Кімге де болсын сабақты өмір береді. Жолды өзі өскен ортасы ашады. Жамбылдың туып өскен елі — Ұлы жүз, оның ішінде Шапырашты. Әрісі Ұлы жүз елінде, берісі Шапырашты елінде қазақтың қара өлеңмен қажасатын қайым айтысы деген өте мол болған. Күні бүгінге дейін анық он-он бес кісі бір жерге бас қосса, әйел-еркек болып айтыспай отырмайды.
Бұл сияқты айтыс тек белгілі ақындардың ғана айтысы емес, қыз, бозбала, жігіт, келіншек қай-қайсысы болсын белгілі ел аузындағы қара өлеңмен қарпыса кетеді. Елдің әдеті болған осы айтысқа заманның өзі қатарлы жасы ретінде Жамбыл да тіпті ерте кіріседі. Жамбыл сол жас күнінен-ақ бір жағынан халықтық қара өлеңге сүйенсе, екінші жағынан өз ойынан қошаметкейлеп өнімді сөз айтқыш, белгілі айтысқыш жігіт болып іріктеледі. Соның өзі Жамбылдың өлеңге үйірлігін де, ыңғайын да өсіре түседі.
Осымен қатар Ұлы жүз елін Қоқан бегі билеген кездедің туы өте жоғары көтерілген, ораза, намаз сияқты діни әрекеттер ете елеулі орын алады. Соның әсерінен Ұлы жүз ақындарына үлкен дәстүр болған ораза кезінде жарапазан айту болады. Жарапазанды пайғамбар, сахабалар айтқан, оны айту үлкен сауап әрі дінге құрмет деген ұғым ел ішінде өте күшті болған. Оны айтушыларға айрықша мырзалық көрсететін байларда әдет болған.
Ұлы жүз ішінде жарапазаншыға тек астық, ақша ғана емес, ат, түйе, қой, қозы беру сияқты үлкен табыстар бар болған. Сондықтан жарапазан тек дін жайлы емес, малды бай кісі, аталы кісі арғы-бергісінен қозғап мақтау жайынан, үлкен кесек жыр айтып өзекті сөз айтуға шеберлендіріп безендіреді. Өткір сезге жаттығады. Албырт жаңа есіп келе жатқан Жамбыл бойындағы өнерді басқара алмай жүрген кезінде, ел аралап өлең айтуды жарапазаннан бастайды.
Жамбыл жарапазан жырын тек көп бергенді мақтап, аз бергенді жерлеп айтудан гөрі, бір жағынан күлдіргі, өткір сөзімен мәжіліс ете жүреді. Оның үстіне өз елінің ортасына сол кезде ете қызықты болған Сүйінбайдың Тезекке барғандағы шайқасу өлеңі, қырғыздың ақыны Қатаған ақынмен айтысқаны сияқты өзекті жырларды да айта жүреді.
Жамбыл осы жарапазан айтып жүріп, өзі бір тосқан Сүйінбай ақынның үйіне келіп жарапазан айтады. Ол жөнінде Сүйінбай жайындағы бөлімде кеңірек айтылады.
Осы сияқты өлеңге бет алып, жарапазан, той-томалақтың айтысы тойбастарын айтып жүрген кезінде, Жамбыл жырына жол ашардай өз басынан бір әсерлі үлкен уақиға кешеді. Ол уақиға: ел жайлауда отырғанда, бір ауылда той болады, ол тойға Шапырашты елінің бәрі келеді, жігіт - желең, қыз-келіншек бас қосып айтыс, көкпар, көп тамаша болады. Осы тойда Жамбыл Қыдырма қызы Бұрым сұлумен кездесіп танысады.
Қыз Жамбылға өзінің күйеуін менсінбейтінін айтып, Жамбылмен көңіл қосып жолдас болуға сөз береді. Артынан ретін тауып қызбен кездесіп, алып қашатын жағдай іздеп, жайлауда қисын таба алмайды. Ел жайлаудан бауырға күздеуге көшкенде, қызды Жамбыл алып қашады. Алып қашқанда өз үйіне әкелмей, Сарыбайдың інісі Саржанның үйіне әкеліп тығады. Өзі сыр білдірмей Сарыбайдың үйіне келіп сонда болады. Қыздың төркіні сұрастыра келіп Жамбыл алып қашқанын біліп, Жапаның аулына кісі салады. «Баласы қызымызды алып қашты, қайдан тапса тапсын, болмаса, қолдасамыз ба?» — дейді.
Қыздың төркіні — Айқым, айттырған қайны — Шыбыл, өте бір жуан бай жер болады. Жамбылдың Сарыбай аулында жүргенін біліп, Жамбылдың әкесі үлкен баласы Тәйті және басқа жанкүйер ағайындарын Сарыбайға жібереді. Сарыбайға олар келген соң Жамбылдан сұраса, ол қызды алып қашқаным жоқ деп мойындамайды. Жер түбінен анығын біліп келген Тәйті Сарыбайға қызды Жамбылдың алып қашқанының анық екенін айтып ұғындырған соң, Сарыбай оңашалап сұрайды. Жамбыл шынын айтады.
«Мен бірақ бұл қызды қайтармаймын», — деп көнбей отырып алады. «Қызды қайтармайтын едім, Сарекемнің екі сөзі ой түсірді. Бірі, Екей жаңа ел болып келе жатыр еді, тағы бүлінді ғой. Мына қыздың қайны ұры, қау берік ел еді, айтқанға көнбейді. Екінші, әкеңнің тірнектеп жиған аз дәулетіне кесір қыласың ғой, түтін қалдырмай шауып әкетеді. Өзіңе қалың беріпті ғой. Атаң атастырған қалыңдығыңды ал. Оған тоқтамасаң, осы елді басы бір таңдаған қызды тауып жіп тақ, өзім алып берейін» деді. Оған заман болып кетті ғой, Сарекемнің күшінен аса алмадым ғой, осы сөзден аса алмай, әрең дегенде көндім. Қызды үш тоғыз айыппен қайтарып бердім», — деп, өз аузынан 1944 жылы 12 тамыз күні Жәкең өз үйінде айтты.
Сарыбайдың абыройынан аса алмаған Жамбыл да тоқтайды, қыздың қайын төркіні де тоқтайды. Бірақ Бұрымның арманы жас албырт ақынның жүрегіне үлкен жара салады. Ол көп уақытқа дейін арман уына оралып, өлеңмен, домбырамен көңіл жұбатады. Жамбылдың ақындығының бір кілтін ашқан, ашынып, сөз айтып, мұңлы жүректен күйлі сөз шығартқан осы Бұрым әңгімесі де болады.
«Айрылдым арманменен, қайран Бұрым,
Айдай eд толықсыған аппақ нұрың,
Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын», —
деген арман, өксік өлеңін Жамбыл өмір бойына айтқан тәрізді. Осы арман ақын ойын тереңдетіп, сонымен қатар бұрынғыдан гөрі өрісті ұзарта, өлеңге біржолата бет алуға себеп болған.
Жамбыл Сара деген қызды алып қашып, ала алмай қалыпты деп, 1940 жылы шыққан Жамбыл жайындағы Есмағамбет Смайыл ұлы жазған қысқаша өмірбаянда жазған еді. Ол қағыс естіліп, жаңылыс айтылған көрінеді. Біріншіден, мына жоғарыда өзінің алып қашқан қызын Жәкең Үмбетәлі бәрімізге өзі ауызекі айтты. Екінші, 1944 жылы қыркүйек айында біз Кенен Әзірбаевтың үйіне барып Жәкең жайынан әңгімелесіп отырғанда, Кенен: «Менің алып қашқан қызымды Жәкеңе теліп, Жәкеңнің бір кітабында бүлдіріп қойыпты. Жәкең алып қашқан қыз Сара емес, Сара Нұрбек қызын мен алып қашып, сорым қайнап, қайтарып беріп едім», — деп, өзі бізге ауызша айтты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі