Мезгілсіздеу уақытта құс сала кеткен баласы кешігіп келмегенге Зейне түнімен көз ілмеді. Мұндайда жер жобасын біліп іздерлік Серікбай құсбегі де үйде жоқ. Қанай сиыршы қарагеріне мініп біраз жерді қарап таба алмай келді. Зейне түнімен далаға отты жатып, таң атқанша отын сөндірмеді. Бірақ, ол от Қаранай адырының Бақанасқа ойысқан мұрыншақ биігінің тасасына түсіп кеткен Сәтжанға көрінген жоқ. Зейне таң ата айналадағы қарауыл төбелерге шығып, жан-жақты шолды. Бірақ, баласы бұл маңнан да көрінбеді. Ренжіп отырған Зейненің үйіне Бөрібасар кіріп келгенде — «Жеңеше, Сәтжаның келе жатыр» — деген Жанайдың шешесінің даусы саңқ ете түсті. Зейне баласының келуіне дәт қылмай алдынан қарсы жүгірді. Қолында құсы жоқ, болдырған кер құнанды тебініп келе жатқан Сәтжан маған ұрысқалы келеді деп, апасынан қатты қорықты. Бірақ, апасы таяна бергенде:
— Қуатым, Сәтжан-ау, қайда болдың, аман барсың ба? — деп ана лебізімен қарсы алды. Апасының мейірбан жүрегіне еркелене, өзінің құсынан айрылған арманын шаққандай Сәтжан жуасып темен қарады. Баласының мұңайып жасыған түрін көргенде Зейненің жаны ашып кеткендей болды.
— Қуатым, құсың қайда, қайда болдың? — деген сұрағын Зейне еріксіз тағы да айтты.
— Құсымды қашырып алдым, — деп Сәтжан ақырын ғана үн қатты.
— Қарағым-ай, өзің де балалық істедің. Тап күн батарда құс салған құсбегін естіген жоқ едім. Жарайды, өзің аман бол, құс табылар, — деп Зейне баласының көңілін аулай жылы сөз айтты.
— Біздің Жанай да әлі қайтқан жоқ. Соны колхоз есепшісі аудан басына жібермесе игі еді, деп отырмын. Әлде балалық етіп жолда тайынан айрылып қалды ма екен, — деп Жанайдың шешесі сөйлеп кетті.
— Ауданға жіберсе бара келсін, жаңа газеттер әкеледі және мектепке барып оқудың қашан басталатынын біліп қайтады, — деп Сәтжан Жанайдың ауданға барып қайтуын ұнатты.
Жанай колхоз басқармасына келгенде, күн еңкейіп батуға барып қалған болатын. Есепші қағазды алып оқып:
— Атың қалай, жарамды ма? — деді Жанайдың бас-аяғына і өз жүгіртіп.
— Өзімнің тайым, — деді Жанай жауапты лып еткізіп тез айтатын әдетімен.
— Тайың болса, атың мықты екен. Мына қағазды ауданға жеткізіп бер — деп есепші Жанайға үзілді-кесілді бұйыра сөйледі.
Тайын аяғанмен жұмыстың тығыздығын сезген Жанай «жарайды» деді.
Жанай бірсыпыра жердегі ауданға баруға тайын да аяды. Және күн кешкіріп қалды, күн батқанша жете ала ма, жетпей ме. Одан да қорқады. Бірақ, тапсырылған жұмыс өте жауапты. Жанайдың осы ойын есепші біле қойды да:
— Сен бұл түнде ауданға жете алмайсың. Және барғаныңмен кеңседен ешкімді таппайсың. Бүгін жолдағы қой фермасына барып қон. Таңертең ерте апарып бер. Жаңа газеттер әкел, қолыңа берген почтаны қалдырма, — деп есепші жүріс жайын ұғындырып берді.
Жанай қой фермасындағы ауылдан шығып өзен бойын өрлей жүріп келеді. Кеше кештен бері түнерген сұр бұлт таң ата серпілді, күннің көзі алыстан жүдеп жететін әлсіз жылуын жерге сараң ғана жіберіп тұрған тәрізді. Аудан орталығына таянған жердегі өзеннің қалың талдарын жиектей жүретін жолмен келе жатқан Жанай, өзен бойынан көз алмайды. Сәтжанның ителгісі үйрек алғаннан бері Жанай қайда жүрсе де үйрек, қаз сияқты су құстарын көргісі келіп, оны өзінің құсы алатындай қиялдап ойлай беретін. Бүгін де оған жол бойы ермек болып келе жатқан сол ой еді. Өзен бойының иірім қара суларына топ-тобымен түнеген шүрегей аралас сұқсұр үйректер ерсілі-қарсылы ұшып-қонып дуылдап жүр.
Жанай кейде ән шырқап қояды. Ол ауданға жетуге асық. Үйткені көптен көрмеген Нариманға жолығады. Одан жаңа кітап, журнал алады. Жаздайғы көрген-білгенін айтады. Көп ойлармен келе жатқан Жанай аудан орталығының шет жағындағы Нариман үйінің қасына да келіп қалыпты. Қораның сыртқы жағы өзеннің құрғақ арнасы. Арнада жайылып жүрген бір топ тауық қырқылдап қораға қарай зытты. Сол кезде аяқ баулы бір кішкене құс Жанайдың алдынан зу ете түсті. Құс тауықтарға түйіліп келсе де Жанайдан қорғанғандай серпіліп барып қораның кемеріне қонды.
Көз алдында ойда жоқта пайда болған қыран қимылына Жанай таңырқана қызығып атының басын бұрып тура ұмтылды, құс ұшып барып басқа бір қораның төбесіне қонды. Жанайдың көзіне құстың аяғында жүрген аяқбауы жылы ұшырады. Ол құстан онан сайын көз жазғысы келмей, оның барып қонған жеріне таяна жүрді. Құс Жанай таянғанда сескеніп тағы ұшып қайтадан Нариман үйінің сыртындағы биік талға барып қонды.
Бұл құстың қолға үйренгені аяқбауынан да, айнала ұшуынан да белгілі. Әлде осы арадағы біреудің құсы шығар, деп Жанай бір ойланды да, жоқ, осының аяқбауы таныс тәрізді. Біздің Сәтжанның құсы болмасын, деп атынан түсіп Нариманның үйіне құстан тасаланып келді. Сол қораның ығынан құсты бас бағып қарады. Құс ешқайда кетер емес. Ол тайын сол жерге байлап, құсты қолын созып шақырды. Бірақ құры қол шақырғанға құс келмеді. Осы кезде үйінен шыға келген Нариман Жанайды көріп қуанып тура жүгірді.
— Қолыңды шошайтып бүркіт шақырып жүрсің бе? Ол не — деп әзілқой мінезімен Жанайды келе иығынан тартып ойнай бастады.
— Нариман, кішкене тура тур, мына құсты ұсталық. Көрдің бе, аяқбауы бар, — деп Жанай Нариманға құсты көрсетті. Екеуі құсты ұстамақ болып шақырды.
— Сіздің үйде кішкене ет бар ма? Көрсетіп шақырсақ ұстаймыз, — деп Жанай Нариманға құс тілін білетін кісіше сөйледі.
— Ет табылады, — деп Нариман үйіне жүгіріп кіріп кетті де, бір кішкене ет алып шықты. Екеуі құс қонған қораның қасына барып, құсқа қызылды көрсетіп шақырды. Ашыққан ителгі қызыл көрісімен ұшып келіп Жанайдың қолына қонды. Аяқбауынан мықтап ұстап, Жанай құсты айналдыра қарады. Алдымен аяқбауын таныды. Сәтжан осы жаңада ғана құсына аяқбауға Жанайдың ескі былғары белбеуін сұрап алып таққан, Жанай сол белбеуін анық таныды.
Сен өзің құсбегі болыпсың ғой. Мына құсты таныдың ба. Бұл кімнің құсы? Өзі күйкентай ма, немене, — деп Нариман әзілдей бастады.
— Бұл Сәтжанның құсы. Анау күні үйрек алған, — деді Жанай.
— Оның құсы бұл жерге қайдан келеді? Сен шын танып тұрсың ба, жоқ әншейін беталды құсшылымсып тұрсың ба? деп Нариман Жанайдың өзін келеке ете түсті. Бірақ бұрын құс ұстап көрмеген Нариман жем іздеп қылқылдаған ителгіден жасқанып қалды. Нариманның онысын сезе қойған Жанай:
— Ал бәлем, сені алады. Сәтжанды жамандағаныңды біліп тұр, — деп Нариманға өзі құс тілін білетінсіді.
Нариман қалжақтап айтқанымен, сонау Байқошқар қойнауынан Сәтжан құсының келе қоюы көлденең қарағанда қисынсыз еді. Бірақ, кеше кешке Сәтжанның құсы Бақанас өзенін өрлей оңтүстікке тартқан қалың қаздың соңынан кеп ұшты. Еті арықтау, қолбала ителгі қаздардың үстіне шытып одан жоғары көтеріле алмады. Бірақ, қаз қиқуымен аспандап алған ителгі желмен көтеріліп сырғып ұша берді. Әлден уақытта, қаздар қарасынан көз жазып төмендеп қалың талға келіп қонды. Ол осы талды бірнеше рет айнала ұшып, үстінен сүзіп өзіне жем қарап өтті. Бірақ, жем де, жем боларлық кішігірім құс я басқа қоян сияқты аң да кездеспеді.
Жер бетін тұншықтыра басқандай өркештенген қара бұлт төмендеп, түн қоюлана берді. Осы түн қараңғылығында тал бұтасын тұғыр еткен қолбала ителгі де таң атқанша дем алды. Таң лебімен оянған табиғат сыбдыры қанат қақтырғандай, мойнын ішіне алып бұтаққа түнеген ителгі де дүр-дүр сілкінді. Әлден уақытта ұшып шарыққа шықты. Бойын жазып аяқ астынан өзі үйренген ауыл бейнесін көрді. Әзін ұстап жем беріп желпіндірген жандардың қарасы елестеді. Содан айналып шықпай, ашыққан қыран, асыраған қолдан қызыл дәметіп, сол айналадан көп ұзамады. Осы айналсоқта ол Жанайға кездесті.
Жанай ителгіні Нариманның үйіне байлап қойып, почта конторына барды. Көптен көрмеген құрбысынан қалмай Нариман еріп жүрді. Почта беретін жерде Нариманның тәтесі қызмет істейтін, бауырымен бірге келген Жанайды көріп, жылы ұшырай амандасты, қолындағы почталарды алып, колхозға жіберілетін қағаздарды берді.
— Мына қағазды ауылдағы мұғалімге өз қолыңмен тапсыр. Ондағы орта мектепте оқитын балалардың тізімін де тез берсін және өздерін де тез жіберсін, — деп қадағалап тапсырды.
Жанай мен Нариман бір қап хат-хабарлар мен газеттерді алып, Наримандікіне келді. Жанай тайының ер-тоқымын жөндеп, тартпасын қайта байлады. Нариман екеуі қаптағы почтаны теңдеп ердің артына таңды. Содан соң Наримандікінен бір ескі тері қолғап тауып алып, ителгіні байсалды аңшыларша қолына отырғызып байқады. Нариман Жанайды үлкен жолдың бойына дейін шығарып салып, Сәтжанға сәлем айтып үйіне қайтты.
Сәтжан Жанайды асығып күтті. Ол құсымды Жанай ұстап әкелер деп тіпті ойлаған да жоқ. Ол оны жаңа газет, журнал әкеледі және оқудың жайын біліп келеді деп күтулі. Құсынан айрылған, бұзауларын малға өткізген, жолдасы жолаушы жүрген Сәтжанға осы бір күн өте ұзақ тәрізді болып көрінді.
Жанайды асығып күткен Сәтжан үйге кіргеніне аз-ақ, уақыт болған. Әлденеден жүрегі дүрсілдегендей ол үйде де отыра алмай, тағы тысқа шықты. Осы шығуында ол Жанайды көрді. Жанай да ителгіні көтере ұстап Сәтжанға қарсы масаттана жортты.
— Менің құсым, менің құсым, — деп Сәтжан тұра жүгірді.
— Иә, сенің құсың емес, өзім ұстап алдым. Құс өзімдікі, — деп Жанай біле тұрса да Сәтжанға құсты ұстатқысы келмеді.
— Иә, саған аяқ баулап ұстатқан шығар. Кәне, ителгімді берші өзіме, — деп Сәтжан Жанайға жабыса түсті.
«Қалаған сүйіншіңді ал» деп өзіне жалынышты пішінмен сөйлеген Сәтжанның сөзі жүйесін босатып, Жанай кенеттен жайдарыланып кетті.
— Сүйіншімді өзің біліп бер. Мына құсың ауданға менен бұрын барған екен, сол жерде ұстадым. Оқу басталғалы жатыр. Екеумізге де мектепке тез келіңдер, деп жатыр, — деп барлық жаңа хабарын айтып салды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі