I
Шоқан Петербургтен қайтарында өзімен университетте бір курста оқитын бір орыс жігіті мен ғылыми досы татар ғалымы Файызханов, шығыс департаментінде бірге істейтін Ибрагимов (татар жігіті) бірге жүретін болды. Орыс жігіті Москваның белгілі бір байының баласы. Петербургтың ауа райын көтере алмай, қаны азайып, сырқатқа шалдыққан. Дәрігерлер оған да «сахараға шық, қымыз іш, қойдың жас етін же» деп кеңес берген. Шоқанды тауып тапсырған да солар болған.
Файызхановты Шоқанның өзі үгіттеп, қазақ даласын көріп, ауыз әдебиетін, тұрмыс жайын жаз деп елімен таныстыруға әдейі алып шыққан. Осындай дос жолдастарымен Шоқан Омбыға келіп, онда бірнеше күн достар мәжілісінде болып, Көкшетауға аттанады.
Шоқан Көкшетауда бірнеше күн бөгелді. Жергілікті мекемелердің адамдарымен, қызмет тәртібімен танысты. Сонан әкесі жіберген үш тарантаспен ауылына тартты.
Шоқанның Көкшетаудан аттанып, ауылына қарай шыққанын естіген ел адамдары жүретін жолын тосып, амандасып жүргізбей, қайсыбірі қонаққа шақырып, аяғына оралды.
Шоқан әкесінің ауылына таянғанда алдынан топ-тобымен ел адамдары шығып, қарсы алып, өзіне арнап тігілген үйге әкеліп түсірді. Ақ үй маңында да құжынаған көп халық бірін-бірі кимелеп, Шоқанның қолын алып дидарласуға құштар.
Шоқан алдымен әкесінің құшағына барып кірді. Шыңғыс баласын қапсыра құшақтап, маңдайынан иіскеді. Шоқанын құшып, емірене сүйгелі шыдамсызданып отырған анасы Зейнеп Шоқан өзіне қарай бұрыла бергенде:
— Келші жаным, Шоқаным, тұла бойы тұңғышым, жан сәулем, — деп зарыға құштарлана құшақтап көзінен мөлтілдете жас төгіп, маңдайынан, бетінен кезекпе-кезек сүйіп әрең дегенде мауқын басты. Шолжың сөйлейтін майда, нәзік үнімен:
— Шоқанжан, зайықтидың ғой, неге жүдеушің? — деп өкси сөйледі.
— Апеке, келдім ғой, енді сіздерді зарықтырмаймын, — деп, Шоқан біраз отырып, Петербургтен ертіп келген жолдастарымен ауылын таныстырды. Сонан кейін әке-шешесінен рұқсат алып, өзіне тігілген үйге барды. Шоқан өз үйіне келгенде, үй сыртында күтіп отырған жұрт өре түрегеліп, әлгінде кезек тимегендері амандасты. Шоқанның қасына Петербургтен күтуші болып еріп шыққан татар жігіті анталаған қауымға:
— Төре жолдан қатты шаршап келді. Сіздер біраз іркіліңіздер, мен ол кісіні шешіндірем, киімін жаңалаймын. Менен хабарсыз үйге кірмеңіздер, — деп жариялады.
Келген қонақты реттеп түсіріп жүрген Жақып болатын. Ол біраздан кейін күтушісінің сөзін тыңдамай, Шоқан жатқан ақ үйге кіріп:
— Шоқан аға, сіз шешініп жайлансаңыз, сыртта Орынбай ақын бастаған өнерпаз жас қауым күтіп отыр. Олар амандық айтып, бүгін әнмен, күймен ойын-күлкі жасамақ, — деп өтініш айтты.
— Ол дұрыс болған, келтір, — деп Шоқан рұқсат етті.
Қолына домбырасын ұстай кірген Кермағының Орынбайы өлеңді нөсерлете жөнелді. Шоқанның шақыруымен Петербург қонақтары да ақ үйге келген-ді. Олар бұрын мына сияқты домбырамен құбылта өлең төккен ақын өнерін көрмеген, таңырқай, сүйсіне тыңдауда. Әсіресе қазақ халқының ақындық өнерін алыстан естіп, ауызша тыңдауға мүмкіндігі болмаған Файызхановқа жаңа бір әсем өнер алдынан атой берді. Ақын үйреншікті жаттама өлең емес, Шоқанның аман-есен әке ауылына, ұлы ордасына оралғанын, сонау Қашғар сияқты шалғай ғаламды аралап көргенін әсем теңеулермен құбылта ағызды. Орынбай бірсыпыра құттықтау, шежірелеу өлеңдерін төгіп, тоқталып:
Ендігі кезекті әншіге берелік. Мына жас әнші Төлепберген үнін естілік, — деді.
Иә, ол дұрыс. Әнші үнін де естілік, — деп Шоқан бұрын таныспаған талдырмаш, сұңғақ бойлы, ақ құба жігітке көз тастады. Аз бөгеліңкіреп қобызын сарната ән шырқады. Қобыз үнінің қоңыраулап бастап, әуелете шырқалып кететін жеріне үнін қосқанда, бір ішектен шыққандай егіз әсем үн құбылады. Қазақ әнін көптен естімей сағынған Шоқан Төлепбергенге сүйсіне қарап:
— Құсайын мырза, сіздер қазақ, қырғыз әндері анайы, мәнерсіз деп ойлайтын сияқты едіңіздер. Қалай ұнай ма? Мынау нағыз адамның жан-жүйесін балқытатын ән емес пе? — деп күлді.
— Шоқан мырза, мен ешқашан сіздің халықнның өнерін суккән емеспін. Бұл бір ғажайып саз, тұла бойны тербәтә, — деп шын сүйсінгенін айтты. Төлепберген әні аз тоқталып, Шоқан Орынбай ақыннан Төлепбергеннің жөнін сұрады.
— Шоқан сұлтан, бұл әншінің әкесін өзіңіз біліп те қаларсыз, атақты Тулақ қобызшы. Бұлар бірнеше атадан үзілмеген әнші, күйші. Сырымбеттен қозыкөш жерде «Тораңғұл» деген көл бар. Тулақ қобызшылардың қонысы сонда. Ән мен күйдің қоныстаған шаңырағынан шыққан, — деп Орымбай Төлепбергенді біраз таныстырып өтті.
Шоқан ертеңінде Айғаным ордасына барды. Айғаным шаңырағындағы Ханқожа төренің кешегі шұбырған елдің ішінде болмағаны — Шоқанның өзінің келуін тосқандық еді. Асыл ана, әже орнына келгенде Шоқан халық дәстүрін істеп, анадай жерден жаяулай келіп, есікті өзі ашып кірді. Ерекше жақсы көріп, сүйсіне құрмет тұтатын Ханқожа Шоқанды құшағына алып, құштарлана сүйді. Ана орнының үңірейіп тұрған мұңын да айтты. Шоқанды жолдастарымен қонақ етіп, Шыңғысты, да шақыртып алып әже орнында жақсы мәжіліс жасады. Қобызының үнін, сыбызғысының сазын сағынған Шоқан басқа ешкімге домбыра тартқызбай, тек Ханқожа күйлерін тыңдады. «Қорқыт» күйін, «Балбырауын» күйін, Соймақтың «Сарыөзенін» тыңдап, қазақ елінің көкірегі мен көңілінде сыр мен жыр болып қалған әсем аңызға мейірленді. Әсіресе Ханқожа күйлері Хұсайын Файызхановқа ғажап ұнады. Хұсайын бір әредікте:
— Сізнің тұқымлар бек өнерлі заттан болған. Әрбір адамдарыңызның өзіне хас өнер өзгешелігі бар. Мына сізнің әткәңіз сахаруи халық ішінде бек мәдениетлі икән, — деп тоқтады.
Осы топта отырған Сал ақсақал:
— Бұл тұқымға бәрі қонған. Батыры да бар, өнерпазы да бар, — деп қарқылдай күлді. Осы бір өзге жауап қайтарып Шыңғыс:
— Иә, біздің Сал ақсақал дұрыс айтады. Батырымыз да бар, тентегіміз де бар. Өнер Ханқожада. Азды-көпті бақ бізде. Ата орнын күңірентпей жүріп жатырмыз, — деп күлді.
II
Шоқандар біраз дем алып тынықты. Петербургтен сахара сайранын сатынып келген Шоқан жолдастарымен салт ат мініп, күндіз ылғи дала серуенінде болады. Бірақ, сапырылысып келіп кеткен елдің аясы үзілмей, көбінесе босатпады.
Шоқан сапырылған қымыз, сайраған ақын, әнші мәжілісінде отырып, петербургтық қонақтарына:
— Қонақ мырзалар, ертең ұйқыларыңыз ерте бұзылады. Ауыл көшеді. Жаңа жерге қонады. Үй тігесіңдер, — деп күлді.
— Үйні тіккені қалай? Біз ни ішләйміз, Шоқан Шыңғысович, бізге үйрәт. — Тағы да біраз отырып, үйдің шаңырағына, керегелеріне қарап:— Мына үйні қалай куәрәләр? — деді Файызханов.
— Бәрін де ертең көресіңдер. Тек жігіттер, қыз-келіншектер көрсеткен жұмысқа дайын болыңдар! — деп Шоқан қонақтарының сұрағын дауалатты.
Шоқанның ұйқысы қануын күттіріп, Шыңғыс алдымен өзінің ауылын көшірді. Өздері барып жайланғаннан кейін Шоқанға тігілген ақ үйді көшіретін адамдарды жіберді. Он қанат ақ үйдің ішіне ұсталған жібек кілем, қалы бауларды босатып, жылпың жігіттер, жинақы сылаң келіншек, қыздар ойнақы қимылдайды. Тізерлей шөгерілген атпалы атандарға үйдің туырлық, үзіктерін, түндігін қомдап, қызылды-жасылды боялған жүнмен шымдап оралған әдемі шилерді бүктеп, шиыршықтап әкеліп артып, қыз-келіншектердің қолдары қолдарына жұқпайды. Көшпелі елдің жастарының мына қимылдарына петербургтықтар таңдана қарайды. Бір ғажап болғаны — ақ үйдің сырлы есігін шешіп, алып алшайған керегенің кең ашылған аңғарынан салт атпен қолына бақан алған екі жігіт кіріп, шаңырақтың күлдіреуішінен тіреп, екі жерден ерсілі-қарсылы тұра қалды. Осы сәтте дайын тұрған қыз-келіншектер уықтың бауларын сыпылдата шешіп, шаңырақтан ағытып алып, жерге қатарлап жинай бастады. Бір-ақ сәтте тіреп тұрған уықтар топ-топ болып буылды да, шаңырақ баяу төмендетіліп, жаяу тосып тұрған жігіттердің қолына берілді. Керегелер таңғыш, шандуынан шешіліп, олар да тарбиған қанаттарын жинап, жалпақ, тақтайға ұқсап ыңғайлана қалды. Осы бір үйді жыққан тамашасын көріп таңданып тұрған Файызханов:
— Шоқан Шыңғысович, мен ойлаған едім, нишік жинайлар деп мынау кибиткәні, алай исә бик шибәр жиялар, — деп осыны отыра қалып қойын дәптеріне жаза бастады.
— Инді, анық тіккәнін дә курәбіз, — деп Файызханов үйінің жығу, тігу тетігін қадағалап білгісі келді.
Шоқандар өздеріне ерттеліп қойған аттарына мініп, жаңа жұртқа тартты. Ақ үйді артқан салтанатты көш осылармен қатарласа жүрді. Алдыңғы ақ бас сары атанға отырғызған Шоқан үйінің орындық, столдарының үстінен асыра жапқан түрлі түсті жібек кілемнің шашақтары жерге жете шұбатылады. Анадайдан қарағанда әлдебір әсем дүние иіріле сорайған түйенің мойнымен жылжып бара жатқан тәрізденеді. Алдыңғы нар бас атанның бұйдасын қолына алып, сүліктей қара жорғаның үстінде, күмістеген ер-тоқымның жүген-құйысқанын, үзеңгі-таралтысын жарқылдата толықси отырған ақ құба келіншектің реңі күн көзінде бал-бұл жанады. Сол сұлудың ақ торғын желегінің шашағы желбірей үйілгенде, бар әлем сұлулығы қара жорғаның томағадай сауырында дөңгелегендей болады.
Орда үйінен біраз жер оңашалай шөгерілген көш түйелерінен ақ үйдің сүйегі, жүгі түсіріліп, бағанағы жылпос қауым үй тігуге кірісті. Алдымен он қанат керегенің қоспасын біріне бірін қиюластыра таңғышпен шандып жіберіп, шаңырақты көтеруге кірісті. Бұл жолы кереге ішіне бағанағыдай атпен кірген жоқ. Екі жігіт жайған керегенің ортасынан екі жүк аяқ қойып, соған шығып шаңырақты ұзын қайың бақанға отырғызып алып, аспандата көтерді. Осы сәтте төрт жігіт белсене келіп, келіншектер қолдарынан берген уықты шаңыраққа ат үстінен шаншып, қыз-келіншектердің кереге басына байлауына тастап сыпылдатты. Уықтар лезде қатарлана шаншылып, шаңырақ орныққан кезде келіншектер уықты өздері шаншып байлай бастады. Осы бір кейінгі үй тігу жайын Файызханов Тақырбастан қайталап сұрап жазды.
Жаңа жұртқа қонып, ауыл еру-жайға ауысқаннан кейін, Шоқанды жолдастарымен Шыңғыс өз ордасына шақырып:
— Шоқанжан, әжеңнің салдырған мешітін көрген де жоқсың. Ол кісі бізге үлкен мұра, өсиет қалдырды. Мына өзің сәлем беріп танысып отырған ақсүйек пайғамбар әулеті Қожа. Осы кісі — қазіргі имамымыз. Бүрсігүні құрман айты, сол мешітке барып намаз оқылады. Халықты мешітке жиналсын деп хабарладық. Сол айт күні әжең басына да, мешітіне де баруың керек. Халық сыйлауға қарсы болмассың, болмассың, — деп Шыңғыс өзін ара-тұра қайталап дыбдырлата айтатын әдетімен Шоқанға көп көзінше өз хабарын айтты. Көптің көзінше баласына аталық әмірмен ана аруағын көлденең тарта айтқан Шыңғыстың өзіне Шоқан құптағаннан басқа сөз айтқан жоқ.
Ауыл отырған жайлаудан Сырымбеттегі хан ордасы мешіт тұрған жер қозы-көштей ғана еді. Шыңғыстың тапсыруымен мешіт басындағы күзетші үйіне барлық жабдық жеткізіліп, ертеңгі айт дастарқанына ерекше дайындықтар істелді. Имам Қожа, Шыңғыс, Зейнептер қонаға, шәк күні кешке, мешіт басында болды. Хан үйінің құрмалдыққа шалатын алты жасар құр өгізі де сол кеште мешіт күзетшісінің үйіне әкеліп байланған.
Айт намазына жиналған жұрттан кешікпе деп тапсырған Шыңғыс өзі бойынша Шоқандар да ерте аттанып ордаға келді. Қара нөпір жиналған қалың жұрт, кірлеген жыртық сәлдесін көкіте ораған соқыр сопылар да көбейіп кеткен. Имам хутбасын аяқтап қалған екен. Шоқандар келіп шеткерірек тұрып тыңдасты. Мына ұйып тыңдап тұрған қалың қауымнан бір пенде ұқпайтын араб тілінде сыдырта оқыған хұтбасын аяқтап, имам Қожа мінбеден түсті. Сонан келіп имамдық істеп халықты екі рәкат намазға жықты.
Ел намаздан шығып мешіт айналасында, бұлақ басына қарай тарай берген мезгілде бажылдаған бір ащы зарлы дауыс естілді. Жолдастарымен қалың топтан шеттей тұрған Шоқандарға қарай басынан қан аққан, үсті-басы алба-жалба, қара сақалды бір адам келе бере етпетінен түсті. Осы сәтте «әкет ананы былай. Не қыл деп масқара болып жүр» деген Жақып даусы да шықты. Жақыптың жанындағы бір жылпос жігіт келе әлгі жығылып, өкіріп жатқан адамды жұлмалай бастап еді:
— Кет былай, — деп жігітке ақырып, — ананы тұрғызып алып кел, — деп Шоқан қасындағы күтуші жігітіне әмір етті. Барып қолынан сүйемелдеп, Шоқанның алдына жете бергенде, әлгі қара сақалды адам, бетінен қан жосыған қалпында: «Алдияр, жас сұлтан» деп тізерлеп отыра кетті. Шоқан қасына таяп келіп:
— Көтер басыңды. Мына айт күні неге мұнша қанға боялып жүрсің? — деп жай салмақпен сұрады.
— Алдияр тақсыр, жас сұлтан, сіздің алдыңызды көріп өлсем арманым жоқ, — деп едім. — Енді арманым жоқ.
— Мына үсті-басыңды қан жауып, қан жылап жүріп арманың жоғы қалай! Кімнен осынша қорлық көрдің, айт именбе, — деп еді, әлгі адам еңкілдеп тағы да жылап жіберді.
— Айтсам да өлем, тақсыр, айтпасам да өлем. Маған осы қорлықты көрсеткен сіздің бөтеніңіз емес...
— Әкем болса да айтшы, не істеді? — деп Шоқан қадала сұрады.
— Айтсам, ана Шепе батыр, жалғыз дөнен өгізім бар еді, соны құрбандыққа шалам деп даладан айдатып алып, айтқа шалып тастады. Артынан іле қуып келіп едім, «өзің де бір егізге мінгесетін сегіз кісінің бірі боласың, сен құдайдың құлы емессің бе, Қожекем айтқан, саған да құрбан шалу парыз. Бізде жасы құрбанға шалуға толған семіз өгіз жоқ екен. Ортамыздан шаламыз, — деді. Мен бермеймін дедім. Өгізге таласып алып кетпек болып едім, өзімді көкала қойдай етіп сойды. Өгізді өз көзімше құрбанға шалды. Көпке топырақ шашам ба, күштіге амалым бар ма. Базарға апарып пұл етем бе деген жалғыз қарам еді, бар қуат қылғаным. Өзіңе осы арызымды айта келдім, — деп солқылдап жылап жіберді.
Шепеге әкесінің әмірі жүрмейтінін білетін Шқан Шыңғысқа сабағат салмастан, қасына Жақыпты шақырып алып:
— Бар, ана Шепе атайдың үлкен баласын ертіп кел, — деді. Жақып барып Шепенің үлкен баласын ертіп келді. Оның жасы Шоқаннан үлкен болатын. Шоқан оған сәлем берді де:
— Менің сізді шақыртқаным, мына бір кедей кірме төленгіттің жалғыз өгізін ана атай айдатып алып, құрбанға шалып тастапты. Өгізіне таласқан бұл сорлыны таяқтап көк ала қойдай етіп сойған. Мына сіздерше мұсылман қауымның ұлы күні мына сияқты үстемдік істеу бір емес, он есе күнә болатын шығар. Оны ана тұрған пайғамбар әулетінен сұрап біліңіздер. Мен сізге Уәлихан тұқымы төре атынан айтпаймын, анау Петербургтағы Азия департаментінің бөлім бастығы қызметім атынан айтам. Мына кісінің өгізінің орнына — ат мінгіз! Үстіндегі жыртылған киімін бүтінде, шапан кигіз! Сақалынан қорық! — деп әмір ете айтты. Шоқанның кейінгі айтқан сөздері аса зілді екенін ұққан төре баласы:
— Құп, ақ патша офицері. Қазір орындалады. Енді бұл кісі сіздің алдыңызға жылап келмейді, — деп Петербургтан келген азаматтардың көзінше Шоқанды патша чиновнигі ретімен сыйлап, әміріне бас иді.
— Ал тұр, мына кісімен еріп бар. Разы етеді. Егер айтқан уәдесін орындамаса, өзіме кел, именбе! — деп Шоқан мөлиіп отырған адамға қайрат бере орнынан тұрғызды. Ішінен: «Мінеки, мешіт пен пайғамбар әулетінің қазақ даласына әкеліп орнатқан әділеттігі мен діні, иманы», — деп налыды.
III
Мешіт басындағы құрбандық тамақтарына Шоқан қараған жоқ. Жолдастарын ертіп, жайлаудағы ауылына келді. Шоқанның бағанағы тапсырмасын алған Шепенің баласы, әкесіне соқпастан өгіз иесін ертіп барып ат мінгізіп, шапан кигізіп разылығын алды. Шоқанның әміріне Шепе тұқымының бас игені сол атырапқа лезде-ақ тарап: «Ойбай, Шоқан төреге патша үлкен шен беріпті. Және оның айтқанын патшаның сөзінен басқа кісі бұза алмайтын көрінеді! Өзге былай тұрсын, анау аға сұлтан Шыңғысыңызды кісі құрлы көрмейтін Шепенің өзіне әмірін жүргізіпті» десіп, неше түрлі алып-қашты қауесет таратып жатты.
Баласына Шоқанның әмір беріп, өгіз иесіне ат бергізіп, шапан жапқызғанын естіп, Шепе жатып долданды. Шыңғысқа кісі жібермек болып еді:
— Әке, сіз ағалығыңызды Шыңғыс атаға істегенмен, Шоқанға ол кісінің әмірі жүрмейді. Өйткені Шоқан балаңыз маған әмір айтқанда, Петербург патшасының атынан айтты. Патша Шоқанға үлкен ерік берген көрінеді. Және ана мұсылман еліне барып қайтқандықтан, шариғат жолын да бізден гөрі көбірек білетін сияқты. Ақы иесінің рұқсатынсыз біреудің малын құрбандыққа шалу он есе ауыр күнә, — деді. — Сіздің қудай жолына шалған құрбандығыңыз қабыл болсын деп ақы иесінің разылығын алдым, — деп баласы Шепені әрең дегенде тоқтатты.
Шоқан үйінің маңы арыз айта келген адамнан мүлде босамайтын болды. Біреу байдан, жуаннан көрген зорлығын айтады. Біреу адал ақысына қолы жетпеген кемшілігін айтады. Біреу қонысынан айрылып, көрген жапасын айтады. Біреулер патша чиновниктерінің елге шыққандарынан көрген қиянат, жеген таяғын айтады. Ең аяғы шаңырақ басы түтіннен алатын шығынның әділетсіз бөлінетінін, атқамінерлердің зұлымдығын арыздайды.
Шоқанның оқу бітіріп, Батыс-Сібір өлкесінің мекемесіне қызметке орналасқаннан бергі қолға алып танысқаны қазақ-қырғыз елдерінің ішкі тәртібі жайында болатын. Сол тәртіптің жайын нақтылы бір жобаға келтіру мақсатымен анау Гасфортпен бірге Жетісу өлкесіне барғанда да, Ыстықкөл қырғыздарына да барғанда да осы жайдан естіген, білгендерін жинақтап, көп көңіл бөлетін.
Әсіресе Россия қол астына қарамай тұрғандағы қазақ халқының атақты билерінің, хандарының билік жобаларымен де танысып көп сұрастырған. Өзінің әкесі, аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың ел ішіндегі айтыс-тартысқа қолданатын жобасын да сұрап, қадағалап талдап отыратын. Нағашы ағасы Мұса Шормановтан да ертедегі халық билерінің билік жобасын сұрап жазып алған еді. Осылардың бәрін қарастырып келгенде қорытары — әлі тәртіпке қойылған дәлді жоба жоқ. Кейбір жағдайда қазақ халқының көне билік жолын қолданса, кей жерде жаңадан кіре бастаған, қожа, молдалар таратып жүрген шариғат жолы қолданылады. Онымен қатар патша үкіметі тарапынан жүргізілетін әкімдік жолы тағы бар. Осы сияқты сан сипатты ел билеу, дау-шар шешу жолы, үнемі күшті, беделді жандардың қолшоқпары, қалай бурам десе, солай қисайта салады. Осы бір түйінді таратып бір ізге түсірер жол табар ма? Мына әділетсіз, жолсыздықтың сойқанынан момын қауым серпілер ме, осыны ойлады.
Шоқан ана Петербургтан елге келгенде, демалыс етіп, әлсіреген саулығын түзетпек еді. Сатынған даласына сайрандамақ еді. Ешкімге әкімшілік жүргізіп, ел арызын тексермек емес еді. Амал жоқ, жылауқор елдің тілегіне құлақ аспауға таты болмайды. Сондықтан ол осы бір тәртіпке келтіруді өте керек етіп отырған жағдайды қағазға түсірді. Батыс-Сібір өлкесінің қазақ-қырғыз елдерінің ішкі тәртібін басқарып отыратын бөліміне өзінің ойын толық етіп жазып жіберді. Әсіресе қырға шыққан әкімдердің тәртіпсіздік істейтінін, заңсыз үкім жүргізіп, патшалы Россия заң-законының бұрмаланатынын көп дәлелдермен келтіріп жазды. Сонымен қатар, жоғарыда айтылған үш тармақ жобаның жайсыз екенін, бір дұрыс жоба алынып, тиянақты жол салыну керектігін ұсынды.
Ана Петербургтан еріп келген бай баласы бірер айда-ақ саулығы түзеліп, құлындай ойнады. Шоқанға арнап шатын қара сабаға жекелеп ашытып, құты қара торсыққа құйылып қоятын қымыздан бірге ішті. Күнде таңертең қазының уілдірігін салып, бір жігітті салт атқа мінгізіп, құты торсықты қанжығасына байлап шайқалтып түсірген қымыздан құныға ішкен жас жігіт лезде семіріп, сауығып кетті. Ол Шоқанға, оның ата-анасына алғысын айта, әкесіне хат жазып, алдырған асыл сыйлықтарын беріп қайтатын болды.
Файызханов та өзінің ерекше ізденген мақсаттарының көп жағдайларын тауып, ауыз әдебиеті, халық, өнері дегеннен құшағы толғанша алып, ол да Петербургқа қайтты.
Шоқан әлі де болса саулығына сене алмай, қысқа шейін аулында болуға шешті..
Әкесінің надан елдің ықпалына түсіп, мына негізсіз дін жолына берілген жайы қатты күйзелтті. Осындай бір күйзеліс кезінде Шоқан өзінің аса сүйікті көретін досы Аполлон Николаевич Майковке хат жазды.
«Аса сүйікті көретін Аполлон Николаевич, мен сізге әлдеқашан хат жазбақ едім. Алдымен сіздің үй-ішіңізге бас иіп құрмет етемін. Сонау бір танысқан күннен бастап ерекше сүйкімділік көрсеткендеріңіз өмірі естен кетер емес. Кеш те болса осы хатты жазып отырмын. Әсіресе сіздер арқылы танысқан Петербургтық жолдастар қандай асыл жандар еді. Мен қазір өзімнің туған елімнің, дос, ағайын туыстың ортасындамын. Бірақ олармен өткізген осы бір күндерімді, қонысы бөлек, туысы басқа асыл жандармен достасып өткізген сағаттарыма теңемеймін. Өз туған-тұқымдасыммен ұғыныса алмай-ақ қоятын түрім бар. Менің әке-шеше, туыстарым есті де, білімді де жандар. Бірақ туған-өскен ортасы — мынау анайы өмірден қорек алған қазақ ортасы. Олар сонау-сонау ата тегінен тұқым қуалаған орынсыз өз шамасынан тысқары кісілік арқалап жүретін тоң мойын қара сенім шырмауындағы жандар. Әсіресе Орта Азияның қанат жайған фанатик мұсылмандық, анау атам заманнан бойына сіңген шамандық, дін қара түнегімен ұштасуда. Осы бір түйін сонау ата салтын қуған таңмойын көнімсіздіктің бір тірегі. Менің «жарлы жақыбайға жәрдем көрсетем, еңбегін қанамаңдар, ол да адам баласы» деп «құл-құтан» атанатын қауымға ара түскенім өз үй-ішіме де ұнамайтын болды. Осындай ұғыныспаған қауым ортасында жалғызсырайсың. Пікірлес достарды сатынасың. Менің өз әке-шешемнің маған деген бір үлкен наразылығы — мені үйлендірмек болды. Оған мен ырық бермедім. Әрине, мен өз ұлтымнан әйел алуға қарсы емеспін, ол кісілердің ойынша мен ақсүйек — хан тұқымымын ғой. Қалайда, мен ақсүйек тұқымына үйленуім керек. Ол кісілердің өздерінше құдаласып маған әпермек қыздары, мына Орынбор даласындағы бір сұлтанның қызы екен. Ал ол қызбен менің тетелес інім танысып, көңіл қосқан жайы бар екен. Оны екеуінің жазысқан хаттарынан көріп білдім. Оған мен қалай үйленбекпін. Содан бас тартқаныма әке-шешем қатты өкпелеп, көргісіз болып алды. «Оқуға бердік, тәрбиелеп өсірдік, еңбегіміз далаға кеткем екен. Бұл орыс болып бұзылып кеткен. Бізге елдігі жоқ» деп мүлде үңіліп қалды. Шешем «емшегімді көкке сауам, сол қызды алмасаң, ақ сүтімді кешпеймін» деп өлердегі өзін айтты. Қайтейін, қыз сырын біле отыра, өз арым көтермейтін орайсыз жайға бара алмадым. Әрине, менің бұл қылығым біздің мына қазақ ішінде мейлінше дінсіздік. Соның бәріне шыдап жүріп жатырмын. Қалай, біздің достар, Достоевскийлер жақсы жайда ма? Олардан көптен хат алғаным жоқ. Оған мен өзім кінәлімін. Өйткені салақсып хат жазу арасын ұзатып алдым. Менің Сібір өлкесінің үкімет басшыларымен қандай жайда екенімді Федор Михайлович жақсы біледі. Мен ол кісіге бір жағдайды жазғанмын. Сібір өлкесінің чиновниктері, біздің халқымызды жан деп санамайды. Бұратана бір нәрсе деп бағалайды. Оған қайдан шыдарсың. Аполлон Николаевич, менің хал-жайым осындай. Менің еңбектерімнен Петербург баспа орындарында басылары бар ма, қарастырсаңыз, мен сізге үлкен алғыс айтар едім. Менің қазақ ертегілерінен, шаман дінінің жайынан жазғандарымды «Отечественных записок» баспасы қабылдамас па екен. Мен сізді өзімсініп, көп міндет тапсыра, бар сырымды ақтара жазып отырмын. Асыра көп айтып мезі етсем, кешірім етерсіз. Сіздің үйдің адамдарына, әсіресе менің кішкене досыма сәлем айтыңыз. Сізді ерекше құрмет тұтушы Уәлиханов».
«Менің адресім — Батыс-Сібір, Петропавл қаласы арқылы, Көкшетау станциясы».
Шоқан осы бір хатты Петербургтық ақын досына ашына жазған. Бұл хатта Шоқанның халық қасіретіне уланған сыры айқын суреттелген. Шоқанның осындай өз ауылы, өз үй-ішімен ұғыныса алмай жүрген шағында Батыс-Сібір өлкесінен бір хат келді. Ол хатта:
«Құрметті Шоқан Шыңғысович, сіздің мына қазақ даласының ішкі тәртібі жайлы ұсынысыңызды алғанбыз. Сол ұсынысты қарастырып, көшпелі дала халқының әкімшілік тәртібі, заң-закон билік жобасы жөнінде ойласуды, соның жобасын жазуды ұйғарып отырмыз. Соған қазақ елінің бұрынғы билерінің билік жобасы жөнінде кеңесші ретінде сізді шақырамыз, мүмкін болса Омбыға келіңіз» деп жазыпты. Мекеме қатынасымен қатар Карл Казимирович те Шоқанның Омбыға келуін, мына келелі істе кеңесші болуын қалап хат жазыпты. Шоқан осы хатты алысымен, кешікпей Омбыға жүріп кетті.
25 мамыр, 1967 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі