Жамбылдың бұдан кейін атын көтеріп кеткен Сарыбай асындағы жыр болды. Сарыбайға ас бергенде Жамбыл отыздың ішіне кіріп қалған кезі екен (Өмірзақ айтуынан).
Жамбыл әрі ағайын, әрі көтермеші жыршы жігіт ретінде Сарыбайдың інісі Саржанның қасында болады.
Саржан келген елдің көңіл айтуына белгілі боламын деп, қояндай боз аттың жал-құйрығын қызыл бояумен боятып мініпті. Қасында Жамбыл да ақ боз ат мініп жырлапты:
— Үлкен саздың басында
Кіші саздың қасында,
Сарекемнің асында,
Қамбардың қара қысқа атындай,
Мен саламын желіске.
Құйрығымды түйген соң,
Қанатымды сүзген соң,
Жел аударған қаңбақтай,
Сел аударған дөңбектей,
Келді сөйлер кезіме,
Үлкен аға, кіші іні,
Сөйлеп бір енді берейін,
Қос жүйрікті айтайын,
Шапқан сайын үдеген.
Қос сұңқарды айтайын,
Алыстан тоят тілеген, —
деп, Сарыбайды жоқтап жырлаған. Бұлай жоқтау қырғызбен көршілес Ұлы жүз елінде әдет болған. Ас берген адамның жанкүйер жақынының қасында отырып, қаралы үйде отырып келгенге ас берген кісіні жырлап таныстыру. Сүйінбайдың Орманның асында қаралы үйде отырып жоқтағаны, Өмірзақтың Шабданның асында атқа мініп келген елге алдынан шығып жырлағаны сияқты Жамбыл да Сарыбайды Саржанның қасына еріп жоқтайды. Бірақ бұл өлеңнің бәрі сақталмаған. Мына жоғарыдағы кішкене үзіндіні бізге айтқан — «Қызыл әскер» колхозындағы Бейсімбай Сейітұлы.
Жамбылдың ел алдында бір көрінген жері осы болады. Сарыбайдың осы асына Ұлы жүз, қырғыз тегіс шақырылған. Мүмкін, іргелес Садыр, Матай, Қаракерей де шақырылған болар. Бұл асқа Мерке бойынан Ысты руынан шыққан атақты Майкөт ақын келеді. Бұл аста Сүйінбай ақын да бар. Бірақ Сүйінбай ас иесі Сарыбайдың жанкүйері болып, астың үлкен жырын айтуды Жетісу бойындағы Шапырашты, Дулат болып Майкөтке байлайды. Майкөт ұзақ жыр айтады. Бұл жырда Жетісудағы дулат, Шапыраштының сол күндегі елеулі адамдарының бәрін атап, амандасады. Осы ұзақ жырды дәмелі ақындардың бәрі жаттап әкетеді. Соны жаттаушының бірі Жамбыл. Өмірзақ ақын (Жамбылдың замандасы): «Осы жырды Жамбылдан жақсы айтатын кісі жоқ еді», — дейді.
Майкөт осы аста орасан үлкен олжа алады. Оның үстіне әрі жырына разы болған, әрі түбі бірге бәрібір Бәйдібектің баласы, бір жылдан аса жібермей басына үй көтеріп, алдына мал салып, аса құрметтейді. Майкөт осы елде тұрған уақытта Жамбыл Майкөттен көп үлгі алады. Майкөттің айтуынан Шора батырдың жырын ұғып айтады. Бірақ кейіннен Шораны айтушылар көбейген соң, Жамбыл оны айтпай тастап кетеді. Сол сияқты айтпай кеткен жырлары көп шығар.
Осының артынан Жамбыл басынан тағы бір ірі уақиға кездеседі. Бұрымды қайтарып беріп, өзінің айттырып қойған қалыңдығы Момынды алып, бірді-екілі балалы да болып қалады. Бірақ Жамбыл тәуір әйелге көз салып, көңіл аударуын қоймай жүреді. Сүйінбай ақын ерте жас кезінде Кескен кекіл деген бір қызбен көп айтысып, сонан дос болып кетіпті. Кескен кекілдің шешесін Сүйінбай ене есебінде қадірлеп, үнемі барып амандасып қайтады екен. Бірде қыс ішінде Жолбарысты деген жерде отырғанда, Сүйінбай Кескен кекілдің шешесіне амандаса барады, қасына Жамбыл еріп барады. Осы жолы Жамбыл Аманжол қызы (аты белгісіз — ред.) деген сұлу келіншекпен танысады. Келіншек Айқым деген елдің қызы, барған жері Шыбыл деген ел болады. Келіншек күйеуін менсінбейді екен. Жамбылмен сөз байлайды, ел жайлауға бара алып қашпақ болады.
Жаз шығып Құмның, Қопаның бойын қыстаған ел көтеріле жайлауға қарай көшкенде, Шыбыл руы да жайлауға көшеді. Осы күнгі «Кағанович», «Куйбышев» колхоздары отырған Төңірек, Құршын деген жерге Шыбыл руы қонады. Сол жерден кісі жіберіп, келіншектен хабар алып, Жамбыл келіншекті алып қашпақшы болады. Бірақ бұл жолы Жамбыл көрініп бара алмайды, келіншекпен кездесе алмай, ақырында іңір арасында алып қашады.
Осы күнгі Жамбыл колхозының жоғарғы тау жағында су диірмен бар, сол жерде бұрын қалың ағаш бар екен. Сол арада отыратын Алпысбай дегеннің үйіне апарып тығады. Келіншек жоғалып табылмай, бүкіл Айқым Шыбыл болып іздейді. Жамбылдан көруге ол үйінде. Бірақ сезікті кісі Жамбыл болады. Жамбыл күндіз үйінде болып, кешке жоңышқа суарамын деп кетіп, Алпысбай үйіне барып келіншекпен жолығады екен, соны ауылының кісілері сезіп қалып, артынан түнде аңдып ұстайды. Ол кездегі Садыбек ауылынан (бұл Жамбыл ауылдарының атасы) атқа мінер ие кісісі Күртібай және Айдап кел бар, Жамбылды келіншектен айырып Шыбылға қайтармақшы болады. Оған Жамбыл көнбей, сөздің арты Сүйінбайға соғатын болады. Сонан Сүйінбай кірісіп Жамбылды әрең көндіріп, келіншекті қайтарады. Жамбылға бұл өте орасан соққы болады. Бұл Жамбылдың 35-36 жасының кезі болады.
Жамбылдың өзінен 13/VIII күні 44 ж. сөз қозғап, осы әңгімені сұрағанда, өз үйінде «Аманжол қараның қызын айтасыңдар ма, ол аппақ сүттей еді, адамның аққуы еді ғой», — деді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі