Есқожаның Жарылғап деген руынан, атақты Қараш батырдың ұрпақтары Молдабек Жетібай баласы 1944 жылы 26 тамызда бізбен әңгімелесті. Бұл кісі Жамбыл ауданы «Октябрь» колхозында тұрады. Жасы 60-тардың шамасына келген адам.
Жамбылдың жас кезінде де, кейінгі уақыттарда да жақсы білетін, көп кездескен, бірнеше мәжілісінде болған адам. Молдабек қарт: «Жамбылды ерекше ойымда қалдырған бір - екі топтағы сөздері болды», — дейді. «1906жылы Күншығыс Кәстек болысына қараған елде ұлан - асыр бір үлкен дау болды. Бұл дау Батыс Кәстек болысына қараған Ботбай деген кісінің Әлфия деген сұлу қызын Шығыс Кәстек болысына қараған Шалабай Кемперек баласы құда болып айттырған еді. Қыз артынан күйеуін менсінбей, Ырғайты болысына қараған Қасқарау руының Құрманқұл Солты баласы деген жігітпен қашып кетті. Осыдан ел егер болып қатты барымталасты. Екі арада сан адам соққыға жығылып, өзара қазақшылап бітіге келе алмай, жұмыс қаладағы үйезге арыз беріліп барып, соған тірелді. Содан екі жақ та Алматыға шақырылып, қалаға Есқожа, Екейден 400 кісі, Дулаттан 500 кісі, 900 кісі бардық. Екі елдің адамы біріне бірі жақындасып қалса, жанжал шығып кетеді деп, қарулы стражниктер қалаға екі көшемен алып кірді.
Екі жақтың адамдары кеңсе алдына келіп екі жар болып отырды. Сонда Шапырашты тобының ішінде Жамбыл да келді. Жамбылдың сақал-шашына ақ кіріп ұлғайып қалған кезі еді. Үйез алдында екі жақтан кісі шығып, дауға түсті. Төле биге кісі белгілеуде Дулат жағы Мәңкені қалады. Бұл Жаныс руынан шыққан белгілі жуан болыс болатын. Шапырашты руы Құттық Сейіттің Құдайбергенін қалады. Осыған екі жақ талас болып, келісе алмай көп айтысты. Сонда Жамбыл жұлып алғандай:
«Аласаны атқа санама,
Жақсыны жатқа санама,
Жаманды еске санама,
Бір сынаған жаманды
Екі қайта сынама,
Тіріде көңілің қалса,
Көзіңе құм құйылсын,
Өлгенде өкініп жылама, —
деген. Мәңкені біз де жат көрмейміз», — деді. Сонда Шапырашты жағы Жамбылдың осы сөзінен Мәңкеге келіп тоқтады. Мәңке өзі қалап қасына Таутүрген болысына қараған Саймасай деген кісіні және Шала қазақ Мырқасым деген кісіні, Ысты Қасабек деген кісіні қасына алып билік айтты:
«Қыздың қалың малы 100 жылқы.
50 жылқыны табанда берсін,
50 жылқыны елге барған соң берсін,
әйтпесе қызды осы жерде төркініне қайтарсын.
Екі түйе, екі ат айыпты қызды алып қашқан
Қасқарау руы берсін.
Барымтаы екі жақ иіре отырып,
түзу сөйлесіп қайтарасың», —
деп билік айтты.
Қызды алып қашқан Қасқарау жағы малға келген бітімге қуанып 50 жылқының ақшасын сол жерде санап берді. Осымен бұл дау аяқталды. Сонда ел: «Жамбылдың айтқан бір ауыз сөзі Мәңкенің мойнын өз ағайыны Қасқарауға бұрғызбады, аузына қасиет қонбаса ақын бола ма?» — деп тарқасты.
Онан соң 1910 жылдар шамасында жаз жайлау үсті еді. Қырғыз бен қазақ қатарласа жайлауға қонған кез. Боралдай деген жерде Шабданмен немере Далбай деген қырғыздың манабына ас берді. Бұл асқа қырғыздың Сарыбағыс, Солты рулары, қазақтан Дулат, Шапыраштыны шақырған. Жайлау кенересіндегі ел тегіс бас қосты. Асқа тігілген сегіз үйге адам сыймай, қырғыздар тағы да әкеліп көп үй тікті. Аста 97 ат бәйге қосылды. Бас аттың бәйгесі 100 жылқы еді. Осы жиында Жамбыл болды. Қырғыздың Солты деген руынан шыққан атақты ақын Қалмырза да болды. Бұл екеуін ел айтысады деп лақаптап көріп еді, Қалмырза Жамбылмен айтыспады. Қырғыздың айтыс деп барған кісілеріне Қалмырза:
— Ұруым болат шертке
Ұраным болады Сарбағыс,
Менің мұнда жүргенім,
Манаптар сізге шоң намыс.
Батыр Шабдан, Бәйеке, Мәмбетәлі, Дүреке,
Төртеуің тұрып бар дедің,
Бетегелі жер дедің, Берекелі ел дедің,
Берсе дағы бермесе, Бір жолға барып кел дедің, —
деп, өзін елемей кедейлікпен басқа жақта, яки «Солты» ішінде жүргенін мін көріп айтқаны болса керек. Осы жөнінен Жамбылдан сөзге жығынды боламын деп қағыспағанын да ел осылай деп жорыды. Сонда байқадым, қырғыздың Қалмырза деген сол кездегі белгілі үлкен ақыны еді. Жамбылмен айтысуға именгендей болды.
Бас аттың бәйгесі үлкен дау болды. Ат 25 шақырым жерден жіберілді. Көмбеге (сөреге) Шабданның құнан торы деген аты мен Шапырашты Ақшал Мырзабек баласының сары қызыл аты қатар келіп кірді. Сөреден өтерде сары қызыл аттың мойыны озып шықты. Бірақ қырғыздың Бәйеке деген манабы бәйгені қазаққа бермей дау айтты. «Қазақтар сары қызыл атты жолдан ұрлап қосты, әйтпесе құнан торымен қайдан таласып келсін ол», — деп, бәйгені бермей отырып алды. Ат айдаған қырғыздың Солты деген руының белгілі тәуір жігітінің бірі Сағымбай деген адам еді. Ол сары қызыл аттың жел түбіне бірге барып, бірге шауып қайтқанын айтты. Ол сөзге Бәйеке тоқтамай, қырғыздың Боранбай деген дұрыс адамы (Манап емес, жай қырғыз) әділдік айтып: «Қазақтың атының багына Бәйеке бассыздық істеме, бәйгесін бер», — деді. Оған да Бәйеке көнбей, Боранбай екеуі содан ұшынып, ерегесіп, біріне бірі пышақ ала жүгірді, ел әрең тоқтатты.
Боранбай: «Бәйеке, не бетіңмен тұлпардың бағына зорлық қыласың. Өзің құнан торыны жолдан ұрлап қосып отырып», — деп, ел алдында мойындатып айтып салды. Сонан Бәйеке онан сайын қырғыз, қазақ болып жанжалдасып кете жаздап, аяғында: «Қапың болса, екі атты қайта жіберейін, бәйгесіне өзімнің қызымды тіктім. Шыдасаң, ел алдында сөз байла. Сары қызыл ат менікі, құнан торы сенікі» деді. Аяғында екі жақ сенімді адамнан кісі шығарып, айдаушыны алып Шабданға барып, айдаушының куәлігімен бәйгені қазақтар алды. Бас балуанды қазақ Дулат руынан барған Толықбай деген жігіт жығып, екі бас бәйгені осы жолы қазақ әкетті.
Осы аста қырғыз, қазақтың басты кісілері Жамбылға көп өлең айтыртты. Тап не айтқанын ұғып қала алмадым. Бірақ екі аттың бәйгесі таласқанда Бәйекеге келіп:
«Атыңның аты да құнан еді, өзі де шалағайлығын істеді. Ойнағанда тай озады, шындағанда ат озады» деген емес пе, қайтесің таласып», — деп сықақтап күлгенін білемін. Артынан құнан торынын, ұрлап қосқаны ашылып, Боранбайдан жығылып тұрғанда: «Ер жігіт тобадан жаңылғанда, ілгері басқанның иті оттап, есігінен есек бәйгі ілінер», — деген. Біздің Мырзабек баласының әлі беті қайтқан жоқ. Бекер таластың», — деп мысқылдап, тағы да сөзбен жеңді. Жамбыл осыны айтып тұрғанда, Қалмырза тағы да Жәкеңнің осыны айтып тұрғанда, Қалмырза тағы да Жәкеңнің қасына келіп тұрып, қырғыздың көп кісілеріне қарап жылап кетті.
Сондағы айтқаны:
Ойнадым қарта, құмарды,
Білмедім құдай ұрарды,
Қалмырза жыршы келіп тұр,
Сөйлейін деп өліп тұр.
Бала құстай төніп тұр
Сарыбағыс, солты, саяқтан,
Тімтіп келген сояқтан,
Құрымана құр болыс,
Ел түзесін қай жақтан,
Қалменнің ұлы Қалыбай,
Дейдінің ұлы Салыбай,
Жеті кендек Боранбай,
Жетіліпті Ұшаңда
Жеткелеңі дейді би
Дейдінің ұлы Салыбай,
Ол кіші інісін алыпты танымай,
Лепестің ұлы Құрмасың,
Тақырлап шапқан қырмансың,
Күнде құран ұрғансың
Түнде құран ұрғансың,
Сен қай жерде уәдеде тұрғансың.
Уәдесі жоқ сендейлер
Әрдайм үстіп құр қалсын», —
деп, аттың бәйгесінен айрылып, ұятты болып тұрған Бәйекені табалап қоя берді. Қырғыздың ас берген ауылы Жамбылға да, Қалмырзаға да жол беріп әрең тоқтатты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі