Тәтті күйдің атасы Тәттімбет болса керек. Олай дейтініміз, әсем сазды, ырғақты, жүрек қылын шертетін әуен Тәттімбет күйлерінде жатыр ғой. Тәттімбет туралы әлденеше қанатты сөздер, қызық аңыздар елге тарады. Арқада «Тәттімбеттің тәтті күйін, «Сарыжайлаудай» сәтті күйін, «Сылқылдақ», «Былқылдақ» сияқты бапты күйін тыңдамай, көкірек балқып, көңіл жусайма» деген сөз де бар.
Тәттімбет Қазанғапұлы осы күнгі Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданына қарасты Дастар тауының баурайында туып, өскен. Күйшінің әкесі Қазанғап орта дәулетті кісі болыпты. Жастай ән-күйге бейім өскен Тәттімбет ел арасында қадірлі, өнерлі жігіт болып өседі. Өнерлі адамды сыйлау, еркелету кеңшілігіне қолы жеткен Тәттімбет ин-күйдің қызығына беріліп, домбыраны алуан нақышпен тартатын, халық көңілін сергітіп, күй өрнегін молайтуды мақсат етеді.
Тәттімбет 1817 жыл шамасында туып, 1862 жылы дүниеден қайтқан адам. Осы жасының ішінде оның аты кеңінен мәлім болды. Оның «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Көкейкесті», «Қосбасардың» бірнеше түрі, «Алшағыр», «Көш жинаған», «Терісқақпай» сияқты күйлері домбырашылардың сүйіп тартып, тыңдаушыларын сүйсіндіретін көңіл күйіне айналды. Тәттімбеттің күйді кімнен үлгі алып тартқанын, күйшілік өнеріне берілуіне не нәрсенің түрткі болғанын ешкім талдап айта алмайды. Ұлы өнердің ізі суымайды ғой. Тәттімбеттің кейбір күйлерінің тартылу тарихын ел аңыз етіп айтады.
Тәттімбеттің жас жігіт кезінде бір үлкен жұт болып, үйірлі жылқының күйі кетіп, ел қатты қысылады. Ондай кезде елдің беделді азаматы атқа мініп, мал паналар қоныс іздеп, жер шолады, жекжат іздейді. Осы қысылшаң кезінде «Ақшатау», «Мұзбел» деген Сыбан, Найман мен Тобықты елінің жайлау үстіртінде қар қағым, малға өріс бар дегенді естіп, ел жылқыны сонда көшірмекші болды. Кешті бастап бару сыбағасы өнерлі жас жігіт Тәттімбетке тиеді. Тәттекең жолдағы елдің Қағылдан деген өрістеріне жая жылқысын жылжыта түнетіп, Ақшатауға жетіп қосын тіккізеді. Булардан бұрын барып жылқы қыстатын жатқан Тобықты, Сыбан елдерінің қосымен қанаттасып, жылқысын өрістетеді. Сол жолында бір адырдың алқабында отырған екі үйге кез болады. Кешкілік уақыт екен, ат басын тірегенде екі үйдің үлкендеу біреуінен домбыраның үні естіледі. Оған онша мән бере қоймайды. Ішке кіріп жайғасқан соң, алдымен көзге түскені бойжеткен қыз болды. Сүйекті төсек ағашқа сүйеулі бетіне айна салған домбыраны көреді. Біраздан кейін қонақтар далаға шығып, үйге қайта кіреді. Бағанағы бойжеткен қыз Тәттімбет тартқан домбыраны алып, тартып отыр екен. Күйдің аяғын бітірер бітірместен қайтадан құлақ күйін бұрап орнына қояды. Қыздың домбырашы күйші екенін байқаған Тәттімбет енді қыздың күй тартатын енерін анықтап білгісі келеді. Алып қараса, домбыра Тәттімбеттің өзі тартатын «Қосбасардың» құлақ күйінде бұрап тартады. Үй-іші күйшінің шебер қағып, шешілте сөйлеткен күйін құмарта тыңдайды. Тарта түссе екен деп алғыс айтып, көтермелей түседі.Бірақ Тәттімбет аса шешіліп кетпей тартыншақтап:
— Біздікі құр ермек қой, қарындастың қолы жатық көрінеді. — деп домбыраны қызға ұсынады.
— Қонақ кәдеңіз бар ғой, сіз тартыңыз. Біз от басындағы адамбыз ғой, — деп қыз домбыраға ұмтыла қоймайды. Қыздың әкесі:
— Шырағым Тәттіжан, біздің бала орынды айтты-ау деймін, қонақ кәде дегеннің орны бар сөз ғой, — деп Тәттімбеттің тартқанын қалайды.
— «Ауылдың алты ауызы» деген де жол бар ғой деп, Тәттімбеттің жолдасы сөзге араласып, домбыраны қызға ұсынады. Қыз домбыраны алып «Азамат»,«Қожа», «Ерке атан», «Бұлаң жігіт» күйлерін тартады. Қыздың домбыраға шебер екенін сезіп отырған Тәттімбет кезегімен қыз ұсынған домбыраны алып «Сылқылдақ», «Сарыжайлау» тағы бірнеше күй тартады. Екі домбырашы кезекпе-кезек домбыра тартып, мәжіліс қызады. Ауыл адамдары жиналады. Қыз бен жігіт бірінен-бірі шеберлік асыра алмай тоқталады.
Екі күйшінің домбырасына қызыққан жұрт ертеңіне тағы жиналып, қонақтарды жібермей отырып алады. Екі күйші кезек тартысып, бірінен-бірі өнер асыра алмай, көпке дейін тағы кезектеседі. Тәттімбет өзі ертеден тартқан «Сарыжайлау», «Балбырауын», «Қара атты» мен «Торы атты», «Ақсақ құлан», «Кетбұғаның толғауы» сияқты ескі күйлердің бәрі тіріліп, ел құлағына тиеді. Біраздан кейін қонақ пен ауыл жұртшы көбейіп қызған кезде Тәттімбет өзгеше өнер бастайды. Ол домбыраның тиегін алып тастап, құлағын босаңдау бұрап, саусағының іш жағымен домбыраның шегін былқылдата тартады. Домбыраның шегінен баяу да сырлы өзгеше бір күй сызылып шығады. Қағып, шертіп тартқан емес, мына күйдің тартылу үні басқаша бір жайлы әсер етеді.
Қыздың әкесі: — Шырағым, мына күйің былқылдап ішке кіріп барады, аты не деген күй? — деп сұрайды.
— Ақсақал, бұл күйдің атын өзім де қоя алмай жүр едім, сіз таптыңыз, мұның аты «Былқылдақ» болды ғой, — депті.
Отырған ел: «Ақсақал дұрыс айтты»,-деп, бірауыздан күй аты «Былқылдақ» деп гулесіпті. Кезегі келіп, домбыраны ұсынғанда қыз:
— Мен тоқтадым. Мен бұлай күй тартып көрген жоқ едім.менен жол алыңыз, — деп Тәттімбеттің иығына жібек шапан жауып, ат мінгізіпті. Міне, осыдан Тәттімбеттің алыстағы Найман еліне, мына жағы Сырға дейін атағы шығып, күй тарайды.
Тәттімбеттің күйін өз туысқандарынан ұстағаны Жақсымбет деген інісі екен. Жақсымбет күйді өнер көріп, кәсіп етпеген, тек үйінде, мәжілісте ғана тартатын болған.
Тәттекең жайында ел аузында сақталған бір аңызды жоғарыда сөз еттік. Енді менің өзімнің сол дарынды күйші өміріне қызыға, ол кісі жайлы ел аузынан естігенімді ескеріп жаза жүруіме ең басты себеп — Әріп Тәңірбергеновтың Тәттімбет жайлы өлеңін «Біржан-Сара» айтысынан оқығаным.
Мен Семей қаласындағы орыс мектебінде оқығанда Ғүмар Жүнісов деген бала бірге оқыды. Ол баланың үйіне демалыста, кейде оқудан ерте шыққанда бірге барып жүретін едім. Ол үйдің біздің ауылмен сүйек жақындықтары да болатын. Ғұмардың әкесінің інісі Бәукіш деген кісі бер жебей айдап кәсіп ететін. Бір күні Ғүмармен сол үйге келсем, Әукіш үйінде екен. Ат жекпеген күні болса керек. Төсек тапшанының үстіне шынтақтап жантайып домбыра тартып отырады. Байқасам, домбырасында тиек жоқ, бір әдемі қоңыр күйді сызылтады. Азды-көпті домбырадан хабарым бар, тиек болмай күй тартқанды тамаша көріп біраз отырдым.
Бұл кісінің үйінде бұрын болғандарымда бұлайша күй тартқанын көрмеп едім. Ал мына тартысы бір ерекше жаңа түр. Сонан күй сырына қызығып, ол кісіден домбыраның шегіне тиек салмай тарту әдісінен әңгіме сұрадым. Сөзге сараңдау кісі еді, дегенмен, сол күні өзі көңілді отыр екен, домбырасын тартып отырып сөз бастады:
— Біздің үлкен шешеміз Малқара Тұрпан қызы Абайдың шешесі Ұлжанның апасы болатын. Сол кісі домбырашы, күй тартатын еді. Мен кішкене күнімде сол шешемнің бауырында болдым. Мені алдына алып отырып осы күйді тартып, менің кішкене саусақтарымды бірге шерттіретін-ді. Онда күйді ұғып тартқаным жоқ. Әжемнің саусағымен қолымды жүгірткенімді қызық көретінмін. Сол әжем мен естияр болғанша домбыра тартуын тастамады. Сондағы өзінің аса сүйіп тартатыны Тәттекеңнің күйлері еді. Мына саусақтың ішкі жағымен тартатын күйді «Тәттекемнің былқылдағы» дейтін. Менің де қолыма сол бала күнімнен құлағыма сіңіп, көкірегіме орнаған осы күй оралды. Сонан қолым босаған кезде осыны тартамын.
Сол Әукіш ағайдың тартқан домбырасының дыбысы әлі құлағыма, айтқан әңгімесі де әлі есімде.
Семей қаласының тамақ базарының бір шетінде қымызшылардың шағын-шағын бөлмелері болатын. Ол кездегі қала жатағының бас қосып, әңгіме шертер жерлері осы қымызшылар бөлмелері еді. Осы қымызшылардың бөлмесіне үздіксіз келетін қымызқордың бірі жұпыны киімді, ашаң қоңыр өңді, шошқа сақалды бір қарт адам болатын. Ол кісі келсе болды, қымызшының лебізі өзгеріп:
— Е, Күшеке, келіңіз. Домбыраңызды ала отырыңыз, — деп алдына сары аяққа құйылған қымызды ұсынады. Бұл қымызшыны жұртшылық өз атымен атамай, «Ақиық» дейтін. Өйткені ол қымызын сапырғанда иығына ақ сүлгі орамалды айқара тастап, кеудесін орай шалып отырады.
Күшікбай қымызды сабырлы жұта отырып, домбыраны сайратады. Оның домбырасының үні шығысымен-ақ қымызшының кішкене дүкені адамға лық толы. Өйткені сонау қала Тұрғындарының көпшілігі ұсақ кәсіп, сауда-саттық істейді... Өздері күні кеше қырдан келіп, қала мекендеп, даланың әнін, күйін аңсайды. Ол кезде бүгінгідей сайрап тұрған радио, ойнап тұрған магнитофон жоқ. Жан азығы ән мен күйге құштарлар әрі қымызға сусындап, әрі асқақ күйшінің домбырасының үніне ұйиды.
Күшікбай ел бас қоса бастаса, күйді екіленіп тартады. Тартқанда ол әрбір күйдің атына сай өзекті сарын шертеді. Күйді бастағанда Алшағырдың ащы күйінен күмбірлете бастап, Тәттімбет күйлеріне көшеді. Алдымен «Сылқылдақты» бір сыдыртып алып, «Көш жинаған», «Көкейтесті» күйлерін безектетеді. «Тәттекеңнің күйінің бәрін тартып бітіре аламын ба, мына бір күйді де тыңдаңдар», деп, «Жекеннің желпуі» деген күйін құйқылжытады. Оны тартқанда өзінің далбаланған шапанын серпіп тастап желпінеді. Оның әңгімесін қысқалап айтып: «Жекен деген қыздың ұзатылып бара жатып тартқаны екен», дейді. «Бозайғыр» күйін бір аңыратып тастап, «қалмақтың, қазақтың қара жорғалары» деген күйлеріне көшетін еді. Тәттекеңнің күйлерін Семей халқының құлағына кеп сіңірген осы Күшікбай күйші еді. Ол кісі біздің өнер ізін зерттеушілерінің қолына түспей, 20-30 жылдардың аралығында дүниеден қайтқан адам.
Күшікбайдың туысы Октябрь революциясына дейін Қарқаралы уезі, Абралы болысына қарасты, «Қанбар» деп аталатын атаның ұрпағы. Күшікбайдың жастық өмірі Жаманбай ауылының маңында болған деген мәлімет бар. Ол күйшілік өнері де сол төре ауылының әнші, күйшілерінен үйреніп бастаған. Тәттекеңнің күйлерін сол кездегі күй таратушылардан үйреніп, жоқтықпен Семей қаласын жағалағанда ала барғанын айтады көне сөзді көп терген Жақсылық Төленов қария.
Тәттімбет күйінің ерте кезде тағы бір құлағыма тигені — 1914 жылы жазда, оқудан демалысқа шығып, ауылға келгенімде. Мен келгенде әкем бар, ауыл адамдары Қоянды жәрмеңкесіне баруға қамданып жатыр екен. Мен де әкеммен еріп сол жәрмеңкеге жүрдім. Жәрмеңкеге бекет жолымен жүрмей, ел ішімен, Қоянды жәрмеңкесіне жанай барып жайлайтын Ақбота, Дастар, Тар болысына қарасты шонжар елдерінің ішімен жүрдік. Түңлік өзенінің бойына жаңа қонған бір ауылға келдік. Ауыл шетінен жолыққан бір адамнан әкем жөн сұрап еді: «Бұл кеше келіп қонған Тәттекең ауылдары» деді. Әкем сол кісіден Қысатай ауылын сұрап алып, солай жүрді.
Көшпелі елдің салтындағы жаппалы ауылға келіп ат басын тірегенде, бір жас жігіт келіп сәлем беріп, аттан әкемді түсіріп, ауыл жөнін айтты. Үлкен ақ жаппа Қысатай ақсақалдың үйі екен, тура соған бастап алып жүрді. Сәлем беріп кірген әкем бастаған бізді жаппаның төрінен орын беріп, сыйлап қабылдады. Дөңгелек қараторы өңіне әжім іздері сызат салған қой көзді, дөңгелек буырыл сақалды кісі әкемді тани:
— Е, Жұртекемнің кенже жиені Ысқақ екенсің ғой, төрлет, — деп өте жылы ажармен ізет көрсетті. Сәлемдесіп, амандық, жай-күй сұралып біраз отырыстан кейін қымыз сапырылды. Қымыз кезінде ауыл адамдары да бас қосып, әңгіме басталып, сөзден сөз туып, біраздан соң әңгіме Тәттекең жайын көшіп, ол кісінің қай күйді қай жағдайда тартқаны сөз болды. Мен әкемді «ағеке» деуші едім. Бір әредікте «ағеке, ана кісі нағашысының күйін тартатын шығар, сұраңызшы» дедім. Өзі де сұрағысы келіп отыр екен әкем:
— Қысеке, мына жиеншарыңыз сізден үлкен нағашысының күйін білетін болар, тартпас па екен, деп маған сыбырлайды: Егер орында көріп, қабылдасаңыз, ана домбыраңыздың үнін естісек — деп тілек айтты.
— Ә, жиеншардың тілегі болса, сыйымды қолқа, жиендігіне қабылдансын, ал нағашы атасының өзім білетін бір күйін тартып берейін, — деп, «Қосбасар» деген күйін әдемілеп тұрып тартты. Осы күйді аяқтап, домбыраны жүкаяққа сүйей салды. Біздің Исатай деген кенже ініміз болды. Әкемнің өнер мұрасын ұстаған сол еді. Арман не, көп жасай алмады. Ерте өліп қалды. Ол кісінің күй өнерін өз туыстарынан құмарта қуған әкесі бір, шешесі бөлек Жақсымбет деген інісі болды. Ол оразасын күймен ашады десем, артық айтқан болмаспын, — деп Тәттекеңнің күй тарту жәйінен осындай әңгімелер айтты.
Біздің ауылдың қысқы мекені Дегөлең тауының солтүстік бауырында еді. Сол біздің ауылдан төрт-бес шақырымдай жерде «Садыр ауылы» дейтін үш-төрт үй кедей ауыл болатын. Сол үш-төрт үйдің біреуі Түлкібай деген кісінің үйі. Ауыл арасында біздің бала кезімізде осы Түлкібайдың Есім деген қызын Тәттімбет алыпты. Сол Есім өте есті әйел болыпты. Есімді Тәттімбеттің қалай кездесіп алғаны жайында ел арасында мынадай бір әңгіме айтылған. Оны бала кезімде ел айтуынан ұққаным бар еді.
Тәттімбет бір күні жолы түсіп Дегелең тауының солтүстік бөктерімен кештетіп келе жатады. Қараша айының аяқ кезі болса керек. Күн бұрқақтап.қара жаңбырдың арты қарға айналып, ымырт жабылып, алдағы барамыз деген кең кезеңдегі ауылға әлі біраз жер бар. Сол кезде тау алқабының бір сайындағы ауылдың оты көрінеді. Мына түнде жауын мынау, несіне ел іздейміз, осы ауылға барайық десіп, от көрінген ауылға келеді.
Ауыл жұпыны, тәпиген жас қорашық, шеткі үйге келіп ат басын тартқанда, абалаған ит дыбысынан өлең алған үй иесі шығады. Сәлем беріп, қонақлсайлылық ізет көрсетеді. Аттан түсіріп, үй иесінің бастауымен шағын да аласа тас қораның төріндегі бөлмеге келіп кіреді. Ала көлеңке қазандық отының жарығымен төрлете отырысып, амандық сұрасып тіл қатысады. Жөн айтыса келгенде, қонарғының Тәттімбет екенін біліп үй иесі:
— Шырағым, Тәтіжан, «жорықтыда жау келмейді, жабдықтыда қонақ келмейді» деген бар еді. Біз мына тас қорамызға кеше ғана көшіп келіп, жылы үйімізге кіре алмай, шошала үйімізде ұры-қарыдан сақтанып, бірді-екілі сиырымызды да осында байлап отыр едік. Айыпқа қоя көрме, — деп өтініш айтып, бір тоқтысын сойып, барымен күтеді.
Ет жеп, сорпа ішіп болған қонақтарға қол сүртер орамал берілмейді. Тәттімбеттің жолдасы:
— Уа, жеңгесі, қолдың майын сүртер майлық жоқ па? — дейді.
— Қонағым, орамалымыз жоқ еді, қолыңыздың майын қасыңыздағы сиырдың үстіне сүрте салыңыз, — депті үй иесі әйел.
— Жеңгесі, майлық сиырыңыз қайсысы, сулық сиырыңыз қайсысы еді, — деп Тәттекең күле сұрапты. Әйел сөз таба алмай бөгеліп қалғанда қызы:
— Екі сиырдың да сауыр жағы майлық, жауырын жағы сулық, — депті. Қыздың шешесі бөгеліп қалғанда жұлып алғандай айтқан жауабына сүйсініп Тәттекең:
— Оны қалай белгілеп қойғансыңдар? — депті.
— Қонақ ағай, сиырдың жатқанында екі саны жер иіскеп, жауырыны көк иіскеп жататынын көрген жоқ па едіңіздер? Ал сиырлар таңертең тұрысымен жаланып, таранады. Сондықтан сиырларымыздың жауырыны жотасы тарақтаулы таза жүреді де, сауыры мен саны сағалданып тұрады. Осыдан барып өзіміздің сиырымыздың жауырын жағын сулық, сауыр, сан жағын майлық етуші едік, — депті.
Тәттімбеттің осы келіп қонған үйі Түлкібай дейтін еті тірі кедейлеу адамның үйі екен. Әкесі мен шешесінің атауынан қыздың атының Есім екенін ұғып, Тәттімбет Есімнің тапқыр сөздеріне ерекше сүйсінеді. Тәттімбеттің осының аз алдында әйелі қайтыс болып, өзіне серік болар адамды қарастырып жүрген кезі болады. Ойламаған жерден жұпыны, атағы жоқ үйдің отының басынан кездесіп, қыздың сөз тапқыш, есті, көрікті сипатына құлай ынтызар болған Тәттімбет бірден құдалық сөйлесуді ретсіз көріп, Түлкібайдың ағайындарынан жөн білер адамды іздестіріп, белгілі ел адамы' Қойшыбайды табады. Түлкібай Қойшыбайға жақын ағайын екен. Өзінің ойда жоқта кездесіп, көңілі ауған, отының басын жаңғырту, иесіз тұрған үйіне жан кіргізу жәйін жеткізе айтатын адамын сайлап жібереді.
Түлкібай бұрыннан жақсы білетін әрі замандас, әрі үзеңгілес адамы Қойшыбайды ықыласты қабылдап:
— Тәттімбетке айт, сөз салып отырған сырын түйдім. Кімді қайын етемін дегені ғой, өзі олқыланбаса, біз зорсынбаймыз. Ұзатып алуға дайындала берсін. Менің айтарым, біздің қызды ұнатса, ол сырын домбыраның шегінен естірміз, — дейді.
Содан Тәттекең Есімді айттырып алады. Есім жас та болса, ауылға бас бола білген.Тәттімбеттің өз болжауындай, ордасына ұйтқы, балаларына ақ жарқын ана болады. Тәттімбеттің ойлағаны орнынан шығып, Есімнің елге танылып қалған кезінде әдейі, арнайы бола ма, әйтеуір Қойшыбай келеді.
Жайласа отырған кезде Тәттімбет:
— Өзіңді күтіп жүр едім. Ал тыңдай бер, — деп бір әсем күй тартады. Күй баяулай шығып, құйқылжи ырғалып, жүректі тербеп көкей сыңғырын елестетеді. Күйді аяқтап, Тәттімбет домбырасын жүкке сүйей бергенде:
— Тәттімбет, бұл күйді біздің Есімге арнадың ба, жоқ бұрыннан тартылып жүрген бе еді? — депті Қойшыбай күй әуеніне толқып.
— Оны мына қарындасыңыз айтсын, — дейді Тәттімбет қымыз сапырып отырған Есімге қарап.
— Күй тиегі қарындасыма болса, ер тиегі де алыста болмаса екен, — деп шешен Қойшыбай шаттана күліпті.
— Ағай, мырза күнде көңілі түссе, бірнеше күй тартып, өзі демалыс етеді. Әсіресе бір жиынға барып қайтқанда, не бір ел арасының айтыс-тартысын шешкенде осы бір күйді шертіп, «әлі де жетілдіре түсу керек екен», деп, домбырасын сүйеп қойып, маған ойлана қарап отырғаны есімде. Шынында, мырзаның бұл күйі көп тартылмаған еді, — депті.
— Күйдің көкейге қонып тұрған көңілді сыры бар-ау, сірә, — деп Қойшыбай Тәттімбетке әзілдей қарапты.
— Әй, Қойшыбай, сенің аузыңа сөз қалтарыста қайдан орала кетеді. Менің өзім бұл күйді «Көкейтесті» деп атамақшы едім. Сені соны естіп қойғандай «көкейге қонып түр» деп қостай кеттің, — деп күліпті.
— Тәттекеңнің «Көкейкесті» деген күйі сүйікті жары Есімге арналған екен дегенді ел аузынан де, ауылдастарынан да естіген едім.
Тәттекең Арқа жерінен кен іздеушілерге жетекші әрі басшы болғаны архив қоймаларынан барлық дәлелімен табылып отыр. Бұдан Тәттекеңнің тек күй өнерінің данасы емес, жаратылыс тануда да ерекше сезімтал болған адам екенін көреміз. Осы 1974 жылғы 6 апрельдегі «Вечерняя Алма-ата» газетіне Н.Торский деген инженер Тәттімбеттің өзінің Арқа алқабындағы кендердің көзін ашып, қазына табуға Омбы генерал-губернаторына 1856 жылы жазған өтінішіне, оған Ресей қазына министрі рұқсат етіп, көмекші кенші инженерлерді ұйымдастыру ісін қолға алғанын архивтен тауып жазды. Торский Тәттекеңді «ақын және қазақта бірінші кенші» деп жазды. Тәттекеңнің күйшіл өнерін ақындық деп топшылап айтылғаннан алып отыр ғой. Тәттекең ақындық жолмен айтқан өлең-жыры болмаған кісі. Ал сезімтал ерекше талантымен кен ұшығы бар жерлерді дәл тауып, оның ашылуына басшылық еткен тапқырлығы дәл айтылған.
Қазақ халқының ән, күй өнері қолға алынып, зерттеле бастаған кезде Орталық Қазақстандағы ел аузында сақталған күйдің көпшілігі Тәттімбет атына байланысты болып айтылып, сұрастыра бастады. Соның бала күннен ойда сақталып қалған Тәттекең жайлы әңгімелер маған да қозғау салды.
Сол қозғаудың ықпалымен Тәттекең жайынан біледі деген адамдары іздестіргенде әр жерде жұмыс жаймен мекендеп жүргендердің жобасын тауып алдым. Бұл жағдайда маған дәлелді де орнықты мағлұмат берген Исағұлұлы Ахмет деген кісі болды. Ахмет Исағұлұлы Жақсымбеттің немересі. Ал Жақсымбет Тәттімбеттің кіші шешесінен туған інісі. Ахмет Тәттекең күйлерінің әңгімесін, өмірдегі кейбір елеулі жайларды осы үлкен әкесі Жақсымбеттен естіп ұққан. Жақсымбет көп жасап, мына немересі жігіт болған кезде қайтқан адам көрінеді. Жақсымбеттің өзі аса домбырашы, күй тартқыш кісі екен. Тәттімбеттің көптеген күйлерін домбырашылар Жақсымбеттен үйреніп еді дегенді айтты. Ахмет 1947 жылы әдейі арнайы барып әңгімелескенде, ол кісі үлкен атасы Жақсымбеттің Тәтекеңнің белгілі, өзі арнайы шығарып тартқан күйлерінен басқа «Қара атты мен торы атты», «Тепеңкөк», «Алшағырдың ащы күйі», «Балбырауын», «Кемпір мен қызы» дейтін күйлерді тартатын еді дейді.
Тәттімбет өзі өнер адамдарын өте жақсы көрген, қадір тұтатын. Жеке әншілік, күйшілік өнеріне ағайынның талаптарын үйреткен, баулыған. Тәттімбет көп жасаған адам емес. Бірақ сол аз жасынын, ішінде ерекше өнерімен аты бүкіл қазақ даласының кең өлкесіне таралып, кейде аңыз, әңгімеге айналған.
Тәттекең жайлы бірнеше кітаптар жазса да әңгіме өзегі маржандай тізіліп, құлпыра берер еді. Біз сол асқан өнерлі, күй күмбезіндей асыл, асқар тұлғалы композитор жайлы естіп білгенімізді ғана жаздық.
Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,
Қас жүйрік салсаң өрге өршеленер...
(Халық әнінен)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі