Жамбылмен заманы бір, ақындық терезесі тең ақын — Дулат ішінде Қасқарау руынан, оның Сапый, Ботый деген атасының ішінен шыққан Майкөт баласы Сарыбас ақын. Сарыбас ақын 1845 жылы туған, бірсыпыра жасап келген ақын. Сарыбас Жамбылмен де қатар жүріп, сан рет қағысып өлең айтысқан. Сарыбас аса айтқыш ақын болған. Байғара деген молдаға:
— Бай: «Мә», — десе, «ау» , — дейсің,
«Бар ма?» — десе, «жоқ», — дейсің, —
және сол молдаға:
— Сен шулаған жерден аласың, —
Мен дулаған жерден аламын.
Сен жылатып отырып аласың,
Мен күлдіріп отырып аламын,
Сен жүресің біреуден кісі өлсін деп,
Мен жүремін сөз тыңдайтын ұл тусын деп», —
дейді екен. Діннің сырын, молда құлқынын да ащы әзілмен мұнан артық қалай айтады (Кенен айтуынан).
Ысты руынан шыққан Қуандық ақын, мекені Іле Бойында Топарда, о да Жамбылмен замандас. Бұл ақынды Үмбетәлі көрген, кішкене сары сұр кісі екен.
Мәңке деген болыстың ағасы Әбділдаға ас бергенде, көп ат шауып, басына ояз келіпті. Асқа Сарыбас ақын, Қуандық ақын, Құлмамбет, Шаншар ақын, Жамбыл, Қожантай ақын — бәрі жиналады. Ақындар оязға өлең айтады. Қожантай Мерке бойында Қоралас деген рудан шыққан, ол Жамбылдан гөрі жасырақ болған.
«Түйемдегі нарымсың,
Жүгімдегі барымсың,
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Данышпаным, арыстаным», —
дегенде, Сарыбас ақын оның сөзін аяқтатпай, дүрсе қоя беріпті.
«Құдай атқан Қуандық,
Сақал-мұрты жоқ немесің,
Осы сияқты ұлықты
Арыстаным деп ит-шошқаға теңейсің,
Қайтадан айтсаң не дейсің,
Шайтаныңды қағайын,
Қаржаудағы кегімді
Ұлық алдында алайын.
Арыстаным деп ұлықты,
Қуайын деп жүрсің-ау,
Қанжығалап тұмсықтан
Ұрайын деп жүрсің-ау.
Сыпырып алып терісін
Бір түбектің басына
«Жау атарлап» шығайын деп жүрсің-ау.
Түйемдегі нарым деп,
Тақсырымның тұмсығын
тесейін деп жүрсің-ау,
Жыңғылдыны орап бір
көшейін деп жүрсің-ау.
Қошқарбайдың тұзынан
Екі қап түз артып aп,
Сатайын деп жүрсің-ау.
Басқа сабап жүрмесе,
Ұлықты өрге қарай
тартайын деп жүрсің-ау,
деп тойтарып тастап, өзі:
— Жауға сесті болсын деп
Бастырмадың мертіңді.
Долы болып өссін деп,
Кестірмедің сыртыңды.
Таза бақтық жұртыңды,
Көз алдыңда өзіңді ит деп қорлаған
Тепкілетіп шығаршы
Мына Қуандық деген итіңді, —
деп бастырмалатып әкетеді. Сарыбастың өлеңін тілмаш арқылы ұғынып, ояз Қуандықты үйден тепкілеп айдап шығарады. Осындай өте ауызды, қиыннан сөз табатын, ойланып оң айттым деген ақын сөзін шешендігімен теріске аударып, егескен жерде ебін табатын Сарыбас та Жамбылға кеп ой салады. Осы айтыста Жамбыл Сарыбаспен, Құлмамбетпен бірге болады. Бірақ өлең айтты демейді.
Осы Сарыбас ақынмен Жамбыл айтысы қашан болғанын Кенен ашып айта алмады. Жоғарыдағы сөз Кенен айтуынан. Және Кенен «Бұл екеуі айтысқан жоқ, осының қайдан шыққанын білмейміз», — дейді.
Жамбылмен әрі қонысы қатар, әрі заманы бір болған Әмір ақын. Әмірдің сүйегі Дулат руы ішінде Тілеуқабыл атанады. Әмірдің туып өскен жері — Аңырақай, бертінде Самсыға келіп мекендеген. Самсыда осы күнде үлкен колхоз бар. Жамбыл мен Әмір өте жақын, ақындық мұнарасы қатар өскен. Өйткені Жамбылдың ең кейінгі таңдап алған әйелі осы Тілеуқабыл ішінде Итқара дегеннің қызы Ханымжар — Әмірлердің қарындасы. Жамбыл Тілеуқабылдың руын тегіс қайын көріп, бәріне еркелейді екен.
Соғыс басталғаннан кейін Жамбыл Самсы колхозына неше рет келіп, тіпті 1944 жылы қайныма барамын деп әдейі келіп, екі күн болып кетіпті. Досмағамбет Әлімбек ұлының үйіне келіп қонып, сонда отырып сол ауылдың басқа жерге ұзатылып, кейіннен төркініне келіп бала-шағасымен отырып қалған бір әйелді балдызым деп қалжың айтып қасына отырғызып:
— Балдыз деймін,
Су жағалай бітеді жалбыз деймін,
Жасым келді тоқсанның сегізіне,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін»,
деп өлең айтып, қалжыңдасқан көрінеді. Әмірмен де сондай жылылық, жақындық істері болған көрінеді. Жамбыл да, Сүйінбай да Әмірді: «Әттең, аузында баты жоқ, астан қияр ете ділмар ақын», — дейді екен.
Әмірдің сөздерінде әр түрлі кезеңдерде Жамбыл мен Сүйінбайдан үлгі алған ащы шақпа да бар. Әмір Жамбылдың әрі тұстасы, әрі шәкірті сияқты ақын, өйткені Жамбыл сөзінің ізі Әмірде көп кездеседі. Сондықтан біз бұл жерде Әмір ақынға азырақ тоқталамыз.
Әмір ерте кезде Аңырақай бойында мекендеп жүреді. Өзінің нәсібі жарапазан айтып, бұқпантай өлеңге көп салынады. Сонан бір жылы Самсыдағы еліне келіп сонда қыстап қалады (Самсы Ұзынағашқа 25-30 километрдей жер). Алматыдан Тәшкенге қарай өтетін жол түсіп, Самсыда бекет салынған кез. Бекетті ұстап және асхана ашып отырған өзбек, ұйғырлар болады. Соларға Әмір балшықтан үй салғызып, жылы үйге кіреді. Ең алғаш Тілеуқабыл ішінде балшықтан үй салғызып кірген — Әмір ақын. Шамасы 1905 жылдар болса керек.
— Біз Самсыға келдік те там салдырдық,
Самсыдағы елді біз тамсандырдық.
Келген-кеткен кісіге кең болсын деп,
Бас-аяғын там үйді мол салдырдық.
Түйе жүні бұл болмас қайтқаннан соң,
Ескермедік түйені Самсыда жатқаннан соң,
Кепиеті түйенің ұрып кетті,
Атанды әкеп сиырға сатқаннан соң, —
деп Әмір киіз үйден шығып там үйге ауысқан кезді, көшпенділікті азайтып, қолдың қара малы сиырды құнттап, шала жатақ бола бастаған кезді әдейі сипаттаған.
Әмірдің өз елі Тілеуқабыл Шағатай деген румен болыстыққа таласады. Бұл кезде деген штаттың күшейіп, шарды доп алып, пулы жеткен кісі болыс болған кез болады. Осы сайлауда Әмірлердің ағайыны Жолдыбай деген байдың Ақкүшік деген баласы ақшамен болыс болады:
Насыбай жарасады шақшалыға,
Болыстық оңай болды ақшалыға
Қайырып қыран бүркіт байлап қойдым,
Түлкіні алдырамын ақсарыға, —
деп өлең шығарады. Өйткені Тілеуқабыл ішінде аса есті кісі, ел қалайтын Үсембай деген ақсақал болады, оның малы жоқ, баймен таласа алмай отырып қалады. Әмірдің «Қыран бүркіт қайырып байлап қойдым», — деп жүргені сол екен.
1911 жылы Самсыда бірсыпыра ел құралып, Жәнібек деген молда мешіт салады, өзі қажыға барып келеді. Жәнібекті ел пір тұтып, қадірлеп отырғанда, Әмір айтыпты:
— Не болды екен, Жанеке, аңдыған қыз,
Олар кемпір, шал болдық сіз бенен біз,
Түнде тұрып енді қыз іздеу түгіл,
Есік алдын етеміз көкпеңбек мұз, —
деп Жәнібектің басындағы сырын айтып әзілдейді. Өйткені ел пір тұтып отырған молда Әмірмен бір үйге бірге қонып, бір жастық істесе керек.
Ұлы жүз ішіндегі ақындықтың бір түрі жаршылық істеу болған.
1. Жарапазаншы (бұл ораза айында ел қыдырып жарапазан айтады).
2. Жаршы (топта біреудің жоғалған малын, дүниесін жарлап, түсі, түгін айтып, соған ақы алады).
3. Жоқшы жыршы. Бұл аста сол өлген адамды жоқтап жырлап, жанкүйердің қасында болады.
Бір топта Қапалбай деген бір жігіт: «Бір сүр күшігім жоғалды, жарлап бер», — деп, Әмірге бір сом беріпті. Сонда Әмір:
— Көрдің бе қылыш құйрық сұрша күшік,
Сиырдың өскен еді сүтін ішіп,
Атақ Қарабыжырдың жиынында
Жар болып жоқтап жүрген Жейман пұшық,
Аузы сұрша күшік кере қарыс,
Атасы алған екен нән жолбарыс,
Ер жетіп сұрша күшік өскеннен соң,
Бөлек ауыл қонып eд Кәтен, Қалыш.
(Қапалбайдың аталары, ағайыны)
Жоғалды Қапалбайдың ақ табаны,
Жиылып Кәтен, Қалыш мақтағаны,
Атаң Қарабыжырдың жиынында
Жар сал деп Қапалбайдың жоқтағаны, —
деп, өзін масқара қылған соң, Әмірге он сом жол беріп, әрең тоқтатады.
Мінеки, Жамбылдың өзімен тұстас қатар өскен ел ішіндегі ақындар — осылар. Бұлардың қай-қайсысының сөзі болсын мірдің оғындай өткір. Ізденіп тауып айтуды, бетің бар, жүзің бар демей өлтіре айтуды пысықтайды. Бұларды айтқан Самсы колхозындағы Досмағамбет Әлімбекұлы 75 жаста және Кәдіржан Өскембайұлы 54 жаста. Бірақ бұлардың бәрі де ауыл арасындық келте сөздің сарынын ұстаған, өрістері күйкі жатады. Жамбыл осы сияқты қысқа, өткір сөзге бұлардың бәрінен де тапқыр және өткір келген. Олардан гөрі қайдағы жуандарды шенеуге, солардың мінеп айтуға сөзін сайлаған.
Бір жылы үлкен жұт болып, елдің малы жұтаңқырап қалады. Ұзынағаш айналасындағы ел қыстан аса жүдеңкіреп шығады. Сол жұттан арықтап шыққан бір көк атты мініп, ер-тоқым, киімі жұпыны Жамбыл біраз ел аралап өлең айтып, Алматының Күншығыс жағындағы Жаныс еліне, осы күнгі «Қызыл ту» колхозы отырған жердегі бір ауылға келеді.
Бір үлкен боз үйдің қасына келіп аттан түсіп, домбырасын алып үйге қарай жүрсе, есік алдында көрпе салып жатқан күбідей бір қызыл күрең қатын Жамбылды кісі келді деп елемейді және жақтырмайды. Жөн сұраса, жауап бермепті. Мына тұрған үлкен ақ үй кімдікі десе, «Қызыл болыстың үйі» депті. Ол үй белгілі Саймасай болыстың үйі екен. Жамбыл үйге келіп отырыпты. Саймасайдың әйелі бір аяқпен ақ кеже әкеліп береді. Жамбыл өлең айтып, кісілер жиналып, дуылдай бастағанда, бағанағы қатын келіп, омыраулап төрге шығыпты. Сонда Жамбыл:
— Қызғалдақтай жүзі бар Саймасайдың
Кесірлі қатыны бар Алмасайдың.
Қырғыз, қазақ бас қосса топ жарады,
Жиреншедей тілі бар Ер Қосайдың, —
дегенде, жантайып жатқан Саймасай басын көтеріп алып, қайта айтқызыпты.
Жеңгесіне ұрсып, Жамбылға бір шапан бергізіпті. Бағанағы қызыл қатын Алмасай деген Саймасайдың ағасының қатыны екен (Оспан ақынның айтуынан).
Жамбылдың өзі руы Екеймен қонысы сыбайлас болған елі Айқым руы. Бұл рудың да тентек, қисық мінезділерін Жамбыл көп шенеген.
«Айқымның бекешке жақын екен көнтектері
(Көнтек — бір атасының баласы)
Бұл күнде салбырап жүр шөнтектері,
Арақпен пиваны ішіп-ішіп,
Көшеде сандырайды тентектері, —
деп, түп-тамырына қозғап әкететін ащы сөзі бүкіл Айқымды намыстандырған.
Жамбылдың жастау кезінде көп еркелеп және арқа тұтқан кісісі Сарыбай болған. Көбінесе Сарыбай үйіне ептейлі кісі болып, ағайна ішінде әкесінің замандасы, өте жақсы көрген. Сарыбайдың Қисыбай деген үлкен баласымен өте дос болған (Жамбыл Қисыбайдан 14 жас үлкен екен). Бірақ Қисыбаймен көп жолдас болған. Екеуі кеп қажасып айтысады екен.
Сарыбайдың өзі бар кезінде Жамбыл сол үйге келсе, Сарыбайдың үйінде отын болмай, Ыстық істей алмай отыр екен, күн жауын болса керек. Қисыбайды оқытатын Сарыбайдың үйінде Байзақ деген молданың қасына кісі қосып, біреудің кеңінен отын әкел деп жіберіпті, сонда отырып Жамбыл:
— Отынға екеу кетті, бірі — молда,
Мінгені молдасының шұбар жорға,
Молдасы Сарыекеңнің ұрлық қылып,
Құдая, кешіре көр, өзің тоба, —
деп қоя беріпті, сонда Сарыбай: «Жамбыл қаратым, молданың өзіне айтпай-ақ қой, ренжіп қалар», — деп айтқызбапты.
Жамбыл бірде ауа жайылып кеткен түйесін қарап жүріп, бір үйге қоныпты. Әлгі үйдің әйелі сараң болса керек, жөнді ет аспай, жауырын асыпты.
Тамаққа бата істегенде:
— Жамбылға астың жауырын,
Таңдап-ақ астың тәуірін,
Түйе қарап жүрген бұл Жамбыл
Аймалап бассын әуірін, —
(Әуірін деген құмарынан шықсын деген мағынада) деп, жаман ұялтыпты.
Бұйдалы руының ішінде Аба деген үлкен бай болған, сол Абаның Естемес деген баласының үйі бір жылы соғымға қазысы қарыс түскен бие сойды деп естіп, Жамбыл әдейі келіп қонады. Сөйтсе, Естеместің әйелі жөнді ет аспайды. Асқа бата істегенде:
«Естемес бастас болдың Көсемменен,
Сөйлейді мына келін аузын ашып әсемменен
(тұтықпа қатын болса керек)
Бар екен деп асыңды барпыратпай,
Бұдан бұлай асып жүр бәсеңменен, —
депті. Естемес жаман ұялып, қатынына қайта ет асқызып, Жамбылдың аяғына жығылып, шапан жауып әрең құтылыпты.
Жамбыл бір ретте Бәйімбет тоспасы деген жерде отырған Айқым руының ішіндегі Әйтек деген атаның баласы Мұса ауылы деген ауылға келеді. Бұл ауыл егін салатын, өздері қау беріктеу ауылдар екен, қырман басына келген Жамбылға өлең айт деп болмапты:
Айқымның бұрылғам жоқ басқасына,
Әйтектің тура келдім Тоспасына,
Қоржынын Жамбыл атаң толтыра бер,
Білдің ғой келгеннен соң саспасына, —
депті.
Қырман басында отырған жігіттер кеу-кеулеп, ішіндегі Бердігүл деген бір тәуірмін деген жеңілтек жігіт мыналарды өлең ет деп болмапты:
«Бердібай аузы қызыл боз байталдай,
Мінезі Бердіғұлдың жын-шайтандай,
Әпірім әсте менің басылмайды,
Мына отырған келіншекке мініп алып
Қой қайтармай», —
деп өлең айт деген Бердіғұлдың алдымен өзін шенеп тастапты (Үмбетәлі айтады: «Осы айтқан адамдары тап қолмен қойғандай. Жамбыл сондай дәл айтатын кісі ғой», — дейді).
Жамбыл сөзді бетің бар, жүзің бар демей, реті келген жерде тіліп салатын болған. Бұрынғы Қастек еліне қараған Кәшке тұқымынан шыққан Құттық Сейіттің Құдайбергені өте тентек және елге беделді бай кісі болған. Біз жоғарыда Құдайбергеннің Жамбыл мен Құлмамбет айтысындағы омыраулауын айтып кеттік.
Сол Құдайбергеннің болыс күнінде үйіне Жамбыл келеді. Қысқы уақыт болса керек. Жамбыл сәлем беріп амандасса, Құдайберген Жамбылды кемітем деп:
— Бір жынды Екеймен жарысам деп атым өліп қалды, — депті. Есқожа елі Екейді үнемі кеміте сөйлейтін әдеті болыпты.
— Болысжан, жүрген жерің күнде сауық,
Пенденің бойында көп қатер-қауіп,
Екейдің жындысымен жарысам дeп,
Сенің де кетіпті ғой есің ауып, —
депті. Құдайберген еш нәрсе айтпапты. Өйткені Құдайберген астында аса семіз аты бар Ұзынағаштан келе жатса, Екейдің Таңат деген бір адамы қасынан шауып ете шығыпты. Екейден атым қалса, атым Құдайберген болмасын деп, бұ да тура шауып, содан екеуі ерегісіп ауылға жеткенше шауып, Құдайбергеннің тұнып тұрған семіз аты боғы асып кетіп, өліп қалыпты. Сол есер мінезін бетіне айтып, өзін көзбе-көз жерлеген.
Ел арасында сауда қылып кездеме сатқан өзбектің бір саудагеріне Жамбыл келіп өлең айтады, Еш нәрсе бере қоймайды.
— Бес көз берен бересің бір жатқанға,
Шай ішіп мәз боласың пұл сатқанға.
Түшібайға барғанда есеп беріп,
Көтеншегің солқылдар шот қаққанда, —
деп, саудагердің масқарасын бетпе-бет өзіне айтып, есін шығарыпты. Жамбылға бір көйлектік ақ беріп, жалынып әрең құтылыпты.
Жамбылдың ерте кезде ел арасында айтқан бір ауыз, екі ауыз өлеңі өте көп, бірақ жазылып жиналмаған. Және жатқа біліп айтатын адамдардың көбі де қазір жоқ. Кейбір есте қалғандарын айта бермейді, сонан да жаңылып қалады.
Октябрь колхозының жылқышысы Ешмағамбет деген кісінің айтуынан бір ауыз өлең мынау:
Бәрің де Базарқұлдың баласы ғой,
Ұялмай сол ұшыққа таласа қой.
Бір уыс біреуіңе артық кетер
Сал дағы саптыаяққа санаса қой».
«Құтырған деген бұлақтың бойына 20 үй ортадан тары айдайды, тары тәуір шығады. Тарыны жинап алған кезде сол жерге Жамбыл келеді, Жамбыл келгенде Райымқұл, Векторы деген Базарқұл балалары тарыға таласып жатыр екен, соған айтқаны еді», — дейді. Бұл Жамбылдың орта жасқа келген кезі.
Жамбыл тағы сол ертерек кезде бір жылы күзді күні қырғыз асады. Өйткені бұл тұста астық жөнді шықпай, астық жағы ете тапшы болады. Қырғыздың Жетіген деген руынан шыққан манабы Сәлібай дегеннің үйіне келіп өлең айтып, тамаша етіп отырғанда, сол үйге Қарғалы бойындағы Айқымның Құлшын және Сұрауымбет деген екі байшігештеу жігіті кіріп келеді. Бұлар келіп отырып, мәжіліске кірісіп жөн сұрасқан соң, олар да астық іздеп келген екен:
— А, құдай, бермей қойдың тарымызды,
Кетірді мына тары арымызды.
Жалғыз Жамбыл қаңғырып жүруші еді,
Биылғы жыл қаңғырттың бәрімізді.
Бір қап тары сұрағанда қарамап ең бетімізге,
Биылғы жыл түсіпсің етіңізге.
Биыл сендер де мендей шұбап кепсің,
Ашаңды қыстырыпсыз көтіңізге, —
деп екеуін ажуалайды. Өйткені бұл екеуі әрі малды, әрі егін салатын бұдынтақ шаруалы, сарабдал жігіттер екен, еткен жылы Жамбыл барып өлең айтып тары сұраса, бейілденіп тары бермей, ұнатпаған болса керек.
Батыс Қастек болысына қараған елдің Абылқасым Андасын деген және Қасқарау Сүлейменұлы деген екеуі бірі старшын, біреуі елбасы, өте елді жеп аты шыққан атқамінер жебірлер болса керек. Осы екеуі алымның үстіне «қара шығын» түсті деп, бірнеше адамды қан қақсатып жүргенін Жамбыл да естиді. Сол елдің Рахмет деген кедейдің «қара шығын» алым өсіміне беретін ақшасы болмай, 3 пұт жоңышқасының ұрығы бар екен, соны алып кеткенін ел арасы сөз қылып жүреді.
Жамбыл бір жақтан келе жатса, әлгі екеуі етектегі елден алым жиған ба, әйтеуір, келе жатады.
Екеуі Жамбылға сәлем беріп, біраз жерге бірге жүріп, «өлең айтыңыз» деп түрткілейді.
— Төментіннен келесің, екі қуым,
Елдің жайын білесің буын-буын,
Қатық сорпа екеуің атқа мінсең,
Тағы кімнің тартасың сары суын.
Елден тиын қоймайсың түтін санап,
Есебіңді аяғың шығарарда,
Рахмет пұшықты алдың талап, —
дегенде, екеуі: «Елге айта көрмеңіз», — деп, Жамбылға жатып жалыныпты.
Жамбыл бетің бар, жүзің бар демейтін ащы тілін түйрерде, әсіресе атқамінер старшын, би, болысқа жалынғанға да қарамаған. Бұл жөнінде әзілдес болғанмен, Қисыбайға айтатын сөздері кісі көңіліне қарап, дәулетінен «кісілігінен» именбейтіндігін көрсетеді.
Жамбыл ұзын сарын, өзекті, сөрелі сөзді құлаштап айтумен қатар, бір ауыз, жарым ауыз осы сияқты өлеңдермен өзінің үлкен жолын сала жүрген.
Жамбыл өміріндегі және ақындығына қор құйғандай бір тәуір кезең, үлкен белес атақты Шөже ақынмен кездесуі деуге болады.
— Арқадан құдай айдап Шөже келді,
Еті жоқ үйсін, Дулат көже берді,
Арқада көк тарлау жеп үйренген aт,
Қара түбір жусанды қалай жейді? —
деген өлеңін және өзінің кім екенін жырымен жариялай жүретін ақын Шөже:
«Ай қасында туады шолпан жұлдыз,
Айдын көлде ойнайды камшат, құндыз.
Өз атасын жасырған мүрдет деген
Етім қазақ болғанда, түбім қырғыз», —
деп өз басындағы мінін де, шынында, ортаға сала сөйлейтін телегей теңіз жырдың арнасындай ақын Шөже Жамбылға үлкен сабақ болады. Шөженің ел шетіне келгенін естіп, іздеп барып біраз күн қасына да ереді. Шөженің Кемпірбаймен айтысын да Жамбыл сол жүргенде үйреніп, кейіннен Ұлы жүз ішіне айтып таратады. Әсіресе Шөженің тұтығып қалатын әдетін, өлең ойланғандағы көз құбылысын, домбыра қағысын өте қызық етіп айтады екен.
Ел аузындағы кейбір әңгімеде Жамбыл Шөжемен еріп қырғызға барып бірге аралады дейді. Бірақ онда барғандағы Шөже өлеңінен тек мына жоғарыдағы айтылған бір ауыз өлеңі «Ай қасында туады шолпан жұлдыз» болмаса, басқа өлеңі сақталмаған. Ал Жамбылдың қандай өлең айтып, Шөжеге қызмет еткені де ел аузынан кездесе алмады.
Жамбылдың жасы отыздың қамал ішін кірген кезде, атақты Кенесары ханның баласы Сыздық сұлтанға кездеседі. Кездескенде Сыздық орыс патшалығымен бұрынғы жаулығын қойып, еліне келіп, Ақмешіттегі (қазіргі Қызылорда) туыстарына қосылып, сонда тұрып, біраз уақыт өткізгеннен кейін, осы Жетісу еліне келеді.
«Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды,
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде
Дұшпандарың бас ұрған,
Алтын жүзік сары қасқа ер,
Атаңыздың аруағын сыйлайды екен бар халық, —
деп Жамбыл өлең айтыпты деседі. Бұл өлең 1946 жылғы толық жинағына кірген.
Сыздықтың бұл келуі патша үкіметі тарапынан Сыздыққа сенім болып, өзіне белгілі еркіндік жасалады. Осы сенім орнығып, көңілі сенген қазақ даласының ішін аралап, бұрынғы әкесі жүріп өткен жерлерді көріп, сол елдерден әкесі жайында мәліметтер алғысы келеді.
Бұл жөнінде Сыздықтың алғашқы келген елі Жетісу елі, Шу өзені бойындағы ел болады. Бұл жердегі Ұлы жүз ішінде белгілі ауылдарда болып, қырғыз еліне барып әкесінің қаза болған жерін көріп, тауап етпекке бет алады. Сол жолында Ұлы жүздің сол кездегі жөн білетін, ел билеген адамдарымен ақылдасады. Сыздықтың келе жатқанынан хабарланған қырғыз манаптары Жантай баласы Шабдан манап алдынан кісі жіберіп шақыртады.
Сыздық қырғызға барарда Ұлы жүз адамдарының көп кісісін ертеді. Сол күндегі қадірлі би, тілді, шешен және әнші ақындардан көп адам болады. Сол топқа Жамбыл да қосылады. Сыздықтың 17 жыл бойына созылған көп соғысы жайында әңгімелерін тыңдайды. Сыздықпен серік болып, соғыста болған батырларды естіп, өзіне көп әсер алады.
Қырғыз елі де, Ұлы жүздің қасына ерген адамдары да Сыздық әкесінің құнын жоқтап, қырғыз еліне тентектік істейді деп қауіптенеді, бірақ Сыздық оны істемейді. Әкесінің өлімі жөнінде Сыздық өте терең қарап: «Ол бір өткен ірі адамның жорығы, өзі бастады, істеді, өзі аяқтады, қырғыз өлтірмелік дегенде, әкем тізе бүккен тірлікті керек қылған жоқ. Ерлікпен өлген әкемнің аруағын жасытып, кек қуып, құн алам ба, оны не қылам. Менің әкеме қандай құн төлеу болады. Ол өз құнын өзі алып кеткен адам», — депті.
— Сыздықтың қасында жүрген екі айлық өмірім маған асқар кезеңдей, өзім көрмей атын естіп құмартқан атақты батырларды көзбен кергендей болдым, — деп, осыны Жамбыл көп әңгіме етеді екен.
Жамбыл жасынан хикаялы жырды айтуға құмар болған. Әсіресе оны қызықтырған — ел қорғаны болған ерлер жыры. Сүйінбайдың айтуынан өзі ұғып кеп жеріне жыр қосып молайтып алған «Сұраншы жыры», Күсеп ақын жырлап ескірген кезде жұрнағын ұғынып, жаңғыртып алған «Өтеген жыры». Бұл Жамбылдың аса сүйіп, аса мақтанып жырлаған жыры болған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі