон Кихоттың” бірінші кітабының бірінші басылымы (1605) төрт бөлімнен тұратын. “Дон Кихоттың” 1615 ж. шыққан екінші кітабын Сервантес жалған “Дон Кихоттың” авторы Авельянеданың жазғанынан айырмасы болуы үшін бесінші емес, екінші бөлім деп атады.
ІХ т а р а у
...шытырман оқиғаларды іздеумен мәңгілікке даңқы кеткен... — Петрарканың Альваро Гомес аудармасындағы “Триумфтарынан” алынған өлең тармағы.
Арроба — салмақ өлшемі (11,5 келі).
Фанега — сұйықтық өлшемі (55,5 литр).
Панса мен Санкас — П а н с а испанша — қарын, с а н к а с — қылдырықтай сирақ.
...арабтар — біздің ата жауымыз... — Испандардың арабтарға деген дұшпандығының тамыры ҮІІІ ғ. басында Иберия (Пиреней) түбегінің елеулі бөлегін басып алған арабтармен испан халқының жеті ғасырға созылған күресінде жатыр. Басып алған жерлер қайта жаулап алынғаннан кейін (ХҮ ғ. соңы) католиктік шіркеу діни фанатизмді сақтау мен нығайту мақсатында арабтарға деген нәсілдік төзімсіздікті өршіту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақты.
Х т а р а у
...бір шіркеуге барып бой тасалай тұрған жаман болмас еді. — Сол заманда шіркеуге айрықша артықшылықтар берілді. Діни қызметшілер де, шіркеуден пана тапқан басқа жандар да азаматтық сотқа тартылмайтын.
Қасиетті ағайындық — Орта ғасырларда, король билігінің феодалдармен күресі дәуірінде, қаладағы еркіншілікті қорғауды көздейтін қалалардың жауынгерлік одағы боп табылатын “Санта Эрмандад” (Қасиетті ағайындық) құрылымы пайда болды. Кейін инквизиция полициясы да осы атпен атала бастады.
Фьерабрас — ХІІ ғ. жататын осы аттас дастанның персонажы,
Мысыр әмірінің баласы; аңыздың айтуынша, оның қолында ғажайып емдік қасиеті бар бальзам болған. Фьерабрастың әскерін он екі пэрдің бірі Оливье (испанша Оливерос) талқандаған.
Асумбра — сұйықтық өлшемі (2,02 литр).
Мамбрин дулығасы — М а м б р и н — Боярдо мен Ариосто дастандарындағы персонаждардың бірі, жарақаттан қорғайтын ғажайып қасиеті бар алтын дулығаның иесі.
Сакрипант — аталған дастандардың персонажы, мақтаншақ, көппе адамның синонимі.
Альбрака — “Ғашық болған Роландта” баяндалатынындай, Анжелика барып жасырынған жартас басындағы қамал-сарай.
Собрадиса — “Амадис Галльскийде” аталатын қиялдағы патшалық.
ХІ т а р а у
Равель — Ыспасы бар, үш ішекті скрипка түріндегі музыкалық аспап.
ХІІІ т а р а у
Король Артур — Британияның аңызға айналған королі (ҮІ ғ.), негізінен “Дөңгелек үстел рыцарьлары” ерліктеріне қатысты боп келетін орта ғасырлық көптеген аңыз бен дастанның кейіпкері (король Артурдың маңайындағылар ас та төк тойлардың кезінде тәуір орын, шамалы орын дейтіндер болмас үшін және рыцарьлардың бәрі өздерін тең сезінуі үшін дөңгелек үстел басына жайғасатын болған).
Көл Рыцары Ланцелот — 25-ші бетке берілген түсініктемені қараңыз.
Елисей даласы — мифологиялық ұғым-түсінік бойынша, жердің ең қиыр шетіне орналасқан жер-ұйық.
Курцийлер, Кайлар мен Сципиондар — Ежелгі Римдегі атақты рулар. Колонна, Орсини, Монкада, Рекесендер... — Италияның, Каталонияның, Арагонның, Кастилияның және Португалияның Сервантес заманындағы атақты рулары.
Дзербин — Ариостоның “Қаһарлы Роланд” атты туындысындағы персонаждардың бірі, шотланд королінің Роланд арқасында бостандық алған ұлы. Бірде өз құтқарушысының сауыт-сайманын тауып алған ол соған мәтінде келтірілген жазбаны түсіреді; бұл Ариосто дастанындағы өлеңдердің аудармасы (ХХІҮ-ші жыр).
Пысықай Ларедскийлер — Л а р е д о — Испанияның солтүстігіндегі портты шағын қалашық. Америкамен сауда-саттық арқылы байып алған адамдарды Пысықай Ларедскийлер деп атаған.
Цезарь Август — Рим императоры (ж.с.д. 27 - ж.с. 14), ол патшалық еткен заманда айтулы ақындар (Вергилий, Овидий және т.б.) ғұмыр кешкен.
Құдіретті мантуандық — Римнің атақты ақыны Вергилий (ж.с.д. 70 - 19) Мантуяда туған. Аңыздың айтуынша, ол өзінің даңқын шығарған “Энеида” дастанының қолжазбасын өзі өлген соң өртеп жіберуге өсиет еткен.
ХІҮ т а р а у
Бетис — Гуадалквивир өзені.
Ливия шөл даласы — яғни, африкандық үстірттер.
Иксион (м и ф.) — Юнонаны қолға түсіруге құмартқан Фессалия патшасы; Юпитер Юнонаны бұлтқа айналдырып жібереді, ал Иксионға жер асты патшалығындағы от оранған шеңберде мәңгілік айналып жүру жазасын белгілейді.
Сизиф (м и ф.) — Коринфтің негізін қалаушы әрі патшасы. Алдампаздығы мен сатқындығы үшін құдайлар оны азапты да мәнсіз жұмыс атқаруға: міндетті түрде кейін қарай құлап кететін үлкен тасты таудың басына қарай қайта домалатып отыруға мәжбүр етіп қояды.
Тантал (м и ф.) — Фригия патшасы, құдайлардың құпиясын жария етіп қойғаны үшін жер асты патшалығында мәңгілік аштық пен мәңгілік шөлден қаталау азабын тартуға кесілген.
Титий (м и ф.) — Эвбея аралынан шыққан дәу; Латонаның абыройын төгуге әрекет еткені үшін жер асты патшалығына жіберіліп, онда кезқұйрықтар бауырын шұқылап отыратын болған.
Тамұқ қақпасындағы төбет — Жер асты патшалығына кіре берісті күзететін үш басты төбет, Цербер.
Тасжүрек Нерон — Рим императоры (54 - 68). Ел аузындағы аңызға қарағанда, Римдегі тоғыз күнге созылған сұрапыл өртке (64) сол кінәлі болған.
Тарквинийдің қайырымсыз қызы — Аңыздың айтуынша, бұндай масқара іске барған Сервий Туллийдің қызы, Тәкаппар Тарквинийдің әйелі (қызы емес) көрінеді: ол әкесінің мәйітін қорлаған.
ХҮ т а р а у
Янгуастық малшылар — Кейінірек дәулетті аревальдық малшылар жайында да айтылады. Мал айдаумен ол кезде тұтас бір елді мекендер айналысқан.
Майдан құдайы (м и ф.) — Марс.
Силен (м и ф.) — Вакхтың тәрбиешісі және қасынан қалмайтын серігі, қашан да мас боп жүретін семіз шал.
Жүз қақпалы қала — Жоғарғы Египеттің астанасы болған, Ніл өзені жағасында орналасқан Фивы — Жүз қақпалы деп, Беотияның астанасы болған, Силен барған Фивы — Жеті қақпалы деп аталған.
ХҮІ т а р а у
...дворян тұқымынан екенін кереметтей мақтан тұтатын... — Мариторнес Астуриядан, маврлар жауламаған өңірден болатын. Астурияда туып-өскендер шыққан тегіне қарамастан өздерін готтардың тұқымы, яғни дворян санайтын.
Ареваль малшылары. — А р е в а л о — Кастилиядағы елді мекен.
Граф Томильяс — “Оливаның ұлы, Иерусалим патшасы және Константинополь императоры Энрикенің ғұмырбаяны” (1498) атты рыцарьлық романдағы қосалқы персонаждардың бірі.
ХҮІІІ т а р а у
Трапобана — дұрысы Трапробана (Цейлон аралының ежелгі атауы).
Гараманттар — Нумидияның оңтүстік шегіне жақын маңайды мекендеген халық.
Ксанф — Кіші Азиядағы Скамандр өзені.
Массилиялық тау шалғындары — Нумидияның шығысындағы жер атауы.
Фремодонт — Понттағы Қара теңізге құятын өзен. Аңыз бойынша оның жағалауында амазон әйелдер тұрған.
Пактол — Лидиядағы, Сард маңайындағы табанында алтын құмы бар өзен, Гермнің бір саласы (қазір Сарабат деп аталады).
Тартес алқаптары — Т а р т е с — Испанияның оңтүстік-батысында, Гуадалквивир өзенінің сағасында орналасқан финикиялық ежелгі қала.
Гуадиана — Испаниядағы арнасы әлденеше рет жер астына еніп, онан соң жер бетіне қайта шығып отыратын өзен.
Дәрігер Лагуна — Грек емшісі Диоскоридтің (жыл санауымыздың І-ші ғ.) емдік шөптер жайындағы трактатын испан тіліне аударушы әрі оған түсініктеме беруші.
ХІХ т а р а у
Сид Руй Диас... орындықты сындырып тастаған болатын... — Сид жөніндегі романстардың бірінде бір жолы оның әулие Петр соборына бас сұғып, испан королінің орындығы папаның жанындағы француз королінің орындығынан төменірек тұрғанын байқап қалғаны жайында айтылады. Сид көп ойланып жатпастан француз королінің орындығын аяғымен теуіп құлатады да, орнына өз королінің орындығын әкеп қояды. Ашуланған папа Сидті шіркеуден аластайды. Сол кезде Сид папаға былай деп тіл қатады: “Күнәмнен арылт, егер өйтпейді екенсің, кейін бұған өкінетін боласың”, дейді.
ХХІ т а р а у
... қолөнер құдайының соғыс құдайына арнап соққан... — яғни Вулкан Марсқа арнап соққан. Шын мәнінде, аңыз бойынша, Вулкан Марсқа арнап қару емес, жіңішке темір тор дайындап берген.
Елена (м и ф.) — Парис алып қашқан, асқан сұлу грек келіншек.
...өзіме жәбір көрсетілген жағдайда бес жүз суэльдо... —“Төменгі” қауымға жататындар жәбір көрсеткен жағдайда дворяндар қауымының өкілдері өздеріне берілген артықшылықтарға сәйкес олардан ақшалай айып өндіріп алатын.
ХХІІ т а р а у
Галера — ескекті кеме. Бұл арада қылмыскерлерге кесілген жаза мағынасында қолданылып отыр: оларды галераның бортына кісендеп, діңкелері құрығанша ескек естіретін болған.
ХХІІІ т а р а у
құлағым солар атқан жебенің ызыңынан тұнып кетті — Қасиетті ағайындық қылмыскерлерді өлім жазасына кескенде, оларды бағанаға байлап қоятын да, садақпен атып өлтіретін.
— ...ол Санчоға есегінен түсуге... әмір етті... — Шамалыдан кейін:
“Санчо болса Хинесұмпай де Пасамонтенің аярлығы арқасында қожайыны соңынан жүктерін арқалап жаяу борсаңдады”, делінеді. Бұл қарама-қайшылыққа Сервантес “Дон Кихоттың” екінші бөлімінде түсінік береді.
ХХІҮ т а р а у
Тисба — Овидийдің Пирам мен Тисба жайындағы хикаятының кейіпкері (“Метаморфозалар”).
ХХҮ т а р а у
Езоп, яғни Эзоп, гректің атақты мысалшысы (ж.с.д. ҮІ-шы ғ.).
Андриактар — “Амадис Галльский” романында кездесетін жартылай аң, жартылай адам кейпіндегі құбыжықтар.
Медор — Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастанының персонажы.
Астольф, Брадаманта — Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастанының персонаждары: А с т о л ь ф — рыцарь, Б р а д а м а н т а — Ринальдтың қарындасы және рыцарь Руджердің сүйгені.
Гиппогриф — ертегіде жолығатын хайуанат: жартылай жылқы, жартылай гриф.
Фронтин — Руджердің қанатты сәйгүлігі.
Барра — темір таяқты мүмкін болғанынша алысқа лақтыруға негізделген ойын.
Амарилис, Диана, Сильвия, Филиса, Галатея, Филида — көпшілік арасына кең тараған бақташылық романдардағы кейіпкер қыздар.
Лукреция — Римдегі атақты Тарквинийлер әулетінен шыққан әйел; жау жүректігімен және пәк-таза болмысымен аты шыққан.
Лабиринттегі Тезей арқауы секілді — Ариаднадан алған жіптің арқауымен Криттегі лабиринттен (сансыз көп бөлмесі бар, шығар жолы шытырман қапастан) адаспай аман шыққан Тезей жайындағы аңызға жасалған емеурін.
ХХҮІ т а р а у
Аграмант — маврлар патшасы, “Қаһарлы Роланд” кейіпкерлерінің бірі.
Фавндар, сильвандар (м и ф.) — дала мен орман пірлері.
ХХҮІІ т а р а у
...король Вамба заманынан... — яғни, есте жоқ ерте заманнан. В а м б а — гот королі (672 - 680).
Марий — Римдегі халықтық партияның басшысы және Сулланың негізгі қарсыласы, жеті рет консул боп сайланған (ж.с.д. 106 - 86 жылдар.).
Катилина — сенаттық олигархияға қарсы, демократиялық топтар қолдаған қастандықты ұйымдастырушы. Қастандықты ж.с.д. 63 жылы Цицерон әшкереледі.
Сулла — демократиялық партияға қарсы күрес ашқан римдік диктатор (ж.с.д. 138 - 78 жылдар.).
Юлиан — гот ақсүйектерінің өкілі граф Юлиан. Аңызға қарағанда, Кава есімді қызын (әлде әйелін) зорлағаны үшін король Родригодан кек алу мақсатында маврлардан көмек сұраған, сөйтіп бұлар Испанияны жаулап алған.
ХХІХ т а р а у
Вассалдарымның негр болғанында тұрған не бар? — Африкандық негрлерді сатып алу мен сату, кейін оларды Америкаға жөнелту ХҮІ - ХҮІІ ғғ. Испанияда кеңінен тараған тірлік болатын.
Соломон жотасы — Алькала де Энарестің оңтүстік-батысындағы Сулема жотасы; бұл жерде ол Комплутпен шендестіріліп отыр (Комплут — Птолемей атап өтетін Алькаланың латынша атауы).
Меотия көлі — Азов теңізінің ежелгі атауы.
Песо — Оңтүстік және Орталық Америкада (ХҮІ - ХҮІІ ғғ.) ақшаның жетіспеушілігі салдарынан бағалы металлдардың белгілі бір салмақтағы құймалары пайдаланылған (“песо” испанша “салмақ дегенді білдіреді). 1 песо — күмістің унциясына немесе сегіз күміс реалға тең болған.
ХХХІ т а р а у
...құлағына сынап құйған сыған есегіндей... — Сол заманда халық арасында сығандар аттарын сатқан кезде шабысы қатты көрінуі үшін құлағына сынап құяды дейтін сенім болған.
Дон Сиронхил Фракийский — төрт бөлімнен тұратын “Жау жүрек рыцарь Дон Сиронхил Фракийский” рыцарьлық романы.
Жалаң аяқ ағайындар — Францискандық орденнің монахтары, оларға шәркейден басқа аяқ киім киюге тиым салынған болатын.
ХХХІІІ т а р а у
Луиджо Тансилло — Неапольдық ақын (1510 - 1568), “Шадияр Петрдің көз жасы” дастанының авторы.
Кубок сынағы — Ариостоның “Қаһарлы Роланд” дастанындағы эпизод. Дастанның XLІІІ жырында бір рыцарьдың ғажайып қасиеті бар кубок туралы әңгімесі енгізілген: егер біреудің жұбайы ойнас жасаумен айналысатын болса, онда кубоктағы шарапты сімірген кезде шарап оның кеудесіне төгілетін болған. Осындай ғажайып кубок туралы әңгіме аталмыш дастанның XLІ жырында да кездеседі.
Даная (м и ф.) — Аргос патшасы Акрисийдің қызы. Немерелеріңнің бірінің қолынан қаза табасың деген көріпкел жорамалын қауіп тұтқан патша қызын жан адам маңайлай алмайтын мұнараға жалғыз қамап, сыртынан қарауыл қойып, итке күзеттіреді. Қыздың сұлулығына есі кете ғашық болған Юпитер мұнараға алтын жаңбыр түрінде енеді.
Эстрадо — үйдің әйелдер тұратын жартысындағы еденнің кілем төселіп, көпшік тасталған биіктеу бөлігі. Осындай биіктеу бөлігі бар және қонақ қабылдайтын бөлме де эстрадо деп аталған.
Эскудо — испандық ежелгі алтын теңге.
ХХХІҮ т а р а у
Порция — Марк Бруттың жұбайы. Өзінің ештеңеден жасқанбайтын батыл да жүректі екенін, сондықтан Юлий Цезарьға қарсы дайындалып жатқан қастандыққа қатысуға лайықты екенін дәлелдеу мақсатында күйеуінің көзінше өзін ауыр жарақаттаған. Кейін күйеуінің майдан даласында қаза тапқанын естіп, өзін-өзі өлтірген.
ХХХҮ т а р а у
...де Лотрек пен ұлы қолбасшы Гонсало Фернандес Кордовский арасындағы шайқаста... — Француз маршалы де Лотрек Италиядағы француз армиясына сардар боп 1527 жылы тағайындалды, “ұлы сардар” атанған Гонсало Фернандес Кордовский 1515 жылы қайтыс болды (анахронизм).
ХХХҮІІ т а р а у
Альмалафа — ер адам мен әйел адам киетін араб сырт киімі.
Сцилла мен Харибда. — С ц и л л а — Сицилия шығанағының итальян бетіндегі жартас, Сицилия жақ беттегі Х а р и б д а иіріміне қарсы орналасқан. Мифологияда — әрлі-берлі өтіп жатқан кемелердің үрейін ұшыратын тажалдар түрінде суреттеледі; үлкен қауіп-қатер синонимі.
ХХХҮІІІ т а р а у
Кавальер — қамалдың негізгі дуалындағы еңселі құрылыс.
ХХХІХ т а р а у
...одан Миланға барып... — Ол кезде Миландағы қару-жарақ зауытының даңқы гүрлеп тұрған болатын.
Алессандра делла Палла — Милан герцогтығындағы Танаро өзенінің жағасына орналасқан, қалың қабырғалармен қоршалған қамал.
...герцог Альбаның Фландрияға аттанбақшы боп жатқанын... — Нидерландыны қанға бөктіріп жуасытқан Фернандо Альварес Толедский, немесе герцог Альба, ол жаққа Италияда орналасқан испан отрядтарынан іріктелген қосынды бастап 1567 жылдың күзінде аттанды.
Эгмонт пен Горн есімді графтар — испан үстемдігіне наразы нидерланд ақсүйектерінің жетекшілері; 1568 жылғы 5 маусымда екеуі де өлім жазасына кесілді.
Дьего де Урбина — Сервантес қатысқан, Лепанто маңайында болған шайқастағы әскер басы.
Венециямен және Испаниямен одақ — папа Ү-ші Пий бастамасымен құрылған лига. 1571 жылы түріктер сол кезде Венецияға бағынышты Кипр аралын басып алуы салдарынан Венеция мен Испанияның Жерорта теңізіндегі иеліктеріне қауіп күшейе бастауына байланысты лига түріктермен күреске арналған біріккен флот ұйымдастырды. Флотты басқаруға Ү-ші Карлдың заңсыз некеден туған ұлы дон Хуан Австрийский (1547 - 1578) бекітілді.
1571 жылғы 7 қазанда түрік флоты мен біріккен испандық-венециялық флот Грекия жағалауындағы Лепанто шығанағында тоқайласты, сол жерде түрік флотына күйрете соққы берілді.
Улудж-Али (1508 - 1580 ж. жуық) — шыққан тегі калабриялық, түріктерде қызмет атқарды. 1565 ж. Мальта іргесіндегі жеңісі үшін Триполитания патшалығына ие болды; бұл аралды түрік флотилиясынан қорғауды Ү Карл Мальта орденіне жүктеген болатын. Лепантодағы шайқасқа қатысты, сондай-ақ 1574 ж. Тунисті қайта жаулап алу кезінде түрік флотының қимыл-әрекетіне басшылық жасады.
Мальта ордені — иоанниттердің, немесе госпитальерлердің әскери-діни ордені; крест жорықтары кезінде пайда болды. 1530 ж. испан королі Ү Карл осы орденнің иелігіне Мальта аралын берді. Аралды Жерорта теңізіндегі стратегиялық тірек пунктіне айналдыру мақсатын көздеген түрік флотымен орденнің тұрақты күрес жүргізуіне тура келді. 1565 ж. арал Драгут басқарған, ол қайтыс болғаннан кейін Мұстафа-паша басқарған түрік флотының қоршауына түсті, бірақ абыройын сақтап, ақыры берілмеді.
Джованни Андреа — Лепанто шайқасында біріккен эскадраның оң қанатын басқарған генуялық әскер басы.
...бұл біздің адмиралдың кінәсінен немесе немкеттілігінен емес-ті... — яғни, Хуан Австрийскийдің.
Жирен Сақал дейтін қарақшы — түрік қарақшысы, түрік флотының адмиралы. Оның баласы Гасан-паша Алжирді билеп тұрды. Бұл арада сөз Гасан-паша жөнінде емес, Жирен Сақалдың немересі Магомет-бей жөнінде болып отыр, тұтқын тілге тиек еткен кеменің капитаны да сол еді. Магомет-бейдің шектен тыс қатыгездігімен аты шыққан болатын.
Мулей — “мырзам”, “ұстазым” деген мағына беретін араб сөзі. Бұл атақ араб халифтары мен патшаларына берілетін.
Голета — Тунис айлағына кіре берісті қорғап тұрған форт. 1535 ж. оны испандар жаулап алғаннан кейін онда испан гарнизоны қалдырылған. 1573 ж. Венеция Түркиямен бейбіт бітімге келген соң король ІІ Филип қамал қорғанысын нығайту жұмысын басқару үшін Дон Хуан Австрийскийді Голетаға жіберген. Бірақ, 1574 ж. түрік флотының шабуылы ІІ Филиптің жоспарын іске асырмай тастады.
Габриеле Червеллон — миландық дворян, Тунистегі қала әкімі, Голета мен Тунисті жаулап алғаннан кейін түріктер оны тұтқынға алды. Тұтқыннан босағаннан кейін Голландиядағы испан әскерінде қызмет етті. 1580 ж. Миланда қайтыс болды.
Пагано Дориа — Андреа Дорианың ағасы, Лепантодағы шайқасқа қатысты, Голетаны қорғау кезінде қаза тапты. Оның өз інісіне жасаған “өлшеусіз жақсылығы” — бар байлығын інісіне тарту еткендігі болатын.
Табарка — Африканың солтүстік жағалауындағы, теңіз жағасындағы елді мекен. Тунисті қоршау кезінде түрік флотына Улудж-Али басшылық жасаған еді (жоғарыдағы түсініктемені қараңыз). Улудж-Алидің сөз боп отырған қарекетін оның ақжүректігімен емес, ашкөздігімен түсіндірген жөн: Дорианың өлім табуы салдарынан оны аса қомақты сомадағы өтемақыға айырбастау мүмкіндігінен айрылып қалғанына қатты күйінген еді.
XL т а р а у
Фратино — яғни Монашек, Ү-ші Карл мен ІІ-ші Филипп тұсында Гибралтарда бекініс салу ісін басқарған итальян инженері Джакомо Палеаццоның лақап аты. Сондай-ақ, ол Сервантестің “Жау жүрек испан” пьесасындағы кейіпкерлердің бірі ретінде де көрінеді.
Гасан Аға — Алжирдің билеушісі. Бұл арада Сервантес Алжирде 1580 жылға дейін, яғни Сервантестің өзі құлдықтан босатылғанға дейін, билік жүргізген Гасан-пашаның есімін келтірудің орнына, Гасан Аға есімін ауызға алып отыр дейтін пікір қалыптасқан.
...Сааведра дейтін... — әңгіме Сервантестің өзі жайында болып отыр, ол бес жыл Алжирде тұтқында болған және қашып құтылуға талай рет талпыныс жасаған.
Әл-Бата — Ораннан екі мильдей жерде орналасқан қамал.
XLІ т а р а у
Арнаут Мами — Сервантес пен інісі Родриго 1575 ж. Испанияға қайтып келе жатқан “Эль Соль” (“Күн”) галерасын басып алған теңіз қарақшыларының бастығы.
Султан — түріктің құны 125 аспер (аспер — реалдың сегізден бір бөлігі) тұратын алтын теңгесі.
— Жұма — арабтардың демалыс күні.
Арраис (а р а б.) — ескекшілердің бастығы.
Низарани — яғни, назарей (христиан аңызы бойынша, Иисус Христос туған қала саналатын Назареттің атына байланысты шыққан.)
Кава Румия — Альбатель мүйісі.
Төрт бұрышты желкендер немесе тік желкендер — мачтаның орта тұсынан көлденең ілінетін бөренелерге керілген төрт бұрышты немесе тік бұрышты кенеп мата.
Шынжырлы доптар — зеңбіректің бір-біріне кішкене шынжыр арқылы бекітілген екі добы.
Жағалау күзететін салт атты жасақ — Испания жағалауын теңіз қарақшылары шабуылынан қорғау үшін арнайы ұйымдастырылған жеңіл кавалерия. Мұнарада отырған бақылаушылар жағалауға жақындаған кемелерді назарға алып, қауіп төнген жағдайда лаулатып от жағу арқылы белгі беретін болған.
...қасиетті инквизицияның көмегімен қасиетті шіркеудің аясына қайта оралмақшы еді... — Түріктерде тұтқында болып, “шіркеу аясына” қайта оралған діннен безгендерге инквизиция белгілеген тәртіп мейлінше қарабайыр болатын. “Дін бұзар” деп танығандарының бәрін айрықша қатыгездікпен жазалап отыратын инквизиция, түрік тыңшыларынан гөрі Батыстың жағымсыз идеяларының жылыстап кіріп кетуінен қатты қорқатын.
XLІІ т а р а у
Аудитор — сот жүйесіндегі ірі шенеунік.
XLІІІ т а р а у
Палинур (м и ф.) — Троядан Италияға аттанған Эней жасағы кемелеріндегі бас жолбасшы.
Үш кейіптегі аспан шырағы — яғни, үш түрлі фазадағы ай. Гораций мен Овидий оны аспандағы Айдан, жердегі Дианадан және тозақтағы Гекатадан құралған “үш кейіптегі құдірет” деп атаған-ды.
...аттарыңды жегуге асығып тұрған аспанның алтын шашты шамшырағы... (м и ф.) — Аспан әлемін бір күн жүріп айналып шығатын күймесін жегіп жатқан Феб (күн).
Өрмінез желаяқ қыз (м и ф.) — өзен құдайы Пенейдің қызы, нимфа Дафна. Ұнатып қалған Аполлон (Феб) оның қыр соңынан қалмай жүгірумен болады, ақыр соңында аяушылық білдірген әкесі оны лаврға айналдырып жібереді. Пеней өзені Фессалияда орналасқан.
Медуза (м и ф.) — үш горгонның (әйел кейпіндегі тажал) бірі, оның көзі түскен адам тасқа айналып кетеді, ал басындағы шаштың орнында — жыландар.
...аса таяғы — басында, ал тәжі — қолында. — Ол замандағы қылмыскерлерге қолданылатын жазаның бірі — қолдарына тәждің суретін күйдіріп басу болатын.
XLY т а р а у
...Аграмант қосынындағы өзара қырқыс... — “Қаһарлы Роландтың” ХХҮІІ жырында Ұлы Карлдың өтініші бойынша жебірейіл Михаилдың Парижді қоршап жатқан Аграмант патшаның қосынына іріткі салатыны жайында айтылады. Өзара қырқыс пайда болып, ақыры Аграмант бұған Собрин патшаның кемеңгер кеңесі бойынша тоқтау салады.
“Алькавала” — қандай да болсын сатылған затқа салынатын салық; Сервантестің заманында ол он пайыздан артықты құрап, елдегі тауар айналымға ауыр зардап келтірді.
“Королева туфлиі” — патшаның некеге тұруына байланысты өндірілетін салық, бұдан түскен қаражат тек королеваның өз басына, оның өз қажеттіліктерін өтеуге жұмсалатын.
Аренда — орта ғасырларда жеті жылда бір рет төленіп тұратын жер салығы.
XLҮІ т а р а у
Октавиан тұсындағыдай тыныштық... — О к т а в и а н А в г у с т — Рим императоры (жыл санауымызға дейінгі 27 ж. — жыл санауымыздың 14 ж).
... қашып бара жатқан нимфаның соңындағы қуғыншы... (м и ф.) — Нимфа Дафнаны қуып келе жатқан Феб (күн).
XLYІІ т а р а у
“Ринконета мен Кортадильо жайындағы хикаят” — Сервантестің 1613 жылы жарық көрген “Ғибратты новеллалар” жинағына енді.
Каноник — собордағы священник.
Индия браминдері — дәлірек айтқанда, ежелгі Индия халқы бөлінген төрт кастаның ең жоғарғы тобына жататын брахмандар, абыздар.
Эфиопияның гимнософистері — Египет пен Эфиопияда кең тараған ежелгі үнді діни сектасы. Ол жұртты өмірде жан рақатын таптыратын нәрсенің бәрінен безінуге, тәнді тозғындатуға, байлық пен құрмет-қошеметке қызықпауға шақырды.
Милет ертегілері — Милеттік Аристид құрастырған (шамасы, ж.с.д. ІІ-ші ғ. аяғында болса керек) махаббат новеллаларының жинағы жөнінде әңгіме болып отыр. Бізге жетпеген бұл жинақтың “Милет ертегілері” деген атауы осы жанрдың жалпы есіміне айналды.
Аполог — аллегориялық әңгіме, тағылым берерлік мысал.
Птолемей — Клавдий Птолемей, жыл санауымыздың ІІ-ші ғ. Александрияда ғұмыр кешкен математик, астроном және географ.
Синонның сатқындығы — С и н о н — ішінде грек сарбаздары жасырынып жатқан ағаш атты қалаға кіргізудің қажеттілігіне троялықтарды үгіттеп көндірген грек.
Эвриалдың достыққа адалдығы — Н и с пен Э в р и а л — Энейдің серіктері, олардың араларынан қыл өтпес достығы жайында Вергилийдің “Энеидасында” суреттеледі.
Зопирдің тұрақтылығы — З о п и р — вавилондықтардың парсы патшасы Дарийге қарсы көтерілісі кезінде өзін-өзі ауыр жарақаттап, вавилондар қосынына өткеннен кейін, оларды өзін осындай халге душар қылған Дарий деп сендірген парсы жауынгері. Осылайша вавилондықтар сеніміне ие болған ол кейін олардың Дарийге мойын ұсынуына қол жеткізеді. Алайда, патша мұндай құрбандықпен келген жеңісті пайдаланудан бас тартады.
XLҮІІІ т а р а у
...грек және латын поэзияларының қос алыбы — Гомер мен Вергилий.
Комедия — ХҮІІ ғасырдағы Испания драматургиясы жанрға бөлу дегенді білген жоқ (комедия, драма, трагедия деген секілді). Мазмұны қандай болғанына қарамастан барлық үш актылы пьеса комедия деп аталды.
“Изабелла”, “Филида” және “Александра” — Луперсьо Леонардо де Архенсола (1562 -1613) жазған трагедиялар. “Филида” трагедиясы бізге жеткен жоқ, ал қалған екеуіне келсек, бұлар, каноник айтқандай көркем дүниелер емес.
“Жазаланған қайырымсыздық”, “Нумансия”, “Саудагер махаббаты”, “Көргенді күндес” — алғашқысы Лопе де Вега қаламынан шыққан; үшіншісін валенсиялық ақын әрі драматург Гаспар де Агиляр жазған, ортақол ғана пьеса, төртіншісін — валенсиялық драматург Франсиско Таррега (1554 - 1602) жазған, бұл да көркемдік жағынан әлсіз дүние. Сервантестің “Нумансиясы”, шамасы, ХҮІ ғ. 80-ші жылдарында жазылса керек. Бұл туындысын ол 1615 ж. жарық көрген драмалық шығармалар жинағына енгізген жоқ; осы трагедиясы да, сондай-ақ “Алжирлік салт-дәстүр” аталатын драмалық суреттемелері де ХҮІІІ ғ. ғана табылды, сөйтіп алғаш рет жарыққа 1784 ж. шықты. Екі шығарма да Сервантес шығармашылығының алғашқы кезеңіне жатады.
...Туллий айтқандай... — яғни, Цицерон айтқандай. Ол комедия “өмірге еліктеушілік” (“өмірдің айнасы” емес), “адамгершілік мінез-құлық айнасы және ақиқаттың айғақ-нышаны” сынды болуға тиіс деп жазған-ды.
... дүниенің төрт бұрышы түгел қамтылған болар еді — Бұл кезде Австралия құрлық есебінде әлі белгісіз болатын.
Пипин — франк королі ІІІ-ші Пипин Қортық (751 - 768).
Ұлы Карл — франктер королі (800 - 814), мемлекетінің аумағын әлдеқайда кеңейткен айтулы әскербасы һәм жаһангер.
Император Ираклий — византиялық император (610 - 641).
Готфрид Бульонский — алғашқы крест жорығын басқарған (1096 - 1099) Төменгі Лотарингия герцогы (1058 - 1100).
Діни тақырыптағы комедиялар — әулиелер өмірінен алынған сюжеттерге жазылған комедиялар.
...бақ-талайы мол бір жазушымыздың сансыз көп комедиясы... — Лопе де Вегаға меңзеу. Лопе де Веганың өзі жасаған тізімде оның ХҮІ ғ. 80-ші жылдарынан 1602 жылға дейін жазған 219 драмалық шығармасы тіркелген.
...ол ырзашылық беріп, қол қойып, мөр соқпайынша жергілікті өкімет орындары бірде бір комедияны сахналауға рұқсат етпейтін болса... — шіркеу шенеуніктерінің театрға қарсы ХҮІ ғ. 90-шы жылдарынан бастап жүргізген ұзаққа созылған насихат науқанынан кейін, шынымен-ақ 1608 жылы священник талап еткен түрдегі орталықтандырылған цензура орнатылды.
XLІX т а р а у
...олар жаңа секталар жасақтайды және өмірдің жаңа тәртібін түзеді... — ХҮІІ ғ. екінші жартысында инквизиция “Амадис Галльскийден” құдайға күпірлік келтіретін нәрселер тапты.
Лузитания — кейін Португалия мемлекеті құрылған аймақтың ежелгі атауы.
Вириат — лузитандықтардың римдіктерге қарсы көтерілісін басқарған бақташы (ж.с.д. 151 - 140 жж.).
Граф Фернан Гонсалес — Кастилияны маврлардан азат еткен реконкистаның аты аңызға айналған қайраткері. Оған “Фернан Гонсалес туралы дастан” (ХІІІ ғ.) мен көптеген романс арналды.
...Валенсияда — Сид. — Сид Руй Диастың туып-өскен жері Бургос еді. “Сид” лақап атын ол Валенсияны маврлардан азат еткеннен кейін алды.
...Андалусияда — Гонсало Фернандес. — Әңгіме Андалусиядағы шағын елді мекен — Монтильяда туып-өскен, “ұлы қолбасшы” делінетін Гонсало Фернандес Кордовский турасында болып отыр.
Флорипа және Ги Бургундский. — Францияның он екі пэріне қатысты аңыз-әңгімелердің бірінде мавр адмиралы Баланның қызы, Флорипа сұлудың он екі пэрге өз үйінен баспана бергені жайында айтылады. Олардың арасында Ги Бургундский де болады, қыз соған ғашық боп қалады.
Мантибль көпірі — сол аңыздардың айтуынша аталмыш Баланның иелігінде болған көпір, оны қатыгез дәу Галафр қорғап тұрады.
Бейшара Гварин — итальяндық рыцарьлық романның кейіпкері (ХІІІ ғ.).
Қасиетті Грааль — орта ғасырлық аңыз-әңгімелер бойынша біртұтас алмастан ойып жасалған, крестке керілген Христостың қаны жиналған ыдыс. Көптеген рыцарьлық аңыз бен романда осынау ыдысты іздеуге шыққан рыцарьлардың ерлігі мен жанқиярлық қарекеті жайында айтылады.
Тристан мен королева Изольда — ортағасырлық рыцарьлық дастандардың (ХІ - ХІІ ғғ.) кейіпкерлері, бұл дастандарда корнуэльдік король Марктің әйелі Изольда мен корольдің жиені Тристанның махаббаты суреттеледі.
Пьер мен Магелона сұлу — “Неаполь королінің қызы Магелона сұлу мен Провансаль королінің ұлы Пьердің хикаясы” (ХІІІ ғ.) аталатын француз рыцарьлық романының кейіпкерлері.
Жоан ди Мерлу — 1433 ж. жат жерлік рыцарьлармен күш сынасу үшін басқа елдерге аттанған португал дворяны.
Педро Барба, Гутьерре Кихада — ди Мерлу көздеген мақсатпен 1435 ж. басқа елдерге саяхатқа шығып қайтқан испан рыцарьлары.
Фернандо де Гевара — испан дворяны; 1436 ж. австриялық рыцарь Георгпен Венада жекпе-жек сайысқа түскен.
“Әділетті сайыс” атты кітап — дәлірек айтқанда, турнирдің куәгері Перо Родригес де Лена жазған, арада жүз жылдай өткен соң Хуан де Пинеде өңдеп, жетілдіріп қайта жариялаған (1588) “Суэро де Киньонестің әділетті сайысы” аталатын кітап. Кітапта әңгіме етілетін бұл ерекше сайыс ғашығының сұлулығына айрықша тәнті болғандығының белгісі ретінде мойнына темір шығыршық салып жүруге серт еткен Суэро де Киньонестің бастамасы бойынша өтеді. Осынау серттен арылу үшін өзінің тоғыз досымен бірге Леоннан алты миль қашықтағы көпірден өтетін жерді қорғап тұрған ол мейлі отандасы болсын, мейлі жат жерлік болсын, кез-келген рыцарьмен сайысуға дайын екенін мәлім етеді. Бұл жекпе-жекке көптеген рыцарь қатысады.
Мосен Луис де Фальсес — 1428 ж. кастильдік рыцарь Гонсало де Гусманмен жекпе-жек сайысқа түскен наварралық рыцарь.
Пэр — французша тең деген мағына білдіреді.
Шадияр Иаков (Сантьяго), Калатрава, Алькантара ордендері — Испанияда реконкистаның бастапқы кезеңінде пайда болған діни-рыцарьлық ордендер; Иоанн ордені — иоанниттер (303-ші беттегі түсініктемені қараңыз).
LІІ т а р а у
Язон (м и ф.) — алтын жабағыны іздеуге шыққан аргонавтардың басшысы.
Қатай — орта ғасырларда Қытай осылай аталған.
Сьерра Негра — Сьерра Моренаның басқа атауы: Кастилияны Андалусиядан бөліп тұрған тау қыраттарының тізбегі.
Беллона (м и ф.) — Рим аңыз-әңгімелеріндегі соғыс ару-құдайы, Марстың қарындасы.
Брильядор — Роландтың сәйгүлігі.
Боярд — рыцарь Ринальдтың сәйгүлігі.
В. УЗИН.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі